TELEGEI

Home

Баян Тіленшина. Таным

Баян Тіленшина

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Баян Тіленшина. Таным

Баян Тіленшина — «Баян Тіленшина. Таным».

Б А Я Н Т І Л Е Н Ш И Н А

Таным

О, жырларым, ары болшы жанымның,
Бұл жүрегім бір өзіңе табынсын.
О, жырларым, жолы болшы қанымның,
Тіршілігім сен арқылы танылсын.

М а з м ұ н ы: 1. Парасат..................1 2. Өмір міні...............2 3. Танысу.....................2 4. Жыр-жүрек..............1 5. Жаным – Өлеңге......1 6. Шежіре .....................2 7. Күткенде....................2 8. Егіз қайшылық.........1 9. Аруана анама...............1 10. Апатайым...................1 11. У уақыт......................1 12. Нұр таным..................1 13. Халық айдары...........1 14. Шарайна......................1 15. Қадір............................1 16. Келінге.........................2 17. Салыстыру теориясы......2 18. Тіршілік теориясы...........1 19. Жан самалы.......................1 20. Сөз өнері............................1 21. Сөйле, тілім........................1 22. Сүйектен өтер сөз-жебе...1 23. «Қазақстан» телеарнасы....2 24. Күлу мен тілу....................1 25. Құлаған қадір.....................1 26. Досыма.................................1 27. Мәңгі махаббат...................1 28. Алаңсыз кез.........................1 29. Көк аспанды тірескен........1 30. Мен сенің шөліркейін тұнығыңа........1 31. Ақырет түйінің не?.............1 32. Тоқта деймін!........................1 33. Тағдырға кетпе түттіріп.....1 34. Не дейсіңдер..........................1 35. Дәурен дауылы......................1 36. Жазықсыз жаза........................1 37. Аққу аңызы................................1 38. Кейде............................................1 39. Қыз жүрек...................................1 40. Өзім-төзім.................................1 41. Иба...................................................1 42. Екі өлшем.........................................1

43. Қайтер едім?....................................1 44. Сен.....................................................1 45. Ғажайып............................................1 46. Шіркін де... ..................................1 47. Мүмкін бе?.........................................1 48. Шын ғашық неге қосылмас?............1 49. Зерікпес ең.........................................1 50. Ғашықтық деген... ......................1 51. Күресін қаруы....................................1 52. Арман-ғұмыр......................................1 53. Бұл қалай?...........................................1 54. Мәжбүрлік..........................................1 55. Алдар-ішік..........................................1 56. Шешім.................................................1 57. Менің мына ақын боп жүргендігім.....1 58. Тұтқын.................................................1 59. Мен деші... ....................................1 60. Мен-сөйлейтін рухани махаббатпын.1 61. Күдік......................................................1 62. Адамдар аңсар нені өлерінде?.............1 63. Сәуегей...................................................1 64. Өкініш.....................................................1 65. Қанағат.....................................................1 66. Дүние жалған...........................................1 67. Аяз тағдыр................................................1 68. Ақындар өлмес қазадан..........................1 69. Жыртылмаған күнпарақ........................1 70. Кешіктің...................................................1 71. Сағыныш..................................................1 72. Адам-бейне...............................................1 73. Анама........................................................1 74. Дала-ана...................................................1 75. Өмір-керуен екен-ау ауысымды............1 76. Қайнар бұлақ...........................................1 77. Сайрам-елім............................................1 78. Сайрам ауданы 90 да.......................1 79. Отбасы....................................................1 80. Қарттарым..............................................1 81. Наурыз тойы...........................................1 82. Жақсы адамдар.......................................1 83. Тұмарым..................................................1

Парасат
Күндер ағып барады,көресің бе?
Зар етеді-ау бір күні елесіне!
Сырт- сырт еткен секундтың сиқырымен,

Бір мінерміз Бақилық кемесіне.
Асқан ұстаз бар ма екен Парасаттан,
Мирас еткен бесікті бала жатқан .
Тал бесік пен жер бесік – шиыр жолың,

Жеткенше Хақ бұйрығы ана жақтан.

Шиырларда не болар бітіргенің,
Көп бола ма нүкте мен үтірлерің?
Мазмұн – мәнін өмірдің қалай құрдың,
Бар болды ма тәуекел, шүкірлерің?

Шиыр жолда сүрлігіп құладың ба?
Жете алдың ба Арманды тұрағыңа?
Көңіл деген мәңгі жас 18-де,
Жастығыңды жоғалтып жыладың ба?

Сұрақ, лепті өмір –ай бұраңдаған,
Бақ тайғанда дәулетің құралмаған.
Қиналғанда сүйейтін қолтығыңнан,
Сұрадың ба жан серік бір Алладан.

Көп көрдің бе парасат дауылын да?
Дос еткің кеп сезімін жауыңның да.
Мыңмен жалғыз алысқан Абай сынды,
Санасыздан мыжылып, ауырдың ба?

Қандай сұмдық аппаққа қара жаққан!
Таңдай шындық – пәк гүлді ара шаққан!
Парасатты қастерлеп тапсырмасақ,
Қандай жеміс күтеміз Болашақтан?

Күндер ағып барады, көресің бе?
Зар етеді –ау бір күні елесіне.
Сырт-сырт еткен секундтың сиқырымен,
Біз мінерміз Бақилық кемесіне.

Өмір міні

Өмірдің, айтшы, не міні?
Ара мен гүлді теліді.
Ақымақ тудай желпініп,
Ақылды неге жеңілді?

Аспанның соқса дауылы,
Араша түсер Тау-ұлы.
Жапырақ шашын тарамдар,
Жер-ана – Күннің бауыры.

Суық пен ыстық айқасар,
Күш сынасып байқасар.
Суық жел қуып ыстықты,
Ысқыра билеп, той жасар.

Қара жер жатар тұншығып,
Көктесін деп-ақ тіршілік.
Үскірік, шуыл басылып,
Күлсе екен деп күн шығып.

Оң заряд оңды теппей ме!
Оң жаққа теріс беттей ме?
Улы тісті арадан,
Гүл тозаңдап, көктей ме?

Аппаққа жұққыш қара дақ,
Ақ тілек жолы – жарақат.
Ақ қарға әсем ән салса,
Кім оны дұрыс санамақ?

Тұрады-ау өмір іліктен—
Жақсы мен жаман кіріккен.
Ылғи бір аппақ қосылса,
Ақтан да шығар сілікпең!

Ақ сия аққа қонғанда,
Бес саусақ бірдей болғанда,
Түсінік қалай өрбиді,
Теңсіздік болмай талғамда?

Өмірдің, айтшы, міні не?
Кей өлім артық тіріден!

Кей адам жаны көрікті,
Жұмақтың сұлу үрінен.

Кей сұлу суық жыландай,
Ызғар мен удан құралды-ай!,
Мейірман пейіл жәй адам –
Жазулы тұрған Құрандай!

Өмірдің, айтшы, не міні?
Жақсыға жаман теліді.
Жүз алданса жаманнан,
Жақсының өлмес Сенімі.

Ақпенен қара өрілер,
Айқындалып көрінер.
Қаралар жұтып жарықты,
Аппақтан жылу себілер.

Алаяқ болсаң алдайсың,
Төте жолды таңдайсың,
Пәк жанның көлеңкесі боп,
Ешқашан от боп жанбайсың.

Қанттан қаның уланар,
Жазылмай жараң суланар,
Қу түлкі зәлім десек те,
Мүләйім жүзбен туды алар.

Арлының айтар шыны бар,
Адамдық кие – Құны бар.
Арқалар жақсы- жаманды,
Нарға лайық мұңы бар.

Өмірдің міні – қайшылық,
Шаруаның түні – жәйшылық,
Ақынның түні –аспанкөз,
Адымы қашық – айшылық.

Ұйқысы бір түн қанбаған,
Ақындар –теміржанды адам!
Нәп-нәзік гүлдей сезімін,
Жүрегін Арға арнаған.

Танысу

Күш иесін кей-кезде болжамады,
Вольфрам қыл қызғанда – шам жанады!
Сол секілді қызғанда қыл намысым,
Қуатыма қалың ел тамсанады.

Ақылыңды айт, айыпта әр ісімді,
Бірақ, менің жаныма Намысымды.
Онда айналып айбынды алпауытқа,
Быт-шыт етем талғамай танысымды.

Тау көтерем талқан боп алдымдағы,
Тірі болсам тоқтатпас ханның тағы.
«Әруақ!» дейді сыйынған, сол Әділет
Арқалының болмаса кімнің жағы?!

Тиме менің жаныма, қаралама!
Құдай берген мінез бар әр адамда.
Таптаймын деп талпынсаң жеңе алмайсың,
Нәп-нәзікпін сырттай бір қарағанда.

Шынында да нәзікпін аяласаң,
Шыбын ұрмай жүрмес ем аямасам.
Мені алдама тек қана, сеніп қара,
Сүйіп-сүйіп көндірем шая болсаң.

Тауық-махаббаттарға толды өмір,
Қоразданып кегжиген жігіт небір.
«Ал-бас-те-е!» деп шоқиды аққуларды,
Пәк сезімнен түйсіксіз, арсыз жебір.

Адамбыз ба?
Адамға тән қылық не?
Сөйлеу, киім, байлық пен сәнділік пе?
...Инстинкт жеңгенше үйір іздеп,

Мал атанған артық-ау мәңгілікке.

Сана, сезім, адалдық – үш өрімнен,
Адамдыққа тән ұлы күш өрілген.
Ол – махаббат, рухани қайнар бұлақ,
Тағзым етіп сусында, түс еріңнен!

Қандай бақыт жаныңды жатқа арнаған,
Бір түйір сыр қалмаса ақтармаған!
Мүмкін емес аттауы адам мұны,
Адам емес Сенімді ақтамаған!

Осы – менің ішкі сыр, жан дүнием,
Ниетім – Күн, кеудемде таң түйілген.
«Ғашық-нама» жазамын үлгі етсін деп,
Дұшпан күйіп, жырыма дос сүйінген.

Жамандығы жанына жарасар бар

Тәкәппарлау шығармын білмегенге,
Орынсыз қалжың айтып, ілмелеме.
Рас, маған ұнайды дәл осыным –
Күле алмаймын пейілсіз, күл дегенге.

Сәл былғанса тап-таза адалдығың,
Мейірімді шектейді қаталдығым.
Шынын айтқан сүйсе де, жек көрсе де,
Нар мінезді мінеуге бата алды кім?

Осалдығым – оп-оңай алданамын,
Өйткені, өзім алдауға арланамын.
Есейсем де мәңгілік өзгермейтін,
Сәбилік сезім менің таңдағаным.

Жақсы көрген кісімнің өкпелеймін,
Сәл оғаштау ісіне көпке дейін.
Жамандығы жанына жарасатын,
Жандар да тіршілікте көп пе деймін?!

\Жарастыға несіне өкпелейін!\

Адалдықтан жүрегі жаңылмайтын,
Аққу сезімділерге жаным – айдын.
Жаның туыс, сондықтан Бауырымсың,
Бауырымсың болсаң да танымайтын.

Жан туысым сыр айтып, жылайтыным,
Соның ғана алдында құлайтынмын.
Тәкәппармын, салқынмын бөтендерге,
Тек сондықтан Саған да ұнайтыным.

Жыр – жүрек
Сөйлеген сөзім де шын, сезім де шын,
Құрметім, не өкпелі кезім де шын.
Шынайы кәусарлықтан құралғанмын,

Аярды сондықтан-ау кешірмесім.

Құны мен шегі бар-ау шаманың да,
Мұңайсам, тамшы тұнар Қаламымда.
Бұлақ боп көзден ақпай, сөзден ақсам,
Кеңейер Кені осы-ау сананың да.

Жүрегім тілім-тілім бөлінгенде,
Шағынып сыр айтпаймын көрінгенге.
Сынаптай шашылғанда жыр-жүрегім,
Сомдалар ақ қағазға төгілгенде.

Асаудай сезім туар ойнақтаған,
Орауы жібек болмай, байлатпаған.
Жауқазын гүл сезімдер жусатпаса,
Қауқарсыз қылышың мен қайрақ маған.

Сезімнің адамилық қазанының,
Сезіндім шыны тектес ғазал үнін.
Соқса да дауыл, құйын,аптап ыстық,
Тілектің өзгерте алмас тазалығын.

Шындық деп талай-талай соққы көрдім,
Құйқасын шымырлатқан қара жердің.
Бірақ, мен аттамадым Адалдықтан,
Құранмен теңестіргем Адам сертін.

Өзіне сыйынбай ма жетім пенде?
Мен сырттай күліп тұрам өкінгенде.
Райымнан ешкім мені қайтара алмас,
Сол жолы бір шешімге бекінгенде.

О баста адам – қалып жаралғанда,
Тамшы-су, өмір-өзек нәр алғанда.
Бас иіп тағзым етем, жалғасың боп,
Жан бабам, жаратқан нұр, Саған ғана!

Жаным – Өлеңге

Өзім үлкен, өлеңде шақалақпын,
Шуағынан жаралдым шапағаттың.
Күтім керек, нәр берер сүтің керек,
Керегі жоқ қатулы шапалақтың.

Білгім келед тілдерін жер мен көктің,
Үнін демеп, қылтиып шыққан шөптің,
Гүл тілеуін гүл тілмен жазсам деумен,
Мен әлі жүрек жырын жазған жоқпын.

Шөлдесем де шырылдап ұқтырамын,
Қоймайтұғын қалмайды түк сұрағым.
Тәй-тәйлетіп таңдарға жетелейсің,
Мен қашан аяғымнан тік тұрамын?!

Өзіңе ынтық едім етенеден,
Қыздарға шын ынтығу бекер ме екен?!
Қу тұрмыс Саған мойын бұрғызбастан,
Еріксіз мұрындықтап, жетелеген.

Жетті ме сағыныштың шын толғағы!
Сені ойлап, жарық күнім түн болады.
Жеті жыл айрылысқан жаным – Өлең,
Қосатын «әулие әкей» кім болады?! 1980 ж.

Шежіре
\Молдалы Қолдасұлы ағама\

Шежіре тарқатайын, Молдан аға,
Бақ –дәулет есігіне қонған аға,
Қара би Асанұлы өзегіміз,
Сәулесін шашқан мына сор далаға.

Ташкенттің қолбасшысы, биі болған,
Тәуке хан серік етіп, жиі қонған,
Жазғанда «Жеті жарғы» ақылдасып,
Болашақ бағдарының иі қанған.

Сағасы Ангреннің Күлтөбеде,
Жиналған кеңес құрып би-төрелер,
Заң түзіп, әділетті шешім жасап,
Керілген бар қазаққа бір кереге.

«Басында Күлтөбенің күнде кеңес»,
деген сөз сол заманнан қалған елес,
«Ханаваз» ордасында әз Тәуке хан,
Шешімін Қара бисіз кескен емес.

Мәліктей батыр одан туылыпты,
Жігері от, жасынмен жуыныпты,
Келгенде тоғыз жасқа атқа мініп,
Беліне алмас қылыш буыныпты.

Сиқымда қол бастаған Қара батыр,
«Аңырақай» шайқаста дара батыр,
Әке туын құлатпай, қазадан соң,
Мәлік батыр қол бастап бара жатыр!

Ташкентте ол билік құрып, ту ұстады!
Шыршықтан су ішіпті ел қуыстағы.
Қоқан ханы шегініп қолбасшыдан,
«Ұр-рә-лап» дулат- сиқым туыстары.

Жоңғар- жау елді ордалап отырғанда,
Жау жанын Мәлік жерге батырғанда,
Көмеш- нан берген екен сарбаздарға,
Ат қойып «Көмешбұлақ» осы маңға.

Ташкенттен Бұхар жаққа көшкен екен,
Сол маңды «Мәлік шөлі» дескен екен,
Теміржол станциясы Мәлік атын
меншіктеп, тарих бетін кестелеген.

Ұл көрді Босмойындай Мәлік батыр,
Мәліктің сегіз қыры терең жатыр:
Ташкенттің басқарушы, қолбасшысы,
Жоңғар-жау орнатқанда заман ақыр.

Қыз беріп ақсүйектер жыр арнаған,
Дулаттар «Босмойын!» деп ұрандаған,
Қолбасшы жұмылдырып қалың елін,
Ұранмен өмір аққан бір арнадан.

Бесіктен өрген пенде жолаушы ма?
Не көрмес жеткенінше сона-ау шыңға!
Бейітке сыпырылып дымсыз келер,
Қалдырып бәрін Өмір-тонаушыға.

Дүние сағымданған көш екен-ау,
Адамның артық-кемі ес екен-ау.
Хат өлмес, жақсы істің аты өлмес тек,
Өмірді жалған деген осы екен-ау...

Қыраннан қарға тумас қарқылдаған,
Заты алтын сазда жатса жарқылдаған,
Адамның бар –жоғында не айырма,
Пайдасы жеке бастан артылмаған?!

От жүрек Қасымбектей қорған аға,
Мен Сізге қосылғам жоқ жолдан, аға,
Әсіл мен Жәнәлінің әкесі бір,
Босмойын –ұлы бабам болған, аға.

Айдын да жетім аққу жүзбегенде,
Руханият өсер ұрпақ іздегенде,
Мұсылман заңы теңдік бермегенмен,
Үш жұртқа мерей тілер қыз деген де.

Көш –керуен. Жинақтап арт несібеңді,
Ұрпақтың жоқ түгендер кезі келді.
Қолбасшы Сіз боларсыз осы күнгі,
Қыз –қыдыр нүктелейді сөзін енді.

Күткенде

Ұйқым қашты... басымда тасып қаным,
Жылап күттім жолымен жасықтардың,
Түн де ауды, сыйынып тағдырыма,
Тың тыңдадым,

Сен неге асықпадың?

Сағынышың алаулап келбетіңде,
Қол көтеріп тұрсың ба жол шетінде?
«Көкжөтелден» көлігің тоқтады ма,
келе жатсаң ағызып желше түнде?

Қарным ашпай, білінбей шөлдегенім,
Тоқтап қалдым,
Қинады келмегенің,
Кібіртіктеп бұзылды сағат –жүрек,

Кем болып түр өзіңнің емдегенің.

Жалғыз ұлдан сені әсті кем көрмедім,
Аллаға аян – патшаны теңгермедім,
Күнде күштеп жұмысқа жіберуші ем,
Сол жұмыстан не себеп сен келмедің?

Уһ! Басым-ай!
...Жүрегім айнығаны...
Ұстатқаның осы ма Айды, кәні!?
Сайтан –сыбдыр қоймайды- ау күдік айтып,

«Рас болмағай» деп көңілім шайлығады.

Ұйқым қашты..
Көз тартып, сынды басым,
Кеш қалмашы, күндіз іс тындырарсың,
Өкпелерсің «арам ой ойладың» деп,

«Жұбатшы» деп жылармын жынды басым.

Қайран жүйкем, қоймайсың тозбасыма,
Қажет боп тұр бір жылы сөз басыма,
Кешікпеші, жалғызым, күткен сәттер,
Күмәнім жоқ күнімді созбасына.

Бақыт дедің үйіне асыққанды,
Бөлген- жаза дейсің- ау ғашықтарды,
Көрсеткем-ау бір қылық жазалайтын,
Тәулік салып арамыз қашықтады.

Ұйқым қашты денемнен қашып қаным,
Айтшы, жаным, неге үйге асықпадың?
«Қайдан таптым» деп кеше налыған ем,
Кешші мені, пірлері ғашықтардың!

Кешші мені,өмірдей ғашық жарым!

ЕГІЗ ҚАЙШЫЛЫҚ

Тіршілік құпиясы неткен терең:
Күн менен түннен тұрар мына әлем.
Көлеңке сәуле арқылы жаралады,
Қонады-ау ақ қағазға қара өлең.

Жаманмен бірге төмен аласармай,
Жылайды-ау пәк көңілің әлем-жәлем.

У тісті ара ғашық нәзік гүлге,
Киелі үкі ғашық қара түнге.

Тәттіден уланады-ау тіршілігің,
Топастар оқ атпай ма білімдіге.
Бұл қандай ажырамас қайшылықтар,
Күнменен байлап қойған түнін бірге?!

Шын сүйген айта алмайды «сүйемін» деп,
Шын топас сөзге тұрмас «жүйемін» деп.
Дәндері толық бидай иіледі,
Сабанбас тікшимей ме « би едім» деп!

Тамырын жерден алған тіршілікке,
Шырмауық оралмай ма сүйегін жеп?!

Арсызға не десең де сөз өтпейді,
Ұяты бар титтей сыннан тез көктейді.
Жаманда күндейтұғын дәнеңе жоқ,
Пәс адам биіктерді өсектейді.

Адамның адамдығы – кеңдігінде,
Надандар созған қолын есептейді.

Ылдиға қарай ытқып су ағады,
Тәтті алма құрт түскеннен қуарады.
Құлпырған қызғалдақтың күні қысқа,
Арамшөп тиген жерден ну алады.

Аққудың табандары неге қара?
Шын жауап табылмаған бұған әлі.

Ақкөңіл марқаяды бергеніне,
Жалақор шалқаяды жеңгеніне.
Бір артық бір кемдікті толтырады,
Қоспайды-ау тағдыр шіркін тең-теңіне.

Қосылса екі жақсы не болар ед?
Айналар мына фәни ертегіге.

Аруана анама
Адамдықтың жина деп қасиетін,
Қаныммен бір тарайды өсиетің.
«Елім-елім» деп соққан пейілің үшін,

Ұрпағыңмын рухыңа бас иетін.

Әлсіздің сүйенетін тірегісің,
әр адам сенен табар бір өрісін.
Ұлт, нәсілге бөлінбес, жалпы адамға,
Аруанасың!

Сен соны білемісің?

Ай қараңғы, дөңгелеп толғанымен,
Мына өмір тоңдырды жалғанымен.
Қайда кеттің, жан анам, үй де суық,
Үй ауасы жып-жылы болғанымен?

«Ақ қозым» деп кім мені іздейді екен?
Аққу болып айдында жүзбейді екем...
Асыл анам, құшағы сая, жұмақ,
Енді қайтып табылмас Сіздей мекен.

Нәзік үнің, мінәйім, сәби түрің,
Дөрекі сөз білмейтін тілің шырын.
Асыл анам, осынша қымбат па едің,
Білем деуші ем, білмеппін мұны бұрын.

«Жарығым – Баян...» деумен солды демің,
Қызғылт нұр аздап қалып... оңды денің.
Жаныма болмысыңмен жалғандың-ау,
Жүрегім арманыңа толды менің!

Арман – жол қуып, санам сүрлігеді,
Бір мақсат – ұрпағыңның бірлігі еді.
Төбеме тәж көтеріп, биіктеттім,
Сен сепкен қасиеттен жыр түледі.

Апатайым

Тербетіп ақ бесікте аялаған,
Қызынан жан жүрегін аямаған,
О, ана, құттықтаймын мерекеңмен,
Қамқоршым, нұр жүректі саялы адам!

Анашым – қарашығым жанардағы,
Анасыз қай баланың жанар бағы?!
Күлгенің күн секілді нұр себелер,
Айналып жүрші мәңгі – бар арманым!

Жібектей майда қоңыр шашың қандай!
Тал бойың қазыналы асылдардай!
Не деген таза еді тілектерің,
Таңырқап періштелер бас ұрғандай!

Сырымды еш бүкпесіз бөлісерім,

Сағынып сәт көрмесем көрісерім,
Өзіңсің, бір өзіңсің жаным - анам,
Не десең, сөзге келмей келісерім.

Білімдар сен табиғи ғалымбысың!
Мен үшін ең ақылды, дарындысың,
Анажан, жүрегіңе жалғанғанмын,
Берер ем қажет болса жанымды шын.

Бұлақтай иіп тұрар бар адамға,
Ызғар жоқ, жаның нұрдан жараған ба?
Ақкөңіл, дархан пейіл, аңқау анам,
Сен тіпті пәк боларсың баладан да!

У Уақыт

Жанардан тамшы у ағып,
Алқымнан қыстың, Уақыт.
Естінің ізін салмақсың,
Жастықтың жүзін куә ғып.

Өмірге кеңдік бермедің,
Жүрегімді жұбатып.

Тұншығып барад алқымым,
Дірілдетті-ау салқының.
Жан алғыш перің неліктен,
Тездетпейді қарқынын?!

Тоқташы сырт-сырт аттамай,
Өтініш осы.

Бар шыным.

Нұр таным

Көз –көңілдің көлі боп жаралыпты,
Көз нұрынан көңілдер нәр алыпты,
Көз –сөйлейтін сырсандық, тілден шешен,
Көзден оқып, біле бер даралықты.

Отты көз бар өлімнен жасқанбаған,
Табан тілсе, бір тамшы жас тамбаған,
Күн мейірін күмбездеп жиған көздің,
Шуағынан күш алар сасқанда адам.

Мүләйім көз күледі миығынан,

Малту қиын иірім –ұйығынан,
Сәттк сезім,сағаттық тәтті сөзін,
Себездетер көлгір су жиып алған.

Көз көзге сын айтады, мұңайтады,
Сұрай білсең, сақтаған сыр айтады,
Буынсыз тіл бекітпес сенім сертін,
Көзге сен, ол - жан айна, шын айтады.

Халық айдары

Әр адам бағаланар үлеспенен,
Өзінен көрсін көшке ілеспеген.
Шайтан мен періштенің пиғылындай,
Өмірде бітпес сірә Күрес деген!

Қаламды ұстататын бір-ақ мақсат –
Ұйқыда жатқан мидың шамын жақсақ!
Дүмпуін жүрегімнің ұқса халқым,
Рухани жүрмесе екен Қазақ ақсап!

Бітірдім жоғарғы оқу, физмат. Фак-ын,
Ел мұңын сейілтуге жүрем жақын.
Толқытсам көңіл түбін оқырманның,
Жанғаны сол болады менің Бағым.

Әдебиет, мәдениетті буған ноқта –
Жоқшылық бұрар бізді қандай топқа?
Болса да аузы қисық бай сөйлейтін,
Баяғы заман қайта туған жоқ па?

Білімсіз білте шамың жанады ма?
Тарихтың кім ден қояр сабағына?
Бар басты білім ғана биіктетер,
Уақыттың қалмайықшы обалына.

Қоссам-шы тіршілікке үлесімді –
Қалдырып Роман, Повесть, Жыр есімді.
Кітапты негізгіге жатқызбасақ,
Бастаймыз неден сонда күресінді?

Жүректе шер толқытар қайран қайда?
Қос жанар қос тесікке айналмай ма?
Рухани мәңгүрттенсек – мал болармыз,

Қазаққа Халық деген айдар қайда?!

Шарайна
Бұлқынып, тасымайды қалай қаның,
Өрмегі торлағанда бар айланың!
Мүләйім көзқараспен азаптайды,

Досыңа, туысыңа қарайла мың:
Алдында тұрғандайсың шарайнаның!
Бұл өмір қатыгездеу, мазақтайды.
Кеудемде тұтанбасын қалай жалын?!

Сөнбеші , мықты болсаң, арай жаным.

Бір арман жан –анам боп тіл қатады,
Бір сағым бақыт әнін шырқатады.
Бұл өмір асау өзен, қалытқы-үміт,
Өзенде бір көрініп, бір батады.

Шарасыз оңашада босаңсысаң,
Бір үміт көз жасыңды құрғатады.
Кеудемде тұтанбасын қалай жалын,
Ширығып, жыр жазады солай жаным.

ҚАДІР

Жол қадірін білмейді құламаған,
Назды сүймес күйініп жыламаған.
Аялайды адамды адам қолы,
Аямайды жұмылса бұл алақан.

Ас қадірін білмейді ашықпаған,
Ерлік шықпас қорқақ пен жасықтардан.
Міркәм дүние ұрлайды өміріңді,
Аңыз қалар шын сүйген ғашықтардан.

Тас та тозар толассыз ағындардан,
Шын сүймейді көрмесе сағынбаған.
Көлеңке- дос қайталар қимылыңды,
Мәңгі жолдас болады жағынбаған.

Нәрлі болса, қай өмір гүлдемейді!
Шын ашынса, қандай тіл үндемейді!
Асыл туған адамның дұшпаны көп,
Періштені қай пенде күндемейді!?

Су қадірін білмейді шөлдемеген,

Ақылы таяз сөйлейді көлденеңнен.
Көзің жетпей дақ салма сыйлас жанға,
Туысыңнан кем болмас «сен» демеген.

Аяр жаннан бықсыған сөз қалады,
Дауда сына жігітті, бозбаланы.
Тексіз адам – дауасыз, жеңем деме,
Жеңіс – ұяттың әдептен озбағаны.

Сөз қадірін ұқпайды қуыс жандар,
Ақымақтар бастайды ұрыс-жанжал.
Жақының – жат, жаныңды түсінбесе,
Жансая бол, жаныммен туысқандар!

КЕЛІНГЕ

Жауқазын гүлім-келінім,
Қосаққа алған серігін.
Тағдырын шешер ақылың,
Босағам мен төрімнің.

Екі өтпейді су ағып,
Қайырылмас қайта Уақыт.
Құрметтеп үлкен-кішіні,
Өткенге жүрші дұға ғып.

Ата-енең өлсе қуанба,
Жөргектен өскен бұлар да.
Сен сүйген жарға бәйек-ті,
Жан деген бөлек шығарда.

Сол кемпір-шалдан өсесің,
Қайтарып еңбек есесін.
Қабағын бағып келіннің,
Өмірден сен де көшесің.

Еріңнің іні-ағасы –
Ұлыңның өмір сағасы.
Термешелеп мін тақсаң,
Кемиді асыл бағасы.

Көрсетіп ізет сыйламас,
Бас басына би.
Талас!
Алауыз болса ағайын,

Шуыңды ешкім жинамас.

Өзекті өртеп арманың,
Шайнауда кетіп бармағың,
Қадіріңнен айырылып,
Мәткесі болма «қарғаның».

Бірігу – өмір талабы,
«Ол-бұл» деп бөлме араны.
Шашылып қалса өрт сөнер,
Сүйеніп ағаш жанады.

Көп керек мейір, кешірім,
Тоқтатар даудың өсімін.
Атаның құнын кешкен ел,
Топырақтан бөлмес жесірін.

О, менің өркен, тамырым,
Күзімде көрген мамырым.
Білтесі өзің боласың,
Жүректе жалғыз шамымның.

Кемпір-шал, патша, падашы –
Келіндердің баласы,
Жете алмай солма қарттыққа,
Қарттардың қиын наласы.

Қайынжұрт қайта баулайды,
Бос болсаң, өсек жаулайды.
Топырағың тартса енеңе,
Басыңнан бағың аумайды.

Ордасын ұста бақ, жырдың,
Айдыны болшы пәк сырдың.
Анашым берген өмірді –
Ұлымды саған тапсырдым.

О, менің демім, серігім,
Сандығым, сырға берігім.
Жанымның нәрін тапсырып,
Қанымды саған телідім.

Төбеңе көтер «ана» деп,

Басқадан соны талап ет.
Дәл мендей ешкім бере алмас,
Жүрегін келін, бала деп.

О, телі-қызым – келінім,
Киесі келген жерінің.
Әруағы қоршап, қолдасын,
Аруанасын елінің!

Салыстыру теориясы
\немесе, физика сабағындағы тәрбие\

Налыма, балам,
Бір қадірлім жанымды ұқпады деп,
Дұшпанымның пейілін құптады деп,
Егескенде шыңдалып, қайралған намыс,

Намысқа көрік басады от ауыз таныс.
Ұмытып бір кез сенде де жан барлығын,
Кеудеңді сөзбен тілгілеп, сандалды кім!?
Жылама жаным, сергі де түңілмей күтші,

Түнектей түнді серпитін таң барлығын.

Адамның барлығы адам,
Тек Таным басқа –
Биіктік сонда қарамас кәрілік, жасқа!
Сәуле бар жерде көлеңке болуы – Заңды.

Адамды Ниет бөледі дұшпан мен досқа.
Өксіме, мені тыңдашы қалқатайым,
Сұрақ болған түйінді тарқатайын:

«Физика»-«фюзис»-«табиғат» мағынасы,
Бөлшегісің! Заңына бағынасың.
Өмір-өзен,
Қайық боп елестегін,

Мүмкін бе бар қайыққа теңеспегің?
Қарсы тұрдың дейік сен бір ағысқа,
Күш көрсетіп ескекпен бұралыста,
Не дер едің?

Ескексіз қайық – жел өмір, елес дедің.
Дәрменсіздік, ессіздік демес пе едің?
Ал себеп не?
Көндікпейсің толқынның мазағына,

Өмір-өзен салады азабына.

Жел қайықтар қарсылық көрсетпейді,
«Бұйыртқанын өзеннің көрсек» дейді.
Кескізеді жолдарын ағыстарға,
Жел айдамай, озбайды жарыстарда,

Не көрсе де бәріне «шүкір» дейді,
Ескегі жоқ,
Өзенге «түкірмейді»!
Ал саған «кешеусің» деп күбірлейді.

«Артта қалып кетті-ау» деп мүсіркейді,
Неге керек ескегің? Түсінбейді.

Су ағысын теңгеріп, қозғалмадың,
Күндемедің өмірін «озғандардың»,
Ал, жағада байлаулы тұрған қайық,
«Босқа» есілген ескекке тұрды аңқайып.

...Бәрі де дұрыс әркімнің санасында,
Таусылмайды танымның таласы да!
Табиғаттың Заңы осы – салыстыру,
Түсініктен түсінік алыс тұру.

Налыма, қалқам,
Бір қадірлім жанымды ұқпады деп,
Бір қуанып, бір қайғы жұтпады деп.
Жаманды білмей, жақсыға табынар ма едік,

Қайғырып көрмей, бақытты сағынар ма едік?
Қателеспей, өспейді ешқандай пенде,
Қателіктен сабақ ал, жан сәулем, сен де!

Мұхит деп мүмкін көлшікті ұғынар ма едік?
Асқар тау деп төбеге жығылар ма едік?
Кім білсін, қалқам, қарғаны қыран дедің бе?
Өзімшіл кісі өзгені ұқпас тегінде.

Кім білсін оны.
Білерім біреу мәңгілік:
Адамдық Ниет кетпейді өрттей жандырып!
Әділет деген Ұлылық жолын кеспегін,

Жоғалмасын өзенде желкен, ескегің!

Тіршілік теориясы
Тіршілік кімге салмас салмақтарын,
Төкпейді бұл тағдырың талғап кәрін.

Жаншыған төбесінен қарды сілкіп,
Бәйшешек күнге созар бармақтарын.

Өмірдің қатқылы көп түбітінен,
Қалмайды жарық дүние түбі кімнен!
Әлжуаз аз қайғыға төтеп бермей,
Қам кірпіш секілденіп үгітілген.

Әлсізге уытты сөз дарымайды,
Күн кешу, ойлау, сөйлеу- бәрі қайғы,
Жібиді су боп аққан көз жасына,
Жігерін намысына жанымайды.

Мықтылар озады әркез жарыстардан,
Майда сөз, ұсақ іске барыспаған.
Сыйласса – жанын беріп жақын болар,
Жек көрсе – жолын кесіп, алыстаған.

Арманын ар – ұяттан мүсіндеген,
Салмайды қай кезде де жүзін төмен,
«Өмір сүре білмейді» деп мінейді,
Бағасын мөлдірліктің түсінбеген.

Түбіне түскен білер сай тереңін,
Тау үшін қыл секілді бәйтерегің.
Қоңызға қоқыс керек, қыранға – аспан,
Өзінше іздейді әркім қай керегін.

Біреудің сырты жылтыр, іші қуыс,
Көбігің шармен мұңдас, доппен туыс.
Үп еткен желмен сырғып, елпектейді,
Қолынан келмес, сірә, басқа жұмыс.

Сырымды ұғар-ұқпас жүрсің әлі,
Бүтіннің әйтеуір хақ бір сынары.
Жаныма қанша үңілсең таптырмайтын,
Жасырған құпиям не, білші кәні!

ЖАН САМАЛЫ

Жүрек қылын тербейтін жан самалы,
Саумал сезім – адамның аңсағаны.
Жұпар сезім, от сезім, жасық кезің,
Жан сырыңмен әлемге жар салады,

Басқа жүрек сен болып тамсанады.

Ақ жарылып айтасың адалыңды,
Жан-тәніңді арнаған адамыңды.
Табынғаның, көз жасың, сағынғаның,
Жаңылғаның, адасқан қадамыңды,

Жасырмайсың оқтаған садағыңды.

Тірілердің бәрінен безінгенің,
Жындануға шақ қалып, езілгенің,
Қуат алып қайтадан жақсылардан,
Жырмен тербеп үміттің тал бесігін,

Кешті жалғап таңдарға көз ілгенің.

Қаймықпаймын кейбіреу табалар деп,
Адал сырды ақылды бағалар тек.
Өзегіне өрт түсіп, қиналғандар,
Оқығанда ағызар жасын сөртек.

Кеудеңді ашып, самалға жақын бар тек.

Сөз өнері
Сөз өнері – дерт екен,
Өзегіңді өртеген.
«Сөз сүйектен өтеді»

деген де бар ертеден.
Сөз өсіріп көңілді,
Сөз түйеді желкеден.

Қылыштан өткір тіл мерген,
Тіл дүлдүлін кім жеңген?
Санатты ел болайық,
Көрініп бір бас, бір жеңнен.

Қаламгер мен халықтың,
Ниеті шықсын бір жерден.

Сөз деген – кие, ұлылық,
Жайланар жүйкең тынығып.
Сөзің таза болмаса,
Істерің жатар былығып.

Тілегің жетсе жүрекке,
Өлген де қолдар тіріліп.

Оятқан түртіп сананы,
Руханияттың қаламы,
Зәбір -жапа шеккенді,

Сергітер сөздің самалы..
Шындық пен сұмдық белдесіп,
Төрелік тыңдар алаңы.

Өнер алды – қызыл тіл,
Тілің, ділің – күзір, біл.
Ата салтын қастерлеп,
Өзге тілдің жүзін біл.

Ақпаратпен, кітаппен,
Адам заңын түсіндір.

Сөз үзілмес ноқтадан,
Аталы сөзге тоқтаған,
Әлдилеп алтын бесікті,
Бабамның мұңын жоқтаған.

Қаламгердей қадірлі,
Халық, сірә, жоқ маған.

Сөйле, тілім!
Не бар артық, адамдық қасиеттен,
Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен,
Қызыл тілім сайрашы, өсиеттен, өсиетпен-ай.

Қожа Ахмет Иассауи туылған жер,
Ер жігіттің белбеуі буылған жер,
Сайрам елім, сансыз бап жуынған жер, туылған жер-ай.

Жүрек жалын болғанда тілім орақ,
Ата салтты дамытпас орашолақ,
Сөйле тілім, елің тұр тамашалап, жаңашалап-ай.

Сүйектен өтер сөз –жебе
Сүйектен өтер сөз - жебе,
Сынбауы керек сөз неге?
Домалақ анам қызымын,

Киесі қолдар, көздеме.
Қызыл тілім, жол ащы,
Қараңғы тұман кезде де.

Боратып сөзді сақылдар,
Таңдайды ұрып тақылдар.
Қызыл тіл – теңіз, толқын деп,
Айтпаған босқа ақындар.

Тәтті де дәмді сөз айтсам,

Кер кеткенім жақындар.

Қызыл тіл – өткір алдаспан,
Ми тауына жалғасқан.
Жүректен өтер тулатып,
Көмейге кілкіп бармастан.

Көңілге сезім тұндырып,
Қақтырар қанат нарқасқам.

Сөз қуып, намыс жоқтағам,
Бір ауыз сөзге тоқтағам.
Аталы сөзде құдірет,
Кем болмас шылбыр, ноқтадан.

Тілім мен Туым, Елтаңбам,
Әнұран айтпас жоқ қоғам.

Уа, тілім, шекер- балдайсың,
Ел менен елді жалғайсың.
Буынсыз тілім былқылдап,
Кей кезде неге алдайсың?

Көмейде бұлбұл ұясы,
Гүл сезім, алтын таңдайсың.

Уа, қызыл тілім – киелім,
Бағынған ет пен сүйегім.
Қызыл тіл – Қызыр тіл болсын,
Тағзымдап басты иемін.

Қанекей, тілім, сөйлеші,
Ағытып тілдің тиегін.

«Қазақстан» телеарнасына 50 жыл
Ой-сана қатпарланар ақпараттан,
Сезімге келіп жеткен шартараптан.
Экраннан көгілдір таң тарамай ма,

Қалықтап аппақ айдын – ақ парақтан!
Электромагниттік толқындардың,
Тарамы тіршілікке бақ таратқан.

Алысты жақын еткен теледидар,
Аз уақыт айырылсаң, жанды қинар,
Үйіңе мың-сан керуен көш келгендей,
Көңілге керектінің бәрін сыйлар.

Әр адам жеке-жеке мұрағаттай,
Көз көріп, естігеннің бәрін жинар.

Қазақта «Қазақстан» телеарна,
Өзіңді алмастырар бір зат бар ма?!
Бастайтын мультфильмнен тәлімгерсің,
Адасқан жол сілтейсің ғашықтарға.

Тар жолда тайғақ кешкендерді танып,
Ел жанды бас иеміз асылдарға.

Кітаптан гөрі сені тез ұғамыз,
Үйіме кейіпкер мен кірер аңыз:
Керек пе жазушы мен ақын, әнші?
Керек пе тарих сырын бірге ашамыз.

Жеті қат теңіздегі тіршілікпен
Танысып, нұр-бекіре жыр жазамыз.

Ұшқырсың қиялдан да, бәр құстан да,
Қажетім АҚШ па, әлде Үндістан ба?
Нүктеңді басып қалсам жеткізесің,
Меккеге, әулиелі Түркістанға.

...Яссының бала шағы өткен Сайрам,
Ғұмар бабам қолдар-ау жыр құшқанда.

«Бетпе- бет» мінбесіне шығарасың,
Келінге үйретесің құмар асын,
Қазақтың қыраны бар Туын желпіп,
Емдеші шұбар тілдің дүбарасын.

Шәкіртім – Аббас Серік, Даниярым,
Береді кім-кімдердің сыбағасын.

Сыныңнан артық – кемдер түзеледі,
Арсыздар жалғыз емес, жүз өледі!
Телеарна, руханиятты қуатыңа,
Ой-сана адамдары тізерледі!

50 жыл тәй-тәй басқан жасың болсын,
Мың жаса техникамен жүз өнерлі!

Күлу мен тілу
Сөз айтып биік мінбеден,
Әлсізді күшті күндеген.
Қара деп ақты сендіріп,

Өтірікті шын деген.
Көнбесіңе көндіріп,
Тағдырың болып жүндеген.

«Қалталы» ақыл сенгені,

Қолдауын тапты өрмегі.
Жығылып жатқан жұмысты,
Желпінтіп, сөзбен «жөндеді».
Өзгені сорған жымысқы,

Шырмауық шөптей өрледі.

Мың құбылар жүзбенен,
Мүләйім кейіп үзбеген.
Тұғырдан тайған тұйғынды,
Сызады ойдан, тізбеден.

Адамдық атқа сай құнды,
Мансаптан ғана іздеген.

Шәпкіге пәпкі сай ұстап,
Тойынар көңілі байыздап.
Күштілердің желінде,
Өлең шөптей майысқақ.

Арамдыққа желіндеп,
Күліп те тіліп, сайыспақ.

Құлаған қадір
Бұлақтан кәусар ағар сылдыраған,
Қарабай мал тоғытар мыңғыраған.
Нышаны адамдықтың руханиятта,

Жетпей ме мұратына шын сұраған.

Сыртыңнан сырттан адам деп келгенмін,
Танысып, сол мезетте шеттегенім!
Қазаншының еркі бар қайтем десе,
Бақай есептескенді жек көремін.

Қайтпаған жүрегім бар нар таудан да,
Жылтырақ ұқсап кеттің арзан жанға.
Бір ғана барған едім азамат деп,
Басымды салдыңыз-ау мың саудаға.

Домалақ анамызды қастерлеген,
Атымтай Жомарт қалай ас берді екен?
Тірімде бағаламас қыт-қыт достар,
Өлген соң мені -дағы өстер ме екен?

Қаңбақтай ұшып кеттің таразымнан,
Болайын тұмсығыңа баласынған!
Алдыңа нық сеніммен кіріп алып,

Көңлімді әзер жидым жаңа сынған.
...Түн оты - жылуы жоқ қоңыз жайын,
Гүл- қыздар ұстамайды есте дәйім...
Әр нәрсе сын сәтінде анықталар,

Алыстан кім біледі кімнің жайын!

Жарқ етіп жанарыңды күйдірдім бе?
Күншілім, қызыл шоқты сүйдірдім бе?
Сен мың- сан су бүріксең, сөне алмаспын,
Ғұмардың от жасынын көрдің! Бір де!

Орныңды бір анықтар безбен тірлік,
Тіліңнен ақты сылтау езген кір ғып.
Бетпердең түсіп қалды көз алдымда,
құлады қадірлі орның жерге сырғып.

Досыма
Кеудем сазды, кірпігім ілінбейді,
Тербейді арман, күй-көңіл дірілдейді.
Жүрегімде жасырын бір мұңым бар,

Сенен басқа ешкімге білінбейді.

Бір топырақ, бір ойдан жаралғаным,
Түн жарымда ойланбай бара алғаным,
Бір анадан егіз боп тумасақ та,
Егіздерден жақындау саналғаным.

Саған қарап жанымды мүсіндедім,
Сені танып, өмірді түсінгенмін,
Анам алыс болғанда, ақылымсың,
Саған анық сыртым мен ішімдегім.

Қажет емес қошемет, жалған қайғың,
Мінез қажет тексізді талқандайтын.
Не де болса алдама! Сен алдасаң,
Өзге түгіл өзім де жалғандаймын.

Бір сөзіңді басқаға ұттырмағам,
Достық емес қорғау, «шаң жұқтырмаған».
Кешпе менің артықтау бір ісімді,
Бір шапалақ жегізіп, ұқтыр маған!

Ниетіңе тоңғанда шуақтағам,
Сенің ғана сенімің қуат маған.

Тірегіне сүйеніп жылайды адам,
Сендей болып мені ешкім жұбатпаған.

Мәңгі махаббат
Бөліскен қайғыны, бір үзім нанды,
Әлемде адамдық Достықпен мәнді.
Ғашықпын өмірге дос сезім үшін,

Достықтан басталған махаббат мәңгі.
Жаныңды арнаған пейілің үшін,
Сыйлайын мендегі жалғыз-ақ жанды!

Жарты сөз айтпай-ақ бір-бірін ұққан,
Кім мықты тірлікте дос деген жұптан!?
Жан-тәнің, мәніңмен өрілген сезім,
Шын досы бар адам ол –нағыз Сырттан!

Бірліксіз тірліктің Бақыты бекер,
Ақпейіл, кеңшілік барлығын ұтқан.

Санаң мен жүректің дүрсілі бірге,
Сырсандық ішінде күрсіні бірге,
Жан досым, қанының құрамы басқа,
Өзіңсіз бұл өмір – қақпасыз түрме.

Көрсек те не жағдай, жұмақ не тозақ,
Сыңарым, тұмарым,жүрші Сен бірге.
Алаңсыз кез
Сендердей сүйе алушы ем өзге кімді?!

Сағындым, жан достарым, өздеріңді.
Бақытты бол дәуренді бірге өткізген,
Арман қуған алаңсыз кездерімді.

«Тентек» дәурен сендерсіз өткен бе еді,
Сендерменен қарсы алдым көктемдерді.
Көбелекпен жарысып, «бәйге» алысып,
Сағым қуып, маңдай да көп терледі.

Сендер менің мәртебем, тағымсыңдар,
Жан бауырдай жүрекке жақынсыңдар.
Бұлбұл болсам, бірің-гүл, бірің-бұлақ,
Сендер барда сайрармын сағым сынбай.

Сағындым, сырластарым, ерке күнді,
Ойындарым, сиқырлы ертегіңді.
Мөлдір сезім тамшылап тамды төске,
Сағыныш боп жүректен жыр төгілді.

Көк аспанды тірескен

Бойжеттім, Тәңір, тез неге?
Көшеттеп бердің өзге елге,
Сыңар еттің, тәңірім,
Сөз терген, мылжың езбеге.

Бөдене «быт-быт», мен быт-шыт,
Шекемнен шықты тер шып-шып.
Айналам қою көк түтін,
Көз ашытар сөз бықсық.

Қыт-қыттап тауық – достарым,
Қосқанда «гәпте» бастарын,
Пал ашып пыш-пыш жүргенде,
Досым, сен ұқтың астарын.

Көреген досым, көреген,
Көтеріп жерден жебеген.
Жұрт күйе жағып жатса да,
Мені сәл жаман демеген.

Нөсердей сонда жауғаның!
Ақ тұйғындай сауладың!
Үні өшті іннен ін іздеп,
Қыт-қыт пен быт-быт жаулардың!

Ізіңде шындық гүлі өскен,
Ақ пейіл досым – күрескер!
Шама- шарқы жеткенше,
Көк аспанды тірескен.

Алдыңнан күтсін таң күліп,
Бақытың тұрсын жаңғырып.
Құрмет көр тіршілігіңде,
Бұйырсын иман мәңгілік!

Мен сенің шөліркейін тұнығыңа

Жанымның жапырақтап сыз парағын,
Жазайын жыр- шуаққа қыз-ғаламын:
Мен сені қылымсыған қыздан емес,
Жәдігөй жамандықтан қызғанамын.

Өзіңе адал сырды ақтарамын,
Жазала,

түсін,

мейлің жақтамағын.
Бар болмыс, табиғатым алдыңда тұр,
Ақ жол тек адалдықтан басталатын.

Айтатын адамым деп таныдым ба?..
Сырымды аштым саған толы мұңға.
Сүйеніп, жылап тұрдым Сенім-талға,
Жанымның бір басылмай солығы да.

Ақыл-айдын, Парасат, Ес керегі,
Ессіздің жоқ мұңға да еш керегі!
Аққу-сезім жүректі әлдилейді,
Алдар болсам, киелім, кешпе мені!

Жүрегімнің дүрсілі-дүрсіліңдей,
Дерт-дауамды өзге кім білсін сендей.
Достықты достық тербеп шарықтасақ,
Қайғыны біз қайтерміз күрсіндірмей!

Баспашы жамандыққа, сұранамын,
Жаман нәр бойға тисе – қуарамын.
Біз түгіл жұғысады металдар да,
Сен таза, мөлдір болсаң, ну аламын.

Қара дақ түспей адамшылығыңа,
Жамандық жетпей жүрсін жұлығыңа.
Жан досым, терең болшы былғанбайтын,
Мен сенің шөліркеймін тұнығыңа.

Ақырет түйінің не?
Көңіл-жас, шаттануды шет көрмейді,
Шын жігіт төмендемей, бетке өрлейді.
Шарапты мөлшерлеп іш. Ол – әзәзіл,

Тайғақ жол Мұратыңа жеткермейді.

Бұл шарап көңіл шерін тарқатады,
Бір сәтке жүк жеңілдер арқадағы.
«Кел қане, туысайық, ұғысайық,
Шарабың болса құйшы, бар ма тағы?»

Бір сәтке тазарады басқан қайғы,

Көңілің сыңар қанат аспандайды.
Батыр жігіт секілді сауыт киген,
Мың үйірді жеке айдап , жасқанбайды.

Сағым боп стаканда «балы» тұнған,
Ақ сайтан тайдырады бақытыңнан.
Жеп-жеңіл бу секілді түйдек-түйдек,
Тәп-тәтті жыр туады шабытыңнан.

Бұл шарап, жұқпайтынды «желімдейді»,
Қысыр сөз, « ұшқыр» оймен желіндейді.
Ақыры айналады жан досыңа,
Көзіңе басқа мақсат көрінбейді.

...Атадан мирас қалған асың емес,
Шарапты ішкендердің басы – елес.
Көз тұман, миың улы, мәңгүрт жансың,
Тіл, денең бағынбайды! Басың – егес.

Бұл шарап қоянды да батыр еткен,
Ақылсызды данышпан, ақын еткен.
Елес тірлік там-тұмдап тоқтар кезде,
Қандай түйін ұстайсың ақыреттен?

Тоқта деймін!
Қажет саған адал дос осындайда,
Осындайда сыр мен жыр қосылмай ма?
Жыртып-жыртып жүректі үлестірсең,

Бақытыңды қоясың сосын қайда?

Қайда лағып барасың, қайда лағып?!
Тозақ жолға бұрылдың – айдан анық.
Жастығыңның лаулаған ақ жалынын,
Қараңғы-Сор барады-ау пайдаланып.

Жүрек саған дастархан дәм-тұзы ма,
ұсынатын әр қызға, әр қызылға?!
Сүю заңын сезінбес хайуанаттар,
Жүрек –сыйлық шын ғашық жалғызыңа!

Тыңда досым, мен нағыз қарындаспын,
Түсінемін тіл-демін жалын жастың,
Тазалықта тіршілік қуаты бар,
Жиған-терген руханият...

Бәрін шаштың!

Тоқта деймін!.. Тоқта деп бұйырамын!
Тіршілікте осы ма сыйынғаның?!
Тыңдамасаң, мәс-саған бір шапалақ!
Көрсем болды, есіңнің жиылғанын.

Өкпелей бер, өкпеңе «түкірмедім»,
Дәл осы жол – мінезім бүкір менің.
Не десең де адаспай, кері қайтсаң,
«Алтыным,-деп,-барыңа шүкір» дермін.

Қажет саған тегеурін осындайда,
Тегеуріннен тексіз ой шошынбай ма!
Мені сайтан шақырса, шапалақта,
Ақ пейілді Дос керек осындайда.

Тағдырға кетпе түттіріп

Жүрегім жылап күрсіндім,
Пердесін түріп бір шынның.
Оспашы улы тырнақпен,
У сөзін айтып, бір сырдың.

Жан досым, бүгін қандайсың?
Түлкідей бізді алдайсың.
Қос ғашық –егіз жүректің,
Сыңарын неге таңдайсың?

Бөлмеші бізді, бөлмеші,
Ақ сайтан тілге көнбеші,
Жүректі бергем досыңа,
Сезімсіз ете көрмеші.

Тілегім таза, тұп-тұнық,
Адам боп қалу – мықтылық.
Жауқазын ғұмыр тілеп ем,
Тағдырға кетпе түттіріп.

Адал дос болшы, сұранам,
Мені де тапқан бір ана.
Жұбымнан бөлме, жалынам,
Налаға бақыт тұра ма?!.

Жазылып қойған заңдаймын,
Бір жанды мәңгі таңдаймын.
Ажалым бол да алып кет,
Бәрібір олсыз жанбаймын.

Не дейсіңдер?
Дау-таластан туады Шындық деген,
Мен ойланам Пікірді күндікпенен.

Сабаңдаршы, аямай сабаңдаршы,
Жан туыстар, жалғаспас кіндікпенен.

Қалай сүйем бұйрықпен сүймегенді,
Жүрек біреу,

Сүйгенім үйленеді.
Білесің бе, қыздар-ау, дәметтірсек,
Жігіт сонда деліқұл күйге енеді.

Не дейсіңдер?

Күтіп тұр.
Барайын ба?
Көңіліне бір Үміт салайын ба?
Кездейсоқтан қосылған қос жүрекке,

Орын бар ма Бақыттың сарайында!?

Не дейсіңдер?

Байлығын сұрайын ба?
Мансабына мойнымды бұрайын ба?
Әлде, күнде көйлектей ауыстырсақ...
Онда, иттен бола ма бір айырма?!

Не дейсіңдер?
Бауырдан жақындарым!
Ой-бұлтқа тоқтам тау ақылдарың.
Оң -теріс ой сүзісіп, жасын жанбай,

айтсаңдаршы,

Мен мүмкін мақұлдармын.

Не дейсіңдер?

Ұқтыршы, не дейсіңдер?
Неге кейде рухани кедейсіңдер?!
Қыз, махаббат, жауқазын –жалғыз ұғым,
Кейде неге қым-қиғаш, өгейсіңдер?!

Не дейсіңдер!?

Дәурен дауылы

Басыңда тұрмас бір дәурен,
Көшпелі көңіл - күй деген.
Күлкісін сатып бұлдаумен,
Сыйласа көңілін – сый демен.

Бетіңді бағып, жалпақтап,
Қоштағанда күмпиме.
Дәуреннің соғар дауылы,
Қалмаймыз мәңгі бұл күйде.

Иіліп жастық болар да,
Тасадан кезер садағын,

Жемтікке құзғын қонарда,
Талғай ма насын, адалын?!

Жараланса құралай,
«Аяулы еді-ау...» демейді,
«Жығылса екен тұра алмай,
толтырсам,-дейді, көмейді».

Сәтсіздеу кезде сәлемін,
өзгерткен жанға қайрылма.
Пейілдің Сенім – дәлелі,
Сенімі бардан айрылма.

Тазалықтың жолыңа,
Жетелеген – сол Досың.
Тағдырдың тәлкек сорына,
Тастамас адал жолдасың.

Алыстан келмес қасың да,
Арсызға сенбе досым деп,
Бір дәурен тұрмас басыңда,
Ауысар тағдыр тосын тек.

Жазықсыз жаза
Астынан аяғымның жер қозғалды:
Ғашығы жан досымның қол созғаны!
Адами бақ тілеуші ем екеуіне,

Сол тілек өзіме зор ор тосқаны!
Жазықсыз жазаландым. Кім жұбатар?
Аруана ботасы өлген боз-боздады.

Төртеуміз.
Арқа сүйер тауың едім,
Қаны емес, жаны туыс бауыр дедім.
Жауабын күткен Дерттің қалай айтам,

Жаныңды жылататын жауың ба едім?
...Жүрегім тілім-тілім жараланды,
Зорменен бойдан шығар ауыр демім.

Лайланып, жылап ағар бұлақ бүгін,
Ұқтырып бұрынғы өмір жұмақтығын.
Жаныңды ұққан сырлас ғашық болса,
Достықтан берік не бар,

тұрақты кім?!
Мен кімге сүйенемін шаршағанда,
Тербетіп жан-жүректі жұбатты кім?

...Ақылым, амал таппай адастың ба?
Қалдым-ау көшкін қардың нақ астында.

Ниетін айналамның аңғармайтын,
Кем ақыл, қатарымнан мен жаспын ба?
Күндестік, кесір мінез бойымда жоқ ,
Тағдыр-ау, обалы бар бұл бастың да.

Аққу аңызы
Ертегіде... Нұр елінде арайланған айбыны,
Сәулеленген қуаныштан бөле алған сор-қайғыны,
Достық атты хан болыпты.

Хан тағымен бағалы,
Бірлік-тақты батыр халық лағыл, нұрдан соғады.

Достық ханға асыл тастан Бақыт тәжін кигізіп,
Төбесіне көтеріпті ел күн нұрына сүйгізіп.
Нұрдың халқы бір-біріне тек ізгілік сыйлапты,
Ұрпағына мұра етіп Ақыл-жиһаз жинапты.

Ел басына сын сәт туса, сәуле-сезім сөнбейтін,
Сөнбейтіні – Сана-уәзір азғындыққа көнбейтін.
Тек сондықтан Сана және айбынды еді Парасат,
Кеңес құрған хан халқына көрмеген-ді жара сап.

Сондықтан да бұл халықты қара ниет жеңбеген!
Не сұмдықты Сенім-сарбаз жаншып, түйреп, жерлеген.
Сенім-сарбаз Нұрдың елін кірпік қақпай қорғайды,
Достық ханға у шаша алмай, алас ұрды Сор-қайғы.

Парасатқа табынған ел күншілдікті білмеген,
Бір-біріне бақыт тілеп, «шықса жаным бір» деген.
Қате басқан бір қадамды қатал үкім оңдаған,
Аяз-тағдыр ызғарына ешкім солай тоңбаған.

Аппақ сезім, нәзік гүлді аялайтын бар ғашық,
Лағыл көлде бір аққу-қыз жүзді лағылдар шашып.
Көл жағасын жасыл-өмір, жұпар гүлдер көмкерген,
Ақ Нұр елі айдын көлін жер-жұмаққа теңгерген.

Ақ айдынның ортасында Жүрек болып гүл ашқан,
Егіз гүл бар тамырлары тұңғиықпен ұласқан.
Шуақ сүйіп, қуат жиып, шапағатты ақ таңнан,
Егіз гүлде Достық ханның жүрек-жаны сақталған.

Ана-жүрек, бала-жүрек, адал Махаббаттардан,
Нұр елінің аспанында алаулады отты Арман!
Парасат пен Сенім барда Достықты ешкім жеңбеген,
Бақыт-тәжін баянсыз деп бір жүрек те сенбеген.

Аққу-қызды елі аялап зиялы деп санады,
Аққу-ару таранғанда тамшы-дәру тамады!

Егіз гүл мен аққу, ақ нұр бір-бірінен нәр алған,
Тек үшеуі жалғыз тамшы пәк Сезімнен жаралған.

...Қара ниет мекенінде патша болған Сор-Қайғы,
Ақ Нұр елін ойрандайтын амал таппай сорлайды.
Өзімшіл ой, күншіл сезім, тас жүректер мекені,
Мақсаты оның – досты айыру, бұзу аппақ некені.

Сор-Қайғының бір сарбазы Сенімсіздік – сан сұрақ,
Қара ниет мекенінен Нұр еліне сансырап,
Жетті зорға!

Қулық-торға түсірді де Сенімді,
Сенім кейпін өзі киіп, кигізді оған кебінді.

Сенім болып жолын торып, Парасатты өлтірді,
Парасатсыз Достық-ханнан дауа тілеп ел тұрды.
Достық ханға Сенімсізден өзімшіл ой берілді,
«Босат!-деді хан халқына, - менің меншік жерімді!..»

Нұрдың халқы еркелері Аққу-қызға табынып,
Ем сұрайды Достық ханның бұл қылығын шағынып.
...Уысында Достық ханның қыздың лағыл жасы бар,
Жерге шашып, бұйырды хан:

«Аққу-қызды асыңдар!»

Парасат жоқ.
Сенімсізді тыңдап Достық жынданды,
Зауал шақта жақпағанға меңзеп тұрды зынданды.
Достық ханға Бақыт тәжі бейнет болып көрінді,

Күл-қоқысқа лақтырды оны. Бақытынан жерінді!

Егіз гүлден нұр тамбады,

Нұр орнына қан тамды!
Аққу-үнге тербелмеді ол, қыз мұңына шамданды.
...Қара ниет Сенімсіздік, қолда Сенім қылышы,
Аққу-қыздың жүрек тұсын жа-ра-ла-ды бір ұшы!

Сенімсіздік Достық ханға сыбырлайды «бір істі!»
Нұр еліне қайғы орнатып, миығынан күлісті.
Парасатсыз Нұр еліне Достық патша болмайды,
Өзімшілдік ойран салып, ұрандайды Сор-Қайғы.

Қанат сынып, жаманшылық Аққу жолын шалса да, Достық, Сенім, Бақыт үшін Сана іздеді ол жан сала. Сондықтан да аққужүрек ажалына көнбейді, Достық ханның болашағын Сенім болып емдейді! *** Азап шеккен Аққу-ару ақ Нұр елін тастамай, Дәру болып қала берген,

Өзгермеген басқалай!

Аппақ сезім табиғаты! Ақ нұрлармен Жебе – Леп,
Түйремесе Сор-Қайғыны,

Аққу болу не керек?!

Кейде...

Үлкен Жердің тоқтағандай жүрегі,
Кейде күндер кібіртіктеп жүреді.
Сандуғаштар саялаған сезіммен,
Кейде жаным тек жылауды тіледі.

Тіршіліктің бар қызығы біткендей,
Келешек тек ажал аузын күткендей
құлазиды кейде сәби көңілім,
Қаусап қалған әруақ қарттық жеткендей.

Кейде Уақыт тоқтау судай – жәй ғана,
көлкілдейді:
Тақыр саздай айнала.
Кейде шаттық шалпылдатып шалшықты,

Сазды әуенмен жыр айтады айдала.

Туыс-достың, бейтаныстың, бәрінің,
Қуанышы, жастығы боп кәрінің.
Жер бетінде ұшып жүргім келеді,
Ғұмыр бойы, жеткенінше әлімнің.

Асау сезім арындайды кей кезде,
Жартастармен жағаласқан толқындай.
Көрінеді: Бар сөздердің бәрі езбе
Жолаушының сансыз жүрген жолындай.

Еш ақынға қанағат жоқ кей кезде,
Жырға сусап, шөліркеймін даладай.
Жыр жазудан жоқтай бақыт кейде өзге,
Жүрек тулар тыныштықты қаламай.

Қыз - жүрек
Жыр толқыса жүрегі,
Жымиып қыздар жүреді.
Бақыт боп уақыт түледі,

Дүйім ел құлақ түреді.
Дастаннан дарын озса да,
«Дым жоқ...» деп жоқпен түгеді.
Шын сырын неге бүгеді,

Қыздардың қырсық жүрегі?

Махаббат сынды тағы күш,
Етпекші оны бағыныш.
Санасын сормақ Сағыныш,

Кеудесін кернер жалыныш.
Қыздардың қырсық жүрегі,
Қасірет тартты, жүдеді.
Жан сырын неге бүгеді?

Қайсарланып күледі.

Әсем бір әуез басталып,
Сезімдей мөлдір жас тамып,.
Сыр айтуға жасқанып,
Жабырқап жүрек, баста-үміт.

Жасытып жанын тілегі,
Жалбарынған жігітке,
Қыздардың қырсық жүрегі!
Шешуін кім біледі?

Өзім –төзім
Елімнің ер мінезді тау ұлына,
Баладым сені жақын бауырыма.
Мен саған пікір айттым өмір жайлы,

Қарсы тұрдық бірлесіп дауылыңа.

Барлық істе екеуміз ақылдастық,
Алыс жүрсек, хаттармен жақындастық.
Бірдей соқты қос жүрек кеудемізде,
Өлең жазды сен болып ақын-жастық.

Ал бүгін...
жыр оқыдым өзім жайлы,
Таусылған төзім жайлы, сезім жайлы.
Сен мені сүйеді деп ойлап па едім?

...Енді сені көрудің өзі – қайғы.

Тереңімде жасырған асылымды,
Менің саған бұрыннан ғашығымды.
Іштей мың қайталаймын, айта алмаймын,
Асыл сезім тағы да жасырынды.

Ұғасың ба, сырымды ұқпайсың ба?
Мен шектеймін еркімді.
Құптайсың ба?
Қос қанаты – Бақыттың сен екеуміз,

Қатаймасақ, талықсып жықпайсың ба?

Сенде сезім басымдау, менде – Төзім,
Дауыл болып тежеймін өзімді-өзім.
Бір тілекті өлім де бөле алмайды!
Тілегіңнің білдің бе бөлінбесін?!

Иба Өзіме сені қимадым, Өмірге сенсіз симадым. Тіршілік теңдес Тілегім, Тәуекелге қиғаным. Төзіміме сиғаным – Табиғаты-ау ибамның. Қақ жарылып жүрегім, Ұлым мен Саған сыйладым.

Күндерде бірге жүрмедім,
Көңілімде өмір сүргенмін,
Отызға жетпей «жан кешкен»,
Жүрегім жап-жас, сүр менің.

Таза емес жермен жүрмедім,
Өзіме өзім түрмемін,
Өлшемім - Өзің, тұз, дәм, нан,
...Сонда да тілді күрмедім.

Ғашықтың тәтті азабы,
Сен болып өлең жазады.
Күншілдер пыш-пыш бал ашып,
Қоқыстан іздер тазаны.

Жастық шақтың баз әні,
Жанымның пейіш, тозағы.
Жанарымдағы қарашық,
Мәңгіліктің назары.

Аққу болшы аяқпен жүрген жерде
Кінәлама «пейілімді қайтардың» деп,
«Мейірімсіз, бірбеткей, қайсарсың» деп.
Жүректіге жүрмейді әмір деген,

Жүрек сөзін тыңдау – шын өмір дер ем,
Жани көрме, өтінем, намысыңды,
Жалған намыс бөгейді ағысыңды.

Сезімің пәк, келмейді айыптағым,
Секілдісің сағынтқан ғайып-таңым.
Әр нәрсеге жарасты тіршілік бар,
Шын сүюді қыздарға лайықтадым,

Ұнату мен махаббат ұқсағанмен,
Екі түрлі өлшем деп байыптадым.

Тілін білсең, ұқтыршы мыңкемдерге,
Махаббатты саудалап жүргендерге,
Ғашық болу – адамға тән ұлылық,
Өзегіңді өрген нұр, білгендерге!

Іші қуыс бос қабық неге керек!?
Аққу болшы аяқпен жүрген жерде.

Қайтер едім?
«Келмеші» деп сұрандым «кел» деп емес,
Періште деп сыр айттым пендеге емес.
Қиялыммен мен сүйген бір бейне бар,

Саған ұқсап барады мендегі елес.

Намыс оты өзімді қамшылайтын,
Өз қамалым сезімді аршымайтын,
Тек кей-кейде үн-түнсіз жанарымнан,
Сағыныштың сезімі тамшылайтын.

Түн түнегін көгілдір күн жалғады,
Тас қамалым қиыршық құм болғаны!
Жаным еріп барады, қаным еріп,
Махаббаттың жетті ме шын толғағы?!

Қиялыммен бейнеңді кестелеп тым,
Шын болмаса сезімің, не істемекпін?
Актер болсаң қайтер ем өмірдегі,
Қайтер едім?

Оһ, сонда не істемекпін?!

Сен Көңіліме тыным бермеген, Күн өткен сайын өрлеген. Бетімде ұят боп дуылдап, Бусанған бірге терменен.

Тау бұлақты күлкіңмен,
Тазартып бойды сілкіген.
Мұз жүректі ерітіп,
Меруерт тамшы іркіген.

Құдіреттен кем көрмеген,
Қиынға бір дес бермеген.
Мыңнан тұлпар туылып,
Сағымдай күн-түн көлбеген.

Нар мінезді алыбым,
Санамда дара қалыбым,
Аспанға ұстын секілді,
Тірлікте сенің барлығың.

Ғажайып
Тек Сен үшін өмірге келіп пе едім,
Жүрегіңе жанымды теліп пе едің?

Қос қолыңда пейіштің кілті бардай,
Тірі жанның бәрінен көрікті едің,
Ақ некесін жанымның саған қиып,
Аулына махаббаттың еріп келдім.

О, құдірет, бақыттың таң самалы,
еседі екен, кісінің жанса бағы!
Міркәм дүние!
Жалғанның жұмағы осы!

Бұл арманды қай жүрек аңсамады?
Сәт сағаты ғасырлық ғажайыптай,
Мұңы да бақыт болып ән салады.

Шіркін де...
Өзіңсіз өгей тіршілік,
Жұбаныш болу мүмкін бе?
Күдіктен кеттім түршігіп...

Қуаныш қайда бұл күнде?

Аспандай көңіл күрсініп,
Ағады жұлдыз бұл түнде.
Бір түнде бырт-бырт жыр сынып...
Көктейді қайта күлкімде.

Жақұтты жүрек шытынап,
Шашылып кету мүмкін бе?
Күдіктен Сенім ұтып ап,
Жеңіске жетсем! Шіркін де!

Мүмкін бе?
Сен жаққа секунд сайын алаңдадым,
Ауырды бойымдағы балаң – дарын.
Өзің деп, сен деп соқты сағат-жүрек,

Сен жайлы жаза берді қаламдарым.

Өзгенің жаңылдырдым есімдерін,
Сен болдың ойлар ойым, есімдегі үн,
Білмеймін, бағымсың ба, сорымсың ба,
Тағдырда сағым болған кесім бе едің?!

Білмеймін сенсіз өмір сүре алам ба?
Бір сүйеу керек екен бір адамға.
«Баянды бақыт, өлмес өмір» десем,
Тілекті бере ме Алла сұрағанға?

Байлық, тақ, сұлулықтың керегі не!
Ынтықтым жалғыз сенің дерегіңе.
Мүмкін бе сәби пейіл жылап қалу,
Ұқтыршы, қаталдықтың себебі не?

Шын ғашық неге қосылмас?
Құрт болар тұмау арты, бұл да дұрыс,
Жұт болар тұман арты өлсе шырыш.
Шын ғашық қосылмайды айтшы неге?

Шын достық айрылмайды – жаны туыс.
Тірнектеп жиған гауһар-қазынаны,
Топырақ теңгермей ме бір-ақ уыс?!

Таң болған сұрағым сол бұл жаһанға:
Шын ғашық неге симас бір шапанға?
Азулы қасқырлар да жұптасады-ау,
Мәпелеп бөлтірігін бір апанда.

Расымен жаным дедің жанды қосып,
Ал, қалай жүре алмаймыз бір сапарда?!

Атадан неге сондай мұра қалған?
Сол ұғым неге шын боп тұра қалған?
Өмірді жүрегіңмен жатқа арнасаң,
Көздерің неге ашылмас жылағаннан?

О дүние заңдылығын көргенім жоқ,
Бұ дүние ғашықтардан сұрақ алған!

Зерікпес ең

Бейнесіне құмартып желікпе сен,
Көрік деген – мәңгілік серік пе екен!
Жүрегіңді келбетке асық етпе,
Ауру ма, қарттық па, қасірет пе,

Ұрлайды анық!

Ал, сонда қашасың ба?
Қайғы тұрар Бақыттың тасасында.
Көңіл шіркін не демес ерік берсең,
Жанын сүйсең, ешқашан зерікпес ең.

Өмір деген - өткінші, ағымды арман,
Ағыстарға тұлпарлар бағынбаған.
Ғашықтарға оқ атар кім тасадан,
Сүйген жүрек сәт сайын мың жасаған.

Көз алдында күндіз-түн сағымдалған.
Бір-бірінен басқаны сағынбаған.
Уақытты сағаттап өлшемейді,
Құшақтары жазылмай өлсе-мейлі!

Ғашықтық деген...
Ғашықтық деген – сағыну,
Қасынан әркез табылу,
Күлкісі, мұңы, ашуы,

Қырсықтық ісі, жасуы –
Бәрін де құптап табыну.

Ғашықтық деген – тәтті мұң,
Кеудеңе симай шаттығың,

Сезімтал болу, қуану,
Мұңаю, демде жұбану,
Есіңде қалар сәтті күн.

Күресін қаруы

Күттім сені. Уақыт тоқтады ма?
Жан-жүрегім жылуын жоқтады ма?
Дидарыңды сығалап көру үшін,
Үзер едім кісен мен ноқтаны да.

Жанға батты келем деп кешіккенің,
Әлдиледім өлең-жыр бесіктерін.
Жете алмастан «жа-ным» деп үздіктің бе?
Жаңғырықты құлақта есіткенім

Күттім сені еш іске қолым бармай,
Сен ұрынып, кесірге жолығардай.
Хабар берші. Тағдыр-ау, жазығым не,
Ғашық жүрек осынша торығардай.

Бақыт сенің бейнеңнен жасалған ба?
Күлкі өнер ізіңді басар маңда,
Сенің үнің керек-ақ, сенің нұрың,
Көгілдірдей ақын қыз – осал жанға.

Күттім сені, Тағатсыз, тұра алмадым,
Көп емес, тек сен неге бір алдадың?
Талдан ұшып жапырақ қол бұлғайды,
Қол бұлғайды саған да бір арманың !

Бұл сезімге, кім білсін күлесің бе?
Не тиеді өмірден үлесіңе?
Ең алғашқы пәк сезім жоғалғанда...
Қандай қару табылар Күресінге?

Білесің бе?

Арман -ғұмыр

Арман – қолым алысқа созылғанда,
Бақытым боп көрінген өзің ғана.
Сенің бейнең шақырған үміт алдан,
Мен өзіңді қалайша ұмыта алам?

Айнам болып жүзіңе қараймын ба?
Саусағыңмен шашымды тараймын ба?
Сенің жаның кеудемде соғып тұрса,

Менің денем батады қалай мұңға?

Шынайысың.

Оныңа жоқ таласым,
Қос ғашықтың жаздық біз топтамасын.
Аққу сезім дұшпанды қызғандырып,
Арман-ғұмыр егізін жоқтамасын!

Арман - қолым алысқа созылғанда,
Қарсы алдымнан шықпаған кезің бар ма?
Сенің бейнең - шақырған үміт алдан,
Мен өзіңді қалайша ұмыта алам?!

Мекеніне сағынған бара алмайтын,
Жау оғынан мертіккен маралдайсың.
Сен секілді кім мені жібіте алған,
Мен өзіңді ешқашан ұмыта алман.

Бұл қалай?
Жаным бар ғашық, ұғар кім,
Мөп-мөлдір, ашық аспанмын.
Түлеген үкі шығармын...

Өзгердім, бүгін басқамын.
Өзіңді алғаш көрдім де,
Кеудемде тұнды асқақ үн.
Жеті түс нұрмен өрдің бе,

Басқаша өмір бастадым.
Мелшиген сұсты тастардан,
Сазды әуен есіп тұрғандай,
Еркімді билеу – басты арман,

Еркім жоқ бүгін.

Бұл қалай?
Мезгілге мына ғашықпын,
Күлкі- нұр іздеп асықтым,
Бүршігін жарған шыбықтың,

Айтсам-ау әнін жазып мың.
Өзектен аққан өмірдің,
Кәусарын жібек көңілдің,
Жинаған жапырақ –жүректен,

Ақ жаңбыр сезім төгілсін.
Гүл қанат аппақ көбелек,
Көңілге шуақ себелеп,
Жеті нұр – күннің сәулесін,

Гүлдермен жүр ме некелеп?!

Көлеңке
Тұлпар сынды тұлғаңнан өлең тердім,
Алмастырдың орынын көлеңкемнің.
Арманыма кезіктім айсыз түнде,

О, ертегім, сағым ба, әлде бұл не?
Әр сыбысқа сен бе деп елеңдермін.

Маған ғашық болмаса – әлсіздігім,
Кімнен көрем сезімнің дәмсіздігін?
Жанарым да, үнім де, күлісім де,,
Ашуым да, тентектеу бір ісім де...

Неге ұнайды \таңым бар\ әр тұздығым?!

Қос қанат
Сен менің есімді алдың, есімді алдың,
Көңілімнен шықты ұстанған кесім-жарғың.
Басымды қорлатпаушы ем кім-кімге де,

Ұстады-ау «ақ сайтаным» жын күлгенде!

Мен қалай көндікпекпін қорлағанға,
Әлсізді өзім сордан қорғағанда?!
Рауандап атсам-дағы көкжиектен,
Өтетін айтылмаушы ед сөз сүйектен.

Мен қалай тексіз болам үндемейтін!?
\Көз жетпей өсек сөзді шын демеймін.\
Өлердей сүйдің-дағы ғашық еттің,
Қыстырдың қолтығына қасіреттің.

Махаббат әлемінде Бақ пен Қайғы
Бірігіп, қос қанатты Тақ жасайды!
Сен мені падиша еттің.Тәжім болдың,
Бүркедің келіншектей әжім-торғын.

Алдар - ішік
Не болды бұл? Кірмейсің түсіме де,
Ойлай-ойлай мұз миым үсіген бе?
Қорған таппай өлді ме гүл сезімім,

Шұрық тесік Алдардың ішігінде?

Хабарың жоқ. Қан жұттым.

Денің сау ма?
Бас сауғалап жүрсің бе әлде дауда?
Жігіт болып несіне жаралып ең,
Қорғана алмай іздейсің қыздан сауға)

Қайрақ-жігер айналып құмық-құмға,
Өзгердің бе, жан-жарым, ойсыз сұмға?
Неге енбейсің түсіме?

Айтшы неге?
Егізіңді шынымен ұмыттың ба?

Маған жалғар қыл сезім үзілді ме?
Мәңгі жаз деп көрсеттің күзімді де.

Мың-сан ойдан шатасып кеттім білем,
Мың елеспен көремін жүзіңді де.

Мен ұғамын, ел сені не десе де,
Ойлау бар да... Шешім жоқ неге сенде?
Ұят емес пе өзіңе осы жатыс,
Звондауға болмай ма келмесең де.

Менің мына ақын боп жүргендігім...
Шаңғытпадым мен әлі би алаңын,
Оңашада мас жандай «қияладым».
Сезім сырын сұраусыз тапса дейім бе,

Жылап тұрып күлем-ау...Ұялам

Түсініксіз сөйлеп бір міңгірлеймін,
Мінез қайда орынсыз күлдірмейтін!?
Кеңес сұрап көп адам қолпаштайды-ақ,
Жеке қалсақ өзіңмен «дым білмеймін».

...Басқа жақтан жүрмеймін шабыт іздеп,
Қасымдасың. Кім айтар бақытсыз деп!
Байлығым да, нәрім де, барым да –Сен,
Елжіресең ериді су боп мұз – дерт.

Мені Ғашық жүрекпен тербетпеуің,
Мүмкін емес сен мені ерке етпеуің,
«Бұл өмірдің Жұмағы –сен жүрген жер»,
Артықтау ма осылай өрнектеуің?...

Сенің қамқор көңілің анам сынды,
Ертегі ме, түс пе деп қалам шынды.
Менің мына Ақын боп жүргендігім –
Жерді үйірген Күн – сендік ғалам сынды!

Өмірімнің өзіңсіз мәні бар ма?
Айналар ем жем жеген жануарға.
Мүмкін емес сен мені бағаламай,
Махаббатпен қара дақ салу арға!

Мүмкін емес алтынды мыс демегің,
Жұмсақ мыстан бойтұмар істемегің.
Жүрегімнің жылуын қосқан Жарым,
Сезімімді есейтпе жүзде менің!

Тұтқын
Есіңде ме оңаша езілгенің?
Езіледі-ау бояма төзімдерің.
Елестен бейнемді іздеп, көз ілмедің.

Ар Сотымен жазалап өзіңді-өзің,
Бір денеңді екеу деп сезінгенің?

Тап-таза, алтын шапақ, таңғы ауада,
Мені іздеп Сағынышың сандала ма?
«Не үшін шаттанады мына жұрт?!» - деп,
Расында нар болмысың таң бола ма?

Тұтқындап өзіңді өзің қинадың ба?
Мына кең дүниеге симадың ба?
Руханият Падишаны айырбастар ма ең,
Ғұмырлық алтын –күміс жиғаныңа!?

Тербеткен ой-санаңды сезімдерің,
Мен сенің ұйқылы-ояу кезіңдемін.
Күлкің де мұңлы болды,Байқайсың ба:
Мені аңсаудан орнаған көзіңде мұң.

Мен деші
Бәйшешек бүр жарғанда қауызынан,
Ақ қардың мұңын көрсең тауысылған,
Мені ойла, тұр екен де бірге егіліп,

Көктемдей аяз күнін ауыстырған.
Жыл құсы туған жерге оралғанда,
Мені ізде шықылықты дауысынан.

Мен деші таңнан бұрын тұрған құсты,
Емдеші, кеудемді от –Жырдан!

Қысты!
Тасты да жарып өнген тіршілік бар,
Сағыныш саз кеудемнен сыңсып ұшты.
Адами жаратылыс айғағындай,

Махаббат сезімінен Кім бар күшті?

Көрмеймін.
Бірақ саған жалғанамын,
Сен мейлің...

Елесіңе алданамын,
Миың мен жүрегіңде бірлік жоқ па,
Жетпей ме алыс жүріп, барлағаның?!
Гүл-ғұмыр кешу керек қызғалдақтай,

Ғасырлық жылы құрысын Қарғалардың!

Мен деші ессіз ғашық күнбағысты,
Түн тілеп, таңсәріден кім табысты?!
Тамшылар тырс-тырс қақса терезеңді –
Жұлдыз боп жанарымнан мұңдар ұшты.

Қыраумен сурет салдым әйнегіңе,
Өзіңе үйретсем деп мың дәрісті.

Сарыауыз балапанның шөжіліндей,
Іздейді-ау таңдар таңды көз ілінбей.
Күлген боп Сағынышты сүрткілейміз,
Сахналық Қожанасыр әзіліндей.

Мен деші сыбырлаған самал үнін,
Аққудың жаңа туған нәзігіндей.

Мені ойла таңдай кеуіп, кезергенде,
\Қадірді қиналғанда сезер пенде.\
Ағыспен мұңдарыңды әкетейін,
Мені ойлап, Үмітпен кел өзендерге.

Рухымды саған бердім, Саған бердім,
Өлмейтін адамдардың өзі өлгенде.

Мен –сөйлейтін рухани Махаббатпын

Өлең деген өлкеде шапақ аттым,
Шуағынан жаралдым шапағаттың.
Туған Жерден Өнер боп өнген Жырмын,
Мен –сөйлейтін рухани Махаббатпын.

Лебін жебеп тап-таза аспан , көктің,
Тегін демеп қылтиып шыққан шөптің.
Тамыр, діңгек, дарақтың дүрсілінен,
Дүниенің толқуын жазған леппін.

Тегім біреу – халықтан жаралғанмын,
Перзентімін бір тілді адамдардың,
Бабаларға сәби боп саналсам да,
Солар үшін бәріне бара алғанмын.

Тілім жетпей кей- кейде айта алмаймын,
Қат- қабатты өзек бар байқалмайтын,
Аққулардың нәзігі ұшар жерден,
Кейде үйрек барқырар қайқаңдайтын..

Самалыңмен тал-шашты тарақтадым,
Өрнегімін тап-таза парақтардың,
Таңбаланып сөйледім кітаптарда,
Сәбиімін мәңгілік Жаратқанның.

Шөлдесем де шырылдап ұқтырғанмын,
Қасиетін іздедім түп тұлғамның,
Інжу тағып, мінгізді ұлыс тауға,
Сол сенімнен елім деп тік тұрғанмын.

Туған халқым, Сен үшін туылғанмын,

Қаным ортақ, жаныммен буырқандым,
Мен сен болып сөйлеуден тіл үйренгем,
Қазаныңда Намысты қуырғанмын.

Сен қамықсаң, жанарым бір жылаған,
Сарқыраймын өзіңмен бір жырадан,
Апта ғұмыр қызғалдақ –қыз –Қызырмын,
Туған елге Ұлылық, нұр сұраған.

Күдік

Денем ұйып, сезімім қатып барад,
Бал уақыттың дәмі су татып барад,
Мақпал түн де тарылтып тынысымды,
Мамық төсек жамбасқа батып барад.

Құмға айналып құрышқа балағаным,
Құсалықтан құрысты-ау алақаным.
Сиқыршы ма ең шынымен жан арбаған,
Білмей қалдым уытың тарағанын.

Ұйықтап қалай жатырсың төсегіңде?
Не қайырып, жібердің есе кімге?
Секілдісің дәл қазір айсберг,
Қаншалықты шындық бар кешегіңде?

Қайда бүгін кеуделі жанар тауың?
Біткені ме сезімің «бие сауым»?!
Мәстек пе едің тұлпарға теңегенім,
Жазды жұтар дауыл ма ең қара жауын?

Төнді-ау тағы Уақыттың от табаны,
Семді-ау күлкім жаз күнін жоқтағалы.
Қайта-қайта қан тамып, шыжғырылмай,
Жақсы-ақ бұдан жүректің соқпағаны!

Денем ұйып, сезімім суып барад,
Сенбеу деген сайтаннан уыт тарап.
Ой түбінде атырдым аппақ таңды,
Қан базарлы тірлікке суық қарап.

Адамдар аңсар нені өлерінде?

Қалқайтып құлағыңды «Шәмшіледім»,
Мультфильм – «Бұзық бұлбұл» - әншім менің.
Жанымның жалғыз жары-ау, сәл көрмесем,
Сыңсиды сендік мәжнүн тал жүрегім.

Өзіңмен бірге екен-ау армандарым,
Өзіңсіз бәрі жалған. Жалған дарын.

«Бекер» деп сенбес мүмкін сүймейтіндер,
Түсімде айтқаныңа алданамын.

Ғашық боп көрмегендер не демейді?
Сезімге зорлық заңын шегелейді.
Өз даусын, өз жүрегін сүймеген жан –
Ешқашан, ешкімді де жебемейді!

Пәк сезім емей, жанның Қорегі не?
Мал-мүлік шашылмай ма керегіңе?
Тірнектеп жиғаны емес, Махаббатын,
Адамдар аңсайды екен өлерінде.

Несіне сүймегенсіп, бәлденеміз?
Бір жасар қос дүниеде жан-денеміз.
Ұлылық –Махаббатты қорғамасақ,
Онда біз Адамбыз ба, Әлде... Неміз?

Сәуегей

Сарғайды санам,
Әсті... мен енді алжыдым,
Етпейді әсер думанды дүние, қалжыңың.
«Тағдырды әркім қолынан жасар» деуші едім,

Сәуегейлігін тыңдағым кеп тұр балшының.

Бал ащы, қане.
Қайда жүр менің дұшпаным?
Алдымда не тұр?

Меңзейді қай жол тұспалың?
Жасайын нені? Жасамау керек қандай іс?
Көрсетіп берші мінездің артық тұстарын.

«Жазмыш солай» деп қусырып қолды тұрсам ба?
Атқылап таспен атамның аузын ұрсаң да?!
Турасын айтып, туғанға жақпас ғаламда,
Намыс пен Кеңдік таласпай симас бір санға.

Өзімнен қымбат, өмірден тапқан Жалғызым,
Өртеніп сүйдің өртеп бір ішін бар қыздың.
Балгерді қайтем сәуегей өзің тұрғанда,
Жүректі сөйлет, сол болсын алар алғысым.

Жүрегіңдегі жасының қайда? Жасының?
Көңілің тұман.
Жылайсың неге жасырын?
Найзағай осып, аршылса күнің бұлттан,

Септігім тисе болайын құрбан, асылым.

Батыл да едім, батыр да едім.
Қорқақпын.

Қайсар да едім, жайсаң да едім.
Ортақ мұң.
Миы да біреу, сыйы да біреу кісінің,
Жалғыз-ақ Басты басқара алмай Сор таптың!

Тамшыңмын сенің табынтқан тентек теңізім,
Жалшыңмын сенің жанымды қосқан егізім.
Алжыдым бүгін.
Білмеймін ненің не екенін,

Бал ашсаң сен аш, тағдырдың қалап негізін.

Өкініш

Үй емес, үйім айдала,
Гүл деген шөптей жәй ғана.
Балдәурен қайда кешегі,
Бір күнде қалай көшеді?

Жүректің жақұт – жасынан,
Жастықтың оты өшеді.
Жапырақ ағаш басынан,
Сыз жерге бауырын төседі.

Махаббат дертін асылдан,
Кем көрмеген қай дана!?
Жаныңа түскен жасыннан,
Өрт болып жанбас қай сана!

Өзіңмен өткен аз күнім –
Өмірден тапқан назды үнім.
Тілегім өзің болып ең,
Тағдырдың сараң қолымен.

Маңдайыма жазды кім?!
Не деген қалың сорым ең!?

Сиқырлы бақ боп келгенше,
Бір жанып, лезде сөнгенше,
Кезікпей кетсең қайтіп ед?
Жаныма жаның қосылып,

Біріге гүлдеп қос үміт,
Жаныңды қайта бөлгенше,
Сезімсіз, тірі өлгенше,
Кезікпей кетсем, қайтіп ед?!

Қанағат

Әділеттің тілімен маған тіл қат,
Сүйін, күйін,
жазала мені шыңдап.
Тірілердің мұраты, әруақ рухы,

Сені сүю арқылы ғана қымбат.

Ақын-жүрек неден де жасқанар ма,
Үгітіліп жолында тас қалар да!
Сені ешкімге еншіге бере алмаймын,
Иісіңді де қимаймын басқаларға.

Енді сенен безініп, жек көргенім –
Босқа келіп өмірге, текке өлгенім!
Сенің тәттілігіңнен өмір тәтті,
Маған тірек болғаның – жеткергенің.

*** Бал тілесең, балшық жеп, Құрғақты күнді «шалшық» деп... Қыңырлықтың ертегін, Алпыс ай айтқан ерке күн! Ақша бұлт басқан аспандай, Кеудемде тұнған жас қандай! Сағыныш сазын шертетін, Сәтте жүр бүгін тентегің.

Дүние жалған

Тағдырдың қаталын-ай! Қаталын-ай!
Шындығы – күннің шығып – батарындай,
Өмірді өз атыңмен атаған ем,
Сұмдығы – Өлім болып аталдың-ай!

Өзіңдей туылмайды ғасырда мың,
Жаулаған болмысымды, асыл жарым.
Қырық нар қулығыңнан қайысар да –
Жаныңды жан – жарыңнан жасырғаның!

Антыңның адалдыққа бекемдігін,
Екпіні келешектің етем бүгін.
Атылған өз қолыңмен опасыз оқ,
Көрсетті-ау дүние Жалған екендігін.

Махаббат,
тірлік жалған,
арман жалған,
Жалғанда тірі адам жоқ алданбаған.

Жер басып, несібе жеп жүргендер көп,
Не қайыр жүрегі Жоқ жардан маған!?

Аяз тағдыр

Сұмдық-ай, тіршіліктің сұмдығын-ай,
Сұмдықпен неге ойнайсың, жынды құдай!?

Кімдерді адал етіп елден асқан,
Мына елдің даналарға құлдығын-ай!
Адалдықпен неге ұрдың, Кімді, Құдай?!

Жаз көңілді сырғытып бұрқасынға,
Сиқыр сағым жастықтың тұр қасында!
Аяз-тағдыр сыйлайсың от-жүрекке,
Қасиеттің қашан да Сор қасында!

Бұл неткенің? Арсыздан қорқасың ба?!

Асылдарды жасырдың тереңіңе,
Шаттық бердің көр кеуде кереңіңе!..
Мұңайтасың іздетіп Кімді Кімге,
Қосылмаса аңсаған жүрегіне,

Асыл болып туудың керегі не?!

Ақындар өлмес қазадан

Айналар шыр-шыр Күн –ие,
Аман жүр Арман –дүнием!
Сен үшін жазған Өлең – Жыр,
Адырда қалса, кім ие?

Түсін Сен өмір жалғанын,
Жанымды саған жалғадым.
Ащысын алып кетейін,
Тәттісін сен тат қалғанның.

Сезімің неткен таза, шын!?
Анаңның алсам мазасын,
Мойындар қымбаттығымды,
Мен жоқта алып жазасын.

Болмаймын бөтен бөлсе де,
Тірімде түгіл өлсем де.
О дүние бары рас болса,
Біргемін жерге көмсе де.

Ақындар өлмес Қазадан,
Өлер-ай бәлкім Назадан.
Сағыныш өтпес қамалды,
Тұрғызам дейді-ау баз адам.

Тірліктен тапқан қымбаттым,
Барады-ау мендік күн батып.
Өлмесін десең рухымды,
Жырымды айтшы шырқатып.

Жыртылмаған күнпарақ

Гүл болсаң, күндей сүйдім, солдырмадым,
Сарғайған жапырақтай, қол бұлғадың,
Саған күз келді қайдан? Менде – көктем,
Қалайша көңіліңді толтырмадым?

Сағаттың дәлдігіндей сыртылдаған,
Сөзіңнен бал тамады. Сыр тыңдағам.
...Арманмен Айды әперген қайран күндер,
Өтіпті-ау күнпарақтай жыртылмаған.

Кешіктің

Сыңсиды бақтар, шаштары желкілдейді,
Сұрай ма жоғын?
Жел не деп еңкілдейді?
Қақпа енді менің көңілімнің терезесін,

Ұмытқам сені,
Жүрегім «сен кім?!» дейді.

Бәрін де кеш ұқтың,
Тағы да кешіктің!

Тамады тамшы бұлттан, тамшылайды,
Кеудеңді сенің
өкініш шаншылайды.
Келмейді қайран қолымнан,

Ызғарлы күзді,
Жасаған өзің.
Өзіңдік жан шыдайды.

Бәрін де кеш ұқтың,
Мүлтіксіз кешіктің.

Құрғата алман жасыңды жылағанда,
Өксіме бекер жоғыңды сұрағанға.
Көңілім – көктем,

сенде күз,
қуарған өзің.
Бақытты бақта табиғат сынағанда.

Бәрін де кеш ұқтың,
Мәңгілік кешіктің.

Сағыныш

Сағынған мені кезіңде,
Еркіңді бер де сезімге,
Елестеп бейнем, көз ілме.

Табын сен тағы төзімге,
Жанардан маржан тамса да,
Езілме, ез боп сезілме.

Сағынған сені шағымда,
Сыр айттым хатқа шағына.
Мұң айттым сұлу сағымға,
Малынды кірпік лағылға.

Жымиған сен боп бір бейне,
Сағым ба, әлде бағым ба?

Қай кескін саған теңеспек?!
Бір сені асқар белес деп,
Әр мүсін сен боп елестеп,
Алдауы мүмкін емес деп,

Сағыныш қанат серпіді,
Ақындық шабыт емес тек!

Шық жуған жасыл жүздерін,
Інжулі бақтан іздедім.
Жүз жылдай өтіп жүз демім,
Жаңғырды көктем-күздерім.

Сағыныш – сары күн-алау,
Айналды жер боп іздерім.

Адам -бейне

Ақ сезімнен жаралған жүрек,
Найзағай – отты намысың.
Қуатың күндей,
нәзіксің гүлдей,

адамдардың арысың.
Нұр боп жет маған,
Ән болшы айтпаған,
Тау болып қатшы асыл үн!

Көрейін сенен сұлулық пен
өр мінездің асылын.

Мен өзіңді сағынамын,
Тоқимын ойды кестемде:
Нұр сипат гүлдей,
Тұнықсың түндей,

Ұқсамайды еш пенде.
Жанарың – айдын,
Жаз гүлі майдың,
Тәкәппар өскен ақ қайың.

Талпын, жет маған!
Армысың,Адам!
Бейнеңді бақи сақтайын.

Алғашқы танымдар
Анама

Апа, сені бәрінен артық көрем,
Білетінім – өзіңсің жарты денем,
Кешір мені, қазірше әлсіздеумін,
Салмағымды мойныңа артып келем.

Апатайым, жақсысы адамдардың,
Не айтсам да алдымен саған бардым,
Арманыңды айтсаңшы арманыңды,
Арқалап ап сол жаққа қадамдармын.

Апатайым, нәр берген жүрегінен,
Сенсіз қалай өмірді сүремін мен?
Айым да сен, күнім де, жұлдызым да,
Кенже қызың шығады тілегіңнен! 1963 ж.

Негр баласының арманы

Аспалы көпір – көтерме,
Қайғымен өмір өтер ме?
Бейбітшілік еліне,
Қолымды созсам жетер ме?

Мінсем темір болатты,
Аспаға ұшып кетер ме?
Қанатына жазсам мен,
Сол елге хабар жетер ме?! 1962 ж.

Алғашқы танымдар
Дала - ана

Келемін қырда кеудемді нұрға кең ашып,
О, дархан жер, дидарыңа мен ғашық.
Гүл жайнап дала, еседі сылқым самалы,
Самалмен бірге кеземін мен де сырласып.

Төсіңде түлеп, ойнадым өжет желіңмен,
Үйрендім одан қайсарлық – қатты темірден,
Тердім мен сенің көктемде қызғалдағыңды,
Сыйлады ол маған нәзіктік жаз көңілмен.

Аязындай қатал болды бұл балаң,
Пенделерге ақ ниетті қорлаған.
Дәл өзіңдей дархан дастархан дайын,
Адамдарға мейір гүлі солмаған.

Аққулар қонған, ауыр мұң толған ақ айдын,
Жаның ба мөлдір?
Нұры ма тұнған ақ Айдың?
Ақан, Мәди, Сараның мөлдір бір тамшы

көз жасы...
Әлде арманы-ау Мұхтар, Абайдың?
1963- 66 жылдар

Өмір – керуен екен-ау ауысымды

Бәрі бітті!
Тоқтамақ тіршілігім,
Қауқарым жоқ күшіндей бір шыбынның,
Дем де кіріп-шықпайды емін-еркін,

Жапырақтай сарғайған бір шығынмын.

Жеткізбеді-ау тіршілік мен тілеген,
Ту тұғырда тұрсам-шы желпіп өлең!
Бала мінез, нар тұлға Жүрегім-ау,
Не кінәрат жасап ең мен білмеген!?

Есте бәрі – пейілдің тізімдері,
Өмір-өрнек ізі тұр жүзімдегі,
Ұшсаң атар қанаттан қызғаныш-оқ,
Жүз жығылтып, ұмтылдым жүз ілгері.

Бәрі бітті!
Енді ешкім қызғанбайды,
Қырын қарап еш қабақ сызданбайды,
Аянышпен аялап нұр жанарлар

Мен ішетін дәрі мен тұз-дәм қайғы.

Расымен-ақ, жүрегім, тоқтайсың ба?
Қызыл қаным, тамырмен ақпайсың ба?!
Жанар, өкпе, миым-ау!
Төртке бөлдің,

Бақ қайсыңда, білмеймін тақ қайсыңда!?

Бітті бәрі!
Талқаным тауысылдыІ
Естімейді енді ешкім дауысымды!
Ата- баба керуені ілестірмек,

Өмір – керуен екен-ау ауысымды!

Қайнар бұлақ

Туған дала,
Шашылған меруерттей бәйшешегі.
Сағыныш өзіңдегі қайда еседі?
Сол самал-жүрегімді тербететін,

Сыйғызып сені өзіме, ер жетемін.

Ата мекен,

Бал бұлақ мекенісің, жасыл дала,
Халқыңа көп сыйладың асыл дана.
Қызғалдақ қырларында тербетілген,
Сүйіпті сені мендей жер бетінен.

Туған өлкем,
Табаннан өткен дәру ыстығыңды,
Сағынам мінезіңді қысты күнгі.
Бұлақ боп мен де сенен басталамын,

Туған жер, сен бол менің асқақ әнім.

Сайрам - елім

Жәннәті жеті судың Сайрам-елім,
Киелі, сансыз бапты қайран елім.
Мекені Яссауи мен Сайрамидің,
Табынтқан Түркі елін айдарлы елім.

Қай мекен бұл Сайраммен таласасың,
Анасы Яссауидің – Қарашашың,
Атасы Ибраим да тұрақ тепкен,
Түркістан, Сайрам-елге балашасың.

Пейіштің бау-бақшасы осында ма?!
Егін мен гүл еккендей жасыл дала.
Бозторғай, сандуғашпен түнін түріп,
Долана, алма өскен тасында да!

Қызғалдақ – сыйлық болар ардағыңа,
Ем екен дерменесі, жантағы да.
Сайрамның елі түгіл жері емші,
Байланар адыраспан хан тағына.

Мәртөбең әділеттің туын тікті,
Бірлік пен желбіретті туырлықты.
Көз әулие, Көлкен ата, мың-сан бұлақ,
Ел дертін емдейді екен суың тіпті.

Жоңғар-жау орда тіккен Көмеш-бұлақ –
Көзіндей ару қыздың тұрған жылап.
Алмастай жалт-жұлт еткен 41 көл
Секілді Ай сынығы түскен құлап!

Қарасу, Арыс, Ақсу күркіреген,
Сайрамсу, Қызылсудан жыр түлеген.
Періште мекендеген Көмеш-бұлақ,
Өзенің Қошқарата – пір тілеген.

Төбе би – Тіленшімен мақтан едің,
Мыңбасы Жандарбекті тапқан елім.
Қасымбек, Сейітжаппар мен Әсілі бар,

Сан жұлдыз аспанында жаққан елім.

Ақмешіт, Қыз әулие, Қызылжарың,
Өсірген жер жұмақтың тұзын-дәмін.
Фашистке 5 батырмен атой салған,
От жүрек ұлың-жалын, қызың-дарын.

Жидың ба асылдарын қасиеттің?
Дәруін сенен тапты ел қасіреттің.
Қасыңнан айналшықтап кете алмастай,
Бір көрген жанның бәрін ғашық еттің.

Жап-жасыл далаң қандай, қалаң қандай,
Періште жасыл шашты таранғандай!
Аязың шәйі орамал кепкендей-ақ,
Маңдайдан атаң сипар алақандай.

Табаннан өткен дәру – ыстығыңды,
Сағынам мінезіңді қыстыкүнгі.
Бұлақ боп мен де сенен басталамын,
Туған жер, сенсің менің асқақ әнім!

Қай мекен бұл Сайраммен таласасың?
Анасы Яссауидің – Қарашашың,
Атасы – Ибраим да тұрақ тепкен,
Түркістан –кіші Мекке, балашасың!

Сайрам ауданы 90-да

Тойыңда елім, толғандым,
Құс қанат қалам қолға алдым.
Жұмағын жырлап тербейін,
Мына фәни жалғанның.

Ақ қарға тамған күреңдей,
Аруға біткен білемдей.
Түріңнен, жерім, айналдым,
Көз жауын алар кілемдей.

Не түссе бойға өндірген,
Жер-жәннәт сенсің мен білген.
Асаудың көңілін жусатып,
Арғымақтай желдірген.

Көркіңнен, жерім, айналдым,
Көк барқыт киген айдарлым.
Шөбің де дәру, суың да,
Қасиетіңе қайранмын.

Нұр сіңірген аспаннан,
Сайрамым-дархан дастархан!

Көлінде ойнап ақ шабақ,
Бұлақтан күлкі басталған.

Саф ауа, ерке самалың,
Періште мінез адамың.
Қожа Ахмет Яссы туған жер,
Шоқтығы сынды сананың.

Ибраим атам өскен жер,
Әулиелер демі ескен жер.
Бірін- бірі пір тұтып,
Қол беріп, қолдап өскендер.

Табынып өтер тірі адам,
Тазартар бойын күнәдан.
Сайрамым, менің Сайрамым,
Тілекті берер сұраған.

Бір көрген ғашық болғандай,
Орындалған армандай,
Топырағың – бойтұмар,
Бәледен қағар қорғандай.

Егестің айтқан байламын,
Кіндікқан тамған Сайрамым.
Тұранның Туы секілді,
Айбатыңнан айналдым!

ОТБАСЫ \әнге\

Отбасының бақыты – бірлігінде,
Нар көтерер салмақты тірлігінде.
Ынтымақты шаңырақ шуақ шашар,
Күліп тұрар жұлдыздар түндігінде.

Қайырмасы:
Бақыт кілтін бұрайық,
Әркез күліп тұрайық.
Кездескенде ағайын,

Хал-жағдайды сұрайық.

Адал сөйлеп, ақ күліп,
Дұрыс іске тақ тұрып,
Мәнді өтсін әрбір сәт,
Бақыт деген - нақтылық.

Бір келеді бұл өмір, біреу ғана,
Бір-біріңе дем беріп, тіреу сана.
Тіршіліктің мәнісі - беу, жарандар,
Бір-біріңе сәттілік тілеу ғана.

Қайырмасы

Төртеу түгел болғанда төбедейсің,
Мұхиттарға жол тартқан кемедейсің.
Ата-анаңның барында алдаспансың,
Ағайынмен серіппе- жебедейсің.

Қайырмасы

Қарттарым

Айналдым ақбас шыңдай қарттарымнан,
Даналық тұнған ойлы қатпарыңнан!
Жалғайтын бүгініңді болашаққа,
Біз өскен ұрпағыңбыз арттарыңнан.

Жауабын шеше алмаған сұрақтардың,
Өткелін өте алмаған сынақтардың
Алдыңа барғанымда таптым сенен,
Санаңнан сәуле көріп қуаттандым.

Сен барда жеткізгендей аспандағым,
Арқауы тірлігімнің, баспалдағым.
Сен барда алдым ашық, көңілім тасып,
Басқа емес, қасымнан да жасқанбадым.

Ізгілік дәнін сепкен даналарым,
Ақ самай атам, анам, ағаларым.
Толғатқан ел бірлігін кең кеудеңе,
Бас иіп, тәжім етед балаларың.

Наурыз тойы

Халқымыздың Ұлысы,
Уақыттың қылышы,
Қара түнмен жарыста,
Озып шыққан тынысы –

Наурыз тойы

Қызыр бабам келген күн,
Жерден сезім өнген күн,
Ескі жылмен қоштасып,
Жаңа жылым енген күн –

Наурыз тойы.

Барқыт дала керілген,
Құлын босап желіден,
Самарқанның көк тасы,

Қорғасындай еріген --
Наурыз тойы.

Төрт түлігім төлдеген,
Іс жатпайтын көлденең,
Бүршік жарған ағаштар,
Ақ жауынға шөлдеген –

Наурыз тойы.

Өкпе- назды кешірген,
Пәк сезімнен есілген,
Алтыбақан тербелтіп,
Мәртебемді өсірген –

Наурыз тойы.

Жүрек сырын бөліскен,
Сәлемдесіп көріскен,
Жақсы тілек бағыштап,
Сый- сияпат беріскен –

Наурыз тойы.

Наурыз келген қастермен:
Жеті дәннен ас берген,
Жеті атама бағыштап,
Жеті жұртқа бас берген—

Наурыз тойы.

Тіршіліктің тынысы,
Елдің дәулет –ырысы,
Құтты болсын наурыз той,
Ұлы тойдың ұлысы!

Алты алаштың Ұлысы!

Жақсы адамдар

Тоңғанымда жылытқан шуақтарың үшін,
Жылағанда бауыр боп жұбатқаның үшін,
Тек ізгілік тілейтін мұраттарың үшін,
Сендерге қарыздармын, жақсы адамдар.

Жат адамға өзіңдей күйінгенің үшін,
Ізгіліктеріне ізетпен иілгенің үшін,
Жағымпаздықтан жиреніп, түйілгенің үшін,
Тосамын иығымды, жақсы адамдар.

Дауылында өмірдің тік тұрғаның үшін,
Адам заңын ұқпасқа ұқтырғаның үшін,
Пенделікті нұрыңмен бұқтырғаның үшін,
Перзентпін мен сендерге, жақсы адамдар.

Жамандықты жайратпақ отты арманың үшін,
Суырып қылыш, бірақ та тоқталғаның үшін,
Кімнің де болсын көңілінде жоқталғаның үшін,
Сендерге басымды ием, жақсы адамдар.

Адам деп соққан періште жүректерің үшін,
Мұз көңілім еріп, түйір жас дір еткені үшін,
Махаббат жолын күреспен бір еткенің үшін,
Мұң айтып босаңсыдым, жақсы адамдар.

Өмірді өлшер биіктен қырандығың үшін,
Өтсе де уақыт, өзгермес ұландығың үшін,
Жан туыс деп айтуға тұрарлығың үшін,
Бауырымсың қашан да, жақсы адамдар.

Опасызды кешпейтін бірбеттігің үшін,
Ардақтайтын асылым, құрметтімсің шын,
Жүрегіңнен басталар жыр көптігі үшін,
Қан тамырыңмын сендердің, жақсы адамдар.

Сеніміңнен алданған бір арманың үшін,
Тағы да сеніп, өзгермей тұра алғаның үшін,
Ақ ниеттен Адам боп құралғаның үшін,
Сендерді сүйіп өтем, жақсы адамдар.

Тұмарым \әнге\

Сезімі егіз сыңарым,
Қапасқа қалай құладың?
Жанарда тұнған лағылым,
Жүректе қалған тұмарым.

Алыстап кеткен арманым,
Садақа жаным, бар малым,
Не деген тайғақ тағдырлар...
Қол созым жерден бармадым.

Құралмай қойды-ау ісім де,
Жылайсың неге түсімде?
Қай күйде жүрсің, аяулым,
Айналған сағым-мүсінге?

Шуақсыз сары күздеймін,
Қуатсыз, дәру іздеймін,
Өзіңмен думан көшкендей,
Меңіреу дала, түздеймін.

Ойымнан шықпай елесің,

Шөгерді-ау Шаттық кемесін,
Сыбызғы үнмен сызылтып,
Сыбырлай неге бересің?

Жанарда тұнған лағылым,
Кеттім-ау, кеттім сағынып!
Өлер ме үнсіз махаббат,
Тарарсың қашан ағылып?!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙