Ақ балапан
Жәди Шәкенұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Балаларға арналған бұл кітаптың тілі жеңіл, оқиғасы қарапайым болып, тәрбиелік мәні аса зор. Мұндағы өлең, жаңылтпаш, күлдіргі, мысал әңгімелердің балдырғандарымызды – адал, иманды, еңбексүйгіш ұрпақ етіп тәрбиелеуге таптырмас оқулық болатынына кәміл сенеміз.
Жәди Шәкенұлы
Алматы
«Мерей» баспасы – 2012
УДК 821.516.120-39
ББК 83 Қаз 7-7
Қ 17
Шәкенұлы.Ж
К – Ақ балапан: Өлеңдер мен мысал әңгімелер, - Алматы: «Мерей»
баспасы, 2012. – 120 б
ІSBN 9965-22-314-9
Балаларға арналған бұл кітаптың тілі жеңіл, оқиғасы қарапайым болып, тәрбиелік мәні аса зор. Мұндағы өлең, жаңылтпаш, күлдіргі, мысал әңгімелердің балдырғандарымызды – адал, иманды, еңбексүйгіш ұрпақ етіп тәрбиелеуге таптырмас оқулық болатынына кәміл сенеміз.
УДК 821.516.120-39
ББК 83 Қаз 7-7
ІSBN 9965-22-314-9
C - Шәкенұлы.Ж,.2012
С – «Мерей» баспасы, 2012
Ертегі және мен
(сөз бастау)
Ерте, ерте, ертеде... Шіркін балалық, мен балалығымды еске алсам болды Ертіс ойыма оралады. Ертістің аспанында бұлт байыздап тұрмайды. Өйткені оның бойында мәңгі самал соғады. Кейде аласұрған асау боран да бір сілкілеп өтеді. Сондықтан да аспаны ашық. Қарашы, әне, Айлы кеш. Ертістің бойы. Ертістің ну тоғайының шеті. Ертіс бойына сүттей сәулесін үлестіріп аппақ ай тұр. Жағаны емізіп Ертіс жатыр. Тоғай түкрпірінен шалғайырақ байғұз үні естіледі. Ертістің жағасында, айлы түннің астында көгілжім түтіні аязды аспанға сорылып, терезесінен сарғыш сәуле шашырап малшы қыстауы тұр. Қорада сиырдың ыңыранғаны, аттың шөпті күрт-күрт шайнағаны, текешіктің сақаушалап бақылдағаны бір-біріне жалғаса естіледі. Кенет алыстан иттің, әрине, қызды ауылдың итінің шәбелене үргені білінеді. Кейде түн тымығында әлде бір атты адамның шауып бара жатқаны, төрт тұяқтың жерді төпештеген барабанынан-ақ аңғарылады. Осындай сәтте, қи иісі аңқыған, матшалары ысқа сүрленген жұпыны да жып-жылы жанұяда әкесінің қойнына жатуға таласқан бала дегенінен жетіп, әкесін ертек айтуға көндіреді. Не деген бақытты шақ! Ол – мен ғой! Ерте, ерте, ертеде... Ол – уыз сәулесіне иіген түннің тымығында «ақ таяқ» ойнап жүр. Ол – Ертістің биік жар қабағынан толқындар құшағына секіріп шабақша жүзеді. Судың кесек қаймағындай су бетіндегі бала тән балықтар үйірінің үстінде ойнақ салады. Ол – тау беткейінен шаңғы иә шанасымен құйғытып, ақ қарға аузы мұрнынан көміледі. Ол – ойынның діңкелетуімен әбден қалжырасада тағы да әкесіне ертек айтқызып жатып, аяғына жете алмай танауы пысылдап тәп-тәтті ұйқыға кетеді... Шіркін, бақытты балалық! Ерте, ерте, ертеде біздің ауылда дәл осылай болған. Сол Ертекшіл бала есейе келе бауырлары мен балаларына ертек айтқысы келетін болды. Әрине, апалары мен аталарынан тыңдап өскен ертегіге жетпеседе өз ойынан құраған әдемі жырлары мен ертегілерін балаларға ұсынғанды жақсы көреді. Сіздерде оқыңыздар, әдемі! Ерте, ерте, ертеде... Ж.Шәкенұлы
Бірінші бөлім
ӘЛДИ, ӘЛДИ, БӨПЕШІМ
ӘЛДИ БӨПЕМ
Әлди, әлди, құлыным,
Құлдыраңдап шаба ғой.
Мамашыңның қасында,
Бақытыңды таба ғой.
Әлди, әлди, бөпешім,
Қозым болып тоя ғой.
Мамаңды көп сора ғой,
Жылағанды қоя ғой.
Әлди, әлди, бөпешім,
Әлі-ақ өсіп жетесің.
Әкешіңдей тұлғалы,
Азамат боп кетесің.
Қалам алып қолыңа,
Талай нәрсе жазарсың.
Еңбектеніп ерінбей,
Білім нәрін қазарсың.
Ел мен жерге аты бар,
Егейлерден боларсың.
Отан үшін от кешіп,
Суығына тоңарсың.
Әлди, әлди, бөпешім,
Бар ғылымға маман бол.
Ең әуелі адам бол,
Айналайын, аман бол!
ӘРІПТЕР ЖЫРЫ
«А» дегенім ата,
«Б» дегенім бата.
«Қ» дегенім қарбыз,
«Ж» дегенім жалбыз,
«Т» дегенім түйме,
«К» дегенім күйме.
«С» дегенім сәбіз.
«Д» дегенім дәліз,
«Г» дегенім гүлім.
«Ү» дегенім үнім,
«Ө» дегенім өгіз.
«Е» дегенім егіз,
«Н» дегенім наным.
«М» дегенім малым,
«Л» дегенім лақ.
«Ш» дегенім шырақ.
«Ә» дегенім әскер,
«Ғ» дегенім ғарышкер.
ҰЙҚАС ІЗДЕУ
– Өрік?
– Өрікке ұйқас көрік.
– Тағы ?
– Ұйқасады көлік.
– Асық?
– Асыққа ұйқас қасық.
– Тағы?
– Сабақтан кетпе қашып.
– Маржан?
– Маржанға ұйқас арзан.
– Тағы?
– Батыр жігіт - Тарзан.
– Балға?
– Балғаға ұйқас алға.
– Тағы?
– Өрмелей берме талға.
– Оқу?
– Оқуға ұйқас шоқу.
– Тағы?
– Білімді миға тоқу.
– Дала?
– Далаға ұйқас бала.
– Тағы?
– Ұйқасады қала.
– Нағыз?
– Нағызға ұйқас сағыз.
– Тағы?
– Суды баққа ағыз.
– Сағат?
– Сағатқа ұйқас тағат.
– Тағы?
– Жіберме істі ағат.
– Балық?
– Балыққа ұйқас халық.
– Тағы?
– Білімдінің беті жарық.
САҒАТ
Сағатымыз дөңгелек,
Жүгіретін үш тіл бар.
Таң атқанда не керек,
Қоңыраудай күшті үн бар.
Қысқа тілі тым жалқау,
Білінбейді сыбысы.
Ортаншысы самарқау,
Шықпайды оның дыбысы.
Ал кішісі тентектеу,
Сырт-сырт етіп жүгірер.
Болмасақ біз елпектеу,
Түріміз жоқ үлгерер.
Ұйықтасақ та бырылдап,
Біз тыңдаймыз сағатты.
Таң атпастан шырылдап,
Еске салар сабақты.
ТАУДАЙ БАЛА
Алма берсем атама,
«Таудай-таудай бол!» дейді.
Алмұрт берсем апама,
«Таудай бол!» деп сөйлейді.
Таудай әлі болғам жоқ,
Кіп-кішкентай баламын.
Жотадай да бойым жоқ,
Қашан таудай боламын!?
Таудай-таудай кітапты,
Таусып-таусып оқимын.
Тау суындай тап-таза,
Ойға білім тоқимын.
Сонда ғана ел мені,
Биік тауға теңей ме?!
Ата-апам да қуанып:
«ТА-У-ДАЙ БАЛА» демей ме!
ДӘПТЕР
Аялаған ақ дәптер,
Аппақ дала секілді.
Ақ қаламым ақ кептер,
Өрнектейді бетіңді.
«Ата» десем ақ дәптер,
«Бата» берді «5» пенен.
Қата кетсем ал егер –
Қарайды «2» сеспенен.
Үйренбесем сәл тынып,
Ұяламын дәптерден.
Білім ғана мәңгілік,
Бақыт берген, бақ берген.
Ақ сүт берді анашым,
Ақ болса деп жүрегі.
Ақ бесікте баласын,
«Аппақ бол!» деп тіледі.
Дала аппақ, қар аппақ,
Ақ болатын шартым көп.
Жаным аппақ, ар аппақ,
Қара болар қақым жоқ.
ТАҢ
Сұлу таң сүйкімді,
Аппақ нұр себеді.
Табақтай жарқырап,
Күн шығып келеді.
Орнымнан тез тұрып,
Мектепке барамын.
Кітапты парақтап,
Көп білім аламын.
ЖАМАН БАЛА
Аузы сатпақ,
Қолы батпақ – лас бала.
Тісі кетік,
Жыртық етік киіп апты, масқара!
Ұйқы құмар,
Ұмар-жұмар кітабы.
Үсті басы,
Киім, шашы – кір тағы.
Жан досым-ай,
Дәл осындай болмайды.
Жалқау бала –
Жаман бала оңбайды!
ИМАНДЫЛЫҚ ӘЛІППЕСІ
«А» әрпімен Алланың басталады есімі,
«Б» әрібі «бисміллә» барлық сөздің есігі.
«Ә» әрпінде, әрине, әдеп жатыр таусылмас,
«И» әрібі иманың ізгіліктің бесігі.
«П» әрпімен басталар бұлжымайтын парызың,
«Н» әрібі намазың бес уақыт қарызың,
«О» әрібің ораза тазалықтың ұясы.
«З» – зекет, «Қ» – қажылық, бір Аллаға тағызым.
«Ү» әрпінің үмбеттен үміт етер ісі көп,
«С» әрібі – сабырлық, «Ғ» – ғарышың күші көп.
«Л» әрібі Лә илләха илла Аллаһ,
«Ш» – шайтан, «І» – ібіліс жек көрмейтін кісі жоқ.
«Д» әрібі дініңнің дұға болар тірегі,
«Ж» әрпімен жақсылық тек жәннатқа кіреді.
«М» әрібі Мұхаммед, «Е» – елшісі Алланың,
«Р» әрібі Раббым күллі әлемнің жүрегі.
АНА
Аппақ нәрлі ақ сүті
Артық барлық дәріден.
Баласы үшін әлемде.
Ана қымбат бәрінен.
Айдын шалқар көл десем,
Мұз боп ол да қатады.
Асқар биік тау десем,
Қар боп ол да жатады.
Шуағы мол күн десем,
Ол да бұлтпен бүркенер.
Орман десем жап-жасыл,
Оған да күз бір келер.
Құрымайды тіршілік,
Қурағанмен далалар.
Ұрпағымен мың жасап
Қартаймайды аналар.
АНА ТІЛ
Ақ уызбен дарыған,
Тірлігімнің қайнары.
Ана тілі адамның,
Ары менен айбары.
Азат ұл боп үн қатып,
Ана тіл боп жазылам.
Тілім, дінім – ешқашан
Сатылмайтын қазынам.
ӘЖЕ
Балалардың панасы,
Әкемнің де анасы.
Әже деген әлемде,
Даналардың данасы.
АТА
Ата деген орманың,
Ата деген қормалың.
Көтерілген атамен,
Шаңырағы орданың.
АҒА
Еркелесең ағаға жарасады,
Аға – қормал, ініге қарасады.
Аға деген алдыңда жол бастаушың
Биік пенен көрсеткен аласаны.
ІНІ
Іні деген ілтипат,
Кішіліктің құрметі.
Ізгілік пен кісілік –
Інілердің ізеті.
ӘПЕКЕ
Әпекесі барлардың,
Жан шырағы қасында.
Бақыт құсы жүреді,
Шыр айналып басында.
ҚАРЫНДАС
Қарлығаш пен қарындас,
Екеуі де сүйкімді-ақ.
Ән тербетіп сендермен,
Отырамын күй тыңдап.
НАҒАШЫ
Анашымның ауылы –
Әпекесі, ағасы.
Туыс-туған бауыры.
Бәрі маған нағашы.
ЖЕЗДЕ
Әпекемді ән еткен,
Өмірінің сәні еткен.
Жезде деген жігіт бар,
Көп сыйлықты кәде еткен.
ЖИЕН
Емес алыс алашы
Жездеміздің баласы.
Аумай қалған әпкемнен
Жиеніме қарашы.
ЖЕТІ КҮН
Дүйсенбіде дүйім ел.
Аттанады жұмысқа.
Сейсенбіде сенім бар,
Оқу оқып тырысса.
Сәрсенбіміз сәтті күн,
Сәлем берем көпке мен.
Бейсенбіде «бес» алып,
Жеңістерге жеткен ем.
Жұма күні жүйрікті,
Иман үшін баптаймыз.
Ал сенбіде сергек боп,
Тапсырманы жаттаймыз.
Жексенбіде жеміс көп,
Ойынға да барамыз.
Үй жұмысын тындырып,
Алғыс, бата аламыз.
АҚ БОРАН
Ақ боран-ау, ақ боран,
Тереземді қағасың.
Теңіз болып толқындап,
Дәрия боп ағасың.
Шынықтырып жатырсың,
Қорқытам деп мені әр күн.
Ағаш ексем жаз шыға,
Жуасырсың сен бәлкім.
Соқсаң тағы соға бер,
Мен қырандай самғаймын.
Жігерім бар, күшім бар,
Талықпаймын, талмаймын!
МАЙ ШАПАЛАҚ
Бір нәрсені аңдамай,
Алсам егер бүлдіріп.
Ұялайды көңілге,
«Япыр-ай» деп бір күдік.
Қайталасаң қатеңді,
Анам менің қатал-ақ.
Сарт етеді бетіме,
Қатты тиген шапалақ.
Ұялам да қорқамын,
Қайдан таптым қырсықты.
Май шапалақ тұрғандай
Түзетем деп қисықты.
ТҮЙЕ
Ойсыл Қара тұқымы,
Айыр өркеш атаным.
Жалпақ екен табаның,
Қалың екен «шапаның».
Ауыр-ауыр жүк артсам,
Пілдей маң-маң басасың.
Өзендерді кешесің,
Асуларды асасың.
Қайыспайтын төзімді,
Маған үлгі ерлігің.
Қара нар боп халыққа,
Арқалаймын ел жүгін.
ЖЫЛҚЫ
Қамбар ата өсірген,
Өрге салса көсілген.
Жел тұяқты пырағы,
Алтын екен тұяғы.
Ауыздығын шайнайды ,
Айға шауып ойнайды.
Көмбелерге жетеді,
Бәйге алып кетеді.
Дәл осындай мен, елім,
Тұлпар болсам деп едім.
СИЫР
«Сиыр-сиыр сиырды-ай,
Сиыр мұрнын жиырды-ай.
Су бойында сұрша қыз,
Енді кімге бұйырды-ай».
Осыны айтып шешеміз,
Сиыр сауар неше күз.
Өгізге артып отынын,
Таудан асып көшеміз.
Құрт, ірімшік, айран бар,
Сауық пенен сайран бар.
Уызға тойып бұзауқан,
Жайраңдар да тайраңдар!
ҚОЙ
Қоңыр-қоңыр қойларым,
Неге аласа бойларың.
Кішілікпен күн көріп,
Сабырлықты ойладың.
Қабат-қабат тоның бар,
Тоңбайтұғын жөнің бар.
Таймайтұғын тұяғың,
Тау мен таста жолың бар.
Шопан ата баққан мал,
Барша жұртқа жаққан мал.
Қой баласы қоңырым,
Сүті бұлақ аққан мал.
ШУАҚ
Аппақ таң арайлы,
Алтын нұр төгеді.
Оянды ұйқыдан,
Даланың бөбегі.
Күлімдеп жанары,
Алтын күн қарады.
Шомылды шуаққа,
Адамзат аралы.
АПАСЫНЫҢ БАЛАСЫ
- Баласысың сен кімнің?
- Мен апамның баласы.
- Әдемі екен белдігің,
Кім сыйлаған шамасы?
- Оны ағам әкелген!
- Әй, білмеймін, Папа ма?
- Ұят болад әжемнен,
Оның атын атама!
- Жаңылғансыз шамасы,
Мен апамның баласы.
Түсіп қалғам аузынан,
Жоқ ешкімнің таласы!
САНАМАҚ
«Бір» дегенім білім,
Білім үйрен інім.
«Екі» дегенім егін,
Еңбек етпе тегін.
«Үш» дегенім үміт,
Үміт қуар жігіт.
«Төрт» дегенім тоқтық,
Айтпа бала боқтық!
«Бес» дегенім белең,
Белеңде айтам өлең.
«Алты» дегенім ата,
Атам берер бата.
«Жеті» дегенім жеңге,
Жеңгем берер теңге.
«Сегіз» дегенім сенім,
Сенім артар елім.
«Тоғыз» дегенім төзім,
Жүк көтерер кезім .
«Он» дегенім ордам,
Ел мен жерге қорған.
ОЯТУ ЖЫРЫ
Тұр, бөпешім, тұр енді,
Дала нұрлы күн шықты.
Тау-қырқалар құлпырып,
Алуан-алуан гүл шықты.
Құрбыларың әнеки,
Бара жатыр мектепке.
Санасына алтын дән,
Білім нәрін екпекке.
Тұр, бөпешім, тұр енді,
Бетіңді тез жуа ғой.
Киіміңді киініп,
Белбеуіңді буа ғой.
Сөмкеңді асып мойныңа,
Мектебіңе бара ғой.
Таудай үміт күтетін,
Ұстаз тілін ала ғой.
Әр сағатты аялап,
Кітабыңның нәрін біл.
Өз құрбыңның алды боп,
Өнер-ғылым бәрін біл!
БАТА
Оу, балам, тентек болма, елпек бол.
Мұратыңа жетпек бол.
Селтек болмай, сетер бол,
Бал қосылған шекер бол.
Білімі көп дарын бол,
Лапылдаған жалын бол.
Залым болмай, ғалым бол,
Алты алашқа мәлім бол!
МЕЗГІЛДЕР
Қаңтар деген немене,
Қар мен мұзды елеме.
Ақпан келсе ақырып,
Аяз ұрар денеңе.
Наурыз келді наз келді,
Көңілдерге саз берді.
Сәуір келді жаз келді,
Қоңырала қаз келді.
Мамыр келді май келді,
Жер құлпырған ай келді.
Маусым келді мәз етіп,
Атам маған тай берді.
Шілде келді су қызды,
Бізге балық қуғызды.
Тамыз келіп тамаша,
Бақтан жеміс жұлғызды.
Қыркүйекте мектепке,
Асығамыз жетпекке.
Қазан келді қаз ұшты,
Жылы жаққа кетпекке.
Қарашада қалтырап,
Сарғаяды атырап.
Желтоқсанда жел соғып,
Суық қысты шақырад.
КҮН МЕН АЙ
Арасынан бұлттардың,
Күн домалап барады.
«Доп қып оны алам» деп
Қайрат қуанып қарады.
Дөңгеленіп аспанда,
Әп-әдемі ай тұрды.
«Айна қылып алсам» деп,
Қызықтырды Айнұрды.
АҚ КҮШІК
Ей, ақ күшік, ақ күшік,
Жалқау күшік – жат күшік!
Қоян көрсең тұрмайсың,
Қойға мойын бұрмайсың.
Дайын асқа иесің,
Тек жатқанды сүйесің.
Сендей бала болмаймын,
Жалқау болсам оңбаймын.
МЫСЫҚ
Пыр-пыр мысық пыр мысық,
Тырнақтары жүр қышып.
Тал-теректің басына,
Өрмелейді тырмысып.
Тышқан көрсе қуады,
Бірден-бірден қырады.
Әбден тойып болған соң,
Артынан бет жуады.
Пеш түбіне келеді,
Жылы жерді көреді.
Бас алмастан пырылдап,
Сосын ұйықтай береді.
ТАСБАҚА
Ау, тасбақа, тасбақа,
Шабансың-ау, шабансың.
Тез жүрмесең саған сын,
Оқымасам маған сын.
САУЫСҚАН
Ала қанат сауысқан,
Желмен бірге жарысқан.
Өсек айтып секеңдеп,
Жердің жүзін тауысқан.
ҚАРҒА
Қарға, қарға, қарғалар,
Күресінде жорғалар.
Қоқыс көрсе қонып ап,
Боран соқса қорғалар.
КӨГЕРШІН
Көгершінім, ақ құсым,
Басқа қонар бақ құсым.
Бейбіт күнді сүйетін,
Бұл өмірге сақшысың.
ТОРҒАЙ
Торғай, торғай, торғай құс,
Мысық келді, ойбай, ұш!
Қыс келгенде қайтесің,
Тоңасың-ау, ой, байқұс!
ҚҰМЫРЫСҚА
Құмырысқа, құмырысқа,
Бәрі қаптап жүр жұмыста.
Еңбек етсең дәл осындай,
Болмас сірә, ғұмыр қысқа!
ҚАРЛЫҒАШ
Ақ тамағың әдемі,
Балшық үйің кәделі.
Жолатпаймыз ұяңа,
Жылан деген пәлені.
ТЫРНАЛАР
Тырау-тырау, тырналар,
Көк аспанға жыр жазар.
Күз келгенде қоштасып,
Бермейсіңдер бір хабар.
ҚОЯН
Секең-секең ақ қоян,
Саған не деп ат қоям.
Сәбіз берем, шөп берем,
Көжегіңді бақ қоян.
КӨБЕЛЕК
Көбелегім, көбелегім,
Мен саған не беремін.
Егерде бағбан болсам,
Көп гүлді егер едім.
Көбелегім, көп ойнама,
Қыс келер абайла, алда!
Ойын қуса дәл өзіңдей,
Адасады талай бала!
БҰЗАУҚАНҒА
Бұзауқаным, мамаңды
Сора-сора тауыспа.
Сауыншы апа келгенде,
Жайылып кел алысқа.
Бізде шөлдеп мамаңды,
Тез келер деп күткен ек.
Мағанда айран, сүт керек,
Ірімшік пен құрт керек.
АСЫҚШЫҒА
Үйір болып ойынға,
Үйіресің сақаңды.
Жұмсағанда тіл алмай,
Ренжітпе атаңды.
Мерген бала атанған,
Жақсы-ақ екен машығың.
Ойын емес, өмірде
Алшы түссін асығың!
СҰРАМШАҚ
«Ананы алсақ, мұны алсақ»,
Деп бәріне құмартад.
Мазалайтын апасын,
Мазалайтын папасын,
Оның аты «сұрамшақ».
ЖАҚСЫ БАЛА БЕЛГІСІ
Аға көрсе иілген,
Іні көрсе күйінген.
Жақсы бала белгісі,
Ұстаздары сүйінген.
Сабақ көрсе жаттаған,
Кірсіз киім сақтаған.
Жақсы бала белгісі,
Ата үмітін ақтаған.
Ерте тұрып төсектен,
Аулақ жүрер өсектен.
Жақсы бала белгісі
«5» алады есептен.
Анатілге ағып тұр,
Көршілерге жағып жүр.
Жақсы бала белгісі,
Шам-шырақтай жанып тұр.
ОН ЕКІ МҮШЕЛ
Тышқан жылы туғандар,
Тырбынады дән теріп.
Сиыр жылы туғандар,
Жүрер сүттей нәр беріп.
Барыс жылы туғандар,
Батыр болып жетілер.
Қоян жылы туғандар,
Секең-секең секірер.
Ұлу жылы туғандар.
Ұрынбайды жауына.
Жылан жылы туғандар,
Өрмелейді тауына.
Жылқы жылы туғандар,
Тұлпар болар бір өзі.
Қой жылында туғандар,
Қорғасындай мінезі.
Мешін жылы туғандар,
Күнде сауық құрады.
Тауық жылы туғандар,
Таң атпастан тұрады.
Ит жылында туғандар,
Ұрандағыш келеді.
Доңыз жылы туғандар,
Тоқ боп жүре береді.
СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ
Кісінеген құлын ба,
Маңыраған лақ па?
Сыңғыр-сыңғыр қоңырау,
Үн келеді құлаққа.
Мөңіреген бұзау ма,
Сыңғыраған бұлақ па?
Сыңғыр-сыңғыр қоңырау,
Сыбырлайды құлаққа.
Байғұз, көкек үні ме,
Жаңғырады тау іші.
Сыңғыр-сыңғыр қоңырау –
Болашақтың дауысы.
БАҒАНЫҢ БАҒАСЫ
– «5» алсам не бересің?
– Велесипед тебесің.
– «4» боп қалсам нетесің?
– Сабақ қарап өтесің.
– «3» тік алсам егерде?
– Шәкірт қылам шеберге.
– Ал «2»-ні алмағын,
Басқалардан қалмағын!
ЖЕТІ ЖАС
«Бір» жасымда білмеймін,
Талпындым ба, күлдім бе.
«Ата», «апа» деп былдырлап,
Қаз-қаз басып жүрдім бе.
«Екі» жасқа келгенде,
Елеңдедім әр іске.
«Үш» жасымда ұмтылып,
Құлақ түрдім дәріске.
«Төрт» жасымда төр сыйлап,
Балабақша шақырды.
Тақпақ айтып тақылдап,
Бала болдым ақылды.
Бергені көп «бесімнің»,
Еркелетті ертегім.
«Алты» жаста ән салып,
Домбыраны шертемін.
Жеті жасқа жетемін,
Мектебіме кетемін.
Таудай болып өсемін,
Ұстазды мәз етемін.
МЕН ТАЛАПТЫ БАЛАМЫН
Арманым алда бар ұлы,
Мен талапты баламын.
Ащы терім арқылы,
Тәтті жеміс аламын.
Ерте тұрып орнымнан,
Сабағымнан қалмаймын.
Білім алу жолынан,
Жалықпаймын, талмаймын.
Ата-анамды аялап,
Ұстаз сөзін ұғамын.
Мектеп маған сая бақ,
Ғылым жолын қуамын.
ТӨРТ МАУСЫМ
«Көктем» келсе дала гүлдеп,
Көгеретін шақ екен.
Көп білімнің шуағына
Бөленетін шақ екен.
«Жаз» деген сөз – жасыл тірлік
Бой жазатын кез екен.
Жазу жазып жас балалар
Ойланатын кез екен.
«Күз» дегенің – іздегенің
Молшылық пен жемісің.
«Бестік» баға берсе ұстаз,
Қол бұлғайды жеңісің!
«Қыс» дегенің – қары қалың
Аязды шақ ақ қырау.
Марапатпен мадақталып,
Шана мініп шапқылау.
ЖАҢА ЖЫЛ
Аппақ қар даламыз,
Той думан қаламыз.
Жыл келді, алақай,
Көп сыйлық аламыз.
Сабақты жаттаймыз,
Үмітті ақтаймыз.
Келгенде жаңа жыл,
Бір жасқа аттаймыз.
Ел қамын ойлаймыз,
Білімге тоймаймыз.
Жаңа жыл, жаңа күн,
Ән салып тойлаймыз.
МЕКТЕП
Ана мектеп – ақ ұям,
Таусылмайтын дәриям.
Өнер, ғылым, білімнен.
Бір өзіңнен нәр жиям.
ОТАН
Кезім жоқ Отан десе шалқымаған,
Болса екен жерім тыныш, халқым аман.
Туған жер тал бесігім әлдилеген,
Отаным – нәрін берген алтын анам.
НАУРЫЗ
Наурыз келді, алақай,
Бұлбұл құстар сайрады.
Бұлақта су сыңғырап,
Дала гүлдеп жайнады.
Шопан атам қозысын,
Қолтықтап ап келеді.
Төлдің басын сыйлық қып,
Маған ен сап береді.
Әкем ағаш екті де,
«Бұл да саған» деді шын.
Ұрпағым деп бәр-бәрі,
Жүгіреді мен үшін.
«Наурызбай» деп атымды,
Тектен-текке қоймапты.
Ержетсін деп ел үшін,
Ертеңімді ойлапты.
Наурыз, наурыз – жыл басы,
Туған күнім – бал күнім.
Отаныма арнаймын,
Бойдағымның барлығын.
КӨК БАЙРАҚ
Туы толқып Алатау бөктерінің,
Жалауланса жалындай көк бөрінің.
Көз сүзіп сол байраққа қарай берем,
Көсегесі көгеріп көктемімнің.
Құйылғандай қүдірет күн ішінен,
Қандай көркем!
Аспанның нілі сіңген.
Көлдердің көлеңкесіз келбетіндей,
Желбірейді жел сүйсе тынысы кең.
Тұнықтықтың дегендей айғағы едім,
Айбары елдің,
Арындай байрағы елдің.
Жалғастырып жатқандай махаббатын,
Аспанға ғашық болған айна көлдің.
Арайланып атқанда ырыс – таңым,
Толқынымен ойнатар күміс сағым.
Көк байрақ көрсетіп тұр көк жүзінде,
Табиғат пен қазақтың туысқанын.
Тамашалап көк тудың көркін ғажап,
Көңілімде дәл сондай желпінді ұзақ.
«Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп тұрғандай,
Қыранның қанатындай еркін қазақ.
ТОРДАҒЫ ТОТЫ
Дегендей-ақ тамашаны көр менен,
Біздің үйге тоты келді торменен.
Нәр қызыма сыйлапты Арай тәтесі,
Деп сұрадым:
– Күн көреді ол немен?
– Бұл үй құсы,
Жел тигізбей сақтаңыз,
Күн астына күйдіріп те бақпаңыз.
Көлеңкеде жылы жерде күтілсін,
Керек емес жасыл бақ пен бақшаңыз.
Мен күрсіндім,
От боп жанып жатты ішім,
О, бейшара, кіп-кішкентай пәк мүсін.
Мазақ болған мына сәби – қоғамға,
Аяп кеттім еркіндіктің ақ құсын.
Құлатқан соң құлдық сана құрдымға,
Құны да жоқ бостандық пен қырдыңда.
Бір ділдәға қапас сатып алғанмен,
Еркіндікті ала алмайды мың ділдә.
Түрілгенде қара түннен шымылдық,
Ұстамайсың ұйқыңды да шынжыр ғып.
Екеуімізде оянамыз таң сәрі,
Қосылып ап бір мұңлыға бір мұңлық.
Торда тоты сайрағысы келеді,
Кенеземде кепкен менің – шөл еді.
Құс қапасқа, мен қалаға қамалып,
Үмітіміз ұясында өледі.
Бұл жау көрсе шимен түрткен баламды,
Даламды аңсап, өгейлеймін қаламды.
Қамамасын қапасқа деп тіленем,
Бір Алладан –
Тілім,
Ділім,
Санамды!
Құс ұшпайды,
Мен қалаға байланам,
Дей берем тек: Тотыңды ая, әй, балам!
Түн келгенде қалғып кеттік...
Ол қайтер?
Мен түсімде –
Аппақ құсқа айналам!
БІР АЛЛА
– Айтшы, ата, аюдан
Қорықасың ба? – деді Ерсін
– Аю түгіл арыстан...
Қорқыта алмас, не дерсің?
– Онда?
Ерсін таңғалып,
Ауыр ойда қалды ұзақ
Деді атасы:
– Қорқамын,
Бір Алладан жалғыз-ақ.
АТАНЫҢ ОН АҚЫЛЫ
(Мұхаммед пайғамбардың хадисінің ізімен)
Жақсы адам – дос тұтар айналасын,
Жаман адам – ойлайды пайда, басын.
Өсекші, досты айырып жала жапқан,
Жек көрінішті болады – қайда барсын?!
*** Ой құмарлық – ақылдың қайнарындай, Таза жүрек – пенденің айбарындай. Жақсы мінез – жаныңның шам-шырағы, Абырой бұдан артық қайда мұндай?!
*** – Қияметте ең жақсы – айтшы, неңіз? – Көркем ой, көрікті сөз, жақсы лебіз. – Алланың жек көрерін білесің бе? – Аузы лас, мінезі сұм, тентек-тебіз.
*** Ғибадат пен құлшылық та ең ірі, Жаныңа да тәніңе де жеңілі – Ол пенденің аз сөзі мен көп ісі, Періштедей пейілі мен көңілі.
*** Шыншыл болсаң жақсылықтың келгені, Жұмаққа да Алланың жол бергені. Жалған сөйлеп бұзықтыққа бет бұрса,
Тозақ оты күйдіреді пендені. *** Шындық, еңбек – бақытыңның бастауы, Жалған, жалқау – адамдықтың қас жауы. Желбіресе ақиқаттың ақ туы, Өтіріктің көтерілмес шашбауы.
*** Бір ісім бар Алла алдында алаңдар, Күнәданда ауыр бәлкім, соны аңғар. – Ол кім? – десең, – Жалғыз басын мақтаған, Өзін-өзі пір тұтатын адамдар.
*** Ізгілік пен ізетің садақадан кем емес, Ағайынға әрқашан ашық жарқын есендес. Су сұраса сүтің мен балыңды бер, аяма, Алла сенің құр қоймас елге берген есеңді еш!
*** Шарапатты айтар болсам, қарағым – Білместерге білгендікпен қарағын. Зұлымды кеш, садақа бер сараңға, Араздардың араларын жамағын!
*** Шын ұялсаң Алладан – таза ұста тәніңді, Көркем мінез, көрікті ой – адалдыққа бәрі үлгі. Өлім, ауру, сәтсіздік – ескертуі Алланың, Қызығам деп жалғанға бұлғап алма арыңды!
ОЙ МАРЖАНДАРЫ
Бір елдің бақытты, бақытсыздығы – білімді ұрпағының болу, болмауында. *** Жаман досың болғанша, жақсы кітабың болсын.
*** Адам – сенімімен биік, пенделігімен аласа.
*** Үмітің үлкен болса, үрейің кіші болады, Жүрегің күдікшіл болса, жүрісің мандымайды.
*** Серке сенімсіз болса қой адасқақ, Жүрек таза болмаса ой адасқақ.
*** Күле сәлем бергеннің бәрі дос емес, Күңірене сын айтқанның бәрі жау емес.
*** Өзгеге пайда тигізу қолыңнан келмесе де, зиянды іс істей көрме. *** Биік болсаң, аласаға кешіріммен қара, Аласа болсаң, биікке құрмет ете біл.
*** Адалдық арымайды, арамдық жарымайды.
*** Білімді адамнан сайтанда қорқады.
*** Тар жерде тапқан ақыл, кең жердегі кемелді ойдан артық.
*** Саясат өзгереді, заң да өзгереді, Алайда адамның адамдығы мәңгі өзгермеуі тиіс.
*** Заманның құлы болма, заңғар еліңнің ұлы бол.
*** Өзін халқына арнап, ел үшін адал еңбек еткен жанды ерте ме, кеш пе халқы да ардақтайтын болады.
*** Өзге тілді қанша көп білсең, сонша жақсы, Өз тіліңді қанша білмесең, сонша қасірет.
*** Алдыңа ас келгенде қанағатты ұмытпа, Басыңа бақ қонғанда жамағатты ұмытпа.
*** Көкірегіңе даналықтың ұрығын сепсең, жемісін ұрпағың жейді.
*** Аз ақшаны аялап ұстасаң, көпке жетеді, Көп ақшаны шашып ұстасаң, азға да жетпейді.
*** Қыс қарсыз болса, жаздағы егініңді ойла, Жаз жауынсыз болса, қыстағы шөбіңді ойла.
*** Еңбекке жүгірген жанның еншісін Алла береді.
*** Өзім қуанамын десең, өзгені қуандыра біл.
*** Батылдық пен сенім – жеңістің баспалдағы.
*** Ақылды адам ажал аузында да ақылды.
*** Жауыңды тез жерлеуді ойлама, оның досыңа айналуын ойла.
*** Бақытсыздықтың бастауы – ақиқатты мойындамаудан басталады.
*** Адал терің көп төгілсе, алал асың көп болады.
*** Нан жегенде егіншіні еске ал, Ет жегенде малшыны еске ал.
*** Бүгін өлердей тойып, ертеңінде аш жүретін адам – адамнан көрі хайуанға көбірек ұқсайды.
*** Еңбекті емшек еткен бала уызға жарып өседі.
*** Ашу – ақылдың тонаушысы, Ақыл – адамдықтың қорғаушысы.
Ұят – иманның ұясы. *** Жастың жанына, кәрінің ақылына үйір бол.
*** Өз ұлтын сүймеген адамнан отаншылдық шықпайды.
*** Ұяты күшті адам ұрлықтан аулақ болады, Намысы кұшті адам құлдықтан аулақ болады.
*** Ізгілік үшін шаршағанның ұйқысы тыныш болады, Байлық үшін шаршағанның басы даусыз болмайды.
*** Бүгін үшін бір ойласаң, ертең үшін екі ойла.
*** Таңның сұлу дидарында тәңірдің жылуы бар.
Мешітке жақын отырғанның иманы көбейеді, Дүкенге жақын отырғанның тиыны азаяды. *** Қарттың көңілін ауыртпа, баратын жері жақын, Көршінің көңілін ауыртпа, қонатын жері жақын.
*** Табаныңда бүр болса, тақияңда гүл болады.
*** Ұсақшыл болсаң ұтыласың, Кең пейіл болсаң құтыласың.
*** Керісті терсең, кеселің көбейеді, Ұрысқақ болсаң ұятың азаяды.
*** Сұрақты жаратқан Алла шешуін де жаратқан.
*** Досты байлығына қарап емес, адал жүрегіне қарап таңда.
*** Серігің сенімді болса, өкінішің аз болады.
*** Аппақ жұмыртқадан қап-қара балапан туады, Данадан да ақымақ бала туады.
*** Өзгелерге ор қазу туралы ойлағаннан гөрі, өзің шығатын жотаны ізде.
*** Балаңды патшалыққа үйретсең құл болмайды. *** Ащы тердің жемісі тәтті болады, Артық ұйқының азабы ащы болады.
*** Өмірді өзіңдей сүй, Өзіңді өмірдей сүй.
*** Жүрегінде шындық шырылдап жатпағаннан шыңға шығар талант шықпайды.
*** Ағайын екен деп араныңды аша берме, Қайыршы екен деп қазаныңды төңкере берме.
*** Сенімі жоқ адам селге аққан салынды.
*** Өмір – тәтті, өлім – ащы.
*** Жауыңның алдында шалқая білсең де ерлік, Досыңның алдында еңкейе білсең де ерлік.
*** Сөз аузыңнан шыққанша ғана сенікі, ал аузыңнан шыққан соң оған ие бола алмай қаласың.
*** Жылмаңдаған түлкі алдап тынғысы келеді, Жымыраңдаған жолбарыс жалмап тынғысы келеді.
*** Жаманды жеңдім деп өзіңді данышпан санама, Байталдан озды деп атыңды тұлпар санама.
*** Білімсіз, ақылсыз, надан адамдармен дос болғаның – тесік қайыққа отырып алыс сапарға шыққаның.
*** Ауыр еңбектің азабы ұмытылады, жемісі қалады, Қанды ұрыстың қазасы ұмытылады, жеңісі қалады.
*** Махабаттың ыстығына бөленген адам өмірдің суығына тоңбайды.
*** Өтіріктің өлімі жақын, Шындықтың шыңы биік.
*** Заңына құрмет етпеген елдің залымы көбейеді, Ұлыларын ұлықтаған елдің ғалымы көбейеді.
*** Иманды жанның ерлігі еңселі, білгені білікті болады.
*** Мектепте ұстазың, мешітте имамың білімсіз болса құдайдың ұрғаны. *** Ақылды ұл ата тегін сұрағыш келеді, Ақылсыз ұл көршінің баласында кеткен кегін сұрағыш келеді. *** Жер беті – күллі адамзаттың ортақ отаны.
*** Кесір сөзді адамға кедейшілік пен кесапат үйір.
*** Көзінің алдын ғана ойлайтын адамның көрі жақын болады, Көптің қамын ойлайтын адамның төрі жақын болады.
*** Өзі туралы айтылған ғайбатты естігенде сабыр сақтап, желп етпеу – ер жігіттің сабаздығы.
*** Тау қанша биік болғанмен аспанның астында, Өзен қанша асау болғанмен жердің бетінде.
*** Қаламыңның жорға болғаны – қара арғымағыңның жорға болғаны.
*** Орынсыз қызғаныш – етегіңе ілінген от, дер кезінде өшіріп тастамасаң өртеніп кетесің.
*** Қарғанып сөйлегеннің қарығы ашылмайды.
*** Көңілің көктем болса, өмірің жаз болады, Айдының ашық болса аққу мен қаз қонады.
*** Сатқындық – сені уақыттық пәледен құтқарғанымен, уақыттың жазасынан құтқара алмайды.
*** Арманың биік болмайынша адымың ашылмайды, Арың таза болмайынша қарығың ашылмайды.
ЖАҢЫЛТПАШТАР
Той қумастан қой қуғай,
Қой қумастан тай қуғай,
Тай қумастан ой қуғай.
*** Қара таудың қарлы басынан қарлығаш ары асты ма, Қара басып қарлы басында қарлығыш адасты ма.
*** Қалың бастық келіп қарбаластық болды, Қарбаластықта қалың мастық болды. Қалың мастар қалжыңбастар болды.
*** Білгірлер мен тілгерлер тілдесті, Тілгерлермен түрлі елдер тілдесті.
*** Бажалар базарларда жүр ме, Тажалдар мазарларда жүр ме?
Апам кіші ішік пішті,
Мен іркітті ішіп біттім.
Апам қанша кіші ішік пішті,
Мен қанша іркітті ішіп біттім?
*** Шәріпханның көңілі қызметте болады, Шарапханның көңілі қымыз, етте болады. Жаратқанның көңілі қыз, ұл – көпте болады.
*** Байпақ Байтаққа тиді ме, Байтақ байпақ киді ме?
*** Тапсам, Тақпақ таппақпын. Бақсам, бақбақ, бақбақпын
*** Анау – Аймақтағы қай бақ, Айлақтағы қай лақ?
Тіреуішке түйрегем түйреуішті,
Күлдіреуішке тірегем тірегішті.
Түйреуішім тіреуішке түйрелмепті,
Күлдіреуішке тіреуім тірелмепті.
Еріккендер ертегі айта ма,
Ертегі еріккендерді байыта ма?!
Қара атқа мінген қалақтай бала ма,
Қалақтай бала қаратпай бара ма?
Қарға ақ емес, тарғақ қара емес,
Қарға тарғаққа пар емес.
Еті тірілер ептілермен бірігер,
Ептілер мен еті тірілер елге бірдеме бітірер.
Ана қан-жынды ала қаншық ала қашпасын,
Ала қаншық ала қашып далаға шашпасын.
Бұқалар бұқараларға жүгірді,
Бұқаралар бұқаларға жүгірді.
Бұқалар мен бұқараларға бір қара нар жүгірді.
Балға құмар балалар араларды қуар,
Балға құмар аралар балаларды қуар.
*** Ақ парақты ақпарат ап таратты ма Ақпарат ақ-қараны аппақ қылып таратты ма? *** Тұтқыр сөзді айтпасаң «тұтыққыр» дейді, Ұтқыр сөзді айтпасаң «ұмытқыр» дейді. Тұтыққыр, ұтқыр, тұтқыр, ұмытқырды айтпасаң, «Дым құртқырды жым-жырт қыл!» дейді.
Ерке «серке еркек пе?» деп сұрады,
«Еркек серке елпек пе?» деп сұрады.
Жандарбек жыланды көріп жыларманға жетті,
Жылан Жандарбекті көріп жыра – арнаға кетті.
Жарапазанмен жарнамаланғандар көп пе,
Жарнаманы жарапазалағандар көп пе?
Ағалар аға бола алар ма деп,
Балалар баға қоя алар ма екен.
Балалар бағаға бара алмаса,
Ағалар аға бола алар ма екен.
Арқарға ақ қардан бақ бар ма,
Ақ қарға арқардан бақ бар ма.
*** Құлдар құр алақан тұрар ма, Құлдарды күң Гүлнар мен қу Құмар құр алақан қылар ма? ***
Шалғыдан шалдықтың ба,
Шалдықтан шалдықтың ба.
Шалғы тарқан шалдықтан жалықтың ба?!
Қарғалдаққа адал ақ қар нақ қар болар,
Қарға адал, ақ гүл қарғалдақ болар.
Дастархандағы талқаннан Дархан тарахан көрді,
Тарахан тас-талқан болған Дарханды көрді.
Петрапауыл – бек кір ауыл, бекірелі ауыл,
Павлодар – даулы ауыл, дауылды ауыл.
Ит ішпес көлден ешкім де ішпес,
Ешкім ішпеген көлден ешкі де ішпес.
*** Ермектің ең ірі елтірі бар ма, Еңліктің ең ірі етігі бар ма?
*** Сара сары қымыздың сарқынын ішті ме, Сары қыздың сарқынын ішті ме?
Қажымұрат Қожамұратов па,
Қожамұрат Қажымұратов па,
Қажымұрат пен Қожамұрат – Қазымұратов па?
Жарыместің көтергені жарты мес емес пе,
Жарты мес жарыместің шарты емес пе?
Құр дарақты құрт, араққа берді ме,
Ұлтарақты ұл – қараққа берді ме?
*** Қодар ожар болды ма, Ажар ажал болды ма?
*** Сарқантта – Сары солдаттар да бар, Сарғалдақтар да бар, Солдаттарда шардақтар да бар, Сарғалдақтарда сары дақтар да бар.
Екінші бөлім
БАЛА ТІЛІ БАЛ
ҒАРЫШКЕР БОЛУ
Наралтай мен Нәр ойнап отырып бір-бірінің болашақта кім болатынын сұрайды. Наралтай: – Мен ғарышкер боламын, айға шығамын, – дейді. Нәр: – Мен де ғарышкер боламын. Сен айға шықсаң, мен күнге шығамын, – дейді. Сонда Наралтай күліп: – Күннің беті жанып жатқан от қой. Оған шықсаң жанып кетпейсің бе? – дейді. Сонда Нәр: – Мен онда күннің бетіне түнде шығамын, – деген екен.
БАНАНҒА ҰҚСАТУ
Банан алып бер деп мазалаған Наралтайға әкесі аспандағы имек айды көрсетіп оны алдаусыратпақ болып: – Қарашы ана айды, өзі неге ұқсайды? – дейді. Сонда Наралтай ойланбастан: – Бананға, – деп жауап берген екен.
БЕТТІҢ САТПАҒЫ
Жолаушылап келген нағашысы Наралтайға:
– Наралтай, тәңертең айран ішіпсің қой, – депті. Сонда Наралтай:
– Жоқ, жаңылып тұрсыз, – десе керек. Нағашысы:
– Жоқ, жаңылып тұрған жоқпын. Таңертеңгі ішкен айраныңның сатпағы
бетіңде әлі тұр ғой, – депті. Сонда Наралтай бой бермей:
– Жоқ, нағашы, бәрібір қателесіп тұрсыз. Ол кешегі ішкен айранның
жұғындысы болатын, – деген екен.
КОМПЬЮТЕР ОЙЫНЫ
Әкесі Наралтайға: – Компьютерде кешке дейін ойнадың. Енді демалып орныңды маған бер, – депті. Ойына әлде не түскен Наралтай: – Әке, әке, сен бала күніңде компьютермен көп ойнаушы ма едің? – деп сұрапты. – Е, балам, ол кезде қайдағы компьютер? Компьютер болмаған соң, оның ойыны қайдан болсын! – депті әкесі. Сонда Наралтай әкесіне жанашырлық білдіріп:
– Әке, маған ойнамай-ақ дегеніңді енді түсіндім. Өзің ойнағың келіп тұр екен ғой, ойнай ғой онда, – деп орнынан тұрған екен.
ТЕЛЕФОНҒА ЖАУАП БЕРУ
Таңертең ерте шырылдаған телефон құлағын кішкентай Нәр көтеріп
жатқанда, шешесі:
– Мені сұраса ұйықтап жатыр деп айт, – депті.
Сонда Нәр ар жағындағы кісіге:
– Шешем ұйықтап жатырмын деп айт деді, – деген екен.
АҢ АУЛАУ
Ерланның үйіне келген Ердана: – Жүйрік тазыңды бір күнге бере тұршы, қыр жақта көп қоян жүр екен, – дейді. Итін бергісі келмеген Ерлан Ерданаға: – Көп қоян жүрсе біздің қораға қарай айдасаң болды ғой, итім өзі-ақ ұстап береді, – деген екен.
КӨЗІЛДІРІК
Бір күні әжесі Наралтайға өзінің көрген түсін әңгімелеп беріпті. Бірақ Наралтай әжесіне: – Әже, бәрібір өтірік айтасыз, бірде біреуіне сенбеймін, – депті. Әжесі: «неге?» деп сұраса, Наралтай: – Сіз әдетте «көзім көрмейді» деп көзілдіріктің өзімен әзер көріп отырасыз. Ал ұйықтағанда көзілдірік те тақпай ұйықтайсыз. Олай болса түсті қалай көрдіңіз, бәрібір көзіңіз көрмейді ғой. Сол үшін де сенбеймін, – деген екен.
АПАСЫНЫҢ АУРУЫ
Ернар сабақта үнемі кешігіп қалады екен. Себебін сұраған мұғаліміне айтатын жауабы біреу ғана болыпты. – Әжемнің көзі көрмейді. Тәңертеңгісін сол кісіні сыртқа ертіп шығамын. Біз қайта үйге кіріп болғанша сабақ уақыты болып қояды, - дейді екен. Бұл жауапқа мезі болған мұғалімі Ермекке: – Ермек, сен әжемнің көзі көрмейді деген өтірігіңді қой. Басқа сылтау айтсаң да жетер еді, – деп ұрсыпты. Кешкісін Ермек үйіне келе салып: – Әже, әже, сіз көзім көрмейді деп өтірік айтып жүр екенсіз. Мұғалім енді өтірігіңді қой деп айтты, – деген екен.
НӘРДІҢ ТҮСІ
Таңертең ерте түсінен шошып оянған Нәр шешесін төпештей бастайды. Шешесі: – Балам, саған не болды. Мені неге ұрып жатырсың? –дейді. Сонда Нәр: – Түсімде сен маған қарамай кетіп қалдың ғой, – деп бұртиған екен.
КӨП АҚША ТАБУ
Әкесі Наралтайдан: – Үлкейгенде мені бағасың ба? – деп сұрайды. Наралтай: – Әке үлкейгенде көп – көп ақша тауып, саған үлкен үй салып беремін. Әдемі машина алып беремін, – дейді. Әкесі тағы: – Көп ақшаны қайтып табасың? Кім болып жұмыс істегің келеді? – дейді. Сонда Наралтай: – ГАИ болғым келеді. ГАИ (МАИ– мемлекеттік машина инспекторы) сендер көлік жүргізгенде көп ақша алады ғой. Мен де сөйтіп жұрттан көп ақша алып сені асыраймын, –деген екен.
АУЫЛДЫҢ АЙЫ
Наралтай қаладан ауылға келгенде аспандағы айды көрсетіп: – Біздің жақтың айы тұманның ішінде өлеусіреп тұратын еді. Оның қалада қалғаны жақсы болған екен. Ауылдың айы аппақ болып жарқырап тұрады екен ғой, – деген екен.
ЖЕР СІЛКІНУ
«Алматыда жер сілкінетін болыпты» деген хабарды естіген әке-шешесі жексенбідік демалыс орайында Наралтай мен Нәрді ауылға алып кетсе керек. Ауылдағы демалысы аяқтап, қалаға оралып келе жатқанда Нәр әкесіне: – Әке, Алматыда жер әлі сілкініп тұрған болмасын? – деген екен.
ҚАШАН ТУДЫМ
Наралтай шешесінен:
– Мен күннің қай уағында туылдым? – деп сұрапты.
Шешесі:
– Таңға жақын жерге жарық түспей тұрып туғансың, –депті.
Сонда Наралтай:
– Бәсе, түнде туылған екенмін-ау. Ұйықтап жатып қалай туылғанымды
білмей қалғаным сол екен ғой, – деген екен.
Үшінші бөлім
ЕРТЕ, ЕРТЕ, ЕРТЕДЕ...
Балапан қарға
Қарғаның балапаны жазғытұрым дүниеге келгендіктен, күн ысып шілде болғанда, жүні әбден жетіліпті. Күннің ыстығына шыдамаған ол үнемі: Өзі қарай, өзі қалың осы жүндердің не қажеті бар еді, бүйткенше шықпай-ақ қоймай ма,– деп назаланады екен. Күндер жылжып өте беріпті. Бар даланы ақ қар қымтап қыс келіпті. Қарлы боранда ағаштың қуысына тығылып дірдек қаққан балапан қарға: - Мен жүннің жоқ болуын тілеп едім, оным бекер екен. Мұнан да қалың жүн шықса қандай жақсы болар еді, – деп армандапты.
Қасқа сиыр мен ақ ит
Күндердің күнінде қасқа сиыр арт жағына келген ақ иттің күшігін теуіп жібереді. Ауыз мұрны қан болған күшік енесіне жылап келеді. Енесі оған: – Ештеңе етпес балам, – деп жұбату айтады. Сөйтіп жүргенде бір күні сиырларға қалың қасқыр шабады. Баяғы қасқа сиырдың бұзауы жарға қарай қашамын деп қамалып қалады. Қасқырлар оны жеуге айналады. Мұны көрген ақ ит жүгірген бойы жардан секіріп қасқырларға ұмтылады. Қасқырлар да оған қарсы шабуылға шығады. Екі жақ қызыл қырғын таласады. Бірін бірі тістеп қандары суша ағады. Ақырында қасқырлар жеңіліп қашады. Бірақ, ақ иттің бір құлағы қасқырлардың аузында кетеді. Қасқа сиырдың бұзауы аман қалады. Аппақ жүні қызыл қанға боялып үй жанына әзер жеткен ақ итке күшігі: – Мама, қасқа сиыр мені теуіп жіберіп, аузы – мұрынымды қан қылып еді. Сен оның бұзауын қасқырлардан құтқарып нең бар еді! – деп мұңаяды. Сонда ақ ит: - Балам, жамандық істегеннің бәріне жамандық істесең сен де жаман боласың. Жамандыққа жақсылық деген осы! – деп жауап беріпті.
Сауысқанның қызғанышы
Қырғауылдың әдемі қауырсындарын көрген сауысқан: – Шіркін, менің қанат құйрығым қырғауылдікіндей болса ғой, – деп үнемі армандайды екен. Ол кезде сауысқанның түсі ақбоз екен. Мұны естіген түлкі бір күні оған: – Ол менің қолымнан келер еді, – депті. Сөйтіп түлкі жемістердің түсті бояуларымен сауысқанды әртүрлі түске бояпты.
Бұған мәз болған сауысқан қырғауылдың қасына ұшып келіп: – Менің көркім сенен де әдемі, – дейді екен. Осы кезде жаңбыр жауады. Сауысқанның үстіндегі бояулардың барлығы ағып кетеді. Ұялғаннан ағаштың тасасына тығылып қалған сауысқанның қасына қырғауыл келеді. Қырғауыл оған: – Достым-ау, көрсе қызарлық пен жалған сұлулықтан ештеңе шықпайды. Керек болса мен – ақ берейін, – деп бірнеше тал қауырсынын ұсынады. Сауысқан оны алудан ұялып: – Қызғаныштан осындай күйге түстім! Кешір мені, – деп алысқа ұша жөнеліпті. Ол содан бастап, қырғауылдың маңын баспайтын болған екен. Ал әлгі бояулардың кесірінен өн бойы ала-ала болып қалыпты.
Қаз бен қарға
Жұрттың бәрі қазды мақтап: – Қаз аспанда да ұшады, жерде де жүре алады, суда да жүзеді, – дейді. Мұны естіген қара қарға: – Ғақ, ғақ, оның несі мақтан. Мен де ұша аламын, жерде де жүремін. Суға да жүземін, – дейтін. Мұны естіген басқалар: – Қарға бауырым-ау, басқа өнеріңді білеміз. Бірақ, суда жүзгеніңді көрмеген екенбіз. Несіне өтірік мақтанасың, – дейді. Қарға онан ары еліріп: – Ғақ, ғақ, сенбесеңдер көрсетейін, – деп суға қарай ұша жөнеледі. Мезгіл қараша айы болғандықтан судың шетіне мұз қата бастаған еді. Қарға әуелі мұздың жиегіне қонады. Сосын ептеп суға түсе бастайды. Тастай суық су аяғын үсітіп жібереді. Қанаттары су боп тұншығып өлуге айналған оны. Қаздар құтқарады. Бұл тамашаны көріп тұрған жағадағы құстар: – Қарға қаз боламын деп аяғын үсітіп алды, – деп шулайды. Бұл сөз кейінгіге тәмсіл болып қалады.
Құмырысқаның суға ағуы
Көктемде су тасып, құмырысқаның илеуін бұзып кетеді. Суға аққан құмырысқаралдың біреуі ағашқа жармасып, біреуі шөпке жармасып аман қалады. Бірақ, бір кішкентай құмырысқа судың ортасына қарай ағады. Суға бір батып, бір шыққан ол: – Құтқарыңдар, құтқарыңдыр! – деп айқайлайды. Мұны естіген қара қарға: – Өзінде де обал жоқ, – деп кете береді. Су шетіндегі бақа: – Өзің малтап шықпайсың ба? – деп ақыл айтады. – Құтқарыңдар, құтқарыңдар! – деген құмырысқаның үні әлсірей береді. Мұны естіп қалған көгершін аузына ши тістеп суға қарай ұшады. Шидің ұшын құмырысқаға қарай созады. Өлуге анайлған құмырысқа шиге
жармасып, жағаға аман шығады. Өзін құтқарушыны іздемек болған құмырысқа ұшып бара жатқан көгершінді көреді. Көреді де жалма-жан: – Рахмет, ақ көгершін! – деп айқайлайды. Ал көгершін болса: – Жақсылық үшін рахметтің керегі жоқ! – деп көзден ғайып болады. Жағада тұрған жан-жануар, аң-құс көгершіннің бауырмалдығына дән риза болады.
Құлын мен күшік
Еркештің үйінің ала биесі бір әдемі ала құлын туды. Сол күні ақ төс қара қаншықтың күшіктері де бауырын көтеріп, көзін ашқан еді. Ақтөстен туған алты күшіктің ішінде сармойнақ күшік ұяластарынан тез есейді де, айналаға жүгіріп кете беретін болды. Енесі оған ұрысып: – Алыс кетпе, әсіресе ала биенің маңына барма. Ол құлынын қызғанып, сені теуіп жіберуі мүмкін, – деді. Ала күшік енесінің сөзін кәперіне алмады. Керісінше ала құлынның құлдыраңдап жүгіргеніне қызығып, ала бие алыс жайылып жүргенде, оны қуалай жарысып та көрді. Бір талай жерге дейін қатарлассада, соңында сармойнақ күшік құлыннан қалып қойып жүрді. Бұған ашуланған күшік құлынды жек көріп, оны бір жеңіп алғысы келді. Тағы бір күні енесінен ұрланып шығып, құлынмен жарыспаққа оны қуа жөнелді. Құлын тұра қашты, қатарласа таяған күшік құлынның құйрығына жабыса кетті. Амал нешік, осы кезде “сарт” еткен дауыс қана шықты да, сармойнақ анадайға ұшып кетті. Кеудесінен тиген құлынның тұяғы оны ұшырып жіберген еді. Ыңырси-қыңсылап орнынан тұрған күшік ызаланып тағы жүгірмек болып еді, ала бие алдыңғы аяғымен жер тарпып, құлынын оқырана бауырына алып тұр екен. Шошыған күшік құйрығын бұтына қысып, қашқан бойы ұясына тығылды. Мұны көрген енесі оған зекіп: – Айтқан сөзді ұқпайсың, әлін білмеген әлек, – деді. Сармойнақ күшік көзіне жас алып, мөлие төмен қарады.
Дуал мен жапырақ
Көктем келіп, бар дала гүлдей бастапты. Қоршалған дуал ішіндегі теректер де әдемі жасыл жапырақ жайыпты. Күнге күйіп, жел мүжіген ескі дуалдың төбесіне созыла біткен бір бұтақтағы жапырақтың біреуі: – Біздің барлығымыз жап-жасылмыз, өңдеріміз сонша жарасымды, бірақ мынау ескі дуалдың сәнімізді бұзып тұрғаны-ай, – деп налыпты. Бір күні дуал сыртындағы түйені көрген жапырақтар қымсына бастапты. Түйенің жайын аузы өздеріне қарай ашылғанда, әлгі жапырақ кірерге тесік таба алмай қалыпты. Бақытқа қарай түйенің кеудесін дуал тосып, аузы жапыраққа жетпепті. Зәресі ұшқан әлгі жапырақ сонда барып бойына жан шақырып: – Түрі жаман болғанымен, бізді қорғап тұрған осы дуал екен ғой, – деп дуалдан кешірім сұрапты.
Жалқау күшік
Бұрын бір ақ күшік болыпты. Ол сондай жалқау екен. Қыл аяғы біреу-міреу келе жатса, мыңқ етіп те үріп қоймайды екен. Бір күні иесі көшіп бір жерге барып қонып, ертесі тағы көшетін болыпты. Бірақ жалқау күшік бір түп бұтаның түбіне жата беріпті де, иесінің көшкенін білмей қалыпты. Иесі күшікті іздеп шақырғанда, ол жалқаулықпен оянбай қойса керек. Бір кезде күн төбеге таман келіп қарны ашқанда оянған күшік өзінің иен далада жатқанын бір-ақ біліпті. Айналасына жанталаса жүгіргенімен, ештеңе көрінбепті. Осы кезде күн бұлттанып, бұршақ аралас жаңбыр жауыпты. Бұршақ өн бойына тарс-тарс тигенде, күшік қыңсылап жылап қоя беріпті. Бірақ оның үнің естіген ешкім болмапты. Өне бойы малмандай су болған күшік тісі тісіне тимей сақылдап тоңыпты. Жаңбыр басылғаннан кейін, боран соғып, күшік тіпті қалтырапты. Жүгіре-жүгіре әбден әлі құрыған ол бір тастың түбіне келіп ұйықтап қалыпты. Бір кезде қарны ашып, тоңып, ояна келсе, түн ортасы екен. Жақыннан қасқырдың тықыры естіліпті. Мұны естіген күшік шошығанынан қозғала алмай қалыпты. Таң атқанша дірілдеп әбден қалжырапты. Таңертеңінде жол бойынан бір көшті көріп, жүгіріп келіп көшке қосылған екен. Көштегі иттер мен күшіктер оны жабылып талапты. Өзі аш, өзі тоңған күшіктің өне бойы сауыс-сауыс қан болып өлуге таяпты. Осы кезде жоқ қарап жүрген иесі үстінен түсіп, оны үйіне әкеліпті. Босағада ыңырсып жатқан күшік өзіне-өзі күбірлеп: – Бәрі де жалқаулықтың кесірі болды, – деп кейіпті. Ол содан бастап жалқаулықты тастап, түнімен үріп шығатын болыпты. Кейін келе қоян, түлкі, қасқыр алғанды қойып, аюмен алысқан жуан төбет болып шыққан екен. Бұлақ пен құрақ
Серуендеген бір топ бала аралдың әдемі көрінісіне қызыға қарап, табиғаттың көркемдігін мақтады. Мұны сырттан естіген бұлақ сыңғырлай күліп: – Барлық сұлулық менің бойымда тұр, – деп алақайлай шапқылады. Оны естіген құрақ: – Жоқ, барлық сұлулық менің бойымда тұр. Олар мені мақтады, – деді ырғала билеп. Сөйтіп, екеуі егесе-егесе келіп тау атаға шағынды. Тау ата оларға ләммим деп тіл қатпастан, бұлақтың суын бірте-бірте тартып тастады. Жағалауда сарғая қураған құрақ шөлдеген сайын: – Бұлақ досым, бұлақ досым, құтқара гөр! – деп жалынды. Жалына-жалына әлі құрып, сарғая жерге құлаған құрақ есінен адасып сұлық жатып қалды. Осы кезде тау ата бұлақ суын қоя береді. Бұлақ шапқылап келсе, құрақтың бәрі сарғайып жығылған, маңай жап-жалаңаш екен. Мұны көрген басқалар да: – Бұл бұлақтың бойы неткен көркісіз, – деп мұнда аяқ баспайтын болды. Бұлақ өзінің ағаттығын сонда сезіп, құрақтардың аузына су тамыза бастады. Есін жиған құрақ басын зорға көтеріп, бұлақты бас салып:
– Кешір досым, менің сенсіз күнім жоқ екен, – деді. Бұлақ та: – Досым, кешір, сенсіз менің де күйім белгілі екен, – деп оны жұбатты. Осыдан бастап бұлақ пен құлақ мәңгі айырылмайтын дос болды. Бұлақ бойының барлығының күні бүгінге дейін жап-жасыл болып тұруы әліге дейін жалғасып келе жатқаны сол достықтары екен. Үй гүлі мен қыр гүлі
Күндердің күнінде үй гүлі мен қыр гүлі кенет кезігіп қалыпты. Қыр гүлін бойына тоғытпаған үй гүлі: – Сыртынан қараса, сүйкімі де жоқ, жапырағы да бұжыр-бұжыр, өңін күн қақтаған мынау сиықсыздың кейпін-ай, масқара ғой! – деп ат бойын ала қашыпты. Қыр гүлі болса, самал желге желпіне басын көтеріп: – Досым, сен мені қор санама. Екеуіміздің де тегіміз бір, тек гүлміз, сен болсаң бағбандардың мәпелеуімен үйде өстің, мен өзім тамыр тартып, өзім бой созып, табиғат құшағында еркін өстім, – депті. Бұған үй гүлі онан арман шамырқанып: – Сенің далада өскеніңді қайтейін, менімен бой таластыруға қайтып дәтің барады. Түріңе қарасаңшы, деп онан арман шалқайыпты. Осы кезде самал жел қатайып, боранға айналып, іле-шала аспан бұлттап, бұршақ тарсылдап жауа бастапты. Боран мен жауған бұршақты елең құрлы көрмеген қыр гүлі онан арман құлпыра түсіпті. Ал жапырақтары тесіліп, өзі кірерге тесік таппаған үй гүлі қыр гүлінің жапырағының астына кеп паналап: – Досым, сен дұрыс айтыпсың, мен ешқандай жапа-машақат көрмей ерке өсіп, өмірден бейхабар қалыппын, ал сен ыстық - суықты бастан кешіріп шынығып өсіпсің, кешір мені, кешір! – деп көзіне жас алыпты.
Алма ағашы мен шынар
Бір аулада алма ағашы мен шынар қатар өсіп тұрыпты. Шынар сымбатты бойын мақтан етіп әр күні: – Бойым түзу шынармын, Биік көкке шығармын, – деп ән салады екен. Ал алма ағашы кішпейілдікпен төмен иіліп тіл қатпай тұра беріпті. Күздің қоңыр самалы есе бастағанда алма ағашының өн-бойы ауыр тартып, адамдар оның қып-қызыл болып піскен жұдырықтай-жұдырықтай алмаларына қызыға бастапты. Ал шынардың жапырағы сарғайып, оған ешкім қарамайтын болыпты. Алма ағашы болса жемісі толысып піскен сайын оны көпке ұсыну үшін жерге иіле беріпті. Үлкендер мен балалар алма ағашын қоршап алып, оның жемісін үзіп, ауыз жаппай мақтай бастапты. Алма ағашы сонда да мақтауларға желп етпей: – Көпке жеміс беру менің борышым, – дегеннен басқа ештеңе айтапты. Ал шынар байқұс ұялғанынан ендігі жерде мақтанып ән айтпайтын болыпты.
Әрі ол адамдардың алма ағашын мақтап: “Жемісті ағаш төмен иіліп тұрасың дегенін де естіп қалыпты.
Құмырсқаның өнері
Бірнеше құмырысқаның жабылып өздерінен үлкен бір шырпыны сүйреп бара жатқанын көрген қарға олардан: – Ой, шүкімайттар, сендер мына шырпыны сүйреп қайтпексіңдер, – деп келемеждей күліпті. Құмырсқалар: – Сарай саламыз, – десе, қарға онан ары қарқылдай күліп: – Сарай деп менің мынау ұямды айт, сендердің мына түрлеріңмен қандай сарай салмақсындар! – депті. Оны елемеген құмырсқалар әр күні бозала таңнан ақшамға дейін жанталасып жұмыс істей беріпті. Көп өтпей, көгалды жердің шетіндегі дөңестің жанынан төңкерген қазандай құмырсқалардың илеу сарайы бой көтеріпті. Терек басындағы ұясында жұмыртқа басып шығарған қарға бір күні балапандарын ұшырыпты. Болмашы желден қанаты майысқан балапан бір ықтасынға келіп қоныпты. Оның: – Ой, мына сарайды қараңдар, сарайды қараңдар, – деген үнін естіген енесі ол жерге ұшып келіп, әлгі илеуді көріп, таң-тамаша болып: – Ой, Алла – ай, құмырсқалардың мұншалық еңбекшіл екенін кім ойлаған, өздері титтей болғанымен біздің ұядан үлкен сарай салып алыпты, – деп таңданыпты. Сол кезде бұлардың үні естіген баяғы бірнеше құмырсқалар айғай салып: – Біздің сарайымыздан жазда жаңбыр, қыста қар өтпейді, Әрі жылы әрі кең. Егер біз сендердей үлкен болсақ, таудай сарай салар едік, – деген екен.
Бұлақ пен теңіз
Тау қойнауынан секеңдеп шоршыған бұлақ: Менің атым ақ бұлақ Аға берем шапқылап. Мөлдір маржан шашамын, Жағалауға атқылап,–деп өзің әлемдегі теңдесі жоқ суға, бағасы жоқ асылға бағалайды екен. Күндердің бірінде сел жауып, лай батпақ болған бұлақ суы ес-ақылынан айырыла домалап өзенге қосылыпты. Өзеннен теңізге құйылғанда есін жиған бұлақ айналасына қарапты. Ұшы-қиыры жоқ көк теңіздің шымырлап қана жатқанын көріпті. Ол сонда барып “нағыз ұлылық деген нәрсе айдын шалқар теңіздің асып таспай сабасында жатқаны екен-ау!” деп жалғыз тамшыдай жайын еске алып қатты ұялған екен.
Тоқылдақтың тәубасы
Тоқылдақ бала күнінен өте тентек болған екен. Ағаштан ағашқа ұшып, ағаштың діңін тесіп, тоғайды шулатып маза бермеген соң, Сүлеймен патша оған: – Оу, тоқылдақ бір уақыт маза берсеңші,– деп зекиді екен. Тоқылдақ болса оны құп алып: – Болады, тақсыр, болады, – деп ұясына қайтып кететін көрінеді. Ертесі таң сәріден уағдасын ұмытқан тоқылдақ тағы да ағаштарды тоқылдатып, елдің ұйқысын бұзатын болыпты. Сүлеймен патша оған тағы да ұрысса, ол тағы да уағда беріп, ертесі әдетін тағы да қайталайды екен. Әбден жалыққан Сүлеймен оған қатты кәрленіп: – Тәубеге келуді білмедің, енді ағашты тоқылдатпасаң тұмсығың қышып тұратын болсын! – деп теріс батасын беріпті. Сүлейменнің қарғысы тиген тоқылдақ расында ағашты тоқылдатпаса тұмсығы қышып тұратын дертке шалдығыпты. Бірақ патшаның кәрінен ұялып: “Бекерге тоқылдатқанша, ағаштардың құртын алып жарасын емдемеймін бе!”–деп сол күннен бастап “орман дәрігеріне” айналыпты. Бұл күндері үлкендердің арзан уағдалы адамдарға қаратып “Тоқылдақтың тәубесіндей” деуі, әне, сонан қалыпты.
Есек пен жираф
Ерте, ерте ертеде есек пен жираф дос болыпты. Ол кезде екеуінің бойы да бірдей екен. Таңертең екеуі екі бағытпен кетіп, тағам тауып келіп, кеште онысын бөлісіп жейді. Әрі оңашада әңгіме айтып, сыр шертіседі екен. Сонда есек тұрып: – Менің құлағым сондай тыңдағыш, аса сақ, әлгінде жайылып жүріп, жердің арғы бетінде өрмек тоқып отырған кемпірдің ұршығы жерге түсіп кеткенін естідім, – деп өтірік-шыны аралас көпірме сөзді көп айтады екен. Ал жираф болса: – Құлақ естігеннің бәріне сену қиын, көзбен көрген нәрсе нағыз шындық, – дейді екен. Осылайша есек әр күні өсек тасып, өтірікті айта-айта дауысы зорайып кетіпті. Ал жираф көп үндемейтін болғанымен, шындыққа көз жеткізем деп, алыстарға созылып қарай бергендіктен сұлу мойыны ұзарып кетіпті. Ақыры шыншыл жираф мен өтірікші есектің достығы екіге айырылыпты. Осы күнде есектің алыстан әлдененің төбесін көрсе, аңырап қоя беруі ішіне сыймаған өсекті айтқысы келіп, жирафны еске алған екен. Ал жираф болса, шындыққа көп жеткізем деп, әлі күнге дейін мойынын созып, алыстарға қарай беретін болыпты.
Доптың тағдыры
Әлемдік деңгейдегі аяқ доп бәсекелеріне қатынасқан ала доп қатты мақтаншақ болыпты. Ол сайыскерлер жағынан тебіліп, әуелегенде немесе
қарсы жақтың қақпасына кіргенде, қадалған жанарлар мен ұрылған шапалақтарды өз құрметі деп білді. Небір әлемдік саңлақтардың аяғынан қалса, аялы алақанынан түспейтін ол басқаларды көзге ілмеді: – Мендей доп жоқ, бар әлде, Біріншімін әлемде, – деп ән шырқайтын болды. Оған басқа доптар: – Барлығымыздың теңіміз бір, тебілуіміз бөлек, бір атаның баласымыз, бізді доп қылып тұрған ішімізге толған жел ғой!– десе, қара ала доп онан арман масайрап: – Мендей доп жоқ әр елде, Біріншімін әлемде, – деп онан арман даурығатын болыпты. Сол күндердің бірінде қатты тебілген ала доп, әлде қайда қаңғып барып шегеге ұрылды. “Тарс” еткен дыбыс қана шықты. Ол енді желге тойған кәдімгі ала доп емес, ұлтарақтай ғана былғарыға айналып қала берді. Жұрт оны таптап өтіп жатты. Әлдебіреу оны темір қысқышпен қысып алып, қоқыс сандыққа тастады. Қоқыс сандығының сасық иісінен құсқысы келген бейшара доп айғайламақшы еді, үні шықпай қалды. Осылайша мақтаншақтың соңғы тағдыры масқарамен аяқтады. Күн мен бұлт
Жер бетіне мейірлене шуақ төгіп тұрған күннің бетін бір мезет бұлт бүркеп алып: – Күн қанша шуақты болғанмен табақтай ғана, менің туырлықтай қанатымнан сәулесі тесіп өте алмайды, ха-ха-ха, – деп қарқылдап тұрып күліпті. Оның күлкісінен бүкіл дала күңіреніп, аспан шатырлапты. Ал күн болса, сол баяғы күміс сәулесін шашқаннан өзге дәнеңе айтпапты. Мұны “қорықтың деп жорыған бұлт онан ары кәрленіп, жер бетіне заһарын бүркіп, бұршақ жаңбырымен ұрғылапты. Күн сонда да тіл қатпапты. Осы кезде батыстан баяу жел көтеріліп, бұлттарды ыдырата бастапты. Берекесі қашқан бұлт шоғыры бірінен-бірі қашып, тұс-тұсқа жан сауғалапты. Кейбірі тозы – тозы шығып, жоғалса, бір бөлімі тауларға барып паналапты. Күннің шуағы жер бетіне төгіле бастапты. Бұлттың жәбірінен құтылған күллі тіршілік алтын сәулемен қауышыпты. Олар бір ауыздан: – Бұлт қара қанатымен бүкіл аспанды бүркеп алғанымен, бәрібір күннің көзін тоса алмады, – деп мәз – майрам болысыпты.
Тауықтардың саудасы
Бір аулада бес мекиен мен бір әтеш бар еді де, олар шарбақ торда қамалып ұсталатын. Күндердің бірінде сары мойын мекиен ауыр күрсініп: – Біз байқұстардың күні қандай десеңші, кешке дейін шарбақ торда боламыз, не сыртқа серуендей алмаймыз, бүйтіп көрген күніміз құрысын, анау суық торғайларды қарасаңшы, еркін ұшып-қонады, – деді. Оны құптаған шұбар мекиен де:
– Рас-ау, адамдар бізді қашанғы қамайды? – деп аспанға қарады. Бұлардың сөзін үнсіз тыңдап тұрған кәрі мекиен бір күрсініп алып былай деді: – Е, біз бен торғайларды қалай салыстыруға болсын, олар еркін жүргенімен, адамзаттың жауы, әрі пайдасы аз, ал біз болсақ, адамзаттың досымыз, адамдарға пайдалымыз, біз оларға пайда жаратып бермесек, бүгінгідей ырғын тұрмысыз да болмас еді, мәселен біздің етіміз, жұмыртқамыз оларға табылмайтын азықтық. Қазір адамдардың тұтыну бағасы өсті, біз күніне бір жұмыртқа тапсақ, олардың есебімен он теңге құн жаратамыз, бұл біздің еңбегіміз, есесіне тамағымыз тояды. Кәрі мекиеннің сөзі басқаларды мойындатқандай болды. – Рас, рас, мұның өзі сауда екен ғой. Біз жұмыртқаны көптеп табуымыз керек екен, – деді бұрыштағы екі мекиен. Бұлардың сөзін естіп: – Мен адамдарды ертемен оятып қолғабыс етемін, – деді қораз. – Көрінген жерден ұрлық қылып жан баққанша, тауықтардың саудасын үйренсек жөн екен ғой, – депті мұны естіп қалған бірнеше суық торғай, нағыз қорлықпен өткен өмір біздікі екен, біз де адалдықпен сауда қылсақ, тамағымыз тояды екен-ау! – деп күбірлесіп кетті олар.
Шырақ пен балауыз шам
Асылып тұрған шырақ терезе жақтауындағы балауыз шамды қағытып: – Балауыз шам – ау, мен тұрғанда босағадан сығалап неғып жүрсің?! – деп мырс етті. Оны кәперіне де алмаған балауыз шам: – Мәселе, сенің де, менің де халыққа қажеттілігімізде ғой, екеуіміз де тұрсақ болмай ма? – деді. Шырақ жағымсыз қарқылдап күлді: – Ха-ха-ха, сен де қажетсің бе, нұрың менің нұрыма жетпесе, адамдар сығырайтып не қылады, ха-ха-ха. Осы кезде белгілі себеппен ток желісі үзілді де, барлық үйдің шырағы сөнді. Үй иесі сіріңке тауып балауыз шамды жақты. Төмен қараған бойы басын көтермеген шырақтың екі беті қып-қызыл болып ұялып кетті. Балауыз шамның әлсіз сәулесі үй ішін жарықтандырып, оның бетін де айқын көрсетіп тұрды. Балауыз шам оған күлімсірей басын изеп қойды.
Қара нар мен ақ ешкі
Ерте, ерте, ертеде қара нар мен ақ ешкі дос болыпты. Қара нар болса қашанда жүктің ауырын таңдап көтеріп, ешкі досына көмектесуден жалықпайды екен. Ал ақ ешкі болса ыстық болса тасқа секейіп шығып алып, суық болса қораға тығылып, қиындықтан қашып жүреді екен. Бір күні қара нар ешкі досының жалтақойлығын жақатпай: – Досым өмірге келген ссоң ыстықты да, суықты да. ауырлықты да, жеңілдікті де көресің. Бәріне көне білуің керек, – деп ақыл айтыпты. Мұны елемеген ақ ешкі:
– Мен болсам биік жартасқа шығып аламын. Шөптің Сонысын жеп, судың тұнығын ішемін. Қой екеш қой да маған ілесе алмайды. Жүнім де аппақ, – деп нардың ақылын тыңдамапты. Күндердің күнінде бұлар алыс сапарға шығыпты. Жол бойы күн қатты ысыпты. Жазық даласа көлеңке боларлық бір тал ағаш жоқ. Су екеш су да кезікпепті. Күннің ыстығына шыдамаған ешкі жон терісі өртенердей болыпты. Тілі ауызына симай шөлдепті. Жүруге дәрмені қалмай қалған ешкіге нар өз көлеңкесін сыйлап: – Менің көлеңкеме келіп, ақырын ілесіп отыр, – деп бауырмалық білдіріпті. Енді бірде күннің көзіне бұлт ілініп, жаңбыр жауып боран соғыпты. Жауын аяғы бұошақ араласқан нөсерге ұласыпты. Кірерге тесік таппаған ешкі: – Мә, мә, енді қайттым?! – деп жылап жіберіпті. Нар болса маң-маң басқан маңғаз қалпынан жазбай нөсерлі дауылға қарсы жүре беріпті. Нарға ілесе алмаған ақ ешкі ақырында құлап түсіпті. Ес-түссіз жатқан ешкіні арқасына көтерген қара нар ауылға аман-есен оралыпты. Нардың жұмсақ шудасының жылуынан жаны қалған ақ ешкі есін жиған соң одан кешірім сұрап: – Сіздің ыстыққа да, суыққа да төзе білу керек деген ақылыңызды тыңдамап ем. Соның кесірінен өлім ауызына барып қайттым. Кешіріңіз мені, – деп аяғына жығылыпты. “Нардай төзімді бол” деген қазақ сөзі содан қалыпты.
Бал арасы мен қара қоңыз
Ұшып бара жатқан бал арасы малдың жас тезегін домалатып бара жатқан бір топ қара қоңыздың: “Дайын тамақ табамыз, Үйімізге барамыз” – деген әнін естіп қалыпты. Сосын ара оларға: – Сендердің де мен сияқты ұша алатын қанаттарың бар. Денелерің менен үлкен болмаса, кіші емес. Кешке дейін тезекпен айналысқанша гүлдің шырынын, шөптің нілін сорып неген өмір сүрмейсіңдер? – деп ақыл айтыпты. Сонда қоңыздар: – Ой, сен сияқты тау – тасты кезіп қиналғанша, кез келген жерге жапалап кеткен малдың жас тезегімен қоректену бізге әлде-қайда оңай емес пе! – деп шулап қоя беріпті. Олардың өзінің сөзіне иланбасын білген ара жасыл беткейге ұшып барып, алуан гүлдерден шырын жия беріпті. Әрі әр күн сайын жол бойынан ұшып өткенде жас тезекті домалатқан қоңыздарды көріп іштей қорланады екен. Сонан, қоңыздарға құрғақ ақылдың өтпесін білген бал арасы күндердің бірінде оларды қонаққа шақырыпты. Алдарына қойылған дәмді балдан бас алмаған қоңыздар арадан мұндай тәтті нәрсені қалай жинағанын сұрапты. Ара оларға:
– Мен жерге жарық түскеннен қара кешке дейін ұшып гүлдерді аралаймын. Олардың тәтті шырынын жинап, осы балды жасаймын. Адал еңбектің жемісі қашан да дәмді болады ғой, - депді. Қоңыздар қонақ асыдан шыққан соң екі жақ болып төбелесіпті. Бір тобы: “Біз де ара сияқты еңбектеніп тәтті бал жинайық” – десе, енді бір тобы: “Өйтіп жанды қинағанша өзіміздің дайын тезегіміз әлде қайда артық емес пе!” дейді екен. Сөйтіп қоңыздар тобы екіге бөлініпті. Ал бұл күндері әдемі бақтар мен жасыл жайлауда гүлге қонып жүрген қоңыздарды көреміз. Олар әлгі араның ақылын алып, адал еңбек қуғандар екен. Ал одардың бір тобы сол баяғысынша малдың жас тезегін домалатып ата кәсібімен айналыса беріпті. Гүлдің шырыны мен шөптің нілін сорған сайын тамсанған қоңыздар: – Адал еңбектің жемісі шынында тәтті болады екен ғой, – деседі екен.
Еріншек мысық
Бұрынғы заманда бір еріншек мысық болыпты. Ол күн бойы ұйықтап, ұйқысы әбден қанғанда далаға шығады екен. Бір күні оны есік алдында жолдықтырған күшік: – Достым-ау, жаңа тұрдың ба? Күн болса түс болды ғой, – депті. Сонда мысық: – Ұйқым әлі қанған жоқ. Қарыным ашып ояндым. Қарыным тойса қайта ұйқтаймын, – депті. Күшік оған: – Достым, ұйқыдан не түседі, онан да орманға барып бой жазып келмейміз бе? – депті. Ал мысық болса, алдынғы аяғын сілекейлеп, онымен көзін сүртіп тұрып: – Шаршап тұрмын, – деп жауап қайтарыпты. – Орманға бармасаң да бірімізді біріміз қуалап, жасырынбақ ойнасақ қайтеді? – деп жабысыпты күшік оған. Ал мысық болса: – Аяғым ауырып тұр, – деп үйге қарай бұрылыпты. – Осылайша неге болса да еріншектік етіп, әбден жалқауланған мысық иесінің берген тамағына тойып алып ұйықтағаннан басқаны білмейтін болыпты. Мұны көрген иесі күндердің бірінде оның көзін таңып, торбаға салыпты да иен орманға апарын тастады. Ұйқтап жатып өзінің қайда апарылғанын білмеген мысық қарны ашып оянғанда қалың ағаштың арасында жатқанын көріпті. “Мияу, мияу” деп қанша бақырғанымен оған ешкім келе қоймапты. Орман іші қарауытып кеш болыпты. Екі көзі шоқтай жайнаған үкі оған тап беріпті. Ажал аранындай барбита жайылған тегеуіріннен зорға құтылған оның алдынан қасқыр ұлыпты. Енді бірде тасыр-тұсыр еткен дыбыстар шығып, үріккен арқарлар табанының астына жаншып кете жаздапты. Әбден қалжыраған мысық таң ата қалғып – шұлғып келе жатса, алдынан әлде не қатты ысылдапты. Қараса оны жұтқалы тұрған айдаһар жылан екен. Өлдім-талдым дегенде зорға құтылған мысық енді ағаштың басына шығып
алыпты. Бірақ, кезқұйрық қанатымен соғып жерге домалатып жіберіпті. Түні бойы ұйықтамаған ол қарны әбден ашып, торғай, тышқан тектес бірдеме ұстап жейін десе оның амалын да білмейтін болып шығыпты. «Бүріскен мысыққа бүрге үйір» дегендей оның өн бойына бит – бүрге жабысыпты. Маса – шіркей көзін аштырмай қанын сорыпты. Анда-санда құрғақ су ішіп, аң құстың жемтігімен ғана өлместің күнін көрген мысық енді бірде орманға бет бұрып келе жатқан аншыларды көріпті. Жерді иіскеп, айналасын тіміскілеген жүйрік тазы мұны көріп қалып тап беріпті. Жандәрмен қашқан мысықты тазы ілесімге қуып жетіпті. “Өлдім” деп көзін тас жұмған мысық талып қалыпты. Ол көзін ашқанда өзіне қарай шоқиып отырған тазыны көріпті. Тағы қашпақ болған мысыққа тазы: – Достым-ау, мен сені танымай қалыппын, – деп тіл қатыпты. Сөйтсе ол өзінің баяғы күшік досы екен. Оның бетіне тура қарай алмаған мысық жылап жіберіпті. Өзінің еріншектігінен, жалқаулығының кесірінен тартқан азабын айтып, көз жасын көл қылыпты. Оны жұбатқан тазы: – Өткен іс өтті. Ол енді қайта оралмайды. Бұдан былай жан бағуды жақсылап үйрен. Сен басқалар үшін еңбек етсең олар да сені сыйлайды. Бейнеттің де зейнеті бар, – деп ақыл айтыпты. Әрі тазы мысық досына бір қоян ұстап беріпті. Қоянның етіне тойып, есін жиған мысық орманнан шығып адамдар отырақтанған ауылдарға қарай беттеген екен.
Ақылды қарлығаш
Үйдің дөдегесіне балшықтан ұя жасап жатқан қарлығашқа суық торғай: – Сонша әуреленіп балшық тасығанша біз сияқты қораның қуысына неге жұмыртқаламайсың? – депті. Сонда қарлығаш: – Досым-ау, еңбегің ауыр болса жұмысың тәуір болады. Қораның қуысына салған ұяңа жылан шығады. Балалар қолын созады. Одан да үйдің мәтшәсіна жапсырып салсаң жақсы ғой... – деп ақыл айтыпты. Торғай болса: – Әй, ақымағым-ай, – деп сөздің соңын күтпей ұшып кетіпті. Күндердің күнінде қарлығаш өзінің сүйкімді балапандарына жем тасып жүріп, қораның төбесінен шыр-шыр етіп зар илеген торғайды көреді. Қарлығашты көрген торғай онан бетер шырылдап: – Құтқарыңдар, құтқарыңдыр! – деп зар илейді. Сөйтсе шұбар жылан торғайдың балапандарына қарай өрмелеп ұяның аузына таяп қалыпты. Сол кезде қарлығаш қас пен көздің арасында көгалды төске қарай ұша жөнеледі. Мұны көрген торғай қарлығашты қашып кетті деп ойлап, онан бетер шырылдайды. Жылан ұяға таяп қалады. Ілезімде оралған қарлығаш ауызына тістеген тәуетті торғайдың ұясының ауызына жеткізеді. Сол – ақ екен тәует пен жыланның айқасы басталады. Кіп-кішкентай тәуетті менсінбеген жылан оның қылғи салмақ болады. Ал тәует тікесінен тік тұрып оған бетпе бет келеді. Ысылдап тура ұмтылған жылан кенеттен жерге құлап түседі. Қылыштай ұзын сирағын сер ұстаған тәует оның екі көзін ағызып
жіберген екен. Жерге домалап түсіп аунақшып жатқан жыланды қарлығаш шоқып – шоқып өлтіреді. Қас пен көздің арасында болған айқасқа таң тамаша болған суық торғай қарлығаштың ақылы мен ерлігіне қатты ыразы болады. Ол: – Қарлығаш досым – ау, бір кезде сені мазақтап, ақылыңды тыңдамап едім. Сен болмағанда көген көз балапандарым сұм жыланға жем болатын еді. Сен нағыз адал дос екенсің, – деп қарлығаштың алдында зар илеп жылапты. Құмырысқалардың еңбегі
Өмірге жаңадан келіп, аяғын енді-енді басқан кішкентай құмырысқа өзінен әлдле қайда үлкен шырпыны көтермекші болады. Бірақ, қанша тырбынса да көтере алмайды. Оның қылығын көрген анасы: – Балам, өте ауыр шырпыны жалғыз көтергенше, ағайынды бірнешеуің бірлікте көтерсеңдер болмай ма? – длеп ақыл айтады. Ал кішкентай құмырысқа болса анасының тілін алмай тағы бір үлкен шырпыны көтермекші болады. Бәрі бір көтере алмайды. Осы кезде оның қасына жетіп келген ағасы шырпының бір басын көтереді. Сөйтіп, ағайынды екеуі әлгі шырпының екі басынан көтеріп, илеуге әкеледі. Мұны көрген анасы: – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген осы. Әр қандай істі бірігіп тындырсыңдар тасты да, тауды да көтеретін үлкен азамат боласыңдар, - деп мадақтайды.
Құстардың бағалауы
Ерте, ерте, ертеде құс патшасы құстардың тәртібін, берекесін, тазалығын тексеру жарысын оздырады. Жарысқа мың бұралған тоты құс, аппақ болып таранған аққу құс, қанатынан гүл өрген тоты құс, ұзын мойын тырна, ең аяғы қарға-құзғын, торғайларға дейін бәрі жиналады. Жұрт таза құс ретінде аққуды таңдайды. Себебін сұраған патшаға олар: – Аққу әдеміліктің көркі ғана емес, айдын көлдің тұнығында жүреді. Момын құстарға жауыздығы жоқ. Өмірге ақ күйінше келіп, ақ күйінше кетеді. Сырты қандай ақ болса, іші де сондай ақ, – деп жауап береді. Патша басын изейді. Жұрт ендігі жерде тәртіпті құс ретінде тырнаны көрсететі. Себебін сұраған патшаға олар: – Тырнаның сырты аса көрікті болмаса да, ол тәртіпке үйренген құс. Балапаны жұмыртқаны жарып шыққан күнінен бастап, оны жүріс-тұрысқа, тәртіпті ұшуға баулиды. Тырналар қанша көп болса да бір ғана басшыға бағынады. Оның бастаған бағытымен аспанның өзінде тізіліп ұшады. Дауыл соғып, нөсер жауса да олар қиындықты бірге көріп, қатарын бұзбайды, – дейді. Патша бұған да басын изейді. Жұрт ендігі жерде береке ұйтқысы ретінді көгершінді көрсетеді. Себебін сұраған патшаға олар:
– Көгершіндер бірінің ауызындағы дәнді екіншісіне бөліп беретін берекелі де, момындығымен ерекшеленеді. Олардың бір-бірін қанға бояп, таласқанын ешуақытта көрмейсіз. Қайта өздері түгілі, өзгелерге де көмектесетін таза табиғаты бар, – дейді. Патша мұны да жөн көреді. Осылайша, аққу, тырна, көгершін осы реткі бағалаудың бас жүлдесін жеңіп алады. Осыдан бастап, қаз бен үйрек аққуды ұстаз тұтады. Саралақаз бен қоңырқаз тырналардан үйренетіндерін білдіреді. Қарлығаш болса көгершінге шәкірт болады. Бұл күндері олар әр күні таң болзынан оянып, келесі сайлауды асыға күтеді екен.
Бұзау мен құлын
Бұзаудың арқасы қатты қышып, оны енесіне айтады. Енесі бұзаудың арқасын тілімен жалап, оған көмектеседі. Мұны көрген құлын енесіне шапқылап келіп: – Мама, мама, сиыр өзінің бұзауының арқасын тілімен жалайды екен. Сіз де менің арқамды жалап беріңізші, –дейді. Мамасы оған күліп: – Құлыным-ау, әр жануардың өз ерекшелігі болады. Сиырлар мөңірейді, түйе боздайды, қой маңырайды, жылқы кісінейді. Сол секілді олардың әдеттері де ұқсамайды. Сиырда мүйіз бар, бізде жал бар. Сиыр тілімен жалайды. Біз иегімізбен қасимыз. Келеғой арқаңды қасып берейін, –дейді. Әрі жанына келегн құлынның арқасына иегін салып, еппен үйкей бастайды. Рахаттанған құлыны: – Қандай рахат, қандай әдемі! – деп кісінеп жібереді. Бұларды көрген бір топ торғай: – Неткен керемет бауырмалдық, – деп өз ұялары жаққа қарай ұшы жөнеледі.
Тентек қошақан
Қошақан аса тентек болды. Ол лақтармен бірге тастан тасқа секіріп, жар басында ойнақ салатын еді. Енесі оған: – Айналайын қозым-ау, тентек болма, - деп үнемі ақыл айтатын. Ал қошақан болса: – Қозы емеспін қошқармын, Биік таудай асқармын, – деп әндетіп өз бетінше кететенді тапты. Ол кейде қойлардын оза жайылып кетсе, кейде ойын қуып топтан бөлініп қалатын. Күндердің бірінде қатты жаңбыр жауып, даланы тұман басты. Қошақанның енесі: – Мәһа, мә,мә, қошақаным. Мәһа мә,мә, – деп іздесе қошақан да оған: – Мәһа, мә,мә, адаспаймын мама, – деп жауап беретін. Бірақ, қалың тұман ештеңені көрсетпей, ол өзінің адасып қалғанын білмейді. Кенет, бұталардың
арасынан жылтыраған шырақтар көрінгендей болады. Қошақан соған қарай жүгіреді. Мәссаған! Алдынан қасқыр көрінеді. Қошақан тұра қашады. Қасқыр қуады. - Мама, мә,мә, мама, - деп жылап келеді. Қашып келеді. Қошақанды қуып жеткен қасқыр оның бір сирағынан тістеп лақтырып жібереді. Осы кезде қасқырдың алдынан мүйізі шаңырақтай екі қошқар шығады. Қошқарлар қасқырға тап береді. Қасқыр қашып кетеді. Қошқарлардың қасына қошақанның енесі де келеді. Олар талып жатқан қошақанды зорға тұрғызады. Қошақанның бір аяғы ақсақ болып қалады. Қошақан анасынан кешірім сұрап жылайды: Мама, енді ешқайда кетпеймін. Мә, мә! – дейді. Сөйтіп, осыдан бастап, «бөлінгенді бөрі жейді» деген мәтел тарапты.
Торғайлардың дауы
Үйдің жанындағы бәйтерекке қонған торғайлар бір-біріне есе бермей әңгіме дүкен құрады. – Осы біздер неткен шешенбіз, – дейді біреу. – Бізге Алла –Тағала тіл мен жақты берген ғой. Күні бойы сөйлесек те жағымыз талмайды, – дейді екіншісі. Тағы біреуі: – Тауықтарды айтам-ау, күні кешке дейін үндемей қалай жүреді екен, – деп таңдай қағады. – Тауықтардың төресі қораз таң атар атпас елді ұйқысынан шошытып, бір екі айқайлағаны болмаса ол да белгілі ғой, - дейді тағы бір торғай. Осылайша олар күні бойы дауласады. Дауды естіген қарлығаш торғайлардың қасына ұшып келеді. Әрі олардың неге дауласқанын біледі. Сонда қарлығаш оларға: – Көп сөйлеген сөздің дәмі аз болады. Таңертеңнен кешке дейін сөйледіңдер, сонда не бітірдіңдер? Ана қоразды қараңдаршы, олар тәңертең ерте бар әлемді ұйқысынан ояту үшін бір-ақ рет шақырады. Оның дауысын тыңдаған бүкіл тіршілік оянады. “Таң атты” деген жалғыз ауыз сөздің өзі ат басындай алтынға бергісіз, – дейді. Торғайлар ұялып жерге қарайды. Қораз болса шашақты айдары нұрланып қарлығашқа: – Рахмет, рахмет. Қо,қо,қо, – деген екен.
Әтеш пен бұлбұл
Ерте, ерте, ертеде әтеш пен бұлбұл араларынан қыл өтпейтін тату дос болыпты. Ол кезде екеуінің дене-тұрқы да ұқсас екен. Күндердің күнінде тау қойнауындағы ұяларының қасынан өтіп бара жатқан аспан перизаты әтеш пен бұлбұлдың: – Біз әнші болсақ қандай жақсы болар еді? – деп армандап отырғандарын естіп қалыпты. Ол мұны естігеннен кейін олардың қасына келіп әнші болуды
қаласа, үйрететіндігін айтыпты. Әтеш пен бұлбұл қуана келісіпті. Сонымен олар әнші перизаттан өнер үйрене бастапты. Бұлбұл орнынан таң сәріде тұрып, өнерге жаттығумен айналысады екен де, әтеш ұйқышылдау болып, кеш тұрады екен. Оның үстіне ол өзінің қызыл айдарын мақтан көріп, өзін бұлбұлдан артық санап жүріпті. Екеуіне бір жыл өнер үйреткен әнші перизат оларға: – Сендер көп өнер үйрендіңдер, ендігі мәселе, сол өнерлеріңді өздерің дамытуларың керек, үзбей жаттықсаңдар өрелі өнерге ие боласыңдар, мен енді бір жылдан кейін келіп, екеуіңнен сынақ аламын, – депті де көзден ғайып болыпты. Әтеш пен бұлбұл ақылдасып, екеуі екі тауда тұрып,өнерлерін жетілдіруге келісіпті. Бұлбұл таңнан жағы талғанша сайрайтын болыпты, тіпті оның үнін ормандағы аңдар мен құстар да қызыға тыңдайды екен, ал әтеш болса өзінің дауысының зорлығына сеніп, күні бойы ұясына кіріп, ұйықтаумен болыпты. Ол үнемі ұйықтағандықтан, боғағы салақтап, семіре бастапты. Әрі құйрығы да ұяда үнемі жатқандықтан, қайырыла-қайырыла қайқая дөңгеленіпті. Сөйтіп ол бір жылдың өткенін де сезбей қалыпты. Уағдалы уақытта бұлбұл мен әнші перизат оны іздеп келіпті. Ұйықтап жатқан жерінен оятып алса да, әтешті әзер таныпты. Әтеш болса ерекше семіргендіктен, әуелгідей ұзаққа ұша алмайтын болыпты. Әнші перизат бұлбұл мен әтешті қатар тұрғызып, жеке-жеке сынақ алыпты. Бұлбұл құйқылжыта сайрағанда, әтеш шаңына да ілесе алмай қалыпты. Бұлбұлдың соншама өнер үйренгеніне қайран қалумен бірге өзінің күні бой ұйқымен болғанын ойлап қатты ұялыпты. Ол іштей ұйқысын азайтуға ант етіпті. Әрі содан бастап әр күні ертемен тұрып өзінің зор дауысы арқылы басқаларды оятып, ізгілікті іс істеу байламына келіпті. Сөйтіп өз кінәсін мойнына алуды ойлапты. Сол күннен бастап әтеш ұша алмайтын болып қалыпты да, оның есесіне таңнан тұрып шақыратын болыпты. Ал бұлбұл өзінің өнерін қанағат тұтпай, күні бүгінге дейін жаттығады екен.
Әділетшіл бақа
Бақа кезінде өте әділетшіл болыпты. Ол әрі сол шақта аңдардың тобында екен де, әдемі қызыл қоңыр жүні, ебедейлі төрт аяғы бар екен. Күндердің бірінде бақа арыстан мен жолбарыстың үстінен аң-құс тәңіріне шағым беріпті. Олардың бейуаз аңдарды қалағанынша қырып-жойғаны мен зорлық-зобалаңын мейілінше әшкерелепті. Мұны естіген аң-құс тәңірі арыстан мен жолбарысты алдырып, оларды тергеуге алыпты, әрі жолбарысқа жүз дүре, арыстанға жүз күндік құрсау жазасын кесіпті. Ол кезде жолбарыс біріңғай қызыл сары өңді екен, дүре аямай соғылғандықтан, оның денесіне оса тиген қамшы қара теңбіл дақ салыпты. Осы күнгі жолбарыстағы белдеу теңбіл сол дүренің ізі екен. Ал арыстанның денесі құрсауға салынып жүз күн қысылғандықтан, оның басы бұрынғы қалпын сақтап жуан болып
қалғанымен, дене-тұрқы одан жіңішкеріп кетіпті. Осындай ауыр жазаға ұшыраған арыстан мен жолбарыс бақаға қатты өшігіпті. Одан кек алудың орайын қарастырыпты. Сөйтіп, олар бақаның таудың етегінде жайылып жүрген орайында үйдей тас домалатып, оны бастырып тастапты. Бірақ, әділетшіл бақа бұған өле қоймапты де, “бақ-бақ-бақ” деп зарланып жата беріпті. Бақаның мүшкіл халін көрген жан-жануарлар оның әділет жолында жолыққан қиындығына жандары ашып, оған тамақ, дәрі шөп әкеліп беріпті. Бірақ тасты аударып оны құтқара алмапты. Арыстан мен жолбарыс аң-құс тәңіріне бақаны шағып: – Бақа құстардың жұмыртқасын қидай сыпырып жүріп, тастың жақпарын қазып жатқанда, тас домалап жазым болды, – дейді. Әрі оны аң-құстар тізімінен өшіртеді. Бақаның халін көрген жан-жануарлар оны құтқарудың жолын қарастырып бас қатырады. Сонда су тышқан орнынан секіріп тұрып: – Таптым, таптым, – деп алақайлайды. Ол соны айтып бақа жатқан жердің қасындағы қара судан бақаға қарай ін қазады, іннің аузын бақаның астынан шығарады, әрі ауызды кеңіте қазып, бақаны жерасты жолымен қара суға алып түседі. Бұл кезде тасқа ұзақ басылып жатқан бақаның басы жалпайып, аяқтары да жазылмай бүгіліп қалған еді. Ол енді аң-құстар арасында жасай алмайтынына көзі жетіп, қара судағы тышқанмен достасады. Ол кезде су тышқанның үстінде жүн жоқ, балық тектес жылтыр қара еді, оның өзінің жүніне қызыға қарай бергенін сезген бақа: – Мен енді аңдардың арасында жасай алмайтын болдым, әрі денем де сиықсызданып кетті, сен мені ажалдан арашаладың, жүнімді саған берейін,– деп жүнін су тышқанға береді. Содан бастап су тышқанның үстінде қызыл қоңыр жүн пайда болады да, бақа су мен құрлықта жасайтын қос мекенді жануарға айналады. Жазықсыз қорланғанына ашынған бақа көл бойларында түнімен айғайлап: Бақ, бақ, бақ, Ісім менің ақ, ақ, Бақ, бақ, бақ, Ісім менің ақ, ақ, Бақ, бақ, бақ, бақ! – дейді. Осы күнгі біз естіген бақалардың бақылдағаны, әне, сол әділетті бақаның өзін ақтаған жан айғайы екен.
Төрт түліктің төрелігі
Күндердің бірінде төрт түліктің арасында “ мінез-құлық бағалауы болады екен ” деген сөз тарапты. Мұны естіген барлығы да өз жақсылықтарын ауыз жаппай мақтай бастапты. Түйе: – Қара жердің қайығы менмін, бойым еңгезердей, күшім баршылық, шудам жібек, шұбатым тамақ, – деп мақтанады екен. Жылқы:
– Мінсе көлік, шапса жүйрік, қымызым – дәрі, жал-құйрығым бағалы, жал – жая, қазы-қарта, еттерім дәмді, – деп бөсетін болыпты. Сиыр: – Бағым талғамаймын, етім дәмді, артса, жексе көлікпін, сүтім балбұлақ, – дейді екен. Қой: – Етім жұмсақ, терім киім, сүтім кәусар, – деп қатардан қалмайтын ыңғай танытады екен. Ақыры олар күткен бағалау да келіпті. Бағалау кең қорада өткізілетін болыпты да, бас бағалаушы адам екен. Бірақ олар қораға жиналып ұзақ тұрса да, бағалау басталмапты, тек адам оларға көз салып қана біреуді тосқандай отыра беріпті. Бұл күйден жалыққан төрт түлік өзара әңгіме қозғап, әркім өзінің бағалауда ұтатындығын көлденең тартып керіске түсіпті. Түйе басқаларды кеудесімен соғып, маңына жынын шашып бақырыпты. Жылқы маңындағыларды теуіп тістепті. Сиыр басқаларды мүйізімен іреп сүзіпті. Тек қой ғана бұрышқа тығылып тыныш тұра беріпті. Бір кезде адам бағалаудың аяқталғандығын жариялапты. Бұған аң-таң болған төрт түлік “Бұл қалай болды?” деп шұрқырасыпты. Сонда адам: – Біз мінез-құлықтарыңды бағалауды сіздердің іс-жүзіндік жағдайларыңыздан іздедік. Түйе бақырауық екен, жылқы тебеген екен, сиыр сүзеген екен, ал қой бұл жолғы бағалаудың жүлдегері болды, – деген екен.
Жылан мен шөжелер
Бір топ шөженің алаңсыз жайылып жүргенін көрген жалпақ басы шұбар жылан оның бірін қылғуды ойлады. Ол осы ойын жүзеге асыру үшін кенеттен шабуылға өтіп, шөжелерге ұмтылды. Тұтқиыл шабуылға өтіп, шөжелерге ұмтылды. Тұтқиыл шабуылдан ес-ақылдарынан адасқан шөжелер бей-берекет бытырай қашты. Жылан соңында қалған бір шөжені қылғып тыныш болды. Үрейленген шөжелер қашқан бойы ұясына келіп, қызыл қоразға шағынды. Қызыл қораз оларға: Сендер жылан ұмтылғанда, өзіне қарсы шабуылдасаңдар жеңіске жетесіңдер, берекесіздік түптеріңе жетеді,–деп кеңес береді. Бұл кеңестен кейін өзара ақылдасқан шөжелер ендігі жерде жыланға төтеп берудің қамын жасайды. Ертеңінде жайылып жүрген шөжелерге дәндеген жылан тағы да ұмтылады. Бұл жолы ол барлық шөженің біреуі алдымен жыланның бір көзін шоқып жібереді, енді біреуі және бір көзін шығарады, тағы біреуі құйрығынан тартып сілкілейді, біреуі төбесін тоқылдата шоқиды. Ары-бері арпалысқан жылан көзінен де, әл-қуатынан да айырылды, шөжелер оны шоқып өлтіреді. Өздерінің жыланды өлтіргеніне мәз болған шөжелер: – Күш бірлікте екен ғой, – деседі.
Бұғының бұзауы
Бұғының бұзауы енесінен алыстап жайылып жүріп бұрын көрмеген екі дәу аңды көріпті. Қайтып келіп шешесіне: – Орманның арасынан екі дәу көрдім, бірі қатты қорқынышты екен, зәрем ұшып кетті, енді бірі сүйкімділеу көрінді, өңі де әдемі екен, – деді. Енесі: – Ол қандай аңдар екен, айтшы? – деп сұрады. Бұзау: – Оның бірі ерекше дәу, екі құлағы бар, иірілген сұмдық жаман тұмсығы бар, айқасқан екі тісі орсиған, күлгін қара көк түсті мақұлық, – деді. Енесі күліп: – Ол піл деген дәу, бірақ ондай қорқынышты емес, басқаларға жәбір көрсетпейді, жақсы айуан, – депті. Әрі: – Енді біреуі қандай аң? – деп сұрапты. Бұзау: – Әдемі құлағы бар, сұлу қара мұрты, шұбар теңбіл, ұзын құйрық, басқаларға қарауы да момақан, жүрісі жеңіл, – деп түсіндіріпті. Сонда енесі: – Е, ол жолбарыс деген жауыз, оның түрі әдемі көрінгенмен, өзі нағыз жыртқыш, ол біздің ата жауымыз, балам, жауыздық пен бауырмалдықты түске қарап ажыратуға болмайды, – деген екен. Торғайдың балапаны
Суық торғай кілеттің дөдегесінен бір қуыс тауып, оған мамық жүн тектес ұсақ жұмсақ нәрселер әкеліп ұя салды. Онан соң кішкентай балапандарының дүниеге келуің асыға күтіп жұмыртқа басты. Ақыры жұмыртқаны үшкіл сары тұмсықтарымен жарып шығып, балапандар да бір-бірлеп дүниеге келді. Ең алғаш көзін ашқан балапанның бірі ұяның қабырғаларына қарап шиқ-шиқ етіп: – Апа, апа, біздің ұя не деген кең, ә! – деп сұрады. – Иә, біздің ұя кең, – деді шешесі аузына тістеген шегірткені оған беріп жатып. Балапандар бір-екі күнде-ақ түгел жұмыртқа жарып шықты. Бір ғана жұмыртқа шіріген екен, оны ана торғай сыртқа шығарып тастады. Балапандар енесіне жармаса шулап: – Маған, маған, маған тамақ! – деп таласа аузын ашатын. Енесі әкелген азығын оларға бөліп беріп: – Тағы да, тағы да әкелемін, – деп кең жайылымға, не болмаса жусаңды қырға қарай ұшып кететін. Әлгі ересек балапан жанталаса ұяның ернеуіне жақындап енесінен: – Апа, апа, ұяның аузы не деген кең, ә! – деп сұрады. Енесі оған: – Иә, біздің ұяның аузы кең, – деді. Қара қанаттана бастаған балапандар енді қанаттарын әлсіз қағып, ұяның аузына қарай ентелейтін болды. Енесі жоқта ұяның аузына келген әлгі балапан: – Охо, дала не деген кең, біздің ұямыз не деген биік, – деп айғай салды. Жақын маңнан ұшып келген шешесі оған ұрсып:
– Енді ұяның аузына шықпа, домалап кетесің, домаласаң аңдыған ала мысық иә шұбар жылан қағып әкетеді, – деп зекіді. Балапан оған: – Біздің ұя соншалық биік тұрса, олар қайтып шыға алсын, біздің ұямыз шынында биік, ә? – деді. Шешесі: – Иә, біздің ұямыз биік, – деді оған. Күндер өте келе балапандар қара қанаттанып, енесі оларға ұшу машығын үйретті. Онан соң бірден сыртқа шығарып ұшыра бастады. Бәрі де қанаттарын тырмыса сермегенімен, ұзақ ұша алмай жақын маңдағы ағаш басына қонды. Әлгі балапан тағы да: Охо, ағаш не деген биік, ұядан да биік екен ғой, – деді. Енесі: – Иә, ағаш биік, – деді. Балапандар қанаттарын қаға жүріп, жанталасып ұшуды да үйренді. Енді олар биікке де ұша алатын болды. Енесімен қатарласа биік тау басына ұшып шыққан әлгі балапан тағы да: – Охо, дүние не деген кең! – деп алақайлады. Енесі оған: – Рас дүние кең, сен балапан шағыңда ұямыз кең деп едің, онан ұяның аузы не деген биік деген едің, енді тауға шығып айналаны кең екен дейсің, бұдан биік шырқауға ұшып шықсаң, онан да көп нәрсені көресің, – деді. Балапан: – Мен сөзсіз күн сайын ұшуға тырысып, мұнан да биікке, мұнан да алысқа ұшамын, – деп енесіне серт берді. Сонан бастап әлгі балапан үзбей ұшуға жаттыға беріпті, жаттыға беріпті. Бала мысықтың кешулері
Дән теріп жүрген тышқан, кенет шөптің арасынан екі мұрты едірейген, құлағы тікірейген тарғыл бала мысықтың өзіне төніп келе жатқанын көрді. Көрді де тым-тырақай қашты, бала мысық тұра қуды. Зәресі ұшқан тышқан қашқан бойы ініне кіріп кетті. Бала мысық сыртта қалды. Бірақ інге кірген тышқанға іннің түбінен жылтырай жарқыраған екі көз көрінді. Мәссаған! Жылан екен. Тышқанды жеу үшін оның ініне кірген жылан енді тышқанды көре салысымен, оған тап берді. Іннің аузына қарай қашқан тышқан бала мысықтың едірейген мұртын көргенде, шошығанынан талып қалды. Сол кезде жылан оны қылғып үлгерді. Іннің аузына шыққан жылан бала мысықты көргенде, басын қақшитып оған айбар жасай қалды. Бала мысық та келсек кел деп, оған қарсы жонын күжірейтіп, тырнақтарын жазып еңкейе тарбиып, айбар шекті. Жылан айыр тілін жалаңдатып жуытатын емес. Бір шама уақыт бір-бірімен арбасқаннан кейінгі бір әредікте жыланның көзі мысықтың көзінен тайып басқа жаққа жалт берген орайда бала мысық тырнағымен оның көзін шауып жіберді. Арпалысқан жылан ақыры жеңіліске ұшырады. Оны құйрығынан тістеп сілкілеген мысық жыланды өлтіріп жеңіске жетті. Мысық енді жаным тыныш тапты-ау деп шөптің арасынан қалжырай аяңдап келе жатқанда, сылдыр-сылдыр еткен дауыс шығып, жалт қарады. Жүні тақырланған тазы ит құлағын жымырайтып, бұған атылып келеді екен. Бала мысық тұра қашты. Ит тықсырып қуып келеді. Бала мысық жан дәрменімен
қашып келеді. Мысық ағаштың арасына іліне бере, жүгірген бойы теректің басына шығып кетті. Ит тілін салақтата арсалаңдап ағаштың түбінде қалды. Ағаштың басына шығып, екі көзін иттен алмай, үрейленген бала мысық енді ұзақтардың өзіне шуласа жүгіргенін көріп, таң-тамаша болды. Сөйтсе, ағаштың басында ұзақтың ұясы бар екен. Ұзақтар шуласа, ұшып, барған сайын көбейіп, оның құлағының ыңғы-дыңғысын шығарды. Өзі жыланмен айқасып, иттен қашып келгенде, шуылдан басы айналып, ағаштан құлап түсе жаздады. Оған егескендей ұзақтар қанатымен соғып құлатып жібере жаздады. Осы кезде орнынан ұйқысы қанғанда тұрған Елшат терек басындағы мысығын көріп, оны “мыш-мыш” деп шақыра бастады. Мияулаған мысық ағаштан дірілдей келіп, тұяғымен жеңіл секіріп, алақанына түсті. Елшаттың құшағындағы бала мысық: “Дүние осынша көп күрестерге толы екен-ау!”, – деп күрсініп жіберді.
Пілдің бұзауы
Піл үнемі бұзауына әдепті болу, басқаларды силап жүру жөнінде тәлім береді екен. Пілдің бұзауы да шешесінің сөзін мүләйімдікпен тыңдап, айтқанын әбден ұғып отырыпты. Бір күні пілдің бұзауы орманға саяхатқа баратын болып, шешесі оған бірнеше ақкөңіл қарлығашты қосып беріпті. Олар келе жатып, жол-жөнекей жайылып жүрген көп сиырды көріпті. Пілдің бұзауын көрген сиырлар одан шошып, ығыса бастапты. Бірақ пілдің бұзауы оларға иіліп тағзым етіп: – Қош тұрдыңыздар! – деп сәлемдесіпті. Мұны көрген қарлығаштардың біреуі: – Пілдің бұзауы сиырлардан денелі бола тұра, оларға қалайша тағзым етеді, – деп қалыпты. Ал пілдің бұзауы оны елемей жүре беріпті. Жол-жөнекей оларға қалың қой ұшырасыпты. Қойлар пілдің бұзауынан үдере үркіпті. Пілдің бұзауы оларға тағы тағзым етіп: – Қош тұрдыңыздар! – депті. Мұны көрген әлгі қарлығаш тағы да таңдай қағыпты. Пілдің бұзауы енді жайылып жүрген көп қоянға кезігіпті. Қояндар одан шошып секеңдей қашыпты. Пілдің бұзауы оларға да мейірі жанарын төңкеріп: – Қош тұрдыңдар, кішкентай достар! – депті. Әлгі қарлығаш бұған тіпті қайран қалыпты. Пілдің бұзауы шешесінің қасына үйіне қайтып келген соң, әлгі қарлығаш оның неліктен әуелі сиырларға, одан онан да кіші қойға, тіпті қояндарға да тәжім еткенін сұрапты. Сонда пілдің бұзауы: – Мұның бәрін анам үйреткен, олардың денесі менен кіші болғанымен, жасы үлкен адал жандар емес пе, сондықтан да кішілікпен оларға тағзым еттім, – депті. Мұны естіген піл ұзын тұмсығымен баласының мойнынан құшақтап
тұрып, құшырлана сүйіпті. Қарлығаштар оның кішпейілділігін жыр етіп мақтанышпен сайрай жөнеліпті.
Шегірткенің шеберлігі
Бір шегіртке торғайдан қашып жүріп шыныдағы сүтке түсіп кетіпті. Оны көрген торғай: – Ей, бейшара, бидайдың баратын жері диірмен, қайда қашып құтылам дейсің, бір айналып келіп әлің құрығанда алып қайтармын, – деп күліпті. Шынының ернеуі әрі майда әрі терең болғандықтан шегіртке қанша секірсе де өнімі болмапты. Әбден титықтаған оның есіне әлде бір ақыл орала кетіпті де, сүттің ішінде аяғын ескек етіп, тынымсыз секіріпті. Сүтті сабалап есе беріпті, есе беріпті. Аяқтары ауырып, сілесі қатқанша серпи беріпті, серпи беріпті. Ақыры сүттің бетінде түймедей май пайда болыпты. Майдың төбесіне секіріп шыққан шегіртке енді бір секіріп жағаға шығыпты. Анадайда оны көріп тұрған инелік: – Керемет, керемет нағыз шеберлік, нағыз еңбек! Жанталаспай жан қалмайды, – деп алақайлапты.
Мақтаншақ машина
Жол бойында құйғытқан көк машина әнге басып барады:
Қара жолды таптаймын,
Ешкімге қол артпаймын,
Зырылдаймын тынбастан,
Бекер қарап жатпаймын.
Өзімді-өзім мақтаймын,
Мақтаймын, мақтаймын!
Мұны естіп қалған асфальт жол шамданып:
– Машина, байқа астында мен болмасам, белгілісің, – деді. Оны қостаған жүргізуші: – Машина, мен болмасам, қалай жүресің, байқа! – деді. Оларды кәперіне алмаған машина онан ары даурығып: – Біреуің табанымдасың, біреуің үстімдесің, барлығың менің садақама тұрасыңдар ма, а-ха-хай, о-ох-хой, – деп онан арман әндетті. Машинаға ыза болған жүргізуші де газды күшейте берді. Ал асфальт жол үзігін төседі, ағынмен келе жатқан машина асфальт жолдың үзіліп, кедір жерге ұласқанын көрді. Бірақ күшті ағыспен келе жатқандықтан өзін тоқтата алмай, секеңдеп, секірген күйі жол шетіндегі сазға кірді. Төрт дөңгелегі батпақ-құйға белшесінен батты. Ол енді жүргізушіге мөлие қарап: –Жүргізуші-ау, мені шығарып алсаңшы,–деп жыламсырады. Асфальт жолдан кешірім сұрап:
– Айтқаныңды ұқпап едім, ендігіде әсте ондай дандайсымайын, көмектесе көріңдер, – деді. Миығынан күлген саз: – Асқақтағандарға ескертеріміз көп, – деп солқылдап тұрды. Төрт ошақтың ерегесі
Ағайынды төрт ошақ бір үйдің балалары болатын. Оның ең үлкені көмір ошақ, екіншісі керосин ошақ, үшіншісі электр ошағы, төртіншісі газ ошағы. Күндердің бірінде төрт ошақ бір үйде бас қосып қалды да, адамдар жоқ кезде қызу әңгіме қозғады, сөзді көмір ошақ бастады: – Мен бәрінен үлкен ағамын, маған адамдар ағаш жақсы да, көмір жақса да, мейлі, үйін дереу жылытамын, тамағын дереу пісіремін, тұтыну құным да арзан және... Оның сөзін керосин ошақ бөліп жіберді: – Ағасы-ау, ол қасиеттер мына менде де бар ғой, несіне мақтанасыз, мақтануды білгенде кемдігіңді де айтсаңшы, бұрқылдап жататын күлқоқырыңызды, адамдарды өлтіруге дейін барған ысыңызды қалай жасырасыз, ал мен болсам, керосин болса ғана болғаны, оның үстіне... Оның сөзін электр ошақ бөліп жіберді: – Ойбай, ағасы, сіз де айтады-ақ екенсіз, сізде қанша өнер бар, үйді жылытуды білмейсіз, үлкен ағаны сөгесіз, өзіңізден шығатын ыс, түтін аз ба, адамдардың қолын былғағаны қаперіңізге де кірмейді, сізге қарағанда мен жылмақтай жігітпін ғой, күл-қоқырым да жоқ, ток көзіне жалғаса болғаны, тамақты да пісіремін, жылу да шаша аламын, қатер аз болумен бірге ... Оның сөзін газ ошақ бөліп жіберді: – Кіші аға, сіз де кетіңкіреп қалдыңыз, тоқтың қатері аз деп кім айтады, талайлар өлді емес пе, оның үстіне жейтін тоғыңыз да баршылық, ток ақшасының өзі бір жерге барып болмай ма, ток жолынан өрт қаупін де тудырасыз, ток үзілсе, істемей қаласыз, ыс-түтін, күл-қоқырдан аулақпын, қажетке қарай аз болса аз, көп болса көп газ жіберіп отырамын, әрі пайдаланатын газым қасымда тұрады, бағам да арзан, адамдардың пайдалануына керек ошақпын. – Менің қай жерім кем екен?! – деп айғайлады керосин ошақ. – Электр заманы менікі болмай кімдікі? – деп әкіреңдеді электр ошақ. Газ ошақ: – Төрелігін заман айтар, дей беріп еді, сырттан бұлардың дабырын естіп бір адам кіріп келді. Барлығы шулап оған шағым айтты. Әркім өз құндарын асырып, біріне-бірі тебітіп, төбелесумен болды. Адам оларға басу айтып:
– Барлығың да белгілі ерекшелікке иесіңдер, алайда қоғамның даму қажетіне бағынбаса да болмайды. Қазір ең қолайлысы газ ошақ болып отыр, – деп түйіндеді сөзін. Барлығы жым болып, газ ошаққа қарады. Газ ошақ жымия езу тартты.
Қапшағай қалай пайда болған
Ерте, ерте, ертеде Қапшағай деген еңбекқор жігіт болыпты. Сол жылдардың бірінде ерекше қуаңшылық болып, бүкіл даланы шөл жайлапты. Мұны көрген Қапшағай құдық қазуға кірісіпті. Күнімен қазыпты, су шықпапты, түнімен қазыпты, су шықпапты айлап қазыпты тағы су шықпапты. Мұны көрген басқалар: – О, Қабеке, қызыл тасты тырмалап мұнша әуре болғаның қайткенің, бәрі бір су шықпайды ғой, – деп күліпті. Ал Қапшағай болса: –Бүгін шықпаса, ертең шығады. Биыл шықпаса, келесі жылы шығады, – деп жерді қаза беріпті, қаза беріпті. Шөл далада сексеуілдің түбіндегі оның күркесін көрген басқалар енді: – Нағыз ақымақ! – деп келеке ететін болыпты. Мұны елең құрлы көрмеген Қапшағай әйелі мен балаларын ертіп әкеліп, бірлікте қазыпты. Темір ломдары инедей, қайлалары қасықтай болғанша қазыпты. Ломдары болмағанда инемен шұқып қазыпты. Қапшағайдың еңбегіне риза болған Алла Тағала ақыры мөп-мөлдір суын сыйлапты. Мөлдір суға құмарлана еңкейген Қапшағай сонда ғана өзінің сақал-мұртының ағарып кеткенін көріпті. Қос алақанымен суды көсіп алып беті-қолын жуғанда сақал-мұрты дереу қарайып шыға келген екен. Адам мен жан-жануарлар суға қарық болыпты. Дала жап-жасыл түске ауысыпты. Еңбегінің тәтті жемісін өз көздерімен көріп, қайран қалған халық: – Еңбек етсең инемен құдық қазған Қапшағайдай бол, – деп тәмсіл етіпті. Сонан бастап еңбеккерлік туралы сөз болғанда ел: “Инемен құдық қазғандай” деген мәтел қолданатын болыпты. Ал, Қапшағай қазған сол құдықтан шыққан су күні бүгінге дейін “Қапшағай өзені” немесе “Қапшағай көлі” аталып кеткен екен.
Піл мен тышқан
Ерте, ерте ертеде піл мен тышқан дос екен. Күндердің бірінде екеуі бірлікте егін салып, астық жинапты. Қамбадағы астықты пілдің иеленіп алуынан қорыққан тышқанның ойына арамдық еніпті. Ол қамбадағы астықтың астынан ін қазып, жер астындағы өз қамбасына таситын болыпты. Әр күні түнде піл ұйқыға кеткен кезде тышқан ұрлық істейді екен. Бір күні қамбадағы іннің аузын байқап қалған піл оны бітеп тастаса, ертесі тағы да ашылып қалыпты. Тышқаннан сұраса ол: – Аллай, беллай, мен емеспін, көрген жоқпын! – деп зерезеп болыпты. Ақыры тышқан бүкіл астықты ұрлап тауысыпты. Бар пәленің тышқаннан келгенін енді ғана сезген аңқау піл ашуы келіп оған тап беріпті, қуып жетіп табанымен таптап өлтірмекші болғанда тышқан інге кіріп құтылып кетіпті. Осылайша олардың достығы жаулыққа айналыпты. Күні бүгінге дейін пілдің тышқанның інін көрсе табанымен басып тұрып қалатыны сол өшпенділіктен қалған екен.
Ақ бота
Ақ бота алғаш туғанда әдемі еді. Ақ шудасы желкілдеп өркештері шошаңдап ойнақ салатын. Енесін емірене еміп, уызға тойып тайраң қағатын. Жаз бойы енесімен бірге жүргенде бұл дүниеде өзінен бақытты ешкім бар дегенге сенбейтін еді. Алтай бойына қараша келіп, ақ мылтық боран соқты. Алыс керуен бойында енесіне еріп келіп жатқан ақ бота адасып кетті. Олай жүгірді, қар ұшқындары ұрғылап ештеңе көрінбейді. Бұлай жүгірді, өзен жарына келіп тірелді. Нәзік мұңлы дауысымен боздай берді, боздай берді. Бірақ ақ боран оның үнін жұтып әкетті. Кенет, ақ ботаның көзіне қалың қардың арасынан шоқтай жанған қос жарық көрінді, ақбота солай бұрылып еді. Мәссаған, қасқыр екен. Жота жүндері күдірейіп бұған тұра ұмтылды, ақ бота бар пәрменімен қаша жөнелді. Қасқыр қуып келеді. Ырсылдаған үні тірсегіне таяғанда ақботаның бойында жан қалмады, “бітті, бәрі бітті!” деп ойлады, тарс еткен үн шығып, ақ болат қасат басқан ұраға құлады. Қасқырда үстіне бірге құлады “өлдім” деп ойлаған ақ бота ақырын көзін ашса қасқыр үстінде жатыр, бірақ ботаға тиіспепті. Сөйтсе, жар басында аңшы ағай тұр екен. Ол қасқырды атып алыпты, сөйтіп ақ бота аман қалыпты. Аңшы ағай ақ ботаны үйіне алып келіп, қалың түйелерге қосты. Ақ інгенді енесіне ұқсатып жетіп барып еді, ол артқы аяғымен теуіп жіберді. Ақ бота тағы да жылап жіберді, боздағанда мөлдір қара көзінен жас домалайды. Тағы бір інгеннің алдына барып шөп жей бергені сол еді, ол аузын арандай ашып бұған жынын бүрікті, әуелі алдынғы өркешінен тістеп үлгерді, тұра қашқан ақ бота тағы жылады. Ол дүниеде анасынан аяулы ешкімнің жоғын сезінді. Көз алдына анасы келді, тағы жылады. Ақ ботаның боздаған үні сай-саланы жаңғыртып жатты. Енесінің ақ сүтін аңсаған оның таңдайына шөп жақпай әбден ашықты, әдемі тіп-тік өркештері жапырайып қалды. Аяз күндері басқа боталар енесінің бауырына тығылып жылынғанда, бұл дір-дір етіп жылап тұратын еді. Бірақ қанша боздасада енесінің енді оралмайтынын білді. Ендеше ақботаға қалайда өмір сүру керек болды. Ақыры ақ бота қайратына мінді, тал басына мойнын созып бұтақтардың бүрін жеуді үйренді, ши түбінің ұйысқан қияқтарын жұлып жейтін болды. Асау інгендердің артына бая атандардың алдына тұрмайтын болды. Өзін басқа боталармен ұқсас санап, олармен тайраңдап жарысатын болды, жарысқанда ақбота бәрінен озатын еді. Ақ ботаның басқа боталардан мықты болып, тез есейіп келе жатқанын көрген баяғы аңшы ағай оның өркешіне әдемі ақ үкі қадады. Бұл күні ақ ботаның қуанышында шек болмады. Ақ үкісі бұлғаңдап олай-былай шапқылады, адасқан енесі қайтып келгендей қуанды. Ақ бота шынында тез өсті. Иесі оған аздап жүк те арта бастады. Арқасына жүк батқан ақбота алғашында бірақ тулап та көрді, ақыры бәрін көтерді. Араға айлар салып ақ бота тайлақ болды, тайлақтан есейіп атанша болды.
Жұрт ақ ботаға шаңырақ салып, керуеннің бірінші бұйдасын тақты, көш алдында келе жатқан баяғы ақ бота, қазіргі ақ атан тағы да боздап қоятын еді. Оның көз алдында екі көзі мөлдіреген, ақ шудасы желбіреген, ақ уызын берген аяулы енесі тұратын. Қазіргі түйелердің боздауы сол ақ ботадан қалған зар екен.
Баланың тапқырлығы
Ерте, ерте, ертеде қазақ даласын шегіртке жайлапты. Егістіктер тақырға айналып, ағаштар жапырағынан айырылып, жалаңаш қалыпты. Киіз үйлерге қонған шегіртке туырлық екеш туырлықты да жеп кетіпті. Үйлер уық керегесімен ғана қалып, арса-арсасы шығыпты. Бұл апат патшаны састырып, уәзірлерді қарбаластыққа түсіріпті. Шабармандар тұс-тұсқа шапқылап дал болыпты. Шегіртке әдейі басынғандай, патшаның алтын ордасына дейін басып кіріпті. Патша уәзірлерінен ақыл сұраса, бірі: – Дәрімен құрту керек, – десе, енді бірі: – Отпен құрту керек, – дейді екен. Енді біреуі: – Оның жұмыртқа жасайтын жерін құртуымыз керек, – десе, тағы біреуі: – Қыста барлығы үсіп өлмей ме? – деп бас қатырыпты. Шегіртке мәселесіне қатысты бірнеше уәзір орнынан кетіп, бір қанша шабарман зорығып өліпті. Ақыры мұның шарасын табатындығын айтып, ордаға құс бағушы бала келіпті. Бірақ, оның сөзіне ешкім нанбапты. Әуелі уәзірлері келеке етіпті. Амалы таусылған бала ақыры қара торғай қамаған құс шарбағының аузын ашыпты, сол-ақ екен, топ-тобымен дүркірей ұшқан қара торғай шегірткелерді жей бастапты, әбден тойған қара торғайлар дереу бұлақ бойын барып суға шомылып, тұмсығымен қанаттарындағы шегіртке майын жуып тастап, қайта шегіртке аулауға аттанады екен. Халық бір жағынан баланың тапқырлығына таңқалса, бір жағынан қара торғайдың еңбекқорлығы мен тазалығына таңқалыпты. Орда уәзірлері өздерінің надандығынан қатты ұялып: –“Ақыл жастан, асыл тастан” деген осы екен-ау,– дескен екен.
Аю мен қасқырлар
Аюдың жайлай төсіндегі көгалда құнжыңдап жүргенін көрген бөлтірік енесінен: – Ана аюлар не істеп жүр? – деп сұрайды. Енесі оған: – Ол қыста жейтін азығын жинап жүр ғой, балам, – деп жауап береді. Ал бөлтірік тағы да: – Апа, біз неге азық жинамаймыз? – деп сұрайды. Енесі: – Е, балам, алжыған аюлар қыста азық таба алмай қаламыз деп қорқады, біз қыс болса да азық тауып аламыз деп мақтанады.
Күндер өтіп қыс болады. Даланы аппақ қар қымтайды. Жер бетінде ақ түтек боран соғады. Аю таудың қуысындағы жылы үңгіріне кіріп, өзі дайындаған азығына тойып алып, алаңсыз ұйқыға кетеді. Неше күн, неше түн жорытқан қасқырлардың тырнағына ештеңе ілікпей әбден ашығады. Сонда баяғы бөлтірік: – Апа, сіз қыста азықты оңай тауып аламыз деп едіңіз ғой. Аюлардікі қандай рахат. Менің қарным ашты, – деп жылайды. Бөлтірікке басқа жауап таба алмаған енесі: – Келесі жылы болсын, келесі жылы..., – деп міңгірлейді.
Бақыт құсы
Ерте, ерте, ертеде бақыт құсы деген құс болыпты. Жүндері ақ мамық бұлттай қауырсыны жасыл жапырақтай, тұяқтары ақ ірімшіктей, көздері түннің жұлдызындай, басы бармақтай ғана екен. Ол тұста сауысқан бақыт құсының адамдарға жіберетін елшісі болыпты. Жер бетінде жақсылық болса, патша сайласа сауысқан неше күндік жерден бақыт құсына хабар жеткізеді екен. Ал бақыт құсы кімнің басына келіп қонса, сол өмір бақи бақытты болады екен. Бақыт құсының ұясы алты қабат аспанның ар жағында болып оған тек қана сауысқан ұшып бара алады екен. Күндер өте келе бақыт құсының аспан мен жер арасында абыройы асып, адамдардың алақанына келіп қонғанын көрген сауысқанның қызғанышы қозыпты. Ол жүз жылда бір-ақ рет жұмыртқалайтын бақыт құсын аңдап жүріп, түн қараңғылығын жамылып, бақыт құсының жұмыртқасын жер бетіне алып қашыпты. Алайда қыраулы бұлттар қанатына мұз қатырған сауысқан жер бетіне күншілік жер қалғанда шоқтай жайнаған шолпан жұлдызынан таң атып келе жатқанын сезіп, қатты сасқалақтапты. “Үһ” деп шошына тыныстағанда, аузындағы жұмыртқа түсіп кетіпті. Не істерін білмеген сауысқан жұмыртқаны қайта қағып алмақшы болғанда, жұмыртқа жарылып кетіпті. Сөйтсе, енесі бауырына басып, шайқап болып, жұмыртқаны жарып шығуға айналған балапан жұмыртқа қабыршағын тесуге аз қалған екен. Әлсіз қанаттарын сермеген бақыт құсының балапаны таңның алғашқы арайында аспан мен жер арасында бағдарсыз ұша беріпті. Ал оның енесі болса, балапанының қасіретіне қайғырып, көз жасын көлдетіп жылапты. Осы кезде жердің бетіне жаңбыр жауатын болыпты. Әр жылғы көктемнің алғашқы жаңбыры сол бақыт құсының көз жасы екен. Сондықтан да көктем жаңбыры жер бетіне ырыздық әкелетін болған. Көктем жаңбырында сауысқандардың ұша алмай тасаға тығылуында да мән бар екен. Бақыт құсы шиыршық атып айға қарай жанталаса ұшқанда оның қанатының желі көктемнің қоңыр самалы болып еседі екен. Ай толған кездерде ол айдың бетіне қонып алып, жер бетінен балапанын іздеп телміретін болыпты. Ай бетінен біз көретін дақ сол бақыт құсының көлеңкесі екен. Адамдардың айға қарап телміруі, оны арманға балауы да тегін емес екен. Ал, сауысқан болса бақыт құсынан күнәсі үшін қатты қорқып, жер бетінен алыстап ұшпайтын
болыпты. Әрі адамдарға жақсы көріну үшін тынымсыз шықылықтап, бірден бірге өсек жеткізетін болыпты. Біз көрген сауысқандардың жер бауырлай ұшып ағаштан-ағашқа секеңдеп жүруінде әне сондай әңгіме бар екен. Ал аспан мен жер арасында қалған бақыт құсының балапаны таң ата жер бетінен ұшып өтетін болыпты. Үлкендердің “Ерте тұрған адам бақытты болады, оған бақыт құсы қонады” немесе “Ерте тұрғанның ырысы артық, бақыт құсы қонады” деуі де сонан екен. “Алалық тұрған жерде бақыт тұрмайды” дейтін әжелеріміздің ақылы да сауысқан мен бақыт құсының бастан кешуінен қалған тәмсіл болса керек.
МАЙМЫЛДАР ЖИНАЛЫСЫ
Ерте, ерте, ертеде маймыл патшалығында үлкен жиналыс болыпты. Оған бүкіл орман, тау-даладағы маймылдар тегіс қатысыпты. Маймыл патшасы жұрт алдына шығып: – Күллі маймыл әулеті қош келдіңіздер! – деуі-ақ мұң екен, бүкіл орман ішін шапалақ үні кернепті. Алақандарынан қатты дауыс шығара алмағандары, ағаш қабықтарын бір-біріне ұрып, өзінше барабандатқан екен, – біз бүкіл дүниежүзіндегі маймылдар бір ғана атаның баласымыз. Сондықтан берекебірлігімізді арттырып, жауларымызға қарсы тұра білуіміз керек! Сөз кезегі тиген басқа маймылдарда ештеңеден тайынбай, езулері көпіршіп ұзақ сөйлепті. Біреуі: – Біз бұдан кейін өте бауырмал боламыз, – десе, екіншісі: – Біз осынша көп күшпіз. Басымыз біріккенде ешкімнен қорықпайтын боламыз, – дейді екен. Жиналыстың соңы бала маймылдардың алманы доп қылып тепкен мәрі-сәре ойынына жалғасыпты. Тойлың осындай думанды шағында кенеттен найзағай ойнап, дауылды нөсер тұрыпты. Маймылдар патшалығының алдындағы алып жаңғақ ағашына найзағай тұсіп, жемісі бүкіл далаға шашылыпты. Қатты жауыннан абдырап, тұс-тұсқа қашқан маймылдар мына тегін олжаны көріп, қайта қайрылыпты. Маймыл патшасы өзі бас болып жаңғақ тере бастаған екен. Мұны көрген орманның бүкіл маймылы ағашқа үймелепті. Ағаштың жемісі азайған сайын талас көбейіп бір-бірімен қырқыса бастапты. Тіпті патшалдарының!: «тоқтатыңдар!» – деген қатал әміріне құлақ асқан бірде-бірі болмапты. Осылайша орманның іші ұлар-шу болып, маймылдар бірінің қанын бірі судай шашыпты. Бақырған, ойбайлаған әр түрлі ащы үндер толастамапты. Маймылдардың мұндай берекездігін көрген аспан тәңірі қатты қаһарланыпты. Найзағайдың от қамшысын үйіріп, оларды тұс-тұсқа қуыпты. – Сендерге опа жоқ, тәңірдің қарғысына ұшырадыңдар! – депті, жер-әлемді күңірендіріп. Ауызда ғана әдемі сөз айтқан маймылдар, іс жүзінде өздерінің әлсіз бейшаралығын бірден танытыпты. Бастары бірікпей, өз жайларына кетісіпті.
Маймылдар сол күннен бастап, орман-тоғайларда бет-бетімен өмір сүре бастаған екен. Сонан бастап адамдар да Тәңірдің қарғысын алған олардың берекесіздігі мен құбылғыш мінездеріне қаратып, бір-біріне: «маймыл болмаңдар!» – деген ақыл айтатын болыпты.
АЮ МЕН СУЫР
Ерте, ерте ерте заманда, ешкі құйрығы келте заманда аю мен суыр ағайынды болыпты. Ағасы аю аса еңбекқор болса, інісі суыр өте жалқау екен. Әрі ағасын еңбекке салып қойып, өзі тегін олжаға кенелуді ойлайды екен. Тіпті бір жолы аюдың қыстық азық үшін дайындаған көп жеміс-жидегін ұрлап тасып алыпты. Өзінің азығының азайып қалғанын байқаған аю оған: – Біздің айналамызда ұры бар сияқты. Азық азайып қалыпты, - десе, анау беті бүлк етпей: – Е, кеше қара қабан жер тіміскілеп жүрген. Бар пәле содан келген болуы керек, – депті. Аю оған сеніпті. Аю ертесі азығының тағы да азайып қалғанын сезіпті. Мұны суырға тағы айтыпты. Суыр болса тағы да шімірікпей: – Кеше осы маңда борсық жүрген. Сол қағып кеткен ғой, – депті. Аю оның айтқанына тағы сеніпті. Деседе, аю өзгедлерді құрдан-құр кінәлай бергенше, мәселенің аныққанығына көз жеткізуді ойлапты. Ол шірік ағаштың томарын үгіп, ұп-ұсақ ұнтаққа айналдырып, үңгірдің аузына біліндірмей сеуіп тастапты. Мұны білмейтін суыр тағы да ұрлыққа түсіпті. Аю ұрының өзге емес, суыр екенін біліп, қатты ызаланыпты. Оны ұстап жазаламақшы болып тұра қуыпты. Ұрлығы ашылып қалған суыр ағасының ашуынан өлердей қорқып қаша жөнеліпті. Жан дәрмен өзінің ініне кіріп кеткен екен. Аюу болса іннің аузына шоңқиып алып, оның шығуын күтіпті. Амалсыз қалған суыр іннен шығатын тағы бір амал іздепті. Іннің ішкі бүйірінен басқа жаққа шығатын жол қаза бастапты. Ақыры екінші жақтан да іннің аузын шығарып алған екен. Оған да көңілі көншімей, үшінші жақтан тағы бір ауыз шығарып алыпты. Осыдан бастап аю тауда, суыр етекте өмір сүретін болыпты. Аюды көрсе суырлардың ініне қашып кіріп кететіндігі әрі індерінің бір емес, бірнеше аузы болатындығы да содан қалған екен. Суырдың бұл арамдығын білетін адамдар да оларды жақатпай: «көп суыр ін қазбайды, ін қазса, түзу қазбайды» деп мәтелдейтін болыпты.
АҚ ТҮЛКІ МЕН ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ
Бұрынғы заманда ақ түлкі мен қызыл түлкі дос болыпты. Ақ түлкі өзін аса ақылды санаса, қызыл түлкі өзін өте көріктімін деп біледі екен. Екеуі әр күні сөз таластырып, өз ерекшеліктерін мақтан етісетін болыпты. Ақ түлкі: – Сенің түрің әдемі болғанмен нағыз ақымақсың. Қандай қиын жағдайда да мен секілді ақыл таба білмейсің, – десе, қызыл түлкі: – Сенің пайдасыз ақылың неге керек. Үстіндегі бояуың ағып кеткендей аппақ түріңді көрсем, семенімен бірге жүргім келмей, құсқым келеді, – дейді екен. Жердің бетін қырбақ қар басқан бір күні екі түлкі ұзақ сапарға шығыпты. Екеуі тамақ іздеп жорта-жорта тым шалғай жазыққа дейін кетіпті. Кенет аспаннан қыран бүркіт көрініпті. Өз басын ғана аман алып қалуды ойлаған ақ түлкі қулығына басып, жалмажан жыраның ішімен тұра қашыпты. Даланың бәрі аппақ, ақ түлкінің жүні де аппақ болғандықтан, қыран оны байқамай қалып, қызыл түлкіге шүйлігіпті. Қыранның тырнағына ілккен қызыл түлкі ойбайлап: – Досым-ау, құтқара көр, мені! – деп жалыныпты. Ал ақ түлкі болса: – Көріктімін деп маған есе бермеуші едің ғой. Өз обалың өзіңде. Сұлулығың басыңа ажал болды ғой, – деп кете барыпты. Осы кезде күн қатты ысып, даланың қырбақ қары лезімге еріп кетіпті. Қара адырға қарай өрмелеп бара жатқан ақ түлкі қыранның көзіне бірден көрініпті. Биікке шарықтай ұшқан қыран құдия келіп, ақ түлкіні де бас салған екен. Жаны шығып бара жатқан ақ түлкі: – Әттеген-ай, «бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау жейді» дегендей, берекесіздігімізден бүркітке жем болдық-ау, – деп армандаған екен. Адамдар: «бірлік болмай, тірлік болмайды» дегенді осындайға қаратып айтса керек.
АЙДАҺАР МЕН КІРПІ
«Ну орманның ішінен алып айдаһар шығыпты» - деген хабар бүкіл аймақты дүрліктіріпті. Әншейіде батырсынған арыстан, жолбарыстың өзі бұл хабарды естігенде естері шығыпты. Тіпті жұрт «қорықпайды-ау» деген пілдің өзі сол «айдаһар шықты» деген жердің маңын баспайтын болыпты. Өзінің қанды аузын ашпай-ақ айналасындағылардың өздіген берілгенін естіген айдаһар одан бетер еліріпті. Әуелі: «аспан астының жалғыз иесі менмін», – деп жар салыпты. Айдаһардың осы бір ауыз сөзінен-ақ өлердей қалтыраған өзгелер оған бас ұрып, бар тәтті-дәмдісі мен жылы-жұмсағын оған силайтын күйге жетіпті. Мұны естіген дәу кірпі қатты ашуланыпты. Өзінің айдаһармен жекпе-жекке түсетіндігін де айтып салыпты. Бұл хабарды естіген жұрттың бәрі:
– Ойбай, енді пәле таптық. Кірпінің кеселінен бүкіл жануарлар қырғынға ұшырайтын болдық, – деп шуласыпты. Тіпті бір тобы кірпіге келіп: – Әлін білмеген әлек деген. Сен қанша дәу кірпімін дегеніңмекн айдаһарджың қасында түк емесссің. Өзің өлгеніңмен қоймай, бізге де пәлең тиетін болды, – деп оны тоқтатпақшы болыпты. Басқалардың сөзі бәрі бір кірпіні райынан қайтара алмапты. Ол керісінше құмға аунап, тікендерін қайрап, жекпе-жекке сайланыпты. Мұны естіген айдаһар оны мазақ қылып қатты күлген екен. Бірақ, оның шынымен–ақ өзімен сайыспақшы болғанын білгенде едәуір тіксініп қалыпты. Дегенмен де өзге жануарлардың алдында осалдығын танытқысы келмей «келсең кел!» депті. Сөйтіп ендігі жерде кірпі мен айдаһардың жекпе-жек сайысы басталып кетіпті. Кірпі аса жылдамдықпен тез қарманып, айдаһардың құйрығының ұшынан айрылмастай тістеп алыпты. Кірпінің бұлайша тап берерін ойламаған айдаһар оны құйрығынан ұшырып жібермекші болып жанталасыпты. Бірақ кірпінің тісі шыққанды қойып, одан армен қарысып, қадала түсіпті. Айдаһардың денесінің қай жері өзіне тиіп кетсе, өткір тікендерін сол жерге қадап, өне бойын қан-жоса қылыпты. Айдаһар кірпіге ауыз салайын десе, аузына тікендері қадалып, аузы басы қанға боялыпты. Ызаланып долырған айдаһар бар күшімен арыпталаса тулап, бүкіл орманның ойран-топырын шығарыпты. Жанталаста ағаштың бұтақтары денесіне кіріп одан бетер жаралапты. Айдаһар тулау-тулай әбден титықтапты. Тауға қарай өрмелеп, кірпіні тасқа ұрып өлтірмекші болыпты. Алайда онысынан да ештеме шықпай, өз денесін жартасқа ұрып, тұла бойында сау тамтық қалмай, ауыр жараланыпты. Кірпінің тісі босағанды қойып, айдаһарды құйрығынан бастап кеміріп жей бастапты. Әл-дәрмені әдбен құрып, жаны мұрнының ұшына келген айдаһардың көзі де ешметені көрмей қалса керек. Ең соңғы күшін бойына жинап қатты бір тулағанда, биік таудың құзынан терең шатқалға қарай бірақ құлапты. Сол беті төменде ағып жатқан асау өзенге тоғытылып, аяқ жағындағы биік сарқырамадан тік шаншылып, қада тастарға соғылып, жан тапсырған екен. Ал өн бойында сау тамтық жоқ, қып-қызыл қанға бөккен кірпінің судан шығып келе жатқанын көрген күллі жан-жануар: – Кірпі жасасын, кірпі батыр жасасын! – деп шуласыпты. Содан бастап бұл орманда айдаһар атаулы өмір сүрмейтін болыпты. Жанжануарлар алаңғсыз өмір сүре батапты. Кірпінің ерлігін аңыз қылған орман жануарлары солан бастап оған «киелі кірпі» деген ат берген екен. Тіпті кейіннен кірпі Сүлеймен пайғамбарға ақыл айтқаны үшін «кірпі шешен – кірпікшешен» – атанған деседі.
АҚ КЕПТЕР МЕН КӨК КЕПТЕР
Ағайынды ақ кептер мен көк кептер дән теріп жүргенде, кенеттен қырғи шүйлігіпті. Ақ кептер болса: «қырғиды өз соңымнан ертіп кетсем, көк кептер аман қалады ғой», – деп ойлапты. Ал көк кептер де: «мен қырғиды ертіп кетсем, ақ кептер аман қалар», - деп біліпті. Сөйтіп екуі де тасаға тығылудың орнына, көтеріле ұшып қырғиға тап беріпті. Кептелерден мұны күтпеген қырғи қатты сасып қалыпты. Осы кезде әр екі кептер оны шырғалап, өз соңдарынан ертіп кетпекке екі айрылып ұшыпты. Олардың екі айрылғанын күткендей қатты дауыл тұрып, нөсер құйыпты. Дауыл мен нөсер екеуін екі өңірге апарып тастапты. Екеуі бірін-бірі таба алмай, өзге жерде өмір сүріпті. Ақ кептер адамдарға үйір болып, солардың қарайласуымен күн кешіріпті. Қартайған кептерді «мысық жеп кетпесін» деп жаны ашыған адамдар оны торға қамап бағатын болыпты. Даланың жабайы құсына айналған көк кептер күндердің бірінде самғайсамғай қанаты әбден талып, бір қаланың тұсына келгенде, биік үйдің төбесіне қоныпты. Осы кезде әйнек терезелі үйдің ішінен торға қамалған баяғы ақ кептерді көріпті. Көзіне жас үйріліп, терезенің сыртқы жақтауына келіп қоныпты. Торда ұзақ отырған ақ кептер болса оны бірден тани алмай, жәудірей қарапты. – Мен – көк кептер, ағаңмын ғой, ағаңмын, – деп шиқылдапты анау. – Рас, менде сендей аға болған, бірақ тани алмай тұрмын, – деп шынын айтыпты ақ кептер. – Мен қырғиды шырғалау үшін, алысқа ұшып кетіп, сол беті адасып кетпедім бе, – депті көк кептер. Есіне әлде нелер оралған ақ кептер сонда барып: – Сені қырғиға жем болған шығар деп күдерімді үзген едім, тірі екенсің ғой, – деп жылапты, – енді менің түрім мынау, тордамын. Шау тартып ұша алмайтын болып қалғанмын! Амалсыз қалған көк кептер, көк аспанға самғай ұшып, әр күні таңсәріден ақ кептердің терезесінің жақтауына қонып, ән салып береді екен. Екі кептердің тағдырын сабақ еткен кейінгі кептерлер осыдан бастап, бірбірінен бөлінбей, топ-тобымен ұшып-қонып жүретін болыпты. Ал үй дөдегесіне қонған кептерлердің гүжілдеген, қырқылдаған үндер шығарып айналып жүретіндігі сол көк кептерден қалған жол болса керек.
МАЙМЫЛДЫҢ ЖОЛБАРЫС БОЛУЫ
Ерте, ерте, ертеде, маймыл мен түлкі дос болыпты. Бір күні түлкі маймылға: – Досым-ау, жұрттың бәрі бізді қорқытады. Біз ешкімді қортқыта алмаймыз. Бір амалын тауып, ормандағыларды өзіміге қаратсақ болмай ма? – дейді. Мұны маймылда қостап: – Өте дұрыс айтасың. Менде ұзақтан бері сондай бір ойда жүрген едім. Сен мені жапырақпен орап, жолбарыс етіп жаса. Басқалардың қорықпағанын сосын көрейік, - депті. Екеуі осыған келісіп, әуелі қызылды, сарылы сан түрлі жапырақтарды жинапты. Оны бір-біріне матап-байлау үшін қыл-қыбыр, жүн-жұрқа, ағаш қабықтары мен шіліктерге дейін дайындапты. Сөйтіп оңаша үңгірде түлкі маймылды жапырақтарға орап жолбарыс тектес дәу аң жасап шығыпты. Сосын оны орманға ертіп апарып: – Бізге жаңадан аң патшасы келді, - деп жар салыпты. Түрі жолбарысқа ұқсайтын, бірақ, ғажайып аңды көрген бүкіл жан-жануар таң-тамаша болыпты. Түлкі мен маймыл болса өздерінің керемет тапқырлықтарына іштей мәз-мәйрам болысыпты. Қоян, қарсақ тектес көптеген әлсіз жануарлар түлкіге жағатсып, жаңа патшамен танысуға, дос болуға жол іздепті. Тіпті бірнешеуі қонаққа шақырып та үлгерген екен. Әбден масайраған түлкі бір күні патшаның халықпен кездесу өткісгісі келетінін хабарлапты. Кездесуге жан-жануарлардың барлығы жиналыпты. Жолбарыс болып жасанған маймыл топтың алдына үлкен қошаметпен шығыпты. Ол сөзін енді бастай бергенде кенеттен алай-дүлей боран соғыпты. Жасырынуға мұрша болмай, қатты жел үстіндегі жапырақтардың тоз-тозын шығарыпты. Жұрт өздерінің патша деп жүргендерінің маймыл екенін бідіп, түлкі екеуін тұра қуыпты. Жұртқа қарайтын беті қалмаған майыл мен түлкі жан дәрмен қаша жөнеліпті. Түлкі иен татырға қарай қашса, маймыл биік ағаштың басына шығып, зорға құтылған екен. Содан бастап, түлкі таудың бөктеріндегі қырқалардың арасында бұқпайтайлап күн өткізсе, маймыл ағаштың басынан түспей өмір сүретін болыпты.
ҚАРАТОРҒАЙ МЕН ҚАБАН
Қараторғайдың таң бозынан сайрағанын жақатпаған қабан: – Оу, бейшара торғай, таң бозынан шырылдап, мазамды алып біттің ғой. Сен шырылдасаң да, шырылдамасаң да таң бәрі бір атады. Жағыңды шаршатып қайтесің, – деп ызаланыпты. Сонда қараторғай:
– Мен көктем келіп, бүкіл тіршілік оянарда таң бозынан сайрап, күллі тірлік иелеріне қуаныш-шаттық бағыштаймын. Айналама ізгілік үнін жеткізу менің парызым, – депті. Одан бетер шамданған қабан: – Сен жұрттың құлағын сасытып әбден есін шығардың. Оның әсте ізгілік емес, басқаларды мазақтап, азаптау емес пе, – деп бұлқан-талқан болыпты. Оның бұл қылығына қараторғайда қарымжы қайтарып: – Арамдықпен мың күн ғұмыр кешкенше, бір күн болсада адалдықпен ізгілікпен өмір сүргенім артық, - деген екен. Қараторғайға сөзі өтпеген қабан қатты қапаланыпты. – Сені ме бәлем! – деп қараторғай отырған ағашты қопарып тастамақшы болып, оның түбін қаза бастапты. Ал қараторғай болса екінші ағашқа қонып алып, тағы да сайрайды екен. Қабан оның да түбін қазып тастамақшы болып жанталасады екен. Осылайша, қабан бүкіл тоғайдың ішін тұмсығымен қопарып, қорс-қопасын шығаратын жаман әдетке дағдыланыпты. Ал қараторғай болса бәз-баяғысындай таң бозынан сайрай беретін болыпты. Оның үнін естіген адамдар: «ізгілік үні ешқашан шаршамайды екен ғой», – деп таңнан тұрып Алласына тәубе қылады екен.
ҚАРШЫҒАНЫҢ ЕРЛІГІ
Күндердің күнінде құмай, құзғын, қаршыға бәрі мәжілістес болып отырып, құзғын: – Менің жасым бәріңнен үлкен. Көргенім де көп, түйгенім де көп. Үлкен деп мені силасаңдар, далбаңдап ұша бергенді қойыңдар. Аң ұстаймын деп арам тер болғанша, дайын тамақ болатын жемтік тауып жеп күн көргендерің дұрыс, – деп ақыл айтыпты. Оны қостаған құмай: – Онсызда аю, қасқыр, арыстандар өлтірген өлекселер толып жатыр. Соның қан-жынын жесеңдерде аштан арып, көштен қалмайсыңдар. Тыныш жан бақсаң, басқалаға да жаман көрінбейсіңдер! – депті. Ал қаршығы болса, олардың сөзіне келіспейтіндігін білдіріп: – Басқалар дайындаған арам астан, табан ет маңдай термен тауып жеген алал ас қымбат емес пе! – депті. Оның сөзіне құзғын қатты ашуланып: – Інім-ау, әлемнің арам, алалын айыратын екеуімз бе. Онсызда мың жылға жақын ғұмыр кешіріп отырған жоқпын ба. Әлін білмеген әлек, аса қайрат – бойға қас. Тырнағымызды қандамасақ та, кеңірдегіміз тоқ. Ондайыңды естіртпе!- деп дүрсе қоя беріпті. Қаршыға олармен сөз таластыра беруді жөн көрмей, биікке қарай самғай жөнеліпті. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде, жемтік аңдыған құзғынның балапанын шүйебөрі бас салыпты. Бас салып қана қоймай, шырылдағанына қарамай
ауызына тістеп алысқа ала жөнеліпті. Құзғындар қанша шулағанмен шүйебөрі балапанды тастай қоймапты. Балапан өлуге айналыпты. Осы кезде аспаннан қатты ысқырған дыбыс білініпті. Аң-таң болған жанжануарлар мен құс біткен бір кесек болат шардай болып, оқтай зымырап келе жатқан қаршығаны көріпті. Қаршыға бар екпінімен келіп, бір аяғымен шүйебөрінің таңынан іліп, бір аяғымен мойынын қайырып, жанын жаһаннамға жіберген екен. Құзғынның балапаны аман қалыпты. Мұны көрген құзғын, құмайлар қаршығадан кешіріп сұрап: – Біздің мың жасаған жасымыз сенің бір күндік ерлігіңе жетпеді-ау, – деп көздеріне жас алған екен.
Алып Алтайдың асқар тауларының бір биігіне қыран бүркіт ұя салыпты. Ұяда екі балапаны болыпты. Екі балапанының бірінің түсі қара қоңыр болса, екіншісінің тұтас тұлғасы қоңырқай болғанмен қос иығы мен балақ жүндері аппақ екен. Енесі бірін «қара торғайым» десе, екіншісін «ақ балапаным» деп еркелетеді екен. Күндердің бірінде құс үясын байқап қалған адамдар ұядағы қос балапанды алмақ болыпты. Ұяның төбесінен арқанмен салақтап тұскен әлгілер құс ұясына ілініп, балапанды ала бергенде, шаңқылдаған ащы үн шығыпты. Бар екпінімен зымырай ұшқан ана қыран балапанды алғалы жатқан адамды қанатымен қағып жіберіпті. Сөйтіп адам мен қыран арасындағы шайқас басталыпты. Қараторғайға қолы жетіп, енді Ақбалапанды алмақшы болған адам, жартастан құлап кете жаздапты. Жат тілдегі жердегілер былдырлап, әлде нелерді айқайлап, оқ шығарыпты. Қыран сонда да алған бетінен қайтпай, адамды қанатымен соққылап құлатуға айналыпты. Бір балапанға қолы жеткен адам екншісін алмақ түгілі жанын олжа көрсе керек, үстіндігірге тартып алыңдар деген белгі беріпті. Қыран сонда да арқаннан тартып төбеге өрмелеп бара жатқан адамды қанатымен ұрғылап, қолындағы балапанды құтқарып алуға бар күшін салыпты. Осы кезде «тарс» еткен мылтық үні шығып, ана қыран қанаттары жалбырап, құзға қарай құлап түсіпті. – Ақбалапан, Ақбалапан, аман бол, оларға берілме! – деген үні ғана жаңғырығыпты. Осылайша Қараторғай адамдардың қолында кетіп, енесінен айрылған Ақбалапан жетім қалған екен. Ақбалапан енді өлместің күнін ойлапты. Адамдардың қайта айналып келуінен алаңдап, аяғын байлаған анасының тұсауын зорға шешіп, құздан төмен қарай ұша жөнеліпті. Бұрын мұндайды көрмеген ол қарағайдың басына соғылып қала жаздап, әрең дегенде бір жартастың төбесіне қоныпты. Осы кезде дауыл тұрып, нөсер құйыпты.
Жылы ұяда жатып мұндайды көрмеген Ақбалапан қатты қалтырапты. Қарны да әбден ашқан екен. Ол анасының арқар, құлжа секілді аң еттерін әкеліп өздерін тамақтандыратынын ойлаған сайын көңілі құдазып көзіне жас келіпті. Кейде анасы жемтіктерді бітеу әкеліп, оларға бұзып жеуді үйретеді екен. Ойына осы көріністер оралған ол өзі аң ұстап жеуді ойлапты. Әуелі жерден құрт-қымырсқа теріп жеп жан шақырған соң, өрлі-қырлы ұшуға жаттығыпты. Сосын құз басында тұрған арқарға қарай шүйліге ұшыпты. Тырнақтары арқардың арқасына да іліккен екен. Арқар болса таудан құлағандай екпінмен таср-тұср етікізіп, тастардың арасымен ойнақтай қаша жөнеліпті. Ақбалапан арқарды ұстау түгілі өз жанын әзер аман алып қалыпты. Үлкен аңға шамасы келмеген ол мұңға батып отырғанда, анадай жердегі бір қаршығаның қоян ұстап жегенін көріп қалыпты. Ол енді қаршығаның сол өнерін қайталағысы келіп, қоян іздепті. Бағына жарай семіз көкше қоян кезігіпті. Жоғарыдан құлдилай зымараған күйі қоянды бас салыпты. Асау арқарға қарағанда әлсіз қоянды бірден бүктеп, өлтіріп жіберген екен. Осылайша ақүрпік – Ақбалапан өз күнін өзі көретін тірнек күйге жетіпті. Өздері ала алмаған Ақбалапанның әуеде жүргенін байқап қалған құсбегі адамдар, енді оған қастық сайлапты. Олар далаға айналдыра тор жайып, тордың ортасына ішіне шөп толтырылған қоян терісін тірі қояндай етіп байлап, бала қыранды шырғаға тартыпты. Жейтін азық таппай аспанды шарлап жүрген Ақбалапанның көзіне әлгілердің шырғаға тартқан қояны бірден көрінген екен. Ақбалапан зеңгір көктен төмен қарай сырқырай ұшып, қоянды аламын деп торға ілккен екен. Аңдып отырған адамдар оны бас салыпты. Басына томаға кигізіп, аяғына шешілместей бау тағыпты. Көрмеген қорлықты көрген Ақбалапан Қараторғайдың да осында екенін көріпті. Бірақ қараторғай адамдарға әбден үйірлесіп, соларға бауыр басып кеткен екен. Ақбалапанды көріп: – Бұларды бастабында қатты жек көріп едім. Қазір бойым үйреніп кетті, - депті. – Мен өлсемде ондай тірлікке көне алмаспын, – деген Ақбалапан қашып кетуге бекіпті. Адамдардың берген тамағын татып та қоймапты. Амалсыз қалған адамдар оны бір үйге бос қамап, үй ішіне тірі қоян жіберіпті. Соны ұстап азықтансын дегені ғой. Осы орайда Ақбалапан бар екпінімен терезенің әйнегін быт-шыт етіп сындырып еркін көкке самғай жөнеліпті. Ақбалапаннан айрылып қалғанына өкінген адамдар енді ең соңғы шараға көшіпті. Ол қолға үйренген құсты қоя беріп, сол арқылы оның сыңарын қайырып әкелу әдісі екен. Ақбалапан көп ұзамай өзіне қарай самғап келе жатқан Қараторғайды көріп, қатты қуаныпты.Бірақ қуанышы су сепкендей басылыпты. Жанаса ұшып келген Қараторғай: – Інім, өз бетіңмен жүріп күн көргенше, адамдарға бағынышыты болып өмір сүргеніміз артық емес пе?Олар бізге адбаты тиіспейді.Тындырған ісімізге
қарап, ақы-сиымызды да жасап отырады.Бізге қорғаныш болады, - деген екен. – Жоқ, мүлдем керісінше, құлдықта жүріп, өзгенің тамағына тойғанша, еркіндікте адалдықпен күн көргенің жақсы.Басың басқаға байлаулы болып алтын аяқтан су ішсеңде бақыт емес. Нағыз бақыт - еркін жан иесі ретінде адал теріңмен дербес өмір сүру! – депті оған Ақбалапан. Сөйтіп ағайынды балапандар екі айрылып ұша жөнелген екен. Ақбалапан осылайша көк жүзінде, еркін аспанда қалықтаған болат топшы ақиық қыранға айналып, өз мұратына жетіпті. Қазақ халқы сол үшін де қасиетті көк байрағының төсінен, алтын күн шапағының астынан ақ иық қыранға қастерлі орын берген екен.
МАЗМҰНЫ
Ертегі және мен (сөз бастау) ...........................Ж.Шәкенұлы
Бірінші бөлім
ӘЛДИ, ӘЛДИ, БӨПЕШІМ
Әлди бөпем.................................................................................... Әріптер жыры...................................................................... Ұйқас іздеу...................................................................... Сағат...................................................................... Таудай бала....................................................... Дәптер...................................................................... Ақ...................................................................... Таң...................................................................... Жаман бала...................................................................... Имандылық әліппесі ...................................................................... Ана................................................................. Ана тіл.......................................................... Әже.................................................................. Ата........................................................................................ Аға..................................................................................... Іні......................................................................... Әпеке................................................................ Қарындас.......................................................... Нағашы................................................................ Жезде жиен............................................................ Жеті күн............................................................ Ақ боран............................................................ Май шапалақ....................................................... Түйе...................................................................... Жылқы................................................................ Сиыр................................................................... Қой............................................................................ Санамақ...................................................................... Ояту жыры...................................................................... Бата...................................................................... Мезгілдер......................................................................
Күн мен ай.............................................................. Ақ күшік...................................................................... Мысық...................................................................... Тасбақа............................................................................... Сауысқан............................................................................ Қарға............................................................................ Көгершін............................................................................ Торғай............................................................................ Құмырысқа............................................................................... Қарлығаш............................................................................... Тырналар............................................................................ Қоян............................................................................ Көбелек............................................................................... Бұзауқанға............................................................................... Асықшыға............................................................................... Сұрамшақ............................................................................... Жақсы бала белгісі...................................................................... Он екі мүшел...................................................................... Соңғы қоңырау............................................................................... Бағаның бағасы............................................................................... Жеті жас............................................................................... Мен талапты баламын.................................................................... Жаңа жыл............................................................................... Мектеп............................................................................... Отан............................................................................... Наурыз............................................................................... Көк байрақ............................................................................... Тордағы тоты...................................................................... Бір Алла............................................................................... Атаның алты ақылы......................................................................
ОЙ МАРЖАНЫ..............................................................................
ЖАҢЫЛТПАШТАР......................................................................
Екінші бөлім
БАЛА ТІЛІ БАЛ
Ғарышкер болу......................................................................
Бананға ұқсату...................................................................... Беттің сатпағы ...................................................................... Компьютер ойыны ...................................................................... Телефонға жауап беру ...................................................................... Аң аулау...................................................................... Көзілдірік...................................................................... Апасының ауруы...................................................................... Нәрдің түсі...................................................................... Көп ақша табу...................................................................... Ауылдың айы...................................................................... Жер сілкіну ..................................................................... Қашан тудым......................................................................
Үшінші бөлім
ЕРТЕ, ЕРТЕ, ЕРТЕДЕ...
Қасқа сиыр мен ақ ит .............................................. Сауысқанның қызғанышы............................................... Қаз бен қарға ............................................................... Құмырысқаның суға ағуы ........................................ Құлын мен күшік....................................................................... Дуал мен жапырақ..................................................................... Жалқау күшік.............................................................................. Бұлақ пен құрақ........................................................................... Үй гүлі мен қыр гүлі.................................................................. Алма ағашы мен шынар............................................................. Құмырсқаның өнері.................................................................... Бұлақ пен теңіз............................................................................ Тоқылдақтың тәубасы................................................................. Есек пен жираф............................................................................ Доптың тағдыры........................................................................... Күн мен бұлт................................................................................. Тауықтардың саудасы.................................................................. Шырақ пен балауыз шам.............................................................. Қара нар мен ақ ешкі ...................................................................... Баларасы мен қара қоңыз ................................................................... Еріншек мысық ..............................................................................
Ақылды қарлығаш .................................................................................... Құқмырысқалардың еңбегі ........................................................... Құстардың бағалауы................................................................. Бұзау мен Құлын .................................................................... Тентек қошақан................................................................. Торғайлардың дауы................................................................. Әтеш пен бұлбұл....................................................................... Әділетшіл бақа.......................................................................... Төрт түліктің төрелігі............................................................... Жылан мен шөжелер................................................................ Бұғының бұзауы........................................................................ Торғайдың балапаны................................................................. Бала мысықтың кешулері.......................................................... Пілдің бұзауы.............................................................................. Шегірткенің шеберлігі................................................................ Мақтаншақ машина...................................................................... Төрт ошақтың ерегесі................................................................... Қапшағай қалай пайда болған....................................................... Піл мен тышқан.............................................................................. Ақбота.............................................................................................. Баланың тапқырлығы..................................................................... Аю мен қасқырлар...................................................................... Бақыт құсы................................................................................... Маймылдар жиналысы........................................................................... Аю мен суыр.......................................................................... Ақ түлкі мен қызыл түлкі.......................................................................... Айдаһар мен кірпі.......................................................................... Ақ кептер мен көк кептер.......................................................................... Маймылдың жолбарыс болуы.......................................................................... Қараторғай мен қабан.......................................................................... Қаршығаның ерлігі.......................................................................... Ақбалапан..........................................................................
Жәди Шәкенұлы
Редакторы: Ғ.Қалибекұлы
Көркемдік редакторы: А.Манапов
Компьютерде терген: А.Солтанмұрат
Теруге 02.07.2012ж жіберілді. Басуға 10.08.2012 ж қол қойылды.
Таралымы 1000 дана.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру