Баянғали Әлімжанов шығармалары 20-том
Баянғали Әлімжанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бүкіл адамзаттық бағалы мәдени мұра, бауырлас қырғыз халқының «Манас» эпосын қазақшалаған Баянғали Әлімжанов қырғыз жырының ырғақ, бояуын дәл жеткізіп, негізгі оқиға желісін, қуатты рухын, көркемдік ерекшелігін сақтай отырып, арасында қара сөзбен баяндап, төрт есе ықшамдап, бір деммен оқылатын тартымды дүние жасаған. «Манас», «Семетей», «Сейтек» деп аталатын аталы-балалы батырлар туралы ұланғайыр
Баянғали
Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ХХ том
СЕМЕТЕЙ
СЕЙТЕК
Қырғыз халқының эпосы
Қазақша жырлаған
Баянғали Әлімжанов
Нұр-Сұлтан 2022
УДК 821.512.154 ББК 84 (5Кир) Ш97 Баянғали Әлімжанов. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Нұр-Сұлтан, 2022 Т.20: СЕМЕТЕЙ. СЕЙТЕК. – 416 б. ІSBN 978-601-302-125-6 ІSBN 978-601-80879-2-9
Бүкіл адамзаттық бағалы мәдени мұра, бауырлас қырғыз халқының «Манас» эпосын қазақшалаған Баянғали Әлімжанов қырғыз жырының ырғақ, бояуын дәл жеткізіп, негізгі оқиға желісін, қуатты рухын, көркемдік ерекшелігін сақтай отырып, арасында қара сөзбен баяндап, төрт есе ықшамдап, бір деммен оқылатын тартымды дүние жасаған. «Манас», «Семетей», «Сейтек» деп аталатын аталы-балалы батырлар туралы ұланғайыр жыр бір кітапта, бір мұқабаның ішінде тұңғыш рет 2021 жылы жарық көріп, қазақ-қырғызға кеңінен танылды. «Манас» жырының 1-бөлігі ақын Шығармалар жинағының 17-томында жарияланған. «Семетей» мен «Сейтек» 20-томға топтастырылды. УДК 821.512.154 ББК 84 (5Кир) ІSBN 978-601-80879-2-9 (Том 20) ІSBN 978-601-302-125-6 (жалпы) © Б. Әлімжанов, 2022
Кіріспе сөз
«Манас» жыры негізінен үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі
Манас батыр туралы, екінші бөлігі – баласы Семетей батыр,
үшінші бөлігі – немересі Сейтек батыр жайында. Бұл үш бөлігінің
де көптеген варианттары бар. Соның ішінде эпостың біріктірілген
нұсқасы өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында төрт кітап
болып Қырғызстанда басылып шыққанын жоғарыда айттық. Іле-
шала осы басылым түгелдей қазақ тіліне аударылып, Алматыдан,
Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасынан төрт кітап
болып жарық көрген.
Эпостың бірінші бөлігі «Манас» екі кітап болып, бірінші
кітабы1961 жылы 47 000 дана, екінші кітабы 1962 жылы 31 000 дана
таралыммен басылған. Алғы сөзін Мұхтар Әуезов жазып, жырды
қазақтың көрнекті ақындары аударған. Атап айтқанда, кітаптың
басынан бастап аяғына дейінгі рет бойынша, Ғали Орманов, Тайыр
Жароков, Қалижан Бекхожин, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілев, Ғафу
Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев ат салысқан.
Екінші бөлігі «Семетей» аталмыш баспадан бір кітап болып,
1962 жылы 31 000 дана таралыммен жарық көрген. Алғы сөзін
қырғыз ғалымы Бибі Керімжанова жазып, Қалжан Нұрмаханов пен
Әлихан Қазтаев қазақшалаған. Жырды ақындар Қажым Жұмалиев,
Жұбан Молдағалиев, Жаппар Өмірбеков, Құланбай Көпішев, Ғаббас
Жұмабаев, Қапан Сатыбалдин аударған.
Үшінші бөлігі «Сейтек» аталмыш баспадан бір кітап болып, 1962
жылы 31 000 дана таралыммен жарық көрген. «Сейтек» жырын
ақындар Тұманбай Молдағалиев, Шәміл Мұхамеджанов, Қайрат
Жұмағалиев, Айтбай Хангелдин, Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек
Дүйсенбиев, Аманжол Шамкенов, Сәду Машақов аударған. Соңғы
сөзін қырғыз ғалымы Кеңесбек Асаналиев жазып, Қайрат Жұмағалиев
қазақшалаған.
Бұл – үлкен еңбек, әдеби ескерткіш, тарихи мұра.
Ал кітап оқуға уақыт табыла бермейтін, жұртшылық қысқа да
нұсқа дүниелерге ден қойған қазіргі заманда «Манас» эпосының үш бөлігін де қазақшалап, қазақ оқырмандарына жыр жауһарының асыл қасиетін сақтай отырып, оқып шығуға ыңғайлы, түсінуге жеңіл ықшамдалған нұсқасын тартуды жөн көрдім. Жырдың поэтикалық қуатын, көркемдік ерекшелігін, ерлік рухын сақтай отырып, арасында қара сөзбен баяндап бердім. Қырғыз манасшыларының мұрасын қазақшалаған тұстар кәдімгі әріппен, ал өзімше баяндап айтқан жерлер курсивпен берілді. *** 1958 жылы қырғыз тілінде жарық көрген «Манастың» екі кітабы мен басқа да қырғыз нұсқаларынан теріп алынған тұстарын қазақшалауды 2019 жылдың 1-желтоқсанында бастап, 2020 жылдың 5-ақпанында, 67 күнде; 1959-60 жылдары қырғыз тілінде шыққан екі кітап – «Семетей» мен «Сейтекті» қазақшалауды 2021 жылдың 17-наурызында бастап, 28-сәуірде, 43 күнде аяқтап; Жалпы көлемін төрт есе ықшамдап, эпостың негізгі желісін бір кітапқа сыйғызып, 2021 жылы жарыққа шығарып, шүкіршілік қылдық! Сол кітапта жарияланған «Семетей» мен «Сейтекті» Шығармалар жинағыма қосып шығаруды жөн көрдім. Баянғали Әлімжанов. Ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қырғызстанның «Достық» орденінің, Халықаралық «Саяқбай манасшы» медалінің иегері.
СЕМЕТЕЙ Шапқыншылық Айкөл Манас қайтыс болғаннан кейін, қайғыға батқан қырғыз елінің басына қара бұлт үйіріледі. Жақыптың қалмақ тоқалынан туған ұлдары: Абыке, Көбеш, Адыбай, Көлбай,Шибыт, Қошқар алтауы Манас ағаларының аруағынан аттап, оның артында қалған жесірі Қаныкейге қастық ойлайды. «Ағасы өлсе, жесірін інісі алатын жол бар. Абыкеге қосыл!» – дейді. Қаныкей бұған қарсы болады. Батырдың орнын ешкімге бастырмай, артында қалған тұяғы Семетейді өсіруді ойлайды. Ағайындылар Қаныкейге қысым жасай бастайды. Бұлардың үлкені, хан болған Көбеш інісі Абыкеге: «Қаныкей жеңгеңді саған алып беремін деп едім, ол әлі көнбей жүр! Бұл қалай?» – деп, сызданады. Абыке: «Ол маған анамдай болған. Мен оны қайтіп алмақпын?!» – деп бас тартады. Көбеш оған ашуланып, ақырады: «Ағасының қатынын інісі жерге тастамайды! Аласың!» Одан соң қырық шораға қаратып: «Өзіме шора боласың, өзенді самал жайлауға, өз еркіңше қонасың, айкөлің Манас өлмегендей боласың! Қырық шораның басы Қырғылшал мен Тазбаймат, екеуің Бақай шалға білдірмей барыңдар да, қасарысқан қарабетті Абыкеге алып беріңдер! Тимейтін болса, түгін қоймай шауып аламын!» – деп, кесіп, пішіп, бұйрық береді. Қырғылшал сонда бүйдейді: - Кеше Манас ағаңыз, Жаяу келген шораға, Ат жүйрігін мінгізді, Жалаңаш келген шораға, Тон жақсысын кигізді. Бойдақ жүрген шораға, Қыз сұлуын сүйгізді, Үйсіз жүрген шораны, Ақ ордаға кіргізді,
Малсыз келген шораға,
Адырда жылқы алабас,
Арғымақ будан аралас,
Бөліп беріп ер Манас,
Кісілігін білгізді!
Үзілгенді жалғады,
Шашылғанды жинады,
Берен Манас көкжалдың,
Етегін ұстап ер болдық,
Ер ұлымен тең болдық.
Аруағы биік Манастың,
Аулына қайтіп кіреміз?
Артында жалғыз тұяғы,
Оған қайтіп тиеміз?
Тұзы ауыр Манастың,
Тұзына қайтіп сиеміз?
Қабылан аруақ ұрмай ма,
Ордаға қайтіп кіреміз?!»
Сонда Көбеш қағынып,
Кеп айтады шабынып:
«Әрқашанда қырық шора,
Қызыр шалған Манас деп,
Көзіңнің жасын төгесің.
Ол Манастың орнында,
Хан боп отыр Көбешің,
Дегеніме көнесің.
Дегеніме көнбесең,
Қолымнан қазір өлесің!
Қырғылшал мен Тазбаймат,
Қаныкейге барасың,
Ақырғы сөзін аласың,
Айтқанымды қылмасаң,
Ажалыңды табасың,
Айдалада қаласың!»
Ханның әмірі – қатал. Амалы құрыған Қырғылшал мен Тазбаймат
Манастың ордасына аттанады. Қайғыға батып, қан жұтып
отырған Қаныкейге келгенде қырықтың басы Қырғылшал:
Өлгендер қара көрде бар, Өрнек пен нұсқа елде бар. Жетімдік арман менде бар, Жесірлік арман сенде бар! – деп толғап келіп: «Қабылан Манастан айырылып қалың ел күңіреніп отырған шақта, қайныңа тимеймін дегенің – кесірлік болады. Семетей ер жеткенше ерге тимей отырмайсың. Бақдәулет тоқалдан туды екен деп, қайның Абыкені арам деп қорлама! Ол – ақылды, адал жігіт. Өлгеннен жесір қалатын, Өрнекті жолға салатын, Өз жесірім алам деп, Қайнысы қалап алатын. Басқа амалың жоқ – хан Көбештің айтқанына көнесің, Абыкеге тиесің! Көнбесең – хан Көбештен өлесің, өлмесең де көресіңді көресің – Темір ханның шаһарына жалғыз өзің қайтасың! «Тілімді алмаса, бұл жесірді айдап жолға саламын, өз баламдай інімді алып қаламын! – деп Көбеш хан кәріне мініп отыр!» – дейді. Кешегі шорадан мұндай сөзді естігенде Қаныкей ашынып, қаны қайнайды. Тұзым ұрған иттердің, Айтып тұрған кебін көр, Барлық қырғыз айтты деп, Қылып тұрған ебін көр! Сояды деп хан Көбеш, Күш көрсеткен демін көр! Тамтығы жоқ тасырдың, Тауып келген ерін көр! Талайы жоқ бейбақты, Тапсырып тұрған жерін көр! Араға жүріп сөз айтар, Сендерден басқа ел жоқ па? Қарабет болып ері өлген, Халқыңда мендей кем жоқ па? Асылым Манас өлгелі, Қырық күн әлі толған жоқ. Қатынын қыстап алардай, Қанқор Манас көкжалдың, Кәделі асы болған жоқ.
Мен қарабет сорлының,
Басынан қара түскен жоқ.
Айтқан сөзді білген жоқ.
Артында қалған жетімің,
Сөйлеп сөзге кірген жоқ,
Ай қараңғы болғанда,
Түн осындай екен ғой.
Айкөлдің көзі өткенде,
Күн осындай екен ғой!
Шамам келсе тимеймін, Манастың тұзы ұрған құл, сен жүрген
жолға кірмеймін! Тартынбаймын өлімнен, екі ақымақ сені сояйын!»
– деп, қаһарланған Қаныкей ақ болат қанжар – Ақтінтені суырып
алып, Тазбайматқа салып жібереді. Екі шора қызыл қанға батып,
Сұрқызыл мен Кертелкі аттарына мініп, тұра қашады. Сол бойда
Жақып пен Көбешке жетіп, бәрін баян қылады. Жақып ашуланып:
«Қаншықты барып сойыңдар,
Қара көзін ойыңдар!
Жетімектен айырып,
Жалғыз қылып қойыңдар.
Келгендерден кеп ұқтым,
«Алты мың жамбы, мың құндыз,
Параға Бақай жеп алып,
Текешінің Орманбек,
Ханына долы Қанышты,
Береді екен деп ұқтым!
Анық балам Көбешім,
Адал балам Абыкем!
Ұяты жоқ шерменде,
Келтірді жанның намысын,
«Арам» деп жесір айтқандай,
Арам Көбеш сен емес!
Баласын арам дегізер,
Арсыз Жақып мен емес! – дегенде, қаһарланған Көбеш хан: «Мен
дегенің соңымнан еріңдер, Манастан қалған қазынаны бәріңе бөліп
беремін! Ермегеннің басын қылышпен бөлемін, қызыл қанын төгемін!
Қатыннан қорлық сөз естіп, хан болып қайтіп тұрамын, жетімін
көкпар қыламын!», – деп, қолын бастап, Қаныкейді шабуға аттанады.
Қаныкейге бұл сөзді жұрт жеткізеді. Ол төніп келе жатқан
қауіпті сезіп, енесі Шиырдыға:«Кең Ақшидің бетінде, қара жолдың
шетінде, көкжалдың қорғаншасын панала! Кең – Қолға бойыңды
батыр, жалғызыңды жасыр!» – дейді. Шиырды бөгелместен
шырқырап, Семетейді бауырына басып бұрқырап, тау-тастың
арасына барып тығылады.
Әне-міне дегенше,
Хан Көбеш келді бақырып,
Өз атын өзі шақырып:
«Бағамды білмес қарабет,
Байқамас жесір шамасын,
Кесапатты қаншықтың,
Талқандайын қаласын.
Меніменен қастасып,
Тірілтіп келсін Манасын!
Көкпарға тартам, алып шық,
Көзінше сойып баласын!»
Осыны айтып көр Көбеш Қанышты айбалтамен тартып
жібереді. Қапы қалған Қаныкей шыңғырып жылап, бүк түседі.
Қызыл қанға батқанда,
Жер құшақтап жатқанда,
Қамшыменен емшегін,
Тіле –тіле шапқанда,
Жазығы жоқ жесірдің,
Алмадай басын аларда,
Үзіктей қалпақ ер Шуты,
Манастың жақын шорасы,
Ұстай алды Көбешті.
«Көбеш, сен хан емессің, бекерсің,
Хан екенің шын болса,
Қалқаны жоқ қатынның,
Қайтіп басын кесерсің?!»
Деп осылай ер Шуты,
Аталы сөзбен ұялтып,
Араға түсе қалғаны,
Тілсіз жатқан жесірді,
Хан Көбешке шаптырмай,
Жан сауғалап алғаны....
Сол уақытта Көбештің әскері хан жарлығын екі қылмай, ауылды
шабады. Манастың ордасына басып кіріп, баланың жабулы тұрған
бесігін жұлып ала жөнеліп, ішінде бала бар ма, жоқ па деп те
қарамай, көкпар қылып тартып кетеді. Жаудан тартып алғандай,
қара буырыл жылқыны айдап әкетеді.
Төрт түлікті мал қоймай,
Төңірекке жан қоймай,
Жалғыз түйір дән қоймай.
Тағалыдан тай қоймай,
Таңбалыдан қой қоймай,
Қалқа қылар там қоймай,
Сая қылар тал қоймай,
Сауып ішер мал қоймай,
Жақсылық көрер жай қоймай,
Жанаса жақын бай қоймай,
Үстіне тігер үй қоймай,
Қуандырып Көбешті,
Хан Манастың сан дүние,
Талап алып жөнелді,
Олжаға бәрі кенелді.
Сол бойында Жақып пен Абыкеге келіп, Манастың аулынан тонап
алған дүние мүлік, қазына малды бөліседі. Ақ сауыт пен ақ дабылды
Жақып алады, Ақолпоқ пен Ақкелтені, Ақалбарыс пен Сырнайзаны,
алпыс үйлі қалшаны, одан басқа қаншаны өз мүлкім деп Көбеш
иемденеді. Айкөлдің айбалта мен қылышын: «Абыке ақымақ алсын,
алмаса – өзімде қалсын!» – деп, Көбеш хан жау шауып, жеңіске
жеткеннен жаман масаттанады.
Осы кезде Қаныкей,
Жарағын бойға іле алмай,
Жасанып атқа міне алмай,
Дардаңдап келген Көбешке,
Жағаласып кіре алмай,
Жекпе-жекке шығуға,
Ақтінтені ала алмай,
Атырылтып бетпе-бет,
Атойлап найза сала алмай,
Арманды болып, айла жоқ,
Емшегін жара шаптырды,
Дөкірсіген төбетке,
Оқысынан қаптырды.
Жүрейін десе, әл кетті,
Арқадан қара қан кетті...
Бұл қорлықты көрген соң,
Әлсіздігін білгізбей,
Жарасына тигізбей,
Көзін ашып қараса,
Қырық жыл суға шыласа,
Қылт етіп түсі оңбаған,
Сексен жыл суға тастаса,
Серпіліп шіріп қалмаған,
Алтын түсті зор кілем,
Көзіне мүлде ілінбей,
Ақкелте, Олпоқ, Сырнайза,
Қайда екені білінбей,
Талдың бәрін сұлатып,
Тамның бәрі құлатып,
Түгін қоймай шауыпты.
Үйіріп ілер үстіне,
Киімнің бәрін алыпты.
Мұны көріп Қаныкей,
Абдырап тұра қалады,
Зарланып дауыс салады:
«Аңдысып жүрген алты арам,
Басыма қара түн салды.
Қиналып мұртын сыйпалап,
Қиямет кетер шағында,
Есілім айтқан сөз еді:
«Ері өлгенде қатынға,
Төркіні жақын» – деп еді.
Дұшпанның көңілін тойғызып,
Баламның көзін ойғызып,
Көкпар қылып сойғызып,
Бұл жерде жүріп нетейін?
Енемді ептеп жетелеп,
Баламды алып төтелеп,
Жетілгенше жетімім,
Бұқарды көздей кетейін.
Таудағы жылқы алабас,
Тобыршақ, будан аралас,
Томсартпай жұртты күтуші,
Арқамда еркек бала жас.
Алдырып қойдым иттерге,
Айыпқа мені қаласаң,
Асылым тұйғын ала жат!
Алтынды жиған сен болдың,
Азабын тартқан мен болдым.
Күмісті жиған сен болдың,
Қызығын көріп алты арам,
Күйігін тартқан мен болдым.
Қара – Бура, Шатқалым,
Қайырылып тұрар шамам жоқ,
Қайран жерім, есен бол!
Аппақ қалпақ, көк шекпен,
Қоштаса алмай мен кетсем,
Қайран елім, аман бол!
Қызыл көйлек, қыпша бел,
Қыз балдарым, есен бол!
Кең пейілді, келісті,
Келіндерім, аман бол!
Қара егіннен күріш көп,
Қалайыдан күміс көп,
Боз қояннан түлкі көп,
Боқшаға жиған мүлкі көп,
Қайран жер, Талас, аман бол!
Ақ сақалын жайқаған,
Адамның сырын байқаған,
Әріптескен адамды,
Алақанда шайқаған.
Көк сілеусін бөрік киген,
Көк ала қалқан ойнатқан,
Алдыда жүрсе ақжолтай,
Арқада жүрсе, сан қолдай,
Қапілетте сөз тапқан,
Қараңғыда көз тапқан,
Қысылғанда қу жанның,
Амалын тауып беруші,
Ағекем Бақай мында жоқ.
Ай қараңғы түн екен,
Мендей жесір байғұстың,
Азапты тартар күні екен...
Айкөлімнен айырып,
Тал бойымды талдырып,
Тағдырдың түсті салмағы,
Көрінбей кетті көзіме,
Берендердің аруағы.
Қазылған қалың орым-ай,
Қайнаған қалың сорым-ай!
Маңдайымның қайқысы,
Бұл дағы ырысымның тайқысы.
Айкөлімнің барында,
Асылды жидым киіздей.
Ақыреттік дос болған,
Батырдан қалған қырық шора,
Кісілігін білгізбей,
Аулымды шапты бүгінде.
Алты арамға айдатып,
Жау болып шықты түбінде.
Алтыным болмай көмірдей,
Еркінсіп енді еліріп,
Кіші қатын балдары,
Аулымды бұзды семіріп!..»
Деп осылай Қаныкей,
Атыста кисе оқ өтпес,
Ақолпоқты таба алмай,
Манастан қалған сұр шекпен,
Сұр шекпенді киініп,
Алмамбеттің мылтығы,
Сырбараңды таянып,
Талаудан қалған бұйымы,
Аз да болса көп болып,
Қара сұр өңі шөп болып.
Қайраттанып бел байлап,
Қайғырып жылап көз жайнап,
Жаралы жері бөлініп,
Қапталынан аққан қан,
Етегіне төгіліп.
Бүлдірге болар жіп қалмай,
Бүлкілдеп үрер ит қалмай,
Қарқ етіп ұшқан қарға жоқ,
Құрқ етіп ұшқан құзғын жоқ,
Қара қылар адам жоқ,
Қарбытып асар тамақ жоқ.
Кең дүние тар болып,
Мүшкіл болды Қаныкей,
Мұңдасарға зар болып!
Қашқындар
Жарасы жанына батқан Қаныкей Үш-Қосайды межелеп, енесі
Шиырды мен баласы Семетейге келеді. Қиналып тұрған Қанышты
жылата бермейін деп, Шиырды балтыр бесік Семетейді күлдіріп,
бауырына басып, теңселіп тұрған жесірге телміре көзін салып,
кәрілігін білгізбей, қайратын білгізіп,былай дейді: «Ой, Қаныкей
құлыным, бұрқырап жылай берме! Ханы өлген қатынға төркіні
жақын деуші еді, сондықтан Қараханды көздеп қашып кетейік. Бұл
жерден енді біз береке таппаймыз, атаң Темірханның шаһарына
кірейік, белінді байлап қайрат қыл!
Бүгінгі көрген таңда жоқ,
Осындай екен дүние боқ.
Жылқыдан тұлпар кер де өткен,
Мына түпсіз дүниеден
Неше түрлі ер де өткен
Ескендір батыр шер де өткен
Бұл түбі жыртық дүниенің
Түбіне шейін кім жеткен?!
Ажал келсе өлерміз,
Азабы болса көреріміз,
Жалғызың ептеп ер жетсе
О балам бір жақсылық көрерміз!
Найзаға таққан желегім,
Осы тұрған жетімім Айкөлден қалған белегім. Тұлпардан қалған тұяғым, Бұл кішкентай Семетей Тұйғыннан қалған шұнағым. Аспанда жарық жұлдызым Жағамда жақұт құндызым Аузымды ашып өпкенім, Көзімді ашып көргенім. Өзеннен аққан бұлағым Өлерде көрген шұнағым. Манастан қалған мирасым Басымдағы панайым, Балтыр бесік Семетей Мандайдағы талайым! Аңдып келіп алты арам Адырды бойлап аспасын, Әлсіреп әрен тұрғанда Төбемізден баспасын. Қармап алып жетімді, Өз дегенің қылмасын Кетелік балам отырмай Оқыстан құдай ұрмасын! – деп, Шиырды өзі жөтеліп жүріп, немересін көтеріп алып, екеуі бұтабұтаның арасымен жылапеңіреп алға қарай жүре береді. Кебісі жоқ, байпақшаң байғұстар басайын десе, балтырдан қара қан кетіп, жіліктін басы сырқырап, табаны тасқа былжырап, Шапшақтың белінен аса алмай, не қыларын білмей, әбден қиналып отырады. Балаға қараса, алты күн бойы тамақ ішпеген, тіпті, бақырып жылай да алмай, көз алдарында солып бара жатыр! Қаныкей шыдай алмай: «Балам үшін құрбан болып кетейін! Балам аштан өлмесін, даладан бір азық іздеп келейін. Азық тауып келсем, келдім, ал егер де алты күнде келмесем, өлді деп есептерсің!» дейді. Екеуі осылай қиналып тұрған уақытта, Байдың ұлы Бақай хан бұларды іздеп келіп қалады. Сөйтсе, Бақай абаныз ақ сақалын жайқалтып, жетім баланы көріп, Шиырды мен Қаныкейдің халын білемін деп, Кең – Қолға, Манастын Ордасына барған екен. Келсе – Орданың ойраны шыққан, не
мал көрінбейді, не тал көрінбейді. Бытшыты шыққан, дуалдын бәрі бұзылған. Қыбырлаған кісі жоқ. Тіпті, жұртта қалған ит те жоқ. Шаң басып, қирап жатқан жұртты көріп, бір сұмдықтың болғанын сезеді. Содан кейін: «Бұлар аман қалды ма екен? Енді қайдан табамын ?» – деп, сай-сайды, қолат-қолатты аралап, іздеп жүрген кезде. Үш – Қосайдың қолатында, алыста ербеңдеп отырған екі қараны көреді. Осы екі қараға атпен тура келіп, Қаныкей мен Шиырдыны көріп, көзінің жасы төгіледі. Шиырды мен Қаныкей болған істің бәрін айтады. Бақай қара жерді қамшылап, арман қылады: Сақалымның ағында, Сапар кетер шағымда, Арқам Манас барында, Одан бұрын өлмедім! Арғымақ мініп құс салып, Арқырап жүрген шағымда, Ақ сақалды жайқалтып, Жарқырап жүрген шағымда. Будан мініп, құс салып Бұрқырап жүрген шағымда, Бұл қорлықты көргенше, Сонда неге өлмедім! Қошемет қылып, қырық шора Шұрқырап жүрген шағымда, Алтын менен күміске, Бөленіп жүрген шағымда, Айбатым Манас асылға, Сүйініп жүрген шағымда, Маңдайда бағым тұрғанда, Арман-ай, неге өлмедім! Дәу болып тұрған кезімде, Дәулетімнің шағында, Алмамбет, Шуақ жанымда Ажыбай, Сырғақ қасымда, Сонда өлмей арман-ай, Қашан қамшы тиер деп, Қарыған кезде етіме, Кәріліктің айынан, Қашып жүрем қор болып,
Қалың елдің шетіне.
Айлам бар ма қайтейін,
Абыке менен Көбештің,
Бара алмадым бетіне.
Қырықтың басы Қырғыл шал,
Тұрмады айтқан сөзінде,
Қырық шораны азғырып,
Кіріп кетті қол шаппай,
Қан Көбештің өзіне.
Қаныкей балам қайғырып,
Жас алмағын көзіңе.
Жетімің аман ер жетсе
Шашылғаның жиналып,
Кеткенің келер өзіңе!
Темірханға ептеп жет
Жетімді ұстап бетіңе.
Хан Бақай қайда екен деп,
О, балам, алып жүргін есіңе.
Құлақ салып тілімді ал
Осы айтқан сөзіме.
Есен болса жалғызың
Арамдар келер есіне.
Темірханға балам кет,
Балам, кетсең – басым кет.
Ақ батамды берейін,
Айтқан жерге аман жет!
Шырқыратып жылатпа,
Шиырдыны ала кет!
Төкпей, шашпай сөзімді,
Құлағыңа сала кет!
О, Қаныкей құлыным
Бүгін бұрдың сананы,
Алысқа сапар жол жүріп,
Аман-сақтап қалыпсың,
Манастан қалған баланы.
Бұдан ары Қаныкей
Арылдаған алты арам,
Кең Қол бойлап қонбайды,
Қиғаштасқан қырық шошқа,
Бастағыдай болмайды.
Жыл он екі ай болғанша
Балам, түйе қайтарып күйермін
Төбеңнен тиген итпенен,
Реті келсе, Қаныкей,
Мен төбелесе жүрермін.
Төремнен қалған жалғызды
Мен он екі жыл күтермін.
Он екі жылда келмесе,
Таласты балам көрмесе
Азабын тартып, қорлықтан,
Ажалсыз Бақай өлермін.
О, Қаныкей құлыным
Әңгіме, дүкен құрай жүр,
Бақайдың жайын сұрай жүр.
Сен Бұқардан қайтқанша,
Бек байлаймын белімді.
Медер қыла жүрерсің,
Беренің айтқан жеріңді.
Түйе ішінде қара нар,
Желмаяңды сақтармын,
О дүние кеткен жалғызым
Манастың тұзын ақтармын! – деп, хан Бақай ботадай боздап,
ішіндегі қайғысын көзінен жас қып төгеді. Бақай абасының сөзінен
Қаныкейдің көңілі ашылып, қайраттанып, былай дейді:
Өзенге қыршын тал бітер,
Өлмеген жанға мал бітер.
Манастан қалған бір жетім,
Есен болса ер жетер.
Ер жеткенше ес кетер,
Есікке келген дос кетер.
Есен болса құлыным
Ептеп-септеп күн өтер.
Қапа болма, хан аба,
Қайратың жетім бар аба.
Манастан қалған белек бар,
Бас көтерер желек бар.
Балаң аман тұрғанда,
Баладан саған жөлек бар.
Өлмесем Шатқал жайлармын
Өзенге бие байлармын.
Көлеңкем аман тұрғанда,
Көбештің жайын табармын,
Доңыз ханды жайғармын!
Абыкесін айдармын.
Көбешті көрге кіргізіп,
Ел ішінен айдармын!
Ажал жетіп күн бетсе
Кімді жұтпас қара жер
Айналайын абаке,
Азық-түлік қамдап бер,
Бабында тұрған буданнан
Екі күлік таңдап бер!
Бақай қайраттанып, ақсақалы жарқылдап, екі жылқыны таңдап
алады. Ер – тұрманын сайлап, азық-түлігін отыз күнге жетердей
қамдап беріп, жолдан адасып кетпеңдер деп, қойдың етін пісіріп,
ақ қоржынға салдырып, ақылын айтып, торсыққа сүт құйып,
Темірханға хат жазып береді.
Манастан қалған Семетей,
Екі айымға табыстап:
-О, Қаныкей құлыным,
Темірханға жетерсің,
Атаңа разы боларсың.
Арқа шашың өре көр,
Әлдилеп тұрған шұнақты
Ысмайылға бере көр,
Аулақ салғын бойыңды,
Тыныш қылғын ойыңды.
Балаң ербейіп атқа мінгенше,
Оқ өтпес тонын кигізбе,
О дүниеге кеткен Манастың,
Ата екенін білгізбе!
Тұлпарды мініп, желгенде,
Жасы он екіге келгенде,
Жібергін осы Таласқа,
Зиярат қылсын жетімім, Батырым көкжал Манасқа! Мен қияның басын шалармын, Қиналып Бақай өлмесем, Қиыннан қалған құлынды, Мен жолдас қылып алармын! Білмегенін білгізем, Түймегенін түйгізем! Мен ертіп жүріп ер қылам! Ер ұлымен тең қылам! Белін бекем буысам, Бексінген Қоңыр қанқордан, Береңдер құнын қуысам! Аман келсе жетімім, Бақай хан күнін көргені, Жетім аман келмесе, Байғұсың Бақай өлгені! Аман келсе Семетей, Жырғап Бақай толғаны, Кешігіп қалса Семетей, Бақайды құдай ұрғаны! – дейді. Сөйтіп, Бақай қария Манас өлгенде Қатағанның хан Қосайы асқа берген Тайторы тұлпар мен Ақборсық деген асыл жылқыны ұстап береді. Ер-тұрманы сай екі атқа екеуін мінгізіп, баланы оң бетінен бір иіскеп, сол бетінен бір иіскеп, екеуін құшақтап, қимайқимай көзінің жасын төгіп, көріскенше қош бол деп, аттандырып шығарып салады. Қаныкей Таласпен қимай-қимай қоштасып: «Осы жетім балам жетіліп атқа қонғанда, жалпы қырғыз елім, айналайын кең Таласым, үмітімді үзбеймін, әлі қайтып келеміз!» – деп, көзінің жасын көл қылады. Семетейді алдарына алып, Шиырды екеуі аттанып кете барады. Жол ұзақ, қауіпті. Екеуі алған азықтарын жеп, суларын ішіп, күні, түні жол жүріп, Гүлтоғайға жетеді. Гүлтоғай ата дер екен. Жемісі мол гүлдеген, Нұр төгілген жер екен. Гүл-Тоғайды қарасаң,
Жаңғағы жайнап төгілген,
Жан таласқан бейбаққа,
Шын бейіштей көрінген.
Арып – ашып, қалжыраған бейбақтар сонда паналап, аттарын
байлап, бір күн демалады. Терекке атын байлап, демалып, енді бір
кезде оянып, жан -жағына шошына қарайды.
Ай қараңғы түн болса,
Түн немене болады?
Қоқаннан келген қарақшы
Үстінен түссе бейбақтың,
Күн немене болады?
Түбімізге жетпей ме?
Өлгенде көрген баламды
Олжалап алып кетпей ме?
Қара бет жесір мендейді,
Құрбандыққа шалмай ма?
Атадан қалған жетімді
Құл қылып қармап алмай ма?
Тентіреп жүрген біздерге
Бәлені мықтап салмай ма?
Қарыннан шыққан жалғызым
Көкжалдан қалған жұлдызым,
Жұлдызымды жетілтпей,
Қолдағы құлы қыла ма?
Жылап жүрген жесірді,
Сорлатып құдай ұра ма?
Айналайын енеке,
Жол жүрген адам тұра ма?
Сиынып қашқан сорлылар,
Бұқарға жетпей тына ма?
Екеуі қайтадан белдерін буып, ары қарай Бұқарға жол жүріп
кетеді.
Бұқардың жолында
Талай жерден өтіп, Шоң Ақшиге, шек ара жерге жетеді. Қаныкей
тебіреніп, енесіне сағынышты сырын шертеді. Балалық шағын еске
алады.
Бұқарда атам Темірхан, Ер бала көрмей дүниеден, Он екі қызды көріпті. Қалыңын алып, ұзатып, Он екі ханға беріпті. Қайран атам зарланып, Он үшінші баласы, Мен сорлыны көріпті. «Қыз да болса кенжемді, Алпыс ұлға бермен» – деп, Тойыма тоқсан сойыпты. Таудай етке тойдырып, Мен бейбақтың атағын, Қаныкей сұлу қойыпты. Мен екіге келгенде, інім Ысмайыл туыпты. «Айналайын, ақжолтайым Қаныкей!» – деп, хан атам мені еркелетіп өсіріпті. Бүкіл Бұқар елдерінің еркесі болдым. Он екі жасқа келген соң, жорға мініп, желбегей торқа, алтынды тоным жарқылдап, сексен келін, сексен қыз қосшы алып, Бұқардан алты күн жол жүріп, сейілдеп осы жерге келуші едім. Анау көрініп жатқан кең көлшіктің жанында қайыңға жазған атым бар! Жүріңіз, соны көре кетейік!» – деп, енесімен көлшікке келеді. Көлшігі құрғап қалыпты, Төңіректе шынар бақ, Тақыр қурап солыпты. Мұны көріп Қаныкей, Жылап тұрып, сөйлейді: - О, айналайын, енеке, Жолы қиын Бұқарға, Жетеміз деп қу жанды, Қинап өлер ме екенбіз. Жер жүзіне біз байғұс, Симай өлер ме екенбіз? Семіз едік, жал кетіп, Арық болар ма екенбіз? Бұдан бетер сор қайнап, Қарып болар ма екенбіз? Көлшігім құрғап қалыпты.
Қаныкейдің кең көлшік,
Телегейі тең көлшік,
Қайыршы келсе тоятын,
«Қор болмасын Қаныш!» – деп,
Батасын беріп қоятын.
Жайқалған шынар бағымның,
Жемісін халқым жеуші еді,
Қаныкейдің кең көлшік,
Ертеде «патша тұрған» деуші еді...
Енді міне, сеніп көр,
Топырақ ұшып, тоз болып,
Қап-қара болып қазылған,
Ойыңды бұған бөліп көр,
Бұл немене болады?
Бұрқыратпай долыны,
Енеке мұны жорып бер!
Шиырды сонда сөйлейді:
- О, Қаныкей құлыным,
Көлшігің құрғап қалғаны,
Көкжалың Манас өлгені.
Айнала қурап қалғаны,
Қорлық салып өзіңе,
Арамдар малды бөлгені.
Шынарың қурап қалғаны,
Тазыдай қашып желгенің,
Азап тартып, зар илеп,
Таластан қаңғып келгенің.
Сарайың құлап қалғаны,
Заманың кетіп басыңнан,
Арамдар емшек жарғаны.
Көрмейсің бе, Қаныкей,
Опасыздың жалғаны.
Береннен қалған Семетей,
Белекке белге таңайық,
Байбалам салмай, бас көтер,
Белгілі жерге барайық,
Бұл Семетей баланың,
Бауы берік болар ма, Белгіге төлге салайық! Осы мына көлшігің, Қасиетті жер екен. Айтсам,сөзім зар екен. Қазанбақтай қара шым, Тылсымдаған немедей, Тұнған сыры бар екен. Ақылыңмен аңғаршы, Айналайын Қаныкей, Қара шымды аударшы! «Қабылан Манас қолда, – деп, Қадыр-көңіл қалмаған, Қалың халқым оңда!» – деп, Таласқа қарап қаңтаршы! Ішінен қайнап су шықса, Бізге құдай бергені. Ішінде суы жоқ болса, О, Қаныкей құлыным, Азаптың анық келгені. Үміт болған жалғызға, Төлге салып көрейік, Тілегің қабыл болмаса, Төрең Манас артынан, Біз де қоса өлейік! Оңалып төлгең дөп келсе, Бұрқырап суың көп келсе, Өксігің бітіп Қаныкей, Бір жақсылық көрейік!» Сонда Қаныкей мойнына кісе салып: «Таудайым Манас қолда!» – деп, бетін Таласқа қаратып, айбалтамен қара шымды шапқылап, аударып тастайды. Осыны күтіп тұрғандай қара бұлақ атқылап қоя береді. Бейбақтар қуанып тұрғанда, көлшік қайтадан суға толып, шынары көркейіп, бұтағына бұлбұлдар сайрап қонады. Қайран кемпір Шиырды мойнына құрын салынып, ботадай боздап жылайды. «Құдай береді екен! Семетей атасындай болып, кетілген болат жетіліп, еліне келіп қонады екен! Азықты әкел, Баабединге атап, бір тоялық, бұйрығы күшті тәңірге бір сиынып қоялық!» – дейді. Сонда
Қаныкей: «Айналайын, енекем, Бұқарға жеткенше алты күндік жол
бар! Алдымызда адыр-адыр бел, шымшып жейтін шөбі жоқ шөл
жатыр. Азықты қазір жеп қойып, азапқа қалмайық, баланы аштан
қатырмайық!» – деп тартынады. Бірақ, Шиырды қоймайды:
Ой, Қаныкей құлыным,
Ажалы жеткен өледі,
Өлмеген күнін көреді.
Тірі жүрген адамның,
Ырысын құдай береді.
Арыған ат семірер,
Ашқан қарын тойынар.
Тілекті құдай берген соң,
Төлгеміз тура келген соң,
Қурап қалған шынарға,
Қайырылып бұлбұл қонған соң,
Кеуіп қалған көлшігің,
Қайтадан суға толған соң,
Үзілгендер жалғанар,
Шашылғандар жиналар.
Күйікті жан қуанар.
Жосықты бұзып нетелік,
Алып кел, бері азықты,
Осы жерде түстеніп,
Бір қуанып өтелік!..»
Қаныкей Бақай абасы берген азықтан қалған жарты жілік ет пен
жарты қолторсық сүтті алып келеді. Семетейді тойдырып, өздері
де ішіп, жеп, әлденіп, қол-аяқты созып жатып демалып, ес жияды...
Мұны мұндай тастайық, Бұқардың ханы Темірханнан сөзді
бастайық. Темірхан ақылы терең, қолы ашық, мәрт, қасиетті
жан екен. Ең кенжесі Ысмайыл жиырма беске толып, ел аузында
мақталып, айтқан сөзі ем болып, елді билеп, өрлеп келе жатқан
шағы екен. Сол уақытта алпыс батыр қосшы алып, ит жүгіртіп, құс
салып, Ит- Торпының бойында, шоң Бұқардың ойында жүр екен. Бір
кезде Шоңкүрең аттың аузын бұрып, алысқа қадала қарап қалады.
Сырын білетін батырлар: «Неменеге көзі түсті екен?!» – деп, қалт
тұра қалады.
Ысмайыл балуандарын жанына шақырып, сөз бастайды:
Атымның басын тартайын,
Арманды қазір айтайын.
Айналайын балуандар,
Дүниеде толған арман бар.
Дәулет баста тұрғанда,
Құндыз бенен сусарды,
Кімдер ырғап кимеген?
Ауыздан шыққан лебізге,
Кімдер басын имеген??
Ағын судай сарқырап,
Кім күркіреп жүрмеген!
Жездем Манас қабылан,
Қаңғайға қарсы барғанда,
Қарсыласқан жауларды,
Қалтыратып алғанда,
Қаңғайдан шыққан Қоңырбай,
Алдап салған жарадан,
Улап сайған найзадан,
Айкөл Манас өліпті! – деп, толғанып, көлшікке қараңдаршы дейді.
Өздерің көрген кең көлшік,
Жездекем Манас өлгенде,
Өзінен өзі суалып,
Жайнап тұрған шынары,
Бір-ақ күнде қуарып,
Қызыл алма, тал қалмай,
Қыбырлаған жан қалмай,
Иен шөл болып қалғаны.
Енді міне қарасам,
Көлшігі толып қалыпты,
Бақтар көктеп алыпты.
Көгеріп бұлт көрінет,
Ербеңдеп қара бөлінет,
Бірі торы, бірі көк,
Екі тұлпар көрінет.
Ерттеулі тұрған қос тұлпар,
Ежемнің аты болмасын?
Көгеріп тұрған көкте бұлт,
Ежемнің дерті болмасын?
Ысмайыл мұны айтып, жігіттерін бастап, аттанады. Қару-
жарағы жарқылдап, сауыт-сайманы сартылдап, алпыс балуан құйғытып келе жатқанда Шиырды мен Қаныкейдің зәресі кетеді, қапа болып, көздерінен жасы төгіледі. Қаныкей қайраттанып, не болса да айқасып көрейін, ажал жетсе өлейін деп, атқа қонбақшы бола бергенде, Ысмайыл келіп қалады. Бірін бірі танып, өкіріп жылап көріседі. Манасты жоқтап зарлаған Ысмайылға барлық балуандары үн қосады. Қаныкей бауырына Көбештен көрген қорлығын бастанаяқ баяндап, мұңын шағады. - Күрілдеген көр Көбеш, Кең-Қолда шапты көшімді. Жас жетімді қалқалап, Енекемді арқалап, Ала алмай кеттім өшімді. Қасірет түсті басыма, Жездекеңнен айрылдым, Ой, інім, отыз екі жасымда. Талқандатып қаласын, Тастап шықтым қаласын. Таң сияқты жездеңнің, Таласта бойын жасырдым, Талатып қорлық көп көріп, Айналайын Ысмайыл, Жетімді саған қашырдым. Бөдене деген қайран құс, Бөлініп ұшар дала үшін, Бөлініп қорлық шын тарттым, Жездеңнен қалған бала үшін. Найзаға таққан желек деп, Айкөлден қалған белек деп, Тұлпардан қалған тұяқ деп, Тұра алмай тентіп мен келдім, Тұйғыннан қалған шұнақ деп. Сенің жерің Бұқарды, Далам десем оңбайын, Көкжалдан қалған тұяқты, Балам десем оңбайын! Мойнына тұмар тағып ал, Басыменен берейін,
Жетіміңді қор қылмай,
Бауырым, өзің бағып ал!
Қуды құсқа жегізбе,
Құрғанда көрген жалғызды,
«Біреудің ұлы» дегізбе!..
Аузымды ашып өпкенім,
Көзімді ашып көргенім,
Айкөлдің жалғыз баласы,
Қалап берген мен қандай,
«Жездемнен қалған тұяқ» деп,
Жаутаңдатпай жалғызды,
Қалап алсаң сен қандай?!»
Ысмайылға Қаныкей,
Қылып берді ырымын,
Ит аяғын кешіріп,
Қырқып берді шыбығын.
Темір ханның Ысмайыл,
Садақ оғын қармалап,
Қылыштың жүзін жалмалап,
Антын беріп салады.
Ежесі берген жетімді,
Бала қылып алады.
Қос атпен кісі шаптырып,
Бұқарға хабар салады.
Ырым қылып балаға,
Бадана тонды кигізіп,
Ырым қылып көтеріп,
Шоң күреңге мінгізіп,
Бұқарға келіп жеткен соң,
Он жеті күн той қылып,
Бақандары майысып,
Батырлары сайысып,
Семетейдің тойына,
Көп қазына жайысып.
Алыстан келген сыншылар,
Аямай тойды жеп кетті:
«Аман болса бұл бала,
Әлемге татыр!» – деп кетті.
Қиырдан келген көп сыншы,
Қызықты тойды жеп кетті.
«Қыран екен бұл бала,
Қылымға татыр!» – деп кетті.
Семетейдің балалық шағы
Қыран Манас көкжалдың,
Ата екенің білгізбей,
Қосай берген қол жайып,
Бата екенің білгізбей.
Көсіліп жатқан кең Талас,
Жер екенің білгізбей,
Артықша туған Қаныкей,
Ене екенің білгізбей.
Табанын жерге тигізбей,
Мандайын күнге күйгізбей
Тай атасы Темірхан,
Садағасын шаптырған
Көңілі еркін өссін деп
Күнде лақ тарттырған.
Бір жасына келгенде
Бірге ойнаған балдарды,
Беймаза қылып жадатқан.
Екі жасқа келгенде,
Ер міңезі көрінген,
Екі көзден шашырап
Ұшқындары көрінген,
Үш жасына келгенде,
Жолбарыстай болған көзінен,
Жалындап нұры төгілген.
Төрт жасына келгенде
Тең тұстары жоламай,
Қабырғам қирап қалар деп
Жақындамай жанына
Аулағырақ көрінген.
Бес жасына келгенде,
Берендігі білінген.
Қаруына оқ –садақ
Кәдімгідей іліпті,
Қанаты бар буданды
Жас Семетей мініпті.
Алты жасқа келгенде
Әр мінезі байқалған,
Атасынан асар деп,
Әркім енді айта алған.
Жеті жасқа келгенде
Желіккендей көрінген,
Жерге қарап күңіреніпі
Өзінен өзі сөйленген,
Мылтық атып, жақ тартып,
Жан тең келмей үйренген.
Сегіз жасқа келгенде
Шер сияқты жұлынды.
Темірден киім кием деп,
Шешіп тастап бұлымды.
Жазғы жүрген үйірдей,
Жан-жағына ұрынды.
Тоғыз жасқа келгенде,
Тауға қолы созылды.
Тауға шыққан тоғайдың,
Түп тамыры жұлынды.
Таудай болған бұл тентек,
Топты бұзар енді деп,
Толған елге ұғылды.
Он жасына келгенде,
Ойына түскен қиялын,
Бір пендеге бермеді.
Теріс тартқан тентектің,
Сазайын беріп қолына,
Оқсата қинап тергеді.
Қабылан туған шұнаққа,
Қарсы бір жан келмеді.
Он бір жасқа келгенде,
Оттай жігіт топ қылды.
Ойындағы жұмысын,
Өршіте түсіп, бек қылды.
Он екіге келгенде,
Алаулап тұрған өрт болды.
Ашуына тигендер,
Аямастан мерт болды.
Жер қыдырыпт су бойлап,
Ондаған жігіт қосшы алып,
Бар жарағын түгендеп,
Ит жүгіртіп, құс салып,
Мылтық атып, жақ тартып,
Жол күзетіп, жау кезіп,
Найзаны жерге қадатып,
Гуілдеген бектерін,
Дірілдетіп, жадатып.
Теңтектігі артады,
Тең келерге жан шықпай,
Тығылып бәрі қорқады
Бала Семетейдің қылықтарынан шошыған бір ақ сәлделі, ділдә
шапанды ақсақал Темірханға келеді.
«Тақсыр Темір ханымыз,
Аман болсын жаныңыз!
Қоламтадан сор шықты,
Осы Бұқар шәрінен,
Семетей атты зор шықты.
Саған келдік ханымыз,
Мықтап құлақ салыңыз.
Семетейдің айынан
Талай ишан қайғырды.
Ала шапан қожаның,
Басы талай жарылды.
Қасиетті ишанды
Бұл жетімің қамады.
Қолға тиген қожаны,
Айтқаны анық болмайт деп,
Ойбайлатып сабады.
Бұл жетімнің жоғында,
Хан сөзіне тең болдық.
Бұл жетімнің барында,
Басқалардан кем болдық.
Өзеннің талын қиып ал,
Өрттеніп шығып барады!
Өз еліне кетпесе
Жетіміңді тыйып ал!
Бұл жетімді тыймасаң,
Қақпалы Бұқар елінің
Қалағанын қылмаймыз,
Ертелі кеш үш мезгіл
Ермектей берсе жетімің,
Бұқарыңда тұрмаймыз.
Биыл он екіге келіпті,
Он беске келсе оң қылмас,
Бәрімізді сау қылмас.
Қияпат жыны ұстаса,
Ишан емес, еліңе,
Қырғынды бала салады.
Оймақ ауыз бота көз,
Ойқастаған қыздарды
Олжа қылып ұшыртып,
Қырғызға айдап барады.
Қорғалатып қожаңды,
Қоймай сабап молдаңды,
Тиіп алар биеңді,
Шығарар білем бұл жетім,
Қай – қайдағы киеңді.
Өштескенді өксітіп,
Қармап алып жайлаған,
Қарсылдасқан жау келсе,
Қанға бөлеп айдаған.
Беттесе келген жау болса,
Берекесін қоймаған.
Қараңғыда айдаса,
Қабыландай жайлаған.
Бәтшағар қырғыз тұқымы,
Тақсыр, мұны тыймасаң.
Не бұл тұрсын Бұқарда,
Не біз тұрайық Бұқарда.
Енесі мұның Қаныкей,
Тазы иттей желген – ді.
Көтеріп алып жетімді
Таластан қаңғып келген – ді.
Жетіміңді тыймасаң
Бұл жерде тұрып нетеміз,
Тұс-тұсқа безіп кетеміз!»
Темірхан сонда кеп айтты,
Кеп айтқанда деп айтты:
«Қудай сақал кәріңді,
Құдай алсын бәріңді.
Ақ сәлделі қожаңды.
Аруақ ұрсын молдаңды!
Осы тұрған Семетей
Тұлпардан қалған тұяғым,
Ту қазанат шұнағым.
Найзаға таққан желегім
Асылдан қалған белегім.
Азып келген Қаныкей.
Сүйегімнен шыққаным,
Шуылдамай құлақ сал,
Осы болсын ұққаның!
Өлгенде көрген Семетей,
Тілегіме келгенім,
Баламнан шыққан ермегім.
Мәнісі жоқ сөз айтып
Баламды менен бөлгенің!
Оқыстан тиген қол екен,
Қанеки, сенің өлгенің,
Осы тентек Семетей
Қаласа жазар құмарым.
Он екіге келді енді,
Менің қара қасқа тынарым.
Ел аузында елек жоқ
Тағы осындай сөзіңді
Естімесін құлағым!
Қызыл болат қылышты
Білегіңе ілгізбе, Көкжал Манас батырдың Ата екенін білгізбе! Созылып тұрған қара қыр. Жер екенін білгізбе, Қайғыланған Қаныкей, Ене екенін білгізбе!» – деп, оларды тиып тастайды. Алайда Темірхан: «Ел аузында қақпақ жоқ. Ертең сенің елің бөлек, бөтен деп біреу-міреу айтып қойып, нағашы атам жасырып жүрген екен ғой деп Семетей маған ренжіп, ашуланып, менің қалама бұзық салып жүрмесін. Мен одан да қазынамның аузын ашып, дүниемді шашып, төңіректің төрт бұрышын жинап, айкөл Манастың асын берейін, білмеген адамға баламның тойы деп қояйын. Сегіз ханның елін жинап, ат шаптырып, той қылып, осы шұнақты халқыма хан көтеріп алайын. Жұрттың атасы болғаннан кейін, тентектігін қойып, ақылға келер!» – деп ойлайды. Төңіректің төрт бұрышына: «Үлкен той жасаймын. Ат үстінде сайысатын найзагер батырлар, атақты балуандар, көздегенін қалт жібермеген мергендер, қара тілін қайраған жыршы, шешендердің барлығы келсін. Ерлер келсін, елдің атасы ақсақалдар келсін. Сегіз Бұхардың сегіз ханы түгел келсін бұл тойыма! Сорпаны көлдей ағызып, етті таудай үйгізіп той қыламын!» деп хабар айтады. Сонда Қаныкей: «Тайторыны төлге қылып бәйгеге қосайын!» деген ойға келеді. Содан күріш пен арпадан жем беріп, терін алып, Манастан қалған боз кісені мойнына салынып, ақ сарбасын айтып, аруақтарға жалынып тілек тілейді.Таласты сағынып, өзінің елін сағынып, зар еңіреп жылайды. «Қазбай қал, құдай орымды Қайната көрме сорымды. Қасқалдақ деген қайран құс Қайрылмай ұшар дала үшін. Қаншаны көрді қайран бас, Қарыннан шыққан бала үшін. Бөдене деген қайран құс Бөлініп ұшар дала үшін, Бөлекше қорлық мен көрдім Бауырымнан шыққан бала үшін. Бел байлап тұрған белім жоқ,
Бекініп жатқан жерім жоқ.
Белгіге шапсам торыны
Жеңгемнің аты екен деп
Белсеніп сүреп алғандай,
Белгілі қырғыз елім жоқ!
Оқтай болған Тайторы
Белгілі жүйрік мал еді
Беренім төрем өлгенде
Қатағанның хан Қосай
Қасиетті абакем
Азаға берген мал еді.
Анық тұлпар Тайторы
Бәйгені қанша көрген-ді,
Мерейін бермей бөлекке
Олжаны неше бөлген – ді!
Осы биыл жануар
Қажитын кезі келді енді.
Азуын жалап жануар
Алпыстан асып болды енді.
Кімдер жақсы көрмекші,
Мендей жесір қатынды.
Төлгеге шауып көрейін,
Тайторы күлік атымды.
Алдында келсе Тайторы
Осы тұрған Бұқардың
Бас бәйгесін бөлейін.
Артта қалса Тайторы
Ары жоқ қатын дегізбей,
Ажалдан бұрын өлейін.
Тентіреп жүрген шағымда
Айналайын жалғыздың
Бағын сынап көрейін!
Озып келсе Тайторы
Іштегі сырды ашайын!
Озбай қалса Тайторы
Жүректегі қара қан,
Айдалаға шашайын.
Айналайын Семетей,
Атаға тартқан шер болса,
Көпке туған ер болса,
Кең – Қолда шапқан көшімді,
Кекірейген Көбештен,
Кетірмей алсам өшімді!
Бастағыдай болғызса,
Таласқа құдай қондырса,
Төлгеге шапқан Тайторым,
Таласқанды жығып кел,
Талайсыз қатын дегізбей,
Тайталаспай озып кел!
Зобалаңнан қашпаған,
Жауға қолтық ашпаған,
Қараңғыда адаспас
Қабыландай жайлаған.
Қарсылдасып жау келсе
Қанын төкпей қоймаған.
Қайран қырғыз елімді
Құдай қайта қайта көргізсе!
Теріңді судай сығып кел
Арқардай ырғып ағылып,
Тайторы атым озып кел!
Тілегім келмей оңынан,
Дұшпанның көңілі тоқ болса,
Бұл баламның қайраты
Атасындай жоқ болса,
Өзің өліп Тайторы
Шапқанды жолға жығып кел!
Бөлек жерге қаңғыртып
Бөліпті құдай санамды
Бөтеннің ұлы дегіздің
Өзімнен шыққан баламды.
Қазбашы менің орымды
Бұдан ары қайнатпай
Кетірші менің сорымды!
«Қашқан қатын» дегізіп
О, құдай, басыма салма зорыңды!
Қуды құсқа жегізбе,
Осы тұрған Бұқарға,
Күлкі қылып өзімді
Қураған қатын дегізбе!
Қазды құсқа жегізбе
Осы отырған Бұқарға,
Қалжыраған қарабет
Қашқын қатын дегізбе!
Қаралды қылар белім жоқ
Төлгеге шапсам Тайторы
Қапа қылмай сүреуші,
Қаралды қырғыз елім жоқ!
Уайым тартсам сын да жоқ
Ұрандап төлге мен қылсам,
Ұялмай сүреп алушы,
Ұялас қырғыз мында жоқ!
Кімдер сүйіп қуантар,
Мендей жесір қатынды?!
Қапа болған бұл бастан
Қайғы кетер күн болса,
Қасиетті қырғызды
Қайрылып көрер күн болса,
Жылағаным басылып,
Оттай көзім ашылып,
Таласқа жетіп жерімде
Өлетұғын күн болса,
Хандық құрған қайран жұрт,
Көретұғын күн болса,
Тайторы атым озып кел!» деп, Қаныкей көзінің жасы төгіп, тілек
қылады.
Айкөл Манастың барында Аққұла атын көп баптаған, аттың
бабын білетін Қаныкей Бұқардың кең даласында, Шоң-Ақшидің
шетінде оңды-солды қамшы ұрып, ұшқан құспен жарысып,
ауыздығымен алысып, арлы-берлі шаптырып, терін алып, Тайторыны
әбден баптайды. Манастың анасы Шиырды енесіне келіп, құшақтап:
«Мен Тайторыны төлге қылып, бәйгеге қосуға тәуекел еттім!» –
дейді.
Бәйге
Қаныкей Ақборсықты қамшылап, қара шашын төбесіне түйіп,
еркектің киімін киіп, темірдей өңі көгеріп, Сырбараңын өңгеріп,
бәйгеге шабатын алты жүз қырық үш тұлпарды абайлап қарап
өтеді. Бәрін сынап болған соң, тәуекел қылып, Тайторының төгіліп
тұрған кекілін көк жібекпен түйіп, сыйда құйрығын қу шәйімен
түйіп, екі құлаш ұзын шылбырды таңдап тағып, ақ ноқтаны салады.
Бұқардағы сегіз ханның алдынан жоғары, төмен қарамай, өлемін деп
санамай, Тайторыны жетелеп өте шығады. «Таудай болған төремді
туған тоқсан бестегі енем Шиырдының батасын алайын, «желікпе»
десе, шаппай үйде қалайын!» – деп, енесіне келіп, бата сұрайды.
Айналайын енекем,
Өзіңде менің берекем.
Еліміз елден кем емес,
Атымыз аттан кем емес.
Жасы менен кәрісін,
Сынап келдім бәрісін.
Кетпен тұяқ, кең сауыр,
Кенен жердің малы еді.
Атекемнің Тайторы,
Бере қоймас намысын.
Төлге қылып торыны
Анық болды шабысым.
Бел байлаған белім жоқ,
Белгіге шапсам Тайторы,
Белсеніп сүреп алушы,
Белгілі қырғыз елім жоқ.
Озып келсе Тайторы,
Бұқарға қызық салайын.
Батаңды берші, енеке,
Патша атамның алдына,
Еркекше киініп барайын.
Дұғаңды менен аямай,
Үміткер болған балаңа,
Медетім, менің берекем,
Қарсылық қылмай, қайғырмай,
Батаңды берші, енекем!»
Ақ бәйбіше Шиырды, Барбайып қолын көтеріп, Күрсе-күрсе жөтеліп, Қол көтеріп зар жылап, О дүние кеткен Манасты, «Қолдай көрші!» – деп жылап: «Ажыбай, Бақай – екі хан, Арқа болып қолдай көр! Айналайын жаратқан, Қаныкей ісін оңдай көр! Алмамбет, Шуақ егізім, Жесіріңе көзің сал! Сырғақ, Серек теңізім, Қайғыға туған жеңгеңді, Қансыратпай сүреп ал! Ісін тәңір оңдашы, Жесіріңді қолдашы! Үміткер болған байғұсты, Жер қаратып қоймашы! О, Қаныкей құлыным, Қапаңды атың ашсыншы, Санаңды атың бассыншы, Қайғыңды қалың жазсыншы! Тілекті құдай берсінші, Телміріп тұрған жесірдің, Торысы озып келсінші!» Манастың анасы, тоқсан бестегі енесі Шиырдының ақ батасын алған соң, аруақтанып, айбарланған Қаныкей Ақборсық атты қамшылап, Тайторы тұлпарды жетелеп, таудай болып аттанады. Бұқарлықтар оны көргенде: «Бұл қайдан келген зор батыр? Асқан шер екен, бек екен, Бұқарға қорған, шеп екен!» – деп, естері шығып, айран–асыр болады. Сөйтіп, Қаныкей Тайторыны бәйгеге қосады. Қаныкейдің інісі хан Ысмайыл батыр: «Бұзылған қатын Қаныкей Бұқарда жатып еліріп, атын бәйгеге қосты!» -деген қаңқу сөзді естіп, ыза болады. - Жесір жүріп желіккен, Ат шабам деп еліккен,
Осынша арсыз бола ма?
Сыздаған сүйек кімдікі?
Сынған намыс кімдікі?
Кеткен намыс кімдікі?
Келген намыс кімдікі?
Еркек киімін киініп,
Ел аралап төтелеп,
Алпыс асқан торысын,
«Шабамын» деп жетелеп,
Сегіз ханнан ер іздеп,
Болмай қалған кезі ме?
Ерге көңілі бұзылып,
Оңбай қалған кезі ме?
Төре жездем Манастың,
Төсегін басқан оңа ма?
Төрені қорлап отырған,
Осындай арсыз бола ма?
Қорлап жүрсе Манасты,
Аруағын ердің қорлаған,
Қаншықтың ісі оңа ма? – деп, намыстанып, қаһарына мінген
Ысмайыл Семетей бастаған балуандарын жинап алады. Болған
жайдың бәрін айтып: «Жесір ежең ебімен ерге тие алмай, ер
қыдырып, сұмдық бастап, есепсіз ұят, масқара қылды. Бұған қайтіп
көнейік, «құтырған қатын» дегізіп, жұртқа күлкі болғанша, тірі
жүрмей өлейік!» – дейді.
-Ой, Семетей құлыным,
Өзенді дария бұлағым,
Өлгенде көрген шырағым,
Тұр, Семетей, барып кел,
Алдында келсе Тайторы,
«Манас! Манас!» бақырып,
Манастап ұран шақырып,
Бері сүреп алып кел!
Артта қалса Тайторы,
Қармап алып қаншықты,
Қанын судай ағызып,
Құрбандыққа шалып кел!
Жол үстіне сүйретіп,
Даңғыттарға жарып кел!
Басын кесіп байланып,
Атакең Ысмайылға алып кел!
Бұл сөзді ұққан Семетей қаһарланып, алпыс балуанға бас болып,
жер-көкті дүркіретіп аттанып кетеді.
Ал Қаныкей тегін емес, қасиетті жан еді. Бұл әңгіме оған аян
болады – құлағына ғайыбы сыбырлайды. Сол мезетте оның іші
өртеніп, көзінің жасы төгіліп, уайымға батады. «Семетей ата-
анасын, ел-жұртын білмей қалар ма екен?! Тайторы артта қалып
қойса, шынымен өз баламның қолынан өлер ме екенмін?!» – деп
күңіренеді.
Қайран жеңгең Қаныкей,
Қыр басында қайқайып,
Тура қарап тұрады.
Айкөлің Манас өлгенде,
Өкіріп жерге көмгенде.
Абыке, Көбеш – екі арам,
Адыбай, Көлбай – төрт арам,
Шибыт, Қошқар –алты арам,
Айкөлден қалған сан малды,
Қамшыға шенеп бөлгенде.
Айла таппай сасқанда,
Бұқарды көздей қашқанда,
Береніңнің дүрбісін,
Белдемшенің бүгіне,
Сала келген емес пе?
Бір керегі тиер деп,
Ала келген емес пе?
Алты құлаш ақ дүрбі,
Алты бұрап қалғанда,
Алты күндік жеріңді,
Арқан бойы келтірген.
Манастан қалған дүрбіні,
Мойнынан жұлып алады,
Ат келетін жағына,
Туралап тұрып салады.
Теңіздің бергі бетінде,
Орғып-орғып шаң шығып,
Орғыған шаңды көргенде,
Қаныкейден жан шығып,
Қадалып тұрып қараса,
Атасының Ақтұлпар,
Қарыштап шырқап алыпты,
Қалың шаңнан бөлініп,
Қарасын үзіп қалыпты.
Оның артын қараса,
Шоңқасқаның шаңы екен,
Мұның артын қараса,
Шоңкүрең сынды мал екен.
Үштің артын қараса,
Қара қасқа арғымақ,
Қарасы көзге ілінбейт,
Үстіндегі баланың,
Қанаттай болып тұс-тұсқа,
Етектері дірілдейт.
Темір ханның төрт тұлпар,
Ұзап шырқап шығыпты,
Одан басқа бір жылқы,
Қайда екені білінбейт!
Көзіне Тайторы ілінбеген соң, Қаныкей күйініп, зарланады:
«Ай қараңғы болғанда,
Түн немене болады?
Артта қалса Тайторы,
Күн немене болады?...
Айналайын жаратқан,
Жан қылып мені жаратсаң,
Тұнық көлде шалқыған,
Қуды құсқа жегізбе,
Ары жоқ қатын ұлынан,
Арам өлді дегізбе!» – деп жылап, тағы дүрбі салып қараса, Кең –
Мойнақтың жонында Тайторы үш жүз аттың соңында келе жатыр
екен. Қаныкейдің қабырғасы сөгіліп, көз жасы Ақборсықтың жалына
сорғалап төгіледі.
Алда, шіркін, қу дүние,
Маңдай сүйегім қайқы еді,
Туылғаннан мұңайып,
Күн көрерім тайқы еді.
Ай қараңғы түн екен,
Ажалым жетер күн екен,
Жас күшіктей қыңсылап,
Жарап өлмек екенмін,
Табытым жоқ, бейіт жоқ,
Арам өлмек екенмін!
Қарқ еткеннен қарға жоқ,
Далада өлмек екенмін!
Асылын көрмей арманда,
Баладан өлмек екенмін...
Өзенді дария – бұлағым,
Өлгенде көрген шырағым,
Боз ала тұйғын балпаңым,
Боз қаршыға шолпаным,
Жау – жарағын кисе екен,
Мен бейшара сорлының,
Ана екенін білсе екен!
Қылыштан қалған қияғым,
Қымбаттан қалған шырағым,
Тұлпардан қалған тұяғым,
Тұйғыннан қалған шырағым,
Найзаға таққан желегім,
Айкөлден қалған белегім,
«Атам» деп жүрген Ысмайыл,
Жат екенін білсе екен.
Айкөлім Манас көкжалдың,
Ата екенін білсе екен.
Иттей болып мен сорлы,
Желгендігім білсе екен,
Таластан қашып бала үшін,
Келгендігім білсе екен.
Бес-Арқар жұлдыз батқанша,
Бес қайырылып бұрылып,
Емізгенім білсе екен,
Атекем Бақай азығын,
Жегізгенім білсе екен.
Күйіктің белін шырқырап,
Асқандығым білсе екен.
Арқалап алып Таластан,
Қашқандығым білсе екен!
Анаңмын деп жалынып,
Анарымды көрсетсем,
Шырағым сене қоймайды-ау?!
Кесапатты шайтан деп,
Көсілте сілтеп қылышын,
Кескілеп турап жайғайды-ау!?
Булығып жүрген жесір деп,
Жолымнан қармап алады-ау,
Дөкірсіп тұрған балуандар,
Көкпарға тартып салады-ау!
Сорлы анасын танымай,
Шырқыратып өзімді,
Шұқып тастап көзімді,
Жол үстіне сүйретіп,
«Елірмелі қаншық» деп,
Даңғыттарға жарар ма?
Далада сүйегім қаңқайып,
Көмусіз қурап қалар ма?
Шықылдаған шымшықтар,
Шарасына көзімнің,
Ұясын ойып салар ма?!
Тал жібектей шашымды,
Айдай имек қасымды,
Құрқылдап құзғын жұлар ма?
Қардан аппақ етімді,
Жұлмалап айдай бетімді,
Ит-құстар жемтік қылар ма?
Ботадай мөлдір көзімді,
Қарқылдап қарға ояр ма?
Маржандай аппақ тісіме,
Шықылықтап сауысқан
Ойнақтап еркін қонар ма?
Алмадай екі анарды,
Қарақұс қарпып тояр ма?
Жайдары жазық қабағым,
Күшіген жемі болар ма?
Бүлкілдеген бүйректі,
Аш түлкі жалмап тояр ма?
Бұралып біткен бұлшық ет,
Бұтарлап бөрі тояр ма!? – деп, көз жасы көл болған Қаныкей:
«Әттең, дүние-ай! Айкөлім Манас ауырып жатқанда, құрбан болып
неге өлмедім? Мұнша азапты көргенше, о дүниеге ерімнен бұрын
неге кетпедім? Бел байлаған белім жоқ, бекініп жатқан жерім
жоқ, береннің зайыбы деп сыйлар, берекем қырғыз елім жоқ!» – деп
күңіреніп, Манастан қалған бұрамалы ақ дүрбіні тағы бір бұрап
жіберіп, буданның жолына қарайды.
Аруақтардан сұрайын,
Алтын ауыз дүрбіні,
Алты жолы салайын,
Анықтап тұрып қарайын,
Шұбап өткен аттардың,
Бәрін де түгел санайын.
Алдында Торым келмесе,
Алпыс торпақ, қырық тайға,
Сатып алған Ақтінте,
Қынынан суырып алайын,
Сүбеме мықтап қадайын.
Баламның қолын тигізбей,
Қаныма жанын күйгізбей,
Мен өзім өліп қалайын!»
Ер сипатты Қаныкей,
Ақборсық аузын бұрады,
Аруағы күшті Манасқа,
Жалынып жылап тұрады...
Тайторының шабысы
Қаныкей тағы да дүрбі салып қараса, Тайторы Ит-Торпының
жолында, кезең қырдың ойында, алпыс аттың соңында келе жатыр
екен.
Басын жерге салыпты,
Қарыштап шырқап алыпты,
Мойнын жерге салыпты,
Еті қызып алыпты.
Желгеніне жел жетпей,
Басқанына мал жетпей,
Басқаша шырқап алыпты.
Еңіс жерге келгенде,
Құржыңдаған Торының,
Еліктей қолы сайылып,
Өрге тарта бергенде,
Жал-құйрығы жайылып,
Жазық жерге келгенде,
Тұяғы жерге тарсылдап,
Қара болат ауыздық,
Көмекейде қаршылдап,
Арандай аузы ашылып,
Қан аралас ақ көбік,
Омырауға шашылып,
Тал жібектей құйрығы,
Желмен бірге суылдап,
Кекілі көкке желбіреп,
Көнектей болған тұяғы,
Қара жерді ойғылап,
Ойнақтай басып барады,
Шайқап басын зуылдап.
Маралдай болған денесі,
Қара шаңға көміліп,
Үстіндегі жас бала,
Ер қасына жабысқан,
Қауырсындай көрініп,
Келе жатыр Тайторы,
Ерегесіп, еліріп!
Қартайса да бабына келген алпыс бес жасар Тайторы қара дала
бойында отыз аттың соңына ілінеді. Оны көріп толқыған Қаныкей:
Ой, жануар тұлпарым,
Белгілі жүйрік сен едің,
Қабылан Манас өлгенде,
Қара жерге көмгенде,
Қатағанның хан Қосай,
Атаған ерге мал едің.
Алпыстан асқан тақ едің.
Ұға көр, Торы, сөзімді,
Желіккен қатын дегізіп,
Өзектен шыққан балама,
Қор қыла көрме өзімді!
Бұдан әрі боздатып,
О, жаратқан тәңірім,
Көр қыла көрме көзімді! – деп, қараса, Кең Ақшидің бойында
Тайторы он екі буданның соңына жетіпті. Қаныкей анықтап қараса,
Тайторыны ғайыптан келген аруақтар сүрең салып, демеп келе
жатыр екен!
Қаралы байғұс Қаныштың,
Көңілі көпке бөлінді,
Көлкілдеп жасы төгілді,
Көп жылаған бейбаққа,
Көңілінде көксеген,
Көкжалдары көрінді.
«Әлемге жетер даты,- деп,
Аяшымның аты» – деп,
Алтын айдар, шоқ белбеу,
Әзиз ханның жалғызы,
Ай Сарала ат мінген,
Жал – құйрығын шарт түйген,
Жалаң қылыш байланып,
Мұздай темір құрсанған.
Жеті түмен қол көрсе,
Желпіне кіріп қол салған,
Қырғыннан қия тартпаған,
Ажалдан беті қайтпаған,
Әлемге жетер үні бар,
Айдаһардай сүрі бар.
Қарыштаған тұлпарды,
Алмамбет сүреп алыпты,
Айғайлап жолға салыпты!
Оның бергі жағында,
Ұзын бойлы, кең иық,
Найзагердің ықтысы,
Сан қырғыздың мықтысы,
Қырық шораның қыраны,
Ақбалтаның Шуағы,
Адамның әлі жетпеген,
Арыстан тісі өтпеген.
Көк мауыттан тон киген,
Көгала сынды ат мінген,
Аузынан оты төгілген,
Қиқулап найза сайғанда,
Қырық мың қолдай көрінген.
«Жеңешемнің аты, – деп,-
Жетті маған даты» – деп,
Артықша сүреп – дем беріп,
Айғайды бұл да салыпты.
Одан әрі қараса,
Атқа жеңіл, тайға шақ,
Ұйқысы жоқ, жолға сақ,
Хан Манастың туысы,
Ұлақ ханның ер Сырғақ.
Қырағы батыр, көреген,
Қиқулап қалың жау келсе,
Қызыл қанға бөлеген.
Қан майданда от құшқан,
Жиырма бір-ақ жасында,
Шоң қазатта оққа ұшқан,
Көк темірді киінген,
Көпті көрсе сүйінген.
«Бұл жеңгемнің аты,– деп-
Жетті маған даты» – деп,
Бақырғаны бас жарып,
Қиқырғаны тас жарып,
Жас жолбарыс ер Сырғақ,
Оңдап түйген шылбырды,
Орай қолға алыпты,
Тайторыны сүйрелеп,
Оңды-солды тебініп,
Орғып, орғып шауыпты.
Етек – жеңі дірілдеп,
Дем беріп сүрең салыпты.
Оның арғы жағында,
Атбашыны жердеген,
Атекеңіз Қосайды,
Алысып адам жеңбеген,
Шештөбені жердеген,
Шері Қосай балуанды,
Шарпысып дұшпан жеңбеген.
Батамен елді байытқан,
А дегенде аузына,
Бата түскен ғайыптан.
Қатағанның қарт Қосай:
«Келінімнің аты, – деп,
Жетті маған даты» – деп,
Қиқулап сүрең салыпты,
Көтере демеп қалыпты.
Оның арғы жағында,
Абаң Бақай қария,
Алатаудың бойында,
Ағып жатқан дария,
О дүниеден бата алған,
Әулие Бақай атанған,
А дүниеден хат алған,
Ғалым Бақай атанған.
Айкөл Манас батырдың,
Алдында жүрсе ақжолтай,
Артында тұрса сан қолдай,
Қасиетті хан Бақай:
«Байғұсымның аты, – деп,
Жетті маған даты» – деп,
Ажыбай хан жанында,
Олар да демеп, жел берген,
Сүрең салып, дем берген!
Оның арғы жағында,
Майлаған бидай жүзденіп,
Көк тұмандай көзденіп,
Қара шұбар қабылан,
Қапталында шабынып,
Шолақ көкжал арыстан,
Жандай шауып қабынып,
Аруағы биік айкөлің,
Кең дүниесін тар қылып,
Қылқылдаған жау келсе,
Қалың қолын бастаған,
Қан майданда жүргенде,
Қамығып шошып саспаған,
Алты шердің кенжесі,
Құдайдың сүйген пендесі,
Арыстан Манас батырың,
Қарахан қызы Қанышпен,
Бармақтайда бас қосқан,
Қияметтік жан жарын,
Отыз екі жасында,
Жылатып жесір қалдырған.
Аққұла мінген шер Манас,
«Байғұсымның аты, – деп,
Жетті маған даты» – деп,
Тайторыны сауырлап,
Өзі қуып қалыпты!
Аруақтарды көргенде Қаныкей: «Анттасқан төрем, көкжалым,
тентіреп жүрген жесіріңді телміртіп мұнда тастамай, өзіңмен
бірге ала кет!» деп, зар еңірейді.
Қарақаттай қара көз,
Қамшы бойы жас кетіп,
Бөденедей қайран көз,
Бөлек-бөлек жас кетіп.
Ақ жүзінен жорғалап,
Қан аралас ыстық жас,
Ақборсықтың жалынан,
Ағып тұрды сорғалап...
Бір кезде Қаныкей есін жиып, қайраттанып, қайтадан дүрбі
салып, жолға қарайды. КеңМойнақтың жонында Тайторы алты буданның артында келе жатыр екен. Мұны көрген Қаныкейдің тағаты таусылып: «Апырмай, атекемнің Ақтұлпары ұшқан құсқа жеткізбейтін қазанат еді! Тайторы оған жете алмай, Арам өліп қала ма? «Қатынында халық бұзған, Қарабеттің аты» деп, Бұқардың халқы жиылып, Ұятай, мазақ қыла ма?! Қасқалдақ деген қайран құс, Қайрылмай ұшқан даладан. Ат шабам деп қарабет, Бүгін өлер ме екенмін, Ішімнен шыққан баладан. Артта қалса Тайторы, Өзімнің ұлым Семетей, Шашымнан қармап алмақ па? Жол бойына сүйретіп, Даңғыттарға жармақ па? Белестен түсе бергенде, Тұсыма таяп келгенде, Тайторыдай тұлпарға, Сүреңді мықтап салайын, Таянышым, тірегім, Аруағына қырғыздың, Бір сиынып алайын!» Қаныкей Алмамбеттің Сырбараң мылтығын иығынан алып қараса, он екі жыл бойы атылмаған мылтықты тот басып қалған екен. Жалма-жан қырғылап, қаққылап, сүртіп, тазалап, сүмбілеп, құр дәрімен оқтап, білтесін шоқтап, ат үстінде абайлап күтіп тұрады. Жеті мойнақ жонында, Темірханның үш тұлпарының соңында келе жатқан Тайторы тұсынан өте бергенде құлағы мен кекілінен екі елідей асырып, құр дәрілі оқпенен гүрс еткізіп атып жібереді. Басқаша күлік Тайторы, Басын жерге салады, Қара жерді тоқпақтап, Сырбараң үні шыққанда,
Жамбыдай болған тұяғын,
Сермеп-сермеп алады,
Арқардай аяқ кереді,
Анда-мында бір тиіп,
Қарыштап тарта береді.
Қилы-қилы тартысты,
Көріп келген Тайторы,
Неше мылтық, неше жақ,
Ошағардың оғына,
Көніп келген Тайторы,
Даусын естіп мылтықтың,
Жал-құйрығы дүркіреп,
Үн шығады лебінен,
Тау бүркіттей күркіреп.
Құйысқаны сақылдап,
Шоңқасқаны тақымдап,
Көзді ашып, жұмғанша,
Жетіп қалды Күреңге,
Құйрықтаса жақындап.
Қайғысы күшті Қаныкей,
Қайран жанын аямай,
Алды-артына қарамай,
«Аруақтар!» деп бақырып,
«Айкөлім!» деп шақырып,
Оңды-солды қамшы ұрып,
Жанталаса тебініп,
Ер адамша атойлап,
«Манастап!» ұран салады.
Жеткен жерде Торының,
Шылбарын қармап алады.
Қолдаушының барлығы,
Қоса демеп қалады...
Темірханның Ақтұлпар,
Ересен жүйрік мал екен,
Көбігін көкке шашады.
Еңкейіске келгенде,
Тайторы мойны озады,
Өрге шыға бергенде,
Ақтұлпар мойнын созады. Ерегесе шабысып, Екі үзеңгі қағысып, Құйындатып келеді, Құстай ұшып жарысып. Тобықтай жерде тауы жоқ, Суыр қазған іні жоқ, Құмды жолға барғанда, Құзғындай көзін қызартып, Ақтұлпардың алдына, Тайторыдай буданды, Алып шықты Қаныкей, Алты бута ұзартып. Құм далаға барғанда, Жайрандай көзін қызартып, Алпыс асқан Торыны, Алып шықты Қаныкей, Жеті бута ұзартып. Арқа шашын он бөліп, Буып шығып келеді. Құр дәрілі оқпенен Анда-санда бір атып, Қуып шығып келеді. Ер тұлғалы Қаныкей, Екі көзі өрт болып, Жайнап шығып келеді. Құр дәрілі оқпенен, Күпілдетіп атқылап, Алпыс асқан Торыны, Айдап шығып келеді. Тайторы ұзап алған соң, Сөреге жақын қалған соң: «Тұлпардан қалған тұяғым, мен сорлының анасы екенімді, айкөл Манастың атасы екенін білсе ғой!» – деп, армандап, тілек қылады. «Атасына тартса теңдесі жоқ шер болар! «Неменеге желігіп, есің кетіп еркекше киініп жүрсің?!» – деп, көзімді ойып тастамасын? Еркекше киініп, не мұратқа жетемін?!» – деп, ойға келген Қаныкей үстіндегі жағасы алтын, жеңі жез жібек шекпенін, сусар бөркін шешіп, ақ қоржынға салады. Мұның бәрін
ол Семетейім кисін деп арнап жасаған екен. Еркекше киімін шешіп, өзінің қаралы киімімен қалғанда, жарықтық Манас жаңа өлгендей болыпты. Сол күйде қиқулап, Тайторыны сүрей береді. Ал, осы кезде, о, ғажайып дүние, Семетейдің аузына ғайыптан Манастың, Таластың, қырғыздың аты түсе қалады. Ол жанындағы балуандарына: «Күрсілдеген хандарға бір сын қылайық! Көрген-білген адам ұмытпастай бір іс болсын, озып келе жатқан аттарының бәрін қырып тастайық! Ежекемнің кәрі аты көрінсе, сүрең салып қуайық! «Манас, Манас» бақырып, Манастап ұран шақырып, Осыны сүреп алайық! Құдай берсе Бұқарға, «Манастап» сүреп барайық! Айналайын, балуандар, О дүние кеткен жездекем, Тірілгендей қылайық, Көңілі бұзық кісілер, Көріп тұрып жанынан, Түңілгендей қылайық! Ой мен таудың барлығын, «Манас осы екен» – деп, Жүгіргендей қылайық! Бәйгеге тіккен сансыз қара мен жеті там толған қазынаны жеңіп алсақ, өзіме бір түйірін де қалдырмай, түгел сендерге бөліп беремін!Ойласаңдар балуандар, кім дулыға кимеген, бағы баста тұрғанда, кім балпаңдап жүрмеген?! Тірісінде көкжал жездеме қандай батыр теңесіп еді? Өзі өлген соң, артында еркек баласы жоқ, жесірін дұшпаны шауып, тонап алыпты. Кәрі енесін жетелеп, Бұқарға жан сақтап келді емес пе? Адырмақты кең жылға, Бұлақсыздай болмасын. Қаңғырып жүрген бұл байғұс, Тұяқсыздай болмасын. Еңіреген ежекем, Елі жоқтай болмасын. Арқа қылып сүйенер, Белі жоқтай болмасын! Алыстағы кең Талас,
Жері жоқтай болмасын!
Берен ежем Қаныштың,
Бекем болар белі жоқ,
Медет болар бұл жерде,
Белгілі қырғыз елі жоқ!
Қайран Қаныкей ежекем Тайторыны төлге қылып бәйгеге қосты
дейді жұрт. Манастап ұран салып, Тайторыны сүреп алайық! Одан
озып келе жатса, атекемнің Ақтұлпарымен қосып, төрт тұлпарын
түгел қырып тастайық! Бұл сырды ешкімге айтпасқа шыбық қырқып,
қылыштың жүзін жалап ант беріңдер!» -дейді. Балуандардың
барлығы атынан түсіп, ақ бидай нанын шайнап, қылыштың жүзін
жалап:
Айтып қойсақ бұл сөзді,
Қырқылайық шыбықтай,
Жақсылық көрмей өлейік,
Бүтін емес сынықтай,
Ұрып кетсін ақ бидай! – деп, ант береді.
Ант алған соң, Семетей балуандарымен Жаңғырықтың Жар-
Қиясына келеді. Осы жерде Тайторыны сүреп, қиқулаған Қаныкейдің
даусын естиді де, соған қарай жөнеледі. Семетей ат басын бұрып,
тура қарап тұрса:
Оңырайған тұмсықта,
Оралма таудың ұршықта,
Тұлпардың зоры Тайторы,
Басын жерге салыпты,
Басқаша шырқап алыпты,
Алты жүз қырық үш будан,
Әлдеқайда қалыпты.
Алпыстан асқан Тайторы,
Арқардай алыс атылып,
Құлжадай көзі қызарып,
Ақтұлпардың алдына,
Түскен екен құйындай,
Жеті бута ұзарып.
Еті қызып алыпты,
Тұяғы жерге ілінбей,
Кәрілігі білінбей,
Ақырғы күшін салыпты.
Шоң қазандай қара тас,
Төбесінде шырқырап,
Құм аралас майда тас,
Құйын тиген немедей,
Ұшып жүрет зырқырап.
Ауыздықпен алысып,
Келе жатыр Тайторы,
Ұшқан құспен жарысып!
Қаныкей Тайторыны құр дәрімен атқылап, айғай-сүрең салып,
көзінің жасын төгіп келе жатыр екен.
Мұны көріп Семетей,
«Манас! Манас!» бақырды,
Манастап ұран шақырды.
Бала «Манас» дегенде,
Ойдың бәрі оңқ етті,
Сайдың бәрі солқ етті,
Қырдың бәрі қаңқ етті,
Тау, далаға даң қылды,
Манастың аты жаңғырды!
Бала тұйғын Семетей,
Астындағы тұлпарды,
Оңды-солды қамшылап,
Айбатты ұран салады.
«Айкөл жездем Манас» – деп,
Ақырып келіп Семетей,
Жандап шылбыр алады.
«Жан ежеке, байғұсым,
Қайран бас аман тұрғанда,
Қуды құсқа жегізбен,
«Қуарған қатын» – дегізбен!
Қанаттыға қақтырмай,
Қамшылыға тартқызбай,
Қамқоршың өзім болармын!
Ой, ежеке, жалғызым,
Безілдеп жылап қалыпсың,
Белгілі қырғыз елің жоқ
Ел аузында қақпақ жоқ,
Тозаңға жүзің шалдырма,
«Тозақы қатын» дегізіп,
Дұшпанға белің алдырма!
Киімің шаңға тигізбе,
Жесірлігің білгізбе!
Сүйенішің жоқ немедей,
Етегің жерге тигізбе!
«Елірген қатын» дегізіп,
Өртіңе мені күйгізбе!
Алты арамның айынан,
Адасқан ежем, сен үшін,
Қараңғыда қалт етпес,
Ақ қалпақ қырғыз ел үшін,
Атыңды сүреп алайын,
Дұшпанға тізгін бермеген,
Асылың, жездем шер үшін!
Осылай деп Семетей,
«Манастап» ұран салады.
Тайторыдай буданды,
Бұқарға сүреп қалады.
Тайторыны алған соң,
Қаныкей қалды егіліп:
«Айналайын, құдай-ай,
Иесі атын алды ма?!
Жадыратып жаратқан,
Тілекті бере салды ма?!
Көретін енді күнім бар,
Осыдан басқа кімім бар?
Найзаға таққан желегім,
Асылдан қалған белегім,
Алыста қалған еліне,
Анықтап тиер керегің!»
Деп осылай сабылып,
Қарасын қайра салынып,
Манастай болған шұнақтың,
Тілеуін тілеп жалынып!..
Еш бір жанға көрінбей,
Орданы көздеп жөнелді!
Ештеме көзге ілінбей, Атты сүреп айқайлап, «Манастап» Семең шапқанда, Қайың жылап, тал жылап, Халық жылап, жан жылап: «Не бір мықты жігіттен, Еркек бала артында, Тұяқ қалса!» – деп жылап. «Адырмақты көк сайдан, Бұлақ қалса – деп жылап, Азаматтың артында, Шырақ қалса!» – деп жылап. Қасиетті ер Манас, Хан екені шын екен, Қасиетті бір таудай, Бар екені шын екен. Шер Манасқа бұл шұнақ, Бала екені шын екен!» Семетей Манастап ұран салған кезде, ой мен қыр, тау мен тас, жер мен көктің бәрі жаңғырып, қосыла ұран салып, дүрілдеп кетеді. Қырдағы жылқышылар айғырын мініп далбақтап, қойшылар таяғын көкке лақтыра жүгіріп, сиыршылар бұқа мініп далпылдап, орақшылар орағын көтере бұлғап, бәрі де «байғұстың аты озса екен» – деп қиқулап, айғай-сүрең салады. Жердің жүзін жаңғыртқан айғайшуменен, ұран-сүреңмен қанаттанған алпыс бес жасар қарт тұлпар Тайторы ұшқан құстай заулап, алты жүз қырық үш буданан озып, бірінші болып келеді! Бәйгені Семетей балуандарға таратып береді, барша халық: «Қандай ғажап бала!» – деп, қайран қалады. Семетей мен Сары таз Қаныкей Бұқарға қашып кеткеннен кейін Көбеш хан жасы жиырмаға да жетпеген жетім ұлан Сарыны: «Семетейді тауып бер»» – деп, әбден қинайды. Сары айтпайды. Ашуланған Көбеш оны Жақыпқа құл қылып береді. Сары ебін тауып, Семетейдің артынан қашып кетеді. Өзімен өзі көмірші болып жүреді. Шиырды мен Қаныкейге көрінбей: «Асыл болса – он екіде бас болар, жасық болса –
жиырма екіде жас болар» – деп, Бақай белгілеген он екі жылды күтіп жүрген Сарыға Семетей оқыстан тоғайда жолығып қалады. Бір күні Темірханның тұлпарын мініп, Ысмайылдың сұңқарын алып, Бұқардан шығып, саятшылық қылып жүрген Семетей Үлкен Ақ-Ши, Майбұлақтан, Қаныкейдің Кең-Көлшігінен өтіп, Гүл-ТоғайАта деп аталған қасиетті тоғайға келеді. Гүл-Тоғай құлпырып өскен, жемісі піскен, жасыл желегі жайылған ну екен. Қаз, үйрегі қаңқылдап, қаптап жүргенін көріп, қуанған Семетей қолындағы Көксұңқарын қиялай салады. Қанжығасы майланып, алған құсын байланып, шаттанған батыр Батпақтының басына, тал аралас, тікенек, Шытырманның шатына жетеді. Сол арада дауылпазын қағып-қағып жібергенде, бір нән қырғауыл тұра қашады. Семетей Көксұңқарды салады. Құйғытып келген сұңқар енді тырнақ саларда жанталасқан қырғауыл жалт беріп, қалың шөптің арасына кіріп кетеді. Қырғауылға қызыққан Семетей жан-жағына қарап, алаалмай қалған Көксұңқардың соңынан: «Қырғауылды ала алмай не қара басты сені?!» – деп ұрсып келе жатқанда, тоғайдың ішінде жүрген бір кісіні көреді. Төрт арқан бар жонында, Ешкі тоны етінде, Ерлік сүрі бетінде, Жатқан иттей қасы бар, Жан қазандай басы бар. Көмірі мен күйе болған, Көп тоғайға ие болған, Тау тұлғалы таз көрді. Сонда Семетей: «Атам айтатын жалмауыз бен қарақшының бірі ме!?» – деп, әлгі дәуге таңдана қарап тұрады. Сол уақытта Сары дәу, Беліне мықтап таңылған, Түйе мойнындай орағын, Қос қолдап қармап алады. Тіктеп адам барғысыз, Аю шыдап тұрғысыз, Тікенекті тоғайды, Орақ пенен орғылап, Түбіменен жойғылап, Түйеше жайғап алады.
Ашып көзді жұмғанша, Андай-мындай дегенше, Таудай қылып қиғылап, Үрпиген жердің барлығын, Түгін қоймай ұрғылап, Қытай оттық бауыр тас, Қырып тұрып шоқ қойып, Қу тезекке от қойып, «Күү» дегізіп бір үрлеп, Қырық құлаш көсеу қолында, Төңірегін үйіріп, Қара көрсе қалдырмай, Жолым үйдей шиырып, Көмірлері көрініп, Көнектей болған көкпек шоқ, Көсеуменен бөлініп, Бұл көмірші тазыңның, Қамбылы көзге көрініп, Алты көнек су сыйған, Өгіз бас қара жанаяқ, Қайнар қара бұлаққа, «Күп» дегізіп малады, Жан-жағына төгілтіп, Суды сүзіп алады, «Күр» дегізіп бір ұрттап, «Күп» дегізіп бір бүркіп, Ашып көзді, жұмғанша, Бір бүрккен жоқ, мың бүркіп, Қырық құлаштай көсеуді, Көміріне салады, Көк бұқадай шашқылап, Жан-жағына жаяды, Алпыс түйеге жүк көмір, Сөніп, даяр болады... Оның мұндай жойқын қимылын көрген Семетей таңданып, сәлем береді. Сары таз оның сәлемін де алмайды, көзіне де ілмейді. Семетей ыза болып: «Сұңқарымды алып бер!» – дейді. Сары таз оның бұл сөзін де құлағына қыстырмайды, адам екен деп пысқырмайды.
Қаһарланған Семетей:
«Басыңда бір тал қылың жоқ,
Көмірден басқа түгің жоқ,
Адам дейтін сиқың жоқ.
Батырсың ба, Сары таз?
Сәлем берсе, алмайтын,
Кәпірсің бе, Сары таз?!
Адам көрмей шөлде өскен,
Кісі көрмей тағы боп,
Қара тоғай жерде өскен,
Сәлем айтқан кісіні,
Көрмейсің бе, Сары таз!
Бүйтіп жүрсең біреуден,
Өлмейсің бе, Сары таз!
Сұңқарым алып қолыма,
Бермейсің бе, Сары таз!
Тілімді қазір алмасаң,
Сары Таз, сені соямын,
Сексен жаның болса да,
Жерге тығып қоямын!»
Семетей бұлай дегенде, Сары Таз да ашумен жауап береді:
«Атаңның көрі, жетім құл,
Ербең-ербең толғансып,
Енді кісі болғансып,
Қойқаңдайсың жөні жоқ.
Темірханның шәрінде,
Теңізін тастап Таласқа,
Тентіп жүрген сен қандай?
Тәңірсіп қуған хандардың,
Тепкісіне шыдамай,
Көмірде жүрген мен қандай?!
Тұлпарды мініп желіпсің,
Ойыңда жоқ ештеме,
Өз атыңды мінгенсіп,
Өз тоныңды кигенсіп,
Неге мұнша желіктің?
Он екіге келіпсің,
Көмірде жүрген байғұстың,
Жебіріне жетесің! Қызбаланған жетім құл, Қымбатың қырғыз, кең Талас, Қиырыңа қашан кетесің? Темірханның баққаны, Көк асықтың алшысы, Ысмайылдың үйінде, Құс салушы жалшысы. Көміршіге тоғайда, Кеудеңді қағып нетесің? Көкжал болсаң сен жетім, Еліңе қашан жетесің?!» Осылай деп ащы тілін тигізген Сары таз қара бұлақтан бір бақыр су алып, көміріне бүркіп жібереді. Көмір бұрқ ете қалғанда, іші күйіп, екі көзі оттай жанған Семетей қаһарланып, еңкейіп тұрған Сарыны май құйрықтан қамшымен тартып жібереді. Жан даусы шыққан Сарының басы көмірге тығылып, жарғақ шалбары жыртылып, қара қаны саулап қоя береді. Ашуға булыққан Сары таз көмірден тұра салып, тістене сөйлейді: «Қиядан түскен көшің жоқ, Мені қызыл ала қылардай, Қырық атаң қырғыз өші жоқ! Бұл тоғай саған жер емес, Атаң Манас көкжалдың, Өкпесін жарып өлтірген, Қоңырбай қалша мен емес! Беліңді бекем буып ал, Берен болсаң, сен жетім, Атаңды сойып тастаған, Қара қытай – хан Қоңыр, Батырдан кегің қуып ал! Тоғайым – туған жер емес, Енекеңнің емшегін, Жара шауып қашырған, Абыке, Көбеш мен емес! – деп, Қаныкейдің көрген қорлығын, Таластан Бұқарға қашып келіп, Семетейді інісі Ысмайылға бала қылып бергендігін түгел айтып береді. «Жат елде қаңғып, құл болып, қор болып жүрсің! Анасын қаңғыған қатын дегізіп қойған сендей
байғұс бар ма екен? Ер болса елін табар деп, сенен үміт күтіп,
көмірші болып жүрген менен сорлы бар ма екен?!» – деп, жынына
тиіп, намысын қайрап айтады.
Көміршіден кеп ұғып,
Елің бөлек деп ұғып,
«Қиямет кеткен шер Манас,
Өзіңнің атаң!» – деп ұғып,
Көзінің жасы төгіліп,
Семетей сонда бүйдейді:
«Айналайын, Сары аға,
Білмегенді білгіздің.
Ойға келмес сананы,
Көңіліме ілгіздің.
Бүлдірсінге жоныңды,
Білместікпен тілгіздің!
Қолым тиді, Сары аға,
Қорлыққа мұны санама!
Кешіргін, аға, сөзімді,
Керек болса шұқып ал,
Әйнектей екі көзімді!
Қолым тиді, ағеке,
Ақтұлпар сынды малымды ал,
Ол аз десең, айыпқа,
Шырқыратып жанымды ал!» – деп, Семетей әңгіменің мәні-жайын
тағы да сұрап, қайта-қайта айтқызып, сырына әбден қаныққан соң:
«Осы сөзің шын болса, жақсылығыңды қайтарармын. Таласты аман-
есен көрсем, қалың қырғыз халқына өзіңді хан көтеріп алармын!
Айтқанымды қылмасам,
Төбесі ашық көк ұрсын,
Төсі түкті жер ұрсын!
Атағы ұрсын Таластың,
Аруағы ұрсын Манастың!» – деп, ант береді.
Қаныкейдің жыры
Көміршіден бұл сырды білген Семетей жер-көкке симай, Бұқарға
келе жатып айдалада өз-өзінен «Манастап!» ұран шақырып, Талас
пен қырғызды айтып бақырып, зорға басылады. Бұқарға жақын
келгенде, жан адамға қарамай, қалың бақтың ортасындағы боз
дөңге, қарауыл қарайтын мұнараның түбіне бір-ақ тоқтайды.
«Темірхан мен Ысмайыл тегімді айтпай, жасырды!» – деп өкпелеп,
Көксұңқарды шынарға қондырып, Ақтұлпарды бос жіберіп, ақ қаңқы
ерді жастанып, терлігін төсеніп, шекпенін жамылып, ауыр ойға
батып, жатып қалады.
Жұрт жүгіріп ханға барып, бұл хабарды жеткізеді. Темірхан
келіп,құбылаға бас беріп жатқан баланы көріп, Баабединге сыйынып,
жеті қара бұқаны садақаға шалады. Алпыс торпақ, қырық серкешті
және атап сойғызады.
Бірақ Семетей селт етпейді. Сонда мойнына белбеуін салып,
Темірхан боздап қоя береді:
-Ай қасында шолпаным,
Бозала тұйғын балпаңым,
Түпті терек шынарым,
Көрмесем қанбас құмарым,
Өлерде көрген шұнағым!
Аспанда жалғыз жұлдызым,
Жағамда гәуһар, құндызым,
Өзеннен аққан бұлағым,
Қарығанда атаңды,
Тірідей көрге сен салмай,
Басыңды көтер, шырағым!
Осы тұрған Бұқарда,
Хандығым толық басымда,
Сені көрдім, құлыным,
Алпыс жеті жасымда.
Жидым алтын кім үшін?
Бақытым, балам, сен үшін!
Сақалымның ағында,
Сапарым жақын шағымда,
Тозаққа салма атаңды!
Өкпелеп мені күйгізбе,
Таршылық салып қу басқа,
Тірідей көрге кіргізбе!
Ат пенен атың жарысып,
Атынан қалып біреудің,
Атыңнан көңілің қалды ма?
Құс пенен құсың салысып,
Құсынан қалып біреудің,
Құсыңнан көңілің қалды ма?
Тон менен тоның киісіп,
Осыдан көңілің қалды ма?
Қылышыңды айт, қыныңды айт,
Қыстамай мені шыныңды айт!
Жеті там толған қазына,
Сен үшін жиған дүние,
Балталап аузын ашайын,
Сен үшін бәрін шашайын.
Түлекте тұрған жүз сұңқар,
Біреуін қоймай таратып,
Тұс-тұсыңа шашайын.
Аямайын малымды,
Сен үшін қинап жанымды,
Төңіректің төрт бұрыш,
Төрт айнала қыдырып,
Айналайын сен үшін,
Ат күлігін табайын!
Ай әлемнің бәріне,
Хабар беріп салайын,
Оқ өтпес тонды табайын!
Бірақ, Темірхан қанша жалынса да, Семетей көзін де ашпастан,
аяғын да жимастан жата береді. Шошынған Темірхан қожа –
молданы жинатып, дұға оқытады. Семетей оны да елең қылмайды.
Нағашы әжесі Алтынай, Ысмайылдың өзі, зайыбы Күмісай келеді
– оларға да тіл қатпай, көз де салмай жата береді. Бір кезде
Ысмайылдың қызы, Семетейді сәби күнінен көтеріп жүріп баққан
ежекесі Кішімжан келіп жалынады. Дастархан жайып, ас-суға,
жеміс-жидекке толтырып қояды.
- Халайықтың атасы,
Қалқанды тонның жағасы,
Көп асықтың сақасы,
Тұяқтының тұлпары,
Қанаттының сұңқары,
Азулының арыстаны,
Ардақты інім Семетей,
Хан тарылған бола ма,
Тарылған адам оңа ма?
Тұрып, тамағыңды іше ғой! Мен өзіңді бірге туғаным, ұяласым
деп келдім!» – деп, өзімсініп, мойнына қолын салып, қытықтай
бастайды. Семетей түнеріп: «Қытықтап күлгендей, сені алатұғын
күйеуің жоқ!» – деп, қағып жібергенде, ебелектей Кішімжан ұшып
кетеді. Ызадан жылап жіберіп, долданған қыз:
Есек бақсаң ардақтап,
Будан болмайт екен ғой,
Елі басқа бұл қырғыз,
Елжіреген ежеге,
Туған болмайт екен ғой!
Қорғаны бөлек көктемес,
Көңілі бөлек ептелмес,
Падашыдан сөз ұғып,
Байлапсың ғой беліңді,
Сырын ашып тексеріп,
Біліпсің ғой жеріңді.
Тауып алғын, жетім құл,
Көңіліңде көздеген,
Таласта қырғыз жеріңді!»
Елінің қырғыз екенін тағы да естіп, көзі жете түседі. Сол кезде
осы қаланың төресі, даңқылдаған Көлей хан келіп қалады. «Ой
құлыным, ойыңа бір жұмысты алдың ба? Бармаған тауың, алмаған
жауың, шешпеген дауың, жеңбеген дәуің бар ма? Қаптаған қол,
темірден тор, тебінген сор бар ма? Айта ғой, балам, мен жолыңа
құрбан болайын, қырғынды салайын!» – деп, ер Көлей атынан түсіп,
аяққа толтыра арақ құйып ұсынады.
- Көлеңкелеп келгенге,
Паналы түпті мазарым,
Ұсынған асым ішпесең,
Сынып қалар назарым.
Он екі күн өкпелеп,
Ас ішпеген екенсің,
Өкпелеген адамның,
Ішегі күйіп, дерт болар,
Бауыр етіңе қан толар.
Ауырсаң,балам, оңбайсың, айып болса кешіріп, асыңды ішіп қой!»
– деп, аяқты тағы ұсынады. Семетей ұсынғанын алмайды, тіпті
назарын да салмайды. Ашуланшақ Көлей хан намыстанып, ұрса
бастайды:
- Балам, сенің обалыңа қалдым ба?
Таластағы қырғызды,
Семетейдің елі деп,
Тақыр қырып салдым ба?
Бұл қылығың жөн емес,
Қаныкейдей анаңды,
Иттей талап қаңғыртқан,
Абыке, Көбеш мен емес!
Мына тұрған Бұқардың,
Кең-Қолдан бұзған көші жоқ,
Жөнсіз бізді қорқытпа,
Бұл Бұқардың елінде,
Манас ханның өші жоқ!
Көлей ханның ашулы сөзін естігенде, Сары таздың сөзінің
шындығына көзі жетіп, Семетей қуанып кетеді.
Ежем деп жүрген Қаныкей,
Енеме тез жетейін,
Қиын қырғыз еліме,
Қылжақтамай кетейін.
Өзгеге сұлтан болғанша,
Өз елімнің қолында,
Ұлтан болып өтейін! – деп, ет жүрегі өрт болып, айдай бетін нұр
шалып, таудай болып атанып кетеді.
Сол уақытта Қаныкей жұрттан: «Семетей ауырып, он екі күн
бойы ас ішпей, сөйлемей жатыр!» – деген сөзді естіп, есі шығып,
зар илеп, құдайға сиынып, өлгенде көрген жалғыздың жолына құрбан
болып кетейін деп, жанұшырып келе жатыр екен. Екі мұңлық жолда
кездеседі. Семетей:
Ежем десем, енемсің,
Қаласам, қадыр түнімсің,
Төбеде жарық күнімсің,
Толқыған көлден жетімді,
Көтеріп өтер кемемсің.
Теңіз атам өлгенде,
Сан қазына дүние,
Шашып келген екенсің,
Төркініңе тентіреп,
Мен жетімді көтеріп,
Қашып келген екенсің.
Алты арамның айынан,
Айла кетіп, ақылдан,
Сасып келген екенсің.
Қаз қонбаған көл бар ма?
Қазылмаған көр бар ма?
Алып Манастың баласы,
Еліне сыймай елбеңдеп,
Қашып жүрер жөн бар ма?
Айтшы, қырғыз ел қайда?
Береннің жалғыз баласы,
Бел қылары жоқсынып,
Безіп жүрер жөн қайда?
Темірханның шәрінде,
Тентіп жүрер жөн қайда?
Азапты тартқан жан енем,
Елім қайда ? Мен қайда?!
Баласымен табысып, толқыған Қаныкей күйіп –жанып шырқырап,
көзінің жасы бұрқырап, қанша жыл ішінде қатқан шер-шеменін,
мұң-зарын ақтарып, әңгімені тереңнен толғап, әріге сілтейді.
- Ой, құлыным, ұғып ал,
Мұңымды айтам бірталай,
Қазылып қалған орымды ұқ,
Ішімнен шыққан сырымды ұқ,
Қайнап жатқан сорымды ұқ!
Елдің жайын айтайын,
Жылғынды Кең-Қол, кең Талас,
Жердің жайын айтайын, – деп, Қаныкей Семетейге әуелі Таласқа
барар жолды сипаттап береді. «Бұқардан шыққан соң тобықтай
жерде тауы жоқ, тоқымдай жерде қауы жоқ, суыр қазған іні жоқ
Кең Ақшиден алты күнде өтесің. Одан кейін жайқалып өскен Гүл –
Тоғайға жетесің. Сол жерде асықпай тынығып, ұйқыңды қандырып,
тұлпарыңды шалдырып, ары жүрсең, Қоқанға жетесің. Атаң Манас
көкжал жынына тиген қожаларын сабайтын. Қоқанның бозасы
бар, оған у қосатыны бар. Сақ бол, қапыда басыңды кесіп алып,
Абыке, Көбешке сүйіншілеп апарып бермесін! Одан ары Сырдарияны
кешерсің, Шиыршық, Салар – екі өзенге жетерсің, Әулие өткен
мазар бар, зиярат қыла кетерсің. Одан ары барғанда құмында құлан
ойнаған Қазығұрттың даласынан өтерсің – сол жағыңа қайырылма,
оң қол жақтан айырылма! Одан ары Әулие-Ата жеріне барғанда оң
қолға бұрылсаң, иір белдей боз мойнақ – Жорға белін көресің.
Оған шығып қарасаң,
Адыр-адыр жер келер,
Бөлек, бөлек бел келер.
Жылғынды Кең – Қол жер осы.
Батыр жігіт, қызыл қыз,
Бақытты қырғыз елі осы!
Қорғаным талқан болған жер,
Қосыла талап мүлкімді,
Алты арам алып қойған жер Үш-Қосайға барғанда алдыңнан
Манас атаңның Құмайық тазысы шығады. Медиянның шөлінде, Шоң
– Құмайдың бойында, Шоң-Төбенің ойында қол басындай сұр күшік
атаңның ырысына ғайыптан табылған. Айтуға тілі жоқ, адамнан
бетер ары бар есті Құмайық атаң Манастың көзі өткенде аза
тұтып, алты күн ас ішпей, көзінің жасын төгіп ұлып қалып еді. Көр
Көбеш оны алдап ұстап алып, аңға апарып салғанда, оған қызмет
қылмай, ұлып жатып алыпты. «Дұшпанның иті де оңбайды!» – деп,
қарғыбау байлап сүйретіп, қамшымен сабаса да көнбеген. Ақыры,
ауылдан безіп кетіп, айдалада жолыңды тосып жүр. Сенің иісіңді
біліп, алдыңнан жылап шығады.
Айналайын құлыным,
Шек келтірсең сен оған:
«Тұқымың тура оңбас, – деп,-
Тұйғыным Манас көкжалдың,
Дәл өзіндей болмас!» – деп,
Керіп аузын ашпасын,
Кейітіп сені қаппасын!
Көруге қайта зар қылып,
Құлыным сенен қашпасын!
Құмайықты ренжітпей, оң жағыңнан бір құла шолақ бие шығады,
соны сойып, қарыс қазысын қақ жарып, Құмайыққа қойып кет!
Атаңның Ақсұңқары бар еді. Манас өлгенде, алты күні күн тимей,
күн қараңғы түн түскен кезде, елдің бәрі еңіреп, жылап жатқанда,
Ақсұңқар тұғырын талқандап, жібек бауын үзіп, айды көздей ұшып кетіп еді. Ақсайдың басы Шатыркөлдің маңында ұя салып, мекендеп жүр. Сенің келеріңді біліп, отыз екі күн басып, балапанын шығарды. Манастан қалған мирасың, көргеннен қайра тартпаған, қаз, үйректі құтқармайтын Ақсұңқарыңды қолыңа қондырып аларсың! Оны мұндай тастайын, Ар жағынан бастайын. Арғы жағы Сарыөзен, Кең Таластың бойы бұл. О дүние кеткен атакең, Мекен қылған жайы бұл. Осы Талас бойында, Енең Қаныкейдің Ақсарай, Сом темірлі нақ сарай. Қатын да болса енеңнің, Сәулеті болған бірталай. Есіл атаң барында, Жолын дұшпан шалмаған, Жолап ешкім бармаған, Хан атаң көзі өткенде, Сарай құлап қалған-ды, Сақшылар тұрған Ақсарай, Бұзылып қорған болған-ды. Айнала өскен ақ терек, Түбір болып қалған-ды! Одан ары сен барсаң, тасқындап жатқан Таластың суына кірерсің. Көкжал атаң Манастың, Телегейі тең еді, Теңіз атаң көкжалдың, Пірі тірі шер еді. Қара шұбар қабылан, Қайтара тұрған аруағы, Кәдімгідей бар болса, Қапталыңнан шабынар, Шолақ көкжал арыстаны, Күтіп тұрған аруағы, Кәдімгідей бар болса,
Қоса суға кіргенде.
Жандай салып қабынар.
Алтын кемер құрсанған,
Айдай бетін нұр шалған,
Ұзын бойлы, кең иық,
Әрі балуан, әрі шер,
Шегірі жоқ, қой көзді,
Секпілі жоқ, ақ жүзді,
Ай сарала ат мінген,
Жалаң қылыш байланған.
Сары талдан сайдырған,
Талы қалған Бейжінде,
Сап алтыннан жасаған,
Тағы қалған Бейжінде.
Алтын айдар, шоқ белбеу,
Әзиз ханның баласы,
Аруағы әзір бар болса,
Аяш атаң Алмамбет,
Алдыңнан шығып көрінер!
Оның бергі жағында қырғыздардың қыраны, арыстан тісі өтпеген
Ақбалтаның Шуағы, атқа жеңіл тайға шақ, ұйқысы жоқ жолға сақ,
Ұлақ ханның ер Сырғағы алдыңнан шығып, көрінеді.
Оның арғы жағында,
Айың менен күніңнің,
Жарқынынан жаралған,
Ай алдында бұлыттың,
Салқынынан жаралған.
Қарсы алдынан қарасаң,
Алты мың ердің сүрі бар,
Арқасын сала бергенде,
Ақ жолбарыстың түрі бар.
Маңдайы жарық ақ жолтай,
Қайраты биік сан қолдай,
Майлаған бидай жүзденген,
Көгім тұман көзденген,
Атаң Манас қабылан,
Қолдап алар шер осы.
Осы белгі бар болса,
Қалаған Кең-Қол жерге кел,
Осы белгі жоқ болса,
Ары бармай, қайтып кел!
Көрінбеді белгі деп,
Мен сорлыға айтып кел!
Сенің атаң шер Манас елдің кегін қуып, Қаңғайға аттанған.
Үлкен соғыста берендердің талайынан айырылған. Алмамбет, Шуақ,
ер Сырғақ, сақалы бар бір құшақ, бидайық ханның Мұзбұршақ,
қазақтардың панасы, хан Манастың бажасы Ер Көкше, екі Кемін
жайлаған Ер Үрбі батырлар, манжу, қалмақтың Шыпшайдар,
Мадықан, Мұзкіндік ұлы Тікен алып, қысқасы, Қоңырбайдан басқа
көбісі өлген. Атаңның қанаты Аққұла тұлпар оққа ұшқан. Атаң
Манас су жағасында қамсыз тұрғанда алты қадам артында
қарауылда тұрған Ажыбай қалғып кетіпті. Сол кезде атаңды
аңдып келген хан Қоңырбай қапыда улы найза салып, жаралайды.
Оянып кеткен Ажыбай тұра қуғанмен, Қоңырбай жүйрік Алғара
тұлпарымен құтылып кетеді. Атаңның арқасына қадалған найзаны
Ажыбай күшпен бұрап суырып алғанда, ұшы сынып кетіп, белінде
қалып қойыпты. Ақыры сол жарадан ақыретке кетерінде:
«Ханы өлгенде қатынға,
Төркіні жақын болады!
Бұл Талас саған жер емес,
Көре алмай жүрген алты арам,
Ой, айым, сендерге мүлде ел емес.
Темір ханның шәріне,
Тентіп кіріп күнің көр,
Өлгенде көрген шұнақтың,
Қылып бергін ырымын,
Қырқып бергін шыбығын.
Мойнына тұмар тақтырғын,
Ысмайылға бақтырғын.
Жасы он екіге келгенде,
Таласын еске саларсың,
Аруағым онда бар болса,
Жолынан тосып алармын!» – деп, маған аманаттап айтып кетіп
еді. Міне, сол уағдамен жүрген анаңның жайы осы, балам!
Тағы балам ұғып ал,
Ешкілінің қара тау,
Тегіс келген қызыл зау,
Таластың бергі шетінде,
Кең-Қолдың қиғаш шетінде,
Қара зау бауырын ойдырдым.
Есігін кірер тар қылдым,
Жалғыз кісі сыйғандай,
Арғы жағын кең қылдым,
Қоралы қой жатқандай.
«Үсті түсіп кетер» деп,
«Қара жер басса айкөлім,
Еті шіріп кетер» деп,
Қу дүниемді аямай,
Алпыс түрлі жеріне,
Алтыннан тірек қойдырдым.
«Іші сасып кетер» деп,
Ептілікті білгідім,
Үстіндегі қара су,
Ішіменен жүргіздім.
Жақұт тастан жарғыздым,
Алпыс түрлі жеріне,
Жақұт, гәуһар аралас,
Шырақ қылып қалдырдым.
«Оқыс шіріп кетер» деп,
Жайлап жатқан жайына,
Аршаның күлін салғыздым.
Бір адамға білгізбей,
Белгісіз адам жүргізбей,
Қосай, Төстік жақынға,
Имандай айтып сырымды,
Қабылан Бақай абама,
Айтып бердім шынымды.
Атақты ұста алдырдым,
Атаңның жатар сарайын,
Қымбаттап жатып салдырдым.
Батырдың сүйегін білгізбей,
Ұсталардың барлығын,
Қараңғы түнде барғыздым.
«Төңірек біліп қалар» деп,
Айналасын шалдырдым.
Жер өлшемін білгізбей,
Келіп-кетер кезінде,
Көздерін тегіс таңғыздым.
Қайсыбірін айтайын,
Көргенім осы, жалғызым!
Мұны мұндай тастайын, бер жағынан бастайын. Кеше кең
Таласта алты арамның бір шабуыл жасарын сезіп, арсыздар
қазынамды талап алса, ертең жетімім ер жетіп, еліне келгенде
малсыз қалар деп ойладым. Бір адамға білдірмей, таудағы боз ала
мұнар көк зауға түнделетіп үңгір қаздырдым. Аузын бір адам ғана
сиятындай, ал ар жағына алты жүз қой жататындай қылдым.
Аршадан қидырып, сәкілетіп, текшелеп, жеті күн тынбай жүктетіп,
атекеңнің қазынасын сол үңгірге жидырдым. Аузын бекітіп, қара
құмды жоғарыдан төмен қарай құйдырып тастадым.
Қағылайын құлыным,
Кең Таластың ойында,
Шоң Ақшидің шетінде,
Қара жолдың үстінде,
Мен Таластан кеткенде,
«Дайын болмай қалар» деп,
Жеті жүз атан қомдатып,
Дорба, арқанын оңдатып,
Жер білгіштен алдырдым,
Дүние жүзін шалдырдым.
Әнжиянның ар жағы,
Наманғанның бер жағы,
Шоң Қоқанның қолтығы,
Күлбота шыққан жер екен,
Күлботадан алдырдым.
Топырағын тозғақтап,
Шоң шелекке салдырдым.
Малдың жүнін қималап,
Батпаққа қоса салдырдым.
Илеуін әбден келтірдім,
Үстіне қылдан септірдім.
Алпыс балуан кетпенші,
Ылайларын тептірдім,
Арманды жанды қинадым,
Алты мың серкеш жинадым.
Алты мың серкеш бір қырып,
Қыш қайнатып бек салдым.
Атакеңнің күмбезі,
«Алты қылым өткенше,
Бұзылмасын!» – деп салдым.
Жеті мың серкеш жинадым,
Жеті мың серкеш бір қырып,
Қыш пісіріп, бек салдым.
«Жеті қылым өткенше,
Жетігімнің күмбезі,
Тұрар ма екен?!» – деп салдым.
Жетім жүріп, жетіліп,
Жергеге өзі қосылса,
Көшіп келіп Таласқа,
Зияраттап тұрғанда,
Атасы өткен Манастың,
Жорықты жолын көрсін деп,
Қилы-қилы қиялдап,
Қызық қылып салдырдым.
Қақаншыңның қағысын,
Қырғыз, қалмақ, манжудың,
Шабысын салдым суретке.
Жер жүзіне төгілген,
Қанды салдым суретке,
Өліп жатқан қисайып,
Жанды салдым суретке.
Бақыбай, Дулат екі дәу,
Әлеуке хан, Әзиз хан,
Ханды салдым суретке.
Мінген атым Нар будан
Өзімді салдым суретке,
Ештемемен ісі жоқ,
Еміп жатқан емшекті,
Өзіңді салдым суретке.
«Есен болса жалғызым,
Бұл Таласқа келер деп,
Ақ күмбездің ішіне,
Кірсе бәрін көрер» – деп.
Босағадан кіргенде,
Сол жағыңды қарасаң,
Атырылтып бұлқынтып,
Алғара менен жұлқынтып,
Қалмақтардың Қоңырбай,
Алтын түпек, сыр найза,
Көзі көлдің бытқылдай,
Көрінгенді жұтқандай,
Мұрындарын қарасаң,
Селебенің қабындай,
Мұрты айбалта сабындай,
Арқасында айдары,
Арғымақтың жалындай,
Оны салдым суретке.
Ылама хан мен хан Жолай,
Шибейдің ханы Ораққыр,
Солонның ханы Мұзкіндік,
Манжудың ханы Несқара,
Барлығын салдым суретке.
Оң жағыңды қарасаң,
Аш арыстан төстенген,
Көгім тұман көзденген,
Ақолпоқты кигізіп,
Аққұланы мінгізіп,
Қарсыласқан дұшпанды,
Қақайлатып қашырып,
Артын көздей сүргізіп,
Айкөл Манас – көкжал ер,
Атаңды салдым суретке.
Астындағы мінгені,
Омыртқасы он құла,
Ойратта жоқ шоң Құла,
Атекеңнің Аққұла,
«Анықтап жетім көрсін» деп,
Мұны салдым суретке.
Одан әрі Қаныкей Манастың жанындағы ересен ерлері, сенімді
серіктері, аяулы Алмамбет, Шуақ, Сырғақты, суретке салғанын
айтады.
Оның бергі жағында,
Ақсақалын жайқаған,
Жүйелі сөзді байқаған.
Сенің атаң Манастың,
Шашылғанын жинаған,
Шабылғанын құраған,
Ертіп жүріп ел қылған,
Ер ұлымен тең қылған.
Құлыным, сенің тірегің,
Ақылгөйің қария,
Бақайды салдым суретке.
Одан бері қарасаң,
Кең көкірек, бота көз,
Келберсіген жайық төс,
Қара тілін қайраған,
Хан алдында сайраған,
Жеті бөлек тон киген,
Жетпіс ру тіл білген,
Адамзаттан таңдайлы,
Адамнан шолпан маңдайлы,
Қабылан Манас атаңның,
Ырысына табылған,
Арғын ұлы Ажыбай,
Рапыс тонын кигізіп,
Қарт күреңін мінгізіп,
Оны да салдым суретке.
Қайсы бірін айтайын,
Бәрін салдым суретке!
Одан ары Жаңғырықтың Жар – Қия, жалғыз шұбама жолға
келгенде, түйе атасы Боз бура, түйе енесі Қу інген, қызыл құйрық
нары бар көп түйе алдыңнан шығады. Сенің келеріңді біліп, сағынып
жүрген ойсылдың бәрі бұрқырап келгенде, теңіз жаның шырқырайды.
Өркештері телпілдеп,
Шудалары селкілдеп,
Төңіректеп зырқырап,
Тегіс боздап шұрқырап,
Көзінен жасы төгіліп,
Өзіңді иіскеп бұрқырап,
Тұрғанда көңіл бөлерсің.
«Хайуан мұндай болғанда,
Менің жаным қандай» – деп,
Көзіңнің жасын төгерсің.
Сол түйенің ішіндегі жалпақ өркеш қара нар – атаң Манастың
Желмаясы. Биыл тоқсан бестен асты. Атаң өлгенде аза тұтып,
күйігіне шыдамай он екі жыл болғанша орнынан тұра алмай жатып
қалыпты. Біз Таластан кеткенде жылап қалып еді.
Желмая күшті кезінде,
Атаң Манас қабылан,
Оқ-дәрісін артатын,
Жауласқан жаққа тартатын.
Қасиетті Желмая,
Желгеніне жел жетпей,
Басқанына мал жетпей,
Талдың басын сыдырған,
Төңіректің төрт бұрышын,
Он екі күнде қыдырған.
Сен түйелерге барғанда, Желмая жылап келіп, оң жағыңнан бір
иіскеп, атаңды жерлеген қара зауға барып, жатып алады.
Қолыңды суға сала көр,
О дүние кеткен атаңның,
Аруағына бағыштап,
Желмаяңды шала көр!
Басында алтын ноқта бар,
Аманат қонған зат еді,
Қанжығаға шала кел,
Мен байғұсқа ала кел!
Таласқа аман барсаң, атаң Манастың күмбезінің қасында бір
ақсақалды қарияға жолығасың, ол – белгілі ер Бақай абаң болады.
Қайран абаң хан Бақай,
Екі көзі іріңдеп,
Көкірегі күрілдеп,
Тірі болып елде жоқ,
Өліп кетіп көрде жоқ.
«Көкжал Манас өлме!» – деп,
Құрып жүрген кезі бұл.
«Қурағырдың сақалы,
Өлмей мұнша жүрдің» деп,
Өз сақалын ер Бақай,
Жұлып жүрген кезі бұл.
«Тілегім қашан берер, – деп,
Жетімім қашан келер?» – деп,
Ұлып жүрген кезі бұл.
Құлыным, аман жолықсаң,
Қайраның Бақай хан осы,
Хан атаң Манас орнына,
Медет болар жан осы!
Бақайды тапсаң өлмейсің,
Еш жамандық көрмейсің,
Абыке,Көбеш арамның,
Зорлығына көнбейсің!
Мұны былай тастайын,
Халқыңнан сөзді бастайын,
Қадымнан келген үзілмей,
Салтыңнан сөзді бастайын.
Арыдан қозғап, мән айтып,
Қалың жұртқа дәл айтып,
Аталы сөзді жеткізген,
Көк сілеусін, құндыз бөрік,
Шалдары дана қырғыздың.
Айтулы Талас жерінде,
Арғын, қырғыз елінде,
Оқ, садағы белінде,
Желдей жүйрік ат мінген,
Жау-жарағын сайлаған,
Қастасқан қалың жау келсе,
Қасқайып тұрып, жайлаған,
Ұлдары батыр қырғыздың!
Қарғытып атпен шабысқан,
Айқасқан жаумен салысқан,
Кигендері қандағай,
Қимылдары самдағай,
Кең пейілді, көргенді,
Келіні керім қырғыздың.
Қонғанда үйін оңдасқан,
Көшкенде түйе қомдасқан,
Қызылдан киген күрмені,
Қырқалай таққан түймені,
Жас қайыңдай бұралған,
Тал шыбықтай ұзарған,
Жарағын алса жарасқан,
Құлаштап шашын тарасқан,
Ақ қалпақты, қызыл шоқ,
Алғанына жарасқан,
Қызыл жүзді, қыпша бел,
Қыздары ғажап қырғыздың!
Бейғам болып жайланған,
Белдемшесін байланған,
Ашытып арақ таттырған,
Қымыз бенен айраннан.
Қыңқылдаған балдарға,
Қымыз бенен сүт беріп,
Мың толғанып айналған.
Кемпірі ғажап қырғыздың.
Телегейі теп-тегіс,
Жері жақсы қырғыздың.
Өзегін берген өзім деп,
Елі жақсы қырғыздың.
Байтақ қырғыз, көп арғын,
Атаңнан қалған ел осы,
Кең Талас пен Сарыөзен,
Аталар жүрген жер осы.
Сенің елің қырғызда,
Отар малдан, жылқы көп,
Тыныш жатқан жұрты көп,
Салып жатқан ұйқы көп,
Жағасынан сырты көп,
Жасығынан мықты көп,
Жан жырғатқан жыршы көп,
Елдерінде салты көп,
Екіленген мәрті көп,
Арамдары көрсеткен,
Әлде қанша дерті көп,
Қара малдан түйе көп,
Қарны салқы бие көп.
Айыр түйеден нары көп,
Боз қояннан түлкі көп,
Борсылдаған күлкі көп.
Жылқысынан құлан көп,
Жырғап жүрген ұлан көп,
Кеткенінен келген көп,
Базарынан керуен көп,
Мылтық атқан мерген көп,
Айбалтадан қылыш көп,
Айранынан қымыз көп,
Атаңның халқы қырғызбен,
Аңдысып жүрген қырыс көп.
Қарағай, қайың, шие көп,
Қабылан, жолбарыс, шері көп,
Ақ матадан манат көп,
Атадан қалған санат көп.
Бозасынан арақ көп,
Боз балдарда жарақ көп.
Беті қайтпас батыр көп,
Батырды тапқан қатын көп.
Кәрісінен жасы көп,
Арақ, боза асы көп,
Өзен-өзен суы көп,
Үйрек –шөрек, қуы көп,
Қарқылдаған қазы көп,
Қаз ойнаған сазы көп,
Айтысқанға шешен көп,
Қайсы бірін айтайын,
Айтылмаған неше көп,
Адырынан тегіс көп,
Арығынан семіз көп,
Жалқысынан егіз көп,
Жапанға шыққан жеміс көп.
Тоғайында арал көп,
Сыймай жүрген марал көп.
Марал атып май жеген,
Неше мерген адам көп.
Бөктерінде теке көп,
Қырқасында құлжа көп,
Адырында арқар көп,
Адамында дархан көп...
Адыр-адыр жер келер,
Асуы биік бел келер.
Арқары жүрсе құйылып,
Адырдың шөбі сұйылып,
Арызды пенде налымас,
Арқары адам танымас.
Бұдыр-бұдыр жер келер,
Бұрылып өтер бел келер,
Бұғысы жүрсе құйылып,
Бұдырдың шөбі сұйылып.
Мұңдылар көрсе налымас,
Бұғысы адам танымас.
Бұғыны атып бұрылып,
Бұрқырап қуып кетерсің,
Бұлқынтып қуып жетерсің,
Қайран анаң мұңлықты,
Темір ханның шәріне,
Қаңғыртып тастап кетерсің.
Айналайын құлыным,
Айтқан сөзім ұмытпа,
Ұмытып кетіп сөзімді,
Екі енеңді жылатпа!
Жылқы, қойға жарасқан,
Жылтырқан мен шыбағы.
Шыбағының түбінде,
Ұйқтап жатар солықтап,
Қайбереннің ылағы.
Қолат сайын құры емес,
Жылып аққан бұлағы.
Көк сабағы толысып,
Сарымсағы жайқалған,
Алабота, күдірек,
Түйенің жері кең Талас!
Бетеге белден жосылған,
Биенің жері кең Талас,
Жайлауы жақын жанында,
Жүйенің жері кең Талас.
Жылтырқан, шыбақ аралас,
Қойдың жері кең Талас.
Тамашаға ылайық,
Тойдың жері кең Талас.
Талас сынды жер бар ма,
Қырғыз сынды ел бар ма?!
Ақ көрпесі бұлғындай,
Арғымағы дүлділдей,
Бозторғайы бұлбұлдай,
Шамасы келсе әр адам,
Таласқа барып тұрғандай.
Қара қияқ жылғындай,
Қара құсы тұйғындай,
Қадірін білген Таласқа,
Қашып барып тұрғандай.
Бұлбұлы сайрап таңшыған,
Бұлағы ағып тасыған,
Бұлбұлдың үнін ұққанда,
Мұңды пенде жасыған.
Торғайы сайрап шөлінде,
Бақасы ойнап көлінде,
Арқар, бөкен, ақ киік,
Араласып шөлінде.
Бұлбұлы сайрап талында,
Төрткүлдің төмен жағында,
Алуан түрлі жер жеміс,
Төремнің тіккен бағында.
Алмасы гүлдеп ашылған,
Жемісі жерде шашылған.
Жапан шыққан алма, өрік,
Далада толып көп жатыр,
Аюлар ойнап жеп жатыр.
Айтқан сөзім ұмытпа,
Арамдардың қолынан,
Өліп қалып жылатпа!
Мұны мұндай тастайын, атаңнан қалған Тайбуырыл жайын
айтайын. Текеліктің сеңгірінде Манас пен қыз Сайқал жекпе – жек
сайысып, ерегесіп шайқасып, ақырында бір-бірімен ақыреттік
жар болып табысқан. Сонда ақылды қыз Сайқал: «Шылбырың құр
кетпесін!» – деп, Тайбуырылды сыйға тартып еді. «Тайбуырылдың
енесі, күміс құйрық, қоян жон, айтулы будан еді. Тайбуырылды
құлын, тай, құнан кезінде емізіп, ен далада желгізіп, емін еркін
өсірген. Жаратылысы бөлек, тұлпар туған жануардың желгеніне
жел жетпес, жер бетінде мал жетпес! Тұяқтыда мұндай тұлпар
болмайды! Алпыстан асқанша қартаймайды! – деп, ақсақалдар
таң қалып, жалпы халық даң қылған. Бағыңа біткен Буырыл атыңа
мінгенде, дұшпаныңның көңілі қуырылады! Бақай абаңа ақыл
саларсың, арамдардан бар мал-мүлкіңді қайтарып аларсың! Атаңнан
қалған сегіз мүлкіңнің сипатын айтайын.
Піл терісін қаптаған,
Сары желім шаптаған.
Шыбын тисе «шыңқ» еткен,
Шертіп қойса «дыңқ» еткен,
Қамшыменен ұрғанда,
Қойшағырдай «зыңқ» еткен.
Жылқы тиіп, құс салсаң,
Атадан қалған дауылпаз,
Жақып ханның қолында,
Алатын мүлкің бұл болар!
Келтіріп шебер жасаған, күміспен қаптап, алтынмен аптаған
атаңның мүлтіксіз мылтығы Ақкелте көр Көбештің қолында.
Атқан жауын өлтірген,
Түтіннен бұрын оқ жеткен,
Ажалдан бұрын жан кеткен,
Болаттан соққан Ақкелте,
Ойнап атса – ошағар, Шындап атса – зеңбірек, Тұрып атса – қойшағыр, Жақын атса – жазайыл. Асынып жүрсең – көркің, нағыз алатын мүлкің – осы Ақкелте! Атаңның тиген жерін ырбитып, сойып жіберетін, қара болат, бөрі тіл, ұшы қара құрыш Сырнайзасы Абыкенің қолында. Бұл да сенің алатын мүлкің. Атаңның Ақолпоғын арнап жасағаным да есімнен кетпейді. Матаның ортасына болат үгіп салдырдым. Аруке сіңлім бастаған келіндердің қолдары ойылып, оймақтың бәрі тесіліп еді. Қараның оғын қайтарған, мылтықтың оғын майырған Ақолпоққа сауыт жетпейді. Ол да көр Көбештің қолында. Бұл да сенің қайтарып алатын атамұра мүлкің. Атаңның есік енді Айбалтасы – шапқан жерін сындырған зор балта. Оны шебер ұстаға қырық құлынды бие беріп жасатып, алып келіп тартқанда бірнеше боталы түйе берген. Қазір ол Абыкенің қолында. Бұл да сенің ие болатын мүлкің. Құрыш болаттан соқтырып, алты ай шыңдатып, сары зәрге суғартып, піл сүйегін сап қылып, сары алтыннан қап қылып, ақ таспадан бүлдіргесін тақтырған атаңның Ақалбарыс қылышы да сенің ата мүлкің. Түн ішінде суырса, Өрттей болып қызарған, Сілтегенде дұшпанға, Арқан бойы ұзарған. Алып келіп тартқанға, Қырық боталы түйе берген, Он құлынды бие берген, Балдағы алтын Ақ албарыс қылышыңды көр Көбештен қайтарып ал! Әнжияннан алдырып, отыз таутекенің терісінің иін әбден қандырып жасатқан, тартса – созылған, қоя берсе жиылған, мылтық атса, оқ өтпес, отқа салса шоқ өтпес мықты қандағай сым жасаттым. Атаңнан қалған сол қандағай қазір Абыкенің қолында! Алатын бір мүлкің осы. Айналайын құлыным, Барғанда бәрін көрерсің,
Атаңның көріп күмбезін,
Көзіңнің жасын төгерсің.
Шоң атаң Жақып бас болып,
Абыке, Көбеш қас болып,
Ежелден дұшпан өзіңе,
Байқамастан жас жетім,
Жалған сөзге иланып,
Келтірме зиян өзіңе.
Ең әуелі жолыққын,
Хан Бақайдың өзіне,
Не десе де абекең,
Сене бер балам сөзіне,
Есен барып, құлыным,
Аман келгін өзіме!»
Қаныкей баласына барлығын айтып, түсіндіріп, қасиетті Манасқа
тапсырып, Ақтұлпарды мінгізіп, ақ сауытты кигізіп, ақ тілекпен
аттандырып салады. Нағашы атасы Темірхан мен Бұқардың
халқы шұрқырап: «Аман жүр!» – деп, бата беріп, шығарып салады.
Семетей:
«Тұлпар мінген тұрмайды,
Туғанға жетпей тынбайды.
Қош, есен бол берекем,
Манасты тапқан әжекем!
Айналайын елімнен,
Адасып қалған мен екен!
Аман бол Бұқар елі!» – деп, аттан ырғып бүгіліп, барлығына
жүгініп, қош айтысып қол беріп, Ақтұлпармен аттанып кетеді.
Таласта
Семетей Таласқа бет алғанда анасы Қаныкей айтқандай, жолда
неше түрлі елді, жерді көріп, суды кешеді. Сырдариядан өтіп, одан
Шиыршық, Салар екі судан өтіп, ескі Ташкент, Шалдыбарды басып
өтеді. Адырында арқар, бөктерінде теке, даласында құландары
ойнақтаған Қазығұрттан өтеді. Анасы Қаныкей әжесі Шиырдымен
екеуі бала күнінде өзін көтеріп, Бұқарға қашқандағы жолдың бәрін
басып жүреді. Қайыпшының қара үңгіріне келіп, тоқтап, Ақтұлпар
атын шалдырады. Сол жерде жатып ұйқы қандырып, қайран анасы
Қаныкейдің осы жерден жылап өткенін есіне алып, тебіренеді. Одан әрі жүріп, Әулие-Атаға келгеннен кейін, оң жақ қолына қараса, Таластың жері көрінеді. Семетей тебіреніп, толқиды. Жылғынды КеңҚол, кең Талас, Жерің ғажап екен ғой. Адыр-адыр бел екен, Бөлінген неше төр екен? Бөлекше бейіш жер екен. Кең Таластың шоң өзен, Жатқан екен шалқайып. Ешкіліктің қара зау Көкті тіреп қарқайып. Адырдан арқар құйылып, Адырдың шөбі сұйылып, Бұдырдан бұғы құйылып, Бұдырдың шөбі сұйылып. Бөктерден теке қамалып, Текенің жүні сабалып, Керіден киік тоқтатып, Текесі жүзден топтасып, Жатқан екен кең Талас. Тауларында ұлары, Тоғайында шынары. Кең Таластың ойына Ештемені аямай, Берген екен құдайы! Оралып шөптен жүре алмас, Бұғы, марал, лағы, Еңкейген жері бұдырмақ, Үш – Қосайдың бөксесі, Өлгенінше жазылмас Көрмеген жанның өкпесі. Міне, адыр-адыр белестен өткен уақытта, алдынан анасы айтқандай Құмайық ұлып шыға келеді. Семетейді көріп, көзінің жасы төгіліп, Манасты көргендей жылап келеді. Он екі жыл күйініп, Абыке, Көбештен әбден қорлық көрген Құмайық Семетейді көргенде, құдайы бергендей қуанады. Қаныкей айтқандай, мойнында алтын қарғысы бар екен.
Атамнан қалған Құмайық Аюдан беті қайтпаған. Жолбарыстан жүзі қайтпаған, Аюдан қайта тартпаған. Тістегенін бүлдірген, Ағытқан иесін күлдірген. Атамнан қалған көз ғой! – деп, Семетей мойнына боз кісенІ салып, Құмайықты құшақтап, басын қойнына тығып, әлгі жерде көріседі! Атасы Манас тіріліп келгендей болып, көзінің жасы төгіліп жылайды. Құмайық оған қосылып, аңырап ұлиды. Сөйтіп екеуі көрісіп тұрғанда, бір құла шолақ бие ғайыптан пайда болып, келе қалады. Анасы Қаныкей айтқандай, айтұяққа шалып, құмайықты биенің етіне тойғызады. Одан ары жүрсе, Таластың суы тасып, тастан асып, төрт дариядай толқып жатыр екен. Ажалдан қайтпаған атасына тартқан Семетей Ақтұлпарын тебініп, күркіреген суға кіргенде қырық шілтен қолтығынан алыпты. Қара шұбар қабылан, Қапталында щабынып, Шолақ құйрық көк арыстан Бір жағында қабынып. Қолдап ала жөнелді. Оң жағына қараса, Дәл анасы айтқандай, Айдай бетін нұр шалған Қақаннан өлген Алмамбет, «Ой, бала, бері тартқын!» – деп, Сүйеп, демеп алады. Сол жағына қараса, Қырғыздардың қыраны, Ақбалтаның Шуағы, «Былай тарт!» – деп, қиқулап, Ол да қолдап алады. Бер жағынан қараса, Қара болат қырғағы, Қабылан Манас Сырғағы, «Інім, бері бастыр!» – деп, Ол да демеп алады.
Арғы жағын қараса,
Қарткүреңдей ат мінген,
Жетпіс түрлі тіл білген.
Талайлы Манас көкжалдың,
Талықпаған тілмашы,
Қара шоққа айдаса,
Қалмақ тілін білетін,
Қызыл оққа айдаса,
Қытай тілін білетін.
Солон, Шибей екі ру
Онын да тілін білетін.
Ажыбай келіп қапталдан,
«Қорықпай шырақ, кешкін деп,
Аман болсаң, құлыным,
Мұратыңа жеткін!» – деп,
Ол да демеп алады.
Сол уақытта қараса,
Аққұла тұлпар ат мініп,
Ақолпоқтай тон киіп,
Майланған бидай жүзденіп,
Көгім тұман көзденіп.
Қарсы алдынан қарасаң
Ажыдардың түрі бар,
Арқасынан қарасаң
Алты мың ердің сүрі бар.
Айкөл Манас көкжалың,
Манастап ұран шақырып,
«Жетіліп келген жетімім
Жерден қолдап аламын,
Әрқашан көзім саламын!»
Деп осылай шер Манас,
Жаңғырықты салады.
Жандап жүріп қалады...
Одан әрі қараса,
Тау етегі ұршықта,
Дүмпиіп жатқан тұмсықта, Қара жолдың үстінде Ақ күмбезді көргенде, Көзінің жасы төгіліп, Айбалтасын таянып, дауыс салып атасын жоқтап жылайды. «Он екі жасқа толғанда әрең оралып келдім-ау! Арыстаным, атам деп атаның жүзін көрмедім. Мендей байғұс бар ма екен? Қасыңда бола алмадым, қызметіңе тұра алмадым!» деп, атасына сай сүйегі сырқырап, күмбездің босағасына Сырнайзаны қадап тұрып, аталап жылайды. Оған қосылып қайың жылап, тал жылап, бар дүние қосылып жылайды. Сол кезде күмбездің іші күңгірлеп, дүңгірлеп кетеді. Қаныкейдің айтқаны есіне түседі. Шыңдап құдай берерде, Назарын саған саларда, Айтқаным жалған болмаса, Анықтап атаң қолдаса, Күмбездің іші күңгірлеп, Белгі берер дүңгірлеп! Осы белгі бар болса Алты арамға бар деген, Атаңнан қалған мүлікті Көріне барып ал деген. Құлыным, осы белгі жоқ болса, Ар жаққа бармай қайта кел, Белгі бермей қойды деп, Беренің енеңе айта кел!» Енемнің сонда айтқаны, Жалған емес, шын екен, Ризамын атама, Рахмет айтам апама! – деп, Семетей жан-жағына қараса, Жаңғырықтың жар қия, жалғыз мал ғана өте алатын шұбама тар жолында Көкшолақ атын қамшылап, көзінің жасы тамшылап, түйе қайтарып телпілдеп, қу сақалы желпілдеп ер Бақай абасы жүр екен. Семетейді көріп түйелердің барлығы жарыса шауып, көздерінің жасын төгіп, бұрқырап, Семетейді иіскеп тұра қалады.Әбден қартайған, өне бойы дірілдеп, көзінен сорасы аққан, көкірегі күрілдеп, мойын сүйегі ұзарып, құзғындай көзі қызарып, түйе қайтарып жүрген Бақай қария: «Боз бура қайда?» – деп сереңдеп шығады.
«Адыр-адыр жиылғыр,
Шыбын тиіп қырылғыр,
Жетімімді көргенсіп,
Тізелері бүгіліп,
Жағаны көздей жүгіріп,
Биыл жағаның шөбін шалмаған,
Қайда кетті көп түйе?
Қайда етті Желмаяң?
Айдалада өкіріп,
Арам өлмек екенмін,
Қара малға ие болмай
Белде қалмақ екенмін.
Қорлықты Бақай көрмей қал,
Буының кеткен шағыңда,
Түйе қайтарып қор болдың,
Мұндайды пендесіне бермей қал!
Алатаудай барбайып,
Жайнап тұрған кезімде
Онда өлмей не болдым?
Қаһарыма тигенді,
Қармап тұрған кезімде,
Тебінісіп келгенді,
Сабап тұрған кезімде,
Көп қайраттың барында,
Көкжал аман шағымда,
Сонда өлмей не болдым,?
Жетімнен хабар келмесе
Кімге жүрем қарайлап,
Алты арамға құл болып,
Алыста жүрем сағалап,
Жетімнен күдер үзілсе,
Темтеңдетпей Бақайды,
Теңізім Манас ала жат! – деп жылап келе жатқанда, Семетейді
көреді. Бірақ танымайды. Бір қараса Манас келгендей болып қалады.
«Семетей ме, басқа ма? Манасқа тартты ма екен бұның ерлігі?
Шерлігін сынайын!» – деп, бір теректі түбімен жұлып алып, ақырып
тұра ұмтылады. Семетей селт етпей, күлімсіреп, балпайып тұрып
сәлем береді. Бақай жөн сұрайды.
Балам, ұраның кім, дайның кім?
Ұрығың кім, айлың кім?
Он екі ру қырғыз бар,
Балам, қай тұқымнан боласың?
Балам, кіндігіңді кескен жерің кім?
Балам, өніп өскен елің кім?
Атың шаршап ырғайдай,
Өзің шаршап торғайдай,
Алыстан келген баламсың?
Айтшы, қайда барасың?
Тұйғын құстай сының бар
Айтып берер шының бар,
Айналайын, шырағым,
Жәбір көрген Бақайға
Жасырмай айтар жөнің бар! Түр–тұлғаңа қарасам, Манастай
болып көрінесің. Сен Семетей емессің бе?» – дегенде, Семетей:
Қара көзің қал басып,
Қақсап жүрсең мен үшін,
Ақ сақалын шаң басып,
Азап тартсаң ел үшін.
Айналайын абаке,
Мен арзып келдім ел үшін.
Абакем, Бақай сен үшін,
Ақ сұңқардай айналып,
Ақыры келдім жер үшін!
Жетім кетіп жетіліп,
Қайрылып келдім халқыма,
Қара жаным өлмесе
Жетермін аға парқыңа!
Шын Семетей өзіммін
Шырағың келді қасыңа.
Шыңдап жаным жылайды
Айналайын абаке,
Көзіңнен аққан жасыңа! – дейді. Бақай атынан қарғып түсіп,
құшақтай алып көріседі, қорғасындай еріседі.
Батырдан қалған белегім,
Өрде қылар өбегім,
Өлерімде жөлегім,
Қағылайын шырағым, Манастан қалған тұяғым! – деп зарлап жылаған Бақай Қаныкей мен Шиырдының амандығын сұрап, басынан өткен қиындық, қасіретін жыр қылады. «Теңдігімнен айрылып, телмірген Бақай мен болдым. Арамдар басып белімнен, ажырап қалдым жерімнен!» – деп еңірейді. Хан Жақып болса арыған, Басқаша пейілі тарылған. Қара ниет оңбағыр, Иттен жаман алжыған. Көбеш болса көр екен, Көр тұрсын қара жер екен. Көр Көбештің өзінен Жақсылық күту тек екен, Жақсылық деген жоқ екен!- дейді. «Ал енді Абыкеде айып жоқ. Осы ақылды, бәлкім, сол тілімізді алар, жөнге салар!» деп, Семетейді бастап жолға түседі. Жақып ханның ауылына жақындаған кезде Бақай: «Мен озып барып хабар берейін, сүйінші сұрайын, қайтер екен. Жай жапсарын байқайын. Сен артымнан келерсің. Бәлекетіңді мен алайын!» – деп, Бозшолағын орғытып Жақыптың үйіне барады. Жақып пен Бақдәулеттен сүйінші сұрайды. «Тентіп кеткен шырағың келді! Семетейің келді!» -дейді. Сонда Жақып неше түрлі ой ойлап, өтірік күлгенсіп, қуанғансып: «Ия, Бақай, болсыншы, баламды тезірек алып кел. Дос, дұшпан өсегін қойсыншы. Келсін балам!» – дейді. Содан, ер Бақайды жөнелтіп салғаннан кейін, Бақдәулетке: «Ал енді еш адамға білдірме. Басынан бұзық ит Бақай баланы жанына алған екен. Бұл қара тұмсық жайрағыр Қаныкейден кеп ұқты, Хан Жақыптың тұқымы Жақсылық қылмас деп ұқты. Тумай жатып тулаған, Тұғырға қонбай талпынған, Шаппай жауды қорқытқан, Кешпей суды толқытқан. Бұл Семетей өлмесе Ұят қылады балдарды, Қолы жетсе қор қылар, Хан Жақыптай шалдарды.
Бұл өштескенін жайламай, Өлгенінше тынбайды Абыке мен Көбешке Еш жақсылық қылмайды! Мен мұның тұқымын құртайын. Бақайға өзіміз ішкен ыдыстан шербет су бер де, Семетейге араққа қосып у бер!» – дейді. Бұл сөзден Бақдәулет шошып кетіп: «Өз балаңды өзің өлтіріп, саған не болды? Ой, кесапат, мен бұл айтқаныңды істемеймін, уыңды қоспаймын! Қартайғанда өз жөніңмен өлмей, балаларға қастық қылма! Мындай сөзді қой!» – дейді. Сонда Жақып қылышын суырып алып, қалшылдап: «Қазір сені соямын, сенен аламын өшімді. Кәне, айтқанымды істе!» деп ақырады. Бақдәулет жылайды. шынымен бала өліп қалар ма екен уайымдайды, бірақ шалынан қорыққанынан араққа уды қосып қояды. Жолда Семетейге Бақай: «Байқа, балам! Бұлар не берсе де, бірінші Жақып атаңа ұсын. Ол ауыз тимейінше, сен де ауыз тиюші болма!» – дейді. Семетейді көргенде Жақып хан мен әйелі Бақдәулет бер жақтарымен қуанғансыған болады. Жақып немересіне: «Арыстан Манас өлгеннен кейін Шиырды есінен адасты. Қаныкей екеуі қосылып, тілімізді алмай Таласты тастап, қашып кетті. Қайсыбірін айтайын, балам, көзіңді көрдік. Ағаларың өзіңді сағынып тосып жүр. Өз атаңнан қалған тұғырға қонарсың, тұйғыным! Әй, Бақдәулет, бала сусап келген шығар! Бақайға шербет құй. Балаңа ащыдан баса құй!» – дейді. Шалы айтқан соң, Бақдәулет Бақайға шербет, Семетейге у қосылған арақ құяды. Семетей: Атаға қызмет қылмастан, Адастым ата жолымнан, Аруағың ұлы шоң атам, Ішіп қой менің қолымнан. Сізден бұрын ыдысты, Қолыма қайтіп алайын, Ішіп, бер ата батаңды, Тілегіме үйіңнен, Жеткендей болып қайтайын! – деп, берген арағын Жақып хан атасына қайтіп ұсынады. Сасып қалған Жақып: «Ой, балам, кеше Манас өлгеннен кейін Жақып хан мен Бақдәулет құдайдан қорықпайды, арақ ішеді деген сөз шыққасын, ант қылып, мүлдем арақты қойып кеттік. Енді мені іш-іш деп қыстама! Бұл арақты мен ішпеймін енді.
Өзің іше ғой, құлыным!» деп, қайтадан береді. Семетей ыдысты қолына алып: Атам, енем татпаған, Арағын қайтіп ішемін? Атамнан бұрын қол салып, Тамағын қайтіп ішемін? Арақ ішпейтін атамның Алдында қалай ішемін?! – деп, әлгі арағын итаяққа құйып қояды. Сол уақытта Жақыптың иттері келіп, әлгі арақты иіскеген бойда уланып құлап, өліп қалады. Арамдық ісі әшкере болғасын, Жақып абдырап, сасып отырып қалады. Семетей атамнан қалған мал – мүлкімді қайтарып бер дейді. Бақдәулет Ақдабыл мен Ақолпоқты береді. Қолына мүлкі тиген соң, Семетей Абыке мен Көбешке қарай аттанып кетеді. Сонда Бақай: «Иттігін көрдің, Жақыптың ішінен кірі арылмаған, жүрегіне мұз қатқан. Сені сағынбаған екен. Бұл туғаннан шыққан дұшпан болды. Оған қарайламай кетейік енді. Мен хан Көбешке барайын, Абыке екеуімен сөйлесіп, хабарын білейін. Сен артымнан аяндап келе бер!» – деп, Ордаға қарай тартады. Көбешке келіп: Сенделіп кеткен Семетей Сергегім келді сүйінші! Қарқылдаған хан Көбеш Қанатың келді, тосып ал, Қайғырып кеткен ініңді Қадірлеп елге қосып ал, Өлген Манас тірілді! О дүние кеткен арыстан, Өлмегені білінді! Батыр Көбеш, бегім ұқ, Керілген Талас, жерім ұқ, Қарыған құрдас теңім ұқ! Ажарлы туған шер келді, Қас дұшпанға күйінші, Сүйінші, жұртым, сүйінші! – дейді. Сонда кесірленген кер Көбештің ашуы келіп, қуанып келген Бақайды қол бақанмен басынан бір салады. Бақайдың басынан қан кетеді. Сол кезде қырық шора Көбешті ұстай алады. Жұрттың үлкендері Көбешті сөгіп, былайғы қалың ел Семетей келді деп қуанып, бірінен-бірі сүйінші сұрап, шаттанады.
Абыке Бақай ханға: Аруақ ұрған Көбешті Анық құдай алды ғой. Арманды дүние қайтейін, Іш бұзылып қалды ғой. Абаке Бақай сабыр қыл, Азапқа мені салды ғой. Бас жарылса жабулы Бөрік ішінде қалса екен! Қопалдардан қол сынса, Жең ішінде болса екен. Тұмсығы жоқ Көбешті Тұйғын інім сояр ма? Шегін білсе, сау қоймай, Сойып, көзін ояр ма? Бұл масқара қылды, енді бұдан қалыспын, бұдан тазамын дегенімізге кім нанады? Осы Көбештен күйіп, әбден қор болдым. Бір шешеден туғаным маған сор болды. Бұл Көбешті Қаныкей арам деп анық біліп айтқан екен. Енді жетімім жетіліп келсе, Манастан қалған ел-жұртын өз қолына берейін. Мені де бір балам деп жүріңіз!» – дейді. Бақай оны жұбатып, Семетейге жетіп келеді. Қандай жағдай болды деп елеңдеп тұр екен, Бақай болған жайды білдірмей, «елің келді балам деп, мынау сенің ағаң» деп, Абыкемен жүздестіреді. Сонда Абыке амандық-саулық сұрасып: Шымшықтай кезде айрылған, Шырағым, аман келдің бе? Шыбықтан өсіп жетілген, Шынарым аман келдің бе? Тұйғыннан қалған тұғырда Тынарым аман келдің бе? Манастан қалған бағыма Мұратым аман келдің бе? – деп, Қаныкей мен Шиырдының амандығын сұрайды. Темірханның, барлық нағашыларының амандығын сұрап: «Мынау қаражолтай Көбештің қастығы бәрімізді де жаман атты қылды. Осындай үлкен қастық қылды, иттік қылды!» – деп, болған жайттың барлығын баяндап, айтып береді. «Бұл біздің ешқайсымызға қараған жоқ. Еркімізге салған жоқ. Зорлығын жасады. Сөйтіп енең Қаныкей сені көтеріп, Бұқарға қашып кетті.
Осындай заман болды, әйтеуір, аман келдің!
Жалпақ қырғыз көп туған,
Ел сенікі Семетей!
Керіліп жатқан кең Талас
Жер сенікі Семетей!
Аяғы Талас, Сары өзен,
Шу сенікі Семетей!
Атағы кеткен Шоң Орда
Үй сенікі Семетей!
Жайылып жатқан сан қара,
Мал сенікі, Семетей!
Айналайын жалғызым,
Атаңнан қалған аманат,
Жауға киер мүлкің бар,
Алты ай шапса арымас
Тайбуырыл сынды тұлпар бар,
Аманат жанның ермегі
Атаңнан қалған сұңқар бар.
Қорғаның сенің тірегің
Қадірлі қырғыз халқың бар.
Қария Бақай ханың бар,
Қадірің білген кәрің бар.
Хан Шығай менен Көбештен,
Қатты тиген дертің бар.
Қазына толған зерің бар.
Қазына баққан жаныңда
Қырық үйлі қара қалшаң бар,
Қайсы бірін айтайын,
Қазына толған паршаң бар.
Қаныкей біледі анығын,
Есебін білмеймін, қаншаң бар! – деп, арманын айтады. Сонда
Семетей де ағасына: «Аға, айыбың жоқ. Сөзіңе ризамын!» – деп,
дұрыстап амандасады. Абыке бұрқырап жылап, Бақай хан оған
қосылып, бүкіл қырғыз шұрқырап, Семетейдің сөзін тыңдап,
қариялар: «Аруақтар жәрдем болсын, атаңның бағы қонсын!» –
деп, батасын беріп, барлығы Көбешке келеді. Атасының мүлкін
Семетейдің қайтарып алатын жөні бар десе, Көбеш көнбейді.
Ақкелте мен Ақолпоқ,
Атағы шыққан Сырнайза
Ағамнан қалған мүлкім, деп,
Айтпасын мұны, шіркін, деп,
Абыке бергін дегенде,
Аямай келді күлкім деп.
Өлмей тұрып жарақты,
Өзім қайтіп беремін?
Семетейден келгенді
Тақ төбемнен көремін! – дейді. Бұған халықтың бәрі наразы болып:
«Бұл Көбештің айтып тұрғаны не сөз? Жетімге қылған қандай
зорлығы! Мұндай сұмдық та болады екен!? Иесіне малын бермеу
деген немене?! Қара ниет Көбешің хан болмақ түгіл, дәу болса да,
Семетейдің мүлкіне ие болуы жөн емес! Абыке, алып беріп құтылғын,
Бақдәулеттің балдары, жөніңменен құтырғын!- деп, қалың қырғыз
наразылығын білдіріп тұрады.
Айналайын, Семетей,
Буырылдың сырын білгін, – деп,
Алшайып атқа мінгін! – деседі.
Содан Буырылды мініп, бұлқынтып, ары-берлі жұлқынтып жүріп,
қайта келіп сұрайды Бақайдан: «Абеке, атамнан қалған Ақсұңқарым
қайда?»
Сонда Бақай Ақсұңқардың жайын айтады.
Арпаның басы жайықтан,
Ақ жұмыртқа тұйықтан,
Асырап, сақтап құс қылған,
Арыстан ерге тұс қылған.
Алты арқан салса жетпеген,
Қайран құсың Ақсұңқар
Айналып заудан кетпеген.
Әлемде жоқ Ақсұңқар
О дүние кеткен атаңның,
Келген еді бағына.
Атаңның көзі өткен соң,
Қорлыққа көзі жеткен соң,
Кеткен еді айналып,
Туып өскен жағына.
Құлыным, сені келер деп
Күтіп жүрген кезі бұл,
Тыңдашы, балам,үн шықты,
Ақсұңқардың өзі бұл!
Айналайын, құлыным,
Жалғаны болмас сөзімнің,
Жақсылап қара аспанға,
Қуаты бар ғой көзіңнің.
Келгеніңді білген ғой
Қу-қу, шіркін Ақсұңқар,
Жайдарымды жаза гөр!
Жалтылдаған қанатты
Жайған тудай аша гөр!
Сағынып келген жетімнің
Мауқын сұңқар баса гөр! – деп, Бақай хан қу-қулап тұрған
уақытта, Ақсұңқар құс бір қызыл түлкіні қиядан қуып келеді.
Аспанның беті күркіреп,
Тау жаңғырып дүркіреп,
Қанатының лебінен
Тал-қарағай діркіреп.
Қашып қалған түлкіні
Тықсырып алып Ақсұңқар,
Келе ғой жетім дегенсіп,
Керіліп тұрды сілкініп.
Қанша мықты болса да
Шыдай алмай Семетей,
Көзінің жасы төгіліп,
Құшақтап алды сұңқарын
Кіндіктес туған немедей!
Мұны мұндай тастайық, Семетейдің кең Бұқардан Таласқа көшіп
келгенінен бастайық. Семетей сағынған елімен көрісіп, мауқын
басып, жарақтарын алып, Ақолпоқты киіп, Тайбурылды мініп, енді
бір жола көшіп келетін болып, қайтадан Бұқарға барады.
Таласқа көшіп келгенде
Семетей Қаныкей мен әжесі Шиырдыны алып, Таласқа біржола
көшкенде, Темірхан аяулы қызы мен жиенінен ештемені аямай, мол
енші береді. Ысмайыл бастап, бұқарлықтардың барлығы қимай-
қимай қоштасып, шығарып салады. Баяғы тоғайдағы Сары таз
көміршіге тон жақсысын кигізіп, ат жақсысын мінгізіп, Семетей
Таласқа қарай жүріп кетеді.
Жылғынды Кең –Қол, кең Таласқа көшіп келгеннен кейін Қанекей
қуанып: «Міне, құдай ісімді оңдады, аман-есен жеттім Таласқа,
арманым жоқ!» – деп, риза болып, жылап жүріп көшін тоқтатып,
түсіреді. Сол уақытта Бақай Семетей келіп қалар деп күн санап
әрең жүр екен. Қайнарға келіп, қалың көш тоқтағанын көргенде,
«а, құдай берді, Семетей көші келді» – деп, өшкен оты жанғандай,
халықтың бәрі жиналып, атқа мініп, сүйініп, ауылда адам қалмай
тұра тартады. Бақайдың ұлы Байтайлақ, мінген аты кер жайдақ,
Қамқатай мініп кер жорға, Жезбілек мініп сұр жорға, – барлығы
келіп Шиырды мен Қаныкейге амандасып көріседі. «Қуанғанымыздан
қалай жанымыз шығып кетпей тұр!» – деп, бір жағы жылап, бір
жағы күліп, жыршылар жырлайды. Сонда Семетей:
Атамның жұртын сағынып,
Көшіп келдім ырымдап,
Менің атам Манастың,
Жақтырған жұрты қылымнан.
Бұл Манас қонған майлы жұрт,
Манасқа жаққан жайлы жұрт!
Құдайым берген құтты жұрт,
Сағынып келдім мықты жұрт!
Қаныкей мені туған жұрт,
Кіндік қаным жуған жұрт.
Кіндігімді кескен жұрт,
Киімімді жуған жұрт.
Жалпақ жұртқа хан болып,
Атам Манас өткен жұрт.
Аяғы Талас, басы Шу,
Байтақ қырғыз өскен жұрт.
Жамандық қылған дұшпаны
Жанына келмей безген жұрт.
Шер Манас Манас болған жұрт,
Бақыт-дәулет қонған жұрт,
Атағы шығып дәу болып,
Батырлар өсіп-өнген жұрт,
Осы жерден аттанып,
Жау келсе, жауабын берген жұрт! – дегенде, жұрттың бәрі
мақұлдап, риза болады. Үйді құрып, орданы тігіп, туған жеріне
қонады.
Мұны былай тастайық, Абыке, Көбештің әңгімесін бастайық.
Сол уақытта Абыке: «Семетей көшіп келіпті, тілекті құдай беріпті,
мен Жақып пен Көбешке хабар салайын да, оларды бастап алып
барайын!» – деп Ақтелкіні қарғытып, Көбешке келіп: «Семетей көшіп
келді! Енді иттігіңнің бәрін таста, жүр барайық! Шер Манастың
орнына Семетей інім келді, енді ақымақтық қылма, ақылыңнан
адаспа, жамандық алмай ойыңа, жақсы жолға баста! Мен Жақыпқа
барайын, хабар салайын!» – деп жөнеледі. Жақыпқа келген соң:
Манастан қалған жалғызың,
Семетей көшіп келіпті,
Сүйінші ата, сөзімді ұқ,
Саған құдай беріпті!
Өкпең болса, кешіргін,
Іштегі кірді кетіргін,
Айналайын, атеке,
Жазығы жоқ жетімнің!
Ата –бала жауласқан,
Қырғызда мұндай үкім жоқ,
Семетей балаң болмаса,
Шын жері сенде тұқым жоқ.
Обалға, ата, қалмағын,
Бұл сөзімді қармағын,
Тұмсығы жоқ кісі едің,
Тұқымды үзіп салмағын!
Ойланбастан басында,
Ойран қылдың шарбағын,
Ойланғын Манас аруағын!
Айналайын атеке,
Балаңа азу салмағын!
Жүріңіз, бәріміз барып көрейік, бірге болайық!» – деп, сөзінің
дұрысын сөйлейді. Сол кезде Жақып ашуланып: «Бұл Абыке
ақымақтығын қоймайды! Тұмсығы жоқ ит қорқақ, жекеден шыққан
жетімді туған қылып аламын, тура жолға саламын деп ойлайды!
Семетей туған болмайды,
Мұны туған деген оңбайды.
Дұшпандығын Семетей
Өлмейінше қоймайды.
Халық аралап алған соң,
Халық ішінен сөз шығар,
Халықты билеймін деп шығар,
Қара тұмсық жайрағыр,
Халық менікі деп шығар!
Қадірі болады бетінде,
Халық айналады жетімге,
Халқыңның түрі басқаша,
Ниетінің бәрі жетімде.
Жетімге еріп ел кетсе,
Қара тұмсық Абыке,
Қаласың халық шетінде.
Ажары болса бетінде,
Жұрт айналар жетімге,
Зорлап елді тыймайсың,
Жүресің жұрттың шетінде!
Екі күн өтпей есіріп,
Ел менікі деп айтар,
Енесі бетпақ үйреткен,
Жер менікі деп айтар,
Жалпақ жазық, қалың жұрт,
Жан менікі деп айтар,
Жайылып жатқан сан қара,
Мал менікі деп айтар!
Көбеш балам, қайдасың?
Жетімнің тапқын айласын,
Қара тұмсық жетімге,
Қамдандырмай барып кел,
Айдап жолға салып кел!
Жерді-суды былғатпай,
Жетімнің басын алып кел!
Қолыңда хандық тұрғанда,
Шаларыңды шалып кел!
Елдің бәрін ертіп ал,
Жетімге бүлік салып кел!
Тіл алмаған кісіңді
Тірі қоймай жарып кел!
Жалмауызды жоғалтып,
Алмаған өшті алып кел.
Жерімде тыныш табайын,
Елірген екі қаншықты,
Айдап жолға салайын.
Бәрінен бұрын өлтіріп,
Бақайдың басын алайын.
Жалпы жұртым ұғыңдар,
Аттанып бәрің шығыңдар!
Бармаймын деген адамды,
Түгел көрге тығыңдар!
Еліктірмей ешкімді,
Бұйрығымды ұғыңдар! – деп, хан Жақып барқылдап жұртқа әмір
береді. Оның ар жағынан Көбеш те шаңқылдап, «қойдай қырып
тастаймын», – деп жұртты қорқытып, барлығын иіріп алады.
Найзаларын жылтылдатып, қаптаған қолмен Жақып хан мен Көбеш
екеуі аттанады. Енді оларға Абыке айтады: «Айналайын, атеке,
мұны қойыңдар! Одан да адам болатын балаңды халқыңмен бірге
тосып алғаның жөн! Қылмағаның жоқ еді, Шиырдының алдына
кешірім сұрап барғаның дұрыс болар еді!» – дейді. Бірақ, қанша
жалынса да, Жақып пен Көбеш оған көнбейді. Семетейдің ауылына
шабуылды бастайды. Бұлардың келе жатқанын көріп Семетей
саспайды. Шиырды шошып, қорқып қалады, Қаныкейдің де есі
шығып, «жалғызға құдай жәрдем бере гөр!» – деп, тілегін тілеп
тұрады. Бақай «балам, аттан!» – деп, жігерін қайрап, дем береді.
Сонда Семетей күйініп:
Ата сендей болмайды,
Атамның арты оңбайды,
Ата тұрса шыр бастап,
Ауылымыз жақын қонбайды,
Туған мұндай болмайды,
Туғандарым оңбайды,
Тиісіп жүрген ит шіркін,
Мені тыныш қоймайды! – деп күңіренеді. «Арыстанның ұлы
Семетей атасымен соғысып жатыр! – деп ертең сөз тарайды-ау! Бұл
ұят болды-ау, бірақ бұлардың қорлығы өтті. Мен бұларды кім тыяды
десем, тыятын өзім екен ғой. Бұлардың көзін ашайын, кесапатты
шіркіндердің құдай кезін келтірген шығар, ауылыма шабуыл жасап
тұрған кезде мен неге аянамын?!» – деп, жау-жарағын асынып, Тайбуырылды мініп, Сырнайзасын бұлғап, қиқу салып шығды. Сол бойында көр Көбешті найзамен сайып, атынан ұшырып түсіреді. Абыке мен Көбешті орға салып, қалған елді тоқтатады. Сонда келген елдің үлкендері айтады: «Айналайын, Семетей, Жақыптан қорыққанымыздан келдік! Мына халықтың түк жазығы жоқ, Көбештен қорлық көріп жүрген елміз, солардың айдауымен келдік!» – деп жүгінеді. «Атаң Манас хан еді, кешірімді жан еді, кешірсең, балам өзің біл, кешірмесең, кескін тіл. Манастың қалдық артында, қорлықпенен біз келдік, күткеніміз сен едің, күнә бар ма халқыңда?!» деп шұрқырап тұрғанда, Семетей: «Бұл кісілердің сөздері шын-ау, хандар жарлық қылғаннан кейін бұқара халық не істей қойсын?! Туған елім, көп қырғыз, Жұртым,сенде жазық жоқ! Жалпы жұртым, ұғыңдар, Жайланып ауқат қылыңдар, Екі күнде, бір күнде Шоралар келіп тұрыңдар! Батыр Манас салтындай, Басқарып кеңес құрыңдар, Атамнан қалған қырық шорам, Сен-дағы көрдің жәбірді, Арманды жетім Семетей Мен-дағы көрдім жәбірді. Ер Манастан айырылып, Ел-дағы көрді жәбірді! Бұдан әрі шоралар, Кеңесті бірге бастағын, Ішінде пікір қалмасын, Қиянатқа баспағын, Мен болмасам ел үшін Өткен-кеткен айыпты, Ішіңнен алып тастағын! Сіздерде бірлік болмаса, Ала болып өлеміз, Қорлық көріп дұшпаннан, Өкпеден қанды ағызып, Жара болып өлеміз.
Не болмаса қалың жұрт Көбештің ісін еп дей ме? Мықты болса хан Жақып, Пайдасы тиер баланы Жоямын деп өктей ме? Қырғыз бүйтіп бүлінсе, Әрең тұрған Қоңырбай Олжа қылып кетпей ме? Одан гөрі шоралар Бүлінбей бекем бек болып, Беттескен жауды кектейік. Айналайын, халайық, Сары абам өзі хан болсын, Хан болмаса Сары абам Қайткенде ісім оң болсын?! Қиястық қылған адамның, Қара аузына қан толсын! – деп Семетей кеңес қылып тұрғанда, Бақай мен Жақып көздеріне түспей, ел іздей бастады. Бүкіл ел іздеп келсе, Қара таудың тасында, Тұйық қолат басында, жан адам жоқ қасында, Жақып пен Бақай екеуі бір-бірін аямай, арбасып алысып жатыр екен. Бұларға қой деп жатқан ешкім жоқ. Бір уақытта Жақыпты Бақай аттан сүйреп алып, шалқасынан жатқызып, төсіне мініп алады. Жақыптың қолын байлатып, сорын қайнатып, Абыке мен Көбешті салған қырық құлаш орға тастайды. Бұл Кең – Қолда Манастан қалған ор екен. Бақай жалпы жұртқа қаратып: Байтақ қырғыз, қалың жұрт, Арманың бар ма Манасқа? Манастан қалған бір жалғыз, Жаңадан қонды Таласқа, Есің болса көп қырғыз, Ерлікті бұдан таласпа! Жақып хан мен Көбешке, Жақын барып жанаспа! Манастан қалған қырық шора, Бәріңе жағар сөз айтам, Басшы болған Қырғыл шал, Кәріңе жағар сөз айтам. Адаспай адам қалмайды,
Адасқан жолға бармайды,
Адасқан жолдан бас тартпай,
Азапқа өзін салмайды.
Манастан қалған жетімге,
Шора болып алыңдар,
Кеңес тауып, жетімді,
Келтіріп жолға салыңдар!
Келетұғын жаулар көп,
Кеңесіп жолын шалыңдар!
Семетейдің дәуірінде
Серпіскенге бой бермес
Себіл болып қалыңдар!
Кім қуанбас халайық,
Семетей көшіп келгенге!
Күтіп жүрген баланы,
Жеткізіп құдай бергенде.
Еліріп кеткен бір жетім,
Елі-жұртын көргенде.
Көр Көбештің қолынан,
Ер Сарының қолына,
Жаңа хандық келгенде,
Шақырамын бәрің кел,
Ойлана тұрған ой болар,
Үш күннен кейін той болар,
Келмей қойған кесапат
Қай жаққа барып зор болар?
Ынтымақтан қашқандар,
Ығы жоқ өзі қор болар!» – деп, аталы сөзін айтады.
Қырық шораның қырғыны
Манас өлгеннен кейін қырық шора амалсыздан Көбешке бағынады.
Хан болып тұрғаннан кейін оның әмірінен шыға алмай, Қырғылшал
мен Тазбаймат Қаныкейге қорлық көрсетеді. Енді Семетей келгеннен
кейін бұлар шошып, шораларды азғыра бастайды: «Бұл үлкен
атасы Жақыпты, екі бірдей ағасын ұстап алып, орға салып қойды.
Олар құтылмас бәлеге қалды. Бізге де күн жоқ!» – деп қорқытады.
Шоралар жандарынан түңіліп, болған шатақ істің бәрін бірінен-бірі
көріп, дауласып, естері шығады. «Енді қандай айла қыламыз?» – деп кеңеседі. Кейбіреуі Семетей мен Бақайдың айтқан сөздерін алдау деп есептейді. Бірақ, Көбештің бұйрығымен Қаныкейді шапқандарын, одан кейін көшіп келген Семетейге шабуыл жасағандарын шоралар имансыздық деп ойлайды. «Семетеймен елдесу енді жоқ. Бәрібір мында қалсақ өлеміз, өлмесек те бұл шұнақтан қорлықты көреміз. Одан да қалмақты көздеп қашайық, артымыздан қуып шықса, Семетейдің қанын аямай шашайық, кетер жолды ашайық!» – деп шешеді. Бірақ, кейбір шоралар бұған келіспей, қобалжып қалады. Сонда Баймат батырлардың намысына тиіп: Ей, шоралар, шоралар, Қайткенде ісің оңалар? Семетейге ұялмай Қайтіп жақын барамыз? Қырғылшал қылған іс үшін, Бәлеге енді қаламыз. Қаныкейді қақсатқан, Қаншалық ісін ақсатқан, Елден, жұрттан қуалап, Қайғылы істі бастатқан. Адамның тілін алмастан, Жанға кеңес салмастан, Көбешке кіріп кеттік. Енді Бақай мен Семетей бізбен жау болады, ешкімді сау қоймайды. Қаныкейдің бетін қалай көріп, енді мұнда қайтіп тұрамыз? Қалмақтың жұрты бауырмал, соған барып тұрамыз. Басқа амалымыз жоқ!» – дейді. Байматтың сөзіне тоқтап, барлығы ақылдасып, обалдарын Қырғылшалға байлап, нан шайнасып, оқ тістесіп, ант қылып, түн жамылып «қайран жер Талас қалдың» – деп қатын, баласы жылап, қой-қозыдай шырқырап, қашып кетеді. Бір күн өтіп, екінші күн болғанда Семетейге шоралардың барлығы қалмаққа қашып кетті деген хабар жетеді. Бұл қара жолтай шораға, Қашан қылдым зорлықты? Қалмаққа кіріп кетем деп, Көрсетті маған қорлықты. Келгеніме бес-ақ күн, Әй, деп қойған сөзім жоқ, Жаман айтқан жерім жоқ
Шоралар менен шошынып,
Шоршып қашар жөні жоқ.
Қиянат қылып кетем деп,
Шоралар қашса қалмаққа,
Қолым тиген жері жоқ.
Тапсырдым иттерді аруаққа!
Қырық шораға барайын,
Тоқтатып алып қалайын.
Ынтымаққа келтіріп,
Шора қылып алайын! – деп, Семетей хан Бақайға келіп ақылдасады.
Одан Тайбуырылды мініп, Ақолпоқты киіп, жау-жарағын сайланып,
қылышын қия байланып, Ақкелтесін асынып, Сырнайзасын таянып,
Бақайдан бата алып, қашқындардың артынан аттанады.
Мұны мындай тастайық, Қаныкейдің жорығынан бастайық.
- Көбешті көрге кіргізіп,
Дүниеден көзін жоялық,
Шоралар бүйтіп жатқан соң,
Арамдарды бұл жерден
Тындырып мүлде қоялық!– деп, қасына біраз жігіттерді алып,
Қаныкей атқа мінеді. Орға келген соң: «Жақып хан мен Көбешті
жайратып тастаңдар!» – деп, бұйрық береді. Жігіттер Жақып пен
Көбешті ордадан сүйреп шығарып, көз алдында жайратып салады.
Енді «Абыкені шығарыңдар, бірақ оны өлтірмеңдер» дейді.
- Атаң мен ағаң өлді! Өздерінің жазығы болғандықтан, жазасын
тартты. Оған қайғырма, сені ниетің ақ болған соң, аман қалдырдық!
– дейді.Абыке:
Азапқа жалғыз қалмаймын,
Ақ та болса басыма,
Азаттық сұрап алмаймын.
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Атам менен ағама
Айтпаған сөзім қалған жоқ.
Сонда да болса, Қаныкей,
Атам өліп, мен қалып,
Ағам өліп сандалып,
Халық ішінде ұялмай
Қайтіп жүрем жан бағып?!
Абыке солай дегенде, Манастың енесі Шиырды қарт жолбарыстай
шабынып, қаһарланып шығады: «Бұл Абыке адал болса, Көбеш бізді
шапқанда араша түспей ме? Бұл да іштен шыққан дұшпан, Қаныкей
мұны қалай білмейсін? Қара жолтай хан Жақып, бізбен қастасқан
қара жау, сол хан Жақыптың күшігі Абыке, Көбеш бұлар да жау!
Ал, жігіттер, Абыке құлды сойыңдар, жауыз шалдың тұқымын
жойыңдар!» деп, Шиырды қаһарланып бұйрық береді. Сөйтіп,
Қаныкейге ерік бермей:
Шиырды шырды бастады.
Абыкені ақтамай,
Оны да жайлап тастады.
Ақылайды алдырып,
Ақылынан тандырып,
Көбешіңнен қалма деп,
Оны да салды жарғызып...
Мұны былай тастайық, қуғынға кеткен Семетейдің, жорығынан
бастайық.
Қашқан шора артынан
Тайбуырылды зырғытып,
Ала белменен шұлғытып,
Тұра қалып із қарап,
Сусамыр бойлап ызғытып.
Ашуына шыдамай,
Аузындағы отыз тіс,
Келе жатты қышырлап.
Қарақолдың басында,
Сандық,Тармал сазында,
Шораның жетті артынан,
Қошқардың төмен шетінде,
Жалпақ тастың қасында.
Жеткен кезде Семетей
Шораларға кеп айтты:
- Шораларым, деп айтты,
Қылайған менің өзімде,
Кінә бар ма деп айтты.
Шоралар тоқтай тұрыңдар,
Шоғылып кеңес қылыңдар,
Менен айып іс өтсе,
Кешіріп сабыр қылыңдар.
Кеше келдім халқыма, Шоралар, қашып шошыттың. Бүгін түстім артыңа, Айып өтсе өзімнен. Айтып тұрған сөзімнен, Айналайын, шоралар, Кешіріңдер жетімді! Аңдып жүрген жаулар көп, Жала менен даулар көп. Бүйте берсең шоралар, Талай жерге кеп кетер, Ел ішінен еп кетер! Бүлініп жатыр қырғыз деп, Жансыздардан кеп кетер! Алалардан шек кетер, Қан аңсаған Қоңырбай Көп қалмағын бастап кеп, Жерімізді ойрандап, Аққан қанды кештіріп, Қырғыз атын өшіріп, Әлде кімдер жеп кетер! Айналайын, шоралар, Астымдағы Тайбуырыл, Атым тарту шоралар! Манастан қалған мен жетім, Басым тарту шоралар! Алдыңа иіліп келген соң, көңілден кір кету керек, араздасқан халайық, татуласқанымыз жөн болар! – деп, Семетей Тайбуырылдай буданды шораларға тартады. «Елді тастап, қалмаққа кетсеңдер, арманда болып өтесіңдер. Жалпы қырғыз туған еліңді, Таластай жеріңді тастап,Манасқа ұят келтіресіңдер, бізді тірідей өлтіресіңдер! Қоңырбай мұны естісе бізді мазақ қылып, күлмей ме? Қырғыздың халқы Семетей қысқаннан кейін шоралар жерден қашты,- деп қисық сөз айтпай ма? Айналайын, шер шорам, Атамнан қалған жан шорам, Кеткенің қайтіп келгенде, Тілекті құдай бергенде,
Қашып кеткен жалғызың,
Қайырылып халқын көргенде,
Жылғынды Кең-Қол, Таласта,
Жырғайтұғын кезіңде,
Жиылып жұрттың барлығы,
Жырлайтұғын кезіңде,
Айналайын, шоралар,
Жөні жоқ жерден есірме.
Қырғызға қырсық қылам деп
Қалмаңдар кетпес кесірге! – дейді. Бірақ, шоралар тоқтамайды:
«Сенің сөзіңді ұқпаймыз, батыр, шық былай! Қайтып барғанымыз
ұят!» – деседі.
Қиғаштаған Қырғылшал
Қиқырып тұрып кеп бастап:
- Байғұсым тапқын жөніңді,
Көрмейміз қырғыз еліңді,
Қойғын бізге сөзіңді,
Мойынға алдық өлімді.
Біз қайтпаймыз қырғызға
Бекер бізге жармаспа!
Біз кетеміз тұрмаймыз.
Жұлдыз бенен Құндызға.
Тарылғансып Семетей,
Тапсырасың аруаққа!
Тарылсаң мейлің, кетеміз,
Тамаша салып қалмаққа.
Тоқта деп айтар сөзің жоқ.
Қашқынды қайта келгін деп.
Семетей сенің бетің жоқ!
Аянбастан бел байлап,
Атысып тұрып кетеміз!
Қызыл қанға бір жола,
Батысып тұрып кетеміз!
Ажал жетсе, өлмек шын,
Аянып сенен нетеміз?!
Біржолата Семетей
Ажырап сенен кетеміз!»
Қаражолтай шоралар,
Қарақолдың бойында,
Қақпа – Тастың ойында,
Оқ жаудырып, жақ тартып,
Ұрысты бастап жіберді.
Бараң мылтық барсылдап,
Қара мылтық қарсылдап,
Оқ жаудырып тарсылдап,
Садақтың оғы ызылдап,
Шарайнаға оқ тисе,
От аспанға жарқылдап,
Қиянатшыл қырық шора
Аянбай соғыс бастады.
Ызасынан Семетей,
Өліп кете жаздады.
«Ай, шоралар болмады ғой. Атам Манастың барында қырық шора
барлықты, байлықты көріп еді. Енді маған тарлық қылды-ау!Әттең,
арман,жастығым, бір атадан аздығым.Енді мына жақынның
қастығын көрдім-ау!Қой, аманат жанынан тойдым, иттерді
аруаққа қойдым!– деп:
Ақкелтесін дүрмектеп.
Аямай Семең он атты.
От шағылған шорадан
Онын бірдей сұлатты.
Бірақ, анттан қайтпас шоралар,Қырғылшалы бас болып, шабуылға
шығады. Сонда алты жасар Күлшора: «Ай, шоралар, қойыңдар!
Бәрің өлесіңдер ғой. Манастың тұзы ұрғанынан бұзылып өлесіңдер.
Ақылдарың болса, Манастан басқа жақындарың жоқ. Бұларың дұрыс
болмады. Қырғыздан қашып келдік деп, қастасып жүрген қалмаққа
жағынып, намысы жоқ шоралар қай беттеріңмен барасыңдар?» –
деп зар жылап, сайрап тұрады. Анттасып алған шоралар баланың
сөзін елең де қылмай, жалғыз келген Семетейге жан-жағынан
жабылады. Найзамен сайып, қылышпен шабысып, шойынбасымен
ұрып, Тайбурылдың сауырын су төккендей қан қылады.
Қошқардың төмен шетінде
Бала жолбарыс Семетей,
Көп қарғаға бір сұңқар
Жалғыз тиген немедей,
Оң жағынан келгенін
Ойран қыла бастады,
Сол жағынан келгенін
Сұлата шауып тастады.
Тегіс қырғын болғанша,
Шоралар бірақ қашпады.
Атқа бекем батырлар,
Жан аузынан кеткенше,
Жан сауғалап саспады!
Қырғын соғыста Семетей батыр қырық шораның барлығын
қырып тастайды. «Ерегестен осындай болды. Өлімді қалады ғой
өздері. Шоралардан мына екі бала – Күлшора мен Қаншора қалды.
Бұларды медет қылып, жаныма алайын. Рулы шоралар қырылып,
ұятқа қалдырды. Осыларға қандай қиянат қылып едім? Өзектен
шыққан өрт жаман, өзіңнен шыққан жат жаман деген, ай-шіркін!
Осылар қарсыласпай, елдескенде ғой, мен бұлардан жанымды аямас
едім!». – деп, Семетей өкінеді.
Қошқардың халқын жидырып,
Жерден терең көрді қаздырып,
Қара жерді ойдырып,
Қарасын мықтап сойдырып,
Келген елдің барлығын,
Ет пен майға тойдырып,
Қырық шораның бейітін,
Қырқалата қойдырып.
Қызметі өткен Манасқа
Қырық шораның жорығын,
Рулы жұртқа сыңдатып,
Әр қайсының ерлігін
Жомықшыға жырлатып,
Атақты ұста алғызды,
Ақ күлбота шалғызды,
Аруағына ардақтап,
Ақ күмбезді салғызды!
Сөйтіп, қырық шораға қырық күмбез тұрғызып, ұстаның ақысына
айыр өркештен нар беріп, сұрағанша мал беріп, алтын, күміс зер
беріп, қырық күмбезге қырық найзаның желегін байлап, зарланған
Семетей күңіреніп жөнеліп кетеді.
Қырық күмбезді салғаным, Қыран Манас атама, Қызметінің белгісі. Қырық шорам болса қырылды, Қырғыздар ұғар сырымды Қырық шорасын қырды деп, Қылымға сөзім ұғылды. Қымбатымды қырдым деп Кімге айтамын сырымды? Қой деп айтар адам жоқ, Қария Бақай абам жоқ! Қандай жорық бастадым, Қырық шораны қиратып, Қарғаша қырып тастадым. Айрылып қалдым шорамнан Арманды дүние осы екен Атамнан қалған жорамнан. Екі бала ермегім, Ептеп құдай бергенім, Міндірсем атқа міне ме? Сапардың жайын біле ме? Алыстан келген жау болса, Ағасына ес болып, Атой салып жүре ме? – деп, арман қылған екен. Шынқожаның шатағы Нойғұттың ханы, өзі батыр, Шығайдың ұлы Шынқожа күндердің күнінде Семетейге қастасып: «Бұл жас қой, мен бұған білгенімді қылайын!» деп, жаман ойға келеді. Ертіс пен Тоқа деген екі шорасын шақырып алып: «Семетей десе дардайып Ұйықтай берген барбайып. Есі жоқ жетім жас болып Ет пен майға мас болып, Қанын шашқан қалмақтан Манастың құнын қумады. Ақун ханға бармады
Анықтап хабар салмады,
Қалыңдығы айттырған,
Айшөректі алмады.
Бүйтіп жүрсе бұл итті
Түбінде құдай қарғады.
Қара тұмсық ит құлды
Қайтып құдай жалғады?
Айшөректен айрылса
Арманын айтып зарлайды.
Тайбуырылдан айрылса,
Жанында адам қалмайды.
Талас, Шуды бір шапсақ,
Айшөрек бізді таңдайды.
Айшөректі алғанның
Еш арманы қалмайды.
Ебі келсе Ертісім
Буырылды сұрап барайық.
Алдап тұрып жетімнен
Тайбуырылды алайық.
Тайбуырыл қолға тиген соң,
Семетей қолға кірген соң,
Тамашаны салайық,
Талас, Шуды шабайық.
Олжаны мықтап табайық.
Әбден көңіл тынған соң,
Ақун ханға барайық,
Перінің қызы Шөректі,
Берсе құдай, алайық,
Аяғы Бұқар, Самарқан,
Бүтін қолға қаратып,
Бұқара қылып салайық!» – деп, екеуіне: «Екеуің ер едің,елшіге
барыңдар. Семетейге: «Шынқожа ағаң жіберді, бізге Буырылды бер!
Бермесең, көресіңді көресің, Шынқожадан өлесің!» деп айтыңдар.
«Қаһарыма мінгенде,
Қамап тұрып аламын,
Қайнардағы қаласын
Талап тұрып аламын.
Қалжыраған жетімді
Сабап тұрып аламын! Таласынан шығармай Қорлық қылып аламын, Қолыменен бермесе, Зорлық қылып аламын! Шауып алам Таласын Талап алам қаласын! Ноғай менен Нойғұттың Ашып қоям арасын, Ойлап көрсін шамасын! Шақырып келмес Семетей, Өліп қалған Манасын! Шынқожа бар деп ойласын, Шығай ханның баласы!» деп, қаһарланады. Ертіс пен Тоқа Семетейге жөнеп кетеді. Салып ұрып Таласқа келе жатса, түс кезінде көп жылқыны көреді. Жылқыға қарай келсе, жылқының басы Аман деген ер жігіт көріп: «Бұл не қылған адамар?» деп, келіп қарсы алады. «Семетей қайда?» деп сұрайды мына екі елші. Аман бұлардың не сәлемі жоқ, не дұрыс сөзі жоқ түрлеріне қарап ашуланып: «Күлшора мен Қаншора!» деп айқайлап, екеуін шақырады. Қамбардың ұлы Қаншора, Алмамбеттің ұлы Күлшора жылқыны көріп, әрі аң аулап жүр екен. Олар келіп, тілдескеннен кейін, жөн сұрасады. Жөнін білгеннен кейін Күлшора: «Иә, Ертіс, Тоқа, екі аға, аман-есен жүрсіңдер ма? Елдерің аман ба? Шығайдың ұлы Шынқожа, жалпы Нойғұттың халқы, ел-жұрты аман ба? Жер-суды сағынған жоқсыңдар ма? Жас болсақ та, есімізде – Семетей абамыз жастықпен бір кездерде ақ сақалды абам деп сыйламай, Шығай ханмен бір қатты сөзге келіп еді. Керуенімді талап алды деп, Шығай ханның жылқысын қудырып алып, сағын сындырып еді. Сондай болар болмас іске бола Шығай хан шамданып, ренжіп, қалың Нойғұтты алып, Әнжиянға көшіп кетіп еді. Сол жаққа барғаннан кейін Ақсыдан көшіп, Қарақұлжа, Жазыдан қоныс алып, үлкен ел болып тұр деп естідік. Шығай хан қаза тапқаннан кейін, оның баласы Шынқожа батыр хан болып, енді бізден гөрі Қашқарға жақын болды дейді. Сол халықтың жағдайы қазір қалай ?» – деп, дұрыс сөзбен амандық сұрайды.Шынқожаның елшісі Тоқа жауабын береді: Ақсыдан Нойғұт көшкенде Асығып үйін шешкенде,
Қалың Нойғұт туғаның
Қара жаннан кешкенде.
Жорғаның белін асқанда
Наманғанды басқанда,
Күдерін үзіп туғаннан
Күнде түнде қашқанда,
Ақсыдан барып Өзгенге
Жырғап қалдық өзге елде,
Өзеніне Өзгеннің,
Шығайдың ұлы Шынқожа
Қала салды, бұл да шын.
Қаратты мініп Қашқарға
Қыран шалды, бұл да шын.
Барған жері қорыққаннан
Ықтап қалды, бұл да шын.
Бас көтермей, көз жұмып
Ұйықтап қалды, бұл да шын.
Қарақұлжа, Жазыдан,
Қалың Нойғыт жай алдық,
Қашқардан сұрап шай алдық
Хан Шығайдан басқасы
Қалың Нойғұт амандық! Ал енді,келгеніміздің себебі, ат аяған
жерге қарайды, құс аяған көкке қарайды дегендей, Шынқожа бізді
Таластағы туғанды көріп, біліп кел деп жіберді!
Семетейдің мәрттігін
Сынап кел деп жіберді
Айтқан қандай сөзіне,
Шыдап кел деп жіберді.
Тайбуырылды батырдан,
Сұрап кел деп жіберді.
Бере қойса Буырылды,
Алып кел деп жіберді.
Туғандыққа келмесе,
Өз еркімен бермесе,
Қайнардағы қаласын,
Талап тұрып алмақпыз.
Қарсыласқан қалшадай,
Сабап тұрып алмақпыз!
Ордасынан шығармай,
Қорлықпенен алмақпыз,
Тырп еткізбей шеңгелдеп,
Зорлықпенен алмақпыз!» – деп, Шынқожаның қатты-қатты
сөздерін жеткізеді.Тоқа мұндай сөзді айтқаннан кейін, Қаншора мен
Күлшораның ашуы келеді. «Ей, күйдіргі Тоқа, сен не деп тұрсың?!»
дейді Күлшора:
Буырылды бергін дегенің
Буданың өлсін дегенің!
Асырап сақтап өсірген
Туғаның өлсін дегенің!
Атыңды бергін дегенің
Абамды өлсін дегенің!
Ардақтап баққан Қаншора,
Ағамды өлсін дегенің!
Буырылды сұрап келгенің
Бұл немене дегенің?
Шығайдың ұлы Шынқожа
Айта алмай жүрген кебі бар,
Атасы қорлық көрген құл
Ала алмай жүрген кегі бар.
Тайбуырылдан айрылса,
Жайлаймын деген жөні бар.
Қаражолтай қос батыр
Мұның қай жерінде ебі бар?
Ербиіп келген екі құл
Енді білдім шыныңды.
Білмеппін сенің сырыңды.
Басыңды шағып талқандап
Басайын сенің шырыңды.
Масқара болып нойғұтқа
Айтып барғын шыныңды.
Қастығың маған білінді
Қағайын сенің жыныңды.
Батырсынған екі құл
Басайын сенің үніңді!» – деп, Күлшора қаһарлы сөзді айтқан
уақытта, Тоқа шыдай алмай, наркескен қылышын суырып алады.
Ол Қаншораны шаппақ бола бергенде: «Шапқан олай емес, бұлай
болады!» деп, Қаншора мен Күлшора Ертіс пен Тоқаны алып соғып, өлімші қылып тепкілеп, дырдай қылып сабайды. Құйқаңды тіліп бұрыш салам, Құйрығың тіліп тұз салам, Жауырыныңды тіліп шоқ салам, Табаныңды тіліп оқ салам! – деп, Күлшора: «Шынқожа бегің көрсін!» – деп, бетіне таңба салады. Айқұш-ұйқыш тілгілеп, етін көк ала қылады. «Бұдан кейін тағы келсеңдер, төсіңе құзғын қондырамын. Бар, кетіңдер, Шынқожаңа айта барыңдар!» – деп, есірген екі елшінің сазайын тартқызып, қоя береді. Айшөрек – аққу Қорланған екі шорасын көріп, Шынқожаның ашу-ызасы қайнайды, бірақ, жалғыз өзі Семетеймен соғысуға бата алмайды. Ол ер Бағыштың ұлы Толтайға қолқа салады. Бағыш – Жәдігердің ханы, кезінде қалмақтарға болысып, сатқындық жасағаны үшін Семетей өлтірген екен. «Атаңның кегін қумайсың ба?» – деп, Шынқожа Толтайды Семетейге қарсы қайрап, үгіттейді. Семетейдің айттырып қойған қалыңдығы Айшөректі саған тартып алып беремін деп қызықтырады. Ол кезде Семетей Айшөректің кім екенін білмейді екен. Айкөл Манас батыр мен Ахун хан Семетей мен Айшөректі тумай тұрып атастырып, бел құда болған екен. Сонда Толтай: «Семетейге қарсы шықпайық, Айшөректі алмайық, одан гөрі Семетеймен жақындасып, татуласайық!» – дейді. Бірақ Шынқожа Толтайды арандатып, қайрайды. «Намысың жоқ, сен ер емессің, сен Бағыштан тумай қал! Семетей менен асқан батыр емес, сен бармасаң, өзім барамын. Айшөректі өзім аламын!Ал сен достықтың антында тұрмайтын нашар болғаның ба?!» деп, намысына тиеді. Ақырында Толтайдың намысы келіп, зығырданы қайнап, бұл екі батыр қосылып Ахун ханның еліне барып, Айшөректі бізге берсін деп елші жібереді. Ахун хан бұған ашуланып, елшіге: «Мен Шынқожа, Толтайдың елінен кісі өлтірмесем, олармен ескі кегім болмаса, күндей күліп отырған баламды күйдіріп, неге оларға байлап беремін?! Мен Айшөректі бермеймін, өйткені, оның құда түскен елі, айттырып қойған ері бар. Семетей батыр атасына тартқан шер болса, мұндай зорлыққа көнбейді. Шынқожа мен Толтай ажалдан бұрын өлгісі келмесе, Айшөрекке жоламай, жайына жүрсін! Мұны естісе Семетей
келіп, еліңді қырады, беліңді сындырады! Ал енді жай сыйласып келіп, кетем десең, керек дүниеңді берейін, мінеріңе ат, киеріңе тон берейін, таңдаған сұлу қызыңды берейін!» – дейді. Бұл сөзді естіген соң, нойғұттың Шынқожасы мен жәдігердің Толтайы кеңесіп, соғысты бастап кетеді. Ахун ханның қаласын қоршап алады. Екі жақтың әскері қару-жарағы жарқылдап, сауытсайманы сартылдап, қырғын соғыс салады, бірін-бірі ала алмайды. «Мұны алмай тынбаймын!» – деп, Шынқожа Ахун ханның елін қамап жатып қалады. Сол уақытта Ахунның қызы Айшөрек: «Мен олжаға кетіп, біреуге олжа қатын болғанша, мұндай қорлық көргенше, Семетей батырды өзім іздеп барайын. Оны шақырып алып келейін мұнда!» – деп, ақыл табады. Аққудың кебін жамылып, Қанатын күнге қаққылап, Құйрығын құмға шапқылап, Аққурай басын сыдырып, Ай-әлемді қыдырып, Кең Талас сынды жер таппай, Семетей сынды ер таппай, Алысқа кетіп адасып, Айналып жүрді ел таппай! Шет Бейжіннің ойында, Жекенді көлдің бойында Қоңырбайдың қалың жылқысын көреді. Айналып ұшып, Алғара мінген Қоңырбай батырды көреді. Мұны қарап тұрып: «Жоқ, Манас атамыздың жылқысы қара бурыл, көк, қызыл бурыл деп естіп едім ғой. Мынау сұр жылқы екен, сары-ала жылқы екен, ол болмас,» деп, бұдан өтіп жөнеледі. Қоңырбайды сынап көреді: «Бұл да бір шоң батыр екен!» деп бағалайды. Одан өтіп, Шоң Опалдың ойында, Сары көлдің бойында, сақалы бар бір құшақ, Бидайық ханның Мұзбұршақты көреді. «Бұл да заманында болған батыр екен» – деп, одан да өтіп, Алайды басып сыдырып, Әнжиян мен Тәшкеннен ұшып өтеді. Қарабура шатқалға қайта айналып шығады. Аспанда жүріп ой ойлап, Ақ бұлттың астынан, Ақ мұнардың үстінен, Анықтап жерді көреді.
Төрткүлдің төмен жағында, Манастың тіккен бағында, Қайнардың қара көзінде Қақ шынардың өзінде, Кең -Қолдың маңдай жағында, Айға баққан ақ сарайды көреді. Іздеп келген Семетейді таптым ғой деп ойлайды. Күмбездің атын аңыздан естіген Айшөрек: «Қайын атам Манас батырдың үстінен ұшып өтпейін, аруағына шет болып, жексұрын болып кетпейін!» – деп, Алатауды айналып, ар жағымен ұшып, Алмалы бұлақ, Сұңқар тастан асып ұшып, Төрткүлдің төмен жағына келіп, он екі қанат орданың тұсына, боз сәкіге келіп қонады. Аққу киімін шешіп, адам болады. Сол уақытта Семетейдің әйелі ерке қатын Шашыкей: Ордадан шықты маңқайып, Аққұлжадай даңқайып. Аяқта етік тайпайып, Сәукеле баста қайқайып. Айдай алтын алқасы, Алқымында жарқылдап, Маржандай тізген шаш моншақ, Арқасында шарқылдап. Басып шықты Шашыкей, Ақ бұлыттай қалқылдап. Жеңі жерге сүйрелген, Желбегей басып үйренген, Алтынға бойы малынған, Шашыкейді Айшөрек, Көріп тұрып қуанған. «Е, бұл Семетей батырдың зайыбы екен ғой.Мен бұған арыз мұңымды айтып, ақылдасып қайтайын!» – деп: Арқа шашын бұлайтып Ақ тамағын қылайтып Он бестегі қыз болып Басып барды мұны айтып! «Ежеке, сау-саламат жүрсіз бе? Айтатын арызым бар.Айтпай қалсам құтылмай қалатын қарызым бар. Шығайдың ұлы Шынқожа, Жәдігердің Толтайы екеуі он екі дүркін қолменен біздің қаламызды қоршап жатыр!
Жазында егін салдырмай,
Күзінде астық алдырмай
Еліме бүлік салғанда,
Қашып келдім арқалап.
Атасқан жары Шөректі
Ер Семетей батырың,
Таласып барып ала ма?
Құмырсқадай қолы бар,
Толтайға бүлік сала ма?
Не болмаса батырдың
Қылған ісі шала ма?
Болады-ау деп күндесім,
Көңіліңе алмағын.
Атап тұрып ант берем,
Атамыз Манас аруағын!
Көшкенде түйең қомдайын,
Қонғанда үйің оңдайын,
Жалған айтсам оңбайын!
Айтшы тура сөзіңді», – деген кезде, Шашыкей шошып кетіп,тілдей
жөнеледі:
Шайтан сурет қара бет,
Шақылдамай ары кет!
Судан шыққан сұқсың ба
Жерден шыққан жіксің бе?
Не жезтұмсық сенсің бе?
Талас Талас болғалы,
Таласқа төрем қонғалы,
Жалпы қырғыз елінде
Мұндай сұмдық болмады.
Кәрісің бе, жассың ба,
Қаңқылдап ұшқан қазсың ба?
Құрқылдап ұшқан қусың ба
Құрқырап аққан сусың ба?
Қайдан келген долысың,
Қандай жанның сорысың?
Болмасаң керек адамнан,
Босағама түстің бе,
Соғып өткен самалдан?
Қызылды киген оңар ма
Атасының төрінде
Ер іздеген оңар ма?!
Ер алмаған ескі күң,
Қасқа табан кескі күң,
Шашы қудай болғанша
Тісі бидай болғанша,
Ахун ханның төрінде
Көп отырып қақ болған,
Самай шашың ақ болған.
Ер Семетей батырдың
Атасқаны Шашыкей,
Шөрек, сенен кем емес,
Сен сияқты шор табан
Шашыкейге тең емес!
Айтқаныңды қылғандай
Арашы кісің мен емес.
Батырдың ұлы Семетей
Сені алушы шер емес!
Қара табан, ақ самай
Бұл айтқаның сөз емес!» – деп, Шашыкей бұрылып жүре береді.
Ахунның қызы Айшөрек ұялғанынан өлмей тірі қалады. Көзінің жасы
төгіліп, бүктеліп отырып қалғанда, ерке қатын Шашыкей үйге кіріп
кетеді.
Сөйтіп тұрғанда Кең – Қолдың бас жағында жылқыда жатқан
Күлшора мен Қаншора Семетей ағаларына амандасуға келеді. Екеуіне
Семетей:
Қамбардың ұлы Қаншора,
Алмамбеттің Күлшора,
Атамнан қалған ақ сұңқар
Бабына келген нақ екен.
Үйрек-қазды ілдіріп
Салатұғын шағы екен.
Ертең Таласты бойлап құс салам,
Буданымды бұлқынтып
Ертеңнен қалмай ерте кел.
Ерте келсең, Күлшора,
Қара жолменен шабарсың,
Қара судан табарсың.
Ол аралдан таппасаң,
Ақ жар бойлап шабарсың,
Ақ-Инектен табарсың!» – деп, тапсырады. Сонымен күн батып,
түн өтеді.
Таразы жұлдыз батқанда,
Таң сарғайып атқанда,
Шатемір қызы Шашыкей,
Кешегі көрген Шөректі
Білем деп бара жатқанда.
Ахунның қызы Айшөрек,
Арқа шашын бұлайтып,
Ақ тамағын қылайтып,
Шашыкейдің алдынан
Тосып шықты мұны айтып:
- Айналайын, ежеке,
Толық жайым айтайын
Хабар салып қайтайын!
Ер Семетей батырың,
Тайбурыл атын міне ме?
Жаудан қорықпас ер болса,
Айшөрек жайын біле ме?
Шынқожа менен Толтайдан
Шөрегін тартып ала ма?
Жә, Шөректі беріп Толтайға,
Таласта жатып қала ма?
Айналайын, ежеке,
Айнымай жина есіңді,
Ақболаттай төреңе
Айтып бергін сөзімді.
Шынқожа, Толтай деген жау
Шын төремменен қас екен.
Шымшықты көзден тигізген,
Нағыз мерген мәш екен.
Ерегіскен екі құл,
Екеуі бірдей жас екен.
Қамсыз жатқан төреме
Қара бауыр тас екен.
«Ахунның қызын алам, деп,
Айдап жолға салам деп
Айшөректі алған соң
Армансыз болып қалам, деп.
Одан кейін бөгелмей,
Семетейге барам деп,
Тағалыдан тай қоймай,
Таласты талап алам» – деп,
Қамап жатыр қаланы,
Қақсатып жатыр баланы.
Маған еже сен болсаң,
Саған сіңлі мен болсам,
Тамашаменен таң атсын,
Күлкіменен күн батсын!
Алты күні саған жатсын,
Ақырғы күні маған жатсын!
Жеті күні саған жатсын,
Жетпеген күні маған жатсын!
Көшкенде түйеңді айдайын,
Қонғанда биеңді байлайын,
Қоладан құман қолға алып,
Қол жуғышың болайын,
Бедерлі құман қолға алып,
Бет жуғышың болайын!
Асыл төрең Семетей,
Амалын мұның таба ма?
Атасқанын алдырып,
Не, намысы жоқ бала ма?» – деген кезде, Шашыкей шаптығып
шыға келеді:
Қақылдаған қарабет,
Шайтаннан келген елшідей,
Көз байлаған жәдігөй!
Арбауыңа көнбеспін,
Өлмей тұрып төремді,
Қарабет, саған бермеспін!
Шашыңды кесіп алмасам,
Күң қылып іске салмасам
Табаныңды тілмесем
Есек қылып мінбесем
Шашыкей болмай өлейін
Тумай тұна шөгейін!» – деп, Шашыкей аш білектен алғанда,
арманды басқа салғанда, Ахунның қызы Айшөрек:
Адамнан басқа байқалып
Ақ сынаптай шайқалып
Қорғасындай бүлкілдеп
Тұнық судай мөлтілдеп,
Қарғыс айтып кеп салды
Кеп салғанда, деп салды:
«Ерке қатын Шашыкей,
Батырдың ұлы Семетей,
Далаға шықса менікі!
Үйде қалса сенікі!
Сонарға ертең барғанда,
Ақ сұңқарын салғанда,
Қара судың бойында,
Ақ жібек болып бұралып,
Алты түрлі құбылып,
Үш көрініп көзіне,
Сыр көрсетіп өзіне,
Жолға жатып қалмасам,
Сұңқарын қолдан алмасам,
Ақ сұңқарын іздетіп,
Азапқа басын салмасам!
Одан айла болмаса,
Қара судың көлшіктен,
Тура кешіп өткенде
Ақ балық болып қылтылдап,
Алтындай болып жылтылдап,
Үш көрініп көзіне
Сыр көрсетіп өзіне,
Балық болып қалмасам,
Балық деп басып алғанда
Қанжығаға шалғанда,
Қолындағы сұңқарын
Ептеп қармап алмасам,
Еліне бүлік салмасам!
Одан айла болмаса,
Үйректі көлден өткенде,
Ер Семетей батырың
Құс салар шағы жеткенде
Жекенді көлдің жиегіне,
Шабырлы көлдің шетіне
Аққу болып алмасам,
Басымды көлге салмасам,
Қу деп құсын салғанда,
Ептеп қармап алмасам
Ер төрені ертіп мен,
Еліме алып бармасам
Өзіңе тиеді қарабет,
Өкімсіп қылған далбасаң!
Осындай істі қылмасам,
Тумай тұна шөгейін,
Айшөрек болмай өлейін!
Шатемірдің Шашыкей,
Сақтап қалшы, көрейін!
Ерге шықпай ерленген,
Ұяты жоқ долысың!..
Жергесі бүтін Жетісу,
Жер менікі, Шашыкей!
Жетісуды жерлеген,
Ел менікі, Шашыкей!
Жер бетінде көлкіген
Көл менікі, Шашыкей!
Айкөлдің ұлы Семетей
Ер менікі, Шашыкей!
Ескі деп айтып сарнайсың,
Еп сөз айтса, болмайсың.
Ежелден менің төремді,
Неменеге қорғайсың?
Шын қатыны сен болсаң
Айтқаныңнан таймағын!
Сыйлағанды білмейсің,
Енді еш жақсылық көрмейсің!»
Осылай деп Айшөрек,
Қылқылдап ұшып қалады,
Құйын самал соғады.
Шыңқылдаған шұнағың
Шыпылдап ұшып қалады,
Сыбырғақ самал соғады.
Бөксенің басы мөндірлеп,
Жағаның басы жаңбырлап,
Аспанның бәрін тұндырып,
Сегіз сай бұршақ құйдырып,
Қараса көзге ілінбей,
Қайда екені білінбей,
Көзден ғайып болады!
Ақсұңқар
Семетей аңға шыққалы жатқанда, Күлшора келіп сәлем береді.
Сол уақытта Шашыкей әйнектей көзі жарқылдап келіп, Семетейдің
тізгінінен ұстап: «Төрем, бүгін сейсенбі! Ақ сұңқарды қолға алып,
саятқа шығатын күн емес.Үш күннен кейін шыққаның жөн!» дейді.
Семетейдің ашуы келіп:
«Хан ұстамас тізгінді,
Қарабет долы қармадың,
Жан батпаған жанымды,
Қара жындай арбадың!
Ханның бәрі жиналып,
Атыма қарсы барған жоқ,
Бектің бәрі жиналып,
Тізгінімнен алған жоқ!
Менменсіген батырдан
Бетіме бірі келген жоқ,
Ойлаған ісім оң болды,
Сөзімді адам бөлген жоқ!
Бұл сияқты қорлықты
Семетей жаннан көрген жоқ!
Қоя бер, долы, тізгінді!»
Осылай деп Семетей,
Алты серкеш терісін
Таспа қылған бүлдірсін, Құнан өгіз терісін Өзек қылған бүлдірсін. Өзегін үш ай кергізген, Жылан бауыр өргізген, Қақ ырғайға саптаған, Кәрілер көріп мақтаған, Қолға жұмсақ болсын деп, Қой мақпалмен қаптаған. Алақанын көркемдеп Асыл тастан ойдырған, Қой басындай қорғасын Өзегіне қойдырған. Қарсы келген адамды Қақылдатқан бүлдірсін, Қоқаңдаған қожаны Қоқилатқан бүлдірсін. Бүлдірсінді Семетей, Бұрап қармап алады, Тізгіндеп тұрған айымын, Жоннан ары салады. Шатемір қызы Шашыкей, Көзінің жасы төгіліп, Қайғыға терең шомылып, Қозғала алмай қалады! Семетей опал таудай болып аттанып кете барады. Шашыкей теңселіп, әрең қозғалып: «Қаталық қылдым-ау, ә? Арманды болып қалдым-ау! Кеше Айшөрекпен сырласып, келісуім керек еді. Келіспей қалғанымай!» деп өкініп тұрады да, Күлшораны шақырып: «Айналайын, ағаң ұқпай кетті. Саған айтайын датымды. Жолдарыңда үш тылсым сыр көрінеді. Соның зияны тиіп жүрмесін. Ақ жібек мата жатса, алмағын! Ақ шабақ көрсең, бармағын! Аққуға құсты салмағын! Осы үшеуінен аулақ жүрсеңдер, бәледен аулақ боласыңдар. Осы айтқанымды істеп, ағаңды бұған жолатпасаң, өзіңе бір ай мен күндей сұлу қызды алып беремін!» деп, жеңгелікпен сөзін өткізеді. Күлшора: «Жеңеше, маған сеніңіз. Мен ағама ақ матаны алғызбаймын, ақ балыққа барғызбаймын, ақ тайлақтай аққуға ақ сұңқарды салғызбаймын!» деп, уәде беріп, жолға шығып кетеді.
Семетей мен Күлшора сөйтіп саятқа шыққанда, Айшөрек ұшып жүріп екеуін көреді.Семетей батырды сынап:«Ай, айтқандайақ бар екен! Ыстығы жалындай,суығы сырттың самалындай, жолбарыстай жігіт екен. Кеңдігін көрсең Таластай, ерлігіне қарасаң атасы Манастай!» деп сүйініп: «Жорға мініп, тайпалтып, Жүрер күнім бар ма екен, Ер Семетей батырға, Тиер күнім бар ма екен?! Буырыл ат мініп болқылдап, Сырнайза қолда солқылдап, Семетейім тұрғанда, Еркесі болып батырдың Көрер күнім бар ма екен?! Жібек киген Шөректі Алар күнің бар ма екен?» – деп, аспанда ұшып жүреді. Жекенді көлдің ойында, Қарасудың бойында келе жатқанда, Семетей Күлшораға айтады: «Мына қара, түнде бір керуен өткен ау деймін. Соның біраз дүниесі шашылып қалыпты. Анау ақ жібек матаны алайық, қоржынға салайық. Атамнан қалған Ақолпоқ арамдарға қалғанда, солар дұрыстап кимей, жеңінің іші қырылып, жыртық болып қалыпты. Жібектен жамау салып, жаңалап алайық!» дейді. Сонда Күлшора: «Ойбай-ау, әлі үйрекке құс салмай тұрып, бұл жерде жатқан дүниені алғанымыз қалай болады? Алмаймын аға, ескіңді, жарытпас ескі ешкімді! Енді осындай мата керек болып тұрса, алпыс ала жорға алып, Әнжиянға барайын, жаңасын сатып алайын!» дейді. Семетей: «Жарайды ендеше, дұрыс!» деп ары қарай жүре береді. Ақсұңқарды әуелете салып, үйрек, қаз ілдіріп келе жатып, Тайбурылды тебініп, Қарасудан өте бергенде: Ағын суда шарқылдап, Алтын балық жалтылдап, Аярлығын білгізіп, Аямай ішті күйгізіп, Судан шығып жылтылдап, Суға кіріп қылқылдап, әрлі-берлі ойнайды. Семетейдің назары ауып: «Әй, мына балықты қарашы-ей! Алтын десем күмістей, Қабығы аппақ күріштей..
Күміс десем алтындай
Көрінді көзге жарқылдай.
Мұны қармап алайық,
Қайнарға қайтып барайық,
Атамнан қалған көлшікке
Ақ балықты салайық! Мынаны ұстайық!» дейді. Сөйткен кезде
бала жолбарыс Күлшора, жауға шықса мың шора: «Қайдағы балық
көргеніңіз?» деп көрмегенсіп, қара суды лайлап, атымен әрлі-берлі
жүріп, таба алмай қалғандай болады. «Ой, жарайды енді, болмады
ғой!» деп, Семетей, қайтадан сұңқарын құсқа салып жүре береді.
Сонымен кеш болып, қайтатын уақыттары болған кезде:
Балдырлы көлдің ойында,
Батырдың жүрген жолында,
Сылдырап ағып су тұрды,
Қуқылдап аппақ қу тұрды!
Мұны көріп Семетей тұлпарын бұра тартып, Күлшораға:
«Сұңқарды жібер!» – дейді.Сонда Күлшора:
«Айналайын, абеке,
Қанатымен жер сабайт,
Қарып қалған қу ма екен?
Талай жасқа жабырқап,
Барып қалған қу ма екен?
Құйрығыменен құм сабайт,
Құрып қалған қу ма екен?
Ұя басып ұша алмай
Тұрып қалған қу ма екен?
Алдырып қойсақ сұңқарға
Жетім қалар балдары.
Жетімдікті көрдік қой
Абеке, жаман салмағы!
Салмаймын қуға сұңқарды,
Обалы бізді ұйықтатпас,
Енесіз қалса балдары!
Қу да құстың асылы,
Тұқымын үзіп қоймайық!
Асылға асыл ұрынса
Басына кесір болмай ма?
Абеке, обалына қалмайық,
Ақ сұңқарды салмайық!» дейді.
Семетей ашуланып: «Күлімсіреп сөйлеген күйдіргі шұнақ не деп
тұрсың? Мен егескенде, ешкімге қарамағанмын!
Өз атамның атасы,
Жақып ханды жалмадым,
Абыкені аямай,
Көбешті көрге кіргіздім,
Көкжалдықты білгіздім
Кәнекей, кесір болғаны?
Ол кесірдің барлығы,
Кәнекей мені сорғаны?
Қаһарыма мінгенде
Қырық шораны жалмадым,
Қарсылық қылған дұшпанды
Қарсылдатып айдадым,
Кәне, тиген кесірі?
Қартайып қалған қуыңның
Қайдан тисін кесірі?
Қарсы шыққан қара өзек,
Хан Шығайды көшірдім,
Жаққан отын өшірдім,
Малын алдым талқандап
Басын кетті қалқалап.
Тәшкен менен Таласты
Иелендім шалқалап.
Қан Шығайды қақсаттым
Кәне, тиген кесірі?
Қарып қалған қуыңның
Қайдан тисін кесірі?
Жау тосып шолғын шолғанда,
Қастың тауын бөкселеп
Қайра тартып қалғанда,
Ойланбаған кезімде
Он сегізде жасымда
Ағияз бенен Алтайда,
Алайғыр менен Сайқалда,
Қосыным жоқ артымда,
Хан Тәңірдің тауында,
Үш Мұзарттың аузында,
Оғымды атқа жүктедім,
Қалмаққа жансыз болғанда
Қарғаша шалды бүктедім.
Қара тұмсық Күлшора,
Кәнекей тиген кесірі
Кәнекей кесір болғаны?
Кәнекей мені сорғаны?
Қызыл – Қия, Сан – Тастан,
Қия салып өткенде,
Жәдігерді аралап,
Ыстықкөлге жеткенде,
Көлдің басын түргенде,
Ыстықкөлдің басынан,
Ылди қарап кіргенде,
Қалмаққа бейім ер Бағыш,
Қарсы шығып сайысты.
«Олжамды алып қалам» деп,
Қабырғасы қайысты.
Ерегес болып бұл жерде
Ер Бағышты жайладым.
Жөнге келмес ерлерін
Опал тауға айдадым.
Қара тұмсық Күлшора
Кәне тиген кесірі?
Қартайып қалған қуыңның,
Қайдан тисін кесірі?
Қармасқанда қалмақтың,
Қаншасын шауып қақсаттым,
Хан Жайнағын өлтіріп
Батырларын ақсаттым.
Бұл ісің теріс деместен
Онда ісімді жараттың!
Енді айтып тұрған сөзін көр,
Қылып тұрған ебін көр!
Саған салдырмаймын құсымды
Білдірмеймін ісімді!
Менен басқа таңдап ал
Билейтұғын кісіңді!
Оң қылған ісің осы ма?
Әкел бері құсымды,
Қарсылық қылып жолыма
Біткенсің бе сорыма?» – деп, Семетей Күлшораға ұрсып, сұңқарын
қуға салып, қарап тұрады. Күлшора ұялып қалса да, тұра ұмтылып,
сұңқардың артынан жеткенше, аққу ақ сұңқардың алтын бауынан
бүріп ұстай алып, шырқыратып бауырына басып, көтеріліп,
шалқақтап, ақ қанаты қалқақтап ұша жөнеледі. Сол бойда
Айшөрек күн жайлап, жаңбыр мен бұршақты жаудырып, мұзды
қарды жаудырып, жер көктің бәрін тұман қылып, қанатын жерге
қаққылап, құйрығын құмға шапқылап, қуқылдап ұшады. Айналаның
бәрі құйын, самал болып кетеді.
Ақылы болса білді деп,
Ақ сұңқар қолға тиді деп.
Ақ қанатын сабалап
Ақ тұманды аралап,
Құйын, самал екпіндей,
Телкүреңге жеткізбей,
Қараса көзге ілінбей,
Қайда екені білінбей, жоқ болып кете барады. Ақсұңқардың
артынан атпен қуған Күлшора жетіп үлгере алмай қалады.
Ақсұңқарды алып кеткеннен кейін, сасқан бойда Семетейге келіп:
«Адам нанбайтын іс болды, аққу болып көрінген әлде қандай күш
болды! Не болғанын білмей кеттім. Атым жете алмай қалды, аппақ
қуға алдырып, ақсұңқарым қолға түсті-ау!» – дейді. Семетей:
«Күлшора, бүгін үш рет күш қылдың! Ақ жібек көрдің, алмадың,
балықты көрдің, баспадың, аққуға құсыңды салма дедің!
Атамнан қалған белегім,
Асыл жанға керегім,
Ақсұңқар қолдан кеткені,
Ажалымның жеткені!
Тайбуырыл арып өлгенше,
Басымды көрім көргенше
Ақсұңқар іздеп көрмесем
Арманды болып жүрмесем,
Тумай тұна шөгейін,
Тұншығып барып өлейін! Ал, ақсұңқарым қолдан қашып кетті деп,
арызымды кімге айтамын? Оны енді іздеймін қоймаймын. Қазір үйге қайтып бар. Шатемірдің қызы Шашыкейден хабарын біл! Бүгінгі таңертенгі қылығы басқаша еді, бірдемені біледі, содан бар да сұра, білгенін айтсын! Егер айтпай қойса, шашын қырқып, кементайды кигізіп, кер байталды мінгізіп, Шатемірдің қолына қайтадан бере саламын! Бар!» – дейді. Сөйтіп Күлшораны КеңҚолға аттандырып жіберіп, өзі көрпешесін жастанып, Ақолпоғын жамылып, қабағы қарсы салынып, Қарасудың бойында, Қамысты көлдің ойында таудай болып жатып қалады. Шашыкейге келгеннен кейін Күлшора аттан түспей тұрып: «Ақ жібекті алма, аққуға құсыңды салма, ақ балыққа қызықпа! – деп тапсырдың. Ал енді біз Ақсұңқарды алдырып қойдық, бұл не болды? Сен бірдеңе білесің, шыныңды айт, жасырмай сырыңды айт! Ақ жібек болып жатқан кім? Алтын балық болғансып Аярлықты тапқан кім? Ақтайлақтай қайқайып Аққу болып жеткен кім? Ақсұңқарды көтеріп, Аспанға алып кеткен кім? Осыны айт! Ағам саған сәлем айтты. Білгенін айтсын деді. Айтпайды екенсің көресің!» – дейді. Сонда ерке қатын Шашыкей ашуланып: Бұл сөзіңді ит ұқсын. Ит ұқпаса кім ұқсын? Бұл сөзіңді құс ұқсын, Құс ұқпаса кім ұқсын? Үйде отырған қатынның Асыменен ісі бар, ұшқан құста несі бар? Немене, қашарында ақсұңқар үйге келіп, маған «қашамын жеңеше, қош бол» деп айтып па ?! Немесе, сонарға шықса қашып кетемін деп сырласып жүрді дейсің бе? Бұл құсымды қатын тапсын деген төремнің сөзінің жөні жоқ! Далада жүрген сен болсаң, Үйдегі қатын мен болсам, Сұңқарды тауып бергін деп, Жекіріп келіп тұрғаның, Жеңгеңе қорлық қылғаның. «Үш жұмысты айтты» – деп,
Мені неге былғадың?
Жібекті қашан мен айттым?
Мұны да жалған сен айттың.
Балықты қашан мен айттым?
Барлығын жалған сен айттың.
Аққуды қашан мен айттым?
Оны да жалған сен айттың! Менен сұрама құсыңды. Бар,
жөніңді біл!» – деп қатты жауап қайтарып, басы бұрылып, өзінен-
өзі жұлынып, кете береді. Сонда жолбарыс мінез Күлшора, егескен
жауға мың шора ашуы келіп қалып, аузынан түтіні бұрқырап, көзінен
жалын шырқырап, толғамалы дәу қамшыны толғап алып жіберіп,
Шашыкейді бір тартады. Атынан лашындай ырғып түсіп, көзінің
жасы төгіліп тұрған сұлудың қолаңдай қара шашын қолына бұрап
алып:
Қиянат қылған қара бет
Шашыңды қырқып салмасам,
Шолақ байтал қылмасам,
Жайдақ атқа мінгізіп,
Жалпы жұртқа білгізіп,
Кементайды кигізіп,
Шатемірдің қолына,
Бүгіннен қалмай салмасам!
Не болмаса долының
Басын кесіп алмасам.
Ұяты жоқ тіліңді
Қанжығаға шалмасам,
Күлшора болмай өлейін
Тумай тұна шөгейін!
Денеңдегі қаныңды
Тепсеп жатып төгейін.
Сенен келген қорлықты
Тақ төбемнен көрейін.
Тақ осыны қылмасам,
Төбесі ашық көк ұрсын,
Төсі түкті жер ұрсын.
Ақкелтенің оғы ұрсын,
Ақбілтенің шоғы ұрсын! – деп қаһарланып, айбатын төккен кезде,
айласы кеткен Шашыкей жылап тұрып, Ақсұңқарды Ахун ханның
долысы Айшөрек алды деп шынын айтады. Шынқожа мен Толтай
қоршап алып, бәле салып жатыр екен дейді. Сөйтіп, барлығын
айтқаннан кейін,бала құстай барқ етіп, шыққан күндей жарқ етіп,
ашуы тарап, Күлшора қайтадан аттанып, Семетейге келеді:
Абеке, сенен сүйінші,
Дұшпанға болсын күйінші,
Сымбатты сұлу сенікі
Су жорға күлік менікі.
Сүйіншіге қаласам,
Аламын,аға, тұлпарды.
Оң құлағын оң ұқсын,
Айшөрек алған сұңқарды!
Ғашық болса абама,
Сұңқардан Шөрек қорқа ма!
Шөректің жайын сұрасаң,
Көбік қардай еті бар.
Қызыл қандай беті бар.
Қаламдай қара қасы бар.
Құндыздай сұлу шашы бар.
Берметтей таза тісі бар.
Жұрттан басқа ісі бар.
Қара жерге қар жауса,
Қарды көр де етін көр.
Қар үстіне қан тамса,
Қанды көр де бетін көр! Міне, осы сұлу Айшөрек аппақ қу болып
айналып ұшып келіп, сенің қолыңа қонады ғой.
Айшөрек болса алғаның
Ақсұңқар болса салғаның
Қай жерде болмақ арманың? – деп, ағасын қуантады.
Жылғындының жерінен
Жалынды қырғыз елінен,
Төрткүлдің төмен жағынан
Төре Манастың бағынан,
Баркөлдің маңдай жағынан
Бақайдың салған тамынан,
Жеті көлдің ойынан
Жекенді судың бойынан Ақсұңқарды Айшөрекке алдырып қойып,
енді артынан іздеп барамын деп бел буған Семетей Бақай абасына
келіп, жөн сұрайды. Бақай: «Е, балам, байқағын, талай жорықты көрдім, талай жолға жүрдім. Жас күнім болса, бірге бармас па едім? Жолың болсын! Асықпай жүрсең алпыс күнде барасың. Ереуілдеп тез жүрсең, елу күнде Ахун ханның аппақ қаласын көріп, Айшөректі сол жерден табасың!» дейді. Өзінің атастырылған қалыңдығын іздеп, Семетей жолға шығуға бел буып, қару-жарақтарын қамдап, айға жетерліктей азық-түлігін, соятын малын алып, он төрт буданды айдатып, шоралардың барлығын жолға дайындап, аттанып шығады. Бұл Ноғайдан шыққан он төрт ат, ең орасаны Тайбуырыл тұлпардың көрінбейтін қанаты бар екен. Асыл туған Сары ала, Ұя құйрық Көк ала, Аршаторы, Ашбудан, Ажыбайдың Қарткүрең, Бақай ханың Боз жорға, Жақып ханның Кершұнақ, Сары ханның Тушұнақ, Қаныкей мінген кәдімгі, Қара қасқа арғымақ, Абыкенің Ақтелкі, Қалды қызыл, жалды көк Көбеш ханның Сұртелкі, Қалқаманның Қара аты, Барлығы он төрт тұлпармен, Бөкейдің бөксе жолымен, Бөрі жүрмес жерменен, Бөксе – бөксе дөңменен, Бөлінген неше көлменен алға тарта береді. Ұзақ жол жүріп, нешеме жерден өтеді. Күндердің күндерінде Бақайдың жазып берген хатын қарайды. Күннің есебін білу үшін, күн сайын Ақкелтенің бір оғын бөлек салып отырған екен, соны санайды. Бір жерге тоқтап, Семетей: Күнде салған оқпенен, Күн есебін санадым. Түнде салған оқпенен, Түн есебін санадым. Ал,абакемнің есебі бітіп қалған сияқты. Есі болса Айшөрек күтіп
қалған шығар.Алты күн осы жерге ат суытып алайық, Ахун ханның
қаласына бойымызды сергітіп барайық, Айшөректің жауабын
алайық. Толтай мен Шынқожаға, аямай найза салайық!» дейді.
Сөйтіп, қосты түсіреді.
Төбесі биік ақ шатыр
Танаптарын тарттырып,
Жез бұрама қазықты
Жерге мықтап қақтырып.
Кемегесін ойдырып,
Кер байталды сойдырып.
Аттардың бәрін кермеге
Арқы-теркі байлатып.
Көмкерулі қазанын
Кемегеге астырып,
Қайқаң сары белесте
Қабыландай қомданып,
Қара құлақ жоңданып.
Қайғырмаған ер Семең,
Осы жерде болам деп
Қайырылып түсті қонам! – деп.
Айшөректің түсі
Айшөрек алтын, күміс, гауһар таспен әшекейлеткен, неше
түрлі ою-өрнекті, ай сәулелі ақ сарайында жатып, таң ағарып
атқанда, таразы жұлдыз батқанда бір түс көреді. Ертеңінде қыз-
келіншектерге түсін айтады.
-- Мама ағашқа бір будан байланды. Талыма бұлбұл, тұғырыма
бидайық қонды. Қанды ауыз қабылан қаланың аузына келді. Атылған
ақ жолбарыс қаланың ішін жайлады. Бірде-бір ит оған қарап
үре алмай, қала берді. Бұл немене болады? Бұл түсімді жорышы!
Он төрт бөрі қалың қойды қуды. Бұл немене болады? Одан бір
айдаһарды көрдім. Ол айдаһар келгенде, айбатына шыдамай, аққан
сулар бұрылып, асқар таулар теңселді. Қарсыласқан қалың жау қара
жаннан түңілді! Бұл немене болады? Түсімді жорыңдаршы!
Сонда отыз келін, отыз қыз, ойратта жоқ Қалиман, қырық келін,
қырық қыз, қылымда жоқ Қалиман:
Мен жориын түсіңді
Оңдасын құдай ісіңді. Келтіріпті алдыңа Ғашық болған кісіңді! Мама ағашыңа будан байланса, Тайбурылдың келіп тұрғаны! Бағыңа бұлбұл қонып сайраса, Манастың ұлы жездекем келіп тұрғаны! Тұғырыңа бидайық қонса, ақсұңқар сіздің қолыңызда тұрған жоқ па? Қанды ауыз қабылан қаланың аузына келсе, бұл Қаншораның келіп тұрғаны. Атылған ақ жолбарыс – қырық шораның мықтысы Алмамбет ердің баласы Күлшора келіп тұрғаны! Он төрт бөрі қалың қойды қащырса, оларға қарсы иттер де үріп шыға алмай тығылса, ол он төрт тұлпардың келіп тұрғаны. Тұлпарларын тулатып батыр жездем Семетей Шынқожаны жеңеді, тілегіңді құдай береді! Айдаһарды көрсең, аққан сулар бөгелсе, Алатауға теңелсе, асыл төре жездекеміз асқан шер емес пе, айдаһардан кем емес қой, Толтай мен Шынқожаны жайлайды екен, оларды жеңеді екен! Мінекей, сіздің көптен күткеніңіз табылды. Енді сол жездемді қарсы алуға дайындала беріңіз! Жездеміздің алдынан жолын тосып барайық, азық-түлікті алайық. Үргеніштің бойынан күтіп алғанымыз жөн болады! – дейді. Ахун ханның қызы Айшөрек Қалиманның сөзіне тоқтап, түсін жақсыға жорығанына қуанып, сүйінеді. Ақ шатырды бүктетіп, ақ дөненге жүктетіп, соятын малын,азық-түлігін, өрік-мейізін, қымызын бәрін дайындап,Ақ қияның ойына,кең Үргеніштің бойына, Семетейдің жолына отыз келін, отыз қызбен керуен тартқандай күтіп тұрады. Күлшораның шолғыны Семетей батыр таң атқанда Ақ Инектің басына келіп отырады. Үргенішті тұман басып тұр екен, соның ар жағына көз салайын деп, дүрбісін алып қарайды. Бұл дүрбі баяғы Манас атасынан қалған, Қаныкей Бұқарға қашқанда алып келген ақ дүрбі болатын. Ақ дүрбіні салып қараса, тұман басқан қалың бақты, қаладан бөлініп шыққан бір топ жанды көреді. Алыс болғаннан кейін тани алмай, бергі жағын қараса, Ақ Қияның ойында, аққан судың бойында қызыл-жасыл көзіне ілінеді. Қызыл ала, құс бас ер салған қыздың аты көрінеді.Мұны көріп, Семетей қиялданып күледі. Оның күлгенін көріп қалып, Күлшора жанындағы Қаншораға: «Әй, ағамыз көп күлмейтін еді. Ағам күлді ғой, жүр, күлгенінін сырын сұрайық!» – деп екеуі келіп: «Иә аға, неге
көрдің?» деп сұрайды. Семетей: «Ой, шұнақтар, қарайған қаладан бір топ жан шықты. Қызыл-жасыл көрінді. Бұл қыздың көркі болмасын! Енді көңілім бұған бөлінді. Бұл не нәрсе? Тәңірсіген дәу ме екен?! Темір киген жау ма екен?! Не болмаса қыз ба екен? Шөректің өзі ме екен? Соны барып қайсың біліп келесің? Қызыл шатыр, ақ шатыр, арғымақ аттар көрінеді. Қыздың аты сияқты. Соны айырып біле алмай, көңілім бөлініп отыр. Екеуіңді тең өсірдім, ер қылып өсірдім. Ат жақсысын мінгіздім, ел танысын деп, алыс жолға жүргіздім. Тон жақсысын кигіздім, топқа кіргіздім. Ал енді, қанекей, қайсың барып хабар алып келесің? Кім екенін білейік?!» – дейді. Қаншора тұрып: «О, қабылан аға, мен қаптаған жау көрсем, маңдайынан кірейін. Ал енді, қатын-қызға келсем, қайтерімді білмей қаламын. Қыз-келінге ебім жоқ, келтіріп айтар кебім жоқ. Күлшора жанып тұрған шоқ қой. Қапыда сөз тапқан, шуылдап ұшқан оқ қой! Күлшора барса қайтеді?» – дейді. Күлшора: «Ой, аба, шолғынды өзім шалайын. Көрініп тұрған Үргенішке көзді ашып-жұмғанша барайын. Бірақ, қаптап су келсе, астымдағы Абыкенің Ақтелкісімен ағып өліп қалмайын. Айқасатын жау келсе, азапқа қалмайын. Маған Буырылды бер! Содан кейін мен мынау толқып ағып жатқан дарияға қорықпастан кірейін. Тосып жатқан жау болса, лашындай тиейін. Қабырғасын сөгейін, қара қанын төгейін!» – дейді. Семетей астындағы Тайбуырылды мінгізеді. «Жассың, сондықтан жабдықтың бәрін толық ал!» – деп, айбалта, қылыш, сырнайза, Ақкелте мылтығын келістіре сипаттап, қасиетін айтып, түгел береді. Күлшора қуанып, арқаланып атттанып кетеді. Үргеніштің толқыны Тайбуырыл құйғытып, Ауыздықпен алысып, Тізгіні қолда қарысып, Ұшқан құспен жарысып, Құйындай ойнап атылып, Құйрығын жерге сапырып, Арандай аузы ашылып, Жолым үйдей ақкөбік, Жол бойында шашылып, Төрт тұяғы тиген жер
Ұрадай болып қазылып шапқанда, он екі жасар Күлшораның екі көзі алақтап, екі аяғы салақтап, тұла бойдан тер кетіп, зуылдап Үргеніштің жағасына келіп бір-ақ тоқтайды. Алыстан көрген адам айбатынан қалтылдап, үрейленетін, гүрілдеп ағып жатқан Үргеніштің жағасында тұрып қараса, отыз келін, отыз қыз, ортасында Айшөрек, бір-бірімен айтысып, әндетіп, думандатып жатыр екен. Олар шораны көріп қалып: «Бұл судан қалай өтер екен, бізге қалай жетер екен? Әлде мына суға ағып кетер ме екен?» – деп, Ахунның қызы Айшөрек, қасында Қалиман, Бурылхан, Тынымхан деген қыздар бар, барлығы таң қалып қарап тұрады. Үргеніш деген су екен Үсті көбік бу екен Ұққан жанға шу екен. Болжалы жоқ Үргеніш Боп – боз болып алыпты, Бұрқ-сарқ етіп ағыпты. Қыпқызыл боп алыпты, Құйындай ұйтқып ағыпты! Түйедей тастарды күркіреп ағызып, ақ көбігі бұрқырап, сарқырап жатқан үлкен өзенді көргенде Күлшораның бойы діркіреп кетеді. Түйе өркешіндей көрініп, Жайнай түсіп төгіліп. Жекеннің басы желпілдеп, Қамыстың басы қалқылдап, Талдың бәрі жайпалып, Теректің бәрі теңселіп, Үсті көбік кір болып, Қапшағай менен бір болып, Ағыны қатты сарылдап, Иіріліп оң ағып Іледен қанша зор ағып, Тебіреніп оң ағып Теңізден қанша зор ағып. Диірмендей қара тас, Үйіріп алып ағызып, Үстіндегі көбігі От жаққандай жалбырап, Жатқан екен Үргеніш
Өз-өзінен арқырап.
Қарағай, қайың қарайып
Толқыннан шығып балығы,
Өліп жатыр тырайып.
Әр жерде бір бұлғақтап,
Сайда жатыр сорайып.
Жарылып тиген жеріне,
Жар да төтеп бере алмай,
Бұрылып тиген жеріне
Мұз да шыдап тұра алмай.
Толқындап шыққан көбігі,
Шылбыр салсаң бойламай,
Алыстан келген жолаушы
Кешемін деп ойламай,
Аралға тартқан иірім,
Найза салса бойламай.
Артқы шетін қарасаң,
Ыстық көлдей көлкілдеп,
Бергі шетін қарасаң,
Бас айналдырып мөлтілдеп,
Үргеніштің бойын қарасаң
Жайылған түйедей тастар бар.
Қара батпақ саздар бар,
Қарқылдап ұшқан қаздар бар.
Бөлек-бөлек саздар бар,
Бөлініп ұшқан қаздар бар.
Тәңірсіген Үргеніш,
Теңіздей болып тасыпты.
Тал бойынан асыпты.
Атыла түсіп бөлініп,
Жайнай түсіп төгіліп,
Қарап тұрған адамға,
Жан алғыштай көрініп.
Май қарағай ағаштар
Тамырымен суырылып,
Жардың басы түріліп.
Ағыны қатты сары ағып
Ағаш біткен бәрі ағып.
Арша менен тал ағып, Аю, жолбарыс, бәрі ағып, Аңтарылып сал ағып, Ақ көбік болып қар ағып, Орта жерін қарасаң Орғыған қара қан ағып, Бұрылып тиген жерлері, Үш найза бойы жар болып, Аққан екен Үргеніш Кешуге пенде зар болып, Мұны көрген адамның Кең дүниесі тар болып! Күлшораның есі шығады. «Мына жерге келдім-ау, енді осыдан өтем-ау! Өте алмасам, көріп тұрған қыздарға ұялмай қайтіп қараймын?! Судан қорқып кері қайтқанша, Күлшора болмай өлейін, тумай тұна шөгейін!» – деп, Алмамбеттің ұлы Күлшора, жауға салсаң мың шора, қылша жанын аямай, ал тәуекел деп әлгі ағып жатқан суға кіреді де кетеді. Тас құлағандай шолп ете қалады. Қарап тұраған қыздардың жүрегі зырқ ете қалады. Ағын судан анда-санда Буырылдың құлағы шығады қылт етіп, анда-санда шораның төбесі шығады жылт етіп.Тайбуырыл судың түбіне батпай, бірде қайық сияқты, бірде балық сияқты жүзеді. Бір кезде жағаға ырғып шыға келеді. Судан шығып қалтылдап, Құндыздай жүні жылтылдап, Былғары терлік, көк желдік, Бұрышынан суы сорғалап. Бала жолбарыс Күлшора, Артық будан Буырылды, Маңқаң-маңқаң бастырып, Жолдың шетін қаздырып, Жолым үйдей көбікті, Жол шетіне шаштырып, Қарауылшы қойған қара қыз, Сақшы қойған сары қыз, Екеуін бірдей састырып. Сыңқылдасқан қыздардың Сыбырларын бастырып.
Жақынырақ келгенде,
Маңдайы жарық, бота көз,
Жанға жайлы шырын сөз,
Күміс үнді, қолаң шаш,
Қос қарқара, керме қас,
Ақық тісті, ай нұрлы,
Алма мойын, түйме бас
Ақ қошқардай даңқайып,
Ақ маралдай шаңқайып,
Ақша беті жарқ етіп,
Алтыннан салған сырғасы
Құлағында шарқ етіп,
Сыңғырлаған дауысы,
Жез қомыздай шаңқ етіп.
Ахунның қызы Айшөрек
Күлшораға сөйлейді,
Сөйлегенде бүйдейді:
«Қызыл буырыл ат мінген,
Қыл құйрығын шарт түйген,,
Солқылдаған шыбықсың.
Көтеріліп зобалаң,
Үлкен жолға шығыпсың.
Жап-жас бала екенсің,
Қайсы жаққа барасың?
Қайдан келген баласың?
Қозы қара қошқардай
Қоқаңдаған сен кімсің?
Еркек қара қарғадай
Шоқаңдаған сен кімсің?
Жайыңды толық айтпасаң
Жасыңнан жайрап қаласың!»
Сонда тұрып Күлшора айтады:
- Ей, сүйегіңде буын жоқ,
Кім екенін білмеймін,
Айшөрек демей, кім деймін?
Менің жайын сұрасаң
Жоқ қашырып елімнен,
Сұрау салып келемін,
Жоғалтқаным Ақсұңқар,
Шөрек, сенен көремін!
Аяғында сұңқардың,
Ақ жібек алтын бауы бар,
Жоғалтқан болсаң сұңқарды,
Алпыс қыздың дауы бар.
Білмегенсіп сөз айтып,
Кім боласың деп айтып,
Керіліп сөзді кеш айтып,
Өлесің деп сес айтып
Қорқытпа жеңге шораны,
Сенен қорыққан оңа ма?
Әр сөздің басын шығарып,
Аңдысқан жауың көргенсіп,
Аңдығаның бола ма? – деп, Күлшора атының басын тартып,
Қалиманның мойнына қолын артып, ақ емшегіне қолын салып
жібереді. Мұны көріп Айшөрек арланып, намыстанып:
- Абиыры жоқ сұм шұнақ!
Қандай құрған баласың?
Қызды көріп жұтынып,
Қисалаңдап қаласың.
Ежелден біліс немедей,
Қойнына қолың саласың.
Қол тимеген емшегін,
Қомпайып қармап аласың.
Бұл жорығың қоймасаң,
Бір бәлеге қаласың!
Ақылы қысқа жас бала
Азапқа басың саласың!
Аузыңды желге көптіріп,
Сұңқар деген немене?
Таныспай жатып жеңге деп,
Шоқтанасың тым неге?
Арсалаңдап кеп қалған,
Кім боласың, сөзіңді айт,
Шоң атаңның өзін айт!
Жолаушы болсаң, жол міне,
Жортуылшы болсаң, мал міне!
Тұтқын болып түсесің,
Айшөректің қолына!
Құтылатын жайың жоқ,
Түсіретін тор міне!»
Сонда шора кеп айтат:
Айшөрек, жеңге, деп айтат.
Қуаныш пен ашуы,
Араласып бек айтат:
«Жеріміз Кең-Қол кең Талас,
Атамыз артық шер Манас.
Халқымыз байтақ көп қырғыз,
Қырғыз, қыпшақ аралас,
Ноғай деген ұрықтан,
Жайдары туған ер Манас!
Ер Манастың баласы
Жетім қалып жетілген,
Ақболаттай кетілген,
Семетейдің тынысы,
Мен Күлшора інісі!
Атамның аты Алмамбет
Арыстан Манас ағасы,
Ақ жолбарыс Алмамбет,
Әзиз ханның баласы.
Ерлігінің шегі жоқ,
Қырық шораның сарасы.
Аттанып жауға шыққанда
Алатаудай қарасы.
Жалпақ елдің ішінде
Айтып тұрған сөзімнің,
Қалды ма жеңге шаласы?
Сені жеңге дегеннің,
Қайсы жерде таласы?
Ақсұңқардың артынан,
Айшөрек жеңге дартынан,
Он төрт күлік айдатып,
Жау-жарағын сайлатып.
«Бүгіннен қалмай барам – деп,
Айшөрек, сені алам» – деп,
Дұшпанға салып күйініш,
Атасқаның Семетей
О, жеңге, келіп қалды, сүйінші!» – дейді. Сөйтіп,атынан ырғып
түсіп, қыздардың ортасында тұра қалады.
Белесте дүрбі салып тұрған Семетей мұны көреді. Қыз екенін
білген соң, Қаншораны шақырып алып: «Біздің ақжолтай Күлшора
Айшөректі тауып алған ба? Жеңгесімен бірге ағасын күтіп қалған
ба? Ал, аттандық!» – деп, бұлар да суға келеді. Ағыны қатты судан
Қаншора: «Мына суға қайтіп түсеміз? Одан да Күлшорадан хабарын
алайық, сонымен бірге барайық!» – деп, тартынады. Семетей: «Мен
осылай судан қорқып тұрам ба? Бұл қайдан шыққан батыр, судан
қорқып қашқан?! – деп, ертең бетіме баспай ма?» – деп, он төрт
атты сабалап, суға кіреді. Үлкен дария су қоя ма, оларды ағызып
әкетуге айналады. Сол кезде Семетей:
Астымда Буырыл атым жоқ,
Арызымды айтар датым жоқ,
Жанымда Күліс батыр жоқ,
Шөректен басқа дертім жоқ!
Қалқып суда барамын
Қалқа болар халқым жоқ,
Адамның сөзін тыңдайтын,
Шоң дария, сенің салтың жоқ!
Телміртіп мені сүйреген
Тілсіз саған парқым жоқ!
Осылай өтіп кетер ме,
Арманды қылып дүние шоқ.
Айдағаным он төрт ат,
Тайбуырылдай болмады,
Жанымдағы Қаншора
Күлшорадай болмады!
Хан Манастың аруағы,
Қашан мені қолдады?
Су атасы Сүлеймен
Қане, жолдас болғаны!?» – деп, қиналады. Сол кезде су атасы
Сүлеймен шылбырынан сүйреп, хан Манастың аруағы қолтығынан
алады. Қырық шораның аруағы суды бөгей салады. Қарап тұрған
қыз, келін Айшөректен:
«Айтшы, ежеке, Семетей деген осы ма? Алып келген бидайық осының құсы ма? Шынында жездем ер екен! Әлемді айналып, іздейтіндей бар екен!» – деп, қуанады. Сол кезде судан шыға келген Семетейдің тұлғасына қыз-келіншектер сүйсіне қарап қалады: Екі иығына қараса, Екі кісі қонғандай. Екі беті жарқ етіп, Күннен пайда болғандай. Маңдайына қараса, Аппақ сәуле тұнғандай. Біткен бойын қараса, Күмістен соққан мұнардай. Қайратына мінгенде, Қара тауды жарғандай. Қарсы келген ажалға, Қасқайып тура барғандай. Жер көтерген дәу болса, Жүрегін суырып алғандай. Ашуы келсе әлемді Алақанға салғандай! Сол кезде Семетей батыр келіп, Күлшораға: Тезек терген қыз болса, Тең тұс болып аласың. Қурай терген келінге, Құрдас бола қаласың. Жолда жүрген қыздарға, Жолдас бола саласың. Шолғынды қашан шаласың? Ахун ханның шарына Қашан хабар бересің? Қашан шауып барасың? Бүйтіп жүріп ағаңды Бір пәлеге саласың! – дейді. Сонда Күлшора: «Асыл аға, атыңның басын бұра тұр! Іздегенің Ақсұңқар, аңсағаның Айшөрек екеуі алдыңнан шығып тұрса, енді кімге хабар саламын? Енді қайда барамын?! Ақсұңқарды таптым. Айшөректі таптым. Міне, екеуін де алып кет!» – дейді. Семетей: Айшөрекке: «Жырғап жатқан жерімнен қозғап едің. Енді алдымнан неге қол қусырып тоспайсың?»
–дейді. Айшөрек қайтер екен деп, батырды сынағысы келіп:
Қол қусырып тосқандай,
Қарап тұрған ханың жоқ.
Доқ көрсетіп сөйлеген,
Кім боласың, дайның жоқ?
Шынқожа атты жиенім,
Толтай атты ерім бар,
Жолаушыны тосқандай
Менің қандай жөнім бар?
Манастың ұлы Семетей
Ашуы келді арбайып,
Алдыңғы ерні қалбайып,
Аузынан түтін бұрқырап,
Көзінен жалын шырқырап:
«Ахунның қызы Айшөрек,
Ақсұңқар берші, кетемін!
Жолға қазан асыпсың,
Жолаушы жолын тосыпсың!
Тісің бидай болғанша,
Шашың қудай болғанша,
Хан атаңның төрінде
Қартайғанша күтіпсің.
Ақсұңқар алар сен бе едің?
Тамаша қыларың мен бе едім?
Қалаңа бүгін кірмесем,
Жиенің мен еріңнің,
Желкесінен тілмесем,
Жекелеп жауға кірмесем,
Жерлеп тұрған жеріңді
Жекелеп өзім білмесем!
Ақсұңқардың артынан
Азапқа салған дартыңнан,
Шолғынға сені жіберіп,
Шамалап жүрген халқыңнан,
Кегімді мықтап алмасам,
Кісімсіп қайтіп жер басам?!
Таянғаның Шынқожа
Батырыңды құл қылам,
Айымыңды тұл қылам,
Менменсіп жүрген ерлерді
Талпақша сабап жүн қылам!
Арманда болып қалмасын,
Еліңе барып хабар сал!
Ерлердің бәрін жиып ал!..
Арқа қылып таянған
Ерің келсін ұрысқа,
Ай әлемді буй қылған,
Шерің келсін ұрысқа,
Қара құрттай қайнаған
Елің келсін ұрысқа!
Тілге келсе қалдайған
Жерің келсін ұрысқа!
Ахунның қызы Айшөрек,
Сонда тұрып бүйдейді:
«Кең Үргеніште жатқанда,
Көп олжаға батқанда,
Алтын тақтың үстінде
Ахун хан атам жатқанда,
Қалмақтан алған олжаны
Қамшыға шенеп бөлгенде,
Ардақтаған атамның
Қасиетін көргенде,
Сенің атаң шер Манас,
Алпыс екі нар алып,
Ақ қоржынға зер салып,
Алпыс жорға айдатып,
Басына кебез байлатып,
Бел құда болған жері бар!
Хан Манас пен Ахунның
Құда дескен сөзі бар.
Алдындағы Шөректің
Алты жаны болса да,
Қартаятын жөні бар.
Хан атам Манас өлгенде
Қаныкей азап көргенде,
Темір ханның шәріне
Тентіп кетіп сен қалдың,
Телміреп Шөрек мен қалдым.
Қайдағы сөзді шын қылып,
Кәрісің деп сындырдың,
Хан атаңның аруағын
Қай жерде, төрем, тыңдырдың!
Қартайғанша келмеген,
Қадірлі, төрем, сенен бе?
Аруақты аттап өте алмай,
Бұлғақтап алыс кете алмай,
Жас төрем қашан келер деп,
Сарғайып күткен менен бе?
Еркек болып, ер болып,
Сен келмедің мені іздеп,
Аруақты аттап өтем деп,
Қыдырып ұштым сені іздеп,
Мен аруақтан құтылдым,
Сен құтылмай аруақтан
Шабам деп елге жұтындың.
Арытпастан тұлпарды
Ашуың келіп қалыпты
Ала қойғын Сұңқарды!
Қалиман сонда кеп айтат:
«Ой, жездеке, деп айтат, -
Ашуыңды маған беріңіз,
Ақ шатырға кіріңіз!
Жау-жарақты шешіңіз,
Арақ-шарап ішіңіз...
Бізден кеткен іс болса,
Теңіздей, жезде, кешіңіз! – деп, ептілігін білгізіп, еңкейіп үйге
кіргізіп, шайды құйып, тай, байталды сойдырып, арақ пенен бозаны
ұсынып, табаққа салып бал қойып, қазы кертіп, жал қойып, әбден
сыйлап күтеді. Сонда ашуы басылып, тұла бойы ысыған Семетей:
«Асуы биік тау асып,
Айшөрек жайын білген соң,
Алпыс күндей жол жүрдік,
Көз шырымын алмадық,
Құс ұйқыны салмадық.
Азырақ ұйықтап алайық.
Ахун ханның шарына,
Содан кейін барайық.
Менен кеткен іс болса,
Кешіргін, Шөрек, сөзімді,
Анықтап іздеп таптым ғой,
Әйнектей қара көзіңді.
Сөзбенен жығып алдың ғой,
Қашаннан бергі өшіңді!»
Деп бір күліп алғанда,
Көргендер де арманда,
Көрмеген де арманда!
Шынқожа, Толтайдың бәлесі
Ахун ханның қолбасшы батыры Түменбай Айшөрек Семетейді
іздеп ұшып кеткенде, Шынқожаны алдаусыратып, біраз күн мұрсат
сұраған екен. Уағдалы күні біткенде де Түменбай Шынқожаның
алдына келмейді. Оған ашуланған Шынқожа Түменбайға елші
жіберіп: «Түменбай мен Ажыбай бүгіннен қалмай келсін, Айшөректің
жауабын берсін. Ал енді Айшөректі бермеймін десе, Шынқожа мен
Толтайды тақ үстінен көрсін!» – деп, бұйрық береді.
Ажыбай мен Түменбай Қабанбайды ертіп, Шынқожаға жауап
беруге келе жатқанда айлакер Түменбай жолдастарына: «Мен
Айшөректі Толтай мен Шынқожаға бермеймін. Өйткені оны
айттырып қойған Семетей бар. Мен оған ерегестім, енді көнбеймін.
Міне, төрт ай болды, аттарымыз семірді, ерлеріміз тынығып алды,
әскеріміз соғысуға даяр. Бұл жәдігер мен нойғытты жерімізге
жолатпай, соғысатын жайымыз бар. Бірақ, Шынқожа мен
Толтайды тағы да алдаймын. Айшөректі беремін деп, оның Қара
атын алдап аламын. Оның Қара аты қолыма тиген соң, сындырамын
қанатын! Алдап соғып, содан кейін онымен мықтап тұрып соғысып,
қиратамын!» -дейді. «Бұл сөзімді ұғып алыңдар да, Шынқожа мен
Толтайды жөнімен жығыңдар. Құдай тілекті берсе, бұл иттерге
асыл Айшөрегімізді бермейік!» дейді.
Осылайша уәделесіп, Шынқожа мен Толтайға келіп амандасады. Шынқожа ашуланып: «Міне, үш ай өтті, үш ай түгілі, төрт ай өтті. Өзегім өртеніп бітті. Айшөректі берем дегенсің, бірақ бізді көзіңе де ілмей, мықтымсынып жатырсың. Алыстан құда келіп еді деп, күйеу келіп еді деп, не сойысқа берген тайын жоқ, ізет қылар жайың жоқ! Не Шөректі бермеймін деп кесіп айтқан сөзің жоқ. Берер болсаң, шыныңды айт, Ішіңдегі сырыңды айт, Бермес болсаң Шөректі, Ерегескен шырыңды айт! Үргенішіңнен шығармай,, Қамап тұрып аламын. Қара жаннан түңілтіп, Қанға бояп жеріңді Сабап тұрып аламын. Аспаннан оқты жаудырып, Қабырғаңа қанжарды Қадап тұрып аламын! Қақ жүрекке найзамды Малып тұрып аламын. Айтқан сырды ұғамын, Ерегессең жығамын. Қарсылассаң Түменбай Қазбай жерге тығамын! Ашуым келсе Түменбай Осы қазір жайлаймын, Қадірі кеткен құл қылып, Қол-аяғын байлаймын! Ахунның қызы Шөректі Алғанымша тынбаймын. Айтып қойған сертімді Күйеу болар Толтайға Сірә да екі қылмаймын! – деп, бақырып, айбалтасын көтеріп, ырғып тұрады. Сол кезде Түлкінің ұлы Түменбай да аянбай, наркескенін суырып алып, қарсы тұра қалады. Екеуі бір-бірімен шабысатын болғанда, Ертіс пен ер Толтай Шынқожаны ұстайды. Ер Қабанбай мен Ажыбай Түменбайды ұстайды. Екеуіне: «Бұларың адам қылар іс емес!» – деп, арашалап алады Ашулары басылып, тілге келгеннен
кейін, ақылгөй Ажыбай әңгімені бастайды. «О, хан күйеу ер Толтай, бұл сөзімді ұғып алыңыз. Мына Шынқожа өзімізді шақырып алып, ұят қылды ғой. Бұл адамдыққа жатпайды. Неге бұлай есіріп, бізге күш көрсетеді? Шөректі бермеймін деген адам жоқ қой. Бұл не қылғандарың? Төрт ай уәде қылдық, айың жаңа бітті. Шөректі бермеймін деген сөз болған жоқ. Құдаларыңа шатақ қылғандарың қалай? Бір тамақ үшін өкпелеп, бір тайға сатылғаның ба? Онда тайды сойып, тамақ қылып тойып, Жетісуға кете бер. Бірақ, мен қарындасым Шөректі қорлықпен бермеймін. Мұндай зорлыққа көнбеймін. Берер болсам Шөректі, Ерлікпенен беремін. Ерегес қылмай жарассаң, Елдікпенен беремін. Қалың айдап, мал алып, Теңдікпенен беремін. Айтқан сөзім еп көрсең, Ақылға тура деп көрсең, Біздің елдің нарқы бар, Білсең сөздің парқы бар, Айыпқа тоқсан байламақ, Атадан қалған салты бар! – деп, Қара атыңды бастатып, тоқсан аттың бәрін бірдей байла! Қайнағаңның көңілін осылай жайла! Кәдімгідей қалың қылып, жол-жоралғыңмен кел. Кәдесін жасап, содан кейін Ахун ханға барасың да, Айшөректі аласың! Ал енді қалың малынан қашатын болсаң, онда айдалада қаласың!» – деп, ақылды Ажыбай екеуін сөзбен сылқитады. Содан Шынқожа: «Бұл сөзіңе құлдық, бұл сөзде жоқ сұмдық, бұл сөзіңе сындық! Айып менің мойнымда, жазасын алсақ шындық! – деп, Ажыбай мен Қабанбай, Түменбай үшеуіне: – Мен енді айыптымын, кешіріңдер! Аузымнан артық сөз шығып кетті. Есепсіз қалың малыңды тоқсан емес, жүз қылайын!» – деп, кәдімгідей кішірейіп, Түменбайдың алдына Қара атты тартады. Содан Түменбай да: «Батыр Толтай, Шынқожа, айыптарыңды кештім! Бұл Қара атыңды қалың малға қосып аламын! Ізетпенен алдым деп Халыққа хабар саламын. Шын батырға Шөректі
Бермек болып келдім деп, Сый-сипатын құданың Көрмек болып келдім деп, Ахун ханға барамын, Қалың жұрттын бәріне, Хабарын мықтап саламын. Кекіліне Қара аттың Аяқтай кебез байласын. Хан Ахунның алдына Қалың малды айдасын. Елді жиямын да, той беремін жүз күн!» – деп, Ажыбай Шынқожа мен Толтайды қуантып кетеді. Түменбай Ахун ханға келіп: «Шыңқожа мен Толтайдың Қара атын алдап аламын да, содан кейін соғысамын. Айшөректі беремін деп Қара атты алғаным қалай? Санатты қылғаным қалай? – дейді. Ахун хан: -Балам, ат үшін алдап сөз беріп, ақылдан айныпсың. Қарындасың Шөректің үйден ұшып кеткеніне үш ай тоқсан күн болған. Семетейге барған шығар, бір хабарын алған шығар. Сондықтан бір хабарын білейік. Ал енді жау да болса, атын алдап алғаның жөнге сыймайды. Нағыз батырлар жалған айтпайды, алдап ерлік қылмайды. Батыр деген ермен ерлерше сайысып, найзалары майысып, ат үстінде алысып, ырғыта сайып алысып, жеңгені атын алатын, жеңілгені қалатын. Бұл Толтай мен Шынғожа бұлай алданып атын беретін кісілер емес. Сондықтан, Түменбай құлыным, Шөрек келіпті. Сен барып сөйлес. Қабанбай мен Ажыбайды қасыңа алып, барып мәнжайын сұра. Егер Семетей келмесе, Айшөректі аламын деп жауабын бермесе, онда Манаспен баталасқан батадан құтылдық! Онда Шынқожамен кеңесіп, Толтаймен ептеп сөйлесіп, Шөректі бергенің дұрыс болады. Ал егер Семетей келіп тұрып, қызды бермесек, онда Ахун хан оңа ма? Оңбайды! Жиырма жылға қызды сақтап, Семетейге парқым жоқ. Хан Шынқожа, Толтайға, қармасатын шарқым жоқ! – дейді. Түменбай: «Шынқожа мен Толтайдың айласын өзім табамын, өлмей тұрып Шөректі қайтіп беремін оларға? Солардан келгенді тақ төбемнен көремін. Семетей келмесе, кең дүниеде батыр көп. Басқасына беремін. Екі итке ерегестім, ажал жетсе өлемін, Айшөректі бергенге, өлгеннен кейін көнемін!»– деп, қайтадан ерегесіп, кектесіп сөйлейді. Сөйтіп Қабанбай мен Ажыбайды алып,
Айшөрекке келіп сөйлеседі.
«Айналайын Айшөрек, енді басқа мынадай қиын күн туды. Толтай
мен Шынқожа келіп, алты ай атыстым, қызыл қанға батыстым,
аянбастан ұрыстым, күнде майдан қылыстым, үш айға уағда
қылып, сабыр қылып тұрыстым, Шынқожаға өзіңді бермеуге әбден
тырыстым! Бүгін олар бермегенге қояр емес, уәдең бітті деп қинап
отыр. Семетейге кеткеніңе үш ай тоқсан күн болды. Енді сырыңды
айт! Жасырмай шыныңды айт, Семетей келсе оныңды айт!
Ал Семетейге бармасаң
Анық хабар алмасаң,
Ер Толтайды еп көрсең,
Шынқожаны бек көрсең,
Барсаң Толтай ер міне
Жәдігер нойғұт ел міне,
Жалған емес анық сөз,
Лайықты жер міне! – деп, сұрайды.Айшөрек қитығып,қисық
сөйлейді: «Манастың ұлына барғаным жоқ,Талас жақтан хабар
алғаным жоқ! Ешқайда шыққаным жоқ,ешқайда ұшқаным жоқ!Қай
жерге берсең де, арманым жоқ!
Семетеймен ісім жоқ,
Сенен басқа бір туған
Қайырылысар кісім жоқ.
Ебі келсе қыздарды
Елі билеп беретін.
Қадымнан бергі әдеті,
Кәрі билеп беретін.
Халайыққа еп келсе,
Бәрі билеп беретін.
Хан Түменбай өзіңдей
Ханы билеп беретін.
Ахун қандай қария
Ата билеп беретін,
Ажыбайдай білімді,
Аға билеп беретін,
Мен сияқты қыздары,
Ата менен ағаның,
Айтқанына көнетін!
Мен Толтайға бармаймын,
Шынқожаны таңдаймын. Шыным осы, ал енді, Ағам болсаң Түменбай Қара атты алып жатасың, Қарындасың Шөректі, Қаншалық малға сатасың? Айшөрек былай дегенде Түменбай күйіп кетеді. «Сен үшін қаншама халық қырылды. Қаншама соғыстық. Қанымызды, жанымызды аямадық. Сені Шынқожаның зорлығына бермейміз деп күресіп, соғысып, сені Жетісуға барады, Семетей батырға хабар салады деп жүрсек, сен бізді алдап жүрген екенсің!Атастырып қойған Семетей келіп алады деп жүрсек, сенің арамдығың ішіңде екен ғой. Жақын жерден жайланып, Шынқожаға байланып, Қара ниет Айшөрек Алдап жүрген екенсің, Үйде тұрып дұшпанды Жалғап жүрген екенсің! Ел-жұртыңның атағын Сендей қыздар былғай ма? Намысты сатқан ұятсыз, Аруақтар сені ұрмай ма? Осынша пейілің бұзылып, хан Манастың аруағынан, Ахун ханның батасынан аттап, бәрімізді ұятқа қалдырып, соғысып өлген ерлердің обалына қалып жүрген екенсің. Олай болса, мен сені тапқан еріңе, баратын жеріңе, Шынқожа, Толтайыңа, Аш білектен сүйретіп, Асау тайдай үйретіп, Алып барып берейін, Қарабет сенен келгенді Кақ төбемнен көрейін! – деп қаһарына мінген Түменбай батыр айғайды салып, Ахунның қызы Шөректі аш білектен алып, дырылдатып сүйрей жөнеледі. Сонда Шөрек жанынан түңіліп, ақылға келіп: «Аға, сабыр қылыңыз. Айтатын сөзім бар!» деп, өзіне қаратып алып, сөз бастайды: «Сіз өзіңіз ерегеспей Толтайға бар дедіңіз. Еліңе ерте барып, жақсы орынды ал дедіңіз. Сіздің сөзіңізден шықпай, бір сөзіңізді бұра салып, соған қаратып айтқаным ғой. Әйтпесе, Манастың ұлы Семетей келді, тілекті құдай берді, аға!» – дейді.
Сөйтіп, Айшөрек Семетей жатқан сарайға бұларды алып келеді. Олардың Семетейді көргенде жүректері тулап кетеді. Тақтың үстінде керіліп, Ақолпоғын жамылып, Манастың көкжал ұлы балпиып ұйықтап жатыр екен. Оның қасындағы Қаншора мен Күлшора бұларды көргеннен кейін, амандасады. Сол кезде Семетей оянып, көзін ашып, басын көтергенде, сөзге шешен Ажыбай амандасып, хал – жағдай біліседі. Ел сұрасып, жер сұрасып, содан Түменбай болып жатқан жағдайды айтады:«Мінекей, неше ай болды, бізді жау қамап жатыр. Бұларды қуып тастауға күшіміз жетпей жатыр. Соғысып жатырмыз. Толтай мен Шынқожа қорқатұғын ер емес, алатын оңай тау емес. Ал енді Семетей құлақ сал, екі шораңмен келіпсің, қалың қолың жоқ. Енді қандай айла болады? Өзім табайын айласын, Шынқожаның қара атын Айшөректі берем деп алдап алайын. Жауға мінетін атынан айрылғаннан кейін көрейін оларды!» – дейді.Семетей: «Айналайын, Түмеке, дүрмектен бекер қорқа бермеңіз. Шынқожадан шошып қорықсақ, қалың қол алып келер едік қой. Ертеңді кеш қылмай, екі шорамен суыт келіп тұрмыз. Ал енді аттарын алдап алғанымыз арсыздық болар. Ондай батырды құдайдың өзі атпай ма? Соғысып-ақ көрейік, Ажал жетсе өлейік, Азабы болса көрейік, Аруақтар бізге жар болса, Сыбағасын берейік, Аты – тонын бөлейік! – деп, екі шорасын ертіп есіктен шығады. Сырттарынан қарап тұрған Ажыбай мен Түменбай олардың тұлғасына сүйінеді. Айшөрек: «Ахун атам келіп, досының ұлын көрсін, ақ батасын берсін!» дейді. Ажыбай мен Түменбай Ахун ханға келіп, сүйінші сұрайды: О, бұл атасы Манас құдадан, Артыла туған неме екен, Семетей батыр ер екен, Нағыздың өзі, шер екен. Келді күйеу балаңыз, Барып көріңіз, батаңызды беріңіз!» – дейді. Ахун хан: «Ал, міне тілегімді құдай берді» деп, көзінен жасын ағызып, сақалынан дірілдетіп тамызып, Семетейге келіп құшақтай алып, сөйлеп тұрған жері: Жолыңды құдай жолдасын,
Жолбарыс атаң қолдасын,
Жолықса Толтай оңбасын,
Ісіңді ием оңдасын,
Ерегескен дұшпаның
Егерде екі болмасын.
Шынқожадай кесірді
Салған қолың сомдасын.
Қор болма, балам ешқашан,
Қол салған дұшпан оңбасын! – деп, батасын береді. Ахун ханның
батасын алған Семетей риза болып, атасына құрмет көрсетеді.
Күлшораның барлауы
Семетей Айшөрекке: «Сен қорқып қалған екенсің, бірақ, шошитын
кісің мен емес! Бұл Шынқожа мен Толтай менімен беттесе алмайды.
Өздерін ойласын!» – дейді. Содан кейін Күлшораға айтады:
Айналайын, Күлшора,
Тайбуырылды міне гөр,
Ақолпоқты кие гөр,
Шынқожа мен Толтайдың
Хабарын анық біле гөр!
Май төбенің белінен,
Ел ордасы жерінен,
Шынқожа мен Толтайға
Түменбай барған шегінен,
Барып жолын шалып кел,
Анық хабар алып кел!
Егер де көзі көрінсе,
Екеуін де қуып кел,
Айдау жолға салып кел,
Егер оған көнбесе
Басын кесіп алып кел!- дейді.
Күлшора ағасының сөзін екі қылмай: «Шынқожа мен Толтай
көзіме көрінсе екеуін де оңдырмаймын, соямын!» – деп ағасына
мақтанып, жау-жарағын сайланып, қылышын байланып, түн ішінде
аттанады. Май төбенің беліне, Мазар таудың түбіне, Шынқожа
мен Толтайдың әскерінің шегіне келеді.
«Бұл екеуі кездессе, Үргеніштің ойында, Ханарықтың бойында
екеуін де қармап аламын!» – деп, армандап тұрады. Түн ортасы болғанды, әбден ұйқысы келеді. Неше күн жол жүріп келген, қырық күн ұйқысы шала болған Күлшора айбалтасын таянып, ұйықтап кетеді. Сол уақытта Толтай: «Ай, халқым, тыныш жатып ұйықтаңдар, мен өзім шалғынға барамын, Үргеніштің төрт тарабын шаламын, жолымнан дұшпан жолықса, жалғыз жайғап саламын!» – деп, Сұрқоян атымен аттанып, қасқа жолдың бойына, Ханарықтын ойына жетіп келеді. Жәдігердің ері келе жатқанын, Сұрқоянның дүбірін Тайбурыл алыстан сезіп, асыл жануар бұғының терісінен жасалған шылбырды үзердей соза тартып, тұяғымен жер тарпып, солқылдатады. Тайбурылдың дүбірінен Күлшора оянып кетіп: «Бұл не болып қалды?!» деп жан-жағына қарап: Айналайын, буырыл ат, Заманаң неден қуырылат? Екі жақты байқасам, Дабыраған дауыс жоқ, Сыбдырлаған қағыс жоқ, Не шиқ еткен тышқан жоқ, Шықылдған шымшық жоқ, Не қарқ еткен қарға жоқ, Қарсылдасып шабысқан Ұрыс пенен жанжал жоқ! – деп, атқа қарғып мініп, қайқайып тұрса, ақсұр ат мінген бір адам Ханарықтың бойында келе жатыр екен. Темір сауытының сыртынан қара шапан киген, қара сақалды, кең көкірек, жайық төс, келісімді өткір көз, жәдігердің ер Толтай Сұрқоянын орғытып келіп қалады. Үлкендігі түйенің нарындай, толқыны көлдің шарындай екен, Күлшораның бар бойы Толтайдың қылышының сабындай ғана екен. Мұны көргенде жас жүрегі солқ етіп, бұғана сүйегі болқ ете қалады. «Ай, қашсам айып болады-ау, ә? Ахунның қызы Айшөрек бәрін болжап біліп отыратын адам, менің қашқанымды сөзге ілмей ме? Ағамның алдында айыбымды айтып беріп, барлығы сыбырласып күлмей ме? Мені мазақ қылмай ма, Қаншора қылжақ қылмай ма? Апсиған құлдан қашқанда, аруақтың бәрі мені ұрмай ма?!» – деп, Буырыл атты қамшылап, оңды солды тебініп: Алда, құдай, алда деп, Атам Манас қолда деп,
Қолдай тұрған кезің деп, Бала Күліс өзім деп, Жәдігердің Толтайдан, Тартынамын несін деп!? Бала Күліс шұнағың, Манастап ұран шақырып, Айғайды салып шығады! Беттесіп келіп қалғанда, Жәдігердің ер Толтай: «Семетей келіп қалған екен, өлген жерім осы екен!» деп, зәресі ұшып кетіп, Сұрқоянды бұра сала қамшы ұрып, тұра қашады. Артынан Күлшора тұра қуады. Тайбуырылға қамшы ұрып, Жақындап жетіп қалады, Алтын белдік шеті деп, Айдалының беті деп, Өкпе, бауыр тұсы деп, Өлер жері осы деп, Қиқулап найза салады! Қызыл қанға боялған Толтай өлдім деп қашады. Сонда, қуып келе жатқан Күлшораның қолынан тізгіні шығып кетіп, астындағы Буырыл аттың аяғы шылбырға оралып, шалынып қалады. Құнан байталдың терісінен жасалған ақ тізгінді қайдан үзсін? Тұсалып, шаба алмай тоқтап қалады. Сөйтіп Толтай зытып жөнеледі. Күлшора енді аттың аяғын тізгіннен босатып, қайтадан мініп: «Қуып жетіп, шаруасын бітірейін!» – деп ұмтылса, ол қара үзіп кеткен екен. Күлшора қатты өкінеді: «Шынқожаға барып қалды –ау, енді хабар салды-ау! Бұл менің жастығым болды-ау! Найзамды дұрыстап сала алмадым, енді ағама қайтіп барамын?» – деп қиналады. Тауға шығып барсам ба? Топалаң қылып салсам ба? Толтайдың елін тоздырып, Тақыр қырып салсам ба? Алдым деп жаудан кегімді Ағама айтып барсам ба ? Не шөлге түсіп барсам ба? Шөлге бүлік салсам ба? Шынқожаның қолына Шөл түсіріп қалсам ба? Дұшпаннан кекті алдым деп,
Ағама айтып барсам ба?
Не астымдағы Буырылдың,
Құлағын кесіп салсам ба?
Шапсам жетпей қойды деп,
Бүйдеп айтып барсам ба?
Не асынғаным Ақкелте,
Сирағын жұлып алсам ба?
Атсам жетпей қойды деп,
Сүйдеп айтып барсам ба?
Не қолымдағы Сырнайза
Түпегін үзіп алсам ба?
Сайсам өтпей қойды деп
Сүйдеп айтып барсам ба?
Не балдағы алтын ақ болат,
Балдағын жұлып алсам ба?
Шапсам өтпей қойды деп
Бүйдеп айтып барсам ба?
Бұл айтқаным сөз емес
Жалған сөз маған еп емес,
Бейбіт елді шапқаным
Адамдықтың тегі емес.
Шынқожа үшін елінен
Кек алғаным жөн емес.
Атамнан қалған Тайбурыл
Адам қорлар мал емес.
Қиянат қылып қалпайтып
Қылар ісім бұл емес.
Күлікті ұят қылған соң,
Күлшора онда жан емес! – деп, өзін-өзі талқыға салады. «Әй,
мен Ақкелте мылтықты, қолымдағы Сырнайзаны, атамнан қалған
Айбалтаны, Ақболат қылышты қайтіп айыптап барамын? Ахунның
қызы Айшөрек өтірік айтқанымды біліп қояды ғой. Сөйтіп маған
күлмесін, мені айыпты қылып жүрмесін! Өтірігімді бетіме басып,
ағама айтса, ұятқа қалармын.
Жалған сөз деген жаман ғой,
Шынымды айтып барам ғой,
Кесепатты Толтайға
Келгені осы шамам деп.
Ерегіс қылсам Толтайдың Ертең басын алам деп, Ерлігімді көрсетсем, Риза болар ағам деп! Күлшора ағасының алдына анығын айтып барады. Семетей күліп: Жарады Күліс жүрісің, Жағады маған бұл ісің. Жаза сайған жастығың, Балалығың, мастығың. Бүгін Толтай құтылсын, Құтылғанға құтырсын, Ерегескен екі құл, Ертен қолға тұтылсын. Жайланып Күліс, ұйықтағын, Жанымнан алыс шықпағын Ерегескен екі итті Ертең келсе мықтағын! – деп, Күлшораның көңілін көтеріп қояды Ал, Толтай шырқырап қашып: «Семетейдің келгенін көрдім!» – деп бақырып келгенде, қамсыз ұйықтап жатқан қалың әскер шошып кетіп, өре түрегеледі. «Ойбай, Семетей келіп қалды!» – деп, дүрлігеді. Біреуі байпағын бөрік екен деп басына киеді, біреуі бөркін етік екен деп аяғына киеді, «ойбай, өлдік, құрыдық!» деп, ыштанына шалынып, тоқтай тұр деп жалынып, естерінен танып, шала бүлінеді. Сол кезде Толтай Шынқожаға келіп:«Шығайдың ұлы Шынқожа, өлетін жерге келген екенбіз! Кетейік десем болмадың.Айшөректі алғанша, апаңды ал, ерке қыз алғанша, енеңді ал! Манастың ұлы Семетей Оңай – олтаң ер емес, Қақтығысар шер емес! Алысқан адам алмайды. Айтысқан адам жеңбейді, Манастың ұлы Семетей Қолдағаның болса да, Қолымыздын келмейді! Тірі тұрып Шөректі Екеумізге бермейді. Тілімді алсаң Шынқожа Бір қыз үші өлмейік,
Аман-сау елге кетейік!
Манастың ұлы ұран салып, найзаменен сайғанда, Сұрқоян атыма
риза болдым. Найза тиіп, жонымнан қан құйылып, жаным шығып
кете жаздады! Әйтеуір, Сұрқоян Тайбуырылға жеткізбей, құтылып
кеттім. Арыққа келіп, аттай алмай Тайбуырыл тоқтап қалды. Ай,
есім шығып, ет жүрегім қозғалды!» – деп, өне бойы ауырып, жаны
көзіне көрініп Толтай әбден қиналады. Шынқожаға шыңдап:
Айшөректі алмайық,
Азапқа басты салмайық,
Арыстанмен алысып,
Ауылымызды көрмей қалмайық,
Манастың ұлы Семетей
Тілектен біткен ер екен,
Жеңілмей тұрған шер екен.
Осы жерден аман-есен кетейік, ертелеп елге жетейік. Сол
жақтан екі қызды таңдап алармыз, аманымызда елімізге барайық!»
– дейді. Сонда қан құсып, шыдай алмай тұрған Толтайға Шынқожа
айтады: «Ей, ақылыңнан саспа, бақырғаныңды қой, жұрттың
бәрін шошытпа! Бұл сөзіңді жұрт естімесін, жаныңнан дұшпан
шықпасын. Жетіспеген жетімнен Шынқожа қайтіп ықтасын?!»
– дейді. Толтайдың шамасын байқап, тәуіптерін жидырып, найза
тиген жеріне қытайдың қызыл дәрісін аямастан салдырып,
Толтайды ақыл-есінен тандырып, қанын тоқтатып, жарасын
жудырып, қытайдың сарыдан қырып алған қара дәрісін: «Ажалсыз
жанға бір себеп қылатұғын дәрі», – деп, жарасына сеуіп, будырып,
байлап тастайды. Толтай есін жиып, ауырғаны басылып, оңалып
отырғаннан кейін Шынқожа айтады.
«Сені сойған Семетей емес, Күлшора! Алмамбеттің баласы, ол
әлі он екідегі жас бала болғаннан кейін саған дұрыстап найза сала
алмаған! Сол жас баладан жеңіліп қашып, масқара болдың, досым
ер Толтай! Қолынан тізгіні түсіп кетіп, Тайбурылдың аяғы соған
шалынып қалып, бөгеліп қалды. Әйтпесе, Бурыл ат сенің Сұрқояныңа
жетпей қоймас еді, Семетей сайса, сені өлтірмей қоймас еді!
Семетей келді, көрдім деп,
Жәдігер, нойғұт өлдің деп,
Бұл айтқаның жөн емес,
Адам ұғар сөз емес.
Семетейден қорқатын
Ер Шынқожа мен емес!
Семетей менен ер емес,
Ер тұрсын маған тең емес!
Шығайдың ұлы Шынқожа
Семетеймен ел емес!
Жәдігердің ері ер Толтай
Кетсең досым, кете ғой,
Ойын емес, шын сөзім,
Опал тауға жете ғой,
Антты қайтып ала ғой,
Шын сертіңнен тана ғой!
Ұялмасаң ер Толтай
Уағда сөзден тана ғой,
Жәдігеріңді көшіріп,
Ұлы тауға бара ғой!
Қорықсаң Толтай, жүре ғой,
Ақсақ сары міне қой
Манастың ұлы жетімнен
Мен қорықпаймын, ер Толтай,
Семетей менен көрісем,
Ажалым жетсе өлісем.
Аямастан атысам,
Қызыл қанға батысам!
Қара жан өлмей тұрғанда,
Таймаймын қашып сертімнен,
Манастың ұлы Семетей
Батыр емес ешкімнен!
Қашаннан бергі кек үшін,
Азапқа басын саламын,
Сен алмасаң жерге кір,
Шөректі өзім аламын! – деп, Шынқожа соғысуға бел байлайды.
Шынқожаның жеңілгені
Содан Шынқожа мен Толтай қалың қолмен аттанады. Айқай-
шу, ұрандатып, атқыштары бір бөлек, найзагерлері бір бөлек,
Ахун ханның Үргеніш қаласына шабуылды бастайды. Айшөректің
жанында алаңсыз жатқан Семетей таңға жақын қалғанда
Шынқожа, Толтайлаған ұран, тарсылдаған мылтық, дауылпаздың үні, қып-қызыл от-жалын, дүрбелеңнен оянып кетіп, шораларына айтады: «Ал, Шынқожа Толтайды Үргенішке ажал айдап келген екен, бұларды көрейік. Аруақ ұрған екі құл алды-артын ойламай, санаспай соғысты бастады, не елші жібермеді. Олай болса, Қаншора мен Күлшора екеуіңнің ерлік көрсететін, өзі келген дұшпанды өрттей басатын кезің келді! Аттан!» – деп, жау-жарағын асынып, он екі қатар қақпадан қалың қолға қарсы шығады. Шығайдың ұлы Шынқожа да асқан батыр адам: «Манастың ұлын сойыңдар, жерге басып қойыңдар!» – деп қылышын қолына алып, соғысқа кіреді. Сонымен Жәдігер, Нойғұт қаптап, жан-жағынан келгенде: Тарсылдатып атысып, Қызыл қанға батысып, Талай адам оққа ұшып Жерге сұлап жатысып. Ұшы болат сыр найза Қақ жүрекке малысып, Қайра тартып алысып, Шалқасынан салысып. Қылышпенен шабысып Қызыл қанды ағызып, Шоқпарменен ұрысып Орта жерін ер Семең, Ойып кетіп барады, Екі шетін шоралар Сойып кетіп барады. Осындай үлкен соғыс болып, Семетей мен екі шора талай жауды жайғайды. Шалқасынан дардайып Сұлап жатқан адам көп, Жер құшақтап тұра алмай Құлап жатқан одан көп, Қор болдық деп қоқилап Қол ұсынған одан көп. Бұл қорлықтан өлдік деп, бірінің аяғы сынып, бірінің көзі шығып, есі шығып, елден қашып, жанталасып жатқан бір қырғын болады. Семетей: «Тайбуырыл әлі семіз екен, соғысар жерің тегіс қой,
Аршаторы буданды мінемін!Аршаторы буданмен атам Манас талай жауды қуған! Тайбуырылдан кем емес!» – деп, Аршаторы атын мініп, майданға кіреді. Семетейдің айбатын білген хан Шынқожа Қара атпен аспанға ұшады. Қара атының екі қапталында екі қанаты бар екен, көкке ұшып шығып, аспаннан мылтықпен де, садақпен де бұрқыратып оқты жаудырады. Бір кезде Арша торы атты құлатады, Семетей бірге құлайды. Сонда Шығайдың ұлы Шынқожа: «Әне, нағыз батыр өзіммін, Семетейді сойдым, екі көзін ойдым!» – деп, қуанып, аспанда ұшып жүреді. Жаяу қалған Семетейді анадайдан Күлшора көріп қалып, Тайбуырылды алып келіп, алдына тартады. Семетей Буырылды мініп, қайтадан жауға тиеді, қайтадан қырғынды салып, жеңіп бара жатқан кезде, көкте жүрген Шынқожа тағы да оқты жаудырып, бұлардың берекесін кетіреді. Үш күн атысып, аңдысып, Семетейдің оқ-дәрісі бітеді. Қара жаннан түңіліп, әбден күңіренеді. «Ажал жетсе, өлермін. Алысқа атқанда оғы мүлт кетпейтін Ақкелте мылтығыммен қанша атсам да, оғым жеткен жоқ. Мынау тақ төбеме қонып алып, жарық дүниені көрсетпей, әбден жайлайтын болды-ау бізді!» – деп, аманат жаннан түңіліп, жүдеп-жадап тұрады. Сонда Күлшора: «Ақкелтенің үні шықпай қалды ғой, бұл қандай заман болды, абам аман ба екен?» – деп, Телкүреңге қамшы ұрып өзі келеді. Мұздай темір сауыт киген батыр шора келсе, ағасы қалжырап, Ақкелтені таянып тұр екен. Шынқожа аспанда бұлттың ар жағынан келіп бір атады, былай өтіп бір атады, сонымен әбден қинаған екен. Семетей: «Айналайын Күлшора, қаптаған қалың қолың жоқ, ақылдасатын тобың жоқ. Шынқожа көктен жаңбырдай оқ жаудырып, айламды қалдырмады. Атамнан қалған Ақкелтенің оғы атсам жетпеді, садақтағы оғым бітті, шынын айтсам, енді шыбын жаннан түңіліп тұрмын. Мынау бір сұмдық болды. Мына жақтан да шығып атады, қайқайып тұрсам, басымнан атады, еңкейе берсем, белден атады, қаша берсем, аяқтан атады, қарсы тұрсам, төсімнен атады, садақ пен мылтықтан кезеккезек атып, түбіме жететін болды. Тіпті, бір тегіс жерде бетпе-бет келіп атысып, Шынқожаның қолынан өлсем, мен Семетейде арман болмас еді-ау! Мынау көкке шығып алып, төбемнен атып амалымды құртты!» – дейді таусылып. Сол кезде Қаншора айтады: Абамның айтқан сөзі рас, Мен де айтайын шынымды. Көкте жүрген Шынқожа,
Кетірді әбден сынымды.
Шынқожа мен Толтайға
Шыңдап мойын сұнсақ па?
Бұрыс-теріс ойламай,
Буырылды тарту қылсақ па?
Айшөректі алғын деп,
Аман-есен тынсақ па?
Ақкелтені тартсақ па?
Ашылып сырды айтсақ па?
Алты сан қалың қырғызға,
Аман-есен қайтсақ па?
Шынқожа мен Толтайдың,
Айтқанына көнсек пе?
Айшөректі берсек пе?
Ардақтаған көп елді,
Аман-есен көрсек пе?
Мынау істің тізгінін
Қайта барып Таласқа
Хан Бақайға берсек пе?
Қалың елмен кеңесіп,
Ақылдасып көрсек пе?
Арамдардың сазайын,
Содан кейін берсек пе?
Арманда өлмей далада,
Айналайын, абеке,
Ақылменен жеңсек пе?! – дейді. Сонда Күлшораның ашуы келеді:
Айналайын, абеке,
Асығасың несіне,
Не көрінді көзіңе,
Не білінді өзіңе?
Күлікті берем дегенше,
Күлісің өлді десеңші!
Өлгеннен соң күлікті,
Сонда берем десеңші!
Буырылды берем дегенше,
Буданым өлді десеңші!
Мойнымда өскен Күлшора,
Туғаным өлді десеңші!
Ақкелте берем дегенше,
Арыстаным өлді десеңші!
Асырап-баққан Күлшора,
Арысым өлді десеңші!
Ақкелтені бергенше,
Өлгенде көнем десеңші!
Айшөректі бергенше,
Алысып өлем десеңші!
Өлмей тұрып Шөректі
Қайтіп берем десеңші?!
Намысы жоқ Қаншора,
Халықтың бетін қайырылып
Қайтіп көрем десеңші!
Бұл айтқаның еп емес,
Адам ұғар сөз емес.
Ажалым жетсе өлермін,
Хақ жазғанын көрермін,
Айшөректі беруге
Өлімнен кейін көнермін.
Тайбурылды қолымнан,
Қайтіп шыдап беремін.
Ақкелтені беруге,
Өлгеннен кейін көнемін!
Қара жан аман тұрғанда
Қайтіп қолдан беремін,
Ақкелте қолда тұрғанда
Атысамын аянбай,
Намысымды бергенше
Қалғаным жақсы жаралмай! Абаке, жабығып қалған екенсің, үңгірге
басыңды қалқалап жата тұр, мен бұл Шынқожаны көріп алайын!
Ақкелте мен Ақолпоқты маған бер!» – дейді. Семетей Күлшораның
тілін алады.
Алмамбеттің Күлшора, үйде жүрсе бір шора, айқайлаған
жауменен айқасқанда мың шора, Ақкелтені қолына алып, әбден
сүртіп-тазалап, қой басындай қорғасынмен оқтап, Шынқожаны
аңдып, көзін талдырып отырады. Сол уақытта Түменбай Қабанбай
мен Ажыбайды алып: «Манастың батыр ұлының ісін көремін,
жәдігер мен нойғұттан олжаны өзім бөлемін!» – деп:
Хан Шығайдың ұлынан,
Қара атты бүгін алам деп,
Күлшораға барам деп,
Айқайлап ұран салам деп,
Аз ғана емес, молменен
Әлде қанша қолменен келіп қалған екен. Айшөрек те жиырма келін,
қырық бір қызды ертіп, бұл да тамашаны көремін деп, келіп тұрады.
Осы кезде аспанды бұлт торлап, Шынқожа Семетейді сойдым
деп:
Тарсылдатып оқ атып,
Сартылдатып садақ тартып,
«Семетей қанқор өлді деп,
Өлгенін көзім көрді деп,
Семетейге өкіріп,
Күлшора жетім келді» – деп,
Аспанменен айналып,
Ақ албарысын байланып,
Жетіп келді жақындап!
Сонда жерде тұрған Жәдігердің Толтайы: «Жақындама, жақын
келме, алыстан тұрып атыс! Семетей өлген жоқ, байқа!» – деп
айқайлайды. Оны Шынқожа тыңдамай, жақын келеді.
Шынқожаны сойсам деп,
Шындап көзін ойсам деп,
Қара атынан айырып,
Қабаққа сүйреп қойсам деп.
Ақкелтені дайындап,
Күлшора жатыр қамданып.
Ахун ханның көп жұрты,
Қарап тұрды таңданып.
Сілеусін ішік, құндыз бөрік,
Киіп алған Шынқожа,
Қара атына мақтанып,
Еңкейе түсіп бек қарап,
Жайладым құлды деп қарап,
Және мылтық атарда,
Жақындап қайра тартарда,
Қамданып жатқан Күлшора,
Көк темірді киініп,
Күркіреген ер шора,
Ұшып жүрген Қара атты,
Қар жіліктің түбі деп,
Қанаттың сынар жері деп,
Өлшеулі жердің тұсы деп,
Өлер жері осы деп, – басып кеп жібереді. Сонда оң жілігі мен оң
қанатын қиратқан екен. Жерге түскен кезде, Шынқожаның басынан
атады. Сөйтіп хан Шынқожа батырдың қара басын талқандап,
Семетейге келеді.
Шынқожа өлгеннен кейін, жау қашады. Біреулер өтірік өлген
болып, құлап жатыр, көпшілігі қашып бара жатыр. Сол кезде
Семетей шындап жауға кіргенде, Жәдігердің Толтайы енді өлдім ғой
деп, Сұрқоянға қамшы басып, бұл да қашады. Семетей қуады. Сонда
қашып келе жатқан Толтай қатын ба, ер ме деп, көргендер қайран
қалып тұрады. Айтулы күлік Буырыл ат артынан енді жеткенде, ер
Толтайдың заманасы қуырылады. Айшөрекке күйеу болам деп келген
Толтай жандарынан қашып өте бергенде сөзге жүйрік Қалиман
Толтайға қарап сөйлейді: «Ой, мына Сұрқоянмен қарғытып қашып
бара жатқан кім десем, Толтай жездем екен ғой! Оны қуған кім
десем, Семетей батыр екен ғой! Ой, қыз алатын Толтай, бұл не,
қашқаның ба, ақылыңнан сасқаның ба? Мына балдыздарың күтіп тұр
сізді алдыңыздан, бұл қашқаның қай қашқан? Толтай жезде қашпа,
Айшөректен айырыласың ғой! Үйімізге келіп кет, бізге сыйлық беріп
кет!
Жетімдерден қашқаның,
Жезде Толтай сасқаның,
Тебетей болса басыңда,
Бұлайша қорқып қашпағын!
Сонда Қалиманның сөзіне шамданып, Жәдігердің ер Толтай: «Әй,
бұл қорлықтан өлдім-ау! Осында ажал айдап келгенін басында біліп
едім, анық өлген жерім осы ғой!» – деп, намыстанып, буданның
басын бұрады.
Қиқулап, қатты бақырып,
Аруақтарын шақырып,
Ұрандап, атын тебініп,
Үсті-үстіне демігіп,
Үзеңгіге шіреніп,
Үйдей болған ер Толтай,
Найзасын толғап, көтеріп, Жеке-жекежеке деп, Батырға батыр тете деп, Желігіп келе бергенде, Қақ жүректің тұсы деп, Өлер жерің осы деп, Ер Семетей бек сайды, Жеңдім құлды деп сайды. Есі шығып келген құл, Талай қорлық көрген құл, Бір сайғанда қисайып, Ерден арты қылтайып, Тау құлаған немедей, Жәдігердің ер Толтай, Сұрқояннан құлады, Үрлеп қойған шанаштай, Үнге келмей сұлады. Сол кезде екі шора жарысып келіп, Толтайдың Сұрқоян атына қызығып, сауға сұрайды. Семетей: «Бір атқа екеуің таласып қалдыңдар, ат көрмеген немедей? Енді мынаны қайсыңа берем? Әділдігі болсын, біріңнен-біріңді бөлгенім жарамас. Сұрқоянның шылбырын орталарыңа тастайын, кімнің қолы бұрын жетіп алса, соныкі болсын!» – деп, шылбырды көкке лақтырады. Сонда лашындай Күлшора ырғып барып, бірінші іліп алып: «О, ағам атты маған берді!» – деп, қуанып айқай салады. Ал қара ниет Қаншора өзінен-өзі өкпелеп: «Мен бұл олжадан құр қалдым! Күлшора күлік алды ғой, Қаншора құры қалды ғой, Антқорсыған ағакем, Сұрқоянның тізгінін, Күлшораның жолына, Бұра тастап салды ғой! – деп, жаман ойлайды. Оны байқаған Семетей: «Қаншора, мұның ұят болады! Сендерге әлі тұлпар табылады, бұл Күлшора бес-он күн мінгеннен кейін, құмары тарқаған соң, осы Сұрқоян тұлпарды өзіңе бере салады әлі!» – деп, екеуін жарастырып, елдестіріп, ағалық сөзін айтады. «Ал енді жаудың белі сынды ғой, жауласқандар тынды ғой, жеңгелеріңнің тойына дайындалыңдар!» – деп, сөзді түйіндейді.
Семетейдің аттанысы Бір күні КеңҚолда алаңсыз ұйқтап жатқан Семетей түс көріп, бір көргенін үш көріп, шошып оянады. Түсінде кең дүниесі тар болып, жер астында жатқан атасы Манасты көреді, «Уағдасыз Қоңыр!» -деген кейісті үнін естиді. Алмамбет, Шуақ, Сырғақ, Әнжиянның айыр сақал Сынжыбек батырларды, қалың қазақ абасы, хан Манастың бажасы Ер Көкшені, Ер Үрбіні, қаза болған шораларды көреді. Семетей ойланып: «Аруақтар аян беріп тұр – ау! Ерлерді қырған Қоңырбайдан кегімді алуым керек екен!» – деп, дауылпазды ұрғызып, Күлшора мен Қаншора, Бақай мен Сары ханды шақырады. Олар ордаға асып-сасып келгенде, Семетей: Сүлеймен сұрақ қылмаған, Ескендір ізін салмаған, Манастан басқа бармаған, Бейжіннің бетін ашпақпын. Қара қытай төресі, Қоңырбайдан Манастың Құнын алып қайтпақпын! Қармасарым хан Қоңыр, Қырамын деп қырғызды, Даярланып жатыр деп, Керуендерден естідім, Алдын алып көрмекпін, Елдің қанын шашқызбай, Жердің бетін басқызбай, Алысып жүріп өлмекпін, Алақандай қырғыздың, Айтқанына көнбекпін! Кектеніп Қоңыр келгендей, Қырғызға кеткен дауы жоқ, Қоңырдан қорлық көрмеген, Бұл қырғыздың сауы жоқ, Осы кезде қырғыздың, Манжудан қиын жауы жоқ! Қамданып жатқан Қоңырбайды үйде күткенше, үстінен басып, аруақтардың кегін алуға бел будым!» – дейді. Абекесі Бақай ақ
сақалын жайқалтып, арыдан сөз қозғайды: «Жүрем дегенге жол да көп, қазулы жатқан ор да көп, асуы қиын бел де көп, аңдысып жатқан ел де көп. Жылың жылқы, жиырма беске келіп, толысып тұрған шағың. Бірақ, жаңа ғана үй болдың, тыныштық тауып, биылша қоя тұрғаның жөн. Келесі жылы аттанғаның дұрыс! Бейжінді алған Қоңырбай, Ойланбай кірер жау емес, Қасиетті шоң Бейжін, Қағыспай өтер тау емес. Қартайғанша мен Бақай, Талай ғажап көргенмін, Қытай сынды қиынды, Қылымнан мүлде көрмедім. Құмырсқадай сан жетпес, Қуаты көп ел осы, Қаһарына алғанда, Қаптап кетер сел осы. Берекелі шоң Бейжін, Нұр төгілген жер осы. Қар жатпаған қара тау, Шай алушы кен осы. Беттегеннен қайтпаған, Белі бекем ел осы! Жыл есебін алайық, Жыл оңдылап барайық, Күн есебін алайық, Күн оңдылап барайық! Қақаншының халқы бар, Қанша түрлі алпы бар, Қатылысқан адамның, Қанын ішкен салты бар! – дейді. Бірақ, Семетей өз айтқанынан қайтпай, жорыққа аттануға бұйрық береді. Қаншора мен Күлшора ат-әбзелін, жау-жарағын дайындайды. Ертеңіне жиырма бес жастағы жалындаған Семетей аттанғалы тұрғанда, жанына Айшөрек келеді. Адамнан басқа дауысы, Таңғы бұлбұл үніндей,
Толқынды ұзын қара шаш,
Үлпілдеп үкі жүніндей.
Ақырын басып саудырап,
Екі көзі жаудырап,
Табаны жерге тапылдап,
Көмекейі қақылдап,
Шолпандай көзі жарқылдап,
Ақ тамағы былқылдап,
Айдай беті жарқылдап,
Аяқтай алтын сырғасы,
Құлағында шарқылдап,
Ару жүзін мұңайтып,
Семетейдің алдына,
Тұра қалды мұны айтып:
- Айналайын жан төрем,
Қағылайын хан төрем!
Биыл барма қазатқа,
Басыңды салма азапқа!
Түнде жатып түс көрдім,
Түсімде сұмдық іс көрдім.
Қанжығадан бас көрдім,
Қан сияқты жас көрдім.
Қол торсықтан ас көрдім.
Сары өзен бойлап сел жүрді,
Аяғы өрде өрт болып,
Ақ жапырақ шалынды.
Ол немене болады?
Бұл түсімді жорышы!
Сен жорықтан қайтқанда,
Ер шырағы екі көз,
Жұмылыңқы көрінді,
Темір киген тұла бой,
Сөлбірейіп көрінді.
Ер қаруы екі қол,
Салбыраңқы көрінді.
Бұл немене болады?
Алшаңдаған Тайбуырыл,
Жетеленіп қалыпты,
Үстіңдегі Ақолпоқ,
Бөктеріліп қалыпты,
Алтын құлақ Ақкелте,
Өңгеріліп қалыпты.
Ол немене болады?
Айналып көктен көрінді,
Алатаудың жорысы,
Айналайын жан төрем,
Бұл түсімді жорышы!»
Сонда Семетей: «Тізгінімнен алып неге сонша есірдің?» – деп,
ашуланып:
Сары өзен бойлап сел жүрсе,
Аяғы өрде өрт күйсе,
Ақ жапырақ шалдықса,
Жылқы оттап тұрғаны.
Қоңырбайдың сан жылқы,
Сандатып шалып тұрғаным,
Біле бергін Қоңырдың,
Алдыма құлдық қылғанын,
Оның несін айтасың!
Ер шырағы екі көз,
Жұмылыңқы көрінсе,
Күндіз – түні жау сайып,
Ұйқым келіп тұрғаны.
Мұның несін айтасың!
Темір киген тұла бой,
Сөлбірейіп көрінсе,
Аттан түспей айқасып,
Аяғым талып тұрғаны!
Ер қаруы екі қол,
Салбыраңқы көрінсе,
Күні-түні жау сайып,
Қолым талып тұрғаны,
Оның несін айтасың!
Алшаңдаған Тайбуырыл,
Қосақта жүрсе түсіңде,
Қоңырбайдың Алғара,
Атын мініп тұрғаным.
Үстімдегі Ақолпоқ,
Бөктеріліп көрінсе,
Қоңырбайдың Қылғара,
Мұны киіп тұрғаным!
Алтын құлақ Ақкелте,
Өңгеріліп көрінсе,
Қоңырбайдың ошағар,
Оны асынып тұрғаным.
Оның несін айтасың!
Аспаннан ұшып көрінсе,
Алатаудың жорысы,
Менен өлген дұшпанға,
Тура болар қонысы.
Оның несін айтасың!
Батырлардың алдынан,
Түлкі шықса қылаңдап,
Олжа болар деуші еді,
Қатын шықса бұлғаңдап,
Бөгет болар деуші еді.
Жолыма тура тұрмағын,
Жолыма кесір қылмағын!»
Осыны айтып Семетей,
Толғамалы бүлдірсін,
Толғай-толғай үйірді,
Асылып тұрған Шөректі,
Аямай тартып жіберді.
Қамшыны тартып алғанша,
Қара жерге бүк түсті,
Қардай болған етіне,
Қап – қара болып жік түсті.
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Ақыл менен есептен,
Әріпті сөзді сөйлеген,
Ахунның қызы Айшөрек,
Естен танып састырды.
«Бөгет қылған қатындар,
Дәп осындай болар» – деп,
Қисаймай батыр бастырды.
Есін жинап Айшөрек,
Арланып өле жаздады.
Таңдайында мөрі бар,
Тілінде қара сүйел бар,
Қарғысы қата кетпеген,
Қансырап тұрған Айшөрек,
Жаман ырым бастады.
Ашуменен төресін,
Алды-артына қарамай,
Аямай қарғап тастады:
«Кеткеніңнен келмей қал,
Керуен үйің көрмей қал!
Барғаныңнан келмей қал,
Базар үйің көрмей қал!
Ошағар тисін өзіңе,
От шағылсын көзіңе!
Қоңырбай жарсын өтіңді,
Мұраділ ойсын көзіңді!»
Айшөрек бұлай дегенде,
Қаныкей тұрып кеп айтат:
«Ой, Айшөрек, – деп айтат.
Бұл қарғысың жөн емес,
Адам ұғар сөз емес,
Ерден жеген таяқты,
Жалғыз қатын сен емес!
Қарғысың қата кетпеген,
Хан Ахунның қызысың,
Семетейден айрылсаң,
Нақ байғұстың өзісің!
Таңдайыңда мөрің бар,
Тіліңде қара сүйел бар,
Ебі келсе, Айшөрек,
Қарғысыңды қайтып ал!
Қазір қылған қарғысты,
Кешіктірмей қайырып ал!
Келген жұрттан көшкен жоқ,
Келін атың өшкен жоқ,
Қарғыс деген бола ма,
Қарғысшыл қатын оңа ма?
Қойлы қатын құйрық жер,
Байлы қатын таяқ жер!»
Мұндай сөзді естіген Айшөрек ашумен қылған ісіне өкініп, жылап
жіберіп, қара тасқа түкіреді. Қара тас ортасынан қақ жарылады.
Қайыра түкіргенде, қара тастан қап-қара ыс, түтін шығады. Қарап
тұрған халайық: «Қарғыс жанып кетті!» – деседі...
Сиқырлы қарауылдар
Семетей жорыққа келе жатқанда Қырымның ұлы Мұраділ Қызыл
қияда қарауыл қарап тұр екен. Қасында қырық жігіті бар, күші
бойына сыймай қайнап жүрген кезі. Бір күзетшісі бір топ жанды
көріп, анықтап барып қарап, асып-сасып Мұраділге келіп айтады:
«Буруттар келіп қалды, қамданып ерте бір іс қыл. Алты ай шапса
арымайтын он төрт тұлпары бар екен. Байқап қарасам, Семетей
нағыз дәудің өзі екен. Мұны енді жайбарақат кезінде жайғап тастау
керек!»
Мұраділ қылышын әрлі-берлі сілтеп ойнап, мұрнынан түтін
бұрқырап, аузынан жалын шырқырап, алыстан байқап қарап:
Атасына тартқан қанқорға
Алысқанмен күш жетпес,
Алысып қалсақ оқыстан,
Аламыз ба, көз жетпес, – деп, бір ғажап айланы бастайды. Бұл өзі
жайшы, сиқыршы екен. Қолындағы жай тасын әрлі-берлі ойнатып,
ойға кетеді.
Ал осы кезде Семетейдің ойында ештеңе жоқ, нардай болған
Буырылды тұнық судан суарып, абасы Бақайға әңгіме айтып тұрады.
«Бұл жарықтық Ыстықкөл жердің кереметі екен! Біздің қырғыздың
жайнап тұратын жері осы ғой! Елігі еркін сулап, бұғы-маралы
қаптаған, үйрек, шөрек, қазы қаңқылдап жатқан, күнгейінде мың
бұлақ, теріскейінде мың бұлақ сылдырап ағып жатқан, бұлбұлдары
сайрап, балығы ойнап, жолбарысы жайлап жатқан Ыстықкөл
бағымыз деп ойлаймын, абаке!» Сөйтіп әңгімелесіп тұрғанда, қас
қарайып, түн болады. Сол кезде Мұраділ жай тасын суға салады, күн
жайлайды, жер-көкті тұман басып, бұлт төніп, ай-жұлдыздың бәрі
жабылып, жұдырықтай бұршақ жауады. Мұраділ:
«Кетіріп тұрып айласын
Қырайын жанның талайын,
Осы келген бурутқа,
Бір қызықты салайын.
Ажыратып атынан
Әлсіретіп алайын.»
Жай тасты көлге ұрады,
Дуасын оқып тұрады.
Қара суды ұйытып,
Қайта қолын сұнады.
Тұрынардың тұнық көл,
Одан бетер тұнады.
Жайлап қарап тұрғанша,
Айтып аузын жиғанша,
Тұрынардың тұнық көл,
Бұрқырап самал ұрады.
Көгеріп бұлт көрініп
Көнектеп құйған немедей
Көгілдір жаңбыр төгіліп,
Оның арғы жағынан
Қап-қара бұлт көрініп,
Қалпақтай болған аппақ қар,
Кәдімгідей төгіліп.
Оның арғы жағынан
Орғыған бұлт көрінді,
Бөксеменен зуылдап
Көк қасқа бұршақ төгілді.
Көгеріп тұрған аспаның
Бұзылғандай көрінді.
Қартайған таулар шыдамай,
Сығылғандай көрінді.
Қарағай, тоғай шайқалып,
Жығылғандай көрінді.
Кең дүние тарылып, белуардан қар болып, даланы мұз қаптап
кетеді. Он төрт будан шыдамай, әрең тұрғанда Қаншора мен
Күлшора Буырыл мен Көкшолақты үңгірге кіргізіп байлайды.
Басқа аттарды жер тепсін деп ағытып қоя береді. Аңдып тұрған
Мұраділ аттың бәрін айдап алып, басқан ізін жауып, күбірлеп қайта
жайлайды. Не керек, адамның басын көтертпей аяз, суық түсіп,
жағалары мұз болып, айналаның бәрі сыз болып, адамдар әбден
бейнет көреді. Алты күн бойына күн бұзылып тұрады. Содан кейін
Мұраділ енді жұмысы бітті деп, жай тасын судан алғанда, күн
жарқырып ашылады. Үңгірден шыққан Бақай:«Мұндайды да көрдік-
ау!» – деп қиналады.
«Көкжалың Манас барында,
Сапарды Бақай білетін.
Үш бала емес, қиқулап
Сан қолды бастап жүретін.
Қабыланның барында
Тілімді Манас алатын,
Қырық шораның барлығы
Қиқулап айқай салғанда
Қирап жатып қалатын!
Тұлпар едім, жол басып
Арып қалған екенмін.
Тұйғынымнан айырылып
Тірі десе,санда жоқ
Өлі десе, жерде жоқ
Қарып қалған екенмін!
Тұйғыным Манас өлмей қал,
Ұзақ жасап хан Бақай,
Уайым тартып қалмай қал,
Бұл секілді қорлықты
Пендесіне бермей қал!
Түгенгір алмай тілімді,
Түгескен екен күнімді,
Төре Манас көк жалдың
Жоқтығы бүгін білінді!
Артық бас болып қалыппын
Балдарым алмай тілімді!
Екі атқа төртеу мінгесіп
Қалмаққа қайтіп барамын?
Белімді қайтіп буамын?
Беренсіген қалшадан,
Құнымды қайтіп қуамын?
Манжу менен қырғыздың
Арасы жақын жол емес,
Алмай қойып тілімді
Арыстандай болған шұнақтар,
Жаяу қалсаң, оң емес!
Жеті айшылық алыс жол
Жеткенге оңай жол емес,
Жетімдер ұқпай сөзімді
Бұл қылғаның оң емес.
Маңдай жағың Бақбұршын,
Бастырып шалғын шаларда,
Қырғын салып Қоңырға,
Қырандар өшін аларда,
Қанатымнан қайырылдым,
Қара қылып отырған
Будандардан айырылдым!
Шалғынды қайтіп шаламыз?
Күліктерден айырылып,
Қоңырға қайтіп барамыз?
Қоңырбай емес, Мұраділ
Санатта жоқ іс қылды,
Жаздың ыстық шілдесін
Ақ қар, көк мұз, қыс қылды.
Аттың бәрін Мұраділ
Алып кеткен емес пе?
Қараң күнді біз үшін
Салып кеткен емес пе? Жорықта өстіп сорлап қалсақ, бізге
кезіккен дұшпан білгенін қылмай ма?» – деп, Бақай ақсақал уайымға
батады. Бірақ, Семетей:
Айналайын, абаке,
Аттарды дұшпан алды деп
Ауылыма қайтіп барамын?
Өлмей тірі бар болсам
Қақанды өзім шабамын.
Әр тұлпарға мың тұлпар
Сабап тұрып аламын.
Жатқан жерден шығармай Мұраділдей ұрыны Қамап тұрып аламын. Кешіріп қой күнәсін, Тентегің екі баланың. Қырымның ұлы жайшы құл, Атымды алып кетті деп Шегінсем құдай ұрмай ма? Бүгін алса тұлпарды, Ертеңінде Мұраділ, Алдыма құлдық қылмай ма?! – дейді. «Ал, мен енді аттанамын! Абаке, сіз осы жерде қалыңыз, мен бір айда келіп қалармын. Бұлардың сазайын беремін! Қасабадай Қоңырдың басын өзіңе әкеп беремін!» – деп, Семетей аттанбақ болады. Бақай: «Қой, шоралар қалсын мұнда, сені жалғыз жібермеймін, сенің жаныңда боламын. Жиырма бес күнде қайтып келеміз!» – деп, екі шораны қалдырып, екеуі жүріп кетеді. Үш күн, үш түн жүргеннен кейін Бақай: - Айналайын, Семетей, Қоңырбайға жеткенше мұның қанша қарауылы бар! Қырық құлаш сиқырлы қызыл түлкісі бар, оны сыртынан бағып жүрген Мұраділдей шері бар, сиқырлап қойған жері бар! Тағы бір қарауылы Аққұлжа, одан кейін Қу үйрек жатқан көлі бар, мұның бәрін көндіріп жатқан Қоңырбайдың кебі бар! Амалын тауып, құлжасын атып алайық, қу түлкісі мен қу үйрегін Қоңырбайға хабар жеткізбей тұрғанда көзін жояйық! – дейді. Бірінші қу түлкіні көздеп, Құмайықты жетелеп алға жүреді. «Құмайық көргенін алмай қоймайтын, бөріні құтқармайтын, аюдан, жолбарыстан беті қайтпайтын, бірақ, осы күні мен сияқты қартайды. Енді қу түлкіні алар ма екен, қу түлкі құтылып кетіп Қоңырбайға хабарлап барар ма екен, сөйтіп мына ісіміздің бәрі бүлініп қалар ма екен? Тәуекел!» – деп, Бақай алға тартады. Белге шыққаннан кейін дауылпазды қағып-қағып жібергенде, қырық құлаш түлкі тұра қашады. Құмайық артынан тұра қуады. Бес адырды басқанда жақындап-ақ қалады, бұлар Манастап ұран салып, қуанып, айғайлап тұрады. Қутыңдаған қу түлкі Жеті бұлақ, Жергеталға қарай беттеп, жеті айнала қашады, Құмайық қалмай қуып келеді. Қу түлкі құтылып кетер ме екен деп, хан Бақай тау-тастың, ойтаудың бәрінен атына қамшыны басып: «Айтақ, айтақ, айтақ!» –
деп, Құмайықты қайрап, айқайды салып өтеді.
«Қырыс боп, еркін шырқамай,
Сені құдай ұрды ма?
Қылықты бабың біле алмай
Мені құдай ұрды ма?
Төрем көкжал өлгенде
Түйе қайтарған мен едім,
Қабырғаң қатып қисайып
Ұлып қалған сен едің!
Көзімнің жасын көрмесең,
Түлкіні тістеп бермесең
Тоқпақтап басың жарамын,
Тірі қалмай мен Бақай
Өзімді құрбан шаламын!»
Осылай деп ер Бақай,
Қайғырып жасын төккенде,
Құтылардай қу түлкі
Қақпа тасқа жеткенде,
Арқасынан Құмайық
Адасқансып кеткенде,
Заудан қара зымырап,
Түлкі тарта бергенде,
Қапталынан Құмайық
Қайта шыға келгенде,
Әне-міне дегенше
Ашып көзді жұмғанша,
Жарық тасқа қу түлкі
Кіре қашар кезінде,
Алты арқан бойы жартасты,
Аттап қойды Құмайық,
Ырсаңдаған түлкіні
Таптап қойды Құмайық,
Белін бүктеп басына
Қаптап қойды Құмайық!
Семетей мен Бақай қуанып, бұл түлкі жай түлкі емес деп мәз
болады.
«Енді қарауылда тұрған Аққұлжаның көзін жояйық» – деп, екеуі
дүрбімен көз салып қараса, Аққұлжа қара тасқа жанасып жатыр
екен. Оны көрген бетте Семетей Ақкелте мылтығын дайындап, көздей бермек болғанда, Бақай: «Тоқта, балам Семетей! Құлжаның сырын білмейсің ғой, мен атайын!» – дейді. Еркін өскен Семетей: Сақалың қудай болғанда, Тісің бидай болғанда, Әр қашанда бір қашан Жолыма тура тұрасың, Жолыма кесір қыласың, Майда-шүйде жұмысқа Бүйтіп қолың сұғасың. Қызартпа екі көзіңді, Армансыз көздеп атамын, Ұқпаймын, аба сөзіңді!– деп көздеп, басып салады. Аққұлжа түк болмағандай орнынан атып тұрып, заулап қаша жөнеледі. Ашуланған Бақай айқайлап, Семетейдің қолынан мылтықты жұлып алып, қос оқты қатар салады. Айналайын, Ақкелте Ата алмасам маған серт. Ажалдай болған Құлжаға Тимей қалсаң саған серт! – деп, бұлдыраған көзінен жасы ағып, көздегенше Аққұлжа алты белден асып кетеді. Жетінші белге жете берген уақытта қария Бақай тартып жібереді, сонда Аққұлжа айналып барып, жалп ете түседі. Қуанған Бақай: «Ал балам, күндік жол қалды, Үйреккөлге барамыз. Күміс құйрық, жез қанат, жібек түбіт, ұшқыр Қу үйректі Ақсұңқар аман болса құтқармайды. Оны ұстап аламыз, содан кейін қалмаққа қиғылықты саламыз!» – деп көлге келеді. «Ал балам, сұңқарды маған бер, мен келістіріп өзім салайын, әйтпесе, жаңылыс болса, Қу үйрек бізге жеткізбей кетеді!» – дейді. Бірақ, Семетей тағы көнбейді. Батыр адам Ақсұңқардың томағасын сыпырып, Ақкелтені гүрс еткізіп атып, дауылпазын қағып, аруақтарын шақырып тұрған кезде, көлден көп үйрек ұшады. Қу үйрек жекеннен басы көрініп, жау екенін біліп, сүңгіп, насыбай атым уақыт жоқ боп кетеді. Бір кезде кереметті Қу үйрек оқтай атылып, көкке ұшады. Семетей тұлпарын бұра тартып, тез жетсін деп, бар күшімен сұңқарды сілтей лақтырады. Ақсұңқар қанатын жазып үлгермей, жерге соғылып, дірілдеп, екі көзі жұмылып жатып қалады. Жез қанатты Қу үйрек ұзап кетеді.
«Оңбаған шұнақ, оңбадың, Мен салам десең болмадың! Сұм Қу үйрек Қоңырға Шырқырап ұшып барады, Хабар біліп, қам қылып, Бейпайды бізге салады! Семетей менен бұл Бақай, Бейітсіз өліп қалады. Жан қазандай қос басты Жаңжуңдар кесіп алады! Айналайын, Ақсұңқар Осылай өлер сен бе едің, Керегіме жаратпай Кейіске қалар мен бе едім? – деп Бақай зарланып тұрғанда, Ақсұңқар қалтырап, қайта тіріледі. Сілкініп, есін жиғанда: «Айналайын, Ақсұңқар, қашқан үйректі білмей қалдың-ау!» – дегенде, Ақсұңқар сергіп, күмістей қанатын қағып, шырқап көкке ұшады. Ашуланған Ақсұңқар Қусырылып шуылдап, Дауыл жүрген немедей Тау, тоғайлар дуылдап. Қалқандай болған қанаты, Сермелгені білінбей, Ақ бұлттың үстінен, Атылып сұңқар зулайды. Қақандардың Қу үйрек, Қайыра қағып қанатын, Қақпасы темір ордаға, Кіріп кете жаздапты. Жетер-жетпес Ақсұңқар Қаһарланып алыпты, Шақылдап үнді салыпты, Сасқанынан қу үйрек Шайқалақтап қалыпты. Жанталасып, шарқ етіп Енді түсе берерде, Айналайын, Ақсұңқар Қайра серпіп алыпты.
Қанатын сүйреп Қу үйрек
Барқылдап үнді салады,
Темір тегеурін Ақсұңқар
Алқымнан мықтап алады.
Ала қанат шіркіннің
Басынан мытып салады.
Көтеріп алып үйректі
Көкелеп шықты күркіреп,
Көріп тұрған жәндіктің,
Біткен бойы дүркіреп,
Еңістеп ұшып қалғанда
Зілмауыр тастай діркіреп.
Абаң Бақай қария,
Немене болып шығар деп,
Көзінің жасын көлдетіп,
Отырғанда күркілдеп,
Осы кезде Ақсұңқар
Қу қанатты үйректі
Көтеріп келіп қонады.
Семетей мен Бақайдың
Дүниесі түгел болады!
Енді құдай берді деп
Есірген дұшпан келді деп,
Айналайын, Ақсұңқар,
Арам жауды жеңді деп.
Бақай менен Семетей
Жауын жеңген немедей,
Көңілдері толады.
Осы жерге қонады.
Талай жерді арытқан
Талай елді жарытқан,
Көпті білген ер Бақай
Ұққан екен ғайыптан:
«Жез қанатты үйректің
Етін жеген өлмейді,
Осы дүние біткенше
Арғы жайды көрмейді!»
Соны еске алып, жайқалып, Қасиеті байқалып, Ақсұңқарға шоқытты Ардағым деп шайқалып. Тазалап алып үйрегін, Өкпесі менен бүйрегін, Құмайыққа жегізді. Артта қалған екеуге Екі кесіп ет қойды. Екі кесім етінен Қаныкей мен Айшөрек Татып алсын деп қойды. Семетей мен ер Бақай, Қарқылдасып күлісіп, Қалған етті жеп қойды! Қарағұлдың айласы Семетей Бақайды қалдырып, жол қарап шығып, үлкен теректің жанында тұрған кезінде хан Қоңырбай жылқысын аралап, қосқа келеді. Қия Ертістің бойында қаптап жатқан жылқысын қарап, түгендеп, жылқышы Қарағұлға тапсырып: «Мен жердің жүзін шарладым. Мына Семетей менің қабырғама қадалған оқтай болып тұр. Бұл атасының құны үшін бір келмей қоймайды. Онымен жеке шығып соғысатын менен басқа тең батыр жоқ. Енді мен де қартайып келемін, Алғара атым да арып қалды. Жау келсе маған хабар беріңдер. Жылқыны жақсылап бағыңдар. Мен ордама кетемін. Алғара кішкене ет алсын. Көп мінілді ғой. Жануарымды жылқыға қалдырып кетейін! Семетей келсе, оған дайындығым бар. Оның қанын төгемін!» – деп, Қоңырбай басқа атты мініп, жүріп кетеді. Дәу қанжасына от тұтатып, тартқанда, аузынан шыққан көк түтін тұмандай болып созылып қалады. Семетей алыстан қарап, көріп тұрады. Бір кезде жылқышылардың басшысы Қарағұл керіліп, қол аяғын созып жатқанда, от жағып жүрген бала қалғып кетіп, түс көреді. Ояна салып, Қарағұлға келіп түсін айтады. «Қызыл буырыл ат мінген бір жас жігіт келіп, Қоңырбайдың жылқысын түгел айдап алып кетті. Жолында жолыққанның барлығын жайлап кетті!» – дейді. Сонан Қарағұлдың
жүрегі солқ ете қалса да: «Бұл түсіңді екінші рет айтпа!» – деп, сабайды да: «Ал енді айтшы!» – деп кекетіп, мұқайды. «Жалған емес, шыным!» деп, бала тағы қақсайды. Қарағұл ашуланып, баланың басын шілдей қылып жұлып тастайды. Мұны көріп Семетей Қиғылықты бастады. Дөкейсіген дәулерді Түгел қырып тастады. Қаһарланған Семетей Айғай шуын тимады Мініп алып төсіне, Қарағұлды қинады. Басына қаптап шапанын, Жұлып-жұлып тастады Қарағұлдың сақалын! Қарағұл сонда зар жылап, сайрап қоя береді: «Сен Семетей емесссің бе? Семетей болсаң, арманым жоқ. Аман-есен көрдім-ау! Е-е, мен Манастың елімін. Қарағұл деген мен боламын. Манас барда ешкімнен кем емес едім. Ол өлген соң, сендер Бұқарға кеткенде, өлмес күнім үшін қалмақты паналадым. Қаныкей мен Шиырды аман келді ма? Жерді құртқан Жақып жалмауыз шал өлді ме ?» деп жылап: «Айналайын Семетей, мені құтқаратын кезің келді!» – деп, мойнынан құшақтап алады. Семетей оған сеніп: «Ұят болды-ау! Ағамның сақалын жұлып тастадым! Енді осы айыбым үшін сізді бағайын, Бақай абама қосып сізді де аба қылып алайын! Ал енді, аба, Қоңырбайдың Алғарасын ұстап беріңіз маған. Тайбуырылым шалдығып қалды. Алғараны мінейін, Тұлпарлығын білейін. Айрықша будан жылқыны, Майданға мініп кірейін Бетіме келген манжуды Бейжіңге дейін сүрейін! – дейді. Қарағұл:«Бұл Алғара еті қызғанға дейін шаба қоймайды. Оның сырын айтайын саған. Бұл үш күннен кейін қызады. Сонда, қырық күншілік жолға шапса шаршамайды. Көкте ұшып жүргендей болады!» деп, әбден арыған, өзі қартайған үлкен бір қара атты мінгізеді. Аңқау батырды
өстіп алдап, Тайбуырылды көп жылқыға қосып жібереді. Семетей
дауылпазды ұрып, Ақкелте мылтығын дүркіретіп атып, ұранды
салып, жылқыны қуып айдай жөнеледі. Сөйтсе, айлакер Қарағұл
нағыз Алғараны өзі мініп, құрығы қолында, арам ойын ойлап келе
жатады. Жылқыны айдап, күтіп тұрған Бақайға жақындап, суға
кіре бергенде Қарағұл Семетейді құрықпен төбесінен тартып
жібереді: «Мен сендей баланың талайын алдағанмын! Енді
қақаншыға барамын да, хабар беремін!» – деп, Алғараны орғытып,
құйындатып тартып отырады. Семетей суға батып қала береді.
Ертістің суы мол, ағыны қатты. Күркіреп ағып жатқан су
неше батыр болса да қарай ма, Семетейді ағызып ала жөнеледі.
Астындағы әлгі кәрі аттың әлі келмей, суға амалы болмай, бір
батып, бір шығып жүргенде, анадай алыстан Тайбуырылы
көріп қалып, кісінеп келіп Семетейге құйрығын тосады. Семетей
Тайбуырылға қарғып мініп, Қарағұлдың артынан қуады.
Қарағұлды састырып,
Қуып жетіп соңынан,
Алғараны ырғытпай,
Құйрығынан бек қармап,
Құтқармаспын деп қармап,
Құйрығын орап оң қолға
Тоқтатпақшы болғанда,
Алғараның аяғы
Арқардай болып бүгілді.
Жібектей болға құйрығы
Түбінен бері жұлынды.
Сақалы жоқ, құйрықсыз
Барып хабар бергін деп,
Қумастан Семең бұрылды.
«Түк есіңнен шығармай,
Мықтап ұққын мұнымды.
Көргеніңді Қоңырға
Түгел бәрін айтып бер.
Көк қиядан күтемін
Өзің бастап қайтып кел!» – деп,қайтадан жылқыны айдап жүре
береді. Бақайға келген кезде, Күлшора мен Қаншора да жеткен екен.
Айдап келген жылқыны қарап жүргенде, бағанағы Қырымның ұлы
Мұрәділ жолда кездесіп қалады. «Құдай берді!» – деп, қаһарланған
Семетей Тайбуырылмен тұра аттанып, Мұрәділді бас қылып,
қарауылдарды түгел қырып тастайды. Жылқынын бәрін айдап,
Көкмойнаққа келгеннен кейін көңілдері көтеріліп, ту байталды
сойып, қол-аяғын созып, батырлар жылқыларын өзенге салып, ереуіл
болып жатып қалады.
Ал Қарағұл сол қашқаннан тоқтамастан Қоңырбайдың алдына
барады. Қарағұлдың сақалы жоқ, Алғараның құйрығы жоқ! Шолтиып
екеуі келіп тұр. Ашуланған Қоңырбай қалың қолға хабар салып:
«Ерлердің құнын алуға Семетей келіп қалған екен, аттанайық!» –
дейді.
Семетейге алдырсам,
Осы тұрған Қоңырды
Көке тәңір ұрмай ма?
Көзім тірі тұрғанда
Көбелектей жетімнің
Көрінемін көзіне.
Батырлар, құлақ салыңдар,
Ерсініп келген жетімге
Тамашаны салайық,
Талпақтай сабап алайық.
Тайбуырылды бас қылып
Буруттардың буданын,
Олжа қылып алайық.
Неше жолы бурутты
Шауып жүрген қол осы,
Буруттарға бүлікті
Салып жүрген қол осы,
Қыңсылатып қатынын
Алып жүрген қол осы.
Аттандым бурут артынан,
Қалқылдаған қалың қол
Келе берсін артымнан! – деп, Қоңырбай Алғараға алтыннан сым
тартып, құйрық салдырады. Жайсаңдарын алдырып, найзалары
жалтылдап, сауыт-сайман жарқылдап, Семетейдің артынан
барқылдап жөнеледі.
Батырдың жарасы
- Қаһары қатты Қоңырбай
Қалап күттім келмеді,
Қайратын толық көрсетіп,
Арпалысып көрмеді.
Батыр болса өлтіріп,
Не қолымнан өлмеді.
Сарыала қалың жылқыдан
Үмітін үзіп қалған ғой.
Қорқытып айтып Қарағұл
Қоңырдың есін алған ғой.
Қамы келмей Қоңырбай
Қамығып жатып қалған ғой.
Қаңғайдың қалың жылқысын,
Түн жамылып, жасырын,
Ұрлағансып кетпейін.
Батырлығы шын болса
Қумай қоймас Қоңырбай.
Күтпегенім жөн болмас
Жорығы жоқ батырдай.
Тоспай қалай кетейін?
Ерлікпенен алыспай.
Елге барып нетейін!
Көк – Қиядан өткенде
Көк- Өзенге жеткенде,
Үш күн жатып сол жерде,
Еру болып алайын.
Өңмеңдеген шоң манжу,
Арманы жоқ алыссын,
Тұлпарларды зырғытып,
Найзаларды сырғытып,
Жекпе –жек шайқас қылайын!» – деп, Семетей батыр Күлшораға:
«Абаңмен ары қарай жүре беріңдер, мен осы жерде күтемін!» –
дейді.Ол кеткен соң, Семетей өзінен-өзі күңіреніп, ой мен тауды
дүңгірлетіп келе жатады.
Адамнан басқа жаралған,
Алыптық пен ақылы,
Ай Жаңжуңға таралған.
Қажымас батыр Қоңырбай
Жолын тосып Семеңнің,
Аңдып жатып алыпты.
Желбегей бейқам Семеңе,
Жіті көзін салыпты.
Семетейді көргенде,
Арман қылып өзінше,
Күңіреніп алыпты:
«Манастан қалған жетімді
Тобықтай бала деп жүрсем,
Таудай батыр екен ғой!
Тоқсан мың адам келсе де,
Толғап басын жұлмай ма?
Атасы Манас батырдан
Алты есе мықты көрінген,
Айбатынан ажалдың
Ызғарлы лебі сезілген.
Осындай бала бермеген
Көке теңір – бұрхандар,
Маған сараң не деген!
Айкөлдей болған Семетей,
Менің ұлым болса ғой,
Айдап жүрген көп жылқы
Атаңа нәлет көр дүние
Менің құным болса ғой!
Қолымнан келсе шұнақты,
Тірі қармап алсам ба?
Берендерге тең қылып,
Манжулардың еліне
Алаңсыз қосып салсам ба?
Осыдан туған баланы,
Жалпақ жұртым Манжуға,
Хан көтеріп алсам ба?
Жалбағай ауыз, жар қабақ,
Адамда мұндай бола ма?
Батырды батыр деместен
Кеміткен адам оңа ма?
Әлемге топан су келсе Әлсіреген көп елді, Көтеріп алар кеме ғой! Жазық маңдай, жалын көз, Қара қылды қақ жарған Әділ болар неме ғой! Көпіріп тұрған шұнаққа Көңіл айтсам болмайды –ау! Көрініп қойсам көзіне, Көз ашқанша сомдайды-ау! – деп, Қоңырбай Алатаудай жонданып, аш жолбарыстай қамданып, ошағар мылтығына от қойып, Семетейдің сауытсыз ашық төсіне: «Өлер тұсы деп, өлгенің, балам, осы!» деп, гүрс еткізіп атып жібереді. Семетейдің көзінен көк жалын төгіліп, кеудеден қос қабырға сөгіліп, Тайбуырылдың жалын құшып, жатып қалады. Кеудесінен көнектеп қан ағып жатқанда, Тайбуырыл Семетейді ала қашады. Ошағар мылтықтың дауысы ұзап кеткен Күлшораға естіледі. «Ай, Қоңырбай келіп қалды-ау! Абамды жайратып салмаса, не қылсын!» – деп, Сарыала атын қамшылап, көзінің жасы тамшылап, қырға шығып қараса, Тайбуырыл қашып келе жатыр екен. Алғараны қамшылап, найзасын жалақтатып, қанқұмар Қоңырбай манжулап ұран салып, Семетейді бір жола өлтірмек болып, қуып келе жатыр екен. Күлшора қаһарланып, «Манас, Манас, Манас!» деп ұран салып, қарсы ұмтылады. Қоңырбай мен Күлшора бір-біріне қарсы ағып келіп, екеуі аянбай найза салысып, найзалары сынып, айбалтамен шабысып, одан ат үстінде алысып, жағадан алып, жұлқысып жатқан кезде, Қоңырбай: «Мынау адам емес, шер екен, баладан өлсем, қалмақтар қандай дер екен?» – деп, алды -артына қарамай, Алғараны қамшылап, қаша жөнеледі. «Өлтірмей қоймаймын!» – деп, Күлшора артынан қуады. Қуғанмен амал не, мұның астындағы аты қартайып қалған кезі екен, Алғара жеткізбей ұзай береді. Сол кезде Күлшора: «Қой, мен Қоңырбайды қуып жүргенде, абамның жағдайы қалай болар екен?» – деп, бұрылып, Семетейге келеді. Келсе, Семетей есінен танып жатыр. Бақай мен Қаншора айласын таба алмай, қайғырып тұр. Күлшора одан сайын күйініп: «Қоңырбайды жаралы қылдым, бірақ жетпей қалдым!» – деп, Семетейге бұрылып қараса: Тиген жері арадай, Оқ жатқан шері шарадай.
Көрініп тұр жүрегі
Солып жатқан баладай.
«Атаңа нәлет дүние,
Ішіне қаны тола ма?
Қан ішіне толған соң
Абакем адам бола ма?
Абаке, Бақай мақұл де,
Буырылды қазір мінейін,
Қашып кеткен Қоңырға
Лашындай тиейін.
Ағамның жаны шыққанша,
Жалмауыздай Қоңырды,
Садаға қалып келейін!» – дейді Күлшора.
Бақай: «Мына Семетей ағаңды қайтіп тастап кетесің? Қоңырбай
сенен қашқаны- оны аруақтар басты. Оның да кезі келер.
Семетейдің жарасы
Өлтіре қояр жара емес.
Бұл жарадан өлген жан
Манастан туған бала емес!
Айналайын, Күлшора,
Атқара тұрған ісің бар,
Бүйтіп жатқан ағаңа,
Көрсете тұрған күшің бар.
Бар сырымды айтайын
Сыймай тұр ғой ішіме
Оқ қалыпты көрдің бе?
Аралап барып ішінде.
Сен аттанғын Таласқа
Көрінбей еш бір кісіге.
Қырғыздың ескі ырымын,
Қылайық та түсіне.
Жақсы кісі деуші еді,
Мындай істің ақылын,
Табар кісі деуші еді.
Атасы Ахун әулие
Ұлық кісі деуші еді.
Айшөрек өзі данышпан
Тұнық кісі деуші еді.
Жазықты іске бармаған
Жұпардай кісі деуші еді.
Еркекке көңіл бұрмаған.
Ұмайдай кісі деуші еді.
Алып келгін Шөректі,
Оқ аттатып алайық,
Аттаған оғы түспесе
Шөректі бауыздап салайық!
Айла кетсе, пышақтап,
Тоқтаған оғын алайық! – деп, Күлшораға Сұрқоянды мінгізіп,
Таласқа аттандырып салады.
Алтайдың тауынан Таласқа Алмамбеттің Күлшора ақ бұлттың
астымен, қарайған жердің үстімен үш күн, үш түн жол жүріп
жетеді. Қасиетті Шөрек түсінде қансыраған Семетейді неше көріп,
болған істің бәрін сезіп, біліп отыр екен. «Шер төрем өліп кетіп,
келін атым өшіп, қаражолтай атанғанша, одан бұрын өзім өлейін!»
– деп, күйініп отырған кезінде Күллшора кіріп келіп, Айшөрекке:
«Арыстандай болған абама оқ тиді!
Айналайын, жеңеше,
Ошағардың үлкен оқ,
Абамнан шықпай тоқталды.
Қанша дәрмен қылсақ та,
Түсірер айла жоқ болды.
Жасынан жолдан азбаған,
Жамандық іске баспаған,
Өз ерінен басқаға,
Етегін қайырып ашпаған,
Таза ұрғашы аттаса,
Оқ жарадан түседі.
Оқ түскесін, өлім жоқ.
Кәдімгідей бітеді.
Көпті көрген ер Бақай
Тазалыққа шығарды
Айшөрек жеңге өзіңді.
Абам Бақай жіберді,
Ұқтың ба, жеңге, сөзімді?! – деген кезде, көзінің жасы төгілген
Айшөрек бұл сөздің мәнін ұғып: «Артымнан өзің келерсің. Тілекті
құдай берсін!» – деп:
Тан сарғайып атқанда,
Таразы жұлдыз батқанда,
Аққудың кебін киініп,
Қанатын жайып қалқылдап,
Құйрығын жайып жарқылдап,
Аспанменен зыпылдап,
Айшөрек ұшты шыпылдап.
Ай қанаты жарқылдап,
Аспанменен сызғанда,
Айдың жүзі тұтылып,
Күннің көзі бұзылып,
Ай жарығы түн болып,
Ашылмаған күн болып,
Қанатының дуынан,
Тау-тоғайлар шу болып, Бақай абасына ұшып жетеді. Қария
Бақай орнынан ұшып тұрып:
Балам жақсы келді деп,
Ұзақ жаса құлыным,
Тілекті құдай берді деп.
Бүлк-бүлк етіп жүрегі,
Ахунның артық Шөрегі,
Айыр өркеш түйе айтып,
Айтұяқтан бие айтып,
Әлде қанша мал айтып,
Бір құдайға зар айтып,
Піл бастаған нар айтып,
Аямай малды көп айтып,
Ақсарбасқа қой айтып,
Батасын алып Бақайдың,
Айшөрек оқты аттады.
Аттаса оғы түспеді,
Екінші рет аттады,
Онда да оғы түспеді.
Қаншора менен Күлшора,
Аттаған оғы түспеген,
Жазалы деп Шөректі,
Шықырлады тістері.
Сай сүйегі сырқырап,
Айшөрек жылап бұрқырап:
-Айналайын, сырттаным,
Іздеп келіп сұңқарың,
Шоң Үргеніштің бойында
Төртүлдің кенен ойында,
Перінің қызы Шөректі,
Өрттей шалған жерің бар,
Жалыныңа шыдамай
Еріп кеткен жерім бар.
Бұдан басқа шегім жоқ
Шек қылып айтар кебім жоқ.
Жалған жерден сұм дүние,
Жүзім қара болмай ма?
Арам деп ойлап төремнің,
Ішіне қайғы толмай ма?
Бақыты жоқ бейбақты
Тірідей қылмай шерменде,
Қара жер қазір сормай ма?
Ай әлемді қыдырып,
Өзіңді іздеп жүргенде
Көрініп қалдым әр жерге,
Кезігіп қалдым көп елге.
Бұдан басқа өзімде
Еш жазығым жоқ еді.
Ақ етектен түспеген
Арманға біткен мына бір,
Әлде қандай оқ еді!!!»
Деп осылай Айшөрек,
Еңіреп жылап, солқылдап,
«Шерменде болмай өлем» деп,
Кеуденің бәрі болқылдап.
Семетейдің үстінен
Ақырын аттап жылжыды,
Аяқтай болған қорғасын
Ер Семеңнің ішінен,
Құлатқан тастай ырғыды!
Қытайдың қырма дәрісін,
Қырып алып сарысын,
Қайнатпа қара дәрісін
Қайнатып алған сарысын,
Ала қойып Күлшора,
Бірін ішке себісіп,
Бірін сыртқа жағысып,
Неше түрлі дәріні,
Семетейге берісіп.
Ту биелерді сойдырып,
Қазысын үйіп қойдырып,
Семетейді қазыға,
Ұзынынан жатқызып, баптап тамақ татқызып, қираған
қабырғасын орнына қондырып, қабыландай батырды баладай мәпелеп
күтеді. Алған жылқыларын айдап, көңілдерін жайлап, туған елге
жетіп, барлық жұртқа тойында таудай ет береді. Көп жылқыдан
ешкімді құр қалдырмай, әр түтінге таратып, қалың жұртты қарық
қылады. Сөйтіп кең Таластың бойында, қадірлі Бақай мен Сары ханы
қасында, Манастың ұлы Семетей есін жиып, тынығады.
Қоңырбайдың Таласқа шабуылы
Қырғыздарға өштескен Қоңырбай Таласқа шабуыл жасауға бел
байлайды. Аямай алтынын шашып, жетпіс мың найза жасатып,
ұшын уға суғарады. Тоқсан күн шапса майрылмайтын жетпіс мың
алмас қылыш, жетпіс мың шойынбас щоқпар, жетпіс мың садақ
дайындаттырады. Мылтықтың оғын құйдырып, кеудесі кекке толы
Қоңырбай:«Бұл өрттей болған бурутты мен бір жола тындырайын!»
деп, соғысқа әбден қамданады. Зәңгілеріне:
Қайратымның барында,
Күшім толық шағымда,
Қаншама жыл талқандап,
Буруттарды айдадым,
Ақырында Манасын
Қан жұтқызып жайладым! – дейді. «Енді өздерің көріп тұрсыңдар,
Манастың ұлы Семетей біздің жерімізге келіп, дұшпандығын
көрсетті. Қолынан келсе қиратайын деп жүр. Бұлардың ұмытқанын
есіне салып, аямай көрсетейін!» – деп, қалың қолын дайындайды.
Әскер басшылары Қоңырбайды қолдап, барлығы аттанып, туларын
желбіретіп, ошағар мылтықтарын оқтап, найзаларын жарқыратып,
пілге жүгін артып, неше түрлі малдарын азық болады деп алып,
көрінгеннің барлығын тамақ қылып жеп алып, қаптаған селдей
болып, Таласқа келеді. Алдына барлау жіберіп, бәріне қамданып
келген Қоңырбай түн ішінде Таласқа келіп, тоқтап қараса, бір адам
көрінбейді. Сонда Қоңырбай әскеріне бұйрық қылып:
Қарқ еткен қарға болған жоқ
Қапыда басып қалыңдар!
Манастың жалғыз жетімін
Үйінен байлап алыңдар!
Жолығып қалған кісіні
Жол бойына жарыңдар!
Хабарсыз жатқан буруттың,
Түгін қоймай талаңдар!
Желкілдеген сұлудан
Бестен, оннан алыңдар! – дейді.
«Жансыздардың айтуына қарағанда, Күлшора батыр Семетейге
ренжіп кетіп қалған сияқты. Ал оның жанынан Күлшора кетсе,
әлсірегені. Сондықтан жаққан отын өшіріп, түндігін жерге түсіріп,
сапырайық бурутты!» – дейді.
Түн жарымда қаннен қаперсіз жатқан орданы жан-жағынан
қамалап, қоршап алады. Кең-Қолда жатқан қырық шораның да
ешқандай хабары жоқ. Тайбуырыл ат жайлауда жүр. Сыртқа бір
адамды шығармай, ішке ешкімді кіргізбей құрсаған қалың қолдың
дауысы жер жарып, қаптаған қара селдей болады. Мылтықтын
дауысын естіп, қамсыз жатқан Семетей Ақолпоқты киініп,
Ақкелтесін оқтап, Сырнайзасын таянып, толғанады:
Ажал айдап қол салып
Кектескен жауым келгенде,
Тілегім құдай бергенде,
Тайбуырылға жете алмай,
Боламын ба шерменде?
Қиқырып жүрген қырық шора,
Қинауға түсіп қалған ба
Кесапатты зор қалдай,
Барлығын қырып салған ба?
Қайран ағам хан Бақай
Көресіні көрген бе?
Ренжіп кеткен Күлшора
Шоң Қоңырдан өлген бе? Қоршап алған қара қытай, көп манжу ордаға аттап кіре алмай, Семетейдің не істеп жатқанын біле алмай, ошағармен сарайды дүркіретіп атады. Сонда алыстағы Бақай абасына мылтықтың дауысы жеткен екен. «Бір пәле болып қалды-ау! Ал, балалар, мылтықтың дауысы шықты! Семетейдің ордасына жау шапты! Қоңырбай келіп қалды-ау!» – деп, қырық шораға хабар беріп, аттан салады. Алайда Күлшора Бақайға: «Ай, абеке, сырымды айттым өзіңе! Шөрекпен жақын екен деп, Шашыкей айтқан сөзіне, Сеніп қалып көкжалың, Тіл тигізді өзіме. Қиын болса Қоңырбай, Жеке шықсын өзіне. Ел көзіне Айшөрек Жеңгем болып көрінер, Шынын айтсам өзіме, Енем болып көрінді. Ақ жерімнен, абеке, Араласып өсекке, Шын қабырғам сөгілді! – дейді. Бақай Күлшораға: «Ақылсыз болма, балам, сенің абаң Семетейдің ерлігі бар да, есі жоқ. Ол Шашыкейдің күншілдікпен шығарған өсегіне сеніп, саған қиянат жасады. Бірақ, айналайын Күлшора, ойлан! Абаңның басына қатер төніп, Қоңырбай қанжар салайын деп тұрғанда, ол сені Күлшорам қашан келеді деп күтіп тұр! Сенің абаңа ара түсетін кезің осы!» – дейді. Сол кезде Күлшора жарқылдап күліп жіберіп, Сырнайзасын алып, ер Бақайға бастатып, шоралардың барлығын жинап, ұрандатып аттанады. Тайбуырылды қосаққа алып, қоршап жатқан манжудың ортасын ойып, қасқырдай тиіп, құмырсқадай көп жауды бұзып-жарып, ордаға жетеді. Айласы құрып тұрған Семетей әкесі келгендей Күлшораны құшақтап, өз қылығынан ұялып: «Айналайын Күлшорам, Шашыкейдің өсегіне сеніп, азғырған тіліне еріп, мен ақымақ болыппын! Айналайын Күлісім, Алтын жаның барында, Жанымның жарық күнісің. Қамап жатқан қалдайдың,
Зәресін алып қорқытқан,
Кәдімгі Манас үнісің! – дейді. Сөйтіп батырлар бас қосып:
Батыр Семең басында,
Бала жолбарыс қасында,
Атойлап ұран салысты,
Айғайлаған манжуға,
Аянбай кіріп қағысты.
Қара қытай қалың жау,
Манастап ұран шыққанда,
Семетей даусын ұққанда,
Шаң аспанға созылып,
Тұс-тұстан қолдар қосылып.
Зеңбірек атып, топ қойып,
Жазайылға от қойып,
Қаптаған қалың қолменен,
Қалқан киген ерменен,
Үйіре жүрген селменен,
Ту түбінде тұрысып,
Тұлпарменен ұрысып,
Шоқпарменен шабысып,
Шоқыдан қанды ағызып,
Айбалтаменен салысып,
Сабы қолда қалысып,
Қылышпенен шабысып,
Жарақ қолдан кеткенде
Жағасынан алысып,
Аттан құлап қалысып,
Аяқтан орай шалысып,
Шалқасынан салысып,
Айрылмаған бас қалмай
Қара қытай, қырғыздар
Қырылысты ес қалмай.
Бір-бірінен жасқанбай,
Болат найза тығады.
Аузынан қанын ағызып,
Найзаға ілген адамды,
Тебетейдей ырғытып,
Ортасында батырлар
Қалың жауды дырғытып,
Бадана киген ояндар
Басын кесіп тулатып,
Кей батырлар кіргенде
Қара қытай әскері
Көке темір бұрқандап,
Қашып жүрген онда көп.
Қайтіп аман қалам деп
Сасып жүрген мында көп.
Найза тимей өзінше
Құлағандар одан көп,
Өлген болып оқыста
Сұлағандар мұнан көп.
Оңба, Қоңыр, оңба деп
Пышақтасқан одан көп.
Қандай заман болар деп,
Құшақтасқан мұнан көп.
Қырғын соғыс болып, Таластың үсті шаң болып, даланың бәрі
қан болып, қырғын майданда қырғыздардың қара қытай, манжуға
деген кегі қозғалып, аянбай шайқасады. Қоңырбай қорланып, жан
шыдатпас Шабалай деген батырына: «Шақшаңдаған бурутты
ойрандап жібер!» – деп бұйырады. Керік мінген Шабалай батыр:
«Мадықанның құнын аламын, бұлардың бәріне қырғын саламын!»
деп, майданға кіріп ақырады. «Ал, батыр болсаңдар келіңдер жекпе-
жекке!» – деп, Семетейді шақырып, қырғыздарға заман ақырды
саламын деп, шоқпарменен жер сабап, шаңды бұрқыратып тұрады.
Түрі жаннан басқаша,
Көрден шыға қалғандай.
Көрген адам таңқалар
Көмірден аршып алғандай.
Қабағы биік өңі саз.
Ерімеген қара тас.
Көздері ашқан ұрадай
Көрген пенде жоламай,
Қан төгіскен майданда,
Сарқылмас күші толағай.
Астыңғы ерні албайып,
Үстіңгі ерні далбайып,
Ауызы үңгір қорғандай,
Үп дегенін сорғандай.
Садақ, қылыш жарағын,
Асып алған бойына,
Жеңілем деген қорқыныш
Түсер емес ойына.
Семетей, қырғыз келгін деп,
Шоқпарын алып қолына
Таудай болып теңселіп,
Тосып тұрды жолында.
Шабалайдай шоң батыр
Жеті қарыс қазандай
Жезден қылған қанжасы.
Қоржын көзі темекі
Қанжасына ұрады.
Қорқыратып Шабалай,
Қанжасын тартып тұрады.
Түтінін бұрқыратып, майданда тұрған бұған ешкім батып
шықпайды.
Түрі жаман Шабалай,
Адамнан туған бала емес.
Алдына түсіп жалынса,
Аяп қояр жан емес.
Қалмақтан туған бала емес.
Қылымға сияр жан емес.
Пері ме екен, жын ба екен
Адам түрлі піл ме екен? – деп шошынады жұрт. Сөйтіп тұрғанда
ер Бақай қария: «Бұл Шабалай найзаласқан батырды найзаға іліп
кететін, күреске шыққан балуанды жерге таптап өтетін, ұстасып
қалған батырдың қолын үзіп алатын! Мұны жеңудің бір-ақ жолы
бар. Кәне, мылтықтарыңды кезеп тұра қалыңдар да, гүрсілдетіп
атыңдар! Ал, Семетей сен әзір аттанба, өйткені Қоңырбай
әлі қозғалмай тұр. Сондықтан күшті арт жаққа сақтаңдар!
Жаудың салмағын біліп алайық, балаларым! Шапқылап шашылмай,
айналайындар, тыңдаңдар сөзімді!» – дейді.
Мергендер тұра қалып, Ақкелте бастаған көп мылтықпен гүрс
еткізіп атып салғанда, жұртты шошытқан Шабалай батыр
керігімен қоса ұшып түседі. Алып батыры өлгеннен кейін қара
қытай, көп манжу не қыларын білмей есі шығады. Қоңырбай: «Қой,
енді мен өзім кірмесем болмас. Қанға тоймас қара жер мені тілеп
тұр ма екен?» деп, қалған әскерін жинап, қол басындай алтын пұтқа
сыйынып, аттанып шығады.
Жекелеп Қоңыр шапқанда
Семетей шықты бет болып.
Қармасқан жаулар қалтырап,
Қарап қалды тек болып.
Жер сілкінген немедей
Қиқырған үндер күркіреп,
Қарап тұрған жандардың,
Біткен бойы дүркіреп.
Тайбуырыл мен Алғара,
Бір-біріне беттесіп,
Ұшып жүрді діркіреп.
Қайраты жоқ талайы
Қашып жүрді зіркіреп.
Есепте жоқ екі дәу
Найзаменен сайысты,
Найзалары тайысты.
Қалқанымен қағысты,
Айбалтамен шабысты.
Қалқандардың бетіне,
Кәдімгідей жалындар,
Тұтанып барып қалысты.
Батырлардың басынан
Бұрқырап көкшіл бу шықты.
Тұлпарлардың етінен,
Бұлақтап қара су шықты.
Қарап тұрған елдерден,
Жер қозғалған шу шықты.
Семетей мен Қоңырбай
Бірін-бірі ала алмай,
Қылышпенен салысты.
Бір-біріне тең екеу,
Берер емес намысты!
Бұдан айла таба алмай,
Алқымынан алысып,
Арлы-берлі барысып,
Қол тиген жерін бұлқысып,
Қаһарланып жұлқысып,
Үзеңгісін тебісіп,
Ұстаса кетіп ырғасып,
Аттардың белі бүгілді.
Қарап тұрған қалың жұрт
Жандарынан түңілді.
Жұлқысқан жері қан болып,
Жер бұзылған шаң болып,
Қандай айла болар деп
Адамның басы даң болып.
Тайбуырыл мен Алғара,
Олар да айла іздейді.
Тартысып тұрған кезінде,
Бірін-бірі тістейді,
Бірін-бірі тебеді.
Ерегесіп келеді.
Осы кезде ер Қоңыр,
Асқар таудай Семеңді,
Алқымынан алады.
Артқа тартып қалады.
Айласы кетіп Семетей
Артқы қасқа барады.
Қарап тұрған көп қырғыз,
Шыдай алмай өкіріп,
Шұрқырасып қалады.
Буруттың күні бітті деп,
Қарап тұрған қалың жау,
Қуанып айғай салады.
Осы кезде Қоңырбай
Үстінен басып Семенді,
Мытып-мытып алады.
Қарап тұрған адамға
Қайрылмастан Семетей
Қиямет кетіп барады.
Осы кезде Семетей
Жер көтерген немедей,
Әне-міне дегенше
Ашып көзді жұмғанша,
Жас шыбықтай толғанып,
Жас жолбарыстай жонданып,
Қоңырдың қолын қайырып,
Қолтыққа ұрып жіберді.
Манастың ұлы Семетей
Оңалып мініп алыпты,
Алатаудай қалшаны
Ашып көзді жұмғанша,
Жағаға қолды салыпты,
Кеңірдектен алыпты.
Дем ала алмай Қоңырбай
Аузын ашып қалыпты.
Қарап тұрған көп қырғыз
«А, құдайлап» шұрқырап,
Төңіректеп алыпты.
Осы кезде Қоңырбай
Ептеп қолдан босанып,
Топырақтай бозарып,
Аузынан қаны тамшылап,
Алғараны қамшылап,
Шыдай алмай қашыпты.
Ашынып алған Семетей,
Ақ жолбарыс шапқан немедей,
Атырылып, кектеніп,
Манастап ұран салыпты.
Алғараны ұзатпай
Айқасып-ақ қалыпты.
Таудай болған Қоңырды
Тау құлатқан немедей,
Алғараның үстінен
Ажыратып алыпты.
Хан Қоңырбай өтті деп,
Халықтың кегі бітті деп,
Басын кесіп ырғытып,
Қара қанын жылжытып, Бұра тартты Семетей, Тайбуырылды шұлғытып! Қалшасынан айрылған қара қалмақ қайғырып, қанаттары қайырылып, қол қусырады. Алақандай аз қырғыз: «Жауды анық жеңдік. Ақыры теңдік тиді бізге!» – деп, елдің есебін алып, ерліктерін мадақтап, Семетейдің жасаған ерлігін жыршылары жыр қылып, көңілдері жайланып, жеңісін тойлайды. Қаншора мен Қияз Қаншора мен Шашыкей сыбырласып, сырласып, Семетейге қастық ойлай бастайды. Санасы бұзық Шашыкей өсек-аяңға үйірлеу екен және Семетейді Айшөректен қызғанып, «мені жақсы көрмейді,» – деп, өшігеді. Қаншора болса қара көңіл екен: «Қабыландай Күлшораға тең болмай қалдым, оны менен артық көреді!» – деп, бұл да Семетейге кектенеді. Екеуінің жүрегі қара тас болып, кеңесіп:«Семетей мен Күлшораның көзін жойып, атын өшірейік, өзіміз хандық құрайық!» – деп ұйғарады. Сол уақытта ағайын елдің арасында қателіктен бір қақтығыс болып, Ер Көкшенің ұлы Үмбетей қапыда қаза табады. Сонда Қаншора Семетейді: «Тайбуырыл тұлпарды ағайынға айыпқа бергеніңіз жөн болады!» – деп үгіттейді. Шораның тіліне еріп, Семетей жан серік атын ердің құнына беріп жібереді. Батыр сенімді тұлпары Тайбуырылдан айырылғанда, Қаншора мен Шашыкей мақсаттарына жеткендей қуанады. Жаз шығып, жер жайнаған уақытта Қаншора Күлшораға: «Жүр, таудан киік атайық, тамашаға батайық!» – деп, екеуі жайлауға шығып кетеді. Жайлауға шықса керемет! Жер жайқалып, шөбі пісіп, бабына келіп тұр екен. Қаншора айтады: «Елге барып, хабар салайық, Сусамырды жайлайық. Су-суға бие байлайық. Міне, осы жерде мал семіртіп, жаз бойы рахатын көріп, ел демалсын. Жайласын осы жерді!» деп, елге келіп, хабар салады. «Ала белді айналып, жер көріп келдік. Жер керемет, жақсы болып қалыпты. Сусамырға барып қоныңдар. Ала белді асыңдар, Сусамырды кешіп, суды бойлап қоныңдар. Сол жерде қызық көріңдер!» дейді. Қалың ел жайлауға көшеді де, Таласта, Семетейдің жанында үлкендерден Сары ханы бар, он шақты шора ғана қалады.
Енді қара ниет Қаншора ары қарай өзінің айласын, арам ойын
жалғастырады. Сары ханға келіп айтады:
Семетей батыр болғалы,
Аруақ басқа қонғалы,
Қоңырбайды алғалы,
Ешкімде арман қалмады.
Шынқожа мен Толтайдың
Алтын туын жыққалы,
Бұрынғыдай жау келіп,
Қарсымызға шықпады.
Оқыстан дұшпан келмесін,
Қорлықты мықтап бермесін.
Аулақтап, шетке барайын,
Он күн жолды шалайын.
Тәшкенге дүрбі салайын,
Даланың бәрін қарайын.
Әнжиянға бет алып,
Оның бәрін қарайын.
Қоқанға дүрбі салайын,
Тұздың қара тауынан
Тұс-тұстан бәрін қарайын.
Жақын бар ма, жат бар ма?
Жол-жобасын байқайын.
Ел аралап, жер көріп,
Тамаша қылып келейін.
Көргенімнің барлығын,
Айналайын Сары аба,
Толықтап айтып келейін! –
дейді. Сары хан: «Барып, елдің бәрін шолып келгенің дұрыс!»
– дейді. Семетей де мақұл көріп, бәрі келіскеннен кейін, Қаншора
Күлшораға келеді.
Айналайын Күлістен,
Атыңның жемі күріштен,
Мың жылқыға тұрғандай
Ер тоқымың күмістен.
Сен Күлшора болғалы,
Серпіскенің оңбады.
Кәне мүйізің шыққаны?
Кәне саған жұққаны?
Осы жасқа келгенше,
Мені кісі демедің,
Сұрқоянды бермедің!
Қашан болса қылжақтап,
Қорқақсың деп тергедің.
Осы жасқа келгенше,
Тайбурылды мінбедім.
Талай заман өтіпті
Не Сұрқоян сырын білмедім.
Осы жолы, батырым,
Сұрқоянды берсеңші!
Тұлпарлығын білейін.
Талай-талай таулар бар,
Арқыраған сулар бар,
Бәрін өтіп келейін.
Көргенімнің барлығын,
Көбіңе айтып берейін.
Бұл тілекті атқарсаң,
Айналайын Күлісім,
Андай-мұндай демейін! – дейді. Ақкөңіл Күлшора:
Медеті едің елімнің,
Таянышы едің белімнің,
Шегесі едің жерімнің.
Қазығы едің халқымның,
Намысы едің атымның,
Сұрағаның осы ма?!
Мініп жолға сала ғой,
Білгеніңдей бола ғой.
Атысқанда мергенім,
Тілегін құдай бергенім.
Күрескенде балуаным,
Қатар өскен заңғарым.
Аттың несін аяйын?
Қайтіп күшін аяйын?
Ала қойғын, ардағым! – деп, атын береді. Оның бәрін көріп тұрған
Семетей мен Сары хан, Бақай хан – бәрі батырлардың жарасымына
қуанып қалады. Жау, жарағын сайланып, Қаншора аттанып кетеді.
Әулие – Ата, Меркені өтіп, ертеңіне Наманғанды бетке алып, одан өтіп Әнжиянға қаратып дүрбісін салады. Жан-жағына қарап тұрғанда, күркіретіп мылтық атылып, қалың қолымен жәдігердің батыры Қияз келеді. Қаншора оны көріп қуанып қалады. Бұл Қияздың әкесі Бағыш та, ағасы Толтай да Семетеймен соғысып қаза болған. Қаншора екеуі бұрын да кездесіп, уәделесіп жүр екен. Аттан түсіп, көріскеннен кейін, Қаншора сөзді бастайды. Өзіңе қанша хат бердім, Арыстансың ба, нарсың ба? Айтқан сөзде барсың ба? Сөз алысып, сөз берген, Екеуміздің антымыз, Кәдімгідей қалсын ба? Не болмаса, хан Қияз, Намысы жоқ опасыз, Екі жүзді жансың ба? Хан Толтайды өлтірген Қанқорға енді кез келді. Қағылайын, хан Қияз, Айтысқан антты бұзбасаң, Енді бізге кез келді, – деп, Қаншора аузына құдайды алып, сөзді бастап, осы анттан тайғанды ұрсын деп, қылыштың жүзін тістесіп, тағы да анттасады. «Ал енді, он бес күнде даяр бол, елдің бәрі көшіп кетті. Ордада он шақты шора ғана бар. Семетей Тайбуырылдан айырылып, өзі мұқап отырған кезі. Он бес күнде мен Таласқа барайын, сен есебіңнен жаңылмай он бес күнде келетін бол. Мен оны Манас атамыздың күмбезіне алдап әкелейін, сол жерде Шынқожа, Толтайдың құны үшін, Қаншораның ары үшін бұл жетіліп тұрған жетімді қабырғадан басайық,қанын судай шашайық!» дейді. Қаншораның тұлпарын Қияз көріп: «Мынау шынымен Сұрқоянның өзі ме? Ағам Толтайдың аты ма? Суырыла шыққан күлік екен ғой!» – деп, қайғырып, толқып қалады. Қаншора аттанып кетеді. Ол ешбір адамға білінбей, көзге түспей, түнделетіп ұрланып келіп, Шашыкейдің үйіне түседі. Екеуінен басқа кісі жоқ, оңаша құшақтасып жатып, қызықтарға батып, әңгімені айтып, ойларына келгенін жобалайды. Ертеңінде қаражүрек Қаншора ештеңе білмегендей болып, Семетей, Бақай, Сары ханға келіп: «Уай, бәрін байқап келдім, айнала
тыныштық! Қарқ етіп ұшқан қарға жоқ. Бәрі тамаша екен!» дейді.
Әулие – Ата, шоң Тәшкен,
Осының бәрін қарадым.
Әрқайсы жерде мал жатыр,
Жырғап-қунап ел жатыр.
Мизам ұшып, күз болып,
Жер семіріп, түз болып,
Қауын пісіп жай болып,
Жердің бәрі май болып,
Егіннің бәрі пісіпті,
Түрлі-түрлі ағаштың
Жемісі жайнап түсіпті.
Тұқымы бір елдерден
Өштесер саған жау болмас.
Осы биыл жау болса,
Бұл замана сау болмас.
Жайланып жата беріңіз,
Жайлауды көріп келіңіз,
Еркін ойнап, құс салып,
Жырғап қызық көріңіз.
Дәуренің жүріп тұрғанда,
Рахаттанып жүріңіз! – дейді. Елдің барлығы: «Е,құдай берді!»
десіп, көңілдері орнына түсіп, тынышталып, риза болып қалады.
Қаншораның қастығы
Қиязбен уағдаласқан күні жеткенде Қаншора Семетей мен
Күлшораны: «Манас атамыздың күмбезіне барайық, ақ боз бие сойып,
дұға қылайық, хан Манастың аруағын бір риза қылып қояйық!» деп
үгіттейді. Семетей: «Әй, бұларың дұрыс екен, жүріңдер, барайық.
Ақ боз биені алыңдар, айтұяққа шалыңдар,» – деп, аттанбақшы
болады. Сонда Қаныкей: «О, балаларым, тоқтай тұрыңдаршы!» деп
сөз бастайды.
Айналайын жалғызым,
Ет-жүрегім солқылдап,
Көзім тартып, болқылдап,
Алып-ұшып жүрегім,
Бір түрлі болып барады.
Тайбуырылдан айырылып,
Қанатың сынған шағыңда,
Осы бүгін үйіңнен,
Аттап шығар кез емес.
Түнде жатып түс көрдім,
Түсімде жаман іс көрдім.
Қанжығадан бас көрдім,
Қол торсықтан жас көрдім.
Таласты бойлай өрт көрдім,
Әулие -Ата көл болды,
Мұны да көзден өткердім.
Алшағай мүйіз ақ серкеш,
Айға қарап маңырап,
Молақ мүйіз көк бұқа,
Ту түбінде көрінді.
Қырық емшекті кер қаншық,
Тоқтамастан қыңсылап,
Шынар терек жығылды.
Қарс еткен үні ұғылды.
Бастан бақыт құс кетіп,
Бопыласам қонбады.
Манастан қалған сыр шыны,
Құйсам, іші толмады
Бұл немене болады?
Тіл алып, ботам, қойсаңшы,
Одан гөрі, құлыным,
Биеңді үйде сойсаңшы! – дейді. Анасының сөзін қайтармай,
Семетей «дұрыс екен» деп тоқтамақ болғанда, Қаншора киіп кетіп:
«Енеке, ойбай, ене, не дейсің? Қартайғанша қақшаңдап болмайсың,
ажал жетсе кімді қорғайсың? Көріп тұрған немедей сөйлейсің,
бейітке барып бата қыла алмайтындай бізді құдай ұрып па?
Айналайын енеке, қартайып қалған сияқтысың. Біз кәрілерді ылғи
тыңдай берсек, онда үйден шықпаймыз ғой мүлдем! Менің бұл сөзімді
ұғыңыз!» – деп, болмай тұрып алады.
Шораның бетін қайтара алмай, еш айласын таба алмай Қаныкей
күйініп: «Ал балам, олай болса, атаң Манастың бір ырымы бар еді.
Тым болмаса осы тілімді алыңдар. Көнектей қара тасы бар, сол
төлге тасқа барыңдар. Манас жолға шығарда осы тасқа баратын
да, жерден көтеріп алатын. Содан кейін жауға аттанатын. Көтере алмай қалса: «Жолым болмайды екен!» деп, аттанбайтын. Сол тасты барып көтеріп көріңдерші. Көтере алмасаңдар, ешқайда бармай үйде қалыңдар!» – дейді. Бұл сөзге де тоқтап, Семетей жүргелі тұрғанда, Айшөрек келеді: «Бүгін аттанатын күн емес. Ертең мизам ұшып, күз болғанда, жер семіріп, түз болғанда, ел Таласқа қонғанда жұрттың бәрін жиып, дұға қылайық. Үлкен-кіші демей, хан атамның күмбезіне түгел барып зиярат қылайық. Ал енді қазір енеміздің айтқанына көнейік!» – дейді. Семетей: Қаныкей тілін алмастан, Сенің тілің мен алсам, Енемнің сағы сынбай ма? Дұшпандар ұқса, күбірлеп, Күлісіп, өсек қылмай ма? Келіншек десем, керілме, Бәйбіше десем, мақтанба, Қаныш десем қайқайма, Өз алдыңа шалқайма. Жосыны жоқ сөйлейсің, Үйіңді біл, Айшөрек, Жолымды қайтіп билейсің? – деп, ашуланып жөнеп кете береді. Семетей жол жүргенде артынан жолбарысы бірге жүріп, айдаһардай ақ жылан да қоса жөнеледі екен. Соның бәрін қасиетті Қаныкей көріп, қуанады екен. Бүгін ештеме көрінбейді. Қаныкей уайымдап қалады. Ал ер Семетей төлге тасты көруге келіп тоқтайды. Тас бетінде Манастың Сұңқарының ізі бар, Әр жерінде аяқтай Тұлпарлардың ізі бар. Екі жағын қараса Ерлерінің ізі бар. Алмамбет, Шуақ көкжалдар Шерлерінің ізі бар. Тасты көріп тоқтай қалып, аттан түседі де: «Мұны былай алып қоя саламын!» – деп, көтерейін десе, көтере алмай қалады. Аузынан түтіні бұрқырап, көзінен жалын шырқырап, шындап күшін
салып, тағы да тартадыорнынан қозғай алмайды. Мұрнынан қаны тамшылап, көзінен жас шығып кеткен Семетей: «Әй, мә, сен алшы!» дейді Күлшораға. Ол: «Ой, абеке, саған не болды? Күшің қайда кеткен? Мен қазір оны бір-ақ қолмен ырғыта саламын ғой!» – деп келіп, көнектей қара тасты көтерейін десе, қозғай алмайды. Қара тас жерге жабысып қалғандай! Айран-асыр болған Семетей: «Қой, балалар, кетейік. Төлгеміз болмай қалды ғой!» – дейді. Сонда Қаншора: «Абеке, қоя тұр, Күлшора көтере алмаса, мен көтеремін!» – деп, қара тасты тақиядай көтеріп алып, қоя салады. «Осы ма сендердің көтере алмаған тастарың? Қаңбақтай қылып көтеріп алдым ғой!» деп, желдей еседі: Айналайын абеке, Сен Семетей болғалы, Серпіскенің оңбады. Мен Қаншора болғалы, Күлшорадай көрмедің. Не бір киіміңді бермедің, Не Буырылды мінбедім. Айналайын, абеке, Осы күнге дейін сен, Мұндайымды білмедің. Не Ақолпоғың бермедің, Аруағымды көрмедің. Арманым қалды ішімде, Енді қайтып кетесің? Кеткенде барып нетесің? Жүріңдер, батыр, барайық, Ақ боз биені шалайық, Мен көтерген қара тас Төлгенің осы келгені. Тілеп келген тілекті Құдайым анық бергені! Жақсы болды, абеке, Бұл тасты шораң жеңгені! – дейді. Семетей: «Ай, барсақ барайық!» деп, Таластың суынан өтіп, күмбезге келеді. Манастың аруағына атап, айтұяққа ақ боз биені шалады. Қырық құлақты қазанға қазы-қартаны салып, Сұрқоянды байлатып, қазанға етті қайнатып, қарап тұрған кезде, бір кезде
қазан өзінен-өзі аударылып, төңкеріліп түседі. Мұны көргенде Семетейдің қабырғасы сөгіліп, Күлшораның көзінен жасы төгіледі. «Бұл қандай ырым болды? Аттарды алып келіңдер, аттанып кетейік. Бұл ғажаптың шын сырын білейік!», деп қозғалмақ болады. Сол кезде: Майбұлақтың басынан, Бақайдың қызыл тасынан, Ақала желек туменен, «Бағыш хан» деген шуменен, Қияздың қолы көрінді. Көре қойып Күлшора «Бұл не сұмдық болды?» деп Қабырғасы сөгілді. Екі шора, бір төре, Айғайлаған жау көріп, Сұрқоянға жүгірді. Неғыларын біле алмай Тіршіліктен түңілді! Сонда Қаншора айтады: «Менің сөзімді тыңдаңдар! Көнектей төлге тасты көтерген мен ғой бүгін. Әкел, осы атты маған беріңдер. Мен бұл жауға барайын да, ойранды салайын! Күшім тасып тұрғанда, Бағыштың ұлы Қиязды найзаға іліп, басын кесіп алайын! Ажал жетсе, өлейін, Ақыретін көрейін. Мен Қаншора болғалы Қармасқаным оңбады. Осы жасқа келгенше Қара тұмсық шораңды Кісі-місі демейсің Киіміңді бермейсің. Не Тайбурылды мінбедім, Не тартынбай жауға кірмедім. Не Сұрқоянды бермедің, Сұндырып найза алмадым. Менменсінген дәулерге, Беттесіп жеке бармадым. Жекеден мерей алмадым. Осы бүгін абеке, Жұлдызым маған оң бе екен?
Көтерген тасым шоң екен. Қиязға жеке шығайын Көзіңменен көріп тұр Көтерген туын жығайын! – дейді. Семетей: «Ай, Қаншора інім, иә, сенің еш жеріңде кемдік жоқ. Бүгін артық белгі саған келді, арманды белгі маған келді! Жақсы белгі саған келді, жаман белгі маған келді! Ал аттан! Алысқан жауға бар. Біз жаман атты мінейік, жаныңда бірге жүрейік!» – деп, Семетей Қаншораға Сұрқоянды мінгізіп, Сырнайзаны ұстатып, Ақкелтені беріп, аттандырып салады. Қаншора Қиязға қарай зулатып тартады да, барып көрісіп, құшақтасып, солармен араласып кетеді. Қалың қол «Қияз» деп ұрандап, ақ ала желек ту көтеріп, Семетей мен Күлшораны қоршап алады.Күлшора әлі де үмітін үзбей, өң-түс екенін біле алмай, мойнына құрын салынып, Қаншораға тік қарап: «Айналайын Қаншора, бір туғандай болдық қой! Белді бекем будық, жауды бірге шаптық. Қай жерде көңіліміз суысып, қай жерде көңіл қалдырдық? Бір емшекті бірге емдік, ас-суды бірге іштік. Бізді көрген дұшпан «егіз шора» деуші еді ғой. Тай құнандай тебісіп, бала күннен бірге өскен, күресіп өскен бауыр едік қой! Нағыз батыр батырды осылай алдай ма екен? Айналайын аба, шора, тілімді ал, өкпең болса жойылар. Кеткенменен Қаншора, Керіліп еркін жатпайсың. Семетейдей ағаңды, Қос дүниеден таппайсың. Қаныкейдің ақ сүтін, Қаншора, қайтіп ақтайсың!? – дейді. Оның айтып тұрғаны, Семетейге ұялас болсын деп, Қаншора мен Күлшораға Қаныкей емшегін емізген екен. Осыны айтып: «Екі шора, бір төре, үшеуіміз бір кісідей едік, жаудан жеңілмейтін күш едік! Біз бірігіп тұрғанда, ешкім беттемеуші еді! Осының бәрі абекемнің ісі ғой. Біз бірге тұрғанда, хан Қияз қайдан кісі болып еді? Діліңді бұзба, тілімді ал, бізден кеткен қателік болса, көңілдің кірін кетірерміз. Жаңадан қайта құралған, Ел немене болады? Жаңадан қайта иеленген, Жер немене болады?
Обалын ойла еліңнің, Орайын ойла жеріңнің. Өз жұртыңа оқ атып, Қайсы жаққа елірдің? Өз еліңе сия алмай, О Қаншора, құлақ сал Қандай күшке семірдің!?» – деп Күлшора күңіреніп, батырып айтады. Бірақ, арам ниет Қаншора оған құлақ аспай, қолды соғысқа бастайды. Ғайып Семетей мен Күлшораны қоршап алған қалың жұрт Қияз бен Қаншорадан қорқып, бұрылып кете алмай, не тура шабуыл жасауға бата алмай шуылдап, қиналып тұрады. Арқамыз еді Семетей Қағысты қайтып саламыз? Қара қытай, манжу жоқ, Қараң қалған жетімнің Қайтіп басын аламыз?! – десіп, білгендері білмегендеріне өткен тарихты айтып, күбірлесіп тұрады. «Бұның атасы Манас көкжал ер еді. Қырғыздар тас талқан болып қуылып кеткенде, Алтайға барып туылып, он екі жасында атқа мініп, дұшпанға ойран салып, Қытайға кеткен қырғызды құтқарып алған шер еді ғой. Азған – тозған елдің басын құрап, бүкіл елге ата болған. Енді сол арыстанның тұқымына, бүкіл қырғызға қорған болған батырға біз қайтіп қол көтереміз? Бір заманда қара қытай, манжулар быт-шыт қылып, жан-жаққа шашып, біріңді Алтайға, біріңді Қанғайға айдап, қуғанда, мұның атасы: Манас Манас болғанда, Таласқа келіп қонғанда, Ақолпоқ тонын кигенде Алшайып атын мінгенде. Жетісудай қайран жер, Манас келіп жер қылды. Ажыратып дұшпаннан Айкөл Манас ел қылды. Енді Манастың ұлы көкжалға,
Бастырып қайтіп кіреміз? Бастағы кеткен көкжалдың, Тұзына қайтіп сиеміз? Ұятың бар ма, қырғыз жұрт? Бұның ұлына қайтіп кіреміз? Елге қорған қамқорға Қай бетпенен тиеміз?» – деп күңіреніп: «Соғысты қояйық!» деп қайысады. Сөйтіп, қалың жәдігер бата алмай тұрғанда, оларды бастап келген Қияз Қаншораға: «Біз осы Манастың жалғыз ұлына тиіспей, ауылға аман қайтсақ қайтеді? Абакелеп алдына барып, Тауторы атты тарту қылып, татулассақ қайтеді? Жетіөзенді жайлаған азғантай жәдігер едік, осы қанқор батырдан қорқып бізге тіпті қызылбастың өзі тиіспеген. Тыныш жатқан ел едік. Бұның түріне қарасам аждаһаның түрі бар, алты мың ердің сүрі бар. Жолбарыстай батыр, мұндай адам сирек туады. Бұл айбаты артық шер екен! Мен Қияз болғалы мұндай ерді көрген емеспін. Орда толған қырғызға Опал таудай шеп екен! Сондықтан біз соғыспаймыз, алыспаймыз! Ағасына өкпелеп, інісі жау болмайды. Туғанға батырлық қылған оңбайды. Қаншора құрдас, сен тілімді ал! Қырғыз бен қырғыз соғысып, қай мұратқа жетеміз? Бәріміз бір халықпыз. Одан да сыйласып, дос болып, жақын болып кетейік. Басқа жақтан жау келсе, қырғыз жұрты бірігіп қырғын салайық. Ал енді қазір Манастың ұлы көкжалға Тауторы атты тарту қылып, аба деп сәлем беріп, осы арыстаннан аман-есен қайтайық!» – дейді. Сол кезде Қаншора адырандап, қиқырығы тас жарып, қырып жібере жаздайды. Атаңның көрі ер Қияз Ыңылдай бердің сен Қияз! Бұл сөзіңді кім ұқсын? Бір қараңғы түн ұқсын! Батыр Қияз деп жүрсем, Қатын Қияз екенсің, Ерен Қияз деп жүрсем, Сасатын Қияз екенсің, Өзіңнен-өзің ентігіп, Қашатын Қияз екенсің! Жеті қоныс жеріңді Бел екен деп отырсам, Жерге кірген жәдігер,
Ел екен деп отырсам, Уағдаға темірдей Көк екен деп отырсам, Дардаңдаған ер Қияз Сені хан екен деп отырсам, Бет алған жауға тырыспай, Былшылдасып ұрыспай Бек ақылдан саса ма? Бек атын тартып қаша ма? Бек болмай қара жерге кір! Жеті қара көрге кір!- деп ұрсып, сөгеді. «Сен қазір Семетейге Тауторыны тарту қылсаң, «бұл қорыққанынан берді, жәдігерлер қатыннан төмен ғой,» – деп сені табанына салмай ма? Тобықтай басыңды жұтпай ма? Бір күні өзіңді құрбандыққа шалмай ма? Сен өйтетін болсаң, мен өзім қазір сені шабамын. Міне, жәдігердің батырлары, ер Қияз, ер Қадырбай бәрің тұрсың. Ал мен қазір қайтадан бастап Семетейге татуласуға барамын. Содан кейін сендер қашатын болсаңдар, құйқаңды тілемін. Тобыңа тозақ салып, тоқтатпай жұртыңды қырамын. Қазір Күлшорамен қосылып, еліңді қырып, жеріңді топан қыламын. Жан керек болса, айтқаныма көнесің. Уағдадан тайғанды ант пен аруақ ұрады, ал антты бұзған қорқақты және құдай ұрады!» – дейді. Сонда Қияз бұдан тағы қорқып: «О, айналайын, Қаншорам, құлдық сенің сөзіңе! Олай болса біз саған екі шылбыр бір тізгінді берейік. Айтқаныңа көнейік. Шабыс десең шабысайық, соғыс десең соғысайық. Билікті қолыңа берейік, сізді хан деп білейік!» – дейді. Жәдігердің барлығы уағда қылып, екі тізгін бір шылбырды Қаншораның қолына береді. Қадырбай мен Төлебай, Қияз үшеуі алтын түсті кілемге Қаншораны отырғызып,Жетіөзенді жайлаған жәдігер жерге кірген шораны хан көтеріп алады. Хан болған Қаншора одан сайын құтырып, қолын топ-топқа бөліп, ал ендеше аттан деп, жазайылды атып, жақты тартып,Семетейге қарай садақтың оғын жаңбырдай жаудырып, мылтықтың оғын бұршақтай жаудырып, аттанады. Жәдігердің ер Қиязы қолына найзасын алып, Тауторыны қамшылап, «Бағыштап» ұран шақырады. Қапталынан Қадырбай, төменгі жағынан Төлебай, бір жақ шетінен Қаншора да найзаны салады. Мінген аты теңселіп, жүре алмай қалған,қолында қамшыдан басқа қаруы жоқ Семетейге үшеуі найзамен төнгенде, Манастың көкжал ұлы өлімнен қайтпайды, елең
қылмайды. Қаншора найза салғанда, оның найзасын ортасынан қақ бөледі. Ол Семетейдің қолына түспейін деп тұра қашады. Қаншора қашқан кезде жәдігердің екі батыры Төлебай мен Қадырбай Семетейге найза салайын деп жатқанда, Күлшора жетеді. Жеткен бойда әлгі екеуінің басын тас – талқан қылып кетеді. Екеуін өлтіріп тастағаннан кейін, шулаған дауысы аспанды жарып, туларын желбіретіп, жәдігердің қалың қолы жақты жаңбырдай тартып, Семетейге қарай қаптайды. Сонда айкөл батырдың Аршаторы деген буданы болдырып, шабысқа жарамай қалады. Алқым қия белесті, Аспай тұрды Арторы. Арам өлгір шалпылдап, Баспай тұрды Арторы. Ашуы келіп қабылан: «Арғымақ бағып, ат бақтым, Садаға Буырыл буданнан. Азамат жидым, ер жидым, Арыстандарды тең жидым, Садаға кетсін Қаншора, Күлшорадай туғаннан. Арторы будан деп жүрсем, Бақалшағы бір тұтам, Байталды баққан екенмін, Қаншора туған деп жүрсем, Қотыр тасы қойнында, Шайтанды баққан екенмін! Енді басын қосқанда, Елдің халы не болмақ? Жарағы жоқ жас Күліс Ердің халы не болмақ? Хабарсыз қалды ел менен, Жердің халы не болмақ? Деп осылай Семетей, Аттан түсе қалады, Қамшы сабын таянып, Жауды тосып тұрады. Сол уақытта Семетейге қарайлап, аңдып жүрген Қаншора: «Енді кезек келді!» – деп, қаруы жоқ Семетейге қарай құйғыта шабады.
Осы кезде Семетей,
Келіп тұрған ажалды
Анша-мұнша елемей,
Тағдырына тарынып,
Күңіреніп алады.
«Білгенін қылсын итім! – деп –
Ақтаған жоқ ақыры,
Қаныкейдің сүтін, – деп –
Аңқаулық қылып алдырдым,
Жарақсыз кетті күшім, – деп,
Көрмеймін иттің жүзін!» – деп,
Теріс қарап қалады!
Өкпенің тура тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Сырнайзаны бұлғалап,
Қаншора найза салады.
Кәрі күшті хан Қияз,
Әне-міне дегенше
Ашып көзді жұмғанша,
Семетейді қармалап,
Келбетіне таңырқап,
Басын кесіп алғанша,
Жолбарыстай кәрленіп,
Абасының жанына
Күлшора ұшып жетеді.
Шошып кетіп хан Қияз
Қарай алмай Күліске
Ырғып мініп атына,
Жандай салып өтеді.
Осы кезде Семетей,
Еріп кеткен немедей,
Қимылдамай, үн шықпай,
Көзге түспей жоқ болды.
Қайсалақтап қалың жау,
Сүйегін таппай тоқталды...
Мұны көріп Күлшора,
Шашылмастан кеп айтты:
«Аруақ ұрған Қаншора,
Сендік әлім бар, шора!
Абакем тақыр өлген жоқ,
Өлгенін адам көрген жоқ!
Ер сақтаған ер өлмес,
Елді баққан жер өлмес.
Есіңде болсын, ит шора,
Ер туғызған ел өлмес!
Алдап айттың сөзіңді
Ант ұрсын сенің өзіңді!
Абыройы жоқ сен доңыз,
Кім санайсың өзіңді?
Жарағы жоқ ерлерден
Қайтіп алдың өшіңді?
Мықты болсаң, қару бер
Күшпенен өлтір өзімді!
Кәдімгі Күліс мен болсам
Жарамын сенің өтіңді!
Қарға менен құзғынға
Шоқытайын көзіңді!
Аттап кеттің, қара бет,
Аталардың аруағын!
Он екі өліп жатсам да,
Баса алмайсың,Қаншора,
Күлшораның салмағын.
Ойлайсың ба ит шора,
Көздегенін сау қоймас,
Манастың тірі аруағын! – деп, ашумен батырып айтқан уақытта,
Қаншора қылышын суырып алады. Күлшораға беттей бергенде,
Бағыш ханның ер Қияз арасына кіріп, «ай!» деп тоқтатып:
Бәрін бірдей қырмағын,
У ішкендей қылмағын!
Жорығын бұзып батырдың,
Арманда қылып салмағын.
Қаншора, досым тоқтай тұр,
Айтқанымды аңдағын!
Семетейді көрдің бе?
Тірі десең, жерде жоқ,
Өлді десең көрде жоқ. Біз білетін ғажапта Бұл секілді пенде жоқ! Өлген сайын өршіген, Өжет Манас тұқымы, Біткен сайын бекіген, Төре Манас тұқымы. Қағылайын Қаншора, Ойлайсың ба осыны? Қызыл өңі сұр болды, Өлген сүйегін көрсетпей, Таңқаларлық сыр болды! Түсінсеңші, Қаншора, Түбіміз жаман шыр болды! Жан шыққанша былқ етпей, Қиықтығы бар екен. Адамның қолы бармаған Ыйықтығы бар екен. Жабағының жалындай, Жалды туған ер екен. Өлімнен шошып қайтпаған, Өрттене шыққан шер екен. Жан сауғалап қойған жоқ. Салмағы бүтін жер екен! Жау басса жалпақ еліңді, Обалы кімнің мойнына? Сыздаған елден мұң шықса, Жасы кімнің мойнына? Тілімді алып Қаншора, Өлтірмегін шораны. Қорқар емес өлімнен Өлімнен қорықпас батырды, Өлтірген адам оңа ма? – дейді. Сонда Қаншора: «Ей, қорқақ Қияз, бұл шораны тірі қойсаң, түбіңе жетпей ме? Қолына қару тисе, бұл көкпар қылып кетпей ме бәрін? Толтайыңды өлтірген осы! Кезі келіп тұрғанда, көзін жояйын. Тірі қойсаң, ағасының кегін кектемей қоймайды!» – дейді. Бірақ, хан Қияз Қаншораға: Мұны өлтірмей маған бер,
Басқа олжаның барлығын
Қаншора өзің ала бер.
Тұла бойын тілейін,
Өлгенінше қор қылып,
Өгіз қылып мінейін.
Кең-Қол, Талас ішінен,
Оқ атар кісі қалған жоқ.
Енді сенде арман жоқ.
Жалғыз құлды сұрасам,
Жақын досым Қаншора,
Бермейтұғын шамаң жоқ!
Жақын кісің мен болдым,
Жан жолдасым сен болдың,
Оң далының шеміршек
Шеміршегін ояйық,
Қу далы қылып қояйық.
Ешкімге қару қыла алмас,
Ес алып қарыс қаша алмас,
Қадірлеп сұрап тұрғанда,
Қаншора қайтіп тіл алмас? – дегенде, Қаншора жүре береді. Қан
жұтып тұрған Күлшораны жәдігерлер жабылып ұстап, байлап
қояды. Күлшора:
Қайсы арманды айтайын,
Жарағым жоқ жау болдым.
Қаңқылдаған Қаншора
Шыбын едің, дәу болдың!
Қылығыңды қыла бер
Қашан болса басымды
Құшақтайды қара жер!
Алыстан келген жау болып,
Араласып көрмедім,
Алысып жатып өлмедім,
Өзегімнен өрт шығып,
Жақынымнан жат шығып
Осындай болды көргенім! – дегенде, оны сөйлетпей, барлығы
жабылып, шешіндіріп, тепкілейді. Аузынан қан кетіп, өлі-тірісі
білінбей, талықсып жатқанда қараса, Күлшораның мойнында киелі
қара жалы бар екен. Жауырынының үстінде қазандай қара қалы
бар екен. Қасиетті ер екен, қажымас арыстан шер екен. Хан Қияз
далының ортасын сойдырып, шоң көнектей етін кесіп, шеміршегін
ойдырып алады. Қыңқ етпеген шораны оқшау жерге тастайды. Бір
уақытта Күлшора есін жиып, күңіреніп дауыс салып, жан-жағына
қараса, қызыл қаны ағып, шеміршегі сойылып, аққан қанға қарға-
құзғын тойынып жатыр екен.
Шораны мынадай қылғаннан кейін, жауды жеңдік деп Қаншорамен
бірге ордаға аттанғалы тұрғанда, Қияз айтады:
Жазым болып қалмасын
Манастың өлген баласын.
Қайта барып көрейік.
Табылып қалса өлігі,
Құрметтеп көңіл бөлейік.
Қайткенменен шер еді,
Халық сөзіне көнейік.
Итке, құсқа жем қылмай,
Ардақтап оны көмейік!»
Деп осылай хан Қияз
Жан-жақтан іздеп қарады,
Абайлап ізін шалады.
Жарадар болған батырдың
Анықтап басқан ізі жоқ.
Оны көрген кісі жоқ.
Бұлақты бойлап қан ағып
Майып болып кетіпті,
Шыныменен Семетей
Ғайып болып кетіпті!
Енді Қияз бен Қаншора Кең- Қолға жетіп, орданы басып алып,
ойран қылады. Ештеңеден хабарсыз, қамсыз отырған Сары хан мен
Бақайды ұстап аларда, екі қария: «Қияз бен Қаншора қастық қылған
екен. Семетей мен Күлшораны ай батқандай қылды-ау! Қапыда
кетті –ау! Біз бұлармен соғыса алмадық-ау, әттең! Арыстаным
Семетей қайсыңа жамандық қылып еді? Енді Семетейдің ордасын,
әулетін қалай тірідей құлдыққа береміз? Соғысып өлейік!» – деп,
екеуі соғысқа кіреді.Он күнге шейін атысып, қызыл қанға батысып,
соғысып жүргенде хан Бақай жараланады. Сары хан жалғыз өзі
аш жолбарыстай алысады. Маңдайында қасиетті қалы бар екен,
қиқуды салып, айғайласып соғысып: «Аруақ ұрған Қаншора, қане,
айтулы батыр болсаң шық жекпе-жекке! Батырларша елдің алдында
армансыз соғысып өлейік!
Ант ұрған, қайтіп өлтірдің?
Әлпештеп баққан төреңді?
Шын құрдасың Күліске
Қайтіп салдың қорлықты?
Қолыңнан келсе сен шірік
Жекеде көрсет шоңдықты!
Құдай берсе сендейдің
Желкесінен басамын!
Ары жоқ туған бұзақы
Қаныңды судай шашамын!
Ақыры сені құтқармас
Аруағы Манас атаның!» – деп, тау бүркіттей күркіреп, атойлап
найзасын алып, тұра ұмтылғанда, Қаншора шыдай алмай қашып
кетеді. Сөйтіп, салтты бұзып, ұялмай, жекелесіп шыға алмай, арам
ойлап аянбай, ақыры айла табады. Қиязға барып: «Мынау Сары ханың
қабыландай екен. Мен мұнымен бетпе-бет соғысып жатпайын. Оған
ор қаздырып қояйын да, аңдып жатып маңдайындағы алақандай
қалынан атайын!» – дейді.
Түнде барып ақырын,
Орға кіріп жатады.
Қиқулаған Сарыны,
Маңдайдағы қалынан
Көздеп тұрып атады.
Қасиетті Сары хан қанға боялып, қаза табады.
Енді Қаншора мен хан Қияз тілектеріне жетіп, бейбіт елді
шабады. Сонда Қаншора Қиязға: «Айшөрек ару сенікі, Шашыкей сұлу
менікі!» – деп, хан болып билеп – төстеп, кесіп-пішіп қояды.
Сейтек
Күлшора тұтқын
Қайыпшының үңгіріне Семетей ғайып болғаннан кейін Күлшора
ағасын жоқтап, зар жылайды. Көзінен қанды жасын төгіп: «Қайран
ағам, сұлтаным, қалың қырғыз, көп арғын еліңді қапа қылмай кім
бастайды? Сырттан қиқулап жау келсе, алдынан кім қарсы алып,
бетін қайтарады? Қайтейін?!» – деп бұрқырап жылайды. Жан
– жағына көзін салып қараса, Таластың бойында Қаншора мен
Қиязға қарсылық көрсетіп Бөлекбай ұста соғыс бастаған екен.
Манасқа жолдас болған айтулы ұста қарсылық көрсетіп, аянбай
шайқасқанда, қалың қолмен Қаншора ортаға алып, оны да өлтіреді.
Одан Қаншора Қиязға: «Барлығын жайғастырдық, енді Күлшораның
көзін жойыңдар. Ол Алмамбет батырдың тұқымы, Семетейге
анық берілген, өзі қайратты, күшті, ертең есін жиып алған соң,
ондармайды сені. Мұның көзін жойыңдар!» – дейді. Қияздың әскері
жабылып, жәдігерлер Күлшораны ортаға алып, байлап ұстап
тұрғанда, Қаншора келіп, оларға айғайды салады:
Бабаң Толтай көкжалды
Күлшора сойып тастаған.
Алдырып қойып жәдігер,
Аттарын иесіз қостаған.
Алда қайран бауырым,
Айдалада өлді деп,
Жәдігерім жылап жоқтаған.
Бұл Талас саған жер емес,
Күлшора саған ел емес.
Күрсілдеген қу қулдың,
Оң далысын ойыңдар!
Оң сіңірін сойыңдар!
Сол далысын ойыңдар!
Сол сіңірін сойыңдар!
Өлік емес, тірі емес
Арам сана бұл құлды
Ара жайға қойыңдар!
Қырық жылқышы, сексен құл,
Соған отыншы, сушы қылыңдар!
Тез арада өлтірмей,
Қорлықпенен өлтіріп,
Аямай сорға салыңдар!
Адам болсаң, ел болсаң
Ұқ жәдігер сөзімді!
Абайламай оқыстан
Қинамай қойсаң қоқыстан,
Шынтақтап жатып ұйқы алып,
Жамбастап жанды тындырып,
Жатып ұйқы қандырып,
Есін жинап алмасын!
Соғысты епсіз салмасын.
Есін жиса шораға
Қылатын амал, айлаң жоқ.
Жиғызбай есін шораның,
Қонышына салғын қызыл шоқ.
Мұның жүрегінде темір оқ,
Қиын батыр Күлшора
Мұндай пәле тегі жоқ.
Семірер болса бұл шора,
Сергитін болса Күлшора
Жәдігер, бәрің өлесің!
Қорлықты бұдан көресің!
Аяғына бұл құлдың
Қысырақ байлап тулатып,
Қисаңдаса шошқаны
Қабырғасын қиратып,
Беліне арқан батырып,
Қабығы менен қатырып,
Ертең ерте тұрғанда
Шылғи тері илетіп,
Күн еңкейіп батқанда,
Ұйқы бермей шораны
Тамашаға билетіп,
Талпақтай сабап керіңдер,
Қартайған жылқы тобығын
Ас орнына жұтқызып,
Тоғыз аяқ су беріп,
Отынға мұны салыңдар,
Осылай кекті алыңдар!
Қол-аяғын керіңдер,
Сазайын мықтап беріңдер!
Жаның бар ма жәдігер,
Айтқанымды қылыңдар! – дейді. Жәдігерлер: «Қаншораның
айтқаны ақыл екен!» – деп, Күлшораға көп балуан жабылып,
ұстайды. Оң далысын ойып, оң қолының сіңірін біржола кесіп алады.
Қашырға байлап мінгізіп, қырық жылқышыға батырды олжа қылып,
құл қылып береді. Ханнан бұйрық болған соң, жылқышылар аяй ма,
жылқышы басы Қарағұл:
Ертең ерте шораны
Қараңғы жерге қаматып,
Қамшыменен сабатып,
Көкбөрі қылып талатып,
Көп жазасын береді.
Оң қолы жоқ, сол қол бар,
Күлшора болды анық қор.
Қырық құлаш арқанға
Отын таңып арқалап,
Қара жағал кементай,
Қапталы сандап бөлініп,
Далыдан қара қан ағып,
Дал-дал болып кементай
Тұс-тұсынан бөлініп,
Көзінің жасы төгіліп,
Таршылық түсіп басына
Көңілі кетіп бөлініп,
Өлейін десе арынан
Өлмей жүрді байғұсың,
Ойда үміт барынан.
Мұны мында тастайын,
Қара ниет Қаншора
Сұмдығынан бастайын.
Қаншора хан
Хан болған Қаншора есепсіз малды сойдырып, елді жиып, той
жасайды.
Алтын тақты Қаншораның тағы деп, өскен бақтың бәрін
Қаншораның бағы деп, көкжалдардың атын ататпай, жойдырып,
өзінің атын қойдырып, ойына келгенін істейді. Алтын тәжді киіп,
алтын таққа мінген соң, арғын мен қырғызға қаһарлы хан болып:
Мың қараша түйе бересің,
Мың қара қасқа бие бересің
Мың атанға жүк болатын
Қызыл алтын, зер бересің, – деп, халыққа аямай алым-салықты
салады. Қиналған халық тауға жиналып, Семетейді жоқтап
жылайды:
Кеше Семетейдің барында,
Жылғынды Кең -Қол ойында,
Кең Таластың бойында,
Қарабура шатқалда,
Ен жайлап, көп ел жатқанда,
Көк түс бойлап қонатын,
Қанжайлақ пенен Сусамыр,
Жерді жайлап тұратын.
Жырғалды көкжал, өлмей қал,
Қаншораның қорлығын
Пендесіне бермей қал.
Торы ала жорға тай бермей,
Хан екен деп Семеңе,
Тобықты жілік ет бермей,
Жатушы едік, қайқайып.
Қымбат көкжал барында
Қымыз ішіп, қызғанбыз,
Шекеден терді сызғанбыз.
Ер көкжалдан айырылып,
Қорлық көріп, өлдік пе?
Зор қиямет тозақты,
Тірімізде көрдік пе?
Ойбай, Семең, өлмей қал,
Ата болып, асырап,
Ана болып сақтаған, Ерен сұлтан, өлмей қал, Бейнетті бұл ел көрмей қал! – деп, зар еңіреп: «Қаншора хан болған соң: Тірідей кірер көр таппай, Өртеніп жанып, күйдік қой. Қайда барар екенбіз? Қайда сыяр екенбіз? Қанғып, қашып, тентіреп, Безіп кетер ме екенбіз? Тарыдай боп жан-жаққа, Шашылып кетер ме екенбіз? Жеті қатқа жетерміз, Алтайдан асып кетерміз!» – деп, шулап тұрғанда, қырық шораның данасы, Құттыбидің баласы Ақжолтай: –Айшөрек айымның ішінде айкөлдің алты айлық баласы қалды. Енді бір жеті жыл болғанша Қаншораның дегеніне көнейік, алымсалығына шыдап, берейік. Айшөрек ұл туса, асылдан қалған тұяқ деп, алдымызға салайық, кегімізді алайық! Төремізден айырылдық деп, тентіреп қайда барамыз? Қаншораның қаһары төнді екен деп, Алатау жерімізден айырылып қалмайық! – деп, басу айтады. Жұрт осыған тоқтайды. Ал осы кезде боз ала желек ту көтеріп, қиқулаған әскерімен жәдігердің хан Қиязы Қаншораға келеді. Қаншора: - Ал, қалың қара жәдігер, енді Семетейдің ордасын тонап алыңдар! Оймақ ауыз, бота көз, сұлу қыз-келінді олжа қылыңдар! Алтын, ділдәсін алып, Семетей өлгенде, олжасын талап алдық деп, жер жүзіне, халайыққа әйгілеп айтыңдар! Жетіөзен жеріне, жәдігердің еліне мақтаныш қылыңдар! -дейді. Е-е, қызталақ Қаншора, Қалмақтан келген жау емес. Өз болатын мұқалтып, Өз туғанын жоғалтып, Бұзылған екен биыл түс. Өзінің елін талатқан, Қылымда болмас мұндай іс! – деп, қалың қара жәдігердің ақылмандары ойланады. – Өзінің халқын бүйткен адам, бізді қайдан аяйды? Өз ағасын өлтіріп, өз туғанын қор қылған сұмның кімге елдігі
болады? Бұл бізге қай жерден туған бола қалды? Ертең Қиязды да алдап, тағын тартып алады ғой. Біздің қалың қара жәдігер осының азабын тартады. Бұның қулығы бар, арамдығы бар. Бұл шатақ болады! – деп бас шайқап, жасы мен кәрісі –бәрі ойланып қалады. Сонда арамдығы көп Қаншора, қаһарланып бақырып: «Қалың қара жәдігер, анау Айшөрек долыны Қияз хан алмай қалай тұр? Ол Айшөректі Толтай хан алмақшы болып, осы Семетей мен Күлшорадан қаза тапқан. Ал енді жәдігер, Толтайдың кегін алмайсыңдар ма?! Кезегің келді, қанқордың қатын-баласын бөлмейсіңдер ме?! Семетей ханның ордасын шаппайсыңдар ма?! Сөйтіп жеріңе мақтанып бармайсыңдар ма?!» – деп, қайрайды. Қиязға: «Әй, сұлу қатын Шөректі алмайсың ба? Қаншорадай досыңды хан көтермейсің бе? –дегенде, Қияз жарлық беріп, Қаншораны ақ киізге салып, алтын тәжді кигізіп, алтын таққа мінгізіп, хан көтереді. Сонда бір хабаршы Шашыкейдің ордасына шауып барып: «Қаншора хан болды!» – деп сүйінші сұраса, Шашыкей қуанып: «Кеше төренің аман кезінде де біз Қаншора екеуміз күбірлесіп жүруші едік. Ерлі-байлы болуға уағдамыз бар еді. Сүйіншің міне! – деп, алтын береді. Сөйтіп, Семетейдің ордасына жәдігерлер кіріп, қожа-молданы жыйдырып, Шашыкей қатын мен Қаншораның некесін қыйдырады. Сол тамаша қылған жиында әулие қария Бақайды сексен балуанға көкпар қылып тартуға береді. Сақалы қудай қуарып, қартайған қасиетті Бақай мұндай қорлықты көріп, өлейін десе өле алмай, зар еңіреп, Семетей мен Күлшораны жоқтайды. -Мен осылай қартайып, осынша қорлық көретіндей не қылдым екен?! Зымырық етін жедім бе? Өлместің суын іштім бе? Құзғынның көзін жедім бе? Айналайын жаратқан, Сырттандардан айрылып, Бақайды күйіп өлсін дедің бе? Қаныкейдің айтқан бір сөзі бар еді: «Осы Қаншора емшек сорғанда қан шықты.Түрі бөлек, ар жағында зілі бар, дұшпандығы бар!» – деп еді. Мен соны байқамай қалған екенмін. Соқыр болған екенмін! – деп, боздаған Бақай Қаншораны қарғайды: Ой, Қаншора, құлыным,
Оңбай қалған гүл ботам,
Бұл қылығың құрысын!
Сәби, бала кезінде
Мойныңа тұмар таққанмын.
Бауырға қысып, құшақтап
Әлдилеп жүріп, баққанмын.
Аштан өліп қалар деп
Қазыдан кесіп жегіздім.
Қаныкейдің емшегін
Кәдімгі туған болсын деп
Ей, арам, саған емгіздім.
Қалың арғын, көп қырғыз,
Қаншораны мен қашан,
Бөтен бала дегіздім?
Еренге қанат болсын деп
Ертіп жүріп, ер қылдым.
Ер ұлымен тең қылдым.
Жетім едің, шоң қылдым.
Жетілдіріп, мол қылдым.
Ербиген бойың, ер қылдым.
Ебегейсіз шер қылдым.
Ерлігіңді арттырдым,
Ақтағаның осы ма?
Еңкейгенде Абаңды,
Көкбөрі қылып, тарттырдың.
Қарыған Бақай абекең
Халыққа қаран, хан еді.
Көкбөрі тарттың, Қаншора
Қандай өшің бар еді?
Еңкейгенде зор Бақай
Егініңді ордым ба?
Бабаң Балта, Шуақтың,
Барлығын мен сойдым ба?
Алаңды ала қаштым ба?
Ақ алтын, дүниең шаштым ба?
Балам, өзен, өзен, өзенше,
Өзеншеге қонып қал!
Күйеріңнен айырылып,
Өзің мендей болып қал!
Балам, өлмей, жітпей көп жасап,
Балам, менің тоным киіп қал!
Балам, жанарыңнан айырылып,
Өзің мендей болып қал!
Балам, басым болсын дұшпаның.
Ішіңде қалсын бұшманың.
Керіге бойлап, қонып қал.
Жар-жораңнан айырылып,
Жапа түсіп басыңа,
Өзің мендей болып қал!
Сонда Қаншора кәпір именбестен, қаһарланып:
Мен қасиетті жан болдым, қақбас!
Халайықты иіріп, жұрт билеп
Мен қол тоқпақтай хан болдым, қақбас!
Мен у ашытам күбіңе, қақбас!
Осылай жетем түбіңе, қақбас!
Сенің тамырың суырып алармын, қақбас!
Саған талай бір тозақ салармын, қақбас!» – деп, адамнан тасбауыр
Қаншора
Бақайдың қол аяғын көк лақтай создырып, көк ала қойдай
сойдырып, әбден қорлап, азап тартқызады.
Бақай ханның жатқаны
Шөп лашық үй болды.
Қартайғанда Бақайдың
Екі көзі көр болды.
Қадірлі басы абаңның
Қара жермен тең болды.
Қаһарланып Қаншора,
Таласқа салды зорлықты.
Жалғыз Бақай кәрі емес,
Қалың елге Қаншора
Көрсетті қатты қорлықты.
Мұны мұндай тастайық, ақ сарайдан бастайық. Кезінде Қаныкей
қалап салған ақ сарайын перизада Айшөрек келін болып келгенде,
сыйға тартқан екен. Айшөрек айналасын бек қылып, ортасын алтын
тақ қылып, жақұт, гауһар тастан әсемдетіп жарғызып, алтынмен
аптап, күміспен күптеп, жайнатып қойыпты..
Жақұт, гауһар тасынан Әсемдетіп, жарғызған. Айналдыра сарайды, Хауыздатып салдырған. Алтынменен сырлаған, Күміспенен шырмаған. Екі кісі сөйлессе, Өзінен-өзі жырлаған. Қарағайдан нау қылған, Тастан жиып тау қылған, Ала алмай дұшпан жадаған. Алып адам жетпеген. Төрт аяқты айуаннан Тышқан жайлап өтпеген. Белесін дұшпан шалмаған, Бет алып адам бармаған. Айналасы шеп қорған Ақ сарайда Айшөрекке Ақжолтай келіп, қалың қара жәдігердің Семетейді мерт қылғанын, оның өліп, сүйегі табылмай, ғайып болғанын айтады. «Батырдың: «Қартайған енем Қаныкей артымда аңырап қалып, шыңғырып бетін жыртып, шыбындай жанын қиып, өліп қалмасын. Айшөректің бойына біткен бала бар, еркек болса балаға Сейтек деп ат қойып, Күлшора өлмесе, соған жолдас қылсын!Аман болса Сейтегім қанат болады!» –деген керезі бар еді. Қаралы басыңды ер қылып, Қатын басыңды ту қылып, Қаншора мен Қияздан Ұрғашы жолбарыс шер болсаң, Шын Айшөрек сен болсаң, Арамнан алғын өшіңді! Күлшораны шекесін тесіп, далысын кесіп, жылқыға салып, құл қылды. Қалғандарының барлығын қырып тастады. Сары ханды сойып, өлтірді. Бабам Бақай қарияны көкпарға тарттырды. Қалың арғын, көп қырғыз күйініп, қайран жаннан түңілді!» –дейді Ақжолтай. Шоң енесі Шиырды, Есінен танып, жығылып, Сорлы енесі, Қаныкей Өкіріп, өксіп тұра алмай,
Өз жанын өзі қия алмай,
Күлботам деп бұрқырап,
Күйерім деп шырқырап,
Кешігіп шашым өргенім,
Зарығып жүріп көргенім,
Енді менің көрерге қараң түнім бар.
Медер қылған жалғызым
Сенен бөлек кімім бар? –
деп, Қаныкей зарлағанда, қалың жұрттың барлығы жылап,
қайың-тал жылап, жер сілкініп, тас жылап, қайғыға батады.
Манасқа ғайыптан табылған Құмайық аза тұтып, ыңылдап қалады.
Семетейден айырылған Ақтайған иті қарғысынан босап, ғайып
болып кетеді. Ақсұңқар құсы да көкке ұшып кетіп, ғайып болады.
Сөйтіп, елдің барлығы қайғырып: «Енді қандай заман, қандай күн
болар екен? Айкөлдің көзі жоқ болған соң, арғын-қырғыз жұртының
ауылы қайда қонып, айласы қандай болар екен? Елдің иесі жоғалды,
елі қайда қонады, есебі қандай болады? Көңілде талай бұшман бар,
бізді көмгелі тұрған дұшпан бар! Осындай екен дүние шоқ!» – деп,
зар еңірейді.
Жұрт осылай қайғыға батып, қабырғасы сөгіліп, шұрқырап
тұрған уақытта жәдігерлер ер Қияздап ұрандап, Қаншора қаһарды
бастап, боз биені антқа атап сойып, қанына қолдарын малысып, екі
арам анттасады.
–Ал Қара Бура шатқалда жатқан Семетейдің көп жылқысын
сыпыра талап алыңдар! – деп, жәдігерге «Аттан!» – деп, бұйрық
береді. Сөйтіп, жылқыны түп көтеріп, айдап әкетеді.
Шынқожа, Толтай құны деп,
Қалың қол кірді, жан қоймай.
Жалды құйрық, тай қоймай.
Құйрықты қозы, ет қоймай,
Ұзын аяқ мал қоймай,
Ұрысқа айла қылатын.
Сойыл соғар жан қоймай.
Жұрт бастайтын ер қоймай
Қайрат қылар ел қоймай...
Келін-қызды қоймай, «Шынқожа-Толтайдың кегі» деп, түгел
талап алады. Қарсыласқандарды қырып-жойып, Қаншора, Қияз
бас болып, қаптап сарайға келіп, қоршап алады. Мұндай сұмдықты
айкөлдің ата-бабалары көрмеген. Бұрынғыдай қалың жау келсе, қиқуды салып қирататын Күлшора жоқ. Сол кезде ақ сарайдың ішіне оқ жаңбырдай жауып, естерін шығарады. Тұс-тұсынан қаптап келген бұл жаудың түрін көргенде, өлейін десе өле алмай, өз жанын өзі қия алмай, Қаныкей, Айшөрек – бәрі, қайтерін білмей қалаады. Сонда Айшөрек Қаныкейге айтады: - Е-е, қара сұрдың сұлуы, әйел заттың мықтысы, қайран енекем, не көрмедің?! Азапты да, қызықты да, барлықты да, жоқтықты да көрдің. Бәрінің парқын білесің. Мына емшегіңді берген балаң – Қаншораның да қылғанын көріп тұрсыз. Өзіңіз өсірген бала, өзіңізге жау болып, аяйтын түрі көрінбейді. Қалың әскерді бастап келіп тұр! Қағылайын берекем, қайран енекем! – деп Қаныкейге зар жылайды. Сонда Қаныкей айтады: Е, құлыным, балам, Айшөрек, Айтқаныңның бәрі шын. Жақ тартысып, ұрысып Қаншора –қиын жау болды. Анасын Қамбар алыпты Атасын бүтін ұмытып, Қара ниет –кәпірің Осы Қамбар шораның Ұлы болып қалыпты. Шуақтан қалған шұнақ деп, Асылдан қалған мұрат деп, Берен балам, Семетей Өзіме алып келгенде. Жүрегі майлы болсын деп, Қазыдан кесіп, жегіздім. Кәдіксіз туған болсын деп, Емшегімді еміздім. Сол емшегім Қаншора Сорып еміп тұрғанда Өне бойым сырқырап, Шыбындай жаным шырқырап, Сай-сүйегім сырқырап, Сорған сайын әл кеткен. Емшектен қара қан кеткен. Түбі дұшпан боларын,
Аямастан халықты
Бір қырғын қылып қоярын
Қарап, ойлап, білгенмін.
Қараң түнді саларын,
Зорайса жұртты шабарын,
Қармасып, сорға маларын.
Сырты туған, іші –арам
Сыр біліп, түпке жетерін,
Сонда шіркін, білгенмін.
Түбінде дұшпан екенін,
Түр-түсінен білгенмін.
Жау болар деп жүргенмін.
Шыбындай жанды қинадым,
Ажыбай, Бақай ханы бар,
Ел арытып, жұрт көрген,
Ерендердің бәрі бар.
Әулие бар, ерен бар.
Алты айшылық келерді,
Жеті айшылық кетерді,
Жете көрген данышпан,
Көзі көрген алыстан,
Сөйлегені –жария,
Халық атасы –қария,
Қапияда сөз тапқан,
Қараңғы түнде көз тапқан,
Қол бастаса, қажымас,
Қараңғыда қарсақтың,
Ізіне түссе, жаңылмас.
Ғажап білген қары бар,
Осынша елдің бәрі бар.
Үлкейген ұлым барында,
Емізбей жанжал салғанмын.
Ел тоқтатып, жұрт жиып,
Ерікпей жиып алғанмын,
Сөзді ортаға салғанмын.
«Емшектен қан шықты» деп
Жүзі бөлек түрінде
Ақыры дұшпан зілінде,
Мүлкің өртеп, шет қылар
Зілінде сені мерт қылар.
Ауылыңды бұзып, шу қылар,
Қиялы шатақ, іші арам,
Белгілі ала жоғалмас,
Пейілі бұзық оңалмас,
Осы шораң өскенде,
Дұшпан болар түбінде.
Еренді жиып, шырқырап
«Қаншора көзін жоғалт» деп,
Неше күнге бұрқырап,
Айтсам, ұлым көнген жоқ,
Қақсасам, тілім алған жоқ.
Сырттан туған Семетей
Телегейі тең еді.
Ішін көрсең көкжалдың,
Көл-дариядан кең еді.
Ұқпай қойған сөзімді,
Ұят қылған өзімді.
Білмей қойған сөзімді,
Көп кейіткен өзімді:
- Қара қылған баланы,
Қайтіп қармап, сой дейсің?
Қатыгез анам, не дейсің?
Туған болар шораны,
Тура қармап сой дейсің.
Бұл бәдірек бір бала
Бір бала тентек болғанда,
Бейталай анам, не дейсің?
Жалғыз бала жау болып,
Ай-әлемді сора ма?
Бір кішкене баланы
Жау көрген кісі оңа ма?
Бекзаданың жалғызы,
Медерін сояр жан бар ма?
Ханзаданың жалғызы
Қаранын сояр жан бар ма?
Қара ойлы анам екенсің,
Басымдағы мекенсің.
Бұзылған іске бұрмалап,
Мені бұзып қояр ма екенсің?
Бесіктегі баланың
Бек боларын кім білер?
Қарындағы баланың
Хан боларын кім білер?
Бауырдағы баланың
Жау боларын білдім деп,
Зобалаңды сорлы енем,
Жосыны жоқ кеп салдың.
Өрге тартсам, өбегім
Ылди тартсам, жөлегім,
Қаншора менен Күлшора
Менің екеуі тең туған бөбегім.
Алмамбет, Шуақ –екі атам
Екеуінен қалған мұрагер,
Бұл егіз болар ерлерді,
Қай бетіммен бөлемін?
Ашулансам, құрған жан
Аққалпақ жұртым жиямын.
Аты ұйқас екі баланы,
Беліме таңу қыламын.
Бет алған жауды қырамын.
Еее, бейталай анам, не дейсің?
Бұл сөзіңді кім ұқсын?
Көз көрмеген, түн ұқсын.
Ала асқарлы тау ұқсын.
Аш айқырық, қу сүрен,
Айғайлаған жау ұқсын.
Қазылған қара көр ұқсын!...
Жал-құйрықтан айырып,
Құландай қылар ма екенсің?
Басар аяқтан айырып,
Жыландай қылар ма екенсің?
Таудан аңшы лақтырған
Тастай қылар ма екенсің?
Сорғақ адам мүжіген
Бастай қылар ма екенсің?
Ақыл илеп, ой-ойлап,
Жан – жағымды басыма
Дұшпан қылар ма екенсің?
Бөлме бөйтіп санамды,
Бөлекше бұлай демегін
Қаралды қылған баланы!– деп, өзімді ұялтып, тілімді алмай, сенбей
қойып еді. Сөйтіп, мойнына тұмар тақтырып, әжесі Шиырдыға
бақтырып еді.
Асырап, бағып, ер қылған,
Ер ұлымен тең қылған.
Тоғызға бала келгенде,
Торқаның күйін кигізіп,
Топ бұзар жорға мінгізіп,
Тойға ертіп жүргізіп,
Желмеген жорға мінгізіп,
Арғын менен қырғызды,
Былқылдатпай білгізіп,
Асырап, сақтап, зор қылған.
Әлем жұртқа шоң қылған.
Жылап жатса, уатып,
Ұйықтап жатса, оятып,
Ертіп жүріп, ер қылған.
Қазыдан кесіп, жегізген,
Өлмей жүрсе, қанқорға,
Өбек болар дегізген.
Еріксе елік атқызған
Ес қалмаған баласы,
Ақырында Қаншора
Жау болғанын қарашы.
Ей, айналайын, Айшөрек,
Кейімегін құлыным,
Өлеңнен күйіп, өрт шығып,
Өз ішіңнен жау шығып,
У төгіпті күбіңе.
Осы тұрған Қаншора
Балам, жеткен екен түбіңе.
Ей, Айшөрек, құлыным,
Менің ішім –жалын, сыртым –шоқ,
Сенің ішіңде бала бар,
Мен медер қылам құдайға,
Жаратқанға көңілім тоқ,
Айшөрек балам, сөзімді ұқ!
Қорлық, қиын күн көріп
Зарлап жылап, күйермін.
Тағы сені он екі жыл күтермін.
Он екі жыл толғанша,
Қорлық тартып жүрермін.
Он екі жылда келмесең,
Мен зарланып жүріп, өлермін!
Ей, Айшөрек, құлыным,
Ақылға дихан сен едің,
Құрсақтағы бел едің.
Еркек болмай, қыз болса
Айшөрек балам, хат жібер.
Хат жіберсең, бат жібер.
Арқа шашым өрейін.
Күйіп-пісіп, шоқ болып,
Мен сорлы сол күні өлейін!
Егер де еркек, ұл болса,
Толықтап тойын соя көр,
Мұның атын Сейтек қоя көр.
Мойнына белгі таға көр,
Кірлі көйлек кигізбей,
Кірлі тамақ ішкізбей,
Кір жуғызбай баға көр!
Жасы он үшке келгенде,
Жылғынды- Кең-Қол жерін айт,
Жырғалды қырғыз елін айт!
Өзенді Талас жерін айт
Арғын-қырғыз елін айт.
Толып жатқан жөнін айт,
Мен қарабет долыны айт.
Ей, айналайын, Айшөрек,
Жібек оңып, жүн болмас.
Жақсы ұрғашы, құлыным, Жауға түссе, күң болмас. Қайрат байлап, шерлік қыл. Туғаның болды дұшпаның, Балам, ендігі жерде ерлік қыл! Ей Айшөрек, құлыным Айтқаным осы, біліп ал. Тұтқынға кетіп Күлшора, Зорығып ботам өлген дүр, Өлмей, аман бар болса Қорлықтың көрін көрген дүр! Батыр да еді, шер де еді, Жылқышыға құл болып, Арқа,мойнын жауыртып, Екі қолын ауыртып, Күйіп жүрер Күлшорам. Жылында көзін көргейсің, Кементай тоны жыртылса, Ей құлыным, Айшөрек, Кей-кейде жамап бергейсің. Ашығып келсе, тойғызып,, Ал, Күлшора қайныңды, Арып келсе, семірткін, Көз салмасаң, жаманат, Ей, Айшөрек, құлыным, Күлшора саған аманат! – деп, Қаныкей кейде қайраттанып, кейде жылап аманат сөзін айтып болғанда, Қаншора бастаған жәдігерлер қаптап, кіріп келеді. Алтын-күміс, ділдәні тонап алады. Құттыбидің баласы Ақжолтай соғысып, ақыры Қайыпшының беліне, Қанжайлақтың сеңгіріне қарай қашып шығып, Қайыпшының Қаратау сеңгіріне тығылып, аман құтылып кетеді. Қаншора мен Қияз әскерімен орданы түгін қоймай талап, елдің бәрін шулатып, қазынаның аузын аштырып, алтын-күмістің барлығын тонап алып, білгендерін қылады. Қияздың қалың қолы, Қаншора барлығы дүниеге қарық болып, бұл пендеге қияметтік ұмытылмайтын бұзық іс болады.
Айшөрек олжа Ақ сарайға кіріп келген Қияздың көзіне Айшөрек айдай болып көрінеді. Бірақ, Айшөрек шыбын жанынан түңіліп, жаныма жақындап келсе, Қиязға Зұлпыхар қылышты саламын деп, дайындалып тұрады. Екі көзі өрттей жанған келіншекке жәдігердің Қиязы жақындап келуге бата алмайды. Келбетіне, сұлулығына таңданып: «Айдай қатын Айшөрек адамнан артық жан екен. Шынқожа мен Толтай екеуінің таласқандай жөні бар екен. Бұл қыз кезінде күндей жарық болған шығар! Мен қазынамның аузын ашып, бар жиғанымды шашып, түндігі алтын, бауы жез, құлпыртып орда салып, Шөректі кіргізіп, сыйлармын!» – деп ойлайды. Шөректі Қияз алды деп, Күллі жұртқа шу қылып, Қыз алғандай қылмасам. Күнде қырық жалынып, Қызметін қылып табынып, Маңдайында тұрмасам, Айдай қатын Айшөрек, Айтқан тілін алмасам, Айдаған жаққа бармасам, Дегеніне көнбесем, Ақбілтенің шоғы ұрсын! – деп,өзіне-өзі серт қылып, Айшөрекке жалынады. Айшөрек: «Егер жақындаса, Қияз бен Қаншораның екеуінің де басын кесіп алармын!» – деп, тісін қайрап, қылышын сайлап тұрады. Орданың ішінде Айшөрек сұлуға бата алмай, ақылынан сасып, жәдігердің Қиязы Қаншора ханға барады: - Мына Айшөрек қатынның түрі жаман. Бүкіл әлемді ұшып жүріп қыдырған жеңгең нағыз долының өзі екен. Жеті өзен алып барғанда Желігіп тұрған бейбағың, Асыма уды салмасын. Апарғанда қатының Арқыраған кәпірің, Бізді қырып салмасын. Күпшекке салып бозаны, Күйдірген удан қоспасын. Алайтып көзді оймасын.
«Қатыннан Қияз өлді» деп,
Қылым жұрт өсек қылмасын.
Досым, құдай ұрмасын.
Алмаймын тажал қатынды,
Айғыр болып азынап,
Азапқа салып тұрмасын! – дегенде, Қаншора қаһарланып: «Ей,
атаңның көрі жер Қияз, қатыннан қарыс, кем Қияз! Бұл айтып
тұрғаның не сөз? Осы Шөректі аламын деп Толтай өлген. Ер
Толтайдың ескі кегін алдым деп, бір мақтанып қалмасаң, сенің
хандығың кәне? Ерлігің кәне?
Айтулы Талас жерді алдың,
Арғын-Қырғыз елді алдың.
Күлшора, Бақай дәуді алдың,
Сандаған тұлпар, малды алдың.
Сайысқа кірсе сан қасқа,
Жалпы бәрі көй қасқа
Береннен мұнша шерді алдың.
Қайра тартып, қалтақтап,
Қашпаққа мойның бұрасың.
Шын талассаң – жесірің,
Шамырқансаң – зайыбың,
Қатыннан қорқып тұрасың.
Қалжырайсың сен Қияз,
Кімді мазақ қыласың?
Қаласаң қайран Шөректі,
Қатын демей, қыз дегін.
Басыңа қонды дәулет-бақ,
Қимылдарың осы шақ.
Қызыталақ қанқордың
Қорғанын бұзып, айылын ал!
Күн жүзденген зайыбын ал!
Таласқа сайған бағын ал!
Ел билеген тағын ал! –
деп, Қаншора Қиязды қайрап, жау-жарағын сайлап, айбалтасын
қолға алып, қатынды олжа қылуға беттейді.
«Қарма, күңді! Қарма! – деп,
Қол-аяғын байла! – деп,
Айтқан тілді алмаса,
Айдаған жолға бармаса,
Талпақтай сабап, керіңдер,
Жазалап, ұра беріңдер!
Кементайды кигізіп,
Кер байталға мінгізіп,
Табанын тіліп, тұз салып
Ақ бетін тіліп, құрт салып,
Атасы Ахун қолына
Талақ қылып беріңдер,
Салпайтып айдап жүріңдер!
Атасы Ахун шәрінен,
Келген еді бұл долы,
Кер ішік киіп, сылқылдап,
Кер жорға мініп, былқылдап,
Енді кейіп барсын шермендең,
Қу байталменен далпылдап,
Құрымсы киіп салпылдап!
Атасы Ахун шәріне
Құрып барсын қарабет,
Ахун жұрты өсектеп,
Айласын түгел кетірсін!
Не болмаса Айшөрек,
Мына сөзді біліп ал,
Өлген көкжал зорыңыз,
Байланған жеңге, қолыңыз.
Өлмей-жітпей, күн көріп,
Айтқан тілді алыңыз,
Жәдігер ханы Қиязға
Бәйбіше болып барыңыз!
Айтқан тілді алсаңыз,
Ер Қиязға барсаңыз,
Түн тамаша, күн ойын.
Күрделі сөзді біліңіз,
Гауһардан болар үйіңіз.
Екі тізгін, бір шылбыр
Ер Қияздан алыңыз!
Қатын басы дегізіп,
Жетіөзенде жәдігер,
Сұлтан болып қалыңыз!
Тіл ал жеңге, Айшөрек,
Жапа тартып, қор болмай,
Алтыныңды жегізбей
Олжа қатын дегізбей
Сыйыңызбен барыңыз.
Айтқан тілді алмасаң,
Ол Қиязға бармасаң
Жұлынып төбе шашыңыз,
Кесілер қымбат басыңыз! –
дейді. Сол уақытта Айшөрек ер Қияз бен Қаншора екеуіне былай
дейді:
Қыраннан туған қабылан,
Құзғыннан туған қу Қияз
Құрдас деп қайтып тиемін?
Сұңқардан туған қабылан,
Қарғадан туған сұм Қияз,
Төсімді қайтып ашқызып,
Төсегім қайтып басқызам?
Бұл төбеден тиген Қиязың
Төре көкжал батырдың
Төсегін басса, оңа ма?
Екі тізгін, бір шылбыр,
Қолыма қайтіп алайын?
Қорлық, талау, шыр көрмей
Қиязға қайтып барайын?
Алатаудай Айкөлден
Қайтып тірі қалайын?
Сұраса бермес Буырылға,
Шорам, суық құрық салыпсыз.
Жалынса бермес Шөрегін
Олжа қылып алыпсыз.
Туғанға қастық қылыпсыз
Өз ағаңды өлтіріп,
Өңгеше шорам, тұныпсыз.
Ағаңа қазат бастапсыз,
Бек Алатау, аз қырғыз,
Жергеңді қараң тастапсыз.
Бегіңе бейпай бастапсыз.
Енді қара сапты Зұлпыхар,
Қажатып алмай кім ұстар?
Халықты қамап, жау келсе,
Қағыстан тосып, кім бастар?
Толқыған неше жау шықса,
Томсарып тұрған бұл жұртты
Тоз-тоз қылмай кім бастар?
Таудай абаңды өлтіріп,
Белге кеткен екенсің.
Тобықтай ақыл сенде жоқ,
Ордалы жұрт аз қырғыз,
Еліңді салып тозаққа,
Бұзылған шорам, оңбай қал,
Селге кеткен екенсің!
Ойласаң, жанжал осындай,
Алты күлік атпенен,
Алақандай хатпенен,
Адыр-күдір белменен,
Адамдар баспас шөлменен,
Қақаншыға, Дыңшаға:
«Шорадан Айкөл өлді» – деп,
Кеп ұғылса мыншаға.
Қалдайлардың қанына,
Қақаншының шәріне,
Құлақ ұғып, көз көрген
Қимылды жұрттың бәріне,
Хан аттанып жол жүріп,
Қосын толып қонбай ма?
Атыс,тартыс, шу болып
Қан талауы болмай ма?
Қаншорам сені соймай ма?
У ашытар күбіңе.
Ұрысып түмен жау келсе,
Жәдігер ханы ер Қияз
Сенің қоса жетер түбіңе! – деп, күйіп-жанып, қайнаған Айшөрек
Зұлпықарын жалт еткізіп, оқ жыландай оқталып, Қаншораны
шабарда балуандар араға түсіп, ұстап қалады. Ашуланған Айшөрек
сарайдың ішін даң қылып, орданың ішінде қақтығыс-шайқас болады. Бірнеше балуанның басы шабылады. Бірақ, қасында Күлшора жоқ, Ақжолтай жоқ, Бақай жоқ, Сары хан жоқ, амалдары қалмайды. Айқас кезінде шапшаң Қияз Айшөректің қылышын ортасынан қақ бөледі. Айдай қатын Айшөрек алты жерден жараланып, ақ емшектен қан кетіп тұрғанда, Қияздың балуандары оның қол-аяғын тастай қылып байлап алады. Мөңкісе үзіп шыға алмас, Торға кетті Айшөрек. Жәдігердің Қияз хан Зорға кетті Айшөрек. Жәдігердің Қиязы Қызыл құйрық пілді алды, Пілге жүктеп, ділдә алды. Айшөректі бас қылып, Ең сұлудан мыңды алды. Орда бұзып, олжа алып, Ойласаң мұнша жанды алып, Алтын менен күмісті Жүктей алмай тұрады, Аппақ келін, сұлу қыз Үптей алмай тұрады. Сонда Қияз Қаншораға: «Жетіөзенді жайлаған жәдігердің көп елін сенен аямаймын. Бірақ, мынау арғын мен қырғызың қиын. Сөзінде бұрмасы, көзінде бұзығы тұрады екен, осыларға сақ бол! Бұларды шұбатып, сынап байқасақ, сөйтіп ерендерін қырып тастасақ қайтеді? – дейді. Қаншора: Бұл айтқаның қандай сөз? Жылғынды-Кең-Қол, Таласты, Орам десем, орамын. Сорам десем, шулатып Аждаһадай оп тартып, Қалдырмай халқын сорамын. Қиын жыным ұстаса, Қыл қалдырмай бұл жұртты, Қырғын қылып қоямын. Шабысарға шама жоқ Алысуға әлі жоқ,
Айқайымды естісе,
Жаулығын қойып жорғалар,
Ашулансам осы жұрт
Үйді – үйіне қорғалар!
Кеше қара судың бойынан,
Қаспан таудың бетінен,
Кең Дыңшаның шетінен,
Кең Орхонның бетінен.
Қарлы Алатау ойынан,
Қарқыраның бойынан,
Үкіршінің ойынан,
Үш қақпақтың шатынан,
Айғыржалдың астынан,
Шоқ тобылғы жайлаған,
Шоң қара атын байлаған,
Қалдайдың ұлы кәпірдің,
Алпыс жайсаң кенжесінің басын кесіп алып едім!» – деп бөседі
Қаншора. «Сонда Жаңбыршының Ақбала деген оймақ ауыз, бота көз
сұлу қызын Семетей маған берместен, Алмамбеттің ұлы Күлшораға
беріп еді. Содан Күлшораны шер қылып, некесін қидырып, менің
ішімді күйдіріп, одан кем қылып, ренжітіп еді.
Қатыннан құр қалғанша,
Қара жер менен тең болмай,
Қаһарланып сабылдым.
Манастың ұлы Семетей,
Мұнысына тарындым.
Ер өлтіріп, жұрт шашып,
Өтейін деп жүргенмін,
Жетіөзенде ер Қияз
Ер екен деп мен саған
Кетейін деп жүргенмін.
Түбіне бір қанқордың,
Жетейін деп жүргенмін.
Айтсам талай кебім бар,
Бір жол емес, мың сапар
Ол Семетей батырдан,
Қадырым қалған жерім бар.
Осы Ақбаланы маған қи,
Өктем қылған қатынды,
Өзім тоқал қылайын.
Көңілін маған бермесе,
Айтқан сөзге көнбесе,
Кементайды кигізіп,
Кер байталға мінгізіп,
Қой артына салайын.
Отыншы-сушы қылайын.
Мүшкіл қып, жанын қинайын.
Тірідей жасын сұрайын.
Көңілін берсе долыны,
Өңгеше сұлу кәпірді
Саусылдаған сары кілт,
Жалаң алтын бәрі кілт,
Көйлегіне тақтырып,
Көлеңке жерге бақтырып,
Елді түгел жияйын,
Ерке қатын қылайын.
Көңілін берсе, ол қатын,
Тойына тоқсан сойдырып,
Атын Айым қойдырып,
Ордасын бөлек жасайын.
Тіл алмаса ол қатын,
Малшыларға сабатып,
Қойшыларға талатып,
Аяғына шоқай кигізбей,
Етегін жерге тигізбей,
Жапанда түйе айдатып,
Күйгізіп, көзін жайнатып,
Күңнің күңі қылмасам,
Қинап жанын қимасам,
Қаншора болмай өлермін.
Тумай тұна шөгермін.
Бұл Семетей батырдың,
Елін қинап, топ қылам,
Енесін қинап, жоқ қылам.
Үйдегісін қырмасам,
Өрт өшкендей қылмасам,
Қаһарланып қақайсам,
Қаһарыма шыдамай,
Қара тас талқан болмай ма?
Қаншорадай береннің
Ашуына тигенде
Әлем талқан болмай ма? – деп, Қаншора айтып аузын жиғанша,
Күлшораның зайыбы Ақбала жүйрік боз құнанына жайдақ мініп
алып, асыл құрыш Ақтінтені қынынан суырып алып, бабалардың
аруағын шақырып, құйғытып жетіп келеді. Сонда балуандары
алдынан шығып, бөгет болып тұрғанда, Қаншора тағынан ырғып
түсіп, алдынан қарсы атылады. Ақбала Қаншораға тақап келіп,
Ақтінтемен жарамын дегенде, шапшаң, шынығып өскен Қаншора,
жалт беріп, шолақ найзамен боз құнанды сүбесінен, өкпе-бауырдан
салып жібереді. Боз құнаны құлап, бүк түскенде, Ақбала байғұс тік
түседі. Соғысқа әбден машыққан, шапшаң Қаншора Ақбаланың
қолындағы Ақтінтені айбалтамен қағып түсіріп, байлап алады.
Сонда Ақбала тілін тартпай: «Бізге осынша зорлық қылғандай,
осынша дұшпандық қылып, қырғын салардай, айуан құл саған біз
қандай жамандық істеп едік? Сенің аталарыңды өлтірдік пе? Сенің
ауылыңды шаптық па? Саған қастық қылдық па? Әттең дүние,
сенен өшімді ала алмай қалдым-ау!– деп, қатты батырып сөйлейді.
Бірақ, қаражолтай Қаншора оның сөзін құлағына да қыстырмайды.
Сонда қорғандағы құйрығы бір құшақ Шашыкей мұнарадан бақырып,
қырық балуанды шақырып, жарлық қылады:
Анау қақылдаған кәпірдің,
Ақбала сынды қатынның,
Табанын тіліп, тұз салып,
Төбесін тіліп, құрт салып,
Кежір шапан кигізіп,
Кер байталға мінгізіп,
Қой артына салыңдар,
Мал бағар бейбақ қылыңдар!
Ондай тентек қатынның,
Ордаңдаған кәпірдің
Құтырған жынын тиыңдар!
Талпақтай сабап, керіңдер
Отын алып, су құйсын
Жылқышыға
беріңдер!
–дегенде,
балуандар
мақұл
деп,
айтқанындай қылады. Сөйтіп, Қаныкей менен Ақбала Қаншора ханға
күң болып, әрең күнелтеді. Ақбаланы азаптап, жалаңаяқ сиырдың
соңына салып, Қаныкей байғұсты бұзаушы қылады.
Мұны мұндай тастайық, енді Шөректі Қияз алғанынан
бастайық. Жәдігердің Қиязы Шөрекке арнап түндігі алтын, бауы
жез, ақ орданы құрады. Үлкен-кішіге, рулы елдің барлығына түгел
хабар береді. «Жеті өзеннің бойына, қатын Шөрек тойына бәріңді
шақырамын. Есепсіз малды соямын!» – деп, жар салады. Қияз
Айкөлді сойып, қатынын олжа қылып алды деп, қалың елге ду болып,
аспанды жарған шу болады. Тойды көреміз деп, қатын-қалаш, бала-
шаға, кемпір-шал, жігіт-желең түгел қаптап келеді. Жетіөзенді
жайлаған жәдігерлер Алтышар, Марғалаң, аяғы Бұқар, Самарқан,
үсті Қоқан, Әнжиян,бәріне сәлем айтқан екен. Бұл хабарға әділдік
жолын ұстаған ағайын, алыс елдердің хандары наразы болады:
Манастың ұлы Семетей,
Телегейі тең еді.
Ішін көрсең батырдың,
Жер жүзінен кең еді.
Ешкім азар салмаған,
Баласынан адамның,
Қорқып беті қайтпаған.
Осындай көкжал батырдың
Таласын қамап салдым деп
Қатынын тартып алдым деп
Жәдігердің Қиязы
Мақтанғанын қарашы!
Өзінен-өзі күпілдеп,
Дәу болғанын қарашы!
Жер үстіне Қияздың
Ие болғанын қарашы!
Халық атасы Манастың
Халқына тиген оңар ма?
Тура көкжал батырдың
Тұқымын қырған бола ма?
Белгілі еді, шер еді
Берен көкжал ер еді.
Қайнап жатқан Қақаннан,
Қайтарып тұрған бел еді.
Жұртқа тұтқа шер еді.
Түбі түпті Айкөлдің,
Тұқымы қарап тұрғанда
Бізді қандай дұшпан жер еді?
Балуан да еді, дәу де еді,
Барлығына ол батыр,
Пана болған ер еді.
Ел тұтқасын жоғалтып,
Иелеп малын алдық деп,
Қатын тартып алғанға
Бір мақтанып қалдық, – деп,
Құлжаңдаған Қияздың,
Құтырғанын қарашы!
Жеткілең шерді өлтіріп,
Жердің-судың бір өзі
Иесі болған екен ғой?!
Жер үстінде адамның
Жерге кірген ол Қияз,
Дәуі болған екен ғой?!
Арыстан Манас жоғалмас,
Қаралық қылған Манасқа,
Қияздың ісі оңалмас!
Жылғынды Кең – Қол, кең Талас,
Біз жасаған жер емес!
Қабылан айкөл, ер Манас
Біз жаратқан ер емес!
Қатынын алып, той қылып
Қара басқан, хан Қияз
Қырылғалы жата ма?
Адырлы Кең-Қол, кең Талас
Аттай салар бел ме екен?
Айкөл көкжал Манасқа
Адам тиер ер ме екен?
Жәдігердің Қиязы
Бұл қылығы жөн емес! – деп, бұзылған Шамбыл жайлаған Бұрымбек
хан мұны айтып, тойына қарсы болады. «Бұл айтқаның шын болса,
қызталақ Қияздың тойы топан болсын! Той бермесе қойсын!» – деп,
талай жан жерге бір түкіріп, жер-жеріне қайтады, талай жан қайғыға батады. Ханның тойына да, ойына да қарсы шығып, нәлетін айтады. Мұны былай тастайық, бер жағынан бастайық. Жетіөзенге жеткенде жәдігердің ер Қияз бұйрық қылып, Айшөректің ордасын жақұт, гауһар тастан жарқыратып қойдырып, алтындап, күмістеп, адамның көзін қызықтыратындай қылып, әсемдетіп салдырады. - Сұраса бермес тұлпарға суық құрық салдым! Ойласа тимес Шөректі олжа қылып алдым! Мың түйе, мың қараша бие тартамын. Тойлаңдар! Күресіңдер! Сайысыңдар! Осындай той қылдық деп асырып айтыңдар, қалағаныңды алыңдар, дүниеге жар салыңдар!– деп, балуан күрестіріп, батыр сайыстырып, той жасап, некесін қидырып, Айшөректі Қияз алады. Айшөректің толғағы Шөректі Қияз алғанда, Таласқа тозақ салғанда, Ахунның қызы бейшара Өлейін десе, өле алмай, Өлмей тірі қалғаны, Семетейден қалыпты Үш айлық бала бойында. Береннен белгі қалды деп, Перизада бар болғыр, Құрсақтағы үш айлық, Баланы медет қылыпты. «Қайраннан қалған тұяқ жоқ, Көкжалдан қалған белгі жоқ, Осындай екен дүние шоқ. Олжа қылып бұл басты Мейлі Қияз алсын деп, Ер тұтқасы ереннен, Ел бастаған береннен, Артына тұқым қалсын» деп, Ақылман жеңгең Айшөрек Жүрген екен амалсыз. Іңір түсіп, күн бата, Халық ұйықтап, ел жата,
Арқа шашын өреді.
Зор Қияздың қойнына
Жанындағы нөкерін
Өзі қылып, құбылтып,
Жатқызып оны береді.
Адал басын ақ сақтап,
Әр немеден сақ-сақтап,
Қасиетті бейшара,
Кереметі бірталай,
Кең көйлекті зайыптан,
Артыла шыққан жан екен.
Перизада бейбақтың
Тілінде мөрі бар екен.
Дүниені сыдырған,
Ай-әлемнің барлығын,
Ұшып жүріп, қыдырған,
Дуагерлігі бар екен.
Ұшқанын жұма күн білген,
Жүргенін қадыр түн білген.
Бір құбылып ұшқанда,
Қайда ұшқанын кім білген?
Ыраңды түзді жайлаған,
Көзді бояп, дуалап
Адамның көзін байлаған.
Адамға біткен ақылдан
Қылдай неме қалмаған,
Қарғысы жаман, зәрі күш,
Қарғағанды қылар түз.
Беделін көрген шошыған,
Көз байлаған сиқырды,
Көбірек дана оқыған.
Артық жайлап жіберсе,
Жаздың күнін қыс қылған.
Жайлаудың бәрін мұз қылған.
Тегін деп айтпа Шөректі,
Тегі бәле дүмекті,
Бекер деме Шөректі.
Сұлулығы, сымбаты,
Пендеде жоқ бейбақтың,
Бейілсіген қымбаты.
Күндізінде Қиязды
Жан қуантып жалдапты,
Түн кіргенде Қиязды
Көзін бояп алдапты.
Мұныменен Қиязда
Кенедей арам қалмапты.
Күн бөксеріп, ай өтіп,
Шөректі Қияз алғанға,
Тоғыз айға толыпты.
Он айға жақын болыпты.
Іс жетіліп, күн бітіп.
Уақыты жетіп, күн өтіп,
Айдай қатын Шөрекке
Жұманың қадыр түнінде
Толық толғақ жетіпті.
Сөйтіп, белі сыздап, сай-сүйегі сырқырап, ауырып, толғатқан
уақытта Айшөрек ойлайды:
Найзаға таққан желекті
Атасқан берген белекті.
Тұлпардан қалған тұяқты
Тұйғыннан қалған шұнақты.
Тұп-тура құдай көргіз деп,
Құдайдан сұрап бейшара
Құрсақтағы баланы.
«Дұшпанға шегін білгізбей
Аман алып қалам ба?
Зорлық қылса оқыстан,
Тіктеген көзді оя ма?
Арыстаннан қалған шұнаққа
Дұшпандық қылып қоя ма?
Кемеліне келтірмей
Кешіктірмей соя ма? –
Деп зарланып Айшөрек
Көзінің жасы төгіліп,
Ұмай ене Зураға
Ұялмай ішін оңдатты.
Шек білгізбей ешкімге, Жеті күн долы толғатты. Шыбындай жаны шырқырап, Шын құдайдан бұл қатын, Шындап бала тілепті. Айшөрек тоғыз күн толғатқан екен. Оны таудай Қияз көріп: «Жәдігердің ұзын құлақ, көпті көрген кәрілері түгел келіңдер! Айды есепке салатындарың келіңдер!» – деп жинап алады: «Ал, мынау айдай қатын Шөректің бүгін тапқан баласы кімдікі болады? Осыны біліңдер! –дейді. Ақылмандар күнді хатқа салып, айын санап, содан сақалдысы – ер Құты Қиязға: «Айды есептеп келгенде, он екі айға толыпты. Қатынның туатын баласы-өзіңнің балаң! Қияздың ұлын қошқар қылып алайық. Олжа қатыныңыз ұл туса, біздің ісіміз жаман болмас. Қанаттыға қақтырмай, Тұмсықтыға шоқытпай, Кірлі аяқтан ішкізбей, Кірлі киім кигізбей Берен Қияздың ұлы деп, жақсылап бағайық, андай-мұндай өсек сөздің бәрін тоқтатып, осыған қылыштың жүзін жалап, ант берейік! – дейді. Сонда жәдігерлер: «Міне, Құты батырдың айтқаны ақыл»– деп, осыған уәделесіп, тарқап кетеді. Бірақ, жәдігердің ханы Қияз – ойы арам жан екен. Ол жеті сиқыршы кемпірді үйіне шақырып алдырады. Бұлар бір жалмауыздай сиқыршы, өлсе көзі тоймаған, жұртты бұзғанын қоймаған, бәле қуған, көз байлайтын мыстандар екен. Арам Қияз жетеуіне жеті ұстара береді: - Егер де Айшөрек қыз туса, онда аппақ қып орап алыңдар да, сүйіншілеп келіңдер. Мына ұстараның жүзін айдаһардың уына суардым. Егер Айшөрек ұл тапса, осы ұстарамен кіндігін кесіңдер де, білдірмей көзін жоя салыңдар. Осы баланың көзін жойсаңдар, сендерден алтын-күмісті аямаймын. Өздеріңді ене қылып аламын, қаншама мал беремін, – дейді. Жеті бұзық кемпір: «Сенің мұндай ісіңе жараймыз, баланың көзін жоямыз!» – деп сөз береді. Хан Қияздың үйінде отын әкеліп, су құйып жүретін Қарашаш деген күң бар екен. Ол мұны естіп қойып, Айшөрекке келіп:«Мына жеті зұлым кемпір дуалап, көзіңді ойып, балаңды союға келе жатыр!» –дейді.
Іле-шала жеті кемпір де келіп қалады. Айдай қатын Айшөрек:
- Апаларыңа сары самал қымыздан құйыңдаршы! Шөлдері басылып,
көздері ашылсын!Ал енді жаным шығып барады толғақтан. Енелерім,
ауырған жерімді басып, көзімді ашыңдар!–дейді.Әлгі Қарашаш епті
екен, кемпірлерге у қосылған қымыздан құйып бере қояды. Қастық
ойлап келген сиқыршы, мыстан кемпірдің барлығы да өліп қалады.
Бір адамға білдірмей, қоламтаның шекесін орай ойып, мыстандарды
белінен бір бүктеп, жиегіне тыға салады.
Таң сөгіліп атқанда,
Долының ісі оңалды,
Төбеден шолпан қосылып,
Белгі болып, босанды.
Туған кезде баласы
Ырымы мұндай, қарашы
Оң шекеден күн шығып,
Сол шекеден ай шығып,
Белгі болып баланы,
Айдай қатын Айшөрек,
Еркек бала туады.
Маңдайға сайған желек деп,
Батырдан қалған белек деп,
Ту қазына шұнақ деп,
Тұлпардан қалған тұяқ деп,
Қуанғаннан Айшөрек,
Риза болды болқылдап,
Сүйінгеннен солқылдап,
Туылғанда бұл бала,
Ерекше болып көрініп,
Арқасында қара жал,
Екі айырылып, төгіліп,
Ойраны көкжал шерінің,
Аумаған бала өзіндей.
Тіктесе жүрек жанғандай,
Көрсе мейірім қанғандай.
Қабылан көкжал батырдың
Аузынан түсе қалғандай!
«Күндегі күйік жоғалса,
Аман болып, шоңайса,
Ересен тартып, ер болып
Ер ұлымен тең болып,
Жетім жүріп жетіліп,
Жылғынды-Кең Қол, кең Талас
Жерін табар ма екен деп,
Жырғалды арғын, көп қырғыз,
Елін табар ма екен деп,
Қаншора менен Қияздан
Аман болса бұл балам,
Кегімді алар ма екен деп.
Жаман қатын сияқты,
Боздай беріп не етейін?
Өзіңнен туған бала деп,
Одан гөрі Қиязға
Шек білгізбей жетейін.
Алпыс танап, мың ақыл
Жақсы ойланып алайын,
Еркек туып бердім деп,
Жәдігердің Қиязға,
Аямай міндет салайын.
Бек бекітіп жанымды
Жалғызымды бағайын! – деп Айшөрек өз кірін өзі жуып, өз кіндігін
өзі кеседі. Баланы ақ көйлекке салып орап, жәдігердің Қиязға алып
барады.
- Ал, хан батыр, Қияз, сүйінші, міне балаңыз!
Мойнына тұмар тағыңыз,
Белгілі қатын туды деп,
Беренім Қияз бағыңыз.
Мұраға келген балаңды
Мұрагер қылып алыңыз.
Жетіөзен екен жеріңіз,
Жетіөзенді жайлаған,
Жәдігер екен еліңіз.
Жұртыңды жинап, жайнатып,
Жақсылық тойын бермепсіз.
Басынан бала көрмепсіз.
Сүйінші, Қияз сөзіме,
Аманатың айтайын,
Арыстан Қияз, ер шіркін
Батыр, алып келдім өзіңе,
Кеңіпті, кепкен жолыңыз,
Аман бала шоңайса
Әлемге жетер қолыңыз
Дұрыстап жақшы, санаңды
Бағып ал Қияз, балаңды!»
Сонда Қияз тіл қатпай, көзі алайып, күркіреп, қаһарланып, айла
білгіш, ақылға кенен мықтыларын шақырып алады. Ақылманы
жұрттың құтманы, жағы ашылған шешені, айтқан сөзі нұсқа
болған даңғылы Құты Қиязға:
Балам Қияз, парқың бар,
Құтман айтқан бір сөзді
Ұғып, көкжал біліп ал,
Ұлым Қияз, тілімді ал!
Ханды құдай ұрарда,
Қатынымен қабысар,
Халқыменен шабысар.
Найза қармай бауласар,
Жақынымен жат болып,
Өз елімен жауласар.
Ханды бәле басарда,
Жұмсаған құлын кесектер,
Үйінде асын есептер.
Хан басынан бақ кетер,
Астынан алтын тақ кетер,
Ала асқардай бел кетер,
Қарға таңдай шұрқырап,
Одан кейін ел кетер.
Жақсының басы сау болар,
Ханды құдай ұрарда
Халқы тұрмақ, қойнында,
Қатынымен жау болар.
Батыр Қияз сен едің,
Жұрт шешені мен едім.
Бөліп тұрсың санаңды
Бөлектің ұлы депсің ғой,
Бүйректен шыққан балаңды.
Алғаның он бір ай болып, Бақыт, дәулет қоныпты. Еркек туып зайыбың, Жұлдызың оңнан жаныпты. Перизада бейбақтың, Бек ағарар ойын қыл, Бұл баланың тойын қыл! Тойыңа тоқсан қара сой, Менің ұлым болды деп Баланың атын өзің қой! – деп, сөзді келтіріп айтады. Бұл Құты сөзге шешен, келер мен кетерді кеңінен білген жан екен және Семетейге дұшпандық қылған Қиязға іштей өш екен. Оның епті сөзінен ел шұрқырап, осы дұрыс сөз деп, мақұл көргеннен кейін, Қияздың амалы қалмайды. Халайық мақұл көргенде Қандай қылар зор Қияз? Елсіз қалса қор Қияз. Қолын алып артына, Көп сөйлемей, тіл қатпай, Ойлап тұрды бұл Қияз. Жетім жүріп жетілсе, Өш алып түпке жетерін, Біліп тұрды бұл Қияз. Күйіп-жанып, шоқ болып, Айшөректен азырақ, Шошығаннан тоқталып, Арам ойлы Қияз өтірік айтып, аузының ұшымен алдап сөйлейді де: «Бұл оңбағыр баланы қолыма алып, ат қойдыра салайын да, ыңғайы келгенде бір есебін табайын!» – деп ішінен есебін ойлап қояды. - Ал енді алып кел, ұлымды көрейін, аузымды ашып өбейін, бауырыма басайын. Ақ сақалды, көпті көрген кісілерге ат қойдырып алайын! – деп сұм Қияз баланы сұрағанда, бермей қоюға шарасы жоқ, ал берсем балама қастық қыла ма деп, байғұс Айшөрек көңілі бөлініп, уайымдап қалады. Сонда, баланы сұраған Қияздың аждаһа сияқты түгі шығып тұрғанын байқайды. Айдаһар түрін көріп, Айшөрек өзін-өзі қайрап: «Қалайда осы баламды аман алып қалайын!» – деп, бел байлап, жібекке ораған жас баланы Қиязға амалсыздан береді. Қияз баланы алғанда салмағы тастай ауыр екен. Етігінің тақасы жерге кіріп кетеді. Сұм
Қияз бұл баланың жау боларын біле қойып, миығынан күледі. Сөйтіп, хандарына: «Бұл бала емес, қызыл бәле. Бұның бізге дұшпандығы түрінде тұр. Салмағынан жан шығады. Ертең өсіп жетілсе, бізге жау болады. Обалы болса, мойныма алайын, баланың жанын қияйын, есебін табайын. Тамырын суырғандай қылайын, тұқымын құртайын!» – деп, көзін жоймақ болады. Бірақ, Айшөрек алтын сабына гауһар қондырған, Ақтінте деп ат қойған Семетей береннің ақ қанжарын қынынан суырып алады. Оның түрін көргенде Қияздың көп төресі шошынып, қақ жарылады. Баласы үшін шырылдап, қаһарланған Айшөрек Қиязға: Жетіөзен қайқы жеріңді Жер екен деп келгенмін. Жетіөзенде жәдігер Ел екен деп келгенмін. Жәдігердің ер Қияз Мен сені шер екен деп келгенмін. Батыр Қияз сен десем, Қатын Қияз екенсің. Арам пейіл, қытымыр Кәпір Қияз екенсің. Жеті сан қара жәдігер Жемістен жұртың тоқ па екен? Олжаға келіп ұл тапқан, Еліңізде ер Қияз, Мендей күңдер жоқ па екен? Құлалы деген құрған құс, Құбылып ұшқан далаға, Жанымды құрбан қыламын, Жатырдан шыққан балаға. Ежелгі жаным аямай, Есер Қияз, ұқ мұны, Сені қылам садаға! Ажылдасаң зор Қияз, Ақтінтені маламын, О Қияз, сені жарамын! Шаранада баланың Шатағын қайтіп сен білдің? Қураған Қияз оңбай қал, Егерде екі болмай қал!
Құрсақтан шыққан бұл бала
Құланды қуып қашты ма?
Қоржында бұлың шашты ма?
Алаңды ала қашты ма?
Ақ алтын жиған қазынаң
Қазынаңды шашты ма?
Мұны өлтіріп сойғандай,
Тындым ғылып қойғандай,
Хандарыңды сойды ма?
Халқыңды билеп шу салып,
Жаның шыққан кәпір құл
Жас бала дұшпан болды ма?
Құдай бар-ды, қу Қияз
Дуа оқып, сен үшін,
Аққу кебін кимесем,
Атекем Ахун шәріне,
Талықпай ұшып жүрмесем.
Кең Үргеніштен қол алып,
Жер жайната мол алып,
Басыңа бәле салармын.
Қылыш қамдап, тас алып
Бөліп тұрсың санаңды.
Өлтірмек болған екенсің,
Өзіңнен шыққан балаңды.
Жәдігердің сен Қияз,
Көп істі салдың санама,
Көбірек дұшпан болыпсың,
Денеңнен шыққан балаңа!
Бұзылыпты көрген түс
Өз баласын жау көрген,
Қызыталақ оңбағыр,
Қылымда болмас мұндай іс! – деп, Айшөрек өкім сөйлеп,Қияздың
сүйегінен өткізіп айтып, баласын қолынан жұлып алады.
Сонда, Айшөрек шынымен Ахун ханның қаласына ұшып кетіп, әскер
алып келіп, соғыс бастаса, түбіне жетерін біліп, Қияз қарсылдап
күлген болады.
Сырттан қатын Айшөрек
Сынағанды білмейсің.
Сыртқы жауды көргенсіп
Балаңнан бетер тілдейсің.
Ойнағанды білмейсің,
Орайы жаман қатынша,
Одыраңдап тілдейсің.
Оңбаған Шөрек, оңбайсың,
Әр уақыттан бір уақыт,
Қайратыңды қоймайсың!
Бүйтсең Шөрек оңбайсың.
Сынасам жолды торлайсың,
Ботам, тура тапқан балама
Дұшпандық қылсам оңам ба?
Жаңадан туған ұлыма
Жамандық қылсам бола ма?
Перизада парқың бар,
Мелтіреген құрғырдың,
Ерлігі қанша болар деп
Сынап едім қарқыбар.
Айдай қатын Шөрегім,
Кеудеде ыстық жүрегім,
Жаныма жатар өбегім
Жан жырғатар ермегім!
Қатын алып, үй күтіп
Керемет сендей көрмедім!
Сұлулыққа сұқтанып,
Шырайыңа кім жетер?
Қайраттансаң қақайып,
Қаһарыңнан кім өтер?
Қойдым, Шөрек, көндім деп,
Екі тізгін, бір шылбыр,
Ай сұлуым, саған бердім, – деп,
Ыржақтап күліп бұл Қияз:
«Өлгенде көрген балаңның
Тойына тоқсан сойдырғын.
Бәйбіше қатын Айшөрек
Баланың атын қойдырғын.
Екі тізгін, бір шылбыр
Бердім Шөрек, алыңыз.
Елді жолға салыңыз
Деген сөзге көніңіз.
Жәдігерге сен Шөрек,
Ене болып беріңіз.
Қатын ханы болыңыз.
Қарсы келсе Қиязды
Қолыңызбенен сойыңыз.
Ұшамын деген ұят қой,
Ұрғашы шері Айшөрек
Мұндай сөзді қойыңыз! Ал, енді баланың атын қойыңдар. Ат
қойғаныңа бие бастаған бес тоғыз беремін!-дейді.
Бірақ, жұрт не істерін білмей тұрып қалады. Өйткені, бәрі де
ханның қаһарынан қорқып: «Бұл Қияздың ұлы емес. Зор Қияздың
жыны ұстап кетсе, ат қойған адамның басын кесіп тастар! – деп,
бата алмай тұрады.
Сол уақытта бір қызық іс болады.
Сәлдесі бар қазандай,
Қиқырса үні азандай,
Бір кісі келіп қалады.
Ата Қызыр өзі екен.
Баланың атын қоюға
Келіп қалған кезі екен.
«Аты Сейтек болсын деп
Аумин!» – деп сол жерде,
Қос алақан жайғанда
Бәрінің қолы жайылды.
Дүниеге келген баланың
Аты Сейтек қойылды.
Жұрт тұрғанда таңданып,
Қияз шықты шамданып:
«Мына қожыраған немені,
Зынданға қармап салыңдар.
Ел бүлдірген сұм шығар,
Есебін бүйтіп табыңдар! – деп әмір береді. Қияздың балуандары
ұстайын деп жатқанда, әлгі кісі көзден ғайып болып кетеді. Сонда
қалың жәдігер: «Баланы Қызыр шалып, атын Сейтек деп өзі қойды!»
– деп, тойын тойлап: «Аман болса бұл шұнақ қылымға татыр!» – деп
ойлап кетеді!
Айдай қатын Айшөрек
Аты Сейтек баланы
Бір кісіге көрсетпей,
Болат есік сарайға
Болжалы жоқ далайға
Мойнына тұмар тақтырып,
Әлдилетіп бақтырып,
Кірлі аяқтан ішкізбей
Кірлі киім кигізбей
Қанаттыға қақтырмай
Қамшылыға тартқызбай,
Жетімдігін білгізбей
Жәдігер тілін тигізбей,
Бозала тұйғың болпаң деп,
Көкжалдан қалған шолпан деп,
Тұлпардан қалған тұяқ деп,
Белестен аққан бұлақ деп,
Бегімнен қалған шұнақ деп,
Баптап бақты баланы.
Ахунның қызы бейшара
Ойнап кетсе шұнақтың
Түбіне біреу жетер деп,
Оқысынан қисайтып,
Біреу өлтіріп кетер деп,
Ерлікке салып Айшөрек
Күндізінде дем алмай,
Түн ішінде ұйқы алмай,
Сақтап бақты баланы.
Айшөректің айынан
Күбір сөз қылып жүре алмай,
Шөректен қорқып бұл Қияз
Ол балаға тие алмай,
Қазыдан кесіп жегізді.
Қияздың ұлы дегізді.
Жас Сейтегін түнетіп,
Ерлікке салып Айшөрек
Ептеп бағып баланы
Ересен тартқан ер қылды.
Ер ұлымен тең қылды. Тілегін құдай беріпті Он үшке бала келіпті. Ерге лайық, көзі тік, Көрсең бала шіркіннің Көп адамнан сөзі тік. Асты қалың, түкті жер Қалыңынан түткендей, Азған-тозған еліне, Бел болары көрінді, Бет алса жауды сүргендей, Шер болары көрінді. Табысу Бір күні бала Сейтек Жетіөзеннің даласына аң аулауға шығады. Қолына ақ иық бүркітті қондырып, адыр-күдір төбені асып келе жатса, қара құла ат мінген, қарағайдай найзасы бар, қынсыз қылыш байланған зор денелі бір алып батыр кісі алдынан шыға келеді. Бала Сейтек батырсынған біреу болса, мұны көрейін, астындағы құла атын олжа қылып алайын деп, жас бүркіттей алдынан қарсы келеді. Жас жолбарыстай желігіп, атасы айкөл береннен аумай жетіп барғанда, әлгі адам атынан түсіп, балаға амандасады. Бұл Қарадәу екен, он үштегі Сейтекті әдейі көруге, сырын айтуға келген екен. Қарадәу: «Айкөлден қалған белегім, қайраннан қалған шырағым!» деп, Сейтекке бүкіл сырды, шындықты айтады. «Сарыөзен, Талас жеріңді, сағынған қырғыз еліңді көретін күнің бар ма екен? Елің қайда? Жерің қайда? Айналайын Сейтек, сенің атаң Семетей қайда екені білінбей, көзге ілінбей ғайып болып кетті. Жәдігердің Қиязы мен Шуақтың ұлы Қаншора екеуі бірігіп, қастық қылып, елді шапты, қыз-келінді күңдікке әкетті. Талап алды халықты. Қайран атаңның тірегі ер Күлшора батырдың оң иығын ойып, сол иығын сойып, қырық жылқышы балуанға отыншы қылып қойыпты. Қартайған Бақай бабамызды да малға салып, қорлықта ұстап отыр. Жылғынды Кең – Қол, кең Талас жеріңді, ақ қалпақ жырғалды қырғыз еліңді, айналайын Сейтегім, қашан тауып аласың? Мен енді жердің жүзін қыдырып, алты ай жол жүріп, ауруға себепкер Момынжан атаны тауып келемін. Момынжан ата арғы атаң Манас шермен о дүниелік
дос болған, емші, тәуіп. Тірі болсам Момынжанды алып келіп, өзіңе
бір көрсетемін. Ал жаралы Күлшора өзіңе аманат, Қияз оны өлтіріп
тастамасын!» – деп, Сейтекке тапсырып, Қарадәу алты тұлпар
атпенен, Айшөрек берген хатпенен Момынжанды іздеп кетеді. Ол
күндіз-түні жол жүріп, Күнжітке жетеді. Күнжіттің бойында
Момынжан тұрады екен, қырық күншілік жол екен. Сөйтіп, аяулы
Момынжан атаны Қарадәу іздеп кете барады.
Мұны мұндай тастайық, енді арманды болған Күлшорадан
бастайық.
Оң далысын ойдырып,
Оңбай жүрді Күлшора.
Сол далысын сойдырып,
Сорлап жүрді Күлшора.
«Қара қия қапшалға,
Жол салғанда бір өлмей,
Қайнап жатқан дұшпанға
Қол салғанда бір өлмей,
Найза қармап топ бұзып,
Жетіктеп белді құрсанып,
Жеті түмен қол келсе,
Жеке аралап қол салып,
Тиіп тұрған кезімде
Сонда өлмей не болдым?
Мүйіз сынып, бас қалып,
Тоқал болған екенмін.
Құйрық жалдан ажырап,
Сопал болған екенмін.
Абакем аман барында
Жаяны кесіп жеуші едік,
Жалпы дұшпан келгенде
Жаналғыш қайда деуші едік.
Өзеннің бәрін өрт алып,
Қия жетіп қоныппын,
Қымбатты шерден айрылып,
Өрт сөнгендей болыппын.
Кең дүнием тар болды.
Келберсіген сорлы жан
Шеміршекке зар болды.
Ер сыйлаған асыл бас,
Қарағұлға қор болды.
Тұлпар мінбес сорлы бас
Бір байталға зар болды.
Айтар сөзін айта алмай
Зарланып жолға кете алмай
Күлкісі күнді батырған
Тамаша таңды атырған
Таласта жұртқа жете алмай
Ғарып болып қалтаңдап,
Арқалап отын талтаңдап,
Шөлдеп өлмек екенмін?
Қаруы қымбат, зәрі күш
Қаншора, Қияз екі дәу
Көрден өлмек екенмін!
Қырсық байлап дем кетіп,
Жерден өлмек екенмін!
Жылқышы басы Қарағұл
Ожар, тентек, ит қиял,
Иттен өлмек екенмін!
Өлмей – жітпей шоқ болып,
Күйіп өлмек екенмін,
Арқалап отын көтеріп,
Жүріп өлмек екенмін!
Қапшағай едім – жол болдым,
Ханзадамнан айрылып,
Қараң күн, қу бас қор болдым!
Айкөл шерден айрылып,
Артықша жаман сор болдым.
Шабысарға әлім жоқ,
Қуатты екі қолым жоқ!
Арқалап отын көтеріп,
Көрген күнім қалың сор,
Үзілмей, шырмап бекем тор,
Бассам, жолым терең ор!» – деп Күлшора арманын айтып, зар
жылап жүреді. Кейде Айшөрек жеңгесіне өкпелейді.
- Айдай жеңгем Айшөрек енеміздің орнында болып еді. Әлде мені
іздемей жүргені, ұмытты ма екен? Қиязды көкжалдан артық көріп,
қазыны кертіп жеп, Қиязға көңілін беріп, жеңгемді құдай ұрды ма екен? Перизада бейбақ, мені ұмытқан шығар! Әйтпесе, жыртылған тонымды жамап беріп, байлаулы қолымды Қияздан босатса да болар еді ғой. Қанатымды жайып, сергісем, бұларға қызықты көрсетер едім! – деп армандайды. Бірақ, солай қиналып, қайғырып жүрсе де, Семетейден қалған тұяқ бар деп үміттеніп, өлмей шыдап жүреді. Семетейдің ұлы Сейтекті ер ұлымен тең қылып, Қияз бен Қаншораны төбесінен бассам, Таласқа қайта барсам, елімді, жерімді көрсем деген арманмен жүреді. Ешкі тонын киіп, еңкейгенде тақым еті көрініп, күні бойы отын арқалап, қалжыраған абаңды кешке қарай жылқышы басы Қарағұл қаһарланып жер сабап, қалмақша би билетіп, әбден азапқа салады. Шораның түрін көргенде, көргеннің барлығы жылайды. Тамақ орнына жылқының тобығын беріп, тоғыз күн қара су ғана беріп, азаптайды. Шораның әлі құрып, еті көк жастық, қаны бір қасық болып қалады. Көзі алақтап, буыны босап салақтап, ақылынан танған Күлшора қамшының сабындай ғана болып көрінеді. Бір кездегі таудай шора инеліктей болып қалады. Қарағұл Бағыштың сүйкімсіз ұлы екен, ашуланса, бақырып, сойылмен сабап, жанын қинайды. Бірақ, жылқышылардың ішінде Күлшораға дос болып жүрген Бозбала бар екен.«Айдай қатын Айшөрек еркек бала туды» – дейді. Күлшора Сейтек баланы: «Таудан бұрылған бұлақ деп, Абамнан қалған тұяқ деп, Найзадағы желек деп, Абамнан қалған белек!» – деп, сағынып жүргенде, қабылан Семетейдің өлгеніне он екі жыл толып, Сейтек мүшелге шығып, атасына тартқан шер болып, атасына тең болып өсті дегенді Бозбаладан Күлшора жақсылап ұғып алады. Қуанғаннан Күлшора еш адамға білдірмей, ішінен садақасын айтып, енді Қарағұлға барып мұрсат сұрап, айдай жеңгесіне жолығып келуге, хан ордасына баруға бел байлайды. Қарағұлға келіп, жүгініп, бүгіліп сәлем беріп: «Хан үйіне барып келуге рұқсат бер. Мына киімімнің барлығы жыртылып бітті. Ханның үйіне барып киініп, ас ішіп келейін. Маған жеті күн мұрсат беріңіз!» – дейді. Сөйтсе Қарағұл:«Мына құл құтырған екен, мұны қамшылап сабаңдар, жылқышылар!» – деп, аямай сабайды. Жылқышылар сабап жатқанда, Бозбала айбалтасын ала салып, арашаға түседі:
Араша ерлер, араша,
Арашаға көнбесең,
Ақыры болар тамаша.
Ереңді ерен қорласа,
Береннің жолы бола ма?
Арыстанға ұрынып,
Ақыры жігіт оңа ма? – дейді бозбала. Сөйтіп арашалап тұрғанда,
Күлшора қайтадан Қарағұлға жалынып сөйлейді.
Жылқышы басы Қарағұл,
Хан екенің тағы шын.
Қадыр, дәулет бақытың
Бар екені тағы шын.
Ала асқардай зоңқайған
Бел екенсің Қарағұл!
Жылқышыға сен өзің
Ер екенсің Қарағұл.
Қайраттанып шапқанда,
Қайран басты кесерсің!
Қабылан басым қор болдым.
Ақ болат едім, мұқалдым.
Ерлік -керлік шақ кетті,
Өле тұрған тап жетті.
Сүйегім қалды салдырап,
Көзім қалды жалдырап,
Естен танып, күн өтіп,
Өлгелі тұрам осылай,
Қиын болсаң Қарағұл,
Айтқан тілді алыңыз,
Қыстай бермей бұл басты,
Қинамай сойып салыңыз!
Батыр да едік, шер де едік,
Білекте қуат барында,
Бәлекет қайда дер едік,
Қара болат Зұлпықар
Көтерген ердің өзі едік.
Таудай, таудай алыпты
Жайлаған ердің өзі едік.
Қырғызға қызыл ту едік,
Дұшпанға ызы – шу едік. Шама кетті, қан кетті, Мен байғұстан әл кетті. Жағасы алтын жеңі жез Үстімнен шоқпыт тон кетті. Қиқырса қырғын салушы, Күлшорадан қол кетті. Шапшитұғын шама жоқ, Шалыса кетер дәрмен жоқ, Мүсәпір болдық біліңіз. Батырлығың шын болса, Сұраймын мұрсат, көніңіз Бір жылқы күшін беріңіз, Хан алдына барайын, Сұрап киім алайын!» Мұндай сөзді ұққанда, Қайраты бар Қарағұл: «Барсаң құлым барып кел, Белгі деп белек алмай кел. Үміт қылсаң жаныңнан Жеті күннен қалмай кел. Жеті күннен кешіксең, Құлтыңдаған құтырғыр, Тірідей шұқимын көзіңді. Кементайды киіп бар Қараң қалған жылқының, Қарматқанын мініп бар! Уағдадан танбай кел! – деп, рұқсат береді. Жылқыға келіп, бұрын тұлпар таңдайтын қайран ер бір байтал таппай зар болып, қара ноқтасын көтеріп, жылқыны аралап жүрсе, бәрі Күлшораның түрінен шошып, үркіп қашады. Сөйтіп жүргенде қалың жылқының ішінен қабыланның боз байталы Күлшораны көріп оқыранып, иығына басын артып тұра қалады. Айтайын десе тілі жоқ жануар шораны иіскеп тұрғанда, Күлшора ноқта салып, хан Қияздың ордасына тартады. Ордаға келіп түсіп, байталын ағашқа байлап жатқанда Күлшораны көріп, Қияз қаһарына мінеді. Шора қорқып, қол қусырып сәлем береді. Күлшораны көргенде Қияз бұны өлтіргісі келіп, миығынан
күліп: «Мына құтырған құлды баяғыда өлтіріп тастамай... Бұл әлі
жүр екен ғой. Мен бұның басын алайын!» – деп, айбалтамен шораны
бір салады. Батыр шора жығылып қалғанда, Қияз аямай тепкілеп,
басын алайын деп жатқанда ордада отырған Айшөрекке біреулер:
«Алмамбеттің ұлы Күлшораны Қияз өлтірейін деп жатыр!» – деп
айтады.Айшөрек жүгіріп жетіп, Қиязға ұрсып береді:
Құл құтанға қол салған
Ерен сендей бола ма?
Құтырғандай жұлқындың
Сені ер деген оңа ма?
Оңбаған Қияз, оңбай қал!
Егерде екі болмай қал!
Әр қашаннан, бір қашан,
Күң, құлыңды қорладың
Оңбаған Қияз, оңбадың! – деп, қайраттанған Айшөрек таудай
Қиязды итеріп тастап, шораны астынан жұлып алады.
Таудай Қияз сен десем,
Тобықтай Қияз екенсің!
Қайра тартпас шын жайды
Көруші Қияз екенсің!
Айдалада дардайып,
Өлуші Қияз екенсің!
Тоқтай тұрғын, ер Қияз
Аққу кебін кимесем,
Атам Ахунның қолын жимасам,
Сенің қиырыңа қырғын салмасам,
Қылыштап басың алмасам,
Астығың көктей ормасам,
Бәлені басқа салмасам,
Арманың болса, зор Қияз
Сенен қайдағы кегімді алмасам!
Су жаярмын үйіңе,
Өлмесем, бір жетермін түбіңе!»
Мұны ұққанда зор Қияз
Бұғана сүйегі болқ етіп,
Бауыр, ішегі солқ етіп:
«Оңбаған, Шөрек, оңбайсың,
Әр қашаннан, бір қашан,
Қайратыңды қоймайсың, Тыңдырар едім мұныңды Айдай Шөрек болмасаң Өлтірер едім құлыңды!» – деп, зор Қияз ырсалаңдап күліп, ашуын басады. Берен Айшөрек Күлшораны Қияздан ажыратып алады. Жағасынан биті төгіліп, үсті-басы жырым-жырым болып, азыптозған шораны Ақсарайға кіргізіп, Айшөрек солқылдап жылайды. «Біздің арқа сүйейтініміз сен едің ғой! Ұлеке, сен бар деп, сені таяныш қылып, өлмей тірі жүрміз. Әйтеуір өзіңді аман-есен көрдім! Кешіктің келмей, жаман ат, Бүгін берем аманат. Тұлпардан қалған тұяқты. Бағып жүріп өсірдім. Тұйғыннан қалған шұнақты. Жолдас қылып алыңыз, Жауға дүмек салыңыз, Қапаның бәрін қойыңыз, Ұлеке, кәдімгідей болыңыз! Ел шолпаны сен едің, Ел енесі мен едім. Ұлеке, қашан келер деп, Сені күн-түні күтіп жүргенмін. Тасты бұзып жол салған, Аруағың биік шер едің. Суын ішсең таусылмас Дария шалқар көл едің. Өртесе шөбі таусылмас, Дардайған өзен төр едің. Боз жерге дуадақ тоқтатпас Бозала тынар – құс едің! Ер сұлтанға кез болған Қайтпас болат – құрыш едің. Дауыл соқса, жел тимес, Қалың тоғай шеп едің. Дұшпанға мойын бермеген, Кәдімгі қабылан шер едің! Арыстан ұл қашан келер?- деп, Тілеген жеңгең мен едім.
Олжа болып Қиязда
Омырау көріп көп жүрдім,
Ойымнан кетпей, сен ұлды,
Қашан келер? – деп жүрдім.
Бағымды құдай ашты ма?
Жоғалған ерен табылып,
Тілекті құдай берді ме?
Көрінбей кеткен жоғалып
Көкжалым ұл келді ме?
Абакемнің оқ өтпес,
Шоң қоржынға салғанмын,
Келсе, осы ұл кисін, – деп,
Қажымай жауға тисін,- деп,
Қымбатты қызық мұңым бар,
Қымбатты ұл, ұғып ал,
Қалап қойдым бір шепкен
Арқасы темір, жеңі жез,
Қалыңдығы жарым кез
Тура ұрысқа арнаған.
Белекке бердім, киіп бақ!
Белсеніп жауға тиіп бақ!
Қалап берген оқ өтпес
Қадірлес ұл, кие көр!
Қиқулап жауға тие көр!
Жетіөзенде жәдігер,
Ханына қараң сала гөр!
Қайдағы кекті ала көр! – деп, Айшөрек Күлшораға оқ өтпес тонды,
қапыда басына айбалта тиіп кетпесін деп, көк темірден дулығаны
кигізеді.
Сейтек пен Күлшора
Ақсарайда жеңгесі киім кигізіп, сыйлап күткеннен кейін көңілі
орнына түскен Күлшора енді Сейтекті көргісі келеді.
- Қайран жеңгем, Айшөрек! Айкөлден қалған шұнақты алып
келсеңші. Бауырыма басып, бір құшақтап иіскейін, көңілімдегі
қапаның бәрін жойып, береннен туған Сейтекті бетке ұстап,
абамның құнын қуайын, арамдардың басын көрге тығайын.
Ұрысқаным ер Қияз,
Ұшырғаным Семетей.
Ұстасқаным Қаншора,
Ұшырғаным Семетей.
Арманым қалың, дертім зор.
Хан абам, көкжал шер үшін,
Зарыққан байғұс ел үшін
Қасықтап төгем қаныңды.
Дардайған шораң оңалса,
Далымда жара жоғалса.
Қазандай ішім қайнаған,
Құрып тұрған кезегім.
Қажып-талып, әл кетіп,
Жүдеп тұрған кезегім.
Тірі десең, санда жоқ,
Өліп қалған кезегім!
Өлген жанды тірілтші,
Жеңгелігің білгізші.
Омырау шырмап, оқ тиіп,
Орала алмай тұрамын.
Қолым сынып, әл қалмай
Сіңірім жауға кестіріп,
Оңала алмай тұрамын.
Қарағұл болды байымыз,
Қиқырса кеткен шайымыз.
Ұқ Айшөрек, мұнымды
Көзімді ашып көрейін.
Аузымды ашып өбейін,
Алып кел, жалғыз ұлыңды! – дейді. Айшөрек Сейтекті алып келеді.
Күлшора зер салып қараса:
Баяғы Манастың ұлы батырға
Құлағына құлағын,
Құйып қойған немедей.
Мұрынына мұрынын,
Қиып қойған немедей.
Бас теріге бас тері,
Қаптап қойған немедей.
Бой келбеті бөлекше
Болжаса таудай көрінген.
Қарап тұрған адамның
Ақылы ойран бөлінген.
Абасы көкжал Семетей,
Дәл өзіндей көрінген.
Толқыны көлдің шарындай,
Көп сөйлесе жалындай,
Өрт аузынан бөлінген.
Қара болат қайсардай
Өткірлігі көрінген.
Бет алысса сан қолға
Берер сыны көрінген,
Қармасқанға қалайман,
Салар сыны көрінген.
Ай құлағы қалқандай,
Алағай көзі шолпандай.
Беттеп пенде бара ма?
Береніңнің ұлына
Беттескен тірі қала ма?
Міне, сонда Күлшора Семетей тіріліп келгендей болып, көзінің
жасы төгіліп, баланы құшақтап алады.
Тіреп тұрған мұнар ма?
Абамнан қалған шынар ма?
Батырдан қалған белегім,
Төремнен қалған әйнегім!
Төремнен қалған қаралдым,
Қашан көрем деп жүрдім,
Көрдім жетім көзіңді.
Береннен қалған шұнағым,
Бағалап көрдім өзіңді.
Мүйізім сынып, тұлтиып,
Тоқал болып қалғанмын.
Құлағымнан ажырап,
Топал болып қалғанмын.
Жал-құйрықтан ажырап,
Сопал болып қалғанмын.
Екі көзім ойылып,
Екі далым сойылып,
Қолға түсіп қайғырып,
Қаралдымнан айрылып,
Қайдағы жыным қағылып,
Молда болып қалғанмын.
Қорлықпенен күн өтіп,
Жорға болып қалғанмын.
Қол байланып, көз жайнап,
Торда болып қалғанмын.
Қайтып адам шықпайтын,
Орда болып қалғанмын.
Кәрі күшті кәпірге,
Қайран Қияз батырға
Мен олжа болып қалғанмын! – деп, Күлшора мұң-зарын айтады.
«Шиырды мен Қаныкей қартайғанда, Таласты тартып алды, елімді
олжалап, белімді сындырып, ауылымды шауып кетті. Зайыбым
Жаңбыршы қызы Ақбаланы Қаншора алып кетті. Сары хан дәуді
өлтірді. Бақай абамның қайда екенін, өлі-тірісін білмеймін. Талас
жерімді сарғайтып, Қырғыз елімді сапырды. Заманында Күлшора ел
қорғаған ер болды, енді беренінен ажырап, бейбақ абаң қор болды.
Менің жайым осындай, балам!» – деп, барлық оқиғаны айтады. Тай-
құлындай тебісіп,таласып емшек емісіп, бірге өскен Қаншора жау
болып шықты. Енеміз Қаныкейдың емшегін бірге еміп едік. Мен
емгенде аппақ сүт шығып, Қаншора емгенде қарақошқыл қан шыққан.
Міне, сол Қаншора жау болып, Семетей абамның түбіне жетті.
Айдап алды малымды,
Ағызды судай қанымды.
Төкті менің арымды.
Олжаға қиып жерімді.
Күң қылып салды Таласқа,
Қаныкей сынды енемді.
Кең -Қолдан шапты көшімді,
Кейіп, жаман қор болып,
Ала алмай қалдым өшімді!– дейді. Күлшораның сөзін түсінген
жас Сейтек мұңға батып, көзінен жасы төгіледі.
Жетіөзен маған жер емес,
Жәдігер маған ел емес,
Қаңғырып жүрген екенмін.
Туды жыққан Қаншора,
Ту өртеген Қиязбен
Шамам келсе шабысып,
Шарқым кетсе шалысып,
Тағдыр жетсе өлемін.
Ойран қылып елімді,
Олжа қылып енемді,
Алып келген Қияздың
Қиындығын көремін.
Бейбақ енем, ел қайда?
Елге кетер күн қайда?
Қайран енем ел қайда?
Мінгізбей қойдың буданды.
Неге айтпадың енеке,
Күйігі бірге туғанды?
Талас қайда, жер қайда?
Таласта қырғыз ел қайда?
Беренім абам, ел қайда?
Елге барар жол қайда?
Егесе кетер зор қайда?
Қаралды қылар шер қайда?
Қармаса кетер жау қайда?
Қаралдым аба, көкжалым,
Шындап қаным қайнады.
Тура өзенге жайған мал,
Тұтам болды біздің жан.
Арбытып артық басуға
Алатау өзен жер қайда?
Ауылдас қонған ел қайда?
Аяныштан не пайда?
Аянған адам өлмей ме?
Алла басқа салғанын,
Қайран бұл бас көрмей ме?
Батырмай ма қазған көр,
Ай-әлемнің барлығын,
Сорып тұрған қара жер.
Жардай абам шерменен
Жарбиған Қияз шошқаның
Жылқысына барайын,
Семіз биесін жарайын.
Арбын дүние, қалың мал
Бәрін иелеп алайын.
Ішім жалын, бауырым шоқ,
Менің абамнан басқа қаран жоқ.
Қордық көріп, зарланып
Қор болып жүрген абамды,
Майға бөлеп шықтаймын,
Қолыма тиса дұшпанды
Қояндай жерге ықтаймын.
Тіктесе шығар жау болса,
Шамам келіп шапшысам,
Жон-терісін тілейін,
Шамам келмей қалғанда,
Тірі қалмай қайран бас,
Тігінен жерге кірейін.
Алтын төксін, қайрылман,
Қайрылғысыз күн тусын,
Хан абамнан айрылман.
Ғарып болған адамның,
Түгел ұқтым сөздерін.
Көргізді құдай көздерін.
Абекем менің қыраным,
Болаттан соққан айбалтам.
Мал жайлаған қолатым,
Байқап жауға сілтеуші,
Екі жүзді болатым.
Жетіге шығып қалғанда,
Жалаң аяқ, жалаң бас
Тақымыма қамшы ұрып,
Шыбық мініп, құнан деп,
Ойнап жатқан шағымда,
Айдай долы Айшөрек,
Енекемнен кеп ұққам.
Қиын дұшпан жәдігер,
Қиырың бөлек деп ұққам.
Он екі пірге қол жайған,
Батаң бөлек деп ұққам.
Манастың ұлы Семетей,
Атаң бөлек деп ұққам.
Кең – Қол атты Алатау,
Сенің жерің деп ұққам.
Арғын-қырғыз, көп руың,
Сенің елің деп ұққам.
Кәрлі Қияз, Қаншора
Осынау елді тұс-тұсқа
Бөліп кетті деп ұққам.
Қабылан аба, кебімді ұқ,
Киермін шоқпыт тонды,– деп,
Мен дағы ішімнен тынып жүргенмін.
Ұқтым шекер сөзіңді,
Шер Күлшора абакем,
Бүгін көрдім көзіңді.
Арманым жоқ құдайға,
Ата қылам өзіңді.
Білмегенді білгізген,
Қиязға енді қайрылмайм.
Жетім өсіп жетілдім,
Жетегім абам айрылмайм!
Сейтек осылай дегенде, шора да қайраттанып: «Жылқышыға
құл болып, жылмайып қалатын мен емес, жәдігерге ұл болып, елін
ұмытар жетім сен емес!» – деп тұрғанда Айшөрек келіп, мұңайып:
- Сендердің бірігіп, бас қосатындарыңды білгенмін. Соған қамдап
жүрген киім бар. Міне, оқ өтпес шекпен дайындадым, – деп, шораға
оқ өтпес шекпен кигізеді. Мықты зау текенің қалың терісінен илеп
тіктірген қандағай сымды кигізеді. Енді жылқыдағы Телқызылды
мінуге Сейтектің екі көзі төрт болады. Он екідегі бала жау-
жарағын сайланып, сырнайзасын қолға алып, айбалтасын аш білекке
іліп, Алатаудай арбайып, асқар таудай дардайып, аруақтанып,
ордадан шығатын кезінде, айлакер, амалы күшті Айшөрек Қиязға
алып барады. Қиязға барған себебі – Күлшораны қапыда сойып
тастамасын деп қауіптенеді. Қиязға келіп айтады: «Мына өлгенде
көрген Сейтегің жылқыға барайын, малды көрейін дейді».
Жәдігердің ер Қияз
Желіккен жақсы жан екен,
Әңгір қиял, ақкөңіл
Көдектігі бар екен.
- Әй, бәйбішем, Айшөрек,
Қияз, Қияз болғалы
Қиқырып атқа қонғалы,
Айқырып жауға тигелі,
Алшайып атқа мінгелі,
Жапаны жақсы салғамын.
Жаналы қызы Жайнеке,
Күнжі қызы Қаракөз,
Бұл екеуін алғанмын.
Қалап алған қатынымның екеуі де тумай, бір балаға зар болып едім,
одан Айшөрек сені қалап алып едім. Қурап жүргенде Сейтекті көріп
қуандым. Бұдан басқа балам жоқ. Мен оған барма деп неге айтайын?
Барып келсін. Сағындырмай тез келсін. Жеті күннен қалмай келсін!
Бірақ, жылқыға барғанда малдың бәрін қырып салмасын, семіздерін
соймасын.
Өлгенде де мал керек.
Тікеннен өнер бәйтерек,
Тіріге де мал керек, – деп, жібермеуге шамасы болмай, хан
Қияз Шөректен қорқып, рұқсат береді. Бірақ, артынан өзінен-өзі
күңкілдеп, іші шоқ болып: «Бұл өртенгірдің тұқымы түбіме жетеді
ғой!» – деп ойлайды.
Сонымен, Күлшора мен Сейтек жылқыға келеді. Жылқышының
басы Қарағұл Күлшораны көргенде ашуланып, балағаттай жөнеледі:
Отын алып, от жақпай,
Құтырған шошқа, мал бақпай,
Оңбаған ит, оңбайсың
Кесіріңді қоймайсың.
Атаң қалмақ Алмамбет
Ұлы екенің білмейсің,
Жәдігердің ер Қияз
Құлы екенің білмейсің!
Қара күшке қалдақтап,
Хан алдына барасың.
Бүйтіп жүрсең, ханымды
Бір тозаққа саларсың!
Кесірлі ит, құтырғыр,
Кең -Қолға сайған бағың жоқ.
Сенің керіліп жатар тағың жоқ.
Таласқа салған тамың жоқ.
Талтайып жатар шағың жоқ!
Байтал қармап, күш берсе
Барбайғанын қарашы,
Басым кел десе, кешігіп,
Бұл шошқаның алдағанын қарашы?
Қамап кіріп, жылқышы
Қайдағы жынын қағыңдар.
Құрық салып, тоқпақтап
Бір есебін табыңдар!
Жеңгесінен киіпті
Тонына тонап алыңдар!
Екі қолын тең байлап,
Екі көзін тең шұқып,
Ит өлімі қылыңдар!
Қинап жанын қиыңдар,
Қармап алып, бауырына,
Тірідей қазық қағыңдар!
Құтырған екен бұл иттің
Есебін епсіз табыңдар!
Есірген екен бұл иттің
Ежелгі жынын қағыңдар,
Шын көкпарға тартыңдар! –
деп, айғайды салады. Сөйтіп, екі қолына түкіріп, қара баулы
құрықты алып, айғырымен қалдақтап, Қарағұл дардақтап келгенде:
Бұл қорлықты көргенде
Семетей ұлы ер Сейтек
Өртей көзі жайнады.
Қарағұлға қол салып,
Опсыз шердің тұқымы,
Ойнап-ойнап алғанда,
Ат жалына қан құсып,
Өліп қалды Қарағұл.
Қайранның ісін оңалтып, қастасқанды жоғалтып тұрғанда
жылқышының кенжесі, Күлшораның досы –Бозбала Баабединге
айтұяққа ат айтып, төрт түлігін тез айтып, былай дейді:
Қадырлы шердің шұнағы,
Қымбатты жанның тұяғы.
Олжаға келіп оңалған,
Қорлықта жүріп шоңайған,
Ересен тартып ер болған
Ер ұлымен тең болған,
Ақ болаттың тұқылы,
Айтулы Манас тұқымы.
Күлшора абаң інісі,
Семетей шердің баласы
Беренің Сейтек келіпті!
Тілекті құдай беріпті.
Жылқышылар, сүйінші,
Батырдың ұлы келіпті!
Қиқырса жанды құтқармас,
Шерің келіп қалыпты.
Сары адырмақ қайқаңдай,
Белің келіп қалыпты.
Дауыл келсе жел тимес
Найза алғанға жан бермес,
Ерің келіп қалыпты!
Қараң қалған иесіз мал,
Айуан, адам тең қурап,
Азапты жаман көрген – ді,
Опат болып Семетей,
Олжа болып келген – ді.
Қайтарып, күтіп алатын
Қағысса қараң салатын,
Иесі келіп қалыпты! – деп, Бозбала сүйініп, жылқышылар ду болып,
жер-көкті жарған шу болып, батырдың ұлы Сейтек деп, барлығы
дуға кіріп, осындай жақсы бір іс болады:
Семетей ұлы ер Сейтек
Шер екенін білгізді.
Алмамбет ұлы шораны
Ақ шатырға кіргізді.
Қантын қардай кеміртіп,
Азып келген шораны,
Алмақ болды семіртіп.
Күлшорадай абасын
Ақ боз биеден көп сойып, Қазысына бөледі. Қымызбенен жудырып, Қымшаменен будырып, Қиындап бақты шораны. Көңілін гүлдей жай қылды. Жылқыдан қысыр тай сойды. Алдына жейтін май қойды. Әлі кеткен шораны, Шараппенен суарды. Айығар деп аурудан, Жалаң маймен жудырды. Белгілі мықты күш қылды. Ер Сейтек жайы осындай, Ұмытылмас іс қылды. Момынжан ата Мұны былай тастайық, Қарадәуден хабар бастайық. Бұл Қарадәу Манастың құрдасы, досы Құттыбидің баласы. Енді Күлшораның ауруына ем табамын деп, алты күлік ат алып, Айшөректен алақандай хат алып, керуен басы Момынжанды іздеп шығады. Момынжан айкөл Манаспен о дүниелік дос болған жақсы адам екен. Жығылғанға сүйеу болған, өлетін жанға таяныш болған, айласызға айла болған Момынжанның сіңірі кесілген шораға бір пайдасы тиіп қалар деген үмітпен Қарадәу азып-тозып, дүниені аралап, әбден іздейді. Ел аспаған Желпіністің беліне шейін барады. Белгілі Бағдат, кең Мысырға дейін аралайды. Құлақ естіп, көз көрмеген елді, небір шөлді алты ай тынбай жол жүріп кезеді. Небір үлкен дарияны жағалап өтеді. Қанша азап көріп, күнге күйіп, шыбын жанынан түңіліп, шөл далада қиналып жүріп, ақыры қырық керуеннің басы Момынжанды Бағдат қаласынан табады. Қақпасы темір ордада тұрады екен. Орданың аузындағы күзетші-сақшылары Қарадәуді ұстап алып, орға тастамақ болғанда, Қарадәу Айшөректің Момынжанға жазған хатын береді. Жаңағы сақшылар көзді ашып жұмғанша Момынжанға хатты апарып береді. Хатты оқығаннан кейін, Манастың, Семетейдің атын көріп, жағдайдың бәрін білгенде, екі көзінен жас парлап, омырауына ағады.
«Ақбидай ұнын шайнасып, анттасқан, о дүниеге кеткен Манастан
қалған Семетей берен досыма таяныш бола алмадым-ау, көмек
бере алмадым-ау!» – деп есіне алып, іші өртеніп, бауыры шоқ болып
қайғырады. Қарадәуді шақыртып, ас-суын беріп, әңгімесін тыңдайды.
Қарадәу Семетейдің басынан өткен қиындық жағдайдың барлығын,
Қаншорадан қаза тапқанын, арғын-қырғыздың арманда қалғанын
түгел баяндайды. Қияз Күлшораның сіңірін кестіріп, жылқышыға
құл қылып қойғанын айтады.
Иыққа отын көтеріп,
Өлгелі жүр Күлшора.
Биыл ажал-мүшкілді
Көргелі жүр Күлшора.
Осы қазір шораның
Қаны қалған бір қасық.
Еті қалған көк жасық.
Аяулы ата –Момынжан,
Айлалы өзің бармасаң,
Күл абамды өлімнен,
Ажыратып алмасаң.
Төренің ұлы Сейтекті,
Білмегенді білгізіп,
Біліп, жолға кіргізіп,
Айдай жеңгем, Айшөрек
Айшөрек айтқан сөз еді,
Аяулы ата –Момынжан,
Азап пенен мүшкілден
Тозақ пенен қорлықтан
Ажыратсын деп еді.
Ажыратып алмаса,
Құрға түйген қантына
Құдайласқан антына,
Жеңешем айтқан сөз еді.
Аяш атам беренді,
Антқа қойғын деп еді!
Қарадәу мұндай деген соң, Момынжан сонда сөйлейді:
«Айшөрек айтса мұндай деп,
Аруағы артық Манастың
Атын сыйлап барайын.
Айдай қатын Шөректің
Аяшым еді басынан
Хатын сыйлап барайын.
Жеті мың қызыл нар айдап,
Ай тигендей досыма
Құран оқып келейін.
Өлгенде көрген берені
Барып бала Сейтектің
Биыл жүзін көрейін!
Шердің шері Күлшора,
Назарым анық салайын,
Айлам жетсе батырды,
Айықтырып алайын.
Алмамбет ұлы шораға
Үлгілі сөзін айтайын.
Өшкен отын тамызып,
Өлген жанын тірілтіп,
Одан кейін қайтайын.
Бұттап алтын зерменен,
Мыңдап қызыл нарменен,
Аза түмен малменен,
Өткен көкжал батырға
Азасын оқып қайтайын.
Артында қалған жетімге,
Үзір-назыр айтайын
Содан кейін қайтайын!
Момынжан ата осылай деп, найзагер ерлерінің барлығын,
ақылға кенен берендерін, балта шабар мықтыларын, сөзге жүйрік
даңғылдарын, қайраты толық қамбылдарын, жаудан қайтпас
батыр-балуанын түгел жинап алып, нар шұбатып мал алып, алпыс
балуан жан алып, халық жиналған шу болып, аспан жарған ду
болып, көп батыр Қиязға қарай жүреді. Момынжан таңдап алған
балуандарының барлығына жекей боз тон кигізіп, желмая түйеге
мінгізіп, бес адамға бір адам басшы қойып, он адамға бір жанды
жақсы қойып, алпыстың есебін елу басы алып, сөйтіп найзаларын
жалтылдатып, асаба желек туын толқытып, айғайлаған шу болып
аттанады. Құдыретке жалынып, арғымағын жайлап, азығын сайлап,
пілге оқ-дәріні арттырып, дутарларын тарттырып, қаншама күн
жол жүріп, қиясы қиын бел асып, қиын дария көл кешіп, қанша күн шөл кезіп, Момынжан келіп жетеді. Келгеннен кейін Күлшорадан хабар болмай, мұны қайдан табамыз деп, екі көзі төрт болып келе жатқанда, бір төбеге шығып қараса, бір ақ шатыр көрінеді. Шатырға жетіп барса, ер Күлшора отыр екен. Тілегін құдай беріп, қасына берен Сейтек келіпті. Бірақ, шораның ауруы жазылмай, ауырып жатқан кезі екен. Қарадәу сәлем беріп: «Ал енді хан атаңның сырласы, абакеңнің құрдасы, аяш атаң Момынжанды алып келдім!» -дейді. Сол кезде алпыс балуанымен келіп, аттан түскен Момынжан ата Күлшораны көргенде буыны босап, бұрқырап жылап жібереді. Күлшора атаның қолын ұстап амандасып, болған жайдың барлығын айтып береді: Талауға түсті малымыз, Қасықтай қалды қанымыз. Жоғалып бара жатамын. Аяулы ата –Момынжан, Бізді жолдас қылып алыңыз! Аспанда жұлдыз боз болған, Атекеммен дос болған Суыққа тоңдым, тоның бер, Тілендім, екі қолың бер! Дәрмен кетті дәрі бер, Қожазада, хан ата Дәріңіздің бәрін бер! Күлшора байғұс мұндай дегенде, Момынжан қоспа қызыл дәрісін, ебеп-себеп деген дәрісін алады. Бұл дәрілерін бір бергенде, ауырған жері басылып, бір бергенде көзі жарқырап ашылады екен. «Апы-үпі» дәріден аямай, Момынжан ең күшті дәрілерін Күлшораға салады. Бірақ, одан шора айығып, сауығатын болмайды. Шыныменен күйініп, Шыбындай жаннан түңіліп, Арланып шора күйініп, Аманат жаннан түңіліп. Шора бүйтіп тұрғанда, Аяулы атаң –Момынжан, Ақылменен көп ойлап, Әр ауруға себепкер
Қамбылдығы тағы бар.
Күн қылқылдап батқанда,
Елдің алды жатқанда,
Көнек басты көк төбет,
Көкжалдан қалған ит екен.
Қыңсылап ұлып жүр екен.
Пана қылып шораны
Байғұсың еріп жүр екен.
Батырдан қалған көк төбет,
Баса қалып Момынжан,
Көк төбетті сояды.
Кесіп алып сіңірін,
Күлшораға салады.
Білгір екен Момынжан,
Күлшораның далыға
Ит сіңірін дөп қиып,
Қырма қызыл дәріні
Ептеп-сипап салғанда,
Қайнатпа қара дәріні
Қанша рет сипап салғанда,
Ата байғұс шораның
Ауырған жері басылды,
Жарқырап көзі ашылды.
Денеге тулап қан толып,
Қайраты асар күн болып,
Ай бөксеріп, түн өтіп,
Арада неше күн өтіп
Қуат қайнап, күш толды.
Міне, сонда Күлшора
Орнына келіп оңалып,
Жаны сірі қыранның
Сүйіріне сүт толып,
Иіріне ет толып,
Жәдігердің Қиязға
Беттесер кезі болыпты.
Келбеті таудың теңіндей,
Кез болса оны жегендей,
Шай қолдаған Күлшора
Жанжал салмай тұра ма? Алтын жақты шойын бас, Зәрін көрсең аулақ қаш, Қармап қолға алады, Жолым үйдей қара тас Қос қолдап тұрып салады. Шоқпарынан шоқ шықты, Қара тастан от шықты. Шапқанынан шаң шықты. Көрген елден жан шықты. Сол кезде жас та болса ақылман Сейтек абасына: «Бұрын күшіңіз қандай еді? Күшіңізді сынап біліңіз, бұрынғыдай болса ғана жауға тиіңіз», – дейді. Күлшора: «Абамыздың барында күшімізді сынап тұрушы едік. Тоқсан кетпенді қатар қойып, садақпен атқанда, жебеміз зуылдап, тоқсан кетпенді тесіп өтуші еді. Түзеңге шыққан қайыңды түбіменен жұлып алушы едік. Түйені көкпарға тартушы едік. Даңдуңбастың таутекесінің терісін ашытқыға салып, енеміздің алдында табандасып тартқанда, үзіп-үзіп тастаушы едік. Бұлшық еттер жұдырықтай болатын. Бұрын күшіміз осындай еді! Қорлықта жүргенде өз денемді өзім әрең көтеретін болып қалдым ғой!» – дейді. - Турадан аққан бұлағым, Ту орнаған шұнағым Бозала тартқан балпаңым, Белгілі айкөл көкжалдан Белекке қалған шолпаным. Қарақия батқалда, Қалың дұшпан оқ атып, Абамды қамап жатқанда, Оның айтқан сөзі еді: Жетім аман өскенде, Арқа қылғын деп еді, Жылғынды Кең-Қол, кең Талас, Қала қылғын деп еді. Қалған Сейтек баланы, Бала қылғын деп еді. Айтып абам кеткенде, Өртеніп жанып, күйгенмін.
Бұрынғы кеткен абамнан,
Мұраға қалған Сейтегім,
Өзіңді күтіп жүргенмін.
Өңкей қорлық-зорлыққа,
Он екі жыл күйгенмін.
Ойлап жетім жетер деп,
Дұшпанның басын кесер деп,
Өзіңді күтіп жүргенмін.
Сынған қанат жетіліп,
Жырғалып қайта кезігіп,
Күнім келіп қалған соң,
Қырсықтың бәрі кесіліп,
Қайғым қашып оңалдым,
Қайра бастан зорайдым! – деп, шай қолдаған Күлшора қайтадан
күші орнына келіп, ширығып тұрады. Сейтек оның сырын ұғып:
«Күшіңізді сынап алыңыз! Күшіңіз толса, бұрынғыдай болса, содан
кейін соғыс салыңыз! Шамасы жетпей, жаудан өлді дегізбеңіз!»
– дейді. Атының аузын бұрып, абасының күшін сынайды. Тоқсан
кетпенді қатар қойып береді. Шай қолдаған Күлшора қолына садағын
алып, белі иіліп мықшиып, көзі тұманданып шекшейіп, бармағынан
май шығып, білегінен шыпылдап қара қан шығып, күшін жинап
тістеніп, сүйектері сықырлап, садағын тартады.
«Ордаңдаған құтырғырың, арам өлер ме екен? Бұл кетпенді қалай
атады?!» – деп, халайық таң қалып қарап тұрады.
Күлшора садағын тартып, Алмамбет, Манас көкжалдың аруағына
сыйынып, кетпенді атады. Зу еткен жебесі тоқсан қатар кетпеннен
тоқталмастан өтіп кетіп, ар жағында жерге барып қадалады.
Мұны көзі көргенде,шора сүйініп сөйлейді:
Бұрынғы бала жас кезде
Дәулет толған, мас кезде,
Кетпен қойып, атушы ек.
Күш кененін білуші ек.
Ілгеріде атқан кетпеннің
Сексенінен өтетін.
Күштеп атсам кетпенді
Қабырға сүйегім қайысқан,
Ондағыдан бұл кезде
Өрде болған екенмін.
Бұғана сүйегім болқайып,
Болып қалған екенмін.
Жетімім келіп жетіліп,
Толып қалған екенмін.
Аңдысқаным ер Қияз,
Тиісер кезім болыпты,
Тілегім құдай беріпті.
Енді Кең-Қолдан тием көшімді.
Кердеңдеген бұлардан,
Кейітіп алам өшімді.
Дардаңдаған бұлардан,
Таласып алам өшімді.
Алты ай қалып құрсақта,
Туылмай жетім болғаның,
Алдыма салсам ақ жолым,
Артымда жүрсең сан қолым,
Тоннан қымбат бұлымым,
Асыл абамнан қалған құлыным.
Құлыным, сенің айыңнан,
Не мүшкілге түспедім,
Ащыны қандай ішпедім?
Кешкенім жалын от болып,
Жегенім тобық топ болып,
Үстінде жаттым құрымның.
Ермегім тиіп қолыма,
Е-е, балам, енеден бүгін туылдым.
Дәулет толқып, құт келді,
Қайран абаң бойына,
Қабыландай күш келді.
Түн жау болып, күн келді.
Қалаға құрған бақ келді.
Жәдігердің Қиязбен
Талқандасар шақ келді!- деп, айтұяққа ат сойып:
Үзілгені жалғанып
Шашылғаны жиналып,
Жаңғырып жаны оңалды.
Жапалы заман, қараң күн,
Қалмай бәрі жоғалды.
Шоң Момынжан кәрі бар,
Шоң Қарадәу тағы бар.
Алмамбет ұлы Күлшора
Басынан қорлық жоғалды.
Батырдың ісі оңалды.
Жылғынды Кең-Қол, кең Талас
Жерін аңсап желікті.
Жырғалды қырғыз, көп арғын,
Елін аңсап елікті.
Оқ өтпеген бадана
Қоржыннан алып киісіп,
Оқ жетпеген ту шұнақ
Жылқыдан қармап мінісіп.
Ишан шалдан бата алып,
Жылқыдан қалап ат алып,
Кейбір күлік тап келсе,
Қарабайыр қазанат,
Керіске мінер мал ғой деп,
Беренге тиер қан ғой деп,
Кей бір күлік тап келсе,
Бура кекіл, қақпан бел,
Кермеге аса байлады.
Қарабайыр қазанат,
Қалбыр өкпе, жез білек,
Тұлпардан қалап ат алып,
Жау-жарағын сайланды.
Күш бергені Момынжан,
Кеңес айтып барқылдап,
Еп бергені Қарадәу,
Қымыз шайқап, тай сойып,
Ет бергені Бозбала,
Енді ешкімнен шошынбай,
Бұл Күлшора көкжалдың,
Ерлік жайы осындай!
Тауторы
Сол уақытта Айшөрек ер Қиязға күліп сөйлеп, тәтті тілімен
төрем деп, қымыздан тартқан нақ шараптан толтыра құйып
ұсынады. Жәдігөй қатын Айшөрек ер Қиязға телміре қарап, жадырай күліп ұсынғанда, зор Қияз қызыққанынан үш аяғын ішіп алады. «Перінің қызы берен Шөрек, бүйтіп маған ықыластанып ас берген жоқ едің!» – деп, тағы бір аяғын ішеді. Содан күпілдеп сөйлеп, елін мақтап, жерін мақтап, өзін мақтап, есіп, бөсіп отырғанда, айласы артық Айшөрек: «Ой батырсың, ерсің, шерсің!» деп мақтап алып: «Ер екеніңіз шын болса, жылқыға барып келейін, баламыз Сейтекті көріп келейін. Маған Тауторы атыңызды беріңіз! Буданыңды берсең, батыр, мен қатын болсам да бір жырғайын. Жеті күннен қалмай келейін. Алыс жер, тұлпар атың Тауторымен барайын!» – деп, қадалып сұрайды. Сонда Қияз: Ту-туу, Шөрек қайтесің? Аты қатын, ұрғашы Атқа мінсе бола ма? Қатын тұлпар мінгенде Басын жемей оңар ма? Ханның зайыбы далпылдап, Тұлпарға мінген болар ма? Қатын деген адамның Қазанменен ісі бар. Хан тұлпарын мінем деп, Қай жақтан алған күшің бар? Ұрғашы деген қазына, Үйі менен ісі бар. Оқ өтпес тоның бергін деп, Қай жақтан алған күшің бар? Бекзаданың зайыбы, Тұлпар мінген бола ма? Ханзаданың қатыны, Басы жоқ жүрген оңа ма? Қойғын Шөрек, кебіңді, Кім ұқсын мұндай сөзіңді? Кім көрсін мұндай көзіңді? Оқ өтпес тонды кигізсем, Оқ жетпеген Тауторы, Тұлпарымды мінгізсем, Жетіөзен жиған дүние Дүниені шашпағын.
Жеріңді көздей қашпағын! Қалың қазып орымды, Қайнатып жүрме сорымды, Тосып жүрме жолымды! Ұқпаймын Шөрек кебіңді. Перизада сен болсаң, Берен Қияз мен болсам, Қатын тұрып ат сұрап, Қадірлі Шөрек, зайыбым Тау арасын су бұзар. Ел арасын шу бұзар! – деп, Шынқожа мен Толтайдың Семетеймен соғысқанын еске алып, «Манастың ұлының қатынын тартып ал!» – деп, Шынқожа үгіттеп, содан ерен де, шер де өліп, қаншама елдің қырылғанын есіне салып: «Қатыныңда халық бұзған, ай-әлемді бүлдірген, қаражолтай Шөрексің! Тұлпарым бар, атым бар, Батыр Қияз парқым бар. Қатын басың шыр қылып, Тауторы сұрап тұрасың. Аты-тоның бергін деп, Шөрек, кімді мазақ қыласың? Дегеніңе көнбеймін Тауторы атты бермеймін! – деп, Қияз қиқырып, қатты айтып салғанда, Айшөректің көңілі бөлініп, көзінің жасы төгіліп, өкпелеп: Ерен Қияз деп жүрсем. Есер Қияз екенсің! Арам Қияз екенсің. Соқыр Қияз екенсің! Қадірімді білмедің. Ат сұрап едім, көнбедің, Атыңды аяп, бермедің. Бермесең, берме атыңды. Арланып жанып, күйейін Бір тайыңа тең болмай, Қайтып тірі жүрейін?!– деп, қатты ренжіп қалады. Сонда зор Қияз айласы кетіп: «Қой, бұл өзі, қатыннан шыққан сұрқия ғой. Көкте ұшып жүретін адам, қиялы тентек, кәпір жұртыма бәле салып жүрер!» – деп, Тауторыны бермеуге амалы қалмайды.
Содан: «Сынап айтып едім, сұрланып, оңбай қалдың ғой, Шөрек. Бұл артық тұлпар –Тауторы, құмда туып, таста өскен, құланменен қуысқан, тұлпарменен туысқан. Берейін, бірақ, байқап мін! Елікпесі бар еді, Есепсіз тұлпар Тауторы, Қатын мінбес мал еді. Ғайыптығы бар еді Қасиетті мал еді. Осы Тауторыны сұрап, ала алмай, неше жақынымыз ренжіп, алыс, жат болып кетті. Жаналы, Қараш екі дәу нағашымыз сұрағанда да бермегенбіз. Бермек түгілі, пейілі жаман адам мінбеген. Жетік тұлпар екен деп көзі көрегендер жақтырған. Құйын көтен Қайып шал үйреткен. Мәнісін көріп қуанып, Баабедин ата жақтырған! Осындай қадірлі күлік Тауторыны берейін. Саламат барып, сақ келгін. Тез кел, сағындырмай! – деп, айтқанына көнеді де, бірақ: Өзенге жалғыз жүрмегін, Дәретсіз адам мінбеген, Шылбырдан зайып алмаған. Қияздан бөлек, бөтен жан Жанына шыдап бармаған. Жеткілең күлік, бұл тұлпар Үстіме қатын мінді деп Зайыбы сапар жүрді деп Ауыздық тістеп, бас шайқап, Бұғыдай мойнын бұрмасын. Бұра тартып әңгекке Ала қашып ұрмасын. Аяғына сақ болғын! Әңгекке ұрып оқыстан, Қазбасын қалың орымды. Ажыратып Шөректен Қайнатпасын сорымды. Ұшам десем қанатым Тауторы –менің жан атым! Жылқышы басы Қарағұлға сәлем айт. Малды түгел жиып алып, ұлым Сейтекке тура тұлпар күліктен бір ат еншілеп берсін. Барып кел!» – деп, Қияз: Оқ өтпеген көк күпі, Етегі жайық бек күпі.
Бұрылса найза жетпеген.
Жазайыл атып, жақ тартса,
Қылқ етіп бір тал өтпеген қымбат бағалы көк күпісін Шөрекке
шешіп береді. Сөйтсе де, қимай түнеріп, көңілі бөлініп, мынау
қағысқа мінетін Тауторы атын енді қайтып көрмейтіндей,
қайырылмайтындай көріп, жүрегі қайнап, іші өртеніп, жаны ауырып
тұрады. Бермеймін деп Айшөрекке тағы айта алмайды.
Соғысқа киген көк күпі
Кимей қалар ма екенмін?!
Өткен істің жайынан
Сұрқия Шөрек айынан
Қағысқа мінер Тауторы
Мінбей қалар ма екенмін?!
Айдау түсіп артымнан
Айшөрек қатын дартынан,
Қанатым кетіп қаңғырып
Айуаннан артық тұлпар ат
Тауторыдан айырылып,
Арам өлер ме екенмін?!
Қатынға атым алдатып,
Жаман өлер ме екенмін?!
Шалқайған асу аса алмай,
Белде қалар ма екенмін?
Шып еткен су таба алмай
Шөлде қалар ма екенмін?»
Осыны ойлап бұл Қияз
Булығып іші өртеніп,
Өртенсе де қайтеді?
Шөрегім, сүйген жарым деп
Оқ өтпеген болымды,
Көк күпіні кигізді.
Оқ жетпеген Тауторы
Былғары терлік, көк тоқым,
Көк тоқымның үстіне
Алдыңғы қасы шыл күміс,
Екі қаптал тең темір
Сайысқан ерге шақ қаңқы,
Тауторыға салады.
Ішке басып төтелеп,
Қолыменен бұл Қияз
Тауторы атты жетелеп,
Айдай қатын Шөрекке:
«Ай-күнім Шөрек мінгін» – деп,
Тура тартып барады.
Қымбат баға ақ қоржын
Қиын балуан Айшөрек,
Шапа-шұпа салады.
Епті қатын Айшөрек
Бұл еселаң Қияздан
Ебіменен сұрады,
Алтын табан үзеңгі
Теппей ырғып қарғыды.
Сөйтіп нардай торы атқа Айшөрек мініп, қара жақ бүлдірсін
қамшысын қолына алып, қапталға тартып жіберіп, Қияздың
алдынан бұрылып өтеді.
Тауторы атқа тіл бітіп, оқыранып, басын шұлғып, жәдігердің
Қиязына сөйлемек болады.
Батыр Қияз сен едің
Тауторы тұлпар мен едім.
Биттейіңде біріктік,
Бармақтайда бас қостық,
Кенедей күнде кезіктік.
Ойнау бала сен болып,
Ауыз жарма тай мен болып.
Мен қазанат ат болып,
Сұраған кісі жат болып,
Қанатты тұлпар мен болдым.
Жетіөзен суда жәдігер,
Жайлаған батыр сен болдың.
Осы бүгін сен Қияз
Қара жермен тең болдың.
Ерлігің бар, есің жоқ
Есалаң Қияз сен болдың!
Қайтып жанбай, сөніп қал,
Тумай тұна шөгіп қал.
Қатынға атын алдатқан
Қарабет Қияз өліп қал!
Жағасы алтын бадана
Қағып-сілкіп кимейсің,
Белгілі күлік Тауторы
Енді қайтып мінбейсің!
Қатынға атын алдатқан,
Қайран Қияз, есен бол!
Қанатыңнан қайрылдың,
Қаралды қылған тұлпарың
Тауторыдан айрылдың!
Белгілі тұлпар құйрығын
Бес-бестен қармап өрер ме?
Беренсіген шер кісі,
Қатынға атын берер ме?
Жетіөзен суға хан болып,
Желігесің, жүрмейсің,
Жерге кір Қияз, аман бол
Енді желкелеп мені мінбейсің.
Желігіп жауға кірмейсің! – деп, Қиязға арыз-мұңын айтайын деп
тұрғанда, перизада Айшөрек ат сөйлесе оқыс деп, мұны естіп қойса
Қияз жанжал қылар деп ойлайды. Өзі самдағай, шапшаң Айшөрек
алқа баулы шаш моншақпен торы атты маңдайыңан «қаң» дегізіп
тартып жібереді. Маңдайға кілт тигенде, Тауторы теңселіп кетіп,
жығылмай, әйтеуір сүрініп барып оңалады. Кекілі көзін жауып,
сөйлей алмай қалады. Сөйтіп, сөйлейін деп тұрған тұлпардың тілін
байлап тастайды. Енді кетейін деп жатқанда Қияз «Айшөрек!» деп
бақырады. «Тоқта! Тауторы менің қанатым! Бұл қандай да бір іс
келсе, сөйлейтін әдеті бар. Алты айшылық мүшкілді адамша сөйлеп
айтып беретін.
Түссе шықпас тор болса
Тірі жан кешер сор болса,
Қанатты қашып құтылмас
Ел қоршаған қол болса.
Қағысқа мінсем қанатым,
Қашан болса Тауторы ат
Болжап айтып салатын.
Айтып қалған себебі-
Осы тұрған Тауторы
Медияның көлінен,
Ит қияның белінен,
Ғайыбынан қабылған.
Қақылдаған қарға жоқ
Құрқылдап ұшқан құзғын жоқ,
Айуан шайнар шөбі жоқ,
Адам жұтар суы жоқ.
Ит баспастың шөлінен,
Жан жүрместің жиегінен,
Бестісінде табылған.
Қараңғы жайға бақтырған.
Басына тұмар тақтырған.
Қан ішпе кемпір, жезтұмсық
Ол да сынап жақтырған.
Бөтен жан мінсе болмаған
Сөйлемей тіпті қоймаған.
Атымның аузын бұра тұр,
Не дейді екен Тауторы
Айшөрек кәне, тұра тұр! – деп, Қияз қаһарланып, қылышын қынсыз
байланып, дардақтап жетіп келеді. Ахунның қызы Айшөрек: «Атың
айтса, тілін түсініп көр Қияз! Айтса тілін түсінетін әулие болған
екенсің. Наркескеніңді ала жүгіріп, жау келгеннен жаман жетіп
келдің ғой. Қылмыс қылсам басымды шап, мә, атыңды сөйлетіп
ал!» – деп, Тауторының аузын тартып тұрады. Қияз торы аттың
кекілін сылап тұрады. Оқыранған торы ат сөйлейтін болмайды. Ары
сылайды, бері сылайды, торы аттың сөйлейтін түрі жоқ. Айдай
қатын Шөректен өзі ұялып қалып: «Айдай зайыбым Айшөрек! Енді
Тауторы сізге аманат, кешіксең – мүшкіл, жаманат. Барып кел!» –
деп, Тауторы атын табыстап, зор Қияз әрең дегенде қалады.
Айшөрек торы атқа оңды-солды қамшы ұрып, ұшқан құспен
жарысып, заулай жөнеледі. Сонда айуан да болса, Тауторы ойлайды:
Бұғыдай мойным бұрмасам,
Әңгекке алып ұрмасам,
Ақыры быт-шыт қылмасам.
Ахунның қызы, сұрқия
Шығармасам жаныңды,
Жығып салып төкпесем,
Торсықтап қара қаныңды.
Ерен сынды тон киген
Ереннен мықты ат мінген.
Өзенің шұңқыр, тік қия
Өртеніп өткен сұрқия.
Ер Қиязды алдаған,
Артықша епті кәпірді.
Бұғыдай мойным бұрайын,
Бұта бойы жар келсе,
Бұра тартпай шырқайын.
Тасын талқан шығарып,
Талқандап жерге ұрайын.
Адыр-күдір керіден,
Ат баспастың сеңгірден,
Арқардай аяқ керейін.
Ер алдаған қатынның
Жазасын мықтап берейін!
Мұны ала қашып, есебін табайын! Кілтпен басымды жарды ғой,
мен бұдан өшімді алайын!» – деп, тұлпар ат құйғыта жөнеледі.
Айшөрек құйындай ұшқан буданның тізгінін тарта – тарта, екі қолы
қарысып, шыбын жаны шырқырап, қайран жаннан түңіледі.
Сонда тілінде мөрі бар қасиетті, берен қатын Айшөрек: «Бұл
Тауторы айуанға қызықты қылайын!» – деп ойлайды.
Қарғысы қата кетпеген,
Дуасы бекер өтпеген.
Қыз кезінде Айшөрек,
Ғажайып дуа оқыған,
Атағын көрген шошыған.
Білгенін бір жан білмеген,
Дуа оқымай жүрмеген.
Шоң сиқыршы, жәдігөй,
Ахунның қызы бейбақтың
Бұл өнерін қарашы.
Қиын тұлпар торы атқа
Қимылдаған тұяққа,
Суық дуа ұрады,
Ала қашқан айуанға
Осындай қызық қылады.
Әне-міне дегенше,
Ашып көзді жұмғанша
Зуылдаған торы атты
Қойға жетпес қылады.
Зырқыраған торы атты
Сиырға жетпес қылады.
Қол- аяғын бек байлап,
Қорлық қылды торы атқа.
Қойға жетпес бір көнбіс,
Шобыр қылды торы атты.
Сөйтіп, бойын кішірейтіп, арамдық қылған торы атты оңды-
солды қамшылап, бір таудың етегіне келіп, күн батқанда тоқтайды.
Ақ қаңқы ерді жастанып, құбыланы бастанып, былғары терлік,
көк тоқым жамбасына салып, торы атқа шідерді салып, ұйқыны
соғады.
Таңертең аттанып, айыр белес тайпаңға шығып қараса, ағарған
шатыр көрінеді. Соған келсе, Күлшора, Қарадәу, Момынжан ата –
барлығы отыр екен. Момынжан Айшөрекпен жылап көріседі. Болған
істің барлығын айтып, досы Семетейді қимай, жылап, айбалтасына
сүйеніп, зарлап еңірегенде Айшөрек те дауыс салып, сұлтаны
жаңадан өлгендей зарлайды. Сөйтіп, барлық халық жылап, қайғырып
тұрғанда Семетейдің ұлы жас Сейтек іші өртеніп, шоқ болып,
анасына тіл қатады:
Айналайын енекем,
Әлдилеген берекем.
Бес арқар жұлдыз батқанша
Бес жолы қайра емізген,
Ақбидай нанын жегізгін.
Мойныма тұмар тақтырған
Дұшпанның кәрі тиер деп,
Еркелетіп бақтырған.
Ересен тартып ер қылған.
Ер ұлымен тең қылған.
Ақ бәйбіше, енекем
Қаңғырып жүрер жөн бар ма?
Енеке, айтшы, ел қайда?
Елге жетер күн қайда?
Безіп жүрер жөн бар ма?
Бейбақ енем, ел қайда?
Қашан асар екенмін,
Қара бура, кең шатқал,
Халық жайлаған белімді
Қашан көрер екенмін,
Арғын-қырғыз елімді!
Орда күтіп, тау жайлап
Белге қашан кетеміз?
Оромпой теуіп, орда атқан,
Елге қашан кетеміз?
Күйік, Шақпақ –екі асу
Белін қашан басамыз?
Қалың қырғыз, көп арғын
Ауыл қонып, жайқалып,
Күлкіні қашан ашамыз?
Ағарған қарлы Алатау
Ата-қоныс жер қайда?
Қоқи, ене ел қайда? – деп сұрайды. Сонда Айшөрек жер мен елдің
жөнін айтып, бабасы Манастан, кең Таластан бастап айтып:
«Кеше атаң өлгенде артынан кетейін деп едім. Құрсақта қалған
сен үшін кетпей қалдым, шұнағым. Олжаға кетіп, барлық азапқа сен
үшін көндім. Атаңның өлігін көріп, асылды зәмзәмменен жумадық.
Қайғыменен қан жұтып,
Қара киіп бет жыртып,
Қайран атаң көкжалдың,
Зинатына тұрмадық.
Бір жорығын қарасаң,
Ғайып болып өткендей,
Бір жорығы атаңның,
Жолаушылап кеткендей.
Кең дүние тар болды,
Көкжал батыр атаңа
Халқы бүйтіп зар болды.
Халық атасы хан Бақай
Күйерінен айырылды.
Күйік тартып әжеңіз,
Ботасынан айырылды.
Белі сынып бекшейіп,
Берен енең долының
Екі көзі шекшейіп,
Көкірегі іріңдеп,
Өне бойы дірілдеп,
Көрешекті көрген -ді.
Құлыным деп көп боздап,
Соры қалың бәйбіше,
Өлместің күнін көрген-ді,
Өшпестің отын жаққан-ды.
Қаншораның бұзауын
Жан айладан баққан-ды.
Кең дүние тар болып,
Кейіп, боздап, зар илеп,
Ойласаң мұндай болған –ды.
Ай-әлем халқы жиылып,
Асылдың бәрі қырылып,
Сары хан бастап хан өліп,
Берендердің бәрі өліп,
Қырқылды қызық шашымыз,
Олжа болды басымыз! – деп, бастан өткен қиындық-азаптың
барлығын айтады.
Осы тұрған Күлшора,
Белгілі елге бел осы.
Пендеден артық шер осы.
Күлкісі таңды атырған
Ұңғысы болат, сом балта,
Бәріңе таудай шоң арқа.
Түп атаңыз түгел алып
Әулие шалған батаңыз.
Осы тұрған Күлшора
Ойласаң ұлым, атаңыз.
Теңіздей қыран бел осы,
Дұшпанға кірсең оғына,
Өртке кірсең шоғына,
Ақылға кірсең айлаңа,
Атысқа кірсең найзаға,
Шыдап келер шер осы.
Білмегенді білгізер,
Білімді, білгір жан осы.
Жауға кірсең, дұшпанға сілтейтін құрыш болатын осы, – дегенде,
Шөрек пен Сейтекке шай қолдаған Күлшора жақындап келеді. Елік
сүтін берген, енесіндей көрген жеңгесіне Күлшора:
Белгілі қайның мен едім,
Берен жеңгем сен едің.
Мен киетін тон бар ма?
Белсеніп тоның киейін.
Беттесерім ер Қияз
Бір беттесіп көрейін.
Тағдыр жетсе өлейін.
Қайра тартпас шын жайды.
Жаратқан жазса көрейін.
Шыбындай жанды берермін,
Ажал тағдыр жетпесе
Жәдігердің ер Қияз
Қызық қылып берермін.
Елімнің мұңын тыйғаным,
Шашылғанын жиғаным.
Қармасарым ер Қияз
Қасарып көздеп тұрғаным.
Қара бел асып көш алмай,
Ер бола ма жігіттер,
Қармасып жаудан өш алмай?
Жаудан қорыққан ер жігіт,
Егерде екі бола ма?
Шабысарым ер Қияз
Айдай сұлу жеңеше,
Шабысқа киер тон бар ма? – дегенде, Айшөрек көк қоржыннан оқ
өтпейтін, қылыш кеспейтін, найза теспейтін тон мен қандағайды
алып, Күлшораға кигізеді. Күлшора Қияздың жолын тосып, Манастың
аруағына сыйынып, Бабединге атасы Манас жолына айтұяққа ат
айтып:
Ту жоғалған ұршыққа,
Томырайған тұмсыққа,
Бұзылған Ақсай жеріне,
Оңырайған сеңгірге,
Қасатшаның ойына
Хан Қияздың жолына.
Жаңа-Арықтың жанына
Жаңғырықтың Жар–Қия, тоғыз жолдың торабына келіп жетіп,
аққаңқы ерді жастанып, құбыланы бастанып, оқ өтпесті жамылып,
жау-жарағын сайланып тосып жатады.
Ол Қиязды тосып жатқанда, Айшөректің мазасы кетіп:
«Қаны қалған бір қасық, еті қалған көк жасық шораның жағдайы
қандай болар екен? Күлшораны хан Қияз сойып тастаса, онда бізді
қорғайтын жан қалмайды. Түгел қырып кетеді ғой!» – деп, шораның
тілегін тілеп, көзінің жасы төгіліп, көңілі жаман бөлінеді.
Оқыстан шора жайланып,
Қайрадан құдай ұра ма?
Қаза берме орымды,
Қайната көрме сорымды,
Өксіте көрме өзімді,
Сындыра көрме белімді!
Әулие өзің оңда деп,
О дүниеге кеткен шер атам,
Аруағың өзің қолда!» – деп, ақ жаулығын салынып, бір құдайға
жалынып, шырқырап жылап, тілек тілейді:
«Берен еді шер еді,
Атасынан бабасы
Артылған көкжал ер еді,
Баланы құдай сақтай гөр,
Өзі қабылан шер еді!
Күлістенім едің Күлшора,
Күшейіп соғыс сала гөр.
Күйікті қырғыз, көп жұртты,
Қаһарлының қолынан,
Ажыратып ала гөр!»
Қырғын болған қырғыздың,
Өшін алар ма екен деп?
Қаралы арғын, қалың жұрт,
Қайтадан елім жиналып,
Даңқын жаяр ма екен деп
Көп тіленді Айшөрек!
Қияздың өлімі Хан Қияз таң сарғайып атқанда ұйқысынан шошып оянады. Түрі бұзылып, бақырып, жәдігердің бәрін шақырып алады. Жұртқа түсін айтып береді. - Ғайып күлік, кенедейде кезігіп, бармақтайда бас қосқан, басқаша тұлпар Тауторы ат құйрық жалы кесіліп, қойға жете алмайтын бір шобыр болып қалыпты. Оған арғын, қырғыз аралас отын артып алыпты. Бұл немене болады? Ақсұңқар құс жібек бауын үзіп, айды көздей ұшып кетті. Бұл немене болады? Болат қалқаным талқандалып, қирап қалды. Бұл немене болады? Жәдігер, бұл түсімді жорышы. Үстімдегі оқ өтпейтін қымбат көк күпі жағасы шіріп, күйіпті. Оны өртенгірдің тұқымы Сейтек киіп жүр екен. Бұл бір сұмдық қой. Бұл түсімді жорышы! Тасты салсам сынбайтын болат сырнайзам сексен бөлек сыныпты. Сөйтіп құдай ұрыпты. Қасымда қарасатын бір жан жоқ. Қылжиып жалғыз қалыппын. Бұл немене болады? Осы түсімді жорыңдаршы! – деп, хан Қияз халқына барқырап айтады. Мұндай түсті жори алмай, ақсақалды кәрісі де, жастары да ақырын-ақырын тарап кетеді. Қияз қаһарына мініп: «Қалың дұшпанды жалғыз қыратын әлім бар. Біреуіңді де ертпей, қол алмай-ақ, мен өзім жалғыз барамын. Ахунның қызы Шөрек тұлпарды алдап алып кеткен екен ғой. Оқ өтпес тонымды сұрап алып еді. Екеуін бірдей алып, алдап кеткен екен. Мұның мен жынын қағамын, есебін табамын, Ажыбай мен Түменбай –екі ағасын соямын, қалған жұртын сандалтып, отыншы қылып қоямын. Атасы Ахун ханның заманын тар қыламын, бұл күніне зар қыламын!» – дейді. «Тауторыны қатынға алдыртқаным-ай, ерлігім бар да, есім жоқ!» – деп өкініп, қаһарланған Қияз ошағарын оқтап, жұрттың бәрін боқтап, жау-жарағын сайланып, көк қылышы жарқылдап, Жетіөзеннен аттанып кетеді. Астына мінгені Қылкүрең – бір заманда Таластан, арғын-қырғыз елінен олжаға келген тұлпар екен. Құйындай жерді сапырып, құландай жапырып, ұшып келе жатады. Қаһарына мінген Қияз ашылмайтын күндей бүркеліп, көк жорыдай айналып, бетіне адам қарай алмастай болып келе жатады. Өлшеулі мойнақ, Қарақыр белге келіп, Қарақасат тауына, Қарауыл тастың
бойына шығып қараса, қырдан түтін көрінеді. Жүк артқан сексен
түйесі бар, қызыл нары тұр екен. Қияз мұны көріп ойлайды: «Бұл
думандатып, тойлатып, некесін қидырып, біреуге тиейін деп жатыр
екен ғой. Мен мұның алатын зорын төбесінен басайын, Айшөрегін
бас қылып, бұларды түгел қырайын. Қатынымды қайтып берейін?
Бүйтіп мазақ болғанша, бұлардың жынын қағайын!» – деп, қабағынан
қар жауып, мұртына мұз тоңып, бурадай болып күркіреп ат қояды.
Алыстан оның қарасын көрген Шөрек шошынып, күйінеді: «Қайрат,
күші көп, зор Қияздың түрі жаман! Әлпештеген Сейтегім он екіден
жаңа асты, бұған қарсы тұра алар ма екен?!
Қасқалдақ деген қайран құс,
Қаршыға құсқа жегізбе.
Желіккеннен Айшөрек,
Қияздан өлді дегізбе!
Алла, жан деп жаратсаң,
Құп сыйласаң сөзімді,
Қолына қорлап түсіріп,
Қурата көрме өзімді!
Алла тағалам қош көрсең,
Қарайта көрме жүзімді!
Сенген қайным Күлшора
Телегейі тең еді,
Шай қолдаған шер еді.
Он екі мүше кең еді.
Он екі жыл тепкіні,
Қарағұлдан жеп еді.
Қатты зорлық, шоң қорлық
Жәдігерден көрген – ді.
Құтырған Қияз кәпірді,
Қайныма құдай берер ме,
Қисайып Қияз өлер ме?» – деп, Айшөрек боздап, жылап тілейді.
Сол кезде кәрлі Қияз қайқы қасат, тас майданға шыға келгенде,
Күлшораны көреді: «Қуарған құл, сені біржолата құрта кетейін.
Оң далыңды он жол оймасам,
Қырық бір күн кескілеп,
Құтырғыр сені соймасам,
Көзіңді шұқып алмасам,
Көп қайратты қолыңды,
Қарыңнан кесіп салмасам.
Есіл басың шаппасам,
Есебіңді таппасам,
Қорлықпенен өлтіріп,
Жоғалтпасам көзіңді!
Бұл ерсініп, жолымды тоса қалған екен, мен мұны сояйын!» – деп,
Қылкүрең атты тақымдап, қиқырып найза сұнады. Ол найзамен
саятын кезде, қанша жаумен соғысқан әдісқой, шайқастың жайын
жақсы білетін шер шора айбалтамен Қияздың найзасын қақ бөледі.
Сонда олжаға келген Қылкүрең ат Күлшораның иісін сезіп, айтайын
десе тілі жоқ, есті жануар бұра тартып, бұлттай ұшып, қайырыла
бұлт етіп тұра қалады.Үстіндегі Қияз үзеңгіден аяғы тайып, ерден
арты қылтайып, дардайып құлап түседі. Құлап жатып, Қылкүреңді
тілдеп: «Дұшпанның малы еді, ағам Толтайдың асына арнап
шалдырмағанымды қарашы!» – деп өкінеді. Күлшораның жанында
қотыр нардай қайқайып, қапаланып барбайып, қарсы қарап тұрады.
Күлшора қаршығадай шабынып, ғайыптан ақыл табылып:
Он далымды ойып құл қылған,
Ордалымды бұл қылған,
Шерім Қияз сенбісің?
Абамды қуып жоғалтқан,
Ерім Қияз сенбісің?
Жалпыға қырғын бастаған,
Таласты елсіз тастаған.
Қариямды өлтірген,
Кереге-уығым қиратқан,
Кәрі-құртаң, жесірді,
Қалдырмай тегіс жылатқан.
Күнімді қара түн қылып,
Қойған Қияз сенбісің?
Есепсіз ебім кетіріп,
Шапқан Қияз сенбісің?
Дүние кезек келді ме,
Тілекті құдай берді ме?» –
Деп Күлшора бақырып,
Манастап ұран шақырып,
Бастады қырғын соғысты.
Ер Қияз бен Күлшора,
Берендер жаяу тұрысты.
Бет алысып ұрысты,
Кім көрген мұндай жұмысты?
Маңдайласып тұрысып,
Қылыш сілтеп, балтамен,
Былшылдасып ұрысты.
Қылышпенен шабысып,
Қылыш қирап, қалысып,
Айбалтамен салысып,
Сабы қолда қалысты.
Жағаның бәрі үзіліп,
Тондар дал –дұл жыртылып.
Айқырып екі арыстан,
Шер екені білінді.
Екеуі аянбай, армансыз соғысады. Ақырында бір-бірімен бетпе-бет
келіп, жаяу күресті салады. Ұстаған жерлерін үзісіп, қабырғаларын
қиратардай болып, көк бұқадай сүзісіп, алты күн тынбай ұрысып,
екеуі аш бурадай шайнасып, алысқанда, тізелері тиген қара жер
тіп-тік болып ойылып, аяғы тиген жерлері жер ошақтай ойылып,
бірін-бірін боқтап, тынбай алысады. Төбе құлап, түз болып, шынар,
шыбық, тастар сайға ұшып толады. Сол кезде Қияз бақырып,
Сейтекті шақырады:
Айналайын тентегім,
Өлмек болдым, Сейтегім.
Аталыққа санасаң,
Тауторы атқа бара көр,
Ер екенін білгізгін.
Бейнет тартқан атаңа,
Шылбырын қолға тигізгін! Өзің айла қылмасаң, атекеңнің әлі
кетті! Өлетін болдым, Сейтегім!» – деп, тұлпарын шақырып
тұрады.
Сол кезде ақылды, айлакер Айшөрек Тауторыға барады да, кекілі
мен құлағын қоса ұстап алып, қайын атам Манастың жолына деп,
жықпай-ақ, тұрған күйінде басын кесіп алады.
Сол уақытта шай қолдаған Күлшора «дұшпанын мықтап жарсын
деп, қашанғы кегін алсын деп» Бөлекбай ұста бөрі тіл қылып соққан
асыл құрыш Ақтінте қанжарын қынынан суырып алып, Қияздың қыл
сүбесінен салады. Қияз айғайлауға шамасы келмей, құлап жатып
қалады. Күлшораның жүзінен жалын шырқырап, аузынан түтін
бұрқырап:
Тасты бұздым, көш алдым
Қас-дұшпаннан өш алдым.
Қазір өлсем арман жоқ.
Кенедей арман қалған жоқ.
Кегім қалмай жазылды,
Шырадай көзім ашылды,
Күйіктің бәрі басылды!»
Деп осылай Күлшора
Тіктеген жауы өлген соң,
Тілегін құдай берген соң, аяулы ата – Момынжанға келіп, қас
дұшпан өлді деп сүйінші сұрайды. Сол уақытта батыр Сейтек
балапан құстай демігіп, Қарадәу мен Күлшораға былай дейді:
Е, Қарадәу, Күлшора,
Екеуің тең абамсың,
Абам емес, бабамсың.
Өзен толған жәдігер
Жағылған отын өшіріп,
Олжалап айдап көшіріп,
Өкімдерін қырайын.
Өз қылғаның осы деп,
Желіккенін қырайын! – дейді. Сонда:
Қоржынға салып, құм артса,
Арымас та, жауырмас
Қара үлектің данасы.
Өрде – төмен сөз айтса,
Орнына келер ақыры.
Арыстан шердің баласы.
Қайраннан қалған белегім,
Ақыл сөз айтам, біліп ал
Асылым ұлым, тілімді ал!
Өтіп кеткен заманда,
Көкжал абам аманда,
Атысқа сан қол баратын
Қатарлас өскен біргелес,
Сен емес балам ер Сейтек,
Хан атаң тілім алатын.
Білекке қылыш ілгенбіз.
О дүние кеткен атаңды,
Қолымызбен білгенбіз.
Бір кеңескен сөз осы,
Бір күрескен кез осы.
Атаң өткен Семетей
Алғанмын тілін абам деп.
Абам түгіл мен оны,
Арқа қылғам бабам деп.
Ақыл айтам Сейтегім,
Абамнан қалған балам деп.
Айтқан ақыл біліп ал,
Құлыным Сейтек тілімді ал!
Батыры ақымақ емес пе,
Қураған жұртта не жазық?
Жетіөзенде жәдігер
Шетінен түгел қырғанда,
Жетесіз бұл ел шабылар.
Жетім қалдың атаңнан,
Бізге жұрт қайдан табылар?
Ұқсаң мұндай кебім бар,
Айтқанымды біліп ал.
Тұйықты бұзып жол салса,
Шүйіліп дұшпан қол салса,
Өкілдеп найза салыссақ,
Аямай жаумен алыссақ,
Мылтық атып, жақ тартып,
Былшылдасып соғыссақ,
Әскер жинап, қол толып,
Аямаған сор болып,
Қиын жанжал іс болса,
Қызталақ басқа күш болса,
Қараң болар бел болар,
Қараны бар жәдігер,
Бізге ақыры ел болар.
Балам Сейтек тілімді ал,
Айтқаным қымбат біліп ал!
Жетіөзенде жәдігер
Жергелі жұртым шабам деп,
Бұл сөзіңді кім ұқсын?
Көз көрмеген түн ұқсын.
Төбесі бітеу көк ұқсын.
Төсі түкті жер ұқсын.
Бастығы ақымақ емес пе,
Барлық жұртта не жазық?
Жоқ шатаққа шатылма,
Жәдігер жұртқа қатылма!
Жетіөзенде жәдігер
Қаранды жұртқа қатылып,
Қапа қылма халықты.
Жұрт толқыған көл болар,
Толқыған жұрттан айрылып,
Еренге қандай күн болар?
Беренім Сейтек тілімді ал! – деп, Күлшора ақыл айтқанда, Сейтек
ойланып, айтқан тілін алады, ақылға келеді.
Алда жүрсең ақжолтай,
Айбатың бар сан қолдай.
Сиынып шығар белімсің,
Бұрынғы кеткен атамнан
Мұраға қалған шерімсің! – деп,сөзіне риза болып, ойға қалып,
Сейтек тоқтайды. Сөйтіп, жәдігердің жасы мен кәрісін түгел
жинап алып, Қостөбенің ойында ер Қияздың алтын тақты
қазынасының аузын аштырып, қалың қара көп жұртқа сарқыт
қылып шаштырады. Бұттап алтын, қызыл зер, толып жатқан сан
дүние алған адамдар қарық болып, бүкшеңдеген шал да, ойнаған бала
да алтынын олжалап, риза болады.
Көкжал туған Сейтектің,
Ер екені білінді!
«Түпті атаның ұлы деп,
Алқа жұрты сүйініп,
Ақболаттың тұқылы,
Арыстан ердің тұқымы.
Қалың жұрттың панасы,
Өмірлі болсын ылайым,
Айкөл шердің баласы! – деп, жұрт шулап, ер екенін көреді.
Ер Қиязға тиісті,
Адырда жылқы алты сан,
Алты сан жылқы ала бас,
Арғымақ будан аралас
Олжаға қуып келеді.
Жетім-жесір, байғұсқа
Үлестіріп береді.
Көңілдері жай болып,
Жетіөзенде жәдігер
Қараламан қалың жұрт
Кәдімгідей бай болып,
Адам білмес ой қылып,
Жұртты жинап той қылып,
Халықтың көңілі жай болды.
Алтын талап, мал алып,
Жәдігер жұрты бай болды.
Жетіөзенде жәдігер,
Жер майысқан көп елді
Жетік шора жияды,
Ақырын сөйлеп, бек тастап,
Шай қолдаған Күлшора,
Жәдігерге сөз бастап
Жар шақырып тұрады!
Содан Күлшора: «Ай, халқым, мына көкжал Қарадәуді жәдігер
жұртына хан көтеремін! Осы ерді хан көтеріңдер, тілін алыңдар!
Бұл енді сендердің хандарың! Қаптап жау келсе сендерге шоқпар
болатын, қорған болатын ер осы. Бұл арыстан өзіңнен шыққан
Құттыбидің баласы. Көпті көрген данышпан, балуан да, шер де,
найза ұрушы даңғылың да, жүк көтеруші қамбылың да, көзі алыстан
көретін данышпаның да осы Құттыби ұлы Қарадәу!» – деп,
Күлшора шегелеп айтқаннан кейін, қалың қара жәдігер мақұл көріп,
Құттыбидің ұлы Қарадәуге екі тізгін, бір шылбырды беріп, жаңадан
ханымыз болды деп, той жасайды.
Қалың қара жәдігер
Ханымыз жаңа болды деп,
Қайғының бәрі жоғалып,
Қарнымыз міне тойды деп,
Бие бастаған бес тоғыз
Қармап тойға сояды.
Бақандары майысты
Балуаны атпен сайысты.
Жетіөзен судың бойы деп,
Қарадәу таққа мінерде
Жәдігердің тойы деп,
Өрекпіген қайран ер,
Өкпе алып, таздар салысты.
Салысқан таздың басына
Томпайдай өкке жабысты.
Жұрт шұрқырап шу болып,
Қатқырып күліп қалысты.
Ал Қарадәу батырды
Алтын түсті кілемге,
Отырғызып алады.
Әр бұрыштан балуандар
Көтерісіп алысып,
Алтын тәжін кигізіп,
Алтын таққа мінгізіп,
Халыққа хабар салады.
Халық атасы осы деп,
Құттыби ұлы Қарадәу
Хан көтеріп алады.
Қапалы көңіл жай болды,
Қарадәу батыр хан болды.
Таласқа көшу
Семетейдің ұлы жас Сейтек енесі Айшөрек пен абасы Күлшораға
өкпе-назын айтып: «Туып өскен ел қайда, жер қайда? Енді өз еліме
кетемін. Бұл қаңғырып жүргенімізден не пайда? Ата қонысымыз
Таласқа бармасақ, ата жұртымыз, елімізге бармасақ, ата жолын
қумаған, атаның қадірін білмеген ақымақ балалар екен деп, жұрт
өсек қылар! Қайран әжем Қаныкей, қайран атам Бақайды іздеп
табайын. Олар сол жақта қорлықта қалды. Ал енді, Талас жеріме,
қырғыз еліме аттанамын!» –дейді. Күлшора жеті жүз қызыл нар
айдап, алтын-дүниені жеті жүз нарға жүктетіп: «Ал, батырмыз
Сейтек, баста!» десіп, халық шұрқырап, қуанып Таласқа көшеді.
Айшығы алтын қызыл туды азаматтар көтеріп, атамекен
Таласқа арыстан Сейтек бет алып, көшті бастайды. Жастар өлең айтып, жыр жырлап, қыз қуып, ойын-сауықты қыздырады. Таласты көздей бет алып, Ел шұрқырап, шу болып, Ер қуанып ду болып, Кіндік кесіп, кір жуған Жеріне көшіп келеді. Бармақтайда бас қосқан, Еліне көшіп келеді. Жеті атасы көз жұмып, Өткен жерге келеді. Халық атасы –хан Манас Қара көзі жұмылып, Кеткен жерге келеді. Халайық жоқтап, қайғырып, Өткен жерге келеді. Жетіөзен көшіп, жол тартып, Желендіні басады, Мойнақшаны асады. Ел алдында ер Сейтек Ат арытып, жер шалып, Ит ағытып, құс салып, Белендіні басады. Бес Құйымсу, Бесмойнақ Төртмойнақты асады. Міне, осылай келе жатқан уақытта бір ғажап іс болады. Сейтек Қылкүрең тұлпармен орғытып, секіртіп, иір белдей белестен еңкейіп асып шыға келеді. Ұзын бойлы, кең иықты, өзі балуан, өзі шер, атасына тартқан арыстан жан-жағына қарап, алысты байқап тұрады. Осы мезетте бір заманда ердің құнына кеткен Тайбуырыл ат керуеншілердің қолында, жүгін тасып келе жатыр екен. Арқасын аттың жауыртып, Жүк артып, көңілін ауыртып, Қорлықтан Буырыл қайғырып, Жазы-қысы жүк кетпей, Жал-құйрықтан айырылып, Құшақ болған саны жоқ, Жал-құйрықтың бәрі жоқ.
Жауыр жортақ болыпты.
Нардай тұлпар Тайбурыл,
Шолақ аттай болыпты.
Жардай болған жарықтық
Жаман аттай болыпты.
Алпыс қырсық, мың бәле
Жануарды торыпты.
Күншілік жерден Тайбурыл
Береннің ұлы Сейтектің
Иісін сезе қойыпты.
Байлап қойса тоқтамай,
Қоя берсе оттамай,
Қайғылана қалыпты.
Семетей ұлы Сейтекті
Бір көруге зар болып,
Әрең жүрген бұл тұлпар,
Қайранының тұқымы
Сейтекті көріп қалыпты.
Қырық керуенге қызық шыр,
Нардай болған бұл будан
Аямай жанжал салыпты.
Керуеншілер қармаса,
Кейбіреуін Тайбурыл
Тістеп, қажап, ырғытып,
Тақ-тақ деп түгел қармаса,
Көме теуіп, зырғытып.
Қырық-елуі бас болып
Бір шылбырға сүйреліп,
Сүйрелгендер тырысып,
Әр қашаннан бір қашан
Асаулығын қоймас деп,
Буырыл атпен ұрысып,
Бұттап алтын зер беріп
Сатып алған мал екен.
«Тақ-тақ шошқа, тақ-тақ!» деп,
Керуен басы Қарасарт
Келе жатыр долданып,
Бурыл атқа бақырып.
Бақырсаң ат тоқтай ма?
Адамнан бетер айуанның
Ата-енесін боқтай ма?
Қарасарт:«Сені соймасам ба, етіңе тоймасам ба?!» – деп
Буырылды балағаттайды. Қыр арқасының үстінде он екі жерден
жауыр болған екен.
Қабырғасы қаржайған,
Қалақтай саны тартайған,
Омыртқа сүйегі орқайған.
Арса-арса бөлінген,
Әр қабырға үстінен
Салаңдап ірің төгілген.
Тұяқ тұқыл қайрылған
Жардай болған жарықтық
Жал-құйрықтан айырылған.
Керуенші қырлап жүк артып,
Ғаріп болып кетіпті.
Бұрынғыдай еті жоқ
Арық болып кетіпті.
Құм сірке басып алыпты,
Қырсықтың қырқы шалыпты.
Өлетұғын кезіне
Жарықтық будан барыпты.
Айкөлінен ажырап,
Қаріп қалған Тайбуырыл,
Кезең таудың ұршықтан
Оңырайған тұмсықтан,
Қашып келіп Сейтекке,
Тура тартып жолына
Тұлпар Буырыл тұрады.
Тұяқпенен қара жер
Жеміріп басып ұрады.
Оқыранып іш тартып,
Тулап тұрды Буырыл,
Айтып-сөйлер тілі жоқ,
Жылап тұрды Буырыл.
Айуан да болса Сейтекті
Қинап тұрды Буырыл.
Иығына иек артып,
Ықтап тұрды Буырыл.
Тегереніп онжоңдап,
Жыттап тұрды Буырыл.
Бұршақтай бөлек көз жасын,
Төгіп тұрды Буырыл.
Баяғы айкөл Семетей
Баласы Сейтек екенін
Көріп тұрды Нарбудан.
Бөлек-бөлек көз жасын,
Төгіп тұрды Нарбудан.
Оқыранып кісінеп,
Тулап тұрды Нарбудан.
Шыбындай жанын Сейтектің
Қинап тұрды Нарбудан!
Тұлпар ат Тайбуырыл осылай солқылдап жылап тұрғанда,
батырдың ұлы Сейтектің көзінің жасы төгіліп, атасы Семетей
бардай көрінеді.
Нардай болған Буырылды
Атадан қалған малым деп.
Малым емес Буырыл,
Кеудемде ыстық жаным деп.
Буырыл келіп жолығып,
Өртеніп, күйді жаным деп.
Өзім жетім, мал кетіп,
Болыпты әбден жаманат.
Он екі пірге қол берген
Ойран атам ала жат!
Айкөлінен ажырап,
Керуеншіге сатылған,
Қорлыққа мүлде шатылған,
Айуаннан шыққан тұмсықсыз
Сендей сорлы қайда бар?
Ата иісін сезбеген
Атекелеп еркелеп,
Алдында ойнап жүрмеген,
Атасы көкжал береннің
Түрі-түсін білмеген,
Құрсақта жатып қуылған, Мендей сорлы қайда бар? Буырыл ат жетім, мен жетім, Бұл сияқты азапты Пендесіне бермей қал! Халайық елдің тірегі Қабылан атам өлмей қал! Аза тұтып айуаны Артында бүйтіп қалғаны, Опасы жоқ бұл дүние Белгілі жұртқа жалғаны. Атамнан қалған Нарбудан, Айуан бүйтіп тұрғанда, Тұқым едім, ұл едім, Қайра келмес шын жайды Көзімменен көрсем бе? Атам шердің алдына Құрбан болып өлсем бе? Айуан бүйтіп тұрғанда Қайтып шыдап тұрамын? Қалдым жетім, жаманат, Қабылан атам ала жат! – деп Сейтек Буырылды құшақтап, иіскеп, жылап тұрғанда Айшөрек келеді. Тайбурылды көргенде Айшөрек бетін жыртып, шырқырап: «Аты қалып, өзі жоқ, айкөлімнің көзі жоқ, осындай ма еді, дүние шоқ? – деп, дауыс салып, зарлап жылайды. Оған қосылып тілі жоқ Тайбуырыл ат жылап, көрген жанның бәрі жылапеңіреп тұрғанда Күлшора келіп, нардай болған Буырылдың кекілінен иіскеп: «Талай жауға шапқан, қызыл қырғынды көрген, талай жерге барған, талай қиындыққа сынап, шыдап берген, қырық бір асу белдерден, қырық күндік шөлдерден қажымай өткен, бұғыдай көзі жайнаған, қайран атадан қалған жануар!» – деп Нарбуданды көкжал ағасы тіріліп келгендей құшақтап тұрады. Абасы Айкөл барында Адыр-күдір асу тас Қырға мінген мал еді. Қытай-қырғыз жанжалы Шырға мінген мал еді. Ене болып сақтаған
Атасындай мал еді. Жортуылға мінсе арымас Жолдастығы бар еді. Нарбуданды көргенде Арыстан шораң бұрқырап, Он екі мүше, қырық бір сүйек Быт-шыт болды бырқырап. Аты қалып, иесі жоқ Осындай ма едің, дүние шоқ? Деп өксіген Күлшора Сөйлеп аузын жиғанша, Артықша тұлпар Тайбуырыл, Ішін жиып, пысқырып, Қара жерді тоқпақтап Көктен жұлдыз тұтылды. Көрсең сұмдық, мүшкіл іс. Арқардайын керіліп, Қараса көзге ілінбей, Қайда екені білінбей, Ғайып болды Нарбудан. Адыр-күдір белесті Асып кетті Нарбудан. Ғайып болып білінбей Қашып кетті Нарбудан. Мұндай халге қайғырып, Тайбуырылдан айырылып, Азап тартып Күлшора Қақпа тасқа тоқтады, Қашанғы дертті жоқтады. Күлшора Тайбурылды мініп, жауға шапқан шақтарын есіне алып: «Абекем ханның көзі, аманаты, айналайын Тайбуырыл қайда кеттің?! Қайрылып кел!» – деп, көңілі сай-сай бөлініп, арманда қала береді. Сонда ер Сейтек анасы мен абасына: - Ал енді мен жылқының қысыр тайын жеп, есіріп жатқан Қаншора құлға барайын, шашылып кеткенімді жинап алайын! Халқыма өзім барайын, әжем Қаныкейді ажыратып алайын. Ажал жетсе өлейін, тағдырдың жазғанын көрейін! – дейді. Желіккен кәрлі Қаншора
Батырлығын, ерлігін Баса кіріп көрейін. Қара ниет Қаншора Батыр болса, ер болса Әлемді бұзған шер болса Тағдыр жетсе өлейін. Кеудемде жаным тұрғанда Намысым қайтып берейін? Ажалым жетсе оқыстан, Айдай анам Айшөрек, Соғыста ұлым өлді деп Ақ емшектен сүтіңді, Арыстан енем кешіп қой! Тажал салған қорлығын Тіріде қайтып көрейін? Қорлыққа қорлық салмасам, Қоймастан өшім алмасам, Тумай тұна шөгейін. Өкімсіген Қаншора Ақ шайтанды шошқаның Есебін ептеп табайын. Ежелгі жынын қағайын. Шардақтан жолын шалайын Шамасы қанша, қарайын. Арманды Бақай абамды Атамнан қалған бабамды, Арқасы таудай ханымды Пайғамбар сынды шалымды, Көк сілеусін бөріктіні Көп адамнан көріктіні, Ажыратып алайын! – деп, ер Сейтек асқар таудай көрініп, көтеріліп сөйлегенде шай қолдаған Күлшора Сейтекке: –Балапаным Сейтек, он үшке жасың толған жоқ. Әлі жассың ғой. Бұл Қаншора аса қауіпті жау. Жалғыз барсаң қиын болар, мен бірге барайын. Өзіңе жолдас болып, серік болып жаныңда жүрейін! – дейді. Күлшора мұндай дегенде Береннің ұлы жетімнің Берендігі білінді.
Безге сайған немедей
Безірейіп түйілді:
«Семетейден бәдірек
Шын туылған ер Сейтек
Болмай қалды демей ме?
Атасына тартпай қу жетім,
Оңбай қалды демей ме?
Өсек-аяң ду қылып,
Айықпас ұлы шу қылып
Қапқа тықса қампайған
Сабан болды демей ме?
Атаға тарпай кем қайрат
Жаман болды демей ме?
Аспанда мұнар жұлдыздай
Болжас болды демей ме?
Қақанға қол салардай
Қарасы таудай абасын
Жолдас қылды демей ме?
Жау өсегі жемей ме?
Тұйықтан жолды шала алмай
Төтелеп жүрді демей ме?
Күлістені Күлшора
Жетелеп жүрді демей ме?
Сайланса, ерен аспайтын,
Сары адырмақ тау бар ма?
Екеуміз қатар барғандай
Қырдан келген жау бар ма?
Тіл жауыр боп терлейтін,
Айтысатын дау бар ма?
Қайран аба не дейсің,
Бұл сөзіңді кім ұқсын?
Бір қараңғы түн ұқсын
Қазып қойған көр ұқсын.
Қатылған қара жер ұқсын
Одан бөлек кім ұқсын?
Жалғыз барам жеріме
Өзім барам еліме! – деп, Сейтек бел байлайды. Күлшора тоқталып
қалғанда, Айшөрек шырқырап, шылбырынан қармап тұрады:
Өзенді дария, бұлағым Өлгенде көрген шұнағым. Найзаға таққан желегім, Асылдан қалған белегім. Түпті шынар, мазарым Қараса қабақ жазарым. Таянған терек шынарым. О дүние кеткен көкжалдан Алып қалған тынарым. Жылғынды Кең-Қол, кең Талас, Жеріңе кетіп барасың, Жырғалды қырғыз, аз арғын, Еліңе кетіп барасың! Балам, мен қырғыздың жайын, жердің жайын білемін. Таластай жердің төресі – айтулы еліңе барсаң Бақай абаңа кездесіп, кеңесін тыңда! Нағыз дұшпаның Қаншора ханға барсаң, атаңнан қалған мүліктеріңді белекке сұрап ала көр! Егер бермесе, ерегеспей, жамандаспай «енеке, бермей қойды» деп менің өзіме қайтып келіп айтарсың! Кеше бұзықты салып, орданы шапқанда мойнымдағы қоржынымды олжа қылып тартып алып еді. Ол қоржында атаңның киген Ақолпоқ тоны кетті. Ол Ақолпоқты қайран енем Қаныкей, алпыс қатынға бас болып, күні-түні жасап еді. Атса мылтық өтпейтін, шапса қылыш кеспейтін, найзаның ұшы теспейтін Ақолпоқ тонын Қаншора құлдың қолында! Алдап-сулап ағалап, Ақолпоқ тоныңды алып кел! Бермей қойса, ерегеспей, соғыспай, қайтып кел! Атаңнан қалған атақты мылтық Ақкелтені де Қаншора тартып алды. Аспаннан түскен Зұлпықар – өткір, өрт қылыш, жауға салса өзінен-өзі өртеніп қызарған, қырық құлаш болып ұзарған құрыш болат, бабаңнан бері мұраға қалған қымбат мүлкің осы! Атамнан қалған мүлкім деп, бұзылған иттен оны да сұрап ал. Ақкелте мен Зұлпықарды да бермесе, жамандаспай қайтып кел, бермей қойды деп маған айтып кел! Бақай абаңа бара кел. Өліп қалса, белінен қармап, бүктеп, боз айуанға жүктеп ала көр. Өз қолыңмен ардақтап жерге қоя көр. Адамнан бөлек әулие бабаң Бақай қарияға боз айуан атап, соя кел! Құдайдың салған ісі, қор болып елден-жерден, қайран енем Қаныкейден айырылып қалдық. Әжең Қаныкейді іздеп бара көр. Тауып алып, бізге ала кел! Енекем саған аманат! Ақ бәйбіше енемді бір көріп,
емшегінен бір иіскеп, содан кейін өлейін! Саламат барып, сақ кел. Бізді сағындырмай, аман барып, сау кел! – деп, көзінің жасы төгіліп, ақ тілегін айтады. Айшөрек қайын атасы шер Манастың аруағына сиынып, бұрын алыс жолға шықпаған жалғыз ұлдың жорығы қандай болар екен деп уайымдап тұрғанда: Ойбай енем, не дейсің? Ажалды кісі өлмей ме? Алла жазса бұйрықты Пенде шіркін, көрмей ме? Жан кетіп адам өлгенде Кіргізбей ме қара көр? Опат болса ал енді, Батырмай ма қар жер? Қайғырмағын, ене сен Ерен шердің тұқымы, Елін таппай тына ма? Құладын ұшар жеріне Тентіген келер еліне. Асқар тау, күдір беліме Аңсадым, жетем еліме! – деп, ер Сейтек қимай қоштасып, оқ өтпеген тон киіп, оқ жетпеген Қылкүреңнің құйрығын қиғашынан бір түйіп, жылғынды Кең – Қол, кең Талас жеріне, арғын-қырғыз еліне кетеді. Адырмақ ала белді асып, ат аямай мол жүріп, ұйқы-күлкіні ұмытып, Қарабура, Шоң – Шатқалдан өтіп, кең Таласқа жетеді. Қасиетті кең Талас Жатқан екен шалқайып. Тауы биік арқайып Бұлағы асып-тасыпты. Мұңды бір кісі жасыпты. Жапырағы жарғақтай, Қара құрты бармақтай, Балдырған шөбі білектей, Маралы дәу сиырдай, Мүйіздері теректей. Шыбықтары шынардай, Шымшықтары ұлардай. Кесірткесі жыландай,
Құландары құнандай,
Жыландары жыластың,
Бүктеп түрген арқандай.
Алла тағала жандарды,
Жаратқан екен әр қандай.
Өзен тайпақ шалқайып,
Өндірлі тауы даңқайып,
Қасиетті Таластың
Тау құрсаған қары бар,
Толған жанның бәрі бар.
Жан жаратқан мақұлық
Толған екен сол жерге.
Адырдан көкек күленіп,
Тоғайдағы бұлбұлы
Мұңданып, неше сөйленіп.
Мұңды бұлбұл сайраса
Мұңы бар кісі ұққысыз.
Мұңайып үнсіз қанша жан,
Қызығынан шыққысыз.
Талдары тұр иіліп,
Адырдан арқар түйіліп,
Бұдырдан бұғы бұйығып.
Бөктерінде текесі
Арлы-берлі құйылып.
Құлақтарын жымитып,
Бөксесін бөрі жайлапты.
Құйрықтарын шұбатып,
Түзінде түлкі ойнапты.
Жорға дуадақ, шоң дуадақ,
Адырын оттап, бөлініп.
Әр ырысқа шын жырғал
Өндірден ағып төгіліп?
Бетеге белден бұралып
Қызғалдақ шөп, қымыздық,
Белден бұрап шұбалып.
Таң қалады Таласқа,
Баланың көңілі бөлініп.
Асуын тосқан қары бар,
Адамға қызық дүниенің
Абайлап көрсең бәрі бар.
Түлкі мұрт пен жоңышқа,
Көкемерен, ақ соқта,
Түрлі шөптің бәрі бар.
Кермеге күлік керілтіп,
Байлап шабар жер екен.
Күн тамаша, түн ойын
Жайлап жатар жер екен.
Қостан киіп сусар көріп
Ырғап жатар жер екен.
Құнан мініп, құс салып
Жырғап жатар жер екен.
Еріксе елік атысып,
Неше қызық, тамаша
Ерікпей ойнап жатысып,
Қар жауғанда із шалып
Қара баршын құс алып,
Салмай тұрған жер ме екен?
Өңгеше ойын қызыққа
Батпай тұрған жер ме екен?
Көп тамаша ойынға
Қанбай тұрған жер ме екен?
Қарлы жерден із қарап,
Шалмай тұрған жер ме екен?
Бөлініп орда, шын мерей
Атпай тұрған жер ме екен?
Жатпай ойын, көкпарды
Тартпай тұрған жер ме екен?
Әр қызыққа жігіттер,
Батпай тұрған жер ме екен?
Қынай белді құрсанып,
Қарысқан жауға қол салып
Тимей тұрған жер ме екен?
Ту құйрық түйіп, ат шауып
Құйындатып тұлпарды
Мінбей тұрған жер ме екен?
Қымызға тойып, қыз ойнап
Қызыққа батып, дуылдап,
Жырғамай тұрған жер ме екен?
Қазанбақтай қара бөрік
Халық қорғаны ту қылып
Ырғамай тұрған жер ме екен?
Құлындап, төлдеп, мал өсіп
Жырғап жатар жер екен.
Жыңғыл, қайың, талы бар
Қарағай қалың көк тіреп,
Әр ғажаптың бәрі бар.
Ол шерінің ішінде,
Шағарақ құйрық, шұбар жон,
Арыстан, жолбарыс тағы бар.
Құлақ ұғып, көз көрген
Мақұлықтың бәрі бар.
Ата қоныс, кең Талас
Жер ғажабы емес пе?!
Тектір-адыр жеріме
Теке құлжа тоқтапты.
Тегіс тоғай ішіне
Торай, қабан оттапты.
Тау жағына қарасаң
Ылайым кетпес қары бар.
Тоғай ішін қарасаң,
Қаршыға тиген құстары,
Қамшыланып ұшады.
Құладын тиген құстары,
Қуқылықтап ұшады.
Үйдей-үйдей шынары
Жер сауыры Таласта,
Толып жатыр бұлары.
Ол шынарды қараса,
Жаны барды санаса,
Бір бұтағын байқаса,
Сапсаңдаған сар туған.
Бір бұтағын қараса,
Ала мойын таан туған.
Бір бұтағын қараса,
Үксиіп үкі ол туған.
Бір бұтағын қараса,
Қымпиып қырғи бұл туған.
Бір шынардың өзінде
Алуан түрлі жан туған.
Қайран менің Таласым,
Жер ғажабы екен ғой! –
Деп осылай ер Сейтек
Сары адырмақ, қырқа тал,
Жерді көріп бір жылап,
Арғын, қырғыз аты ұйқас,
Елді көріп бір жылап.
Алтындай таза, тұп-тұнық
Суды көріп бір жылап.
Қаптал жағы қақпа тас
Шекті көріп бір жылап.
Тура жағын қараса
Бақай ханның қазына
Үңгірді көріп бір жылап,
Әр қылығы сайма-сай
Жерді көріп бір жылап,
Ат аямай, жол жүріп
Шоң Кең – Қолды жағалап,
Баткеннің бойын бағалап,
Жылғындыны сыдырып,
Үш Қосайдың бөксесін,
Бойыменен қыдырып,
Адыр-адыр бел асып,
Әр түрлі қызық жер басып,
Көтермелі ұршыққа,
Салынып кірген тұмсыққа,
Мұнарланып бұрыштанған,
Бұлыңдап көзге көрініп,
Жаяу тұман түсіп ұштанған,
Көз жетпеген сеңгірге,
Үш Қосайдың жиегіне,
Төрткүлдің төмен жағына,
Төре сұлтан, қайран шер,
Манастың сайған бағына
Бала жетіп келеді.
Сейтек пен Қаныкей
Бала Сейтек Сары қайқаңға шыға келгенде, қарсы алдынан
бұрқырап, боздап Бозінген келеді. Батырдан қалған түйе екен,
айтайын десе тілі жоқ.
Ай Бозінген, жануар,
Адамның сүйген малы бар.
Маң-маң басқан, маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Екі көзін қал басқан.
Түйе енесі Бозқаймал
Жыл он алты болғанша
Бөгіп қалған кезі екен,
Көздің жасын мөлтілдеп
Төгіп қалған кезі екен.
Құбыланы бет алып,
Екі өркешін қойқайтып
Үйректей мойнын қорқайтып,
Өрде тұрмай орыннан,
Шөгіп қалған кезі екен.
Түзеңнен басып, шөп шалмай
Шырп еткізіп су ішпей
Мойнын жерге салыпты,
Он алты жыл Бозінген
Боздап жатып алыпты.
Иегін тасқа артыпты.
Бұл Бозінген азабын,
Көдеден жұлып шөп беріп,
Көнекпенен су беріп,
Ақбала сорлы тартыпты.
Сөйтіп, Бозінген Сейтек қашан келер деп, тосып жүрген екен.
Бозінгенді көріп, іші өртеніп, шоқ болып, айуан бүйтіп тұрғанда,
адамның жаны қандай деп, Сейтек қосыла жылайды.
Көңілі бөлінген Сейтек бір кезде қақ шынардың жанына барғанда,
бір қара кемпірді көреді.
Артына қолы байланған
Артықша соры қайнаған.
Қысыр емген торпақтың,
Ортасына байланған.
Торпақтар кетсе сайғақтап,
Сүйреліп кемпір шырқырап,
Табаны тасқа бырқырап,
Етінің бәрі бөлініп,
Қанының бәрі төгіліп,
Көйлектің бәрі жыртылып,
Торпақтар тоқтай қалғанда
Арманын айтып шырқырап,
Жылайды боздап бырқырап:
«Маңдай сүйегім қайқы екен,
Балдарымнан айырылып,
Күн көрерім тайқы екен.
Желке шашым шөп екен,
Жырғалымнан жылауым,
Найза салым көп екен.
Алла тағала, құдірет
Не үшін адам деді екен?
Адам пенде қасабын,
Артықша таттым, қу дүние
Емшегім беріп емізген
Қаншораның азабын.
Құлындарым барында
Құрылған қала зор болдым.
Құлынның көзі өткен соң,
Көп мүшкілге шағылдым,
Қысыр емген торпаққа
Көкбөрі болып тартылдым.
Табаным тасқа шор болды,
Өлмей-жітпей қайран бас
Қаншора ханға қор болды.
Екі қолым сал болды,
Екі көзім қал болды.
Күлшора мен Айшөрек
Бір көруге зар болдым.
Самай шашым ағында,
Сапарым жақын барында,
Қорлық көріп артылдым,
Адамға емес, сорлы бас
Айуанға көкпар тартылдым! – деп, шырқырап жылап тұрғанда,
Сейтек келіп, кемпірге тіл қатады:
Ғаріп болған енеке,
Сандаған малың көп пе екен?
Бұзау, торпақ қайтарар,
Ауылыңда жасың жоқ па екен?
Жырлап берші жырыңды,
Осы бүгін енеке,
Сөйлеп берші шыныңды.
Айтулы Талас жеріңді
Айтып бергін кебіңді, – деп сөзді бастап: «Мына қалың ел қандай
ханның елі? Мынау жер қандай ханның жер? Бұл жерді иелеп тұрған
ерің кім? Ел билеген шерің кім?
Ел басқарған ханың кім?
Ел бүлдіріп, жұрт сорған
Ел қорлаған зорың кім? – деп, Қылкүрең аузын бұрып, ел мен
жердің жайын сұрайды. Сонда әлгі кемпір:
- Балам, келбетің адамнан артық көрінеді. Торпақ баққан кемпірге
мойныңды бұрып тұрсың. Біздің жайды сұрасаң, Қаншора ханға күң
болып әйтеуір өлмей тірі жүрміз.
Айшөрек пен Күлшорам,
Адамнан асқан жан еді.
Айшөректің бойында
Үш айлық перзент бар еді.
Егер де еркек ұл болса,
Енесін іздеп долының
Көрініп қалар шағы еді.
Осындай хабарды күтіп, өлмей әйтеуір тірі жүрмін. Енді
мақтанғандай көрерсің. Бірақ, айтайын!
Тоғай едім, жан келмес
Өрт қаптап, қара жол болдым.
Шалқайған қара тау едім,
Құлап кетіп, қор болдым.
Жал құйрықтан айырылып,
Сопал болып тұрамын.
Мүйізім сынып басымнан,
Тоқал болып тұрамын.
Артық едім, ашындым
Ақтұлпар едім, басылдым.
Қараүлек едім, жауырдым,
Бәйбіше едім, ауырдым.
Хан Манастың зайыбы
Хан Семетей анасы
Қаныкей байғұс мен едім!
Қырандардың анасы
Орталап Кең- Қол жайлаған
Оқ өтпес тонын қамдаған,
Қырық қыранның анасы
Қырық шораның анасы
Ұрғашының сұлуы,
Әдемі жанның бірі едім.
Мақтансам, Қадыр түн едім.
Келер менен кетерді
Абайлап бұрын білетін,
Қаныкей бейбақ мен едім.
Қапалықтан қайғырып,
Қайран ұлым Семетей,
Қадірлі ұлым Күлшора,
Айдай балам Айшөрек,
Бәрінен бірдей айрылып,
Ай бөксеріп, күн өтіп
Күңдікте жүрмін осылай.
Қаншора біздің ханымыз
Артықша кеткен әліміз.
Әңгімені құрасың,
Арыдан сұрап тұрасың
Жылғынды Кең -Қол, кең Талас
Жерді сұрап тұрасың.
Жырғалды арғын, көп қырғыз
Елді сұрап тұрасың.
Байырғысын сұрасаң,
Балуаны бар, ері бар
Бар қызықтың бәрі бар
Семетей ханның ордасы.
Ендігісін сұрасаң,
Қайраты бұзық, зәрі күш
Халайықты қылған түз,
Қаншора ханның ордасы, – деп, арғы атасы хан Манастан бастап
Семетейдің, Таластың, Ақсарайдың тарихының бәрін айтады.
Сөйлеп келіп: «Атқа мінген келбетің адамнан бөлек көрінеді.
Ұрығың кім, жайың кім?
Ұраның кім, дайның кім?
Кіндігің буған жер қайда?
Туып өскен ел қайда? –
деп, өзінен сұрайды. Сол уақытта Сейтек әжесіне былай дейді:
Ай, енеке сүйінші!
Дұшпанға болар күйінші.
Олжа қатын Айшөрек
Еркек туып, ел шулап,
Тойына тоқсан сойыпты.
Атын Сейтек қойыпты.
Көңілдегі қапаның
Бірін қоймай жойыпты.
Күн есебін алғанда
Семетей ұлы болыпты! – деген кезде Қаныкей шырқырап жылап,
ұлымнан қалған медерім, қолыма тиер ма екен деп жаратқаннан
тілеп жүргенін айтады. Сейтек:
Е, қағылайын әжеке,
Ересен тартып ер болған
Егізің Сейтек мен болам!
Жетім қалып жетілген
Жергеге ептеп қосылған.
Олжаға кетіп туылған,
Семетейдің жалғызы,
Құрсақта қалып атадан,
Құрып, тентіп қатардан,
Алақан жайып, қол бермей,
Айырылған көкжал атадан.
Қуды құсқа жегізіп,
Он екіге келгенше,
Қияздың ұлы дегізіп,
Құрсақта қалып құл болған,
Жәдігерге ұл болған,
Семетейдің ботасы,
Айшөрек қатын баласы,
Қабыланның жалғызы,
Қараның Сейтек мен болам!
Енемнен ұғып сөзімді,
Іздеп келдім өзіңді.
Алыстан ұғып сөзіңді,
Берен әже, бейталай,
Аман көрдім өзіңді.
Қараңғы аман, түн аман
Қалағаның Айшөрек
Келінің бейбақ күң аман.
Бес арқар жұлдыз батқанша
Бес қайырылып емізген,
Берен ұлың Күлшора
Бейілі сүттей ер аман.
Құрсақта қалып туылған
Балаңнан қалған жетімің
Әжеке, балаң Сейтек, мен аман!
Мұны ұққанда Қаныкей
Шыбындай жаны шырқырап,
Сүйегі босап, бырқырап
Жылап тұрды бұрқырап.
«Алысқа кеткен жарығым,
Өзіңнен басқа белгім жоқ,
Бұзау бағып көп жүрдім,
Күлшора менен Айшөрек,
Сейтегім келсе деп жүрдім!
Өңім бе деймін, түсім бе?
Боз ала шынар болпаң ба?
Бауырыма басайын,
Келгенім Сейтек шолпан ба?
Тілегім құдай берген бе?
Тіктеген ұлым келген бе?
Мен қарабет, долының
Қурағанын білген бе?
Қыраным қолға тиген бе?
Үзілгенім жалғанып,
Шашылғаным жиналып,
Кеткенім бүгін табылып
Абыройым жабылып,
Тілегімді берген бе?
Көзі құрғыр, көп тартқан
Баламды көрем дегем бе?
Күйіккен жүрек басылды,
Күпті ауру жазылды.
Тілегім менің ақ болды
Басыма қайта бақ қонды! – деп, Қаныкей Сейтекті көргенде
шырқырап жылап, оған Сейтек қосыла боздап тұрғанда, Күлшораның
әйелі Ақбала келеді. Қартайған Қаныкей:
- Ай айналайын, Ақбала. Тілекті құдай берді! Енді өртенген ішің
басылып, арманыңа жетесің, көзің ашылады. Айың келіп қалыпты,
арыстанымның тұтымы балам келіп қалыпты!» – деп қуанып,
сүйінші сұрайды. Сөйтіп бұлар бұрқырап көрісіп, далада табысады.
Сонда Ақбаланың:
Алмадай қымбат ақ емшек,
Қамшы тиіп бөлінген.
Кең көйлегі жыртылған,
Әр жерінен дененің
Қара қан ағып, сызылған.
Мұны көріп Сейтектің
Көзінің жасы төгіліп:
«Қабылан атам өлмесін
Қалған жұрт қорлық көрмесін.
Мұндай қорлық тажалды,
Бұдан кейін жаратқан
Пендесіне бермесін!
Енеме тажал көп қылған,
Айуаннан төмен жан екен.
Еркелеткен енеге,
Есіріп туған шошқаның Қандай кегі бар екен? Арамзада Қаншора Бұл кегімді алмасам, Бұзықты мықтап салмасам, Беренім, енем көзінше Даңғыттарға жармасам, Тумай тұна шөгейін Тірі жүрмей өлейін!» – деп, көзі өрттей жайнап, аузынан жалындай боп леп шығып, қаһарына мінеді. Сол бойында арыстандай ақырып, Қаншораның ордасына аттанбақ болғанда, Қаныкей мен Ақбала шылбырына жабысып, жылап қоя береді. - Бұл қаһарлы Қаншора оңай жау емес! Сенің әлі толысатын шағың алдыңда! Жасың он үшке де келген жоқ. Ол кәпірдің қолында сақшысы бар, пілі бар, не сұмдықтың бәрі бар! Оған жалғыз баруың жөн емес! – деп сақтандырып, екеуі шырқырап жылап, Сейтекке тоқтау салады. Ел қуанды Мұны бұлай тастайық, Күлшора мен Айшөректің хабарынан бастайық. Бұлар да тоқтамай көшіп, Таласқа келіп қалған екен. Жерді көріп, қырғыз, арғын, елді көріп, көз жастарын төгеді. Айшөрек: «Жылғынды Кең-Қол, кең Талас, Атадан қалған жер екен. Жерден қуып, жоғалтқан, Қара ниет қақсалды Алла тағала құдірет, Не үшін пендем деді екен? Қайқалаған қыранша, Батырдың сайған бағы еді. Маңдайда жатқан белгісі Сейілге шыққан тақ еді. Біз кеткенде қайран жер, Өзенге елі қоныпты. Ханнан қалған көп белгі Өрт өшкендей болыпты. Белгілеп қойған шынар бақ,
Қаншора қиған сұлатып.
Белгіге қойған алтын тақ,
Жыққан екен құлатып.
Сексен келін, сексен қыз
Дүмпілдек ойнап, даң салып,
Оромпой ойын, шабият,
Селкіншек ойнап, шаң салып,
Көп қызыққа батқан жер.
Қара төбе, қайқаңда,
Берендер орда атқан жер.
Міне осы, бабадан қалған қайран жер!» – деп жылайды. Сол
уақытта түйе атасы Бозбура көп түйемен бұрқырап келіп,
шудалары бөлініп, көзінің жасы төгіліп, Шөректі қоршап алады.
Енді бас көтеріп қараса, он екі жыл бойы бір адамға көрінбей,
білінбей ғайып болып кеткен азулы Ақтайған иті ұлып келіп қалған
екен. Батырдан қалған Құмайық та келеді. Оны көргенде, қабылан
төренің өзін көргендей болып, тілегін құдай бергендей болып дауыс
салып жылайды. Сол уақытта:
Қарасұрдың сұлуы,
Ұрғашының нұрлысы,
Кең көйлектің тазасы,
Ұзын шаштың пашасы,
Қайран енең Қаныкей,
Еті кетіп, сүйегі бар,
Жаратқанға қылған зар.
Көмірдей еті қарайып,
Көрден тұрып келгендей,
Тірі аруақтай көрініп:
«Шөрегім!» – деп шырқырап,
Келе жатты бұрқырап.
Қаныкейді көргенде
Айшөрек шықты сабылып,
Енекелеп жалынып.
Айшөрек жылап, енекелеп құшақтап тұрғанда, бір жағынан
бұрқырап жылап Күлшора келеді.
Қараған қалың ел жылап,
Қатты қара жер жылап,
Ағаш боздап, тал жылап.
Көрген жандар көп жылап,
Шырқырап шымшық ол жылап,
Қара көңіл қу жылап,
Жылағанның барлығы,
Өз қайғысын жеп жылап.
Ене, бала қосылды,
Қайғының бәрі басылды.
Үзілгені жалғанып,
Жоғалғаны табылып,
Қабақтары ашылып,
Армандары басылып,
Жұрт шырқырап, ел шулап:
«Дауыл келсе жел тимес,
Даугер келсе мал бермес,
Берен шора келді деп.
Екі тізгін, бір шылбыр,
Алатын Сейтек келді деп,
Ел қыңырын түзуге,
Салатын көкжал келді!» – деп,
Халық шұрқырап, жұрт шулап,
Баабединге бат айтып,
Бәрінен қызық бұл іс деп,
Айтұяққа ат айтып,
Кеткеніміз келді деп,
Қымбатты, терең ой болды.
Қаныкей жаңа туғандай
Халық шұрқырап той болды.
Қалың ел қайнап, топырап
Аспанға ұшты топырақ:
«Қарабура, Шатқалға,
Там көтеріп алсақ деп,
Қаһарлы құлды жоғалтып,
Семетей ұлы Сейтекті
Хан көтеріп алсақ» – деп,
Басқан жерін табандап,
Лағнет айтып, жұрт тілдеп
Қаншораны жамандап:
«Қақпандай шапты беліңді.
Торлады жүрер жолыңды
Жіпсіз байлап жолыңды,
Көрсең бұзық Қаншора
Көп көргізді азапты.
Еренді жайлап, түйе алды
Ер өлтіріп, бие алды.
Жапа салып, шыр қылып,
Қияны тосып, көш алды.
Қарсы сөйлеп қойғанды,
Қырғын қылып, өш алды.
Тартып алды қызыңды
Татырды неше тұзыңды
Зорлықтап алды бұлыңды.
Қырғызға салды қиынды!
Қара ниет, жұрт бұзғыш
Қаһарланған кәпірден
Алуан түрлі жан жылап, ес білмеген бала жылады. Мұның бізге
көрсетпеген азабы жоқ. Батырдың бәрін байлап, қырғын салған
Қаншора шошқа жоғалмай, халықтың ісі оңалмайды!»– деп, үлкен-
кіші жұрттың барлығы Қаншораға деген ашу-ызаларын білдіреді.
Сөйтіп,
Тілекті құдай беріпті,
Күлшора байғұс келіпті.
Тағдыр жетсе өлейік,
Ұстасса қайран көкжалға,
Қараң болып берейік.
Қиқуды мықтап салайық,
Қалған ердің мұрасын
Арғын-қырғыз бірігіп,
Белге таңу беренді,
Шоқпар қылып алайық.
Жаңбыр қылып, жақ тартып,
Бұршақтай топтап, оқ атып
Ол сияқты бұзықты
Арадан қуып, жоғалтып,
Маңдайласып тұрысып,
Былшылдасып ұрысып,
Бәлелі сұмды жоғалтып
Басқадан орын оңалтып,
Қағысты қатты салайық.
Семетей ұлы Сейтекті,
Хан көтеріп алайық.
Сөз осындай батыр деп,
Сөзді бұзған адамның
Жеті атасы кәпір» – деп,
Ақ бидай нанын шайнасты.
Өліп кетер ант қылып,
Аш болат жүзін жаласты.
«Ісі жаман арамды
Былжыраса қоқыстан
Тіктеп қармап алайық.
Жол үстіне сүйретіп,
Даңғыттарға жарайық.
Жақын демей жаманнан
Дұшпандай көріп безейік.
Тақ осылай қылмасақ
Ақкелте мылтық оғы ұрсын,
Ақ білтенің шоғы ұрсын!
Төбесі бітеу көк ұрсын,
Төсі түкті жер ұрсын!
Қаһары бөлек ханды ұрсын,
Қара ниет жанды ұрсын.
Уағдамыздан тайыссақ,
Қайырылып құдай бізді ұрсын!»
Қаза жетсе өлуге
Сейтек пенен Шораға
Сүйеу болып көруге
Өле тұрған серт қылып,
Уағданы бек қылып, қалың жұрт дулап тұрғанда, ақ болаттың
тұқылы, Алмамбет ханның тұқымы, шай қолдаған Күлшора
қаршығадай қамынып: «Бұл Қаншораменен түбінде бір туған едік,
оған мен барайын.
Белекке қалған бес бұйым
Оны сұрап алайын.
Төренің сүйегі қайда екен?
Сүйегін іздеп табайын. Қаншорамен өзім сөйлесейін. Басқаларың қол былғамаңдар!» – деп, елге тоқтау салып, жалғыз өзі баратын болады. Семетейдің кезінде құлпырып тұрған бақтағы шынар, терек, алма, жаңғақ – барлығы қурап, тозып біткен екен. Қаншора қаһарланып, алтын тақтан тұрмай, күні-түні Шашыкейдің жанында жатып алып, халыққа кесірді қылып, дәуренді сүріп, алым-салықты алып жата береді екен. Оған халық наразы болып: «Алысып адам жеңбеген, бет алып дұшпан келмеген, Қақанға сұрақ бермеген біз қабырғалы ел едік қой! Бұл батыр да емес, шер де емес. Елді басқаратын, елге пайдасы тиетін де жан емес. Бұл асыл батыр Семетейге мүлде ұқсайтын неме емес!» – деп халайық Қаншораны соншалықты жек көреді екен. Қаншораның өлімі Күлшора ойланып, жау-жарағын сайланып, қылышын қия байланып, Қаншораның ордасына келеді. Ұзын бойлы, кең иықты, тіптік мұрты Бұқардың шабындығындай, аузынан шыққан лебі көріктің жалынындай, өзі балуан, өзі шер ордаға келгенде, ханның қарауыл сақшылары қырғын тигендей бытырап қашады. Күлшора қарп-құрп басып, хан ордасына кіреді. Қаншора хан жұмылған көзін де ашпай, аяғын да жинамай, рахатқа батып жатыр екен. Күлшораны кісі құрлы көрмей, Шашыкейдің қойнынан тұрмай жата береді. Күлшора қараса, көже сұлтан болып, Қаншора көк кенедей толыпты. Содан Күлшора сөзді бастайды: Ақылға келсең, абеке, Кекті суға салыңыз. Бауырыңыз келіп тұр, Туған қылып алыңыз. Айрылған бас жабылар Қол қираса таңылар, Бізге туған қайдан табылар? Биттей кезде біріктік, Бармақтайда бас қосып, Кенедей кезде кезігіп, Бір дариядан шалқыдық, Бір ұядан талпындық.
Бір төсекке жатыстық
Бірге ойнап, бірге өсіп,
Бірге асық атыстық
Тай құлындай тебістік.
Таласып емшек емістік.
Сорлы енеміз Қаныкей
Жүрегі майлы болсын деп
Жая кесіп жал берді.
Қаймаққа қосып бал берді.
Оңды солды емшегін
Екеумізге емізді.
Қай дұшпанға, сорлы абам,
Қащан бөтен дегізді?
Жетім қалып жетілдік
Ел қатары қосылдық.
Ересен тартып ер болдық.
Ер ұлымен тең болдық.
Қымбат абам барында
Дәулеттің аман шағында,
Найзаны бірге бауладық.
Жауды бірге жауладық.
Аты ұйқас шора болғалы
Кең Таласты жер қылдық.
Қабылан абам айкөлге
Қанат құйрық біз болып,
Әлемге дайын іс қылдық.
Қос тілді шығып ішінен
Аруағы ауыр абамды,
Қара жерменен тең қылдың.
Бұзыққа туған жан болдың,
Будан шер көзін жоғалтып,
Бұл қырғызға хан болдың!
Ағайын қайдан табылар,
Қаншора аба, тілімді ал!
Аспандағы жұлдыздай
Еріктесе кетейік,
Ағарған таңның бозындай.
Серіктесе кетейік.
Алты ай мінсе арымас,
Будан болып қалайық.
Бұрынғы кекті талқандап.
Түбі жоқ суға салайық.
Бармақ тістеп, бас шайқап,
Батыр, аба, тілімді ал,
Туған болып қалайық!
Қараны тиер ме екен деп,
Қашып келдім, хан абам,
Құлдықта жүрген жерімнен.
Өшкен отты тамызып,
Өлген жанды тірілтші.
Үзіліп кеттім, жалғашы,
Хал-жағдайым сұрашы!
Суыққа тоңдым, тоның бер,
«Қайрылдым, туған болдым»,- деп,
Қайра күліп, қолың бер!
Абамнан қалған қыранның
Аты Сейтек қойылған.
Қараң қылдым күнімді,
Тастап келдім Қиязға
Абамнан қалған інімді,
Кемітіп Қияз ит қылды
Жеті күндік күнімді, – деп айтып келіп: «Қияздың құлдығынан
қашып құтылдым. Енді өзіңе келіп тұрмын. Ойлан менің бұл сөзімді!
Жылғынды Кең-Қол, кең Талас
Үйірлі Марал, Күміс- Тақ,
Жұрт күздеуге сен қонсаң,
Қарабура, Қанжайлақ,
Шатқал тоса мен қонсам,
Бармақты адам бата ма?
Тырнақты дұшпан тие ме?
Бізге қызығып жау келе ме?
Айтқаным артық біліп ал.
Асыл абам, тілімді ал!
Ырыс алды – ынтымақ.
Бірлікті қойсақ бір жерге
Ұрынып біреу келе ме?
Ұрысып дұшпан жеңе ме?
Жұлынып біреу келе ме?
Жұлқысып дұшпан жеңе ме?
Батырсынған бата ма?
Сен екеуміз біріксек
Етегің біреу тарта ма?
Екеуміз болсақ бір туған
Жылқыңа біреу тие ме?
Ешкім бұзып ала алмас,
Бірлікті елдің қаласын!
Әркім жұмсап құл қылар,
Бірліксіз елдің баласын.
Бұл сөзімді қарашы,
Айтқаным ақыл біліп ал.
Қаншора абам, тілімді ал!» – деп Күлшора елдің бірлігін ойлап
айтады. Сонда Қаншора қаһарланып, қабандай көзі жайнап, тісін
қаршылдата шайнап, Күлшораға қатты сөйлейді. «Бағыштың
ұлы ер Қиязға қанша айттым! Бұл Күлшораны ұстап алып, басын
қылышпен шауып тастап, көзін жой дедім. Ол менің тілімді алмай,
түбіме жеткен екен!
Атаңның көрі Күлшора
Құтырған қисық арсыз құл
Көрінбей жоғал көзіме
Жоламай, тез кет, өзіме!
Шамырқанып, шырдансам,
Тірі қайтпай өлесің!
Менің жендеттерім жеті мың,
Жетік бұйрық бір қылсам,
Жетімім саған шыр қылсам,
Жеке өзің тұрып не етесің?
Жетігің екеуің болсаң да
Жерге кіріп кетесің!
Жылғынды Кең–Қол, кең Талас,
Ойың бар ғой арамым
Қайта айналып қонуға,
Қайшылас туған болуға.
Бұл сөзіңді кім ұқсын
Бір қаранғы түн ұқсын!
Туған- ай деп былжырап,
Екінші келсең өлерсің
Көк жанжал менен көрерсің!
Бедерің жанға салмай кет,
Құлжындаған құтырғыр
Бие сауымнан қалмай кет!
Ауылға мұндай демей кет.
Сиыр қайтарған күңім бар.
Қаныкей, Бақай екеуін
Назар салып көрмей кет!
Сақшыға хабар салмай кет!
Жаңбыршы қызы Ақбала
Сен кәпір құл,оған бармай кет!
Кесір құл сенің кегің бар
Қаһарланып қиқырсам,
Қалайман салар жерім бар.
Құл ордаға келер ме?
Өштескен дұшпан бетпақты
Ханның көзі көрер ме?» – дейді.
Күлшора: «Ай, Қаншора, өзіңді ұялас едік, туғаным деп келіп едім.
Айтқанымды қылмасам, ту түбіне тұрмасам, ақ жылқының шаңы
ұрсын, ақ бидайдың дәні ұрсын! Менің сөзіме көніңіз, айтқанымды
қазір беріңіз! Шатақтаспай, шырдаспай, Ақолпоқты беріңіз! Бабам
Бақай шер қайда? Абамнан қалған мал қайда? Берен енем Қаныкей
қайда? Абакемнің Құмайық, оның да хабарын айтыңыз! Ақсұңқар
құс қайда? Оның да хабарын айтыңыз! Сілтеген жауын мерт
еткен, жаудың басын кеспесе, қынға қайта кірмеген абамның алтын
сапты, гәуһармен әсемдеткен Зұлпықар қылышын қайтарып бер!
Алыс жақынға қарамайтын, сексен күн атса шыдаған, бір қисайып,
ысып кетпейтін абакемнің Ақкелте мылтығын белекке беріңіз. Хан
абамның боз кісесі қайда? Оны да белекке беріңіз!» – дейді.
Берен абам тұяғы
Белекке қалған шұнағы,
Қарында қалған қайраны,
Хан абамның ойраны.
Жаралған жұлдыз шолпаны,
Қайран абам сұлтаны.
Тойына тоқсан сойылған,
Аты Сейтек қойылған
Ініңіз келді, көріңіз!
Айтылған бұйым, көп мұра
Белекке, аба, беріңіз!
Туған болсаң, мол болсаң,
Тұрықты шалқар көл болсаң,
Асыл абам жалғызы
Банайың келді көріңіз.
Батырдан қалған сан дүние,
Қимылдамай қыңқ етпей,
Қисалақтап былқ етпей,
Басынан санап беріңіз!
Ақылман адам сен болсаң
Торсаңдамай, шырдаспай,
Кекті суға саларсың.
Айналған жалғыз күніңді
Асылдан қалған ініңді
Туған қылып аларсың!..
Түбіміз бірге ұялас,
Қайтіп сені қор қылам,
Алатаудай бел қылам.
Тілімді алсаң Қаншора
Асқар таудай бел қылам.
Адамнан артық шер қылам,
Ту түбіне ту қылып,
Тұтысқан жауға шу қылып,
Қараң қылып алмасам,
Жаратқан құдай мені ұрсын!
Жан арамың зор болса,
Жаныштап ақымақ сені ұрсын!
Ақылға көніп тіл алсаң
Айтқан тілін алармын,
Айдасаң жолға басамын,
Дегеніңе көнемін.
Жамандық қылсаң оқыстан,
Айтқан тілді түк алмай,
Айдаған жолға түк баспай,
Өзіңді өлшеп біле алмай,
Өкіре берсең тіл алмай, Қылышыңды сайласаң, Қиялың бұзық, зәрің күш, Бастағы жының қарматсаң, Шұқимын тура көзіңді. Қағамын сенің жыныңды! Ашуым келіп ақырсам, Арбайта сермеп өзіңді Қандаймын қара көзіңді! – дейді. Күлшора бұлай дегенде Қаншора қаһарланып, қиқырығы бас жарып, аш қабандай күрілдейді: «Аман сауыңда жылқыңа кет, осы жерден жоғал! Әйтпесе мойныңа қылыш тиеді!» деп, бақырып алады да, Күлшораға бір көз салып, одан шошып, сыр алдырмай былай дейді: «Мен Қаншора ханмын. Менің қырық арқан бойы орым бар. Алты мың мықты қолым бар, темірден соққан торым бар! Көп жанжал қылмай, тілімді ал. Орта жолдан қайтып бар, Қаншораның қаһары осындай деп қабыланыңа айтып бар. Тағыма көзіңді салмай кет. Безілдеген Күлшора бие сауымнан қалмай кет. Қалағаның Ақолпоқ болса, бердім сыйлыққа, киіп кет! Қалағаның Ақкелте болса, белекке бердім, мойныңа іліп кет! Қаншораның хандығын быдан былай біліп кет!» деп, қалтаңдап мақтанып, дардандап тұрғанда ерке қатын Шашыкей долданып, сілкініп шығады: «Арам арғын қақсалдың арсыздығын қарашы, сен қашан қанқормен туысқан болып едің? Сен қашан Манастың ұлы болып едің? Дегеніңе көнбеймін, Ақкелтені бермеймін! Жағасы болат, жеңі алтын Ақолпоқты өзім жасағам, оны да бермеймін! Ерлігің бар да есің жоқ Қаншора! Ақолпоқ пен Ақкелтені құтырғырға неге бересің? Мал аяған қаралы, Жау аяған жаралы Адам сендей бола ма? Адам деп айтқан оңа ма? Типыл сойып қақсалды, Тындым қылып тастамай, Кәпіріңнің кегі бар, Қаралды қылған жері бар. Жан досың батыр Қиязды Тындырып келген жөні бар. Құрышы бар, күші бар,
Қағыса тұрған сырты бар.
Көрсең шора сұмдықты
Көк кенедей толыпты.
Құлжыңдаған қу құлды
Жіберме тірі бұл сұмды
Қабырғасын сөктіргін,
Қалдырмай қанын төктіргін!
Бұл Күлшора барында
Талас сізге жер болмас,
Қырғыз сізге ел болмас,
Тігулі шынар бақ болмас,
Бұл орда сізге тақ болмас!» – деп, Шашыкей гүпілдеп, балуандарына
бақырып, қарауылдарын шақырады. Ерке долы сұрқияның мұндай ісін
көргенде Күлшора қабыландай қабынып, ғайыптан ақыл табылып:
«Жақсы айтқан сөзді білмесең
Сұм екенім тағы шын.
Белесті Талас, Шоң – Шатқал,
Бел екенім тағы шын!
Қатылса жанды қиратар,
Шер екенім тағы шын,
Өрісін бұзып май қылдым,
Қалағаның ер Қияз
Басын кесіп жай қылдым!
Туын жығып шу салдым,
Тура Қияз ханды алдым,
Ханын сойып қалдырмай,
Бегіне бейпай салғанмын,
Өшімді солай алғанмын.
Туған деп келсем өзіңе
Дұшпандай мойын бұрасың,
Жаныңа келсем ажылдап,
Батырым қауып тұрасың!
Есіріпсің Шашыкей
Ерің екеуің бір болғын!»
Ашуланып Күлшора
Артық жыны қармады.
Тақтада жатқан долыны,
Қара шаштан алады.
Қоламтада тас тұлға,
Тас тұлғаға қатынды,
Шабақтай қылып соғады!
Сонда Қаншора қаһарланып, Күлшораға қайрат қылғанша,
жендеттері жеткенше, ашып-көзді жұмғанша Ахунның қызы
Айшөрек, оның артынан қартайған Қаныкей кіріп келеді. Қан төккен
Қаншораны құрбанға шалуға, кегін алуға, тағдыры жетсе көруге,
Күлшораға көмек беруге бел байлап келген екен. Айшөрек:
«Қияметті, тозақты,
Көрмей келдім, жан қайным,
Көп жылды күнде өткеріп,
Барған жан келмес шын дүние,
Бармай келдім, жан қайным,
Айкөл қайда, шер қайда?
Бел байлаған бел қайда?
Пендеден артық туылған
Дұшпанға салған шуылған,
Алдыңа салсаң ақжолтай,
Арқанда тұрса сан қолдай
Береке қайда? Бел қайда?
Медер қылған ер қайда?
Хан абаңды жоғалтып,
Орда күтіп, хан болып,
Екі тізгін, бір шылбыр,
Жеке қолға алыпсыз
Көп алдында барбақтап,
Сұлтан болып қалыпсыз.
Қор қылдың тілек санамды,
Алда, қорлығына құдай бар.
Біреудің ұлы дегіздің,
Арыстаннан қалған баламды.
Қорлыққа басты тастадың,
Күйместен бұрын күйгіздің,
Күйіп өлген, сен шора!
Қақпамның аузын қан қылдың,
Таласты теуіп шаң қылдың,
Алатау иелеп жер қылдың,
Қырғызды қыстап кем қылдың,
Жаман қатын, жас балдар
Еңкейген кәрі, өскен жас
Бәрін неге қор қылдың?
Жырғал күнім аз болды,
Қаһарлы Қияз қас болды
Ай қараңғы түн болды.
Он төрт жылы күң болдым,
Отын алып, мал бағып,
Омалып кетіп оңалдық,
Жетім қалып шоңайдық.
Өрекпіген құтырғыр,
Өз қылғаның өзіңе,
Обалың қара төбеңе!»
Деп осылай Айшөрек
Қаһарланды, қайнады,
Өртеніп көзі жайнады,
Пістедей болған аппақ тіс,
Қашырлата шайнады.
Қаншораға кәрленіп,
Қыран құстай ұмтылды,
Баяғы ала жүрген Ақтінте,
Қармай қалып сабынан
Суырып алып қабынан,
Андай-мындай дегенше,
Ашып көзді жұмғанша,
Туғанбыз деп бауыр ашып,
Күлшора ырғып тұрғанша,
Арашалап қалғанша,
Ырғып шырқап зақымдап,
Қаншора қанға жақындап,
Жүректің толта басы деп,
Актінтені салады,
Теуіп суырып алады.
Ақтінте соймай тұра ма?
Қамбарсыған Қаншора
Алтын тақтан құлады.
Жер құшақтап сұлады.
Қаншора қасап өлді деп,Қарадәу хабар беріп, ел -жұрт қуанады.
Бабасы Бақай әбден қартайып, құлағы естімей, көзі көрмей, алжып қалған екен. –Манас, Семетей, ерлердің барлығынан айырылдым. Бүкіл батырлардың артында қалып, мұншалықты қартайып, осынша азап көретіндей мен не жаздым екен? – деп жылайды екен. Бақай жылағанда зау биік те, тау-тас та, аққан бұлақ су да, өскен шөп те, арғын-қырғыз ел де, жан-жануар, мақұлық та бірге жылайды екен. Келіп отырған Қарадәу балуан батыр да жылап, Бақай абасына амандасып, сәлем береді. Сонда Бақай қария: –Ай, балам, бас-терің басқа көрінеді, сенің үнің барқылдап шыққанда, менің көңілім басқаша бөлінді. Сен Құтты бидің шұнағы Қарадәу балам емессің бе? – деп, таниды. – Өзім де көзім тартып, тілегімді берер, осы балалардың біреуі келер деп жүр едім. Кеше түбімізге жау болып, Қаншора шошқа жеткенде, зор Қияз қаптап, шауып, тоз-тоз қылғанда, Айшөректің құрсағында бір бала кетіп еді. Күлшора желкесіз кетіп еді. Талай жан айдауда кетіп еді. Солардан хабар бар ма? Олар аман ба? – деп сұрайды. Қария Бақай бабам деп Балдар келіп шуласып, Қолыменен қояр ма? Қиындатып жудырып, Қымқаппенен будырып, Зәмзәмменен жудырып, Сарбарменен будырып, Жыршыларға мақтатып, Қымбаткерге сақтатып, Қара жер ашып, көр қазып Найза бұлғап, шоң қазып, Шұңқыры қырық кез ор қазып, Аспанға ұшып топырақ Халайық қаптап топырлап, Кісі көрмес ой болып, Көргендердің асынан Артығырақ той болып, Кемегені ойдырып, Асыр тайлақ, тай тайлақ, Қысыр бие таңдап сойдырып, Қалың жұртқа даң болып
Қара жерге қойылып, Өлетұғын күн бар ма? Бабасы Бақай кәріні Балдар жылап қоштасып, О, ботам, көметұғын күн бар ма? Айшөрек, жетім, Күлшора, О ботам, көретұғын күн бар ма? – деп армандап, Айшөректі сұрап: «Әлде, Айшөрек қатындығына салып, зор Қиязды ер қылып, жәдігерді ел қылып, бізден күдер үзді ме?!» – деп, тұрғанда, Қарадәу сүйінші сұрайды: - Ей, абакем Бақай, сүйінші! Келінің еркек бала туып, атын Сейтек қойды! – деп, болған оқиғаның бәрін баяндайды. Момынжан атаның келіп емдегенін, Күлшораның жазылғанын, одан елге келіп, Қаншораны жеңгенін айтады. Қаһарлы дұшпан жоғалып, Қайтадан ісің оңалып, Тіктегенің келіпті, Тілегіңді беріпті. Қалағаның келіпті, Қайғырған жапаң шашылды, Қасиетті жан едің, Қайтадан бағың ашылды. Басынан сенің хан абам Тілегенің бар екен. Жарықтық Бақай, ер аба Әуелден ісің ақ екен! – деп, Қарадәу айтып аузын жиғанша Қаныкей мен Айшөрек сүйіншілеп жүгіріп, Бақай шердің алдына зиярат қылып жүгініп,шырқырап келеді. Бақай қария жылап, батыр Сейтек, Күлшора қатар келіп, барлығы қосылып жылайды.Сонда қартайған Бақай бабалары: Қартайған Бақай бабаңыз, Ер Сейтекті көргенде Шыбын жаны шырқырап, Қария Бақай, зор абаң: «Өңім бе, әлде түсім бе? Өз қалаған ісім бе? Көзімді ашып, байқашы Көрерім келген екен ғой.
Аузымды ашып сүйініп,
Өберім келген екен ғой.
Асыл абам өлді деп,
Терең қазып, тепкілеп,
Көмерім келген екен ғой! – деп қуанып: «Қыраным шорам келген
екен. Жұртым келген екен. Айым келген екен!» – деп құшақтасып
боздайды. Сонда Күлшора: – Оо, қабылан Бақай хан абам, данышпан
атам!
Болаттан найза ұстаған,
Қаптап түмен қол шықса,
Бір адамдай бастаған.
Қараңғы түнде көз тапқан,
Қапыл жерде сөз тапқан.
Жарға айдаса жарылмас,
Жаралған адам ұлынан
Абакем сендей табылмас.
Басып жауға қол салған,
Бала шора мен едім!
Байланып қалса, бақ ашқан,
Данагөй себеп, сен едің!
Жадал сөзге таңылмас,
Қараңғыда қарсақтың
Ізін шалса жаңылмас.
Қайғырып жылап, боздасақ,
Хан абам, сендей табылмас.
Өзенді шынар, терегім,
Жанға өлшеулі керегім.
Өткен ата-бабадан,
Мұраға қалған белегім.
Жел тимес түпті шынарым,
Жетік аба жанымыз,
Көп қырғыз жүгін жүктеген,
Қызыл құйрық нарымыз.
Батыр Бақай бабамыз,
Қайта келмес дүние
Көреріңде кезіктің,
Қас ажал жетіп дүниеден,
Өлеріңде кезіктің!» –
Деп Бақайға Күлшора Амандасып тұрғанда, Қабақтың бәрі ашылды. Қапаның бәрі шашылды. Ырысы көлдей тасыды. Бала Сейтек ер шығып, Қазыға бөлеп қояды, Бабасы Бақай асылды! Қарадәу мен Семетей Құттыбидің ұлы Қарадәу жер шолып, елдің шетін қарауылдап, айлап аңға шығып кетеді екен. Үш-төрт ай салбырында ит жүгіртіп, құс салып, адам аяғы баспаған тау-таудың, сайсайдың арасын, ел жүрмеген шөлдің даласын кезіп, аю, жолбарыс қуып, арыстан аулап, атқан аңын нарға жүктеп жүреді. Бір күні таудың арасында белге шыға қалса, Қарадәудің көзіне көк асқар таудай қалдайып, Семетейдің өзі көрінеді. Қарадәу: «Жұрт шұрқырап, Семетей өлді деп, біреуі өлген жоқ, ғайып болып кетті деп әңгіме қылушы еді!» – деп, қарай қалса, нардай Тайбуырылды мініп, Ақолпоқ тонын киіп, айбалтасын асынып, Ақсұңқарын қолына қондырып, Ақтайған итін ертіп, Ақкелте мылтығын асынып келе жатыр екен. Қарадәу байғұстың көз жасы төгіліп, ғайып болған Семетейді көргенде қуанады. Ол Семетейді көрейін, Таласқа алып кетейін деп тұра ұмтылады. Астындағы атын қамшымен бір тартып, жақын келіп, абекелеп, «хан абам, тоқтай тұр,» – дейді. «Кең дүниені тар қылдың, ауылыңды, зайыбыңды, еліңді, жеріңді бәрін тастап кеттің! Еліміз шабылып, жеріміз талқан болды. Қайтыңыз елге! Шашылған жұртыңызды жинаңыз! Ел қылыңыз! Сейтек балаң бар! Ел – жұртыңыз сіз келсеңіз қуанады. Еліңе, жеріңе оралып, ие бол!» – деп, бұрқырап Семетейге жалынады. Бірақ, ол Қарадәудің сөзін құлағына да қыстырмайды. Адам екен деп елеместен, аппақ жүзін бұрмастан, сен кімсің деместен, таудай болып, Тайбуырылды алшаңдата бастырып, жұлқынтып, қолындағы Ақсұңқарын бұлқынтып, Қайыпшының Қара үңгіріне күн бата кіріп, көзге ілінбей, қайда екені білінбей, жоқ болып кете барады. Бұған Қарадәу айла таппай бақырып, күйіп-жанып, шоқ болып, енді кетер, кетпесін білмей, болаттан соққан шойын басты шоқпарын
алып, «Семетейді бер!» деп үңгірдің қара тасын салып жібереді. Шоқпарынан шоқ шықты, қара тастан от шықты. Семетейлеп шақырып, қанша бақырса да, ешқандай жауап болмайды. Қарадәу одан сайын ашуланып: «Қаптал жағы қара зау, Қайқалаған үлкен тау, Айтқаныма көніңіз Қойныңа тартпай абамды Қоқи, үңгір беріңіз! Бұл сөзіме көнбесең, Абекем шерді бермесең, Қара зау, сені құлатам! Жай-жайыңды жұлмасам, Қой жүрген қорым қылмасам, Тасыңды талқан қылмасам, Таудай жаның томпайтып, Тоқпақтай төбе қылмасам, Есебіңді таппасам, Қарадәу болмай өлейін! – деп, тасты соққылап, бір кезде шаршап, әлі кетіп, екі қолынан қан кетіп, айбалта, шоқпарын сындырып, амалы таусылады. Ақырында астындағы атын оңдысолды қамшылап,Таласқа келеді. Күлшораны, Қаныкей, Бақай, Айшөректі шақырып: «Ал, сүйінші, өлген төре тірілді! Жоғалған төре табылды! Өлмеген екен, көкжал абам тірі екен!» дейді. Көріп келдім Семеңді! Ақсұңқары қолында, Алакөлді жағалап, Аң-құстарды састырып, Астындағы Тайбуырыл, Алшаңдатып бастырып, Жолын тура төтелеп, Ақтайғанын жетелеп, Көрсе көңіл бөлініп, Көк асқар таудай көрініп, Көрдім көкжал жүргенін! Көңілім күйіп бөлінді, Көзімнің жасы төгілді. Әулие батыр шер абам, Тірісіндей көрінді.
Болат құрыш айбалта Аш білекте жарқылдап, Оқ өтпеген Ақолпоқ Тоны үстінде балқылдап, Манастан қалған Ақкелте Айдалыда қалқылдап, Қайыпшының Қара үңгір, Бастырып кіріп құтылды. Тасты соғып, тау бұзып Өкірдім де қайғырдым, Қайыпшының үңгірге Кіргеннен соң айрылдым. Белгі көрдім, бел көрдім Белгілі шерді мен көрдім, Беренімнің өзі екен, Қараған қара көзі екен. Өлмей-жетпей тіп – тірі, Қайран шер жүрген кезі екен!» – деп, көрген – білгенін түгел айтып береді. Қарадәу былай дегенде: Айдай қатын Айшөрек, Қабырға сүйегі бөлініп, Көзінің жасы төгіліп, Бөденедей көзінен Бөлек-бөлек жас кетіп, Қарақаттай көзінен Қамшы бойы жас кетіп, Сүйінгеннен шырқырап: «Айналайын Қарадәу Осы айтқаның шын болса, Сүйіншіңе қалағаныңды ал! Қызыл құйрық пілімді ал! Тұлпар таңдап малымды ал!» – деп қуанады. Қазынаның аузын аштырып, талай малды, аппақ алтын ақ ділдәні ғаріп, міскін диуанаға, жетім-жесірге, таршылық көріп жүргендерге бергізіп, таратады. Айшөрек, Күлшора, Сейтек, Қаныкей, Бақай, арғын, қырғыз жиналып, батыр тірі екен деп, Баабедин деп, айтұяққа ат айтып: Осы сөзің шын болса,
Жер шаршысын шолайық,
Жеткілең жерге барайық,
Шындап жолын шалайық,
Ойдағы мен таудағы,
Жүгіргендей болайық.
Арғын, Манас, Қарахан
Алмамбет, Шуақ батырлар,
Тірілгендей болайық!
Қас дұшпанға қайтадан,
Ту болғандай көрінер,
Қайрылса Семең қырғызға
Арғын менен қырғыздың,
Ырысы қайнап толмай ма?
Ырыс күшеп, бағы өсіп,
Азған ел қайта оңбай ма?
Батыр тисе бұл қолға
Қайтадан құдай бермей ме?
Күйіктің бәрін баспай ма?
Күн тамаша ашпай ма?
Күндізі жырғал, түні ойын
Күркіреген қайран жұрт
Таласты иелеп жатпай ма?!
Ай, Қарадәу батыр-ай,
Қадір түндей түн қайда?
Өлмей, тірі ол болып,
Қаралды тұйғын Семетей
Келетұғын күн қайда?
Өлімнен аман көкжалды
Көретұғын күн қайда? – деп, халайық тілек тілеп, сырларын
айтады. Күлшора мен Қарадәу оқ өтпес тондарын киіп, оқ жетпес
тұлпарларын мініп, халайыққа бас болып, ғайып болған Семетейді
іздеп жолға шығады.
Күлшора мен Семетей
Олар Семетейді іздеп келіп Қайыпшының қара үңгірінде тосады.
Қайыпшының қара үңгір
Қалың елге дана үңгір,
Қасиеті бар үңгір.
Әулие атам жайлаған.
Мұны түбінен Қайып иелеген.
Қайыпшының үңгірі
Жаңғырықтың жар қия
Жалғыз малдың шұбама,
Үңгір жайын сұрама.
Қиясы қиын тар еді,
Қырқа жағы асу тас
Айналасы жар еді.
Аш арыстан жарғыштар басынан мекен қылған, түбі терең
үңгірдің аузында Күлшора тосып қалады. Қарадәу қарауыл қарайды.
Қараса асқар таудай болып, Тайбуырылды мініп, құсын қолына
қондырып,итін
жетектеп,
мылтығын
асынып,
қару-жарағы
жарқылдап Семетей кетіп барады.
Семетейді көргенде Қарадәу мен Күлшораның ет жүрегі езіледі.
Абасы өлді десе, тірі екен! Күлшора шыдай алмай, таудай абам деп
шырқырап жылап, Семетейдің алдынан шығады.
Қайыпшының қара үңгір,
Жолын тосқан Күлшора.
Алғыр құстай қамынды,
Абакелеп жалынды.
Нардай болған Буырылды,
Сулықтан қармап тұрады,
Жібермей аузын бұрады.
Абакелеп жалынып,
Күйіп тұрды Күлшора.
Бұл Семетей абаңыз
Боздап тұрған Шораны
Кісі екен деп елемей,
Аузынан бір сөз шықпайды,
Айтылған сөзді ұқпайды.
Тірі десе өліктей,
Өлі десе тірідей.
Ақ дидарын көрген жоқ,
Күлшораға тіл қатып,
Амандық сөзге келген жоқ.
Мүлде жауап берген жоқ!
Құлағы керең, тілі жоқ Семетей шегініп, тағы да ғайып болып кетуге ыңғайланады. Қарадәу мен Күлшора екі жағынан ұстап алып, жібермейді. Күлшора: «Абам бұрынғыдан да ұлық болған екен ғой, көп сөйлемейтін дұдық болған екен ғой!» – деп ойлайды. Жетім болдың атадан, Жетім қалып жетілдің, Он екіге келгенде Күйіп тұрған шоқ болдың, – деп, Семетейге өткен тарихтың бәрін ақтарады. «Еліңді, жеріңді, анаңды, Бақай абаңды, айдай қатын Айшөрек зайыбыңды, бауырың мені – барлығымызды тастап кеттің! Күйігіңе күйгіздің бізді! Енді міне, жоғалып-табылғанда бізге бір сөзіңді айт! Әйтпесе, тірі қалмай, қолыңнан қазір өлемін!»– деп, Күлшора абасын жібермей, жабыса түседі. Сонда да жауап болмағаннан кейін, ашуы келіп, қатты сөйлейді: «Кеміп кеттім бұл үшін, Елемейді мені шын. Құлдыққа кеттім бұл үшін, Кейімейді мен үшін. Өткіздім қымбат жасымды, Тоқпақ қылдым басымды. Төгілттім талай әлімді, Қазық қылдым қаруды. Қасықтап құйдым қанымды. Бұл қара ниет қанқорға, Қазір құрбан қылайын, Шыбындай алтын жанымды. Ішкі сырын сұрайын. Ішкі сырын айтпаса, Тірі жүріп бұл жайды Және немене қылайын?» Деп осылай Күлшора Жібермейді Семенді Қайтып қоя береді, Қараны таудай төреңді? Батырып Күліс айтқанда: Семетей жауап береді: «О, ботам, жобалаймын үніңді,
Күлшораның өзісің.
Кеше ақ күмбез тайып барғанда,
Жақ алдынан жақ шығып,
Қаншора шошқа жат шығып,
Тіл алдынан тіл шығып,
Қылышын қынай таптанып,
Тұс-тұсынан жау шығып,
Қиқырықты салғанда,
Астымдағы сойылғыр,
Атым жүрмей қалғанда.
Қалың қара жәдігер,
Жаңбыр қылып жақ тартып,
Бұршақтай қылып оқ атып,
Жау шұрқырап келгенде,
Бір жерімде тағым жоқ,
Тайбуырылдан айрылған,
Төре абаңның бағы жоқ.
Жүрмей қалған тұлпарды
Кекілі мен құлағын
Қоса қармап алғанмын.
Атакем Манас жолына
Арнап тұрып шалғанмын.
Ашып көзді жұмғанша,
Әне-міне дегенше
Қолаттан бұлт табылып,
Тау-таулардың басынан
Қара бұлт жабылып,
Шөп сілкініп қыбырлап,
Аспаннан алты сай бұршақ төгіліп.
Арықтың бәрін тығындап,
Құйып жауып, түн түсіп
Тақ осылай тұрғанда,
Ұрғашыдан уз көрдім,
Оймақ ауыз, бота көз
Қырмызы көйлек, қыпша бел,
Қиғаштаған жалжал көз,
Қиын сұлу қыз көрдім.
Дуасын оқып жайлаған,
Адамды жолдан алдаған,
Жалаң мұндай уз көрдім.
Бұзып кетті қанымды,
Жаралған адам ұлынан
Ажыратты әлімді.
Көрмес қылды көзімді,
Осылай бұрды өзімді.
Құлағымды кер қылды.
Сиқыршыдан сексен қыз
Күніге үш жол жандады.
Шығарып жолдан алдады.
Адамдық түрім қалмады.
Көрсең дүмек осындай
Артық мені азғырды.
Айшөрек қатын сіңлісі
Асқан сұлу Көкмоншақ
Бек азғырды өзімді.
Ғайып қылып қолыма
Тигізді Буырыл атымды.
Сиқырлыдан құтылып,
Қиырлы жұртқа жеткенше,
Таба алмадым айламды.
Байлады Буырыл тұлпарды
Жазғыртып елге жолатпай,
Қолыма берді сұңқарды.
Қапаға көңіл бұрамын,
Қайтер айлам таба алмай,
Қармалуда тұрамын.
Кісені жоқ, торы жоқ,
Байлануда тұрамын.
Кісілікте саным жоқ,
Азғыруда тұрамын.
Әр жұманың күнінде
Сейілдікке шығамын.
Көрген сұмдық ісім бар.
Жаралған адам ұлына
Қосылуға болдым зар.
Көкмоншақ сынды зайыбым бар.
Өлдім десем көрде жоқ, Тірі болып елде жоқ, Осындай болды дүние шоқ. Іш өртеніп, бауырым шоқ. Сыр білуге бір жан жоқ. Күлшора аман болса деп, Жаратқаннан көңілім тоқ. Екі қолым байлауда, Екі көзім жайнауда, Осындай болдым дүние шоқ. Ей, бейшара балдар, ел қайда? Елге жетер күн қайда? Жырлап айтам жырымды Имандай айтам сырымды, Атакемнің сырласы, Арыстан Бақай құрдасы Бабам есен бар ма екен? Бабамның кісесінде ебеп-себеп деген дәрілері бар еді. Сол дәрілерін алып келіңдер, бұл дуадан құтқарар ма екен? Бес арқар жұлдыз батқанша, Бес айналып емізген, Батырлығы басқаша, Кеше атамнан жетім қалғанда,, Бұқарды көздей қашқанда, Айдалыға мінгізген, Қайран енем Қаныкей, Аман-есен бар ма екен? Егер енем бар болса, Емшек еміп ұйықтасам. Енекем сорлы иісінен, Күні-түні иіскесем, Көз-құлағым ашылар, Ауырған жерім басылар. Жанымнан азғырушы қашып, шашылар. Ауылдас қонып, өзіңді, Айбатты батыр Күлшора, Сонда ұғамын сөзіңді, Сонда көрем көзіңді.
Ақ бәйбіше анамның,
Емшегінен емейін.
Берсе маған емшегін,
Сорсам жайнап сүт шықса,
Көрінемін көзіңе,
Ауылдас қонам өзіңе,
Таңу болам беліңе,
Құлақ сал шора сөзіме.
Ту қармаған ту болам,
Дұшпаныңа шу болам,
Анықтап айтам өзіңе.
Қаныкей анам бар болса,
Арқа болам өзіңе.
Ал Қаныкей жоқ болса,
Белесті шалып, сүзіп қой,
Белгілі абаң төреден,
Күдеріңді үзіп қой.
Енекем дүниеден өтсе, Күлшора, мен саған ел болмаймын, жеріме
оралмаймын!» – деп Семетей сырын айтқанда, Қарадәу атына міне
салып, құйындатып, бие сауымға жеткізбей Қаныкейді алып келейін
деп Таласқа қарай тартады. Келе салып Қаныкей, Бақай қарияны
жел жетпес тұлпарға мінгізіп алып аттанады. Қарадәу Қаныкейге
былай дейді:
Айналайын енекем,
Қаралды жалғыз табылды.
Кетілгенің бітелді.
Кемігенің жетілді.
Арығаның семірді.
Ашқан құрсақ тойынды,
Қастасқан дұшпан сойылды!
Бұл хабарды естігенде жүрегі бүлк етіп, көзі тартып, аппақ
шашы сұйылып, Семетейді бір көруге екі көзі төрт болып, астындағы
Көкшолаққа оңды-солды қамшы ұрып, Қаныкей шабады. Бақай абасы
ол да заулайды.
Бірақ, айкөл батырға шырқыраған Қаныкей жете алмайды. Себебі,
көз байлаған сиқыршы жәдігөйлерден өте алмай тұрады. Қаныкей
жылағанда, қайың жылап, тал жылап, қыстығып қанша ел жылап,
қанша қара көңіл шер жылап, жылағанның барлығы өз қайғысын жеп
жылайды. Бір жағынан абакең Бақай қарыңыз қосылады:
Көйқасқа едім, арыдым,
Көкжал едім талыдым.
Көбірек өртеп жоғалттым,
Көкжал жастың жарымын.
Болат жасып, жез болдым.
Боранға талай көз болдым.
Асылды жалмап жеп болдым.
Қу сақал Бақай дегізіп,
Қу дұшпанға кеп болдым.
Қанатым қарып, құйрығым
Отап-бұтап жеп болдым.
Су тиместе ми қайнап,
Шөп шықпас тақыр жер болдым.
Құйрық-жалдан айырылған
Шөлдегі құлан мен болдым.
Өлмей-жітпей қайғырдым.
Қаралды қылған Семетей,
Қабылан, сенен айырылдым.
Көзім қанды қал болдым,
Керегі жоқ жан болдым.
Керілген мықты сал едім,
Кемірейген шал болдым! – деп, Бақай боздап тұрғанда, айдай
қатын Айшөрек арт жағынан келіп: «Атасқаным!» деп шырқырайды.
Тарақ тимес қара шаш, тал-талынан бөлініп, көзінің жасы төгіліп:
«О, көкжал-ай!»– деп сөзін бастайды:
Асылдығың арттырдың,
Азапты мүшкіл бәлені
Қайран басқа тартқыздың.
Артық болат Зұлпықар
Бөлекбайға таптаттың,
Он үш жылы жоғалып,
Таудың түбін сақтаттың.
Сандырғалы көкжалым,
Менің санадан кетпейді арманым.
Сары аурудай сарғайып,
Сан мүшкіл дерт қармадым.
Тауыстың менің шарамды,
Сақтап келдім аманат,
Зор дұшпанның көзінен
Құрсақта қалған балаңды.
Әр істі салып бұл қылдың,
Атасқан айдай қатынды
Ар қадірлес ақылды,
Осынша жылы тұл қылдың.
Алған жарың Айшөрек,
Қақсап тұрған қарабет.
Артыңда қалған долыны,
Қанжығаңа шала кет!
Әрбір түрлі көйлегім
Тартсам жетпес мойныма,
Таршылық салмай қу басқа,
Тарта кеткін қойныңа! – деп, Айшөрек аузын жиғанша батырдың
баласы Сейтек келіп, Семетейге жалынып сөйлейді:
Атаны құдай алмасын,
Атаны тірі танымай,
Артта бала қалмасын.
Бұл сияқты қорлықты
Жаратқаны шын болса,
Пендесіне салмасын.
Көңіл қапа, оңай ма?
Көкжал атам шерімді,
Көзім көрді бұл сапар,
Арман қылман құдайға.
Қабылан да екен, шер де екен
Қайран атам көкжалдың,
Он екі мүше тең екен.
Ала белдей зор атам,
Туғанына ту болып,
Дұшпан көздеп беттесе
Күйген өрттей ду болып,
Алатаудың шебі екен.
Атам көкжал құрғырды,
Қас санаған дұшпаны,
Қайдан шыққан дер екен.
Естіген адам таң қалған,
Ел-жұрттыкі еп екен.
Өлген сайын өршіген,
Түгенген сайын түтеген,
Түбінен бері күшейген,
Өкім де екен, шер де екен.
Теңіз атам, көкжал шер,
Телегейі тең екен.
Мені Семетей ұлы қылғанға
Арманым жоқ құдайға! – деп, атасын бір құшақтап алуға зар
болған ұлын тіктеп көре алмай, Семетей былай дейді:
Мені азғырып байлаған,
Асқан сұлу Көкмоншақ.
Айшөректің сіңлісі.
Торып-тосып жолымды,
Дуалап, байлап қолымды,
Көргізді маған осыны.
Өлік емес тірімін,
Өлмегеннің бірімін.
Көргізбей байлап көзімді,
Жәдігөйлер бірігіп,
Алып кеткен өзімді.
Азғырылып өткенмін,
Айырылып елден кеткенмін.
Жердің түбі Желпініс,
Үш жыл мұнда болғанмын.
Бұл дүниелік қызыққа,
Неше жолы тойғанмын.
Медиянның шөлінде,
Жан баспастың жиегінде,
Үш жыл онда болғанмын.
Қайра тартып қайырылып,
Бері Қайыпшының Қараүңгір
Келгенімді білемін.
Жан жолдасым сексен қыз
Жолдастасып жүргенмін.
Халық басқарып, ел күткен
Ұлықтық қалды менен де.
Құлақ ұқпай, көз көрмей
Тұрамын өстіп бұл жерде.
Қайран басым хан ба екен?
Бір мұраға жетуге,
Бұрылып елге кетуге,
Ордалы шаһар, алаң жұрт,
Қайырылып қайра баруға,
Іні, бала, зайыпты
Қайырылып тауып алуға,
Ерте сөзім кеш болды,
Екі көзім төрт болды.
Шын Күлшора сен болсаң
Кең көйлектің мықтысы,
Ұрғашының ықтысы,
Ұзын шаштың тазасы,
Ұрғашының патшасы,
Жасалғанға жарық күн
Ұрғашы бейіш – қадыр түн
Есіл анам Қаныкей,
Өлмей тірі бар ма екен?
Өлмей тірі бар болса,
Енекем жылдам келсінші.
Құбыланы бастанып,
Аш болатты жастанып,
Арандай аузым ашайын,
Оң емшегін оңдасын,
Күл азықтан жегізсін,
Бауырына басып сорлы енем,
Жас баладай емізсін.
Арандай аузым ашылса,
Аман болып сорлы енем,
Аузыма ақ емшек сүті шашылса,
Бұл аурудан айығып,
Қайтамын елге қайрылып!»
Деп осылай Семетей
Берен айтып тұрғанда,
Дене бойдан күш шықты,
Қайран ене долыдан
Бұлақтап иіп сүт шықты.
Бере гөр деп сабылып,
Халайық тұрды жалынып.
Осы кезде Семетей
Шын енем иісі осы деп,
Құлқылдата сорады,
Құмары қанып болады.
Аңсағаны басылды,
Шырадай көзі ашылды.
Емшегін еміп болғанда
Ең құмары толғанда,
Сусағаны басылды.
Біткен құлақ ашылды.
Ойласаң мұндай көкжал шер
Ауырған жері басылды.
Қабағы жарық ашылды.
Көңіл сайлап, бөлінді.
Құрбы-құрдас, жан-жора
Шын көзіне көрінді.
Қапаның бәрі шашылып,
Ай қабағы ашылып,
Ақ бидайдың ұнындай,
Ақ бөкеннің қылындай
Суырылысып қалысты.
Әуедегі жұлдыздай
Жосылысып қалысты.
Жылғынды Кең-Қол, кең Талас,
Өрлей қонып, жер қылды.
Таласта қырғыз, арғынын
Қайра құрап ел қылды.
Орда күтіп хан болып,
Орынтықты шер болып,
Бастағыдай Семетей
Ел басқарды дардайып.
Далаға құрған там болды.
Салтанатты хан болды.
Аспанда жұлдыз жарқырап,
Жерде қырғыз барқырап,
Атабала айкөл шер, Бәрі түгел бірігіп, Аспан жарған шу болды. Көкжалдың көккжалдығы білінді. Жалпы жұрттың барлығы Жай тауып жаны, сүйінді. Жылғынды Кең-Қол, кең Талас Қонып қалды қайран ер, Семетей қайра қосылып, Оңып қалды азған ел. Бір-біріне қайран жұрт Ұшқан құстай талпынып, Қалың ауыл ой тартып, Қонып жатқан күн болды. Ардақтап ұлық жан қылып Семетей ұлы Сейтекке Алтын тәжді кигізді. Арғын, қырғыз –бұл жұртты Ер Сейтекке білгізді. Қарадәудің қазасы Жәдігерге хан болған Қарадәу жанына мықты найзагер, батыр, балуан жігіттерді ертіп, жерін шолып тұрады екен. Тау-тоғай, өзен-су, бел-белестің бәрін қарап, «жау жоқ па, елге қауіп төнген жоқ па екен?» – деп қарауылдап жүреді. Аң аулап, арыстан атып, жолбарыс, аю, марал, бұғы қуады. Сөйтіп жүріп, бір белге, адам тірі қайтпаған жерге барып қалады. Алмамбет, Шуақ, шер Манас Құланын қуып топтатқан, Азулы зиян қылар деп. Әдейі келген ұрпақтар, Бір бәлеге шалынып, Бір мүшкілге қалар деп. Тасын ойып шарт қойып, Барсакелмес болсын деп, Белгілі шерлер ат қойған. Ары қарай бастырса,
Қаптаған қалың сор екен.
Кезіккен адам мерт болған,
Құдай ұрған жол екен.
Адыры асқар жар екен.
Осы жердің иесі
Жалмауыз ұлы Сарыбай
Өртенген шошқа бар екен.
Сарыбай жайы осындай.
Жердің түбі Желпініс,
Самалды жерде туылған,
Әлемге салған шулыған.
Әскері жаяу тау шыққан,
Ол Сарыбай кәпірің
Жүрегінен шаң шыққан,
Дауысынан жан шыққан.
Кез болғанды кемірген,
Желмаяң атын ойнатқан,
Жетсе жанды сайлатқан.
Көзі ашылған ұрадай,
Ауызы аран, жырадай.
Қарадәу түгіл, құтырғыр
Хан Семетей, Күлшора,
Сейтек, қырғыз ел келсе
Арғын қаптап тең келсе,
А дегізбей басқандай.
Шалыса кетсе оқыстан,
Ел шұрқырап, бөлініп,
Ажалды қаны төгіліп,
Қан қызарып, жан кетіп,
Халайық құлап жатқандай.
Қаһарланса Сарыбай
Доңызды құдай атқандай.
Желіксе жанды жыққандай.
Жер астынан шыққандай.
Жендеттен жеті сан келсе,
Желкеден қармап, қусырып
Жерге түгел тыққандай.
Жолап адам барғысыз
Жолаған тірі қалғысыз.
Кезігіп адам барғысыз,
Кез болған тірі қалғысыз.
Садақтары кетпендей,
Сақалы тік-тік, көзі көк,
Мұрты да бұл кәпірдің
Сарапты тесіп өткендей.
Бойы ұзын шынардай,
Алып кездессе, құтырғыр,
Бітеуден оны жұтардай.
Алатауды жерлеген,
Алысып адам жеңбеген,
Айкөл Манас шер шығып
Аққұласын ойнатып,
Арыстан шықты деп ұғып,
Сарыбай ер Манастың жұртына қастық ойлап жүреді екен. Оның
тұқымын тұздай құртсам, шынарын түбімен суырып, кереге-уығын
қиратып, ел-жұртын жылатып, талқандасам деп армандайды.
Манастың тұқымы Семетей екенін естіп және Манастың тұқымы
жабырқап кетті дегенді ұғып, Таласты талқандауға дайындалып
жүреді екен.
Бұл Сарыбай ай әлемнің бәрін аралап, өзіне соғысатын жалғыз
жан қалмай, енді Манастың тұқымын, батырлардың барлығын
сойсам деп, Таласты жаулап алуға беттеген екен. Сөйтіп әскерін
бастап, жүгін пілге арттырып, қаптап келе жатқанда, демалуға
тоқтап, ұйықтайды. Бір ұйықтаса, дардайып жатып, жеті күн
ұйықтайды екен.
Қалақай тонын жамылып,
Найза салса теспеген,
Мылтық атса өтпеген
Сілтесе қылыш кеспеген,
Шоққа салса күймеген
Селге салса ақпаған
Құтырып алған, бұл шошқа
Орға салса батпаған.
Өртенгірдің өзі екен.
Бәленің қара көзі екен.
Алты күн бойы ұйықтап,
Енді ұйқысынан тұруға Бір күн қалған кезі екен. Сол уақытта Қарадәу Сарыбайды көріп қалады. Оның арам ойын сезіп-біле қойған батыр жанындағы Бозбалаға: –Ал енді сен елге қайт та, шай қолдаған Күлшора мен Семетей абаларыма барып айт! Мына Сарыбай кәпірдің түрі бұзық. Бұл ешкімді аяймайды. Жалмауыздың ұлы тыныш жатқан елімізге көз тіккен түрі бар! Елге хабарла! – деп, Бозбаланы жібереді. Ал өзі қиямет кеткен шерлердің, қабылан Манас, ер Сырғақ, Алмамбет пен ер Шуақтың аруағына сыйынып, Қылкүрең атты қамшымен бір тартып, сырнайзасын қолға алып, Сарыбайға беттейді. Екеуі айқайласып, алты күн соғысып, жеті күнге дейін бірін-бірі ала алмай, найзамен сайысып, қылышпен шабысып, айбалтамен салысып, қарудың бәрі қирап қалады. Қарадәу айбалтасымен Сарыбай кәпірді қарсылдатып соғып жібергенде, айбалтасы сынып кетеді. Шапқан сайын күшейе түскен Сарыбай жолым үйдей шойынбасымен Қарадәудің Қылкүреңі бұрылып бұлт деп шығып кеткенше, қашып үлгергенше, қос қолдап салып жібереді. Шойын шоқпар тигенде, астындағы Қылкүреңнің белі үзіліп кетіп, Қарадәу құлап түседі. Қанға боялып, әлі кетіп, есінен танып жатқан Қарадәудің Сарыбай басын кесіп, қанын қос уыстап жұтады. Күркіреп мақтанып: Жер желпініп, тас көшіп Атағым ұққан көп жандар Шыбындай жанынан түңілсін. Атам Жалмауыз айтқан сөз еді: Жер үстінде Сарыбай Жеке өзің болғын, деп еді! Қақайып қаһар төгейін Хан Манас шердің еліне. Қағыс қылып көрейін, Шошаңдаған шораның, Қабырғасын сөгейін. Жергелі ұлы Сейтегін, Қармап қанын төгейін. Халқына қараң салайын, Қатындарын, қыздарын Олжалап, талап алайын! Қазынасын бұзып, алтын-күміс, зерлерін, бар дүниесін түгел үптеп, малын алайын! Қырғыз түгіл, қаһарлансам,
қытай жұртын шабайын, қыжырыма тисе, қызылбасты талап
алайын.
Бір жаралған ер болып
Асқан екен талайым.
Асырайын атақты
Арбытайын шатақты! – деп, Сарыбай түйе сойып, той жасайды.
Күлшора мен Сарыбай
Бозбала, кең Таласқа, төренің тіккен бағына бақырып келеді.
–Айналайын, аба! Батыр Сейтек, Күлшора, Бақай абам, бәрің
мұнда тұрсыңдар. Мен Жалмауыз ұлы Сарыбай деген шоң көрдім!
Ажалдылар тұтылды,
Ажалы жоқтар құтылды.
Соры қалың тұтылды,
Соры жоқтар құтылды.
Осы келген Сарыбай
Батыр да екен, шер де екен.
Қарсыласқан адамды,
Қармап алып жер екен.
Айбаты күйген шоқ екен,
Жұмыр басты адамда, қаһарлы мұндай жоқ екен! Қарадәу қолына
түсіп
қалды. Тірі болса, құтқарып алайық. Өліп қалса, өшін алайық! –
деп жар салады. Содан, батыр Сейтек, Күлшора қару-жарақтарын
сайлап, сауыт-саймандарын киіп, батырлар түн қатып аттанып
кетеді. Жүйрік ат мінген өңшең батыр Манас деп ұрандап,
дауылпаздарын қағып келеді.
Қол алдында ер Сейтек
Қиқырғаны тас жарып.
Қайраттанса бас жарып,
Көрсе көңіл бөлініп,
Көк асқардай көрініп,
Кірпігі жалын, шоқ болып,
Қаһар болат, оқ болып
Қағысар жауын көргенде
Қайтып тұрсын тоқталып?
Атасының баласын
Қолдағанын қарашы, Қара шұбар қабылан Қазір жарып салардай, Қапталында шабынып.. Қара жалды арыстан Қазір іліп алардай. Жан-жағында қабынып. Алдында сұр жолбарыс Аңдаса мұндай жан болмас. Алып қара құс самұрық, Бұтын салып арбайып, Қазір іліп кетердей. Қырқасында қырық жолбарыс, Бет алғаны өрт болып, Пейілі қызыл шоқ болып, Қаһарлы дұшпан келген соң Атаның ұлы қыраның, Қайтіп тұрсын тоқталып? Қол аттанып келіп, белден асып барып қонады. Таң атқан соң, ту түбінде Семетей, турасында Күлшора, қолбасшы Сейтек Сарыбай кәпірдің шебіне қарсы тұрады. Соғыс басталғанда, елімізді, жерімізді қорғайын деп, Күлшора Қылкүрең атпенен Сарыбай кәпірмен жекпежекке шығады. Қаһарлы Сарыбайға қарсы қарап тұрып Күлшора былай дейді: «Жалмауыздың баласы, Ер Сарыбай сен болсаң, Ер Күлшора мен болам! Батыр адам кем болмас, Алды-артын ойлаған Анық батыр сен болсаң, Сөз сұрайын жауап бер. Қаһарланып шыр салып, Не желіктің мұншалық? Алаңды ала қашпасақ, Қазынаңды шашпасақ, Қазаттасып шу қылып, Қалың елің баспасақ, Неге жанжал қыласың?
Өзеніңе бие байлап,
Халқыңды баса қондық па?
Сен қарайып тұрардай
Аулыңның қанын сордық па?
Қиқулап шатақ салғандай
Еліңді қырып қойдық па?
Қазат бастап ұрыссақ
Халық қырылып, ер өлер
Жанжал қандай шыр қандай,
Жай сөйлеп батыр, жауап бер!»
Деп осылай Күлшора
Қылкүрең аузын бұрғанда,
Соғыспайық батыр деп
Жөнін айтып тұрғанда.
Сарыбай дәу сөйлейді:
«Тұқымың тура қырмасам,
Білгенімді қылмасам,
Сарыбай болмай өлейін.
Туылмай тұна шөгейін.
Батыр дүрмін, шер дүрмін
Сарбай балуан мен дүрмін,
Қағыстың қара көзімін,
Кезіккенді кемірген,
Қара тажал өзімін!» – деп, Сарыбай аузынан от-жалын шығып,
Күлшорамен соғысты бастап кетеді. Жолым үйдей шойын басын
қолға алып, Күлшораны соғады. Бірақ оның ұрғанын елең де қылмай,
Күлшора тұлпарының аузын бұрып, найза салады. Сонда сырнайза
сынып кетпей иіледі.Сарыбай Желмаядан құлап кете жаздап,
Күлшораға таңдана қарайды.
«Мен Сарыбай болғалы,
Алшайып атқа қонғалы,
Мен баспаған шөл қалмай,
Мен көрмеген ел қалмай,
Қыдырып едім қаншаны.
Жеңіп алып мұншаны,
Шырқыратып жандарды
Батырсынған, дәусінген
Жер үстінде иемсінген,
Сойдым мұнша балуанды.
Бірақ та мұндай көрмедім
Қиын да екен, шер де екен!» – деп, Күлшораның ерлігін сынап
алады. Екеуі соғысып, найзамен сайысып, айбалтамен шабысып,
аянбай айқасады. Күлшора сырнайзаны алпыс рет салғанда, Сарыбай
елең қылмай, бір кезде орта белінен шабады. Сырнайза бөлініп ұшып
кетеді.
Алтын сапты айбалта
Ал самдағай ер шора,
Қос қолдап қармап алады.
Ай дегенше Сарыбай
Болат жүзді айбалта
Шай қолдаған шер Шора
Қос қолдап тартып жіберді.
Қылкүрең аузын бұрады
Қыран қарап тұрады.
Жалмауыз ұлы кәпірдің
Өлерге ойы жоқ болды,
Басында болат қалқаны
Бырқырап қирап, шоқ болды.
Анық тажал Сарыбай
Қаһарланды күркіреп
Қарап тұрған пенденің
Тұла бойы дүркіреп.
Берен екен Күлшора
Жан аямай тұрысты,
Қаһарланып ұрысты.
Найзаны ұрған сайын Сарыбай күшейіп, қаһарланып, шоқпармен
бір төбені бір салғанда, төбеден от шығады. Жұрт жанынан
түңіледі. Күлшораға алқынып, жебеден бұрын жетерде, найзамен
сайып өтерде Семетей ұлы ер Сейтек көріп қалып, абасына көмекке
келеді.
«Күлшора көзі жұмылса,
Өрт өшкендей болармыз.
Ай батқандай болармыз.
Жал құйрықтан айрылсақ,
Топал болып қалармыз
Мүйіз сынып, бас қалса
Тоқал болып қалармыз.
Бірі сынса мүйіздің,
Күшсіз болып қалармыз.
Емшектің бірі кесілсе,
Сүтсіз болып қалармыз!»
Міне осылай ер Сейтек
Болат ұшты найзаны,
Бұрай қармап, қолға алып
Оң бүйректің беті деп
Омыртқа сүйектің тұсы деп
Шын өлер жері осы деп
Жалмауыз ұлы кәпірді
Жетіп мұштап өтеді.
Тас мұштаған немедей
Болат найза бүктелді.
Болымды жанға күш келді.
Сарыбайдың қапталдын
Жорыдай ұшып бұрқырап,
Қирап түсті найзасы
Сексен бөлек бырқырап.
Оңалып Сейтек алғанша
Қаһарланған Сарыбай
Ер Сейтекке жұлынып,
Жетіп шоқпар соғарда,
Шай қолдаған Күлшора
Батшағар деп бақырып
Бәрінен епті көкжалың
Манастап ұран шақырып,
Қамшы басса Қылкүрең,
Тұлпарлық сыны білініп,
Тұяғы тисе қара жер,
Басқан жері бырқырап.
Найза бойы тас, даңқан,
Алашықтай шораның
Төбесінде шырқырап.
Танауынан шыққан бу
Қолы ыстықтай бұрқырып.
Шай қолдаған шер шора
Сарыбайдай кәпірді
Жаққа мұштап өтеді.
Батырсынған Сарыбай
Басар жолы байланды,
Ет пісімге айналды.
Есін тегіс жия алмай,
Айқырып найза ұра алмай,
Естен танып әлсіреп,
Сарыбай тұрды қансырап!
Сонда Күлшора Сейтекке: «Ботам, бұл Жалмауыз ұлы батыр,
жер өртеген кәпір! Әлемді жеке билеймін деп тұрған алыпқа жеке
барып, найза ұрып, балалық қылма! Жиырмаға жасың жеткен жоқ,
балалық шағың кеткен жоқ әлі. Мен Күлшора болғалы ерен көрдім, ер
көрдім. Дәл мынандай тозақы бәлені жер үстінен көрмедім!» – деп,
Сейтектің атының тізгінін тартып, өзімен бірге алып кетеді.
Сол кезде Сарыбайдың ұйықтайтын уақыты келген екен. Жеті күн
жатып ұйықтайды. Жеті күн ұйықтап, күші толып тұрғаннан кейін
қаһарланап, қайтадан соғысқа шығады. Сарыбайдың түрін көргенде:
«Шын имансыз екен. Жерімізді өртеп кетер ме екен?!» – деп, жұрт
қорғаны Күлшора Сарыбаймен соғысқалы майданға беттеп, күтіп
тұрады.
Айшөрек пен Құялы
Мұны мұндай тастайық
Ахунның қызы Айшөрек
Содан хабар бастайық.
Білген адам мұны айтқан
Ахунның қызы Шөрек деп
Ай әлемді көп көрген
Ақылға диқан дүмек деп.
Перизаттан тіл білген,
Ұшқанын жұма күн білген.
Ат борайын сыдырған,
Төңіректің төрт бұрышын,
Медиянның бес бұрышын
Ұшып жүпір қыдырған.
Белестің орта бетінен
Ит-Жайлаудың сеңірден,
Дүңірейген ұршықтан,
Түзінде шынар тұмсықтан,
Өзі бала секелек,
Өрімге шашы жетелек.
Ғайыбынан қабылған,
Қақ даладан табылған.
Бойы толған ақылға,
Бала болған Ахунға,
Кебі ұғылып Таласқа,
Келін болған Манасқа.
Перизада Шөрегің,
Белгілі берен дүмегің.
Артық дуа оқыған,
Атағын ұққан шошыған,
Ұзын құлақ шайырдың
Ілгіштігі тағы бар.
Сұрап білген көп жерді,
Білгіштігі таға бар.
Осы қатын Айшөрек
Ұламадан ұғыпты,
Білгіштерден біліпті.
Керуендерден кеп ұғып,
Қайыпшал қызы Құялы
Батыр екен деп ұғып.
Кезіккенді кент қылған,
Алысқанды мерт қылған.
Беттессе жауды қоймаған,
Аталған даңқы тас жарған,
Ер қайраты бас жарған.
Тоғайда туып, сайда өскен,
Тауда жаңғақ жайда өскен.
Қыздан балуан шер болған.
Атасы қыран Қайыпшал
Әр дәуменен тең болған.
Қайыпшаның Қара-Қыр,
Қасиетті мына бұл.
Шыта -Терек, Шоқ – Терек, Қарауыл мазар бойында, Қоңыршаш қыздың тойында, Әр тілегін бергенде, Перизада Айшөрек, Жиырма бірге келгенде, Көктен жұлдыз қозғалып, Қайыпшал қызы Құялы, Қалған екен Айшөрек Қияметтік дос болып: «Мен перизат, сен адам, Көшіп ауыл қонады, Бірімізге біріміз Керегіміз болады!» – Деп осылай серт қылып, Уағданы бек қылып. Ақ бидай нанын шайнасып, Аш болат жүзін жаласып, Дүние мұндай көрейік. Халық қуратқан дау шықса, Ел бүлдірген жау шықса, Айғайды артық салуға, Әрбір мүшкіл қараңнан Ажыратып алуға Ант беріскен жайы бар! Міне, осы Құялы қызды іздеп, Сарыбай жауызға бәле салмақ болып, кереметті Айшөрек, қыз кезінде киген аққу кебін киініп, ұшып шығады. Жергелей талды сыдырды, Жердің үстін қыдырды. Боз мұнарлы Күйгентас, Күйіктің белін асады. Күнкетпестің даласын Қыдырып ұшып басады. Ол далаға барғанда, Жерге көзін салғанда, Көңіл толқып, көз тойды. Жан-жануар мақұлық,
Мекен қылған жер екен.
Кісі киік, түйе киік,
Құлан да бар, жарғыш бар.
Құлан үріксе даладан,
Қусырылып барбайып
Құланды іліп шалғыш бар.
Бұқа, киік жарғыш бар
Қоймас, тоймас алғыш бар.
Кез болғанды кетірмей
Талап – жұлып салғыш бар.
Алыс жерден оп тартқан
Қара айдаһар сорғыш бар.
Ел Бармастың далаға
Мекен қылған бұғылар.
Көз тайқыған борсыққа,
Көз жетпеген тұмсыққа,
Күдірдің төмен ойына
Белендінің бойына,
Балуан, батыр Құялы
Ит ағытып, құс салып
Аң аулауға келеді.
Таң сарғайып атқанда
Қайыпшал қызы Құялы
Ұрғашының шері екен.
Дариядан іші кең екен.
Қырық жігіт қосшы алып, салбырынға шыққан екен. Атқан
аңын жеті пілге жүктетіп, аңның қызығын көреді. Алып қыздың
бір иығына Айшөрек бастаған алты қыз жайланып қонақ болып
отырардай екен. Өзі де бабына келіп, болып тұрған кезі екен.
Айдай беті жарқылдап,
Екі емшегі балқылдап,
Шын ұрысар жау таппай,
Ұрынып, бұзар тау таппай,
Құрсақ күйіп құтырып,
Аңдасаң осы Құялы
Арыстандай жұтынып.
Ұңғысы болат найза алып,
Астындағы тұлпарын
Арлы-берлі орғытып, Өз балуанын оңбағыр Ойнап, сайып, құлатып. Талайдан кешіп қызықты Ит ағытып, жақ тартып, Аңға салған бұзықты. Мұны көріп Айшөрек Балуан қызға қызықты! Айшөрек Құялы балуанның алдынан шығып, айдай беті жарқылдап, шекер сөз бастап балқылдап, екеуі жарқын жүзбен амандасады. Батыр,балуан Құялы қыз Шөректің елінің, жерінің, үй-ішінің амандығын сұрап: «Қарашаш себепкер болып, жәдігердің елінде туған Сейтек балаң аман ба? Артық балуан Қарадәу ер аман ба? Тірі болса, көрсем деп, өліп қалса, батырға құран оқып келсем!» – деп жүр едім. Айшөрек, өзіңді міне тірі көрдім. Аққудың кебін киіп, алыстан келген екенсіз. Ал, шын сырыңды айт!» – деп сөзіне құлақ салады. Айшөрек Сарыбайдың елге шабуыл жасағанын, талай балуан, ердің қаза тапқанын, оның ішінде айтулы Қарадәудің де қаза тапқанын айтып: «Мынау бір сұмдық кәпір ер, бұндайды кім көрген!» – деп, келгендегі мақсатын айтады. Қайыпшал қызы Құялы қару-жарағын сайланып, қырық балуанның бәріне, ер Мұратай кәріге бұйрық беріп, Сарыбаймен соғысамыз деп, болат найзалары жарқылдап, жолға қамданып, аттанып шығады. Сейтек пен Сарыбай Сол уақытта Семетей қалың елге: «Мына жауыз Сарыбай қаптап келген сел, күйген өрт екен. Ал, халқым, қайрат қылайық! Оо, жұртым, талай шашылдық Алды болып Алтайда Көп бөліндің Қаңғайға. Қаншамыз кетіп еренге, Қыстаған дұшпан көп болып, Түсті талай осы жұрт, Қайра тартпас тереңге. Қаһарлы дұшпан айынан, Көбіміз кеттік бөлініп, Ел көрместің артына.
Біріміз кеттік бөлініп.
Үндістанның халқына.
Соғыстан қан төгіліп,
Әр уақыттан бір уақыт
Әрдайымнан бір дайым
Зорлық көріп еліміз,
Қамшыға шенеп бөліндік.
Қаһарланған дұшпаннан
Қайран жан тірі көріндік.
Қарсыласып салысып,
Қасарған дұшпан келгенде
Қан төгіліп, ер өліп,
Қызырлы қиын біздің жұрт,
Қиырын жаудан бағатын,
Намыс үшін, ел үшін
Ерен өліп қалатын.
Халқым белді буыңдар,
Қап тауындай тұрыңдар!
Батыр көкжал бұлай дегенде, батырдың сөзі рас деп қалың жұрт
құптайды.«Ажал жетсе, маңдайға жазғанын көрейік. Батырдың
ұлы Сейтекке тіреу болайық!» – деп жұрт шұрқырап:
Сарыбайдан бәріміз
Аянып қалсақ зау ұрсын!
Арқайған Алатау ұрсын!
Ақ білтенің шоғы ұрсын!
Ақкелтенің оғы ұрсын!
Төсі түкті жер ұрсын!
Төбесі бүтін көк ұрсын!
Тұтқында құл боп жүргенше,
Сарыбайға бағынып,
Қалақай қара жамылып,
Күйіп жанып, шоқ болып
Ұйпаланып жоқ болып,
Бәлені басқа тартқанша,
Қорлық көріп жатқанша.
Шын қырғынды бастайық.
Шырқыратып қу жанды
Қылға байлап тастайық!
Сарыбайды дәу қылмай,
Бұл Таласқа ие қылмай,
Судай ақсын қанымыз,
Қырылайық бәріміз!
Қиялы жақтан шалдырып,
Қыран шердің барлығын,
Сарыбайға алдырып,
Жал құйрықтан айырылып,
Сопал болып жүргенше,
Мүйіз сынып, бас қалып
Тоқал болып жүргенше,
Сарыбай бізге ұлық деп
Өртеніп жанып, күйгенше,
Опал таудай дәуменен
Жеті жыл тынбай ұрысып,
Қағысты мықтап бастайық,
Ер Семетей, Күлшора
Пана қылған жас Сейтек,
Осы үшеуін қалың жұрт,
Белге таңу қылайық.
Ел толқыған дария
Дария қаптап, сел жүріп,
Ажал жетсе өлейік.
Итпенен бір шапқыласып көрейік! – деп, керней-сырнай тартылып,
айбалта, найзаларын көтеріп, атқа қонады.
Ереннің бәрі елігіп,
Есер қайрат, су жүрек
Ел бастамай демігіп.
Балуан шеттеп таралып,
Есікке шықпас қорқақтар
Енді немене болар деп,
Ең ортада қамалып,
Опыр-топыр теңселіп,
Халық бүйтіп тұрғанда,
Семетей ұлы жас Сейтек
Қаршығадай қамынып,
Қайран шердің ұлына
Ғайыптан ақыл табылып,
Жау жарағын жайланып,
Жалаң қылыш байланып,
Болат ұңғы найза алып,
Оқ өтпес тонды киініп,
Жекелеп елден бөлініп
Атасына тартқан көкжал шер
Көк асқардай болып көрініп, аттанып шығады. Белеске шыға
бергенде алдынан Сарыбай қарсы келеді. Жер үстінде жаралған
тек өзіммін деп жүрген, қылымның бәрін қиратып, бір тесікке
тығатындай, адамзаттың баласы қаһарынан күйіп, талқан болып
кететіндей, ай- әлемді түгел соратындай болып, күркіреп майданға
шығады.
Сейтек пен Сарыбай беттесіп, найзаласуға тақап келгенде, екі
берен қайтер екен деп, қараған жұрт шыбын жанынан түңіледі.
Сарыбай Сейтекке:
Ее, Семетей ұлы шұнағым,
Көздеген жауым сен болсаң
Қырып, жұтып тынамын.
Төбеден тірі басамын!
Төрт түлігің шашамын!
Шын есебің табамын!
Шындап жұртың шабамын!
Бар жыным келіп құтырсам,
Сындырып, бүктеп беліңді
Шырқыратып еліңді
Қара жолдай таптаймын,
Кең Алатау жеріңді.
Қырамын қырғыз еліңді.
Қатыныңды тұл қылып,
Еріңді байлап, құл қылып,
Суытамын деміңді.
Қызық болса малыңыз,
Қымбатты болса жаныңыз...
Деген сөзге көніңіз,
Қалағанды беріңіз.
Ұрғашыдан узды бер!
Тоқсан бес айым, Айшөрек
Өз енеңді бас қылып,
Тартуға жүзден қызды бер!
Алатау тарту жерді бер!
Жер жайлаған елді бер!
Бұл сөзіме көнбесең,
Бұл айтқанды бермесең,
Сындырамын беліңді.
Қаһарым келіп қақайдым,
Қалдырмай қырам еліңді! – деп,Желмаяңды санға бір салып,
айбалтасын қолға алып, Сейтекке қарай атылады. Қанды болат
айбалтамен өлшеулінің өзі деп, өлетін қара көзі деп, Сейтекті
айбалтамен тартып жібереді. Сейтек Сарыбайдың балтасын қағып
тастайды.
Тоны қалың Сейтекті
Тон көтеріп қалыпты,
Таудай Манас аруағы
Шоң көтеріп алыпты.
Сарыбайдың айбалтасы ұңғысынан үзіліп түскен екен. Сейтек
сырнайзасын қолға алғанша, сырттан найза салғанша, аран ауыз сұр
жебесін алып, онымен төрт рет атады.
Батыр көкжал, ер Сейтек
Сырнайзаны кезеніп,
Селдей толқып бақырды.
Манастап ұран шақырды.
Тайынбай найза салады,
Белден найза бүктелді,
Бегірек жанға күш келді.
Бұл өртенген Сарыбай барған сайын күшейіп, құтырына береді.
Кәпірге не қол өтпей, Ақкелтемен атса, оқ өтпей, айбалта, найза
жұтылып, оқ өтпеген Ақолпоқ, быт-шыт болып жыртылып,
Сейтек шер мен елдің ерлері өлімнен жанды аямай, құтырған тажал
Сарыбаймен соғыса береді...
Қайыпшал қызы Құялы
Қайыпшал қызы Құялы Сарыбайдай қаһарлы жаумен соғысуға
асығып келеді. Сұлулығы бір басқа, батырлығы бір басқа, қыздан
шыққан шер Семетейдің шатырына келеді. Семетей батырдың түр-
тұлғасына қарап:
- Мен Құялы болғалы, алуан түрлі халықты көрдім. Сайыста неше
алыпты көрдім. Маңдайы жарық, жүзі ашық Манастың ұлындай
ерді енді көрдім! – деп сүйсінеді.
«Шығып жортып келгенім,
Желпініс таудың тұсы еді.
Жеткілең тілек қылғаным,
Дәп осындай кісі еді!»
Деп сынаған Құялы
Хан Семетей батырға,
Көзін тіккен шоң ғашық,
Әр қызметін білсем деп,
Айкөл шерге тисем деп,
Ойласа да, тие алмай,
Айшөрекпен анттасқан,
Достықты аттап кете алмай,
Опал таудай Құялы,
Толқып өтсе, бейбаққа
Тау да төтеп бере алмас.
Уағдадан танып кетердей
Ұяты жоқ жан емес.
Қиын батыр атанған,
Қырық шілтеннен бата алған.
Жолын әзір оңдаған,
Жаралған қатын зайыптан
Мұндай балуан болмаған.
Құмардың қара көзі екен,
Семетейге кезігіп,
Қуанғаннан езіліп,
Құп жалынып, кеп бастап,
Қыз Құялы мұны айтты,
Көрсең дүмек сұмды айтты:
- Менің асыл атам Қайыпшал, атаңыз Манас ханмен алты рет
анттасқан дос екен.
Тура шер атаң хан Манас
Ту түбіне тұрыпты.
Менің атам Қайыпшал
Айтқанына көніпті.
Араласып қол үзбей,
Сый, құрметін көріпті.
Мен туғанда атамыз,
Тойыма тоқсан сойыпты.
Алып ерге жолдас болсын деп,
Атымды Құялы қойыпты! Енді Айшөректен айкөл шердің
тұқымына Сарыбай қастық қылып, қамап жатыр деп естіген соң,
Қайыпшалдың елінен қол алып дұшпаныңмен соғысайын деп келдім.
Жан баспаған шөлдерден,
Азулы атып, жеп келдім.
Жалмауыз ұлы кәпірді,
Жексен қылам деп келдім.
Батыр, арғынды жиып, қол алып
Атойлап ұран салыпсыз.
Асып-сасып пышырап,
Әлек болып қалыпсыз.
Сары адырмақ бел бар ма?
Салысатын ел бар ма?
Ер көкжал айтам, сөзімді ұқ
Ұрынатын тау қайда?
Ұрысатын жау қайда?
Кешіп өтер шоқ бар ма?
Кежірлік қылған жұртыңа,
Кесірден шыққан оқ бар ма?
Ел шалынған тор қайда,
Ел бүлдірген зор қайда?
Халық түсетін ор қайда,
Ер Сарыбай зор қайда?
Батыр болса, шер болса
Бастасқан жау ер болса,
Шын ажал жетсе шығайық,
Тиіскенің қайсы жау?
Шын достықты қылайық! – деп тұрғанда Айшөрек келіп:
- Анттасқан досым едің, апалы-сіңлілі болуға уағдаласып едік.
Достықтың сертін сақтап, Сарыбайдың қолына қырғын салып, жау
қамаған бұл елді ажыратып алыңыз! – дейді. Сонда Құялы:
- Айшөрек, саған берген уағдамнан танбаймын. Сарыбаймен
аяусыз соғысамын! – деп жауап береді.
Арада бір күн, бір түн өтіп, жерге жарық түскенде,Таластың
бетін өрт қылып, Кең-Қолды күйген шоқ қылып, кез келгенді жоқ
қылып, тағы да доңыздар қаптайды. Күлшора мен Сейтек бір
тынбай, жан аямай, күндіз-түні шайқасады. Сол уақытта Құялы:
«Желпініс пенен күн шығыс,
Өзім шапқан жол еді.
Сарыбайдай шоң дәуді
Жеті жыл сайған қол еді.
Өкпе жарып, бас кескен,
Шатақ қылып қан төккен,
Кегі бар дұшпан жау еді.
Керісті кенен салайын,
Қаһарлы дұшпан Сарыбай
Қарсылдасып қалайын.
О, қария атам, хан Бақай
Қартайған енем Қаныкей,
Жиылған осы қалың ел
Батаңызды алайын,
Мықтап жанжал салайын! Маған батырдан қалған Сырнайза мен
Зұлпыхарды беріңдер!» – дейді.
Көпті көрген әулие,
Ұлық Бақай қария,
Алақан жайып бұрқырап:
«Қаһарлы дұшпан оғынан,
Кәпірдің мұздақ қолынан,
Қазылған шұңқыр орынан,
Азат қылшы жаратқан,
Осы Сарыбай иттің торынан!
Тұлпар күлік Желжетпес,
Ағашына байлатпа!
Арғын-қырғыз көп жұртым,
Дұшпан көзін қаратпа.
Аумин, балам Құялы!
Ақжолтай Бақай мен едім,
Байланып жатқан базардың
Бағасын ашқан құл едім.
Байлауға түскен мұңдының
Қолын шешкен ұл едім.
Маталып қалған мүшкілдің,
Жолын ашқан ер едім.
Бек шырмалған түйіннің,
Қырсығын шешкен мен едім.
Сарыбайды астын қыл
Баламды құдай үстем қыл!
Атаңның көрі, дұшпанға,
Артын берген заман қыл,
Қайыпшалдың қыз балуан,
Құялыны аман қыл!
Айбаты зор доңызға,
Алдырып қойса жаманат,
Зұлпыхар қылыш, Сырнайза
Балуанға бердік аманат.
Неше пірге қол берген,
Жеті әулие жол берген,
Пері сынды зор Манас
Өзің көзің сала гөр!
Қайыпшал қызы балуанға,
Қағысқа шыққан жандарға,
Аруағы зор шоң Манас
Жолдас болып қала гөр!
Түбі суық арамды,
Түп етектен ала гөр!
Ұзынынан сала гөр!
Елдің қолын қаптаған,
Жекеге өзі бастаған,
Машықтығы басқаша
Батырлығы бір қанша
Әзиз ханның артығы
Алекем көзің сала гөр!
Жобалы мүшкіл іс қылмай
Қайыпшал, жолдас болып қала гөр!»
Деп осылай зор Бақай
Бата беріп бақырды.
О дүние кеткен төренің
Аруақтарын шақырды.
Өңі ағарып сұйылды.
Екі беттен аққан жас
Сақалына құйылды.
Бабамыз Бақай қарының
Батасын алып Құялы,
Жалмауыз ұлы кәпірге,
Қазатқа шығар уағында,
Алуан түрлі бейбақты,
Қолдағаны бір тоғыз
Қолдап келіп тұрыпты.
Жандап тұрған сұр жолбарыс
Жағымды мұндай жан болмас.
Қолдағаны көрінді.
Қайыпшал қызы Құялы,
Тұлпар аузын бұрады:
«Хан, халайық, қалың ел,
Кең Желпініс, ұлы жұрт
Тыныш жатқан елімнен,
Кіндік кесіп, кір жуған,
Алыстағы жерімнен,
Мен Құялы балаңыз
Бекіп жатқан белімнен,
Сіздер үшін келгенмін.
Қыз падиша хан едім,
Төсі түкті жері үшін,
Самайы аппақ ана үшін,
Ана туған ел үшін,
Досым Айшөрек, сен үшін
Аманат жанды қиялық! Арыстан туған Күлшора мен ер Сейтекке
қанаттасып, аямай соғыс салайын!» – деп, Құялы от өтпеген тон
киіп, оқ жетпеген, тоқсан күн шөлде жүрсе арымаған Желжетпес
атын мініп, жау-жарағын сайланып, Манастан қалған Зұлпыхарды,
ұңғысы болат найзаны алып, майданға беттеп шығады. «Намысы
үшін, ары үшін, ерен жаудан өлмей ме?» – деп, тұлпарының аузын
бұрып, жауға қарай жүреді.
Сонда Семетей, бабаң Бақай, Қаныкей барлығы қатарласып
тұрады.Шай қолдаған Күлшора нардай болған Буырыл атты мініп,оқ
өтпес тон мен қандағайды киіп,таудай болып келеді. Сейтек қолды
бастап шығады.
Қаныкей мен Бақай мойнына кісе салып, о дүние кеткен айкөлдің
аруағына жалынып, ортадағы ақ боз биені «А, құдай, сенің жолыңа!» – деп атап, Баабединге, аруақтарға шалады. «Аумин!» – деп жұрттың бәрі бата қылып: «Сарыбайды жеңсек, күніміз бейіш болар, ал Сарыбай жеңіп кетсе, қалың жұртымыз ғаріп болар. Айкөл шердің тұқымы – қалың елге медет! Шерлерді құдай, аман қыл!» – деп, барлығы алақан жайып, тілек тілейді. Ел тілегі – дария. Жаратқанға жалынып, жұрттан бата алып, берендер қаһарлы жау Сарыбайға қарай беттеп шығады. Сарыбайдың өлімі Үш Қосайдың сеңгіріне, Қақпа тастың аузына Сарыбайдың шебі құрылған екен. Ел бүлдіріп, жұртты қырып, қанішер аты шыққан Сарыбай Манастың тұқымын түгел құртамын деп айбаттанып ақырады. Он сегіз мың ғаламды, Қамырдай илеп басқандай. Айбаттанып өкірсе Қазылған терең көрге ұқсас. Күркіреуі кәпірдің Қапталдан аққан селге ұқсас. Қиялы ұшқыр, пейілі тар, Қан аңсаған Сарыбай Алқымға салып, қол айдап, Қолды бөлмей тез айдап, Айдаған қолдың ішінде Нелер бар да, нелер жоқ. Түнде есікке шықпаған Қорқақтары тағы бар. Адам тілін білмеген Басы ауған жаққа бұрылған, Торпақтары тағы бар. Бұл дүниеде көзі ашық, Сөйлеп тұрса, сөзі ашық, Іске мықтап кіретін, Қашпай жауға тұратын, Шайқасқанды сүретін, Даңғылдары тағы бар.
Қалың мүшкіл шоқ келсе,
Тарсылдаған оқ келсе,
Қабақ бүркеп, қас қақпай,
Тәуекел деп бас тартпай,
Ту түбінде тұрған бар.
Ала кеуде, шорт қиял,
Ала даңғыл дүрсілдек,
Көріктей өкпе күрсілдек,
Жуан қарын, жайық төс,
Бөрік ал десе, бас кескен,
Су іш десе, у ішкен,
Өлерін өзі түк білмей,
Жанын қолға қармаған,
Жанкештісі тағы бар.
Уағдаға бір қанша,
Тұрмағаны тағы бар.
Уайым тартып сарғайып,
Түн немене болар деп,
Ажал жетіп күн бітсе,
Жаман қатын, жас бала
Күн немене болар деп,
Қолды айнытып жылаған,
Жасықтары тағы бар.
Қол ішінде Сарыбай
Есерді құдай ұрыпты.
Қолға бұйрық қылыпты:
«Қызыл найза салыңдар,
Қылышты қыннан алыңдар!
Бәрің қалмай жабылып,
Қырғын болып қалыңдар!
Ой, қалың қол, ұғып ал,
Ажал менен өлімнен,
Азап пенен мүшкілден,
Қорлық пенен жанжалдан,
Қорыққан адам оңа ма?
Өлмей қалар дүниеде
Темір өзек бола ма?
Батырсынған бұл жұрттың,
Қашанғы жынын қағайық. Тапқан екен шатақты, Қаран қылды деп ұқтым, Аты ұрғашы Құялы Баяғы біз алатын қатынды. Болысқанын қырайық, Олжа қатын қылайық! Алжақтаған доңызды, Ат сауырына салайық. Көрер күнін көр қылып, Ойран -ботқан қылайық. Бұйрығыма көнесің, Бұйрығыма көнбесең,, Жер жайнаған қалың қол, Қырғын болып өлесің!» – деп, Жалмауыз ұлы Сарыбай қалың қолдың алдында шабынып:«Ай әлемнің шоң тұтқасы бір өзім боламын!» – деп қаһарланғанда, жұрт шыбын жаннан түңіледі. Сол кезде Қайыпшал қызы Құялы майданға келеді. Сейтек: «Ежеке, бір кезекті беріңіз!» – деп, кезегін алып, Құлансұр аттың аузын бұрып, хан атасы Манастың аруағын шақырып, Сырнайзасын қолға алып, Сарыбайға жетеді. Жеткен бойда найзамен сайып өтсе, Сарыбай оның найзасын елең қылмайды. Неше соғысты көрген, піл мүшелі, ең мықты, білегі жуан не бір батырларды жеңген Сарыбай айбаттанып ақырып, аспан көкті сапырып, Сейтекке қарсы ұмтылады. Таудай болған Тауқызыл атын қамшымен тартып жіберіп, бала Сейтек көкжалға жебедей ұшып жетіп, өкпенің тұсынан найзамен ұрады. Сонда: «А, құдай оңда, бабам Манас қолда!» – деп, қақ жүректің тұсынан Сейтек те салады найзаны. Екі найза быт-шыт болып бырқырап, сынып кеткенде, Құлансұр мен Тауқызыл аттың аяғы жерге кіріп кетеді. Екі батыр айбалтамен салысып, қылышпен шабысып, көрген жанның барлығы шыбын жаннан түңіліп, аямай соғысады. Найза, қылыш, айбалта – барлығы қирап сынып, оқ өтпес күрме тон дал-дұл жыртылып, Тауқызыл мен Құлансұр қып-қызыл қанға боялып, екеуі жеті күн шайқасады. Ақырында, Сарыбай: «Мен Сарыбай болғалы, Талай мықты жан көрдім. Неше батыр, неше жау Шайқасқанда өлмедім.
Қайратты сендей балуанды
Батыр, жер үстінен көрмедім!
Берендігің белгілі,
Көкжалдығың көрінді.
Бөрі екенсің ер Сейтек.
Қара тажал, ер балуан
Шер екенсің ер Сейтек.
Қағыс қылған, қан төккен,
Сен екенсің ер Сейтек.
Берен қырғыз еліне
Бек бекіткен темірдей,
Шеп екенсің ер Сейтек.
Талықпас едім, талықтым.
Арыстан едім, налыдым
Шабысып жүріп шалықтым,
Бүгін жаннан түңілдім.
Айтқан сөзге көніңіз,
Жеті күн мұрсат беріңіз.
Хан екенің шын болса,
Уағдада тұрыңыз!» –дейді. Ер Сейтек жеті күн мұрсат береді.
Сарыбай жеті күн ұйқыны соғып, демалады. Тауқызыл атын
суытып, бабына келтіреді. Есін жиып, қайтадан майданға бет
алғанда:«Қырғыздан шыққан шоқ екен, дүниеде Сейтектей батыр
жоқ екен. Енді бауырына найза қағамын, тас-талқанын шығарамын.
Күнім бітпесе, ауылын қырып, олжалап қайтамын! Төлге жаман,
түс жаман, оңай тисе іс жаман. Көтеріп киген тон жаман!» – деп,
Тауқызыл атын орғытып, таң атқанда соғысқа шығады.
Сейтектің қарауылда тұрған жауырыншы қарауылы: «Сарыбай
тынығып, майданға шықты. Бұл кәпірдің түрінен аққан дария, тілсіз
судың өзі аға алмай тоқтап қалады! – деп хабар береді.
Құлансұрды мініп ер Сейтек: «Жау келді!» – деп, аттан салады.
Құялы болат найзасын қолға алып, жекпе-жекке шығады.
Сарыбай кесір сөйлеп: «Қаншық кел, – деп шақырып: – Ұрғашының
жолы ұлық деген бұрынғыдан қалған жөн бар. Бар күшіңді сал,
кезегіңді ал, бейбақ!» – деп қарап тұрады.
Құялы қыз қара көзі шоқ болып,іші от болып,Желжетпес атымен
бұлттай ұшып, Сарыбайды найзамен саяды. Сарыбай Тауқызылдың
үстінен құлап кете жаздайды. Найза қирап күл болады, Сарыбайдың
көзі түн болады. Екі аяғы салақтап, екі көзі алақтап, Сарыбай кезегін алады. Сонда Сейтек: Ер мүшелі ежекем, Ебегейсіз шер екен. Телегейі тең екен, Теңіз арыстан шер екен. Тәңірсіген шошқаға Теңдігі жетер кезі екен. Найза берсем қолына Қаһарланған кәпірдің, бір есебін табар, – деп, көздің қарашығындай сақтаған, тиген жерін тіліп түсетін, иілетін, бірақ сынбайтын болат Сырнайзаны Құялының қолына ұстатып кетеді. Жанға медет, жауға қаһар болат найза қолына тиген қыз риза болып қалады. Тілегені дәл келіп, Арыстан қыздың өзіне Алпыс ерлік күш келіп, Төбедегі ай, шолпан, Болжас болып қалады. Сарыбай кезек аларда Айкөл шердің аруағы Жақындап қоршап арыстанға Жолдас болып қалады. Бел беттеген шай атам, Беттеп жолын оңдады. Аты Қызыр машайық, Ауыздықтан алыпты: «Балам соғыс қылғын» – деп, Қостап қалған кезі екен. Қолдағаны бір тоғыз Қолдап алған кезі екен. Осылай күш алған балуан қыз Сарыбайдың кезегін беріп, қасқайып қарап тұрады. Бүлдірсінмен Тауқызылды тобыққа бір тартып, жебедей ырғып түйіліп, қан сасыған көк найзамен қаһарлы Сарыбай күркіреп: «Жүрегінің басы деп Көкжалдың қара көзі деп, Өлер жердің өзі деп. Алма сынды ақ емшек
Жарып өтер беті деп.
Ажалдың анық тұсы деп,
Сексен жаны болса да,
Көк кенедей толса да,
Алшаңдаған қатынды
Аңтара саяр шағым бар.
Тоқсан жаны болса да
Тоңқитып жығып салам» – деп.
Тоқтала алмай Сарыбай:
«Бұл құтырған қаншықтың
Шын өлер жері осы деп
Шамырқанып найза ұрсам,
Шындап найзам тимей ме?
Қанша батыр болса да,
Батырсынған қаншықтың
Басы жерге кірмей ме?»
Деп Сарыбай күркіреп,
Гүп дегізіп ұрады.
Ұрған кезде көк найза,
Быт-шыт болып бөлінді.
Қайыпшалдың Құялы
Қиын найза тигенде
Қисаңдамай, қылт етпей,
Қылтылдамай, былқ етпей
Ал Сарыбай кәпірге
Қасқайып қарап тұрады!
- Ал батыр болсаң, ер болсаң, Сарыбай, екінші кезек бер маған,
–дейді қыз. Сарыбай кезегін бермей, сөзге келмей, шайқасты бастап
кетеді. Екеуі бірін-бірі аямай, бар күшін салып айқасады.
Сойылдасса солқ етпей,
Балталасса болқ етпей,
Қамшыласса қаңқ етпей,
Қылыштасса қыңқ етпей,
Қиын соғыс салысты.
Қызық өмір, тәтті жан
Қылға байлап тастапты,
Қызыл қырғын, қу сүргін,
Қырандарың бастапты.
Күні-түні екі күн,
Күпілдесіп тынбады,
Қиын дүмек шыр болды,
Аспан жарған шу болды.
Екі батыр бірін-бірі ала алмайды. Құялының қаны қайнап, қайраты
толып, күші тасып, Желжетпес атын қайрап сөйлейді:
«Айналайын Желжетпес,
Түрі жаман жау келді,
Терең қазған ор келді.
Таптап кетер шер келді,
Тегі жанға зор келді.
Айуан да болсаң анттасып,
Кенедейден кезіктім,
Керіске мінсе кейімес,
Шабысқа мінсе шаршамас,
Жануарым Желжетпес
Бұғыдай мойның бұралған,
Бута бойы ор келсе,
Бір талмастан шырқаған,
Будан едің жануар,
Басыңды жерге сала гөр!
Қағысарым Сарыбай
Құйындатып бара гөр!
Айқырып найза малмасам,
Айғай тартып салмасам,
Алла тағала мені ұрсын!
Қисалаңдап қылт етсең,
Бір жағыңа бұлт етсең,
Жаратқаным сені ұрсын!»
Деп анттасып Құялы,
Шер Манастың Сырнайза
Жарқылдатып сұнады,
Ала асқар таудай арамды,
Өкпеге дәлдеп ұрады.
Оқ өтпестің он топшы
Оң жағынан шешіпті,
Бетінен тиген Сырнайза
Сыртына шығып кетіпті!
Арынды тұлпар Желжетпес,
Тартып аузын бұрады.
Ер Сарыбай батырды
Құлатып жерге ұрады.
Қиқырып найза сайғанда
Арыстандығы білінді.
Найза ұшында Сарыбай
Жем қапшықтай ілінді.
Атаңның көрі қыз арыстан,
Телегейі тең екен,
Қаһарлы жауды құлатқан,
Қабылан көкжал шері екен.
Міне сонда Құялы,
Сарыбайға бүйдейді:
«Қаһарлансаң Сарыбай,
Батыр едің, шер едің!
Ай әлемнің барлығын,
Айдап жүріп, шулатып,
Биледің бе, Сарыбай?
Қылмысы жоқ, кегі жоқ
Талай момын адамды,
Иледің бе, Сарыбай?
Адам етін шикілей,
Жейтін бе едің, Сарыбай?
Жесір менен жетімді,
Пақыр менен міскінді,
Батыр менен балуанды,
Құтырма жының бек қайнап,
Шабатын ба едің Сарыбай?!
Табаныңа әлемді,
Салатын ба едің, Сарыбай?!
Қазір жалынсаң, ұқпаймын сөзіңді,
Бір бұздым ба шегіңді?
Елімді еркін қондырмай,
Еркіменен болдырмай,
Неше жылы жауладың,
Қанша жанжал бастадың.
Хан атаң өші елде жоқ,
Алпыс қатын тұл қылып,
Ауылды қараң тастадың.
Алты атаңның кегі жоқ,
Мұнша жанжалды неге бастадың?
Кейітіп жанға күш қылдың,
Төбешені түз қылдың.
Құлжалаңдап қуарып,
Құтырып көр Сарыбай!
Халайықтың бәріне,
Жасы менен кәріге
Зарың өтті Сарыбай!
Ай әлемге тоймаған,
Араның кәне Сарыбай?
Найза ұшында тұрасың
Кімге тақат қыласың?
Амалың кәне Сарыбай?
«Өз обалың өзіңе! Еңбегің қара төбеңе?!» – деп, Құялы Сырнайзаны
бұлқып – сілкіп жібергенде, жауыз доңыздың ажалы жеткен екен.
Сарыбай өлгеннен кейін, әскері тізе бүгіп, мойнына шылбыр салып,
тұлпар атын тартып, елшілікке келеді. Елшілер:
Жанталасқан Сарыбайды
Шалқасынан салдыңыз.
Кенедей қолда қылмыс жоқ,
Айкөл ұлы қабылан
Жүйелі сөзге көніңіз.
Сарыбайға теңеліп,
Қылмысы жоқ көп елге,
Жапалы жанжал қылмаңыз!
Сарыбайдың кәрінен
Ел жинала бергенбіз.
Қорлықпенен айдалып,
Қол жібі жоқ байланып,
Айла жоқтан келгенбіз!
Астық айдап жан баққан, қыс қамын жеп, шөп шапқан момын
жандардың бәрін соғысқа зорлап әкелді!» – дейді. Жұрт шулап,
шұрқырап тұрғанда, Сейтек: «Сарыбай қанішер болса да, халықтың
не жазығы бар?» – деп соғысты тоқтатып, тыныштық орнатады.
Ер Сейтектің кеңдігіне ел сүйінеді.
Сөз соңы
Сарыбай жауызды жеңіп, сары аурудан құтылып, ел жүрегі орнына
түсіп, өз жерін өзі еркін жайлап, рахаттанып қалады. Намысты
шердің тұқымы ер Сейтек Баабединнен бата алып, арыстан ата
жолына айтұяқ шалып, той жасайды. Нар түйе сойып, қазысы
қарыс бие сойып, төрт түліктен тең сойып, жұрт қуанып, ел толып,
нашар мен міскінге, қаріп-қасерге дүниені қамшыға шенеп бөлдіріп
бергізеді. Аталары Бақай қария құбыланы бетке алып, «Алла!» – деп
қолын көтеріп, бата береді:
Көлеңкелеп ел жатқан
Тақырға шыққан шынарым.
Қаралды болып отырған,
Қағылайын шырағым!
Құялы, Сейтек құлыным,
Құрқылдаған құзғынды
Құп келтіріп орнына
Айдап келген тұйғыным!
Қыз арыстан, ер Сейтек
Екі бірдей шынарым,
Арманды жұртты азаптан,
Ажыратып алғаның,
Маңдайдағы бараным,
Медер қылған қараным!
Алтын болсын көмірің,
Ұзақ болсын өмірің!
Мінгенің алтын тақ болсын,
Маңдайыңа бақ қонсын!
Дұшпан жолы тар болсын,
Қойғылассаң дұшпанмен,
Атаң Манас аруағы
Сендерге жолдас, жар болсын!
Ынтымақ, ырыс, қасиет,
Балдарым саған дарысын!
Ой, әумиін жұрт, әумиін!
Алысқан дұшпан басылсын.
Қабағың гүлдеп ашылсын!
Сапар жүрсең алысқа,
Қиқулап кірсең қағысқа,
Оңынан қылып жолыңды,
Жол Баабедин шай атам,
Балам, сені қолдасын.
Жолығысып қастасқан
Жаудың жолы болмасын!
Дұшпаныңның жолына
Тау қаратас үйілсін,
Аттарың шығып әлемге
Балдарым, арыстандығың білінсін!
Басып суық бауыр келмесін,
Бастасып адам жеңбесін!
Қара қылды қақ жарған,
Әділ болғын халқыңа.
Халық түспесін артыңа!
Құялы, Сейтек құлындар
Жаман болса көңілің,
Жаман шығар өнімің.
Жұртқа мәуе болыңдар
Айтқан сөзді ұғыңдар,
Үзілгенді жалғай біл,
Шашылған жұртты жинай жүр.
Темір қорған талайың,
Балдарым, жұрт сендердің панайың!
Іргелес қонып қонысқа
Балдарым, жұрттың көңілін ауыртпа!»
Абаң Бақай қария бата беріп, көңілдері жай болғаннан кейін,
Қайыпшал қызы Құялы елден өтінеді:
«Ел сағынған пейлім бар,
Менің дағы елім бар,
Елім алтын табатын,
Елімді пері шабатын,
Қайран жұртым не болды?
Шалқып жатпай жер болмас,
Ел сағынбас ер болмас.
Елді кісі кем болмас!
Қайран жұртқа жетейін!
О, жиылған көпшілік, қымбатты досым Айшөрек, маған рұқсат етіңіз!» – деп, тілек қылады. Сөйтіп, қоштасып, жердің жүзін дүрілдетіп, Қайыпшал қызы Құялы батыр қолын бастап, Желпініс көздей жолға түседі. Сол уақытта Бақай, Қаныкей, Күлшора мен Семетей, айдай қатын Айшөрек бесеуі: «Енді біздің сапарымыз, кезіп жүретін кезіміз келді!» – деп, ғайып болып, алыс сапарға кетпек болады. Құрып қойған аулы жоқ, Сапарының дайны жоқ, Бүгін көрген ертең жоқ, Осындай екен дүние шоқ. Сапардың жайын ұққанда Ел жиылып, ду болды: «Бақай менен Қаныкей Толқып жатқан бел еді. Семетей мен Күлшора Дауыл келсе, жел тимес, Даушы келсе, мал бермес, Дажал келсе, жан бермес, Бұзылмас Қап тау, бел еді, Қалың қара шеп еді!» - Деп халайық тұрғанда Бес береннің ішінен Семетей батыр сөйлейді: «Үлкен-кіші, кәрі-жас, Құрбы-құрдас, талаптас, Әр түйінді шешіп қой, Жаман-жақсы өткен іс, Қайран жұртым кешіп қой! Алатауды жер қылған, Азаматын ер қылған, Ақ қалпақты қалың жұрт, Қиырың менен есен бол! Біз кеткенмен сапарға Арқа болар Сейтек бар. Талай жұрттың ұлы бар. Бәле болма, әрбір жан Үзіліп кетсе жалғаушы,
Шашылып кетсе жинаушы,
Берен құтпан өзі бар.
Қыжылдаған жау болса,
Жолатып жауды кіргізбей,
Ғайып болған біздердің
Жоғымызды білгізбей,
Қанаттыға қақтырмай,
Қамшылыға соқтырмай
Жұртқа бәле тарттырмай,
Өріске дұшпан жолатпай,
Өкімді ішке кіргізбей,
Уайым-қапа білгізбей,
Бас-көз болар Сейтек бар!
Бел байлаған белің бар,
Бекіп жатқан шағың бар,
Бейілдеп құлақ салыңдар.
Ұғып тұрған кебімді,
Ұлы, кіші бәрің бар.
Осы қалған сендерге
Сейтек болсын шоң мұра!
Біздер кеттік сапарға.
Өлмес жұртым, қош болыңдар!»
Берен мұндай деген соң,
Ел арасы ду болды,
Аспан жарған шу болды.
Көбі жалған, көбі шын
Осы күннен осы күн,
Көпшіліктің көңілі үшін,
Айтарға жомоқ болыпты,
Бабалардың сапары
Әлемге жетіп атағы:
«Байырғы Манас сөзі» – деп,
Өшпес болып қалыпты!
17.03. 2021ж. – 28.04.2021ж.
Түсіндірме
Аба, абаке – ата, үлкен аға.
Абайын – қыл қосып, жүннен тоқыған қалың кездеме; аттың
жабуы.
Алты шер – эпос бойынша Дәуіт, Сүлеймен, Ескендір Зұлқарнайын,
Рүстем Дастан, Әзірет Әлі және кенжесі Манас.
Ақолпоқ – Манастың жауынгерлік сырт киімі. Манастың барлық
бұйымдары сияқты ақ түсті, ерекше қасиетті. Қаныкей оның арасына
болат үгітіп салдырып, еш бір қару өтпейтіндей қылып жасатқан.
Ақтінте – қанжар, кездік.
Ата – әке.
Ашалбарыс – құрыш болат қылыш.
Баабедин – Бабедин. Кезінде Орта Азияда өмір сүрген қасиетті
Бахауиддин \ Бағауиден\ әулиенің қырғызша айтылуы.
Бат – тез, жылдам.
Бейпай – бүлік, жанжал, пәле.
Белек – сыйлық, белгі.
Бүлдірсін- ұшына құйма қорғасын өрілген мықты қамшы.
Бұлым – бағалы кездеме.
Бұрқан – қалмақша: жаратқан, құдай.
Бұрқы – түрлі.
Бурут – қалмақтар қырғызды кемсітіп, осылай атаған.
Була – қымбат бағалы кездеме, жібек мата.
Бута – Мылтық, садақ атқандағы нысана. Балалардың алыстан
таспен көздеп ұратын нысанасы. Аралық өлшемді де білдіреді.
Далы, айдалы – иін, иық, жауырын.
Даңғыт – дәу төбет.
Даңза, даңса – қытайша: тарих, шежіре, жылнама.
Дыңша, Дуңша – Манжу, қытай тарабындағы ежелгі аймақ, ел.
Дүмек – күш, азап, қорқыныш.
Дүмпілдек – ойын түрі.
Еже, ежеке – апа, апеке, әпке, әпеке.
Ене – 1.ана. 2. қайын ене.
Жазайыл – түйеге артып жүріп ататын жеңіл зеңбірек.
Жай тас – сиқырлы тас. Жай тасты суға салу, күн жайлау –
сиқырмен табиғат құбылыстарына әсер етіп, ауа райын уақытша
өзгерту.
Жаңжуң, Ай Жаңжуң, Күн Жаңжуң – қытайлдардың ұлықтық
дәрежесі, генерал-губернатор.
Жәдігер – сол заманда өз алдынша ел болып тұрған қырғыздың бір
руы.
Жомоқ – жыр, аңыз.
Жомоқшы – жыршы.
Жоры – өлексе жейтін қанатты жыртқыш.
Жөлек, жөлегім – тірек, таяныш.
Жырғал, жырғалды, жырғау – бақыт, құт, береке. Жырғалды –
бақытты, берекелі, ырысты. Жырғап тұру – рахаттанып, жасап тұру.
Зау – биік жар, зау биік.
Зайыппуруш \сайыппуруш\ – көне замандарда айрықша
адамдарға ерекше жауынгерлік ерлігі және қызметі үшін берілген
атақ, сипат.
Зубун – қалмақтың әскер бөлігі; елдің тобы\ ауыл, аймақ.\
Зинат \зыйнат\ – өлікке немесе өлім аузында жатқан адамға
арналған құрмет-сый рәсімі.
Зымырык – мифтік құс, самұрық.
Кебез – мақтадан жасалған матаның бір түрі.
Кемеге – Ошақ.
Күлдір мамай мылтық – өте үлкен мылтық; зеңбірек.
Күлшора – Қазақ тіліндегі бұрынғы аудармада Құлшора деп
алынған. Бірақ, дұрысы Күлшора. Алмамбет батырдың ұлы.
Қырғызша Күлчоро, Күл – шора «эпонимі байырғы түрк тілдерінде
активті қолданылған күлиг және шор \ шора\ деген екі сөздің
бірігуінен құралып, кейін, уақыт өте келе Куличор – Күличора –
Күлчоро деген формаға ие болған. Мұндай формадағы «Күличор»
деген есім байырғы түрк тілінде «даңқты», «атақты» деген мәнді
білдіреді, ал енді антропонимнің екінші бөлігі чоро – чора – чор
сөзі – хан мен бектің ортасындағы дәрежені білдірген.» \ «МАНАС.
Саяқбай энциклопедиясы». 434-бет. \ Сонымен, Күлшора – атақты
жауынгер, даңқты батыр деген мәнге ие. Күл – Шораның көне түрк
тас жазбаларындағы Кули – Чура, Күл – Тегін атауларымен үндестігі
де аңғарылады.
Қағылайын – айналайын.
Қазат – жортуыл, жорық, соғыс. Ғазауат сөзінің қырғызша айтылуы.
Дін үшін соғыс, әділеттік үшін соғыс деген мағына береді.
Қақаншы – қытай ханы Қақанның жақындары, елі деген мағынада.
Қалаба – шатақ, жанжал; қатты қырсық, пәле.
Қалдай – жетекші, басшы.
Қалша – ызғарлы келбетті, түрі суық.
Қандағай – мықты тері шалбар.
Қанжа – темекі тартатын түтік, трубка.
Қаралдым – қарағым.
Қармау – ұстау.
Қармасу, қармас қылу – ұстасу, айқасу.
Қарқыбар – мықты; қайран ер.
Қиқырып – ақырып, айқайлап.
Қойшағыр – үні ащы ілгергі мылтық.
Қылым –1. жалпы дүние, әлем. 2. ғасыр, дәуір.
Қымқап – алтын, күміс жіп қосып тоқылған кездеме.
Ошағар – үлкен, мықты мылтық.
Орда атысу – ойын түрі.
Оромпой– ойын түрі.
Өбек, өбегім – сүйенерім, тірегім.
Сайыс, саю, сайып, сайғанда – сайыс, найза салу, атпен ағызып
келіп, найзамен ұрып, соғып өту.
Салбырын – тау, даланы кезіп, асықпай, бірнеше күн жүріп, аң
аулау.
Себіл –оқ өтпес\ киім\ ; құрал-жарақ.
Себілді – толық қаруланған, жау-жарағы түгел, жасанған.
Селкіншек – ойын түрі.
Сүреу – \ сүрөді, ат сүрөп \ бәйгеге шапқан атты қиқулап, дем
беріп, көтермелеп, сүйемелдеу\
Сырбараң – Алмамбеттің мылтығы.
Таан – Тән. Қара қарға сияқты, бірақ одан кішірек қанатты.
Тентіп – тентіреп, қаңғып.
Түпек – найзаның ұшындағы темір тілінің түбіне бекітілген топ
қыл.
Төлге – құмалақ, жорамал. \ бұл жерде жоралғы, ырым
мағнасында\.
Уз – Шебер, ісмер.
Шабият – Жас балалардың ойыны.
Шай, Шай ата – батырларды қолдап жүрген қасиетті әулие. Шай
қолдаған – әулие қолдаған.
Шанту – қырғыздарды қытайлар осылай атаған.
Шын – Қытай. Шыр – шатақ, жанжал. Ыйық – киелі, қасиетті. Пайдаланылған кітаптар: 1. Манас. Кыскартылып бириктирилген вариант. 1китеп. «Кыргызмамбас», Фрунзе, 1958ж. 2. Манас. Кыскартылып бириктирилген вариант. 2китеп. «Кыргызмамбас», Фрунзе, 1958ж. 3. Манас. Саякбай Каралаевдин варианты боюнча. «Турар», Бишкек, 2010ж. 4. Манас. Кыргыздардын баатырдык эпосу. «Кысылган» нускасы. Түзгөн профессор Бексултан Жакиев. «Бийиктик». Бишкек2007 ж. 5. «Манас» эпосу. \Тыныбек, Тоғалақ Молда, Сағымбай Оразбақов, Саяқбай Қаралаев сынды манасшылардан.\ Манасчы Медер Мергенбаев жазган кол жазма. Эл аралык Түрк академиясы. Астана – Бишкек. 2019ж. 6. Манас. Саякбай энциклопедиясы. Бишкек2016ж. 7. Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы. «Жазушы», 1985ж. Алматы. \ «Көкетайдың ертегісі.» Аударған Әлкей Марғұлан.\ 8. Манас. Манас эпосының бірінші бөлігі. І кітап. Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасы. Алматы. 1961. 9. Манас. Манас эпосының бірінші бөлігі. ІІ кітап. Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасы. Алматы. 1961. 10. Семетей. Манас эпосунун экинчи бөлүгү. ІІІ китеп. Бишкек – 2014ж. \ Кыргызмамбас, Фрунзе, 1959.\ 11. Семетей. Манас эпосының екінші бөлігі. ІІІ кітап. Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасы. Алматы. 1962. 12. Сейтек. Манас эпосунун үчүнчү бөлүгү. ІV китеп. Бишкек – 2014ж. \ Кыргызмамбас, Фрунзе, 1960.\ 13. Сейтек. Манас эпосының үшінші бөлігі. ІҮ кітап. Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасы. Алматы. 1962. 14. Манас. Кыргыз элинин баатырлык эпосу. 4-китеп. Киргизский героический эпос. Книга 4.Изд. «Наследие», Москва. 1995г. \ Сағымбай Оразбақовтың нұсқасы. Ауд.А.С. Мирбадалева. Н.В.Кидайш – Покровская.\
МАЗМҰНЫ Кіріспе сөз.................................................................................. СЕМЕТЕЙ................................................................................ Шапқыншылық ......................................................................... Қашқындар ................................................................................ Бұқардың жолында ................................................................... Семетейдің балалық шағы ....................................................... Бәйге .......................................................................................... Тайторының шабысы .............................................................. Семетей мен Сары таз ............................................................ Қаныкейдің жыры ................................................................... Таласта ....................................................................................... Таласқа көшіп келгенде ........................................................... Қырық шораның қырғыны ..................................................... Шынқожаның шатағы .............................................................. Айшөрек – аққу ........................................................................ Ақсұңқар ................................................................................... Айшөректің түсі ........................................................................ Күлшораның шолғыны ............................................................ Үргеніштің толқыны ................................................................ Шынқожа, Толтайдың бәлесі .................................................. Күлшораның барлауы .............................................................. Шынқожаның жеңілгені .......................................................... Семетейдің аттанысы ............................................................... Сиқырлы қарауылдар ............................................................... Қарағұлдың айласы .................................................................. Батырдың жарасы .................................................................... Қоңырбайдың Таласқа шабуылы ........................................... Қаншора мен Қияз ................................................................... Қаншораның қастығы ............................................................. Ғайып ........................................................................................
Сейтек ................................................................................... Күлшора тұтқын ........................................................................ Қаншора хан .............................................................................. Айшөрек олжа ........................................................................... Айшөректің толғағы .................................................................. Табысу ........................................................................................ Сейтек пен Күлшора ................................................................. Момынжан ата ........................................................................... Тауторы ..................................................................................... Қияздың өлімі ............................................................................ Таласқа көшу ............................................................................. Сейтек пен Қаныкей .................................................................. Ел қуанды .................................................................................. Қаншораның өлімі .................................................................... Қарадәу мен Семетей ................................................................ Күлшора мен Семетей .............................................................. Қарадәудің қазасы ..................................................................... Күлшора мен Сарыбай ............................................................. Айшөрек пен Құялы .................................................................. Сейтек пен Сарыбай ................................................................. Қайыпшал қызы Құялы ............................................................ Сарыбайдың өлімі .................................................................... Сөз соңы .................................................................................... Түсіндірме......................................................................................
Баянғали
Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ХХ том
СЕМЕТЕЙ
СЕЙТЕК
Қырғыз халқының эпосы
Қазақша жырлаған
Баянғали Әлімжанов
Редакторы С. Досымбекова
Корректоры Ш. Бекболатов
Техникалық редакторы Л.Маашева
Басып шығаруға 15.02.2022ж. қол қойылды
Пішімі 60х84 1\16. Қағазы офсеттік.
Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 25.9
Таралымы келісім бойынша.
«Сотниченко Е.В.» ЖК баспаханасында басылып шықты
Нұр-Сұлтан қ., М.Әуезов көш., 46/1, 105. Тел. +7 701 599 92 60
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру