Баянғали Әлімжанов шығармалары 17-том
Баянғали Әлімжанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бүкіл адамзаттық бағалы мәдени мұра саналатын, түрік халықтарының ортақ мақтанышы, бір туған қырғыз елінің дарынды жыршылары сан ғасырлар бойы жаратып, бір арнаға қосып, бір биікке шығарған «Манас» эпосының негізгі мазмұнын қазақ оқырмандарына түсінікті қылып айтып беру – заман қажеттілігі сияқты. Бұрынғы,соңғы заманда өткен айтулы манасшылардан жазылып алынған мыңдаған, миллиондаған жол жырды арн
Баянғали
Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ХVІІ том
МАНАС
Қырғыз халқының эпосы
Қазақша нұсқасын жасаған
Баянғали Әлімжанов
Нұр-Сұлтан 2020
ӘОЖ 821.512.122
КБЖ 84 Қаз-44
Ә 55
Баянғали Әлімжанов. ШЫҒАРМАЛАРЫ. – Нұр-Сұлтан, 2020
ІSBN 978-601-302-125-6
Т.17: МАНАС – 2020. – 342 б.
ІSBN 978-601-7804-78-7
Бүкіл адамзаттық бағалы мәдени мұра саналатын, түрік
халықтарының ортақ мақтанышы, бір туған қырғыз елінің дарын-
ды жыршылары сан ғасырлар бойы жаратып, бір арнаға қосып,
бір биікке шығарған «Манас» эпосының негізгі мазмұнын қазақ
оқырмандарына түсінікті қылып айтып беру – заман қажеттілігі
сияқты. Бұрынғы,соңғы заманда өткен айтулы манасшылардан
жазылып алынған мыңдаған, миллиондаған жол жырды арнайы
зерттеуші ғалымдар болмаса, көпшілік оқырманның, әсіресе, бүгінгі
һәм келешек жастардың игеріп, оқып шығуы аса қиын.Сондықтан,
«Манасты» ықшамдап, негізгі оқиға желісін, қуатты рухын,
көркемдік бояуын сақтай отырып, арасында қара сөзбен баяндап, бір
кітапқа сыйғызып, қалың қазақ оқырманына ұсынып отырмыз.
ӘОЖ 821.512.122
КБЖ 84 Қаз-44
ІSBN 978-601-7804-78-7 (Том 17)
ІSBN 978-601-302-125-6 (жалпы)
© Б. Әлімжанов, 2020
Кіріспе сөз
Бауырлас қырғыз халқының әлемге әйгілі «Манас» жыры ұшан
теңіз, сан тарау. Әйгілі Тыныбек, Балық, Назар, Шоюке, Сағымбай,
Саяқбай сынды ұлы манасшылардың мұрасы әлденеше том кітап
болады. Саяқбайдан эпостың үш бөлімі – Манас, Семетей, Сейтек
1930 жылдан бастап 1947 жылға дейін, 17 жылда толық жазылып
алынған, көлемі 500553 жол. 20-25 үлкен кітап болып қалады!
Қытайда өткен қырғыз манасшысы Жүсіп Мамай өз нұсқасын 18
кітап етіп шығарған. Бұған бұрынғы заманда өткен басқа да айтулы
жомоқшылардан жазылып алынған мыңдаған жол жырды, кейінгі
буын манасшылардың қағазға түскен, жарық көрген кітаптарын
қосып көріңіз! Оның бәрін арнайы зерттеуші ғалымдар болмаса,
көпшілік оқырманның, әсіресе, бүгінгі һәм келешек жастардың
игеріп, оқып шығуы аса қиын. Осыны ойлаған қырғыз жазушысы
Бексұлтан Жәкиев оқырманға ыңғайлы, түсінікті болсын деген
ниетпен, Манас жырын ықшамдап, «қысқарған емес, қысылған
нұсқасын» кітап етіп шығарды. Яғни, эпостың негізгі желісін толық
сақтай отырып, ағыл-тегіл өлең жолдарын ықшамдап берген.
Қазақ оқырмандарына түсінікті болу үшін бір назар аударатын
мәселе: Манасты айтқанда, әр манасшы жырдың түп негізін,ортақ
желісін сақтай отырып, өзінше таратып айтады. Бейнелеп
айтқанда, өзеннің бастауы бір, құяр жері бір, ал арнасы сан
салаға бөлініп, бірде қосылып, бірде бөлініп, ойдан ойды қуалап,
бірде тасқындап, бірде кеңінен жайылып, ортақ теңізге құйғанша
тоқтаусыз аға береді.
Көбі өтірік, көбі шын,
Көпшіліктің көңілі үшін,
Күпілдетіп айтамыз,
Көкжал ердің жөні үшін.
Жармы өтірік, жармы шын,
Жарандардың көңілі үшін.
Жанында болған кісі жоқ,
Жалғаныменен ісі жоқ! – деп, бұрынғының манасшылары өздері айтып кеткендей, талай-талай заманның қатпар, қатпар тарихи жағдайларының сәулесі мен шығармашылық қиялдың шарықтаған шабытты шағында туған әдеби образдардың, көркем оқиғалардың жарасым тауып, жалғаса беретіні бар. Оның бәрін армансыз кезіп көремін деген кісінің өз еркі өзінде, бірақ, ол көп уақытты, үлкен еңбекті талап етеді. Біздің ойымызша, бүкіл адамзаттық бағалы мәдени мұра саналатын, түрік халықтарының ортақ мақтанышы, бір туған қырғыз елінің дарынды жыршылары сан ғасырлар бойы жаратып, бір арнаға қосып, бір биікке шығарған Манас эпосының негізгі мазмұнын қазақ оқырмандарына түсінікті қылып айтып беру де қазіргі заманда өте қажет сияқты. Өйткені, эпостың біріктірілген нұсқасы қырғызша 4 том болып 1958 жылы жарыққа шыққаннан кейін, іле-шала, 1961 жылы, қазақ тіліне аударылып, Мұхтар Әуезовтың алғысөзімен 4 кітап болып басылды. Бұл аудармаға қазақтың көрнекті ақындары ат салысты. Одан бері алпыс жылдай уақыт өтті. Ол кітаптар бұл күнде сирек дүниелердің қатарында, қолға түсе бермейді. Өзі жүз мың жолдай өлең. Қазіргі оқырманның үңіліп, бәрін оқып шығуы екіталай. Және ұланғайыр дүниенің ұшығына жетіп, түсіне қоюы да оңай емес. Ал, Шоқан Уәлиханов 1856 жылы қырғыз манасшысынан жазып алған «Көкетайдың асы» деп аталатын бөлігін академик Әлкей Марғұлан архивтен тауып, зерттеп, қазақшалап шығарған болатын. Бұл кітап та қолға түсе бермейді және ол эпостың толық нұсқасы емес, бір тарауы ғана. Демек, «Манас» жырын толық оқып, білгісі келетін қазіргі қазақ оқырманы үшін бірталай қиындықтар барлығы рас. Сондықтан, телегей теңіз, жойқын жырды түсінікті қылып жинақтап, жұмырлап аударып, түйіндеп айтып беруді жөн көрдім. Яғни, көркемдік бояуын,табиғи қалпын, рухын, поэтикалық қуатын сол қалпында сақтай отырып, кей тұстарын қысқа-нұсқа қара сөзбен баяндап, ықшамдап, еркін аударуды көздедім. Бұл бір. Екіншіден, әр манасшы эпосты тек жаттап қана айтпайды, негізгі оқиға желісін сақтай отырып, өзінше жырлайды. Қажет болса жайылтып, яғни кеңінен айтады. \Мысалы: Жайсаң ырчы дегені, Жолум үйдің борумын, Жарым күнге ырдаған!\ Немесе, чогултуп айтады, яғни, ықшамдап, қысқаша қайырады. Мен де
эпостың кей тұстарын, шығармашылық көңіл күйге, ыңғайына
қарай, өзімше айтып шықтым. Бұл менің Манас жырына қосқан
салымым – үлесім деп қабыл алыңыздар.
Қырғыз манасшыларының мұрасын қазақшалаған тұстар кәдімгі
әріппен, ал өзімше баяндап айтқан жерлер курсивпен берілді.
Баянғали Әлімжанов.
Ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Халықаралық «Саяқбай манасшы» медалінің иегері.
Манас
Жыр басы
Бұлдыр, бұлдыр күн өткен,
Бұлдырықтай бұлдырап,
Бұрынғыда кім өткен?
Дүлділ өткен, дүр өткен,
Жауды көрсе дүр еткен,
Дүркіреген дүбірден,
Дүние шіркін дір еткен.
Шырқыраған ер намыс,
Бұрқыраған жалындап,
Жұдырықтай жүректен,
Қайсар болса ер жігіт,
Қайтпас қайрат білектен,
Сүрең қосқан ұранға,
Елім деген тілекпен.
Баяғының ерлері,
Баябан дала, құла дүз,
Құмдауытта ай кезіп,
Алмауыты арқырап,
Аймауыты жарқырап,
Алты малта ас қылған,
Адастырмас ата жол,
Ақылманын бас қылған,
Айбатын айға асырып,
Оймауыттың он сан қол,
Торғауыттың тоқсан қол,
Ойрат, қалмақ, манжуды,
Ойран салып, састырған.
Бұйрат, бұйрат шағылдан,
Бұрқырата қуғанда,
Дауылпазын қақтырып,
Дырқырата қуғанда,
Алты қырдан астырған,
Ақ найзаның ұшына,
Алдаспанның жүзіне,
Тұяғына тұлпардың,
Қияғына сұңқардың,
Тағдырларын тапсырған!
Ғасырлардың белесі,
Асылдардың елесі,
Зерлі сөздің зергері,
Шерлі сөздің шегесі,
Қызықтыра береді,
Әлі күнге неге осы?
Кешегі өткен көп елдің,
Көмілсе де төбесі,
Сөгілсе де көбесі.
Оза алмаған бұл сөзден,
Уақыттың ұшқыр жебесі!
Жеті көктен жеткен сөз,
Жеті атаға кеткен сөз,
Жеті қабат жеріңді,
Жеті айналып өткен сөз,
Жеті суды кешкен сөз,
Жеті жұртқа жеткенше
Жеті еселеп өскен сөз,
Желмен бірге ескен сөз,
Елмен бірге көшкен сөз.
Атадан қалған асыл сөз,
Аманат болған ғасыр сөз,
Заман ұқсын, заң ұқсын,
Тұтқа болып ұлтына,
Тақта отырған хан ұқсын,
Нұсқа болып жұртына,
Тапта отырған би ұқсын,
Егін баптап алқапта,
Қапқа басқан диқаның,
Бақта жүрген бағбаның,
Бұқа мойын балуаның,
Найқала басқан нән ұқсын,
Маңдай тері сорғалап,
Мақта терген жан ұқсын,
Маң-маң басқан, маң басқан,
Малын жайған мыңғыртып,
Мың сан жұртым және ұқсын,
Базарлы жерде балпаңдап,
Пұл қармаса бұлданған,
Батпансыған бай ұқсын,
Назарлы жерде талтаңдап,
Ту қармаса тұлданған,
Астамсыған дөй ұқсын,
Таяқ ұстап қалтаңдап,
Суалғанмен жанары,
Жаны нұрлы кәрі ұқсын,
Атаның жырын ардақтап,
Ананың тілін сүйетін,
Халайықтың бәрі ұқсын,
Бұра тартып бүлдірмей,
Сөз мәйегін дәл ұқсын!
Ел-жұртына жаны ашып,
Қарасып жүрген ұл ұқсын,
Үкілеген үмітің,
Салтын сақтап халқының,
Жарасып жүрген қыз ұқсын,
Ана тілін ұмытып,
Ата тегін таба алмай,
Адасып жүрген сор ұқсын,
Бақ пен таққа таласқан,
Сойқан ұқсын, сой ұқсын,
Қара таудан жүк тартып,
Қайқаңдаған нар ұқсын,
Керуен басы керауыз,
Қойқаңдаған зор ұқсын,
Жаһанданып, жан-жақтан,
Жын қаптаған заманда,
Санасы ояу жас бала,
Ата жырға жолықсын,
Ақыл-ойы толықсын,
Жан қуаты молықсын.
Теңіз жырын көненің,
Терең білім іздеген,
Тегеурінді ер ұқсын,
Шындық іздеп шырылдап,
Шерменде болған шер ұқсын,
Адамзаттың анасы,
Қасиетті жер ұқсын,
Байтақ жерде жайылған,
Тайпа, тайпа ел ұқсын,
Бал құрағы жайқалған,
Толқып аққан дария,
Жағаны ұрып шайқалған,
Шалқып жатқан көл ұқсын.
Алқаракөк аспанда,
Жымың қағып құбылған,
Жұлдыз ұқсын, түн ұқсын,
Ақ қалпағы қайқайып,
Алатауды айналған,
Қырғыз ұқсын, күн ұқсын,
Егер қырғыз ұқпаса,
Манастың жырын кім ұқсын!?
Ортекедей ойнақтап,
Орғып, орғып өткен күн,
Өр оғланның оғындай,
Зырғып, зулап кеткен күн,
Оғыз, қыпшақ ұрығы,
Ордалы он сан жұрт болып,
Тарам-тарам таралған,
Бір тамырдан жаралған,
Жарты әлемді жайлаған,
Жанартаудай қайнаған,
Қаһарына мінгенде,
Қара тасты шайнаған,
Бірі кеткен Ұрымға,
Бірі кеткен Қырымға,
Бірі кеткен тау жайлап,
Бірі кеткен су бойлап,
Бірі кеткен ну бойлап,
Түбі бірге түріктің,
Текті ұлдары таңырқап,
Байырғының жырына,
Байқап құлақ салсын де,
Байыбына барсын де!
Дархандығы даладай,
Аңқаулығы баладай,
Саржайлауда дүркіреп,
Сан мың жылқы айдаған,
Сары қымыз сапырып,
Қазы – қарта шайнаған,
Домбыра көкке көтеріп,
Күн астында күмбірлеп,
Ай астында сайраған,
Бірге туған қазағың,
О да құлақ салсын де,
Ойға тоқып алсын де.
Қазақ ұқса, шын ұқсын,
Егер қазақ ұқпаса,
Қырғыздың жырын кім ұқсын?!
Жер ортасын жайлаған,
Ыстамбұлдан жайнаған,
Ту көтерген түрігің,
Бұ да құлақ салсын де,
Бұлағынан бұрынғы
Бір сусындап қансын де!
Кең жайылған Хазарда,
Әзірбайжан назарда,
Таудай болған қарасы,
Оғыз ханнан тараған,
Ешкімнің жоқ таласы,
Тоқсан баулы өзбекпен,
Ұйғыр, ноғай, түркімен,
Қарақалпақ, қарашай,
Қырым, саха, балқарың,
Бәрі түрік баласы,
Тегіс құлақ салсын де,
Тегін ұғып алсын де!
Атадан қалған кеп ұқсын,
Аруағын ардақтап,
Арғы жағын дөп ұқсын,
Қаптап шыққан молдасы,
Татар ұқсын, тас ұқсын,
Қатар ұқсын, қас ұқсын,
Жақын ұқсын, жат ұқсын,
Басты қасқыр атанған,
Башқұрт ұқсын, бас ұқсын,
Басқа ұлт ұқсын, дат ұқсын,
Бастық ұқсын, жас ұқсын,
Ақ тілеулі дос ұқсын,
Тіл білмесе білмесін,
Көңілдері қош ұқсын!
Ол да түріп құлағын,
Бұл да түріп құлағын,
Бұла жырды тыңдасын,
Шамырқанып, ширығып,
Тоқ көңілін бір шайқап,
Шындық сөзбен шыңдасын!
Айдын шалқар мұхиттың,
Арғы бетін жайлаған,
Бер жағында сайраған,
Ағылшын мен АҚШ-ың,
Шығысың мен Батысың,
Күнгейің мен терісің,
Ормандай қалың орысың,
Француз,испан, немісің,
Қытайың мен кәрісің,
Жақының мен алысың,
Таға бермей тағы сын,
Тыңдар болса ден қойып,
Табар жанның дәрісін.
Оңдап құлақ салсын де,
Керегін теріп алсын де.
Түгел құлақ салсын де,
Тұнық жырға қансын де!
Бәрі көрсін төбеден,
Мөлдір жырдың жауғанын,
Арқаланып байқасын,
Аталардың аруағын,
Байқап басын шайқасын,
Байтақ жырдың салмағын!
Ақыл, естен аумаса,
Анша-мұнша болмайды,
Адамзатта айырым,
Бәріне ыстық өлең, жыр,
Бәріне ортақ қайырым!
Шөлде сусын бергендей,
Жыр кесені толтырып,
Ортасына қосқаным,
Көптен бері менің де,
Осы еді ғой тосқаным,
Тыңдай берсін тамсанып,
Тау мен дала дастанын.
Бәрі көңіл қойсын де,
Мейірі қанып тойсын де,
Ізгілікке ілесіп,
Жаман ойды жойсын де!
Атадан қалған аңызым,
Жоғалтпаған маңызын,
Боздалада боздаған,
Қобыз үнді абызым,
Әр сөзіне тұндырған,
Сәулесі бар сананың,
Ақылы бар дананың,
Суарылған құрыштай,
Суырылған қылыштай,
Көрген сайын шыңдалған,
Сан ұлттардың сарабын,
Таразылап, талқылап,
Үнді, парсы, арабың,
Төрткүл дүние тарабың,
Түгел құлақ салсын де,
Тілін ұқпай қалса да,
Түбін ұғып алсын де!
Теңдесі жоқ ғаламда,
Телегей теңіз жырың бар,
Қағазға жазып қаттаған,
Тексеріп түбін таппаған,
Таңдайын қаққан ғылым бар,
Ежелден қалған есті сөз,
Төгіліп тұрған тілің бар,
Тілің барда құның бар,
Түгел сөзді түгесіп,
Түп көтерген кімің бар?
Теңіздің дәмі тамшыдан,
Негізін біліп ұғыңдар,
Негізін біліп ұқсаңдар,
Манас пен асыл ерлерге,
Бір фатиха қылыңдар!
Манастың ата тегі
Манастың ата-тегін әр манасшы өзінше таратып айтқанымен,
түп негізі бір. Айырмасы сол, бірінде айтылған кейбір аталар
екіншісінде айтылмай қалады, енді бірінде тағы біраз аталарының
аттары қосып айтылады. Басты желісі бойынша, түпкі атасы
Қырғыз, одан Қарахан – Оғыз – Аланча – Байғұр – Бабыр – Төбей
– Көгей- Ноғай – Жақып – Манас – Семетей – Сейтек болып
жалғасады. Кейде: «Бойұн, Бойұн, Бойұн хан, Бойұн ханнан Шаян
хан, Шаян ханнан Қарахан» – деп те айтылады.
Басқы атасы бәрі хан,
Басынан құдай қолдаған,
Басып өткен жеріне,
Базарлы қала орнаған,
Түп атасы түгел хан,
Түбінен қыдыр дарыған,
Түнеп өткен жеріне,
Түпті мазар орнаған! – деп, Манас батырдың арғы аталарының
аруақты, текті, қасиетті адамдар болғанын айтады.
Көгейден 4 ұл болған: Ноғай, Нойғұт, Шығай, Шыйыр.Төртеуінің
дәулеті көлдей толған. Ноғайдың балалары – Оразды, Үсен, Бай
және Жақып. Жақыптың баласы Манас.
Ораздының он ұлы болған, бірақ даңқы шыққан атақтысы
болмаған.
Үсен – Қақанға тұтқын болып айдалып кеткеннен кейін, қалмаққа
сіңіп, Көзқаман атанады. Оның балаларының атағы шықпаған,
содан Көзқаманның көп қаман деген жалпы атқа ие болған.
Байдың ұлы – атақты ер Бақай.
Нойғұттан- ақылман Ақбалта, одан атақты ер Шуақ тарайды.
Жақыптың ағайыны Ұлақ ханның баласы – атақты ер Сырғақ.
Бұлар Манастың аталас, жақын туыстары. Кейде бір-екі атаның
орны ауысып айтылғанымен, эпос бойынша негізгі жүйесі осы.
Әлеуке ханның шапқыны.
Ноғай хан болып тұрған заманда, қырғыздар дәуірлеп, өркендейді.
Ноғай хан өлгеннен кейін, Әлеуке хан қырғыздарды шауып, тоз-тоз
қылады.
Атасы Ноғай өлгенде,
Қара қытай, манжудан,
Әлеуке деген хан шығып,
Айбатынан жан шығып,
Қалың жатқан қырғыздың,
Кереге –уығын қиратып,
Келін-қызын жылатып,
Талдың бәрін сұлатып,
Тамның бәрін құлатып,
Ақыр-тақыр заманды,
Ел басына салғаны,
Алақандай қырғызды,
Тақыр шауып алғаны.
Жайнап жатқан қырғыздың,
Жаққан отын өшіріп,
Жалпы бәрін көшіріп,
Тозғындатып айдады,
Қайраттысын байлады,
Қарсы шыққан қайсарын,
Қанын төгіп жайғады,
Қара ормандай қырғыздың,
Қайдағы соры қайнады!
Әлеуке қылды зорлықты,
Жаздың күні болғанда,
Жалды байтал мінгізбей,
Күздің күні болғанда,
Құйрықты қозы жегізбей,
Үш үйліге бір қазан,
Жалғыз үйге қаратты,
Қарсы сөйлеп қойғанның,
Қолына шеге қадатты.
Қыстың күні болғанда,
Қыздан алым бастады,
Қызды қайтіп бердік деп,
Қанды жасы төгіліп,
Ата-ана жылап жатқаны.
Қорлығына шыдамай,
Қалтылдаған шал жылап,
Қайың жылап, тал жылап,
Қайраны жоқ ел жылап,
Қайыры жоқ бел жылап,
Күні-түні көп жылап,
Амалы жоқ қайран жұрт,
Өлейін десе өле алмай,
Өз жанын өзі қия алмай,
Қалды осылай қор болып,
Дұшпаны қалың, зор болып!
Қорлыққа шыдамай, қырғыздар бас құрап, көтеріліске шығады,
қапысын тауып, жауға қатты соққы береді. Бірақ, қытайдан қалың
әскер келіп, көтерілісті басып, қырғыздарды бұрынғыдан ары езіп,
жанши түседі.
Басшылары Ақбалта,
Қара тілін қайрады,
Хан Әлеуке алдында,
Қайран ағаң сайрады:
– Менің сізбен шарпысып,
Шабысуға шамам жоқ,
Алысуға айлам жоқ,
Айдап кетсең, мал міне,
Ағызар болсаң, қан міне,
Күтіп алсаң бұқара,
Арғын, ноғай ел міне!
Балта мындай дегенде,
Әлеуке қату сөйледі:
- Не дейсің, бурут, не дейсің ?
Саған жан сақтауға жер керек,
Алым алып тұруға,
Қазынаны жиюға,
Маған қалың қара ел керек!
Бұл Ораздының он ұлы,
Шатқалға жиған малы бар,
Шамасы келсе менімен,
Шабысам деген шағы бар.
Саған жер бермеймін қонысқа,
Біріңді айдап орысқа,
Біріңді айдап қазаққа,
Саламын сөйтіп азапқа!
Әлі жетіп қырғызға,
Әлеуке қорлық қылғаны,
Қорлығына шыдамай,
Алды кетті Бапанға,
Бірі кетті Алтайға,
Бірі қаңғып Қаңғайға,
Бірі қашты Еренге,
Біреуі түсіп кетті тереңге...
Айбаты күшті Әлеуке,
Тоз-тоз қылып қырғызды,
Тұс-тұсына айдады,
Олардан қалған балдарды,
Құлдыққа түгел салғаны.
Ноғай ханның ұлдары,
Үсеннің қолын байлады,
Орхонды көздей айдады,
Байдың қолын байлады,
Желпініс көздей айдады,
Ақбалта мен Жақыпты,
Ауылымен көшіріп,
Алтайды көздей айдады.
Ақбалта мен Жақыптың,
Екі қолы байлауда,
Екі көзі жайнауда,
Күресерге дәрмен жоқ,
Іш қазандай қайнауда,
Алпыс жайсаң, сан қалдай,
Жан-жағынан анталап,
Алдына сап айдауда.
Осылайша тоқтаусыз жүріп отырып, талай белден асып,
талай суды кешіп, ақырында Ақдалаға жетеді.
Ай, жарықтық Ақдала,
Бабамыз басқан жер емес.
Жәдігер, шибей, көп қалмақ,
Атамыз көрген ел емес.
Жатқан екен Ақдала,
Талының басы иіліп,
Құмының үсті жиылып,
Жемісі жерде түйіліп.
Алмасы пісіп мол болған,
Жаңғағы пісіп сай толған,
Қызғалдақ шөбі қылқылдап,
Қымыздық пісіп былқылдап,
Орғыған бұлақ суы бар,
Көлшігі бар, сазы бар,
Бөлінген үйрек,қазы бар.
Басып адам келмеген,
Еркін екен жерлері,
Иен жатқан төрлері.
Шыбықтары шынардай,
Шынарлары мұнардай.
Шымшықтарын қарасаң,
Тау басында ұлардай.
Жыландарын қарасаң,
Тоғыз құлаш арқандай.
Кісі киік, түйе киік,
Адырында көп екен,
Ақдаланың аяғы,
Алтай деген жер екен.
Қара қалмақ, манжу жұрт,
Қайнап жатқан ел екен.
Міне, сөйтіп қырғыздар Алтайға жетеді. Осындағы қалмақ,
манжумен қатар қонып, малын бағып, күндерін көреді. Бірте, бірте
тілдерін үйреніп, шалдыр-бұлдыр сөйлесіп, араласып, құраласа
бастайды.
Алтайдағы қырғыздың,
Ақылманы Ақбалта,
Қырғыздың бәрін жиғызып,
Көк бұқаны сойғызып,
Етіне жұртын тойғызып,
Көңілдерін торлаған,
Көп қапаны жойғызып,
Бала қаздай барқылдап,
Абаң Балта сөйлейді,
Ақ сақалы жарқылдап:
«О, балдар, қапаның бәрін қояйық,
Қайғырсақ та, күйсек те,
Қайра қырғыз табылмас,
Енді алтынның кенін ояйық,
Қайран жан өліп кеткенше,
Кенеліп әбден тояйық!
О,балдар, бел байлар бізде бел де жоқ,
Белге медет қылуға,
Белгілі қырғыз ел де жоқ,
Қалқа қылар ноғай жоқ,
Қашып кірер тоғай жоқ.
Қара қалмақ,манжудың,
Ортасында қалыппыз,
Кесуге тіккен бақ та жоқ,
Керіліп жатар шақ та жоқ,
Бұл жерді жерлеп, тұрысып,
Ғарып жанды бағалық,
Қара жерменен ұрысып.
Қара қалмақ, манжу жұрт,
Бұл аштық білмес ел екен,
Қырсықты шешсе жаратқан,
Дардайысып жатасың,
Алып қойған еңбектің,
Табағын тайға сатасың.
Еңбек қыл, балдар,еңбек қыл,
Ақыңды еңбек қайырар,
Арығаның семіріп,
Ашқан қарның тойынар!»
Балтаның зор ақылы бар екен,
Әулие тектес екен,
Осы сөзге көпшілік,
Ұйып қалған шағы екен.
Оған Жақып қосылып,
Сөйлеп кетті жосылып:
«Азып келген қырғыздар,
Ақбалта тілін алайық,
Ағызып терді маңдайдан,
Астықты мол ғып салайық,
Қайратты мықтап қылайық,
Қайғының бәрін қояйық,
Қара жерді біз биыл,
Кетпенменен ояйық.
Қылжиып бекер жатқанша,
Кенеліп биыл тояйық.»
Осылайша барлығы,
Қызметке кірді жабылып,
Соқаларын сайласып,
Қос өгізін байласып,
Жердің бетін ашқызып,
Уыстап тұқым шашқызып,
Ақ бидай нанын шайнасып,
Есігінің алдына,
Алтыдан тұлпар байласып,
Атаны алты сан болды,
Сандығына сары алтын,
Толып көңілі жай болды,
Алтайда тұрып Жақыптың,
Алтыны жеті там болды,
Атағы шықты бай болып.
Қайғырып жүрді бірақ-та,
Бір балаға зар болып!
Таңғажайып түс.
Бай Жақып баласы болмаған соң, ауық, ауық уайымға батады.
Өзі қырық сегіз жасқа, бәйбішесі Шиырды елу жасқа келіп қалыпты.
Тоқалы Бақдәулет Шаян деген қалмақтың қызы екен. Бір күні Жақып
үйіне келіп, күңіреніп, мұңын шағады.
- Бермесе тәңір, шарам жоқ,
Жабдық салып, ат мініп,
Жаға салып, тон киіп,
Жанымда жүрер қарам жоқ.
Ажал анық, шара жоқ,
Аман жүрер сана жоқ.
Ақыретке бет алсам,
Атекелеп артымда,
Жылап қалар бала жоқ.
Алтын, күміс, пұл қалар,
Айдаған малға ие боп,
Алтайдағы құл қалар.
Әуелеп ұшқан ақ сұңқар,
Баптап салар кісім жоқ.
Жас күнімнен мал жидым,
Баламенен ісім жоқ.
Мал жиған ісім шала екен,
Дүние иесі бала екен.
Артыңда бала жоқ болса,
Дүниесі құрысын,
Бұзылып қалған қала екен.
Айтады бізді бар халық,
Бай Жақып болды қубас деп,
Қатыны мұның тумас деп!
Бай Жақыптың бұл сөзі,
Бәйбішені мұңайтты:
- Мендей құрған кемпірді,
Бейнетке құдай жаратты.
Елуге жасым жеткені,
Қашаннан бері түңілдім,
Есімнен бала кеткелі.
Еркелеткен тоқалың,
Ендігі тумай неткені?!
Ашуланды Бақдәулет:
– Неге бүйтіп тілдейсіз,
Мені сорлыны «нетті» деп!
Әпеке, сенің артыңнан,
Етегімнен қан шықпай,
Жолыңды қуып кеттім! – деп,
Бақдәулет шығып кеткені.
Мұны ұққанда бәйбіше,
Көзінің жасы төгіліп,
Буыны босап жығылды,
Жүк түбіне бүгіліп:
«Ұға көр, Құдай, зарымды,
Аман қылып шалымды,
Жасарта көр жанымды?!
Алла, берсең тілегім,
Аяман сенен барымды,
Төрт түлікті малымды!»
Жылап жатып бәйбіше,
Ұйқыға көзі батқанда,
Ақ сақалды бір адам
Пайда болды жанында:
- Паруардигар тәңірім,
«Жылама» -деді сіздерді,
Бұйырып мені жіберді.
Аяқтай мына ақ алма,
Әуелден шырын бал алма,
Алғын қолға, қарма деп,
Нәпсің өлсін,жалма деп,
Айтқанымды біл деді, –
Алпыс құлаш айдаһар,
Ат орнына мін, – деді.
Түсінде жеген ақ алма,
Құрсағына толыпты,
Алдындағы мінгені,
Айдаһар өзі болыпты,
Ашуланып оп тартса,
Ай-әлемді сорыпты.
Жақып та сол түні түс көреді. Оянған соң, бір-біріне түсін
айтып береді.
- Түсімде бір құс алыппын,
Түменді жерге салыппын,
Қуқылықтап үн шықса,
Құстан басқа үні бар,
Құйрық, басы жалтылдап,
Қудан аппақ жүні бар,
Айбаттанып қараса,
Алып қарақұс сүрі бар,
Мамық жүні сары алтын,
Балақ жүні бәрі алтын,
Тамақ жүні тағы алтын,
Тегеуріні болат темір дейт,
Серпкені өлген себіл дейт,
Тұмсығы болат тұнжыр дейт,
Тырнағы болат қанжар дейт.
Жұпарменен жуылған,
Алпыс құлаш жібек бау,
Аяғына тағыппын,
Ай мұнарын жем қылып,
Аямай сыйлап бағыппын.
Күмістен бауды тағыппын,
Мәпелеп жүріп бағыппын.
Аспандағы қанатты,
Айбатынан ұша алмай,
Жерде жүрген аяқты,
Жылыстап одан қаша алмай,
Қонарға тұғыр жайладым,
Алаша мойын ақсұңқар,
Оған қоса байладым,
Білдім бір жақсылық боларын,
Бірақ қашан боларын,
Біле алмай сорым қайнадым!»
Сонда Жақыптың тоқалы Бақдәулет те түс көрген екен. Ол да
түсін айтады.
- Байқасам, байым, түс көрдім,
Бір тамаша іс көрдім.
Бозала тұйғын, бауы жез,
Бауыры қара, мойны кез,
Оң қолыңа алыпсың,
Әуелете салыпсың.
Бопыладың, үндедің,
Талпынып қонды қолыңа,
Салғаныңның барлығы,
Далдайып жатты жолыңа.
Бәйбішеңнің үйінде,
Балдағы алтын тұғырда,
Басса қонбай талпынат.
Қанатының лебіне,
Қанша жандар шарпылат.
Құп айтамын, жалған жоқ,
Қу кемпір құры қалған жоқ.
Мұным қандай түс екен?!
Барқырады бай Жақып:
«Көрген болсаң түсіңді,
Оңдасын алла ісіңді.
Бүгінгі түнім қандай түн?
Кешегі күнім қандай күн?
Тақатым қалмай бойымда,
Әр неме кірді түсіме,
Айран-асыр боп тұрмын,
Кемпірдің айтқан ісіне.
Біразырақ мал сойып,
Жорытсақ деймін бұл түсті,
Жаратқан өзі жар болып,
Көңілге келген жұмысты!»
Содан біраз мал сойып, ел-жұртты жиып, түсін жорытады.
«Түсің жақсы екен. Көрген құсың бала болу керек! Құдай сендерді
жарылқап, ерекше жақсы бала береді екен!» – десіп, көпшілік
жақсыға жорып,батасын беріп тарайды.
Батырдың дүниеге келуі
Одан кейін екі жыл өтеді. Шиырдының аяғы ауырлап, үш ай
толған кезінде жолбарыстың жүрегіне жерік болады. Бір күні
Бадалбай деген жылқышы: «Қаңғайдың қара мергені жолбарыс
атып, терісін сыпырып алды, еті зыңқиып қатып, далада қалды!» –
деген әңгіме айтады. Шиырды оған қарақұлақ үлкен жамбы әкеліп
сыйлап: «Жолбарыстың жүрегін әкеліп бер!» – дейді. Бадалбай
барып қараса, далада бір бие өліп қалған екен, «бәйбіше білер ме
екен?» – деп, жолбарыстың жүрегіне қосып, оның да жүрегін алып
келеді. Жылқышы әкелген бойда, Шиырды екі жүректі де шала-пұла
пісіріп жеп, талғағы басылады.
Күннен күн өтіп, тоғыз ай он күн толғанда толғағы басталады.
Ақ боздан бие сойылды,
Алтыннан бақан қойылды,
Қоңсының бәрі жиылды,
Қозғалған сайын бәйбіше,
Айғайын салып, сиынды.
Бала қойса шіреніп,
Бәйбіше бойы терледі,
Бала тулап кеткенде,
Бәйбіше көзі сүзілді,
Белдемшенің жақасы,
Бес жерінен үзілді.
Алып келіп ер Жақып,
Ақсарбас деп қой шалды,
Ай тұяққа бие шалды,
Ай мүйізге сиыр шалды,
Айыр өркешке түйе шалды,
Сөйткен сайын бәйбіше,
Айғайға басып, үн салды:
«Менің жанымды жеуші бала ма?
Жә, жарып іштен ала ма?
Бұл басымды жеуші бала ма?
Бай Жақып жесір қала ма?»
Бақанды қармап бақырды,
Бақсы менен бүбіден
Бірін қоймай шақырды,
Түндікті қарап түйілді,
Көргендер жаннан түңілді,
Алты күн тартты толғағы,
Ауылы шаршап болғаны,
Жеті күн тартты толғағы,
Жерлесі шаршап болғаны.
Сонда, бай Жақып: «Балам туғанда, қуанғаннан жүрегім
жарылып кетіп жүрер. Хабарын алыстан ұғайын! – деп, атқа
мініп, адырға шығып кетеді. – Ер бала болса, сүйіншілеп шабыңдар,
қыз болса, үйде қалыңдар!» – деп, шегелеп тапсырады.
Толғағы сегіз күн болған,
Толғатқан мұндай кім болған?
Тартқандардың барлығы,
Талықсып қолы қыл болған.
Енді он екі қатын бек тартты,
«Бере гөр,құдай!» – деп тартты.
Қағанақ суы шар етті,
Баланың үні бар етті.
Бала жерде тулады,
Бар-бар етіп жылады.
«Еркек пе екен, қыз ба екен?
Маған қашан айтат ?» – деп,
Енесі жасын тыймады.
«Еркек! Еркек!» -дескенде,
Талықсып кетіп Шиырды,
Бойын жиып қайтадан:
«Қалтаңдамай қатындар,
Жерден алғын тез, – деді,
Ақбалтаның зайыбы,
Кіндігін өзің кес!» – деді.
Орамалын қолға алып,
Орайын десе баланы,
Оң қолын суырып алғаны.
- Ойбай көтек, нетті! – деп, -
Отыздағы жігіттей,
Қолын суырып кетті! – деп,
Қанымжан айта салғаны.
- Сөзің қандай жаман! – деп,
Ұстауға әлің келмесе,
Сен қашып жоғал аман!- деп,
Бақырып жатқан баланы,
Бақдәулет қолға алғаны.
Он бестегі баладай,
Көтергенде салмағы.
Алдына алып Шиырды,
Оң емшегін салғаны,
Әуелгісі сүт шықты,
Екіншісі су шықты,
Үшіншісі қан шықты.
Шыдай алмай шырқырап,
Бәйбішеден жан шықты.
– Сандық тола май, – деді,
Ауызына сал деді.
Бақдәулет қолға алғаны,
Үш қарын майды уыстап,
Ауызына салғаны.
Жаңа туған жас бала,
Соның бәрін жалмады,
Жылауын сонда қойғаны!
Бұл кезде Жақып далада келе жатса, өзінің бір үйір жылқысы
алдынан шыға келеді. Жорғабоз айғырдың үйірі екен, бір Құла бие
құлындайын деп тұр екен. «Қатыным ұл туса, Жорғабоз айғырды
бұдан былай Қамбарбоз атқа қояйын!» – дейді ішінен. Құла бие бір
ақсұр құлын туады. Соған қарайлап, қара судың жиегінде тұрған
кезінде, сүйіншілеп Ақбалта шауып келеді.
- Арыстаным Жақып, сүйінші!
Қарығанда бәйбіше,
Қабылан тапты, сүйінші!
Жадағанда бәйбіше,
Жолбарыс тапты,сүйінші!
Жоғаларда бәйбіше,
Жолдас тапты, сүйінші!
Егілгенде бәйбіше,
Ермек тапты, сүйінші!
Қайғырғанда бәйбіше,
Қабылан тапты, сүйінші!»
Сонда Жақып талып қалады. Ақбалта оның бетіне су бүркіп,
есін жиғызады. Сүйіншіге Қамбарбоздың үйірінен тоғыз атайды.
Қуанып, үйіне келеді. Баласын қолына алғанда, жылап жібереді.
Өзіне өзі келген соң, сәбиге сынай қарайды.
- Маңдайы жазық, басы үлкен,
Ерекше туған бала екен,
Қошқар тұмсық, келбетті,
Көркі суық, көзі тік,
Жалаяқ ауыз, жар қабақ,
Жағы жазық, иегі ұзын,
Ерні қалың, көзі үңгір,
Ер мінезі көрінген.
Алақан жазық, қол ашық,
Аттанып шықса, жол ашық,
Алып мінезі көрінген.
Кең көкірек, жайық төс,
Арқасы кең, белі түз,
Айбаты қатты, зәрі күш,
Піл мүшесі көрінген.
Жолбарыс мойын, жуан білек,
Бөрі құлақ, жолбарыс төс,
Бөлекше түрі бар екен.
Құт қылған болса құдайым,
Құдайдан жасын сұрайын.
Кеткеннен алар кегімді,
Кек алғанын көрермін,
Кетірмесе ебімді.
Өткеннен алар өшімді,
Бар құдайым берген!» – деп,
Баланы өпті бетінен.
Көргеннің көңілі бөлінді,
Арт жағында баланың,
Қара көк жалы көрінді,
Қара шұбар қабылан,
Қапталында шабынды,
Көсеу құйрық көк арыстан,
Оң жағында қамынды.
Нұр төгіліп жолына,
Баланың «Манас» деп аты табылды.
Ақыл жетпес ойланып,
Туылған бала Манастың,
Оң иығынан бір иіскеп,
Сол иығынан бір иіскеп,
Күр-күр етіп толғанып,
Берен менен арыстаны,
Қоса жатты қомданып.
Саратандай қиғаштап,
Ағаң Балта кеп бастап,
Ақырын айтып, бек бастап:
«Сарғайып жүріп, сабырмен,
Бел табады екенбіз,
Кіндік кесіп, кір жуған,
Жер табады екенбіз,
Пана беріп жаратқан,
Ел табады екенбіз.
Білсең қадыр түн келді,
Ойлап көрсең сен Жақып,
Бізге бір жақсылық тиер күн келді.
Туылғанда қара жер
Тоқтала алмай тербелді,
Аты Манас бұл бала,
Байқасаң бізге шер келді.
Кеше салысарға шама жоқ,
Алысарға айла жоқ
Қара қалмақ, көп манжу,
Төбемізден басқанда,
Кеше быт-шыт қылып тұс-тұсқа,
Бәрімізді шашқанда,
Амалсыздан көнгенбіз,
Басқа түскен қорлыққа!
Осы бір бала ер жетсе,
Бекіте тұрған бел болар.
Керісе келген дұшпаннан,
Кегіңді алар ер болар!
Ағарып таңың атты ма?
Қызарып күнің келді ме?
Аты бір Манас қабылан,
Айкөлді құдай берді ме?
Қуанған Ақбалта ары қарай сөзін сабақтап: «Қытайдың Есен
ханына қазыналық аярлары: «Қырғыздан Манас шығады, еліңе ойран
салады!» – деп бал ашыпты. Олар баланы зынданға салуға, тіпті,
көзін жоюға тырысып, іздетіп жатыр екен. Сондықтан, әзірге
баланың Манас екенін ешкімге білдірмейік. Шоң Жынды деп лақап
атпен атайық. Он екі жасқа келгенде қанаты қатайып, атқа қонар,
сол кезде күніміз туар!» – дейді.
Сөйтіп, барлық қырғыздар уағдаласып, Манасты жаудан
жасырып, келешегінен үміттеніп жүре береді.
Манастың балалық шағы.
Күннен күннен күн өтіп,
Күн мезгілі келіпті,
Айдан айдан ай өтіп,
Ай мезгілі келіпті.
Болпиған осы баланың,
Шер екенін кім білді?
Балаша шырқап, сасқан жоқ,
Беске шыға келгенше,
Беренің Манас басқан жоқ.
Шақырған аты Шоң жынды,
Шын Манас атын кім білді?
Сегізге жасы келгенде,
Күйіп тұрған шоқ болды,
Күллі қырғыз ішінде,
Мұндай тентек жоқ болды.
Қаһарланып қысқанда,
Шулайды балдар шырқырап,
Жанына батып жылайды,
Көзінің жасы бұрқырап.
Қырық баланы қырық үйден,
Манас бір күні жинап алыпты.
Кең Алтайдың далаға,
Жиналып ойын салыпты.
Қара қытай,манжуудан,
Сексен бала барыпты.
Сес көрсетіп қырқына,
Сестеңдесіп қалыпты.
«Қаңғып келген бурут», – деп,
Бұрқыраған қалмақтар,
Шырқыратып сабайды,
Деп: «Буруттар, құрып кет!»
Қорққан қырғыз балдардың,
Жүрегінен қап кетіп,
Білегінен сап кетіп,
Шырқырап қашып жүгірді,
Шыбын жаннан түңілді.
Құтырған қалмақ, манжулар,
Қуалап жүріп ұрады.
Манас түсіп ортаға,
Қойыңдар деп тұрады.
Арашаға болмастан,
Желіккен балдар жеткені,
Жеті шоқпар, жұдырық,
Басына тиіп кеткені.
Сонда Манас ақырды,
«Қырғыздап!» ұран шақырды.
Өртей көзі бек жайнап,
Қаһары жүзде шын қайнап,
Қара шоқпар алғаны,
Қарсылдата салғаны.
Сексен бала дырқырап,
Быт-шыт болды бырқырап.
Талайдың көзі шығыпты.
Талайдың қолы сыныпты.
Бала болса да Манастың қаһары қатты, күші көп екенін көрген
қырғыздың қырық баласы да қиқулап қол салып, озбырлық қылған
сексен манжу, қалмақты аямай сабап, қуып бара жатқанда, бай
Жақып боз айғырменен тура төбелестің үстіне келіп қалады. Манас
пен барлық балаларды тоқтатып, әбден ұрсады.
-Тентектігің сында жоқ,
Сен теңдесіп сойыл соғарға,
Теңіз қырғыз мында жоқ.
Балам, біз тентіреп келдік Алтайға,
Сенің тентегің жетер талайға!
Тентектігің қоймасаң,
Қозғалаң салар ұйқыма.
Көп манжу ертең шаппай ма,
Өрістегі жылқыма?!
Шашасың жиған малымды,
Төктірмек болдың, шұнақ ұл,
Бұл қалмаққа қанымды.
Қойшы, қимақ болдың жанымды!
Ұлың бала қырды деп,
Ұятты қалмақ қылмай ма?
Осы тұрған қырғызды,
Тақыр қырып салмай ма?»
Бұл сөзді естіп қалған Ақбалта қария Жақыпқа батыра сөйлейді:
- Жақып, жылқыңменен жерге кір,
Бізге бел болатын ұл осы.
Еркек бала шоқ болсын,
Мал бағар ұл болғанша,
Бар болғанша, жоқ болсын.
Артыңа қолың байланып,
Бері қарай айдалып,
Шыққан күні өлгенбіз.
Өлген емей, немене,
Еңіреп, өксіп жүргенбіз.
Аман болса бұл балаң,
Даладан жинар көшіңді,
Алып берер Манасым,
Қай-қайдағы өшіңді.
Малға сенген оңа ма?
Малың бала бола ма?
Қара адырлы қайқайған,
Қара – Өзен қайда, бел қайда?
Аталас қырғыз ел қайда?
Айланы мындай табайық,
Оқ өтпес тон кигізіп,
Оқ жетпес ат мінгізіп,
Манасты жауға сақтап бағайық.
Білмегенін білгізіп,
Түймегенін түйгізіп,
Тура жолға салайық.
Өрге шықсақ Манасты,
Тірек қылып алайық,
Ылди түссек Манасты,
Тілек қылып алайық.
Бұл тентек Манас баланы,
Қырғыз біткен жиылып,
Еркелетіп көрейік.
Осы Манас бала үшін,
Ажал жетсе, өлейік!»
Ақбалта бұлай деген соң, бай Жақып ренжіп, үйіне келіп,
бәйбішесі Шиырдыға мұңын шағады. «Бұл тентектігін қоймаса,
қалмақ, қытайлар не зынданға салып, не өлтіріп тастар ма екен?» –
деп, қорқады екеуі. Сол кезде қойшылардың басшысы қалмақ Ошпыр
келіп қалады. Жақып Шоң Жындыны ұстап алып, Ошпырға қой
бағуға жібереді.
Шиырды жылап, шырқырап,
Мойнына құрын салынып:
- Ошпыр, бізде дүние талай, бала жоқ,
Өлгенде көрген бұл бала,
Тентегін тияр шара жоқ.
Төбесіне қалмақтың тасын таға көр,
Аманат қойдым қолыңа,
Тағы бір төрт жыл баға көр!»
Ошпырға Манас барғанда,
Қызарып күйген шоқ болды,
Қара қытай, манжуда,
Мындай тентек жоқ болды.
Қолатта жүріп ой қылды,
Қырық бала жинап далаға,
Қойды сойып той қылды.
Торпақ мініп, топаңдап,
Толған бала жиылды.
«Шоң Жындыға» көп үйір,
Болған бала жиылды.
Қайтарғаны көп қозы,
Қозыны балдар жайыпты.
Қолына шыбық алыпты.
Тауды көздей жамырап,
Бара жатса маңырап,
Қарсы алдына қапыда,
Қасқыр шыға қалыпты.
Қыран бала ер Манас:
- Мұны бөрі дей ме? – деп, -
Адамды бөрі жей ме?- деп, -
Құлағынан алам!- деп, -
Өлтіре соғып салам! –деп, -
Жанына шырқап барыпты.
Көтеріп алып бір қозы,
Қасқыр қашып кеткені.
Қозының қанын қуалап,
Бала Манас жеткені.
Жетіп барып қараса,
Аттары бар қанатты,
Арғымақ бедеу мініскен,
Әсемді тонды киіскен,
Қырық кісі тұр алдында.
Жандарында солардың
Қозысы маңырап тұрады.
- Көрдіңдер ме бөріні,
Бөрі қайда кетті?- деп,
Бала Манас сұрады.
Адамдар күліп, бүйдейді:
- Бөрі болған біз дейді,
Қызыр, Ілияс деген бар,
Қырық күн сені іздеді.
Қозыңа тісті біз салдық,
Қырық шілтен деген біз! – деді.
Сонда Манас кеп сұрайт,
- Қандайлықтан адамдар,
Қасқыр болдың? – деп сұрайт.
- Қане, көкбөрі болшы, көрейін,
Көрген соң ғана сенейін!
Қырық шілтеннің біреуі,
Бір сілкініп сол мезет,
Көкбөрі бола қалғаны.
Тағы да бір сілкініп,
Адам болып алғаны.
Сол уақытта қараса,
Белестен шықты бес кісі.
Ақ сәлдесі қазандай,
Шақырса үні азандай,
Зорлығы таудың теңіндей,
Айбаты жанды жегендей,
Қызыр атаның өзі екен.
Қыраның Манас көкжалға,
Жолығатын кезі екен.
Қол алысып тұрады.
«Қолдадым!» – деп, Манасқа,
Ерекше күрме тон берді.
Қырық шілтеннің барлығы,
Жағалай келіп қол берді.
– Тартуға берген көк күрме,
Оқ өтпейтін бек күрме,
Кисең жауға ылайық,
Тобылғы жақсаң, шоқ өтпес,
Ошағар атса оқ өтпес,
Жағадан тартса, қол өтпес.
Жағасы алтын, жеңі жез,
Қос бадана, торғай көз,
Керіске кисең ылайық.
«Қызыр атам берді – деп,
Алты шердің кенжесі,
Арыстаным, кигін бұл тонды.
Балуандығың басқаша.
Алла тағалам жаратты,
Сенің батырлығың бір қанша.
Отқа салса күймейсің,
Сел қаптаса ақпайсың,
Аруағың артық, зәрің күш,
Ұрынғанның барлығын,
Аллам ынсап бермесе,
Қиратасың қылып түз.
Алла тағала жалғыздың,
Пендесі болып жаралдың,
Алты шердің артықша,
Кенжесі болып жаралдың.
Зайыппұрыш көкжалдың,
Берені болып жаралдың,
Халық басшысы қабылан,
Ерені болып жаралдың.
Сұлтансың және хансың сен,
Жаратқан шындап жаратқан,
Аруағың биік, атың зор,
Айкөл Манас өзің зор,
Бел байлаған белімсің,
Белгілі көк жал шерімсің.
Еңкейтіп дұшпан жеңе алмас,
Саған ешкім тура келе алмас.
Айқасқан жауға кіргенде,
Оң жолыңды төтелеп,
Ауыздықтан алып, құлыным,
Жүремін өзім жетелеп.
Жаратқан жалғыз құдайым,
«Болжас бол – деп жіберді,
Көк жал Манас өзіне,
Жолдас бол!» – деп жіберді.
Жалаңаяқ, жалаң бас,
Аты Қызыр өзімін,
Құлыным, Манас,көзіңді аш!
Мына тұрған қырық кісі,
Қырық шілтеннің өзі бұл,
Қол бергелі, дос болып,
Келіп қалған кезі бұл.
Белестегі бес кісі,
Белгілі әулие өзі бұл,
«Беренге жолдас болам» – деп,
Бет алып келген кезі бұл»
Түсе қалып бес кісі,
Құшақтасып қалады,
Сонда Манас қабылан,
«Шер» атағын алады.
- Дін тірегі зор хансың,
Шындап құдай жаратқан,
Артық ұлық адамсың,
Қара дін болмай, ақ болғын,
Барлығын біліп құдайдың,
Шын мұсылман шат болғын.
Балам, бүгін көрген ертең жоқ-
Жеті күннің бірі өлім,
Жетік дінді білмесең,
Ұят болар мұныңыз,
Басыңа таудай іс келсе,
Сабыр қылып тұрыңыз.
Ақырет жолы тақыл-ды,
Ақыры иман жақын-ды,
Ал иманды білмеген,
Дін білмеген кәпір-ді.
«Бісіміллә» деген тілге кел,
Құдай –жалғыз, құран – шын,
Пайғамбар хақ, дінің ақ,
Қалағын жалғыз иманды!»
Қызыр мындай деген соң,
Қызырлы Манас көк жалың,
Аспаннан жұлдыз қозғалып,
Қызыр менен хан Манас,
Қырық екі сапар дос болып:
«Өзің ұлық шерсің» – деп,
Қырық шілтен мен Шай атаң,
Қонып қалған жері бұл,
Шын мұсылман Манас хан,
Болып қалған жері бұл.
Қалағаны қадырдай,
Түнге келді зор Манас,
Қара діннен ақ болып,
Дінге келді зор Манас.
Зайыппұрыш қайран шер,
Болған екен зор Манас.
Көкірекке көп иман,
Толған екен зор Манас!
Сонда қалмақ Ошпырдың ұлы Шеге келіп қалады. Оны да
мұсылман дініне кіргізіп, Құттыби деп ат беріп, Манаспен
ақыреттік дос қылады. «Тағы отыз тоғыз жолдасың, оларды да
құдай қолдасын» – деп, шілтендер ғайып болады.
Сөйтіп жүріп Шоң Жынды,
Он екі жасқа келіпті,
Оқ өтпестен тон киіп,
Жылқыдан Аймаңбоз ат мініп,
Енді ер жетер шағы келіпті.
«Төрем деп айт мені», – деп,
Өзін-өзі білдіріп,
Білгендерді күлдіріп,
Ошпыр баққан көп қойдан,
Жүз қозысын сойыпты,
Батыр деп айт мені деп,
Бағлан қозы, шырын бас,
Қайнатып бәрін қойыпты.
Кең Алтайдың шатқалда,
Күн қылқылдап батқанда,
Жан-жануар мақұлық,
Қимылдамай жатқанда,
Бала ішінде көкжалың,
Шынтақтап жатып ұйқы алып,
Балбырап бойы, тынышталып,
Ақ қаңқы ерді жастанып,
Құбыланы бастанып,
Алып ұйқыны салыпты.
Күн сәске болған кезінде,
Ұйқыдан Манас тұрғанша,
Жылқышы алып Қанжарқол,
Жынданып келіп қалыпты.
Астындағы ала айғыр,
Атырылтып келіпті.
Құстай ұшып кетер деп,
Құм салынып мініпті.
Жан қазандай басы бар,
Жатқан иттей қасы бар,
Қара келтек шоқпарды,
Қармап үйіріп алғаны,
Қырық балаға ұмтылып,
Қашырып қолды салғаны.
Ұйқыдан Манас оянып,
Бас көтеріп қараса,
Балдардың бәрі қашыпты.
Айғырдан түсіп әлгі дәу,
Төрт баланы басыпты.
Төртеуін қатар сойыпты,
Азық еттің барлығын,
Сыпырып алып қойыпты.
Көре салып зор Манас,
Қаһарланып, көз жайнап,
Қайраты бойды бек қармап,
Қара келтек шоқпарын,
Үйіре қармап алыпты.
Аймаңбоз аузын бұрады.
Балуанға тура келгенде,
Бұл сөзді айтып тұрады:
«Атаңның көрі, Қанжарқол,
Сен жылқышы, мен қойшы,
Төрт баланы сойғандай,
Сенің биеңе тиіп қашты ма?
Өлтірдің неге бұларды,
Сенің алтының талап шашты ма?»
Осыны айтып ақырып,
Қырғыздап ұран шақырып,
Үйдей қара шоқпарды,
Үйіре қармап алғаны,
Қашырып кіріп Қанжарды,
Қақ төбеге салғаны.
Манастан шоқпар жегенде,
Басы кетті бырқырап,
Жатты жерге жығылып,
Жаны кетті шырқырап.
Балуанды сойып жайлады,
Балдарды жиып алады.
Сол кезде қой басшысы Ошпыр келіп қалады. Қараса – көгеріп
түтін бөлінеді. Балалар қозының етін отқа қақтап жеп, құнан
мініп, «Манастап» ұран шақырып, шапқылап жүр. Бала Манастың
қапталында қара шұбар қабылан мен шолақ көк жал арыстан
Ошпурға қарап шабынады. Ошпурдың зәресі ұшып, білегінен сап
кетіп, жүрегінен қап кетіп, бауыр ішегі солқылдап, бұғана сүйегі
болқылдап Жақыптың үйіне қарай тартады. Келіп, көрген-баққанын
айтады. «Ұлыңның аты Шоң Жынды, Манас атын кім білді?!» –
деп, оның істеген тентектігін, Қанжарқолды өлтіріп тастағанын
түгел айтады. «Балаңды өз қолыңа алмасаң болмас!» – дейді.
Мұны естіген бәйбішесі Шиырды Жақыпқа ақырын ғана былай
дейді:
- Зарлап көрдік Манасты,
Аман жүрсе жалғызың,
Үзілгенің жалғанып,
Шашылғаның жиналар.
Ұлым тентек болды деп,
Қайғырмағын малыңа,
Адалға бұр пейліңді.
Алтайды айттың жерім деп,
Қалмақты жүрсің елім деп!
Бұл Алтай бізге жер емес,
Бұл қалмақ бізге ел емес.
У шылап ыдыс күбіңе,
Бұл қалмақ жетер түбіңе!
Бұза бермей санамды,
Алып келгін баламды!
Содан Жақып Ошпырға барып, қойда жүрген баласын ауылына
алып қайтады. Жолда келе жатса, қалың жылқыны он шақты
қалмақ қуып, жылқышыны сабап жатыр екен. Манас таңырқап,
мұның жөнін сұраған соң, бай Жақып: «Бұл біздің жылқы!» – деп,
шынын айтады:
- Алты зубун қалмаққа,
Жайылым ақы, су ақы,
Отыз байтал, бес аттан,
От майына беремін.
Осыны да азсынып,
Қорыған ғой бұл жерін!
«Мал біздікі» дегенге,
-Малсызбыз деп өткенде, –
Айтқан ба деп өтірік?
Таңырқап Манас қалғаны.
- Жылқыны қызыл май қылып,
Неге бұлай қудың?- деп,
Жер қорыған қалмаққа,
Желдіріп Жақып барғаны.
Бай Жақыпты қалмақтар,
Қамаласып қалғаны,
Өңмеңдеген бір қалмақ,
Жақыпқа қамшы салғаны.
Оны көріп жас Манас,
Құрықты қолға алғаны.
Манжулық Қортық басшысын,
Құйғытып келіп жас Манас,
Қақ төбеге салғаны.
Қақырап басы жарылды,
Бырқырап миы шашылды.
«Қармап алып баланы,
Басына сірі салсақ!» – деп,
Қарап тұрған Манасқа
Қалмақтың бәрі шабынды.
Сонда Манастың ұрғаны ұзынынан түсіп, қалмақтың бәрі
қашып құтылады. Қуа жөнелген баласын бай Жақып ойбайлап
тоқтатып алады: «Енді бәле болады-ау! Қалмақтар көнсе, құнын
беріп құтылайық! Малға көнбесе, құрыдық, қырғызды шауып, талап
кетеді!» – деп күңіренеді. Сонда Манас: Қорқып жүріп біреуден,
Қораға малды жимадым,
Жалынып жүріп біреуге,
Жайлауға малды жимадым! – дейді. Содан, Алтайдағы алты
зубун қалмақ жиылып: «Қырғыздан құн алу үшін жылқысын түгел
айдап алайық, жаманат, жазығын, өлген Қортық манжулық
болғандықтан, манжуларға жаба салайық!» – деп аттанады.
Әуелі манжудың жылқысын қуып алады. Сонда, өлген Қортықтың
баласы:
Аты Шәкім бұл бала,
Ақылы дана қу бала:
«Өзімнен қорлық көргенше,
Жат қорлығын көрейін.
Жақыпқа хабар берейін,
Жасөспірім Манастың,
Жай-жапсарын көрейін!» – деп, Жақыпқа келіп, жағдайды айтып
жылайды.
- Қалмақтар түпке жетті! – деп,
Аулымды талап кетті! – деп, –
Еңсеріп жылқың тартқаны,
Манжуға жала жапқаны.
Манасқа нөкер болайын,
Атаке, Жақып, мен келдім,
Аулыңа көшіп қонайын,
Аралас туған болайын.
Сендерден өлген атамның,
Кешіріп құнын қояйын!
Қырғыз, қазақ жиналды,
Тезінен қолды құрады.
Бұл қосынның ішінде,
Ортақтас жүрген нойғұт бар,
Қызыр шалған Жақыптың,
Қызметін көрген найман бар,
Қоңсылас жүрген қоңырат,
Үйірлес жүрген үйсін бар,
Араласқан алшын бар,
Арғыннан Қарақожа бар,
Ата ұлынан қоса бар.
Оңдап атын мінісіп,
Жарасып жарақ киісіп,
Ұрыспақ болып қалмақпен:
- Ұранды кім деп саламыз? –
Сұрады жұрт салмақпен.
Міне сонда жас Манас,
Көк найза қолға алғаны,
Аймаңбозды орғытып,
«Манастап!» ұран салғаны.
«Манас, Манас, Манас!» – деп,
Алдыға жөнеп қалғаны.
Бәрі кірді бақырып,
Қылқандай найза жапырып,
Басқа сөз түспей аузына,
«Манастап!» ұран шақырып.
Қаптап келген қалмақтар,
Айбатына шыдамай,
Қарсы тұра алмады,
Бұра салып аттарын,
Қайра қашып қалғаны.
Манас, Жақып кеңесіп,
Қырғызға келіп қосылған,
Атасы өлген баланы,
Манжулықтың халқына,
Би көтеріп алады.
Қаратоқа Мәжік деп,
Манасқа шора болады.
Бір кезде айқай-шу, дүркіреген дүбір шығып, Есенханның
жер қорушысы Қошқы бастаған қол келіп қалады. Оларға қырғыз
Жақыптың көп малы жердің отын жеп қойды, баласы Манас –
бұзық, Қортықты өлтірді деген хабар жеткен екен.
Сонда Қошқы қаһарланып:
Жеті асаба ту алып,
Жеті жүздей қол алып,
Дауылпазы қағылып,
Дауылдатып келіпті.
Қырғызға қатты төніпті.
Кереге-уығын қиратып,
Келін-қызын жылатып,
Кермедегі жылқыны,
Бәрін айдап шулатып.
Жақыпты қысты қуратып:
- Қызыталақ қу бурут,
Дегеніме көн, бурут!
Балаң тентек Шоң Жынды,
Қазір бізге бер, бурут!
«Баламның аты Жынды» деп,
Падышамыз Есенхан,
Алдап жүрген екенсің.
Манасыңды бермесең,
Айтқаныма көнбесең,
Қазір табам жайыңды,
Шығарамын етіңнен,
Сүйектегі майыңды!
Андай-мұндай дегенше,
Он екіде жас Манас,
Мінген аты Аймаңбоз,
Жау-жарағын сайланып,
Қынсыз қылыш байланып,
Сырнайзаны қолға алып,
Қашырып кірді бақырып.
Арт жағында қырық бала,
«Манастап!» ұран шақырып.
Найзасын қанға шықтады,
Алыса келген балуанды,
Қояндай жерге нықтады.
Бұзықтың бәрі тиылып,
Жылқының бәрі жиылып.
Ойып Манас өткенде,
Он екі балуан сырайып,
Бет алғанның барлығы,
Аттан түсті тырайып.
Бастап келген Қошқының,
Мұрты етекке шыққан шалқандай,
Мұрынының танауы,
Бұрылыс жылға бытқылдай,
Кезіккенді бұл Қошқы,
Аты менен жұтқандай.
«Сексен Манас болсаң да,
Түбіңе сенің жетемін,
Атаң Жақып шалды бас қылып,
Түгел байлап кетемін!»
Қаһарланып, күпілдеп,
Дауылдатып, дүпілдеп,
Жекеге шықты ер Қошқы.
Жетік Манас көкжалың,
Жебеден бұрын жетеді,
Жеткен жерден Қошқыны,
Көме қойып өтеді.
Үзеңгіден тайып аяғы,
Ерден тайып құйрығы,
Адырайған зор Қошқы,
Атынан құлап түседі.
Ақбалта, Жақып жақын кеп,
Араға түсіп қалғаны,
Алдында Манас тұрғаны.
Атасы Жақып мұны айтат:
«Жалғыз ұлым, Манасым,
Қатерлі жұмыс бастадың,
Қараң түн, мүшкіл күй салып,
Қошқыны сойып тастадың.
Терең қаздың орымды,
Қайнатпақ болдың сорымды.
Ордалы жұртқа ұрынып,
Шештірмек болдың тонымды!»
Сонда Ақбалта сөйлейді,
Ашуланып бүй дейді:
«Кейіме, Жақып, жөні жоқ,
Кейіген адам оңа ма?
Осы сенің кейісің жақсы бола ма?!
Аман болса бұл бала,
Өлгеніңді тірілтіп,
Өшкен отың жағады.
Енді малдың бәрін шашайық,
Медет қылып Манасты,
Қырғызды көздей қашайық.
Бұл Алтайда тұрғанда,
Не мұратқа жетелік?
Құрған жан аман тұрғанда,
Қырғызға кіріп кетелік!»
Ақбалтаның айтқанын,
Көңіліне еп қылып,
Азғантай ғана қырғыздар,
Кету жайын кеп қылып.
Қошқарын пішіп, сек қылып,
Қойының бәрін семіртіп,
Бұқасын пішіп, өгіз қып,
Айғырын пішіп, ат қылып,
Бурасын пішіп, атан ғып, қашуға қамдана бастайды. Ал, соғыс
кезінде Тағылық деген бір қалмақ көзге түспей сытылып кеткен
екен. Сол Есенханға барып, хабар жеткізеді.
Есен ханның алыптары
Қақан ханның балалары Қарыхан, Әлеуке хан, Әзизхан және
Есенхан. Ағайынды төртеуінің үлкені Қарыхан қырық дарбаза
Бейжінде қырық ханның елі қытайды билеп тұрған екен. Бұл –
Түп Бейжін, негізгі қаласы. Ал қырғызға жақын тараптағы Шет
Бейжінде Есенхан хандық құрады. Міне, осында қашып келген
Тағылық көргенін түгел айтып береді.
Есен хан қаһарына мініп, Манасты ұстап алып келіңдер деп,
Жолай мен Дөңге, шоң Дәудүр,қайшы құлақ Қабан алып бастаған
бірнеше батырларын қалың әскермен Алтайға аттандырады.
Бұлардың бәрі де талай жауды жеңген,соғыста әбден сыналған
батырлар. Ішіндегі мықтысы Жолайға Есенхан ерекше сенім артып,
үлкен міндет жүктейді.
Бұлар Алтайға жетіп, Манасты іздеп табады. Алғаш беттесіп,
шайқасқан шоң Дәудүрдің екі жүз балуанын Манас қырып тастайды.
Шоң Дәудүрдің өзі жетпіс жерден жараланып, Жолайға қашып
барып, болған жағдайды баяндайды. Сонда Жолай: «Он екідегі бала
екен, Манасты тірі байлап алайық, атасын құрбандыққа шалайық,
бурутқа қырғын салайық!» – деп, қаптаған қолымен аттанады. Жау
келгенде қарсы шапқан Манас алдындағы таудай Дөңге батырын
найзамен бір-ақ ұрып, атынан құлатып, басын кесіп алады. Сол
кезде Жолай батыр келіп жетеді
Айдай сары далада,
Таудың шеті – ұршықта,
Дүмірейген тұмсықта,
Орғып тұман бөлінді,
Он екі жайсаң соңында,
Ойран Жолай көрінді.
Жетік Жолай зор балуан,
Қайшы құлақ Қабан алып,
Жолдасқа бекем сайлапты.
Қара болат ауыздық,
Көмекейде қарсылдап,
Жолым үйдей сом тұяқ,
Сілтесе жерге тарсылдап,
Ашбуданға қамшы ұрып.
Батыр Жолай алқынып,
Төбе шашы сүксиіп,
Жеп қоярдай түксиіп,
Қашырған қабан төстеніп,
Алушы аю көзденіп,
Көрсе, көңіл бөлініп,
Ақырып сұнған найзасы,
Қарағайдай көрініп,
Таңырайған танауы,
Сеңгір таудың шатқалдай.
Бір бетіне Жолайдың,
Он екі шибей, қырық манжу,
Орда атысып жатқандай.
Бір көзіне қарасаң,
Бақалы көл – бытқылдай,
Қасы өртенген тоғайдай,
Қалбайыңқы еріні,
Жылқышы киген шоқайдай.
Мұздай темір құрсанып,
Жекеге шығып қалыпты,
Қаһарынан кәпірдің,
Жер майысып алыпты.
Қол тоқпақтай қара шаш,
Арқасында селкілдеп,
Тебінгісі телпілдеп,
Майданға шыға қалады,
Қыран Манас жас бала,
Бет алып шұғыл барады.
Манас жақын келгенде,
Анда Жолай бүй дейді:
– Атыңның аузын бұра тұр,
Антаңдамай сен, бурут,
Андағы жерде тұра тұр.
Манас, Манас дегенде,
Барбая түседі екенсің,
Суға салған шанаштай,
Дардая түседі екенсің.
Бұл Алтайда туғансың,
Кіндік қан тамған бұл жаққа,
Сенің кішілігің қай жақта?
Дегеніме көн, Манас,
Буруттығың шын болса,
Кезегіңді бер, Манас!
Жалмаңдаған Жолайдың,
Дегеніне көнгені,
Қалағаның болсын деп,
Кезегін Манас бергені:
– Аямай найза сал, Жолай,
Аяп қалсаң егерде,
Тақ енеңді алып қал, Жолай!
Бар күшіңді сал, Жолай,
Жыға сайып қал, Жолай.
Жыға алмасаң, ер Жолай,
Басыңа балта шабамын,
Желігіп туып жетілдім,
Өшімді сенен аламын!
Кезегін беріп Жолайдың,
Аймаңбоз аузын бұрады,
Қызыр шалған қабылан,
Қылт етпей қарап тұрады.
Ашбудан мінген зор Жолай,
Жетік ердің бірі екен,
Өзі сыншы сұм екен.
Манасты көріп күйінді.
Өлшеп, сынға толтырып,
Өз жанынан түңілді.
Таудай Жолай қиқулап,
Мықтап найза сайғанда,
Манас елең қылмады.
Жолай мінген Ашбудан,
Тізесі жерге орнады.
Қалталаңдап ер Жолай,
Қашар жағын ойлады.
«Сайса Манас оңдырмас,
Ерегессе сау қоймас!»
Ыңғыр-дыңғыр кеп ойлап,
Жолай бүйтіп тұрғанда,
Аймаңбоз санға бір салып,
Найзасын оңдап қолға алып,
Аш арыстан төстеніп,
Алғыр бүркіт көзденіп,
Атылып Манас жеткені,
Қалмақы ердің қасы деп,
Қақ жүректің басы деп,
Қайқайта сайып өткені.
Қытайлардың хан Жолай,
Ерден құйрық қылтайып,
Үзеңгіден тайып аяғы,
Екі өңірі далақтап,
Екі көзі алақтап,
Құйысқанын қармады,
Көзі кетті мұнартып,
Өңі кетті қуарып,
Тырп етер әлі қалмады.
Қайырылып Манас келгенше,
Қабан алыпты шақырып,
«Жуан алып!» – деп, бақырып,
Алпыс жайсаң, қырық алып,
Қорған болып Жолайға,
Жан-жағынан жеткені,
Сүйеп, таяп Жолайды,
Оңдап жүріп кеткені.
Беренің Манас бет алып,
Бұларға бұзық жол салып,
Күрме киген қалмақтың,
Күштісіне қол салып.
Маңдайласып тұрысып,
Найзаласып көкжалдар,
Аянбастан ұрысып.
Найза сынып түскенде,
Айбалта қолға алысып,
Айқайласып салысып,
Жағаласып тартысып,
Астындағы тұлпарлар,
Тізеден жерге батысып,
Маңдайласып ұрысты,
Басқасынан айла жоқ,
Шоқпарменен ұрысты.
Сонда Жолай кеп айтат,
Берендер ұққын деп айтат:
- Ашбуданды мінгелі,
Жапырып жауға тигелі,
Жолыққанның бәріне,
Зобалаңды салушы ем,
Кезіккенді талқандап,
Кейітіп байлап алушы ем.
Өзім Жолай болғалы,
Осы болды жазғаным.
Бұл буруттың қолынан,
Өліп қала жаздадым.
Ербеңдеген екі қол,
Әлі кетіп, сал болды,
Шелектей болған қайран бас,
Жарылып, қара қан болды.
Омыртқамның қоспасы,
Бурут найза сайғанда,
Бөлек-бөлек бөлінді,
Қызыталақ қырғыздың,
Қиындық жайы көрінді.
Көз жұмылып өлмедім,
Хан Жолай атқа қонғалы,
Қаһарды мұндай көрмедім.
Алты қырдан асайық,
Өлмей –жітпей тұрғанда,
Есен хан көздей қашайық.
Қағыса кетсек оқыстан,
Қорлықты бізге салмасын,
Қоймай қармап алмасын,
Қойдай басты кеспесін,
Қауындай қарын жармасын!»
Осылай деп ер Жолай,
Бұғана сүйегі болқылдап,
Бауыр, ішегі солқылдап,
Жолға түсіп айламен,
Қашып берді тоңқылдап.
Зыта қашқан Жолайды,
Қабылан Манас көреді,
Қазір саған жетем деп,
Алмай қайтіп кетем деп,
Аймаңбоз аузын бұрады.
Қабыланың найза сұнады.
Астында тұлпар Аймаңбоз,
Басын жерге салыпты,
Ырғытып алыс алыпты,
Еті қызып, еліріп,
Желмен ойнап желігіп,
Қамыстай құлақ жапырып,
Құйындай жерді сапырып,
Тынбай шырқап қылыпты.
Айыр белес тайпаңнан,
Айкөл Манас батырың,
Алты айналта қуады,
Жеті қайқаң төбеге,
Жеті айналта қуады.
Шөбі жоқ шөлді жиектеп,
Асып Жолай барады,
Аманат жаннан түңіліп,
Қашып Жолай барады.
Көңілі кетті бөлініп,
Арт жағына қараса,
Айкөл Манас қабылан,
Қан ішер түрі көрініп.
Астындағы Аймаңбоз,
Бұлттай ұшып зуылдап,
Қалған екен қараса,
Ашбуданға жақындап.
Қиқулап Манас қуғанда,
Былқылдақтың Сары-Саз,
Тоғай, шілік аралас,
Айласын таппай сасады.
Көсел екен ер Жолай,
Тоғайға кіре қашады.
Өзі жайшы хан Жолай,
Тоғайға кіріп барғаны,
Күн жаудырар жай тасты,
Көтеріп суға салғаны.
Алдынан бір бұлт табылды,
Жер жүзіне көгеріп,
Тұман түсіп жабылды.
Тұс-тұсынан зырқырап,
Мұздақ самал ұрғаны,
Тау басында түйіліп,
Қап-қара бұлт тұрады.
Бұлт ұшады бұрылып,
Аспаннан бұршақ құйылып,
Тау-таудың басы жабылды,
Шұңқырдан тұман табылды.
Жердің жүзі бұзылып,
Көктің беті тұтылып,
Қызық қылып күн жайлап,
Жолай кетті құтылып.
Жаздың күні қыс болып,
Араның бәрі бұзылды,
Тұйғын Манас бетіне,
Төрт елідей мұз тұрды.
Құбыладан мұздақ жел жүріп зырқырап,
Жап-жарық болып алланың күні ашылып,
Жер үстінен қара бу шығып бұрқырап,
Жолайды таппай қайғырып,
Айласы бітіп Манастың,
Алтайға кетті қайрылып.
Сонымен, Манас ұзын жолда келе жатса, алдынан көп жылқыны айдап, Қабан алып шыға келеді. Бұл Қабан алып Шибей деген елден шыққан асқан батыр болыпты. Суық – Төрдің жеріндегі Жалғыз көз еліне жеті Бейжін жеті жыл ұрыс салып, жеңе алмай, қалың қытай қиналған екен. Сонда, Қабан алып Жалғыз көз елін қиратып, қырып-жойып, жеңіп алыпты. Сол Қабан алыппен Манас бетпебет келіп, екеуі аянбай соғысады. Бірін бірі ала алмай, қару-жарағы сынғанша шабысып, салысады. Бір кезде Манас Қабан алыптың қол тоқпақтай қара шашынан ұстай алып, үзеңгінің баулығына үш орай шалып, атына қамшы басады. Аймаңбоз опал таудай Шибейді дырқырата сүйретіп ала жөнеледі. Сол кезде ер Манас қылышпен Қабан алыптың басын кесіп алады.
Алпыс будан тұлпарды,
Айдап Манас келеді.
Қырық жолдасқа бір-бір ат,
Үлестіріп береді.
Жолбарысыңның алдына,
Енді жолап адам бармады.
Жолығыса келгенде,
Жауы тірі қалмады.
«Қара қытай, манжудан,
Құтылып енді қалдық» – деп,
Қайран қырғыз той қылып,
Мойнына белдік салынып,
Жаратқанға жалынып,
Үзілгені жалғанды,
Өстіп қырғыз қуанды.
Манас – Манас болды енді,
Манас атқа қонды енді.
Ақ қалпақты киеді,
Алшайып атқа мінеді.
Екі тізгін, бір шылбыр,
Өз қолына алады.
Орынтықты ер болды,
Он екі мүше тең болды.
Күйікті қырғыз бірігіп,
Күтіп алар шер болды.
Толқыған қара қытайға,
Тауды бұзар сел болды.
Байдың Алтайға келгені.
Манастың атасы Ноғай ханның төрт ұлының тұңғышы
Ораздының он баласы бар екен. Бірақ, Кең Қашқардың ар жағы,
Кебез таудың бер жағы Ыраңдыны жайлаған олардың бәрі де
оңбаған, қара бауыр, қор екен.
Ноғайдың тағы бір баласы Бай ақ ала сақал шал болғанша :
Жіпсіз қолы байланып,
Жер түбінде зарланып.
Қайырылып жолды шала алмай,
Халқынан хабар ала алмай.
Шексіз қайғыға батып жүріп, екі баласының үлкені, ақылы кенен
Бақайға мұңын шағады.
– Жаркен тақыр жер екен,
Бәрі дұшпан, елі қас.
Он сегізге сен келдің,
Басыңды алып, мұнан қаш.
Ат дайында, мінейін,
Жеке кеткен Жақыптан,
Жетіп хабар білейін.
Бар болса, басым қосылсын,
Бар құдайдан тілейін.
Өлген болса көрейін,
Өксір дүние өксітсе,
Өкіріп қайра жөнейін.
Алтайдың тауын айналып,
Армансыз болып келейін.
Баласы Бақай кеп айтат:
- Барыңыз,ата, – деп айтат. -
Биыл он үш жыл болды,
Бір хабарын ұққанбыз,
«Шиырды бір ұл туды – деп,
Осы жаққа барғаннан. –
Барып келдік онда» – деп,
Сөз сапырған шалдардан.
Сонымен, Бай қария алыс жолға шығады. Үшінші күні түс
кезінде бір жапан шөлге келеді. Мың адам арық қазып жатыр екен.
Сөйтсе, Несқара деген дәу өткен, кеткеннің атын тартып алып,
сойып, ал өзіне арық қаздырады екен. Байдың да атын сойып алып,
қолына кетпен беріп, арық қаздырып қояды.
Екі жарым күн өткен соң, шал шаршап, құлап қалады. Оны
арықтың шетіне шала-пұла көме салады. Кеуде жағы сәл-пәл ашық
қалған Бай есін жиып, сығалап қарап, тыңдап жата береді. Сол
кезде Несқара ел-жұртына: «Алтайда, Шоң-Дабраның шетінде
Манас деген бала бар деп ғұламалардан естідім. Биыл он үш
жаста,еліне қосылса, бізге бәлекет болады. Оны қазір сою керек,
көзін ою керек! Мен соған барамын!» – дейді. Көмулі жатқан Бай
мұның бәрін ұғып алып, жаулар кеткен соң арықтан шығады.Қалып
қойған бір қашырды ұстап мініп, Алтайға тартады.
Сол уақытта Жақып Тушұнақ атымен аралдан шығып келе
жатып, Несқараның әскерін көреді. Бой тасалап, жасырынып
қалады. Қосын кеткен соң қараса, арт жақта бір жалғыз қара
келе жатыр екен. «Бұл кім болды екен?» – деп, алдынан шығып,
амандасады. Бай Жақыптан жөн сұрайды. Сонда Жақып:
- Түп атамыз Қарахан,
Бергі атамыз Төбей хан,
Төбейден кейін Көгей хан,
Өз атамыз Ноғай хан,
Атым Жақып! – дегенде,
Бай бақырып «баа!» деді.
- Өткен екен дүние-ай,
Өмірдің бәрі, аа!- деді. –
Бала бауыр сен едің,
Бай деген ағаң мен едім.
Құйрығы болсам, жал едің,
Құрып қалсын, дүние,
Онда сен жап-жас бала едің.
Сенен қалып айрылып,
Күйікке батқан жан едім!
Сөйтіп, айдалада ағайынды екеуі ағыл-тегіл жылап табысады.
Бай Жақыпқа Несқараның Манасты өлтіруге келе жатқанын
айтады. Зәресі кеткен Жақып жақын жердегі қырғыздарға жетіп,
хабар береді.
Сол уақытта Манасқа Жақыптан хабар жетеді. Ол төрт жүз
әскер қолменен Несқараның алдынан шығады. Бұл уақытта Несқара
маңғұлдың Жайсаңбай деген байының ауылын, тағы біраз ауылдарды
шауып, қыз-келінді тұтқындап, желдей есіп келе жатыр екен.
Ала байрақ, қу найза,
Саудыраған көйқасқа.
Алмалы қия жолменен,
Қылқылдаған қолменен,
Айбаттанып, ақырып,
Әскердің алдын жапырып,
Жазайылды жатқызып,
Күлдір мамай мылтықты,
Күркірете атқызып,
Күллі қолын жапырып,
Күлден бетер сапырып,
Несқараның қолының,
Жолын бөгеп алыпты,
Арыстан Манас батырың,
Ақырып айқай салыпты.
Жарым күндей болғанда,
Қамбардың ұлы Айдархан,
Алтай қазақ халқынан,
Айтулы батыр бұл бір жан,
Айдарханның Көкшесі,
Қырық жігіттің басы екен,
Он алтыда жас екен.
Аты Көкше қойылған,
Ақ таспадай тартылған,
Көргеннің көңілі тойынған.
«Жеке! Жеке! Жеке!» – деп,
Жекпе – жекке шығыпты,
Беттеп ешкім келе алмай,
Қаңғайды құдай ұрыпты.
Намыстанған Несқара,
Шабдарға қамшы салғаны.
Қырғызды көздей бет алып,
Қиқулап кіріп барғаны.
Бала Манас тұйғының,
Оған қарсы шауыпты.
Аруағы басып Манастың,
Беттесе алмай Несқара,
Айнала қашып қалыпты.
Ақ найзасын зыңқитып,
Аймаңбозын зулатып,
Манас артынан түсіп алыпты.
Несқараның Шабдар ат,
Шайтандай ұшқан мал екен.
Қанатты құстай сызылып,
Жөнеп қалған шағы екен.
Қаражолтай Несқара,
Он тоғызда жас екен,
Түрік ұлына қас екен.
Қашып жүріп мұны айтты,
Халқының бәрін мұңайтты:
-Жолбарыс жолға жатар ма,
Жолығарға жолықпай,
Жолым мұндай қатар ма!-
Бұрқырап, қорқып Несқара,
Бұл сөзді айтып салыпты.
Қолына түскен қыз-келін,
«Құтылсақ екен бұдан,» – деп,
Құжылдасып қалыпты.
Аймаңбозбен жетерде,
Манас ырғыта қойып кетерде,
Несқара елге кеп айтат,
«Есен бол халқым!» – деп айтат.
Шабдарға қамшы салғаны,
Қақаншыға қашпаққа,
Шындап ойлап қалғаны.
Аймаңбозын ұшыртып,
Артынан Манас жеткені.
Алтын кемер шеті деп,
Айдалының беті деп,
Сыр найза сайып өткені.
Есі кетіп Несқара:
- Аман болғын, елім! – деп, –
Талқан болды белім! – деп, –
Азап айдап бұл жерге,
Осыны іздеп келдім! – деп,
Оқтай ұшқан Шабдардың,
Басын бұрып алыпты.
Киік баспас жерменен,
Өрге қарай салыпты.
Амалы құрып Аймаңбоз,
Өрде өксіп қалыпты.
Несқара қашып кеткен соң,
Қосыны тұрды қалтырап.
Жан сауғалап бұрқырап:
- Ұрынбаймыз енді! – деп,
Қойдай бәрі шырқырап.
Бала Манас сөйлейді:
- Алты мың ашық сандарың,
Қашып кетті хандарың.
Айтқан сөзім еп болса,
Маған қара, нарларым!
Не табамын сендердің,
Өміріңді тозақ қып,
Көзіңнің жасын тиыңдар,
Басыңа бердім азаттық!
Досқа айналып дұшпаны,
Қуанып тарқап кеткені.
Қырғызда Манас батырдың,
Даңқы көпке жеткені.
Манасты хан көтеру.
Қамбарбоздың үйірінен,
Қармап келіп тоғызды,
Бәрін бірдей сойдырып,
Жер ошағын ойдырып,
Алтайлықтың елінен,
Ата ұлынан түк қоймай,
Алды Манас шақырып:
- Алтайда жатқан ел, – деді, –
Бас-аяғың жиналып,
Есебің қанша, бер, – деді.
Алтайлықты санаса,
Аяқ -басын қараса,
Тоқсан алты мың болды.
Манас айтты мындай кеп:
- Берендер, ойла ақыл, – деп, –
Тұс-тұсымыз жау болды,
Дұшпандық қылар кәпір, – деп,
Көптігіне мастанып,
Басынып бәле салмасын.
Қамданғаның мақұл! – деп.
Ағасы Бай сөйлейді:
- Төңіректің бәрінен,
Түгел келдің, халайық.
Есен ханнан қол келіп,
Неше түрлі мол келіп,
Ерегесіп жау болдық,
Егер қамаса, қайдан сау болдық!
Тұқым қалмай қырылып,
Тұмсығымыз бұзылып,
Түгел құрып кетпейік.
Ұрғашыңды күң қылып,
Таң атпаған түн қылып,
Еркегіңді Есен хан,
Табанға басып, жүн қылып,
Саудаға салып, құл қылып,
Сандыққа салып, пұл қылып,
Санамай малың айдатып,
Сайқасқаңды жайлатып,
Айдап жүріп қырмасын.
Әр тарапқа сорлатып.
Балдар, басшысы жоқ ел оңбас,
Басты жұрт жауға қор болмас,
Жақты кісі зар болмас,
Жабылса дұшпан жан қоймас.
Сақтаймын десең жаныңды,
Сақадай сай болайық.
Санатты жұртым, бірігіп,
Қайраты бар біріңді,
Хан көтеріп алайық.
Хандыққа бірің шығыңдар,
Жалған айтпас шыншылың,
Жорыққа шығар төзімді,
Беттескен жауға белдіңіз,
Белдескен дауға демдіңіз,
Өткір сөзбен тілгенің,
Өкімет жөнін білгенің!
Бай аға мындай дегенде,
«Хан боламын халыққа,
Қандай да болса шыдаймын,
Халық басқарған нарыққа!»
Деген кісі болған жоқ,
«Бәленше болсын басшы!» – деп,
Басқаға қолқа салған жоқ.
Бозбалалар кеп айтат,
Болған істі бек айтат:
-Аң аулап жүріп бәріміз,
Бір бестісін Манастың,
Айдалада сойғанбыз.
Манастың өзін бәріміз,
Хан көтеріп қойғанбыз.
Манас – біздің ханымыз,
Не дейсіздер бәріңіз?
Саламат ұлы Айнақұл,
Сан жұртқа айтқан сөзі бұл.
- Ханымыз Манас болсын! – деп,
Елдің бәрі дүркіреп,
Жабыла айта салғаны.
Ақбалта тағы кеп айтат:
- Хан қылмаймыз дегенің,
Қазір айтқын сөзіңді.
Атап қойып хандыққа,
Артынан бәле салмасын,
Қоймайтын едік оны деп,
Арманың іште қалмасын!
Арыстан Манас жас бала,
Жиынға басып барғаны:
– Алдымда үлкен аға жоқ,
Ажал жетсе, дауа жоқ.
Артымда інім жас әлі,
Басыма мүшкіл іс түссе,
Суырып алар азаптан,
Туғанымда шама жоқ.
Қартайып қалған Жақыпта,
Қайрат қылар амал жоқ.
Далада тайды сойдым деп,
Хан көтеріп қойдың, – деп,
Өз нәпсіме тартпаймын.
Таудай ауыр міндетті,
Өз мойныма артпаймын.
Қазақ, қырғыз бір туған,
Қалмағың бар, маңғұл бар,
Қаңғай менен торғауыт,
Хан болушы жандар бар,
Біреу шығып бел буып,
Босатып мені қойсын, – деп,
Бала Манас айтты кеп.
Жиылған елдің барлығы,
Қаумаласып қалысты:
«Жастық қылса баласы,
Қартайса да Жақыпты,
Хан көтеріп алайық.
Не болса да Жақып бай,
Дүниесі қолда бар.
Қабылан Манас баланы,
Қайрат қылар дұшпанға,
Батыр қойып салайық!»
- Көтердік онда ханды, – деп, –
Хан болушы жанды! – деп,
Алты құлаш ақ киіз,
Астына жая салысып,
Ақ ала сақал Жақыпты,
Ақбалта менен Бердіке,
Жетелесіп алысып,
Көпшілік оны сүйреді.
- Көтермеңдер мені! – деп, –
Көсел Жақып сөйледі.
- Көргенсіңдер, халайық,
Көп зарладым бала деп.
Қарағым тұрса қасымда,
Обалыма қалмаңдар,
Қартайып қалған жасымда. –
Мұны айтып бай Жақып,
Бұрқырады, жылады,
Бұршақтап жасын тимады.
Қорлықта жүрген құрған шал,
Қуанғаннан жылады.
Қазақ, қырғыз жиналып,
Қалмақ, маңғұл жабылып,
Ақ киіздің үстіне,
Бай Жақыпты салғаны.
Баласы Манас батырды,
Атасының жанына,
Отырғызып алғаны.
Жеті қадам басқанда:
- Болды, балдар, болды! – деп,
Жеткілең Жақып қария,
Жерге түсіп қалғаны.
Көтеріп алып көпшілік,
Жеке Манас баланы,
Әлгі тұрған жиынды,
Жеті айналып барғаны.
«Ханның тәжі осы деп!» деп,
Ер Манастың басына,
Жығалы бөрік кигізді,
«Мұратымызға жеттік!» деп,
Халайық құрмет білгізді.
Тойды Жақып бастады,
Ноғайдан қалған көк туды,
Әуелете ұстады.
Тоқсан бие сойдырып,
Сараңдығын тастады.
Тоғыз күнде той тарқап,
«Ханды жұрт болып қалдық, – деп,
Қабылан Манас балаға,
Билікті беріп салдық!» – деп,
Келгендер кетті жайына.
Манастың Қосай алыпқа барғаны.
Алтайдағы қырғыздың,
Ақылманы Ақбалта,
Ақырын сөйлеп, бек бастап:
-Жұрт басшысы өлгенде,
Қызық қылып біздерді,
Қытай, қалмақ бөлгенде,
Біріміз кеттік еренге,
Біріміз түстік тереңге,
Біріміз кеттік Қаңғайға,
Біріміз келіп тығылдық,
Мына қара қалмақ Алтайға.
Білгендерден сұрасақ,
Алатауды жер қылып,
Жүрген қырғыз бар дейді.
Әлеукемен алысып,
Сүрген қырғыз бар дейді.
Қатағанның хан Қосай,
Белгілі балуан ер осы.
Бекіп қалған Бейжіңнің,
Бетін ашқан ер Қосай.
Тұрып қалған Тұрпанның,
Тұсын ашқан ер Қосай.
Таудай темір гүрзі алған,
Тауды Қосай бір салған,
Тауды Қосай бір салса,
Тауды қылған тас-талқан.
Қорғанды тастан салған дейт,
Азған-тозған қырғызға,
Абам Қосай қария,
Басшы болып қалған дейт.
Келгендерден кеп ұққам,
Ер Үрбі аман деп ұққам.
Үрбінің жайын айтайын:
Екі Кемин жайлаған,
Егіз қара ат байлаған.
Күрішін күздік айдаған,
Күлігіне күріштің,
Күрмегін беріп байлаған.
Таздың ұлы ер Үрбі,
Ол дағы қырғыздан шығып ер болып,
Қайрат қылып, бел байлап,
Халқын баққан кезі дейт.
Айналайын Манасым,
Алатау жолын шалып кел,
Туғаннан хабар алып кел.
Сапарың болсын оңынан,
Жау шықпасын жолыңнан.
Ақбалтаның сөзіне құлақ асқан Манас қырық баланы ертіп,
жолға шығады. Ұзақ жол жүріп, Үш Қарқараға жетіп, одан ары
Қызыл-Қиядан асып, Ыстықкөлге келеді. «Береке екен, бел екен,
бітпейтін ырыс, кен екен!» – деп, сүйсінеді. Ыстықкөл бойлап жол
жүріп, ат аямай мол жүріп, Шеш-Төбеге жетеді.
Алыстан дарбазалы орданы, айналдырған қорғанды көреді.
Қарауылшысы қу байталды Құтынай Манасты байқай сала, асып-
асып Қосайға шауып келіп: «Түрі суық жан келе жатыр, жау
болса, тас қорғаныңды талқандап,түбімізге жетер ме екен?!»
– дейді. Қосай батыр ерендерін жиып, жау-жарағын сайланып,
алдынан шығады. Манасты көрген бойда бірден танып, жұртын
қуантады. Қырғыздар сүйініп, шаттанып, Манасты аттарынан
түсіп, айрықша құрметтеп қарсы алады. Ақсақал Қосай айкөлмен
құшақтасып көріседі, құрдастары Жақып пен Ақбалтаның
амандығын сұрап, арқа-жарқа болып, Манасты ордасына, қорғанға
алып келеді. Тоқсан қара бұқаны садақаға шалып, қонақ қылып
күтеді. Мән-жайды айтып, әңгімеге қаныққан соң, Манас Қосай
қариядан ақыл сұрайды.
- Ағам Қосай, қариям,
Айла тапқыш дариям,
Маңдайға шықсам, баран бол!
Қазатқа шықсам, қаран бол!
Қытай түмен, қырғыз аз,
Айыл қандай қонушы?
Қара қылам мен кімді,
Айла қандай болушы?!
Сонда Қосай сөйлейді:
- Талайға біткен жан болсаң,
Тауып ал Талас жеріңді.
Күтіп алғын, құлыным,
Киелі қырғыз еліңді!
Менің жайым сұрасаң,
Орай да белім буынып,
Жер жайнаған манжуға,
Жеке кіргем қол салып.
Манжу қаптап келгенде,
«Қалмайын – деп, – тұтылып»,
Көйқаптың тауын бетке алып,
Қашып кеттім құтылып.
Жетпіс күні аралап,
Жетпіс жерден жара жеп,
Толқыған қалмақ, мен жалғыз,
Тобықты жарып оқ тиіп,
Толғана алмай қалғанбыз.
Ол күннің несін айталық,
Секіріп мінер будан жоқ,
Серпіліп кіріп, қол салсам,
Қара болар туған жоқ.
Кеше қара қалмақ, манжу жұрт,
Кешуден шапты көшімді,
Ала алмай келем өшімді.
Бұдырды тіктеп, белді іздеп,
Буданым, сендей ерді іздеп.
Алатауды жағалап,
Қас буданның барлығын,
Қайра бастан тағалап,
Бекерге жатып алмадым.
«Қыраным қашан келер?» деп,
Құлағымды салғамын.
«Туған үшін, жұрт үшін
Қиратып қырғын салсам- деп,
Ақбалта, Жақып, ер Манас,
Дерегін тауып алсам» деп,
Осыны ойлап жүргемін.
«Шер екені шын болса,
Келеді» деп білгемін.
Келмесең,іздеп баруға,
Ерлерді жиып алғамын,
Тұйғыным Манас, сен үшін,
Батырларды қамдадым.
Арыстаным Манас,тілімді ал,
Қозғалып манжу, қалмағың,
Қолын жиып алмасын.
Еліңе қорлық салмасын,
Балам, қайра тартып сен кеткін,
Асып-сасып Алтайға.
Орқанның тауын таянып,
Бері көшіп қалғанда,
Кешікпей жолың шалармын,
Кәрі ағаң Қосай өлмесем,
Алты айдан кейін барамын.
Қабылан Манас, құлыным,
Сенің туғаныңды білгенмін,
Азғантай ғана еліңе,
Ту болар деп жүргенмін.
Жылқымнан қалап берейін,
Керқабыланды мініп кет,
Келіпсің Қосай ағаңа,
Торқа тон жабам, киіп кет.
Қапсыра келген жау болса,
Қасқайып найза сайып бер,
Алтайда қалың туғанды,
Айналтып аман алып кел.
Жылғынды Кең-Қол, Талас бар,
Мекен қылып, қонып бер,
Шер болып тудың ер Манас,
Қырғызға пана болып бер.
Бабаңнан қалған жерің тап,
Шоң атаң өткен Ноғай хан,
Осыдан қалған елің тап.
Тура пейілім ақ екен,
Тұйғыным, саған кезіктім,
Қолыма менің сен тисең,
Тоқсанға жасым барса да,
Топалаңдап жау келсе,
Топтап найза сұнармын,
Табанымды тайдырмай,
Ту түбінде түнеріп,
О, балам, туыңды қармап тұрармын.
Үзілгенді жалғайық,
Шашылғанды жинайық,
Жоғалған жоқты табайық,
Жұрт айласын қылайық!
- Жолыңды құдай ашсын! – деп,
Батасын ағаң бек айтты. -
Айдауда жүрген қырғыздар.
Балам, аманат саған! – деп айтты.
Манас пен Бақайдың табысқаны.
Хан Қосайдан бата алып,
Қыран Манас көкжалың,
Қайраттанып аттанып,
Астындағы Аймаңбоз,
Құландай құлақ жапырып,
Құйындай жерді сапырып,
Желгеніне жел жетпей,
Желдей ұшты Алтайға.
Басқанына мал жетпей,
Құстай ұшты Алтайға.
Жұлдыздың белін асқанда,
Көк тұлпар сынды ат мінген,
Көк сілеусін бөрік киген,
Қынсыз қылыш байланған,
Белестен шықты бір адам.
«Мұның ұраны кім, тегі кім,
Тұқымы кім, елі кім?
Қақандағы туылған,
Қалмақтан келген сұм ба екен?
Батырлығы бір басқа,
Балуандығы бір басқа,
Пендеден артық шер екен,
Шоңдығы таудай ер екен.
Алдыда жүрсе ақжолтай,
Көкжалдығы көрінет,
Ақыреттік дос болып,
Туғаным болып қалса» – деп,
Батыр Манас сырттан ер,
Астындағы Аймаңбоз,
Тартып аузын бұрады,
Иір белдей мойнақта,
Беренді күтіп тұрады.
Бұл келген Байдың ұлы Бақай екен. Бай мен Жақып бірге туған,
ағайынды.
Ағасын көрген соң, Манас шаттанып:
Алдымда жүрсе ақжолтай,
Арқамда тұрса сан қолдай,
Тұйғыным Бақай ағеке,
Ел билігін алыңыз,
Епті жолға салыңыз! – деп, ағынан жарылады. Бақай Манасты
іздеп келе жатыр екен. Ауылға ауыл, бауырға бауыр қосылып,
бірлесіп ел болуды ойлаған дана Бақай інісіне аузынан от шашқан,
ұшқан оғы тігінен тисе, жаудың тұтам сүйегін қалдырмайтын
Ақкелте мылтықты сыйға тартады. Пышақпен шыбық қырқып,
қолдарын қанға малып, ақыреттік дос болады. Екеуі Алтайға келіп,
күллі жұртты жиып, кеңес өткізеді. Сонда Манас халқына қарата
былай дейді:
– Аға-іні жұртым, сөзімді ұқ,
Қырғыз, қазақ, жалпы жұрт.
Қолынан келсе қақаншың,
Аяйтұғын ойы жоқ,
Алмайтұғын кегі жоқ.
Қайнап жатқан қақанның,
Текес хан деген дулысы:
«Бас жақты бурут алды, – деп, –
Осы бастан оңдырмай,
Ойрандайық оны! – деп, –
Қырғыз, қыпшақ, қазағын,
Қолына беріп азабын,
Қиратайық бәрін!» – деп,
Жіберіпті хабарын.
Орғо деген ханына,
Шіреніп Шуды билеген,
Ақунбешім пашаға.
Әлеуке бастап барлығы,
Кетіріп тұр кебімді,
Оларға беріп қоям ба,
Атамекен жерімді?
Жабылып кірсе көп қалмақ,
Жалынып жаның қала ма?
Адам болып туған соң,
Жолын ұста бабаңның,
Жаудан қашып қалмағын,
Қарын төккен қалмақтан,
Құтылар жағын қарағын.
Бұл Алтайда жерің жоқ,
Бет алысып салыссақ,
Арқа сүйер елің жоқ.
Қаптап қалың қол келсе,
Қырғын салып, мол келсе,
Қандай айла табамыз?
Алатауға жетпесек,
Кете бере шамамыз!
Тағдыр, Алла бұйырса,
Қазат қылмай тынбаймын,
Атамекен жерімді,
Азат қылмай тынбаймын!
Аруағы биік Алатау,
Бармай қайтіп тұрайын,
Атамнан қалған жерімді,
Алмай қайтіп тұрайын!
Бабамнан қалған Түркістан,
Бармай қайтіп қояйын.
Оралға шейін жеріміз,
Алпыс рулы алашты,
Алдырған екен қаңғайға,
Бұрынғы өткен еліміз.
Еділ, Жайық – екі су,
Ұзын- Тау менен Кер-Көлді,
Баласағұн қалаңды,
Тәшкен менен Қоқанды,
Самарқан мен Алайды,
Басып жатқан иелеп,
Қытайды қуып салайық,
Қайтарып жерді алайық.
Қызықты жерден айырылып,
Қияметте жүргенше,
Қырғыз ұлы болғаның,
Қырылып өліп қалайық!
Атқа мініп ербейген,
Найза қармап сербейген,
Адаммын деп дердейген,
Азаматтан қалмасын!
Балтыры жуан балуандар,
Жұлқысқанын алғандар,
Қиқулап найза сайғандар,
Қылышпенен бір тартса,
Қара тасты жарғандар,
Сойыл шабар қамбылдар,
Сөзге жүйрік даңғылдар,
Тартынып бірі қалмасын!
Айбалта шабар ықтылар,
Айбаты артық мықтылар,
Ауылда жатып алмасын!
Алысқа сапар жүреміз,
Азығын мол ғып қамдасын!
Қару соққан ұсталар,
Бейхабар жатып алмасын,
Бабамнан қалған жерді алам,
Бар жарағын сайласын!
Келгенді қосып алармын,
Кері тартып қалғанды,
Қашанғы күтіп тұрармын?
Жүргенді жолға алармын,
Жүрегі майсыз, жүні бос,
Жаманды не қылармын?
Ойратқа айтам мен Манас,
Ойнайды екен Манас деп,
Ойламасын кәрі, жас.
Қылымға айтам мен Манас,
Қисаңдамай жолға бас!
Атамекенді жаудан тазарту.
Екі ай бұрын ер Манас,
Елге хабар салады,
Шуақ пенен Ажыбай
Шақыруға барады.
Қосынын алып жайнатып,
Жер қайысқан қол алып,
Ақ асаба, қызыл ту,
Айғайлаған ызы-шу,
Көк асаба, көпкөк ту,
Көк жаңғырған ұлы шу,
Қырғыз топ – топ, мол келді.
Желек тудан бөлінбей,
Жердің жүзі көрінбей,
Алтайдың Арал даласы,
Адам менен лық толды.
Арыстаның жүрді аралап,
Осы келген көп қолды.
Сөйтіп, қалың әскер шеру тартып, атамекенге қарай жөнеледі.
Өйткені, қалың ел көшіп келгенде қауіпсіз болу үшін, әуелі жерді
жаудан тазалап алу керек. Ал, екінші жағынан, әскер кеткенде,
артта қалған елді жау шауып алмауы үшін, бүкіл ел бірге көшуі
керек. Осыны ойлаған Манас барлық қырғыздардың басын қосып,
бір тудың астына жиып, дүрк көтеріліп, Алтайдан Алатауға бір-
ақ аттанады. Күзет, қарауылы бар ауыл-ауылдар бірлесіп, қолдың
соңынан жүріп отырады.
Осылай келе жатқанда, ертесінде кешке қарай Бай ақсақал
өмірден озады. Ел-жұрт жаназасын оқып, қадірлі қарияны
құрметтеп жерлеп, ары қарай аттанып кете береді.
Жер көшкендей дүңгіреп,
Асу асып, тас басып,
Аш қайқалаң бел басып,
Арқыраған су кешіп,
Аспандаған тау асып,
Түн тоғайлы жер көріп,
Түнеріңкі ел көріп,
Арада қанша күн өтіп,
Аттанатын шақ жетіп,
Оқтай болған Аймаңбоз,
Оңдап ерді салғаны.
Ойды көздей бет алып,
Ойон Манас аттанып,
Жеті бұғы, үш арқар,
Киік атып алғаны.
Мүйіздерін байланып,
Ұлар тауды айналып,
Алты қырдан қарғытып,
Асып кетіп барады,
Шиыршықты қара адыр,
Басып кетіп барады.
Текес ханды жеңгені.
Үш-Тұрпанды жерлеген,
Ұрысып адам жеңбеген,
Қарасуда қаласы,
Қаһар аярдың баласы,
Құтырған Құлтаң қашыпты,
Теріс Маяда Текес хан,
Теңселіп соған барыпты.
Манасты айтып майысып,
Қосайды айтып қайысып,
Аяғын құшып Текестің,
Жылады Құлтаң жабысып:
- Бұл Манастың білсеңіз,
Ұлы атасы Ноғай хан,
Оңбай тұрған бұл бір жан.
Ұрығы қырғыз әу бастан,
Ұйғырлықтың барлығы,
Ұрысып өлдік Манастан.
Алтайдан шықты қырғыздар,
Алатауды бетке алып,
Қамданбасаң құрыдың,
Үстіңнен қарар ұлығың,
Ақунбешім ер деді,
Соған хабар бер деді.
Суң қытайдан хан қойған,
Орға батыр ханың бар,
Оған да хабар бер деді.
Мұны ұққанда қалтырап, қорқып кеткен Текес хан Құяс деген сиқыршы аярын шақыртады. Құяс ханына: «Қорқатын түк те жоқ!» – деп, тал, терек, қамыс, ши, қурай, шөптің бәрін дуалап, сиқырлап тастайды. Әлгінің бәрі сансыз әскерге айналып шыға келеді. Құястың өнерінен пайда болған сансыз әскерді көріп, қуанған Текес хан ешкімге де хабар бермей, алаңсыз жата береді. Төртінші күні Манастың әскері келеді. Текестің жер қайысқан қолын көріп, батырлар: «Мұнша қосын қайдан келген?» – деп, таңырқап қалады. «Мына қолдан қорқып, қашып құтылмақсыңдар ма?» – деп, Манастың ашуы келіп, жауға шаппақшы болады. Сонда ақылгөй Бақай оны тоқтатып: «Мен барып, байқайын. Оларға көрініп, қашқан болайын, олар қуса, тосып алып, тоз-тоз қыларсыңдар!» – дейді. Көкшолақ атын ұшыртып, шаңын бұрқыратып, жау әскеріне жетіп барады. Қол тым-тырыс. «Бұлар неге маған ұмтылмайды?» – деп, Бақай аң-таң. Бұта бойы жақындап, жанына барады – аналар қозғалар емес. Бақай байқап, найзасын сұнса, олар да найза сұнады. Мылтығын кезенсе, олар да мылтық кезейді. Бақай қылышын суырса, қалың қол да қылыш суырады. Бақай үндемей тұрса, олар да үндемей тұра береді. «Бұл сиқырлы амал болды ғой!» – деп, Бақай күліп жібереді. Қалың әскер де күледі. Мұның сырын түсінген Бақай Манасқа келіп: «Атсақ – бұлар да атады, әскерімізді қырады. Айласын таппасақ болмас!» – деп, оқ-дәріден алдырып,
сиқырлы қосынды айнала төктіреді. Өздері аулақ кетіп, от береді.
Сонда, сиқырланған тал,терек, қамыс, қурайдың бәрі жанып кетеді.
Сиқырлы әскерінен айырылған қалмақтарды Манастың батырлары
күйрете шауып алады. Ызаланған Текес хан аяр Құясты жарып
тастайды. Манастың әскері ордасына басып кіргенде, құтылар
жері қалмаған Текес хан өзіне өзі қанжар салып өледі.
Сонда Манас сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
- Қылыш шаппай, оқ атпай,
Қиынсынып жақ тартпай,
Алдырып қойған кім дейсің?
Алмаңдар жарты инесін!
Не қыламыз қалмақтың,
Ежелден жиған дүниесін!
Одан соң Манас қалмақ халқына қарап: «Хандарың өлді. Бассыз
дененің тірлігі болмас. Өздерің хандарыңды сайлап алыңдар!» –
дейді. Сонда:
Қараша деген бар екен,
Нәсілі қырғыз руынан,
Бір кездері Әлеуке,
Қырғызды шауып алғанда,
Ол дағы елден қуылған.
Тоқсан мың үйлі жан екен.
Бұған дейін бұл шалда,
Даутайлық мансап бар екен.
Осы Қарашаға қалмақтар: «Хан бол!» – деп, әрі-сәрі болып
тұрғанда, Сайқал атты баласы жанына келеді. Бұл – еркекше
өскен қызы екен, қалмақтың балаларымен қастасып, басына бәле
болмасын деп, атасы оған қырғыз екенін жасырып, айтпай өсіріпті.
Талшыбықтай иілген,
Ерлерше киім киінген,
Ақ, қызылы бөлінген,
Әйнектей көзі көрінген,
Нұрлы қызыл беті бар,
Уыздан аппақ еті бар,
Қыз Сайқал келіп сөйлейді:
– Қайтесің, ата, хандықты,
Өкімнен жұтап қалғандай,
Өліп қалған Текестің,
Тонын тонап алғандай,
Жақсы болмас мұныңыз,
Жайыңызға тұрыңыз!
Текес хан алты ағайын,
Ішіндегі данасы,
Он сегізде шамасы,
Кенжесі Тейіш деген бар,
Осыны байқап қарашы!
- Хан сайлайық Тейішті! –
Деп Қараша жар салды,
Құптап жұрты қарсы алды.
- Алып кел, – деп, – ханыңды, –
Арыстан Манас, Айдархан,
Оларға айтып қалғаны.
Текес ханның інісі,
Тейіш атты баланы,
Ақ киізге салғаны,
Қомпаңдасып қалмақтар,
Үш айналтты қаланы.
Қыз Сайқалмен жекпе-жек.
Жаңадан хан сайлаған қалмақтар той жасайды. Ат жарыс,
күрес, жамбы атыс өткен соң: «Енді батыр сайыс болсын!» – деп,
жаршылар жар салады. Сонда сайысқа өзін қалмақпын деп ойлап
жүрген батыр қыз Сайқал шығады.
Он жетіде жасы бар,
Басында тұлым шашы бар,
Сарыбуырыл аты бар,
Сайыстан қайтпас қарқыбар.
Қарашаның қыз Сайқал,
Тоғыз құлаш найзасын,
Толғап алып жіберіп,
Тоқталмай шықты майданға.
Жау жарағын сайланып,
Сауыт, сайман саудырап.
Сайысқа Сайқал шығады.
Қазақ, қалмақ төрт жүз мың,
Қамаласып тұрады.
Сарт, қырғызы төрт жүз мың,
Сайысуға жан шықпай,
Сабыр сақтап ығады.
Бердіке мен Ақбалта:
- Бердіңдер, – деп, – намысты!-
Бекем айтты халқына.
Байдың ұлы Бақай да,
Бақылдады күйленіп:
- Қатыннан қашқан не жорық,
Бірің шық! – деп, сөйленіп,
Қанша айтса кісі ұқпады,
Қамалды, қорықты, шықпады.
Ешкім шықпай қойған соң,
Қазақ пенен қалмағы,
Бәйгені алып мазақтап,
Кететұғын болған соң,
Көкжалың Манас арланды:
- Батыр дейміз бәріңді,
Сайыстырып қатынмен,
Төктіңдер-ау арымды!-
Сырттан Манас аттанды,
Аймаңбоз мініп болқайып,
Сырнайза қолда қойқайып.
Жанышпақ болып төрені,
Қыз Сайқал қатты көгерді:
«Алтайдан келіп біздерді,
Атыспай жүдеп-жадатқан,
Қияс пенен Текесті,
Ақыретке қаратқан.
Өлтіріп Манас ханыңды,
Тыншытайын жаныңды!
Ойыннан оқыс қылайын,
Қырғыздың жұртын қырайын!»
Мұны ойланып қыз Сайқал,
Сарыбуырыл тұлпардың,
Санына қамшы салғаны,
Сарала байрақ найзаны,
Үйіріп қолға алғаны.
Алдын тосып, Сайқалды,
Қарап көрсе, қыз екен,
Нақ сұлудың өзі екен.
Сонда Манас ойланды:
«Өзім алар қыз екен,
Қатты сайсам нетер деп,
Оқыс өліп кетер деп,
Өліп кетсе бекер» – деп,
Талмау жерін көздемей,
Оңдап найза салады.
Оңалмаған Сайқал қыз,
Қағып тастап найзаны,
Қабылан Манас батырға,
Найза сілтеп қалғаны.
Оңбай тиіп төсіне,
Осы кезде көкжалдың,
От шағылды көзіне.
Қайра тартып қалысты,
Қиқырған бойда қыз Сайқал,
Қайнатып қайрат, намысты,
«Қаңғайлап!» ұран шақырып,
Арыстан Манас баланың,
«Өлер жерін тапсам» деп,
Оңдап найза сайғаны.
Оң қолтығын жырылтып,
Арқасынан Манастың,
Орқайып шығып қалғаны.
Ұстасқан бойда қыз, жігіт,
Жанасалап жарысып,
Тай шабым жерге барысып,
Қалмақтың Сайқал балуаны,
Қабылан Манас баланы,
Оң жауырыннан алғаны,
Ат күшіне салғаны,
Аудара тартып алуға,
Оңтайлатып қалғаны.
Оншалықты болмады,
Ақбалтаның Шуағы,
Оқтай атын ұшыртып,
Ортаға жетіп барғаны:
-Тартыс емес, сайыс! – деп,
Сайқал мінген сары атты,
Басқа қағып өткені.
Сайқалдың Сарыбурылы,
Жалт етіп үркіп кеткені.
Ерден ауған төрені,
Ақбалтаның Шуағы,
Иығынан сүйеді.
Айдархан, Бақай екеуі,
Сайқалдың сайған найзасын,
Ептеп суырып алыпты.
Суырған жерден қан кетті,
Елемей тұрған ер Манас,
Іші күйіп қалыпты.
Оржеміл деген дәрісін,
Жұтып алды бәрісін.
Аққан қаны басылып,
Әйнектей көзі ашылып,
Аймаңбоз атын ұшыртып,
Майданға жетіп барыпты.
Оны көріп ақырып,
«Зубундап!» ұран шақырып,
Сайқал жөнеп қалыпты.
Әйел жанды қу Манас,
Сұлуына сұқтанып,
Сұнған найза бос ұстап,
«Жараламай алсам» деп,
Аяп жүрген ер Манас,
Ашуы келді сұрланып.
Сайқал, Манас қиқулап,
Бір-біріне жетісті,
Мықтап сайып өтісті.
Қаһарланған ер Манас,
Төске найза неткені,
Дөкейсіген Сайқал қыз,
Таудай болған Сары аттың,
Сауырына кеткені.
Төсіне найза қағылып,
Көзінің оты шағылып,
Есінен Сайқал жаңылып,
Бұрып басын Сары аттың,
Бұлғап қамшы салғаны,
Бұлғақтаған батыр қыз,
Еліне қашып барғаны.
Сонда Манас оны қуып барып, ат ойнатып ақырып, сайысқа
шақырып тұрып алады. Манастың қаһарынан шошыған Сайқал
қыз: «Өлтірсе де бармаймын!» – деп, атынан түседі. Тейіш пен
Қараша майданда тұрған Манасқа келіп: «Қалмақ жығылды,
намысты алдың!» – десіп, ызасы басылмаған батырға Сайқалдың
атын тартады. Анда Манас жолына разы болып, Сайқалдың атын
өзіне қайтарып береді.
Ал, Қараша қызына оңашада: «Қалмаққа қаның қосылмайды!
Сен қырғызсың!» – деп, шынын айтады.
Одан кейін қыз Сайқал,
Арыстан Манас батырдың,
Көрінбеді көзіне.
«Нақ осыны алсам» деп,
Манастың жүрді көңлінде.
«Ақыры Манас мендік» деп,
Арман менен күн санап,
Қыран сұлу Сайқал қыз,
Манасқа жар болуға,
Құпия сыры болыпты.
Атасына жан-жақтан,
Жаушы түсіп, жан келсе,
Тұс-тұсынан хан келсе,
Жасыл ала сұп көйлек,
Кимей қойған емес пе,
«Көнбеймін- деп, – өлсем де!»
Тимей қойған емес пе?!
«Ер Манас!» деп зарланып,
Күйіп жүрген ол қандай?
Манас Манас болса да,
Арманды жарды ала алмай,
Жаратқан жанды әр қандай!
Қызармастан бозарып,
Қапаға іші толыпты,
«Қайырылмай Манас кетті» деп,
Қараша ханның қыз Сайқал,
Күдерін үзіп қойыпты.
Аты Қызыр диуана,
Қыз Сайқалдай байғұсты,
Қабылан Манас батырға,
Түсінде неке қиған дейт.
«Қияметтік жарсыңдар,
Ақыретте бас қос!» деп,
Көксеулерін тиған дейт!
Орға хан, Ақунбешім және Панус ханды жеңу.
Мұны былай тастайық,
Алатаудағы қырғыздан,
Азырақ хабар бастайық.
Манжу, қалмақ, қаңғайдан,
Ойран болған қаласы,
Естиді қырғыз баласы,
Қалмақты сүріп келет, – деп,
Қырғыздың қыран Манасы.
Тезірек келсе екен деп, іштерінен тілеп, зарыға күтіп жүрген елге
қарай Манас қолы аттанады.
Көптігінен әскердің,
Жер шайқалып дүңгірлеп,
Дауыл соғып күңгірлеп,
Керней тартып бапылдап,
Зурнайдың үні тақылдап,
Жарақтың бәрі жарқылдап,
Асаба тулар қалқылдап,
Желекті найза солқылдап,
Будан аттар болқылдап,
Туды туға ұрысып,
Тозаңды таудай бұрысып,
Шудан құлақ тұнысып,
Бөліне тартты қолдары,
Үш қанат болып жолдары.
Сол уақытта Керкөлдегі қалмақтың Орға ханы Көктөбеде ту
тігіп бекініп, Манастың қолын күтіп жатыр екен. Орға хан мықты
төре екен, дөң басында дабыл қағып, бүй дейді:
- Ақыл қашып басымнан,
Әлсіреп тұрмын мен қазір.
Қылым қырғыз ел деген,
Түпкі атасы бұлардың,
Түркстанды жерлеген.
Азып-тозып әр жаққа,
Қаңғып кетіп, келмеген,
Білмейміз қайда жүргенін,
Қазіргісін ұғамыз,
Алтай тауды жерлеген.
Аты Манас дегенін,
Адам ұлы жеңбеген.
Айласын қандай қыламыз,
Сұрадым қайрат сендерден!
Орға хан осылай деп, амалы таусылып, дауылпазды қақтырып,
қалың әскерін қарсы шаптырып, қырғын соғыс басталады. Қан
майданның үстінде қаһарланған Орға батыр хан қашырына
қамшы ұрып, найзасын кезеніп, Манасқа қарсы шабады. Манас
онымен бетпе-бет келіп, сырнайзамен бір-ақ ұрып, жүрегін жарып
жібереді. Ханы өліп, туы жығылып, қырғынға ұшыраған қалмақ
әскері бытырай қашып, Ақунбешім пашаға бас сауғалап барады.
Ат-тонынан айрылып,
Өзі барды біреудің.
Құлағынан айрылып,
Көзі барды біреудің.
Сол қолынан айрылып,
Оңы барды біреудің,
Оң қолынан айрылып,
Солы барды біреудің.
Басын буып құрменен,
Бөріксіз барды біреуі,
Мұрынынан айрылып,
Көріксіз барды біреуі.
Екі аяқтың бірі жоқ,
Шолақ барды кей біреу.
Басы-көзі қызыл қан,
Жасып барды кейбіреу.
«Бәлекетке қалдық!» – деп,
Сасып барды кейбіреу.
Аузына келген сөзді айтып,
Оттап барды біреулер,
Төрттен, бестен қосылып,
Топтап барды біреулер.
Төресінен айрылып,
Жоқтап барды біреулер.
«Бір туғаным өлді!» – деп,
Боздап барды біреулер.
Көріп тұрып Ақбешім,
Көлдей төкті көз жасын.
Қыжылдап барған қаңғайдың,
Талайынан кеп сұрайт:
- Қиын ба екен қырғыздар?
Қылғанын айтқын, – деп сұрайт.
Сары Қыяр аяры,
Көргенін айтып жылады:
- Ағып, тасып қаптаған,
Ажалдан басын тартпаған,
Айғайласып ұрысқан,
Ел көрдік, қалың сел көрдік.
Қайтпайтұғын ер көрдік!
Арқамыздан аз күнде,
Келе ме деп қорқамын,
Сазайыңды қолыңа,
Бере ме деп қорқамын!
Мұны ұққанда Ақун ша,
Ақылы кеткен кезегі.
Қайраттанып аздан соң,
Халқына тілін безеді:
- Тұлпар мініп, ту ұстап,
Тұрысқанда көрерміз.
Түп көтере сап түзеп,
Ұрысқанда көрерміз.
Қаза жетіп, күн бітсе,
Қайда да болса өлерміз!
Қаптап қырғыз қол келсе,
Өрттей лаулап мол келсе,
Өршеленіп ұрысып,
Ажал жетсе өлерміз!
Осыны айтып Ақун ша,
Хатшыға хатын жаздырды.
Хандық мөрін бастырды.
Тау мен ойға аямай,
Тоқсан жігіт шаптырды:
- Қаптап қырғыз қол келсе,
Хабарды жылдам салыңдар,
Он екі мың қол алып,
Ала-Белге барыңдар.
Шамың ша, өте балуансың,
Салысқанның бәріне,
Ақыр заман салғансың.
Қызыл Суда Бауыңды,
Жолдас қылып алғайсың.
Он алты мың қол алып,
Көтмалдыға барғайсың.
Қапшығай шыққан қойнынан,
Қызыл-Омпол тауынан,
Қарауылды мықтап қоярсың.
Қателесіп оқыстан,
Өткізіп қойсаң бурутты,
Бурут бізді жояр шын!
Шамың ша Бауың батырды қосып алып, Қызыл-Омпол төбеге
қарауылға шығып отырады. Бірақ Манастың қалың қолын көргенде,
қорқып, қашып кетеді.Манастың әскері Ақунбешімнің қаласына
жақындап келеді. Сол кезде Тағылық деген батыр көп әскермен
жолын тосып шығады. Қырғын соғыс басталады.
Қалмақтан батыр Тағылық,
Шыға келді шабынып.
Сыр құндақты көк мылтық,
Тарс дегізіп бір қойып,
Елден шықты бөлініп.
Көк түпекті көк найза,
Көтеріп алып қолына,
Көсемсіген қу қалмақ,
Қыран Манас көкжалдың,
Келіп қалды оңына.
Оңы болмай неткені,
Аймаңбоз оқтай жеткені,
Манастың сайған найзасы,
Тесіп өтіп қалмақты,
Сыртынан шығып кеткені.
Ту түбінде қалмақтар,
Жаңбырдай қылып жақ тартты,
Бұршақтай қылып оқ атты.
Қыран Манас қабылан,
Елу мың әскер қолменен,
«Мөндүлөтүп» қалмақты,
Көк адырдан шұбатты,
Тіккен туын құлатты.
Қабылан Манас батырдың,
Тұс-тұсқа кеткен қолы бар,
Айдархан ұлы ер Көкше,
Айбаты жұрттан бөлекше,
Ол қосылды Манасқа.
Қыпшақтардың Үрбі хан,
Бұл қосылды Манасқа.
Жортуылға шықса, ақжолтай,
Жауға тисе, сан қолдай,
Ағекесі хан Бақай,
Ол қосылды Манасқа.
Ымалайдың Қайып даң,
Қарабөрік қызын тартулап,
Қайын ата болған Манасқа,
Күлдірдің ұлы Ажыбай,
Күлдіргіші Шалыбай,
Қаратоқа Мәжігі,
Қамбардың ұлы Шәлігі,
Ақбалтаның Шуағы,
Айнақұл батыр бұ дағы.
Ұлақ ханның Бердібек,
Сыны – сырғақ, өзі шер,
Атағы қалған Сырғақ деп.
Алтайдан келген қырандар,
Қырдағы қақан әскерін,
Ойды көздей сүріпті.
Ойдағысын оңдырмай,
«Ойбайлатып» түріпті.
Алты күн соғысып, жауды жеңе бастайды. Ақунбешім падыша
қырық бес жыл хан болған екен, соғысқа мықтап дайындалған екен.
Ақ жалды қара ат мініп, алтын тәж бен алтын айшықты тон киіп,
көмкере қалқан тартынып, көпкөк темір артынып, ұлықтарын
ертіп, майданның шетіне барады. Ұрыстың бір шеті Шағардың
қара қуысында, басы Маран тауында, ортасы Ой – Далада, көп
қаланы қамтып, аяғы Қара-Қыршында, Қара-Қасат сыртына
кетіпті. Сары-Өзен Шудың даласы қырғынға батып, қызыл қанмен
жуылған екен.
«Елім қандай болды? – деп,
Жаратқанға жалынып,
Ер Манас ойлап, мұңайды. –
Падышамсың, бір Құдай,
Барлығыңа сыйындым!
Басымды байлап өлімге,
Барша жұртым жыйылдым.
Аспан-жердің иесі,
Ұлы Тәңір, бір өзің.
Көрінбей тұрып қолдадың,
Жырақ тұрып жақынсың,
Кішіге – кіші, шоңға – шоң,
Ырыс беріп жатырсың.
Өзіңе өзім шын сеніп,
Майдан құрып жатырмын.
Бас байладым өлімге,
Бабамнан қалған жер үшін!
Су орнына қан төктім,
Бөрік орнына бас кестім,
Жаратқан, өзің кешіргін!
Жүрек беріп біреуге,
Батыр қылған өзіңсің.
Дүние бермей біреуге,
Пақыр қылған өзіңсің.
Аяғымен бастырып,
Адам қылған өзіңсің.
Ақыл бермей біреуге,
Надан қылған өзіңсің.
Жарқыратып жайнатып,
Күн жаратқан өзіңсің.
Қара зұлмат қараңғы,
Түн жаратқан өзіңсің.
Бірді қылып пайғамбар,
Біліндірген өзіңсің.
Бүйтіп біздей құлыңды,
Бүліндірген өзіңсің.
Ақыл жетпес атыңа,
Жалынам жалғыз атыңа,
Жападан жалғыз Құдайым,
Жеткергейсің датыма!
Атамның жерін таластым,
Қытай көп те, қырғыз аз,
Аянбай жәрдем бергін!» – деп,
Аймаңбоз тұлпар атына,
Қамшы басып ер Манас,
Қылышын алып қолына,
Қиқулап жөнеп қалғаны,
Ақунбешім пашаға.
Қашып берді құрған ша,
Манастың түсіп алдына,
Сүрі қатты ер Манас,
Аймаңбозбен жетіпті,
Арқаға найза салғанда,
Ақ жал қара атынан,
Ақун ша құлап кетіпті.
Арт жағынан ақырып,
Айнақұл жетті бақырып,
Ақун шаның сол жерде,
Қылышпен басын кесіпті. Қырғын түскен далада, «Қырғын шалым болғын» – деп, Ер Манас айтып өтіпті. Содан былай шораның, Айнақұл аты өшіпті, Қырғылшал атқа көшіпті. Ханы өлген соң, қалың жау жеңіліп, қырылғаны қырылып, тұтқыннан аман қалғаны тоз-тоз болып қашып кетеді. Меркіш, Мерке, Шамың ша және Дабаға деген қаңғайдың төрт ұлығы бас біріктіріп, қалың қолмен қырғыз, қазаққа қырғын салуды ойластырып, даярлана бастайды. Олармен бірге талай жыл қырғыздың жерін билеп – төстеген Тәшкендегі Панус хан да: «Ақунбешім пашаның құнын аламын!» – деп, көп әскермен Шу тарабына аттанады. Шыршықтың тауында Алаштың қалың елі бар екен, Баймырза деген бегі бар екен. Ол Шалабай деген балуанын шақыртып алып, барлығы шапқылап Көкетайға барады. Жанаділдің Көкетай көп жасаған кәрі екен, көк ала сақал шал екен. Бұл елдердің барлығы қытайға қарап тұрған заманда Көкетай хандық шен алған екен. Байлығымен Түркістан жұртына мәлім болыпты. Қырғыз, қазақ оған келіп: «Тәшкендегі Панус хан қытай, қалмақтан көп әскер жиып,жорыққа аттанды, қырғыздан тірі жанды қоспады. Бұл қалай? Осының жай-жапсарын білдіңіз бе?» – деп сұрайды. Көкетай сонда сөйлейді: - Аз күннен бері ұғамын, «Отыз ұлды қырғыздың, Ойығынан шықты деп, Он бір шаһар төбетті, Ойран қылып жықты деп, Алтайдағы қырғыздан, Аты Манас мықты» деп. Шу бойында қырғызды, Қытайлар қазір жиды дейт, Манастан көрген қорлықтың, Өшін содан алуға, Қырғыз, қазақ тұқымын, Тұтас қырып салуға, Кеңесін қатты қылды дейт. Әуелден құрған қорғаның,
Он екі қақпа Тәшкенді,
Қанша заман жыл болған,
Қытай бізден алғалы,
Қырғызға қорлық салғалы.
Бұқара болдық қаңғайға,
Бұйрығын тұттық әр заман.
Басқа түсіп қалмасын,
Басқаша қиын тар заман.
Қанша күннен бер жаққа,
Қытайдың пейілі бұзылды.
Хан ордасы жағына,
Жолатпайды қырғызды,
Панус деген ханына,
Баста жақын болғандар,
Бара алмай қалдық маңына.
Сақтықта қорлық жоқ деген,
Өзенді Тәшкен шәріңе,
Өрт күйдіріп салмасын,
Манастан көрген қорлықтың,
Өшін бізден алмасын.
Таудағы елдің барлығы,
Сақ болып, жолды барласын.
Басқы атамыз Қарахан,
Ер Тұраннан тараған.
Он бірінші атамыз,
Аруағы биік Алаш хан.
Хабарласқын жер-жерге,
Ұрығы алаш елдерге!
Көкетайдың қарияның бұл сөзін бәрі мақұлдасып, қырғыз, қазақ
– алаш елі қалың қол жиып, жауынгер батырларын атқа мінгізіп,
Панус хан әскерінің артынан жөнеледі.
Оны тастай салыңдар,
Манастан хабар алыңдар.
Буданды мініп бұлқынтып,
Бұлт көшкендей бұрқырап,
Бара жатыр батырлар,
Қазақ, қырғыз халқы бар.
Манжурия, маңғұттан
Қырғызға өткен қаншалар,
Өңкей батыр қарқыбар.
Түн болса, жұлдыз санасып,
Күндіз жолды қарасып,
Желек тудан бөлінбей,
Жердің жүзі көрінбей.
Бара жатыр батысқа,
Беттеп келген дұшпанға,
Заманақыр салмаққа,
Қырғын салып қалмаққа,
Суң қытайдың қолынан
Тәшкенді қайтып алмаққа.
Басшы Манас жолбарысы,
Өңшең шерлер – жолдасы.
Панус ханның әскеріне Ақунбешімнің қашқан қолы қосылып,
өте көп әскер болған екен. Манастың қолы үш күн,үш түн соғысып,
қызыл қанды кешіп жүріп, жауды тықсыра бастайды. Сол кезде
Көкетайдың көп қолы жаудың артынан тиіп, шегінер жолын бөгеп
тастайды. Қыспақта қалған жау қырғынға ұшырап, қашқаны
қашып, быт-шыт болып жеңіледі.
Көпкөк желек туменен,
Қиқырық, ызы-шуменен,
«Қырғыздаған!» думенен,
Қыран Манас жөнелді.
Ала байрақ туменен,
«Қазақтаған!» шуменен,
Көкше батыр жөнелді.
Ақ асаба туменен,
Айғайлаған шуменен,
Қыпшақ Үрбі жөнелді.
Батыр Бақай, Баймырза,
Басшы болып қолына,
Бастап алып жөнелді,
Кең Тәшкеннің жолына.
Қалаға кірді қаптасып,
Он екі қақпа Тәшкенге.
Тиіс емес ежелден,
Түрк ұлынан басқа елге.
Түбін түптеп таспенен,
Түрк баласы салдырған.
Түбі тастан болған соң,
Тәшкен атқа қалдырған.
Қастық қылып қалмақтар,
Қақандағы қытайға,
Екі жүз жыл алдырған.
Суң қытайдың Панус хан,
Алтын тақта отырған.
Ол бейхабар тұрғанда,
Айғай салып көп алаш,
Қалаға кірген шағында,
Кернейдің үні бапылдап,
Зурнайдың үні тақылдап,
«Манастап!» ұран шақырып,
Көшенің ішін көшіріп,
Көкке шаңын сапырып,
Әскер кіріп алыпты.
Тақта отырған Панус хан,
Талып құлап қалыпты.
Тәшкеннің іші ду болып,
Дабыр-дүбір шу толып,
Таң атырды көпшілік,
Даңқы биік көп түрік.
Ер Манастың қосыны,
Неше күн еру болады,
Шыршық, Тәшкен жеріне,
Ондағы қырғыз еліне,
Көкетай батыр қария,
Хан көтеріп қояды.
Көкетайдың көк туы,
Көтерілді қалқылдап.
Манастың қолы жол тартты,
Алтайды көздей сартылдап,
«Енді Алатауға көшсек!» – деп,
Тілейді ерлер жарқылдап.
Қырғыздардың Алатауға келуі.
Ағаң Қосай қария,
«Қаза жетсе, өлем, – деп, –
Қабылан Манас батырға,
Қаран болып берем!» – деп,
Көк темірдей қол алып,
Манасқа келіп қосылған.
Қапасын жанның кетіріп,
Жалпы қырғыз біткенді,
Жайбарақат көшіріп,
Қайран ағаң ер Қосай,
Ағала желек, көк туды,
Ырғап көшіп келеді,
Бәрінің шері жазылып,
Жырғап көшіп келеді.
Жақыпта бар сан қара,
Ақбалтада түмен мал.
Аңсағаны Алатау,
Байғұс қырғыз қуылған,
Шыңғырып ана туған жер.
Ерекше тонын киісіп,
Желмеген жорға мінісіп,
Тынбай көшіп өтісіп,
Кіші-Жұлдыз, Шоң-Жұлдыз,
Ағын суын кешеді,
Өгіз-Асу, Тай-Асу,
Қатар асып келеді.
Іленің басы Үш- Арал,
Еру бола береді,
Үш-Жырғалаң, Қоңызды,
Бойлай көшіп жүреді.
Ат терлетіп сыдырып,
Тегіс көшіп қыдырып,
Ылди қарай бет алса,
Қарқылдаған қарға жоқ,
Құрқылдаған құзғын жоқ,
Сары-Өзен-Ата дер екен,
Кең Іленің жиегі екен.
Аққан судың бойына,
Шоң өзеннің бойына,
Жағалай жұрт қонады.
Елін бастап осында,
Жеті күн Манас жатады.
Көш тоқтатып, жұрт жиып,
Үш күн жиын ашады.
Көкке аунасып жатысып,
Құмарға әбден батысып,
Сөзді ортаға салысты,
Кеңес қылып қалысты.
Алағар көзі шолпандай,
Ай құлағы қалқандай,
Абаң Қосай қария,
Ақ сақалы жарқылдап,
Ақ самалдай аңқылдап,
Кеп бастады Манасқа,
Ақ сұңқардай саңқылдап:
- Айналайын құлыным,
Кеше келдік Алтайдан,
Өбектеген кәрі бар,
Еңбектеген бала бар,
Ауыл қандай қонбақшы?
Қиырыңда қалмақ бар,
Қирасып ұрыс салмақ бар,
Маңдайыңда маңғұл бар,
Майдандасар жерің тар,
Айла қандай болмақшы?
Өзенге малды салайық,
Өрлей жатып қонайық.
Қапшағай аузын алайық,
Қатарлас жатып қонайық.
Тірі болсақ құлыным,
Бір төбеге қонайық,
Өле қалсақ оқыстан,
Бір молада болайық.
Бәлелі қалың дау келсе,
Төр таласа жүрейік,
Өкімсіген жау келсе,
Өр таласа жүрейік.
Дауды бірге даулайық,
Жауды бірге жаулайық.
Қарағай найза баулайық,
Мылтықты бірге оқтайық,
Білтені бірге шоқтайық.
Азған, тозған қырғыздың,
Намысын бірге жоқтайық.
Біздер болсақ кәріміз,
Кеміп барат әліміз,
Азғана қырғыз еліңді,
Өз қолыңа алыңыз.
Сенсің біздің ханымыз.
Қырғыз біткен түгелдей,
Дегеніңе көнеміз,
Хандықты саған береміз.
Қара болат айбалта,
Қайқайтып көкке ұстай бер,
Қамауда қалған халқыңды,
Қапа қылмай бастай бер!
Қаптап дұшпан келгенде,
Керқабылан аузын бұрамын,
Арқа болып өзіңе,
Қалқа болып халқыма,
Таудай болып томсарып,
Ту түбінде тұрамын!
Өзіңді қашан келет деп,
Күтіп жатқан жұртың бар,
Қазына қамдап, қол жина,
Қайратты мықтап мол жина,
Бекінетін жерді тап,
Белі мықты ерді тап.
Кемел ойла басынан,
Кемімес болсын қазынаң.
Қалың боран, қату күн,
Қаншалық өтер басыңнан.
Қыр-қырда қырғыз еліңе,
Қызыққан жандар тағы бар.
Буданын демдеп, суытып,
Байлап жатыр Әлеуке,
Қалмақ пенен маңғұлын,
Сайлап жатыр Әлеуке.
Семіріп, сергіп оңғанда,
Секіге шығып қонғанда,
Еліңді түгел басқарып,
Өз еркіңше тұрғанда.
Ол сені қоймас жайыңа,
Сұраудан ұғар жөніңді,
Күтінбестен сен жатсаң,
Айналтып шабар еліңді.
Осыған мойын бермеске,
Оқ өтпеген тон қамда,
Қусаң жетпей қалмасқа,
Оқ жетпеген ат қамда.
Қызыр шалған Манасым,
Саған мықтының бәрі жолығар,
Қызметіңде болсам деп,
Қаншаның көңлі толығар.
Ат семіртіп, мық қылғын,
Азаматты қырық қылғын.
Жөндеп алғын жораңды,
Тыңдап алғын шораңды.
Бұдан ары көшкенде,
Сары-Өзеннің аяғы,
Белестен бейхабар адам желмеген,
Беттеп дұшпан келмеген,
Кәдімгі Талас, Кең-Қол бар,
Халыққа жеткен хабары.
Жердей көр осы жеріңді,
Күте көр қырғыз еліңді.
Құлыным, көшіп келіп Алтайдан,
Халық құрапсың әр жайдан.
Кәрі де болса көмекпін,
Қасыңа сенің керекпін,
Қара жанға күш келсе,
Таянар болсаң терекпін.
Арық жүріп семірдім,
Аш боп жүріп тойындым.
Жарлы жүріп байыдым,
Жалғыз жүріп көбейдім.
Алтайдан Манас табылды,
Абиырым бүйтіп жабылды!
Сонда ақылман Ақбалта кеңінен толғап, арыдан қозғап,
Алтайға қуылған кезден бастап, көрген күндерді бір шолып келіп,
елдің бағына туған Манасқа алғысын жаудырып, енді өз елі –
Нойғұтқа баруға рұқсат сұрайды. «Құттыбиді бізбен бірге жібер,
нойғұтқа хан қылып, Манасқа тете ұлым деп сыйлап тұрайын!» –
дейді. Құрдасын қимай Жақып сөйлеп, Алтайда бір-біріне таяныш
болғандарын айтып, ризашылығын береді. «Манасқа тілеулес пана
бол, халқыңа қаран бол!» – деп, құшақтасып, жылап қоштасады.
Сонда Манас кеп айтат,
«Туғандар ұққын! – деп айтат. –
Ұрынатын тау жатыр,
Ұрысатын жау жатыр,
Асатұғын бел жатыр,
Қапталыңда тіс қайрап,
Хан Әлеуке бұл жатыр.
Ажал жетсе өлерміз,
Келген екен кезегі,
Қылымның ханы Әлеуке,
Қарсылдасып көрерміз.
Аққулар жүзген көл таптым,
Тұлпарым тоқтар төр таптым.
Қалмақты көрсе қайысқан,
Маңғұлды көрсе майысқан,
Туғаным қырғыз ел таптым.
Қапшағай таптым, төр таптым,
Айдаған малым толарға,
Айдынды Талас жер таптым,
Ауылым көшіп қонарға.
Халқым, қабыл болсын тілегің,
Орнына келсін жүрегің,
Ажал жетпей, күн бітпей,
Мұнша неге жүдедің!
Жанына жанның бара алмай,
Жұртым, жалтақ болған екенсің,
Жабыласа көп қалмақ,
Қорқақ болған екенсің.
Тұқымнан тұқым иеленген,
Тау сенікі емес пе,
Тұнып аққан өзенде,
Су сенікі емес пе?
Қалдайып қалмақ басыпты,
Кеше атамыз өткен бұл жайды.
Адам болып сөз біліп,
Еркек болып ат мініп,
Ер атанып жүрген соң,
Атадан қалған жерімді,
Атасы басқа дұшпанға,
Алдырсақ құдай ұрмай ма?
Кімге қаран болайын?
Кереге жайып, уық сайып,
Келіп мында қонайын!
Өкімсіген жау келсе,
Өр таласа жүрейін,
Қарасы қалың дау келсе,
Төр таласа жүрейін.
Ұрынса қалмақ қол салып,
Айқасып бір көрейін.
Сандалып қырғыз қалыпсың,
Әттең дүние, не дейін!
Алты сан аман тұрғанда,
Киелі қырғыз жерімді,
Жау табаны басқанша,
Асыл қырғыз халқымды,
Төбелетіп бөтенге,
Құр қарап босқа жатқанша,
Тумай туа шөгейін,
Тірі жүрмей өлейін!
Атқармасам антымды,
Ақкелтенің оғы ұрсын,
Көк білтенің шоғы ұрсын.
Төсі түкті жер ұрсын,
Төбесі ашық көк ұрсын.
Атқармасам антымды,
Көк тәңірім өзі ұрсын!»
Манас мындай дегенде,
Келгендер ұйып сөзіне,
Көздеріне жас толып,
Қырғыз біткен кеп айтат,
Бейілденіп бек айтат:
«Үйір сағынып ат келет,
Ел сағынып ер келет,
Ел басына күн туса,
Ел жаратқан ер келет.
Қара боран күн жауса,
Бұл Манас қалқа болады екен ғой.
Қалдайған қалың ел құрап,
Бұл Манас арқа болады екен ғой.
Ер тоқынып ат мініп,
Белеске шығып үй тігіп,
Адам болады екенбіз.
Қол жиса қоса барысып,
Қос қолдап найза сайысып,
Бала Манас қыранға,
Енді қаран болады екенбіз.
Түгел қырғыз баласы,
Көретұғын күн бар ғой,
Ішетұғын су бар ғой.
Басымызды қорғаушы,
Байғұс болған бұл жұртта,
Енді бала Манас ту бар ғой!»
Сөйтіп, Қосай, Ақбалта қариялар өз елдеріне аттанады.
Бер жақта қалған қырғыздар,
Ілесіп айкөл Манасқа,
Бет ала көшіп бөгелмей,
Аман жетті Таласқа.
Келісімді кең Талас,
Тұрған екен жайқалып,
Төрі жатыр шалқайып.
Тоғайы бар, талы бар,
Ол тоғайдың ішінде,
Жан-жануар бәрі бар.
Ана жағын қарасаң,
Қан – Жайлаудың қайқысы,
Осы жерден айрылған,
Қайран қырғыз жұртының,
Тұмсығының тайқысы!
Мына жағын қарасаң,
Үш-Қосайдың бөксесі,
Мұны жайлап тұрғанның,
Болар ма екен өкпесі!
Тура жағын қарасаң,
Қарабура, Шатқалы,
Көз жетпеген асқағы,
Көкті тіреп жатқаны.
Ай, жарықтық кең Талас,
Ер Манасқа жер болып,
Жергелей келіп ел қонып,
Төрткүлдің төмен жағына,
Ту тікті қырғыз жаңадан,
Тұйғын Манас тағына!
Әлеуке ханның қашқаны.
Арыстан Манас батыры,
Айбатын қара ақыры:
Астыңғы ерні албайып,
Үстіңгі ерні далбайып,
Мұрыны таудың қырындай,
Мұрты таудың ағаштай.
Кірпігіне қарасаң,
Көлге біткен қамыстай,
Көзі көлдің орнындай,
Қаһарланып қараса,
Көрінгенді жұтқандай.
Әр мінезін қарасаң,
Аждаһа болса тұтқандай.
Көркі қалша, көзі тік,
Көбіне айтса, сөзі тік.
Жолбарыс жүрек, тас білек,
Жаурыны қалың, жар қабақ,
Жорығына қарап бақ.
Атасы Жақып болса да,
Мойнына қойса қылмысын,
Қара қылды қақ жарып,
Қадаған сұрақ қылышын.
Қылая қарап күлмеген,
Күлгеннің сырын білмеген.
Күңірене сөйлеген,
Күші артылған дүниеден.
Жаны қалмай аянып,
Жатпай шықты үш күні,
Жалаң қылыш таянып.
Шынтағын жерге салмады,
Шырп етіп ұйқы алмады.
Сырын білген шоралар,
Қорқып жаны қалмады.
Анда Манас қабылан:
«Тілімді білген жұрт болса,
Тілімменен келсін, – деп, -
Тіл білмеген жұрт болса,
Тілмәші жауап берсін, – деп-
Өзімді білген жұрт болса,
Өзімді біліп келсін, – деп, -
Өзімді білмей қалғаны,
Сөзімді біліп келсін!» – деп,
Хабар салды халқына,
Қалың қырғыз жалпыға.
Атасы Жақып кәрі бар,
Ақылманның бәрі бар.
Ақбалта, Ошпыр тағы бар.
Айдархан ұлы Ер Көкше,
Бәрі келген шағы бар.
Өлімнен қорқпас көп жандар.
Пілдің жүгін кигендер,
Бірі мыңға тигендер,
Жарағын темір кигендер,
Жалғызы санға тигендер.
Басшысы Бақай дағы бар,
Батырлардың бәрі бар.
Күлдірдің ұлы Шалыбай,
Күлдіргіші Ажыбай,
Қыранның бірі Құтынай,
Сары үйсіннің Сатайы,
Алшындардың Атайы,
Үйсіндердің Үметі,
Үмет ұлы Жайсаңы,
Арғын Қарақожасы,
Баубек, Шаубек, Шүкірі,
Болған іште пікірі,
Арбандардың Алтайы,
Алдына келіп жиылды,
Ақылманның талайы.
Дөрбөндөрдің Тортайы,
Дөп сөйлеген сөз жайы,
Төлгеші қара Төлегі,
Тегін емес өнері,
Ағыбай жауырын көруші,
Анығын айтып беруші,
Топтың басы Тоқатай,
Ел билеген Еламан,
Халық басшысы Қалқаман-
Қабылан Манас батырға,
Қашып келген арқадан.
Сырттан Сырғақ, Серегі,
Сырттан Манас батырға,
Қысылса тиген керегі.
Көш бастаған Ыбышы,
Мүлт кетпеген қылышы.
Әлімнің ұлы Алакен,
Манжурия қалмақтан,
Манжуына бек қойған
Батырдан қанша бар екен.
Түмен қырғыз жол жүрсе,
Түлкінің ізін жаңылмас,
Қараңғыда қол жүрсе,
Қалқылдап жырақ жол жүрсе,
Қарсақтың ізін жаңылмас
Қадыр, Жайнақ, Шуты бар,
Халықтан шыққан қуы бар.
Қазақтардың жауырыншы,
Қайғыл, Бөгеуіл, Торуылшы,
Шыңғының ұлы Кербені,
Сыптай қасқа Дөрбені,
Бөрі жалды Бөгелі,
Жауды алыстан көрері.
Ыраман ұлы ықтысы,
Ер Тазбаймат мықтысы,
Қазат десе қамданып,
Қасқайып жауға шығары.
Ақбалтаның Шуағы,
Арыстанның бірі бұ дағы,
Қырықтың басы Қырғылы,
Қылымды жеңген дыңғылы.
Набаттардың Қалдары,
Қаптап келді жиынға,
Барлық қырғыз балдары.
Себілдісі сексен төрт,
Серп алған жағы қызыл өрт.
Батыр Манас кеп айтат:
«Кеңесіме келгенің,
Кенен ұққын, – деп айтат. -
Атамнан қалған жер үшін,
Аттанғалы тұрамын.
Ақылманның бәрінен,
Бабалардың жорығын,
Бастан-аяқ сұрадым.
Қалмаққа қаһар салмасам,
Қара жаным тыншымас,
Әнжиянда Әлеуке,
Қаласын бұзып алмасам!
Атамнан қалған жер екен,
Намысты қырғыз санай ма?
Ынтызар болдым алуға,
Аспара менен Алайды.
Көрмегенді көріпсің,
Көріне көбің өліпсің.
Алдырып қойып қалмаққа,
Намысың жоқтан жүріпсің.
Шапқан балта өте ме,
Шақырлаудың тасына,
Нелер келіп, не кетпес,
Ер жігіттің басына.
Өлім жайлы ойлама,
Өмір тіле басыңа,
Өмір берсе басыңа,
Кеткен дұшпан дос болып,
Қайра келер қасыңа.
Жатқан қалмақ елін көр,
Көптігімен күшенген,
Абайлап жүрсең бұл күнде,
Аяғың шығар кісеннен.
«Қонған жерден көшкін, – деп,
Алысырақ кеткін, – деп,
Не болмаса кешікпей,
Қол қусырып, бел бүгіп,
Қасыма менің жеткін!» – деп,
Әлеуке елші жіберді.
Жұртым,бұған не дейсің?
Әуелден бермен білесің,
Әлеукенің қорлығын.
Көтерем қайтіп мен өзім,
Оның қырғызға қылған зорлығын.
Күйленсе, күшін көрейін,
Күнім бітсе, өлейін.
Жүр, жүрге салып көшіріп,
Жүдетпесін майдасын,
Атасы үлкен, малдылар,
Алайға барып жайласын!»
Қабыланың кепті салғаны,
Қалың жұрт ұйып қалғаны.
Айдархан ұлы ер Көкше,
Айбаты жұрттан бөлекше,
Орнынан тұрып кеп бастап,
«Ой, халайық!- деп бастап. -
Біріншісі жер пайда,
Білім керек мындайда.
Екіншісі ел пайда,
Еңбек қылып, бас байлап,
Ел табушы ер қайда?
Қазақ, қырғыз шашылып,
Қашанғы жүрмек әр жайда?
Есірген екен Әлеуке,
Иесін жерден көшкін деп,
Қасына барсақ қайтеді,
Қай жерден көшіп сен келсең,
Әлеуке, қайырылып тұрмай кеткін!» – деп.
Көкше мындай деген соң,
Көпшілік қамын жеген соң,
Мақұл көрді бәрісі,
Жасы менен кәрісі.
Сонда Манас батырың,
Әсемін елден арттырды,
Алтын ауыз кернейді,
Арылдата тарттырды.
Алтындатқан абайын,
Арғымаққа жаптырды.
Қоңыраулы қара нар,
Қолға күші барабар.
Қозғалғанда төреңнің,
Салтанатын қараңдар.
Қайратын көрсең – Қаратау,
Қатылған пенде қалмайт сау.
Айбатын көрсең – Алатау,
Асылған қалмас аман-сау.
Болжалына қараса, -
Болат өтпес қара тас.
Гүрзі тисе ойылмас,
Тұйық сүйек, шойын бас,
Аз кигенім дегені-
Атан түйенің жүгі бар.
Адам ұлы тік келмес,
Айдаһардың түрі бар.
Ызғарлы айтқан сөзі бар,
Шырқыраған шіркіннің,
Қызыл жалын көзі бар.
Жүзінің кәрі жайылып,
Күркіресе күн болып,
Күндіз күні түн болып,
Бетіне шығып қаһары,
Арыстаның жауға аттанды!
Марғалаңда тақта отырып, Алтышар мен Қоқанды билеп,
айналадан алым алып тұрған қаһарлы Әлеуке ханның тізесі елге
әбден батқан кезі екен. Манас қалың қолмен келе жатқанда, сексен
аяр сиқыршысы Әлеуке ханға: «Манас келсе, аман қалмаймыз.
Қақанға қашып кетейік!» – деп, кеңес береді. Шындап қорыққан
Әлеуке соғыспай, қашып құтылмақшы болады. Бірақ, бірер күннен
кейін артынан Манас қалың қолымен қуып жетеді. Сонда, Түкірік
деген бір мықты батыры: «Мен оны өзім-ақ жайғап тастайын!»
– деп, ерсініп, Манасқа бетпе-бет барады. Бірақ, Манастың түрін
көріп, сүрінен үрейі ұшып, «жүрегінен қап кетіп, білегінен сап
кетіп», өліп қалады. Әлеуке айлалы, аяр кісі екен, Манасты сынай
қарап:
– Кірпігі жалын, көзі шоқ,
Кісіде мұндай келбет жоқ.
Алып қарақұс арбайып,
Аспаннан шеңгел салғандай,
Көсеу құйрық көкбөрі,
Қорғаушысы болғандай,
Қара шұбар жолбарыс,
Қарсы алдында тұрғандай!» – деп, зәресі кетеді. Соғыспай
құтылуды ойлайды.
Ойран болып Әлеуке,
Амандығын тіледі,
Айласы түгел таусылып,
Енді ер Манасқа келгені:
- Дұшпаныңмын мен, – деді,
Дұшпан да болсам, жан сауға!
Амандық бергін сен, – деді.
Ұрынбадым, қарадым,
Тыныштықты қаладым.
Қанатым сынды, қол шықты,
Әзір мені қамадың.
Өршін Қоқан, Әнжиян,
Түп атаңның жері еді.
Иелеп алып бермедім.
Шырай берсең, тұрайын,
Жауласпай мойын сұнайын,
Жол берсең, кетіп тынайын.
Рұқсат сізден жоқ болса,
Қайтіп мында тұрайын?
Өкініш жоқ сөзімде,
Өлім жақын өзімде.
Арыстан Манас екенсің,
Ажал оғы кезеніп,
Тұрады екен көзіңде.
Алтайдан бергі жерді алдың,
Алуан түрлі елді алдың.
Аяғында келдің де,
Әлеукеге қол салдың.
Қорықтым салған қолыңнан,
Рұқсат болса өтейін,
Өзіңнің басқан жолыңнан.
Құс құтылмас әуеде,
Қылымға жайған торыңнан.
Жайдары Манас төресің,
Жамандық келмес қолыңнан!
Мүлт жібермес мергенім,
Үлкен ұлым Баукені,
Өзіңе тарту берейін,
Ақ үйліге алғаның,
Уағда сөзде тұрмасам,
Менің қара басыма,
Заман ақыр салғаның!»
Қиын екен Әлеуке,
Құйын сөзбен ағылды,
Аяр екен Әлеуке,
Жанын тілеп жалынды.
Қыран Манас кеп айтат:
«Мұнша неге қыстадың,
Ей, Әлеуке!? – деп айтат.
Жалынып жаның сұрадың,
Жайыңды көріп тұрамын.
Шақырсам шындап жынымды,
Кең Әнжиян баурынан,
Кетірмес едім біріңді.
Түмен қытай еліңіз,
Шет Бейжінде жеріңіз,
Қытайға Манас тимеді,
Қырғыздың жерін жерлеуге,
Тізгінді саған кім берді?
Қай, қайда жатыр жеріңіз,
Қалмақ, маңғұл еліңіз,
Қалмаққа Манас тимеді.
Атамның жерін алуға,
Ерікті саған кім берді?
Көп шұқыма жарамды,
Көш те қазір тез жоғал,
Көргізбей қайтып қараңды!»
Осылай келіскен соң, Әлеуке хан халқына: «Ұрыспай, соғыспай,
Орқонды көздей тарайық!» – деп, түнделетіп жолға шығады. Екі
жарым ай жол жүріп, жеріне жетеді.
Алдынан шықты жолығып,
Әлеуке ханның баласы,
Батыр туған Қоңырбай,
Атаған оны Қоң төре,
Қытайда қиын шоң төре.
Бейжінде жақын туғаны,
Бес жыл сонда кетіпті,
Оқуын оқып қытайдың,
Он сегіз жасқа жетіпті.
Бейжіннен бері қайтқанда,
Көшкен елді көріпті.
Білген соң көшкен себебін,
Жыны қатты келіпті.
«Кенже балам келді!» – деп,
Өбейін десе атасы,
«Өппей өліп қалғын!» – деп,
Қағып тастап, бүй дейді:
– Әнжиян еді тұрағың,
Мына қылған ісіңе,
Қайран болып тұрамын!
Манжу менен торғауыт,
Бәрін қайда жоғалттың?
Қырғызға қырғын салмапсың,
Ферғанадан қашқанша,
Қытайға қарай асқанша,
Қырылып бәрің қалмапсың?
Бейжінде қытай ұрығың,
Ферғанада атеке,
Кімнен қорқып құрыдың?
Өңкей қытай кетті ме,
Бейжінге қашып сен барсаң,
Өлмеске көзің жетті ме?
Қызылдай дүние шашар ма,
Қырғыздан қытай қашар ма!?
Қоңырбай налып біткенде,
Әлеуке сонда сөйлейді:
- Айтасың, балам, ерсініп,
Қастасқанын сау қоймас,
Манас оңай көрінбейт!
Қылайтып қырып салардай,
Қырғыз оңай көрінбейт!
«Атамның жерін бергін!» – деп,
Алтайлық келіп қамады.
Зәрі қатты Манасы,
Кетірді менің шамамды.
Кепкенсің бе, балам сен,
Бейжін де бұдан сау қалмас!
Қара күшке есірме,
Қақан да бұдан сау қалмас!
Бедеудің жалын өріп ал,
Бетімен маған кіжінбей,
Беттесем десең Манаспен,
Бейжініңнен көріп ал!
Әліңе қарап ойнағын,
Ақылыңмен ойлағын!
Айбатына, сүріне,
Ақылмен ойлап жетпедім,
Құрысын жалған дүние,
Құтылар жағын ептедім.
Қашу керек, амал жоқ,
Бекерге айтпа сөзіңді,
Бейжінге жеткіз өзімді.
Ақыры Манас бір барар,
Көрермін сонда күшіңді,
Бітірген сенің ісіңді!
Бұл сөзді естіп ойланды,
Қоң төре тілі байланды.
Саурық ханмен соғыс.
Алайдың түстік жағында, ар жағы Тағарма, басы Даң-
Дуң тауында Маймундық деген ел бар екен. Оның ханы Саурық
қырғыздардың жақын келгеніне күйініп, кәріне мінеді. «Қырғызды
қырайын, Алайдан асыра қуайын!» – деп, соғысқа қамданады. Үш ұл,
екі қызы бар екен, үлкен қызы Ақылай ақылды, сұлу екен. Сол қызы
түс көріп, атасына келіп айтады.
– Ата сізге кеп айтам,
Алысты көздеп жорыққа,
Аттанбаңыз деп айтам!
Жетіген жақтан сел келді,
Селмен көшіп жер келді,
Сел батпаққа қалыппын,
Сенделіп қашып алыппын.
Ағып суға өлерде,
Алтын берік шынарға,
Тырмысып шығып барыппын.
Ашасында отырсам,
Атеке, келдің қасыма.
Терекке қалдық тербелмей,
Керіде қалдық еленбей.
Су қаптады, сел болды,
Қиян менен қыжылдап,
Ағып жүрген ел болды.
Жорушыңыз бар ма еді,
Атеке, бұл түс не болды?
Жүрегім шошып айырылып,
Жүдедім жаман қайғырып,
Алтайдан келген қырғызға,
Асылып алып, атеке,
Жүрмеңіз тақтан айрылып!
Хан Саурық оған болмады,
Түсін жорып толғады:
- Қиян, сел қаптап келгені,
Қырғыз деген ел келді.
Шыққан шынар терегің,
Шындап құдай бергені.
Шауып алып қырғызды,
Тағына мінген өзім ғой,
Осы түс сенің көргенің!
Осылай жорып Саурық хан,
Дауылпазы қағылып,
Туға байрақ тағылып,
Алайда жатқан қырғызға
Қосыны келіп қол салып,
Нойғұттың жерін шалыпты,
Ошпырдың аулын оңдырмай,
Оқшыны шауып алыпты.
Оқшы қырғыз ұрығы,
Ойбай салып құрыды.
Жеті мыңдай жылқыны,
Желіден Саурық айдады.
Топалаңға түсіріп,
Қалаба қылды қалшасы,
Қырға шығып құтылды,
Қырғыздардың қаншасы.
Сонда, асып-сасып, есі шыққан Ақбалта ақсақал осы жаққа,
Күлішменің тауына киік атып, аң аулап, келген Манасқа мына
қырғынның хабарын ойбайлап жеткізеді.
Әне, міне дегенше,
Алпыс мың қосын әскерін,
«Артымнан келе берсін» – деп,
Арыстан Манас көкжал ер,
Киік аспас тауменен,
Бастырып қия белменен,
«Шайқасам, – деп, -өлгенше,
Өзі тиген жауменен!»
Асып түсті Алайға.
Ақкелте мылтық асынып,
Байланды албарс қылышын.
Шарайна төске тартынып,
Қару-жарақ артынып,
Белдемше темір байланып,
Жауар бұлттай айналып,
Қосынымен ер Манас,
Майданға барып тұрғаны.
«Ажалайлап» ұрандап,
Саурықты құдай ұрғаны.
Дөгеші атты балуаны,
Төрт мың қосын алғаны,
Тұйғынды көздей ат қойып,
Бәрі жөнеп қалғаны.
Аймаңбозбен құйғытып,
Манас жетіп барғаны.
Дөгеші батыр созылып,
Манасқа найза салғаны.
Дөгешінің найзасы,
Сауытқа батпай қалғаны.
Найзасы сынып, Дөгеші,
Сынығына ілініп,
Шалқасынан кеткені.
Жығылып қалған дұшпанға,
Сырттан Манас беттеді,
Сыпырма қара құрышпен,
Басын сылып өткені.
Қаптап қырғыз күңгірлеп,
Алдына қарай дүңгірлеп,
Манас бастап бәрісі,
Ақбалта, Жақып кәрісі,
Алпыс мың қосын ат қойып,
Алды-артына қарай ма?
Қызыл қырғын, қан қасап,
Соғыс болды Алайда,
Ажал жетті талайға.
Саурық ханның соры екен,
Алып келген қосыны,
Үш жүз мыңдай қол екен.
Өлді көбі теңделіп,
Жаны тірі қалғаны,
Жарадар болды сенделіп.
Жасанып келген айкөлдің,
Қаһарына шыдамай,
Саурық ханы бас болып,
Екі күн, бір түн қашыпты,
Ентелеп жаман сасыпты.
Саурық хан жетті жеріне,
Анықтап хабар сала алмай,
Өзі білген еліне.
Басты жұрты Саурықтың,
Тарса, қалша, маңғыты,
Барып сөзді ағытты:
-Түбің түскен қырғыздан,
Бірі мыңнан қорқпаған,
Батырды көріп келдім деп,
Қарасын көрсең өлесің,
Қаша көргін елім! – деп. -
Өкімсіп тұрып,өртендім,
Мықтымсып тұрып, қырылдым,
Ұрынбасқа ұрынып,
Жолықпасқа жолығып,
Олжасы болдым қылымның.
Қырғыздар асып, болды зор,
Қайнаған екен біздің сор!
Өзіне барып жығылып,
Өлтірме деп сиынып,
Қыл деген ісін қылайын.
Қабылан Манас батырға,
Бағынып барып тынайын!
Көсемсіген хан Саурық,
Келді осылай ақылға.
Бармақ болды тарту ап,
Ер Манастың өзіне.
Ордада жүрген отыз қыз,
Қымбат киім кигізіп,
Қылтылдақ жорға мінгізіп.
Жасандырып қыздың бәрісін,
Тастады Саурық намысын:
- Ақылай балам!- деп айтып, -
Тіліңді, балам, алмадым,
Тігілді қапқа арманым.
Дәрменім тіпті қалмады,
Жаным тірі қалса деп,
Тіледім де зарладым.
Алсаң,балам, тілімді,
Атекеңді ажалдан,
Ажыратып ала көр,
Отыз сұлу алдына,
Тарту қылып барайын,
Бастап өзің бара көр.
Осы болсын сөзіміз,
Аман қалсын еліміз!
Саурық мындай дегенде,
Сонда қызы сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
- Бар істі құдай қылғызды,
Құдіретін білгізді.
Мейлі, өзімді апарып,
Тарту қылсаң ханына,
Болармын мүмкін мен дауа,
Талайлардың жанына!
Алтынай мындай деген соң,
Саурықтың жаны жай тауып,
Қымбат, қымбат бұйыммен,
Қызыл қамқа, зер алып.
Қырық бір қызыл нарменен,
Бұрқыраған шаңменен,
Отыз бір сұлу қызбенен,
Нан көтеріп, тұзбенен,
Алдына барды Манастың.
Алпыс нөкер қасында,
Алтынды тәжі басында,
Шыққан екен хан Саурық,
Елу сегіз жасына.
Бота құры мойнында,
Екі қолы баурында:
- Болдым дұшпан сізге, – деп, –
Қаһар қылдың бізге деп,
Арыстан Манас, баламсың,
Ата жолын ізде деп,
Тартып келдім қызымды.
Жайыңды білмей ұрынып,
Талай елім қырылды.
Жалынып жаным сұрайын,
Жалпы жұртым қысылды.
Қосын алып үш жүз мың,
Алайыңа жабылдым.
Алдырып қойып өзіңе,
Жан сауғалап сабылдым.
Арыстанға ұрынып,
Ақылым жоқтан жаңылдым.
Ажалым жоқтан өлмедім.
Амалым ақыр біткен соң,
Ақылай қызым бас қылып,
Тарту алып келгенім!
Айтты Саурық бұл сөзін,
Айыпты деп бір өзін.
Арыстан Манас батырдың,
Адам білмес мінезін.
Қылая қарап күлмеген,
Күлгеннің сырын білмеген,
Күңірене сөйлеген,
Көкжал Манас беренің,
Ағекесі Бақайға,
Мына сөзді салыпты:
- Ағеке, бұл сөз қандай ?- деп, –
Арсаңдап күліп алыпты. –
Алдыңа келді ханыңыз,
Өзіңізге сый тартып,
Өтініп келген жан екен,
Сыйын қабыл алыңыз,
Ақылмен жайын табыңыз!
Жиылған қалың көпшілік:
- Оң сөз! – десіп қалғаны.
Ордаңызға кіргін, – деп,
Манас бастап барғаны,
Саурық кірді сарайға.
Қырғыздар тұрды күлісіп:
- Бейбақ қыздар, көзіңді аш,
Осындағы кәрі-жас,
Аңдап тұрған сендерді,
Қарақырғыз ел болар,
Кімің кімді таңдасаң,
Осы саған ер болар!
Сақал-мұртын тарасып,
Қыздарды байқап қарасып,
Қоқырайтып бөрікті,
Қыз үшін оңдап көрікті,
Қалаған бар ма бізді деп,
Қанша түрлі жан тұрды,
Қыздарға беріп ерікті!
Қыздың бәрі қысылды,
Көз тайдырып, сызылды.
Саурықтың қызы Ақылай,
Топ ішінен бөлініп,
Қырғауыл мойны көрініп,
Су шыбықтай бұралып,
Сырттан ерге бет алып,
Батырдың барды қасына,
Манасты таңдап ерім деп,
Саурықтың қызы Ақылай,
Қонды дәулет басына.
Сонда қалған отыз қыз да батырлардың ішінен қалағанын
таңдайды. Қыз тимей қалғандарға қырық түйедегі алтынды бөліп
береді. Маймундықтың ханы Саурықты тағына қайта отырғызып,
отыз күн ойын ойнап, қырық күн тойын тойлап, қабылан Манас
қырғыздарды бастап Әнжиянды бетке алып, аттанып кетеді.
Аққұла тұлпар
Кең Таласта тұрғанда,
Оқ өтпеген тон киген,
Оқ жетпеген ат мінген,
Ноян келді Манасқа.
Мыңды көрсе саспаған,
Мыңнан жүдеп қашпаған,
Жолбарыс келді Манасқа.
Балақтан мықтап алысқан,
Балтырдан шапшып шалысқан,
Жан аямай шабысқан,
Бұқа мойын, бура сан,
Балуан келді Манасқа.
Азамат келсе алқынған,
Ат күлігін мінгізді,
Батыр шорам менің деп,
Манас тон мықтысын кигізді.
Жылқыдан таңдап бие сойып,
Батырың сияпатын арттырды.
Сары қазы, қима жал,
Манас қонағына тарттырды.
Алатауды айналып,
Арқар атып байланып,
Көңілі бүйтіп жайланып,
Күнде күлік баптатып,
Күнде жарақ шаптатып,
Балуандары шалысып,
Батырларын қарасаң,
Ат үстінен алысып.
Қара күші нық толып,
Қабыланның шорасы,
Өңкей батыр қырық болып,
Жатқан екен ер Манас,
Ата қоныс жер болып,
Жылғынды Кең –Қол, кең Талас.
Осылай шалқып жатқан батыр Манастың үйіне бір күні атасы
Жақып кіріп келіп, ашуға булығып, ұрсып береді.
– Менің кетірді құдай әлімді,
Ішіп-жеумен жоғалттың,
Менің жер жайнаған малымды.
Ұқпай қойдың сөзімді,
Сорып, шауып көрінген,
Басты күнде өзіңді.
Ажал жетпей, күн бітпей,
Адырлардың құланын,
Мен қумақ болған екенмін,
Балалы болдым деп жүрсем,
Қубас болған екенмін.
Санамнан кетпес шыр қылдың, Манас,
Сан қараны мың қылдың, Манас.
Аты жоққа ат беріп,
Тоны жоққа тон беріп,
Қартайып қалған кезімде,
Мүшкілді маған сен қылдың, Манас.
Қайнаған түмен мал қайда,
Өндірлі Алтай жер қайда?
Қабырғалас тұрушы ек,
Қара қалмақ ел қайда, Манас!
Қармап сойдың биемді,
Шығардың қай-қайдағы киемді.
Кетірдің жаман әлімді,
Алтайдан күткен сан қара,
Манас, сен далаға шаштың малымды.
Бәйгеге тарттың малымды,
Қос қолдап шаштың далаға,
Қу балам, қолымдағы барымды!
Қалың малдан айрылып,
Өлгелі келген екенмін,
Бұл Манастың қорлығын,
Көргелі келген екенмін.
Осы ма сенің қылғаның,
Атаңды сыйлап тұрғаның?!
Атаңның көрі, қу дүние,
Талатып Манас әркімге,
Далаға кетті жиғаным!»
Мұндай сөзді естіген соң, Манас қатты ренжіп, ызаланады,
бірақ атасына қарсы бір ауыз сөз айтпайды. Үйінен безіп, жер
жүзін аралап шығуға бел байлайды. Ел ұйқыға кеткенде, түн ішінде
ешкімге көрінбей, Таластан жасырын кетіп қалады.
Бес-Тастың басы Бек-Жайлау,
Бек-Жайлаудан асады,
Ар жағында Әнжиян,
Әнжиянды басады.
Әнжиянның Боз-Дала,
Боз-Далаға кіреді.
Бір ақсақал қария,
Бет алдынан келеді.
Ақсақал қария Манастың аталарынан бастап сөз қозғап, оның
батырлығын сипаттай келіп, астындағы атының батырға сай
емес екендігін айтады.
Дегеніңе көнемін, Аман болсаң көкжалым, Мен саған ата болып беремін. Балам, Манас, тілімді ал, Ақылға артық батайық, Әнжиянның боз дала, Күн мезгілі алты айға, Қос құрасып жатайық. Ат семіріп мық болып, Алты ай мезгіл толғанша, Ай дала бетін жайлайық, Астықты мықтап айдайық. Кетпендеп жерді ашайық, Қос уыстап тұқым шашайық. Толқытып астық алайық, Толықсып жатып қалайық. Манас ақсақалдың тілін алып, келіседі. Қария қыр астынан екі өгіз алып келеді. Сөйтіп, батыр кәдімгі диқан болып, қариямен бірге маңдай терін төгіп, астық егеді. Арада айлар өтіп, күз келіп, астық піседі. Қырманды дайындап болған соң, Манас демалып, шынтақтап жатып, ұйқтап кетеді. Оянса, ақсақал бидайды орып, қырманды толтыра үйіп қойыпты. Бұған қайран қалған батырға қария сырын ашады. «Мен саған қария болып көрінген Диқан Бабаның өзімін! Сенің шер екеніңді білгенмін, Алтайдан келгеніңді естіп, бір жолықсам деп жүргенмін. Міне, жолдас болдық, бидай өсірдік. Енді мені жақсылап тыңдап ал. Көне Тұрпан бетінде, кең Барбардың күн батыс жақ шетінде, Лоп дарияның бойында Нойғұттың ханы Қараша тұрады. Оның жылқысына Ғайыптан келіп бір қу байтал қосылған екен. Сол байтал құлындап, бір құла құлын туыпты. Білгіш сыншылары оны сындап, бір керемет мал екен, бір күні сені қарық қылады дейді. Бұл жануар Құлатай, Тұлпарлық сыны көрінген, Кетпен тұяқ, кең сауыр, Керіске мінер мал екен, Салғыласқан жау келсе, Сайысқа мінер мал екен. Басына ноқта тағыңыз,
Парқын білген адамға,
Бағын ашып сатыңыз.
Қызыл найза, қылышқа,
Қинап мінер мал екен,
Айлап,жылдап соғысқа,
Сынап мінер мал екен.
Жал, құйрығы мол екен,
Төрт аяқты жылқыда,
Бұдан асқан жоқ екен!
Байтал бие құлыны,
Қара жылқы дүлділі.
Қасқа тісі болаттай,
Шатқаяғы кең екен,
Тобылғылы қолаттай.
Тұлпар екен, толығат,
Қырық арқан бойы зынданға,
Қазір салып қойсаң да,
Талайлы ерге жолығат!
Бұл жануар Құлатай,
Бел байлаған белдікі,
Пендеден артық туылған,
Медет болар шердікі,
Деген сөзге көніңіз,
Иесін тауып беріңіз!
Қараша бұл сөзге құлақ асып, сәтін тосады. Жыл өткенде,
шыққан егінін шегіртке талап, ел-жұрты нанға зәру болып қалды!»
– деп, әңгімесін аяқтаған Диқан Баба Манасқа ақыл айтады. «Мына
астықты түгелімен Қарашаға беріп, Аққұланы алыңыз! Ғайыптан
келген тұлпардың иесі сенсің, қабылан Манас!
Саған қармасқан адам оңбасын,
Ұрынған аман болмасын,
Жолың шыдыр, шар болсын,
Жолдасың Қызыр, ер болсын.
Аққұла семіз ық болсын,
Жалғыз басың көкжалым,
Өзіңе тете қырық болсын!» – деп, батасын беріп, Баба Диқан
ғайып болып кетеді. Оның сөзіне құлақ асқан Манас атының ерін
жастанып, алаңсыз ұйқтап қалады.
Бұл уақытта Лоп дария бойындағы Қарашаның елі астықтан
таршылық көріп, қалың жұрты дән іздеп, жан-жаққа жол
тартады. Тоқсан түйесін жетелеп, Баабединге сиынып, астық іздеп
келе жатқан Қараша айдалада таудай қызыл ақ бидайды көреді.
Жақындап келіп, алып Манасты көріп шошып кетеді. «Сыншылар
Аққұланы сыйға берсең, талай дүние болады, – деп еді, осы дәуге
берейін де, ар жағын көрейін!» – деп ойлап, Аққұланы жетелеп,
қанқорға тартады. Манас оянып, атты қараса, өңі құла, жалы
қара,өзгеше бір мал екен!
Шатқаяғы шатқалдай,
Жүріп кетсе шатына,
Жүкті түйе батқандай,
Желіп кетсе,жүрісі,
Жебенің оғын атқандай,
Балтыры өгіз беліндей,
Басқаны Сырттың желіндей.
Тартуға келген Аққұла,
Атадан жақын немедей,
Найза қармап, топ бұзып,
Дуға мінер мал екен.
Қызыл желек байланып,
Қырғынға мінер мал екен.
Сүйінген Манас Аққұланы алып, сыйға сый деп, бүкіл бидайын
Қарашаға береді. Қырман толы қызыл астықты тоқсан түйеге
жүктеп алып, риза болған Қараша Манасқа:
Телегейің тең болсын,
Тепсініскен дұшпаның,
Тегі сенен кем болсын! – деп, батасын беріп, аттанып кетеді.
Манас Аққұланы мініп, Аймаңбозды жетелеп, жолға шығады. Бір
таудың тұмсығына жеткен кезде, бет алдынан ақ сақалды диуана
жолығып, сөйлеп қоя береді:
- Алланың сүйген пендесі,
Келеріңді білгемін,
Алла Тағала Тәңірден,
Аманат бұйым беремін.
Құдай сүйген алты құрыш,
Аспаннан түсті аталып,
Арыстан,сенің өзіңе,
Берейін деп келемін. Қынға салсаң алты құрыш, Жаныңа жақын жолдасың. Суырсаң қыннан, алты құрыш, Шапқанды жарар жолбарысың. Қазатқа кірсең, алты құрыш, Сан қолдан артық жолдасың. Алты құрыштың мықтысы, Айкөлім, саған арналған, Зұлпықар деп аталған, «Айкөл Манас алсын» – деп, Құдіреттің өзінен, Сызылып қойған жазу бар. Ақыр түбі бұларды, Иесін тауып беріңіз. Халқыңа қайра барыңыз, Семіріп, сергіп алыңыз!- Аспаннан түскен алты құрыш, Айкөлдің беріп қолына, Аты Қызыр диуана, Қайта салды жолына. . Айкөл Манас батырың, Аққұла мініп балпайып, Аяқта етік шойқайып, Сыр найза қолда қайқайып, Ат үстінде золқайып, Алатаудай шалқайып, Маңдайынан қарасаң, Ақ жолбарыстың түрі бар, Арқасынан қарасаң, Аждаһаның сүрі бар. Ақырғанда Манаста, Қырық мың шердің үні бар, Бейжінің түгіл Көйқапты, Көшіретін түрі бар. Қараса көзі шоқ болып, Аузынан шыққан лебі, Садақтан ұшқан оқ болып. Алыс, жуықтан айнымас, Атылған жағын таңдамас,
Ортасы болат, аузы албарыс,
Асынып алған Ақкелте,
Асықпаса – Қойшағыр,
Ашуланса – зеңбірек,
Ақкелте үні шыққанда,
Оған қандай қару тең келет?!
Тас көмірге таптаған,
Қақ ырғайға саптаған,
Суарып құрыш сомдаған,
Шапқан жауы оңбаған.
Есік енді айбалта,
Қыстырды Манас беліне.
Көміріне шыдамай,
Қалың тоғай жойылған,
Көрігіне шыдамай
Көк бұқалар сойылған,
Барысқан соққан ұстаның,
Балтырлары шойылған.
Ұшын қайқы шығарған,
Уға аямай суарған.
Түн ішінде суырса
Өрт өңдөнүп қызарған,
Ұрысты күні ұзарған,
Тауға салса тас кескен,
Жауға салса бас кескен,
Қылышын қия байлады.
Қамыс қиып қаптаған,
Тарамысқа шаптаған,
Темірін сегіз қырлаған,
Он екі түрлі сырлаған,
Ұшын уға суарған,
Бөрі тіл жүзін шығарған,
Самалға тисе жырлаған,
Тиген жері жыртылған,
Найзасын алды қолына.
Боранды күні суық өтпес,
Жауынды күні су өтпес,
Шыбыршық алты, шымшық көз,
Шын бадана торғай көз,
Батырыңның кигені,
Аймаңбозды жетелеп,
Қамданып тұрған кезі екен,
Таласқа қайта жүргелі.
Міне, сол кезде боз адырды алқымдап, бір топ жан келіп қалады.
Манастан жауды көп сайған,
Батырым сайды деп сайған,
Арыстаннан жауды көп сайған,
Айкөлім сайды деп сайған.
Аждаһадай жүректі,
Ақ жолбарыстай білекті,
Сапырылтып дұшпанға,
Салып жүрген дүмекті.
Көк рапыс тон киген,
Көк ала тұлпар ат мінген,
Жеті түмен қол келсе,
Желіккен бойда бір тиген.
Ащы айқай мен қу сүрен,
Қуса, қашқан кетпеген,
Қашса, қуған жетпеген,
Қырғыздардың қыраны,
Ақбалтаның Шуағы,
Қара мылтық қарс етсе,
Қашпайтұғын еренің,
Шұғыл мылтық шарт етсе,
Шошымайтын беренің.
Арыстан Манас батырдың,
Алдында жүрсе, ақжолтай,
Ақ асаба ту ұстап,
Артында жүрсе, сан қолдай.
Ер Шуақ келіп қалғаны,
Ырғып түсіп атынан,
Құшақтасып, көрісіп,
Батырдың бет алдында тұрғаны.
Шынтағын жерге салмаған,
Ұйқысы жоқ, жолға сақ,
Атқа жеңіл – тайға шақ,
Сұндырса найза тартпаған,
Сүмпиіп жаудан қашпаған,
Аталас жақын туғаны,
Ұлақ ханның Сырғағы,
Төртпақ келген, бойы пәс,
Түлкі бойы қара тас,
Өкімсіген жау келсе,
Өлімнен жанын аямас.
Алпысының артығы,
Қырық шораның қиыны,
Қиқырған жауға беттеген,
Ер Сырғақ келген кезі екен,
Шоралардың ішінде,
Бәрінен де кіші екен.
Сырғақ ағасы Манасты құшақтап амандасады. Іле-шала қырық
шора да келіп, қуанысып қалады.
Ар жағына қараса,
Ақылға терең данышпан,
Кеңесін құрған алыстан,
Сан жиынға сөз айтып,
Жалғыз шыққан жарыстан.
Маңдайында бағы бар,
Батырлығы тағы бар,
Барлық жұртты тексеріп,
Байқап тұрар шағы бар.
Кемтігі жоқ кебінде,
Кебі кетпейт тегінге,
Жалған айтып көрмеген,
Жаралып ағаң өмірде.
Қараңғыда көз тапқан,
Қапыл жерде сөз тапқан.
Жердің түбі Желпініс,
Желпіністе туылған,
Жет – қайт пенен ойратқа,
Сала жүрген шулыған.
Көңкү жұрттың қамы үшін,
Көшіп келген Таласқа.
Жолдас болған Манасқа.
Жақыптың ұлы Манасты,
Сайып жүріп тал қылған,
Салып жүріп там қылған,
Адамзаттың пендеде,
Теңдесі жоқ жан қылған.
Ақ сұңқардай жарқылдап,
Алға сөйлеп барқылдап,
Боз жорғасы шайқалып,
Өзі боз тұйғын құстай шалқайып,
Айтулы Бақай келіпті,
Келгенін батыр көріпті.
Манас ағасының алдынан шығып, күліп амандасады. Сонда
Бақай:
«Жөніңді айтып аттансаң, жаныңда болар едік қой, батыр,
мұның қалай?Ал, енді өкпеңді таста, елге қайт!» – деп, інісіне
ағалық базынасын айтады. Сөйтіп, сағынысып көріскен батырлар
жарасып, Таласқа бірге қайтады. Аспаннан түскен алты құрыш
қылышты ең жақын батырларына береді. Бақайға – Қылболат,
Ажыбайға – Ашболат, ер Шуаққа – Ашалбарыс, Сырғаққа
– Наркескен, кейін келген Алмамбетке – Жойқыма тиеді. Ал,
Зұлпықарды Құдай әуелден Манасқа еншілеген екен.
Қызыр шалған қыран Манас Таласта тұрып, қырғызды жиып ел
қылып, дәуірлеп тұрады.
Алмамбет батыр.
Қытайлардың Қарыхан, Әлеуке хан, Әзизхан және Есенханы
Қақан ханның балалары, төртеуі бірге туған ағайынды екен.
Қақанның Қарыханы қырық дарбаза Бейжінде қырық ханның елі
қытайды билеп тұрыпты.
Әзизхан қанша қатын алса да, бір бала сүйе алмай, «тұяқсыз
өтем бе?» – деп, зар болып жүріпті. Сол елде жасы сексенге келген
Саурандық деген бір шал бар екен, түбі қырғыз екен. Әзизхан
күндердің күнінде Саурандықтың кенже қызы Алтынайды алыпты.
Алтынайға түсінде ақсақалды диуана аян беріп, аяғы ауыр болып,
айы-күні жеткен соң толғатып, алты күн қиналады. Сиыршы
Мәжікке: «Көк – Бұлың тоғайға барып, қасиетті мазардан таяқ
кесіп, тез маған әкеліп бер!» – дейді. Сиыр бағып жүрген бұл
Мәжіктің әкесі бір заманда алпыс кісімен Бейжінге сауда қыла
келгенде, Қоңырбай бәрін өлтірген екен. Алты жастағы Мәжікті
Қоңырбай Әзизханға құлдыққа беріпті. Міне, сол Мәжік енді он
жеті жасқа келіпті. Ол Алтынайға таяқ кесіп әкеп береді. Түн
ішінде Алмамбет дүниеге келеді. Ол туғанда жаңбыр жауып, жер
тітірейді.
Алты жасқа келгенде,
Суық-Төр деген жерінде,
Жалғыз көздің елінде,
Айдаһардан оқуға,
Күндіз бүркеу, түні ашық,
Қарлы жаңбыр жаудырып,
Құбылтып күнді бұзуға,
Атысқа кірсе алдырмас,
Соғыстың жайын оқуға,
Жөнеп кетті Алмамбет.
Алты мың бала бір жолы,
Аждаһаға барғанда,
Бір жақ басын көтерсе,
Қаптап жалын шоқ шығат.
Алты мың бала ішінен,
Өңгесі түгел қырылып,
Алты бала бір қалған.
Екінші жылы болғанда,
Жеті мың бала бір барған,
Өңгесі түгел қырылып,
Жеті бала бір қалған.
Осылайша жыл сайын,
Мыңдап бала қырылып,
Бесінші жыл болғанда,
Он мың бала бір барған,
Он мыңы түгел қырылып,
Он бала тірі бір қалған.
Соның бірі Алмамбет,
Айрықша мықты ер болған.
Қаражой ұлы Шыпшайдар,
Өнерін шындап тоқыды,
Айдаһардың оқуын,
Артық біліп Алмаңнан,
Алты ай асып оқыды.
Оқуын бітіп Алмамбет,
Алтын қылыш, айбалта,
Білегіне шалулы,
Әзиз ханның ақ болат,
Қынабында салулы,
Толып тұрған кезі екен,
Жазғы күндей жадырап,
Болып тұрған кезі екен.
Бір күні тұрып Әзиз хан:
- Ақсақал болдым мен деді,
Арызданған адам көп,
Ақ-қарасын айырып,
Сұрақ жүргіз сен деді.
Ата сөзін қайтармай,
Алмамбет таққа ілінді.
Әр ісінен баланың,
Адалдығы білінді.
Бірде Кірешті деген шаһарға арыз-шағымдарды тексере келсе,
алдына жеті адамды мойнына шынжыр салып әкеледі. Жөнін сұраса,
Кірешті шаһарының басшы – баң-баңы: «Бұлар өлім жазасына
кесілген, қолға түскен, арызданған арамдар! Сіздей ұлықтарға
құрмет көрсетіп, жолына садақа шалу – бұрыннан бергі әдетіміз!» –
дейді. Алмамбет аң-таң болып: «Бұларды менің жолыма сойғанша,
қолыма сыйға беріңдер!» – деп, әлгілерді ажалдан алып қалады.
Мұндай жағдай Бақбұршын шаһарында да қайталанды.
Осылайша, Алмамбеттің әділдігімен даңқы шығады. Талай
жазықсыз жазаға ұшыраған жандарды ақтап, ажалдан құтқарады.
Таңшаң түгілі Қақан жұртын басқарады. Ұлықтар одан қорқа
бастайды.
Бір күні Әзизхан Алмамбетке: «Атамыздың Қан-Жайлақ деген
жайлауын Қоңырбай иеленіп алды. Соған бар да, жайлауды қайтып
ал!» – деп, шегелеп тапсырады.
Алмамбет Қылжирен атын желдіртіп, Қоңырбайға келіп:
«Атакемнің Қан-Жайлағын қайтарып бер! Зорлығыңды қойып,
атыңның басын тарта жүр!» – дейді. Қоңырбайдың хан болып,
күшейіп келе жатқан кезі екен, есе бермек түгілі, ерегесеп: «Жер
дегенің немене, ел дегенің немене, ербеңдейсің сен неге? Қане бері келші, қара көзіңді ойып, өлігіңді Есенханға тарту қылып қояйын!» – дейді. Екі батыр айқаса кетеді. Алмамбеттің ақырған үніне, айбатты сүріне шыдай алмай, Қоңырбай қашады. Алмамбет найза салғанда, қисайып барып, әрең қалған Қоңырбай қапталында қанаты бар Алғара атымен зу етіп болат қақпалы қорғанға кіріп кетеді. Сол бойында Есенханның ордасына барып, Алмамбетті жамандап, арыз айтады. - Қоламтадан қор шықты, Әзизханның арамы, Сауап іздеп зор шықты! Тас қорғаның талқандап, Құм қорғаның құлатып, Көңілі бұзық зәнталақ, Екеумізді сұлатып, Қиям деп сенің бағыңды, Қиратпақ алтын тағыңды. Қолыңнан өкім алам деп, Заң, жобаңды төңкеріп, Басқа жолға салам деп, Айтқан суық сөзі бар, Ниеті бұзық жері бар. Көңіліне келсе арам ит, Күн батыс көздей бурутқа, Кіріп кетер жөні бар. Бұл өзі кісі ойнайтын ит емес, Менің сөзіме ханым, құлақ сал!» Сонда Қоңырбайдың артынан жете келген Алмамбет те ордаға кіріп, Есенханнан әділдік іздеп, бүй дейді: - Кешілдің ханы Қоңырбай, Азапқа жұртты салғаны, Қойдай басын кескені, Қояндай ішін жарғаны! Жұрттың бәрі сандалды, Салады күнде жанжалды, Бұл Қоңырбай заңғарға, Қой дейтін бір жан бар ма?!»
Ұқпаса да, ұқса да,
Ерні, мұрны былқ етіп,
Қабағын түйіп, шырт етіп,
Үндеместен Есенхан,
Шығып кетті ордадан,
Бақ – майсалы қорғанға.
«Есенхан емес, есер ғой,
Ел билеуі бекер ғой?!
Әділ кісі деп жүрсем,
Елді құртқан кесел ғой!?»
Мұны ойланып Алмамбет,
Есіктен шықса Есенхан,
Алмадай басын алсам деп.
Ордадағы қақпадан,
Жеті күні күткені,
Жетінші күні болғанда,
Әйнектей болған сұлу қыз,
Алмаңа бұрала басып жеткені.
Қыздың аты Бурылша,
Есенханның еркесі.
Бурылша сұлу кеп айтат:
– Алмамбет, байқа! – деп айтат. –
Есенхан бүгін сені айтты,
Әзизхан өзі көрер деп,
Баласының аласын.
Аласын байқап алған соң,
Өзінен өлсін баласы.
Атакеңе көп сенбе,
Сені өзі салар кісенге.
Баратұғын жер қамда,
Паналайтын ел қамда,
Сенемін деп атаңа,
Арқан-жіпсіз байланба.
Балтырың сияр жер тапсаң,
Бас қалқалар ел тапсаң,
Өлгенше тұрам сөзімде,
Менің үмітім болар өзіңде!
Уәдемді берген ақтармын,
Кемінде алты жыл жолың сақтармын.
Жүйелеп жібек түйермін,
Алмамбет келмей қоймас деп,
Жеті жыл күтіп күйермін.»
Содан, Алмамбет Бурылшамен қимай қоштасып, атасының
ордасына келеді. Көрген, білгенін айтып: «Есенхан мен Қоңырбай
бұзық екен, оларға сенбе! Қол алып, оларды шабамын!» – дейді.
Әзизхан бұл сөзден шошып, аюдай ақырады:
- Ұқпаймын мұндай зарыңды, Шыбындай қиям жаныңды! Айтқызбай кесем тіліңді, Ағытып кәрі жынымды! Жайлауды қайырып бер десем, Күш көрсетіп Қоңырға, Қаңғайдың түпкі ханына, Ұлым, қаралық бар ғой ойыңда?! Бұл жолыңнан қайт балам, Бұзылсаң, шының айт балам!» Сонда Алмамбет ашуға булығып, қатты қаһарланады. Оны көрген Әзизхан налып, тоқталады, айтар сөзі жоқ болады. Алмамбет ақылға келіп: «Бұрқанның жазғанын көрермін, енді бурутқа кіріп кетейін!» – деген ойға тоқтайды. Бұл әңгімені естіген анасы Алтынай қатты қайғырып: «Ұядан жалғыз едің, ұлықтың қаһарына ұшырадың, енді олар сені оңдырмайды. Қағылайын қаралдым, Қиясы қымбат бел тапқын, Қиындық түссе басыңа, Қиыспай тұрар ел тапқын. – деп жылайды. Алмамбет анасымен қимай-қимай қоштасып: «Қош,енеке, аман бол, күн батыс кетті біздің жол!» – деп, Қылжиренге мініп, аттанып кете барады. Сонда Есенханның жансыздары оны біліп қойып, «Алмамбет бізден қашты!» – деп, құс тіліндей хат жазып, қарғадан беріп жіберген екен. Қарға Есенханның ордасына қайырылып тастап кетеді. Хабарды естіген Есенхан бұлқан-талқан болып: «Алмамбет бурутқа қосылса пәле болады, бес-алты жылда Бейжінге шабады! Оны байлап-матап әкелген кісіге алтын тәжді кигізіп, алтын таққа мінгізіп, қақанға қанша жыл хан қыламын!» – деп, Қоңырбай, Несқара, Жолай, Бөрікөз, Қанжарқол сияқты алып батырларын қалың қолмен қуғынға аттандырады.Олар батырды Ит--Өлмес шөлінде қуып жетіп, жан-жағынан қаумалап,ұстамақшы болады.
Алмамбет жалғыз өзі оларға алдырмай, аямай шайқасады. Несқара,
Жолай бастаған жеті балуанды қатар сайып құлатып, өзі де оңбай
жараланып, атынан құлап, қайта мінуге қиналып, айбалтасын
ала алмай, жаны қысылып тұрғанда, Алғарамен ағызып, найзасын
кезеніп Қоңырбай төніп келе жатады. Қол ұшын берер кісі жоқ,
Алмамбет шыбын жаннан түңіледі. Сол кезде ақ бәйбіше анасы
Алтынай жалғызыма жәрдем беремін деп, торы биені мініп,
жанұшырып жеткен екен.
Көк құрыштан соқтырған,
Қызыл түпек сыр найза,
Енекең қолға алғаны,
Алмамбетке жеткізбей,
Әлеукенің қалшасын,
Бүйірден тосып қалғаны.
Шаңға аралас енесі,
Қоңырбайдың қара атын,
Жауға мінер қанатын,
Өкпе бауыр беті деп,
Жүректің төмен шеті деп,
Атын сайсам жедім деп,
Содан өлсем мейлің деп,
Қысқа қармап найзасын,
Көздеп енең қалғаны.
Алғараны саярда,
Көзін жұмып алғаны.
Кере қарыс сыр найза,
Төмен тиіп қалғаны.
Қар жіліктің бұлшық ет,
Жара сайып салғаны.
Алғарасы ақсаңдап,
Үш аяқтап жүгірсе,
Есі кетіп шоң қалша,
«Есіл жаным өлме» – деп,
Сасып қалған кезі екен,
Қаңғайды қарай бет алып,
Қашып қалған кезі екен.
Сонда Алмамбет Қоңырбайды қуа жөнеледі. Қылжиренді
ұшыртып, Шет Бейжіннің бері шетінде қуып жетіп, найзамен
сайып өтеді. Соққының күштілігі сондай, таудай болған Қоңырбай
сырғып барып, атының жалына шығып кетеді. Енді Алмамбет
қайта оралып соғып, қалшаны атынан құлатпақшы болып, қуа
береді. Сол кезде сиыршы Мәжік Алмамбетті тосып жүрген кезі
екен, алдынан шығып, ат тізгініне жармасып, ары қарай жібермей
қояды.
Мәжік сонда бүй дейді:
- Қоңырбайдың қара аты,
Қапталда бар қанаты.
Алғара шындап шырқаса,
Төрт аяқты мал жетпес.
Қанатты құс болмаса,
Одан басқа жан жетпес!
Әлеукенің қалшасы,
Дұшпанын алдап алады,
Қақпаға қарай қашқаны,
Оның айла, амалы.
Артынан қуып сен кірсең,
Қақпаның аузын жаппай ма,
Балуандары жабылып,
Басыңды жара шаппай ма! – деп, Алмамбетті ақылға келтіріп,
кері қайтарады. Сол кезде Алмамбет төмен жаққа көз салса, анасы
мінген торы бие жалғыз тұр екен. Дереу биеге жетіп, қараса, қалың
қаңғай анасының өлігін бір қашырға артып, әкетіп бара жатыр
екен. Алмамбет қиқулап жауға шауып, қырғын салып, Алтынайдың
сүйегін тартып алып кетеді. Торы биеге жүктеп, Көк-Бұлыңның
тоғайына апарып, анасын аманат қылып жерлейді. Таң атқан соң
кетейін деп ойласа, қаңғайдың қолы жолын тосып, қоршап алыпты.
Алмамбет батыр қайраттанып, айбарланып, Мәжікке былай дейді:
- Басқа келген жамандық,
Осы жерде көрдік пе?
Ажалдан бұрын екеуміз,
Бұл тоғайда өлдік пе?
Қара қытай, манжудың,
Қамауында жүргенше,
Қара түн түсіп басыма,
Айдауында жүргенше,
Әкел, Мәжік, шылбырды!-
Шылбырды қолға алғаны,
Бауырына баса салғаны:
- Бек қарма, Мәжік,өзіңді,
Жұмғын екі көзіңді!
Кідірместен жүрелік,
Анау биік дуалға,
Беттеп барып тиелік,
Өтсек, өттік, өтпесек,
Ұрынып соған өлелік!
Осыны айтып Алмамбет,
Қылжирен санға салғаны,
Дуалға қарай бет алып,
Сүйреткені ер Мәжік,
Құйындап жөнеп қалғаны.
Дуалға жақын барғанда,
Бұл жалғанда мал тәтті,
Кеудеңдегі жан тәтті,
Жалғыз жаннан түңіліп,
Екі көзін жұмғаны.
Қылжирен қайран тұлпары,
Қарғып кетті құйғытып,
Алдындағы дуалдан,
Алыс кетті түйіліп.
Одан өтіп алған соң,
Алмамбет, Мәжік сүйініп,
Жығылар десе Қылжирен,
Төрт аяқтап тік түсті.
Тіпті нығыз, нық түсті.
Дуалдан қарғып түскенде,
Енді ажалым жетті деп,
Астымдағы Қылжирен,
Аяғы сынып кетті деп,
Қағып қойса ауызын,
Орғып, орғып ойнайды,
Қылжирен тұлпар мал аман,
Қимылдаса теңселіп,
Үстіндегі жан аман.
Қайырылып қайта қараса,
Көк ала, Мәжік дін аман.
Иір белдей мұздақты,
Аса қашып жөнелді,
Жанындағы Мәжігі
Қоса қашып жөнелді.
Бөксеге бұршақ жаудырып,
Жағаға самал салдырды,
Түзу жердің барлығын,
Жаяу тұманға алдырды.
Дария тасып, көл толқып,
Талай қия бұзылды,
Жаудың бәрін жауратып,
Жайшылық қылып құтылды.
Алмамбет пен Ер Көкше
Қылқылдап аққан қыл Ертіс,
Ертіске жетіп келгені
Аяқ, басын көргені.
Қыл Ертістің ойында,
Қылқылдаған қалың ел,
Қайнаған топтың шетінде –
Көк ала ат мінген бір кісі,
Алмамбет байқап қараса,
Айбаты артық ер кісі.
Бастырып келіп Алмамбет,
Сәлем беріп қалмақша,
Қарсы алдында тұрған,
Ер Көкше әлік алғаны.
Алмамбетті ер Көкше,
Қараса түрі бөлекше,
Қыл тақия, қызыл шоқ,
Қылымда мұндай батыр жоқ.
Айбаты арыстан, жолбарыстай,
Алысқан аман қалмастай.
Сонда Көкше кеп сұрайт,
«Жолың болсын, батырым,
Қайдан келдің?» – деп сұрайт.
Алмамбет сонда сөйлейді:
«Ұрығым қытай ел, – дейді.
Көңілім сондай қапалы,
Ұққанның басы қатады.
Қиындар менен қағыстым,
Қарсылдасып салыстым.
Өлеңді жерді өртедім,
Қара суға қан құйдым,
Аспаннан бұлыт тұтылып,
Артымна жеткен қуғынннан,
Аман келдім құтылып»
Сонда Көкше бұйырып,
Бір сары лақты алдырды,
Алмамбет пен Мәжіктің,
Садақасын шалдырды.
Қалың қазақ қамынып,
Көрісуге Алмаңа,
Кәрі демей, жас демей, –
Бәрі келді жабылып.
Керней тартып бапылдап,
Зурнай үні тақылдап,
Жыршылар сайрап саңқылдап,
Аспандаған туменен,
Алмамбет, Мәжік келеді,
Айғайлаған шуменен.
Айдарханның ер Көкше,
Ақбоз биені сойдырып,
Келгендердің барлығын,
Аямай етке тойдырып,
Тараған соң көпшілік,
Кеп айтады Айдархан,
Көкшеменен кеңесіп,
Ақылдарын теңесіп:
«Балдарды өзім алам» – деп,
Кіргізіп алды үйіне,
Алмамбет барды сүйіне.
Қазақтардың кәрісі,
Халық ішінде бір қатар,
Ақылманның бәрісі:
«Елінен азған батыр, – деп, –
Айдарханның үйінде,
Ерігіп ақыр жатыр,» – деп,
Шақырып қонақ қылысты,
Арыстан Алмаң батырдың,
Қапасын іштен жоюға,
Жалпы жұрты тырысты.
Алдына аппақ нан қойып,
Қазы кертіп, жал қойып,
Қабылан Алмам жесін деп,
Қалдайтып қаймақ, май қойып,
Құрметке әбден бөленді,
Көргені мындай сый болып...
Осылайша арада алты ай өтеді. Алмамбет батыр ойға қалады:
«Қой, мен бүйтіп жалпайып жатып ішіп-жей бермейін, қампайып
атқа мінейін, қақанға қарай жүрейін!» – деп, жанына жауынгер
жігіттерді алып, Қоңырбай мен Жолайдың жылқысын қуып әкеледі.
Қазақ арасында батырдың абыройы артып, оның әділдігін көрген
жұрт ағайын арасының дау-шары бола қалса, Алмамбеттің билігіне
жүгінеді. Оның адалдығын, қара қылды қақ жарған туралығын білген
соң, Айдархан мен Ер Көкше де разы болып, қолдап отырады. Бұл ел
билеп үйреніп қалған бекзадаларға ұнамайды. Іштарлық қылып, көре
алмай, батырдың беделін қызғана бастайды. Бұрын ағайын арасына
төрелік айтса, ақысын алып, пара жеп жүрген алпыс атқамінер
бірігіп, Алмамбет пен Көкшені шағыстырып, араларын бұзбақшы
болады.
- Аға-ініден шыр шықса,
Анау-мынау деуші едік,
Анша-мұнша дүние алып,
Ауыз майлап жеуші едік.
Қазақты құдай ұра ма,
Қаңғып келген бір қытай,
Халықты билеп тұра ма?!
Көкше батыр ер еді,
Дүниесін бүлдірсең,
Елемеген кең еді.
Қатын десе қызғаншақ,
Есебі жоқ тар еді.
Қатынына біреу қараса,
Қасаптап сояр неме еді.
Бәлеге басың қалды деп,
Ақеркеш пен Алмамбет,
Ойнас болып алды деп,
Өсек-аяң таратсақ,
Қапысыз құлақ салмай ма,
Қалтқысыз сеніп, нанбай ма?
Алмамбет, Көкше – қос көкжал,
Арылдасып аяусыз,
Азулары айқасып,
Қан жоса боп қалмай ма!?
Осындай сұмдыққа бел байлаған алпысы жан-жақтан, Ер
Көкше қай жаққа барса да, алдынан шыққаны: «Батыр, байқашы,
Ақеркеш қатының мен Алмамбет досың жақын болып жүр!» – деп
ызыңдай береді. Көкше ызаланып, үйіне келіп әйеліне ұрсып, тергей
бастайды. Мұндай жала сөзге күйінген Ақеркеш: «Адамның парқын
білмейсің, Алмамбет қайынатам сияқты, бетіме тік қарап көрген
емес!» -дейді. Алмамбеттің әділдігін, адалдығын дұшпандар көре
алмай, әдейі қастық қылып отырғанын айтады.
- Сенсең, Көкше, мұны қой,
Сенбесең егер сөзіме,
Оны қой да, мені сой!
Өліп қалар бір қатын,
Өксімесін қазағың!
Алмамбет тұрса қолыңда,
Алтыннан болар шарбағың,
Әлемді басар салмағың.
Алмамбеттен айрылсаң,
Арылмай қалар арманың!
Кетсе дағы Алмамбет,
Өлсе дағы Алмамбет,
Өзің өшіп қаларсың!
Ер Көкше бұл сөзге тоқтап, ақылға келеді. Бірақ, жалақор,
пәлеқор жандар көрген сайын өсекті бықсытып: «Ақеркеш жеңгей
үйде ме? Жанында қытай жүре ме?» – деп, Көкшені мазақтауға
айналады. Ақырында қаны қайнаған Көкше шыдай алмайды.
- Азып келген бір құлдан,
Арманда болып өлмейін.
Аға-інімді жинайын,
Аңғарып сөзін көрейін.
Арамдығы бар болса,
Ант ұрған құлды көмейін!
Сөйтіп, Көкше ағайын жұртын жиып, бұл сөзді ортаға салады.
Баяғы алпыс атқамінерден басқасы үйге симай сыртта қалады. Әлгі арам ойлы алпысы арақ күштірек болсын деп, күшәлә қосып ішкізеді. Масайған Көкше бір кезде әңгімені бастап: «Бұл істің анығына жетейік, егер де адал болса, бықсыған сөзді қояйық, арам болса, сояйық!» – дейді. Сонда, сөз байласып алған алпыс атқамінер айтқандарынан қайтпайды. - Бір кісіні көре алмай, Білмей айтсақ, жамандап, Бізді құдай ұрмай ма! Біріміз емес, бәріміз, Жасымыз емес, кәріміз, Ақты бүйтіп былғай ма? – деп отырып алады. «Бізге сенбесеңіз, тоқалыңыздан сұраңыз!» – дейді. Батырдың тоқалы сұлу болғанымен, ақылы аз екен, өзі ішіп алған мас екен, әлгілердің азғырғанына еріп, бір жағы бәйбішеге күндестік қызғанышы бар, жалған куәлік береді. «Бәйбішең бұзық болса да, менен артық жақсы көресің! Ал оның бұзылғандығын күнде көріп жүрмін!» – дейді. Аңғал батырдың енді сенбеске амалы қалмайды. Досынан да, жан жарынан да көңілі қалып, қаны қарайған әрі араққа әбден қызған Көкше Алмамбетті шақыртады. Алмамбет келгенде барлығы бас салып, қанжар салып өлтірмек болады. Екі жігіт шақырғанда, Алмамбет, әлденені сезгендей жүрегі атқақтай соқса да, қазақтан қауіп күтпей, үйге сәлем беріп кіріп келеді. Әлгі батырсынып отырғандар оны көргенде орындарынан ұшып тұрып сәлемін алады. Бақырды Көкше бектерге: - Айдаһар басын салды ма?! Арыстан кіре қалды ма?! Орныңды беріп қалмаққа, Батыр қазақ,бәріңді, Аруақ соғып салды ма?! Қытай құл үйге кіргенде, Қырыла жаздап қалдың ба?! Мұндай суық сөзге айран-асыр болған Алмамбет ортада тұрып, қараса, бос орын жоқ екен, төрдегі Көкшенің сол тізесін таянып, отыра кетіп: «Кімге ашуландың?» – деп сұрайды. Сонда Көкше: «Қаңғырған бұзық құл, сені айтамын! Келген кісі кетпей ме, қаңғырған кісі қайтпай ма?» – деп, аяғымен Алмамбетті түртіп
қалады. «Ойыны ма, шыны ма?» – деп, әуелде түк түсінбеген
Алмамбет: «Мұндайыңыз жоқ еді, есірік сөзді басыңыз! Бізді көре
алмай жүргендер аз емес, ақылға келіңіз. Айыбым болса, ашып
айтыңыз!» – дейді. Сонда Көкше ашумен әрі мастықпен : «Мені аға
жан деп алдап қойып, Ақеркешпен көңілдес болып жүр екенсің!» –
деп, батыр досына ащы сөздер айтады. Алмамбет оны әлі де болса
ақылға шақырады:
-Төрем, Көкше, сен тұрсың,
Төсегің бассам, оңам ба?
Ағам Көкше деп қойып,
Арамдық қылсам оңам ба?!
Алдырған екен асына,
Көк сілеусін, құндыз бөрік,
Көкше ырғады басына.
Көй қасқаға қарады,
Көтеріле қалғаны.
Және есіне бір келіп,
Сөз айтуға жарады:
«Ашығып келген аруақсың,
Бұзылып қалған шарбақсың.
Бұзық салып халқыма,
Қайдан келген қалмақсың?-
Ашумен көзін алайтып,
Алмамбетке қарады:
- Қаңғайдан келген қалмақты,
Қайт десеңдер болмай ма?
Арыз, амалы бар болса,
Айт десеңдер болмай ма?
Кекірейтпей Көкшеден,
Кет десеңдер болмай ма?
Қалмағының жеріне,
Жет десеңдер болмай ма?»
Көкшенің ащы сөздерін естіген соң, Алмамбеттің де ашу-ызасы
келіп, ол да оңдырмай жауап қайтарады. Әзәзілдер азғырып, арасына
от жаққан екі дос бір-біріне қатты-қатты сөз айтып, жауласуға
айналады. «Қалағаныңды ал да, кет!» – дейді Көкше. «Онда Көкала
атыңды бер!» – дейді Алмамбет.
Бастырып Көкше кеп айтат:
- Алмұрт шыққан жерлерге,
Итмұрын шығат деуші еді,
Ит ішпей тұрған асынан,
Үміт етет деуші еді.
Арыстан басқан жерлерде,
Аю жайлап тұрар ма?
Атымды сұрап бұл қалмақ,
Ата, мындай құдай ұрар ма?!
Ашуы келіп Алмамбет,
Жалын шықты көзінен:
- Алмұрт Көкше сен болсаң,
Итмұрын ағаш мен болсам,
Онда құрып қалайын,
Ит Көкше, сенен кем болсам!
Арыстан Көкше сен болсаң,
Балпайған аю мен болсам,
Адам болмай өлейін,
Айуаным, сенен кем болсам!
Батырлар енді шайқасуға шақ қалғанда, айқай-шуды естіген
Ақеркеш келіп қалады. Ақылды әйел батырларды сабырға шақырып,
басу айтады, жалған жалаға, дұшпанның тіліне еріп, жауласып, бір-
біріңнен айырылмаңдар дейді. Бірақ мас Көкше оны тыңдамайды,
қатты ренжіген Алмамбет үйден шығып кетеді.
Қазатқа мінер Қылжирен,
Атына Алмаң барғаны,
«Енді қайда барам?» – деп,
Атына мініп алғаны.
Уылжи басып Ақеркеш,
Ордадан шығып қалғаны.
Алмамбеттің жанына,
Сыпайылап барғаны.
Ақеркеш налып, кеп айтат:
- Аярла, аяш, – деп айтат. –
Ата-бала ұрысат,
Аға – іні жұлысат,
Әйткенменен кете ме?
Айналысып тұрысат.
Қандай жұмыс болса да,
Ертесі бетін көрісет,
Өліп қалса, бір-бірін,
Өкіріп, жылап көмісет.
Келмес пе екен ебіңіз,
Бір жолғы өкпе, ашуды,
Маған қиып беріңіз!
Қастықтан Көкше мас болған,
Жаманға сені қия алмас,
Ертең есін жиған соң,
Жасын көзден тия алмас.
Ақеркеш тосып, мұны айтты,
Алмамбетті мұңайтты.
Көзіне жас кеп Алмамбет,
Ақеркешке енді айт:
- Аяшым, ұққын! – деп айтат.
Шашылған достық құралмас,
Шаттыққа көңіл бұра алмас.
Қайтадан болмас өнімім,
Қайрылсам, болар өлімім!
Аман болғын, жеңге! – деп,
Бұрылмасы білініп,
Кетпекші болған беренге,
Ақеркеш жөнді кеп айтат:
– Жарасып қалған жерің жоқ,
Жақсы айтысқан ерің жоқ.
Жайнаған қытай елің жоқ.
Қайырылар жоқ туғаның,
Көрген, білген ел болса,
Хабарың алып тұрайын,
Қай жерде болар тұрағың?
Анда Алмамбет кеп айтат:
- Аяш, терек көрсем қонармын,
Тербелместен көтерсе,
Соған жолдас болармын.
Қайың көрсем қонармын,
Қайыспай мені көтерсе,
Осы жерде болармын.
Не түссе басқа көрермін,
Аяш, ажалым жетсе өлермін!
Мұны ұғып Ақеркеш,
Қара жасы төгіліп,
Қайысып көңлі бөлініп:
- Аяш, андай болса мен де айтам,
Ардақтап күтер ерді айтам!
Көңілің қалса Көкшеден,
Жетпей қайтпа Таласқа,
Қайырылмай өтіп кетпегін,
Көкжал төре Манасқа.
Қадырың білер хан осы,
Пейліңді білер бек осы,
Еркіңді білер ер осы!
Бұл сөзден кейін боздасып,
«Аман болғын, жеңге!» – деп,
Ақеркешпен қоштасып,
Аттанып кетті Алмамбет.
Мастығы тарқап ертесі,
Қазақтың ханы ер Көкше,
Қылығына күйінді,
Көзінің жасы төгіліп,
Етегіне құйылды:
– Сынған екен таяғым,
Сыздаған екен аяғым!
Кетілген екен тұяғым,
Кеміген екен сияғым!
Үзілген екен қанатым,
Тоқталған екен санатым!
Осылайша қатты өкінген Ер Көкше жанындағы билерге ұрсып,
Алмамбетті іздеп шығады. Бірақ, зұлым билер оның атын басқа
жаққа бұрады. «Кеткелі екі күн болды, ендігі алысқа ұзап кетіп
қалған ғой!» – десіп, Алмамбетпен жолықтырмауды көздейді.
Алмамбет те Көкшені қимай: «Мастығынан айыққан соң, ағам
іздеп келіп қалар!» – деп, сәскелік жерде қарайлап тосып жатады.
Екі күн күтіп, ешкім келмеген соң, торығып, Ер Көкшеден біржола
күдер үзеді.
Ер есігі тоң темір,
Ерітпекке ер керек.
Ер Көкше деп сағалап,
Енді жүріс не керек?
Жақсылық көрер жайым жоқ,
Жарығы тиер айым жоқ.
Саялайтын жерім жоқ,
Аялайтын елім жоқ!
Қолдасаң, құдай, қолдадың,
Қолдамасаң, оңбадым,
Жебесең, құдай, жебедің,
Жебемесең, ерте өліп,
О дүниеге жөнедім! – деп, қайраттанып, қара жолмен қиянға
аттанып кетеді.
Манас пен Алмамбет
Бір күні Манас түс көрді,
Түсінде қызық іс көрді:
Айдалада баратып,
Аш албарыс қылыш тауыпты,
Берен Манас қылышты,
Беліне бекем тағыпты.
Жолда бара жатқанда,
Жанындағы қылышы,
Жолбарыс бола қалғаны,
Соңынан еріп Манастың,
Жолдас болып алғаны.
Одан кейін жолбарыс,
Ақ тұйғын болып құбылды.
Әуелеп ұшса аспанға,
Алып қарақұс сүрі бар,
Қайра қонып қолына,
Қуантып қойған түрі бар.
Қондырған бойда қолына,
Түсінен Манас оянып,
Жақсыға жорып ойланып,
Қабағы күндей ашылып,
Қалың жұртын шақырып,
Ақбоз биені алдырып,
Баабединге шалдырып:
-Жоры, – дейт, – көрген түсімді,
Оңдасын, жұртым, ісіңді.
Қоңыр шешен Ажыбай,
Сөз бастады жайма-жай:
- Мен жориын түсіңді,
Оңдапты Құдай ісіңді.
Береді екен қолыңа,
Күтіп жүрген кісіңді.
Бұл дүниеде жолдасың,
О дүниеде қолдасың,
Қосылады екен өзіңе,
Хан Алмамбет жолбарысың!-
Бұл сөзді айтып Ажысы,
Бата қылды бәрісі.
Манастың көңілі көтеріліп: «Ешқайда шықпай, ауылда бес ай жаттық. Далаға, сейілге шығайық!» – деп, төрт жүз жігітпен қырға шығып кетеді. Арқар, құлжа, құлан, киік аулап, медиен шөлді кезіп, айдалада бір жырғап қалады. Құм-Бұлақтың белінен, дәрет алған жерінен жаңа туған, әлі көзін ашпаған қол басындай сұр күшік тауып алады. Сонда Бақай айтады: - Құтты болсын күшігің, Алақан жайып бәріміз, Құмайық деп атайық! Шымды жарып, шөп шыққан, Жерде мұндай табылмас, Құлақ естіп, көз көрген, Елде мұндай табылмас. Бұл Құмайық өскен соң, Жолдас болар өзіңе. Жолыққан ырыс – Құмайық, Жолбарыстан беті қайтпайды! Асыл туған Құмайық, Үш күн жатса далада, Ғайып бағады деуші еді. Еркек адам жоламай, Ұрғашының тазасы, Зайып бағады деуші еді. Өйтіп бағып алмаса,
Мұратына бір күні,
Жетіп қалады деуші еді.
Дым білдірмей ешкімге,
Кетіп қалады деуші еді.
Қабылан Манас, кез болар,
Құдаласып, некелеп,
Қадырлы жарды алатын,
Алғаның болар ақылды,
Құмайықты бағатын.
Аң аулап, құмары басылған әрі Құмайыққа қуанып қалған Манас
үйге қайтпақшы болады. Бота-Мойнақ жазықтан кең далаға керіле
қарап тұрғанда, Шу жаққа көзі түседі. Сонда:
Қазақтан шыққан қайғырып,
Қадірлесі Көкшеден,
Қарғадай болып айрылып,
Ұзақ-ұзақ жол басып,
Шынтағын жерге салмастан,
Көз шырымын алмастан,
Жалғыздық түсіп басына,
Тілі кеуіп таңдайда,
Кезеріп ерні жарылып,
Аштықтан бауыры ауырып,
Келеді жолда Алмамбет,
Әйнектей көзі сүзіліп,
Ақыр жалған дүниеден,
Күдері әбден үзіліп:
- Қаңғып қалды сұм басым,
Қандай жолды басамын?
Жалындым, Құдай,өзіңе,
Жайлы жерден бір ажал,
Жеткізе көр өзіме!»
Сол кезде Бота – Мойнақ белінде оны байқап тұрған Манас
толқып кетеді.
-Түсімде тапқан қылышым,
Қылышымды кез қылған,
Құдірет сенің жұмысың.
Түсімде көрген жолбарысым,
Алмамбет өзі болмасын! – деп, қуанады. Сонда падишадай көркі
бар, айбатты Алмамбет жиырма сегіз жаста екен, жақындап келе
жатады. Бұл Талас, Шудың арасы, Түз-Бұлақтың тұсы екен. Манас
батырларынан сүйінші сұрап: «Ал, енді Алмамбеттен айырылып
қалмайық! Шуақ, Сырғақ, Ажыбай, Шалыбай, Құтынай бесеуің
қолатты бойлап, ылдилап, көрінбей барыңдар да, қарақшы болып
тұтқиылдан бас алыңдар! Ақылы мен жүрегін сынап біліңдер!» –
дейді.
Бес көйқасқа жетіп барып, тасадан шыға келіп, тарсылдатып
мылтық атып, қарсылдатып дауылпаз қағып, бақырып, шақырып
Алмамбетке тап береді.
Сонда Алмамбет қырғыздың бетке ұстар атақты,ең мықты
бес батырын шіл ұшқандай көрмей, селт етіп бір көз салмай, өз
жолымен жүре береді. Қиқырып барған бес батыр амалсыз соңынан
ере береді.
Байқап көрсе айбатын,
Манасыңнан кем емес,
Адам өлшер неме емес.
«Құдай берген екен!» – деп,
Батыр Сырғақ жол бастап,
Алдыға түсті тепеңдеп.
Төрт төбелі көк шатыр,
Қырғыл, Бақай кәрі бар,
Төре Манас жанында,
Қиындардың бәрі бар.
Манасқа Алмаң барғанда,
Сәлем берді саңқ етіп,
Арыстан Манас, ер Бақай,
Алды сәлем барқ етіп.
Ағекесі Бақайға,
Қол ұсынды иіліп.
Бақай қолын алады,
Манас та қолын алады,
Ортадан орын береді.
Шарт жарылған ерінін,
Байқап қойып ер Манас,
Ашыққанын біліпті:
- Алып кел жылдам тамақ! – деп, Аспазға бұйрық беріпті. Сонда бал шайқаған қымыз береді. Аз ғана жұтқан бойда, өзегіне түсіп кетіп, Алмамбет сылқ ете түсіп, кірпікке кірпік ілініп, өліп барып тіріліп, есін жияды. Тамақ ішіп, рахаттана терлеп, ақылы орнына келгенде барып, Манас одан: «Еліңіз кім, жеріңіз қайда?» – деп, жөн сұрайды. Сонда Алмамбет айтады: - Ой жетпеген іс іздеп, Оң қараған кісі іздеп, Ауып жүрген бір жанмын. Ат жетпейтін жер іздеп, Азып жүрген бір жанмын. Баратұғын елім жоқ, Қаңғып жүрген бір жанмын. Қарсақ жүрмес қалыңда, Қарайлаған бір жанмын. Қара басын өлімге, Даярлаған бір жанмын. Безіп жүрген елінен Алмамбет деген пақырмын! Жолда жатсам, көрер жоқ, Өліп жатсам, көмер жоқ, Бір Құдай деп бел будым, Мендей ғаріп байғұста, Одан басқа тірек жоқ! Сонда Манас сөйлейді: - Арқайған биік Алатау, Ақмарал қуып, кім аспас? Айқын дала, ұзын жол, Адасса, жолын кім баспас? Шақырса келмес Шын ханы, Шиырыма келіп тұрғаны, Қаласаң келмес қақаншың, Қасыма келіп қалғаны. Құтпан келіп, құт келіп, Құдайдың беріп салғаны! Алладан әр жан күшті емес, Хан тартусыз қош емес!
Айбаты күшті қырық батыр,
Қамдаңдар жылдам тартуын!
Аяулы мүлкім Ақкелте,
Асайық ердің жонына,
Албарыстан ұшты Сырнайза,
Оны беріп қолына,
Кигізіңдер Ақкөбе,
Киетін киттің орнына,
Алтын сапты Зұлпықар,
Оны байла беліне,
Қосылмаса қырғызға,
Ала кетсін барлығын,
Баратұғын жеріне!
Азаматтың барлығы,
Атасы келген немедей,
Әлек болып ентелеп,
Айкөлдің аты Аққұла,
Бас ат қылып жетелеп,
Алтын ердің басына,
Ақкелте іліп қасына,
Сырнайзаны сайылтып,
Асабасын жайылтып,
Қылышын іліп еріне.
Есік енді айбалта,
Қанжығаға байлапты,
Садағын салып еріне,
Алмамбет ердің келуіне,
Аққұланың артынан
Ай тигендей жарқырап,
Құлжадай төсі керілген,
Сарала менен тоғыз ат-
Сай күлікті тарттырып,
Сандырғалы Алмаңның,
Салтанатын арттырып,
Сары лақты таптырып,
Садағасын шаптырып,
Алмамбеттің басына,
Қырық мың ділда шаштырып,
Әскеріне талатып,
Тай семізін сойдырып,
Тамашаға кірісті.
Сонда Алмамбет: «Қас тұлпарын мінгізген, асыл құрыш қару-
жарағын қиып берген Манас асқан мәрт екен. Мен оны ат-тонынан
айырып, айласын кетірмейін. Маған осы Сарала ат лайық!» – деп,
алғысын айтып, Сарала аттан басқасын Манасқа қайтып береді.
Сөйтіп, былай дейді:
- Туған қылсаң, қырық батыр,
Тұруға келдім мен ақыр,
Құдай берсе ынтымақ,
Қусаң кетпес ырыс-бақ!
Қырық батыр қолдап, қол жайып, бата береді. Алмамбет
кетпейтін болған соң, Манастың көңілі көлдей толып, ата-
анасына хабар береді. Самарқанның сыртында, Белсаз, Қыршында
бие байлап жатқан бай Жақыптан төрт шора: «Алмамбет балаң
келді!» – деп, сүйінші сұрап барады. Сонда Шиырды: «Манасым он
бес жасқа келгенде, жұманың түнінде көрген түсімде Алмамбет
қасында жүр еді,» – деп, түйе бастаған төрт тоғыз бөлдіреді. Бай
Жақып алпыс шалды, Шиырды он екі кемпірді бастап, батырлардың
алдынан шығады. Алмамбет ақсақалдарды көргенде атынан түсіп,
жаяу келіп сәлем береді. Жақып: «Қаралдым балам, келдің, Қадыр
Аллам,бердің!» – деп, онымен жылап көріседі.
Оның артынан Боз жорғамен жеткен бәйбішенің емшегі
Алмамбетті көрген бойда, ат үстінде иіп қоя береді. Шиырды
Манас пен Алмамбетті шақырып алып, оң емшегін Манасқа, сол
емшегін Алмамбетке емізеді. «Отыздағы баласы емшек емді!» – деп,
бай Жақып күледі.
- Енеден екеу болдым! – деп,
Ер Манас айтып мындай кеп. –
Атадан төртеу болдым, – деп, –
Дариядай тасып толдым ! – деп,
Арыстан Манас айтса кеп,
Қуанбаған бір жан жоқ.
Жақыптың тоқалы Байдәулет те бұл хабарды естіп, он екі
қатын ертіп, келіп жетеді. Манас тоғызға толғанда Абыке, одан
кейін Көбеш – екі ұлды туған екен. Олар да қоса келеді.
Бай Жақып бар басында,
Бақайы бар қасында,
Қырық жігіттің бәрісі,
Қырғыл басшы кәрісі,
Бәйбішенің сарайда,
Ұлан-асыр той қылды,
Сегіз хан қырғыз жұртына.
Қаныкей
Қырғыздардың қыраны, Ақбалтаның Шуағы, қандайын байқап
көрмекке, қиынын сындап білмекке кең Бұқардың түбіне келіп тұрды
дейді. Қаһары жүзіне айналған, жолым үйдей шойынбас, бір жағына
байланған батырды көргенде бұқарлықтардың зәресі ұшады. Сонда:
Он екі қыздың кенжесі,
Темірханның еркесі,
Құдайдың сүйген пендесі,
Қара сұрдың сұлуы,
Әйел заттың нұрлысы,
Қыз Қаныкей әкесіне келіп: – Мына келген батырмен жекпе-жек
соғысып көрейін, ажалым жетсе өлейін, әлім жетсе енді қайтып
келмейтіндей қылайын! – деп, сауыт-сайманын киіп, жау-жарағын
қамданып, аттанып шықты дейді. Бұқардың қорғанының түбіндегі
сайыс майданына келіп, Шуаққа сөйлеп тұрған жері екен.
- Алыстан келген еренім,
Көп жерді көрген беренім.
Жөн сұрасып алайық.
Одан кейін беттесіп,
Аямай найза салайық.
Уағдамызды бек қылып,
Бұзбайтұғын серт қылып,
Мені сайып сен алсаң,
Дегеніңе көнейін,
Тілегенің берейін.
Сені сайып мен алсам,
Ерлікті епсіз салайын.
Еңкейтіп аттан түсірсем,
Басыңды кесіп алайын.
Көк рапыс тон киген,
Көк ала тұлпар ат мінген,
Қайдан келген батырсың?
Менің жайым сұрасаң,
Еріш бұзып, ер сайған,
Еңбекті жанның өзімін.
Қараханның қызымын,
Қаныкей долы өзімін!
Енді құдай ұрды Шуақты,
Қылым жұртты шу қылған,
Қыран туған шұнақты.
Көк ала санға бір салып,
Көк найзаны қолға алып,
Саярына қамдады.
Қасына келген көп елде,
Кенедей ақыл қалмады.
Ақбалтаның Шуағы,
Ашуы келген уағы.
Тегерете қарамай,
Тегі жанын аямай,
Қыдырата қарамай,
Қылша жанын аямай,
Қызға жетіп барғанда,
Емшектің анық тұсы деп,
Өлер жері осы деп,
Қиқырып найза сайғанда.
Белі кетті бүкшиіп,
Көзі кетті шекшиіп.
Нақ сауытқа тигенде,
Найзасы кетті бөлініп,
Ат басындай ақ болат,
Найзаның ұшынан ұшып көрініп.
Міне, сонда Қаныкей,
Өлімнен қайғы жеген жоқ.
Ер Шуақтың найзасын,
Қабағым, қасым деген жоқ!
Ақбалтаның Шуағы,
Көк ала аузын бұрады,
Қыз Қаныкей шұнақтың,
Кезегін беріп тұрады.
Қара қасқа арғымақ,
Қаныкей қармап аузын бұрады.
Ұшын уға улатқан,
Темірге сайса өтсін деп,
Тоқталмай кіріп кетсін деп,
Бөрі тіл қылып болатты,
Бөлек-бөлек сулатқан,
Қырғағы темір сыр найза,
Қия тартып сұнады.
Ақ қаңқы ердің қасы деп,
Жүрегінің басы деп,
Қиқырып келіп ұрады.
Қаныкей найза сайғанда,
Көк ала тұлпар тулады.
Қаныкейдің найзасы,
Сексен бөлек қирады.
Қыз Қаныкей шұнағың,
Ер Шуақты сайғанда,
Тасты сайған сияқты,
Қабырға сүйегі бүктеліп,
Жанына зор күш келіп,
Аңтарылып тұрады.
Қаныкей найза сайғанда,
Қайдағы жыны қозғаны,
Арыстан Шуақ батырды,
Көк аланың үстінен,
Аударып кете жаздады.
Шай қайнамша ер Шуақ,
Шарқы кетіп тұрғаны,
Ас пісімге ер Шуақ,
Әлі кетіп тұрғаны.
Өзінен – өзі күйленіп,
Есі шығып, сөйленіп:
- Қызыталақ Бұқардың,
Қызы мұндай болған соң,
Қиыны келсе сау қылмайт,
Қаражолтай Бұқардың,
Қатыны мұндай болған соң,
Қамбылы келсе сау қылмайт!
Мен Таласқа қайра барайын,
Қалың қосын алайын,
Содан кейін Бұқарға,
Аямай соғыс салайын!
Мұны ойланып ер Шуақ,
Көк ала аузын бұрды дейт,
Таласты көздей батырың,
Құйындап жөнеп қалды дейт.
Құлын жалды көк ала,
Басқан жері бырқырап,
Бара жатат зуылдап,
Бұлттай ұшып зырқырап.
Шу шықса күшеп бөлінет,
Тұяғы тиген жерлері,
Қыртысынан сөгілет!
Мұны көріп Қаныкей,
Өзінен -өзі ойланып:
-Шабуылға шығып,жол жүріп,
Желмейтіндей қылайын,
Қайра бастап қол алып,
Хан атамның шәріне,
Келмейтіндей қылайын.
Деп осылай Қаныкей,
-Еркек болсаң қашпа деп,
Шуақты қуып қалғаны.
Айтқанға Шуақ бола ма?
Айналып тұрса оңа ма?
Бұдыр –бұдыр жер келсе,
Ер Шуақтың көкала,
Бұқадай мойны бұлтылдайт,
Адырмақ жерге келгенде,
Қаныкейдің қара қасқа арғымақ,
Ай қасқасы жылтылдайт.
Қашат Шуақ тақымдап,
Қаныкей барат жақындап.
Сонда белес жаққа қараса,
Бес кісі шықты жаңаша,
Ең алдында бір кісі,
Алыс-жуықты байқаған,
Ақ сақалын жайқаған,
Күлімсіреп сөйлеген,
Кебетесі, келбеті,
Күллі жұртты билеген.
Оның артқы жағында,
Аққұла мініп болқайған,
Аяқта етік қайқайған,
Жондап ылди қараған,
Алыптық түрі көрінет,
Мұны ала-алмай дұшпан жадаған.
Алтын менен күмістің,
Құймасынан біткендей,
Аспан менен жеріңнің,
Тіреуінен біткендей,
Аспандағы ай-күннің,
Бір өзінен біткендей.
Алды қалың қара жер,
Бұған қалыңынан түткендей.
Әуедегі бұлыттың,
Салқынынан біткендей,
Ай алдында дария,
Толқынынан біткендей,
Аспандағы ай-күннің,
Жарқылынан біткендей,
Ат бастырған жерлері,
Бұған қалыңынан түткендей!
Мұны көріп Қаныкей,
Тоқтай қалды толғанып,
Өзінен-өзі ойланып:
- Е-е, келушілер келіп қалған ғой,
Жаратқан беріп салған ғой.
Аттың түрі бір басқа,
Көргенде жүрек толқиды,
Ердің түрі бір басқа.
Күйеу қылсам төрені,
Күптіні жазар шер екен,
Үзілгенін жалғасам,
Шашылғанын жинасам,
Шарпысқанның бәріне,
Шарқы жетер ер екен!
Манастың Манас екенін,
Мен басынан ұғып білгемін,
Манастығы шын болса,
Әдейі іздеп келер деп,
Жаратқанның өзінен,
Осыны тілеп жүргенмін!
Міне осылай Қаныкей,
Жақыптың ұлы Манастың,
Келгендігін біледі,
Сыртынан шерге көз салып,
Сынына толып сұқтанып,
Жолы болған жандай бір,
Жәудіреп қарап күледі!
Ал Шуақ батыр сол қашқаннан тоқтамай, екі көзі алақтап, екі етегі далақтап, зулай береді. Самарқанның бер жағында аң аулап, шолғын шолып, Шуақты тосып жүрген батырлар оның алдынан шығады, еті қызып алған Көк аланы Бақай ағасы Көк тұлпармен көлденеңнен келіп, тізгіннен алып, зорға тоқтатады. Өз тобына қосылған Шуақ Манасқа қарап, ағыла сөйлейді. «О, батыр, мен қыздан шыққан шер көрдім, қылымға татыр ер көрдім!» – деп, көрген-баққанын, Қаныкейдің жайын баян етеді. - Ұрғашының мықтысы, Артық туған бала екен, Арыстаным, өзіңе лайық жан екен! Төрем, сөзіме құлақ салсаңыз, Темірхан қызы Қаныкей, Адал жар қылып алсаңыз, Артады екен дәулетің, Түгесіліп бейнетің. Аямай жырғап жаныңыз, Ашылады екен бағыңыз! - деп, ағынан жарылады. «Қаныкей алмай жол болмайды, әсте бір ісің оң болмайды!» – деп тұрып алады. Сонда Манас батыр ерінің басын қаққылап, ойланып тұрып қалады. Оның қабағын байқаған ақылман Бақай: «Олай болса, Бұқарға құда болып баруды ойлайық, Жақыпқа ақыл салайық!» – деп, барлығы ауылға аттанады. Ал Қаныкей сонда: «Көзіне көрінсем, өзім іздеп келгендей
болармын, ұятқа қалармын. Жеріме келді ғой, жөнімді білмей
кетпес. Манастығы шын болса, Темірханның ордасына бір айналып
соқпай қоймас!» – деп, арғымағын бұрып, Бұқарға қарай жортып
кете береді.
Күннен, күннен күн өтіп,
Күптіні жазар кез жетіп,
Шоң Таластың ойында,
Кең-Қол-Ата бойында,
Қайнардың қара көзінде,
Қақ шынардың өзінде,
Тай семізін сойдырып,
Сары қазы, қима жал,
Қия кесіп қойдырып,
Өңкей қырғыз мықтысы,
Жасы менен кәрісі,
Ауылына Жақыптың,
Жалпы келген бәрісі.
Жиында Айкөл Манас бір сөзді ортаға салады. «Кеше халық
үшін намыс қуып, Қайып даңды қаратқанда, қызын алдым. Өзі келіп
ұрынып, соғыста жеңілген Саурық ханның қызын алдым. Бірақ, ата,
құда болып, той жасап, ақ некелеп қатын алып бермедің! Қалмақтан
Қарабөрікті, қалшадан Ақылайды алдым, екеуі де тумай қойды,
тұяқсыз өтем бе деп, көңілім жай табар емес!» – дейді. Бай Жақып
та, батырлар да, жиылған жұрт та сілтідей тынып, Манастың
сөзін мұқият тыңдайды. Манас сөзін ары жалғайды.
- Ойымда жүрген қызды алам,
Кереметі кеңді алам,
Ақыл-есі өзінің,
Меніменен теңді алам.
Алты жылдық зиянды,
Білетұғын қызды алам,
Ақыл қосып жанымда,
Жүретұғын қызды алам.
Жан жолдасқа жаман сөз,
Айтпайтұғын қызды алам.
Жаман жерге жамбастап,
Жатпайтұғын қызды алам.
Бейбастақтың үйіне,
Кірмейтұғын қызды алам. Бейжайлық пенен кесірді, Білмейтұғын қызды алам. Ақылға диқан айлалы, Әлемге толық пайдалы, Көңілі дархан, пейілі кең, Төрт тарабы болған тең, Жұлдызы ыстық, жылы сөз, Шырағы жарық, жәудір көз, Ақылменен ер баққан, Иманменен ел баққан, Ашығын сөздің айтайын, Қаныкей атты қызды алам! Шоң Бұқардың Темірхан, Лақап аты Қарахан, Қараханның қызы осы, Манасыңа жараған! Бұл сөзді естіп бай Жақып Бақаймен ақылдасып, Манастың айтқанын құп көріп, құда түсуге қамданады. Құмалақшы Төлек бастаған алты жігіт қосшы алып, алты атқа ақ шатырын, ақ кілемін, алтын-күмісін арттырып, алыстағы Бұқарға сапар шегеді. Күндердің күнінде бай Жақып Бұқарға келіп, Қараханның ордасына түседі. Манастың даңқын білетін Қарахан мен баласы Ысмайыл құрметтеп қарсы алып, қонақ қылып, жөн сұрайды. Жақып: «Ырысы тайқы адамға, күн сайын даушы келмей ме? Ырысы толған адамға, күн сайын жаушы келмей ме?!» – деп, алыстан толғап келіп, тоқ етерін айтады: «Сізде бір жақсы қыз бар екен, құлдық ұрып, мал беріп, құда болғалы келдім!» – дейді. Қарақан сақалын салалап тарап, шай қайнатым уақыт үндемей ойланып отырады. Содан кейін: «Қызым әлі жас еді. Ал, күйеу болатын кісің кім?» – деп сұрайды. Жақып: «Ақылымның тұнығы, ақ қалпақтың ұлығы, Құдайдан сұрап алғаным, қуатты Манас балуаным!» – дейді. Сонда Қарахан: - Сенің Манас балаңның, Бар дейді екі қатыны, Күніге балам күйе ме? Қызым ойын баласы, жас болса,
Оған екі жауыз қатын қас болса,
Ауқаттың жайын білмесе,
Омыраулап баланы,
Әркімі бір тілдесе,
Елдің жайын білмесе,
Әкіреңдеп қатындар,
Әңгі болып тілдесе,
Елге қайтіп жағады,
Ерін қайтіп бағады?
Қан шеңгелдеп туылған,
Қанішер дейді Манасың,
Балама қорлық қылмасын.
Бір ұрғанда баламның,
Қол-аяғы сынбасын.
Қырық шора қырқа мас болса,
Қызметін қылып беруге,
Қыз балам менің жас болса,
Әңгі айғырдай кісінеп,
Екі қатын қас болса!
Қой, Жақып бай, сөзіңді!
Құрмет қылып, қонақ қып,
Мен шығарып салайын өзіңді!
Қой, Жақып бай, кебіңді,
Басқа жерден аларсың,
Ылайықты келінді!»
Осы кезде Қаныкей,
Есіктен кірді қылт етіп,
Тік қарамай Жақыпқа,
Шығып кетті жылт етіп.
Артынан бір қыз еркелеп,
Есіктен шығып кетісті,
Бірін – бірі жетелеп.
Баланы байқап қалған бай Жақып: «Бүгін мен қонақпын, осында
қонамын!» – дейді. Қасына Төлегін ертіп, Бұқар шаһарын көрмекке
қыдырып шығады. Келе жатса, әлгі екі қыз тағы ұшырасады.
Сынап қараса, ақылына көркі сай екі ару да сынына толады,
Қаныкейдің жанындағы қыз – сіңлісі Аруке екенін біледі. Ол да
көңіліне жағып, Алмамбетке алып бергісі келеді. Осы ойын Төлекке
айтып, ақылдасады. Сол кезде құмалақшы Төлегі құмалағын салып
жіберіп: «Басы түсті тоғыз,аяғы түсті сегіз, бәрекелді бай Жақып,
қайда барсаң жол ашық! Құмалақ жақсы бұрылды, босағаға хан
Темір, өзі келіп ұрынды! Қаныкейдің үстіне Арукені де береді!» –
деп, қуанып сөйлейді. Оны көріп, естіп тұрған бұқарлықтың ішінен
алты кісі Қараханға келіп, Жақыптың сөзін тағы ортаға салады.
- Бұл сырттан туған Манасқа,
Ұрынған аман қалмаған.
Ойлап қара, Қарахан,
Бұл дүниенің жүзінен,
Манас қызыңды сенің таңдаған.
Жаушыға Жақып келген соң,
Қызың іске жараған.
Бермеймін деген еп емес,
Бермей қояр сен емес.
Манас бүйтіп тұрғанда,
Сенің бұлдануың жөн емес!
Сонда Қарахан ойланып отырып, мынадай ақылға келеді:
«Бай Жақып келді асылып,
Біз оған мал салайық қашырып.
Алты жүз қызыл нар болсын,
Артылған арбын зер болсын.
Адырым толған мал болсын.
Екі мың аппақ қой болсын,
Елу күні той болсын,
Маңдайында ағы бар,
Екі жүз қара сиыр болсын.
Мал айдаған қыз болсын,
Сұңқардан тоқсан құс болсын.
Бүркіттің жүзі тұс болсын.
Күліктен берсін екі жүз,
Жорғадан берсін жеті жүз,
Түйеден берсін екі жүз.
Жолбарыстан берсін жетіні.
Шерден берсін екіні.
Бұқадан берсін мұншаны,
Бурадан берсін соншаны.
Сөйтіп, Қарахан: «Бермейміз деп тура айтсақ айып болар, мұнша
малды тапса- қызды алар, таппаса – құры қалар!» – деп ойлап, бай
Жақыпқа келіп, қалың малдың есебін айтады, мұртынан күліп қояды.
Сонда Жақып: «Ыразымын өзіңе, салған қалың малыңды, жеті күнде
көрсетемін көзіңе!» – деп, аттай алтын зер мен екі тоғыз малды:
«Қалың малдан тыс, құлдық ұрған ырымым!» – деп, тартуға береді.
Содан кейін Қараханға: «Кіші қызың Арукені Алмамбет балама
бер! Оған да құлдық ұрайын!» – дейді. Қарахан ашуланып қалады,
бірақ сол жерде тұрған елдің ішінен Қараханның қадірлі жігіті
Қалматай: «Құлдықты ұра берсін, мақұл деп, алтынын ала беріңіз!
Сонша малды тауып келе алмайды!» – дейді. Қарахан амалсыздан:
«Мақұл, құда болсақ, болайық!» – дейді. Осы сөзге тоқтасып, бай
Жақып үйіне қайтады.
Келген соң Манас пен Алмамбетке болған жайды баяндап: «Ал,
енді айтқан малын айдап барып, келіндерді алып келейік!» – деп,
қамдана бастайды. Жақып жанына Бақай мен Төлегі бар, қырық
кісі қосшы алып, бәйбішесі Шиырды Боз жорғаны мініп, алты
қатын, төрт келінді ертіп, жолға шығады. Манас пен Алмамбет
қосшыларымен қалың малды айдап, артынан жүреді. Айтқан
малына қосымша деп, шоралар жүздеп жылқы айдап, малдың
көптігінен жердің беті шаң болып, аспанды бүркеп, дүбірлете
шұбырған малға дала мен тоғайлардағы жан-жануарлар да, қашар
жерін таппай, амалсыз қосылып кетеді. Сөйтіп, Қараханның еліне
жетіп, Бұқарға кіреді.
Есікке шықса Қарахан,
Мал толыпты жеріне.
Санын малдың ала алмай,
Айласын тұрды таба алмай.
Қайбереннен қосылып,
Құлан жүрет ішінде,
Қолға ұстатпас шу асау,
Будан жүрет ішінде.
Арқар,құлжа, тау теке,
Толып жүрет ішінде.
Малға аралас қорсылдап,
Доңыз жүрет ішінде.
Күрең сиырға қатарлас,
Құлжа кірді Бұқарға.
Арғымаққа аралас,
Арқар кірді Бұқарға.
Бурыл жылқы ішінде,
Бұғы кірді Бұқарға.
Маңқаң-маңқаң басатын,
Марал кірді Бұқарға.
Текілдесе шұрқырап,
Теке кірді Бұқарға.
Еңкең-еңкең басатын,
Тау ешкі кірді Бұқарға.
Елу қодас, жүз қашыр,
Желіп кірді Бұқарға.
Қалың малға қосылып,
Арыстан келді, шер келді,
Ежелгі Бұқар сескеніп,
Ебі кетіп, тербелді.
Толған малдан топалаң тигендей болып тұрған Қарахан бай
Жақыпты көргенде қуанып кетеді. Ақ сарайға кіргізіп, сый-
құрметін білгізіп: «Малыңды алдым, ризамын, біттім! Енді мына
малыңды қалай айдап келсең, солай айдап кетіп, бізді құтқар!» –
дейді. Сөйтіп, келген мал мен жан-жануарлар Бұқарға бір түнемей,
қайтадан қырға тарап кетеді.
Мұны бұлай тастайық, күйеу болып келген батырлардан сөзді
бастайық. Манас пен Алмамбетті қыз-келіндер құрметтеп,
бұқарлық үйде күтіп, қызмет қылады. Кеш батып, түн болғанда,
күйеу балаларды сол үйге қондырады.
Ел ұйқыға кіргенде,
Күйеу болып көрмеген,
Мындай іске көнбеген,
Қызын алып келмейт деп,
Кім екенім білмейт деп,
Ызалық түсіп мойнына,
Бозуыл, Ыршуыл басшы алып,
Екі келін қосшы алып,
Басып келді ер Манас,
Қалыңдықтың қойнына.
Алтыннан қылған тақтада,
Қаныкей жатқан керіліп,
Ұйқы қашып, ой шырмап,
Кірпік қақпай ерігіп.
Манастың жүзін көргені,
Қаныштың жыны келгені:
«Кіріп келет шоңсынып,
Сөзге келмей бұл қанқор,
Төсегіме қол салып.
Қыздың жайын білет, – деп, –
Жесір қатын алғансып,
Маған жетіп келет!» – деп,
Ызаланып қалғаны,
Еңкейе түсіп қабылан,
Емшегінен қармады.
Міне сонда Қаныкей:
«Сөзге келмек зинат, – деп, –
Қыздың жайын білмейсің,
Қыз жосыны қымбат, – деп –
Күйеу болсаң сен, Манас,
Жатпайсың ба еркелеп,
Қараңғыда келесің,
Жас баладай ентелеп.
Жесір қатын мен емес,
Сен алардай жетелеп.
Ата-анамның төрінде,
Көзіме бүгін көрінбе,
Келуші болма темселеп.
Қадыр-көңіл жетіссе,
Құрмет қылып қыз-келін,
Мені алып барар жетелеп.
Батыр Манас сен болсаң,
Бала қиял мен болсам,
Хан басыңменен қарқайып,
Ұрыша басып жүресің,
Ұялмай түнде келесің.
Адамға жақпайт, ер Манас,
Сенің осы мінезің!»
Қара торы, керме қас,
Келісімді ұзын шаш,
Қаныкейдің сөзіне құлақ салмады,
Жанына жетіп ер Манас,
Енді білегінен қармады.
Болат қанжар басында,
Қаныкей қынынан суырып алғаны,
Қисаңдамай жөн тұрып,
Қанжар менен Манасты, Нақ білекке сайғаны. Білекке қанжар ұрылып, Қызыл қан кетті шұбырып, Манас қалды бұрылып, Ашуы келіп батырдың, Қызыл өңі құбылып: «Алам деп қатын жақтырып, Қаншыққа алдым қаптырып!» Қаһарлана қалыпты, Қабырғасын Қаныштың, Қирата теуіп салыпты... Арада екі күн өтіп, күбір-сыбыр сөз шыға бастағанда, Қаныкей Арукені ертіп, Манастың қасына келіп тұрды дейді. «Батыр, айып менің мойнымда, Қылыш алып жатушы ем, Қыз болғалы қойныма. Қылыш тиіп қалыпты, Оқыстан сенің қолыңа. Айкөл төре, батыр, – деп, – Айтса, қойшы кешіріп, Атаның құнын ақыр, – деп, Кейімей жаным қоймас, – деп, Кешірмесең болмас, – деп – Айкөл Манас жолбарыс, – деп», батырға құлдық қылып, бүгіліп тұрғанда, Бақай келіп қалады. Қаныкей ол кісіге ізет қылып, жүгінеді. «Келінім кегі жоқ кісі болады!» – деп сүйінген Бақай жайына кетеді. Бұл жайды білгендер Қаныкейдің сөзіне разы болып қалады. Жиылған елдің алдында Қарахан сөз бастап, Алмамбет батырға Арукені беретінін айтады, оған ешкім қарсы болмайды. Аппақ келін, ару қыз, Арукені жетелеп, Ардақтап алып келеді, Әзизханның Алмамбет, Ақыреттік құрбым деп, Самайынан бір сипап, Ақырын ғана күледі.
Содан отыз күн ойын қылып, молдаларды жидырып, некелерін
қидырып, екі келін алған Жақып Бұқардан Таласқа қуанып аттанады.
Таласқа сүйіншілеп шабарман кетеді. Сөйтіп, ер Манасты желпіне
тосқан кең Таласта Манас пен Қаныкей бір үй, Алмамбет пен Аруке
бір үй болып, бай Жақып ұлан-асыр той жасайды.
Өзеннен тоғай қидырып,
Отынды таудай жидырып,
Жер ошақты қаздырып,
Ас қазанын астырып,
Елге хабар салысып,
Жыршы менен қомызшы,
Бәрін жиып алысып,
Жомоқшы жомоқ айтысып,
Бергенін алып қайтысып,
Зурнайшылар жан-жақтан,
Осы тойға жиылды
Өнерпаздың бәрісі,
Өбектеген кәрісі.
Ат, құнан таңдап шаптырып,
Зурнай менен кернейін,
Аспандата тарттырып,
Әр кім мұны жақтырып,
Марғалаңның Малабек,
Қоқаннан келді Қозыбек,
Қашқардан келді Алабек,
Әнжиянның айыр сақал Санжыбек.
Мергендер жамбы атысып,
Шабандоз ылақ тартысып,
Көк бөрідей жұлысып,
Көк буы шығып қайтысып,
Өкпе қармап таз шабыс,
Одан кейін жаяу жарыс,
Балуан күрес, ер сайыс,
Атала бас, ит тартыс,
Ойын күлкі тамаша.
Жамандар қалып адасып,
Жақсыға жақсы жанасып,
Қырық күн қызық көрісіп,
Келгендер кетті тарасып.
Жаудың айласы
Манас батыр Қаныкейді, Алмамбет батыр Арукені алғаннан
кейін ұзақ жылдар Таласта тыныш өмір сүреді. Қырғыз елі өз жеріне
түгел ие болып, Алайда батыр Төстік, Әнжиян өлкесінде Санжыбек,
Тәшкен тарабында Көкетай, Кеминде ер Үрбі, Ат-Басында Қосай дәу
болып, барлығы бірдей Манасқа тілектес, қанаттас жасайды. Манас
Орта Азиядағы барлық елдермен ынтымақта болады. Манастың
қосынында Алмамбет, Шуақ, Сырғақ, Әжібай сияқты батырлар,
ақылман Бақай және мықты шоралары ұрынған жауға қан жұтқызып
тұрады. Оларды жомықшылар кейде:
Себілдісі сексен төрт,
Серп алған жағы қызыл өрт», – деп, сексен төртке де жеткізіп
қояды.
Сарыарқадағы Көкше батырдың әйелі Ақеркеш, Манастың әйелі
Қаныкей, Алмамбеттің әйелі Аруке сұлу – үшеуі де Бұқардың ханы
Темір ханның\ Қараханның\ қыздары болғандықтан, олар бір-бірімен
бажа болып, туысқандық байланыстары да нығая түседі. Ер Көкше
Манастың өз адамы болып, Сарыарқа жақтан қырғыздарға еш қатер
төнбейді.
Манастың басшылығындағы қырғыз рулары бас қосып,
жеңілмейтін үлкен күшке айнала бастайды.
Қырғыздардың ескі дұшпаны – Қаңғайдағы Есен ханға қырғыз
руларының күшеюі қатты қауіп туғызады.
Манастың қолына тыңшы, сатқын жіберу арқылы ірітіп
бұзу және оның батырларын амалын тауып өлтіру мақсатында,
сөйтіп қырғыздардың қосынын әлсіретіп барып, шабуыл жасауды
ойластырады.
Көзқаман
Шет Бейжіндегі Есен хан айтулы мықтыларын жинап:
«Манастың көзін жоймасақ, түбі біздің елімізге пәле болады!» –
дейді.
Уағданы бек қылам,
Адам өлер серт қылам:
Қара жолтай Манасты,
Қармап сойып келгенге,
Алтын тәжім кигізем,
Алтын таққа мінгізем,
Қалмақ пенен маңғұлдың,
Бір шоң хандығын білгізем!» – деп,ант ішеді. Алайда, Манастан
беті қайтқан батыр, балуандардың бір де бірі бұл іске тәуекел
ете алмайды. «Манасқа ұрынаған кісі тірі қайтпайды!» – деседі.
Сол уақытта Көзқаман мен оның үлкен ұлы Көкшекөз, Желтимес
пен Шаңдаяқ, Оразан деген бес балуан, жұртынан безген бес айуан
белсеніп шығады. Бұлар баяғыда манжулар қырғызды қырғанда
қара қытай Қақанға қолға түсіп, қалмақ болып кеткен қырғыздар
екен. Бәрінің де Манасқа туыстығы бар, ал Көзқаманның шын
аты – Үсен. Бұл Үсен Бай мен Жақыптың бірге туған бауыры.
Қалмақтың дініне кіріп, тілін үйреніп, қалмақша Көзқаман атанып,
балаларының да атын қалмақша қойған екен.
Манасты барып союға,
Қанына мықтап тоюға,
Басын кесіп жеткізіп,
Есен ханның алдына,
Тарту қылып қоюға,
Аянбастан ант қылып,
Өліп кетер у жалап,
Шошқадан төртті сойысып,
Қалмақтың діни кітабы,
Бишікті төске қойысып,
Жендетті жетік құрасып,
Есен ханның алдынан,
Тисе өлтірер у алып,
Бұра тартпай сайрасып,
Манасты сойып беруге,
Қоладан қылған бұрқанды,
Қайрадан қайра қармасып,
Айды хатқа салысып,
Күнін күрмеп алысып,
Қалмақтардың Қақандағы су құдық,
Сиынысып барысып,
Жау-жарағын сайлатып,
Жолға мінер қашырдан,
Қырық шақты ылау байлатып,
Шет Бейжінден шығып жол жүріп,
Ат аямай мол жүріп,
Қырық күншілік шөл көріп,
Қиын жолды көл көріп,
Томпайған неше тау көріп,
Томырайған қау көріп,
Келеді жүріп бес балуан-
Жұртына бұзық бес айуан.
Бөлектен барса ол жерге,
Бақан ауыз шығып ішінен,
Түбіне түгел жетер деп,
Бес балуанның барлығын,
Ер Манас қырып кетер, – деп,
Жабыла байқап болжасты.
Бұл Көзқаманның айласы,
Қаншан көрген сұрқия,
Қабат екен шалмасы,
Тысында адал, іші арам,
Манасты көздей бет алып,
Барады кетіп қанша адам.
Ара жерге келгенде,
Арам ойлы Көзқаман.
Ер Манасқа хат жазған.
Жылап, боздап бек жазған:
«Қабылан Манас батырым,
Түбіміз туған, – деп жазған. -
Шоң атаң Ноғай өлгенде,
Қытай, қалмақ қырғызды,
Малдай айдап бөлгенде,
Әлі құрып қырғыз жұрт,
Әр жақта қаңғып қалғанда,
Алатауды көре алмай,
Атаңның көрі, дүние-ай,
Қайран бас болды арманда!
Бейжінді көздей бет алып,
Тентіреп кеттік, түн көрдік,
Қара қытай, манжудың,
Падасын бағып күн көрдік.
Падышам Манас, байқап ал,
Бордай тоздық, көзің сал.
Ақыл, есті жия алмай,
Сасып қаңғып келеміз,
Құс ұшпаған шөлменен,
Ит баспаған белменен,
Азып қаңғып келеміз.
Бел тұтып сені, арымас,
Будан деп қаңғып келеміз,
Атамыз бірге имандас,
Туған деп қаңғып келеміз.
Балтырдың бәрін қанаттық,
Бұғана сүйекті ауырттық,
Батыр, жүзіңді қашан көреміз?!
Қалмақ шапты көшімді,
Қара қытай, шибейден,
Ала алмай келем өшімді.
Майым кетіп, сүйек қалып,
Арып кетіп барамын,
Манасым қашан көрем деп,
Қарып кетіп барамын.
Бұ дүниенің тозағын,
Көріп кетіп барамын,
Ақыл қашып, әл кетіп,
Падышам, сені көре алмай,
Өліп кетіп барамын.
Жиған-терген мүлкімді,
Шашып кетіп барамын.
Манас інім күтіп ал,
Мен саған қашып кетіп барамын!»
Бұл хат қолына тиген соң, Манас көзіне жас алып: «Туғандарым
азып-тозып келеді екен, алыстан тосып алу керек!» – деп, алдынан
шығады.
Күліктен ылау байлатып,
Бағлан қозы, шырын бас,
Келістіріп қайнатып,
Қантты қардай томырып,
Сары майдан омырып,
Топырлаған толған ел,
Тербелгендей қара жер,
Туған екен маған, – деп,
Тосып алды Манас шер.
Кебі шырын, сөзі бал,
Келген дұшпан жағынар:
«Атамыз бірге туғаным,
Айкөл Манас, аман ба?
Қашып келдік Қақаннан,
Бұл қылғаным жаман ба?
Жылғынды Кең-Қол жер бар, – деп,
Қашып, қаңғып келеміз,
Қадірді білер қабылан,
Туғаным Манас сен бар, – деп.
Қақанда жүрдік сор қайнап,
Көре алмай жұртты көз жайнап,
Қайырылып келіп тұрамыз,
Жақыптың жалғызына дем байлап.
Қалың манжу,көп қалмақ,
Тартып алды шайымды.
Талап алып маңғұлдар,
Далада сойды тайымды.
Туғаным деп ойласаң,
Тауып бергін, қабылан,
Менің тұратұғын жайымды.
Серпіліп қашқан біз болдық,
Себебін тапқан сен болшы.
Томсарып келдік, бел болшы,
Тоңып келдік, тон болшы,
Жаяулық өтті, тай берші!
О, Манас, сусап кеттік, шай берші!
Арыдық, жанды семіртші,
Ашығып келдік, тойғызшы.
Қақандағы Қоңырбай,
Манжудан көрдік қорлықты,
Қара қытай, көп шибей,
Халқынан көрдік зорлықты.
Қабылан Манас, басынан,
Халықты күткен салтың бар,
Қалмақтан келген туғандар,
Қағыса кетсек жауменен,
Сенің көтеріп ұшар қанатың,
Қылышың болар жарқылдар!»
Көзқаман сөзін ұққанда,
Батыр алып келді Таласқа,
Аталас туған болған соң,
Ауылдас қонды Манасқа.
Көкжал Манас батырың,
Қазына аузын аштырды.
Көзқаман туған келді деп,
Күрей-күрей шаштырды.
Батыр Манас бұйырып,
Ақсақалдар жиылып,
Кеңес салған кезінде,
Тілге келді Көзқаман,
Көзінің жасы тиылып.
Ақсақалдар кеп бастап,
Ақырын айтып,бек тастап:
- Адасқанда айып жоқ,
Қайтып үйір тапқан соң,
Қалың қырғыз халқыңыз,
Құшақ жайып жатқан соң,
Қайғы, шерді қойғын деп,
Көп қапаны жойғын деп,
Жан туғаным болғын деп.
Жақын тартып, жан-жақтан,
Жылы, жылы кеп айтат,
Ақсақалдар бек айтат:
Қаны бірге Қаманым,
Қиын болды заманың,
Оған бар ма амалың,
Қаңғып жүрген қырғыз деп,
Қорлықтың көрдің жаманын,
Қандай бәле төнсе де,
Өлімге қарай асықпа,
Ойла бастың аманын,
Ақыл, айлаң болған соң,
Ақыры тауып амалын,
Қарғып өттің арқардай,
Қара қытай қамалын,
Елді таптың, есті жи,
Жан туғаным келді деп,
Қамқорыма аламын!
Алыстан келді туған деп,
Бетін жаспен жуған деп,
Туған елге кетем деп,
Тірі болсам жетем деп,
Белін бекем буған деп.
Сағыныштан сарғайып,
Ел деп келді емес пе,
Қанша жылдар зарланып,
Мейірім мен мерейге,
Шөлдеп келді емес пе,
Хан Манасқа ой келді,
Ұлан-асыр той берді.
Той болған соң ат шабыс, күрессіз бола ма? Бірақ, Көзқаманның
көп қаман бәйгеден оза алмай, күрестен жеңе алмай, құр қалады.
Қандары қызып, көкпар тартуға білегін сыбанып Көзқаманның
тұңғыш ұлы Көкшекөз батырдың өзі шығады.
Көкпар тарту дегенде,
Шоқпарларын тастасып,
Қызық ойын бастасып,
Қаны қызған қасқалар,
Тырысқақпен тартысып,
Ұрысқақпен ұрысып,
Қас-қағымда қастасып,
Қас-қағымда достасып,
Қиқулаған дауысы,
Аспанменен астасып,
Көп ішінен бір еркек,
Көк серкені көтеріп,
Іліп жерден алғанда,
Ат жалына салғанда,
Жан-жағынан жармасып,,
Көк серкені қармасып,
Жанталасып шатысқан,
Үзеңгіні үзердей,
Шіреп тұра қалысып,
Қасық қанын қасқайып,
Таралғыға тапсырып,
Табан тіреп тартысқан,
Тарамыстай тас білек,
Тарта, тарта қарысқан,
Тақасып келіп таласып,
Тартысып жүріп жарысқан,
Табаны жалпақ тарланды,
Тарғыл тастан қарғытып,
Қара жермен табысқан,
Аттан құлап жатса да,
Арқа-жарқа болысқан,
Орғып тұрып орнынан,
Ырғып мініп атына,
Тасырлатып шапқанда,
Табанынан шашырап,
Тарсылдаған тарғыл тас,
Қарша борап жатқанда,
Ұран, сүрең салысып,
Дуылдасып, додаға,
Дойман ерлер кірісіп,
Жұрт қызыққа батқанда,
Көзқаманның тоғыз ұл,
Барын салып баққанда,
Ең үлкені Көкшекөз,
Бір амалын тапқанда,
Жұлқып, жұлқып көкпарды,
Тартып алып қашқанда,
Атан түйе арқалап,
Алшаң басып жүретін,
Артық туған Ақаяр,
Артынан тура тартқанда,
Жеткен бойда қойсын ба,
Қолын салды көкпарға,
Көзқаманның Көкшекөз,
Ол да балуан білекті,
Оңайлықпен болсын ба,
Екеуі екі сирақтан,
Қармап алып көкпарды,
Екі жаққа жұлқысып,
Қатарласа шабысып,
Иығымен қағысып,
Қаны бойда қайнаған,
Қамшыларын шайнаған,
Қаһарланған ерлердің,
Екі көзі қызарып,
Мұрты кетті ұзарып,
Қалың жиын дүркіреп,
Ақаярлап бір жағы,
Көкшекөз деп бір жағы,
Ұран салды күркіреп,
Қосылғанда көп дауыс,
Қысылғандай қос тұлпар,
Қос танауы делдиіп,
Қос өкпесі сырылдап,
Алқынып шауып барады,
Бірін-бірі баса алмай,
Тартынып шауып барады.
Қаһарланған Ақаяр,
Қайрат қысып қалшылдап,
Ақия қарап алды да,
Қақия тартып қалғанда,
Қапияда Көкшекөз,
Тақия кетіп бір жаққа,
Тақымы кетіп бір жаққа,
Сыпырылып атынан,
Серкемен бірге құлады,
Құласа да айырылмай,
Саусақтары қарысып,
Қарсы қайрат қылады,
Таңғалдырып көп елді,
Артық балуан Ақаяр,
Көкшекөзді көкпармен,
Бірге сүйрей жөнелді,
Қарысқан қолы талады,
Шөптің шаңы бұрқырап,
Сыпырылып Көкшекөз,
Аунап жерде қалады.
Көкпарды көкке көтеріп,
Ақаярдай балбаның,
Атаға олжа салам деп,
Атойлап шауып барады! Ызасына шыдамай Көкшекөз қалды тарынып, Көпке келіп кеп айтат, Ашуменен жарылып: - Серкедей сүйреп жықтыңдар, Бәрің бірдей жабылып, Көргеніміз осы ма, Арып-ашып келгенде, Ел, жұртым деп зарығып?!. Жеті жұртты айналып, Жерім бар деп келгенбіз, Еркелетер ебімен, Елім бар деп келгенбіз. Қабағына жат жұрттың, Жалтақтаумен жүргенбіз, Өкіміне өзгенің, Өлмеген соң көнгенбіз. Кімге күліп тұрсыңдар, Бұл сияқты мазақты, Күнде,күнде көргенбіз! Жаңа ғана жарқылдап отырған жұрт тым-тырыс болып, үндей алмай қалады. Көкшекөздің өкпесі орынсыз болса да, алыстан келген бауыр ғой деп, көпшілік оның көңіліне қарайды, кейбіреулері: «Бәйгені елге оралған қандастарымызға беру керек еді?» – деп, күңкіл шығара бастайды.Сол кезде ақылман Бақай сөз тізгінін батыл қолға алып, ағайындарға қаратып байсалды сөз айтады: «Ау, ағайын! Елге ел қосылса құт деген! Шынымен елім деп, шынымен жерім деп келсеңдер, міндетсімей, бұлданбай келіңдер! Өкпелескенді қойыңдар, кінәмшіл болсаңдар, көңіл қалар! Болмашыдан пәле іздеп, өзімізге өзіміз өкпелей берсек, бірімізден біріміз түңіліп, жат болып, жауласып кетерміз! Осы елдің қиындығы да, қызығы да бәрімізге бірдей, азамат ерлері де бірдей, бөле – жаратын, бөлінетін жөніміз жоқ! Қарқараның қара тас, кейбіреуге маржан тас, кейбіреуге арзан тас!» – дейді. Бақайдың сөзіне жұрт ұйып тұрғанда, оны бірінші болып Көзқаман қолдап шыға келеді.
Ақылгөйсіп ақырын,
Көкшекөзге бұрылып,
Батырып айтты Көзқаман,
Елдің тұрды бәрі ұғып:
- Данышпан Бақай тура айтты,
Аталы сөзбен ағылып!
Ұғасың ба, Көкшекөз,
Не боп қалды соншалық,
Тулаққа бола тарылып?
Той ғып жатыр көп қырғыз,
Келді ғой деп біздерді,
Жүдеп, жадап, жабығып,
Жер көтерер жеңілсең,
Бұзық кептен қозғама,
Өз-өзіңнен қағынып.
Көкпар деген ылақ па,
Кепкен тері тулақ па,
Тыныш жатқан халықты,
Тулаққа бола шулатпа!
Жат қылығың байқасам,
Туған ұлым болсаң да,
Қуармын сені аулаққа!
Атасының сөзіне,
Көне қалды Көкшекөз,
Ашуы оттай лаулаған,
Сөне қалды Көкшекөз.
Тиым салды Көзқаман,
Болды сөйтіп сөз тәмам.
Көрген елдің бәрісі,
Жасы менен кәрісі,
Көзқаманды дана деп,
Айтқан сөзін екі етпей,
Тоқтай қалған Көкшекөз,
Қандай жақсы бала деп,
Разы болып қалғаны.
Арғы жағын кім білген,
Көңілі харам, қараңғы,
Ағызбасын сораңды.
Содан, жұрт тарқап, Көзқамандар Манастың ауылына қатар
қонып жата береді. Көзқаман өзге жұртқа сездірмей, өзінің сенімді
адамдарына үгіт –насихатын жүргізіп, оларды астыртын қастық
істеуге үйрете береді.
– Шын сырыңды білдірмей,
Қызыл тілмен қыздырып,
Өтірікпен сөз байлап,
Масқараны қылайық,
Жылтыраған мүлікпен,
Қызықтырып, көз байлап
Тасқараңғы қылайық,
Ақыл сөзді ұқпайтын,
Таскереңдей қылайық,
Бойға баяу сіңетін,
Аярлар ғана білетін,
Улы бояу, дәріні,
Тамағына қоса бер,
Шөп пен малын бүлдіріп,
Даласына шаша бер.
Тәтті, тәтті сөздермен,
Көңілін майдай ерітіп,
Сеніміне кіре бер,
Шын сырыңды білдірмей,
Алдап, сулап жүре бер,
Қаңқу, күмән ойларды,
Құлағыңа іле бер,
Көрген, баққан жайларды,
Есебіңе тізе бер!
Даңғаза мен дақпыртқа,
Жаны құмар бұл жұрттың,
Қашан көрсең жүргені,
Басын қосса қауқылдап,
Қаздар құсап қаңқылдап,
Азан-қазан болады,
Қуыс кеуде таңқылдақ.
Даңғырадай даңғырлап,
Ашық күні жаңбырлап,
Аталарын мадақтап,
Көр ақтарып, тас қойып,
Сүйектерін сүйресін,
Бірін бірі қаралап,
Ащы тілмен түйресін.
Төр таласып жүргендер,
Ертең көрге өздері,
Кіретінін білмесін,
Ас пен тойға алданып,
Ақыл-есі майланып,
Желдей есіп, гулесін,
Күнде жиын, күнде той,
Дүңкілдетіп кеудесін,
Дүрмек күйін күйлесін.
Мақтағанға мәз болып,,
Күні біткен көкжалдар,
Аждаһаның аузында,
Ажал биін билесін!
Бітеу жұтпай қоймаймыз,
Бір шетінен ілгесін.
Түгел алмай қоймаймыз,
Бір бетінен кіргесін!
Көзқамандардың мұндай қара ниетін сезе бастаған, ниеті
түзу, туған елін шынымен сағынып келген адал қырғыздар не
істерін білмей дал болады.Бір жағынан, Көзқаманның қоластында,
солардың уысында болғандықтан, аттап шыға алмай, әрекет қыла
алмай, бір-біріне мұңдарын шағып, сыр шертеді:
- Бойын намыс кернеген
Жауға жолын бермеген,
Ұсақ сөзді термеген,
Құлашын кеңге сермеген,
Аспанға бөркін лақтырған,
Аты келсе кермеден.
Арсылдаған төбетті,
Қасқырдай жұртты талаған,
Тарсылдатып қамшымен,
Қарсылдатып сабаған.
Егескенмен егескен,
Теңескенмен теңескен,
Шын достыққа жараған,
Адал жанға әділ боп,
Қайырымын аямай,
Мейіріммен қараған.
Қырғыз біздің атамыз,
Атамызды қытайға,
Қалай ғана сатамыз?- деп қиналады.
Көзқамандардың қара ниетін Манастың ауылына айтайын
десе, айғақтары жоқ, амалдары құрып, әліптің артын бағып, іштен
тынады.
КӨЗҚАМАННЫҢ ҚАСТЫҒЫ.
Көзқамандар күніге,
Тел құлын сойып жей берді,
«Манасым менің» дей берді.
Осылайша тәтті тілмен алдап, батырға балдай жаққан
Көзқаман мен Көкшекөздің қоладан құйған бұрханға жасырын
сиынып жүретінін әлгі адал қырғыздар күңкілдеп сөз қылып, ол
қаңқу Қаныкейге жетеді. Ақылды Қаныкей бұлардан күдіктеніп:
«Жау болып шығып, түбімізге жетпесін?!» – деп, қауіптеніп қалады.
Сөйтіп жүргенде, Көзқаман мен Көкшекөз ебін тауып Манасқа
елеусіз жолығады. Жылы-жылы сөзбенен аңғал батырдың көңілін
тауып, ауылына шақырып әкетеді. Орда атысып ойнап, дуылдасып
жатқан қырық шораның да, үйде іс тігіп отырған Қаныкейдің де
бұдан хабары болмай қалады.
Үйіне Манас кіргенде,
Көзқаманның айтқаны:
- Манасым саған келгелі,
Арық едік, семірдік,
Ашыққан едік, тойындық.
Жалаңаш едік, киіндік,
Кенеліп пейіл, шешілдік,
Кетіліп келіп, жетілдік.
Азат қылдың, айкөлім,
Қалмақтан қашқан басымды.
Анда-санда бір келіп,
Ішпедің менің асымды.
Ханым Манас келгенде,
Менде де арман бар ма екен?
Көкшекөз, келтір тезірек,
Сақтап қойған сырттанның,
Сыбағасы қайда екен?
Көзқаман былай дегенде,
Көкшекөз ұшып тұрады.
Қылт етсе, өліп кетуші,
Иіскесе ажал жетуші,
Қырық жылдық удан қостырған,
Қалмақша тартқан арақтан,
Мөлдірете құяды.
Көкжал Манас батырға,
Көзқаман алып сұнады.
- Түбіміз бір туған! – деп,
Ерлікпен белін буған, – деп,
- Аспандағы күн де сен,
Жұлдыз да сен, ай да сен.
Қате болмас оншалық,
Жер тұтқасы сен десем.
Бір өзіңсің тірегі,
Елден сұра сенбесең!
Бауырлығың қанеки,
Қонақ болып келмесең,
Құрметімді көрмесең!
Еліміздің бағы үшін,
Ханымыздың тағы үшін,
Қанеки, қызық бастайық,
Бір көтеріп тастайық!
Көзқаманның майда тіл,
Майдай жағып жанына,
Айкөл Манас қабылан,
Аңқаулығын көрдің бе,
Алып уды қолына.
Тоқталмай тартып жіберіп,
Ішкенде батыр бүк түсті,
Төбесімен тік түсті.
Қайырылмай кетер немедей,
Алағар көзі алайып,
Қылдай мұрты жылмайып,
Ұйпалғырдың сұм дүние,
У ішті Манас, сүйеу жоқ,
Өлім ортақ, жан бірге,
Баяғы қырандардан біреу жоқ.
Ажыбай, Бақай егіз жоқ.
Алмамбет,Шуақ теңіз жоқ,
Сырғақ, Серек ерен жоқ,
Ыршуыл, Шуты берен жоқ.
Айла табар амалгөй,
Ақсақал Қосай ханы жоқ,
Айғай ұқса қашпаған,
Ажалдан қайра тартпаған,
Баяғы қырық шораның бәрі жоқ.
Сұры қашып, іш күйіп,
Сүзіліп көзі жұмылды,
Көзқаман дұшпан болған соң,
Қайраның көріне жаннан түңілді.
Көзқаманның тоғыз ұл,
Көкшекөздің тоғыз ұл,
Желтиместің тоғыз ұл,
Бұрқанына жалынып,
Уланған Манас көкжалға,
Қылыш алып шабынып:
«Қоршап қармап алсақ, – деп,
Құрмандыққа шалсақ, – деп,
Басын кесіп, байланып,
Есенханның алдына,
Сүйіншілеп барсақ! – деп,
Алтынды тәжді кисек! – деп,
Алтын таққа мінсек! – деп.
Бұл Манастың аулына,
Бұзықты мықтап салсақ, – деп,
Батырлардың барлығын,
Құрбандыққа шалсақ! – деп
Қара сұрдың сұлуы,
Әйел заттың нұрлысы,
Ерке қатын Қаныкей,
Олжа қылып алсақ!» – деп.
Қалмақ қаптап кетерде,
Басына қылыш жетерде,
Қара шұбар қабылан,
Манастың қапталында шабынып,
Шолақ көкжал арыстан,
Манасты қорғап тұрды қабынып.
Қыжылдаған қалмақтар,
Қарсы алдынан қараса,
Ақ жолбарыстай түрленіп,
Ер Манастың келбеті,
Мың кісідей көрініп.
Майлаған бидай жүзденіп,
Көгім тұман көзденіп,
Әрі батыр, әрі шер,
Арыстанға батып бара алмай
Әлек болған осы жер.
Ер Манас көзін жұмғанда,
Жақындайды қалмақтар,
Шаппақ болып қағынып,
Арыстан көзін ашқанда,
Көзқаманның көп қаман,
Қашады қайра жабылып.
Аспанның күні бүркеліп,
Арыстаныңның басына,
Алпыс мүшкіл бір келіп,
Көңілі жаман бөлініп,
Ажалы жақын көрініп,
Асыл бір жаннан түңіліп,
Есіне алды қайран ер,
Қырық шорасын егіліп:
«Қара ниет қалмақтан,
Е-е, құдай, өлгелі келген екенмін,
Туғаным деп қалмақты,
Тура алдатып қайран бас,
Тіршіліктің қорлығын,
Көргелі келген екенмін!
Тегіс бір қондың Таласқа,
Тентіреген зұлымдар,
Ақыры сенің қыларың,
Осы ма еді Манасқа?
Қара найза желегім,
Қайран Алмам, арыстаным,
Жеткілең белін құрсанған,
Жеті бөлек жау келсе,
Желбегей кіріп қол салған,
Бұл дүниеде жиғандас,
О дүние кетсем имандас,
Қайда бір кеткен көрінбей,
Менің қабылан Алмам, құрмалдас?!
Көк сілеусін бөрік киіп,
Көкала қалқан ойнатқан,
Кеңесін ұққан жан сүйіп,
Кебіне адам тоймастан,
Қапілетте сөз тапқан,
Қараңғыда көз тапқан,
Ақылы менен жайқаған,
Алты айлық болар азапты,
Ашып көзді жұмғанша,
Ой жүгіртіп байқаған.
Адамзаттың тұйғыны,
Әулиенің құлыны,
Маңдайымда барааным,
Бәйтерек Бақай қарааным.
Алмамбет, Бақай артық шер,
Бұл екеуі қарап тұрсайшы,
Қаңғып келген шіріктер,
Сонда мұны қылсайшы!
Көк рапыс тон киген,
Көкала сынды ат мінген,
Алысса, адамның әлі жетпеген,
Арыстанның тісі өтпеген,
Аш айқырық, қу сүрен,
Ақбалта ұлы туғаным,
Қайда кеттің,дүние-ай,
Арманда Манас тұрғаным,
Мен Таласта тұрғанда,
Қазыны кесіп жеуші едім,
Қабылан Шуақ бар болса,
Менің қайратым қабат деуші едім!
Қайран Шуақ көкжалым,
Қасымда қарап тұрсайшы,
Қалмақтан келген қарақшы,
Сонда бұл қорлықты қылсайшы!
Ақыреттік дос болған,
Қара тілін қайраған,
Қалың топта сайраған.
Жетпіс түрлі тіл білген,
Жетпіс түрлі ел көрген,
Атасқан досым Әжібай,
Артығым қарап тұрсайшы,
Қалмақтан келген арамдар,
Сонда бұл қорлықты қылсайшы!
Атқа жеңіл, тайға шақ,
Ұйқысы жоқ жолға сақ,
Қылышын қынға жөлеген,
Қызыққан қилы жау шықса,
Қызыл қанға бөлеген.
Теке жомарт ат мінген,
Темірдей көпкөк тон киген.
Сыртымнан Сырғақ ұялас,
Қабыланым қарап тұрсайшы,
Қаңғайдан келген қабандар,
Қорлықты сонда қылсайшы!
Осылайша уланып, жаны қиналып, жаудың қоршауында
жанталасып жатқан Манас барлық шораларын, аяулы жары
Қаныкейді есіне алып, «аһ» ұрады. Ең соңында «Тау құлатқан Ақаяр
балуаным, сенен ажырап, далада қалғаным!» – дейді.
Батыр Манас қайран шер,
Барлығын жоқтап тұрғанда,
Көкжалдарды шұбатып,
Көңіліне алғанда,
Арыстан қайрат Ақаяр,
Жарап тұрған кезі екен.
Қылыш алып қымпайып,
Санап тұрған кезі екен:
«Қымбатым Манас санға алса,
Қызметімді ойға алса,
Қиқырып қылыш шабам, – деп, -
Ажыратып алам!» – деп,
Ақаяр келіп тұрған кезі екен.
Қымбат Манас көкжалға,
Құрбан болып кетсем деп,
Өліп тұрған кезі екен.
Санды кебін ұққанда,
Айкөл Манас батырың,
Ақаярлап шыққанда,
Өрттей көзі жайнады.
Қасқа тісін күректей,
Қашырлатып қайран ер,
Тарыдайын шайнады
Ақаярдай балуанның,
Қан ішері қармады,
Қан төк десе, жын төккен,
Қайраты бар ер еді,
Су іш десе,у ішкен,
Омбыл-домбыл ер еді.
Өлгенше кіріп болысып,
Өлерменмен салысып,
Қайран жеңгең Қанышқа,
Хабар берген ер еді.
Түбіне енді жетерде,
Тұйғын Манас батырдың,
Енді басын кесерде,
Қаһарланып, бақырып,
Опырып кірді Ақаяр,
Манастап ұран шақырып.
Сол уақытта Манасты ойлап мазасы кеткен Қаныкей де
Аққұланы мініп Көзқаманның ордасына келіп қалады. Ақаяр
балуан түйе көтерген алып екен, Көзқаманның үйіне ақырып кіріп,
қаптаған жауды жапырып жіберіп, Алатаудай Манасты жас
баладай көтеріп алып, сыртқа беттейді. Арқасындағы Манас есікке
турасынан ілініп қалғанына қарамай тарта береді, үйдің керегесі
бырқырап кетеді. Сол бетінде сыртқа алып шығады.
Батыр Манас беренің,
Ақаярдың қолында,
Өлген жандай көрініп,
Оны көріп Қаныштың,
Көзінің жасы төгіліп,
Аққұла санға бір салып,
Алдыңғы топ қалмаққа,
Аралап кіріп, қол салып,
Маңдайласа келгенді,
Балтаменен жайратып,
Қыр жағынан келгенді,
Қылышпенен ойнатып,
Әлек болып салысып,
Қиқу салып қағысып,
Арпалысып тұрғанда,
Бұл Қаныкей бейбаққа,
Оқ зардабы көп тиіп,
Басы шелек қан болып,
Ербеңдеген екі қол,
Әлі кетіп, сал болып,
Тұла бойы дал болып,
Шыбындай қу жан шырқырап,
Жау-жарақтың бәрісі,
Айбалта тиіп бырқырап,
Қабылан Манас хан үшін,
Қатын басы қағысып,
Қайран жеңгең Қаныкей,
Қалмақтар менен салысып,
Қарайып күйіп, оқ жайнап,
Қаран таппай, сор қайнап,
Қазулы шұңқыр, ор болып,
Қайнатқан мынша сор болып,
Қамандар қамап тұрғанда,
Тау көтерген Ақаяр,
Тарпылдап ұшып жеткені,
Айкөл Манас батырды,
Өңгерте салып өткені!
Ақаяр балуан: «Қабыланды бердім аманат, қадірлі жеңгем аман
бол!» – деп қоштасып, жаудың ортасында жалғыз қалып, шайқаса
береді. Айкөл Манастың есі кіресілі-шығасы, қиналып жатыр екен.
Асып-сасып Қаныкей,
Айкөлді қармап, қабыстап,
Алғанда тура өңгеріп,
Аққаңқыға табыстап,
Астында тұлпар Аққұла,
Бабына келген буданды,
Оңды-солды қамшы ұрып,
Ақылдан артық сасады.
Бес- Тастың басы Бек-Жайлау,
Бек-Жайлау көздей қашады.
Қашып шыға бергенде,
Көзқаманның көп қаман,
Жаңбыр қылып жақ тартып,
Бұршақтай қылып оқ атты.
Он екі дүрмөт ошағар,
Ойран жеңгең Қанышты,
Он екі қатар тағы атты.
Оқ келгенде сорлатып,
Емшегін жара бір атып,
Зырқырап, қақсап тұрған кез,
Жеңгеңіздің жарасы.
Қабыланның түрін қарасаң,
Өлі-тірі арасы.
Барады қашып Қаныкей,
Бұлшығын оққа бүлдіріп,
Емшек етін жұлдырып.
Жер бөлініп, шаң болып,
Қайран жеңгең Қаныкей,
Шанаштай қызыл қан болып.
Кең дүние тар болып,
Шекерден тәтті сілекей,
Бір жұтуға зар болып.
Ақ қарлы тауға қашқанда:
«Манасты тастап жіберсем,
Түбіме түгел жетер, – деп, –
Басын кесіп, байланып,
Қақанның Есен ханына,
Тарту қылып кетер», – деп.
Намысы қайнап тырысты.
Ақ жаулық басын ту қылды.
Әйел басын ер қылды,
Арыстанды алды құтқарып,
Мұндай ерлік кім қылды!
Осылайша жанұшырған Қаныкей Қайыпшының тауына қашып
барып, бір үңгірді паналайды. Көзқаманның араққа қосып, айкөлге
берген уы қырық жыл ашытқан, адам ішпек түгілі, сыртынан жаға
салса, іштегі өті жарылып кетердей күшті у екен. Қаныкей елден іздетіп, емге себеп болар дәрінің мың түрлісін алдырып, батырға ішкізеді. Батырдың денесі удың күштілігінен қырық жерінен тесіліп, жанын әбден қинайды. Қаныкей қысырақтың қырық байталын күнде біреуден сойғызып, жарасына қазы тартып, қырық бір күнде Манасты жазып, атқа мінгізеді. Ал осы кезде Көзқаман мен Көкшекөз : «Манас өлді!» – деп масаттанып, жалғанға жар салып, батырдың ауылын шауып, қазына,мүлкін тонап алады. Жаралы, байлаулы Ақаяр балуанды қамандардың ішіндегі адал қырғыздар қамандарға өтірік өлді деп, жасыру үшін өлімші күйінде қырық арқан бойы зынданға тастай салады. Өздері біраз жүрген соң, ебін тауып, жолда адасқан болып, Көзқаман қолынан сытылып шығып,қырғыз ауылдарына барып қосылады. Ал қамандар Қаңғайға қарай қашып, Көтермеден асып, Сусамыр бойлай басып мол жүріп, Қапсалаңды жағалап жол жүріп, Ешкі-Өлместің ЕкіШатының ортасына жетіп қонады. Сол уақытта қырық шораның басы Қырғылшал Манастың ауылына келіп қалады. Қираған ауылды, Қаныкейдің Ақсарайын көреді, жау шапқанын біледі. Алпыс қарауылды қырып кетіпті. Ешкімді таппай, есі шыққан Қырғылшал жан-жағына алақтап жүріп, терең қазылған орды көреді. Орда жатқан Ақаярды тауып алады. Қырғылшалдың асауға шалма салатын сексен құлаш қыл арқаны бар екен, соны тастап жіберіп, Ақаяр балуанды ордан суырып шығарады. Аузына су тамызады. Есін жиған Ақаяр болған жайдың бәрін айтып береді. Мән-жайды білген соң Қырғылшал ойбайын салып, аттандап батырларға жетіп, суық хабарды жеткізеді. Батырлар жау-жарағын сайланып, атқа қонып, Көзқамандардың соңынан қуа жөнеледі. Суыт жүріп, Бақай, Алмамбет, Шуақ, Сырғақ бастаған қол Ешкі-Өлместің Екі-Шатына жетеді. Сол жерде құмалақшы\төлгеші\ қара Төлегі бал ашып жіберіп, қашқындардың осында қонып жатқанын айтады. Және де: «Тұйғының Манас келе жатыр!» – деп жар салады. Батырлар қуанып, садаға – айтұяққа ат айтып, Айкөл Манаспен құшақтасып табысады. Сол кезде: Қайран Бақай із қуып, Жиекпенен сыдырып, Жерді шола қыдырып, Мойнақшыны асады, Үш-Аралды басады, Өгіз-Асу, Тай-Асу, Екеуінен қатар өтеді,
Күнес,Жұлдыз, Қош – Дала,
Одан да ары кетеді.
Көзқаман көші шұбалып,
Амбал тауды етектеп,
Құтылдық деп қуанып,
Қаңғайға хабар салуға,
Қақаншының ханына,
Есен ханның алдына,
Сүйіншілеп баруға,
Жатқан екен қамданып,
Амбалдың тауын жамылып.
КӨЗҚАМАННЫҢ ҚЫРҒЫНЫ
Із шалған Бақай белеске шығып, жан-жағын шолып тұрғанда,
қарауылда тұрған Желдейбоз оны көріп қалып, қамандарға хабар
береді.
Қазып қойған ор келді,
Қайран жанға сор келді.
Күн-түн қатып, жол тартып,
Қашайық десем болмайсың,
Қамшыланар кез келді,
Әй, Көзқаман, оңбайсың!
Шоралар шешер жүгіңді,
Өлді деген шер Манас,
Көрсең, бүгін тірілді.
Әй, Көкшекөз, Көзқаман,
Олжа қыз алмай, ойран бол,
Епті қыз алмай, енеңді ал!
Батырына қырғыздың,
Бәрімізді қырғыздың! – деп, екілене, өкіне сөйлеп, Манастың өзі
бастап, барлық батырлары келіп қалғанын айтады. Сонда қамандар:
Асып – сасып шамданып,
Жау-жарағын қамданып,
Қаңғайдан келген қылышты,
Қынынан суырып, сайланып.
Көзқаман осал жау емес,
Алмас қылыш байланған,
Алысқанды жайлаған,
Жетік мықты жәдігөй,
Жазбай атар мергенін,
Жан-жағына қамдады.
Қағысып жатып өлуге,
Белін буып тұрғаны.
Он кісіге бір басшы,
Отыз жанға бір жақсы,
Алпысына бір ықты,
Жүз кісіге бір мықты,
Басшыларын дайындап,
Көзқаман мен Көкшекөз,
Аузынан оты жалындап, соғысқа дайындалып тұрады. Манастың
шоралары келіп қалып, қырғын соғыс басталып кетеді.
Қаһарланып бақырып,
Қақандап ұран шақырып,
Көкшекөз бен Көзқаман,
Қаңғайдан келген көйқасқа,
Белсенісіп шабысса,
Пендеден түрі бір басқа.
Ай төбеден батысты,
Аянбастан атысты,
Күн төбелеп батысты,
Күні-түні атысты.
Айғайлаған барсылдақ,
Аспан жарған тарсылдақ,
Боз мұнарлы, қызыл шоқ,
Бозарып күйген, жанған оқ.
Көз ілместен ұрысты,
Қалмақ,қырғыз қағысып,
Алыса алмай тұрысты.
Жалмауыздай Көзқаман,
Жетік белін буынған,
Бейжіндегі су құдық,
Алты ай барып жуынған.
Көзқаманның түрінен,
Көрген адам шошыған.
Қалмақтардың ілімін,
Қалдырмастан оқыған.
Бұл ғажайыптан дуа оқып,
Атағын ұққан тітіреп,
Қармаса алмай жан бағып,
Қаншалар қашқан бытырап.
Жар шақырып, жөн айтып,
Жақындап келді Көзқаман.
Тура қара тасқа ұқсап,
Тұрпатын көрсең ең жаман.
«Хан Манастың қырық шора,
Атыңның аузын бұрып бер,
Жекпе-жекке сайысқа,
Жетігің шығып тұрып бер!
Мені сайып сен алсаң,
Қайра Таласқа жетіп қонайын,
Түн бұқараң болайын.
Ақ бидай ұнын шайнайын,
Бұдан кейін бұлай иттік қылмасқа,
Айтып антым қармайын.
Сені сайып мен алсам,
Қақанға барып қонасың,
Менің түбегейлі құлым боласың!
Белгі қылып бір жерді,
Жер мөлшерлеп алайық,
Қырық шораға қырық төрем,
Жеке соғыс салайық!»
Қабылан Бақай мұны ұғып,
Қырық батырға бүй дейді:
«Айналайын қырық шора,
Қара мылтық қарс етсе,
Қашып сорым қайнатпа.
Шұғыл мылтық шарт етсе,
Шошып сорым қайнатпа!
Жетік ойлы қырық шора,
Жекеге кімің барасың?
Жаралы Манас батырдың,
Обалы, сауабы бола ма-
Міндетін кімің аласың?
Қырық жерден келген қымбатым,
Сайысқа кімің барасың?
Шаңды кімің саласың,
Шабысқа кімің барасың?»
Айтып аузын жиғанша,
Алпысының артығы,
Қырық шораның қиыны,
Ажалдан аяқ тартпаған,
Атысқа салса,қайтпаған,
Өлуге шапса, сүйінген,
Ер екені білінген.
Қара болат қырғағы,
Қабылан Манас Сырғағы.
Орта бойлы, кең жауырын,
Ойран салар уағы.
Ер Сырғақ Көкшыбыш аузын бұрады,
Мойнына боз кісесін салынып,
Бата сұрап, қол жайып,
Бақайға қарап тұрады.
Алмамбет, Бақай Сырғаққа,
Ақ батасын бергенше,
Көкшекөз шықты жекеге.
Қаһарланып бақырып,
Аузынан оты шашылып.
«Сырттан қырғыз, ер бурут,
Сенің бүгін сұрағың бітер кезі екен,
Алдыңғы жерге кел бурут!» –
Деп осылай Көкшекөз,
Керторы аузын бұрады,
Көк темірден найзасын,
Бала Сырғақ байғұсқа,
Күркірете сұнады.
Бала Сырғақ көкжалға,
Алмамбет, Бақай, Шуақтар,
«Әумиін!» – деп қол жайып,
Жаратқанға қылып зар:
«Он алтыда бала едің,
Алдырып қойсаң – жаманат,
Сенің жаның бір құдайға аманат!»
Асылдар бата береді.
Айырылысып кетердей,
Арыстандар Сырғаққа көңіл бөледі.
Бала Сырғақ көйқасқа,
Қайран жеңгең Қаныкей,
Жасап берген оқ өтпес,
Тесігі жоқ сауыт киініп,
Манастап ұран салады,
Жоғары, төмен қарамай,
Өлемін деп санамай,
Қалмақты көздей барады.
Опол таудай Көкшекөз,
Қаһарынан шаң шығып,
Қайратынан жан шығып,
Айбалтадан алтау бар,
Кебез құрда байлаулы.
Найзасынан үшеу бар,
Екеуі тақымында жайлаулы.
Сырғақ жебеден бұрын жетеді,
Қалмақты соғып өтеді.
Көкшыбыш аузын тартқанша,
Оңданып Сырғақ қайтқанша,
Қамбыл екен Көкшекөз,
Қырық құлаш бойы көк найза,
Қиқырып кіріп сұнғаны,
Қыңқайлап қалған Сырғақты,
Қуып жетіп ұрғаны.
Зардабы күшті найзаның,
Тайып түсіп жоғалды,
«О,құдірет, сақта!» – деп,
Көкшыбыштың қалың жал,
Сырғақ әрең қармап оңалды.
Аран ауыз сұр жебе,
Ала қойып Көкшекөз,
Оныменен қырық атты.
Болат оқты сұр жебе,
Мұныменен төрт атты.
Бала Сырғақ көйқасқа,
Көзі кетті алақтап,
Аяғы кетті салақтап.
Ажыбай, Бақай, Алмамбет,
Көріп тұрды күйініп.
Көкшекөз батыр сүйініп:
«Тірі қармап алам» – деп,
Қақанның сыншы ханына,
Қырық қақпалы шаһардың,
Қырық арқан бойы зынданға,
Алып барып салам!» – деп,
Уылжып тұрған Сырғаққа,
Алтын жиек айбалта,
Ала қойып Көкшекөз,
Оныменен төрт салды.
Қара болат нар кескен,
Енді Сырғақ қолға алды,
Көкшекөздің найзасын,
Екеуін қатар сындырды.
Қайратына келгенде,
Ақырып құлақ тұндырды.
Жекелесіп тұрысты,
Жолбарыстай Сырғақ күркіреп,
Жер таянбай ұрысты.
Көкжал Алмаң көйқасқа,
Сырттандығы бір басқа,
Сарала санға бір салып,
«Сырғақ жан!» – деп үн салып,
Жақындап келіп тұрады.
Қайра Сырғақ жетеді,
Көкшекөзді ер Сырғақ,
Қиқырып сайып қалады,
Қисаймай қойды бұл қалмақ.
Шоқыға шыға бергенде,
Шүйіліп сайды Көкшекөз,
Шошымай қойды ер Сырғақ.
Сонда Көкшекөздің тоғыз ұл,
Қаптай шауып жеткені,
Алмамбет пен Сырғақты,
Қоршауға ала кеткені.
Мұны көрген қырық шора, Бақай мен Шуақ бас болып, жауға
лап қояды. Қырғын соғыс басталады. Бұл кезде Манастың жарасы
қайта тесіліп, қара қошқыл қан мен ірің ағып, қатты ауырады.
Қиналған батырды Қаныкей Таласқа алып кете береді. Қырық шора
Көзқаманның сексен батырымен күні-түні аянбай шайқасады. Сол
уақытта сайыпқыран Алмамбет:
Ғайыптан алған жай тасты,
Дуалап суға малады,
Жыланнан алған жай тасты,
Бір жан аяқ қара су,
Тиер-тимес қылады.
Бұлыт атты бурақан,
Мұның атын шақырып,
Күнді жайлап тұрады.
Ердің қасын қаққылап,
Үзеңгіні шапқылап,
Аспанға қарап Алакең,
Үш қиқырып, үш үрлеп,
Қалмағынша қалдырап,
Қытайынша балдырап,
Үш жол мөңкіп алады.
Аямай жайды салады.
Аспаннан бұлыт сабалап,
Жерді бұлыт қамалап,
Аспаннан бұлыт біріндеп,
Жер бетін көздей зірілдеп,
Бүркіп, бүркіп жаңбырлап,
Дүркін, дүркін бұршақтап,
Қараса көзге ілінбей,
Дүние жүзі көк тұман,
Қайсы екені білінбей,
Жердің жүзі бұзылып,
Қоқты-қолаң жер менен,
Су сарқырап, сел қаптап,
Жаздың күні мұздап, қыс болып,
Киімі жұқа Көкшекөз,
Қалтыраған қыз болып,
Қабылан Алмаң күн жайлап,
Қайтер айла таба алмай,
Қалмақтарда сор қайнап.
Қырғыздың көзі от жайнап,
Мінісіп тұлпар алабас,
Қиқырып қолды салады,
Қырық шора бәрі аралас.
Осы кезде Көзқаман,
Қайнап көзі тұнады,
Сырғаққа найза сұнады.
Жалмауыздай жұтынып,
Келіп қалған кезінде,
Сырттан Алмаң ақырып,
Манастап ұран шақырып,
Құстай ұшып жетеді,
Көзқамандай балуанды,
Көме қойып өтеді.
Көк тұлпарды бір салып,
Ойқыманы қолға алып,
Қайран Бақай ағакең,
Көзқаманға жеткені,
Басын кесіп өткені.
Сонда Көккерікке қамшы ұрып,
Көңілі жаман бұзылып,
Көкшекөз шықты бақырып:
«Шала маңғұл ит еді,
Бұл бурутқа жетейін,
Азып келген Қақаннан,
Алмамбет басын кесейін.
Шуақ, Бақай, Алмамбет,
Шу түсіріп бәрісін,
Тақыр қырып кетейін!»
Жан аямай қайғырып,
Көзқаманнан айырылып,
Кектеніп, қаны қарайып,
Алмамбетке жетерде,
Бұта бойы жақындап,
Найза шаншып өтерде,
Ақбалтаның Шуағы,
Айқырып найза көтерді,
Көкала санға бір салып,
Көкшекөзге жетеді,
Көк керіктің үстінен,
Көме қойып өтеді.
Көкшекөз құлап қалады,
Қайырылып келіп ер Шуақ,
Басын кесіп алады.
Сөйтіп, Манастың батырлары туған халқына дұшпандық
қылған сатқындардың сазайын беріп, жер жастандырады. Өз
еліне өзі жау болып шапқан Көзқаман мен Көкшекөздердің көзі
жойылғанын, жеңіс хабарын жеткізу үшін Таластағы Манасқа ер
Шуты сүйіншілеп келеді. Манас жеңіске жеткеніне және қырғын
соғыстан қырық жайсаңының бәрі аман қалғанына аса қуанып,
ауруынан айығып, аямай малды сойғызып, ұлан-асыр той қылып,
арыстандарын алғысқа бөлейді.
ЕР КӨКШЕ МЕН НЕСҚАРА
Айкөл Манас батырмен
Қазақтың ханы Ер Көкше
Қаршадайдан қанаттас,
Қойы болған қоралас
Тойы болған аралас,
Жолы болған жоралас
Антқа берік дос болған,
Байтақ жатқан қазақтың
Ғажабы да көп болған
Азабы да көп болған,
Жақтағанда бір-бірін
Жаннан асқан бауырмал
Бал ауызы бір бөлек,
Жақпағанда іші тар
Алауызы бір бөлек,
Қызғаныштан ішіне
Қарап жүріп кек қонған
Бір-бірін мүжіп жеп болған,
Жігерлері мұқалып
Жіліктері жұқарып
Жүдеп тұрған кезінде
Аңысын тауып жаулары
Аңтара шапқан шақ болған,
Даланың беті өрт болған,
Жұмыртқадай ақ үйлер
Отқа оранып жоқ болған,
Осы көрген қорлығы
Мәңгі-бақи қазаққа
Ұмытылмас дерт болған,
Ондай күнді құдайым
Бермесін деп ұрпаққа
Тілек ќылып күндіз-түн
Сол үшін күрес-серт болған!
Ай, жарықтық кең дала
Бір шетінен дүркіреп
Құстай ұшқан киігі
Бір шетіне зырқырап
Қырық күнде жетпеген,
Бір жағының қар,мұзы
Сереленіп жатқанда
Бір жағында құлпырып
Жемістері көктеген,
Көк бөрідей ұлдары
Көк сүңгісін көлбетіп
Көлденеңдеп шапқанда
Түз тағысы қылт етіп
Алдын кесіп өтпеген,
Сертке берік ерендер
Семсердің тұрып жүзінде
Дәмнен аттап кетпеген,
Асылық қылып асқақтап
Қырсығып табақ теппеген,
Арулар күлсе күймеден,
Үміттеніп түймеден
Көрінгенді сүймеген,
Дүниені тербетіп
Домбырасын күйлеген,
Аузыменен алдамай
Тебіреніп, толғанып
Жүрегімен сөйлеген,
Сүрінгенге күлмеген,
Жығылғанға тимеген,
Арқада қосы қисайса
Дос түгіл қасын сүйеген,
Атойлап алға атылып
Ұрандап ұрыс салғанда
Найзасының ұшында
Тоқсан қалша билеген,
Кердеңдеген кәуірді
Кәуаптай қылып түйреген!
Қазақтың қайран ерлері
Найзаларын саптасып,
Тұлпарларын баптасып,
Қылыштың жүзін таптасып,
Бірін бірі қомпитып
Батырсың деп мақтасып,
Қандай заман болад деп
Алты малта, бес құртын
Қоржын түпке сақтасып,
Даланы жауға бастырмай
Ел шетіне сақ болған,
Қазақ,қырғыз баласы
Астарында тақ болған,
Бастарына бақ қонған,
Мұсылман түрік баласы
Мызғымастай тұтасып
Тұранның байтақ жерінде
Қырандай ұшқан шақ болған!
Кешілдің ханы Қоңырбай,
Қаһары қатты шоң Жолай,
Манжудың ханы Несқара,
Айкөл Манас батырды
Айқасып та ала алмай
Айтысып та ала алмай,
Құрыштай берік тұтасқан
Ынтымақты ерлердің
Қапысын аңдып таба алмай
Жиылып кеңес салғаны,
Қара жолтай Несқара
Сұмдықты ойға алғаны:
“Айқаймен алмас қамалды
Айламен алсақ болмай ма,
Бір болатқа бір болат
Қайрап салсақ болмай ма,
Бір бауырға бір бауыр
Айдап салсақ болмай ма,
Қырғыннан аман қалғанын
Байлап алсақ болмай ма?
Біреудің тілін ойланбай
Алғыш халық емес пе?
Не десең де бас шұлғып
Нанғыш халық емес пе?
Ұйып тұрған жерінен
Іріген сүттей қылайық,
Ұяласынан айырып
Ұлыған иттей қылайық,
Еге болған көсемін,
Шеге болған шешенін
Оқтан қайтпас батырын
Сөзден қайтпас ақынын
Бір-біріне сыртынан
Анау сенен асты деп
Жамандап қойсақ ақырын,
Алдап-сулап азғырып,
Мансаппенен мәз қылып,
Қызғанышын қоздырып,
Аранын ашып аздырып,
Алтыннан күрек ұстатып
Бірінің көрін біріне
Лақат қылып қаздырып
Шоң даңсаға аттарын
Лақап қылып жаздырып
Көтеріп қойсақ кейбірін
Шекпен менен шен беріп,
Кеудесіне дем беріп,
Қолтығына жел беріп,
Ай мезгілі өткенде
Күн мезгілі жеткенде
Далада қалар сенделіп!”
Несқараның сөзіне
Қалғандары тақ тұрып,
Салтанатпен сап құрып,
Несқара келді Көкшеге
Атанға жүгін арттырып,
Көзді алдаған құмар зат,
Інжу, маржан, зүбаржат,
Жиһаздары жарқылдап,
Сандықтары сартылдап,
Алмақ болды қазақты
Аузы-басын алтындап,
Сөйлей берді Несќара,
Сарыарқада саңқылдап:
“Байрақты қазақ елісің
Байтақ жатқан жерің бар
Жоқ ешкімнен кемісің,
Талайдан артық өрісің,
Алтын, күміс артынып
Әдейі келдім сен үшін,
Қанаттассаң бізбенен
Көктеп өсер жемісің,
Ежелгі біздің жауымыз
Іргелесің қырғыздар
Күндіз-түні өздерін
Қырғыздан артық ел жоқ деп
Мақтайтұғын көрінет,
Қазақ пенен өзбекті
Бізден шыққан ел ғой деп
Даттайтұғын көрінет,
Білесің бұның терісін,
Терісін білсең несіне
Терлейсің босқа сол үшін?
Біз қырғызды шапқанда
Төбесінен басқанда
Жалғастыр бізбен жең ұшын,
Қол алысып осыған
Жасайық бүгін келісім!”
Анда Көкше кеп айтат,
Кеп айтқанда деп айтат:
“Үретұғын айға да,
Үретұғын сайға да
Иттер бар ғой қайда да,
Қатын сөзді қоздырып
Қазақ пенен өзбекті
Қырғызға қарсы қайрама!
Бір халықты бір халық
Басынбаса болмай ма,
Бұғалық боп мойнына
Асылмаса болмай ма?!
Көптігіне мастанып
Әлі жеткен аздарды
Билемесе болмай ма?
Тамырын езіп таптайлап
Илемесе болмай ма?
Өз жерінде әр халық
Өз бетінше ел болып
Тұра берсе болмай ма?
Өз еркімен тірлігін
Қыла берсе болмай ма?
Жақсылықпен жарқырап
Күндей күліп көктегі
Шыға берсе болмай ма?
Бірімізді қазақ қып,
Бірімізді қырғыз ғып,
Бірімізді орыс қып,
Өзбек, қытай, қалмақ қып
Бір тәңірім әу бастан
Бірдей тең ғып жаратқан,
Жайлайтын бөлек жер беріп,
Сайрайтын ерек тіл беріп,
Ай-әлемге таратқан!
/Екі мың жыл жасап өлмеген
Ежелгі тұқым сен болсаң,
Қазақ, қырғыз, өзбекті
Жаңа туды деп пе едің?
Тұрағы жоқ, түбі жоқ
Жыннан шықты деп пе едің,
Құрағы жоқ, түгі жоқ
Құмнан шықты деп пе едің?
Кеше атамыз қуғанда.
Қабырғаны жағалап,
Қорғаныңды паналап
Жөңкіле қашқан жоқ па едің?
Кеңесем десең сөз басқа
Теңесем десең сөз басқа
Егесем десең өзің біл!
Үйіңе сенің бардым ба,
Үркітіп бүлік салдым ба?
Ат ойнатып аулыңа
Айқырып бүлік салдым ба?
Шаһарыңды талқандап
Ширатылған шылбырдай
Шашыңды кесіп алдым ба?
Төріңе шығып тайраңдап
Тыныш жатқан жұртыңды
Табаныма салдым ба?
Қаруыңды көтеріп
Басқа елге неге барасың?
Қырғынды неге саласың?
Билігіңе көнбейді
Алашым мен Манасым,
Жерін тартып алам деп
Қорлық, зорлық қылсаңдар,
Халықтардың қаһарлы
Қарғысына ұшырап
Айдалада қаңғырып
Көмусіз бір күн қаларсың!”
Телегейдей сөздерін
Толғап-толғап алғаны,
Мықтысынған манжуды
Ырғап-ырғап алғаны,
Ерен Көкше, ер Көкше,
Заңғар ойлы зор Көкше,
Қырандай болып самғады,
Оқуы күшті Несқара
Айла таппай қалғаны,
Майлы шектей жылпылдап,
Сабындай болып сылпылдап,
Тағы да кептен салғаны:
“Сынап едім Ер Көкше
Жақынын жауға бермес деп,
Сөз қонған қазақ баласын
Дауласып ешкім жеңбес деп,
Айдарханның Ер Көкше
Ерлігіңе сенейін,
Осы әкелген байлықты
Сұраусыз саған берейін,
Орайына тек қана
Біз қырғызды шапқанда
Аулақ тұрсаң болғаны,
Арамызға кіріспе
Ата жауым қырғызбен
Амандық-саулық біліспе
Қатарласып жүріспе!”
Көкше сонда сөйлейді
Сөйлегенде бүй дейді:
“Бөліп-бөліп бұтарлап,
Тіліп-тіліп тұтамдап,
Жұмырыңа жұқ қылмай
Отырмысың жұтам деп?»
Көкшенің қаны қайнады,
Ту биенің тоқпақтай
Тұтамдап тоқпан жілігін,
Бұтар-бұтар шайнады.
Алдына тастап көлденең,
Жылқының тоқпан жілігін,
Жұдырықпен жалаңаш,
Бір салғанда қақ бөлді,
Ер Көкшенің қайратын,
Жақын көрді,жат көрді,
Жілігін соғу жылқының
Сарыарқада қазақтың
Байырғыдан салты еді.
Оны бұрын білмеген,
Сасып қалды Несқара,
Басымнан соғып қалар деп,
Шошып қалды Несқара.
Бірақ оған қарамай,
Ер Көкше сөзін жалғады:
“Жылтыраған байлыққа
Сатылатын халқым жоқ,
Достарын сатып кететін
Ол халқымның салты жоқ,
Әсемдеткен мүліктің
Бояуына білдірмей
Бойға баяу сіңетін
Улы дәрі қоспасын,
Жылтыраққа алданып
Бізді қара баспасын!
Өз көлімді қорсынып
Теңізді қайдан табамын?
Өз малымды қомсынып
Семізді қайдан табамын!
Қырғызымды жамандап,
Егізді қайдан табамын?!
Қырғызсыз қазақ бола ма,
Қазақсыз қырғыз оңа ма?!
Айкөл Манас дауысы
Алатаудан ақырса
Түп Бейжінге жеткендей.
Алтыныңды алмаспын,
Қазынама салмаспын,
Сары алтынға сатылып
Санатты жұрттың алдында
Қарабет боп қалмаспын,
Тұқымымыз Тұранның
Түлегіміз қыранның,
Түлкілікке бармаспын,
Сыйыңды көріп құрметпен,
Аттаныңыз дүрмекпен!”
Есіле сөйлеп Ер Көкше
Шешімін кесіп бергені,
Манжудың ханы Несқара
Амалсыз бұған көнгені,
Ақылы асқан Ер Көкше
Атасы басқа манжуды
Алтынына алданбай
Қаңқуына малданбай
Айқаспай-ақ жеңгені!
Көкше мындай деген соң,
Сыртқа сырын білдірмей,
Амал етті Несқара,
Айдай сары даладан,
Аман кетті Несқара,
Сандығына сарпайын,
Сала кетті Несқара,
Ыза кегін ішінде,
Ала кетті Несқара,
Араздық отын бықсытып,
Жаға кетті Несқара,
Азғырғанға алданып,
Қызыл сөзге қызатын,
Қазақ пенен қырғыздан,
Қызбабасты қан бұзық,
Шола кетті Несқара,
Жылтыраған бұйымға,
Ары мен жанын сататын,
Қарабетті масқара,
Жансыздарды ақырын,
Таба кетті Несқара.
Болам деп қайдан олжалы,
Алдағы күнін Несқара,
Арам оймен болжады,
Қолайына жағады,
Қазақтардың қалжыңы,
Қырғыздардың қылжағы.
-- Бірін-бірі кемсітіп,
Мазақтаса қылжақтап,
Бұзық сөзбен кетпей ме,
Жан-жағынан жын қаптап.
Бақастығын күшейтіп,
Араздығын қоздырсақ,
Боталарын боздатып,
Бураларын саздатып,
Қобыз беріп қолына,
Қайдағы зарын қозғатып,
Абыздарын алжытып,
Мадақпенен мәз қылсақ,
Даңғазалап даңсаға,
Дақпырттарын жаздырсақ,
Асқар таудай тұлғалы,
Тұтқа болар ұлдарын,
Мансаппенен мас қылып,
Бір-бірімен қас қылып,
Ақылдарын аз қылсақ,
Алдап, сулап, сиқырлап,
Сұлу қызға арбатып,
Азаматын аздырсақ,
Оңбай кетер өздері-ақ,
Аздырып елін тоздырсақ!
Мырс-мырс күліп Несқара, Мысқылдады мыстан боп, Қырғыз,қазақ дұшпан деп, Бір-бірінің қолынан Талайы ажал құшқан деп, Бәле, жала тыстан кеп, Шағыстырып, от тастап, Бүлдіргенде арасын, Басынан бағы ұшқан деп. Сөйтіп, сыртқы жаулар қазақ,қырғыздың арасын бүлдіріп, алауыз, араз қылып,бір-бірімен жауластырып, бөлшектеп құртуды ойластырып, неше түрлі айла, шарғыны жасап бағады. Қаңқу сөзді гулетіп, жаман ойды өршітіп, бауырлас екі елді бір-біріне өшіктіре беруді ойлайды.
Ғайбат сөзге елігіп,
Жақынын оққа байлаған,
Қараптан қарап еліріп,
Қарайып қаны қайнаған,
Қазақтан да табылды,
Қырғыздан да табылды.
Айлакер Несқараның зымиян қулығына алданған, ел таразысын
аңдамайтын, жер тағдырына алаңдамайтын, ақылынан ашуы
бұрын жүретін аусар тентектер бұзық сөзді боратып, қазақ-
қырғыздың арасын бүлдіре жаздайды.
Ақылман Бақай ағасы,
Алтынды тонның жағасы,
Әрбір іске ерекше,
Есепті болған бағасы,
Тереңінен толғады,
Тыңдамауға ағасын,
Тентектердің тепсінген
Амалдары қалмады:
- Дертте шаншу жаман деп,
Кепте қаңқу жаман деп,
Текке айтпаған бабаң кеп.
Тексеріп алмай анығын,
Тектен текке кектесіп, Текетірес болар деп, Аңғал елді айламен, Арандатып, азғырып, Бір бауырға бір бауыр Айдап салар ма екен деп, Бір болатқа бір болат, Қайрап салар ма екен деп, Көңілімде алаң көп. Алды, артыңды бек ойлап, Байыбына барып ал, Ақ, қарасын айырып, Ақиқатын танып ал, Арамдығы шын болса, Амалын сонда табарсың, Анығын білмей, іс қылма, Азғырғанға алданып, Ашуменен күш қылма, Көз жүгіртіп жан-жаққа, Бер жағына алданбай, Ой жүгіртіп ар жаққа, Әр қашан да бір қашан, Ақылға салып салмақта, Сенбегенде қазаққа, Сенесің бе шынымен, Қытай, манжу, қалмаққа? Ағакең сөзбен самғады, Ақылмен бәрін баурады. Аңғал, саңғал ерлердің, Тыңдамауға Бақайды, Амалдары қалмады. Анығын байқап көрмекке, Алды-артын барлады. Ақырында ақылман Бақай әңгіменің анық-қанығын Ер Көкшеден сұрап біледі. Ашық сөйлесіп, мән-жайына қаныққан соң, қазақ,қырғызға: «Қаңқу сөзге ермеңдер, ел арасын бүлдірмеңдер. Қырғыздың жауы қазақ емес, қазақтың жауы қырғыз емес. Біз
жерімізге қатер төндіретін сырт жаулардан бірге қорғанып,
елдігімізді сақтап қалуымыз керек!» – деп, жар салып, аманат
қылады.
КӨКЕТАЙДЫҢ АСЫ
Жанәділдің баласы Көкетай хан қырғыздарға қадірлі қария
болыпты. Манас Алтайдан келіп, туған жерді жаудан тазарту
үшін қаптаған дұшпанмен, соның ішінде Тәшкендегі Панус ханмен
соғысқанда, Көкетай сол жақтағы қырғыздардың әскерін бастап
шығып, жауды жеңуге көп көмек көрсеткен екен. Манас ақсақал
қарияны қадірлеп, Тәшкенге хан қойыпты.
Көкетай хан жетпіс беске келгенше бала көрмей зар болған екен.
Бір күні салбырынға барып, аң қуып келе жатқанда, бір кішкентай
сәбиді айдаладан тауып алады. Бауырына салып, бала қылады,
Боқмұрын деп ат қояды. Басына үкі тағып, әр күні аман түнеп
шыққан сайын алты ешкі, төрт лақ садаға шалып, жеті жасқа
келгенше жеті қатын жетелеп жүріп бағып өсіреді. Боқмұрын ер
жетіп, ел аралап қыз іздеп кеткенде, қартайған Көкетай хан қатты
ауырып, ел-жұртымен қоштасуды ойлайды.
(Бұл бөлімді Шоқан Уәлиханов жазып алған, Әлкей Марғұлан
аударған «Көкетайдың ертегісінен» алдым. Б.Әлімжанов.)
Алтын ердің қасы екен,
Ата жұрттың басы екен,
Күміс ердің қасы екен,
Түн түскен қалың көп ноғай,
Жұртының басы екен.
Көкетайдай хандарың,
Алдыңнан өтпек болыпты:
- Сары ноғай баласы,
Жайма кекіл жас Айдар шорам,
Мәникерді міне көр, шорам.
Қалың бір қара көп ноғай, шорам,
Басынан елге кіре көр, шорам.
Үйсіндерге Әметке айт,
Әмет ұлы Жайсаңға айт.
Қарны салқы биіне айт,
Үлкен құрсақ байына айт.
Сары сақал, тік мұрт,
Айыр сақал, кіші мұрт,
Бәріне бірдей айта гөр.
Батпан аяқ бал ішкен,
Батпансыған мырзаға айт,
Аяқ-аяқ бал ішіп,
Алшаңдаған мырзаға айт.
Түн түскен қалың ноғайға айт.
Көкетай жаман болды деп,
Байдың ұлы Баймырза,
Бар ноғайға,қарыға айт,
Мен байтал бие байлаттым,
Бал қымызды шайқаттым.
Құнан бие байлаттым,
Қорлы қымыз түнеттім.
Қабырғасы жазық қартаңнан,
Сойысын тартып қойғанмын,
Сары жілік байталдан,
Ту биемді сойғанмын,
Турап нарын қойғанмын.
Бәрін бір жиып келе гөр,
Уа, мен керез асым беремін,
Керез сөзін айтамын,
Қалың бір қара көп ноғай,
Басынан елге кіре көр!
Сонда, күндердің күні болғанда, күңіренген көп ноғай Көкетайдың
ордасына жиылды дейді. Етті төбедей үйгізіп, тұздығын көлдей
ағызып, асты беріп, хан Көкетай керезін – халқымен арыздасу,
қоштасу сөзін айтады.
- Уа, күн түскен қалың көп ноғай жұртым!
Көкірегімді дерт алды,
Көңілім жаман босады,
Мен алдыңнан өтпек болғанмын,жұртым!
Уа, мен жүз тоқсан тоғыз жасадым,
Жақ сүйегім босады, жұртым.
Менің көзім өткен соң, жұртым,
Қылышпенен қырдырып,
Қымызбенен жудырып,
Шарайнамен шаптатып,
Былғарымен қаптатып,
Ақ қазаным жастатып,
Құбылаға қаратып,
Қызыл мақпал бүктетіп,
Қызыл нарға жүктетіп,
Қара мақпал бүктетіп,
Қара нарға жүктетіп,
Алпыс ноғай, қырық керуен,
Алып келіп түсе гөр.
Топтан келген қатынға,
Топтап мақпал бере гөр.
Керуен басы қара сарт,
Сексен серкеш майына,
Қыш құйдырып ала гөр.
Астыңғы жолдың үстіне,
Үстіңгі жолдың астына,
Айға баққан ақ сарай,
Ақ сарайлап қоя гөр,
Күнге баққан көк сарай,
Көк сарайлап қоя гөр.
Қобы салып қопсатып,
Жол бойына ұқсатып,
Кешенімнің басына,
Тай-түйені сойдырып,
Тоқымын қайыра байлатып,
Құнан да бәйге қыла көр.
Уа, жұртым,қарашы болып тұра көр.
Мұнан бөлек сөзім жоқ,жұртым,
Уа, аман-есен бола көр, жұртым!
Уа,Байдың ұлы Баймырза батыр,
Бері қарап құлақ сал, батыр,
Телі түкті құс алдым, батыр,
Тентекті жиып ел қылдым,батыр.
Құладын салып құс қылдым, батыр,
Құрама жиып жұрт қылдым, батыр.
Менің бір көзім өткен соң,
Телі құс көзін қаратпай,
Тентектердің бәрісін,
Ел-еліне таратпай,
Құладын көзін қаратпай,
Құраманың бәрісін,
Ел-еліне таратпай,
Жақсы бағып ала көр.
Менің көзім өткен соң,
Жаяу бір жүрген шығайға,
Шобыр бір қармап бере көр,
Жалаңаш жүрген шығайға,
Шапан бір шешіп бере көр.
Қымызды судай ағызып,
Жазы-қысың болғанда,
Толып жатқан мына құраманы,
Тел қозыдай жағызып,
Айраныңды судай ағызып,
Толып жатқан тентекті,
Жақсы күтіп ала көр!
Уа, менің бір көзім өткен соң,батыр,
Тауып алған Боқмұрын,
Ала күшік демеңдер,
Жетім бір атын мінгізбей,
Жетім бір асын ішкізбей,
Жетім бір тонын кигізбей,
Әрі болса үш жылда,
Бері болса екі жылда,
Ер-жай тартып ер болар,
Ер ұлымен тең болар,
Уа, сонда қалы бір кілем сала көр,
Орныма менің сол ұлды,
Хан көтеріп ала көр, батыр!
Уа, Байдың ұлы Баймырза,батыр,
Бері қарап құлақ сал, батыр,
Менің қырық асымды берерде,
Қытайлардың қыр мұрынды Қоңырбай,
Қоңырбай аты Үңірбай,
Соған бір жетіп бара көр,
Уа, жұртым,менің қырқымнан,
Құтылып сонда қала көр.
Менің ұлы асымды берерде, батыр,
Уа, мынау Әнжиянда тойынған,
Шикі бір нанға семірген,
Әнжиянның тоң алмасын кемірген,
Он екісінде оқ атқан,
Он үшіне жеткенде,
Орда бұзып, үй шапқан,
Уа, мына Жақып ұлы жас Манас,
Жаңа ауызданған Ер Манас,
Үңгір жерде үй шапқан,
Жылға бір жерде жылқы алған,
Қабағы биік,өңі саз,
Еңсегей бойлы Ер Манас,
Қаны бір қара,беті көк,
Бауыры шұбар,сырты көк,
Жоталы жон, сұрғылт бет,
Батыр Манас сұрасаң,
Көкжал бір сырттан бөрі еді,
Сол Ер Манасқа бара көр,
Қарызымнан бір құтылып қала көр!
Және Көкетай хан айтады: «Менің көзім өткен соң, атама ас
берем деп, балам Боқмұрын дүниеге жар салып, қалмақ, маңғұл,
қытайды шақырып алмасын, қырғыздың обалына қалмасын! Саны
көп жұрттардың әскері қаптап келіп, халқымызға азап салмасын!
Арыстан Манас ініме арызымды жеткізсін!» – деп, Баймырзаға
тапсырады.
Аманат, өсиетін айтып, Көкетай хан өмірден озады. Ел-жұрты
айтқанындай қылып жөнелтеді. Кешенінің басына құнан бәйге
қылады.
Ылдап құйған ыл бейіт,
Сырлап құйған сыр бейіт,
Қобылатып, қопсатып,
Жол бойына ұқсатып
Айға баққан ақ сарай,
Ақ сарайлап қойды дейт,
Күнге баққан көк сарай,
Көк сарайлап қойды дейт.
Әрі болса алты мың,
Бері болса бес мыңдай,
Ала шабырт жазбенен,
Шапқан екен құнанды,
Құнан келіп тұрған-ды,
Қоңыр салқын күзбенен,
Жемдеген екен жеті қоржын дәнменен,
Тауда туып, таста өскен,
Текеменен бірге өскен,
Құмда туып, шөлде өскен,
Құланменен бірге өскен,
Темір тұяқ, жез білек,
Тер шықпайтын ырғай мойын көк ала,
Шығып бір келді даңменен.
Қамбар бір Қамбар, Қамбар хан,
Қамбар бір ханнан Айдар хан,
Айдар ханның баласы,
Елестен туған Ер Көкше
Көк аладай беренді
Қарсы алады даңменен,
Боталы түйе нарменен,
Балалы ноғай күңменен,
Манаттан жапқан үйменен,
Текшенің темір тұяқ, жез білек,
Көк аладай беренді
Жетелеп алып кетеді.
АСҚА ДАЙЫНДЫҚ
Күндердің күнінде Көкетай ханның асын қалай, қай жерде беру
керектігін Боқмұрын ел ақсақалы, сексен бес жастағы Қатағанның
хан Қосайымен, Байдың ұлы Баймырзамен ақылдасады. Сонда
Қосай: «Ас берген кісі айыпкер, той қылған кісі күнәһар, ботам.
Біздің қырғыз аз, қара қытай, қалмақтар бізге қас, ертең асқа
қаптап келіп, еліңді шауып кетпесін!» – деп сақтандырады. Бірақ,
Боқмұрын оның тілін алмайды.
Көкетайдың Боқмұрын,
Сілкінгеннен бұлқынды,
Көрдің бе ақылының жоқтығын!
- Атекем жиған сан дүние,
Түгін қоймай шашамын.
Халайықтың барлығын,
Дүңімменен басамын.
Байлығымды көрсетіп,
Алтынды тастай бөлдіріп,
Жалғыз бұқам қалғанша,
Төрт түлігім шашамын.
Жердің жүзін шаң қылам,
Көкетайдың тойы деп,
Ай-әлемге даң қылам.
Топаңдаған қалмақты,
Тоң ет беріп, буй қылам.
Шабуылдан жаман ой қылам,
Шашылып жұртым кетсе де,
Көкетайға той қылам!
Осылай өзеуреген Боқмұрынға Қосай мен Баймырза бір емес,
бірнеше рет: «Көп халықты жиямын деп, ел басына бәле тілеп
алып жүрмегін!» – деп басу айтады, бірақ танаураған жас жігіт
олардың сөзіне құлақ аспайды. «Ас беретін болсаң, арқа сүйейтін
Манасқа хабар бер ! Манассыз ас берем деп, ақылыңнан адаспа!»
– деген Қосай мен Баймырзаны мүлде тыңдамайды. «Атамның
асын Манассыз-ақ өзім өткіземін! Оған айтпаймын!» – деп,
екіленіп тұрып алады. «Ас беретін жердің жайын айтып беріңіз!»
– деп қоймаған соң, қария Қосай ойша талай жерді шолып шығып,
Қарқара дұрыс деп табады. Содан Боқмұрын Көкетайдың көшін
бастап, Қарқараға келіп қонады.
ХАБАР БЕРУ
Қарқараға келген соң, алыс-жақын жұрттарға хабар бермекші болып, Боқмұрын Жайма кекіл жас Айдар шорасына: Ел-елге барып, астың хабарын бересің! – дейді. Онда жас Айдар: Мен жер жүзін аралап келгенше, қартайған ата-анам азып-тозып, жетімсіреп қалмай ма? Мен бармаймын! – дейді. Сонда Боқмұрын: «Сен бармасаң, мен өзім барып, алыпты шақырып келермін. Содан кейін, сенің өзіңді бас бәйгеге, ата-анаңды аяқ бәйгеге тартармын!» – дейді. Есі шыққан жас Айдар: «Ойнап айтып едім, хабаршыға барайын. Ат пен тон белгісін айт!» – дейді. Оған Боқмұрын: Алпыс атым арғымақ, Тоқсан атым тобыршақ, Жетпіс атым жел тимес, Сүйсең сонан мініп бар! Топ-топ жатқан топ сарғыл, Алтын басты ақ сарғыл,
Сүйсең соны мініп бар, шорам!
Жылқы ішінде ерні салпы боз айғыр,
Алты ай мінсе арымас,
Арқасын кесіп алса, жауырмас,
Әсте де көңілің ауырмас,
Шапсаң, құстай қанатты,
Сүйсең соны мініп бар!– деп, жүйрік аттарын тізіп, санайды.
Оған Жайма кекіл жас Айдар айтады. – Ой, болбық туған Боқмұрын
төрем! Сенің ала атыңды мінгенше, алыпқа барып өлгенше, өзіңнен
өлсем болмай ма? Астыңдағы Мәникерді мінгізсең, үстіңдегі
ақкөбені кигізсең, хабаршыға барсам барайын!» – дейді.
Ай, жануар Мәникер,
Сыны малдан бір басқа,
Жылқыдан шыққан көйқасқа,
Ұшқан құспен жарысқан,
Қазы алушы бауыр ет,
Қайра тартып сымпиып,
Сүйегіне жабысқан.
Айғай шықса саспаған.
Айдың қараңғысында,
Бір ізін жаза баспаған.
Шу шықса күштеп елірген,
Аяғы бар демесең,
Ұшқан құстай көрінген.
Құрған қырсық шалмаса,
Қып-қызыл өртке шалдырмас,
Оқ жаңылып өтпесе,
Омырау сынып кетпесе,
Мінгенін жауға алдырмас.
Тайған емес биіктен,
Кем түсетін жері жоқ,
Тасқа басқан киіктен.
Сонымен, Боқмұрын Көкетайдың тұлпары, бүкіл қырғыздың ең
жүйрік аты Мәникерді мінгізіп, Ақкөбе тонды кигізіп, жайма кекіл
жас Айдарды жер жүзіндегі елдерге хабар беруге аттандырғалы
тұрып айтқаны.
-Астыңдағы Мәникер,
Белес-белес жер келсе,
Орғып аттап кетуші ед,
Сауырынан түсіп қалмаған,
Ылди-ылди жер келсе,
Еңкейе аттап кетуші ед,
Мойнынан түсіп қалмағын!
Мәникер жайын сұрасаң,
Кеше Балғары суы басқанда,
Кеше Талғардың суы тасқанда,
Кең Меженің көп суы,
Қалыбынан асқанда,
Өңге аттардың барлығы,
Кемеге түсіп жатқанда,
Бұт көтермей тез кештім.
Мәникер жайын сұрасаң,
Кеше Самарқанды керей шапқанда,
Сан кісіден бір шыққан,
Сан атта жоқ Мәникер,
Кеше Көрқұл керей шапқанда,
Көп кісіден бір шыққан,
Керемет туған Мәникер,
Кеше Түрксітанға керей шапқанда,
Түмен қолдан бір шыққан,
Астыңдағы Мәникер.
Еш өнерін көрмедім,
Онан бөлек ешбір сырын алмадым.
Алақандай хат алғын,
Ат бауыры сыдырғын,
Ай-әлемнің барлығын,
Хабар беріп қыдырғын.
Ат мәнісін мен айттым,
Ел мәнісін айтайын.
Е, жас Айдар, бері кел!
Мына тоңқайған таудың шетінен,
Күн қараған бетінен,
Көне Тұрпан бер жағы,
Кең Барбардың ар жағы,
Лоп дария жердеген,
Құмға түйесі төлдеген,
Өнгенін жауға бермеген,
Қызыл желек, көк найза,
Қырғыздың бөлек теңі бар,
Атақты Нойғұт елі бар.
Ол Нойғұтты сұраған,
Қараша балуан ері бар.
Қарашаға сәлем айт,
Көкетайдың Боқмұрын,
Үш Қарқара қонды де,
Көкетайдың ұлы асын,
Берер кезі болды де.
Бұл асыма келсін де,
Бұл қызықты көрсін де,
Бұл асыма келмесе,
Бұл қызықты көрмесе,
Көкетайдың көк туын,
Төбесінен көрсін де,
Қыздарының шаштарын,
Боқмұрынға олжа деп,
Бес кекілдеп өрсін де!
Одан ары жол жүрсең,
Ат аямай мол жүрсең,
Атақты Қотан шәрі бар,
Суында құдай кәрі бар,
Жүгері деген ханы бар.
Суын ішіп босама,
Жүгеріге сәлем де,
Көкетайдың асында,
Келіп күрес салуға,
Балуандарын қамдасын,
Шауып бәйге алуға,
Күлік атын байласын.
Елінен біреу қалмасын.
Бұл асыма келмесе,
Төгіліп тұрған гүл бағын,
Көміп тастап кетпесем,
Түп-түбіне жетпесем,
Түбіршегін қазбасам,
Боқмұрын атым құрысын!
Оны ондай қорқыт сен,
Ыстық көлдей толқыт сен!
Одан ары сен барсаң,
Екі де тізгін тең барсаң,
Атақты Жаркен шәрі бар,
Ал Жаркенді сұраған,
Жортуылшы балуан ері бар.
Көкетайдың асына,
Халқыменен жиылып,
Хан Жортуылшы келсін де.
Тастамасын шалдарын,
Кәдімгідей шомына,
Мінгізе келсін балдарын.
Бұл асыма келмес,
Елін шауып, құрытам,
Есегін сайға ұлытам!
Андан ары сен барсаң,
Кең Ауғанның ауылына,
Ахун хандай ханына,
Көп айттырам сәлемді,
Қадыр қылып хабар бер,
Бұл асыма келсін де,
Бұл асыма келмесе,
Айқайлаған атысты,
Айықпаған тартысты,
Үй үстінен көрсін де!
Ары бармай кері қайт,
Тап осы жерден қайра қайт.
Қызыл желек,көк найза,
Қырғыздан біреу қалмасын,
Ала қолдап кетті деп,
Артымнан күбір қылмасын.
Былай қарап жол жүрсең,
Ат аямай мол жүрсең.
Шамбыл-Бел деген жер келет,
Жаналы, Қараш екі дәу,
Аямаған ер келет.
Екі Кемін жайлаған,
Егіз қара ат байлаған.
Белендінің беліне,
Тұлпарларын байлаған.
Жаналы, Қараш екі дәу,
Бұл асыма келмесе,
Ел жайлауға тартқанда,
Ат қара тіл болғанда,
Төбесінен басамын,
Төрт түлігін шашамын!
Боқмұрын осылайша жан-жақтағы ел-жұрттың бәрін
санамалап, бас-басына мінездеме бере суреттеп, келмегенін
шауып аламын деп қорқытып хабар айтады. Үрімнің ұлы Көкбөрі,
Алтышардың Алабек, Марғалаңның Малабек, Қоқан ханның Қозыбек,
Самарқанның Сынжыбек, Әнжиянның айыр сақал Санжыбек,
Текеші хан, Шығай хан, естектердің Жаңбыршы, Жетіөзенді
жердеген жәдігердің ер Бағыс, біткен бойы тарамыс, шынтақтай
ғана Ер Ағыс пен Қожас, Әлеке мен Баубек, Бекіш пен Шекіш,
Сайқал мен Болат, үзеңгісін үзі шіреген, найзасын көкке тіреген,
іштен туған Едіге, сасық қайың сауып ішкен, осырақ шалдың баласы
Алпай-Мамет, Көк-қоян – бірін де қалдырмайды.
Бұл асыма келсін де,
Бұл қызықты көрсін де,
Бұл асыма келмесе,
Бұл қызықты көрмесе,
Көкетайдың көк туын,
Төбесінен көрсін де,
Оны ондай қорқыт сен,
Ыстықкөлдей толқыт сен! –деп, асқа шақырып тұрып, бәріне де
күш көрсетіп қояды.
Онан әрі сен барсаң,
Екі де тізгін тең барсаң,
Атақты Бұқар шәрі бар,
Ол Бұқарды билеген,
Темірхан атты ханы бар.
Көк кебісін тепейткен,
Көк есегін кекейткен.
Төрт бұрыш келген тамы бар,
Төгерек піскен наны бар.
Бұл асыма келсін де,
Бұл асыма келмесе,
Зорлықтап соям биесін,
Сорайтып соям иесін,
Жақын келсе бәрінің,
Соямын шашып миларын,
Шығарамын Бұқардың,
Қай-қайдағы киесін!
Онан әрі сен барсаң,
Екі тізгін тең барсаң,
Саймалы садақ байланған,
Самарқан тауын айналған,
Былғары садақ байланған,
Бұқардың тауын айналған.
Ақ сәлдесі қазандай,
Шақырған үні азандай.
Аса да таяқ қолында,
Өзі құдайдың жолында.
Ұлы да жолдың бойында,
Күннің де батқан жерінде,
Алтын сақал Айқожа,
Сол Айқожаға барып айт,
Айбан боздай күлік ат,
Алып бәйгеге шапсын де,
Ортаға және келсін де,
Оң батасын берсін де.
Одан ары жол жүрсең,
Ат аямай мол жүрсең,
Бидайық ханның Мұзбұршақ,
Жарағы бойда бір құшақ.
Аямаған ер келет.
Атадан артық туылған,
Қызықтап белін буынған.
Кежіріне тигенде,
Дұшпанға салған шулыған.
Бет алып бенде келмеген,
Егесіп дұшпан жеңбеген.
Найзасын қанға шықтаған,
Бастасып қалған қастарын,
Қара жерге ықтаған.
Күрішін күздік айдаған,
Күрескенде дұшпанның,
Кәлләсын кесіп шайнаған.
Бұл асыма келсін де,
Үш Қарқара бойында,
Батырлар атпен құйғытып,
Сайысқанын көрсін де,
Бақандар қолда қарысып,
Майысқанын көрсін де.
Бұл асыма келмесе,
Көкетайдың қызыл құйрық қара нар,
Оқ дәріні жүктетем,
Үй үстінен атысып,
Мұзбұршақты бүктетем!
Одан ары сен жүрсең,
Екі де тізгін тең жүрсең,
Ейбіт таздың ер Үрбі,
Қара тоғай мал еткен,
Қара үңгірді үй еткен,
Жарлы жүріп байыған,
Жалғыз жүріп, көбейген.
Қара тілін қайраған,
Хан алдында сайраған.
Байталдыға бой бермес,
Аяқтыға жол бермес,
Жағы барды сөйлетпес,
Жетпіс ру тіл білген,
Жетік шешен ер еді.
Ақтар – Таздың баласы,
Аты Мөңке төресі,
Бұл асыма келсін де,
Бұласыма келмесе,
Көкетайдың көк туын,
Төбесінен көрсін де!
Одан әрі жол жүрсең,
Ат аямай мол жүрсең,
Топ әулие жиылып,
Тобасымен бітірген,
Бар әулие жиылып,
Батасымен бітірген.
Еламанның еркесі,
Тоғыз ұлдың кенжесі,
Құдайдың сүйген бендесі.
Еламанның Ер Төстік,
Бұл асыма келсін де,
Бұл асыма келмесе,
Аман-есен шағында,
Жеті жыл жүрген мекені,
Жер астына кірсін де!
Тағы барсаң көрерсің,
Кең Сарыарқа даласын,
Керіліп жатқан көйқасқа,
Қазақтардың панасын.
Айдарханның Көкшесі,
Сарыарқаны жайлаған,
Сандатып қазақ жинаған,
Келістіріп кермеге,
Кертөбелді байлаған,
Күрпілдетіп қымызды,
Қазы-қарта шайнаған.
Тарысын тастай ақтаған,
Қатынын қыздай мақтаған.
Көп айттырам сәлемді,
Қадыр қылып хабар бер.
Көкетайдың тойына,
Қарқараның бойына,
Халық жиылат қыжылдап,
Қара құрттай быжылдап.
Бұл асыма келсін де,
Бұл асыма келмесе,
Басына бәле саламын,
Жылқысы түгіл қазақтың,
Сиырын айдап аламын!
Одан ары сен барсаң,
Екі де тізгін тең барсаң,
Қытайлардың зор Жолай,
Қазандай қара бөркі бар,
Қан шыққанның бәрін де,
Сорамын деген еркі бар.
Көкетайдың асына,
Келіп бәйге алуға,
Ашбуданды байласын.
Өзінің қылсын пайдасын,
Көкетайдың тойына,
Елі-жұртын айдасын.
Бұл асыма келмесе,
Бір айласын табамын,
Хан Жолайды шабамын!
Одан ары Боқмұрын: «Мінгені ыйық ат болған, қатын алмай
ылама, ұрғашы менен жат болған» Шибей жұртына, Солонның
ханы Ораққырға, Манжудың ханы атақты Несқараға, Торғауыттың
қатын ханы Ораңқы балуанға хабар беріп, бәрін де шақыр, бұл асыма
келмесе түгін қоймай қырамын деп, атасы басқа, діні бөлек, саны
көп елдерге де күш көрсетіп қояды.
Ары қарай жол жүрсең,
Ат аямай жол жүрсең,
Сарысудың жиегінде,
Алтын қазған кенінде,
Осында дейді кешілді,
Серкесін сетер көтерген,
Өгізі қарып, өзі өлген,
Кешілдердің әдеті,
Өлгеннің малын тең бөлген.
Асау атқа отырған,
Аса байлап құдай деп,
Тақ осыған шоқынған.
Кебез белбеу, кең етік,
Кешілдің ханы Қоңырбай,
Найзакердің ықтысы,
Жаудың айласын білген мықтысы.
Қоңырбайға сәлем де,
Бұл асыма келсін де,
Бұл қызықты көрсін де.
Бұл асыма келмесе,
Бұл қызықты көрмесе,
Көкетайдың көк туын,
Төбесінен көрсін де!
Осы жерден қайра қайт,
Ат аямай, елге қайт.
Барған елдің бәріне,
Мәникерді қаратып,
Алақандай ақ қағаз,
Хат сыздырып ала кел,
Шоқтығына тақтырып.
Алыптың санын аламын,
Аттың санын аламын.
Шойын құлақ Шойын алып,
Шойын алыпқа айта көр,
Дойым құлақ Дойым алып,
Дойым алыпқа айта көр.
Дүмір құлақ Дүмір алып,
Дүмір алыпқа айта көр.
Айдың бұрышы алты сан,
Алты айналып қайта көр,
Жердің бұрышы жеті сан,
Жеті айналып қайта көр.
Айдың бұрышы алты сан,
Алқынып бір қайта көр,
Жердің бұрышы жеті сан,
Желпініп бір қайта көр.
Көк алыптар онан көп,
Қайсы бірін айтайын.
Атыңның басын бұра тұр,шорам,
Бәйгемді айтам, тұра тұр, шорам.
Бәйгемнің басын айтайын,шорам.
Тоғыз да торқа тон тартам,
Тоқсан қалша құл тартам,
Сан сауыншы күң тартам,
Сан сарыша түйе тартам,
Сан сарыбас бие тартам.
Ортасын қайдан айтайын,
Үйіме қашан қайтайын, шорам.
Аяғын айтып берейін, шорам,
Ала бас жорға ат тартам,
Алпыс атқа мінгізіп,
Алпыс қалша құл тартам,
Боталы түйе нар тартам,
Балалы ноғай күң тартам,
Манаттан жапқан үй тартам.
Сау-сәләмат бар шорам,
Сағындырмай тез қайт, шорам!
Деп осылай Боқмұрын,
Қорасан оттық жақтырды,
Мәникерді мінгізіп,
Бадана тонды кигізіп,
Жас Айдарды шаптырды.
Төрт бұрышын дүниенің,
Көкетайдың асына,
Түк қоймастан шақырды.
Шақыратын елдің жайын білген соң, жайма кекіл жас Айдар
Мәникер тұлпарды құйғытып, жөнеледі.
Мәникердей тұлпар ат,
Қатыра салмас қара сан,
Қатыра қамшы салды дейт,
Тайдай етін тарады,
Тұйғындай жүнін түзеді,
Қойдай еті қатады,
Қояндай жүнін түзеді.
Арандай аузын ашады,
Қанды көбік екі етекке шашады.
Көрінген жерде көрінді,
Көрінбеген жерлерде,
Көк түтін болып созылды.
Омбыл,омбыл ойылтты,
Омбылдан алыс тойылтты.
Сөйтіп, аталған елдің бәріне хабар беріп келеді.
НЕСҚАРАНЫҢ ШАТАҒЫ
Ас беретін кезі жақындағанда, шақырған алыптар бірінен соң бірі қалың қолмен келіп, түсе бастайды. Батырсынған Боқмұрын қалбалақтап, есі шығады. Бір кезде ащы айғай-шу шығады. Абайлап қараса, қара шаңды бұрқыратып, қаптаған қалың қол келіп түседі. Бұл Несқара бастаған манжудың әскері екен. Манжудың ханы Несқара, Найзакердің ықтысы, Жаудың айласын білген мықтысы.
Арғы жағы Бақбұршын,
Ұланды, Кентуң, Дуңшаны,
Несқара білген мұншаны.
Ажайыптан оқыған,
Қытайлардың алпыс бұрқы ілімін,
Алты жыл жатқа тоқыған.
Береленіп, белсеніп,
Белгілі берен Несқара,
Бет алып келді бұл асқа,
Пері ұрғандай теңселіп.
Қаражолтай Несқара,
Қырғызда бітпес кегі бар.
Алтайдың арғы шетінде,
Менменсіп ауыл шабам деп,
Мың түйенің бұлын Манасқа,
Алдырып қойған жері бар.
Көк айман жұлдыз тұтылған,
Есенханның алдына,
Көріне қашып құтылған.
Есенханға барғанда,
Басқан жерін табандап,
Ер Манасты жамандап:
- Арыдағы Алтайдан,
Буруттан Манас шықты деп,
Мың балуанды талқандап,
Өлтіріп жерге тықты деп.
Манасты қармап тимасаң,
Қисығын қазір қылмасаң,
Бәрінен қиын болды деп!
Түз кіріп айтқан кебі бар,
Ашуы келіп Есен хан:
- Сен көріндің ғой қиын боп,
Манасқа әлің келмесе,
Бәрің түгел қырыл деп!
Несқараны алдынан,
Айдап шыққан жері бар.
Ұят болып Несқара,
Манасқа сүйек өшті болған жері бар.
Көкетайдың асына,
Келіп шатақ салуға,
Алақандай қырғызды,
Тақыр шауып алуға,
Жиып жүрген ішіне,
Несқараның кегі бар.
Көк алалы көп жылқы,
Көмкере айдап Боқмұрын,
Сойысына тартқаны,
Қаһарланып бақырып,
Боқмұрынды шақырып,
Несқара шатақ салғаны.
Боқмұрын келсе жүгініп, Тізесі жерге бүгіліп. Несқара анда сөйлейді, Сөйлегенде бүй дейді: - Асыңа тойып алармын, бурут, Ауылыңды шауып тынармын, бурут, Керімсал тисе өшерсің,бурут, Кең Таластан көшерсің, бурут! Ой мен қырын түз қылам, Ас берген мына жеріңді, бурут, Қаһарлансам мен қазір, Қаптатамын қолымды,бурут. Ас үстінен қазармын,бурут, Түсіп кетер орыңды, бурут. Қазанға қолым маламын, бурут, Етіңді талап аламын, бурут. Дегеніме көн,бурут, Мәникерді бер, бурут, Дегеніме көнбесең, Мәникерді бермесең, Андай-мындай демеймін, бурут, Тартқан етің жемеймін, бурут. Кіш-мішіңді жемеймін,бурут, Кісі, місі демеймін, бурут! Қаһарына мінген Несқара асты аралап, Қоңырбай мен Жолайға келіп: «Бұл қырғыздың алыптарын сынап көрейін, күші аз болса, бәрін сабап, асын талап, қарсы шыққанын қырып,жойып, момындарын Қақанға апарып, құлдыққа салайық!» – дейді. Батыр Манастың жоқ екенін білген соң, батырларды алдынан өткізіп, сынай бастайды.
Аста жүрген қырғыздың,
Алыбын жиып састырды,
Дәу Қосайды бас қылып,
Шұбатуға бастырды.
Ат басының Шаштөбе,
Ебіменен жер қылған,
Есі кеткен қырғызды,
Ептеп жүріп ел қылған.
Бекіп қалған Бейжіннің,
Бетін ашқан Ер Қосай,
Тұрып қалған Тұрпанның,
Тұсын ашқан Ер Қосай.
Байланып қалған базардың
Бағын ашқан Ер Қосай.
Сексен беске жетіпті,
Бар қайраттың барлығы,
Бойынан қашып кетіпті.
Екі көзі іріңдеп,
Біткен бойы дірілдеп,
Қарып қалған жан екен,
Буруттардың Қосайы,
Қанша айласы бар екен?
Қаһарлансам қоймаймын,
Бұл секілді шалдардың,
Сексеніне тоймаймын!
Осылайша, өзі сыншы, айлакер Несқара қырғыз жағының
батырларын бір-бірлеп сынап, бірін андай, бірін мындай деп мазақ
қылады.
Шынтақтай ғана Ағысты,
Аз жақтырып қалғаны,
Өзгесін еске алмады.
Алтышардың Алабек,
Қалбаңдаған деп қойды.
Қоқан ханның Қозыбек,
Еркек қара қарғадай,
Қодаңдаған деп қойды.
Марғалаңның Малабек,
Желідеге құлындай,
Шолтаңдаған деп қойды.
Самарқанның Сынжыбек,
Салпаңдаған деп қойды.
Әнжиянның айыр сақал Санжыбек,
Талтаңдаған деп қойды.
Өздеріне қарсы тұруға жарайтын күш жоғын білген соң,
бұрынғыдан да құтырынып: «Мәникер тұлпарды бізге бересің!» –
деп, Боқмұрынды қорқытады.
– Жетік күлік Мәникер,
Күрме киген манжудың,
Күштісі мінер мал екен,
Тас тағынған қытайдың,
Тазасы мінер мал екен.
Беренжі тонын жамылып,
Бейжінді бес жол айналып,
Берендер мінер мал екен.
Қарыпшысын байланып,
Қақаншыңды айналып,
Қалдай мінер мал екен.
Дегеніме көн,бурут,
Мәникерді бер, бурут.
Дегеніме көнбесең,
Бурут, сені шабуға,
Мен іш күпті болып жүргенмін,
Шыры жоқ жерден шыр шығып,
Қағыссам деп келгенмін,
Шындап жыным ағытып,
Салыссам деп келгенмін.
Тікіреңдеп сілкінсең,
Түгел қармап аламын,
Қырық арқан бойы зынданға,
Алып барып саламын,
Атаңның көрі бурут құл,
Бүйтіп кегім аламын!
Мәникердің үстіне,
Жалаң алтын артыңдар,
Қазір маған тартыңдар,
Айтқаныма көнбесең,
Қаныңды ішер салтым бар!
Несқара мындай дегенде,
Мұндай күшті қылғанда,
Пана болар Манас жоқ,
Құдай бүйтіп ұрғанда.
Жылғынды Кең-Қол,кең Талас,
Жер есіне бір түсті.
Жырғалды Манас қабылан,
Ер есіне бір түсті.
Несқара зорлық бастады,
Көкетайдың мырзасы,
Көк жорғаның үстінен,
Ұшып кете жаздады.
Жауап сөзін айта алмай,
Елден шыға қашқаны,
Ағекесі Қосайға,
Келіп жылап тұрғаны!
Сонда Қосай Боқмұрынның сөзін тыңдап алып, былай дейді:
Ас берген кісі айыпкер, ботам,
Той қылған кісі күнәһар, ботам!
Хабар жібер Таласқа,
Кешікпестен тез жібер,
Айкөл төре Манасқа!
Тездетіп Манас келсін де,
Көзіменен көрсін де,
Халқым десе қырғызды,
Қара қытай, манжудан,
Ажыратып алсын де!
Содан, Мәникерді мінгізіп, жас Айдарды Таласқа жібереді.
Көкетай ханның асына шақырмаған Боқмұрынға қаһарланған Манас
хабаршы болып келген жайма кекіл жас Айдарды шораларына
атынан жұлғызып алып, басын кеспек болады. Сол кезде жаны
көзіне көрінген Жас Айдар батырға жалынады:
– Асу едің, асыршы,
Терең едің, өткерші,
Теңіз едің, кешірші,
Дария едің,өткізші.
Жаңғырықты қиядан,
Жалғыз едім ұядан,
Мені өлтіріп нетесің,
Не мұратқа жетесің?
Өлтіре қалсаң өзімді,
Обалым тиер көзіңе,
Жұмыртқадан ақ едім,
Бір ұядан тақ едім!» – дейді.
Сонда батыр туған Ер Манас:
- Ала байрақ, қу найза,
Жаудыраған қырық шора,
Кеше Орыс ханның он ұлы,
Олжаға зорлық қылғанда,
Жаңғыздық басқа келгенде
Қорлықты сонда көргенмін.
Жаңғыздың өлтіре көрме өздерін,
Өшіре көрме оттарын.
Жалғызды шапқан бола ма,
Жетілер ісің оңа ма? – деп, Манас оны босатып жібереді. Содан,
қырық шораны қалың қолға бас қылып, жорыққа қамданады.
Манастың ақылды жары Қаныкей осындай күннің келерін біліп,
батырлардың бәріне оқ өтпес сауыт-сайман, қару-жарақ жасатып
қойған екен. Мұздай қаруланып, сақадай сай болған батырдың қолы
дүркіреп Қарқараға аттанады.
МАНАСТЫҢ АСҚА КЕЛУІ
Қызыл қия кезеңнен,
Қымбат Манас қымпайып,
Көрініп қалған кезі екен,
Қинауды көріп қырғыздар,
Бөлініп қалған кезі екен,
Қайнаған қалың қытайға,
Қаматып қойған кезі екен,
Көкетайдың кемеге,
Талатып қойған кезі екен,
Асып-сасып атына,
Жүгіріп қалған кезі екен,
Қара жаннан қиналып,
Түңіліп қалған кезі екен.
Ер Манастап шуылдап,
Қырық шора кіріп барғанда,
Абаң Қосай орнынан,
Тұрмағанын қарашы,
Арыстан Манас барғанда,
Атасын көрген баладай,
Жылағанын қарашы,
Кәне, Манас, кәне, – деп,
Сақалына сүрініп,
Сасқан жерін қарашы!
Қара қытай, көп манжу,
Несқара, Жолай бас болып,
Келін болып дырқырап,
Қашқан жерін қарашы!
Қабылан Манас келді деп,
Қырғыз жұрты сүйініп,
Қайраттанып тұрғанда,
Әулиедей аруақты,
Ата жұртқа ардақты,
Абаң Қосай кеп айтат,
Кеп айтқанда деп айтат:
Қайраным Манас қабылан,
Көрдің бе, еңкейіште шеп екен,
Қалмақтың халқы көп екен,
Бұлқынған Жолай, Қоңырбай,
Бұзықты бізге салмақ па?
Мында қақаншының халқы бар,
Қаһарлы қалша қарқыбар,
Қарсы шыққан адамның,
Қанын ішкен салты бар.
Шын-Машынның халқы бар,
Шылбыр шашты қалмақтар,
Шамасы келсе бізбенен,
Шабысатын шарқы бар.
Тәшкеннен көшіп топырлап,
Боқмұрын малын айдады,
Ас берем деп атаға,
Азапқа жаман байланды.
Сақалым қудай ағымда,
Қарып қалған шағымда,
Көкетайдың тойы деп,
Асқа келген екенбіз,
Шатаққа бүйтіп қалатын,
Басқа келге екенбіз,
Көкетайдың қызық ас,
Көргелі келген екенбіз,
Таланып қара қытайға,
Өлгелі келген екенбіз,
Көріне мына қу жанды,
Көмгелі келген екенбіз.
Бекем келді көп қалмақ,
Бекітіп қойған белі бар,
Бәлекет салып бұл аста,
Бет жыртысар жері бар.
Албан түрлі ері бар,
Атасының кегі бар,
Айласа келсе бізбенен,
Алыса кетер жөні бар!
Азуын жұртқа тигізбей,
Ақылмен амал табалық,
Шатақтаспай, шарпыспай,
Атпенен алдап салалық,
Дегеніне көнейік,
Мәникер тарту берейік!
Қосай мындай дегенде,
Ар жағынан Боқмұрын,
Қоса сөйлеп қалғаны:
– Дегеніне көнбесек,
Сұрағанын бермесек,
Түбімізге жетпекші,
Асты қайдан беріп ем,
Түгел талап кетпекші.
Қызығын көрсең, ас міне,
Қисық іс қылдың деп мені,
Қиып кетсең, бас міне!
Атамнан қалған мал еді,
Мәникер тұлпар күлікті,
Сұрап жатыр Несқара,
Мәникерді бермесем,
Салғалы тұр бүлікті!
Мұны ұғып Манастың,
Кәрі шығып жүзіне,
Зәрі шығып көзіне,
Қошойға айтып қалғаны:
Қара қалмақ қыстаса,
Оңбай қалған екенсің,
Қуат кетіп бойыңнан,
Болмай қалған екенсің.
Асыл болып өмірің,
Налып қалған екенсің,
Қайрат кетіп бойыңнан,
Қажып қалған екенсің.
Қарақытай, көп манжу,
Мәникер алса бүгінде,
Көрешекті көрерсің,
Қырыңа шықса түбінде,
Ертеңгі күні есіріп,
Аққұла қоса алмай ма,
Арғы күні дардайып,
Керқабылан күлікке,
Суық құрық салмай ма,
Және қалмақ тарынса,
Және салып бүлікті,
Және сұрап алмай ма,
Шалқұйрықтай күлікті?
Күшейсе қалмақ күйленіп,
Күлікті түгел алмай ма,
Қадырлы Қосай ағамыз,
Сүмпиіп жаяу қалмай ма?
Және қытай тарынса,
Және жұлып алмай ма,
Қырыңа шықса,түбінде,
Күнде тозақ салмай ма?
Тұлпардан тура айрылсақ,
Бұл қырғыздың алыптары,
Ерді жонға артпай ма,
Бейнетті қатты тартпай ма,
Білгенін Қоңыр қылмай ма,
Жаяулатып жүріп қырмай ма?
Қайнап жатқан көп қытай,
Төріңе құдық қазбай ма,
Төрт түлігің шашпай ма,
Төбеңді тіліп қамшымен,
Мойныңа қылыш шаппай ма?
Өкімдік қылса бұл қалмақ,
Өкінетін шағым жоқ,
Өкіргенмен бұл қытай,
Өлімнен аяр жаным жоқ,
Қалмаққа тартар малым жоқ,
Мәникер берер шағым жоқ!
Күрделі күшім барында,
Күлігім қайтіп берейін,
Күшеніп келген қалмаққа,
Күшімді салып көрейін,
Тұйғын басым барында,
Тұлпарым қайтіп берейін,
Тура зорлық іс қылса,
Тұтамдасып көрейін.
Айдыным аман тұрғанда,
Арғымақ қайтіп берейін,
Арбығын екен арамдар,
Арпалысып көрейін,
Аққұланы мінейін,
Атаңның көрі Жолайдың,
Құйқасын енді тілейін,
Азап салса қалмақты,
Алтайға айдап сүрейін.
Асқа тойып манжулар,
Жұтынып қалған екен ғой,
Оңай жерден олжаға,
Қызығып қалған екен ғой,
Бүйтер болса манжудың,
Тығынын суырып алайын,
Қамауда қалған халық үшін,
Қайтіп жаным аяйын.
Сағынып келсе соғысты,
Саулатып қырып салайын,
Өкімдік қылса бұл қалмақ,
Өлтіре қырып салайын.
Қонаққа келдің,қойғын деп,
Жылы сөз айтып алайын,
Айтпады бір жол демесін,
Алдына өзім барайын,
Жүйе сөзге көнбесе,
Талқан қылып салайын!
Осыны айтып ер Манас,
Кәрі жүзден төгіліп,
Көк жолбарыстай шабынып,
Жау-жарағын қамданып,
Аққұланы орғытып,
Қайнап жатқан қалмақтың,
Тақ ортасын қақ жарып,
Жолай менен Несқара,
Зобалаңды зорларға,
Аттың басын бұрады,
Қасына кеп бұлардың,
Қаһарланып тұрады.
- Жиылғаның қалың жұрт,
Хан Көкетай асы екен,
Басы жоқ қырғыз ел емес,
Қария Қосай басы екен.
Ақсақал болсаң сый көріп,
Алдыңда қойдың басын же, қалмақ,
Кәдеңді бұзбай отырып,
Қонақ деп тартқан асың же, қалмақ,
Қорқытар қалмақ сен емес,
Қорқар қырғыз мен емес,
Шабушы дұшпан сен емес,
Шаптырушы Манас мен емес,
Алушы дұшпан сен емес,
Алдырушы қырғыз мен емес!
Күшіңді қойып,асың же,
Күрпілдесең, болмасаң,
Өлмеген жерде қалысам,
Былқылдақ қурай піскенше,
Мизамдың гүлі түскенше,
Мықтап алты ай салысам!
Кеше жасым он екіге толғанда,
Қытайлардың хан Жолай,
Алтайға бүлік салғанда,
Көргенмін сенің күшіңді,
Ашып қара көзіңді,
Алдыңда тұрған кісіңді.
Үкіршіңнің ойында,
Үш қақпақтың бойында,
Өзің тиген күніңде,
Үкірің айдап алғанмын,Жолай,
Бұл қолыңнан сенің келді ме,Жолай,
Ербиіп атқа міндің бе, Жолай,
Енді кісі болдың ба, Жолай?
Шақыртып едім асыма,
Шаптырмақ болдың басыма.
Қонақ қылдым тойыма,
Қорлықты салдың ойыма.
Оқ өтпейтін тоның бар,
Қоңырбай қалша зорың бар.
Қағыссақ шындап көрейік,
Қағысқа жарар қаншаң бар,
Жеріңнен жетік қол алып,
Желігіп қалған екенсің,
Шығарамын желіңді,
Суытамын деміңді,
Көріне кепкен кеселдер,
Шұрқыратпа елімді!
Осы кезде жанына,
Баймырза келді қан болып,
Шат-шәлекей шаң болып:
– Көкетай шалға ас бердік, Манас,
Асқа аралас бас бердік,Манас.
Қара қалмақ, көп манжу,
Аяққа басып сөзімді,
Соймақ бір болды өзімді,
Еттің бәрін талады,
Көсеуменен сабады,
Қалмақтар неден құтырды?
Қорлық,зорлық көрген бас,
Бұлардан қалай құтылды?
Мұны көріп ер Манас,
Қаһарланып, қамшыны,
Қармап алып жіберіп,
Несқарадай батырды,
Төбеге тартып жіберді.
Таққан тасы бұрқырап,
Қара қытай, көп манжу,
Қашып берді дырқырап,
Аста жүрген қырғыздар,
Манасты құдай сақта деп,
Тілек қылды шұрқырап.
Қиқулап Манас қабылын,
Қыжылдаған манжуды,
Қызық сабап қалғаны,
Арт жағынан ер Бақай,
Ақырып қолды салғаны,
Екі шетін Алмамбет,
Есіп айдап бергені,
Топ ортасын ер Шуақ,
Тесіп айдап бергені.
Манасқа тете балуаны,
Ұлақ ханның Сырғағы,
Салды бүлік аралап,
Қиырынан қырық шора,
Қиратып кірді сабалап,
Ақкелте үні жаңғырып,
Айғай-сүрең жер жарып,
Топырақ ұшып, шаң басып,
Топалаң болып қалғаны.
Арыстан Манас батырың,
Түп-түбіне жетерде,
Түгел қырып кетерде,
Ораққыр мен Мұзкіндік,
Ер Қоңырбай, Несқара,
Атынан түсе қалғаны,
Тізесі жерге бүгіліп,
Ер Манасқа жүгініп,
Қоңырбай кептен салғаны:
– Біздің жайды сұрасаң,
Әрқайсымыз зор ұлық,
Хан Көкетай асы деп,
Қақаннан келдік торылып.
Тойыңа тозақ салыппыз,
Айыпкер болып қалыппыз.
Бұл айыпты кешіңіз,
Кешпес болсаң айыпты,
Мінекей басты кесіңіз!
Тас тағынған қытайдың,
Төрелері мұны айтып,
Күрме киген манжудың,
Күштілері мны айтып,
Алдына келіп тұрған соң,
Анда Манас мұны ойлап:
Тойға келген манжуға,
Топалаң сап нетейін,
Ас үстінде қиратып,
Не мұратқа жетейін?
Деп кешіріп салғаны.
Қалмақ, қырғыз теңдесіп,
Қайра бастан елдесіп,
Қауқылдасып жиылып,
Қарсыластар тиылып,
Бұрылысып жиылып,
Бұзықтың бәрі тиылып.
Көкетайдың Боқмұрын,
Күйге келіп қалыпты,
Қайра бастан тіріліп,
Тілге келіп қалыпты.
Керней-зурнай тарттырып,
Жаршыға хабар айттырып,
Асты бастап жіберді,
Салтанатын арттырып!
АТ ШАБЫС.
Көкетайдың асында ата дәстүрімен ат шабыс, жамбы атыс,
сайыс, күрес және басқа да дала салтындағы түрлі жарыстар өтеді.
Ежелден дұшпан болып, соғысып, тартысып келе жатқан түрік
тектес елдер мен қытай, манжу, қалмақ, маңғұл, солон, торғауыт,
кешіл,шибей сияқты жат жұрттардың арасындағы жарыстың өзі
намысқа шапқан қақтығысқа, бақталастыққа айналады.
Көкетайдың көк туы көтеріліп, Ыраманның жыршы ұлы –
Ыршуыл мен жайма кекіл Жас Айдар жұртқа жар салып: «Ат
шұбату басталды!» – дейді.
- Ат шұбатқын! – дегенде,
Адамның бәрі дүр етті.
Қытай жұрты бір дүркін,
Қырғыз жұрты бір дүркін,
Қырым жұрты бір дүркін,
Ауған жұрты бір дүркін,
Дүркін – дүркін болысып,
Дүние жүзі толысып,
Қалың қара қол болды,
Ортасы көше жол болды.
Содан, «ұрғашы жолы ұлық деп, өзі қаңғай ұрық деп», Ораңғының
Құла биесі бастап шұбатуға шығады. Одан кейін Манастың
Аққұласы шығады, оны Қаныкей әбден бабына келтіре жаратыпты.
Оның артынан Жолайдың Ашбуданы келеді, Аққұламен екеуі қояндай
ұқсас мал екен. Бұдан кейін Бозкертіктің Бойторысы, Мұраділдің
Қылжирені, Мұзбұршақтың Телкүреңі, Ер Төстіктің Шалқұйрығы,
Ер Қосайдың Дәусарысы, Үрбінің қос қара аты, Ер Көкшенің
Көкаласы шығады. Сонда кебез белбеу, кең етік, кешілдің ханы
Қоңырбай: «Манас Аққұланы бәйгеге қосса көрейін, сайыста қанын
төгейін!» – деп, айла қылып, Алғараны алып қалып, орнына тура
сондай бір қара атты қосқан екен. Ат шұбатып, санаса, бір мың
ат болыпты. «Ат қай жерге барады? Қай жерден кері шабады?» –
деп, барша халық сұрайды. Сонда Манас:
- Атадан қалған салтымыз,
Алпыс кісі ат айдап,
Шабдардың белін асырып,
Алты күн ары барыңдар.
Аттың келер жолына,
Шырақ алып қолыңа,
Алты мың адам барыңдар.
Адастырмай түнінде,
Атты жолға салыңдар! – дейді.
Атты айдатып жіберген соң, жиылған қалың жұрт бай дастарханға
жайғасып, ағыл-тегіл ас -суын ішіп, той тойлауға кіріседі.
ЖАМБЫ АТЫС.
Ат сегіз күнде келеді, оған дейін ел ерігіп, ер зерігіп қалмасын деп, астың тамашасын жамбы атыстан бастайды. Қарқараның қарағай, Ұзынынан қидырған, Ұстыннан мыңды жидырған. Түбіне тірек бұратып, Алты жүз ұзын сырғауыл, Біріне бірін жалғатып, Бойлатқан биік аспанға. Қырық екі танап жамбыға, Болат сым бауын жалғатып, Бүктеп,бүктеп кілемді, Қабаттап биік зау қылған, Сары алтынды бау қылған. Көргеннің көзін жайнатты, Сырғауылдың ұшына, Алтын, гәуһар байлатты. Жиылған жұрттың ішінен жамбы атамыз деп, садақ, мылтығын сайлап шыққандар көп болады. Кешілдің ханы Қоңырбай, торғауыттың қатын балуан Ораңқы, сібе – шибейлердің Мұзкіндік, манжудың ханы Несқара, солонның ханы Ораққыр, бидайық ханы Мұзбұршақ, Еламанның Ер Төстік, қазақтардың Ер Көкше, қоқан ханы Қозыбек, әнжиянның айыр сақал Санжыбек, самарқанның Сынжыбек, алтышардың Алабек, ауған ханы Ақұн, Жаналы, Қараш екі дәу, Үрімханның Көкбөрі – әрқайсысы бір-бір мыңнан мерген шығарып, жамбыны ата бастайды. Бірақ ешқайсысы алты жүз сырғауыл жалғанған, зау биікке байланған алтын жамбыны атып түсіре алмайды. Олардан кейін Манастың батырлары атады. Жасы менен кәрі атты, Шоралардың бәрі атты, Бір танабын қия атты. Түспейтіндей бұл жамбы, Тұрған елді қажытты. Аруағы биік ер Манас, Аймаңбозбен жетеді, Ақкелтемен бір атты,
Танабын түгел қия атты,
Зау биіктен жамбыны,
Бір атқаннан құлатты!
Көктен түскен жамбыны,
Іліп алып кеткені,
Алып ағасы Қосайға,
Тарту қылып жеткені.
Қатағанның хан Қосай,
Разы болып қалғаны:
– Тырнақ алды олжаңды,
Балам, өзің алғын!- деп,
Ырымдап оны алмады.
ҚОСАЙ ДӘУ МЕН ЖОЛАЙ ДӘУДІҢ КҮРЕСІ.
Көкетайдың көк туы қалқылдап көтеріліп, Ыраманның Ыршуылы
жұртты аралап жүріп: «Қабылан Манас бастаған ұлықтар
күреске екі жақтан екі балуан щықсын, жыққаны бәйгені алсын,
жығылған құры қалсын дейді! Темірді талдай сындырған, қара
тасты топырақтай уыстап, тозаң қылып уатқан, ат көтермес
алыптан бір-бір балуан шықсын!» – деп жар салады.
Сол кезде көрді көпшілік,
Оңбаған Жолай батырды,
Балуанға оны балапты,
Барлық жұрты қалапты.
Балуанға Жолай бекініп,
Басып шыға келгенде,
Байқаған дұшпан шегініп.
Амурдың басын жайлаған,
Сақардай күші қайнаған,
Алты батпан бидай жеп,
Дән сасыған зор Жолай,
Алты жылы жау қуып,
Алпыс ерді жайлаған,
Қан сасыған зор Жолай,
Жеті жылы жау қуып,
Жетпіс ерді жайлаған,
Жын сасыған зор Жолай.
Тырнағына қарасың,
Ақ жолбарыстың саладай.
Көз шұңқыры Жолайдың,
Терең қазған ұрадай,
Екі емшектің еттері,
Екі жасар танадай,
Арқасына қарасаң,
Ат шабушы даладай.
Шабынып жатқан жолбарыстай,
Маңдайында қасы бар,
Артына түскен айдары,
Қыл шылбырдай шашы бар,
Қозғалушы жан емес,
Дәу қазандай басы бар.
Қырық-елудің ішінде,
Қызталақтың жасы бар.
Қытайдан шыққан зор батыр,
Майданға басып келатыр.
Құлақтың көркі қалқандай,
Кірпігіне қарасаң,
Етекке шыққан шалқандай,
Қолына түссе тауды да,
Тастай салмақ талқандай.
Екі иініне қарасаң,
Екі кісі қонғандай,
Екі бетін қарасаң,
Екі төбет тойғандай.
Төс жайығын қарасаң,
Төбелі таудың өріндей,
Әр мінезі Жолайдың,
Ашыққан көкжал бөрідей.
Өгіз кеуде, өкім сөз,
Өрлік жайы тағы бар,
Өткір қылыш, сыр найза,
Шердік жайы тағы бар,
Өз білгенін бермеген,
Бектік жайы тағы бар.
Бұлшығы бұқа беліндей,
Балуандық жайы тағы бар,
Бұлқысқанды сау қоймай,
Алғандық жайы тағы бар.
Өлерін өзі білмеген,
Айуандық жайы тағы бар.
Кекірсе қызыл өңеші,
Кірген судай күркіреп,
Көрген жанның еріксіз,
Тұла бойы дүркіреп,
Майданға келіп отырды,
Мас болған пілдей күркіреп.
Науадай үлкен түтігі,
Қоя берсе түтіні,
Будақ, будақ бұрқырап.
Көзінен шыққан ызғары,
От-жалын болып шырқырап.
Қуанды қалың қаңғайлар,
Құлақты жара барқырап.
Өз дінінше оқынып,
Күн шығысқа бет алып,
Көке тәңір қолда деп,
Тілек қылды шоқынып.
Мынадай алыпты көргенде, қарт Қосай: «Балдар, бірің
шығыңдар, мақтантпай мұны жығыңдар!» – деп жар салды. Бірақ,
қырғыз, қазақ жағынан ешкім шықпады. Мықты деп жүргендердің
бәрі қалқаланып, ықтады. Қосай ашуланып, ерлерге бетпе-
бет айтып, күреске түсірмек болып, жиылған жұртты аралай
бастады. Бірталай ерлерге келіп, қайрап сөйлесе де, олардың бәрі
таудай балуанмен күресуге батпай, бас тартты. Бір кезде Ақтар
таздың баласы, жетпіс ру тіл білген, жеткілең шешен Ер Үрбіге
келіп сөйледі.
– Жолай шықты балуанға,
Айналайын Ер Үрбі,
Сен қандайсың балуанға,
Жығып мерей алғанға?
Анда Үрбі бүй дейді:
- Анау тұрған Жолайдың,
Көбік еті көнектей,
Шекенің еті шелектей,
Қолдарына қарасаң
Қырық жыл кепкен теректей!
Жоламаймын Жолайға,
Жолаған кісі оңар ма? Бұл қытаймен қармасып, Шақ келе алмас біздің жай, Қолына түссем оқыста, Кетермін түгім табылмай! Қосай одан өтіп, қазақтың ханы Ер Көкшеге келеді. – Сарыарқаны жайлаған, Сандатып қазақ жинаған, Келістіріп кермеге, Кертөбелді байлаған, Ерегескен дұшпанның, Кәлләсін кесіп шайнаған. Ноян Көкше, Ер Көкше, Сен қандайсың балуанға, Жығып намыс алғанға? Қытай қалмақ қамданды, Балуаны жықса біржола, Басырықты салғанға. Анда Көкше сөйлейді, Құтылар жағын көздейді: – Жоламаймын Жолайға, Жолаған кісі оңар ма? Бұл күреске бармаймын, Қазақтан Көкше барды деп, Қытайлардың хан Жолай, Қапсырып жерге салды деп, Жаман атты болмаймын! Қосай одан ары барып, Еламанның кенжесі, құдайдың сүйген пендесі Ер Төстікке келеді. Жын-перілермен соғысып, жеті жыл жер астында жүрген Төстіктің жер бетіне шыққанына жеті-ақ күн болған екен. Қосайдың сөзін естіп: «Жын –перілерді жеңгенде, Жолайдын қашамын ба? Қырғыздың қызметіне жарасам, ризамын! Шығамын балуанға!» – дейді. Қария Қосай оған сынай қарап, басын шайқайды. «Жеті жыл жер астында жүріп, азап тартып, арыпашып, азып – тозып келген екенсің, мына дәуге күшің жетпес!» – деп, одан ары кетеді. Жарға ойнаған лақтай орғыған, жанары жалтжұлт еткен он алты жасар алып денелі Ақбайды көріп, жанына келеді. «Сен қандайсың балуанға?» – десе, жаудан беті қайтпаған
жас бала: «Барсам бара салайын, түссем түсе қалайын!» – дейді.
Қария Қосай баланы байқайды, басын шайқайды.
Айналайын, Ақбайжан,
Өрдек мойын, он бес жас,
Қарақат көз, керме қас,
Қолаң шашты, түйме бас,
Тоғанас қызы Зияндаш,
Сұлу қатын алыпсың,
Көп асылам деп жүріп,
Көтерем болып қалыпсың.
Етің қалған көк жасық,
Қаның қалған бір қасық,
Қаруың келмес, Ақбайжан,
Жолайменен қармасып.
Балтыр етің толады,
Балуан шағың болады.
Жүрек етің толады,
Жетілер шағың болады!
Мұны айтып, қарт Қосай қалың топты түгел аралап шығады.
Не бір мықты деген батырлардан қайран болмай, күдерін үзіп келе
жатса, алдынан Манас шыға келеді. Абаң Қосай Айкөлге мұңын
шағады.
- Қаншалық айтсам ұқпады,
Қырғыз,қазақ,басқа елден,
Бет алып бенде шықпады.
Қасарған дәуді жықпады.
Қарысам да қартаңдап,
Қарт бурадай тартаңдап,
Мен түспесем балуанға.
Кәдімгі Манас шырағым,
Сен түспесең балуанға,
Қандай адам беттейді,
Дардайған Жолай айуанға!
Анда Манас кеп айтат:
- Аққұланың үстінде,
Ақ дәу келсе аңтарам,
Көк дәу келсе көмкерем.
Аяқ-қолын шалысып,
Жаяулап жерде алысып,
Күресуге жоқ едім.
Сайыс пенен соғыста,
Екеуін бірдей алармын,
Олжасына қызығып,
Балуанға өзі түсті деп,
Ұсақ сөзге қалармын!
Мұны ұғып Қосайдың,
Әр нәрсе түсіп ойына,
Қайраты толды бойына.
Алдыңғы қасын ерінің,
Қалдырата қағыпты,
Қара жерге бағыпты.
Арыстан Манас батырың,
Қайратын байқап абаңның,
Жандай түсіп ақырын,
Айтты тауып ақылын:
- Қарысаң да қартаңдап,
Қарт бурадай тартаңдап,
Балуанға түсіп көріңіз.
Балуаныңыз жоқ болса,
Иіріп қоймай халықты,
Бәйгесін айдап беріңіз!
Сонда қарт Қосай басын шайқап, ойланып : «Әттең дүние-ай! Кеше отыз бес, қырық бес, тіпті, елу бес жасымда кездессе, бұл дәудің басы тастан болса да, сығып тастар едім ғой! Қайтейін, сексен беске келіп, қартайғанда кез болып, қор қылғанын қарашы! Бірақ, не болса да тәуекел! Қабыланым, сөзіңді жерде қалдырмайын, бұл майданға барайын!» – дейді. «Бірақ, маған бір қандағай – теріден жасалған мықты шалбар тауып беріңдер! Өз шалбарым нашарлау. Күресіп жүргенде, дәу Жолай тартып қалғанда, айырылып кетіп, абыройым ашылып қалмасын!» – дейді. Содан, Манас бас болып, қандағай іздейді. Не бір батырлардың тәуір деген шалбарын өлшеп көрсе, біреуі де сексен бестегі қарт Қосайға симайды! Бүкіл қырғыз жабылып, шалға шалбар таппай салбырап тұрғанда, Ажыбай Шалыбайға айтады. «Қаныкей Манасқа арнап бір жаңа қандағай тіктіріп еді. Соны батырдан ептеп сұрап алып көрсек қайтеді? Әнжиянның ар жағы, Айым-Мүнсек бер жағы, Даңдуңбастың тау теке,
Аң аулап адам көрмеген,
Үсті қара зау теке.
Абыкені бас қылып,
Алпыс мерген жатқызып,
Теріге залал қылдырмай,
Көзінен көздеп атқызып.
Алма қабық алғызып,
Алты ай малма салғызып,
Ішін әбден ыстаған,
Перизада Арууке,
Тоқсан қызға бас болып,
Тоғыз күні тыстаған! – дейді.
Екі шора ақырын Манасқа келіп, шалбарды сұрап алады. Қосайға
келіп, кигізіп көреді. Оң аяғын салса, балтыры батпай қалады, сол
аяғын салса, сирағы батпай қалады. Сонда Қосай айтады: Екеуің
мұны ептеп маған кигізіңдер. Шалбарының симай жатқанын
Манасқа білдірмейік!- дейді.
- Өкімі екі болмаған,
Екі қылған оңбаған,
Жарлығы екі болмаған,
Жаратқаны қолдаған,
Жайыл Манас көрмесін.
Жаңа түскен келіннің
Жақсылығын көмбесін.
Оң бетінен тілдіріп,
Нұр сипатын бүлдіріп,
Оң шашынан қырқпасын,
Ордадан сүйреп шықпасын.
Кер байталға мінгізіп,
Кементайды кигізіп,
Қараханның қолына,
Қайра бере салмасын.
Қалың қырғыз,оңба деп,
Қаныкей айтып қалмасын.
Қайсы түрлі іс қылса,
Қадыр аллам ептеген,
Тамағында сүйелі бар,
Таңдайында мөрі бар,
Қарғысы қата кетпеген,
Қаныштан қарғыс алмасын,
Қалың қырғыз баласы,
Қайғылы күнге қалмасын! – дейді дана қария.
Ажыбай мен Шалыбай шалбарды сиғызбақ болып, тартқылап
жатқанда, жиынның арғы шетінде тұрған Манастың қыран көзі
шалып қалып, жандарына жетіп келеді. Ашуға булығып тұрғанда,
ақырын басып Қаныкей келеді.
«Осындай күннің туарын сезіп едім. Әу басынан бұл қандағайды
абекеме атап жасап едім- риза болса, батасын берер деп едім!
Май құйрықтың тұсынан бүктеп, көктеп, тарылтып қойып едім!
Бүктеуін сөгіп жіберіп, кигізіп көріңдер!» – дейді. Ажыбай мен
Шалыбай шалбарды екі жаққа керіп тұрады, Манас қамшымен бір
тартқанда, көктеп қойған жері дар етіп айырылады. Қосай қария
енді киіп көрсе, шап-шақ болып шыға келеді. Сонда Қаныкей қолын
жайып, атасынан бата тілейді – Манас екеуінің балалары жоқ
екен! Қосай қария басын шайқап, күрсінеді.
Әй, Қаныкей байғұсым,
Телегейің тең екен,
Он екі мүшең кең екен.
Қайраты қатты, сұрапыл,
Шерді туар неме екен.
Ұрғашыда болмайтын,
Өзі әулие кісі екен.
Қасиетті Манасқа,
Қадыр түннің өзі екен.
Маңдай сүйегі қайқы екен,
Батырдың көзі өткен соң,
Көрген күні тайқы екен!»
Сонда, зарығып жүрген қайран Қаныкей баланы құдайдан
тілеп, батаны Қосай қариядан тілеп, қарақаттай көзінен қамшы
бойы жас кетіп, бөденедей көзінен бөлек-бөлек жас кетіп, тізерлеп
отыра кетеді. Келініне риза болып, ықыласы түскен әулие Қосай
қария шын ниетімен: «Жаратқан өзі жар болсын, сендерге бір ұл
берсін, аты Семетей болсын!
Телегейің тең болсын,
Бұл Семетей ер болсын,
Теңіз Манас тұқымы,
Атасындай шер болсын!» Тәңірден тілеп, қол жайып, Қосай бата бергені. Қытай,қалмақ, көп манжу, Қоса бата бергені! Бұдан кейін майданға қарай беттей берген Қосай тағы бөгеліп, былай дейді: «Жас күнімнен қырғыздың елі мен жері үшін терімді төктім, қанымды аямадым. Ақ дәуменен алыстым, көк дәуменен қағыстым. Басыма балта тиді. Қыр арқама, жауырыныма, тұла бойыма сары су жиылып, ұйып қалды. Бес-алты бала келіп, белімді басып беріңдер! – деп, сұлап жата кетеді. Бес –алты жігіттің басқанын елең қылмаған соң, тағы біраз жігіт жабылады. Оны Қосай елең қылмайды, арқасының құрыс-тырысы жазылмайды. Сол кезде бір қалмақ келіп, мұны көріп: Буруттар өз аталарын өздері тепкілеп құртып жатыр! Мұндай шалды біздің Жолай сау қоя ма?!» – деп күледі. Қосайдың ашуы келіп, атып тұрады. Белін басып жүрген он алты жігіт домалап қала береді. Қаһарына мінген қарт Қосай жолбарыстай көзі тұтанып, Жолайға келеді. Екеуі егесіп, сөзбен қағысады да, қол салысады. Сонда Жолай Қосайдың білегінен ұстап, сығымдай қысып жібереді. Қосай қолын жұлып алғанда, Жолай оның қол терісін сыпырып алып қалады. Кезегі келгенде Қосай да Жолайдың білегінен мықтап ұстайды, бірақ, Жолай да қолын жұлып алады. Сонда, білегінің терісі Қосайдың қолында қалып қояды. Екі алып жан алысып, жан берісіп, аянбай алысады. Бір-бірін аспанға лақтырып, құр бұқадай сіресіп, табандарын тіресіп, бірінбірі ала алмай, екі күн,екі түн күреседі. Түн болғанда қалың жұрт «панардың бәрін алдырып, барпырата жандырып» жарық қылып тұрады. Соңғы күні таң алдында Қосай қарттың барқ еткен даусы шығады. Қырғыз, қазақ қорқып кетеді. Сөйтсе, Жолай жауырынан қатты қысып жібергенде қарт Қосайдың арқасына ұйыған баяғы сары судың бәрі бойына тарап кетіпті. Соған сүйсінген қария дауыстап жіберіп, бойы балқып, рахаттанғаны сондай, көзі ілініп кетіпті. Алыптығы сондай, күресіп жүріп, қарсыласына сүйеніп, ұйқтап кетеді. Оның ұйқтап кеткенін сезген Жолай ішінен қуанып, тік көтеріп алады. Басқы күні бәлекет, Бәлелі жұмыс бастаған, Барбекелер жиылып, Алашықтай бір тасты,
Балуан тас қылып тастаған.
Енді бурут өлді деп,
Ажалдың бетін көрді деп,
Күштісінген бұл қалмақ,
Күрсе-күрсе жөтеліп,
Қатағанның Қосайын,
Күйпейтіп алып көтеріп,
Ажалға мойнын бұрмаққа,
Апарып тасқа ұрмаққа,
Ақырын басып келеді.
Айжаңжұңның алдынан,
Бір көтеріп өтеді,
Күнжаңжұңның алдынан,
Бір көтеріп өтеді.
Несқараның алдынан,
Бір көтеріп өтеді.
Қоңырбайдың алдынан,
Бір көтеріп өтерде,
Қатағанның Қосайын,
Тасқа соғып кетерде,
Қабылан Манас ақырды,
Ағекелеп шақырды.
- Қабанға қашпай шалдырдың,
Қаңғайға намыс алдырдың.
Абеке Қосай неттің деп,
Нәпсің түпке жетті деп,
Намысты қолдан бердің деп,
Қапыда қор боп өлдің деп!-
Қиқуды Манас салғаны,
Айкөліңнің айғайы,
Ұйқыдағы ағаңның,
Құлағына барғаны.
Оянып Қосай кеткені,
Аяғы жерге жеткені.
Ашуланып қарт Қосай,
Барлық күшін салғаны,
Таудай болған Жолайдың,
Арт жағынан сымының,
Қасаттан қармап алғаны.
Жолайды құдай ұрғаны,
Халайық қарап тұрғаны,
Қаһарланған қарт Қосай,
Көтеріп алып ақырып,
Томқорып жерге ұрғаны.
Таудай Жолай балуаның,
Тоңқайып жатып қалғаны!
Арманды бойдан қалдым деп,
Бұғып жатып қалдым деп,
Қаны қайнап зор Жолай,
Манастан алған қандағай,
Балағынан аларда,
Абекеңіз Қосайды,
Жерге соғып саларда,
Сылай,сылай қамшы алған,
Сырттан қара бөркі бар,
Адамнан бөлек көркі бар.
Арыстан Манас батырың
Ақырып келді қасына:
- Атаңның көрі қаңғайым,
Албаңдаған айуаным.
Бір жығылып қалдым деп,
Немене үшін ағама,
Қол ұзатып салдың деп.
Он екіден өрген бүлдүрсін,
Ұрса құлақ тұндырсын,
Дөнен аттың терісін,
Өрім қылған бүлдүрсін,
Құнан өгіз терісін,
Өзек қылған бүлдүрсін,
Тел бұзаудың терісін,
Бүлдірге қылған бүлдүрсін,
Қонақ қылмас сараңды,
Қайқаңдатқан бүлдүрсін,
Көз салмаған қатынды,
Көзелім дегізген бүлдүрсін,
Тіл алмаған қатынды,
Тілінен сүйдірген бүлдүрсін,
Қол бермеген қатынды,
Құшақтатқан бүлдүрсін.
Шоқысында шоғы бар,
Өзегінің ішінде,
Көк қорғасын оғы бар.
Қара сапты қамшыны,
Қармап қолға алғаны,
Қиқулатып Жолайды,
Жоңқылдата салғаны.
Жонына қамшы батқанда,
Ер Қосайдан зор Жолай,
Қолын тартып алғаны.
Қабылан Манас батырдың,
Қайраты халыққа көрініп,
Бір тартқанда қамшымен,
Дәу Жолайдың қолынан,
Қарт Қосай кетті бөлініп.
Қалың қырғыз жеткені,
Ақ сақалды Қосайды,
Көтеріп алып кеткені.
Бәйгесін айдап бергені,
Ол бәйгені алмастан,
Қатағанның хан Қосай,
Жетім менен жесірге,
Түгін қоймай бөлгені,
Жиналған елдің барлығы,
Жомарттығын көргені!
ТҮКТІ ТАБАН ТҮКІБАЙ МЕН
ШЫНАШАҚТАЙ ЕР АҒЫСТЫҢ КҮРЕСІ.
Бұдан кейін майданға Қаңғай жағынан келген түкті табан
Түкібай деген балуан шығады. Алысқанды қоймаған, бір қабанның
етіне, бір жегенде тоймаған сұмдық алып екен. Күреске шығып,
күрсілдеп қарап тұрғанда, оған қарсы шығатын балуан таппай,
батыр Манас бас болып, қырғыздар қиналып тұрғанда, топтың
ішіне Қаныкей келіп, бір әңгіме қозғайды. Манас Бұқарға барып,
өзінің некесін қиып, Таласқа алып келе жатқанда, жолда көргенін
баяндайды.
Адыр-күдір ұршықта,
Аңырайған тұмсықта,
Оралма таудың бүркітін,
Балдақсыз- ақ қондырып,
Ұрынарға тау таппай,
Ұрысарға жау таппай,
Шайнарына тас таппай,
Үзеріне бас таппай,
Қайраты сыймай бойына,
Орғып шыққан белестен,
Ағыстай ерді көргенмін.
Мен көргенде Ер Ағыс,
Біткен бойы тарамыс,
Қайраты қалың ер еді,
Қара қытай, көп манжу,
Қарсыласып келгенде,
Намыс алар бел еді.
Жығып намыс алғанға,
Ағыс жарайт халайық,
Жайдары төрем қабылан,
Ағысты салғын майданға!
Қаһарланған қабылан,
Қаныштың тілін алғаны,
Он екі шора, Қырғылшал,
Бұйрық алып батырдан,
Ағысты көздей барғаны.
Тау,тоғайды сыдырса,
Аннан Ағыс табылмайт,
Толған елді қыдырса,
Осы жерге алдырған.
Хан Көкетай тойында,
Қарқараның бойында,
Ойнап жатқан орда қыз,
Арсалаңдап Ағысың,
Орда қызға барыпты,
Ойынды мықтап салыпты.
Қызды үйде қияқшы,
Қымызды үйде аяқшы,
Ағыс жайы осындай.
Қызды көрсе қымпылдап,
Қиын жомоқ бастаған,
Қатын көрсе бәлекет,
Өліп кете жаздаған.
Орда қызға ер Ағыс,
Қонып жатқан кезі екен,
Таң-тамаша үстінде,
Болып жатқан кезі екен.
Көк сілеусін қара бөрік,
Ырғап тұрған кезі екен,
Ойын салып осында,
Жырғап тұрған кезі екен.
Он екі шора Қырғылшал,
Хабарға бұлар барғаны,
Ер Ағыстың үстіне,
Қырғын тиген немедей,
Қирап түсе қалғаны.
Ер Ағысқа барғанда,
Ал Қырғылшал кеп бастап,
Ақырын айтып,бек бастап:
- Батыр Ағыс, сөзімді ұқ,
Түкібай шықты майданға,
Алақандай қырғызда,
Оған қарсы шығатын,
Жігіт құрып қалған ба?
Шынашақтай ер Ағыс,
Қандай едің балуанға,
Жығып, намыс алғанға?
Қалмақтың түкті табан балуаны,
Заманақыр салғаны.
Көзі көлдің орнындай,
Көрінгенді сорғандай,
Қиын екен Түкібай.
Айкөл Манас батырдың,
Алты күлік аты бар,
Сені іздетіп жіберген,
Алақандай хаты бар.
Жігіттікті сүресің,
Тұлпардан таңдап мінесің.
Балуан болсаң ер Ағыс,
Бұл күреске барып көр,
Бар күшіңді салып көр.
Алақандай қырғызға,
Бір намысты алып бер!
Барыңды сап күреске,
Қиналсаң қорлық көріп бер,
Намыс кетіп қалғанда,
Жығылды Ағыс дегізбей,
Тірі жүрмей өліп бер,
Батыр болсаң ер Ағыс,
Күштісінген арамның,
Қабырғасын сөгіп бер!
Осылай Ағыстың жігерін қайрап, хан Манастың ордасына алып
келеді. Қосай, Төстік алыптар батасын береді. Намысы қайнап,
майданға беттей берген ер Ағыс Манасқа: Күресіп жүргенде,
қамшыңмен май құйрығымнан бір тартып жібер. Етім ашынып,
қаным шашылып кетсін. Ашуым келсе алармын, әйтпесе күліп жүріп
қалармын !» – дейді.
Осыны айтып ер Ағыс,
Басып барды майданға.
Ер Ағысты көргенде,
Таудай болған Түкібай,
Орнынан тұрды гүр етіп,
Көрген жанның шыдамай,
Тұла бойы дір етіп.
Шынашақтай Ағысты,
Ұстай алып қолынан,
Айналдыра лақтырды,
Жығылмады ер Ағыс,
Аяғынан тақ тұрды.
Буырқанып жұлқысты,
Құр бұқадай бұлқысты.
Итерісіп тұрысты,
Ойға таман сүрісті,
Ойдағы тоғай жойылды.
Қырға таман сүрісті,
Қырдағы тоғай жойылды.
Ой жерлері дөң болды,
Дөң жерлері ой болды.
Екеуіне қан майдан,
Халайыққа той болды!
Осылайша, екеуі екі күн күреседі. Сөйтсе, Ағыс күліп жүр
екен. Мұны көріп Манас қаһарланып, қамшымен Ағысты тобыққа
тартып жібереді.
Тобыққа қамшы өткені,
Ашуы енді жеткені,
Таудай болған Түкібай,
Амалы жаман кеткені.
Біткен бойы тарамыс,
Ерен екен ер Ағыс.
Екі аяғын балақтан,
Еңкейіп ұстап алғаны,
Таудай болған қалмақты,
Жерден суырып тұрғаны.
Түкібай қолы байланды,
Ер Ағыстың басында,
Қалақтай болып айналды.
Екі беттен жүн шықты,
Етегінен үн шықты.
Таудай болған қара тас,
Ықшам Ағыс жеткені.
Таудай болған қалмақты,
Тасқа періп өткені!
Шынашақтай Ағыстың,
Күштілігі көрінді,
Түкібайдай зор балуан,
Екі бөлек бөлінді!
Ағысты жұрт төбесіне көтереді. Бірақ, Ағыс бәйгені алмай, шашып
кетеді, орда қызға қашып кетеді. Ағыстың бәйгесін ақсақалдар ата
ұлына бөліп береді.
ТҮЙЕ МЕН ЖАЛАҢАШ ҚАТЫН.
Хан Көкетай асына
Жер-жаһаннан жиылған
Халайықтың бәрісі,
Жасы менен кәрісі.
Жалпы жұртқа жар салған
Жаршыға қарай бұрылды,
Ыраманның Ыршуыл
Ылашындай жарқылдап
Ақ сұңқардай саңқылдап,
Қыздыра түсті дүбірді:
«Хан Көкетай асында
Қайнатып ой мен қырыңды,
Қай-қайдағы жыныңды,
Байырғының салтымен,
Бабадан қалған бұрынғы,
Жалаңаш қатын түйені
Көпшіліктің алдында
Қолын қойып төбеге,
Тісіменен шешеді,
Шығармай қара дымыңды!»
Жалаулаған жаршының
Алаулаған сөзінің
Тоқетерін тобықтай
Толқыған тобыр ұғынды.
«Қуырдақтың көкесін
Көресің түйе сойғанда»
Дегеннің кері келді деп,
Майданға қарай шұбырды.
Санатты елден сескенбей,
Сыпырып тастап киімін,
Сымпиып шығар сылқымдар
Шыныменен бар ма деп,
Ауыздары аңқиып,
Таңдайлары тақылдап,
Демдерін алып ішінен,
Тоқтатты қыбыр-жыбырды.
Күл сабаған көкайыл,
Қамшыдан қайтпас көкдолы,
Ымды баққан ырыңды,
Жымды баққан жырынды,
Небір қасқыр қатындар
Қанша бетпақ болса да,
Тыр жалаңаш тоңқайып,
Топ алдында түйенің
Бұйдасын тіспен шешуге
Дәттері бармай тығылды.
Қаймықпайтын кім бар деп,
Қоздатып тұрды күбірді!
Айкөл Манас бас болып,
Батырлар тұрды топтанып,
Бітер деп қалай бұл істі?
Түзге отырған жерінде
Байы түгіл, үстіне
Бөтен келіп қалса да,
Бетінің қаны қашпаған,
Етегін жиып саспаған,
Сазбет қатын бұл елде
Қалмапты-ау деп күлісті.
Осы кезде ортаға
Орғып шықты оқтаудай
Қатын балуан Ораңқы,
Ерлерге салып жұмысты.
Анасынан туғандай
Айдай ашық әйелге
Қарауға тіктеп қалың жұрт
Бір-бірінен қымсынып,
Бетін басып тұрысты.
Біраздан соң емініп,
Көздерімен ішіп-жеп,
Қадалса да қыңған жоқ,
Қатын балуан Ораңқы
Құшақтап өскен қылышты,
Қаптап келген ерлермен
Қайқайтып салған ұрысты!
Сансыраған сан қолмен
Сайысқалы шыққандай,
Айбарланып алыпты,
Марғасқаны майдалап,
Майысқалы шыққандай
Жайраң қағып алыпты.
Қалмақ, манжу, қытайды,
Қырғыз, қазақ, ауғанды
Бөксесіне қаратып,
Майданды сызып келеді.
Өкшесіне қаратып,
Мойын қандай, төс қандай,
Жота қандай, жон қандай,
Жоннан арғы жол қандай,
Жан рахаты жалғанның
Осы жолға қонғандай.
Оны көрген ерлердің
Естері ауып қалғандай,
Ессіздік оты жанғандай.
Сөйткен елді Ораңқы
Нар екенсің деген жоқ,
Шал екенсің деген жоқ,
Өзінен басқа адамды
Бар екенсің деген жоқ,
Бурабайдай тұлғасы,
Ақша бұлттай көктегі
Желп-желп еткен шудасы,
Алтын, күміс бұйдасы,
Қалы кілем жабуы,
Жампоздың жанға қимасы
Түйеге жетіп барғаны,
Екі қолы төбеде
Шиелеп төмен байлаған
Түйініне бұйданың
Еңкейіп тісті салғаны,
Абайлап тұрған қалың жұрт
Ойран-асыр қалғаны!
Ескіден қалған бұл бір жол
Көрмеген әзір ел тиып,
Түйені шешіп алам деп,
Тартса қатын тоңқиып,
Сақалдары шошаңдап,
Шалдар отыр шоңқиып.
Атаңның көрі дүние
Қалай өтіп кетті деп,
Ойға батып омпиып.
Батырлар тұр тықыршып,
Қандары қызып қомпиып.
Оның бәрін Ораңқы
Ойына да алған жоқ,
Көз қиығын салған жоқ,
Қас-қағымда қайқайып,
Жетелеп алып түйені,
Қалың топты қақ жарып,
Бұраң белі былқылдап,
Бура саны бұлтылдап,
Тоқпақтай қара бұрымы
Тоқ балтырға сартылдап,
Қарыс түкті құндызы
Күн сәулесі шағылып,
Құбылып ойнап жалтылдап,
Келе жатқан кезінде
Қарылар қалды қалтылдап.
Қаһармандар қасқайды,
Қайрат қысып қалшылдап,
Назар салмай біріне,
Өте шықты Ораңқы
Қара көзі жарқылдап,
Қатын-қалаш, қыз-қырқын
Қиқулады қуанып
Аққу-қаздай қаңқылдап!
Анда Манас қабылан
Қатқырып күліп алғаны,
Қайырып кетпен салғаны:
«Ой, атаңның көрі, Ораңқы,
Жалаңаш топқа барғандай,
Түйені шешіп алғандай,
Не күн туды басыңа?
Адыр тола жылқың бар,
Аңғар тола түйең бар,
Қора толы қойың бар,
Жетпеді ме асыңа?
Үңірейтіп бәтеңді,
Көрсетердей не болды
Досың менен қасыңа?
Бәтеңе сенің қарасам,
Қарауытқан үңгірдің
Сұлбасындай көрінед,
Үш Меркенің үрейлі
Жылғасындай көрінед!»
Анда Ораңқы кеп айтад,
Кеп айтқанда деп айтад:
«Жұрт алдына жалаңаш
Бармайтұғын несі бар?
Қараша қаймал, ту інген
Алмайтұғын несі бар!
Жауды жеңген батырлар
Ауда қандай өшің бар?
Өшің болса бәтемді,
Қолыңнан келсе, кесіп ал!
Малың үшін шыққам жоқ,
Баю үшін шыққам жоқ,
Ерде намыс болғанда
Қатында намыс болмай ма?»
Жарқ-жұрқ етіп Ораңқы
Жалтылдатып бөксесін
Шапаттап тұрып бәтесін,
Деді: «Ерлерім, мұнымен
Ерегесіп нетесің,
Манас пенен Алмамбет,
Шуақ пенен Сырғағым,
Сені де тапқан бұ көтім.
Ер Көкше мен Қосайым,
Ағыш пенен Қырғылшал
Аузы-мұрныңды қан қылып,
Сені де тапқан бұ көтім.
Бақай менен Төстігім,
Мұзбұршақ пен ер Үрбі,
Сені де тапқан бұ көтім.
Осы көтім болмаса,
Найза ұстаған ерлерім,
Көктен түстім деймісің,
Жерден шықтым деймісің?!»
Келтіріп сөздің жүйесін,
Жетелеп алып түйесін,
Қатын балуан Ораңқы
Жайына кете барғаны.
Айкөл Манас бас болып,
Батырлардың бәрісі
Әбден күліп алғаны.
Қайтпас қайсар қатынның
Сөзі менен ісіне
Разы болып қалғаны!
МАНАС ПЕН ҚОҢЫРБАЙДЫҢ САЙЫСЫ
Астың қызған кезінде батырлардың сайысы басталады.
Қытайлар жағынан найзагер, айлакер Қоңырбай батырдың өзі
шығады. Ол Манастың Аққұланы бәйгеге қосқанын біліп, өзінің ерен
жүйрік Алғара атын әдейі бәйгеге қоспай алып қалады. Алғараның
орнына тура сондай бір қара атты қосып жіберіп, қырғыздардың
көзін алдаған екен. Өйткені, оның аңдығаны Манас болатын.
Тұлпарын бәйгеге қосып, жаяу қалған Манасты сайыста жеңіп
алуды көздеген Қоңырбай көк найзасын көтеріп майданға шығады.
Алғараны жұлқынтып,
Алтыннан шылбыр бұлқынтып,
Нар бурадай кеңгіреп,
Намыс үшін зеңгіреп,
Тұрған екен Қоң төре,
Сайысқа шығып еңгіреп.
«Алып болмақтан дәу келсін,
Ат көтермес жау келсін.
Піл мінгені келсе де,
Білгенімді қылам деп,
Мың келсе де қырам деп,
Келтіріп керік мінсе де,
Кез келгенін соям деп».
Кекірейген өзі бар,
Кесірленген сөзі бар.
Қоңырбайды көргенде,
Әзиз ханның Алмамбет,
Мойнына белбеу салынып,
Манасқа тұрды жалынып:
- Бала күннен қастасып,
Кектесіп жүрген Қоңырбай,
Өзі келген екен ғой,
Кергілесер итпенен,
Кезім келген екен ғой!
Алақан жайып, батаң бер,
Сайысқа мені сала көр.
Қойқаңдаған қалшаға, Қайқайтып найза салайын, Қашанғы кегім алайын! Қабылан Манас, жан досым, Дегеніме көнсеңші, Бұл сайысты берсеңші! Анда Манас кеп айтат: - Әй, Алеке, көкжалым, Қара қытай, көп манжу, Өсек қылып жемей ме, Әзиз ханның жалғызын, Қашып барса қырғызға, Аямастан өлімге, Айдап салды демей ме! Қытай күбір қылмай ма, Қырғызды құдай ұрмай ма, Берен Алмаң батырдың, Бағы бұдан сынбай ма! Байлап беріп Алмаңды, Қолындағы сырнайза, Таяп қалды демей ме, Жалпы қырғыз жабылып, Қоңырбайдан Манасты, Аяп қалды демей ме? Содан Манас бетінің түгі шығып: «Бұл сайысқа Қоңырбайдың шығарын білсем, Аққұланы бәйгеге қоспайтын едім!» – деп, өкініп тұрғанда, Қаныкей Ақолпоқты Ақаярға көтертіп келеді. Керіске кисе, оқ өтпейтін, найза теспейтін, қылыш кеспейтін ақ сауыт – Ақолпоқты Қаныкей алты жыл әдейілеп жасаған екен, сол жерде айкөлге кигізеді. Сонда Манас Қалқаманның қара атына мініп, он екі хан қырғыздан сайысқа мінер ат таңдайды. Алмамбеттің Сарала, Тұлпарлық сыны бар екен, Кетпен тұяқ, кең сауыр, Керіске мінер мал екен. Шара тұяқ, қоян жон, Шабысқа мінер мал екен. Нар көкірек, тайқы жал, Алысқа мінер мал екен.
Мұны байқаған Манас Алмамбеттен сайысқа мінуге Сараланы
сұрап алады. Қосай, Бақай бастап, барша жұрты : «Манасты қолдай
көр!» – деп, құдіретке жалынып, батасын береді. Қалқаманның қара
атын мініп, Сараланы қосарына алып, майданға шыққан Манастан
Қоңырбай ер кезегін сұрайды.
Анда Манас мұны ойлап:
-Қытайдың ханы бұл еді,
Қырғыздың ханы мен едім.
Кезегін мұның бермесем,
Кемсінгендей болармын,
Бұйырғанын көрермін!»
Кезегіңді алғын, деп,
Күшіңнің барын салғын деп,
Қызыр шалған қабылан,
Қасқайып қарап тұрады.
Қиқырып сайды Қоңырбай,
Қабылан оны елемейт,
Қоңырбайдың сырнайза,
Сирағына теңемейт.
-Кезегіңді алғын, бурут! – деп,
Керіліп тұрды Қоңырбай,
Ерлерді салты осындай.
Манас сайып өткені,
Былқ етпеді Қоңырбай,
Найзасы қирап кеткені.
Екі батыр егесіп,
Кезек, кезек сайысып,
Айқайлап найза ұрады,
Сайғанына шыдамай,
Алпыс найза сынады.
Қоңырбай анда кеп айтат:
- Жеңе алмайсың сен мені,
Ер болсаң да қаншама,
Жеңем деп босқа шаршама.
Жер жаһанға жар сала
Жамандатып бәріңді
Жаздырамын даңсаға!
Таудан түссе – тасқындай,
Тасқа шықса- қасқырдай,
Айға атылса – арыстан,
Ойға батса – данышпан.
Айкөл Манас кеп айтат,
Шегедей қағып, дөп айтат:
«Жазғаныңды хат қылам,
Жақсылығың жақтырам,
Жаманыңды жат қылам,
Жеңе алмайсың сен мені,
Айтар сөзді аңыз ғып
Өзім сүйген балдардың
Ауызына сап тұрам!»
Манас мындай дегенде,
Қоңырбай қылды айланы,
Көтеріп алып найзаны,
Қаһарланып, бақырып,
«Мөнділеп!» ұран шақырып,
Манасқа келіп жеткені,
Бар күшімен батырды,
Тура соғып өткені.
Екпінінен ереннің,
Қалқаманның қара аты,
Шатқаяқтап қалғаны.
Енді құлап кетерде,
Жерге Манас жетерде,
Ашып көзді жұмғанша,
Ырғып кетіп ер Манас,
Тастай салып қара атты,
Сараладай тұлпарға,
Қарғып мініп алғаны.
Шүу деп қамшы салғаны.
Көтеріп найза ер Манас,
Саярына қамдады,
Ала қашып Алғара,
Қоңырбай аман қалғаны,
Атылды оқтай Сарала,
Алғара желдей заулады,
Сарала құстай самғады.
Опал таудай күркіреп,
Қоңырбайға жеткені.
Қарасы таудай қалшаны,
Қаһарланған қабылан,
Қатты сайып өткені.
Алғараның үстінен,
Әлеукенің Қоңырбай,
Көлпілдеп ұшып кеткені!
Жетік Манас көйқасқа,
Жебеден бұрын жеткені,
Алғарадай тұлпарды,
Жетіп қармап шылбырдан,
Олжа қылып дұшпаннан,
Жетектеп алып кеткені.
Жанталасып Қоңырбай,
Ұшып тұрып, жүгіріп,
Манастың келіп алдына,
Келін болып жүгініп:
- Батыр болсаң, мәрт болсаң,
Алғараны өзіме,
Қалдырып кет, Манас! – деп,
Тілек қылды төреден,
Тізесі жерге бүгіліп.
Қоңырбай бүйтіп тұрғанда:
- Сауға, Манас, сауға! – деп,
Арғы жақтан Алмамбет,
Жүгірді тура далбақтап,
Екі етегі қалдақтап,
Жетіп келем дегенше,
Ақыл ойлап ер Манас:
- Біреудің тоны тон болмас,
Біреудің аты ат болмас,
Батыр еді Қоңырбай,
Атын тартып алғанда,
Не мұратқа жетейін?
Одан гөрі бұл жерде,
Өзіне беріп кетейін!»
-Міне, Қоңыр, атың! – деп,
Лақтырды оған шылбырын.
Шырқырап кетті Алмамбет:
- Қолға тиген қоянды, Қоя берген оңар ма? Адам сендей болар ма? Алгараны маған берсең, Салмас па едім қалшаға, Қашаннан бергі қызықты! Бұл Қоңырбай өлмесе, Қиямет жүзін көрмесе, Қырғыздың ісі оңалмайт, Сенің де ісің оң болмайт! БӘЙГЕ. ҚОҢЫРБАЙДЫҢ ҚОРЛЫҒЫ. Бәйгенің алтыншы, ат келетін күні ақылгөй Бақай батырларға: «Байқаңдар, жұртым! Қырғыздың аты озып келе жатса, дұшпандар қастық қылып, қиратып жықпасын. Алмамбетке түпкі атасы Шылабаның тонын кигізіп, жасырын алға жіберейік. Қаңғай, қалмақты алдап, Аққұланы Ашбуданмен шатастырып алмай, солардың тілінде шүлдірлеп, сүрендетіп алып шық! Бер жағынан қырық шора сүрен салып, Аққұла озып келсе, бас бәйгесін алыңдар!» – деп ақыл береді. Кебез белбеу, кең етік, Кешілдердің Қоң төре, Қыжырланды шоң төре: - Бәйгеден тақыр құр қалып, Бізді құдай ұрды ғой! Қырғыздардан ат келсе, Алдынан қарсы шығыңдар, Атын тосып жығыңдар! Асын бұзып, шыр қылып, Осы бастан ұрысып, Шулатпасақ болмайды, Тіккен туын түбінен, Құлатпасақ болмайды! Ұлық қойып қытайдан, Сұратпасақ болмайды! Асына азап қылалық, Жұртын сабап, қыралық!- Деп кіжініп Қоңырбай, Күліктен атын мінісіп,
Кіреуке тонын киісіп,
Шуылдасып, шырқырап,
Шаң аспанға бұрқырап,
Тұлпарлары тулады,
Шабуылға шығардай,
Қаңғайдың қолы шулады.
Сараланы Алакең,
Абайы менен жабулап,
Қытайша тәжді киіпті.
Қақаншыңның қалың жұрт,
Алмамбетті танымай:
«Қайсы біздің хан бұл?» – деп,
Аң-таң болып қалады.
Иір белдей белестен,
Алакең кетіп барады.
Сән киінген қайран ер,
Дүрбі салып тұрады.
Түнерген шөлдің шетінде,
Бұзылған құмның бетінде,
Орғып-орғып шаң шығып,
Орғыған шаңды қараса,
Аққұланың шаңы екен,
Құйындай ұшқан шағы екен.
Басын жерге салыпты,
Батырыңның Аққұла,
Арындап қызып алыпты.
Ер Жолайдың Ашбудан,
Құландай құлақ жапырып,
Құйыдай жерді сапырып,
Келеді ұшып дырқырап,
Басқан тасы бырқырап.
Аққұланың артында,
Келе жатқан сол екен,
Артықша туған мал екен.
Аққұла мен Ашбудан,
Айнымай ұқсас мал екен.
Қара қытай, манжуға,
Енді ілініп қаларда,
Хан Қоңырбай келерде,
Аққұланы көрерде,
Қалайманды қыларда,
Ырғыта теуіп саларда,
Қабылан Алмаң қайран шер,
Қытайынша қыжылдап,
Ашбудан сүреп алғансып,
«Қақандап!» ұран шақырып,
Қабыланның Аққұла,
Артылта сүреп алыпты.
Қалың қытай бәрісі,
Алакеңді көргенде,
«Атақты қытай ханы» деп,
Қоса сүреп қалыпты.
Қыран Алмаң қабылан,
Сауырға атты салады,
«Мөнді-мөнді-мөнді» деп,
Манжуша сүреп қалады.
«Жағы-жағы-жағы» деп,
Қалмақша сүрен салады.
Жайнап жатқан көп қалмақ,
Жабыла сүреп қалады.
Берен Алмаң көкжалдың,
Білгірлігі білінді,
Ары бара түскенде,
Қырғыз жұртқа ілінді.
Қыран ердің қырық шора,
Қиқырып сүрен алады,
Жануарың Аққұла,
Бәйгеден шығып барады.
Қатынын қара басқандай,
Қаһарланды Қоңырбай:
- Жұрт жиылған көп бәйге,
Алмай кетсек бола ма?
Қызыталақ бурутқа,
Қызыл қасап қырғынды,
Салмай кетсек бола ма?!
Көкетайдың сан бәйге,
Қалмақ, қытай, манжу жұрт,
Жүргенде қырғыз ат сүреп,
Қаптап талап алады.
Бәйгесіне ие болмай,
Қырғыздар құры қалады.
Кешілдің ханы Қоңырбай,
Қалмақтардың хан Жолай,
Солондардың Ылама,
Қыжылдаған дұшпанның,
Бұл зорлығын сұрама!
Қаптаған жат жұрттық жауынгерлер жаулыққа басып, қиқуды
салып, Көкетайдың бәйгесіне қоса, қырғыздардың жылқысынан
таңдағанын қосып алып, қуған бойда елдеріне қарай тартады.
Қарсыласқанды қылышпен шауып, керегесін қиратып, қырғызға
қырғын салып, Текестің суын кешіп, Жұлдызға қарай кетеді.
Бұған қаны қайнаған Манас Қоңырбайдың соңынан қуып барып,
соғыспақ болады. Ұран салып, қалың қолы Кегенге симай, дүркіреп
аттанады. Сонда оған ақылгөй Бақай тоқтау салады: «Жауды
қазір қуып барамын деп, артыңдағы елден ажырап қалып жүрме.
Қоңырбай қытайдан қол жиып келіп, қайра шабады. Алты ханды
қосып, қарсы аттанайық. Арамызда ынтымақ, бірлігіміз болса,
ел мен жерді сонда қорғап қаламыз! Бөлек,бөлек болсақ, Қоңырбай
алты елдің бәрін қырмай ма?!» – деп, ақыл береді. Ол алты хан –
Еламанның ер Төстік, Айдарханның ер Көкше, Таздың ұлы ер Үрбі,
бидайық ханы Мұзбұршақ, естектердің Жаңбыршы, әнжиянның
айыр сақал Санжыбек. Олардың да ішінде алауыздығы, Манасқа
реніші, араздығы бар екен. Манас өзінің күш, қайратымен, ақыл,
айбатымен бәрін жеңіп, хандар араздықты тастап, барлығы
бірігіп, ортақ жауға қарсы аттанады.
Ал бұл кезде Қоңырбай Несқара мен Жолайға: «Бұл тойдан
кейін Манас бізге әбден кектеніп қалды. Елге барып, Есенханды бас
қылып, әскер жинап алайық та, қызыталақ бурутты қырып-жойып
шабайық!» – дейді. Есенхан бұлардың айтқанын жөн көріп, өңкей
мықты жауынгерлерден қалың қол жинауға кіріседі. «Айдап шығып
әскерді, Чанту жаққа баралық, Қапыда басып Манасын, Халқын
түгел қыралық!» – деп ұйғарады.
Сөйтіп, көп елге даңқы кеткен Көкетайдың асы көп шатақтың
басы болады.
ҮЛКЕН ҚАЗАТ.
Қоңырбай қол жинап жатқанда, айкөл Манас та қарап қалмай,
алты ханмен күш біріктіріп, оған қарсы үлкен қазат – жорыққа
аттануға дайындалады. Ақылгөй Бақайды бүкіл әскерге хан
көтереді, яғни қолбасшы қылып қояды. Аттанарда Қаныкей жол
болсын айтып, шоралардың бас-басына жорыққа ыңғайлы киім
кигізеді. Әр батырдың мінген атына аумай ұқсайтын бір-бір бедеуді
қосар ат қылып баптатып, құранды ерін ерттетіп, үстіне сауыт
бөктертіп қойған екен. Оны көріп батырлар әбден риза болады.
Қайран жеңгең Қаныкей,
Нұсқа сөзін бастады:
- Қастасып дұшпан жеңбеген,
Барса келмес жер деген,
Ұрығы қытай ұлы жұрт.
Қиын жолға бет алып,
Қырандар, шықтың аттанып…
Жазғы шілде қырық күн,
Қысқы шілде қырық күн,
Екі қырық сексен-ді,
Көнбеген адам жексен-ді.
Бейжін ыстық жер деген,
Ыстығы маза бермеген.
Сайса найза теспеген,
Шапса қылыш кеспеген,
Қырық шораға қырық қалпақ,
Ыстық күні киіп бақ.
Қыс киерге тымағын,
Дулығаның сыртынан,
Тұмшаланып кисін деп,
Ішін сусар істеттім,
Бұлыммен сыртын тыстаттым.
«Ақ қалпақ қырғыз елмін» деп,
Атағыңды өшірмей,
Көркейтіп басқа киерсің,
Жеңгеңіздің сыйлығын,
Намысым деп білерсің, -
Қаныкей көзін жастады,
Қайғылы сөзін бастады:-
Ұға көр, Алмам, сөзімді,
Арыстандардың барлығы,
Алысқа сапар жөнелді,
Әр кім де ойлар өлерді.
Аттанған жандар аманат,
Алла білет сіздерді,
Аман қайтып көрерді.
Таянар жалғыз төремді,
Жаман жолға жөнелді,
Жанын тірі көрем бе?
Айырылып қалып айкөлден,
Арманды бойдан өлем бе?
Қаптаған қалың жау болса,
Қабылан төрең толғанса,
Қасында кісі жоқ болса,
Қамауда төрең тоқталса,
Жалғыздық жайын білесің,
Қайырылысар сіз деймін.
Қамалап дұшпан қыстаса,
Қайратты сізден іздеймін!
Ер Алмамбет сол жерде,
Ескісі түсіп есіне,
Сөйлейді бір есіле:
- Әттегене, жеңеше,
Айкөлді «жалғыз» дедің, ә!
Пенденің бәрі бейдәрмен,
Бек тапсырма айттыңыз,
«Жалғыз» дейсің батырды,
Жайнап жатқан көп қырғыз,
Кімге туған ақыры?!
Енесі бөлек болса да,
Артында айкөл батырдың,
Абыке, Көбеш іні бар.
Алдыңда мендей сорлының,
Өзінен басқа кімі бар?!
Сүйектес қытай елім жоқ,
Өз елімді өртедім,
Аңсап бара жерім жоқ,
Қадірім білер халқым жоқ,
Кәдімгідей парқым жоқ,
Қарсылдасып жау келсе,
Қашатұғын салтым жоқ.
Өштесіп жүрген доңыздан,
Өліп қалсам оқыстан,
Аруағым сыйлап, кім жылар?!
Артымнан қарар інім жоқ,
Айналар туған бірі жоқ!... -
Дегенде босап көңілі,
Алмамбет арман қылады,
Арыстандай қырық шора,
Қосылып бірге жылады.
Осылайша батырлар мен ел-жұрт бір-біріне ыстық ықыласты сөздерін айтып, аман-сау көрісуді тілеп, қимай, қимай қоштасады. Қырықтың басы Қырғылшал дауылпазды қағып, батырлар аттана береді. «Бейжін шаһар оңай ма, Бұл қозғалыс оңар ма?! Аттанғаны алыс жол, Отыз түмен ауыр қол, Он кісідей көрінбес, Сапарға шықты оң мен сол! Жаратқан, өзің жәрдем бер!» Бұл сөзді айтып бұрқырап, Амандық тілеп шырқырап, Қатын,бала, шал, кемпір, Қалды қойдай шұрқырап. АЛМАМБЕТТІ ХАН КӨТЕРУ. Алдынғы кеткен қолдың артынан батырлар да келіп жетеді. Сөйтсе, әскердің бәрі көк майсаның үстінде, шапандарын шатыр қылып, аттарды жайып жіберіп, жайланып ұйқыны соғып жатыр екен. Мұны көріп ашуланған Алмамбет батыр Манастың шатырына келсе, одан бұрын қолды аралап көріп келген айкөлің шай қайнатып, нан малып, сары аяққа бал салып, шатыраш ойнап, даң салып отыр екен. Алмамбет оған: «Жиғаның отыз түмен қол, адамыңның бәрі қаперсіз. Бейжіннің жолы алыс, қиын жол, мынадай бейжай
күйімен әскер әскер бола ма, қырғында аман қала ма? Шатырашың
шашылсын, ұйқыдан көзің ашылсын, төрем!» – дейді. Қырғылшал
бастаған қырық шора қысылып, үндей алмай қалады.
Әрі-бері бір қарап,
Айкөл Манас бүй дейді:
- Қартайып өзі қалған ба,
Хан Бақайға не болды?
Қоя бермей бетімен,
Басқармай ма көп қолды?
Ажыбай, Серек екеуің,
Барып сәлем беріңдер,
Хандығын сұрап келіңдер,
Айтқаным мақұл көрсін де,
Әскер басы хандығын,
Алмамбетке берсін де!
Екі шора Бақайға келіп, Манастың сәлемін жеткізеді. Бір
жағынан ренжіп қала ма деп, ағаларынан ұялып: «Бізді жіберген
қанқорың, ағеке, екеумізге айып қылма!» – деп ақталады.
Айтқанын ұғып ер Бақай,
Мырс етіп күліп алғаны:
- Атым Бақай болғалы,
Аруағым басқа қонғалы,
Жаман атым шыққан жоқ,
Жалғыз пенде ұққан жоқ.
Неше жерде хан болдым,
Қараңдаршы, балдарым,
Басыма мүйіз шыққан жоқ.
Жарлығын жалған кім қылсын,
Жайдары Манас төремнің!
Алмамбет батыр сырттанды
Манаспен бірдей көремін.
Бір сұраса ол үшін,
Мың қайтара беремін.
Содан Манас Алмамбетті әскер басы қылып, жаршылар
жұртқа жар салады.
Бұрынғыдай еркімен
Қол жайылып жатқанда,
Тоқсан нөкер оңында,
Тоқсан нөкер солында,
Алпыс сақшы соңында,
Алмамбет кірді қолына,
Ата ұлының тобына:
- Қайра бастан қараймын,
Бәріңді, халқым, санаймын,
Бұл санаттан қалғанды,
Қатарыма алмаймын.
Қайра бастан келгін деп,
Есебіңді бергін деп,
Алмамбет берді жарлықты.
Содан әскерді тәртіпке келтіріп, онбасы, жүзбасы, мыңбасы
тағайындап, есебін алады. «Егер қолыңнан бір адам жоғалса,
онбасы, жүзбасы, мыңбасылар, басың алынады!» – деп, алмабас
мылтық аттырды, тәртіпті қолға айттырып, алпыс жендет
шаптырды. Етек-жеңін жиып, алға аттанған Манастың қолы сол
жүргеннен мол жүріп, Өткермелі, Дарқаннан, Өгіз-Кешу, Қалқаннан,
Жүгіріктің Жүген-Тас, Жүйірменің Қара-Саз, Сары –Қиядан өтеді.
Қалдайған әскер қол менен,
Айдалып жолға кіргені,
Қырық күн болып қалыпты.
Қырықтың басы Қырғылға,
Қылығы шатақ Бозуыл,
Онбасы болып алыпты.
Қырық бірінші күнінде,
Қырғылшал жүдеп қалыпты.
Жүре алмай атпен, сөйлейді,
Бозуылға бүйдейді:
- Болмады жайым, сөзімді ұқ,
Есі жоқ тура Манастың,
Қалмаққа беріп өкімді,
Өлтірмек болған секілді!
Жолы қатқан бұл қытай,
Тыныс алып қондырмай,
Жолда қыратын секілді!
Бозуыл сонда кеп айтат,
Ашуланып бек айтат:
- Қолды санға салғанда,
Есебін елдің алғанда,
«Тірі қалды тоғыз – деп, –
Қырғылменен он еді,
Өлді Қырғыл доңыз» – деп,
Есебіңді беремін.
Егер ондай қылмасам,
Манастан бәле көремін.
Қаһарына қалып кім жүрсін,
Хан Алмамбет төренің.
Қойғын, батыр Қырғылым,
Қалжырабай жөнегін!
Қырғылшал ашуланып, Манасқа келіп арыз айтады.
- Манас, сенің қорлығың,
Бас жұтушы зорлығың!
Еліріп келген қытайды,
Ел билетіп, зор қылдың,
Ел-жұртыңның бәріне,
Ерімеген сор қылдың!
Ұйқтап ұйқы қанбастан,
Уысты қолды жазбастан,
Ұзаққа сапар қылуға,
Ұрысқан бетте қытаймен,
Ұйғарып түгел қыруға
Қалаған екен қалмақ құл!
Қара ниет қытайдың,
Қарсылық ісі мына бұл!
Қарсылық болмай не болды,
Халықтан қайрат жоғалды.
Қалжыраған қосынға,
Қойғыласып жау шықса,
Қол қырылып кетпей ме?
Қолды қырып салған соң,
Қырылып қырғыз қалған соң,
Обалы кімге оның?!- деп,
Қиқырып айтты қилы кеп.
Қыран Манас бұл жерде,
Қырықтың басы Қырғылдың,
Қиналғанын біледі,
Қыл мұрты бір солқ етіп,
Миығынан күледі:
– Орайын ойла, Қырғылшал,
Осы жолы қоя сал.
Алмамбет мықты – ханымыз,
Бағынамыз бәріміз!
Осыны айтып, Манас Аққұланы маңқаң,маңқаң бастырып, кете
береді. Сонда Қырғылшал түңіліп:
- Манасыңмен құрып қал,
Қазатыңмен шіріп қал!
Қалмағыңмен қосылып,
Бәрің жерге кіріп қал!
Бейжініңмен берен бол,
Қытайыңмен қырғын бол!
Далаға кетті сөзім, – деп,
Бұл секілді қорлықты,
Көрмеп еді көзім! – деп,
Баяғыдан шапқылап,
Ауып қалды есім, – деп, көңілі суып қалады.
Елдің есебін алатын кезі келіп, Алмамбет жар салдырады.
Онбасы, жүзбасы, мыңбасылар есебін өткізеді. Отыз түмен
қолдың бәрі түгел. Ең соңында Манастың қосы қалады. Онбасы
Тазбаймат екен, санап көрсе, бір кісі кем болып шығады. Тазбаймат
аң-таң:«Жадау, Чулын бойында, Қорағаты ойында, тоғызы тиді
қолыма. Өзім оныншы болып, соңында жүріп, алдыңа аман алып
келіп едім ғой?!» – дейді. Алмамбет қаһарланып:»Өкім екі болмас!»
– деп, алты жендет Тазбайматтың басын шабуға қамданады.
Сол кезде хан Серек: «Қателік болмасын, қағазын тағы бір оқып
тексерейік!» – дейді. Қадырсейіт молда қағазды қараса, Манастың
аты Тазбайматтың он адамының есебінде екен! Ал, есеп алғанда
айкөлді қосып санау ешкімнің ойына келмеген!
- Байқамай қара басты, – деп, -
Батырым Манас сен үшін,
Қытайдан келген құлыңа,
Бермекші болдым басты!- деп,
Қиқырып Баймат қалғаны,
Қырғыздың бәрі қарқылдап,
Әбден күліп алғаны.
Манас оған бүй дейді:
– Ұрып кеткен Тазбаймат,
Ұлық кісім сен болсаң,
Ұмытқан кісің мен болсам,
Серекке айтпай қойғызып,
Керек еді бұл жерде,
Тастауым сені сойғызып?!-
Батыр Манас болқылдап,
Басқаша күлді солқылдап.
Содан, Алмамбет Манасқа келіп: «Алдымызда шатақ іс көп,
алдыңғы жаққа – Бейжінге қарай шолғыншы жіберу керек!» – дейді.
Бұл жолды бұрын көрмеген, ой-шұңқырын білмейтін болған соң,
барамын деп ешкім белсеніп шықпайды. Сонда Манас: «Өзіңнен басқа
ол жақтың жайын білетін адам жоқ. Қалаған адамыңды ал да,
шолып қайт!» – дейді. Алмамбет Манастың сөзін екі қылмай, қасына
бір өзі мыңға татитын ер Сырғақты алып, қосар атқа Ажыбайдың
Қарткүреңін алып, қытайдың жерін шолуға аттанып кетеді.
АЛМАМБЕТ ПЕН ШУАҚТЫҢ ЕРЕГЕСІ.
Қырықтың басы Қырғылшал,
Қырқында көпкен қызық шал,
Ертелі-кеш жамандық,
Ойлағаны бұзық шал.
Аралда жатқан Шуаққа,
Аңдып барып кеп айтат:
- Ой, Ақбалта ханның Шуағы,
Шуақ болмай құрып қал,
Нойғұттан қыран сен болсаң,
Қытайдан келген қызталақ,
Алмамбеттен кем болсаң!
Таластан Кеңқол кем емес,
Манастан Шуақ кем емес!
Араққа тойып алғанда,
Алакеуде ақымағым,
Әлемді бұзам деуші едің...
Алмамбет шалғын шалар ма?
Кеңесте жоқ, кепте жоқ,
Келберсіген ер Шуақ,
Артта жатып қалар ма?!
Нойғұттардың Шуағын,
Алдырмастан кеңеске,
Шалғын шалып алдыға,
Барған жері емес пе?
Қалың қолдың билігін,
Алған жері емес пе?
Шаңын жұтып ер Шуақ,
Алмамбеттің артында,
Қалған жері емес пе?
Құт, қуатың Шуағым,
Қашты деген осы ма?
Алмамбеттің аруағы,
Асты деген осы ма?
Аяғына Шуақты,
Басты деген осы ма?»
Қызыл тілмен қыздырып,
Қырғылшалың сайрады,
Қылшылдатып қылыштай
Намысын ердің қайрады.
От шашырап көзінен,
Шуақтың қаны қайнады.
Дауылпазын қақтырып,
Қарғып мініп атына.
-Нойғұттар, атқа қонғын, – деп,
Алмамбетті соям деп,
Қанын ішіп тоям деп,
Қаһарланған ер Шуақ,
Найзасын қолға алғаны,
Қалың қолға бас болып,
Қиқулап жөнеп қалғаны.
Қарауылға шыққан ер Бақай,
Қаһарланған Шуақтың,
Қарасын көріп қалғаны.
«Қол бұзылған екен, – деп,
Қойдырмасам бекер,» – деп,
Арыстан Манас батырға,
Сасқалақтап барғаны.
- Бұзақылар Шуаққа,
Бұзық сөз айтып салыпты.
Алмамбеттің артынан,
Нойғұттар қуып қалыпты.
Алмамбет, Шуақ, екі шер,
Манас, сенен басқаны,
Тұяғына теңемейт.
Артынан барып сен өзің,
Ақыл сөзің айтып кел,
Жарастырып қайтып кел!
Мұны Манас ұққан соң,
Аққұланы бұлқынтып,
Екі шердің артынан,
Жөнеп берді жұлқынтып.
Бұл уақытта ер Шуақ Алмамбетті қуып жетеді. Артынан
келе жатқан қатерді сезген Алмамбет тәуекел деп тосып тұрады,
досын көргенде: «Не болды?» – деп таңырқап қарсы алады. Шуақ :
«Кеше кең Таластың ойында,
Жылғынды өзен бойында берген антың қайда? Бейжінге менсіз
қалай сапар қыласың? Сен шолғын шолып, алға кеткенде, мен неге
артта қалуым керек? Не мені ала кетесің, не менің қолымнан қазір
өлесің!» – дейді ызамен. Алмамбет ренжіп: «Бердім жолды,ал да,
бара бер!» – дейді. Оған да басылмаған Шуақ егесе түседі, бірақ
қандыкөйлек достар бірін- бірі қия алмай, қол салыспай, сөзбен
қажаса береді. Сол кезде Манас қуып келіп қалады. Оны көрген
батырлар төбенің басында томсарып отырады.
Арыстан Манас батырың,
Екеуінің мінезін,
Аңдап тұрса ақырын,
Ашу басып кетіпті,
Алмамбеттің ақылын.
Қаалғадай қасқа тіс,
Халайықтан басқа тіс,
Қасқайып шығып алғаны,
Қара күшке батырың,
Қатқырығын салғаны:
«Екі батыр нетті деп,
Немене болып кетті деп,
Енді келіп отырмыз,
Айтыңдаршы, ақыры,
Бүлініп қалған кепті!» – деп,
Ақырын сұрап қалғаны.
Ақбалтаның Шуағы,
Андай-мындай сөзі жоқ,
Төмен қарап бұ дағы,
Төбедегі төрт батыр,
Жергелесіп алғаны.
Осы жерге келгенде,
Не болдыңдар дегенде,
Ноян Алмаң кеп айтат:
- Ой-хой, Манас, ой Манас,
Аңқаусымай, қой Манас!
Елдінің бәрі ер екен,
Е деген сөзі еп екен,
Елінен азған жігітке,
Ертелеп өлім еп екен.
Халықтының бәрі зор екен,
Халқынан азған қор екен,
Халқынан безген жігітке,
Қайырылып ажал еп екен.
Ерегестен ер өлсін,
Ерегес ісі болмаса,
Еліңнің шетін кім көрсін?
Алтын тақ сынсын, хан өлсін,
Намыстың ісі болмаса,
Аулыңның шетін кім көрсін!
Айуанды қостай шауыпсың,
Айтулы қандай төресің?
Ақбалтаның Шуағы,
Арбығасың кім үшін?
Қосынға қызмет қылдырмай,
Қуып келген қай күшің?
Елге қызмет қылдырмай,
Еліріп келдің нем үшін?
Хан қылғын дедім кіміңді,
Қаладым келдім дініңді,
Ханың екеуің бірікші,
Қағайын ба жыныңды?
Ұлық қыл дедім кіміңді,
Ұлығың екеуің бірікші,
Ұрайын ба жыныңды!
Шақырсам шындап жынымды,
Біліпсің қытай зілімді.
Көрейін бе күшіңді?
Жалым келді бұл кезде,
Жарайын ба өтіңді?
Алда сөйлеп кеп айтам,
Насат, ақыл мен айтам,
Әр қашанда бір қашан,
Апылдама деп айтам.
Аға, іні болған қырық шора,
Айрықша Шуақ сені айтам.
Балта дәудің баласы,
Бастасқаның қоймайсың.
Қазір саған теңелсем,
Міне, осы жерде сайрайсың!
Алмамбет бұлай дегенде, Шуақ та қаһарлана жауап береді:
- Бір сұмдықты қытай құл,
Бастайын деген екенсің,
Өтірік шолғын шолам деп,
Ордалы жұртым қырғызды,
Өрт ішіне өкінтіп,
Тастайын деген екенсің!
Кетірмек болсаң ебімді,
Көрсетейін жөніңді,
Сындырайын беліңді,
Алайын қазір кегімді!
Ерегескен екі батыр ашуға булығып, аттарына қарғып
мініп,қиқулап, соғыспақ болады. Сол кезде Айкөл Манас орталарына
түсіп, екеуін тоқтатып тұрып, былай дейді:
- Бөлінсек бөрі жеп кетет,
Бөлініп қалды қырғыз деп,
Бөлек елге кеп кетет.
Шу көтермей бұл күнде,
Сұлтандық қылар кездерің.
Ынтымақты ұмытып,
Қайда кетті естерің?
Алдыға салсам, ақ жолым,
Артымда тұрса, сан қолым,
Алмамбет, Шуақ егізім,
Телегейім, теңізім.
Бір-біріңе қол салып,
Бүтін елді бүлдірме!
Сонда Шуақ Манасқа өкпесін айтады:
-Кірмедім,батыр, ойыңа,
Анты-сертің мойныңа,
Он үш жасар шағымда,
Алтайдың Арал көлінде,
Қосылысқан жерімде,
Анттасқан сонда сөз қайда!
Қыл болат жүзін жаластым,
Намысың бірге таластым!
Жауды сайса, кім сайды,
Аты қалды Манасқа!
Теңемедің ешқашан,
Қаңғып келген қалмаққа!
Әрқашан жұмыс қыласың,
Алмамбетпен кеңесіп,
Алмамбет тізгін алғалы,
Кеңесте жоқ, кепте жоқ,
Есептен Шуақ қалғаны.
Қызметің қылған қырық батыр,
Қыңқ ете алмай тап-тақыр,
Қиын ғой мұндай болғаны!
Осылай деп, Шуақ пен Алмамбет бір—біріне ұмтылып-ұмтылып
қояды. Сонда Манас:
- Ойда жоқта егесіп,
Алмамбет, Шуақ, күйдірдің,
Ақылы жоққа не дейін?
Сендерсіз-ақ Бейжінге,
Өзім жеке бармасам,
Манас болмай кетейін!
Жеке барып Бейжінге,
Ажал жетсе өлейін,
Арандаған екі арам,
Өлісе берші, көрейін!
Бұл сөзді айтып айкөлің,
Сарала атты оң қолдап,
Ауыздықтан алды да,
Оңға сілкіп жіберді,
Көк аланы сол қолдап,
Тізгінінен алды да
Солға сілкіп жіберді,
Түгі шығып бетінен,
Қапа болып бұларға,
Жеке барып отырды,
Қара белес қыраңға.
Манастың қатты күйініп, ренжігенін көргенде, екі батыр есін
жиып, ақылға келеді. Өзінің ашумен артық кеткенін түсінген ер
Шуақ атынан түсіп, екі қолын бауырына қойып, Алмамбеттен
басын иіп, кешірім сұрайды. Оған разы болған Алмамбет те: «Сен де
мені кешір!» – деп, жан аямас досымен құшақтаса кетеді. Екеуінің
жарасып, татуласқанын көргенде, Айкөл жадырап, күліп жібереді.
Сөйтіп, Алмамбет пен Шуақтың шатағы бітіп, Манас, Сырғақ
төртеуі бірге жол жүріп, Талшоқыға жетеді.
Аспандаған Талшоқы,
Асуы биік бел екен.
Екі басқа көп елдің,
Ортасында шеп екен.
Талшоқының үстінен,
Мұнары кетіп шашылып,
Бұлты кетті ашылып.
Сонда Манас үлкен дүрбісін алып, бұрамасын келтіріп, көзін
салады.
Мұнарланып бөлінген,
Бұрышын көрді Бейжіннің,
Құмырсқадай қайнаған,
Жұртын көрді Бейжіннің.
Әйнектей сұлу сыланған,
Даласын көрді Бейжіннің.
Дүмпиіп түтін қаптаған,
Қаласын көрді Бейжіннің.
Сонда Алмамбет бұл жерді таныстырады:
- Шет-Бейжін деген жер осы,
Шерігі түмен ел осы.
Көрініп тұрған Шет-Бейжін,
Көйлегім шешіп, жуған жер,
Енекем мені туған жер.
Күн шығыс жақ шетінде,
Орқайып тұрған қара тау,
Алтын алар кен осы.
Есенханның елі осы.
Қарсыласып келгенде,
Қаптап кетер сел осы.
Оның бергі жағында,
Әлеукенің Қоңырбай,
Қылымды бұзған зор осы.
Жетіген тарап жағында,
Қатыннан шыққан Ораңқы,
Балуан ханның жері осы.
Оның бергі жағында,
Манжулардың елі осы,
Несқараның жері осы.
Одан бергі жағында
Солондардың елі бар,
Бораншы ханның жері бар.
Одан бергі жағында
Торғауыт, шибей елі бар,
Ораққыр мен Мұзкіндік,
Екі ханның жері бар.
Қаспан таудың артында,
Көке- Науыр көлі бар,
Көке-Науыр жерлеген,
Шоң Жолайдың елі бар.
Көке-Науыр көлдің ар жағы,
Қырық күншілік шөлі бар.
Сонау шөлден өткенде,
Түпті қытай елі бар.
Түртісем деген дұшпанға,
Азапты салар жері бар.
Түп Бейжінде Қарыхан,
Түгел ханның зоры сол.
Топан су қаптап кірмеген,
Сүлеймен сұрақ алмаған,
Рүстем Дастан, Ескендір,
Бұлар да ізін салмаған
Толқып жатқан Бейжінге,
Әзірет Әлі бармаған.
Төрт түлігі тең келген,
Байдың көбі қытайда.
Шөптей шыққан жердегі,
Шайдың көбі қытайда.
Өштескен жауын жайлаған,
Өжет батыр ел осы.
Қытайдың жұрты қайырымды,
Қытайдың жұрты бауырмал.
Біз ол Қытайға жетпейміз,
Қаңғайды көздей беттейміз.
Қармасарың зор Қоңыр,
Қарайған тауда оңбағыр!
- Батырлар, болсын жолың! – деп,
Орынды болсын ойың! – деп,
Қош айтысып, құшақтап,
Арыстан Манас, ер Шуақ,
Қайра тартып қалған шақ.
Жанында Сырғақ қаракөк,
Арыстан туған Алмамбет,
Өзі білген жолменен,
Өзенді бұлақ суменен,
Асуы биік тауменен,
Асқар жатқан зауменен,
Іліп алар шөбі жоқ,
Шық етерге суы жоқ,
Үстінен ыстық кетпеген,
Төбесінен айналып,
Қанатты ұшып өтпеген,
Қиыр-қиыр жерменен,
Қисаймай жолға салған кез.
ШОЛҒЫНДА.
Тесік-Тастың ойына жеткенде, туған жерін көріп, Алмамбеттің
көңілі бұзылады, көзінің жасы төгіліп, балалық шағын, ата-анасын,
ғашық болған Бурылша сұлуды есіне алып, Сырғаққа сыр шертеді.
- Анау ақ-ала мойнақ көрінген,
Алтын қазар кен осы.
Мынау сарала құм, қызыл шат,
«Алмамбет ойнап жүрсін» деп,
Сорлы атам тапқан төр осы.
Ойласам, ішім шоқ болды,
Санамды қайтіп жоямын, Сырғақ!
Еңбегім қалған қайран жер,
Еске алмай қайтіп қоямын, Сырғақ!
Қырқа тіккен сары тал,
Алмамбет сайған тал осы.
Қарайып тұрған қара там,
Атакем тұлпар байлаған,
Ат ақыры жер осы.
Қурап қалған арбайып,
Ортада тұрған шоң шынар,
Асыл анам Алтынай
Мені туған жер осы.
Менің туған шынарым,
Түгел шіріп тамыры,
Тақыр қурап қалыпты.
Төбесінде шашырап,
Жапырағы қалыпты.
Сорлы анам айтқан сөз еді:
«Бәлкім, қайра сен келсең,
Тұқым қалса өзіңнен,
Шынарыңның түбінен,
Шыбық шығар» – деп еді, Сырғақ!
Анашымның айтқаны анық келіпті, Түбінен шыққан шыбығы, Шынарға шалыс болыпты. Е-е, қайсы бірін айтайын, Бұзылып кетер сана бар, Сырғақ! Тілеймін еркек болса деп, Құрсақта қалған бала бар, Сырғақ! Жаңғағым жарым болыпты, Сырғақ! Не сұмдықтың нышаны, Шынарым судан қалыпты, Сырғақ?! Осылай шерін тарқатқан батыр Алмамбет одан кейін Сырғаққа осы маңайда алты айшылық жерге алты күнде баратын хабаршы қызыл түлкінің барын айтады. «Егер оны ұстасақ, жолымызды ашармыз, ал сытылып кетсе, пәлеге қалармыз. Мен барып алдыма салып қуайын, сен тосып ал!» – деп, Сырбараң мылтығын қолына алып, күн жайлап, сасық тұман түсіріп, бұршақ жаудырып, қыраңға шығады. Сол кезде қу түлкі тұмсығын көтеріп, иіскелеп, тастан қарғып бір-ақ тартады. Алмамбет атқанда, бір жақ қолына тиеді. Үш аяқтап қашқан түлкі қараған, бадал қалыңға кіріп кетерде Сырғақ Көкшыбышпен қарсы шауып, қапталынан найзамен бір-ақ ұрады. Түлкінің көзін жойған соң, Алмамбет қоржынынан атасы Әзизханның сейілге киетін тонын алып киеді.Бұл жарқылдаған алтын тон – жарым хандық дәрежені білдіретін тон екен. Сырғаққа зумбул тон – шенді шекпен кигізеді. Екеуі Күрпілдек дариясын кешіп өтіп, иір-бүйір суменен, ит жайламас жолменен Қыр-қайың деген төрге жетеді. Сол төрден қараса, қырғыздардың жау қуып әкеткен көп жылқысы жайылып жүр екен. Шаты-Кешу, Тас-Кешуді кешіп, жылқыға жетеді. Жылқышы Қарағұл алдарынан шығып, алыстау тұрып: «Қарағұлды ұстамақ болған сен кімсің?!» – деп, жөн сұрайды. Алмамбет қытайшалап : «Шынмашын шаһарынанмын, қанғур халқынанмын, Бақбұршын патшасының жалғызымын», – дейді. Қарағұл мінген Торайғыр алыпқашпа жүйрік екен, құйғытып кете бермес үшін жүгін ауырлатып, құм салынған қоржын артып алған екен. Арлы-берлі орғытып жүріп, Қарағұл Сырғаққа сынай қарап: «Жаныңдағы жолдасың көзіме жау көрінді, мұның кім?» – деп, күдіктенеді. Алмамбет: «Бұл қақаннан келген зор ұлықтың баласы, мақау», – дейді. Сонда Қарағұл: «Қосақтағы күрең атың да бейжіндіктің малы емес!» -дейді. Оған Алмамбет: «Бұл буруттардан сауғаға келген ат. Мен Қапсаң, Тұңша қалаларындағы
қолға хабар беруге келіп едім, бұл атты жылқыға қосып жіберейін, қайтарда алып кетермін» – деп, Қарткүреңнің жүгенін сыпырып алып, қоя береді. Арам ойлы Қарағұл қанша айлалы болса да, амалы құрып, аттың алдынан қайтармақ болады, бірақ Қарткүрең жалт беріп, қалың жылқыға кіріп кетеді. Оқыранып, иіскелесіп, өз малына араласып, бәріне жол басшы болады. Қарағұл бір сұмдықты сезе қойып, құм салған қоржынды ерден сыпырып тастап, Құлайғырмен бұрқыратып Кентунға зулап жөнеледі. Оған жете алмасын білген батырлар қиқу салып, дүркіретіп жылқыны қуады. Қарткүрең қалың жылқының алдына түсіп алып, елге тартады. Ал Қарағұл Қоңырбайға бақырып келіп: «Буруттан қуғын жетті, жылқысын айырып әкетті!» – дейді. Бұл кезде қырғыздың қалың қосыны Қаңғайдың шегіне жетеді. Оларды тастап салыңдар, Манас пенен Шуақтың Хабарын ұғып алыңдар. Базартаудың ойында, Маралды-Судың бойында, Батыр Манас, ер Шуақ Алмамбет пен Сырғақты, Күтіп жатқан жолында: - Алмамбет, Сырғақ нетті?- деп, Не кешігіп кетті?!- деп, - Батыр Манас кеп айтып, - Қаңғай жаққа тезірек, Барғын, Шуақ!- деп айтып, - Соларды біліпкелгін, – деп, – Жау көрсең қайра келерсің, Жауабын маған берерсің. Жылдамырақ келе көр, Хабарын маған бере көр! Шуақты аттандырып жіберіп, неше күн тыным көрмеген ер Манас атынан түсіп, ерін жастанып, алаңсыз алып ұйқыға кетеді.
ҰРЫСТЫҢ БАСТАЛҒАНЫ.
Сол уақытта ер Қоңырбай нардай болған Алғараны орғытып,
қосынын қаптатып, Алмамбет пен Шуақты өкшелей қуады. Екі
батыр қалың жаумен жан аямай айқасып, неше түрлі айла-амалмен
қаша соғысады. Алмамбет көзіне бір көрініп, әдейі қашқанда,
Қоңырбай қуа жөнеледі. Алмамбеттің ақылымен тосқауылда
тұрған Сырғақ оны оңдырмай найзамен сайып, жаралайды.
Қоңырбайды құстан жүйрік Алғара ала қашып, зор қалша аман
қалады. Қырмыз шаның Мұраділ Алмамбетке бет алып барып,
найзасын кезене бергенде, Алмамбет оның найзасын қағып тастап,
төсіне найза салады. Мұраділ жығылып, шаңға басы тығылып
қалады. Ал жараланған Қоңырбайды жеті емші жарасына дәрі
жағып, дереу емдеп шығарады. Зор қалша қайтадан атына мініп,
қосынның артынан жөнеледі.
Сол кезде ер Шуақ та келіп жетіп, қалмақтың дәу батыры
Ұшаңды қапталдан найзамен бір-ақ ұрып,қаңбақтай ұшырып
жібереді. Бірақ Борауын деген бір дәу Шуаққа найза салады. Сол
кезде Алмамбет құйғытып келіп, Борауынға қапталдан найза
салады. Ер Шуақ найзадан құтылып, жылқының артынан жөнеледі.
Қаңғайдың қолы садақтың оғын жаудырып,соңынан қуады.
Алмамбет пен Шуақтың,
Қаңғайлар түсіп соңынан,
Кетірген кезде жайларын,
Сырттан Сырғақ батырың,
Жиырмадағы жас берен,
Ащы айқайға салады,
Қойшағармен атады,
Ащы даусы мылтықтың,
Құлағын жаудың жарады.
Оған қоса Алакең,
Сырбараң мылтық оқтады,
Гүрс еткізіп ұрғанда,
Қуғынның алды тоқтады.
Қабылан Алмаң батырың,
Чамбыл ала шаң болып,
Сауыт, шоқпыт, жағасы,
Қызыл ала қан болып,
Көріп басын шайқады.
Қырағы Сырғақ таң болып.
Ал ер Шуақ қашқан бойда екеуінен озып барып, манағы тоқтаған
төбенің басында ұйқыны соғып жатқан Манасқа жетеді. Айғайды
салып, оятпақ болады, оған Манас былқ етпей, ұйқтай береді. Арлы-
берлі жұлқылап, жұлмалап бағады, күшпен көтеріп тұрғызып, қоя
берсе, қайтадан сылқ ете түсіп, қорылдай береді. Амалы құрыған ер Шуақ: «Хан Манас жаудың қолына түсіп, қор болып өлгенше, өзім өлтіріп кетейін!» – деп, сауырына найзамен бір ұрады. Сонда ғана Манас көзін ашып: «Не боп қалды, ей ?» – деп, жөткірініп қояды. Шуақ аптығып, болған жайды айтып: «Қаңғайлар қаптап келіп қалды! Кең Таласты бойында, Қаныкейдің қойнында жатқан жоқсың, тұр, батыр!» – деп, қиқуды салады. Сөйтсе Манас: «Саспа, Шуақ, саспа! Ұрынбай жүрген тау бар ма, ұрыспай жүрген жау бар ма?!» – деп, атына мініп, Алмамбет пен Сырғақтың алдынан шығады. Айбатын салып ақырып, Аймаңбоз мініп бақырып, Қарауылы дажал, оғы ажал, Ақкелтеменен күр қойды, Аламан келген көп қаңғай, Қайра тартып, дыр қойды. Ақкелте үні жаңғырды, Арыстан Манас батырдың Ащы айғайы жер жарып, Жаудың жолын тар қылды. Алмамбет, Шуақ, ер Сырғақ, Сырттандар ұрыс салғаны, Салысып жүріп ақыры, Арыстан Алмаң Сырғаққа: - Жөней көр! – деп ақырды. - Хабар бер деп қол жаққа!- Бармаймын деп айта алмай, Алмамбет сөзін қайтармай, Ер Сырғақ жөнеп қалғаны. Алмамбет, Шуақ, Манастың, Алдынан тосып қалмағы, Айналта қоршап алғаны. Қаңғайды санап білуге, Адамзат пен пенденің, Жетер емес дарманы. Батырлар жаумен қаша соғысады. Қарткүрең тұлпар Көкетайдың асында қаңғайлар қуып әкеткен жылқыны бастап, елге қарай тарта береді. Оны қуғанмен жаулар жете алмайды,
жеткендерін батырлар найзалап аттан құлатып тастайды. Сол
уақытта ер Сырғақ арттағы қырғыз қосынына жетіп, Бақайға
болған істі айтып, хабар береді. Ер Бақай қалың қолды бастап,
жаумен соғысуға аттанады.
Оларды тастай салыңдар,
Манас, Шуақ, Алмамбет,
Хабарын ұғып алыңдар.
Қаңғайдың қолы аттанып,
Қиқулап қаптап, шаттанып,
Қоңырбайдың Алғара,
Қайып түрлі көркі бар,
Қазандай сауыры даңқайып,
Құланды қуса құтқармас,
Салысқан жауға болған мәш,
Қаз мойынды қара атқа,
Хан Қоңыр қамшы салыпты.
Қоң төрені көргенде,
Томаға тартқан бүркіттей,
Жылмайып Манас алыпты:
«Тілегенім келді! – деп, -
Секеңдеген сұм қалша,
Сау қылмаспын сені!- деп,
Астындағы Аймаңбоз,
Атқа қамшы салыпты,
Арыстан Манас Қоңырға,
Маңдайласып қалыпты.
Қалмақ ер қасына,
Қақ жүректің басына
Ақырып Манас сайғанда,
Найза төске тақ етіп,
Шарайнаға шақ етіп,
Алақтаған Қоң төре,
Нардай болған қара аттың,
Сауырына сылқ етіп,
Жерге құлап қалыпты.
Кәрі күшті хан Манас,
Қылышты алып қолына,
Қоңырбайды шабуға,
Бұра тартып қалғанда,
Қиын болды Манасқа,
Қытайдың қылған шатағы:
Жаңбырдай қылып жақ тартып,
Бұршақтай қылып оқ атып,
Қаптады қаңғай қалың қол,
Қайнады дұшпан оңды-сол.
Аймаңбоз менен болқылдап,
Ақ найза қолда солқылдап,
Алғы жағы –Итішпес,
Итішпес деген Қарасу,
Тереңдігі бұл судың,
Найза салса бойламас,
Аймаңбоз атты қалқытып,
Көкжал Манас батырың,
Көлді кешіп шыға алмай,
Су ішінде қалыпты.
Астындағы Аймаңбоз,
Мұрны терлеп алыпты.
Тоңып қалып зоңқайып,
Еті жасып қалыпты.
Көл кешуде Аймаңбоз,
Ағып кетіп барады.
Арт жағында Қоң төре,
Кезеуілдеп батырды,
Бағып кетіп барады.
Қуыс жерге қыран ер,
Аққан бойда жеткені.
«Сұлтан Манас батырды,
Су ішінде соям» – деп,
Екі көздің ортасын,
Өлшеп тұрып Қоңырбай
Еңкейіп найза салғаны.
Тас жүректі көкжал ер,
Ирмеп көзін алмады,
Өлшеген көзге найзаның,
Ұшынан мықтап қармады.
Темірі Манас қолында,
Сабы батыр Қоңырда.
Алғара атпен Қоңырбай,
Құрғақта тұрып алғаны.
Аймаңбозбен ер Манас,
Суда жүзіп қалғаны.
Ақырған бойдан Алмамбет,
Қашырып кіріп барғаны.
Қайра тартып ала алмай,
Найзасын тастап Қоңырбай,
Астындағы Алғара,
Бұра тартып алыпты,
Жұлдырған соң найзасын,
Жұртына қашып барыпты.
Сонда Манас судан шығып, жан-жағына қараса, әскерінің алды
келе жатыр екен. Ағасы Бақай Аққұланы жетелеп келіп, алдына
тарта береді. Батыр атына мінгенде, Қырғылшал бастаған қырық
шорасы қалың әскермен жетеді. Мылтықтың бәрі тарсылдап,
қылыштың бәрі жарқылдап, асаба желек жалпылдап, қара қырғыз
қосыны қаптап шабуылға шығып, жауды түре қуады. Майданда
тағы да кешілдің ханы Қоңырбайды көрген Манас тұра қуып, қалаға
қарай қаша жөнелген қалшаның арқасынан найза салады.
Арқадан аққан қызыл қан,
Жаба қойып шырқырап,
Әлі кеткен кезінде,
Шәрге Қоңыр жеткені.
Аузынан көбік бұрқырап.
Алғарадай тұлпарды,
Тай кезінен үйреткен,
Батпақ, батпақ дуалдан,
Мың аттатып ырғытып.
Қатпар, қатпар қамалдан,
Қайра-қайра қарғытып.
Артық тұлпар Алғара,
Алпыс батпақ дуалдан,
Қарыштап қарғып өткені.
Жетіп қалған Аққұла,
Секіріп бұрын көрмеген,
Серпіліп кейін кеткені.
Есінен танған Қоңырдың,
Қан болмаған жері жоқ.
Отыз алты тәуіпті,
Жылдам алып келіпті.
Қытайда тәуір тәуіп көп,
Қан тоқтатар дәрісін,
Алып келіп жараға,
Аямай тартты бәрісін.
Екі жарым күн жатып,
Ер Қоңыр көзі ашылып,
Есін жиып, кеп айтат:
- Қара қырғыз Манастың,
Қазіргі адам баласы,
Табар емес айласын!
Айдаһары, жыланы,
Артынан сайлап алыпты,
Көсеу құйрық көк бөрі-
Көкжал ердің жөкері,
Соңынан еріп алыпты.
Алып қарақұс арбайтып,
Аспаннан шеңгел салыпты.
Қара шұбар жолбарыс,
Ғайып ерен, қырық шілтен,
Қанқор ердің жолдасы.
Ұрынған дұшпан сау қалмас,
Қабыланның бірі екен.
Халықты бекер қырғызбай,
Қара қырғыз жұртының,
Малмен көңілін жайлайық,
Аңдадым, қытай, әліңді!
Аямай бергін малыңды,
Алтын, күміс, барыңды!
Қызметке бергін құлыңды,
Қызыл ақша пұлыңды!
*** Қиын қырғын тиылмай, Қаңғайлық пен қырғызда, Күндіз тыным қалған жоқ, Күн мезгілін алған жоқ. Түнде тыным қалған жоқ, Түн мезгілін алған жоқ. Өлік таудай үйілді, Таудай болып жиылды.
Қаңғай менен қырғыздар,
Қан ағызып қырылды.
Қызыл қырғын соғыста,
Қылыш тиіп мойнына,
Қан төгіліп қойнына,
Көтере алмай бастарын,
Көзінің төгіп жастарын,
Сылқиғаны жаман көп.
Жаны шығып, дем суып,
Зыңқиғаны одан көп.
Екі аяғы тең сынып,
Салақтаған бұдан көп.
Есі шығып ұрыстан,
Алақтаған одан көп.
Жалпақ өркеш Желмая,
Хан Манастың қара нар,
Басында алтын ноқта бар,
Қара жанын аямай,
Күштеп келген Желмая,
Қаныкей берген көп азық,
Жүктеп келген Желмая.
Сонда ер Манастың қырық шорасы ұрыс арасында осы келген
азықтан ішіп, жеп, әлденіп алып, қызыл қырғын соғысқа қайта
кіреді.
ЖАЛҒЫЗ КӨЗДІ МАДЫҚАН
Қырғыз,қытай екі жұрт,
Қырылысты салады,
Маңдайда жалғыз көзі бар,
Көк бұқалы Мадықан,
Майданға келіп қалады.
Қалың қаңғай ішінде,
Бұл Мадықан артық ер,
Оқ өтпес темір қалқанды,
Киіп алған кезі екен.
Басында жалғыз мүйізі,
Таудай дөкей Көкбұқа,
Мініп алған кезі екен.
Астындағы бұқаның,
Басқанына мал жетпейт,
Желгеніне жел жетпейт.
Үстіндегі Мадыға,
Алысқанмен әл жетпейт.
Адам ұлы түсінбес,
Күңгірлеген сөзі бар.
Кейде кісі үніндей,
Аузын ашып сөйлесе,
Күркіреген күніңдей.
Тұла бойын түк басқан,
Апсиған аю жүніндей.
Бұқа мініп күйленіп,
Адырайған Мадықан,
Кез келгенін талқандап,
Қол салып кірді ұрысқа.
Қысталаң туып қырғызға.
Қалды қиын жұмысқа.
«Еркіне қойсақ Мадықан,
Түбімізге жетердей,
Түгел қырып кетердей!»
Деп ойланып ер Манас,
Мадықанмен беттесіп,
Араласпай шеттесіп,
Өлмеген жерде қалысып,
Екеуі жүрді салысып.
Көкбұқа мен Аққұла,
Қатар жүрді жарысып.
Бұл ұрысты көргенде,
Алмамбет, Шуақ, ер Бақай,
Сырғақ, Серек, Ажыбай,
Жалпы берен қырық шора,
Мадықандай балуанды,
Қоршап ұрыс бастады,
Көзге ілмейді Мадықан,
Бір Манастан басқаны.
Қоршап алып Мадыны,
Қайраттанып шабынып,
Қырық шораның барлығы,
Тегіс кірді жабылып.
Алты мың қытай, сан қалдай,
Қыстауда қалған Мадыны,
Ажыратып алуға,
Олар да кірді қамынып.
Мадықан асқан ер екен,
Қабылан Манас болмаса,
Тақыр қырып қырғызды,
Таптап кетер неме екен.
Ер Манас пен Мадықан,
Тіктесе түсіп екі шер,
Бірін бірі аямай,
Бірдей найза салғанда,
Тітірей түсті қара жер.
Бірін бірі ала алмай,
Арпалысып тұрғанын,
Алыстан Қоңыр көреді.
«Қараң болып берсін» – деп,
Қосынын айдап кіреді.
Қытай, қалмақ мол келді,
Қақаншыға бет алып,
Қайнаған қырғыз ол келді.
Тірескенде екі жақ,
Сардала беті тербелді.
Ажалы жетіп майданда,
Өмірден қанша өткені.
Қабандай болған Жолайға,
Қабылан Шуақ жеткені.
Жеткен жерде Жолайдың,
Басын кесіп кеткені.
Жабыла қашты қырғыздан,
Жалпы қаңғай қосыны,
Сонда дағы қашпастан,
Қаңғай қашып кетсе де,
Жалғызсырап саспастан,
Жеке қалды Мадықан.
Жеке қалған Мадыны,
Батыр Манас бас болып,
Төңіректеп алысты,
Алмамбет жетіп тістеніп,
Аямай келіп бір сайды,
Ажыбай менен Сырғағы,
Ақбалтаның Шуағы,
Үшеуі қатар дыр сайды.
Абекесі ер Бақай,
Бұл да келіп бір сайды.
Жабыла бәрі сайғанда,
Қаңғайлардың Мадықан,
Мұрындықтан қол кетті,
Үзеңгіден аяғы,
Тайып түсіп ол кетті.
Қабылан Манас батырың,
Аққұламен зырғытып,
Мадықанға жетеді,
Көкбұқаның үстінен,
Көме сайып өтеді.
Ұлақ ханның ер Сырғақ,
Мадықанның Көкбұқа,
Басын кесіп кетеді.
Бұқадан Мады түскенде,
Әлеукенің Қоңырбай,
Шыбын жанын аямай:
«Қаңғайдың дәуі өлгенде,
Мен немене болам? – деп, -
Қара қытай жұртымды,
Қай бетіммен көрем! – деп, -
Одан дағы аянбай,
Мадықанға жетейін,
Қалың бурут ішінен,
Ажыратып кетейін!»
Деп осылай Қоңырбай,
Жан аямай бақырып,
Ұраны екен қаңғайдың:
- Мөнді,мөнді,мөнді! – деп,
Мөнділеп ұран шақырып.
Қосыны түгел айдаса,
Бөрікөз бенен Мұзкіндік,
Қоса кірді қамынып,
Шоң Ылама балуаны,
Қытай, манжу, қалмағы,
Түгел кірді жабылып.
Мадықанға жетерде,
Ажыратып кетерде,
Қақаншыға бет алып,
Қырғыздың қолы жабылды.
Әзиз ханның Алмамбет,
Ақбалтаның Шуағы,
Қашан болсын жолға сақ,
Ұлақ ханның Сырғағы,
Қапатап келген қаңғайдың,
Алдын тосқан уағы.
Осы кезде зор Бақай,
Қанболат қылыш қолға алып,
Ақырып бұрын жеткені,
Жеткен жерден Мадының,
Басын кесіп өткені.
ҚАҚАНШЫҢНЫҢ АЙЛАСЫ
Мадықан қаза тапқаннан кейін, қаңғайдың қалың қолы қаптап
кетеді.
Сол кезде Алмамбет батыр «қытай болып түйіліп, қалмақша
киініп», қытай, қалмақша ұрандап, Шет Бейжінге қарай қаша
жөнеледі. Оның соңынан қалмақ, қытай, манжулар қосыла кетеді.
Қырғыз қолы аруақтанып, қашқан жауды түре қуып, қырғын
салады. Қан майдан үстінде Қоңырбай Манастың алдынан шыға
келеді де, сүрінен қорқып, қалаға қарай тұра қашады.
Артына қалша қараса,
Қабыланның Аққұла,
Омбыл-домбыл түйіліп,
Арандай аузы ашылып,
Қан аралас ақ көбік,
Омырауға шашылып,
Еті қызып алыпты,
Жақын келіп қалыпты.
Үстіндегі Манастың,
Өрттей көзі жайнапты,
Ашуы қатты қайнапты:
«Оң жауырын шеті – деп,
Өкпе-бауыр беті» – деп,
Найзаны қатты сайғанда,
Қоңырбай нағыз ер екен,
Денеге найза тигізбей,
Қылышын қия шабады,
Айкөліңнің найзасын,
Екі бөліп салады.
Сол бойында Қоңырбай Алғарамен ағызып, қалаға қарай қаша
береді. Қаһарланған Манас оны қуып бара жатқанын көзі шалып
қалған Алмамбет құйғытып келіп, дарбазаға кіруге шақ қалған
Аққұланың шылбырынан ұстай алып, кері бұрып әкетеді.
- Қарайып жатқан қара бел,
Адам асар бел емес.
Әлеукенің Қоңырбай,
Адам ойнар ер емес.
Ашылып тұрған дарбаза,
Есен ханның есігі.
Өп-өтірік сұм қалша,
Қашқан болып қалмай ма?
Қақпасынан кіргізіп,
Қараң күн басқа салмай ма?
Қамданып тұрған балуандар,
Есікті бекем жаппай ма,
Есебіңді таппай ма!
Біліп қойғын осыны,
Талайға тиген кесірі,
Қашан болсын қалшаның,
Қылып жүрген кәсібі!-
Деп осылай салған кеп,
Алып шықты Манасты,
Ақ жолбарыс Алмамбет.
Сонда Манас ұрысты тоқтатып, әскерімен ес жиып, есебін
түгендейді. Жараланғандар мен қаза болғандар көп екен. Айтулы
ерлердің де талайы өліпті. Онбасы, елубасы, жүзбасы мен
мыңбасылар қоластындағы жауынгерлерін түгендеп келгенде,
атақты Шуақ батыр не тірінің, не өлінің есебінде жоқ болып
шығады. Манас бастаған батырлар қайғырса да амал жоқ, түнде
дамылдайды. Ертеңіне таң атқанда Шуақ батыр келіп тұр! Және
жалғыз емес! Манжудың ханы Несқараны бас қылып, қаңғайдың
қырық төресін екі-екіден қосақтап байлап, жалғыз өзі айдап алып
келіпті. Манас Несқараның басын алмақ болады, сонда Алмамбет
тоқтау салады. «Бұл Қоңырбайдан кейінгі айтулы төре. Біз
мұны өлтірмей, тұтқында ұстап, Есенханға елші жіберейік,» –
дейді. Барлығы кеңесіп, Ажыбай мен Үрбіні, бір тұтқынды қосып,
елшілікке жібереді. Бұларды Есен хан мен Қоңырбай, Айжаңжуң мен
Күнжаңжуң төртеуі қарсы алады. Қоңырбай елшілерді өлтірмек
болады, Есенхан оны тоқтатып, ұрсады. Ызаланған Қоңырбай Шет
Бейжіннен Түп Бейжінге, Қарыханға аттанып кетеді.
Айжаңжуң мен Күнжаңжуң,
Есен хан мен үшеуі,
Буруттың жайын көрмекке,
Мұнараға шығып қараса,
Темірден көпкөк тон киіп,
Тегіс тұлпар ат мініп,
Түбіне қазір жеткендей.
Қоя берсе, Бейжінді,
Қазір бұзып кеткендей.
Есі шығып көрген соң,
Не десе де бурутқа,
Көнбек болды Есенхан,
Шет-Бейжіннің хандығын,
Бермек болды Есенхан.
Алаша келін, сұлу қыз,
Айдап беріп тартуға,
Хан көтеріп Манасты,
Жан сауғалап өлімнен,
Қалмақ болды Есенхан.
Сұлу қыздың бәріне,
Желбегей торқа кигізді,
Желмеген жорға мінгізді,
Қара жерге қар жауса,
Қарды көр де етін көр.
Қар үстіне қан тамса,
Қанды көр де бетін көр.
Белі тұтам, жалжал көз,
Керілген қыздан мыңды алып,
Қанша түйеге жүк артып,
Пілге жүктеп, ділдә алып,
Есенхан өзі бас болып,
Қақпадан шығып, Манасқа:
- Жұртты бекер қырма!- деп, -
Ер Манастың алдына,
Тарту тартып, сұранып, -
Қақаншылық Бейжіннің,
Хандығын бердім, біліп кет.
Астымдағы алтын тақ,
Сізге бердім, мініп кет.
Несқара ханым өлтіріп,
Сындырма менің белімді.
Хан көтеріп еліме,
Бердім Бейжін жерімді.
Қызметіңді қылайын,
Айтқаныңа көнейін.
Қырғында өлген кісіңнің,
Құнын төлеп берейін!
Есенхан мындай дегенде,
Қарауыл ханның барлығы,
Тағзым қылып Манасқа,
Құлдық ұрды жүгініп.
Қырық жыл суға шыласа,
Оңып өңі оңбаған,
Алтын түсті кілемді,
Алып келіп жаяды.
Айкөл Манас батырды,
Ақ кілемнің үстіне,
Отырғызып алады.
Хан Есенхан бас болып,
Көтеріп алып барады.
Есенханның алтын тақ,
Алтын таққа мінгізіп,
Қақаншыңның Бейжінге,
Хан көтеріп салады.
Сонда қаңғайдың төрелері Шуйқычы деген қытайды қылышпен
сүндетке отырғызып,«шын» мұсылман етіп, қалада аспаз қылып
қалдырады. Қырғыздардың айтқанын екі етпей, сеніміне кіріп алған
Шуйқычы көрген-білгенін тізе береді.
Ал Түп Бейжінге қашып барған Қоңырбай Қарыханға Манастың
салған қырғынын айтып, зар еңірейді. Сонда Қарыхан: – Манас
туған сәттен – ақ, даңзамызға жазылған: Шет Бейжінге алты
ай хан болады, одан кейін жай болады!–дейді. Содан кейін Түп
Бейжіндегі ұсталарын жиып, ұшына у жапсырылған құрыш найза
жасатып, Қоңырбайға береді.
Бұл кезде қырғыздар «Манас Бейжінге хан болды!» – деп, ер
Шутыны сүйінші сұратып, Таласқа жібереді. Хабарды алған
Қаныкей сүйінбек түгілі, қатты күйінеді.
- Бейжінді білді дегенше,
Бәлеге қалды десеңші!
Алтын тақ мінді дегенше,
Ажалы жетті десеңші!
Бейжінге тұрып хан болса,
Аяғынан алдырат,
Қырандардың барлығын,
Қытайға құрбан шалдырат!
Бейжінде жатып мерт болса,
Арқада еркек бала жас,
Арқа қылар туған жоқ,
Ағайынның бәрі қас!-
Қайғырып жылап Қаныкей,
Үзіктей қалпақ Шутыға,
Алты күлік ат берді.
- Қайта шауып барғын! – деп,
Алақандай хат берді.
Шуты Манасқа жетіп, Қаныкейдің сәлемін айтады. «Ұлың
Семетейді бесігінде тербетіп отырып, жарың Қаныкей: «Тездетіп
Таласқа қайтсын, Бейжінде қалса өлім қаупі бар!» – деп, жылап
қалды!» – дейді. Бірақ Манас Таласқа қайтуды ойына да алмайды.
Алты хан мен халайықты түгел шақырып алып, былай дейді.
- Халайық, қалың көзбе-көз,
Бәрің мында тұрасың.
Зорлығым болса, кешіп қой!
Артық сөзім бар болса,
Ордалы жұртым, кешіп қой!
Өршін жұртым, бәріңді,
Бейжінге жорық қылам деп,
Айдап келдім түгелдей.
Обалың менде қалмасын,
Атам кәрі дегенің,
Қазір қайтқын жеріңе.
Өзім нашар дегенің,
Тездеп қайтқын жеріңе.
Кетем десең, қайта бер,
Бәрің туған еліңе.
Манастың жарлығына жұрт қуанып, елге қайта бастайды.
Жақып, Бақай бас болып, қырғыздың көбі Таласқа қайтады.
Қатағанның қарт Қосайы, Еламанның Ер Төстігі, нойғұттардың
Ақбалтасы да олармен бірге Шет Бейжіннен кетеді.
Қырғыздың көбі кетті деген хабар қытайға дереу жетеді.
Манасты аңдып жүрген Қоңырбай улы найзасын сайлап, кезі келер
сәтті асыға күтіп, жансыздарынан хабар тосады.
Қоңырбайға хабаршы,
Көз байлаушы сиқыршы,
Манжу деген балуаны,
Төбедегі айдарын,
Бір уыс қып түйеді.
Беліндегі шүберек,
Сәлде қылып орайды.
Қожалардай жеңіл тон,
Үстіне баса киеді.
Қара қасқа есекті,
Қампая тартып мінеді.
Асай-мүсей қолында,
Алласын айтып бурутша,
Диуанаша селкілдеп,
Жолын көздей жүреді.
Бұл хабаршы «диуана» баяғы аспаз болып жүрген Шуйқычыға
келеді. Оны тосып жүрген Шуйқычы жазған хатын бір нанның
ішіне салып, бере қояды. Хабаршы оны Қоңырбайға жеткізеді. Онда
былай деп жазған екен:
«Батырым Қоңыр, кебімді ұқ,
Жүректе жатқан шерімді ұқ.
Ит көргісіз тұрмыста,
Қанша жыл жүрдім қырғызда!
Әркімнің бағып есігін,
Тыңшылық болды кәсібім.
Мерт болар жерін Манастың,
Анықтап білсем деуші едім.
Бейжінді білген Манасқа,
Алыса келсе, әл жетпейт,
Атысқанмен оқ өтпейт.
Хан Манас сырын айтайын,
Қасиетті жан екен.
Таң сарғайып атарда,
Ұлы судың жиегінде,
Тұла бойын тазалап,
Етігі жоқ аяқта,
Жарағы жоқ үстінде,
Жалаң шапан жамылып,
Қауіптенбей ешкімнен,
Аспанға қолын көтеріп.
Қорғасын болып өн бойы,
Сиынып жалғыз тұрғанда,
Сонда айла болмаса,
Мүмкін емес өлтіру,
Одан басқа мезетте.
Зілі шұқып көзіңді,
Жоқ қылар сенің өзіңді!»
Мұны оқыған Қоңырбай ұшын уға суарған найзасын алып,
Алғарамен заулатып, Шет Бейжінге қарай тартады.
Қырық дарбаза Бейжіннің,
Қақпаға жақын барғанда,
Әр есігін күзеткен,
Әр бірінде бір шора,
Қырық шора күткен дарбаза.
Қырғыл шал мен Ақаяр,
Таң мезгілі болды деп,
Бекем ұйқтап қалыпты.
Ашық тұрған есіктен,
Алғарамен сып етіп,
Басқаны жанға білінбей,
Қоңырбай кіріп барыпты.
Манасты бүгін күзету,
Ажыбайдың кезегі.
«Сырттан дұшпан келмейт,» – деп,
Қапілетсіз болыпты.
Ат үстінен найзасын,
Қара жерге қадапты.
Найзасына сүйеніп,
Қарткүреңнің үстінде,
Қатып ұйқтап қалыпты.
Көкжал Манас батырың,
Басып суға барады.
Қолын суға малады,
Асықпай дәрет алады.
Таң алдында бағымдат,
Сиынуға қамданып,
Опал таудай ер Манас,
Жалаңаяқ, етіксіз,
Дулыға жоқ, тақия,
Дарияның бойында,
Шекпенін тұрды жамылып.
Бойы балқып шер Манас,
Екі қолын көтеріп,
Құптаға қарап тұрғанда,
Кешілдің ханы Қоңырбай,
Алтын жебе найзаны,
Кезеп келіп, шіренді,
Арыстан Манас батырды,
Қыр арқаның сүбеге,
Батыра сайып жіберді.
Сонда Манас бүк түсті,
Төбесіменен тік түсті.
Ұйқтап қалған Ажыбай,
Кенеттен көзі ашылды,
Тұра ұмтылып антаңдап,
Қоң төрені қашырды.
Қоңырбайға жете алмай,
Не Манасты тастап кете алмай,
Арқаға кірген көк сүңгі,
Бұрап суырып алады.
Найзаның ұшы қырт етіп,
Белінде сынып қалады.
Жараланған Манастың шоралары абыр-сабыр болып, естері
шығады. Алтындаған шатырда әлі құрып бара жатқан Манастың
жарасына Алмамбет медет деген және себеп деген дәріні аямай
салып, уытын қайтарады. Байтал биенің қазысын жарасына
тартып байлап, күнде дәрілеп емдейді. Беті бері қарай бастағанда,
қасына әскер қосып беріп, Манасты Таласқа аттандырып жібереді.
Ал осы кезде Қоңырбай : «Манасты жайғап келдім!» – деп,
жалпыға хабар салып, қалың қол жинап, қырғыздарға қырғын салмақ
болып аттанады.
БАТЫРЛАРДЫҢ ӨЛІМІ.
Қалың әскер, көп қаңғай,
Қоңырбайы бас болып,
Жетіп келді қылқылдап.
Қырғыздардың қосынын,
Он айнала қоршады.
Найзалары жылтылдап.
Қайраттанып, құдайлап,
Алмамбет, Шуақ, ер Сырғақ,
Ажыбай және Мұзбұршақ,
Жаңбыршы менен ер Көкше,
Ірет, ірет қол болып,
Манас ханның қызыл ту,
Ажыбайға ұстатып,
Қырандардың барлығы,
Ұрысқа кірді жабылып.
Қуып келген қаңғайды,
Ұйғы-тұйғы түсіріп,
Орта тұсын Алмамбет,
Ойып кіріп кеткені,
Бір қанатын ер Сырғақ,
Сойып кріп кеткені.
Ақбалтаның Шуағы,
Оқ жыландай жеткені,
Хан Манастың қырық шора,
Бөліп-жарып кеткені.
- Қашпағын! – деп қытайды,
Ақырып қуды Айжаңжұң.
- Қырылғыр!- деп бақырып,
Күркіреп қуды Күнжаңжұң.
Қаша түсіп көп қосын,
Қайра тартып жабылып,
Араласып кеткенде,
Айбалта мен шабысып,
Екі жақтың әскері,
Қарсылдасып салысып,
Қанша тұлпар мал өліп,
Қайраты зор ер өліп,
Өлік таудай үйіліп,
Түпті қытай қалың жұрт,
Түбінен түре қозғалып,
Мыңы өлсе бұлардың,
Қайтадан мыңы қосылып,
Қараса көзге ілінбейт,
Қытай менен қырғыздың,
Қайсы екені білінбейт.
Қалың қолды қиқулап,
Қара малдай тоқпақтап,
Айдап кірді Қоңырбай.
Толқып қаңғай кіргенде,
Мұнарды көр, шоқты көр,
Тура тиген оқты көр.
Қазып қойған орды көр,
Қайнатылған сорды көр!
«Қақайлап!» ұран шақырған,
Қаптаған қалың қолды көр!
Көкті жапқан шаңды көр,
Шаңға аралас көміліп,
Ағып жатқан қанды көр!
Қаңғайлардың Күнжаңжұң,
Қайраты қабат ер екен,
Қиқырып оқтай жетерде,
Сараланың үстінен,
Алмамбеттей асылды,
Көме қойып кетерде,
Көріп қалған ер Шуақ,
Көкаласын зырғытып,
Таудай болған Жаңжұңды,
Тоңқайта сайып өткені,
Құлап Жаңжұң түскенде,
Наркескенмен ер Сырғақ,
Ылашындай жеткені,
Басын кесіп кеткені.
Бұл хабарды ұққанда,
Хан Қоңырбай, Айжаңжұң,
Қылқылдатып қол айдап,
Қызықты қатты қылады.
Бұрқыратып, шұрқырап,
Манжу кірді бір жақтан.
«Қаңғайлап!» ұран шақырып,
Қалмақ кірді бір жақтан.
Шибей, солон – екі ру,
Бұл да кірді бір жақтан.
Торғауыт, қара қытайы
Олар да кірді бір жақтан.
Айласы күшті Қоңырбай,
Балуандарын қаптатып,
Ер Сырғақтың басына,
Ырғытып шалма сала алмай.
Ер Сырғақтың Көкшыбыш,
Кекілін көкке ырғытып,
Тұяғын жерге мылғытып,
Арандай аузы ашылып,
Басын жерге салыпты.
Құстай ұшып жануар,
Еті қызып алыпты.
Үстіндегі Сырғағы,
Жебедей ұшып зырқырап,
Жақын кіріп барғанда,
Ұстаймыз деген көп қаңғай,
Қашады бәрі дырқырап.
Әлеукенің Қоңырбай,
Бақырады бұрқырап:
- Қосын болмай, жерге кір!
Қайратты қашан қыласың?
Жалғыз Сырғақ буруттан,
Жабыла бәрің қашасың!
Манастың батыр шоралар,
Жетіп кіріп келгенде,
Алмамбет,Шуақ бір жақтан,
Олар да қоса кіргенде,
Қандай айла қыласың?!
Қаптаңдар қане, Сырғағын,
Тірі байлап алайық,
Неге қорқып тұрасың?-
Деп әскерге өкіріп,
Қуады Қоңыр зекіріп.
Тап осылай көп қаңғай,
Жабыла қаптап қалғанда,
Жан қасқайып ер Сырғақ,
Жапаны жалғыз тартқанда,
Алмамбет, Шуақ екеуі,
Арқыратып келеді,
Анда-мында бір тиіп,
Сарқыратып келеді.
Жеткен жерде екі шер,
Айбалта менен шабысып,
Қылыштасып оңды-сол,
Жүрекке найза малысып,
Қаңғайды кірді қашырып,
Сабандай жауды сапырып.
Қытай, манжу қалың ел,
Қаптағаны қиян-сел.
Халқынан кісі қалмастан
Қатты соғыс салады,
Өлгеніне қарамай,
Өршеленіп алады.
Жабылып қаңғай кірген соң,
Салысып жүрген үш берен,
Бел байлаған белі жоқ,
Белгілі Манас шері жоқ:
- Қайра тартып қалайық, Итұрысты салайық! Өлгеніңнен қалғаның, Аман барғын Таласқа. Қорлық көріп қалдық деп, Айта барғын Манасқа!- Осылай деп, соғысып, Қаша берсе ер Шуақ, Алмамбет қалып салысты. Алмамбет шыға бергенде, Сырғақ қалып салысты. Сырғақ шыға бергенде, Шуақ кіріп салысты. Сонда хан Қоңырбай бас болып, Алмамбет, Шуақ, Сырғақты қалың әскер қаптап қуып, қоршауға алуға тырысады. Алайда, соғысқа әбден машықтанған, әдіс-айлалы, асқан батырлар қаша соғысып, жауға жеткізбей құтылып кетеді. Сол бетімен Манастың артынан жөнеледі. Бұл кезде Таласқа қайтып бара жатқан ауыр жаралы Манас бірнеше күн жол жол жүрген соң, бір жонға тоқтайды. «Ертең елім беліне найза тиген соң, қорқып қашып келді демей ме?!» – деп, ойланады. Сол кезде Алмамбет, Шуақ, Сырғақ үшеуі келіп қалады. Манас ерлерін көріп, қайраттанып, Аққұланы мініп, әскерін кері бұрып, жаумен соғысуға беттейді. Оларға Қоңырбай бастаған, Айжаңжұң мен тұтқыннан Манас босатқан Несқара қостаған көп қаңғай қаптап қарсы шығады. Мұны көріп алыстан, Арғын ханның Ажыбай, Үзіктей қалпақ ер Шуты, Ыраманның Ыршуыл, Кәрі қатты Бозуыл, Түйе көтерген Ақаяр, Жайма кекіл Жас Айдар, Сереңдеген Серегі, Жауырыншы қара Төлегі, Таздың ұлы ер Үрбі, Қырықтың басы Қырғылшал, Баймат пенен Байшора,
Өлмеген жерде қалдық деп,
Түгел қаптап қырық шора.
Қашырып кірді бір жақтан,
Көкше батыр, Мұзбұршақ.
Жалақтатып найзасын,
Қоса кірді ер Шуақ.
Алда кетіп барады,
Алмамбет пенен ер Сырғақ.
Қағысқан жерге шу салған,
Қабыланның балуандар,
Аралап кірді ұрысқа.
Өлгенінен қалғаны,
Бәрі кірді соғысқа.
Батырлар қатты бақырып,
«Манастап!» ұран шақырып.
Қырып-сүріп кетеді,
«Қақайлатып!» қытайды,
Қайра сүріп Бейжінге,
Айдап кіріп кетеді.
Кебез белбеу, кең етік,
Кешілдің ханы Қоңырбай,
Кеңінен ақыл ойлады,
Айжаңжұңмен кеңесіп,
Араға елші жолдады.
Елші болып келген Шаңтимес Манасқа: «Аямай соғыстық,
қырылыстық, қаншама ерлер қаза болды. Енді тоқтайық, бізге жеті
күн мұрсат беріңіз! Елмен кеңесіп, ханмен ақылдасып, Қарыханның
тағына сізді апарып мінгізіп, хан көтеріп тынайық!» – дейді.
Манас оның сөзіне сеніп, жеті күн мұрсат береді. Сонда Алмамбет
Манасқа: «Енді Таласқа тірі қайтпаймыз! Өйткені жеті күнде бас-
аяғын жиып, қытайлар күшейіп алады. Аманатымды айтайын –
Таласқа тірі жетсең, алған жарым Арукенің бойында алты айлық
балам бар, ұл туса атын Құлшора деп қоярсың! Мына тұрған шоң
Бейжін – анамның туған жері. Осы жерде қаным төгілер. Себебі,
бала күнімде айдаһардың алдына барып оқығанымды білесің. Сол
кезде Қаражой ұлы Шыпшайдар менен алты ай артық оқыған.
Сегіз жыл айықпас ауруға шалдығып жатып, жазылып шықты
деп естігенмін. Ол –қазыналық мерген, келіп қалса, бәрімізді сау
қоймайды!» – деп күңіренеді.
Алмамбеттің айтқаны тура болып шығады. Шынымен де арқалы
мерген Шыпшайдар келіп жетеді. Жеті күн мұрсаты біткенде,
Қоңырбай уәдесін бұзып, соғысты қайта бастайды.
Хан Манастың шоралар,
Алмамбет, Шуақ аралас,
Аянбай кірді соғысқа.
Мұзбұршақ, Көкше екі хан,
Қайта кірді соғысқа.
Манастан басқа қосынның,
Бәрі кірді соғысқа.
Қазыналық шоң мерген,
Оғы жаза кетпеген,
Қаражой ұлы Шыпшайдар,
Айдарханның Көкшесін,
Шекесін жара бір атты,
Бір атқаннан құлатты.
Осы кезде Алмамбет,
Айжаңжұңмен беттесіп,
Тіке келіп қалады,
Өлтіре сайып салады.
Ұзын бойлы, кең жауырын,
Ақбалтаның Шуағы,
Шабдар атты Несқара,
Алдынан шыға қалғанда,
Аңтара сайып өткені,
Есінен танып теңселген,
Несқараны ер Сырғақ,
Жара шауып кеткені.
Бидайық ханның Мұзбұршақ,
Жарағы бойда бір құшақ.
Телқызыл менен елігіп,
Жеті сан қолдың ішіне,
Жеке кіріп желігіп,
Қоңырбайға жеткені.
Түп етектен аларда,
Талқан қылып саларда,
Ту түбінде Шыпшайдар,
Қиқырып жүрген Бұршақты:
«Оң жақ шеке өзі – деп, -
Өксіп тисе, көзі!» – деп,
Шыпшайдар тартып салғаны,
Мұзбұршаққа оқ тиіп,
Қайран бас талқан болғаны.
Жиырма бірде ер Сырғақ,
Астындағы Көкшыбыш,
«Шүу» дегізбей шырқатып,
Шуылдаған дұшпанның,
Кез келгенін құлатып,
Қарсы шыққан қаңғайдың,
Қаншамасын сұлатып,
Көкшыбышқа қамшы ұрып,
Қапталынан қалшаға,
Қайран Сырғақ жеткені.
Алғараның үстінен,
Аңтара сайып өткені.
Алашықтай барбайып,
Ат үстінен Қоңырбай,
Ұшып түсті дардайып.
Жиырма бірде ер Сырғақ,
Алғараны олжалап,
Ойнатып қостап алады.
Жалғыз ат баспас жаман жол,
Жаман жолға түскенде,
Астындағы Көкшыбыш,
Бір сүрініп өткені.
Бастағы болат дулыға,
Ұшып түсіп кеткені.
Жерге түскен дулыға,
Еңкейіп іліп алғанша,
Басына кие салғанша,
Қаражой ұлы Шыпшайдар:
«Екі көздің ортасы,
Өлшеулі жердің өзі, – деп, -
Төмендесе көзі!» – деп.
Көздеп тұрып бір тарс атты.
Ер Сырғақ аттан тік түсті,
Тік түскенде, бүк түсті.
Шекеден қара қан кетті.
Астындағы Көкшыбыш,
Тулап шыға береде,
Қаражой ұлы Шыпшайдар:
«Ауыз омыртқа тұсы, – деп, -
Өлер жері осы!» – деп,
Көздеп тұрып бір атты,
Көкшыбышты сұлатты.
Жалпы қаңғай, ер қалша,
Жаңбырдай қылып жақ тартып,
Бұршақтай қылып оқ атып,
Салысқан жері Итөлмес,
Аққу ұшса, қанаты,
Күйіп кетер шөл екен.
Шымшып оттар шөбі жоқ,
Қырық күншілік жол екен.
Қалдайған шетін ер Шуақ,
Қамап келіп береді.
Орта жерін Алмамбет,
Ойып келіп береді.
Қалған жерін шоралар,
Сойып келіп береді.
Кешілдің ханы Қоңырбай,
Жебеден бұрын жеткені,
Жеткен жерден Шуақты,
Көме қойып өтеді.
- Тірі байлап алғын!- деп,
Халқына бұйрық етеді.
Алты мың қалдай, сан балуан,
Шуақты қоршап алады.
Көкжал Шуақ Ашалбарыс,
Суырып алып қынынан,
Алдынан келген дұшпанды,
Ат үстінен құлатып,
Турасынан келгенді,
Томырайтып сұлатып,
Басына шалма салдырмай,
Тоғыз күні алдырмай,
Көкаладай күліктен,
Жаяу қалған ер Шуақ,
Қолындағы Сұркелте,
Оңға ауып бір атып,
Ояндарын құлатып,
Ойға-қырға жүгірген,
Денеге торды шалдырмай.
«Егізім Шуақ қайда?» – деп,
Жоқтап жүрген Алмамбет,
Сиыр құйымшақ Сарала,
Құйғытып белге шыққанда,
Қаптап кеткен көп қара,
Ақбалтаның Шуағын,
Қоршап алған кезі екен.
Қыран Алмаң көйқасқа,
Жебеден бұрын жеткені.
Жеткен жерден Шуағын,
Бөктере қашып өткені.
Жолында тұрған Көкала,
Мінгізе шауып кеткені.
Шуақ атқа мінген соң,
Тізгіні қолға тиген соң,
Әзизханның жалғызы,
Кейіп айтып тұрғаны:
- Еренім Шуақ, жан досым,
Таласқа есен тартпаймыз,
Қытайдан аман қайтпаймыз!
Кел,ендеше, сырттаным,
Тіріде қош айтысып алайық!
Айырылмас екі дос,
Ажалдың тура аузында
Арыздасып тұрғанда,
Ақылдан танып қалтаңдап,
Айласын таппай қырғыздар,
Қашып қалған кезі екен.
Орта жерін Қоңырбай,
Түріп қуып келеді.
Арт жағынан қалың қол,
Сүріп қуып келеді.
- Айналайын шоралар,
Өлім деген зор қонақ,
Келіп тұрған өлімнен,
Қайсы жан қашып құтылмақ?!
Толқып келген қытайға,
Тоқтамай ұрыс салайық!
Толған қырғыз қосынын,
Ажыратып алайық!
«Манас жоқта шоралар,
Қырғызыпты бәрін, – деп,
Өсектеп жұртың жемесін,
Қызыталақ шоралар,
Қашып өлді!» демесін!-
Деп осылай Алмамбет,
Соғысқа кірді шабынып.
Манас ханның шоралар,
Ақбалтаның ер Шуақ,
Артынан кірді жабылып.
«Манастап!» ұран шақырып,
Қайнаған қалың дұшпанды,
Қайра сүрді жапырып.
Алғара аузын ақырып,
Бұрып жүрді Қоңырбай,
- Қайра қашпа, иттер!- деп,
Ұрып жүрді Қоңырбай.
Осы кезде Алмамбет,
Қоңырбайға жеткені,
Жеткен жерде қалшаны,
Аңтара сайып кеткені.
Ақбалтаның Шуағы,
Қоңырбайға жетерде,
Басын кесіп кетерде,
Қамбыл мерген тарс атты,
Шуақтың оқ жаңылды төсіне.
Өлер-өлмес жанменен,
Жан көрінбес шаңменен,
Оқ тиген жерге жығылмай,
Сұркелте үні тиылмай,
Араласып қытайға,
Атысып кетті ер Шуақ!
Итөлместің жалғыз жол,
Сала қашып жоғалды,
Көкала тұлпар батырды,
Ала қашып жоғалды!
Қазыналық сұрмерген,
Қызыл киіп, дыр қойды,
Жасылды киіп құбылды,
Көкетайдың Боқмұрын,
Жәдігердің ер Шығай,
Екеуін қатар бір қойды.
Боқмұрын мен ер Шығай,
Екеуі оққа ұшқанда,
Қатағанның хан Қосай,
Естектердің Жаңбыршы,
Шыпшайдарға жабылып,
Қиқу салып, соғысса,
Қаражой ұлы Шыпшайдар,
Қараса көзге ілінбей,
Қайда екені білінбей,
Қайнап жатқан қырғызға,
Бұршақтай қылып оқ атты.
Болат оқты сұр келте,
Үнін үнге қостырып,
Оныменен мың атып.
Оның оғы жеткенше,
Қолындағы сұр жебе,
Мұныменен жүз атып,
Аран ауыз ақ жебе,
Оныменен елу атып,
Оғы тура тигенде,
Қабылан Серек ер өлді,
Кәдімгі Үрбі шер өлді,
Төлгешідей ер өлді.
Көкжалдардың көбі өлді,
Жайма кекіл жас Айдар,
Түйе көтерген Ақаяр-
Зор балуаны тағы өлді.
Төңіректің төрт бұрыш,
Топтап хабар беруші,
Төре Шуты тағы өлді.
Арқан үзер Ақжолтай,
Манасқа жақын бала өлді.
Байшора батыр тағы өлді.
Әнжиянның Санжыбек,
Айырсақал ер өлді.
Бейжінге кіріп қайырылып,
Берендерден айырылып,
Көкжал Алмаң ер жалғыз,
«Манастап!» ұран шақырып,
Қайқалатып қытайды,
Қамап айдап қалған жер.
Қалың қаңғай, көп манжу,
Ақылы кетіп антаңдап,
Қиын қырғын болған жер.
Ой-шұңқыры өлікке,
Таудай болып толған жер.
Сонда Жаңжұң бастап ханы өліп,
Талай балуан тағы өліп,
Жалғыз қалған Қоңырбай,
Қаһарланып сабылды,
Қазыналық мергені,
Шыпшайдарға жалынды:
- Өлеңнен күйген өрт жаман,
Өзіңнен шыққан жат жаман!
Сырыңды біліп кетті ғой,
Алмамбет деген ит жаман!
Басында қырық хан жұрты едік,
Қырып салды жұртымды!
Айтқаныма көне көр, батыр,
Алмамбет атып бере көр, батыр!
Әзизханның жалғызы,
Алтын айдар, шоқ белбеу,
Ақ жолбарыс Алмамбет,
Қылышы қолда жарқылдап,
Айбалта белде сыңғырлап,
Сырнайза қолда жалақтап,
Қан майданның ішінде,
Қоңырды іздеп табады.
Шуақтың кегін алам деп,
Қаза болған ерлердің,
Жолына құрбан шалам деп,
Өлсем өліп қалам деп,
Тегі жанын аямай,
Тура көздей шабады.
Ұшы құрыш қыр найза,
Ұшыртып келіп қалшаны,
Қыр арқадан саяды.
Таудай болған Қоңырбай,
Ерден арты таяды,
Үзеңгіден шығып аяғы,
Алғараның үстінен,
Аударылып қалады.
Ағып өткен Алмамбет,
Атын бұрып, қайтадан,
Басын кесіп алмаққа,
Қоңырбайға шабады.
Жанталаста бір тасқа,
Сүрініп кетіп Сарала,
Бастағы болат дулыға,
Ұшып түсіп қалады.
Іліп алып еңкейіп,
Басына қайта кигенше,
Аңдып жүрген Шыпшайдар,
Бала күні Алмаңмен,
Аждаһаның оқуын,
Оқып бірге дос болған.
Бірі кетіп қырғызға,
Бірі қалып қытайда,
Өсе келе өш болған.
Қарайып жүрген қанына,
Қазыналық сұрмерген,
Алмамбеттей асылды,
Жарқыраған маңдайдан,
Көздеп басып салғаны-ай,
Алмамбеттің алтын бас,
Қақ жарылды алмадай,
А, дүние, жалған-ай!
Алмамбет оққа ұшқанда,
Қалың қосын жылады.
Ер тоқымы жонында,
Тулап шықты Сарала,
Құлыны қалған немедей,
Тұра қалып кісінеп,
Жоқтап шықты Сарала.
Қызыл қырғын майданды,
Аманат жаны қиналып,
Жарып шықты Сарала.
Сонда Ыраманның Ыршуыл \Жыршы ұлы\ Манасқа келіп,
батырлардың қаза болғанын хабарлайды. «Асып туған ерлеріңді
Қаражой ұлы Шыпшайдар атып өлтіріп, сорымызды қайнатты!»
– деп зарлайды. Ауыр жараның азабын тартып жатқан Манас
қайғыдан қан жұтып, қабырғасы сөгіліп: «Асылдардан айырылып,
қиналып тірі жүргенше, тумай тұна шөгейін, Манас болмай өлейін!»
– деп, орнынан тұрып, Ақкелте мылтығын таянып, Аққұласын
жетелеп, кек қайтаруға бекініп, соғысқа шығады. Қаражой ұлы
Шыпшайдар жүгіре басып, жасырынып жеткен екен, Манасты
атса, оғы өтпейді, Аққұланы атып салады. Оқ аттың ауыз омыртқа
сүйегін талқандап өтеді.
Қабыланның Аққұла,
Күре тамырдан қан атып,
Бір кісінеп алғаны.
Теңселген бойы Манасқа,
Иегін артып қалғаны.
Сүйегенмен, тұрмады,
Тау құлаған сияқты,
Жануар жерге сұлады.
-Азапты дүние, оңба! – деп, Адамды атпай, малды атқан, Наданға нәлет, Жаратқан! – деп, айкөл Манас атын құшақтап егіліп, естелікке кекілінен бір тұтам кесіп алып, бір иіскеп қоштасып, қаһарына мінеді. Баяғыда анасы Шиырды Манасты туғанда, бір ақ сақалды диуана келіп :«Арыстан бала екен, он екі жасқа келгенде аманат қылып берерсің. Басына қиын күн туып, әбден жаны қиналғанда атсын!» – деп, бір болат оқ сыйлапты. Оны Шиырды мен Қаныкей Ақолпоққа бекемдеп тігіп берген екен. Міне, енді Манас жағасын сөгіп, сол қасиетті оқты алып, Ақкелтені оқтайды.
Кәдімгі қара дүрбіні,
Ақкелтенің үстіне,
Қоса байлап қапсырып,
Мылтығын кезей қалады.
Иір белдей қара тас,
Соған арта салады.
Қалмақ, қытай, манжудың,
Хандарын көріп қалады.
Жойқара мен Шыпшайдар,
Шұйқышы мен Көрегеш,
Қанжарқол мен Уғанақ,
Турасында Бозкертік,
Желжетпеспенен сегізі,
Қатар тұрып қалыпты.
Әлеукенің Қоңырбай,
Адамнан аяр кәпір-ай,
Бөлініп тұрып алыпты.
«Манасты атсыз сойдық!- деп,
Қаңғайлар мақтанышты салыпты.
«Қырғыздың қырандарын қызыл қанға батырып, қырып салдым!
Енді Манасты тірідей қолға түсіріп, қол-аяғын байлап, Қақанға
алып барамын! Мен өзім ұлы хан боламын!» – деп шаттанған
Шыпшайдар қара араққа қарық болып, қарқ-қарқ күліп, думандатып,
масайрап, мастанады. Сол уақытта қабылан Манас мылтығын
кезеп, оларды көздей бастайды.
Айкөлің Ақкелтені сұнғанда,
Қарауылға қарайып,
Сегіз ханның сегіз бас,
Тегісі мен жақындап,
Есік бойы келгенде:
- Жаратқан, қаңғайды қиын ер қылма.
Қағысқан жауға басынтып,
Қанды кегім қайтармай,
Мені қара жермен тең қылма!-
Беренің айкөл мұны ойлап,
Қайрадан тіктеп көздеді,
Оңтайы келген кез еді,
Атып салды келтені,
Қасиетті жалғыз оқ,
Күркіреп жауға жетеді,
Серпілтіп сегіз төренің,
Басын жұлып кетеді!
Ақкелте үні шыққанда,
Қалың кешіл шырқырап,
Шибей, солон, манжулар,
Бөлек-бөлек бырқырап,
Сегіз дәуін жыққанда,
Қашты бәрі дырқырап.
Қыр басында хан Манас,
Қарап тұрды қасқайып,
Ақкелтесін таянып,
Ақ сауыты жарқырап!
МАНАСТЫҢ СОҢҒЫ ҚАЙРАТЫ.
Ал, осы уақытта Таластағы Қаныкей ұйқыдан шошып оянып,
Бақай ағасына жанұшырып барып, алақандай хат береді: «Айкөлім
аманында елді тапсын! Шамасы бітті, енді Бейжіннен қайра
қайтсын!» – деп, сәлем айтады. Әулие тектес Бақай ағасына әуелі
Манаспен сайысып, артынан дос болған Қыз Сайқалдың Семетейге
атап сыйлаған Тайбурыл тұлпарын жетектетіп жібереді. Күні-
түні жүріп, он екі күнде жетеді.
Бақай көрді қалың қол,
Бір белеске жеткенде.
Қалың қытай қырғызды,
Қоршап алған кезі екен,
Ер Манасты бас қылып,
Алақандай қосынның,
Айқайға салған кезі екен.
Жетелеп келіп ер Бақай,
Жаралы Манас батырға,
Жеткізіп берді Бурылды!
Қытайдан қиын –қыстауды,
Көргенде берді Бурылды!
Пендеде болмас тозақты,
Тартқанда берді Бурылды!
Аққаңқы ерді жонына,
Артқанда берді Бурылды!
Былғары терлік Аққаңқы,
Аққұлаға шақ қаңқы,
Нардай болған Бурылға,
Салып көрсе ер Манас,
Терлігіне терлігі,
Тепшіп қойған немедей,
Құйысқанға құйысқан,
Құйып қойған немедей,
Басмайылға басмайыл,
Бап келтірген немедей,
Тайбуырылға мінеді.
Қаһарланып хан Манас,
Алтын жақты айбалта,
Білеккен қынай шалады.
Алысқа атар Ақкелте,
Арқасына салады.
Албарыс құрыш Зұлпықар,
Қынай белге шалады.
Найзаның ұшы өтпеген,
Қылыштың жүзі кеспеген,
Ақолпоқты киеді.
Асаба қолда қалқылдап,
Жау жарағы жарқылдап,
Қарсы алдынан қараса,
Ақ жолбарыстай түрленіп,
Арқасынан қараса,
Айдаһардай сүрленіп,
Жауға Манас аттанса,
Хан Бақайы жанында,
Арғын ханның Ажыбай,
Қырықтың басы Қырғылшал,
Тірі қалған шоралар,
Бірге аттанды кектесіп,
Кек алмаққа серттесіп.
Қытай менен қырғыз қол,
Иен шөлде беттесіп,
Қырғын соғыс салады.
Қабылан Манас,ер Бақай,
Қайқалатып қытайды,
«Қақайлатып!» қашырып,
Түре қуып қалады.
Есенхан мен Қоңырбай,
«Шері Манас келді!» – деп,
Бейжінге кіріп қамалып,
Дарбазасын бекітіп,
Жасырынды көп қытай.
Есігін бұзып кіре алмай,
Кірер жерін біле алмай,
Қаһарланған қанқор шер,
Қара болат айбалта,
Қармай алып үйірді,
Қазығы болат есікті,
Қайқайтып тұрып соққанда,
Қарсылдатып жіберді!
Сол кезде аспаннан дауыс, үн шықты:
«Шадияр тимес Бейжінге,
Шамаңыз келмес, қайтыңыз,
Топан су келмес Бейжінге,
Тобыңыз келмес, қайтыңыз!
Батыр-ай, теңеле берсең Бейжінге,
Қабырғаңыз қатыр-бұтыр сөгілер,
Қаныңыз қара ғана судай төгілер.
Еліңе аман жетсеңші,
Құдайдың жазған бұйрығы,
Осындай екен, көрсеңші,
Сен жеріңе ғана жетіп өлсеңші!»
Осындай деген үн шығып,
Аян беріп тұрғанда,
Өлгенінен қалғандар,
Бет алған жаққа жиылып,
«Алла!» деп шықты Бейжіннен.
Сары-Арқаны жерлеген,
Көрген елдің барлығы,
Салмақты қиын ер деген,
Көкшесінен айырылып,
Күңіреніп, қайғырып,
Қазақ шықты Бейжіннен.
Мұзбұршағын алдырып,
Қырым жұрт қайтты жеріне.
Кең Тәшкенді жерлеген,
Көкетайдың көп елі,
Боқмұрыннан айырылып,
Олар тартты еліне.
Қара ормандай кешегі,
Батырлардан айырылып,
Қанша жұрт қайтты қайғырып.
Хандарынан айырылып,
Қаралы болып қосыны,
Қараң түн түсіп Манасқа,
Желмаяға оқ артып,
Қайра тартып Бейжіннен,
Тынбай жүрді Таласқа!
Осы кезде алыстан,
Арыстан Бақай, ер Манас,
Алмамбеттің Сарала,
Көре қалып қапыстан,
Алақандай бұл қосын,
Жібектен қылған сып арқан,
Он екі орап бүктеді.
Асыл сүйегін Алмаңның,
Әулие Бақай ағаңыз,
Шоралар мен жабылып,
Саралаға жүктеді.
Кекілін сылап иіскеп,
Жалынан сипап, қағады:
«Қош, Сарала, – деп оны. -
Таласқа қарай жөнел» – деп,
Айдап жолға салады.
Сонда Манас кейіп тұрғанда,
Арқа мойын арасы,
Ауырып кетті батырдың,
Найза тиген жарасы.
Айкөлің атқа міне алмай,
Естен танды тұра алмай.
Ойлап тұрып хан Бақай,
Аршадан табыт алады,
Абайлап оған жатқызып,
Сұлтанды таңып салады.
МАНАС БАТЫРДЫҢ ҚАЙТЫС БОЛҒАНЫ.
Таласты бетке алып, талай күн тынбай жол жүрген қырғыз
қосыны Ермендінің жонында, Ашмаралдың бойында, таң сарғайып
атқанда Алмамбеттің сүйегін жүктеген Сарала тұлпарды көреді.
Ақылман Бақай ардақты Алмамбеттің сүйегін Атбасының
Шештөбеге жерлейді. Сол кезде иесінен айрылып, әбден арыған
Сарала тұлпар даланы жаңғырта бір кісінеп,биік жардан секіріп
кетіп, қаза болады.
Бұл уақытта алты айшылық азапты алдын ала білетін қайран
жеңгең Қаныкей үйде шыдап отыра алмай, Таласқа жақын қалған
Манастың алдынан шығады.
- Барса келмес Бейжіннен,
Падышам, есен келдің бе?
Берендердің барлығын,
Бейжінге «сыйға» бердің бе?
- Долым, бүлдірмеші санамды!
Алып келші бер жаққа,
Өлгенде көрген баламды!
Бозала тұйғын балпаңды,
Боз қаршыға шолпанды!
Деп тұрса, Қаныш көнген жоқ,
Баласын шерге берген жоқ.
Құндақтағы баланы,
Қымтап тұрды көрсетпей.
Көрсетпеген себебі,
Балаға батыр Манастың,
Сұғы түссе, оңбайды.
Көзінде қара қалы бар,
Жүзінде жаман зәрі бар, –
Көрсетуге болмайды,
Қарай қалса балаға,
Баласы аман қалмайды.
Сырын білген Қаныкей,
Сырттанының қамшысын,
Ұлының шекесіне тигізді.
Шекеге тиген қамшыны,
Қуат қылып қуанды,
Құшырлана иіскеп,
Мауқын басып, жұбанды.
Таласқа келген бетте Айкөл Манас Алмамбеттің зайыбы Арукеге
келіп, өкіріп жылап қоя береді.
– Аққұла оққа ұшырдым, аяш!
Алмамбет шейіт кешірдім, аяш!
Қанатымнан қайырылдым, аяш!
Ер Шуақтан айырылдым, аяш!
Мен Бейжінді шаптым, жол шалдым, аяш,
Мен Сырғағымды жеп алдым, аяш!
Қанатым оққа жұлдырдым, аяш!
Қабыландардан айрылып,
Мен қараң күн жанды тындырдым, аяш!
Ел намысы деп жүріп, аяш,
Мен егізімді жеп салдым, аяш!
Қабыландардың барлығын,
Мен қақаншыға алдырдым, аяш!
Аш арыстан, әрі шер,
Жарлығында өлмедім, аяш!
Алмамбет, Шуақ, Сырғағым,
Барлығында өлмедім, аяш!
Айтсам, арман арылмас, аяш!
Ақырет кеткен әзиздер,
Арман қылсам, табылмас, аяш!
Хан Манас бүйтіп барғанда,
Қайың жылап, тал жылап,
Халайық, қалың ел жылап,
Тоқсандағы шал жылап,
Алмамбет зайыбы Аруке,
Ботадай боздап бұрқырап,
Жоқтау айтып шырқырап,
Айкөліңнің алдынан,
Жесірлер шықты зырқырап.
Қалың ел күңіренеді. Күннен күнге Манастың беліндегі жарасы
меңдеп, сары ірің ағып, халі нашарлай береді. Қайран қатыны
Қаныкей батырдың басын сүйеп, бұрқырап жылап, беліндегі
жарасын көріп, жаны шырқырайды. Манас оның жайын айтады.
- Белімде дертім бары шын,
Кең Бейжіннің таңында,
Сиынып тұрған шағымда,
Қарауылдағы Ажыбай
Қаперсіз ұйқтап қалғанда,
Кешілдің ханы Қоңырбай,
Артымнан аңдып сайғанда,
Белімде қалған найзаны
Арғын ханның Ажыбай
Бұрап тартып алыпты.
Найзаның ұшы қырт етіп,
Белімде сынып қалыпты.
Сонда Қаныкей: «Беліңде жараңның барын білмедім, әттең!
Менің амалымның біткені, сенің ажалыңның жеткені!» – деп, боздап
қоя береді. Сонда Манас жан жарымен арыздасып, былай дейді:
– Айым, кел, берші қолыңды,
Ажалым жетіп мен өлсем,
Өрт өшкендей болмағын.
Хан өлгенде қатынның,
Төркіні жақын болады,
Атаң Темірхан көздей қашып кет.
Балтыр бесік Семетей
Қылыштың жүзін аттатып,
Інің Ысмайылға бере көр!
Ата жайын білгізбей,
Ене жайын түйгізбей,
Шұнағың Семетейді баға көр!
Менің көзім өткенде,
Бұл Талас саған жер болмас,
Аға-інім сені жөн қоймас.
Ажалым жетіп мен өлсем,
Маған еріп сен өлсең,
Семетей сорға қалмай ма?
Абыке, Көбеш арамдар,
Көкми қылып баланы,
Сиыр бақтырып қоймай ма,
Жасынан сабап жалғызды,
Жасқаншақ бала қылмай ма!?
Жасы он екіге келгенде,
Ішінен оқ өтпес тонды кигізіп,
Ене-ата жайын білгізіп.
Қолына құрал бергізіп,
Таласын сонда көрсетші!
Уақыт жетіп, мен өлсем,
Белгілі жерге сен көмсең,
Қолым тиген хандар бар,
Қорлығым көрген жандар бар,
Құтылмай қойған даулар бар.
Өліктен өшін алардай,
Қан төгіскен жаулар бар.
Көрімді ашып алмасын,
Жол үстіне сүйретіп,
Төбеттері жармасын!
Долым, кетпендеп көрім оя көр,
Бір адамға білгізбей,
Ақылдасып Бақаймен,
Білінбес жерге қоя көр.
Қатағанның хан Қосай,
Ақылға жетік жан еді,
Хан Қосайға хабар бер.
Еламанның ер Төстік,
Қырғыз жұрттың белі осы.
Мен өлгенде зыйнатқа,
Алпыс күні тұрам деп,
Уағда қылған хаты бар,
Хабар айтқын Төстікке.
Кең Тұрпанды қыстаған,
Қараша ханның қыз Сайқал,
«Өлеріңде қырық күн,
Зыйнатыңда тұрам» деп,
Ант байласқан жері бар.
Қыз Сайқалға хабар бер.
Қырық күншілік Қырымда,
Ұрымқан ұлы Көкбөрі,
Бала шақта бірге өскен,
О дүниелік достасқан,
Көкбөріге хабар бер.
Жауға ылайық Ақолпоқ,
Қаныкей, жауып қойшы үстіме.
Қанды мылтық Ақкелте,
Қаныкей, сүйеп қойшы жаныма.
Бұрыннан бергі Бозкісе,
Қаныкей, іліп қойшы жаныма.
Қасиетті Зұлпықар,
Қаныкей, тақап қойшы басыма.
Сайысқа салған Сыр найза,
Қаныкей, сүйеші жақын қасыма.
Таспа тартқан Бүлдірсін,
Қаныкей, оны да ілші қасыма!
Қабылан Бақай, хан ағам,
Шақыртқанда айтарым:
Батыр Манас ініңнің,
Барлығындай болмай жүр,
Хан өлгенде, қария,
Қасат бойлап қонады,
Қалың бір топқа жолама.
Төресі өлсе,қария,
Түйеге жақын болады,
Түйе баққын, ағеке!
Асыл бура Желмая,
Мойнына тұмар таға көр!
«Інімнен қалған белгі» – деп,
Жетімнің түйесін баға көр!
Той-тамаша кез болса,
Топ болған жерге бармағын,
Ауыл –апа ұрысса,
Назарыңды салмағын!
Құладын жиып, құс құлдым,
Құрама жиып, жұрт қылдым.
Алтын жимай, ел жидым,
Осы тұрған халқыма,
Қаңғыған ерді би қылдым.
Халықтың тұрып басында,
Өтпек болдым дүниеден,
Елу екі жасымда...
Сонда Қаныкей шырқырап жылап жүріп, Арғын ханның
Ажыбайға кеңес салып, хабаршыға жібереді. «Азапты басымды
қинамай, алты күнде келе көр!» – деп тапсырады. Ажыбай хабар
берген соң, Таласқа Қатағанның хан Қосай, Еламанның ер Төстік
келеді. Ұрымхан ұлы Көкбөрі мен бірге баласы Қояналы да: «Аяш
атам Манасты өз қолыммен көмемін!» – деп, Таласқа жетеді.
Жастықта Манас жатқанда,
Жапаны Қаныш тартқанда,
Дауылпазды боздатып,
Тоғыз келін, тоғыз қыз
Он сегізгі қостатып,
Айкөлге тұлды тарттырып,
Қарашаның қыз Сайқал
Күңірене келіп түсті дейт,
Қара киіп, қан жұтып,
Айкөлге аза күтті дейт.
Үй көтеріп Таласқа,
Көрсетпей батыр Манасты,
Қайран қатын Қаныкей
Ұзын өрме қара шаш,
Төбеге қынап түйіпті.
Есіл жеңгең ақылман,
Ел басқарып жүріпті.
Алты жүз атан қомдатып,
Күлботаның киелі,
Отқа күймес топырақ,
Кіременен алдырып,
«Алты қылым өткенше,
Айкөлімнің күмбезі
Аман тұрсын» – деп салды.
Алты мың серкеш майына
Қыш қайнатып, бек салды.
«Ашық көмсем асылды,
Көрін ашып алар –деп, -
Жол үстіне сүйретіп,
Төбеттерге жарар» – деп,
Бір адамға білдірмей,
Желпіністің елінен
Жетпіс балуан алдырды.
Ешкілінің қара тау,
Көз ұшында биік жар,
Жардың бетін қаздырып,
Жалғыз кісі батқандай
Ауыз жағын аштырып.
Арғы жағын кеулетіп,
Алты мың қой жатқандай.
Іші жарық жатсын деп,
Жақұт тастан жарғызып,
Алтын жатқыш салғызып,
Үстіне сұптан жапқызып,
Асты шіріп кетер деп,
Аршаның күлін төктіріп,
Ешбір жанға білдірмей,
Бағып жатты айкөлді.
Қарасаң Манас қайран ер
Кейде тілге келе алса,
Кейде тілге келе алмай
Азып қалған шағы екен.
Жан көрінбей көзіне,
Өлім келіп есіне,
Көкжалдың айтып тұрған кезі екен:
- Қанышым, қамданып енді болдың ба?
Алыптарды алып кір,
Көзімді бір салайын,
Қияметтік достарға,
Амандасып қалайын!
Манас ханның шоң орда,
Есігін Қаныш ашады.
Шақырылған достары,
Халқы бірге қосылып,
Айкөлді көздей басады.
Қырандардың барлығы,
Қол алысып өтті енді,
Қылт етіп Манас қабылан,
Қиямет көздей кетті енді.
Қабылан Манас айкөл шер
Бұл өмірден өткенде,
Халайық түгел зар жылап,
Қосай, Төстік нар жылап,
Ажыбай, Бақай шал жылап,
Хан Манастың шоралар
Найза сайып бақырып,
«Айкөлім!» деп шақырып,
Алты күні ай шықпай,
Ай қараңғы түн болды.
Жер тітіреп дүңгірлеп,
Қопарылып түбінен
Ну тоғайлар сұлады.
Шайқалып тұрған қара жер,
Жеті күнде тоқталды.
Жеті күннің ішінде
Қыбыр етіп қимылдап,
Жүрген пенде болмады.
Сонда жалпақ өркеш қара нар –
Желгеніне жел жетпес,
Басқанына мал жетпес –
Басында алтын ноқта бар,
Оқ-дәрінің барлығын
Жүктеп жүрген Желмая,
Манас жатқан жерге кеп,
Шөгіп алды Желмая,
Көзінің жасын он тарам
Төгіп алды Желмая.
Оның бер жақ жанына
Құм-Бұлақтың белінен
Тауып алған Құмайық,
Аяғына Манастың
Жатып алды Құмайық.
Арандай аузын аспанға,
Ашып алды Құмайық.
Нешеме күн дәм татпай,
Ұлып қалды Құмайық.
Манас ханның Ақсұңқар
Шыр айналып қалқақтап,
Теріс ұшып шалқақтап,
Алтыннан таққан бауларын,
Үзіп кетті Ақсұңқар,
Аспанға қарай шарықтап,
Сызып кетті Ақсұңқар.
Баяғы нардай Тайбурыл
Батыр Манас өлгенде,
Байлап қойса тоқтамай,
Қоя берсе оттамай,
Аза тұтып алыпты,
Айуан да болса жануар
Күйікке батып қалыпты.
Қайран қатын Қаныкей
Қанды беті жыртылып,
Қалың шашы жайылып,
Қара киген басына,
Қабыланынан айрылып
Отыз екі жасында,
Азабын тартып қалғаны,
Жоқтауын айтып зарлады:
- Халайық, тұнығы кетті жұлдыздың,
Тұйғыны кетті қырғыздың!
Аруағы жеткен жұлдызға,
Ата болған жан еді
Ақ қалпақты қырғызға!
Азабыңды, қайтейін,
Артып кеттің мойныма,
Талықтырмай, айкөлім,
Тарта кетші қойныңа!
О дүниеге жол тартып,
Уладың менің санамды,
Кімге тастап кеткенің,
Алты айлық жалғыз балаңды?!
Өксіген өксіп, мұң болар,
Өтіп кеттің дүниеден,
Сырттаным, өрнегің иесі кім болар?!
Ай батқанда түн болар,
Айдының жұртқа дүм болар,
Артыңнан іздер көп қырғыз,
Кеңесің тапқан кім болар?!
Қапалы Қаныш зарланып,
Осылай жылап тұрғанда,
Абыке, Көбеш – екі арам,
Шыйбыт, Қошқар – төрт арам,
Адыбай, Көлбай – алты арам,
Аяңдап түсті адырдан.
Манаспенен аталас,
Алтауы кіші қатыннан.
Оларда өксу емес, тамаша:
«Есіл қайран, өө» деп қойып,
Анда-мында аңырап,
Өкірген болып жамырап.
Қайныларының ниетін байқаған Қаныкей оларға: «Хан өлгенде
бәрі өліп, от өшкендей болмайық. Келген қонақтарды сендер
басқарыңдар!» – деп, тапсырады. Ақкөңіл Абыке жеңгесін тыңдап,
алтауы алты күн бойы ештемеге араласпай, қонақ күтумен жүреді.
Күн қызарып батқанда,
Елдің арты жатқанда,
Қайран қатын Қаныкей
Батыр Манас сүйегін
Қосай, Төстік ерлерге
Адалдатып жудырып,
Сұпқа салып будырып,
Табытына салдырып,
Жаназасын батырдың
Алып Қосайға оқытып,
Кілемге қынап таңдырып,
Шораларға сыралғы
Жаяу көтеріп алдырып,
Асыл жеңгең Қаныкей
Тайбурылды мінеді.
Таңдалғанның барлығын
Бастап шығып түнімен
Төте жолмен жүреді.
Өлерінде Манасқа
Жай қаздырған биікке,
Ешкілінің тауына
Өзі бастап барады.
Төстік, Қосай кәрісі,
Кіріп кетті үңгірге
Жақындардың бәрісі.
Бұйрығы қатты тәңірдің,
Бұйрығына өкініп,
Жайына қойып Манасты,
Кіргендер қайта шығады.
Үңгірдің аузын білдірмей
Тас уатып тығады.
Таң қасқайып атқанша,
Елге қайтып келеді,
Хан Манастың ордаға
Қайырылып бәрі кіреді.
Шексіз шебер Бақай шер бөтен елде өлген біреудің сүйегін
таптырып, табытқа салдырып, сұпқа салып оратып, шарайнаға
шаптатып, былғарымен қаптатып, ақ киізді жаптырып, алты
арам кіріп келгенде, қолдарына береді. Алтауы оны Манас екен деп,
«айкөлім» – деп еңіреп, хан Манастың күмбезіне апарып жерлейді.
Қосай, Төстік тұрысты,
Өлуші антты қылысты:
«Айкөлден қалған бала жас,
Найзаға желек тағалық,
Айкөл шердің баласын,
Жасы он екіге келгенше,
Көз салып жүріп бағалық.
Хан өлгенде, бәрі өліп,
От өшкендей қылмайық!..
Ұрымханның Көкбөрі,
Қараша ханның Сайқалы,
Уағданы қазір қылыңдар,
Манастың асын бергенде,
Ту түбінде тұрыңдар.
Сөйтіп барлығы: «Манастың асын халық атасы хан Қосай
бастап, ер Төстік қостап тұрсын!» – деп уәделеседі. Келген жұрт
күңіреніп, ел-еліне тарайды. Қарашаның қыз Сайқал үйіне жеткен
күні түнде дүниеден қайтып, іздесе сүйегі табылмайды – қиямет
жары Манасқа қосылып кеткен екен.
Ұрымханның Көкбөрі көкжал Манаспен ақыреттік дос болыпты.
Баласы Қояналы екеуі Шамбыл-Белдің белесіне кешкілік жетіп, ерді
басқа жастанып, құбыланы бастанып, ұйқтап жатқанда, жолын
тосып жүрген Жаналы деген қас неме Қояналыны атып өлтіреді.
Атасы Көкбөрі көзінен қанды жасы сорғалап, баласының сүйегін
іздеп таба алмайды – Қояналы шырағы қияметтік атасы Манасқа
кеткен екен.
Көкбөрі елге барыпты,
Күйік түсіп ішіне,
Жалғызынан айрылып,
Қайғырып қатты налыпты.
Абыке, Көбеш екі арам
Қаныкейді зар қылып,
Тартқызғанда азапты,
Көкбөрі келмей қалыпты.
Хан Манастың зыйнатқа,
Көкбөрі келмей қалды деп,
Төстік келмей қалыпты.
Төстік келмей қалған соң,
Қатағанның хан Қосай,
Ол да келмей қалыпты.
Баяғы уағданы бек қылған,
Хан-бектердің бірі жоқ,
Айкөліңнің зыйнатқа,
Бәрі келмей қалыпты...
Бұдан арғы Манастың тарихы баласы Семетейдің тағдырына
ұласып, елдің елдігін, ердің ерлігін жырлаған батырлық жыр
жалғаса береді.
1.12.2019ж -5.02.2020ж.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН КІТАПТАР:
1. Манас. Кыскартылып бириктирилген вариант. 1- китеп.
«Кыргызмамбас», Фрунзе, 1958ж.
2. Манас. Кыскартылып бириктирилген вариант. 2- китеп.
«Кыргызмамбас», Фрунзе, 1958ж.
3.Манас. Саякбай Каралаевдин варианты боюнча. «Турар»,
Бишкек, 2010ж.
4.Манас. Кыргыздардын баатырдык эпосу. «Кысылган» нускасы.
Түзгөн профессор Бексултан Жакиев. «Бийиктик». Бишкек- 2007ж. 5. «Манас» эпосу. \Тыныбек, Тоғалақ Молда, Сағымбай Оразбақов,
Саяқбай Қаралаев сынды манасшылардан.\
Манасчы Медер Мергенбаев жазган кол жазма. Эл аралык Түрк
академиясы. Астана – Бишкек. 2019ж.
6. Манас. Саякбай энциклопедиясы. Бишкек- 2016ж. 7. Шоқан Уәлиханов. Таңдамалы. «Жазушы», 1985ж. Алматы.
\ «Көкетайдың ертегісі.» Аударған Әлкей Марғұлан.\
ТҮСІНДІРМЕ
Абайын – қыл қосып, жүннен тоқыған қалың кездеме; аттың жабуы. Алты шер – эпос бойынша Дәуіт, Сүлеймен, Ескендір Зұлқарнайын, Рүстем Дастан, Әзірет Әлі және кенжесі Манас. Ақолпоқ – Манастың жауынгерлік сырт киімі. Манастың барлық бұйымдары сияқты ақ түсті, ерекше қасиетті. Қаныкей оның арасына болат үгітіп салдырып, еш бір қару өтпейтіндей қылып жасатқан. Баабедин – кезінде Орта Азияда өмір сүрген қасиетті Бахауиддин әулиенің қырғызша айтылуы. Бүлдірсінұшына құйма қорғасын өрілген қамшы. Бұлым – бағалы кездеме. Бұрқан – қалмақша: жаратқан, құдай. Бұрқы – түрлі. Бурут – қалмақтар қырғызды осылай атаған. Жазайыл – түйеге артып жүріп ататын жеңіл зеңбірек. Зайыппуруш \сайыппуруш\ – көне замандарда айрықша адамдарға ерекше жауынгерлік ерлігі және қызметі үшін берілген атақ, сипат. Зубун – қалмақтың әскер бөлігі; елдің тобы\ ауыл, аймақ.\ Зинат \зыйнат\ – өлікке немесе өлім аузында жатқан адамға арналған құрмет-сый рәсімі. Күлдір мамай мылтық – өте үлкен мылтық; зеңбірек. Қағылайын – айналайын. Қазат – жортуыл, жорық, соғыс. Ғазауат сөзінің қырғызша айтылуы. Дін үшін соғыс, әділеттік үшін соғыс деген мағына береді.
Қақаншы – қытай ханы Қақанның жақындары, елі деген
мағынада.
Қалаба – шатақ, жанжал; қатты қырсық, пәле.
Қалдай – жетекші, басшы.
Қалша – ызғарлы келбетті, түрі суық.
Қаралдым – қарағым.
Қармау – ұстау.
Қарқыбар – мықты; қайран ер.
Қойшағыр – үні ащы ілгергі мылтық.
Қылым –бүкіл, жалпы.
Ошағар – мықты мылтық
Түпек – найзаның ұшындағы темір тілінің түбіне бекітілген топ
қыл.
Себіл –оқ өтпес\ киім\ ; құрал-жарақ..
Себілді – толық қаруланған, жау-жарағы түгел, жасанған.
Шай, Шай ата – батырларды қолдап жүрген қасиетті әулие.
Шанту – қырғыздарды қытайлар осылай атаған.
Шын – Қытай.
МАЗМҰНЫ
Жыр басы........................................................................................ Манастың ата-тегі........................................................................... Әлеуке ханның шапқыны.............................................................. Таңғажайып түс.............................................................................. Батырдың дүниеге келуі................................................................. Манастың балалық шағы............................................................... Есен ханның алыптары.................................................................. Байдың Алтайға келгені................................................................. Манасты хан көтеру........................................................................ Манастың Қосай алыпқа барғаны................................................. Манас пен Бақайдың табысқаны................................................... Атамекенді жаудан тазарту............................................................ Текес ханды жеңгені...................................................................... Қыз Сайқалмен жекпе-жек............................................................ Орға хан, Ақунбешім және Панус ханды жеңу........................... Қырғыздардың Алатауға келуі...................................................... Әлеуке ханның қашқаны............................................................... Саурық ханмен соғыс..................................................................... Аққұла тұлпар................................................................................. Алмамбет батыр.............................................................................. Алмамбет пен Ер Көкше................................................................ Манас пен Алмамбет .................................................................... Қаныкей .......................................................................................... Жаудың айласы............................................................................... Көзқаман ........................................................................................ Көзқаманның қастығы................................................................... Көзқаманның қырғыны................................................................. Ер Көкше мен Несқара.................................................................. Көкетайдың асы............................................................................. Асқа дайындық .............................................................................. ХАБАР БЕРУ.................................................................................. Несқараның шатағы ...................................................................... Манастың асқа келуі...................................................................... Ат шабыс......................................................................................... Жамбы атыс.................................................................................... Қосай дәу мен Жолай дәудің күресі............................................. Түкті табан Түкібай мен шынашақтай Ер Ағыстың күресі..... Түйе мен жалаңаш қатын...............................................................
Манас пен Қоңырбайдың сайысы................................................. Бәйге. Қоңырбайдың қорлығы...................................................... Үлкен қазат...................................................................................... Алмамбетті хан көтеру................................................................... Алмамбет пен Шуақтың ерегесі................................................... Шолғында....................................................................................... Ұрыстың басталғаны...................................................................... Жалғыз көзді Мадықан................................................................... Қақаншыңның айласы.................................................................... Батырлардың өлімі......................................................................... Манастың соңғы қайраты.............................................................. Манас батырдың қайтыс болғаны.................................................
Баянғали
Әлімжанов
ШЫҒАРМАЛАРЫ
ХVІІ том
МАНАС
Қырғыз халқының эпосы
Редакторы С. Досымбекова
Корректоры Ш. Бекболатов
Техникалық редакторы Л.Маашева
Басып шығаруға 10.06.2020ж. қол қойылды
Пішіні 60х84 1\16. Қағазы офсеттік.
Офсеттік басылыс. Шартты баспа табағы 21.4
Таралымы келісім бойынша.
«Сотниченко Е.В.» ЖК баспаханасында басылып шықты
Нұр-Сұлтан қ, М.Әуезов көш., 46/1, 105. Тел. +7 /7172/ 46 71 29
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру