TELEGEI

Home

Мағауияның шығармалары

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мағауияның шығармалары

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

Мағауия — Абайдың жиырма бес жасында, Ділдәдан туған кенже баласы. Жас шағында Абай бұны ауылда мұсылманша аз оқытқаннан кейін, қалаға апарып, Семейдегі Городское училище дейтін орысша мектепке түсіреді. Мағауияның алдында орысша оқуға берген ағасы Әбдірахман Түмен қаласында оқып жүреді. Мағауиямен бірге Абай Күлбәдан деген қызын да орысша оқуға береді. Мағауия екі-үш жыл оқығаннан кейін жұқарып, науқасқа шалдыға бастайды. Содан амалсыздан оқуды тоқтатып, ауылға қайтады. Осыдан соң, үнемі Абайдың өз қасынан қалмай, әкенің өз тәрбиесінде болады. Бұның жастық шақтарында Абай орысша кітап оқуға барынша еңсесін беріп, өздігінен мол ізденеді. Сонда Абаймен ілес Мағауия мен Кәкітай екеуі де орысша кітапты Абайша қатты зер салып оқиды. Жаз сайын келіп жүретін Әбдірахманның да оларға көмегі көп болады. Сонымен, Мағауия оқымысты жастың бірі болады. Ол әкесіне ел жұмысында да үлкен серіктік етеді. Ерекше адамгершілік тазалығы бар, өте бауырмал және кең мінезді, әділеті мен ары зор, ерекше қасиет иесі адам болады. Ел көпшілігі Абайдың билігімен қатар, бертін кездерде Мағауияның әділ көмегін де көп көреді. Әкесінің ақындық еңбегін аса қадірлеп, жақсы білген, ұғынған Мағауия өзі де Ақылбай, Көкбай сияқты ақындық еңбекке беріледі. Бұның жазған ұсақ өлеңдері Әбдірахманның науқасына байланысты көңіл-шері есебінде, өз орталарына аса мәлім болады. Сонымен қатар Мағауия Абайдың мәслихатымен және материал беруімен пайдаланып, бірнеше поэма жазады. Ол жазған поэмалар: "Еңлік — Кебек", "Абылай" және "Медғат — Қасым". "Еңлік — Кебек", "Абылай" поэмалары қолжазба күйде сақталса да, оқушыларға тарамаған. Мағауияның ең көлемді және көркем поэмасы — "Медғат — Қасым" болғандықтан, оның ақындық ерекшелігін анық, айқын көрсететін осы "Медғат — Қасым" поэмасына тоқтаймыз. "Медғат — Қасым" поэмасының тақырыбы да қазақтан жырақ, алыс елдер өмірінен алынған. Ақылбай ізденген жолменен тың тақырып, мазмұнды Мағауия да Африка елінің болмысынан алады.

Бір әңгіме қозғайын ойымдағы,
Мақсат болды әшкере болынбағы,
Бай мейірсіз ер құлдан саза тартқан,
Африкада, Ніл дария бойындағы, —

деп сөз бастайды. Поэмадағы тартысқа араласатын адамдарының жайын да әңгіменің басынан-ақ таныстыра кіріседі. Мейірсіз байдың ер құлдан саза тартқанын әңгіме етемін деп, ақын өз тақырыбының айшығын танытады. Осыдан соң оқиғаның болатын географиялық ортасын танытып, Африканы, Ніл дариясының жағасын, оның айналасында тоғам алып кәсіп еткен мүлік нәсілін әңгімелейді. Осылайша, поэма тақырыбын оқушыға алдын ала таныс ете көрсету үшін шығыс әңгімесінің үлгісі емес, Ақылбайдың Кавказ тауын, Дағыстан жерін, соғыста ойран болған қалаларын суреттеуден бастап, өз геройына біртіндеп, белгілі бір күнде, арнаулы бір мезетте, ерте сәскеде көз салатыны сияқты. Мағауия да "Медғат — Қасым" поэмасында жаңағыдай жер мекендерін айтып, ол өлкеде кәсіп еткен адам қауымдарын айтып, өте дәл реалистік шындық көрсетеді. Абайдың өзі сияқты, бұл ақындар да Европа және орыс классик поэзиясының дәстүрінен үлгі алған. Ол дәстүр көбінесе конкрет түрдегі дәлдікті, нақтылы шын халді сүйеді. Шығыс әңгімесі болса, бір айтылса болады, одан ары өмірлік дәлдік ескертілмейді. Мағауия тек бұл айтқан жайда ғана емес, поэмасының кейін көрінетін барлық құрылыс, стилі мен сюжеттік, образдық мәдениет өрнегімен және қазақ поэмасына кіргізген көркемдік жаңаша шеберліктерімен орыс поэмаларынан көп үлгі алғанын айқын танытады. Бұнда Пушкиннің түстік поэмалары "Бақшасарай фонтаны", "Кавказ тұтқыны", "Сығандар" бір еске түссе, Jlepмонтовтың "Измаил бей", "Ауыл Бастунжи", "Ашик-Ке-риб" және Байронның шығыстық поэмалары — бәрі де "Медғат — Қасым" поэмасынан өз туыстарын, жақын жолдағы жаңа бір үлгілерін көргендей болады. "Медғат — Қасым" поэмасы да романтизм сарынындағы поэма. Бірақ негізгі стилі солай бола тұрса да, бұл поэманың реалистік шындықпен өмірге жанасымды, қонымды берген тартыстары, мінездері (характерлері) дәлелді көркемдікке сүйенген. Романтизм негізгі сарыны дейтініміз, бұл поэманың үлкен желілері және де бір-екі сезіммен түйілген геройлардың іс-әрекетінен туады. Ол сезімдер бұл поэмада да геройларды өздеріне нық бағындырады. Ішкі дүниелерін, сөз ойларын, мінез-қиялдарын және тартыс армандарын бір араға түйеді. Сондай жалғыз сезімге түгел берілген адамның бірі, поэманың бас геройы — Қасым.

Бұны бастаған сезімнің аты — кек.

Екінші сезім поэманың ішіне кірген екінші егіз тақырыпты билейді. Ол тақырып бойынша әрекет ететін адамдар да бір-ақ сезімге түгел бой ұрған. Бұндағы сезім — махаббат. Ол — Сәлім мен Ғазизаның арасында болатын халдердің арқауы боп таратылады. Бас герой Қасымды кекке айдаған себеп не? Поэманың алғашқы жағы осы жайды баян етуге арналған. Заты зәңгі, Қасым деген жас жігіт Мұрат дейтін байдың сіңісті құлы болады. Ніл дариясы бойында тотам алып, көп мүлік, құлдар жиып, плантаторлық ететін Мұратбайдың өжет, өткір құлдарының бірі сол Қасым жаңағы байдың асырап алған қызы — Мәрияға ғашық болады. Сол сырын бір күні қызға жігіт ашқан шақта, қыз оны менсінбей ашуланады. Бұның арын қорлағандай сөздер айтады. Жігіт реніш білдіргенде, қыз Қасымның мінезін Мұрат байдың баласы Медғатқа айтады. Медғат пен қыз жақын екен. Ал Медғат әкесінен де қатал, барлық құлға рақымсыз, жауыз мінезді мырза болады. Ол Қасымды қатты жазаға ұшыратып, Мәрия қыздың көзінше қинауға салады. Азаптан талып, өлімші болған Қасым үш күндей үнсіз, нәрсіз жатып алады. Төртінші күні із-тіз қалдырмай қашып жоғалады. Бірақ кетерінде Мәрияны өлтіріп кетеді. Осыдан кейін әңгіме мезгілі үзіліп, бірнеше жыл өткен соңғы хал баян етіледі. Медғат морттық істеп, байдың мүлкін шашады. Бай банкрот болып, сынады. Мүліктері мен құлдарын сатып, енді Африкадағы Занзибарға көшпекші болады. Аз керуен болып сапарға шығуға әзірленгенде, бұларға жолбасшы болуға бір зәңгі келіп жалданады. Ол Обаға деген кісі. Кейін осы керуен жол үстінде бір елсіз өлкеге келіп, түнеп жатады. Кеш мезгілінде, жақындағы зәңгілер таудың бектерімен жиырма атты жолбасарлар жортып келе жатқан болады. Бұлардың атырапқа қаһарлы атағы шыққан атаманы бар. Оның аты — Сарбастық. Ақын бұл топтың іс- мінездерін таныта сөйлегенде, оларды тек қанішер, кісі өлтірушілер демейді. Бұл — Байрон, Шиллер, Пушкин шығармаларында келетін благородный разбойник тәріздес адам. Карл Моор, Дубровскийлер сияқты, Сарбастықтың тобы да байларға рақымсыз, кедей атаулыға үнемі жәрдем, жақсылық етіп жүретін топ болады.

...Әсіресе байларға рақым етпес,
Ағаш толы зәңгінің бәрі ниеттес,
Сорлы болған жандарға, тағы өдеті,
Бір жақсылық қылады естен кетпес, —

деп, Мағауия да өзінің жаңа герой атаманын жәй ұры емес, қоғамдық сыры бар, бөлек сынды жан етіп сыпаттайды. Жаңағы түнде Сарбастыққа Мұраттың керуенін бастап келе жатқан зәңгі Обаға жасырын келеді. Атаман хабарды біліп алып, барлық тобымен керуенге сол түнде шабуыл жасайды. Мұрат бай өледі, Медғатты атаман өзі өз қолымен байлап алады. Осы атаман баяғы Қасым боп шығады. Керуенді бар мүліктерімен, барлық жандарымен өздерінің жатағына әкелген соң зәңгілер ішкілікке салынады. Тұтқындар байлаулы, кісендеулі тұрады. Осыдан соң поэманың екінші тақырыбы араласады. Сәлім деген аңшы жігіт өзінің мерген жолдасы Халитпен сол түнде от басында ас әзірлеп отырып сырласады. Сонда Сәлім өзін ел-жұртынан қаңғыртып шығарған қайғы- шерін айтады. Онысы — асықтық екен. Бұл Мұрат дейтін байдың Ғазиза атты қызына ғашық болған. Қыз да сондай сүйген екен. Бірақ Мұрат бай Сәлімді кедейсініп, қызын бермепті. Сүйгеніне қосыла алмаған жігіт ыза менен қайғыдан қамырық шегіп, елден безіп, осылай аңшы боп кетіпті. Дәл осы әңгіменің үстінде, олар түн ішінде жүгіріп келе жатқан адамның дабырын естиді. Екеуі қарсы жүгіріп, есі шыққан бір жанды ұстап алады. Ол жаңағы Мұраттың керуенінен қашып шығып келе жатқан қызметшісінің бірі екен. Мұраттың өлгенін, керуеннің таланғанын білдірумен қатар, сол адам Ғазизаның да жайын атайды. Сәлімнің ғашығы Ғазиза керуеннің ішінде екен. Зәңгілер оны да тұтқын ғып әкетіпті. Осы хабарды есітіп, Сәлім қаруына ұмтылып, қазір алыспаққа асығады. Бірақ Халит оны ақылменен тоқтатады. Екеуі түні бойы осы атыраптағы аңшыны жиып алып, Сарбастық атаманның қапыда жатқан қолына шабуыл жасайды. Атаманның өзінен басқа жолдастарының бәрі қирай мас. Олар соғыса алмай, қаза табады. Қасым бөлек шатырда жатып, жаңағы жайды біліп, оянғанда, арғымағына мініп қаша береді. Бірақ шатырының қасында байлаулы тұрған Ғазизаны ала қашады. Сәлім атаманның соңына түсіп қуады. Ғазизаны танып қалып, "құтқарамын, қорықпа" деп айғайлайды. Бұның алдында Ғазиза мен Қасым сөйлескен болатын. Атаман Ғазизаға достық етуді серт қылған еді. Қазір Ғазиза сол жайды айтып, Қасымды тоқтатпақ болады. Бірақ Қасым "өз қолымнан беремін, тартып алмайды", — дейді. Сонымен, Сәлімді тосып, атаман тоқтай бергенде, Сәлім оны атпақ боп мылтығын көтереді. Сонда Қасым Сәлімнің мылтығын құндағынан атып үзеді де, күліп тосып алады. Кейін Сәлімге Ғазизаны қосады. Әңгіме Қасымның бір кезде кекті болған қатал жауыз бай мырзасынан әділ кегін алумен бітеді. Міне, "Медғат — Қасым" сюжет желісі осындай тартысқа толы, терең мағыналы болып құралған. Кейін шыққан шығармалардың ішінде осы "Медғат — Қасымнан" көркемдігі және әсіресе идеясы, ойы зор еңбек жоқ деп айтуға болады. Бұнда Мағауия үлкен ізденгіштік, ағартушылық және қоғамдық озғын идеяны ірі мәдениеттілікпенен жақсы үйлестірген. Қасымның кек алу жолында істеген мінездері өмір шындығына анық үйлеседі. Шығарманың адам мінезіне байланысты негізгі тақырыбы, идеясы осы болғанда, бұл бір Қасымның басының ісі емес. Поэмадағы осы жөндегі тартыста үлкен обобщениелік қасиет бар. Қасымның кегі арқылы дүние жүзіндегі осы алуандас жағдайда қаналып жүрген жазықсыз және үлкен қайраты бар, ары зор, намысы күшті еңбек адамдарының бәрінің жоғын жоқтаған идеяны танытады. Бай менен қанаушы құлдың, еңбекшінің арасындағы бітімсіз қайшылық бұнда таптық қарсылық, қайшылық дәрежесіне анық жеткізе суреттелген. Қасымның образында Мағауия терең ойлылық пен сыншы реализмді шебер түрде таратқан жазушы болады. Геройдың мінезі мен сезімдерінде, барлық қауіпсіз істерінде оның үлкен қасиет иесі, үлгілі жан екені асқан шеберлікпен суреттелген. Мағауия Қасымды өз сөзімен дәріптемей, оның өз іс-мінездерін суреттеу арқылы кесек табысқа жетеді. Және алған ортасы, заманы, мінез тартыстары жағынан қарағанда, Қасымның істері өмір шындығынан шет жайылмайды. Бұны романтизмге бөленген поэмада бір-ақ сезім, бір-ақ арманға түгел төндіріп отырса да, Мағауия сол сезім әрекетін шындықпен қабыстыра біледі. Өмірлік романтика үнемі иландырып отырып өрбиді. Оның жауы болған Медғаттың және Мұрат байдың мінез-қылықтарын да ақын орнымен, қонымды етіп суреттеген. Ғазиза мен Сәлім арасындағы ғашықтық сыры геройдың әңгімелеуі арқылы берілсе де, поэмада өзінше өте көркем, келісті болып шығады. Бұл жай шығарманың екінші, қосалқы тақырыбы бола тұрса да, барлық поэмаға өзінше бір көрікті, әсерлі сәуле төккендей. Екі жастың ғашықтығы көпшілік оқушыға үлгі болсын деген мақсатты ойлаған ақын, романтизм стиліне лайықты жолмен, олар басындағы ынтызарлық күйді ұлғайтып берген. Бірақ жалғыз ғана осы махаббат арқылы ашылатын екі жастың мінез, сезім әрекеттерінде өз ортасының, заманының шындығынан шалғай кеткен жасандылық жоқ. Осылайша анық классикалық поэзияның үлкен үлгісін шебер танытқан Мағауия, өлең, теңеу, сөздік жағынан да, өз шығармасының төркін-тегін жеке реальностармен жақсы аңғартып отырады. Оқушы бұл шығарманы жазған адам анық оқымысты, білікті ақын екенін поэманың ішкі-сыртқы мазмұны, жалпы стилі, тілі сияқты үлкенді-кішілі элементтерінің барлығынан толық тани алады. Ақындық мектеп тек ұстаз ақынның өзі тапқан жол, жаңалықты қайталап қана қойса, ол аз болар еді. Абай берген бағыт бойынша ізденген шәкірт ақын Мағауия осы шығармасында Абайдың өзі жазбаған анық сюжетті поэманы туғызады. Ақылбай мен екеуі де, романтикалық поэманың стилін қазақ әдебиетіне әкеліп кіргізгенде, анық соны, жаңа, жақсы ағым әкеп қосты деу керек. Сонда Ақылбай шығармасында идея жағынан, жоғарыда біз айтқандай, кемшін қайшылық болса, Мағауия өз шығармасында бұл жөнде де ілгерілеп түсіп, анық бағалы табыс әкеледі. Егер, сол Абай, Мағауиялар уақытында қазақтың баспасөзі болып, сыншылық, зерттеушілік, әлеуметшілік ойы өскен болса, Мағауияның осы поэмасының орны қазақ әдебиетінде XІX ғасырдың соңында шыққан жаңалықтардың көрнекті тұрғысының бірі деп атауға жарар еді. Абайдың өз маңындағы өнерлі жастар "Медғат — Қасымды" шынында, дәл осы біз айтқандай, бағалай білген. Мұрсейіт сияқты Самарбай, Дайырбай, Махмуд бар және басқа көп көзі ашық жастар "Медғат — Қасым" поэмасын да, Абайдың өлеңдерін де жиі көшіріп, көп таратқан. Ал Мұқа, Әлмағамбет сияқты әнші өнерпаздардың бәрі де, олардан бергі замандағы жастар да "Медғат — Қасымды" түгел жаттап алып, әнге салып жырлап айтады. Осындай оқушы мен тыңдаушыға бағалы болған қасиеттердің себебінен "Медғат — Қасым" поэмасы жоғалмастан және де бір жолға ауысып, ұмытылмастан біздің заманымызға түгел жетіп отыр. "Медғат — Қасым" — Мағауияның ең соңғы поэмасы. Бұдан бұрын Абайдың тақырып етіп, шәкірт достарына тапсырып беруі бойынша, Мағауия қазақ өмірінің өзінен алып, тағы бір поэма жазған. Бұл — қазақ тарихындағы салттық болмыстан туған "Еңлік — Кебек" жайындағы қоспа поэма болатын. "Еңлік — Кебек" — Мағауияның алғашқы жазған шығармасы. Өлеңдік жағынан ол әлі поэма тіліне жете шеберленбеген күйді танытады. Тілі тұтқыр және анық поэзиялық ерекшелік жағынан олақтау келген сырт құрылыс байқалады. Бірақ идея жағынан қарағанда, бұл поэманың да өзінше өз тұсындағы ақындардың шығармаларынан оқшау тұрған, озғын жайлары бар. Сол ерекшеліктің үлкені — Кеңгірбайдың образын, ісін бейнелеуде айқын көрінеді. Мағауияның уақытында, рушылдық салт бойынша, Тобықтының әруақ тұтып, қадірлейтін атақты биі — Кеңгірбай болатын. Заманында оның істеп кеткен озбыр, содыр істері болса да, рушылдық, ақсақалдық салт-сана бойынша, кейінгі ұрпақ Кеңгірбайды сынамастан, "баба" деп, "би" деп қадірлейтін. Абай болса, қазақтың бұндай ескілікті кертартпа санасына өзінің сыны мен ақылын билеткен, бағындырған емес. Ол Кеңгірбайдың өз заманындағы парақорлық сияқты арам-дықтарын ашып айтып, әшкерелеп жүретін. Еңлік пен Кебектің өліміне себепші болған — Кеңгірбайдың билігі. Ол осы билікгі Матайдан пара алып айтты деп сынайды. Кейінгі надан ұрпақ Кеңгірбайдың атын да атамай, оны "Қабекең" дейтін. Мағауия осы жөнінде еркін сыншылық танытады. Кеңгірбайдың әулиелік, әруақтық маскасын сыпырады. Жаңа буынның сыншыл, әділетшіл, гуманистік талабын өзіне ең үлкен мақсат етіп, өткен заманның үлкен авторитеітері мен трагедиялық істерін батылдықпен ашып, әшкерелеп жырлайды.

Еңлік пен Кебектің тағдырын шешкен түп себепті айта келіп, Мағауия:
...Тобықтыда сол күнде Кеңгірбай би,
Қыз қайнынан астыртын алыпты сый.
Айтады қыз қайнына бітім жерде,

Әуелі ұстап алып, құзыңды тый, —
деп, биліктің сырын ашады.

Кейін сол билік бойынша Еңлік пен Кебек өлтірілген соң, ақын өзінің ызалы сынын Кеңгірбайға бұрады:

...Қылжырлықтан атандың биім "Қабан",
Қабан түбі шошқа ғой, білсең надан.
Үлкен билік алдында сөйлесермін,
Жазасы не болады бидің арам! —

дейді.

Бұрынғы ру авторитетіне мұншалық батылдықпен өкім айтуға жеткен ақындық сана, Абай тұсындағы жас талапкерлердің ойлары, ізденулері қаншалық кең өріске, үлкен азаттыққа жеткенін көрсетеді. Адамгершілік, гуманистік сарын бұл поэманың соңында Еңлік пен Кебектен қалған жас нәрестенің өлім халін айтуда да көрінеді:

...Балаға ешбір пенде қарамапты,
Тобықты неткен жандар діні қатты.
Шеткі Ақшоқы басында бесігімен
Деседі бір күн бойы жылап жатты, —

деп бітіреді.

Поэманың осы соңғы жолдары да надан заманның, қараңғы ортаның қатал мінездеріне қарсы айтылған ашулы өкім есепті болады. Осылайша образдарды бейнелеуде, өткеннің қараңғылығын сынап көрсетуде, адамгершілік талабын ең үлкен мақсат, арман етіп биік сапада танытуда Мағауияның бұл поэмасы да өз уақытындағы бағалы еңбек болатын.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙