Мазмұнға өту
Home

Араша

Әлжаппар Әбішев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Араша

Әлжаппар Әбішев — «Араша» (Көркем әңгіме). АРАША

(әңгіме)

Сен достықтың сырын сұрасаң, мен өзімнің басымнан өткен бір жайды айтайын. Соның ішінен қалағаныңды ала бер...

— Атым— Дәулен. Жасым — жетпістің екеуінде. Мекенім — Қарағанды қаласы. Жетпіс екі жылдан бергі құрдасым, қырық екі жылдан бергі көршім Мәулен дейтін досым бар. Сексеннен әрі асқандар болмаса онан бергі жастағылар біздерді атымыздың сәйкестігіне, өзіміздің бір анадан туғандай тату-тәттілігімізге қарап егіз деп ойлады. Ал шындығында екеуміз Қазақстанның екі шалғайынан келіп қосылған жандармыз. Жер шарын тегіс шарласа да көргені аз, өнегесі жоқ осы күнгі кейбір інілеріміздің айтысына қарағанда Мәулен адай, мен арғын көрінемін. Қай рудан екенімізді әзіміз де білетінбіз, бірақ ана інілеріміз секілді руға бөлініп жөргек жаласуды білген емеспіз.

Екеуміз Қарағандының ірге тасын бірге қаласқан едік, сонан бері талай сарайын қаласып, өмірдің ең қызықты қырық жылын жарысумен бірге еткізіп келіп былтыр ғана пенсияға шықтық. Жауға шабар жас шағында адам талғау дегенді аз біледі ғой, жақсымен де, жаманмен де жолдас бола бересің, өсе келе соның бәрі екшеліп асылдың сынығындай ішіндегі ең аяулысы, жаны асылдары ғана қалады. Өткен өміріме ой жіберіп қарасам, менің Мәуленімнен қымбат досым болмапты. Ал, оның менен де қымбат көретін Ораз дейтін досы бар.. Оның досы менің досым, оның қасы менің де қасым. Бірақ мынау Ораз дейтін досын өмірімде бір көрген емеспін, өйткені ол сонау Атыраудың жағасында тұрады.

Мәулен екеуміздің достық шарабымыз 1932 жылы сол алыстағы Ораздың қуанышына қуанудан басталды. Екеуміздің есігіміз ашылса маңдайымыз түйісіп, деміміз сүйісетін жақын көрші болғанымыз кеше ғана еді, екеуміздің де мұндай биік үйге тұңғыш кіргеніміз де кеше ғана болатын. Ол үшін кеше екеуміз әйелдерімізбен бірге екі үйге кезек қонақ, болып қоныс майлар жасағанбыз. Сол күннің ертеңінде қолында бір жапырақ қағазы бар Мәуленім кіріп келді. «О, көрші, сүйінші іргең әлден құтты болды, менің сонау Гурьев қаласында тұратын Ораз дейтін досым бар, соның әйелі ұл тауыпты,— деп, сол ұлды өзінің әйелі тапқандай қуанып төбесінен шаншылып бір аунап түсті де,— қазір екеуміз отыра қалып екі кісілік кешке келіншектеріміз келгеннен кейін төрт кісілік той жасаймыз»,— деп қолымнан сүйрей жөнелді. Арада бір жеті өткеннен кейін келген хаттан ол нәрестенің аты Бикеш екенін білдік, ол үшін күндіз екі кісілік кешке төрт кісілік тойды тағы да жасадық. Осы кезден бастап оның үйінде жасалған той біздің үйде де, біздің үйде жасалған той оның үйінде де жасалудан қырық жыл бойы бір үзілген емес.

Екеуміздің жазып алған заңымыз, салып алған салтымыз бойынша тойларымыз осылай жалғаса берді. Онымен ең алғаш дастарқандас болуыма себеп болғандықтан ба, мен сол Бинеш дейтін белгісіз баланы өз баламдай көріп жыл сайын оның туған күпін Мәуленмен бірге тойлайтын болдым. Мәулен Атырау жағасына жыл сайын барып өзі алыстан аймалап жүретін Бинешті жыл сайын көріп көңілін көкке көтеріп қайтады, мен баяғы қалпым тек ол ержеткен сайын тойы да есейіп, түрі де өзгере бастады. 1949 жыл Бинеш Гурьевтің он жылдығын бітіріп, Алматының медицина институтына келіп түскенде екі той қабат жасалды, бұл сапарға тойшылар бұрынғыдан төрт есе көбейіп кетті. Сол екі ортада ол келінді болып тойына барып келді де, бұл сапар көршілерін түгел шақырып, дастарқанын бұрынғыдан да кеңірек жайып жіберді. «Менің Ғалия дейтін аяулы келінім бар, сол келінімнің қойны құтты болу үшін, қойны құтты болса бала да, бақыт та өзінен-өзі келе береді. Сол үшін көтеріңіздер»,— деп, алғашқы тосты өзі көтерткен екен, сол тілегі қабыл болғандай дүниеге Мәдина дейтін перзент келе қалды. Менің Мәуленім сол нәрестенің шілдеханасына шақырылмастан барып шаттығы шалқып қайтпақ, маған солай көрінді ме білмеймін, әйтеуір, сол шаттығы өмір бойы бір басылған емес. Немеренің қандай ыстық екенін мен ең алғаш Мәуленнің сол күнгі шаттығынан көргенмін.

Мәуленнің ең үлкен тойы 1965 жылы Бинеші медицина ғылымының кандидаты атағын алғанда жасалған еді, қазір онан да үлкен бір тойға осы бастан дайындалып жүр. Ол той Ғалия келіннің жаңадан ғана жазып бітірген ғылыми еңбегі әкелетін атағына арналмақ. Биылғы той немереміз шет елдер институтының үздік студенткасы, біздің сүйікті немереміз Мәдинаның облыстық советтік депутаттығына сайланғанына арналған еді де, келесі той Ғалияның тойы болсын деп тарасқан едік, онан бұрын тағы бір үлкен тойға кездесіп қалдық. Ол той дүниеге қайта келгенім үшің менің үйімде болғалы тұр.

Жас кезімде думандатып өткен тойларда, Мәулен секілді достармен сырласып өткен кештерде бөтелкелерді көбірек домалатушы едім, соның салдары ма, әйтеуір, кезде алуан түрлі сырқат әр жерімнен бір жұлмалай бастады. Ішкенім тасқа, жегенім дертке айналды. Онан құтылу үшін Кавказ, Қырымдарды түгел шарлап, Карпаттан асып чех ағайындардың Карловы Варына да бардым. Жарты әлемді айналып отырып Алматыма қайта оралдым да, қаланың қақ ортасындағы бір әдемі ауруханаға келіп бір-ақ түстім.

Сырқат адамды есіркегіш келе ме, жоқ әлде менің татар дәмімнің таусылуға жақындағанын сезіп есіркей ме, әйтеуір, мұндағылардың барлығы да жүрегі елжіреген жандар екен. Сол ізгі жандар өздерінің жылы лебізімен ақ жанымды жадыратып, тәнімдегі жараның бәрін жазып жібергендей еді, екі жылдан бері қыр соңымнан қалмай жүрген бір сүренді суық, сөз құлағыма тағы да сап етті. Ол — қалай да жасалатын операция.

Дәрігерлерден сырқатымның барлық сырын, операцияның бұрын-соңды ешкімге жасалмаған ауыр болатынын біліп алған болу керек, қамқоршы достарым көбейіп кетті. Бәрі бірдей шеттерінен дөкей болар ма, ауруханаға қай кезде болса да кіре алатын мандат түсіріп алып, есігімді босатқан жоқ. Бар билік қолдарында тұрғандай біреулері Алматыдағы ең дөкейлерді атаса, енді біреулері Москвадан, Ленинградтан алдырамыз деп лепірді." Қамқоршыларымның Алматыдан атаған атақты хирургтерінің өзі он шақты. Сол оншақтының осал біреуі жоқ, ең осалы профессор. Ақырында мұның бәрі де даурығу болып далада қалды. Бас дәрігер барлық атақтыларды жайына қалдырыпты да Жарбосынов дейтін біреуді шақыртатын болыпты. Менің атақтылардан дәмеленіп қалғанымды сезген болу керек, бас дәрігердің өзі келді де хал-жайымды сұрай бастады. Мен меселімнің қайтып қалғанын айтып едім, ол тілдің майын ағыза білетін жан екен, Жарбосынывтың медицина институты секілді үлкен институттың доценті, осы қаладағы екі үлкен емхананың белді, білікті консультанты екені емес мені қызықтырған. «Сіздің операцияңыз уақытты біз білетін мөлшерден көп тілейтін ерекше операция. Ондай операция жасай алатын бізде тек сол Жарбосынов қана. Мен оған сенемін, өйткені операцияның мерзімін қысқартудың жаңа жолын тапқан, сол еңбегі үшін ғылыми атақ алған бірінші адам. Ол курортқа кеткелі жатқанын айтып кеше көнбей қалып еді, бізге белгісіз бір себептермен бүгін өзі келісімін берді, сіздің сырқатыңыздың сырларымен танысып жатыр, кешікпей келіп қалар».

Бас дәрігерім соны айтты да кетіп қалды. Жарбосынов деген бір сөзді тәңіріме жалбарынғандай қайта-қайта жаттап мен қалдым. Бір палатада екеу едік, таңертеңнен бері жалғызбын. Жалғыз кезде жанымның құлазитын әдеті. Сол әдетімен жаным құлази бастады, бірақ сырқаттарым сыр бере қойған жоқ. Оның неліктен екенін біле алмай дәметпестен дәметіп, тәтті үміттермен өзімді өзім алдап жатыр едім, қою қасы түрін түкситіп көрсететін орта бойлы қара торы жігіт кіріп келді. Оған ілесе бір келіншек пен бір бойжеткен келе жатыр. Неге екені белгісіз, үшеуі де есіктен күлімсірей кірді. Қыздың қолында бір шоқ гүлі бар, әйелдің қолында қастерлеп тұрып ораған әлденесі бар, үшеуі де бейтаныс. Мен оларды манағы кеткен серігіме келген біреу болар деген оймен жөнді назар салмай жатыр едім, жігіт жақындай бере: «Сәлем, Дәуке!—деді де күлімсірей түсіп қолын ұсынды.— Сіз немене, біздің бір де бірімізді танымай жатырсыз ба?»— Мен сәл абыржып қалдым, мұндайдағы сылтауым сырқатым, бар кінәны сырқатыма аудара салатынмын, сол әдетіммен: «Кешір, балам, адам қартайған шағында ауруға шалдықса есі де шалдығатын көрінеді, танымай қалдым, сендер қай баласыңдар?»

Екі әйел қатарын түзеп алып маған күлімсірей қарап тұр. Жігіт менің қолымды сипай ұстап қасымда отыр. «Мына кісі өзіңіз тойында болған келініңіз, менің зайыбым. Мына бала өзіңіз шілдеханасына Тәттімбеттің бар күйін сыйлаған немереңіз, менің тұңғышым. Өзім сіздің барлық сырқатыңызды сыпырып тастау үшін келген Жарбосынов дейтін дәрігермін».

Мен енді бәрін де ұқтым, бәрін де таныдым. Қуанғанымнан ә дегенде сөйлей алмай құшағымды жайып жібердім де: «Бинешім... Ғалия... Мәдина...»—дедім бар шаттық даусыммен. Сол шаттығым бар сырқатымды сылап тастағандай жанымда жадырап сала берді. Рақмет дегеннен басқа сөз таба алмай үшеуінің де маңдайынан кезек-кезек сүйе бердім, сүйе бердім.

— Біздер осы келген үшеуміз курортқа жүргелі жатыр едік, қызметіңізге мен жарармын, мына екі балаңызға рұқсат етіңіз, бұлар келгенше сіз де жазыласыз, сіз жазылғанша бұлар да келеді,— деді жаңылтпаштандырып.

Мен қазірдің өзінде де жазылдым. Осы ықыласыңды өміріме азық етермін де, сенің келер кезіңе аман-есен жетермін. Мен үшін жолыңнан қалмай кете бер,— деп едім. Ол: «Жазылдым деген сөзді енді бір жетіден кейін айтатын боласыз. Ол үшін осы сәттен бастап жазылдым деп біліңіз де жақсылап дем алыңыз. Жақсы дем алу үшін жақсылықтан басқаны ойламаңыз, жабырқауды білмейтін сіздей жайдары адамды жеңетін ешқандай сырқат жоқ»,— деді.

Ол мені осындай сөздермен мүлдем сиқырлап алды, Байқаймын оның сөзіне табынып қалыппын. Қанша табысам да тайсалмай өзімнің күдігімді жасырмастан айтып едім, ол: «Мен тұрғанда қорықпаңыз»,— деп, тізесін бір сарт еткізді де ұшып түрегелді. Мен қолындағы бір шоқ гүлін жастығыма сүйеп қойып, өзі тізерлеп келіп кеудеме құлай отырған Мәдинаны бір қолыммен құшақтап жатыр едім, әкесі жаңағы сөзді айтқан кезде шешесіне қарадым. «Қарағым, Ғалия, сен айтшы менің осы көріп жатқандарым анық өңім бе?»

Ол менің бұл сөзіме бір мырс етті де кенет салқын қанданып салмақтана қалды.

— Мүмкін, біздер алдыңыздан шыққан өзіңіздің ақ тілегіңіз болармыз,— деді.

Менің бұл сөзге қайран қалғаным сондай, соны айтқан келінімнің бетіне қарай қалдым. Өйткені мұнша жасқа келгенше дәл мұндай сөзді ешкімнен естіген де емеспін, Көзім келінімнің көзінде, ойым оның сөзінде.

Ой түбіне үңіліп қарасам ақ тілектің аспаны ашық, күні батпайтын биік екен. Адамның өзгеге істеген жақсылығына өзі бір кездеспей кетпейтіні сондықтан екен. Ойлап қарасам Ғалия келінім соны дәл айтып беріпті, Сол үшін оған өзім білетін алғыстардың барлығын айтып, шаттықтан шаршағандай көзімді сәл жұмып жатыр едім, есік жақтан: «Ау, зарықтырдыңдар ғой»,—деген Мәуленімнің даусы шықты. Өз құлағыма өзім сене алмай көзімді ақырын ашсам, сылти басып өзімнің Мәуленім келе жатыр. Ә, деп кергенде қуансам да үстіндегі аурулар киетін киімді көрген соң шошып кеттім. «Бауырым-ау, сен қайдан жүрсің? Мынау үстіңдегі не сұмдық? Ел-жұрт аман ба? Қарағандыдан қашан келдің?»

Ол келіп жеткенше мен осындай сұраулардың бірнешеуін беріп үлгердім. Онан бұрын Бинеш жауап қатты.

— Кеше ұшып келе сала біздің әптер-тәптерімізді шығарған еді, бүгін: «Менің Мәуленім менсіз жалғыз жата алмайды, мені бірге жатқыз»,— деп, бас дәрігердің басын әңкі-тәңкі етті.

— Сыбағама ортақ болады деп қорықпай-ақ қой, менің өз сырқатым өзіме жетіп жатыр, соны тексерткелі келдім,— деді де, Мәуленім келіп мені құшақтай алды. Сірә, менен күдер үзіп қоштасқалы келген болуы керек, сөзін аяқтамай жылап жіберді.

Ескі досым жылап, жаңа досым күліп тұр, екеуінің қайсысына сенерімді білмей мен жатырмын. Соңынан білдім, менің халім ол кездерде тым ауыр екен. Оның үстіне үш операция бірден жасалыпты. Оң жақтағы шегімнің басы алыныпты, сол жақтағы бүйрегімнің толып кеткен тасы алыныпты, ұсақ тастардың шіріген ұясы болып кеткен өтімнің өзі алыныпты. Мені бұл операциядан да тірі қалады деген ой бір Бинештен басқаның басында болмапты. Мәуленім де соны біліп, ол дүниеге өз қолымен аттандыру үшін келіпті. Мұның бәрін мен төрт сағатқа созылған операция сәтті аяқталып, жеті сағаттан соң есім кіргенде де біле алмай арада бес күн өткен соң ғана білдім. Оған да, міне, екі жылдан асып барады, сол екі досымның қайсысынан қайсысы қымбат екенін әлі білген емеспін. Анық білерім: Бинеш сияқты адам үшін ажалмен алысатын арашашыларға айтылар алғыс таусылмайды.

Біздің «достықтың қандай түрін қымбат көресіз» деген сұрауымызға жетпіс екідегі Дәулен қарттың берген жауабы осы.

1974

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙