Мазмұнға өту
Home

Несіпбек Айтұлының шығармалары І том

Несіпбек Айтұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Несіпбек Айтұлының шығармалары І том

Авторы: Несіпбек Айтұлы

Қазақтың әйгілі ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Несіпбек Айтұлының көп томдық шығармалар жинағының бірінші томына тырнақалды туындыларынан бастап, ақындық өмірінің алғашқы жылдарында жазылған өлеңдері мен поэмалары енгізілді. УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-5 А 32 Айтұлы Н. Жеті томдық шығармалары. – Астана: Фолиант, 2014. ISBN 978-601-7568-35-1 Т. 1. Өлеңдер мен поэмалар. – 328 б. ISBN 978-601-7568-36-8 ISBN 978-601-7568-36-8 ISBN 978-601-7568-35-1 © Айтұлы Н., 2014 © «Фолиант» баспасы, 2014 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді А 32 УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-5

ӨЛЕҢДЕР

  • * Мазасыз күнді өткергем, түнді өткергем, Кеудемде бір бұлтым жүр түйдектелген. Болсам да қазанбұзар қара тентек, Жүрегім Алатауды іздеп келген. Еншіге емес жаным ділгір менің, Басқадай баппен ұшып үлгірмедім. Кім білсін, тарттым ба әлде алдарыңа Піспеген көңілімнің бүлдіргенін?..
  • * Қайдасыңдар, қайран достар, жанымның гүл шоқтары? Қайдасыңдар, құрбыларым, жан-жүрегім жоқтады? Мен қайдамын, таңертеңгі қайда шаттық күлкілер, Бүгін неге қоңыр үнді қоңырауды соқпады? Иә, мынау партам емес, аурухана төсегі, Қайда күнім тай-құлындай асыр салған кешегі? Шіркін, достар, назарыңнан мен қалайша тыс қалдым, Жүрегімде басқаға емес, сендерге орын бос еді. Көңілімнің көктемі еді алаулаған жүздерің, Тас қабырға тіл қатпайды, мен сендерді іздедім. Қайдасыңдар, қайран достар, кеттіңдер ме ұмтып, Осындайда ойларыңа мен неліктен кірмедім?..

ЕЗ Сана бар – теңізді де көл дейтұғын, Көздер бар – көк тиынды көздейтұғын. Маңдай бар – қап көтермей терлейтұғын, Тілдер бар – шағып алып сөйлейтұғын. Сөздер бар – терісті де жөн дейтұғын, Мұрын бар – бықсықты да сезбейтұғын. Құлақ бар – шындыққа да сенбейтұғын, Құлаш бар – сермеуге де келмейтұғын. Қолдар бар – бар болса да бермейтұғын, Кеуде бар – менменсіп сай өрлейтұғын. Арқа бар – ауырлыққа төзбейтұғын, Адым бар – секірсе де өнбейтұғын, Аяқ бар – жетектесең желмейтұғын. Осылардан бітімін құрап алып, Арамызда біреу жүр «ез» дейтұғын...

СЕКІТАС О, Секітас, алауланып өр төсің, Таң сүйгенде көлеңкеңді серпесің. Құбылады құба тартқан жондарың, Жамылып ап күзгі күміс көрпесін. Секітасым, бетегелі, қияқты, Бауырыңда баураған мың тұяқты. Түбегіңде дөңгеленген әр жұртым Тастам кеткен естелігім сияқты. Бөктеріңде өр бұлағың тулаған, Өткенімде ерекше бір тыңдап ән. Секітасым – жазық маңдай жайлауым, Кеткенімде мөлтең қағып тұр маған.

ЕГЕР Бола қалса қос құлағым тас керең, Ыммен ұғам, жасымаймын әсте мен. Соқыр болса екі көзім көнемін, Онда көкірек сәулесімен көремін. Мерт болса егер оқыстан бір аяғым, Сыйлар өмір балдағы мен таяғын. Бәрін қойшы, зұлым болса жүрегім, О, сұмдық-ай! Елді қалай сүйемін?! Жерді қалай сүйемін?!

КӨКПАР Кім береді тізгінді ақылына, Дода көрсе төнеді атын ұра. Қалың топты қақ жарып, ойхой, шіркін, Серке санын басады ол тақымына. Қыз-келіншек шоқтай боп төбедегі, Қаздай бойлап қызыққа кенеледі. Мұндайда ма, мұндайда әр бозбала – Көз жазбайтын әр қыздың көбелегі. Бір сәйгүлік жұлындай суырылып, Әкетті, әне, намыстың туын іліп. «Кім екен, ә?» – дегенде топ ішінде Бір қаракөз күлімдер мұны біліп.

КӨКТЕМ Ғажайып нұрға бөккен тіршілік бір, Тұрғандай төсегінен сілкініп қыр. Жауқазын қара тасқа көрік беріп, Дүние күн көзіне ынтығып тұр. Арудың келбетіндей айнадағы, Көл бетін аққу келіп аймалады. Әдемі аппақ төсті қос қарлығаш Төбемде сағыныш боп айналады. Лүп етіп әлі күнге жел тимеген, Жанымның жазирасын желпиді өлең. Қойдың-ау, о, табиғат, құлшындырып Тағы бір көктем қызға мен сүймеген.

  • * Жалындап шаттық құшамын, Көңілдің жоқ қой тояры. Естимін көктен құс әнін, Желпінтіп жанды жеткен бе Жазымның жақсы қонағы?! Қырларда, анау бөктерде Жауқазын жарып өскен бе?! Жазылып жердің арқасы, Ызғары қыстың кеткен бе?! Даламның мылқау тау-тасы Ақын боп қазір тұрғандай, Өзіне лезде тартады, Жалындап жазған жырлардай. Тасытып бойда қызуын, Балқытып барлық буынын, Қаны ойнап жердің жатқандай, Бетіне теуіп қызылын. Сәулесін күннің сіміріп, Жүрегін жердің суырып, Бояуын қырдың тапқандай, Қызғалдақ қыздай тізіліп. Сылқылдап бұлақ тіл қатып, Күлкісін қыздың тыңдатып, Ойнайды тастан секіріп, Жүректі тайдай тулатып.

Ағады өзен өкіріп, Жынданып тіпті кетердей. Ұшады бұлттар жөңкіліп, Жалғаннан мүлде көшердей. Төсіне жердің нұр бүркіп, Не жетсін нөсер төккенге. Қалам ба ішке сырды іркіп, Жанымды жұпар өпкенде. Жерден бе, әлде көктен бе – Жұтады шабыт от кеуде. Тұнжырау әсте жоқ менде, Ғажайып мынау көктемде. ЖЫР ДЕСЕ… Балалық бекетінен шапшаң өттім, Жыр десе жүрегімді шақпақ еттім. Алдыма салмасам да еншімді әлі, Ат жалын тартып мінер шаққа жеттім. Кей сөзім келмесе де иініне, Шабыттың шыдамадым күйігіне. Бір тайды маңдайыма жазған шығар, Жүген ап кірдім жырдың үйіріне.

  • * Кіре алмай дулы ортаға, Жүрегім лүп-лүп... бөгелдім. Сөзімді орап торқаға, Тойына келдім өлеңнің. Қалдырмай көңілін басқаның, Өзімді отқа тастадым: Мезетте сосын қас қағым Лапылдап жана бастадым.

ЖҮРЕГІМ МЕНІҢ БҰЛҚЫНДЫ Тәтті ғой өмір адамға, Татпаған дәмнің бәрі – арман. Жүрегім менің әманда Бұлқыну үшін жаралған. Жүрегім менің бұлқынды Арайлап әр таң атқанда. Жаныма нәзік жыр тұнды Кірпігін гүлдер қаққанда. Жүрегім менің бұлқынды, Көгалға аунап көктемде. Құбылып әлем мың түрлі, Нөсерлі жаңбыр төккенде. Жүрегім менің бұлқынды Өзенді көріп тулаған. Ағынмен алға ұмтылды, Толқынын атты су маған. Жүрегім менің бұлқынды Жусаннан жұпар жұтқанда. Сағымды көріп сиқырлы, Тауларға биік шыққанда.

Жүрегім менің бұлқынды Қыранның көріп қанатын. Сапырып судай бұлтыңды, Шарықтап, шайқап алатын. Жүрегім менің бұлқынды Тұлпардың көріп тұяғын. Ашып бір шайдай ұйқымды, Самғады сансыз қиялым. Толқытар ойлар мың қилы, Армансыз әсте күн бар ма?.. Жүрегім менің бұлқынды Анамнан алғаш туғанда. 2-262

ЕЙ, ӨМІР! Балалықты жоқтаумен жыл ұрлаған, Өтіп бара жатырмын жиырмадан. Сияқтымын ұйқыдан жаңа оянып, Таңертеңгі төсегім жиналмаған. Не көрсем де сорымнан көремін мен, Осып жібер жонымды көк өріммен. Сәске түсім болса да қозы-лағым Ағытылмай жатыпты-ау көгенімнен. Көк өріммен жонымды осып жібер, Кеудеме кеп құйылсын тосын жігер. Түтетейін өзімше түтінімді, Ей, өмір, қазан-ошақ, қосымды бер!

АУЫЛЫМА Көкжиектен ары қап сағым басса, Сағым басса, мүмкін бе сағынбасқа? Тел құлындай өсірген туған ауыл, Сен дегенде шығарда жаным басқа. Тасаланып тауларың көк пердені, Көз жаздым-ау көркіңнен көптен бері. Сағындым ғой тоқымдай ақ бұлтыңды, Қазын күткен көлдердей көктемдегі. Аңсадым мен ботакөз бұлағымды, Ауыздықсыз, алаңсыз бұла күнді. Кімдер менің үйреткен анау жылғы Ат қып мініп жүр екен құнанымды?..

ТУҒАН ЖЕРГЕ Туған жер, сенен кетерде Жабығып, қатты жүдедім. Ұшырсам саған жетер ме Көгершін – менің жүрегім?.. Сапарым, бәлкім, шөлдетер, Күтетін алдан бақ қанша? Жанымды бір күй тербетер Жоғымды іздеп тапқанша. Жылдардың желі қуалап, Қиырда жүрсем қыр кезіп, Жатпа сен мені кінәлап, Кетті деп туған ұл безіп. Жарасып сұлу жазбенен, Көктемгі гүлге оранам. Жарысып аққу-қазбенен, Бұйырса, бір күн оралам.

АҚША БҰЛТТАР О, ақ ұлпа ақша бұлттар, Ақша бұлттар – ақ шабыттар. Күн тығылған көкірегіңді Алатауға ақтарып сал. Шыңдар ашсын қабақтарын, Ынтықтыра қарат бәрін. Ақиықтар мамығыңа Малып ұшсын қанаттарын. Аруанадай шудаланған, Ақша бұлттар қуған арман, Толтыр маржан шелегіне Арулардың суға барған. Шаттық толсын ақ отауға, Жадырасын Алатау да.

  • * Тастаймын алыстарға көз қиығын, Менің де қол жетпестей өз биігім. Көңілдің ақ көбік қып көк дөненін, Үміттің келем қуып жезкиігін. Мен, бәлкім, жете алмаспын, жетермін де, Назым көп айтар әлі өтер күнге. Жастықтың жедел тартқан керуені Жанымның жайлауынан көшер бірде. Оралмас ару елге бір кеткен соң, Қона алмас аққу көлге күз жеткен соң. Жабықтан жай түсірер жан отымды Көктемгі көк нөсерден іздеп көр сен!

АНАМА Болсын деп шаңырақ пен босаға аман, Көңілін күн нұрына тосады анам. Ошағын көсеп қойып, отыратын Бір өмір басталардай осы арадан. Жұтқанмен жақсы күнді жыл өңеші, Жасырын жанарымда жүр елесі. Мазасыз сол кездерде маздап жанған Екен ғой жан анамның жүрек оты. Демеймін тағдыр жазып несібені, Өз қолым өз аузыма жетіп еді. Қанжардай қара тасқа қайрайды әлі Анамның жүрегінің оты мені. Болсын деп мынау алтын босаға аман, Көңілін күн нұрына тосады анам. Көсеймін кеудемдегі қызыл шоқты, Бір өмір басталардай осы арадан.

ТЕР БОЛЫП КИГЕН СЫРТ КӨЙЛЕК Тер болып киген сырт көйлек, Тербеліп көңіл – көк орман, Ай туар шақта сүттей боп, Айтылар шақта көп арман; Түндіктер түгел жабылып, Ошақтың оты сөнгенде, Шыдатпай жүрек жабығып, Шыққанда жырға серуенге; Шабыттың жүзін қабарған, Көншітпей жатса шық басып, Құса боп көптен қамалған, Кеудемнен, ойлар, шық қашып! Қашыңдар түпсіз тереңге, Болмаса тауға, ти тасқа. Өрт болып сабан өлеңге, Қауқарсыз қауыз ұйқасқа. Қашыңдар тіпті қиянға, Жондарға бөкен жортпаған. Айтыңдар көңіл қиялға Перінің қызын жоқтаған.

Қашыңдар қара түндерге, Тауларды көзден ұрлаған. Тамыңдар шешен тілдерге, Тамыза майын жырлаған. Шақырған жын мен сайтанды, Сабырсыз жанды сүймеңдер. Салдақы мен сайқалды Шашынан алып сүйреңдер. Жөніне кетсін сұм біткен, Жақсыда қандай құны бар? Дүниеде мынау дүрліккен Дертіңді сенің кім ұғар? Сезімім сеңдей сенделді, Досым бар, қанша қасым бар. Жұбата алмасам сендерді, Менен де аулақ қашыңдар.

  • * Сарыала қазым саңқылдап, Сайранда сазда салқындап, Қуанышымның көл-көсір Қазаны қайнар сарқылдап. Тосыннан төксем көлге сыр, Тамсанар таулар саз тыңдап. Құла бір таңда бүр атып, Құлпырса жайнап сансыз бақ, Көзімнің жасын бұлатып, Көңілге кімдер салсын дақ, Қызуым сөнбей кеудемнен, Қызығым қалай сарқылмақ? Қонағың болып келгем мен, Төріңе, жылдар, сал сырмақ. Шұғынық гүлдер ырғалып, Шыққанда қырға саусылдап, Қаздарым ұшар дүр қағып, Сабау қанаты сартылдап!
  • * Сырғып қайда барасың, сырлы айларым, Сырлы айларым – Сыңсыған сырнайларым. Мәрмәрларым, менен де кеттіңдер ме, Мына сандық кеудеме сыймай бәрің? Сырнайларым сыңсыған – Сырлы айларым. Судан тұнық, сүттен ақ мөлдіреген, Сендер едің өрімдей өндір өлең. Үндеріңді өгейсіп өтемін-ау, Тоным тозып, кездерде мен жүдеген. Тәтті күндер, қоштасып қаласыңдар, Бал айларым, бұлақтай ағасыңдар. Бұла қырда ойнаған ор түлкідей, Бұлаң қағып қай жаққа барасыңдар? Айдың нұрын толтырып кесемізге, Айдай ару сүйіп ек кеше біз де. Ақ тотыдай айларым, шыныменен Ат кекілін кесісіп кетеміз бе?..

Сырғып қайда барасың, сырлы айларым, Сырлы айларым – Сыңсыған сырнайларым. Мәрмәрларым, менен де кеттіңдер ме, Мына сандық кеудеме сыймай бәрің? Сырнайларым сыңсыған – Сырлы айларым!..

  • * Әуенмен жаным достаспай, Әнімді менің тыңдар кім?.. Алмасым тұрса тот баспай, Алмасын жырдың турармын. Жасырын сақтар сыр қалмай, Сезінің селі көмгенде. Жүрегім менің сырнайдай, Сыңсып бір сарай кеудемде. Жылдардың бастым пернесін, Күндердің күйін келтіріп. Алданар бірақ пендесің, Арбаса тірлік көз тігіп. Сыбызғы тарттым саз үнді, Самарқау кешті ұйытып. Сұлулар мені сағынды, Сағынбай кетсем ұмытып. Жамылып жанат ішігін, Құбылып жатса қыз-ғұмыр, Жағырттым ойдың ұшығын, Шоғында шабыт қызды жыр.

Балқыттым болат тасымды, Гулетіп күйдің көрігін. Көңілім сүттей тасынды, Тарқатып кірбің көбігін. Құмармын әнге әуелден, Құярмын әсем наз үнді. Ұқтырам ерке әуенмен Өмірге өкпе-назымды.

ЖАУЫН ЖУСА ЖҮРЕГІМДІ Ала бұлттан аспаным ашылғанда, Мына әлемге алтын нұр шашылғанда, Асқарыма алтын нұр асылғанда Асыл арман ешкімге бас ұрған ба! Көктемімді көздеймін жолға қарап, Жүйрік пенен мінсем деп жорға қалап. Менің күнім күркірер кез болар ма, Жауқазынын жота мен жонға қадап. Жай отына жанып ап жігерімді, Жалынға сап жүруші ем жиі өзімді, Найзағайым тағы да найза сілтеп, Қуанышым төгілер көл-көсір боп, Құрбым мені әкетер көлге сүйреп, Пәк күлкіден шашамын меруерт-моншақ, Қабақ шыта ешбір жан көрмесін деп. Бұрымына қыздардың гүл өрейін, Жігіттердің жанын жыр егейін. Алабұртқан әкелші аспаныңды, Нөсерлетіп, селдетіп жіберейін.

  • * Емшек емер бала емен, Тартып міндім ат жалын. Найза сабы – қара емен, Қарпып ұстар шақтамын. Семсерімнің жүзінен Сүймесе де ай менің, Тұлпарымның ізінен Тіксінеді әлдекім!

ЖОЛ Аттанбай бір сапарға тұрар ма адам, Жол жатыр, міне, алдымда бұраңдаған. Осынау бұлтаңы көп, бітпес жолда Жігіт пе ат басын ап жүре алмаған?! Көп шығар көргенімнен көрмегенім, Асығып алғы күнге мен келемін. Тасырқап табанынан қалмаса екен Әйтеуір «Көңіл» деген көк дөненім. Арнасы арманымның толы ағынға, Күйіп күнге, суыққа тоңамын да. Түбі мен жақсымен де, жаманмен де Тоғысам тоғыз жолдың торабында. Тарылтып жол азабы тынысымды, Сен рет көңілімнің қыры сынды. Бірақ мен келем әлі талпынумен, Тірлікте тындырсам деп бір ісімді. 3-262

КЕЛ, ЖЫЛЫМ! Кел, жылым, керуенімді басқартамын, Жаңғыртып дәуірімнің асқар тауын. Алдыңа қуаныштан шашу шашам, Жаюлы менің миллиард – дастарқаным, Қарттарға қоржыныңды ақтартамын, Жастарға саған қызмет атқартамын. Жыр болып көкейіме ұяла, сыр, Жасайық тағы да той ұлан-асыр. Кел, жылым, бақыттан тост көтерейік, Алдыда арман атты мұнара тұр. Бекіген бұғанасы бұла ғасыр, Асырсаң биігіңнен бір-ақ асыр! Жақсылық жарым жолға түнеген бе, Құлағын қиырдағы түрер ел де. Мызғымас менің алтын босағама Ат басын жомарт жылым тірегенде, Бауларым, байғазы бер тілегенге, Тауларым, қол соғыңдар түрегел де.

БАЛА ЕДІМ... Бала едім кеше ғана сасыр мінген, Жосылтып жалаңаяқ жасыл қырмен. Жігіттік жайлауында енді, міне, Оңаша отау тігіп жатырмын мен. Басымнан ұшпайтындай бақ-дүние, Ризамын баянды өткен бар күніме. Шағымда шаршы топта бір шапсам-ау, Жүйріктей келіп алып зар күйіме. Бұйырар қайда болсын бір сыбағам, Жастығым – жан серігім жүрсін аман. Барады сағыныштан қаным кеуіп, Өртеніп от өзегім жырсыраған. Жанымның бұлт тұмшалап жал-құздарын, Көңілдің көшін арттым жалғыз-жарым. Толассыз төгіп өтші, көк нөсерім, Желкілдеп желге ойнасын жалбыздарым. Сәбидей бесігінде ерте күлген, Өзегін сезімдердің өртедім мен. Ай нұры, қонақта кеп қабағыма, Арулар ақ жүзінен мөр төгілген.

Арманға адам қашан қылар нысап, Арқаға айлар қамшы ұрар қысап. Шығады даусы қайдан шаттығымның, Шулаған шың басында ұлар құсап? Қайрамай қайратымды намысым құр, Аударып, асау өзен ағысын бұр. Шайқасып қиындықтар меніменен, Шыдасаң, шынарымды тағы сындыр. Қиыс сап құшақтасқан дос арасын, Қияда құйысқаным босамасын. Құр аттай қырларымда құйындатам, Құлатпай қызығымның босағасын.

  • * Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің, Енді маған мойныңды бұр, күндерім. Шалдықтырмас жанымда кәусарым бар, Шаң жұқтырмас шашама бұл бір кезім, Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің. Ығыстырмас көп енді сеңдер мені, Сезімімнің жетті ғой сенделгені. Жатыр қазір түгел боп төрт түлігім, Қызуы мол күндерім, сен келгелі, Сен келгелі соққан жоқ сеңдер мені. Қарауылдап басынан дәуір-заңғар, Қаршыға-ойлар, қияда дамылдаңдар. Қызыққандар құлпырған қызылыма, Құбыладан соғатын дауылды аңғар, Дауылды аңғар басынан дәуір-заңғар. Көбең болсам, көпірме қауым сындар, Келер болсам көмбеге қаным тулар. Қайсыбірін айтайын, қайран уақыт, Қанатымнан үзілген қауырсын бар, Қауырсындар қатпаса қауым сындар.

Қазы күндер, қақ жарар қара қылды, Қабағыма қой менің қарауыңды. Қанжығама бөктер де байғазыңды, Қазынамнан алып қал қалауыңды, Қазы күндер, қақ жарар қара қылды. Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің, Енді маған бетіңді бұр, күндерім. Бестілерді бәйге алар жұма сайын Белдеуімде байлаған бұл бір кезім, Көкірегім – бақ, жүрегім – бұлбұл менің.

АЙДЫН КӨЛІМ, АЙТСАЙШЫ... Айдын көлім, жел желпіген ақ жібектей ару көлім, Толқыныңды толқын болып сүюші еді жаным менің. Естен кетпес шаттығыңа шақырғандай бетің шалқып, Менің аппақ аяулымдай жатырсың сәл езу тартып. Айдын көлім, айқара аштың құшағыңды лағыл нұрға, Әлде сен де сайрандаған шағалаңды сағындың ба?! Айдын көлім, сенің айдай айдыныңды айна көріп, Талай рет қос көлеңке тереңіңе бойлап едік. Сен де сонда сүйіктімді аймалап ең, аялап ең, Уа, армысың, айдын көлім, тағы жеттім жағаңа мен. Қазір саған жаяу келдім, жалғыз келдім, сөкпе мені, Сәулем сонау аққуыңмен бірге ұшып кеткен еді. Айдын көлім, айтшы өзің, бауыр басты олар қайда, Бәлкім, бір сәт сағынышын есіне алып оралмай ма?..

«ҚОЗЫБАҚ» САЗЫ Бір күй кетті сахнада күмбірлеп, Бара жатыр жүректегі мұңды үрлеп. Күй әуені қайрады да жігерді, Қайта зарын төгіп-төгіп жіберді. Ақ табаны қара тасқа тілініп, Аттады, әне, бала Құрман тіріліп. Құйылады қозы суға жамырап, Күмбірледі домбыра да қағып ап. Қутыңдады көз алдымда қозы-лақ, Сыңқылдады құлағыма «Қозыбақ».

  • * Кел, достар, кел, үйіме жиылыңдар, Сендер мені әйтеуір ұғыныңдар. Маздап жанған бұйығы жан отыма, Тосырқамай, тоңсаңдар жылыныңдар, Сендер мені әйтеуір ұғыныңдар. Шерім болса кеудемде тарқатыңдар, Сағыныш күйін тек сендер – тартатындар. Жүрегімнің Сарыарқа жайлауынан Жүйрік мініп, жосылтып қайтасыңдар, Шерім болса кеудемде тарқатыңдар. Өздеріңе өзгеше таныс үнмен, Сендерді іздеп жаңғыртам тау ішін мен. Арманымның ақбозы астымдағы Арындап ауыздықпен алысумен, Сендерді іздеп жаңғыртам тау ішін мен. Сендер келсең, көл болып дастарқаным, Ақ пейілден алдыңа бас тартамын. Ашып тастап айқара есігімді, Бар билікті бәріңе басқартамын, Ақ пейілден алдыңа бас тартамын.

Жаралғанмын мінезім жылқы сынды, Жақтырмаймын жай жүріп жұлқысуды. Бара жатсам нақақтан айырыңдар, Жала жапсам жыртпаңдар жыртысымды, Жаралғанмын мінезім жылқы сынды. Кел, достар, кел, үйіме жиылыңдар, Сендер мені әйтеуір ұғыныңдар. Маздап жанған бұйығы жан отыма, Түгелің кеп, тоңсаңдар жылыныңдар, Кел, достар, кел, үйіме жиылыңдар!

  • * Бұл уақыт өтіп жатыр тізбектеліп, Түйінін тіршіліктің іздеп келіп. Батысыма арайлы ай боп батып, Шығысымнан шырайлы күн боп келіп. Бұл уақыт күн мен түнді тең өсіріп, Жатады ғасырлардан белес үйіп. Адамға қарызданып, кейде адамды Кетеді қайта өзіне бересі ғып.
  • * Сезімім жанымды толқытса беймаза, Серпілем ойыма жеңдіріп. Қиялым – көлігім, көңілім – кең дала, Келемін суыт жол жүріп. Жолаушы жайым бар, бет алдым – түу алыс, Сапарды жөргектен бастадым. Жаныма жұбаныш – бақыт пен қуаныш, Жыл-жолды артыма тастадым.
  • * Суығыңа тоңбас ем, Жүрегіңді куә ғып. Күтпесің бар, сонда сен Неге қалдың мұңайып?! Асқар тау сап араға, Жат құшақтан жол таптық. Жазылмайтын жараңа Кеттің мені ортақ қып. Өксігімді басуға Жан емеспін тіленер. Өзің жаққан басында Өз отыңа күйе бер.
  • * Жұлқынып жүйрік сынды кермедегі, Жүрегім жетеледі өрге мені. Көрінген қиуадан кер маралым, Қай күні қамшы салым кез келеді? Жаз шықса тізгінімді желге берем, Жасанған жайлауыма мен жөнелем. Тарқатып талайғы бір құмарымды, Тасындай диірменнің дөңгеленем. Тоғысып, тізгін бермей бар бұлағым, Алыста әсем саз боп жаңғырамын. Көк аспан көкірегінен сыр тыңдаймын, Жастыққа тимей түнде жар құлағым. Көрінген көктей өтіп көк белдерден, Кезігем қызуы мол көктемдермен. Арманның аққуы боп алысқа ұшам, Арқалап үміттерді өткелдерден. Жалында жүйткуменен сәйгүліктің, Жанында жарқылдадым сал жігіттің. Бесігін тербетумен тентек ойдың, Көзінен өттім ойып сан жүзіктің.

Құйғытса қырларымда құлан-ойлар, Мен оны құмартумен қуам айлар. Құйса екен күркіреген өзендерге Бұлқынған кеудемдегі бұла қайнар.

  • *

Қоштасады күндер қолын бұлғаған, Көңілін бір сәт кімдер кейін бұрмаған? Сенің де, айнам, алма жүзің солыпты-ау Сонау жылғы маған сонша бұлдаған. Қоштасады күндер қолын бұлғаған. Онда сенің бойың толған бұлалық, Билеуші едің бал бұлақтай бұралып. Асау тайдай түспеуші едің бұлқынып, Бозбалалар тастағанда бұғалық. Онда сенің бойың толған бұлалық. Онда сенің қара көзің мойылдай, Айналаңа қараушы едің тойынбай. Дүниенің татушы едің шәрбатын, Таңдайың да тәттіліктен ойылмай. Онда сенің қара көзің мойылдай. Енді ол күн жоқ, шырқағанмен ән шығын, Уға айналды ләззат деген бал-шырын. Сен әуелден ақтарғанмен барыңды, Өмір саған ақтармапты бар шынын. Енді ол күн жоқ, шырқағанмен ән шығын.

Көкірегіңде құмыр бұлбұл сайрасын, Қадірі не арманға ақау салғасын? Сәулем, маған қарама енді сұқтана, Бізбен жастық жасап болған саудасын, Көкірегіңде құмыр бұлбұл сайрасын. Қоштасады күндер қолын бұлғаған, Мойнын бір сәт кімдер кейін бұрмаған? Нұры тамған жүзің қайда, сәулем-ау, Сонау жылғы маған сонша бұлдаған? Қоштасады күндер қолын бұлғаған. 4-262

  • * Сәулем, неге теріс қарап отырдың, Жүрегіңнің өшірді екен отын кім? Бұрынғыдан алшақ тартып арамыз, Бұйығы бір күйге түсіп барамыз. Бозарғандай бақтар үнсіз, гүл өңсіз, Жапырақтар да жабырқайды реңсіз. Талдар бізге назар салып қарамай, Желпінбейді желік басты қарағай. Мына дүние мұңға батып соншалық, Айналамыз тынып қапты томсарып. Көз жасыңды көл ғып кенет жыласаң, Маған ауыр тиер еді-ау орасан. Онан-дағы өрт боп жансаң сен егер, Дауыл болып соғамын мен, сене бер!
  • * Көңіліңе түсіп боқырау, Жүдетсе желі сан жылдың, Әніме менің осынау Жұбанып, сонда сал, құрбым. Қурамай жасыл гүл бақтар, Шыланбай жасқа мөлдір көз, Кеудеңнен кәусар бұлақтар Аққанда маған болдың кез. Кез болдың, сәулем, сен маған Қарлығаш қасты көктемде. Алмадай жүзің солмаған, Айнаға нұрын төккенде. Бұлаңдап бота қос бұрым, Төсіңе қызыл гүл қадап, Жолықтың маған кешқұрым, Жатқанда мүлгіп күллі алап. Пердесін бұлттар түргенде, Көркіңе сұлу көл тынып, Кез болдың айсыз түндерде Кеудемді нұрға толтырып.

Жарқылдап алмас жүзіндей, Жауын ап талай көздердің, Жүрегің алғаш жүзімдей Дір еткен шақта кез келдің. Көргендей болдым түсімде, Жапырақтар жапты өңіңді. Жайқалған орман ішінде Жоғалтып алдым өзіңді... Жүрмісің жаттың бағына Айналып қонып әлде сен? Өзіңді, сәулем, сағына Қоңырқай кеште әндетем.

ТАРБАҒАТАЙҒА Жасырын жүрген бір мұңға Жалындап барып батайын. Өзгеше еді-ау бұлтың да, Туған жер – Тарбағатайым. Жеткізіп көкке төбемді, Талыңнан таңдап ат міндім. Кінәсіз сәби денемді Суыңа мөлдір лақтырдым. Кетсем бір ойға көміліп, Сағыныш-самал тербейді. Ақ басты таулар көрініп, Құшағын жайып, кел дейді. Сырына қанбай шың-құздың, Аңсаймын алыс қияннан. Арманнан арман туғыздың, Ұшып ем ыстық ұяңнан.

  • * Көктем келді тағы да дала гүлдеп, Көкжиекке қиыла қарадым кеп. Сан құбылған сағымдар арасынан Үміттенем өзіңді табамын деп. Көктем келді тағы да дала гүлдеп. Қайда сол бір кінәсіз пәк реңің, Өзегімді өртеген жалын едің. Қою түн боп кетіп ең көз жаздырып, Таң боп кірдің кеудеме тағы менің. Қайда сол бір кінәсіз пәк реңің?!

ЕСКЕ АЛУ Көк торғын сонау тоғайға Кетуші ек терең көміліп. Аунаушы ек еркін көгалда, Бұрымдай бірге өріліп. Теректер, талдар сол шақта Тұратын еді сызданып. Алушы ем сені құшаққа, Бәрінен соның қызғанып. Сәулесін судай сіміріп, Сүйгіздік беттен ақ айға. Ару таң атса сызылып, Алақан тостық арайға. Тәтті еді-ау сол бір бал түндер, Жұлдыздар маздап жанатын. Аймалап ескен салқын жел Ән болып қанат қағатын. Еске алдым, сәулем, сағына, Жандар жүр онда кіл бөтен. Көк торғын тоғай тағы да Асыға күтіп тұр ма екен?!.

  • * Сезім мен төзім арбасып, Санаға салды ой бұғау. Кетсе де жылдар алмасып, Көкейден кетпей қойдың-ау. Сағынған шақта сенделіп, Сезеді басқа кім мұны? Ұйқыда жатсам сен келіп, Оятармысың бір күні?!

КӨРДІМ СЕНІ ТҮСІМДЕ Сүйген сәулем, көрдім сені түсімде, Тұр екенсің қызыл жалын ішінде. Маған қарап қабағыңды сәл шыттың, Әлденеге өкпелеген пішінде. Сүйген сәулем, көрдім сені түсімде. Жадау тартқан жүзің қайта жаңарып, Көркің қалды жанарымда қамалып. Мен білмейтін бір бағытқа тарттың сен, Қара көзің қара жолға қадалып. Көркің қалды жанарымда қамалып. Қағып едің туған айдай қасыңды, Алдыңа кеп меруерт моншақ шашылды. Гүл-гүл жайнап шыға келді дүние, Алабұртқан аспан шайдай ашылды. Алдыңа кеп меруерт моншақ шашылды. Сүйген сәулем, көрдім сені түсімде, Тұр екенсің қызыл жалын ішінде. Жалт қарадың қабағыңнан күн күліп, Сонан кейін айналдың тас мүсінге. Сүйген сәулем, көрдім сені түсімде.

  • * Сәукеле тағып аспаның, Жұлдызың жамырағанда, Құпия сезім астарын Ашпағын, жаным, адамға. Уақыттан қашан озды адам, Тартады жылдар тереңге. Ақ бота бұлттар боздаған, Айналып жүрсе төбеңде: Тіле сен көктен ақ жаңбыр, Сағыныш сазы тозбасын. Тереңде бұғып қалған бір Толқындарыңды қозғасын. Бастаудың жұттың мөлдірін, Мөлдіреп өзің тұрардай. Алыстау кеттім мен бүгін, Артыма мойын бұра алмай. Қарайлап қайтқан жыл құсын, Ән салып тауды жаңғыртып, Жолымды күтіп жүрмісің, Тербеліп талдай жалғыз түп?!
  • * ...Сен едің кеше шолжың қыз, Ащының дәмін татпаған. Төбеңде жайнап шоқ жұлдыз, Төсекте тыным таппаған. Елігіп өстің ертерек, Елестің қанбай сырына. Әзәзіл сезім ентелеп, Кеудеңе кірді сұғына... Босаңсып белі шыдамның, Базарың тозып тарқады. Шаттықтан енді шығар мұң, Бақытың бейнет тартады. Таусылса бойдан бар дәрмен – Тағдырың тартқан сыбаға. Басыңнан тайса бал дәурен, Басқадан сауға сұрама. Бұлама көздің жасын құр, Булығып асау ой ағар. Мазасыз мұңды жасыр бұл, Махаббат шошып оянар.
  • * Тайжақы киген жоқ едім, Тастадым тайға бұғалық. Бозбалалықты жебедім, Бойымды билеп бұлалық. Қызықтан қымыз сапырдым, Күлкіні қылмас кісі ермек. Қорқыныштарға сапы ұрдым, Күдік біткенді кісендеп. Бораным соқса қарсыдан, Қиялдың кидім күпісін. Көңілім талай қаңсыған, Ұрлатып үміт-үкісін. Өкінсем содан опық жеп, Кенімді кейде қаза алмай, Көріктей кеудем от үрлеп, Қайнады ішім қазандай. Жігердің тіктім байрағын, Жүрегім тулар күн бүгін. Өлеңнен семсер байладым, Өнердің кесіп кіндігін.

САНЫНА САДАҚ ІЛДІРМЕЙ Санына садақ ілдірмей, Сағым боп ақты күндерім. Сақтадым сабыр білдірмей, Сырымды ұғар кім менің?! Жарқылдап түссе жай қырға, Жарыса жастан жырладым. Арқамды тостым жаңбырға, Алмаққа содан бір жалын. Тілініп төзім табаны, Болдырттым атын ақ таңның. Бал үміт – рахат табағы, Таулардың қойнын ақтардым. Үзілген жұлдыз түймесін Іздедім иірім түбінен. Қиялға кезек тигесін, Қиянда кездім түнімен. Шаттықтан тігіп шатырды, Алмадым көздің шырымын. Алқызыл гүлдер шақырды, Алдыма тосып шырынын.

Аққуға алқа тақтым да, Айдынды әнмен желпідім. Жаһаннан жаннат таптым да, Жел болып шолдым жер түбін. Табиғат көркі арбады, Сұлулық – семсер тіл кесер. Таусылса адам арманы, Тірліктің өзі құр бекер...

ТҮН Тоңмойын түндер тобарсып, Түгінен тұлпар тер үгер. Табағына айдың толған сүт Аспаннан жерге төгілер. Кейпіне түннің таңдандым, Айлы аспан алауытады. Тәкаппар тұрқы таулардың Тап-таяу қарауытады. Ұйқыға өлке шым батып, Бұйыға түсті шырын бақ. Құлағын түннің шулатып, Шегіртке жатыр шырылдап. Күйттеп күйкі тірлігін, Шертеді байғыз мұң күйді. Тұмшалап түгел түңлігін, Аулақта ауыл мүлгиді. Сөнбеген шамы сан үйдің, Ошақта шоғы қоздайды. Бүлк ете түскен сәбидің Бесігін ана қозғайды.

Өмірде мынау аз ғана Қызыққа ешкім тоймайды. Бақытты, шіркін, бозбала, Базарын түннің тойлайды. Әлемді әсем ән билеп, Ардақтап әуен ғұзырын, Алып түн қақты әлдилеп, Адамның асыл ғұмырын. Құнымды менің түсірме, Үйретпе, өмір, сараң ғып. Арбасар түннің ішінде Жақсылық пенен жамандық. Пендеге тағы ертесін, Алладан басқа кім ие? Ауырлап түннің көрпесін, Аунақшып жатыр дүние. Өрт салып көңіл нуына, Тоңғанға, өмір, жылу бер. Арқасын күннің нұрына Аударып тосар жұмыр жер.

ТАУҒА ҚАРАЙ КӨШТІ БҰЛТ Тауға қарай көшті бұлт, Тазартып аспан айнасын. Қоюлай түсті кешкі ымырт, Керді де көкте ай қасын. Сыңғырлап күміс сырғасы, Сыңсиды баяу тал-қайың. Құрбақа – кештің сырласы, Таңдана қақты таңдайын. Ауылдың маңы жадырап, Жаннатқа кешкі енесің. Қозы-лақ тапты жамырап, Өрістен қайтқан енесін. Желіден босап жас құлын, Желпіне шапты ойнақтай. Жалындай шықты жастық үн Ернінен қыздың оймақтай. Қарайып қырат-белдерге Қаптады қалың жылқылар. Елеңдеп құр ат белдеуде, Үйірін іздеп жұлқынар. 5-262 Көрінбей күрең кереге, Көлеңке тартып үй тұрды. Алыстан қонақ келе ме, Абалап, әне, ит үрді. 1973-1974

ТАБЫЛМАЙ... Табылмай жүрек дауасы, Күн болмай құмар бір қанар, Жанымның шалқар даласы Жамылған шақта ұлпа қар, Мөлтілдеп көздің шарасы, Сезімге бөлеп сырлы өлең, Үміттің сырғыр шанасы, Арманның аты сүйреген.

БАРАДЫ БАППЕН АЯҢДАП Барады баппен аяңдап, Төбемнен алтын ай аунап. Үркерім түсті жамбасқа, Жұлдызым сөнді баяулап. Дауылсыз дала тұншығар, Дауылды тілеп тұр шынар. Бұзылмай қалың қаймағы, Қашанға дейін түн шыдар? Ұйқыны артық мін көріп, Оятар тағы күн келіп. Бұйығып біраз қалғандай, Бұлақтар тілі күрмеліп. Серуендеп бұлттар тым жырақ, Жай тауып жаны, тынды бақ. Демдерін тартып ішіне, Мызғиды таулар тұнжырап. Жел соқса желпіп өтердей, Жаңғырып дүние кетердей. Жер жатыр жақсы түс көріп, Жастықтан басын көтермей.

  • * Арғымаққа мініп көр, Басылмаса аптығың. Маңдайыңнан суық тер Тамшыласа – жақсы ырым. Боларсың сен, бауырым, Құйынменен барабар. Жазылмаса бауырың, Жазылтатын дала бар.
  • * Жабырқасаң орман жаққа жалғыз бар, Жалын атып жүрген шығар бал қыздар. Гүлдер саған қағып нәзік қабағын, Көз алдыңда билер балғын жалбыздар. Ойнар онда елегізіп ерке елік, Қайғысыз күн қызуына өртеніп. Өзге дүние қызығына құмартпай, Сен де соның елесіне ер сеніп. Өкінбес ең өмірге сен сонда түк, Өзегіңде жатса-дағы сор қатып. Ауыр ойдан арылған бір сәтіңді Маңдайыңа сыйғыза алсаң, сол – бақыт. Көтермесең, көңіліңе кір сіңер, Көшерде сең көгіңде күн күркірер. Кірпігіңнен кінәсіз жас тамызсаң, Көк орманның көкірегі де күрсінер. Жапырақтар жалықпастан жырлайды, Жүйрік жылдар талықпастан зырлайды. Тізгінін сәл жиғанмен де жастығың, Уақыт, шіркін, әсте айылын жимайды.
  • * Жалындап туған жігітті Жақсының ісі жебемек. Арындап шыққан жүйрікті Аяқтан шалып не керек? Аталық ақыл айтылса, Құлықты көңіл түйсінер. Алдыңнан ашық ай туса, Көңілің неге күрсінер? Шығатын жанға жоқ таса, Жалғызға қамқор көп шығар. Жай оғы келіп соқпаса, Теңселе қоймас көк шынар. Қырандар егер күні үшін Түседі десек майданға – Үзілмей жүрген үмітің Тиеді тас боп маңдайға. Көңілге көк мұз қатпасын, Көгіңде бұрқап қар ұшар. Ашып қой жүрек қақпасын, Махаббат-достық қауышар.

ӘСЕТ АҚЫНҒА Жат жерде жалқы жанның аһ ұрғаны, Ауыр ғой мұңлы ақынның ақырғы әні. Мерт болу мүмкін шығар, Мүмкін емес Тағдырға таланттың кеп бас ұрмағы. Ер басын ел жолына атаған жан, Әннен – әл, жырдан – қанат жасап алған. Сонда да қиырдағы қызыл от боп, Ақынға жеткізбепті асау арман. «Қасықтай қайран тілін балға малып», Өтіпті-ау күңіреніп қайран алып. Қалайша жатыр екен, ой, дүние-ай, Қарға адым қара жерге ән қамалып?!

ӘСЕТТІҢ ІШКІ ӘУЕНІ

Кетпей қойды-ау бір әуен көкейімнен, Дала кезіп, дал ұрып кетейін мен. Құба жонды қырлардан әрі асайын, Ойпаңдарда, орманда адасайын. Шығар екем қай тарап, қай түкпірден, Келем бе әлде еліме қайтып бірден? Жоқ, болмаса жоғалып сол бетіммен, Шиырлаумен өтем бе жер бетін кең? Бәлкім, бірде кеселдің қырсығынан, Кезбе басым қиылса қыршынынан, Ботасы өлген інгендей боздар анам, Көзін алмай момақан боз даладан. Қайран әкем қайырылып қанатынан, Басар ашық аспанын қара тұман. Тартып сосын қайғыдан үміт алшақ, Жетер жылжып мені де ұмытар шақ. Жарым-дағы жерінер төсегінен, Махаббатқа ораған кешегі мен. Жанның бәрі жолымнан күдер үзер, Күңіренген күн қайтадан күле кірер. Бұзбас, сірә, бұл өмір өз арнасын, Еш ғұмырдың білген соң оза алмасын. Тек тауларым қалғымас ұлар ұшқан, Оралғанша қаңғыбас ұлы алыстан.

Ормандарым тарқатып қос бұрымын, Ойлар бір сәт ыңылдап кешкіғұрым. Өзендерім алқына іздеп мені, Білінбесе жаз өтіп, күз жеткені, Туған далам, ойпыр-ау, кешіре гөр, Мен емеспін елестің көшіне ерер. Кезім болса өзіңнен жырақ кетер, Өлді деме балаңды жылап бекер. Қош айтыссам мәңгіге мен сенімен, Қиылды де уақыттың семсерінен!..

  • * Ұят шарпып бетімді, Арым қалай көз ілмек? Ауа райы секілді Ала-құла кезім көп. Кейде менен безінді ой, Бұлт бүркеніп қабағым. Кейде қайың безіндей Безерем де қаламын. Ашам ашу майданын, Кейде ақылды ұғынбай. Кейде тіпті майдамын Ақ бидайдың ұнындай. Көңіліме қаз қонып, Кірпігіме жаз қонып, Жүрегіме наз қонып, Кейде жүрем мәз болып. Дегенмен де... кей кезде Өзіме өзім нанбаймын. Құйын ойнап кеудемде, Аспанға ұша жаздаймын.
  • * Ойлар, ойлар ортаға ап қамалады, Ойсыз жандар опық жеп қалады әлі. Көкірегімді қыздырып, жүрегіме Күннің қызыл кірпігі қадалады. Күн нұрымен өсімдік бой алады, Күн нұрымен күллі әлем боянады. Күнмен бірге батқандар тәтті ұйқыға Күнмен бірге күлімдеп оянады. Күн жазады құрысқан жер арқасын, Күн жалғайды үзілген жол ортасын. Күнің бітсе – біткені тынысыңның, Өзіңді де өзгені жоғалтасың. Қазір күнім тұрғанда тас төбемде, Тас боп қатса тағдырым жас төгем бе?.. Көңілімде қаз қонып, үйрек ұшар, Көктем иісі бұрқырап жас денемде.

АЛАЯҚҚА (Абай ізімен) Сол шіркін өзін қор деп санамайды, Дүниеге түзу көзбен қарамайды. Отырар ала қойды бөле қырқып, Аядай ауыл-үйді алалайды. Жерлесшіл-ақ, жікшіл-ақ, рушыл-ақ, Тыныш жүрмес, пыш-пыштап, жыбыршылап. Өндіргені жерде де, көкте де жоқ, Бірін сыбар, өзгенің бірін сынап. Мансаптыны маңайлап танысқыш-ақ, Жағаласып жақсымен алысқыш-ақ. Бірді алдап, бірді арбап, бірді қармап, Шылбырдан ап, тізгінге жабысқыш-ақ. Сөзі көпшіл келеді, ойы кекшіл, Саудасын жүргізуге тым-ақ епшіл. Диірменге тартсаң да бүтін шығар, Өсегі, есебі көп, әрекетшіл. Көлкектейді күштіге жалпылдап-ақ, Айтақтаса аянбай арсылдамақ.

Сәлем бермес сен түгіл әкесіне, Мансабы өссе, танытар салқын қабақ. Болмаса да бойында бір өнері, Жерді тесіп кетердей шіренеді. Алдыңды орап, ор қазар алаяқтың, Қу ермесе, қасына кім ереді?..

  • * Қызыл шоқтай жанып тудым, Жалындап бір қалайын. Жанарымды жарық күннің Жанарына қадайын. Жанайыншы күндей лаулап, Кірпігімнен тамсын нұр. Көлеңкелер бұқпантайлап, Көңілім жайнап қалсын бір.

ӨТЕДІ КҮНДЕР Өтеді күндер, соғады сағат, Қанатты көңілім таппайды тағат. Қол бұлғап бізден алыстау кетті, Балалық шақтың базары тарап. Қараймын күн сап артыма бір сәт, Бұрылуға өмір бермейді мұрсат. Тау менен тасым жаңғырды бұл шақ, Төбемнен төгіп жаңбырлы бұршақ. Дәулетім-мүлкім – дидарлы күлкім, Дәуренім дүркін, өтерсің бір күн. Құмарың салып, қусаң да талып, Жез қанат жылдар жеткізбес, шіркін! Жастықтың туы желбіреп қолда, Астымда жорға, жорттым ғой жонда. Түстім де кеттім бір соқпақ жолға, Үңілдім сонда оң менен солға. Таныдым көпті, таптым көп досты, Жақсымен жылдар жолымды қосты. Тұрамын таңда, шығамын тауға, Шырынын уақыт алдыма тосты.

Тұрғанда тасып бойымда қайрат, Жігердің жүзін намысқа қайрап, Жеріме жаннат айтатын ғайбат Жауыма қайнап, шегемін айбат. Өтеді күндер, қаламын қайран, Өседі гүлдер, саламын сайран. Жұлқынып тұрған жүйрігім менің, Қолдан бір шықсаң, табамын қайдан?!

ТІЛЕК Тауларым менің еңсесі түсіп көрмеген, Бауларым менің сарғайып әсте сембеген. Көкала қырда көсіле жатып ән шырқап, Кең жазирама көз жіберемін көлбеген. Ырыс пен бақыт басыма менің оралып, Жылдарым жетер өз еншілерін мол алып. Орманым менің жабырқап бір сәт көрген жоқ, Жайқалған жасыл жапырақтарынан тоналып. Ғұмырым менің – құлпырып тұрған бір емен, Көктемдер сайын сілкініп қайта түлеген. Өтінде желдің, шетінде көлдің тербелер, Бұтақтарына жыл құстары кеп түнеген. Жастығым менің, жаңылма жүрер жолыңнан, Ақтүтек боран соқса да оң мен солыңнан. Қонады қайда, түседі неге – белгісіз, Қаршығам кетті тіленіп ұшып қолымнан. Сағатын соғып күн менен түнім алмасар, Жүктерім көп қой көтеріп әлі алға асар. Қоңырқай күз кеп, көңілдің қырын қар басар, Шақ туар қайта жаңбырлы жазбен жалғасар.

ЕЛЕГІЗУ Мезгіл бәрін, бәрін де ойлатады, Толғантады, тереңге бойлатады. Ренішін көлденең тартып бірде, Қуанышын біресе тойлатады. Елес болып жарқын жүз, асыл көрік, Кетті қанша ғұмырды ғасыр көміп. Шыңырауына тарихтың қарап тұрсаң, Өз-өзінен айналар басың зеңіп. Күл боп жанып үмітің, мақсатың да, Сезінесің қалғандай тап-тақырда. Отырасың өзіңе өзің сенбей, Кететіндей айналып қақпақылға. Бергеніңді байқамай үрейге ерік, Дал боласың... Бір ойды бір ой жеңіп. Сені қойып... Осынау дүниені Сілкілердей ғаламат дүлей келіп. Тозаң болып қара жер ұшатындай, Ұшатындай, қазір қан құсатындай.

Сол мезетте... Сұмдық-ай! Өзің-дағы Әрең-әрең қаласың ұсатылмай. Көңілің жасып пышақтай жүзі кеткен, Бетпе-бет кеп қалғанда қызыл отпен, Селк етесің шыбынның дауысынан Құлағыңның түбінен ызың еткен. Желге ұшқандай серпіліп күдік-мұнар, Әлгі ойыңды табанда ұмыттырар. Айналаңа қарайсың... Ал табиғат Миығынан жай ғана күліп тұрар...

  • * Бола бермес үнемі көздегенің, Өмір әр кез істетер өз дегенін: Кенеп болып шығады – Қамқа десең, Жібек болып шығады – Бөз дегенің. Өкініп те, Көресің көпіріп те, Жетіліп те, Көресің кетіліп те. Көз алдыңда тұрғанға сенбейсің де, Бас шұлғисың қисынсыз өтірікке. Алды-артыңды осылай аңдай алмай, Өзіңді-өзің боласың алдағандай. Сенбегенің сенімді, Ал сенгенің Сатқын болып шығады әлдеқандай. Бүгілмеске Сондықтан бүгілесің, Үңілмеске Еріксіз үңілесің. Бірде қатып қаласың қасарысып,

Бірде бордай босайсың, Үгілесің... Жаныңа өстіп ауыр жүк бөктересің, Ыстықты да, суықты өткересің. Жаза басқан сәттерің еске түссе, Өзге түгіл, өзіңді жек көресің. Өкінішің – Өр болып ентіктірер. Қателігің – Ор болып мертіктірер. Адам жанын түсіну – қиямет қой, Қарбыз емес сыртынан шертіп білер!..

СҰРАҢДАР Қыздың сырын анасынан сұраңдар, Гүлдің сырын даласынан сұраңдар. Шалдың сырын баласынан сұраңдар, Балдың сырын арасынан сұраңдар. Жолдың сырын жолаушыдан сұраңдар, Тонның сырын бояушыдан сұраңдар. Аттың сырын арбасынан сұраңдар, Саптың сырын балғасынан сұраңдар. Өзен сырын арнасынан сұраңдар, Өрен сырын жолдасынан сұраңдар. Жаудың сырын біледі тек жауынгер, Таудың сырын біледі тек қырандар...

ЖАЗҒЫТҰРЫ І Суықтың сынып семсері, Саптама киген таусылды ай. Тоз-тозы шығып сеңсеңі, Таулар тұр тонын қаусырмай. Боз талдар бөркін сілкілеп, Қарайды көкке күн салып. Көз жасын төкті сіркіреп, Бошалап жеткен тұмса бұлт. Жадырай түсті жер кеңіп, Арналар сайдан су ұрттап. Суырып жатыр жел келіп, Қалдырмай қардан суыртпақ. Қаусаған шалдан бір аумай, Қыс көзін жұма түседі. Бусанып белдер бұлаудай, Қар суын қана ішеді.

ІІ Өртеніп қара да тұр, Тер төгіп дала жатыр. Қырларда көктем, әне, Құлын боп салады асыр. Ақ тонын тастап таулар, Гүл-жастық жастап баулар, Жарқырап тұр дүние, Сарқырап тас бастаулар. Қамалған сұрша күзден, Қапталып тұмса мұзбен, Лақтай тұра қашты Бұлақтар бұршақ үзген. Айдынын мөлдіретіп, Аунады көл дір етіп. Ормандар орамалын Ойнады желбіретіп. Көкектер үн қосады, Көк белдер ымдасады. Шопанның шаңырағы Шудасын шыңға асады. Қойнына көк егістің, Күн көзі төгеді ұшқын.

Айналып жыл құсына, Менің де келеді ұшқым. Бұлттарды бұлаң еткен Қоңыр жел қуады еппен. Терлеп тұр ағыл-тегіл, Бұрқырап бұла көктем. ІІІ Долданғанмен ақ боран алай-түлей бұрқаған, Жасыл шырша жасымас жастық әнін шырқаған. Сары аяздың саз беті сазарса да қаншама, Келер көктем, кетер қыс, озар өмір бір табан. Қырат-қырлар бусанып, жанар гүлдер жарқырап, Мұз құрсаудан босанып, ағар өзен сарқырап. Кең дүние түрленіп, тобылғылар бүрленіп, Орман билер басына көк орамал тартып ап. Таулар тұрар төсектен жамбасынан бір аунап, Дүрия көйлек кигенде мынау дала, мынау бақ. Жіпке тізген моншақтай тырна жетер тыраулап, Көктем қырға шыққанда құлыншағын құраулап.

ТАМЫРЛАР О, тамырлар! Тереңдерге тармақ-тармақ жол салып, Тереңдерден салмақ тартып соншалық, Балбыратып Жер-ананың денесін, Бар мәйегін, Бар уызын емесің. Қақыратып топырақтың көбесін, Өркен жайып өнесің! Құдіретіңе пар келмейді сендердің Жұлқынысы Таулардағы селдердің, Бұлқынысы Теңіздегі сеңдердің. Қылдан нәзік талшықтардың бойынан Ұлан-ғайыр ұлы күшті мен көрдім! Тұңғиықта бұғып жатқан тамырлар, Сендердегі тебіреніске таңым бар. Балқытатын, Шалқытатын жер бетін, Бойларыңда лапылдаған жалын бар.

Тәлкегіне көніп қилы тағдырдың, Аптаптарда өзегіңді талдырдың. Еріндерің кеберсіді шөліркеп, Таңдай тосып көз жасына жаңбырдың. Ей, тамырлар! Тарамыстай тармағың Көтеріп тұр миллион жылдар салмағын. Сенің балғын сабағыңа не жетсін Тіршіліктің бойға жиған бар нәрін!.. Көктеп-өніп қаншама үміт, қанша арман, Көктем сайын күн нұрына тамсанған, Сендер жайлы жатқандай бір жыр толғап, Көк ормандар күндіз-түні ән салған. О, тамырлар! Тереңдерде жатып-ақ, Байқайсыңдар дүниені бақылап. Байқай алмас айналасын кей кезде Жел тербеген, Селтеңдеген жапырақ... Жалт-жұлт етіп жүзінде ойнап нұр жалын, Жасыл бұтақ сызылтатын сырлы әнін, Анда-санда есіне алса болғаны Тамырлардан өсіп-өніп тұрғанын...

  • * Есер басым елден безіп, елесті құр іздесем, Туған далам, сірә менен күдеріңді үзбе сен. Қиыр кезіп жүргенімде жасқа толып жанарым, Аруанадай аспан кезген ақ бұлтыңмен жүздесем. Шартараптан шақырғанда шамын жағып сан үміт, Елегізер менің жаным шырқау көкті сағынып. Өмір бақи қаталаумен, құмарым бір қанбастан, Сапарларда шалдығармын салбуырын боп сабылып. Кім бар сонда алабұртсам көңілімді ұғынар, Ұясынан алыс ұшса торғайдың да мұңы бар. Тепкіш жүрек тынғанынша тоят таппай дүниеден, Бал тірліктің базары мен қызығына құнығар. Шынымен-ақ елден кетсем жел айдаған қаңбақтай, Бұйырмай-ақ қойсын бақыт маңдайыма бармақтай. Тым болмаса жырымменен алдандырып өтермін, Жалқы жүрек сағыныштан жарылса да жаңғақтай.

ОЙҒА БАТЫП... Білем де тірліктің бір тоқырарын, Опынып ойға батып отырамын; Қойылар қандай күйде құлпытасым, Бұйырар қай қиырдан топырағым? Туған жер, қол ұшын бер сонда маған, Батпасын десең егер сорға балаң. Қайырың көпке тиген қадірлі едің, Табарсың бір қолғанат кең даладан. Құйыннан, не дауылдан жерді ораған, Бораннан, не жауыннан сорғалаған, Ұшқан құс, не жәндіктен жорғалаған Бір шымшым топырағыңды жолда маған...

  • * Көк дауылдар, қайдасыңдар, бермен кел, Тереңдегі толқынымды тербеңдер. Қалғымасын менің ояу көңілім, Сілкілеңдер, бір сәт тыным бермеңдер. Көк дауылдар, кел, жалыңнан ұстайын, Шарықтайын қанатты бір құстайын. Алай-түлей көкірегіңнен орын бер, Қажет болса, сонда мәңгі қыстайын. Оят менің орманымды сілкілеп, Жаңарайын жалт-жұлт етіп бір түлеп. Ауып кеткен бұлттарымды айдап кел, Жауайыншы ақ жаңбырдай сіркіреп. Күйдірсе де жалын шарпып, күн қақтап, Жүрегімді тербет менің құндақтап. Шырқалмаған бір құпия әнім бар, Көк дауылдар, сол әнімді тыңдап бақ! Менің жаным қуат алған жасыннан, Жаңбыр әнін тыңдап өстім жасымнан. Бірақ оған ұқсамайды бұл әнім, Көңілімнің түкпіріне жасырғам.

Сыбдырына елең етіп құрақтың, Әсем әнін тыңдап өстім бұлақтың. Менің әнім бірақ одан өзгеше, Бір шырқалса, шырқалады бір-ақ күн. Сан тыңдағам асқақ әнін боранның, Одан-дағы нәші бөлек ол әннің. Той думанда, болдым қызық кештерде, Бірақ оны айтпай үйге оралдым. Қанға сіңген ана сүті арқылы, Сол әнімді аялаймын әр күні. Сонда менің көкірегімнің күмбірі, Сонда менің жүрегімнің жарқылы. Көк дауылдар, қайратыңды ала кел, Қайда болсын қиыныңа сала бер. Менің әнім айналардай дауылға, Сол әнімді шырқай қалсам ал егер. Көк дауылдар, екіленіп өршелен, Өртті лаулат өзегімді өртеген. Сол бір әнім – бұғып жатқан дауылым, Түбінде бір соғарына мен сенем!

  • * Есептеспей есе бермес ай-күнмен, Сан сүрініп, табанымнан тайдым мен. Сонда есіме балалығым түседі Көктайғақта зырылдатып тай мінген. Тайдан талай омақаса құлап ем, Қиғылық сап, жер тепкілеп жылап ем. Тай ғана емес, тулап жығар тағдырдың Бар екенін сонда ұқпаппын мына мен. Сондықтан да өзіме өзім бекем боп, Сақтанамын құламасам екен деп. Кім біледі, қаламын ба бел аспай, Жүргенімде жер түбіне жетем деп? Ойхой, өмір, бұлтарысың көп сенің, Сараптадың, іріктедің, екшедің. Керегемді кең жайып бір жататын Көк шалғынды жазираны көкседім. Бір жығылып, келемін мен бір тұрып, Бір тасимын, қаламын бір іркіліп. Көкірегімде гүл атады көктемім, Жүрегімнің қызғалдағы құлпырып. 7-262

Алаңдатып ащы күдік, тәтті үміт, Тұрам таңға тереземді қақтырып, Тек жақсылық тілеуменен дүниеге, Достарыма тілеуменен сәттілік. Жанымды арман айдынына жүздіріп, Мен іздеймін жүректерден ізгілік. Түспесін деп пейілдерге бозқырау, Соқпасын деп көңілдерден ызғырық.

ЕМЕН Өркен жайған, еңсесі көк тіреген, Көктем сайын жапырағы түлеген, Жолаушылар көлеңкесін саялап, Жыл құстары бұтағына түнеген, Мекен етті долы өзеннің жиегін Ұзақ жылдар мейірімді бір емен. Қайсар еді, қайратты еді не деген, Не көрмеді ғұмырында сол емен?! Шыдап бақты сақылдаған аязға, Жонын тосты дауылдарға тебеген. Құлап барып... қайта бойын түзеді Жайдың оғы ұрғанда да төбеден. Таң атты да, шыр айналып батты күн, Өтті жылдар баса алмастан аптығын. Өзен шулап тойлады өз шаттығын, Ал еменнің өзегінде жатты мұң. Тентек өзен күні-түні ұрғылап, Бара жатты жарлауытты ұңғылап. Тамырларын толқын тістеп кемірді, Қайран емен қасарысып тұр бірақ.

Өмір-өлім қақтығысып, күресіп, Теңселеді толқындармен тіресіп. Тамырларын ұстап тұрған топырақ Тоз-тоз болды... ағынменен ілесіп. Қалмаған соң тамырында дәрмені, Қалтыратты дүлей толқын пәрмені. Құлады емен өкіріп кеп өзенге, Таусылды да тірлігінің бар демі. Түбірімен төңкерілген еменді Таудай толқын қағып ала жөнелді. Соқты апарып жағаға да, тасқа да, Мыңқ етпестен аға берді ол енді. Жапырағы сыбырласып желменен, Баяғыдай сыңсымайды енді емен. Қош айтысты ол ғұмырына өткерген, Қош айтысты ол күндеріне көрмеген. Күн нұрымен көріктеніп көк пен жер, Әлі талай келер жарқын көктемдер. Ұмыта алмас бұтағына қонған құс, Ұмытса да олай-бұлай өткендер. Есіл емен салындыға айналып, Ағыспенен кете барды айдалып. Ұға алмады... Қай қиырға бет алды, Көк толқындар бара жатыр қайда алып?!

Қайтсін енді, Қолдан келер жоқ түгі, Көрді өлердей көресіні, тепкіні. Шырқ үйіріп жағаға атып жіберді Буырқанған асау өзен екпіні. Байғұс емен сол жатқаннан мол жатты, Қурап-солды, Қатал тағдыр сорлатты. Балта келіп бұтақтарын отады, Отын болды – Бәрінен де сол батты... Арпалысқан алыса алмай өліммен, Сонда да емен түңілмеді өмірден. Бір күндері қайта көктей бастады Бұтақтары топыраққа көмілген. Көк шыбықтар саусақ жайып тұр шығып, Өксіді емен іштей ауыр күрсініп; Осы екен-ау астаң-кестең дүние, Осы екен-ау арпалысқан тіршілік...

БОЙ САЛА БИІКТЕЙДІ Әркім де өрмелейді тауға қарай, Тізгінін ұстата ма арман оңай? Шығатын өздігінен өрге кім бар, Қарманып, әр бұтадан саумаламай? Кей жандар қарамайды-ау шамаға да, Жалтаңдап қалт-құлт етер жаламада. Аман-сау өтіп кетсе қызғанба оны, Қалпақтай ұшып түссе табалама. Сол шіркін шыға берсін шың басына, Бәрбір жұқпас өрлік тұлғасына. Тұғырға қондырғанмен шәуқарғаны, Көз салып, барар дейсің кім қасына? Бір содан болмаса да келер-кетер, Амал не, тұғыр құнын төмендетер. Ал уақыт елең қылмай соның бәрін, Баяғы бәз қалпында өлеңдетер.

БІР ТАНЫСҚА Шыныменен сен мені білесің бе, ей?! Білетіндей Көлгірсіп күлесің ғой. Менің жаным – ақ таудың ақ бұлағы, Сенің көңілің – кір-қоқыс күресіндей. Жалпақтаған боласың жақын жанша, Көңілімнің қымызын сапырғанша. Қара тастай кеудеңді аспанға атар Дауыл бұғып жанымда жатыр қанша. Ақ көбік боп жүресің алып қашып, Көрінген боп өзіңше халыққа ашық. Сыр ашпақ боп сықсиып сығалайсың, Жымсып келіп, жасырын жабықты ашып. Сөз қозғайсың ділмәрсіп кешегіден, Су шығарып тарихтың төсегінен. Бүгіннің де бұйдасын кері тартып, Әуресің пенделік есебімен. Мен тағы боп ойнадым сұр шағылда, Сен жатқанда көгеннің бұршағында. Мен келемін тау жаққа тура тартып, Сен келесің мәз болып құр сағымға.

Жарқыным-ау, шынымен не білесің? Көрінгенге итініп, емінесің. Енді ежіктеп жүрсің сен Әлдеқашан мен оқыған өмірдің емлесін...

АРМАН Арман қымбат үлкенге, кішіге де, Армандамай жүргенді кісі деме! Өзіңді өзің түсінсең жетіп жатыр, Жан сырыңды барлық жан түсіне ме? Арман ғана тірлікте таянышың, Арпалысып бағасың таяу үшін. Жалғыз соның тұрады қалқасында Қуанышың, реніш, аянышың. Алқынасың, Бір сол деп тер төгесің. Шарқ ұрасың, Отқа да өртенесің. Арман үшін керек пе – Жүз жасайсың! Арман үшін керек пе – Ерте өлесің! Армандайсың Қасыңнан кеткенді де, Армандайсың Басыңнан өткенді де. Келер жазды тағы да армандайсың, Армандайсың былтырғы көктемді де.

Жаншыласың ойлардан, езілесің, Бір арманнан басқадан безінесің. Жұлдыздарға телміре қарай-қарай, Құшағында арманның көз ілесің. Арман-Шыңға Шығасың күшпенен сен, Алдамасын бірақ та түс боп ертең. Армансыздар – жарақсыз жауынгердей, Армансыздар – қанатсыз құспенен тең. Арман үшін талайдың жаны күйіп, Ауыр жүкті көтерген талып иық. Біле білсең, арманның бәрі де үлкен, Біле білсең, арманның бәрі биік. Жазғы жырын күз келсе орман жоқтар, Бар қызығын өмірдің армандап қал! Арманыңа жеткенде жуылады Асау жылдар жаныңа салған дақтар. Жүрегіңде құлпырсын арман гүлі, Толастамай көңілдің ақ жаңбыры. Судан шыққан қайықтай қаусайды адам Армандаудан біржола қалған күні...

СІЛКІНІС Жер сілкінер Көкірегін от кернеп, Жел сілкінер Тауды тесіп өтсем деп. Аспан астын астаң-кестең сапырып, Бұлт сілкінер Қара нөсер төксем деп. Дүр сілкінер Қыран қанат қақсам деп, Дүр сілкінер Жүйрік дәйім шапсам деп. Бір сілкінер Әркімнің де кезі бар, Ғұмыр бойғы Шаң-тозаңын қақсам деп. Талыққанда Суыт жүріп, түн қатып, Жабыққанда Терең ойға мың батып, Шаңытқанда Тұнық көгің мұнартып, Зарыққанда Сағыныштан мұң қатып, Қаңқу сөздер, Шаншу сөзер улатып, Жалыққанда Құлағыңды шулатып, Айналаңа Дүбіріңді тыңдатып, Сезіміңді Көк теңіздей тулатып, Төзіміңді Намысыңа туратып, Сілкіне біл! Сілкіну де – бір бақыт!

ҚАЙЫРЫЛМАС ӨЛІМ КЕМЕСІ (Қабдыкәрім Ыдырысов қазасына) Табытта жатыр ақынның абзал денесі, Табыт па, сірә, өмірдің ақтық елесі? Кетеді қазір ғайып боп көзден бұлдырап, Қаралы табыт – қайырылмас өлім кемесі. Жанатын кезде Лапылдап маздап жанатын, Баратын жерге Аңқылдап ұшып баратын, Сұңқар сымбатты, Қыран мінезді сол ақын, Қолқалап барсаң, кесіп беретін қанатын. Ақындар неге кетеді осы ертерек, Жүре бермес пе өмірге мынау еркелеп?! Сағына күтіп тұрғандай қалың ел-жұрты Абайлар қайта, Қасымдар қайта келсе деп! Ақынның үні, Ақынның ізі өшер ме? Ақынның рухы Дауылда,

Селде, Нөсерде! Жүрегін жырға кетеді олар тапсырып, Жұлдызы сөніп, жалғаннан мәңгі көшерде...

МЕН БАР ЖЕРДЕ СЕН БАРСЫҢ (Төлеуғали Есімжановты еске алу) Туғаннан соң тірлік ортақ жаманға да, жақсыға да, Дулы ортада, шулы ортада көптен бері жоқсың, аға. Бір сапарға аттандың да қайтпай қойдың сол бетіңнен, Дастарханда қалды суып сені күткен көп сыбаға. Сені күткен той көп еді, көп еді ғой жиындар да, Сен жетпеген үміт қалды, арман қалды қиырларда. Біле алмадық, ту сыртыңнан дұшпан атқан оқ тиді ме, Арғымағың мертікті ме кезіккенде қиын жарға? Сен баспаған жолдар қалды, сен аспаған қалды белес, Бар қызықты тастадың да қас қағымда болың елес. Тірлік түбі бос екен ғой, жалған деген осы екен ғой, Дүние көшіп жатса-дағы аспан тозып, жер жүдемес. Сені күткен қауымың да, ауылың да қалды артыңда, Шаңырағың, сүйген жарың отыр күтіп сол қалпында. Мәңгі бақи шешілмейтін бұл фәнидің жұмбағындай, Оралмайтын құсқа айналып, кеттің ұшып заңғар шыңға. Сапарыңды жалғадың да таусылмайтын шырғалаңға, Самғап жүрсің шаршамастан бізге жұмбақ бір ғаламда.

Сенің жаның бұл жақтағы меніменен тілдеседі, Жәннаттағы – гүл бақтағы бұлбұл сайрап жырлағанда. Ақын аз ба аласұрып іздегені табылмаған, Шолақ ғұмыр шолтаңдаса қасіреті қалыңдаған. Торға түскен тотықұстай бірте-бірте жуасыдым, Мен де өзіңдей асау едім бұғалыққа бағынбаған. Сағынышқа дауа таппай сәттерім көп аңтарылған, Өмірге де көніп алдық сан кеңейіп, сан тарылған. Көкірегім күңіреніп, көзден жасым бұршақтайды Қаламыңды көргенімде қазығында қаңтарылған. Пенде бар ма жарық дүние жаралғалы мың жасаған, Қашан құлап түскенінше талпынудан тынбас адам. Тән өлгенмен, шыбын жанның өлмейтіні рас болса, Мен бар жерде сен де барсың, мұңдас ағам, сырлас ағам!..

ТАУДАҒЫ ТҮНГІ СУРЕТ Әдейі қолмен әкеп қойғандайын, Шыңға кеп сүйей қалса ай маңдайын, Жамырап шыға келер қарсы беттен Ақ нұрға алақанын жайған қайың. Тау іші тына қалып сілтідейін, Сырғиды қараңғылық бұлты кейін. Төменге себезгілеп түскен сәуле Тиеді тас түнекке түрпідейін. Бозарып жота-жондар алауытқан, Жартастар жалтырайды талауытқан. Ай нұры аппақ сүт боп құйылады, Қара астау – тау қойнына қарауытқан. Көрініп бірте-бірте сай табаны, Көңілің алабұртқан жай табады. Іркіліп қараңғылық қара судай, Қайсыбір қалтарыста шайқалады. Сияқты саз бергендей алаша таң, Қарайсың айналаңа балаша таң. Түскендей иығынан алып таудың Кенеттен сыпырылып қара шапан. 1978-1979 8-262

БІЗДІҢ ТАУЛАР Алқам-салқам қойнауы, аңғал-саңғал, Тау ішінде көп сыр бар, аңғарсаңдар. Қабақ түйе қарайды қажығандай, Кәрі жартас бет-аузы шалбар-шалбар. Ата таулар көңілін торықтырып, Талай түмен өткен-ау жорық қылып. Бара-бара басқандай бетін әжім, Қиянат пен қырғынды көріп тұрып. Бұл таулармен кім жүріп, кім өтпеген, Бұл тауларды заман жоқ жүдетпеген. Ботасынан айырылған боз інгендей, Бұл таулардың көз жасы шүмектеген. Бұл тауларды жан-жақтан жұлқылаған, Түре қуып жылқысын шұрқыраған. Бүтін жатқан тасына сызат түссе, Бұғысының мүйізі сырқыраған. Ойран болған елінің жұрты қалып, Күңіренген бұл таулар үн шығарып. Ақша бұлттар айналып орамалға, Тұрған сонда көз жасын сүртіп алып.

Жаралғалы байғұстар не көрмеген, Не көрмеген? Сонда да көнермеген. Қарт батырлар секілді біздің таулар, Сан ғасырлар ұйқысыз елеңдеген. Сая болып паналап келген елге, Сусын берген бұл таулар шөлдегенге. Аман-есен жеткізген мына бізге, Қазынасын тонатпай көлденеңге. Қаратау мен Алатау, Алтайым да Ерік бермес мезгілсіз қартаюға. Өткен-кеткен дәуірін ойға тоқып, Жайбарақат батырлар жантаюда!..

ЖАСТЫҚ Алдан күтер әркімді бір бақыт бар, Аяңменен жүруге бұл уақыт тар. Жастық – тұлпар ұстатпас қолдан шықса, Тақымыңа тигенде зырлатып қал! Алдан күтер әркімді бір бақыт бар, Алаңдамай жүруге бұл уақыт тар. Жастық – шешен домбыра күмбірлеген, Мезгілінде халқыңа тыңдатып қал! Алдаспанның жүзіндей жалтылдаған, Қанатындай көктемнің жарқылдаған, Жастық – албырт ақындық асау қанды, Оттан, судан, дауылдан тартынбаған. Жастық – мәңгі ерліктің серігіндей, Серігіндей, қыздырар көрігіндей. Танығысы келсе өмір, ең алдымен Жастығыңды таниды, сені білмей. Бойға жинап бар қайрат, бар асылды, Жастық қанша тынымсыз аласұрды. Жастығымен тіршілік қымбат бізге, Жастығымен дүние жарасымды.

Жастық – жалын тұратын күндей жанып, Күйгеніңді жүрмегей білмей қалып. Асыл болсаң, Шығасың шарболат боп, Масыл болсаң, Кетесің күлге айналып. Ешбір күнді жеңіссіз батырмайтын, Ешбір таңды жеңіссіз атырмайтын, Жастық керек Ерліктен жай түсіріп, Найзағай боп намысың шатырлайтын!..

ОТЫЗБЕН СЫРЛАСУ Жаныма сыйлап от ізгі, Алысым түсті жақындай. Жырлай алам ба отызды Арындап Тұман1 ақындай?! Айып па терең бойласам, Отызым – кезім сайысар. Он сегізімді ойласам, Қабырғам бірақ қайысар. Көкала көйлек гүл көктем Кейінде қалды қол бұлғап. Көсіле шапқан дүрмектен Кеудемде күй боп толды ырғақ. Отыздың жүгі тіпті мол, Айту да қиын ауыр деп. Оңың мен солың түп-түгел – Сыйласар аға-бауыр көп. Отызға жетсем болғаны, Кетемін деуші ем құлаштап. 1Тұман ақын – Тұманбай Молдағалиев

Тым жұмбақ екен орманы, Тауы да биік, тым асқақ. Алдырмас сырын ол әлі, Бағамын аңдып әр күні. Екен ғой тентек бораны, Және де дүлей жаңбыры. Найзағай оты көгімде Тұрады күн-түн жарқылдап. Мен ойлағандай, тегінде, Жоқ екен мұнда салқын бақ. Қақтығыс, күрес бар мұнда, Бар екен жаншыр салмақ та. Тереңге сүңгіп алдың ба, Аласың дереу самғап та. Қояма-қолтық кеп тұрмын, Мен жығам, бәлкім, ол жығар. Менімен құрдас көп құрбым Отыздың сырын енді ұғар.

БАЛАЛАРЫМА Сездіңдер жүрегімде бұлақ барын, Кім білсін қайда барып тұрақтарын? Тереңнен қайнап шыққан тұнық еді, Лайлап ап жүрмеңдер, шырақтарым! Бас алған асыл текті ақ тұмадан, Аппақ сүт омырауынан атқылаған. Кезімде олай-бұлай шапқылаған, Бұйыртқан содан ғана бақты маған. Күндіз-түн көкірегімде сылдырайды, Тәтті ырғақ, тәтті әуеннен жыр құрайды. Белгісіз, бейіл қояр кім былайғы, Өзіме бірде ұнамай, бірде ұнайды. Асыр сап асау тайдай балбұлағым, Мұздадым... Жалындадым... Балбырадым... Төсеңдер жастығымды, құлындарым, Түн бойы тағы отырып қалжырадым.

КҮНГЕ ҚАРАЙ ҰШЫҢДАР Үшеуің иесі боп үш кеменің, Үш жаққа тартасыңдар, үш бөбегім. Қайсысың қай қиырда жүресіңдер – Көз жетпес ұшығына ештеңенің. Үшеуің үш бағытқа кетесіңдер, Тау кезіп, Теңіз кешіп өтесіңдер. Мақсатқа бәрің бірдей ұмтылғанмен, Бірің кеш, бірің ерте жетесіңдер. Шалдығып шаршауменен жетесіңдер, Жете алмас жете алмаса – Жетесіздер. Шетіңнен қиындықтың көкесін көр, Демеңдер: «Барар жолдың төтесін бер!» Бұралаң өмір-соқпақ кедір-бұдыр, Ешкімге берілмеген жеңіл ғұмыр. Тәтті арман – заңғардағы бір жақпар тас, Мүмкін ол тереңдегі шөгінді бір. Үміттің орта жолда жүгі ауырлар, Тастамай теңін өрге шығарыңдар.

Адасып қап жүрмеңдер тек әйтеуір, Қияда Шындық деген бір ауыл бар. Қалыңдар сол ауылдың тұрғыны боп, Жақсыға қуғыны жоқ, Сүргіні жоқ. Жастыққа әлім құрып жантайғанда, Көшіріп аларсыңдар бір күні кеп. Ұшыңдар күнге қарай, жарықтарым! Жұмбақ қой қайсың қанша шарықтарың. Болыңдар мейлің жерде, Мейлің көкте, Арт жақта ұмытпаңдар халық барын!..

БЕСІК ЖЫРЫ Адамның еске түссе есіл күні, Есіне түседі екен бесік жыры. Жадымнан оқта-текте шығып кетсе, Анашым, айналайын, кешір мұны. Қоңыр тау, Қоңыр өзен сарылдаған. Келеді алыстан сол сарын маған. Өз үнім естілгендей өзіме анық Бір кезде бесігімде шарылдаған. Бесігім, қасиеттім, кешір мені! Өмірдің заңы ғой бұл көшірмелі. Қайтар ем құндағыма мүмкін болса, Көкжиек жеткізбейді-ау көсілмелі. Дүниеде саған нені теңгеремін, Қалды ғой сәбилігім сенде менің. Естілші тағы да бір, бесік жырым, Қысып тұр қаталатып шөл дегенің. Бесік жыр – аппақ сүтім, жарықтығым, Сен едің жарық жұлдыз, жарық күнім.

Жетсеңші, омырауыңнан иіскейін, Қабатын қалың түннің жарып бүгін. Айналып аспандағы күміс айға, Сәулесін түсіргенде үміт-айна, Тұрушы ең қараша үйді күңірентіп, Байғұздың сұңқылдаса үні сайда. Тыңдатып тау күбірін, Мал дүбірін, Өзен-су, жартастардың жаңғырығын, Қасықтай көкірегіме құятынсың Әкеліп табиғаттың барлық үнін. Қағып ап бір қымбатты Мұңлы ырғақты, Құйтымдай қоңырау-жүрек күмбір қақты. Үзіліп кете ме деп үрейленем, Кенеттен қағып қалсам бір күн қатты... Көп жылдар құлағыма шалынбаған, Сусап тұр балдай тәтті сарынға жан. Самал жел, Жалынамын, жеткізіп бер Анамның әлдилеген әнін маған!..

ОШАҚ Бармысың, Киелі ошақ ұшқындаған! Сағынтып жүрегімді қыстың жаман. Қойнынан қара түннің қарауытқан Сәуле боп сонадайдан түстің маған. Сырлы ошақ, Сағымды ошақ, Жалынды ошақ... Келемін бордай еріп, жаным босап. Отырды-ау қауқылдасып, Барын жасап, Түбіңде қалың қазақ – қалың жасақ. Өткенді ойға оралтсам соға ма ауыр? Бір қозғау салып тұрсың санама бұл. Болдың ба жалғандағы жалғыз тірек, Телмірді қоршап сені қоралы ауыл. Басыңда ән айтылды, жыр айтылды, Босбелбеу, бозөкпелер былай тұрды. Қаныма жалыныңды құйшы менің, Болайын бір-ақ сәтте құдай сынды!

Алыстан көрінесің көз нұрындай, Жеткізбей, Жақындамай, Тез бұрылмай. Жұлдыздай жымың қағып жерге түскен, Біресе елестейсің жез құлындай. Түнеріп тұнжыраған тылсымда анау Иірімдей үйірілген бір сыр бар-ау! Ләм демес сұрағанмен суыртпақтап, Әрі жас, әрі кәрі – бұл түн қарау... Қарт анам көпті көрген – қара ошағым, Бәріне куәсің ғой тамашаның. Тағы да сендіресің – Сен білесің Қашаннан жерге түскен жара санын. Сарнатып, сар желдіріп сары атанын, Соққанда суық желі қарашаның, Тоңдырмай қара қостың балапанын, Жылыттың аналардың алақанын... Тағасы тағатымның бітті сынып, Аймала алауыңды тік түсіріп. Қазанға бара салып бас қояйын, Қара ошақ, жатырмысың сүт пісіріп?!.

ТАБАЛДЫРЫҚ Халқыма қадірменді табалдырық! Тұрасың әр уақытта алаң қылып. Үлкендер «Баспа!» дейді, Аттап өтем, Сыр бар-ау ар жағында алар біліп... Тіршілік қарағанда маған күліп, Талпындым айналама, Санам кіріп. Аттатып кең дүниенің есігінен, Шығарып салдың алғаш, табалдырық! Келесің әлі күнге адам қылып, Өмірдің өзегінен нәр алдырып. Жасадым ерсі мінез өзім қанша, Сенен бір байқамадым жаман қылық. Көрсетіп жігерлілік, табандылық, Жасқанбай талай жерге барам кіріп. Үн-түнсіз сол баяғы қалпыңменен Алдымда тұрасың сен, табалдырық! Біреулер жылап қарсы ап, Қалар күліп,

Біреулер сенген болып, алар күдік. Әйтеуір барлық сырым саған аян, Бәріне куәсің ғой, табалдырық! Үстіңнен өтті қанша заман жүріп, Сайран сап... Және тағы салар бүлік. Өзіңнен дос та аттады, Қас та аттады, Бүлк етпей шыдап бақтың, табалдырық! Алыстан аппақ шамын жағарда үміт, Уайымның қара құлпын алам жұлып. Есігін арманымның айқара ашып, Жебеп жүр, қайда барсам, табалдырық! Тосыннан үйіріліп қараңғылық, Тағдырым тастағанда маған құрық, Жолында асу бермес асқар болып, Көлденең жатып ал сен, табалдырық!

ҮМІТ КӨБЕЛЕГІ Оралдым ауылға мен жылдар салып, Қуана құшақ жайып тұр қарсы алып. Тезірек түседі екен тосын көзге, Арада өзгергені кім қаншалық? Біразы көне үйлердің күйрегендей, Қатары қарттардың да сирегендей. Бәрінің орындары үңірейіп, Тұрғаны-ай Көңілімнің күйге келмей. Секілді бір қарасам қаз-қалпында, Дүние өз орнынан қозғалсын ба? Сол қалпы бәз-баяғы таныс тірлік, Жүзіп жүр баяғыдай қаздар суда. Дариға, қайда сол бір балалық шақ?! Мен тұрмын жан-жағыма қарағыштап. Анау бір күлімдеген кішкентай қыз Кенеттен әлдекімге барады ұқсап. Әкеткен қайда қуып өмір желі, Қуақы сары ұл неге көрінбеді? Өзіммен өзім ғана сырласамын, Жая алмай құпиямды көңілдегі. 9-262

Кеудемде бұлт аунайды түйдек-түйдек, Білмеймін апарарын қайда сүйреп. Табылмай іздегенім іштен тынып, Тартқандай жабырқаңқы көңіл күйреп. Жүрегім аласұрды неге менің, Жарқыным, сезесің бе не керегін? Дүние-ай, Қайта қуып жөнелер ме ем Үміттің ұшып-қонған көбелегін!..

ҚҰЛЫН КӨРДІМ ТҮСІМДЕ Құлын кірді түсіме бүгін менің, Көрдім анық ойнақтап жүгіргенін. Жануар-ай, ғайыптан қайдан келдің, Көптен бері жүректің түбінде едің. Күлте жалды, сүйкімді торы құлын, Ойда жоқта қарашы жолығуын. Еске түсті құлындай құлдыраған Қайран менің бақытқа толы күнім. Шаң қондырмай етіне, кір жуытпай, Зымырайды жануар бұлдырықтай. Сәбиім-ай, күні ертең сезбейсің ғой Мойныңа арқан түсерін қылдырықтай. Шығады деп ақын боп елге атағым, Сенен алыс қалада мен жатамын. Білмейсің-ау төсіңді айыл қиып, Үлпілдеген арқаңа ер батарын. Құлыншағым, құлан жал, сұңқар мүсін, Айналаңа сен-дағы іңкәрімсің. Тұғырымсың Немесе тұлпарымсың, Топтан озып, оқ бойы шырқарымсың.

Алдыңда әлі тау мен тас, жазықтарың, Тауыса алам ба мен оның жазып бәрін? Жел қанатты жүйрігім, ұқпайсың-ау Аяғыңды шалатын қазық барын. Көптен бері жүректің түбінде едің, Мазаладың жанымды бүгін менің. Есімде әлі кіршіксіз жанарыңа Бала кезде сан рет үңілгенім. Дала көрдім көзіңнен, гүлді көрдім, Аспан көрдім, жайнаған күнді көрдім. Жұмбақ еді сол кезде маған-дағы – Сауырыңды қамшымен тілгілер кім? Кер бетеге, көк жайлау маған қашық, Ойға оралса балалық қалам жасып. Күнәдан пәк, момақан құлыншағым, Анда-санда келіп жүр амандасып...

ХАТ (Тілеуберді Тынымбайұлына) Ағажан, Көкпар қайда, торы ат қайда? Будақ шаң енді қайтып боратпай ма? Соңына сопаң етіп шыға келер, Бұл ғұмыр барады ұқсап шолақ сайға. Жылдардан жүйрік мініп озған ба адам? Тарғыл тас тәуір одан қозғалмаған. Шапқанмен Шұбартауды шыр айналып, Көк сағым жеткізер ме көзді алдаған?!. Бұл қырда кім жортпаған, кім шаппаған? Бұрлыққан небір тұлпар тың сақтаған. Құйғытып желге қарсы жөнелгенде, Талайдың көзден жасы бұршақтаған. Сағынтса сонда қалған бозбала күн, Тереңнен толқын атып қозғаламын. Шоқтанып ұшқын шашқан қоламтадай, Көрер ме ең көкіректің қоздағанын.

Жүрегім ботасы еді боз даланың, Жетер ме құлағыңа боздаған үн? Айтсаңшы, көрген бар ма бұрын-соңды Болаттай бүтін тұяқ тозбағанын? Жетсек те өзімізше кісі болып, Өмірді сендей қайтіп түсінелік? Қойнында көк өзендер көбік шашқан Тұра ма асқар таулар түсіңе еніп? Өзіндей табиғаттың таза қайда, Бірауық бабаң келіп мазалай ма? Сілкініп баяғыдай шығамысың, Жанып ап жігеріңді нажағайға? Үнемі көкейіме бір ән келіп, Тұрады өткен мезгіл қылаң беріп. Білмеймін, қоңыртөбел тіршіліктің Қай күні жотасына шығам желіп?..

КӨҢІЛ ДАУЫЛЫ Қарап тұр ем бір күні белге шығып, Қаңбақтарды барады жел көшіріп. Жел айдаған қаңбақтай кім көшпейді Әурелесе аз күнгі пендешілік? Мына желдің сұсты еді сұрқы қандай, Жағаңнан ап табанда жұлқылардай. Аспан астын жел керіп бара жатыр, Сәлден кейін дар етіп жыртылардай. Сілкілейді тоғайдың шаңын қағып, Бұғып отыр құс біткен жанын бағып. Құйын билеп үстінде қара жолдың, Желкілдейді бурадай сан ырғалып. Екіленіп, еліріп, барады үдеп, Шыға келді бір сәтте дала жүдеп. Міз бақпайды меңіреу жартас қана, Бетке соққан дауылдан хабары жоқ. Үйіреді бұлттарды орамалдай, Зытты бәрі артына орала алмай. Алабұртқан аспаның айығар ма Анда-санда осылай борап алмай?

БҰЛТТАР КӨШІП БАРАДЫ Шуақ іздеп шығып ем, Құрсанды күн. Бұлттар көшіп барады мың сан бүгін. Жетер ме екем Ентелеп қусам бірін? Кетер ме екен Көңілдің жусам кірін? Көз алдымда көлбеңдеп тұрып алды Көгілдір тау, Кербез бел, Жусан қырым. Кімге барып ақтарсам сыр сандығын?! Орындалмай, Жайына жұмыс қалып, Тұрғанын-ай жанымның қырыстанып. Біреу ескі жарамды тырнап ашып, Дуылдатып кеткендей бұрыш жағып. Бұзылуы-ай... Көңілдің күйі келмей, Құбыламын бір дауыл үйірердей. Көшкен бұлтқа сүлесоқ сүзілумен, Жүріп алдым күн ұзақ үйіме енбей.

Бұлттар көшіп барады бұлаң қағып, Көшкен бұлтқа табиғат тұр алданып. Көкжиекке қараймын құмарланып, Көрінбей тұр бірақ та тұманданып. Тұманданып тұрғаны-ай мына күннің, Тастар ма еді парақтай бір аударып?!. Көкжиектің ар жағы тау ма тағы? Жалпақ қырды жанарым аунатады. Көгілдір тау басына байырқалап, Мына бұлттар маржанын саулатады. Одан да ары кетеді жырақ қалқып, Кісінесіп, тұлпардай тұяқ тарпып. Ашуланса, найзағай қамшысымен Қара тасты бетіне бір-ақ тартып. Ағыл-тегіл немесе жылап алар, Жыламаса бұлттарға кінә болар. Шөлі қанып, жетісіп жыра қалар, Асыр салып, еркелеп бұлақ ағар. Жұбата алмас бұлттарды бірақ олар. Көк аспанның айығып мұнары бар, Жылап алса бұлттан да мұң арылар. Әр нәрсенің өзінің сыңары бар, Мұң арылса шаттықтан тұнады бал...

Бұлттар көшіп барады легіменен, Жайлап қана дым бүркіп лебіменен. Жерде тұрып жете алмай құлазыған, Бірінің де ісі жоқ меніменен...

БІР ҚАРАҢҒЫ, БІР ЖАРЫҚ... Қуалап марғау түнді қырға бұққан, Тағы да келеді атып, нұрланып таң. Тіршілік, сырың неткен сиқырлы еді Тұратын бір қараңғы, бір жарықтан. Келеміз таңырқаумен, тамсанумен, Күлумен, Күрсінумен, Ән салумен. Кең әлем, көз алдыда құбыласың, Құлпырып, қызықтырып бар сәніңмен. Сағаттың сыртылында – үміт үні, Жүрекпен бірге соғар күні-түні. Өмірдің бір жазғанын қайта оқимыз, Қате боп кетпес үшін бір үтірі. Күн асты көлеңке мен шуаққа бай, Сырғиды бір орнында тұрақтамай. Сәулелер сапырылып алмасқанда, Санаңда қалдырады сызат талай. Тағы да келе жатыр таң қылаңдап, Көрінді көкжиектен тау бұлаңдап.

Сәлден соң тайқазанын көтереді Тұратын күн – ошағы мәңгі лаулап. Дүние, неткен тылсым, сиқырлы едің, Сүйемін сұлу таңның сүйкімді өңін. Пыр етіп бозторғайдай ұшып кетті Кірпікке қонақтаған ұйқым менің.

КЕҢІСТІККЕ ҚОЛ СОЗЫП... Тағы да тербет мені, бесік-күндер, Елеңдеп күтудемін – Кешіктіңдер. Сендерден дәмеленіп жүргенімде Кеткенін көрдіңдер ме көшіп кімдер? Сағынып сарғайғанда жалғыз-жарым, Оралып соқпадыңдар, балғындарым. Көз жетті, маған мойын бұрмайсыңдар, Тек қана көкіректе қалды ырғағың. Сөйлесем көрген жерім жоқ қысылып, Ащы да тәтті тілден кетті шығып. Одан да самұрық құсап аңыздағы, Жөн бе еді әкетсеңдер көкке ұшырып? Қаперсіз қалқып жүрсем кеңістікте, Ойыма кірмей ұрыс-керіс – түк те. Жұлдыздай жайбарақат аға берсем, Өрі жоқ, еңісі жоқ – тегістікте. Сырлас боп, бесік-күндер, сеністік пе? Қалжыңдап қолым создым кеңістікке. Не жетсін жерімдегі жалғыз сәтке, Сенбеңдер қиялыма, келістік пе?!.

АҚ ҚЫРАУ – АППАҚ КӨБЕЛЕК Күрсініп іштен көл тынып, Жапырақ қурап ұшқанда, Көзімді жасқа толтырып, Қарадым қайтқан құстарға. Уақытқа ешбір тоқтау жоқ, Шыдарсың қалай келіспей? Тағы да бір жаз өтті-ау деп, Күйзеліп тұрдым мен іштей. Жоғалды қайда гүлдерің, Жазым-ау, неге қысқардың? Кетті ме қызық күндерім Қанатында ұшқан құстардың? Әркімге бар ғой бір жазым, Құстар-ау, сақ бол мергеннен. Келер ме қайтып бұл жазым, Айналып сендер келгенмен? Мезгілмен бірге көшермін, Келеді тағы бір көктем. Ізетпен сәлемдесермін, Жымияр ол да құрметпен.

Түсінер, бәлкім, түсінбес Жұмбақтау сырын жанымның. Не күйге, сірә, түсірмес Шарпуы жастық жалынның. Біртіндеп сырғып, көрінбей, Ғайып боп көзден бақ мынау, Салқын бір күздің лебіндей, Самайға қонар ақ қырау. Уайымдап оны не керек, Ұшар да кетер жөнімен. Ақ қырау – аппақ көбелек, Ойнаған уақыт желімен...

ІРГЕМ БҮТІН ТҰРҒАНДА... Байтақ елмін басынан сөз аспаған, Өз өлеңім өзіме – өз астанам! Илеуіңе қашанғы көне берер Қазақ жыры зорлықтан көз ашпаған?! Ақындарды өткізіп өткелектен, Кім бар дейсің төбесі көкке жеткен? Жыр деген – бір жүректің періштесі, Періштені оңған ба өкпелеткен? Ойларымның бет-жүзін аламайлап, Құйрығына жіберме шала байлап. Іргем бүтін тұрғанда іріткі салып, Үркіткенің орынсыз жарамайды-ақ! Арманымды, ағайын, түсін менің, Өңімдегім осы ғой, түсімдегім. Небір қымбат түспеді мына қолдан, Жырды ғана аялап түсірмедім. Жырым менің – мұңдасым, сырласым да, Көз жасым бар мөп-мөлдір тұнбасында. Бір басында ол тұрса таразының, Ал тағдырым тұрады бір басында!..

КӨЗ ЖАСЫ Бұл дүние тұспалдамай, астарламай, Тұра ма төмендемей, аспандамай? Жарқыным, айырмаң бар тастан қалай, Өтсең бір жанарыңнан жас парламай? Бостан-бос берілмеген мына ғұмыр, Болады әр нәрсенің сұрағы бір. Түңілсең – біржолата үмітіңді үз, Үңілсең – жүрегіме жылап үңіл! Өрнектеп ойым бәрін жаза алар ма, Орынсыз тағы сені мазалар ма? Күлсе де, жыласа да сендіретін, Өмірде көз жасынан таза бар ма?! Кеудесі қара жердің жаралы, рас, Жазықсыз ұшты сансыз бағалы бас. Мысқалдап өлшеп көрген бар ма, сірә, Қаншама төгілгенін қаралы жас? Сезімнің айнасына шаң жұқтырмас, Сағыныш қалай нәзік назды ұқтырмас? Адамдар мауқын басқан, Жарқылдасқан Баянды бақытты жас аздық қылмас. 10-262

Өмірге бұлданады кім өкпелеп, Босаңсып, көңіліңді жүдетпе көп. Қайғырсаң, қуансаң да, ең алдымен, Жарқыным, жылау үшін жүрек керек. Жүдесе кейде жаның жасығандай, Бола ма асып алмай, тасып алмай? Жақсыдан, жаманнан да хабары жоқ, Шіркін-ай, сәбидің көз жасы қандай?! Бір тұнық мөлдіреген бұлақ көрсең, Көзінде жас бар ма екен – Сұрап көр сен. Білесің кетеріңді өзің қалай, Әйтеуір, келер болсаң, жылап кел сен!..

СҰРАМА Сұрама руымды, қадірлі аға! Көзімді ашып тұрмын қазір ғана. Ойыңнан шықпай қалсам – Өкінішті, Батады со бір жағы қабырғаға. Бойына жиып келген дала сырын, Әйтеуір бір қазақтың баласымын. Руым – көркім де емес, Сертім де емес, Өзімде тұр емес пе бар асылым! Айтпаймын арғы жағын, қуланамын, Көрдің ғой орманымның шулағанын. Жас болып жын қумадым, Жыр – қуғаным, Өзімен өзі болған бір баламын. Қазбалап қоймадың ғой сонда-дағы: Руым – ақын деген ел болады. Көліміз – Жердегі бар көл болады, Жеріміз – Мына жұмыр жер болады.

Сілкінсе – сең болады, Сел болады. Сағынса – шөл болады, Жел болады. Біздерміз – Табиғаттың төл қонағы, Шеріміз – Адамға ортақ шер болады. Шығатын күнде бірге өрісіміз, Шалқыған кең дүниенің серісіміз. Болғанмен шындық үшін керісіміз, Болмайды ешқашанда бөлісіміз. Гомерден басталады арғы атамыз, Бер жағын бес саусақтай тарқатамыз. Икардай күнге қанат қаға аламыз, Алған сол аталардан бар батамыз. Абайдың бүгін туған баласымыз, Руда жоқ бересі-аласымыз. Талықпас тарландардың тұқымымыз, Кәнеки, мықты болсаң, таласыңыз! Қабылда, бұл сөзімді қабылдама, Біреумін тегім – ескі, Жаным – жаңа. Азырақ қалжыңдастым, кешіргейсің, Айта алман руымды, қадірлі аға!

БАЛҚАШТЫҢ СОҢҒЫ ЖОЛБАРЫСЫ Жалғыз шегіп жапаны, сорлап жаны, Қандай қиын соңғының долданғаны. Қызыл өрт боп көзіне көрінгендей Қалың қопа кешегі болған бағы. Ағып жатыр суылдап қаны судай, Алысып-ақ бағып ед алысудай. Сұрғылт тірлік сырқырап өте шықты Сұп-сұр болған Балқаштың қамысындай. Дүлей тұрсын алдында төбедейін, Атылатын еді ғой жебедейін. Азулары қанжардай осып түсіп, Тырнақтары қадалып шегедейін. Қайдан ғана қырсық оқ тиген еді, Қара шыбын қанына үймеледі. Сескенбейтін селт етіп сері еді ғой, Именеді... Ажал кеп кимеледі. Біле алмайды – өңі ме, түсі ме бұл? Жатыр сұлық – Келе алмай күшіне бір.

Ызыңдай ма қапалы қалың қамыс, Қыңсылай ма, немене, күшік-өмір?! Күшік-өмір! Кешегі күні еді ғой, Жолбарыстар қопаның пірі еді ғой. Көптен бері жабырқау жалғыз жортты, Кеудесінде кекті бір тіреліп ой. Жалқы қалды, сезеді, бұл маңайда, Ажал келіп мұны да жұлмалай ма? Екі көзі қанталап, ыза кернеп, Сан атылды жарқырап туған айға. Зая кетті қайраты текке небір, Зілдей жаншып, үнсіздік шөккен өңір. Сұр қамыстан сыңсыған үн шығады: «Текті болсаң, – дегендей, – кектене біл!» Жемін аңдып, жатып ап етпетінен, Жортқандықтан тапты ма бет-бетімен, Қайда барса сығалап қарауылдан, Қатер-қауіп қалмады өкшесінен. Қуат бітті, Бойда тек намыс қана, Кете алмады әлде ауып алысқа да. Жыртқыш еді, Тапты ма жырқыштықтан, Бола алмады қопалы қамыс пана.

Қараңғылық біртіндеп торлап үстін, Солғын тартты жанары толған ұшқын. Жаман-жәутік тексіздер көбейгендей Азайғалы тұқымы жолбарыстың. Алқымына тығылды ақырғы дем, Қарашықта сәуле ойнап жасыл-күрең, Соңғы екенін өзінің сезінген соң, Қоштаса алмай өмірмен жатыр білем... Сапырылып жер менен көкте дауыл, Суырылып барады өкпе-бауыр. Соңғы болып көз жұму қандай сұмдық, Соңғы жүкті көтеру неткен ауыр!..

ҚАРА ДӘПТЕР

Осынау көнетоздау қара дәптер – Таусылмас кең дүние, аралап көр! Ішінде жүрегім жүр тыпыршыған, Секілді сынық қанат бала кептер. Іздерім жатыр сайрап шиырлаған, Бар мұнда тау мен тасым, қиыр далам. Қуаныш-ренішім, сорым да бар, Бақыт бар маңдайыма бұйырмаған. Бар мұнда әкем-анам, ата-бабам, Бар тағы жақсылығым жасамаған. Шақтарым көк толқыннан жүзіп ішкен, Сәттерім қара суға қаталаған. Кеткенде теріс қарап бір қыз маған, Кезім бар бір жалындап, бір мұздаған. Бар мұнда өкінішім, Өтінішім, Арман бар артқа мойын бұрғызбаған. Өңім тұр мұнда менің бал-бұл жанар, Естілер өзгешелеу зар-мұң да бар. Құлындай шырқыраған шыр айналып, Түбінде соңымда осы – жалғыз қалар.

Мұнда тұр атар таңым, келер күнім, Көбінен өттім, білем, кедергінің. Бар еді бір басымда нелер мінім, Білмеймін, көз көрген жұрт не дер бүгін?.. Үнімді дей алмаймын әркім ұғар, Жанымның жартасына жаңғырығар. Мені іздеп, қаңырығың түтегенде, Осыннан сусыныңды қандырып ал! Бетіңді жөнел сосын желге беріп, Шақырар қарсы алдыңнан бел көгеріп. Тарыдай жанарыңа сыяр сенің Менің бар табиғатым дөңгеленіп...

ӨМІР КҮЙІ Тұрады соғып өтіп небір құйын, Әурелеп, үйретпек боп жеңіл биін. Күйттеп көңіл күйін жүргенімде Жаңылтып алар ма екем өмір күйін? Тосындау естіле ме қиын десем, Өмір-ай! Әнім де – сен, күйім де – сен. Бере ме мезгіл, шіркін, маған ырық, Дүниені оңды-солды үйірмесем?! Қалайша нәзік үнің сарқылады, Мәңгілік мұңлы күйің тартылады. Сұңқылдап сүрінгенше сұңқар-жүрек, Сапырып аспаныңды шарқ ұрады. Үнемі қонып тұрса қолға бақыт, Жүрермін қоңырымды жорғалатып. Көздеген нысанама тигізермін Алыстан, ат үстінен толғап атып. Ұғындым – жырың қандай, сырың қандай? Көк перде көз алдымнан сырылғандай. Кінәмді, қасиеттім, кешіре гөр, Кей кезде шолжаңдасам тіліңді алмай.

Жан ба екен сенен сауық сұрамаған, Күлмеген, күрсінбеген, жыламаған. Біреулер бара жатыр өрге шығып, Біреулер үңіліп тұр құламадан. Жетер ме шолақ ғұмыр маздауға бір, Адамға берілгендей аздау дәуір. Әйтеуір кімді болсын ертелі-кеш Тұнжырап тосып алар қазған қабір. Төңкердің төбеме әкеп мөлдір аспан, Жүрегім жұпарыңды емді жастан. Шіркін-ай, суың қандай шөлді басқан, Жалт етіп көшермісің енді бастан?!. Мезгілдер неге сонша асықтырған, Недәуір кеткендеймін асып қырдан. Бір мезет отырамын бей-жай қалып, Баладай қолда барын шашып тынған. Үнің бар әрі сазды, әрі мұңды, Шөлдетпес тіршіліктің дәмі кімді? Өмір-ай! Күліп тұрған жайма-шуақ, Бұзбашы осынау бір қалыбыңды!..

ЕЙ, ӨЛЕҢ! Ей, өлең барасың сен қай жаққа алып? Қалды ғой екеумізді аймақ танып. Сескенем, түбі терең иірімбісің, Бет жағы жататұғын қаймақтанып? Білмеймін кейде саған не дерімді, Таба алмай әлек болам керегіңді. Япыр-ау, дариямысың дауыл мінез, Көрсетпей қойдың ғой бір кемеріңді. Күтіп тұр екен бізді тағдыр қандай, Кім білсін, кімнің бағын жандырғандай? Сөзі олақ, тілі шолақ мына заман, Байқасам, талайды естен тандырғандай. Көрер көз болмаса да тыңдар құлақ, Өмірден үміт үзбе, тым зар жылап. Шелектей түбі түскен қуыс кеуде, Басыңды зеңітсе де құр даңғырап. Жартасқа жаңғырғанмен жан кірген бе, Сөз айтып әуре болма мәңгіргенге. Есіне бір түсерміз әлдекімнің Қалың ел қайта оянып, таң күлгенде.

ПОЭМАЛАР

ТАУ ТҰЛҒАЛЫ АДАМ Тауда туып, тасында өскен ұл едім, Қыран қонған қия таста түледім. Таудай биік, даладай кең ұлы елім, Ұлы елім ғой менің қолқа-жүрегім. Қиындықтан көргенім жоқ жасқанып, Келеді ерлік мәртебемді өсіріп. Сәл шаршасам тауларымды жастанып, Кең далама жата кетем көсіліп. Досымның аузынан І Аузыма тауды алсам: Туған жер, Отаным есімде тұрады. Туысқан! Егер де тауыма таңғалсаң, Бақыт боп көрінген бастағы тұмағы, Деп біл ол қазақтың тұрағы. Тауларым, Шақырдың алыстан мұнартып, Анамдай маған қол бұлғаған.

Өзіңе қарай ұштым құмартып, Сенсіз олқы ғой бұл ғалам. Еліктің ұқсап лағына, Майсаңа бауыр төседім. Не жетсін туған тауыма, Өз үйім – өлең төсегім. Тауларым, тауларым киелі, Уақыттан ықпаған. Сенсің даламның арқа сүйері – Мызғымас ық-панам. Қолыңда көңіл күйімнің тиегі, Рахатты өзіңнен табамын. Төбем зеңгір көгіңе тиеді, Киелі тасыңа тисе табаным. Ел үшін, жер үшін қам жемес, Емеспін жетесіз жасық ұл. Көзімнен парлаған қайғы емес, Қуаныш жасы – бұл. Тауларым, тауларым, Бауырыңда асып қазанын, Тасыңда ойнатты тарланын Қойдан қоңыр қазағым. Дүние күйінбей тұрған ба Соғыс жаққан күйеден?

Қиын-қыстау заман туғанда, Бабам саған арқа сүйеген. Есіл ерлерге қалқан боп, Елімді жаудан қорғадың. Сен барда панасыз қалғам жоқ, Қасиетті қамал-қорғаным. Кімдер салмады ат ізін Торқадай торғын төсіңе. Онан да жыртайын өлеңнің атызын, Өткенді еске алдым несіне?! ІІ Көзіме оттай басылды, Армысың, жайлауым шықпас шаңдағы. Иемін саған ізетпен басымды, Бабамның қара шаңырағы. Алайда жатпадым төріңде, Қолайсыз күпіге алаңсыз оранып. Кереге көктей білмесем тегінде, Кінәлі боларым ол анық. Зымырап жез қанат жыл өтті, Жүйріктей қамшы салдырмай сауырға. Ат емес, алқынтып жүректі, Жеттім қойлы ауылға. 11-262

Құлындай құлдырап, Құйындай бұлдырап, Жүгірген ұлың ем жейдемен. Бөбектей былдырап, Шақырды мың бұлақ, Мың тілде сөйлеген. Бұл уақыт ұстатпай тізгінін, Сан рет мазасыз маздаған отымды өшірді. Қырларда қыздардай билетіп түз гүлін, Енді алам мезгілден өшімді. Қырдың иісі, Қойдың күйісі – Сендерсің сағынған жаныма бір дауа. Құлақтың құрышы – Бұлақтың күлісі, Ғажайып түнгі ауа! Шығыңдар алдымнан, бал бұлақ, Маржанды шашудай шашыңдар еркелеп. Тау-тастан ағыңдар қарғылап, Алысқа жетуге ертерек. Именбей байғазы алыңдар Мынау бір өрісі мыңғырған өңірге. Менің де кеудемнен бір арна салыңдар, Бұлқынып ағайын өмірдің өрінде. Еркелей ұяңдау наз үнмен, Атымды байлаңдар, ақ білек жеңгелер.

Шағып ап тағы да ащы әзілмен, Сендерсің көңілге жел берер. Құнанның құлағында ойнаған, Кеп-кеше ұл едім қаршадай. Ал қазір жігітпін жастығын тойлаған, Қызықтан шаршамай. Міне, мен ауылға таядым, Жұпар ауамен тыныстап. Шопан атамның құтты таяғын Тау тұлғалы Досым тұр ұстап! ІІІ Көрініп көктен сынық ай, Дүние құбылып түскендей не күйге. Сағыныш табы суымай, Отырмын шалқып мен үйде. Бұл жерде көлгірсу сын маған, Жаным бір жайсаңдық қалайды. Костюм-шалбарыма қыры сынбаған Досым жымиып қарайды. Қой жатыр үйір шақырып, Әлдилеп алып түн құшағы. Ән кетті қыр асып, шарқ ұрып, Күй қалқып ұшады.

Қараған, бұталар мүлгиді, Кең өлке ұйқыға шым батып. Шегіртке шырылы бұзады бұл күйді, Маңайды шулатып. Қызыл от қызыл тілімен Жалайды түннің түкті бауырын. Жел жұмсақ алақанымен Сипайды таулар сауырын. Беймаза сұңқылдап байғыз да, Түннің құлағы елең етеді. Мол нұрын төге түскендей ай құзға, Күңгірт тартады таулар етегі. Шытыра жұлдыздар ым қағып, Аспан төсін құбылтар мың бояу. Ақ бұлттар көшеді ырғалып, Жылжыған керуендей тым баяу. Қой шеті үріксе оқыс дүр етіп, Саңқ етер шопанның дауысы. Жаңғырар жартастар дір етіп, Ұйқыдан оянып тау іші. Алты қыр асырып тастайды Бөрібасар төбеттер бөріні. Ал шопан әңгіме бастайды, Сенімді болған соң серігі.

Тарқамас думанның базары Көңілдің семсерін қайраған. Оттан түспейді шопан қазаны, Шымырлап қайнаған. Елтисің ләззатқа мас болып, Бірауық ұмытып өзіңді. Жанарға шаттықтан жас қонып, Аңсайсың балалық кезіңді. Шығарып іштегі өртіңді, Бір басып қаласың мауқыңды. Еріксіз баурайды еркіңді Табиғат құшағы ауқымды. Ойлардан ойлар қоздады, Көздің шырымын алмадық түнімен. Жеңгелер әзіл қозғады, Туасы тым өткір тілімен: – Отын жармайтын, Суға бармайтын, Қалалық жігітім, Жүретін бой түзеп. Желдің өтіне, Қора шетіне Төсек сап береміз, Қой күзет!

– Кісі деп мұны да есепке ап, Не керек әуре боп төсек сап. Жата кетсін тон жамылып, Түйебас жасаймыз жабылып. – Қойыңдар, қайтеміз көп түйреп, Емес пе кешегі «көк түйнек». Зықысын шығармай қояйық, Онан да сарқытқа тояйық. – Айтпақшы, дөкей жезденің баяғы, Ауылға бір жетпей қойды ғой аяғы. Шынымен біздерді ұмытса ұмытар, Ұмытпас жал менен жаяны. Сәлем айт, тағы шоферін жіберер Дегенде соғымның уақыты таяды. – Бітіріп Зооветті, Жоғалып о кетті. Бетім-ау, жиеншар Жұмекен Астана жағалап, Асхана сағалап, Даяшы болып жүр екен. Қайным-ау, кеткенше сол құсап, Ауылға кел-дағы, шалғы шап! ...Отырмын бәрін де құп алып, Кеңейіп көңілдің аясы. Алып ұшқандай желпінем қуанып Даламның желмаясы.

ІV Емеспін бақыттан кенде адам, Қалайша уақыттан кем қалам?! О, қиял, қанат бер сен маған Топшысын темірден сомдаған. Қырандай құмары қанбаған, Қонайын биікке қонбаған. Мен де бір самғауға қомданам, Қолыңнан ұшыршы, кең далам! Туған ел, сен – алтын тұғырым, Өзіңмен өзектес ғұмырым. Самғасам сен үшін самғармын, Үзілсе өкінбен жұлыным! Ал бірақ жүр, әне, ғарышта Менен де өжеттеу бір ұлың! Ол – сонау ғарыштың қонағы, Жүрегі ғарыш деп соғады. Бар әлем тұрғанмен қол бұлғап, Тек менің өлкеме қонады. Қастерлі есімі алыптың, Қашанда аузында халықтың. Ешқашан ешкім де кимеген Тәжін ол киеді даңқтың. Осынау жайларды көрем де Көз салып бойлаймын тереңге.

Қиялға тізгінді берем де, Айналып соғамын өлеңге. Қалықтап қыран-ой төбемде, Қонбайды төменге. Бір сезім бұлқынды денемде, Мінгендей бәйге дөненге. Отарын өргізіп Досымның, Шыға келгендей сезінем белеңге. Мінгенде ол тартып жалынан Уақыттың асау тұлпарын, Жігер отын маздатып жанынан, Ұшырған арман-сұңқарын. Қиындықты қойдай өңгеріп, Ол асар болашақ асуға. Жылдардың жүзіне өң беріп, Жылы тон кигізіп ғасырға. Жүрген жоқ ол босқа шиырлап, Жатқа біледі дала дастанын. Қашанда танауын шиырмақ Ойлайтындарға бас қамын. Мыңғырған отардың дауысы Сияқты даланың әуені. Жас төлдің үнімен жаңғырса тау іші, Ол – шопан шаттығы әуелі.

Төл үні – даланың ән-күйі, Төл үні – ананың әлдиі. Төлдерім! Жабыла маңыра, жамыра! Жағады үндерің жаныма, Сендерді сағынам әр күні. Түскенде іңгәлап жерге мен, Төл үні бесік боп тербеген. Бір жатып, бір тұрғам төлменен, Мені ешкім бөлмеген. Шөлдесем төлменен шөлдегем, Төлменен жүгірдім көлге мен. Жарларда жарыса ойнақтап, Тауларға бірге өрлегем. Төлсіз тұлдыр ғой тіршілік, Төл барда өмір сөнбеген. Тұрғанда таң атып, күн шығып, Жұмыр жер, дөңгелен!.. Талдырмас төлімнің өзегін Тауларым, көлдерім, өзенім. Мен де табиғат төлімін, Анам – өз елім. Сүйкімді төліміз болмаса, Көңілі көншімес даланың. Дәуір доңғалақтары онда аса Қуырмас уақыт танабын.

Сағатпен санаулы ғұмырда Өресі биіктер ой тастар байыпты. Замана қондырған алтын тұғырға Жазылбек Қуанышбаевты. Бұзылмас өмірдің арнасы, Бүгінде тарих қой кешегі. Шопан таяғы, жұмысшы балғасы Қолдан-қолға көшеді. Риза бүгінгі шопанға Далам да, қалам да! Ол ие емес тек отарға, Иелік етеді заманға. Бізді қандай жұт алар, Техника тілімен, замандас, толға сыр. Түбінде тобылғы, бұталар Манаурап момақан төл жатыр. Жібек жүннен жіп иірген Фабрика ұршығы толассыз зырлайды. Ал ақын шыт жаңа киінген, Еңбек әуенін жырлайды. Ұлы еңбек – жүрегі уақыттың, Тынымсыз соғады мәңгілік. Шопан даусы әніндей бақыттың, Жартастан шығады жаңғырып.

Түн бойы оты бір сөнбестен, Сары таңға тозбастан төзімі, Таумен де сөйлескен, Таспен де сөйлескен Шопан – табиғат өз ұлы. Оттан да, судан да қайтпаған, Жанында жасынның оты бар. Мұңын еш тіс жарып айтпаған Тауына шағып отырар. Көз ілмей күзетпен, Арқадан сыз өткен Таңдарды ойлама тегін деп. Шопан да «жаралған ет пенен сүйектен», Туған жоқ темір боп. Кірпікке мұз қатып, Денесін мұздатып, Жүрсе де сары аяз өтінде, Жүрегін ар-ұят сыздатып, Қан ойнар бетінде. Сұрағанша алдымен мал жайын, Зоотехниктерім, кіл қара тон киген, Онан да сұраңдар шопанның хал-жайын, Демесін: тоңдым мен. Адам үшін ғой бәрі де, Қой емес, қойшының тілеуін тілейік.

Зер салып ерліктің әніне, Қырға құлақ түрейік. Жылдардың аударып қабатын, Тарихшы тереңнен қотарды ой... Дәуірлер дабылын қағатын Кәдімгі шопан ғой. ...Дауласпас төзімін тауысып, Шопанның жоқ оған уақыты. Жылдар жатады ауысып, Жарқылдап еңбек жақұты. Мазасыз маусымдар өтеді, Кетеді сіреу қар, еріп мұз. Мезгілдер шопанға тағзым етеді, Мойындап еріксіз. V Атырдым көз ілмей Арайлы бір таңды. Кезер ем ерінбей, Балалық кезімдей, Туған жер, қырқаңды. Балауса бал құрақ Бастары салбырап, Мөлдір моншақтар тамады. Ақ таңның балбырап,

Барады албырап Күнге сүйгізер тамағы. Дала әуені тынбайды, Күміс үн төгілер мөлдіреп. Бозторғай концертін тыңдайды Досым елжіреп. Боз жусан басын сілкілеп, Таңғы жұпарын шашады. Жібек жауын сәл сіркіреп, Жол шаңын басады. Қанып ап қанкүрең шайына, Атына қонды, әне, Досым да. Зер салып бүкіл Жер шарына, Эфирге құлағын тосуда. Дүние тынысын барлаған, Бір минут тыншымас арлы адам. Көзінің алдында кең дала, Көзінің алдында бар ғалам! Сор соғыс кімге дақ салмаған, Талайды жайпаған, жалмаған. Батқанда жазықсыз қанға адам, Жер-ана күңіреніп зарлаған. Көрсе де қаншама тар заман, Әділет қанаты талмаған, Биікке самғаған!

Қонсын деп адамға ырыс-құт, Болсын деп әлемде тыныштық, Толсын деп достық пен туыстық, Бейбіт ауаны тыныс қып, Жүрегі бұлқынды тым ыстық: «...Дүниеден құр қалар жайың жоқ, Тым құрса төбеге қал шығып. Уақыт жұтады жайын боп, Етпесең ешбір қарсылық. Жұмыр жер арқасы алпауыт, Көтерген заманның алып теңдерін. Жігітім, керегіңді ал тауып, Еншіңді ертерек теңдегін. Түгендеп ер менен тұрманды, Тезірек киін де, қон атқа. Желің оңыңнан тұрған-ды, Жылдар шақырып қонаққа. Жөнел тез, жолыңа түн қатып, Тұрғанда тықыршып, ет қызып. Қал мылқау тастарға тіл қатып, Таулардың құлағын елең еткізіп!» Дегендей ол маған қарады, Ақ жүзін аймалап таң нұры. Оны да толғантып барады Күллі әлем тағдыры.

Шақырды алқызыл гүлдері, Жамырап жайлаудың қия-беттері. Көкірегін аймалап қыр лебі, Досым тауға беттеді. Өрмелеп заңғарға асыға, Таудай тұлғасы барады биіктеп. Күннен бұрын ол шығар шың басына, Маңдайын сүйіп көк!.. ӘКЕ ТУРАЛЫ ЖЫР (Жетім баланың аузынан)

І От орады дала, тауды, орманды, Бомбалардан бітпес жара – ор қалды... Дәті бармай зобалаңды көруге, Ұясынан Күн шығуға қорғанды. Жер-Ананың өзегіне от түсіп, Күйініштен күйзелді де қорланды. Жер-Ананың шексіз-шетсіз көлемі, Көлеміндей пейілі де кең еді. Мейлің ақ бол, мейлің қара, сары бол, Бар перзентін бір бесікке бөледі. Бәріне де барын бөліп береді, Бәрін-дағы біреуіндей көреді. Бәрінің де маңдайынан иіскеп, Көсегесін көгерткісі келеді... Ұрпақтарым жетсе екен деп мұратқа, Малындырды төсін майса құраққа. Кенезесі кеппесін деп шөліркеп, Көкірегін айналдырды бұлаққа.

Көтерумен бар қасірет-қайғыны, Күңіреніп өтті сансыз ай-күні. Адам үшін мың түлеп, мың жасарды, Адам үшін шашылды бар байлығы. Адам үшін Жер жасамақ мәңгілік, Өмір-дағы тұрар дәйім жаңғырып. Адал біреу гүлге ораған өлкені Арам біреу жатады өртке жандырып. Біреу жерді суғарады қандырып, Біреу жерді жұлмалайды қан қылып. Жер тілейді ұйысын деп тыныштық, Жасасын деп достық пенен туыстық. Бірақ бұзық-қаныпезерлер ұрыс қып, Құрышын – танк, көк темірін – қылыш қып, Тыныш жерге бермеді бір тыныштық. Қан түкіріп талықсумен қыр жатты, Қара шаңдар тұншықтырды гүл бақты. Ажал жетіп, аза тұтты қалалар, Найза ұшында кетті бесік құндақты. Жат қолында ботадайын боздады Алма мойын ару қыздар қымбатты, Айдай нұрлы ақша бетін күн қақты. Көлге айналып қасіреттің көлшігі, Сан лапылдап соғыс өрті өршіді. Қанішердің жүрегінде жатады Жауыздықтың түп қазығы – төркіні. 12-262

Сұмдықтардың суыған жоқ ізі әлі, Кім жібітер тас боп қатқан ызаны? Жер-Ананың басылған жоқ ентігі... Жер-Ананың құшағында жүр әлі Қасіреттің қарашұбар жыланы. Бақыт үшін бақұл болған ұрпағын Жоқтағанда жер солқылдап жылады. ІІ Туған Отан, сені анамдай сүйемін, Тек өзіңсің сеніп арқа сүйерім. Басқа түгіл, сызат түссе тасыңа, Сырқырайды менің де сай-сүйегім. Мен ұлыңмын болашаққа жол шегер, Сенің нұрың – бойымда бір болса өнер. Өртенеді оттай жанып өзегім, Гүліңе бір қара шыбын қонса егер. Бомба осқылап туған жердің арқасын, Жау танкісі таптағанда тау-тасын, Отан-Ана, дүр сілкініп, атой сап, Үмітіңді ұлдарыңа артасың. Арқа, мейлі, ауырлықтан ауырсын, Отан ұлы көтереді ауыр сын. Бола алғанның болмас әсте арманы Отанының қанатына қауырсын.

ІІІ Қысқа күнде жүз қайталап атыңды, Жүрегімде сақтап махаббатыңды, Қан майданнан жазған сонау ақырғы, Әке, сенің жаттап өстім хатыңды. «Аман ба ауыл-аймақ, елім менің? Аман ба тұнық көлім, қоңыр белім? Қарттарым Алатаудай, армысыңдар, Саумысың, қол-аяғы жеңіл келін? От түсіп ортайды ма көңілдерің, Дірілдеп қалып еді еріндерің. Біз барда қайғырмаңдар, қам жемеңдер, Тұрғанда нұрын төгіп көгіңде күн. Өсті ме жігіт болып ұлым менің, Көрер ме ем құлдыраңдап жүгіргенін. Ал енді көріскенше сау болыңдар, Майданға кірер күнім бүгін менің». Жігіт болдым көрер көзге соқталдай, Екпінім бар қара дауыл соққандай. Көкірегімде дамыл алмай соғып тұр, Әке, сенің от жүрегің тоқталмай. Тамырымда ағып тұрған – өз қаның, Өзің болып ауыр жүкті қозғадым.

Өзің болып қуанғанда қуандым, Өзің болып қайғырғанда боздадым. Өзің болып таттым өмір дәм-тұзын, Өзің болып есейдім мен – боздағың. Қайыстырған қайғы-мұңнан босаған, Қайта тұрған шаңырағың, босағаң. Тек есіне ап, ойға батып отырар Бір кездегі құрбы-құрдас, дос адам. Гүл қоймайды ешкім сенің басыңа, Бұйырған жоқ саған мәрмәр тасы да. Отқа өртеніп ұштың ба әлде күл болып, Қалдың ба әлде топырақ пен құм көміп – Мүрдеңнің де қайда екені белгісіз, Ешкім тауып бара алмайды қасыңа... Әке, сені түс тоқтатып көрмедім, Томпаң қағып соңыңнан бір ермедім. Сәби иісім сіңбей қалды бойыңа, Бесігімді бес-ақ ай сен тербедің. Кете бардың сүйдің-дағы соңғы рет, Қала бердім құшағың боп жөргегім. Бесігімде мен жатқанда мөлдіреп, Қия алмастан көп қарадың елжіреп. Жасықтардай жас төкпедің бірақ та, Уыздайын езілсе де ер жүрек. Тас түйін боп ата жауға аттандың, Отан отқа түскен шақта, ел жүдеп.

Қаһар тігіп, сыймастай боп теріңе, Кеттің солай қанды майдан төріне. Сұм жауыздың етек-жеңін жиғызбай, Кіргізбекке өз үйінде көріне. Өрім талдан өзің иген ақ бесік, Ақ бесікте аяулы ұлың жатты өсіп. «Қан майданда кетті, – деген, – хабарсыз...» Қара қағаз көп кешікпей қақты есік. Бұл сұмдықты есім кіре ұғындым, Ұғындым да мен сүріне жығылдым. Суық үйде суық сорып бүрісіп, Анашымның бауырына тығылдым. Уайым удай ауыр тиер балаға, Жаутаңдадым жабырқаған анама. Сумаңдаған суық қолы соғыстың Менің-дағы жармасты кеп жағама. Тірлік маған түйір нан боп көрінді Қамалғанда өксік пенен налаға. Ауыр күндер көздің жасын бұлаған, Салмағынан бір тұрып, бір құлағам. Қарғадай боп қондым өгіз үстіне, Қатпай жатып қабырғам мен бұғанам. Бейнетпенен беттесіп ем бесікте, Азап болып елестеді бұ ғалам. Нәлет айттым налып тұрып соғысқа, Жарылардай ашу менен ызадан.

Мазасыз мұң көкірегімді тіреген Шақтарда мен тастай қатып түнерем. Соғыс зәрі осқылады арқамды, Таршылықтың бишігі боп білеген. Тергенімде таң бозынан масақты, Жау аяғы сүрінуін тілегем. Әке, сені жоғалтуға қимадым, Қамығумен өзімді өзім қинадым. Қайтсе-дағы келер-ау деп бір хабар, Қатуландым, қайта қайрат жинадым. Менің әкем кетпек емес жоғалып, Түбінде бір соғар дедім оралып. Абайсызда мерт болса егер айқаста, Жастанды ғой жастығын да мол алып. Құшағыңда жатқандай-ақ иіскеуші ем Терің сіңген ескі тонға оранып. Ұйықтағанда қилы-қилы түс көріп, Көкірегімді бір ғаламат күш керіп, Оқ атамын, қылыштасып жатамын, Жауға қарсы жүгіремін тістеніп. Әке, сонда сен алдымнан шығасың, Қалың жауға қаһар төгіп тұрасың. Фашист сені қамалайды бөрідей, Жалғыз өзің бәрін жайпап қырасың. Адамдарды бұйым көрмей қылғыған, Танкі бейне тажал дерсің жылжыған.

Ал сен болсаң қаймықпайсың қас қағып, Арбаса да ажал деген сұр жылан. Қара тастар көктен төмен саудырап, Саған қарай келе жатар тау құлап. Бомба деген бәле осы ма деп қалам, Қорықпайсың әсте сасып-абдырап. Тау төнеді тас төбеңнен бүтіндей, Шошынамын есім шығып түсінбей. Иығыңмен дереу тірей қаласың, Бомбалардың бірін жерге түсірмей. Дүниені дүр еткізген жаңағы Ерлігіңе ел сүйсіне қарады. Әлдекімдер қошеметтеп қолыңды ап, Омырауыңа Алтын жұлдыз қадады. Ұлымын деп аты әйгілі батырдың, Айналама жар шақырып жатырмын. Біздің үйде ұлан-асыр той болып, Бәрі түгел келіпті алыс-жақынның... Ояна сап екі көзім төрт болып, Жұдырықтай жүрегіме дерт толып, Әке, өзіңді іздедім мен өңімнен, Тәтті түсім табан асты мерт болып. Ойыма алсам түнде көрген түсімді, Түсім сұмдық соғысты еске түсірді.

Көзім жайнап, қаным қайнап, кектене Ызаландым жауға қайрап тісімді. Сыбағасын тартты жомарт жыл алдан, Әке, өзіңді көру болды бір арман. Сені біреу кетті десе хабарсыз, Намыстанып болдым талай жыларман. Әке, сенің қалды ма деп іздерің, Батқан күн мен атқан таңнан іздедім. Жеңіс күні келер дедім жарқ етіп, Қуаныштан күдерімді үзбедім. Сен келмедің, келмей қойды хатың да, (Мүмкін жолда кешеуілдеп жатыр ма?..) Жоғалуың мүмкін емес, жан әке, Қалай ғана сыяды бұл ақылға?! Қасіреттің қара туы жыртылып, Қасиеттің жанарына нұр тұнып, Жеңіс келді! Қайтты әкелер майданнан, Біз жүгірдік бір жығылып, бір тұрып. Қуанбаған жоқ қой, сірә, жан бұған, Құстай ұштым қайтқан әскер алдынан. Сендім әкем келе жатқан шығар деп, Ғайып болып бар күдік пен бар күмән. Қайыспаған қаһарлы күн кәріне, Қуанышқа бөленді жас, кәрі де.

Жаутаңдадым өзің емес пе екен деп, Сұр шинельді жауынгердің бәріне. Бірақ ешкім өзің болып шықпады, Кірпігіме тізілді мұң шықтары. Қатты батты құйттай ғана жаныма Анашымның көзден жасын сыққаны. Әкелері оралғандар мәз-мейрам, Біздің басқа келсін ондай жаз қайдан. Елестедің көз алдыма, әке, сен, Елестеді қызыл қырғын қан майдан. ІV Түндер мені батырды ауыр мұңға көп, Күндер мені шақырды «Әкең мұнда!» деп. Әке, сені «Әліппеден» іздедім, Әріптерге жасырынып тұр ма деп. Бұлтаң қағып бас білмейтін қаламым, Басталғанда болашаққа қадамым, Алғаш жаздым «Әке» деген сөзді мен, Әке – ұлды қатар көріп жанарым. Соғыс жайлы сөз қозғаса мұғалім, Елден бұрын елеңдеді құлағым. Бірақ, әке, естілмеді есімің, Намыстанып оңашада жыладым.

Көзім сатып мылқау қабырғаларға, Әке, сенің дерегіңді сұрадым. Соғыс зілі кімді иықтан баспады, Еске алады егілумен жас-кәрі. Әкесінің ерліктерін жыр қылды Қосылғанда балалардың бастары: – Менің әкем жаудың туын таптаған!.. – Орден бар ма менің әкем тақпаған!.. – Менің әкем танкист болған, дүр болған!.. – Бауыржанмен менің әкем бір болған!... – Білер менің әкемді бар ел біткен!.. – Менің әкем қаза тапқан ерлікпен!.. – Менің әкем самолетпен шайқаған!.. – Менің әкем жауды шөптей жайпаған!.. – Деп қуаныш қойнына олар сыймайды, Мен оларға өзің жайлы не айта алам?! Осы мені, осы мені қинайды!.. Газеттердің, журналдардың бетінен, Әке, сені көруге үміт етіп ем. Онан-дағы қайтты менің меселім, Кинодан да таба алмадым, өкінем!.. «Бер, дүние, жан әкемнен бір хабар, Жылап тұрып, жылап тұрып өтінем!» – Деп жасадым әрбір күнге құлшыныс, Қырсыққандай болмай қойды бір сыбыс. Тіл қатпады батыс пенен күншығыс, Тіл қатпады, бүкіл дүние тым-тырыс.

Құлақ түрдім соққан самал желге де, Көзім тіктім қасқа жолды белге де. Жатырмысың топырақтың астында, Хабарыңды бермей қойдың сен неге? Қарай қалсам төрде тұрған бейнеңе, Сыймастай боп сенделемін бөлмеге. Өтер уақыт сөгіп жылдар көбесін, Тірі болсаң қызығыңды көресің. Алға қарай қозғалады адамдар, Өлшеуменен өткен өмір өресін. Мейрамдарда, митингіде шешіле Сөйлеп біреу айтар ма деп атыңды, Мойным создым үзілердей өңешім. Құрбыларың айтушы еді үнемі: – Қалың жаудан сескенбейтін жүрегі, Күші жойқын, әлуетті білегі, Жайсаң еді, жомарт еді, ірі еді. Ауылымыздың мақтанышы боларлық, Маңдайалды жігіттердің бірі еді. Шебер еді, шөгел еді еңбекке, Иығынан түспейтұғын күрегі. Елім деген еңіреген ер еді, Амал қанша, болмай кетті дерегі!.. Кең кеудеңді көрік қылып өр демің, Әке, сен де бастың өмір өрлерін. Ұмытылып қалған шығар байқамай, Әлде артыңнан келер дедім орденің.

Өртке кетіп үмітімнің орманы, Көп күттіріп, келмей қойды ол-дағы. Жатты алдымда қилы-қилы тағдырлар, Жатты алдымда өзекті өмір жолдары. Ел аузында аңыз болып жүрерлік, Тым болмаса жасамастан бір ерлік, Жоғалды-ау деп белгісіз боп із-тозы, Әке, саған жүрдім іштей ренжіп... V Кешір, әке! Екен оным қателік. Сен өтепсің парызыңды әкелік. Өміріңді айырбастап Жеңіске, Мерт болыпсың маған бақыт әперіп. Шайқалмайтын сен бір биік шынарсың, Елің барда белден қалай сынарсың? Алаулаған мәңгілік от басында, Сол Белгісіз батыр өзің шығарсың. Тік ұстаумен, нық ұстаумен денемді, Рухыңа бас иемін мен енді. Өзіңе арнап ең аяулы әнімді, Өзіңе арнап жазам отты өлеңді. Сен – жырлары жазылмаған ақынсың, Сен – жұлдызы тағылмаған батырсың.

Көтерісіп, бәлкім, дүние бейнетін, Бауырластар бейітінде жатырсың! Батырдың да жауыздықтың қарасын, Ажыраттың бақ пен сордың арасын. Тас тықтың да көмейіне соғыстың, Жас денеңмен жамадың жер жарасын. Адам жаны жеңеді екен қайғыны, Ақырындап аяңдаумен ай-күні. Екі қайта тудың, әке, өмірге, Жеңіс болып Тоғызыншы май күні. Сен келгенде көктен бақыт жауғандай, Қуаныпты ауылда бір жан қалмай. Жеңіс болып оралыпсың, әке, сен, Балалықпен қалыппын ғой аңғармай. Қатерлі күн өтті-кетті қабарған, Қызуы мол күтер бізді жол алдан. Ешбір жан жоқ сұрапылда жоғалған, Бәрі-бәрі Жеңіс болып оралған! Несіне енді қарайлаймын өкініп, Тау-даламда бақыт жатыр бекініп. «Қан майданда кетті, – деген, – хабарсыз...» Сол қаралы сөздің бәрі өтірік! Көкірегімді күңірентіп мұңлы әнім, Бомба астында бұқпасын жас жылдарым. Мендей болып іздемесін әкесін Енді менің ұлдарым!..

БАС СҮЙЕКТЕР I Уақыт! Сенен озамын деп айта алман, Cен бiр жүйрiк желдей ескен майталман. Есебiңнен жаңылмайсың ешқашан, Саудагерсiң несиеңдi қайта алған. Қоздырып ап дәуiрлердiң арқасын, Оздырып ап тiзгiнiңдi тартасың. Дауылыңмен, жауыныңмен осқылап, Ғасырлардың құлатасың жартасын. Сенiң шойын табаныңның астында, Уатылып айналады тас құмға. Қуарады гүл жайнаған ағаш та, Суалады тауды бұзған тасқын да. Саласың да сағат сайын тепкiге, Өшiресiң лапылдаған өрттi де. Ұмыттырып қуанышты, қайғыны, Кетiресiң шор боп қатқан дерттi де. Зымыран уақыт! Сенiменен жарысып,

Сенiменен қағысып, Сенiменен алысып, Қай тұлпардың жұқармады тұяғы, Қай сұңқардың мұқалмады қияғы? Армандаған өлмес өмiр ғұзырын Қорқыттың да ұта алмады қиялы. Ел басқарған көсем де, От ауызды шешен де Жеңе алмады бiр сенi. Қорған болған халыққа, Қол бастаған алып та Жеңе алмады бiр сенi. Ғұмыр бойы күресiп, Ғұмыр бойы тiресiп, Өмiрменен еселесiп келесiң. Жер жаңарар гүл өсiп, Ел жаңарар ұл өсiп, Тiршiлiктiң алға сүйрер кемесiн. Сондықтан да сен өмiрден әлсiзсiң, Арзан және нәрсiзсiң. Өмiрменен өлшенедi құның да, Өмiр тынса, мәнсiзсiң. Тамырындай миуаның таралған, Тереңдерден нәр алған, Уақыт, сен бiр бәйтерексiң мәуелi, Өмiр үшiн жаралған.

II О, адамдар, Бiр сәт тыным алмастан, Жер бетiне кезек келiп, алмасқан, Аз ғұмырда арпалысқан талмастан, Ғасырлардың жағасына жармасқан. Бал тiрлiктiң ләззатына қанбастан, Пенделiгiң қалмастан, Бiр-бiрiңдi алдасқан, Бiр-бiрiңмен арбасқан... Қолдарыңда кетпен емес, көбiрек Асыр салған алдаспан!.. Ғасырларды сiлкiп қалсам шаң басқан, Шошынамын өз көзiме нанбастан. Бiр ғасырлар қолы шолақ, көзi жоқ, Бiр ғасырлар шойырылған жамбастан. Бiр ғасырлар әрең тұрар орнынан, Басы-көзiн қан басқан... О, ғасырлар шыңырауында жатқандар, Тiрлiк дәмiн татқандар: Гүл-жазира нұрлы жердiң бетiнде Сайран салып, ойнап, күлiм қаққандар... Қалқан болып от пен оқтың өтiнде, Арпалысып баққандар... Бiр келетiн мынау шолақ ғұмырда Мол береке тапқандар... Мұрша болмай артқа мойын бұруға, Жұлдыздайын аққандар...

Қара түнде алаудай Жүрек отын жаққандар... Желсiз күнгi жалаудай Ауыр ойға батқандар... Тағдыр жүгiн өз мойнына артқандар... Жанды тербеп махабаттың бал әнi, Жар қайғысын тартқандар... Маңдайына сыйғыза алмай даланы, Жер қайғысын тартқандар... Алып қырды алшысынан басқандар, Таралғыны тоғыз қабат таққандар, Жердi солқылдатқандар, Өз Отанын сатқандар, Өз халқына оқ атқандар... Сүттей таза дүниеге Қара күйе жаққандар... Сонау, сонау тұңғиықтан тым жырақ, Сансыз жанар телмiргендей тұнжырап. Сансыз келбет елестейдi көзiме, Сағымдардың арасынан бұлдырап. III Өлшеместен жас пен кәрi арасын, Екшеместен даңғой менен данасын, Жұтып жатқан сансыз адам баласын, Көр-ажалдың аузы ма деп қаласың... Антрополог отыр бейiт басында, Үңiлгендей көрде жатқан ғасырға. 13-262

Бас сүйектер тұр алдында тiзiлiп, Кiм бiледi – ақын ба, әлде батыр ма? Кiм бiледi – патша ма, әлде пақыр ма? Антрополог ойланады толғанып, Алма-кезек бас сүйектi қолға алып. О, керемет... Кенет сарнай жөнелдi, Бас сүйектер қозғалып... Дауыстар: – Ей, жiгiтiм, сал құлақ, Бiздер – қатқан қу баспыз. Сүйегiмiз саудырап, Орнымыздан тұрмаспыз. Артқа мойын бұрмаспыз, Ендi қайтып тумаспыз. Баяғыдай ай жүзiмiз албырап, Жанарымыз қарақаттай жаудырап, Сауық-сайран құрмаспыз, Асқақ арман қумаспыз. – Тұңғиыққа батқан қара тастармыз, Өмiр бақи жылжымас. Ақ сөңке боп қурап бiткен бастармыз, Ғайып болған жым-жылас. – Үңiрейген мынау көздiң орнында Маздаушы едi ұлы өмiрдiң жалыны.

Бiр сөнбесiн, бiр сөнгесiн ал мұнда Жарқ етпейдi тiршiлiктiң жарығы. – Жер астына түсiп кеттiк мәңгiлiк, Жарық күндi жер бетiне қалдырып. Жалт еттi де жарқын өмiр соңғы рет, Бәрi, бәрi қалды ұмыт... – Судай тасып ағып ек, Топыраққа судай сiңiп жоғалдық. Аз ғұмырда арпалысып бағып ек, Ойсыз көрге оп-оңай омалдық... Бiрiншi дауыс: – Жамырамай тоқтаңдар, Өңкей құдай соққандар! Хан орнына қара жүрер күн қайда? Хандар ғана сөйлеу керек мұндайда, Алдымды орап, қасиетсiз малғұндар, Алтын тәждi неге ұмыта қалдыңдар? Мен – Хан едiм, Арыстандай ақырған, Жолбарыстай атылған. Жауларымды қоғадайын жапырған, Дүниенi қара судай сапырған. Баста – тәжiм, Тағым – барда тақымда,

Дес бермедiм ақынға, Дес бермедiм батырға. Зұлымдықты суардым да ақылға, Атағымды жайдым алыс-жақынға. Басымнан бiр ұшпай бақыт құсым да, Әмiрiмдi жүргiздiм өз тұсымда. Қастасқанды қалпақтай ғып үйiрдiм Көк найзаның ұшында. Айға балап алтын тәждi басымды, Алпауыттар аяғыма бас ұрды. Кешiп жүрiп алтын менен асылды, Белшесiнен басып өттiм ғасырды. Қаhарымнан қалтырады маңайым, Бағып менiң қабағым мен қасымды. Қана жұттым байлықтың бал-шырынын, Салтанатпен өттi сәндi ғұмырым. Аққу мойын арулардың төсiнде, Ақ таңдарда алдырдым көз шырымын. Хан алдында қылдан тайса хас сұлу, Үймелеттiм көзiне көк шыбынын. Адам басын қақпақыл қып ойнадым, Қанша жұтсам қызыл қанға тоймадым. Қит еткендi қиып түспей қоймадым, Ханның iсi – қаталдық деп ойладым. Ерегескен, еселескен елдердiң Шығардым да ойранын,

Табаныма төсеп қойып құлдарды, Жеңісімнің салтанатын тойладым. Азуымды айға бiлеп, күш қыла, Қашанда өз дегенiмдi болдырдым. Шырқау көкте шарықтаған құсты да Айбатыммен алдыма әкеп қондырдым. Алтын сарай дүниенiң тiрегi Сияқты боп, көкiрегiм көк тiредi. Гүлзарыма хордың қызы түнедi, Бұлбұл сайрап, саулығымды тiледi. «Мәңгiлiкке тоқтамайды, – дедiм мен, – Жер құдайы – қаhарлы хан жүрегi!» Қарашықта қастық оты сөнбедi, Екi көзiм бiр-бiрiне сенбедi. Арыстан ғой – астыңдағы алтын тақ, Күндiз-түнi алаңдатты сол менi. Сенбедiм мен бауырым мен ағама, Ертеңгi күн жармасар деп жағама. Сауысқаннан сақ болдым да дедiм мен: «Алтын тақтан – ағайындық садаға!» Өз қолыммен құртқан едiм әкемдi, Туған балам маған ажал әкелдi. Менiң басым баспалдақ боп қаланды Таққа барар қанды жолға қатерлi.

Бiттiм солай. Түнек басты, күн батты... Аядай көр бесiк болды құндақты. Қайран өмiр құстай ұшып көзiмнен, Жарық дүние жапты есiгiн тым қатты. Өмiр маған сарайымен қымбатты, Өмiр маған малайымен қымбатты. Өмiр маған бал түнiмен қымбатты, Өмiр маған алтынымен қымбатты. Өмiрдi мен тәж бен тақ деп бiлемiн, Сондықтан да өмiрге мен құл едiм. Сол өмiрдi өзгелерден қызғанып, Өзiмменен бiрге өлуiн тiледiм. Тiршiлiктiң жалғандығын кеш ұқтым, Секем оймен сезiмiмдi шошыттым. Сезген сайын жеңбесiмдi ажалды, Өмiрге мен мың мәртебе өшiктiм. Егестiм де ажалға, Айналдым мен алапатты тажалға. Қорқау көзбен қарадым да ғаламға, Бар әлемдi салып бiрден табанға, Тып-типыл ғып құртқым келдi табанда. Сан соқпағын салып қанды жорықтың, Сондықтан да жолбарысша жорыттым. Ажал менi алады-ау деп қорықпадым, Қайран дәулет қалады-ау деп қорықтым.

Ұмтылсам да жер түбiне жыраққа, Дегенiме жете алмадым бiрақ та. Кете бардым тақымында ажалдың, Ұқсадым да көкпардағы лаққа... Жер бетiне қайта бiр сәт келсем деп, Аңқам кеуiп, ынтығамын мен шөлдеп. Хан құрыса да қурамайтын өмiрдiң Әуселесiн осы кезде көрсем деп... Күл-талқан ғып бәлемдi, Құртар едiм бар елдi. Сонан кейiн жатар едiм жай тауып, Өлгенде де билеп-төстеп әлемдi... Екiншi дауыс: – Татпаған жан тiршiлiктiң бал дәмiн Тiстейдi екен бармағын. Сiңiрлерiм тарамыстай тартылып, Мен көтердiм ғасырлардың салмағын. Көл боп аққан көз жасыма көмiлiп, Тұңғиықта тұншықты асқақ арманым. Замандардың жартасынан жаңғырып, Шығар менiң запыранды зарларым. Отпен кiрiп, күлмен шықтым қор болып, Өмiрiмде бiр күн тыным алмадым. Құл болдым да пұл болдым, Қолдан-қолға өтiп қайда бармадым.

Шұрқ тесiлiп табаным, Шартарапты шарладым, Жұттым жапан шаңдарын... Қайғы жолын таптадым, Бақыт жолын таппадым. Бұрқырайды иiсi ащы терiмнiң, Ашып қалса қара жердiң қатпарын. Сiреу-сiреу қасiреттiң көк мұзын Көкiрегiме қаттадым. Өмiрiмдi бiр келер Сорды бит пен бүргелер. Қия бассам ашты маған аранын Зындандар мен түрмелер. Сорпадайын қайнатты да сорымды, Қожайыным сорды қан мен сөлiмдi. Жон арқамда қамшысы ойнап қайғының, Көкiрегiм қарс айрылып, сөгiлдi. Адам едiк, мал орнына санады, Құлды хан да, қарақшы да талады. Қасiреттiң мөрi болып басылды Тас-тарихқа құлдың қара табаны. Тарықтырып тас қараңғы мекенiм, Тiршiлiктен қайтты менiң меселiм. Ғұмырымда тым болмаса бiр рет Бiлмей өттiм еркiндiктiң не екенiн.

Дүниеден өттiм солай мазақ боп, Зомбылықтан өлiп қана азат боп. Мен өмiрдi түсiнемiн қайғы деп, Мен өмiрдi түсiнемiн азап деп. Еркiндiктiң еншiсiнен құр қалдық, Құр қалдық та, болдық құнсыз құрбандық. «Құл жиылып бас болмас» деп қорлады, Қорлықтан қатты уландық. Зiл батпандар жаншыса да иықтан, Тас астында гүл жардық. Шыңырауларда ширығып, Азаптың төс-балғасымен шыңдалдық. Кектiң қара қазанында қайнадық, Тiсiмiздi тiсiмiзге қайрадық. Қапастардан бас көтердiк бұлқынып, Қан майданға сайланып. «Құтырмаңдар, қара сирақ құлдарым, Хандар үшiн бiр-ақ тиын құндарың. Құлдың құны тумай жатып төленген, Құлдықта өтер қыздарың мен ұлдарың», – Деп қайтадан желкеледi жаныштап, Арқаладық адамзаттың мұң-зарын. Тағдырдың бұл сынын да, Көтердiк бiз шақ қалсақ та сынуға. Ұрпақ үшiн тiктiк басты өлiмге, Тек құлдан құл тумақ па екен шынында?!

Күлге айналмай денемiз, Құлға айналдық неге бiз? Тiрлiктiң тас омырауынан бiреулер Уыз емiп, неге бiз у емемiз?! О, Бостандық! Мен өзiңдi баладым Елiгiне даланың. Талғанша қос жанарым, Өзiң бе деп ұшқан құсқа қарадым. Жұмбақ болып маған мекен-тұрағың, Дауылдардан сұрадым. Мың тұрып, мың құладым, Аттамақ боп саған қарай бiр адым. О, Бостандық! Өзiң жақтан бола ма деп бiр хабар, Құлақ түрдiм қиқуласа тырналар. Сенi iздедiм толқындардан тулаған, Мұз-бұғаудан босанғанда жылғалар. О, Бостандық! Елестедiң сен маған Баспана боп менде өмiрi болмаған. Мұңлы махаббатым боп, Тумысымда қолым жете алмаған. Шөлiм болып қанбаған, Терiм болып тамбаған.

О, Бостандық! Қасiреттен қан жылап, Кiрпiк iлсем қалжырап, Көрдiм сенi түсiмде, От пен оқтың iшiнде. Елестедiң қанды майдан, ұрыс боп, Елестедiң қылшылдаған қылыш боп. Елестедiң кiсен болып үзiлген, Елестедiң еркiн алар тыныс боп. Елестедiң жалғыз үзiм нан болып, Елестедiң биiк шырқар ән болып. Арманым жоқ дедiм мен, Ақ жолыңда кетер болсам мәңгi өлiп. О, Бостандық! Бостандық деп талпындым, Сондықтан да дар ағашқа тартылдым. Өкiнбеймiн, Жүрер жанды елесiм Жанарында әр ғасырдың, әр күннiң. Мен өлгелi өттi сансыз жылжып күн, Сыры мәлiм қашан-дағы сұмдықтың. Түстi ме екен байғұс жердiң мойнынан Қарғыс атқыр тас қамыты құлдықтың? Жауыздықтың зәбiрiн Көрдi менiң, өзiм түгiл, қабiрiм.

Бiлер, сiрә, отқа жанса өз ары, Бiлмегендер еркiндiктiң қадiрiн... Үшiншi дауыс: – Керегiң не – Жалынбысың, шоқпысың? Керегiң не – Қылышпысың, оқпысың? Қиған кезде тұлпарыңның тiрсегiн, Қиған кезде сұңқарыңның топшысын, Жауға қарсы қыла алмасаң бiр дәрмен, Керегiң не – Барсың ба, әлде жоқпысың? Теппес үшiн қазанымды қас жауым, Кеппес үшiн итаяқ боп астауым, Төкпес үшiн қанды жасын бастауым, Шөкпес үшiн қайғы жұтып жас тауым, Қалың қолды бастадым. Бiрақ та мен қиянатқа баспадым, Iргесiне өрт салмадым басқаның. Балталаса босағамды кiм келiп, Шаңырағына жайдың отын тастадым. Айбатты едi жүрегiм, Қайратты едi бiлегiм, Қасарысқан, қақтығысқан дұшпанның Қабырғасын көк найзамен iредiм. Кекпен қайнап, от шайнаған батырмын, Жау қанына семсерiмдi батырдым.

Бейбiт елiм шырт ұйқыда жатқанда, Ат үстiнде көз iлмей таң атырдым. Қаhарлансам тартып iшке қанымды, Қалтыраттым патшаңды да, ханыңды. Мен қайғының қара тауын көтердiм, Найза ұшына байлап шыбын жанымды. Елiм, Елiм, Сен деп қана күн кештiм. Сен күлмесең, езу тартып күлмеспiн. Жер бетiнде сен болмасаң егер де Мен өмiрдiң не екенiн бiлмеспiн... Өмiр, Өмiр, Мәңгi саған ғашықпын, Мен тiлеймiн аспаныңа ашық күн. Тыныш сүрген бiр күнiңе не жетер, Қанiшердi қалсын мәңгi басып құм... Сарайынан сырт қап сайран-сауықтың, Уысында өстiм болат сауыттың. Туған елiм, Сен күрсiнсең қайғырдым, Сен қуансаң, мен дертiмнен сауықтым. Туған елсiз ердiң күнi құрысын... Алысқанда болдым шабар қылышың.

Талыққанда болдым ұшар қанатың, Тарыққанда болдым алар тынысың. Туған елiм, Махббатың – жанға дәт. Ара түстiм алған шақта жау қамап. Хан мен бектер қашты басын сауғалап, Тағдырыңды базарға сап, саудалап... ...Оқ өтпейтiн табылады жан қайдан?.. Өз есесiн жiбере ме қан майдан? Әттең, әттең, қапы кеттiм, қайтейiн, Соқты ажалдың сұр жебесi маңдайдан. Үзiлдi де атойлаған ұраным, Ат үстiнен таудай болып құладым. Қиналдым мен жауым тiрi қалды-ау деп, Қиналмадым сөнер деп қос шырағым. Жар салғанда жауым менi өлд деп, Тауларыма қайғы бұлты қонды кеп. Көлдерiмнiң шарасына толды кек... Мен дүниемен қоштасарда соңғы рет... Көз алдымда елiм тұрды мөлдiреп!.. Елiм үшiн бердiм басты өлiмге, Ендi алаңсыз жатам мәңгi көрiмде. Өмiр – халқым! Халқым барда мен бармын, Жасай берем жарық дүние төрiнде.

Елесiм бар таң нұрында өмiрдiң, Көз жасым бар жаңбырында жерiмнiң. Ар мен намыс мына менiң бойымда, Тағдырым бар тағдырында елiмнiң. Қалқан болар туған жерге нар ұлдар, Ей, ұрпақтар, бiздi де еске алыңдар. Тамырында барлық ұлы жеңiстiң Менiң де ыстық қаным бар... Жер бетiнде мәңгi тұрар ешкiм жоқ, Өкiнбеймiн жанбай жатып өштiм деп. Тұңғиыққа батты талай ғасырлар, Уақыт шаңы басты да ауыр көшкiн боп. Жылдар қанша көмгенiмен тереңге, Бұзып шығам, тас қақпасын тебем де... Өйткенi мен құс қанатты аңыз боп, Айналғанмын өлмейтұғын өлеңге. Ғасырлардың шоқтығына шығып ап, Заңғарлардан көз саламын төменге. Өмiр әнiн талай жандар шырқады, Тiршiлiктiң тұншықпасын нұр таңы. Ханның басы қалады екен сұраусыз, Батыр басын iздейдi екен ұрпағы. Қыршынынан кетсе де, Жаудан кегiн алған жаста арман не?! Мыңдап жылдар өтсе де, Жоқтаушысы болған баста арман не?!

Төртiншi дауыс: – Талай басты қырдым да, Өзiм сосын кеттiм мәңгi құрдымға. Тiрлiгiмде қаныпезер атандым, Қарақшылық қылдым да. Шөл қандырмай мөлдiр бұлақ, көк өзен, Қан iшпесем кептi қаңсып кенезем. Қара түнде қара қанжар ұстадым, Кiсi өлтiру – мақсатым боп көзеген. Торуылдап тоғыз жолдың торабын, Керуендi де, кезбенi де тонадым. Қайыршының қақтым тесiк қалтасын, Қабiрiн де тiнттiм жаңа моланың. Менiң өкшем тиiп кеткен маңдарға, Адам тұрмақ, жоламады аңдар да. Сыйынбадым Аллаға да, адамға, Сыйындым тек екi жүздi қанжарға. Қорқау сезiм билеп-төстеп алды да, Түсiнбедiм ұятты да, арды да. Тәттi ләззат таптым қарақшылықтан, Менiң санам жетпедi одан арғыға... Пәк өмiрдiң зәресiн ап, шырқын ап, Шошындырдым балғын етiн шымшылап. Селт етпестен қарап тұрдым сүйсiнiп, Жатса бiреу шыбын жаны шырқырап.

Жан болмады мен басымды иетiн, Жар болмады мен елжiреп сүйетiн. Тас едi ғой, тас едi ғой жүрегiм, Қас едi ғой, қас едi ғой ниетiм. Айта қояр қарақшыға алғыс кiм? Қара тасы басты менi қарғыстың. Талайлардың қанын судай шашып ем, Ақырында жер құштым да қан құстым. Мен өлгенде бiр жан iздеп келмедi, Болды басым қарға-құзғын ермегi. Жиiркенiп, жиырылып қара жер, Құшағынан титтей орын бермедi. Сан сойқандар ойнаушы едi миымда, Құным тұрмай, жоғалдым, көк тиынға. Табалады тау да, көл де, орман да, Мазақ қылды соққан жел де, құйын да. Тиетiндей қарақшының қырсығы, Өлiгiмнен аңдар да үркiп, ыршыды. Кеттi ме деп дер бетiнен бiр залым, Түршiккендер бойын жазып тыншыды. Жерде де жоқ, көкте де жоқ тұрағым, Елесiмдi ессiз желден сұрағын. Басқалардың нарқын, сiрә, бiлмеймiн, Бiлдiм құнын қарақшының, шырағым... 14-262

Қарақшыда болмайды екен ана да, Қарақшыда болмайды екен бала да. Қарақшыға бұйырмайды баспана, Қарақшыға бұйырмайды мола да. Қарабетпiн, Қарабетпiн мына мен, Бар өмiрiн сарп қылған күнәмен. Өмiр, сiрә, қанжар емес қолдағы, Болса керек сырлы сазды мың әуен. Жыртқыш заман болды менiң заманым, Тоналдым да, мен де өзгенi тонадым. Қарақшы боп кете бардым, қайтейiн, Болмаған соң басқадай бiр амалым. Уақыт заңы қатал екен менен де, Төрт аяғы ойнады ендi төбемде... Өмiр маған бермес қайта қол ұшын, Зым-зия боп батам түпсiз тереңге. Адастырып бұлдыр тұман, бұлдыр күн, Мен тағдырға тамырымды жұлдырдым. Iзi де жоқ, тозы да жоқ тозаңмын, Талайсызбын, тұқиянсыз тұлдырмын. Өмiр – алтын кесе екен ғой бал толы, Амал қанша, тасқа ұрдым да сындырдым... Шырын өмiр, Тата алмадым балыңды,

Таба алмадым, Жоқ сезiндiм барыңды. Дүниенi тонаймын деп әлек боп, Тонатыппын ұятымды, арымды. Өмiр, Өмiр, тереңiңе бойламай, Тебiренбей, емiренбей, ойламай: Мен қанжардың құлы болып өтiппiн, Қызығыңды бiр күн, сiрә, тойламай. Бұдан қайғы, бұдан қасiрет өтер ме, Ащы зарым жер түбiнен жетер ме?.. Өмiр деген – iзгiлiктiң нұры екен, Шабылыппын, Шағылыппын бекерге. Әлi талай көктем келер, күз өтер, Уақыт-ұста майысқанды түзетер. Адамзаттың iзгi туған ұлдары Жер-ананы қарақшыдан күзетер. Өкiнiшiм, Өкiнiшiм көп менiң, Зұлымдықтың есiгiн бiр теппедiм. Тым болмаса, жарық дүние төрiнен Қарақшының соңғысы боп кетпедiм... Менен соңғы қарақшылар қауiптi, Не сұмдықты, не сойқанды тауыпты.

Мен тонасам керуендi, кезбенi, Олар бүкiл қара жерге жауықты... Түбiнде әйтеу бiр алапат-дүлейдiң Жерге қатер төндiрмеуiн тiлеймiн. Жер жүрегiн жараласа бiреулер, Қарақшы екеш қарақшы Мен де қарғап-сiлеймiн... Өмiр деген – жұмыр жер ғой, жұмыр жер, Уа, Тәңірім, жұмыр жерге ғұмыр бер! Бесiншi дауыс: – Еш күнәсiз, еш шүбәсiз сәбимiн, Туа шөккен тағдырыма налимын. Өмiр, бәлкiм, ақ сүтi ме анамның, Өмiрдi уыз иiсiнен танимын. Жарық дүние сәулесiне бөлендiм, Маужырадым үнiне әлди-өлеңнiң. Өмiр, бәлкiм, алақаны анамның, Ақ бесiгi болған балғын денемнiң. Өмiр – әлде айдың нұры, күн нұры, Өмiр – әлде аққан судың сылдыры. Шөл қандырған Омыраудың иiсi, Алдандырған Қоңыраудың сыңғыры.

Бәрi жұмбақ – Атқан таң да, батқан күн, Жұмбақ сәби ғұмырымды атқардым. Әйтеуiр тез аяқталды сапарым, Тал бесiктен жер-бесiкке аттандым. Мен iзiмдi қайдан iздеп табамын? Қара жерге тимей кеттi табаным. Күн көзiне күймей кеттi жон арқам, Гүл жұпарын сезбей кеттi танауым. Бiлмеймiн де – келдiм, кеттiм қай күнi, Сезбеймiн де қуанышты, қайғыны. Маған қымбат жұтар ауа, жүрер жол, Мен үшiн сол тiршiлiктiң байлығы. Сәби қалпы сөндi iшiмде мың арман, Шыбық құрлы шыға алмадым құмардан. Болсам керек мен бiр жасыл жапырақ, Ұшып түскен өмiр атты шынардан. Болмас па едi әйтеуiр бiр керегiм, Қалмас па едi артымда бiр дерегiм, Тұрмас па едi байтақ жердiң төсiнде Тамыр жайып менiң де бәйтерегiм. О, тiршiлiк, О, сырлы әлем, нұрлы әлем, Әр сәтiңдi қадiрлер ем, сыйлар ем.

Тауыңдағы бiр гүлiң боп құлпырып, Бағыңдағы бұлбұлың боп жырлар ем. Қыраның боп қонар едiм шыңға мен, Ұланың боп ұлы әнiңдi тыңдар ем. Нұрлы дүние, қымбат едiң сен неткен, Сенен орын бұйырмастан мен кеткем. Үзiлмесiн сәби ғұмыр сабағы, Өмiр дәнi өркендемек жөргектен. Алтыншы дауыс: – Ей, махаббат, Болдым сенiң құрбаның. Гүл бағыңда сауық-сайран құрмадым. Кең даланың құралайы ем қаперсiз, Сезбеппiн ғой тағдыр қақпан құрғанын. Сай-сүйегiн сырқыратар тастың да Менiң тартқан тауқыметiм, мұң-зарым. Мен емес пе ем еркiн өскен ерке қыз, Жабырқадым көктем өтiп, келсе күз. Нәзiк жаным жазды аңсайтын жайдары, Айнам едi жарқыраған көл-теңiз. Айдың нұры ақ көйлегiм болатын, Аққу-қаздар алдыма кеп қонатын. Гүл-дүние құлпырып көз алдымда, Гүлдер ғана құшағыма толатын.

Ғашық едiм бояуына бақтардың, Содан рахат, Содан ләззат тапқанмын. Ақ қайыңды ұйқысынан оятып, Тылсым түнге жан сырымды ақтардым. Шұғыласына шомылдым да ақ таңның, Шыққан күнмен бiрге күлiп шаттандым. Аспанымда ойнап жастық жарқылы, Өн бойымды ыстық жалын шарпыды. Махаббаттың тiлiн алғаш түсiндiм, Тiрлiгiмдi түсiндiм сол арқылы. Тамырымды тептi тосын бiр ағын, Себебiн өз жүрегiмнен сұрадым. Ағыл-тегiл төктi тұмса нөсерiм, Қуаныштан ағыл-тегiл жыладым. Рахаттың көк теңiзiн жалдадым, Тұңғиықтан тердiм сезiм маржанын. Сонда ғана парықтаған шығармын Дүниенiң қымбаты мен арзанын. Жанарымды қадап оң мен солыма, Жасқанбастан түстiм жастық жолына. Тағдырымды махаббатқа тапсырдым, Жүрегiмдi ұстаттым да қолына. О, махаббат, Заңғар шыңсың мен бiлсем,

Таймастай бiр тұғырыңа қондыр сен. Қасиеттi ғұзырыңа бас ұрдым, Мен сендiкпiн, ғұмырыңа сендiрсең. Үрле, лаулат кеудемдегi шоғымды, Ал өртiмдi өзiң сөндiр, сөндiрсең. Бұзып кiрiп терезесiн тылсымның, Осылайша махаббатқа құлшындым. Көңiлiме қанат байлап ұшсам да, Ұшығына жете алмаппын бiр сырдың... Мен қалайша қурамайын, солмайын, Қарыс жерде тұрыпты ғой сор дайын. Шықпай жатып тасқа тиiп маңдайым, Ащы удан ойылды бал таңдайым. Құсаландым – қаным қайнап, жан күйiп, Артымда – ор, алдымда – оппа, жар биiк. Қонбақ келiп менiң аққу төсiме Қалбаңдаған қара қарға жарбиып. Бар қызығым айналды да елеске, Белдi байлап, түстiм тартыс-егеске. Отқа күйiп шырқырады махаббат, Өмiр деген бал махаббат емес пе? Махабаттың басып қиын соқпағын, Маңдайымды қайда апарып соқпадым? Жетiм жүрек жанарынан жас төгiп, Жетi түнде жұлдызымды жоқтадым.

Өмiр, сiрә, емес шығар суық мұз, Менiңше, ол – лапылдаған от-жалын. Егер ортақ бола алмаса қайғыма, Шағылмай ма аспандағы ай мына. Тұншықтырды қара түнi қорлықтың, Қасiреттiң қара шашын жайды да. Күйе алмаса, қақ бөлiнсiн жүрегiм, Сүйе алмаса, отқа күйсiн бұл ерiн. Оңашада ғашығымның мойнына Асылмаса, қырқылсын қос бiлегiм. Қу томарға рас байлап қойды ма? Жұтылайын одан да жер қойнына. Бұрымдарым, оқжыланға айналып, Атылып кеп, оралыңдар мойныма. Махаббатсыз жер бетiнде жүрер кiм? Қас-қабағым тастай қатып түнердiм. Жасырынып жарық дүние көзiнен, Өзiмдi өзiм шыңырауға атып жiбердiм. Ендi, мiне, тұңғиықтан тiл қатам, Қара жерге қасiретiмдi тыңдатам. Махаббаттың бiле алмассың қадiрiн, Ей, ғасырлар, маған мойын бұрмасаң. Ешқашанда ғайып болып кетпеймiн, Жылдарменен болашаққа беттеймiн.

Өмiр ғана махаббатың тұрағы, Махаббат боп көктем сайын көктеймiн. Өмiр-тiрлiк Махаббаттан тұрады. Махаббаттың суалса тас бұлағы, Махаббаттың қуарса жас құрағы, Тарс бiтедi тiршiлiктiң құлағы. О, махаббат! Құдіреттi өмiр – сен. Армансызбын көз жасың боп төгiлсем. Жеңсем егер бiр өзiң деп жеңдiм де, Бiр өзiң деп жеңiлдiм тек жеңiлсем!.. Жетiншi дауыс: – Батыр емен атаң-даңқын асырған, Хан емеспiн қазынасын жасырған. Қарақшы емен жұртқа тiзе батырған, Жердiң құты, Елдiң құты – диқанмын, Емiп өстiм жер емшегiн жасымнан. Мұңдасым да, сырласым да тек менiң, Болды жалғыз таянышым – кетпенiм. Бас-аяғы бiр-ақ тұтам ғұмырды Базбiреуше босқа сүрiп кетпедiм. Түстiм-дағы топыраққа дән болып, Саусағымды күнге созып көктедiм.

Мен ешкiмнiң нанына ортақ болмадым, Жедi өзгелер ақ нанымды теп-тегiн. Өмiр алғаш ошағыма жаққанда от, Кең көсiлiп ақ ордада жатқам жоқ. Тағдыр маған құс төсегiн ұсынып, Иығыма зерлi шапан жапқан жоқ. Зорлық менiң сан байлады бағымды, Қайран басым қорлыққа да бағынды. Қарақшылар шалқасынан жатты да, Қызыл қанға шылап жедi нанымды. Бiрақ олар қадiрiмдi бiлмедi, Отқа салды, суға салды бiр менi. Жиған-терген астығымды тартып ап, Ал өзiмдi дүреледi, тiлдедi. Табанында тапталдым сан төренiң, Ауыз ашсам аңдып тұрды тек өлiм. Жер құдайы санады олар өздерiн, Жер үшiн мен алым-салық төледiм. Рахат емес, кештiм өмiр бейнетiн, Зорықтым да, торықтым да кейде тым. Ғұмыр бойы төксем де ащы терiмдi, Көре алмадым еңбегiмнiң зейнетiн. Қасiретiмнiң бәрiн тiзiп айта алман, Жан емеспiн жаудан есе қайтарған.

Бұршақ емес, ат тұяғы жапырып, Өртке кеттi көк егiнiм жайқалған. Аштық келдi – қастық келдi бiр күнi, Жарлыларды обыр өлiм қылғыды. Қылқындырды тағдырдың қыл шыбыры, Ажал жылжып, үйден-үйге сырғыды. Жан шырқырап аштық төнген уақытта Адыра қалар алтын тәж де, тақыт да. Бiр уыс дән көрден-көрге түсiрiп, Бiр уыс дән жеткiзедi бақытқа. Қайғы басса қоламтадай қоздаған, Пенде бар ма бордай ерiп тозбаған? Ақсүйектер кекiрелеп жатқанда, Аштан өлдi көз алдымда өз балам. Неге менiң гүлiм ерте семедi, Неге менiң күнiм ерте сөнедi? О, сұмдық-ай, Егiншiнiң баласы Аштан өлдi дегенге кiм сенедi?! Салды маған қасiрет батпан салмағын, Сонда-дағы дән егуден талмадым. Өшкендердi мың қайтара тұтаттым, Үзiлгендi мың қайтара жалғадым. Қарамайды уақыт аш пен тоғыңа, Назар салмас барың менен жоғыңа.

Осқылады миллион жылдар дойыры Көнi қалың көнбiс жердiң жонына. Талқандаумен тастай қатты сорымды, Қолым тозып, көбелерiм сөгiлдi. Алғашында бәрiн жерден алып ем, Жерге бердiм қанымды да, сөлiмдi. Ашыққанның өзегiне нәр бердiм, Алысқанның бiлегiне әл бердiм. Жоғалмайды жер бетiнен көлеңкем, Менiң жаным уызында дәндердiң. Жердiң менсiз, менiң жерсiз жоқ күнiм, Тiлеймiн тек тiршiлiктiң тоқтығын. Құдірет күшi құйттай ғана дәндердiң Биiктетiп келедi өмiр шоқтығын. Шымылдығын түрiп әрбiр таңдардың, Ғасырлардың тың қыртысын аудардым. Күс-күс қолым – қан тамыры тiрлiктiң, Өмiр – нан ғой, нан бар жерде мен бармын. Нан – үмiтiң, Нан – шаттығың, Нан – қайғың! Соры да – нан, Терi де – нан маңдайдың! Арың да – нан, Жаның да – нан,

Қаның – нан! Нансыз өмiр бар дегенге нанбаймын. Жайқалғанда жер бетiнде көк егiн, Сонда өзiмнiң келбетiмдi көремiн. Тiршiлiктiң тасқа соқпай арбасын, Мен өмiрдi алға сүйреп келемiн... Сегiзiншi дауыс: – Мен – тiрлiктiң тiрегiмiн – анамын, Жарық күннен мейiрiмдi жанарым. Жығылғанды көкiрегiммен сүйедiм, Жыртылғанды жүрегiммен жамадым. Құлдыраса құлын-өмiр дауысы, Қызыл отқа ең алдымен жанамын. Өмiр – сiрә, аяқталмас зор майдан, Майдан барда тап болмасын сор қайдан? Ердi көрдiм Намыс туын жықпаған. Ездi көрдiм Күнi төмен торғайдан. Заман көрдiм Каhар шашқан қылыштан. Адам көрдiм Арпалысқан, жұлысқан. Дала көрдiм Отқа өртенiп, құрысқан.

Қала көрдiм Быт-шыт болып күлi ұшқан. Бала көрдiм Бесiгiнде күрсiнген. Дана көрдiм Қасiреттен құнысқан. Қуаныштан болды дәйiм қайғым зор, Азабымды арқаласты ай-күндер. Мен күрсiнсем, Күңiрендi алып тау, Мен егiлсем, Еңiредi айдын көл. Тiрлiк үшiн – сәбиiмнiң жаны үшiн Қайыр тiлеп нан сұрадым, жайдым қол. Қаусатты да қабырғамды қатал күн, Әз ана едiм, қайыршы әйел атандым. Қайран өмiр саудаланды қанша рет Жендет пенен қолында алыпсатардың. Бiреуге – көл, Бiреуге шөл уақытта Ғұмыр кештiм, жете алмадым бақытқа. Арсыз дүние талайларды арбады, Айналды да алтын менен жақұтқа. Бiрақ... Бiрақ... Темiр өзек жан бар ма?

Қара да өттi, Өттi қорқау хандар да. Қылпылдаған қылышынан уақыттың Қиылмаған пенде басы қалған ба? Қасiреттi сезбеген бар, Сезген бар. Ар-ұяттан безбеген бар, Безген бар. Жан иесiн езбеген бар, Езген бар. Қиянатқа төзбеген бар, Төзген бар. Теңшер бәрiн таразысы уақыттың, Өмiр барда – өлiм деген безбен бар... Арына дақ түспесiн деп өмiрдiң, Қара көзден қанды жас боп төгiлдiм. Қайғы батқан қабырға боп қайыстым, Қасiрет толы көкiрек боп сөгiлдiм. Ей, зұлымдық, Атың өшсiн, зұлымдық! Қан жұтқанша, қасiреттiң уын жұт. Құм құйылсын сұрқай-құзғын көзiңе, Болсын мәңгi күнiң қараң, жылың – жұт. Сенiң арам босағаңды аттаған, Қара ниет жанның бәрi жат маған. Олар, сiрә, ана сүтiн татпаған, Қасиеттi ақ бесiкте жатпаған.

Жұттың қымбат асылымды қаншама, Зар иледiм, дүниеге жар сала. Мәңгi бақи майдандасам сенiмен, Ұлы денем күлге айналып қалса да. Жылдар, Жылдар... Жаңарады жаңғырып. Ұйықтар тарих жартасында жаңғырық. О, адамдық, Сүттей таза адалдық, Сипар ма едiм маңдайыңнан мәңгiлiк. Көк орманның қорғап бала талын да, Аяладым құстың балапанын да. Әлдиiме рахаттанып, маужырап, Өмiр менiң мызғыды алақанымда. Бұтақтарым бүр жарады, көктейдi, Тау шөксе де, асқар тұлғам шөкпейдi. Дүниенiң бар қуаныш-қайғысы Жүрегiме соқпай менiң кетпейдi. Менiң күнiм мәңгi күлiп шығады, Сөнбес нұрлы шаңырағымның шырағы. Бүкiл әлем кiшiрейiп алдымда, Әрқашан да тағзым етiп тұрады. Ей, пенделер, Ғұмыр кешкен сан бөлек: 15-262

Бiрiңе жан, ал бiрiңе мал керек. Бiреуiңе жұту үшiн бал керек, Бiреуiңе жұту үшiн қан керек. Бiреуiңе сайран керек, сән керек, Бiреуiңе айран керек, нан керек. Бiреуiңе жанжал қымбат бәрiнен, Бiреуiңе ұят керек, ар керек. Қилы-қилы тағдырға таңғаламын, Менiң жаным жаралған ба әлде ерек? Менiңше, өмiр – махаббаты ананың, Менiңше, өмiр – бесiктегi балбөбек... Тоғызыншы дауыс: – Сөз дауылын сапырдым, Найзағай боп атылдым. Ел басына екiталай күн туса, Шамырқанып, шабытымды шақырдым. Жырымменен ту көтерiп, жол аштым, Жоғын жоқтап алыс пенен жақынның. Ең алдымен қасiреттiң салмағы Түседi екен жүрегiне ақынның. Өттi-кеттi күйiнумен қымбат күн, Шаңын қақтым қайғы деген тулақтың. Көппен бiрге баттым сордың көлiне, Дауысымды қара тасқа тыңдаттым. Мен халқымның көкiрегi боп күрсiндiм, Мен халқымның жүрегi боп тiл қаттым.

Алдамшы үмiт ұстатпады сағымдай, Өттiм бiрақ ақ жолымнан жаңылмай. Қара табан шындық үшiн тартыстым, Жорға мiнген жалғандыққа жалынбай. Ақын ары – Елдiң ары деп бiлдiм, Сөзiн сөйлеп елiн сүйген тектi ұлдың. Шаршы топта суырылдым қылыштай, Арқасында от ауыз бен шоқ тiлдiң. Демедiм мен құзға құлап кетермiн, Адалдықтың туын биiк көтердiм: Қиянатпен қыр басына кiм шыққан, Қорқаулықпен мұратына жетер кiм? Жақсылықтың толқыны боп туладым, Жамандықты наркескен боп турадым. Туған елдiң қасиетiн ұғынып, Туған елдiң қасiретiн тыңдадым. Жұрт жыласа, Жыладым мен мың есе, Жүрегiмдi жұлып бердiм тiлесе. Дамыл көрмей түре қудым дауыл боп, Ел басына қайғы бұлты түнесе. Жұлдыз-жырым медет берiп нұр төккен, Қара түндi ояттым мен мұң шөккен.

Тұлпар-халқым оза шапса алдыға, Қастандық-ит алды бiрақ тiрсектен. Болмасын деп ән ажарсыз, күй жұтаң, Туған жерге сүт-сәулесiн құйды таң. Батыр халқым жауға шапса, Бүйiрден Сатқындық сұм сұр жебе боп тидi сан. Арзандаса адамдықтың нарқы шын, Қайран өмiр тартады екен талқысын. Ел тағдырын саудалады сатқындар Мансап үшiн, Байлық үшiн, Даңқ үшiн. Алауыздық тұралатып ақыры, Надандықтың қатты батты тақымы. Кейбiреудiң жауы досқа айналып, Кейбiреудiң жатқа айналды жақыны. Дүлей дүние тiлi мылқау, көзi жоқ, Басы қатты даңғазадан мезi боп. Безбүйректер бүлк етпестен безердi, Аш қасқырдай өз бауырын өзi жеп. Сұмпайылар маңайына у төккен, Сөйте тұра аузын сүрттi қу шөппен. Шыр айналдым қарлығаштай шырылдап, Қалың өртке қанатымен су сепкен.

Жалпақ жұрттың жүрегiне жара сап, Қара нардай басқан кезде алапат, Қаратаудай күңiренiп сөйледiм, Сөзiмнен бiр тие ме деп шарапат. Хан мен бектер өздерiнше iсiнер, Ел болмаса, Сөзiңдi кiм түсiнер? Қызыл тiл де қызған темiр секiлдi, Тиген жерiн қолдыратып түсiрер. Таяқ сiлтеп сәби-елдiң етiне, Ұрындырса суық желдiң өтiне, Қып-қызыл боп қызған темiр тiлiмдi Быжылдатып бастым ханның бетiне... Қайсыбiрiн айта берем бiрақ та, Ұшып кеткен елес-құспын жыраққа. Менiң жырым қалған мәңгi жазылып Тау, далада, Өзен-көлде, бұлақта. Менiң сөзiм – батырлардың жырында, Менiң сөзiм – ғасырлардың сырында. Көшiп жүрер өлмейтұғын рухым Байтақ жердiң ойы менен қырында. Өткiзгем жоқ ғұмырды бос сенделiп, Өшiре алмас сөзiмдi ешбiр сел келiп. Туған халқым тебiренiп толғанса, Туған далам тiл қатады мен болып.

Ойлап қара, бұл дүниенiң түбi жоқ, Ойланбасаң, керегi не тiрi боп? Мен өмiрдi түсiнемiн Өлмейтiн Туған елдiң құдіреттi тiлi деп! Бәрi бекер... Өттi хан да, қара да, Қарақшының басы қалды далада. Бала, Ана, Туған халқым, Туған тiл – Солар үшiн барлығы да садаға! * Антрополог отыр әлi толғанып, Алма-кезек бас сүйектi қолға алып. Болмағандай көрiнген көп дүние, О, керемет, Өз-өзiнен болды анық. Сонау, сонау тұңғиықтан тым жырақ, Сансыз жанар телмiргендей тұнжырап, Сансыз келбет елестейдi көзiме, Сағымдардың арасынан бұлдырап...

НАЙЗАҒАЙ ...Ырғып бұлттан түсер жайдай. Қасым Аманжолов

І Жарық дүние қымбат қой жан біткенге, Жәндік екеш жан тәтті жәдіктерге. Ғұмыр керек күллі бұл табиғатқа: Барлық орман, Барлық тау, Барлық көлге!.. Әр минутын уақыттың тегін деме! Ғұмыр керек тасқа да, темірге де. Ажал төккен оққа да ғұмыр керек, Арзан болсын адамға өмір неге? Ажал десе, белгілі... Мұң басады. Ал бірақ та кім қашан мың жасады? Қызығына тірліктің тойған кім бар, Ұзақ ғұмыр кешуден кім қашады?

Толастатып талайлар өз дүбірін, Тозды бұрын, Ғасырлар озды бүгін. Шыбын жаннан кімдер бар безетіндей, Кім арзанға балайды өз ғұмырын?! Арзаны бар ғұмырдың, қымбаты бар: Бір ғұмыр бар Жарқырап шыңда тұрар. Бір ғұмыр бар Жалп етіп құлап түсіп, Өзін өзі тереңге шым батырар. Бір ғұмыр бар Қыранның қанатындай, Жиырмасында жарқылдар жай отындай. Бір ғұмыр бар Бықсумен ғасыр бойы, Ғасыр бойы жылт етпей қалатын жай. Жебегенде сенім мен үміт ерен, Ерлік аттар ажалдан түбі терең. Өлілер бар Тіріден көш ілгері, Тірілер бар Өліден күні төмен. Отқа салып сан сойқан, сан бүліктер, Жанды қанша армандар, жанды үміттер. Қызыл жалын ішінен тіл қатады:

Матросов, Гастелло, Әбдіровтер!.. Рухынан ерлердің от өрілер, Мәңгілікке маздайды жетелілер. Атқан таңмен бірге олар қанат қағып, Шыққан күнмен бірге олар көтерілер!.. ІІ Қамап алып қастандық шыр айнала, Шайқалса өмір тұнығы лайлана, Жылайды жер, Жылайды ел, Жылайды ана! Жыламайтын жалғыз-ақ құдай ғана. Досың күйіп, қанқұйлы қасың күліп, Арпалыстар алапат ашындырып, Сен де кеше, Дон-ана, аза тұттың, Толқындарың ақ бұйра шашын жұлып. Күңірендің, егілдің, еңіредің, Көк тұманға көміліп төңірегің. Көзбен көрдің сұрапыл соғыс сұрқын, Кескілесті алдыңда өмір-өлім. Бетпе-бет кеп тажалмен ажал атты, Қыршын ерлер көрсетті ғаламатты.

Отқа оранған бір ұлың қас жауыңа Шырқау көктен шүйілігіп бара жатты. Байқадың сен бәрін де қас қағымда, Ізі қалды жарқ етіп аспаныңда. Үні қалды саңқ еткен ең соңғы рет Қатпар-қатпар ауаның астарында. Долданасың ызадан, долданасың, Буырқанып, Булығып, Толғанасың. Сол қыранды қайтадан самғатарлық Құдірет-күш бойыңда болмағасын. Шаттығынан тірліктің наласы көп, Жүрегінде жан бар ма жарасы жоқ? О, кәрі Дон! Көңіл айт, Көргеніңді айт, Жағаңда тұр Нүркеннің анасы кеп. Сағыныштан санасы қаңыраған, Ана кеп тұр алыстан, Аңыраған. Ақша бұлттар, Аялап, жұбатыңдар, Ақ толқындар, Айтыңдар сабыр оған.

Өткір өксік қолқасын пышақтаған, Бағжан жатыр қабірді құшақтаған. Жатыр оның жүрегі осы арада, Тұрақ болып қара жер үш-ақ қадам. Талықсиды өң мен түс арасында, Тайталасып сан сезім санасында. Ей, Тынық Дон! Құйсаң да бар суыңды, Қасірет өртін өшіре аласың ба?!. Аулақ кетіп мүскін зар, масыл қайғы, Неге ғана мауқы бір басылмайды? Неге ғана жер қойны ашылмайды? Неге ғана Нүркені атып тұрып, «Апалап» кеп мойнына асылмайды? Оның жүзін жасырған сұр топырақ, Неге онан да өз жүзін жасырмайды?! Міз бақпады қара жер, тіл қатпады, Тіл қата алмай самал жел сырғақтады. Ескерткіш те үн-түнсіз тұнжырады, Гүлдер сүртіп көз жасын құрғатпады. Дүние тұрды анамен бірге жылап, Тас төбеден жаныштап мұң батпаны. Ұлын тауып бере алар кім анаға, Бедірейген көктасқа жұбана ма?! Ескерткіштер – Ерліктің елесіндей, Соғыс салған жараға куә ғана...

ІІІ Көкке ұшырмақ қас дұшпан күлімізді, Қараң қылмақ жап-жарық күнімізді. Соқыр етпек ойып ап көзімізді, Мылқау етпек кесіп ап тілімізді. Бірімізге байлатпақ бірімізді, «Өлімізге» айдатпақ тірімізді... Жауыздықтың итіне тақымдатып, Көрге қарай апармақ жақындатып. Анамызды, Қайнатпақ баламызды Қазанында азаптың сақылдатып. Өзімізге қаздырып көрімізді, Жерімізді жайламақ – төрімізді. Сайрандамақ мәңгілік, Ойрандап ап: Орманымыз, Тауымыз, Көлімізді. Қастандықтың асығы алшы тұрып, Жатты бір сәт әділдік қан түкіріп. Майдандасты ізгілік айуандықпен, Демін тартып дүние, қалды тынып. Астаң-кестең дүние күркірейді, Адам түгіл, көктегі бұлт үрейлі.

Күйретердей қара жер қабырғасын, Снарядтар соққылап, сілкілейді. Ыстық шарпып жер беті өртенеді, Өксіп-өксіп табиғат шер төгеді. Шұрқ-шұрқ даланың омырауы, Жарасынан өзінің жеркенеді. Көк ормандар жамылып қара киім, Тартты өзендер өкіріп аза күйін. Оқпен бірге ұшады сақ-сақ күліп Арсыз ажал ақ азу, алақұйын. Оңды-солды бұрқырап оқ бораны, Бұтағына талдардың от қонады. Төбесінен бомбалар бір қойғанда, Зәулім үйлер заматта жоқ болады. Жер менен көк аянбай соққыласты, Ерегесе сілтесті оқ құлашты. Кір шалмаған күнәсіз табанымен Сәби өмір шырылдап шоқты басты. Талайларға қарғыстай қадалып оқ, Біреу өлді, ал біреу жаралы боп. Қанатынан бұлттардың қан тамшылап, Өрт ішінде лапылдап жанады көк. Қалың жаудың шүйлігіп төбесінен, Қырандар жүр соғардай денесімен.

Зіркілдейді фашистер зеңбірегі, Өлім шашып аспанға өңешінен. Кеудесіне қорғасын кек байланып, Екі көзі ызадан оттай жанып, Бомбалауда Нүркен де жау ұясын, Самолетін құйғыта, көкті айналып. Құйылып кеп, жамсата жайпап өтіп, Тайқып өрге шығады қайқаң етіп. Жамырата жаудырып кек бомбасын, Ес жиғызбай соғады қайта жетіп. Барған сайын күйініп, күшке енеді, Зығырданы қайнайды, тістенеді. Жанарында – сұрапыл жау кескіні, Одан басқа көрмейді ештеңені. Оқпен бірге зулайды араласып, Қорқау ажал қуады аран ашып. О, сұмдық-ай! Петяның1 самолеті Кенет төмен жөнелді ала қашып. Орап алып барады қара жалын, Қарқ-қарқ күліп, соқты ажал барабанын. Шлемофоннан саңқ етті соңғы дауыс: 1 Петр Вычугжанин – Нүркенмен қатар қаза тапқан ержүрек ұшқыш.

– Хош бол, достар! Таусылды бар амалым! Бордай езіп бойдағы, қуат-күшті, Қас қағымда самолет құлап түсті. Жанұшыра Нүркеннің «Петя!» деген Құлындағы дауысы құраққа ұшты. Орман, дала бір-бірін жылап құшты. Тіл байланып, шыңылдап қос құлағы, Кек семсері жүрегін осқылады. Көз алдында дүние тұманданып, Көз алдында шыңырауға дос құлады. Қайғы-қасірет бар ма екен бұдан өткен? Қысқа айналып, қысқандай бұла көктем. Қаһарланды ер ұлан: – Дүлей дұшпан! Сені құртпай түспен, – деп, – мына көктен! Көрмей қауіп-қатерді шыбын құрлы, Самолетін жалма-жан шұғыл бұрды. Жасын құсап жарқ етіп, соғып өтіп, Жауыздарды жанынан түңілдірді. Ұрғылады бомбаның астына алып, Ұшқын атты снаряд, тасты жарып. Зіл-зала боп, зеңітіп майдан үсті, Күңіреніп Дон-Ана жатты налып.

Өршелене, өкшелей жабыла атқан, Қиямет қой құтылу қалың оқтан. Солқ етті де, зулады жерге қарай Самолеті өзінің жалын атқан. Командирдің келді үні шырқыраған: – Секір, Нүркен! Құлайсың, сұрқы жаман! – Қош болыңдар! – Саңқ етті ақтық даусы Қою түтін ішінен бұрқыраған. Соңғы арпалыс, Соңғы сөз, Соңғы бір сәт, Секундтар соңғы ойға берді мұрсат. Көк төсінен үңілді ол ақырғы рет Жатқан жауға төменде жерді құрсап. Жан түкпірін сілкінтіп құдіретті, Суық ойлар санасын тіліп өтті. Туған дала, Туған ел, Туған ана, Көз алдына бірі кеп, бірі кетті. «Қош! Қош!» – деді, еріні күбір етті. «Қош, құлыным!» дегендей ана қалды, «Қош!» дегендей күңіреніп Қарағанды.

Дерт құшағын қасірет айқара ашып, От көрпесі әп-сәтте орап алды. Қарауытып өлімнің соқыр түні, Қанды ауызы ажалдың көпіршіді. О, ғаламат! Жарқылдап найзағайдай, Жанарынан Нүркеннің от ыршыды. Қанатында қаһардың долданады, Әттең, дүние-ай, қапыда торлағаны! Шалып қалып қиядан жау танкісін, Төбесінен шаншыла сорғалады. Ағынымен алапат соқты келіп, Гүрс етті де, көк түтін кетті көміп. Жарылғандай қара жер тітіренді, Көмейіне ыза мен кек тіреліп. Бұлттар-дағы булықты, қалтырады, Қан жылады қаралы көк түнеріп. Аунап түсті дүние, ыңыранды, Қас дұшпанның орнында күлі қалды. Қызыл жалын аспанға көтерілген Қызыл бұлттай алаулап тұрып алды!.. ІV Ерік берсе қайғыға, бақ жана ма? Жерден басын көтерді Бағжан ана. 16-262

Күні кеше қан майдан, қырғын өткен, Назар салды момақан маң далаға. Бесігіндей ерліктің Дон даласы, Нүркенінің бұл-дағы болды анасы. Дон даласын торыған тонамақ боп Талайлардың қалыпты жолда басы. Теңселдіріп теңіздей алып қырды, Ту көтеріп Бағжанды халық тұрды. Тебірене, Емірене сөйледі ана, Қабағына қондырып жарық күнді. – Ерлік қана ежелден мың жасаған, Өмір үшін күресер, тынбас адам! Қарашығым – Нүркенім, ұлым қымбат, Ал бірақ та Отаным қымбат одан!.. Ана сөзі үйіріп алды көпті, Күрсіндіріп, жылатып жан-жүректі. Дон даласы жаңғырып, дүр сілкініп, Толқын тулап, Орманда тал дір етті. Ерлік рухын мезгілдер жұта алар ма? Қыран қанат талмастан ұшады алға. Нүркен атын ән қылып, шырқап тұрды: Егістер де, Гүлдер де, Бұталар да!..

V Артқа тастап айларды – өліараны, Бұл араға сан ұрпақ келеді әлі. Елестетіп сұрапыл суреттерді, Кереметін ерліктің көре алады. Келер мұнда: Бақытпен қауышқандар, Жүрегінен жыр менен ән ұшқандар. Тағзым етіп аналар, Балалар да, Басын иіп тұрады данышпандар! Таң атады, айналып күн шығады, Жылдар мәңгі жастыққа құлшынады. Қызғалдақтар басында құлпырады, Нүркенді орап жатады жыр шуағы!..

ЖАСЫННЫҢ СЫНЫҒЫ Ақтық демі таусылғанша ой ойлап, қиял қанатында ұшатындығымен де адам биік, адам ұлы. Шыңғыс Айтматов I Тербет, толқын көбік шашқан, Сілте, дауыл көpiк басқан. Көз алдыма кел дөңгелеп, Kөpiктi жер, Kөpiктi аспан! Жастық өтті Желік бастан, Қашты-кетті Жолықпастан. Келіппін-ау, кең дүние, Көп сырыңды мен ұқпастан. Лайлансам тұндырып ал, Жасық емен сағы сынар: Жүрегімде күн нұры бар, Қанымда өзен ағысы бар.

Tүciп сөздің шиырына, Өткізбеймін күнді тегін. Шексіз ойдың қиырына Жанарымды сүңгітемін. Қалайын бip жан таппаған Жыр маржанын тізіп oйғa. Кең дүние, көрсет маған, Қасым ақын iзi қайда?! Көрсет, кәне, тоқтай қалып, Мен де тоқтап үңілейін. Қас қағымда шоққа айналып, Желге қарсы жүгірейін. Жалын атсын кеудем кенет, Үрле, дауыл көpiк басқан. Көз алдыма кел дөңгелеп, Kөрікті жер, Көрікті аспан!.. II Тіл қатшы, тас қабырға, тұнжырамай, Kiм өксіп, жатыр мұнда кім жыламай? Омырауын өрт шapпығaн өршіл ақын Тым-тырыс өткізсін бұл түнді қалай?! Мына түн меңіреу еді, қаралы еді, Кәдімгі Қасым ақын жаралы eдi.

Түскен кеп госпитальға кешке қарай Қуырылып, Қусырылып жан әлемі... Жай атқан жанарынан от өpiлiп, Шапшиды басына қан көтеріліп. Бip жақтан жанын қинап жарақаты, Бip жақтан жұлқылайды жөтел іліп. «Қайтсем де көктей сені орамын...» деп, Ұлиды ызғарлы ажал боран үрлеп. Шыңылдап шыңыраудан еміс-еміс, Сыңсиды құлағына қаралы үн кеп. Тым құрса қылаң бермей көзге елесі, Қайда жүр Қасым мінер сөз кемесі?! Ол жатыр өң мен түстің ортасында, Өзіне бөтен құсап өз денесі. Жер де – қан, Мұхит та – қан, Аспан да – қан, Жан жоқтай қаннан жастық жастанбаған. Жанары жарты әлемнің қызарып тұр, Күндіз-түн қан аралас жас парлаған. Тұтастай табиғатты үрей көміп, Лықсиды қан өзені дүлейленіп. Tөнiп тұр екен дейді жағалауда, Ат басын алапатқа тipeй келіп.

Тасқынның жалаңдайды от төсінде, Білмей тұр өтерін де, өтпесін де. Тажалдан өте алмаса тәуекел қып, Қасымның кeгi жауда кетпесін бе?! Қатыгез тағдыр шындап алды сынға, Қаймықпай қойып кетті қанды суға. Қaғып aп, қақпақыл қып әкетті ағыс, Түсті енді қатер төніп, жан қысымға. Заматта тұнық ойы лайланып, Жөнелді тас ұршықтай шыр айналып. Жан дәрмен жанталасып айғай салды, Бәрi де әлгіндегі былай қалып. Шынымен кеткені ме тастай батып, Жағаға әлде қайта тастай ма атып? Ғайып боп құмғa ciңiп жоғала ма, Eciгiн ерке күннің ашпай жатып? Бip батып тұңғиыққа, бip шығады, Ес кетіп, eceңгipeп, тұншығады. Tipшілiк шырын екен, шіркін, әлі, Шошынып, жанұшыра шырқырады. Болғанда енді шығу жоқтай анық, Қалғанда зұлмат-зауал шақ таянып, Жағадан шалып қалды Абдолланы, Ақбозбен келе жатқан оқтай ағып.

– Абдолла! Абдолла! – деп созды қолын, Кұтқар деп ұсынғандай өз жүрегін. Kiм білсін, қысылғанда қайран жүрек, Кенеттен келетінін сезді ме оның? Қайтпасқа кетер ме еді әлде аттанып, Абдолла құтқармаса жалдап барып? Біртіндеп жаралы ақын көзін ашты, Қолымен ауаны бос қармап қалып. Санадан саябырлап өштi де аңыз, Басынан бip ғаламат кешті нағыз. Байқаса, ақбоз атты Абдолла емес, Алдында – ақ халатты сестра қыз. Сілтідей тынып қалған тыныш маңы, Сәл ғана сая тауып тыныстады. Апыр-ау, не болғаны? Осыншама Kеттi ме сандырақтап тым ұшқары? Немене? Әзірде әлгі көз ілді ме? Немесе бордай босап езілді ме? Сетінеп санадағы соқыр тұман, Аңдады ақырындап өзін, міне. Күңіреніп қара ормандар шашын жайған, Қайда әлгі от ойнатқан жасын-майдан?

Зым-зия қайда кеткен жолдастары, Тап болған бұл араға Қасым қайдан?!. Көргендей қайғы-таудың қарлы басын, Төсектен басын жұлып алды Қасым: – Абдоллам, арысым! – деп қатты өкciдi, Көзінен тамшылатып қанды жасын. Белгісіз алда нендей күйге енері, Осы еді бойын бip сәт билегені. Бағана оқпен қоса қабаттасып, Абдолла хабары кеп тиген еді. Сол хабар Қасымды естен тандырған да, Кұлатып көп үміттің алдын жарға. Жер беті жез табақтай күйген шақта Жібитін тас емшегі тағдыр бар ма? Қондырып қacipeт бұлтын қабағына, Жармасты ақын Қасым қаламына. Іздеді Абдолланы от ішінен, Елестеп бүкіл майдан жанарына. Ақынның адамзатта өpті – Қасым, Жалғанда жалғыз соның дерті басым. Жетімдік, жыртық күні еске түссе, Шым-шымдап көкірегіне шер тұнатын. Бip күні бұрқ еткізіп айналасын, Қайғысы көк дауылға айналатын.

Сол сәтте үйіріліп кеп жер-дүние, Қасымның қаламына байланатын. Сілкінді кекті көзін түнге қадап, Жаңғыртып жан түкпірін бip ғаламат. Әнеки, қызыл қырғын кескілескен, Қалың жау Абдолланы тұр қамалап. «Құдірет күші жер-жаһанның, Қанатын бер қыран құстың, Ашуын бер арыстанның, Жүрегін бер жолбарыстың! Күллі әлемнің aшy-кeгi, Орна менiң кеудеме кеп! Жау жолына атам сені, Бомба бол да жарыл, жүрек!» Дүние, бер Қасымның тілегенін! Көрдің ғой кеудесін кек тірегенін. Болмаса Абдоллаға ақтық рет Кұс болып жетсін ұшып жүрегі оның. Мейлі оны басып қайғы, торласын мұң, Дәл қазір сұрағанын бер Қасымның! Көкірегін қара түннің қарс айырып, Қасымдай қacipеттi толғасын кiм? Бер оған бар қайратты, бар ашуды, Бер оған бар өткірді, бар асылды!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙