Насихат Сүгірұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Ләтифолла Қапашев — «Насихат Сүгірұлы». НАСИХАТ СҮГІРҰЛЫ ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ - ЕКІ СУ (толғаулар мен дастандар) Мұрағаттық деректерді дайындаған
/uploads/db302560-6899-5305-98e9-c00c003ef3c2/cover.png
НАСИХАТ СҮГІРҰЛЫ
ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ - ЕКІ СУ
(толғаулар мен дастандар)
Мұрағаттық деректерді дайындаған
журналист, өлкетанушы
ЛӘТИФОЛЛА ҚАПАШЕВ
ДАСТАНДАР МЕН ТОЛҒАУЛАР
АЙДАДЫ ПАТША ЖЫРАҚҚА
(Дастан)
Қалам алдым қолыма,
Жазайын деп хатымды.
Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Көңілім, шіркін, басылды.
Еске түсіп елдегі
Көкірек, шіркін, ашылды.
Әрі-бері төкпелеп,
Тәңір берген, қызыл тіл,
Алмасам сенен ашуды.
Ойналық та күлелік,
Дүние, шіркін, ғапыл-ды.
Біз де көрдік тірлікте
Алыс пенен жақынды.
Ойласаңыз пәм етіп
Жаман мен жақсы асылды.
Талапты туған ер болсаң,
Ешкім жемес хақыңды.
Шашылған дәмнен ризық
Әуелден тасқа басылды.
Әсет жұлдыз онында
Жаманат хабар шашылды.
Дым көрмеген надандық,
Шыбындай жаным сескеніп,
Содан бір қорқып сақынды.
Бізге бір зиян етер деп
Ойлаушы едім әуелден
Мынау бір патша кәпірді.
Ел айналып бүлініп,
Жиғанын шашып сапырды.
Қоралы қойдай қосақтап,
Өксітті-ау талай пақырды.
Жайына жатқан ел едік,
Жаңылтты-ау мынау ақылды.
Жаңылмай ақыл не қылсын,
Жаздырмай кетті тақымды.
Ер басына күн туса.
Сыйғыза алмассың, жігіттер,
Жұдырықтай қара басыңды.
Не десең де, жамағат,
Бастамасы сол болып,
Біздің бір қазақ шатылды.
Қуаныш болып артынан
Деп ойлаңыз, жарандар,
Жақсылық болғай жақын-ды.
Бәрі осылай болған соң,
Сабырлық еткен мақұл-ды.
Жабыққанда көңілім
Мақұл көрдім алуға
Жел сөзбенен ашуды.
Тағдырдың салған ісінен
«Шариғатта» жолсыз дейді,
Басыңды тартып қашуды.
Ермек еттім аз ғана
Сезім жоқ-ты сатулы.
«Қазақтан солдат алынбас»
Деген хабар бойымен
Елде жүрдік ерігіп,
Бұрынғыдай желігіп.
Жәбіраил келген күн
Жаныңды алмас көрініп.
Мұнан артық сөйлеуге
Көкірегім дал болды,
Ақыл, ойым бөлініп.
Бір сөйлемей болмады
«Сені ме» деген жел сөзді
Қойып та едім жерініп.
Жайында жатқан жайдақ ел
Жүреді басқа не біліп?!
Алмайды патша дегенге
Атаққа жүрдік семіріп.
Іркілейін несіне
Сөз кезегі келгенде
Қалғаным жоқ-ты шегініп.
Мекенім боп қашықта
Қабырғам жүрді сөгіліп.
Өзің бір пана болмасаң,
Кім берер көмек, Жасаған,
Қиындық түсер басыңа
Тусақ та алтау атадан.
Тағдырдың ісі кепке ортақ
Пендесі бар ма басы аман?!
Елдегі көрген қызығың
Бір күнгідей болмады
Өткендей болды тасадан.
Сөз сөйледім сол үшін.
Батырлар жауға шабады
Байтақ жатқан өл үшін,
Шырылдайды қызғыш та
Мекен еткен көлі үшін.
Асыл туған азамат
Қызмет етер көп үшін.
Анау Өтекем мен Едекем
Бәйкүнә күйді-ау біз үшін.
Не қылып айтпай шыдайын
Асыл туған тек үшін.
«Көп тілегі көл» деген
Өтекем неге кемісін?!
Талай қиқу болғанда,
Қайғы-тұман толғанда,
Атқа мінген әкімдер
Тамыры соқты езі үшін.
Бақыт қайтқан күндері
Үміт еткен ағалар
Қарамай кетті не үшін?
Ұнаса сөзім, ағалар,
Аз ғана бәйіт шығардым
Көкіректегі шер үшін.
Жалы биік жақсылар –
Өтекем мен Едекем
Ел ішінде аға екен,
Желге ұстаған пана екен.
Өшіккен жерге көлбеген
Қайыспас қара нар екен.
Қорған болар еліне
Қылыштың болат қабы екен.
Қараңғыда шам болған
Жарқырап туған ай екен.
Қиқу шықса алыстан,
Шақыратын намысқа
Елдің соққан қамы екен.
Қайтарға бақыт келгенде
Кездесе қалған мынау іс
Заманымның сазы екен.
Үміт ету жақсыдан
Көкіректегі наз екен.
Тарлыққа солар ілінді
Ит патшаның кәрі екен.
Алыс жақын болса да
Татулық екен қызығы
Мынау бір заман тар екен.
Солайша болды заманым,
Құрыды соған амалым.
Осындай істің зарпынан
Ауып та кетті табаным.
Талайдың шаптым арына,
Жақсының қимай ажарын.
Бұрынғыдай күн болса,
Еш арманы жоқ екен,
Тәңір берген қазаның.
Тағдырдың өзі қазына
Теңгереді кезінде
Басы жұмыр пенденің
Күнәсі мен сауабын.
Ел ішінде жүргенде
Хабар келді келсін деп,
Он бесінде мизамның.
Жарлықтың басы сол болды,
Taп алдында құрбанның.
Атасы жаман бұл жаудың
Хабарына иландым.
Айтпай неғып шыдайын,
Басқа түскен тұманды-ай.
Он сегізі болғанда
Адыра қалғыр Ақайға,
Біздің қазақ құралды-ай.
Ысқырды патша жендеті,
Ызғар шашып жыландай.
Қалайша бүгін шыдайын,
Іштегі жатқан қайғыны
Буырқанып шығармай.
Орнынан күн шығып,
Уақытында ол батты
Тек соған жұрт қуанды-ай.
Қанаты күйді сермеген
Қонған тауға қыранның.
Болған істі айтқаннан
Онан да жоқ-ты зияным.
Шұбар да тарлан болып жүр
Жылқыда жүрген қылаңың.
Жамағат, сабыр етелік,
Сабырлық елге жарасар.
Құр қайғыдан пайда жоқ,
Әмірі солай болған соң
Жасаған ие Құданың.
Сол хабардың бойымен
Елден кеттік алынып.
Ен Нарынға симаған
Ардақтысы талайдың,
Қу кемеге салынып.
Біз кемеге мінгесін,
Ата қалды жүгініп,
Ана қалды бүгіліп,
Бала қалды жаудырап,
Көзінен жасы төгіліп.
Жарың қалды жаутаңдап,
Қабырғасы сөгіліп.
Солар еске түскенде
Толқымас көңіл неғылып?!
Ақыл, ойым дал болды
Өксігенде сағынып.
Сары судай сапырып
Шығарар едім лайын
Кетпесе тілім жаңылып.
Шағалалы көлдей шалқыған
Қайран елдің қызығы
Көрінгенде көзіме
Шыдайын айтпай неғылып?!
Бапсыз жүйрік бәйгі алмас
Күнде шапса салығып.
Қойдай қоңыр надандық
Бәрі де оның бізде екен,
Жүреміз малдай бағылып.
Талай да көрдім таршылық,
Ит көңіл жүрді-ау ауырып.
Басқа түскен бұл тұман
Ашылар қашан айығып?
Сол кемеге мінгізіп
Алып келді қалаға.
Жібермейді ешкімді
Еркіменен далаға.
Бекер екен өкіну
Тәңір берген қазаға.
Сескенеміз ұшырап
Қалармыз деп жазаға.
Қабағы жауған кәуірден
Сақынып жүрмей болар ма?!
Саудагердің малындай
Иіріп қойды-ау қораға.
Басы жұмыр пендесі
Қайғысыз болмас әрқайда,
Сыйыналық Тобаға.
Сіз бен біз деп сөйледік
Әдепті бұзып бола ма?!
Балапанын өсірген
Аспанда жүрген ақ сұңқар
Мамығын төккен ұяға.
Кім айналып паналар,
Елсізде тұрған обаға?!
Қол басындай қынапқа
Жауды көрсе жайнаған
Қиғыр қылыш сия ма?!
Қақаған қара боранда,
Айырдан туған аруана,
Жалаңаш жүріп тоңар ма?!
Тұғырда тұрған ителгі,
Қиқу шықса алыстан,
Назарын салар қияға.
Құбарлан шауып аң алса,
Сылдырлаған жез қарғы
Жараспай ма томаға?!
Іштегі жатқан жел сөзді
Шығармаса бола ма?!
Сұлы менен сүт ішкен
Жарасар тоқым құлаға.
Жылқыда жаман жабыны
Жауға мініп бола ма?!
Жолдас болсаң жаманға,
Қаларсың бір күн табаға.
Жолдас болсаң жақсыға,
Жеткізеді мұратқа.
Жігіттің асыл саңлағы
Жиналды бәрі бұл жерге
Жаманның күні туа ма?!
Елсізде жүрген еркіндеп,
Шу көрмеген құлан ек,
Айдады патша жыраққа.
Артта қалған, азамат,
Біздер шеккен азапты
Боларсың көрсең дуана,
Бола да көрдің дұғада.
Аттандық сосын қаладан
Сәлем айтып елдегі
Ата менен анаға.
Сонысын келдік Сарытау
Екі күн қонып араға.
Күні-түні төрт күндік
Екеуінің арасы.
Қойдай болып шулады
Мұсылманның баласы.
Болмады қылық мақтайтын
Сөйлесе ауыз тобада,
Босаса қолы жағада.
Жыртылды көптің жағасы,
Қиын екен алыс жол,
Талайдың күйді қанаты.
Жақын туған жарандар,
Сөзімнің болмас жаласы.
Болған затты сөйледім,
Өтірік қоспай ішіне,
Жеткенше ойдың санасы.
Нешеуі мұнда келген жоқ,
Көзінің жалғыз қарасы?!
Сиғызды мұның бәрін де
Патшаның сары даласы.
Кімге жақын, кімге алыс,
Білмеймін Хақтың қазасы.
Әрі-берлі сөйлейін
Кетпесе көптің мазасы.
Парзасынан көп шапса,
Жүйріктің сынар тағасы,
Ортаға түссе ауыр жүк
Ешкімнің болмас шарасы.
Ер басына күн туса,
Жаныңның болмас саясы.
Осылар еске түскенде
Өлең айтқым келмейді
Көкіректі шалт етіп.
«Сені ме» деген ит жел сөз,
Қойып та едім ант етіп.
Бес мың қазақ жатқанбыз,
Сарытауда сарып етіп.
Көрдік талай михнат
Жаратқасын Құдайым
Топырақтан халық етіп.
Кімдер ізгі болған жоқ
Жасаған соң шайхы етіп?!
Күндердің күні болғанда
Заманымыз сұр болды
Жіберді-ау Құдай тайқы етіп.
Егуге бізді бұйырды
Салды келіп инені
Жүректі кетті ол тесіп.
Көрмегенді көрген соң,
Болды дедік бұл нешік?!
Тамам сөзді түгендеп,
Айту қиын білгенді,
Қалдырмастан ой жетіп.
Сөз сөйледім қам етіп
Көргеннен соң мұндайды.
Сүрініп кетсем егерде
Кесермін тіл мен таңдайды.
Таңда мақшар күнінде
Заманым болар қандай-ды?!
Әрі-бері сөйлесем
Көкірек, шіркін, сайрайды.
Өткен күн еске түскенде,
Жауатын бұлттай торланып,
Зығырданым қайнайды.
Жақсының сөзі - мың ділда,
Ойласаң сана түсірер,
Аспаннан жауған нұрдай-ды.
Кез келді біздің бақытқа,
Бұрынғы ата-бабамыз
Көрген жоқ еді мұндайды.
Тірілей елден айрылған
Есіңнен кетпес өлгенше,
Жалғаншы пәни қу дүние
Сірә да жолдас болмайды.
Харьков деген қалаға
Қойдық тағы маңдайды.
Харьков деген қалада
Тастан салған аула көп.
Мұның жәйін айтпасам,
Басылмайды ішкі дерт.
Қайғылы болса пендесі
Ішінде болар жанған от.
«Шықпа» деп бізге айтқасын,
Отыра бердік «Алла» деп.
Шығып кетсек егерде
Жоқтайды бұлар қайда деп.
Басшы болған жүз басы:
- Заң тәртібі тар, - дейді.
Тілін алсаң патшаның,
Рахымы бар, - дейді.
Заманның сазы бек теріс
Таба алмадық жігіттер,
Шыбындай жанға қайла іздеп.
Айырылдық ойын, күлкіден,
Ішіміз сезді жүргенін,
Өзіне патша пайда іздеп.
Бір жұмадай жатқан соң,
Жоғарыдан бұйрық болыпты,
Аудармашы бізден сайла деп.
Содан шықтық сайланып,
Бұрынғы өткен ит дәуір
Келер ме басқа айналып?!
Пақырлық жолға ерістік
Қалған соң басың байланып.
Бұл дүниенің жалғанын
Кімдер жүрген аңғарып?!
Қайран бір елде жүргенде
Заманы бірге құрбыға
Жүруші едік назданып.
Сыртыңнан дұшпан сөз айтса,
Соған да жүрдік арланып.
Бекер екен бәрі де,
Мұндай істі көрген соң,
Шыбын жан жүрді-ау таңданып.
Жүйрікті көпке мақтама,
Келмесе озып жынданып.
Шешенді көпке мақтама,
Сөйлемесе ду жарып.
Батырды көпке мақтама,
Мұқатпаса жауды алып.
Білгішсің деп мақтама,
Оқсатпаса дауды алып.
Құр байлықты мақтама,
Шықпаса басың бұлданып.
Бұлайша демей не дейін,
Заманым кетті қырланып.
Тау басынан көрінді
Күндік жерден бұлдырап
Харьковтен кейін Черновец.
Шәһәр нұсқасын байқасам,
Қызылды жасыл көрінді,
Жанып тұрған өрт емес.
Жау салқынын салған жер
Не десең де оңды емес.
Жата бердік вагонда
Оған жету серт емес.
Черновецте қонған соң,
Бір күн онда болған соң,
Тағы жүрдік ілгері
Неге кәуір жіберсін
Алдыңа торды құрған соң.
Біз бір жүрген бозторғай
Ортасына қонған соң.
Көкірек шіркін толқыды,
Қара өлең қайнап толған соң.
Тарқатайын шерімді
Ағалар қолқа салған соң.
Черновецтен шыққасын
Келіп жеттік Румын.
Әлі шұбап келеміз,
Сан шәһәрды көрумен.
Австрия елінің
Жүріп өттік жерімен,
Кесіп те астық белінен.
Тәуекел, Хаққа сиынып,
Аяңдадық біз жаяу
Соғысқа барар жолымен.
Жиырма күндей болғанда,
Күн батысқа айналдық
Құбыланың оңымен.
Бес жүз қазақ бір жүрдік
Ажырамай тобымен.
Бір ай жаяу жүрген соң.
Тоқтап тұрмыз сонымен.
Нендей екен бұл күнде
Елде бір қалған атам-ай.
Іргеден жырақ жүрсек те,
Бере көр бізге батаңды-ай.
Ісімізді оңдап Құдайым,
Ағаның көріп шырайын,
Қосылармыз қашан-ай?
Тілектес бол бәрің де
Қарға тамыр қазағым –
Біз де бір терекке біткен бұтағың.
Тура құрық келген соң,
Қай жаққа пенде қашар-ай.
Елде бір қалған анам-ай,
Өксіп жүр мұнда балаң-ай.
Қайғының кетер кіреуі,
Қосылсақ елге аман-ай.
Елдің сазын білмедік,
Келмей жүр мұнда хабар-ай.
Жазбай тұр бізге сәлем хат –
Үміт еткен әр жерде,
Атқа мінген жаран-ай.
Жұмыртқа ма едік жарылған
Бір сәлем хат жазуға,
Қалғанбыз ба жарамай?
Рулы терек, ұлтанды ел –
Білмей жүрме бұларды,
Жетпей де жүр ме шамаң-ай?
Келмей де жүр ме жазылған,
Бізге арнаған қағаз-ай?
Қияға ұшқан қырандай,
Қашықтап кетті-ау араң-ай.
Көкіректі шер басып,
Сөз сөйледім соларға.
Балдағы алтын ақ болат
Ұңғысынан сынған соң,
Жауды шапсаң қияр ма?!
Қанатынан қайрылған,
Лашын аңды қуар ма?!
Бұрын жүйрік болғанмен,
Бәйгелі жерге түскенде,
Аяғынан әл кетсе –
Ілесе алмас тозаңға.
Биік біткен бәйтерек
Кесіп алсаң тамырын,
Орнына қайта шығар ма?!
Бұрынғыдай қызыл тіл
Ойдағы жоқты табар ма?!
Қаңқылдаған қоңыр қаз,
Шырылдаған боз торғай,
Қонысына қонар ма?!
Сол секілді замана
Қайта айналып болар ма?!
Арқадан соқса қатты жел,
Дария қайтып ортайса,
Кемері қайта толар ма?!
Дарияның толғаны –
Қиқулап сұңқар қонғаны.
Жыраққа кеткен осы көп
Қайта оралса еліне,
Саламат, аман-сау барсақ,
Жігіттің болмас арманы.
Нәсіпті Хақтан күтелік,
Жазған болар таңдағы.
Тамам да жақсы жиналды,
Жігіттің асы л саңлағы.
Бір табақтан дәм татып,
Бір төсекке жатып жүр,
Жиналған соң қайдағы.
Сөйлер едім бұдан көп,
Жібермей тұр іліккен,
Патшаның мынау қармағы.
Болмағанмен сөзге олақ,
Көңіл жарты болған соң,
Айтылмай тұр ойдағы.
Сағынғаннан сарғайып.
Санаменен жүдедім.
Уайым менен қан жұтып.
Қайғылы болды жүрегім.
Қазағымның баласы
Жайған бір торға ілінді
Бергей де Құдай тілегін.
Жұлқынсақ та үзілмес
Патшаның салған шідері.
Үзілсін саған ол неге
Ашпасаң күшпен тиегін.
Артымда қалған елім-ай,
Туып, өскен жерім-ай!
Орала біткен айдын көл,
Дария аққан теңіз-ай!
Ағыны теріс үйірілген,
Жайық пенен Еділ-ай!
Көк орай шөбі толқыған,
Бетегелі белім-ай!
Үйірлеп жылқы айдаған
Қоздаған қойы егіз-ай,
Жайылған малы семіз-ай!
Елдегі қалған қарт, кәрі
Келерсің аман деп еді,
Кетпесе босқа лебізі-ай.
«Көп тілегі - көл» деген,
«Тәуекел, Алла» деңіз-ай.
Солар еске түскенде
Бұзылмас қалай көңіл-ай?
Қиғаштың беті cap дала
Егуші еді егін-ай!
Егін деген қазына
Шыға ма жерге тегін-ай.
Оның да несін айтайын,
Бәрі де қалды кейін-ай.
Айналайын, Нарын-ай!
Өзің еске түскенде,
Жүрегім болды жалын-ай.
Сар даланы ел қыстап,
Жайылушы еді малың-ай!
Жүруші еді аралас,
Киік, құлан аңың-ай!
Үйіне қонақ келгенде,
Союшы еді халқымыз,
Қысырдың семіз тайын-ай!
Оннан-оннан бас қосып,
Сол Нарында жігіттер
Жүруші еді-ау жайына-ай!
Ақсақалдар кеңесіп,
Соғушы еді елдің қамын-ай
Сол секілді жақсыдан,
Келмеді бізге бір қағаз
Мен қайтейін налымай?!
Осыдан артық айтуға
Келмей тұр менің қалім-ай.
Жабықпалық, жігіттер,
Қамығу ерге жарамас,
Тап болған соң бағыңа-ай.
Айып етпе, жарандар,
Айта салдым бұл сөзді,
Заманымның сазына-ай.
Сөйлесін деп жел берді,
Қызыл тіл менен таңдайға.
Өткен дәурен айнымай,
Қайта бір келсе жағдайға.
Сөйлесем сөзді дестелеп,
Сусыны көптің қанбай ма?!
Жақсылық хабар тиіп тұр:
«Отызыншы қаңтарда
Бітісер» дейді патшалар
Дегені сонда болмай ма?!
Қайырды мынау сұм заман
Талай ердің жеделін.
Болған жайды бір сөйлеп
Тамызайын алдыңа
Қызыл тілдің өнерін.
Кім тоқтатар жібермей,
Жайықтың аққан өзенін?!
Көкірек сені мақтаман,
Бере алмасаң сен тауып,
Осы көптің керегін.
Жүрген жерім сұрасаң,
Алыста - таудың басында,
Соғыстың бергі қасында.
Қасында демей не дейін,
Алыс та емес жақында.
Тәртібі қатал патшаның
Болмайды кейін қайтуға.
Басыңнан бағың тайған күн,
Айналар дүние ғапылға.
Елдегі жүрген ағалар,
Жолықпай жазған хатыма.
Бұрынғыдай қызыл тіл
Сөз жүйесін таппайды,
Қиындық түсіп басыма.
Ұят та болар айтпасам,
Жасымнан шыққан атыма.
Шығарайын мұндайда,
Көкіректегі шерімді.
Пайдаға ассаң, қызыл тіл,
Бір сөйлейтін кезің-ді.
Несін оның айтайын,
Атасы сөздің тегін-ді.
Халықсынай, айырар
Артық пенен кемімді.
Балқиды соны ойласам,
Тоқтатпасам көңілді.
Көп сөйлемей қояйын,
Көкірегім жерінді.
Бізден дұғай көп сәлем
Жігіттерге елдегі.
Қанатын қағып, сілкінген
Сұңқар едік жемдегі.
Жел бетіне еріскен
Құлан едік шөлдегі.
Біздер жүрміз тарлықта,
Сіздерден үміт етеміз,
Аға дейміз кеңдегі.
Румыния патшаның
Біздер жүрген жерінде
Шөлдегенде ішетін
Оның да жоқ-ты көлдері.
Бізден дұғай көп сәлем,
Елдегі қалған қарттарға.
Жалғаншы пәни дүние-ай,
Бармайды аузым мақтауға.
Алыста жүрген құланды,
Болар ма жемдеп, баптарға?
Жылғасы терең сөгілсе,
Болар ма жүріп аттарға?!
Ұсынсам қолым жетер ме,
Төбесі биік асқарға?!
Мұндағы келген адамның
Бәрінен де әріміз,
Бөлшектеу кеттік жапсарға.
Сағынғанның белгісі,
Мың ділдадай көреміз
Хаты келсе ағаның.
Тыңдаушыға көп сәлем,
Айтылған сөздің қалауын.
Туысқан, толы азамат,
Көкірегіңе тоқып ал
Ішіндегі жарауын.
Руымды сұрасаң,
Мен Адайдың баласы.
Мекен еткен атамыз
Мыңтөбе таудың қабағын.
Сұрасаң атым Насихат
Осылайша көп сөйлеп,
Қысқарттым сөздің аяғын.
Округім бірінші
Білмегендер білсін деп
Еттім бір сөздің тамамын.
НАСИХАТ СҮГІРҰЛЫНЫҢ КІТАПТАРЫ МЕН МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН ШЫҒАРМАЛАРЫ.
Насихат Сүгірұлы. Шалқыған көлге қу қонар. Жасы үлкен ағаға // Коммунистік еңбек, 8 қаңтар, 1972. «Өнегелі, өміршең мұра» аталатын Атырау ақын, жырауларына арналған әдеби бет. Жарияланымды дайындап берген Қ.Сыдиықов.
Насихат Сүгірұлы. Еділ-Жайық - екі су // Коммунистік еңбек, 3 шілде, 1986. Жариялаған Қ.Сыдиықов.
Насихат Сүгірұлы. Танысу // Коммунистік еңбек, 1 қараша, 1989. Жариялаған Мақсот Нығметоллаев.
Насихат Сүгірұлы. Өлең-толғаулары // Алқаласа, әлеумет. Алматы,«Жазушы» баспасы, 1991. Баспаға дайындаған Қ.Сыдиықов.
Насихат Сүгірұлы. Набор (Айдады патша жыраққа - Қ.С. ) // Маңғыстау, 17 тамыз, 1991. Жариялаған М.Нығметоллаев.
Насихат Сүгірұлы. Еділ-Жайық - екі су (толғау-дастан) // Қапаста жазылған хаттар. Алматы, «Жалын» баспасы, 1992. Жинаққа дайындап берген Қ.Сыдиықов.
Насихат Сүгірұлы. Жыр-дастан. Ел аузынан жинап, жинақты құрастырған Пазыл Мағазов. Атырау-Аққыстау, 1992.
Насихат Сүгірұлы. Айдады патша жыраққа. Ел құрсауы - ер жігіт. Шалқыған көлге қу қонар. Жанды Хаққа тапсырып. Қызыл тілім жорғадай. Алқаласа әлеумет. Жүйрікті көпке мақтама. Сөйлей-сөйлей кетейін. Мен бір анадан алтымын. Ұяда жатып талпынған. Ер жігітке бақ қонса. Ақ киіктің баласы. Телегей жатқан теңізден. Тұмарланған тұлпар ат. Дүние шіркін - жел қайық. Мен қиядан ұшқан қырғимын. Еділдің суы ел бөгер. Сөз қисыны келе ме? Ауырмай құлан шөлдемес. Таудың сәні болар ма?; Октябрь мерекесіне. Еділ-Жайық - екі су // Қазақ поэзиясының антологиясы. Алматы, «Ғылым» баспасы, 1993. Дайындап, жариялаған Қ.Сыдиықов.
Насихат Сүгірұлы. Еділ-Жайық - екі су. // Жұмысшы, 21 сәуір.1993. Жариялаған Қ.Сыдиықов.
НАСИХАТ СҮГІРҰЛЫ, ОНЫҢ АҚЫНДЫҒЫ ХАҚЫНДАҒЫ МАҚАЛАЛАР МЕН ЗЕРТТЕУЛЕР.
Қ.Сыдиықов. Насихаттың жырлары // Коммунистік еңбек, 3 шілде, 1986.
Қ.Сыдиықов. Насихат ақын // Маңғыстау, 10 қараша, 1991.
Қ.Сыдиықов. Жыр жүйріктері // Алқаласа, әлеумет. Алматы, «Жазушы», 1991.
Қ.Сыдиықов. Қапаста жазылған жырлар // Жұмысшы, 21 сәуір, 1993.
Қ.Сыдиықов. Күрделі кезең поэзиясы // Қазақ поэзиясының антологиясы. Алматы, «Ғылым» баспасы, 1993.
Қ.Сыдиықұлы. Насихат Сүгірұлы (зерттеу) // Халқымен қайта табысқандар. Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1997.
М.Нығметоллаев. Жыр сүлей // Коммунистік еңбек, 1 қараша, 1989.
М.Нығметоллаев. Насихат Сүгірұлы // Маңғыстау, 17тамыз, 1991.
Л.Қапашев. Насихат ақын // Ақ арна (Астрахань), ақпан, 1994.
Л.Қапашев. Жазықсыз жазғырылған. Насихат
Сүгірұлының және басқаларының қилы тағдыры жайлы // Атырау, 15наурыз, 1994.
Л.Қапашев. Насихаттың мерейтойы қарсаңында // Атырау, 25 наурыз, 1999.
Л.Қапашев. Насихат Сүгірұлы – жыр сүлейі // Атырау, 29 маусым, 1999.
ҚОСЫМША
МҰРАҒАТТЫҚ ДЕРЕКТЕР
Ләтифолла ҚАПАШЕВ,
журналист, өлкетанушы
НАСИХАТ АҚЫН ТУРАЛЫ МҰРАҒАТТЫҚ ДЕРЕКТЕР
Атырау өңіріне ақпа ақын, төкпе жырау атанған арынды жыр сүлейі Насихат Сүгірұлының ғұмырбаяны туралы біздің білетініміз тым аз һәм мардымсыз...
«Насихат деген кім?.. Немесе Насихат ақын туралы не білесіз?» деген сауалға көзі ашық көкірегі ояу алаштың азаматы салған жерден: «Е! Ол «Еділ-Жайық - екі су» толғауының иесі ғой!» - дейді де, көңілі жадырап:
«Еділ-Жайық - екі су, Менің мекен жайлауым.
Айналасы қамыс көл. Екеуінің арасы
Астрахан мен Оралдың Мұндай ыстық жүрекке.
Екі ортасы шойын жол. Таба алмадым таныс жер.
Төменгі жағы Гурьев Кіндік кесіп, кір жуған
Байқағанға алыс жол. Мыңтөбе еді-ау туған жер!»—
деп әуендетіп ала жөнеледі.
О, қасиетіңнен айналайын, туған жер! Әр адамның жүрегіне сондай ыстық, кіндік қаны тамған жер! Бойтұмардай сақталатын киелі мекен! Ол, мейлі орманды не сахаралы бел болсын, қу медиен тақыр не құмды шел болсын, қайда жүрсең де көкірекке сағыныш сезімін дарытқан ата-қоныс күлшігің! Тіпті ол реңсіз жер болса да бар байлығын бауырына басып, қойнауында сақтап жатқан шығар. Тек соны зерделі зейін көреген көзбен бағдарлап таба білсе игі! Оның табиғи қасиеттерін дұрыс игере білсе игі! Мүмкін, ғұлама ақын Фирдауси:
«Туған жердей ыстық жер болмайтыны ақиқат!
Оған көңілің ешқашан тоймайтыны ақиқат!
Алтын бақта асыл қып сақтасаң да бұлбұл құс,
Өскен бағы болмаса қонбайтыны ақиқат!» -
дегені де осыдан шығар.
Міне, оқырман қауымның назарына ұсынылып отырған Насихат Сүгірұлының тұңғыш қолтумасы, таңдамалы жыр жинағы «Еділ-Жайық - екі су» атануы да сондықтан. Әрі тарихи, әрі заңды құбылыс...
Ап Насихаттың адами болмысын айтар болсақ, ақын бар-жоғы қырық сегіз жыл ғана өмір кешкен, оның соңғы жиырма жылы Кеңес өкіметі кезеңімен тура келеді. Бұл бір қарағанда салиқалы жанның салауатты өміріндей болғанымен, кісі қолынан қаза тапқан орыстың ұлы ақындары Пушкин мен Лермонтовты былай қойғанда, өзіміздің Сұлтанмахмұт пен Мағжан ақын да осындай жасқа жете алмай өмірден озғандар. Алайда Насихат ғұмырының дені қиындықта, өкініште, дегеніне жете алмай арманда, тіпті пендешілік күйбің тірліктің матауынан құтыла алмайтын кіріптарлықта өткен. Желбуаз заманның асыра сілтеушілік пен жала жабушылық қаһарына душар болып, өмірінде екі мәрте тәркіленуге (репрессияға) ұшыраған. Жаңа өкіметке жан-тәнімен қызмет етіп, оны өлең-жырларымен мадақтап өтсе де, көре алмаушылық пен зымиян ойлы күншілдердің кесірінен қызыл террордың жаппай жазалау диірменіне қапияда түсіп, жазықсыз жаны қиылған.
Мұрағаттық соңғы деректерге қарағанда Насихат Сүгірұлы 1889 жылы мамыр айында Нарын құмы аймағында, Мыңтөбе ауылында жәй шаруа отбасында өмірге келгені анық. Көңілі зерек, жаны елгезек жас кезінде сауатын ашып, оқи алмаса да, туған өңірінің әйгілі сөз зергерлері мен ақын-жырауларының терме-толғауларын жаттап өсіп, жадында сақтаған. Сезімтал жас ақын Нұрым Шыршығұлұлын ұстаз тұтқан. Ал өзі бозбала кезінде «Насихат ақын» атанған. Оның:
«Ұят да болар айтпасам,
Жасымнан шыққан атымды»,
— дейтіні де сондықтан...
Қазақ халқының басына қара аспанды төндірген бір оқиға - Ресей патшасының 1916 жылғы «Маусым жарлығы». Майданның қара жұмысына Орта Азия елдерінен адам алу әмірі. Елдегі қобалжулар мен толқулар. «Қазақтан солдатқа адам бермейміз» деп халық арасынан шыққан Исатай батырдың немересі Өтепқали Дүмбиянұлы сынды ерлердің атқа қонуы.
Бұл кезде Астраханнан арнайы шыққан пароход жігіттерді әкетуге Ақай батағасына келеді. Майданға баратындардың тізімін алып қырдан келе жатқан волостной ыстаршындарды Өтепқали өз сарбаздарымен қоршауға алады, олардан тізімді талап етеді. Ондағы мақсат - қарапайым жетімдер мен шаруа-кедейлерден құралған тізімді құрту. Өтепқали сарбаздары осы текетіресте ыстаршындардың «қолымызда тізім жоқ» дегендеріне көнбей, ақыры оны тартып алып, өртеп жібереді. Сонымен пароход алғашқы рет Астраханға бос қайтады. Енді елге Астрахан губернаторы жіберген «казактардың жүздік» отряды шығып, Өтепқалиды алдап қолға түсіреді. Оны түрмеге қамаған соң, пароход қайта келіп қазақтан үш жүз жігіт әкетеді. Солардың бірі болып Насихат та михнаты мен қайғысы мол қатерлі сапарға аттанады. Ақын «Айдады патша жыраққа» толғауында Өтепқали Дүмбиянға төмендегі өлең жолдарын арнайды: Батырлар жауға шабады, Өтекем мен Едекем, Байтақ жатқан ел үшін... Ел ішінде аға екен. Асыл туған азамат Қорған болар еліне.
Қызмет етер көп үшін. Қылыштың болат қабы екен. Анау Өтекем мен Едекем ... Тарлыққа солар ілінді Бейкүнә күйді біз үшін... Ит патшаның кәрі екен...
Арқалы ақын кенеттен 1937 жылдың күзінде бір түнде ұсталып, қызыл жағалылар алып кеткеннің артынан зым-зия жоқ болады. Енді жұрт Насихаттың атын атаудан именеді, қорқады.
Тек араға талай жылдар салып, бертін келе, «Хрущевтың жылымық заманында» ел арасындағы ойын-тойларда, концерттерде Насихаттың термелері қайта орындалып, жұртшылықтың құлақ құрышын қандырып, адам бойына күш-қуат бергендей жігерлендіріп, тыңдарманның көңілінен шыққан. Алайда «Насихат қайда, неге ұсталды, қалай өлді?» деген көңілде күпті боп жүрген сұрақтарға орындаушылар да, тарихшылар да, ұстаздар да иықтарын көтеріп «кім білген?» деп қысқа қайырудан аса алмады. Тек 1992 жылы Атыраудың Аққыстау кешенінде ақынның елге тараған өлең, термелерін жерлестерінен, көне құлақ қариялардан тірнектеп жинап халқының игілігіне ұсынған, Насихат шығармалары мұрагерлерінің бірі азамат Пазыл Мағозов «Насихат Сүгірұлы. Жыр дастан» атты кітапшасын азғана таралыммен (тираж) жарыққа шығарды. Ол оқырман қолына тиді.
Аққыстаулық құрметті бір ініміздің сыйға берген сол кітабынан Насихаттың толығырақ жазылған өлеңдерін, терме, толғауларын оқып таныстық. Бірақ оқырман қауым Насихат өмірінің соңғы кезеңінен шын мәнінде әлі де хабарсыз еді. Ақынның кенеттен жоқ болып, хабар-ошарсыз кетуі ойды сан-саққа жүгіртіп, шешімін таба алмай жүрген осынау сұрақтардың соңына мықтап түсуге мәжбүр етті. Іздеу екі жылдай уақытқа созылды. Талай мекемелерге арнап хат жазуға, талай үлкен лауазымды адамдардың алдына баруға тура келді. Әйтеуір, ақыры сәті түсіп, 1994 жылы ҰХК аталатын үлкен мекеменің бұқара көпшілікпен байланыс бөлімі бастығы, алаштың беделді азаматтарының бірі Мұхамбетқалиев Қарабидің көмегімен Насихат Сүгірұлының 1937 жылы сотталуы, атылуы, артынан ақталуы тарихына арналған N 01402 архивтік ісі қолға тиді.
Аталмыш архивтік істің мазмұнымен оқырмандарды таныстырар алдында Насихат және оның ауылдастары ұсталған кезді көз алдымызға келтіріп көрелік. Шынында да, ол өзі қалай болып еді?
...Мезгіл 1937 жыл, қазан айының тоғызыншы жұлдызы. Бұл кезде Атырау аймағында түн қараңғы. Осынау қара түнекті жамылып, теңіз жақтан шұбаған жайдақ жолдың құмға кірер етегін бойлай, астарындағы міңгі аттары осқырынып, ескі арбаның шиқылы төңірекке естіліп біреулер келеді. Төрт доңғалақты ұзынша «станок» деп аталатын, кәдімгі шөп таситын қара арбаның үстінде қол-аяғы байлаулы, әбден жер соқты боп шаршап, қажыған алты-жеті адамның сұлбасы көрінеді. Ал арбаның қос қапталында екі салт атты -олар орган адамдары екені үстеріндегі киімдерінен байқалады. Жүрістері шұғыл. Бағыттары - Нарын құмы жиегіндегі Мыңтөбе ауылы. Мақсаттары - ауыл тұрғыны Насихат Сүгірұлын тұтқындап, арбадағылардың жанына қосу.
Жүргіншілер межелі жерге жетіп, бір үйдің жанына кеп тоқтады. Салт атты екеу: Теңіз аудандық милиция қызметкерлері Берқалиев Құбай мен Түсіпәлиев Сыйық аттарынан қарғып түсіп, тамның есігін қақты.
Алты айлық Жеделжанын жаңа ғана бесігіне бөлеп ұйықтатып, өзі де көзін ілінткен Тоты мына дыбыстан шошып оянды. «Жеті түнде жортып жүрген қайсысы?» деген оймен Тоты ондық шамды көтеріп, есікке жақындады да:
– Бұл кім өзі? - деп сұрады.
– Насихат Сүгіровтың үйі осы ма? - еркектің даусы өктем шықты.
– Болса қайтесің? - деді Тоты да дауыстап.
– Онда есігіңді аш! - деді екінші дауыс.
– Өздерің кімсіңдер, түн ішінде дүрлігіп жүрген! Қарақшы ма?
– Біз бе? Милицияданбыз. Қанішкеннен, НКВД адамдары кеп тұр, бізге Насихат керек!
Бір сәт тыныштық орнап, сосын есік ашылды. Түстері суық қанын ішіне тартқан екі қызыл жағалы қара-сұр адам үйге енді. Қабырғадағы шағын бөлмеден іш көйлек-дамбалшаң, ұзын бойлы, қара мұртты, елулерге таяп қалған ер адам көрініп:
– Іздегендеріңіз Насихат болса, ол менмін. Жөндеріңді айтыңдар, азаматтар. - Насихаттың даусы байсалды естілді. Бұдан бұрын да орган адамдарына
Насихат талай жауап беріп, ақырында өзінің адалдығын ақтап шыққан. Несі бар, әуселесін көріп алдық дегендей осының бәрін салқынқандылықпен қабылдады. Ал аналар өздерінше:
– Шаруамыз сізде, тез киініп бізбен бірге жүресіз! Сіз тұтқындалдыңыз! Сыбайластарыңыз далада күтіп тұр! - деп дедектеді.
– Өй-бөй, шырақтарым-ау, мен қызметтемін ғой. ТОЗ мүшесімін. Бүгінше осында демалыңдар, ертең мен басқарманы ескертейін.
– Оған қам жемеңіз, басқармаңыз хабарландырылған! Киініңіз!
Насихат шыққан бөлмесіне қайта кіргенде Берқалиев қасындағы Сыйыққа бұрылып:
– Қазір үйді тінту керек! Сыртқа шыққан соң қолын артына байла! - деді.
Жарты сағат ішінде олар астан-кестен қып үйді де тінтеді,. онсыз да жұпыны дүниенің бәрі де тізімге алынды, қорадағы мал да саналды. Хаттама аудан орталығына барған соң жасалатын болды.
Тоты қыңқылдап оянған Жеделжанын алдына алып не істерін білмей теңселіп отыр. Өзі түкке түсінер емес:
– Құдая, не жаздық саған? Бұл байғұс не істеп қойды, осыншама қайталап әкетердей! Шырақтарым, айтсаңдаршы мәнісін?
– Оның мәнісін, жеңгей, өзі болмаса, біз білмейміз. Міндетіміз аудан орталығына жеткізу. Әрі қарай тексеру көрсетеді, бәрі де тексеріледі ғой.
Тоты одан әрі еш нәрсе сұрамады. Қапелімде ауызға сөз де түспеді. Тек жанына жиналған естияр үш ұлын қолдарымен қармай берді. Ал он бес жасар қарындасы Хатима шыдай алмай жылап қоя берді:
– Енді бізді кімге қалдырып бара жатырсың, көкетай?
Насихат Хатиманың мына дауысына басқа балалар
да қосылып кете ме деп асып-сасып:
– Абыржымаңдар! Бір түсінбеушілік болған шығар, ақырының қайырын тілейік. Ана жолғыдан да тездетіп қайтып оралам. Тоты, баларға ие бол! - деп бәрін де жағалай беттерінен сүйіп қоштасты. Қызылжағалылар «бол да болдың» астына алып асықтырды.
Алайда Насихат енді қайтып оралмайтынын, өз үйінің табалдырығын соңғы рет аттап тұрғанын, кешікпей мәңгілікке көз жұмарын дәл сол тұста білген де, сезген де жоқ. Тек «сыбайластарының» қасына әкеп отырғызар сәтте, артына бұрылып соңғы рет көз тастағанда, өмірінің біраз жылдары өткен өз үйінің аздап қисайып тұрғанын байқады.
- Апыр-ай, бұны мен бұрын қалай көрмедім? Биыл қыстан аман шықсақ жаңа мекен көтеру керек екен, - деді ол күбірлеп.
Олар сол түнде түстік батысты бетке алып Теңіз ауданының орталығы Қанішкенге жүріп кетті. Шұғыл жүріспен келер күні түс әлетінде жол-жөнекей ТОЗ мүшесі Мақсұт Сүйінішевтің ауылына тамақтануға бас сұқты. Мақсұт конвоймен келген, жүздері шаңытып қарайған адамдардың арасынан тек қана Насихатты шырамытты. Ол өткенде сол ауылдағы туыстарына келіп біраз толғауларын жырлаған болатын. Олар бір-бірімен көзбен көрісіп, тек іштей ғана амандасты. Конвойдағылар «болыңдар, тездетіңдер» деп тықыртып, келгендер асығыс аттанды. Кетерде: «Жоғалған малыңның орнына ал!» - деп, жетектегі жалғыз түйенің бұйдасын Мақсұттың қолына ұстатты. Қанішкенге жетісімен тұтқындарды НКВД КПЗ-на қамап, сегіз адамға ортақ іс бастады...
Сол іспен тек арада алпыс жылдай уақыт өткен соң танысуға мүмкіндік енді туды. Аталмыш іс - сыртын қатты қағазбен әспеттеп қаптаған, мұқабаның жоғарғы оң жақ шетіне «құпия» деп бұрыштама жазып, «Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы қауіпсіздік комитеті» деп тайға таңба басқандай анық көрсетіп, «іс архивке қайтарылуы керек» деп және ескертіп, беттің орта жеріне «Дело N 9337» дей келе, осынау төрт санның үстінен қос айылмен тартқандай сызып, ал дәл ортасына «Наурызалиев, Сүгіров және басқа айыпкерлер туралы іс» деп көк сиямен жазған, одан сәл төменірек «начало - 7 октября 1937 г., окончено - 10 ноября 1937 г.» деп қысқа уақыт ішінде шідерлеп, ең соңына «арх. N01402, том N 1» деп көрсеткен жұқа ғана бума екен.
Осынау «қылмысты істі» қолыма алғаш алғанда сол аруақтардың сүйектерін ұстағандай көңіл қобалжып, ойға бар келгені «пісміллә» деппін. 0, тоба-ай, десеңізші! Сегіз адамның ғұмыр-тағдырын екі жүз қырық үш парақ қағазбен бір-ақ қайырып, ақыры, бәрін де атып, қандарын судай ағызып, белгісіз бір қабірге жүздерін жасырғандай көрінді де тұрды. Не деген қарғыс атқан кезең еді!..
Осы архивтік істе орысша толтырып, бірақ Насихат Сүгірұлының өзі латынша әріппен қол қойған тұтқындық анықтамасында (анкета арестованного) туған жылын - «май, 1889 жыл» деп көрсеткен. Туған жері - қазіргі Атырау облысы, Исатай, ол кезде Теңіз ауданы, Мыңтөбе ауылы (01402-іс, 1-том, іс беті -33).
Сегіз адамның алтауы Забурын, екеуі Мыңтөбе ауыл совет тұрғындары. Оларды ауылдарында тұтқындап, артынан этаппен округке, Гурьев қаласына айдап, сол жерде түрмеге қамаған. Барлығының тағдырын соңынан Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы ОГПУ Айрықша Үштігі шешкен.
N 01402 - аталмыш архивтік істегі құжаттардың тізім тәртібі төмендегідей (1-бет):
Іс беттері мазмұны
1 -3 беттер - Жалпы құжаттар тізімі.
4-27 беттер - Тінту хаттамалары және рұхсат берілген ордерлер.
28-34 - беттер - Тұтқындар анкетасы.
35-42-беттер - Анықтамалар тізімі (әр тұтқынға бөлек берілген).
43-55 - беттер - Тұтқындар туралы анықтамалық құжаттар.
56-65 - беттер - Айыптылар туралы қаулылар (қолдары қойылған).
66-102 - беттер - Жауап алу хаттамалары.
103-147 - беттер - Куәгерлер мен айыптылардан жауап алу хаттамасы.
148-152 - беттер -БҚО НКВД бастығы Ромейко қол қойған «айыптау қорытындысы» (10 қараша, 1937 жыл).
153-157 - беттер - Айыптылардың жеке құжаттары.
158-165 - беттер - Хаттамалардың көшірмелері (атылу туралы құжаттар).
166-173 - беттер - Гурьев округтік НКВД бастығы Низюлько қол қойған орындалған актілердің көшірмелері.
174-176 - беттер - Архивтік-тексеру іс туралы қорытынды пікір (Гурьев қаласы, 17 қыркүйек, 1956 жыл).
177-178 - беттер - Сүгіров Насихаттың әйелі Сүгірова Тотының арызы.
179-198 - беттер - Тергеуші аға лейтенант Қоңқаевтың (26-30 маусым 1964 ж.) жүргізген сұрақ-жауап хаттамалары.
199-208 - беттер - Гурьев (облыстық) адрес бюросының анықтамалары.
209 - бет – Забурын ауылсоветі берген анықтамасы.
210-213 - беттер - Гурьев облсотының қаулысы (көшірмесі)
214-231 - беттер - Насихатов Өсиеттің, Ғинаяттың, анасы Тотының арыздары және оған жауап берілген анықтамалар.
230-240 - беттер - Наурызалиевтер туралы облсот хабарламалары.
241-243 - беттер - Неталиев Сүлейменнің ақталуы туралы.
Насихат Сүгірұлын қамауға алғанда НКВД қызметкері
Берқалиев Құбай алғашқы рет төмендегі қаулыны шығарған.
ҚАУЛЫ
«Бекітемін»
НКВД Теңіз аудандық бөлімі бастығы: (Лебедев) (айып тағу және орындау туралы)
1937 жылы 13 қазан. Ганюшкино ауылы. НКВД РКМ Теңіз аудандық бөлім бастығы: кіші лейтенант Берқалиев дайындаған N 104 істі қарап төмендегіні анықтап, мынадай шешім қабылдады:
Азамат Сүгіров Насихат - Батыс Қазақстан облысы, Теңіз ауданы, Мыңтөбе ауылсоветі тұрғыны - өз жанына бірнеше бұрынғы бай-кулактарды, сотталып, лагерьден қашқандарды жинаған, мал ұрлаушылардан ұйым құрған, оларға басшылық жасаған, үнемі мал ұрлаумен шұғылданған.
Оған қоса Кеңес үкіметіне, колхоз құрылысына қарсы үгіт-насихат жүргізген. Сондықтан Қылмыстық- процессуальдық кодекстің N 128, 158 статьяларын басшылыққа алып.
қ а у л ы ш ы ғ а р а д ы:
Айыпты: Сүгіров Насихат - осы істері бойынша Қ.к. N 58-10-11 бабымен және 07.08.32 жылғы Заңмен жауапқа тартылсын және тергеп соттау үшін Теңіз аудандық уақытша қамау камерасына (КПЗ) тұтқынға алынсын.
Берқалиев (қолы) (62-бет)
Бұдан кейін сегіз адамға жеке-жеке қысқаша мінездеме жазған. Онда әр адамның Қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі әл-ауқаты, қам-қарекеті, малы мен жан басы сипатталады. Мұны әдейілеп жазып отырған мақсатымыз — қазір осы адамдардың артында қалған балалары, немерелері бар, солар аталары туралы толығырақ мағлұмат алса екен дейміз.
Айыптыларға берілген қысқаша мінездеме:
1. НАУРЫЗАЛИЕВ ЖҰМАТ - 1875 жылы наурыз айында Забурын ауылсоветі аймағында туған. Молда, бақсы (үйінде жеке меншігінде іс тігетін машинасы бар), қулақ, кәмпескеленген, дауыс беру правосынан айырылған, 1929 ж. дейін - 36 бас малы, киіз үйі, қыстауы бар, 1917 ж. шейін - 40 бас малы болған. РСФСР Қ.к-нің N 61-3 бабымен 6 жылға 1931 ж. сотталған. Әйелі Тәнзилә - 45 жаста. Ұлы - Хамит - 12 жаста. Забурын орта мектебінде оқиды. Ұстауға N 10 ордер 27.09.37 ж. берілді. РО НКВД қызметкері Түсіпәлиев Сыйық тінту жасасын, документтері алынсын, т.с.с. Тінтуге байланысты Наурызалиев Жұмат тұтқындалып, Теңіз РО НКВД-ға жеткізілсін. Берілген N 10 ордер бес күнге жарамды.
НКВД Теңіз аудандық бастығы: Қ.Берқалиев (қолы).
2. ҚАПАНОВ ӘМІРГАЛИ - 1879 жылы наурыз айында Мыңтөбе ауылсоветінде туған. Қ.к. N61-3 бабымен 3 жылға сотталған, 3 жылға бас бостандығынан айырып жер аударылған. Әйелі Бұлдырық - 54 жаста, қызы - 13 жаста, қызы Бәтила - 8 жаста, ұлы Демеу - 3 жаста. Тұтқындауға N12 ордер 01.10.37 ж берілген. Түсіпәлиев С. - тұтқындаған.
3. ИСАТАЕВ ҒҰБАЙДОЛЛА - 1884 жылы қыркүйекте Забурын ауылсоветінде туған. Әйелі - Зәуре - 32 жаста, ұлы - Зұлпықар - 12 жаста, ұлы - Шәмші - 7 жаста, қызы Зейнеп -11 жаста. Тұтқындауға N15 ордер 21.10.37 ж. берілген. Орындаушы - Түсіпәлиев С.
4. ОҢДЫБАЕВ ҚИСЫМ - 1895 ж. қыркүйекте Забурын ауылсоветінде туған. N61-2 ст. сотталған, 1929 ж. шейін - 60 бас малы болған. Әйелі Иба - 40 жаста, ұлы Сәлімгерей -15 жаста, ұлы - Бақытжан - 12 жаста, қызы Жәннәт - 1 жаста. Ұстауға N 11 ордер 27.09.37 берілген. 09.1937 ж. Түсіпәлиев тұтқындаған.
5. СҮГІРОВ НАСИХАТ - 1889 ж. мамырда Мыңтөбе ауылсоветінде туған. 1929 ж. шейін - 15 бас малы болды, 1917 ж. дейін - 30 бас малы болған еді, 1934 ж бастап «ТОЗ» мүшесі, 1930 ж. Қ.к. N 111 бабымен 1,5 жылға сотталған. Әйелі Тоты - 35 жаста, қарындасы Хатима - 15 жаста, ұлы Өсиет - 10 жаста, Хибадат - 7 жаста, Ғинаят - 3 жаста, ұлы Жеделжан - 6 айлық бала. Ұстауға N 13 ордер 27.09.37 ж. берілді. Тұтқындаушы Түсіпәлиев С.
6. ШАМАРДАНОВ МҰХИТ - 1910 ж. наурыз айында Дуаберген ауылсоветі, Еспол ауданы аймағында туған. 1929 ж. шейін - 30 бас малы болған, N 61 ст. сотталған, қызы -Райхан - 5 жаста, қызы - Жамиға - 2 жаста. Ұстауға N 14 ордер 27.09.37 ж. берілді. Тұтқындаған Түсіпәлиев С.
7. БЕРМҰХАНОВ КӘРІМ - 1913 ж. Забурын ауылсоветінде туған, жарлы, N 166 ст. 6 жылға сотталған - 1935 ж. Ұстауға N 17 ордер 27.09.37 ж. берілген, 9 қазанда Берқалиев Құбай тұтқындаған.
8. НЕТАЛИЕВ СҮЛЕЙМЕН - 1909 ж. мамыр айында Забурын ауылсоветінде туған. Қ.к.-тің N 166 бабымен 10 жылға сотталған - 1933 жылы. Ұлы - Мағмури - 7 жаста. Ұстауға N 16 ордер 27.09. 37 ж. берілген. 9 қазанда Берқалиев Қ. тұтқындаған.
Жеті адамды осылайша 1937 жылы 9 қазанда тұтқындап, РО НКВД (КПЗ) тінту жасап хаттама жазған. Тінтуге кезекші Меңдіғазиев қатысқан. Тінту жүргізген Түсіпәлиев Сыйың. Ал Исатаев Ғ. 21.10.37 ж. әкелген. Тінту кезінде кезекші Үмбетәлиев қатысқан, алынған нәрселер — қайыс белбеу, анықтама қағазы және жолсапар куәлігі.
Сегіз адамның тінту хаттамасына Бихатов Шарапи қатысып, қолын қойған. Ұсталғандардың кейбіреулерінің хаттамаға қойған қол таңбалары бар, ал кейбіреулері қол қоймаған (Сүгіров Н.)
Бір таңыркалық нәрсе — осы сегіз адамды қамауға алған соң, Мыңтөбе ауылсоветі ТОЗы деп аталатын мекеменің төрағасы Бихатов Шарапиден 21 қазан 1937 жылы жеке анықтамалар талап еткен. Сол жазып берген анықтамалардың мазмұны бұл адамдарды соттап, олардың көздерін жою керектігін көздегендей. Әлде бұны таза ақ қағаздарға милиция қызметкерлері өздері толтырды ма? Осы жағы жұмбақ. Біз мысал үшін Насихат Сүгірұлы мен Ғұбайдолла Исатаевқа берілген анықтамаларды көрсеттік.
Анықтамалар латын әріптерімен қазақша жазылғандықтан оның мазмұнын өзгертпей сол күйінде бердік.
АНЫҚТАМА
Штамп 21-Х-37 ж. N 70
Берілді осы анықтама Мыңтөбе советі Қызыл ту тозының соның үшін Біздің ауыл азаматы ТОЗ мүшесі біздің қарауымызда өсіп өнген азамат Сүгіров Насихат «48» жаста үйінде 5 жаны бар, әйелі бар, қазірде 9 бас малы бар.
Бұл азамат Насихаттың өз әкесі Сүгір - жылдарда өлген. Сүгірдің 150-160 малы болған, 4-3 батырағы болған қолында, оның артында қалған баласы Насихат патша заманында 3-4 жыл ыстаршын болған. 60-70 малы, қолында 2-3 батырақ малай ұстаған. 1918-19 жылдарында аққа қызмет жасаған, 1931 жылы 40-таған мал мен басқа жаққа қашып көшіп кеткен барған жерінде кулак болып ОГПУ арқылы кәмпескеленген, сол 1931 жылдан осы кезге дейін үнемі ұрылармен байланыс жасап, ұрылардың пәтер үйі болған, бірнеше ұрылар ұйымдастырып ұрының ұйымын ашқан. 1931 жылдан бастап құрылған (ұрылар) Неталиев, Бермұханов, Шамарданов, Исатайыв, Оңдыбаевтармен туыс байланыс жасаған адам. Басқа кәсіп етіп (үнемі ұрлықпен) күнелткен. Бұрын сотталған, сондықтан осының арғы бетіндегі айтылғандардың дұрыстығын шандырады.
М.П. Қызыл Ту Т.П.: Бихатов (қолы)
Сельсовет «---» хатшысы: (қолы)
Им.
«ТО комитеті»
(іс беті - 39)
АНЫҚТАМА
Штамп
21 .Х-37
N 72
Берілді осы анықтама Мыңтөбе советі Қызыл-Ту тозының соның үшін біздің ауыл азаматы ТОЗ мүшесі емес. Бірақ біздің қарауымызда өсіп өнген азамат Исатайыв Ғұбайдолла «53» жастың шамасында, үйінде 3 жаны бар, әйелі бар, қазірде екі малы бар бұл азамат Ғүбайдолланың өз әкесі Өтепқали Исатайв 1917жылына дейін 35 жыл болыс болған бұрынғы патша заманында. Қарауында 200-300 малы болған, 4-5 батырағы болған қолында. Өтепқали 1928 жылы өліп оның артында қалған баласы Ғұбайдолла патша заманында 3 жылдай ыстаршына болған. 200-300 малы болған, қолына 3-4 батырақ малай ұстаған. 1913-17 жылдарда аққа қызмет жасаған. 1931 жылы 100-деген малымен басқа жаққа қашып көшіп кеткен. Барған жерінде кулак болып ОГПУ арқылы кәмпескеленген. Сол 1931 жылдан осы кезге дейін үнемі мал ұрлап ұрлық жасаған. Бірнеше ұрылар ұйымдасып ұрының ұйымын ашқан. Өзі кірген 1931 жылдан тап осы кезге дейін басқа кәсіп етпей үнемі ұрлықпен күнелтіс жасаған адам. Негізі бай құлақ, әрі (ұры қарғын) осының дұрыстығын шандырады.
М.П. Қызыл Ту Т.П.: Бихатов (қолы)
Сельсовет « » хатшысы: (қолы)
Им.
«ТО комитеті»
( іс беті - 37)
Тергеу орындарында қалыптасқан тәртіп бойынша әрбір айыпкерге тұтқындық анкета толтырылады. Бұл ұзын саны жиырмаға жуың сұрақтарға жазбаша түрде жауап қайтарылып, оған қосымша деректер қосылып, ең соңында айыпкердің қолы тұратын құжат. Сондай тұтқын анкетасы Насихат Сүгірұлына да толтырылған.
ТҰТҚЫН АНКЕТАСЫ
Сұрақ Жауабы
1. Фамилиясы: Сүгіров
2. Аты: Насихат
3. Туған жері және жылы: Мамыр айы 1889 жылы Мыңтөбе ауылсоветі, Теңіз ауданы, Гурьев округі,Батыс Қазақстан облысы.
4. Тұратын жері: Мыңтөбе ауылы, Теңіз ауданы
5. Қызмет істейтін жері: Тұрақты жұмысы жоқ, жұмыссыз
6. Мамандығы, проф. Ісі N билеті: Малшы-шаруа және балықшы.
7. Малы және дүние мүлкі: 10 бас малы бар, қыстауы, I кілем, төсек-орын. ТОЗ мүшесі.
1934 жылы, Мыңтөбе ауылсоветі.
8. Мал-мүлкі 1929 ж. дейін: 15 бас малы, киіз үйі, қыстауы болды.
9. «—» 1917 ж. дейін: 30 бас малы, киіз үйі, қыстауы болды.
10. Әлеуметтік жәйі - тұтқынға дейін: Орта шаруа, ТОЗ - мүшесі.
11. Әскери қызметі – Патша армиясында жоқ, істемеген
12. Ақтар армиясында « »
13. Қызылдар армиясында « »
14. Ұлты: қазақ
15. Білімі: сауатсыз
16. Партиялығы: Партияда жоқ
17. Бұрын сотталған ба? 1930 ж. III бап - 1,5 жылға
сотталған
18. Денсаулығы: жарамды
19. Отбасы: 1. Әйелі - Тоты - 35 жаста,
2. Қарындасы - Хатима 15 жаста,
3. Ұлы - Өсиет -10 жаста,
4. Ұлы Хибадат - 7 жаста,
5. Ұлы Хикаят - 3 жаста,
6. Ұлы Жеделжан - 6 айлық.
Қолы: - Сүгіров (латынша қойған)
Тұтқындаған кім және қашан - 09.10.37 ж.,
Теңіз РОМ НКВД.
( іс беті - 33)
Насихаттың және Ш.Бихатовтың берген анықтамаларын салыстырғанда оқырманның көзі ақиқатқа бірден жетеді. Осыдан-ақ Насихаттың жоқ-жітік отбасында өскенін аңғару қиын емес. Әйтпесе әке дәулетінің арқасында жасынан білім — молдадан дәріс алып сауатын ашпай ма?
Насихат Сүгірұлының тұтқындық анкетасында көрсетілгендей 1930 жылы сотталу себебіне азғана түсінік берелік. Насихат 1929 жылы аудандық атқару комитеті шешімімен жұмысынан босатылады. Куәгер — Дүйсенғали Әлмұханов 27 маусым 1964 жылы берген жауабында: «Өз тұрғындарының тұрақты ауылшаруашылық салықтарын уақытында орындамағаны үшін Насихат Сүгірұлы ауылсовет төрағалығынан түсірілді»,— дейді. Насихатқа жұмысқа немқұрайлы, салғырт қарайды дегендей айып қойылады. Сол кезде сталиндік тәртіптің қаталдығы соншалық, Насихат орнынан түсуімен қатар заңға тартылады. Бір жарым жылға сотталып, Насихат алдымен Астраханға, одан темір жолмен Оралға жеткізіледі. Азғана уақыттан соң конвоймен айдай жаяу жүріп, Гурьев қалалық түрмесіне кеп түседі. Ол қазір автостанция үйі. Осында онымен сапарлас болған бір мол да Насихаттың «Біз шықтық Астраханнан қияланып» атты ұзақ өлеңін, «Еділ-Жайық — екі су» толғауын жол-жөнекей қағазға түсіріп алып отырған. Соны түрмеде қайта айтқызғанда Насихат мүдірместен қатесіз қайталап айтып берген. Архивтік істе Насихаттың алғашқы сотталуының куәсіндей мына құжат сақталған.
АНЫҚТАМА
10 шілде 1964 ж.
N 5-С
Осы анықтама бойынша Сүгіров Насихат 1930 жылы «22» ақпанда Теңіз аудандық Халық соты шешімімен РСФСР Қылмыстық кодексінің N III статьясына сәйкес - Бір жарым жылға бас бостандығынан және сайлау правосынан айрылғанын хабарлаймыз.
Ф -418, ОП-2, Д-1, 3-бет
Гурьев облархив бастығы: А.Загородникова (қолы)
Бұл хат тергеуші Ж.Қонқаевтың өтініші бойынша Гурьев облыстық МХК басқармасына жіберілген.
(іс беті - 199)
ЕСКЕРТПЕ: Қ.к. N 111- статьяның орысша анықтамасы: - халатность должностного лица, выражающегося в недобросовестном, небрежном отношении с возложенным по службе обязанностям, лишение свободы - до 3 лет.
Қамауда жатқан адамдарға Теңіз аудандық милиция бөлімінің шығарған қаулысының мазмұны төменгідей.
ҚАУЛЫ
(айып қою жөніндегі бұлтартпау шараларын таңдау)
Бұл қылмысты іс бойынша Забурын және Мыңтөбе ауылдарының азаматтары: Исатаев Г., Наурызалиев Ж., Оңдыбаев Қ., Қапанов Ә., Сүгіров Н., Бермұханов Қ., Шаймарданов М., Неталиев С., Қ.к. N 58-10-11-бабымен және 07.08.32 ж. Заңы бойынша қарастырылған қылмыстар жасағандарын айыптау туралы.
Жоғарыда аталған адамдардың бәрі кулак ретінде кәмпескеленіп, өзге адамдардың еңбегін қанағандары үшін жазаға тартылған, мал ұрлағандары үшін сотталған, НКВД лагерінен қашқандар. Олардың бәрі бір рудың адамдары, осы кезге шейін бір жерде тұрады, олардың арасында туыстық тығыз байланыс бар, совет үкіметіне наразы, оған қарсы үгіт жүргізген, колхоз құрлысына зиянкестік жасап, яғни 1930 ж. коллективизацияға қарсы кейбір колхозшылар мен кедейлерді көшіріп жіберу мақсатымен тұрғындар арасында контрреволюциялық әңгімелер таратқан. Одан басқа жылқы ұрлаумен шұғылданған, бірнеше рет колхоздың, колхозшылардың малын ұрлаған. Өз беделдерін көтеру үшін халық арасында діни ғұрыптар жасап, халықты дінге баулыған. Олардан ақша, басқа да заттар алған, сүйтіп жан баққан. Оған қоса совет өкіметіне қарсы күрес ретінде Тухачевский және басқа ұлтшыл-фашистер бандыларын халыққа мадақтаған. Тонау мақсатымен адам өлтірген, мүлкін тонаған.
Жоғарыда аталған адамдар ешқандай пайдалы еңбекпен шұғылданбаған, керісінше ұрлық-қарлықпен, тонаушылықпен шұғылданған, тағы сол сияқты қылмыстар істеген.
Біздің тексеру жүргізген кезде табылған деректер:
1 .Наурызалиев Ж . - бұрынғы молда, кәмпескеленген қулақ, кезінде сотқа тартылған. 1936 жылы желтоқсан айының аяғында ел жинап жиналыс ашқан, оған Оңдыбаев Қ., Қапанов Ә., Наурызалиев Сухан және кездейсоқ көрген колхозшылар, ішінде Жұмағамбетов Икем бар, естіген. Сол жерде Наурызалиев Жұмат былай деген: «Мен бал аштым, Кеңес үкіметі көп тұрмайды, құлайды. Оның орнына капиталистік мемлекет орнайды. Сондықтан қазір мал шаруашылығын дамытудың қажеті жоқ. Совет үкіметі бұл саясатты халықты алдау мақсатында, ертең сол малды қайта кәмпескелеу үшін жүргізіп жатқанын, ол үшін бізге түрде астықты, құмаршықты, тағы басқаларын жасырып сақтау керек».
2. Наурызалиев Ж . қулақтандырылғанға дейін діни ғұрыппен шұғылданып, көп мал жинаған, өзге адам еңбегін қанаған, кем дегенде 3-4 батырақ ұстаған. Сол үшін кәмпескеленіп, жазаланған. Өзінің тұратын жеріне қайтып оралған соң, ол тағы да діни наным іспен халықты булап, халық арасына өз дегенін дін жолымен таратты, сол үшін халықтан мал және ақша алды.
3. Наурызалиев Ж., Қапанов Ә., Ондыбаев Ө., Сүгіров Н. - міне осы адамдар өздерінің тұрақтарында НКВД-нің лагерінен қашқан, сотталған, он жылға бас бостандығынан айырылған, бұрын мал ұрлағандар: К.Бермұхановты, С.Неталиевті, кәмпескеленген кулак, бай Шамардановты екі жыл бойы, яғни 1936-37 жылдары жасырды. Колхоз тіршілігін жою мақсатында мал ұрлады. Қашқындарды ешкімге айтпады, керісінше оларды жасыруға жәрдемдесті.
4. Исатаев F. - 1935 жылы мамыр айында Теңіз ауылсоветі, Төңкеріс колхозының бір жылқысын ұрлап, оны Сүгіров Н. қорасында тығып қойған жерінен ат қашып кетіп, өрісте соны бір колхозшы ұстап алды.
5. Бермұханов Кәрім, Неталиев Сүлеймен Сүгіровпен бірге Мыңтөбе ауылсоветі, Бірлік колхозының 6 жылқысын ұрлап, оны өзара Сүгіровтың ағасы Ибраһиммен бөлісіп, соның салдарынан Неталиев пен Сүгіров Ибраһим он жылға сотталып, бас бостандықтарынан айырылған еді.
6. Неталиев С., Бермұханов К., НКВД еңбек лагерінен 1935 ж. қашып Сүгіров Н., Қапанов Ә., Оңдыбаев Қ. Наурызалиевке келіп жасырынып, кейін мал ұрлаумен шұғылданған.
7. 1937 ж. «Эмьбанефть» мекемесінің Көлік бөлімінен 4 жылқы ұрлап, оның екеуін Сүгіров Насихатта жасырғанмен 5-6 күнен кейін иесі іздеп келіп, оны алып кетті.
8. 18 қыркүйек 1936 ж. Неталиев С. Есбол ауданы, Бекайдар ауылсоветі тұрғыны Жуанбайдың бір түйесін (нар) ұрлаған, тағысы сол сияқты.
Жоғарыда айтылғандар негізінде, УПК-ның N 128, 144, 158 бабтарына сәйкес қаулы қабылдайды:
Азаматтар: Наурызалиев Ж., Исатаев Ғ., Сүгіров Н., Бермұханов К., Шаймарданов М., Оңдыбаев К., Қапанов Ә., Неталиев С. қылмыстық кодекстің N 58-10-11 бабымен және 07.08.32 ж. Заңға сәйкес айыпталады. Оларды абақтыға қамау үшін Гурьев округтік түрмесіне арнаулы қарауылмен айдалады. 23 қазан 1937 ж. бастап тұтқындалған барлық 8 адам Гурьев Округтік НКВД РКМ бөліміне тіркелсін.
Осы қаулының көшірмелері мына мекемелердің қарамағына берілсін: Округтік НКВД РКМ-І данасы, Осы іске-І данасы, РБНКВД-І дана.
НКВД Теңіз аудан. Милиция бөлім бастығы:
К.Берқалиев (қолы)
«Бекітемін»
НКВД Теңіз POM МҚ сержанты: Лебедев (қолы)
(іс беттері 56-57)
Осы қаулы қазақшаға аударылып таныстырылды: 8 адамның қолдары бар, бірақ Шаймарданов М. бас тартқан.
Қаулының төменгі жағына:
«Аудандық прокурор жұмысында болмағандықтан одан жоғарыда көрсетілген адамдарды тұтқындауға санкция алынбаған.
Бірақ көрсетілген адамдардың қоғам үшін зиянды элементтер ретінде Гурьев округтік түрмесіне қамауға санкция беремін» деп округ прокуроры қолын қойған.
Енді Гурьев Округтік НКВД басқармасы осы қаулыны қосымша жолдау хат жазып тездетіп облыс орталығы Орал қаласына жөнелтеді. Ал олар 1937 жылы 10 қарашада Теңіз аудандық милиция бөлімінің қаулысын көшіріп жазып, Айыптау қорытындысын шығарады.
АЙЫПТАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
«Бекітемін»
НКВД Бат. Қаз. Обл.
Басқарма бастығы
Мемлекет Қауіпсіздігі майоры (Ромейко)
10 қараша 1937 ж.
Наурызалиев Ж., Исатаев Г., Қапанов Ә., Оңдыбаев Қ., Сүгіров Н., Шамарданов М., Бермұқанов К.. Неталиев С. тобын Қылмыстық кодекстің N 58-10-11 бабымен және 07.08.1932 ж. Заң бойынша.
Айыптау туралы:
НКВД-нің Теңіз аудандық бөлімі колхоз жұмысына зиянкестік әрекет жасап жүрген бір топ байларды: Наурызалиев Ж., Исатаев Г., Қапанов Ә., Оңдыбаев Қ., Сүгіров Н., Шамарданов М., Бермұқанов К,, Неталиев С. -Қк. N58 бабының 10,11 тармақтарымен, 1932ж. тамыз айының «7» жұлдызында шыққан Заң бойынша тұтқындады.
Бұл істі тексерген кезде мыналар анықталды: сегіз адамнан құрылған бұл топ -бай-құлақтар, бәрі бір рудың адамдары, бастықтары бұрынғы молда Наурызалиев Жұмат бірнеше жылдан бері Кеңес өкіметіне қарсы көзқарасы мен сенімінің ортақтығы негізінде, өзара тығыз байланыста болып, Совет үкіметінің оларды құлақтандырғанына, кәмпескелегенге ызаланып, колхоз мүлкі мен малын үнемі ұрлау, үкіметтің шараларына қарсы үгіт-насихат жүргізу сияқты зиянкестік әрекет жасады. Колхозшыларды малдарын құртуға үгіттеп, кешікпей Кеңес үкіметі құлайды деп азғырды, тіпті кейбір колхоз белсенділеріне қауіп-қатер төндірді. Оларды өлтіреміз деп қорқытты, халық жаулары Тухачевский және басқа троцкист ұлтшыл фашист бандиттерді мадақтады. Осы айтылғандар негізінде мыналар айыпталды:
1. Наурызалиев Жұмат, 1875 жылы Теңіз ауданы Забурын ауылында туған, ұлты қазақ, отбасы бар, бұрын бай молда болған, 1931 жылы Қк. 61-бабымен үш жылға бас бостандығын айыруға сотталған. Ол жоғарыда айтылған байлар тобының ұйымдастырушысы, бастығы, дем берушісі болған. Колхозшылар арасында Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген. Ол: «Мен бал аштым. Совет үкіметі ұзақ тұра алмайды. Құлайды. Оның орнына капиталистік мемлекет болады. Сондықтан бізге мал шаруашылығына қарсы саясат жүргізу керек, себебі ауыл шаруашылығын дамыту қажет дегендері ертең ол малды кәмпескелейді, колхозшылардың өмірін жақсартамыз деген шара тек алдау ғана», - деді.
Басқалармен бірге ол бірнеше жыл бойы колхоздың және колхозшылардың малын ұрлаумен болды. Яғни Қылмыс кодексінің N 58-10-11 - бабы және 07.08.32 ж. Заң бойынша қылмыс жасады.
Өзін ішінара кінәлі деп санайды (іс беттері 69-139)
2. Исатаев Ғұбайдолла, 1884 ж. Теңіз ауданы Забурын ауданында туған, қазақ, жанұясы бар, 1930 кулак болған, жер аударылудан жасырынған, адам өлтіру, тонаушылықпен шұғылданған. Ол басқа байлармен бірге жыл бойы колхоздың және колхозшылардың малын ұрлаған, яғни, 1932 жылы тамыз айының «7» жұлдызындағы Заңмен қарастырылған қылмыс жасаған. Өзін кінәлі деп санайды (іс беттері 85, 89, 100-112).
3. Қапанов Әмірғали, 1872 ж. Теңіз ауданы, Мыңтөбе ауылында туған, кулак болған, бай. 1931 ж. адам қанаушы ретінде Қылмыстық кодекстің N 61-бабы бойынша сотталып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол колхозшылар арасында совет өкіметіне қарсы үгіт жүргізген, колхоз белсенділерін қорқытқан. Ол өзі былай дейді: «Егер Совет үкіметі құласа, біз Дәулетов, Сүндетовтей белсенділердің көзін жойған болар едік». Сол жылы қыркүйек айында ол колхозшылар арасында: «Мен Тухачевский мен Орынбаевтың тұтқынға алынуына қарсымын. Совет үкіметі жақсы адамдарды тұтқындауда. Жақсы жұмыс істегендерді тұтқындаса, Совет үкіметінің органдарында жұмыс жасаудың қажеті қанша? Онда жұмыс істемеу керек», - деген.
Басқа ұрылармен бірге колхоздың және колхозшылардың малын ұрлаумен шұғылданды, сондай-ақ ұрлағандардың малын алған, яғни қылмыстық кодекстің N 58-10-11 бабымен 07.08.32 ж. Заңымен айыпты деп саналады.
Өзін кінәлі деп есептейді (іс беттері - 69, 71, 82, 86, 89, 92, 97).
4. Оңдыбаев Қисым, 1895 жылы Забурын ауылында туған, қазақ, жанұясы бар. 1931 жылы кулак болған бай, Қылмыс кодексінің N 61-бабымен сотталған, 3 жылға бас бостандығынан айырылған, жер аударылған ол колхоз бен колхозшылар арасында совет өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізген, халық жауларын және троцкист-ұлтшыл-фашист бандыларын мақтаған, яғни Қылмыс кодексінің N 58-10-11 бабымен және 07. 08. 32 ж. заңмен айыпталады.
5. Сүгіров Насихат, 1889 ж. Теңіз ауданы, Мыңтөбе ауылсоветінде туған, қазақ, бай, кулак боп айдалған, жер аударылудан жасырынып қашып кеткен. 1930 жылы Қылмыстық кодексінің N111 - бабымен бір жарым жылға сотталған, колхозшылардың малын ұрлаған, сонымен қатар басқалардың ұрлаған малын алған.
Наурызалиевпен, Қапановпен бірге колхозшылар арасында совет үкіметінің жүргізіп жатқан шараларына қарсы үгіт жүргізген, яғни Қк-нің N 58-10-11 бабымен және 07.08.32 ж. Заңымен айыпты. Ол бірақ өзінің кінәлі екенін мойындамайды (іс беттері 70-75, 81-86, 101-104, 110-113, 126-129).
6. Шаймарданов Мұхит, 1910 жылы Теңіз ауданы, Забурын ауылында туған, кулактанған байдың ұлы, ұлты қазақ, 1931 жылы Қ.к N 61 бабымен сотталған, 3 жылға бас бостандығынан айырылған, жер аударылған, Оңдыбаев пен Қапановтың жиені. Ол басқалармен бірге колхоз бен колхозшылардың малын ұрлаумен шұғылданған.
1937 ж. мамырда «Эмьбанефть» мекемесі Көлік бөлімінің 4 жылқысын ұрлаған, оның екеуін айыпкер Сүгіровке берген. Маусым айында тағы мал ұрлаған. Социалистік меншіктегі мал-мүлікті ұрлаумен ол соңғы үш жыл бойы шұғылданып жүр.
Наурызалиев және басқа айыпкерлермен бірге совет өкіметіне және оның шараларына қарсы үгіт жүргізген, яғни N 58-10-11 бабымен 07.08.32 ж. Заңмен айыпталады.
Өз кінәларын мойындайды. (іс беттері 70-81, 90-98, 101-129)
7. Бермұқанов Кәрім, 1913 жылы туған, Теңіз ауданы, Забурын ауылсоветі, қазақ, бойдақ, 1934жылы Қ.к. N166 бабымен сотталған, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. 1935 жылы прорлагерінен қашқан, бай баласы. Бұл да басқа қылмыскерлермен бірге бірнеше жыл бойы колхоздың және колхозшылардың малын ұрлаған, яғни 07.08.32 ж. Заң бойынша айыпты деп саналады.
Өз кінәсін мойындайды. (Іс беттері 170-81 89-91,111- 116, 129-131).
8. Неталиев Сүлеймен, 1898 жылы Теңіз ауданы, Забурын ауылсоветінде туған, қазақ, 1932 жылы 07.08.32 ж. Заң бойынша мал ұрлағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылып сотталған. Жазасын өтемей Прорлагерден қашқан. Қапанов пен Оңдыбаевта жасырынып жүрген, өзі бай. Бұл да көп жылдар бойы колхоздың және колхозшылардың малын ұрлаған, яғни 07.08.32 ж. Заң бойынша айыпты.
Өз кінәсін мойындайды (іс беттері 99-129).
...Жоғарыда айтылған байлар тобының ұрлықтары мен зиянкестік әрекеттері бірқатар куәгерлердің көрсетулерімен кепілденеді, сондықтан төмендегідей қаулы қабылданды:
Осы тергелген адамдардың аталмыш ісі Батыс Қазақстан облыстық НКВД басқармасы Үштігінің қарауына берілсін.
БҚО НКВД басқарма қызметкерлері:
МҚ кіші лейтенанты Андреев (қолы)
«Келісім берген»:
IV-бөлім бастығы МҚ лейтенанты: Афанасьев (қолы)
10 қараша 1937 жылы дайындалды. Орал қаласы.
(іс беттері 148-151)
Ал Айрықша Үштіктің шешімі тіпті қысқа, ол
төмендегідей: »
N 15 хаттаманың көшірмесі
НКВД Батыс Қазақстан облыстық басқармасы Айрықша Үштігінің 22 қараша 1937 ж. мәжілісінде шығарған Үкімі.
Тыңдалды: Үкім шығарылды:
1. НКВД Гурьев Округтік 1. Сүгіров Насихат - атылсын. Бөлімінің N 9337 ісі тыңдалды: Жеке мүлкі кәмпескеленсін.
169
Айыпкер: Сүгіров Насихат - 1889 ж. туған, бұрынғы бай, кәмпескеленген, 1,5 жылға бас бостандығынан айырылған, жер аударылудан қашқан.
12-30407
Ол Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген, мал ұрлаған, яғни Қ.к. N 58-10-11 бабымен 7 тамыз 1932 ж. Заңмен айыпталады.
Айрықша Үштіктің хатшысы: Троицкий (қолы)
( іс беті - 164)
Міне, осылайша сегіз адам түгелдей ату жазасына бұйырылады. Айрықша Үштіктің осы қаулысын енді Гурьевтегі НКВД түрмесінде белгіленген акт бойынша орындап жібереді. Оған НКВД округтік басқарма бастығы Низюлько қол қояды.
АКТ
(көшірмесі)
НКВД БҚО басқармасының жанындағы Айрықша Үштіктің 22 қараша 1937 ж. шешіміне сәйкес - азамат Сүгіров Насихат ату жазасына кесілген.
Сол бұйрық 28 қараша 1937 жылы орындалды.
НКВД Гурьев Округтік бастығы
ГБ аға лейтенанты: Низюлько (қолы)
( іс беті-173)
Сегіз адамды бір түнде атып, Атырау қаласының оңтүстік батыс шетінде тоғыз шақырымдай қашықтықта тұтқындар жерленетін жерге (ойпаңға) денелерін көмеді. Ол қазір «Авангард» атанатын мөлтек ауданның аймағы.
...Арада жылжып жылдар өтті. Заман өзгерді бастады. Насихат ісінің қайта қаралып оның ақталуына көп септігін тигізген, әрине, оның жұбайы Тоты Сәленқызының еңбегі. Ол Насихаттан қалған төрт ұлын тәрбиеледі. Оған қоса Насихаттың жазықсыз күйгенін дәлелдеп талай рет арызданды. Алғашқы арызын 1964 жылы мамыр айында жазыпты. Егер Насихат тірі болғанда 75 жасқа толады.
Тоты арызын облыстың Қауіпсіздік Комитетіне жолдаған. Мазмұны төмендегідей дәл сол күйде бердік.
Гурьев облыстық Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті бастығы Жандилдинге Забурын совхозының тұрғыны Сүгірова Тотыдан.
АРЫЗ
Сүгіров Насихаттың ісін тексеріп партия ұйымының (Орталық Комитетінің) үкіміне орай, сондай ешқандай тексерусіз кеткен адамдарды ақтап, оны дұрыс, өз еңбегіне сай бағалануына байланысты, сіз сол кісіні бағалап, маған тиісті анықтау документін (анықтап) жіберуді өте сұрап, сізден сенім ретінде сұраймын.
Арыз иесі: Сүгірова (қолы)
12 мамыр 1964 жыл
Арызды Жандилдин бөлім бастығына жолдап бұрыштама берген.
Арызды басқа бір адам жазып, ал Тоты қазіргі әріппен бөлек-бөлек қолын қойған.
Ж.Нұржанов
Сүгіров Н. қылмыс ісімен мені таныстырыңыз.
14.V. Джандилдин
(Арыздың екінші бетіне орысша жазып, тергеуші Қонқаевқа тапсырған). «Тов. Кункаеву. Для проверки и выяснения заключения»
16.V.64 (қолы)
( іс беті 177-178)
Осыдан кейін Қонқаев аталмыш істі қайта тексеруге Забурын ауылсоветіне аттанған. Біз сұрақ-жауап хаттамаларынан тек Сүгіров Насихатқа қатысты тұстарын ғана алдық.
МХК-нің Гурьев облыстық басқармасының тергеушісі аға лейтенант Қонқаевтың (26-30 маусым 1964 ж.) жүргізген сұрақ-жауап хаттамалары.
Бірінші куәгер - Әлмұқанов Дүйсенғали жауабы. Ол 1883 ж. туған, тұрағы - N 1 ферма, Забурын совхозы, Забурын ауылсоветі, Теңіз ауданы. Жауап алған күні - 27 маусым 1964 ж.
Сұрақ: Сіз аталмыш сегіз адамның ішінен Сүгіров Насихат туралы білетіндеріңізді айтыңызшы?
Жауап: Сүгіров Насихат - орта шаруа адамы. Ол ешқашан қанаушы таптың адамы болған емес. 1929 ж. Мыңтөбе ауылсоветінің төрағасы болды және елді-мекенді колхоздандыру шаруасына белсенді атсалысты.
Бірақ өз ауылсоветінің тұрғындары ауылшаруашылық салығын уақытында орындамағаны үшін Сүгіров Насихатты төрағалықтан түсірді. Бұдан кейін ол сол колхозда, ТОЗ-да болып, артельдің мүшесі ретінде жұмыс істеді.
1937 жылы олардың бәрін өкімет органдары тұтқындады, ал оған қандай себеп болды, мен оны білмеймін. Олардың содан кейінгі тағдырлары маған белгісіз.
Олардың Кеңес үкіметіне, Коммунистік партияға, колхоз құрылысына қарсы арандатушылық әңгімелерді естіген емеспін.
Сүгіров Насихат былай сауатсыз адам болғанымен, өзі ақын. Әсіресе, ол 1916 жылы патша үкіметі шетел басқыншыларынан Ресейді қорғау үшін қара қызметке қазақ жастарын жаппай алған кезде, сондай-ақ патшаға қарсы өлеңдер шығарды. Мен кейінірек Насихат өлеңдерін өз аузынан да естідім, бірақ оның ішінде біздің елімізге немесе колхоз құрлысына қарсы үгіт-насихат естігенім жоқ.
Есімде, 1934-35 жылдары ауылдың кейбір белсенділері Сугіров, Исатаев тағы-тағысы ұйымдасып басқа жаққа қоныс аударып, көшіп кетіпті деп айтып жүрді. Онысы ауылшаруашылығын колхоздандырғанға қарсы наразылық білдіргендері екен. Шынында 1933 жылы Сүгіров, Исатаев Астрахан асып, Қалмақ қырына көшіп кетті, әрине, бар малын өздерімен бірге әкетті.
Себебі сол 1933 ж. біздің елде ашаршылық, жұт болды, сондықтан олар жанға да, малға да жайлы орын табу үшін аталмыш жаққа көшкендері рас. Әйтсе де олардың колхозға қарсы екенін мен ешқашан естігенім жоқ және тек қарсы болғандықтан ғана көшіп кетті дей алмаймын.
(Іс беттері 182-186)
Екінші жауап берген — Бихатов Шарапи — 1897ж. туған, 1930-43ж. ауылшаруашылық коммунаның, ТОЗ-дың, колхоздың төрағасы.
Сұрақ: Сүгіров Насихат туралы білетіндеріңізді айтыңыздаршы?
Жауап: Сүгіров Насихат «Қызыл ту» колхозының мүшесі болды. Бұған дейін, яғни 1926-29 жылдары ол Мыңтөбе ауылсоветінің төрағасы еді. 1929 жылы осы жұмысынан аудандық атқару комитетінің шешімімен босатылды. Оған қандай себеп болды, мен оны білмеймін. Бұдан кейін ол колхозға кірді де 1937 жылы ұсталғанға дейін қатардағы колхозшы болып еңбек етті. Жұмысында жақсы деген мінездемелерге ие болды, колхоз шаруасына белсене араласты. Оны танитын кезімде бөтен пікір естіген емеспін.
Ол сонымен қатар өзінің шала сауатты білімімен өлең шығаруға өте шебер еді. Оның мазмұны негізінен тұрмыс-салттық тақырыпта болатын.
Оның өлеңдерінде Кеңес үкіметіне қарсы мазмұн болмаған. Естуімше Сугіров мал ұрлаған боп ұсталыпты, әлде ұрыларды жасырған-ау деймін. Шынында, мен оның ұрыларды жасырғанын көрген емеспін, мал ұрлағанын да білмеймін және жергілікті тұрғындардан естіген де жоқпын.
Бұл адам дар туралы 1937 жылы менен куәгерлік жауап алған болатын. Одан бері қаншама ұзақ уақыт, не қилы заман етті, ол кезде не айттым, қазір менің ойымда жоқ, бірақ о кезде де қазіргідей айттым ғой деп ойлаймын.
Сұрақ: Қазір сізге сол 1937 жылы куәгерлік жауабыңызды көрсетемін. Енді бұған не дейсіз?
Жауап: Иә, мені сол кездегі сұрақ-жауап хаттамасымен таныстырды. Мен оның мазмұнымен оқып таныстым. Қойған қолым да менікі. Бірақ қазір менің көзім жетті -сұрақ-жауап хаттамасында менің айтқан сөздерім, пікірім жазылмаған, істегі мен айтты деген сөздердің бәрі шындығында менің сөзім емес, керісінше менен жауап алған адамның ойлап тапқан сөздері. Менің қазір есіме түсіп отыр - 1937 жылы менен жауап алғанда оның мазмұнымен мені таныстырған жоқ, мен өзім оны қайталап оқыған да емеспін, маған оны ешкім оқыған да жоқ.
Сонымен қорыта айтсам, мен сұрақ-жауап хаттамасын оқып таныспастан қол қоя салған болдым ғой, себебі мен сол орган адамына өте сенген болсам керек. 1937 жылы хаттамадағы айтқандарымның ішінен тек мен бүгінгі айтқан сәттердің шындығын ғана мақұлдай аламын.
Сұрақ: Сізге 1937 жылы айыптылармен көзбе-көз кездестіру өткізілді ме?
Жауап: Айыптылардың ешқайсысымен де ондай кездесу болған емес. Және жақсы білемін, мен ондайды айтқаным да жоқ.
Сұрақ: Міне, сізге 21 қазан 1937 жылы көзбе-көз кездесіпсіз. Енді бұған не дейсіз?
Жауап: Ия, маған ұсынылған көзбе-көз кездестіру хаттамасын оқып таныстым. Мен қолымды да қойыппын. Бірақ мен айыптылардың бірімен де көзбе-көз кездескен емеспін, мен мұны есімде жақсы сақтағам. Мүмкін, менен жауап алған кезде орган адамы осы хаттамаға да қол қоюымды өтінген болар, сондықтан мен оған да қол қойған шығармын, бірақ оның мазмұны маған мүлде таныс емес.
Сұрақ: Сіз мына адамдарды білесіз бе: Баймағамбетов Қадырғали, Құмарғалиев Қайса, Нұрғалиев Рахымжан, Ерғалиев Күлкешбай, Қарағұлов Қайса, Сүйінішов Мақсот, Жұмағамбетов Ешім, Байдолов Үрке, Байбозов Құспанғали, Үркеев Нұрлыхан және Өтепқалиев Хамза?
Жауап: Баймағамбетовты, Құмарғалиевті, Қарағұловты білмейді екем. Ал қалғандарын жақсы білемін. Нұрғалиев, Жұмағамбетов, Байдолов, Үркеев, Өтепқалиев әр кезде қайтыс болған адамдар. Сүйінішов, Байбозов, Ерғалиев біздің ауылсовет қарамағынан шығып, көшіп кеткен еді. Қазір олар қайда тұрады, оны білмедім.
Бихатов Шарапидан сұрақ-жауап 27 маусымда 1964 жылы Забурын совхозының N 1 фермасында, өз тұрағында алынған.
(Іс беттері 186-191)
Енді Сүйінішов Мақсоттан алынған сұрақ-жауап мазмұнымен оқырмандарды таныстыралық.
Сүйінішов Мақсот - 1917 жылы, Теңіз ауданы Балқұдық ауылында туған. Сұрақ-жауап 1964 жылы 30 маусым алынған.
Сұрақ: Сіз аталмыш сегіз адамнан кімдерді білесіз? Солар туралы айтып беріңізші.
Жауап: Аттары аталған адамдардан мен Сүгіров Насихатты және Исатаев Ғұбайдолланы таниды екенмін. Мен оларды алғаш рет 1935 жылы көргем. Теңіз ауылсоветінде тұратын өздерінің туыстарына қыдырыстап келген болатын. Екінші рет Сүгіров Насихатты 1937 жылы көрдім. Со жылы оны тұтқындап, конвоймен алып келе жатқанда жолықтырды... Шамамен қыркүйек, әлде қазан айында орган адамдары, аудандық милиция, конвоймен ішінде Сүгіров Насихат та бар, бірнеше адамдарды алып келді. Қалғандарының аты-жөнін білмеймін. Олар жол-жөнекей біздің үйге тоқтап, түстік тамақ ішті. Сол жолы әлгі милиция адамдары біздің ұрланған түйеміздің орнына басқа бір түйе берді.
Ұмытпасам, 1935 жылдың аяғы, әлде 1936 жылдың басында біздің үйге, әкем екеуміз жоқта, Мыңтөбе ауылсоветінің екі азаматы (аты-жөндерін білмеймін) кеп, қонып кеткен. Үйде анамыз болатын. Анамыздың айтуынша сол екі адам біздің үйге жаяу кеп, қонып, ертесінде елең-алаңда кеткен көрінеді. Сол күні кешке таман біздің бір түйеміздің жоқ боп шыққанын аңғарады. Оны сол адамдар әкеткен болды, шешеміз олардың біздің түйеге мініп, Мыңтөбе ауылсоветіне қарай кеткендерін байқаған.
Осыған байланысты мен өзіміздің милицияға арыз жазғам. Бірақ олар түйені іздеп таба алмады. Тек бір жылдан кейін, со жолы әлгі милициялар бір түйені қалдырып кетті. Олар оны тұтқындалғандардан кәмпескелепті, ал кімнен, мен оны білмеймін.
1938 жылы жазда біздің үйге со жақтан бір адам кеп, кім екені қазір есімде жоқ, әйтеуір білетінім Забурын ауылсоветінің адамы көрінеді, сол түйенің иесі боп шықты. Ол түйесін танып, бізден алып кетті. Бұл кісі милициядан келгенін айтты, себебі қолында баяғы милиция адамдарының қолхаты бар, онда мына түйені иесіне қайтарып беріңіз деп жазыпты. Мен енді қайтейін, түйесін қайтарып бердім.
Сұрақ: 1937 жылы сізден осы жөнінде жауап алды ма?
Жауап: Менің қазір есімде жоқ, сол 1937 жылы менен жауап алды ма, жоқ па оны білмеймін.
Сұрақ: Қазір сізге 1937 жылы 11 қазанда жауап алған хаттама көрсетіледі. Сіз енді бұған не айтасыз?
Жауап: Маған жауап алынған хаттама көрсетілді. Мен оны оқып таныстым. Ол жерде қойылған қол менікі емес және ол кезде мен қолымды бұлай қоймаушы едім. Кім және қандай пиғылмен мен үшін қол қойды, онысын білмеймін. Оған қоса қазір менің есімде жоқ, со жолы менен жауап алды ма, жоқ па.
Хаттамада біздің түйені ұрлап алған қайдағы бір Сүлеймен, Кәрім дегендерді айтады. Және оны бейтаныс біреуге Себек деген жерде сатыпты-мыс. Олардың айтуынша түйеге қоса ат та ұрлапты. Мен бұл ұрлықтың болғаны туралы ештеңе білмеймін. Және біздің түйені нақты кім алды, оны да білмеймін. Әлгі айтылған Сүлеймен, Кәрім дегендерді де танымаймын.
Сұрақ: Сізге Исатаев пен Сүгіровтың Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізгендері және мал ұрлағандары белгілі ме?
Жауап: Исатаев, Сүгіровтердің мал ұрлағаны туралы түк те белгісіз. Өзім Исатаевтан, Сүгіровтен ешуақытта Үкіметке қарсы үгіт-насихат естіген емеспін, езге жұрттан да олар туралы естігенім жоқ. Жергілікті тұрғындар арасында Сүгіровтің өлеңдерін жатқа айтып жүргендерін білем, бірақ онда біздің елімізге қарсы ешқандай дәнеңе жоқ, ондайды байқаған да емеспін.
(Іс беттері 192-195)
АНЫҚТАМА
26 маусым 1964
N 392
Берген Забурын ауылсоветі соның үшін, себебі төмендегі тізім бойынша көрсетілген адамдар:
1. Баймағамбетов Қадыралы 1884 ж. туған,
2. Құмарғалиев Қайса 1890 ж. туған,
3. Қарақұлов Қайса
4. Нұрғалиев Рақымжан 1888 ж. туған,
5. Сүйінішов Махсут 1917 ж. туған,
6. Жүмағамбетов Ешім 1885 ж. туған,
7. Байдолов Үрке 1864 ж. туған
(өлген)
8. Байбозов Құспанғали 1894 ж. туған,
9. Үркеев Нұрлыхан 1915 ж. туған
(өлген)
10. Өтепқалиев Хамза 1894 ж. туған
(өлген)
11. Ергалиев Құлкешбай 1884 ж. туған қазіргі уақытта біздің ауылсовет қарамағында тұрмайды, кейбіреулері қайтыс болған, ал енді біреулері әр түрлі кезеңдерде басқа жаққа қоныс аударып көшіп кеткен.
Бұрынғы Мыңтөбе ауылсоветі қайта құру себебімен біздің ауылсовет құрамына кірді.
Забурын ауылсовет төрағасы: Қалдыбаев (қолы)
Хатшысы: Құспанов (қолы)
( іс беті - 209)
Тергеуші Қонқаев 1937 жылы Насихаттың ісі бойынша куәгерлік берген он бір адамды қайта анықтағанда жоғарыдағы ақиқатқа көзі жеткен. Сосын Забурын ауылсоветінен алған анықтаманы архивтік іске тіркеткен. Қайта тексеру қорытындысы енді облсоттың Президиумында қаралған. Жандары қиылған құрбандар тек 1964 жылы желтоқсан айында түгелдей ақталды. Негізгі істе Гурьев облыстық соты Президиумының 1964 жылғы 20 желтоқсанындағы қаулысы бар. Енді соның мазмұнымен танысалық.
Сот қаулысы қазақша дайындалғандықтан негізгі мәтінін сақтадық.
ГУРЬЕВ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ
ПРЕЗҢДИУМЫНЫҢ ҚАУЛЫСЫ
Гурьев қаласы 26.12.1964 ж.
Гурьев облсотының Президиумы құрамында төрағалық етуші - Молдалиев, мүшелері -Мұханғалиев С., Сафонова З.П., Жакиев және Серғазиев Д. болып, облпрокурор Ж.Нургазиновтың қатысуымен өзінің мәжілісінде Гурьев облпрокурордың, Гурьев Облыстық ішкі істер халық комиссариатының жанындағы Үштіктің 22.Х.37 ж. қаулысына берілген бақылау наразылығы бойынша қылмыс ісі қаралды.
Іс бойынша Ж.Жакиевтің баяндамасын, прокурор Ж.Нургазиновтың наразылықты қуаттаған қорытындысын тыңдап, президиумның тапқаны:
1. НАУРЗАЛИЕВ ЖҰМАТ, 1875 ж. туған, 1931 ж. РСФСР Қылмыс кодексі 61 бабымен 3 жыл еркінен айырылған. РСФСР Қ.к. 58-10. 11-бабымен 7.08.32 ж. заңмен ату жазасына кесілген. Үкім орындалған.
2. ҚАПАНОВ ӘМІРҒАЛИ, 1872 ж. туған. Үкім орындалған.
3. Исатаев Ғұбайдолла, 1884 ж. туған. Үкім орындалған.
4. Орынбаев Қисым, 1895 ж. туған. Үкім орындалған.
5. Шамарданов Мұхит, 1910 ж. туған. Үкім орындалған.
6. Бермұханов Кәрім, 1913ж. туған. Үкім орындалған.
7. Сүгіров Насихат, 1889 ж. туған, 1930 ж. РСФСР Қ.к. 58-10, 11-бабымен және 07.08.32 ж. заңмен ату жазасына кесілген. Үкім орындалған.
Облыстық прокурор өзінің наразылығына Наурызалиев Жқматтың амалынан 58-11-бабымен 07.08.32ж. заңды шығарып тастауды сұрайды. Қапановты, Оңдыбаевті, Исатаевті, Сүгіровті РСФСРҚ.к. 58-11-бабымен, 07.08.32ж. заңмен тағылған айыптан, Исатаевті, Бермұхановті, Неталиевтерді 07.08.32 ж. заңмен тағылған айыптан ақтап, істі қысқартуды сұрайды.
Наразылық қанағаттандырылуға жатады.
Наурзалиев Жұмат тегі бай болған, сонымен қатар молдалық жұмысын жүргізген. Өзінің Совет үкіметінің саясатына пікірі қарсы адам болуымен байланысты Совет үкіметі құлайды, ұзақ өмір сүрмейді деген антисоветтік үгіт және насихат жүргізген. Бірақ мемлекеттік қоғамдық меншікті ұрлағаны, жегені, істегені материалдармен анықталмайды. Бұндай қылмыс жасады деп айғақтар жауап бермейді. Сондықтан Наурзалиевтің амалынан РСФСР Қ.к. 58- 11 - бабымен және 07.08.32 ж. заңмен тағылған айыпты шығарып тастауға жатады.
Қапановқа, Оңдыбаевқа, Шамардановке, Сүгіровке, Исатаевқа, Бермұхановқа және Неталиевке тағылған айыптар істегі материалдармен анықталмаған. Олар антисоветтік ұйымға бірікті, үгіт және насихат жүргізді деп айтуға істе негізді ыспат (сипат) жоқ. Қосымша сұралған айғақтар бұлардың бұндай әрекет жасамағандығын, жасағандығы туралы еш нәрсе білмейтіндіктерін айтқан.
Қапановты, Оңдыбаевты, Шамардановті, Сүгіровті, Исатаевты, Бермұхановты және Неталиевтерді мемлекеттік және қоғамдық меншікті ұрлады және жеді деп алдын-ала тергеуде, тергеуден кейін жүргізілген қосымша тексеруде айғақтар айтпайды. Мемлекеттік немесе қоғамдық мүлікті ұрласа, жесе, қай мекемеден, қашан ұрлағаны, жегені, қанша алғаны белгілі болуға тиісті, бірақ іс бойынша қандай мүлікті, қандай, кіммен ұрлағаны, жегені іс бойынша белгілі емес. Бұндай жағдайды білетін істе айғақтар да жоқ. Сол себепті 07.08.32 ж. заңмен тағылған айыпты жоғарыдағы айыпкерлердің амалынан шығаруға жатады.
Сонымен қатар алдын-ала тергеу заңға қайшы жолмен жүргізілген. Қосымша тексеруде сұралған айғақтардың бірқатары бұрынғы берген жауаптарды анықтамайды. Тексеру кезінде олардан жауап алынбағаны, ақ қағазға қол қойдырып алып, олардың жауаптарын соңынан жазғанын бірнеше айғақтар кейін тағылған айыптар материалдармен ыспатталған.
Істегі материал дарға қарағанда Исатаев, Бермаханов, Неталиевтер бірлесіп жеке адамдардың малдарын ұрлағандықтары анықталады. Бұл үшін олар РСФСР Қ.К. 166 бабымен айыпталуға жататын еді, бірақ одан бері кешірім беру туралы бірнеше жарлықтар шықты. Сол жарлықтар негізінде оларға кешірім беріліп, жазадан және сотталды деген атақтан құтылуға жатады.
ҚССРҚ.П.К. N 375-бабына сүйеніп Президиум қаулы етті:
Шамарданов, Қапанов, Исатаев, Наурзалиев, Бермаханов, Сүгіров, Оңдыбаев, Неталиевтер туралы Үштіктің 22.11.37 ж. қаулысы бұзылсын.
Наурзалиев Жұматтың амалынан РСФСР Қылмыс кодексінің 58-11-бабымен және 07.08.32 ж. Заңмен тағылған айыптар анықталмағандықтан шығарылып, бұлар бойынша ақталды деп саналсын.
РСФСР Қылмыс Кодексінің 58-10-ст. I тармағымен бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Қапановқа, Исатаевқа, Оңдыбаевқа, Шамардановқа, Бермұхановқа, Сүгіровке және Неталиевке тағылған РСФСР Қылмыс кодексінің 58-10, 11-бабымен және 07.08.32 ж. заңмен айыптар анықталмағандықтан ақталды деп саналсын.
Наразылық қанағаттандырылсын.
Президиум төрағасы: Молдалиев (қолы)
(іс беттөрі 210-213)
Осы архивтік істе Сүгірова Тотының әр кезде жазған төрт арызы бар. Онда Насихаттың ақталған құжаттарын сұрап жанұясына зейнетақы тағайындауды өтінеді, соны ала алмай жүргенін хабарлайды.
Сондай арызды Насихаттың үшінші ұлы Ғинаят та соңғы рет 1974 жылы жазған. Оның мазмұнымен де оқырмандардың танысқанын жөн көрдік.
Ал өз басымыз Насихат туралы мұрағаттық деректерді осымен тәмәмдаймыз.
Гурьев облыстық КГБ бастығы Сатпаевқа
Гурьев қаласы Серго кешесі 84 корпус
N2 пәтер тұрғыны Насихатов Гинаяттан
АРЫЗ
Менің әкем, Сүгіров Насихат, 1890 жылы туған (шамамен) - 1938 жылдың аяғында сотталып кетті. Әкем ақын болған кісі, кәсібі колхозшы, кейіннен сотталғанға шейін Мыңтөбе ауылсоветінде председатель болып істеген. Міне, сол уақытта көтере алмаушылық, асыра сілтеудің салдарынан ол кісі шығармаған, басқа біреу шығарған өлеңді сол кісіге таңып көрсеткен, міне, содан тергеусіз кете барған. Міне, осы жағдайды айтып, әкемнің жазықсыз кеткенін көрсетіп сіздерге арызды 1965 жылы бердім. Осы КГБ-ның тергеуі арқасында сол жылы шығарған қорытындысын берген. Менің туған ағам Насихатов Өсиет алған.
Ол кісі 1966 жылы қайтыс болды. Сонымен сол решениенің қайда қалғанын білмей, жоғалтып алдым. Сондықтан сол кісінің ақталып шығарған решениесінің көшірмесін беруді, екінші Сүгіров Насихаттың артында қалған семьясына пенсия тағайындау жөнінде шешіп көмек көрсетулеріңізді сұраймыз.
Сүгіров Насихаттың семьялары:
1. Енесі Өтепқалиева Күлсін 1874 ж. туған.
2. Әйелі Сүгірова Тоты 1904ж. туған
3. Ұлы Насихатов Өсиет 1927ж. туған
4. Ұлы Насихатов Ғибадат 1930-1947 ж.
5. Ұлы Насихатов Ғинаят 1936 ж. туған.
6. Ұлы Насихатов Жеделжан 1937 ж. туған.
Ескерту: Әкемнің өлеңдерінен үзінді жариялап «Коммунистік еңбек» газеті 1971 жылы декабрьде алдағы уақытта «Ақберен» атты кітап болып басылатынын хабарлады.
(қолы)
11 наурыз 1974 жыл.
(іс беті - 218)
Біз осы жазбамызда нақты мұрағаттың құжаттар негізінде Насихат ақын өмірінің тек соңғы екі ай деректерін хабарладық. Ал оның өмірін білетін, өзін көре қалған адамдар, әрине, ел ішінде әлі бар. Ендігі сөзді солардан күтелік.
Осы орайда қорытынды сөз ретінде ақын есімін ел есінде қалдыру жөнінде болашақ ескерер кейбір мәселелеріне тоқтала кетелік.
*Басты міндеттің бірі — сүйегі туған топырағында жатқан Насихат ақынның басын көтеру. Ақын да, онымен бірге құрбан болған ауылдастары да сол кездегі содыр саясаттың салдарынан бұл фәниден ақыреттік кебінсіз кеткен аруақтар. Тіпті олардың жаназасы шығарылмаған, дұға да бұйырмаған, осы мұсылмандық, имандылық парызды жергілікті мешіт өз міндетіне алса. Мектеп пен көшелерге Насихат есімін беру үкімет тарапынан қолдау тауып, сәулетшілер, суретшілер оның нар тұлғасын мүсіндесе, құба-құп болар еді.
*Сондай-ақ, мектептерде, орта және жоғары оңу орындарында Насихатқа арнап әдеби кештер, өлең-жыр мүшәйрасы, ақындар айтысы, Насихат толғауларын орындаушылар сайысын өткізу шаралары ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр.
*Ақын шығармалары әлі де ғылыми тұрғыдан талдауды қажет етеді. Ол өзінің өлең өрнектерімен, зарлы сырымен нені айтқысы келді, өз заманын қандай теңеулермен суреттеді — оның шеберлік қырларын толық аша білген жөн. Сонда Насихат шығармалары талай ғылыми дәрежеге арқау боларлық сүбелі дүниелер екендігін айқындайды.
* Насихаттың көзі тірісінде оның шығармаларының баспасөз бетінде жарияланғаны жайлы деректі кездестірмедік. Ол туралы бізге дейін қалам тартқандар да еш мағлұмат бермеген.
Соған қарағанда ақын шабыты келіп жыр тасқынын ағытқан сәтінде қасында болған өнер құмар жандар табан астында қағазға түсіріп алып отырған сыңайлы.
Міне, сондықтан Насихат шығармалары халықтың жадындағы ауыз әдебиетінің үлгісі ретінде сақталған. Біз ел аралап ақын мұрасын жинаған сапарларымызда оның өлең-жырларын кең байтақ еліміздің талай жерінен — Атыраудан басқа, Орал өңірінде, Астрахан жерінде, Маңғыстау елінде, Ақтөбе, Қызылорда аймақтарында да тыңдадық. Тіпті Алматы қаласында, осы облыстың бірнеше елді мекендерінде Насихат толғауларын жатқа білетін талай айтқыштардың өнерінің куәсі болдық. Демек, Насихат — халықтың ақыны. Оның жоқтаушысы да, шығармаларын оқып, көңілге тоқып сусындап зерделеушісі де — туған халқы.
* Ақынның асыл мұрасын шашпай-төкпей, бүгінгі ұрпаққа жеткізген мұрагерлеріне рахмет айтамыз. Оны жинап сақтауда, насихаттауда мұрагерлері — әсіресе ғалым Қабиболла Сыдиықов, өлкетанушы Пазыл Мағазов, Хамидолла Қонатыров, Мақсұт Нығметоллаев, Серік Махамбетовтар ерен еңбек сіңірді.
Насихат жырларының халық жадында сол қалпында сақталуы — оның өміршеңдігі. Ақын шығармаларының рухани күші — өз жерлесі, бүгінгі дауылпаз ақын Нұралы Әжғалиұлының өлең-жырларына ұласып, жалғасын тапты.
* Насихат ақын XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрді. Оның өмір жолын саралап көрсең, жұмыр басынан өткермеген мехнат жоқ екен. Ол кедейлік зардабын жас кезінен көргендіктен, сауатын ашып оқи алмады. 1916 жылы патша жарлығымен майданның қара жұмысын жат жерлерде атқарып, Ресейдегі Ақпан көтерілісінен кейінгі аласапыранның Қазан төңкерісіне ұласуын өз көзімен көрді. Жас Кеңес өкіметі жіберген қателіктері салдарынан Азамат соғысының бұрқ етуі, қазақ жерін ақ бандылардан қорғау, елді серіктестік пен отырықшылыққа, ұжымдыққа ұйымдастыру, одан түрменің алғашқы азапты сапарын бастан кешу, елдегі аштық пен тонаушылық, малды тәркілеу — міне, осының бәрі ақынның сыбағасына бұйырып, сол қым-қуыт кезеңнің ауыртпалығын өз басынан кешуіне тура келді, ақыры екінші мәрте түрменің азабын тартып, жазықсыз құрбан болып тынды.
* Енді еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Насихат туған халқымен қайта қауышып отыр. Оның жырлары ұрпақтарының рухани байлығына айналады.
Тек сол байлықтың бағасына жету — келер ұрпаққа аманат!
Ләтифолла ҚАПАШЕВ,
журналист, өлкетанушы
АМАНҒАЛИ МЕН НАСИХАТТЫҢ СОҢҒЫ КЕЗДЕСУІ
(кинопъесадан узінді)
(Нарын құмы. Қараша айы. Жұпыны ғана қазақ үйі. Түн. Терезеден қара жаңбыр құйып тұр. Абалап үрген ит дауысы. Үйде Насихат өзі ғана. Есік ашылып үсті-басы су бір адам кіреді. Асынған қаруы бар. Амандасады)
НАСИХАТ: (таңырқап)
– Уағалейкумүссәяәм! (жаңын кеп, жүзіне үңіле қарап)... Шешініңіз! Төрлетіңіз! Танымадым ғой?
АМАНҒАЛИ:
– О! ...Наха! Қайдан танитын едің... Заман да адамды өзгертеді!.. Мен кешегі он алтыншы жылы Патша жарлығымен, өзіңмен бірге қара жұмысқа барған, одан жиырма бірінші жылдары Шолантауқұмында ақ бандыны қуған, енді өзім «банды» атанып, тайғақты белуардан кешіп жүрген замандасың Кенжахметтің Аманғалиымын!.. Сен Сүгірдің Насихатысың ғой!
НАСИХАТ:
– Дұрыс айтасың Насихатпын... Ойпырмай, Аманғалимысың?!
«Себектің сері Аманғалиысың» ғой, сен! Кәне, кәне, төрлет!.. (Әйелін шақырады). Бері кел, мына туысың келді ғой!.. «Берішің» келді ғой. (Әйелі кіреді, сәлемдеседі)... Дұрыс, сәлем бергенің дұрыс... Бұл Аманның менен бірер ит көйлек бұрын тоздырған ағалығы бар. Кәне, кәне, шай қамдаңдар! (Әйелі кетеді). Туу, өзің әбден жаурап қапсың ғой! Кәне, мына пешке жақын отыршы! (Аманғали жайғасып отырады. Сақал-мұрты әбден өскен, тек өткір көздері от шашады, қалың қабағы түйілген)... Иә, апыр-ай, ә! Көріспегенімізге бес-алты жыл өтіпті. Шынында да қатты өзгерген екенсің. Қалай, ат-көлік аман келдің бе? Ел-жұртың, ағайын-туғаның аман ба?
АМАНГАЛИ:
– Уа, Наха! Туғандарымның қайсы бірін айтайын, желге ұшқан құмаршықтың қауызындай, тарыдай шашылған кез ғой: екі інім отыр түрмеде, екі інім адам көргісіз көрмеде, өзім жүрмін зар илеп, бала-шағам шулап тар үйде! Анам қалды етегі толып жасқа, мен жүрмін, құдай бермесін деп басқа!.. Бастан бақ кетіп, аяқ тайған кезде, кез болыппыз, ағайын! Күндердің күнінде осылай ұшарасамыз деп кім ойлаған? Баяғыда, Австрия, Румын жерінде окоп қазып отырып, туған жердің топырағына аман жетіп өлсек арман жоқ деуші едік, сол есіңде ме? Міне енді сол туған елден бас сауғалар тұрақ бұйырмай, қым-қуыт, ат сабылыс жүріспен шыбындай жаның кеудеңнен шыққанша аяқ тірерге жер таппай, зар боларсың дегенге, сол кезде сенер ме едік, сенбес пе едік?!.
НАСИХАТ:
– Апырай, десеңші!.. Мынау өмірден түңілген жанның сөзі ғой!.. Әбеке, сенің бұл келісің тегін емес шығар, мұңдас екенбіз, мен ағайындарды шақырайын, бір дұрыс отырып, қонақ етейін!?
АМАНҒАЛИ:
– Жоқ, Наха! Ниетіңе рахмет, осы түнді өзімізге арналық! Оңаша отырайықшы! Біреу көрсе ертең өзіңе сөз келеді.
Ауылсовет төрағасы Аманғалиды қабылдапты деген бір ауыз сөз пәле боп саған жабысады. Өз басым құдайдың осынау жылаған түнін жамылып, артыма із қалдырмай келдім. Менің қазіргі күнім - түн. Түнді ерекше қаладым.
НАСИХАТ:
– Олай болса сен әлі де шешін, су киімдеріңді кептірейік. Міне, қарындасыңның шәйі де дайын бопты. (Аманғали үстіндегі тағы бір киімдерін шешіп, жайылған дастарханға қайта жайғасып отырды. Дастарханға май, ірімшік, ет, тағы-тағысын толтырған. Олар отырып тамақ ішеді).
НАСИХАТ: (шәй ұсынып)
– Ал Әбеке, қош келдің! Қонақ шақыртпай, оңаша отыруды өзің қаладың. Мына бұйырған тағамнан ала отыр, әңгімеңді де айта отыр... Біз білетін Аманғали бұрын басқа болатын. Соңынан өзің туралы анда-санда естідік, қасында әскері бар, жасақпен жүреді екен деп. Қазір қалайша жүрсің?
АМАНҒАЛИ:
Е, Наха... Әңгіме қаласаң, бізден ол қалғалы қашан! Әңгіме-дүкен құратын кезең бе бұл!? Серілік заман да көзден бұлбұлдай ұшқан. Иманымдай ұстаған бойтұмарым - намысым еді, о да қазіргі пысықай - атқамінер - байлардың табанына басылды. Қасымда жасақ-серік болғаны рас, бірақ олар әскер ме еді? Бақа-шаяндай олар да жоқ болады!.. Ұлым Нағымды өкімет өзіне өткізді. Нарын құмының бір қалтарысында қош айтып жансерігім Мұхсина қалды. «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» ...Жалғызбын!.. Әрине, құдайың мен емес, бірақ одан кем де емес... Ендігі көресіңді көріп алдым!.. (Серпіліп). Уа, Наха, мен сенің жырыңды аңсап келдім, соныңды тағы естіртші! Бар өтінішім осы ғана!
НАСИХАТ:
– Уа, Әбеке, не дегенің, естір құлақ болса, сенің жолыңда жырым садақа! (Насихат қолына домбырасын алып ауылдың алты ауызын өзі бастайды. Азамат соғысы жылдары елді «ақтардың бандасынан» азат ету жолында шейіт кеткен, елдің боздақтарына арналған атақты «Мүдияға айтқаны» толғауын жырлайды).
Заманнан заман түрленген,
Сол заманның шарпымен
Көкірек еді кірленген.
Халық ұйғарса шықпаймын,
Салып қойған сүрлеуден.
Көкірек, шіркін, қайғылы,
Күндікте тірі жүргенмен.
Толықсып сынар шарболат
Жау келгенде пайдасыз,
Аш беліңе ілгенмен.
Жанына жақын таянған,
Сенімді болса дос артық,
Жігітке жалғыз жүргенмен.
Сырын білген жабы артық,
Таңдап тұлпар мінгенмен.
Көл сағасы суалса,
Үйрек ұшар көлдеуден.
Ер жігіттен бақ тайса
Алланың өзі бермесе,
Жігітке пайда бермейді,
Кісі ақылы үйренген.
Сыртыңнан бағып өлім жүр,
Жоғалған малдай көлдеуден.
Мақшардың жолы жіңішке,
Өтерміз неше тергеуден.
Жалғаншы пәни дүниенің,
Қызығы балдай тәтті екен
Өтеді пенде шөлдеумен.
Аға келсе қасыма,
Сөйлеуші едім әрқашан,
Ит көңілді делбеумен.
Не дерімді білмеймін,
Бүйтіп тұрған заманда...
(Насихат осылай толғанып барып бір тоқтайды.)
АМАНҒАЛИ:
– Уа, Наха!.. Көп жаса! Түсірдің-ау өткенді еске.
(күрсінеді).
НАСИХАТ: (шәйін ішіп тағы бастайды)
...Оңай емес мұндайда,
Сөз қисынын келтіру,
Біз секілді наданға.
Мұтиық қылған бәріне
Патша болып Сүлеймен,
Он сегіз мың ғаламға.
Ғазірет-Әлі ер Ғали,
Кәпірлермен қас болып,
Талайды салды табанға.
Қатын менен бала үшін,
Шайхылардың қамы үшін,
Мүсәпірдің күні үшін,
Мұсылманның діні үшін,
Жауға барған олар да.
Алла добы адам басы,
Билігің болар тобан да...
Ел шетіне жау келіп,
Бұзылмақ болған ауаң да.
Ардақтаған азамат,
Талпынып атқа мінген соң,
Тілекші болды қауым да.
Тоғыз ауыл толықсып,
Түрікпен жауып алғанда,
Сөз сөйлеген Нұрым да.
Болмасақ та біз ондай,
Болмады қарап тұруға,
Көрмеген нәрсе бұрын да.
Келісін тауып айтқанға,
Сөз желісі қиын ба?
«Банда» деген жау келді,
Заманымның сұмында.
Соғыс-фронт ашылды,
Шолан тауы құмында
Басталынды бұл шайқас
Жиырма бірінші жылында...
(Насихат тары бір тыныс алады...)
АМАНҒАЛИ: (таңырқап)
– Апыр-ай, Наха! Мынауың тұнып тұрған тарих қой, шындық қой! ...Айта түсші!..
НАСИХАТ: (домбырасын қайта алып)
Ел құрсауы - ер жігіт
Белдеусіз үйге шыдар ма,
Қарсы келген құйынға.
Жапандағы бәйтерек
Жапырағы қауласа
Жабайы жүрген сан торғай
Паналайды ығына.
Есенияз бен Қайыржан
Округтің ағасы
Даңқы кеткен алысқа
Қытай менен Қырымға,
Сендерден артық, кімдер бар
Алты сан алты руда...
Заманнан заман айналған,
Түсіне алмай түріне
Көпшілік мұнда дағдарған,
Ел шетіне жау келіп
Ел қайраты парланған.
Жау екпіні жанған өрт
Ардақтаған азамат
Безіп кетті-ау мал-жаннан,
Қайыржан мұны есітіп
Атқа мініп қарманған,
Азаматсың тірлікте,
Қарсылассаң жауды алған.
Не десек те жамағат,
Ер бақыты маңдайдан.
Білгенімше сөйледім,
Жамандарша назданбан...
(Насихат жырын біраз айтып, үзіліс жасайды)
АМАНҒАЛИ (таңырқап):
– Апыр-ай, Наха! Тарих демекші, қазіргі біздің кешіп жүрген кезеңді де сынайтын заман болар ма екен! Ақиқатын айтар күн туар ма екен?.. Ай, қайдам?! Баяғы ата дәстүрді, ата салтын, қазақтың қазақи жан-дүниесін баз қалпында ұстатын уақыт келер ме екен?.. Әлде тек жалтаңдаумен, жалтақтаумен өтер ме екен бұл ұрпақ?.. «Дінің үшін емес, күнің үшінді» кешер ме екен бұл ұрпақ!?
НАСИХАТ:
– Заман тап осы күйінде тарылып тұра бермес, өзгерер, адам да түзелер! Кеңес үкіметі жарлы-жақыбайды теңестірем деп жатыр. Әлі-ақ іргелі елдің қатарына қосылармыз! Біздің қазіргі ұстанып отырған саясатымыз да сол ғой.
АМАНҒАЛИ:
– Заманың түзелер-ау, ал адамың қалай болар? Өмірден бір түйген нәрсе, адамың жақсы болу үшін, ол жан-жақты жетілуі керек, ол үшін толық еркіндігі, бас бостандығы болу керек! Басың ноқталы, байлаулы өзің біреуге тәуелді болсаң, оның несі жақсы!? «Алаштың» арманы да осы емес пе!?
НАСИХАТ:
– Мен, Әбеке, дегенмен, қазақ азаматтарына сенемін! Солар аман болсыншы! Тегіміз жақсы ғой. Сонау атам заманнан бері батырларымыз осынау байтақ жерді қорғаған, асқар ойлы, шешен тілді билеріміз елді қорғаған, ханға да, қараға да ақылшы болған!.. Бәріне шыдап, бәріне көнетін қара қайыс қазағым аман болсыншы! Ендігі үміт соларда, демек, үміт алда!.. Сіз бен біз осынау өтпелі кезеңнің заржақтарымыз ғой!
АМАНҒАЛИ:
– Өмірі құса боп талай боздақтар өтті! Қолы байлаулы адам не істейді? Білімсіз, жағдайы жоқ жалшы мен күнелтісі кем кедей тек күні ғана үшін өмір сүрді ғой. Жарлының қай оңған күні бар! Демек, оқып, білім алу арқылы жетілуі керек. Біздің ұрпақ осыны жақсы ұқса екен!
НАСИХАТ:
– Дұрыс айтасың, Әбеке!.. Қарап отырсам бай адамның жағдайы қай кезде де жаман болмапты. Кешегі патша жарлығымен қара жұмысқа барғандар тек кедейлер әулетінен болдық, ал байлар елде сайран сап жүрді. Ал осы дұрыс па? Біздің неміз кем, олардың несі артық? Міне, заманның түлкі бұлаңдары солар!
АМАНҒАЛИ:
– Олардың артықшылығы - оқығандар, көздері ашық жандар, өмір сүріп білу қағидасын басқалардан бұрын түсінгендер солар. Ал біз оқымай, һәрпін шала танып қала бердік, қара күшке сеніп жүре бердік. Келер ұрпаққа күшіне сай, ақылың да, білімің де болсын дер едім!.. Ал, мен аттанып кетейін, таң да жақын шығар! (қолын жайып дастарханға бата беріп, орнынан тез тұрады).
НАСИХАТ:
– Әбеке, сөге жамандама! Ал, шаруа айт, келген мақсатыңды білдір!
АМАНҒАЛИ:
– Ешқандай шаруа жоқ, өздеріңді көрдім, іштегі шерді тарқаттық, демек қызмет бітті! Сендер аман болыңдар! Біз бітіре алмаған іс те сендерге аманат, демек үміт те сендерде! Біздің осы кеткеніміз - кетіс болды. Біз көрмеген жақсылық сендерге бұйырсын! Көкіректегі шерді жамағатқа жеткізерсіңдер! (Аманғали қоштасып шығып кетеді).
НАСИХАТ:
– Кешегі елдің арманы, бүгінгі түздің тарланы болған есіл арысым-ай! Әттең, дұрыс бағыт сілтеушісі болмай, тарыққанда дұрыс жолға бастар қолбасшысы болмай текке қор болған асыл азаматым-ай! Сені не күтіп тұр, бізді не күтіп тұр алда? Кім не десе о десін! Дегеніне жете алмай, арманда кеткен шерменде ғой бұл! Қияс жолға түспегенде Исатайдай бабалардың артынан атойлап шабатын батырдың сойы ғой! Халқыңның санасында ұзақ сақталар, киелі жан боларсың-ау, батырым!..
(сырттан абалаған иттің дауысы естіледі).
Соңғы сөз орнына
Қос мұңлық осылайша ақырғы рет кездесіп, бірі жырын айтып, бірі қасіретке толы әнін салып шер тарқатысып еді. Аманғали жүрегі қалаған адамды іздеп келіп, оның әсем де астарлы жырын тыңдап қоштасқандай болып кетті.
Осы кездесуден кейін бір ай өткен соң Аманғали, ал он жылдан кейін Насихат та кісі қолынан қаза тапты.
Соңы.
ЕЛ ҚҰРСАУЫ - ЕР ЖІГІТ
(Мүдияға арнауы)
Заманнан заман түрленген,
Сол заманның зарпынан
Көкірек, шіркін, кірленген.
Аға ұйғарса шықпаймын
Салып қойған сүрлеуден.
Көкірек, шіркін, қайғылы
Күндікке тірі жүргенмен.
Сағадан сынған шар болат
Жау келгенде пайдасыз
Аш беліне ілгенмен.
Сенімді болса дос артық
Жігітке жалғыз жүргеннен.
Сырын білген жабы артық
Тарпан, тұлпар мінгеннен.
Көл сағасы ортайса,
Үйрегің ұшар көлдеуден.
Ер жігіттен бақ тайса,
Қонағы кетер белдеуден.
Алланың өзі бермесе,
Жігітке пайда болмайды,
Кісі ақылы үйренген.
Сыртыңнан бағып өлім жүр,
Жоғалған малдай көздеумен.
Сираттың жолы жіңішке,
Өтерміз неше тергеуден.
Жалғаншы пәни дүние,
Қызығың балдан тәтті екен,
Өтеді-ау пенде шөлдеумен.
Аға келсе қасыма
Сөйлер едім әр жайды
Ит көңілді делбеумен.
Не дерімді білмеймін,
Бүйтіп тұрған заманда.
Аямайды өз бетін,
Қарсы барсаң жаманға.
Оңай емес, қиын сөз
Біз секілді наданға.
Мұтиғы қылған бәрін де
Патша болған Сүлеймен
Он сегіз мың ғаламға.
Хазіреті ер Ғали
Кәпірменен қас болып
Талайды басқан табанға.
Қатын, бала қамы үшін,
Шайхылардың жаны үшін,
Жауға барған олар да.
Мүсәпірдің күні үшін,
Мұсылманның діні үшін,
Болған зат екен озалда.
Алла добы - адам басы,
Билігің болар Тобаңда
Билейді өзі табанда.
Жалбарынып жалынсаң,
Қолың болар жағаңда.
Жауыздарды мұқату,
Асықтық болмас, еншалла,
Осы менің жорамда.
Ел шетіне жау келіп,
Ел қайраты борланды,
Бұзылыс болған ауанда.
Ардақтаған азамат,
Толықсып атқа мінген соң,
Тілектес болып дуанда.
Білгенімше сөйлейін,
Жаңылмасам, еншалла.
Болған істің шынына,
Құлақ қойсаң мұныма,
Атамыз қазақ болғалы
Көрмеген зат бұрында.
Келісін тауып айтуға
Сөз жүйесі қиын ба?!
Тоғыз ауыл толықсып
Түрікмен шауып алғанда
Сөз шығарған Нұрым да.
Болмасақ та біз ондай
Болмады қарап тұруға.
Банды дейтін жау келді,
Заманымның сұмында.
Соғыс - фронт ашылды
Шолан тауының құмында.
Басталынды бұл жұмыс,
Мың тоғыз жүз және де
Жиырма бірінші жылында.
Азаматтың қандысы,
Арғымақтың жалдысы,
Бәрі де кетті жиынға.
Жалғыз жаннан баз кешіп,
Қанжығадан қан кешіп,
Жауыздарды тиюға.
Ел құрсауы - ер жігіт
Белдеусіз үй шыдай ма,
Қарсы келген құйынға?!
Жапандағы бәйтерек,
Жапырағы қуарса,
Жабайы жүрген сан торғай,
Паналай ма ығына?!
Анау Есекең мен Қайыржан,
Округтің ағасы
Дауысы шыққан алысқа,
Қытай менен Қырымға,
Сіздерден артық кімдер бар
Алты сан алаш руда.
Уағде бердің шартпенен,
Қарсы келген жауларға
Аудармай табан тұруға. •
Айтпасам да жұрт білер
Ақылыңның данасын.
Аман алып сақтадың
Округтың қарасын.
Қадіріңді жұрт білер,
Сыртынан қамын соғасың.
Өтірік айтып мақтаман
Ел қорғаған арыстан
Ойласам көпке ағасың.
Еліктір де аңға сал,
Ақ сұңқар құстың баласын.
Мекен жайлау етіпсің
Сарыарқаның даласын,
Биік-биік белдерің
Көлеңкелі саясын.
Білген адам айырар,
Сөзімнің түрлі парасын.
Аталы сөзді сөйлейін
Көкірегім ашылып,
Атадан қалған ескі аруақ,
Бәрін тамам шақырып.
Сазы теріс заманда
Жүре алмадық жөн тауып,
Қалың да менен қапырық.
Өткен жаздың басынан
Княздан бері жау жүрді,
Жүрген жерін жапырып.
Обал мен сауап білмеді,
Банды дейтін мақұлық.
Өксітті талай пақырды
Жиғанын судай сапырып.
Елге түскен бұл тұман,
Айығар қашан ашылып?!
Ақ ордалы қазына
Бәрі де кетті шашылып.
Одан бері өткен соң,
Елге таман жеткен соң,
Алдынан шығып тоқтатты,
Оны да мына округ.
Екпіндеген жауларды,
Жібермеді асырып.
Атқа мінген азамат,
Жіберді қолды батырып.
Күнәға ғапу деген бар,
Болмағай сөзім асылық.
Анау Есекең мен Қайыржан,
Бедеу ат мінді қатырып.
Ұста соққан жез айыр,
Аш белінен асынып.
Асқар таудай дабылың,
Жауды қуған қашырып.
Сіздер аға болған соң,
Ауыр әскер қол ерген,
Аз ғана емес мол ерген
Аңдысқан жауың асқан жоқ,
Қарауыл қойған жеріңнен.
Оғың жерге түскен жоқ,
Қолыңа алып кезенген.
Тәңірің берген дәреже,
Артық асқан өнермен.
Өнер жолы қиын-ды,
Ұсталар соққан бедерден.
Жеті атамның бағытын,
Арылмаған ойласам,
Сүйекке бітіп кенелген.
Ердің ісі тәуекел,
Көзін жұмған жеделден.
Білгенімше сөйлейін,
Көкірек еді көнерген.
Көнермей жүрек не қылсын,
Заманнан заман айналған,
Түсіне алмай түріне,
Күндер болды дағдарған.
Ел шетіне жау келіп,
Ер қайраты барланған.
Естіген менен көргендер,
Таңырқанып таңданған.
Жау екпіні - жанған өрт,
Ардақтаған азамат,
Безіп кетті-ау мал-жаннан.
Ел шетіне қол салып,
Неше дүркін олжа алған.
Қайыржан оны есітіп,
Атқа мініп қарманған.
Азамат еді тірлікте,
Тізелессе дауды алған,
Қарсыласса жауды алған.
Не десең де, жамағат,
Ер бақыты маңдайдан,
Сөз жүйесі таңдайдан.
Білгенімше сөйлейін,
Жамандардай назданбан.
Қалмасын да мүшелік,
Дуды көрген тарланнан.
Талайменен жарысқан,
Бәйгілі жерге барысқан
Жүйрік бар ма ойласаң,
Сөз жүйесін тауысқан.
Әшкере қылдым жария
Жақсылардың өткенін,
Даңқы шыққан алыстан.
Халық деген қызыл шөп,
Жел соқса да майысқан.
Ну болса да пайда жоқ,
Қарағай толы болмаса,
Қалың біткен қамыстан.
Үйір-үйір үлкен су,
Жұрт жиылып бөгесе,
Тоқтамай ма ағыстан.
Қапыда өткен Мүдия
Өтірік айтып мақтаман,
Артық туған арыстан.
Жау дегенде жан едің,
Қаны қайнап қарысқан.
Тепкілесіп солармен
Қылышпенен шабысқан.
Қызыл тозақ қандарға
Неше дүркін малысқан.
Басқан жерден табаның
Жоқ еді бұрын ауысқан.
Дос, дұшпаның көп болар,
Үй артында бар дейтін
Әуелден алты сауысқан.
Мақұл десең, жамағат,
Осы бір түрден сөйлейін,
Мысал етіп меңзейін
Күнделікте тірі жүргенмен
Ажалың келер кез дейін.
Кеудеңнен кетер шыбын жан
Ойласаң да бермейін.
Шамаң келсе шарықта
Өткізбей пәни деңгейін.
Лауқы-мақпуз қаламда
Бәрі түгел жазулы
Еткен ісің нендейін.
Сүмбіледе жау келіп,
Отряд қойдың жолына.
Екі арыстан кез болып,
Қапыда түстің қолына.
Өкініші кетпей тұр
Атқа мінген қарауыл,
Ауылыңда жоғында.
Дұшпан құрғыр кез болды,
Абайсыз жүрген орында.
Ел ішінен басшы ертіп,
Маслихатты болыпты
Қайыржан ауылын торуға.
Қолымнан ұшқан ақ сұңқар
Хақтан әмір болар ма
Айналып келіп қонуға.
Осылайша болыпты,
Ойлағанда жоруға.
Душар келді банды жау
Басыңнан пәни озуға.
Мал шалмаған жасыл шөп
Көктей тұрып солуға.
Қайғылы болған ағайын,
Қаумалаған қарындас,
Бағалың кетіп қолыңнан
Балапанын алдырған
Ақсұңқар құсқа ұқсадың.
Қайыржан, сізге айтайын
Ол марқұмды көргенде
Көңілің кетті егіліп,
Жүлгелей біткен қабырғаң
Кеткендей болып сөгіліп,
Көзден аққан жастарың
Жерге бір кетті төгіліп.
Берер едің қара орман
Көзге кетсе көрініп.
Топтан шығып жөнелдің
Жалғыз өзің бөлініп.
Келетін ажал белгісіз
Жүреді пенде не біліп.
Мекені болсын жаннатта
Асылдан тағам беріліп.
Дүниенің жалғанын
Осы реттен аңғардым.
Қапияда іліндің
Қармағына заңғардың.
Пайдасы Сізге болмады-ау
Тіріде жиған малдардың.
Бірге жортқан жолдастар
Қайғырып соған сандалдың.
Қайғысы кетер қайткенде
Өкінген бұған арманның.
Көтереді пендесі
Тәңірдің өлшеп салғанын.
Таршылыққа түскенде
Бірі алдыңнан шықпады-ау,
Елге қылған пайдаңның.
Сүйікті Хаққа құл болып
Жұмақта болғай сайраның.
Ал құлым деген пендеге
Береді Алла таңдауын.
Шариғат жолы осылай
Айтайын сөздің байлауын.
О дүниеге барғанда
Алдыңнан жанған шырағың,
Дүлдүлменен тең болсын
Астыңа мінген пырағың,
Шөлге берсін сусынға
Жанаттың аққан бұлағын.
Өйткенде марқұм айтатын
Халыққа бар-ды қадірің.
Атқа мініп жасыңнан
Алысқа шықты дабылың.
Дұғашы болды артыңнан
Ғалым менен Мазұлым.
Артыңда қалған достарың
Тілекші болды әрдайым
Кең болғай деп қабірің.
Бәйтерегі жығылып
Иесіз қалды ауылың.
Көлге біткен құрағым,
Құрақтай жанған шырағым,
Абайсыз түсті дұзаққа
Тоңға ұстаған тұяғым.
Өзімнің көзім көрген жоқ,
Естіді солай құлағым.
Тауда жүрген тарланым,
Батырлар етер ұранын.
Атқа мінген ер жігіт,
Ойласам соғар ел қамын.
Молдаш ағаң қасынан,
Болыпты сенің тұрағың.
1921 жыл
ОКТЯБРЬ МЕРЕКЕСІНЕ
Өркендесін, үстесін,
Жаңа тұрмыс тойларың.
Аласадан биікке,
Көкке жетсін қолдарың.
Белсенділер белсеніп,
Жұмыс етсін осыған,
Аямастан бір жанын.
Міне, биыл он үш жыл,
Октябрьдің тойы еді.
Бірігелік еңбекші
Алдың ашық жол енді.
Саяси жолдың бағытын,
Аз сөйле де, көп тыңда.
Кімге өлшеген ой еді.
Міне, осыны байқалық,
Дәмін алып тамсанып.
Қызыл флаг көтеріп,
Өткізейік сауықпен,
Қуанышпен шаттанып.
Қиқулайық, күлейік,
Қарашадай топтанып,
Ескі тұрмыс жойылып,
Жаңа туды күн жарық.
Бұрынғының мысалы,
Қараңғы түн тұмандар.
Мойнымызға оралған,
Жүзі суық жыландар.
Зәрін шашып әркімге,
Бай мен молла бірігіп
Бізді жүрді қамшылап.
Маңдайымыздан аққан тер
Жерге түсті тамшылап.
Олар - бүркіт, біз - қоян,
Тиеді таңнан аңсырап.
Біздер - саяқ, ол - айғыр,
Жүрді сырттан арқырап.
Сауырлатып тістесе,
Тұра алмадық қалтырап.
Бай менен әкім қосылып,
Шен қадаған жалтырақ.
Жылап барсаң алдына,
Қазды көрің шаршылап.
Шапқыншылар және жүр,
Жалғыз атын қамшылап.
Байлар тағы бүй дейді,
«Біздікінде жұмыс бар,
Кел, кедейлер, кел, - дейді,
Күл шығар да, су әкел,
Осы жолда өл», - дейді.
Өзі жатып төрінде
Төсегінде көлбейді.
Қандай айтып келсе де,
Өзінікін жөн дейді.
Айрылған соң жалшыдан,
Әлгі байлар меңдеді.
Арамтамақ, жұтқындар
Болмады ма өлмелі.
Еңбекшілер бірігіп,
Содан шығып ел болған,
Самиянды саялы,
Біткен биік бел болған.
Көпке жарық көрсеткен,
Ойласаңыз кім болған.
Барша жұртқа мағұлым,
Ленин көсем сол болған.
Жауыздармен алысқан,
Қызыл қанға малысқан,
Шынжыр балақ, шұбар төс,
Балта шауып тамырға
Ұрығын сөйтіп тауысқан.
Сөйтіп алған бостандық,
Ал қолыңа белсеніп.
Жасыл шөптей жайқалып,
Жас теректей теңселіп,
Күннен күнге көркейтіп
Бәрімізге жетіп түр
Осы күнде еркелік.
Сөйтіп алған ғаділ жол,
Азаматтар қан кешіп.
Бүгін біздің тойымыз,
Надандықты жойыңыз.
Жасы үлкен ағалар,
Жасы кіші інілер,
Бұл қызықта болыңыз.
Қызыл тудың астында
Сауық сайран етелік,
Еңбекшілер бірігіп
Кел, мақсатқа жетелік.
Мал шалмаған жасыл шөп,
Аралайық арасын,
Шалқая басып кешелік.
Өссін тойың өркендеп,
Жаңа өспірім желкілдеп.
Қызыл флаг көтеріп,
Бас аяғың еркіндеп.
Жақсы-жаман бірдейміз,
Ешкім айтпас сенсің деп.
Той қызығы дуласын,
Жас балапан, сұңқарым,
Қиқуласын, шуласын,
Жеген жеміс ұядан,
Қағып қанат туласын.
Құттықтаймын тойыңды,
Азаматтар тыңдасын.
1930 жыл
БІЗ ШЫҚТЫҚ АСТРАХАННАН ҚИЯЛАНЫП
Біз шықтық Астраханнан қияланып,
Қолында кәуірлердің уаланып,
Қара тер қабағымнан жерге тамды,
Балқиды жаным-тәнім буаланып.
Жанады жүрегімде соның дерті
Қасқырдай қақпандағы ызаланып.
Үш ай қыс жартыланып бұл да бітті,
Жарық жаз келе жатыр қияланып.
Алланың адам басы добы деген
Кетеміз қайда айдаса домаланып.
Біз шықтық Астраханнан елді айналып,
Қиялай Сарыарқадай жерді айналып.
Үстіне ұзын жолдың түскеннен соң,
Ел қалды бірден екі шалғайланып.
Сәлем айт сұрағанға дұғай-дұғай,
Келерміз аман болсақ біз де айналып,
Досан, Жәнібек, Сайқын бұдан да өттік,
Орбықтан салды Оралға ыңғайланып.
Біз бардық соның айтқан Текесіне,
Түсіріп тағы айдады көшесіне.
Темірмен терезесін шілтерлеген
Сары үйдің тағы салды түрмесіне.
Қиындық неше түрлі көрсек-тағы
Жігіттің сонда тиді шекесіне.
Көп екен көргенімнен көрмегенім,
Көрерсің талайларды өлмегенің,
Еріксіз елден шығып жөнелгенім
Өлшеулі татар дәмді іздегенім.
Қақпанға қапияда ілінгенім
Жауыздың алдағанын білмегенім,
Мен қырғи қиядағы қырын ұшқан
Қонуға бір бұтаны көздегенім.
Қайтқан соң маңдайымнан бармақтай бақ
Теректей түбін кескен көлбегенім,
Сиынам жатсам-тұрсам жалғыз
Хаққа Адамның өзі ашады көлденеңін.
Қалай деп мұның түбін ойланамын,
Бір күнде тоқсан түрлі толғанамын,
Азамат, туған толы бәрі кейін
Мұң айтып енді кімге зарланамын.
Аударып ақ-қарасын тергегенде,
Негізі ақтығыма иланамын.
Барады басымыздан жылдар өтіп.
Зырлайды шапқан аттай жылдам өтіп.
Ақ үйі абақтының жатқызбайды
Барады қабырғамнан ызғар өтіп.
Әкеліп абақтыға жауып қойды
Үкімет түзейін деп бірдей етіп.
Ойлады-ау бізді мұнда алайын деп,
Мұқият сары есікті жабайын деп.
Бәлки де қателігі болар-ау деп,
Шынжырлы темір кілтті салайын деп,
Жүреді төртеу, бесеу милиция
Сыртыңнан қарауылдап бағайын деп.
Жатқанда түн ортасы шырт ұйқыда
Келеді неше дүркін санайын деп.
Бір күнде есебіңді төрт алады
Болсын деп ертеңгіге тағайын деп.
Талайлар таң алдында кетіп жатыр
Қамысты қол орақпен шабайын деп.
Кейінің бел күрегі белінде жүр
Көк тасты жерден шыққан қазайын деп
Біреулер постелкесін буып жатыр
Бұрынғы мекенінен ауайын деп.
Орыстар «Не дай бог» деп шоқынады,
Қазақ жүр «Өзің сақта, құдайым» деп.
Бірінде екі сөздің елім деймін,
Кір жуып кіндік кескен жерім деймін.
Бір жылда екі дүркін ұсталсам да,
Түрмеден өзім сірә жерінбеймін.
Мен көшіп таса жерге кеткенім жоқ,
Шеткері заграница жеткенім жоқ.
Болмаса теріс ақыл қолданумен
Еліне шет патшаның өткенім жоқ.
Барғаным Красный Яр районы
Көп барған ол араға адам ұлы,
Сол жерде туып өскен бір адам жоқ.
Әуелде ессіз екен болған соны,
Бір жылша шаруа үшін қыстай қалдым,
Болған соң беретұғын нормалы ұны.
Ашықса ел таяды қонысынан,
Деген бар «бір аяқ - ас ердің құны».
Тойған деп тоңғандарды теріс бояп,
Қиянат көрсетудің бар ма жолы.
Қатерге осы сөзді ұсынамын,
Сөзімнің астары жоқ ашық шыны.
Орынсыз ұшырадым осы халге,
Жүректің тарқар емес қайғы-мұңы.
Арымның ақтығынан үміт етем,
Оралсақ амандықпен болып оңы.
1930жыл
ТАНЫСУ
(Азау ауылындағы ағайындар алдында)
Қолында кәуірлердің уаланып,
Қанатын қағып дүрлеген.
Көл панасы сары қамыс,
Жел соқса басы гулеген.
Сырт қорғаны тал, терек,
Адам басып жүрмеген.
Қаптай боран соққанда,
Арасына кірмеген.
Құс төресі бидайық
Қудан басқа ілмеген.
Бақытты ерлер туыпты
Мақсатын алдан көздеген.
Ер нәсібі болжаусыз
Келеді өзі желменен.
Тоқтайтын кезі болғанда
Кетеді түрлі жолменен.
Азаматтың бәрі дос,
Сен демеген, сіз деген,
Сағынғанда іздеген.
Жамандардың белгісі,
Күндіз дос та, түнде қас,
Бір-біріне сенбеген.
Міне, бұлар дос емес,
Тек алдайды сөзбенен.
Асыл ердің белгісі
Көрмей нанбас көзбенен.
Тарыққанда қысылып,
Жанын берген кеудеден.
Қолда болса сол жақсы
Көрген сайын шөлдеген.
Егер қолда болмаса,
Ізі де артық солардың
Басып кеткен өзгеден.
Алақандай Нарында
Кім бар еді білмеген?!
Астрахан мен Оралдың
Жері бар ма көрмеген?!
Еділ-Жайық - екі су,
Бойы бар ма желмеген?!
Күнгей беті көк теңіз,
Мөлдіреп жатқан көлденең.
Сол сулардың бойлары,
Ол да біздің жортқан жер,
Көтеріп көңіл делбеген.
Дүние шіркін - жел қайық,
Піскен алма, бидайық.
Жан болған соң жаралып,
Кім қумаған қол жайып?!
Үлкен-кіші болсақ та,
Жас келеді ұлғайып.
Айт деген соң тең құрбы
Сөйлемей кету бізге айып.
Шежіре, шешен мен емес,
Жоқты барға жалғайық.
Сағынар құрбы сендерсің
Торыққан күні мұңайып.
Алқаласа ағайын,
Айтпай қайтіп шыдайық.
Мен қиядан ұшқан қырғимын
Қанатымды жел қағып,
Таңдайымды шел қағып,
Жата алмадым жапанда
Балғыны кеткен көл бағып.
Қоныс тепкен бұл аймақ
Аталардың жол салып,
Жағалай қонған қалың ел
Ішіңе ендім қомданып.
«Қайдан келген қаңғы» деп
Айта көрме долданып,
Еңкейіп қондым еңсеге
Жауатын бұлттай торланып.
Көрмеген жердің ойы көп,
Сөз айтпасам ойланып,
Табылар сөздің жүйесі
«Қалауын тапса, қар жанып».
«Айт» деген сөз тең құрбы
Тоқталайын мен неғып?!
Дүлдүл деп сені мақтаман
Желмесең, тілім, толғанып.
Сөз қисыны келе ме
Сөйлемесе мүдірмей,
Жауған қардай боратып,
Үш ай тоқсан күніндей.
Қатқан қанды қанатып,
Аш бөрідей бүгілмей.
Көп сусыны қана ма,
Лашын құстай шүйілмей.
Мағынасын байқасаң,
Терең судың түбіндей.
Түсінбеген адамға
Жын-шайтанның ізіндей.
Егер байқап түсінсең,
Машинаның тіліндей.
Менің тілім екі айыр,
Етікшінің бізіндей.
Қызыл тілім аумалы,
Ұстараның жүзіндей.
Жай білетін, жақсылар,
Жүр едің көзге көрінбей.
Айт десеңіз қаумалап,
Мен сөйлейін ерінбей.
Жақсының алды - дария,
Кең сарайдың төріндей.
Сол секілді ойласам,
Іні менен ағасың,
Жоғалған заттың көзіндей.
Сөйле десе жақсы аға,
Қаумадан неге қашайын?!
Тілдің майын тамызып,
Таңдайыңа қатайын.
Тамсан-дағы, дәмін ал,
Дәмсізді не деп айтайын.
Жел түбіне ерісіп,
Дариядай тасайын.
Арқам қозып келгенде,
Түпсіз дария суыңды
Қара жердей басайын.
Қара жерді желгенде
Жота-жота жасайын.
Ойпаң жерді бой етіп,
Биік қырды жон етіп,
Топырағын шашайын.
Көргендерді таң етіп,
Басқан жерді шаң етіп,
Жері жатық cap дала,
Сары изенін жапырып,
Биік белден асайын.
Санамалы сан жүйрік
Сан алқаға келгенде,
Көк алалы жылқыдай,
Қысырақтай матайын.
Телегей жатқан теңізден
Тебінгі жалдап өтер ме?!
Талды жалғап қайыңға
Түбіне салсам жетер ме?!
Ер басына күн тумай
Етікпен суды кешер ме?!
Туған елің тұл қалып,
Күнің түссе бөтенге –
Базынаңды жақсыға айт,
Тыңдалмай сөзің кетер ме?!
Түсінбейтін надандар
Түйінін сөздің шешер ме?!
Көп міндеті кімге ауыр:
Ел бастаған көсемге,
Сөз бастаған шешенге?
Айтушыдан болмаса,
Тыңдаушылар жалықпас,
Осы бір сөзім бөтен бе?
Тұмарланған тұлпар ат
Жерінде жүріп жалданса,
Елінде жүріп ер жігіт
Ағайын жұртқа назданса!
Арманы бар ма солардың
Тең құрбымен ойнаса.
Жауар бір бұлттай торлаймын,
Құрыстап арқа қозбаса.
Ойдың түбі - терең су
Түсесің де кетесің,
Толқыны таудай қозғаса.
Ақыл - алты, ой - жеті
Сонан себеп болмаса.
Ер қайғысы еңкейтер
Жүрекке қатып шорласа.
Сол қайғыны дос ашар,
Арғы менен бергіні
Сыпайы сөзбен қозғаса.
Ақылға сал да, пікір ет,
Кешегі жастық күн қайда
Басыңнан дәурен озбаса.
Көзіңді жұм да, судан өт,
Соңында бәрі болмаса.
Ер жігіттің ел, жұрты –
Тауға біткен тал, қайың,
Тепсеңге біткен бал қайың.
Сол туманы көргенде,
Алқаласа әлеумет,
Тақылдайды таңдайым.
Домбыраны қолға алып,
Әрі де бері толғайын.
Көп алдында желейін,
Аға деген биік жар
Тарыққан күні қармайын,
Келтіріп сөздің ыңғайын.
Іні деген таяныш
Кетейін сипап маңдайын.
Ойнап-күлген тең құрбы
Жарық күн мен айдайын.
Өзім деген адамға
Жалғыз жаным аяусыз,
От пен суға кетсем де,
Басымды аяп қалмайын.
Мәжіліске кез келдім,
Көп көңілін аулайын.
Ақ киіктей желге өрле
Тесілмесең, таңдайым!
Көргендерге анықпын
Көрмеген толы азамат,
Осы менің хал-жайым.
Жүйрікті көпке мақтама
Көлденеңдеп шаппаса.
Жігітті ер деп мақтама
Бақытын алдан көздемей,
Өткен күнін жоқтаса.
Шешен деп тілді мақтама
Ойдағы жоқты таппаса,
Арқаның қатты желіндей
Ысырып, айдап соқпаса.
Қаптаған қара борандай
Кестелеп сөздің жүйесін,
Бір айтуға шықпаса.
Көкіректегі жел сезім
Сірә да қалмас айтылмай,
Топырағым ұшпаса.
Мың сан жанға жеткізем,
Түсінгенге қысқаша.
Сөйлей-сөйлей кетейін
Іні менен ағаға,
Құрбы менен балаға.
Түсінген ерлер айналып,
Сөзімнен кетер садаға.
Түсінбеген адамға
Соққан желдей бір бөлек
Кетеді босқа далаға.
Ақсұңқар құстың баласы
Жұбынан егер айрылса,
Мойнын салар ұяға.
Тұғырда тұрған ителгі
Дүбір-дүбір ду көріп,
Көзін салар қияға.
Қыраңға қонған қызыл құс
Балғынын көлдің ұрттаған
Мойнында асыл томаға.
Көл шайқалып, жел соқса,
Айналып түбі тұна ма?!
Өзімнің атым белгілі
Негізімді сұрама.
Еділдің суын ел бөгер,
Су екпінін жел бөгер.
Шешенсінген ділмарды
Жүйесін тапқан сөз бөгер.
Екі жақсы бас қосса,
Төрт аяғы тең келер.
Дүние жүзі дөңгелек,
Біреуге біреу кез келер.
Бір жақсы мен бір жаман
Бірінен бірі кем келер.
Бақытты туған адамның
Еткен ісі оң келер.
Тұғырда тұрған сұңқарға
Қайдан да болса жем келер.
Өзекті жанға бір зауал
Алдынан қалың сор келер.
Айтып-айтпай немене
Ер жігітті шер бөгер.
Ер жігітке бақ қонса,
Аяғын басар шіреніп.
Жапырағы толқиды
Қарағай талға сүйеніп.
Сүйенер талы болмаса,
Жатып жанын қармайды
Айналасын кезеніп.
Туғаныңды көрген азамат
Сөз айтар ма шегеріп.
Ісің түссе нашарға
Ер бақыты кетер ме,
Ілгері қарай жөнеліп.
Ойпаңға біткен қызыл саз
Құм бола ма көнеріп?!
Ұсталар соққан сом болат
Жүн бола ма көнеріп?!
Көп сөзімде бар байлау
Тыңдалса сөзім еленіп.
Таудың сәні болар ма,
Төскейден темен ну болмай?!
Тал мен қайың, жоңышқа
Ойдым-ойдым кел болмай?!
Қарақұстан туған құмайдың
Зығырданы қайнады
Шағалалы көлге бір қонбай.
Айырдан туған аруана
Қолдауын басқан қом болмай.
Тұлпардан туған бедеудің
Омырауы тер болмай.
Жігіттің даңқы шыға ма
Көкірегінде жел болмай.
Кімнің кімі сыналмас
Осындайда кез болмай.
Мен бір анадан алтымын
Сөйлер сөзге жалқымын.
Көп жиналып құралса,
Көңілінің шалтымын.
Сан жиналыс сондамын
Ортасында талқының.
Дария көлге аққанда,
Бөгеті болар қайсының?!
Арқада құлан аңырайды
Айдынның ұрттап салқынын.
Сенімді досқа кім айтпас,
Көкіректегі бар шынын.
Мұны естіген, азамат,
Түсінсең осы, жарқыным.
Екі анадан жетімін,
Сөйлер сөздің иесімін.
Арқадан құлай жел соқса,
Биік белдің төсімін.
Таудың тасы үгілсе,
Есер құмақ шетімін.
Ағайын халқым сағынса,
Мен осының несімін?!
Көктің бұлты сөгілсе,
Күнгей қабақ бетімін.
Аға менен ініге
Жеңсік болған есімім.
Олай болса, жамағат,
Түсінбеген адамның
Қайғысына қарсымын.
Қандырайын сусынын,
Келтіріп сөздің қисынын.
Сөзімнің болса қаяуы
Жақсылар түзер қисығын.
Жеңістік болған талайға
Аузындағы жемімін.
Әрі-бері сөйлесем,
Алысқа шапса арымас
Жылқыдағы бозымын.
Аңсап шөлдеп келгенде
Беті тұнық көлімін.
Ерегесіп келгенде
Ін түбіне үңілген
Мен бір көкжал бөрімін.
Арнасы бөгет бермейтін
Ақпалардың көзімін.
Тасқа салсаң мұқалмас
Сом болаттың өзімін.
Қуырса да қанымды,
Суырса да жанымды,
Айтпасам да жұрт білер
Алысқа шапқан дабылды.
Бұта түбін паналап,
Жамылмаймын жабынды.
Құрып қойған ғаділ - тез
Өзі табар табымды.
Таразы тартып айырар
Қара менен ағымды.
Білмегендер білсін деп,
Алдыңа жайып саламын
Жария етіп жайымды.
Ұяда жатып талпынған
Ақсұңқар құстың бал асы.
Тар қолтықтан оқ тисе,
Қайрылады қанаты.
Жапанға біткен бәйтерек
Иіліп желге майысса,
Кімге тиер панасы?!
Құлазып құлай жел соғар
Жапанның құла даласы.
Телегей теңіз сөгілсе,
Шалшық болар сағасы.
Арғымақ аттан жал тайса,
Басына бейнет тағасы.
Керуен жеккен қара үлек,
Омырауға жүк батса,
Далада қалар шанасы.
Қырмызы жібек қызыл тон
Жыртылар тозса жағасы.
Сан тарауға кетеді
Айтылған сөздің парасы.
Сан азамат құралса,
Ойлап жетер санасы.
Жақсы менен жаманның
Жер мен көктей арасы.
Жаттығы бар ма жақсының
Бәрі де іні, ағасы.
Айтып-айтып келгенде
Осы отырған көпшілік
Бұл сөзіме таразы.
Кесімін айтар ойланып
Ауылдың асқар ағасы.
Әрі кеңес, әрі ақыл
Көпшіліктің бағасы.
Тоқтатайын осымен,
Айта берсем таусылмас
Асыл сөздің парасы.
Еркін жүріп, тел өскен
Мен де атаның баласы.
Таныстырып жайымен
Бір айналып тоқтадым,
Болды ма деп шамасы.
1929 жыл
ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ - ЕКІ СУ
Еділ-Жайық - екі су,
Айналасы қамыс көл,
Астрахан мен Оралдың
Екі арасы шойын жол.
Төменгі жағы Гурьев,
Байқағанға алыс жол.
Менің мекен жайлауым –
Екеуінің арасы.
Кіндік кесіп, кір жуған
Мыңтөбе еді туған жер.
Мұндай ыстық жүрекке
Таба алмадым таныс жер.
Домалантып қаңбақтай
Айдады бізді биыл жел.
Жалбарындым өзіңе,
Жасаған ие, оңын бер.
Тарығып тарлан жүргенде
Болмасаң өзің медеткер.
Мұның жәйін айтпасам,
Басылмайды ішкі шер.
Астраханнан айдады
Шойын жолмен зырлатып,
Атқан оқтай зулатып.
Күн-түн қатып тоқтамай,
Ор қояндай ойнатып.
Бір ай, бір күн дегенде,
Жетіп келдік Гурьевке
Ұйықтамастан түн қатып.
Көпті көрген ақ иық
Жайлауыштай ер батып,
Жауырнымнан жел батып,
Маңдайыма тер қатып,
Абақтының ақ үйі –
Жамбасыма жер батып.
От жақпайтын салқын үй,
Алып барад мұздатып.
Сағындырып сарғайтты
Таңдайымды құрғатып.
Қарамадым жан-жаққа,
Көрінгенге тіл қатып.
Жүре бердім сол боймен,
Зырлап асып деңгейден.
Құбыладан арқаға,
Күншығысқа айналдық
Бірден-екі оң қолмен.
Он кісіге тоғызы
Қызыл жаға конвоймен.
Сан есікті сарт ұрып,
Өттік неше тергеуден.
Сарыарқада салқын бар
Сонда жүрдік шөлдеумен.
Көтерілген бір мәйек
Жете алмаған көздеумен.
Сәтсіз күні жабысқан
Басты науқас меңдеумен.
Түзелсін бе дүниеде
Қисайған бақыт келбеумен.
Мен осыған іліндім
Жылқы жылдың аяғы,
Қой жылының басында.
Сапар етіп жол жүрдім
Қырыққа келген жасымда.
Оңғарғай Алла өзі деп
Қарамадым артыма.
Туған жерім сұрасаң,
Мыңтөбенің қасында.
Ауылымды айтайын,
Анау ояз жерінде
Жыңғылдыкөл басында.
Туысқан толы азамат,
Бірі болмай қасымда.
Бізден дұғай көп сәлем
Жалпы жатқан халқыма.
Жасаған Ие, не қылдым
Қалың жатқан шаршыға?!
Ойпаң жерлер көл болды
Көзден аққан жасыма.
Құрғақ жерлер су болды
Бір-бір тамған тамшыға.
Ағайынды аралап,
Жете алмадым антыма.
Қызыл тілім желмейді,
Көкірек, шіркін, жарты ма?!
Тек көргенім бұл емес,
Талай түстім талқыға.
Шабан көңіл сабалып,
Сүйеніп түр қамшыға.
Тыпырлайды, тулайды
Тұғырдағы қаршыға.
Жақсылық пен жамандық
Жазылған болар лауқыда.
Осыны айтқан мен едім,
Бір сөйлерге деп едім.
Тоқталмадым назданып,
Келіп тұрса кезегім.
Жүйрік бар ма тауысқан
Темам сөздің дерегін?!
Көргенімді айтуға,
Соған құмар шел едім.
Атқа мінген жақсымен
Күлейінші деп едім.
Жасы үлкен ағаға
Ерейінші деп едім.
Елдің ішін аралап
Жүрейінші деп едім.
Аты шыққан жігітті
Көрейінші деп едім.
Тіл бәйгесі келгенде
Желейінші деп едім.
Адам басы домалақ,
Болмады ғой дегенім.
Еленгенде ел іші,
Білінді ғой бөлегім.
Азаматқа болар ма
Енді менің керегім?!
Көлеңкесі түсер ме
Мал шалмаған төбенің?!
Ел ішінде жүргенде
Таусылмайтын кен едім.
Қара көзден қан тамып,
Үзілді ғой өзегім.
Ақ қабаққа аунаған,
Таудың бетін жайлаған
Елді қашан көремін?!
Ойладым да толғадым,
Хақтан күтіп себебін.
Белді буып, жең сұқтым,
Енді көңіл бөлмеймін.
Жаным Хаққа аманат,
Ажал жетпей өлмеймін.
Өзім деген кісіге
Сен демеймін, Сіз деймін,
Боямалы жалған дос,
Енді саған сенбеймін.
Қаумаласа қарындас,
Тартып бұйда үзбеймін.
Алыс пенен жақынның
Бәріне де бірдеймін.
Мұндай жалғыз мен емес,
Неше бір сан, мың деймін.
Бөрі арығын білдірмес,
Жел түбіне меңзеймін.
Мен де соның бірімін,
Нені көксеп іздеймін?!
Талайыма тас түсті,
Оны ешкімнен көрмеймін.
Сары күнге бұл да ермек,
Тек көңілді делбеймін.
Солай болды заманым,
Ауып кетті табаным.
Содан теріс болды ма
Үкіметке ғамалым?
Ағы менен қарасын
Тартып қарап таразы
Сонда қояр қарарын.
Қалушы емес нақақтың
Негізінде зарарын.
Үкіметтің ғаділ жол,
Анық соған нанамын.
Күнәларын кешіргін
Біз секілді наданның.
Өзім надан болған соң,
Соған таудай талабым.
Сол кетуден тоқтамай,
Із қайтпастан барамын.
Татып жүрмін әр жерден
Талай жердің тамағын.
Мен ішпеген суы жоқ
Еділ-Жайық саланың.
Араладым бәрін де
Бұл бойдағы қаланың.
Бұл сапарда көргені
Осы бір жетік баланың.
Ақ киіктің баласы
Көлденеңдеп желеді
Табанынан жел кеулеп,
Тауға түскен сағымдай
Бірден-екі желге өрлеп,
Ол да ілінер жебеге
Құрып қойған көңгейлеп.
Тұлпар дуға шабады
Қара жерді шеңгелдеп,
Қазған ордан аттаған
Басқан ізі деңгейлеп.
Сол секілді дүние боқ,
Көпті алдаған көлбеңдеп.
Жалғыз Ием, жан бердің
Бәрімізге бірдейлеп.
Жаратқан соң осылай,
Жақсы, жаман тең көрмек.
Ажал, өлім алдыңда
Келе жатыр телмеңдеп.
Бұрынғылар айтыпты:
«Пәни, саған сенбен» деп.
Биік жерлер ой болып,
Соның бәрі өзгермек.
Алла шашқан нәсіпті
Ойламаймын термен деп.
Хақ тағала, астым ба
Көкірегім «мен-мен» деп.
Ақын емен айтулы,
Қамыққанда бұл да ермек.
Көкіректе ойлаған
Айтар сөзім көп еді.
Қимылдаған жанды зат
Басқа түссе көнеді.
Қара тасты қақ жарған
Шулай соққан жел еді.
Жел айдаса пендесі
Көрмегенді көреді.
Бақыт бастан қайтарда
Табылмай ма себебі?!
Мың досыңның бірі жоқ,
Бетін теріс береді.
Өзімнің басым аман деп
Күле түсіп жүреді.
Басы жұмыр пендесі
Нені шекпей біледі?!
Менің туған мекенім
Мыңтөбенің жері еді,
Мұнарлаған тауы бар
Көлденең жатқан бел еді.
Жазда сағым ойнаған
Биік біткен жон еді,
Жауған қардың дымымен
Қалың шыққан кек еді.
Жалбырай жазда кек шыққан
Жасыл нудың шоғы еді,
Топырағы қызыл саз
Шаруаға деп еді.
Оны қазақ жайлаған
Айналасы ел еді,
Теріскей қабақ бойында
Тобылғының түбі еді.
Қаптаған қалың қара ағаш
Мал шалмаған соны еді,
Қаптап боран соққанда
Қара жердің шомы еді.
Қыста малы кетпейтін
Жыңғыл, дүзгін, ажырық
Қалың қара шөп еді.
Біріне-бірі жалғасқан
Кең Нарынның бойы еді,
Арасында аңы бар,
Мыңғырып жатқан малы бар,
Толықсыған тел еді.
Қыраңнан бүркіт сілкінсе,
Оның жейтін тағамы
Ор қоянның жоны еді.
Арқа жағы егістік,
Сары жатық тегістік,
Жанды судың кемері.
Айтқанымды қай су деп,
Байқағандар біледі.
Құбыласы көк теңіз,
Каспийское море еді,
Айдын теңіз ораған
Маңғыстаудың түбегі.
Күн шығыс жақ етегін
Қарабұғаз дер еді,
Оңтүстігі тау, тасты
Бақы дейтін жер еді.
Кел суына шомылған
Қамысы менен терегі,
Еділ-Жайық - екі су
Оған құйған өзегі.
Ат бауырын жазғандай
Айналдыра көлемі,
Көрейінші дегенге
Бір сапарлық жол еді,
Осы жүрген сапарда
Көріп едім бір бойын,
Еркі өзінде жігіттің
Көрінеді күнде ойын.
Еркің бастан кеткен соң,
Бұзылмай ма енді ойың?!
Көргенімді сыр қылып
Көңілімді делбейін,
Жайықтың арғы жағында
Жақын дейді Жем бойын.
Тайсойған мен Бүйректі
Деп атайды кең қойын,
Сары изені жабықтан
Жұрт мақтайды әр бойын.
Сонда биік Дендер тау
Арқа жағы Шыңғырлау,
Шыққан шөбі сары еркек,
Құба тал мен дүзгінді-ау.
Қалың қазақ баласы
Осы араға орнаған,
Талай байлар мыңғырды-ау.
Үйірілген жылқы айдап,
Неше бір сан мың қылды-ау.
Пішендігі бидайық
Бөлек-бөлек дың қылды-ау.
Қыста кетіп, жаз жайлап
Көкорайын ну қылды-ау.
Мал аяғы шиырлап,
Соның бәрін жүн қылды-ау.
Оның несін айтайын,
Сол секілді құрғырды-ау!
Қияндағы жұмақтан
Туған жердің құмы артық.
Шығатұғын басына,
Боз қырқаның бірі артық.
Көтерілген ауасы
Кеш болғанда мұнартып,
Ыссы қайнап шыжғырса,
Салқындауға ыза артық.
Салқын қатты жел соқса,
Шоқалының ығы артық.
Сары еркектің көгінен,
Боз изеннің шөбінен
Қияғының түбі артық.
Шекер шайнап, бал жұтпа,
Күнелткеннің күні артық.
Жеке туған жігіттің
Мың жаманнан өзі артық.
Шет асылмен дос болма,
Өз еліңнің құлы артық.
Тозығы жеткен жібектен
Қолға ұстауға жіп артық.
Қайырымы жоқ байлардан
Есіктегі құл артық.
Күле шыққан дұшпаннан
Шын досыңның ізі артық.
Күнің тыныш болмаса,
Төсекте жатқан түн артық.
Қаяулы болат майысса,
Қолдан соққан сым артық.
Жаңбырсыз болған жазыңнан
Шығы қалың күз артық.
Жәйі болса жаныңның,
Бәрінен де сол артық.
Түсті ме деп есіңе,
Дұшпаның айтар ұялтып.
Еңбектеп өткен ғұмырдан
Еңкеймей өткен сол артық.
Жан ашитын достарым,
Қамықтырды-ау жылатып,
Абақтының сары үйі
Ақ жүзімді суалтып.
Бір аттауға мұң қылды-ау,
Аш күзендей бұралтып.
Қызыл тілім, қалыпсың,
Бір сөйлеуге құмартып.
Айтайын деп осыны,
Көкірегім ойлады,
Ойладым да толғандым.
Жарты көңіл жабыққан
Сөйлемеске болмады.
Жолдас болған қан мен тән
Ол да еркіме қоймады.
Одаманы сенсін деп,
Қызыл тілім зорлады.
Жатқан жүрек селт етіп,
Май ішкендей ойнады.
Тамырдағы қатқан қан
Бірін-бірі айдады.
Еске түсіп қайдағы,
Зығырданым қайнады.
Бабаларым әруағы
Қара бұлттай торлады.
Қысылғанда қамығып,
Атам Бекет қолдады.
Бұраң-бұраң жолдардан
Неше дүркін оңдады.
Көңіл деген дария
Жоқ еді бұрын толғаны.
Дарияға талпынған
Мен - қаршыға тордағы.
Жігіттің даңқы шыға ма,
Қалың қолды бой қылмай,
Оңды-солды жол қылмай,
Жанды Хаққа тапсырып,
Көкіректі мұз қылмай,
Ит терісін тон қылмай,
Шақпақ тасты бор қылмай,
Көрінгенді ат қылмай,
Қара суды ас қылмай,
Тай-құлындай айқасқан
Бауырласты жат қылмай,
Қара көзден қан тамбай,
Қабырғадан май тамбай,
Әттең, керсем дегенді
Сағынғанда тамсанбай,
Сандық толы сары алтын
Толысын төгіп шайқамай,
Ер бақыты сыналмас
Осындайды байқамай.
Ауырмай құлан шөлдемес,
Желпінбей тұлпар терлемес.
Айырдан туған жампоздың
Мертікпей қомы көлбемес.
Арқадан шыққан ақ бұлт
Жел соқпай көкке өрлемес.
Алғыс алған кем де емес,
Жақсы мен жаман тең де емес,
Бұрынғының мысалы,
Осыны айтқан мен де емес.
Қиядан боран соққанда,
Томағалы қаршыға
Қанатын көкке қаққанда,
Алма мойын ақсұңқар
Шабуыл салып шапқанда,
Ағыны қатты терең су
Тоқтамай көлге аққанда,
Селт етіп басын көтерді,
Талайлар тыныш жатқанда.
Жылы қанды жігіттің
Бәрі ілінді қақпанға.
Ем бола ма еткенің,
Басыңнан бақыт қайтқанда.
Маңдайымнан аққан тер
Мұз болып мұртқа қатқанда.
Сыпыра шапқан сары тақтай,
Жамбасқа жаңқа батқанда.
Екінді мен ақшамда
Есікті кілтпен жапқанда,
Қаны қара қандала
Қанымды сорып шаққанда,
Жалбарындым өзіңе,
Тарығып сонда жатқанда.
Жан жаратқан жан Ием,
Жанды берген өзіңсің.
Бізді жоқтан бар етіп,
Топырақтан жан етіп.
Он сегіз мың ғаламның
Риздық бердің бәріне,
Сыртымыздан қам етіп.
Күндердің күні болғанда,
Біздерді қойдың зар етіп,
Қатын-бала, қара орман
Бәрінен де баз етіп.
Біз қапаста жатырмыз,
Құмырсқадай хал етіп.
Мойынға бұршақ салулы,
Рахымыңнан дәметіп.
Құлшылық тайып пендеңнен,
Қойдың ба әлде қор етіп?!
Жалбарындым, жалындым,
Мойынға бұршақ тағындым.
Қара көзден қан тамды,
Сұбыханалла, не қылдым?!
Құлым десең, Құдай-ау,
Жетпей ме бізге пейілің?!
Бәрі өзіңнің қолыңда
Жеңіл менен ауырдың.
Сөнер күні болар ма
Жүректегі жалынның?!
Жай табар күні қайда екен,
Көкіректегі қайғының?!
Қайтар күні болды ма
Маңдайдағы бағымның?!
Ажары тайды бойымнан
Жеті мүше тәнімнің,
Өлі менен тірінің
Арасында отырмын,
Екі белек қауымның.
Абақтының ақ үйі
Жүрекке салды қайғыны.
Баса алмадым аяғым,
Ақылым ауған дал күні.
Ер жігіттің досы көп
Басы-аман сау күні.
Бастан бақыт тайған күн
Қайсысы сырттан қам қылды?!
Жан ашитын достарым
Ішінен тынып, қайғырды.
Көре алмаған ит дұшпан:
«Жойылар, - деді, - қай күні?!»
Ажал келсе, кім өлмес
Жетсе Хақтың дағдыры.
Алқұлым деген жігітке
Ашылар жолдың даңғылы.
Мені елден айырған
Екпінді ағын қарқыны.
Жүректі қайғы-шер басар
Ер мұңайып жабықса,
Ақша беттен қан таяр
Қайғырып қатты қамықса,
Баз кешеді мал-жаннан,
Қысылып басы тарықса.
Ерні салпы ер аты
Жер ала ма салықса,
Сол секілді қызыл тіл
Сөз таба ма жалықса.
Түнде көзім ұйқыда,
Күндізгі күнім тамұқша.
Абақтының ақ үйі
Шілтерлі темір сауытша.
Үсті темір, асты тас,
Жамбасқа тиді мамықша.
Бір күн емес мың күнді
Мойынға кидік қамытша.
Сол секілді дүние боқ
Бос жүрген ығып қайықша.
Төредей басың тарығып,
Жүрекке қайғы бермесін.
Қаралай ерлер қамығып,
Алладан күдер үзбесін.
Аты адамның баласы
Бұл орынды көрмесін.
Аяқ-қолы бос жүрген,
Көңілдері хош жүрген
Біз пақырға күлмесін.
Бірде бар да, бірде жоқ,
Бұл пәниге сенбесін.
Үш ай тоқсан қыс күні
Бойыма ызғар бергесін,
Қырық күн шілде жаз күні
От болып ішке кіргесін.
Күннің езі балқытқан,
Жанды түгіл, жансызды,
Таңдайың кеуіп шөлдейсің.
Қара суға зар болдық,
Не қылайын езгесін.
Алла салды, мен көндім,
Маңдайыма бергесін.
Күндіз сөйлеп, күлкім жоқ,
Түнде жатып ұйқым жоқ,
Есікті кілттеп жапқанда,
Күлмек түгіл, тырс үн жоқ.
Тақтай батты жамбасқа,
Бұрынғыдай тыншым жоқ.
Қан кеткен соң нұр тайды,
Адам қарар сиқым жоқ.
Сіз бен біз деп сөйлеген
Қыз мінезді құлқым жоқ.
Негізі Хақтан болғасын,
Билігімді білсін деп,
Көрсеттің бе көзіме,
Есіне алып жүрсін деп?!
Шыжғырған темір, қызыл тас
Салып қойды күйсін деп,
Жұмақ пенен тамұқты
Тірілей көзі көрсін деп.
Рақат пен машақат,
Бәріне де көнсін деп.
Жатсам, тұрсам, Сіз деймін,
Айтқаным жоқ сенсің деп.
Әлі тілек ниетім
Алланың өзі берсін деп.
Сүйек қалды, ет кетті,
Қойдың ба, Құдай, өлсін деп.
Мұнан жаман өлім бар,
Терең қазып көму бар,
Көкіректе шықпаған
Тек бір ғана демім бар.
Хақтағала, Құдай-ау,
Енді өлмеген неміз бар?!
Егер өлсек бұл жерде,
Қайсымызда кебін бар?!
Жан иесі өзіңсің,
Алар болсаң, жөніңе ал.
Көлденең қаза келтірмей,
Өлшеулі ғұмыр меріңде ал.
Құрт, шаянға жем қылмай
Әркімнің жанын терінде ал.
Ауыр менен жеңілді
Шегетұғын керің бар.
Ұзын менен қысқаны
Өлшейтұғын кезің бар.
Айтпасыма болмады,
Жүрегімде шерім бар.
Сөйлесін деп тіл берді,
Әлі айтатын сөзім бар.
Мұны естіген тең құрбы,
Тілектес бол да ойыңа ал.
Сансыз елге көп сәлем,
Сол сықылды жайым бар.
Шілтерлі темір, салған кілт,
Қабырғамнан ілініп,
Аш күзендей бүгіліп,
Бір басуға зар қылды-ау,
Терезеден үңіліп.
Жатсам, тұрсам қайғыда
Шыбын жаннан түңіліп,
Бізге шығар күн қайда
Елдің суы бұйырып?!
Сағындым іні, ағаны
Құрбы менен баланы.
Көз алдымда елестеп,
Шамшырақтай жанады.
Көзден аққан қанды жас
Тоқтамай жерге ағады.
Солар еске түскенде
Жүрегімді жарады.
Қайғының дерті қаумалап,
Жан-жағымнан қамады.
Оның жанған жалыны
От қамшымен сабады.
Оның ұрған таңбасы
Сүйегіме барады.
Күншығыстың желімен,
Күнбатыстың дәмімен,
Кетіп едім халқымнан,
Ояздың жері қоныс деп,
Алыстан шыққан даңқыңнан.
Онда да туған бар ғой деп,
Болмады жүрек талпынған.
Айтайыншы дегенде
Жоқ едім бұрын тартынған.
Не десең де, жамағат,
Ер бақыты қайтылған.
Бақытым бастан қайтқан соң,
Айтуға сөзім таусылған.
Аз ғұмырды зайғылап,
Ақсұңқар болдым шарпылған.
Туысқан, толы азамат
Тілектес болғай артымнан.
Қолдан келер не зат бар,
Үмітім сол жалпыңнан.
Кеш болмайды - күн ұзақ,
Ертелі-кеш сарсылам.
Садаға кетсін мың күнім,
Бір күнгі көрген зауқымнан!
Сәлем айттым Сіздерге
Сабыралы, Қажекем,
Зейнолла мен Қамекем,
Болымбетұлы Қабекең,
Қысылғанда қармайтын
Іні менен аға екен.
Аға деген мысалы
Биік біткен жар екен.
Іні деген елгезек
Айбалтаның сабы екен.
Жарқын жүзбен ойнаған
Қараңғы түннің шамы екен.
Сол қадірді кім білген,
Басқа қонған бақ екен.
Іздеп едім сіздерді
Мені айдаған дәм екен.
Азғана күн ойнадым,
Өлшеулі күнім бар екен.
Екінші сәлем айтайын
Құбаш пенен Қадеске.
Ойнап жүрген тең құрбы
Ұмытпаймын елі есте.
Тай, құлындай айқасқан
Қазақшылық әдетте.
Шашылған дәмді қуалап
Шығып кеттім мен шетке.
Кімнің әлі жетеді
Хақтан болған себепке?!
Үшінші сәлем айтайын
Әбуғали, Әренге,
Жиен, Шәкір, Халелге.
Бас-басыңа айтуға
Жеткізе алман сан елге.
Үзеңгісін тең басқан
Азамат бар әр елде.
Тонның ішкі бауындай
Туысы бірге әуелде,
Дұшпан күліп не қылсын
Хақтан болған дәлелге.
Қосылам деп Сіздерге
Әлі де менің дәмемде.
Елдегі жолдас айтайын,
Қайыпқали, Смағүл,
Рақмет, Марданға
Қарманған күні қаруым,
Белімді бекем буғанда.
Екі талай жер келіп,
Желдің түбін қуғанда.
Сүйенген ерім көп еді-ау,
Тарығып талай тұрғанда.
Тең басып қатар бірге өстік,
Мыңтөбе деген құмдарда.
Жанашыр жақын сендердің,
Тете жақын тұрғанда.
Кім жетеді мақсатқа
Жетесінен сынғанда?!
Шар айнада сан көрдім,
Пәк болмайтын жуғанда.
Маңдайыма жазылған
Рақат пен машақат.
Хақтың салған ісіне,
Еттім дәйім қанағат.
Сөз жүйесі келмеді-ау
Болмаған соң көңіл шат.
Бас-басыңа айтуға,
Ақылым бөтен, атым жат.
Сағындым, халқым, бәріңді,
Алаштың ұлы азамат.
Бәріңізге көп дұғай
Мың-мыңдаған, миллиард!
1931 жыл
ҚАЗІРГІ ЗАМАН ТҮРІ
Бізді Алла жаратты
Егіз де қоңыр ел етіп.
Топырақ құмды жаратты
Жүруге қара жер етіп.
Жер сусынын қандырды
Шалқып жатқан көл етіп.
Жарық та бердің бәріне
Жарқырап туған күн етіп.
Күннің де көзін батырдың
Қаптаған қалың түн етіп.
Раушан түнге шам бердің
Айдында көзін нұр етіп.
Пендесіне беріпті
Әбиерлік дін етіп.
Дүние малын жиғызды
Пәнидің түбін сұм етіп.
Қиямет жолын жаратты
Жіңішке тартқан сым етіп.
Дін иманды жаратты
Ақ күмістей шын етіп.
Пиғылы жаман адамның
Көкірегін жаратты
Темірден суық мұз етіп.
Кеудеден кетсе шыбын жан
Қайда қашып құтылар.
Қара жерге кіргесін
Алтын басың мыс болар.
Жаның мен тәнің тірлікте
Айырылмастай дос болар.
Жарқырап туған айдын-нұр
Төбеге келіп түс болар.
Төбеден күнің ауған соң,
Ұясына барып кеш болар.
Кеш болудың аяғы
Өткен дәурен белгісі
Сол секілді іс болар.
Сонда болар білгенге,
Дүние қуып жүргенге,
Жолдас болар иманың
Риздық дәмі таусылып
Ажалы жетіп өлгенде.
Қайда қашар азамат
Айналып ажал төнгенде?!
Жібермейді қара жер
Бауыры суық уыстан
Қалың да салып көмгенде.
Қабыл болған әуелден
Хақтың салған ісіне,
Атамыз Адам пайғамбар
Дүниеге енгенде.
Қиямет жолы қиындап
Өзіне өзі сенгенде,
Көкіректе жел болса,
Білгенімді аяман
Осындай жақсы келгенде.
Батырды тегін демеңіз,
Тәуекелі мол болса.
Әкімді тегін демеңіз,
Төресі әділ тең болса.
Биді тегін демеңіз,
Айтқан сөзі жөн болса.
Молданы тегін демеңіз,
Істегені ем болса.
Мырзаны тегін демеңіз,
Үйіне қонақ қондырып,
Ықылас ниет кең болып
Дария аққан кел болса.
Қаумалап жақсы келгесін
Білгенімді аяман
Көкіректе жел болса.
Желдетпей тұман ашылмас,
Сөйлемей шешен басылмас,
Негізі жаман адамның
Даңқы кепке шашылмас.
Шын күмістей ақ болып
Көкірек шіркін ашылмас,
Ардақты туса ер жігіт –
Болаттан соққан шын алмас.
Тауға салып тас кессе,
Ұңғысынан бұралмас.
Жамандықтың белгісі
Шашылғанын жия алмас.
Жақсылықтың белгісі
Дуды көріп қызғанда,
Арға шыдап тұра алмас.
Ағып жатқан дария
Арқадан соғып қатты жел
Қара жер болып суалмас.
Жаңбыр жауып аспаннан
Алланың нұры төгіліп
Жасыл шөбі қуармас,
Топырақ басып құм алмас.
Шалқыған Еділ өзенін
Суды көркем көрсеткен
Шулаған қойдай бақасы,
Ойнаған тайдай балығы.
Қоғаны көркем көрсеткен
Түрленген жұмсақ мамығы.
Күнді көркем көрсеткен
Раушан берген жарығы.
Жерді көркем көрсеткен
Қарағай, қайың, тал терек,
Көтерілген сағымы.
Мырзаны көркем көрсеткен
Алысқа шыққан дабылы.
Молданы көркем көрсеткен
Қуаттап жүрген діні еді
Сөзінің болса анығы.
Әкімді көркем көрсеткен
Тең ұстаған халығы.
Әкімдікте пайда жоқ
Туралығы болмаса,
Құр байлықтан пайда жоқ
Қанағаты болмаса.
Батырлықтан пайда жоқ,
Тәуекелі болмаса.
Құр биліктен пайда жоқ,
Тілімен ою оймаса.
Молдалықта пайда жоқ
Салиқат салмақ болмаған.
Дариядан пайда жоқ
Кемерлеп тасып толмаған.
Шүйгін шөптен пайда жоқ
Желінбей тұрып қураған.
Шым болаттан пайда жоқ
Қарсы келсе сом темір
Қорғасындай жонбаған.
Жүйрік аттан не пайда
Топты жарып озбаған.
Қарақшыға келгенде
Қарыс тізгін созбаған.
Құр аруақта пайда жоқ,
Көпті көріп шабынып
Ит арқасы қозбаған.
Жігіттікте пайда жоқ
Бақыты басқа қонбаған.
Айтулы өмір біткесін
Табаны кімнің таймаған,
Ауыл көркі азамат
Ақша жүзің жайнаған,
Қызыл тілің сайраған,
Пәнде болсаң оңдаған
Жұмақтан орын арнаған.
Құлы болсаң қарғаған,
Қиямет күні зарлаған,
Тірідей жаным қорқады
Тамұқтың оты лаулаған.
Сегіз жұмақ ишаны
Нұры аспанда ойнаған.
Пендесін Құдай сол кезде
Тартқан сымнан айдаған.
Нұр ишанның белгісі –
Жіңішке жолдан таймаған.
Құлшылық еткен пендесі
Мұның түбін ойлаған.
Жамандықтың белгісі –
Басын көпке бұлдаған,
Бетіңді қарсы тыңдаған.
Өзін-өзі сыйлаған
Жақындықтың белгісі –
Тартып бұйда созбаған,
Ажарын көптің қимаған.
Құдай сүйген құл болсаң,
Бал тамады тіліңнен
Аққан судай жылжыған.
Дария тасып шалқыған,
Көкірек сонда талпынған.
Ұшбу сөзге пәм етер
Ақылы терең зерделі
Шын күмістей аршылған.
Шамаң келсе шалықта
Өтпейді пәни қасыңнан.
Пәни дүние жалған деп
Өмірде бар айтылған.
Харасат майдан күніңде
Періштелер жиылып
Айдайды бір күн артыңнан.
Қиямет жолы қиын-ды
Жіңішке тартқан сымыңнан.
Құдай сүйген құл болсаң,
Нұрың кепке балқыған.
Қарғаған Құдай құл болсаң,
Әр орында шарпылған.
Шарпылып сонда қаймықты,
Иман деген азық-ты,
Намазсыз құлдар жазықты.
Жақсы менен жаманды
Періштелер жазыпты,
Ауыр менен жеңілді
Таразыға салыпты.
Ауыр болған күнәсі
Пендесі болды жазықты,
Оған арнап жаратты
Оты жанған тамұқты.
Құлшылық ет Аллаға,
Қиямет жолы қиын-ды.
Мінім болса бетіме айт
Қызыл тіл қалай ауысты,
Ауысса қызыл тіліміз
Жамағат білер мінімді.
Шығарған соң үнімді
Көтеріп қой әніңді
Кіреуке болып шалмаған.
Мұсылман болған адамға
Қилап қылмау жарамды,
Аузыңа салма қарамды.
Алланың өзі жаратты
Жақсы менен жаманды,
Мырза менен сараңды,
Ғалым менен наданды,
Он сегіз мың ғаламды,
Дүниеге шығып өндірді
Мұхаммед деген жаранды.
Нәсіліңді сұрасаң,
Топырақ құмнан жаралды.
Әуелгі байлық денсаулық
Басқа қонған базар-ды.
Құбылған қызыл мақпалдай
Сындырма, Құдай, ажарды.
Рыздық берді бәріне
Өзі жиған тағамды.
Жеті мүше жан берді,
Маңдайдағы екі көз
Парлап жанған фонарды.
Ажал-өлім келген соң
Шырағы бастан сөнеді.
Кеудедегі шыбын жан
Жер мен көкті кезеді.
Жақсы менен жаманды,
Өз көзімен көреді.
Хақ алдына барғанда,
Таразыны құрғанда
Сыбағаңды береді.
Аралайды сол күнде
Тәңір берген денеңді.
Баршаны өзі жаратқан
Өзі Құдай шебер-ді,
Кез келген соң аяман
Көкіректегі барымды.
Жауға мінсең жабыны
Кекке тойған көбеңді,
Дұшпан оған кезенді.
Жүйрік мінсең жаранған
Топтан шығып жөнелді.
Қылыш алсаң қолыңа
Ұшы болат берен-ді.
Өткізбейтін әуелден
Түбі жаман тереңді,
Жаманменен дос болсаң,
Өзі берер төреңді.
Тұлпар мін де жауға шап
Батыр болсаң беренді.
Тұлпар шауып арымас
Жақсы болса қоренді.
Кім қызықпас бойыңа
Жақсы болсаң беденді.
Таулы болсаң мекенің
Қарағай, қайың, емен-ді.
Емен ағаш иілсе,
Қайғысыз болмас зеренді.
Уайым шегіп күйінсе,
Көлдегі қулар шулайды.
Көктегі сұңқар шүйілсе,
Лашын торда тулайды.
Дуды көріп үңілсе,
Дәуренің қолда тұрмайды.
Басыңнан бақыт үзілсе,
Қоблан болсаң да зырлайды.
Төскейден түлкі жүгірмей
Артынан қуған асылын,
Бір қисайса болмайды
Ізіне қайта түңілсе.
Мінім болса бетіме айт,
Қызыл тілім сүрінсе.
Жүйріктікте пайда жоқ
Бәйгілі жерге қоспаған,
Жақсылықта пайда жоқ
Жолдасын жауға алдырған.
Татулықтың белгісі –
Сыртыңнан көпке мақтаған.
Шешендіктің белгісі –
Дуды барып бастаған.
Жолдас болсаң жаманға
Тілін қатты қастаған.
Жолдас болсаң жақсыға
Тілі жұмсақ мақтадан,
Білгенін көпке сатпаған.
Арғымақтың баласы
Қазған ордан аттаған.
Шын бөрінің баласы
Ініне қарап жатпаған.
Айласыз батыр тез өлер
Атын жауда мақтаған.
Ажалсыз пенде өлмейді
Алланың өзі сақтаған.
Батырлар мен байлар бар,
Ғалым менен билер бар,
Әр ауылда мырза бар
Шашын қарсы тараған,
Шекесінен қараған.
Мырза болсаң тұлпар мін
Бауырынан жараған.
Тозаңы көкке бораған.
Қызыл тілім сөйлеші
Көлденең көпті ораған,
Не десең де көмейім
Тіл тиегін тоғадан.
Жан жоламас жаманға
Жүрген жері зобалаң,
Өліп қалған құсың мен
Артық емес моладан.
Билігі шықпас жорадан,
Көп қаумалап келгенде
Шығып кетер жобадан.
Сөйлесе сөзді бек ащы
Шағып алған сонадан.
Салмағы жеңіл олардың
Ығып жүрген қоғадан.
Ғалым, ишан, пірлердің
Қолы қалмас жағадан,
Аузы қалмас тобадан.
Ажал-өлім келген күн
Пайда болмас басыңа
Артық жиған сомадан.
Шын алтынды тот басып
Отқа салып ағызсаң
Артық емес қоладан,
Бұл сезімді пәм етер
Ақылы терең кең адам.
Заманым солай болған соң
Болып жүрмін қорғалаң,
Айырдан туған жампозың
Жалаңаш жүріп тоңбаған.
Қатепті қара нар болса,
Тартынып бұйда созбаған,
Асыл мақпал оңбаған,
Нағыз болат тозбаған,
Болатты жасық жонбаған,
Жүйріктен шабан озбаған,
Хақтан әмір болған күн
Найзағай көкте ойнаған.
Қара бұлт шығып қайнаған,
Нұр төгілмей аспаннан
Жасыл шөбі норланған.
Қарағай, қайың, тал, терек
Тамыр түбі қураған.
Сақ сауысқан болмаса,
Үйрек пенен қаз түгіл
Басына торғай қонбаған.
Сол секілді мысалы
Бақыт баста тұрғанда
Бір сүрлеуге жолданған.
Құрап қалған қорғасын,
Ортайып қайтқан көлдейсің.
Күлге шөккен үлектей
Көлденең жатып көлбейсің.
Бақыт баста тұрғанда
Ұлтанды терек, рулы ел
Ордасымен жинаса,
Намысты қолдан бермейсің.
Алма мойын ақ сұңқар,
Бөрі құлақ, серке сан,
Құландайын жүйткіген
Жоғары көкке өрлейсің.
Ажал-өлім жеткен күн
Шөлмекпенен бірдейсің.
Айтулы өмір біткен соң,
Сынған талдай күйрейсің.
Ақыры демің таусылса,
Қызыл тілді күрмейсің.
Дүниенің түбіне
Жете алмаған ойласам
Батыр менен байларың,
Ғаділ төре, хандарың,
Мырза болған паңдарың,
Басыңнан өтсе білерсің
Дүниенің жалғанын.
Жолдас болмас өлген күн
Төл жинаған малдарың,
Еске түсер сол күнде
Бүгінгі көрген таңдарың.
Қараңғы көрге кіргенде
Иманың басқа орнаса,
Жарқырап жанған шамдарың.
Көтерерсің мойныңмен
Алланың өлшеп салғанын.
Құдай сүйген құл болсаң,
Көрерсің нұрдың жанғанын.
Қарғаған Құдай құл болсаң,
Жіңішке жолдан тайғаның.
Ойлап сонда білерсің
Табаныңның ауғанын.
Алла құлым демесе
Лаулаған отқа жанғаның.
Іні болмас ағасыз,
Аға болмас панасыз,
Үлде менен бүлде ки
Саны болмас жағасыз.
Қатқан мұздың үстінен
Тұлпар мінсең жаратып
Жүре алмайды тағасыз.
Түсінерсің осыған
Бәрің бірдей данасыз.
Пәмі жетпес айтқанға
Адам болса санасыз.
Бақыт баста тұрғанда
Оттай лаулап жанасыз,
Бақыт бастан тайған күн
Нардай шөгіп қаласыз.
Халқың келсе жиылған
Баға жетпес туғаның.
Жаман болса жақының,
Пұлын білмес туманың.
Ардақты сыйлы ағалар
Сырттан соққан қорғаның.
Жақсы болса жақының
Қолға ұстаған айбарың.
Жел жағыңа жау келсе
Қара бұлт сандалың.
Айқайды, дуды көргенде
Ашылады аңғарың.
Қолыңменен жер қазсаң
Ауырмай ма бармағың,
Мың кісілік салмағың.
Жақсы болсаң жаланған,
Қанжығаңнан қан тамған,
Дұшпаның сырттай тайсалған.
Жаман болсаң тамсанған,
Дұшпаның алдап дос болып
Салады бір күн шалқаңнан.
Артынан біліп опынып,
Айтарсың сонда майталман
Шыға қалса ұлтыңнан.
Таянышың көп болса
Қорықпайсың айқайдан.
Жалғыз бол да батыр бол
Жауға қарсы бармайсың.
Көмекті бол да жаман бол
Басқан жерден аумайсың.
Надан бол да адал бол
Жүрегің жанған шамдайсың.
Ғалым бол да арам бол
Құдайыңды алдайсың.
Мойныңдағы бес парыз
Түгелденген құл болсаң,
Тура жолдан аумайсың.
Жақсы бол да жалғыз бол,
Сөйлесең нақыл сөзіңді
Қызыл да тіл мен таңдайсың.
Жорға болсаң жылжыған
Төрт аяғың шалмайсың.
Жақсы болсаң, ағалар,
Биікке біткен талдайсың.
Көп көңілін аулайтын
Сөзің шықса аузыңнан
Жерге тамған балдайсың.
Жаман болсаң, ағалар,
Жайымен жүрген малдайсың.
Өсек айтсаң араға
Елге тиген жаудайсың,
Кесірің қара таудайсың.
Бай болсаң егер мінезге
Жалғыз өркеш нардайсың.
Жарлы болсаң шарасыз
Ықыласың кең болса,
Шалқып жүрген байдайсың.
Қара пиғыл тар болсаң,
Бай болсаң да оңбайсың.
Кішілік ет үлкенге
Бұдан жаман болмайсың.
Жарлық келсе басыңа
Әлдеқайдан хабарсыз,
Кәрілік келсе мойныңа
Еңбектеген баласыз.
Жақсы болсаң белгілі
Ашылғанды жабасыз.
Жаман болса жүрегің
Жаппақ түгел аңқайтып
Арасын көптің ашасыз.
Біреуінен күшпенен,
Біреуінен бәспенен
Пара, пайда аласыз.
Айғақ болса алғанға
Нағыз жүзі қарасыз.
Қолыңменен істеген
Істеріңді түгелдей
Мойныңменен көтеріп,
Хақ алдына барғанда
Масқара сонда боласыз.
Мінім болса, бетіме айт,
Сөзім болса шамасыз.
Уайым етіп айтқаным,
Азық болар өлгенше
Атадан қалған ақ малың.
Ер қырсыққа шалынса
Ем болмайды тапқаның.
Қамын соқсаң халықтың,
Қызғындап арға шапқаның.
Әр орынды сөйлесең,
Саласындай Еділдің
Дария болып аққаның.
Исламның бұршағын
Мойныңа салып тағынып,
Құлшылық етсең Құдайға
Дін есігін ашқаның.
Ғибадат ерден тайған күн
Дініңді қорлап басқаның.
Сәламат денің сау болса,
Бетіңдегі ажарың
Құбылған қызыл мақпалың.
Денсаулықтан айырылсаң,
Нардай шөгіп жатқаның.
Ажал-өлім алдыңда
Құрулы тұрған қақпаның.
Жанға зарар келген күн
Қақпанның үстін басқаның.
Жолықсаң көктің оңына
Зәмзәм суын татқаның.
Түсінерсің осыған
Бәрің бірдей ағасың
Мың кісілік бастарың.
Сөз сөйлесең жаманға
Өсиетің өте ме?!
Көк арланға жолықса,
Киік, құлан кете ме?!
Тамыры түбі қураған
Қарағай, қайың өсе ме?!
Қайық мінсең желкенсіз
Көлденең судан өте ме?!
Ығып жүрсе байлаусыз
Кетеді шығып көсеге.
Алданғанды білерсіз
Тиген күні шекеге.
Жөн білмейтін жаманды
Әр орында жетеле.
Ақыл тозбас тіпті де,
Жақсы болсаң сенімді.
Мекен етсең жігіттер,
Туып өскен жеріңді.
Ауып кетсе табаның
Жақсылар сақтар еліңді.
Жақсыларға жолықсаң,
Толтырады кеміңді.
Жамандарға жалынсаң,
Шекесін беріп семірді.
Аттан ауып жығылсаң,
Дұшпаның шұқыр көзіңді.
Ойлағанда елімді
Сүйегім менің үгілді.
Ауыр менен жеңілдік
Таразымен шегілді.
Қуып жүрген пенде зат
Шашылған нәсіп терулі.
Күнәкер болмас пендесі
Нәсібін терсе шашылған.
Өтеді пәни басыңнан,
Нәсіпті Хақтан күтеміз
Әуелде тасқа басылған.
Ауызыңмен құс тісте
Көп жиылса батырған.
Сонда пайда көрмессің
Артық берген ақылдан.
Жалғыз жүрсең таяусыз
Дұшпаның алар тақымнан.
Бақыт кетсе басыңнан
Досың да кетер қасыңнан.
Құтыларсың не қылып
Жаман туған жақыннан?!
Қара қылды қақ жарып
Ортасынан бөлмесең,
Басыңнан дәурен өткенде
Пендесін Құдай қорғаса,
Жұмақтағы жемістен
Дәм татармыз, ағалар,
Тәңірім бізге арнаса.
АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ
Қара бұлт шығып қайнайды
Қараша қары жауарда.
Алдынан түсіп жалданар
Жігіттің бағы ауарда.
Аламан билік көп болар
Ағайын жұртың азарда.
Асыл туған ерлердің
Бақыты қайтқан екен деп
Сала да берме табанға.
Бір көретін күн болар
Құбылған қызыл заманда.
Арғымақ аттан жал таймас
Жайылса жасыл тепсеңге.
Ер жігіттен бақ таймас
Табанға салып тепсең де.
Жаманнан жақсы шыға ма
Асыл бір ұрық ексең де?!
Жақсыдан жаман шығар ма
Сорпасын судай сапырып,
Сан қайнатып төксең де?!
Жақсыға пәле жақыннан
Жау ала ма шеттен де?!
Бір қайырылып көресің
Ат құйрығын кессең де.
Туған жердің топырағын
Сағынарсың сарғайып
Көрмеймін деп кетсең де.
Арыстан туған азамат
Толықсып толқып құласа,
Қадіріңді ер білер,
Ер білмесе ел білер.
Туысқан толы ағайын
Қадіріңді сонда бір білер.
Таулы жерді құм алмас,
Құмайт жерді су алмас.
Шапса балта сынар ма
Таудан шыққан шұбар тас.
Жетесі төмен жасықты
Мұз суымен суармас.
Сом болатты тезге бас
Ұңғысынан бұралмас.
Қисайса ердің тізгіні
Мал мен дәулет құралмас.
Жаманға бақыт, мал бітсе,
Жайына қарап жүре алмас.
Көпті көрген тарлан боз
Қиқу шықса тура алмас.
Мен сендерге келгенде
Сөйле дедің, қарындас.
Өздеріңдей жақсыны
Тең қазақтың онына
Беремін бе бәспе-бәс.
Жақсы менен жаманда
Сан ділдә бар айырбас.
Сіздей аға бізге жоқ,
Біздей іні сізге жоқ –
Іздесең де табылмас.
Төскейден төмен төгейін
Құйып алсаң аузыңды аш.
Көптен бері көре алмай
Мен сендерге болдым жат.
Шашыранды сан қазақ
Қарын бөле тамырлас.
Орыс пенен қалмақ та
Бірге туған бауырлас.
Аты адамның баласы
Түп негізің ұялас.
Талайлармен шайқасып
Не көрмеген ғазиз бас.
Соныменен ағарған
Басқа шыққан мына шаш.
Қайта айналып келер ме
Он бес пенен жиырма
Өтіп кеткен қайран жас?
ОКТЯБРЬГЕ 15 ЖЫЛ
Әлемге сәуле нұрын шаш,
Мәңгілікке қадам бас,
Ұзақ болсын өмірің
Құтты болсын 15 жас.
Еңбекші табы құралып,
Қолына қызыл ту алып,
Алаңға симай лек-лек боп,
Қол ұстасып қуанып.
Қызыл тулар желбіреп,
Сусыл-сусыл селдіреп
Ту астында жүргенде
Анадай іші елжіреп.
Еңбекші шаруа, батырақ
Ту астында жадырап,
Құттықтап бұған нұр берді
Күннің де көзі жадырап.
Қызыл ту симай қалаға,
Қала бір түгіл далаға,
Қуанышпен оянды
Бесіктегі бала да.
Еңбекші, тойла тойыңды,
Көңілден қайғы жойылды.
Құрметке бүгін көп халық
Еш нәрсе жемей тойынды.
1932 жыл
ТҮСІНІКТЕР
1937 жылы жазықсыз тұтқындалып, кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Насихат шығармалары 1972 жылға дейін баспа жүзін көре алмады. Ақын жырларының үзінділері алғаш осы жинақты құрастырушы жариялаған «Өнегелі, өміршең мұра» аталатын Атырау ақындарына арналған бетте («Коммунистік еңбек», 8 қаңтар, 1972) жарық көрді. Бұдан кейін жинақты құрастырушы «Еділ- Жайық - екі су» дастанының үзіндісін («Коммунист еңбек», 3.07.1986), кейін толық мәтінін («Жұмысшы», 21.04.1993), өлке зерттеуші Мақсат Нығыметоллаев «Танысу» атты толғаулар шоғырын («Коммунистік еңбек», 1.10.1989), «Набор» («Айдады патша жыраққа» - Қ.С.), «Еділ-Жайық - екі су» дастандарын («Маңғыстау», 17-20.08.1991) жариялады. Ақын жырлары «Алқаласа әлеумет» (1991), «Насихат Сүгірұлы. Жыр-дастан» (1992), «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1993), «Қапаста жазылған хаттар» (1993) жинақтарында басылып, жұртшылыққа кеңінен таныла бастады. Аталған жарияланымдардың бәрі Насихат шығармаларының мәтіндерін жан-жақты салыстырып қарауға мүмкіндік берді.
Насихат түрмеде отырғанда қасында болған сауатты адамдар оның өлең, дастандарын жазып алыпты деген сөз де ел аузында бар. Бірақ, ол жазбалар сол сұрапыл кезеңде түрмеден сыртқа шыға алды ма? Ол кезде Насихат сияқты «күнәкер» ақынның өлеңдерін сақтауға кімнің жүрегі дауалады екен? «Сондай жазбадан көшірілді», не «сондай жазба бәлен жерде сақтаулы» деген хабар әлі естіле қойған жоқ. Аталған жарияланымдардың қай-қайсысы да - зерделі адамдардың жадында сақталып жеткен мұралар. Ақынды құлай сүйген жаттампаз жыраулардың қай-қайсысы да шығармалардың негізін сақтап, өз қабілеттеріне орай азды-көпті өзгеріспен айтады. Бізге Насихат шығармаларының негізгі нұсқаларын табыс еткен Халидолла Қонатыров та, ақын мұраларын ел аузынан жинап, «Жыр-дастан» атты кітап шығарған Пазыл Мағазов та сондай жыршылардан жазып, жинақтаған. Бірақ, екеуі де кімнен, қашан жазып алғандарын, олар кімнен үйренгенін жазбайды.
Біз осы жинақты дайындауда Х.Қонатыров жазбаларын негізге алып, өзге басылымдарда азды-көпті кездескен артық жолдармен толықтырдық, көркем, бейнелі сөздерді, жарастықты жолдарды таңдадық. Барынша Насихат рухына келетін отты, жалынды, ойлы сөздер мен жолдарға назар аудардық.
«Айдады патша жыраққа» - патша үкіметінің 1916 жылғы 25 маусымдағы қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен сияқты бұрын әскери қызметке алынбаған халықтардың он тоғыз бен отыз бір жас арасындағы жігіттерін майданның қара жұмысына алу туралы жарлығына ілігіп, Насихат ақынның сол жақта жүріп шығарған толғауы.
1973 жылы толғау мәтінін жинақты құрастырушыға тапсырған ақынның немере інісі атыраулық Халидолла Қонатыров (1922-1974). Құрастырушы мұрағатында бұдан өзге Атырау облысы, Индер ауданы, Зеленый ауылында тұрған Әбуов Ғаббас жолдаған бір мәтін бар. Ғ.Әбуов 1916 жылғы сапарда Насихатпен бірге болған. Бұл дастанды өз аузынан естіген. Құрастырушыға 1975 жылы қыркүйектің 1-жұлдызында жолдаған. Сонымен қатар М.Нығметоллаев бір мәтінін 1991 жылы 17 тамызда «Маңғыстау» газетінде жариялаған. Бір мәтіні П.Мағазов құрастырған «Жыр-дастан» (1992) жинағында жарық көрді. Дастанның үзінділері «Алқаласа әлеумет» (1991), «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1993) жинақтарында басылған.
Аталған жазбалардың жекелеген сөздерінде ғана болмаса, бір-бірінен түбірлі айырмасы жоқ.
Бұл басылымда Х.Қонатыров жазбасы негізгі нұсқа ретінде алынып, П.Мағазов құрастырған жинақтан:
Атқа мінген әкімдер
Тамыры соқты өз үшін.
және:
Қарамай кетті не үшін?
Ұнаса сөзім ағалар,
сондай-ақ:
Үміт ету жақсыдан
Көкіректегі наз екен...
Біздер шеккен азапты
Боларсың көрсең дуана,
- деген жолдары қосылды.
«Ел құрсауы - ер жігіт» (Мүдияға арнауы) - 1921 - 22 жылдары Еділ, Жайық арасында бой тасалаған ақ офицері Киселев бандаларын талқандауда қаза тапқан ер жүрек халық жасақшылары Қайыржан, Мүдия, Есенияз деген жігіттерге арналған.
1973 жылы толғау мәтінін жинақты құрастырушыға жолдаған Х.Қонатыров үзінділері «Алқаласа әлеумет» (1991), «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1993) жинақтарында жарық көрген.
Бұл басылымда Х.Қонатыров жазбасы негізге алынды. Шығарманың соңғы жағындағы «қызыл тозаң қандарға дейін» деп аяқталатын 19 жол, «Душар келді банды жау» деп басталып, «Иесіз қалды ауылың» деп бітетін 62 жол П.Мағазов құрастырған жинақтан қосылып, толықтырылып берілді.
Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорындағы (808-бума, 1-7-беттер) өлең жолдары аталған жазбаларға ұқсас келеді.
«Октябрь мерекесіне» - Қазан төңкерісінің 13 жылдығына арналған. Жинақты құрастырушыға Х.Қонатыров жолдаған (1973) мәтін бойынша берілді. Академия қорында бір жазбасы (808- бума) сақталған. Бұл толғаудың бір мәтіні «Коммунистік еңбек» (1990, 15 шілде) газетінде жарияланған. Қысқаша мәтіндері «Алқаласа әлеумет» (1991), «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1993) жинақтарында жарық көрген. Толық бір нұсқасы П.Мағазов құрастырған «Жыр-дастан» (1992) жинағында басылды. Бұрын Х.Қонатыров жазбасында қысқарған бірді-екілі жолдар осы «Жыр-дастан» жинағындағы мәтіні бойынша қосылды.
«Біз шықтық Астраханнан қияланып» - Насихат ақынның Астраханнан Оралға дейінгі айдаудағы жолсапарындағы тебіреніс-толғанысы. Түрмедегілердің тұрмыс-тіршілігі жол бойындағы жер-су, азапты жолдағы ызалы ойлары бейнеленген.
1991 жылы атыраулық оқытушы С.Мұханбетов бұл шығарманың үзіндісін жариялады. Онда «Біз шықтық Астраханнан қуаланып» деп аталыпты. Біздің қолымызға газет қиындысы ғана кезіккен себепті қай газет екені белгісіз болды.
Өлке зерттеуші М.Нығметоллаевтың 1991 жылы 17 тамызда «Маңғыстау» газетінде жарияланған Насихат жөніндегі деректеріне қарағанда автордың әкесі бұл шығарманың түн жарымдай уақытқа жететіндігін айтқан екен («Коммунистік еңбек»).
Шығарманың толықтау нұсқасы П.Мағазов құрастырған «Жыр-дастан» (1992) жинағында жарияланды. Онда шығарма аты - «Біз шықтық Астраханнан қияланып». Гурьевке Орал арқылы айдалғанын білдіретін бұл шығарманың «қияланып» деуі қисынға келеді. Бұл басылымда П.Мағазов құрастырған жинақтағы мәтіні берілді.
«Танысу» (Азаудағы ағайындар алдында) - ел арасында «Азау жерінде айтқаны» деп те аталады.
Бұл шығарманың шығу тарихы мынадай: 1928- 30 жылдар Атырау облысындағы облыс әкімшілігі бұрын жеке мал шаруашылығымен айналысқан ауылдарды балықшы, егіншілік кәсіптерге орай көшіре қоныстандыра бастайды. Жылыой шаруаларынан Балықшы ауданындағы Еркін қаладағы балықшы колхозын ұйымдастырады.
Мыңтөбе жерінен бірқатар шаруаларды Астрахань облысы Краснояр ауданының «Азау» мекеніне көшіріп апарады. Астраханның әр жерінде және Азау өңірінде қазақ қандастар бұрыннан да аз болмаса керек.
П.Мағазовтың жазуына қарағанда («Жыр-дастанда») Насихат та үй ішімен Азау жеріне көшіп барады. Біздің байқауымызша, Насихат үй іші қаншалықты болса да алғашқы ауылдардан кейін барғанға ұқсайды. 1929-30 жылдардағы қудалау Насихаттың қоныс аударуына эсер еткен. Сүйтіп, Насихат ақын 1930 жылы Нарын аймағындағы Мыңтөбеден Азау мекеніндегі ағайындарына көшіп барады. Насихат келді деп жұрт көп жиналса керек. Осы басылымдағы толғауларды ақын өзін таныстырып, сол кездесуде айтады.
Бірқатар басылымдарда «Танысуды» «Тауға біткен қайыңның» деп бастайды. Сол алғашқы 10 жолы Қаратоқай Беріш Есет жыраудікі, Қазан төңкерісінен бұрынғы және кейінгі жинақтарда жарияланған Есет толғауынан. Одан кейінгі жеті жол да бірқатар ақын, жырауларда кездеседі. Сондықтан бұл шығарманы «Шалқыған көлге қу қонар» деген әсерлі жолмен бастаған дұрыс.
Көптеген шумақтардан (тараулардан) тұратын бұл тебіреніс, толғаныс дастанның жекелеген шумақтары «Коммунистік еңбек» (3.07.1986) газетінде, «Алқаласа әлеумет» (1991), «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1993) жинақтарында, толық мәтіні «Коммунистік еңбектің» 1989 жылғы 1-қарашадағы санында және П.Мағазов құрастырған «Жыр-дастан» (1992) жинағында жарияланған.
Бұл басылымда осы жинақты құрастырушыға 1973 жылы Х.Қонатыров жолдаған ең негізгі нұсқасы беріліп отыр. Х.Қонатыров пен П.Мағазов мәтіндері салыстырылып, дастанның соңғы жағындағы:
Қырмызы жібек қызыл тон
Жыртылар тозса жағасы.
және:
Сан азамат құралса,
Ойлап жетер санасы.
Сондай-ақ,
«Айтып-айтпай немене» деп басталып, «көпшіліктің бағасы» деп аяқталатын жеті жол, «Еркін жүріп, тел өскен» деп басталып, «Болды ма деп шамасы» деп бітетін бес жол П.Мағазов құрастырған жинақ бойынша қосылып, толықтырылып берілді.
«Еділ-Жайық — екі су» - кеңестік қудалаудан ығысып, Астрахань аймағындағы ағайындарына көшіп барған Насихатты 1930 жылы жазықсыз тұтқындап, одан Гурьевке (Атырауға) әкеледі. Сол азапты күндерде шығарған тебіреніс-дастаны. Түрмеден босанып шыққаннан кейін жыршыларға өзі үйретеді.
Дастан үзінділері «Коммунистік еңбек» (03.07.1986) газетінде, «Алқаласа әлеумет» (1991), «Қазақ поэзиясының антологиясы» (1993) жинақтарында, толық мәтіні «Жыр-дастан» (1992), «Қапаста жазылған хаттар» (1993) жинақтары мен «Жұмысшы» (Түрікменстан, 21.04.1993), «Маңғыстау» (20.08.1991) газеттерінде жарық көрді.
Осы басылымға жинақты құрастырушыға 1973 жылы Х.Қонатыров жолдаған толық жазбасы берілді.
Бұл дастанның Қазақстан Республикасы Fылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорында үш жазбасы сақталған: 1) 808-бума; 2) 1132-бума, 8-дәптер, жинаған Қоспан Нарызбайұлы; 3) 1589-бума, жинап, тапсырған Т.Күнтуғанов.
Құрастырушы мұрағатында дастанның бұлардан басқа Ғаббас Әбуов, Орал университетінің профессоры Мәтжан Тілеужанов жолдаған жазбалары бар.
Аталған мәтін, жазбалардың мазмұн-мәнінде айта қалғандай өзгерістер шамалы. Өлең жолдарының ауысуы мен сөз өзгерістері ғана кездеседі. Бәрін салыстырып қарағанда ең толығы, әрі көркемі Х.Қонатыров жазбасы саналды.
«Қазіргі заман түрі» - Насихат ақын бұл толғау шоғырын отызыншы жылдарда елдегі мұсылман діні өкілдерімен бір кездесуде айтыпты. П.Мағазов құрастырған «Насихат Сүгірұлы. Жыр-дастан» (1992) жинағынан.
«Ауылға келгенде» - Насихат жолсапардан оралғанда ауыл, ел адамдары жиналып келіп, ақынды аңсай қарсы алады екен. Сондай кездің бірінде шығарылған ақыл-нақыл, насихат толғаулар. П.Мағазов құрастырған жинақтан. Екі рет қайталамас үшін өзге шығармаларында кездесетін кейбір шумақтар қысқартылып берілді.
«Октябрьге 15 жыл» - П.Мағазов құрастырған «Насихат Сүгірұлы. Жыр-дастан» (1992) жинағы бойынша жарияланып отыр.
Профессор Мәтжан Тілеужанов жинаған деректер мен өлкетанушы Мақсот Нығметоллаев мақалаларына қарағанда Насихаттың «Қарашашпен айтысы», «Қамқамен айтысы», «Шекелі қызбен айтысы», «Әйіпке хат» сияқты шығармалары да болыпты. Бұл деректерді Насихатты көре қалған көнекөз қариялар айтса керек. Бірақ, аталған шығармалар құрастырушыға да, ел ішіндегі ақын мұраларын жинаушыларға да кездесе қойған жоқ. Сол себепті бұл жинаққа ене алмады. Халық жадында сақталып, табылып жатса, олар да келешекте ел игілігіне айналары сөзсіз.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру