Өлеңдер мен аудармалар. Бірінші кітап
Абай Құнанбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Абай лирикасы – мазмұнға бай, өзінің әлеуметтік рухымен ерекшеленетін шығармалар. Ақындық өнердің мақсатын түсінген Абай өз кезеңіндегі әдебиетке сын айта білді. Лирикалық шығармаларының тақырыбы бір арнамен шектелмейтін ақын әлеуметтік мәселелер мен теңсіздікті баяндайды. Махаббат, әйел теңдігі ...
1855-1881
ШЫҒЫС АҚЫНДАРЫНША
Иузи — рәушан1, көзі — гәуһар2,
Ләғилдек3 бет үші әхмәр4.
Тамағи қардан әм биһтар5,
Қашың құдрет6, қоли шигә7.
Өзәң гүзәлләра рәһбар8,
Сәңә ғишық болып кәмтар,
Сүләйман, Ямшид, Искандәр,
Ала алмас барша мүлкигә.
Мүбәда9 олса ол бір кәз,
Тамаша қылса йузмә-йуз.
Кетіп қуат, йұмылып көз,
Бойың сал-сал бола нигә?
ФЗУЛИ, ШӘМСИ, СӘЙХАЛИ
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз — бу һәммәси
Мәдәт бер я шағири10 фәрияд11.
(„ӘЛИФБИ" ӨЛЕҢІ)
Әлифдек ай йузіңе ғибрат12 еттім,
Би, бәләи13 дәртіңа14 нисбәт15 еттім.
Ти, тілімнән шығарып түрлі әбиат16,
Си, сәнаи17 мәдхия18 хұрмәт еттім.
Жем, жамалың19 қандай ақ рузи20 маған,
Ха, хәлиллик21 таппадым; жаным, сәнан.
Хи, халайық, мен емес, бәрі ынтизар,
Дәл, дариға ғишық оты бермес аман.
Зәл, зәлиллік22 көрген соң, сайрай бер, тіл,
Ре, риза қылмағынды, яр23, өзің біл.
Зи, зәһәрдай24 күйдірді ғишқың қатты,
Сын, сәләмат қалмағым болды мүшкіл.
Шын шикәр ләб25 есіме түскен сайын,
Сат, сабырым қалмады, мен не әйләйін.
Зат, зайғ26 өмірім өтті менің бекер,
Тай, талаптан әйтеуір құр қалмайын.
Зай, залым көп қылыш боп жанға оқталды,
Ғайін, ғақылымды басымнан тартып алды.
Ғайын, ғариблік басыма түскеннен соң,
Фи, файдаң тие ме деп жаза салды.
Қаф, қабыл болар ма екен жазған хатым,
Кәф, кәмил27 ақылың, асыл затым.
Ләм, ләбіңнен ем қылсаң мен дерттіге,
Мен, меһріңнен қалмас ед бар апатым.
Нон, налә ғып қайғыңмен күйдірдің көп,
Уау, уәйлана28 ғишқың уайым жеп,
Һи, һеш файдаң тимесе өлді ойлаңыз,
Ләм әлиф, лә иләһа илалла29 деп.
Я, ярым, қалай болар жауап сөзің,
Мәт — қасың, тәштит — кірпік, сәкін — көзің30.
Үтірмен асты-үстілі жазуда бар,
Болуға асты-үстілі көнсең өзің.
ШӘРІПКЕ
Түңлікбайдың қатыны, атың — Шәріп,
Байға жарып көрмеген сен бір кәріп.
Сен – шыққан жол үстінде жалғыз түп ши,
Көрінген ит кетеді бір-бір сарып.
АБЫРАЛЫҒА
Мен жасымнан көп көрдім
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қираәтін31 оқытып
Көріп еді, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді32.
Намазшамның33 артынан
Құржаң-құржаң етеді.
Жер ұшық34 берген кісідей
Тоңқаңдай ма, не етеді.
Нәпіл түгіл, намазы —
Бәрі желге кетеді.
„Еннатайына кәлкәусар"35,
Пашол дереу, күнәкар.
Аяғын ойлап айтқаны:
"Әні-шаны күлаптар".
Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар.
ЖАҚСЫЛЫҚҚА
Аяғыңды аңдап бас, ей, Жақсылық!
Өз басыңда жының бар бір бақсылық.
Борышқорлық — адамға қиын нәрсе,
Әрқайда өсіткізеді мал тапшылық.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
КЕҢ ЖАЙЛАУ — ЖАЛҒЫЗ БЕСІК ЖАС БАЛАҒА
Кең жайлау — жалғыз бесік жас балаға,
Алла асыраған пендесі аш бола ма?
Ержеткен соң сыймайсың кең дүниеге,
Тыныштық пен зар боларсың баспанаға.
САП, САП, КӨҢІЛІМ, САП, КӨҢІЛІМ!
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Саяламай, сай таппай,
Не күн туды басыңа,
Күні-түні жай таппай?
Сен жайыңа жүргенмен,
Қыз өле ме бай таппай?
Түн кезгенің мақұл ма,
Жан-жағыңа жалтақтай?
Өлермін деп жүрмісің,
Мұнан басқа жан таппай?
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сабыр түбі — сары алтын.
Сабыр қылсаң, жайыңды
Білер ме екен бекзатым?
Көңіл аулап, сөз айтар
Арадағы тілхатым,
Ағын судай екпіндеп,
Лайы жоқ суатым.
Ауру да емес, cay да емес,
Құрыды әл-қуатым.
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сана қылма бекерге.
Сан қылғанмен пайда жоқ,
Дүние даяр өтерге,
Ажал даяр жетерге.
Қош, қыз алсын қойнына,
Бейнет көрмей, дәулет жоқ,
Әлі барып кетерге,
Оныменен бойыңа
Иман, дәулет бітер ме?
Адалды сатсаң арамға,
Құдай қабыл етер ме?
Қыз сүйеді мені деп,
Оған көңіл көтерме!
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сарқа берме санасып.
Бәрін өзің білсең де,
Әлі-ақ өзің танасың,
Өртенесің, жанасың.
Өз-өзіңнен бейнетке
Өз басыңды саласың.
Қай мезгілде тойғыздың
Аюдайын ағасын,
Қатыны мен қалашын?
Қарсақ жортпас қара адыр,
Қарамай неге шабасың?
Сонда тәуір бола ма,
Ұстап aп біреу сабасын?
Киіміңді тонасын,
Елге де күлкі боласың.
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Сағынышқа сарғайма!
Жай жүрсең де қыз қумай,
Сені біреу қарғай ма?
Қыз іздесең, қалың бер,
Мұным ақыл болмай ма?
Көріп алсаң көріктіні,
Таңдап алсаң тектіні,
Сонда да көңіл толмай ма?!
1882-1883
ҚАНСОНАРДА БҮРКІТШІ ШЫҒАДЫ АҢҒА
Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас — бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда.
Томағасын тартқанда бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Төмен ұшсам, түлкі өрлеп құтылар деп,
Қандыкөз36 қайқаң қағып шықса аспанға,
Көре тұра қалады қашқан түлкі,
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,
О да талас қылады шыбын жанға.
Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,
Шабар жерін қарамай жығылғанға.
Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,
О дағы осал жау емес қыран паңға.
Сегіз найза қолында, көз аудармай,
Батыр да аял қылмайды ертең таңға.
Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.
Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Біреуі — көк, біреуі — жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.
Қар — аппақ, бүркіт — қара, түлкі — қызыл,
Ұқсайды хасса37 сұлу шомылғанға.
Қаpa шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк-бүлк етпей ме сипанғанда,
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.
Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,
Және ұқсар тар төсекте жолғасқанға.
Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,
Қыран бүктеп астына дәл басқанда.
Құсы да иесіне қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.
"Үйірімен үш тоғыз" деп жымыңдап,
Жасы үлкені жанына байланғанда,
Сілке киіп тымақты, насыбайды
Бір атасың көңілің жайланғанда.
Таудан жиде тергендей ала берсе,
Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.
Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,
Аң болады кеңесің құс салғанда.
Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.
Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға
Бәрі де анық тұрмай ма ойланғанда.
Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң.
Көлеңкесі түседі көкейіңе,
Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң.
Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,
Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.
БОРОДИНО
(М. Ю. Лермонтовтан)
— Айтшы, аға, неғып жеңілдік,
Мәскеуде емес тегіндік,
Болған білем соқтығыс,
Емес білем аз жұмыс.
Ұмытпайды еш орыс
Бородинде көргенді.
— Ондағы біздің адамдар
Сендердей емес, балаңдар.
Қиын тиді оларға,
Аз кісі-ақ қайтып санарға
Қол салмаққа кәртечке38
Ол күн болды, күн кешке,
Қас қарайып, болды түн.
Штык, қылыш қайрасып,
Ширатып мұртын шайнасып,
Ашулы солдат қыстықты:
"Қойса екен бізді тыюын,
Айтса екен бізге қиынын,
Жыртпасақ жаудың киімін,
Біз не етеміз штыкті?!."
1884
ҚАҚТАҒАН АҚ КҮМІСТЕЙ КЕҢ МАҢДАЙЛЫ
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.
Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақторғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтайдай жаурыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Қолаң қара шашы бар жібек талды,
Торғындай толқын ұрып, көз таңдайды.
Қандай қызда ләззат бар жан татпаған,
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған.
Он сегіз, он тоғызға келгеннен соң,
Алмасы өкпе болар қол батпаған.
Бұлардың кейбірінің мінездері —
Еш нәрсе көрмегенсіп бұртақтаған.
Кейбірі жайдары, ашық боламын деп,
Орынсыз адамдармен жыртақтаған.
Әуелден сұлу жайы бізге мәлім,
Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған.
Кей жігіт мактан үшін қылық қылмай,
Бойына майдалықпен сыр сақтаған.
Кей жігіт арсыздықпен, ұятсынбай,
Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.
Орынды іске жүріп, ой таппаған,
Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт,
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.
1885
ЖАСЫМДА ҒЫЛЫМ БАР ДЕП ЕСКЕРМЕДІМ
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм39 қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы — бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазақта қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
ӘМ ЖАБЫҚТЫМ, ӘМ ЖАЛЫҚТЫМ
Әм жабықтым, әм жалықтым,
Сүйеу болар қай жігіт,
Көңілден кеткен соң тыным?
Әм сүйіндім, әм түңілдім,
Үнемі неткен үміт,
Өткен соң бар жақсы жылым?
1886
ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЙҚЫ СЕРГЕК
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың — ашыған у, ойың — кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.
Ер ісі — ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы — өле көрмек.
Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,
Еріншек ездігінен көпке көнбек.
Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.
Адамзат тірілікті дәулет білмек,
Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек.
Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп,
Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?
Наданға арам — ақылды құлаққа ілмек,
Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек.
Рас сөздің кім білер қасиетін,
Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек.
Қызыл арай40, ақкүміс, алтын бергек
Қызықты ертегіге көтерілмек.
Ақсақалдың, әкенің, білімдінің
Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек.
Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
Таразы да, қазы да өз бойында,
Наданның сүйенгені — көппен дүрмек.
Алашқа іші жау боп, сырты күлмек,
Жақынын тіріде андып, өлсе өкірмек.
Бір-екі жолы болған кісі көрсе,
Құдай сүйіп жаратқан осы демек.
Ел бұзылса, құрады шайтан өрмек,
Періште төменшіктеп, қайғы жемек.
Өзімнің иттігімнен болды демей,
Жеңді ғой деп шайтанға болар көмек.
Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,
Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,
Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?
Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,
Адалдық, арамдықты кім теңгермек?
Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
Иттей қор боп, өзіне-сөз келтірмек.
ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙРАТ ҚАЙТТЫ, ҰЛҒАЙДЫ АРМАН
Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман,
Шошимын кейінгі жас балалардан.
Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,
Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.
Бай алады кезінде көп берем деп,
Жетпей тұрған жерінде тек берем деп.
Би мен болыс алады күшін сатып,
Мен қазақтан кегіңді әпперем деп.
Жарлы алады қызметпен өткерем деп,
Елубасы шар салып41, леп берем деп.
Жалаңқая жат мінез жау алады,
Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп.
Дос алады бермесең бұлт берем деп,
Жауыңа қосылуға сырт берем деп,
Бұзылған соң мен оңай табылмаспын,
Не қылып оңайлықпен ырық берем деп.
Сұм-сұрқия — сұмдықпен еп берем деп,
Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп,
Жүз қараға екі жүз аларман бар,
Бас қатар бас-аяғын тексерем деп.
Ел жиып, мал сойыңыз ет берем деп,
Ет берсем, сен мендік бол деп берем деп,
Қара қарға сықылды шуласар жұрт,
Кім көп берсе, мен соған серт берем деп.
Бұзыларда ойламас бет көрем деп,
Ант ішуді кім ойлар дерт көрем деп.
Қабаған итше өшігіп шыға келер,
Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп.
Орыс айтты өзіңе ерік берем деп,
Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп.
Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ,
Ұлық жүр бүл ісіңді кек көрем деп.
Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп,
Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп.
Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен,
Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп?
Атаны бала аңдиды, ағаны — іні,
Ит қорлық немене екен сүйткен күні?
Арын сатқан мал үшін антұрғанның
Айтқан сөзі құрысын, шыққан үні.
Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып,
Аямай, бірін-бірі жүр ғой аңдып.
Мал мен бақтың кеселі ұя бұзар,
Паруардигәр жаратқан несін жан қып?!
Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,
Арын сатып тіленген малы құрсын.
Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,
Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.
Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,
Өз үйінде шертиген паңы құрсын.
* * *
ҚЫРАН БҮРКІТ НЕ АЛМАЙДЫ, САЛСА БАПТАП
Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап,
Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап.
Қыран шықса қияға, жібереді
Олар да екі құсын екі жақтап.
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстінде шықылықтап.
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос салақтап.
Тиіп-шығып, ыза қып, ұстатпаса,
Қуанар иелері сонда ыржақтап.
Не таптық мұныменен деген жан жоқ,
Түні бойы күпілдер құсын мақтап.
Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,
Қайран ел осынымен жүр далақтап.
* * *
ҚАЛЫҢ ЕЛІМ, ҚАЗАҒЫМ, ҚАЙРАН ЖҰРТЫМ
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде — ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн — бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па Құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?
* * *
БАЙЛАР ЖҮР ЖИҒАН МАЛЫН ҚОРҒАЛАТЫП
Байлар жүр жиған малын қорғалатып,
Өз жүзін, оның беріп, алар сатып.
Оның алып, тоқсаннан дәме қылып,
Бұл жұртты қойған жоқ па Құдай атып?
Барып келсе Ертістің суын татып,
Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып,
Елді алып, Еділді алып есіреді,
Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып.
Әрі-бері айналса аты арықтап,
Шығынға белшесінен әбден батып.
Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа.
Құдай құмар қылыпты қалжыратып.
Қорғаласа, қорықты деп қоймаған соң,
Шаптырады қалаға бай да аңдатып.
Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан,
Қолға түсер сілесі әбден қатып.
Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,
Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.
* * *
КӨҢІЛІМ ҚАЙТТЫ ДОСТАН ДА, ДҰШПАННАН ДА
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.
Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмас бастан жыға42 қисайғанда.
Мұнан менің қай жерім аяулы деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда?
Ендігі жұрттың сөзі — ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде осы елде дәнеме жоқ
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.
Байлар да мал қызығын біле алмай жүр,
Жаз жіберіп, күз атын міне алмай жүр.
Сабылтып, күнде ұрлатып, із жоғалтып,
Ызаменен ыржиып күле алмай жүр.
Саудагер тыныштық сауда қыла алмай жүр,
Қолдан беріп, қор болып, ала алмай жүр.
Ел аулақта күш айтқан, топта танған,
Арсыз жұрттан көңілі тына алмай жүр.
Естілер де ісіне қуанбай жүр,
Ел азды деп надандар мұңаймай жүр.
Ала жылан, аш бақа күпілдектер,
Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр.
Бектікте біреу бекіп тұра алмай жүр,
О дағы ұры-қарды тыя алмай жүр.
Қарсылық күнде қылған телі-тентек,
Жаза тартып ешбірі сұралмай жүр.
Қарындас қара жерге тыға алмай жүр,
Бірінің бірі сөзін құп алмай жүр.
Құда-тамыр, дос-жаран, қатын-балаң —
Олар да бір қалыпты бола алмай жүр.
Бір күшті көп тентекті жыға алмай жүр,
Іште жалын дерт болып, шыға алмай жүр.
Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі,
Не пайда, не залалды біле алмай жүр.
Жетілтіп жаз жайлауға қона алмай жүр,
Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр.
Қыс қыстауың — қып-қызыл ол бір пәле,
Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр.
Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,
Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр.
Сәлем — борыш, сөз — қулық болғаннан соң,
Қандай жан сырттан сөз боп, сыналмай жүр?
АДАСҚАННЫҢ АЛДЫ — ЖӨН, АРТЫ — СОҚПАҚ
Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ,
Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз, малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорықпақ.
Бір аршопке43 шапаны сондай шап-шақ,
Мүшесінен буынып, басады алшақ.
Қас алдына жымырып келтірем деп,
Ақ тымақтың құлағы салтақ-салтақ.
Жаздыгүні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,
Қолында бір сабау бар, о дағы аппақ.
Керегеге сабауды шаншып қойып,
Бөркін іліп, қарайды жалтақ-жалтақ.
Қу шалбар қулығына болған айғақ,
Тізесін созғылайды қалталанса-ақ.
Ұстаудағы кісідей мезгілі бар,
Күні бойы шешініп, бір т...-ақ.
Тірі жанға құрбы боп жап-жасында-ақ,
Қалжыңдамақ, қасынбақ, ыржаңдамақ.
Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып,
Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ.
Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері — қу борбай, сымпыс шолақ.
Олардың жоқ ойында малын бақпақ,
Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.
Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,
Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.
БІР ДӘУРЕН КЕМДІ КҮНГЕ — БОЗБАЛАЛЫҚ
Бір дәурен кемді күнге — бозбалалық,
Қартаймастай көрмелік, ойланалық.
Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,
Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық.
Бар ойы — өлең айтып, ән салалық,
Біреуді қалжың қылып қолға алалық.
Қызды ауылға қырындап үйір болса —
Көңіліне зор қуаныш бір бадалық44.
Демеңдер өнбес іске жұбаналық,
Ақыл тапсақ, мал тапсақ, қуаналық.
Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй таңдап тауып,
Көрсе қызар, күнде асық — диуаналық.
Жастықта бір күлгенің — бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен мал табалық.
Той болса, тон киелік, жүр, баралық,
Бірімізді біріміз аударалық.
Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,
Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.
Уайым — ер қорғаны, есі барлық,
Қиыны бұл дүниенің — қолы тарлық.
„Еһе-еһеге" елірме, бозбалалар,
Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық.
Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық,
Алдында уайым көп шошынарлық:
Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік,
Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.
Әсем салдық өлгенше кім қыларлық,
Оған да мезгіл болар тоқталарлық.
Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар,
Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық.
Басында әке айтпаса ақыл жарлық,
Ағайын табылмаса ой саларлық,
Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?
Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,
Үзілмес үмітпенен бос қуардық.
Әйтеуір, ақсақалдар айтпады деп
Жүрмесін деп, аз ғана сөз шығардық.
ЖІГІТТЕР, ОЙЫН АРЗАН, КҮЛКІ ҚЫМБАТ
Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.
Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар әрбір сөзді өз халынша.
Шын көңілмен сүйсе екен, кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе.
Қырмызы, қызыл жібек бозбалалар,
Оңғақ пұлдай былғайды, бір дым тисе.
Керек іс бозбалаға — талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық.
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт45, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.
Жолдастық, сұхбаттастық — бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.
Күйлеме жігітпін деп үнемі ойнас,
Салынсаң, салдуарлық қадір қоймас.
Ер жігіт таңдап тауып, еппен жүрсін,
Төбетке өлекшіннің бәрі бір бәс.
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!
Көп жүрмес жеңсікқойлық, әлі-ақ тозар,
Жаңғырар жеңсікқұмар, жатқа қозар.
Күнде көрген бір беттен көңіл қайтар,
Қылт еткізбес қылықты тамыршы озар.
Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,
Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.
Жар көңліне бір жанын пида қылып,
Білместігің бар болса, қылар сабыр.
Шу дегенде көрінер сұлу артық,
Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.
Бетім барда бетіме кім шыдар деп,
Кімі паңдау келеді, кімі тантық.
Ақыл керек, ес керек, мінез керек,
Ер ұялар іс қылмас қатын зерек.
Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,
Жыртаң-тыртаң қызылдан шығады ерек.
Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң, суық келеді кей сасық ми.
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, риаз46 үстіндегі үй.
Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,
Болмаса мінезінің еш кесегі,
Майысқан, бейне гүлдей толықсыған,
Кем емес алтын тақтан жар төсегі.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
Үйіңе тату құрбың келсе кіріп,
Сызданбасын қабақпен имендіріп.
Ері сүйген кісіні о да сүйіп,
Қызмет қылсын көңілі таза жүріп.
Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі,
Абыройлы қалжыңмен келсін сөзі.
Сен оған мойын бұрып сөз айтқанда,
Қатыныңда болмасын оның көзі.
Кей құрбы бүгін тату, ертең бату,
Тілеуі, жақындығы — бәрі сату.
Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,
Қажымас, қайта айнымас қайран тату!
Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Еңбекпен терін сатып түзден жимас.
Меліш47 сауда сықылды күлкі сатып,
Алса қоймас, араны тағы тоймас.
Асық ұтыс сықылды алыс-беріс —
Тірі жанның қылғаны бүгін тегіс.
Бірі көйтке48 таласып, бірі арам қып,
Төбелескен, дауласқан жанжал-керіс.
Жас бала әуел тату бола қалар,
Ата-анадан жақын боп, ертіп алар.
Бірін бірі құшақтап шуылдасып,
Ойын тарқар кезінде ұрыс салар.
Біреуі жылап барса үйге таман,
Ата-анасы бұрқылдар онан жаман.
Татулығы құрысын ойыны мен,
Дәл соларға ұқсайды мына заман.
Жаман тату қазады өзіңе op,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор.
Қазақтың қайсысының бар санасы?
Қылт етерде дап-дайын бір жаласы.
Пысықтықтың белгісі — арыз беру,
Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы.
ПАТША ҚҰДАЙ, СЫЙЫНДЫМ
Патша Құдай, сыйындым,
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды
Тобықтының езіне.
Самородный49 сары алтын,
Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны,
Садаға кеткір, сұрайды
Самарқанның бөзіне.
Кеселді түйін шешілсе,
Кердең мойын кесілсе,
Келмей кетпес кезіне.
О да — Құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің
Тәңірінің құрған тезіне?!
БАЗАРҒА, ҚАРАП ТҰРСАМ, ӘРКІМ БАРАР
Базарға, қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу — маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар,
Сомалап ақшасына сонан алар.
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай, аң-таң қалар.
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң, жерде қалмас тесік моншақ,
Біреуден біреу алып, елге тарар.
Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой,
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.
"Ит маржанды не қылсын" деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.
ИНТЕРНАТТА ОҚЫП ЖҮР
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы —
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы —
Білсем деген таласы.
Прошение50 жазуға
Тырысар, келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы?
Нан таппаймыз демейді,
Бүлінсе елдің арасы.
Иждиһатсыз51, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Орыс теріс айтпайды
Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар
Қу менен сұм боларды,
Орыста қалар жаласы.
Бұл іске кім виноват52:
Я Семейдің қаласы,
Я қазақтың аласы?
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой,
Көңілінде жоқ санасы.
Ақылы кімнің бар болса,
Демес мұны тілі ащы.
Айтыңызшы, болсаңыз
Здравомыслящий53,
Ақыл айтпай ма ағасы?
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный54 қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Қалай сабыр қыласың,
Жазықсыз күнде сөгуге?
Өнерсіздің қылығы —
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге.
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге.
Алыс та болса іздеп тап,
Кореннойға55 кіруге,
"Талапты ерге нұр жауар",
Жүріп өмір сүруге.
Я байларға қызмет қыл,
Ерінбей шауып желуге.
Адал жүріп, адал тұр,
Счетың56 тура келуге.
Жаныңа жақса, соңынан
Жалқауланба еруге.
Қисық болса, закон бар
Судьяға беруге.
Ол да оязной емес қой,
Алуға теңдік сенуге.
Я өз бетіңмен, тәуекел,
Занимайся прямотой57.
Жеңіл көрме, бек керек
Оған да ғылым, оған да ой,
Қалайынша қайда енуге.
* * *
ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ —
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой —
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі58,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі59,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай, немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса мейлі, сол айтты —
Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір60 болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.
Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл — мизан61, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме,
Сізге айтамын, қаупім — бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі — тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл —
Ғұламаһи Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл — гүл.
* * *
ШОҚПАРДАЙ КЕКІЛІ БАР, ҚАМЫС ҚҰЛАҚ
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.
Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,
Қабырғалы, жотасы болса күшті.
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті.
Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.
Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,
Көтендігі сығыңқы, аламайлы.
Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.
Шідерлігі жуандау, бота тірсек,
Бейне жел, тынышты, екпінді, мініп жүрсек.
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек.
Тығылмай әм сүрінбей, жүрсе көсем,
Иек қағып, еліріп басса әсем.
Шапса — жүйрік, мінсе — берік, жуан, жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем.
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың, қолыма бір тигізбей!
ЖАЗ
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай
Айнала шауып бұлтылдап,
Жоғары-төмен үйрек-қаз
Ұшып тұрса сымпылдап, —
Қыз-келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Ақ білегін сыбанып,
Әзілдесіп сыңқылдап.
Мал ішінен айналып,
Көңілі жақсы жайланып,
Бай да келер ауылға,
Аяңшылы жылпылдап;
Сабадан қымыз құйдырып,
Ортасына қойдырып,
Жасы үлкендер бір бөлек
Кеңесіп, күліп сылқылдап.
Жалшы алдаған жас бала
Жағалайды шешесін,
Ет әпер деп қыңқылдап.
Көлеңке қылып басына,
Кілем төсеп астына,
Салтанатты байлардың
Самаурыны бұрқылдап;
Білімділер сөз айтса,
Бәйгі атындай аңқылдап,
Өзгелер басын изейді,
Әрине деп мақұлдап.
Ақ көйлекті, таяқты
Ақсақал шығар бір шеттен,
Малыңды әрі қайтар деп,
Малшыларға қаңқылдап,
Бай байғұсым десін деп,
Шақырып, қымыз берсін деп,
Жарамсақсып, жалпылдап.
Шапандарын белсенген,
Асау мініп теңселген
Жылқышылар кеп тұрса,
Таңертеңнен салпылдап,
Мылтық атқан, құс салған
Жас бозбала бір бөлек
Су жағалап қутыңдап;
Қайырып салған көк құсы
Көтеріле бергенде,
Қаз сыпырса жарқылдап.
Өткен күннің бәрі ұмыт,
Қолдан келер қайрат жоқ,
Бағанағы байғұс шал
Ауылда тұрып күледі,
Қошемет қылып қарқылдап.
КӨКБАЙҒА
Сорлы Көкбай жылайды,
Жылайды да жырлайды.
Ол жыламай қайтіп тұрады,
Мынау азған қу заман
Қалыбында тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды,
... болмаған соң
Жылауына зорлайды.
КӨЖЕКБАЙҒА
Жамантайдың баласы Көжек деген,
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
ІІІіркінде ес болсайшы сезед деген.
ӨКІНІШТІ КӨП ӨМІР КЕТКЕН ӨТІП
Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік.
Ойшылдың мен де санды бірімін деп,
Талап, ойсыз, мақтанды қалдым күтіп.
Үлгісіз жұртты үйретіп, қалдық кейін,
Көп надандар өзіне тартар бейім.
Арылмас әдет болды күлкішілдік,
ЬІржаң-қылжаң ит мінез дегендейін.
Тура тілді кісіні дейміз орыс,
Жиреніп, жылмаңдықты демес бұрыс.
Жылпылдақтан айрылып, сенісе алмай,
Адамдықты жоғалтар ақыр бұл іс.
Сенімі жоқ серменде62 сырды бұзды,
Анық таза көрмейміз досымызды.
Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ,
Жүрегінде жатады өкпе сызы.
Дос-асықтың болмайды бөтендігі,
Қосылған босаспайды жүрек жігі.
Біздің доспыз, асықпыз дегеніміз —
Жалғандықтан жасалған көңіл жүгі.
Сеніскен досым да жоқ, асығым да,
Ақыры өлең қылдым, жасыдым да.
Көрмеген көп дүние көл көрінді,
Кірлемеген көңілдің ашығында.
Құдай берген бұл достық — кәннің63 бірі,
Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі.
Қолдан достық жасап ем болар-болмас,
Итмұрындай наданның жыртты бірі.
Сол досты сая таппай іздейді жан,
Жоқтайды күңіреніп, қозғалып қан.
Жау жабылса бұзылмас жан көрмедім,
Артық жолдас таппадым татулықтан.
1887
САБЫРСЫЗ, АРСЫЗ, ЕРІНШЕК
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар, жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін
Алты бақан, ала ауыз.
Өзін өзі күндейді,
Жақының жалған міндейді,
Ол — арсыздық белгісі.
Ұятсынбай, ойланбай,
Қой дегенге тіл алмай,
Іс қылмай ма ол кісі?
Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ ырғып түсем деп,
Мертігеді, жатады.
Ұрлықпен мал табам деп,
Егессе, ауыл шабам деп,
Сүйтіп Құдай атады.
Бұл нең десе, біреуге
Жоқ нәрсені шатады.
Құтылам деп ісінен,
Бәрін көріп кісіден,
Шығынға әбден батады.
Бұл болмаса онысы,
Аударылып қонысы,
Алыстан дәм татады.
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады.
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы
Үйде жарап қатады.
Еңбегі жоқ, еркесіп,
Бір шолақпен серкесіп,
Пысық деген ант шықты.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.
Пысық кім деп сұрасаң —
Қалаға шапса дем алмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай;
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік, өсек мақтанға
Ағып тұрса бейне су,
Ат-шапаннан кем көрмес,
Біреу атын қойса „қу";
Қу нәпсісін тыя алмай,
Атым шығып жүрсін деп,
Берекеге қас болса,
Желіктірген айтаққа
Арақ ішпей маc болса,
Ел тыныш болса, азады,
Ерігіп өле жазады.
Үйде отырса — салбырап,
Түзге шықса — албырап,
Кісіні көрсе, қылжаңдап,
Қалжыңшылсып ыржаңдап,
Өз үйінде қипаңдап,
Кісі үйінде күй тандап;
Ақылы бар кісіні
Ғайбаттайды, даттайды.
Ауқаты бар туғанды
Қайырсыз ит деп жаттайды.
Мал мен бақтың дұшпаны —
Кеселді пысық көбейді,
Күшік иттей үріп жүр,
Кісіден кеммін демейді.
Қу тілменен құтыртып,
Кетер бір күн отыртып,
Қызмет қылған кісісін
Құрытуға таяйды.
Қылып жүрген өнері:
Харекеті — әрекет.
Өзі оңбаған антұрған
Кімге ойлайды берекет,
Кімді ұялып аяйды?
Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің,
Өңкей жалған мақтанмен
Шынның бетін бояйды.
Бұл сөзімде жалған жоқ,
Айтылмай сөзім қалған жоқ,
Абайлаңыз, байқаңыз,
Елдің жайы солай-ды.
* * *
БӨТЕН ЕЛДЕ БАР БОЛСА
Бөтен елде бар болса
Ежеттесің, сыйласың,
Сыбырлас, сырлас көп болған
Көптен тату қимасың,
Басыңа жұмыс түскен күн
Татулықты бұрынғы
Не қылып ол ойласын?
Ашып берер жауыңа
Өзі көрген қоймасын.
Желіккен жауға кез болса,
Араздығы сөз болса,
„Бәрекелді, батыр" деп,
„Мықты боп бара жатыр" деп,
Мақтап-мақтап қоздырар.
Ескі досын көргенде,
Есебі жоқ ант ішіп,
Аруақ, Құдай айтысып,
Сыр алғалы айттым деп,
Жауыңды алдап қайттым деп,
Құдайдан қорықпай, антұрған,
Иман жүзін тоздырар.
Келіп-кетіп көп жүріп,
Мен досыңмын деп жүріп,
Дұспандығын оздырар.
Алдайды деп жауыңа,
Ел тарттырмай баурыңа,
Көрінгенді азғырар.
Кеселді болып бітеді
Жақсыға біткен жақындар.
Жау жағадан алған күн
Өздері иттей тақымдар.
Үйде отырып ескенде,
Бәрі шешен қақылдар.
Аулаққа шығып, біріне
Бірі сөзін мақұлдар.
Жау көп болса басында,
Бірі қалмас қасыңда,
Жетектесең, табандар.
Далаға шығып, өзіңді
Жаудан бетер жамандар.
Жалбарынып күн көріп,
Жақынын сатып, жөн көріп,
Қалтаң-құлтаң амалдар.
Туысқанға кекшілі
Жас баладан бетер-ді,
Ойлау да жоқ, білу жоқ
Келер менен кетерді.
Жақынға еріп, мал салмай,
Жауды көріп, жан салмай,
Қайдан ғана біледі
Ауыр менен жеңілдің
Арасымен өтерді?
Жолдас аз боп сасқанда,
Әуел сонан есітесің
„Ат үстінен көтерді".
Ауыр жұмыс кез болса,
Араздығы сөз болса,
Араз кісі болғансып,
Сылтау етер бекерді.
Үйренбейді кісіден
Кіржіңдеп жүріп кекерді.
Оңалып егер алдыңыз,
Әр жерден-ақ көбейер
Ажарлыңыз, малдыңыз.
Пәленшені ұрам деп,
Түгеншені қырам деп,
Таршылықта қайрандап,
Кеңшілікте ойрандап,
Көп батырға қалдыңыз.
Егер тілін алсаңыз,
Бірі қалмас кісіден.
Егер тілін алмасаң,
Бықсып шірір ішінен.
Әркімде-ақ бар ғой туысқан,
Қайсысы жауды қуысқан?
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда,
Арылмас міндет болған соң,
Әркімнің көңілі суысқан.
Жақсыға біткен ағайын
Өз үйінде кезексіз
Шешен келер сартылдап.
Біреу білер жер келсе,
Сөз таба алмас қалтылдап.
Қалжыңға келер шорқақтау,
Жауға келер қорқақтау,
Еркін жерде ызақор.
Томырық келер тарқылдап.
Әдеппенен тамылжып,
Мінезі тәтті болмайды,
Сасық паңдау келеді,
Қырт, мақтаншақ оңбайды,
Кісімсініп жалпылдап.
Біреуге өктем іс қылса,
Өз күшім деп ойлайды.
Егер күші жүрмесе,
Бағанағы жақсының
Қылғаны деп қоймайды.
Жат айбынар ісі жоқ,
Жау айдынар күші жоқ,
Өз еркіне жіберсең,
Ешнәрсеге тоймайды.
Қалжыңы — теріс, сөзі — ұрыс,
Айтқан сөзге көнбейді.
Өз тентегін көрмейді,
Қазан бұзар бір қырыс.
Сондай кесел туысқан
Қай жерінен болады
Көңілге медеу, ол тыныс?
Жалығуды пәледен
Жұрт ұмытты біржола.
Шыныменен тамам ел
Кете ме екен ит бола?
Ішкені мас, жеген тоқ,
Уайым айтар біреу жоқ,
Тым болмаса болмады
"Бұлт ала, жер шола".
Келелі кеңес жоғалды,
Ел сыбырды қолға алды.
Ел ішінде бітімші
Түгел алып қайтпайды
Сұрай келген бір малды.
Ел жамаған билер жоқ,
Ел қыдырып сандалды.
Астыртын барып жолғасқан,
Ақша беріп жалғасқан,
Ақысын әрең сол алды.
Орыс сыяз қылдырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер
Аз жүрегін жалғайды.
Орыссыз жерде топ болса,
Шақырған кісі бармайды.
Бітім қылып бір кісі
Адал малын алмайды.
Қызығы кеткен ел бағып,
Қисыны кеткен сөз бағып,
Ендігі атқа мінгендер
Күнде ертеңге талмайды.
Бас қосылса арысқа,
Кім шабады намысқа?
Жатқа қарар беті жоқ,
Жалынбай тұрар көті жоқ,
Ісі кетер шалысқа.
Ел бүлігі Тобықты
Көп пысыққа молықты.
Малдының малын көре алмай,
Борышын түгел бере алмай,
Көрінгенге обықты.
Қазақтың малын сапырып,
Көп бәлеге шатылып,
Кесепатқа жолықты.
Өзінен шыққан жақсылар
Түзей алмай, зорықты.
Бөтен елдің адамы,
Тынбаған соң арамы,
Көңілі әбден торықты.
Саудагер қашты бұл елден,
Несиесін жия алмай.
Бұралқылар сандалды,
Жуандарға сыя алмай.
Сенімсіз болды алашқа,
Барымтасын тыя алмай.
Нанымы жоқ, анты бар,
Ел нұсқасы кетті ғой,
Елмін деген салты бар,
Әлі күнге уайым
Қылған жан жоқ, ұялмай.
ӨЛЕҢ — СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ
Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол — ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Әуелі аят64, хәдис65— сөздің басы,
Қосарлы бәйітмысал66 келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы.
Мешіттің құтпа67 оқыған ғұламасы,
Мүнәжәт68 уәлилердің69 зар наласы.
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,
Әрбірі келгенінше өз шамасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін, жұртты шарлап.
Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап,
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтар Құдай қарғап.
Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап.
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,
Былжырақ көрінеді солар дандақ.
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгімеге
Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.
Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,
Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.
Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме, көп жамандап.
Амалдап қарағайды талға жалғап,
Әркім жүр алар жердің ебін қамдап.
Мақтан қуған, малқұмар нені ұға алсын,
Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап.
Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап,
Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап,
Қақса-соқса, бір пайда түсе ме деп,
Елдің байын еліртіп "жау мұндалап".
Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап —
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.
HAЗAPFA
Мынау келген Назар ма,
Ақсақалды ауыл азар ма?
Сұрағаның бір-ақтай,
Бермейді деп сазарма!
1888
БІРЕУДІҢ КІСІСІ ӨЛСЕ, ҚАРАЛЫ — ОЛ
Біреудің кісісі өлсе, қаралы — ол,
Қаза көрген жүрегі жаралы ол.
Көзінің жасын тыймай жылап жүріп,
Зарланып неге әнге салады ол?
Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл,
Қыз таныстыр — қызыққа жұрт ыржаңшыл.
Қынаменде, жар-жар мен беташар бар,
Өлеңсіз солар қызық бола ма гүл?
Бала туса, күзетер шілдехана,
Олар да өлең айтар шулап жана.
Бұрынғы жақсылардан өрнек қалған,
Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара.
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең.
Өлеңді айтпақ түгіл, ұға алмайсың,
Айтсаң да, ұддасынан70 шыға алмайсың.
Сен білмейді екен деп айтпасын ба,
Неге мұнша сіресіп, құп алмайсың?
Өлең деген — әр сөздің ұнасымы,
Сөз қосарлық орайлы жарасымы.
Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,
Оған кімнің ұнасар таласуы?
Қарны тоқ хасса71 надан ұқпас сөзді,
Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді.
Қадірін жақсы сөздің білер жанға
Таппай айтпа оған да айтар кезді.
Сый дәметпе, берсе — алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?
Сүйсінерлік адамды құрмет қыл,
Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан.
Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.
Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ.
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау.
Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,
Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау!
Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.
КҮЗ
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан.
Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,
Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбыраңқы тартыпты жыртық киім.
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін.
Қаз, тырна қатарланып қайтса бермен,
Астында ақ шомшы72 жүр — ол бір керуен.
Қай ауылды көрсең де, жабырқаңқы,
Күлкі-ойын көрінбейді, сейіл-серуен.
Кемпір-шал құржаң қағып, бала бүрсең,
Көңілсіз қара суық қырда жүрсең.
Кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң,
Үйде ит жоқ, тышқан аулап, қайда көрсең.
Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы,
Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы.
От жақпаған үйінің сұры қашып,
Ыстан қорыққан қазақтың құрысын заңы.
ҚАРАША, ЖЕЛТОҚСАН МЕН СОЛ БІР-ЕКІ АЙ
Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай —
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.
Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,
Талтайып қақтана алмай, өле жаздап.
Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын,
Бір жағынан қысқанда о да азынап.
Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,
Бала шықса асынан үзіп-жұлып,
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,
Үйген жүктің күн жағын орын қылып.
Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит бол сын, азғыр, азғыр!
Асын жөндеп іше алмай, қысылады,
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.
Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін, құдайым-ай!
Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы.
ҚЫС
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы — үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай73 бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып, ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай, теріс айналды.
Қар тепкенге қажымас қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше, Қондыбай, Қанай74 жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
КҮЛЕМБАЙҒА
Уағалайкүмүссәләм,
Болыс, мал-жан аман ба?
Мынадайға кез болдың
Аума-төкпе заманда.
Ел билеген адам жоқ
Ата менен бабаңда.
Болыстықтан пайда қып,
Шығыныңды алсаң, жаман ба?
Қалжыңдаймын әншейін,
Оған келе де бермес шамаң да.
Орныңнан тұра шабасың,
Атшабар келсе қышқырып.
Ояз келсе, қайтер ең,
Айдаһардай ысқырып?
Отырасың үйіңде,
Өз-өзіңнен күш кіріп.
Босқа-ақ түсіп қаларсың,
Біреу кетсе үшкіріп!..
КӨКБАЙҒА
Бұралып тұрып,
Буыны құрып,
Қисайта тартып мұрынын;
Әсемсіп, сәнсіп,
Білгенсіп, бәлсіп,
Әр нәрсенің орынын,
Керенау, кердең, бір керім,
Жақпайды маған сол жерің.
ЖЕЛСІЗ ТҮНДЕ ЖАРЫҚ АЙ
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырып, ән қосып
Үрген ит пен айтаққа,
Келмеп пе едің жол тосып,
Жолығуға аулаққа?
Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл қып,
Елең қағып, бос шошып;
Сөз айта алмай, бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?
ІШІМ ӨЛГЕН, СЫРТЫМ САУ
Ішім өлген, сыртым сау,
Көрінгенге деймін-ау.
Бүгінгі дос – ертең жау,
Мен не қылдым, япырмау?!
Өз үйінде өзендей
Күркірейді, айтса дау.
Кісі алдында кірбеңдеп,
Шабан, шардақ және шау.
Мұндай ма едің ана күн,
Мұның қалай, батыр-ау?
Үш күн арқан босаса,
Бола қалдың бас асау.
Жан қысылса, жайтаңдап,
Жанды еріткен жайдары-ау.
Жан жай тапса, сен неге
Жат мінезсің жабырқау?
Ұрлық пенен қулыққа
Байлағанда, кестің бау.
Берерменде бесеусің,
Аларманда және алтау.
Топ болғанда көресің
Түрлі дауды жүз тарау.
Аяғында сендейлер
Көрмей жүр ме ханталау?
Қайта кірер есікті
Қатты серіппе, жарқын-ау!
Жетілсең де, жетсең де,
Керек күні бір бар-ау.
БОЛЫС БОЛДЫМ МІНЕКИ
Болыс болдым мінеки,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта май
Қалмады, елге тығындап.
Сүйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым мығымдап.
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап.
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап.
Сыяз бар десе, жүрегім
Орнықпайды суылдап.
Сыртқыларға сыр бермей,
Құр күлемін жымыңдап.
Жай жүргенде, бір күні
Атшабар келді лепілдеп:
„Ояз шықты, сыяз бар",
„Ылау" деп, „үй" деп дікілдеп.
Сасып қалдым, күн тығыз,
Жүрек кетті лүпілдеп.
Тың тұяқ күнім, сүйтсе де,
Қарбандадым өкімдеп.
Старшын, биді жиғыздым:
„Береке қыл" деп, „бекін" деп,
„Ат жарамды, үй жақсы
Болсын, бәрің күтін" деп.
Қайраттанып, халқыма
Сөз айтып жүрмін күпілдеп:
„Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін" деп,
Қайраттысып, қамқорсып,
Сайманымды бүтіндеп.
Оңашада оязға
Мақтамаймын елімді,
Өз еліме айтамын:
„Бергем жоқ, — деп, — белімді".
Мақтанамын кісімсіп
Оязға сөзім сенімді.
Көрсеттім деймін, ымдаймын
Кәдік қылар жерімді.
Сөз көбейді, ұлғайды,
Мақтанның көтіне көрінді.
Қазақты жеген қайратты „ер"
Ұрынды да берінді.
Әрлі-берлі тартысып,
Ісі арамы жеңілді.
Алқыны күшті асаулар
Ноқтаға басы керілді.
Үлкен-кіші ақының
Бәрі сөз боп терілді.
Қайрауы жеткен қатты би
Қайрылып нетсін көңілді.
Өз малым деп қойған мал
Иесіне берілді.
Ақылы жандар қамалап,
Кептірді сонда ерінді.
Арызшылар көбейді,
Болыстың көті шөмейді,
Қайтсін байғұс демейді,
Бір кептірмей терімді.
Күн батқанша шабамын
Әрлі-берлі далпылдап.
Етек кеткен жайылып
Ат көті жалпылдап.
Оязға жетсін деген боп,
Боқтап жүрмін барқылдап.
Кейбіреуге таяғым
Тиіп те кетті бартылдап.
Пысықтың көбі бұғып жүр,
Беттесе алмай шаңқылдап.
Ашылып омырау, күн ыстық,
Қойын кетті алқылдап.
Елі жөнді болыстар
Мақтанып жүр тарқылдап,
Күлкісі жақсы қарқылдап,
Үні бөлек сартылдап.
Сөйлесе кетсе бір жерде,
Ағыны қатты аңқылдап.
Оязға кірсе, өзгеден
Мерейі үстем жарқылдап.
Елің бұзық болған соң,
Ояз жатыр шартылдап.
Табаныңнан тозасың,
Құр жүгіріп тарпылдап.
Антұрғанмын өзім де,
Бір мінезбен өтпеймін.
Момындық күшті екенін
Көрсем дағы күтпеймін.
Сыяздан соң елімді
Қысып алып кетпеймін.
Әуелде көті бос кәпір,
Мықтыға не қып беттеймін?
Жуанды қойып, жуасты
Біраз ғана шеттеймін.
Ояз бардағы қылықты
Ояз жоқта етпеймін.
Кәкір-шүкір, көр-жерді
Пайда көріп ептеймін.
Мынау арам, тентек деп,
Еш кісіні теппеймін.
Өзімдік бол деп ел жиып,
Құрастырып, септеймін.
Бұзақының бүлігін
„Жақсы ақыл" деп, „құп" деймін.
Сүйегім жасық, буын бос,
Біраз ғана айлам бар.
Айлам құрсын, білемін
Болыстықтың жолы тар.
Қайтіп көмек болады
Антұрған өңкей ұры-қар?
Көргенім әлгі, ойлашы,
Ұят, намыс, қалды ма ар?
Ендігі сайлау болғанда,
Түсе ме деп тағы шар,
Бұл күніме бір күні
Боламын ғой деймін зар.
Ақыл айтар туғандар,
Бұл сөзімді ойлаңдар.
Кәтелешке көбейді,
Сөгіс естіп, тозды ажар.
Мынау елді ұстарлық
Кісі емеспін, кел, құтқар!
Қолдан келмес қорлыққа
Неге болдым мұнша іңкәр?
Ел жайылды, жетпей ме
Оязға да бір хабар?
Тағы бүйтіп кеттің деп,
Қозғау салар, қолға алар.
Қатты қысым қылған соң,
Басым сотқа айналар.
Кірлі болып түскен соң,
Көрген күнім не болар?
Өзіне мәлім, тентектер
Өз бетімен не табар?
Қағаз берер, қарманар,
Аяғында сандалар.
Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды.
Өтірік берген қағаздың
Алды-артына қарайды.
Өз қағазы өз көзін
Жоғалтуға жарайды.
Тауып алып жалғанын,
Қылмысыңды санайды.
Өзі залым закүншік
Танып алды талайды,
Көрмей тұрып құсамын
Темір көзді сарайды.
БІРЕУДЕН БІРЕУ АРТЫЛСА
Біреуден біреу артылса,
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген — білген-ақ,
Надан — надан-ақ, сан қылса.
Оқыған білер әр сөзді,
Надандай болмас ақ көзді.
Надан жөндіге жөн келмей,
Білер қайдағы шәргезді.
Надан қуанар, арсаңдар,
Таңырқап тұра қалсаңдар.
Татымды ештеме болмас,
Адамсып босқа талтаңдар.
Ақыл жоқ, қайғы жоқ онда,
Ісі жоқ — теріс пе, оң ба?
Тіленіп, телміріп ізденер,
Тиын ба, яки бір сом ба?
Ит көрген ешкі көзденіп,
Елерме жынды сөзденіп,
Жасынан үлгісіз шіркін,
Не қылсын өнер ізденіп.
Кісімсіп белгілі білгіш,
Біреуге сондай-ақ күлгіш,
Бұлықсып, бұлданып босқа,
Өзімшіл, оңбаған шерміш.
Кісіде бар болса талан,
Отырмас ол бойын балап.
Жүрер, әрқайдан ізденер,
Алар өз сүйгенін қалап.
МӘЗ БОЛАДЫ БОЛЫСЫҢ
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.
Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?!
Күлмең қағып қасқайып,
Салынып ап мақтанға.
Таң қаламын қампайып,
Жоқты-барды шатқанға.
Үйі мәз боп, қой сойды
Сүйіншіге шапқанға.
Әуре қылды, салды ойды
Үйдегі тыныш жатқанға.
Еш нәрсе емес жұбанар
Ақыл көзбен баққанға.
Жас баладай қуанар,
Бір дәмдіні татқанға.
Көзі барлар ойының
Күлер көтін ашқанға,
Қасиетін бойының
Бекер төгіп шашқанға.
Қуанарлық қыз емес
Жылтырауық таққанға.
Өзгелерді, біз емес
Түсірмекші қақпанға.
Осы да есеп бола ма
Ар, абұйыр тапқанға?
Миың болса, жолама
Бос желігіп шапқанға.
Бір бес надан, оңбассың,
Нансаң, оның қосқанға.
Жасық, жаман болмассың,
Жамандықтан қашқанға.
Ол "болдым-ақ" дей берер,
Бұлғақ қағып басқанға.
Елең қағып елбірер,
Елертіп көзді аспанға.
Жайы мәлім шошқаның,
Түрткенінен жасқанба.
Бір ғылымнан басқаның
Кеселі көп асқанға.
Одан үміт кім қылар
Жол табар деп сасқанда?
Үйтіп асқан жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.
БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ
Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз.
Жүрегі — айна, көңілі — ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу,
Ұқпасын ба сөзді тез?
Әбілет басқан елерме
Сөзге жуық келер ме?
Түзу сөзге сенер ме
Түзелмесін білген ез?
"Айтшы-айтшылап" жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар
Ұйқылы-ояу бойкүйез.
Жас баладай жеңсікқой,
Байлаулы емес ақыл, ой.
Ойлағаны — айт пен той,
Ыржаң-қылжаң ит мінез.
Сұлу қыз бен я батыр
Болмаған соң, тәйірі алғыр,
Шығып кетер я қалғыр,
Оған ақыл — арам без.
Жақсыға айтсаң, жаны еріп,
Ұғар көңіл шын беріп,
Дертті ішіне ем көріп,
Неге алтынды десін жез.
"Ой, тәңір-айшыл" кер есек,
Қулық, сұмдық не өсек
Болмаған соң, бір есеп —
Мейлі қамқа, мейлі бөз.
СЕГІЗ АЯҚ
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағына жетіп қайырған —
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең, өзің біл.
Өткірдің жүзі,
Кестенің бізі
Өрнегін сендей сала алмас.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра75 ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ — ойға олақ.
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса, көнді,
Жұрт айтса, болды —
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз.
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде.
Жігерлен, сілкін,
Қайраттан, беркін
Деп насихат бергенде,
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Қалғып кетер артынан.
Аулаққа шықпай,
Сыбырлап бұқпай,
Мейірленбес еш сөзге.
Пайдасыз тақыл —
Байлаусыз ақыл,
Атадан бала ойы өзге.
Санасыз, ойсыз, жарым ес,
Өз ойында ар емес.
Тасыса өсек,
Ысқыртса кесек —
Құмардан әбден шыққаны.
Күпілдек мақтан.
Табытын қаққан76 —
Аңдығаны, баққаны.
Ынсап, ұят, терең ой
Ойлаған жан жоқ, жауып қой.
Болмасын кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл.
Орынсыз ыржаң,
Болымсыз қылжаң
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол — бай тап,
Адам бол — мал тап,
Қуансаң, қуан сол кезде.
Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең, істің бәрі бос.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Үкімет зорлық
Құрысын, көзің ашылмас.
Ұятың, арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой.
Жұмыссыз сандал,
Еріксіз малды ал
Деген кім бар сендерге?
Қулықты көргіш,
Сұмдықты білгіш
Табылар кісі жөн дерге.
Үш-төрт жылғы әдетің
Өзіңе болар жендетің.
Ауырмай тәнім,
Ауырды жаным,
Қаңғыртты, қысты басымды.
Тарылды көкірек,
Қысылды жүрек,
Ағызды сығып жасымды.
Сүйеніп күлкі тоқтыққа,
Тартыпты өнер жоқтыққа.
Қайратым мәлім,
Келмейді әлім,
Мақсұт — алыс, өмір — шақ.
Өткен соң базар,
Қайтқан соң ажар,
Не болады құр қожақ?!
Кеш деп қайтар жол емес,
Жол азығым мол емес.
Бір кісі мыңға,
Жөн кісі сұмға,
Әлі жетер заман жоқ.
Қадірлі басым,
Қайратты жасым
Айғаймен кетті, амал жоқ.
Болмасқа болып қара тер,
Қорлықпен өткен қу өмір.
Сөзуар білгіш,
Закүншік, көргіш
Атанбақ — мақсұт, мақтанбақ.
Жасқанып, қорқып,
Жорғалап, жортып,
Именсе елің, баптанбақ.
Қарғағанын жер қылмақ,
Алқағанын зор қылмақ.
Хош, қорықты елің,
Қорқытқан сенің
Өнерің қайсы, айтып бер.
Ел аңдып сені,
Сен аңдып оны,
Қылт еткізбей бағып көр.
Ойнасшы қатын болса қар,
Аңдыған ерде қала ма ар?
Көмексіз көзің,
Бір жалғыз өзің
Баға алмай, басың сандалар.
Бауырыңа тартқан,
Сырыңды айтқан
Сырласың сырт айналар.
Ол қаны бұзық ұры-қар,
Қапысын тауып, сені алар.
Басы-көзі қан боп,
Арқа-басы шаң боп,
Және тұрып жалпылдап;
Жығылып тұрып,
Буыны құрып,
Тағы қуып салпылдап —
Абұйыр қайда, ар қайда?
Әз басыңа не пайда?
Ит үрсе, бала
Таяғын ала,
Қуады итпен кектесіп.
Ұрысқансып „ой" деп,
„Ұят" деп, „қой" деп,
Үлкендер тыяр „тек" десіп.
Оны білсең, мұның не?
Мен де ұят іс қылдым де.
Білгенге жол бос,
Болсайшы қол бос,
Талаптың дәмін татуға.
Білмеген соқыр,
Қайғысыз отыр,
Тамағы тойса жатуға.
Не ол емес, бұл емес,
Менің де күнім — күн емес.
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас
Көп наданнан түңілдім.
Екі кеме құйрығын
Ұста, жетсін бұйрығың.
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас — бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас.
Жаяуы қапты,
Аттысы шапты,
Қайрылып сөзді кім ұқсын.
Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.
Күйдірген соң шыдатпай,
Қоя ма екен жылатпай?
Мамықтан төсек,
Тастай боп кесек,
Жамбасқа батар, ұйқы жоқ.
Сыбыр боп сөзі,
Мәз болып өзі,
Ойланар елдің сиқы жоқ.
Баяғы қулық, бір алдау,
Қысылған жерде — жан жалдау.
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым — тап шыным!
СӘУЛЕҢ БОЛСА КЕУДЕҢДЕ
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл.
Танымассың, көрмессің,
Қаптаған соң көзді шел.
Имамсыздық намазда —
Қызылбастың77 салған жол.
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел —
Жағасы жайлау ол бір көл.
Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,
Оның малы өзгеден
Өзгеше боп өсер тел.
Берекесі кеткен ел —
Суы ашыған батпақ көл.
Құс қаңқылдап, жағалап,
Сулай алмас жазғы төл.
Оның суын ішкен мал
Тышқақ тиіп, аспас бел.
Көл деп оны кім жайлар,
Суы құрсын, ол бір шөл,
Единица78 — жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басыңдық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел!
МЕН ЖАЗБАЙМЫН ӨЛЕҢДІ ЕРМЕК ҮШІН
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын, алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.
Сөз айттым "Әзірет Әлі", "айдаһарсыз",
Мұнда жоқ "алтын иек, сары ала қыз".
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.
Батырдан барымташы туар даңғой,
Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой.
Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,
Елірмелі маскүнем байқалған ғой.
Бес-алты мисыз бәңгі79 күлсе мәз боп,
Қинамай қызыл тілді, кел, тілді ал, қой!
Өлеңі бар өнерлі інім, сізге
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл, өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге.
Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез,
Қанша қызық болады өзіңізге?
* * *
ӘУЕЛДЕ БІР СУЫҚ МҰЗ — АҚЫЛ ЗЕРЕК
Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық —
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақыл да, aшy да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
ҒАШЫҚТЫҚ, ҚҰМАРЛЫҚПЕН — ОЛ ЕКІ ЖОЛ
Ғашықтық, құмарлықпен — ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп, ғашық болдым,
Мен не болсам, болайын, сен аман бол.
Көңілімнің рақаты сен болған соң,
Жасырынба, нұрыңа жан қуансын.
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!
Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр — үміт үзсе,
Дәмеленсе — өртенер күйіп-жанып.
ҚОР БОЛДЫ ЖАНЫМ
Қор болды жаным,
Сенсіз де менің күнім,
Бек бітті халім,
Тағдырдан келген зұлым.
Тағдыр етсе Алла,
Не көрмейді пәндә?
Сайрай бер, тілім,
Сарғайған соң бұл дерттен,
Бүгілді белім,
Жар тайған соң әр серттен.
Қамырықты көңіл,
Қайтсе болар жеңіл?
Сағындым сені,
Көрмедім деп көп заман.
Адам деп мені,
Салмадың сен хат маған.
Жай таба алмай жүрек,
Жасыған соң сүйек;
Бұл қылған зарым
Барса жардың маңына,
Ол — қылған дәрім
Ғашығымның жанына,
Оңалдырып ойды,
Түзетпей ме бойды?
СЕН МЕНІ НЕ ЕТЕСІҢ?
Сен мені не етесің?
Мені тастап,
Өнер бастап,
Жайыңа
Және алдап,
Арбап,
Өз бетіңмен сен кетесің.
Неге әуре етесің?
Қосылыспай,
Басылыспай,
Байыңа,
Және жаттан
Бай тап,
Өмір бойы қор етесің.
Ет жүрек өртенді,
От боп жанып,
Жалын шалып
Ішіме.
Иттей қормын,
Зармын,
Сен үздің ғой бұл желкемді.
Кім білер ертеңді?
Өлім айтпас,
Келсе, қайтпас
Кісіге.
Бүгінгі күн Бармын,
Жолдас еттің сен бөтенді.
Ғашықтық — қиын жол.
Жетсең — жеттің.
Жетпей өттің,
Не болды?
Арманда өмір
Өтті,
Ойлар ма екен бір мені сол?
Салдырап аяқ-қол,
Жетпей сертке,
Ішім дертке
Тез толды.
Ажал уақыты
Жетті,
Мен өлейін, сен сау-ақ бол.
Шын жүрек — бір жүрек,
Қайта толқып,
Жолдан қорқып
Айнымас,
Шегінісіп
Қайтпас,
Өлсе бір сөзбен, не керек?
Білесің, сен зерек,
Мен пәндеңе,
Болды деме,
Кел, қарас.
Ешкім сөгіс
Айтпас,
Рахым қылсаң, кел ертерек!
Шын ғашық мен саған!
Кейіп жүрсем,
Сені көрсем,
Ләм-мим деп
Бір сөз айтар
Хал жоқ,
Еріп кетер бой сол заман.
Ойыңды сен маған
Бір бөлмедің,
Тез келмедің
Мені іздеп.
Ішінде ыстық
Қан жоқ,
Тас бауыр жар, бол қош, аман!
Жар, сенің көңілің тоқ,
Ақ етіңді,
Нұр бетіңді
Меншікті
Қылмаған соң Алла,
Өзі сорлы етсе, амал жоқ.
Сен аттың жөнсіз оқ,
Тәңірі — қазы,
Тас таразы,
Тентекті Сұрамас деп
Қалма,
Серт бұзғанның, біл, орыны — шоқ.
ЖІГІТ СӨЗІ
Айттым сәлем, қалам қас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.
Сенен артық жан тумас,
Туса, туар — артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Ынтықтығым айтылмас.
Асыл адам айнымас,
Бір бетінен қайрылмас.
Көрмесем де, көрсем де,
Көңілім сенен айрылмас.
Көзім жатқа қарамас,
Жат та маған жарамас.
Тар төсекте төсіңді
Иіскер ме едім жалаңаш?
Иығымда сіздің шаш,
Айқаласып тай-талас,
Ләззат алсақ болмай ма,
Көз жұмулы, көңіл мас?
Сізде сымбат, бізде ықылас,
Осы сөзім бәрі рас.
Сіздей жардың жалғанда
Қызығына жан тоймас.
Етің етке тигенде,
Демің тиіп сүйгенде,
Тән шымырлап, бой еріп,
Ішім оттай күйгенде;
Жүрек балқып игенде,
Ішкі сырды түйгенде,
Іздеп табар сұңқармын,
Жарастықты шүйгенде.
Қылығыңда жоқ оғат,
Қарап тойман жүз қабат.
Ыстық тартып барасың
Бір сағаттан бір сағат.
Сіз — қырғауыл жез қанат,
Аш бетіңді, бері қарат.
Жақындай бер жуықтап,
Тамағыңнан аймалат!
ҚЫЗ СӨЗІ
Қиыстырып мақтайсыз,
Ойласаң, не таппайсыз?
Бізде ерік жоқ, өзің біл,
Әлде неге бастайсыз.
Біз де әркімді байқаймыз,
Тап бергеннен тайқаймыз.
Сіздей асыл кез болса,
Қайтіп басты шайқаймыз?
Ақылыңа сөзің сай,
Сіз — жалын шоқ, біз — бір май.
ЬІстық сөзің кірді ішке,
Май тұра ма шыжымай.
Қабыл көрсең, көңілім жай,
Тастап кетсең, япырмай,
Ит қор адам болар ма
Бұл жалғанда сорлыңдай?
Тілегімді бермесең,
Амалым не жерлесең?
Үйір қылма бойыңа,
Шыны жақсы көрмесең.
Қайғың болар шермен тең,
Қара көңілім жермен тең.
Сенсіз маған жат төсек
Болар бейне көрмен тең.
Сіз — бір сұңқар шаһбаз80,
Жер жүзінен алған баж81.
Біздей ғаріп есепсіз,
Есігіңде жүр мұқтаж.
Көңілің тұрса бізді алып,
Шыныменен қозғалып,
Біз — қырғауыл, сіз — тұйғын,
Тояттай бер, кел де алып.
Тал жібектей оралып,
Гүл шыбықтай бұралып,
Салмағыңнан жаншылып,
Қалсын құмар бір қанып...
Мұны жаздым ойланып,
Ойда бардан толғанып.
Кірсе ішіңе, оқи бер,
Бозбалалар, қолға алып.
Мұны оқыса кім танып,
Жүрегіне от жанып,
Сөзді ұғарлық жан тапса,
Айтса жарар ән салып.
Өлең жиған тырбанып,
Ән үйренген ырғалып,
Сорлы Көкбай қор болды-ау,
Осыншадан құр қалып.
БІЛЕКТЕЙ АРҚАСЫНДА ӨРГЕН БҰРЫМ
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақтамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
Аласы аз қара көзі айнадайын,
Жүрекке ыстық тиіп салған сайын,
Үлбіреген ақ етті, ашық жүзді,
Тісі әдемі көріп пе ең қыздың жайын?
Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,
Болады осындай қыз некен-саяқ.
Піскен алма секілді тәтті қызды
Боламын да тұрамын көргендей-ақ.
Егерде қолың тисе білегіне,
Лүпілдеп қан соғады жүрегіңе.
Бетіңді таяп барсаң тамағына,
Шымырлап бу енеді сүйегіңе.
ҚАЖЫМАС ДОС ХАЛЫҚТА ЖОҚ
Қажымас дос халықта жоқ,
Айнымас серт қайда бар?
Алда көрген артта жоқ,
Мысқыл, өсек, айла бар.
Жақсылығың күнде ұмыт,
Бір жаңылсаң, болды кек.
Пайдасынан бой суыт,
Өзі тимей жүрсе тек.
Пайда, мақтан өзінен
Артыла ма ант ұрып?
Жарыса өсек сөзінен
Айта берсін шарқ ұрып.
Кімге достық көп еттім,
Түбі болды бір кейіс.
Жақсы өмірім әуарә82 еттің,
Жар таба алмай бір тегіс.
Жау қожаңдап бұртайып,
Дос құбылып, әуре етер.
Кімі тентек, кімде айып,
Тексере алмай өмір өтер.
Сыйласарлық тектінің
Кім танымас нұсқасын?
Күнде өзімшіл ептінің
Несін адам ұстасын?
ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ, ҚАЙДАСЫҢ
Жастықтың оты, қайдасың,
Жүректі түртіп қозғамай?
Ғылымның біліп пайдасын,
Дүниенің көркін болжамай?
Адамның тауып айласын,
Кісілікті ойламай,
Қаруын көңіл сайласын,
Қолға ол түспес бойламай.
Махаббат, қызық кім көрер,
Оның да дәмін татпаса,
Біржола басты кім берер,
Жаныңа қайғы батпаса.
Аямай жанын дос ерер,
Жолдастықты ақтаса,
Алдыңа айдап кім келер,
Ерінбей жүріп бақпаса.
Мал бақпақтық шаруа боп,
Адал тауып асықпай.
Құр айғаймен әуре боп,
Өнердің жайын баса ұқпай.
Енді нені істейміз,
Бәрінен де бос қалдық?
„Ауызға келіп түс" дейміз,
Қылып жүріп құр салдық!
ЖАРҚ ЕТПЕС ҚАРА КӨҢІЛІМ НЕ ҚЫЛСА ДА
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табынса да.
ТҰЛПАРДАН ТҰҒЫР ОЗБАС ШАБЫЛСА ДА
Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да,
Оған да үкі, тұмар тағылса да.
Қыжыртпай мені сырттан жүре алмайды,
Кім желігіп, қай шеттен қағынса да.
Күшік ит бөрі ала ма жабылса да,
Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да.
Арсыз адам арсаңдап, арсылдайды,
Әр жерде-ақ керегеге таңылса да.
Құтырды көпті қойып аз ғанасы,
Арызшы орыс — олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы.
ҚАРА ҚАТЫНҒА
Қара қатын дегенге, қара қатын,
Үзіп-жұлып алып жүр қанағатын.
Ала жаздай байың кеп бір жатпайды,
Қазақтың не қыласың шарағатын.
1887-1889
ОНЕГИННІҢ СИПАТЫ
(А. С. Пушкиннен)
Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,
Дәмеленсе, күндесе, білдірмеген.
Нанасың не айтса да, амалың жоқ,
Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген.
Кейде паң, кейде көнгіш орныменен,
Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен.
Кейде үндемей жүрсе де сөзге баяу,
От жалындай жауапкер құрбыменен.
Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе,
„Дем алысым, құмарым — бір сен" десе.
Жанын құрбан жолына қылған жансып,
Көз қарауы құбылар әлденеше,
Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік,
Қамыққансыр, қайғырып, орны келсе.
Жай, жаңа кісі болып түк білмеген,
Қалжыңын білдіртпейді қалай деген.
Жаның шошыр өрлігі жаннан бөлек,
Кісіге балдан тәтті орны келген.
Биттей бойы босаса, сезер сонда,
Жастық жеңіп, көңілді шайқағанда.
Ғашыққұмар, ақыл мен бойыңды алып,
Жылы жауап есітер не қылсаң да.
Емінер, „әй" дегізер, дайын қылар,
Жүрегің қалай соқса, пайым қылар.
Жылы ізін суытпас, дамыл көрмес,
Бір оңаша жолығар жер айтқызар.
Ел аулақта оңаша қолына алып,
Көңіліндегі сабағын айтып тынар.
Жасынан көрсе оны ақылы сасқан
Не сұрқия жандарың жұрттан асқан.
Жеңуге, қор қылуға тағы да ұста,
Өзіне күндес шықса, жол таласқан.
Ажуаға, қорлауға тілі орамды,
Не түрлі тұзақ құрып көңілін басқан.
ТАТЬЯНАНЫҢ ОНЕГИНГЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ
(А. С. Пушкиннен)
Амал жоқ, қайттім білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Талайсыз, бақсыз мен сорлы,
Еріксіз аттап ұяттан,
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.
Әлімше мен де ұялып,
Білдірмен дедім өлсем де.
Шыдар ем күйіп, мен жанып,
Айында бірер көрсем де.
Болмады көріп қалуға,
Есітіп біраз сөзіңді.
Шыдар ем бір ай жатуға,
Ұзақ түн жұмбай көзімді.
Қызықтан қашып, бұл жерге
Көңіліңіз суып келіпсіз.
Мәнісін сұрап бірерге,
Тілдесе алмаймын еріксіз.
Келмесең егер сен бізге,
Сау болмас па ем, әлбетте?
Болмасам ашына мен сізге,
Түспес ем мұндай бейнетке.
Асау жүрек қайнамай,
Жуасыр ма еді кезінде?
Елден бір жақсы сайламай,
Бармас па ем ерге өзім де?
Өзгеге ешбір дүниеден
Еркімен тимес бұл жүрек.
Әзелде тағдыр иеден
Қожам сенсің, не керек.
Тіршілігім — құрбандық,
Шыдамай сені көргенше.
Тәңірімнен келген бұл жарлық,
Ием сенсің өлгенше.
Әуелде кірдің түсіме,
Ортақтасып өміріме.
Толғау салып ішіме,
Сол күнде-ақ жақтың көңіліме.
Құдайдан болғай деп емі,
Құдайыны мол бердім.
Көрген жерде-ақ мен сені,
„Осы екен ғой — сол" дедім.
Жатқан сайын ұйқыға,
Дұға оқушы ем, шошынып.
Ұнатып мені құлқыңа,
Жүруші едің қосылып.
Түсімде мені жұбантып,
Жылы сөзбен сөйлесіп,
Кетуші едің қуантып,
Қалушы еді көңіл өсіп.
Шыныңды айт, кімсің тербеткен,
Иембісің сақтаушы?
Әлде азғырып әуре еткен
Жаумысың теуіп, таптаушы?
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі — алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.
Не болса да өзімді
Тапсырдым сізге налынып.
Толтырып жасқа көзімді,
Есірке деймін жалынып.
Бұл жерде ешкім сырымды
Білмейді, айтып не етейін.
Жақтырмай, бұзсаң нұрымды,
Білдірмей, күйіп өтейін.
Күтемін сізден қайта хат,
Қуандырып, дертім жаз.
Ол болмаса, шыныңды айт,
Кінә өзімде, өзіме аз.
Өз хатыма өз көзім
Ұялып, қорқып баға алмас.
Кепілім — сенің бір өзің,
Бөтен жан несіп таба алмас.
ОНЕГИННІҢ ТАТЬЯНАҒА ЖАУАБЫ
(А. С. Пушкиннен)
Таңғажайып бұл қалай хат,
Мағынасы — алыс, өзі жас?
Сөзі орамды, әр түрі жат,
Және әдепті, және рас.
Жас жүректің толқынын дөп
Жаза алыпсың толтырып.
Бойды жеңіп бұл асыл леп,
Тұрды титық көп құрып.
Тіл буынсыз, бой — таза гүл,
Ақылы артық, ары зор.
Ол — перизат, ойла, өзің біл,
Не болады болса қор?
Ішім өлген, құр денем cay,
Босқа үрейім жүр менің.
Жарамайды бекер алдау,
Теңің емес мен сенің.
Пенде көрген бар қызықтың
Бәрін ішкен сұм жүрек.
Айныған соң, сен жолықтың,
Айтып-айтпай, не керек?!
Тәтті дүние көңілімнен
Кетті менің, нан маған.
Енді бізге бір өлімнен
Басқа түк жоқ арнаған.
Мен — жаралы жолбарыспын,
Жұрттың атқан оғы өтіп,
Сен есірке, сорлы жаспын,
Шын сөзіме рақым етіп.
Бала сүйер, жар сүйерден
Түк неме жоқ, тұр денем.
Сен — тоты құс бақта жүрген,
Қай жерімнен пар келем.
Ерге барған ер танымай,
Ер қызығын кім көрер.
Шығарына жол таба алмай,
Қайғыменен босқа өлер.
Айнығыш ер тартса салқын,
Бал сұрасаң, береді у.
Қазымырлап сөздің артын...
Қасиеттен бетті жу.
Мен — сынық жан, жамағанмен,
Түзеле алман түрленіп.
Теңің емес, біл, саған мен,
Не қыласың кірленіп?!
Әйел өлмес соқпа дерттен,
Сауыға алмас сынған ер.
Мен – көмірмін қалған өрттен,
Енді рұқсат бізге бер.
Сенің өмірің гүлденіп тұр,
Есігін тап, көр қызық!
Менің өмірім — бір суық сұр,
Күзгі күндей тұр бұзық.
Бірге туған мен ағаңнан
Шын досыңмын кем емес.
Соққы жедім сұм заманнан,
Бір жылы сөз ем емес.
Арман етпе, жас күнің көп,
Игілік көр, ерге бар!
Бұл заманның қашқыны деп,
Мен ғаріпті есіңе ал.
Менде паңдық, жат мінезден
Дәнеме жоқ, жарқыным.
Осы жазған барша сөзден
Байқалынар бар шыным.
Басы қатты, сұм жүрегін
Тоқтата алмай кетті де.
Сорға біткен көкірегін
Сендіре алмай өтті де.
Бар денемнің бәрі — бір мұз,
Қайрылуға жарамас.
Мына дәулет, мына асыл қыз
Болды маған арам ас.
Ол — жас ағаш, бір қызыл гүл,
Жапырағы жаңғырар.
Сорлы Онегин, жолды өзің біл,
Қай тарапқа қаңғырар.
ОНЕГИН СӨЗІ
(А. С. Пушкиннен)
Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін;
Кірі жоқ, кіршігі жоқ мағыналарын.
Жасырмай, жастықпенен, нанғыштықпен
Айтыпты шыншыл тілің бар іңкәрін.
Жасырмай жас жүректің жанған жайын,
Айтуға тілің мұнша қайдан дайын?
Жанып, сөніп, суынып қалған көңілім
Қобалжиды хатыңды көрген сайын.
Қалмаған Онегиннің ешбір бағы,
Өтіп кеткен жүректің отты шағы.
Мінсіз тілмен сөзіңді жазыпсың-ақ,
Ұнатпаған жерім бар сүйтсе дағы.
Болса да сән-салтанат, қызық, әсем,
Тез жалығып айнимын, тұрлауым кем.
Сақтасар, ардақтасар кісі болсам,
Жалғанда сенен басқа жанды алмас ем.
Бүгін сүйсем, сені алсам — ертең жалқып,
Суып қайтар көңілім желше шалқып.
Қуартып, қайғыменен суалтамын
Біреудің қызыл гүлін тұрған балқып.
Құдайдың толып жатыр күні бүгін,
Жігіттің тани алмай кемшілігін,
Бір алып, қадірлемей, тастап кеткен
Тартып жүр қиянатшыл ер күйігін.
Түксиген өзі суық, сөзі суық,
Келерлік бір жері жоқ жанға жуық.
Өзі антұрған, қызымыр, қатыны сорлы,
Екі өмірдің лайлап суын тұнық.
Сол баянсыз еркектің біреуі — мен,
Жамандығым жақсымнан екі еседен.
Жүрек кірсіз, тіл мінсіз, мінезің — гүл,
Не боласың осындай ерменен сен?
Жаңғырмас өткен өмір, біткен мінез,
Лайықсыз кісіге болыпсыз кез.
Сені жақсы көрейін бірге туған
Ағаңдай, онан басқа жоқ менде сөз.
Жас қыз бен жас бәйтерек — бәрі бірдей,
Жапырағы тұра ма жылда өзгермей?
Менен гөрі сөзіңді жақсы ұғушы
Кетер деме ер жігіт бір кез келмей.
Бұл сөзде ақыл да бар, ғибрат та бар,
Өзіңе екіншіде пайда болар.
Ақылменен ойласаң тоқтау қылып,
Сүйкімді менен артық жан табылар.
ОНЕГИННІҢ ТАТЬЯНАҒА ЖАЗҒАН ХАТЫ
(А. С. Пушкиннен)
Құп білемін, сізге жақпас
Ескі жара білтелеу.
Ақ жүрегің енді ұнатпас,
Мезгілі жоқ қай медеу?
Ықтиярсыз мұңды сезім
Кетті ыршып жолыңа.
Мазағыңа бердім өзім
Өз басымды қолыңа.
Өлі бойға жан жүгірді,
Қайратым құрыш болды, нан.
Мұз жүрегім май сықылды
Еріп, от боп күйді жан.
Қор қылуға құдіреттен
Жүрегіме түсті өрт.
Тайды аяғым ескі серттен,
Түсті емсіз қатты дерт.
Масқаралап мені тағдыр,
Қылды мазақ, не шара?
Менің үшін сен жауап бер,
Менде сөз жоқ — бишара.
Михрабым83 сен, бас ұрамын,
Тіл жете алмас ғұзіріме84
Жетпедім, не жасырамын,
Гауһарымның қадіріне.
Сен — ағашта піскен алма,
Әзір едің, алмадым.
Құп, кіріптар қылды Алла,
Әлде мені қарғадың?
Он сегіз мың бұл ғаламның
Бар тынысы күнде тұр.
Мен сықылды сорлы адамның
Ықтияры сенде тұр.
Сен бетіңді әрі бұрсаң,
Шықты көзім, болды көр.
Жанды аларсың разы болсаң,
Біздің орын — қара жер.
Тәңірі добы — бұл ғаріп бас,
Кетті амалсыз, қорлама!
Қайта қақты, қайла болмас,
Келді, түсті ордаңа.
Ақылы бар, ықтиярлы,
Пенде теппес өз жарын.
Ерік Иеде, пенде зарлы,
Не білер не боларын?
Сорлы адаммын жер жүзінде,
Бір қуаныш көрмедім.
Не қыласың — ерік өзіңде,
Қайғысы асқан шерлі едім.
Менің өмірім таянып тұр,
Үзілуге әм жаным.
Ақ жүзіңді бір көріп құр
Өлсе, болмас арманым.
Күні ертең бір көрінсең
Сорлы асықтың көзіне.
Тәңірі үшін, шапқатыңмен
Нан ғаріптің сөзіне!
Не болайын, тез болайын,
Ақ жүзіңді көрейін.
Бар ма өмірім, қармалайын —
Жоқ болса, мен өлейін.
Қорғалап құр өтпе өмір бос,
Тағдырыңа қарсы бар.
Бір өзіңнен басқа бір дос
Таппасаң, өл, жүрме зар.
ТАТЬЯНА СӨЗІ
(А. С. Пушкиннен)
Тәңірі қосқан жар едің сен,
Жар ете алмай кетіп ең.
Ол кезімде бала едім мен,
Аямасқа бекіп ең.
Талақ етіп бұл ғаламды,
Болды мәлім кеткенің,
Кінәсі жоқ жас адамды
Қатты соққан не еткенің?
Елжіреген жас емес пе ем,
Еппен айтсаң жұбатып.
Мен ғашыққа мас емес пе ем,
Кетсең еді ұзатып.
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың.
Бұл кінә емес, әншейін наз,
Сағынамын, айтамын.
Досың-ақпын, тағдыр араз,
Толғанамын, қайтемін.
Сен шошыдың ғашығыңнан,
Өзге жұрттан қамшы жеп.
Мен де сорлы нәсібімнен,
Жатқа тидім алшы деп.
Жар табылмас сен секілді,
Мен де сендей сорлы зар.
Қол-аяғым берік бекілді,
Енді ненің орны бар?
Өз қораңның қақпасын сен
Қатты жаптың, не айтайын.
Жат қораның тақтасын мен
Жастанамын, қайтейін.
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен де сорлы бақыты кем.
Еш қызыққа арманым жоқ,
Бәрі де бар формының.
Біреуіне қанғаным жоқ,
Өзіме аян сорлымын.
Жаным ғашық асылым ең,
Жар есігін бермедің.
Сорға біткен ғашығымсың,
Неге тым кеш сермедің?
Жат есікті және қорып,
Жара салма сен маған.
Жұрт жамандар жатқа жорып,
Жалынамын мен саған.
Үшбу қиял келсе басқа,
Сен жүдер деп мен үшін,
Болар еді қайнамасқа
Мыс қазандай сорлы ішім.
Ғашық-ақпын, еш күмәнсіз,
Ырыс емес, сор үшін.
Көрісуге шыдамаспыз,
Айрылалық сол үшін.
ЛЕНСКИЙ СӨЗІНЕН
(А. С. Пушкиннен)
Барасың қайда, қайда болмай маған,
Жас өмір алтын-күміс жарқылдаған?
Келер күн келеді екен не дайындап,
Қараңғы, қарағанмен, болжай алман.
Мінеки, келіп қалдық атар таңға,
Жарқырап күн де шығар тірі жанға.
Табытқа салып алып, әлде мені
Апарар сырын білмес бір далаңға.
ОНЕГИННІҢ ӨЛЕРДЕГІ СӨЗІ
(А. С. Пушкиннен)
Жарым жақсы киім киіп,
Келді жанға жылы тиіп.
Диуана болды бұл көңілім,
Басылмай бір құшып, сүйіп.
Бойым тұр дал болып ұйып,
Көңілім жүр құс болып шүйіп.
Есіркеп сүйгізіп еді,
Кетіппін жүз есе күйіп.
Қылдың арам ойыңды,
Бір бұрмадың мойныңды.
Сен ақылмен көңіліңді
Тыйып, жеңдің бойыңды.
Мен бұрылып түзеле алман,
Қайтсін дедің сорлыңды...
Атам, анам — қара жер,
Сен аша бер қойныңды.
Сенен басқа еш жерден
Таба алмадым орнымды.
1890
БАЙ СЕЙІЛДІ
Бай сейілді,
Бір пейілді
Елде жақсы қалмады.
Елдегі еркек,
Босқа селтек
Қағып, елін қармады.
Жөнді, жөнсіз,
Сөз теңеусіз,
Бас пен аяқ бір қисап.
Ұрысса орыс,
Елге болыс,
Үйден үрген итке ұсап.
Өзі ұлыққа
Қадірі жоққа
Қарамай, өз халқына
Сөз қайырмай,
Жөнді айырмай,
Жұртқа шабар талпына.
Танымадық,
Жарымадық
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі.
Шашты барын,
Берді малын
Боларында жұртына.
Еміреніспес,
Енді піспес,
Ұқсамас еш сыртына.
Кетті бірлік,
Сөнді ерлік,
Енді кімге беттемек?
Елің ала,
Отты шала,
Тайса аяғың, кім көмбек?
Өтті өмірім,
Қайтты көңілім
Бұл дүниенің ісіне,
Жасы құрбы,
Жаны тұрғы,
Дос па деген кісіге.
Ел керексіп,
Сөзге емексіп,
Не болады мақтаның?
Пейілі шикі,
Ақылы күйкі,
Осы жұрт па тапқаның?!
ЕМ ТАБА АЛМАЙ
Ем таба алмай,
От жалындай,
Толды қайғы кеудеге,
Сырласа алмай,
Сөз аша алмай
Пендеге.
Босқа ұялып,
Текке именіп
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым,
Тұра қаштым
Жалма-жан.
Ұйқы, тамақ
Қалды тым-ақ
Керегі жоқ іс болып,
Жай жатпағым,
Тыныш таппағым
Күш болып.
Жас жүрегім
Жанды менің,
Жай таба алмай, япырым,
Өзің оңда
Жақсы жолға
Ақырын.
Жас теректің
Жапырағы
Жамырайды, соқса жел.
Түсті мойын,
Толды қойын,
Ақты сел.
Мен паң едім,
Бейқам едім,
Еш нәрседен қайғысыз.
Тез дерттендім,
Кейде өртендім,
Кейде мұз.
КЕЛДІК ТАЛАЙ ЖЕРГЕ ЕНДІ
Келдік талай жерге енді,
Кіруге-ақ қалдық көрге енді.
Қызыл тілім буынсыз,
Сөзімде жаз бар шыбынсыз,
Тыңдаушымды ұғымсыз
Қылып Тәңірім берген-ді.
Осы жасқа келгенше,
Өршеленіп өлгенше,
Таба алмадық бір адам
Біздің сөзге ергенді.
Өмірдің өрін тауысып,
Білімсізбен алысып,
Шықтық міне белге енді.
Енді аяңда, жығылма,
Сыймас жерге тығылма,
Қой бұрынғы желгенді!
Қайғы шығып иыққа,
Қамалтпасын тұйыққа,
Сергі, көңілім, сергі енді!
Балапан құстай оңдалып,
Қанатыңды қомданып,
Жатпа ұяда қорғанып,
Ұш, көңілім, көкке, кергі енді!
Көңілде қайғы, қалың зар,
Айтатұғын сөзім бар,
Салсын құлақ ұққандар,
Өрбі, сөзім, өрбі енді!
Іште қайғы-дерт пысып,
Көкіректі өрт қысып,
Айтуға көңілім тербенді.
Өзің жалғыз, надан көп,
Ұқтырасың сен не деп
Әулекі, арсыз елге енді?
Тыныштық сүймей, қышынып,
Өтірікке тұшынып,
Пәледен тұрмас шошынып,
Тұл бойын желік жеңген-ді.
Туған жерді қия алмай,
Тентекті жеңіп, тыя алмай,
Әлі отырмыз ұялмай,
Таба алмадық өңге елді.
Әзелде Тәңірім сорлы етті,
Арсыз елмен әуре етті,
Жалғыз үйде күңірентті,
Тағдырға білдік көнгенді.
Адам деген даңқым бар,
Адам қылмас халқым бар —
Өтірік пен өсекке
Бәйге атындай аңқылдар,
Тұла бойым шіміренді.
Барма топқа шақырмай,
Жат үйінде шатылмай,
Шыдармын ба, япырмай,
Жатуға шықпай үйде енді?
Қатыныңның ойнасын
Көрсең, білсең қоймасын,
Не ойлар едің өз басың,
Сонымен тең біз де енді.
* * *
ӨЗГЕГЕ, КӨҢІЛІМ, ТОЯРСЫҢ
Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла, қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.
Қара басқан, қаңғыған
Хас надан нені ұға алсын.
Көкірегінде оты бар
Құлағын ойлы ер салсын.
Тыңдамаса еш адам,
Өз жүрегім толғансын.
Әр сөзіне қарасын,
Іштегі дертім қозғалсын.
Әуелесін, қалқысын,
От жалын боп шалқысын.
Жылай-жырлай өлгенде,
Арттағыға сөз қалсын.
Мендей ғаріп кез болса,
Мойын салсын, ойлансын.
Қабыл көрсе сөзімді,
Кім таныса, сол алсын.
Не пайда бар — мың надан
Сырттан естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын.
Өздерің де ойлаңдар,
Heшe түрлі жан барсың.
Ғылым да жоқ, ми да жоқ,
Даладағы аңдарсың.
Жүрегіңмен тыңдамай,
Құлағыңмен қармарсың.
Соны көріп, соларға
Қайтіп қана сарнарсың?!
КЕЙДЕ ЕСЕР КӨҢІЛ ҚҰРҒЫРЫҢ
Кейде есер көңіл құрғырың,
Махаббат іздеп талпынар.
Ішем деп бейнет сусынын,
Асау жүрек алқынар.
Тартқан бейнет, өткен жас
Жүректің отын сөндірмес.
Махаббат — өмір көркі, рас,
Өлген соң, ол да үндемес.
Махаббатсыз дүниедос —
Хайуанға оны қосыңдар,
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ білген құл
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан — бәрі тұл,
Доссыз ауыз тұшымас.
ЖАЗҒЫТҰРЫ
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,
Масатыдай құлпырар жердің жүзі.
Жан-жануар, адамзат анталаса,
Ата-анадай елжірер күннің көзі.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен.
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып,
Шаруа қуған жастардың мойны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып;
Түйе боздап, қой қоздап — қорада шу,
Көбелекпен, құспенен сай да ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып бұраңдап ағады су.
Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,
Жұмыртқа іздеп жүгіріп балалар мәз.
Ұшқыр атпен зырлатып тастағанда,
Жарқ-жұрқ етіп ілінер көк дауыл баз85.
Құс қатарлап байлаған қанжығаға
Қыз бұраңдап жабысып, қылады наз.
Жазға жақсы киінер қыз-келіншек,
Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек.
Қырда торғай сайраса, сайда — бұлбұл,
Тастағы үнін қосар байғыз, көкек.
Жаңа пұлмен жамырап саудагерлер,
Диханшылар жер жыртып, егін егер.
Шаруаның бір малы екеу болып,
Жаңа төлмен көбейіп, дәулет өнер.
Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.
Жаз жіберіп, жан берген қара жерге
Рахметіне Алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер,
Адамзаттың көңілі өсіп, көтерілер.
Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның пейілі енер.
Тамашалап қарасаң Тәңірі ісіне,
Бойың балқып, ериді іште жігер.
Кемпір-шал шуақ іздеп, бала шулар,
Мал мазатсып, қуанып, аунап-қунар.
Жыршы құстар әуеде өлең айтып,
Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар.
Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,
Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай.
Таң атқан соң шығарын күннің біліп,
Өңі қашып, бола алмас бұрынғыдай.
Күн — күйеу, жер — қалыңдық сағынышты,
Құмары екеуінің сондай күшті.
Түн қырындап жүргенде көп қожаңдап,
Күйеу келді, ай, жұлдыз көті қысты.
Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,
Жан-жануар қуанар тойға елеріп.
Азалы ақ көрпесін сілке тастап,
Жер күлімдер, өзіне шырай беріп.
Күн — күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай,
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
Адам тіктеп көре алмас күннің көзін,
Сүйіп, жылып тұрады жан лебізің.
Қызыл арай сары алтын шатырына
Күннің кешке кіргенін көрді көзім.
* * *
АСҚА, ТОЙҒА БАРАТҰҒЫН
Асқа, тойға баратұғын
Жаны асығып жас жігіт.
Қолға кетті жауға бір күн,
Тірі адамның ісі — үміт.
Қозғады жау батыр ерді,
Жауға сойқан салғалы.
Қалыңдығы қала берді,
Жатыр еді алғалы.
Асықсаң да, шырағым,
Саған деген Құданың
Жазылған қандай жарлығы,
Есіткен жоқ құлағың.
Қалындық құшып-сүюге
Күйеуіне ынтызар.
Келісімен тиюге
Дайындалған ойы бар.
Көйлегін ақтан тіккіштеп,
Күні-түні демалмай,
Бітіруге жүр күштеп,
Асыққансып, тоқталмай.
Сен асыққан екен деп,
Алла әмірін өзгертпес.
Айтқаның болар ма екен деп
Мен қорқамын, көз жетпес.
Жара басты кеудені,
Жаудан өлді ар үшін.
Ескермей өзге дүниені,
„АҺ!" деп өтті жар үшін.
Жамандық тұрмас күттіріп,
Ел есітті, қыз білді.
Ақ көйлекті бітіріп,
Кебінім деп киді, өлді...
Қол жетпеген некені
Сүйіп кеткен жан екен.
Көзің неге жетеді,
Қосылмақ онда бар ма екен?
Шыны ғашық жар болса,
Неге өлдім деп налымас.
Онда екеуі кез келсе,
Бірін бірі танымас.
АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ
Ата-анаға көз қуаныш —
Алдына алған еркесі.
Көкірегіне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі.
Еркелік кетті,
Ер жетті,
Не бітті?
Оқытарсың молдаға оны,
Үйретерсің әр нені.
Медеу етіп ойы соны,
Жаны тыныштық көрмеді.
Жасында күтті,
Дәме етті,
Босқа өтті.
Ата көңіл жанбаса бір,
Артық өнер шықпаса,
Ел танымай, үй танып құр,
Шаруасын да ұқпаса —
Үміті қайда?
Соны ойла,
Абайла!
Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйінерге жарар ол.
Сүйкімі жоқ құр масыл би
Сүйретіліп өтер сол.
Табылмас қайла,
Ойбайла —
Не пайда?
Зарланарсың, ойланарсың,
Не болам деп енді мен.
Құрбылардан қорланарсың,
Тәңірі ісіне сен де көн.
Қайғысыз пенде
Көрдің бе
Өмірінде?
Тәңірі сорлы етсе, пенде
Не бітірер құр жылап?
Жігері жоқ, ақылы кенде,
Жамбасыңнан жат сұлап!
„Бір жаман мен бе?"—
Дедің бе
Көңіліңде?
* * *
ТАЙҒА МІНДІК
Тайға міндік,
Тойға шаптық,
Жақсы киім киініп.
Үкі тақтық,
Күлкі бақтық,
Жоқ немеге сүйініп.
Күйкентай күтті,
Құс етті,
Не бітті?
Атамыз бар,
Молдамыз бар,
Айтқанына көнбедік.
Арт жағында
Біз соған зар
Боламыз деп білмедік.
Ұрланып қаштық,
Жолғастық,
Шуластық.
Жазу жаздық,
Хат таныдық,
Болдық азат молдадан.
Шала оқудан
Не жарыдық,
Қалғаннан соң құр надан
Бағасыз жастық —
Бозбастық,
Адастық.
Бозбалалық —
Қыз қарадық,
Қалжың, әзіл сөйлестік.
Ат жараттық,
Сән тараттық,
Әуейілік күйлестік.
Көңілге келер,
Кім жолар,
Кім көнер?
Қайын бардық,
Қатын алдық,
Енші тиді аз ғана.
Шаруа атандық,
Енді ойландық,
Қала берді бозбала.
Бұрынғы қайда?
Ойбайла —
Не пайда?
1891
ЗАМАНАҚЫР ЖАСТАРЫ
Заманақыр жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа —
Қойнына тыққан тастары.
Саудасы — ар мен иманы,
Қайрат жоқ бойын тыйғалы.
Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны.
Өнімсіз іске шеп-шебер,
Майданға түспей, несі өнер?
Сиырша, тойса — мас болып,
Өреге келіп сүйкенер.
Күлмеңдеп келер көздері,
Қалжыңбас келер өздері.
Кекектеп, секек етем деп,
Шошқа туар сөздері.
КӨЗІНЕН БАСҚА ОЙЫ ЖОҚ
Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң әр несі.
Білмейсің десе, желөкпе
Дейді дағы Тәңірі ісі.
Бірінен бірі бөлек пе
Иемнің әділ пендесі?
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың86 түсер сәулесі,
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет87 кеудесі.
Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы.
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай боп сәлдесі.
Малқұмар көңілі бек соқыр,
Бүркіттен кем бе жем жесі?
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса,
Сөз ұғарлық кем кісі.
ЖАСТЫҚТЫҢ ОТЫ ЖАЛЫНДАП
Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ.
Уайым аз, үміт көп,
Ет ауырмас бейнетке,
Бүгін-ертең жетем деп
Көңілге алған дәулетке.
Қайратпен кіріп, жалынбай,
Ақылмен тауып айласын,
„Мен қалайға?" салынбай,
Жылы жүзбен жайнасын.
Қайратқа сеніп қақтықпай,
Жазасын тауып жауласар.
Қатынша тілмен шаптықпай,
Майданға шықса, жарасар.
Жалыны қайтар дененің,
Үнемі тұрмас осы шақ.
Талайғы кәрі дүниенің
Бір кетігін ұстап бақ.
Құйрығы шаян, беті адам,
Байқамай сенбе құрбыға!
Жылмаңы сыртта, іші арам
Кез болар қайда сорлыға.
Досыңа достық — қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі — өкініш,
Ойланып алмақ — сабыр сол.
Ақ көңілді жақсыдан
Аянбай салыс ортаға.
Ақылы, ары тапшыдан
Қу сөзін алма қолқаға.
Сұм-сұрқия, қу заман
Гүл көрінер жігітке.
Қызықты өмір жайнаған,
Кеудесі толып үмітке.
Бір нәрсені ұнатса,
Қайта ойланып қарамас.
Мақтатып жұртты шулатса,
Құмары сол қызба бас.
Сенісерге келгенде,
Сене берер талғамай.
Жұрты құрғыр сенгішке
Тұра ма қулық жалғамай?
Ары кеткен алдағыш,
Мені-ақ алда, сөкпейін.
Балы тамған жас қамыс,
Ормасаңшы, көктейін!
Сені жақсы көрмесе,
Сенер ме еді сөзіңе?
„Япырмай!.." деп терлесе,
Ар емес пе өзіңе?!
ҚЫЗАРЫП, СҰРЛАНЫП
Қызарып, сұрланып,
Лүпілдеп жүрегі,
Өзгеден ұрланып,
Өзді-өзі керегі;
Екі асық құмарлы
Бір жолдан қайта алмай,
Жолықса ол зарлы,
Сөз жөндеп айта алмай;
Аяңдап ақырын,
Жүрекпен алысып,
Сыбдырын, тықырын
Көңілмен танысып;
Дем алыс ысынып,
Саусағы суынып,
Белгісіз қысылып,
Пішіні құбылып;
Иығы тиісіп,
Тұмандап көздері,
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері;
Жанында жапырақ,
Үстінде жұлдыз да
Елбіреп-қалтырап,
Жігіт пен ол қыз да
Өзге ойдан тыйылып.
Бірімен бірі әуре,
Жүрекке құйылып
Жан рахат бір сәуле.
Жүрегі елжіреп,
Буындар босанып,
Рахатпен әлсіреп,
Көзіне жас алып...
Жүйрік тіл, терең ой,
Сол күнде қайда едің?
Ғашыққа мойын қой,
Жеңілдің, жеңілдің!..
КӨЗІМНІҢ ҚАРАСЫ
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы,
Бітпейді ішімде
Ғашықтың жарасы.
Қазақтың данасы,
Жасы үлкен ағасы
Бар демес сендей бір
Адамның баласы.
Жылайын, жырлайын,
Ағызып көз майын.
Айтуға келгенде,
Қалқама сөз дайын.
Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.
Тереңдеп қарайсың,
Телміріп тұрмайсың.
Бихабар жүргенсіп,
Бек қатты сынайсың.
Сан кісі мұңайсын,
Сабырмен шыдайсың.
Күйемін, жанамын,
Еш рахым қылмайсың.
Ақылсыз би болмас,
Сәулесіз үй болмас.
Жүректе оты жоқ
Адамда ми болмас.
Шын ғашық сый болмас,
Сый болса, сыр болмас.
Арызымды айтайын,
Құй болар, құй болмас.
Кең маңдай, қолаң шаш
Я бір кез, я құлаш,
Ақ тамақ, қызыл жүз,
Қарағым, бетіңді аш!
Қара көз, имек қас,
Қараса, жан тоймас.
Аузың бал, қызыл гүл,
Ақ тісің кір шалмас.
Қыр мұрын, қыпша бел,
Солқылдар соқса жел.
Ақ етің үлбіреп,
Өзгеше біткен гүл.
Қарағым, бермен кел,
Бізге де көңілің бөл,
Қалқамның нұсқасын
Көр, көзім, бір кенел.
Қайғың — қыс, жүзің — жаз,
Боламын көрсем мәз.
Күлкіңіз бойды алар,
Бұлбұлдай шықса әуез.
Кісімсіп дүрдараз,
Бұраңдап қылма наз.
Мал түгіл, басымды
Жолыңа берсем де аз.
Иісің — гүл аңқыған,
Нұрың — күн шалқыған.
Көргенде бой еріп,
Сүйегім балқыған.
Қаяусыз қалпынан,
Өзі артық даңқынан.
Қызыл тіл шыға алмас
Мақтаудың шартынан.
Сенсің — жан ләззәті,
Сенсің — тән шәрбәті.
Артықша жаратқан
Алланың рахматы.
Көрік — Тәңірі дәулеті,
Қылса ұнар құрметі.
Сұлуды сүймектік —
Пайғамбар сүндеті88.
Не десем саған еп?
Ғашығың да қайғы жеп,
Өртенген жүрекке
Бір көрген болар сеп.
Біздердей ғашық көп,
Қайсысы саған дөп?
Жөндеп те айтпадым,
Жүрегім лүпілдеп.
Назына кім шыдар,
Бұраңдап жүр шығар.
Қасқая күлгені
Қылады тым құмар.
Ер емес қымсынар,
Әркім-ақ ұмсынар.
Құдай-ау, бұл көңілім
Күн бар ма бір тынар?!
МЕНСІНБЕУШІ ЕМ НАДАНДЫ
Менсінбеуші ем наданды,
Ақылсыз деп қор тұтып.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып.
Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып.
Жан шошырлық түрінде,
Бәрі бірдей еліріп.
Ұстай алмадым бірін де,
Кекиді кейін шегініп.
Әринемен ел кетті,
Қоқиланды, мақтанды.
Қуат бітті, күн өтті,
Жарылқа, Құдай, жатқанды.
Мен — қажыған арықпын,
Қатын-бала қонағы.
Сендерге де қанықпын,
Жұртың анау баяғы.
Жарлы емеспін, зарлымын,
Оны да ойла толғанып.
Жұртым деуге арлымын,
Өзге жұрттан ұялып.
Барымта мен партия —
Бәрі мастық, жұрт құмар.
Сыпыра елірме, сұрқия,
Көп пияншік нені ұғар?
Татулықты, тыныштықты
Қоңыр көрер, кем көрер.
Ұрлық пенен қулықты
Қызық көрер, өңі енер.
Мұндай елден бойың тарт,
Мен қажыдым, сен қажы!
Айтып-айтып өтті қарт,
Көнбеді жұрт, не ылажы?
ЖҰМБАҚ
Алла мықты жаратқан сегіз батыр
Баяғыдан соғысып әлі жатыр.
Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып,
Кім жығары белгісіз түбінде ақыр.
Шешуі:
Мұны тапсам ойланып, ақын деңіз,
Таба алмасам, ақылды болар неміз?
Қыс пенен жаз, күн мен түн, тақ пенен жұп,
Жақсылық пен жамандық — болды сегіз.
ЖҰМБАҚ
Қара жер адамзатқа болған мекен,
Қазына іші толған әр түрлі кен.
Ішінде жүз мың түрлі асылы бар,
Солардың ең артығы немене екен?
Шешуі: темір.
ЖҰМБАҚ
Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,
Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.
Жан құмары дүниеде немене екен?
Соны білсең — әрнені білгендерің.
Шешуі: білмекке құмарлық.
1982
НЕ ІЗДЕЙСІҢ, КӨҢІЛІМ, НЕ ІЗДЕЙСІҢ?
Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?
Босқа әуре қылмай, шыныңды айт.
Шарқ ұрып, тыныштық бермейсің,
Сырласалық, бермен қайт.
Абұйыр, атақ сол жанда —
Кімді көп жұрт мақтаса.
Ол мақтаудан не пайда,
Көп мақтауын таппаса?
Көп Тәңірі атқан мақтай ма,
Ол Тәңірі атқан болмаса?
Жоқты-барды шатпай ма,
Көптің өзі оңбаса?
Мақтау — жел сөз жанға қас,
Қошеметшіл шығарған.
Бір мақтаса, боқтамас
Ел табылса, құмарлан.
Жұрттың бәрі сөз сатқан,
Сатып алып не керек?
Екі сөзді Тәңірі атқан —
Шыр айналған дөңгелек.
Сатып алма, сөз сатса,
Ол асылды аңдамас.
Біләткенің байы — ақша,
Ер жақсысын таңдамас.
Мен мақтанның құлы емес,
Шын ақылға зорлық жоқ.
Антұрған көп пұл емес,
Өлім барда қорлық жоқ.
Өмір, дүние дегенің
Ағып жатқан су екен.
Жақсы-жаман көргенің,
Ойлай берсең, у екен.
ЖҮРЕГІМ, ОЙБАЙ, СОҚПА ЕНДІ!
Жүрегім, ойбай, соқпа енді!
Бола берме тым күлкі.
Көрмейсің бе, тоқта енді,
Кімге сенсең — сол шикі.
Жетім қозы — тасбауыр,
Түңілер де отығар.
Сорлы жүрек мұнша ауыр,
Неге қатты соқтығар?
Сенісерге жан таба алмай,
Сенделеді ет жүрек.
Тірілікте бір қана алмай,
Бұл не деген тентірек?
Жоқ деп едің керегің,
Топ жиып ең бір бөлек.
Кезек келер демедің,
Ендігі керек қай керек?
ҚАЙҒЫ ШЫҒАР ІЛІМНЕН
Қайғы шығар ілімнен,
Ыза шығар білімнен.
Қайғы мен ыза қысқан соң,
Зар шығады тілімнен.
Қайтіп қызық көремін
Әуре-сарсаң күнімнен?
Қайрылып қарап байқасам,
Ат шаба алмас мінімнен.
Қайғылы, қартаң біздей шал,
Қарай берсең, қайда жоқ?
Есер, есірік болмасаң,
Тіршіліктен пайда жоқ.
Ақыл бітпес дәулетке,
Дәулет бітпес келбетке.
Болымсыз қулық тойымсыз
Болады балаң жөргекте.
Ішімен жау боп, сыртымен
Кім тояр қылған құрметке?
Кеңшілікте туған жоқ
Шықсын деген жел бетке.
Тарлықта қанша тайпалса,
Қадірі болмас, әлбетте.
Сыйласа елің ұлықтап,
Араласаң қызықтап,
Қызық пенен тыныштыққа
Қазақ тұрмас тұрықтап.
Қаңқылдап біреу ән салса,
Біріне бірі жуықтап,
Тебінісіп қамалар,
Тоқтатып болмас сырықтап.
Түзу бол деген кісіге
Түзу келмес ырықтап.
Сырдаң тартып, қашады,
Ұстайсың қайтіп құрықтап?
Ел жайын біліп, қансаңыз,
Айтайын, құлақ салсаңыз:
Кейбіреуі дүрсіп жүр,
Жер тәңірісіп кер мағыз.
Кейбіреуі — зәкүншік,
Оңдырмассып, берсе арыз.
Кейбірі пірге қол берген,
Іші залым, сырты абыз.
Кейбірі қажыға барып жүр,
Болмаса да қаж парыз.
Мұсылмандық ол ойлап,
Өтеген қашан ол қарыз?
Дәулеті жоқ бурыл шаш,
Үйіңе кет, топтан қаш!..
Ағайынның ішінен
Шыға қалса тайталас,
Партия жиып, мал сойса,
Бата оқисың, жейсің бас.
Басалқа сөз сенде жоқ,
Айтқан сөзің „малың шаш".
Итше індет тілемей,
Жат үйіңде, өлсең де аш!
Ойлап-ойлап қарасам,
Осындай шал қайда жоқ?
Қозғау салып қоздырғыш
Кезбе шалдан пайда жоқ.
ОСПАНҒА
Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек, жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!
КЕШЕГІ ОСПАН
Кешегі Оспан,
Бір бөлек жан,
Үйі — базар, түзі — той.
Ақша, нәрсе
Ала берсе,
Ат та мінсе, көнді ғой.
„Ала берден",
„Келе көрден"
Бір күн басын бұрды ма?
Келді қаптап,
Алды сап-сап,
Кетті мақтап, тұрды ма?
Жауға мылтық,
Досқа ынтық,
Жан асар ма осыдан?
Қорықпай өтті,
Жанға жетті,
Арман етті досынан.
Ел тамағын,
Жұрт азабын
Жеке тартқан кетті ер.
Сондай ерді —
„Ала берді"
Табар енді біздің ел!
Өлді Оспан,
Кетті шопан,
Енді кім бар бақ қонар?
Ұрла-қарла,
Жұртты шарла,
Ойла, барла — не болар?
Жұрт тынымсыз,
Бәрі ұғымсыз,
Енді оларға сөз де жоқ.
Сырты абыз бар,
Желқабыз бар,
Алты ауыз бар — өзге жоқ.
КҮЛІМСІРЕП АСПАН ТҰР
Күлімсіреп аспан тұр,
Жерге ойлантып әр нені.
Бір себепсіз қайғы құр
Баса ма екен пендені?
Қапамын мен, қапамын,
Қуаныш жоқ көңілде.
Қайғырамын жатамын,
Нені іздеймін өмірде?
Қайтты ма көңіл бетімнен,
Яки бір қапыл қалдым ба?
Өткен күнге өкінбен,
Әм үміт жоқ алдымда.
Іздегенім тәтті ұйқы,
Дүниені ұмытып.
Өлімнің суық тым сиқы,
Тұрсын өмір жылытып.
Көз ұйқыда, ой тыншып,
Дем алып жатсын көкірек.
Кім таласса, кім ұрсып,
Көрсем оны — сол керек.
Өзім аулақ бетінен,
Бір орында оңаша,
Дүние деген не деген —
Қыла жатсам тамаша.
Мансап іздер, мал қуар,
Бәрі мақтан іздеген.
Мақтанынан не туар,
Ыза қылып өзгеден?
СҰРҒЫЛТ ТҰМАН ДЫМ БҮРКІП
Сұрғылт тұман дым бүркіп,
Барқыт бешпент сулайды.
Жеңіменен көз сүртіп,
Сұрланып жігіт жылайды.
Әйелмісің, жылама,
Тәуекел қыл Құдаға!
Өлең айт,
Үйге қайт!
Атаңды анаң азғырып,
Тұрғызбаған бейішке.
Алласы оны жазғырып,
Әкелді бастап кейіске.
Әйелде ешбір опа жоқ,
Бүгін — жалын, ертең — шоқ.
Белді бу,
Бетті жу!
1892-1893
ТҰТҚЫНДАҒЫ ПОЛЯК ЖАНДАРАЛЫНЫҢ СӨЗІ
(А. Мицкевичтен)
Дүрілдеген нажағай,
Бұрқыраған жауынның
Ашылмағы бар ма басынан
Бағы қайтқан қауымның?
Мен орманға барғанда,
Неше түрлі гүл ұстап
Қайтушы едім қолыма.
Гүлдер түгіл, бұл күнде
Шөп дағы жоқ маңымда.
* * *
ЫСЫТҚАН, СУЫТҚАН
Ысытқан, суытқан
Бойыңды бір көңіл.
Дүниені ұмытқан
Құмарың тозар, біл.
Әуелгі кезінде
Қайтпаған көңілдің,
Есептеп өзің де,
Түрінен өмірдің;
Бір жақсы күнім деп,
Қызықпен сөйлесіп,
Артынан „ол нем?" деп
Ұялып кезнесіп89;
Бір ақымақ әңгіме
Сықылды көрінер.
Онысын өңгеге
Айтуға ерінер.
Айтуға білсе, ерінбес,
Надандықпен жеңілмес.
Білген кісі айтса оған,
Надандығы кемімес.
БОЙЫ БҰЛҒАҢ
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем, мен сонан
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан.
Өз ойында,
Тұл бойында
Бір міні жоқ пендесіп,
Түзде мырзаң,
Үйде сырдаң,
Сөзі қылжаң еркесіп.
Бас құрасып,
Мал сұрасып,
Бермегенмен кетісер.
Адам аулап,
Сыпыра саулап,
Байды жаулап жетісер.
Сөз қыдыртқан,
Жұрт құтыртқан,
Антын, арын саудалап.
Бұтты-шатты,
Үй санатты,
Байдан атты алмалап.
Кедейі — ер,
Кеселі зор,
Малды байдан сорлы жоқ.
Аш көмектің,
Жемдемектің,
Босқа әлектің орны жоқ.
Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гу де гу.
Байы — баспақ,
Биі саспақ,
Әулекі аспақ сыпыра қу.
Ақы берген,
Айтса көнген,
Тыныштық іздер елде жоқ.
Аққа тартқан,
Жөнге қайтқан,
Ақыл айтар пенде жоқ.
Әз тұтуға,
Сыйласуға
Қалмады жан бір татыр.
Сыпыра батыр,
Пәле шақыр,
Болдың ақыр тап-тақыр.
Су жұғар ма,
Сөз ұғар ма,
Сыпыра жылмаң желбуаз?
Айтты — көндім,
Алды — бердім,
Енді өкіндім — өзіме аз.
* * *
ЖАҚСЫЛЫҚ ҰЗАҚ ТҰРМАЙДЫ
Жақсылық ұзақ тұрмайды,
Жамандық әр кез тозбайды.
Үміттің аты елеріп,
Қос тізгінді созбайды.
Қанша тепкі салсаң да,
Уайымнан озбайды.
Бір қайғыны ойласаң,
Жүз қайғыны қозғайды.
Жер қорығыш желгек шал
Желіп жүріп боздайды.
Құрсаған бұлт ашылмай,
Аспанның жүзі көгермес.
Үрпейген жүрек басылмай,
Талапты көңіл елермес.
Шырайды қайғы жасырмай,
Күлкінің ерні кезермес.
Шыдасаң есті қашырмай,
Құлдатып, қор қып жібермес.
Кез келсе қайғы қат-қабат,
Қаңғыртпай қоймас адамды.
Қасиетсіз туған — о да жат,
Күңкілдеп берер сазаңды.
Бәрінен де сол қымбат,
Қайтерсің өңкей наданды.
Сыпыра батыр сұм құрбәт90
Мақтанмен алды мазамды.
БАЙМАҒАМБЕТКЕ ҚАТЫНЫНЫҢ АТЫНАН ШЫҒАРЫЛҒАН
Ажының жақсы-ақ қызы едім,
Жетістірем деп алды.
Тілеуін түзден тілесе,
Баста мені неге алды?
Сол желіккеннен желігіп,
Жынды сары жоғалды.
Ойбайлаған болайын-ай,
Жоқтамасам, обал-ды.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
АЛ СЕНЕЙІН, СЕНЕЙІН
Ал сенейін, сенейін,
Айтқаныңа көнейін.
Шалма ораған сопының
Ішін арам демейін.
Ақ көңілді әділ жан
Табылар деп көрейін.
Я сүйсе, я күлсе,
Елжірейін, төнейін.
Жаралы көңіл жазылар,
Дүниеде рахат бар шығар.
Жақсы адам деген құры сөз
Емес шығар, табылар.
Өткен өмір, көрген түс
Не қылғанда бір болар.
Деп нанып ем "маған нан",
Не таптым мен нанғаннан?
Жүрегімді қан қылды,
Өткен өмір, өлген жан.
Ақыл іздеп, ізерлеп,
Бәрін сынап сандалған.
Бірін таппай солардың,
Енді ішіме ой салған.
Тұла бойды улатты,
Бәрі алдағыш сұм жалған.
Басыңа тиді, байқадың,
Бәрінен басты шайқадың.
Тағы бар ма айтарың?
Нанғыш болсаң, енді нан!
* * *
(Дж. Байрон — М. Ю. Лермонтовтан)
КӨҢІЛІМ МЕНІҢ ҚАРАҢҒЫ. БОЛ, БОЛ, АҚЫН!
Көңілім менің қараңғы. Бол, бол, ақын!
Алтынды домбыраңмен келші жақын.
Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейіштің үні шығар қоңыр салқын.
Егер сорым түбімен әкетпесе,
Керек қой көңілді үміт тебірентсе.
Қатып қалған көзімде бір тамшы жас
Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерісе?!
* * *
(И. В. Гете — М. Ю. Лермонтовтан)
ҚАРАҢҒЫ ТҮНДЕ ТАУ ҚАЛҒЫП
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
ӨЗІҢЕ СЕНБЕ, ЖАС ОЙШЫЛ
Өзіңе сенбе, жас ойшыл,
Тіл өнері дертпен тең.
Көңілдің жүгін қиял қыл,
Ызаға тұтқын бой мең-зең.
Қасиет тұтып, ойға ұмтыл,
Қан қайнап, қуат егілсін!
Онан гөрі еңбек қыл,
Улы сусын төгілсін!
Ойлай берсең, ой деген
Не қызыққа келер кез.
Кісі айтпаған, білмеген
Күй әдемі, тәтті сөз.
Тыңдама оны, ұмыт сен,
Бүркен дағы, бар да жат.
Тамылжытып айтқанмен,
Қыла алмассың сен қымбат.
Кез болсаң қайғы я зарға,
Құрсатса тілді ұмтылтып,
Алып шықпа базарға
Асаудайын бұлқынтып.
Қайғы-дертің мейлі мың,
Саудаға салмақ — өзіңе ар.
Жаныңа түскен жараның
Іріңін нетсін надандар.
Біліп оған не керек,
Ішіңнен қайғы жемесең,
Жалтаңдаған жас жүрек
Байғұс-ай десін демесең.
Өз бойыңа болып сақ,
Жан-жағыңа қараңдар!
Күн көріп жүр күліп-ақ
Сенен басқа жарандар.
Олардың да ешбірін
Қайғы аман қойған жоқ шығар.
Ойлап, байқап көр түрін,
Таттырмап па дүние зар?
Күлкі болмай, қой, жаным,
Сен бүйтесің, ол қайтті?
Олар көрген арманын
Кімге шақты, кімге айтты?!
* * *
(И. А. Буниннен)
ҚОРҚЫТПА МЕНІ ДАУЫЛДАН
Қорқытпа мені дауылдан,
Дүрілдеп тұрса тау мен сай.
Шатырлап тұрған жауыннан
Жарқылдап тұрса түскен жай.
Көк торғындай аспан-көк,
Білемін, жайнап ашылар.
Исі аңқыған бәйшешек
Түрленіп жерді жасырар.
Қорқытпайды қар мен мұз,
Өзге нәрсе қорқытты.
Ойсыз, доссыз, бақытсыз,
Жыбырлақпен өмір өтті.
Сондықтан қайғы қат-қабат,
Қарап тұрмын сендерге,
Атасы басқа, өзі жат,
Жалғыз жанша жат жерде.
1894
АНТПЕНЕН ТАРҚАЙДЫ
Антпенен тарқайды,
Жиылса кеңеске.
Op қазып байқайды
Туа жау емеске.
Анттасып алқайды91
Сен тентек демеске.
Кім анттан шалқайды,
Амал жоқ жемеске.
Аз адам шаршайды,
Ебіне көнбеске.
Бас ыңғай қайқайды,
Амал жоқ өлмеске.
Ел састы, аңқайды,
Би тартты егеске.
Жұрттағы мал жайды
Ой қылар бермеске.
Өсімге қол жайды,
Тай алып серкешке.
Алмаса ол тайды,
Дап-дайын көрмеске.
Кедей би жантайды
Сауыр мен өркешке.
Саумаққа ол байды,
Кеңесер би кешке.
Қайғы қып болмайды,
Өкпелеп білмеске.
Сүйтсе де оңбайды,
Бұрынғы түсті еске.
Пысықтар шалқайды,
Таласып теңдеске.
Қағысып шонтайды
Өзімен жемдеске.
Таласып тарқайды
Ақшадан төрт-беске.
Бірлікті шайқайды,
Араз боп өнбеске.
ҚАРАШАДА ӨМІР ТҰР
Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсаң, тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң, қайтып келер ме?
Майдағы жұрттың іші — қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар,
Қар жауса да, сөнер ме?
Талаппен ұшып, талпынып,
Шартарапты көздемес.
Пайданы қуып алқынып,
Өзгені әсте сөз демес.
Кеудесі — толған қулық ой,
Бәрі де пысық, езбе емес.
Құмары оның айт пен той,
Пайда мен мақтан, өзге емес.
Алдадым, ұрдым, қырдым деп,
Шалықтап, шалқып, шатпай ма,
Қапысын аңдып тұрдым деп,
Қулығын бұлдап сатпай ма?
Момыннан жаман қорқақ жоқ,
„Қу", „пысық" деген ат қайда?
Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда?
ЖАСӨСПІРІМ ЗАМАНДАС ҚАПА ҚЫЛДЫ
Жас өспірім замандас қапа қылды,
Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді-жұлды,
Тұрлау қылып еш нәрсе басқара алмай,
Сенімі жоқ серменде өңкей жынды.
Жамандық, жақсылық пен — оған бір бәс,
Дін ісін, Құдай ісін айыра алмас.
Арын сатып, ант ұрып іздегені —
Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас.
Тұрлаусыздың қолынан не келеді,
Ынтасыз қайтіп өнер үйренеді?
Еңбегі жоқ, еппенен мал табам деп,
Сендіре алмай, сене алмай, сенделеді.
Онда оны алдайды, мұнда мұны,
Жанын берсе, табылмас сөздің шыны.
Алты жақсы жүз жылқы болған басы
Бір семіз ат болады оның құны.
ҒАШЫҚТЫҢ ТІЛІ — ТІЛСІЗ ТІЛ
Ғашықтың тілі — тілсіз тіл,
Көзбен көр де, ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл.
Ол тілге едік оңтайлы —
Қаріпсіз біліп сондайды,
Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,
Енді ішіме қонбайды.
ӘСЕМПАЗ БОЛМА ӘР НЕГЕ
Әсемпаз болма әр неге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар, қалан!
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат92 кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Бастапқы екеу соңғысыз
Біте қалса қазаққа,
Алдың — жалын, артың — мұз,
Барар едің қай жаққа?
Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйгі алма.
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстадтық93 қылған жалықпас
Үйретуден балаға.
ЕСКІЛІК КИІМІ
Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен,
Тон қабаттап кигенім — шидем шекпен.
Жейде-дамбал ақ саңнан, жарғақ шалбар,
Жырым балақ матамен әдіптеткен.
Мықшима аяғымда былғары етік,
Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.
Үлкен кісе белімде жез салдырған,
Шақпағым, дәндәкуім94 жарқ-жұрқ етіп.
Күләпәра бастырған пұшпақ тымақ,
Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.
Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
Артын белге қыстырған бар құрысқақ95.
Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер,
Қанжығамда байлаулы жіптен шідер.
Жарғақ жастық көпшігім, жезді пыстан96,
Бір келісті сайманым топқа мінер.
ӘБДІРАХМАН НАУҚАСТАНЫП ЖАТҚАНДА
Я, Құдай, бере көр,
Тілеген тілекті.
Қорқытпай орнықтыр
Шошыған жүректі.
Шын жүрек елжіреп,
Алладан тілеймін.
Шын қалқам осы күн
Болып тұр керекті.
Жүрегім суылдап,
Сүйегім шымырлап,
Алладан тілеймін
Құпия сыбырлап.
Зар етсе пендесі,
Бермей ме Алласы.
Тән саулық қалқама,
Қабыл боп көз жасы.
Не жазам, япырмау,
Қол шорқақ, тіл мақау.
Сәләмат өзіңді
Кешікпей көрсем-ау.
Бір суып, бір ысып,
Барады іш пысып,
Жүзіңді бір көріп,
Сүйгенше бір құшып.
Бір үміт, бір қауіп
Көңілге жол тауып,
Кірген соң сөз қиын,
Әр неге ой ауып.
Екі аяқ не қылып,
Басқаша ауырып,
Япырмай, докторлар
Жүрмесін жаңылып.
Жарылып ауыз ашты,
Жарасы жарасты.
Жарасыз біреуі
Неліктен ұйқы ашты?
Алмаса докторға,
Нанбаңыз соққырға.
Визитке төлемей,
Шырағым, бос қалма.
Ол жесін, ол жұтсын,
Шырайын жылытсын.
Ақшаны аяма,
Ұйқыны тыншытсын.
Әбсәмет жиенің,
Ол — сенің біреуің.
Достығын достықпен
Өтемек — тілеуім.
Көңілдің хоштығы —
Ол оның достығы.
Барар ем, қолымның
Болмады бостығы.
Сарғайды жүзіміз,
Сарылды көзіміз.
Қатайып сауықсаң
Сағынған өзіңіз.
Хатымды көріңіз,
Көңілді бөліңіз.
Қуатың ерік берсе,
Кешікпей келіңіз.
Туа өскен жеріңіз,
Туысқан еліңіз
Зар боп тұр көруге,
Ұнатса көңіліңіз.
Уайым жеуліміз,
„А, Құдай" деуліміз.
Жазылып келсеңіз,
Гүлденер өміріміз.
ӘБДІРАХМАНҒА
Алланың рахматын
Жар тұтып әр неге,
Әр Рахман97 ол атын
Үйреткен жүмлеге98.
Дұғаның қуатын
Жіберме өңгеге.
Әбіштің сыйххатын99
Беркітсең кеудеге.
Рәушан сипатын
Тез көрсет пендеге.
Осындай шапқатын
Ұмытам мен неге?
Зар хатым — бұл хатым,
Бізді тыныш жүр деме.
Азайып қуатым,
Денем жүр көрмеге.
Бұл — жазған сұңғатым100,
Көңіл ашар бір наме101.
Менің сол рахатым
Көзіме сүрмеге.
ӘБДІРАХМАНҒА КӘКІТАЙ АТЫНАН ХАТ
Тілім, саған айтайын,
Осы сөздің келісін тап.
Қолым, сені қайтейін,
Қаламды тұрдың қатты ұстап.
Жүректің сөзін сөйле, тіл,
Жалғаны жоқ бояма.
Қу көсе102 қандай өзімшіл,
Бір сынамай қоя ма?
Махаббатпен қарап бақ,
Тамыр соқса солқылдап.
Мен жазайын сізге хат,
Оқып көрсін ол шындап.
Оқып көріп байқасын,
Мағынасы ішке кіре ме?
Ұрлаған сөз деп айтасың,
Сөз ұрлыққа жүре ме?
Кісі айтпаған сөз бар ма,
Тегіс ұғар қай құлақ?
Сөккенің оны ұнар ма,
Үйренген сөзге мен де ортақ.
Тұла бойым, балқи көр,
Әбіш ағам дегенде.
Мейлің, Мағаш, шалқи бер,
Не десең де сөгем бе?
Көріскен соң бір дидар,
Алла оңғарып келгенде,
Сынаушы сонда табылар
Мұнда жатқан елден де.
Төсекке менің жатуым —
Ұйқыға әбден талған соң,
Ұстазым мен татуым
Сен екеуің болған соң.
Жас жүрегім қозғалса,
Бір Аллаға тілегім.
Ол қарағым оңалса,
Тыншыр еді жүрегім.
Жүздеріңді сау көрсем,
Екі көзім нұры еніп.
Қосылысып бір жүрсем,
Әр нәрсені үйреніп.
Жерің алыс, жете алмай,
Мағаштан да мен сорлы.
Қызметіңді ете алмай
Қалмас едім сол құрлы.
ӘБДІРАХМАНҒА КӘКІТАЙ АТЫНАН ХАТ
Көзімнің нұрысыз,
Сізсіз жоқ қуаныш.
Өмірдің гүлісіз,
Көңіліме жұбаныш.
Зар қылып тілеймін
Рақыматын Алланың.
Елжіреп жылаймын,
Көңілін аш пенденің.
Сыйххатын қалқама,
Бере гөр, я, рахим.
Тілегім — бұл ғана,
Қайғымды қыл шағын.
Ағатай, сағындым,
Есен-сау көрмекке.
Сөз таппай аңырдым,
Оқыңыз ермекке.
Осы күн өмірімнің
Ешбір жоқ қызығы.
Жаралы көңілімнің
Жазылмай сызығы.
Мақсатым хатымды
Аз уақыт болса ермек.
Сөзім жоқ татымды,
Хошлықпен көріспек.
ҚЫЗДАРҒА
Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең,
Адалдыққа бар елдің зоры Бәкең.
Ұры-қары көбейіп, к... шөмейтіп,
Неге болды бар елдің қоры Бәкең?
Лекер, Бітімбай мен Аталықты,
Жанқожадан кім көрген қапалықты?
Байұзақ одан соңғы адамы еді,
Бәрі де кісі-ақ еді хасалықты103.
Дауылбай Қыздар менен айпар-жайпар,
Екеуі бітім десе басын шайқар.
Екі елерме бітімге жөн келер ме,
Ақылы болмаған соң артын байқар?
Сөзіңнің басы ыржаң, соңы қылжаң,
Жүгенсіз жүре бермек — сенің ырзаң.
Сенен күшті кісілер не боп жатыр,
Заманыңның тарлығын ойла, мырзам.
Шотқара кірсе алдап, шықса күлген,
Елірмелі Досаққа кісімсінген.
Бұл топта маған айтар кісі бар ма,
Дауылбай мен Қыздардың жөнін білген?
Айтқожаның қулығы сені елірткен,
Бір дем салса, күшіктей соңына ерткен.
Менің терім тарылып келе жатыр,
Бұрын кісім емес ең жалғыз шерткен.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
ҚАЙТСЕ ЖЕҢІЛ БОЛАДЫ ЖҰРТ БИЛЕМЕК?
Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек?
Жұрты сүйген нәрсені ол да сүймек.
Ішің берік боп, нәпсіге тыюлысып,
Паңсымай, жайдақсымай, ірі жүрмек.
Сасқаныңды көрсетпе ешкімге бір,
Сүйтсе де ірісімен кеңесіп жүр.
Кейбірін хауіптендір, мінін тауып,
Кейбірін жылы сөзбен көңілдендір.
Көрінбе ел көзіне әсте қорқақ,
Жанды жан демейтұғын жан шығып бақ,
Анда-санда құтырған жаман емес,
Оныңды жиі қылмай және бол сақ.
Кісімсі қайда жүрсең олжаға тоқ,
Шоқыма халық көзінше қарғаша боқ.
Жұрт — жас бала, ешнәрсесін тартып алма,
Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.
Жат елге жадағайда сөйле шәргез,
Тар жерде тайпалудан танба әр кез.
Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап,
Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез.
ТҰТҚЫНДАҒЫ БАТЫР
(М. Ю. Лермонтовтан)
Қараңғы үй терезесі — тұтқын орны,
Көгерген көктің жүзі ескі формы.
Азат құстар аспанда ойнап ұшса,
Ұялып қарай алмас мендей сорлы.
Тәубә жоқ, дұға да жоқ тентек бойда,
Өлең жоқ айтып жүрген талай тойда.
Қан ағып, қайрат қылған майдан менен
Ауыр қылыш дулыға бірақ ойда.
Тас дулыға, тас сауыт киінгенім,
Денемді қысып жатыр бүгін менің.
Оқ пен қылыш бұзбастай киінсем де,
Қайран атым, иең жоқ жалғыз сенің.
Уақыттай өзі жүйрік ат мінеміз,
Сауыттай шынжырлаулы тереземіз.
Тас дулыға болмай ма жатқан үйім,
Шарайнам шойын есік бұ да бір кез.
Жүйрік уақыт шаршатпай қоймас ақыр,
Денемді сауыт-сайман қысып жатыр.
Бұрын сені біреуге көп жұмсап ем,
Енді өзіме шақырдым, ажал батыр.
1895
ТАЛАЙ СӨЗ БҰДАН БҰРЫН КӨП АЙТҚАНМЫН
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.
Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.
Көздің жасы, жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды ішкі мұзын.
Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,
Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.
Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,
Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.
Адасып алаңдама, жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық, қамалмай.
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.
АШ ҚАРЫН ЖҰБАНА МА МАЙЛЫ АС ЖЕМЕЙ?
Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?
Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.
"Бір тойған — шала байлық" деген қазақ,
Ет көрінсе, қайтеді күйсей бермей?
Еңбек жоқ, харекет жоқ қазақ кедей,
Тамақ аңдып қайтеді тентіремей?
Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,
Ол немене жоқтықтың әсері емей?
Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,
Тәтті, дәмді іздер ең онан да әрман.
Өз пұлыңмен халің жоқ күнде тояр,
Құлдық ұрып асайсың асы бардан.
Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа,
Ас берер ауыл іздеп жүрсің босқа.
Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа.
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел.
Қаруыңның барында қайрат қылмай,
Қаңғып өткен өмірдің бәрі де — жел.
Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Есек к ... н жусаң да, мал тауып кел,
Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас.
Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.
Асаған, ұрттағанға ез жұбанар,
Сенімді дәулет емес сен қуанар.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы сықылды тез суалар.
Мінер атын, киімін ып-ықшам қып,
Сымбаттанып, сымпиып тамақ аңдып,
Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан
Антұрғанға қосылмай кетсін қаңғып.
Күлдіргіштеу, күлкішіл, қалжыңға ұста,
Кезеген ит тым-ақ көп біздің тұста.
Өз үйінен жиреніп, қашып жүрген
Антұрғанға қосылма қапылыста.
БАЛАЛЫҚ ӨЛДІ, БІЛДІҢ БЕ?
Балалық өлді, білдің бе?
Жігіттікке келдің бе?
Жігіттік өтті, көрдің бе?
Кәрілікке көндің бе?
Кім біледі, сен кәпір,
Баяндыдан сөндің бе,
Баянсызға төндің бе?
Әлде, айналып, кім білер,
Боталы түйе секілді,
Қорадан шықпай өлдің бе?
* * *
ЛАЙ СУҒА МАЙ БІТПЕС ҚОЙ ӨТКЕНГЕ
Лай суға май бітпес қой өткенге,
Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.
Сол қасқырша алақтап түк таппадым,
Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?
Берген бе тәңірім саған өзге туыс?
Қыласың жер-жиһанды бір-ақ уыс.
Шарықтап шартараптан көңіл сорлы
Таппаған бір тыянақ не еткен қуыс?
Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
Халиққа104 махлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенің бәрі — дәһрі105.
Өзгені ақыл ойға қондырады,
Біле алмай бір тәңіріні болдырады.
Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,
Талпынып тағы да ойлап зор қылады.
Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.
Мекен берген, халық қылған ол ләмәкан106
Түп иесін көксемей бола ма екен?
Және оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?
Өмір жолы — тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған хақ.
Имек жолда тыянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.
ӨЛСЕ ӨЛЕР ТАБИҒАТ, АДАМ ӨЛМЕС
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
„Мені" мен „менікінің" айрылғанын
„Өлді" деп ат қойыпты өңкей білмес.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?
Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,
Бақи107 қоймас фәнидің108 мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей.
Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, мәғшарға109 амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас.
ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕНДЕ
Арғы атасы қажы еді
Бейштен татқан шәрбәтті.
Жарықтықтың өнері
Айтуға тілді тербетті.
Адалдық, ақыл жасынан
Қозғапты, тыныштық бермепті,
Мал түгіл жанға мырза еді,
Әр қиынға сермепті.
Мұңды, шерлі, жоқ-жітік
Аңсап алдын кернепті.
Бәрінің көңілін тындырып,
Біреуін ала көрмепті.
Әділ, мырза, ер болып,
Әлемге жайған өрнекті.
Тәубесін еске түсіріп,
Тентекті тыйып, жерлепті.
Қазақтың ұлы қамалап,
Іздеген жүзін көрмек-ті.
Ақылынан ап қайтқан
Өлгенше болар ермекті.
Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкім келмепті.
Өлмейтін атақ қалдырып,
Дүниеге көңілін бөлмепті.
Жарлығына Алланың,
Ерте ойлаған көнбек-ті.
Олар да тірі қалған жоқ,
Тірлік арты өлмек-ті.
Оны да алды бұл өлім,
Сабырлық қылсақ керек-ті.
* * *
КЕШЕГІ ОСПАН АҒАСЫ
Кешегі Оспан ағасы
Кісінің малын жемепті.
Мал сұраған кісіге
Жоқ, қайтемін демепті.
Қуаты артық, ойы кең,
Жұрттың бәрін шенепті.
Досына дәл жаз, жауға аяз,
Алысқанды денепті.
Адалдық үшін алысып,
Жегішке ақы төлетті.
Бас шайқаймын дегеннің
Басына салды әлекті.
Қадірі қалың, малы көп,
Қылмаған кімге себепті?
Алақолсыз мырза еді,
Кем-кетікті елепті.
Оны да алды бұл өлім,
Сабырлық қылсақ керек-ті.
* * *
КЕШЕГІ ӨТКЕН ЕР ӘБІШ
Кешегі өткен ер Әбіш
Елден бір асқан ерек-ті.
Жүрегі — жылы, бойы — құрыш,
Туысы жаннан бөлек-ті.
Өнері оның жұрт асқан,
Ғылымға көңілі зерек-ті.
Аямаған ғаріптен
Қолдан келген көмекті.
Кісіге сідет110 жүктетпей,
Еңбекпен тапқан қоректі.
Біреудің қылған қарызын
Айтқызбай артық төлепті.
Боямасыз ақ көңіл,
Кірлетпей кетті жүректі.
Ойламаған өлімнен
Жасқанамын демек-ті.
Тағдырға тәбділ111 бола ма,
Сабырлық қылсақ керек-ті.
ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕНДЕ
Тұла бойың ұят-ар едің,
Ескеріп істеп, ойлаған.
Тәуекелге нар едің,
Талаппен терең бойлаған.
Ерлікке де бар едің,
Үйренуге тоймаған.
Жасқа жас, ойға кәрі едің,
Атаңның атын жоймаған.
Замана, неткен тар едің,
Сол қалқамды қоймаған?!
ӘБДІРАХМАН ӨЛІМІНЕ
Жиырма жеті жасында
Әбдірахман көз жұмды.
Сәулең болса басында,
Кімді көрдің бұл сынды?
Дүниелікке көңілі тоқ,
Ағайынға бауырмал.
Тәкаппар, жалған онда жоқ,
Айнымас жүрек, күлкің — бал.
Ғылым оқып білгенше
Тыным, тыныштық таппаған.
Дүниені кезіп көргенше
Рахат іздеп жатпаған.
Ұзақ өмір не берер,
Көрген, білген болмаса?
Жатқан надан не білер,
Көңілге сәуле толмаса?
Петербурда-ақ кідірмей,
Біліпті дерттің барлығын.
Тәуекел қып білдірмей,
Күтіпті тәңірі жарлығын.
Қалжыңы, шыны аралас,
Өмірім аз деп білдіріп,
Бөтен көзде көрсе жас,
Ойнаймын деп күлдіріп.
Аз өмірін ұзайтқан,
Ғылымға бойы толған соң.
Көрген жерін молайтқан,
Оқып, біліп болған соң.
Қырым, Кавказ, Түркістан,
Ресей, Сібір қалмады.
Хабарланып әр тұстан,
Көрмей дамыл алмады.
Құйрықты жұлдыз секілді,
Туды да, көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады.
Тәуекел зор, ақыл мол,
Қорықпай тосқан тағдырын.
Қиынсынбай өлімді ол,
Білдірмеген еш сырын.
Ата-ананың қызметін,
Алған жардың қарызын,
Өтемей кеткен бейнетін,
Қағазға жазған арызын.
Көргені мен білгені
Жүзге келген шалдан көп.
Бізге уайым жегені —
Арманда боп қалды деп.
Жаңа жылдың басшысы — ол,
Мен ескінің арты едім.
Арман деген ащы сол,
Сүйекке тиді, қарт едім.
Қайғы болды күйгендей
Ол қуатым еді рас.
Көзге қамшы тигендей,
Шыр айналды артқы жас.
ӘБДІРАХМАН ӨЛІМІНЕ
Талаптың мініп тұлпарын,
Тас қияға өрледің.
Бір ғылым еді іңкәрің,
Әр қиынға сермедің.
Көзіңді салдың тұрғыға,
Бейнетін қиын көрмедің.
Бірге оқыған құрбыға
Бас бәйгені бермедің.
Бала болдың, жас болдың —
Жалғандыққа ермедің.
Төре болдың, бас болдың —
Көкірегіңді кермедің.
Ел ішіне сау келсең,
Тағылым айтпас ер ме едің?
Жол көрсетіп сонда өлсең,
Арманым бар дер ме едім?
Іздеп табар жалғаннан,
Бала берген пенде едім.
Пенде өлмейді арманнан,
Мінеки, мен де өлмедім.
ӘБДІРАХМАНҒА
Орынсызды айтпаған,
Түзу жолдан қайтпаған;
Жақсылық қылар орында
Аянып бойын тартпаған.
Ортасында кәпірдің
Арамынан татпаған.
Өмір бойы талпынып,
Ғылым іздеп, жатпаған.
Түрленіп төре болдым деп,
Есерленіп шатпаған.
Жүз мың теңге келсе де,
Махаббатын сатпаған.
Жүйріктікпен шалқымай,
Тура сөзді жақтаған.
Бала айтса да хақ сөзді,
Бұрылмастан тоқтаған.
Өтіріксіз турашыл,
Еш сөзі жоқ таппаған.
Сыйласарлық кісіге,
Түк қалмайтын сақтаған.
Бауырларын еркейтіп,
Не сұраса қақпаған.
Білдіруші ең үндемей,
Істі қылған жақпаған.
Ағайын мен туғанды
Тірілікте мақтаған.
ӘБДІРАХМАН ӨЛГЕН СОҢ ӨЗІНЕ АЙТҚАН ЖҰБАТУЫ
Бермеген құлға, қайтесің,
Жұлынарлық ерікті.
Ажал тура келген соң,
Шыдатпайды берікті.
Ғаріптікке көз жетті,
Алғаннан соң серікті.
Өмірін берген құдайым
Ажалын да беріпті.
Сақта дейміз, қайтеміз,
Ілінген жалғыз тіректі.
Тағдырына тәбдил жоқ,
Тәубе қылсақ керек-ті.
Кәркиден, пілдей қуатты,
Тағы арыстан жүректі,
Аплатон, Сократ ақылды,
Қаһарман Ғали білекті.
Өз заңымша ұқсаттым,
Берген құдай тілекті.
Оспанды алған бұл өлім,
Тәубе қылсақ керек-ті.
Мұсылманға қоймаған
Орынсыз жанжал шатақты,
Ерегіскен жауларын
Кісен салып матапты.
Зекет жиып, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты.
Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты.
Мұқым қазақ баласы,
Тегіс ақыл сұрапты.
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты.
Мекеде уақып112 үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты.
Ажал уақыты жеткен соң,
Соның да гүлі қурапты.
Қажыны113 алған бұл өлім,
Сабыр қылсақ керек-ті.
ӘБДІРАХМАННЫҢ ӘЙЕЛІ МАҒЫШҚА АБАЙДЫҢ АЙТҚАН ЖҰБАТУЫ
Жылағанды тоқтатып,
Ынсап қылсақ жарайды.
Қоймасаң, қайғы ауыр боп,
Тұл бойыңа тарайды.
Қызыл гүлің суалып,
Ақ көңілің анық қарайды.
Һәммә жанды ауылымен
Патша құдай сынайды.
Бір сен емес, жылатқан
Сыңарын алып талайды.
Бәрімізді аясаң,
Тоқтау қылсаң ұнайды.
Ұмытқаның жарамас
Жаратушы құдайды.
Халық билеген патшалар,
Уақыты жетсе, құлайды.
Дәл уақыты жеткенде,
Талайдың гүлі қурайды.
Рәсүлді114 алған бұл өлім
Кімнен жөнді сұрайды?
Қандай адам бұлқынып,
Бұған көнбей тулайды?
Мен білемін, қайтейін,
Мұндай асыл тумайды.
Қанша жылап налысаң,
Сонда да ерікке қоймайды.
Алғысы келсе, дүниенің
Айтқанына болмайды.
Ойласаңшы, Мағышым,
Кімнің гүлі солмайды?
Артын тіле құдайдан,
Бір қалыпты тұрмайды.
Үсті-үстіне бастаса,
Сонда пенде оңбайды.
Жылама, Мағыш, жылама,
Алладан өлім тілеме!
Қолдан ұшқан ақ сұңқар
Қайтып келіп қонбайды.
Бір шешеден туғанда,
Бәрінен кетті тәуірім.
Көтермеске амал жоқ,
Көрдім дүние ауырын.
Аясаңшы, апырмау,
Әке, шеше, бауырын!
Бойды жеңіп, тоқтау қып,
Сұрасаңшы ақырын!
Тоқтамады, тұрмады,
Кетті ортадан асылым.
Тәкаппар, зор көкіректі
Көтере алмай басылдым.
Тиянағым, тұрлауым,
Енді кімге асылдым?
Ойламадым туғанды,
Бір өзіңе бас ұрдым.
Жалғыз сенен айрылып,
Артыңа қарап аһ ұрдым.
Ойламадым еш жанды,
Өзіңе ердім оңаша.
Рахаттанып, мақтанып,
Қылушы едім тамаша.
Шыны сорлы мен дағы,
Мағыш байқап қараса.
ӘБДІРАХМАННЫҢ ӘЙЕЛІ МАҒЫШҚА АБАЙ ШЫҒАРЫП БЕРГЕН ЖОҚТАУ
Айналайын, Құдай-ау,
Қапалық салдың жасымнан.
Шешенің зарын тарттырдың
Бес жасымда басымнан.
Сөйлемей пенде шыдамас
Қайғы отына ашынған.
Жарымды көрмей неше жыл,
Қапалықты асырған.
Жарымды алып қор қылдың
Жас өмірде тасынған.
Айырып, от қып өртедің,
Әбіш сынды асылдан.
Әбішті алып күл қылдың,
Қызылды гүлді жасылдан.
Тым болмаса қызмет қып,
Өткізбедім қасымнан.
Жиырма екі жасымда
Мен айрылдым жарымнан.
Жарық сәуле көрмедім
Шыққалы ана қарнынан.
Күйік күшті түскен соң,
Кетеді екен сабырдан.
Қызықты күнім қалмады
Жылаған айтып зарымнан.
Көре алмай зар боп айырылдым
Құдай қосқан жарымнан.
Өзгеше болып жаралған,
Таныған жан қалпынан.
Тілеуді кесіп құдайым,
Зарлатып қойды артынан.
Құдай салды жүрекке
Жалғанда бітпес жараны.
Көре алмай қор боп қалған соң,
Кете ме іштен арманы?
Сәулемді құдай алған соң,
Сарнамасқа шара не?
Кез келтірді құдайым
Құтылмас маған дараны.
Қалқамды алып, құдайым,
Басыма салдың қараны,
Өзі түгіл көрмедім,
Ізі жоқ басқан табаны.
Күйдіріп, құдай алмады,
Пенденің құрыр амалы.
Қылығыңа жете алман,
Қаншалық тілмен айтқанмен.
Басыңа құдай беріпті
Өлшеусіз қылып ақылын.
Сабыр мен талап беріпті,
Ақылың, рахымың қиын-ды.
Өткен күнгі қызығым
Ұйықтап көрген түстен кем.
Қараңғы түнде қапалық
Жүректі басты, шықпас күн.
Қолдан келген қайратым —
Барымды айтып шыққан үн.
Көңілімнің күні өшкен соң,
Қайғылы қара болар түн.
Жыламай пенде шыдамас,
Қарағымды алған соң.
Сағынып көрген қызықты
Көре алмай зарлап қалған соң.
Ашпадың, Алла, қабақты,
Қылмадың қабыл тілекті,
Өле алмай шыдап отырмын
Зор құдайым салған соң.
Шықтым ба деп ем, құдай-ау,
Қызықты күннің шетіне.
Өшірмек Алла болған соң,
Пенденің қоймас еркіне.
Өлмектен басқа дауа жоқ
Алланың салған дертіне.
Құтылмас құл жол таппас
Иенің салған өртіне.
Жалтыр құздан құладым,
Қолымнан кетіп сүйеніш.
Көңілімнің күні өшкен соң,
Жалғанда болмас жұбаныш.
Өмірді қылдың, құдайым,
Қызығы жоқ күйініш.
Үмітсіз өмір бітірді
Жүрекке мұз боп ерімес.
Өзгеше болып жаралған
Айырылдым қалқам жарымнан.
Сол қалқамды қоймаған
Замана неткен тар еді?
Жасымнан өтті демегің,
Күн шыққандай қараңғы
Кешегі түннің жарығы.
Сабыр қылып шыдарға,
Қайғы оты асты күшімнен.
Қызықты күнім қалмады
Әбішті көрген түсімнен.
Сағыныш зарын білдірмей
Жүруші едім ішімнен.
Қылығың, қалқам, кетер ме
Жалғанда менің ойымнан?
Сағынсам да алыстан,
Жүруші ем күнше жылынып.
Қызықтың заңғар басынан
Қорлыққа кеттім жығылып.
Құдай қосқан қосақтан
Жалғанда қалдым жырылып.
Қайғыңда қалдым қамалып,
Қызығым кетті сырылып.
Көре алмай қалдым қалқамның
Дәл екі жыл қызығын.
Жүректегі жазылмай,
Тағдырдың салдың сызығын.
Өмірдің, Алла, беріпсің
Күнде өртерлік шыжығын.
Баяны жоқ, байлаусыз,
Тілекте жоқ бұзығын.
Сағынсам да үміт бар,
Болушы еді қуаныш.
Қалқамнан қалдым қарс ұрып,
Қайткенде болар жұбаныш?
Алла берген арманға
Аһ ұрсам болмас алданыш.
Сабыр, тағат қылуға,
Қоймады күйік бойыма ес.
Әбіш сынды жарымнан,
Айырылған соң барымнан,
Жалғанда болмас жұбаныш!
НЕМЕРЕ ІНІСІ ӨЛГЕНДЕ АЙТҚАНЫ
Көз жұмғанша дүниеден
Иманын айтып кеткені-ай!
"Бейсенбі ме бүгін?" деп,
Жұмаға қарсы өткені-ай!
Жер күңіреніп, жұрт шулап,
Ағайын түгел жеткені-ай!
Жамиғат тоңбай, күн жылып,
Тәңірім рақым еткені-ай!
Ием қабыл алды-ау деп,
Көңіліме қуат біткені-ай!
Қуаттанып бақсам да,
Күнәлі нәпсім түйтпеді-ай115.
Ата тегің мұндағы —
Орта жүздің ұлығы;
Ана тегің ондағы —
Өзен судың тұнығы.
Екі асылдан қосылған
Сом алтынның сынығы.
Өлгенше естен қалмайды
Өзгеше біткен қылығы.
Қызыл балақ қыранның
Балапанын дерт алды.
Жеміс ағаш, бәйтерек
Балдырғанын өрт алды.
Артына белгі тастамай,
Жал-құйрығын келте алды.
Ағайынды тойғызбай,
Аз күн қоймай, ерте алды.
Көп жасамай, көк орған,
Жарасы үлкен жас өлім.
Күн шалған жерді тез орған,
Күншіл дүние қас өлім.
Артына белгі қалдырмай,
Бауыры қатты тас өлім.
Жыламайын десе де,
Шыдарлық па осы өлім?
Орамды тілді ауыздым,
Ақылға жүйрік маңыздым.
Көп жасамай, тез кетіп,
Көзімнің жасын ағыздың.
МАХАББАТ, ДОСТЫҚ ҚЫЛУҒА
Махаббат, достық қылуға
Кім де болса тең емес.
Қазір дайын тұруға —
Бес күндік ғашық жөн емес.
Сүйіспек көңілім ойлайды,
Жанның бәрі — қатыбас.
Сүйісу тозбай тұрмайды,
Еңбекке аз күн татымас.
* * *
(М. О. Лермонтовтан)
РАХАТ, МЕНІ ТАСТАП, ҚОЙМАДЫҢ ТЫНЫШ
Рахат, мені тастап, қоймадың тыныш,
Ғашық жар, ағайын, дос — бәрі алдағыш.
Жастық құмар үміттің нұры қайтып,
Күңгірт тартты, бәрінің аяғы реніш.
Ұнатпаймын тағдырды, дүниені,
Жасқантып жалынта алмас о да мені.
Алладан бәрі бір деп тосып тұрмын
Алғалы жақсылықты я өлгелі.
Қара жұрт қарап көріп, сөзге нанбас,
Ант етемін, жалғанын жан таба алмас.
Өзі алданып, өзгеден соққы жеген,
Және өзі біреуді алдай алмас.
Соққан дауыл сияқты өмір өтер,
Қайғырмаймын, білемін, көзім жетер.
Кеудемде осы жүрек тұрған шақта
Жақсылық жоқ өзіме мен дәметер.
Ол жүректің жалынын басар бірақ,
Өлсе, көрде бастырған су топырақ.
Өзі сүйіп, өзгеден сүю іздеп,
Таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру