TELEGEI

Home

Көршінің кесірі

Сафуан Шәймерденов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Көршінің кесірі

Сафуан Шәймерденов шығармалары адам табиғаты, мінез-құлқын тануға арналған. Еңбектеріндегі өмір шындығы шынайы немесе шынайы болуы мүмкін деген оқиғалар желісіне құрылған. Кейіпкерлер арасындағы түрлі тартыстар арқылы замандас келбетін айқын бейнелеп шыққан.

Әңгіме

Тұрар бүгін ерте оянды. Бірден жолдастары есіне түсті. «Ертең тауға шығайық, шаңғы тебейік, мектепке ертерек кел», ─ деген олар. Сол жайды ол кешіне шешесіне айтып еді. Әлпеш үлкен ала көзін баласына өткір қадап, тұрып қалған. Бұл оның: «Бармайсың, түнімен жөтеліп шықтың, ауырып қаласың», ─ дегені. Шеше мінезіне сыралғы бала оны жақсы түсінеді. Бір мезет ол: «Рас, жөтелсем, жөтелетін шығармын. Ұйықтап жатқанда, қорылдайсың десем, мамамның өзі де «кет әрі» деп, нанбайды ғой, кім біліпті», ─ деп күдіктенетін де. Сонда да ол: «Қайтсем мамамның көңілін табамын», - деп түнімен ала көңіл болып жатты. Байқаусызда жөтеліп қалмауға тырысты. Міне, енді завод гудогі де айқайлады. Таңғы сегіз болып қалса да, қыстың ұзақ түні енжар сейіліп, үй ішіне енді-енді ғана ала сәуле еніп келеді. Қарсы қабырғада ілулі тұрған әке-шешесінің жас кезінде бастарын түйістіріп түскен суретінің жалпы нобайы ғана көрінеді. Тұрар түрегелді. Анасының қасына әлденеше барды. Оята алмады. Батылы жетпеді. Айна алдына келді. Шешесіне тартқан үлкен ала көзін уқалады. Маңдайына үйіле түсіп тұрған кекілін жоғары қайырды. Көзінің алдындағы томпақ сүйегі екен. Ол да бұған мамасынан ауысқан. Бірақ мұрнын айт, иіліп келген қоңқақ мұрны нағыз папасының мұрнындай. Тұрар сәл ойланып тұрды да, секіре бастады. Физзарядка жасаған болып еденді дүрсілдетті. Алақанын шартылдатты. Біразға дейін түсім екен деп,ұйқылы-ояу түсінбей жатқан Әлпеш ала көзін кең ашып, бері қарады. Аузын болар-болмас бір сылп еткізді де: ─ Бұ не, сайтан? Ішіңде арыстан ойнап бара ма, ойнақ салып? Жат! ─ деп жекіді.

Тұрар иіліп келді де, Әлпештің мойнынан құшақтап алды.
─ Мама, мамуня, мектепке барамын мен.
Қатты ұйқыдан кенет оянған Әлпеш әдепкіде ештеңеге түсіне алмады.

─ Мектепте не бар таң атпай? Бүгін демалыс емес пе? ─ Содан кейін есіне бірдеме түсті білем, басын көтеріп алды. Ұйқы басқан ала көзін сығырайтты: ─ Мектепте ештеңе де жоқ. Түнімен жөтеліп шыққаныңды білмейсің-ау, жазған неме. Тұрар тағы күдіктеніп қалды. Мүмкін бір ауық қатты ұйықтап кеткен болар, жөтелгенін сезбеген ғой, сірә. ─ Одан да үйде бол. Ісшіні шақырғам, көйлек тіктірем саған, ─ деді Әлпеш көзін қайта жұма түсіп. Тұрар көніп қалды. Ас үйге шықты. Диванға келіп жатып еді, ұйқысы келмеді. Қайта түрегелді. Аузын аңқайта есінеп біраз отырды. Tөp үйдің есігінен барып сығалап еді, мамасы қалың ұйқыға қайта кеткен екен. Басқа бір төсекте теріс қарап папасы да жатыр. Тұрар есікті жауып қойды да, енді терезе алдына келді. Үлкен терезеден күңгірт аспанның бір кішкене бөлегі ғана көрінеді. Қалың қар жауып тұр. Көлбемей, ұйтқымай, тік, баяу жауып тұр. Үлкен қар ұлпалары жерге түсерде қызық. Баяу қалқып келеді де, сәл орала беріп құсша қонады. Жел жоқ, дыбыс жоқ. Күңгірт аспанға бойлап тұрған қыраулы биік ағаштардың басы қыбыр етпейді. Есік алдындағы алма ағаштарының қырауытқан қалың бұтақтары бір-біріне айқаса иіріліп, қиян - қилы өрнек жасаған. Ағаштар да аспанмен реңдес. Жұлдыз сияқты ұзын кірпікті қар жапалақтары әлсін-әлі терезе көздеріне жабысады да, кенет еріп төмен қарай сырғанай жөнеледі. Жер дүниенің бәрі аппақ. Тек терезе тұсындағы бір топ қарақат шілігінің астыңғы жағы ғана қарауытып көрінеді. Шартақ қадалары қардан басына қоқырайта қалпақ кие бастаған. Осының бәрі Тұрарға әлдебір қияли кинокартиналардағыдай болып елестеді. Кенет жүрегін әлдене шымшып өткендей болды. Жолдастары осы бір қиял дүниесімен сырғанап бара жатқандай. Терезе жақтауына шығып алды. Желдеткішті ашып қойды. Жылы қыс таңының сызды, жұмсақ лебі соқты. Есік алдынан өтетін тар жолдың арғы бетін бойлап ағатын тау өзенінің шуылы келді. Тұрар желдеткіштен басын қылтитты. Қар жапалақтары келіп қона бастады. Дыбысы жоқ, салмағы жоқ, болса да денені түршіктірер зәрі бар. Тұрар түшкіріп салды. Содан кейін шешесінің «суық тиіп қалады», деп мұны терезе жақтауына да шығармайтыны есіне келді. Жерге түсті, сағатқа қарады. Әлі тоғыз болған жоқ. Тұра сала кітап оқығысы келмеді. Енді не істеу керек? Ол күндегіше жылы киінді де, далаға шықты. Қолғабын шешіп, қада басындағы қарды жентектейін деп еді, анасы әлдебір тасадан ізін бағып тұрған сияқты көрінді. Ауладан шықты да, өзен қабағына барды. Басқа жерден айқын, ағараң тартып, су арнасына қарай қиыс жатқан жіңішке соқпақ үлкен бір қойтасқа барып тіреледі. Сол жерден мұз құрсауын тесіп шыққан ағын су жаңағы тасқа келіп соғады да, күміс көбігін аспанға шашыратып, кейін лықсиды. Сәл кідіріс жасайды. Содан кейін бұрынғыдан да бір жойқын шапшаңдықпен төмен қарай жоси жөнеледі. Тұрарды бұл көрініс те жалықтырып жіберді. Бір сәтте конькиін алып, мұзды асфальтқа шықсам ба деп ойлап қалып еді, шешесінің ескертпесі кенет есіне түсті. «Көшеге коньки теппе! Машина басып кетеді». Не істерін білмей, бүкіл көшеге сыймай зеріккен бала үйге беттей берді. Сол кезде төменгі беттен кенет машина даусы естілді. Үй бұйымдарын артқан жүк машинасы мұның қасынан өтіп, жуырда ғана біткен көрші үйдің алдына келіп тоқтады. Кабинадан өзі қатарлы бір бала шықты. Үстіндегі пальтосын шешіп, қар үстіне бүктеп қойды. Содан соң машина үстіндегі орақ мұрттыға қарап:

─ Папа, мамам екеуің түсіре беріңдер, мен таси берейін, ─ деп дауыстады. Тұрардың күлкісі келіп кетті. «Гардеробты қалай апарады?» Бірақ бала сөзіне орақ мұртты да, оның ар жағында тұрған шәлі жамылған әйел де күлген, қарсылық жасаған жоқ. Әуелі жеңіл нәрселерді жерге алып қоя берді. Кабинадан түскен бала үлкендерше аяғын нық басып үйге таси бастады. Енді бірде үлкен радиоқабылдағышты көтере жөнелді. Тұрардың жүрегі су ете қалды. «Қап, түсіріп алады-ау». Жоқ, түсірмеді. Еркін адымдай басып үйге кірді де, қайта шықты. Осы кезде Тұрар да машина жанына келді. Оң бүйірден көрінген орта бойлы, шапшаң жүрісті әйел бұған мейірлене қарады. ─ Көршінің баласымысың? Тіптен жақсы, біздің Қамбаржанға көмектесіп жібер, қарап тұрма. Тұрар еркін басып, Қамбардың жанына қатарласа келіп тоқтады да, алдында жатқан шағындау жәшікті көтеруге еңкейді. ─ Оны сен көтере алмассың, былай тұр, ─ деді Қамбар жақындай беріп, үлкендерше сөйлеп.

Тұрар бойын жазды. Байқап қараса, Қамбар бұдан көп аласа екен.
─ Онда папамның темір саймандары бар, ─ деп Қамбар қайталап айтты.

Өзін үлкенірек санаған Тұрар алғашқы кездескен бейтаныс балаларға тән мінез көрсетіп, өктемдеу сөйледі.

─ Өзің нешедесің?
─ Өзің ше?
─ Мен бұрын сұрадым ғой.
─ Мен он екідемін, ─ деп жауап берді Қамбар.

─ Мен ендеше, он үштемін. ─ Ендеше мен бесінші класта оқимын, - деді Қамбар мектепке жеті жасынан барғанын танытып. Тұрар қоңқақ мұрнын бір тартты да, үндемей қалды. Соны Қамбар пайдалана қалды. ─ Дәу де болса, сен осы төртінші класта оқитын боларсың! ─ деп, тура қарап күлді. Оң қабағының астындағы тыртығы Тұрарға енді айқын көрінді. Не себепті екені белгісіз, сол тыртық бұған төбелестен болған сияқтанды. Ұтылмасқа ұмтылды.

─ Ие, деген. Мен де бесінші класта оқимын.

Қамбар жымия күлді. Бала аңғалдығын қызықтаған үлкен адамның мысқылды күлкісі секілді.

─ Ә, солай ма?!
Тұрар жәбірленіп қалды. Қамбардың қайтсе де бір әлсіз жерін таппақ болды.
─ Мен ендеше сабақты беске оқимын.

Әлгі бір қабақ астындағы тыртық бері тепті де, оның қанды дөңгелек жүзіне жаңағы мысқылды күлкі тағы жүгіре қалды. ─ Солай ма?! Ал мен, тіпті, нашар оқимын. - Содан кейін жиіркенгендей бір кейіпке келді. - Мақтаншақ! Оның бұл сөзінде кекесін барлығын, сабақты нашар оқитын бала бұлай еркін сөйлемейтінін Тұрар аңғара қойды. Тағы жеңіліп қалғанын сезді. ─ Ал сенің үйіңде пианино жоқ, бізде бар, - деді Қамбарды немен мұқатарын білмеген ол.

Қамбар саспады: ─ Пианиноның керегі де жоқ бізге. Пианино алатын ақшамыз да жоқ. Мүмкін сенің папаң үлкен начальник шығар, ақшаны көп табатын шығар. Ал менің папам заводта жұмысшы болып қана істейді. Тұрар папасының ірі жерде қызмет істейтінін де, жалақыны көп алатынын да айтып мақтанайын деген жоқ еді. Қамбарды жеңер сөз таба алмаған соң айтқан. Тағы да ұтылып қалды. Бірақ бейтаныс балаға беріле салғысы келмеді. Өзінің бір жас үлкендігін пайдаланып күшін асырмақ болды. Оған үйден әлдебірдемені жайғастырып, кешеулеп шыққан шапшаң жүрісті әйелдің: ─ Манадан бері сол бір жәшікті көтере алмай тұрсыңдар ма екеулеп? ─ дегені де қамшы болып кетті. Еңкейе беріп жерден көтеріп алмақ болып еді, көзге қораш көрінсе де, қозғала қоймады: «Көтере алмаймын ба?» ─ деген күдік те, тер де бұрқ етті. ─ Айттым ғой көтере алмайсың деп, ─ деді Қамбар. Қарап тұрмады. Күбжеңдеп жатқан мұның алдынан келіп, жәшікті өзіне қарай тартты. Тұрар таласпады, бірден шалқайып та тұрып қалмады. Үлгіре алмай қалған адамның қимыл - қыбын жасай берді. Қамбар жәшікті шірене көтеріп алды да, жүгіре басып үйге қарай жөнелді. Тұрар ызаланып кетті. Өзіне ме, әлде өзгеге ме, оны тіпті білмеді. Бір сәтте оны салып жібергісі де келді. Өзінің әлсіздігін әшкере еткені үшін бе, әлде аздап қыр көрсетіп жүргені үшін бе? Оны да шамалап, жауап іздеп жатпады. Қамбар қайтып оралған бетінде ентіге тұрып, сол бір жаман сезімнің отына май құя түсті. ─ Айттым ғой көтере алмайсың деп... Мықты болсаң, мынаны көтерші. ─ Қамбар кабинадан екі басы шоқпарланып келген екі үлкен темір кесекті алып шықты. Мектептің спорт залында осыны Тұрардың талай көргені бар еді. Ересек балалар бірінен соң бірі алып, көтеретін де жататын. Сонда да қапелімде аты есіне түсе қоймады. «Мұның аты не? Білесің бе?» ─ деп сұрап қала ма деп қыпылдап тұр. Бірақ Қамбар оның атын сұрап жатпады. ─ Мықты болсаң, осы гантельдің бірін алшы, көрейін неше рет көтергеніңді, ─ деп өзі айтып жіберді, сөзі керімтал жатса да, Тұрар қуанып кетті. Іркілмей барып оң қолымен гантельді көтеріп алды. Көкке қарай ұшырта бастады. Бірақ бұл тынық күштің ғана қарқыны екен. Қары талып қалды. Зорға дегенде жетіге жеткізді.

─ Бәлі, ─ деді Қамбар екі қолына екі гантельді алып жатып. ─ Ал санай бер. ─ Бір... екі... үш... сегіз... он бес... жиырма... ─ Тұрар санаудан жалығып кетті. Қамбар болса, әуелгі бір баяу ырғақпен көтере берді.. Сонда оның есіне ертерек кезде үйіне су құбыры тартылмай тұрған кезде, келіп-кетіп жүретін бір студент қызға Әлпештің: «Бір шелекті қой, шырағым, екі шелекпен бар, көтеруге жеңіл болады», ─ дейтіні түсті. Қамбар тәсіл жасап тұр деп ойлады.

─ Екі гантельді бірден көтеру, әрине, оңай. ─ Оңай болса, көтере ғой. ─ Қамбар гантельді бұған ұсына берді. Тұрардың беті қайтып қалса керек, ұмтыла қоймады. Жалтара сөйледі:

─ Гантельді көтеру дегенді білмеймін мен. Күресемісің өзің?
─ Кел, күресемін.

Екеуі де қожырая, сүзісе келіп айнала берді де, ұстаса кетті. Жығам деген сеніммен ұстаған Тұрардың аз кем арам ойы да бар. Іштен алғансып, екі шаттың арасынан тізесімен бір-екі рет нұқып қалды. Қамбар оны басында сезген болса керек, жамбасқа ала берді де, оның басын төмен тұқыртты. Тұрар кейін шалқайды. Сол бір сіресіп тұрған кезде Қамбар қолын босатып қоя берді. Тұрар шалқалай барып, құлап түсті. Басы машина дөңгелегіне соғылды. Жаңа табысқан екі баланы ойнап жүр деп, өз шаруаларымен айналысқан ерлі-зайыптылар сасып қалды. Тұрар тұратын емес, көзін жұмып, қозғалмастан жатыр. ─ Келмей жатып мұның не? Мұндай сұмдықты жасамаушы едің ғой! ─ деген әйел даусы шықты. Оған еркек даусы қосылды: ─ Ой, мұндай тентектікті кім үйретті саған? Сен өзің кімнен туған немесің? Қалай өскенсің деймін? Бұрышқа тұрғызып қояйын ба, осы, ә?

Қамбар бар айыпты мойнына алғандай. Дыбысын да шығарған жоқ. ─ Көтер қолынан, тұрғыз! Кешірім сұра! Татулас! ─ деді бастапқы әйел даусы. Жіңішке де өктем шығып жатыр. Қамбар иіліп келіп, қозғалмай жатқан мұның кеуде тұсынан қапсыра құшақтады да, тік тұрғызды. «Біржола тұқыртып алайын», ─ деп ойлаған Тұрар басын сипалай берді:

─ Ауырып барады, әкетіп барады.

Қамбар да, оның ата-анасы да бәйек болып қалды. Сол кезде бұл құбылысты терезеден көріп, үйден айқай сала шыққан Әлпештің даусы естілді. Бір көзін сығырайта ашып қарап еді, шашы дудырап жүгіре басып келеді екен. Шаң-шұң сөйлеп келеді. ─ Келмей жатып қыра ма, түге! Ойпырай, енді не істемекпін? Өлтірдіңдер-ау жалғызымды бәрің жабылып! Ұйқыдан жаңа тұрған шешенің жәбірленген бала жағдайын жаманға асыра жоруы болар деп шамалаған ерлі-зайыптылар Әлпеш аузынан шығып жатқан артық сөздерге мән бермей кешірім сұрай берді. ─ Кешіріңіз, осында өздері ойнап жүріп... Тіпті ойда жоқта... ойнап жүр десек... ештеңе етпес енді, ─ деп сасқанда сөздің басын буа алмай да жатыр. ─ Кешірімі құрысын? Бүлік сала келдіңдер ғой, түге, құрттыңдар ғой, түге! Жалғызымды жалғызсыратқан екенсіңдер ғой, түге, ─ деп Әлпеш даурыға келіп, баласының басынан құшақтады, ─ үйбайи... жарылып қалыпты ғой. Енді не істейін. Мына қара, қан сорғалап тұр... «Қан сорғалап тұр» дегенде Тұрардың өзі де шошып кетті. Басын сипап еді, ештеңе білінбеді. Сонда да: «Мамам көріп тұр ғой. Сорғаласа, сорғалап тұрған шығар», ─ деп күдіктенді.

Әлпеш даурыға берді: ─ Мына қараңдар! Мұнда келіңдер! Қайдасыңдар, түге? Келіңдер мұнда! ─ Содан кейін Қамбардың шешесіне төнді, ─ жалғыз балаңды бетімен жіберіп, не сандалбай сенікі?! Көргенің аз ғой, тегі?!

Қамбардың шешесі долы әйелдің ауанына бой ұсынса да, іштей кекете сөйледі.
─ Ойпыр-ай, бір ағаттық болды енді, кешіре көріңіз енді адам көрінесіз ғой.

Бұл сөздің байыбына бармаған Тұрар: «Менің мамам бәріңді де бүрсеңдетер әлі», ─ деп ішінен күліп қойды. Арада талай күндер өтті. Екі жақтан да айыбы болған балалық істің өкініші де басыла берді. Сонда да көрші баланы Тұрардың көргісі келмеді. Тіпті оған деген енді өшпенділігі де жоқ секілді. Сонда да аулақтана берді. Есік алдында, аула ішінде ұшыраса қалса, бұрылып кететін болды. «Бұзылған бала екен, араласушы болма», ─ деген шеше сөзін мүлтіксіз орындауға тырысты. Ал, Қамбар болса, бәрін де ұмытқан секілді. Бір-екі рет бұған дауыстап, үн де қатқан-ды. Тұрар оқитын мектепке ауысқан соң, басқа танысы болмағандықтан ба, әйтеуір бұған жақын жүруге тырысып жүрді. Тағы бір күн өтті. Әлпеш ертемен Тұрардың тамағын берді. Сумкасына бір плитка шоколад, бутерброд салды. Құнтымен жылы киіндірді. Жолда қолғабын шешпеске, қар жемеске, мектепте суық су ішпеске уәдесін алды да, сабағына аттандырды. Аз-кем уақыт өтті. Есік қайта ашылды. Тұрар қайтып кірді. Аласы көп үлкен көздері шарасынан шығып кеткен. Түсі қуқыл тарта қалыпты.

─ Мама... сұмдық!

Әлпеш бала соңынан сыртқа шықты. Ашық атқан таңда қытымыр аяз бар. Жылы үйден жеңілірек шыққан оның денесі дірілдеп кетті. Тұрар шешесін тура өзенге алып жүрді. Аяз сорған қатқақ қар жүрген сайын сықырлайды. Екеуі де өзен жарына келіп тоқтады. Төменде, бір тесіктен атқып шығып, булана қарғып жатқан су жағасында кішкене Қамбар тұр. Беліне дейін жалаңаштанып алған. Үлкен түкті орамалды шелектегі суық суға батырып алады да, онсыз да қызарып кеткен арқасын ысқылайды. Әлпеш көзін басты. Тұрар бір сәт қызықтай қарап тұрып қалды. Еріксіз дауыстап жіберді.

─ Қамбар!
Әлпеш зекіп тастады.
─ Дауыстама. Кеше осы баланың күлгенін көріп едім.

Аузы қисайып кетеді екен. Бұл жынданған бала! Қыстың сақылдаған сары аязында сау адам суға түсе ме әйтпесе. Бар сабағыңа! Жөнел! ─ деп Әлпеш үйге қарай беттеді. Бұл сөздерді естіп тұрған Қамбар күліп жіберді. Ішек-сілесі қата ұзақ күлді.

Сол күннің кешінде Тұрардың бар әңгімесі Қамбар жайында ғана болды.
─ Мама, Қамбар қайтеді енді, өле ме? ─ деп сұрады.
─ Қыстыгүні суға түскен бала өлмегенде қайтушы еді!

Тұрар түнімен ұйықтай алмай шықты. Көзі ілінсе - ақ болғаны, ұйтқыған боран соғып кетеді. Сол боранның арасында жалаңаш Қамбар көрінгендей болады. Сақылдап күлген даусы келеді. Кенет сол күлкі жүректі тырнар, жан түршіктірер, қорқынышты бір музыкаға айналып кетеді. Көрші үйден әлдекімдер табыт шығарып бара жатқандай болады. Тағы бірде шошып оянды. Тұра сала далаға жүгірді. Сәске болып қалған. Көрші үйге үңіле қарады. Жым-жырт. Тік шатырға түнімен қонақтаған ұлпа қар төмен қарай баяу сырғанай береді де, гүрс ете қалады. Бақша ішінде із жоқ. Жеміс ағаштары сол ақ қырау жамылған күйінде мелшиіп қалған. Ақша қар басқан тау беткейі өзі кинодан көрген мұз таулары бар ақ теңіз секілді. Сол теңіздің биік бір жотасынан асып, қан күрең тартып күн туып келеді. Тұрардың денесі түршігіп кетті. Бәрі де бітіп қалған, түнде Қамбарды табытқа салып, белгісіз бір жаққа алып кеткен сияқты. Сол кезде көрші үйдің әлі сыры кеппеген қызыл есігі шалқалай ашылды да, ар жағынан Қамбар көрінді. Кешегідей жалаңаш қалпы. Қолында түкті орамал. Сәл керіліп, екі-үш рет әдемі бір қимыл жасады да, өзенге қарай жүгіре жөнелді. Тұрар үйге оралды. Таңғы тамақ үстінде ол папасына бұрылып:

─ Осы, менің мамам өтірікші, ─ деді.

Әлпештің бет - ұшы шұңқырайып, көнтек ерні жыбырлап кетті. Қазыбек қарқылдап күлді.

─ Неге өтірікші? ─ Кеше мамам Қамбарды өледі деген. Түк те еткен жоқ. Ол әне, тағы барып өзен суына шомылып жатыр. Сол күні Әлпеш жаңа қоныстанған көршінің үйіне барды. Оны дөңгелек жүзді, қара көзді, кескінді әйел жылы ұшырай қарсы алды. ─ Жоғары шығыңыз, отырыңыз. Шай қоя қояйын. Таныса алмай жатырмыз. Новоселье жасай алмай жатырмыз, ─ деп шапшаң сөйлеп, құрақ ұшты. Бұл Қамбардың шешесі Гүлжәмила еді. Завод коммутаторында телефоншы болып қызмет істейтін. Өз кезегінен жаңа ғана келіп отыр екен.

Әлпеш оның сөзін салғырт тыңдады. Көлегейлемей өз ойындағысын бірден айтты:
─ Осы сенің балаңның есі ауысқандау ғой деймін. Солай ма?
Гүлжәмиланың түсі бұзылып кетті.
─ Есі ауысқандаумасы қалай?

─ Есі ауыспаса қыстыгүні суға неге түседі?
Гүлжәмиланың өңіне бұрынғы жайдарылығы қайта жүгірді.

─ Жындылығы емес ол. Жас күнінен бергі дағдысы. Өзі қыс қарсаңында туған еді. Жылы орап, далаға ұйықтатып жүрдік. Содан кейін қыстыгүні де далаға ұйықтататын болдық. Үйреніп кетті.

Әлпеш тағы өз сөзін сөйлей берді:
─ Қыстыгүні өзенге шомылу жақсы тәрбиеден емес.

─ Ойпыр-ай, бала күнінен дедім ғой. Кішкентайынан үйреніп кеткен, - деп, Гүлжәмила әлі де Әлпешті иландыру ниетінде зілі жоқ, көңілдестік қалыппен сөйлеп тұр. ─ Қыстың аязында он екі жасар бала өзенге барып суға түседі, ─ деп Әлпеш таңдана айтты. Басын шайқады. «Не шешесі, не баласы жынды. Екінің бірі». Ештеңені ұғып болмайтын мына әйелмен таласа беруді жөнсіз санаған Гүлжәмила енді оның сөзін қызықтап, күліп қалды. ─ Неге күлесің? Жынданбасаңдар, баланы бұдан кейін өзенге жібермейтін бол! ─ деді де, Әлпеш есікті тарс қойып шығып кетті.

Ақылды қалпын сақтап қалған Гүлжәмила бір нәрсеге қайран: «Не қимасы қышып жүр осының? Менің баламның не істегенінде қандай шаруасы бар?» Сол бір күннен бастап, Тұрар пікірі күрт өзгерді. Қамбар оған енді басқа бір сипатта елестейтін болды. Жатса-тұрса көз алдында. Бір күні түсінде Тұрар қатты қиналды. Қалың боран соғып кеткен. Адасып жүр. Айқайласа, даусы шықпайды. Осы кезде алай-түлей арасынан Қамбар көріне кетті. Сом денесін тік ұстап, нығыз басып келеді. Тұрар оның соңынан еріп еді, кенет көкорай шалғын өзен жағасынан барып шықты. Кейде Тұрар түсінде оның қиыр бір алыс теңіз ішінде арыстан, жолбарыстармен алысып жүргенін де көрді. Бір күні мектепте қабырға газетінің кезекті саны шықты. Онда Досжанов Қамбардың шаңғы жарысында бірінші орын алғаны айтылыпты. Мақала соңында: «Қамбар мектепке кейін келіп түссе де, сабақты жақсы оқиды, тәртіпті, үлгілі бала», ─ делініпті. Тұрардың есіне алғашқы күнгі: «Мен сабақты беске оқимын», дегені түсті. Ағат сөз екенін осы арада түсінгендей. Қабырға газетінен бұған қарап тұрған Қамбардан ұялғандай болып, бұрылып кетті (бұл екеуі бесінші класта оқыса да, группалары басқа болатын).

Тұрар енді Қамбарға жақын жүретін болды.

Бір күні ол сабақтан шықса, машинасымен папасы келіп тұр екен. Ала кетпек болып, Қамбарды тауып алып еді, көнбеді, жаяу баратынын айтты. Содан кейін Тұрар да жаяу қалып, онымен бірге жүрді. Жол бойы Қамбар көңілді сөйледі. Көп сөйледі. Ғаламат бір кеме жасағысы келетінін, сол кемемен алыс суларды кезгісі келетінін айтты. Тұрар үндеген жоқ. Ұялып келеді. Оның бар ойы: «Мектепке машинамен барып, машинамен қайтсам... басқа балалар мініп - түсіп жатқанымды көріп тұрса...» ─ дегенге ғана саятын. Қамбар сөзі енді оның балалық ой дүниесін ашып, жаңа бір көкжиекке меңзегендей болды. Алыс бір арманға жетелердей. Сол жолда Қамбар оған үлгі есепті. Тіпті оның аяқ алысы, қол сермесі, бір езуін сәл көтеріп, айқын күлетіні, қабағының астындағы басын төмен тұқыртты. ...Бір сенбі күнінің кешінде Тұрардың үйіне көп қонақтар келді. Ұзақ отырып, коньяк ішті. Қатты күлісіп, сөйлесті. Жалыққан Тұрар ас пісіретін бөлменің ар жағындағы бір кісілік кішкене бөлмеге барып жатып қалды. Түннің бір уағында оянып кетіп еді, «вист», «пас» деген сөздерді естіді. Қонақтардың біреуі: «Адал ойнау керек», ─ деп қатқылдау сөйледі. «Алып қойыңдар, ішіп қойыңдар!» ─ деген шешесінің көңілді даусын да естіді. Алысырақтағы бір аула ішінен шақырған әтеш даусы мұның құлағына талып естілді. «Таң жақын болуға керек, жалықпай қалай отыра береді!» ─ деген оймен ол көрпесін қымтады да, қайта ұйқыға кетті. Енді бір уақытта көзін ашып алса, үйге жарық түсіп қалыпты. Түрегеліп, төргі үйге барып еді, есік бекітулі тұр екен. Ар жақтан шешесінің қатты қорылдағаны естіледі. Стол үсті жиналмаған. Үй ішін ащы спирт иісі алып тұр. Тұрар мұрнын тыжыртты да, далаға шықты. Демалыс болған соң кешірек тұрған Қамбар жалаңаш қалпында өзенге жүгіріп барады екен. Неге екені белгісіз, Тұрар да жүгіріп жағаға келді. Әнеугі бір суық кезде қаусырмалап келген көк мұздар енді сөгіліп, әрбір жерде ойдым-ойдым болып қалыпты. Түбі көрінер меруерт су төменге қарай толқи зырлап жатыр. Осы Тұрар тұрған бетте еңіске қиыстап түсер баспалдақ та қардан аршылып қарайып қалған. Төменде шапаты бойлы Қамбар тасқа қолын тіреп еңкейе берді де, бір шелек суды еркін іліп алып, жағаға қойды. Тұрар төмен түсуге бата алмады. ─ Батыр болсаң, ана шелектегі суды үстіңе құй, ─ деп ол айқайлап күле сөйледі.

─ Кел ендеше, құйып жібер.

Тұрар төменге түсті де, су толы шелекті көтеріп алды. Қамбар долыра бастаған арқасын тосты. Тұрар шелекті төңкере берді.

─ Тағы да құйшы! Рахат! ─ деді Қамбар.
─ Рас рахат па?
─ Құй, рас айтам.

Тұрар су толы шелекті Қамбардың арқасына төндірді. Содан кейін жүгіріп жарға шықты. Үй жақтан еш қыбыр білінбейді. Әлі де ұйықтап жатқан болуға керек. Ол қайта жүгіріп төменге түсті. Шешіне бастады.

─ Қамбар, мен де бүгіннен бастап суға түсетін болам.
Қамбар тартыныңқырап қалды. «Рас па?» дегендей қарап тұр.
─ Шын айтамын, әкел суды, - деді көйлегін шешіп үлгірген Тұрар.
─ Ауырып қалмайсың ба?

─ А, сен неге ауырмайсың?
─ Мен...

─ Мен ─ сенді қой. Бол әкел, ─ деп Тұрар еңкейе берді. Жылы денесіне әуелі мұздай су келіп тигендей болып еді. Қалтырап кетті. Бара-бара су емес, жалаңдаған өткір пышақ секілді болды. Бірде қолтығына, бірде төсіне, енді бірде мойнына сумаңдай жүгіріп, терісін сыдырып жатқандай. Сонда да ол шыдай берді. Әрі-беріден соң тісі - тісіне тимей сақылдап кетті. Сол пышақ жүзі мұздай суық па, болмаса оттай ыстық па, білмейді. Әйтеуір бір өткір дүние.

Жазыла берген. Тұрарға Қамбар орамал ұсынды. ─ Енді ысқылап жібер. Жанып кете жаздайсың, ─ деді ол. Содан кейін, ─ Рахат па екен? ─ деп манағы өзі айтқан сөзді жандандыра сұрады. Тұрар жылайтын адамша аузы кемсеңдеп жауап бере алмады. Тұла бойы қалшылдап, ұшып кете жаздап тұр.

─ Ысқыла денеңді! ─ деді тағы да Қамбар.

Тұрар орамалды арқасына апарайын деп қолын көтеріп еді, иліге алмады. Дене шіркін енді өзінікі сияқты емес. Қамбар орамалды өз қолына алды да, оны ысқылай бастады. Тұрар арқасын қисайтты. Басын шайқады. Сол кезде оның басы айналып кетті. Құлап қала жаздады. Қамбардың көмегімен сыртқы киімін киіп үйіне беттеді. Келесі күні Әлпеш баласының өңі бұзылып отырғанын байқады. Температурасын өлшеп еді, қырыққа таяп қалған. ─ Сені әлгі жынды бала суға алып барған ғой. Айт шыныңды! - деп ол тепсіне сұрады.

─ Апарған жоқ, мен өзім бардым, ─ деді Тұрар.

Әлпештің өңі бұзылып кетті. Телефонға жүгірді. Жарты сағаттан кейін жан-жағында қызыл кресі бар жүйрік машина сиренасымен көше бойын жаңғыртып, Тұрарды емханаға апара жатты. Ал ашуға булыққан Әлпеш осы қаладағы мықты бір мекемеге бет алды. Бәрін де айтпақ, «кесірлі» көршіні бұл төңіректен қудырмақ.

1955

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙