Ешкім білмейтін айла
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Зәкір Асабаев
Зәкір АСАБАЕВ ЕШКІМ БІЛМЕЙТІН АЙЛА
АЛМАТЫ «ДӘСТҮР»
ӘОЖ 821.512.122-31 КБЖ 84(5Қаз)-44 А 87 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Асабаев З. Ешкім білмейтін айла: Сықақ әңгімелер, эссе, естелік, очерк, мақалалар / З.Асабаев. – Алматы: «Каратау КБ» ЖШС; «Дәстүр», 2015.– 384 б. ISBN 978-601-7505-12-7 Белгілі қаламгер Зәкір Асабаевтың бұл кітабының бірінші бөлімінде өмірде жиі кездесетін түрлі келеңсіздіктер, кейбір адамдардың жағымсыз іс-әрекеттері, психологиялық мінез-құлқы көрініс беретін сықақ әңгімелер, ал, екінші бөлімінде баспасөз беттерінде жарық көріп, оқырман көңілінен шыққан эссе, естелік, сұхбат, очерк, мақалалар топтастырылған. Кітапта тарих парақтары, қаймағы бұзылмаған бұрынғы қазақы қалып пен бүгінгі күннің ерекшеліктері тартымды суреттеледі. Кітап жалпы жұртшылыққа арналған. ӘОЖ 821.512.122-31 КБЖ 84(5Қаз)-44 ISBN 978-601-7505-12-7 © Асабаев З., 2015. © «Дәстүр», 2015. © «Каратау КБ» ЖШС, 2015. А 87
Алғысөз Қазақ баспасөз саласында алпыс жылға таяу уақыттан бері қалам тербеп келе жатқан белгілі жазушыжурналист Зәкір Асабаев еңбек жолын республикалық «Лениншіл жас» газетінде бастап, елу екі жылдан бері «Парасат» (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс»), сонымен бірге, соңғы он жылдан бері «Мәдениет» журналдарында қызмет етеді. Кезінде (розницаны есептегенде) тиражы 520 мыңға жеткен «Мәдениет және тұрмыс» журналында отыз жылдан аса екі басшының бірі боп, аталмыш басылымның қалың оқырман ықыласына бөленуіне қосқан үлесі көптің көз алдында, жадында. Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі. Тырнақалды «Ар соты» әңгімелер жинағынан бастап, «Жарастың ұлдары», «Мубар ханум», «Ән ғұмыр», «Өмір өрнектері», «Жылдар сыры», «Шаңсорғыш аю емес», «Жалғыз көзді балық», «Маэстро», т.б. кітаптары жарық көрген. Орыс тілінен екі роман, әңгімелер, өзбек жазушыларының әңгімелерін қазақ тіліне аударған. Көрнекті жазушы Герольд Бельгердің күнделіктерін ширек ғасырдан бері үзбей аударып, олар «Парасат» журналында жарияланып келеді. Күнделіктің қомақты бөлігі «Өтеді өмір осылай» деген атпен жеке кітап боп жарық көрді. Сондай-ақ, 2015 жылдың басында шыққан «Герольд Бельгер кім?» деген жинақтың құрастырушысы әрі сарапшысы. Ал, мына қолдарыңыздағы кітаптың бірінші бөлімі ұзақ жылдар бойы республикалық басылымдарда жарияланған сықақ әңгімелер мен екінші бөлімге соңғы жылдарда елге танымал өнер, әдебиет, қоғам қайраткерлерінің өмірі, еңбегі, өнегелі жақтарын қамтитын эссе, естелік, мақалалар еніп отыр. Өзіндік мәнер, бет-бағдар, қолтаңбасы бар автордың кез-келген туындысынан тәлім-тәрбие, тағлымдық мән-мағына шынайы рәуіште көрініс береді. Қызғылықты оқылады. Әйтсе де, негізгі төреші өздеріңізсіздер, құрметті оқырмандар.
БІРІНШІ БӨЛІМ СЫҚАҚ ӘҢГІМЕЛЕР
МЕНІҢ ДОСЫМ НҰҚАТАН О л екеуміз бір ауылда туып-өсіп, орта мектепті бірге бітіргенбіз. Ол аз десеңіз, Ақтау қаласындағы институтқа бірге түсіп, бір жылы бітіргенбіз. Ол аз десеңіз, екеуміз де осында қызметке қалып, үйленіп, онан соң пәтер алып, саяталы мен жан тыныштығы молшылық қалаға біржола орын тепкенбіз. Әрине, ауылға сирек барамыз (қол тимейді ғой деу бүгінде бәріміздің сылтауымыз). Бірақ барамыз. Бұдан алпыс екі жыл бұрын елден шығып кетсек те, бізді әлі онша ұмыта қоймаған кейбіреулер, – екеуі жарық дүниеде көз ашқалы жұптары жазылмай бірге жүр дей ме, – әуелі соның амандығын сұрайды. (Сол дегенім де, ол дегенім де, әрине, үзеңгілес досым Нұқатан). Бірі:«Нұқатан аман ба?» – десе, бірі:«Нұқатанды көріп тұратын шығарсың?» – деп, жұқалап сыр тартады. – Солай, – деймін ұстатпай. – Ішек-қарнымызға шейін араласып кеткенбіз, – деймін. – Әйелінің әкесі қайтыс болғанда жетісін өткізуге мен де қатысқанмын, – дейді еті тірілеу ауылдастың бірі мені қостай кетіп. – Ақтауда екеуіңнен өзге кіміміз бар? Екеуіңді де мақтан етеміз. Тату тұрғандарыңа сүйсінеміз. Оларың ақылдылық!— деп қауқылдаса түседі ауылдастар. – Өз көзіммен көрдім, бұлардың ауыз бірліктері бізден көп ілгері, – деп, әлгі Нұқатанның әйелінің әкесінің жетісіне қатысқан еті тірілеу ағайын тағы желпінеді. – Оған сөз бар ма? – деп мен де желпінемін. – Сендер оны айтасыңдар, – деймін одан сайын желпініп (қымызға қызғанның да әсері бар шығар бұл арада). – Нұқатан екеуміз бір күн көріспесек, жаңа бұзаулаған сиырша тықыршып, байыз таба алмаймыз. Әсіресе, мені алдымен іздейтін – Нұқатан. Таңертеңгі жұмысын маған телефон соғудан бастайды. Ол үлкен
бастық, мен қатардағы біреу. Нұқатан телефон соққан сайын бір бөлмеде бірге отыратын төртеудің алдында абыройым өсіп, төбем көкке жеті елі жетпейді. Айтатыны: «Қалай ұйықтадың? Ұйқың қанды ма? Түсіңде кімді көрдің? Баяғы Зада мен Надяны көрген жоқсың ба?» – сияқтылар. – Жақсы ұйықтадым, – деймін. – Ұйқым қанды, – деймін. – Түсімде баяғы Зада мен Надяны көрген жоқпын, – деймін. – Ғажап! – дейді ақкөңіл ауылдастарым. – Ғажап! Сол баяғы ақжарқын қалпы десейші Нұқатанды?! – Ақжарқын? Білуші ме едіңдер? – деймін. – Қайдам, – деп күмілжиді бір ауылдас. (Ар жағында айтуға тілі бармай отырғаны сезіліп тұрады, әрине. Бір жолы ауылдан келген бір ағайынын Нұқатан үйіне кіргізбей жіберіпті-мыс деуші еді. Мынау әлде сол ма екен?) – Білуін білеміз ғой ептеп, – дейді тағы бір ауылдас. – Нұқатанды жамандағанда, жақсыны қайдан табамыз? – Дұрыс сөз! – деп лып ете түсемін мен. – Дұрыс сөз! – Дұрысы дұрыс қой, – дейді тағы бір ауылдас (ауылдасым Әбутәліптің дастарқаны басында отырғандар аз емес-ті, шүкір). – Осыдан төрт жыл ма, бес жыл бұрын ба, Нұқатанды курортта көргенім бар. Елпеңдеп сәлем берейін. «Нұқа, қазір қайда істейсіз?» – дейін. «Оны қайтесің? – деп бұртың етсін ол. «Жай, біліп қояйық дегенім де». «Қызмет құпия. Айтуға болмайды». Бөтен емес, бөгде емес, өзімсінген адамның мына сөзінен көңілім қатты қабарсын. Бұл не, қомсыну ма, қорлау ма? О, менде де бір атар оқ бар, шыдамай кеттім де: «Жарқыным, ендеше, алатын жалақың қалай, соны айтшы, шай-суыңа жете ме әйтеуір? Қарның тоя ма? Басқасынан көрі бізге сол қызық!» – деп қалайын. Содан қайтып Нұқатанды көрсем көзім шықсын. Жә, ағайындар, жалпы Нұқатан жақсы жігіт, обалы нешік. – Әрине, – деймін мен. – Оны жаман деп көріңдерші. Олай деуге қақыларың жоқ. Мен білем бе, сендер білесіңдер ме? Әлгіде айттым емес пе, Нұқатан екеуміз кіндігіміз жабысып туғандай, бір-бірімізсіз тұра алмаймыз деп. Таңертең жұмысқа келісімен бірінші болып
телефон соғады деп. Кейде «қоя тұршы, кейінірек саған өзім телефон соғайын» деп мен одан әрең құтыламын. Сыртымнан ғайбат сөз айтпайды. Жамандаса, естімеймін бе? Анда-санда үйіне әлдеқайдан бір қойдың еті келе қалса – жартысы біздікі. Біреу-міреу бастық қой деп театрға, не концертке шақыру билет жіберсе, – ол да біздікі. Машина керек пе, телефон соғамын – дайын. Тіпті, мойынға тағатын галстуктың екеуін сатып алса – біреуі менікі. Ал алда-жалда біреу ішейік деп емеурін танытса, ішпеуші едім деп қолын бір-ақ сілтейді. Ал өзіміз... анда-санда... – Менің сөзіме әбден иланды-ау деймін: – Азамат! – десті ауылдастарым бірінен соң бірі. Тек төр жақта нар түйедей шөгіп жатқан сұр көзді бір ауылдас қана маған сезіктене карап: – Қайдам, – деді әлденеден күдіктенген адамша. – Бір таңқалатыным, анда-санда ол да осы сен құсап келіп тұрады ғой ауылға. Сонда... – Не сонда? Сұр көзді, ауыр денелі ауылдас «сонда» деген күйінше үнсіз қалған соң, оның сөзін басы жалтыр, қысық көз, жайын ауыздау ауылдас өрістетіп жіберсін: «Сонда Нұқатаннан да жай-жапсар сұрасақ, ол бұлайша мақтамайды ғой сені» – деп қалғаны. Тағы біреуі: «Сен жайлы сұрасақ, жөнді ештеңе айтпай, күңк етеді де қояды ғой, – деп қалсын. Ал сен болсаң...» – Пәлі! Содан артық не керек? – деймін мен. – Нұқатан сөзге сараң емес пе? – дейді бір ауылдас. – Рас, – дейді бір ауылдас. – Сараң! Сөзге сараң!.. – Жарайды, аман жүрсін, әйтеуір. Мысық тілеу ауылдастың білдіртпей аяқтан шалғанынан сақтасын, – дедім. Әлде сасқаным, әлде ыңғайсызданғаным.
МАҚТАҒАНДЫ ТҮСІНБЕЙ... П аманша тілші қауымын онша жарата бермейді. Тілшіні көргенде езуінде мысқыл ойнап, танауы делдиіп, қысыңқы көздері жылтыңдай қалады. Әрине, ол ешқашан «мен тілшілерді ұнатпаймын» деген емес. Олай десе, абыройға нұқсан келетінін сезеді. – Е, сендер жазу-сызудың шебері емессіңдер ме? – деп тілшілерді шағып алуды да ұмытпайды әредік. Бірде аудандық газет редакциясынан совхозға келген тілші: – Пәке, сізді осы шаруашылықтың халықтық бақылау тобының мүшесі дейді ғой, – деп еді, Паманша селқос қана: – Болсақ болыппыз да. Онда тұрған не бар екен? – деді тырсия. – Біраз сұрақтарым бар еді. – Сұрай бер. Паманша сыздықтата отырып, кейбір білетіндерін тілшіге қалайша айтып салғанын өзі де аңғармай қалды. Тілші қайтып кетті. Паманша ауылда қалды. Арадан бірер ай өткенде совхозға тағы да келген сол тілші Паманшаны көрісімен: – Әнеукүнгі мақаланы оқыған шығарсыз? Қалай, ұнады ма? – дей беріп еді, оған алара қараған Паманша: – Әрі жүрші-ай, жарқыным, – деп дүңк етті. – «Ұнады ма?» «Ұнады ма?» Не сөз ол? Бәрібір емес пе саған? Ойында дәнеңе жоқ тілші сәл таңданғандай болды да, ізінше: – Пәке-ау, сіздің айтқан деректеріңіз өте ұтымды шықты. Неге ашуланасыз? – деп еді, Паманша одан сайын тарс кетіп: – Ұтымды шықса бопты дедім ғой, бопты, тілегің орындалыпты. Жарқыным, енді менен аулақ жүрші осы!
– Ендігі жерде сізді штаттан тыс тілші етпек ойымыз бар біздің, – деді тілші талақша жабысып. – Редактор солай деп сәлем айтты. Документ толтыруымыз керек. Ал, қазірше сіз маған екінші фермадағы кемшіліктер жөнінде ептеп... былай... бар білетініңізді айтып берсеңіз... – Жо-жоқ! – деп ыршып түсті Паманша. – Денің сау ма, ей, сенің? Манадан бері мен не деп тұрмын, сен не деп тұрсың? Менен ештеңе сұрама демедім бе саған! Мен еш нәрсе білмеймін, ештеңе айтпаймын, білдің бе? Керегіңді совхоз басшыларының өздерінен сұра! – Апырай! Пәке, былай кішкене енді... – Жо-жоқ, тыңдамаймын сөзіңді. Бар, жөніңді тап. Не деріңді біліп тұрмын. Аулақ!.. – Қап, Пәке-ай, өзіңіз бақылау тобының мүшесі болсаңыз да енді... – Болсақ ше? Несі бар екен? Тыйым саласың ба? Жалпы, бала, сенен бір тілек бар. Айтуға болса... – Айтыңыз! – Айтсам, бұдан былай алла риза болсын, менің атымды ешбір мақалаңа қоспай-ақ қойшы. Әнеукүнгің жетіп артылды маған. Қазір елге қарайтын бет жоқ! Ұқтың ба? Бет жоқ! Сасып қалған тілші тағы да: – Сізді штаттан тыс... – дей беріп еді, Паманша ақырып жіберді. – Доғар! Тілші аң-таң. Не болды-ай бұған, а? Неден үркеді? Неге ашу шақырады? Тілшінің жазығы не? Әнеукүнгі жақсы деректер айтып, жақсы мақала жазылуға себі тигені үшін Паманшаға рақмет айтпақ еді, ризалық білдірмек еді. Сол ма кінәсі? Ал ол болса ат-тонын ала қашып... соншалық мөңкіп... мақтағанды түсінбей... Ой, тоба-ай! Мұндай да болады екен-ау?..
КЕЙ-КЕЙДЕ... Ш аруашылықты ақсатқаны үшін колхоз бастығы орнынан алынды. Пысық деген екіншісі де шыдамай, үшінші бастық келді. Майда тілді, сауысқаннан сақ тәрізді. Менің бір әдетім, біреу анандай дегенге әсте сенбеймін. Мәселен, сол үшінші бастық жөніндегі жұрттың әрқилы алыпқашпа сөзін де елеген емеспін. Топаштың (жаңа бастық) өзімен жолыға қалсақ, үнсіз қол алысып өте шығамыз. Тек... Бірде ауданда актив боп, колхоздың бастығы ретінде Топашты, мектептің директоры ретінде мені шақыртты. Бардық. Түс қайта жиналыс бітіп, тысқа топырлай шығып бара жатқанымызда біреудің дымқыл алақаны білегіме жабыса кетсін. Жалт бұрылсам – Топаш. Бетіме қарап жымияды. Аянайын ба, мен де сөйттім. Ол мені былайырақ ертіп шықты да: – Масқара, Әлеке, – деді үрейлене. – О несі? – Құдай оңдырмай ұрып тұр. Енді өзіңнен бір қайран болмаса, жағдай қиын, дос. Бұрын-соңды дәл бұлайша өзімсіне қоймаған Топаштың әлгі сөзінен мен шынымен-ақ шошып қалдым. Сондықтан «жаным жолыңа садақа» дегендей раймен: – Айтыңыз, – дедім. – Әуелі өзің айт, қол ұшын беремісің, жоқ па? – дейді ол көздерін сүзе. – Ойбай, берейін! – Хе... хе... хе!.. Осындайда мектептің директоры қол ұшын бермесе, кім береді? Онан соң аузын құлағыма тақап: – Колхозға Ботабеков келіпті. Қазір екеуміз тез ауылға жетуіміз керек, – деді (Ботабеков облыстағы дәулердін бірі). – Ботабеков дәл осы уақытта мақта бригадасын көріп жүрсе керек, – деді Топаш тағы да сыбырлап.
Мен байғұстың осындай шақта табан астынан басымның істемей қалатыны бар. Топашқа соншалық не үшін керек боп тұрғаныма түсінбей даң болдым. «Ботабековке не керегім бар» деп те ойладым. «Келсе келіпті де». – Кеттік, – деді Топаш жеңімнен тартып. Машинаға мінген соң әуелі базарға бұрылдық. (Бұл да соның емеуріні, әрине). – Құр қол барамыз ба? Жол азық, анау-мынау ала баралық, – деген соң. – Құп, – деймін мен. – Онда тұрған не бар? Сөйтсем, онда гәп бар екен. Топашты манадан бері қинаған да сол екен. Созбақтатып айтуынша, осы сәтте қалтасында көк тиыны жоқ екен. Базардан тамағын да, сусыншарабын да көтергенше алдық. Сонымен, Топаш көңілденіп сала берді. Машина зымырайды. Топаш ыңылдайды. Ара-тұра сөз шығарып: – Бәріміз де чистый пролетариатпыз, Әлеке. Егер мен өзім кей-кейде біреулерге күйсем тек жанымнан күйемін, бірақ, көптің дәулетіне қол сұқпаймын. Кей-кейде өстіп өзің сияқты жолдастар жарап кетеді, – деп жымияды. – Ботабеков мықты адам ғой, – деп ол тағы бір сөзді бастайды. – Мықты болса өзіне. Біздер кішкентай адамбыз. Бәлемді енді әлгі сен сатып алған еттен жасалған ыстық сорпаға терлетіп отырып, ел-жұрттың біраз мұңмұқтажын айтып қалайық, ә? Иә, несі бар, қорқамыз ба? Жұрт үшін неден аянамыз... Машина зымырайды. Топаш ыңылдайды. Шофердің екі көзі алда. Мен де мінеки, енді сөйтіп, ауылға жуырда келген жаңа бастық Топаштың кім екенін жақсырақ білгендей болдым. «Ағайындар-ау, Топаш дегеніңіз колхоздың да, қазынаның да ала жібін аттамайтын нағыз адал адам. Ең әрісі, шеттен келген қонақтарды не өз есебінен, не кей-кейде мен тәрізділердің есебінен сыйлап жібереді» дер едім, егер біреу-міреу кей-кейде менен ол жайлы сұрай қалса. Иә, таңданбай-ақ қойыңыз, мен өз көзіммен көріпбілгенімді ғана айттым сізге. Кей-кейде демекші...
ЖАЛҒЫЗ-АҚ ҚОЙ... « Әзілдессең жездеңмен әзілдес» дегендей, Жұрқабай жездеммен әзілдескенді қатты ұнатамын. Әрине, қытығына тимеу үшін қашанда байқап әзілдесемін. Кейде: – Жезде, газет-журналдарды неге аз оқисыз? – Театрға неге бармайсыз? – Неге ән салмайсыз? – дегендей сұрақтар да беремін. Әрине, мұның бәрі әзіл. Ол: – Уақыт қайда? – Басты қатырма! – деп доңайбаттанады. – Жезде-ау, өзіңіз айтпақшы, жасыңыз болса алпыстан асты. Бүгінгідей қисапсыз газет-журналдар сіз жастау кезіңізде іздесеңіз де табылмаған. Енді не болған сізге? – Әй, сен немене, мені үйреткің келе ме?.. Айттым емес пе уақыт аз деп! Уақыт аз! Сөйтіп, мен әзілдеймін. Ол шамданады, кейде бұрқан-талқан болады. Әйтсе де, «уақыт аз» дегенмен, біреу-міреу қонаққа, не отырыстарға шақырғандай болса, жездем ол жерлерге құстай ұшып баруға, барып қана қоймай, сонда түнімен отырып әңгіме-дүкен құруға, армансыз ішіп-жеуге, реті келіп қона кетсе, үш-төрт тәулік жамбасын төсеп карта ойнауға кет әрі емес. Уақыт та мол табылады. Бір күні алыс жолға жүрмекші болып, ол тырсиған сары чемоданды босата бастады. Кәкір-шүкір арасынан төрт бүктеулі сарғыш газет шығып еді, онысын маған әлдебір аманатын тапсырғандай: – Мынаны бір жерге тығып қойшы, Бақыраш... Жоғалып кетпесін. Мұнда менің ұзақ өмірімнің белгісі бар. Бұл газет қой. Газет деген қасиетті нәрсе. Өзің де өне бойы осылай деп сарнайсың. Айтқаныңды бір жолы тыңдайын, тығып қой, Бақыраштайым, – деді. Қарасам, өзіміз күнде оқитын газеттердің бірі. «Бәсе, деймін ішімнен. – Менің жездем оншалық қара жаяулардан емес еді. Жақсылы-жаманды ғалым аты бар ғой.
Ел құсап темекі тарта біледі, киіне, қыдыра да біледі. Сәл көбірек сілтеп жіберетіні де, сілтер алдындағы ағыл-тегіл сөйлейтіні де, онан соңғы кейбір қылықтары да кешірімді ғой жездемнің. Ондай-ондай ханнын қызында да болады дейді ғой. Әйтсе де, ол мәдениетті, жан-жақты адам. Олай болмаса мына газетті көзінің қарашығындай сақтар ма еді? Ананы-мынаны айтып, орынсыз тиісе беру маған да ретсіз. Жезде де – ет жақының. Сыйлай білу керек шығар ол байғұсты». Осылай толғанған маған мына газетті сақтауында не сыр болды екен деген де бір ой келе қалсын. Газетті ашып жіберсем, төрт бет толған түгел баяндама да, төртінші беттің ең төменгі жағында, редактордың фамилиясынан кейін Жұрқабай жездемнің пәлен жылғы пәлен ай, пәлен күні, пәлен тақырыпқа диссертация қорғайтыны жөнінде хабарландыру басылған екен. «Ой, газет, саған мың алғыс, жездем сені сонша жыл сақтауына қарағанда бір рет те болса кәдесіне жараған екенсің-ау!» – деппін өз-өзімнен. – Жезде, мына газетті шынымен-ақ сол үшін сақтап жүрсіз бе? – деппін тағы қарап тұрмай. – Әй, сен өзің тіл мен жағыңа сүйеніп қалған немее екенсің! – деді ала көзімен ата қараған жездем. – Айтшы, саған не керек? Неге қыр соңымнан қалмайсың? Жазығым не? Бұл өмірдегі адамға бар керегі тек газет, журнал ғана ма екен? Әлде, өмірдің бәрі соларға тіреліп қалып па? Менен не тілейсің сен осы? Баласың әлі! Баласың! – деп кәдімгідей кейіді. (Онысы маған әжептәуір батқандай да болды). – Тек газет-журнал дегенім жоқ қой, жездежан-ау, – деп ақтала бастадым. – Әй, қой енді, жетті, әбден тойдырдьш, саған дауа жоқ екен! Әлбетте, әзілдің аты әзіл шығар-ақ. Алайда, жездем жарықтықтың осынша ұзақ ғұмырындағы түпкі мақсатының не екенін менің әлі күнге шейін түсінбей келе жатқаным рас. Бәлкім, ол өзімнің жетесіздігімнен шығар. Мейлі, әйтеуір, мұндай адам жер бетінде біреу-ақ. Ол – менің жездем Жұрқабай. Көңілге медеу ететінім де сол, жер бетінде жалғыз-ақ болғандығы.
...ДЕЙ БЕРГЕНІМ СОЛ ЕДІ Т үскі үзіліске он минуттай қалғанда сол қапталымдағы қара телефон ұзақ шырылдап берсін. Әлбетте, бұл алыстан атой салып тұрған біреу. Мұндайда алдымен телефонистка сөйлейді ғой баяғы. – Пәлен мекеме ме? – Иә! – Қазір сөйлесесіз!.. Ізінше менімен сөйлесетін пенденің сарынында зілі басым, қарлығыңқы даусы гүж ете түсті. «Бісмілләсін» «сен кімсіңнен» бастады. Мен әдеппен аты-жөнімді айттым. «Мені танисың ба?» – дейді. Онан соң: «Танымайсың», – деп сызданды өз-өзінен. – Менің атым – Шиқап, әйелімнің аты – Киә. Екеуміздің фамилиямыз бір, яғни, біздерді ерлі-зайыпты Бөлтековтер дейді. Естіліп тұр ма? – Естіліп тұр. – Онда әрі қарай тыңда. Өзім мен әйелімнің атымды атап және фамилиямды қосып айтқаныма таңданбайақ қой. Себебін қазір білесің. Сендерде жақында «Мегежінде мекен жоқ» деген материал басылды ма? – Е...е...е!.. Авторы кім еді? – Пышпыл Тұртаев авторы. Есіңе түсті ме? – Түсті, түсті, Бәйеке. Сондай материал басылған бізде!.. – Ендеше, сол Пышпыл Тұртаевыңа дұғай сәлем айт. Иманын үйіре берсін. Ұзамай отыз тісі опырылып, екі, аяғы көктен келеді. Сенің де сыбағаң дайын! – Не үшін, Бәйеке? – Әй, не үшін екенін шынымен білмейсің бе, әлде мені қылжақ еткенің бе бұл? – Ойпырмай бәйекесі, енді сізбен әзілдесетін мен сонша... оның үстіне, бір-бірімізді мүлде танымаймыз дегендей...
– Солай ма? Мені танымайсың, ә!? Әй, мен сендерде басылған «Мегежінде мекен жоқ!» деген материалдың кейіпкерімін деп тұрған жоқпын ба? – Кейіпкер? – Иә! – Бас кейіпкерсіз бе, әлде... – Бас десең бас, жас десең жас. Атым – Шиқап, әйелімнің аты – Киә, фамилиямыз Бөлтеков дедім ғой! – Аты-жөніңізді білдім. Бірақ әлгі кейіпкер дегеніңіз... Міне, сол материал алдымда жатыр. Көзбен шолып отырмын. Мұнда сіздің аты-жөніңіз жоқ сияқты... – Онда көзіңді сәл ашыңқыра. Келтеков Шиғара деген бар ма? Бар. Ол – мына мен. Келтекова Шәкия ше? Бар ма? Бар! Ол – менің әйелім Кия Бөлтекова. Осыдан артық не керек, а? – Әй, бәйеке-ай, бәрібір, бұлар дәлел емес. Бола да алмайды... – Онда алдыңдағы материалға тағы да көзіңді сал жөндеп. «Безеу бет, адырақ көз, сәңкі мұрын, бұжыр қара» деген бар ма? – Бар екен... – Солай де! Енді менен құтылып көріңдер. Әлгі айтылғандардың тек сәңкі мұрын дегені ғана теріс, менің мұрным сәңкі емес, кәп-кәдімгі таңқы мұрын, ал қалғандары тұп-тура өз пошымым. – Бәрібір дәлел аз, жетпейді! – Сен бала, асықпа. Қанша дәлел керек өзіңе? Олай болса, тағы да әрі қарай кеттік! Материалда «қайда жүрсе де қолынан блокноты мен қаламы түспей, естіген-білгенін тарының кебегін тергендей ерінбей тізіп, жазып жүреді» деген сандырақ бар ма? Бар ғой? Жоқ дей алмайсың ғой? Енді мынаны айт. Пышпыл Тұртаев менің сондай әдетім барын қайдан білген? Кімнен естіген? Әлде ізіме аңдушы салып қойғансыңдар ма? Материалда «Шиғара баяғыда, тауық жылы ма, қоян жылы ма, жасы кәмелетке толмаған қызды алып сотталып кете жаздаған» деген де сандырақ бар. Ол ертеректе болған іс. Сендер бұл деректі кімнен естідіңдер, а? – Бәйеке, оны білмедім, – деп күмілжимін. – Пышпыл Тұртаевты жақсы танушы ма едіңіз?
– Тұртаевыңды өңім түгіл, түсімде көрсем көзім шықсын. Өзімен кетсін кесепат. Материалда менің әйелімді Шәкия деп бөседі. Қайдағы Шәкия?! Ол бүгінде менің үйімдегі бес биенің сабасындай бас бәйбішем Кия емес пе? – Ренжімеңіз, бәйеке! Бәрібір дәлел аз, солғын! – Немене? Солғын? Сол материалда мені «селдір шаш, шот маңдай дейді. Аудан басшыларын арыз жазам деп қорқытып, кезексіз жеңіл машина алған» дейді. Тіпті, Тұртаның баласы баяғыда мен көршімді шайға шақырғанда бір жарты қоймағаныма шейін қалдырмапты. Өмірінде бір орында тұрақтап жұмыс істемеген адамға бір жарты көшеде жатыр ма екен? Жә, осы дәлелдер аз ба? – Олар да шын ба? – Өтірік пе, шын ба, оны сендер білесіңдер де. Кісі ғұмырында не көрмейді! Егер де мақта пунктте бес ай дайындаушы, екі жыл керосин сатушы, бір жыл жүнжұрқа жинаушы, екі ай базар инспекторы, екі ай нан пісіруші, он ай өрт сөндіруші, он бір ай диірменші болып істесем, ол менің өз жұмысым, білдіңдер ме? Онда шаруаларың болмасын. (Өзін аяп кеткендей болдым). – Көшеде көрінгенмен шатақтасып жүретініңіз де рас па еді? – дей салдым, неге екені белгісіз, оны тағы да сөйлете түскім келіп. – Біреулер текке ұрынатын болса, мен қарап тұруым керек пе? – Әрине, бәйеке. Оныныз жөн. Таласпаймын. Енді мынаны айтыңызшы. Сіз, жо-жоқ, Шиғараны айтам, сол дегенім ғой, баяғыда темір-терсек жинаушы болып жүргенде параға қара қой жеп орныңыздан босап қалғаныңыз шын ба? – Шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайды. Әй, сендер түк қалдырмапсыңдар ғой. Кім көрінгенді келістіріп тұрып сыбайды, колхоздың сиыр қорасының жақтауынан жұлып алған тақтайға ат қорадан суырып алған қаңылтырды жапсырып, үйіне отынхана салып алған деп те сүмірейтіпсіңдер мені. Сонда мұның бәрін қалай білдіңдер? Кім айтты сендерге? Жә, жарар. Енді
маған өкпелемеңдер. Менде кінә жоқ. Тартасыңдар сазайларынды!.. – Бәйеке, бір минутке.,.. – Немене? Жалынбақсың ба? Әуре болма! – Соңғы сұрақ. – Айт! – Сонымен, сіз кім болдыңыз? Шиқап Бөлтековсіз бе, жоқ, әлде... – Сендерше Шиғара Келтековпін. Сөйтсек пәледен аулақ боламыз дегенсіңдер ғой, ә? Пішту! Әңгіме атта емес, затта екенін ұмытқансыңдар! Енді өкпелемеңдер маған! – Қазір түрмедесіз ғой? Солай ма? – Тәйт, антұрған! О не дегенің? Жағың қарысқыр! – Кешіріңіз, бәйеке. Енді ғана есіме түсті, біз білетін Шиғара Келтеков үш айдан бері түрмеде отыр... ... дей бергенім сол еді, манадан бері тынымсыз бажылдаған телефон трубкасының кенет үні өшсін де қалсын. Содан бері Шиқап Бөлтековтен дау-дерек жоқ. Ал, Шиғара Келтековтен, обалы не керек, ара-тұра хат келіп тұрады. Шамасы, ол Пышпылдың арқасында алған жазасын жаман өтеп жатпаса керек...
КӨЛ-КӨСІР ШАРАПАТ К үні-түні бір тынбай атылып тұратын фонтан түбінде таңертеңгілік сағат сегіз жарымда Оңаш екеуміз ойламаған жерден жолығып қалдық. Оңаш көптен осы қалада тұратын, менімен әжептәуір сыйластығы бар жігіт. Естуімше, осы күндерде тәп-тәуір лауазым иесі. Сонау бір кездерде бажамның құдасының жездесіне сөз сала жүріп, Оңаштың паспортын есепке тұрғызуға, басқадай да ұсақ-түйектеріне араласқан тұстарым бар-тын. Содан ба, Оңаш кездейсоқ ұшырасқан сәттерде басын иіп, әжептәуір ізет аңғартады. Міне, қазір де өліп-тіріліп жатыр. «Бет көрсе жүз ұялады» демекші, мен де біраздан бергі жиналып қалған азын-аулақ өкпе-наздарымды ұмытып, құрысқан жүйке жазылып, жарқын шырай көрсеттім. – Отырайық, – деді үстінде жұқа плащы бар, көзіне қара көзілдірік киген, шағын денелі Оңаш анадай жердегі бос орындықты нұсқап. – Менде жарты сағат уақыт бар, әңгімелесейік. – Жарты сағат менде де бар, – дедім ығына көніп. – Үй-ішің аман ба? – дедім екеуміз қатар жайғасқан соң. – Шүкір, жақсымыз. Өздеріңіз ше? – Бізде де дұрыс бәрі. – Өте жақсы, Бөлтек аға. Осы бар ғой, Бөлтеке, неге екенін қайдам, мен кей-кейде сіздің әлгі бір әзілдеріңізді аңсап, сағынатыным бар. – Әзіл-қалжың бізден қалғалы қашан!.. – Е, неге? Әлі ерте емес пе? – Кім білсін. Бірақ қазіргі сенің аяқ алысың жаман емес, мен саған ризамын, Оңаш. – Рақмет, Бөлтеке. Соңғы туындым — «Шаруа жастар вальсі» де жақсы ән болып шықты. Қазір барша жұрттың аузында.
Әрине, мен Оңаштың ол әнінен бейхабарлау едім. Сондықтан, білмейтінімді жуып-шаю үшін: – Мереке сайын телефон арқылы құттықтап тұратының да нағыз білгендікке жатады, – деп сөзді тез басқа арнаға бұрып жібердім, – Кейде біз жоқта үйге келіп кетеді екенсің. Көрші-қолаңнан естіп қаламыз... – Иә, өзіміз ғой деп әдейі алдын-ала хабарласпай бара саламыз, Бөлтеке. Келініңіздің де сіздерге ықыласы жақсы. Тек, таныстыра алмай жүрмін... – Ештеңе етпейді. – Айтпақшы, аңшылар қоғамынын лауреаты болуыңызбен құттықтаймын, Бөлтеке... Естігенбіз... – Рақмет. Кезінде жұмысқа да телефон соққан екенсің, бірақ мен командировкада едім, – деймін жорта. – Иә, Бөлтеке. Телефон соққанмын, орныңызда болмағансыз, жаңа есіме түсіп отыр, – дейді іле қостап. – Оқасы жоқ, бүгінде әрі-бері жүріс көп дегендей... – Дұрыс, Бөлтеке. Бәріміз солаймыз. Бір жолы елден үш қап жылқы еті келгенде де сізді іздеп таппай қалғанбыз. Онан соң баяғы өзіңіз таныстырған Алтекеңді шақырып жібердік. – Келді ме? – Е, келеді ғой. (Алтекең бір мекемеде үлкен бастық, менің курстасым. Оңаш қысылған кезде соған айтып септік жасағаным жаңа есіме түсіп тұр). – Баяғы шаруаңды тындырған ба еді? – деп қаузай түсем. – Е, әрине. Одан кейін де талай күнге жарады ғой. Жақсы адам жолдасыңыз! – Иә, жаманға жанасармыз ба? – Шиқап ағамен хабарласып тұрасыз ба? – деді ол енді менің тағы бір ескі танысымды меңзеп. – Көптен хабарласқан жоқпын. Өзің ше? – Жақында қызметі өсті ғой. Сонда гүл-пұл сыйымызды алып кіріп шыққанбыз үйіне. – Оның дұрыс болған екен. – Баяғыда есегімнің судан өтіп кеткені сіздің сол кісіге бір ғана соққан телефоныңыздың арқасы екенін әсте
ұмытармын ба? Бөлтеке, әттең бір бас қосуымыз керекақ еді. Сәті түссе сөйтерміз де. – Обалың нешік, өткен жылы біздің үйдегі жеңгең докторлығын қорғаймын деп алты айға кеткенде, шайға талай шақырғансың. Дачаңа да барғанбыз. Төрт бөлмелі дүмбіреген үйге кіріп қоныс той жасағанда да қатардан қалдырған жоқсың, соның бәрі білгендік қой, әрине, – деймін, ал, ол селк-селк күле береді. – Жеңгей қорғап па еді? – деді кенет күлкісін кілт доғара қойып. – Әрине, қорғаған, келіп құттықтап шыққан едіңдер ғой. Әлде, ұмытып қалдың ба? – деймін зілсіз. – Онда келеміз, Бөлтеке. Айып бізден!.. – Ешқандай айыбы жоқ. Таяуда үш ай ауруханада жатқанымда да апта құрғатпай келіп тұрғансың. Маған сол жетпей ме? – Оны оллаһи, естіген жоқ едім, Бөлтеке. Кешіріңіз!.. – Қалайша естімейсің? Естімесең ауруханаға көңілімді сұрауға келер ме едің? – деймін тағы да әзілге бұрып. – Әй, Бөлтеке-ай, әзіліңіз қалмайды-ау. (Өңі сәл түтігіңкірегендей оның. Бірақ бәрібір күлген болып отыр). – Әзіл болса әзіл шығар, – дедім жылы раймен. – Жаңа ғана кей-кейде әзіліңізді сағынамын деген өзің емессің бе? Соның төлеуі болсын деп әшейін... Көңіліңе алып қалма, жарқыным... – Жоқ, Бөлтеке. Түсінеміз ғой. Ал, енді жол болсын? – Қызметке барамын, – дедім қарсы алдымыздағы жұртқа белгілі, сәнді ақ үйді нұсқап. Миығынан жымиған қалпын сәл-сәл өзгертіп: – Немене, қызмет орныңызды өзгертіп жібергенсіз бе? – деді. – Иә... сол... былай... – Мына жерге жаңа бастық келді деп еді, сол сіз емес пе?! – Болсақ несі бар? Қимай тұрмысың бастықтықты? Әлде тақияма тар келер деп тұрсың ба? – Ол не дегеніңіз? Әй, Бөлтеке-ай! Әзіліңіз еш қалмайды-ау сіздің! – дейді маған әлі де сенер-сенбесін
білмегендей, барлай қарап. –Жүріңіз, өзім апарып салайын онда! – Рақмет, өзім-ақ... – Жоқ, болмайды, Бөлтеке. «Інісі бардың тынысы бар» емес пе? Жүріңіз!.. – Қызметке жаяу келеді екенсіз ғой, – дейді (машина мінбей жүру себебімді тезірек білгісі келгенін де сездіріп). – Жаяу жүрген жақсы, – деді онан соң. – Әсіресе, денсаулыққа пайдалы. Сіз ол жағын білесіз, әрине... Сонымен не керек, Оңаш сол жолы одан сайын мол шарапатын таныта, менің бұдан үш жыл бұрын ауысқан қызмет орныма бірге ілесіп барды деңіз. Бірнеше қызметкер тізе түйістіріп отыратын аядай бөлмедегі өз столыма бір жамбастай жылжып барып қонжиғанымды көзімен көрді деңіз. – Сау тұрыңыз, хабарласамыз, – деді ол тез кері шығып бара жатып. Ал, менің, әрине, бір бөлмеде бірге отыратын серіктерімнің алдында әжептәуір мерейім өсіп қалды. Әйтпегенде ше? Жанашырың анау-мынау емес, Оңаштың өзі болғасын...
БІРДЕҢЕ-ШІРДЕҢЕ Т аңертеңгілікте кабинетіне хатшы қызбен бірге үн-түнсіз ілесе кірген аласа бойлы, қалқан құлақ, сылыңғыр қара жігітті онша көзіне ілмеді ме, немесе, Мошқал оған жөндеп көз қырын да салмастан, айналасындағы бес-алты телефонның бірінен соң біріне жармасып, көпке дейін сөйлесуден аузы босамады. Шыдық та шыдамдылық танытып, «әйтеуір түбі бір тілдесерміз» дегендей, төмен қарап мөлиіп отыр. – Иә, келіңіз, – деді Мошқал бір кезде жуан мойнын оған қарай бұрып. – Онша танымадық сізді (деді жүре тұру үшін сақтана сөйлеуге әбден төселген жан екенін сездірмеуге тырысып). – Келіп едім, – деп күмілжіді Шыдық. – Осы ауданның дүкендерінде азық-түлікті қағазға орап бермейді дейді. Соны білу үшін... – Азық-түлік болып жатса, қағаз деген не тәйірі, – мол денесімен селк-селк күлді Мошқал. (Күлгенде бурыл тартқан бұйра шаштары да қосыла селкілдейді екен). – Қағаздың жарасы жеңіл!.. – Онда неге жазады жұрт? – Өй, жазады да! Сен не, тексеремісін (деді «сенге» көшіп). – Әдейі келген соң былай... енді... – Айттым ғой қағаздан қам жеме деп! – Ауданда қанша дүкен бар? – Дүкен көп, бәрін тексеруге уақытың жетсе. – Уақыт жетеді, ағай. – Еркіңіз білсін, – деді Мошқал әлденеден секем алғандай даусы дірілдеңкіреп. – Айтыңызшы, сіз өзі қайдан келіп едіңіз? (деп тағы да «сізге» көше салды). – Облыстан. – Оның қай жерінен? – Шыдық енді ғана қызмет куәлігін ұсынды.
– Ім...м... Түсінікті, – деді Мошқал керіле түсіп. – Бөлтектің қарамағындамын дегін. Ол сенің мұнда кеткеніңді біле ме? – Жіберген өзі дегендей... – Ім...м... Ой, қу-ай! Ол дегенің жұмыс десе әкесін де аямайтынның өзі ғой. Қарашы, ойлап тауып жүргенін... Қағаз... Қағаз... Әрине, сатушы жарықтықтар азықтүлікті жұртқа қағазға орап берулері керек. Қағаз жоқ болса, табу керек. Таба алмаса, бізге айтулары керек. Сонымен, інішек, бізге келген шаруаңыз тек сол ғана ма? Әлде, басқа да бірдеңе-шірдеңе дегендейіңіз... – Жо-жоқ, тек сол... сол ғана... – Онда болды. Қалғанын қоя бер. Тынады. Бөлтекке де өзім айтамын. Кешкілік сен екеуміз «Арпабайға» барып қайтайық, жарай ма? – Ол не? – «Арпабай» ма? Білмеуші ме едің? Ол осыдан елу шақырым жердегі атақты ауыл ғой. Жұмыстан кейін сонда тартамыз. Оған дейін осы төңіректегі дүкендерді байқап, қағаздарын көре бер. Келістік пе? Ха-ха-ха!.. – Жарайды, – деді Шыдық өзінің тікелей бастығы Бөлтекті танып отырған Мошқалдың ыңғайынан аса алмай. – Ыңғайсыз емес пе? –деді жай дауыспен. – Несі ыңғайсыз. Қам жеме? Сөйтті де Мошқал дереу телефон тұтқасын көтерді: – Алло! Бөлімше ме? Бармақ бар ма? Ә, өзің бе? Е, мен де өзіммін. Бүгін кешкілік сендерге қарай дегендей... барамыз... Екеуміз... Облыстан... Ілби басып тысқа шықкан Шыдық мең-зең. «Сонда бұл қалай болғаны» дейді іштей. Мошқал – Бөлтектің танысы. Онда Бөлтек Шыдықты неге жұмсаған мұнда? Не сыр бар? Ең қиыны, жуырда пәтер алуы тиіс. Кезегі жетіп тұр. Жо-жоқ, ойлану керек екен. Қайдағы бір тұзды балық орайтын қағаз үшін пәтер ала алмай қалып жүрсе... Қой, қағазы құрсын... Бастығына қағаз молайыпты деп айта салуға неге болмайды... Кешке дейін ұзақ күнді өткізді-ау әйтеуір бірдеңе етіп. Бұлар «Арпабай» аулына аттанған шақта аяқ астынан аспанды бұлт торлап, дауыл соға бастасын. Күн
суытып кетсін. Кедір-бұдыр жолда машина шойнаң еткенде онсыз да әлжуаз Шыдықтың ішек-қарыны ақтарылып түсе жаздайды. Жарытып тамақ та іше алмаған еді дегендей. Ішер еді-ау, аудан асханалары жұтаң екен. Аспаздардан сұраса «жоқ» дейді. «Неге? – десе, «таусылған» дейді. Бөтен сөз жоқ. Тамақ сұраймын деп таяқ жеп қалмау үшін Шыдық қайтып тіл қатпаған. Мейлі, ауылға бара жатыр ғой. Жанында Мошқал. Әрі, осылай сәті келгенде онымен жақын танысып алу да зиян емес шығар. (Пәтер алуына көмегі тиіп қала ма, кім білсін). – Келдік, – деді Мошқал, жеңіл машина ауылдағы кеңсе алдына келіп тоқтағанда. Айнала мидай жазық дала, бір түп ағаш көрінбейді. Жөн-жосықсыз салынған үйлер. Көше деген атымен жоқ. Үй-үйдің арасында шашылған металл сынықтары, күл-көмеш. Кеңсе дегені – қабырғаларының сылағы түсіп, терезелері сынған, жапырайған тоқал там. – Кәне, ішке кірейік, Бармақ күтіп отырған шығар, – деді Мошқал қарсыдағы есігі ашық бөлмеге қарай бастап. Ауасы тар, күңгірт бөлмеде бұларды, шынында да, кепкасын милықтата киген шұбар бет, жайын ауыз бір жігіт күтіп отыр екен. Екі езуі құлағында. Күлім қаққан бадана көздері алақ-жұлақ етеді. Ескілеу стол үстінде телефон аппараты, шаң басқан газет тігінділері, бүйірде радиоқабылдашш. – Бармақ, амансың ба? – деді Мошқал стол басында отырған жігітке. – Хош келдіңіздер! Мошқал мен Шыдық екеуі екі жерге шоқия жайғасты. – Ауылымыз осы, – деді Мошқал Шыдыққа таныстырып. – «Арпабай» аулы дейді мұны. Қасиетті мекен. Су жоқ, темір жолдан алыс, сол себептен онша өсіңкіремей түр. Бірақ, бұл ауылдың талай жерге даңқы мәлім. – Шаруа биыл да маңдымай тұр, – деді Бармақ салған жерден Мошқалға мұңын шағьш. Шыдыққа көзінің астымен барлай қарап қояды. – Жаңбыр жоқ, бүгін бірдеңе тамып қалар деп едік, тағы да жел көтеріп әкетті.
– Түк етпейді, – деді Мошқал оған дем беріп. – Мына жігіт облыстан келіп еді... – Өте жақсы, – деді Бармақ. – Онда ауыл туралы айтайын. Көзге біршама қораш көрінгенмен, бұл мықты ауыл, – деп Мошқалдың әлгідегі сөзін тірілте сөйледі. – Олай дейтінім, баяғыда бұл жерге ауданда бірінші рет колхоз орнаған. Бірінші рет клуб, мектеп ашылған. Олар әлі бар, көрсетеміз. Бұл жерден талай белгілі адам шыққан. Соның бірі мынау Мошқал! – Өзім де сорлы емеспін дегін, – деп қарқ-қарқ күлді Мошқал. – Күллі бір ауыл ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда дегін. Баяғыда бұл колхоз арпа егумен аты шығып, содан «Арпабай» атанған дегін. Дұрыс па? – Дұрыс, ал енді тысқа шықпаймыз ба? Қонаққа ауылды аралатайық та. Үшеуі тысқа шығып, ауыл аралады. Келешекте парк, спорт алаңы салынатын алаңқайларды көрді. Обалы не керек, ептеген жаңа құрылыстар да жоқ емес екен. Колхоз алғаш құрылған шақтағы клуб пен мектеп үйінің сүйектері де мықты екен. Әлі аман тұр. Бірақ, пошымдары көзге әрең шалынады. – Бір кездердегі зәулім ғимараттар ғой бұлар, – деді Мошқал. – Баяғыда қандай еді, ә?! Осы мектептен білім алып, осы клубтан талай қызық көрдік қой. Күн батып кеткен. Қараңғылық түсті. Олар әлі ауыл аралап жүр. Таусылмайтьш хикая. Қатты тоңған ІІІыдықтың иегі-иегіне тимей, сақ-сақ етеді. – Шайды қайдан ішеміз? –деді Мошқал әлден уақытта. – Шай деймісің? Онда үйге жүріңдер, – деді Бармақ, жоспарларыңызда бұл нәрсе де бар ма еді дегендей раймен. Үшеуі Бармақтың үйіне қарай қисайды. Бармақ – алда. Аяғын ілбіп басады. Желкесі бір уыс болып, екі иіні түсіңкіреп кеткен. Бармақтың үйіне кірген бойда: – Шіркін-ай, – деді Мошқал жантая бере. – Карта бар ма? Бармақ май сіңіп, ісініп кеткен бір буда қара қожалақ картаны әкеліп, ортаға тастай салды. Осы кезде бұлар-
дың үстіне күтпеген жерден ауылдың екі-үш ақсақалы келе қалсын. – Бұл кісілер осы ауылды қолымен құрған адамдар. Қарттар көңілдене қозғалып, жөткірініп қойысты. – Карта ойнауға қалайсыздар?– деді Мошқал оларға. – Е, жоқ, – деп ыршып түсті. – Карта не теңіміз!.. – Онда өткеннен әңгіме айта отырыңыздар. – Айтайық, – дегенмен, қызықты әңгіме-дүкен онша өрби қойған жоқ. Басын жүн орамалмен шандып байлаған әйел бір табақ піскен жұмыртқаны әкеліп, жаюлы дастарқанға аудара салды. Жағалата шай ұсынды. – Нан қайда? – Ойбай, ұмытып кетіппін ғой. Ұят-ай! – Кәне, дәм алыңыздар, – дейді Бармақ дастарқандағы шашылып жатқан жұмыртқаларды қонақтардың алдына қарай айдамалап. – Мезгіл жаз, – деп қояды. – Ет аз дейсің ғой, – деп іле түсті Мошқал: – Жаз ғой... Ауыл қарттары шайды ішер-ішпестен тұрып кетіп қалды. Ұзамай Мошқал мен Шыдық та қайтуға жиналып, орындарынан тұрды. Олар есіктен шыға бергенде қора ішіндегі бірлі-жарым пышаққа ілінбеген қаз-үйректер тұс-тұстан қаңқылдап, шулап қоя берісті... Жеңіл машина қара түнді қақ жарып зырлап келеді. Шаршағаннан ба, әлде, ұйқы қысқаннан ба, Мошқал ара-тұра есінеп, ыңырсиды. Ал, Шыдық бір түрлі ширақ. Алайда, оның не ойлап отырғаны белгісіз еді...
ДҰРЫСТАУ ЖАҢАЛЫҚ К өл жағасында жападан-жалғыз отыратын орманшы Бөлтектің әйелі Құмыра – бұдан үш күн бұрын базарлау үшін ауданға кеткен – кешке қарай артынып-тартынып үйіне оралды. Жұмыстан сол заматта келген Бөлтек те жирен атын қазыққа байлап жатқан. – Оу, қош келдіңіз, батыр-екесі, – деді Құмыраны көрген жерден қуаныштан жарыла жаздап. Күлімсірей тұрып, ұзын мұртын сипап қояды. – Әбден сағындырдың ғой, батыр-ау. (Құмыра оған «өй, әйелін «батыр» деп сөйлеген қай еркекті көріп едің, соныңды қойшы, жарқыным» десе де көнбейді). – Сағынсаң келдік, міне, – деді Құмыра сырт киімін шешіп жатып. – Балалар қайда? Ашығып қалған жоқсыңдар ма? Балалар шөпшек теруге кеткен. Ашықсақ тойдырасың ғой енді. Иә, сөйле, батыр! –деді зор денелі, қысыңқы көзді, ақ сары жүзді Бөлтек көңілденіп. – Әуелі шайға қанып алайық. Сөз сонан соң. Айнала мүлгіген қара орман. Аспанда сансыз жұлдыздар жымыңдайды. Балалар ұйқыда. Есік алдындағы сенекте ерлі-зайыптылар асықпай шай ішіп отыр. Құмыраның ауданнан жинап келген хабарларын нақ бір жаңа табылған кен дерсің. Әңгімесі жүдә таусылар емес. Бөлтек оларды тындаудан жалығар емес. – Милицияның бастығын орнынан алып тастапты, – деді Құмыра кезекті жаңалығын баяндауға кірісіп. – О, неге? Не жазып қапты байғұс? – Рас-өтірігін қайдам, сауда базасына облыстан товар әкелген күні ол бүкіл коллективін өзі бастап барып, жарамды заттардың бәрін жұрттан бұрын талап алыпты-мыс дейді. Сатуға солардан қалғанын ғана түсіріптімыс дейді.
– Кінәсі сол-ақ па? – деді Бөлтек. – Солай ету олардың ежелгі әдеті емес пе? Несі бар екен? – Қазір уақыт басқа ғой. Қашанғы тайраңдайды? Меніңше, дұрыс болған. – Иә, басқадай не жаналық естідің? Дұрыстауынан айтсаңшы былай... қайдағы бірдеңені қоқытпай... – Есіме түскендерін айтып жатырмын ғой, қағынғырау, – деп сыңғыр етті Құмыра. – Е, айтпақшы, мынадай да жаңалық бар. Саған керек дұрыстауы осы болар, сірә. Қазір айтайын ба, әлде ертең бе? – Ертең ұмытып қаласың. Дұрыс болса қазір айт. – О, дұрыс болғанда қандай? Әлгі Тұрмат бар емес пе? – Шабандоздың баласы ма? – Сол. Баяғыда өзіңмен бірге оқыған ше? Қазір «Қауыншы» мектебінде мұғалім... – Білемін, айта бер. – Соның бір хикаясы бар. Бүкіл ауыл-аймақ шулап жүр. – Не болып қапты? – Сол... былай... еті тірі жігіт болғандықта», таяуда өткен есеп беру-сайлау жиналысында кәсіподақ комитетіне председатель болып сайланбай ма? – Сайлансын... – Бірақ, сайланып тұрып, сайланбай қалса не болар еді? – Түсінбедім, батыр-екесі... – Түсінбейтін ештеңесі жоқ. Досыңды көпшілік жабық дауыспен председатель етіп сайлапты. Дұшпансыз кім бар, төрт-бес адам қарсы болыпты. Содан, неғыл дейсің, бір күні ауданнан өкіл келіп, есеп беру-сайлау жиналысын қайта өткізбей ме? – Олай болуы мүмкін емес, мынауың өсектің өзі. – Әуелі тыңдап алсайшы, жарқыным. Мүмкін бе, мүмкін емес пе, сонан соң айта жатасың! – Содан неғыл дейсің. «Қауыншы» мектебінде өтіп кеткен жиналыс әлгі ауданнан шақырып келген өкілдің ұйғарымымен қайта өтіпті. Қайта бюллетень жасалып, кайта дауысқа салыпты... Жо-жоқ, қайта дауысқа са-
лынған ба, әлде салынды деген аты ғана ма, әйтеуір, сол тәрізді быжық-тыжық бірдеңе. Көзбояушылыққа ұқсас. – Содан? – Содан соң сенің досың Тұрмат сайланбай қалыпты да, оның орнына Тумыш біреуді белден басып сайлатыпты. – Тұрмат не болыпты? – Сайланбай қалады да, не болады. – Содан соң? – Тұрмат шағым жасау үшш аудандағы бастыққа барыпты. Бастық аң-таң қалыпты. «Мынау өрескел заңсыздық, рас па өзі?» – депті. Тұрмат «рас», – депті. Бастығы тексертіп, солай екеніне көзі жетіпті. Бәрін істеп жүрген өзінің қарсы есігінде отыратын орынбасары екен. Екеуінің арасы нашар ма, әлде бастығы орынбасарына әбден сырын алдырып қойған ба, содан аса алмай ма, әйтеуір, сондай бірдеңе кұсайды. Бастық көздерін ежірейтіп, төбеге қарап отырып қапты. – Онда терең ойланған екен де. – Қайдам, ойланса ойланған шығар. Басы-қасында болғамыз жоқ қой. Елдің бұл туралы тағы да қосымша айтатыны – содан сол бастық орынбасарын былай қойыпты да, әділдік іздеп келген Тұрматтың өзіне тиісіпті. «Барлық пәле өзіңнен, жыбырлақсың, менен аулақ жүр», – депті. «Неге аулақ жүремін», – депті Тұрмат. «Мені коллектив сайлады емес пе? Сайлау ережесі неге бұзылады? Шара қолданыңыз», – депті Тұрмат. «Әй, мұның бәрі өткен іс, білдің бе? Дәлелің жоқ. Көп өзеуреме», – депті бастық. «Дәлел жоқ дейсіз бе? Дәлел жетеді?» «Қандай дәлелің бар?» «Жиналыстың қаулысы мен мені дауысқа салған бюллетеньдерді сақтап қойғанмын. Одан артық не дәлел керек?» Бастық мұны естігенде жын ұрғандай ыршып түседі. Тағы да тесірейе төбеге қарап, бірауық ойланып қалады да: «Кәне, көрсетші оларыңды», – дейді. «Қазір жоқ». «Ендеше, сен оларды жақсылықпен маған әкеліп бер, білдің бе? Мен соның негізінде сені қорғап көрейін». «Бере алмаймын». «Бер деп зорламаймын. Әйтсе де, келісімге келейік, көгенкөзім». «Орынбасарыңызбен сөйлесіңіз,
шара қолданыңыз». «Әй, бұдан былай мен сені үнемі қолдап тұрайын, мақұл ма? Ал, орынбасарда жұмысың болмасын, мақұл ма? Ең дұрысы, сен екеуміз тіл табайық». «Тіл тапсақ табайық, бірақ әлгі документтерді бер деп сұрамайсыз». Бастық тағы да алақ-жұлақ көзбен төбеге қарайды. «Ол документтер кез-келген уақытта жарылатын дәрісі бар бөшке ғой» деп айтуға батылы бара қоймапты. Сол бойда мелшиіп отырып қалыпты. – Ойпырмай, ә? – деп желкесін қасыды Бөлтек. – Кім білсін, менің естігендерім осы, әйтеуір. Қалай, дұрыс па екен? Тағы да бір жаңалық есіме түсіп отыр. Айта берейін бе? – Соны ертең айтсаң қайтеді, батыр? – Неге? – Ұйқы қысып барады. Иә, абзалы, ертең... – Әй, өзіңнің түр-түсің қатты өзгеріп кетті ғой, жүдә. Не болды? Не ойлай қалдың? – деді Құмыра күйеуіне. – Әлгі айтқандарыңның қаншасы өтірік, қаншасы шын, соны ойлап отырмын. Сен де зыпылдатасың-ау! – Немене, мені өсекші дегің келе ме? Ыстық шайды бетіңе шашып жіберейін бе осы? – Өй, жынды, бетім күйіп қалса қайтесің? – Қорқақ сорлы, – деп мырс-мырс күлді күйеуінің бетіне наздана қараған қара торы өңді, тәмпіш мұрын Құмыра. Алысырақтан байғыздың сұңқылдаған даусы естілді. Анадай жерде байлаулы тұрған жирен ат оқыранып қояды...
АҢҒАЛ ДА АҢҚАУ ПЕНДЕЛЕР-АЙ Ж үн тазартатын кәсіпорынның бас тарақшысы Адыран шұлық фабрикасында ілгекші болып істейтін әйелі Үнзираның телефонын таң атқалы ала алмай, тұла бойын кернеген ашудан жарыла жаздап, күйіп-пісіп отыр. Арғы жақтағы күнәң күйгір әлдекім таң атқалы телефонды бір босатпайды-ау, бір босатпайды. Апырмай, айтарын екі-ақ ауыз сөзбен бір-ақ айта қалса қайтеді екен? Әлде оның міндетті жұмысы тек телефонмен сөйлесу ме? Оның үстіне, бүгін Адыранның өзі өз болғалы жар қосағы Үнзираның мекемесіне тұңғыш телефон соғуы еді бұл. (Бұрындары дүние төңкеріліп бара жатса да өйтпейтін). «Әйеліне күйеуінің телефон соғуы ездің ісі» деп шіренетін өзінше. Міне, енді қойын кітабынан Үнзираның телефонын жарты сағат іздеп, әрең тауып алғаннан соңғы халі мынау. Қарсы алдында жатқан бұзау мұрын қара телефонға, бәріне сол кінәлідей-ақ, жыны ұстап, ақилана қарайды. Бір бөлмеде отыратын серіктерінің де ешқайсысымен тілдесуге зауқы жоқ. – Таң атқалы жүдә түсің қашып отыр ғой, жай ма? – деді қит еткенге құлағы түрік, әр нәрсеге де ұқыпты Түпән деген кексе әйел саңқ етіп. – Жо-жоқ, ештеңе емес, – деді Адыран кірпідей жиырылып. Сөйтті де, қайтадан әйелінің телефон номерін теруге кірісті. Әйелінің телефоны сол баяғысынша, бос емес. «Қап, найсап-ай! Енді қайтсем екен?» – деп ширықты. Тұра салып жетіп бара қоятын жақын да жер емес. Үнзира жұмыс істейтін фабрика қаланың арғы шетінде, бұл бергі шетінде. Бұл онда барып жетем дегенше, Үнзира үйге кетіп қалуы да ғажап емес. Әрі, мұнда да жұмыс. Кім жібере қоймақ? Әйелін жаны қалмай іздеуінің себебі бар-тын. Мана бұл жұмысқа келісімен Түзем-
бек телефон соққан. (Тым аңғал байғұс телефон соғушы тек Түзембек деп түсінсе не амал). Иә, иә, соның өзі, Үнзираның ауылдасы, кластас құрбысы. Қайсыбір күні ол осы қалаға үлкен қызметке ауысып келіпті-мыс деген сыбысты Үнзирадан естіген-тін. «Әлдебір үлкен оқу орнына бастық болғалы жүр екен-мыс» деген әйелі ол жөнінде. «Онда тілек орындалды, былтыр он бітірген үлкен ұлды соған табыстаймыз», – деп елп ете түскен Адыран. «Апырақтамай тұра тұр, әуелі анығын біліп алайық». «Не білгені бар, менің көзіме көрсетші. Онан соң өзім білейін», – деп өзеурей түскен. «Құрдасынан құтылып көрсін». «Асықпа дедім ғой, асықпа». «Өй, сен не өзі? Есің дұрыс па? Институтқа бастық болатыны рас па, әйтеуір? Сен әуелі соны білші. Айтпақшы, ол үшін әуелі қорғайды демеуші ме еді?» «Әлбетте, қорғайды. Қорғамаса қалай бастық болады. Әуелі қорғауы тиіс. Бастық онан соң...» – деген Үнзира да әжептәуір кеңірдек керіп. Әнеки, сол Түзембек (Үнзираның ауылдасы) бүгін таңертеңмен Адыранның жұмысына телефон соқсын деңіз. Басына ду етіп қан шапшыған Адыран қуаныштан жарылып кете жаздамасын ба? Е, пірім-ай, о заман да бұ заман, Түзембек Адыранға телефон соғар деп кім ойлапты? Соншалық жақсы таныс, ежелден сырлас болса екен? Күнде кездесіп жүрсе бір сәрі, ескі көз таныс та емес. Адыранға әдейілеп сәлем берді-ау. (Бәрі Үнзираның абыройы, әрине). Айтпақшы, онан соң не деп еді ол? Е, иә, «қорғадым» деген. Онан соң «кешке үйлеріңе барамын» деген. Дәл қазір балтамен басын жарсаң да, Адыранның жадында осы екеуінен бөлек дым қалмаған. Түзембек қорғаған. Бүгін кешке бұлардың үйіне өз аяғымен келмек. Міне, нағыз жігіт, нағыз кішіпейіл жан, нағыз ер! – Әй, Үнзира! – деп жуан даусымен бар ете түспекші еді Адыран, егер де әйелін телефон арқылы таба алған болса. – Не, жарқыным? Ойбай-ау, өмірде менің жұмысыма телефон соқпаушы едің? Бүгін неге қалыбыңнан жаңылып қалғансың?.. (деуі де мүмкін еді әйелінің). – Әй, көп ыңылдамай, мені тыңда!..
– Тыңдап тұрмыз ғой, жарқыным-ау. Айта бер. Құлағым сенде. – Әй, сен алдымен... анау... жарқыным деген пәлеңді доғаршы. Қайдағыны қайдан тапқансың? Тыңда! – Айта бер! – Онда былай. Әлгіде маған анау әлгі... сенің... баяғыдағы кластас құрбың ба, ауылдасың ба, кім еді, баяғыда көрген едік қой бір-екі рет... Анау әлгі алыс жаққа барып, пәленбай жыл оқудың түбіне жетем деп... жеткен бе, жетпеген бе... сол жақта жүрген... жуырда өзің осы қалаға келіпті-мыс деген ше... Сол, сол... жаңа әлгіде маған телефон соқты... білдің бе?.. Телефон соқты!.. – Не деп? – Қорғадым деп! – Тағы да не деді? – Кешке үйлеріңе барамын деді. – Мәс...са...ға...а...н! Сен не дедің? – Келе бер дедім. – Жарайсың, қатып кетті. Демек, бүгін үйімізге аса қадірлі, аса сыйлы, аса құрметті... – ... Мейірбанды, айбынды, сұсты, қаһарлы... – Доғар, әбілет! Аса қажет адам келеді, білдің бе? – Иә, қажет адам! Керек адам келеді! – Ей, маубас! – Тыңдап тұрмын, Үнзираш! – Сол адамды қалай қонақ етеміз? Енді тез сонны ақылдасуымыз керек. – Соны мен саған тапсырайын деп тұрған жоқпын ба? Сен мұндай іске таптырмайтын хас жүйріксің, алдына жан салмайтын пырақсың! Бүгін жұмыстан сағат нешеде босайсың? – Күндегідей сағат үште!.. – Жарайды, ендеше. Әйтеуір, дастарқанды мол жаса, мақұл ма? – Қыңқ етпе, жарқыным. Бәрі болады! – Ақты да ұмытпайсың ғой, әрине! – Немене? – Ағарғанды да ұмытпа деймін, әшейін. Қонақ келгенде үйде айран, сүт, ірімшік, кілегей, қатық, балқай-
мақ тағы басқалардың болғаны жақсы деп жатырмын да, баяғы. – Бәлкім, сиыр сүтінен жасалған қымыз, ешкі сүтінен жасалған шұбат, тұздаған қозы құйрық та керек шығар, жарқыным, ә? Болады, қам жеме, бәрі болады! Түзембектей қонақтан аяғанды ит жемей ме? – Жарайсың, қатын! Қатты елірген Адыран осылай деп өз-өзінен дауыстап жібергенде, айналасындағы қызметтес серіктері оған шошына қарасып, іштерін тарта қалды. – Кешіріңіздер, – деді Адыран мүләйімси ыржиып. – Мен... жай... әшейін... былайша... неғып... – Қиялға беріліп кетіп пе едің? – Сенде ондай болады!.. – Енді былайша... солай... ағайындар... Осы сәтте бұзау бас телефон аяқ астынан тағы да бар ете түссін. Шашын желкесіне түйген арық қара қыз телефон тұтқасын алпамсадай ауыр денелі Адыранға ұсынсын. Адыран «иә!» – десін. Телефоннан біреу «мен ғой, Адеке!» – десін. – Сен бе? – деп елп ете түссін Адыран да. – Әй, сен кешке келетін болдың ба сөйтіп? Үнзираны таба алмай жатырмын мен! – Кешіріңіз, келе алмайтын болдым, – деген жалыныштылау дауыс естілді телефоннан. – Аяқ астынан ауылға қайтатын болып қалдым. Бүгінге «Алатау» поезына билет алып қойдым. Әттең, кешкілік үйлерінізге барып, диплом қорғағанымды жеңешем екеуіңізге жусам ба деп едім. Сәті түспеді... «Тоқта, тоқта, ауылға қайтам дейді... диплом дейді... Дипломы несі? Сонда бұл кім болғаны, тәңірім-ау. Ах, әлгі сайтан екен ғой. Қап! Техникумда сырттан оқып жүрген ше? Аты кім еді? Ол да Үнзираның әлгі ғалым ауылдасының атына ұқсас... Есіне түсті. Аты Күзембек. Кетсең одан әрі! Ох, кететіні қандай жақсы болды», – деп ойлаған Адыран сонда да: – Ренжіме, жуа жатарсың, әлі асығыс не? – деді түк болмағандай. – Ауыл-елге менен сәлем айт! – Енді Үнзираға телефон соқпаймын, – деп күбірледі өз-өзінен, айналасындағыларға қипақтай көз тастап.
Иә, сөйтіп мана таңертеңгілік Адыранға аяқ астынан телефон соққан әйелінің кластасы Түзембек емес, өз жерлесі Күзембек екен. Соны қара басып, неге аңғармаған, а? Дегенмен де, қапелімде Үнзираға телефон соға алмай қалғаны неткен абырой... ондағы біреулердін телефонды жуық арада босата қоймағаны қандай ғажап болды десейші... тіпті екі туып бір қалғаны болса да, қайдағы бір Күзембек үшін... текке шала бүлініп... босқа шабылып... шығынданып... шашылып-төгіліп қалса қайтер еді... Сонымен, тағдырдың көрсеткеніне мың да бір рет шүкір, бәрі өз орнында. Әй, аңғал да аңқау пенделерай, десеңші.
ӘЙЕЛДІҢ ТҮСІ Т ұқым тазарту мекемесінде таразбан болып істейтін Үнзира бұрындары үнемі қызық түстер көріп, мол тамашаға бататын-ды. Бұл жолы басы жастыққа тиіп, көзі ілінісімен жиі-жиі шошып ояна берді де, бір кезде ғана талмаусырап барып, тағы да ұйықтап кетті. Жайсыздау жатты ма, немене, қайта-қайта дөңбекшіп, ыңырсиды, күрсінеді, тістерін кашырлатады, сөйлейді. Көрген түс-терінің бәрі шым-шытырық бірдеңе. Әрине, бұл сәттерде оларды Үнзира түс демейді, бәрі дәл өңіндегідей сияқты. Мінеки, ол өзін айнаға қарап отыр екенмін дейді. Қарсы алдында – шар айна тұр екен. Ондағы безірейген суық бейне бұған мүлде ұқсамайтындай. Таңқы танау, сәнкі мұрын, тарғыл бет біреу. «Бетім-ай, шаштары алба-жұлба мына албасты шынымен менмін бе?» – деп опынады. «Отыздан енді асқан сымбатты Үнзира деп кім айтар мұны? Жоқ, бұл мен емеспін!» «Жоқ, сенсің», – деп жымияды айнадағы сұрғылт бейне. «Өзіңді қалайша танымайсың?» Үнзира аң-таң... Енді бір мезетте диірменнен бітеу түскендей қара домалақ күйеуі Пышпыл екеуін әлдекімдер қалықтата көтеріп апарып, қос креслоға қатарластырып отырғыза салсын. Өң-түстері белгісіз біреулер екеуінің бетінен желпиді-мыс. Отырған жерлері заңғар ақ самолеттің іші екен дейді. Самолет қазір ұшады екен. Салонда ерлі-зайыпты екеуінен бөлек жан жоқ екен... Үнзира терезеден жерге қарайды. Біреулерге қолын бұлғайды. Олар да сөйтеді. Үнзираның пайымдауынша, олар әлгідегі күйеуі екеуінің беттерінен желпіп жатқан, өң-түстері белгісіз адамдар-мыс. Енді өң-түстері ап-анық. Әйтпегенде ше? Кеше кешкілікте ғана емес пе еді алыс сапарға аттанғалы отырған Пышпыл мен Үнзираны олардың оңаша қонақ еткендері. Екеуін кезек-кезек сүйіп, еңірегенде етектері жасқа толмады ма
шіркіндердің. (Әрине, бұл жерде аздап шұбат ішкеннің де әсері бар болу керек, әйтпесе...) – Ертеңге дейін! – деп саңқ еткен бірі. – Аэропортта кездесеміз! – деп тағы бірі саңқ еткен. (Бұл дауыстар Үнзираның құлақ түбінде өмірбақи сақталады). О, ғажап! Салонда Үнзира жалғыз отыр. Пышпыл қайда? Иллюминатордан көрді. Күйеуі жерде тұр екен. Достарының ортасында. Достары Пышпылдың қойнықонышына қолдарын жүгіртеді екен. Пышпыл күлімдейді екен. Үнзираға қарап көзін қысады. Енді ғана зердесіне бірдеңе жеткен Үнзира да күлім қағады. Сөйтіп екеуі де күлімдейді. Самолет ұшып келеді екен... Дыбысы шықпайды. Жер де, көк те ақ тұман. Үнзира көңілді-ақ. Пышпыл қазір жанында, шүкір. Міне, екеуі көк теңіздің жағасында... Құрма ағашының саясында бал қосқан шарап ішіп, асқабақтан пісірген тоқаш жеп отыр-мыс. Осындай бір мамыражай сәттерде Үнзира алыстағы туған ауылын есіне алады-мыс. Ата-анасын да. Бет аузы күйелеш-күйелеш қара кемпір тандырға нан жауып, сақал-мұрты сексиген ұзын қара шал мал қора тазалап жүр... – Әй, кемпір! Үнзиражан келіпті ғой! – деп дауыстайды екен кәрі әке. – Шүкірімнің қарны ашқан шығар. ЬІстық нан бер. Қаймақ бер!.. Қайран әке «шүкірінің» дәл қазір құрма ағашының саясында салқын шампан ішіп, бағлан қозының қуырдағын жеп отырғанын қайдан білсін. Жә, несі бар? Әкешеше ауылда тұрса, қызы қалада тұрады. Әке-шеше көрмеген қызықты қызы көрсе несі айып? Олардың о бастағы тілегі де сол емес пе еді? Күні кешегі осының дәрежесі менен жоғары-ау дегендердің бәріне жалтақтап, дәмегөй көзбен сүзіле қарайтын Пышпылдың бірақ күнде бағы асып, дырдай бастық болып шыға келсе, – оны да өмір ісі демеске не лаж? Үнзира беделді бастықтың зайыбы аталса несі бар? (Әлде, лайықсыз ба? Жо-жоқ, атама!) Осының бәрі түсіндегі кәкір-шүкірлер болса да, неге екені белгісіз, Үнзираны әлдебір сұрапыл ашу қысады екен. Жыны келгені соншалық, ызадан жарылып кет-
келі жатыр-мыс. Кіжіне ме, тістене ме? «Іштерің күйсе тұз жалаңдар» дей ме? Өзі бұл кезде кұрма ағаштарға малынған курорттан зу етіп үйіне келіп те қалыпты. Сол бойда Пышпылдың машинасына мініп алып, разъездегі қоймаға тартып кетіпті. Міне, қоймаға келіп те қалыпты. Ылғи бір таптырмайтын жарқылдақ заттар. Қайсысын аларын білмей аласұрады. Көздері алақ-жұлақ етеді екен... «Құрып-ақ кетсінші сол», – дейді екен қойма аралап жүрсе де, Шыдық деген біреуді есіне алып. «Мал сойып шақыратын жалғыз сен бе? Бәрі шақырады. Шүкір, қазір кімнің үйіне баруды біз де білеміз. Жарайды, сен шақырыпсың. Уәде беріппіз де, бармай қалыппыз. Онда тұрған не бар? Соны да міндетсіне ме кісі? Олай болса, біліп қойыңдар. Біз ол күні сендерден әлдеқайда мықты біреудің үйіне барғанбыз. Сол ма еді естімегің? Бірге оқыған замандаспыз деп шіренесің. Бірге оқысаң қайтеміз? Кімдермен бірге оқымап едік? Соның бәріне...» Бұл кезде (бұл да түс, әрине. Яғни, Үнзира түсінде қойма аралап, әрі Шыдықпен ұрсып жүргенде) «Сарыөзектен» келген Бармақ атты жігіт таң атқалы Пышпыл үйінің есігін күзетіп, екі көзі төрт бола жол қарап отырған-ды. – Пышпыл Пышпыловичтің үйі осы ма? – деді ол қоймадан түске қарай оралып, машинадан түсе берген Үнзираға. – Осы! Не керек! – деді біздей қос биік өкшенің үстінде безірейіп тұрған қара сұр өңді, қабағы қатыңқы, шегір көз, жас әйел. – Пыш... пыш... пыл... Пыш... пыл...обич айтқан затты әкеліп едім, – дейді Бармақ сәл тұтыға сөйлеп. – Ет!.. Бір қой... – Кіре бер! Бармақ үйге кірді. – Босаға алдына қоя тұр! Әуелі көреміз! – деген дауыс естілді төргі бөлмеден. – Семіз... Төрт мүшесі түгел... – деп міңгірледі Бармақ жанына таяна берген Үнзираға. – Кеше кешкілік... Өзім сойдым, – деді онан соң ту қойдың етін қаптан шығара беріп.
– Болмайды, – деді еттің екі-үш тұсынан иіскеген Үнзира қабағын шытып. – Иістеніп кетіпті. Керегі жоқ!.. – Жеңгей-ау, бұл өзі... – Алып кет! – Жеңгей-ау, меңгей-ау! Амал нешік, қабын арқалап шығып кеткен Бармақ ұзамай жанадан сойылған қойдың қаны сорғалаған етін көтеріп, қайта келіпті-мыс. – Міне, бұл жарайды, – дейді екен, тағы да етті иіскеп көрген Үнзира. – Манағы етті не істедің? Соны... былайша... өзі... Бұдан әрі ештеңе есінде жоқ. Әлгі сұрағына Бармақтың не деп жауап бергені де белгісіз. Өйткені, қас қылғандай-ақ, нақ осы сәтте ол ұйқысынан оянып кетсін. Қатты талықсып, шаршап қалыпты. Ойпырмай, ә? Мұндайда болады екен-ау. Жақында ғана басынан өткен жәйлер ғой әлгілер... Қалайша айнымай кірген түсіке?! Иә, күні кеше қу өмір солай еді. Бүгін... бірақ, о, өткінші болмай кеткір, қу өмір!.. ... Жанында Пышпыл жатыр пыс-пыс етіп. Нақ бір төрт кұбыласы тең адамдай мұңсыз, камсыз. Екі жылға жетпей қалпақтай ұшары бар екен, о баста бастық болып несі бар еді десейші! Жетектегенге жарамайтын маубас неме... Кісіні босқа әурелеп... Бастықтың әйелі дегізіп... «Шынында да сол жолы Бармақ алғашқы әкелген қойдың етін кімге апарып берді екен ә? Сұрау керек еді», – деп ойлады әлгіде көрген түстерін бе, ұйқысын ба қимай, тұла бойы дел-сал боп жатқан Үнзира. Мұрнына жас сорпаның иісі келе ме, немене... Таң әлі аткан жоқ. Бөлме әлі қараңғы. Ендеше, тез қайта ұйықтау керек. Таңертең жұмыс көп. Әуелі бірекі кило ет... алу үшін базарға бармақшы...
ӘҢГІМЕШІЛ КЕМПІРЛЕР Қ ар еріп, жер қарайғалы бері күн де едәуір жылынған. Қыс бойы көрінбей кеткен үш-төрт кемпір енді ертелі-кеш есік алдына шығып, оқшауырақ жердегі орындыққа тізіле қонақтайды да, іштегі жиналған өткен-кеткенді кезек-кезек ортаға салысады. Әрине, мұны әңгіме-дүкен десе де болады. Осынау алты қабат, алпыс пәтерлі үйдің тұрғындарына көрші кемпірлердің өң-түстері қашаннан да жақсы таныс. Күн сәулесіне маужырап, мүлгіп отыратын кемпірлердің ойлары айқын, көздері көреген, сөздері мірдің оғындай. Қарсы алдарынан әрлі-берлі өтіп жататын көршілердің әдейі бас иіп, сәлем бергендерін қолмақол мақтап, сәлем бермегендерді сол замат даттай салу да онша қиын емес оларға. Күн ұзаққа көздері көретіндері де, бір-бірінен еститін сөздері де өздері үшін тосын жаңалық, таптырмас тамаша. Мәселен, әне бір төртінші қабаттағы тұйық көршінің балконына темір тор орнатып, бесінші қабаттағы кемпірі жоқ қасқа бас сары шалдың балконда жалықпай кітап оқып отыратыны не деген жүрек жұтқандық десеңізші. Әне бір пенсиядағы шалдың әлдебір жерде бастық болып істейтін өзінен әлдеқайда жас әйелінің машинасына емін-еркін мініп, сайраңдап жүруі ше? Шамасы, үшінші қабатта тұратын ерлі-зайыпты дәрігерлердің екі ұлының да тәртібі онша болмаса керек. Жүріс-тұрыстары баяғының жігіттеріне онша ұқсамайды өйткені. Таңертең асығып-аптығып жұмысқа кетіп бара жататын, одан кешкілік сөмкелерін азық-түлікке сықа толтырып артынып-тартынып, шаршап-шалдығып қайтып келе жататын көршілеріне де көңілдері онша тола бермейді, әлбетте. Жеке меншік машинасы барлар қарсы алдарынан зулап өте берген шақта ғой, мүлде берекелері кетеді. Бірі «осылардан-ақ көрдік қой» деп кіржисе, бірі «бұлардың сазайын Таймас шал берсін» деп көңілдерін аулайды. Таймас дегендері бірінші қабатта тұратын көршілердің бірі. Көптен пенсияда, үсті-басына қылау жұқ-
тырмай, таза киініп, ұзын бойын тік ұстап жүретін кербез қарт. Тәртіпке берік, қит еткенді көргіш. Балашағалар, күллі үлкендер де әжептәуір сескенеді өзінен. Базарға да, магазинге де өңі тұнжыр, қабағы салыңқы кемпірі барады үнемі. Таймас ондайдан аулақ. Паркте де жеке серуендейді. Жанын солай күтпесе болмайды. Таймастың тағы бір әдеті – үй алдына әлдеқалай келе қалатын машиналардың нөмерін баршаға айбат шеге тұрып қойын кітабына жазып алу. Оны кейіннен не істейтіні беймәлім. Бірақ жұрт та, машина иелері де милицияға берер деп шамалайды. Таймас өз балконының тұсындағы алақандай алаңға ағаш отырғызып, гүл еккен. Оларды күтетін де кемпірі. Ара-тұра Таймас та ептеп шұқылаған болады, әрине. Жаз күндері балконнан сыртқа шығарылған резеңке түтіктен салқын су тынымсыз атқылап жатқаны. Бұл да абыройының арқасы шығар, – басқа не болсын – ешкім ештеңе демейді, әйтеуір. Қазір көктем. Көптен жаңбыр болмай, үй алдындағы жас ағаштардың жапырақ жая алмай, айналасы қоқысқа толып, қаңсып тұрысы анау. «Ең болмаса, қолына күрек алып, осылардың түбін қопсытып тастайтын бір адам жоқ-ау, бір адам жоқ», – деп сұңқылдайды әңгімешіл кемпірлер отырып алып. – Қара басын ғана ойлайтын жұрт емес пе өңшең? – Домуправлениедегілер келіп істеп берсін дейтін шығар да! – Ондағылар тұрғындар өз үйлерінің айналасын өздері күтсін демеп пе еді? – Оған кұлақ асып жатқан кім бар? – Әй, жарықтықтар-ай. Көптің қамын ойлайтын біреу табылар ма екен, сірә! – Балаңа айтсаңшы, қопсытып тастаса несі кетеді, – деді домаланған жуан кемпір, жанындағы шүйкедей арық кемпірге. – Е, ол үнемі жұмыстан шаршап келеді. Трамвай жүргізу оңай ма? Сенің балаң болса бір сәрі... – Менің балам шаршамай ма, немеие? Әлде шаш қию деген оп-оңай ма? Өзің істе!.. – Сойталдай немерең бар емес пе, онда сол істесін. – Кақсама, кақбас!
– Өзің қақбас! – Қойыңдар, қыздар. Қазіргі жастардың жұмысқа мойындары жар бере ме? Шеттерінен әздек қой. Бәріне кінәлі өзіміз, – деді имек мұрнының астында жұқалаң мұрты бар, кеудесі де имектеу, шұбар бет кемпір. – Тыңдасаңдар, мен бір жаңалық айтайын одан да. – Айт, ойбай! – Тыңдаймыз. – Онда былай. Анау алтыншы қабаттағы баршаға мұрнын шүйіріп қарайтын тоңмойын етікші бар емес пе? – Иә, иә? – Әне, сол өткен күні түн жарымда мас болып келіп, әжептәуір жанжал шығарыпты. Өткендегі бірдеңелер есіне түсіп, Таймасқа ұрыныпты-мыс. – Онда қызық болған екен де! – Қызықтың көкесі ғой мынауың? – Е, шұнаңдамай тұра тұрыңдар, – деп дереу тыйып тастады құрбыларын шұбар бет кемпір. – Қалай екенін қайдам, соңынан көп ұзамай Таймас екеуі ымыраға келіпті-мыс деседі. Естіген құлақта жазық жоқ, жаңалығым осы сендерге айтар. – Екеуі ымыраға келсе, онда Таймастың етігін тегін жамап беретін болғаны ғой, – деп шықылықтай күлді арық кемпір. Ертеңіне талма түсте есік алдындағы орындықта жападан-жалғыз отырған жуан кемпір аяқ астынан өз көзіне өзі сенбей, таң-тамаша қалсын деңіз. «Мәссаған, бұл үйден де кісілік табылады екен-ау», – деп ішегін тартсын деңіз. Әне, әшейінде көкірегін көтеріп жүретін етікші қос білегін сыбанып тастап, ағаш біткеннің бәрінің түбін жағалай қопсытып жатыр. Қимылы ширақ, көз ілестірмейді, ісі тындырымды. Қатқыл қабыршық қыспағынан құтылған жас ағаштар да «енді өлмейміз» дегендей селтең қағады. Семіз кемпірдің бар назары етікшіде. Көздерінен ризалық лебі еседі. Орнынан тұрды да: – Мұныңыз өте оңды, – деді етікшінің жанына жақын барып. – Алпыс үйдің ішінен қоғам мүлкіне жаны ашитын қалайша біреу шықпас деп ойлаушы едім, сіз шын сайыпқыран екенсіз. Бәрекелде, көп жаса! – Өзім үшін емес қой, – деп күңк етті етікші. – Керек нәрсе, қайтеміз.
– Шөлдедіңіз бе, үйден су әкеліп берейін бе? – Алла разы болсын, жүре беріңіз, – дейді жуан кемпірден тез құтылғысы келгенін білдірмеуге тырысып. – Шөлдеген болуыңыз керек, маңдайыңыздан тер көрінді. Салқын су әкеліп берейін бе? – Жо-жоқ, сіз жүре беріңіз дедім ғой, жүре беріңіз. Шөлдегем жоқ. – Мұныңыз бір оңды іс болды, көрші, – деді жуан кемпір одан сайын тақымдай түсіп. – Айтары жоқ. Жақсы адам екенсіз, несін жасырайын. – Мұнда тұрған не бар, – деді лажы таусылған етікші. – Қас қағымдық қана жұмыс дегендей. Көптен қабырғама батып жүруші еді. Бүгін ғана реті келіп... Айтқандай, сіз жүре беріңізші... тәңір жарылқағыр!.. Жуан кемпір өз орнына барып отырса да, бәрібір, екі көзін етікшіден алмады. «Осындай адамды да күстаналаймыз-ау кейде. Әй, пендешілік-ай, а?» Түстен кейінгі бас қосу кезінде: – Әй, қыздар, күні кеше өзіміз сөз еткен көрші етікші жап-жақсы адам екен, – деді жаңалығын ішіне сыйғыза алмаған жуан кемпір. – Міне, қараңдаршы! – Оны біз де балконнан көріп тұрғанбыз, – деп шулап қоя берді қалған кемпірлер. – Ойпырмай, осындай адамды күстаналаған сенде де иман жоқ-ау, – деп бәрі имек мұрын, шұбар бет кемпірге дүрсе қоя берсін. – Естігенім ғой, қайтейін... – Жақсының артынан сөз ереді, қойыңдар, ештеңе етпейді, – деді бірі. – Ең бастысы, кімнің кім екеніне көзіміз жетті ғой, болды емес пе? – Әй, қыздар, сол ку дегенмен де, осының бәрін қорыққанынан істеп жүрмесін. – Сандалма. Қазір ешкімнен ешкім қорықпайды. – Әйтеуір, аман болсын. Бұл кезде кемпірлердің әңгімесін жақын жердегі балконда білдірмей тыңдап отырған Таймас шал өз-өзінен мырс етіп күліп жіберсін. «Ешкім ешкімнен қорықпайды дейсіңдер, ә? Оны көре жатармыз...»
«РЕВИЗОР» А лғашында Адыранның әжептәуір-ақ көңілі тасып отырған. Стол басындағылардың бұған кәдімгідей көңіл аударып, «Адеке, Адеке» деп қолпаштай сөйлегені жанына біршама жаққандай болған. Соған қарағанда, өзінің бұған дейін санатқа еніп, санға қосылғанын өзі де білмей келген бе, қалай... Ендігі жерде батырың кәдімгідей желкесін күдірейтіп, ара-тұра айналасындағылармен терезесі тең адамға тән маңғаздау үн шығарып, ара-тұра ортақ әңгімеге орай өз жанынан аздап ақыл да қосып жіберіп отырсын деңіз. Үлкен сопақ столдың үсті неше алуан дәмді тағам, неше алуан жеміс-жидек, тәтті шырынға толы. Бір кездегі қылша мойын, шатақтау шөлмектердің қазір өздері түгіл, көлеңкесі де көрінбейді. Сонда да стол басындағы өңшең жайсаңдарыңыз тым көңілді, жай оғындай әзілоспақтарын оңды-солды сумаңдатып, даңғыр-дұңғыр күліседі. Адыран бұлардың ешқайсысын жөнді танымайды, бәрі де өзі құсап алыс-алыс жерлерден Кавказға емделуге келгендер. Оған қоса жерлес деген аттары болған соң, осы палата иесі Түйтен бүгін бұлардың басын қосып жіберуді ниет етпесін бе? Мынау соның көрінісі. Адыран Түйтенмен бұдан бірер апта бұрын танысқан. Түйтен Адыран тұратын Алқор қаласынан мың шақырым жердегі аудан басшыларының бірі екен. Мына жұртқа Адыранды да «белгілі ревизор» деп таныстырып, желпініңкіретіп қояды. Адыран іштей пайымдайды, мыналардың бәрінің де дәрежесі өзінен әлдеқайда жоғарылау. «Мыналар жазатайым күніміз түсіп қалар деп есептей берсін. Курортта жүргендегі жөн-жосық солай. Қанша қолпаштаса да, сен тымырайып отыр да, тымырайып жүре бер. Айтқандай, мұның бәрін үйреткен де Түйтен емес пе? Сонда не себебі бар екен? Әй, қасқа-ай!» Жасы қырыққа таялған Түйтен бұған аса қарапайым, епті де қолы ашық, көпшіл жан боп көрінген. Қашан көрсең, домаланып шауып жүргені. Түр-түсі адуын бас-
тыққа онша ұқсамайды. Адыранмен танысқалы біресе онда, біресе мұнда сүйреп, үнемі «әй, ревизор» деп көтермелей сөйлейтіні өзінше. – Әй, ревизор! – деген кеше таңертең де тамақ ішіп болысымен. – Бүгін күн сенбі, ешқандай ем-дом жоқ, әйда кеттік! – Қайда? – Махаббат пен зұлымдық әлеміне! – Ол не? – Жақын маңда сондай атақты ескерткіш бар. Осы курортқа сегіз рет келдім дейсің, немене, әлі күнге дейін көрген емеспісің? – Келгенде... біздікі жай әшейін емделу ғой, бәйеке... – деп күмілжіді, инеліктей қатып, мойны қылқиған Адыран. – Жыл сайын келетін бір демалыста бір жолдаманы әрең тауып, осында зорға жетеміз дегендей... – Жарайды, кеттік! – Содан екеуі таксиге отырған да, атақты ескерткішке тартқан, Әрине, ақша төлейтін – Түйтен. (Оның қойынқонышы толы ақша). Жетісімен шетіректегі қуырған балық сататын әуіз басынан бір-ақ шықсын екеуі. Белдеріне алжапқыш байлаған екі-үш жылтыр қара жігіт Түйтенді көргеннен әкелері тірілгендей тұс-тұстан жамырасын: – Қош келдіңіз, бірадар! – Отыра қалыңыздар! Түйтен де олармен апаш-құпаш амандассын. Адыран екеуі әуіз жиегіндегі екі кісілік саяжайға жайғасты. Астында көмір оты лаулаған қара қазандағы шөңгір май шымыр-шымыр қайнайды. Қияқ мұртты аспаздардың бірі әуіз суында жүзіп жүрген тірі балықтардың бес-алтауын бірден тормен іліп алды да, сол бойда қазандағы қайнап тұрған майға тастап жіберсін. Қас қағымда қуырылған дәмді балық алдарына келе қалсын сөйтіп. – Шарапқа қалайсыздар, сіздер үшін былай енді... – Жо-жоқ, біз ішпейтін адамдармыз, – дейді Түйтен. Адыран аң-таң. «Түйтен қызық екен» деп ойлайды. «Кейде ішеді, кейде ішпейтін адамбыз» дейді. Әйтсе де, Адыран курортқа қаншама рет келіп жүріп, дәл мына жерде болған емес. Қазіргі келуі Түйтеннің арқасы, әрине. Біреулер осылайша асып-тасып демалады дегенді құлағы бұрыннан шалатын. Адыранды да мол ақшалы
деп ойлады ма, кім білсін, кеше балық жеп отырғанда бұдан Түйтеннің: – Қанша соммен келдің? – деп байқаусыз сұрап қалғаны бар. – Бізде тек жол қаржы ғана ғой, – деген күмілжіп. Адыран Түйтеннің бұл сұрағына да аз-мұз таңданған. «Қанша соммен келгенімнің қажеті не екен? Бәрібір емес пе?» Мінекей, бүгін енді Түйтен өздері сияқты курортқа келген біраз қауымның басын құрап, тектілік көрсетіп, дастарқан жайып отыр. Мол тағам, көл-көсір шырын. Әркімнің алдында бір-бір үлкен кесе. Бір шағындау кесе стол астында қолдан-қолға ылдым-жылдым өтеді де, әлдекімнің тұмсығының тұсынан бір жылт береді де, лезде Түйтеннің стол астындағы қолына қайта келеді. – Кәне, қадірлі конақтар, шырын іше отырыңыздар, – дейді Түйтен сол кезде рақаттана жымиып. – Шырының мықты екен, – деп қостайды оны төр жақта қаққан қазықтай нық отырған бұйра шашты, қалың қасты, Түйтенмен жасты, күлімкөз сақа жігіт. Ентігіңкіреп отырған семіз қара кісі де: – Шарап ішпейтін әдет шығып, осы күнде айымыз оңынан туды ғой, – дейді жалма-жан босатқан шымыр кесесін стол астына лып еткізе сүңгітіп жіберіп. – Неге ішпейміз, біздер ішеміз, – деп біреуі кеседегі шырынды төңкеріп салды. Жүзім шырынын Адыран да төңкеріп салды. – Ә, сіздің ішетініңіз осы екен ғой, – деді қуақылау, жас жігіт оған қарай көзін қысып. – Ас болсын! – Ал, жігіттер, ақшаларың көп пе?— –деді бір кезде жалтыр бас, сары кісі төтесінен сөйлеп. – Ақша жетеді, бәйеке! –Ақшасыз адам курортқа келе ме? – Онда кім қанша ақшамен келгенін айта қойсын. – Өзіміз толық біреумен келгенбіз. – Біз де солаймыз, шүкір. Обалдары не, осында жүрерімде жігіттер қауымдасып шығарып салған. – Менде екеу. – Менде бір жарым. Кетерде мені де өзіміздің жігіттер шығарып салған. Оларын ұмытармыз ба?
– Сызамыз ба? – Сызайық. Басқа не істейміз? – Кәне, онда тез қағаз, қалам алыңдар. Қанша адамбыз өзіміз? Сегізбіз бе? Иә, сегіз екенбіз. Төртеу-төртеуден бөлінеміз. – Мен ойнамаймын, – деді Адыран күмілжіп. «Е, неге?» «Ойнамаушы едім». «Ойнамайсың ба, әлде ойнай алмайсың ба?» «Ойнай алмаймын», – деп езу тартты Адыран. «Одан да ақшам жоқ десейші. Қам жеме. Ревизорсың ғой. Қазір шетімізден қиратып ұтасың». «Жо-жоқ, мен кете берейін. Шаруам бар». – Адыранға рұқсат, – деді Түйтен. – Ойнай алмайтыны рас. Мен білемін. Бір тобымыз үш қолмен-ақ ойнаймыз.. Ештеңе етпейді. – Сөйтеміз бе? Ә, мейлі!.. Әупірімдеп сыртқа шыққан Адыран жағасының түймесін ағытып, шекесінің терін сүртті. Бұдан он шақты жыл ілгері осы санаторийге алғаш рет келген кезін есіне түсірді. Науқасы жанына батқан бақыр аяғын сүйретіп әрең жеткен-ді. Көп ақша қайдан болсын. Сол жолы қайтар билеттен қалған азғантай қаржыға әйеліне туфли сатып алған-ды. (Қуантайын деп еді де). Ең болмаса, киноға да кіре алмай жатушы еді-ау палатада құр қиялга шомып. Сол еңбегі жанды ма десеңізші. Кейіннен әйелі сол туфлиді үлкен деп әлдекімге сатып жібермеді ме? Неткен өкініш еді. Өзегі өртеніп кете жаздаған. Содан бері курортқа басы артық ақша да әкелмейді, әйеліне ешнәрсе сатып та алмайды. Басқалар болса... тірі балық жеп... карта ойнап... Адыран сияқтыларды келемеж етіп... (Әйтеуір, бір мезет оған солай көрінгені рас). Түйтеннің палатасында карта ойнауға қалғандардың Адыран шығып кетісімен: «Өзі тымырайған біреу екен. Мұндайларда ақша көп, олар көлгірсуге тым шебер келеді» деп сәуегейсінгендерін құлағы естіп қоймағаны қандай абырой! Түсінікті ғой. Көкек әуелден өз атын өзі шақыруға жаралған. Ал, Адыран үйіне курорттан аман-есен тыңайып оралса бопты да. Қайран ревизор...
ҚЫЗМЕТ БАБЫНДАҒЫ АДАМ Б іраз уақыттан бері қай-қай жағынан да мақтауы жетіп жүрген мына поезд (бұл менің оған тұңғыш мінуім) астана вокзалынан бүйіріне бүйі тигендей шапшып, ойнақши қозғалған бойда батысқа қарай екілене екпіндеп, әлсінәлі тіпті бас білмеген асаудай мөңкіп-мөңкіп, жұлқына жүйткіп келеді. Десе дегендей-ақ. Жүрісінен жүрек лоблып, бас айналып, ара-тұра не оңға, не солға қарап бұлтаң етіп, жалт бергенде, орныңнан сырғып түсіп қала жаздайсың. – Мынау қайтеді-ей! –деп дауыстайды төменгі полкада жатқан, басында қызғылт тақия, құлағында дыбыс күшейткіші бар, етжеңді, қара торы, егде кісі құлаққа төрт-бес түрлі болып жарыса естілетін тарғыл дауыспен. – Өкпеміз аузымыздан түсетін шығар, сірә! Төменгі, оған қарама-қарсы полкада үш жігіт қатар отырмыз. Әлі ұйықтайтын емеспіз. Әлі шай да ішкен жоқпыз. Ал, мына егде кісінің бір аяғы кемтар көрінеді, купеге кіре сала жатып қалғаны содан болу керек. «Шай келгенде айтарсыңдар» деген. – Ой, тоба-ай! Мына жерде ұйықтауға болмайтын шығар өзі, – деді егде кісі, вагон тағы да ытқи жөнелген сәтте. Төсек-орын, ілулі киім-кешек, ас ішетін алақандай тақта үстіндегі стақан, кесе, бөтелкелер түгел шайқалақтап, бір-біріне соқтығысып, ең жоғарыдағы дәу сары чемодан (ол қуысқа жартылай сыйып тұрған) еденге бар салмағымен гүрс етіп құлап түсті. – Астапыралла! – деді егде кісі шошына. – Талай зат бүлінді-ау, ә! Обал-ай! – Ой, бүлінетін түк жоқ. Мұның ішіндегінің бәрі кіл кітап, – деді менің жанымда отырған үрпек шашты, арық денелі, ұзын мойын, аққұба жігіт. Үрпек шаш жігіт орнынан тұрып, ауыр, ескі чемоданды шетірекке сүйеп қойды. – Ауыздықпен алысқан мынау асау тұлпардың шабысы жайсыз екен, – деп сұңқылдады егде кісі.
– Ештеңе етпейді, отағасы. Оның есесіне, үйіңізге тез жетесіз. Таңертең елең-алаңда поездан түсесіз, – деді үшінші серігім – аласа бойлы, өңі жап-жастығына қарамай шаштары түсіп, қатты сирексіп қалған, быржиған семіз, қызыл шырайлы жігіт. Осы мезгілде купе есігі ашылды да, үстінде ине-жіптен жаңа шыққандай шымқай қара, су жаңа костюм-шалбары бар, ақ көйлекке жарасты сәнді галстук тағып, сақал-мұртын мұқият қырған, денесінде бір қырым артық еті жоқ, үлкен қара көзіне жиегін алтындаған көзілдірік киген, қимыл-қозғалысы ширақ, орта бойлы бір адам кірді. Сәл-пәл ақ аралас, қайратты қою шаштары кірпі жүндес етіп қысқа қырқылған. – Сәлеметсіздер ме? – деді төртеуімізге жеке-жеке басын иіп. – Оң сапар болсын. Мен – вагон жолсерігімін. Кәне, билеттеріңіз бен төсек орынға бір-бір сомнан ақша бере қойыңыздар. Тез! Даусы нық та өктемдеу, әрі сенімді шығады. Өз-өзіне риза кейіпте. Билеттерді қолындағы сумканың бір қалтасына, ақшаларды екінші қалтасына жалма-жан сүңгітіп болды да: – Біздің вагонда елден-ерек тәртіп бар, – деді бұл жөнінде ешкім ештеңе сұрамаса да. – Ал, сау тұрыңыздар. Мен осындамын. – Мынадай пысық, ұқыпты адамдар қайда да керек-ау, шіркін, – деп тамсанды үрпек шашты, ұзын мойын, арық денелі, аққұба серігім. – Нағыз тәртіптің адамы екені көрініп тұр, – деп қостады оны аласа бойлы, шашы сирек, быржиған семіз серігіміз. Менің де ойым осы тектес. Бұрын көріп-білмеген, бейтаныс адам жөнінде қандай бөтен ой болмақ. Айтқандайақ, вагон жолсерігі ұзамай екі стакан шай әкелді. – Ішіңіздер. Өте ыстық! – Тағы екі стакан керек! – Қазір! – Жақсы. Әрине, екі стакан шайды алдымен полкада жатқан егде кісіге ұсындық. Азамат екі стаканды да бірден тастап-тастап жіберсін. Күтіп отырмыз. Жаздың күні емес пе, шөл қысып барады. «Қазір келетін» жолсерік әлі жоқ.
Вагондағы жолаушы тек біз ғанамыз ба? Басқалар да бар. Соларға да шай тасып, қолы тимей жатқан шығар, – дейді әлі шай ішпеген екі серігім. – Ана қараңдаршы, – деді манадан бері терезеден көзін алмай отырған екі серігімнің бірі. – Не деген иесіздік мынау? Айдалада қаңқайып-қаңқайып, тот басып, қараусыз жатқан техникаға назар аудардық. Төбесі жабылмай, қабырғалары қаусап тұрған мал қора кейпі тым қораш. – Бұл қайсы ауданның жері? – Кім біліпті. – Обал, обал! – Дұрыс айтасыздар! – деп саңқ еткен дауыс естілді. Ізінше екі қолында екі стакан шайы бар жолсерік лып етіп ішке кіріп келсін. (Пәтшағардың әлгі сөзімізді қалайша естіп қойғаны бізге мүлде түсініксіз). – Кәне, ішіңіздер, – екі стакан шай алақандай стол үстіне қойылды. Біріне мен, біріне жалтыр бас серігім қол создық. – Тағы бір стакан керек! – Қазір! – деген жолсерік дәл осы мезгілде қолма-қол өзгеше бір әңгімені бастап та жіберген-ді: «Таяуда жүк тиелген үлкен состав шағын резьезде темір жолдан тез өтпек болған бір трактормен соғысып қалып, апатқа ұшырады. Мемлекетке жүздеген мың сом зиян келді», – деп. – Оны газеттен оқығанбыз. – Оқығандарыңызды білемін, – деді жолсерік. – Мәселе онда емес, гәп арамызда әлі де болса өз ісіне жауапсыз қарайтын пенделердің бар екенінде, бірадарлар. Әне, сонда гәп. Оны айтасыздар, сіздер диспетчердің кінәсінен екі жүк поезының соқтығысып қалғанына не дер едіңіздер? Бұл өзі жуырда ғана мына алдымыздағы Қарсақ станциясынан шыға берісте болған. Таңертең ертерек оянсаңыздар, темір жолдың екі бетінде үйіліп жатқан темір-терсекті өз көздерінізбен көресіздер. – Өкінішті екен. – Кәне, шайдың ақшасын бере қоясыздар ма? – Қанша берейік. – Мырзалықтарыңыз білсін. Ақша ешкімге де көптік етпейді, – деп алтын тістерін көрсете күлген болды. – Мына шайыңыз суып қалыпты.
– Ыстық шай ішу өңешке зиян, суыған шай пайдалы, – деп тағы да жол тауып кетті. – Тағы бір стакан шай керек! – Қазір! – Мынауың ыршып тұрған бір пәле ғой, – деді ұзын мойын, арық денелі жолдасымыз. – «Қазірмен-ақ» тойдырады екен адамды! – Болғаны сол да. Қайтсін, бейшара, – деді төменгі полканың бірінде жатқан егде кісі саңқылдаған үнмен. – Ә, мейлі. Обалы не, арадан қырық минуттай өткенде жолсерік тағы бір стакан шай алып келді. – Төсек-орын беріңізші. – Иә! Жататын мезгіл болды! – Осы күнде мал бағатын адам азайып кеткен бе, немене? Етке тісіміз сирек тиетін болып барады ғой, – деп тағы бір әңгіменің ұштығын шығара бастаған жолсерікке біздің аласа бойлы, жалтыр бас серігіміз: – Әуелі төсек-орынды беріңізші, – деп сөзін бөліп жіберді. – Иә, иә! Жөн-ақ. Қазір! – деген жолсерік тез шыға жөнелді де, үшеумізге тиісті төсек-орынды иығына салып, ізінше кері оралды. – Ақша төлеген бе едіңіздер? – Төлегенбіз. – Ім... ім... Жарайды. Сіздер алдайтын адамға ұқсамайсыздар... Үш жолаушы үш полкаға төсек салдық. Онан соң кезек-кезек жуынуға бардық. Осы мезгілде мен өзіме сүртінетін орамал берілмей қалғанын аңғардым да, дереу жолсерікке хабарладым. – Қам жемеңіз, беріледі, – деді менің бетіме сәл тіксініп, жақтырмай қараған жолсерік. Бірақ неге екенін қайдам, әлде қапелімде ұмытып кетті ме, әйтеуір жуық арада орамалды бере қоймады. Сәлден кейін қайта ескертіп едім, онда да: «есімде, қазір», – деумен тынды. Сонымен, жатып қалдық. Бірақ ұйқы қайда. Асаудай құтырынып, ортекедей ойнақшыған жүрдек поезд құдды бір тентек дауыл кезіндегі шайқатылған кемедей теңселгенде, екі көзің бақырайып кетеді екен.
Амалсыз коридорға шықсам, жолсерік біздің купенің қарсы алдында өзіндей ұйқысы қашқан біреумен гулетіп әңгіме соғып тұр. – Орамал беріңізші. – Береміз, азамат. Қам жемеңіз. Қазір!.. Купеге кіріп қайтадан төсекке жантайдым. Аздап көзім ілінгендей болыпты. Бір кезде оянсам, серіктерім де оянып, киімдерін киіп, төсектерін жинап жатыр. – Жақындап қалдық! Мен де киініп, төсек-орынды жинап, жуынуға барайын десем, сүртінетін орамал жоқ. Жолсерік бұл жолы да коридорда әлдекімдермен сөйлесіп тұр екен. Дала едәуір жарық тартып қалыпты. – Әне,қараңыздар, – деді ол, терезеден даланы нұсқап. – Не деген сұмдық. Қор болған есіл дүние-ай! Тиісті міндетін дүрыс атқармайтын біреулердің қырсығы ғой осының бәрі!... Шынында да, темір жол бойынан әріректе жүк вагондарының быт-шыт болған бөлшектері ұзына бойы тарыдай шашылып, жинаусыз жатқан-ды. Бірінің үстіне бірі шыққан темір-терсек, қаңылтыр қораптар, доңғалақтар. Иә, обал-ақ. Біздің мына жолсерікті әбден түсінуге болады. Бейшара, қоғам мүлкіне жаны ашиды да, басқа не кінәсі бар?! – Құрметті жолдас, маған сүртінетін орамал беріңізші, – дедім оған жақын келіп. Түнімен ұйқы көрмей, кіртиіңкіреген көздерімен бетіме жалт қараған ол: – Қазір, қазір! – деді, қасындағы адамға айтып тұрған сөзін үзбестен. – Маған да қазір керек. Дәл қазір жуынайын деп едім. – Қазір, – деді ол қатқыл үнмен, әрі менің бетіме тым суық жүзбен сүзіле қарап. – Бәрін жасаймыз. Бәрі болады... Таң атқан мезгіл болса да, ол маған сүртінетін орамал әкеліп беру үшін қызмет бөлмесіне қарай кетіп бара жатты. Бұрынғыдай емес, бұл жолы қимыл-қозғалысы бір түрлі сылбыр, баяу. Әрең ілбіп барады. Қайтсін енді, қызмет бабындағы адам. Түні бойы шаршаған шығар. Оның үстіне, анау-мынау емес, бір вагон жолаушының айтқанын орындап, бабын табу оңай деп пе едіңіз? Тіпті, кісінің жаны ашиды екен бақырға...
ЖАҒЫМДЫ СӨЗ М ың шақырым жерден туған балдызы Шыдықтың үйіне әдейі келе қалған ауыл тұрғыны Адыран дастарқан басында жирен мұртын қайта-қайта ширатып, қайта-қайта жымиып қойып отырды. Дөп-дөңгелек жалтыр басын да қайта-қайта сипалайды. Қатты күлмейді. Бұл әдеп сақтағаны, әрине. Күлетін бір сәт келгенде үнсіз селк-селк етеді де, жым болады. Бұл да әдеп сақтағаны. Астанаға барғанда өзін қалайша ұстау керектігін ауылдағы пысық бәйбішесінің тәптіштей үйретіп жібергені көрініп-ақ тұр. Шыдықтың дастарқанының басында төрт қонақ отыр шіреніп. Сабаудай-сабаудай төрт сақа жігіт. Ақ сазандай ойнақшыған төрт келіншек тағы бар. Алыстан әкелінген марқаның семіз еті аш өзекке балдай батып, сіңіп жатыр. Ұзын бойлы, шидей арық, жұқалтаң сары Шыдықтың екі езуі екі құлағында. Күн көрінетін құлақтарының ұшы күлт-күлт етеді. – Кәнеки, жезде, ет жеңіз, – дейді өзі әкелген майлы етті Адыранның алдына таман ысыра түсіп: – Мынаны да ұмытпаңыз. Ертең сенбі, інілеріңіздің бәрінің жеңіл машинасы бар, қыдырамыз. Өзіңіз теледидардан талай көрген Медеу, Көктөбеге апарамыз, – дейді еттен көсіп-көсіп асап, Адыранның келу құрметіне жиналып отырған төрт жігітке кезек-кезек қарап қойып. – Солай ғой, жігіттер? Қыдыртамыз ба? Сақа жігіттер соңғы сөзді естімегендей түр көрсетеді. Ешкім епелектеп «жарайды, болсын » демейді. Әлде бір-біріне сілтегісі келе ме, әлде берген қонақасыңды міндетсінемісің дей ме, ол жағы да анық емес. Шыдық: – Сөйтіп, ертең жеңіл машинамен серуендейміз, ә? – деп қадала түсті. – Әуелі таң атсыншы, – деді орта бойлы, жуан мойын, жайын ауыз қара жігіт гүж ете. – Көреміз, – дей салды екіншісі.
Сонымен бұл мәселе шешілген сияқты болды ма, жоқ па, Шыдық тағы да сөз бастап: – Өз басым жеке меншік машинасы барларға әсте қызықпаймын, – деп екінші жамбасқа аунап түсті. – Мінеки, мына төрт досымның да машинасы бар. Гараж жағы қиын, ал бір жерге мініп бара қалса, одан да қиын. Екі көздері ылғи терезе жақта. Жарытып ішіпжей алмайды. Күн сайын ол машиналардың әйтеуір бір жері бұзылмай тағы тұрмайды... Осының бәрі қып-қызыл шығын. Бензині анау. Удай-ау қазір ол бензин, удай қымбат! Сірә, бұл сөздерді асқан ұқыптылықпен тыңдаған болу керек, қонақ жігіттердің төртеуі бірдей жарыса: – Дұрыс айтасың, Шыдық, – деп алтын тістерін жарқырата күлген болды. Көңілденген біреу: – «Ертең Адыран ағаны қыдыртуды бірдеңе етерміз», – деп те салды. – Бензин құнын өзі көтереді де, – деп жіберді екінші біреуі. – Әй, қойыңдаршы, – деді енді бірі. – Адалдықпен ас ішейікші, түге! – Дұрыс қой. Осы қазір бәрін де пышақ кескендей келісіп алуымыз керек, – деп шіңкілдеді Шыдық. – Сендер тұрғанда, алыстан әдейі келген жездемді таксимен қыдыртам ба? Ешкім үндемеді. Бәрі тым-тырыс. – Кәне, ас алып отырайық! – деді Шыдық. Осы сәтте әлденеден ыңғайсызданып, өкпесі қысылғандай болған Адыран Шыдыққа көзінің астымен сүзіле бір қарап қойды. Бұл «жарқыным, осы машина жағын қоя қойшы, қозғамашы» дегені болатын. Бірақ, Шыдық оны ұққан жоқ. Соны сезген Адыран ендігі жерде қайтсе де бұл әңгіменің төбесіне біржола мұздай су құйып, жоқ ету үшін тамағын бір қырнап алды да: – Таяуда мынадай бір оқиға болды, – деп сөз бастады. – Бәрі де әлгідегі Шыдықтың сөзінен шығады-ау. Осы күнде жеңіл машинаға иелік ету қайда да оңай емес. Өзімізде де бар біреуі. Әйтеуір, бар болсын. Сөйтіп, мен ойда жоқта ауылдан жүз шақырым алыстағы қалаға бармақ болып, асфальт жолдың бойына шықтым,
– деп сөзін жалғастыра түсті. – Ол күні өз машинам бұзылып, жүрмей тұрған еді. Жол жиегіне жеткенім-ақ сол екен, қарсы алдыма бір «Газ-24» машина көлденеңдеп келіп тоқтай қалсын. Рульдегі жасы қырыққа шамалас өздеріңдей сақа жігіт маған «отырыңыз!» десін танымаса да. Артқы кабинаның есігін имене ашып, имене ішке кірдім. Жүргізуші жігіттің қасында жасы он екі-он үштердегі бала отыр. Арт жақта жастау әйел отыр. «Волга» дегенің қандай, сызып келеміз. Менің жанымдағы әйелдің шатынаған екі көзі күйеуінде: олай жүр, былай жүр деп әмір берумен әлек. Оны тыңдайтын жігіт пе? Ол қайта екілене түседі. Кенет машина кілт тоқтады. Рульдегі жігіт, яғни, машина иесі анадай жерге барып, өткен-кеткен жүк машиналарына қолын бұлғап, тоқта дегендей белгі береді. Біраз тұрды. Ешкім тоқтамады. Онан соң қайтып келді де, машинасын жүргізді. Біраз жүрген соң тағы тоқтады. Тағы да қол көтерді. Ешкім тоқтамады. Машина иесі ендігі жерде кішкене қос бөтелкені басынан жоғары жарқырата көтеріп, бірдеңе деп белгі жасаса да, ешкім тоқтар емес. «Мәссаған, бұл не істеп тұр-ай? – деймін ішімнен. Жігіт қайтып келді. Тағы да жүріп кеттік. Біраз жер жүрген соң тағы тоқтады, жол шетінде ербиіп тұрған күйі өткен-кеткен машиналарға қол көтереді. Екі қолында екі бөтелке, бөтелке емес-ау, әлгі не деуші еді, ауруханаларда болатын екі жүз грамдық мензурка бар емес пе, сол екен жылтыңдатып ұстап түрғаны! – Ініміз не істеп тұр жол шетінде? – дедім шыдамым таусылған мен оның әйеліне. – Көрмей тұрсыз ба? – Бүйрек бет, кірпияз әйел шытыр етті. – Анау ішінде спирті бар мензурканың әрқайсысы бір-бір шелек бензин, білдіңіз бе? Қырсық шоферлардың бірде-бірінің тоқтамауын қараңызшы. Тегі, күнәң күйгірлердің бүгін тамақтарының тесігі бітеліп қалған шығар, сірә? Әйтпесе, екі жүз грамм спиртке бір шелек бензинді алмастырып бере қойса, өздеріне де олжа емес пе?
– Түсінікті, – дедім мен манадан бергі жұмбақ халге енді ғана көзім жеткендей болып. – Содан қалаға жеткенше, не керек, діңкеміз әбден құрыды. Әйелі де, өзі де шыттай киінген, су жаңа машинасы бар күйлі жігіттің спиртке бензин алмастыратындай басына не күн туды екен деймін. Айтпақшы, бұл өзі спиртті қайдан алады? Мензуркага спирт құйып алып жүргеніне қарағанда, не өзі, не әйелі бір жерде дәрігер ме екен, әлде? Қалаға жеткен соң жол ақымды бердім де, жөніме кеттім. – Қанша бердіңіз? – деп қалды осы тұста Шыдық. – Бердік қой, – деп күңк етті Адыран. – Адамдар әр түрлі, ә? – деді қонақ болып отырған жігіттердің бірі көңілсіздеу халде. – Кәне, дәм алыңыздар. Ішіңіздер, жеңіздер. Әлгідегі Шыдықтың сөзіне мән бермей-ақ қойыңыздар, – деді Адыран сақа жігіттерге шын пейілмен жадырай қарап. – Ертеңгінің бір мәнісі бола жатар, – деді онан соң. – Такси бар емес пе осы? – Жеткілікті, – деді біреу. – Е, бопты онда, – деді Адыран. Сол-ақ екен, сақа жігіттер иықтарынан ауыр жүк ысырылып түскендей қутың-қутың етісті. Бөлме ішінде жанға жағымды бір салқын леп ескендей болды...
ЕРУЛІК Т үнде екі жылдан бергі құдайы көршісінің үйінен қонақтан оралған бойда аула ішіндегі темір кереуетке жантая кеткен Пышпыл елең-алаңда оянғанда, тәп-тәуір тынығып қалғанын сезді. Айналадағы құс атаулы таң алдындағы әндеріне басып, қосыла сайрауда, жарық дүниені қарсы алып, қошемет көрсетуде. «Түндегі қылығым оғаш болған жоқ па өзі?» – деп ойлады Пышпыл, көк аспандағы сөніп бара жатқан ең соңғы жұлдыздан көз айырмай жатқан қалпы. «Ерулік беріп, жақсы атақ алғысы келген пысыққа көрсетейін» деп те кіжінді біресе. «Жақында болатын жиналыста бүкіл қала жұртшылығына жария етейін айтқан сөзін». «Оның жарамас, түндегі айтқаның да жетер. Асын ішіп, дастарқанын тілгеннен кем болған жоқ оның да. Енді елірме», – дейді бір ойы. Көз алдына көрші Мошқал елестеді. Еңсегей бойлы, жуан желке, қызыл шырайлы Мошқалмен көрші болған бірқауым уақыт ішінде оның сырын оңай алдырмайтын, анау-мынау кісіні көзге ілмейтін паң, есебі мол пенде екеніне Пышпылдың көзі әбден-ақ жеткен. Қаншама рет елпілдеп сәлем бергенде Мошқалдың жауабы «ә, аман ба?» дегеннен аспайтын. Пышпылды көрген сайын: – Әлі осында тұрасыңдар ма? – дейтін май басқан көздерінің айналасы күлімдеп. Бұл сұрағы не сұрақ деп жыны келетін Пышпылдың: – Баяғыда біреуді біреу «сен қашсаң да мен қойман» деп желкелей берген көрінеді ғой. Сол айтқандай, сіздің үйден қашан бір шай ішкенше, сірә, көше қоймаспыз! – дейтіні бар-ды. – Шай ешқайда қашпайды. Одан да пәтер алуды ойла. Кісі үйі үй емес. Өз үйің болмайынша, күйің келіспейді – деп жанашырлық көрсеткенсиді. Техникумда жұмыс істейтін Пышпылдаң жоғары оқу орнын бітіргеніне үш жылдай болды. Әйелі, бір жасар қызы үшеуі пәтер жалдап тұрады. Пәтер болғанда, тұрып жатқаны шет елге уақытша жұмысқа кеткен біреудің төрт
бөлмелі жеке меншік үйі. Оң қапталындағы алтынмен апталып, күміспен күптелген сегіз бөлмелі үйде әлдебір жерде бастық болып істейтін Мошқал тұрады. Ара-тұра «бұл өзі бізге не үшін ерулік бермейді» деп ойлайтын Пышпыл. Мошқалдың бұларды онша көзге ілмейтінін сезетін.. – Көршің мықты. Екі күннің бірінде жылы-жұмсағын бірге жейтін шығарсыңдар, – деп қалжыңдасады құрдастары. – Е, сендер де келіп түрсаңдаршы! – Мошқал бізді неғылсын. Оған жақындасу үшін мамандығың тері илеуші болсын. Егер тері илеуші болсаң, иісіңді үш күндік жерден сезеді. Дереу үйіріне тартып, қатарына қосады, – десетіндер бар. – Мошқал тері илеушілердің көсемі ғой, – десетіндер де бар. – Осы қаладағы отыз шақты тері илеуші түгел соның аузына қарайды. Анда-санда барлығы түн жамылып кеңес құрады. Ол жер, бұл жерде көзге ілінбей саяқ жүрген тері илеушілер болса, дереу қамқорлығына алады. Өз орталарына сағат жөндеуші, шұжық, жасаушы, шаш қиюшылардың еніп кетпеуін ескереді. Онда илеген терінің сапасына нұқсан келеді деп үркітеді ұяластарын. – Көршің Мошқал сондай адам, – деседі олар сөйтіп. – Онда менің жұмысым қанша? – дейді Пышпыл. – Илесе илей берсін терісін. Жақсы илесе бопты да. Әдемі былғары керек қой әркімге де. Оқта-текте Мошқалдың «үйге келіп шай ішіңдер» дей қоймайтынына қарап, Пышпыл да «әлде шынымен-ақ тері илеуші болуым керек пе?» деп қиялданатын. «Мамандығым басқа, қалай тері илеуші болмақпын? Әлде әйелімді тері илеуші етсем бе екен? Әй, бірақ, одан не өнсін. Әйел екі дүниеде тері илеп жарытар ма екен?» Сөйтіп, жадыраған жаз күндерінің бірінде кешкілік жұмысынан терлеп-тепшіп, шаршап-шалдығып оралған Пышпылға бақшаны суарып жүрген келіншек көрші үйдің бүгін кешке қонаққа шақырғанын хабарласын. «Міне, бұл жаңалық. Төтенше оқиға». Пышпыл не десін қапелімде? – Шақырған жерден қалмайық. Кеттік, – деді. Пышпыл мен әйелі Мошқалдың үйіне кіріп барғанда, бұлар-
дан басқа қонақтар тегіс жиналып, дастарқанға отырғалы жатыр екен. – Мінеки, күткен негізгі қонағымыз да келді, – деп бәйек болды Мошқал. Жеңіл киінген Мошқалдың қимыл-қозғалысы мен жүріс-тұрысы да жеңіл, жинақы, әзіл-қалжыңы мол, өте ақжарқын адамға ұқсайды. «Адамды жақын білу үшін жақынырақ араласу керек деген рас екен-ау» деп қояды ішінен Пышпыл. «Мошқалды бұлай деп кім ойлаған? Не деген ыстық сезім, құрмет бұл?! Ықыласпейіл, ниет қандай? Дастарқан қандай? Бұрын шақыра алмаса, осындай сәтті күткен екен де. Әр нәрсе өз уақытысында емес пе? Мен де әйтеуір, жоқ жерден кінә қойғыш шыдамсыздардың бірімін-ау, әттең ». Пышпыл мен әйелі Мошқалдың қонақ етуінен титтей мін тапқан жоқ. Неге екені белгісіз, әлде көрші болғандары үшін бе, бұл екеуіне басқалардан гөрі ерекше көңіл бөліне бергендей болды. Бәрі айтылды, ортаға салынды. Ерулікті ұзатыңқырап жібергені он қайтара жуып-шайылған шығар. Тіпті, Пышпылдың өзі ыңғайсызданғандай болды. Ризалығын жеткізе алмай қиналды. «Бәрі қалпына келді. Енді мұндай сый-құрметтін қайтармасын жасау бізден» деп ойлап отырды әйелі де ішінен. – Бұдан былай емін-еркін келіп-кетіп тұрыңдар. Бір жүгеріні бөліп жеуге біз дайын, – деп ант-су ішкендей болды Мошқалдың әйелі де. Мошқал: – Сен аузыңның ебі бар жігітсің. Ойың жүйрік, парасатың мол, бәрін де білесің, – деп мақтады Пышпылды. Басқа қонақтар тараған соң, Пышпыл мен Мошқал таза ауада қатар жүріп, тағы да едәуір уақыт шүйіркелесті. – Бір жағдай-болып тұрғаны, – дегенді де сөз арасына қыстырып үлгерді Мошқал. – Айтсам қалай көресің? – Айтыңыз, – деп елп етті Пышпыл. Ойында дәнеңе жоқ. Қазір Мошқал не десе де заң емес пе? (Оны Мошқал да біледі). – Былай, – деді Мошқал сыбырлап. – Осы калада әлгі сағат жөндеушілердің бастығы бар емес пе? Сонны бір қатырып берші. Аздап тәубесіне келтіріп... – Қалай дейсіз?
– Айттым ғой... былай... нетіп... ебін тауып деймінау... білдірместен... Осы нәрсе сенін қолыңнан келеді... – Түсінбедім, Мошеке. – Не түсінбейтіні бар? Сол неменің үстінен өзіңмен бірге істейтін жүз адамның қолын қойғызып жоғарыға бір арыз түсір деп тұрған жоқпын ба? Не жазу керек екенін кейінірек өзім айтамын. Жазатын нәрсе жетеді, шүкір. Күрес қой бұл өмір дегенің! Күрес! Мына сөзден тұла бойы түршіккен Пышпыл есін тез жиып алды да: – Не үшін? – деді ала көлеңкедегі көршісінің бедірейген бетіне тік қарап. – Не үшін, Мошеке? – Ол ұзақ әңгіме. Жазамысың, жоқ па, сен соны айт. Бар мәселе, шырағым, принципте болып тұр. Не ол, не мен дегендей. Түсіндің бе? – Онда ашығын айтайын, Мошеке, болмайды! – Неге? Ол адам танысың ба еді? – Танысым емес, бірақ, болмайды. – Жарайды. Онда бітті. Бұл сөз осында қалсын, ешкім естімесін, – деген Мошқалдың үні зәрленіп, мүлде өзгеріп шықты. – Міне, көрдің бе, біз осындаймыз! –деді өкпелеген сыңаймен. – Сыйласа алмаймыз. Сыйлай білмейміз ешкімді! Ол бұрылды да, жүре берді. – Сіз мені кім деп ойлайсыз? – деп дауыстады оның соңынан Пышпыл. Мошқал қайырылған жоқ. Әлгі сөзді естігенестімегені белгісіз. Тар көшедегі жан-жағын жас ағаштар жапырағы көмкерген қара қапасқа біртіндеп сіңіп барады. Жеңі шолақ жаздық көйлегі еміс-еміс ағараңдайды. – Қонаққа сол үшін шақырып па едіңіз? – деп дауыстады Пышпыл оның соңынан тағы да. Мошқал бұл жолы да жауап берген жоқ. Тұла бойьш ашу-ыза кернеген Пышпыл дел-сал күйде үйіне қарай аяңдады. Келген бетте қорадағы темір кереуетке құлай кетті. Жазғы түн рақат қой. Таза ауада бойы ширап, сергіп қалыпты. Мінеки, ұйқыдан оянған Пышпыл аспандағы сөнген соңғы жұлдызды көзімен ұзатты да, жақын маңдағы сарқырай ағып жатқан өзенге барып шомылып қайту үшін асықпай орнынан түрегелді...
ТАПСЫРМА Т аңертеңгілікте аудандық газет редакциясында, әдеттегідей, жоспар талқылауға жинала қалғанбыз. Бұрыш жақта бүрісіп отырған шынашақтай арық қара жігіт аузы кышып: – Осы аудан орталығындағы екі асхананың да тамағы сапасыз әзірленеді деп қақсап жүр ғой жұрт, – деп еді, газет редакторы Шыдық сөйлеп тұрған сөзін кілт доғарды да, маған суық жүзбен сазара қарап: – Оны білеміз. Ал, жолдас, сіз бұған не айтасыз? – «сіз» деп мені мұқата сөйледі. Сынықтан сылтау іздеуге жаны құмар Шыдықтың сырын жақсы білетін мен үндегенім жоқ. – Әй, неге безірейесің? Кәне, тұр орныңнан! – деді зіркілдеп. Түсі ызғарлы. Сығыр көздерінің айналасы жиырылып, қос танауы қусырылып, желкесі күдірейе түскен. Жігіттер демдерін ішінен ала Шыдыққа қарайды. Аяқ астынан лау етіп тұтанып кеткелі тұрған тентек оттың шарпуы тиіп кетпесе екен дей ме, қалай? Тек зор денелі, жалпақ бетті Нияз ғана түтіге төмен қараған күйі сабыр сақтап, былқ етер емес. Шыдықтың кәріне іліккен мен байғұс қинала орнымнан тұрдым. – Сенің аудан орталығында үйің бар ма? – деді маған шүйліге қараған Шыдық. – Бар. – Ә, бәрекелде. Дұрыс айтасың. Менің де үйім бар. Демек, біздің бәріміздің де үйіміз бар. Бәріміз де тамақты үйден ішеміз (логиканың күштілігін қойсаңызшы). Салқын үй, салулы төсек, жаюлы дастарқан бәрімізде де. Ал, осы ауданға шеттен келетін халық ше? Ол сорлылардың күні не болғаны сонда? – Оны асханалардың қожасы білер, – дедім. – Қысқарт! – деп столды періп жіберді Шыдық. – Қыршаңқысын қарашы-ай? Тілі бір құлаш өзінің. Сені тек уәж айттырып қойса, ә?
– Жігіттер тым-тырыс. Нияз Шыдыққа алара қарап қойды. Шыдық мені түтіп барады. – Неге үндемейсін-ай, шәлтік? – дейді аузынан түкірігі шашырап. – Кәне, жауап бер! Асханалардың қожасы деймісің? О, мәнжубас! Қожаларда шаруаң қанша, а? Біз газетпіз бе? Газетпіз. Сен газеттің қызметкерісің бе, қызметкерісің! Асхана, шайхана, сырахана, баска да «ханалардың» баршасының жұмысы сен басқаратын бөлімге қарай ма? Қарайды! Ендеше, неге аспанға қарап аузыңды ашып жүресің? Кәне, жауап бер! (Логиканың күштілігін қойсаңызшы, мен жерге кіріп барамын). – Аспанға қарағаным жоқ. – Е... е... е... ей, ынжық неме! Сені күні-түні аспанға қарап жүр деген кім бар? Сөздің салты да әшейін. Сен өзің адам құсап жұмыс істегің келе ме, жоқ па? Соны айтшы! – Келеді. – Міне, онда сөз басқа. Қазірден бастап бөлімнің жұмысын жолға қой. Түзе. Жандандыр. Әйтпесе, құдайдың сүйген құлы болсаң да, арқаңнан қаға алмаспыз. Солай ма, Нәке? –деп Ниязға қарап еді, ол сәл тыжырынып: – Балкен түсінді ғой. Біз де түсіндік. Енді негізгі мәселеге көшейікші. Уақыт текке өліп барады, – деді жаратпаған сыңаймен. Сол-ақ екен, бет-аузы нарттай қызарып сала берген Шыдық: – Ойбай, Нәке-ау, сіз қалайсыз өзі, – деп орынбасарына жармаса кетсін. – Сіз де осы мекемеге басшы емессіз бе? Күні ертең жейтін таяқ алдымен сіз екеумізге тимей ме? Әлде, тұзаққа мені түсіріп, өзіңіз құтылып кетпексіз бе? Жо-жоқ, құтыла алмайсыз. Мен жападанжалғыз күймеймін. Асхана жұмысының нашарлығы жалғыз мен емес, сізге де сын. Соны біліп қойыңыз. Асхана халыққа қажет нәрсе. Яғни, асханасыз өмір жоқ. Өзіңіз басқа бір жаққа командировкаға барсаңыз қайтер едіңіз? Асхана іздейсіз бе? Іздейсіз. Әлде, аш жүресіз бе? Жүре алмайсыз. Ендеше, аудандағы екі асхананың жұмысын ақсатып қоюға кімнің правосы бар? Өз басым мұндайға ешбір көне алмаймын.
– Дұрыс қой, талас жоқ, – деді Нияз да Шыдықтың ыңғайына қарай жығылып. – Негізгі мәселеге көшейікші. Уақыт... – Онда сөз басқа, уақыт бәрімізге де қымбат. Негізгі мәселеге көшсек көшейік, – деді Шыдық та кілт жадырап. – Көшейік! Сағат бірден ауды. Жиын әлі біткен жоқ. Жұрт тықырши бастаған. – Түсінікті ғой? – деді бір кезде тік тұрған Шыдық орнына отыра бере. – Айтқандарыма түсіндіңдер ме? – Түсінікті! – деп шу ете түстік. – Түсінікті болса, жақсы,— деді. – Сен де ұқтың ғой, ә? – деді маған арнайы ескерту жасап. – Ұқтым, тақсыр, – дей салдым. – Ұқсаң жақсы, шырағым. Біздің міндет – жазу. Маған салсаң қазірден бастап кірісші соған. Дәл осы қазір тура сол асханаларға қарай тартшы. Бар. Тамағын өз аузыңмен же, іш. Өз көзіңмен көр. Халықтың көңіл-күйін зертте. Сөйлес. Пікірін біл. Онан соң әкесін танытып тұрып жаз бір фельетонды. Ие, сөйтпей несі бар? Ұқтың ба? – Ұқтым, тақсыр. Осы тұста Шыдықтың түр-түсі тағы да кілт өзгеріп, маған сүзіле қарай қалды да, бірақ, бұлқан-талқан болмастан, жаймен ғана: – Әй, шырағым, тақсыр деген сөзіңді қойшы осы, – деді аузын бұртита, жалынышты түрмен. – Тақсыр деп ишан, молдаларды айтпаушы ма еді баяғыда? Қазір уақыт басқа. Сөз дегенді біліп сөйлеу керек. Ендігәрі олай деме, шырағым, жарай ма? – Құп, тақсыр! Бірақ, обалы не, Шыдық көңіліне кек сақтамайтын, арсың-гүрсің адам. Айтарын ойланбай айтады да, жүре береді. – Ендігі мәселелерді түстен кейін бас қосып ақылдасармыз, – деді түстікке тарай бастаған жұртқа өте бір инабатпен тіл қатып. – Әзірше сау тұрыңдар! Басқалар үйді-үйіне кетті. Мен аяқ басқым келмесе де асханаға қарай бет алдым. Қайтерсіз, тапсырманың аты тапсырма. Ол орындалуы керек қой.
ЖАЛҒЫЗ КӨЗДІ БАЛЫҚ Д ілгерлік дегенді қойсаңшы. Біреуге күнің түспесін. «Кісідегінің кілті аспанда» деп тегін айтылған ба? Сол айтқандай, мен де көптен бері нағашымның бас құдасының келіні ақ құйрықты, қызыл қанатты, жалғыз көзді балық сорпасына жерік боп, соны жер жаһаннан таба алмай жүрген жоқпын ба? Түп нағашым күнде сарнайды: «Беделді жиенсің. Қойма ұстайсың. Саған да екінің бірінін ісі түседі. Пайдаға асыр сол беделіңді» деп. «Ақ құйрықты, қызыл қанатты, жалғыз көзді балықты бір тапсаң – сен табасың. Өзіміз ондай бәлеңді түсімізде де көрген емеспіз. Лайым, көрмей-ақ қоялық. Көрсек жүрегіміз жарылып өлерміз. Бірақ, анау қу құданың келіні көніп отыр ма? Жұмыр жердің бетінде ондай құбыжықтың (жалғыз көзді балықты айтады) бар екенін қайдан ғана біледі десейші. Менің естуімше, ондай бәле сонау Шеңгелді орманындағы көлшікте ғана бар екен-мыс. Көлшіктің қожасы – орман шаруашылығының бастығы дейді. Бастық бастықты тануы тиіс. Сен танушы ма едің оны?» «Жоқ, нағашы, танымаймын». «Ойпырмай, ә? Қандай бастықсың? Енді қайттік? Мен үшін енді сол бастықпен сен өзің барып таныс. Басқа лаж жоқ. Қайтсең де сол балықтың бір данасын қолға түсірші! Құда жолы ауыр әлі». – Жарайды, – дедім байғызша сұңқылдауын қоймаған нағашыма. – Жер бетінде бар болса, жалғыз көзді балықты қайтсем де табамын. Бас құдаңыздың үйіндегі келін жалғыз көзді балық сорпасын ішкен соң міндетті түрде торсық шеке ұл табатын болса, жерден қазсам да бірдеңе етейін. – Иә, сөйте көр, жиенжан, – деп сығырайған көзін қысып қойды жетпіс жастағы нағашым. – Қоймаңда не жоқ?! Орман бастығының да тамағы бітеу емес шығар. Торғай еті ме, бөдене еті ме, көкектің жұмыртқасы дейсің бе, – тұрған жоқ па бәрі қолыңда!
– Жақсы, нағашы. Жүре беріңіз. Нағашым шығып кетті. Креслода шалқайып отырған күйі мен қалдым сызданып. «Тә...ә...әк» деймін өз-өзіме. «Не істесем екен? Нағашыма қайтсем де болысуым керек. Әлгіде нағашым айтқан кей сөздердің жаны бар екені рас. Ендеше, әрекет етпей несі бар? Орман бастығының көлшігінде жалғыз көзді балық болса, біздің қоймада да күндіз шам алып іздесең таппайтын керемет заттар мол емес пе? Мәселен, әлгіде нағашым айтқандай, неше алуан құстың қауырсыны, шымшық, торғай жұмыртқасы, мұхиттардың терең түбінен ұсталған қысқыш бақа, шаян, теңіз тасбақасы... дегендей. Айтпақшы, төңірегіміздегі кәсіпорындардан тігіліп шығып, қолдан-қолға тимейтін сырт киім, костюм-шалбар, плащ, пальтоларды айтам да баяғы, аяқ киімдер ше? Оларды да кез келгенге берем бе? Орман бастығы мықты болса, менсіз тауып көрсінші! Ал кірістім. Қазір телефон соғамын. Нағашым үшін! Әлгі бір жалғыз көзді балық сорпасын ішпесе бала таппай қалуы мүмкін құдаша-келін үшін...» – Алло! – дедім екі жүз шақырым алыстағы орман бастығына. – Алло! – деп жауап берді ол жақтан да біреу. – Алло! – деп шаңқ еттім. – Иә, мен! Орман бастығы тыңдап тұр! Айттым бәрін. Ол да айтты: орман бары, орманда көлшік бары, көлшікте жалғыз көзді балық өсетіні – бәрі рас екен. – Әрине, – деді орман бастығы бірден ымыраға келіп. – Сіздей адамның сөзін жерге қалай тастайық. Ол мүмкін емес. Бірақ... – Айта беріңіз. – Жалғыз көзді балық бізде санаулы-ақ. Бар-жоғы жеті-сегіз. Басқа жоқ. Соның біреуін сізге береміз-дағы, енді қайтерміз. Бірақ, біз сізге балықты жалпы жиналыстың қаулысын шығарып босатамыз. Сол есінізде болсын. Әйтпесе, бас кетеді дегендей... Бас екеу де, үшеу де емес дегендей. Әрине, егер де айып етпесеңіз... – Айып етпейміз! – Айтпақшы, есіміңіз кім?
– Шыдық дедім ғой. Фамилиям – Одаманов! – Дұрыс, дұрыс, Шықа! Онда бізден де бір тілек бар дегендей... Темірді қызған кезде соқ дегендей... Егер де рахым етсеңіз... – Айтып жіберіңіз. – Қоймаңыздан төрт-бес қорап кептірілген сорпа табыла ма? Көзден бал-бұл ұшты ол жарықтық. – Естімеген елде көп. Ол не тағы да? – Е, ол ма, құрамында ет, май, картоп, бұршақ, ұн, жарма, тары, макарон, қара бұрыш, тұзы бар, қағазға оралған қатырма сорпаны айтамын да. – Е, ондайың табылат да... – Сонан соң деймін-ау, – десін ол тағы да дауысын әндете созып. – Қоймаңда өз фабрикамызда тігілген аяқ киімдер бар ма? Әрине, жоқ емес шығар. Студент балаларымыз үнемі соларды тауып бер деп қинайды. Қайдан табамыз дегенге көнбейді. Кімге жалынамыз дегенге түсінбейді. Шетелдік аяқ киімдерге мұрнын шүйіреді. – Табамыз! – дедім сеніммен. – О, біздің өзіміз тігетін аяқ киімдер қандай әсем, көрікті, әрі мықты. Сатып алған соң екі күннен кейін ұлтаны опырылып жатса қайтер едің? – Ой, рақмет, Шыдық Одаманович! – Гадаманович деңіз! Одаманов – фамилиям! – Кешіріңіз. – Оқасы жоқ. Таңертең жұмысқа келдім. Сағат ондардан аса бере кабинетке екі көзі тұздай, сылыңғыр, арық қара жігіт баса көктеп кіріп келсін. Менімен терезесі тең адамдай еркін сөйлеседі. Отыр демесем де, төрге өңмендей озып, жұмсақ креслоға былк ете отыра кетсін. – Тапсырмаңыз орындалды, – деді бетіме жапақ-жапақ қарап. – Жалғыз көзді балық есіңізде болар. Кеше кешкілік жиналыс жасадық. Мен бірінші болып сөйледім. Сізге бір балық босатуға қаулы алынды. Айтпақшы, мені таныдыңыз ба? – Шынын айтсам... былай... – Е, қайсыбір жылы көк базарда ешкі етінің кезегінде бірге тұрмадық па? Көп ұзамай мен орманға қызметке ауыстым. Қазір сонда бұтақ кесушімін... Айтқандай, жалғыз көзді балық бүкіл жер жүзінде бір-ақ жерде, тек
біздің ормандағы көлшікте ғана өседі. Мен бірінші болып дауыс бердім сіз үшін! – Рақмет! – Ағай, енді келу себебімді айтайын. – О, әрине! Айт! – Ағай, қойманыздан екі қадақ көк шай табыла ма? – Байқап көрейік... Бәлкім, табылып та қалар. Сіз үшін онда да. Ол кетісімен қасқа бас, орта бойлы біреу келсін. Ол да орман шаруашылығы жұмысшысы көрінеді. Жалпы жиналыста екінші ме, үшінші ме болып сөйлеп, менін пайдама қол көтеріпті. Сөйтіп менің негізгі шаруамды шамасы, негізінен, соның өзі ғана тындырса керек. Сондықтан менен де бірер өтініші бары заңды. Тігін машинасының инесі керек екен. (Әйелі тігінші болар-ау деп ойладым). Әрине, сұрағанын бергіздім. Алды. Кетті... Түстен кейін алыстағы орманнан әдейі ат сабылтып келген сақал-мұрты қауғадай жас жігіт те менің шаруамды бір өзі тындырған бейтаныс жанашырдың бірі болып шықты. Азын-аулақ өтінішін ол да жасырған жоқ. Қанша ішім ашыса да, қойманың қараңғы түкпірінде тығулы жатқан тіс пастасының екі қорабын оған да бергіздім (Бар тілегі сол болса, мен қайтейін). – Мен өте үнемшіл жанмын, – деді ол есіктен шығып бара жатып. – Бұл екі қорап маған екі жылға жетеді. Ендігәрі мазаңызды көп ала қоймаспын... Обалы кәне, бұдан соң орман жақтан ешкім келе қойған жоқ. Бірақ түстен кейін телефоннан: – Бұл менмін! – деді біреу қылғына: – Паманша Пышпыловичтің орынбасарымын! – Е, кешіріңіз, – дедім сәл ыңғайсызданып қалып. – Ендігі айтарым, әлгі бір шаруа есіңізде болар? Жалғыз көзді балық... сол мәселе сіздің пайдаңызға шешілді... Соны хабарлай салайын деп едім. Басқа жұмысым жоқ, сау-сәлемет болыңыз! Ол соны айтты да, трубканы тез іліп қойды. Мен қара басып, «өзіңізге ештеңе керек емес пе?» деп сұрап үлгере алмай қалыппын. Жұмыс біткен соң үйге қайттым. Дәл жатар алдында телефон ұзақ шырылдады..
– Қышқыл дей ме, монша дей ме, сондай біреу алыстан шақырып тұр сені, – деді трубканы алған әйелім маған жақтырмай қарап. – Алло!... – Алло! Сәлеметсіз бе? Бұл мен! Орманнан! Паманша Пышпылович!.. Сүйінші... – Не үшін? – Болды. Тынды. Қаулы шықты. Қол қойылды. Келіңіз де алып кетіңіз. Жалғыз көзді бір балықты қанжығаңызға байлайтын болдық! – Ра...а...қ...ме...е...т! Жасадыңыз! Тағы не айтасыз? – Ештеңе айтпаймын, Шыдық Гадаманович! Қош болыңыз! Паманша да, орынбасары да әдепті екен деген ой келді маған олар туралы. Екеуі де тек сүйінші сұрады да қойды. Бұл жолы ештеңе сұраған жоқ. Ау, бұл дегенің керемет емес пе? Дардай шаруаңды тындырған адам саған да қолма-қол өз шаруасын баса-көктеп айтып жіберсе қайтер едің? Онда қып-қызыл алыс-беріс болып кетпес пе еді бұл өмір? Сондықтан, Пышпылға көп рақмет. Орынбасары да бір тәуір адам сияқты... Ең соңында не болды дейсіз бе? Жастыққа басым тиісімен кетпен шауып келгендей қор ете түсіппін. Жалғыз көзді балық мәселесі ойдағыдай шешілген соң, не жасыратыны бар, таңертең ұйқым қанып, өте тынығып тұрыппын төсектен. Бірақ, жұмысқа жаяу кеттім...
ЕШКІМ БІЛМЕЙТІН АЙЛА Б ылғары өнімдерін шығаратын кәсіпорын жанындағы кәсіподақ ұйымының мүшесі Паманша Бозданов осы күндерде мына өмірде кездейсоқ кездесіп қала беретін кей құбылыстарға онша түсінінкіремей жүр. Мәселенки, екі жылдан бері осы мекемеде тері илеуші болып жұмыс істейтін Қилау мен Шилаудың баз бір қылықтары жайлы әрі ойлайды, бері ойлайды, миы жетпейді. «Титімдей нәрсеге ақылым жетпеген соң, осында қызмет еткен отыз жыл ғұмырдың босқа өткені ме», деп те қынжылады кей сәт. Тығыршықтай орта бойлы, бітік көз Паманша кабинетінде жападан-жалғыз түнеріп отыр. Қоңырқай жүзі сұрланып, танауы қусырылып, берекесі қаша түскен. Жалпиған жалтыр басын қайта-қайта сипалайды. Жүрегі дүрс-дүрс соғады. Тұла бойы дірілдеп, қос тізесі селкілдей ме, немене? «Бұлар шектен шығып барады, – деп ойлады Қилау мен Шилау жайында. – Бұлар шындауға айналды. Басқасы басқа, әлгіде кабинетке ентелей кірген Қилаудың «ертеңгі сембілікке біз келмейміз. Сен бізді катысты деп есепте» деп сес көрсетуіне жол болсын! «Жегенінді желкеңнен шығарамыз» дегені не? Нені жеп қойыппын сонша? Оу, бұлар ең болмаса, менің жасымды сыйласа қайтеді? Әлде, қолтықтарына су бүркіп, желіктіріп жүрген біреу бар ма? Бұл немелерге қатты келген жерім қайсы? «Қарағым, шырағымнан» өзге сөзім болды ма? Жақсылығымды аяған жерім тағы жоқ. Жұмысқа кешігіп келгендерін талай рет көрсем де көрмей қоя салғам. Сонда не жаздым? Цех бастығына пәтер бергенді айтады. Пәтерді жалғыз мен беріппін бе? Мен тек қостадым. Оның үстіне, цех бастығының пәтерін кеңейтуге қақысы да бар емес пе? Бәрі заңды. Жо-жоқ, Қилауың да, Шилауың да сандалмасын. Қорқар жайым жоқ...»
Әлдене есіне түсе кеткен Паманша өз-өзінен мырс етіп күліп жібергені. Бірде қонақта отырғанда әзіл-шынын араластырып бір жолдастың былай дегені бар-тын: «Біздің пияз тұқымын зерттейтін мекемеде шалбары бұтына жабысқан ши аяқ біреу жұмыс істейді. Атын атамай-ақ қояйын, бәрібір танымайсыңдар. Ешкімді көзге ілмейтін айбатты бастығымыз тек содан ғана тайсақтайды. Өйтпей қайтсін, ши аяқ оның кабинетіне тістерін шықырлата баса-көктеп кіреді де: «Мені өзіңе орынбасар сайла!» деп талап қояды. Және бастыққа әр кіргенінде жай кірмей, түрлі қағаздарды, газет-журналдарды будыратып ала кіреді. Екі езуінен түкірігі шашырап, көздері шатынап: «Мына қағаздарда сен туралы жазылған. Аяғыңды аңдап бас. Әйтпесе, қалпақтай ұшасың!» –дейді. Қанша жүрек жұтқан болса да, осындайда қопаңдамайтын бастықты тауып көр! Сол ши аяқтан бүгінде түгел қорқамыз». Бәлкім, ол жолдас ойынан шығарып, немесе жұртты күлдіру үшін айтқан шығар. Ал, Қилау ше? Ол да осы әлгіде ғана келіп «бізбен ойнама, екі аяғыңды көктен келтіреміз» демеді ме. «Не үшін?» «Оны кезінде көресің?» «Әй, шырақ, бұл не сөз? Жөндеп айтсаңшы айтарың болса!» «Көкіме, шал! Шыдай тұр!». Бұрын-соңды ұсақ-түйекке былқ етпейтін Паманша осы жолы жүйкесі тозып, сансырап қалды. Жәй әзілге ұқсамайды бұлары. Күні кеше Шилау келіп: «Ыстық көлге жолдаманы маған бер! Әйтпесе...» десе, Қилау: «Сенің үстіңнен жазылған арыз бар» демеді ме? «Арыз? Кім жазыпты оны?» – деген Паманша. «Кім жазғаны құпия. Айтылмайды!» «Онда маған бер, кім жазса да оқиык, жариялылық кезеңде жасырын сыр деген не?». «Болмайды, шалым». – Кәрі шөңге көнер емес, – деп бөлмеге ызбарлана кірген сол күні Шилау да. – Арызды бер, окимын дейді! – Атама! – деп ыршып түсті Қилау. – Атама! Берсек, – құрыдық. Оқимын деп жыртып тастаса, бір жарым ай уақыт бойы көз майымды тауысып, сарылып жазған алпыс бет еңбегім...
– Мен бір амал ойладым, – деді Шилау орнына жайғасқан соң, Қилауға қарай қастарын қағып қойып. – Ешкім білмейтін амал. Айтайын ба? – Айт! – Мен сенің арызыңды өз қолыммең түгел қайта көшіріп шығайын, ал, Паманша оқимын десе бере салайық! Жарай ма? Оқысын! Жыртса жыртсын. Түпнұсқа қолда! – Әй, мынауың табылған ақыл! Жарайсың! – деп столды періп қалды Қилау. – Жарайсың! Басың бас емес, алтын қапшық қой. – Немене? – Көшіру өзіңе қиын соғып жүрмесе... – Түк емес! Көшіру деген не, тәйірі? Ең бастысы, арыз бар ма, – бар! Басқасынан қам жеме!... – Аздап аңқылдақ болғаныңмен, әжептәуір ақыл да жоқ емес, – деп қойды Қилау. – Көшір, көшір! Тек тезірек қимылда! Мұндай айла үш ұйықтасам түсіме кірер ме? Мақтау майдай жаққан Шилау Қилаудың Паманшаның үстінен жазған сала құлаш арызын зор құлшыныспен көшіріп жатыр. Қарны ашқанын да, шөліркегенін де елер емес. Жаза-жаза саусақтары талып, буын-буыны сырқырағанын да елер емес. Жазып жатыр... Жо-жоқ„ көшіріп жатыр. Әлі біткен жоқ. Бәлкім, бүгін жұмыс соңына дейін бітіп те қалар. Әйтпесе, ертең де күн бар дегендей... Не керек, түпнұсқаны Паманшаға жыртқызбай аман сақтаудың ешкім білмейтін айласы табылғанына осы сәттерде Қилау да, Шилау да риза, қуанышты! Ал, Паманша әлі бәз-баяғы күйінше, кабинетінде ой түбіне жете алмай, еш жұмысқа қолы бармай, тұнжырап отыр. «Бұл өмірде шынымен-ақ түсінбейтін нәрсе көп екен-ау, ә?» – деп қояды өз-өзіне.
ОРТАНШЫ БАСТЫҚ – Бала, сені бастық іздеп жатыр, – деді таңертең жұмысқа келген бойда маған, бөлмедегі қызметтес ағам Ханекең. Сағатыма қарадым. Тоғыздан бес минут өтіпті. Демек, енді кешіккенім үшін сазайымды тартармын, сірә. Ал мына Ханекеңе рақмет. Ол кешіккен жоқ. Көңіл-күйі орнында. Екі көзі газетте. Нақ бір газет қашып кететіндей, оны екі жағынан екі қолымен қатып ұстап алыпты. Бірақ оқып отыр ма, оқымай отыр ма, – белгісіз. Жөткірініп, ыңыранып қояды әйтеуір. – Тез барғын, – дейді кездерін газеттен алмаған қалпында. – Шақырған қайсысы, Ханеке? – деймін бет орамалмен танауымды ысқылай. – Кім болушы еді, Төбел! Бізде бастық көп. Жанамаларын айтпағанда, тікелей бастығымыздың өзі төртеу-бесеу. Төбел – орташа бастықтардың бірі. Олай дейтін себебіміз, төбесінде алақандай ойығы бар. Онша кәрі емес, орта жастағы кісі. Оған «төбел» деген атауды қойып жүрген – Ханекең. Жасы алпысқа таянған Ханекең сырықтай арық, тақыр бас. Жұртқа мін таққыш-ақ. Мені «ши аяқ» дейді. Жасының менен екі мүшел үлкендігіне қарамай құрдасынша әзілдескен соң, мен де есемді жібермей, әркімді тікен сөзбен шаншып отыратыны үшін «зеңбірек» деп ат қойғанмын. – Әй, ши аяқ, барсаңшы тез! – деді ол мүлде шыдамсызданып. – Байқауымша, қақпанға түсіп тұрсың, бала. Қай жерден мүлт кеткеніңді бара көрерсің. Әйтеуір, төбелдің сүсы қатты. Сол есіңде болсын! Өзімнің де жүрегім суылдап тұр. Ортаншы бастық мендейлерді көп шақырмаушы еді. Не болды екен? Жасқана, имене кабинетіне кірдім. Төрде Төбел отыр. Басы төменде. Көзілдірігі мұрнының үстінде. Маған қараған жоқ.
– Кел, – деді қарамаса да. – Отыр! Қарсы алдына барып, орындыққа жайғастым. Көзім төменде. – Сенен көп үміт күтуші едік, – деді ол бірден негізгі шаруаға көшіп. – Жас деп, талабы бар деп қызметке алып едік. Ізденеді, үйренеді деп едік. Жасы үлкендермен санасар, ақыл сұрар деп едік... Менде үрей жоқ. Шұбырған «деп едіктер» еңсемді езіп, жерге кіргізіп барады. – Ал сен болсаң, – дейді ортаншы бастық бетіме мысқылдай қарап. – Соның бәрін бағаламай жүрсің. Рас па? Ортаншы бастық жай сөйлейді. Ешқашан дауыс көтермейді. Өстіп отырып-ақ қылғи салатынның өзі. – Айт, кәне! – деді ол менен көз алмай. – Рас па? – Қайдам, – дедім күмілжіп. – Қайдам-сайдамды қой. Терсеков кім? – Міне, гәп қайда? Жуырда Терсековтың шығармасы бойынша музыкалық хабар жасап, күшімді бір сынағанмын. Хабар әзірлеу үстінде Терсековты бір-екі рет көргенім рас. Бірақ оған ешбір жақындығым жоқ. Демек, арым таза. Сондықтан ортаншы бастықтың әлгі сұрағына тайсалмай-ақ: – Терсеков белгілі қаламгер. Бірақ менін ешкімім емес, – деп қойып жіберейін. – Сен не тантып кеттің? – деді ортаншы бастық маған зілдене қарап. – Терсеков кім демедім бе мен? Ал қаламгер екен, белгілі екен. Онда мен неге білмеймін оны? – Міне, қызық. Басқалар басқа, баршаға аты мәлім Терсековты білмеу енді... бұл енді мүлде... Әлде «білмесеңіз – оқыңыз» десем бе екен? Жоқ! Онда іс насырға шабады. Дұрысы – үндемеу. Иә, иә! Үндемеу! – Сен немене, аузыңа талқан асап алып па едің? – болды Төбелдің ендігі айтқаны. – Жарайды, – деді онан соң. – Терсековты білмесек те, біз бәрібір бірдеңе білеміз, бала. Сөйтіп, Терсеков белгілі адам дегін. Болсын, болсын. Қарсылық жоқ. Сен оның шығармасына режиссер болдым де. Солай ма? – Солай, – деймін (аздап ішім жыли бастап).
– Театрдан артистер шақырдың? – Шақырдық. – Басты рольді орындаушы артист неге ұшқалақ? Неге кібіртіктей береді? Сөзді дұрыс айта алмайды. Қақалып-шашала береді. Жөтеле береді. Жаңылыса береді. Күлгені жасанды. «Өлгені» жасанды. Жылағаны ерсі. Қалған артистер де солай. Тәуірлерін шақырмадың ба? Бас кейіпкеріңнің бір жерде: «сен өзің туралы жоғары пікірдесің» деп сөйлегені қазақша емес. Әлде қазақша ма? Обалы не, ортаншы бастықтың бұл айтып отырғандары шындыққа жақындау. Бұдан бір ай бұрын көрсетілген телевизорлық хабарда көп кемшілік жіберілгені рас. Ол жөнінде кезінде маған ескерту айтылған. Терсеков те ойын білдірген. Мен алдағы кезде түзелуге, талантты болуға уәде бергенмін. Сол уәдені орындауға қазір күш-жігерімді аянбай жұмсап та жүрмін. Бірақ ортаншы бастық өткен жайды неге бүгін қозғайды? Түсінсем бұйырмасын. Кенет ол менің есімім мен фамилиямды атап-атап сұрады. Екеуін де айтып бердім. (Мені бұрын білмейтін адамша, мұнысы несі-ай?). – Дұ...р...ы...сс, – деді ол сонан соң ғана столынын тартпасынан екі бүктелген әлдебір қағаздарды шығара беріп. – Арыз деген не? Білесің бе? – деді сәл жымиып. – Білмеймін. – Жазғанды білесің де, не екенін білмейсің бе? Мынаусы енді нағыз басынғандық. Арызы несі тағы. Жазғанды білесіңі несі? – Түсінбедім, – дедім өзімді зорға ұстап. – Міне, – деді ол әлгіде тартпасынан шығарған төртбес беттік, екі бүктеулі қағазды мегзеп. – Мынау арыз. Жазған сен. Өзің жасаған «Әнші ауыл» деген музыкалық хабарды өзің аямай сынағаныңа жол болсын? Мақсатың не? Бізді кіналау ма, әлде өзіңді ме? Ой, то-ба-ай! Мұндай да болады екен-ау?! – Ой, ағай, сіз өзі... – Сабыр, сабыр, – деді ол. – Аптықпа! Мә, әуелі оқы! Таныс!..
Мен машинкаға басылған төрт-бес беттік арызды лезде оқып шықтым. Өзім жасаған «Әнші ауыл» атты музыкалы хабар аяусыз сыналыпты. Сол арқылы мекеме сыналған. Арыз соңында менің аты-жөнім, үйімнің адресі жазылған. Демек, мен... – Сын әділ ме? – Әділ сияқты, бірақ, жазған мен емеспін... – Онда кім? Бұл сұраққа не дермін? Жер шұқылап, желкемді қасыдым. – Кеше хабарыңды қайталап көрдік, – деді ортаншы бастық. – Хабар соңында сенің фамилияң жоқ. Неге олай? – Уақыт жетпеген соң қиып тастап едік, – дедім күмілжіп. – Онда тұрған не бар? – Онда тұрған нәрсе көп, – деді төбел бастық. – Біздің ойымызша, сен болып арыз жазған адам дәл сол жерден ғана мүлт кеткен сияқты... – Обалы өзіне! – Бағың бар екен, – деді ортаншы бастық арызды тартпасына қайта салып жатып. – Бағың бар екен, – деді әлгі сөзін тағы да қайталап. – Егер де... жарайды, бара бер! Кабинеттен қалайша шыққанымды білмеймін. Жұмыс орныма қалайша келгенімді білмеймін. Ештеңе білмеймін... Мен болып арыз жазған адамның кім екенін де білмеймін күні бүгінге дейін. Шынында да, ол кім екен, а?
ШОҢБАЙДЫҢ ШОФЕРІ К өктем шығып, қар ери бастасымен «Шилісай» фермасындағы дүкен қарауылы Бармақ үйінің айналасын тазартып, қора-қопсыларды тәртіпке келтіріп, бөлмелерді ағартатын әк, есік-терезелерді сырлайтын бояу іздеп, әбігерге түссін. «Бітер істің ертесі жақсы» деп қояды күн сайын әйеліне. Бұрын-соңды үй шаруасына қыры аз, марғау қимылдайтын күйеуінің бұл қылығына әйелі де онша таңданбайды. Екеуінің де көз алдарына сол бір диірменнен бітеу түсердей қара домалақ жігіттің бейнесі елестей береді. Оның жүріс-тұрысын, ептілігін, өткірлігін жыр қылып айтады оңашада бір-біріне. Қара домалақ жігіттің есімі – Тырнақ. Қаршадайынан көз алдарында өскен, бұрыннан аралас-құраласы бар Тырнақ бүгіндерде совхоз орталығында тұрады. Бастықтың машинасын жүргізеді. Бұл ауылға жиі келеді. Күні кеше Бармақ Тырнақты кездестіріп: – Мені ертең ертемен, ел ұйқыда жатқанда келіп, совхоз орталығына жеткізіп тасташы, –деп қолқа салған. – Дәрігерге көрінсем бе деп едім. Мұны айтқандағы Бармақтың бір ойы, Тырнақты тағы да бір қыбын білдірмей отырып, сынап байқау еді. Өзін шын сыйлай ма, жоқ па? Ертең сағын сындырып, жерге қаратпай ма? Оның үстіне, жұрт айтқандай, бүгін бастықтың машинасын айдайтын шофер болса, ертең өзі де сол бастықтардың арқасында бастық бола алатын түрі бар ма, жоқ па – ебі келсе соны да зерттей түсу. Бармақтың белінің құяңы бар екенін Тырлақ бұрыннан жақсы білетін. Сондықтан, кеше Бармақ көшенің қақ ортасында тоқтатып қолқа салғанда: – Мақұл, ағасы, таңертең дайын тұрыңыз. Келемін де апарып тастаймын, – деген. – Жеке меншік машинамен келемісің, әлде... – деп қалай тықақтай түскенін өзі де аңғармай қалды Бармақ. – Сақтық керек демекші...
Айтарын айтса да, қатты ойланып қалды. Тырнақтың шамына тиіп алмадым ба деп зәресі ұшты. Оны сезбейтін Тырнақ па? Болашақ қайын атасының айласын әріден түсінген болашақ күйеу бала: – Ол жағынан қам жемеңіз, – деген қораздана жымиып. – Дайын отырыңыз. Қелемін! «Бәсе» деді ішінен Бармақ. «Осал емес, осал емес, бұл бала! Мықты бала. Өз-өзіне сенімі кәміл. «Бастығым бар» деп жалтақтауды білмейді. Оның үстіне, әскерден келгені күні кеше. Үй-жайы анау. Жеке меншік машинаға да ие. Қүнделік мінетіні – бастықтың машинасы. Жұрт босқа сөйлер ме? Иә, осал емес!» Жұрт демекші, бұл жұрт дегенің Тырнақтың дүние тапқыштығы мен бастығына жұғымдылығын сөз етсе, соңғы кездерде жақтары сембей айтатыны – Қарлыға екеуінің тіл тапқаны. «Екеуі бір-бірінсіз тұра алмайды. Жақында үйленеді-мыс» деп гу-гулейді. Қарлыға – Бармақтың ортаншы қызы. Клубта істейді. Пысықтығы Тырнақтан әрі өтпесе, бері емес. «Тырнақтың машинасының ішінде отырғанын талай көрдік» деседі жұрт. Әйтпесе сонау отыз шақырым жердегі совхоз орталығынан Тырнақтың бұл ауылға күнде келіп несі бар? Бірақ, оның Бармақтың алдына қашан құрақ ұшып, қол қусырып келері мәлімсіз. Қыз да әке-шешесіне ештеңе демейді. Сондықтан азын-аулақ пысықтығы мен оданбұдан көргені бар Бармақтың да өзінше жасамақ болған әрекетінің бірі еді бүгінгісі. «Шіркіндердің үйленер ойлары болса, тезірек қимылдамас па? Мұнысы несі, түге!?» – деп қылпылдайды ойы әр саққа жүгіріп. «Тырнақтың келуі қашпас» деп те өзін жұбатады Бармақ. «Асығу – сайтан ісі. Әйтеуір, түбі қайырлы болса бопты да. Болашақ куйеу бала Тырнақ емес, басқа біреу болса, бүйтіп шырылдармын ба? Қызымды өткізе алмай отыр ма екенмін сонша? Тырнақ баланың жөні басқа! Ох, заман-ай! Осыны жұрты түсінер ме? Оһ!..» Кеше Тырнақ келуге уәде беріп кеткен соң, Бармақ өз үйінде шалқасынан жатып, тағы да ойға түскен. «Сол неме бастығының машинасымен желпілдемей, мені өз машинасымен келіп-ақ алып кетсе неғылар еді. Шүкір, көліксіз емес, – бар. Тырнақ бастықтың машинасын
мінсе – оның жұмысы. Қарлығажан мінсе, оның да реті солай дейік. Бастықтың машинасында шалқайып отыру менің не теңім? Тырнаққа сөз келіп жүрсе қайтпекпіз?» «Ой, қойшы, құр босқа көлеңкеден үркудің керегі не? – деп батылдана түсті бір шәйнек көк шайды тауысқан соң. – Шүкір, бәрі жақсы, дұрыс қой. Күйеудің қабағы ашық. Бізбен санасады. Оның үстіне, Тырнақжанды бастығы құдайдай сыйлап, төбесіне көтеріп жүрген жоқ па? Айтқандай, бастығының аты кім еді? Ә, Шоңбай екен ғой. Айтпақшы, сол Шоңбай Тырнақжанды жанынан қалдырмай, өзі мүжитін жілікті соған мүжітіп, іштегі мұңы мен сырының бәрін соған айтып, асты-үстіне түсіп, «Тырнақ, сен қалай ойлайсың? Ананы өйтсек қайтеді, мынаны бүйтсек қайтеді?» деп елпең қағатын көрінеді. Тырнақ Шоңбайдың машинасын одан рұқсат сұрамай-ақ басы ауған жаққа мініп жүре береді дейтін де сөз бар жұрт аузында. Машина керек кезде Шоңбай Тырнақтың жолына қарап, екі көзі төрт болып отырады-мыс. Әрине, Тырнақтың мұнысы енді, бәлкім, сәл артықтау да шығар-ау. Бастығын олайша басына беру деген... Бір күн болмаса бір күн... Жалпы, дұрыс емес онысы, әрине, Өйтпеу керек!». Бармақ тікелей танымағанмен, бойы бәкене, ботқаға тойған монтанақ баладай аяқтарын арпаң-тарпаң басып жүретін, доп-домалақ Шоңбайды ара-тұра көріп жүреді. Қас-қабағы түксиіп, танауы делдиген Шоңбайдың кейде сырт көзге менмен көрінетіні де бар. Бұл – алдамшы әсер. Шынымен солай болса, Тырнақты маңайлата ма? Тырнақ кім, Шоңбай кім? Бармақ мұны жақсы біледі. Сонау бір шақта қонаққа жиналған ауыл адамдарының бірінен: – Шоңбай басқаларды көзге ілмесе де, шоферіне рақымшыл. Құдай біледі, достары мен әйеліне де олайша ілтипат жасай қоймас. Тырнақтың алдында құрдай жорғалайды-ау байғұсың. Ол ол ма, біз дегенің сол Шоңбайдың ауданда күні ұзаққа созылған жиналыстың қалай өткенін Тырнаққа бастан-аяқ баяндап, айтып бергеніне де куә болғанбыз, – дегенін естігені бар-тын Бармақтың.
Сонда-ақ Шоңбайдың кісілігі мен Тырнақтың беделіне іші жылып сала берген. Басқалар да: «Бұл не деген абырой, ә?» – деп тамсанған. – Кішіпейілдік қой, – деген біреу. – Иә, кішіпейілділікке не жетсін. Осы күнде өзі ондай адамдар азайып бара ма, немене? – деген тағы біреу. – Тәйт, ол не дегенің! – Мұншама сыйластық себебі неде дегенім-дағы. – Қазғылай беріп қайтесіңдер, түге! Қойсаңдаршы, бәтшағарлар!.. – Мінеки, енді дәм жазып, айы оңынан туып... бұйырса... сол жігіттің... Тырнақ... Шоңбайдың шофе... жожоқ, аса кішіпейіл Шоңбайдың үзеңгілес серігі... енді оны үйге... Бармақтың үйіне... күйеу болып... жақын күндерде... «Я, жаратқан!» – деп жалбарынды төсекте дөңбекшіп жатқан Бармақ – Біздей пақырыңа Тырнақтай бір жәутігіңді шынымен қимайсың ба? Нең кетеді? Тілекті бере көр...» «Тәңір» Бармақтың тілегіне қалай қарайды, кім білсін...
БІТІМ І шімдігі түскірді көбірек сілтеп жіберген күні Ақсубектің бірден тас боп ұйықтап, бірақ, тым ерте оянып кететін әдеті бар-тын. Бүгін де солай болды. Оқыстан ояна кетсе, бір бөлмеде жападан-жалғыз жатыр екен. Алдымен соған қуанды. Әйтеуір, үйіне жетіп жығылыпты. Бөлме іші күңгірттеу. Таң енді-енді қылаң беріп келеді. Даладан әтештердің даусы естіледі. Жалма-жан әлденелер есіне түсіп кетті де, жүрегі суылдай жөнелсін. Көңілі қатты елегізіп, тұла бойын бір суық үрей билеп алды. Басы зілдей, жүрегі айниды. Бөлме қапырық. Тұрып терезенің желдеткішін ашты. Салқын самалдан да сеп болған жоқ. Қайта төсекке жатты. Көзі жұмылмайды. Ұйқы шіркін біржола көшіп кеткендей. «Неге ғана іштім. Ендігәрі ішпеспін деп өз-өзіме ант еткенім осыдан үш күн бұрын ғана емес пе еді? Ата-бабам арақтан өлгендей, есімнен айрылғанша іше берген өзіме де обал жоқ-ау» деп ойлады төсегінде етпеттей жатқан Ақсубек. Өзегін өртеген өкініш жанын тырмалап, жай таптырар емес. «Құдай қос қолдап ұрды деген осы» деді ол кенет бір аунап түсіп. «Бәрін де айтып бердім оған. Бәрін айттым. Ештеңе қалдырған жоқпын. Әй, осы бір ішкен кездегі ашықауыздығым-ай. Обал жоқ өзіме, обал жоқ» Ұшып тұрды да киінді. Айнаға қарап еді, өз түрінен өзі шошып кеткендей болды. «Бітті» деді опына. Дереу телефон трубкасын көтерді де, шоферінің үйіне қоныраулатты. Жауап жоқ. Әлбетте олар шырт ұйқыда. Әлі таңсәрі емес пе? Ақсубек сол бетте селоның екінші шетіндегі шоферінің үйіне жаяулатып тартып кетті... Ақсубек қызмет істейтін аудан орталығы облыстан небәрі қырық-елу шақырым жерде болатын. Кеше түстен кейін кабинетте отырды-отырды да, қалалық ауруханада көптен емделіп жатқан Әрбек есіне түсіп, ебін тауып соған барып қайтуды ойлады. Ебін табу қиын ба, хатшы қызды шақырды да: – Мен колхозға кеттім, мақта алқабын аралаймын, сұрағандарға ертең келеді дей сал, – деген.
Сөйтті де, ішкі жолмен тура қалаға аттанды. Қалаға кіре берісте үш-төрт саптаяқ сыраны бірінен соң бірін тартып-тартып жіберген соң, аурухананы бетке алды. Әрбектің ауырып жатқанына бір айдан асқан. Соңғы үштөрт жыл ішінде оның Ақсубекке пайдасынан бөлек, зияны тиген емес. Әрі басқасын айтпағанда, өткен қыстағы соғымға берген ту бие... Курортқа барғандағы «көмегі»... Әйтеуір, Әрбек оның өз адамы. Сондықтан, осындайда әдейі барып көңілін сұрау қажет-ақ. Әрі байғұстың басына біраздан бері іс түсіп жатқаны да бар дегендей... Дәрі сасыған палатаға кіріп келгенде, төрт керуеттің бірінен ілмие түрегелген төрт науқастың бірі ернін жыбыр еткізіп, Ақсубектің қолын алды. Ол «Қызыл Жұлдыз» колхозының мал дәрігері Әрбек Қалтаев еді. Бұрынғы қызара бөртіп жүретін, ұзын бойлы, қара торы Әрбектің қазір көздері шүңірейіп, сүйір иегі сорая түсіп, солған алмадай ғана түрі қалыпты. Имек мұрнының ұшынан су тамшылайды. – Түнде терезе ашық қалып... – деп мыңғыр етті Әрбек. – Ие, тегіс амансыңдар ма? – Амандық, – деді Ақсубек. – Өзіңді көре кетейінші деп... – Рақмет. Сендер келмегенде бізге кім келеді, – деді Әрбек зорға жымиып. – Дұрыс па бәрі? – деді екеуіне ғана белгілі әлденені меңзеп. – Дұрыс, – деді Ақсубек оның нені меңзеп отырғанын ұға қойып. – Қашан біржақты болғанша емделіп жата бер. Алаңдама. Абыр-дабыр басылсын! – Бопты, бопты, – деді Әрбек те Ақсубектің ойын түсіне қойып. – Жарайды! Сендім өзіңе, сөйтемін. – Мына біреуден көріп жібересің бе, қайтесің? – деді онан соң Әрбек, екі стаканға жүз грамнан коньяк құйып. Сен де ішемісің? – Бұл жағынан саумыз ғой, – деп мырс етті Әрбек. – Кел онда! Амандық үшін! Палатаға колхоздың бақылаушы-механигі Әгібай кіріп келгенде, Ақсубек пен Әрбек едәуір қызып қалған еді. Әсіресе, бет-аузы нарттай қызарған Ақсубектің үлкен қой көздері ойнақшып, томағасын сыпырған ителгідей алабұртып отыр екен. – Әй, сен де келер кезді білесің-ау, – деп, Әгібайға құшағын жая ұмтылды Әрбек.
– Білмегенде ше, көке? – деп лыпыл қақты, шымыр денелі, жылтыр қара Әгібай. Әгібай Әрбекке туыстығы бар жігіт. Олар тағы да біраз отырды. – Кәне, ағай, енді бір жерден шай ішелік, – деді Әгібай, Ақсубек екеуі Әрбекпен қоштасып, тысқа шыққан соң, еркінси сөйлеп. – Қарсылық жоқ! – деді көңілденіп тұрған Ақсубек. Екеуі сөйтіп, ресторанға тартқан... ... Түн. Ресторан. Ақсубек удай мас. Әгібай қызу. Сөйлеуші – Ақсубек, тыңдаушы – Әгібай. – Әрбек сенің ағаң ба? – дейді Ақсубек әлденені тымсалдап. Әгібай: – Ағам, – дейді жымың етіп. – Біліп қой, ағаңның тағдыры менің қолымда! – дейді Ақсубек. – Білемін, – дейді Әгібай тағы да жымың етіп. – Солай ма? Біледі екенсің ғой! – Білемін... – Мен барда қорықпа! – Түсінемін, ағай. – Облыстағы Дайрекең менің қарын бөлем екенін де білесің, бе? – Білемін, ағай. – Соның да көмекейін... былайша... нетіп... – Білемін, ағай. Айта беріңіз... * Міне, күн шығар-шықпастан машинасымен колхозга жеткен Ақсубек Әгібай үйінің қақпасын қағып тұр. Әгібай оянды. Екеуі қораның түкпір жағындағы қалың ағаштың арасына барып отырды. – Түнде үйге жеткізіп салыпсың, інім. Соған рақмет айта келіп едім, – деді Ақсубек, неге келгенін екеуі де жақсы біліп отырса да. – Түсінемін. – Нені түсінесің? – деп шыр ете түсті, өңі боп-боз болған Ақсубек. – Бәрін... – Ім...м.,. Бәрін бе? – Бәрін...
– Ім... м... – Есіткен құлақта жазық жоқ қой, ағай... өзіңіз бар сырыңызды айтқан соң... былай... енді... түсінбегенде қайтеміз дегендей... – Жарайды, – деді Ақсубек бойын тіктеп. – Мен саған түнде ештеңе айтқан жоқпын, сен менен ештеңе естіген жоқсың. Осыған тоқтасақ қайтеді екеуміз? Әгібай ойланған болып, желкесін қасыды да: – Қайдам, – деді күмілжіп. Бұл сияқты «қайдамдардың» түп төркінін терең біліп төселген Ақсубек: – Қайдам-сайдамды қайтесін, кәне, бер қолды! Бітімге келейік. Мен айтқан соң болды емес пе? – деді құлшына. – Бітімге? – Иә, Әгібайжан! Біле білсең мен де бір ағаң емеспін бе? Әрбек кім, сен кім, маған екеуің де бірдейсің. Екеуіңе де құшағым ашық. Айтқандай, өзіңнің жаңа машина алатын ниетің жоқ па еді? Кеше түнде соны сұрауды ұмытып кеткен құсаймын ғой! Істің аяғы бұлай болар деп ойламаған Әгібайдың іші бүлк ете қалды да: – Әрине, ағай, бар болғанда қандай? – деді көздері ойнақши қалып. – Онда бітімге келуге де... – Онда бітті, – деді Ақсубек. – Бітім осы, – деп сұқ саусағымен қос ернінің ұшын басты. – Әзірлене бер, ұзамай аласың! Ол біздің қолдағы нәрсе! – Білемін, ағай, – деді Әгібай кеше ресторанда отырған кездегідей жымың етіп. – Сөйтіп, бітімге келдік пе? – деді жадырап сала берген Ақсубек. – Келдік, ағай! – Онда бір ыстық шай ішелік. Бас сынып барады... – Қазір, қазір, ағай... ішеміз. Не қаласаңыз да ішеміз. Қазір... Таяуда Әгібайдың аяқ астынан жеңіл машинаға ие болуының сыры осы еді. Бірақ оны әзірше Ақсубек екеуінен бөлек ешкім білмейді. Білмек те емес!..
АҚҚӨҢІЛ АДАМДАР « Ауданға бөтен жақтан қонақтар келіпті, шаруашылық біткеннің бәрін түгел аралайды-мыс» дегенді совхоз директоры Пышпыл аптаның басында-ақ естіген. Он мың бас қойға арнап салынған, бірақ, бес жылдан бері төбесі жабылмай, едені ми батпаққа айналып, қаңқалары қақырай бастаған ашық қораның қақ ортасында тұрып естіген де, күтіп жүрген. Сол қонақтардьщ жолы енді бүгін-ертеңдері осында түспесе неғылсын. Жүрегінің сезуінше солай. Ендеше, қамдана беру жөн. Қамданғанда не істемек? Әрине, бұған бас қатыратын көп ештеңе жоқ. Шүкір, естіген, көрген, білген, бастан кешкен дегендей біраз тәжірибе баршылық. Рас, өзінің директор болғанына екі жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде ана бүгін-ертеңдері совхозға келіп қалуы мүмкін екеуіндей адамдармен дәм-тұздас бола қоймаған-ды... «Шіркіндер, науқан қызып, мұрыннан шаншылып жатқанда шылауға жармасып, уақытты алатын болды-ау» деп бір ойласа, енді бір ойы... Жә, сәті келгенде баспа беттерінде азын-аулақ мақталып, аты шығып жатса, ол да бөтен болмас. Сонау бір жолғы құсап, мәселен... Ол кезде бұл совхоздың директоры басқа бір егделеу кісі еді де, Пышпыл бас мал дәрігері-тін. Сол кісінің осындай біреулерді қалайша қарсы алып, қонақ еткенін көзімен көрген. – Әй, Пышпыл? – деген болатын бір жолы сол кісі. – Не? – Қазір үшінші фермаға тарт. Саңғырбайдың (ферма бастығын айтады) үйіне бір марқа сойып, дайындық жасаңдар. – Айтпақшы, – деді директор ізінше. – Онда көп бөгелмейміз. Түстенеміз де, екінші фермаға тартамыз. Сондықтан ол жақпен де хабарлас. Кешке сонда түнейтін шығармыз. Түсіндің бе? – Түсіндім. Ол қандай қонақтар? –деді кетуге ыңғайланған Пышпыл.
– Кейін көрерсің. Бара бер! Түске таяу Пышпылдың соңынан директор да жетті фермаға (күн шыжып тұр, шілде емес пе?) – Ауданмен хабарластым, – деді ентігіп. Қонақтар анау-мынау емес, әдейі ел аралап, халықтың тыныстіршілігін өз көздерімен көруге шыққан қалам иелері құсайды. Дайындық қалай? – Дұрыс. – Дұрыс болса дұрыс, – деді директор да. – Біліп қой, қонақтарға әуелі ферманың ой-шұқырын көрсетеміз. Малшылармен жолықтырамыз. Бас мал дәрігері ретінде оларға біраз түсінікті сен бересің. – Не түсінік? – деп қипақтады Пышпыл. – Мәселен, совхозда толып жатқан көрсеткіштер бар емес пе? Малдың төлі, жүні, сүті, еті, қоңы, тағы басқалар. Соларды айтасың. Сонан соң сөзіңнің расына малшылардың тұрмыс жағдайы туралы сөз қоса отыруды да ұмытпа. Қарындары тоқ, көйлектері көк, мұқтаждары жоқ дегендей. Оның ролі үлкен... – Ол қиын емес, – деп күлген болды Пышпыл. – Бірақ, байқа, – деді директор қатқылдау жүзбен. – Үнемі ойланып, тауып сөйле. Ұрынып қалма? – Тауып сөйле дейсіз бе? – Иә. Мәселен, оларды бұрын-соңды білмесең де «сіздерді сырттарыңыздан жақсы білеміз», оқымасаң да «еңбектеріңізді түк қалдырмай оқып жүреміз» деп жорғалай бер дегенім ғой. Сен ғана емес, бәріміз де... – Енді түсінікті,— деді Пышпыл жымың етіп. Түс ауа фермаға қонақтар келді. Бәрі жоспардағыдай болды. Қонақтар әуелі ферманың ой-шұқырын аралады. Қарапайым адамдармен дидарласты, сырласты (пікір түйді). Кешкілік клубта бас қоспаққа ниет етіп еді, оған директор ыңғай бермеді: «Кешкілік көрші фермаға барамыз, сонда да клуб бар», – деп. Қонақтар бірден келісті. Совхозды олар үш күн аралады. Кетер күні Пышпылдың үйіне түсті. Пышпыл барын сала қонақ етті. Әрине, директор да бірге болды. Ертесіне қонақтарды бүкіл елжұрт шығарып салды. Бәрі риза. Пышпыл да, әсіресе
алыстан арнайы келген қонақтардың өз үйінен дәм татқанына риза. Бірер ай өткенде Пышпыл газеттерді ашып отырып, баяғы өз үйінен түстенген қонақтардың жолжазбаларын апыл-ғұпыл оқи бастады. Көлдей мақаланың ішінен ешкімге білдірмей аты-жөнін де қарастырған болды, мардымды ештеңе таба алмады. Жолжазба авторлары нақ бір осы совхозда бас мал дәрігері жоқтай-ақ, малшы атаулы барлық шаруаны тек өздері ғана тындырып жүргендей-ақ, Пышпыл жөнінде жұмған ауыздарын ашпапты. Оның есесіне, шаруашылықтағы барша жақсылық, көл-көсір табыс, қонақжайлық-жомарттық – бәрін-бәрін бір директордың үстіне үйіп-төгіпті. «...Сырт кейпі келбетті, тікірейген қалың шаштарына аз-кемі ақ араласқан пэленекең барынша аңқылдаған, салдырлаған, көкірегі ояу, көзі ашық, әдебиеттің ұңғыл-шұңғылына мейлінше жүйрік» деп тұрып шалқытыпты дерсің! Пышпыл бұған күйінген де, сүйінген де жоқ. Газетті ұстаған бойда директордың кабинетіне кірді. «Осылай да осылай. Құттықтаймын. Сіз туралы...» – Білемін, – деді директор салқын ғана. – Оқығанмын. Қайтып тіс жармай, сазарған күйі отыра берді ол. Мінеки, уақыт өтті, заман өзгерді, бүгінгі директор – Пышпылдың өзі. Қонышынан қақырап түр. Газетке жазылған мақтаудың арқасы ма, әлде, бөтенше бақай тірлік, тақуа қулық болды ма – баяғы директор жоғарылап кеткелі қашан. Шыр еткен телефон кабинетте жападан-жалғыз жос пар құрып отырған Пышпылдың ойын кілт үзіп жібер гені. – Алло? – деді ол еріне. – Хабарым бар, – деді ізінше жадырап. – Кітаптарын дейсіз бе? Іздейміз... Табамыз... Қам жемеңіз... Әлбетте, оқыдық дей береміз ғой. Басбасымыздан емтихан алмайтын шығар... Оларды ма? Үшінші фермада қабылдаймыз. Иә, сол жер ыңғайлы... Кешкілік екінші фермада... Жақсы... Қазір... Трубканы орнына қойысымен бас мал дәрігерді шақырды өзіне.
– Тек екі елі аузыңа ие бол. Байқап сөйле! – дед оған Пышпыл, мән-жайды қысқаша түсіндіріп болған соң. – Қорықпаңыз, – деп лып етті бас дәрігер. – Өз үйіңе де шақырасың ба? – Кімді? – Кімді болсын, қонақтарды да. – Несі бар. Сіз айтсаңыз... – Келістік. Уақытын кейін айтамын. Аулымыздың қонақжайлық, жомарттық салтын көрсетуіміз керек қой! – Әрине, Пышеке! Қонақ десе соңғысын қазанға салатын қазақ емеспіз бе? Түстен кейін Пышпыл бастаған топ адам – жандарында ауданнан ерген өкіл бар, бірі шидей арық, ұзын бойлы, жылтыр қара да, бірі домаланған шикіл сары – екі қонақты үшінші фермада құшақ жая қарсы алды. Бір ғажабы, алыстан әдейі ат терлетіп келген бұл қонақтардың өздері де барынша аңқылдаған, салдырлаған, аузын ашса көмекейі керінетін, мейлінше ақкөңіл, аса қарапайым да инабатты жандар екен...
МАҚАЙДЫҢ ТӘСІЛДЕРІ О ның (Мақайдың) қайда, кім болып істейтіні белгісіз. Бастық па, жоқ па, оны да біліңкіремеймін. Маған бәрібір. Бірақ оның мынадай тәсілдері бар. Соларды аздап білуші едім. Айтпақшы, қалайша білетінімді тағы білмеймін. Сонымен, сөзді қойып, іске көшейік. Тыңдап көрейік десеңіз, былай да былай. Бірінші тәсіл Кабинет. Мақай телефонмен сөйлесіп отыр. Еңкейеді. Жантаяды. Шалқаяды. Күледі (өтірік). Назданады (өтірік). Мені жаман көзімен атып-атып қояды. (Өзі шақырған соң келе қалып едім, амалсыз куә болып отырмын) Мақайда жан қалмай барады. – Реке-ау, Реке, – дейді екі бүктеле («Рекесі» – ауданға келіп жүрген бір дөкей). Реке! Хық... к... қ!.. (Өтірік күлкіден буынып қалар ма екен, қайтер екен?)... Сонымен неттік?... Әлгі айтқанды да... Ой, болмайды ғой, – Мақай сәл үнсіз қалды. (Арғы жақтағы адамның сөздерін тыңдағаны болу керек). – Ие дейсіз? Солай ма? Жарайды, мен келістім. Ендеше, кешкі сағат он болсын, Реке. Онда он бір... Он бір де болмай ма? Қап? Он екі ше? (Пауза)... Қап!... Не дейсіз? О, болды! Болды, Реке! Жарайды. Бәсе, аясаңызшы сіз де өстіп пақырыңызды. Ой, айналайын, Реке-ай... Ұйқы ма? Бір түнгі ұйқы не сіз үшін? Хық... хық... қ! Ал, Реке, онда келістік... Азанғы сағат бесте тамақты әзірлеп сізді күтіп отырамыз. Алаң болмаңыз... Келініңіз бе? Ол кісі қолды аяққа тұрмайды ғой, Реке! Мақай трубканы тастай салды да, терең тыныс алды. Жымың қағады. Жағасының түймелерін ағыта бере: – Үлкен кісі ғой. Бір шайда тұрған не бар? Кімнің үйінен кім шай ішпей жүр қазір, – деді әлгі сөздеріне менің еріксіз куә болғанымды жуып-шайғандай раймен. Әлбетте, бәрі дұрыс қой. Тек дәрежесі үлкен біреулерге шай беру өмірлік кәсібі болып келе жатқаны демесеңіз...
Екінші тәсіл Мақай ашулы. Қаны қатқан түрінен кісі шошығандай. Бүгін оның қырына іліккені – Өмірзақ, жер-жебіріңе жетіп ініне қуып тыққан саршұнақтай сүмек терін ағызды. «Әлде ұмытып кеттің бе?» Осы тұста ғана Өмірзақ: – Көке-ау, будан он жыл бұрынғыны қазғылап қайтесіз, – деп тілге келіп еді, Мақай «жанды жеріңнен ұстадым-ау» дегендей: – Ә, бәлем! – деп орнынан кілт тұрды да, жүгіріп барып Өмірзақтың жағасынан алды. Сәл кейін шегінген Өмірзақ оң қолын сілтеп қалғанда, Мақай бұғып қалды. (Қорқып кетті-ау, шамасы). – Ой, қойындар, – деді былайғылар енді ғана еркінсігендей. – Мақа, Мақа, сабыр, – деседі. Мақай, қашанғыдай, бұл жолы да тез сабасына түсе қалып: – Ал, жұмысқа кірісейік, – деді түк болмағандай. – Сен төбелесіп үйренген атақты бұзықсың ғой, бұзықсың, – деді Өмірзаққа күлімсірей қарап. – Кәне, жасаған жоспарларыңды әкеліңдер маған, көрейік, – деді жұртқа қарап. Жоспарымызды бердік. Мақай алып жатыр... Сену-сенбеу өз еркіңіз, бірақ, Мақайда осындай бір үйреншікті тәсіл бары да рас, оқушы. Нанбасаңыз тағы бірде көрерсіз... Үшінші тәсіл Ымырт үйірілген шақ. Телевизор көріп отыр едік. Мақай әйелі екеуі біздің үйге сау ете кіріп келді. Әлима жеңгем табалдырықтан аттасымен көз жасын көлдетіп қоя берсін. Мен де, қарт анам да қатты абыржып қалдық. Әйтсе де, онша көп саса қойғанымыз жоқ. «Қап, бет көргенде жүз ұялар деген, кұрыдым-ау» – деймін іштей налып. (Өйткені, келу себебін ішім сезіп отыр). Айтқандай-ақ, Әлима жеңгеміз: – Кәрім, – деді маған жалынышты үнмен, көздерін сүзе карап. – Әу, женеше? – Өлтіресің бе?
– Сұмдық-ай! Кімді, жеңеше, – деймін аңқаусып. – Кімді өлтіреді екенмін? – Бізді де. Кімді болсьш. – О, жоқ, жеңеше. Өлтіріп қайтейін. Жендет емеспін ғой. – Білесің ғой, – деді Мақай күңк етіп. – Не істейін, Мақа? – Аналарға айт. – Кімдерге? – Аналарға да. (Бірге істейтін әріптестерімді айтады.) – Айтайын, – деп сылқ түстім. (Мені құдай ұрды. Ылғи өстемін. Мен айтсам олардың бәрі Мақайды құртамыз деген райларынаи қайтары анық. Мақай да мұны біледі). Ерлі-зайыптылар есікке беттеді. – Оу, неге сонша? Шай ішейік. – Рақмет. Тағы да кіретін жерлер бар... Ертеңіне Мақайды талқыға салған жиналыста мен сияқты біраз «былқылдақтардың» кесірінен алдын ала жасалған келісім бұзылды. Үш-төрт адам «опасыз» атандық та, Мақайдың «есегі» лып етіп лайдан өте шықты. (Осы үшінші тәсілді өз атымнан айтқанмен, оңы біреудің аузынан естігенімді қатты ескеріңіз. Өмірде біреудің ала жібін аттамаған пенде едім. Сондықтан, әрдайым шындық керек). Мақайдың басқа тәсілдері ме? Олары көп деседі ғой. Қайсы бірін айта берейік.
АЙДЫҢ, КҮННІҢ АМАНЫНДА Б іздің мекеме тері илейтін фабрикамен қатар салынған жана үйге қоныс аударғалы қашан. Екі мекеменің қызметкерлері күн сайын көшенің арғы бетіндегі кафеде бірге түстенеміз. Күнде көріп, көз үйрене жүріп, мен әлгі фабрикада істейтін Дөнес деген жігітпен әжептәуір танысып қалдым. Маған оның қатты ұнағаны – қарапайымдығы, іші-бауырыңа кіріп тұратын елгезектігі. «Неткен кішіпейіл, адамның бәрі осындай болсайшы» деп қызығамын. Бүйрегім бұрып, Дөнесті көргім келеді де тұрады. Кейде қызмет орнындағы, немесе, үй ішіндегі жай-күйін айтып, мұңын да шағады. Мұнысы, әрине, мені қамқоршыға балап, арқа сүйегені шығар деймін ішім жылып. Қолымнан келгенді аянатын түрім жоқ. Бірақ, күндердің күнінде Дөнес көшенің арғы бетіндегі түсте бірге тамақтанатын кафеден көріне бермейтін болды. Оқта-текте көріне қалғанның өзінде, жалпақ танауын көтеріңкіреп, ешкімді танымайтын, білмейтін адамша аспандаңқырап тұрады. Жанына барып сәлем берсем, ернін жыбыр еткізіп, қолын әрең созады, жаңбырдың тұнба суындай өлі көздерімен бетіме оқи қарайды. – Өй, машинаң жүріп тұр ма? – Үйіңнің төбесінен тамшы ағуын қойды ма? – Әйеліңмен татуластың ба? Бұрын-соңды жиі айтып, аузым үйреніп қалған осы сұрақтардың бәріне де бір-ақ ауыз сөзбен «ие» деп зорға жауап береді. Аз уақыт болса да терезесі тең жолдас болып, талай сырына қанығып калғанымды жақтырмағандай, өңі түтігіңкіреп кетеді. Өзі менен ештеңе сұрамайды. Сонда да баяғыша ашық-жарқын болайыншы деген ақ ниетпен: «Жуырда үйіме қайын атам қонаққа келгелі жатыр». «Бірер демалыс үйіне барсам ба деп жүрмін».
«Осы күнде магазиндерден аяқ киім табылмайтын боп кетті ғой», – дегендей сөзге тартам, тамырын басамын. – Дұрыс, – деп күңк етеді де қояды. Күндердің күнінде оның менен ашық түрде қашқақтайтынын, кейде анадай жерден көрмегенсіп өтіп кететінін аңғардым да, ішім мұздап салды. Ауылдағы Айнакүл шешем құсап «әдірам қал» деймін де, қайтем. Сонда да талай сырласып, бауыр басып қалдық емес пе, өзін бәрібір қимаймын. Егер ол жарты ауыз жылы сөз айтса, мен үш жарым ауыз жылылық көрсетуге әзірмін. Бірақ, Дөнестің беті бері қайырылар емес. – Әй, Нықан, нағып еңсең түсіп кеткен сонша? – деді бір жолы бірге қызмет істейтін Сықан деген құрдасым. – Жәйша, – деймін де қоямын. – Бізді көзі төбесіне біткен дейсің бе? Бәрін де көріп, көріп қана емес, біліп жүрміз. Тең-теңімен депті ғой, Дөнеске жалбақтай беріп қайтесің. Біз бармыз ғой, әлде тақияңа тар кеп жүрміз бе? – Жалбақтап жүрген ешкім жоқ. – Жалбақтамасаң да, араларыңнан арба өтіп кеткені қашан? Оған қайғырма. – Қайғырып жүрген ешкім жоқ. – Жә, көлгірсіме. Былай көзіңді ашып қарасайшы. Дөнес кім, сен кім? «Мынау не шатады-ай? Сонда алғашқыда менсіз тамағынан ас өтпейтін Дөнес енді мені шынымен-ақ менсінбей ме? Ол кім сонша? Дегенмен, соңғы уақыттардағы кеуде көтеруінің себебі не? Бәлкім, оны Сықан білетін шығар...» – Мен ештеңе байқап жүрген жоқпын, – дедім, – Дөнестің көңіліне де тиген жерім жоқ. Қатынасымыз баяғыдай. – Байғұс екенсің, – деп мырс етті Сықан. – Ендігі жерде Дөнес сендейлерге пысқырмайды, Себебін білмейсің бе? – Кім біліпті. – Мәселе сонда, – деді Сықан тағы да мырс етіп. – Онда айтайын. Тері илеуші Дөнес осыдан жарты жыл бұрын көшелер мен парк, стадиондарда жұрт қалдырып
кететін бос бөтелкелерді жинау қоғамына мүшелікке өткен. Оны маған Иекең айтты. Бәтшағар, барын салса керек, самғап кетіпті. Дөнес кім, біз кім екенімізді енді ұқтың ба? – Рас па? – деймін аң-таң боп. – Ол қоғамға мүше болатындай қандай еңбегін өткізіпті сонша? «Е, сонысын құттықтамағаным үшін өкпелеп жүр екен ғой» деген ой келе қалды енді маған сол заматта. – Сен құттықтап па едің? – дедім Сықаннан сыр тартып. – Жолдас сенікі ғой, – деді ол кекетіп. – Сен-ақ құттықтай сал. Дөнес секілділерді біз сенен көрі жақсырақ білеміз. Байқа, бауырым. Ертесіне ретін тауып Дөнеске жолықтым. Кешірім сұрап, құттықтадым. – Өкпе жоқ, – деді ол сызданып. – Хал қалай? Менің тезірек кетуімді қалап тұрғандай райы бар. – Ал, жақсы онда, – дедім. Ол қуанып кеткен тәрізденді. – Құттықтадың ба? – деді ертесіне Сықан. –Иә. – Енді қонаққа шақыр, – деді шықылықтай күліп. Мен сырт айналып жүре бердім. Ту сыртымнан Сы¬- қанның кекесін күлкісі әлі естіліп тұрғандай: – Айтпақшы, қонаққа бізді де шақыр! – дейді айқайлап.
«...ҚЫЗМЕТІНІҢ ҮЗДІГІ» Г адаман кешіккен сайын оның құдай қосқан қосағы Ұлқудың берекесі кетіп, көзінің алды бұлдырап, құты әбден қаша түсті. Бүгін сенбі. Алдын ала жасалған жоспар бойынша, екеуі бүгін Шырылдақтың сайына барып, малға қыстық шөп шабуы тиіс еді. Кеңседе екі сағаттық шаруам бар, соны тез тындырамын да қайтамын деген адам, мінеки, мезгіл түстен ауды, – әлі жоқ. Әлдекімдер тәрізді көше кезіп, сыра ішіп жүретін ол емес, ендеше, қайда ғана қарасы батты десейші? Алда қағынды келгір-ай, қайда жүр? Дәл осы кезде арық, шілбиген Гадаман дәу көк қақпадан тәлтіректей басып кіріп келе жатты. Милықтата кнген қамыс шляпасынан мұрнының ұшы мен қалқиған қос құлағы әрең көрінеді. Бет-аузы арса-арса. Сол бетте Ұлқуды жаңа көргендей, бас салып құшақтап, екі беттен шолп-шолп сүйсін. – Жындандың ба, ей, бейшара? – деді ыршып түскен Ұлқу. – Өзің бірдеңе ұрттап алғанбысың? – Ұрттадым... – Гадаман екі езуі екі құлағына жете ыржалаң қағады. – Ұсталып қалдым... – Қайда? Кімге, ойбай!? – Әуелі... әлгі... өзіміздің Қарекең... одан Шабекең... одан Қалекең жолығып қалып дегендей. – Масқара! Солардың бәрімен іштің бе? – Бәрімен емес... – Енді? – ... Бірақ мен аз іштім, – Гадаман міңгірлеп саусақтарын санайды: – Әуелі Қарекең, жә, ол өзімнің тікелей бастығым ғой. «Бала, атағыңды жумайсың ба?» дейді. Мана содан... екеуміз оңаша... ол кісіні үйіне шығарып салып... Одан соң Базар көшесінен қиып өте бергенде... – Иә! – деп шаңқ етті осы тұста Ұлқу қызарақтап. – Қысқарта сөйле. Уақыт жоқ... Қазір шөпке кетеміз.
– Өзім де сол үшін асығып келдім, – деді Гадаман. – Шөпке кетеміз. Айтпақшы, жаңағы сөзімді аяқтап алайыншы. Жаңылдырып жібердің-ау. Сөйтіп, Базар көшесінен қиып өте бергенде күтпеген жерден Шабекең жолықты. Әдейі уәделесіп қойғандай. «Әй, сен осылай жүре бересің бе? Бұл қалай? Шүкір, еңбегің жанып, бағаланып жатыр. Соның бәрі кімнін арқасы, а? Білмесең, біліп қой. Ол атақты алуыңа біздің де себіміз аз тиген жоқ. Кәне, ырымын жаса!» – деп алқымымнан алғандай қиылсын. – Істейтін жұмысы басқа, мекемесі басқа, олай дейтін не жөні бар оның, а? – деп тағы да шаққ етті Ұлқу. – Соны кім біліпті? – деп былдырлады Гадаман. – Үлесі бар болса бар шығар да. – Сонымен, немене, оған да жудың ба? – Қарекеңмен бірге бір саптаяқ сыраны зорға тауысқан жазған басым, Шабекеңнің көңілін қалай жығайын, тағы бардық сол жерге. – Әй, сабаз-ай! – Өй, сабаз-ай деп кекетпей-ақ қой сен, білдің бе? «... қызметінің үздігі» дегенді екінің бірі алып жатқан жоқ. Сонымен, Шабекеңнен құтылып келе жатсам, Қалекең ұшыраса кетсін. «Қайдан келесің?» «Солай да солай, «...қызметінің үздігі» деген атақты жуып келемін». «О, пәлі! Жарайсың! Сен немене, ол атақты сол екеуі әперді деп ойлайсың ба?» «Енді кім, Қалеке?», «Е, сен әлі бала екенсің, білдің бе? Боқмұрынсың. Документтің бәрі кімнің қолынан өткенін білесің бе?» «Кім білсін?» «Өзіміздің жігіт қой деп, мақтауға мақтау қосып, бәрін дұрыстаған мына көкең емес пе?». «Ойбай, білмеппін, ат-шапан бізден, ағасы! Ал, жүре қойыңыз» дедім. Содан мінеки, тағы бардым... Көкеңді өз үйі, өлең төсегіне аман-есен жеткізіп тұрған бетім бұл! Жүр, енді шөп шабуға барайық, Ұлқужан! – Сілең қатсын, сілең қатқыр, – деді Ұлқу шаптығып. – Сонда саған ол атақты әперген жаңағылардың қайсысы? Атақты мен әпердім дегендердің бәрін сыраханаға сүйрей берсең не қалады, сорлы-ау? – Қойшы, – деп жайыла түседі Гадаман. – Жүр, шөпке барайық!
– Папа, сені біреу телефонға шақырып жатыр, – деді осы тұста үйден жүгіріп шыққан торсық шеке ұлы Гадаманның етегіне жармасып. Апыл-құпыл жүгіре жөнелген Гадаман көп кешікпей Ұлқудың жанына демін баса алмай жетті де: – Ауданнан телефон соққан Сарекең екен! Бүгін-ертең төрт-бес адам боп аулыңа барып қалармыз, қойыңды сойып, дайындық жасай бер, «...қызметінің үздігі» атағыңды жуамыз дейді. Біз болмасақ, мұндай атақ саған қайда дейді. Шамасы, мен де солай ма деп қалдым. Сарекең деген Сарекең емес пе? – деп Гадаман шляпасын шешіп, талдың бұтағына іле берді... Осы күндерде ол: «...қызметінің үздігі» деген атақты алуын алғанбыз ғой, бірақ соны кім әпергенін осы уақытқа шейін өзім де онша біле бермеймін» деп әңгімесін шиырлай беретін көрінеді.
БҰДАН БЫЛАЙ... Б ұл ауылда әшекейлеп салған алты бөлмелі, кең қоралы үй-жайы, жеке меншік машинасы бар Өктем Жапаровты білмейтіндер кемде-кем. Ұзын бойлы, арықтау денелі, қара торы өңді бұл жігіттің жасы қырыққа таяу, аузындағы жарқ-жұрқ еткен алтын тістері мен бөріктей құлпырып тұратын қап-қара, бұйра шаштары өте жарасымды. Бір қарағанда, сөзін де тауып сөйлейтін, «қу бастан қуырдақтық ет алатындай», шаруасына мығым жан. Сондықтан ба, біреулердің оған қызыға қарап, мақтайтыны бар-ды. Алайда, кезінде Өктемнің өтірік ақпар жазып, мемлекет ақшасын қымқырғаны үшін жазаға тартылғанын бүгінде біреу біліп, біреу білмеуі де ықтимал. «Түрмеде жақсы жұмыс істеп, көзге түскені үшін мерзімінен бұрын босанып келді» деген де сыбыс болған. Бірақ та... Түрмеден босап келген бойда ол жүк таситын машинаға шофер болып орналасқан. Бір жолы әлдебір мал ұрлаушыларға жалданып, он бес қойды қалаға апара жатқанда ұсталады да, «мен ұрлық мал екенін білмеп едім» деп, әрең құтылып шығады, Тағы бірде темір жол станциясында тиелген бір машина көмірді жеке меншік біреулерге сатпақ болып тұрған жерінде қолға түсіп, одан да азар құтылады. Автобазадан қуылады. Содан бері елеусіздеу бір мекемеде жай жұмыс істейді. Әзірге пәлендей қылмысымен әшкерелене қойған жоқ. Алайда, әсіресе, жеке меншік машина, мотоциклге қандай запас бөлшек қажет болса, бірден-бір тауып бере алатын адам – Өктем. Әрине, сұрағаныңдды бірден қолына ұстата салмайды. Пәлен күні, пәлен уақытта, пәлен жерге кел деп, сол арада шаруаны қас пен көздің арасында тындырып жүре береді. «Аузыңа сақ болмасаң, ендігәрі менен еш нәрсе ала алмайсың» деп те ескерту жасап жібереді. Жұмысы түсетін адамдардың онан соң Өктемді дәріптеп, мақтағанына несіне таңданасың. Сенде жоқ
зат онда бар. Қаласаң, ақшасын артық төле де, сатып ал, қаламасаң, – өзің біл. Өктем сені зорламайды. Жасырары жоқ, жеңіл машинама әлдебір запас бөлшектер өте қажет болған тұста менің де Өктемді әдейі іздеп барып, қол жайғаным рас. (Басқа лаж болмаған соң, қайтейін), «Ә, ақжүрек, сен де келдің бе алдыма» дегендей түр көрсете тұрып, сұрағанымды қағазға орап бере салды (екі есе құнына, әрине). Бір айдан бері қозғалмай тұрған машинамның Өктемнің арқасында жүріп кеткеніне қуанғанмен, бәрібір, оны суқаным еш сүймейді-ақ. Тағы бір қызығы, кейбір бас қосуларда көпшілік әлдебір парақор, алыпсатар, ұрылар жайында әңгіме қозғап, талқыға сала бастаса, Өктем жұрттың емес, сол арамтамақтардың сөзін сөйлеп, өзінше оларды ақтағысы келгендей рай көрсетеді. «Күндерін көре берсін де бейшаралар, олардан сендерге не зиян» дейді. Бірде Өктем екеуміз ойламаған жерден ұзақ жолда сапарлас болып қалдық. Баратын нысана – біздің ауылдан бір тәуліктік жер. Үлкен автобуста келе жатырмыз. Автобус Ақкемер селосынан асқан соң, жүргізуші жолшыбай мінген адамдардың ақшасын алып, бірақ, билет бермей, сұрағандарға бес сомның орнына елу тиын, он сомның орнына бір сомның билетін жыртып беріп келе жатты. Байқап отырмын: Балықшы селосына дейін мемлекеттің қаншама ақшасы жүргізушінің қалтасына түсті деңіз. Көп жолаушылар автобустың тоқтап, мінгізіп алғанына мәз. Сондықтан ақшасын береді де, билет сұрамай, отыра береді. – Мына автобустың жүргізушісінде ар-ұят мүлде жоқ екен ғой, – дедім жанымда отырған Өктемге. – Бұл ертең жұмыс істейтін мекемесіне не деп барады, жолаушылар болмады, сондықтан ақша түспеді деп құр қол барар ма екен, қайтер екен? – Бір есебі бар шығар, өзі біледі де, қайтесің? – деді Өктем (басқадай жауапты мен де күткен жоқпын одан, әрине). – Жоқ, өзі білмейді, – дедім қаным қызып кетіп. – Оны қазір мен тәубесіне бір келтіріп қояйын. – Тыныш отырсайшы, неғыласың? – Олай деме, қайта мені қолдағаның дұрыс.
– Менің ешкімде шаруам жоқ. «Жарайды» дедім де, іске кірістім. Әуелі бір топ адамның автобус шоферіне қанша сомнан беріп, қанша сомға билет алғандарын сұрап біліп, әбден пысықтап алдым. Әрине, билет жоқ. Келесі бір аялдамада шоферден неге билет бермей келе жату себебін сұрадым. – Бұл ұзақ рейс, үлкен жол, сіз араласатындай не бар? – деді Гусеинов деген еңгезердей шофер барынша айқайлап сөйлеп. – Кәне, маған өкпелейтін кім бар екен, айтсыншы! Айтқандай-ақ, сол жерде менің сөзімді сөйлеп, қолдай қойған жөнді ешкім бола қоймады. Шофердің қылығының теріс екенін білсе де, жұрттың бәрі соны қолдап отырған тәрізді. Қолдаушының бірі – өзімнің ауылдасым Өктем. – Бұл Гусеиновтың жекеменшік автобусы емес қой, соны неге ойламайсындар, жарандар-ау? – дедім қой аузынан шөп алмайтын, кіл жуас жолаушыларға. – Халықтың ақшасын жеке басына пайдалануға қандай хақысы бар оның? – Е, қойшы, шырақ! – Күнін көрсін де, байғұс! – дегендей күңкілдер естіліп жатты. – Ей, інішек, – дедім бір жас милиционер жігітке қарап. – Кәне, тұр орныңнан, екеуміз қазір акт жасаймыз. Басқалар болмаса да, мені сен қолдайтын шығарсың? – Әрине, ағай, – деп, милиционер жігіт орнынан тұрды... – Өзің пәлесің, манағы Гусеинов деген шоферді әбден қатырдың, – деді кешкілік қонақүйде жатқанымызда Өктем Жапаров. – Сен де көмектестің ғой, рақмет! – Мені қойшы... мен... мен... – деп міңгірледі ол. Содан үш күннен соң кері қайтпақ болдық. Автостанция басы ығы-жығы. Билет жоқ. Бір кезде Өктем келді жаныма ыржалақтап. Қолында – екеумізге екі билет. «Қайдан, қалай алдың?» «Әуелі мініп алайық, кейін, кейін», – дейді тұтығып. Автобусқа міндік. Жақсы жайғастық. Шоферға көзім түсіп кетіп еді, – тағы да әнеукүнгі Гусеиновтың өзі.
– Таныдың ба? – дейді Өктем. – Танымағанда ше? – Әлгіде екеумізге билет әперген сол. Ақша да алған жоқ. Тегін. Пәлесің. Сенің арқаңда сөйтіп, мінекей, енді... Не болғанымды білмей кеткен мен жалма-жан қалтамнан ақша алдым да, Өктемге ұсынып: – Тез апарып бер анаған, – дедім. – Өзің де төле. Қарай көр-ай! – Құп, құп, – деген Өктем тез барып, қос билеттің құнын төлеп келді. – Әнеукүні мені қолдамасаң да, менің арқамда күншілік жерге тегін баруға қарсы емес екенсің-ау, жігітім, ә? – дедім оған. – Мұның қалай, ә? – Қойшы, – деді ол жалынғандай боп. – Адамды әбден жер етіп біттің-ғой. Бүкіл өмір бойы алмаған сабақты алғандай болдым ғой осы жолы. Енді бұдан былай... дүние... күйіп кетсе де... тіпті осы... Автобус жүріп келеді. Жағымды, жайлы жүріс. Жайсаң дала. Мен өз-өзімнен ойға шомып отырмын. «Енді бұдан былай...» деген сөзін де есіме алып қоямын оның. Иә, бұдан былай қалай болар екен? Оны көреміз-дағы. Жалпы, жаман жігіт емес қой...
АЙЛАСЫН АСЫРҒАН ҚҰЛЖА С овхозда есепші болып істейтін Құлжа бірде аудан орталығында тұратын маған келіп: – Бәкеңді қонаққа шақырып жіберейік. Жүр, ол кісіге екеуміз бірге барып соны айтып шығайық, – деп жат та жабыссын. Құлжа екеуміз бір ауылда туып-өскен құрдаспыз. Ол былтыр халық шаруашылығы институтын сырттай оқып бітірген. Бірақ, қазіргі атқарып жүрген қызметі сол баяғы қатардағы есепшілік. Енді мұны қомсынып, бүдан көрі дәрежесі биіктеу басқа бір қызмет болса дейді. Бағысқа соған себін тигізе ме деп жақындасып көрмек. Бағыс үлкен бастықтың бірі, әрі менің әйелімнің ағасы. «Жарайды, ертіп барайын», – дедім. Екеуміз тысқа шықтық. – Әлгіні, – деді ол жолшыбай жымыңдап, – әкейдің өзі айтам дейді ғой. Біздің ата-тек тірі түйенің терісін теріс айналдырып жіберетіндерден екенін өзің де білесің. «Әлгі» дегені әзірше маған ғана мәлім нәрсе. Осыны әнеукүні бір ақылдасқанымызда Құлжа: – Бәкең көңілденіп отырғанда ойымды тура айтсам қайтеді? – деген-ді. – Болмайды. Әуелі қонақ ет. Соңың содан соң көре жатарсың, – дегенмін. Құлжа кіржиіп, «айтарымды сол дастарқан үстінде айтып қалмасам, босқа шабылып, күйіп қалмаймын ба?» дегендей рай аңғартқан. – Егер өйтер болсаң, маған өкпедеме. Менен де, Бағыстан да аулақ жүр, – деп, кері бұрыла беріп ем, Құлжа: – Айтқаның болсын. Қойдым, қойдым. Ешқайсымыз ләм демейік. Әйтеуір, қонаққа барса болғаны. Жүдә, менің қызметімді көтермесе көтермей-ақ қойсын. Тек үйден дәм татсыншы. Ол кісіні құрметтеу парызымыз ғой, – деп лыпыл қаққан.
Екеуміз Бағысқа кіріп шықтық. Бәкең келер сенбіге қонаққа баруға ризалығын берді. Құлжа қуана-қуана үйіне кетті... Жазғы кеш. Есік алдындағы сәкіде ауданнан келген бір топ қонақ құс жастықта жантайып-жантайып жатыр. Самсаған электр шамдар. Дастарқанда дүниедегі жоқтан басқаның бәрі тұр. Құлжа аянбапты. «Жеңіздер, ішіңіздер» деген екі сөзді ғана айтып, қиыла қол қусырады. Ара-тұра ашаршылықтан келгендей опырып, ішіп-жей бергеніміз үшін бізді өзінше мақтамен бауыздап: – Айып ете көрмеңіздер, жағдай осылай боп қалды, – деп қояды дастарқан үстіне алақанын жайып. Құлжаның бұл сөзі оның сырын білетін маған «сен иттерге осыдан артық не керек. Мұндай бай дастарқанды өңдерің түгіл түстеріңде де көрмессіндер» деп отырғандай сезіледі. Аяғында мәсі-кебіс, басында қара тақиясы бар әкесі де май басқан домалақ денесін жеңіл қозғап, жорғалап жүр. Оның да айтары баяғы «алыңдар, жеңдер, көздеріңе көрінгеннің бәрін екі бүктеп көмекейге тастай беріңдер». Дегенмен, осында келгелі қонақтардың қас-қабағында әлдебір реніш бар ма, немене. Қойдың басы мүжіліп, сорпа-су ішіліп болған соң қайтуға жинала бастадық. Осы тұста Құлжаның әкесі қутыңдай жетіп кеп: – Әй, шырақ, сен бері шығып кетші, – деп Бағысты шетке қарай сүйрелей жөнелсін. Екеуі анадай жердегі қалың бұтаның ішіне еніп, көрінбей кетті. Ізінше Бағыс бұта ішінен бері қарай осқырына атып шықты. Оған ілесе Құлжаның әкесі де шықты. Домалақ шал Бағыска жармасып, жарбаңдап қалар емес. Бағыс сытылып кеп машинаға отырды да: – Айда! – деді шоферға. Машина зырғып ала жөнелді. – Не болды? – дейміз ауылдан ұзаған соң. – Өй, құрысын, – деді Бағыс кейіп. – Әлгі үй иесі бір пәле ғой өзі. Бір бағланды машинаның артына тыға кет те, баламның қызметін жоғарылат дейді. Бұған енді не дерсің! Сонда ол бізді қонаққа сол үшін шақырғаны ма? Мен есеңгіреп қалғандай болдым. «Оу, қу Құлжа! Ақыры өз дегеніңді істегенсің бе? Бәсе, жүрегім бірдеңені сезіп еді-ау. Әй, өзіме де обал жоқ...»
ӘЛІ-АҚ... Қ ұлқанбектің облыстық газетте екі жарым шумақ өлеңі жарияланған күні оны «айрықша» атай отырып, түйір талабы жоқ, жалғанның жарығында текке қыбырлап жүрген бәз біреулерді аямай күстаналасын кеп. Қызына келе өзін аузынан су аға тыңдап отырған тыңдаушысының құлақ шекесіне бірер жұдырықты қалай қондырып жібергенін де байқамай қалсын. Содан екеуі әй-да төбелессін... Құлқанбек сол күні аудандық газет редакциясына да келген. Осында там-тұмдап өлең жазатын Шәріпбайға: – Ей, біз сенімен әлі жыр майданында кездесеміз, – деп сұс көрсеткен. «Кездесеміз» деген сөзден шошып кеткен Шәріпбайдың кәдімгідей жүні жығылып, алдындағы атағы бүгін болмаса да ертең жер жарғалы тұрған талантқа жәутеңдеп қарағыштай берді де, «ағатай, бірер жүз грамға қалайсыз?» – деп жібере жаздап қалып, әрең тоқтады. Құлқанбек өрт сөндіру, санақ бөлімі, азаматтық қорғаныс, коммунальды шаруашылық, базар комитеті, шайхана тәрізді мекемелерге де бас сұғып айбат жасағанды. Бұрын ол жерлерде де тиіп-қашып жұмыс істегені бар. Ақыры «қой, жұмысы бар болсын, одан да бұл жалғанда алшаңдай басып, бос жүргенге ештеңе жетпейді екен» деген қорытындыға келген. Сөйтіп өмірді емін-еркін «зерттеуге» көшкен. Содан бері ерінбей ел аралап, жұртпен дидарласады. Олардан жаңа өлеңдерге арқау етердей әсер-мәсер алып, (ішіп-жеу тәрізді дәстүрлермен жалғаса) жұртқа бұл өлең жазу дегеннің қып-қызыл дозақ екенін тәптіштей айта бастайтын. Ондайда ерлер жағы кенеуі кетіп, көзі шүңірейген бұған мүсіркей қарап: – Иә, өлең жазу дозақ болса болар, – десе, кейбір аузы жеңілдеу әйелдер: – Өзімізге өлеңнен гөрі жыл сайын бір қара домалақты дүниеге келтіру оңай, – деседі.
Құлқанбек ауылдан ауданға қайтады. Автобуста өзімен қатар отырған біреуге қойнындағы газеттің шетін көрсетіп: – Мынадағы менің өлеңімді оқыдың ба? – дейді. Анау «оқыдым» десе масайрап, «оқымадым» десе табанда жыны қозып: – Надансың! – деп айбат шегеді. – Мұрнына ештеңенің иісі бармайтын бітеу неме! Бірде екеуміз аудан орталығында кездесіп қалдық. Шашы кеткен қобырап. Көзі алақ-жұлақ. Түймелері ағытулы. Қолтығында қазанның қақпағындай жалпақ былғары папка. – Жол болсын? – Мәдениет үйінде баяндама жасауға бара жатырмын. Шаруамызды ұмытып, ол да, мен де көшенің қақ ортасында тұрып қаппыз. Әлгі мәдениет үйінде бүкіл аудан халқы ұйып тыңдамақ боп зарыға күтіп отырған баяндама да жайына қала тұрсын. Құлқанбек әдебиет жайында пікірлесерлік кісі таппай қор боп жүреді екен, сонысын ескерте салысымен: – Байқайсыз ба, осы кезде өзі өлең не боп барады? – десін маған. – Астағыпыралла, не бопты? – деймін. Тегі, бұлай дегеніме Құлқанбектің қарны ашып кетсе керек, қолды бір-ақ сермеп: – Пай-пай, әттең, ақын емессіз-ау. Егер ақын болсаңыз, баяғы Қайсарбайдың ұлы Ыстыбай шешен «қу мен қу намазшамда жолығады» дегендей, мені бірден түсінер едіңіз, әттең-ай, – деді таусылып. – Сен сонда қайсы өлеңді айтып тұрсың? – деймін. – Бәрін, – дейді. – Осы күнгі өлеңдер өлең бе, Беке! Соны айтыңызшы! Әй, қайдам. Бірақ, қамықпаңыз. Әлі-ақ шатырлаған шабыттан туған нағыз өлеңдерді оқитын боласыз. Бәрі өз кезінде. Мен аң-таңмын. «Мына пәтшағар не деп тұр-ай? Қарапайым өрт сендіруші боп істейтін менен не ақыл сұрайды? Ақын бар ма дейді. Оны мен қайдан білуім керек? Әйтсе де, осы қу өзі бүгінде менен өтер мықты жоқ деп тұрғаннан сау ма екен? Тегі солай-ау. Ұсқыны маған сен соны неге ұқпайсың дейтіндей ме, қалай?»
– Әттең, Беке, қараңғылау адамсыз, қараңғылау. Бұл жағынан көп нәрсені түсіне бермейсіз, – деді тағы да маған түтіге қарап. – Шүкір, бізде ақындар жағы баршылық емес пе? – деймін. – Мәселен, Мақура, Қилау, Шилау дегендей... – Жарайды, – деді ол қатулана. – Бұл сөзді доғарайық. Бірақ, ұмытпаңыз. Мен де, сіз де бұл өмірге тек ет жеп, табақ босату үшін келген жоқпыз. Соны біліп қойыңыз. Тірі жүрсеңіз әлі көресіз. Мынау жарық дүниеде мына мендей ақын ініңізбен замандас, сырлас, дәмдес болғаныңызға бек мақтанатын кез алыс емес! Әлі-ақ... Сөйтті де ол басын кегжите, ірі-ірі адымдап жүріп кетті.
ҚАЛАЙША ҚЫЗЫҚПАССЫҢ? К өздері үнемі бозарып жүретін, қалқан құлақ, арықшалау жігіттің тарысы пісіп, жұрт қатарлы қызмет ете бастағанына екі жылдан асып барады. Қашан көрсең де биязы; өркөкірек, менмен деп әсте ойламайсың. Тұсаулаған аттай жүрісі майда, мінезі ұяң жігітпен жолыққан бойда шүйіркелесе кетемін. Обалы не, ол маған бірден ұнаған. Әрине, көбірек сөйлейтін – мен. Әйтседе, сөз сөйлеуге оның да дәл мен ойлағандай кара жаяу емесі байқалып келеді. Тіпті, шымшықтай Шімкөрегімнің шынашақтай кеудесінде жұдырықтай кісілік бар ма деп те ішім жылып қалған. Себебі, аратура «жағдай қалай?» десем, ол танауын көтеріңкіреп: – Мықты, – деп бас бармағын көрсететін боп жүр. – Жұмысыңа үйреніп алдың ба? – О деңіз! Тағы бір жолыққанда творчествосы жайында сұрап едім: – Төселіп келеміз ғой, – деді бозғылтым көздерінің айналасы күлмең қаға. – Осы күндері қолға қалам алдым-ақ, сөз дегендерің түйдек-түйдегімен ағылып, қағаз бетіне төгіле береді. – Тіпті жақсы. – Әйткенмен, жалқаулық менде де жетеді, Жүнеке, – деді ол тағы бір жолыққанымызда. – Осыдан екі ай бұрын жиырма бет очерк жазуды мойныма алып едім, сол бір пәле боп жабысып тұрғаны енді. – Мойынға алған соң жазған жөн, – деймін күмілжіп. – Өздері ғой, – деді екі ұштылау етіп. – Жалынған мен жоқ. Қыр соңымнан қалмаған соң... – Өткенде газеттен бір мақалаңды көрдім бе осы? – Иә, анау ғой. Оны да жазам деп үш ұйықтасам ойлаған жоқ едім. Өздері болмаған соң... – Жараған, жараған!..
– Осы күнде сондайлар көбейіп барады. Маза берсейші... – Ендеше кәсіподақ ұйымынан жолдама ал да, көз көрмес, құлақ естімес бір жаққа кет те қал. Айтпақшы, кәсіподақ ұйымына мүше шығарсың? – Боламыз ғой, – деді кеудесін көтеріп, – өздері айтып жүргелі қашан?! – Онда, төрем, соларды көп жалындыра бермей-ақ, кәсіподаққа мүше бола салсайшы. Пайдасы болмаса... былай... зияны тимес дегендей... – Өй, қам жемеңіз, Жүнеке! Өтеміз! Не ол? – Жараған. – Шүкіршілік, жаман ініңіз ешкімге қол жайып жүрген жоқ әзірге, Жүнеке! – Пәтер жағың қалай? Болатын ба? – Болмағанда ше? – Өздері ештеңе дей ме? – Демегенде ше? – Жараған, жараған. Барлық шаруаң өстіп өз-өзінен реттеліп жатса, жаман жігіт болмағаның. Ал енді, інім, үйленуді де ойлану керек пе, қалай? Бұл да бір ағалық ақыл демекші... – Не асығыс? – Дұрыс қой. Бірақ, інім, өстіп алдыңнан ақ жол ашылып, дәуірің жүріп тұрғанда... әлгі бірлі-жарым... айтпақшы, өздері тілек білдіргендей... қыз-қырқын дегендей... бола қалса... қапы қалмассың... демекші... біздікі жай ағалық... – Түсінікті, Жүнеке! –деді Шімкөрек кенет қарқылдай күліп. – Жараған! Бұл мәселе де шешілген дегін. Онда тағы бір ақыл айтайын. Тыңдай сал. Нең кетті! Мына түріңмен әлгі өздерінің... біреуі болмаса біреуі дегендей... күндердің күнінде... көңілдері түсе кетіп... кім білсін... «жақсы айтпай жаман жоқ демекші...» мә, қалқам, мынаны өз атыңнан бастырып шығар да, қызығын көре берші» деп... балпақтай бір роман жазып беріп, саған сыйға тартуы да ғажап емес-ау, сірә, а? Несі бар... Жазатайым солай бола қалған күнде, айналайын інішегім тек... тек... бас тартып жүре көрме... Сөйтіп қызық жа-
сап жүрме, жарай ма? Онда, онда ұтылғаның... білдің бе?.. – Жүнеке, меніңше олай бола қоймайтын шығар, – деді ол кәдімгідей дауыспен. – Кімге кім роман жазып беріп жүр дейсіз қазір. Романның аты – роман. Ол дегеніңіз не очерк, не мақала емес сізге. Оны қолдан келсе өзіміз жазармыз, келмесе... – Дұрыс қой, інім. Әншейін шаруаңның бәрін әлдекімдердің өздері жасап беріп жатыр деген соң айта салып едім де. Қайдан білейін, артық кетсем кешіре көр! – Оқасы жоқ, – деді ол жауын құртындай қызғылтым саусақтарын маған ұсына беріп. – Қош болыныз. – Сау тұр, інім! «Жараған!» деймін өз-өзімнен былай шыққан соң. «Шімкөрек шынында да болып-ақ келе жатыр. Жүрген ортасы мен қызмет орнында осыншалық қадірі бар жігітке қалайша қызықпассың?»
ЖҰМБАҚ АДАМ Т аңертең сағат сегізде кеңсеге келген Мәулен қабылдау бөлмеде отырған кешегі ілмиген арық қара жігітке көз қырын да салмай, кердиген қалпы бірден кабинетіне өтіп кетті. Ізін ала Лебай да кірді. – Барып қайттыңыз ба? – деді Мәулен, десе де Лебайды оншалық ұмытып қалмағанын сездіре. – Бардық. – Көрдіңіз бе? – Көрдік. – Дұрыс, – деді совхоз директоры, кезектегі бір қауырт жұмысты өз басы тындырып тастаған адамша кердеңсіп. Әрі қарай: – Алло, – деп, телефонмен сөйлесе бастады. – Өзінбісің, әй? Иә, мен... ғой... Саламат... Кешегі дайын ба? Ә, бопты... Кім, мен бе? Иә, жүремін! Бүгін түсте... Не?... Сойып? Мынадай ыстықта сонша жерге жеткенше булығып кетпей ме? Тірідей-ақ апарамыз. Ет жейтін әулиелер бір қойды өздері-ақ сойып алуға жэрайтын шығар. Ха... ха... Осы тұста өзіне сүзіле қарап отырған Лейбаға көзі түсіп кеткен Мәулен әлденеден тіксінгендей «жақсы онда» деп, сөзін кілт доғарды да: – Сөйтіп, сіз қайда істеймін дедіңіз, шырақ? – деді жас жігітке тесіліңкірей көз тастап. – Істейміз ғой, – деді Лебай күмілжіп. – Менде шаруаңыз бар ма? – Ферма жұмысшыларының шағымы рас боп шықты, соны хабарлап кетейін деп ем... – Не? –деді Мәулен селк етіп, – Шағым дейді? – Иә. – Ол қайдағы шағым тағы? – Кеше айтып ем ғой, сол! – Кеше?.. Е.. е!.. Енді есіме түсті, айтқансыз! Ал? – Енді қайтамын.
– Қайда? Ауданға ма? – Жоқ, әуелі «Байырқұмға» соғамын. – Немене, ол жақтан да арыз бар ма еді? – Енді былайынша... – Апырай, осы қазіргі жұрттың арыз жазудан өзге жұмысы қалмаған ба, немене өзі? – қабағын кіртите терезеге қарады. – Не боп барады өзі? Арыз да арыз, шағым дегендерден-ақ шаш ағаратын болды ғой, түге. Не істесек екен? – Егер шағым рас болса, түк те істей алмайсыз. Мына сөзден Мәуленнің жон арқасы тоңазып сала берді. «Мына неме не тантып отыр?» дегендей Лебайға сақтана қарады. «Әй, өзіме де обал жоқ-ау». Күні кеше осы немеге соншалық қыр көрсетіп қоқыраймай-ақ, сөзін жөндеп тыңдап, іштарта сөйлесе қойсам ғой, қазір енді бәрі де ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда дегендей еді. Енді міне, ең әрісі, қайда істейтінін де ашып айтпай, қитығып отырысы. Өй, осы менің жөнсіз жерде шіреніп қалатыным-ай». Бұл сәтте Лебай да кеше түстен кейін болған оқиғаны есіне алып отырған-ды. Лебайда жазық жоқ. Әуелі тура осында келіп, совхоз директорын екі сағат тапжылмай күтті. Мәуленді көрген бойда өзінің кім, қайдан екенін, келу себебін, бәрін айтқан. Бірақ, анау салғырт тыңдап, мән бермесе – амал не? Жұмысшылар комитеті председателін шақырып алып соған тапсырды да, қисайып кете барған. Лебай алыстағы фермаға рабочкомның салдырлақ машинасымен әзер-мәзер барып қайтты. Бір жақсысы, еңбек зая кеткен жоқ, маңдай тер өтелгендей болды. Алдындағы ілмиген қара жігіттің өзін соншалық еркін ұстап, еркін сөйлеп отырғаны Мәуленнің одан сайын құтын қашырып, сабырынан айрылта бастады. Сонда да сыр тарта түсу ниетімен: – Әйтеуір, шаруаңыз тынса бопты да, – деді даусы қобалжыңқырай шығып. –Сонымен, сіз енді, інішек, «Байырқұмға» жүресіз бе? – Иә, – деп Лебай орнына тұрды. – Апырай, енді аулымызға жолыңыз түсіп кеп қалғанда, дұрыстап қонақ етіп, жақындау да таныса алмадық-
ау, ә... – дейді Мәулен көлгірси күлімсіреп. – Әйтеуір, бізде осы бір ұшы-қиырсыз жұмыс деген бар. Кей-кейде өзіңнің де кім екеніңді ұмытып қаласың дегендей... Дегенмен, інішек, бүгінше осында қалсаңыз қайтеді? Былай аунап-қунап, арқа-бас жазып, демалсақ дегендей... «Байырқұм» жақын ғой, сонан соң-ақ... – Рақмет, – деді Лебай. – Қош болыңыз! – Інішек, бір минутке, – деді Мәулен аптыға сөйлеп. – Иә, – деп Лебай кідіре түсті. – Көлігіңіз бар ма? – Бар. Жиырма минуттен соң автобус жүреді. – Онда жақсы, – деді Мәулен жұмсақ үнмен. – Дегенмен, менің машинаммен баруыңызға да болар еді. Екі сағаттай бос. – Рақмет, ағасы, – деді Лебай сытыла бере. «Әй, дегенмен, бұл жігіттің кім екенін жөндеңкіреп білу керек екен» деп ойлады Мәулен, Лебай шығып кетісімен. Жалма-жан жұмыском председателіне телефон соқты. – Жартыбаймысың? – Мен, Мәке! Тыңдап тұрмын! – Кешегі бір қонақ жігіттің шаруасы тынып па еді? – деді өздеріне белгілі, атамзаманғы түлкі бұлаңға салып. – Е, тынған ғой, тынған, – деді Жартыбай дабырлап. – Ренжіткен жоқсыңдар ма? – Е, неге ренжітеміз: Ренжіткен жоқпыз. Прорабтың үйінде қонақ еттік. Әбден риза болса керек. Бірақ, ет те жемейтін, шарап та ішпейтін кірпияз неме екен. Сол жері болмаса... – Онда неменеге риза болады? – Неменеге болсын, асты-үстіне түсіп жалпылдап, жан қалған жоқ, Мәке! Одан артық не істеу керек? – Дұрыс болған, дұрыс! – деді Мәулен әлі де сабыр сақтап. – Түпкі мақсаты не екен, оны біле алмадыңдар ма? – Ой, Мәке-ай, сол бір шынашақтай немеде қандай түпкі мақсат болады деп едіңіз? Ол жағын тіпті, шынын айтсам, ешкім ойлаған да жоқ, Мәке! Сөзіме сен-
сеңіз, содан жүрексінудің де түкке керегі жоқ меніңше, білдіңіз бе? – Жүрексінбейміз, жүрексінеді деп кім айтты саған? – деді осы тұста Мәулен кіржие. – Иә, иә! Совхозға күнде келіп-кетіп жатқан жоқ па бұлар? Бұдан да зорларын көрдік емес пе? – Жөн, жөн. – Мәке! – деді осы тұста Жартыбай жұлып алғандай. – О, не? – Түстікке бірдеңе әзірлетеміз бе? – Менде бүгін уақыт жоқ. Көрші совхоздарға комиссия келген көрінеді. Соларға барып аяқ-алысын аңдасам деп едім. – Түстеніп, содан соң-ақ жүрмейсіз бе? – Жә, болды! Трубканы сарт еткізіп, орнына қоя салды. Бұл кезде оның көз алдында әлгіде осы кабинеттен қос тірсегі тоғыса (Мәуленнің ойынша, әрине), ілби басып шығып кеткен жас жігіттің сұстылау бет бейнесі мен кім-кімді де бейтарап қалдыра бермейтін ойлы кескіні тұрған-ды. «Қап, жаңа Жартыбай қудан оның қай жерде істейтінін сұрауды тағы ұмытып кеткенімді қарашы» деді іштей ызаланып. «Осы бір ұмытшақтық дегеннен-ақ қалдымау пәлеге. Қой, оған қайта телефон соғайын». Телефон трубкасына ол қайта қол созды...
ҚҰДЫРЕТ А қ тұман жамылған қала көшелерінде адым жерді көру мұң. Жүруі тиіс болған соң жүріп келе жатқан машиналар қозғалысы тым баяу. Қонтай мінген автоубус та ілбіп келеді. Бағыт – аэропорт. Иә, бағыт – аэропорт. Біреу ұшу керек, біреу күту керек, сондықтан, бәрі де тез жету керек. Автобус ішінде ине шаншар орын жоқ. Иін тірескен адам. – Шынтағыңды әрі тарт! – Бүйірімді ойып жібердің ғой, ей? – Ойбай, аяғым! Не деген оңбағансың! – Өзің оңбаған! Мұның аты автобус, білдің бе? Жайлы жүргің келсе, таксиге мін! Ә... ә!? Ақшаңды аяймысың? Жұрттың бәрі тықыршулы. Алма-кезек білектерін жоғары көтеріп, бастарын шалқайтып, сағаттарына қарайды. «Қап, он бес минуттік жолмен бір сағат жүретін болдық-ау? Не деген қырсық!» «Қу тұман-ай, қу тұман!» Мұндайда, ең абзалы, – жұмған ауызды ашпау, не болса да шыдап бағу. Сондықтан, үйінен басына айналма тұмақ, үстіне астары жүн пальто киіп, мойнына жүн орамал салып, сықия киініп шыққан Қонтай өзімен-өзі боп, маңғаз отыр. Біреулер мұның да аяғын басып, иығынан жұлқыса да, үндемеуге бейіл. Келе жатқан мақсаты өзіне аян: бөтен жақтан келетін бөтен біреуді қарсы алу. Қарсы алып қана қоймай, бұрын түсінде де көрмеген сол бөтен адамды қонақүйге орналастырып... орналастырып қана қоймай, әрі тамақтандырып, әрі басқа да өтініштері болса, оларды да орындап, сонан соң ғана үйіне оралуы тиіс. Бұл – тапсырма, ендеше ол орындалуы лазым. Қонтай тағы да аэропортта қарсы алуы тиіс адам жайында аз-мұз ойға түсті. «Мінез-құлқы қалай, жасы қай шама, түр-түсі қандай?» «Онда шаруам не? – деп ой-
лады ізінше. – Қонақүйге орналастырып, шай ішкізіп, риза етсем болды емес пе?» Әрине, танымайтын адамды тауып алу да онша қиынға түспес. Радио арқылы анықтама бюросына шақырса, – бітті. Онан соң, таңертең телефон арқылы... – Міне, осы тұста Қонтайдың ойы кілт үзіліп, лезде басына қан шапшып, тосыннан пайда болған ашу-ызадан тұла бойы қалшылдап кетті. – Байқамайсыз ба? – деді ол иығына домалап түсе берген айналма тұмағын қағып алып жатып, әлдебір жуан денелі әйелге қарап. Әйел «мен ештеңе білмеймін» дегендей, иығын қиқаң еткізе берген сәтте Қонтайдың желке тұсынан: – Әй, сенің не шаруаң бар? Мұның аты автобус, соны білгін, – деген қатқыл дауыс естілді. – Жөнделіп тұру керек! – деді сол дауыс тағы да. – Оны сізден үйренбеспіз, – деп қалайша айтып салғанын Қонтайдың өзі де аңғармай қалды. Сол-ақ екен, әлгі ұзын бойлы, арық, қара кісі одан сайын дүрсе қоя берсін. – Бәріне мен кінәлімін... Кәне, сол үшін айтарың болса маған айта бер, – деп тықсырып барады. – О, халайық, міне дәл осындайлардың қырсығынан автобуста тәртіп бұзылады! Бұлай боларын күтпеген Қонтай қызарақтап, қысылып қалды. – Бұл азаматтың бас киімін қағып түсірген сізсіз. Сондықтан кешірім сұраңыз! – деді әлдекім ұзынтұраға. – Тек тұрған кісіге неге тиіседі-ай? Мына сөздерден Қонтай өзіне аздап пана тауып, жеңіл сезінгендей болды. Ұзынтұра бұған оқты көздерімен ата қараған бойы сонадай жерге барып тұрды. Әйтсе де, Қонтай әжептәуір ренжіп қалған-ды. Апырай, осындай бір аяқ астынан кезігетін реніш дегенге, сірә, не айтарсың. Жарайды, өтсін де кетсін делік... Онан соң ше? Қонтай қайтадан әлгі ойын жалғастыра бастады. Алыстан келе жатқан бейтаныс адам... Анықтама бюросы. Қонақты қарсы алу... Қонақүйге жайғастыру... Онан соң, таңертең телефон арқылы... Иә, дәл осы жерге келгенде ойы үзіліп кетіп еді-ау. Сөйтіп, таңертең телефон арқылы міндетті түрде сол қонақтың хал-жағдайын, қа-
лай ұйықтағанын, көніл-күйінің жалпы бағдарын біліп қою да парыз іспетті... Аэропортқа жеткенше әлгі ұзынтұраға Қонтайдың көзі қайта-қайта түсе берді. Ол да бұған жақтырмаған раймен қарайды да, дереу көзін тайдырып әкетеді... Аэропорт басы ығы-жығы. Қонтай теңселіп көп жүрді. Ұзынтұрамен талай рет бетпе-бет жолығып қала берді. Екеуі екі жаққа қарап өте шығады. «Бұл өзі бір жаққа ұшқалы жүрген адам ба? Онда неге ұшпайды екен?» деген бір ой келеді Қонтайға. «Қойшы, не шаруам бар сонда». Диктордың даусы естілді: «Жолаушы азаматтар! Б. қаласынан... рейспен самолет келіп қонды...» Қонтай анықтама бюросына жүгірді. Жағдай айтты. Осылай да осылай. Қонақ... Қонақ та көп күттірген жоқ. Әне-міне дегенше анықтама бюросына жетіп келді де: – Мен... – деді... – Сізді күтіп отырған мен едім, – деді Қонтай да. – Бірінші келуім еді. Қалаларыңыз ғажап екен, – деді айналасына алақ-жұлақ қараған орта жасар ер кісі. «Апырай, тыста жеті қараңғы түн, тұман. Есіктен шықпай жатып, ғажап екенін қалай ғана білді екен бұл азамат. Өзі біреуді іздеп тұрғаннан сау ма осы?» Қонтай өстіп ойлағанша болмай, қонақ кенет әлдекіммен ұмар-жұмар құшақтаса кетсін, онан соң атыжөндерін атасып, қайтадан танысқандай болды. Танысып жатқаны, – о, тоба дерсіз, – манағы ұзынтұра. Сол, сол... Нақ өзі... Алыстан келген қонақ ұзынтұраға жалма-жан Қонтайды меңзеп: – Бұл жолдас мені ресми түрде қарсы алуға келген жолдас. Сіз болсаңыз менімен қоян жылы хат арқылы танысқан ескі доссыз, – деп екеуін қол алыстырды.. Қонтай мен ұзынтұра бір-бірін тұңғыш рет көріп тұрған адамдарша сыпайы жымиысып, құшырлана қол алысты. – Кәне, енді жүреміз бе? – деді Қонтай, қонақтың чемоданын көтеруге ыңғайланып.
– Чемоданды сіз алдыңыз ба? Онда мен такси ұстауға кеттім, – деді ұзынтұра елпектеп. – Әуре боп қайтесіз, өзім-ақ ұстаймын ғой, – деді Қонтай жылы шырай, жайдары қалыппен. – О не дегеніңіз, қонақжайлық бәрімізге ортақ нәрсе ғой, – деген ұзынтұра бұдан әрі бөгелмей, сыртқа ұмтылды... – Рақмет сіздерге! Көп рақмет! – деді қонақ таксиге жайғасып жатып. – Өте инабатты екенсіздер. Рахмет!. Автобустай емес, такси жылдамырақ жүріп келеді. Таксидегі үшеу мәре-сәре. Әңгіме-дүкен барған сайын қыза түскен... Ал енді айта қойыңызшы, қонақжайлық құдіреті дегеніміз осы емес пе?..
ДЕМАЛЫСТА Д емалушы жұрт күн сайын сағат бестен кейін санаторий алдындағы гүл алаңында ары-бері теңселіп, серуен құратын. Өзімен-өзі сырласып, жападанжалғыз, үнсіз жүрген әне бір орта бойлы, қара торы жігіт, неге екені белгісіз, Маржанкүлге бұрыннан таныс адамдай боп көріне берді. Бірақ, еш есіне түсіре алмады. Аяқты асықпай басатын маңғаз жүріс-тұрысына, жұп-жұмыр дене бітіміне қонымды күрең костюм-шалбар мен жібектей үлпілдеген көтеріңкі бұйра шаштарына қарағанда, әрине, бұл жігіт онша тегін еместей. Өзі ешкімнің бетіне тіктеп қарамайды. Міне, кеше кештен бері Маржанкүлге де, ең болмаса бір рет назар салған жоқ. Кинода да, асхана, кітапхана, мына гүл алаңында да сол. «Апырай, осы менікі не!» – деп ойлады кенет Маржанкүл. «Осының кім болғанының маған керегі не? Өзім секілді демалушының бірі шығар да». Шынында да жасы пенсияға жуықтаған Маржанкүлге бәрінен де бұл жігіттің қызмет дәрежесін білген қызығырақ тәрізді еді. Дәу де болса мына жігіт лауазымы биік біреу болуға тиіс. Оған басты дәлел – маңғаз жүрісі, киген киімі, әсіресе, аяғындағы биік өкшелі әсем туфлиі. Айтпақшы, бәрі де сол туфлиден басталып еді-ау. Маржанкүл бұл жігіттің алғаш өзін емес, туфлиін көрген болатын. «Мұндай адаммен танысып алғанның зияны жоқ. Тегі, осы өзі бір аса ірі базаның директоры болмаса неғылсын». – Інішек, кім боласыз? – Кім болушы ек, адамбыз да! – Адам екеніңізді көріп тұрмын ғой. Қызметіңізді айтамын. Кім болып істейсіз? – Оны қайтушы едіңіз?
Олардың арасында, әрине, мұндай әңгіме болған жоқ. Сонда да осылай ойлаған Маржанкүлдің жүрегі өз-өзінен су ете қалды. «Ой, құрсыншы» деп ойлады. «Жаман шалдың арқасында не жетпей жатыр осы маған?». Астанада тұрған пәленбай жылдан бері Маржанкүл қаладағы пәленбай жүздеген магазин, дүкен атаулының ешқайсысын дұрыстап араламаған еді. Мықтағанда, кейбірінің ішінен тек апыл-ғұпыл сүзіп өте шығатын да, сонымен тынатын. Ал, керек-жарағын түгелдей тек қойма, базалардан ғана таңдап жүріп алатын болған соң, магазиндерде жөні түзу зат болады деп те ешқашан ойламайтын. Сондықтан ба, әлдебір қымбат қат затты кезекке тұрып сатып алдық дегенге мүлде сенбейтін. Ондайларға қолдан кірпік жапсырған сұр көздерімен ежірейе қарап, қатты таңданатын. Тәуір киім киіп жүрген адамның бәрін тек лауазымы жоғары деп ойлайтын сырқат та содан қалған-ды. Гүл алаңында серуендеп жүрген Маржанкүл осындай ойлармен келе жатып, әлгі маңғаз жігітпен тағы да бетпе-бет ұшырасып қалды. Өзіне бақшия қараған соң ұялды ма, маңғаз жігіт бұл жолы: – Қалай, жеңгей, шөлдеген жоқсыз ба? – деп ізетпен жымиды. Мұны «қымбат бағалы коньяк ішесіз бе?» дегені ғой деп ұққан Маржанкүл: – Әуелгі жол біздікі ғой, қайным, – деді алтын тістерін жарқ-жұрқ еткізе езу тартып (обалы не керек, күлгенде өңі ажарлы көрінетін). Біздің демалып жүргенімізге жарты айдай боп қалды, ал сіз, жаңылмасам, бертінде келдіңіз ғой деймін, ә? – деді кілт тоқтай қалып. Маңғаз жігіт: «кеше» деді де, жүре берді. Қозғала бере Маржанкүлге қарай басын иіп қойды. Маржанкүл де басын ие жаздап барып, бойын азар жиып үлгерді. Әр-сәрі боп тұрып қалды. Жігіттің ту сыртынан тағы да тұла бойын тінте қарады. Қатып тұр. Костюм, туфли қандай? Айтпақшы, галстугі де әсем-ақ. Шамасы, француздық галстук-ау. Бұрын-соңды ешкімнен көрмеген... «Мені менсінбей кетті» деп ойлады жігіт жайлы. Бір сәт жігіттің мысы басып, өзін жасып қалғандай сезінді.
«Иә, тегін адам емес, әттең, әлгіде шөлдедің бе дегенде шөлдедім деп неге айта салмадым екен? Сонда, бәлкім, дұрыс болар ма еді, қайтер еді?» Гүл алаңында серуендеуші жұрт қарасы молая түсті. Жүре-жүре аяғы талған Маржанкүл сәл демалмақ боп қою көлеңкелі орындыққа барып отырды. Ұзамай жанына әлгі маңғаз жігіт те келіп отырды. «Ә, бәлем, ақыры келдің бе өзің? Енді маған бір нәрсе деп көрші. Үнімді шығармай сілеңді қатырайын. Біздің де тайшы атымыз болмаса да, қойшы атымыз бар. Әлі біреу-міреу елемей кетердей халге жете қойғамыз жоқ. Қарай көр өзін». Бірақ, бейтаныс жігіт жуық арада ләм-мим дей қоймады. Өзімен-өзі. Аспанға, ағаштарға, гүлдерге қарайды. Бір кезде ғана: – Не деген сұлулық? – деп күбір етті. – Қалай? – деді әңгіме өзі туралы ма деп ойлаған Маржанкүл. – Ғафу етіңіз, неткен сұлулық мынау? – Ә, – деді де қойды Маржанкүл. Оның сүрмелі көздері тағы да жігіттің әсем туфлиіне түсті. Ғажап! Бұрын-соңды көрмеген заты. «Иә, мұндай киімді тек мынадай алдынан күлімдеген күн туып тұрған адамдар ғана киеді, әрине». – Жеңгей, әлі шөлдеген жоқсыз ба? Егер шөлдесеңіз қымыз бар. Келгенім кеше. Айып етпесеңіз, жүріңіз, қымыз ішейік. – Рақмет, – деді Маржанкүл сыпайылык үшін. – Іше жатармыз. «Міне, енді сөз басқа» деп ойлады ішінен. «Танысу деген осы. Енді бұйырса, дәл мынадай туфлидің бірін өз шалыма да алып берермін. Алып бермесем де, осындай үлкен адаммен таныс болудың зияны жоқ шығар. Көптік етпейді». – Жайлаудың қымызы, – деді жігіт осы сәттегі бар әңгіме нақ бір қымыз жайлы болып отырғандай-ақ. – Бұл жерде ондай қымыз бола қоймас. – Қымыз ба? Е, қымыз жақсы ғой.
– Қымызды мен өзім ашытамын. Бала кезден үйренген кәсібім, – деді маңғаз жігіт одан әрі. – Қымыз ашыта білмеген жылқышы жылқышы ма? Маржанкүл жігітке мойнын әнтек бұрып шошына қарады. Онан соң оның туфлиіне қарады. Өңінде таңдану бардай. – Кәне, жүріңіз, – деді жігіт. – Осында сізден басқа бір адамды да білмейді екенмін. Тіпті, сізді де осы әлгіден бері ғана көріп... – Ішеміз ғой, – деді Маржанкүл селқос түрмен. – Шынымен өзіңіз ашытқан болсаңыз ішерміз. – Өтірігі жоқ, өзім ашытқамын, – деді маңғаз жігіт. – Әдейі ала келіп едім... Маржанкүл кілт басы айналғандай, шекесін ұстады. Көздерін жұмып еді, нақ маңдай алдына маңғаз жігіттің кос туфлиі кеп тұра қалғандай болды. Бұл не сонда, өңі ме, түсі ме? Маржанкүл түк түсінер емес...
БІРЕУЛЕРДІҢ СӨЗІ Т елефон шылдыр етті. Әйелі күйеуіне қарады. Күйеуі әйеліне қарады. Әйелі «трубканы сен көтер» деп ым қақты. Күйеуі «сен көтер» деп ым қақты. Әйелі қабағын түйіп, көзін алартты. Орнынан қалайша тұрғанын аңғармай қалған күйеуі салбыраған жуан қарнын қос қолымен қапсыра құшақтаған бойы барып, трубканы қалайша көтеріп алғанын да аңғармай қалды. Көтерді де, әуелі үн шығармай біраз тың-тыңдады. Мойны мен қарны жуан болғандықтан, сырт кейпі қомақты көрінетін жарықтықтың ұзын қос сирағы шидей нәзік-ті. Сондықтан, мына қазіргі көрінісі жайма көлдің үстінде итбалық аулап жеп жүрген көкқұтанға ұқсай ма, қалай? – Иә, – деп күңк етті үй иесі. – Алло, бұл қайсың? Неменеге үндемейсіңдер, түге? – деді трубкадан әлдебір шыдамсыз, ащылау дауыс. Трубкадағының сөйлесуге болатын адам екеніне көзі жеткендіктен, әп-сәтте шикі өкпедей бозарған бет-аузына қызыл ала қан жүгіріп, көздері сығырая қалған үй иесі: – Сәлеметсіз бе? – деді жұмсақ дауыспен. – Сәлеметпіз, – деді ар жақтан. Дауыс ырғағында реніш бардай. – Трубканы көтерген соң дыбыс шығару керек, – деп жеңіл ескертпе де жасап қойды. – Мейлі, түсінеміз, – деп жуып-шайды онан соң. – Әйтеуір, тегіс амансыңдар ғой? – Аманбыз, – деген үй иесі «қап, аздап ұят жасап алдым ба, қалай» деп абыржығандай болды өзінше. «Телефон соққан кісінің дәл сол екенін білгенде, басынан-ақ басқаша болар еді, әрине. Кейде өстіп жазатайым керекті адамдардың көңіліне тиіп алатынымыз бар да. Қап».
Осы сәтте әнеукүні бір әріптесінің «қазір жұрттың үйіне телефон соғу қиындап кетті. Трубканы алайын ба, алмайын ба деп сызданатынын, немесе ұлына, не қызына (кейде әйеліне) көтертіп, адамына қарай «бар не жоқ» дегізетінін айшылық жерде тұрып-ақ исінен сезе қоясың. Сондықтан, кейбіреулердің үйіне телефон соққың да келмейді» деген сөздері жалма-жан ойына түсе кетсін. Әріптесі солай дегенде бұл да қостап: «Иә, ондайлар болады» деген. «Өзіміз әзірше аманбыз» деген (әлдеқашаннан бері-ақ аман емесіне басты куә өзі болса-дағы). – Әй, сен өзің естіп тұрсың ба, жоқ па мені? – Естіп тұрмын, естіп тұрмын, – деп лыпыл кақты трубкадағы саңқ еткен үннен селк еткен үй иесі дереу есін жия қойып. – Қалай, шаршамай жүрсіз бе? Анадағы не болды? Алдыңыз ба? – Нені? – Анау ше? Айтып жүруші едіңіз ғой. Телефоннан сәл нетіп жатырмын да... қысылып дегендей... – Е, ол болып тұр ғой, – деді сәл кідірістен соң, аржақтан. – Болмай көрсінші (бірақ, ар жақтағы дауыс иесі бер жақтағының нені сұрап тұрғанын, бәрібір есіне түсіре алған жоқ). – Тамаша! Ғажап! Онда бәріміз үшін абырой болды дей беріңіз. Егер сол нәрсеге тезірек қолымыз жететіндей күн болса, жууы менің мойнымда! Құп па? – Сенен басқаға өзім де жуғызбаспын. – Біз де аманбыз, – деді енді үй иесі сөзді әрі жалғастыра түсу үшін басқа арнаға қарай кілт бұрып. – Аман екеніңді көріп тұрмын, – деді трубкадан. – Саған аздап мұңымды шаққым келіп тұр. Қалай көресің? – Ойбай, не дейді?! Тыныштық па? – Әлгі лақылбай, саңғырбайлар бар емес пе? Солар біздің Рекстің (итін айтады) тұқымы таза емес, дүрегей иттермен шатысы бар-мыс деп өсек соғатын көрінеді. Өсек жұртқа жайылмай ма? Шет жағасы өзімізге де естіліп жатады. Бәрінен де кере-біле жүріп, ақты қара, қараны ақ дейтіндеріне отқа түспей-ақ күйіп кетеді екенсің... күйіп... – Әй, бейпіл ауыз не демейді. Айта берсін!
– Айта берсін ғой, әрине. Сонда да ақты қара, қараны ақ дейтіндеріне отқа түспей-ақ күйіп кетеді екенсің, білдің бе? Міне, осы жағы... маған... – Айта берсін дедім ғой. Айта берсін. Сол лақылбай мен саңғырбайларыңыз сіздей-ақ болып алсыншы әуелі! – Түсінемін. Бірақ, сен айтшы өзің, біздің Рекстің тұқымы таза ма, жоқ па? – Таза. – Дүрегей иттермен шатысы бар ма, жоқ па? – Жоқ. – Мінеки, бұл сөзің нағыз сөз-ақ. Жеңгең екеуміз бес жылдан бері Рексті босқа әлпештеп жүр ме екенбіз? Ол өзіміз ішпейтінді ішіп, өзіміз жемейтінді жейтінін де сен жақсы білесің. Солай ма? – Әрине, солай. Ім... сіз маған мынаны айтыңызшы. Қазір мезгіл жаз. Күн ыстық. Рексжанның асқа тәбеті қалай осы? – Қалай болсын, нашар! – Ім... Солай деңіз. – Солай. Кей-кейде Рекстің тәбеті тандырдай тартылып қалғанда, жеңгең екеуміздің қос бірдей шыбын жанымыз қосыла шырқырап, ту сыртымыздан қақ жарып қосыла далаға шығып кете жаздайды-ау, шығып кете жаздайды. Әне, біздің халді сонда келіп көрсең! – Сөйтіп, ондай шақта Рексжан аш қала ма? – Не десем екен... иіскеп, шұқып дегендей, былай әйтеуір бірдеңе-сірдеңені там-тұмдап жеген болады... Бірақ қайбір жарытады дейсің... Онда да тек буы бұрқыраған майлы қуырдақ болса ғана... – Дұрыс, түсіндім. Ендеше, дәл осы жерде сізге бір пайдалы ақыл айтсам қайтеді? Тыңдайсыз ба? – Айт. Көрелік. – Айтсам, сіз қазіргідей күн ыстық кезде Рекске күніне үш мезгіл үш литрден мұздай сыра ішкізіп тұрыңыз. Сонда кебекке жуа турап берсеңіз де, екі көзін жұмып, басын шұлғи тұрып соға беретін болады. Тіпті, майлы жуындыны да ішіп, өздеріңізден артылған сүйек-саяқтың да бәрін жым-жылас етіп, мүжіп тастамаса, маған келіңіз.
– Саған? – Маған. – Онда не.істейміз? Карта соғамыз ба? – Міне, бұл басқа әңгіме енді, ә? – Иә, Рекстің жайын осымен доғарайық. Жетер. Ит жөнінде осынша мылжыңдасқанымызды сырттан біреу естісе ғой, қандай қызық болар еді, ә? Ой, аллам сақтасын де! – Айтқандай, қазіргі кезде өз денсаулығыңыз қалай? Аздап бауырым сыздап жүр дегендей етуші едіңіз? – Е, қалып тұрмыз ғой. – Неден? – Көп нәрседен. – Мәселен? – Мәселен, дәл осы күндерде бұл ағаңа қара уылдырық атаулы мүлде жақпайтын болып алған. Жедім дегенше-ақ асқазан, ұлтабар, көк бауыр, өкпе, жүрек – бәрі итше шуылдап, тұс-тұстан бас көтеріп шыға келеді дейсің. Сонан соң не амал. Қарасын қойьш, қызылын ғана жейтін болдық. Сол ғана әйтеуір... біраз бойға дарып... аздап сіңеді дегендей... Аздап бал жалап тұратын да өнер шығарғанбыз дегендей... – Оған да шүкір деуіміз керек екен де онда. – Әрине, шүкір демегенде, сонша... бір... бізді... – Ал, енді ағасы, менің де өзіңізге былай көптен бері айта алмай жүрген бір бұйымтайым... Олардың сөзі дәл осы жерге келгенде осы үйдің иесімен басқа бір қаладан басқа бір адам сөйлесетін бола қалды да, әңгіме күтпеген жерден бөлініп кетті... – Кешіріңіз, біраздан кейін өзім сізге қайта телефон соғайын, – деп айқайлады үй иесі асығыс халде... – Соқ, соқ. Күтемін! – деген жауап естілгендей болды ар жақтан...
ТОПАН СУ Әлденеден тыныстары тарылып, тұншығып бара жатқандай болған ерлі-зайыпты Бармақ пен Үнзира түн ортасы шамасында шырт ұйқыларынан шошына атып түрегелсін. Бөлме іші ақ тұман, қапырық, аппақ будан ештеңе көрінбейді. Терезе көздері ғана еміс-еміс сығыраяды. Бір шеттен сарқырай аққан судың дыбысы естіледі. Алғашқыда монша ішінде отыр ма екенбіз деп ойлап қалған ерлі-зайыптылар қараңғыда қарманып кереуеттен түсе бергенде жалаң аяқтарын едендегі ыстық су қарып, баж-баж ете қалысты. – Ойбай, қос табаным! – деп зар қақты Үнзира. – Күйіп қалды-ау! Жидіп қалды-ау, қайтейін! Балалар не күйде екен, а? Балалар!.. Жан дәрмені қалмаған Бармақ кереует түбіндегі дәу етігін шала-шарпы киді де, ыстық суды шалпылдата кешіп, қарсы бөлмеге қарай жүгірді сүріне-қабына. – Балалар аман! – деген дыбыс естілді ол жақтан ізінше. – Терезе ашық екен, әйтеуір. Мұнда су көп емес. Бу да аз. «Құлындарым-ай!» – деп кемсеңдеді Үнзира. – Аман екенсіңдер-ау, шүкірлерім! Ой, тәңірім-ай! Түн ішінде төрт бөлмені түгел су алын кетіпті деген не сұмдық!» Орнынан тұрған Үнзира қабырғаны сипалап барып шам жағып еді, электр лампалары сол мезет шарт-шарт сынды да, қайтадан қара түнек орнады. «Түсінікті, – деп топшылады Үнзира өзінше. – Су жоғары жақтан келген. Көршілердің бірінен. Тұра тұрыңдар, бәлем!» «Үй дайын. Көшіп кіре беріңдер деп жанымызды қоймап еді оңбағандар. Асықтырғандағысы осы ма енді», – деді қорқыныштан, әлде қобалжудан аяқ-қолдары дірілдеп, иегі сақ-сақ еткен Үнзира, іштей құрылысшыларға ашуланып. «Мінеки, енді көк те, жер де
көлкіген су! Топан су! Бәсе, өзім де білуші едім-ау көп ұзамай осылай боларын!» Су кешіп барып жалма-жан терезені ашты. (Аяғына етік киген еді ол да. Сондықтан аяғы күйген жоқ, шүкір). Түйдек-түйдек ақшыл бу паровоз түтініндей болып далаға атылсын деңіз. Енді аңғарса, он қабат үйдегі барлық пәтердің терезесінен ақ бу атқылап жатыр екен. Біреу киімшең, біреу киімсіз дегендей, жұрттың бәрі тыста жүр. Қолдарын бұлғап, бастарын ырғап, өңештерін кере бірдеңе айтқан болады шеттерінен. Айқай-шудан құлақ тұнғандай... Астанада таяуда ғана пайдалануға берілген бұл үйді (экспериментті деген де аты бар) түн жарымда табан астынан топан су басады деп кім ойлаған дейсіз? Жазмыштың ісі шығар да. Біздің аузымыздың салымы бар, жер бетіндегі ең биік, ең мықты, ең әсем үйге ие болдық деп жиырма шақты күннен бері мақтанып жүрген жоқ па еді бұл үйдің тұрғындары. Солайы солай еді ғой, бірақ... Міне, енді жаңа да әсем үйдің тұрғындары мына күтпеген оқиғаны түн ортасында, ашық аспан астында өздерінше талқылауға кіріскен. Қазір жарық қайдан болсын?! Батуға таянған бозғылтым айдың болмашы сәулесінен жұрт бірі-бірінің өң-түсін әзер-әзер көреді. (Абырой болғанда, мезгіл жаз ортасы, әйтеуір). Тұрғандардың ішінен ешкім тоңып кеттік-ау демеді. – Кухняда бір қап ұным бар еді. Бәрінен соған ішім ашып тұр, – деді тек басына кимешек салған, шүйкедей қара кемпір. – Басқасы әдірем қалсын! Есіл ұн бұл кезде ыстық сумен қосылып, ағып кеткен шығар да! – Қап, ертең біраз дос-жаранды қоныс тойына шақырып қойып едік, бізге сол батып тұр, – деді ұзын бойлы, мойны сорайған, аққұба жүзді жас жігіт. – Біразы өзімнің тікелей басшыларым еді, әттең-ай, әттең-ай! – Әлі газ келген жоқ қой. Тамақты қалай пісірмекші едіңдер сонда? Бұл жағын ойлап па едіңдер? Біз болсақ...
– Оның амалы күнілгері ойластырылған, бірақ сізге айтылмайды!—деп қарқ-қарқ күлді ұзын мойын иесі. – Құпия! Құпия!.. – Мен ертең кір жуатын едім, – деді жас келіншек. – Бізде аптасына бір-ақ рет демалыс қой! – Мен ертең осы ғұмырымның ішінде бірінші рет өз үйімдегі ваннаға түспекші едім, – деп күйінді, өзін көршілеріне геологпын деп таныстырған бұйра бас, ересек жігіт. – Даладан келгенім кеше еді! – Ау, жарандар, бұл үйдің ыстық суы қай жерінен жарылыпты өзі, сірә? Соны білдіңдер ме? –деп caңқ етті біреу, дәл осы түста. – Оны білгенде қайтеміз? Ал, оныншы қабаттағы кран жарылды екен делік. Сонда не істейміз? Бәрібір емес пе, қайдан жарылса да?! – Рас, рас! Ыстық су краны оныншы қабатта жарылған! Әне, қарасаңдаршы жоғарыға! Көрмей тұрсыңдар ма? – Көріп тұрмыз! Бұл кезде оныншы қабаттан ысқырына атылған ыстық судың екпіні бұрынғыдан да күшейе түскен-ді. (Жұртта зәре жоқ.) – Әй, көген көздер-ау, үйді салған бастықтардың бірі бізбен тұрады демеуші ме еді? Сол қайда екен? Бар ма екен өзі мұнда? Соған көрсету керек еді мұның бәрін! Бәлкім... – Бармын! – деген жіңішке дауыс естілді бір тұстан. – Не айтпақшы едіңіз? Үйді салған менің бір өзім бе екенмін? – Бұл қалай дейміз де, баяғы. Бір білсе, сіз білер дегендей... – Оны мен қайдан біледі екенмін. Әлде оныншы қабаттан аққан ыстық су мен тұратын бесінші қабаттан айналып өтеді деп пе едіңіз? – Кім білсін. Солай болуы да ғажап емес шығар да?! – деп жұртты ду күлдірді әлдекім. – Жолдастар! Қылжақты қоялық! – деп күр етті қартаң кісі. – Әлгіде авария мекемесіне телефон соқтық деген кім еді? Жөндеушілер қашан келеді түге?! Мәселе сонда!
– Әне, келеді, – деп шаңқ етті біреу! – Келе жатыр, алақай! – Бақытты екенбіз, – деп көзінің жасын сүртті әлгідегі бір қап ұнымды су шайып кетті деп тұрған кейуана. Бұл кезде сәл былайырақ жерден бүйірінде «авария қызметі» деген жазуы бар абажадай-абажадай қос машина қоныр қаздай тізіліп өтіп бара жатты. Жұрттың бәрінің иықтарынан ауыр жүк ысырылып түскендей. ... Бармақ пен Үнзира бір-бірлеріне қарап үнсіз мырс еткендей болысты. Олардың неге мәз болып күлгендерін ешкім білген жоқ, әрине. «Әй, эксперимент үйлеріңе болайық» деп қынжылғаннан сөйтті ме екен. Әлде шылқа-шылқа су болған азын-аулақ дүние-мүлік пен қабырғаларын ыстық су шайып сұрқы кеткен бөлмелерге жандары ауырғаннан күлді ме... Белгісіз... Екеуі де беймаза халде, көңілсіз. Жалғыз солар дейсіз бе, осы бір тағдыр маңдайға жазбай-ақ қойғыр, сәтсіз минуттерге риза кім болмақ? Жұрттың еркінен тыс шақырылған түн ортасындағы тосын жиналысқа қатысушылардың бәрі дел-сал, мең-зең. Көбісі біріне-бірі қараған қалыпта ауыздарын ашып есінейді. Көздерінен жас мөлтілдейді. «Ах-ух» дегендей күрсіністер естіледі. Көбісі жас әйелдер-ау, шамасы. Әлде шалдар ма? (Иә, ол жағында неміз бар? Бәрібір емес пе?) Жаңа да жайлы үйге кіріп, айлары оңынан туған сабаздарға осындай бір шақтарда тіпті жаның да ашиды екен өзі. Ендігі жерде қала құрылысшыларының өздеріне күнілгері қандай «сыйлық» әзірлегендерін біле алмай қапыда қалған экспериментті үйдің тұрғындарына бізден не қайран бола қояр екен дейсіз?..
ЖЕЛКЕСІ ҚИЫЛҒАН ҚИЯЛ Тау бөктеріне орналасқан шағын ауылдың орта шеніндегі алты бөлмелі ағаш үйдің сырт көрінісі алысырақтан қарағанда сәнділеу көрінгенмен, аулаға кіре берген бойда көніл шіркін бір түрлі жабырқап сала бергендей еді. Облыс орталығында тұратын Адыран Тырнақовтың келген әзірде-ақ бұл үйдің алқа-салқасы шыққан қақпасынан жүрегі мұздағандай болған. Не ашуға, не жабуға келмейтін, тек үстінен аттап өтуге жарайтын зілдей темір есіктің бір заманда әжептәуір мүлік болғаны аңғарылады. Әрі, ол Доман Донқиевтің бүгінде үй-жай, бала-шаға қамын көп ойлай бермейтін адам екенінен де хабар бергендей. Аула іші де жүдеу: шашылып-төгіліп жатқан шөп қиқымы, жарылған ағаш жаңқасы, шашылған күлдің қалдығы. Адыран осыдан бір жеті бұрын сенбіге арнайы шақырылған-ды. Ескі досы Доманның үйіне жолы түсіп тұрғаны да осы. Көңіл-күйі жаман емес болатын. Қораның ортасына қатар қойылған қос самауырдың ұзын-ұзын қос кернейінен көкала түтін будақтайды. Үш адам болып келген Адыранды алдын ала күтіп отырғандықтың бір белгісі бұл да. – Кәне, үйге кірейік! – деді Доман қол қусырып. – Жақсы болды, жақсы болды келгендерің! Рақмет!.. Доманның даусы қарлығыңқы, жарықшақтанып тұр. Еңкіш тартқан ұзын денесі «үф» десең құлардай мүжілген кәрі томарға ұқсай ма, қалай? Басындағы көне малақайының екі құлағы салпаң-салпаң етеді. Көкшіл түсті, ескі жұқалтаң пальтосының жағасы арса-арса, қысқа жеңдерінен қос білегі сорая шығып тұр. Орта бойлы, жылы жүзді, елуге келсе де ширақ, сыпайы киінген Адыран бастаған қонақтар Доманның соңынан еріп, ішке енді. Доман мен оның шүйкедей, екі бетінің ұшы бұлтиған, адыраң көз, қоңырқай өңді әйелі
қонақтардың сырт киімдерін шешіп, асығып-аптығып дәліздегі шегелерге іліп жатты. – Қош келдіңдер, – деп қауқылдайды Доман. – Төрлетіңдер! Жайғасыңдар! Олар үлкен бөлмедегі абажадай столдың айналасына шоқиып-шоқиып жайғасқан болды, үстіндегі күнілгері қойылған тағамдар көзге шалынады. Бөлме іші қапырық, әрі ауыр, жағымсыз иіс қолқаны қабады. Ауылға барып, таза ауа жұтып қайтамыз деп келген қалалық азаматтардың көңілдерін су сепкендей басты. Көз тартарлық жиһаз да көрінбейді. Ескі диван, күрек басындай телевизор, шынысы сынған сервант – бар мүлік атаулы осы ғана. – Ау, шайыңды келтір! – деп гүж етті Доман, қонақтар жайғасқан соң әйеліне. – Құрдасыңыз осы кісі болады, – деді онан соң Адыранға әйелін меңзеп. – Жасымыз жер ортасына келсе де, өзің өз болғалы есігімізді ашып отырғаның бұл. Құрдасыңмен бұрын-соңды таныспағаныңа біз емес, өзің кінәлі. – Оқа емес, – деді Адыран орындыққа шалқая түсіп. – Енді бұдан былай таныс бола береміз де. Ерте көктем болатын. Қар түгел еріп біткен жоқ. Ауада ызғар басым. Доманның сонау бір кезде Адыранмен жоғары оқу орнында бірге оқығаны бар-тын. Диплом алған соң Адыран қалада қалады да, Доман ауылға аттанды. Содан ұзақ жыл көріспей кеткен еді. Өткен жылы Доман Адыранды әдейі іздеп барып, екеуі қайта табысқан-ды. – Біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп жатырмыз. Өздеріңдей ескі достарды неге ұмытайық, – деген жоғары оқу орынында істейтін Адыран. – Өзің ауылда тұрасың, жағдайың жақсы шығар? Совхозға директор болған деп есітіп пе едім? – Оған қол жете қоймаса да, орынбасар болган кездер бар, шүкір. Келсең күтуге жараймыз. Сол емес пе саған керегі?!.. Доманның мына сөзін онша ұнатпаса да, сабырлы Адыран сыр білдірместен: – Солай ма? Мейлі, онда тұрған не бар? Балалар үлкейген шығар, – деген.
– О, әрине. Екі үлкен ұл бөлек тұрады. Екеуі де ауылда құрылысшы. Үшіншісі келер жылы онды бітіреді, – деді Доман орайы келе қалғанда құрықты әдейі әріден тастап. – Жақсы екен, жақсы екен, досым! Мінеки, Адыранның бүгін әдейі қонақ бола келгенінің сыры осылай. Енді Адыран Доманның үй тұрмысына, жүрістұрыс, сөйлеген сөзіне көңілі толыңқырамай, сол үшін серіктерінен ыңғайсызданып, жасыңқырап отырған жайы бар. «Не деген берекесіздік. Ең болмаса қора-қопсы мен үй-ішін таза ұстап, адам сияқты тұра алмағаны несі? Әлде ішімдікке үйір ме? Қой, олай емес шығар. Есі бар еді ғой». Адыран осылай толғанады. Әсіресе, мына тымырайған екі жолдасын ала келгеніне өкінеді. Бұл сапар жеке өзі келгенде-ақ болар екен. Әттең, енді кеш. – Далада қой сойылып жатыр! – деп гүж етті ыдыстарға сусын құюға кіріскен Доман. – Осында менің ет жақын екі тамыр-жекжатым бар. Әйтеуір солар келіп қалмаса игі еді, – деді гүрс-гүрс жөтеліп. – Оңаша отырғанға не жетсін. Өзімізше... ғана... – Балаларыма көңілім толмайды, – деді жыламсырап. – Есіме алсам жыным ұстайды. Мына жігіттер сенімен бірге істей ме? – Иә, бірге істейміз. – Дұрыс. Онда біздің шаруа саған қиын болмайды екен. Бір баланы үшеулеп бірдеңе етеді екенсіңдер. Айттым ғой, балалардың үлкен екеуінен ештеңе шықпады деп. Ең болмаса, үшіншісін адам етуім керек. Бізден де бір бала оқысын да. Мінеки, көріп отырсыңдар, менде асып-тасып бара жатқан дүние-мүлік жоқ. Тақыр кедей деп қалма бірақ та... Шүкір, қадір-құрмет бар. Мына сендерге сойып жатқан қойдың директордан қазына бағасына алдым. Құрмет сол емес пе? Адыран бір жағы өзінен, бір жағы сонша жерден аунап-қунап демалып қайтамыз деп әдейілеп ертіп келген серіктерінен қысылып, жерге кіріп барады. «Қап, мына найсапты-ай!» – дейді күйініп. «Ең болмаса, бұдан былай тыныш отырса екен. Бұзды-ау жоспардың бәрін. Тағы бірдеңені бүлдірмесе жарар еді».
Қонақтардың құрметіне деп біраз жұтыңқырап жіберген Доманның қазір мүлде көңілі көл, жағасы жайлау, барлық нәрсені ұмытқан сыңайда. – Отыз түп алма ағашы бар. Бұйырса, биыл өнім мол болуы керек, – деді ол тағы да есік жаққа жалтақтай қарап. – Күзге қарай алманы дайындау орнына өткізіп, біраз пайда табамыз. Сонда осы құсап тағы да бас қосамыз. Тағы да үш-төрт жолдасыңды қоса ертіп келесің. Жарай ма, Адыран?! – Жақсы, – деді Адыран. – Келеміз, міндетті түрде келеміз. Тек өзің былай енді аздап сабыр сақтап отыршы... Ойы – Доманды тезірек тыныштандырып, сабасына-түсіру. Бірақ, тыншитын Доман қайда? Адыранның әлгідегі көтермелеу сөзіне көңілі тасыған бейбақ мүлде өрекпіп, лепіре түссін деңіз. Осы кезде есік сарт ашылып, бір ұзын бойлы, бір қысқа бойлы, қасы-көздерін аямай бояп, беттері шиедей қызарған екі кексе әйел сүріне-қабына кіріп келсін. – Ойбай, қонақтар бар екен ғой! – деді ұзын бойлысы, есік алдында іркілген бола қалып. – Білмей қалыппыз ғой, – деді қысқа бойлысы қылымсып. Бірақ кері шығьш кетер түрлері білінбейді. Бірінебірі жылмия қарап, кібіртіктеп тұр. – Шешінсейші, – деді ұзын бойлы әйел, қысқа бойлыға. – Өзің шешін, – деп қылымсыды қысқа бойлысы. – Мейлі онда, – деп ұзын бойлы әйел пальтосын шеше бастады. – Алыстан келген кісілер құсайды ғой, көп отырмаспыз, – деді қысқа бойлысы да пальтосын шешуге оңтайланып. – Кіріп тұрып кетіп қалғаңымыз ұят шығар. Менсінбеген адамдай... – Дұрыс, дұрыс, келе беріңіздер. Төрлетіңіздер, – деді осы тұста Адыран оларға ілтипатпен үн қатып. – Былай өтіңіздер! Қос әйел кіргеннен еңі қуарып, басы қақшия қалған Доманға енді ғана тіл бітіп: – Келіңдер, жетерлерім, – деді жақтырмаган үнмен. – Баяғыда біреу айтқан екен «келіп-келш тұрмайсың,
жылт еткеннен құр қалмайсың» деп. Сол айтпақшы, сендерден құтылар заман болмайтьш шығар тегі маған!.. Бұл сөздерді естімегендей сыңай білдірген екі әйел аяқтарын мысықша басып келіп, шеттегі бос орындықтарға қосарлана жайғасып алды. – Құймай-ақ қой, – деді қысқа бойлысы. – Қонақтардан ұят болмай ма? – деді ұзын бойлысы. – Қонақтар өзіміздің жігіттер. – Онда мейлі, ішпесек те тұра берсін, – деп жайнаң етті қысқа бойлы әйел. – Ауданнан келдіңіздер ме? – деді қонақтарға жұтына қарап. – Оны қайтесің? – деді Доман еліре. – Қысылмаңыздар, – деді Адыран да. – Емін-еркін отырыңыздар. Келгендеріңіз жақсы болды. Енді көңілді отыратын болдық! Осы сөз демеу болды ма, қайдам, екі әйел қолдарындағы қырлы стакандарын жарыса төңкеріп-төңкеріп тастасын. Сөйтті де, қарама-қарсы отырған Доманға кірпіктері баттаса боялған көздерімен ежірейе қарап: – Қонақтарды бізден жасырып шақыратын болыпсың ғой, ә? – деп шүйлікті екеулеп. – Біздер ғой, сені өзімізше хан көтермесек те, әйтеуір, барымызды үнемі аузыңа тосамыз. Ал сен... – Жарайды, қойыңдар. Айып менде, – деді Доман кіржиіп. – Дау-дамайдың керегі не? Қырлы стакандар тағы да меймілдеді. – Қойдық, – деді ұзын бойлы әйел күлмең қағып. – Мейлі, бәрі қайырлы бола берсін. Қонақтармен таныстырғаныңа рақмет. Өзің енді мына қайындарымның арқасында бір басы ашық жұмысқа тұрып алшы. «Бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдақ» болып біттің ғой әбден. – Сөзді қойыңдаршы, түге, – деді Доман. – Ішсеңдерші одан да! – Не үшін ішеміз? – Қонақтардың денсаулығы үшін! – Бәріміз де күліп-ойнап жүре беруіміз үшін алайық онда! – Табылған сөз, – деді Адыран. – Мен қолдаймын. «Манадан бері мына әйелдерден қауіптеніп отыру
себебі тегін емес екен, – деп ойлады Доман туралы. – Сыры мәлім болды. Әй, сабаз-ай! Қайдан ғана келіп едім, жазған басым! Неғып қана уәде беріп едім! Бұлай екенін білгенде...» – Сен бұл жігіттерді білмейсің, – деп енді екі әйелге қоқилана бастаған Доман Адыранның өзіне шатынай қараған оқты көздеріне көзі түсті де, жым бола қалды. «Түсіндім, қойдым» дегендей түр керсетті. Қуырдақ жегендері есінде... Қонақтарына «қалада тұрып үсіген тауықтың етінен әбден зәрезап болған шығарсыңдар. Майлы қуырдаққа кеңірдектеп бір тойыңдар» дегені есінде. Одан әрі қонақтарға бас ұсынып, ас жегізіп, сорпа, шай бергені... бәрі, бәрі... қонақтардың қай мезгілде жүріп кеткендері, қоштасып аттанды ма, қоштаспай аттанды ма... бәрі, бәрі бұлдыр, есінде бірі болса, бірі жоқ... Таң бозарып ата бергенде, төсектен қаңғалақтап тұрған Доман тоз-тозы шығып, жинаусыз тұрған ас столы мен бөлменің екі бұрышында теңкиген күйі ұйықтап жатқан ұзын бойлы әйел мен қысқа бойлы әйелді көрді. Сабаздар нақ бір әкелерінің үйінде жатқандай-ау. Пыспыс етеді. – Әй, қатын, қайдасың? Қайдасың? – деген күйі далаға жүгіріп шықты. Тыста жарық едәуір молайған. Жақын маңдағы тау шоқылары ап-анық көрінеді. Қора іші жым-жырт. Қонақтардың жеңіл машинасы кешегі қойған орыннан көрінбейді. «Қонақтар қайда?» – деп міңгірледі Доман. «Адыран қайда? Кетіп қалған ба? Қашан кетті? Оу, бір күн түнесе неғып еді? Қонуға келмеп пе еді? Уәде қайда? Жоспар қайда?» «Жоспарыңның желкесі қиылды. Мектеп бітіргелі отырған балаңның қамын жеген сиқың осы болса, әдірем қалсын» деп табалағандай болды әлдекім ішінен. Есеңгіреген Доман кеше кешкіліктегі қонақтар келген сәтті жабыға есіне алды да, анадай жердегі ескі томарға тәлтіректеп барып отыра кетті...
ЖАЗДЫРҒЫШТЫҢ ЖАЗАСЫ Б іреулер бұғағы салбыраған, ұзын бойлы, аққұба өңді, қысық көз, денесі толысып, қалың шаштарына ақ араласа бастаған Әгібайды бүгінде барынша пісіп-толған, қолынан бәрі келетін, ең бастысы, атқаратын лауазымына тауып қойылған деседі. Лауазымы анау-мынау емес, Береке-бірлік уәзірі. Сондықтан, жүріс-тұрыс, міндетті түрде қатысуға тиіс кездесу, мәжіліс, жиын көп. Жоғарыдағыларға есеп беру өзінше. Қайда бармасын, сөйлеуі шарт. Зыпылдатып жақсы сөйлеу үшін ол құрғырды (сөз) алдын-ала жазып алмаса тағы болмайды. Уәзірлікке «жарап» тұрғанмен, жазу жағынан шорқақтың шорқағы екенін іші біледі. Сондықтан, жасырудай жасырып бағады. Анау өзі сияқты уәзірлер, әкімдер, олардың орынбасарлары, басқа да толып жатқан мықтылардың ауызша да, жазбаша да шаң ілестірмейтініне қызығады. Обалы не, кейде оңашада жоғарыдағылар мені уәзір етерде неге шұқылап зерттемеген, жазудан құралақан екенімді қалай аңғармаған деп күйінетіні бар. Бірақ, енді кеш, енді тиісті міндетті екпіндете атқара беруден өзге ештеңе жоқ. Ол үшін... Одан-бұдан еститіні, өзінше шамалайтыны бар, әуелі уәзірлікке келген бойда алдымен ыңғайынан шықпайтын команда жасақтау лазым болса, ол жоралғы қысқа мерзімде еселеп еңсерілді. Бұрынғы «мәстектерді» жұмыс стажы, тәжірибесі, жеке бас жағдайына пысқырып та қарамай, осы мекемеде тісі сарғая істеп келе жатқан Діңке дейтіннен өзгесін түгел ығыстырды. Оны (Діңкені) да жаны қалап жарылқағаннан емес, біреулер ол мұнда көптен істейді, алғыр, сауатты, жазудың түбін түсіреді деп сыбырлаған. Бірақ, бірекі саты төмендетті (қайта жоғарылату қолда тұр ғой деп). Міне, сол уәзіріңіз (Әгібай мырза) дәл осы сәтте Қараөткел қаласынан самолетке отырып, айына бес-алты рет келмесе көңілі көншімейтін Аққұм шаһарына ұшып келе жатыр. Бірақ, бұл жолы ашулы, терісіне сыймай тырсиып,
жарылуға шақ. Бұған бірінші себеп, кеше ұшатын самолет ауа райының кесірінен кешігіп, бүгін ұшты. Екінші себеп, бүгін сағат екіде Көртышқан аулау басқармасында Әгібай қатыспаса қараң қалатын жиын бар. Қазір жұмысты тыптыныш істеп, дау-дамайсыз отыратын мекеме қайда? Араларынан екі құлағы тікірейе жік шыққан көртышқаншыларды береке-бірлікке шақырмаса, арты насырға шауып, жоғары жақ құлақтануы мүмкін. Онда қиын. Әгібайдың көкірегін тырнап, жүйкесін қажап келе жатқан бір түйкіл осы. Тезірек жетсе екен, үлгерсе екен. Жиында сөз сөйлеп, даудың бетін бері қаратса екен (аржағын көре жатады). Бәрінен өкініштісі, қолында көртышқаншылар жиынында сөйлейтін алдын-ала жазған дайын сөз болмай тұр. Кеше осындайда күнге жарап жүретін Діңке қарт ауруханаға түсіп қапты. Одан өзгелерден қайран жоқ. Аққұмдағы бір сенімді мекемеде сенімді жазарман бар еді, қас қылғанда ол да таптырмай, бастығы алаң болмаңыз, табамыз, сөйлейтін сөзіңіз тастай етіп жазылады дегеніне күдік басым. Жазылмаса ше? Самолеттің кешігіп ұшқаны мынау. Қазір Аққұмға қонған бойда бірінші соны (сөйлейтін сөз) қолға түсірсе ғана көңілі жайлануы мүмкін. Соны білу үшін таң атқалы сан рет телефон соқса да жауап жоқ. Көңілге бір медеу, Аққұмдағы жазғыштың бастығы әуежайда өзім қарсылап аламын, жазбаны қолыңызға ұстатамын деген, лайым солай болса екен. Микрофоннан: «Құрметті жолаушылар, – деген жұмсақ дауыс естілді. – Жиырма минуттан кейін самолет Аққұм әуежайына қонады. Қолжүктеріңізді ұмытпаңыздар!» Әгібай бір емес, екі бірдей ұялы телефонды қатар терді. Бұл жолы құдай жарылқап, біреуінің дыбысы шықты-ау. «Қайдасың?» – деп зірк етті. «Әуежайдамын, сізді күтіп тұрмын», – деген жауап естіді. «Телефонды алмайсыңдар ғой». «Ә, естіген жоқсыз ба? Ғарыштағы байланыс серігі жарылып, осы қазір жөндепті. Әйтпесе...» «Дайын ба?» «Машина ма?» «Оны айтпаймын, жаздыңдар ма, соны айтамын», «Ә, иә, қазір келесіз ғой. Сонан соң...» «Әй, сен немене? Не дейсің?» «Қазір жолығамыз ғой» «Қазір жолығамыз. Бұл не сонда?» Әгібайдың қаны басына шапты,өңі түтігіп кетті. «Қалайша? Жазбаған
ба? Мүмкін емес. Жазбаса ше? Сонда не болмақ? О, жасаған?» Әгібай су сұрады. Стюардесса ыдыстарды «жиып қойып ек» десе де, бір шыны су әкелді. Құдіреті күшті екі таблетканы бірдей жұтқан Әгібай маңдайынан бұрқ еткен мұздай терді сүртіп тастап, ыңырана шалқайды. «О, құдайым, – деді үһілеп. – Абырой бере гөр. Талай рет бұдан да қиын тығырықтан алып шығып ең ғой, құдайым. Мына қылкөпірден де өткізіп жібере гөр, садағаң кетейін құдайым. Мен бейбақ сөйлейтін сөзі көп бұл жұмысқа қалай тап болғанмын. Одан да, неге етікші не сағатшы болмадым? Тәйт! Олай деме, жағың қарысқыр». «Діңке неге ауыра қалды десейші. Менен не қиянат көрді? Бұрынғы жұмысына қайта жоғарылаттым, аз ба? Құдай емес, құда емес, қайдағы қаймана қазақ!» Құты қашып, қалш-қалш еткен Әгібай осындайда қасақана ауруханаға жатып қалған Діңкені тектен-тек есіне алып отырған жоқ. Діңкені қанша жерден «қарт» десе де, ол әлі тың, сергек, бақуат, келесі жылы пенсияға шығады. Әгібай сияқты талай уәзірмен бірге істесе де, қызметі не өспей, не өшпей, үнемі орта деңгейден аспай келеді (ол үшін жазықты болмаса да). Рас, уәзір болғанына бір жылдан жаңа асқан Әгібай (кім ойлап айтқаны белгісіз дәстүр бойынша) өз командасын жасақтағанда Діңкені екі саты төмендетіп, қатардағы қызметкер етті. Ұзамай бұрынғы орнына қайта қойды, бәрі рас. Оған себеп: бірде Әгібай бас уәзірге есеп беру керек болды да, су жаңа команда мүшелерінің бірде-бірі бес беттік қағазды жаза алмай, бес-алты күн дүрлікті. Бұл аралықта Әгібай мырзаға уәзірлікте ондай жауапты баяндаманы жаза алатын бір-ақ адам бар. Ол Діңке деген сыбыс тағы да үсті-үстіне жетіп жатты. Діңкеге бірдеңе дейін десе, бетінде шіркеу бар, шолақ намыс жібермейді. Бірақ, үлкен жерге баратын мезгіл таяп, тыныс тарылғандай болған соң, амалсыз шақырып, ағынан жарылды... – Жарайды, – деді Діңке сөзге келмей. – Мерзімі қашан? – Бір апта. – Онда қысылмаңыз, ертең сағат он екіде қолыңызда болады. – Шын ба? – деп қарқылдай күліп жіберді уәзір.
– Қам жемеңіз, Әгеке! Қашанда тындырымды, ысқаяқ Діңке сөзінде тұрып, баяндаманы ертеңіне уәзірдің қолына ұстатты. Уәзір оған бір айлық жалақы көлемінде сыйақы, үш күндік демалыс берді. Одан оралған бойда сәл топастау команда мүшелерінің бірі иеленген бұрынғы қызметіне қайта қойды. «Әділет» жеңді. Содан бері Діңкені «сыйлайды». Діңке де қарап қалмай, Әгібайға өзінше «жаздырғыш» деген ат қойып алды. Пах! Микрофоннан: «Жолаушы азаматтар! Самолет Аққұм қаласының әуежайына келіп қонды», – деген жағымды дауыс естілді. Жолаушылар есікке қарай ұмтылды. «Жаздырғыш» аты бар Береке-бірлік уәзірін қол қусыра күтіп алған аққұмдық құзырлы мекеме бастығы: – Ат-көлік аман жеттіңіз бе? – деп Әгібайды анадай жерде көлденең тұрған су жаңа жеңіл машинаға қарай бастады. Қанша дегенмен уәзір емес пе, бірден сыр бермей, сабыр сақтауға бекінген Әгібай сұрланған қалыпта үндемей барып, көліктің артқы орындығына жайғасты. Аққұмдық бастық: – Кеттік, – деді шоферіне. – Қайда? – деді Әгібай – Ресторанға... Шай-пай ішейік... – Шай-пайыңды қоя тұр, анау не болды? – Не анау? Ә, иә, жазу ма, соған сәл ұяттымыз, бәйеке. Ораторсыз ғой, өзіңіз бірдеңе етерсіз. – Ей, сен, есің дұрыс па? Алыстан келген қонағының «есің дұрыс па?» дегені шамына тигендей болған Аққұмдық бастық: – Дүние соған қарап қалмаған шығар, – деді шытынай шіңк етіп. – Жазатын жігіт кешеден бері жоқ. Жер-көктен іздеп таппадық, басқалардың қолынан келмейді, қайтеміз. – Өй! – деді көздері аларып, өңі қуарған Әгібай тістене. Әрі қарай не болды дейсіз бе? Жаза алмаса да, уәзір бола салған жаздырғыштың әрі қарай не күй кешкенін сіз түгілі, біз де білмейміз, дос. Тек, әйтеуір, онша қапыла қоймаған шығар, бұл жолы мұрты болмаса да, иегінде бір уыс сақалы бар – бас уәзір – бастығы дәл сол үшін орнынан жұлып тастамаған болар деп үміттенеміз... Машина зулап келеді...
АБСОЛЮТТІ АСТАМСУ Ә детте, қоғамдық көлікке мінетіндер, мәселенки, қаланың о шетінен бұ шетіне кептеліс кесірінен бір сағат орнына үш сағатта жететін жолаушылар қалғыпмүлгіп, тісті тіске қойып, әрең шыдап отырады. Жо-жоқ, біреу салдырлап, біреу сампылдап сөйлеп отыратыны да бар екен ғой. Біреу-біреуді кекетіп, біреу дарқылдап күліп, түк таппаған біреулер қалта телефонмен – әкесінің үйінде отырғандай саңқылдап – жұрттың есін шығаратыны өзінше. Оларға қоса, көк миды одан сайын су ететін даңғырлақ музыка. Пәлен деп көр, не естір екенсің. Кенет ту сыртымнан дауыс шықты. Есеп бермей еңкілдейтін егде жастағы ер адамның жарықшақ даусы, тегі, көлікке жаңа мінген болу керек. Кімге айтып жатқаны белгісіз: «Баяғыда керемет еді», – деп бір тастады. «Компартияның кезін айтам», – деп бір қойды. Онан соң егіннің ұрған суындай жөңкіліп: «Оқу тегін, емдеу тегін, бәрі тегін. Жұмыс дайын. Жұмыс істемегенді арамтамақ деп соттап жібереді. Өзіміз жауапты қызмет істедік. Самолет, пойызға арзан билет, арзан асхана, буфет, жабық қойма. Курорт, демалыс үйлерге жолдама дайын. Емхана, аурухана – (біз үшін) бөлек. Қазір ше? Ой, құрысын! Тал түсте ақша ұрлағыш қалталылар белшеден батса, батып жүрген шығар, бірақ, біздің тұсымызда бәрі басқаша болатын. Біреулер ол кезді коммунизм деп жүр ғой, рас, коммунизм еді. Енді капитализм қайта орнап жатыр. Солай ма, солай емес пе, білмеймін, әйтеуір, жақсы емес», – деп көсіп-көсіп жіберді. Мойнымды бұрып, артыма қарасам, сайрап отырған – шашы мен қасы аппақ қудай, сақал-мұрттан жұрдай, бетаузы алқам-салқам, қара торы өңді, мығым денелі, жасы сексенге кеткен (дерліктей) қартаң біреу. Қабағы қату, көздері зәрлі, мойнында олпы-солпы галстук. Маған бірдеңе деуге ұмсынып еді, ұнатпағанымды сезді де, кімге айтып жатқаны белгісіз бәдіктерін әрі қарай гөйіте түсті.
Сөзден сөз туатындықтан ба, әлде, мына отырыстан жалыққандықтан ба, осы сәт мен пақырдың да (қойқаптағы) бірдеңелер есіме түсіп, қиял жетегіндегі көңіл құсы шартарапқа шарықтап кеп берсін деңіз. Әлдебір жерге кеп топ ете түсіппін. Ол – таудағы атышулы санаторий екен. Өзіміздің. Елден-ерек. Мұнда келдің екен, сақ жүр. Сақ сөйле, сақ күл, сақ ұйықта, сақ оян. Тіпті бар ғой, ә, мұнда сауысқаннан сақ жұртыңыз бейтаныстар жөнінде «анау кім?» деп өлсе сұрамайды. Тәртіп деу артық болар, дағды солай. Қалыптасқан. Үздігетін не бар, біле жатады. Мың жасағыр күбір-сыбырдан, не кездейсоқ. Қысқасы, бәрі сақ. Тек анау.. анау... асхана, клубқа барғанда, тысқа шыққанда киімін күніне сан мәрте өзгертіп, дәлізде, процедура кабинеттерінде жартылай жалаңаш жүретін орта бойлы, шашын төбесіне түйген, ақсары, бет-аузы (опа-далаптан) шұрқ тесік, көгілдір көзді, қарны бұлтиған жасамыс әйелдің үнемі саңқылдап сөйлеп, түбі тесік шелектей саңқылдап күлетіні санаторийдің о шеті мен бұ шетіне жетіп, онсыз да сақ жұртты сәл-пәл үркітеді демесе. (Үрке ме, таңдана ма, сол айнала). Әне, дәліздің түу түкпірінен тағы да байғыздай бақ еткен оқыс дыбыс шығып, соңы текенің мойнындағы қоңыраудай сылдыраған күлкіге ұласты. Мағынасыз, жыртақай күлкі. Ешкім елеңдеген жоқ, елеңдемегені – бір апта, әлде жарты апта болды ма, елдің құлағы үйреніп біткен. Бірақ, кексе әйелге бәрібір, кім-кімге де қиыла қарап, жандарынан сыңғыр етіп күліп өтеді. Тоба дерсің!.. Еріккен еркектерге не керек, жасамыс әйел жайлы әр дөкей өзінше (іштей) тон пішеді. «Пәлекет өңін бермеген, жас кезінде қандай болды екен», – деп тамсанады Қызылорда жақтан келген дөкей Жылтыркөз Барқақов. Шымкент маңайынан келген дөкей Шыдық Шәбішев: «Кім екенін кімнен сұраған дұрыс, әуелі соны білу керек, мүмкін, бұл пәлең жансыз шығар», – деп ежірейеді. «Бір мықтының ерке тотайы болмаса неғылсын, шолжаңдауы біртүрлі. Беті аулақ!», – көкшетаулық Тұрдақ Пошанов дөкей солай жобалайды. Ал... Осында екі аптадан бері демалып жүрген осы қаладағы сегіз аупарткомның бірінің бірінші секретары Дардан Далдабаевқа – өзіне тікелей бағынатын – аудандық тамақ-
тандыру мекемесінің бастығы әр күні түстен кейін қосқос кардон жәшікке салған анау-мынау әкеп тастайды. Дардан күн сайын бір топ дөкейді бақ ішіндегі өзі білетін жерге кезек-кезек шақырып, оңаша әңгіме-дүкен құрады. Бүгінгі отырыста Дардан кенет дөкейлердің бірінің ындынын сезе қойды да: «Кім? Кім дейсің? Анау әйел ме? Күле беретін? Е, қойшы соны!» – деп мұрнын шүйірді де, ізінше: «Жарайды, білгенімді айтайын», – деп жөнге келді. «Тек менен естідім деп айтпаңдар». Дөкейлер қосыла жамырап: «Тіс жармаймыз», – десті. «Жармайсыңдар ма?» «Жармаймыз». «Егер жарсаңдар, өздерің жарыласыңдар, мен өзім жарамын». «Олда-бұлда, Дареке, ішегімізді көгертпей, жылдамырақ айтыңызшы тек!». – Баяғыда біздегі Орталық Комитетте Коломенцев деген екінші секретарь істеген, білесіңдер ме? – деді Дардан бір рюмке коньякты қағып тастап. – Мен білемін, – деді орта жастағы шикіл сары дөкей Бөлтек Бұралқиев. – Оның кезінде Орталық Комитетте нұсқаушы болғанмын. Облпарткомға секретарь болғаным кейін. Қазір енді жүрміз ғой халықтық бақылау комитетінде қиралаңдап. – Сен не, облыстық бақылау комитетін басқарған жаман ба? Әлде, менсінбейсің бе? – Жаман емес қой, сонда да... – Коломенцевті мен де білетінмін, – деді сәңкі мұрны жалпық бетіне тарбия жайғасқан қарағандылық шымқай қара дөкей Жұрнақ Тырнақов. – Ол бізде облпарткомның біріншісі болған. Орталыққа сол жерден келді емес пе? – Сөзіңізді неліктен Коломенцевтан бастадыңыз, соны айтпайсыз ба? – деді жамбылдық дөкей Әгібай Құлқайдаров Дардан дөкейге сызыла қарап. – Алдарыңдағыны алып қойыңдар, оны сонан соң айтамын, – деді Дардан маңғаздана мардымсып. Дөкейлер алып қойысты. Орталарындағы жалғыз әйел дөкей Шалша да қалыспады. Жөткірінген Дардан жан-жағына қарап алып: – Білгілерің кеп көкейлеріңді тесіп бара жатса, ол әйелдің фамилиясын білмеймін, аты Кира ма еді, иә Кира, әне, әлгі мен айтқан Коломенцевің түбіне жеткен сол болады, – деді өзінше жаңалық ашқандай тирақсына.
– Шын ба? – деп әйел дөкей Шалша шаңқ етті. – Дарекең өтірік айта ма, менің де естуім бар, шын, – деді бүгінгі отырыста сөзге тұңғыш араласқан сарыағаштық бала дөкей Найлау Ырзабаев шұнаң етіп. – Апырай, ә? Коломенцевің бәле десейші! – Бәле, бәле! Әйтпесе, екінші бола ма? – Әйелдің аты Кира дедіңіз бе, Дареке? – Кира! Қызығы алда, соны сұрамайсыңдар ма? – Ойбай, құлағымыз сізде! – Коломенцев Кирамен ғашық-машық болған. Ашыналығы ашылған бойда Мәскеуге қашып кеткен, білдіңдер ме? – Ашыналығы ашылған дейсіз бе? Абайламады ма екен? О, бейшара! – Абайлаған, абайлаған. Бірақ, бәрібір, Кираның күйеуінің қолына түсіп, оңбай таяқ жеген де, ертеңіне Мәскеуден бір-ақ шыққан. – Онда неге барған? Кімге? – Ой, сендер де бір... Неге барады? Бас сауғалау үшін! Бас секретарьға барған. Қалыңқастың тура өзіне! – Апырай,ә! Қалыңқас не істепті? Әкесін танытқан шығар? – Атаңның басы. Саған жазалағаны керек, ә? Онда біліп ал, бұл жақта абыройы айрандай төгілген сары азбанды қалыңқас сол замат Остов облысына бірінші ете салмады ма? Ал, мұны менен естігендеріңді жан баласына сездірмеңдер. Құлақтарың тас керең болсын. Коломенцев әлі сорлы емес, кім екенін білесіңдер, егер естісе, кез-келгеніңді бір-ақ шайнап тастайды. Ұқтыңдар ма? – Ұқтық, Дареке! – Ешкімге айтпаймыз, Дардан Бірқұлақұлы! – Кира қазір не қызмет істейді? – деп қалды дөкейлердің бірі. – Баяғы күйеуімен бірге тұра ма екен? – Сендерге бәрі қызық, ә? – деп қарқ етті Дардан. – Онда тағы бір алып жіберіңдер. Сонан соң... Қызыққұмар дөкейлер тегіс алып қойды. Әйел дөкей Шалша да сөйтті. – Дареке, айта беріңіз! – Айтсам, күйеуінен ажырасты демесе, Кираның мұртын балта кескен жоқ. Қызмет сол қызмет баяғы,
құлақ-мұрын дәрігері, үкімет емханасында бөлімше меңгереді, бойдақ, не істеймін десе еркі. – Бойдақ дейсіз бе? – Бойдақ. Үйден қырық қадам шыққанның бәрі бойдақ. Мен де, сен де! Еркек-әйел тегіс. Кирамен танысасың ба? Көрсейші!.. – Өйте алмаймын, – деді Долда дөкей. – Әйелімнен ұят болады. – Сен ше? – Мен де... Әйелім біліп қойса... – Бәрің Арпабай екенсіңдер! – деп қарқылдай күлді осы жерлік бірінші секретарь Дардан. – Бұл өмірде періште жоқ, білдіңдер ме, болмайды да, болуы мүмкін де емес. – Қалай? Онда сіз де... – Иә, мен де! Бәріміз де! – Мені қоспаңыз! – Обалыңа қаламыз ба? – Енді... былай... не десем екен... мына Шалша замандас болмаса... – Мейлі, тағы бір алып қойыңдар. Онан соң сендерге бір әңгіме айтамын да, сонымен тарқаймыз. Кеш боп қалды. Тамаққа бару керек. Ұрыста не тұрыс. Нешінші екенін ұмытқан тостарын дөкейлер түгел алып қойды. Үнсіз. Артық сөзсіз. Осы кезде ортадағы бірден-бір әйел дөкей (алыс аудандағы ауатком председателінің орынбасары) Шалша сөзге қалай киліккенін өзі де байқамай: – Дардан Бірқұлақұлы, сіз әлгіде періште ешкім жоқ дедіңіз бе? Оны қалай түсінуге болады? – деді алтын тістерін жарқырата жымиып. – Кешіріңіз, сәл қателестім білем, періште мүлде жоқ емес, бар, – деді Дардан елжірей емініп. – Біреу болса да табылады. Егер біреу болса, ол мына сіз боласыз. Сондықтан, сіз үшін өзім жеке тост көтеремін (жүз граммды жібере салды). – Ал, әлгі сөзімді айтайын ба? – деп айналаға қарады. – Онан соң тарқаймыз! – Айтыңыз, ойбай!
– Ой, Дареке! Жігіттің сұлтаны екенсіз ғой. Болашақта елге бірінші болсаңыз, бізді қасыңызға жақындатасыз ба? – Әлбетте! Ол үшін сақ жүріп, сақ тұрыңдар. Бүгінгі әңгімені ешкім білмесін. Коломенцевтей болмаңдар. Біз кішкентай адамбыз. Сондықтан, жаңағы айтамын дегенді айта салайын. Айып болмас. – Айып болмайды. – Енді айта берсеңізші! – Жақында былай болды, – деді Дардан қос иығын кезек-кезек қомдана керіп. – Құлтума Бармақов деген трест директорының мәселесін бюрода қарадық. – Апырай, а? Не үшін? – Жігітшілігі үшін. Ұрлығы ашылып қапты... – Жаза қолдандыңыздар ма? – Өзіміз құритын болған соң, неге қолданбаймыз, қолдандық! – Қандай жаза? – Партиядан шығардық, жұмыстан алдық. – Дұрыс болған, – деді Бөлтек дөкей. – Обал жоқ, – деді әйел дөкей Шалша. – Қаттылау кетіпсіздер, – деді сарыағаштық бала дөкей Найлау Ырзабаев. – Ой, сен не? – деп кіжінді оған жамбылдық дөкей Әгібай Құлқайдаров. – Ондай немеге сол керек! – Сөз тыңдайық! – деп Дардан дөкей дарқ етті. – Талқылауды палаталарыңа барған соң жасайсыңдар! – Қойдық, Дареке! – Өзіңіз жүдә ішкізіп-ішкізіп... – Бюро жүріп жатыр. Басқарушы мен, – деді санаторийдің кешкі тамағына үлгеру үшін Дардан сөзді қысқа қайыруға тырысып. – Трест директоры Құлтуманы жазаладық дедім ғой. Енді бәріміз де адамбыз дегендей, ол байғұсты қатты аядым. Аядым және іштей ойлаймын: «Міне, сен бір шүйкебаспен шатысып, партиядан шықтың, қызметтен қуылдың. Алдағы тірлігің не болмақ? Бала-шаға, әйелің... Олар кешіре ме? Мейлі, бір күніңді көрерсің. Бірақ, осы қазір екеуміздің арамызда бір-ақ айырма бар, замандас. Адамнан жасырғанмен, құдайдан қалай жасырайын. Осы кешегі түнді мен де өзім білетін жерде нақсүйеріммен өткіздім. Өткіздім, енді, міне,
бюро басқарып, дәл сондай тірлігің үшін сені жазалап отырмын. Сонда осы әділ ме? Айта алмаймын. Бір қарағанда, қазір екеуміз таразының екі басында тұрған тең адамбыз. Тек (әлгіде айтқан) жалғыз айырма болмаса. Қандай айырма? Сен тұтылдың, мен құтылдым, айырма сол. Қашанға дейін, бір құдай біледі. Бәлкім, тұтылғанға дейін шығар», – деп өзімнен-өзім қапаланып, бюрода жер болып отырдым. Аржағын өздерің елеп-екшей беріңдер. Бітті. Айтайын дегенім осы еді. Ал, ас қайырайық. Кім бата береді? – деді Дардан дөкейлерге жағалай қарап. Бірден тұруға асықпаған дөкейлер тым-тырыс, қабақтары салыңқы, өңдері солғын. Дарданға бірдеңе дегілері келетіндей, демеске болмайтындай, бірақ, батпай отырғандай. Долда Түйтенов дөкей тәуекел деп: – Сонда сіздің әлгіде өзіңіз айтқан Коломенцевтен айырмаңыз не болды, қай жеріңіз артық, Дареке? – деді мүләйімси міңгірлеп. – Е, иә, – деп Бөлтек Бұралқиев дөкей жөткірінді. Жергілікті бірінші секретарь Дардан Далдабаев дәл осыны күткендей айналаны жаңғырта бар даусымен күлді де: – Бізді Коломенцевпен салыстырма! – деді қабағын түйіп. – Ол үлкен адам. Тұлға. Екінші секретарь. Қазір кім екенін де білесіңдер. Жазаласа, соны жазалау керек еді. Ал, қайтесің, жазаламады, оның қасында біз кімбіз, тәйірі, кәкір-шүкір, майда-шүйде емеспіз бе? Солай ма, жоқ па? – Білмеппіз, солай құсайды, Дареке! – Әй, Коломенцевің антұрған екен! – Сорақы екен! – Мынау астамшылық! – Астамсудың түрі көп! – деп гүр-гүр етті ұзын бойлы, толық денелі, келбеті келісті дөкей Дардан. – Бізді сөз етпесе де болады демедім бе? Себебі, майда адамбыз. Коломенцевтікі – жай астамсу емес, абсолютті астамсу, білдіңдер ме? Ол жаман нәрсе. Алда құдай сондайдан, абсолютті астамсудан сақтасын! Бала дөкей Найлау Ырзабаев: «Неден сақтасын, ел басқарудан ба?» – дегісі келіп тұрды да, «бәледен аулақ» деп, үндемей қоя салды. Дөкейлер кешкі тамаққа уақытылы бару үшін орындарынан апыл-ғұпыл тұрып жатты...
«КЕЗЕКТЕН ТЫС ПЛЕНУМ» К ең-мол дөңгелек зал. Еденде – түкті кілем. Қабырғаларда ұлы суретшілердің картиналары. Жоғарыда түнді күндізге айналдырып жіберетін аспалы шам. Мезгіл түс әлеті. Аспан ашық, күн жарқырап тұр. Тыстан жеткен көктем гүлдерінің иісі мұрын жыбырлатады. Жасы, жасамысы бар, келіп жатқан қалың жұрт қабырғаларды жағалата сықап қойылған орындықтарға отырып жатыр. Сырт көзге бәрінің де найшасы пәс, жүзі сынық көрінеді. Соған қарағанда, жандары жабырқау, қайғыдан қан жұтқан пақырлар ма дейсің. – Бір қалада тұрсақ та сирек көрісеміз, ә? – деді ұзын бойлы, толық денелі, қасы мен шашы бурыл тарта бастаған қара торы жігіт ағасы Паманша Мошқалов мұнда әлгінде бірге келіп қатар жайғасқан ауылдасы, әрі кластасы Мандақ Түйтеновке қарап міңгір етіп. – Иә, осындайда кездесетін болдық қой, – деді бойы аласа, шидей арық, қалқан құлақ, имек мұрын, сұрғылт жүзді Мандақ қостаған боп. – Жұмыс қалай? – деді Паманша. – Өзгеріс бар ма? – Пенсиядағы адамда не өзгеріс? – Денің сау, білдей мекемеде күзет басқарасың, немене, осал ма? – деді Паманша даусын сәл көтере. – Сені ұмытпаймын, бауырым, е, шіркін-ай, екеуміз бірге өткізген балалық шақ қайта айналып келмейді ғой енді! – Келсе не істер едің? – деді Мандақ езуін қисайта ежірейіп. – Өмірді қайта бастар ма едің? – Қыршаңқылығың қалмайды, ә? Балалық шақ енді жоқ, саған да, маған да, қорықпа. – Неге жоқ? Балалық болмаса, жігіттік шағың баяғыдай құсайды ғой? Естіп жатырмыз, тоқал алған дей ме, ол нешінші өзі? Ес білгеннен кемшілігім біреу-ақ, қыз-келіншектерге осалмын, басқа мінім жоқ деп қақсай беруші едің, содан танба. Мәслихатқа сайланғаның құтты болсын. Теледидардан түспейсің. Көрген сайын мақтанамыз. Басқа не келеді біздің қолдан...
– Әй, сен не, өкпе артып отырғаннан саусың ба? Олай болса біліп қой. Мен үшін сенің орның бөлек, мүлде бөлек, түсіндің бе? – деді Паманша күректей алақандарымен Мандақты арқасынан қағып. – Неғылған өкпе, өкпе жоқ, болса, телефон соғып айтпаймын ба? – деді Мандақ салқын жымиып. – Тек әлгі ... анау жолы айтқан нәрсе не болды, ұмытқан жоқсың ба деп жатқаным да. Әй, бірақ, сен ұмытасың ғой?.. – Ұмытқан жоқпын, – деп елп етті Паманша. – Болады, есімде. Қам жеме. – Үш жылдан кейін бе? – Бес жылдан кейін болса да, болады, уайымдама. Мынадай жерде «ол шаруа баяғыда сенсіз де тынған» деп ауылдасының көңіліне тигісі келмеген Мандақ үндемей қоя салды. Кісі жерлеуден оралған адамдар келіп жатыр, іркестіркес отырып жатыр. Бірі шүңірейген, бірі бадырайған, бірі жымсиған көзімен мұнда менен дөкей қайсың бар дегендей зал ішін тінте қарайды, күпіне қарайды, сұқтана қарайды. Танауын көтеріп, ізінше төмен қарайды. Қайтсін, келіп отырғандары қуанышты той не салтанатты банкет емес, қаралы жиын болса. Ғұмыр бойы қатардағы есепшіден асып көрмеген, ешкіммен пәленбай алыс-беріс, қарым-қатынасы болмаған Байекең дәм-тұзы бітіп, фәниге аттанған-ды. Кеше (салт бойынша) үлкен мейрамханада қонақасы берілді. Бүгін жаназасын шығарып, құтты жеріне қондырған соң, аза тұтушылар басқа бір айтулы мейрамханаға жиналып жатыр. Ел түгелденген соң, жоғары қабатқа көтеріледі. Оған дейін... – Байекең жақсы адам еді ғой, араласың болып па еді? – деді Паманша Мандаққа мысықкөздене қарап. – Пәлендей болмаса да, көріп жүріп едік қой, – дей салды Мандақ. – Өзің ше? – Не десем екен, Байекеңмен онша жақын болмасақ та, онымен сен де, менде бір ауылданбыз, білесің. Бұл қалаға сен де, мен де, ол да өз бетімізше келіп, өз күнімізді өзіміз көріп жүрген адамдар едік қой. Қызмет дейтін болсақ, қолдың кірі, екеуміз де біраз жерге шырқадық, солай ма? Сен прокурорлықтан пенсияға шы-
ғып, қазір күзет бастығысың. Айтпақшы, айлық қанша? Пенсияны қосқанда, онша жаман емес шығар, ә? – Нан мен қантқа жетеді. – Әй, қусың-ау, ішмерезсің. Мейлі, Байекеңе келейін. Марқұм, жер барып айтпасын, былай екеумізбен де дұрыстап жуыса қоймады ғой, бауырға тартуды онша білмеді. – Жасын сыйлап, өзің іздеуші ме едің? – Енді оның рас, дұрыстап іздей қоймағанымды мойындаймын. Қайсыбір жылы қалалық департаментке бастық болғанда бір үйде жолығып қап, қандай көмек керек деп ем, ол «ешқандай» деп теріс бұрылды, – деді Паманша өкінген сыңаймен. – Бірақ, ол үшін безіп кетпейміз ғой, Байекеңнен безгеніміз Маруаннан безгеніміз болмай ма? Маруан оған туған іні болса, бізге ауылдас, жерлес. Қызметі анау, кімсің Маруан. Мына халық сол үшін келіп жатыр да, әйтпесе, мыналардың көбі Байекеңді танымайды да ғой, солай ма? – Маруан қандай қызметте? – деді Мандақ. – Пәлі, шынымен білмейсің бе? Әлде... – Білсем сұрап нем бар? Сен білсең, айтпайсың ба? – Мен білемін, бұдан былай сен де біліп жүр. Маруан қазір шөл және шөлейт аймақтарға жаңбыр жаудыратын мекеменің бастығы, білдің бе? Айттым ғой осының бәрі соның арқасы, басқа түгілі, бір жерден шыққан бізді жөндеп елемеген Байекеңді кім біледі сонша деп? Қызғанбаймыз, Байекеңнің де абыройы, әрине. Әне, қарашы, қаншама облпартком, аупарткомның бұрынғы бірінші секретарлары, облатком, ауаткомның бұрынғы председательдері, қаншама бұрынғы министр, генералдарға дейін өріп жүр. Түк айыбы жоқ, қайғыда төбе көрсету – парыз. – Ақын-жазушылардан ешкім көріне ме? – деді Мандақ. Паманша Мандаққа жалт қарады. Өңінде денің сау ма дегендей мысқыл бар. – Әй, өмірінде бір кітап оқымаған саған ақын-жазушы не керек, а? – Бір кітап оқымаған деп кім айтты? Мүмкін, өзіңді айтатын шығарсың? – Әттең, жер тар, әйтпесе, дәл қазір... – Әйтпесе, не, төбелесейін деп пе едің? Мына түріңмен бе?
– Сөйтсе де болар еді. Осы түріммен, әлбетте. Байқап сөйлеген дұрыс. – Болды. Бұдан былай байқап сөйлейміз, сен батыр, енді жөнге келдің. Шәкім ағамыз жоқ па деп жатқаным да. Бір ауылдан болған соң... – Шәкім Қайлауов па? Е, ол ағамыз мықты ақын еді ғой, қайтыс болған, естімеп пе едің? – Жоқ! Қашан? – Былтыр ма, алдыңғы жылы ма, екі жылдай боп қалды-ау. – Естімеппін, иманы саламат болсын. Осы сәт әлгінде ғана екеуміз қазір бір столда отырып, үйге бірге қайтамыз деген Паманша қас пен көздің арасында орнынан лып етіп көтерілді де, алды-артына қарамай тұра жөнелді. Мандақ тіпті аңғармай да қалды. Іші түйнеп, әжетханаға кеткен шығар, қайтып келер деп ойлады. Бірақ, Паманша сол кеткеннен мол кетіп, тағы бір қараса, ол әлгінде анадай жерден ілби басып өте берген облпарткомның бұрынғы бірінші секретарының қасына барып шегелегендей қонжиып алыпты. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ,екі езуі екі құлағына жете шұнаңдап, еліре гәпіріп, есіліп отыр. Осы сәтте микрофоннан дастарханға шақырған дауыс естілді. Паманшаның енді қайтып мұнда келмесіне көзі жеткен Мандақ бейтаныс адамдар отырған бір столдың шетіне барып үнсіз жайғасты. Майлап қуырған бидайдай пысықай жігіт қаралы жиынды ашар алдында марқұм Байекең туралы алдын-ала жиып-терген, мына қауымға беймәлімдеу мақтау-марапатын үйіп-төгіп айтып болды да, кезекті құранға берді. Құраннан кейін: «Ал, енді әдетте мұндайда ешкімге атап сөз бермейді, өйткені, бұл той емес, сондықтан, осында келген марқұмның тума-туыс, құда-жекжат, қызметтес, әріптес жора-жолдас, дос-жарандары Байекеңнің артында қалған үйелмендеріне бір-екі ауыздан естелік айтып, көңіл білдірулеріне болады, – деді басқарушы тақ-тақ етіп. – Оның алдында, бірақ, айып етпесеңіздер, осында кезінде үлкен қызмет істеген, аттары белгілі, қазақ тілінің жанашырлары, аса сыйлы бір топ ағалар мен апалар отыр. Алдымен микрофонды сол кісілерге ұсы-
найық та, онан соң әрі қарай кім сөйлегісі келсе, соған береміз. Келістік пе? Ендеше, алғашқы сөз бес рет Ленин, бес рет Еңбек Қызыл Ту, он рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен наградталған... Келесі сөз Мәскеуде өткен съезге қатарынан үш рет дегелат болған... Ендігі сөз бәріңіз білетін ардақты ағамыз, Социалистік Еңбек Ері... Ал, енді осында Орталық партия комитетінде секретарь болған құрметті азамат отыр, сөзді сол кісіге... береміз... беріледі... рахмет!.. Қазір.. Қазір.. Бәріңізге микрофон береміз... Сабыр... Сабыр... «Кезек тисе, жеңгемізге көңіл айтамыз, тимесе, оны көреміз» деген Мандақ ауық-ауық зал ішін шолып, Паманшаны іздейді. Кіл бұрынғы дөйлер мен дөкейлердің ортасында төбесі көкке бір елі жетпей, қоқырайып, қодиып, шалқып отырған Паманшаның мана Мандаққа бірге келдік, бірге қайтамыз дегенін алдақашан ұмытқаны (тайға таңба басқандай) байқалып, көрініп тұр. О, қасқа десе! Жиын созылып барады. О жер, бұ жерден естілген күбір-сыбырды құлағына қыстырмаған басқарушы: «Ардақты қауым! Енді екі құрметті ақсақал қалды. Сол кісілер сөйлеп болған соң, микрофон сіздерге беріледі, сәл шыдаңыздар. Міндетті түрде береміз», – деп шыр-шыр етеді. – Уақыт болды! – Құран оқылсын! – Сәл шыдаңыздар. Екі-ақ кісі қалды. Екеуі де теберік! Біреуі Колбинбен бірге істеген, тыңдайық... Былайғыларға микрофон тимей, кіл аты аталғандар ғана сөйлеген қаралы жиын бітуін бітті, әрине. Міндетті түрде құран оқылды. Паманшаны қайдам, салы суға кетіп, көңілі құлазыған (отставкадағы әділет полковнигі) Мандақ үйіне басы айнала сүрініп-қабынып әрең жетті. «Жерлеу қалай өтті?» – деген әйеліне: «Кезектен тыс пленумға қатысып келдім», – дей салды... Осы күнде: «Сонау жылдары қазақтың кісі жерлегенде қаралы дастарханға арақ қоятын әдетінен әрең құтылғанда, мынадай пәлесі тағы шықты-ау», – деушілер бар деседі. Шықса ше? Көпсінесің бе? Одан да біреу де болса, жетпей жатқан мәртебеге жеткеніңе тәубе десең жараспас па? Қуаныштан жарылып кетсең де өзің біл дегендей...
АҚ КОНВЕРТ ПЕН КӨК КОНВЕРТ М имекен дейтін «кісі» әуелі өзі сияқты дүмі диірмен тартатын, анау-мынауларды елей бермейтін «кісілермен» ақылдасқан болды. «Осылай да осылай, алдағы мерейтойыма өзім және ата-баба, үрім-бұтақ, зәузәттерім туралы кітап шығарсам қайтеді, оғаш болмай ма?» деп. «Қазір екінің бірі кітап жазып жатқан жоқ па? Еті тірі ептісің, жаз, несі бар», – деп пікір қосты Шоңғал деген «кісі». «Жазсаң болды ғой. Шүкір, қабылетің жетеді, шығару түк емес»,– деп тағы бір «кісі» ақыл қосты. «Қабылет» дегеннен шоршып түскен Мимекен «кісі» қайдағы қабілет деудің орнына, «уақыт аз» дей салды. «Әй, қазір кітап шығарудан оңай нәрсе жоқ»,– деді иегінің астынан найза тірелген Шөпеғұл дейтін «кісі». «Осы күнде ақша берсең бітті, битін сығып, қанын жалап жүрген жазғыштар бір-ақ сәтте дөңгелетіп тастайды»,– деді бір «кісі». «Сонда оларға қанша беру керек?» – деді Мимекен. «Бір жеңіл машина», – деді Мәжіл есімді «кісі». «Солай ма?!». «Солай». «Қымбат емес пе?». «Қымбат емес». «Бір машинаға бір соғым қосып берсең, кітап ертең-ақ шығады»,– деді Қажман деген «кісі» (өңшең «кісілер», пах!). Мимекен «кісі» ойланып қалды. «Мен білетін кім бар?» деп. О, бар екен, Долда бар, жытқыр жазарман, әрі, алыстан қосылатын ағайын, соған құрық салу керек. Дереу телефон шалды, «қанша ақша керек» деп. Долда: «Ағайынбыз ғой, ол жағын мырзалығыңыз біледі» деп міңгірлесе керек. «Бір машина, бір жылқы жете ме?» деп гүр етті Мимекен. Долда сыңғырлай күлді. «Жарайды, ертең сізге барамын», – деді. «Не үшін?» «Сөйлеспейміз бе?» «Не сөйлесеміз?» «Жазу үшін сөй-
лесу керек». «Солай ма?». «Солай ғой». «Онда кел». «Мақұл». Ертеңіне Долда Мимекеннің үйіне келді. Жазу үшін не керегін әрең түсіндіріп, жарты айда «Елдің ері Мимекен» деген соқталдай кітап жарыққа шықты. Дәл мүшелтой күні. Долда мың дана кітапты артынып-тартынып алып барды. Екі езуі құлағында, енді қайтсін. Мимекең – аудандық соғыс комиссары, жамағайын. Долда барын салған-ды. Той өтіп жатыр. Долдаға сөз тиер емес. Кітап жайлы үнсіздік. Тойшылық қой. Долда бір шетте өзінше құнжыңдап отыр. Той бітті. Жұрт тарқап жатыр. Қолдарында қорапқа салған бір-бір кітап. Долда Мимекен ағасына («кісі») жақындап: – Аға, кітап ұнады ма? – деді. – А, иә, – деген Мимекен қалтасынан ақ конверт шығарып, Долдаға ұстата салды да, теріс айналып жүре берді. Долда былай шығып санаса, конвертте – отыз мың теңге. Долда жынданғандай жымиды. Бұйра шашы қобырап, аяқ-қолы қалтырады.Иегі дірілдеді. Тістері шықырлады. Лоқсыды. Жыласам ба деп еді, жылай алмады. Үйіне жақындай бере, қараңғы түнде сақ-сақ күлді. «Ім...ім...» деп ыңырсыды... «Отыз мың, отыз мың... машина, машина... соғым... соғым... жылқы... Қайда олар? Қайда?..» Долда үйінің босағасынан аттай бере сылқ құлады. Біреу құлағының түбінен «Мимекең кісі» деп сыбыр еткендей болды. «Бірақ, ана кісі емес, ана кісі». «Түсінбедім». «Ана кісі, бірақ, кісі, енді түсіндің бе?» «Түсінбедім». «Мимекен кісі, бірақ, ана кісі, енді ұқтың ба?», «Ой, кетші, ұқпасам да ұқтым. Анау ма, мынау ма, әйтеуір кісі, солай ғой?» «Солай. Мимекен кісі, бірақ, ұмытып барады екенмін, тырнақшадағы кісі, енді ұқтың ба?». «Енді ұқтым. Мимекен кісі... бірақ...» Долда осыдан кейін көрші облыста тұратын, бұрын ірі қызметте болған тағы бір жақын ағасына тағы бір қалың кітап жазып берді. Жазып берді не, баспадан алтынмен аптап, күміспен күптеп, он күнде шығарып берді. Ана жолы болмаса, осы жолы еңбек еш кетпес,
жеңіл машина мен соғым бұйыратын шығар деп. Бірақ қайдан?! Мерейтойында он бір машина мініп, бір үйір жылқыны алдына салған Пыташ ағасы Мимекен ағасынан да «асып» түсті. Той тарқар сәтте Долданның қолына көк конверт ұстатты. Сөйтіп, Мимекен ақ конверт, Пыташ көк конверт берді. Сөйтіп, Мимекен «кісі» (әскери ағасы) берген ақ конвертте отыз мың болса, жамағайын жақыны Пыташ бәтшағар бере салған көк конвертте жиырма мың... жә, доллар (...деп қалма...) ... теңге... теңге... теңге... ...доллар емес... доллар емес... долл... ес... тең... тең... теңге бар болып шықты... долл... ес... Маған осыларды айтып боздаған Долдаға «сауап бопты, өзіңе сол керек» дедім (басқа не дейін). Ал, сен айтшы, не деуім керек? Әлде, әй, миғұла, сен өзі бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған (пах!) заманда байшыкеш сорлылардан өткен сараң жоғын білмейсің бе деуім керек пе еді? О, пақыр! Ағайынға жарыған қасқа! Пішту!..
«ЖАСЫЛКЕНТТІҢ ЖАМПОЗЫ» Б ұл сәл ертеректе, Белсеновская ханымның құдіретімен аяқ астынан Парламент тараған кезде болған-ды. Аймақ басшысының қабылдау бөлмесіне телефон шалынды. Хатшы қыз тұтқаны көтерер-көтерместе: – Бұл Жантақ шаруашылығы уәзірі, – деген гүжілдеген дауыс естілді. – Бастық бар ма? – Бар. Кіммін дедіңіз? – Уәзір! – деп зірк етті телефон соғушы. «Бұрынғы» дегенді естілер-естілмес етіп қосып қойды. – Қазір, – деген хатшы қыз бірден қосуға болады деп күнілгері келісілген жоғары лауазым иелері қатарында болғандықтан, бастығына «уәзір» деді де, телефонды жалғай салды. – О, сәлеметсіз бе? – деді телефон соғушыны қазіргі уәзір екен деп ойлаған аймақ бастығы елп етіп. – Амансыз ба? – деді телефон соғушы қазіргі емес, бұрынғы уәзір екенін ірке тұрып. – Жақсы, жақсы. Айып болмаса, қай саланың уәзірісіз? – Жантақ шаруашылығы уәзірлігін басқарғанмын. Қазір зейнеттемін. Екі жыл болды, – деп қарқ-қарқ күлді телефон соғушы. – Әлі күш-қайрат көп, – деді әлденені меңзеп. – Халық үшін жетеді (деп сөзіне өмірбақи жоғары лауазымды қызмет атқарған қайынатасының үйретуімен «халық» дегенді ұмытпай қосып). – Тыңдап тұрмын, – деді телефон соғушының бұрынғы уәзір екенін білісімен көңілі қоңылтақсып сала берген аймақ бастығы. – Мен Шәуши Тәмпи боламын. Өзіңіз ше? Аты-жөніңіз дегендей... – Мен Қилау Шилауұлы Одамановпын, – деді телефон соғушы... – Білеміз, білеміз, Қилау Шилауұлы.
– Рахмет, Шәу... Шәу... кешіріңіз, фамилияңыз Тәмпиев, атыңыз қалай еді? – деді Қилау әлі де төбесі көк тірейтінін аңғарта ыңыранып. – Шәуши! – деді аймақ бастығы. – Шәуши Тәмпиұлы Тәмпиев. – Қазақ болайық, болған соң дұрыстап болайық деп, «овты» алып тастағанбыз да. – Ештеңе емес, – деді ұнатқан-ұнатпағаны белгісіз Қилау. – Шаруа қалай? (Айтпақшы, олардың орысша сөйлескені есте болсын). – Шаруа қалыпты. Ал, айта беріңіз, – деді Шәуши (Қилаудың телефон соғу себебін ойлана бастап). – Айтсам, біз сіздер тұратын Құлансаз аймағынанбыз... Шығыстық боламыз... Яғни, әкем, әкемді айтамын... мүмкін, білетін шығарсыз, ол қырық жыл тері өңдеу басқармасында бастық болған. «Құрмет Белгісі» орденін алған, грамота алған... Қазір марқұм... Сол енді... – Айта беріңіз... – Енді сол... Сізге жолықсақ деп едік... – Біздің жаққа келесіз бе? – Қабылдасаңыз, келеміз. Қабылдайсыз ба? – Ау, өзіңіз шығыстық, әрі атақты ағамыздың атақты ұлы екенсіз, неге қабылдамаймыз, қабылдаймыз, әрине. Бір өзіңіз бе? – деді Қилаудың «келеміз» дегеніне орай алыстан орағытып. – Бір өзім емес, туған інім екеуміз барамыз. Ол атақты домбырашы. Оны жер жүзі біледі. Брамс, Лист, Моцарттың шығармаларын (күйлері деген жоқ) тартады. – Ініңіздің де фамилиясы Одаманов па? – Солай, Шәу... Шәу... Шәуши мырза., – деді аймақ бастығының ақ жарыла сөйлегеніне көңілі тасып сала берген Қилау саңқылдай самбырлап. – Інімнің аты-жөні Адыран Шилауұлы Одаманов. Барсақ, қабылдайсыз ғой? – Қабылдаймыз, – деді Шәуши селқостау жауап беріп. Сөйтті де, хатшы қызды шақырып: – Әлгі телефон соққан кім өзі? – деді қатқылдау үнмен. – Қайдан білейін, уәзірмін деген соң... – Тез шақыр, – деп үш орынбасарының атын атады.
– Түк түсінбедім, – деді кабинетке кірген үш орынбасарына олар отырар-отырмаста. – Өздерің білесіңдер, мен шығыс емес, оңтүстіктенмін. Бірақ, Шилау Одаманов туралы естігенмін. Ол кісі осы жақтан ба? – Осы жақтан. Қадірлі ағамыз еді... – Уәзір болған ұлы бар ма? – Бар. Көрген жоқпыз, бірақ, білеміз, бар. Қазір зейнетте болса керек. Жай сұрадыңыз ба? – Жай болғанда, қашан екенін айтқан жоқ, біз жаққа келетін көрінеді... – Жасылкенттен телефон соқты ма? – Қайдан деп сұрамаппын, солай шығар, әйтеуір, келеміз деді... – Бір өзі ме екен? – Домбырашы інісі бар екен, сол екеуміз деді. – Түсі...нікті... – деді үш орынбасардың жасы үлкендеу бірі даусын созыңқырап. – Не түсінікті? – Келсін, сонда білесіңдер, – деді жасы үлкен орынбасар қулана жымиып. – Қашан келеді екен, Шәуке? – Оны да сұрамаппын. Сендерді шақырған себебім, – деді аймақ бастығы. – Айтпақшы, сен жаңа неге келетіні түсінікті дедің ғой, – деп жасы үлкен орынбасарына қарады. – Мен де солай ма деп ойлаймын. Солай болса не істейміз? Айтқандай, домбырашысын қайдам, уәзірі қазақшадан құм екен, бір ауыз сөйлеген жоқ. – Оны қайтесіз, – деді жасы үлкен орынбасар. – Ындыны белгілі болды. Әуелі келсін. Пойызға мінсе, Жасылкенттен үш күнде жетеді. Самолетпен бірер күн. Әлі уақыт бар. Тағы ақылдасамыз ғой, ақылдаспай болмайды. Алыстан келетін қонақтарды қарсылау қамынан гөрі, әлденеден секемденген аймақ серкелерінің іштері ұлып, әрқайсысы әрқилы күйге түсті. Әрқайсысының ішінде (өздері білетін) бітеу жара бар. Әне-міне, депутат сайлау басталмақ... Мұны Жасылкенттегі Қилаудың өмірбақи жайлы орында отырған қайынатасы Жарықбас Жалтырбасұлы Жалпақбасов та білетін. «Мен Бетпақтағы Құлынды, әкелерің шығыстағы Құлансаз аймағында туғанбыз.
Екеуміз де жұмысбасты боп, атамекенге жолымыз сирек түсті. Ол біздің кінәміз емес. Енді сол олқылықтың орнын сендер толтырыңдар. Екеуің қол ұстасып, Құлансазға барыңдар. Аймақ орталығы – Кендірлі қаласын көріңдер. Ондағылар әкелеріңді сыйлайды, өздерің де сорлы емессіңдер, бірің уәзір, бірің ел таныған домбырашы болдыңдар. Қазір заман басқа. Сен, Қилау, сол өңірден депутаттық бәйгеге қосыл. Бұрын жұрт депутат болудан қашса, енді ол деген екінің бірінің қолы жетпейтін арман. Қилау, сенің депутат болуыңа, бірінші, әкеңнің абыройы, екінші, Адыранның атақдаңқы көмектеседі. Тек ол жақта тұратындар – қаймағы бұзылмаған қалың қазақ, соны ұмытпаңдар, халықпен кездескенде олар не десе де мақұл деп, бас изей беріңдер. Күлгенде жымиып күліңдер. Осы бүгін аймақ орталығы Кендірлі қаласына ұшып барып, бірінші бастыққа сол жерден хабарласыңдар. «Кел» десе, «кел» дейді, әрине, жетіп барыңдар да, ештеңе бүкпей, ойларыңды ашып айтыңдар. Қилау, сен жұрт қандай аманат жүктесе де, орындалады дей бер. Мешіт тұрғызып бер десе, жарайды дегін. Бұл жақта біз де қарап отырмаспыз, басқасы болмаса да, мешітті бірдеңе етеміз. Сапарларың сәтті болсын, әумин!» – деп ақыл-кеңес айтқан да сол болатын. Қайынатасының айтуымен сол күні түн жарымда Жасылкенттен ұшып шыққан ағайынды Қилау мен Адыран Одамановтар ертеңіне сәске түсте аймақ орталығы Кендірлі қаласына жетіп, қонақүйге орналасты да, Құлансаз аймағының бірінші басшысына сол жерден телефон соқты. Шәушиге қайта-қайта «барамыз да барамыз, қабылдайсыз ба» дей беруінің басты себебі сол еді. Міне, солайша, түскі үзіліс бітісімен екеуі аймақ басшысының қабылдау бөлмесіне келді. Қилау хатшы қызға: – Өзінде ме? – деді бастықтың кабинетін саусағымен нұсқап. – Өзінде, кім деп айтайын? – Жантақ шаруашылығы уәзірі де. Мана айттым ғой! Орнынан көңілсіз көтерілген хатшы қыз жалма-жан кабинетке кірген бойда кері шықты да:
– Кіре беріңіздер, – деп, өзі бастықтың орынбасарларын шақыруға кетті. Шәушидің кабинетіне келген үш орынбасар бейтаныс екеуге сәлем беріп, қатарласа жайғасты. Аймақ басшысы Шәуши: – Біз айтып ауыз жиғанша, қонақтарымыз келіп те қалыпты, – деп зорлана езу тартқан болды. – Қалайша? – деп таңданғансыды жасы үлкен орынбасар. – Сіздерге салмақ салмау үшін солай жасадық, – деді Адыран шала-шұрпы қазақшасымен. Қилау (қайынатасының алдын-ала үйретуімен) маңғаздана басын изеді. Жымиғансыды. – Қайда жайғастыңыздар? – деді аймақ бастығы. – Қонақүйге. – Онда, қош келіпсіздер, – деді Шәуши. – Кәне, бұйымтай айта отырыңыздар. Әлбетте, әлбетте. Айтылды, кесілді, пішілді, жоспар жасалды, енді соларды асып-саспай ақылмен, білгірлікпен жүзеге асыру керек. Ол үшін... Алдымен бір аудан, онан екінші, үшінші, төртінші, барлығы... бес аудан. Барлығына бару, халықпен кездесу керек. Обалы қайсы, бірінші барған аудан басшысы Жасылкенттен келген үміткерге қолдан келгендерін аянбады. Халық та аянбады. Болашақ жарылқаушыға сұрақтар берді, жауабын тыңдады, қонақ етті, әздектеді... Депутаттыққа дәмелінің айтқандарын електен өткізді. Болашақ жарылқаушының түп аталары осы топырақтан екенін сөз етісті. Өзіміз екенсіздер деп қутың қақты. Қилаудың қасына аймақ басшыларынан ешкім ілескен жоқ-ты (ол ережеге сай емес). Бірлі-жарым аудан басшылары еріп жүрді. Олар да онша көп артық-ауысқа бармады. Тек там-тұмдап халықты жинауға араласты. Үміткерді таныстырды. Бітті. Қалғаны – қайынатасы айтқандай. Уәде, уәде және уәде. Орындаймыз. Халықты сыйлаймыз. Халық. Халық. Иілу, бас шұлғу, жымию. Мешіт пе? Салынады. Бәрі болады. Тағы, тағы... Бәрі... Бәрі... Иә, иә, қайынатасы айтқандай... Әлде, әлде, басқалау ма?.. Шамасы, солай-ау... Алғашқы жиындардың
басы жақсы басталса да, ұзамай аяғы сұйыла бастады... Халық ашулы ма, немене. Мейлі ғой, бірақ... Одамановтардың жоспары бес ауданның екіншісінде-ақ сұйылды. Бірінен-бірі естіді ме екен, қалған аудандардың халқы қабылдаудан бас тартып, келмесін деп сәлем айтыпты. Келсін, бірақ, арғы аталары жерлес болғандықтан, қонақ болуға келсін депті-мыс. Егер ықтияр бізде болса, жарылқаушыны (депутат дегені шығар) өзімізден сайлаймыз депті... Сонымен, ағайынды екеудің (біреуі домбырашы) алғаш барған екі ауданда жолдары болмай, үшіншісіне бет алғанда әрі қарай түк өнбесіне көздері анық жетті де, ат басын шұғыл кері бұрды. Аймақ орталығы – Кендірліге жетісімен самолетке отырды. Қош, Құлансаз. Қош, атамекен. Енді бұл аймақты желкеміздің шұқыры көрсін. Алда – Жасылкент. Туған қала!.. Пах!.. Одан бері жылдар өтті. Інісі – домбырашы – Адыранды қайдам, ағасы – бұрынғы (баяғы) уәзір – Қилау Шилауұлының оқта-текте сол сапарда ауылдағы әлдебір көздері шақшиып, жұлқына сөйлеген қартаң адамның: «Сен бәтшағар, өміріңде ат ізін бір салмаған бұл жаққа не бетіңмен келдің», тағы бір дәрігер келіншектің: «Депутаттық не теңің», енді бір мектеп мұғалімнің: «Қазақша екі ауыз сөз құрай алмайтын сенен не үміт, не қайыр», – деп ішіп-жеп қарағаны есіне түседі. Есіне түседі де, езуін қисайтып, тыржың етеді. Оның қазір Құлансаз жұртшылығы арасында әлі күнге дейін: «Естеріңде ме, ел деп келген баяғы екеуден ұят болды-ау», – дейтін ақ жүректермен жұмысы жоқ. Өзінің емес, әкесінің жерлестерін ұмытқалы қай заман. Кейде кімді меңзейтіні белгісіз, «колхозники» деп кіжінеді. Жасылкенттің жампозы басқаша бола ма?
ЕСЕК ДӘМЕ Ә зіз дос, қуыстанба, ол сен емессің, Артықсың көп «қиқымнан», кем емессің. (Жаманға «еп», жақсыға «көп» те емессің), Қиналмай қимасын да сата салар, Жалаңтөс жабы деу де жөн емес тым. Әзәзіл бітім-болмыс ғажабысың, Өз пиғыл-пейіліңнің азабысың. Тас мүсін, көлгірсудің көк дөнені, Осылай сұм жалғаннан озамысың. Сезінбей досы өлсе де, азаны шын. Қодиясың болғансып әлдеқандай, Не күн туды Алашты алдағандай. Төңкерердей кергисің қара аспанды, Қара жерге бір тамшы тамбағандай. Олжа санап оңаша жұғысқанды, Алдап-арбап табансыз «туысқанды», Тірегі жарты әлемнің біздер дейсің, Тәрк етіп «жатыңмен» де ұғысқанды. Бөрі жеп бөлінгенді бітті дейсің, Жай таппас сайтан көңіл күпті дейсің. Біз емес дүрліктірер аңқау елді, Ғайбаттан жаралсақ та тіпті дейсің. ... Осы боп тұр сандалған санаға кеп – есек дәме – бір қайыр бола ма деп. Ібілістің ырқында ыға бермей, Бір ауық көрсең қайтер сабаға кеп, Қазақтан алауыздық садаға деп.
«КАПИТ» Т аң алды. Шырт ұйқыда жатқан Дыңқыш шыр еткен телефон даусынан шошына атып түрегелді. «Бар болғыр-ай, кім болды екен? Әлбетте, үлкен бастықтардың бірі шығар. Әйтпесе...» Дыңқыш: – Иә! – деді ұйқылы-ояу. – Мен ғой, – деді телефоннан. Үні жұмсак, жалыныштылау. Оның бастық емесіне көзі жеткен Дыңқыш кілт: – Менің кім? – деп зірк етті. «Осындай кезде мазалай ма екен?» дегенше болмай, телефондағы дауыс. – Ой, Дықа, шынымен танымадыңыз ба? Мен ғой, Әлтерекпін, – деді. – Ал, тыныштық па? – деді Дыңқыш сәл төмен түсе. – Қорықпаңыз, Дықа, сүйінші! – Дыңқыштың көңілін шыдамсыздық билеп кетті. «Бәсе, сондай бірдеңесі болмаса, құлқын сәріден бұл неге қылқылдасын». «Қосқұдық» совхозында бақылаушы инженер-механик болып істейтін Әлтерек – аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас инженері Дыңқышқа жақын жүретіндердің бірі. Әлтерекке Дыңқыштың күн ілгері айтқан тапсырмасы бар-тын. Бұл жолы Әлтерек бәсең үнмен: – Дықа, капит! – деп соны айтты. – Рас па? – деді қуанып кеткен Дыңқыш. – Рас, тез жетіңіз. Әйтпесе... – Болды, – деді Дыңқыш. – Міне, аттандым. Өзің дайын тұр! – Қазір Дынқыш есік алдындағы машинасына отырады да, «Қосқұдыққа» тартады. Дыңқыш совхозға барып жеткенше біз әлгіде Әлтеректің аузынан шыққан «капит» дегеннің не нәрсе екенін зерттей тұралық. – Мұнда бөтен құпия жоқ, «капит» – кәдімгі «капитальный ремонттың» қысқарған түрі. Әйтседе, Дыңқыш тұратын ауданда бүгінде «капиттен» абыройлы сөз табу қиын. Себебі, «капит» деген
екінші жағынан «капут» деген ұғымды білдіреді. Яғни, күрделі жөндеуге жөнелтілетін машиналардың біреу «көзін», біреу «миын», біреу «жұлынын» жұлып-жұлқып алып, нағыз «капутке» ұшыратады. Сондықтан «капуттен» көрі «капит» деп айтқанды дұрыс көретін салдарлы қызметкерлер «кімнің машинасы «капит» болар екен» деп, құлақтарын үнемі түре жүреді. Ал, машинасы «капит» болатындар бұл құпияны тістен шығармай, ең жақын сыбайластарына тек соңғы минуттарда ғана сыналап сездіреді. Алайда, Дыңқыш сияқтылар да мұғал. Олардың ұраны – әр жерде көз-құлағың болсын. «Капитті» тонау – сауап. «Капит» болатын машинаны басқалардан бұрын біл де, бұрын қимылдап қал. Дыңқыш келгенде Әлтерек өз қақпасының алдында қатты тықыршып тұрған-ды. – Тура гаражға тартайық, – деді ол алқынып. – Кеттік! Екеуі совхоз гаражына қарай зырлады. – Апырай, бізден бөлек ешкім білген жоқ па екен оны? – деді Дыңқыш жолшыбай абыржып. – Е, қайдан біледі, ешкім білмейді, – деп міңгірледі Әлтерек. – Әй, қайдам, бала, менің сол Жақыпбаевтан қаупім күшті! Білдің бе, Жақыпбаевтан!... – Ол білмейді Дықа, білмейді. Қайдан біледі? – Сен ше? Сен өзің қалай білдің! – Мен осы бүгін түнде Жауғаштың үйінде әбден масайған Қақатайдың өз аузынан естідім, – деді Әлтерек. – Кейде мас болғанның да пайдасы бар демекші... ол... былай нетіп отырып..: – Онда жұрттың бәрі естіген шығар да? – Жо-жоқ, Дықа, оны менен басқа ешкім естіген жоқ. Түнімен сілтеген қулар бұл кезде шетінен тырайып ұйықтап жатқан шығар. Машина жәукемдейтін шамалары кайда дейсіз! Сонда да Дыңқыштың іші мұздай. Үрейлі күдік кеуде ішін түгел кеулеп, сай сүйегін сырқырататындай. Кім білсін, Қақатай да тіс қаққан әккінің бірі емес пе? Жакыпбаевқа ол қалай айтпады екен? Жоқ, мүмкін емес...
«Я сәт», деді ішінен. «Мейлі, неде болса әйтеуір артқы мост пен алдыңғы мостың бірі бұйырса еді ... Бірер дөңгелек те артықтық етпес еді...Радиосына, әрине, иек қышымай-ақ қойсын». Бұлар гаражға жеткенде күн үясынан жаңа шығып келе жатқан-ды. Гараж маңы жым-жырт. Тірі пенде көрінбейді. Әне, сонау бастырма астында Қақатайдың көзге таныс ақсұр «газигі» ата қаздай маңкиып тұр. «Неткен сүйкімді еді шіркін...». Дыңқыш жерге түскен бойда Әлтерекке: – Ал, кір ананың астына, – деді ақсұр «газикті» нұсқап. Әлтерек лып етіп еніп кетті. Ізінше башпайын шаян шағып алғандай: – Дықа! – деді ышқынып. – О не? – Мынаның екі мосты да жарылып тұр ғой. – Не дейді? Екеуі де сынық, Дықа. Кеше ғана өз көзіммен көргенмін, сап-сау болатын. Қап!.. Ашу қысқан Дыңқыш: – Түсінікті, – деді шарт етіп. – Бәсе деп ем,ғой, бәсе! Жылпос Жақыпбаев қоя ма? Бізден бұрын кеп қағып кеткен ғой. Болды, шық былай! Сабаздар төрт дөңгелегін де түгендеп қойыпты. Ең болмаса шашылған шариктерін де жинап кетпепті, – деді Әлтерек машина астынан шыға беріп. – Әй, қойшы сен, – деді ашулы Дыңқыш машинасына қарай қозғалып. – Әйтеуір тек жүрмей қоқытып ... Өзім де құдай тегін жерден неғып бере қалсын деп ем-ау! – Дықа менде ...менде не кінә бар дейсіз ...Менікі әшейін... Былай, сіз... сіз үшін... ініңіз болған соң әшейін... – Жә, жарайды, – деді Дыңқыш бұрқылдаған күйі. Ол сол бойда машинасына отырды да, ауданға тартып кетті. Әлтерек тұрған орнында селтиіп қала берді. Бұл кезде ауданның бас зоотехнигі Жақыпбаев пен совхоздың селекционер-зоотехнигі Қақатай сонадай жердегі көк қақпалы үйдің терезесінен Дыңқыш пен Әлтерекке мысқылдай қарап, миықтарынан күліп тұр еді. Ойдөйт, «капит» дерсің-ау!..
«ЖӨТЕЛ» Ж аз ортасы. Таңертеңгілік. Гараж іргесіндегі тал түбінде көк шөпке бауырын төсеп, шала мас күйде жатқан Желкем будкадағы телефон қайта-қайта шарылдап болмаған соң, маңайда жүргендердің біріне: – Әй, Қармақ, ананы тыңдай салшы, – деді кіржие. – Кім болса да мені жоқ дей сал, – деді ізінше. Қармақ будкаға кіріп, трубканы көтерді. – Бұл қайсың? – деді ар жақтан. – Қармақ қой. – Желкем қайда? – Жоқ қой... Сіз кімсіз? – Мен Дәуленмін, – деп саңқ етті трубкадан. Селк ете қалған Қармақ: – Ж-же... Желкемді іздейін бе? – деді сасқалақтап. – Оған айт, – деді трубкадан, – водовоз ба, бензовоз ба, солардың бірін тез кеңсеге жіберсін. Мұнда жол жүретін кісі бар. – Құп болады, – Қармақ трубканы іле сап... Желкемге жүгірді. – Кім ол? – деді Желкем, басын сәл көтеріп. – Директор, – деді Қармақ сыбырлап. – Не дейді? Қармақ Дәуленнің бұйрығын айтты. Желкем сығырайған қалпы: – Директор неше рет жөтелді? – деді. – Қалай дейсіз? – Дәулен неше рет жөтелді деймін? – Түсінбедім, Желеке. – Әй, директор машина жіберсін деген соң, жөтелді ме, жоқ па? Жөтелсе, – неше рет жөтелді? – деп бажылдады Желкем. Аузынан арақ исі мүңк-мүнк етеді. Екі көзі қып-қызыл. Таңданған Қармақ: – Оншасын аңғармадым, – деп желкесін қасыды. «Бұл қай сандырағы-ай. Дені сау ма өзінің?» – Найсап, – деді Желкем кіжіне. – Бар, жөнел!
Желкем сол күйде жата берді. «Дәкең әшейін әлдекімге көз қылып айтқан шығар» деп ойлады ол. «Әйтпесе, жөтелмей ме? Керек болса, өзіме айтар». – Әй, Желкем, – деген-ді Дәулен, өткен жылғы осы уақытта. – Саған айтар бір сөз боп тұр. – Айтыңыз, ойбай? – Осы күнде не көп, машина сұраушы жұрт көп, ә? Солай ма? – Солай, Дәуке. – Олардың қайсы біріне бере береміз, солай ма? – Солай болғанда қандай! – Ендеше, бір амал таппасақ болмайды, бала. Мәселен, машина шын керек болса, мен «жібер» деген соң үш рет жөтелемін. Сонда лып еткізесін. Ал, жөтелмесем, – жібермейсің. Ұқтың ба, батыр? Желкем: – Ұқтым, ұқтым, – деді бұл ұсыныс ұнап кеткендей. – Ұқсаң сол, ұмытпа. – Ұмытпаймын, Дәуке. Содан бері Желкемнің жабағы жүні көтерулі. Директормен ым-жымы бір адамсып, былайғыларға қодия қыр көрсетіп жүргені. Тіпті, кейде директордың өзіне де дәп қылуға бар. Міне, қазірде ол Дәуленге телефон соқпай, өзінше қырсығып жатыр. «Машина керек болса жөтелсін» деп сыздияды. Жә, түнгі мастығы тарқамаған оның қазір орнынан тұруға шамасы да жоқ-ты. Бұл кезде совхоз директоры Дәулен кабинетінде отырған қалжасы қалақайдай ғана, қалқан құлақ, күлмең көз жігітке: – Аздап күте тұрамыз енді, шырақ, – деді кішіпейіл раймен. – Гараж меңгерушісі жоқ екен, келген бойда жіберетін шығар. – Жарайды, – деп тақ етті Шеген. Шеген Шапаров аудандық газеттің қызметкері, совхозға командировкаға келген-ді. Кеше кешкілік Дәуленге: «Сіз жөнінде очерк жазбақ ойым бар» деген-ді. «Өзіңіз білерсіз». «Онда мені таңертең ауданға жеткізіп саларсыз». «Жарайды, азанда тура өзіме келіңіз».
Бұл Шегеннің сол келісім бойынша келіп отырғаны еді. Шегенді көрісімен Дәулен гаражға телефон соқты. Жауап жоғарыдағыдай. Сонымен, ІІІеген күтіп отыр. (Өңінде тәуелді пендеге тән бір жұқа сыпайылық, жылымшы ізеттілік бар). Қабинетке толассыз кіріп-шығып жатқан адамдар. Біресе солармен, біресе телефонмен сөйлескен директор Шегенді мүлде ұмытқандай. Шеген келгелі бір сағат лездеақ өте шыққандай. Кенет Дәулен трубканы алып: – Алло, гараж. Иә, мен... Аман, аман... Саған айтты ма? Онда сөйт... Тек тез, білдің бе, тез! Онан сон, Шегенге бұрылып: – Ал, інішек, есік алдына шыға беріңіз, водовоз келеді, – деді Дәулен. – Кабинасы бір кісіге жетеді ғой, назырқанбассыз, ә? – О, жоқ-ә, – деген Шеген Дәуленге алғыс айтып, ақтарыла қоштасты да, сыртқа шықты. Бірақ, машинасы түспегір жуық арада келе қоймады. Мүлде келмейтінге ұқсаған соң, Шеген директорға қайта кірді. – Немене, кеткен жоқсыз ба? – деді Дәулен таңдана. – Иә, сәл сөйтіңкіреп... Дәулен дереу Желкеммен жалғасты: – Әй, Желкем? – Әу, Дәуке! – Әлгі водовозың қайда? – Кетті ғой. – Қайда кетті? – Маршрутпен. – Маған жібер дегенім қайда? – даусы шаңқ етіп, қатты шықты. Аз үнсіздіктен кейін Желкем: – Шыныңыз ба? – деді маңқ ете. – Енді ше? – Жөтелмедіңіз ғой... – Ұмытып кеттім, білдің бе, ұмытып!.. Желкем тағы да сиқырлана: – Керек пе? – дейді маңқ етіп. – Немене? – Машина да. – Керек! Бар ма? – деді Дәулен ентіге.
– Сіз үшін табам ғой? – Онда жібер тез!.. – Қазір... – Әй! — деді Дәулен ізінше. – Не, Дәуке! Дәулен бұл жолы ештеңе демей, кабинетті басына көтере қатты-қатты үш рет жөтелді де, трубканы тастай салды. Шеген, әрине, бұл арада пәлендей ештеңе сезе қалған жоқ. Дәулен оған: – Ал, шырақ, тысқа шыға беріңіз, водовоз келетін болды, енді кідірмейсіз, – деді зорлана күлімсіреп. Шеген шығып кетті де, ашуға булығып, қатты қиналған Дәулен мойны мен бет-аузының терін сүртуге кірісті...
ШАҢСОРҒЫШ – АЮ ЕМЕС Б үгінде шаңсорғышсыз күн бар ма? Бірде сол құрғыр тамағына су кеткендей қақалып-шашалып қалды да, шеберханаға апарып тастадым. Пысынаған шағын бөлмеде көйлекшең отырған толық денелі, ақ сары жігіт шаңсорғышты көрер-көрместен «пәлен сом төлейсің» деп, қолыма квитанция жазып берді де, «пәлен күні, пәлен сағатта келіп аласың» деді. Бірақ, ол пәлен күнгі пәлен сағатта мүмкіндігім болмай, мен шеберханаға екі күн кешігіп бардым. Енді міне, сол үшін шебердің алдында бетімнен отым шығып, қысылып тұрмын. «Уәдеде тұрмау нағыз оңбағандық қой» деймін өзімді ұрсып. Әрине, шеберден кешірім сұрау керек: «Қымбатты шебер, сіз айтқан уақытта келе алмай ұятты болдым. Мені уәдесіз, берекесіз адам деп ойлаған шығарсыз. Дұрыс-ақ, мен туралы солай ойлауға хақыңыз бар. Әйтсе де, бір жолға ғафу еткейсіз», – деуге тиіспін. Сірә, қатты ренжулі ме, шебер басын көтермей, томсара төмен қарап, бірдемеге үңіліп отыр. Әлбетте, ол маған ашулы. Бетіме қарауға жиренеді. Кірген бойда берген сәлемімді де алған жоқ. Енді қайтсем екен? – Сау-саламат ғанасыз ба, шебер? – дедім екінші рет. Бұл жолы ол күңк етіп, ернін жыбыр еткізді де қойды. Бәрібір басын көтерген жоқ. – Қымбатты шебер, – деймін жіліктің майындай жылымшы үнмен. – Айта беріңіз. – Сізден кешірім сұраймын... К... кінә менен... – О не жағдай? – деді енді ғана бетіме көз қиығымен сәл таңдана қараған ол. – Сізден кешірім сұраймын... Әлгі бір уәдені бұзып... – Былай түсіндіріп нетіңізші. Сіз кімсіз өзі? – деді жылы мейіріммен езу тарта. Квитанцияны беріп, мән-жайды айттым.
– Е-һе! – деді қарқылдай күліп. – Бір күн әрі, бір күн бері, тәйірі, онда тұрған не бар екен. Дегенмен, азамат, сіз өзіңіз өте бір мәдениетті адам құсайсыз. Қайда жұмыс істеуші едіңіз! – деп тоқтаусыз сөйлей жөнелсін енді. – Соны да әңгіме етіп... Адам баласы қателесу үшін жаралған емес пе? Мәселен, мына бізді құдайдың боз қойы деп ойлайсыз ба? Жо-жоқ, ретіне қарай біз де мүлт кетіп жатамыз, азамат. Сондайда жұрттың бәрі сіз сияқты кешірім сұрап, сызылып тұрса ғой, өстіп. Ал, олар нетеді? Сәл көңілдеріне жақпасаң отқа түскен тұздай шытынап, атой салуға дайын. Сіз болсаңыз, мінеки... Айтпақшы, сіздікі шаңсорғыш қой, ә? – Иә, сіздің тапсыруыңыз бойынша оны бұрнағы күні келіп алуға тиіс едім. Бірақ, қапылыста кешігіп қап... Содан сәл ұятты боп дегендей... – Оқасы жоқ, азамат, ешқандай қысылмаңыз, – деді квитанция нөмерін тіркеу дәптерінен іздей бастаған шебер. – Міне, көрдіңіз бе? Айттым ғой қысылмаңыз деп. Шаңсорғышыңыз әлі жөнделмепті. Бірақ, ұзамай жөндейміз. Тек ғұмыр болсын. Ғұмыр болса бәріне үлгереміз, солай емес пе? Ал, қалай? – Солай, қымбатты шебер, – деймін өзімнің кінәдан аулақ екеніме жүрегім жарыла қуанған мен. – Тамаша! Ақшасы төленген. Квитанция қалтаңызда. Ең бастысы, шаңсорғыш орманға қашып кететін аю емес қой. Әлі-ақ бәрі қалпына келеді!.. – Иә, дұрыс айтасыз, шаңсорғыш – аю емес, сөйтсе де, оны енді қай күні келіп алсам екен? Соны біле кетсем... – Оны қазір айтайын, қазір. Сіз бар ғой, азамат, келесі жұманың дәл осы күні келіңіз де, шаңсорғышыңызды алып кетіңіз. Жарай ма? – Рақмет. Сау болыңыз. – Аман болыңыз. Оның өзі де мен ойлағандай соншалық дөрекі емес, қайта, тым кішіпейіл адам ба деп қалдым. Өйткені, есіктен шығып бара жатқанымда да мен жөнінде жұмсақ үнмен: – Шіркін-ай, неткен мәдениетті жан, – деп таңдай қаққанын анық естідім. Иә, мен бұл шеберге қатты ұнап қалсам керек. Ой, тоба-ай! Істің соңы дәл осылай тынар деп он ұйықтасам ойлаппын ба?..
КӨРШІЛЕР К ішкентай ауылдың орта шеніндегі қатар орналасқан екі үйдің айналасы да темір тормен мұқият қоршалып, асты-үсті тышқан өте алмастай етіп бекітілген. Екеуі де бес бөлмелі, төбелері шифер, шекесінде сорайған-сорайған телевизор антенналары. Жан-жағы тал-терек, жеміс ағаштары, Аумақты алқапқа бақша салынған. Екі үйдің бас көтерер еркегі. – Сәлімгерей мен Тойболсын күн сайын таңертең елең-алаңнан тұрады да, әуелі бір-бірінің ауласына ұрлана көз тастайды. Біраз нәрсені біліп-түйіп,көкірекке тоқыған соң ғана, басқа шаруаға кіріседі. Әйелдері де сол. Бір-бірінің мал жайғанын, тауықтарға дән шашып, немесе, бақша баптап жүргенін көрсе де, жорта көрмегенсиді. Бетпе-бет келсе сәлемдеспей, бұрылып кетеді. Салқындықтың о баста неден туғаны белгісіз. Алайда, көп жылдан бергі көрген күндері осы. Кешеден бастап екі үйдің арасында тағы бір кездейсоқ қақтығыс шығып, іштен шалып тұрғаны. Қырлы жер болғандықтан, бұл ауылда қашаннан су тапшы. Жұрт бау-бақшасын кезекпен суарады. Шықылдаған шілдеде бау-бақша су ішпесе, сенің де аларың аз. Кезегі жеткен Сәлімгерей таңертең шылжырап аққан суды өз бақшасына бұрды да, жұмысқа кетіп қалды. Түске қарай оралса, бақшасының тандыры кеуіп жатыр. Түсінікті. Қырсық содан келген. «Сенімен сөйлеспегенім болсын» деген Сәлімгерей суды өз бақшасына қайта бұрды да, жұмысына қайта кетті. Кешке келсе, бақшасы әлі құп-құрғақ. Ыстық жалын лап-лап етеді. Ашу қысқан ол құлақ басына әп-сәтте қалай жетіп келгенін де сезген жоқ. Келе суды өз бақшасына қарай ағызды. Бір жапырақ қағазға «заңды кезек менікі» деп жазды да, ағашқа қыстырып кетті. Онымен де, бәрібір, су келген жоқ. Құлаққа қайта шапты. «Заң-паңда жұмысым жоқ, ертең сағат онға
дейін су менікі» деп Тойболсын да қағаз жазып, іліп кетіпті. – Міне, саған тимеген, – деп, Сәлімгерей құлақтық бекітулі тұсын кетпенмен көсіп-көсіп тастады. Сәлімгерей кетісімен жүгері ішінде аңдып тұрған Тойболсын атып шығып, ол да көсіп-көсіп тастады. Содан таң аппақ атқанша біресе ол көсіп тастап, біресе бұл көсіп тастап, екеуі де қалжырады. – Қап, мына шұнақтың (Тойболсынның бір құлағының ұшында кертпесі бар болатын) қорлығы өтті-ау, ә! – деді Сәлімгерей жұмысқа кетерінде жұдырықтай қушық шеке әйеліне. – Бақшасына байқамай түсіп кеткен қара тауығымызды кесекпен атып өлтіріп, былтырғы істегені анау еді. Ендігісі... – Өлтіргенін көзің көрген жоқ қой, – деді әйелі тызаңдап. – Білемін, сол өлтірген, сол! – деді Сәлімгерей шатынап. – Ұстап алған жоқсың ғой. – Ендеше, қораларына шатасып кірген біздің қызыл бұзауды оңдырмай сабап жіберген кім? Ол да өтірік пе? Сен де көрдің ғой өз көзіңмен. Өлтіре жаздамады ма? Бұзау да нәрестемен бірдей. Нәрестені сонша ұра ма екен кісі? – Олардың екі айлық қодығын сен де ұрып, дап-дала етіп жіберіп едің ғой. Қодық та нәресте шығар. Неге қол көтердің? – Қайтесің, ұрдым. Танбаймын. Ала күшігін де ұрған мен. Әттең қолыма түспей жүр, біздің тауықтың балапандарын ұрлап жеп, былқ-былқ семіріп алған тарғыл мысығын да аямас едім. Бір теуіп, өкпесін түсірер едім. – Ой, батырын-ай, шіркіннің! – Сен, не? Тойболсынға бүйрегің бұра ма? Мақұл, түп нағашың-ақ шығар. Сонда менен жақын ба ол саған? – Әй, текешік, – деді осы тұста өңі көгеріп сала берген әйелі, иегі дір-дір етіп. – Сен не деп отырсың, ә? Кәне, кет жұмысыңа. Бар, бар! Көрінбе көзіме. Қарай көр, қай-қайдағы шірікті маған нағашы деп. Жалғаннан нағашысыз өтсем де, Тойболсының өзіңе, білдің бе? Жоғал дедім ғой!..
– Жоғалсам жоғаламын, – деді Сәлімгерей ызғарланып. – Бірақ, есіңде болсын, шыдамым бітті. Осыдан Тойболсынға көресісін көрсетпесем, атым басқа болсын. – Міне, міне, жөніңе енді келе жатырсың. Манадан бері нағашың-нағашың деп қайдағы жоқты көкігенше, соныңды айтпайсың ба? Ал, нені көрсетесің оған? Қайтіп? – Әуелі ашуыңды басшы өзің, – деді Сәлімгерей кілт бәсеңдеп. – Ашу жайын тауып кеткен. Сөйлей бер. – Айтсам, келесі сенбіде екеуміз ауданға тойға барамыз. Той десе сілекейі шұбыра жөнелетін шотбас әйелі: – Кімнің тойы? – деді есі шыға. – Тоқаңның тойы. Екінші жеңгеймен қосылғанына бес жыл толып, соны атамақшы екен. – Шақырып па еді? – Не шақырған керек. Естідік дейміз де, бара береміз. Шақырмай келдіңдер деп қуып жібермейтін шығар. Кәне, соған не апарамыз? Әңгіме сонда боп тұр. Алыстығы жоқ. Жақсылы-жаман, әкем марқұмның нағашы атасының жиенінің бел құдасы. Ұятқа қалып жүрмейік. – Өзің не ойлайсың? – деді әйелі. – Менің ойым – екеуіне екі алтын-жүзік. Сонда Тоқаң да біздікі. Тойболсын сияқтылармен сонан соң болсын ісім. Аяғыма жығылмаса, мұрнымды кесіп берейін. Бұл кезде, кездейсоқтыққа қараңыз, дәл осындай келіссөз Тойболсынның үйінде де жүріп жатқан-ды. Дене бітімі өзінен үш есе үлкен қара торы, таңқы мұрын әйеліне ала көздерімен сүзіле қараған Тойболсын: – Сенбі күні ауданға тойға барамыз, – деді танауы делдие. – Кімнің тойы? – Тоқаңның. – Ол кім? – Білмейсің бе? Бүкіл ауданды жатқызып-тұрғызатын Тоқаң дейтін бар емес пе? – Бар болса бар шығар. Өзі шақырып па еді? – Шақырмаса да барамыз. Қайсыбір жылы қаладағы ресторанда кездесіп қалып, отырған жеріне даяшыдан
бір коньяк, бір шампан сәлемдеме жібергенмін. Сол есінде шығар. Үйге келіндер деген де сөзі болатын. Ал, тойға не апарамыз? Мен соны сұрап тұрмын сенен? – Өзің біл. – Өзім білсем, анау байлаулы қара қошқарды апарамыз. Осы күнде тек құйрығының өзі жиырма килограмнан кем тартпас деймін соның. – Денің сау ма? – Сау болмай ше? Қорықпа, Тоқаңа кеткен нәрсе өлмейді. Ши борбай (Сәлімгерейді айтады) әбден басынып бітті ғой. Енді көзін көкшитетін кез келіп тұр. Токаң оның құлақ-мұрнын бір рет күзеп беруге жарайтын шығар. – Мақұл десем, онда сол үшін ғана макұл дейін, – деді орнынан жұлқына түрегелген әйелі долдана. – Шүкір, корада басқа да қошқарлар баршылық. Көп болса, тағы біреуін байлармыз. Тек мынау жылап кетпесін. Соған сақ бол. Тоқаңның қолынан ештеңе келе ме, өзі? – Келмесе, қара қошқарды атап нем бар? Той деген жай сылтау ғой. Соны да білмейсің бе? – Білдім, білдім. Сөйтсең сөйт, бұлардың басқасы басқа, кебек беріп асыраған ала күшігімнің Сәлімгерей ұрғандағы қансылаған жан даусы әлі күнге құлағымнан бір кетпейді-ау, кетпейді. Тек сол үшін... Әйтпесе... – Мен де сол үшін, – деді Тойболсын да қатулана. – Алдыңғы жылы күзде Алматыдан үйлеріне қонақ келгенде арақтан босаған шетелдік бөтелкені түн жамылып біздің қораға лақтырып жібергені үшін! Тартқан темекісінің түтінін біздің үйге қарай үрлейтіні үшін!.. – Кілем сатып алғанымызды күндейтіні үшін! – Қодық үшін! * Сенбі күні түс қайта жекеменшік жеңіл машинасына мініп, ауданға әуелі әйелімен бірге Сәлімгерей кетті. Жан баласы сезген жоқ. Бір шамадан соң қара қошқарды жүк машинасына тиеп, Тойболсын аттанды (ол да әйелімен бірге, әрине). Жан баласы сезген жоқ. Бір-бірі жөнінде Тоқаңа айтып, тоңқалаң асырар сәттің жеткеніне екеуі де қуанышты. Тек, ақырын берсін!
Тоқаңның үйіне жұрттан бұрынырақ келген Сәлімгерей мен әйелі кең қора ішінде аяқтарын алшаң басып, серуендеп жүр. Сәлімгерей сәусілдеп өскен әтір гүлдердің біреуін жұлып алып иіскейді. Біреуін жұлып алып, әйелінің шашына тағады. – Саған не болған, байғұс-ау? – Жай, әшейін, қыз күнің есіме түсіп тұрғаны ғой, – деп сылқ-сылқ күледі Сәлімгерей. Обалы не, Тоқаң бұларды жылы қарсы алған-ды. «Өздерің біліп келгендерің орынды, адалдық деген осы» деп, ақылды жаратылғандары үшін екеуіне алғыс айтқан. Сондықтан ба, ерлі-зайыптылар тым көңілді-ақ. Айтылған мерзімде басқа қонақтар да тұс-тұстан ағылып келе бастады. Жас талдардың тасасындағы Сәлімгерей мен әйелі бәрін де ұрлана көзбен шолып тұр. Бұйырса, ерлі-зайыпты екеуі бүгін кілең сыйлы қонақтардың жуан ортасында осы үйдің ең жақын адамдарының біріндей шалқия отырып, Тоқаң мен оның құдай қосқан қосағының атына жылы-жылы, дәмді-дәмді сөздер айтсақ дейді (тандырдан жаңа шыққандай ыстық сөздер көмейлерінде лықсып тұр, әрине). Қонақтар үсті-үстіне келіп жатыр. Тоқаң мен әйелі олардың бірінен соң біріне құшақтарын ашып, домалап жүр. – Сұмдық-ай, анда қарашы, – деді бірде Сәлімгерейдің әйелі күйеуін бүйірден нұқып қалып. Қақпа жаққа жалт қараған Сәлімгерей өз көзіне өзі сенбей, қатты да қалды, Тазы көрген түлкідей жиырылып, жонын күдірейтті. Онан соң ажырая әйеліне қарады. Онда да өң-түс қалмапты. Сәлімгерей: – Бұлар неғып жүр? – деп күбір етті. – Неғып жүрсін, сенің шашбауыңды көтере келген де, – деді ызаланған әйелі. Бұл кезде борша-борша боп терлеген Тойболсын мен әйелі өздігінен жүру дегенді әлдеқашан ұмытқан семіз қара қошқарды бірі басынан сүйреп, бірі құйрырынан итермелеп, көздері күлмеңдеп, қақпадан кіріп келе жатқан-ды. Бір қызығы, үй иесі Тоқан оларға да құшағын жая ұмтылып барады...
ҮШІНШІ ШАРУА Ә дейі іздеп келген адамының өз орнында отырғанын көрген Жантас кабинетке кірген бойда онымен әмпей-жемпей боп, жайраңдай амандасты. Екі езуі екі құлаққа қарай екі-екі еліден жылжи түскен. Әдейі іздеп келген адамының есімі Тұрман еді, ол да: – Е, досым, кел, кел! Қайдан жүрсің! Көптен көрінбей кетіп ең? – деп ақ жарылып жатыр. – Жүрміз ғой, – деді Жантас одан сайын жайраң қағып. – Ойпырмай, орныңда болғаның мұнша тәуір болар ма? – деп, екі-үш рет үһілеп те жіберді. – Немене, тыныштық па? – Тыныштық, – деді Тұрманға қарама-қарсы жайғасқан Жантас. – Өртеніп бара жатқан ештеңе жоқ. Жә, шаруа дерлік шаруам да шамалы. Бірінші басты шаруам — өзіңді көріп, көз мейірін қандыру, әрі үй-ішінің аман-саулығын білу болса, екінші шаруам – қызмет дәрежең өсіпті, бастық болыпсың, соған ауызба-ауыз құтты болсын айту. Өздігіңнен, әрине, «мен пәлен болдым» деуге ұялған шығарсың. Сондықтан, әдейі келіп отырмын. Заманы бір құрбымыз, сыйласпыз. Ал, креслоң биік бола берсін, бауырым! Құтты болсын! (Осы сәтте оның шегір көздерінен жарқ-жарқ ұшқын атылғандай болды). – Әйтеуір, сенім көрсетіп «істе» деген соң, істеп жатырмыз. Ниетіңе рақмет, – деді Тұрман да біртоға, риза көңілмен. – Әйтсе де, саған жету қайда әлі біздерге! Мына сөздерден мүлде әсерлене түскен Жантас кең кабинет ішін шегір көздерімен алақ-жұлақ тінте қарады да, Тұрманға сәл жақындаңқырап отырды. Өз-өзіне сенімді, ерекше батыл. Өйтпей ше? Оңаша кабинет. Екеуі ғана. Демек, бұл енді үшінші шаруаны (әдейі келген соң онсыз қайдан?) кең көсіле отырып, асықпай айтуға болады деген сөз.
Бірінші мен екінші шаруа атап-атап айтылған жерде, міндетті түрде үшінші шаруа да болуы тиіс екенін өмір тәжірибесінен жақсы білетін Тұрман да сабыр сақтап, әліптің артын бағады. Айтылмай қалмасына сенімі кәміл. Өзі де құралақан емес. Жантасты көргеннен қажет шаруалардың бірі мұның да жалма-жан есіне түсе кетпесі бар ма? Бірақ, әуелі Жантас айтсын... – Ал, әзірше... – Көршің қалай? – деді Жантас уақыт өте түсу үшін. Әңгіменің кім туралы екенін ұға қойған Тұрман да: – Ішіп кеткен, – деп күңк етті, әзірше осындай бір жанама сөздерге өзінің де қарсы емесін сездіре. – Ішпейтін бір күні жоқ. Әйелімен қосылып ішеді. Қатыспаймыз... – Әйтеуір, шет елден келген машинасын сатып жібермесе бопты да, – деді Жантас сағатына қарап қойып. – Немене, асығысың ба? – Жұмыс қой... Бұл екеуінің де енді үшінші шаруаға кірісер сәттің жеткенін іштей ұғысқаны еді. Алайда, нақ осы мезгілде есіктен ұзын бойлы, толық денелі, ақсары жігіттің басакөктеп кіріп келмесі бар ма? Тіке Тұрманға барып қол берген ол Жантасқа назар да салмай, бос креслоға жалп етіп отыра кетті де: – Қалайсың, батыр? – деді Тұрманға өктемси қарап. – Жақсы. Жай ма? – Жай. Шаруам жоқ. Әшейін... – деді (шаруасы жоқтығын нықтаңқырай айтып). – Дұрыс, — деді Тұрман (онда кейін-ақ келмейсің бе деуге ыңғайсызданып). Ақсары жігіт екі аяғын айқастыра, арқаға қарай шалқайыңқырап отырды. Бұл енді оның мен ұзақ отырамын, мына бір неме (Жантасты айтады) тезірек шығып кете қойса екен дегені, әрине. Жаңа ғана еш шаруам жоқ дегенмен, оңаша айтар сөзім бар дегені, әрине. Жантас та, Тұрман да оған «сіз біздің әңгімемізді бөліп жібердіңіз» дей қойған жоқ, әрине. «Өзі-ақ түсінер» деп ойлады, әрине. Бірақ, ақсары жігіттің мына отырысы жөн-жоба түсінетін азаматқа онша ұқсай бермейтіндей. Қайта Жантасқа бір-екі рет жаман көзімен ата қараған сыңа-
йында оны «сен бұл жерде неге отырсың» деп кінәлау бар ма, қалай? «Жо-жоқ, жігітім, көкірегіңді көтере берме. Мұнда алдымен келген мен, сондықтан Тұрманмен әуелі мен сөйлесуім керек. Сен кім болсаң, ол бол, – онда жұмысым жоқ, шықсаң өзің шыға бер» деп ойлайды Жантас та ішінен. Сөйтіп, қапылыста бөгде адам кірген соң сөз арнасын тағы да амалсыз қысыр әңгімеге бұрған ол: – Сөйтіп, сол күні Шөкеңнің әйелінің әкесін жерледік, – деді Тұрманға қарап, манадан айтылып отырған әлдебір ұзақ әңгімені қайта жалғастырған адамша. – Өзім бастан-аяқ қатыстым. Бәрі Шөкеңнің құрметі ғой. Әйтпесе, әйелінің әкесінде шаруамыз не? Өмірде бір көрмеген адам... – Бірақ та, айтайын дегенім бұл емес, – деді онан соң. – Баяғы Нарпатшаны білуші ме ең? Білесің. Әне, сол сабазың садақа дастарқанында бір сағат сөйлеп ұят жасамасын ба? Күн ыстық, бөлме тар, кісі көп. Нарпатша рюмкесін қолына ұстап алып, әлі саңғырлап тұр, әлі саңғырлап тұр. Аза үстінде кім не дей қойсын оған. Тыңдадық амалсыз... – Нарпатшаның Шөкеңе қандай қатысы бар екен? – Оншалығын білмедім, бірақ, Нарпатша сияқтылар кілең сондай шақта алдыңнан шықпайтын ба еді? – деді Жантас. Екеуі де ақсары жігітке көздерінің астымен қарап қойысты. Ақсары жігіт тықыршып отыр. Күрсініп қояды. Әлбетте, шығып кетер түрі жоқ. Кайтерсін енді. Келген екен, отырсын. Сондықтан, тағы да амалсыз қысыр сөздер ысқырына бастады. – Майшық қалай? – Жүр ғой. – Мақтанғанды тәуір көретін шығар әлі де. – Е-һе, несін айтасың! Мақтасаң, – сенен жақсы адам жоқ. Жазатайым кемістігін... – Түсінікті ғой, – деді Жантас мырс етіп. – Майшықты сұрау себебім, әнеукүні осында Жанекеңді көріп қалып едім... «Қызметім өзгергелі дұрыстап сәлем бермейді» деп, Майшыққа өкпесі барын аңғартты ол. Майшық та қызық екен. Жанекеңнің ауылына
әдейілеп барған соң, оған да бірер минутке кіре шықса несі кетеді десеңші. Оның есесіне, Жанакеңнің орнына отырған біреудің жанында шапқылап, соның жандайшабы боп жүрген құсайды. Бәтшағар-ай, ә? Күні кеше Жанекеңе де сөйтуші еді, енді бүгін... – Ой, ол өзі Майшық болған соң бітті емес пе? Майшықтарыңа бәрібір емес пе? Ертең оның орнына тағы біреу келсе де сөйтеді олар, – деп, Жантас қарқ-қарқ күлген болды. – Солай дей тұрсақ та, – деп күмілжіді Тұрман. Жантас аузын кере есінеді де, әуелі сағатына, онан соң бұрышта манадан бері сөз тыңдап отырған ақсары жігітке көз тастады. Сонан соң Тұрманға қарап: – Бауырым, өзіңмен оңаша сөйлесер тағы бір сөзім бар еді, – деді ақсары жігіт естісін дегендей, даусын әдейі көтеріңкі шығарып. Тек осы сәтте ғана орнынан жалма-жан ұшып түрегелген ақсары жігіт: «Жарайды, онда мен біраздан соң соғармын» деп күңк етті де, сүйретіле басып, кабинеттен шығып кетті. Біраздан соң... Біраздан соң... соғады... Демек, оның да бір шаруасы болғаны ма сонда? Әрине, болғаны. Бәсе! Жантас үнсіз жымиды да, Тұрманға: – Бірінші шаруаны саған мана келген әзірде айттым, – деді бас бармағын бүгіп. – Екінші шаруаны да сонда айтқанмын, – деді сұқ саусағын бүгіп. – Ер кезегі үшке дейін дегендей, үшіншісін өзіңе былай... оңашалап... асықпай нетпекші болып отырғанда, әлгі біреуің келе қалып, берекені алып жібермеді ме? Кім еді өзі? – Е, осындағы... – Ендеше, сол осындағыңның қырсығынан екеуміз ой мен қырдағы біраз өсекті де соғып жібердік-ау, деймін, ә? Мейлі, анда-санда өстіп басымыз қосылғанда бірер ауыз қысыр сөз айтып қойғанның да зияны жоқ, меніңше. Қалай дейсің? – Жасыма, – деді Тұрман Жантастың иығынан қағып. – Есі болса, ол мана өзі-ақ кетуі керек еді. Бәрі соның қырсыры ғой, – деді бұл да әлгі ақсары жігітті күстаналап. Менде адам отырғанын көрген соң сәл күте тұруы керек еді. Қайта сен кеш те болса құлаққағыс етіп, дұ-
рыс жасадың оған. Әйтпесе, тағы да біраз өсек айтылар ма еді, кім білсін. Кәне, енді... – Немене, кәне? – Үшінші шаруаңды айта бер. Құлағым сенде, – деді Тұрман ортаңғы саусағын бүгіп. Сонымен, Жантас айтуға, Тұрман тыңдауға кірісті... Ал енді, қымбатты оқушы, сол жолы оңаша кабинетте айтылған үшінші шаруа не болды екен дейсіз бе? Міне, сол нәрсені сіз түгіл, менің өзім де біле бірмеймін. Бәрін біле беру кімге оңай дейсіз?
ЭКИПАЖ МҮШЕЛЕРІ Т ақыр жерге тастай салған матрац үстінде шалқасынан жатқан Тұзбай көзін ашқанда, алдымен көкпеңбек ашық аспанды көрді. Айнала едәуір жарық тартып қалыпты. Күн әлі шықпаған. Түндегі өзімен бірге батылдық көрсетіп үш-төрт рюмке ақты тартып жіберген асыл жеңгесі болу керек, сірә, анадай жерде үстіне күйеуінің кең-мол ескі костюмін киіп, бет-аузын қара-қошқыл жұқа орамалмен шандып тартып алған бір әйел қатарластыра байланған үш-төрт сиырдың бірінің желініне жабысып отыр. Ал, аға шопан боп істейтін асыл ағасы Бетеген бір отар қойын бытырата айдап, сонау жатаған қырдың баурайына жақындап қалыпты. Түнде Тұзбай, шамасы, ұйықтауға осы күйде жата кетсе керек. Төсек дегеннен басына жастанған кабинаның арқалығы мен астындағы матрацтан бөлек дым жоқ. Үстіне де ештеңе жамылмапты. Әйетеуір, абырой болғанда, тоңбапты. Орнынан атып тұрған ол бір-екі керілді де, сонадайдағы аласа төбеге қарай қозғалды. Төбеден төмен қарағанда, етектегі екі кигіз үй өз көңіліне бейне салтанатты қос алтын ордадай сезілді. Оларға таяу жерде қаңқиып ескі машина тұр. Бүйіріндегі «автоклуб» деген ірі жазу осы арадан да көзге анық көрінеді. «Әйтеуір, қозғалып жүріп тұрса болды да» деген ой келді ескі машинаға қашаннан көңілі толмайтын Тұзбай. Қанша бұлқынып көрсе де, жуық арада не басқа жаңа машина берілмесіне, не машинаның жөнделмесіне көзі жеткен соң, көнбегенде не шара?! Оның ескі автоклубқа қашанда торыға қарайтынының бір сыры осында еді. Тұзбайдың сол автоклубқа меңгеруші деген аты бар. Шофер деген аты бар Шортық деген жігіг дәл қазір, әрине, кабинаның ішінде ұйқыны ұрып жатыр. Тұзбайдай емес, ұйқыбастау неме. Ешкім оятпаса, осыдан сәске түске дейін жата беруге бар.
Түнде шамадан тыс көбірек тартып жібергені бір өзіне аян. Тұзбайдың қазір басы жайында, денесі сергек. Ол алдымен соған қуанды. «Даланың таза ауасы жанға шипа ғой, бәрі соның арқасы» деп ойлады ол. «Тек, енді бір ыстық-ыстық қою шай болса, шіркін». Мұның сол ойын дәп басқандай, нақ осы мезгілде қос киіз үйдің орта шенінен шұбалаңдаған әлсіз көк түтін аспанға көтеріле берді. Самауыр түтіні. Бұдан арғысы бегілі жай. Ұзамай шай қайнайды. Үлкен сайға бір отар қойын иіріп тастаған асыл ағасы Бетеген шопан үйге қайтып келеді. Шофер оянады. Бәрі шай ішеді. Аздап бас жазулары да ғажап емес. Сонан соң экипаж мүшелері келесі отарға сапар шегеді... Әйтседе, түндегі ішкен-жегендеріне Тұзбай едәуір риза, көңілді. Айдалада жалғыз үй отырған Бетегеннің семьясы бұлар келгенде қалай қуанды десеңші. Барын алдарына тосып, не айтса мақұл дей береді, ыржақтап күле береді. Әйелі екеуі қосыла кетіп: – Қино-синоларыңа алла разы болсын, бізге өстіп төбе керсеткендеріңе де көп рақмет, – дейді. – Әлгі қол қоятын кітаптарыңды ұмытып кеткен жоқ па едіңдер? – дейді. Жасы отызды алқымдаған, толық денелі Тұзбайдың қара торы жүзі балбұл жайнап, селк-селік күле береді. «Кітапты ұмытқан жоқпыз» деп тағы күледі. Әлжуаздау, аққұба, бала жігіт – шофер үндемейді. Бар ырықты Тұзбайға беріп, көрген-білгенін ішке түйіп, отыра береді. Ол да осыған әбден үйреніп алған тәрізді. – Дегенмен, байқаңдар, – деген-ді Бетеген. – Барлық шопан біздей емес. Біздің ішімізде де бүйректен сирақ шығаратындар табылады. Әне, соларға сақ болыңдар! Тәйірі, біз өзіміз ғой, бізді қойшы!.. – Түсінеміз, – деген-ді Тұзбай. «Іштім екен деп тым бес кете беру орынсыз» деп ойлады төбеден төмен түсіп келе жатқан Тұзбай. «Түнде осы біз нелер жөнінде әңгімеледік? Бір сөзімде аздап Бөрібайға ауыз салғаным есімде. Иә, соны еске алудың ешбір жөні жоқ-ақ еді. Бірақ, ішкен сайын алдымен есіме соның қылығы түсе берсе қайтейін. Өзінен көрсін. Мейлі, әзірге шыдай берейін, түбінде көрерміз».
– Сәлеметсіз бе? – деді ол киіз үй жанына жақындай бере асыл жеңгесіне. – Түнде сіздерге біраз еркеледікау деймін, ә, жеңеше? – Еркелесе, несі бар? Жарасымды, – деді асыл жеңгесі оған киіз үйге кіруді меңзеп. – Қазір ағаң да келеді. Қисайып жатып, дем ала тұр, қайным. Иә, түнде бұлар айдалада, ашық аспан астында емінеркін, қысылмай-қымтырылмай, ақтарыла сырласқанды. Ойдағы-қырдағыны түгел айтысып, даланы бастарына көтере ән шырқап, мәре-сәре болған. Тұзбай үй иесі Бетегенге «асыл аға», оның әйеліне «асыл жеңге» деп жаңадан ат қойып, айдар тағып та риза еткен оларды. – Асыл аға, асыл жеңге, біз осы сіздерге бұл жолы қандай-қайдай қызметтер көрсеттік өзі? – деп әзіл-қалжың да айтқан Тұзбай. – Көрсетіп жатырсыңдар ғой, – деген Бетеген ешбір әжуасыз. – Тоқтай тұрыңыз, мен айтайын, – деді Тұзбай тілі сәл күрмеле сөйлеп. – Бүгін сіздерге ауданнан автоклуб келді ме? Келді. Бұл бір. Экипаж мүшелері нешеу? Екеу ғой? Екеу. Ол мына біздерміз. Кино көрсеттік пе? Көрсеттік. Көрдік дей бересіздер ғой, әрине. Халықаралық жағдай туралы әңгімелестік пе? Әңгімелестік. Манадан бергі айтқан әңгімемнің бәрі халықаралық жағдай туралы. Енді не бар? Так, кітап бердік пе, бердік. Магнитофонға сөзіңізді былтыр жаздырғанбыз. Соны әлі күнге сақтап жүрміз. Ол биылға да жарайды.Қайталап жаза бергенде не мүйіз шығады дейсіз? – Солай ма? – Сен солай деген соң солай да. – Онда рақмет. Қош, енді не қалды? Ә, концерт бар екен ғой. Қазір мына шофер ініміз екеуміз қосылып дуэт айтамыз. Концерт дегеніңіз сол болады. Қарсы емессіз бе? – Жо-жоқ! – Жеңгей, кеше совхоз орталығынан аттанарда сіздерге тиесілі газет-журналдарыңызды ала келген едік. Бердік пе, бермедік пе? – Алдық, алдық, қайным. Қам жеме!
– Ендеше, мына тосты осыншалық қыруар жұмыстың біткені үшін алып жіберсек? Қалай дейсіздер? – Өте орынды, қалқам. – Болды, келістік. Таңертең күнделік кітапқа осының бәрі рас деп қол қойып берсеңіз, құда да тыныш, құдағи да тыныш. Бәрі орнында! – Кәне, онда сол үшін, тағы бір рет алып жіберіңдер! – Жеңгеміз де алсын! – Алады. Бәріміз. аламыз! Қонақ бөлме боп саналатын киіз үйге кіріп жантайып жатқан Тұзбай әуелі осы жайларды есіне алды. «Бізде не кінә бар» деп ойлады онан соң. «Мың қарудың біреуі сай емес. Бөрібайға айтсақ, жүре тыңдайды. Бізді осы күйге салып қойған сол емей кім?». Түнде дастарқан басында аузынан қағынып соны да айтқан. – Қой олай деме, шырақ, – деген Бетеген. – Біреуге тіл тигізу жарамайды. Оның да қолынан келгені осы боп жүрген шығар, бәлкім. Кайтесің? Ең бастысы, келіп тұрсыңдар ма, – келіп тұрсыңдар. Істеп жүрген жұмыстарың бар ма, – бар. Сендердің арқаларыңда оқуға бір-екі кітап алдық, әнеки. Газет-журналымызды әкепсіңдер. Жаңағы әндерің де жақсы екен. Тыңдап, бір рахаттанып қалдық. Басқа не керек? Сендер болмасаңдар, біз сендерге бек ризамыз. – Сонда үнемі осылайша жүре береміз бе? – Енді қайтпек ең? Аспанға ұшып кетемісің? – деді Бетеген сәл қызынып. – Айтып отырмын ғой, бір марқаны жолыңа байладым деп. Ертең менен басқалар да сөйтеді. Сонда он шақты күн жайлау аралап, үйіңе олжа тауып қайтсаң жаман ба? Соны бір ойлап көрші, өзің! Тұзбай бір сәт ойланып қалғандай болды. Көз алдына аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Бөрібайдың шарасыздық танытып, екі алақанын жайып тұрған бейнесі елестеді. Құлағына оның: – Өстіп жұмыс істеген боп жүре берсеңдерші. Әсіресе, малшыларға қызмет еткендерің жөнінде оларға кітапқа қол қойдыруды ұмытпаңдар. Біреу-міреу тексере
қалса, бәрі сайма-сай боп тұрсын, бізге де, сендерге де алдымен сол керек, – деген сөздері саңқ-саңқ естілгендей болды. Бір рет мәдениет бөлімінің жиналысында Бөрібайды сынағанын да есіне алды. Бәрібір, одан да өнген нәрсе шамалы. «Иә» деп ойлады Тұзбай жантайып жатқан күйі. «Күніміз жаман өтіп жатқан жоқ. Малшыларды аралау бір тамаша нәрсе. Сонда бұдан былай да осылай жүре беру керек пе? Жоқ, өз басым ендігі жерде бұған төзе алмаспын. Төзіп көрдім, енді шыдамым бітті. Бір жағына шығуым керек.» Осылай ойлап жатқан Тұзбайдың үстіне алдымен Бетеген, онан соң автоклубтың шофері кірді. Ұзамай дастарқан жайылып, шай жасалды. – Кәне, дәмге қараңыздар, – деді аға шопан. Тұзбай көпке дейін үнсіз жатты...
РЕСМИ АДАМДАР К үздің қарасуығы өңменнен өткендей. Ферма басындағы жағдай тіпті көңілсіз: алқам-салқам мал қора, шашылып-төгілген пішен, жоңышқа. Елу шақты үйдің электр жарығынан қағылғанына бір ай бопты. Кітапхана өлген, клуб жарымжан, монша маскүнем, магазині жұмыртқа басып жатыр. Екі мұрты едірейген қартаң бақташы айтып тұр да, Жақыпбай тыңдап түр. (Мен тоңып тұрмын, есіл-дертім жылы машинаға тезірек мініп, жылы бір үйге тезірек жету). Бес жасар Серік ауыл ішінде шапқылап жүр. Ауыр денелі Дарбастың қабағы түксиіп үндемейді. Екі көзі жерде. Жақыпбайды елеп тұр ма, елемей тұр ма, ұялып тұр ма, – ол жағы қараңғы. Ал, Жақыпбай әлі тақылдап тұр. Аузынан шыққанның бәрі аса тың да соны, әрі түпсіз терең ақыл-кеңес, нұсқау іспеттілер (қайтсін, қазіргі міндет тек сол болған соң). Жақыпбай айта түскен сайын қартаң бақташы бастаған бір топ адам айыздары қана селк-селк күледі. «Ә, бәлем, бізге бой бермеуші ең енді тұтылдың ба?» дегендей бәрі шомбал денелі Дарбасқа қарайды. Дарбас ешкімге қарамайды. «Мәз болмай-ақ қойыңдар, шықылықтауға әлі ерте, тұра тұрыңдар» дейтіндей ол. Дарбас – «Белбасар» колхозының бастығы. Анау ауыл кезіп, шапқылап жүрген Серік – оның ұлы. Ерке бала машинаға мінгенді қызық көріп, соңымыздан қалмай қойған-ды. Мен болсам – менмін. Жақыпбай болса – Жақыпбай. Екеуміз де облыстанбыз, яғни, ауылдан қалаға түскен арызды тексеріп жүрген ресми адамдармыз. Сондықтан, менің еңсем жоғары, серігім Жақыпбайдың еңсесі одан да жоғары. Серік бала ғой, ештеңеде жұмысы жоқ. Дарбас әліптің артын бағады, үндемейді. Әлгіде не тоңғаннан, не қобалжығаннан екені белгісіз, иегі-иегіне тимей сақ-сақ еткен Жақыпбайдың үстіне
ол өзінің жылы тонын шешіп ап, жаба бастап еді, Жақыпбайы құрғыр: – Керегі жоқ! – деп дүңк етпесін бе! – Біз ресми адамбыз! – деп шақ етті тағы да. Дарбас көзін алартты да, жылы тонын өзі қайтадан киіп алды. Жел ысқырып тұр. Үстінде жұқа плащтан бөлек лыпасы жоқ Жақыпбай билеп тұр. Мен бүрісіп тұрмын. Дарбас жерге қарап тұр. Серік ауылдың иттерімен ойнап жүр... – Кәне, тез сөйлеңдер! – дейді Жақыпбай ауыл адамдарына. – Тез! – Біздер сендер үшін келгенбіз! Сондықтан тез-тез! – Айтып болдық, – деді бір қария. – Созғылай берер не қалды? Өздерің де біз үшін сонау ит арқасынан келеміз деп әбден тоңдыңдар білем, әсіресе, сен бала, – деп Жақыпбайға қарай қолын шошайтты, – шілдің жұмыртқасындай сық-сық сөздеріңе қарағанда, есің бүп-бүтін-ақ тәрізді. Бірақ, кісі осындай қара суықта жеңіл жүре ме екен? Кәне, үйге кіріп ыстық шай ішіңдер! Ыстық шай ішсеңдер жылынасыңдар. – Жоқ! – деп ыршып түсті Жақыпбай. – Біз шай ішу үшін келген жоқпыз, отағасы. Оған рақмет! Ішпейміз! – Е, солай, ма? – деді қария мысқылдай күліп. – Аузы-мұрнымыз бітеу еді десеңдерші. Онда өздерің білесіңдер... Біз облыстан кеше кешкілікте шығып ек. Таңертең колхозға келдік те, бірден осында тарттық. Әлі дым сызғамыз жоқ. «Әй, қу Жақыпбай-ай, көресіні сенен көрдім-ау!» – деймін мен іштей. Жиын тарады. – Кеттік! – деді Жақыпбай. Машинаға қарай қозғалдық. Алдыңғы кабинаны ашып, «мұнда отырыңыз» деп ізет көрсетпек болған Дарбасқа: – Жоқ, машина сенікі, онда өзің отыр, – деді Жақыпбай. – Біз артқа отырамыз. Күн кешкірген. Іш ұлып барады. Дарбас – алда. Біз – арттамыз. Серік – Жақыпбай екеуміздің ортамызда.
Дарбас үнсіз. Жақыпбай тістенген қалпы. Серік былдырлап, әлденені бір айтады. – Ой, айналайын, – деймін мен оның басынан сыйпап – Қандай жақсы баласың өзің! Өте ақылды екенсің-ау, сен! Әкесі естісін деп, даусымды әдейі биіктеу шығарамын. – Ой, айналайын! – Жетер! – деді Жақыпбай зілдене. – Бастықтың баласын айналу жағымпаздық болады. Соны ұмытпа! Машина Дарбастың үйінің алдына келіп тоқтады. Мен тысқа аяғымды әрең алып шықтым. Байқаймын, Жақыпбайым да мәз емес. Дарбас үйіне меңзейді. Мен Жақыпбайға қараймын. Іншалла, әйтеуір абырой болғанда, Жақыпбайым бұл жолы көп шіренбей-ақ, үйге қарай қозғалды. Дәлізге кіргеннен бой жылып сала берсін. Төр үйдің төрінен жасаулы стол, шөлмектердің қылқиған мойны көрінеді. Ал енді асылып жатқан еттің исінен мүлде ес танғандай. Осы мезгілде Серік: – Аға, плащыңызды маған беріңіз, іліп қояйын! – деп Жақыпбайдьщ қолына жармассын кеп! – Әй, қандай тәрбиелі баласың сен? – деп қалайша саңқ еткенін Жақыпбайдың өзі де аңғармай қалды. Әрі, ұры көздерінін төр үйдегі жасаулы стол жаққа үстіүстіне қалай түсе бергенін де жасыра алмай қалды соры қайнап. – Өй, қарашығым менің! – деп Серікті айналып-үйіріле түсті. – Тыс... с... Жақа, – деймін сыбырлап. – Байқасайшы... біз... біз... Бастықтың баласын айналу... – Өй, сен оттамашы-ай осы! – деді ол маған енді кәдімгідей дүңк етіп. – Оттамашы! Айналайын ресми адамым сөйтіп сол жолы...
ҒАЖАП ҚАБІЛЕТ « Қаймақбаев келеді екен» деген хабар бөлімше меңгерушісі Ортай Орақбаевқа жай соққандай әсер етті. «Келсе келе-ақ қойсын, сәті түсіп, жақсы жағымнан бір көзге ілігіп қалсам нем кетіпті. Әлі бас жас, үміт алда демекші... Әрі жоғары білім де бар. Оның үстіне, бұрындарда да Қаймақбаев бір-екі рет келгенде аздап мақтағаны бар-тын». Осылай ойлаған Ортай іштей ширығып, бойына ғайыптан тың жігер-қайрат қосылғандай боп, Қаймақбаевты қарсы алуға дайындала бастады. Алдымен ауыл-аймақты аралар, онан соң кеңсеге келіп, өзімізбен әңгімелесер, онан соң әрине, тұздәм бұйырса, үйге бас сұғып та шығар. Әне, ол үшін бір марқаның жылы-жұмсағы қазанда балқып пісіп тұра берсе де зиян емес.» Алайда, ұзамай: – Қаймақбаев бөлімшеге соқпай, тұра егістіктің өзіне келеді екен, егін егіп жатқан адамдардың хал-жағдайын өз көзімен көргісі келеді екен, уақыты тым тығыз екен, – деген хабар жетті. «Егістікті аралап несі бар десейші, өзімізден сұраса, бәрін айтып бермес пе едік!» деп қынжылды Ортай. Бірақ, амал қайсы. Аудан емес, сонау облыстан әдейі ат терлетіп шыққан Қаймақбаев мұнымен сірә, ақылдасар ма? Қайда қашан келеді, – ол өз шаруасы. – «Газ-51» жүк машинасын әзірлеңдер, оған оркестрдің барша музыка аспабын салыңдар, – деп жарлық берді қолма-қол Ортай. Түске қарай жүз елу шақырым жердегі механизаторлардың дала қосына жүріп кетті. Көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері кешкілікте соңдарынан келетін болды. Енді Ортай ішінен «иә, тәңірім, Қаймақбаев дала қосына менен бұрын барып қалмаса игі еді» деп тіледі. Өзінің де ол жаққа түрлі себеппен екі аптадан бері бара алмай кеткені есіне түскенде, тіпті, қобалжыды. «Тілі қышыған біреу-міреу жыбырлап жүрмесе болды да».
Ортайды дала қосындағылар шуылдаса қарсы алды. Аспаздар: – Ауыз су жоқ, екі күннен бері жұртқа дұрыстап шай бере алмадық, – десе, механизаторлар машина-тракторларға қажет бөлшектер жетпей, қиналып отырғандарына шағынады. – Бригадир қайда, бригадир? – деді Ортай. – Мен осында жүрмін, – деп орта жасар бригадир жетіп келді. – Бұл қалай? Неге қамқорлық жасамайсың? – Жасап жүрміз ғой... – Су неге жоқ? – Водовоз жүрмей қалып... – Сонда немене, бұдан былай... – Жоқ-жоқ, бүгін жүрді ғой, бүгін су болады, запас бөлшекке де адам жібердік. – Ә, дұрыс, — деген Ортайдың көңілі сәл жайланғандай болды да: – Ендеше, қазірден бастап мына дала қосының ішітысын барынша тәртіпке келтіру керек. Бөлмелердің іші, көрпе-төсек, ыдыс-аяқтың бәрі таза тұруы тиіс. Қабырғаларға қызартып ұран ілейік, – деді. – Құп болады, сөйтсек сөйтейік, — деді бригадир. – Бірақ, оған адам күшін қайдан табамыз? – Өзіміз ше? – деді Ортай. – Екеумізден артылар не бар? Сыпырғышты ал қолыңа, кәне! Міне, бүгін үшінші күн, Ортай дала қосында. Айналанын бәрі мұнтаздай таза, бөлмелер мен ыдыс-аяқтар да жарқырап тұр. Механизаторлардың киім-кешегі, көрпе-төсегіне дейін түгел жуылып, үтектелген. Кешеден бері ауыз су да мол. Ақталған қабырғаларға ұран, транспаранттар ілінген соң, тіпті, жайнай түскен. Радиодан күндіз-түні сарнаған музыка үні кең даланың ашық аспаны астында еркін асыр салып жатыр. Ортай біраз егіс даласын аралайды да, қайта кеп дала қосының іші-тысын байқайды. Маңайдың бәріне үш күннен бері күніне үш реттен су сепкізеді. Көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері де түгел осында. Оркестрге де, хорға да Ортайдың өзі басшылық етеді. Дала еңбеккерлеріне екі-үш концерт көрсетті. Механизаторлар:
– Тамаша болды ғой, неткен қамқорлық! – Ортай жұрттың тілін біледі! – Өз ортамыздан өскен ұл емес пе? – деседі. Ортай да: «Кәне, енді Қаймақбаев келем десе келе берсін, келсін де көрсін! Онымен бірге келген аудан басшылары да көрсін, егін науқанын қалай өткізіп жатқанымызды білсін» дейді насаттанып. Бірақ, Қаймақбаевтан әлі дау-дерек жоқ, Ауылдан осында күнде қатынап жатқан адамдар Қаймақбаевтың бөлімшеге де әлі соға қоймағанын айтады. Ортай: «Аудан үлкен ғой, бір түкпірінде жүрген шығар да, бізге келуге үлгермей жатқан болар» деп өз-өзін жұбатады. «Пәлен күннен бергі еңбегім еш кеткені ме?" деп те күдіктенеді. «Шіркін-ай, келеміз деген соң енді осындайда тездетіп келе койса қайтеді екен?» – деп тамсанады. Ал, механизаторлар ризалығы шексіз. Екі сөздерінің бірі – Ортай. Оның, әсіресе, соңғы күндерде күрт байқалған ғажап ұйымдастырушылық қабілетін, қамқорлығын, қарапайымдығын айтып, ауыздарының суы құриды. Ортай жұртқа білдірмей жол қарайды. Іштей мазасызақ. Әйтеуір, жаны жай табар күн жақын болғай да!...
ӨТЕ ДАЙЫН Т аңертеңнен бері жұмыс күнінің соңы қайдасың деп, бір желіспен емпендей жылжыған сағат тілі жөндеу мекемесінде істейтін он шақты жанның бақытына қарай, дәл «6» деген цифрдың желкесіне қонуға тым, тым-ақ аз қалған шақ еді. Езу маңайын құндыз жүндес сақал-мұрт басқан үш-төрт сақа жігіт есік іргесінде ілулі тұрған сырт киімдеріне үш-төрт реттен жылы көзбен қарап та үлгерген-ді. Сақал-мұрты жоқ иегін әлсін-әлсін ыстық алақанмен сипап үйренген Қилау Шилауович та іргедегі сырт киіміне көз сала берген сәтте, телефон кәдімгідей тыз етті. «Эло!» деп трубканы алған жігіттердің бірі «саған» деп оны жалма-жан Қилауға ұстатты. – Эло! – деді Қилау да қоқилана (шамасы, әйелім екен деп қалса керек). – Мақұл, мақұл, – деді ізінше кілт бәсеңдеп. – Бастыққа, – деді шығып бара жатып. Серіктері жымың етісті. – Кел, Қилау, – деді бастығы. – Отыр! – Ертең жиналыс, – деді онан соң. Соңын айтқан жоқ. Айтпаса да белгілі. «Жиналысқа сен барасың» деген сөз бұл. Өйткені, ол анау қаба сақалды жарықтықтардың ішіндегі жалғыз тәуірі. Жиналыс деген ойыншық емес. Оған құқаң-сұқаңда жұмысы аз, дәл осы Қилаудай адамдар ғана барғаны жөн. Несі бар, іскерлігі, пысықтығы үшін, қайда жұмсаса да томпаңдап шаба беретіні үшін, шекесіне шеге қақсаң да қарсы сөз айтпайтыны үшін келешектің мол сыбағасы да алдымен осы Қилауларға бұйырмасына кім кепіл? Бастық мұндай уәжді баяғыда-ақ айтқан. Одан бері қаншама жылдар өткенін тәңірдің өзі біледі. Одан бері Қилау да жөндеу мекемесінің бетке шығар жігіті ретінде талай жиын, талай мәжіліске қапылыссыз қатысып, бастық жүктеген талай борышты шаң жұқтырмай өтеп келеді. Обалы не керек, майда-шүйде жиын-сиын ғана емес, кейбірінің мерзімі аптадан айға созылатын жиын-
дарға да ешбір кейістік білдірмей талай-талай барып жүр емес пе сабазың! Рас, алғашқы жылдарда кейбір ащы ішектей созылып, не бітпей, не қоймай, әбден жүйкеге тиетін жиыннан бұл да шыжкеуек боп, аяғы тартпай, қатты тайсақтайтын. Бірақ, бастық бұйырғасын, не лаж? Барады. Бір жолы, тіпті, баруын барса да, бір-екі сағаттан соң қашып кетіп, күні бойы серуендеп, ертеңіне түк білмегендей жұмысқа келгені бар. Ұзамай бұл сыры ашылып қап, бастықтан едәуір сөз есітті. Оның үстіне, сол замандарда жиналыстың бас жағына қатысып, соңына қарамайтындар көбейіп кетті ме, кім білсін, әйтеуір жиналыс жасайтын жердегілер де қашан мәжіліс тарқағанша жиынға келгендердің тыс киімін бермей, зар қақтыратын қулық ойлап тапты. Сөйтіп, сол күннен бастап Қилау үшін қандай жиынға болмасын, тек бастан-аяқ қатысудан өзге амал қалмады. Бастық айтады, бұл барады. Баруға дәндеп алғаны сонша, бір күндерде Қилаудың «Оу, басеке, бұл өзі кабинетте отыра беріп, басымыздың ішіне сабан толып кеткендей болды ғой, бірер жерде жиын-сиын дегендер жоқ па екен, білмейсіз бе? Әлде, басқа бір мекеменің жиналысына қатысып келсем бе екен?» дейтінін қайтерсіз. Бастық сызданады, үндемейді. Сірә, ешкім жаны қалап барғысы келе бермейтін кейбір ұзақсонар мәжілістерге Қилауды соншалық ғашық еткені үшін өзіне іштей риза ма, кім білсін. Мейлі, ол өз ісі. Ал, Қилау... Біздің Қилау... Тегінде ол да оншалық қаражаяу емес-ті. Кезінде ертеден кешке дейін талай мәжілісте тапжылмай отырып, үйіне құр сүлдесі ғана қайтып жүретін бұл бақырға да тағдырдың сақтаған сары майы жоқ емес екен. Бірде, үш күндік жиынның алғашқы күнінде, таңертеңгі сағат тоғызда залдың дәл орта шеніне орнықты да, айналасында ылғи өзі сияқты ұйқысы қанбай кеп, қалғыпмүлгіп есінеп отырған бейтаныс адамдар болғандықтан, ептеп көзін жұмып байқап еді, о пірім, аржағынан дап-дайын тұрған сумақай ұйқы өзі-ақ қылымсып кеп, айналып-үйіріліп, сылап-сипап жетектей ала жөнелгені. О, тәңірім, тек ұзағынан! Аздан соң көзін ашыпжұмып байқап еді, сонау трибунада қоңыр үнмен сөй-
леп тұрған қасқа бастың да, кең залда оны ұйып тыңдап отырған үш мыңдай адамның да бірде-бірінің Қилауда мүлде шаруасы жоқ тәрізді, әркім өзді-өзімен.... Байқатпай кітап, газет-журнал қарап өлі судай көз жанарын бір нүктеден алмай, бұғағы салбырап, үнсіз мелшиіп қалғандар, тіпті, Қилау сияқты сырт көзге сөз тыңдағандай әсер қалдырып, шекесін қолымен сүйеген боп, сірескен халде рахаттана ұйықтап отырғандар да баршылық екен. Көп ішінде не болмайды деген осы-ау. Қилау енді ғана бәрін аңғарды, бәрін ұқты. Тек жазатайым қорылдап кетуден ғана қорғаншақтап, ұйқыға аянбай басты кеп. Кешке үйіне тыңайып қайтты. Ертеңіне де сөйтті. Оның ертеңіне де... – Иә, мәжіліс қалай өтті? – деді бастығы оның ертеңіне. – Өте жақсы өтті, – деді шұнаң қаға. – Жақсы өтсе, өте жақсы бопты,— деді бастығы. – Қандай жиналысқа да баруға мен өте дайын! – деді Қилау көзінен ұшқын шаша. Бастық оған «байғұстың ақылы дұрыс па?» дегендей күдікпен, сығырая қарады да: – Есте болсын, – деді. – Өте есте болсын! Әйткенмен, содан бері бастықтың да көңілі тоқ. Міне, әлгіде өз кабинетіне тағы да шақырған Қилауға «ертең жиналыс» деп сөзінің аржағын айтпауы да содан. Қилау «жиын» дегенде кілт жадырап: – Рас па? Құп болады! – деп қуанғаннан жүрегі жарылып кете жаздады. – Демек, ертең жиын! Сағат тоғызда! – деді қайталап. – Сағат тоғызда. Мерзімі үш күн, – деді бастығы. – Мерзімі үш күн, – деді бұл да. – Үш күн...
АЛҒАШҚЫ ТОП Ү лкен зал іші көңілді-ақ. Бәтиманың елу бес жасқа толу құрметіне арналған отырыс басталғалы екі сағаттай болды. Бәтима атағы шыққан әншілердің бірі. Жасы біразға келгенмен, әлі өңі онша тая қоймаған, дене бітімі де сымбатты, мінезі жұмсақ, инабатты өнер иелерінің бірі. Соған орай, қонаққа жиналған жұрт та осал жандар емес. Кілең бетке шығарлар. Мана әзірдегі мәжіліс басталар шақта: – Осы үйде бүгіннен бастап үш күн қатарынан қонақ болады, сіздер алғашқы топсыздар, – деген болатын-ды Бәтима. Сөйлегенде үнемі күлім қағып тұратын дөңгелек көздері онан сайын сұлуланып, алтын тістері жарқ-жұрқ етеді. Әлде алтындығынан, әлде табиғи тіс болмағандығынан ба, сол жарықтықтардың кейбіреулерге өтемөте жараса кететінін қайтерсің. Алтын тістер, әсіресе, Бәтимаға қалай жарасады десеңші. Сөйлесе де, күлсе де, төбедегі люстра шамдарының сәулесіне шағылысып, әншінің әрін аша түседі... Мұның өзі, Шарафи үшін де онша теріс боп отырған жоқ. Әншінің аузыңдағы таза алтыннан соғылған тістін бәрін кезінде епті қолдарымен салып берген өзі, және әдептілік сақтап, бір тиын ақы алмаған да жайы бартын. Оның есесіне, көп жылдан бері екі семья арасында осындай жылы қарым-қатынас бар. Өстіп анда-санда бас қосылғанда, бір-бірінің төрінде еркін отырады. Қайсыбір күні Шарафиге телефон соққан Бәтима оны қонаққа шақыра тұрып: – Кел, міндетті түрде кел. Бұл жолы бұрын-соңды дәмдес-тұздас болмаған адамдармен танысасың, – деген. – Қаймақтар десеңші, – деп қарқ-қарқ күлген Шарафи. Шарафидің тайыздықпен туысып жататын көп қылықтарын ұната бермейтін Бәтима оның әлгі тапқырсыған сөзіне де іштей тыжырынса да, айтқанынан амалсыз қайта алмай:
– Иә, қаймақ десең қаймақ, – деп сылқ-сылқ күлген болды. – Кел, иә ме? Келінді қалдырма! – Келін қалмайды ғой. Барамыз! Сөйтіп, алғашқы күні жиналған сорпаға шығарлардың жуан ортасында Шарафи де отыр. Өз-өзіне сенімді, паңдау. Әйтпегенде ше? Мынау столдағы көз жауын алып тұрған жеміс-жидектің бәрі соның дачасынан. Оларға қоса «сыйлығым» деп алып келген қалы кілемі және бар. Бұл құпияларды өзі мен әйелі, онан соң, әрине, Бәтима мен оның жүзіктің көзінен өткендей жылпос күйеуі ғана біледі. Бәтиманың күйеуі Елтірбайдың дәмағасына (тамадаға) Шарафиді біресе көзімен, біресе қасымен ымдап, тезірек сөз бер деп белгі жасауы да тегін емес. Бірақ, сөз дегенде дес бермей, қылыштай қиып сөйлеуге әбден төселіп алған әккі дәмағасы әлде Елтірбайдың ымын түсінбей ме, әлде қомсына ма, әйтеуір, Шарафиға да, тіпті, анау бір жоғары қызмет атқаратын жас қызға да әзірге тост берер емес. «Мені қойшы, тәйірі, мына қызға обал болды ма, қайдам? Неше айтқанмен, жас та болса басшы ғой» деп ойлап қояды Шарафи да. Елтірбай дастарқан басқарудағы кейбір олқылықтарға (өз көзімен қарағанда, әрине) өзінің кінәлі емесін сездіргісі келгендей: – Өстіп ешкімге бағынбай қоятын тамада сайлайсыздар, – деп қояды жұртқа қарап. – Не ымды білмейді, не дымды білмейді дегендей... – Әй, Елтірбай, енді өкінгеннен саған пайда жоқ. Неде болса жазмыштан көресің, – дейді дәмағасы да қалыспай. – Кожайын мен, сен де маған бағынасың! – Құп, құп, Шөке, бағынамыз! Ал, жолдастар, ендігі сөз кезегін кезінде халқымыздың қалаулысы болған, – әрине, казір де солай, – қартайса да қатардан қалыспай келе жатқан белгілі әншіміз Қақаңа берейін, – деді дәмағасы онан соң. Көзінде көзілдірігі бар, ұзын бойлы, ақ шашты кісі орнынан көтерілді... – Мен біздің Бәтимашты... Осы кезде Шарафи әйелінің аузына құлағын тосты.
– Атақты адам ғой, Бәтимаға не сыйлық әкелді екен? – деп сыбырлады әйелі. – Тыныш отыр, – деді Шарафи қабағын шытып. Осы сәтте зып етіп жетіп келген Елтірбай Шарафидің әйеліне: – Кейін көресің, – деп сыбыр етті де, былай кетіп қалды. – Жолдастар, сөзді доғарыңдар, – деді дәмағасы. – Сөзімнің соңында бір ауыз ән салып берейін, – деп, ақ шашты кісі пианино тұрған бұрышқа қарай қозғалды. Жұрт қол соқты. – Дұрыс! Дұрыс! – деп Шарафи да дауыстады. – Көп іше берме, – деді әйелі. – Менен рұқсат, әркім қалағанынша ішсін, – деді анадай жердегі дәмағасы оларға қарап. «Ойпырмай, жұрттың бәрі саққұлақ болып кеткен бе, немене? Жәй айтқан сөзіңді қалайша естіп қояды?» деп ішегін тартты Шарафидің жұдырықтай, шикіл сары, түрік ерін әйелі. Қарт әншінің дауыс ырғағы бұрынғыдай көтеріңкі болмаса да, сазды мәнері баз қалпында екен. Бәтима барып оның мойнынан құшақтап, бетінен сүйіп алғанда, жұрт ду күлді. – Бәтима, бұдан отыз жыл бұрын ғой, ағаңды дәл осылай сүю ойыңа да келген жоқ болатын, ә? – деп, жұмсақ әзіл айтқан қарт әнші орнына келіп отырды. Ол жайғаса бергенде: – Аға, мына қарындасыңыз біздің үйдегі екінші келініңіз болады, – деп онымен қатар отырған жас әнші жігіт өз әйелін таныстырып жатты. – Білемін, білемін Ербол, – деді қарт әнші. – Мана айттың ғой. Есімде. Қарындас қызмет істей ме? – О, істегенде қандай? Аэрофлоттың кассирі... – Онда есте болады, керек адам екен! – Әсіресе, жаз күндерінде қол-аяғы жерге тимейді мұның, – деп Ербол атты толық денелі, қалың қасты, аққұба әнші жігіт желпіне түсті. Тост кезегі тиген орта жасар суретші кісі сөйлеп жатыр. Даусы бірқалыпты, сөздері майда...
Елтірбай тықыршулы. Шырт сынып кетердей аяғының ұшында зорға тұр. Ол манағы басшы қызмет атқаратын жас қызға әлі сөз тимегеніне қапа. Көзінің астымен қайта-қайта дәмағасына телміре қарайды. Дәмағасы оның ойын алдақашан жақсы ұқса да, әдейі байқамағансиды, әдейі аңғармағансиды. Әлде, Елтірбайдың ызасын келтіре түскеніне мәз бе?.. Орта жасар, майда сөзді суретші: – Өз басым, «Жұлдыз» журналының өткен санынан Бәтима туралы мақаланы оқығанда, төбем көкке бір елі жеткендей болды. Әсіресе, Бәтиманың суреті әдемі шыққан екен, – деді жан-жағына әсерлене қарап. – Бәтима, сол журнал бар ма үйіңде? Әкеле қойыңдаршы, мына қауымға өз қолыммен көрсетіп жіберейін! Бәтима Елтірбайға қарады. Мұндайда саса қоймайтын Елтірбай: – Әзаға, сол журналды бір танысымыз сұрап әкетіп еді, кешіріңіз, – дей бергенде, Бәтима оны жұқалап қайырып тастады. – Өтірік сөйлеп қайтесің? Журналды да, мақаланы да әлі өзіміз де көрген жоқпыз деп шыныңды айтпайсың ба? – деді Бәтима әдемі күлкісімен сыңғырай сөйлеп. – Ә, мейлі, солай-ақ болсын, – деп Елтірбай отыра кетті. – Тегінде, жақсы әнші де бала сияқты, сондықтан балалы үйдің ұрлығы жатпас деген осы болады, – деді әлдекім. – Қатырдың, қатырдың, Бәтима! – Ұят та болса айтайық, осы өз тілімізде шығатын газет-журналдардың ешқайсысын бәріміз де жаздырып алмаймыз ғой,. сірә, – деді қонақтардың бірі ақ жарылып. – Сонымыз дұрыс емес, – деді тағы біреу. – Біз өзіміз тегіс жазыламыз, – деп мырс етті Шарафи осы тұста. – Тіпті, оқымаған күнде де жазылу парыз ғой, – деді ықылық ата. – Күйеуіңізге ықылық тиіпті, желкесінен түйіп жіберіңіз, – деді дәмағасы Шарафидің әйеліне. Арық денелі, бойы ортадан жоғары, қара шаштары селдірей бастаған Шарафидің көптен тіл қатқаны да
осы еді. Бүгін өмірінде бірінші рет аз сөйлеп, көп тыңдап отырғаны шығар бұл. Әркімнің отырыс-тұрысына, сөйлеген сөзіне, киіміне сұқтана, барлай қарайды. Бәрі де өзіндей-ақ-адам сияқты. Ішеді екен, жейді екен, сөйлейді екен. Тақырып біреу – Бәтиманың денсаулығы, өсіп келе жатқан мәртебесі. Енді бірде Ербол атты жас әнші келіншегін ертіп, пианиноға қарай бара жатты. Қөбірек жұтып жіберген бе, бір-екі әнді қақалып-шашалып зорға айтты. Сонда да жұрт «тамаша!» десіп, сатырлата қол соқты. Орнына қарай қозғалған Ербол дәмағасының жанынан өте бергенде: – Шәке, біздің үйдегі екінші келініңіз осы кісі болады, – деді әйелін нұсқап. – Онда сен төсек жаңғыртқан жігіт ретінде келіннің денсаулығы үшін жекелей бір алып жібер! – Қашпаймын, алып жіберемін! – Міне, жігіт деп осыны айт! Ербол келіншегімен бірге орнына барып отырды да: – Келініңіз осы, аға, – деді, көршісі – ақ шашты, қарт әншіге тағы да ежіктеп. – Бір жолы мен Бельгияда болғанымда радиодан күтпеген жерден ғажап ән естідім, – деп бастады өз сөзін үлде мен бүлдеге бөленген, орта жасар әйел. – Таныс дауыс. Қазақ әні. Айтып тұрған – осы өзіміздің Бәтимаш! Сол жерде өзімнің қазақ екенімді біліп, қатты тебірендім-ау! Рақмет саған, Бәтимаш! Думан қыза түскен. Ән, күй, би, әзіл-қалжың. Біраз ішіп алған Шарафидің көңілі де асқақтай түскен. Кілең сорпаға шығарлармен табақтас боп отыр. Бұл да болса тағдырдың берген абыройы шығар. Мақтан етіп, әлі талай жерлерде талай-талай айта да жүрер. Дәмағасының саңқылдаған өткір даусы естілді: – Ендігі сөз осы үйдің, яғни, осы семьяның... Жұрттың бәрі іштей елеңдей қалған... «... тумаса да туғандай боп, көптен аралысып кеткен...» «Кімді айтып жатыр, құдай-ау?» «... әдебиет, өнерге қатысы болмағанмен...»
«... дачасы қандай, машинасы қандай, шаруасы қандай». Әйелі жұртқа білдірмей бүйірден түртіп жібергенде, Шарафи ыршып кете жаздады. Тостың мойны өзіне қарай бұрылғанын енді ол да сезген-ді. «Мен жөнінде дәмағасы қалай жақсы біледі» деп таңдана да бастаған. «...тісімді ал дейсіз бе, сал дейсіз бе... жаңылмасам, анау Бәтиманың аузындағы алтын тістердің бәрін де салған осы өз ортамызда отырған... тәтесінің тойына қалы кілем әкелгені де бар дегендей...». Шарафи қысылмай, еркін сөйлеп тұр. Барша жұрттың назары өзінде (оған өзі де, келіншегі де риза, әрине). Бәтима да күлімсірей тыңдап қапты. Тек... Елтірбай ғана аздап көңілсіздеу ме, қалай? Қабағында кейістік бардай, әлбетте, ол бүгін, әсіресе, дәмағасына риза емес. Қайдан риза болсын, қырсық неме, осы отырғандардың бәрінен қызметі де жоғары, жолы да үлкен жас қызға әлі сөз берген жоқ. Сонда кімді мұқатпақ, нені дәлелдемек? Бізді ме, өзін бе? Ең болмаса, Шарафиді алға салмай-ақ қойғанда қайтер еді? Бұл Елтірбайдың ойы... Шарафи қысылмай, еркін сөйлеп тұр...
КОСТЮМДЕГІ ДАҚ К иім тазартатын пунктке келіп, қуыршақтай жас қызға квитанция ұсындым. «Қазір» деген қыз лып етіп бүйірдегі бөлмеге сүңгіп кетті де, ізінше менің көгілдір костюм-шалбарымды алып кері шықты. Әсем қыз маған: – Жақсылап қараңыз, костюм сіздікі ме, жоқ па, дұрыс тазартылып па екен, әлде... Еш жерінде кір-қоқыс, дақ қалмап па, бәрін... бәрін де мұқият тексеріңіз, – деп сусылдайды. Мен де шұқшиып қарап жатырмын. Бәрі дұыс. Тазартылуында титтей кінәрат жоқ сияқты. Оның үстіне, мына қыз өзі неткен инабатты бала еді? «Шіркін-ай, тұрмыс қажетін өтейтін мекемелерде кілең осындай елгезек жастар жұмыс істер ме еді десейші?» Қыз: – Иә, костюміңіз өзіңіздікі ме екен? – дейді қылымсып. – Иә, өзімдікі. – Ренішініз жоқ па әйтеуір? – Реніші несі?... – дей берген мезгілде, костюмнің дәл омырауындағы ноқаттай даққа көзім түсіп кетті де, қызға көрсеттім. – Айтпақшы, қалқам мына бір... – Үлбіреген жүзінен шым етіп ашу табы білінгендей болған қыз костюмді қолымнан жұлқи тартып алған бойда әлгіндегі бөлмеге қайта кіріп кетті. Шамасы, бес минуттен кейін кері шығып: – Азамат, міне, енді қараңызшы, – деді. Ноқаттай дақ із-түзсіз жоғалған. Костюм ине-жіптен жаңа шыққандай жайнап тұр. – Ой, рақмет, қалқам. Мінсіз тұрмыстық қызмет деген осы да. Саған да, бастықтарыңа да мың да бірден рақмет. Әманда осылай бола бергейсіңдер, – деймін риза боп. – Жарайды, – деді қыз. – Ал, енді анау қолыңыздағы квитанцияның сыртына костюміңізді менен қабылдап алғаныңыз жөнінде қол қойыңыз! Мен квитанцияға қол қойып, қызға беріп едім. Қыз оған үңіле қарады да: – Ох, милау басым-ай, – деп безектей жөнелді. – Ох, осы менің орынсыз елпілдектігім-ай, әбден шекеме тиді-ау!
– Не болды, қалқам? – деймін аяқ астынан шала бүлінгеніне түсінбей. – Ол маған ежірейе қарап: –Не болғаныңда шаруаңыз қанша? Байқаусызда жолыңыз болып кетті, сіз соны біліңіз, соны! – дейді қатқыл үнмен. – Ох, осы менің орынсыз елгезектігім-ай!... – Қалқам-ау, бұл не өзі соншама? – Немене, шынымен дым ұқпай тұрсыз ба? – дейді кәдімгідей сазарып, – Иә, дым сезбей қалған шығарсыз, сіздейлерді білеміз, өте тамаша көлгірси аласыздар. Тақа білмесеңіз, есіңізге түсірейін. Міне, мынау біздің сізге берген квитанциямыз. Қазір ғана өзіңізден алдым, рас па? – Рас, шырағым, рас. – Әлгіде мен осы квитанцияға цехқа кірмей тұрып жақсылап қарасам ғой, онда костюміңіздегі сіз көрген дақ тазартылмайтын еді, білдіңіз бе? – Неге тазартылмайды перім-ау, себебі не? – Себебі айдан анық. Сіз костюміңізді бізге тапсырған уақытта онда дақ бар екені квитанцияда атап көрсетілуі ләзім еді. Ал, тәртіп бойынша квитанцияда атап көрсетілмеген даққа дау жүрмейді. Әттең, мен әлгіде сәл ғана ұқыпты болсам ғой, онда дақты тазаламас едік. Онан соң сіз де баратын жеріңізге бара жатар едіңіз. – Дегенмен, қолма-қол тазартып бердіңдер емес пе? Енді ол үшін бәріңе де мың бірден рақмет, қалқам, мың бірден... – Мың бірден, мың бірден, – деді ол менің соңғы сөзімді аузын бұртита қайталап. – Абайсызда жолыңыз болып кетті, әйтпегенде... Бірақ, екінші рет иегіңіз қышымай-ақ қойсын, біз үнемі ашық ауыз бола бермейміз, соны жақсылап бір біліп қойыңыз, азамат. – Мейлі, қалқам, – деймін басымды иіп. – Ертеңгіні біз де пешенеден көре жатармыз, ал, бүгін, яғни, дәл осы қазір өз басым сендердің мінсіз қызметтеріңе бек ризамын, костюмді тамаша тазартыпсыңдар, осында істейтін бәріңе де мың бірден рақмет! Тағы да қайталаймын, әрқайсыңа мың бір... б... бір... ден... р... рақ... мет!.. Қыз үн-түнсіз қалт бұрылып кетті, «Мың бірден, мың бірден» деп бұрқылдап бара жатқанын анық естідім. Салым суға кетіңкіреп тысқа шықтым. «О, құдырет, бұл не болғаны? Көз алдым бұлдырап бара ма, қалай?..»
КУПЕДЕГІ ТӨРТЕУ О рта бойлы, тертпақ денелі, шектен тыс семіріп кеткен қара торы жігіт купеге ырс-ырс етіп кіріп келгенде, одан сәл бұрынырақ келген екі жігіт бір-бірінен жаңа ғана жөн сұрасып жатқан-ды. Екеуінің де жолаушы екені керініп тұр. Әрі, қара торы, семіз жігітке олардың сырт ұқсастығы да біртүрлі таң көрінді: екеуі де шикіл сары, екеуі де инеліктей имиген арық, селеу шаш. Өзі семіз болса да, етженді адамды ұнатпайтын қара торы жігіт іштей риза. Екі серігі де көңілден шығып тұр. Чемоданы мен сырт киімін лезде жорары қарай атып жіберген ол гүлжілдегеи өктем үнмен: – Иә, саламатсыңдар ма, жігіттер? – деді қайратты бұйра шаштарын жөнге келтіріп жатып. Онан соң әрі жуан, әрі қысқа, быртиған саусақтарын ұсынып, атыжөнін айтты: – Қырбас! Шикіл сарылар да есімдерін атады: – Томаш! – Елпеңбай! Осы сәтте купеге үстінде шолақ тері күрте, басында күзен малақайы бар тағы бір еңгезердей қара жігіт артынып-тартынып кіріп келе жатты. Ол да жайдары, ширақ жан екен, оны-мұны заттарын тез жайғап, тез орнықты. Сонымен, бір купедегі төрт орынға да ие табылды. Ұзамай поезд жүріп кетті. Қол бұлғаған мың сан жұрт вокзалда қалып кетті. Төрт жігіттің жас шамалары қарайлас екен. Қызмет дәрежелері де. Алғашқы үшеуі астанадан екен де, кейінгі келген ұзын қара мына поезд ертең түс мезгілінде барып жететін облыс орталығынан екен. Облыс жігіті: – Кәне, замандастар, ойда жоқта басымыз қосылып қалған екен, сол үшін бір аздап ырым жасап жіберелік, – деді де, қос бүйірі томпиған домалақ сөмкесінен коньяк-соньяк, су-му шығарып столға қойды. Нан-пан кесіп,
стакан әзірлеп, аз-мұз әбігерленді. Қалған үшеуі бұған оншалықты қарсылық көрсете алған жоқ. Облыс жігіті: – Есімім Тұрбай, – деді бәрі дайын болған соң стаканын өзі бастап жоғары көтеріп. – Осында үлкен қызмет істейтін (атын әдейі атаған жоқ, әрине) бір ағай ұлын үйлендіріп, той жасап еді, содан қайтып келе жатқан бетім. Ой, құрсын, көп ішіп жіберіппіз. – Той ғой, ештеңе етпейді, – деген астаналық үшеу де үлкен ілтипатпен өз есімдерін атасты. – Көп ішкен болсаң, басыңды жазу керек екен! – десті. – Сендер іздесе таппайтын адамсыңдар, – деді алаулаған бүйрек беттерінің майы жылт-жылт еткен Тұрбай сөзін жалғастырып. – Біздер алыста жүріп мақтан етер, әдейі қонаққа шақырып келтіре алмайтын жансыңдар. Бәрінің сәті, міне, бүгін бір-ақ түсіп отыр. Рақмет! Мені сыйлағандарыңа рақмет! (дейді өзінің табан астынан сыйлы бола кеткеніне зәредей күдіктенбей). – Әр нәрсенің жөні бар, – деді Кырбас. – Әр нәрсенің орны болады, – деді Томаш. – Әр істің кезегі болады, – деді Елпеңбай. – Онда кеттік, – деді Тұрбай. Құшырлана соқтырысқан төрт стаканның сатырынан кейін торсықтан күбіге құйған айрандай қылқ-қылқ шарап жұтылды да: – Қызық болды ғой, ә? Мүлде ішпеуші едім, – деді төртеудің бірі. – Мен де ішпеуші едім, – деді үшеудің бірі. – Біз де ішіп оңдырмаушы едік, – деді қалған екеуі. Сөйтіп, ішкіліктің дәмін ұмытуға шақ қалған төртеуі бұл жолы тек амалдың құрығанынан, бір-бірін күшті сыйлағандықтан ғана аз-мұз ереже бұзып, әп-сәтте тұптура бір кісінің баласындай ауыз жаласып шыға келді. – Бұл да ғанибет, – деді Қырбас желпініп. – Денсаулық болса ішкенге не жетсін, – деді Томаш теңселіп. – Бірақ, мұны ешкім білмесін, – деді Елпеңбай бусанып. Тұрбай:
– Мен Жартыбай қудың ісіне еш түсінсем бұйырмасын, – деп әңгіме желісін қапелімде басқа арнаға қарай қалайша бұрып жібергенін өзі де сезбей қалды. – Е, сенің оның нағыз жарымес қой, – дей салды Қырбас өзінше Тұрбайды екіұштылау түрде қостаған адамға ұқсап. – Маубас, тілемсек адам ол, – деді Томаш та. – Ондайларды аямау керек, – деді Елпеңбай сыбырлаңқырап. Тілі күрмеліңкірей бастаған Тұрбай: – Неге? – деді басын жерден көтермей. – Не үшін? – Адамды ісіне қарай бағаламасақ, қашанда шатасамыз, – деді Қырбас Томаштың құлағына аузын тақап. – Мен өзім небір сабаздарды білемін. Айтайын ба? – Айтшы, – деп қырылдаған дыбыс естілді. – Айтсам айтамын, ешкімнен қорықпаймын, – деді Қырбас басын кекжите жоғары көтеріп. – Есіме бірдеңе түсіп отыр. Соны айтамын. Бірақ, мені босқа сөйлейді деп ойламаңдар. Имандай шыным, ол маған ұнамайды. Ондайлардың талайын көргенбіз. Біреулер мақтаса мақтай берсін, онда жұмысым жоқ. Ол маған кезінде жалынып талай келген. Е... е... е! Бұл Қырбасқа кімдер жалынбай жүр дейсің? Әлі де талайлар келеді. Ал, ол осы жақында тағы да келіп кеткен. Екпіні қатты, ең жаманы, кісіге шекесінен қарайтынын неғыларсың. – Жай келіп пе? – Қайдағы жай? Бірдеңе сұрайды да, баяғы. «Мектеп саламыз, ясли саламыз» дей ме-ау, «шаруашылық артта қалды, мал базаларын көбейту керек» дей ме-ау, кілең сондай бірдеңелер – айтатыны. Тіпті, аулының көшелерінде асфальт жоғына да кейде біз кінәлі көрінеміз. Сонда немене, біздің басқарма сауулы сиыр болғаны ма? Айтпақшы, маған «мұның бәрі өзім үшін емес, ел үшін» деп ақыл үйреткені тағы бар. Ел-селде шаруамыз не? Әуелі бізбен тіл тапсын. Қалғанын сонан соң... – Сонымен, сұрағандарын бердің бе? – Әрине, берген жоқпын. Мен қол қоймаған соң алып көрсін! – Дұрыс істегенсің.
– Тапқан екен ақымақты! – деді Қырбас одан сайын екпіндей түсіп. – Әлде, елдің қамын жеуді тек соның маңдайына ғана жазып қойып па? Біз не бітіріп отыр екенбіз сонда! – Еш түсінбеймін, – деп күбірледі Тұрбай өз-өзінен. – Түсінбесең түсінбе. Сен не түсінуші едің, – деді үшеудің біреуі ызбарланып. – Маған да оның алғаш келген кезі есімде, – деді енді Қырбастың әлгі айтқандарына орай Томаш та бүйірден суырыла шығып. – Сенің айтуыңа қарағанда, маған келген де нақ сол болу керек. Иә, иә, дәл өзі! Мұрнының ұшында қара меңі бар ма еді, немене? – Мең-сеңіне кім қарапты дейсің? Айта берсейші! – Өте маңғаз, өте кербез, менмен, тіреп тұрған бір құдайы бардай-ақ, аяқты алшаң басады, Не керек, маған да бір көргеннен ұнаған жоқ болатын ол, – деп Томаштың да қос танауы қу сырыла түсті. – Қолында жүз тері тонға рұқсат қағазы бар. Тани кеттім, – қол да, мөр де Дорекеңдікі. Әрине, Дорекеңнен қалай асарсың. Сонда да оп-оңай жан бермес үшін мен де бойда барымды аяғаным жоқ. «Оу, бәтшағар, осының бәрін бір өзің аламысың?» «Малшылар үшін аламын». «Немене, малшыларың көп пе сонша?» «Бір мыңнан асады». «Бәрібір, жүз тонды мен таба алмаймын». «Ойланып көріңіз енді!» Міне, арамызда болған әңгіменің сиқы осы. «Жарайды» дедім де, кешке дейін ойланған боп, кешкілікте жетпіс тонға рұқсат еттім. Онда да Дорекең үшін ғой. Әйтпесе... – Қатырған екенсің. – Тісіміз шыққан ғой, – деп шық-шық күлді Томаш. – Ондайларды сөйтіп қатыру керек. Басқа жол жоқ. Айтқанын түгел бере берсек біз кім болғанымыз, айтқанын түгел ала берсе, ол кім болмақ? Алдымен осыны ойлау керек! – Мен мұның бірде-біреуін білмеуші едім, – деді Тұрбай көздері ашылып-жұмылып. – Бірақ, одан шығуы мүмкін. Нағыз жүрек жұтқанның өзі ғой ол. Қап, осыдан қолыма бір түссінші енді, бәлем! – Бәлкім, сен онда оның жақында диссертация қорғағалы жүргенін де білмейтін шығарсың? – деді осы
тұста Елпеңбай Тұрбайға сығырая қарап, сол бір адам туралы өзінің де бірдеңе білетінін аңғартып. – Әй, қойшы, – деді Тұрбай кеңкілдей күліп. – Рас, рас. Қырбас сияқты, мен де екі сөйлемейтін адаммын дедім ғой, өтірік айтсам өмірең қатайын! – Қарғанбай-ақ қой. Сенеміз, – деді Қырбас өңі қуарып. – Ғажап, ә? Айтпадым ба, ондайлар қашанда диірменнен бітеу шығады деп. – Несі бар, бүкіл бір елді сорып жатқан адамға қиын ба? Қалта тоқ болса, мен де қорғар едім, – деді Томаш. – Жыламаңдар, – деді Елпеңбай ащы жымиып. – «Қорғау» бар да, қорғады бар. Ол әзірге қорғаған жоқ, қорғағалы жүр демедім бе? Әлі қорғай ма, жоқ па, оны келешек көрсетеді. Сол есте болсын! – Онда түсінікті, – деді Қырбас жымыңдап. – Ұқтым, – деді Томаштың да өңіне қан жүгіріп. – Құйып жіберейінші, – деді Тұрбай бөтелкені қолына алып (құйып жіберді де). – Тосты мен айтайын, – деді Қырбас бастапқыдағы өктем қалпымен. – Қарсылық жоқ! – Айтсам, осы тосты жер бетінде бәріміз аман тұрғанда, ешқандай жамандық атаулыға жол бермеуіміз үшін көтеріп қойсақ деп едім! – Табылған сөз! – Аламыз! – Кеттік! Жол апшысын қуырған жүрдек поезд батысқа қарай зыр қағып келеді. Купедегі төртеу ән айтуға кіріскен. – Баста, Қыреке! – Өзің баста! – Бағана осы отырысты бастаған мен едім, сондықтан әнді де енді өзім бастайын, – деген Тұрбай «Сауысқан» деген әнді шырқады. – Бұл әнді біздің жақ айтпайды, – деді Қырбас. – Құлаққа қонбайтын бірдеңе ғой. «Көлбақаны» айтшы, сол тәуірлеу еді. – Оны білмеймін. – Онда «Гүмпілдекті» айтайық, – деді Томаш. – Бұл әннің біздің жақта бағасы зор.
– Әй, қойшы, – деді Қырбас тағы да мұрнын шүйіріп. – Одан да «Былдырық-шылдырықты» айтыңдаршы. Әннің төресі сол әне! – «Былдырық-шылдырығың» өзіңе, – деді намыстанып қалған Томаш. – Көкіректі босқа көтере беріп керегі не? – Ал, қойдым, – деп Қырбас кілт сылқ түсті де, зор даусымен «Гүмпілдек» әнін шырқай жөнелді (бәтшағар, біледі екен). Үш жігіт бір-бір әннен шырқап бола берген мезгілде Елпеңбай шарап құйылған стаканды қолына алып: – Мен ән сала алмаушы едім, – деп тайқып шыға келді, – сондықтан жеке өзім еліміздегі барша жігіттердің денсаулығы үшін кезектен тыс жүз грамм ішіп жіберсем, міндеттен құтыламын ба? – Құтыласың, құтыласың! – Келістік! – Еш түсінбеймін, – деді Тұрбай мойны мен басы қайтадан былқ-сылқ ете бастап. – Сол бір ісіне көптен түсінбей жүр едім, сендердің жаңағы сөздеріңнен кейін мүлде басым қатып кетті. – Кімнің ісіне, бәтір-ау? – Кімнің болсын, Жартыбайдың да! – Жартыбай? Оның кім еді тағы да? – Айтпадым ба, ауылда тұрады, аға шопан, депутат деп. Жазда жеңіл машина сатып алып еді, соны әлі күнге дейін жумай жүр. Әйелі егіз қыз тапқан, оған да той жасаған жоқ. Сонда қалай? Мұндай жақсылықтар атауға тұра ма, тұрмай ма? Мейлі, ескі дос қой. Той бола жатар. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Өзім де, бәсе, неге хабарсыз кетті десем, ел қамы үшін астанаға шапкылап, сендермен жолығып, қолы тимей жүр екен де бақырдың! Ондайын білгенде, әрине... Білмеген соң қайтейін, айыптымын!.. – Аллам сақтасын, өз басым ешқандай шопанынды білмеймін, аулақ! – деді Қырбас бүйі тигендей шошына. – Ондайыңды басқаға айт, сен өзің бізді кім деп ойлайсың? – деді Томаш та бұлданып. – Жандарым-ау, неге білмейсіңдер? Жаңа ғана болған тарихтың бәрін өз ауыздарыңмен майын тамызып ай-
тып берген жоқсыңдар ма? – деді Тұрбай әлі де ешбір күдіксіз. – Алайда, барлық сөздеріңе сенсем де, соның диссертация қорғайтынына миым онша жетіңкіремей тұр. Ауыл шаруашылық техникумын сырттан оқып бітіргені былтыр. Әлде, қазіргі жүрт институт бітірмей де диссертация қорғай беретін болған ба? – Жоқ,ә? – деді Елпеңбай тық етіп. – Ол не сөз тағы? – деді Томаш тыжырынып. Қырбас шындап ашу шақырғандай раймен Тұрбайға ежірейе қарап: – Әй, тамыр, сен өзің, тіпті, бізді баса жаншып, талай жерге апарып тастадың ғой, тегі, – деді міз бақпай. – Қайдағы шопан, қайдағы... – Соны айтам-ау, – деді Елпеңбай да тесірейе. – Тамыр, бізді жеке басыңның анау-мынаусына араластыра беріп қайтесің? – деп Томаш зілді ескерту жасады. Осыдан кейін үш серігі апыл-ғұпыл шешінді де, төсектеріне жалп-жалп жатып қалды. Тұрбай айран-асыр. Шарадай болған шақша басы шыр-шыр айналады. Мұны да сұрапыл ұйқы қысып бара ма, қалай? – О, өмір, қадіріңді байқамаймыз ғой, – деді ұйықтап бара жатқан Қырбас ыңырана әндетіп. – Қарынбайға мал керек, қара ешкіге жан керек, – деді Томаш өз-өзінен сандырақтаған адамша сөйлеп. Тістерін шақыр-шұқыр еткізген Елпекбай бірі аунап түсіп: – Сәулем, – деді де қатты корылға басты. Тесекке жатқан Тұрбайдың да сөйлегісі келетіндей. Бірақ, оны қазір кім тыңдамақ? Оның үстіне, мастық па, шаршау ма, минут санап қалжырап, әлі құрып барады. Айтпақшы, мына үш серігі Жартыбай шіркінді шынымен-ақ танымай ма? Онда бұлардың манадан бергі әңгімесі кімдер жөнінде болғаны, құдайым-ау? Ой, тоба-ай!.. «Оқасы жоқ, таң атсын, таң аткан соң бәрін де анықтаймыз», – деп ойлады ол да кезі іліне бере.
БІРЕР ЛЕБІ3 Д иректор дегені жасы қырықтың о жақ бұ жағындағы, шұбар бет, сәңкі мұрын, сеңгір иекті еңгезердей қара жігіт екен. Үстінде шолақ тері тон, басында шляпа, аяғында керзі етік. Жұмысшылар комитетінің председателі Ұлқу бастаған екі-үш жігітке қысыңқы көздерінін қиығын салып: – Жақсымысыздар? – деді де қойды күңк етіп. – Сізді осында деген соң әдейілеп ізіңізден қуып келіп тұрғанымыз, – деді жұдырықтай сары жігіт Ұлқу. – Бригадада күте тұрмадыңдар ма? – деді директор тұйық дауыспен. – Біраздан соң баратын едім ғой. – Оған мына кісілер, – деп күмілжиді Ұлқу. – Директорға жолықпасақ болмайды деп... әрі осы ферманы да көреміз деп... – Көрсе міне ферма, ешқайда көшіп кеткен жоқ, – деді директор Ұлқу ертіп келген жігіттердің кім екенінде мүлде шаруасы болмай. – Мына кісі облыстық кәсіподақтар советінен, – деді Ұлқу, ұзын бойлы, сарғыш мұртты, сары жігітті нұсқап. – Мына кісі, – деді орта бойлы, сылыңғыр қара жігітті меңзеп, – астанадан келген тілші екен. Ал, мына Жолшыекеңді болса да білерсіз, өзіміздің ауылдың адамы, ауданнан! Ұлқу онан соң қолма-қол: – Совхозды көп жылдан бері басқарады, тәжірибесі мол, ауызға ілігіп жүрген адам, әлгідегі «Шағала» қой өсіретін комсомол-жастар бригадасын да өзі ұйымдастырған. Аты-жөні Майжеген Тайлақов, – деп, ертіп келген жігіттеріне совхоз директорын таныстырды. – Е, солай ма еді? Онда қош келіпсіздер – деді Майжеген әлгі мінезіне кешірім сұрағандай сыңаймен. – Мен осы маңның адамдары ма екен десем... Сөйтіп, ферманы көресіздер ме? Онда қозғалайық. Басқа шаруаға бүгін мойын бұра алмайтынына көзі жеткен Майжеген бастаған топ қақ ортасынан бульдо-
зер қазып тастаған көшемен қаздай тізіліп жүріп келеді. Алғашқыдай емес, Майжегеннің аязды бет-аузына қазір аздап қан жүгіріп, қабағы сәл-пәл жадырайын деген. Бірақ, қара күздің суық желі бетті шағып тұр. Үлкен өзектегі ферма атағына ие боп отырған елу-алпыс үй сырттай қарағанда бір шағын ауыл. Азын-аулақ мүқтаждарын айтып, облыстан аттап, астанаға шағым жазып жібергендері де сондықтан, әрине. Бірақ, әзірге бұл туралы сөз қозғалған жоқ. Әйтседе, осынша адамның тегін жүрмегенін іші сезіп қалған Майжеген өзінше алдын-ала қам жасаған боп: – Совхоз мал өсіреді. Төрт түліктің бәрі бар. Тұрмыс түзу, орталықты айтпағанда, алты фермада алты монша, алты клуб, алты кітапхана, алты магазин, тағы басқалар бар, – деп келді де, онан соң айта-айта көкірегінде әбден жат боп қалған әлдебір цифрларды түйдек-түйдегімен тоғытты-ай дерсің кеп. Олар ауылдың шет жағындағы еңселі үйдің қорасына келіп кірді. – Міне, ферма дегеніңіздің бас-аяғы осы-ақ, – деді Майжеген екі қолын жайып. – Бұдан әрі жайылым, шабындық. – Ақтүйме? Жеңеше, үйдемісің? – деп айқайлады онан соң. – Бұл үйде қуырдақ бар, қысырдың қымызы бар. Қазір содан дәм татыңыздар. – Жеңеше! Үйдесің бе? – Е, сенбісің? Келіңдер, – деді ауыз үйден атып шыққан мосқал әйел. – Ұйбай-ау, қасыңда қонақтар бар екен ғой. Ішке кіріңдер, айналайындар! – Иә, – деді Майжеген соңындағы жігіттерге бұрылып. – Кәне, төрлетіңіздер! Тыс киімдерін ауыз үйде қалдырған олар төргі бөлмеге өтіп, стол басына жайғасып отырды. Ендігі Майжеген мүлде жарқ-жұрқ етеді. Әзіл-қалжыңға да шебер епті екен, осынша елді бір өзі жұтындыра үйіріп барады. – Әкел, Ақтүйме, барыңды, – деді төрге отырар-отырмастан. – Асылған құйрық болса, одан да әкел! Қала қазақтарының бүйірін осы жерде бір шығарып жіберейік, онан соң бұйырғанын тағы да көре жатармыз.
– Осы ферма туралы білгеніңізді айтыңызшы, – деді облыстық кәсіподақтар советінің жігіті Майжегенге. – Не білген бар, жаңа бастан-аяқ аралап шықтық қой, – деді Майжеген оған сәл ойлана қарап. – Ферманың аты ферма. Жыл сайын алып отырған таза табысы мол, жұрт ауқатты тұрады. Болды ма? – Балалар бесінші кластан бастап көрші фермадағы мектепке барып оқи ма? – Иә, сөйтеді. – Апарып-әкелуге көлік бөлінген бе? – Бөлуін бөлгеміз, – деді едәуір кібіртіктеңкіреп барып. – Бірақ, сол өзі қазір бірде болса, бірде болмай жүр-ау деймін. Бірақ, бұдан былай үнемі болып тұрады. Жалпы, ауылдық жерде ондай-ондай кемшілік табылмай тұрмайды, әрине. Оларды мойындаудан қашпаймыз. – Ол, жақсы, әрине. Ал, әлгіде совхоздың алты фермасында алты монша бар дедіңіз бе? – Дедім. – Бәрі де жұмыс істей ме? – Істейді. Неге істемейді? Кәсіподақ жігіті бүгін бұдан басқа үш ферманың моншасын көргенін, бірде-біреуі жұмыс істемейтінін айтқанда, Майжеген біраз сазарып отырды да: – Оған сонда тек қана мен жауапты деп ойлайсыз ба? – деді жас жігітке сестене қарап. – Істемесе, істейді. Ең бастысы, монша да, басқасы да бар ғой, әйтеуір. Демек, әлі-ақ бәрі орнына келеді. Жалпы, сіздердің де өстіп анда-санда қозғау салып қойғандарыңыздың зияны жоқ. Оны түсінеміз. Айтпақшы, арыз бар ма, немене? – Арыз емес, дабыл бар еді. – Е, солай десеңдерші онан да. Бәсе, өзім де сөйдеп ойлап едім. Бұл жұртқа қанша жақсылық жасасаң да, әйтеуір, арызын ба, дабылын ба, жазуын қоймайды. Жазған кім екен сонда? – Жазған осы ферманың бір топ жастары, – деді енді астаналық тілші сөз алып. – Біз, бірақ, әуелі басқа біраз фермадағы жағдайлармен де танысып шығуды жөн көріп едік. Енді соларды өзіңізге айтып отырғанымыз ғой.
– Дұрыс, дұрыс, – деді Майжеген бәсеңдеп. – Бәрі жөнделеді. Оған шаруашылықтың қуаты жетеді. Кәне, ішіп-жеп отырыңыздар. Онан соң: – Е, өзің екенсің ғой бәрін көрсетіп келе жатқан, – деп Ұлқуға қарай зілдене күлді Майжеген. – Мен ғана дейсіз бе? Мына ауданның кісісі бар, көппіз ғой, – деп сақтана жауап берді Ұлқу. – Хатпен танысуға бола ма екен? – Мінеки, алыңыз. Майжеген бір жапырақ қағазды оқып болысымен: – Несі бар, ұсынған мойынды қылыш кеспес деген, кемшілікті мойындаудан қорықпау керек. Меніңше, жастардың талабы дұрыс, – деді аса сабырлылық көрсетіп. – Жаңағы сөзім сөз, бәрін реттейміз. Оған ешбір алаңдамай-ақ қойыңыздар. – Қазір бригадаға барамыз ба? – деді Ұлқу директорға қарап. – Иә, сонда барып, қонақтарды жақсылап демалдырмаймыз ба? – деді Майжеген әлденеге асыққандай түрмен. – Мейлі, онда сөйтелік. Бұлар тысқа шыққанда күн кешкіруге айналып қалған-ды. Аспанда бұлт қоюланып, ызғырық жел күшейе түсіпті. Неге екені белгісіз, айналаның бәрі жалынсыз, жабырқау тәрізді. – Кәне, қонақтар, сіздер менің машинама отырыңыздар, – деді Майжеген қолтығында бір-бір папкасы бар жігіттерге қарап. – Оның алдында, – деді астаналық тілші әлгідегі дабыл хатты папкасына сала беріп, – бұдан бес жыл бұрын қыруар қаржыға салынып, пайдаға аспай тұрған кітапхана үйі мен клубты көре шықсақ деп едім. Мына сөзді естігенде Майжегеннің өңі аяқ астынан қуарып сала берді. Қонақтарды бірден бригада басына алып кету әрекеті іске аспаған соң, ол бұдан былайғы сұрақтарға жөнді жауап бермей, тек топқа ілесіп жүре берді. Кітапхана үйінің қоймаға айналу, кино, концерт көрсетілмеуіне ферма бастығы мен Ұлқу кінәлі боп шыға келді.
– Мен өз басым олай деп жарлық бергенім жоқ, берген болсам біреу-міреу айтсыншы, кәне – деп тістенді Майжеген. – Қайта, мұның бәрін менің есіме салғандарыңыз дұрыс болды. Бұдан былай көрейін. Моншаның жұмысын ақсатқандармен де ісім басқа болсын! Орта жастағы, жалтыр бас ферма бастығы: – Бәріне біз кінәліміз, айтатындарыңды бізге айта беріңдер, – деп мәймөңкеледі. – Майекеңнен ондай жарлық болды деп ешкім де айта алмайды. Оның үстіне, қазіргі жұрт жаза береді ғой. Бәріне бірдей сенудің қажеті не? «Әлбетте» деп Ұлқу да дәл осылай ойлайтынын аңғартты. Оның жұқалап ескертуінше де, Майжегеннің жұмысы қым-қуыт, сан-сапалақ, бастан асады. Жалғыз адам бәріне бірдей қайтіп үлгермек? Осында оларға жауап беруі тиіс басқа да кісілер бар емес пе? Солардың да сөзін тыңдаудың артығы жоқ. – Сөйлесеміз, – деді астаналық тілші. Иығына түскен салмақтың ептеп азая түскенін сезінген Майжеген: – Клуб кішкентай болса да жұмыс істейді ғой. Андасанда жиналыс өтіп тұрады, – деді. Дабылда көрсетілгеннің бәрі расталды. Талай адам пікірін айтты. Тілші сыпырып жазып ала берді. – Енді болған шығарсыздар. Онда бригадаға тартайық, – деді бір кезде Майжеген. Екі жеңіл машина қой өсіруші комсомол-жастар бригадасына келе жатыр. Мұндағы жағдай, әрине, өзгеше. Клуб, кітапхана, монша – барлығының да тұлғасы мінсіз, жатақханалар іші кірсе шыққысыздай жайнап тұр. – Жазған соң шіркін, осындайды жазу керек қой, – деді түннің бір уағында. әбден көңілденген Майжеген. – Жазыңыздаршы осыны! Ел-жұрт білсін, сырттай болса да таныссын! Бұған ешкім пәлен деп қарсы дау айтқан жоқ. Бұл кезде кәсіподақ жігіті музыка тыңдап, ал астаналық тілші мана Майжеген анда-санда жиналыс өтіп тұрады деген ферма клубының суретін көз алдына елестетіп отырған-ды. Аядай бөлме. Алқам-салқам сахна. Жырым-жырым қабырғалар. Әйнексіз терезе, сынған есік,
отырар жері ойылып қалған ескі-құсқы орындықтар, азынаған суық жел. Міне, осында анда-санда жиналыс өтіп тұрады екен. Әй, бәрекелде! – Сіздер алыстан келген қонақсыздар ғой, жас шопандарымыз айта-айта жүрсін, бірер ән салыңыздаршы! – деді Ұлқу кенет екі жігітке: – Жарайды, тілегіңізді орындайық. Обалы не керек, ертесіне Майжеген бастаған топ дабыл тексере келгендерді көңілді түрде шығарып салды. – Бұл өмірде ешқашан бес саусақ бірдей болып көрген емес қой, – деді Майжеген қоштасып тұрып. – Қайда болса да әйтеуір, жақсы жағымызды көбірек айта жүргейсіздер, тілегіміз сол ғой сіздерден! Әрине, солай етеміз деп оған ешкім де уәде берген жоқ. Әйтседе, сәті түскен мезгіл туғанда, жақсы ма, жаман ба, бірер лебіз білдіріп қойғанның несі артық дейсіз? Соның бір дәлелі, осы айтылғандар деп білерсіз, оқушы...
БІР ЖАСАҒАН КҮН Қ онаққа шақырылған мерзім сенбі күнгі кешкі сағат алты еді. Нәдірбай мен Айқатша Пілтәннің Заводская көшесіндегі жеке меншік үйіне дәл жетіде келді. Бір сағат кешіккендеріне онша қысылған олар жоқ, дәл солай болуы тиіс сияқты екеуі де марғаулау, маңғаздау. Олар босағадан аттай бере: – О, бауырлар, келдіңдер ме? – деп ет жүрегі езіле қарсы алған үй иесі Пілтән дереу Айқатшаның сырт киіміне жармасты. Жалбақтаған халде: – Әй, Маржан, бері кел-ей! – деп асханада жүрген әйеліне де өктем дауыстады. – Нәдекеңдер келді!.. Әп-сәтте Маржан да кеп килікті. Маржанның қалың шашын артына түйіп, беліне алжапқыш байлап алғандағы өңі тым сүйкімді екен. Қара көздері де нұрлы. Жан мырзалығы тасып кеткен Нәдірбай оның жұмыр білектерінен қос қолдай ұстап алды да, үлбіреген бетіне былжыр ернін қадаңқырап, шөп еткізіп сүйіп жіберді. – Осындайда болмаса, мына Пілтән саған сірә жолата ма? – деп салдырлай күліп те алды. Пілтән Айқатшаның пальтосын ілді, Маржан Нәдірбайдың пальтосын ілді. Нәдірбай, үйге біржола қол жуып кіресіңдер ме? – деді Пілтән. – Басқалар тегіс жиналып па еді? – Тегіс... сендер ғана... – Онда жуайық, – Нәдірбай бүйір бөлмеге енді. – Келгендерің дұрыс болды, – деді Маржан Айқатшаға, – біз келмей қалар ма екен деп... – Келеміз ғой, неге келмейік, – дейді Айқатша. Төр үй жақ тым-тырыс. «Шақырылған жерден қалма» деп тегіс жиналған қонақтар ауыз үйдегі абыр-сабырды сезгеннен әліптің артын бағып, жым бола қалысқандай. Тек төргі креслода отырған жасы елулер шамасындағы шүңірек көз, имек мұрын, арық қара кісі ғана: – Ә, Нәдірбай келген болды ғой, шамасы, – деп, бірдеңе сезгенін байқатты.
Ешкім жауап қатпады. (Соған қарағанда Нәдірбайды басқалар білмейтін болса керек). Соңында Айқатшасы бар Нәдірбай төр үйге еніп, көпке сәлем берді. Әйел-еркегі аралас қонақтар түгел бас изесіп, ізет көрсетісті. Нәдірбай әлгі имек тұмсық кісінің әдейі барып қолын алды. Имек тұмсық: – Ә, Нәдірбай, естіп жатырмыз, жаңа қызметің құтты болсын, – деді ол жөнінде біраз жайдан хабардар екенін аңғарта. – Иә, ептеп, – деді Нәдірбай сыпайылық көрсете. – Ал, жолдастар, төрт көзіміз түгелденді, енді отырайық, – деді домаланған Пілтән әдеттегі шарылдақ даусымен. Конақтар қозғала бастады. – Төрлетіңіз! – Сіз өтіңіз! – Жоқ, сіз өтіңіз! – деген дауыстар жиілеп барып, әйтеуір жайғасты-ау жұрт. Нақ төрде – әлгі имек тұмсық, арық қара кісі. Есімін Сотан деп өзі айтты да, нәзік саусақтарымен рюмкесін көтеріп, орнынан тұрды. Тұрды да мәжілісті бастады: «Бәріңе құйылды ма? Құйылды. Үй иесі Пілтән жақсы жігіт пе? Өте жақсы жігіт. Әйелі Маржан ше? Ол да жақсы бала. Сотанның өзі болса, – Пілтәннің ғылыми жетекшісі. Пілтәннің білдей ғалым болар күні жақын. Оған Сотан куә?» Кіріспе сөздің ұзын-ырғасы осы іспеттес. – Сонымен, сендер бірің Пілтәннің жолдасы, бірің досы, бірің туысы, бірін, құдасы, бірің ауылдасы, – әйтеуір алыс емессіңдер. Шынын айтсам, – деді Сотан сөзін әрі қарай жалғап, – Пілтәнге дәл осындай бір мәжілісті ұйымдастыр деген мына мен едім. Амандық болса, үлкен той да келіп қалды ғой. Соның алдында осындай бір мәжіліс неге артық болсын. Әлбетте, артық емес. Міне, сендермен дәмдес боп отырмыз. Бәрің де астанада тұрасыңдар. Қызмет иесісіңдер. Яғни, еліміздің, жұртымыздың бетке шығар қаймағысыңдар! («Бәріміз де солаймыз» деп те қосып қойды ол). «Бетке шығар қаймақ» деген сөз айтылғанда ылғи аршыған жұмыртқадай боп ыздиып отырғандар «апырай,
айтпақшы солай ма еді, иә, солай екен ғой» дегендей, орындарынан бір-бір қозғалақтап қалды. Нәдірбай танауын делдите төбеге қарады. Айқатша оған қарап қабағын түйді. «Қап, сайтан-ай, – деді Нәдірбай ішінен әйелі туралы, – енді сен өстіп менің қит еткенімді аңдумен боласың ғой. Мейлі, бәрібір жүз жаса, сабазым. Жүз жаса!». – Ал, кәне, алып жіберейік! – Сіз алыңыз. – Ау, сіздің рюмкеңіздегі не өзі, су ма? – Не болса да алып қойдық міне! Сотан да тәуір ішетін кұсайды. Бұзау рюмкедегі ақты бір-ақ ақтарды. Домаланған Пілтән іле-шала: – Сотеке, енді өзіңіз тамада боласыз, – деді ғылыми жетекшісіне. – Жастар бар емес пе? – Жо-жоқ, жол сіздікі? – Сіз болыңыз! – Сотекең болсыи! Бұл мәселе де шешілді. Айқатша жымың етті. Туфлиімен Нәдірбайдың тобығынан қағып қалды. Бұл – тамадалық саған тимей қалды, өте дұрыс болды дегені (әрине, талай шаршы топта көсемсіп дәніккен Нәдірбай бұл жолы да тамадалықтан дәмесіз емес-ті. Алайда, жұртқа жақсы тамада ретінде жақса да, әйелі Айқатшаға ешқашан жақпайтын). Қонақтар түстеп-түстеп таныстырылды: қас-қағымда талай есімдер аталды, бірақ, кейініректе пайда боп жүрген әдептілік жолымен бе, кім білсін, ешкімнің қызмет дәрежесі айтылған жоқ. Айқатшаға бұл да ұнады. Айтқатша ұнатқанмен, Нәдірбайдан бастап біраз жұрт ұнатпады. Мұндайда кейбір тәлімсіп, шәнтиіп отыратындар сенің атақ-дәрежеңді білсе, несі айып? Дереу дұрысталмай ма? Нәдірбай осылай ойлайды. Сотан да осылай ойлайды. Әйтседе, Сотанның есебі түгел. Пілтәннің ғылыми жетекшісі екенін осындағылардың бәрі білді емес пе? Нәдірбайға әрине, обалдау... Тост артынан тост... Сөз артынан сөз. Сөйлеп жатқандар – еркектер. Әйелдер жағы әзірше запаста. Әлбетте, еркектердің ішінде де әлі сөз тимегендер баршылық.
Мәселен, столдың төменірек жағында отырған әнебір зор денелі, салпаң құлақ, бүйрек бет жігіт мәжіліс басталғалы бері әлі бір рет жұмған аузын ашқан жоқ. Тост айтушылардың бетіне зор канағатпен күлімдей қарайды да, сілтеп қалады. Өңінде, бірақ, су ішкендей де белгі жоқ. – Әй, шырақ, сенің атың кім еді осы? – деді Сотан оған. – Атым Самыржақ, – деді анау. – Ал, онда Самыржақ қалқам, өзің бірдеңе деп жіберші, айналайын. Орнынан жалтаңдай көтерілген Самыржақ: «Ағайындар, бәріміз алып қояйық», – деді де, өзі алып қойды. Онан соң отырды. – Өзің тым қысқа сейлейді екенсің, – деді Сотан. («Атың Самыржақ болғанмен» деп айтудан іркілді). – Несі бар, еркекке аз сөйлеген жарасады, – деп екіүш әйел қатарласа шар-шар ете қалды. Самыржақ жайын аузын құлағына дейін керіп, ыржиды. Жанындағы әсем киініп, шаштарын жалтырата тараған жас жігіт оған сыбырлап: – Бүгін біз Биғайша екеуміз осымен үшінші үйде қонақ боп отырмыз, – деді толқып. – Біз де, – деді Самыржақ. – Бұл төртінші үй. – Кеше бес үйде қонақ болып ек, – деді көршісі. – Біз екі-ақ үйде болғанбыз, – деді Самыржақ «жеңіліп». – Ән айтпаймыз ба? – деді осы тұста Нәдірбай. – Иә, ән болсын! – Өлең айтайық! – Әйелдер әлі сөйлегеи жок. Әуелі әйелдер сейлесін. Өлеңді сонан соң айтайық, – деген дауыс-тар естілді. – Ол да жөн екен, – деді Сотан. Әрине, запастағы әйелдер де осал кісілер емес. Біреулері манадан бері-ақ тамаданы да, басқаларды да шоғайналы сөзбен жиі-жиі шалып қалумен танылып үлгерсе, біреулері кезек бойынша сөз тигенде ғана аса жаңа, аса тапқыр да, аса әсерлі бірдеңелер айтатын адамша ащылау сызылып, тәртіпті ғана боп, тымырайып-тымырайып отыр. Қып-қызыл шаштарын (сірә,
боялған болу керек) қоқита сәндеп, алтын сырға, алтын алқа, алтын баулы алтын сағат, алтын сақина, алтын бой тұмармен сықия қаруланған әнебір Жәния дейтін жас әйел алпамсадай семіз күйеуінің иегі астында балалар магазиніндегі қымбат ойыншықтай селтең-селтең етеді. Жиі-жиі басқаларды кимелей сөйлеп, өктемси сөйлеп, үсті-басына қарағыштап, ара-арасында одағайлау түрде қарқылдап күліп те алады. Мына қазір ол осынау жамағатқа дәл осындай халде көрініп отырғанына дән риза сияқты. – Өңшең сөз де сөз, бос дырду, мына отырыс көңілсіз боп барады ғой өзі, – деп мұрнын шүйірді Жәния. – Онда мен анекдот айтайын, – деді Нәдірбай. Айқатша столдың астынан күйеуінің санынан оңдырмай бұрап алды. Нәдірбай жан қалтасынан қол орамалын іздеген боп қипақтап қалды. – Анау Самыржақты көрдің бе? – деп сыбыр етті Айқатша. – Нақ бір тойған қозыдай боп... Нәдірбай Самыржақ жаққа көз жіберді: Самыржақтың аузы ара-тұра ашылып, ара-тұра жабылып, жақ сүйектерінің шайнаң-шайнаң еткені болмаса, құлақ естігендей бөтен дыбыс сезілмейді. Сондықтан ба, оның кетік тіс әйелі де Айқатша тәрізді шырпынбай, маңғаз, мамыражай, еркін отыр. «О, ішіп-жеуден басқаны білмейтін сорлы Самыржақ, қатыныңның тәрбиесі әбден арғы-бергіңнен өтіп кеткен бе, қалай?» – деп іштей мырс етті Нәдірбай. «Мына біз бишараны айтсайшы...» Обалы не керек, кезегі жеткен әйелдер де жаман сөйлеген жоқ. Олардың орындауында әлі жарық дүниеге пайда болмаған келешек ғұламалардың ешқайсысы айтпаған небір баукеспе тостар түйдек-түйдегімен тоғытылды-ай дерсің... – Енді ән салайық та, ағай! – деді бұғағы бұлтиып, шермиіп қарны шығып кеткен бір жас жігіт Сотанға көзін сүзе қарап. – Жұрт қызды, енді ән салуға болады, – деді Сотан. – Ал, бастаңдар! – Баста, Көнек! – Жоқ, сен баста, Бөлек!
Қонақтар бір-біріне сақтана қарасып, кілт тына қалысты. – Онда мен бастайын, – деген нәзік үн естілді. – Бәсе, сен сөйтші, – деген гүжілдек дауыс естілді. Жәния мен күйеуі екен. – Осы үйде өлең кітап бар ма екен? – Бар, бар, – деген Пілтән көрші бөлмеге шауып кетті де, ізінше он шақты кітапты әкеп, қонақтарға бір-бірден үлестірді. (Шамасы, ол осы кітаптарсыз ән айтылмасын біліп, күнілгері әдейі дайындап қойса керек). Он шақты қонақ он шақты кітапты ұмар-жұмар ақтарып, апыл-ғұпыл қарап жатыр. (Ән салудың қамы). – Қап, мынаның өліп қалғанын-ай, а? – деді осы тұста Нәдірбай төс қалтасынан әлдебір шақыру қағазын шығарып. – Ол не? – Өлген кім? – десті әр нәрсеге де аса ыждаһатты да мейірімі мол қонақтар. – Театрға шақыру билеті ғой, –деді Нәдірбай билетте жазылған өз фамилиясына тесіле қарап. – Мыналардың бастығы беріп жіберген екен, – деп Айқатшаны меңзеді. – Болмады, бара алмадық, өлді. Ылғи осы: қонаққа барасың, не қонақ шақырасың, не басқадай бір себеп... Ылғи осы... – Оған өкінбей-ақ қойыңыз, ағай, – деді әлгіде ән айтайық деген қозы қарын жас жігіт. – Кұдайға шүкір, жас болсақ та бізді де біраз жұрт сыйлайды қазір. Осы күні қонаққа баруға әбден үйреніп алыппыз өзі, құдайға шүкір. – Біз де театрды ұмытқалы қашан? – деді Сотан да Нәдірбайға басу айтқандай. – Баяғы бір кездерде ептеп барушы едік, кейін доғарылды ғой. Жә, біртіндеп соларға көп бара бергің де келмей қалады екен өзі. Андасанда бір шет елден келетін концерт болмаса. – Осы күнде өзі театрлар жұмыс істей ме екен? – деді Самыржақтың көршісі. – Істеуін істеп тұр ғой, – деді Нәдірбай сылқ-сылқ күліп. – Мына мендегі шақыру билет... Мына біздің Айқатша...
– Ау, айтқандай, Айқатша келін театрда істемеуші ме еді? – деді Сотан осы тұста жұлып алғандай. – Иә, актриса ғой! – деді Нәдірбай. – О, онда енді бұдан былай баратын болдық театрға! Енді қалай? Келініміз білдей артес болса!.. – Айқатша үшін бәріміз де барамыз енді... – Барсаңдар өздерің бара беріңдер, – деді Нәдірбай күлкісін тия алмай. – Өз басымның театрға бармағаныма биыл тура он жыл болған екен, енді бұдан былай да бара қоюым қиын шығар. – Театрда адам болар ма екен өзі? – Студенттер бар ғой, – деп шаңқ етті әлдекім. (Бұл сөзді театрра бармайтынына өкінгендік емес, қайта сонысын мақтан көретіндей раймен міндетсініп айтты ол). – Оған бола бас ауыртпай-ақ қояйық, – деп сыпайы күлді Айқатша. – Келіңіздер, ән салайық! – Мынау бармаса да мен өз басым театрдан қалмаймын, – деді Жәния күйеуін нұсқап. – Кейде тіпті билет таба алмай қалушы едік. Айқатшамен танысқанымыз жақсы болды ғой. Қонақтардың біразы мынау өтірік айтып отырған жоқ па екен дегендей Жәнияға ежірейе-ежірейе қарасты. – Ал, әндеріңді бастасаңдаршы енді түге, – деді қақсалдау бір әйел мәтібисіне. – Қай әнді айтсам екен? – Білгеніңді айта бер! Жәния ән бастады. Біреулер қостады. Біреулер қостамады. «Ал, қосылсаңдаршы!», «Қосылып жатырмыз ғой!», «Сөзін білмейміз, хи-хи-хи...», «Кітапты бері бер!» Әуезді ән мына топтың аузынан көкпарға тартқан лақтай жырым-жырым, пәре-пәре боп шықты. Әнге елтіген Сотан мүлгіп қапты. Ара-тұра қосылып ыңылдайды. Нәдірбай да мыңқылдап қояды. Тағы да тыныштық. Нәдірбай театрға шақыру билетін төс қалтасына салып қойды. – Кұдай салмасын, осындайда болмаса, дұрыстап әнкүй тыңдаудан да қалып барамыз ғой, тегі, – деді Самыржақтың әйелі.
– Иә, бір жасау деген осы да, – деді Жәнияның күйеуі де сөзге араласып. – Рас, – десті басқалар да. – Осындайда ғана... – Тек осындайда... Әсерленген әлдекім тағы бір әнді бастады. Бөлмені ән кернеді. Әнге аралас у-шудан құлақ тұнғандай. Нәдірбай Сотанның құлағына аузын тақап: «Мен директор боп істейтін жерде...» деп бірдеңелерді айтып жатыр. Сотан соналаған атша басын шұлғиды. Нәдірбай бөсе түсті. Амалы құрыған Айқатша Самыржақ жаққа қарады. Самыржақ мүлгіп отыр. Екі ұрты бұлт-бұлт етеді. Әлі жеп отырған сияқты. «Міне, жігіт, келгелі бір ауыз сөз сөйлеген жоқ, тіпті, сабазың мүлде сөйлеген жоқ...» Айқатша тамсанды. Нәдірбай әнге басты. – О-һо, сенде жатыр екен ғой! – Ән салмайтын қазақ бола ма? – Е, біз де саламыз. – Кітап қайда? * Жиын тарқар алдында Сотан жаңаша бата берді: «Уайым-қайғы жоқ болсын, осындай отырыстар көп болсын, қарын тоқ болсын, аллау әкбар!» – Әй, тамаша отырыс болды-ау! – Неғылса да бүгін бір жасадық! – Пілтән, саған көп рақмет! Сәлден соң еркек-әйелі аралас қонақтар Пілтәннің үйінен қош айтысып, тарап бара жатты..
«ЖАМАН АРБА» Қ ара күздің тылсым түнінде колхоз бастығы Тасқараның үйінде отыз-қырық шақты адам сырт жұртқа сыбыс білдірмей, құпия түрде қонақ боп отырды. Төрде теңкиіп Соқабай жатыр. Шынтақта құс жастық. Ыңқ-ыңқ етеді. Жалтыр басын быртиған алақанымен сипай береді. Соқабайдың оңжағында шүңірейген көзінде жарамсақтық оты ойнаған арық қара Нәлібай, сол жағында диірменнен бүтін шығатын пысық Ереш, одан әріде дүниедегі барша арамдық атаулыны бір өзінің бүйеніне бүге білетін Ептібай, Септібай, Жептібай, Нәпсібайлар отыр тізіліп. Бұлардың ішінде Тасқараға еркіндеу сөйлейтіні Соқабай ғана. Есіктен бұрқылдаған самауырды көтеріп кірген Тасқара да: – Ау, Соқа, ұрыста не тұрыс! Басталық та! – деді төрде ұйқылы крокодилдей сазарып жатқан Соқабайға. – Иә, – деп ыңырана басын көтерді Соқабай. – Дәмге қаралық, жігіттер!.. Тасқара бір шампан бөтелкесінің темір ноқтасын жалма-жан ағытты да, бөтелкенің аузын төрдегі Соқабайға қаратып тұрып тарс еткізді. Ізінше Соқабай да Тасқараға қарай бір шампанның тығынын тарс еткізді. Үй іші лезде у-шуға толды да кетті. Осылай бас қосу о баста Соқабайдың идеясы еді. Әнеу күні Тасқара онымен бір мәселені оңаша ақылдасқанда, Соқабай «артельдегі бар активті үйіңе құпия түрде шақырып қонақ етсең, аржағын өзім білемін» деген-ді. Бүгін соның сәті түскен күн. Былайша сыйлаудың тегін емесін іштері сезген қонақтар да енді неде болса ішіп-жеп қалғанымыз олжа шығар дегендей, дастархандағы алуан тағамдарды оңдысолды ауыздарына атқылап, қылғытып-ақ жатыр. Жұрт әбден қызыл тұмсық болды-ау деген мезгілде Соқабай: – Уа, игі азаматтар! – деді. – Сендерге айтар бір ауыз лебіз бар. Қысқаша айтқанда, біздің Тасекеңнің әруақ-
ты босағасында осы күнге дейін бір арбаның болмауы қалай? Сол өзі алдымен бізге мін емес пе, жарандар-ау? «Арбасы несі» деген бір жігітке жанындағы серігі «ол кәдімгі «Волга» машинасы емес пе?» – деп сыбыр етті. – Иә, Соқа, айта бер. – Айтарым сол. Аржағын өздерің білесіңдер де! Істің мәнісін енді ғана түсінген қонақтар орындарынан бір-бір қозғалды да қойды. Мұндайда сезімтал Ерештің: – Әй, несі бар, Соқа? – деп шіңгір еткен даусы да естіліп үлгірді. – Осында отырған әр адам жүз сомнан тастаса, арба деген сол да! Жүз сомнан ешкімнің мұрны қисайып қалмас! – Онда сен, Ереш, кассирсің ғой, – деді Соқабай оған қарап. – Ертең кеңсеге барысыңмен мына менің өзімнен бастап, бәріміздің тізімімізді жаса, мақұл ма? – Мақұл, Соқа! Тек осында отырғандарды ғана ендіресің тізімге. – Әлбетте, Соқа. – Ал, жігіттер, ендеше мына тосты енді сол Тасекеңе бұйырғалы тұрған жаман арба үшін алып жіберелік, – деді Соқабай көңілдене аузын ыржитып. – Дұрыс-ақ, Соқа! Алып тастайық! – Жаман арба үшін!.. Бүгін өзін аса кішіпейіл ұстаған үй иесі Тасқара аса қадірмен қонақтарына аса мырзалық көрсетіп, әлгідегідей жанама әңгімелерде көп жұмысы да болмай, есілдерті тек қана мына асыл қонақтарын мінсіз күту, соларды өз үйінен қайтсе де риза етіп шығарып салу ғана боп, табанының ұшымен жорғалап жүр. ... Қайтсін, мұндайда инабаттылық керек-ақ шығар да!..
«ЕНДІГӘРІ ҮЙЛЕНБЕСПІН» А ядай бөлме іші апыр-топыр. Бірін-бірі жағадан ап, шашынан тартып, шықшыттан езгілеген ылғи бір жұлымыр қатындар мен шандыр білек, себет шаш кемпір-қалаштар. Шаң-шұң дыбыстан құлақ тұнады. – Бұл сейсеп менікі... – Ой, албасты, мына масатыда ақың жоқ. – Бұл үйге біз де бөтен емеспіз! – деп ақшиысады бірбіріне. Кенет самайынан пора-пора тер аққан ұзын-тұра, қара торы әйел тарбиған арық саусақтарын жас жұбайлар жататын кереует тұсындағы түкті кілемге салды. Далақтаған дамбалының балағы тобығына түскен екінші бір әйел оған көлденең килігіп: – Әй, қар-ау, енді бұларды біржола тонайсыңдар ма, қайтесіңдер? Жетпей ме? – деді ашына. – Өшір жағыңды! – деді оған кексе әйел көгеріп. – О, әдірам қалғыр, маған тыйым салатын сен кімсің сонша!? Мілеужанға (Тілеужанның атын атай алмай, әдейі бұрмалағаны) сен торпақ берсең, біз тана бергенбіз. Сондықтан кілемді алуға хақым бар, біліп қойғын... Сөйтті де, кексе әйел мамық кереуетке секіріп шығып қабырғадағы кілемді жұлып алды. – Маған беріңіз, жеңеше, өзім жақсылап орап берейін, – деді осы тұста үй ішіндегі көрініске манадан бері бір шеттен қарап тұрған Тілеужан. Бұл кезде жас жұбайлардың отау үйінде әлгі кілемнен басқа жарамды ештеңе де қалмаған-ды. Іліп алардың бәрі ұстағанның уысында, тістегеннің тісінде кеткен. Тілеужан мен оның жақында үйленген жас келіншегі Дүрдәнә қаңыраған бос бөлмеде қала берді. Тыстан кіріп келген Тілеужанның қарт анасы мына сұмдыққа қарап:
– Ойбай, – деді ішегін тарта. – Тонап кетіпті ғой түге. О, қараспай кеткірлер. Ағайыншылықтарыңа күйдіргі келсін, ә... Осы тұста Тілеужанның әкесі ішке кіруге жүрексінгендей, босағадан қылт етіп бір көрінді де жоқ болды. – Қайғырмаңдар, – деді Тілеужан, жабырқаған жары мен жер болған шешесіне. Дегенмен жүні жығылған жігіттің мойны төмен салбырап, ауыр ойға шомды. «Иә, бұл сойқанның басы неден басталып еді өзі?" Бұл жақтағы қалың елдің жас жігіттерін бұлтсыз күні аспаннан жай түскендей жасытып кететін осындай бір қырсық бар. Мәселен, жігіт үйлену керек. Ол үшін жігіттің ата-анасы баласына құда түсіп, қыз жағына бесалты мың сомдай ақша өткізеді. Қыз жағы күйеу жақтан алған ақшаға жаңа отауға жасау-жабдық жасайды. Екі жағы да той жасап, бір-бірін қайта-қайта кезектесіп кәдеге шақырады. Бір-біріне қымбат киімдер кигізеді. Басқа ырым-жырым тағы да толып жатыр. Енді есептей беріңіз. Мұның бәрі ат емес, қайқиған қара атанның белін сындыратын шығын емес пе?! Оған шамасы жететіндер де, жетпейтіндер де бар. Жететіндер мұратқа оңай жетіп, жетпейтіндері торға іліккен торғайша тыпырлап, басқа бір амал іздейді. Сондай амал іздеп, айла жасаушының бірі Тілеужан еді. Дүрдәнәмен оңаша келісті де, алып қашты. Бірақ арадан ай өтпей жігіттің үйіне қыздың сойдауылдай үш ағасы жетіп келді де, үш күн қонақ боп, кетерінде үш мың сом ақша сұрады. «Біз де тірі жанбыз. Ақшаларыңа қызға дүние-мүлік жасап, кері қайтарамыз, бұл салттан асып көріңдерші кәне!» деп шіренген соң, Тілеужанның атаанасы «мақұл» десті. Сөйтіп Тілеужан ескі әдет-ғұрыптың тұзағына бәрібір амалсыз ілікті. Қорадағы бір сиыр, он бес қой, он ешкі сатылып, қалған ақшаны ағайындар ортадан жинап берді. Өз босағаларында бір ешкі мен бір есек қалды. Күні кеше Дүрдәнә екеуі қайын-жұртына барып, есік ашып келді. Ол жақтан қыздың жасау-жабдығы деп алып келген заттар мұнда келген соң ағайынның талауына түсіп тоналғандай болды.
Енді бүгінде Тілеужан: – Мейлі, өз басым бір міндеттен құтылдым. Басқа жігіттерде шаруам жоқ. Бұл дүниеде аман болып тірі жүретін болсам, ендігәрі үйленбеспін. Дүрдәнәжанмен тату-тәтті боп жұп жазбай тұра беремін, – дейді. – Иә, Тілеужан, ендігәрі үйленбе, Дүрдәнәмен тұра бер, – дейміз біз де оған. Ал, басқалар ше? Балиғатқа толып, тұрмыс құруы тиіс басқа жас жігіттер мен қыздарды алда нендей кереметтер күтіп тұр екен десеңізші..
«ОЛЖА» М анап таңертең жұмысқа келісімен, тыз еткен телефоннан: – Әй, талтаңбай, маған кел, – деген зілді бұйрық естіді. «Талтаңбай» деуіне қарағанда, директор ашулы болу керек. (Әлім ашуланғанда қарауындағыларды солай атайтын). Манап директордың кабинетіне кірді. Әлімнің илеген қамырдай қара қошқыл бет-аузы тершіп, түтігіп кетіпті. – Осы жаңа әлгіде облыстан Онекең телефон соқты, – деді Әлім ызғарлана. – Біздің ауданда Қарабек дейтін шаштараз бар дейді ғой? Рас па? – Білмедім, Әлеке, – деді Манап сақтана. – Бәрекелде! Сені де кадр бөлімінің бастығы дейді, ә? Онда біліп қой, бізде сондай бір талтаңбай бар екен! – Қай пунктте істейді екен? – Пункт-мунктін қазір анықтайсың. Ал, менің білетінім: ол талтаңбайың клиенттермен қылжақтасып, боксте десе полбокстеп, тіпті, біреулердің құлпырған бұйра шашын ұстарамен әдейі тып-тықыр етіп қырып тастайды дейді. Тағы бір қызығы, ол қу Кәрім, Нәзіхан, Батырша дейтін клиенттердің аппақ сақалдарын қызылға, қап-қара қастарын көк түске бояп жіберіп те тәлкек ететін құсайды. Әрі, ол қудың өзінің жігітшілігі де күшті-мыс. Қыз-келіншектерге қырғи дейді. Сонда бұл не сұмдық? Қарабек талтаңбай ауданға қайдан келген? Қорғаушысы, қолдаушысы кім екен өзінің? Манап желкесін қасыды. – Атағы әлемге аян атышулы ауданымызды жұртқа күлкі еткен талтаңбайды осы қазір тез табу керек, – деді бастық қалшылдап. – Табу керек те, аудан шаштаразсыз қалса да аластау керек. Онан соң, көрейік... – Дұрыс! – деді Манап та қостаған боп.
– Әйтсе де, Әлеке, өзіңіз де білерсіз, аудандағы он бір шаштараздың ішінде Қарабек есімді ешкім жоқ сияқты еді. Мен бәрінің де аты-жөнін білем ғой. Ойпырай, бұл өзі... – Иә, мен де білем, – деп қалды Әлім де сәл жұмсарып. – Олай болса, Онекең ше? Онекең өтірік айтатын кісі ме? Осы жаңа ғана ауызба-ауыз сөйлестік қой. Айтпақшы, кешегі облыстық газет бар ма, соны әкелші. Қарабек жайлы сонда жазылған дейді. Манап дереу газетті әкелді. Газеттің төрт бетін түгел тінте қараған Әлім кенет қоңқ ете қап: – Міне, бар екен, – деді. – «Шатағы көп шаштараз» дейді. Та... а... к... Жазған кім? Жазған Тәңір Жақыпбеков... Қай жерден?.. Иә, біздің ауданнан... Тоқтай тұр, шаштараздың аты-жөні? Қарабек Карин. Бәрі дұрыс... Ал, талтаңбай, – деп әлім Манапқа шүйіле қарады. – Шоңқайдық па? Осы тұста ойына әлдене келе қалған Манап бастығына: – Газетті бере тұрыңызшы, Әлеке? – деді. Әлім газетті ысырып тастады. Газетке шұқшия қараған Манап сол бойда-ақ: – Сүйінші, Әлеке! – деп дауыстап жіберді. – Е, не боп қалды сонша? – Мынау мақала емес екен, Әлеке! – Мақала емес... Енді не?.. – Бұл әзіл әңгіме екен, Әлеке! – Әңгіме?.. – Иә, иә, Әлеке! Бұл әшейін кәдімгі әзіл әңгіме екен... Сәл мүдіріп қалған Әлім: – Болса ше? – деді әлі де жүзінен ызғар арылмай. – Оу, Әлеке, бұл біздің ауданда Қарабек дейтін шаштараз жоқ деген сөз. Мұндай әңгімені біреулер ойдан шығарып та жаза береді, білдіңіз бе? – деді Манап мәре-сәре боп. – Мынау дәл сондай! – Сонда не, жазатындардың мақаласы рас та, әңгімесі өтірік бола ма? – О, бәрекелде. Дәп солай, Әлеке. Шүкір, ол жағынан біраз хабарым бар. Бұл жерде сізде де, менде де зәредей кінә жоқ екен. Бәсе!.. Бәсе деп ем-ау... Онекең сәл
байқамай... нетіп қалған ғой.. Оның үстіне, міне мұнда қараңызшы, Әлеке, газеттегілер «әзіл әңгіме» деген сөзді өте ұсақ әріппен жазыпты. Сондықтан, мұны Онекеңнің тіпті көрмей қалуы да ғажап емес. Иә, солай, әйтпесе, Онекең соншалық... Айтпақшы, «әзіл әңгіме» деген сөздің ұсақтығы сондай, Әлеке, оны осы қазірде менің өзім де зорға көріп тұрмын, – деп Манап лыпыл қаға түсті. – Ей, мейлі, – деді Әлім сәл тыжырынып. – Әйтеуір, әлгі Қарабек Кариннің біздің ауданда жоқ болғаны жақсы екен. Біз үшін олжа сол. Ал, әлгі мақала-сақала, әңгімелеріңде менің жұмысым жоқ, білдің бе? Онекеңе жауапты өзім беремін. Бара бер!.. Манап лып етіп шығып кетті. Газетке селқос көз тастаған Әлім: «мақала, әзіл әңгіме» деп күбірледі. Иығынан ауыр жүк ысырылып түскендей босаңсып, мең-зең халде отыр...
ЕКІНШІ БӨЛІМ ЭССЕЛЕР, ЕСТЕЛІКТЕР, МАҚАЛАЛАР
«СҚ-НЫ» АУДАРМА БАСЫЛЫМНАН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛҒАН қайраткер-қаламгер Қасым Шәріповтің рухына бағышталады Х алқымыздың арғы-бергі тарихында дәуір, заман толқындарынан туған (біте қайнасып қалыптасқан) жаңа ұғым, терминдер аз емесі аян. Қазақ журналистикасы деген тіркес те солардың бірі және оның, жасырары жоқ, Октябрь революциясынан кейін пайда боп, санаға орныққаны белгілі. Белгілі ғалым, зерттеуші екі-үш жыл ілгері 92201 сөз бен 57 856 сөз тіркесі, барлығы 150 057 лексикалық бірлік қамтылған 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» шығаруға бас-көз болған ұлт жанашыры Мұхтар Құл-Мұхаммедше айтсақ, «Бұл адамзат дамуының ортақ игілігі негізінде дүниеге келген... қазақ тіліне батыл енген» термин. Сондықтан, қазақ журналистикасы бар екен, ендеше, оның (қысқа мерзім аралығында ту көтерген) тау тұлға өкілдері де болары заңды жай, әлбетте. Өзіміз ес білгеннен бұған мән беріп, елеңдей зер салғанымыз ақиқат. Оның үстіне, тағдыр сол салада жұмыстануға жазып, сол майданның солдатына айналған соң. Қазақ журналистикасының кеңестік дәуір орныққан жылдарда өсіп жетілген, біз білмейтін марқасқалары аз да емес шығар, бірақ, өткен ғасырдағы елуінші жылдардың ортасында Ташкент пединститутының тіл-әдебиет факультетінде оқитын біздердің, бірінші, сырттай білетініміз – Қасым Шәріпов болатын. Өзін емес, аты-жөнін, институт кітапханасы жаздыртып алатын «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы ретінде. Оның үстіне, бізге сабақ беретін кәсіби мамандар жетіспейтіндіктен, Алматыдан шақырылған филология ғылымдарының кандидаты, доцент Әлмамбет Төлеуовтің екі сөзінің бірі Шәкен Айманов пен Қасым Шәріпов болса. Сөз саптауына қа-
рап, олармен көңілі жақын дос екенін шамалайтынбыз. Костюм-шалбарды соңғы сәнмен тіктіріп киетін ұзын бойлы, қылдай жіңішке, жүріс-тұрысы жараған аттай, әсем де кербездеу сол ұстаз лекция оқуға кірген сайын аудиторияға күллі Алматы көшіп келгендей әсерленіп, аузынан шыққан әр сөзін қалт жібермей, кейбір бөгделеу сөздері де көкейде тоқылып қалатын. «Алматының оқтай түзу көлеңкелі көшесінде серуендеп жүргенде Шәкен былай деуші еді» не «Қасым екеуміз қатар жатқан екі ауданнан шыққан жерлеспіз» дейтіні біз үшін онсыз да дәрежесі асқақ Әлекең, Әлмамбет ғұламаны одан сайын биіктететін. Па, шіркін, жұмақ қала Алматыны көретін күн болар ма деп қиял жетегінде ойға шомамыз... ...Төрт жыл оқып, қызыл диплом алған соң бір жылға жетер-жетпесте (өз басым) Қосжан Мүсіреповтей аға доспен бірге Алматы көшелерінде алшаң басып жүретін шаққа да жеттік-ау, иншалла. Әне, сол кездерде университетті бітірмей жатып «Қазақстан пионері» газетінде бөлім меңгерушісі боп істейтін Қосағаң жиі-жиі қазақша шығатын санаулы газет-журналдарды басқаратын редакторлардың аттарын атап, «пайғамбардай» табынатын. «Танисың ба?» дейтініме «Жоқ, қайдан. Сырттай білеміз» дейтін. Ал, өзі бірге істейтін ақын Нұрқан Жанаев екеуі «Қазақстан пионері» газетінің редакторы Сансызбай Сарғасқаевтың төрт бөлмелі жекеменшік үйінің бір бөлмесінде ақы-пұлсыз тұрып, жұмысқа бастықтарының қызмет көлігімен ертелі-кеш бірге келіп, бірге қайтатын. Мен жұмыстанатын «Лениншіл жас» пен «Қазақстан пионері» бір ғимараттатын. Сондықтан, күнде жолығамыз. Кейде кино, театр, концертке бірге барып, түннің бір уағында тарасамыз. Ертеңіне «Кеш барғаныңа қожайын ұрысқан жоқ па?» – дейтініме: «Жоқ, бөлменің кілті өзімізде ғой, үндемесек болды, Сәкең кең адам, түсінеді», – дейтін. Бірде... Дүйсенбі күні таңертең жұмысқа келісімен маған келіп: – Кеше бастықтың үйінде үш редактор қонақ болды. Біреуі – Қасым Шәріпов. Нұрқан екеуміз қызмет еттік. Үшеуі де қарапайым, ашық-жарқын екен. Өздерін
әдепті ұстап, көңілді отырды. Біз құсап бес кетпей, мәдениетті сөйлейді екен, – деді. – Жақсылап танысқан екенсің де. – Е, жоқ. Қайдан. Сәкең бір күн бұрын қонақтардың алдында артық сөйлемеңдер деп ескертіп қойған болатын. ¬Өзіміз де білеміз ғой. Ондай адамдармен дастархандас болу аз ба? Қасым Шәріповтің әңгімесі қызық екен. – Не деді? – Соғыста көрген-білгендерін, Мәлік Ғабдуллин жазған «батальонный Балтабек» дейтін бар емес пе, сол және Жекен Жұмақанов туралы айтты. Жекеңді білесің бе, қазір «Социалистік Қазақстанда» істейді ғой, әдебиет бөлімін басқарады. Екеуі майдандық газетте бірге істепті. «Лениншіл жаста» қызмет еткеніме екі-үш ай болған мен өзге газет-журналдарда істейтіндерді жақсы білмейтінмін. Қосағаң «Жұмыстан кейін жолығамыз ғой, қалғанын сонда айтамын» деп кетіп қалды. Қосағаң жеке танымаса да, сол тұстардағы басшылықта жүретін аға буын журналистерді құрмет тұтып, ылғи жақсы лебіз білдіруші еді. Ақшолақов, Ақышев, Жантикин, Тыникин секілді фамилияларды алғаш Қосағаңнан естігенім де есте. Жылдар өткенде олардың кейбірімен жақын танысып, жазған-сызғандарын журналға жариялауға септескен шақтар да болды. Алып тұлға Төлеутай Ақшолақовпен аяулы Мұсекең, Мұса Дінішевтің үйінде бір-екі рет дидарластық. Зейтін Ақышев анда-санда келіп тұратын. Артық сөзі жоқ, ұстамды, дегдар еді. Қасым Шәріповке қайта оралсақ, кейін «Мәдениет және тұрмыс» журналына қызметке келген Жекен Жұмақановтың екі сөзінің бірі Қасекең болатын да, ол жайлы небір қызық хикаялар шертетін. Арасында Қасекеңнің адами болмыс-бітім, мінез-құлық, кейбір өзгелерге таң көрінуі ықтимал іс-әрекет, әсіресе, майданда әрі газетте редактор, әрі саяси жетекші болған кездерде бастан кешкендерін армансыз тыңдағанымыз сондай, Қасекеңмен бетпе-бет ұшырасып, тілдесіп көрмесек те, өзімізді оны бір адамдай білетін сияқты жүретінбіз.
Әрі о бастан қалыптасқан ыстық ықылас, жылы сезім бар, әйтеуір, ерекше жанға балайтынбыз. Журналистер жиынында сөйлейтін сөздері тастай, тартымды, тағлымды боп келетін. «Болсаң осындай бол» дейтінбіз. Абай деген орыстілді журналист баласын көргенде, асылдың сынығындай санап, құрметпен қарайтынбыз. Айта кетейік, айтулы журналист боп АПН-де істеген Абай «әке көрген оқ жонар» жігіт еді. Өмірден ерте озды. Бас қосқан жерде әңгіме көрігін қыздырып отыратын Жекен Жұмақанов ұзақ жыл етене жақын боп, еті үйренген Қасекең туралы әлдебір тосын әңгіме ұштығын қалай шығаратынын өзі де аңғармай қала ма, қайдам, әйтеуір, әр сөзінен Қасым жайлы бір жаңалық түйгендей болатынбыз. «Әйелім үшінші рет ұл туып, перзентханадан шығаратын күні Қасымға кіріп, машинасын сұрап ем, «оның редакцияға не қатысы бар?» деп бермей қойды, – деп сөз бастады бірде. – Ертесіне «Ғайни шықты ма? Нәрестенің бауы берік болсын!» – деп қарап тұр. «Шілдехана қашан? Мә, көрімдік», – деп қалтасынан 100 сом шығарып ұсынды. Қожаң берсе қойныңа тық. Қалай алмаймын, алдым. Бірер аптадан соң шілдехана жасап, Қасым мен Сақтаған дастарханда қатар отырды. Сақтаған Бәйішев соғыстың алдында «СҚ-да» редактор, майданда саяси жетекші, комиссар болған. Қазір, өздерің білесіңдер, Ғылым академиясында ғылыми-секретарь, академик. Екеуі де ескі дос, қадірлес. 23 ақпанда Сақтаған, 9 мамырда Қасым майдандастарды үйіне шақырады. Біздейлерге кезек тие бермейді. Сонда да қарап қалмаймыз, бір жөнін табамыз, – деп жадырай күлімсіреді. Осылайша Қасым Шәріповті (сырттай) білген үстіне біліп, қадір-құрметіміз артқан үстіне артып, сырттай тілектес болып жүрдік. Өмір болған соң, Қасым жайлы да әлдебір бейпіл ауыздар айтып қалатын қияс сөздерді құлақ шалатын. Өзегін қызғаныш өртеген өсекшілер Қасым Шәріпов «Социалистік Қазақстан» аударма болса, мен орынбасар болуға дайынмын» депті деп шұнаңдайтын.
Осындай дәлдүріштік үнемі алдан шығып, жылдар бойы көкейден кетпей жүрді. «Жоқ! Мүмкін емес. Қасым Шәріпов ондайға бармайды. Баратын адам емес» дейтінмін өзімше. Ең өкініштісі, сол сандырақты құлағы шалатындардың ешқайсысы қарсы уәж айтпады. Ойларына келмеді. Келсе көрмес пе едік, білмес пе едік, бәрекелді демес пе едік. Уақыт өтіп жатты. Зейнеткер болдық. Қасекеңнің көзін көріп, бірге жұмыстанғандар қатары да сирей түсті. Осы күнде саусақпен санарлықтай. Әйтсе де... Бұдан екі-үш жыл бұрын екі рет редактор болған «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің басшы-қосшылары Қасекең туралы естелік жинақ шығарып, игілікті іс тындырғаны құба-құп болды. Белгілі қоғам қайраткері, өткен ғасырдың ортасында қазақ баспасөзін ұйымдастырушылардың бірі, көрнекті публицист Қасым Шәріповтің туғанына 100 жыл толуына орай жарық көрген кітапты белгілі журналистжазушы Мамадияр Жақыпов пен Қасекеңнің келіні, академик Серікбай Бейсенбаевтың қызы, профессор Нәдия Шәріпова құрастырып, көрнекті ғалым, қазақ журналистика академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаев рецензия жазған кітапқа оннан аса автордың естелігі, Президенттің және Қасекеңнің жеке мұрағаттарынан алынған құжаттар мен қазақ және орыс тілдерінде шыққан еңбектерінің (кітаптар) тізімі, фотосуреттер еніпті. Естелік жазған авторлар санының аздау болуы да біраз жайды аңғартатын сияқты. Бұл кезінде өзі басқарған ұжым мүшелерінің бәріне сіз деп сөйлейтін Қасекеңнің елден-ерек ресмилігінің де әсері ме деп ойлайсың. Қалай дегенде де, Мамадияр бастаған құрастырып-шығарушылардың аянбай тер төгіп, кітаптың сапалы, сауатты болуына айрықша ден қойғандары құптарлық. Аз болса да саз дерлік естелік, дерек-мәліметтер білгірлікпен іріктелген. Олар қазақ журналистика тарихын зерттеушілерге таптырмас олжа деуге бек сыйымды. Сондай-ақ, аталмыш жинақтан оқырманның Қасекеңнің өзі, өмір жолы, қызметі, жанұя, дос-жаран, араласқан адамдары хақында бұрын-соңды ұшыраспаған тың, тағлымы мол қазынаға қанығары да сөзсіз.
Олардың бас-басына тоқталмаймыз. Қажетсінгендер оқып, танысуларына болады. Рас, тиражы аз, өте аз. Бірақ, табуға болады. Бір ғажабы, әйбәт көркемделіп, мейлінше әспеттеліп шыққан көлемді еңбектен көп жылдар көкейді күпті етіп келген кейбір күмәнді жайларға нақты фактілер негізінде басы ашық бұлтартпас жауаптар табуға болады екен. Солардың ішінен керекау деген екі дәйектемеге назар аударып ек, енді соларға тоқталайық та, сөзімізді тәмәмдайық. Қасым Шәріповтің бүкіл өмір жолына айшықты айғақтармен шолу жасаған құрастырушы Мамадияр Жақыповтың айтқандарынан: «...Тағдыр оған қаталдық көрсетті – үш жасында әкеден, онға толғанда шешеден айырды. Жақындарының жақсылығы – Қасымды балалар үйіне тапсырды. Жас баланың білімге құштарлығы ерен еді. Балалар үйінен шығысымен Орынбордағы халық-ағарту институтының дайындық бөлімін бітірген соң, Мәскеудегі кинематография институтына ауысты. Әдеби-сценарий факультетінің екі курсын бітірді. Қасымның қабілеті де ерте көрінген, еті де тірі еді. Балалар үйінде жүріп-ақ «Лениншіл жас» газетіне барып, біраз уақыт жауапты хатшы болған. Онымен тоқтап қалмай, Орынбор, Мәскеуде оқыды. Қасым Шәріповтің былай деп жазғаны бар: «1929 жылы интернатта жүргенде «Лениншіл жас» редакциясының секретары болумен қатар, «Социалистік Қазақстанның» қатардағы тілшісі болып, 1930 – 1933 жылдары Мәскеуде оқып жүргенде сондағы меншікті тілшісі, жыл сайын жазғы демалыс кездерінде өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі және Шымкент қорғасын зауытындағы көшпелі басылымның редакторы болған едім. Бұл газетті сүйетіндігім сонша, ол менің интернаттан кейінгі үйім тәрізді еді». Көрдіңіз бе? Бозбала шағында босағасын аттап, түрлі қызметтер атқарған «Социалистік Қазақстанды» екінші үйім дейді. Ата-анадан тұл жетім, Кеңес өкіметінің арқасында жетілген жас маман одан артық не десін? Сол тұстардағы Қасекеңмен тағдырлас (кейін бір-бір тұлғаға айналған) пақырлардың барлығының айтары сол құралпас. Оған таласу қиын, тәубә дейсің. Тағы да...
Мамадияр: «...Қасекең кинематограф болмады. Жанына жақын жазу жағына ойысты. 1933-1935 жылдарда саяси баспаларда редакторлық қызмет атқарып, білімдарлық, саяси сауаты жоғарылығымен көзге түсіп, аса жауапты жұмыстарға тартылды. Марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектерін қазақ тіліне аударуға қатысты. Үлкен беделге ие болып, басқалар оның пікіріне тоқтайтындай деңгейге жеткен еді. Бірақ, соғыс басталды. Соғысқа бастан-аяқ қатысып, қару мен қаламды қатар ұстады. Сегізінші полкте политрук, батальонда комиссар болды. Ротаның ерліктері хақында жазушы Алексей Кузнецов, Сәбит Мұқанов тебірене жазды. Сәбит Мұқанов «С.Қ-ның» 1941 жылғы 22-қарашасындағы нөмірінде «Гвардеец бауырларға!» деген өлеңінде: «Енді жау, жылжымассың сен жасырын! Жылжимын десең, оның – жан ашуың. Шәріпов, Амандықов, Бекбатыров, Қит етсең, қиғалы тұр үш Қасымым», – деп шаттанады. Қ.Шәріпов соғыс біткен соң іле-шала емес, келесі жылы наурызда оралды. Майданға аттанған ұжымы – партия тарихы институтында директордың орынбасары болды. Лениннің «Не істеу керек?», «Бір адым ілгері, екі адым кейін», Сталиннің «Ленинизм мәселелері», т.б. еңбектерін қазақшаға аударды. Кейін республиканың бас газеті – «Социалистік Қазақстанға» редактор болды. Заман күрделі. Аяғыңды аңдап баспасаң, жазаға кезігесің. Жаңа редактор ұжымға қарайды, ұжым басшыға қарайды. Көпшілігі – байырғы кадрлар. Тың ой айтудан тайсақтайды. Университетті бітіре қоймаған жеті жас журналист: Төлеубай Ыдырысов, Балғабек Қыдырбекұлы, Әбірәш Жәмішев, Бекділдә Абдуллин, Пернебек Бейсенов, Орақ Смағұлов, Әбілмәжін Жұмабаевты бірден «СҚ-ға» алып келуі сонда болған еді. Олар кейін қазақ баспасөзінің қабырғалы қайраткерлеріне айналды». Бұлар жайында көп айтылған. Басқалар да, өздері де айтқан. Қызмет бабында Қасым Шәріпов бастан өткерген құқай-қиындықтар да аз болған жоқ. Өсек-аяң, бықсық сөз демесе, Қасекең олардан пәлендей зардап шеккен жоқ. «СҚ-да» екі рет редактор болып, орны-
нан алынған соң, ҚазТАГ-ты 10 жыл басқарып, зейнетке шықты. Алайда, осы кезеңдердегі жүрекке қаяу түсіретін түрліше алып-қашпа, негізі жоқ шикі, қаңқу сөздердің өрттей қаулап, ауыздан-ауызға таралуы кімкімге де оңай тимейтін. Қасекең бәріне төзіп, бастан асыра білді, жарамсыз жағдайға жасыған жоқ, қайсарлық танытты. Мұнысы да ерлікпен пара-пар еді. Бірақ, бәрібір, осынша пасықтық, аққа жағылған қара күйе құдайға қараған жаны пәк өзгелердің өзегін өртеп, бертінге дейін маза бермеді. Жаманат-жала жабық қала бере ме, ақиқат ашылу керек емес пе деп назаланды олар. Ақыры, оған жауап табылды. Осы біз сөз етіп отырған кітаптан. Бір емес, екі дәйек. Мәлімет-дерек, мағлұмат. Тағы да Мамадияр Жақыповты тыңдайық: «...1950 жылдардың екінші жартысы тың игерген науқан нәтиже беріп, біраз дүниенің орыстанған кезеңі. Қазақ мектептері азайып, бірқатар аудан, облыстық газеттер жабылып, ұлттық тілге көбірек тиіскен шақ. Республикалық біраз қазақ, орыс газеттері бірігіп, «Социалистік Қазақстанға» да «Казахстанская правдамен» бірігу қаупі туды. Енді оны заңдастыру ғана қалған еді. Қ.Шәріповтың атына қатысты айтылатын келеңсіз әңгімелер сонда шыққан. Құдай жарылқап, аталған екі газет бірігіп, аударма басылым болған жоқ. Сол кімнің арқасы, ол жөнінде Қасекең өз аузымен айтты ма екен, айтса неге білмейміз деуші едік. «СҚ-ны» аударма етуден сақтаған да басқа емес, өзі екен. Ұзақ жылдардан бері оқта-текте еститін ағамыздың айтқанына келейік. Ол кісімен етене жақын болған белгілі журналист Орақбай Смағұловтың классик жазушы Дулат Исабеков шығарып отырған «Мәдениет» журналында (2009 жыл, №9) жарияланған «Қасым Шәріповті ғайбаттама, ағайын!» деген мақаласына жүгінеміз». Міне, осы жерде менің түп нағашым, әйгілі әзілқой Мергенбайдың замандас туысы Мамадиярға алғыс айтып, сөзін бөлеміз де, екінші дәйектеме – Орақ Смағұловтың түйіндеулеріне ауысамыз. Мамадияр бауырым келтіргендей, ол мақаланың тақырыбы «Қасым Шәріповті ғайбаттама, ағайын!». Орекеңнің тақырыбы басқа еді. Мақтанды десең де (айтайын), сол мақаланы жалынып-жалбарына, бір білсе, сіз білесіз, деп қоярда-қоймай
жаздырған және өзім жұмыс істейтін «Мәдениет» журналына бастырған да өзім болатынмын. Қасым Шәріпов деген соң Дулат та бірден қолдап, аталмыш мақаланың кідіріссіз жарық көргені, қайран Орақ ағаның жүрегі жарыла қуанып, «сен болмасаң іште кетер ме еді, мойнымнан бір жүк түсіп, аруақ алдындағы парызды өтегеніме ризамын» деп толқығаны, Дулат екеумізге қайта-қайта алғыс айтқаны – бәрі рас, шындық. Сөзіміз дәлелді болу үшін енді Орекеңнің сол мақаласынан азын-аулақ үзінділер келтірейік. Алдын-ала айта кеткен айып болмас, жаны таза Орақ ағам сол мақаласында менің атыжөнімді үстемелей атап, әрі солай аяқтаған екен, кейбірін өзгертіп, басқаларын түгелдей алып тастауға тура келді. Орекеңнің рухы шат болсын, оны қазір білесіз. «Кәсіби тағдырлас журналист інілеріміздің бірі бір әңгіме үстінде ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан баспасөзі жүйесінде болған нешетүрлі жағдайды еске салды, – деп бастапты мақаласын Орекең. – Ол қазақша газеттерді орысша газеттердің аудармасына айналдыру еді. Міне, осы туралы ол маған қиын сұрақ берді. Сіздер, өзіңізге мәлім, жеті журналисті Қасым Шәріпов университетті бітірмей жатып «Социалистік Қазақстанға» жұмысқа қабылдады. Бұл үшін жеті қызметкерді босатты. Оны көп журналистер біледі. Сұрағымның тоқетері мынау: «Қасым Шәріпов жөнінде бұрын да, бүгін де әркім өзінше оңды-солды пікір айтады. Жақсы, теріс. Ондағы себептері, Қасым Шәріпов қазақша газеттерді орысша газеттердің аудармасына айналдыруға қарсы пікір айтпады» деп бетке басады. Соны қолдайды дейді. Сіздер «С.Қ.»-да қайнап піскен, шыңдалған журналиссіздер. Бұл жайлы әділ пікірді сіздер ғана айта аласыздар, – деп бетіме қарады әріптес інім. – Қалқам-ау, бұл осыдан 40-50 жыл бұрынғы тарых қой. Қазір ол кімге керек? – Тарих деуіңіз дұрыс. Кімге керек дейсіз. Тарихқа керек. Баспасөздегі ақтаңдақтарды еске салмайсыз ба? Неге тартынасыз? Осылайша, бастырмалай сөйлеп, апшыны қуырып бара жатқан інімнің айтқаны дұрыс екенін біліп отыр-
мын, әрине. Өзіме ұқсап, турасын айтып, туғанға жақпай қалатыны боп тұратынын да білемін. Иә, ол қатпары мол тарих. Тың игерілді. Қазақтар саны күрт кеміді. 28 пайыз ғана. Ауыл-селоларда 700 қазақ мектебі жабылды. Арқадағы толып жатқан аудандар мен облыстық қазақ газеттері де құрдымға кетті. Кезек республикалық газеттерге де жеткендей болды. Бұл сұмдық еді. Бірақ, жабыла қоймады. Сол шақтарда ғой, біреулердің бәрін өздері тындырғандай батырсып, Қасекеңді оңды-солды ғайбаттайтыны. Бірақ, шындық басқа. Маған сұрақ беруші әріптес інім айтқандай, газеттің қалай аудармаға айналмағанын біз білеміз, әрине. Білетініміз, Қасекеңнің өз аузынан естігенбіз. Ол былай. Біздер, Балғабек Қыдырбекұлы, Төлеубек Ыдырысов мен үшеуміз ақыл қосып, жағдайды өз аузынан естіпбілу үшін Қасым Шәріповтің қабылдауына бардық. Әңгімені бәрімізден гөрі белсендірек Балғабек бастады. – Қасеке, – деді ол. – Біздің газетіміз «Казправданың» аудармасына айналатын болды деп даурығып жүр ғой. Рас па? Бар шындықты өзіңізден естігіміз келеді. – Сіздер редакцияда алқа және партия бюросының мүшесісіздер. Сіздерден жасырар сырым жоқ, болған да емес. Орталық комитетте қазақ тілді газеттерді аудармаға айналдыру сөз болды. Ішінде «Социалистік Қазақстан» да аталды. Ол сөз маған ұнамады. Әңгіменің бетін былайша бұрдым. Біздің ұжымда қазақ газеттерін орыс газеттерінің аудармасына айналдыру туралы мәселе талқыға салынған жоқ, сондықтан, ұжым атынан байлам айта алмаймын. Жеке пікірім былай: егер «Социалистік Қазақстан» газеті «Казправданың» аудармасына айналса, егер мен сонда орынбасарлыққа тағайындалсам, оны өзіме сенім деп білемін» деп сөзімді доғардым. Хатшы зілденіп: «Қасым Шәріпов, жолдас! Мұныңыз қолдау емес», – деп қатқыл ескертті. Мен де тартынбадым. «Жеке пікірім осы», – дедім. Негізінде, мен билік басшыларына аударма мәселесін қолдаймын деуім керек екен...». Бұған қосарымыз, сол Журин өткізген жиналыстың стенографиясы Президент мұрағатында бар екен. Қасым Шәріпов сөзінің жалғасында: «...мәселенің қо-
йылысы дұрыс емес... аударма қазақ тілінің мәнін төмендетеді және журналистер мен публицист кадрлар даярлауды әлсіретеді. Аударма арқылы нағыз журналистер мен публицистер даярлай алмайсың. Бұл жағдайда тек орыс тілін жетік білетіндер ғана жаза алады. Кейбіреулер анкета бойынша қазақ болғанмен, қазақша жаза алмайды... Онан соң, марксизм-ленинизм классиктері айтқандай, аударма ешқашан тұпнұсқадай бола алмайды. Аудармада бейнелі сөздерді бере алмайсың. Аударма газеттерде очерктер мен фельетондардың жоғалып кетуі жайдан-жай емес. Осындай оймен, меніңше, аударма жасаудың қажеті жоқ». Қасым Шәріпов өз көзқарасын сол кездегі Орталық комитеттің бірінші секретары И.Д.Яковлевке жазған хатында да: «Қазақ редакциясының басшылығында қазақ редакторы, орыс редакциясында орыс редакторы болу керек...», деп ашық білдіреді (оны да мұрағаттан қара). Тоқетеріне келсек, Орталық газеттердің аудармаға айналмауына Қасым Шәріповтың республиканың бірінші басшысына тікелей хат жазып, мән-жайды дұрыс түсіндіруі бірден-бір себеп деп тұжырым жасауға бек болғандай (дер едік). Ал, сен қасқа... Қасым Шәріпов дүниеден өткен соң, «өзі жоқтың көзі жоқ» деп, әлдебір мемуарлық кітапта Г.Бельгер айтатындай, жоғарыда келтірілген фактілерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ақалай-мақалайларға имандай ұйып, жазықсыз жанды жазғырумен келесің. Әділ ме? Ойлан! Әлі де кеш емес! Қасым Шәріпов. Қазақ баспасөзінің сардары. Қадірлі қайраткер, қарымды қаламгер. Туғанына жүз жылдан асты. «Тірі болса...» деп күлбілтелеудің қажеті жоқ. Алты мүшел ғұмыр кешіпті. Өмірін мәнді өткізген ардақтысын қоғам ұмытпайды. Жақсылығын жадында сақтайды, өнеге тұтады, тағзым етеді. Ұрпақтарына саулық тілейді. Жаның жәннәтта болсын, көзің тіріде бірде-бір рет кездеспеген, тілдеспеген Қасеке, Қасым Шәріпұлы! Қазақ журналистикасының патриарх-абызы! Ұстаз!..
ӘБУ СӘРСЕНБАЕВТЫҢ ШАПАҒАТЫ К өз ашып, ес білгеннен ауыз әдебиетінің інжумаржан жауһарынан нәр алып, арғы-бергі әйгілі ақын-жырау, көрнекті қалам иелерінің өлмес-өшпес туындыларын да, өздерін де пір тұтып, табынып өскен ұрпақ өкілдері өздерін сол үшін де қарыздар санап, құдірет-қуатын сезінумен ғұмыр кешетіні қандай ғажап десейші, шіркін. Оларсыз онсыз да ала құйын тіршілік мәні одан сайын сұрқай тарта түсер ме еді, қайтер еді деп толғанасың. Бәлкім, сондықтан да шығар, руханият атты жан дүние байлығының адамзатты алға бастап, қашанда қасынан табылып, биіктен биікке жетелейтіні. Кеудесі жақсылардың алтын сандық демекші, базбір таза жаратылысты қалам қайраткерлерінің мәңгі жасайтын шығармаларынан бөлек, көздері тірісінде айналаға шуақ төгіп, жасаған жақсылық, қамқорлық, шапағатты істері де жаңғырған үстіне жаңғырып, ұрпақтар жадынан шықпай, өздері ана дүниеге кетсе де, өзгелерді өшпес әсер-сезім, нұрға бөлеп жүреді екен. Осындай ойламаған жерден күрт бас көтерген от-жалын толғанысқа белгілі ақын Мінуар Әкімхановтың (біршама бұрын) «Ақшамда» жарияланған мақаласы себеп боп отыр. Мінуар онда өзінің бүгінгідей (бұйырған) дәрежеге жетуіне қазақ совет әдебиеті бәйтеректерінің бірі, майдангер ақын, жазушы, қадірменді Әбу Сәрсенбаевтың жасаған риясыз қамқорлығы, ақ пейіл, адал ниеті адамгершілігі хақында өзі де қобалжи отырып, ыстық ықыласпен армансыз шешіліпті. Бәрекелді! Ақ сөйлеген ақынға шексіз алғыс! Мен білетін Мінуар осылай болса керек-ті. Тек... тек... бір сәт... Мінуар інім Әбу ақыннан көрген шапағатын ертелеу айтса... да... болғандай екен-ау деген көлденең ой сап етті де, ізінше тілді кәлимаға келтіріп, айылды жия қойдым. Астапыралла! Өзім ше? Әрі де, бері де емес. 1965
жылы тамыз айында медицина институтында дәріс беретін майдангер, хирург-ғалым, (марқұм) әйелімнің туған нағашысы Хамит Гайсин (ертеден дос жерлесі) Әбу сынды алыппен дастархан басында таныстырып, мен оған «Жазушы» баспасынан тұңғыш әңгімелер жинағымның шығуына көмек жасауын өтініп, ол сол күннің ертеңіне қолжазбаны сыйлас інісі Сайын Мұратбековке бермеп пе еді? Бұған дейін араласым аз Сайын сонда (Хамит аға солай атайтын) Әбу аға жөнінде әуелі тасып-төгілген жылы сөздер айтып, екі-үш күнде оқып шыққан қолжазбаны «қырнап-сырнайтын ештеңесі жоқ екен, осы қалыпта баспаға тапсыра бер» демеді ме? Обалы не, проза редакциясының меңгерушісі Сәуірбек Бақбергенов жоспарға кіргізіп, жинақ бір жылдан кейін жарыққа шықты. («Ар соты». Редакторы Дүкенбай Досжанов). Алғыс айта барғанымда қайран Сәукеңнің екіұштылау етіп: «Әбу Сәрсенбаевты танитын ба едің?» дегені ше? Бұл не? Әбу ағаның арқасы емес пе? Әлбетте! Әбу ағаның бір ауыз сөзін сыйлаған Сәукең, Сәуірбек Бақбергеновтің де арқасы шығар. Қала берді, (кітапты жуу қызығын көбірек көрген) редакторым Дүкеш, Дүкенбай Досжановтың да... Міне, солай, Мінуар інім! Өзіңді көптен білемін. Мұқағали туған топырақтан шыққан арқалы ақындардың бірісің. Мәрт, тура, жомартсың. Жақсылықты ұмытпайтының өзінше. Оған – көп жылдар өткен соң – Әбу аға жөнінде ағыңнан жарылып жазған көлемді мақалаң да куә іспетті (дер едім күлбілтелеусіз). Сенің серпініңнен бе екен, менің де «ұйықтап жатқан» «құпиям» бас көтергеніне неге «бәллі» демеске! Ал, енді... Әбу ағаның телегей-теңіз қамқорлығын көріп, шапағатына бөленгендер біз екеуміз ғанамыз ба, Мінуар! Жоқ! Толып жатыр! Оны сен де білетініңе шүбәм жоқ. Көзі тірілер, бақиға озғандар бар, кейбірінің аты-жөндерін атауға болар... Сонау жылдарда мен жұмыстанатын «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакциясына ғаламат лирик ақын Қанипа Бұғыбаева жиі келетін де, өлеңдерін оқып, басынан өткен ыстық-суықтар жайында әңгіме шертетін. Сонда көбірек есте қалғаны – Алматыға ал-
ғаш келгенде бір-екі жыл Әбу ағамның үйінде өз қызындай боп тұрдым дейтіні де марқұмның. Содан бері барыс-келіс үзілген емес, Әбу ағама ризамын, қазақта ондай адам сирек деп, заты әйел емес пе, кейде көңілі босап, көзіне жас ала толқитыны да болушы еді. Әне, Әбу ағаның жай ғана қамқорлығын көріп қоймай, Қанипа сияқты оның үйінде ет жақынындай жатып-тұрған талайларды білуші едім, бәрі бірдей еске түспей отыр. Әйтсе де, тағы біреуі жадымда... Бірде редакцияға ұяң мінезді, қара торы өңді, әдеміше жас қыз келіп, жұмыс сұрады. «Мамандығың қандай, не бітіргенсің» дегеніме: «Әке-шешем 60-жылдары Қытайдан келген, Жармада тұрады. Өзім сонда орта мектеп бітірген соң, Алматыға оқуға келіп ем, түсе алмай, осындағы атамның айтуымен машинкашы курсін тәмамдадым. «Осында атам бар дейсің бе?» «Иә, ол кісіні бәрі біледі. Әбу Сәрсенбаев. Ауылдан келгелі сол үйде тұрамын». Мен ойланып қалдым. Бірақ, таңданғаным жоқ. Өйткені, ол Әбу емес пе? Кісілігіне қанықпын. Бір кісідей. Ақтөбе, Қостанай, Жезқазған жақтан келіп, Әбу ағаның шаңырағында тұрамын дейтіндердің талайын білуші ем (дедім ғой). Білмейтіндерім одан да көп болу керек. Демек, мына қыз мен білмейтіндердің бірі. Сәтін салғанда, редакцияда үш машинистканың бірінің орны бос, әне-міне, адам іздемек едік. «Аты-жөнің кім?» «Ғалия Мырзаметова». «Машинканы жақсы басасың ба?» Ол жауап қатпай, сызыла төмен қарады. «Неге үндемейсің? Бір орын бар. Егер жақсы бассаң, редакторға айтып көруге болады». Сонда ғана «айта беріңіз, жақсы басамын» деді. «Онда әуелі мынаны бас» деп машбюроға ертіп апарып, алты беттік қолжазба бердім. Ойым – егер басқаны дұрыс шықса, редакторға сынақтан өткізіп, бір-ақ апару. Солай болды да. Жылдам әрі қатесіз басатынына көз жеткен соң, редактор Мұса Дінішевке айтып, Ғалияны машинистка етіп қабылдадық. Ұзақ жыл жемісті жұмыс істеді. Осында пәтер алды, тұрмыс құрып, үйлі-баранды болды. Әбу ағаның да, біздің де сенімімізді ақтады. Әбу Сәрсенбаевтың қытайлық туыстардың перзентіне жасаған сол жақсылығы да үнемі көкейімде жүретін. Рухы шат болсын!
ӨРТЕНГЕН ДИССЕРТАЦИЯ Қ азір (он жылдан бері) Астана қаласында тұратын Амантұр Күсепов жас кезінен партия, совет органдарында қызмет етіп, бірқатар аудан, облыстарды басқарды. Еңбек Ері атанды. Орден, медаль, грамоталары бар. Кейін ғылымға ауысып, кандидаттық диссертация қорғады. Осы күнде кафедра басқарады, профессор. Ғылыми монографиялармен қатар, өнер, әдебиетке қатысты кітаптары бір төбе. Әнші, күйшілігі өзінше Әне, сол қашанда адал жүріп, адал тұратын кристалдай таза Амантұрмен Алматыда кездесіп, сөзден сөз туындап, ол маған басынан өткен бір оқиғаны сыр ғып айтты. Оған себеп «докторлықты қашан қорғайсыз?» деген орынсыздау сұрағым еді. Бұрын ондайым жоқ жазған басым осы жолы қара басып, аузымнан қағынғаныма енді өкін, өкінбе, бәрібір. Әйтсе де соның арқасында бір бітеу жараның беті ашылғандай боп, ол да жаман болған жоқ-ау деп түйдім өзімше. Әлгі сұрағыма орай Амантұр: – Осы күнде кімге сенуді білмейтін болдық қой, – деді тұйықтау үнмен, жымия тіл қатып. – Ғылыммен айналысу бала жастан арманым еді, сол жолға түскен соң жеңіл-желпі қарамай, шындап кірістім. Кандидаттық диссертацияны Киевте қорғадым. Онан соң төртбес жылда докторлықты жазып біттім де, ертеден білетін бір белгілі ғалым, орынтағы мықты, айтқаны жүріп тұрған сыйлас әйел бар еді, ақылдасайын деп соған бардым. Дайын жұмысты ары қарай жүргізу қиын болмас, қолұшын берер деп. Жылы қабақпен жайдары қарсы алған ол: «Не сөз, жетекші өзім боламын, әрі кетсе, жарты жылда қорғайсың, құр аяққа бата жүрмейді, миллион теңге әкелесің», – десін беті бүлк етпей. Миллион тұрмақ, біреуден бір тиын алып та, беріп те көрмеген басым оған таңдана қарап, сәл аңтарылғандай болдым. Осынау індеттің ғылымды да шарпи бастағанын білгенмен, мына «сенген қойымнан» ондайды сірә
да күткен жоқ ем, қайтейін. Қаным басыма шауып, қайыр-қош деместен, орнымнан тұрдым да жүре бердім. Бүйтіп қорғағанша... деп, үйге келген бетте диссертацияны жанып тұрған пешке атып ұрып, өртеп жібердім. Есіл еңбек қас-қағымда күлге айналды, – осылай деген Амантұр зәредей өкінбеген түр байқатып, ащылау жымиды. – Әлдебір кежір сыншының бір ауыз қыршаңқы сөзіне бола «Өлі жандардың» екінші кітабын жағып жіберген Гоголь болған екенсіз де, – дедім басқа сөз аузыма түспей. – Иә, Гоголь болдым. Бірақ, Гоголь жан күйзелісінен сөйтпеп пе еді? – деді әдебиеттен хабары барлығын аңғартып. – Менікі басқа. Өзім деген сыйлас жанның осынша төмендеуі жаныма батты. Баяғыда қарауымда істеген. Онда мұндай емес-тін. Адам қалай өзгереді, ә? Ұят болады-ау деген қаперіне кірсе неғылсын. – Кейін не істедіңіз? Басқа жерде қорғадыңыз ба? – Екінші данасы сақталған екен, бес жылдан кейін Бішкекке барып қорғадым. Пошан деген танысым да сондай жағдайға ұшырап, Ташкентте қорғап келді. Қырғыз бен өзбектер жарады. – Әлгі әйел ше? Кейін ештеңе деген жоқ па? – Не дейді? Ештеңе деген жоқ. Осы күнде кездесе қалсақ, түк болмағандай жалпылдап амандасады. – Қызық екен... – Енді қайтейін. Шапылдасуым керек пе? Сол өзі, тегі, еті өліп кеткен бе, мені баяғыдай деп ойлайтыны көрініп тұрады. Әлде, жорта сөйте ме, түсінбеймін. – Ой, ондайлар қашанда солай емес пе? – Мейлі, солай болса солай шығар, сіз сұраған соң айтқаным да. – Астанаға қашан қайтасыз? – Осында тағы біраз шаруа бар, солар біткен бойда... – Онда жол болсын. Көріскенше. Бұрынғы партия қайраткері, қазір белгілі ғалым, профессор Амантұр Күсеповпен осылай қоштасып, жоғарыда айтқандары көкейде қалып қойған-ды. Соны сіздермен бөлісудің орайы енді түсті, қадірлі оқырман.
ЕСКІ СЫРҚАТ Т өменде баяндалатын оқиғаның басы-қасында боп, кейіпкер ретінде көлеңдейтін қасқалар ол кезде (кеңестік дәуірде) тепсе темір үзетін жас, алғыр, мансап биігіне қайтсек тез көтерілеміз деп жар құлақтары жастыққа тимей, жанталаста жүретіндер тобынан еді. Бүгінде кейбірінің көзі тірі, кейбірі бақилық. Көзі тірілер қартайып, өң-түстері олпы-солпы, адам танымастай өзгерген, зейнеткер. Өздерін ақылы толысқан, қазымыр қария санайды. Тыңдайтын құлақ табылса, өткеннің әшкел-тәшкелдерін жыр ғып айтуға құмбыл. Басты кейіпкеріміз, кеңестік заманда республикалық аса құзырлы, айтулы тресті басқарып, екі рет Ер атанған, қаншама адамды (ұлттық кадр деп түсін) бірін тұлпар, бірін бестіге мінгізіп, көсегелерін көгерткен, айналасына шуақ шашып ғұмыр кешкен, бірақ қызмет бабында асқан принципшіл, тура жолдан таймайтын, қарамағындағы он екі орынбасар, он төрт бас инженерінің барлығын халқымыздың шөпке саңғыртатындары санап, өз қолымен өсірген байсалды басшы (трест директоры) Мұстафа Жазылбеков, өкінішке қарай, бүгінде о дүниелік, пейіш төрінде алшаң басып жүрсе керек (оған күмән жоқ). Әне, сол уәзір десек те жарасатын он екі орынбасардың бірі Мұстафа бастық – қабілет-қарымына сырттай қанық болғандықтан – жер түбінен шақырып, алтын таққа қонжитқан Паманша Дарданов та, бірі жақындау өңірден мәртебесі өсіп, мерейі тасып келген Маруан Мандақов еді. Жүре келе белгілі болды, орта бойлы, сылыңғыр қара, құбылуға құмбыл Паманша Дарданов сұлу сөйлеп, елді аузына қаратуға шебер болғанмен, күрт сұйыла салатын суқит екен де, Маруан Мандақов тік тұрып өлуге дайын, айтқанынан қайтпайтын қайсар, қатып қалған әскет екен. Енді тоқ етеріне келсек... Уақыт озады, заман өзгереді. Жылдар өткенде Мұстафа Жазылбеков зейнетке шығып, жаңа бастық келген
соң, уәзірлер де лажсыз орын ауыстырып, бірі о жер, бірі бұ жерде істеп жүрді. Өйткені, олар Мұстафадан жастау болатын-ды. Кейіннен ешкім білмейтін әлдебір су жаңа жоралғы пайда болды. Күні кеше өзі таққа отырғызған уәзірлер іштері пыссын-пыспасын, алдақашан бақиға озған Мұстафаны пыш-пыштап, жала жауып жамандап, ғайбатпен көміп тастайтын секілді. Көш бастаушы серке – Паманша (болды). Бұған бір себеп, Мұстафа оны зейнетке кетпей тұрғанда жұмысынан төмендетіп, жарамсыз іс-әрекет, қылықтары кәсіподақ отырысында талқыланып, тасқа басқандай қатталып, арнайы папкаға тігілген еді. Бұл шараны іске асырған, әрине, әскеттікпен аты мәлім Маруан Мандақов болатын. Иә, сол Маруан Мандақов... бірде... Орысша газеттердің бірін парақтап отырып, Паманша Дардановтың сұхбатына көзі түссін. Бажайлап қараса, сұхбат бастан-аяқ (баяғы Паманша екеуінің бастықтары) Мұстафа Жазылбеков жайлы екен. Паманшаның айтуынша, Мұстафа оны түк кінәсі болмаса да, рушылдық жасап, қызметінен жазықсыз төмендетіпті-мыс. Не керек, сұхбат бастан-аяқ өтірік-жала, ғайбатқа құрылыпты. Ашуы терісіне сыймаған Маруан Мандақов дереу Паманшаның телефон нөмірін теріп: «Оу, батыр, мұның қалай? Газетке неге өтірік айттың? Әлде, қазақтар орысша оқымайды дедің бе? Онда біліп қой. Сенің баяғыда үлкен лауазымнан не үшін төмендегенің туралы жиналыс қаулысының көшірмесі менде әлі күнге сақтаулы. Сен тура қазір газетке түзету бер. Жалған сөздеріңді мойында. Ертең шығатын болсын. Өйтпесең, қаулының көшірмесін бастырамын. Түсіндің бе! Арпабай десе!..» Паманша бірдеңе дей беріп еді, Мандақов тұтқаны тастай салды. Ертесіне... Газетке түзету жарияланды. Еріксіз. Паманшаның атынан... Одан бері де жылдар өтті. Маруан бақилық. Паманша жер басып, қыбырлап жүр. Әлдекімдерге ақыл үйретеді. Әлдекімдерге жазықсыз жапа шеккенсіп зар илейді... Бірақ, анау... ескі сырқатынан айығар не айықпас, шаруамыз жоқ. Жазықсызды жарға жығуға құмбылдар онсыз да жетіп жатқан жоқ па?
«БАУКЕҢЕ КҮТПЕГЕН СЫЙЛЫҚ ЖАСАЙЫҚ» немесе «Ақиқат пен аңыздан» үзінді қалай жарық көрді Б олашақ халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың аты-жөні бізге өткен ғасырдың 50 жылдарында Ташкент педагогикалық институтында оқыған студенттік кездерден таныс болатын. Әсіресе, оның есімі сол шақтарда «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Алыс ауданда» атты очеркі арқылы бірден жарқ еткені мәлім (солай деп осы кезге шекті айтылып, жазылып жүр, марқұмның өзі де сан рет ауызға алатын). Ол кезде Әзекең «Социалистік Қазақстан» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болатын. Ал, біз оқитын институт студенттерінің жүз пайызға жуығы өзбек, орыс, т.б. ұлт өкілдері екеніне қарамай, оқу орнының директордан кейінгі екінші басшысы – партбюро секретары – тарих ғылымының кандидаты, доцент, келестік Жолбарыс Қасымбековтың қамқорлығынан ба екен, ондағы кітапхана қазақстандық барша газет-журналдарды, тіпті, Шымкенттен шығатын «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шейін жаздырып алатын. Сондықтан, сабақтан кейінгі уақыттың көбі кітапханада өтеді. Сол жерде қазақша басылымдарды (үйге бермейді) таласып-тармаса, кезектесіп оқимыз. Әзекеңнің аталмыш очеркін де солай оқығанбыз. Әдетте, оқығанның бәрі есте қала бермейтіні белгілі, бірақ, алыстағы бір аупарткомның күнделікті тыныс-тіршілігі тереңнен қозғалатын сол жазбадағы жәй-түйлер әлі күнге дейін көкейде екеніне иман кәміл. Әне, содан кейін де үсті-үстіне түйдек-түйдек тұшымды шығармалар жазғаны, «Қазақ әдебиеті» газетінде редактор болып істегенін де біліп жүрдік. Онда мен Сарыағаштағы газетте істеймін. 1964 жылғы ерте көктемде Алматыға көшіп келіп, «Мәдениет және тұр-
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру