Ағаш ат
Сейітқұл Оспанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жазушы Сейітқұл Оспановтың жас оқырмандардың ықыласына бөленген «Ағаш ат» кітабын араға уақыт салып ішінара өзгертілген нұсқада балалар назарына қайта ұсынып отырмыз. Шығармалардың көркемдік деңгейі мен ой-сезімі, тәлім-тәрбиелік мәні әсерлі де шынайы. Балалар мен ата-аналардың арасындағы ойға қалдырар қызықты да тосын жәйттер әдемі баяндалған.
Қазақ балалар әдебиетінің қазынасы
Сейітқұл ОСПАНОВ
Әңгімелер, ертегілер мен мысалдар, повестер
Алматы
«Жазушы»
ББК 84 Каз 7
О 78
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылып отыр
Оспанов С.
Ағаш ат. – Әңгімелер, ертегілер мен мысалдар, повестер. – Алматы:
Жазушы, 2003. – 240 бет.
Жазушы Сейітқұл Оспановтың жас оқырмандардың ықыласына бөленген «Ағаш ат» кітабын араға уақыт салып ішінара өзгертілген нұсқада балалар назарына қайта ұсынып отырмыз. Шығармалардың көркемдік деңгейі мен ойсезімі, тәлім-тәрбиелік мәні әсерлі де шынайы. Балалар мен ата-аналардың арасындағы ойға қалдырар қызықты да тосын жәйттер әдемі баяндалған.
Әңгімелер
Бұл – Сабырдың апасына еріп кеп, Алматыны алғаш рет көруі еді. Қала оған керемет ұнады. Әсіресе Алатауға таң қалды. Ұшар басы ақ көрпе – ақ қар; етегі гүл, көк жасыл тал, көктем. Бір өзінде бір жылдың екі маусымының белгісі бар. Алып шыңдары құдды аспанды сүйеп тұрған секілді. Әйтпесе аспан құлап кететіндей. Қаланың ауа-райы тамаша. Күн ысып-шыжи бастаса, таудан лекілдеп самал еседі. Қала сергіп, желпініп қалады. Ауық-ауық сіркіреп жаңбыр жауады. Көшелердің шаңы басылады. Үйлер мен ағаштар суға шомылып шыққандай тап-таза болады. Алаңдарда шаттанған балаша фонтандар атқылайды. Қайда қарасаң да гүлзарлар. Хайуанаттар паркі өзінше бір ғажайып әлем! Үнді пілі, Африка қолтырауыны, қытай питоны, таудай бегемот, шомбал мүйізтұмсық – бәрі бар. Құйрығы мың сан бояу-өрнекке толы тауыс. Түйеқұс. Ал цирк дегенің ойын-сауықтың базары. Әлем-жәлем киінген клоундар балалардың ішек-сілесін қатырады. Ебедейсіз аюлар майыса би билейді. Бетаузы қимыш-қимыш маймылдар күмбез астында әлдебір арқанға жабысып алып шырқ үйіріледі. Ойыншық дүкені. Іздеген ойыншығыңның бәрі табылады. Алма, шие, алмұрт дегенің әр үйдің алдында өсіп тұр. Қаланы қақ жарып күркіреп тау өзені ағып жатыр. Аяқты аттап бассаң – балмұздақ. Бұрыш-бұрышта мұздай шырын су. Әйгілі Медеу. Көктөбе, оған ұшып апаратын «сиқырлы қобди»... Сабыр жеңіл бір күрсінді. Бүгін қаланы армансыз аралаған-ды. Автобусқа да, трамвайға да мінді. Талай жер жаяу да жүрді. Әбден шаршаған секілді еді. Бірақ, неге екені белгісіз, түннің бір уағы болса да, жуық арада кірпігі ілінбеді. Көңілі әлденеге мазасыз. Жанында жатқан Маратқа (Марат – қаладағы нағашы ағасының баласы) көз қиығын салып: «Қандай бақытты, ғажап, ертегі жерде тұрады, сірә, еш арманы жоқ шығар...» – деп күбірледі ішінен. Осылай ойлауы мұң екен, өз-өзінен бір түрлі құлазып кетті. Қиыр шалғайдағы туған ауылын көз алдына елестетті: маң дала, айнала өркеш-өркеш құм төбелер. Жазда – дауыл, құйын; қыста – боран. Мұндағыдай гүлзарлар жоқ. Тырбиған адыраспан, жусан. Жасыл желекті талдың орнына жапырағы шидей сексеуіл, сасық жыңғыл. Сарқыраған тау өзені қайда – су атаулыдан жалғыз бұлақ қана бар... Мынау қаламен салыстырып сөз етуге тұрмайды екен-ау... Осы сәт Марат: – Сабыр, ұйықтап қалған жоқсың ба? – деді. – Жоқ. – Қызық бір әңгіме айтшы. – Не айтайын... Сабырдың әңгіме айтуға зауқы соқпады. Бірақ Марат өтініп қоймады. – Қызық бірдеңе... Марат пен Сабыр алғашқыда бірін-бірі шамалы тосырқап, жатырқағанымен, көп ұзамай жап-жақсы тіл табысып кетті. Бір-екі рет бастары піспей, төбелесіп
те алды. Артынан татуласты. Балмұздаққа тойдырды. Киноға апарды. Циркті көрсетті... – Өткенде ауылда үлкен бір той болды, – деп бастады әңгімесін Сабыр. – Бәйгеге елу ат қосылды. Мен торымен шаптым. Басыма апамның ақ шыт орамалын шарт байлап алдым. Төреші бәрімізді тақырға қатар-қатар тұрғызды да: «Ал жолдарың болсын!» – деді. Сөйтті де шеткі екі аттың сауырынан қамшымен тартып-тартып жіберді. Тып-тыныш дала кеудесіне жан бітіп, дүбірледі де кетті. Елу ат бірін-бірі омыраулап, сатыр-сұтыр шаба жөнелді. Аспанды көгала шаң көмді. Әуелгіде барлық ат қарайлас отырдық, тобымыз онша жазылмады. Сосын бірте-бірте таралып, жүйріктер суырылып алға шықты. Тастақта аттардың тұяқтарынан жылт-жылт от көрінеді. Біздің торы ақылды ғой, көзі шаңға көмілмес үшін топтан сытылып, мойнын жел жаққа бұрды. Жүгенді қарш-қарш шайнайды. Ен далада делебеміз қозып, қиқулап келеміз. Жүйрік аттар көп. Атшабар балалардың бәрінің үміті – қарақшыға бірінші боп жету. Көңілімізде үміт те, күдік те бар. Жол ұзақ – жиырма бес шақырым. Біраз аттар барлығып, шаң жұтып, шаршап, қарайып төбе-төбенің астында қалды. Қайтарда үш ат қатар шаптық. Мен торыны барынша жібермедім. Тізгінді тарта бердім. Әлі жол ұзақ. Ойым – босқа шаршатпау. Ауылға бес-алты шақырым қалғанда қамшы басармын дедім. Алдыңғы екі аттың үстіндегі бала өздерінше мәз. Сірә, енді мені ілесе алмайды деп ойласа керек. «Көрсетермін, бәлем!» – деп кіжіндім ішімнен. Торыға сенімім күшті. Бір кезде Ақсуаттың бұлағына табан іліктіргесін, китің ауанын бұзып, торыны барынша жібердім. Торы да әзер шыдап келе жатыр екен, жұлдыздай ақты. Тымық ауа құйынша құтырып, алдымнан гулеп жел соқты. Аттың жалына желімше жабысып жатып алдым. Тақымымды қатты қысып, тізгіннен тас қып ұстадым. Қолым қарысып қалған секілді. Көзімнен жас парлады. Әне-міне дегенше әлгіндегі екі аттың жанынан қиқулап, зымырап өте шықтым. Содан қарақшыға, сөреге жеткенімді бір-ақ білдім... Жұрт: «Сарыбұлақ! Сарыбұлақ!» – деп айқайлап жатыр. Сарыбұлақ – біздің ауылдың аты. Сөйтіп торы ат екеуіміз ауылдың атын шығардық. Марат жаңа ғана, «иә», «сосын» деп ауық-ауық мақұлдап, Сабырдың әңгімесін ынтыға тыңдап жатқан-ды. Кенет тым-тырыс бола қалды. Сабыр: – Марат, тыңдап жатырсың ба? – деді. Марат үндемеді. Тым-тырыс. Сабыр көпшіктен басын көтеріп, оның бетіне үңілді: айлы түн еді, бөлме сүттей жарық, Мараттың көзінен сыздықтап жас ағып жатқанын көрді. – Не болды, бір жерің ауырды ма? – Жоқ. – Енді не? Неге жылап жатырсың? Марат пырс-пырс етіп, сөзін үзіп-үзіп: – Ал мен... болсам... жаздай ағаш атпен... бөлмеде ғана... шапқылап... жүр... жүрдім... – деді. Сабыр не деп жұбатарын білмеді...
АҚ ҚОЗЫ
Ерғали зерігіп, іші пысып, қамыс қораның үстіне шығып, айналаға қарап отырды. Алыстан сағым көтеріп, көкжиекте қалқып, тербеліп тұрған төбелерді
көрді. Тас төбесінен қос қанатын анда-санда бір қағып қойып, ауылдан бірдеңе іздеп жүргендей аспанда шыр айналып жүрген ақсарыны көзі шалды. – Ақсары, ақсары, Бауыр жүнің сап-сары! – деп айқайлады. Күн ыстық. Бұлаққа барып, суға түсіп келейін деп ойлады да, бірақ ерінді. Мынадай кезде күнге күйіп, шыжып, сонау ауылдың шетіндегі бұлаққа бару ненің азабы. Кенет кеңшар жақтан жұлдыздай ағып, көкжиекті сүзгілеп қыр басына көтерілген бір машинаны байқап қалды. Сол-ақ екен, дереу жерге секіріп түсіп, шалбарының балағы далп-дұлп етіп, ауылдың сыртындағы тақырлыққа қарай жүгіре жөнелді. Жолай айқайлаумен болды. – Кеңшардан машина келе жатыр! Ізінен шұбырып өзі секілді бес-алты бала ерді. Бұл ауылға машина таңсық. Оқта-текте келеді. Ауыл – қаладан, кеңшар орталығынан қиян. Сондықтан да әр келген машина құдды мереке. Базар. Артынып-тартынып бейтаныс қонақтар түседі. Балалар базарлық жеп, мәз болып қалады. Әне-міне дегенше, алқам-салқам кабинасының әлдебір босаған темір, тетіктері салдырлап, машина зымырап ауылдың шетіне жетті. Ерғали жазбай таныды. Қанатбайдың «сарғасқасы». Қанатбай осыдан бірнеше күн бұрын дүкенге зат әкелуге кеңшарға кеткен. Содан қайтып келе жатқан беті. Машина құйғытып отырып, үлкен көшені шаңға көміп, дүкеннің алдына барып тоқтады. Өзді-өзі дәудірлесіп машинаның үстінен бір қора адам түсті. Үсті-бастары көк ала шаң. Кездері ғана сығыраяды. Бәрі ауылдың кісілері. Сірә, әртүрлі шаруаларымен кеңшарға, қалаға барып қалып, бері қайтуға көлік таба алмай, бүгін қанатбайға ілескен. Тек біреуі ғана бөтен. Ерғалидың бұрын-соңды көрмеген адамы. Демек, қонақ. Кім болды екен? Кімнің үйіне келді? Қанатбай кабинадан басын шығарып, Ерғалиға қолын бұлғады. – Әй, бері кел. Таныдың ба, ана кісі апаңның інісі – нағашы ағаң! Ерғали танымады. Бірақ естуі бар. Өткенде хат келген. Сонда осында қыдырып барып қалармын деген. Аты ұмытпаса – Кентай. Өзі алыста, Қарақалпақстанда тұрады. Ерғали іштей жылы тартып, қалың қабақты, ат жақты, ұзын бойлы бейтаныс кісінің қасына барды. – Ассаламаәлейкүм, аға! – Әликсалам. Үлкен жігіт болдың ба? Танымадық қой, қай баласың? Ерғалидың орнына қанатбай жауап берді. – Кенеке, жиеніңіз. – Ой, айналайын! Бейтаныс кісі құрақ ұшты. Еңкейіп Ерғалидың маңдайынан сүйді. Екеуі әңгімелесіп, үйге қарай беттеді. Жолда нағашы ағасы оны сұрақтың астына алды. – Әкеңнің дені сау ма? Апам қалай? Әскердегі Сәкеннен хат келіп тұра ма? Өзің нешінші сыныпта оқисың? Ерғали бәріне жауап қайырып үлгермеді. Үйге келді. Апасы Кентаймен жылап көрісті. Көршілер: «Қайтсін-ай, бауыр деген осы», – деп күбірледі. Кейбіреулерінің көңілдері бұзылып, көздеріне жас алды. Әуелі ақ қанат ұшақпен ұшып, одан соң, пойызға мініп, одан автобусқа отырып, ақыр аяғында кеңшарда көлік болмай, екі-үш күн сарылып жатып, өлдім-талдым дегенде Қанатбайдың жаман сырқылдақ машинасына табанын
іліктіріп, жол азабынан әбден ығыры шығып, жер түбінен ат арытып, шаршапшалдығып, сағынып келген қонақтың базарлығы да айтарлықтай екен. Бір сөмке тола өрік, мейіз, сөк, кәмпит. Екінші сөмкесі тауар, зат-пат. Ерғалидың апасына гүлді масаты көйлек, әкесіне су жаңа қара сұр костюм-шалбар. Үйдегі кішкентай балаларға шұлық, ойыншық, қызыл-жасыл әдемі сандал. Әсіресе Ерғалидың еншісіне тиген базарлық керемет: жол-жол, толқын-толқын, кеудесінде зәкірдің суреті бар матрос жейде. Шүріппесін басып қалсаң дыр-дыр етіп, аузындағы кішкентай шамы өшіп-жанатын жасыл пластмасса автомат, бір тесігінен кірген құм екінші тесігінен өз-өзінен сусылдап төгілетін қызыл былғары шапата. Бұдан артық не керек? Ерғали не істерін білмеді. Жалма-жан үстіндегі шыт көйлегін шешіп тастап, үстіне матрос жейдені киіп алды. Аяғын шапатаға сұқты. Қолына автоматты ұстады. Үйдің ішіндегілер: – Бәрекелді! – Құтты болсын! – деп көңілін әуелетіп жіберді. Ерғали жүгіріп тамдағы үлкен айнаның алдына барды. Өз көзіне өзі сенбеді. Басқа, мүлде басқа бір бала секілді. Өзіне ұқсамайды. Өзгеріп кеткен. Матрос жейде денесіне құйып қойғандай. Аяғындағы шапата емес, әлдебір тұлпардың жел тұяғы сияқты. Қос аяғы лыпып жеп-жеңіл қозғалады. Өз-өзінен билеп, құйындай жөнелгісі келеді. Ал автомат ше? Шүріппесіне бармағын тигізсе-ақ болды, сүмбісінің ұшындағы кішкентай шамы өшіп-жанады. Мін жоқ. Бәрі үйлесіп, жарасып тұр. Ерғалидың қуанышы қойнына сыймады. Мынадай нәрселермен үйде бір минут кідіру мүмкін емес тәрізді. Өйтсе матрос жейдесі, автоматы, шапатасы ренжіп, мұңайып қалатындай... Балаларға көрсетіп мақтанғысы келіп, алақанын шапалақтап, жүгіріп далаға шықты. Күннің ми қайнаған ыстығын сезінбеді. Сыртта лекілдеп самал жел соғып тұрғандай. Матрос жейдесі денесіне салқын теңіз лебін әкелгендей. Екі езуі екі құлағына жетті. Беті бал-бұл жанды. Себепсізден-себепсіз қоянша секіріп қояды. Бірақ алып-ұшқан бұл ен-ырғын қуанышы ұзаққа бармады. Қамыс сарайдың алдында алақандай көлеңкеде жалаңдатып пышақ қайрап жатқан әкесі: – Ерғалижан, ақ қозыңды әкеле ғой. Кентай ағаңа соялық, – деді. Әлдекім үстіне мұздай су құйып жібергендей Ерғалидың тұла бойы қалтырап кетті. Ақ қозыны соймақ па? Пышағын жалаңдатып әкесінің күлімсірегені несі? Ерғали әкесін бір түрлі ұнатпай қалды. Бұл сөзді қалай ғана еш қиналмай, қынжылмай аузы барып айтып тұр? Ерғалидың еңсесі сылқ түсті. Үстіндегі матрос жейдесіне, қолындағы автоматқа, аяғындағы қызыл шапатаға селсоқ, бейжай қарады. Оларының әлгіндегі керемет сиқыры кетіп қалған тәрізді. Жәй шүберек. Құр пластмасса. Әшейін шапата. Бармаймын деп айта алмады. Сыйлы қонаққа кәделеп мал сою – ауылдың дәстүрі. Ыбылжып, өзін-өзі желкелеп бұлақ жаққа қарай аяңдады. Әкесі соңынан: – Аяғыңды жылдам бас, тез әкел! – деп айқайлады. Ерғали аяғын қайдан жылдам бассын, ақ қозыны әкелу бұл – дүкеннен жүгіріп барып қант әкелу емес қой... Ерғали биыл наурыздағы көктемгі каникулын Ақжарда өткізді. Ақжар – қыстақ. Ауылдан елу шақырым жерде. Мықтыбай көкесіне қой бағысты.
Құлқын сәріден тұрды. Торы мәстекке мініп, қойды өріске айдады. Айдалада айқайлап ән салды. Қолына сылдырмақ, тобылғы қамшы ұстады. Наурыз – қанша дегенмен қыстың аяғы, көктемнің басы. Қыс ызғары біржола кете қоймаған шақ. Ерғали кей күндері далада кәдімгідей-ақ жаурап-тоңды. Ондайда ердің үстінде сіресіп отыра бермей, аттан түсіп айналадан сексеуіл сындырып жақты. Бойын жылытты. Қойды ауанымен жайып, қыстауға ымырт үйіріле келіп жүрді. Аз күннің ішінде талай қызықты басынан өткерді. Бірде ол азанда басына шығып алып, бір қойдың көзін шұқып жатқан ала қанат сауысқанды көрді. Ал қой болса тырп етпей, рақаттанып тып-тыныш тұр. Мұнысы несі? Ойбай-ау, көзінен айрылады ғой. Неге тулап, секіріп, басынан ұшырып жібермейді? Қозғалу қайда, тұяғын қимылдатпайды. Ерғали Мықтыбай көкесінен: – Бұнысы несі? – деп сұрады. Көкесі күлді. – Сауысқан қойдың көзінің аңғалағын іріңнен тазартып жатыр, – деді. Ерғали таң қалды. Сауысқанның мұндай қолғабысын білмейтін. Ұшыпқонып жүрген сүйкімсіз бір құс деп ойлаушы еді. Өстіп көктемгі каникул өте шықты. Ауылға қайтарында Мықтыбай көкесі Ерғалиға әдемі бір ақ қозы тарту етті. Ерғали ақ қозыны қашан өзіне-өзі келгенше үйде ұстады. Астына қопсытып сабан салып, оның үстіне көрпеше төседі. Емізікпен сүт, айран берді. Ақ қозы үйірсектеп Ерғалидың маңынан шықпайтын болды. Ерғалиды көру бойында: «Мә-мә!» – деп маңырай жөнеледі. Оның «мә-мәсі» – «мама» дегені сияқты. Қозы ерке, тентек болып өсті. Тек Ерғалиды ғана тыңдайды. Соның сөзіне ғана құлақ асады. Соның қолынан ғана жем жеп, су ішеді. Онсыз күнұзаққа нәр сызбауға бар. Басқан ізін аңдып жүреді. Әйтеуір екеуінің жұбы жазылмайды. Кейде жұптары жазыла қалса, ақ қозы Ерғалиды шарқ ұрып іздеп, әлекке түседі. Бірде Ерғали мектепте сабақта отырған-ды. Кенет дәлізден әлдебір қозының маңырағаны естілді. Ағай: «Бұл немене, неғып жүрген қозы?» – деп сыныптың есігін ашып, сыртқа қарап еді, әлгі маңыраған қозы тұяқтары сырт-сырт етіп тыпырлап ішке кірді де кетті. Мәссаған! Ақ қозы! Ерғали орнында қыбыжықтап беті бір бозарып, бір қызарды. Ұят болды-ау! Ал ақ қозы болса, сасып, қысылатын емес, сыныптан әлдекімді іздегендей балаларға ойлана, үңіле қарап тұрды да, кенет секіріп-секіріп, Ерғалидың партасына жетіп барды. Балалар ду күлді... Міне, сөйткен ақ қозыны соймақшы. Иіріліп жатқан қойға жақындай бергені сол еді, қайдан көріп қалғаны белгісіз, ақ қозы маңырап, құрақ ұшып Ерғалидың қарсы алдынан шыға келді. Әдетте мұндайда Ерғали қуанушы еді, бұ жолы мұңайды. Ақ қозыны мойнынан қысып, тас қып құшақтап ұзақ тұрды. Көзіне жас үйірілді. Ал ақ қозы ештеңеден қаннен-қаперсіз – ойнағысы келіп мақпал тұмсығымен Ерғалидың бүйірінен түрткілейді, тілімен қолын, аяғын жалайды... Ерғали ақ қозыны жетелеп, ауылдың шетіндегі Жауынбайдың қорасына апарып қамады. Алдына даладан жұлып әкеліп шөп салды. Есігін сыртынан сыммен байлады. Сосын үйге келді. Әкесіне: – Қозыны таппадым... – деді міңгірлеп. Тіпті тіл қатуға зауқы жоқ. Әкесі оның бұл көңіл-күйін түсініп тұрған жоқ. Кейіс қабақ танытып: – Баланы жұмсаған осы, есіл-дерті ойын, дұрыстап қарамағансың ғой, – деді. – Қарадым...
– Жыңғылдың арасын қарадың ба? – Онда да бардым. – Баздың айналасын ше? – Онда да жоқ. – Жер жұтып кетті ме? Өзі маңырап жетіп келуші еді ғой саған. Сәл ойланып тұрды да: – Жүр, екеулеп іздейік, – деді. Ерғали әкесінің ізіне ерді. Әкесі қойдың арасын әрі сүзді, бері сүзді: ақ қозыны көзі шалмады. Зым-зия жоқ. Ауылда қойды жұрт кезекпен бағады. Бүгін баққан Қожабай еді. Әкесі Қожабайға барды. Қожабай оған ақ қозыны жаңа бір әзірде ғана көргенін айтты. Әкесі басын шайқап таңданды. Ыстық қайтқасын қой өрді. Қозы табылмады. Әкесі: «Кешке қора-қораны түгел қарап шығармыз», – деді. Ерғали алыстан ат арытып келген Кентай ағасын бір түрлі жек көріп кетті. Үйге келіп жол-жол, толқын-толқын матрос жейдесін, қызыл шапатасын шешіп тастады. Автоматты әлдебір жаққа лақтырып жіберді.
ТАСБАҚАЛАР ШЕЖІРЕСІ
Бекет қозы-лақтарын қырға қарай айдап жіберді де, күндегі әдеті бойынша тасбақа іздеуге кірісті. Әуелі алысқа ұзамай бір орнында тұрып, айналаға көз тастады. Оңға қарады, солға қарады. Көзіне қыбырлап бара жатқан тасбақа көріне қоймады. Кенет қарсы алдындағы – жиырма қадамдай жердегі бір түп дәу баялыштың бұтақтары сытыр-сытыр қозғалғанын байқап қалды. Тегін емес. Демек, түбінде бірдеңе жүр. Қоян ба, кірпі ме? Бәлкім, тырбаңдаған тасбақа шығар... Бекет көп бас қатырмады. Дереу жүгіріп баялышқа жетіп барды. Айтқаны айдай келді, шынында да тасбақа екен. Баялыштың түбінен тырбаңдап сыртқа жылжып келеді. Тасбақа қарсы алдындағы Бекетті көрді де, кілт тоқтады. Бірақ артына бұрылып шегіншектеп қаша жөнелмеді. Әдетте тасбақалар адамның қарасын көрсе, сескеніп, ұзын шандыр мойнын жиырып ішіне тығып алушы еді, бұл өйтпеді. Қайта керісінше тарғыл тас сауытының астынан әжім-әжім шимай басын сыртқа бір қарыстай сорайта шығарып, біртүрлі дымқылдана жылтыраған қарашықсыз моншақтай екі көзін Бекетке шаншып тұрып алды. Сосын ұйқысы келгендей есінеп, аузын барынша кере ашты. Міне, ғажап! Әлдекім жарқыратып шам жаққандай тасбақаның түу көмейіне дейін сап-сары алтын сәулеге шомылды. Тілінің астынан түймедей сап-сары жапырақ жалт-жұлт етті. Алтын шөп! Мәриям шөп! Тасбақаның көмейін сәулеге көміп тұрған сол. Бекеттің есі кетті. – Таптым! Таптым! – деді апалақтап аузына жөнді сөз түспей. Сәл аялдаса мәриям шөптен мәңгі айырылып қалатындай, асығыс-үсігіс етпеттеп тасбақаның үстіне құлады. Мұп-мұздай тасбақаны тас қып бауырына қысты... Бірақ неге екені белгісіз, бір кезде өзінің бірте-бірте көкке көтеріліп бара жатқанын сезді. Бұл не пәле? Енді бір сәтте қол-аяғы ауада дәрменсіз тырбаңдап, тоңқалаң асып, тасбақаның алдына топ етіп құлап түсті. Абырой болғанда, жер майда шеге құм еді, денесі пәлендей ауырған жоқ, тек жамбасы ғана сәл-пәл сырқырады. Дегенмен тура кішігірім сарайдың үстінен құлағандай болды. Бекет өз көзіне өзі сенбеді. Әлгіндегі тостақандай тасбақа әлдекім ішіне жел үрлеп жатқандай, өсіп барады, үлкейіп барады... Бір кезде қалың баялыш жапырылып, тасбақаның аяғының астында қалды. Тасбақаның таудай денесі
күннің көзін көлегейледі. Аяқтары бөренедей. Көзі сапар кеседей. Тас сауыты алып шатыр тәрізді. Бұрын-соңды мұндай нәрсені көрсе, кәне. Бекеттің зәресі ұшты. Көз алды бұлдырап, басы зыңылдады. – Көке!!! – деп шыңғыра айқайлады қолынан келген бар қайраны. Тажалдан құтылмақ оймен жалма-жан қаша жөнелмекші болып еді, бірақ буын-буыны дірілдеп, тұла бойынан әл кетіп, аяғы былқ-сылқ етіп икемге келмеді. Шарасыз күйде құмның үстінде қозғалақтап отырды да қойды. Кенет тасбақа таудан құлаған су тәрізді гүрілдеп-гүжілдеп сөйлеп қоя берді. – Қорықпа, балақай! Бекет таңқала қорқып кетті. Тасбақа адам тілінде сөйлейді деп кім ойлаған. Бірақ кеудесіндегі үрейі аз-маз сейілейін деді. – Атың кім сенің? – Менің бе? Менің... – Бекет бірден атын есіне түсіре алмады. Қиын бір жұмбақтың шешімін іздегендей біраз ойланып қалды. – Атым... Иә, Бекет екен ғой. Бекет... – Дұрыс. Сонша не болды өз атыңды ұмытып. Ал мен екі жүз жыл жасаған Дана Тасбақамын. Міне, өзің де көріп тұрған шығарсың, мен екі жүз есе өстім. Таудай болып тұрмын. Біздің жаратылысымыз осындай. – Көріп тұрмын... Сонда қалай тасбақалардың бәрі екі жүз жыл жасай ма? – Жоқ. Сирек. Біздің жауларымыз көп. Жыртқыш аңдар. Жыртқыш аңдар секілді адамдар бар. Олар бізге табиғат берген қуанышымыздың қызығын оңайлықпен көрсете қоймайды. Ал бірақ аман-есен екі жүз жыл жасаған тасбақалар – Дана Тасбақа атанады. Олар ештеңеден де, ешкімнен де қорықпайды. Бүкіл ғаламның тілі мен сырын біледі. Бақытты өмір сүреді. Жауларына кездессе, денесі екі жүз есе үлкейіп, таудай тасбақаға айналады... – Ендеше неге бәрің таудай болып жүрмейсіңдер? Ешкім жандарыңа жолай алмас еді ғой... – Олай етуімізге болмайды. Онда жер бетін тек тасбақалар ғана жайлар еді. Басқа жан-жануарлардың да тіршілік етуі керек емес пе? Олардың ырзықнесібесін тартып алуға ешқандай қақымыз жоқ. Біз бәріміз таудай болып жүрсек, бір күнде бір көлдің суын ішер едік; бір күнде мыңдаған аң-құсты азық етер едік; ормандарды отап, жердің тоз-тозын шығарар едік. Оның несі қызық? Тасбақа емес, жалмауыз атанар ек. Күллі жан-жануарлар мен құстардың, өсімдіктердің көз жасы мен қарғысын арқалар едік. Жоқ, бізге ол қажет емес. Сондықтан да біз тостағандай болып жүрміз. Тас сауытымыз біздің бар ашкөздігімізді, зұлымдығымызды тас қып ұстап тұрады. Тас сауыт осы үшін де керек. Түсіндің бе? – Түсіндім... – Жарайды ендеше. Балақай, айтпақшы, әлгінде баялыштың түбінен мені көргенде, неге есің кетіп қуандың? – Тіліңіздің астынан мәриямшөпті көрдім... – Оның неге қажеті бар саған? – Керек... Атам айтқан. Ол – қасиетті шөп. Алтын шөп. Оған ие болған адамның ойлаған бар арманы орындалады. – Солай ма? Мә, ендеше. – Тасбақа ала шұбар алдыңғы аяғымен тілінің астынан алақандай мәриямшөпті алып (әлгінде түймедей еді, ол да үлкейіп кетіпті), Бекетке ұсынды. Бекет қолын созды. – Асықпа, алтын шөп ешқайда қашпайды, әуелі қандай арманың бар, соны айт.
Бекет қапелімде сасып қалды. Не дерін білмеді. Тілі шықпаған балаша түсініксіз бірдеңе деп былдырлады. – Қаттырақ. Анығырақ айт, естімей тұрмын. Қап! Алтын шөпті дәл бұлай оңай табам деп ойлап па. Құр елес, қиял деп жүрсе... Әйтпесе армандарын тізіп жазып қояр еді ғой. Әшиінде арманы, қиялы көп сияқты болатын. Енді қырсықты қара. Біреуі аузына түссе, кәне... Бәрібір бірдеңе деу керек. Мұндай бақытты сәт екінші рет қайталанбайды. Бекет қатты састы... – Сыныптағы ең озат оқушы болғым келеді... – Осы да сөз бе екен? Бұл алтын шөпсіз-ақ өзіңнің де қолыңнан келеді. Сабақты жақсы оқы. Көңіліңе тоқи біл оқығаныңды. Мақсатың орындалады. Маған басқа, үлкен нәрсе айт. Бекет тасбақа мәриямшөпті бермей қояды екен деп, қатты қорықты. Есіне велосипеді жоқ екені түсті. – Әдемі қызыл велосипедім болса... – Бұл да үлкен арман емес. Тағы не? Енді не деуі керек? – Ауылдағы балалардың бәрінен күшті етсеңіз... – Шынықсаң, күрестің әдіс-тәсілдерін үйренсең, онсыз да күшті боласың... Тасбақа қолындағы мәриямшөпті қайтадан тілінің астына апарып салды. – Жоқ, балақай, көңілімнен шықпадың. Армандарың ұсақ-түйек екен. Оларға бола алтын шөпті қор қылуға болмайды. Мен сенен үлкен мақсат, үлкен талап күтіп едім... Бірақ үлкен арманың болса да, саған бұл қасиетті шөпті бермес ем... – Неге? – Сол. Себебі сенің жаның таза емес, мейірімсізсің... – Неге олай дейсіз? Мен баламын ғой... – Ал бала пәк, адал, кіршіксіз таза болуы керек. – Мен не жамандық істедім? – Не жамандық істедім дейсің бе? Онда тыңда, айтайын. Өткенде сонау жылқы қорадан бір дорба торғайдың жұмыртқасын жинап алып, бұлақтың басында пыршылдатып жарған кім? Түу, қайдан біліп қойған? Дана десе, дана екен. Естімейтіні, білмейтіні жоқ. Рас, осыдан үш күн бұрын Ерқанат екеуі түстен кейін ауылдан екі шақырым жердегі жылқы қораға барып, қызық үшін қораның қуыс-қолтығындағы торғайлардың ұясының астаң-кестеңін шығарып, ішіндегі бармақтай-бармақтай жұмыртқаларды түгел сыпырып-сиырып алып, бір дорбаға толтырып ауылға қайтқан еді. Сонда соңдарынан бір шөкім бұлт құсап зарлана шырылдап жүз шақты торғай ерді де отырды. Бәлкім, олар балалар жұмыртқаларды қайтадан ұяларына апарып салар деп ойлаған шығар. Бекет пен Ерқанат өйтпеді. Бұлақтың басына кеп мақтаныш ғып бір дорба жұмыртқаны балаларға көрсетті. Ұяларын быт-шыт ғып, бейкүнә жұдырықтай торғайлардың жұмыртқаларын тонап әкелгенін құдды ерлік санағандай. Содан жұрттың көзіне көрсетіп, жұмыртқаларды тасқа ұрып, пырш-пырш жарды. Кейбіреулерінің ішінен кызыл балапандар көрінді... Бекет не деп жауап берерін білмеді. – Мен ойнап... – Ойнап дейді ғой. Сөзінің түрін! – Дана Тасбақа қатты ашуланды. – Сонда саған бейкүнә торғайлардың өмірі, тіршілігі ойын, ермек болғаны ма?! Жоқ, балақай, бұл ісің олар үшін зұлымдық, жауыздық болып саналады... Сен өзі Қызыл Кітап дегеннің не екенін білесің бе? – Білем...
– Білсең, онда былай деп жазылған: «1600 жылдан бері жер бетіндегі аңдар мен құстардың 150 түрі жоғалған. Табиғаттың мұндай ойранға ұшырауына негізінен адамдардың ойсыздығы, зұлымдығы себепші болған. Қазір могиканның соңғы тұяқтары іспетті Қызыл Кітапта аңдар мен құстардың 600 түрі есепте тұр...» Адамдар жан-жануарлар түгілі, өз тұқымдарының да тамырына балта шауып жатыр. Басқыншылардың, жаулап алушылардың қырғынынан Оңтүстік Америкада бір үндіс тайпасы тұтастай жоғалған. Қазір олардың бір кезде жер бетінде өмір сүргенін сол иен далада ағаштан ағашқа ұшып-қонып жүрген бір тоты құстан ғана білуге болады. Тоты құс сол тайпаның түсініксіз тілінде бірдеңелерді айтып жүреді. Міне, солай. Сенің бірнеше күннен бері тасбақаның мәриямшөбін іздеп жүргеніңді де мен жақсы білемін. Талай тасбақаны шалқасынан аударып, қаңсытып далаға тастап кеттің. Жазығы не олардың? Аузында мәриямшөп болмағаны ма? Мәриямшөп деген не өзі? Өздеріңнің жалқаулықтарың мен талапсыздықтарыңның орнын алтын шөппен толтырғыларың келе ме? Бұл болмайды. Адам – жер бетіндегі ең ақылды тіршілік иесі. Оған мұндай дәрменсіздік жараспайды. Осыны неге ұғынбайсыңдар? Жер бетіне, тіршілік атаулыға қамқор бола алмайды екенсіңдер, онда Адам деген аттан бас тартыңдар. Табиғат басқаша шешім қабылдайды... Мен қартайған шағымда жанымды бағып жеті қат жердің астында жатыр едім, кеше сен отқа тастаған тасбақаның шырқыраған үнін естігенімде, сай-сүйегім сырқырап, сосын амалсыз жер бетіне шықтым, бұл қандай зұлым екен, бет-жүзін көрейін деп ойладым. Міне, көріп тұрмын. Бармақтай ғана бала екенсің. Сенің алтын шөпке ие болуға ешқандай хақың жоқ. Тасбақалар шежіресінде былай деп жазылған: «Жамандықпен жақсылыққа жетуге болмайды». Түсіндің бе? – Түсіндім... – Ендеше ешқандай әуре болма. Келген ізіңмен үйіңе қайт. Бұл сөзімді өзің секілді достарыңа да айт. – Жарайды... – Қош бол! – Қош болыңыз!.. Сол-ақ екен, көзді ашып-жұмғанша Дана Тасбақа бірте-бірте кішірейіп, әдепкі тостағандай қалпына келіп, құмды бұрқылдата аспанға атып, жердің астына кіріп кетті... Бекет өң мен түстің арасында мең-зең боп отырды да қалды. Түсінсе бұйырмасын. Қай жерде отыр өзі? Айналасына көз салды. Бәрі таныс. Үнсіз өркеш-өркеш құм төбелер. Биік аспан. Ауыл. Көгілдір көкжиек. Қызық. Әлгінде Дана Тасбақа шыққан баялыштың түбіне қарады. Түк болмағандай. Құмның үстінде көмескі жыбыр-жыбыр ізі ғана қалған. Бәлкім, ол тасбақа емес, шайтан шығар... Не болса да қатты ойландырды. Болған оқиғаны балаларға айтпаққа оқталды. Бірақ «Қой, – деп өзін тежеді. – Мазақ қылып жүрер». «Қорқақтың көзіне қос көрінеді» деген, Бекет баялыштың түбін сипалады. Шын ба, өтірік пе? Дана Тасбақа жердің астына кіріп кетті ме? Осы сәт оның көкірегіндегі осы сауалды естіп қойғандай тас төбесінде бір бозторғай тұрып ап: «Шиқ-шиқ! Рас! Рас!» – деп шырқап қоя берді. Құдды бір шеруге шыққандай: ақ төбенің баурайында бес-алты тасбақа өріп барады. Асықпайды. Ештеңеден қорықпайды. Бекет мәриямшөп іздеп тұра жүгірмеді. Дана Тасбақа біліп қойса...
КӨНЕБҰЛАҚ
Жандос тамның іргеге жабысқан бір тұтам көлеңкесінде қызыл құмырсқалар мен қара құмырсқаларды «төбелестіріп» отырған-ды. Кенет үйден апасының даусы шықты. – Жандос! А, Жандос! – Не, апа?! Жандос қабағын кіржитті: «Тағы бір жаққа жұмсамақ қой. Су әкел. Бұзауды қарап кел...» – Атаңды көрмедің бе? – Көрген жоқпын! – Қайда кетті екен, ә? Жаңа ғана үйде отыр еді... Әлде қорада жүрген шығар, шақырып келе қойшы, шай қайнады де. Мезгілімен шайын ішпесе, атаңның басының сақинасы ұстайтынын білесің ғой. – Жарайды. Қазір. Жандос құмырсқаларды қоя берді. Атасының қолы қалт етсе, қорада жүретін әдеті. Түртінектеп баяғы әдетімен қораның кем-кетік ашық-тесік о жер, бұ жерін жөндейді. Ішін тазалайды. Шөп салатын, жем төгетін астау жасайды. Жандос қораға жеткенше әлденеше рет айқайлады. – Ата, апам шай ішсін деп жатыр! Бірақ атасы жауап бермеді. Демек, қорада жоқ болғаны. Қораның кісі бойы келетін сықырлауық дәу ағаш есігі сыртынан қара сыммен шандып байлаулы тұр. Жандос құр әуре болып, келген ізімен кері қайтты. – Атам қорада жоқ! – деді апасына. – Қап, мына күннің ыстығында қайда жүр екен? Ендеше көршілердің үйіне баршы. Шай суып қалатын болды. Не насыбай іздеп Әли көкеңнің үйіне кеткен шығар. – Жарайды... Жандос үш-төрт үйге бас сұқты. Бірде-бірінде атасы жоқ. Қайда? Жандос көшенің қақ ортасында тұрып алып жан-жағына көз жүгіртті де, атасының қарасын көре алмай, ауылдың шетіндегі Әли көкесінің үйіне тартты. Екі танауы желпілдеп, ентігіп жетті. Есіктің аузынан Әли көкесін көрді. – Көке, мұнда атам келген жоқ па? – Жоқ. Жаңа бір әзерде анау сай жаққа – Көнебұлаққа қарай кетіп бара жатқанын көзім шалып қалып еді... – Көнебұлаққа? – Бұзауларың қайда еді? Соны қарап жүрмесе... – Ауылдың бар бұзауымен бірге тас моншаның түбінде көлеңкеде жатыр ғой. – Онда білмедім. – Атам да қызық... Жандос: «Атам Көнебұлақтан не іздеп жүр, – деп ойлады. – Суы сыздықтап ағады, азанда қойған шелегің кешке дейін әрең толады...» Көнебұлақ ауылдан жарты шақырымдай жерде. Жандос солай қарай құстай ұшты. Құм ып-ыстық. Табанына шоқша тиді. Көзді ашып-жұмғанша жетіп барды. Көнебұлақтың басында еңсесі түсіп, бүкшиіп отырған атасын көрді. Жандос: – Ата, апам шай ішсін деп жатыр! – деп айқайлады. Атасы естімеген адамша әлден уақытқа дейін селт етпеді. Жандос әлгі сөзін және қайталады:
– Апам шай ішсін деп жатыр! Атасы сонда ғана басын көтерді. – Балам, бері кел, сонша неге айқайлайсың, әзірге құлағым сау ғой, шай ешқайда қашпас... Үні шытынаған әйнектей біртүрлі жарықшақ. Жандос аң-таң. Бұрын-соңды атасын дәл мұндай күйде көрген емес-ті. Үнемі көңілді, ашық-жарқын жүретін. Ақылын да жүзі күлімдеп отырып айтатын. Реніш дегенді білмейтін-ді. Қазір не болды екен? Таныса да танымай тұрған кісіше атасының бетіне үңіле қарады. Өңі біртүрлі бұлтты, тұнжыр, жылу, шуақ жоқ. Сұп-суық. Маңдайындағы онсыз да шым-шытыр әжімдері одан әрі шиырланып кеткен тәрізді. – Ата, не болды саған? Бір жерің ауырып отыр ма? – Жоқ. Денім сау. Жаным ауру. «Жаным ауруы» несі? Бұл не сөз? – Ата, түсінбедім... – Түсінбесең, міне, қара, алақанымды тосып отырғаныма жарты сағаттай уақыт болды, бір тамшы тамса, кәне, мана ертеңгілік дәтке қуат болып сыздықтап ағып тұрған... – Шөлдедіңіз бе? Су ішкіңіз келіп пе еді? – Жоқ. – Едеше бұл бұлақтың суы неге керек? – Бұлақтың жүрегі тоқтапты... – Бұлақтың жүрегі бола ма? – Болады. Суының сарқылғаны, көзінің бітелгені – демі таусылғаны, жүрегінің соғысы тоқтағаны. – Мұның суы сарқылса, анау «Ажар» бұлақ бар емес пе? Сонша несіне қамығасыз? «Ажар» бұлақ ауылдың екінші шетіндегі – қырдың үстіндегі бұлақ. Инженерлер былтыр күзде қазып берген. Жас бұлақ. Асау бұлақ. Суы сарқырап ағып тұр. Қайсыбір тымық айлы түндері суының сарылы көш жерге естіледі. – Иә, бар, білем... Бірақ есі дұрыс кісі ағасы өліп жатса, інім бар ғой деп қуануы керек пе? – Жо-ға... Тосын сөз, күтпеген сөз. Жандос сасып қалды. – Ендеше, тыңда, бұл Көнебұлақ та өзінше бір Тіршілік еді ғой. Елі үшін ғұмыр кешкен бір азамат дәл осы бұлақтай-ақ болсын. Жиырма жеті жыл мігірсіз сарқырап ағып тұрды. Елдің, жердің береке-құты болды. Жақсылығын аямады. Зәредей жамандық жасаған жоқ. Алаламай жанды-жансыздың бәріне өмір сыйлады. Жиырма жеті жыл бойы бір тайпа елді аузына қаратып тұрды. – Атасы терең күрсінді. – Қалай қамықпассың. Бар қызығы көз алдымда өтті. Бұрын жұрт малын бағып, киігін аулап, құмның арасында жел айдаған қаңбақтай көшіп-қонып жүретін. Бұл бұлақ солардың басын біріктірді. Үй қылды. Ел қылды. Анау қазір табаны кеберсіп, шыт-шыт жарылып жатқан ойпаң бір кезде шалқыған көл болатын. Беті сыпылдап ұшып-қонған қарақұрым құстан көрінбейтін. Бала атаулы балық құсап, ала жаздай судан шықпайтын. Сонау тегістікке – сайға дейін кемерлеп тұнып шөп өсетін. Жағалай қараша үй тігілетін. Қозы-лақ, бота-құлын асыр салып жүретін. Желі байланатын. Одан арғы жазықтыққа жұрт бақша салатын. Қауын-қарбыз бітік шығатын. Әрбір қауын самаурындай-самаурындай болатын. Соның бәрін қалай ұмытарсың... Суы қандай еді! Балдай еді. Мұп-мұздай. Тұп-тұщы. Таңдайың кеуіп келгенде,
бір жұтсаң, мейірің қанады. Басқаны қайдам, өзім әлдебір шаруамен бір жаққа бара қалсам, ауылға қайтқанша, осы бұлақтың суын ішкенше асығатынмын. Өзге жақтың суы біртүрлі жылымшы татып тұрады. Қаланың суын да ішіп көргенмін, бәрібір бұлақтың суына жетпейді. Туған жердің суы... Осы суды ішіп, талай ұрпақ өсіп-өрбіді. Осының өзі неге тұрады, тәйірі. Кісінің жасы келген сайын күш-қайраты кемитіні тәрізді, кейін бірте-бірте бұл бұлақтың суы да азайды. Еш өкпе жоқ. Жиырма жеті жыл дамылсыз, мігірсіз сарқырап ағып тұру оңай ма? Шаршады. Сарқылды. Ешкім дәл бұлай есепсіз, өлшеусіз жақсылық жасай алмайды. Табиғат – жомарт. Өмірі өнеге, артына өшпес із қалдырған деп осы бұлақ секілді кісілерді айтатын шығар... Міне, бүгін туған топырақтың ең ұлы перзенті дүниеден қайтты. Қалай қабырғаң қайыспайды. Бұл әлдебір бұралқы ит пен қаңғыған мысықтың өлімі емес. Бәріміз де осы Көнебұлақтың үрім-бұтағымыз. Басына көгілдір мәрмәрден құлпытас қойса да артық етпес еді. Елі үшін ғұмыр кешкен бір азамат осы бұлақтай-ақ болсын. Атасының көзіне жас үйірілді. Жандос та қатты толқыды. – Ата, қойшы... – Қойдым, құлыным. Тек көңілім бұзылып... Кісі қартайған сайын онымұныны ойлағыш келеді екен... Жүр, қайтайық енді. Ауыр бір жұмыс істеп, әбден шаршап-шалдыққан кісілерше Жандос атасы екеуі бірін-бірі сүйемелдеп, аяқтарын сылбыр алып, үйге ұнжырғалары түсіп келді. Атасы әшиінде шайды екі кеселетіп терлеп-тепшіп ішетін. Бұл жолы таңдайы кеуіп тұрса да, шайға зауқы соқпады. Құлықсыз бір-екі кесе ішті де, іргеге барып теріс қарап жатып алды. – Ата, бір жерің ауырды ма? – деген келінінің сөзіне: – Күн тиді ме, басым айналып... – дей салды. Атасының әлгінде Көнебұлақтың басында айтқан сөздері Жандосты көпке дейін толқытты. Бір түрлі ойнағысы келмеді. Ойлана берді. Мұңдана берді... Көңілі тыныштық табар емес...Бір кезде сарайдан бір аппақ фанер тақтай тауып алды да, ұрлана төргі бөлмеге барып, ұзақ ойланып отырып, қара сиямен ақ фанердің бетіне былай деп жазды: «Бұл Көнебұлақ 1960 жылы дүниеге келіп, 1987 жылы 21 шілдеде көзін жұмды. Анасы – жер, әкесі – су. Жиырма жеті жыл бір тайпа елге мігірсіз қызмет етті. Көнебұлаққа ұрпақтары – осынау Ақсуат ауылының бар жұрты дән риза, еш өкпесі жоқ. Көнебұлақ, мәңгілік ел есіндесің. Бақұл бол!» Жазып болып, көзінің жасын сығып-сығып алды. Ымыртта тақтайды Көнебұлақтың басына апарып қойды.
БАЙҒЫЗ
Ақжолдың әжесі ырымшыл. Мысалы, шай ішіп отырған кезінде кесесінің бетіне шәмбі қалқып шықса, үйге қонақ келеді-міс; оң қабағы тартса, қуанады, сол қабағы тартса, ренжиді; пышақ дастарқанның үстіне жүзі жоғары қарап шалқасынан түссе, қазан көтеріледі; құлағы күңгірлесе – өзін біреу сыртынан жамандап жатқаны; сыпырғышты қабырғаға сүйеп тікесінен тік қоюға болмайды; түнде тырнақ алмау керек... Таусылмайтын ырымдар. Бірақ Ақжол әжесінің мұндай дүдамал сөздеріне онша мән бермейді, жүрдім-бардым тыңдайды, сенбейді. Қайдан сенсін, әжесі әр шай ішкен сайын кесесіне шәмбі қалқып шығады, алайда алыстан ат арытып келіп жатқан қонақ жоқ. Әшейін гәп қана.
Өткенде Ақжол ақ күшігін іздеп, түнде ауылдың сыртындағы көлге барды. Әжесінің айтуы бойынша, түнде көлге барған кісі: «Мен келген жоқпын, сен көрген жоқсың», – деп суға тас лақтырып кетуі тиіс. Әйтпесе суретін су жұтады, өмірі қысқарады. Бірақ Ақжол әжесінің ырымын істемеді. Тас лақтыруға қолы бармады. Көл моп-момақан, тып-тыныш. Айна бетінде төңкерілген алқара көк аспан, жымыңдаған күміс жұлдыздар, шарық табақ алтын ай. Айнала жағалау кестемен әдіптегендей, көмкерілген сұлу сәмбі тал. Көрпе қызыл жыңғыл. Лүп еткен жел жоқ. Ауық-ауық жарыса құрылдаған «әнші» құрбақалар. Табиғаттың тамылжып тұрған сәті. Ақжол тас лақтырып, көл бетінде шолпылдатып толқын ойнатып, сүт тыныштықтың шырқын бұзғысы келмеді. Әнтек қатты жүрсе жағалықтың құрағы мен құмын тәтті ұйқысынан шошытып жіберетіндей, аяғын еппен басып, ауылға қайтты. Ақ күшігін айқайлап шақырып іздемеді де. Бірақ Ақжол әжесінің ырымына бүгін алғаш рет құлақ қойды. Түс кезі-ді. Күн әуе айналып жерге түскендей қапырық ыстық. Бар шаруа доғарылған. Жұрт үйлерінде, көлеңке ұзарып, салқын түспей далаға шықпайды. Ақжол қайта-қайта ызыңдап кеп бетіне қонған дәу қара шыбынды қаққыштап, киіз үйде қақ төрде әлдебір кітаптың бетін парақтап ашып, суреттерін қарап, әжесі ескі бір ән әуенін ыңылдап айтып, сандықтың түбінде ұршық иіріп отырған-ды. Ақжолдың апасы сыртта жерошақтың басында шыжыған күннің астында самаурын қойып жүрген. Тыныштық. Кенет қора жақтан әлдебір құс ащы сұңқылдап қоя берді. Сұңқыл ауада шықылдап тұрып алды. – Қырқу! Қырқу! Құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз үн. Ақжолдың әжесі ыңылдап айтып отырған әнін кілт тыйып, қолындағы биші қызша билеген ұршығын қоя салып, елең ете қалды. – Мынау ненің сұңқылы? Байғыз емес пе? Ақжолжан, қарап келе қойшы... Ақжол онсыз да не істерін білмей ерігіп жатқан еді, екі сөзге келместен орнынан атып тұрды да, сыртқа қарай жүгіре жөнелді. Сосын ылдым-жылдым үйге қайта кірді. – Әже, байғыз екен, сиыр қораның үстінде қонып отыр, – деді тақылдап. – Ойбай, онда, кәне, тез қуып жібер, көзін құрт! – Неге? – Негең не, шырағым-ау?! Білмейді екенсің ғой, үйді байғыз иектесе жақсы ырым емес. – Неге олай? – Солай. Ертеден келе жатқан ырым... – Байғыз да көп құстың бірі емес пе? – Құстан садаға кетсін, ол – азғын құс. Бол, тез, қуып жібер! – Байғыз неге азғын құс? – Туһ, қылқуардай қадалып болмадың ғой, не қыласың түп төркінін сұрап, әшейінде құлақ қоймаушы едің ғой. – Айтшы, әже... Білгім келеді... Ақжол әжесінің алдына малдас құрып орнығып алды. Әжесі енді оның желімше жабысып, оңайлықпен кетпейтінін сезді. – Жарайды, тыңда онда, – деді жеңіл бір күрсініп. – Баяғыда даңқы жер жарған бір ханның ақымақ, арам жалғыз қызы болыпты. Хан жалғыз қызы болғасын, оны бетінен қақпапты. Қыз ойына келгенін істепті. Бірде ол ханның атынан: «Хандықтың қарамағындағы бірде бір шаңырақтан сәбидің күлкісі мен
уілдеп жылаған үні естілмейтін болсын, балалардың ойынына тыйым салынсын!» – деп жарлық шығарыпты. Сөйтіп, балаларына ие бола алмай, жарлықты орындамаған адамдарды зынданға тастапты. Халық қайғыдан құсаланып, қан жұтыпты. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылады. Өз балаларына өздері жасауыл болыпты. Ұлдары мен қыздарын ойнатпай, қамап үйлерінде ұстапты. Әнтек күлдірмеуге, жылатпауға тырысыпты. Бала үшін бұдан ауыр жаза, бұдан артық азап бола ма? Сыңғырлап күлмеген, әлденеге уілдеп жыламаған, құлдыраңдап асыр сап ойнамаған бала бала ма? Амал жоқ, жұрт шыбын жаны үшін, ұлдары мен қыздарын қуанышы мен шаттығынан айырыпты. Күндер өте береді. Хандықтың қарамағындағы балалар балалықтың не екенін ұмытыпты. Күле қалса, көздеріне мұң тұныпты. Егер жылар болса, ауыш, кеміс адамдарша жүздерінде түсініксіз, мағынасыз күлкі ойнапты. Сау тілдері күрмеліп, мылқауларша ымдап сөйлесіпті. Бұл қасірет олардың әкешешелерінің қабырғасын қатты қайыстырыпты. Шыдамның да шегі бар, бір күні жұрт кәрі-жасы ханның алтын сарайының алдына жиылып, бастарына қара жамылып, қолдарын көкке жайып: «О, тәңірі, жер бетіндегі сорлы пенделеріңнің зарына құлағыңды сал, қайырым-қайыр қыл, мынау ханның зұлым қызын жарық пен сәуле, қуаныш пен шаттықтан мақұрым жексұрын құсқа айналдыр!» – деп қан жылапты. Олардың зарлы үндерінен аспан запыран сасыпты. Не керек, ас-сусыз сарылып, сарайдың алдында бір күн, бір түн тұрыпты. Екінші күні таң қылаң бере мұң-тілектері қабыл боп, ханның зұлым қызы бажбақ көз жұдырықтай жексұрын құсқа айналып, алтын сарайдың күміс терезесінен қалбалақтап ұшып шығып, ескі қорымға қарай бет алыпты. Ол құсты жұрт байғұс, байғыз деп атапты. Міне, содан бері зұлым қыз – байғыз қорымның қуыс-қолтығында тығылып жататын болыпты. Бірақ оқта-текте ызаға булығып, кек алу үшін күндіз ұшып келіп, үйлердің төбесіне қонып, қарау сұңқылына басады. Оның сұңқылы былай дегені: «Сәбидің күлкісін есітпейін, баланың ойынын көрмейін...» Ақжолдың жаны түршікті. Шілде күні боран ұлып қоя бергендей, тұла бойы мұздап кетті. Әжесінің сөзін аяғына дейін тыңдауға шыдамы жетпеді. – Кеттім, әже! – деп орнынан атып тұрды. Жүгірген күйі жолай жерден бір уыс малта тас теріп алып, сиыр қораның үстінде сұңқылдап отырған байғызға қарай қардай жаудырды. Атқылай берді, атқылай берді. Байғыз сарт-сұрт жауған тастан басын сауғалап, тыпырлап ұшып, көрші үйдің сарайының үстіне барып қонды. Ақжол байғызды ол сарайдан да түре қуды. Байғыз қуыспақ ойнағандай келесі үйдің төбесіне барып қонақтады. Ақжол қыр соңынан қалмады, ол үйден де үркітті. Байғыз енді қара үздіріп кетейін дегендей, қанатын жалп-жалп қағып, көшенің екінші бетіне қарай самғады. Сөйтті де топ етіп Жәлел атайдың бақшасының ішіне барып бас сауғалады. Ақжол ізінен жүгіре жөнелді. Көшеден асығыс-үсігіс етегін және ұсақ тастарға толтырып алды. Ақжол ентігіп бақшаға келді. Сым қоршаудың астымен еңбектеп ішке кірді. Бақшада Жәлел атай жүр екен, ол Ақжолды көрді де: – Оу, батыр, жол болсын, тапа тал түсте мұның не? Қауын жегің келді ме? – деді таңданып. – Жоқ, ата... Бақшаңызға байғыз келіп қонды, соны іздеп жүрмін... – Сөз болғаныңа! Одан да қауын жегім келді десейші... – Жоқ. – Қой, қой, күмілжіме, кел бері. Жәлел атай еңкейіп, қау пәлектен бір сары жәмбілшені үзді.
– Мә, иісі қандай, өзі уылжып тұр екен. Түсінемін. Қауын деген көздің құрты. Ұрланып кірмей-ақ, айтсаң да болатын еді ғой. – Керек емес... – Бала атаулының аузынан мұндай сөз шықпаушы еді ғой... Осы сәт жел соққандай шеткі арықтың ортасына таманғы бір пәлек сыбдырсыбдыр етті. Ақжол етегіндегі тасты бірінен соң бірін солай қарай боратты кеп. Байғыз пәлекке тығылған екен, қалбалақтап ұшып шығып, ауылдың шығысына бет түзеді. Жолда қанаты талды ма, Сүлейменнің шиферлі тамының үстіне аял жасады. Ақжол далақтап ізінен жүгірді. Жәлел атай таңданып қала берді. Қолында уылжыған сары жәмбілше... Ақжол Сүлейменнің тамына жетті де, шатырға сарт-сұрт тасты жаудырды. Үйден сыртқа Сүлейменнің келіншегі жүгіріп шықты. – Әй, мұның не? – Шатырда байғыз отыр. – Отырса не, отыра берсін. Жайыңа жүрмейсің бе? Басқа ойын таппадың ба? – Ойнап жүргенім жоқ. – Енді не? – Байғыз... – Әй, байғызың не? Байғыз көрмеп пе едің? Бар үйіңе. Тал түсте күнге шыжымай, тыныш жатпайсың ба? – Қалай тыныш жатамын. Байғыз... Сүлейменнің келіншегі байғыздың қандай құс екенін біледі дейсің бе. Әйтпесе бұлай айқайламас еді ғой. – Ойбай-ау, мынау не дейді өзі? Есің дұрыс па? – Дұрыс... Байғыз ұша жөнелді. Ақжол ізінен қуып берді. Байғыз ақыры баланың өзіне дамыл таптырмасын білді ме, енді еш жерге қонақтамай, тура ауылдың сыртындағы қорымға қарай қалбалақтай ұшты. Ақжол әбден байғыз көзден ғайып болғанша, соңынан тесіле қарап ұзақ тұрды. Сосын шаршап, терлептепшіп үйіне келді. Апасы есіктің аузында: – Бағанадан бері қайда жүрсің? – деді. Ақжол: – Байғызды қуып... – деді. – Байғызың не? – Байғыз деген – ханның зұлым қызы... – Не деп тұрсың өзің? Осы сәт киіз үйдің ішінен әжесінің даусы шықты: – Ақжолжан, әлгі байғызды қуып жібердің бе? – Иә. Қорымға қарай ұшып кетті. – Дұрыс болған екен. Ол пәлені ауылға жолатпау керек. Жамандық шақырады... – Шыжыған күннің астында әбден шаршаған шығарсың. Кәне, қасыма келе қойшы. Бүкіл ауылға жақсылық жасадың бүгін... Олар қайдан білсін. Сені ерігіп жүр дейтін шығар... Апасы аң-таң. Екеуінің сөзі біртүрлі қызық. Түсінсе бұйырмасын. Ақжол лып етіп үйге кіріп кетті. Іштен әжесінің еміренген үні естілді: – Құлыным менің...
АҚ КҮРЕ
Бұл – Бейбіттің ес білгелі ауылға бірінші рет келуі еді. Бұрын кішкентай кезінде бес-алты жасында мамасымен бірге бір-екі рет қыдырып қайтқан-ды. Бірақ онда ауылда не көргені, не білгені есінде жоқ, ойында ештеңе қалмапты. Ал қазір «дәп-дәу жігіт». Екінші сыныпты бітірді. Ауыл оған керемет ұнады. Үй дегенің саусақпен санарлық. Айнала құм төбелер. Дөңгеленген көгілдір көкжиек. Күннің көкжиектен көтерілгенін де, сосын қызарып ұясына қалай қонақтағанын да өз көзіңмен көресің. Ал қалада бұлай емес. Көк тіреген көп қабатты зәулім үйлер күннің көзін көрсетпейді. Бейбіт бүгін ауылды туристер секілді армансыз аралады. Сарқырап ағып жатқан бұлаққа барды. Тап-тапал кішкентай мектеп үйіне таңдана қарады. Ауласы темір-терсекке толы ұста дүкеннің ішіне кірді. Қораларға «саяхат» жасады. Неше түрлі қора бар екен: ат қора, қой, сиыр, түйе қора, бастырма, қотан, албар...аты-ақ көп, бір-біріне ұқсамайды. Бір қорадан құйрық-жалы төгілген, басын шұлғып, екі көзі шоқша жайнаған тұлпарларды көрді. Бір қорадан қоспақ түйені көрді: екі өркеші кішігірім төбешік секілді. Желіні жер сызған, мүйіздері қарағайдай мама сиырлар... Әсіресе ол бұлақ жақтағы ең шеткі қорада тұрған кішкентай, талдырмаш ақ күренің қасынан айналшықтап шыға алмай қойды. Ақ күре көзінің ішіне әлдебір қиқым шөп түсіп кеткендей аппақ кірпігін жыпылық-жыпылық қағады әлсін-әлсін. Майда селдір жібек жалы самал желмен желп-желп етеді. Денесі нәзік, балғын. Аяқтары шидей. Тұяқтары қызғыш – әлі көп жер басып, қарайып-қатайып үлгермеген келте шашақ құйрығын ойыншық қамшыдай шолтаң-шолтаң қағады. Салпаң құлағын елең-селең көтереді. Сондай әдемі. Сондай сүйкімді. Шіркін, фотоаппарат болса, суретке түсіріп ап, қақ төрге іліп қоятын... Бейбіт ақ күреге сұқтана қарап тұрғанында, кенет үй жақтан үстіне кең етек көк көйлек киген бір әйел жеңіл айқайлады. – Әй, неғып тұрсың? – Есектің баласына қарап тұрмын. Қапелімде аузына күре деген сөз түспеді. – Немене?! Әйел ернін сылп еткізді. Таңданды. – Баласың не? Күре демейсің бе? Бұрын күре көрмеп пе ең сонша? – Иә, көрген жоқпын. – Не дейт!? Кімнің баласысың өзің? О заманда бұ заман ауылда... – Мәкеннің. – Қай Мәкен? – Қаладағы. – Е, Бәтиманың немересі екенсің ғой. Кешегі ұшақпен келдің бе? – Иә. – Бәсе, түрің бөлек, сөзің бөтен, бұл ауылдың баласына ұқсамайсың... Бейбіт артына қарай-қарай, ақ күреден көзін аудармай үйге қарай бет түзеді. Ішінен: «Шіркін, әлгі күре менікі болса ғой...» – деп армандады. Қалада дүкеннен көрген, қызыққан ойыншығын қиғылық салып жылап, папасына қалай да алдыратын. Айтқанын істететін. Бейбіт бұл жолы да сол әдетіне басты. Үйге келді де, әжесінің мойнына асылды. – Не болды, Бейбітжан?! – Маған анау шеткі қорадағы ақ күрені сатып алып бер. – Ол неғылған күре? Кімдікі? – Ақ күре. Білмеймін. Шеткі қорада тұр... – Қай шеткі қора?
– Бұлақ жақтағы... – Е, Жалғасбайдың мәшісінің күресі ме? – Білмеймін. Сол шығар... – Оның не, балам-ау? Есегі несі. Өзіміздің қорада торы тай бар, одан да соған мін. Ұят-ты. Торы тай – сенің бәсірең. – Жоқ, маған ақ күре керек... – Тай тұрғанда... ел күлмей ме? – Мейлі, күле берсін. Бейбіт айтқанынан қайтпайтын сыңай байқатты. Бәтима әже немересінің мінезін жақсы біледі. Бірбеткей. Енді сөзге көнбейді. – Немене, дәл қазір керек пе? – Дәл қазір керек! Бейбітке енді сәл кідірсе, ақ күрені әлдекім алып кететіндей боп көрінді. – Туһ, балам-ай, қайдағы жоқты шығарып... Күресі несі... Шай ішкелі отыр ем, самауыр қойып едім. – Келгесін ішесің. – Жүр, онда. Бәтима әже «ой, белім-ай» деп, орнынан тұрды. Есіктің аузындағы галошын аяғына сұқты. – Әже, ақша керек қой. – Неменеге? – Күрені сатып алмаймыз ба? Әлде тегін бере ме? – Ақшаң не? Қала дейсің бе? Адал мал болса бір сәрі, арам есекті сатусаудаға салып не көрініпті. Бейбіт әжесі екеуі қол ұстасып Жаппасбайдың үйіне қарай аяңдады. Бейбіт Жаппасбайдың үйінің алдынан бағанағы көк көйлекті әйелді көрді. Ол Бәтима әжеге сәлем берді. – Апа, амансыз ба? – Аманмын, аманмын, шүкір, Жұмаш қалқам, атаң үйде ме? – Жоқ, мал қарап кеткен. Жәй ме? – Қайдағы жайшылық. Ана күрелеріңе «құда» түсе келдік, Бейбітжан қоярдақоймай алып келді... мана қадалып тұруы жаман еді... Бәтима әже мен Жұма апа күлісіп алды. – Берген бәсірелерің болсын, нағашысы емессіңдер ме... – Апа-ау, атама несіне қарайсыз, ала беріңіз. Бұл жиенге күре беріп құтылсақ, жақсы ғой. – Сөйт, қарағым, о шалға ертең өзім айтармын. – Жарайды. Бірі қақпайлап, бірі жетелеп ақ күрені үйге алып келді. Бейбіттің арманы орындалды. Бар ықыласы күреге ауды. Бар ермегі – күре. Тіпті балалармен қосылып ойнауды да қойды. Кеше күні бойы қызығы басылмады. Ақ күрені көзінен таса қылмады. Су берді. Шөп жұлып әкелді. Бұлаққа ноқтамен жетектеп апарып, үсті-басын жуды, жалын тарады, тұяғын сүртті. Бейбіт шай ішіп отырып та, тамақ ішіп отырып та байыз таппай орнынан атып тұрып, бар ма, жоқ па дегендей қорадағы ақ күрені қарап келеді. Түнде бір ұйықтап тұрып та, қарайды. Екеуі бір-біріне әбден бауыр басты... Бүгін Бейбіт балалармен бірге жусан оруға Қызылсайға кетті.
Ақ күре жалғыз қалды. Бұл оның Бейбіттің иелігіне көшкелі бірінші рет жалғыз қалуы еді. Бейбіт күнде әр жарты сағат сайын төбе көрсетіп тұратын. Бірде қант беретін. Бірде су беретін. Бақшадан бір қысым жоңышқа әкелетін. Ақ күре осының бәрін аңсады. Бейбітті іздеді. Үй жақтан телміріп көзін алмады. Бейбіт жоқ. Күте-күте шаршады. Аяғын тіреп, басын тартқылады. Үңірейген көңілсіз қорадан қашып кеткісі келді. Бәрі қызықсыз боп көрінді оған. Тартқылай-тартқылай бір кезде басынан ноқта сыпырылып түсті. Сол-ақ екен, ақ күре құлдыраңдап көшеге шықты. Жан-жағына жіті қарады. Бірақ өзіне таныс баланың тұлғасын көре алмады. Сосын секіріп отырып ауылдың сыртына қарай шоқырақтады. Бұл жақтан да көзіне Бейбіт шалынбады. Тал түс. Ақ күре шөлдеп, су ішкісі кеп, бұлаққа келді. Бұлақтан су ішті де, көлеңке іздеп, сонадайда жолдың үстінде тұрған дәу «КамАЗ» машинасына барды. О жер, бұ жерін иіскелеп, машинаның – артқы доңғалағының астына барып жатты. Бұл геологтардың машинасы еді. Шофер машинасының қызып кеткен моторын суытып, сәл аялдап тұрған-ды. Бір кезде машина гүр етіп от алды. Ақ күренің тұяқ серпуге де шамасы келмеді... Машина шаңын бұрқылдатып, қыр асты... Бейбіт кешке еңіреп жылады. Көрші-қолаң жиналып қалды. – Қой, қайдағы жаманатты шақырып... Бәтима әже шыр-пыр болды. – Ақ күреге әбден көңілі құлап еді... – Дүниеде одан басқа күре жоқ па, тәйірі, анау Бердештің сұр күресін алып бер. Бұл сөзді құлағы шалуы мұң, Бейбіт: – Маған басқа күренің қажеті жоқ, ақ күре ғана керек, ақ күре! – деп одан әрі еңіреді... Бейбіт қалаға қайтқанша көңілі құлазумен жүрді. Қалаға қайтарында ақ күренің ноқтасын алып кетті...
ЕҢ ТӘТТІ КҮН
– Әділжан! – Ау... – Тұра ғой енді, тал түс болды, шайыңды іш... – Қазір... Ояу жатырмын дегендей, Әділ бір бүйірінен екінші бүйіріне аударылып түседі. Атып тұрғысы-ақ келеді, бірақ неге екені белгісіз, әлдекім төсекке арқанмен тас қып байлап тастағандай, көпшіктен басын көтере алмайды. Сәлден соң сонар тәтті ұйқы бірте-бірте апасының әлгіндегі «тұр-тұрын» ұмыттырып жіберді. Әділ бір уақытта қор ете түскенін білмей қалады. «Әділжан, шайың суып кетті... Бол енді, дастарқанды жинаймын... Тұр, үйді сыпырайын, әне, Асқаржан мен Берік те (екеуі Әділдің кішкентай тентек інілері) киініп жатыр...» Әділ бұлардың бірін естіп, бірін естімейді. Шаңырақтан күн түсіп, шекесін қыздырады. Шыбын ызыңдап, бет-аузына ұшып-қонып, мазасын кетіреді. Сыртта ит үріп, трактор гүрілдейді. Дабыра-шу молаяды. Әділ сонда ғана барып амалсыздан орнынан тұрады. Күнде осы. Бірақ бүгін ол әдетінен жаңылды. Ерте оянды. Апасы таң қалды.
– Балам-ау, не болды сонша, жоқ әдетті шығарып құлқын сәріден тұрып? – деді. – Тәтеме көмектесем... – деді Әділ көзін уқалап. Құдды суға сүңгіп шыққандай, бетінде ұйқының табы жоқ. Апасы үнсіз жымиды... Тәтесі (Әділ әкесін тәте дейді) Үмбет бұлағынан жантақ шауып жүрген-ді. Бұлақ ауылдан жеті шақырым жерде. Ерте кетеді, кешке ел аяғы басыла оралады. Кеше қатты шаршап келді. Шаршап-қалжырағаны сондай, шай үстінде көпшікті шынтақтап жатқан күйі мызғып кетті. Апасы Әділге қарап: «Зіркілдеп ойнай бергенше, бір мезгіл тәтеңе көмектеспейсің бе?» – деді. Ызғарсыз, жұмсақ айтты. Бірақ бұл сөз Әділдің сүйегінен өтіп кеткендей болды. Өзін әлденеге кінәлі санады. Ұялды. Екі беті ду-ду қызарды. Ойға қалды. Содан түнімен ұйықтай алмай шықты. Ойлап-ойлап тәтесіне қолғабыс беруге ұйғарым жасады. Бүгін таң алагеуімнен тұрғаны да сол еді. Апасы Әділді айналып-толғанды. – Міне, ақылы бар бала өстеді... Сырттан беті-қолын жуып, үйге кіріп келе жатқан тәтесіне: – Әділжан саған көмектеспекші, – деді. – Қой, ұйықта, өзім-ақ, шамаң келмейді. Әділ өкпеледі. – Барам. – Не бітіресің, айырмен бір шөкім шөп көтере алмайсың... – Көтере алам. – Қой деймін, босқа әуре болма... Осы кезде сөзге апасы араласты. – Барсын, жаныңда ерқара боп жүреді ғой тым құрыса... Ақыры тәтесі келісті. – Жарайды. Екеуі шала-пұла бір-екі кесе шай ішті де, дәу сары есекке мінгесіп, Үмбет бұлағына қарай тартты. Күн әлі көкжиектен жоғары көтеріле қоймаған. Ауа салқын. Желкем. Дала тыныш. Тек торғайлардың шырылы ғана естіледі. Сұр есек күндегі үйреншікті жалғыз аяқ сүрлеумен тепеңдей жөнелді. Үмбет бұлағына келгесін екеуі уақытты босқа өткізбей, дереу іске кірісті. Есекті тұсап жіберді. –Ал, Әділжан, күн қызбай біраз қимылдап қалайық, – деді тәтесі. Аңғар тұнған қызыл гүлді майсөк жантақ. Көздің жауын алады. Тікенекті шөптің осыншалықты әдемі болатынын кім білген. Айналаның бәрі – сұлу. Аспан тап-таза, мөп-мөлдір, биік. Жал-жал құм төбелер. Тәтесінің кетпенінің жүзінде күн нұры ойнайды. Кетпен жерден жылдам жем шұқып, басын көтеріп алған құс сияқты. Жантақ сыр-сыр құлап жатыр. Әділ айырмен тәтесі шапқан жантақты шөмелелеуге кірісті. Әуелде істің атымын білмеді. Әр түп жантақты бір-бірден іліп-жинап босқа шаршады. Жүгіре-жүгіре аяғы ауырды. Тәтесіне тіпті ілесе алмай қалды. Алыста қалғаны сондай, оның бет-жүзі анық көрінбеді. Дауыстап, айқайласып сөйлесті. Бір кезде ол қасына келіп, қалай жинау керек екенін көрсетті. Сол-ақ екен, Әділдің бойы сәл жеңілдеді. Жантақты сыпыра үйіп, әр жерге сосын барып шөмелеледі. Ара-арасында тәтесі сәл демалып, кетпенді қоя сап, өзі кеп жинады. Әділді ол қинағысы келмеді. Бірақ Әділ құр ерқара болуды қаламады. Шамасы келгенше тырысты. Тәтесінің: – Қой, шаршап қаласың, – деген сөзіне де құлақ аспады. Ішінен: «Демалуға, ойнауға келген жоқпын ғой», – деп өз-өзін қайрады.
Бірте-бірте әкесінің соңынан еріп отыратын шамаға жетті. Аралары көп болса екі-үш-ақ қадам. Тәтесінің ыңылдап ән салғанын естиді. «Қолда барда алтынның-ей, кәдірі жоқ...» Сірә, беріле, құлшына жұмыс істеген адам, көңілі көтеріліп, ән айтатын болса керек, Әділ де жіңішке шіңгірлек даусымен әлдебір әннің әуеніне басып, мұрнынан ыңылдады. Ән айтып жұмыс істеу жеңіл тәрізді. Жаны жадырап, ән әуені өз-өзінен кеп көмейін бүлкілдетеді. Айтпай көр. Әділге айналаның бәрі ән салып тұрған сияқты болып көрінді. Күн қыза бастады. Ауада жыбыр-жыбыр мұнар ойнады. Тәтесі: – Әділжан, демалайық, мына ыссыда енді ештеңе өндіре алмаймыз, – деді. – Сағат қанша болды? Тәтесі шалбарының қалтасын қарады. – Қап, ұмытып кетіппін ғой... Сөйтті де кетпенін қоя салып, өз көлеңкесін табандап өлшеді. Бір, екі, үш... Әділ санап тұрды. Он төрт табан. – Сағат он бір болыпты. Әділ қайран қалды. – Тәте, оны қайдан білдіңіз? – Көлеңкемді өлшеп білдім... – Сонда қалай? – Жұмбақ ештемесі жоқ, ертеде ата-бабаларымыз сағат жоқ кезде уақытты осылай да білген... Міне, қызық! Әділ айырын соңғы шөмелеге шанышты. Тәтесі ұзын-ұзын дырау сексеуілдерді сындырып, екеуі сиярлықтай ғып кішкентай күрке жасады. Сосын күркеге кіріп, үйден ала келген ашытпаны ішіп, шөлдерін басып, жарты таба нан жеді. Оны-мұны әңгіме қылды. Сәлден соң өзөзінен кірпіктері іліне бастады. Шаршағандікі ме, дел-сал, тұла бойлары маужырады. Содан түстен кейін көлеңке ауғасын бір-ақ тұрды. Ашытпадан бірбір жұтып, тағы да жұмысқа кірісті. Кешке дейін үлкен-үлкен төрт шөмеле жасады. Шөмелелер алыстан қарағанда керегесі, есігі, түңлігі жоқ дөңгеленген қараүйден аумайды. Қасына барсаң, ашқылтым жантақ иісі бұрқырайды. Әділ мен тәтесі жел ұшырып кетпесін деп, шөмелелердің үстін ауыр-ауыр сексеуілдермен бастырды. Күн еңкейді. Дала қызыл шапаққа бөленді. Шоқ-шоқ сексеуілдер мен төбе, қырқалардың ұзын-ұзын алып көлеңкелері бір-бірімен айқасып, тұтасып кетті. Екеуі сұр есекке мінгесіп, азанда келген іздерімен ауылға қайтты. Есектің үстінде Әділ шаршағанын білді, тұла бойы бір түрлі ауыр тартты. Қол-аяғы салдырап қалған. Әлдекім төмпештеп ұрып тастаған секілді. Ауық-ауық көзі жұмылып кете береді, бір рет әнтек есектен аударылып қала жаздады. Әділді апасы есіктің аузында құрақ ұшып қарсы алды. – Шаршадың ба, құлыным? – Шаршадым, апа... Бұл сөзді естіген апасы одан әрі бәйек болды. – Оңай ма, қаршадай балаға, өзің ғой барам деген. Кәне, жуына ғой. Әй, Асқар, Әділге су құй, беті-қолын жусын! Шай дайын. Қазір тамақ та пісіп қалады. Әділ жуынып, сәкінің үстіне кеп отырды. Күнде апасы: «Зіркілдеп ойнайсың...» – деп ұрсып, қабақ шытушы еді, қазір оның бірі жоқ. «Бұзауды айдап кел», «Отын жар» демейді. Апасы бұның бала екенін жадынан шығарып алған секілді. Тең сөйлеседі. Әділ өзін бір күннің ішінде есейіп, дәу жігіт болып кеткендей сезінді. Шай дайын. Тамақ әзір. Әне, төсек те салулы. Інілері Асқар
мен Берік бірі бұзауды айдап әкеп, бірі су тасып әбігер. Қандай рақат. Жылы сөз. Жылы қабақ. Әділ күні бойы қалжырап-шаршағанын ұмытты...
КӨМЕК
Соңғы кезде Қанаттың оқу үлгерімі төмендеп кетті. Қай сабақтан да мәз емес. Мұғалімдер ренішті. Екінші тоқсан болса, аяқталып келеді. Не істеу керек? Сынып жетекшісі – Жанахмет ағай бір күні Қанатпен оңаша әңгімелесті. – Неге сабақ үлгерімің төмендеп кетті? – деді. – Оқып жүрмін ғой... – деді Қанат беті ду қызарып. – Оқысаң неғып екі аласың? – Білмеймін... –Көп ойнайсың ба әлде?.. – Жоқ. – Әлде үйде көп жұмыс істейсің бе? – Жоқ. – Айтшы, кәне, не себебі бар? Ұят қой. Бұрын тәп-тәуір едің... Қанат ойланып: – Кейде түсінбей қаламын... – деді. – Солай де... – Солай. – Дұрыс... – Ағай жымиып күлді. Ағайдың күлген себебі мынау еді. Қанат үйге берген тапсырмасын көбіне жаттап келеді. Түсінбей оқиды. Содан тақтаға шыққан кезде әлдебір жерінен жаңылысып кетсе болды, бар білгенінен айрылып қалады. Тапсырманы аяғына дейін айтуы үшін қайтадан басынан бастауы тиіс. Әйтпесе келген жерінен жалғастырып әкете алмайды. Сол себепті: – Ағай, басынан бастап айтайыншы, – деп өтінеді. Ағай рұқсат береді. Қанат қайтадан басынан бастап айтуға кіріседі, бірақ әлдекім қызық үшін бет-аузын жыбырлатып, күлдіріп, әдейі тағы да жаңылыстырып жібереді. Шауып келе жатып кілт тоқтай қалған аттай. Қанаттың бар білгені және тарс есінен шығады. Ағайға тағы да өтініш қылады. – Ағай, басынан бастап... Балалар ду күледі... Жанахмет ағай қабағын түйіп: – Сабақты түсініп оқу керек, – деді. – Жаттаған нәрсе білім болып жарытпайды, миға қонбайды. Сосын сәл-пәл ойланып отырды да, сәлден соң мұғалімдер бөлмесіне сыныптан Әбуді шақыртты. Әбу–озат оқушы. – Әбу, сені шақырғаным, ертеңнен бастап Қанат екеуің сабаққа бірге дайындалыңдар. Сыныптас досыңа көмектес, – деді. Әбу екі сөзге келмеді. Келісті. – Жарайды, ағай. ...Келісілген уәде бойынша, ертеңіне түстен кейін сабаққа бірігіп әзірлену үшін Қанат кітап-дәптерін қолтығына қысып, Әбудің үйіне келді. Бірақ Әбу құшақ жая қарсы алмады. Тұнжырап: – Қазір уақытым жоқ, қора тазалауым керек, кешке таман соқшы, – деді.
Қанат мұңайып, кітап-дәптерлерін қолтығына қысқан күйі келген ізімен үйіне қайтты. «Бірге дайындаламыз, түсінбеген жерімді сұраймын» деп іштей қуанып еді. Амал не. Кешке тағы келді. Әбу бұл жолы да және бір сылтау тапты. – Басым ауырып тұрғаны... Көңілімнің хошы жоқ... Қанат үндемеді. Босағада тұрып-тұрып, тұнжырап үйіне қайтты. Бағана апасына: «Әбу маған сабақ үйретеді, енді «екі» алмаймын», – деп күпініп қойып еді. Апасы: «Е, сөйт, ертең жиналысыңа барғанда, сабақ үлгермейді деген сөзді естіп, жер болмайын», – деген-ді. Апасының сол сөзінен ұялды. Бір күн осылай өтті. Екінші күні үйіне тағы келді. Есікті қорқа-қорқа ашты. Әбу көңілсіз екен. Бұған күнде-күнде сабақ түсіндіріп, әбден ығыр болған адамша: – Туу, тағы келдің бе? Сен-ақ осы... – деді тыжырынып. – Келдім ғой. Ағай айтты ғой... – Қанат әлденені бүлдіріп қойған кінәлі адамша мұрнының астынан естілер-естілмес міңгірледі. – Не істесем екен? Сәтінің түспей тұрғанын қарашы. Отын жаруым керек еді... Қанат, егер сен ренжімесең, отын жарып берсең қайтеді? Мен есепті зырылдатып шығара берейін. Сосын сен дәптеріңе көшіріп аласың ғой... Қанат алая бір қарады. Есепті екеуі бірге отырып шығарғанда дұрыс болар еді. Көшіріп алғаннан не пайда, түсінбегесін. Бұдан бәрібір сабақ үлгерімі жақсармайды. Амал қанша. Үнсіз келісіп, отын жаруға сарайға қарай беттеді. Үшінші күні де жағдай дәл осындай болды. Әбу қазақ тілінен жаттығу жазды да, Қанат қора тазалады. Оқта-текте сабаққа бірлесіп дайындалды. Бірақ ондай күндер тым аз еді. Бірде Әбу уақытым жоқ деп бұлданған-ды, Қанат қажет болып қалар деп үйден бір уыс кәмпит ала келген болатын, дереу қолын қалтасына салды. Әбудің көзі оттай жайнап кетті. Қабағы ашылып, бұл күні сабақты ынтасын сала түсіндірді. Содан бері Қанат үйінен бір уыс кәмпит ала келуді әдетке айналдырды. Бұған Әбу де дәнікті. Қанат кіріп келген бойда дереу оның қолына қарайды. Кәмпит болса, күлімсіреп, жоқ болса, тұнжырап сала береді... Бүгін де Әбудің үйіне баруға жиналды. Дағдылы әдетімен шкафтың ішін қараса, бір түйір де кәмпит жоқ. Масқара! Енді қайтті? Шарқ ұрып, жанталасып іздемеген жері қалмады. Апасы қайда қойды екен? Шифоньерді де сүзіп шықты. Жоқ. Кәрзеңкелерді ақтарды. Жоқ. Бой-бой терледі. Қайтсе де бір уыс кәмпит апаруы тиіс. Әйтпесе Әбу бұған пысқырып та қарамайды. Қабағын түйіп, әлдебір сылтауды айта салады. Осыны ойлауы мұң, Қанат үйдің астан-кестеңін шығарды. Аласұрды. Әбден шаршады. Бір уақта сылқ етіп есіктің аузына отыра кетті. Өз-өзінен ызаланып: – Бүйтіп сабаққа дайындалғанша, «екілік» алғаным әлдеқайда жақсы, – деді. Кенет көзі беті әлдебір әлеміш шүберекпен жабылған шкафтың үстінде тұрған шыны табақшаға түсті. Түу! Орнынан атып тұрып барып, бетін ашты: қараса, бағанадан бері шала бүлініп іздеп жүрген мұз кәмпиті! Бір түйірін алды да, қағазын аршып, аузына салып жіберді.
СӘЛЕМ БЕРДІК, ӘЖЕ!
– Уфф!
Ұлмекен әже көкірегі қарс айрыла терең бір күрсінді.
Бөлмедегі тым-тырыс тыныштықтың шырқы бұзылды. Ержан сабаққа дайындалып отырған-ды, әлдекім үстінен мұздай су құйып жібергендей, дереу кітаптан басын жұлып алды. – Не болды, әже? – Жәй... Ержан әжесінің бетіне таңырқай қарады: жоқ, жай емес, үнемі нұрланып, мейірім төгіп тұратын қос жанары жылусыз, сұп-суық; қабағы түнеріңкі, маңдайына бұрынғысынан да көбейіп, шиеленіскен жіптей шүпірлеп әжім толып кетіпті. Ержанның көңіліне беймаза алаң кірді, кітап бетіне қарай алмады. Каламсабын тістелеп әрі-сәрі күйде біраз отырды. «Әжем неге күрсінді?» Басында жалғыз-ақ осы сұрақ тұрды. Әжесінің бұрын-соңды бүйтіп қатты күйзелгенін көрген емес-ті. – Біреу ренжітті ме? – деді батылсыздау. Үйде әжесінің бетіне жел боп тиетін ешкім жоқ. Көкесі мен апасы қасқабағын бағып отырады. Тамағы дайын. Кір-қоңы жуулы. Төсегі салулы. Сыйлап, құрметтейді. Әлде тентек Сәкен інісі бірдеңені бүлдірді ме? Бірақ әжесі оның тентектігін еркелік деп біледі. Бұл үйде оған ешкім ауыр сөз айтпайды. – Жоға... – Енді не? Неге күрсіндің? Әжесінің ашық-жарқын қабағына, аялы жұмсақ алақанына, ақылы мен қызық ертегі, әңгімелеріне бойы үйренген Ержан оның мына мүшкіл халін көріп, қатты кұлазыды. Әжесі шынында да әлденеге ашулы екен, немересінің бір ауыз сөзін көтере алмай, күйіп-пісті. – Сонша тергеп қайтесің, балам-ау... мені құдай ренжітпесе, кім ренжітсін. Қарттық та сол баяғы. Көз мынау кіреуке, аяқ жолымды көруден қалдым, есіктің аузынан бір елі сыртқа аттап шыға алмаймын. Азаннан қара кешке дейін баққаным – төрт қабырға. Үйге сыймаймын. Мұны да қойшы, қарттық әркімніңақ басына туар зауал ғой, бәрінен бұрын кәдірімнің кеткені қинайды. Елепескеріп, бір кісі келіп, сәлем бермейді, хал-жағдайымды білмейді. Бұдан өткен азап бар ма... Дүние-ай десейші! Бұлай болады деп кім ойлаған... Сөзінің аяғы шірік арқандай үзіліп-үзіліп кетті. Ержан апалақтап әжесінің жанына келді. – Қойшы, әже, сонша... Кереуеттің үстінде жатқан сүлгіні ала сап, әжесінің дымқылданған көзін сүртті. Не деп жұбатарын білмеді. Оны-мұны айтып, тәтті-мәттімен алдайтын бала емес, ақ шашты әп-әйдік қарт. Ержан әбден қиналды. Аузына жөндем сөз де түспеді. – Арманым жоқ, бақыттымын деуші ең ғой... Екеуі бірін-бірі көптен бері жаңа көргендей, тас қып құшақтады. Әжесінің көңілі босады. – Шүкір, шүкір. Бақыттымын. Ұлым – ұяда, қызым – қияда. Өзіңдей құлдыраңдаған құлын немерелерім бар... Бұдан артық не керек. Бұның өзі бір адамға аз қуаныш емес. – Ендеше қайдағы бір жұрт сәлем бермеді деп неге ренжисің? – Неге ренжімейін. Сен нені түсінесің... – Бәрін де түсінемін, әже. – Түсінсең былай, өзің балалармен ойнамай, жападан-жалғыз бір күн үйде отырып көрші...
Ержан кәдімгідей ойланып қалды. – Ішім пысар еді... – Міне, мәселе қайда. Әжең де сол. Сен кішкентай бала болсаң, мен үлкен баламын. Бір күн емес, екі күн емес, үнемі үй күзету... Оңай емес. Біреу-міреу сәлем беріп, оны-мұны айтып әңгімелессе, көкірек сарайым ашылып, бойым жеңілдеп, жаным жадырап қалады. Көңілі құрғыр жаман... Ержан әжесінің «көңілі құрғыр» деген сөзінен көп нәрсенің байыбына барғандай болды. Шынында да әжесінің күрсініп, күйзелетін реті бар. Ден-қарыны сау кезінде бұрын сәлем берушілер көп-ті. Бірі жүн түттіріп алады. Екіншісі жіп иіртеді. Қайсыбірі ши орауға шақырады. Киізге ою-өрнек салып бер деп қолқа салады. Алаша, құр тоқитындар ақыл-кеңес сұрайды. Әйтеуір әжесін үйде бір мезгіл тыныш отырғызбайтын. Әжесі ісмер, бәрін біледі, бәрін үйретеді. Он саусағынан өнері тамған шебер. Бірде жазда оның Зинегүл апаның киіз үйін жықтырып, қайта тіктіргені бар. Алты қанат ақ үйді сәнін кетіріп қалай болса, солай жарбитып тіге салыпты. Соған кәдімгідей бұлқан-талқан ашуланып, Зинегүл апаға: «Бұл не масқара, қазақтың әйелі дұрыстап үй тіге алмады деген не сорақылық! Жұрт ертең күлмей ме?» – деп қатты ұрысты. Содан бері олақ келіншектер одан айбынатын болды. Әжесінің арқасында Ержан да армансыз дәурен кешті. Қонаққа, тойтомалаққа бара қалса, Ержанды қасына ертіп алады, тәтті-дәмдіге тойдырады. Ержан не айтса, әжесі айтқанының бәрін істейді. Әжесі – қорғанышы... Қорғанышы демекші, бірде үйге алыстан қонақтар келді. Ауыз бөлмеде ойнап жүрген Ержан мен Сәкен бір кезде әлденеге бола айқайласып, төбелесіп қалды. Жуық арада мәмілеге келе қоймады. Төргі бөлмедегі кісілердің мазасын кетірді. Сол-ақ екен, кенет көкесі ашуланып, ауыз бөлмеге жетіп келді де, Ержанды дедектетіп қолынан сүйреп, сарайға апарып қамады. Сөйтті де сарайдың есігінің құлпын кілттемей сыртынан бос іле салды. Кешкілік мезгіл, күн ұясына батқан шақ еді. Сарайдың іші тастай қараңғы. Ержан алақ-жұлақ қорқа бастады. Бұрыш-бұрыштан әлденелер қыбыр-жыбыр, сықыр-сықыр етіп, зәресін ұшырды. Бір кезде, сірә, тышқан болуы керек, бірдеңе мұны мазақтағандай шиқылдап қоя берді. Онсыз да әрең отырған Ержан осы сәт бақырып жылап жібере жаздады. Ішінен: «Енді ініммен төбелеспеспін!» – деп ант-су ішті. Ақыл кірді. Бірақ көкесі мұны мүлде ұмытып кеткен секілді. Кір-кір терезеден мөлтеңдеп там жаққа қарады. Ешкім жоқ. Телміре-телміре көзі талды. Әлден уақытта тамның сыртқы есігі жаймен сықырлай ашылды. Көзіне оттай басылды: әжесі! Таяғына сүйеніп, галошын тырпылдата сүйретіп шығып келеді. Ержан қуанғаны сондай: – Әже! – деп айқайлап жіберді. Әжесі анық естімеді ме, бірден мойнын бұрмады. Тағы шыңғырды. – Әже! Осы сәт әжесі қалт тұра қалды. – Бұ кім? – Мен ғой, мен. Ержан... – Е, жеті түнде неғып жүрсің? – Көкем сарайға қамап қойды... – Неге?! – Сол... – Көкірегіне лықсып әлдене келді. Мұңын шаға жөнелді... – Қап! Сарайға қамағаны несі! Жеті түнде баланың жүрегін ұшырып. Қазір көрсетейін мен оған... Мінезі қатты дегенде, өсте ме екен сонша.
Таяғымен алды-артын түрткілеп, айналасын қаймалап, аяғын әдеттегіден жылдам басып жүріп келді де, сарайдың есігін ашып, Ержанды «қамаудан» босатты. Сосын үйге кіріп, көкесін ұлы айқайдың астына алды. Қонақ отыр екен деп саспады. – Сарайға қамамақ түгіл, бұдан былай қабағыңды түйіп көр! Көзім тірі тұрғанда, немерелерімнің бетіне жел тигізбеймін. О несі-ай! Бала емес пе, ойнайды, төбелеседі... Бәрің де бала болып көрген шығарсыңдар. – Апа, қойдық, қойдық... – дегеннен басқа көкесі қарсы бір ауыз сөз айта алмады. Ержанның мерейі үстем тұрды. Айта берсе, әжесінің бұдан өзге де жақсылығы көп... Міне, сөйткен әжесі бүгін қамығып, күрсініп отыр. Көңілін қалай көтерсе екен? «Әжеме сәлем беріңдер!» – деп үй-үйге кіріп, жұртты жетелеп ертіп әкеле алмайды. Өздері түсінбегесін, сөз шығын ғып керегі не? Бәлкім, мың сан шаруалары бар, қолдары да тимейтін шығар. «Әжеме сәлем бермедіңдер» деп кінәлау артық. Енді қайтпек? Ержан әжесін қатты аяды. Не қылса да бір амал табуы керек. Сабаққа әзірленбекші боп, әрі-бері кітаптың бетіне қарап еді, миына ештеңе қонбады. Ақ әжесі, асыл әжесі мынадай күйде отырғанда, сабақ оқып мандытпайтынын білді. Қалың ойға шомды. Бір уақта көңілінде әлдебір сәуле жарқ еткендей болды. «Міне, табылған ақыл!» Кітабын жинады да: – Әже, мен мектепке кеттім! – деді. – Бара ғой, айналайын, қашан келесің? – Кешке. Бүгін концертке дайындаламыз. – Сөйтті де төргі бөлмеге барып, апасының шашақты гүлді көк орамалын алып, далаға шықты. Орамалды басына тартып, іле-шала үйге қайта кірді. Босағаның ар жағында тұрып, көрші әйел – Мырзагүлдің даусына салып әндетіп: – Сә-лем бер-дік, ә-же! – деді. Үні сызылып, биязы шықты. Ернін сылп еткізіп, ауық-ауық тамсанып-тамсанып қойды. Бұл – Мырзагүлдің сөйлеген кездегі әдеті еді. Әжесі елең ете қалды. Қуана айқайлап жіберді: – Қай баласың? – Мыр-за-гүл ке-лі-ні-ңіз-бін ғой, та-ны-май қал-ды-ңыз ба-а? – Е, шырағым, қайдан таниын. Өзің білесің, көз нашар, күннен күнге сөніп барады. Жұрттың бет-жүзін қол созым жерден ажырата алмаймын. Құлағым да қағыс естиді. Көп жаса. Үй ішің аман ба? – А-ман-шы-лық. Ө-зі-ңіз қа-лай-сыз? Күй-л і-қу-ат-ты-мы-сыз? – Шүкір, шүкір. Балаларың ер жетіп, өсіп-өніп жатыр ма? – Б-әрі жақ-сы. А-на ө-зің-нің ө-ре-ше-ге жа-йып қойған құр-тың-ды ұр-лай бе-ре-тін қара ба-ла – Дүйсенжан қазір әскерде. – Хат кеп тұр ма? – Ке-ліп тұр. Ау-ыл-ды са-ғын-дым дей-ді. – Кәйтсін-ай, оның да жігіт болғаны. Өтіп бара жатқан өмір деген... Кеше ғана жалаңаяқ шауып жүрген бала еді... Әлі есімде, бірде тапа-тал түсте көшеден ұстап алып: «Әй, менің құртымды неге ұрлай бересің, анда-санда ана Ақжан кемпірдікін де ұрласай», – деп өтірік шүйілсем: «Сіздің құртыңыз тәтті ғой!» – дегені бар емес пе. Ал күлейін кеп... Баламысың деген... Иә, келін, жай жүрмісің? – Жай. Д-ү-кен-ге ба-ра-тыр ем, сіз-ге сә-лем бе-ре ке-те-йін деп бұ-рылдым... Та-яқ тас-там жер-де тұр-сақ та, қол ти-мей-ді...
– Көп жаса. Пейіліңе рақмет, айналайын. Бір жасың – мың болсын. Ана қара балаңа менен сәлем айт, менің баяғы құртымның дәмін әлі ұмыта қоймаған шығар... Ержан Мырзагүлдің жүрісіне салып, аяғын жылдам-жылдам басып, асығып далаға шықты. Ауа жетпей қалғандай: «Уф», – деп демін бір алды. Мырзагүл болған ғұрлы, сөзімнен шикілік сездіріп алам ба деп, жаман қорқып еді, әйтеуір сәтті аяқталды. Созып, әндетіп сөйлеймін деп, тілі талып қалған секілді. Көйлегінің жеңімен тершіген маңдайын сүртті. Жарты сағаттан соң, көкесінің қаракүл құлақшыны мен шибарқыт күртешесін киіп, үйге тағы кірді. Бұнысы енді – Бержан болып ойнау. Бержан қысы-жазы бірдей басынан құлақшынын тастамайды. Өзі ауылдың жекеменшік қойын бағады. Сөйлегенде орынды-орынсыз қолын сермелей береді. Насыбай атады. Тұрған жерінде шырт-шырт түкіріп болады. Үйге бір атым насыбай сұрай келді. – Жеңеше, сәлем бердік! – Көп жаса, бұл кім? – Бержанмын ғой баяғы. – Ержан бет-жүзімді танып қоймасын деп, табалдырықтан аспады. Бержан құсап қырылдай сөйледі. – Қалай денің сау ма? – Оның әжесімен әзілдесіп, ойнайтын әдеті бар-ды. Сонысына басты. – Қашан кетесің ана жаққа? – Қырылдап күліп, бір-екі рет қолын сөлтең-сөлтең сермепсермеп қалды. – Немене, мен кетсем жерің кеңи ме, ой, қыршаңқы, саған ерегіскенде, әзір асығатын түрім жоқ, Ержанымның, Сәкенжанның қызығын көрсем, шөбере сүйсем деген арманым бар... Е, сені қай құдай айдап келді мұнда? – Сені сағынып келді дейсің бе, насыбайым таусылып қалды, бір атым насыбай бер. Әжесі көпшігінің астынан сипалап, мүйіз шақшасын іздеді. – Мә! Бәрін салып алма! Ержан әжесінің қолынан шақшаны жып еткізіп алды да, алақанына бір атым насыбай салды. Сосын шақшаны Бержанның әдетіне салып, енді қажеті жоқ заттай әжесінің алдына лақтырып тастады. – Ал жақсы. – Ау, отырмадың ба? Тым құрыса нан ауыз тисей, «қуыс үйден құр шықпа» деген. – Жоқ, шаруам бар, жұрттың бәрін өзіңдей көресің бе, үйде ерігіп отырған... – Өй, тіліңе шоқ түскір... Бұл жолы да сүрінбеді. Әжесі дәл Бержанның өзі деп ойлады. Ашылып сөйлесті. Біраздан кейін үйге Ажар болып сүт сұрай кірді. Ажар себебі бұзауы еміп қойып, не сиыры өрістен қайтпай, қолына қолбақырашын ұстап, ылғи үй-үйден сүт сұрап жүреді. Мұны әжесі де біледі. – Сәлем бердік, әже! – Көп жаса, бұ қай баласың? – Ажармын ғой, әже, денсаулығыңыз қалай? – деді Ержан Ажардың даусына салып, жұлып-жұлып сөйлеп. – Шүкір, шүкір. Өздерің қалайсыңдар? Бала-шағаларың аман ба? Баяғы жылауық сарың неғып жүр? – Қазір үшінші сыныпта оқиды. – Е, де. Нағашыларына тартса, жаман болмайды. – Білмеймін, әйтеуір домбыраға үйір, үйде тыңқылдатады да отырады.
– Айттым ғой, одан бірдеңе шығады. Жарықтық үлкен нағашысы домбыра емес, қу ағаштың өзіне тіл бітіретін. Жай жүрмісің, келін? – Азанда бас жібі шешіліп кетіп, бұзау еміп қойыпты. Қатты-ақ қылып байлаған секілді ем. Бұзау болмады, бәле болды өзі. Шай қатықсыз қалдық. Бір кесе сүт сұрай келдім. – Көкананы (кухня) қарашы, бар болса құйып ала ғой... Ержан әжесіне естірте әлдебір аяқ-табақтарды салдырлатты. – Құйып алдым, әже... – Сау бол, айналайын! ...Ержан ұрланып кеп, есіктен сығалады. Әжесінің кәдімгідей-ақ ажары кіріп қалыпты. Қабағы ашылған, көзі нұрланған. Өзі қунақ, ширақ. Бағана бір әзірде маңдайына шүпірлеп ұя салған әжімдер зым-зия жоғалыпты. Ержан әжесін алдап, жұрттың даусына салып, сәлем бергеніне ыңғайсызданып, ұялып-қысылмады, қайта қуанды...
КҮРІШ ЖЫРЫ
Әр баланың мінезі әрқалай: бірі – ашық-жарқын, бірі–томаға-тұйық... Басқаны қайдам, Қамбар құдды бір сәт тынып тұрмайтын ағын су секілді, ішінде зәредей бүкпе сыр жатпайды, көрген-білгенін, естіген әңгімелерінің бәрін үйге келгенде түк қалдырмай ақтарып салады. Қайта-қайта тәптіштеп айтады. Жұрттың құлақ аспасына қоймайды. Сонда ғана барып көңілі бірленеді. Әйтпесе ішкен асы бойына батпайды. Ол осындай. Әшейінде түймедейді түйедей ғып аузы тынбайтын Қамбар бүгін тіпті бөлекше. Өткенде мектептің 5–6-сынып оқушылары көрші «Ақбел» күріш кеңшарына жұмысқа – масақ теруге барған еді, міне, содан бір жетіден соң, түнде оралды. Қамбардың онда көрген қызығы, алған әсері, айтар әңгімесі ұшан-теңіз. Манас жыры секілді әлденеше күн бойы айтып түгесе алмастай. Ішіне сыяр емес. Бәрін ақтарғысы келеді. Бірақ амал не, түннің бір уағы. Папасы, мамасы, ағасы – бәрі де қалың шырт ұйқыда. Жұлқылап оятуға болмайды. Қамбар өз-өзінен мазасызданып, төсекте әрі-бері дөңбекшіді... Балалар ел аяғы басылмай, кешкісін күн жарықта жететін еді, қырсық қылғанда, бұларды алып келе жатқан кузовы алқам-салқам, ыңыршағы айналған ескі жүк автомобилі жолай әлсін-әлсін бұзылып, қырылдап-сырылдап, жүргенінен тоқтағаны көп болып, ауылға түн ауа әрең табан іліктірді. Өкініштісі, балалардың жер түбінен – алыстағы күріш кеңшарынан оралғанын жан баласы білген жоқ. Тек беймезгіл жүрген бұлар кім дегендей, ауылға кіре берісте Сахидың дәу көпегі ғана түнгі ауаны басына көтеріп, бір-екі рет әуп-әуп үрді. Содан көздеріне ұйқы тығылып, жолсоқты болып қатты шаршаған балалар машинаның үстінен сылбыр секіріп-секіріп түсіп, көрпе-төсек, рюкзак, қапшықтарын арқалап үйлеріне тарқады. Қамбар да аяңдап үйіне келді. Келсе, киіз үйдің есігі ашық екен. Іште сықсиып білте шам жанып тұр. Есік сықыр ете қалғаны сол, оң жақ іргеде жатқан мамасы елең етіп, басын әнтек көтеріп алды. Көзін уқалап босағада көлеңке құсап тұрған Қамбарға: – Бұл кім, әй?! – деді сәл үрейлене. – Мен ғой, мама... Мамасы даусынан Қамбарды таныды. – Айналайын, Қамбаржанбысың?!
– Иә. – Қашан келдіңдер? Түн ортасы ғой қазір... – Жаңа келдік. Жолда машинамыз бұзылып... – Қалай, аман-саусыңдар ма? Ауырып-сырқаған жоқпысың? – Жоқ. – Бопты онда. Ау, неғып тұрсың состиып, шешін, кәне, төсек салып берейін, ұйықтай ғой. Қарның аш емес пе? – Аш емеспін. Ашытпа бар ма, шөлдедім. – Бар, бар, қазір. Мамасы шкафтың үстіндегі беті ақ кенеппен жабылған көк шелектен сапырып-сапырып бір сапар кесе ашытпа әкеп берді. Сосын қақ төрге төсек салды. – Ашытпаңды ішіп болған соң, дем ала ғой. Беймезгіл уақ, шаршаған шығарсың. Қамбар шынында да шаршаған-ды, машинада қалғып-шұлғып отырған. Бірақ, неге екені белгісіз, келгесін, мамасының жүзін көргесін, «айналайынын» естігесін, тұла бойы бір түрлі сергіп, жеңілденіп сала берген тәрізді. Ашытпаны сыздықтатып ішіп отырып, әдетінше әңгімесінің тиегін ағытпақшы болып еді, мамасы: – Тсс. Қазір жат та ұйықта. Ертең де күн бар. Папаң мен ағаң қора жөндеп, әбден сілелеп ұйықтап жатыр, мазаларын алмайық, әрі түннің бір уағы... – деді күбірлеп. Амал жоқ, Қамбар ашытпасын тауысып ішті де, төрдегі төсегіне кеп қисайды. Міне, содан әлі жатыр дөңбекшіп. Кірпігі ілінер емес. Күріште көрген қызықтары көп-ақ, бірақ қазір оны тыңдайтын құлақ жоқ. Қамбарға таң атпайтын секілді боп көрінді, түн мұндай ұ-за-ақ болар ма! Ішінен: «Ертең бәрін де түк қалдырмай айтып берем...» – деді. Сөйтті де, ертегі секілді боп өте шыққан күндерді көз алдына және бір елестетті... Балалар кеңшардың төртінші бөлімшесінде жатты. Күріштік алқап бөлімшеден бір шақырым жерде. Қыркүйектің аяғы. Күн ертеңгілік сап-салқын. Түске қарай ысиды. Кешке азмаз желкем тартады. Есқұл ағай балаларды азанда оятады. Балалар кереуеттерінен атып-атып тұрады да, сүлгі, тіс щетка, сабындарын қолдарына ұстап, құдықтың басына қарай жүгіреді, Тез-тез жуынып-шайынып, асханаға барады. Сосын жиналып, жаяулатып күріштік алқапқа бет түзейді. Барғанша ән айтады, бригадир күріштікте бұларды комбайн жүріп өткен теп-тегіс алқапқа әкеп салады, қолдарына бір-бір қапшық береді. Содан балалар еңкейіп, жерге үңіліп, масақ теруге кіріседі. Жарыса тереді. Есқұл ағай жарыс ұйымдастырған. Алғашқы күні Жарас деген бала бәрінен озамын деп, алқаптың басына жарты сағат бұрын жетті де, айқай салды: – Міне, мен бірінші шықтым! Ой, жалқаулар, сендер әлі артта тырбаңдап жүрсіңдер! – Қалай озып кетті? Балалар айран-асыр. Қамбар қанша тырысса да Жарастың қарасына іліге алмады. Есқұл ағай: – Әп, бәрекелді! – деді де Жарастың ізімен бес-он қадам жүріп, оған біртүрлі ренжи қарады. – Әй, бері кел, мынауың не, масақ деген төгіліп жатыр ғой. Бұл озғаның емес. Жарыстың шартын түсінбепсің. Біз бәйгеге ат қосып жатқан жоқпыз. Әрі таза, әрі жылдам теруің керек.
Сөйтті де Жарасты жолына қайта әкеп салды. Жарас қайта жүріп, ізінен үш килограмдай масақ жинады. – Міне, көрдің бе, – деді ағай. – Шалалық жасама. Таза тер. Сөйтіп оз. Не керек, Жарас қатты ұялды. Бұл балалардың бәріне де сабақ болды... Әндетіп түсте бөлімшеге қайтады. Түскі тамақ қандай тәтті десеңші. Балалар табақтарының түбін көрсетеді. Жұмыс тамақ жегізеді екен. Сосын бір мезгіл ұйықтайды. Ұйқы да сондай тәтті. Түскі демалыс сәті демде өте шығады. Балалар шала ұйқы болып, бір-бір кесе шай ішіп алып, тағы да күріштікке тартады. Бірде бөлімше меңгерушісі бір машина қарбыз әкеп түсірді. Балалар, әй, бір әбден жеңсіктері басылғанша жеді-ау. Ана жерде де, мына жерде де қарбыздың көк қабығы... Кешке қарай тіпті көңілді. Футбол ойнайды. Музыка қояды. Өздерінше билейді. Ән салады. Кітап оқиды. Бір жаманы, түнімен маса ұйықтатпайды. Маса ызыңдап, құжынап жүреді. Балалар көздері ұйқыға кеткенше бықсытып түтіндік салумен болады... Бұлар ұйықтағандарымен, комбайншы ағалар ұйықтамайды. Күріштік алқапта түні бойы комбайндардың самала шамы жарқырайды. Қырман күріш тауларынан көрінбейді. Балалардың терген масақтары да төбе-төбе... Әне-міне дегенше өстіп бір жеті өте шықты. Қайтарларында балалар әрқайсысы 13 сомнан жалақы тапты. Бұл олардың өздіктерінен тапқан алғашқы жалақылары еді. Тіпті көп ақша секілді. Балалар ертең ауылға барғасын бұл ақшаға не аламыз деп әбден естері кетті... Кеңшар директоры мақтау грамотасымен марапаттады. Балалар мұндай қуанбас. Еңбектері еленген деген, міне, осы... Қамбар осының бәрін бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып берейін деп, азанда ерте тұрды. Мамасы далада самаурын қойып жүр екен. Қасына жетіп барды да: – Ой, мама, күріште қандай қызықтар болғанын білесің бе? – деді тамсанып. Мамасы: – Білемін, – деді. Қамбар кілт кідірді. – Қайдан білесің? – Сол. Түнде айтып бердің ғой. – Түнде ұйықтап қалған жоқпын ба? – Иә, ұйықтадың. – Сонда қалай? – Солай. Нағыз диқандарша жұмыс істепсіңдер. Жарайсыңдар. – Қызық екен.. – Қайдан білдің дейсің бе? Түнде оянып кетсем, біреу ән шырқап жатыр. Бұл кім деймін. Сенсің. «Жақаевшылар»:
Біз Сырдың Жақаевшы ұл-қыздары,
Келеміз күріштен тау тұрғызғалы.
Бас иген құдіретіне ұлы еңбектің
Ай мен күн, дала, аспан жұлдыздары...
Міне, осыдан білдім.
Қамбар таңғалып басын шайқай берді...
ҚЫЗЫЛ ВЕЛОСИПЕД
– Асқар! Асқар деймін! Күн әлдеқашан ұясына қонған. Жаздың ұзақ кеші. Дала әлі самаладай жарық. Балалар ауылдың сыртында қалың жыңғылдықта жасырынбақ ойнап жатқан-ды. Асқар бағанадан бері көп әуреге түсіп, талай жерді шарлап, бірақ ешқайсысын да көңіліне қолай көрмей, жаңа ғана жайлы, «құпия» бір орынды тапқан-ды. Жатқан жері – айқыш-ұйқыш дарақ бұтақтары бір-бірімен шырмалып, айқасқан үш түп кәрі жыңғылдың түбі, айналасы қоңыраулы шеңгел, шоқ-шоқ баялыш, нағыз джунгли – ит тұмсығы батпайтын ну жыныс. Жан-жағында ешқандай сетік-саңылау жоқ, сырттан ештеңе, тіпті мөлдіреп аспан да көрінбейді. Асқар өзіне-өзі дән риза. Тура бір шөмеле шөптің арасына түсіп кеткен ине секілді. Бұл жерден оны Серік түгілі (іздеуші Серік болатын), кинодағы әйгілі Штирлицтің өзі таба қоюы екіталай. Бірақ «Асқар, Асқарлаған!» мына оқыс айқай тоқ көңіліне алаң енгізді. «Бұл кім? – деді күбірлеп. – Серік пе? Тапқан екен ашық ауызды! Мен дыбыс береді деп ойлайды ғой, шамасы. Алдап соқпақшы. Қулығын қара. Сөйтіп менің жатқан жерімді біліп алмақ. Ол ойы бола қоймас. Алайда мынау оның даусы емес тәрізді. Мультфильмдегі қоянның барабан ұрысындай шіңкшіңк етеді. Ал Серік болса, сыбызғы тартқандай созып тұрушы еді ғой үнін. Кім сонда? Әлде ойнап жүрген өзге балалардың бірі ме? Жоқ, олардың да дауыстарына ұқсамайды. Әйтеуір кім де болса арандатып тұр. Әйтпесе ойын шарты бойынша тығылып жатқанымды біледі. Бәлем, ерегіскенде қыбыр етсем, кәне. Тамағын жырта берсін... Бір кезде қояр...» Кенет әлгі айқай тағы естілді. – Асқар! Асқар! Дауысты енді ғана таныды. «Ойбай-ау, мынау төбе басындағы Жолдасбайдың баласы Алмас қой. Бұл жақта не бітіріп жүр? Не керек өзіне? Мені неге іздеп тұр? Не демекші?» Асқар бәрібір тырс үндемеді. Мынау керемет жерден дыбыс беріп, қармаққа түсіп, іздеушіге – Серікке оңай жем болар жайы жоқ. «Асқар, Асқар деп қылғына бергенше не үшін келгенін неге айтпайды?» Алмас Асқардың бұл күбірін құлағы шалып қалғандай, тағы да айқайға басты. – Асқар! Шық бері! Қайдасың? Қаладан тәтең келді. Саған белсебед әкелді! Не дейт! Велосипед! Асқардың бұдан әрі бұғып жата беруге шыдамы жетпеді. Ойын шартын жадынан шығарды. Кірген ізін іздеп әуреленбеді, орнынан фонтанша тіп-тік атып тұрды. Үсті-басын жыңғыл бұтақтары жыртқылады. Асқар бұған қарайтын халде емес еді. – Шын ба? Асқарды қайдан табам деп, құмның үстінде жан-жағына алақ-жұлақ қарап тұрған Алмас, жерден жеті қоян тапқандай, аптығып-асығып дыбырлай жөнелді. – Шын айтам! Өз көзіммен көрдім! Су жаңа «Урал!» Қып-қызыл. Өрттей қып-қызыл! Сүйіншімді бер! – Сүйінші ме? – Иә. Сүйінші. Асқар Алмастың қасына жетіп келді.
– Сүйіншіңе, мә, бір тықымай! Бас бармағын Алмастың шекесіне қадап тұрып, бір тықымай алды. Алмас аң-таң. Сонша жерден ентігіп келгенде күткен сыйы осы ма? Оң қолымен удай ашыған шекесін сипалады. Асқар ауылға қарай дедек қақты. Жүгіріп бара жатып артына қарап бір айқайлады: – Алмас, ренжіме, қуанғаным ғой! – Бүйтіп қуанғаның құрсын... – Алмас ықылассыз күңк етті. Өткен жұмада тәтесі қалаға емханаға көрінуге кеткен-ді. Асқар: «Тәте, қайтарыңда міндетті түрде велосипед алып кел!» – деп құлағына құйып жіберген... Міне, күткен күні келді. Арманы орындалды. Бірақ өз көзімен көрмей сенер емес. Күдіктенетін де жөні бар. Былтыр күздің аяғында мамасы: «Белсебедті қайтесің, қылышын сүйретіп қыс келе жатыр, үстіңде жөні түзу сырт киімің жоқ», – деп кеңшардан әдемі, қалың, жылы, сұр пальто сатып әкеп берген-ді. Бірақ қуанудың орнына: «Маған пальто қажет емес, велосипед керек!» – деп жер тепкілеп, еңіз-теңіз жылаған. Сөйтіп пальтоны құлықсыз киді. Биыл көктемде облыс орталығында оқитын студент ағасы базарлыққа қол сағат әкелген. Асқар онда да «неге велосипед әкелмедің?» – деп қиғылық салған. Осы үлкен адамдар қызық, бәрін керісінше істейді. Бала су ішкісі келсе, сүт береді. Ойыншық орнына, киім әпереді. Қызық, Асқардың еркіне салса, аш-жалаңаш жүруге бейіл, тек велосипеді болса, жарады. Сағаттың қажеті қанша? Бұл уақытпен жүріп-тұратын қызметкер немесе студент емес. Әзір уақытпен есептеспейді. Пальто да артық. Жадағайы бар ғой. Әлі жібі түзу. Ауыл іші, ешкім сынамайды. Қыс дейді, боран ала ма сонша, үй мен мектептің арасы таяқ тастам. Ал ойынға күпәйке де жарап жатыр. Көзді ашып-жұмғанша аяғы аннан-мыннан тиіп, үйге де жетті. Есіктің аузында сүйеулі тұрған қызыл велосипедті көргенде, қуаныштан тілі күрмеліп қалды... Тәтесімен амандасуға да мұршасы болмады, келді де қызыл велосипедтің камеріне жел толтырып, ершігін, рулін түзеп, кілтпен о жер, бұ жерін қатайтып бұрап, көшеге шықты. Сол-ақ екен, он метр жүрді ме, жүрмеді ме үйме-жүйме балалар қоршап алып, Асқардың қызыл велосипедін жарыса мақтай жөнелді. – Ой, қандай әдемі! – Қып-қызыл! – Велосипедтің төресі! – Спортшыныкі сияқты, дөңгелегі жіп-жіңішке. Мұндай велосипед анаумынау құмға тоқтамайды, тіліп өте шығады. – Ал тақырда табаны жерге тимейді. – Желден жүйрік! Асқардың мерейі әбден өсті. Онсыз да кеудесіне сыймай тұрған қуанышы одан әрі тасып-төгілді. Кілең жылы сөз, жақсы сөз. Бәрі қызыл велосипедтің арқасы. Бір сәттің ішінде осыншама қуанышты бастан кешем деп ойлап па. Балалар бір кезде мақтап-мақтап болды да, өтінішке, жалынышқа көшті. – Асқар, бір теуіп келейінші. – Дос едік қой. – Анада бір уыс асық бердім емес пе. – Бір айналайын... Асқар ешқайсысының да көңілін жықпады. Несіне қызғанады? Бәрі де достары. Бірге ойнап жүрген балалар. Бірде-бірін ренжіткісі келмеді.
Балалар қызыл велосипедті қолға тигізбей, бірінен соң бірі алма-кезек тебумен болды... Әне-міне дегенше ымырт үйірілді. Айналаны қараңғылық басты. Балалар үйді-үйлеріне тарқады. Қызыл велосипедін жетектеп Асқар да үйіне келді. Түнде әлден уақытқа дейін кірпік ілмеді. Көкірегінде қуанышпен қоса әлдебір өкініш, реніш те бар секілді. Әлдекім алдына бір табақ бал әкеп қойып, Асқар сол балдан жеңсігі басылғанша тоя бір жемегендей. Себебі ол су жаңа қызыл велосипедін бүгін құмары тарқағанша рақаттанып бір теппеген еді. Кеш бойы қолына тиген жоқ. Балалар кезектесіп тебумен болды. Бәрі де достары. Көңілін қимады... Достар жақсы-ау, бірақ өзінің көңілін қалай жұбатады? Түн ортасы ауа ай туды. Аспан сүт-сәулеге бөленді. Жер бетінен бес тиындық қара бақыр да ап-анық көрінетіндей. Дала күндізгідей жап-жарық. Асқар көңілін жұбатуды ойлады. Ұйқысы келмеді. Бүгін таң атпайтындай боп көрінді оған. Сәкідегі төсегінен еппен тұрды да, тамның іргесіндегі қызыл велосипедінің үстіне шабандоз жігіттерше қарғып мініп, ақ көйлегін делеңдетіп жел кернеп, ауылдың арғы басындағы ат шаптырым тақырлыққа қарай құйындата жөнелді. «Түн ортасында бұл неғып жүрген адам?» – дегендей, тынық ауаны бастарына көтеріп, үй-үйдің алдынан көпек иттер Асқардың соңынан маңқ-маңқ үрді...
БОЛАТ КОНЬКИ
Ерболдың бар есіл-дерті – коньки. Түнде жалт-жұлт етіп түсіне кіреді, күндіз көңілінен кетпейді. Қанша алаңсыз ойнап-күліп, қуанып-шаттанып жүрсе де, кенет конькиінің жоқтығы есіне түссе болды, аяқ астынан тұнық көңілі лайланып жүре береді, өз-өзінен азарланып, қамығып, көзіне мөлт-мөлт жас келіп, еңіз-теңіз жылап жібере жаздайды. Сол сәт өзін әлемдегі ең бақытсыз бала сезініп кетеді. Тіпті өмір бойы коньки теппей өтетіндей ауыр-ауыр күрсініп қояды... Ауылдың қақ ортасындағы қызыл қаңылтыр шатырлы дүкенге өкпесі қара қазандай: «Ішіндегі заттарының бәрі түкке керексіз заттар – шай, шекер, тауар, киім-кешек. Балаларды қуантатын ештеңе жоқ. Ең зәру, ең қажетті нәрсе – коньки жоқ...» Ерболдың ендігі жалғыз үміті – апасында. Апасы ауылда кітапханашы. Кітапхананың ол-пұл жұмыстарымен ай сайын қалаға барып тұрады. Ерболдың сол апасына «коньки алып кел!» – деп қылқылдауында есеп жоқ. Құлағының құрт етін жейді. Бірақ, неге екені белгісіз, апасы қаладан құр қол келе береді. Мұндайда Ербол әбден құлазып кетеді. Апасының айтатын сылтауы көп: «Ұмытып кетіппін, қап, әттеген-ай!..», «Коньки сататын дүкен жабық болды...», «Коньки жоқ екен...». Ербол амалсыз сенеді. Бірақ қашаңғы бүйтіп алдай береді? Таңдайы кепкен кісіге бір тамшы су қандай керек болса, Ерболға да коньки сондай қажет... «Жоқ, бұдан әрі шыдай алмаймын!» – деді Ербол өз-өзінен қайсарлана күбірлеп. Ауылға қаладан жетісіне үш рет «АН-2» ұшағы ұшады. Апасы алдыңғы күні ұшақпен қалаға кеткен-ді. Ербол тор көз дәптердің бір парағын қайшымен бірнеше бөлікке бөліп, майдалап қиып, әрбіреуіне: «Апа, конькиді ұмытпа!» – деп жазып, апасының плащының ішкі-сыртқы қалталарына салып, көйлегінің
етегіне, басына тартқан жібек орамалының үшкіл ұшына желімдеп, қыстырып жіберіп еді. Ойы – сөз жоқ, бірін болмаса, бірін көреді, не әлдекімдер: «Көйлегіңнің етегіндегі мына қағаз немене?» – дейді. Сөз жоқ, енді ұмытуы мүмкін емес. Бұл – Ерболдың соңғы үміті. Бұл жолы әкелмесе, бітті, Ербол күрт өзгереді: жаман бала болады. Апасының тілін алмайды. Жұмсаған жеріне бармайды. Қырсығады. Кішкентай інілеріне әлімжеттік қылады. Тентектікпен, сотқарлықпен атын шығарады. Мектепте дұрыстап сабақ оқымайды. Кітаптың бетін ашпайды. Сабақ сайын «екі» алады. Кім жаман – Ербол жаман. Сынып жетекші ағай апасын күнде мектепке шақырады. «Балаңыз осылай да осылай... үлгерімі нашар, тәртіпсіз...» дейді. Жиналыс сайын айтады. Апасы ұялғаннан не қыларын білмей, беті бір қызарып, бір бозарады. Бұрын мақтаған кезде төбесі көкке бір елі жетпей қалатын болса, енді кірерге тесік таппайды. Үйге еңсесі түсіп, көңілі пәсейіп келеді. Ербол апасын осылай деп қорқытты. Ауылда коньки жалғыз Зұлқарнайда ғана бар. Былтыр студент ағасы әкеп берген. Білектей болат темір. Сиқырлы темір. Қыста тас моншаның артындағы мұз айдынында тек Зұлқарнай ғана еркін сайран салады. Не істеймін десе де өз еркінде. Шыркөбелек билейді. Мұз үстіне айқұш-ұйқыш із салады. Жұлдызша ағады. Құлайды. Сүрінеді. Бар қимылы әдемі. Бар қимылы жарасып тұрады. Бала біткен көздері жаудырап оған қызыға, қызғана қарайды. Зұлқарнай – бәрінің еркесі. Оның бетіне ешкім жел боп тимейді. Сәл өкпелеттім дегенше, конькиді бір тебу бақытынан айрылғаны. Сол себепті де Зұлқарнайдың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Жөнсіз ісі де – жөн. Міне, конькидің – білектей ақ күміс болат темірдің құдіреті осындай. Балалар Зұлқарнайдың конькиіне кезекке тұрады. Ерболдың бір рет оның конькиіне түнгі сағат он екіде қолы жеткені бар. Айдынға қорқа-қорқа барды. Айнала тастай қараңғы. Бірақ аяғына конькиді байлауы мұң екен, көңіліндегі үрей, қорқынышының бәрі өз-өзінен сейіліп жүре берді. Бойына батылдық бітті. Шырқау алқара аспан күмбезінен жұлдыздар жылт-жылт қарады. Конькиді армансыз тепті. Түннің бір мезгілінде терлеп-тепшіп оралды үйге... Көлеңкелер сая іздеп, ірге-іргеге тығылып, күн шыжып, ыси бастады. Алыстан үздігіп ұшақтың әлсіз дүрілі естілді. Ербол бұлақ жақта жүрген-ді, ауылдың «аэродромына» – адыраспанды тақырлыққа қарай дедектей жөнелді. Бүгінгі ұшақпен апасы келуі тиіс. Әне-міне дегенше ұшақ та тақырлыққа кеп қонды. Ішінен қалта-дорба арқалап үш-төрт адам түсті. Біреуі көзіне оттай басылды. Апасы! Ербол екі өкпесін қолына алып, апасына жетіп барды. Әй-шәй, сәлем-сауқат жоқ, бірден: – Коньки әкелдің бе?! – деді ентігіп, көкірегінде бір үміт, бір күдік, бір қуаныш, бір мұң шарпысып. – Әкелдім, Ерболжан, – деді апасы күлімсіреп. Шын ба, өтірік пе? Құлағы шалыс естіген жоқ па осы? Ербол қайта сұрады: – Коньки әкелдің бе? – Айттым ғой жаңа... Міне... Апары қара сөмкенің сырмалы аузын ашты... Ерболдың қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздады. Әнтек басы айналғандай. Аяғының астындағы жер билей жөнелген тәрізді. Міне, арманы орындалды. Енді дүниедегі ең бақытты бала өзі. Күн сәулесі түсіп еріген қасат қардай, апасына деген кеудесіндегі талайғы өкпе-қақпасы заматта тарқап жүре берді. Көзінің алды қызыл-жасыл шапаққа толды. Тілі күрметіліп, не дерін
білмеді... Су жаңа болат конькиді тас қып ұстап, мүше алып қашқан шабандоз жігітше, жан-жағына шаттана алақ-жұлақ қарап, жалаң аяғымен көшенің шаңын бұрқылдатып, ауылдың екінші басына қарай зымырады. Табаныма тікенек, шөңге кірер-ау деп ойламады. Ондай-ондай ұсақ-түйек нәрселерді есіне алар халде емес-тін ол қазір. – Апам коньки әкелді! Коньки әкелді! Сол жанығып жүгірген бойы Ербол ентігіп, қос танауы делдиіп, тас моншаның артындағы көлге келді. Келді де, өңім бе, түсім бе дегендей, өзөзінен кілт таңданып тұра қалды. Қазір жаз екені мүлде жадында жоқ еді. Су бетінде сылқ-сылқ күліп толқын ойнап жатыр. Сыпылдап шүрегей, үйректер ұшып-қонады. Ерболдың атқақтаған көңілі сап басылды. Ақ күртік қардың орнына – көлдің жағасы жағалай көмкерілген балауса құрақ... «х!» Ерболға енді өмір-бақи қыс болмайтындай, мынау толқын ойнаған көл беті мұз болып қатпайтындай көрінді..
«БАЛЫҚШЫ»
Биылғы жаз бөлекше. Талай жылдан бері қаңсып жатқан Ақсайға су келді. Қос жағасына жан бітті. Күксіп, сабау-сабау бұтақтарының сөлі кетіп, сүмірейіп тұратын жыңғылдар көк мақпал қылқан жапыраққа көмілді. Ақсайдың үстіндегі аспан да көкпеңбек. Сылдырап аққан судың қызығы, қуанышы көп. Балалар суға түсіп мәз. Малту-жүзуді үйреніп әуре. Үлкендер де ештеңеден кенде емес. Күнделікті тамақтарына жеңсік ас – балық еті мен балық сорпасы қосылды. Көбісі балық болса, былқыған бағланның етіне қарамайды. Бірақ тоя жеп жүргендері шамалы. Балықты шүпірлетіп ұстайтын ау жоқ. Бар тапқан-таянғандары – қармақ, шанышқы. Бұлардың алымы мардымсыз. Әйтеуір көңілді алдау. Содан болар, балық ұстаған адам керемет. Балық асқан үй – мереке... Кешкі шайдың үстінде Мырзагүл Шәкірдің үйінен жеген қармасын аузының суы құрып, қайта-қайта айтты. – Балық болғанда қандай! Ақ май, көк май. Сорпасы бал татиды. Өлгенше жедім. Бой-бой терлеп, құрыс-тұрысым жазылып, терім кеңіп қалды. Ержанның, міне, жігіт болғаны. Сол әкеліпті. Бала ұстаған балық деуге қимайсың. Білектей-білектей екі тыран. Әжетке жарағаны ғой. Ойын қумай, қармақ сап, суға телміріп сарғайып отырғанының өзі неге тұрады... Мырзагүл Шәкірдің үйінен жеген балығын, ол балықты ұстап әкелген Ержанды мақтап отырып, өзінің кішкентай ұлын – Берікті ренжітіп алғанын білмеді. Берік бір кесе шайды ықылассыз ішті де, дастарқаннан сырғып, төрге таман барып отырды. – Шай ішіп болғаның ба? – Иә. – Неге ішпедің? Анау кесеңнің түбінде бір уыс қант қалды ғой. – Ішпеймін. Естілер-естілмес бұрқ етті. Берік түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмады. Апасына қатты өкпеледі. Екі тыран ұстады екен деп, Ержанды сонша жер-көкке сыйғызбай әуелетіп мақтағаны несі? Апасының әлгінде айтқан жылы сөздерінің бірде-бірін Ержанға қимай, қызғаныштан іші қыжылдады.
Ержанды өзімен салыстырды. Қазбалай-қазбалай келе оның бойынан кісі сүйсінер қылық таппады. Ең бастысы – оқу үлгерімі нашар. Биыл төртінші сыныпты кілең «үштікпен» ілдәлдалап бітірді. Спортқа қырсыз. Өткенде бір футбол ойынында өз командасының қақпасына доп соққаны бар емес пе? Масқара! Осынысы үшін балалар оны әлі күнге дейін мазақ қылып жүр. Сірә, апасы мұны білмейтін болар. Сосын не? Айтпақшы, жүгіруден... Ха-ха-ха! Берік мырс-мырс күліп алды. «Желаяқ. Қоян». Әлдекіммен төбелесе қалса, жеңіліп бара жатса, мазақтап қашып, қарасын көрсетпей кететін өнері бар. Айт-айтпа, әспеттеуге тұрмайды. Бірақ бүгінгі әкелген екі тыраны сол кісі сүйсінбес қылуаларының бәрін әп-сәтте жұрттың жадынан шығарып жібермесе неғылсын. Бір жақсылық мың жамандықты жуып кетеді дейді ғой. Не істеу керек? Берік көп ойланды. Өз ойына өзі тұншығып жатқандай, басына тұмшалап алған көрпесін үстінен серпіп ашып тастады. Үйден апасының қамсыз қорылы естіледі. Болған іс болды. Шәкірдің үйінен талай адам екі тыранның етін жеп, сорпасын ішті. Терлеп-тепшіп, Ержанды мақтап кетті. Енді Ержанды неге балық ұстап әкелдің деп, ұрып-соғып қорқыту тіпті орынсыз. Әрі қажетсіз. Кеш. Қаңғалап сорлы тырандардың, оның қармағын қапқанын көрмейсің бе қырсыққанда. Беріктің Ержанда ешқандай өш-қысастығы жоқ. Берік өз көңілімен қараса, одан барлық жағынан да артық секілді. Сабақтан алда. Футболдан ауылдың Тимур Сегізбаевы. Жұдырықтан да ешкімге ақысын жібермейді. Ержан мұның алдында құрдай жорғалайды. Айтқанын екі етпейді. Енді, міне, сөйткен Ержанның таңда туған жұлдыздай бір керемет ісінің жарқ ете қалғаны. Берік барлық нәрсе Ержанға тіреліп тұрғандай, қатты күрсінді. Ертеңнен бастап жұрттың аузында Ержанның ғана аты жүріп, өзі елеусіз қалатын тәрізді. Жо-жоқ, олай болуы тиіс емес! Мұның бір-ақ жолы бар. Азанда ерте тұрып Ақсайға барады. Қармақ салады. Ержан құсап қайдағы бір тыран-сыран емес, тайдай тулаған сары алтын керіскідей сазан алып келеді. Апасы қорада сиыр сауып жатады. Бұл сазанды үлкен көк тегешке су құйып, сонда салып, жерошақтың аузына апарып қояды. Апасы ойында дәнеңе жоқ, қазанға сүт пісірмек болып ошаққа жақындай береді де, тегеште күн сәулесіне шағылысып, көз қарықтырып жатқан сары сазанды көреді. Көктен түсті ме, әлде жерден шықты ма деп таң-тамаша болады. Қайран қалғаны сондай, шелегіндегі сүтін төгіп ала жаздайды. Осы сәт Берік қара пышақты қолына ұстап жалаңдатып: «Апа, сазанды аршиын ба?» – дейді түк білмеген адамша. Апасы ұлын жаңа көргендей: «Балам-ау, сен бе әкелген?» – деп құшақтай алады. Одан ары айналып-толғану... Кешегі Ержанның тыраны мұның жанында жолда қалады, ұмыт болады. «Ойпыр-ай, не деген дәу сазан. Балықты асып, көршілерді шақырайын...» – деп жүгіре жөнеледі. Көршілер келеді. Ал кеп бәрі Берікті жамырап, бір-біріне сөз бермей, мақтай жөнелсін. Ержан олардың естерінен мүлдем шығады. Әрине, Ержан мен тыранның, Берік пен сазанның жөні бөлек қой, арасы жер мен көктей... Берік ауға түскен балықтай тәтті қиялына сеніп, қол-аяғы еркіне көнбей тыпырлап, қуанып-қуанып кетті. Әлдекімге серт бергендей: «Азанда ерте тұрып Ақсайға барамын!» – деп нық күбірледі. Бұл үшін енді таң алдында тастай қатып ұйықтап қалмауы керек. Бұл оңай шаруа емес. Тәтті ұйқыны жеңу... Жігіттің жігітінің ғана қолынан келеді. Ал бұл
болса, әлі бармақтай бала. Бірақ намыс ұйқыдан да тәттірек. Осы есінде тұрса, кірпік ілмей, бір таңға шыдау деген не, тәйірі. Солай! Берік бағана түсте бір мезгіл мызғып алмағанына өкінді. Апасы: «Қарғам-ау, шыжып күннің астында өлемісің, тамға кіріп, демалсайшы», – деген-ді. Құлақ аспады. Күні бойы суға түсті, жалақ ойнады. Шаршап-шалдығып, бет-аузы құмқұм болып, арқасының терісі сыдырылып, үйге кешке бір-ақ қайтты. Мейлі. Шыдайды. Ертең күндіз-ақ ұйқысын қандырады. Әуелі азанда Ақсайдан балық аулап әкелуі керек. Одан арғысы өз-өзінен жөнге келеді. Ұйқтап қаламын ба деп қорыққаны бекер екен, әрі-бері жатып еді, тіпті кірпігі ілінбеді. Сірә, ойға алған ісі көңілінен тыныштық қашырса керек. Басы сеп-сергек. Осының өзі үлкен қуаныш. Ісінің оңға басатынының белгісі шығар, бәлкім. Таң мұндай ұзақ болар ма. Әлде күткен кісіге солай ма? Бұрын қалай байқамаған? Бұрын кешке төсекке құласа, тас боп ұйықтап, азанда бір-ақ оянатын. Ол екі ортада не болып, не қоятынын кім білген. Ұйқтаған адамға ғана таң қысқа екен ғой. Қармақ қайда осы? Тамда ма, әлде сарайда ма? Берік мазасызданып кетті. Орнынан еппен тұрып, мөржесі күйелеш-күйелеш, білтесінен жермай иісі мүңкіген сықсима шамның түбінен шырпыны алып, қараша үйдің есігін сықырлатпай ақырын ашып, сыртқа шықты. Ай жоқ, дала тастай қараңғы. Шырпы жағып, сарайдың ішінен жібек баулы жыңғыл сап қармағын іздеп тапты. Бақанда жаюлы тұрған еттен қармақ шаншуға бір кесек ет алды. Сосын қармағын әкеп қараүйдің сыртқы белдеуіне қыстырды. Ойы азанда ұсақ-түйекке бола түртінектеп уақыт өткізбеу. Сосын төсегіне кеп қайта жатты. Таң атар емес. Түнімен әлденеше рет мызғып кетіп, әлденеше рет шошып оянды. Соңғы рет көзін ашып алғанда, үйдің іші бозамықтанып қалғанын көрді. Бұдан әрі жатуға болмайды. Күндегісінше керіліп-созылмай, дереу төсектен атып тұрды. Дала ақсүттеніп, аспан арайланған. Ауа салқындау. Дене түршігеді. Ауыл тып-тыныш. «Не болды, неге сонша ерте тұрдың?» дегендей, қора жақтан құйрығын оңды-солды бұлғаңдатып Ақтөс келді. Берік оны басынан еркелете сипалады. Әлдене есіне түсіп, үйге қайта кірді. Көрпесін құдды адам жамылып жатқандай томпитып қойды. Әйтпесе апасы қайда жүр деп шарқ ұрып іздеуі мүмкін. Бұдан соң көп кідірмеді. Енді аялдаса, қазір апасы оянады. Қолына қармағын ұстап, Ақсайды бетке алды. Ізінен жер иіскелеп Ақтөс ерді. Білетін кісілердің айтуынша, балық түсте «саялап» судың түбінде жатады, жоғары көтерілмейді. Ал азанда өріске шыққан малдай өріп, ойнап, шолпылдап асыр салады. Қармаққа ілінетіні де нағыз сол кез. Қысқы қансонар секілді. Балықсонар. Берік аяғын жылдам-жылдам басты. Көзді ашып-жұмғанша Ақсайға келді. Көпірдің тұсынан солға қарай жағалады. Көзімен тінткілеп балық ойнап жатқан жерді іздеді. Қайсыбір тұстар кедір-бұдырсыз айнадай жарқырайды. Ондай жерге қармақ салып қажеті жоқ. Бір кезде сонадайдан жаңбыр жауғандай бүлкілдеп, жыбыр-жыбыр ойнап жатқан бір жерді көрді. Екі өкпесін қолына алып, жүгіре жөнелді. Сәті түсті деген осы. Келе асығыс-үсігіс қармағын лақтырып кеп жіберді. Бірақ әп дегеннен қармағын балық қаба қоймады. Ентігін басып, тізесін бүкті. Су бетінде қалтылдаған қалтқысынан көз алмады. Батса болды – қапқаны. Міне, міне... Жоқ, қалтқы әлі тұр. Болмады. Енді малдас
құрып жайласып отырды. Мынау жыбырлаған су беті алдап соққаны ма? Балық неге қаппайды? Бір мезет қалтқысы суға сүңгіп кеткендей болды. Берік жүрегі лүпілдеп, қармағын серпіп жоғары көтеріп қалды. Жеп-жеңіл, сопаң етіп қармақтың өзі шықты. Ұшына ілген етін жеп кетіпті. Қармақты қайта лақтырды. Балықшыны балықшы ететін төзім, сабыр. Берік дегбірсізденбеді. Тек бір балық та қаппай ұятқа қалдырмаса болғаны да. Әрі отырды, бері отырды. Сол баяғы жыбырлаған су беті. Қалт-құлт еткен қалтқы. Жалығып кетті. Бір кезде көзіне ұйқы тығыла бастады. Тұла бойын әлдебір әлеуетті тәтті күш билеп әкетіп барады... Берік дес бермей басын сілкіпсілкіп жіберді. Аздап сергігендей болды. Бірақ сәлден соң тағы да маужырады. Өз-өзіне ие болудан қалды... Қанша уақыт өткені белгісіз, кенет қолынан қармақ сабының сырғып түсіп кеткенін сезді. Дереу көзін ашты.... Ашты да... Санын бір соқты. Ақсайдың айдын суының қақ ортасымен қармақ сабының ағысқа қарсы зымырап жүзіп бара жатқанын көрді...
ШАЙҚЫМ
Шайқым – шулы қаладан, машиналар ерсілі-қарсылы ағылып жатқан үлкен даңғыл жолдан мойны алыс, қызыл қия құмның ішіндегі аядай ауылдың қара домалақ балаларының бірі. Кескін-келбет, түр-түсін суреттесем былай: денесі мығым, бойы жөнінде кесіп-пішіп айту қиын, ойын баласы, әлі өмірі алда, өседі ғой, бәлкім, әкесіне тартса, ұзынтұра болар, қазір дегенмен өз тұстастарына қарағанда шарға, тәпелтек, мықыр. Қысқа, мыртық саусақтарының буынбуындарының аралығы балықтың торсылдағы сықылды жұмсақ тырсиып тұрады. Мұрыны дүмпіл, дөңес, кейін тау мұрын жігіт болады-ау шамасы. Бет терісі қалың, содан ба кей-кейде ішіндегі көңіл күйі бетіне қан боп ойнап тепсе де, онша білінбейді. Ерні дүрдек. Астыңғы ерні жайбарақат салбырап түсіңкі жүреді, ар жағынан сарғайған майда қой тістері көрінеді. Шашы қатты, қайратты. Басының әр жер-әр жерінде, оң шекесінде, маңдай төбелігінде, шүйдесінде кішкене кезінде шыққан теміреткінің алатағанақ ойдым-ойдым іздері бар. Осыған бола балалар Шайқымды көбіне «Тазша» дейді мазақтап. Көз ұшынан құйын көре қалса: «Тазшаның үйіне, Шайқымның үйіне бар!» – деп жамырап, шулап қоя береді. Мінез-құлқы бала-шаға ығыр ғып, мініп-түсіп жатса да, қыңқ етпейтін қойторы аттар секілді, иі жұмсақ. Біреудің жағасын жыртып, не біреуге дауыс көтеріп, алысып-жұлысып, алқын-жұлқын оғаш қылық көрсеткенін осы уақытқа дейін ешкім естіген де, көрген де емес. Өзімен өзі. Ешкімге зияны жоқ. Бір нәрсені берсең алады, бермесең, қадалған жерінен қан алып және өжектемейді. Шешесі кейде оның осы мінезіне күйініп: «Қара да тұр, бұл ма, бұл соңыра нанын тауып жей алмайды!» – дейді. Кім білсін... Өмір көрсетеді ғой. Ың-шың, айқай-шуды сүймейді. Себебі өзі елеусіз бала адам басы қара-құра көп жерде тіпті көзге ілінбей қалады, сондықтан да өзінше оқшау, оңаша жүргенді жақсы көреді. Бірақ ойынқұмар. Ақ таяқты ат қып мініп, ауыздығымен алысып, шіңгірлеп, кісінеп құйғығанда, табаны жер иіскемейді. Әсіресе ләңгі тепкенін айтсай! Бір мүлт кетпейді. Жасырынбақта ол тығылмайтын, ол білмейтін қуысқолтық жоқ. Дегенмен әрдайым көңілдегідей құмары қана армансыз ойнап жарытпайды. Біреу оның асығын, біреу добын тартып алады. Бұған бәрі де көрер көзге қиянат жасайды. Ондайда жанжал шығаратын Шайқым ба?! «Мұның не, мұның зорлық!» – демейді. Көзін алартып доқ та көрсетпейді. Қайсыбіреулерге ұқсап жылап-еңіреп, ботадай боздап, шешесіне де бармайды.
Не керек, бұған бәрі мәтіби. Не болса да бәрі ішінде. Жұрт Шайқымды жылатқанды қызық көреді. Өйткені оның жылап-еңірегенінен келіп-кетер ештеңе жоқ, ешкімнің де көңілінің шырқы бұзылмайды. Кір-кір қолымен айғыздап көзінің жасын сүртеді де, ойынға қайта кіреді. Тілазарлығы жоқ. Көршісі шақар бес жасар Әбуден бастап, өз қатарына қарағанда соқталдай жігітке есептелетін, жейдесінің қалтасында үнемі айна мен тарақ жүретін Жарасқа дейін баршасы емін-еркін қолбалаша жұмсайды. Олар үшін бұл – қолжаулық, қуыршақ. Өзінен де бар: қасарыспайды. Лыпып қолдыаяққа тұрмайды. Үлкен айтсын, кіші айтсын – бәрібір. Басын «мақұл!» дегендей, бір шұлғиды да дедектеп жүгіре жөнеледі. Есептеспейді. Салғыласпайды. Оның ішкі жан дүниесіне үңіліп жатқан ешкім жоқ. Балалар көңілдері соқса Шайқым, әлденеге ренжіп, қабақтары шытылса, Тазша деп атайды. – Тазша, бері кел! Шайқым сөзді екі етпей жетіп келеді. – Тазша, біздің ала бұзауды суғар! Шайқым дедектеп бұзауды бұлаққа айдап барады. Кейде бұзаудан айрылып та қалады, ондайда, сөз жоқ, таяқ жейді. – Тазша, отын жар! Шайқым сексеуілді тау қылып үйіп тастайды. Шөпшек тамызығын бір бөлек, томарын бір бөлек жинап, сенекке кіргізіп береді. – Әйкөлімді әкеп берші! – Жеңімді түрші! – Шашымды тара! – Үйіңнен кәмпит әкел! ........................................................................................... Шайқым тіл қайтармайтын әдетімен жүгіре береді... Міне, сол Шайқымның кеше әскерден, Киевтен Серібай ағасы келді. Дүрілдеп той болды. Шайқымның қуанғанын көрсеңіз! Сыптай, жып-жинақы киінген ағасы оған әбден ұнады. Бұл естіп отырды: ағасы әскерде полк командирінен талай рет алғыс алыпты. Серібай ауылдас жолдастарына әскердегі қызық хикаяларды бүге-шігесін қалдырмай, майын тамызып әңгімеледі. Бірде мергендіктен, нысана көздеуден жарыс болыпты. Серібай кішкентайынан аңшы еді. Аңға шықса, ауылдың айналасындағы тоғайдан құрығанда бір қоян алып қайтатын. Көз ұшына іліксе болды – құр жібермейді. Ертегідегі нағыз сұрмерген. Қойшы, ұзын сөздің қысқасы, сонда әлгі жарыста сол аңшылығының үлкен себі тиіпті. Жылжымалы қарауылдардың (ағаш нысаналар) бәрін құлатқан. Сосын жарыс аяқталғасын командир Серібайды саптың алдына шығарып: – Қатардағы солдат Серібай Шәкіровке нысана көздеудегі аса үздік көрсеткіші үшін алғыс жариялаймын! – депті. Шайқым ағасына ұқсағысы келді. Басына ағасының маңдайында қызыл жұлдызшасы бар әдемі сұр шәпкесін киді. Беліне жалтыраған сары жез доғалы қоңыр былғары белбеуін байлады. Сөйтіп өзіне-өзі таңырқап айнаның алдына кеп тұрды. Аумаған кішкентай солдат. Тек үлкен шәпке төмен түсіп, көзін жабыңқырап тұр. Мейлі, оқасы жоқ. Той тарқап, ел аяғы саябырлағасын Шайқым биік қамыспен қоршалған ашық қой қораның ішінде қолына айырдың қайың сабын кеудесіне серт ұстап, кәдімгі солдаттарша дік-дік етіп әрі-бері жүрді. – Оңға! Оңға бұрылды.
– Солға! Солға бұрылды. Ол екі Шайқымға айналды. Бір Шайқым – командир де, екінші Шайқым – солдат. Командир Шайқым солдат Шайқымға саңқ-саңқ бұйрық береді, солдат Шайқым мүлтіксіз орындайды. – Ана қарауылды көріп тұрсың ба? Ат! – Құп, жолдас кәмәндір! Тра-та-та! Тра-та-та! Шайқым аузымен оқ боратты. Уф, әйтеуір абырой болғанда, тигізді-ау. Жұдырықтай тасты алып, қораның қабырғасында тұрған жұқа тақтайға лақтырып кеп жіберді. Ура! Дөп тиді! – Жолдас кәмәндір, бұйрығыңыз орындалды! – Жарайсың, Шайқым Шәкіров. Алғыс жариялаймын. Ой, сен де Серібай ағаң сияқты құралайды көзге ататын сұрмерген екенсің. Үйіңе хат жазып жіберейінші. Әке-шешеңнің аты-жөні кім еді? – Шәкір, Нәзипа. – Дұрыс. Командир Шайқым қолына бір ұзынша жыңғыл таяқшаны алды да, құмның үстіне әлдене деп жаза бастады: «Құрметті Шәкір аға, Нәзипа апа! Шайқым секілді бала тәрбиелеп өсіргендеріңіз үшін сіздерге көп рақмет. Ол қазір жауынгерлік борышын үлгілі атқарып жүр. Тәртіпті. Міне, бүгін нысана көздеуден ерекше көзге түсті». Осы сәттегі Шайқым – баяғы иі жұмсақ Шайқымға мүлде ұқсамайтын еді. Басқа, мүлде басқа дүниеге еніп тұрған болатын. Өзінің бойындағы бар-бар қуат-қайратын, жақсы қасиеттерін жаңа ғана сезінген тәрізді. Шексіз шаттанып, көңілі көктемде тасыған өзенше тасып-төгіліп, өз-өзінен күліп, ажарланып, әлдекім қолынан ұстап дедектетіп жетектеп ала жөнелгендей, ақ желкенін жел кернеп айдынға бет түзеген кеме сияқты жерді дік-дік басқан күйі қой қораның есігінен сыртқа қалай шығып кеткенін байқамай қалды. Кеудесінде бір күміс қоңырау үнсіз сыңғырлап тұрғандай, қуанышы әлден уақытқа дейін басылмады. Алғаш рет біреулерге мақтанғысы келді. Өзіне мұндай ойдың қалай оқыс келе қалғанына бас қатырып жатпады. х, шіркін, біреу-міреудің көзі түсер ме еді. Күн тал түс. Шыжып тұр. Көлеңке қорғалаған жұрт тегіс үйде, ыстық қайтпай далаға шықпайды. Киіз үйдің іргесіне келіп еді, ашық керегеден іштегі ағасы мен әкесінің тәтті қорылы естілді. Ұйқтап жатыр. Біреуі бас көтерсе қайтеді? Осы ұйқыны шығарған кім екен? Ақтөс те іргеге тығылған сұйық көлеңкені қуалап, ерініп көзін бір ашып, бір жұмады, мұнысы мені мазалама, әурелеме дегені. Көше бетке шығып, кісі қарасын көрем бе деп, жан-жаққа зер салды. Қас қылғандай ешкім жоқ. Тым-тырыс. Ауада жыбыр-жыбыр мұнар ойнайды. Амал не, бала боп өмірінде жүрегі жарыла бір рет шаттанған екен, сол шаттығына ортақ болатын бір кісі кезікпеді-ау. Мұндай нәрсе күнде-күнде бола бермейді. Жұрт соны түсінбейді ғой. Тұйық көңілінен алқынып бұлақ ағып тұрғанын білсе ғой. Командир Шайқымның алғысы, әке-шешесіне жазған хаты – оның жұдырықтай жүрегін қатты-қатты лүп-лүп соқтырды. Екі езуі күлкіден, бақытты күлкіден жиылмады. Көшеден біреу-міреудің көзіне шалына қоймағанына сәл ренжісе де, қуанышы басылмай, өзіне-өзі әлде де ырза қалыпта: «Жарайды, қайтем енді...» – деп үйіне қарай бұрыла бергені сол еді, екі иығын жұлып жеп, аяғындағы көк сандалды әуелете допша лақтырып, жолды бұрқ-бұрқ шаңдатып, сосын қайта киіп, қайта лақтырып келе жатқан әйгілі тентекті – Ахметті көзі шалды. Қап, жөні түзу бір адамның жолықпағанын, қарашы! Ахмет бұл үркердей ауылдағы бар баланың атаманы. Ақ дегені –
алғыс, қара дегені – қарғыс. Өзінен кішілерге оның әмірі олай да, бұлай да жүреді. Үлкендердің өзін бет бақтырмайды. Шамасы келмесе мазақтап қаша жөнеледі. Балалардың ауыздарынан: – Ахмет асығымды тартып алды. – Ахмет ұрып жіберді. – Ахмет жылатты... – деген сөзді жиі естисің. Шайқымның мына бақытты мезетіне сол Ахметтің келе қалғаны... Қырсық деген осы. Мейлі, бақытты кісіге тентектің жұдырығы онша қорқыныш емес. Ахмет келе әй жоқ, шәй жоқ бұйыра, өктем сөйледі. – Тазша, сонша неге мәз боп тұрсың? Ағаң келіп, құдайың берді ме? Әкел ана белдікті! Сен беліңе, шірік арқан байлап алсаң да болады. Бұл саған жараспайды. – Неге жараспайды? Мен – солдатпын... – Не? Тіл шығыпты өзіне. Солдатпын дейді. Солдаттан садаға. Бол, әкел! Ахметтің Шайқымның қоңыр былғары белдікті белінен дереу шешіп, «мінекиіңіз» деп қолына ұстататынына еш күмәні жоқ еді. Содан болар онша мазасызданбады. Себебі Ахметті жұрттың бәрі біледі. Бірақ... Бірақ Шайқым жуық арада айтқанын орындай қоймады. Орындамақ түгілі, ниет қылып орнынан қозғалмады да, қолын белдігіне де апармады. Әлдебір ойға қазық тірегендей, шәпкесін шекелете киген қалпы міз бақпай тұрды да қойды. Әлгіндегі қуанышы үркіп, кеудесіне барып тығылды. Ахмет шыдамады. Осы уақытқа дейін сөзінің аяқасты болғанын бірінші рет көруі. Неткен сұмдық! Мұны өзге балалар білсе, тіпті масқара-ау. «Тазша айтқанын істемепті». Одан өткен қорлық бар ма. Осылай ойлауы мұң екен, қатты кетті. – Әй, кімге айтып тұрмын мен?! Кереңсің бе, әкел ана белдікті! Шайқым бәрібір белдікті шешіп беретін ыңғай білдірмеді. Ахмет мысық табандап көзінен ызғар шашып, жанына тақады. Даусын бұрынғыдан да зорайтты. – Әй, саған бір нәрсе көрінген бе?! Иә, Шайқымға бір нәрсе көрінген еді, ол сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Өзі өз болғалы алғаш рет тістеніп, оң қолын ширыға оқыс көтерді де, Ахметтің бүйрек бетінен шапалақпен тартып кеп жіберді. Бұл шапалақта оның баяғыдан Ахметтен көрген бар-бар зәбір-запасының есесі бар еді. Соның бәрі жиналып бір шапалақтың қуаты, тегеуріні болып шықты. Ахмет мұндайлық істі әлбетте күтпеген-ді. Көзінің оты жарқ етті. Апалақтап не қыларын білмей қалды. Мұнысы құйғып шауып келе жатқан аттың аяқ астынан бір шұқанаққа сүрініп жығылғанындай еді. Не істеу керек? Күнде теке тіресіп, төбелесіп, қырық пышақ болып жүрген балалардың бірі болса, бір сәрі, ә десе, мә деп, жағаласа кетер еді, сөз жоқ. Бірақ Шайқымның жөні бөлек. Бұл бір түсінбейтін тылсым нәрсе болды. Маңдайы тасқа соғылғандай. Ахметтің тілі күрмелді. Ұғынықсыз ашу-ызадан сол көзін алақанымен басып, шілденің ыссы күнінде қалшылдап, тұла бойында қан зыр-зыр жүгіріп, дәрменсіз күйге түсті. Шапалақты қойшы, әрине, жай тиді деуге де болмайды, бірақ бәрінен бұрын оны Шайқымның мына ісі таң қалдырды. Кеше ғана баяғы қойторы Шайқым еді-ау... Кеше ғана басынан шертіп тұрып жүз тықымай алған. Кеше ғана мұны ырсылдап дүкеннен мектепке дейін арқалаған. Кеше ғана... Енді бұдан былай соның бірі де қайталанбай, көзінен бұл-бұл ұша ма! Тәтті күндері ащы естелікке айнала ма? Жо-жоқ, Шайқым бұлар ойлағандай жуас емес екен. Апасының «нанын тауып жей алмайды» дейтіні де бекершілік. Тек баяғыдан бері батылдығын,
батырлығын көрсететін мезгілін күтіп жүрген екен ғой. Сол мезет Ахметке тап келуін... Шайқым болса бар көңіл күйін, ашу-ызасын, көкірегіндегі қыжылын бір-ақ шапалақпен айтып, одан өзге ештеңе ләм-мим деместен артына бұрылды да аяғын дік-дік басып қораға қарай жүріп кетті. Әудем жерге барып, оң қолын шекесіне қойып, қалт тұрды. Командир Шайқым: – Бұйрық орындалды ма? – деп сұрады. Солдат Шайқым: – Орындалды! – деді даусы саңқ етіп. – Жарайсың, қатардағы солдат Шәкіров! Мана қашып, кішкентай кеудесіне барып тығылған шаттығы гүл-гүл құлпырып, бетіне қайта тепті. Езуінде күлкі ойнады. Ахмет әлденеге түсінбегендей көшеде, сол баяғы орнында сұқ саусағын аузына салып тістелеп, аңтарылған күйі тұр еді әлі...
ҮЙ ОЙЫНЫ
Түстен кейін оқитын балалардың күнде мектепке ертерек келіп, азаннан бері еселері кеткендей сыныпқа сөмкелерін әкеліп тастап, сағат екіге дейін – қоңырау соғылғанша, асыр салып ойнайтын әдеттері, сосын үсті-бастары шаңшаң, өрім-өрім болып, түрлері өрт сөндіргендей топырлап парталарына кеп отырады. Содан сабақ басталады. Төртінші сыныптың оқушылары бүгін де сөйткен. Апыр-топырдың соңын ала Кәрім ағай да сыныпқа кірді. Балалар сәлемдесіп, жапырлай орындарынан тұрды. Кәрім ағай күнделікті дағдылы әдетімен басын изеп амандасып, маңдайына төгілген шашын кейін қарай бір серіпті де, сынып ішін көзімен жүгірте шолды. Міне, қызық, сыныпта кілең ер балалар ғана отырған еді. Қыздар жоқ. Ау, олар қайда кеткен! Бірлі-жарымы болса бір сәрі, бәрінің түгелдей сабақка қатыспауы қалай? Рас, кейде себепті жағдайлармен, не әке-шешелері бір жұмысқа сұрап, я ауырып-сырқап дегендей қалып жататындары болады. Бірақ Кәрім ағайдың төртінші сыныптың әлі күнге дейін дәл осылайша омсырайып қалғанын көрген емес. Көбіне ойынға алданып кешігіп, есікті бірінен соң бірі батылсыздау тықылдатып, есіктің аузында кінәларын мойындағандай беттері қызара ұялып, рұқсат сұрап келе береді. Ағай осы ойды дәрмен етіп, есіктің тықылын күтті. Үміттене есікке қайта-қайта қарады. Бірақ, неге екені белгісіз, көк сырлы дәу есік тілсіз. Жан жоқ. Әшиінде сықырлап ашылып-жабылып маза бермеуші еді. Бұл жолы тыныш. Бес минут өтті. Он минут өтті. Өзі айналдырған қырық бес минут. Оның жартысы балаларды күтумен өтсе, не болғаны. Қалған уақытта үй тапсырмасын сұрай ма, жаңа сабақты түсіндіре ме, не істейді? Кәрім ағайдың шыдамы таусылды. Үстелдің үстіндегі журналдан басын көтеріп: – Сыныпта кезекші кім? – деді. – Мен, ағай! Орнынан лып етіп жалақ сары бала – Алтынбек ұшып тұрды. – Сен болсаң, қыздар қайда? Алтауыңа сабақ өтем бе? Сыныптың жартысынан көбі жоқ. Алтынбек үйреншікті әдетімен сарт-сарт тақылдап жауап бермеді. Күмілжіді. – Білмеймін. Бағана бәрі де мектептің алдында ойнап жүр еді.
– Бар, шақырып кел, сабақ оқитын ойлары бар ма өздерінің? Тәртіп жоқ. Бетімен кеткен. Ағай ашумен қатты-қатты айтып жіберді. – Жақсы. Алтынбек сыртқа беттеді. Бірақ көп кідірмеді. Баруынан қайтуы тез болды. – Ағай, жоқ. Бар жерді қарадым... – Ім-м. Солай де. Отыра ғой орныңа. Енді не істеу керек? Ағай айран-асыр. Неше жылдық мұғалімдік өмірінде мұндай нәрсені бірінші рет көріп отыр. Ойы әр саққа кетті. Әуелі ашуланды. Сосын таңданды. Бірте-бірте таңданысы біртүрлі қорқынышқа айналып бара жатты... Тек жамандық болмағай. Бірақ не жамандық болуы мүмкін? Машина қағып кететіндей бұл кішкентай ауылда қаладағыша сапырылысып жатқан ештеңе жоқ. Дөңгелек атаулыдан екі трактор ғана бар, олар қазір шөпте, ауыл тып-тыныш. Ұры-қарыдан аулақ. Суға кетті дейін десе, бұл жерде жалғыз бұлақтан басқа су көзі жоқ. Енді не? Түсініксіз. Ойлап-ойлап басы ауырды. Сыртқа тағы бір баланы – «алып кел, шауып кел» Нуханды жіберді. Ол да артынан жел қуғандай тез оралды. – Ағай, бұлаққа, ұста дүкенге, Ырзағалидың үйі жаққа, бәріне бардым, жоқ! – деді көңілсіз. Нуханның көңілсіз болатын себебі бар. Ол көбіне-көп мұғалімдердің жұмсаған жағынан іс тындырып, үнемі «жарайсың, маладес» деген мақтау сөздер еститін. Соған кәдімгідей масаттанып қалатын. Бұл жолы онысы болмады. Амал қанша, тағы бір «маладесті» алғанда жаман болмас еді. Шақырып келе қоятын қырсыққанда, қыздары құрғыр көзіне шалына қоймады ғой. – Жарайды, отыра ғой. Нухан партасына ықылассыз кеп қонақтады. «Бұл қыздар қайда жүр?» Сабақ жайына қалды. «Қой, өзім қарап келейін», – деді ішінен ағай. Сөйтті де қазақ тілінен сөз таптарын талдауға бір жаттығу берді де, ересек, естияр бір баланы сыныпта тәртіп сақтау үшін өз орнына отырғызып, сыртқа шықты. Әуелі мектептің алдында тұрып жалғыз көшенің екінші басына көз жіберді. Бейсауат ойнап жүрген бала-шаға көрінбеді. Кең көше қараң-құраңсыз, бұдырсыз аңқып жатыр. Тұрып-тұрып бұлаққа қарай аяңдады. Онда да балалар жоқ, бірен-саран суға келген, шелектері қаңғырлаған әйелдер ғана, бұлақ сарқырап ағып жатыр. Ағай енді ауылдың сыртын – қоралар жақты жағалады. Көң, сақ аралас шеге құмды сырп-сырп басты. Қидың иісі мүңкіді. Ағай мұрнын тыржитты. Кенет... рас па, өтірік пе, Жаппасбайдың қорасынан балалардың шуылы естілгендей болды. Кілт тоқтады. Рас, балалардың даусы: жіп-жіңішке, нәп-нәзік, шіңкшіңк. Үндеріне қарағанда, өздері әлденеге мәз-мейрам тәрізді, балық үлестіріп жатқандай қарма-жарма. Ағай жоғын тапқандай, аяғын жылдам-жылдам басты. Қуанып кетті. Іле-шала бұл қуанышы ашуға алмасты. Несіне қуанады. Бір сабақ – қырық бес минут босқа кетпекші. «Мен сендерге ойынды көрсетейін, сабақ кезінде, қарашы, бұларды. Басқа уақыт жетпеді ме сонша? Не істейді осылар күні бойы? Сабақты жарытып оқып озат болып жатқандары шамалы. Есілдерттері ойын. Ұлы да, қызы да...» Қораға жеткенше талай сөзді естіп үлгерді. – Уа, құдағи, той құтты болсын, мінеки, келін түсіріп, қолың ұзарды! – Қонақтар қай тамға кіреді?
– Сүйінші! Сүйінші! – Көрімдік! Көрімдік! Құдды қораның ішінде ұлан-асыр той болып жатқан сияқты. Мұнысы несі? Кәрім аң-таң. Әлде дауыстар өзге бір үйден шыға ма? Аядай ауыл. Той-томалақ болып жатса, бұл естуі, білуі керек еді ғой. Жоқ, қорадан, қораның ішінен естіледі. Дауыс балалардікі екені анық, ал сөздері... сөздері – кесек, ірі, үлкен адамдыкі. Кәрім ағай әлденеге түсінбей, айран-асыр күйде қораға жетті. Қараса, сол өзінің іздеген қыздары. Орынкүл, Әйткүл, Шәрігүл, Тұрсынай, Бибайша... бәрі-бәрі осында. Ағай селдір шыпта тоқыма қамыстың жол-жол саңылауының арасынан қой қораның ішіне үңілді. Қыздар ештеңеден алаңсыз, үй-үй ойнап жатыр. Сабақты мұғайым естерінен шығарған... Ағай ұрсып-ұрсып мектепке алып қайтам деп ойлаған-ды. Бірақ өзін-өзі ұстады. Олардың ойындарын қызық көрді. Қораның қараңғы арғы түкпірінен тәмпіш танауы нәзік делдиіп, фартугы желп-желп етіп Тұрсынай жетіп келді ортаға. Келді де: – Бибайша апа, балаңыз келін әкеле жатыр, сүйіншімді бер! – деп айқайлады. Мына жақтан қарт анаға ұқсап, кәдімгі асып-сасқан кісіше аяғы-аяғына шалынысып Бибайша түрегелді отырған орнынан. – Не дейді!? Рас па, жалғызымның қызығын көретін күнге де жеттім бе?! Сүйіншіңе қалағаныңды ал! Аузыңа май. Ештеңе аямаймын. Жарығымның, жалғызымның тойында... Сөйткенше болған жоқ, Әйткүл мен Шәрігүл екі жағынан қолтықтап Орынкүлді ортаға әкелді. Орынкүлдің – «келіннің» басына жиегі шашақты гүлді ақ орамал жабылған (сірә, біреуі үйінен алып келсе керек). Беті анық көрінбейді. – Кәне, кәне, шашу шашыңдар! Екі қыз қара фартуктарының қалталарынан уыстап-уыстап қойдың қатқан құмалақтарын «келінге» қарай шашып кеп жіберді. Жұрт таласып-тармасып жер сипалап теріп ап жатыр. Олар үшін қойдың құмалағы тура кәмпит, печенье секілді. – Көзайым бол! – Шырағым, табалдырықты оң аяғыңмен атта! – Отқа май сал! Кәдімгідей ырымдар жасалып жатыр. Бибайша кеп еміреніп «келіннің» маңдайынан сүйді. Көзіне қуаныштан жас алды. – Қой, жылама. – Шүкіршілік қой... Тек көңілім босап... Аяқ астынан... Балам-ау, ең болмаса алдын ала ескертіп тілгрәм салмадың ба? Жүрегім жарылып кетсе кәйтесің... – О не дегенің, Биапа, қуаныш атаулы осылай айтпай келе берсін. – Жөн ғой, тек мен сорлы... – Қой енді. – Әлдекім кимелеп кетті. – Ау, өстіп тұра береміз бе? Келіннің бетін ашпаймыз ба? – Кәне, бетін ашайық! Бәрі тез. Бәрі жылдам. Той тым асығыс өтіп жатыр. Сапырылыс. Барлық нәрсе аралас-құралас. Тамара дереу «келіннің» басындағы орамалдың бергі ұшына ұзын қызыл жыңғыл таяқты жалғады да беташар айтуға кірісті.
– Айт, келін-ау, айт, келін!
Атыңның басын тарт, келін!
Сауысқаннан сақ, келін!
Жұмыртқадай ақ, келін!
Ел-жұртыңа жақ, келін!
Айнала жұрт қошеметті жаудырды:
– Ой, пәлі!
– Міне, осылай айту керек!
Тамараның одан сайын арқасы қозды.
– Келін, келін, келіпсіз,
Иіліп сәлем беріпсіз,
Ата-анаңа бір сәлем!
Келін иіліп сәлем қылды. – Қайнағаңа бір сәлем! – Қайын сіңіліңе бір сәлем! Тамара «келінге» күйеудің бар туған-туысқандарына арнап-арнап сәлем еттірді. Сосын бетін ашты. Жұрт «келіннің» дидарын көрді. «Келін» қысыла күлімсіреді. – Ой, өзі иманжүзді екен! – Айналайын, келген аяғың құтты болсын! Бұдан соң жиналғандар шайға отырды. Бәрінің ауыздарында ағыл-тегіл ақ тілек. Бәрі шетінен ақ жүрек. – Міне, қолы ұзарды деген осы. – Егінбай кеше ғана жалаң аяқ шапқылап жүрген бала-тұғын. – Келін тәрбиелі үйден шыққан көрінеді. Мұның бәрі қыздардың әлдекімдерден үзіп-шалып естіген сөздері, бірақ лүпілдетіп боямасыз таза айтып жатыр. Кішкентай балалардың аузынан шыққан сөз деуге кісі сенбейтіндей. Біреуінің үйінен әкелген болуы керек, «келін» күйелеш-күйелеш мүрік шүмек қара құманнан шыны сынықтарына ұялып-қысылып, әнтек бірдеңені бүлдіріп алмайын дегендей бетінен оты шығып, «шай» құйып отыр. Әдеппен сызыла қалған. Жұртқа назарын тіктеп салмайды. Қимылынан сылт еткен оғаш қылық білінбейді. Ел «терлеп-тепшіп шай ішіп жатыр». «Кеселерін» – шыны сынықтарын еріндеріне тигізеді. Ауыздары күйетіндей суытып, үрлеп-үрлеп қояды. Әлсін-әлсін маңдайларын сүрткіш-тейді. Бір уақта келіннің енесі – Бибайша сөйледі. – Шүкір, баяғыда мұндай күнді көрем деп ойлап па едім. Жалғыз баланы тұмсықтыға шоқыттырмай, тырнақтыға ілдірмей ебіл-дебіл боп жүріп асырапбақтым. Ит пәшеспен соғысам деп шалым майданнан қайтпады. Қара қағаз алдым... Сонда да Егінжанды оқыттым. Адам қатарына қостым. Әкесі көрмеген қызықты көрсін дедім. Міне, енді ел қатарлы инстөтін бітіріп, келін де түсірді. «Бір бейнеттің бір зейнеті болады» деген. Әйтеуір ұзағынан сүйіндірсін. Қос қарғамның жүрімі ұзақ болсын. Халқыма өкпем жоқ. Ел іші – алтын бесік. Бірақ кісіде арман түге-сілген бе, енді немере сүйсем, екі дүниеде де бақыттымын... Бибайша орамалының ұшын көзіне апарды... Қараптан-қарап айдаладан Кәрім ағайдың да көңілі бұзылды. Жанары дымқылданды. Бұл кезде ол төртінші сыныптың қыздарының үй-үй ойнап жатқанын мүлде есінен шығарған еді. Қораға кіріп барып, өзі де құтты болсын айтқысы келді. Қораның ішінде шынымен той болып жатқандай сезінді.
АЛҒАШҚЫ ШЫРША
Сағладин көптен бері күнделік жазумен шұғылданады. Ауылдағы елеулі, есте қалар нәрселердің бәрін көңілінен қалт жібермей, қалың көк дәптеріне түртіп отырады. Оның күнделігі қаладан мойны алыс, жиырма-отыз үйлі төрт жылдық мектепті, тып-тыныш кішкентай ауылдың өмірбаяны, тарихы секілді. Мәселен, Сағладиннің күнделігінің беттерінен мынандай сөйлемдерді оқуға болады: 1. «30 мамыр. Гүлзада босанды. Шілдехана жасады. Нәрестесінің атын Асқар деп қойды». 2. «16 маусым. Беріш атаның қызыл сиыры үшті-күйлі жоғалып кетті. үйлері ағарғансыз қалды. Бәрінен бұрын бұзауына обал-ақ. Дамылсыз мөңірейді де тұрады. Мөңірегені бір түрлі кісінің сай-сүйегін сырқыратады, жылағаны тәрізді...» 3. «19 қыркүйек. Нұрабайдың үйіне Алматыдан нағашы інісі келді. Көп-көп базарлық әкелді. Әсіресе жәмбілшедей-жәмбілшедей қып-қызыл алмаларына қарап, көзің тоймайды...» Міне, осы секілділер. Сағладин үйреншікті әдетімен бүгін де қаламын қолына алды. Бір түрлі толқып, беті нұрланып, қуанып отырып, көк дәптерінің бетіне былай деп жазды: «31 желтоқсан. Біздің ауыл үшін ерекше оқиға болды. Жаңа жыл кешінде мектепте алғаш рет шырша құрылды. Қызықты өтті...» Содан Сағладиннің әлден уақытқа дейін кірпігі ілінбеді. Даладағы долы боранның ащы уіліне құлағын түріп жатып, бүгін болған жаңа жыл кешін көз алдына елестетті... Почтальон ертеңгілік соңынан біреу қуғандай кеңсесінен атып шықты да, тонының өңірі түймеленбеген, жүн шалмасының бір ұшы мойнында сөлектеген күйі мектепке қарай құстай ұшты. Жолай: – Оу, қайда асығып барасың?! – деген кісілерге де жөндеп жауап қайырмады. Бар болғаны: – Бүгін ауылға шырша әкеледі! – деді. Олар «Шыршасы несі?» деп таңданып қала берді. Ол жүгіргеннен жүгіріп отырып, ентігіп мектепке келді де, мектеп директорына – Әлмешке: – Әлеке, бүгін ауылға шырша әкеледі. Жаңа ауданнан рациямен хабарлады. Және жанында бір жәшік ойыншығы бар көрінеді, – деді. Мектеп директоры айран-асыр болды. – Түсінсем бұйырмасын. Бүгін желтоқсанның 31-і. Шыршаны кім әкеледі? Немен әкеледі? Аяқ астынан бұл не? Үлгермейді ғой... Қала жердің түбінде. – Үлгереді! Тікұшақпен әкеледі. Тәйірі, тікұшаққа не тұрады, қаладан бір сағатта ұшып жетеді! Бұл сөз лезде бүкіл ауылға тарады. Тосын хабар. Жұрттың бәрі аң-таң. Қызық. – пырай, ә! – дейді бір-біріне. Балалар алыстан әкелері келетіндей, бір-бірінен сүйінші сұрап әуре. – Бүгін шырша болады! – Шырша! Мектепте жаңа жыл кеші бұрында да болып жүрген. Балалар жаңа жыл әндерін шырқап, тақпақтар айтатын. Күй тартып, би билейтін. Аяз Ата
базарлығын үлестіретін. Бірақ бұның бәрі шыршасыз өтетін-ді. Ортада желегі мол үлкен жыңғыл бұтағы бозарып тұратын. Міне, енді шырша әкелмекші. Жаңа жыл кешінің сәні жасыл шырша ғой... Таңертеңнен бастап жұрттың екі көзі аспанда болды. Аспан бұлыңғыр. Жер қалың қар. Ауыл адамдары енді қар борап жауып кетпесе екен деп тіледі. Өйтсе, қуаныштарының су сепкендей басылары сөзсіз. Алай-түлей боран ұйтқып, төпеп қар жауып берсе, тікұшақ ауылды тауып келе ала ма? Ақыры жұрттың күткен сәті де жетті. Сағындырып кешкі сағат бестердің әлетінде әуеден еміс-еміс бір дүріл естілді. Түрік құлақтар бірден білді – дүріл қала жақтан. Балалар қуаныштары қойнына сыймай ауылдың шығыс бетіндегі бұлаққа – қар жамылған тақырлыққа қарай жүгірді. Қардың беті айқайлапшулаған, қолдарын шапалақтаған қап-қара тірі ноқаттарға – балаларға толып кетті. Іле-шала қылдырықтай балық құсап тікұшақ те көрінді. – Ура! – Алақай! «Міне жеттім, көрдіңдер ме?» – дегендей, тікұшақ дүрілдеп ауылдың үстін екі рет айналды да, тақырлыққа кеп қонды. Моторы өшті. Сосын оң қапталындағы темір есігі шалқасынан ашылып, ішінен ұшқыш басын сыртқа шығарып, сонадайда үйме-жүйме жыпырлап тұрған балаларға айқай салды. – Мектеп директоры қайда?! Мектеп директоры балалардың арасында еді. – Мен мындамын! – деді ол, құлақшынын түзеп, алға ентелеп. – Бері келіңіз. Мына шыршаны қабылдап алыңыз... – Кәзір, кәзір... Директор ұшқышпен қол қысысып амандасты да, еңкейіп әлдебір қағазға қол қойды. Ұшқыш тікұшақтың ішінен дәу бір түп шыршаны сыртқа шығарды. Есіктің аузында топырлап тұрған балаларға кенет лүп етіп көктем иісі бұрқырап қоя бергендей болды. Ертегі дерсің. Аппақ қардың үстінде бір түп жап-жасыл шырша. Балалар көздерін сұқтана қадап, шыршаны қоршап алды. Ұшқыш бұдан соң директордың қолына бір картон жәшікті ұстатты. – Бұл ойыншықтар. – Сөйтті де балаларға риясыз күле қарап:– Жаңа жылдарың құтты болсын, балақайлар! – деді. Балалар командирмен сәлемдескен солдаттардай бір ауыздан шу ете қалды: – Сіздің де жаңа жылыңыз құтты болсын. Бізге шырша әкелгеніңіз үшін көп рақмет! – Сау болыңдар! – Сау болыңыз! Ұшқыш қоштасты да, есігін тарс жапты. Іле-шала тікұшақ көкке көтерілді... Бұл балалардың шыршаны алғаш рет көруі еді. Әлдебір асыл бұйымды алып келе жатқандай, шыршаны мектепке жан-жағынан аялай ұстап, әлдилеп көтеріп апарды. Жолда шыршаның бір қылтанағы да жерге түскен жоқ. Кешке мектепке тек балалар ғана емес, ауылдың бүкіл адамы жиналды. Аталары мен әжелері немерелерін жетектеп келді. Үлкен бөлменің қақ ортасында көздің жауын алып, құлпырып тұрған шыршаны көргенде, жұрттың таңдайларын қағып таңданғаннан басқа шарасы қалмады. Өне бойы тұнған жылт-жылт еткен неше түрлі күміс ойыншықтар, алтын жалатылғандай жұдырықтай шыны шарлар, ұшар басында қып-қызыл бесжұлдыз. лектр сәулесімен жалт-жұлт, жарқ-жұрқ етеді. Шырша құдды алқа, моншақ тағынып, зерлі, әдіпті кең етек жасыл көйлек киіп алған ертегінің ханшасы тәрізді. Әдемі ойыншықтарды көріп, кішкентай балалар қыңқылға басты:
– Ата, маған анау күміс пілді алып берші. – Әже, алтын балық керек маған. – Көке, әнебір ілулі тұрған алманы жегім келеді. Оларды аталары мен әжелері, әкелері мен шешелері жұбатып әуре: – Қой, болмайды. – Анау ойыншық – ойыншық алма ғой, шын алма емес. Кішкентайлар бәрібір түсінер емес. Қайсыбірі бөлмені басына көтеріп жылап жатыр. Бөлме іші у-шу, әзіл, күлкі... Бір кезде далада боран күшейіп кетті ме, әлде мотормен жұмыс істейтін кішкентай электр станцияның бір жері бұзылды ма, әлде майы таусылды ма, кенет сүттей жарқырап тұрған электр жарығы өшті де қалды. Сыныпты көзге түртсе көргісіз қараңғылық басты. Қапелімде жаға қоятын шам, шырақ жоқ. – Не болды? – Шам жанып кетті ме? – Жоқ, станциядан! – Айдаш қайда? Неге бармайды? Айдаш – моторист. Осында еді. – Не болды екен? Қазір! – деп ол құлақшынын баса киіп, ауылдың бір шетіндегі станцияға қарай жүгіре жөнелді. Бөлме іші абыр-сабыр, топырлаған аяқ дыбысы. Біреуді-біреу біліп болар емес. Мектеп директоры жанұшыра айқай салды: – Абайлаңдар! Шыршаны сындырасыңдар! Бірақ оның айқайына құлақ асар ешкім болмады. Жұрт шыршаға лап қойды. Бағанадан бері ойыншыққа қызығып, қақылдап тұрған балалардың құдайлары берді. – Әй, тоқтаңдар! – Қойыңдар, кәні! Қараңғыда шыршаның әдемі ойыншықтары ту-талапайға түсті. Жұрт қолына ілінгенінің бәрін алып жатты. Кімнің кім екенін, не істеп жатқанын біліп болмайды. Тек дауыстары ғана естіледі. Бірі қуанышты, бірі өкінішті. Көбі негізінен «олжалы». – Ә, мынау күміс піл ғой манағы! – Қап, мына ойыншықтың сынып қалғанын қарашы! – «Қоян» ілікті қолыма! – Әлгі дәу «қасқыр» қайда?! – Тарт қолыңды, мұны мен алып жатырмын!.. Айдаш станцияға барып жетті ме, кенет бөлмеде электр шамы жарқ ете қалды. Бірақ амал не, самала электр сәулесі жұртты қуанышқа бөлей алмады, шырша әлгіндегі аз уақыт қараңғылықта бар сұлулығынан айрылып үлгерген еді. Ойыншық атаулыдан жұрдай болған-ды. Кейбір бұтақтары сынған. Айналасы қиқы-жиқы сынық шыны шарлар, шашылған жапырақ-жапырақ жылтырақ қағаздар. Шырша жан-жағынан қоршалап тұрған адамдарға: «Бұл не істегендерің?!» – деп мұңайып тұрған секілді. Сау қалған күміс ойыншықтары мен алтын жалатылған әдемі шыны шарлары балалардың, олардың аталары мен әжелерінің, әкелері мен шешелерінің, аға-апаларының қолында жылт-жылт етеді. Мектеп директоры қатты күйінді: – Ау, бұларың не, бәрің бала боп кеттіңдер ме, түге?! Жұрт үндемеді. Тек Беріш атай ғана қақырынып, естілер-естілмес: – Бала болмай... шыршаны бірінші рет көріп тұрмыз, – деді күбірлеп...
1-МАМЫР МЕРЕКЕСІ
Ақсуат – кішкентай ауыл. Бәрі өзіне лайық. Дүкені құйтақандай. Ферма кеңсесі де алақандай. Үйлері де тәмпиген-тәмпиген тоқал тамдар. Мектебі де кішкентай – төрт жылдық. Бәрі кішкентай, мақтаныш қылар тек бір-ақ нәрсесі бар: аспаны тұнық, даласы кең, қара сирақ балаларының көкірегі толы қиял, арман... Ауыл қаладан мойны алыс – ит өлген жерде. Машина сирек қатынайды. Қонақ та сағындырып оқта-текте бір қара көрсетеді. Келген кісінің күн айналмай жатып, іші жарылып кете жаздайды. Жалығып-зерігіп бітеді: айнала үнсіз, монтиған құм төбелер. Содан ба кішкентай төрт жылдық мектепке мұғалім тұрақтамайды. Бір жылға зорға шыдайды. Келулерінен кетулері тез. Бірақ мұғалімнің аты – мұғалім, білім мұрабы. Азғантай уақыттың ішінде олар бәрібір арттарына жақсы із, жақсы жаңғырық қалдырып кетеді. Мысалы, Шәрипа деген талдырмаш мұғалима қыз ауылдың қара сирақ балаларына бұрын-соңды естіп-білмеген неміс тілін үйретті. Балалар әлі күнге дейін өздері шала-шарпы жаттап алған бірді-екілі неміс сөздерін ауыздарынан тастамайды. Тілдерін бұрап, реті келсін, келмесін бір-біріне: – Ауфедерзейін! – Гутен тақ! – Шнель! – Арбайт! – деп жүргендері. Бұл неміс сөздері ауыл адамдарының есіне Шәрипа апайды салады. Ал балалар бұл дүниеде волейбол деген спорт ойынының бар екенін Жанділдә ағайдан білді. Жанділдә ағай қалада институтта оқып жүрген кезінде талай-талай жарысқа қатысыпты. Командалары үнемі жеңімпаз болған. Сәния атты келіншек мектептен табиғат мүйісін ашты. Тасбақа, құрбақа, кесіртке, қоян, тышқандар мектептің сүйкімді тұрғындарына айналды. Жанжануарларды көргің келсе, дала кезіп қажеті жоқ. Кәрім деген мұғалім мектептің бір бөлмесін музейге айналдырды. Ауылдың тарихына байланысты үй-үйден ескі, көне заттарды жинады. Бәрінен бір-бір із қалды. Балалар ауылға келген әр мұғалімнен осындай жаңалық, жақсы іс күтеді. Олардың ойынша, әр мұғалім оларды ғажайып бір нәрсемен таң қалдыру тиіс... Биыл күзде қаладан мектепке Демес деген мұғалім келді. Жасы жиырма бестерде. Ұзын бойлы. Мінезі салмақты. Көп сөйлемейді. Үнемі ойға шомып жүреді. Балаларға бірден ұнады. Шәкірттердің көңіл күйін жақсы түсінеді. Ретті жерінде ұрысады, ретті жерінде кешіре де біледі. Сабағы қызықты. Тарихтың ғасырлары мен жылдарына, күндеріне тіл бітіріп жібереді. Аспай-саспай, егжейтегжейлі айтады. Бұдан кейін кітаптың бетіне қарап қажеті жоқ. Ол сөйлеп тұрған кезде сыныпта шыбынның ызыңы ғана естіледі. Оқушылар беріле тыңдайды. Бәрі жақсы, бәрі дұрыс. Бірақ балалардың бәрібір Демес ағайға көңілі толар емес. Олар Демес ағайдан ерекше, кейін ауыздарынан тастамай аңыз ғып айтып жүретін таңғажайып бір іс күтіп әуре. Ал ағай болса, әзірге, сол «ерекше ісін» көрсететін түрі жоқ. Жаңбырсыз жаздай бірінші тоқсан елеусіз тып-тыныш өтті.
Екінші тоқсанда да ала-бөле ешқандай өзгеріс болмады. Сол баяғы сабақ, сол баяғы тәртіп. Үшінші тоқсанда да ағай өз «өнерін» көрсетпеді. Уақыт зымырап өтіп жатты. Міне, көзді ашып-жұмғанша сәуір айы келді. Бір айдан соң оқу жылы аяқталады. Балалар сыныптан сыныпқа көшеді. Ұзақ-сонар жазғы каникул басталады. Ағай қалаға кетеді. Күзде қайта келе ме, жоқ па, о жағы беймәлім. Ағай, расымен, балалар кейін естеріне алып, ауыздарының суы құрып айтып жүретін жақсы бір із қалдырмай, үн-түнсіз тып-тыныш елеусіз кете бармақ па? Жо-жоқ, олай етуі тиіс емес! Балалардың көңілдері осылай дейді. Олар шынында да бекер үміттенбепті. Демес ағай бүгін сабақтың аяғында балаларға: – Балалар, өздерің жақсы білесіңдер, ертең – 1-Мамыр мерекесі. Жер жүзі еңбекшілерінің ынтымақ күні. Үлкен мейрам. Бүкіл еліміз тойлайды. Біз де шеруге шығуымыз керек. Әдемі киініп келіңдер. Ер балалар – ақ көйлек, қара шалбар киіңдер. Қыздар ақ фартук, ақ бантикпен келіңдер. Мойындарыңа галстуктеріңді тағыңдар. Бір-бір кішкентай қызыл жалауша жасап әкеліңдер. Азанда сағат сегізде мектептің алдына жиналыңдар! – деді. Міне, қызық! Күтпеген жайт. Балалар өзді-өзі ұзақ дабырласты. Айранасыр. Шеруге шығамыз дегені қалай? Әлде жәй ойнап айтты ма екен? Жоқ, олай емес. Басқа басқа, 1-Мамыр мерекесімен ойнамайды ғой. Ау, ауылда сонда қалай, шеру бола ма? Сенгің келмейді. Айнадай жарқыраған тас көше жоқ. Қызыл-жасыл, алуан түсті шарлар қайда? Портреттерді, транспаранттарды қайдан табады? Қаладағыдай саңқылдап сөйлеп, ауық-ауық ұран тастап тұратын радио қайда? Және шеруді тамашалап, қызыға қарап, көше бойлай иін тірескен халық керек... Андыздаған көп сұрақтың бірде-біріне жөнді жауап таба алмай, балалар үйді-үйлеріне тарады. Бұл жаңалықты апа-көкелеріне, ата-әжелеріне – бәріне жеткізді. Олар да қайран. Жылда 1-Мамыр шерусіз, ештеңесіз тып-тыныш өтетін. Кішкентай ауыл. Түнімен дұрыс ұйықтай алмай, таңның атуын асыға күтіп, таңертең бәрі мектептің алдына жиналды. Демес ағай отыз-қырық баланы бой-бойларымен екі қатар етіп сапқа тұрғызды. Өзі керемет көңілді. Әдеттегі тұнжыраңқылығы жоқ. Тез-тез сөйлеп, жеңіл қимылдайды. Қуаныштан көзі күлім қағады. Үстінде қардай аппақ көйлек. Кеудесінде алқызыл күлте. – Кәне, тездетіңдер! – деп қояды оқтын-оқтын. Саптың алдындағы баланың мойнына ескі көк барабанды ілді. Екінші бала сабы ұзын үлкен алқызыл туды желбірете жоғары көтерді. Өзгелерінің қолдарында кішкентай жалаушалар. – Кәне, алға! Ағай сапты ауылдың шығысына – құм төбелерге қарай бастады. Алдарынан – көкжиектен мың сан жылы жібек сәулесін саулата төгіп күн көтерілді. Сап күнге бет түзеді. Аспан шырқау, биік, тап-таза, көкпеңбек. – Бап-бап! Бап-бап! Барабан дүңкілі таңғы тұнық ауаны жаңғырықтырды. Балалар әп-сәтте өркеш-өркеш жасыл белдерге жетті. Ағай сапты тоқтатып: – Енді гүл теріңдер! – деді даусы саңқылдап. Сап бұзылды. Балалар қырқа-қырқаны қуалай жүгіре жөнелді. Бір-бірімен жарысып, таласып гүл терді. Құшақтары қауызында шық мөлдіреген жұпар иісті қызғалдақ пен құртқашашқа толды. Бастарына өріп гүлтәж жасады.
Аздан соң сапқа қайта тұрды. Ендігі бағыттары ауыл. Сол шеру тартқан қалпында далиған жалғыз көшенің бұлақ жақ басынан аяқтарын нық алып, ауылдың шетіне кірді. Дүңкілдеген барабан үні, балалардың шат-шадыман айқай-шуы мен сыңғырлаған күлкілері жұрттың ұйқысын шайдай ашқан тәрізді. Үй-үйдің алды қара-құра адам, көздерінде әлдебір таңданыс. Қызығу. Жанарларын саптан аудара алмайды. Шалқи желбіреген алқызыл ту. Дүңкілдеген ескі көк барабан. Құйттай алаулар тәрізді шүпірлеген жалаушалар. Қауыздарында күн сәулесі ойнаған қызғалдақтар мен кұртқашаш гүлдері. Балалар әуелете ән шырқады:
– Ақ көгершін, көгершін,
Қолқанат құс сен едің.
Бар, кезіп қайт ел ішін,
Кең дүниенің көлемін.
Шеру көшенің ортасына жетті. Көздерін ұйқыдан тырнап ашып, саптың соңынан жалаң аяқ, жалаң бас, майда балалар ілесті. Шеру құдды бұлақтар мен жылғалар келіп құйылып, қызыл-жасыл толқын ойнап, ағып келе жатқан өзен сияқты. Ағай кенет: – Еңбекшілердің ынтымақ күні – Бірінші Мамыр жасасын! – деп ұран тастады. Балалар шу ете қалды. – Ура! Ура! – Бейбітшілік жасасын! – Ура! Ура! Аспанда балалардың нәзік те қуатты үні қалықтап тұрып алды. Ағай ауылдың екінші басына жеткенше көңілінде жатталған бар ұранды айтып болды. Бір кезде енді не істесем екен дегендей, біраз аңтарылып қалды. Бірақ саспады. Үйінің алдында жыңғыл таяғына сүйеніп тұрған Әбдірәш атаны көрді де: – Әбдірәш ата жасасын! – деп айқайлап жіберді. Балалар уралап жөнелді. Әбдірәш ата аяқ астынан мұндай тосын құрметті күтпеген еді, кәрі өңіне қуаныштан лүп етіп қан тепті. Қалбалақтап: – Көп жасаңдар, қарақтарым! Өмірлерің ұзақ болсын! – деп күбірлей берді. Бұдан соң Демес ағайдың көзіне кішкентай немересін қолынан тас ғып ұстап алып, бұларға таңдана, қызыға қарап тұрған Бәтима әже түсті. – Бәтима әже жасасын! – Ура! Қуаныштан Бәтима әженің жанары жасаурап қоя берді. – Шырақтарым, бақытты болыңдар! Сөйтті де қостың аузында жүрген келініне айқай салды: – Кәкен, а, Кәкен, ана балдарға түнеугі тәтті кәмпитіңнен әкеп берші. Әй, қарақтарым, сәл тоқтай тұрыңдар! – Қазір, апа! Сөйтті де, Кәкен балаларға жылтырақ қағазға оралған бір тәрелке кәмпит әкеп таратты. Ал балалар: – Мерекеңіз құтты болсын! – деп әжейге бума-бума гүл ұсынды. Қаланың мереке күнгі ақ қанат кептерлері тәрізді аспанда шырқ үйіріліп, шырылдап ән салып торғайлар ұшып жүр. Көше бойы төгілген гүл.
Балалар ауылды бір айналып, мектепке оралды.
ӘЖЕ, АЙТШЫ, БҰЛ КІМ?
Сапардың бала боп тәтті нәрсеге пәлендей әуестігі жоқ. Бірақ мамасымен зәуде бір дүкенге бара қалса, сөрелердегі неше түрлі кәмпит, пешенейлерді көріп қыңқылдап, мазалайтыны рас. Онда да сөзі өтсе жақсы, өтпесе және де өзгелер құсап жылап-еңіреп, таусылып-түгесілмейді. Мамасы кейде: «Үйде де бар емес пе, түк көрмегендей мұның не сонша?!» – деп кейіп, бетін қайтарып тастайды. Үйде де бар екенін, көк шкафта толып тұрғанын біледі ғой, дегенмен бала болғасын әдеті емес пе... түк көрмегендей қызығады да. Бірақ Сапар ілешала өзінің орынсыз қолқасын түсінген, сонысынан ұялған сыңай танытады да, одан әрі үндемейді. Неткен ақылды бала десеңші! Мамасы енді бірде: «Ойбүй, әмиянымды тастап кетіппін, несиеге бере ме, ертең алып берем», – деп жорта өкініп, қынжылып, алдаусыратады. Сапар бұның тек көңіл жұбату екенін ұғады, сонда да өп-өтірік (бәлкім, шын да болар) иланып, оп-оңай сене салады. Ойыншықтардан да өстіп қағылып жатады. Бірі – опақ, бірі – сопақ, бірі – қыңыр, бірі – қисық, әйтеуір сылтау табылады. Қызыл-жасыл кеудешесінде не жауырынында қонжықтың, барабан ұрып тұрған мақтаншақ қоянның суреті бар жаңа киімдерді де оқта-текте киеді, көбіне бойы-сойы бір, өзімен тетелес ағасының көнетоз, ескі көйлек, шалбарларын үстіне іліп жүре береді. Әлбетте сіздер бұған қарап оны соншалықты момын екен деп ойлап қалмаңыздар. Жо-жоқ, олай десеңіздер, мықтап қателесесіздер. Күшіне мініп, шын байбаламға басса, әке-шешесінің: «Сапаржан, не керек, не ішесің, не киесің?» – деп, оның алдында құрдай жорғалайтынына ешқандай шүбә келтірмеңіздер. Шынымен-ақ осылай болар еді, бірақ бар кінә Сапардың өзінен. Селқос. Бейжай. Салғырт. Қыңқылы ашуға, қызығуы қиғылыққа ұласпайды. Тамшылап-тамшылап қана қойып, селдете жаумаған бұлтқа ұқсайды. Себебі кәмпит те, ойыншық та, қызыл-жасыл әдемі киімдер де – ол үшін жай елеусіз, екінші қатардағы нәрселер. Қадалып дәйектемейтіні де содан. Әйтпесе... Сапардың бала көңілі басқа нәрседе. Иә, басқада. Оның бес саусақтай апанық білгісі келмейтін дүниесі жоқ. Кеудесі құдды сұрақ толған сандық секілді. Жанына жолап кетсең болды, сұрақтың астына алады. Ол үшін минут сайын, сағат сайын бірдеңені біліп, танып, көріп тұру міндет. Әйтпесе ішкен асы бойына жұқпайды. Ондайда Сапар мезгілге де, мекенге де, жағдайға да қарамайды. Сылтау, себебіңді құлағына ілмейді. Дәл солай. Өзге балалар құсап тым-тырыс томпиып өзінше ойнап жүре берсе қайтеді?! Жоқ, оған ондай тыныштықты жазбаған. Міне, мәселе қайда жатыр. Қайсыбір сұрақтары анаумынау ғалымдарыңның басын қатырып жібереді. Олай дейтінім, Сапар жұрт қатарлы қатып қалған анықтама, түсініктемелермен тоқтамайды. Ертегілердегі ақ сандық, оның ішіндегі көк сандық, одан әрі қызыл сандық секілді сұрақтарында шек жоқ, бірінен бірі туа береді, туа береді... Бұлталаққа көнбейді. Тас табандап отырып алады. Талабы – сұрағына көңілі көншитін жауап бер. Әйтпесе қаршадай баланың алдында дүниені танып-білудің шексіз екендігін, өзіңнің дәрменсіз, білімсіздігіңді мойындауың керек. Мысалы, ол сізден кәдімгі құм ішінде сылдырап ағып жатқан бұлақ туралы сұрайды. – Бұл не? – Қайда ағып барады?
– Қайдан бастау алады? – Осылай аға бере ме? – Айналасында құрақ неге өсіп тұр? – Құрақ неге тақырда жоқ? Тағысын тағылар... Ол сіздің ешқандай сөзіңізге қанағаттанбайды. Айта-айта аузыңыз ауырып, бірте-бірте тұйыққа тірелесіз. Әуелі ашуланасыз, олай емес дегеніне былай деп, өзіңізше дәлелдеп арамтер боласыз, сосын жалығасыз, иә болмағасын дауыс көтеріп, айқайлауға дейін барасыз, екіншілей жанына жуымауға іштей ант-су ішесіз, дегенмен оның жаны жай табатын, көңілі көншитін бірдеңе айтуға тиіссіз. Өйтпей болмайды. Ол сондай бала. Бәрібір ізіңізден қалмайды. Ол бәрін білгісі келеді. Оның жанын түсінетін тек әжесі ғана. Қолы бос, көңілі хош, үйде зерігіп отырғасын ба, әйтеуір жалықпайды. Рабайда бір қабақ шытады. Кей күндері Сапар өзін де, әжесін де титықтатып қатты шаршатып барып, төсекке құлайды. Әжесінің бар болғаны қандай жақсы! Әйтпесе іші жарылып кетер еді. Папасы мен мамасы әуселесін көтермейді. Жұмыстан шаршап келеді, баламен бала боп мылжыңдасып отыруға уақыттары қайда? Сондықтан да Сапардың сөзі көбіне әжесімен ғана жарасады. Сапар бүгін түнде тас боп ұйықтау үшін қораның артындағы жоңышқалықтың арғы мүйісіне тиіп тұрған бұлаққа барып, мұздай суға шомылып келді де, қараша үй мен тамның аралығындағы тақтай сәкіге салынған төсегіне кеп жатты. Бірақ бірден көзі іліне қоймады. Күндізгі аптап табы сейілмеген жазғы түннің құрғақ жылы ауасы үстін демде кептірді де, денесін пысынатып, мазасын кетірді. Лүп еткен жел жоқ. Сапар беліне дейін жамылған қанауыз көрпені аяқ жағына тастады да, екі қолын екі жаққа жіберіп, аспанға қарады. Жұлдыздар шаңдатып, самсап, жамырап тұр. Тек мектептің төбесіндегі әнебір жұлдызға не көрінген? Кір-қожалақ балаша беті дұрыс көрінбейді. Өзін бұлт перделеп тұр ма, әйтеуір көмескі, күңгірт. «Неге бұлай?» – деп өз-өзінен таңданып, өзіне өзі сұрақ беріп, жауап іздеп, басын қатырды да, шарбақтың сыртындағы сораң, жыңғыл бұталарының арасынан тынымсыз шырқаған шілделіктің шырылы мен құрбақалардың құрылына әлдиленіп, тәтті қалғып жүре берді... Содан қай мезгіл екені белгісіз, ыстық ауа кілкіп, тоқтау суша бір орнында қозғалыссыз тұрып қалған ба, бір кезде таңдайы кеуіп оянып кетті. Түн қапырық. «Уф!» деп, дариядай кең сәкі таршылық еткендей бір аяғын оң қапталына қарай созып еді. Аяғы тақтайға емес, жұмсақ бірдеңеге былқ ете қалды. Міне, қызық! Жанында біреу ұйықтап жатыр. Бұл кім болды екен? Әжесі мен мамасы қараша үйде. Папасы Жаңаарықта шөпте, одан келесі айда қайтады. Ағасы қалаға кеше ғана кеткен. Сапар көпшіктен басын көтеріп, қасындағы кісінің бетіне үңілді. Бұрын-соңды көрмеген кісісі. Бет сүйегі ірі. Маңдайы жазық. Қабағы қалың. Ұйқыдағы тыныс алғаны да біртүрлі. Демін мұрнынан емес, аузынан шығарады. Жәйімен, жұртты оятып алмайын дегендей естілерестілмес күбірлеп, паровоз боп ойнап жатқан тәрізді. «Пуф! Пуф! Пуф!» Түсінікті болды, мұрны пұшықтау ма, қалай өзі? Аяғының сәкіден асып жатқанына қарағанда, бойы ұзын. Сапардың жорамалдауынша, жас шамасы қырықтардан өткен, елулерге тақаған. Кім бұл? Қайдан келді? Қашан келді? Құм ішіндегі бұл кішкентай ауылға машина сирек қатынайды. Себебі қаладан, кеңшардан мойны алыс. Ретімен, мезгілімен жүріп жатқан
жолаушылар автобусы жоқ. Мұнда келетін кісі көлік таңдамайды. Водовоз ба, құрылыстың цементін тасыған жүк автомобилі ме, «Техпомощь» сияқты жабық «газик» пе, трактор ма – бәрібір. Уақытпен де есептеспейді. Түн бе, тал түс пе, боран ба – сөз емес, тек аяқ артар көлік кездессін де. Көбіне бұл ит өлген жерге сағынышы үлкен кісі ғана келеді. Сөз жоқ, мына қонақ та сондай адамдардың бірі. Әйтпесе анау-мынау адам жол азабына шыдамайды. Сапар өзі білетін қала-даладағы туған-туысқандарының бәрін көз алдына елестетіп өтті. Бұл кісіні еш жерде көрмеген сықылды. Сапар әрі-бері аунақшығанда, сәкінің шеге қағылмаған, жәй қатар-қатар бос қоя-қоя салынған орнықсыз тақтайлары шиқылдап, сықырлады. Жол соғып тастаған болуы керек, бейтаныс кісі бұны елең қылмады. Сапар саусақтарын тарақтап, қолын басының астына салып, шалқалап жатып, тағы да аспанға қарады. Бағана ұйықтар алдында көрген жұлдызы әлі кіреуке. Әлсіз, көмескі жылтырайды. Осындай ап-ашық айлы түнде мұнысы несі? Өзін көк төсінен жұлып алып, алашаға ысқылап-ысқылап жіберіп, жалтжұлт сәуле ойнатып, орнына қайта апарып қояр ма еді? Енді біраздан соң Сапар тағы да беймезгіл қонақ жайлы ойлап кетті. Өзі атыжөнін естіп-білмеген, бет-жүзін бір рет те көрмеген кісімен қатар жату қандай қиын. Жақсы адам болса жөн, ал керісінше, бұзық біреу болса ше? Қой, онда күйіп тұрса да тамға барып жатқаны дұрыс. Сапардың ойынша, жаманнан жаман қасиет жұғады. Бірақ ұйқыдағы кісінің жақсы-жаман екенін қалай білесің? Сапар қонақтың бетіне қайта үңілді. Кім болды екен? Беймезгіл қонақ анау мектептің төбесіндегі күңгірт, көмескі жұлдыз сияқты боп көрінді. Сан-сапалақ сұрақтан басы ауырып кетті. Ұйқысы қашты. «Қой, аты-жөнін, кім екенін білейін..» – деді күбірлеп бір кезде. Сөйтті де Сапар сәкіден түсіп, қараша үйге кірді. Есік ілмешегі салынбай, іштен бос қапсырыла жабылған екен, итеріп қалып еді, сыр-р етіп ашылды. Тапал дөңгелек үстелдегі майшамның керосині таусылған ба, білтесі көңірсіп, қызарып жанып тұр, мөржесінің жоғарғы жіңішке жағы қара күйе. Сапар іргедегі әжесінің төсегіне келді. «Сергекпін, құс ұйқылымын» дейтін ол ештеңені сезетін түрі жоқ, қатты ұйықтап жатыр. – Әже... Әже-е... Сапар аузын әжесінің құлағына тақады. – Әже деймін, әже! Әжесі дыбысты құлағы шалуы мұң екен, басын төсектен бірден жұлып алды. – О не, Сапаржанбысың?! – Иә, мен ғой... Әжесі мезгіл түн екенін жадынан шығарғандай, үйді басына көшіріп сөйлеп берді. – Е, неғып жүрсің? Бірдеңеден қорықтың ба? – Жоқ. – Енді не болды? Келші, менің жаныма жата ғой... – Жатпаймын. Әже, сұрайын дегенім, ана сәкідегі кісі кім? – Е, бәтір-ау, Арыстанбекжанды айтасың ба?! Бірдеңе сұраса, егжей-тегжей түп-тұқиянына дейін білмей қоймайтын немересінің мінезіне қанық әжесі, әңгімеміз ұзаққа созылар дегендей, қобыраған қудай ақ шашын қолымен тарағыштап, төсегінен түрегеп отырды. Әжесі құс ұйқылы. Тек әлгінде ғана азғантай көз шырымын алған еді. Қарт кісілердің бәрінен ұйқы қаша ма, Бәтима әже көбіне түнемелік кірпігі ілінбей, көңілі қыдырып жатады. Сондайда беймезгіл уақта тұрып ап сүт ішкісі келген,
не асық ойнағысы келген балаға ұқсап, біреулермен күбір-күбір әңгімелескенді көксейді. Бәтима әже әдепкіде немересін бірдеңеден қорықты ма деп ойласа да, артынан тілдесіп, сырласатын жан табылғанына қуанды. – Арыстанбекжан ба, ол сенің атаңның – менің шалымның інісі Мұлынбай қайнымның жалғыз ұлы ғой. Бәтима әже немересі әңгімемді түсінеді, түсінбейді деп жатпайды, көңілінде не тұрса, соны со күйінде айта береді. Ал Сапар болса, әжесінің көп сөзінің бірін ұғып, бірін ұқпай жатады. Сосын әңгімесін ара-тұра қайта-қайта бөліп, кейбір жерлеріне миы жетпеген шәкіртше түсінбегендерін сұрап қояды. Міне, тағы да бірдеңені ұға алмай қалды. – Әже, сонда Мұлынбай деген кісінің аты ма? – Қайным ғой. Атын айтуыма болмайды. Қалай десем екен? Жылқының төліне аттас. – Құлын. Құлынбай ма?! – Иә. Сол марқұм он саусағынан өнері тамған жігіт еді, бүткіл ауылдың кебеже-сандығын өзі жасайтын. Соғысқа кетті де қайтпады. Қара қағаз келді. Сонда Арыстанбек бес жаста еді. Ол бір қиыншылық кез еді ғой. Құдай бірақ жетім-жесірді жерге тастасын ба, Арыстанбек те адам болды. Қазір қалада бір инстөтта дөкей мұғалләм. Нәуік. Өлі-тірімізді білейін деп келген ғой. Айналайын, ағайын емес пе? Бәтима әже көңілі бұзылып, дымқылданған көзін жамылғы көрпенің тысымен сүртті. – Бағана Жарылқағанның трәктірімен келіпті, танымай қалдым. Апа деп арсалаңдап құшақтай алғаны... Әй, кәрілік-ай десейші, қолда өскен бала ғой, соны шырамыта алмай қалдым ғой мен сорлы. «Әкесіз жетім – мас жетім, шешесіз жетім – қас жетім», шешесі байғұс ебіл-дебіл боп жүріп, баласын ел қатарына қосты. Арыстанбекжан басқан жерін ойып жіберетіндей дік-дік етіп жүретін, сонысына қарап мен Керой дейтінмін. Керой десе – Керой еді өзі де. – Керой деген не? – Батыр ғой, батыр. – Герой ма? – Иә. Тілім келмей жатыр. Жаңа хал-жағдайын да сұрап үлгермедім, шаршап-шалдығып келді ғой. Бір-екі ауыз тілдескенде байқағаным: екі-үш қара домалақтары бар көрінеді. Арыстанбекжан кісіден бөлек қой. Көп қиыншылық шекті. Енді, міне, соның бәрі бір күнгідей болмады. Үйлі-баранды боп отыр. Қызметі анау. Осы ағаңдай болсаң, ешкімнен кенже қалмайсың. Сапар әжесін беріле тыңдады. Осы кезде төрде жатқан мамасы оянды. – Осы сендердің-ақ сөздерің түгесілмейді, күндіз – күндіз, ал енді түнге көштіңдер ме? Таң атсын, сосын кешке дейін жырласаңдар да мейілдерін. Адамға ұйқы бермедіңдер ғой... – деді көңілсіз күңкілдеп. Екеуі әңгімесін кілт тыйды. – Бар, ұйықтай ғой, қалғанын ертең айтып берем. Әжесі Сапардың арқасынан қақты. Сапар орнына кеп жатты. Жанындағы қонаққа бағанағыдай: «Бұл кім?» – деп таңданып, қорқа, қүдіктеніп емес, қызыға қарады. Кім екенін білді. Қонақ – ең жақын, ең жақсы ағасы екен.
Аздан соң ауа салқынданып, ауылдың күн шығыс тұсынан лүпілдеп самал есті. Бетіндегі буалдыр пердені жел қуып әкеткен бе, мектептің тас төбесіндегі күңгірт, көмескі жұлдыз алашаға ысып-ысып алғандай, ап-анық жарқырап тұрды.
ТОМ СОЙЕРДІҢ ДОСЫ
Бұрын оны балалар өз есімімен шақыратын. Көлдей дейтін. «Тапал», «Үзынтұра», «Мұжық», «Фонтамас» деген секілді жамау аты жоқ-ты. Бірақ қырсық шалайын десе қиын ба, осыдан он күн бұрын бір топ бала араларында Көлдей де бар-тұғын, кешкілік ауылдың сыртында мақпал ақ құмның үстінде асыр салып ойнап, аунап, бір кезде ентіктерін басып, демалып отырды да, сөзден сөз шығып, бір-бірінің достарын сұрасты. Тапалтақ, мығым денелі Алмас: – Менің досым – Сағат! – деді мақтанып. Мақтанатын жөні бар. Сағат математик, кез келген есепті шемішкеше шағады. Сағат оны қостады: – Иә, екеуміз доспыз! Талғат көршісі Назарбекті досым деді. Бекболат Әлмешті атады. Өстіп біртебірте кезек Көлдейге де келді. – Көлдей, сенің досың кім? Құдды бұл сұрауды күтпеген адамша астында құмырсқа жыбырлап жүргендей Көлдей отырған орнында әрі-бері қозғалақтады. Көзі күнге шағылысқандай кірпігі жыпылық-жыпылық етті. Сосын сәл ойланды да: – Менің досым ба? Досым – Том Сойер! – деп шаттана айқайлап жіберді. Балалар аң-таң. Құлақтары шалыс естігендей. Ау, бұл ауылда ондай бала жоқ секілді еді ғой. – Кім дейсің?! Тәкенбай ма? – Жоқ, Том Сойер! – Қызық екен... Немене, ол досың қалада тұра ма? – Жоқ. – Енді қайда? – Ол американдық. Марк Твен деген жазушының кітабынан оқыдым. Керемет бала... Екеуіміздің дос болғанымызға бір жыл. – Мәссаған! Америка... Көлдейдің сөзі төбеден түскендей болды. Балалар не дерлерін білмей аз-кем дағдарды. Сосын бір уақта бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, шу ете қалды: – Ой, қияли! – Том Сойер! – Кітап өтіп кеткен! Кітапты аз оқу керек! – Сөзінің сиқын қара! Балалар шиқылдап-қиқылдап жан-жақтан жапа-тармағай күліп, аспанды бастарына көтерді. Көлдей абдырап қалды, бұлары несі, соншалықты не болды? Несі күлкілі? Шын сөзі... Олар достарының есімдерін атағанда, бұл мазақ қылған жоқ еді ғой. Қызық! Көлдей отырған орнынан тұрып, ортаға шығып, әрқайсысының бетіне жаутаң-жаутаң қарап, сөз сұраған кісіше қолын жоғары көтеріп, әлгіндегі сөзінің мағынасын түсіндірмекші болып еді, ешкім құлақ аспай қойды, қайта лепірік күлкілерін одан әрі үдетті...
Міне, Көлдей содан бері Том Сойер атанды да кетті. Бірақ ол бұған титтей де өкінген жоқ. Том Сойер болса, несі жаман. Бір баланың досы сондай-ақ болсын. Тек балалардың түсінбей, мазақ қылғанына іштей қатты қынжылды. Иә, Том Сойер Көлдейдің көп оқып жүрген кітаптарының бірінен тауып алған досы еді. Балалар осыны білмеді. Рас, Көлдей кітапты көп оқиды. Таңның атысы күннің батысы қолынан кітап түспейді деуге болады. Дастарқан үстінде де кітапқа шұқшияды. Апасының: – Көлдейжан, шайың суып қалды ғой, – деп отырғаны әлсін-әлсін. Мұндайда Көлдейдің айтатыны: «қазір, қазір...». Көкесінің «көзің ауырады» деген сөзін де тыңдамайды. Бірде ол түнде шам сөнген соң төсекте көрпесін басына тас бүркеніп алып, қол панармен әлдебір кітапты қызыға оқып жатып, ұйықтап кеткен-ді. Апасы азанда сиыр саууға шықпақшы болғанда, Көлдейдің көрпесінің астында бірдененің қызарып жанып тұрғанын көріп, зәресі ұшты. Көрпе жанып жатыр ма деп ойлаған. Сөйтсе, қол панар... Не керек, Көлдейдің есіл-дерті – кітап. Өзгелер секілді ойынға жоқ. Әрине, әдейі ойнамаймын демейді, неге екені белгісіз, қайсыбір балалардың есеп шығара не сурет сала алмайтыны тәрізді Көлдей ойынға жоқ, қысылыпқымтырылмай, еркін асыр салып ойнай алмайды. Ал шын мәнінде жөнжосығымен әдемі ойнай білу де өнер ғой. Егер ойыннан емтихан болса, сөз жоқ, Көлдей «екілік» алар еді. Себебі шама-шарқы белгілі. Мәселен, алда-жалда балалармен бас қосып ойнай қалса, міндетті түрде бірдеңені бүлдіреді, олақтығын көрсетіп қояды, мазақ болады, не әлдекімдермен жанжалдасып төбелесіп қалады. Бұдан ойын бола ма? Ойын баланың жүйкесіне тимеуі, қуаныш, шаттық сыйлауы керек қой. Көлдейде керісінше, шаршайды. Сосын ызаланады. Асық ойнаса, қос қалтасын қағып, сымпиып шыға келеді. Арқаласпақта арқасы әбден жауыр болады. Жасырынбақта әп дегеннен көзге түседі. Бұрын кейде ренжіп, кейде жадырап жүре беретін, Көлдейдің кеше балаларға қатты көңілі қалды... Балалар кешкілік арғы көше, бергі көше болып бөлініп, футбол ойнауға ауылдың ортасындағы атшаптырым ашық алаңқайға жиналды. Аяғына ақ кети, үстіне сары футболка-жейде киіп, бергі көшенің–өз көшесінің намысын қорғамаққа Көлдей де келді. Балалар ойынға қосар деген пәлендей дәмесі жоқты. Себебі өз сырын жақсы біледі. Алмас бергі көше командасының капитаны. Көлдейді шынында команда құрамына алғысы келмеді. Бірақ бір бала жетпей қалды да, оны амалсыз ойынға қосты. Дегенмен: – Дұрыстап ойна! Бірдеңені бүлдіріп жүрме! – деп қатты ескертті. – Жарайды... – деді Көлдей күмілжіп. Қойшы, содан ойын басталды. Айқай-шу. Қызыл танау жүгіріс. Бәйгеге түскендей Көлдейдің де делебесі қозды. Шамасы келгенше жақсы ойнауға тырысты. Бірақ футболға ебі, икемі жоқ екенін бірінші таймның ортасынан ауа көрсетіп алды. Масқара болды! Үйме-жүйме құйындап келген қарсы команданың футболшыларынан допты ала қашудың орнына, астындағы сәйгүлігінің тізгінінен айрылып қалғандай, алас-күлесте байқамай, допты өз қақпасына соқсын! Айналада анталап тұрған жұрт ду күлсін. Алмас күйіп кетті. Алаңның ана басынан ентігіп жүгіріп жетті де, Көлдейді алаңнан қуып шықты. Командадағылар: – Енді сені бұдан былай ешқашан ойынға қоспаймыз! – деді қолдарын білеп. Көлдей иіні түсіп, үйге қайтты. Жаман азарланды. Жолда келе жатып өзөзінен былай деді: «Рас, мойындаймын, кінәлімін, жаңылысқан шығармын...
соған бола мені бар ойыннан мүлде аластағандары жөн бе? Қылмыс жасаған жоқпын ғой. Әдейі істедім бе? Олар құсап ертеден қара кешке дейін ойнап жүрсем, көрер ем, бәлем... Мейлі, ойын ойнамаған кісі жерде қалмайды. Өздері өмір-бақи ойынмен өтетіндей, о несі-ай! Ертең жылдар өтеді, ержетеді, сонда не істемекші? Кейін өздері-ақ өкінеді... Жоқ, соншама неге күйіп-пісемін, менің де олармен бірге ойнағым келмейді. Оларсыз да өмір сүре алам... Менің басқа достарым көп: Том Сойер, Қожа, Маугли... Қычан... Кетем бұл ауылдан. Ешқайсысының бет-жүзін көргім келмейді, сөйлескім келмейді. Түсінбейді...» Арада үш күн өтті. Көптен бері далада сағым ойнап, күн шыжып тұрған еді, бүгін батыстан лүпілдеп әлдебір салқын жел есті де, аспанды жөңкіліп бұлт торлап, жарқ-жұрқ найзағай ойнап, тақырда сатырлай шапқан сәйгүліктерше іле-шала дүркіреп жаңбыр жауып берді. Ауа салқын жаңбыр табымен апталды. Бір майданнан соң аспан шырадай ашылды. Жуынып алған баладай жарқырап күн көрінді. Дала кілемше құлпырды. Тозаң, шаң кілкіген көкжиек көгілдір бояуға шомылып, сиқырлана нұрланып, көзді арбап, сұп-сұлу боп шыға келді. Кемпірқосақ көрінді. Сонау күннен бері көңілі қаяу жүрген Көлдей есіктің алдына шығып, осынау ғажайып дала суретіне әлден уақытқа дейін сұқтанып тұрды да, лекілдеп ескен ерке самалмен кекілі желпілдеп, су сіңген жұмсақ дымқыл құмды кішкентай табанымен борп-борп басып, көгілдір көкжиекке қарай асығыс жүгіре жөнелді...
ТЫНЫШ ТЕНТЕК
Жайлау ұйқылы-ояу ерінін жалап алып еді, тілінің ұшына әлдебір тәтті нәрсенің дәмі білінді. Қызық. Бұл не? Қайран қалды. Құдды түнде әлдекім ұрланып кеп ерніне бал жағып кеткен секілді. Сол жамбасына аударылып түсіп, әлденеге басы қатқан адамша қабағын түйіңкіреп, сәл-пәл ойланып көріп еді, ерніндегі тәтті дәмнің сырын түсінгендей болды. Сол-ақ екен, әлдекім қолтығынан қытықтап-қытықтап жібергендей, рақаттана үнсіз күліп алды. «Шіркін...» – деді күбірлеп... Жаздың ақ торғын жылы кеші ұзақ уақыт қанатын жайып тұрды да, біртебірте түн қойнына сіңді. Жайлау ойында дәнеңе жоқ, шамды өшіріп, ұйықтағалы жатқан-ды. Осы сәт қараша үйдің есігін әлдекім сықырлата ашып, тыпырлап ішке кіріп келді. Жайлау қара көлеңке жарықтан оның бет-жүзін анық көре алмады. – Бұл кім? – Мен ғой... Сабырмын... Жайлау орнынан тұрып, шамның білтесін көтерді. – Неғып жүрсің? – Жай... апаң қайда? – Әлібайдың үйіне – шілдеханаға кетті. Іште өздерінен басқа ешкім болмаса да, Сабыр аузын Жайлаудың құлағына тақап сыбырлады: «Жәмила да шілдеханада. Сәті түскен жоқ па? Қауынға бір тоймаймыз ба?» Жайлаудың көзі қуаныштан жалт-жұлт етті. – Рас па? – Рас. Жаңа барып біліп келдім. – Кеттік онда! – Әйда, кеттік!
...Күтімі жақсы болды ма, Жәмиланың қауыны өзге жұрттікіне қарағанда, биыл ерте пісті. Қазір ауылда көзді қызықтырып қауын жеп, қарық болып жүрген Жәмиланың екі баласы ғана – Болат пен Сәкен. Екеуінің түкірігі жерге түспейді. Қашан көрсең де қолдарында бір тілік қауын. Апыл-ғұпыл бірден жей де салмайды, қауын тілігін сырнайлатып, әрі-бері ауыздарына үйкелеп, тамтұмдап тістелейді. «Неткен тәтті!» дегендей ара-тұра таңдайларын қағып, тамсанып қояды. Қолдарына қауын тілігін жеу үшін емес, сыртқа балаларға көзқызық жасау үшін алып шығатын тәрізді. Қалай шыдасын балалар: «бір тістетші», «кішкентай берші» деп, екеуіне жалынып-жалбарынып болады. Ал олар бәлсіне түседі. Бір тістем қауынның бәсі әуелеп кетеді: біреулердің опоңай-ақ сақа, топайын, екіншісінің әдемі значогін алады. Велосипедтерін еркінше армансыз тебеді. Не керек, айтқандары бұлжымай орындалады. Жәмиланың бақшасының тұсынан өтіп бара жатқан кісінің басы айналады: бұрқырап қауын иісі шығады. Ауасы бал татиды. Ерте піскен қауынға әдетте жау көп: күндіз ешкі, түнде қара сирақ балалар. Жәмила бұны жақсы біледі. Сол себепті де әлдебір тығыз-таяң шаруасы болып қалмаса, көбіне бақшасының басында жүреді. Міне, бүгін орайы келді. Жәмила шілдеханадан түн ортасынсыз оралмайды. Бір мезгіл бойын жазуы керек қой. Ел қатарлы шай ішеді, ет жейді, ән айтады... Дала тастай қараңғы. Айсыз түн. Ауыл тыныштық кұшағында. Оқта-текте әлдебір иттер үреді. Жылқышы құс қиқулап қояды. Сабыр мен Жайлау ешкімнің көзіне түспей, ауылдың сыртымен Жәмиланың бақшасына келді. Қоршау тікенек сымның астынан жер бауырлап, бірінің соңынан бірі еңбектеп ішке кірді. Ит жоқ. Екеуі ескі күпәйке кигізіп қойған қарақшыға қарап мырсмырс күлді. Сосын ұзын-ұзын кең арықтардың бойымен тізерлеп жүріп, қау пәлектерді емін-еркін аралады. Бірте-бірте қараңғылыққа көздері үйренді. Ештеңені талғап-таңдамады. Көздеріне шалынған қауындарды иіскеп көрмеді де. Қолдарына іліккенін пытырлатып үзе берді. Қатты жел соғып, құм суырып, ұйпа-тұйпа еткендей, пәлектерді олай да, бұлай да аударып-төңкерді. Үзген қауындарын бақшалықтың ортасындағы ақ құмаққа әкеп үйді. Бұлардың ішінде жұқа қабық сап-сары жәмбілше де, аузыңа салсаң болды, суға түскен шекер құсап заматта ери жөнелетін ұн қауын да, пышақ жүзі тигенде шатырлап жарылып, шырын шашатын көк дөнен де, еті қалың торлама күләбі де, көк кәмек тас түйнектер де – бәрі-бәрі бар еді. Екеуі қауындарды бір-біріне ұрып жарып, жау қуып келе жатқандай (ұрлықтың аты ұрлық қой) асығыс-үсігіс, қақалып-шашалып жей бастады. Біраз уақытқа дейін ләм-мим тіл қатысуға мұршалары келмеді: қалай сөйлесін – ауыздары қауыннан босамады. Бір кезде іштеріне ел қонды. Әдепкідегідей қауынның қабығын қыршуды қойды. Тоғайып, соңғыларын мұрындарын шүйіріп, бір тістеп рәсуа қылып тастай берді. Тек ең тәтті, ең дәмділерін ғана таңдап, ауыздарына салды. Ауыздары аз уақытта кәдімгідей жақсы «жұмыс істеп» тастаған сияқты: қарындары шіреді – құдды мерекеде үрленген дәу шардай болды. Дегенмен көздері тоймады. Әлден уақта қарындарын тоқ сипалап, аяқтары әнтек-тәнтек тәлтіректеп, отырған орындарынан әрең көтерілді. «Ертең жейміз»деп, он шақты қауынды бұлақтың ар жағындағы қалың жыңғылдықтың арасына апарып тықты. Сосын бетауыздары шырыш-шырыш болып үйлеріне қайтты... Ерніндегі тәтті дәм сол түндегі қауындікі еді. Жайлау көзін әлдеқашан ашып алса да, өздігінен орнынан тұруға ерінді. Күндегі әдеті бойынша апасы қазір: «Жайлаужан, кәне, сиырды айдай ғой», –
деп жұмсақ айқайлауы тиіс. Бұл сөзін ол әлденеше рет айтады. Жайлау оған дейін жата береді. Бірақ бұл күткені болмады. Кенет күрке жақтан бөгде бір дауыс естілді. Ащы, ашулы, күйінішті дауыс. Бұл кім болды екен? Масқара! Жәмила! Өзөзінен қорқып, тұла бойы дірілдеп кетті. Түнде бақшасына түскенін біліп қойғаны ма сонда? – Зейнеш-ау (Жайлаудың апасының аты), қағыңғыр бір балдар түнде біздің бақшаға түсіпті. Кеше менің шілдеханада болғанымды пайдаланған ғой. Әйтпесе басқа күндері неге түспейді? Қайтейін-ай, қайтейін! Отап кетіпті, тура шошқаша. Жегенін жеген, жемегендерін ит рәсуа қып шашқан, жарған, бүлдірген. Кілең көк түйнектер ғана қалыпты. Олар пісіп, дүз алам дегенше, не заман. Ана екі қарғамның ермегі еді. Қап! Қолыма түссе, сирақтарынан қазыққа арқандап қояр ем... Оның бұл күйінішті сөзін Жайлаудың апасы жаны түршіге тыңдады. – Обал-ай, қандай ғана оңбағандар екен?! – Қайдан білейін, анау Сағымбайдың жетпегірі шығар. Боранбай... Басқа кім дейсің. Не болса да соның ісі. Қазір үйіне барып, шәт-шәлекейін шығарайын, қауын ұрлаған қандай екен! «Сенің балаң да түсіпті» деп айтып қоятындай, Зейнеш алдын алып Жайлауды ақтай, қорғаштай сөйледі. – Түнде шілдеханадан келсем, біздің Жайлаужан қаннен-қаперсіз ұйқыны соғып жатыр екен. – Жоқ, ондай жұқсыздық сенің балаңнан шықпайды. Сенің Жайлауың алтын ғой. Мінезі жібектей. Қақ-соғы жоқ. Бәленің бәрін бастайтын анау Боранбайлар да. – Иә, біздің Жайлаужан ондайға бармайды. Жайлау тоңып-жаурамаса да, көрпесін басына тас бүркенді. Маңдайы тершіп қоя берді. Жәмиланың «сенің балаң алтын ғой» деген сөзінен қатты ұялды. Апасы да шаң жуытпай жатыр-ау. Бәлкім, мұның тыныш, ұяң мінезіне қарап, жұғымсыздық жасамайды деп ойлайтын шығар. Масқара-ай! Сол сенімдерін ақтай алмадым-ау. Айдаладағы Боранбайды күстаналап жатыр. Оның бұл жерде не жазығы бар? Сотқар, тентек екені рас. Кім жаман – Боранбай жаман. Терезе сындыратын да, кішкентай балаларды ұрып-соғып, жылатып жіберетін де сол. Жөн-ақ делік. Енді қауын ұрлаған да сол Боранбай дейді. Бұл дұрыс емес. х, Боранбай,текке сөз естіп, босқа таяқ жейтін болдың-ау. Бәрін соған жабады. Жайлау, Сабыр секілділер көзден қаға беріс, елеусіз, жақсы атты болып қала береді. Тыныш тентектердің жаман ісін ешкім де білмейді. «Жәмила апа, сіздің бақшаңызға түскен біз – Сабыр екеуміз», – деп Боранбайды қорғап, жанұшыра айқайлағысы келді, бірақ неге екені белгісіз, оған дәті жетпеді, көмейі бітеліп, үні шықпады. – Ойбай, енді кәйттім?! – деді Жәмила жыламсырап. – Ебіл-дебіл боп еккен қауын еді, бәрі зая кетті-ау. Суға таласып қаншама жүз шайыстым. Сонда өзім үшін бе, ана екі қарғам үшін. Солар елге көзін сатпасын, таңлақ болмасын деп... Иә, қауын тәтті болғанымен, бейнеті көп. Ауылда жалғыз ғана бұлақ. Су тапшы. Судың кезегі айына бір рет келеді. Жазда күн ыссы, аңызақ. Көбіне қауынның пәлегі сарғайып, қурап кетіп жатады. Сол себепті де жұрт кейде бақшасын түнде ұрлап суарады. Біліп қалса, айқай-шу, дау-дамай. Жайлау өстіп, ұрлап суарамын деп, Жәмиланың анада Беріш шалдан тіпті таяқ жей жаздағанын есіне түсірді. Оңайлықпен қауын жеу жоқ. Осыны біле тұра... Апасының әлдене дегенін естіді.
– Не деген оңбаған балалар, біреудің ала жаздайғы еңбегін: табан ет, маңдай терін еш қылып... Жайлау бұл сөзді тура өзіне айтылғандай ұқты. Көрпенің астында не істерін білмей, кеберсіген ернін жалай берді. Бірақ бұл жолы ернінен бағанағыдай тәтті дәм сезілмеді. Тіліне кермек... ашқылтым әлдене шыланды.
ШИЕ
Бір жасқа аяқ басқалы тәтті қылығы жаңа шығып келе жатқан Айжанның бұрын мұндай әдеті жоқ-ты. Көбінде пысылдап тыныш ұйықтап, азанда уілдей күліп оянатын. Мамасы мен папасы осыған дағдыланған. Бүгін ол түннің бір уағында безілдеп, шарылдай жылады. Құдды біреу азар беріп жатқандай, өксіпөксіп қояды. Айжанның кішкене тұмауратып, суық тигенінің өзіне жаны шырқырайтын мамасының бұл жолы тіпті есі кетті. – Айжан, не болды, айтшы?! Су ішесің бе? Сүт ішесің бе? Қай жерің ауырады?! Тілі шықпаған бала қайдан сөйлесін. Жылай берді. Пернегүл бір ауық әлдилеп көтерді, бір ауық аяғына сап тербетті. Зыр жүгіріп босағадағы ақ сырлы биік шкафтан біресе сүт, біресе су әкелді, бала бәрібір жұбанбады. Жатарда ғана тыңқия тойған, қарыны аш емес-ті. Ендеше бір жері ауырады, қай жері? Пернегүлдің басы қатты. Мұндай кезде тыныш ұйықтау еш мүмкін емес еді, Сайын да – папасы да төсектен тұрды. – Не болды? – Білмеймін. Сайын не істерін білмей қолымен қос тізесін тарақтай құшақтады. – Ана сүтті жылытып әкелші. Сайын дәлізге барып газ пешке сүтті жылытып әкелді. Бірақ Айжан ішпеді. Жылауын тоқтатпады. Пернегүл бір кезде баланың көк ет қарынын сипалап еді, Айжан шарылын кілт тыйды. Бұдан екеуінің де білгені – ішіне жел қарысқан екен. Пернегүлдің кеудесінде науқастың дертін дәл тапқандағы дәрігердің бақытындай, қуаныш сезімі қылаңдады. Бір жылап, бір күлді. – Қойдың майын әкел! Жаным, жаным, жел қарысқан екен ғой, сөйлей алса, бағана-ақ айтар еді. Сайын темір тәрелкеге қойдың майын ерітіп әкелді. Бала сыланды. Шарылы басылды. Жылап-жылап шаршаған екен, солқылдап, бір қырындап, көпшіктің үстінде біраз жатты. Бөлме ішіне тыныштық орнады. Пернегүл Айжанның маңдайынан, бетінен шөпілдете ыстық-ыстық сүйіп-сүйіп алды. Сайын арқасынан сипалады. Бір кезде Айжанның ұйқысы шайдай ашылды, қыңқылдап ойнағысы келді. Теледидардың астындағы күңгірт сәуле төккен шырағдан ұнамады ма, әлде ала көлеңке жарықты жақтырмады ма, бес саусағымен үйдің төбесіндегі дәу лампаны көрсетті. Бұл соны жақ дегені. Сайын орнынан тұрды. Сәбидің күлкісі мен лампаның ақ сүт жарығы бөлмені ерекше сәулелендіріп жіберді. Айжан енді уілдеп, қабырғадағы шегеге ілулі қызыл көйлекті, әдемі қуыршақты сұрады. Сайын алып берді. Бұдан соң радиоланың үстіндегі сабалақ ақ жүнді бойы-сойы өзімен тетелес қонжықты көрсетті. Ол да әкелінді. «Енді не істесем екен?» – дегендей жан-жағына қарап отырды да, кереуеттің астынан бір шеті көрініп жатқан пластмасса бегемотты көзі шалды. Сайын оны да алдына қойды. Айжан өзі туғалы жұрт құттықтай келіп, сыйға әкелген бар-бар ойыншығын алдына жиды. Бұлармен ұзақ ойнады. Сосын жалықты, ойыншықтарды папасы мен мамасына қарай итерді. Бұл енді сендер ойнаңдар
дегендегісі, сірә, ол үлкен адамдардың қуыршақпен ойнамайтынын біледі дейсің бе? Амал жоқ, алдарқату үшін Пернегүл мен Сайын «ойнауға» кірісті. Бірі әтешті алып «ку-ка-ре-ку!» деді, бірі мысықта қолына ұстап «мияулады». Бала мәз болды. Бірақ бұл жадырауы да ұзаққа бармады, тағы ызыңдады. – Не, Айжан?! Не керек, айтшы?! Айжан бұрышта жинаулы тұрған кітаптардың үстіндегі домбыраны көрсетті. Сайын оны да әкелді. Бала ішектерін дың-дың еткізіп шерткіледі, сосын папасына қарай ысырды. Белгілі. Тарт. Айжан кәдімгідей, домбыраның әуеніне құмар адамдай күтіп отыр. Сайын:
– Айжан деген қай бала?
Айжан деген – ай бала.
Айжан деген кім бала?
Айжан деген – күн бала, –
деді әйтеуір бір терменің ырғағына салып. Айжан бұған қанағаттанбады. Жөні түзу ән айт дегендей, жұқа еріндері дірдір етіп, жылайтын ыңғай сездірді. Сайын Пернегүлге қарады. – Мен бір ішекпен сүйемелдейін, сен ән басташы! – Жеті түнде ән айтып отырғанымыз... көршілерден ұят-ты. – Енді көріп отырсың ғой. Иә, Айжан түн, ұят-сұятқа қарайтын емес еді. Ән айтпасаңдар жылаймын дегендей, кірпігін жыпылықтатты. – Бол енді. – Жарайды. Жәймен айтайық. «Достар әні».
Достар, достар, жүрсің қайда,
Бірге еді ғой жанымыз.
Еске алысып осындайда,
Кел, шырқайық бәріміз.
Айжан ұйып тыңдады... Бірақ баланың ойдан гөрі ойынға, іс-әрекетке әуес болатын әдеті емес пе, тыныштықты тағы да бұзды. Бұл жолы үстелдің астындағы жалғыз түйір қып-қызыл шиеге көзі түсті. – Ың-ың... Қолын солай қарай шошайтты. Сайын шиені әкеліп, сүртіп-сүртіп қолына ұстатты. Айжан дөңгеленте қарап отырды да, аузына салып жіберді. Сол-ақ екен, дәмін алды ма, қыңқылын күшейтті. Қолымен шошайтып үстелдің астын көрсете береді. Алдаусыратқанға көнбеді. – Жоқ қой, жоқ! – Ың-ың-ың!!! Енді қайттік!.. Сайын үстіне тоқыма күртешесін жамылды да, сыртқа шықты. Ай жарық. Жұлдыздар ап-анық жымыңдайды. Желең денені тоңазытар салқын жел бар. Сайын шарбақтың түкпіріндегі жалғыз түп шие ағашына барды. Түртінектеп, айқыш-ұйқыш бұтақтар мен қалың жапырақтарды сипалап жүріп, бір уыс шие үзіп алды. Бір уыс қып-қызыл шиені көргенде, Айжанның шаттығында шек болмады. Құсша ұшып жоғары көтеріліп кетердей, орнында қопаң-қопаң етті. Пернегүл
шиені жылы суға жуып, кесеге салып, алдына апарды. Әлден уақытқа дейін баланың кішкентай қос ұрты жеңіл бұлтыңдаумен болды...
ЫСТЫҚ ҚАР
Таң атты. Дәулет пердені ашып, терезеден сыртқа көз салды да: – Қандай жаман! – деп айқайлап жіберді. Үй жып-жылы болса да, бір түрлі тоңып, жаураған адамша тұла бойы тітіркеніп кетті. Дала алай-дүлей. Долы боран құтырып, үйге кіріп ойнақ салғысы келгендей қарды үйіріп, екілене терезені ұрғылайды. Өршелене соғады. Бағана сымдары ащы ысқырады... Көшенің арғы бетіндегі жаман сарайдың ығында бүрсеңдеп бір есек тұр. Аш қасқырша азынаған жел. Дәулет бұдан әрі терезенің алдында тұра алмады, долы боран өзін қақпақыл ғып далаға ала қашатындай зып етіп пештің түбіндегі төсегіне барып жатты. «Бүгін үйден ешкім аттап шықпас», – деп ойлады. Бірақ іле-шала апасы ұйқыдан тұрып, жылы киініп, қолына шелегін ұстап, сиыр саууға кетті. Ізінше көкесі де далаға шықты. Аздан соң ағасы оянып, ол да жөнелді. Үйде Дәулеттің жалғыз өзі ғана қалды. Әрі-бері дөңбекшіді. ұйқысы келмеді. Үй тым-тырыс. Апасы да, көкесі де, ағасы да жуық арада үйге бас сұқпады. «Оларға не болды екен? – деді Дәулет күбірлеп. – Дала суық. Үсіп кеткен шығар...» Бір кезде жападан-жалғыз жата беруден зерікті. «Қой, мен де далаға шығайын», – деді. Сөйтті де төсектен тұрып, үйді шарлап жүріп, бірін кереуеттің астынан, бірін шифоньердің ішінен тауып, бүкіл жылы киімін киіп алды. Екі шалбар, екі көйлек, бір жемпір, қос қабат шұлғау, байпақ, мойын шалма, қоян құлақшын, қалың пальто, тері қолғап... Илікпей, тура аюдай қорбиды да қалды. Далаға шықса, міне, қызық! Үсіп кеткен болар деп ойлаған көкесі мен ағасы аулада қар күреп жүр. Боранды да, суықты да елейтін түрлері жоқ. Күректі жалаңаш қолдарымен ұстаған. Маңдайлары терлеген. Дәулет қатты ұялды... Қорбаңдап барып сарайдан және бір күрек әкеліп, ол да қар күреуге кірісті. Көкесі мен ағасының төбе-төбе ғып үйген қарын шанамен қораның сыртына тасыды. Тынымсыз қимылдады. Бірте-бірте ыссылай бастады. Құлақшынының құлағын көтеріп алды. Қолы қыж-қыж қайнады, қолғабын шешіп тастады. Екі көйлек пен жемпір кеудесін қысты, үйге барып жемпірін шешіп жеңілденді. Екі беті албырап, маңдайы тершіді... Құдды ауладан қыс қашып кеткен секілді. Долы боран жуасығандай. Көше бойындағы бағана сымдары ащы ысқырып емес, әдемі бір ән салып тұрғандай. Дәулет қарды ұстап еді, жентек қар ып-ыссы секілді боп көрінді.
ОЙЫНШЫҚ БҰЗҒЫШ БАЛА
Бала атаулы ойыншыққа құмар. Нұрғали да солардың бірі. Бірақ оған ойыншық ойнау үшін емес, бұзып, сындыру үшін керек. Қолына ойыншық тисе болды, ылдым-жылдым бір-екі сағаттың ішінде бөлшектеп, бұзып, сындырып, шаруасын тындырып қарап отырады. Үйде басы бүтін, «дені сау» бір ойыншығы жоқ: қызыл добы қақ жарылған; ақ ұшағы қанатсыз; көгілдір кемесі желкенсіз; пластмасса сары «тұлпары» төрт аяғынан жұрдай...
Мамасы күйіп-піседі, ұрысады. Тіпті оқта-текте бұрышқа да тұрғызады. Әр ұрысқан сайын Нұрғали өз кінәсін мойындап: – Бұдан былай ойыншығымды сындырмаймын, бүлдірмеймін, – деп ең соңғы уәдесін береді. Бірақ, не керек, іле-шала уәдесін ұмытып кетеді... Ескі әдетіне басады. Өткен жексенбіде мамасы үш дөңгелекті әдемі велосипед әкеп берді. Нұрғали керемет қуанды. Керемет қуанғаны сондай, мамасының бетінен сүйіпсүйіп алды. Мамасы да қосыла шаттанды. – Құлыным менің, сенің қуанғаның маған бір мереке ғой, – деді жүрегі елжіреп. Бірақ велосипедті қолына ұстатып тұрып: – Ана ойыншықтарың құсатып мұны да бұзып, бөлшектеп жүрме, – деп ескертті. – Жо-жоқ, өйтпеймін! – деді Нұрғали нық түрде. Мамасы сенді. Шынында да сенбеу мүмкін емес еді. Себебі мына әдемі велосипедті бұзу, сындыру былай тұрсын, ойнаудың өзіне көз қимайтындай. Құдды сурет. Су жаңа, үш дөңгелегі жұмсақ қызыл резеңкемен қапталған. Ершігі жайлы. Ақ күміс қоңыраушасы шылдыр-шылдыр ән салады. Рулі жеп-жеңіл, оңға-солға лыпып өзінен-өзі бұрылып тұр. Велосипедтің бел теміріне «Буратино» деп жазылған. Нұрғали велосипедін көтеріп, асығып-үсігіп аулаға шықты... Мамасы бір-екі рет терезеден көз салды: Нұрғалидың велосипедтің үстіне құсша қонақтап алып, аулада әрі-бері зырлап жүргенін көрді. Сындыра ма, бұза ма, қайтеді деген күдігі сейілді, сосын түскі шайдың қамына кірісті... Әлден уақытта Нұрғали кіріп келді. Әлдебір жұмыс істеп тастағандай екі иығынан ентіге дем алады. Танауы қусырылған. Маңдайы терлеген. Көк көйлегінің екі жеңі шынтағына дейін түрілген. Қолында велосипед: дөңгелектері жоқ, рулі майысқан, ершігі жыртылған. – Уф, ақыры бұздым-ау! – деді күлімсіреп. – Балам-ау... – Аузына басқа сөз түспей, мамасы аң-таң болып тұрды да қалды...
БІР ШӨЛМЕК БЕНЗИН
Таңертең фельдшер Өмірбектің үйіне ентігіп жүгіріп келді де: – Өмеке, Әбдіғани ағаны кеңшарға жеткізіп салыңыз, операция жасау керек, бүйрегі жұмыс істемей, қиналып жатыр, – деді. Өмірбек жағдайды түсінді. Шала-пұла бір-екі кесе шай ішті де, дереу есіктің аузында тұрған сары водовозына от алдырды. Жолға шықты. Өмірбек бар жылдамдыққа салды. Ауру – Әбдіғани ыңқылдап келеді. «Уһ, жаным-ай...» – деп қояды ауық-ауық. – Әбеке, сәл шыдаңыз, қазір-ақ кеңшарға жетіп барамыз. – Шыдаймын ғой, шыдаймын... Бірақ ішім қатты бүріп... Шыбын жан... – деді Әбдіғани үзіп-үзіп. – Жай айда, селкілдетпеші... Жолы құрғыр да ойлықырлы... Өмірбек қатты айдаса да жайлы жүргізуге тырысты машинасын. Бірақ әр минут қымбат, асықпаса болмайды. Түске таяу дарияға жетті. Арғы бетте – кеңшар. Қырсыққанда паром арғы жағында тұр екен. Өмірбек кабинадан шықты да, айқай салды. – Әй, кім бар анда?!
Екі аралық төрт жүз метрдей. Жылда енсіз болатын. Биыл көктемде су көп келіп, дария далиыңқырап кеткен. Өмірбектің айқайына ешкім дыбыс бермеді. Және дауыстады. – Оу, кім бар анда?! Паромды бері әкелсеңдерші. Дыбыс енді жеткен болуы керек, паромның оң бұрышындағы кішкентай ағаш үйшіктен бір бала шықты. – Аға, бензин жоқ! – деді ол, «жоқ» дегенді қолымен қайшылап көрсетіп. – Енді қайттік?! Операцияға бір науқас адамды алып келе жатыр ем... Ауа тымық. Желсіз. Екеуінің сөзі бір-біріне ап-анық естіледі. – Науқас дейсіз бе? – Иә. – Онда мен қазір. – Бала үстіндегі көйлегін сыпырып шешіп тастады. – Сізде бензин бар ма? – Бар. Бірақ оны қалай алып кетесің? Қайық қайда? – Қайықтың түбі тесік. Өмірбек бұдан әрі бірдеңе деп үлгермеді, бала суға күмп етіп сүңгіді. Өмірбек аң-таң. Мұнысы несі? Сонда бензинді қалай апармақшы? Түсінсе бұйырмасын. Су беті теп-тегіс. Әлден уақытта барып баланың басы қылтиды. Сосын құлаштап жүзе жөнелді. Демде жетіп те келді. Келді де бірден іске кірісті. – Аға, маған бір шөлмек бензин құйып беріңіз. – Оны қалай апармақшысың? – Қолыма ұстап. – Есің дұрыс па? Суға кетесің ғой. – Қорықпаңыз. Үйреншікті дария ғой. – Балақай, байқа. – Әрбір минут қымбат. Сіздің ауру кісіні ауруханаға жылдам жеткізуіңіз керек емес пе? – Әрине. Атың кім өзіңнің? Әкең қайда? Паромды неге өзі жүргізбейді? – Серік. Әкем бензин жоқ болған соң үйге кеткен. Мен жаңа балық аулауға келіп едім... Паромды қалай жүргізуді білемін. Өмірбек бұдан әрі ештеңе демеді. Жағадан әлдебір бос шөлмек тауып алды да, машинасына барып, кабинасынан шланг алып, багынан бензин құйды. Шөлмектің аузын қағазбен тығындап, Серіктің қолына ұстатты. – Ана кабинадағы кісінің аты кім? – Әбдіғани. Серік кабинаның тепкішегіне шығып, терезеден ішке басын сұқты. – Аға, сәл шыдаңыз. Мен қазір паромды әкелемін. – Рақмет, балам. Әйтеуір тездетші. Жаным шырқырап... – Міне, кеттім! Серік суды бойлағанша кешіп барды да, сосын жүзе жөнелді. Оң қолымен жүзіп барады. Шөлмек ұстаған қолы жоғарыда – судың бетінде. Ауық-ауық батып кетеді. Құлқ-құлқ су жұтып қайта көрінеді. Бағанағы келердегі пәті жоқ. Қимылы пәс. Жүзісі өнімсіз. Әлі жары ортаға жеткен жоқ. Арғы жағаға дейін қанша жер. Өмірбек бір түрлі қорқайын деді. Бір шөлмек бензинге бола суға кетіп қалса... өзі бармақтай. Терезеден науқас та су бетіне үңілді: «Ойпырмай, – деді ол күбірлеп. – Неғылған жүрек жұтқан бала...» іші бүруін аздап қойған секілді. Бала әлдеқалай суға батып кете ме деген үрей ыңқыл-сыңқылға жол берер емес. Серік және бір рет батып кетті. Осы сәт Өмірбек жанұшыра айқай салды. – Таста қолыңдағы шөлмекті! Өлемісің!
Серік шөлмекті бәрібір тастаған жоқ. Өзі жоқ болса да, шөлмек көтерген қолы су бетінде құдды аудың қалтқысы секілді. Сәлден соң басын көтерді. – Әй, таста қолыңдағыны! Серік қақалып-шашалып, басын сілкілеп: – Жоқ, тастамаймын. Жақындап қалдым. Үйреншікті дария ғой. Қорықпаңыз... – деді. Өмірбек жаман састы, не істерін білмей, шарасыз күйде жағада сенделіп әрібері жүрді де қойды. Кабинадағы Әбдіғанидың – науқас адамның маңдайынан шып-шып тер шұбырды: «Қарағым-ай, мен үшін сонша...» Серікке деген аяушылық, ризашылық сезімі жанының ауырғанын ұмыттырды. Серік ақыры паромға қолын іліктірді-ау. Әбдіғани маңдайынан шұбырған терін көйлегінің жеңімен сүртті. Сәлден соң паромның движогы тымық ауаны жаңғыртып дүр-дүр от алды. Бұл дүріл Өмірбекке Серіктің «қорықпаңыз, аға, үйреншікті дария ғой» деген сөзі секілді болып естілді.
ТӨРЕТАЙ
Ол қызық бала. Мінез-құлқы бір түрлі. Ешкімге ұқсамайды. Сөзі, ісі ешкімді бейжай қалдырмайды. Күлдіреді, ойландырады, ең бастысы – таңдандырады. Төретай бесінші сыныпта оқиды. Бірақ өзі құралпы балалармен салыстырғанда қалбетті, дене бітімі ірі. Үлкен кісілерше үнемі қақырынып жүреді. Шынында да ересек. Мектепке сегіз жасында барған. Себебі әкесі мен апасының еркесі. Кенжесі. Миы ашып кетеді деп кеш берген. Былтыр ұзақ ауырып, сабаққа бірде қатысып, бірде қатыспай, бір тоқсан ғана барып, төртінші сыныпты екі жыл оқыған. Әйтпесе қазір жетінші сыныптың балаларымен бірге оқып жүретін кезі. Сол себепті де Төретай сыныптастарының ағасы секілді. Бойы сырықтай ұзын. Өзгелер оның иығынан келеді. Өңкей майда. Бір ғажабы, Төретайдың арам еті жоқ. Жұртқа жақсылық жасауға құштар. Қолын қусырып бос жүрмейді. Біреудің отынын жарады. Біреудің суын тасиды. Қора тазалайды. Шөп түсіріседі. Мұндай жұмыстарға ешқандай жалындырмай, іздеттірмей, өзі жетіп барады. Бәрі Төретайдың көмегіне зәру. Төретайсыз бір түрлі істері өнбейді. Ал бірақ ол үйінде бәрін керісінше істейді. Апасы оны «елдің баласы» дейді, «бас пайдасын білмейді» дейді. Неге екені белгісіз, үйіне қолғабыс бермейді. Есіл-дерті өзгелерге жәрдемдесу. Апасы ең болмаса, бұлақтан бір шелек су әкелдіре алмайды. Әбден жалынып-жалбарынып бітеді. Айта-айта аузы ауырады да, шелекті алып, суға өзі барады. Төретай үйдің қарасын көрмейді. Жұрттың үйінен шай ішеді, тамақ жейді. Үйіне кешке жатар алдында бір-ақ оралады. Кейде басқа үйде қонып та қалады. Міне, Төретай осындай бала. Оның қызық істері көп...
1. Бір құшақ кітап. Немесе қайырымды
әпенді
Бұл былтыр көктемде болған-ды. Бірде Төретай тапа-тал түсте бір құшақ кітап алып, сыныпқа ентігіп кіріп келді. Балалар шу ете қалды. – Қайдан алдың? – Ферманың кітапханасынан, – деді ол риясыз күліп, үлкен бір іс бітіргендей. – Немене, кітапхана ашық па?
Балалардың бұлай сұрауының себебі бар. Ауылдың кітапханасы үнемі жабық тұрады. Кітапханашы көбіне әлдебір шаруаларымен ауданда, қала-далада қыдырып жүреді... – Жоқ. – Енді қалай алдың? – Терезесінен кірдім. Масқара! Балалардың, әсіресе қыздардың көзі атыздай болды. – Қалайша? Ұят емес пе? Тал түсте кітапханаға түсіп... – Солай! – Төретай жұдырығымен партаны ұрып қойды. – Несіне таңданасыңдар, өздерің жақсы білесіңдер, бұл кітапханаға терезесінен ғана кірмесең, есігінен адам құсап кіру мүмкін емес қой... Немене сонда біз кітап оқымауымыз керек пе? Не болса, о болсын, балалар Төретай әкелген бір құшақ кітапты дереу таласып-тармасып бөлісіп алды. Сол жерде асығыс-үсігіс парақтап оқуға кірісті. Төретай достарына жақсылық жасағанына мәз. Олардың шат жүздеріне ұзақ қарап тұрды да, бір кезде былай деді: – Оқып болған соң жоғалтпай, жыртпай маған қайтарып беріңдер, қайтадан орнына апарып қоямын. Балалар және таңданды. Ау, ұрлап алған затты қайта апарып беруші ме еді? Түсініксіз. Төретай ұры ма? Жоқ. Ол – қайырымды әпенді.
2. Он алты жасқа дейінгілер көруге болмайтын кино
Жаздың мамыражай бір күні еді. Түс қайтқан шақ. Төретай іші пысып, сарайдың төбесіне шығып, сонау көкжиектен бері қарай құлап жатқан ақ табан үлкен жолға қарап отырды да, бір кезде өзінен-өзі жерден жеті қоян тапқандай: – Алақай, кино келе жатыр! – деп айқайлап жіберді. Ол жолдың үстінен көк автоклубты көріп қалған-ды. Сол-ақ екен, биік сарайдың төбесінен жерге қос аяқтап секіріп түсіп, көшенің ұзына бойымен ауылдың шығыс жағына қарай құлдыраңдап жүгіре жөнелді. Жолай қарсы кезіккен адамның бәрінен сүйінші сұраумен болды. – Кино келе жатыр! Кино! Оның қуанышты айқайын құлағы шалған балалар бәйгеге қосылған аттардай әр жер-әр жерден Төретайдың соңынан ілесті. Тып-тыныш ауыл абыр-сабыр болды. Иттер үрді. Иә, балалардың дәл бұлай естері кететін реті бар. Өйткені автоклуб құм ішіндегі бұл кішкентай ауылға анда-санда, жылына бір-екі рет қана келеді. Өткен қыста бір қара көрсеткен. Одан бері талай уақыт өтті. Әкелерін сағынғандай балалар көк автоклубты көш жерден – ауылдың сыртынан күтіп алды. Дереу жолда тоқтатып, сыйғандарынша үйме-жүйме кабинасына мінді. Бес-алтауы қос қапталындағы текпішегіне жармасты. Өзгелері шаң жұтып, соңынан жүгірді. Бәрі де бақытты. Автоклуб у-шу құс базары құсап ауылға енді. Машинаның гүрілінен гөрі балалардың айқайы, шат күлкісі, абыр-дабыр сөздері басым. Автоклуб дүкеннің алдына келіп тоқтады. Балалар сұрақты қардай жаудырып жатыр. – Ағай, бүгін қандай кино болады? – Қызық па? – Неше сериялы? Бәріне бірдей жауап беру мүмкін емес. Балалар сәл саябырсыған сәтте: – «Махаббат туралы аңыз», – деді киномеханик. – Үнді фильмі.
– О, қандай тамаша! – Әндері керемет қой. Балалар одан әрі шулады. Қайсыбірлері естіген жаңалығын жырдай қып жеткізбекке елден бұрын үйлеріне қарай жүгірді. Төретай үйреншікті әдеті бойынша жәрдемдесу үшін киномеханиктің қасында қалды. Құлшынып автоклубтың ішінде ленталар оралған ақ қаңылтыр табақтарды реттеді. Фильмнің аты жазылған жарнама қағазды дүкеннің алдына апарып ілді. Кино бұрын жазда далада болатын. Дүкеннің артқы қабырғасы аппақ. Ақ жайманың қажеті жоқ. Шіркін, далада көрген киноға не жетсін! Саф таза ауа. Тас төбеден жұлдыздар жамырап, алқаракөк аспан төніп тұрады. Лүпілдеп самал жел еседі. Қой маңырайды. Есек ақырады. Әуп-әуп ит үреді. Нан сұрап, не ұйқысы келіп әжелері мен аталарының алдарында отырған кішкентай қара домалақ немерелері жылайды. Бұл өзінше екінші бір фильм секілді. Бірақ киномеханик бұл жолы, неге екені беймәлім, кино мектептің ішінде болады деді. Қыс болса, бір сәрі. Жазда мұнысы несі? Және таң қалдырғаны – он алты жасқа дейінгілер кірмейтінін айтты. Мәссаған! Төретайдың қуанышы су сепкендей басылды. Балалардың ұнжырғалары түсті. Бірдеңе түсінсе бұйырмасын. – Неге? – Солай. Махаббат жайлы... Балалар көруге болмайды. – Неге? – Айттым ғой. Сендердің көрулеріңе болмайды. Махаббат туралы. Ересек адамдарға арналған. – Басқа кино әкелген жоқсыз ба? – Жоқ. Балалар кәдімгідей-ақ ренжіді. Бала болғандарына алғаш рет өкінді: сонша жерден сағындырып жылына бір-екі-ақ рет келіп, мұнысы несі? – Махаббат туралы неге біздің көруімізге болмайды? – Сол. Қыз бен жігіттің өмірі. Үйленеді. Бір-бірімен сөйлеседі... – Осы-ақ па? – Көп сөзді қойыңдар. Ішінде басқа да ұят нәрселер бар. Одан да барыңдар, ойнаңдар, келесі жолы басқа кино әкелемін. Әңгіме осымен бітті. Бұл балалар үшін ең ауыр күн болды. Кешке олар бәрібір мектепке барды. Бірақ үміттері мүлде үзілді. Киномеханик бәрін есіктің аузынан қайтарды. Не істеу керек? Балалар араларындағы ересегі Төретайдан ақыл сұрады. Ол құм қышырлаған бұйра сары шашын қасып-қасып жіберіп: – Кек алуымыз қажет, – деді. – Кімнен? – Киномеханиктен. – Қалай? – Былай. Бізді ренжіткені үшін әлі-ақ өкінеді. Бар жақсылық балаларға дейтіні қайда? Бәрі өтірік. Сонда біз он алтыға келгенше қыздар мен жігіттері бар кино көрмеуіміз керек пе? Жоқ. Бұл нағыз қорлық. Киномеханиктің есінен кетпейтін болсын. Ендігәрі мұндай кино әкелмейді... Иә, олар киномеханиктен өштерін алды. Ол машинасының карбюраторына құйылған тұз бен құмды тазалап, шұрқ тесік шеге кірген төрт доңғалағының камерін жамап, ауылда табандап екі күн жатты. Бірде-бір бала қолғабыс
бермеді. Тіпті Төретай да әдетінен жаңылды, жоламады. Автоклуб қайраңға шығып қалған балықтай мектептің алдында екі күн жападан-жалғыз тұрды.
3. «Дымок» темекісі. Әй, Төретай, Төретай...
– Әлжан! Әлжан! Әлжан қора тазалап жатқан. Артына жалт қарады. Төбенің басында айқайлап тұрған Төретайды көрді. Қолын қайта-қайта бұлғалайды. – Бері кел! – Немене? Жай ма? – Қызық көрсетем. – Не қызық? – Келгесін көресің. Қызық дегенге құлағы елең ете қалды. Төретай текке шақырмайды. Бірақ қора тазалауға кіріскені жаңа ғана еді. Не қылса екен. Әй, мейлі. Көп болса, мамасы жақсылап бір ұрысар. Әлжан қолындағы айырды шөп-мөбімен сылқ еткізіп жерге тастай салды. Сөйтті де жүгіріп Төретайдың қасына келді. Төретай: – Ізіме ер! – деді оған. Екеуі көйлектері делеңдеп ауылдың сыртындағы жыңғылдыққа қарай тартты. Жыңғылдыққа жеткен соң, Төретай үй орнындай шеге құмның шетіне тізерлеп отыра кетті. Әлжан да аяқ бүкті. – Кәне, көрсетемін деген қызығың? – Қазір. Асықпа. Анау үйіншекті көріп тұрсың ба? – Қайсы? – Әне. Төретай қолымен нұсқады. Әлжан мойнын бұрды. – Көрдім. – Көрсең, ендеше соның астын қара. Әлжан кішкентай құм үйшіктің астына қолын жүгіртті. Қолына әлдебір қағаз ілікті. Суырып алды. Көгілдір темекі қорабы. Сыртына «Дымок» деп жазылған. Мәссаған! Әлжан ештеңеге түсінбей, Төретайдың бетіне қарады. Ол болса мәзмейрам. Алақанын сарт-сұрт шапалақтап қояды. – Енді бері жақында. Төретай қалтасынан бір қорап шырпы шығарды. – Қорапты аш. Темекі шегеміз. Әлжан аң-таң. Отырған орнынан тырп етпеді. – Не деп тұрмын саған. Немене, жігіт болғың келмей ме? – Жоқ. Бүйтіп жігіт болғым келмейді. Әлжанның көкірегін әлдебір түсініксіз ашу қысты. – Неге? – Сол. Біз әлі баламыз ғой... – Несі бар. Қазір жігіт боламыз. Бір талын алып аузыңа қыстыр. Бітті. – Керек емес. – Қорықпа. Міне, былай. Төретай қораптан бір тал темекі алып, шырпы жақты. Бір-екі рет ішіне сорды. Аузынан будақтатып көк түтін шығарды. – Мә, бір соршы.
Әлжан таңданып, әрі қорқып, әрі ашуланып, Төретай аузына жақындатқан темекіні бір сорып қалды. Сол-ақ екен, көк түтінге шашалып, көзінен жас парлай жөнелді. – Сенің бұныңды ертең ағайға айтам, – деді басын жерден көтермеген күйі. – Түу, сені де дос десем... Әлжан қолындағы қорапты әлдебір жаққа лақтырып жіберді. – Дос емеспін! – Қойшы енді. Мен сені қызық көрсін деп... – Темекіні қайдан алдың? Төретай оқыс сұрақтан сасып қалды. – Кеше геологтардан. – Немене, босқа берді ме? – Жоға. Ақшаға. – Ақшаны қайдан алдың? – Үйден. Біздің үйде сандықта ақша көп. – Ертең апаң ұрыспай ма? Әлжан Төретайды сотша тергеді. – Білмейді. Толып жатыр. Жүз сомды іздейді дейсің бе? – Соның бәріне темекі алдың ба? – Жоқ. Геологтардан отыз сомға дүрбі, он сомға белдік сатып алдым. Қалғанын үш сомнан, бес сомнан балаларға үлестірдім. Дүкеннен кәмпит, пешеней алып жесін. Айтпақшы, саған бермеген екем ғой. Мә. Төретай шалбарының қалтасынан мыж-мыж бес теңгелікті Әлжанның алдына тастады. – Дүкеннен пірәндік алып же. Әлжан ақшаға қолын созбады. Әрі-беріден соң, Төретай жалынды. – Алсаңшы енді. Ренжимін әйтпесе. Алмасаң, екіншілей көмектеспеймін. Төретай ең жанды жерінен ұстады. Әлжан ойланып қалды. Төретай күнде қора тазалауға, су әкелуге, отын жаруға жәрдем беретін... Мыж-мыж бес теңгелікті қолына ұстады. – Ал енді үйіңе қайта бер. Ешкімге тіс жарма. Жарай ма? Әлжан басын изеді. Орнынан тұрып, еңсесі төмен түсіп, үйіне қарай аяңдады. Кетіп бара жатып, бұрылып артына бір қарады. Төретайдың аузынан көк түтін бұрқырап тұр екен... Әлжан бес теңгелікті қалай кәдеге жаратарын білмеді. Дүкенге барса, мамасы біліп қояды. Дүкенші айтып қоюы мүмкін. Дегенмен ретін тапты. Бір күні ауылға автодүкен келе қалды. Әлжан жұрттың көзін ала бере автодүкеннен кәмпит, печенье сатып алды. Оны қораға апарып тықты. Содан бірнеше күн қораға жиі барғыштап жүрді... Бірақ ол кейін осы ұрлық кәмпит, печенье үшін қатты өкінетінін білген жоқты. Арада он шақты күн өткен. Бірде ертеңгілік мектепте аяқ астынан жиналыс болды. Ұзын дәлізде балалар сынып-сынып болып қаз-қатар тізілді. Мұғалімдер үйме-жүйме. Кенет сыртқы есіктен Төретайдың апасы кіріп келе жатты. Әлжан бір пәленің болғанын сезді. Іші қылп ете қалды. Жақсылық емес. Мектеп директоры ортаға Төретайды шығарды. Сөйтті де: – Балалар, Төретай үйінен жүз сом ақша ұрлап алып, өздеріңе үлестірген көрінеді. Бұл не масқара? Білеміз, әрине, Төретай жұртқа жақсылық істеуге құштар. Бірақ жақсылықтың да шегі бар емес пе? Әкесінің табан ет, маңдай терімен тапқан азын-аулақ тиын-тебенін осылай шашуға бола ма? Кәне, кім
Төретайдан қанша ақша алды? Өз еріктеріңмен айтып, қайтарып бергендерің жөн. Әйтпесе ұят болады, – деді. Одан соң Төретайдың апасы сөйледі. – Бұл нағыз ауыш бала болды. Есі дұрыс адам өз үйіне өзі ұрлыққа түсе ме? Сендерде еш кінә жоқ. Бар кінәрат Төретайда. Шырақтарым, енді сол алған ақшаларыңды қайтарып беріңдер. Жүз сом аз нәрсе емес, әкесінің өрім-өрім болып жүріп тапқан тиын-тебені... Ешкімде үн жоқ... «Мен алып едім...» деп кім айта қойсын. Ұят. Әлжан жаман қысылды. Маңдайынан шып-шып тер шықты. – Ау, кәне! Директор балаларға қарады. – Ендеше, Төретай, өзің айта ғой. Кімдерге беріп едің? Теретай салбыраған басын көтеріп, балаларға көзін жүгіртті. Танымай тұрғандай ұзақ үңілді. – Бол енді! Айт, жаныңның барында! – Апасы Төретайды желкесінен түйіп қалды. – Сен-ақ күйдіріп болдың ғой. Не есіңнен танып тұрсың? Аттарын ата. Кімге қанша сом бердің? Сосын өзім әке-шешелерінен барып алам. Төретай бұдан әрі шыдамады. Балалардың аттарын атай бастады. – Ерғалиға бес сом бердім. Сәбитке үш сом. Ерланға бір сом. Назарға он сом. Алмасқа үш сом. Сайлауға екі сом... Шұбырта жөнелді. Аттары айтылған балалар ортаға шығып жатыр. Әлжанның зәресі ұшты. Төретай әзірге оны атаған жоқ. Бірақ ауық-ауық ойланып, есіне түсіреді. Балалардың бетіне үңіледі. Әне-міне Әлжанның ортаға шығып қалуы әбден мүмкін... Алайда Әлжанды ұмытты ма, әлде көптің алдында ұялтпайын деді ме, оның атын атамады. Ортаға он төрт бала шықты. Бәрі сүмірейіп тұр. Бәрі алған ақшаларын әкеп беретін болды. Жиналыс аяқталды. Әлжан жүгіріп барып Төретайдың қолын қысты. – Рақмет. Дос екеніңді көрсеттің. Төретай оған таңдана қарады. – Не үшін? – Әлгінде менің атымды айтпағаның үшін. – Саған да ақша беріп пе ем? Әлжан есіне түсірді. – Иә, мыж-мыж бес теңгелік. Есіңде ме, жыңғылдықта? «Дымок» темекісі... – Ә, солай ма? Бәсе, кімді ұмыттым десем... Төретай сөйтті де сонадай жерде тұрған мектеп директорына қарап айқай салды: – Ағай, Әлжанға да бес сом берген екем! Әлжанның беті ду-ду қызарды. Мұндай да қызық болады екен! Дос десе... Әй, Төретай, Төретай!..
АЙНҰР
(Бір шоқ мөлтек әңгіме)
Цирктегі ең қызық ойын
Цирктен шыққасын аялдамада автобусты ұзақ күтіп, Айнұр папасы екеуі қаланың бір шетіндегі үйлеріне түнделете жетті. Айнұр үйге қуанышын баса алмай, алып-ұшып кірді. – Ой, мама, цирк керемет қызық болды! – деді. – Сен де барғаныңда ғой.
– Е, не қызық ойын көрсетті? – Тілмен айтып жеткізу мүмкін емес! Өз көзіңмен көруің керек еді. Солай ғой, папа? – Иә, шынында да солай. – Ал, айта қойшы ендеше. – Айтсам... акробаттар аспанда би биледі. Мен жаман қорықтым, әнтек құлап кетеді екен деп. Одан асқан ерлік болмас, сірә. – Сосын? – Қорбаңдаған аюлар да талшыбықтай бұралды. Үйретушісі ауық-ауық аузына шабақ салып тұрады. Әйтпесе айтқанын істемейді. Маймылдар... клоундар... Айнұр қайсысын айтарын білмей әбден састы. – Керемет! – Сонда ең қызығы қайсы болды? – Ең қызығы ма? Айнұр сәл ойланып қалды. – Ең қызығы... Антракт болды. – Ол не? Ойын ба? – Жоқ! Үзіліс. Мамасы аң-таң. – Үзілісі қалай? Үзілісте де ойын көрсетті ме? – Жоқ. Папам бір стақан анар суын әперді. Торт жедім. «Маймақ аю» конфетін алдым. Әбден тойдым. Папа, ертең тағы да барайықшы. Антрактыны және көрейікші. – Е, ең қызық ойын екен. Папасы мен мамасы күліп жіберді.
«Сендердің екі мамаларың бар...»
8-наурыз мерекесі жақындап қалған-ды. «Шешелерімізді құттықтауды ұмытпайық» деп, Ажар мен Лұқпан бүгін дүңгіршектен сатып әкелген мерекелік әдемі открыткаларды үстелдің үстіне қойып, қолдарына қаламсаптарын алып, құттықтау хат жазуға отырды. «Қымбатты мама...» деп бастады сөзін Лұқпан. «Қымбатты апа...» деп бастады сөзін Ажар да. Осы сөздерді естуі мұң екен, диванда әлдебір кітапты парақтап, ішіндегі суреттерін қарап отырған Айнұр аяқ астынан өз-өзінен сілтідей бұзылып, бұлқан-талқан ашуланды. Қабағын түйіп, папасы мен мамасының қасына келді. – Айнұр, не болды? Екеуі бірдей жалт қарады. Кішкентай баланың ашуланғаны қызық қой. Айнұр аузын бұртитып тұрып алды. Тіл қатса болды, жылап жіберетіндей. – Айтсаңшы... Үзіп-үзіп былай деді: – Сендердің екі мамаларың бар. Ал менде – біреу-ақ... Көзінен мөлт-мөлт жас тамып кетті. – Неге олай дейсің? Біздің мамаларымыз екеу болса, онда сенің әжеңнің де екеу болғаны емес пе? – Қалай? Айнұр түсінбеді. – Солай. Мына қара, біздің мамаларымыз саған әже ме?
– Иә, әже. – Қайта сен ұтып тұрсың. Мәселен, менің мамам екеу емес. Менің мамам – Бибігүл. Ал папаңның мамасы – Ибагүл. Көрдің бе, бір-біреуден. Ал сенде екі әже. Көп. Қандай жақсы. Айнұр «көп» деген сөзге елең ете қалды. Тәтті нәрсенің әйтеуір көп болғанын жақсы көруші еді, көзі күлімсіреп қоя берді. – Солай ма? Мен... онда білмеген екем. Менікі көп екен ғой. Алақай! Айнұр қуанып, кітабын қолына қайта алды.
Қызғаныш
Балабақшада көбіне балалар тамақ жемейді. Оларға тамақ жегізу үшін не істеу керек? Қандай әдіс, амалы бар? Бұл оп-оңай, Айнұрдың балабақшасында балалардың алдарына үстелге тамақты қояды да, «кә-не, кім бұрын ішіп болады» деп, жарыстырады. Бірінші болып тамағын тауысып ішкенге әдемі ойыншық беруге уәде етеді. Ойыншық десе, қалай делебелері қозбайды. Сонда балалар бәйгеге қосылғандай, тамақты құлшына ішуге кіріседі... Айнұр бұл әдетін үйде де ұстанады. Әбден үйреніп қалған. Міндетті түрде папасы мен мамасынан бұрын ішіп болуға тырысады. Сол үшін тәрелкесіне тамақты да аз құйдырады. Қарны тоймаса – тоймасын, әйтеуір бірінші ішіп болса есеп. Мәселе сонда. Егер байқамай, кейде біреуі Айнұрдан бұрын тәрелкесін тықырлатса, бітті, басы бәлеге қалады дей бер. Сол себепті папасы мен мамасы тамақ ішкенде «жарыста» қай уақытта да екінші, үшінші орынды иемденуге үйренген. Айнұр олардың өзінен бір елі озып кеткенін қаламайды. Бүгін Айнұр қызғаныштан жылап жіберді... Ажар мен Лұқпан Айнұрды үйге қалдырып, екеуі дүкен аралауға шықты. Жазғы киімдер іздеді. Лұқпан жұқа сары көйлек, Ажар жеңіл тор туфли сатып алды. Үйге келгесін Лұқпан айнаның алдына барып, алған көйлегін үстіне киіп көрді. Ажар: – Құйып қойғандай екен, – деп мақтады. – Айнұр, қалай, саған ұнай ма? Сол-ақ екен, ол: – Маған мүлде ұнамайды. Жақсы емес. Жаман. Жараспайды! – деп жылап жіберді де, жүгіріп төргі бөлмеге кіріп кетті. – Бұған не болды? Біреу ренжітті ме? Лұқпан Ажарға қарады. Ажар: – Не болды дейсің бе? Қызғаныш та. Оған ештеңе алмаппыз ғой. Абырсабырмен тарс есімізден шығыпты. Мінезін білмейсің бе оның, одан бір елі озып кетуімізге болмайды, – деді. – Е, солай екен-ау. Әдейі мақтанғандай мен де көзінше киініп, айнаға қарап... Айнұр болса, ұзақ жылады. Себебі ол бүгін папасы мен мамасынан қалып қойған еді.
Қайтып келген калейдоскоп
Айнұр далада ойнап жүрген-ді. Ажар балконға шығып: – Айнұр, үйге кір, Сәуле тәтең қонаққа шақырып жатыр, сонда барамыз! – деді. Айнұр қуанып кетті. – Алақай!
Қонаққа барғанда ол кісі құсап дастарқанның басында отырмайды. Сәуле тәтенің Айгүл деген қызы бар, сонымен армансыз ойнайды. Ажар мен Айнұр киініп, жолға жиналды. – Айнұр, Айгүлге не апарасың? – деді мамасы. – Бағана сатып алған калейдоскобымды апарам, су жаңа, ешқандай бүлінген жоқ. – Өзіңе керек емес пе? – Жоқ, керек емес. Айгүл досым ғой. Досымнан ештеңе аямаймын. – Ой, ақылдым! Айнұр қолына іші сиқырлы суреттерге толы калейдоскобын ұстады. Екеуі автобусқа отырып, қаланың бір шетіндегі микроауданға тартты... Ажар мен Сәуле өткен-кеткенді әңгімелеп, шай ішіп, тамақ жеп, уақытты көңілді өткізді. Айнұр мен Айгүл алаңсыз ойнады. Біресе әткеншек тепті, біресе қуыршақ тербетті. Сурет салды. Бірақ қайтар кезде екеуі аяқ астынан ренжісіп қалды. Айгүл жылап келіп, Сәуленің қолтығына тығылды. Айнұр да жылап Ажардың алдында жатып алды. – Оу, не болды сендерге? Екеуі аң-таң. Жаңа ғана тату-тәтті ойнап жүрген. Не көрінді? – Айгүл кінәлі! – Жоқ, мен емес, Айнұр! – Түсіндіріп айтсаңдаршы. Әуелі Айнұр сөйледі. – Мен мұғалім болайын десем, Айгүл келіспеді. Айгүл де үнсіз қалмады. – Ол екі рет мұғалім болды. Мен не, ылғи оқушы бола беремін бе? – Түу, сендер де. Қазір-ақ татуласып кетесіңдер. Сәл теледидар көріңдерші. Айтпақшы, қазір кешкі ертегі басталады... – деді де Сәуле теледидарды қосты. Кешкі ертегіден соң, Ажар мен Айнұр қайтпақшы болды. Ажар Сәулемен қоштасты. Кенет есіктің аузында тұрған Айнұрдың қолынан бағана өзі әкелген калейдоскопты көріп қалды. – Мұның ұят емес пе, Айгүлге тарту еткен жоқсың ба? Айнұр аузы бұртиып: – Айгүл жаңа мен мұғалім боламын дегенде келіспеген, ол – менің досым емес, сол себепті калейдоскопты алып кетем! – деді де, есікті қатты жауып сыртқа шықты. Ажар мен Сәуле бір-біріне қарап күлді.
Айнұрдың қулығы
Лұқпан үйде газет оқып отыр еді. Кенет есіктің қоңырауы шар ете қалды. Орнынан тұрып барып есікті ашты. Айнұр екен. – Папа, – деді ол ентігіп. – Балмұздақ алып жейін, он бес тиын берші. – Қазір. Лұқпан киімілгіштегі костюмінің қалтасынан он бес тиын алып берді. – Абайла, жолда машина қағып кетпесін, – деп ескертті. Себебі дүкен көшенің арғы бетінде болатын. – Жарайды. Айнұр басқышпен төмен тарс-тұрс жүгіре жөнелді. Бірақ арада бес минут өтті ме, өтпеді ме, есіктің қоңырауы қайта шарылдады. Лұқпан есікті және ашты. Қараса Айнұр.
– Немене, тез барып келе қойғаның ба? Айнұр күмілжіді. – Жоқ, жолда қолымнан түсіп кетіп, он бес тиынды жоғалтып алдым... – Қап. Абайламайсың ба? – Аңдаусызда... Папа, енді жоғалтпаймын, тағы бір он бес тиын берші... – Жарайды. Лұқпан Айнұрдың қолына үш бес тиындықты ұстатты. – Рақмет! Айнұр тағы да басқышпен төмен қарай құстай ұшты. Шынымен жоғалтып алды ма, әлде қулығы ма? Лұқпан біртүрлі ойланып қалды. Өйткені Айнұр «өзім ғана жеймін» деп кейде үйден үш-үштен кәмпит, печенье алып шығып, сыртта бірге ойнап жүрген достарына үлестіретін. Сосын жеп қойдым деп, үйге қайта келіп, тағы алып кететін. Сондай бірдеңе болып жүрмесін... Лұқпан балконға шықты. Айнұр төменде үйдің іргесімен Алена атты құрбысы екеуі қол ұстасып кетіп бара жатыр екен. Сөйлеп барады: – Екеуімізге бір-бір балмұздақтан аламыз. Папам тағы да он бес тиын берді... Лұқпан басын шайқады. Айнұрдың досына балмұздақ әперу үшін қулық жасағанын білді.
Жоқ, өтірік айтуға болмайды
Бүгін сенбі. Ажардың кезекші болатын күні. Іңір қараңғылығында емханаға кетті. Ол – дәрігер. Айнұрды балабақшаға папасы апаруы керек еді, Лұқпан түнде әлден уақытқа дейін ұйқысы келмей, сосын болмағасын бір-екі сағат кітап оқып жатқан-ды. Таңертең тас болып ұйықтап қалыпты. Бір кезде орнынан атып тұрып, қабырғадағы сағатқа қарады. Сағат тілі сегізге он минут қалыпты. «Қап, әттеген-ай!» Өкінді. Бірақ өкінгенмен не пайда, енді бәрібір үлгере алмайды. Балабақша сағат сегізге дейін ғана қабылдайды. Екі автобусқа ауысып мініп, әр аялдамада әрі-бері сарғайып автобус күтіп жүргенде, сағат сегіз жарым болатыны сөзсіз. Балабақша алыста – қаланың бір шетінде. «Аптасына бір рет қалғаннан ештеңе етпес» деді де, төсегіне қайта жатты. Арада он минут өткен соң, Айнұр да оянды. Көзін уқалап жан-жағына қарады. Бөлме жап-жарық. Таң әлдеқашан атқан. Бұл уақытта ол балабақшада болуым керек еді ғой дегендей, бір түрлі таңданып: – Папа! – деп айқайлап жіберді. – Мен бүгін балабақшаға бармаймын ба? Лұқпан көзін ашты. – Жоқ. Ұйқтай бер, кешігіп қалыппыз. Енді үлгере алмаймыз. – Алақай! Айнұр көрпесін басына бүркенді. Алаңсыз ұйықтап, үйде жалғыз өзі армансыз асыр салып ойнайтынына қуанды. Бірақ бұл қуанышы онша ұзаққа бармады. Бір кезде үстінен көрпесін серпіп тастады. – Мамам бақшаға неге бармадың деп ұрыспай ма? – Жоқ, ұрыспайды. Айтам ғой. Кінәлі сен емес, мен. Айнұр күнде ұйқысын аша алмай, таңертең әрең тұратын. Кейде жылап, балабақшаға бармаймын деп қиғылық салатын. Ондайда мамасы ұрсатын. – Мұның не, ауырып қалсаң бір сәрі. Денің сау кезде бұлай деме, – дейтін. Ал бүгін дені сау. Ауырған жоқ. Айнұр осыған алаңдады. Оның мазасызданып тықыршығанын көріп, папасының басына бір қулық келді. – Балабақшаға бардым деп айт мамаңа.
– Қалай? Бармасам, қалай олай деймін? – Мамаң білмейді ғой. Жұмыстан кешке келеді. Ол уақытта сен де күнде үйде болмаушы ма ең? – Иә, сағат алтыда алып қайтатын мамам. – Ал бүгін мамаң жетіде келеді. Түсіндің бе? – Жоқ. Түсінбедім... – Түу, түсінбейтін несі бар... Сені сағат алтыда балабақшадан мен алып келген болам ғой. Айнұр күмілжіді. – Түсіндім...Бірақ мамам бүгін балабақшада не істедің десе ше? Иә, Айнұрдың қауіптенетін реті бар. Күнде ол кешке үйге келгесін балабақшада не істеп, не қойғанын – бәрін бүге-шігесін қалдырмай тәптіштеп айтып беретін. Бүгін не айтады? Ештеңе де білмейді ғой... – Қорықпа. Мәселе былай. Менің айтқанымды есіңе сақта. Бүгін тәрбиеші тәтей – Валентина Васильевна «Мысық пен тышқан» ойнатты. Сен мысық болдың. Түсте сүт көже іштіңдер. Кешкілік қайтарларыңда қолдарыңа бір-бір мұз кәмпит ұстатты. Сағат үште ән кабинетіне барып «Әрқашан күн сөнбесінді» шырқадыңдар. Тақпақ айттыңдар... Осы жерде әлденеге түсінбей, Айнұр папасының сөзін бөлді. – Қандай тақпақ айттық? – Қандай дерің бар ма? Мысалы, «Біздің Отан» деген тақпақты жаттатты де. – Егер бүгін оны жаттатпаса ше? – Саған бүгін өтірік айт деп тұрмын ғой... – «Біздің Отан» дедің бе? – Иә. – Мен оны білмеймін ғой. Айнұр күнде балабақшадан жаттаған, үйренген тақпағын кешке үйде қайтақайта айтып беретін. Сәл ойланды да Айнұр папасының айтқанын істеуден үзілді-кесілді бас тартты. – Жоқ, папа, өтірік айта алмаймын. Ира кіммен ойнады? Талғат бүгін де тентектік жасап бұрышқа тұрды ма? Кім кезекші болды? Айгүл ме, әлде Наташа ма? Жоқ, болмайды. Папа, одан да мамаға жасырмай, ұйықтап қалғанымызды айтайық. Лұқпан аң-таң. Күтпеген тосын сөзі. Айнұрды тас қылып құшақтады: – Иә, шындықты айтайық!
«Мен ешкімге керек емеспін!»
Кешкі тамақтан соң, әркім өз шаруасымен шұғылданды. Лұқпан жазу жазбақшы болып, жатын бөлменің есігін тарс жауып алды. Ажар қолына есепшотын ұстап, залға – үстелге барып отырды. Айнұр үй тапсырмаларын бағана әзірлеген-ді. Енді қолы бос. Не істеу керек? Ұйқтауға әлі ерте. Көп ойланбады. Мультфильм көргісі келіп, теледидарды қосты. Сол-ақ екен, дарылдаған үн құлақ тұндырды. Ажар: – Даусын бас, мен жұмыс істеп отырмын ғой, – деді. Айнұр арналарды ауыстырып көрді: мультфильм жоқ, біреуінде спорт, екіншісінде халықаралық хабар, үшіншісінде опералық концерт, ешқайсысы ұнамады, теледидарды біржола өшірді.
Енді сурет салмақшы болды. Альбомы мен бояу қарындаштарын іздеп, шкафтың есігін сарт-сұрт ашып-жапты. Мамасы тағы да ескертті. – Тарсылдатпа, ойымды бөліп жібердің, жаңылысып қалдым, тып-тыныш ойнасаңшы... Айнұр ренжіді. Бірақ үндемеді. Не істесе екен? Сәл ойланды да, сары шашты пластмасса қуыршағын қолына алып, диванның үстіне келіп отырды. Қуыршағын әлдилеп естілер-естілмес күбірледі: «Тыныш жат, жылама, мама жұмыс істеп отыр, кәне, ұйықтай ғой...» Алайда қуыршағы оның сөзін «тыңдамады». Қолынан сытылып «қаша жөнелді». Айнұр мамасының әлгіндегі ескертпесін есінен шығарды, диваннан секіріп түсіп, «ізінен қуды». Бөлме едені дүрс-дүрс. Ажар алайып бір қарады да, айқайлап жіберді: – Неғылған баласың өзі? Тыныш ойна дегенім қайда? Айнұр қалт тұрды. Қалай тыныш ойнайды? Тыныш ойын бар ма? Түсінсе бұйырмасын. Бұдан әрі шыдамады, залдан жүгіріп шықты да, екпіндеген күйі кірпігі жыпылықтап папасына келді. Лұқпан үстелден басын көтеріп, жалт қарады. – Не болды? Айнұр пырс-пырс етіп, көзін уқалады. – Мамам ұрыса береді... – Не істеп едің? – Ойнатпайды. Тыныш отыр дейді... – Дұрыс қой. Мамаң қағаздарын реттеп... Жарайды, онда осында ойнай ғой... Айнұр қуанып кетті. Ойынға еркін кірісті. Бірақ қуанышы ұзаққа бармады. Әлдебір қағазды қайшымен қаршылдатып қия бастап еді, папасы қабағын түйіп, ренжіген рай танытты. – Жәймен қисаңшы... Миды жеді ғой... Айнұр күңк етті. – Сен де мамам секілді... Біраз уақыт үнсіз қалды. Сосын папасының қасына келіп: – Шифоньердің үстіндегі анау үлкен кітапты алып берші, суреттерін көремін, – деді. Лұқпанның ойы бөлінді. Автоқаламын үстелдің үстіне қоя салды. – Туһ, сен де! Жұмыс істетпедің ғой. Амал жоқ, көрсеткен кітабын алып берді. Айнұр кітапты сатыр-сұтыр парақтай бастады. – Жәймен парақтасаңшы... – Жарайды. Бұдан соң бөлмеге тыныштық орнады. Адам таңқаларлық тосын тыныштық. Шыбынның ызыңы да естілмейді. Айнұр неге үнсіз? Әлде ұйықтап қалды ма? Отырса, бағанадан бері талай ескертпе жасатар еді ғой. Лұқпан бір түрлі елеңдеп артына қарады. Айнұр жоқ. Қайда жүр? – Айнұр?! Ләм-мим. Лұқпан орнынан тұрып, дәлізге шықты. Міне, қызық. Айнұр пыспыс етіп бүкшеңдеп сыртқы есіктің аузында аяғына етігін киіп жатыр. Үстінде қалың пальтосы. Лұқпан аң-таң. – Ау, жеті түнде қайда барасың? Айнұр басын көтеріп: – Бұл үйден кетем! – деді даусы дірілдеп. – Не болды? – Мен ешкімге керек емес екенмін!
– Неге? – Сол. Мені мамам да, сен де жек көресіңдер. Ұрса бересіңдер. Қит етсе айтатындарың: «тыныш отыр», «секірме», «есікті ашып-жаппа»... Мен сонда ешқандай ойнамауым керек пе? Лұқпан істің мәнісін енді ғана түсінді. – Қой, кәне, шешін, біз сені жақсы көреміз, папасының алтын қызы... Күнде асыр салып ойнап жүрген жоқсың ба? Бүгін тек тығыз шаруаларымыз болып... соған ренжіп қалдың ба? – Сендер мені жақсы көрмейсіңдер. – Олай деме. Лұқпан Айнұрды әрең жұбатып, бөлмеге алып кірді. – Қазір саған ертегі оқып беремін... Айнұрдың көз жасын көріп отырып, жұмыс істеудің ретін таппады, үстелдегі қағаздарын жинастырды да, сөреден «Ертегілер» деген кітапты қолына алды. – Кел, қасыма отыр. Лұқпан Айнұрға қызық екі ертегі оқып берді. Сосын екеуі жасырынбақ ойнады. Айнұрдың әлгідегі өкпесі аздап тарқағандай болды. Бірақ түнде: «Сендер мені жақсы көрмейсіңдер, мен ешкімге керек емеспін...» – деп ұйқысырап, бірекі рет қатты-қатты айқайлады.
Сәлемші
Ажар кеше Айнұрға былай деді: – Айнұр, сен кейде қонақтармен, көршілермен сәлемдеспейсің. Танымайтын адам секілді тұрасың. Бұл – жақсы қасиет емес. Сәлем беру – әдептіліктің белгісі. Алғыс аласың. Алғыспен бойың да, ойың да өседі. Айнұр «бойың да өседі» деген сөзді есінде мықтап сақтап қалды. Бүгін таңертең есіктің алдында – көше бетіне тұрып алып, танымаса да олайбұлай өткен-кеткен кісілерге сәлем берумен болды. – Саламатсыз ба, әжей? Таяғына сүйеніп аяғын сылтып бара жатқан бір әжей мойнын бұрып, Айнұрға сығырая қарады. – Көп жаса, қызым. Әдепті бала екенсің. Айнұр мәз болып қалды. – Саламатсыз ба, ағай? Сөмке көтеріп бара жатқан жігіт күлімсіреді. – Сәлемет. Қалай жағдайың жақсы ма? – Жақсы. – Саламатсыз ба, тәтей? Сәби көтерген келіншек сәл тоқтады. – Сәлемет бол. Атың кім? – Айнұр. – Атың жақсы екен. Міне, бала деген осындай әдепті болуы керек. Сәлем беруден Айнұрдың аузы босамады. – Саламатсыз ба, апай? – Саламатсыз ба, атай? – Саламатсыз ба...
Бірі жылы сөз айтты. Екіншісі Айнұрдың кішкентай қолынан қысты. Үшіншісі шашынан сипады. Төртіншісі кәмпит берді... Сәлден соң Айнұр үйге жүгіріп келді. – Мама! – деді ентігіп. – Қарашы маған, бойым өсті ме? Ажар айран-асыр. – Қалай демде өседі? – Жоқ, дұрыстап қарашы. Ажар Айнұрдың жанына келді. – Не болды? – Жаңа көп адамға сәлем бердім. Бәрі рақмет айтты. Жақсы бала екенсің деді. Ажар істің мәніне енді түсінді. Жымиып күлді. – Солай ма, бәсе, бір түрлі ұзарып кеткен сияқтысың. Қарыстап бойын өлшеді. – Бойың бес сантиметр өсіпті... Айнұр қуанып кетті. – Енді күнде есіктің аузында тұрып, өткен-кеткен адамның бәріне сәлем беремін. Тез өсемін!
Қызыл шана
Айнұр азанда ұйқысынан тұрды да, бірден терезеге қарады. Желтоқсан айы аяқталып қалған. Бірақ, неге екені белгісіз, әлі қар жауған жоқ-ты. Ал Айнұр қарды асыға күтіп жүрді. Содан күнде таңертең терезеге қарауды әдетке айналдырған болатын. Себебі түнде бұл ұйықтап жатқанда, қар жаууы әбден мүмкін ғой. Күнде терезеге қарайтын да: «Әлі қар жаумапты», – деп ренжитін. Бүгін арманы орындалғандай: – Папа! – деп айқайлап жіберді. – Далаға қарашы, айнала аппақ! Қар жауыпты! Шана алып бер енді маған. – Жарайды, – деді папасы. – Міндетті түрде. Әйтпесе дос емессің. – Айттым ғой, алып берем. Айнұрды мамасы балабақшаға алып кетті. Лұқпан кешке Айнұрға базардың ішіндегі қабырғалары әйнекті үлкен дүкеннен қызыл шана сатып әкелді. Айнұрдың қуанышында шек болған жоқ. Папасының бетінен шөпілдетіп қайта-қайта сүйді. Сөйтті де қалың киініп, далаға шықты. Үйдің артындағы кішкентай төбешіктің басы қарақұрым бала. У-шу. Төбе басынан шаналарымен сырғанап жатыр. Айнұр соларға араласты да кетті. Қыстың күні бір тұтам. Әне-міне дегенше қараңғылық түсті. Папасы Айнұрды үйге шақырды. Ал оның қыңқылдап, мүлде қайтқысы жоқ. Қыстың қар жауған алғашқы күні. У-шу ойын. Әрі жаңа қызыл шана. Папасы Айнұрдың көңіл күйін түсінді. – Жарайды, ендеше бір-екі кесе шай іш, сосын тағы да шамалы ойнарсың, – деді. Айнұр бұл сөзге қуана келісті. Қызыл шанасын есіктің алдына қойды да, аяғын тарс-тұрс қағып үйге кірді. Ойыннан екі беті бал-бұл жанады. Шайдың үстінде:
– Мама, менің шанам бәрінікінен де жүйрік, – деп мақтанды. – Тура ертегідегі желаяқ секілді. Балалардың бәрі қызықты. Папа, қалада басқа мұндай қызыл шана жоқ па? – Жоқ, – деді папасы күліп. – Жалғыз ғана. – Дәл солай. Ешкімде де қызыл шана жоқ екен. Асығыс-үсігіс бір кесе шайды әрең ішті де, қолына екі түйір печеньені ұстап, далаға шығуға оңтайланды. – Жеті түнде қайда барасың? – деді мамасы. – Төбеге барып бір-екі рет сырғанап қайтамын. – Қорықпайсың ба? – Жоқ, қорықпаймын. – Лұқпан, өзің бірге бармасаң болмас. – Жарайды. Айнұр папасы екеуі киініп сыртқа шықты. Бірақ шыққанымен не пайда... Міне, қызық. Айнұрдың сырғанақ тебем деген ойы іске аспады... Есіктің аузында қалдырған қызыл шанасы үшті-күйлі жоқ. Айнұр жерге бір, папасына бір қарады. – Папа, шанам қайда кеткен? – Білмеймін... – Лұқпан да аң-таң. Біреу ұрлап кеткен ғой деуге тілі бармады. Айнұрды алдаусыратты. – Сен әлгінде қызыл шанам ертегідегі желаяқ секілді деп едің ғой, өзі бір жаққа кетіп қалған шығар. Ертегіде ондай оқиғалар бола береді емес пе? Айнұр бұл сөзге алдарқанбады. Жылайтын сыңай білдірді. – Жо-жоқ, ертегі деген тек кітапта ғана болады... Папа, жаңа менің қызыл шанама балалардың бәрі қызыққан, бәлкім, біреуі алып, төбе басында сырғанап жүрген болар, барып көрейікші. Екеуі төбеге келді. Мұнда манағыдай емес, айқай-шусыз, балалар сиреген, үш бала ғана ойнап жүр. Айнұр олардың шаналарына үңілді. Басқа. Бірі көк. Екіншісі ағаш шана. Үшіншісі ескі. – Менікі жоқ... – деді мұңайып. – Енді қайдан табамыз? – Қайдан табасың... Табу қиын. Лұқпан терезелерінен шамдары самаладай жарқыраған айналадағы көп қабатты үйлерге қарады. Бәріне кіріп сұрап шығу мүмкін емес. Бәлкім, көршілердің балалары алмаған шығар. Көшеде кетіп бара жатқан әлдекім есік аузында тұрған әдемі шананы көрді де, қызығып сүйретіп әкетті... Кім екенін қайдан білесің. Үлкен қала. Шананы іздеу – бір мая шөптің арасына түсіп кеткен инені іздеумен бірдей. Айнұрдың қуанышы су сепкендей басылды. Еңсесі түсіп үйге келді. – Қалай, ойнап болдың ба? – деді мамасы. Айнұр тіл қататын халде емес еді. Оның сұрағына папасы жауап берді. – Шанасын біреу алып кетіпті. Жоқ. Таппадық. – Қап! Әлгінде үйге кіргізе салғандарыңда ғой, дәнеңе болмайтын еді. Ұрлап кеткен ғой. Ертең тағы да шана алмақсыңдар ма енді? Ақша деген су емес... Айнұр қиын бір жұмбақтың шешімін тапқандай сәл ойланды да, мамасына қарады. – Балалардың біреуі қызыққан ғой. Бәлкім, ойнап болғасын өзі ертең әкеліп беретін шығар. – Әй, қайдам. – Жоқ, әкеледі.
– Шынымен сенесің бе? – Сенемін. – Неге? – Сол. Ол бала қызыл шананы үйіне алып барады ғой, сонда мамасы, я папасы «мынау кімдікі, қайдан алып келдің» деп сұрайды. Ол сонда: «Айнұрдікі», – дейді. «Сұрап алдың ба?» – дейді мамасы. Ол: «Жоқ, – дейді. – Есігінің алдында тұр екен, қызықтым да, алып кеттім». «Ештеңені сұраусыз алуға болмайды. Мұның ұят. Ертең кешірім сұрап, өзіне апарып бер», – дейді сөз жоқ. Әкелсе, әрине, кешірем ғой. Мамасы Айнұрдың аңқау үмітіне сенбеді. – Әй, қайдам, ондай болса, жақсы. «Ой, мынау олжа шана, ертең Айнұрдың көзіне көрсетпей сырғана» десе қайттің мамасы? – Олай деуі мүмкін емес! – Көрерміз... Айнұр бір мезгілдің ішінде қызыл шаналы болып керемет шаттанып және көзді ашып-жұмғанша жоғалтып алып мұңайып, сосын қызыл шанасының ертең қолына қайта тиетініне кәміл сеніп ұйқыға жатты. Айнұр шанасын әлдекім ұрлады дегенге сенгісі келмеді. Түнде түс көрді. Түсінде үлкен көшенің арғы бетіндегі Сергей атты кетік тіс, сепкіл бет кішкентай бала жанында Бобик деген сабалақ жүнді иті бар, жан-жағына сақтана қарап, қызыл шананы есіктің аузына қойып, әлдекім соңынан қуып ұстап алардай қашып бара жатыр екен. Бірақ бәрібір Айнұр біліп қойды. Себебі оның Бобигі шәу-шәу етіп үрді. Айнұр оянып кетіп, Сергейді сыртынан көріп қалды. Мейлі. Айнұр оны бәрібір кінәлаған жоқ. Ертең ешкімге де «Сергей ұрлықшы» деп айтпауға ішінен өзіне-өзі уәде берді... Ертеңіне осы жақсы әсермен оянып, Айнұр жүгіріп барып есіктің аузын қарады. Түсі айнымаған өңі сияқты еді. Бірақ бекер екен. Сергей қызыл шананы әкеліп қоймапты. Есіктің аузынан үйілген қардан өзге ештеңе көрінбейді. Бір түрлі ренжіп қалды. Балабақшаға да ренжіп кетті. Кешке дейін уақытты әрең өткізді. Кешке үйге тәтті үмітпен келді. Кірді де: – Мама, шананы ешкім әкеліп берген жоқ па? – деді. – Жоқ, – деді мамасы күліп. – Ешкім кешірім де сұрамады. – Шынымен бе? – Иә, шынымен. Сен ойлағандай болады деп пе ең? Айнұрдың қабағы түйілді. Ештеңеге зауқы болмады. Айнұр ертеңіне де қуанышқа бөленбеді. Қиялындағы адал ұрлықшы бала ұялғаннан беті қызарып, кешірім сұрап, қызыл шананы әкеліп берген жоқ. Босқа үміттенген екен. Ол енді күдерін үзді. Айнұр өз-өзінен әлденеге түсінбей күбірледі: «Үлкен қала. Әдемі қала. Астана. Сонда осындай қалада ұрлықшы балалар бар болғаны ма?» – Әй, аңқауым. – Папасы басын шайқады. Айнала ақ ұлпа қар. Қыстың сәні – шана. Онсыз қызық емес. Лұқпан Айнұрға және бір шана сатып әкеп берді. Бұл көк шана еді. Айнұр бір түрлі қызарақтады. Үш күнде екі шана. Қатты ұялды. Қызыл шананы ұрлап кеткен бала үшін ұялды.
Сережаның значогі
Лұқпан Айнұрды балабақшадан алып, аялдамаға келді. Автобусты ұзақ күтті. Бір уақытта көз ұшынан бір автобус көрінді. Лұқпан Айнұрды қолынан
ұстап, мініп кетуге дайындалды. Адам көп. Алдын ала әрекет қылмаса, қалып қоюлары мүмкін. Бұдан кейін автобустың тағы қашан келетіні белгісіз. Лұқпан кенет Айнұрдың сол қолынан әлдебір значокті көріп қалды. – Айнұр, бұл кімдікі? – деді. – Сережанікі. – Немене, өзі берді ме? – Жоқ, жаңа ойнап жүргенімізде менде кетіп қалыпты. – Дұрыс болмаған екен. – Ертең әкелем ғой. – Әрине, ертең өзіне бересің, бірақ қазір іздейді ғой. Сені есіне түсіреді де, Айнұр қалай рұқсатсыз алып кетті дейді. Өткенде қызыл шанаң жоғалғанда, өзің қалай іздедің. Ол да солай. Қызыл шанасын есіне алып еді, Айнұр Сережаның қазір басынан қандай күй кешетінін жақсы түсінді. – Папа, ендеше, Сережа әлі кете қоймаған шығар, значокті жүгіріп апарып беріп келейін, – деді папасына қарап. Осы сәт көптен күткен автобустары да жақындап қалып еді. – Жарайды, оқа етпес, ертең ұмытпай апарып бересің. Айнұр көнбеді. – Жоқ, қазір тез апарып берем, ол іздейді ғой. Ұят қой... – Енді кеш. Автобус келді. – Кеш емес! Айнұр Лұқпанның қолынан сытылып шықты да, балабақшаға қарай жүгіре жөнелді. Бір кезде ентігіп келді. – Папа, апарып бердім. Сережа рақмет айтты. ...Екеуі келесі автобусты тағы да жарты сағат күтті.
Ақшақар
«Кәмпит алып бер!», «Балмұздақ жегім келеді!», «Қуыршақ керек!», «Жаңа көйлек киемін...» Аузын ашса, Айнұрдың аузынан осы секілді сөздер шығады. Неше түрлі көйлегі бар. Бәрібір аз. Қуыршағы – бес-алтау, өзге ойыншығында да есеп жоқ. Айнұр сонда да сатып алып бер дегенін қоймайды. Көзіне дүкен шалынса болды – «ауруы» ұстайды, қиғылық сап мамасын дүкенге кіргізеді, қыңқылдап әйтеуір бір ойыншық алдырады. Мамасының алдаусыратқанына құлақ аспайды. Айнұр бүгін және бір «өнер» көрсетті. Көрші үйдің терезесінің алдында отырған сүп-сүйкімді кішкентай бала мысықты көріп: – Мама, маған бөпе мысық керек! – деді. Ажар әуелде түсінбей, ойыншық мысық екен деп ойлап қалды. – Ау, үйде қызыл барқыт Муркаң бар емес пе? Ол әлі жап-жаңа... – Жоқ, маған кәдімгі тірі мысық қажет! – Оны қайдан табамын саған? – Бақытта бар. – Бере ме ол? – Береді... – Туһ, сен де қайдағыны шығарып...
Бақыт – Айнұрдың мамасымен бірге жұмыс істейтін келіншектің қызы. Үйлері қаланың бір шетінде. Автобус бір сағатта әрең жетеді. Алыс. Апасы олай-бұлай алдап көріп еді, Айнұр көнбеді. – Одан да ертең әдемі қуыршақ сатып алып берейін... – Жоқ! Маған кішкентай бөпе мысық керек! – Ертең көп қылып балмұздақ әкелейін... – Жоқ, маған... Айнұр айтқанында қадалып тұрып алды. Алданбады. Жібімеді. Жұмсармады. Амал жоқ, қаланың бір шетіндегі Бақыттың үйіне баруларына тура келді. Ерке қыз. Айнұр мамасы екеуі автобусқа отырды... Бақыттың үйінен мысықтың бір айлық кішкентай мішімін алып келді. Өзі әпәдемі. Сүйкімді. Жүні үлпілдек, аппақ қардай. Бала мысық. Аяғын әнтек-әнтек басады. Айнұрдың қуанышында шек болмады. Секіріп шыр көбелек биледі. Алақанын шапалақтап шаттанды. – Мама, атын кім қоямыз? – Өзің кім деп қойғың келеді? – Мен бе? – Иә, сен. – Мен... Ақшақар деп қоямын! – Жарайды, ендеше біз оны Ақшақар деп атаймыз. Шынында да бала мысыққа ат дәл табылып қойылды. Үйдің ішінде құдды жып-жылы бір уыс ақша қар жүрген секілді. Айнұр әбден бәйек болды. Өзінің кішкентай ойыншық темір табақшасына сүт құйып, Ақшақардың алдына апарды. Тәтті болсын деп, табақшаға бір қасық шекер де септі. Бірақ неге екені белгісіз, Ақшақар табақшаға ернін де тигізбеді. Тек жаутаңдап қарап-қарап қойды. Айнұрдың көңілінен маза қашты. «Неге ішпейді?» Бұдан соң сүтке езіп, жұмсартып нанның қиқымын берді. Ақшақар жемеді. Иіскеп-иіскеп қоя салды. Мұнысы несі? Неге көңілсіз? Бір жері ауыра ма әлде? Секірмейді. Ойнамайды. Қызық қылықтарын көрсетпейді. Құдды жауынның астында қалып, жаурап-тоңғандай бүрісіп, аяқтарын бауырына алып, басын кеудесіне тығып, диванның бұрышынан шықпайды. Жаңа қонысын бөтен санап, айналасына жатырқай қарайды. Жанында өзінің қамқор «мамасы» жоқ. «Қайда ғана келдім?» – деп таңдана мұңаятын секілді. Айнұр кенет Ақшақардың нәзік ұп-ұзын кірпікті сарғыш дөңгелек көзінің шарасына тығылып, енді-енді ытып шыққалы тұрған моншақ жасты көрді. – Мама, Ақшақар жылап тұр! – деді Айнұр даусы дірілдеп, өз-өзінен көңілі бұзылып. – Кәне, кәне? – Әне, көзіне қарашы. Неге жылап тұр? Қарны аш па? Мамасы да қарады. Ақшақар шынында да үнсіз жылап тұр еді. Мөлдір көз жасы электр шамының сәулесімен жалт-жұлт етеді. Таң қалды. – Жоқ, қызым, қарны аш емес. – Енді не? – Неге дейсің бе? – Не деп жауап қайтарарын білмеді. – Неге дейсің бе?... Ол «мамасын» іздеп жылап тұр, «мамасы» анда – Бақыттың үйінде қалды ғой, ал Ақшақар мұнда...Екеуі екі жақта. Оңай ма. Егер қасыңда мен жоқ болсам, сен қайтер едің? Ол да сондай... Осы сәт бағанадан бері тақылдап тұрған Айнұр үнсіз қалды. Кірпігі жыпылықтап, көзіне жас үйірілді. Пырс-пырс етіп: – Мама, онда Ақшақарды Бақыттың үйіне апарып тастайық, – деді.
– Сонда қалай саған мысық керек емес пе? – Керек емес... Ақшақар жылап тұр ғой... Қазір апарып тастайықшы... – Ертең апарамыз. – Жоқ, қазір... – Шаршап тұрмын. – Мама, өтінемін... Қазір апарайықшы... Мені жақсы көретінің рас болса... Мамасы шаршап тұрса да, ерке қызының шын мәніндегі бұл өтінішін жерге тастай алмады. Түн ортасы болса да Айнұрды жетектеп, автобус аялдамасына қарай беттеді. Қолында бала мысық – Ақшақар.
Тәтті арман
Түстен кейін кішкентай қызын – Әселді ертіп Бақыткүл келген. Әсел Айнұрмен жасты. Айнұр мен Әсел кешке дейін армансыз ойнады. Сурет салды. Қуыршақтарына өздерінше қағаздан көйлек тікті. Теледидар көрді. Торт жеді. Әне-міне дегенше кеш болды. Мамасы Әселге: – Қызым-ау, енді үйге қайтайық та, ойының қанған шығар, – деді. Бірақ Әселдің ойыны қанбаған екен. Қыңқылға басты. – Мама, тағы да шамалы ойнайыншы... Айнұр да оның сөзін қостады. – Тағы да шамалы ойнайықшы. – Жоқ, жетер, автобуспен қаланың бір шетіндегі үйімізге барғанша түн болады. Екеуі қол ұстасып тұрып алды. Сөзге Ажар араласты. – Әселді қалдырып кетсең қайтеді? Ертең өзім апарып тастаймын. Әсел, қаласың ба? Түнде мамаңды іздеп жыламайсың ба? – Жыламаймын! Сонымен Бақыткүл Әселді қалдырып кетті.. Ажар түнде Әсел мен Айнұрға залға диванға төсек салып берді де, өзі асүйді жинауға кірісті. Бірақ екеуі жуық арада ұйықтай қоймады. Әлден уақытқа дейін дауыстары естіліп жатты. Ажардың басына бұлар түн ортасында не әңгіме айтып жатыр деген ой келді. Сөйтті де залдың есігінің сыртына барып, құлағын тосты. Оның сонда естігендері мынау еді. – Айнұр, сен кейін кім болғың келеді? Инженер ме? – Жоқ. – Енді не? Ұшқыш па? – Жоқ. – Дәрігер ме? – Жоқ. – Мұғалім болғың келетін шығар? – Жоқ. Мен ең қарапайым адам боламын. – Қандай сонда? – Сондай, жақсы адам. Үнсіздік. Әсел, сірә, ойланып жатса керек. – Мен бе? Мен ойыншық дүкенінің сатушысы боламын. Балаларға ойыншықты тегін беремін. Айнұр қызғанып қалды. – Мен ендеше балмұздақ сатушы боламын. Мен де балаларға балмұздақты тегін беремін. Әсел одан асып түскісі келді.
– Мен онда суретші боламын. – Сонда не істейсің? – Үлкен қылып әрі әдемі етіп мамамның суретін саламын. Айнұр да бөгелмеді. – Мен ендеше құрылысшы боламын. – Оның несі жақсы? – Мен үйлерді есіксіз етіп тұрғызамын. Ешкім құлыптамайтын болады. Еркін кіріп-шыға бересің. – Мен... – Мен... Армандары таусылар емес. Бір уақытта Әсел есінеді. Айнұр ұйықтап кетті. Ажар залға кіріп, екеуінің маңдайларынан сүйді.
«Аға, сіз папамның досысыз ғой...»
Айнұр күнде сабақтан соң ұзартылған күнге қалатын. Сыныпта үй тапсырмаларын әзірлейтін. Бірақ көбіне у-шу болып ойнап, қаламсаптарын жоғалтып, дәптерлерін жыртып, үсті-бастарын бүлдіріп, үйге кешкі алтыларда қайтатын. Негізінен ойын. Сондықтан да бірінші сыныптықтар ұзартылған күнге қалуға құштар. Ол қалған жоқ. Папасы мен мамасы рұқсат етпеді. Өйткені кеше олар Айнұрды мектептен «әне келеді, міне келеді» деп, сағат жетіге дейін күткен еді. Келмеді. Бұдан әрі шыдамады. Не болып қалды екен деп, жаман мазасызданды. Лұқпан мектепке барды. Мектеп үйге жақын. Барса, Айнұр жоқ. Сыныптары жабық. Оқушылар әлдеқашан үйді-үйлеріне тарқаған. Сонда Айнұр қайда жүр? Жүгіріп қайта үйге келді. Үйде де жоқ. Енді Ажар екеуі бірдей іздеуге кірісті. Олар Айнұрдың сыныптас балаларының үйлерінің адрестерін де білмейтін. Қайсысы қай жерде тұрады? Ажар жанұшырып көшенің арғы бетіндегі сынып жетекші апайының – Зұлифаның үйіне барды. Апай: «Бағана сағат алтыда бәрі үйлеріне кеткен», – деді. Сөйтті де қызыл блокноттың ішінен балалардың үйлерінің адрестерін іздеді. – Айнұр кімдермен бірге ойнаушы еді осы? Ә, Жәмилә, Бибігүл, Әсел, Айгүл, Лаура... бәрі бірге жүреді. Өздерінше дос... Олардың адрестері. Кәне, жазып алыңыз... Ажар адрестер жазылған бір жапырақ қағазды қолына ұстады да, екі өкпесін қолына алып, жүгіре жөнелді. Әне-міне дегенше қас қарайды. Сағат тоғыз болды. Желтоқсан айы. Күн ерте батады. Екеулеп әлгі үйлердің бәріне кіріп шықты. Айнұр жоқ. Енді қайтті? Милицияға хабарлау керек шығар. Сағат он болды. Екеуі не істерін білмеді. Көршілердің бірін қалдырмады. Көрген-білген адам жоқ. Ажардың көзінен жас шығып кетті. Өстіп не істерлерін білмей отырғандарында, кенет есіктің қоңырауы шырылдап қоя берді. Ажар жүгіріп барып есікті ашты. Өз көзіне сенбеді: көк пальтосы жер сызып, қызыл портфелін қолына салақтата ұстап, Айнұр тұр. Бас салып құшақтады. Лұқпан да айналып-толғанып жатыр. Айнұр аң-таң. Жылдап көріспегендей. Азанда ғана емес пе кеткені. Қуаныштары әлден уақытта барып басылды. Сонан соң екеулеп ұрыса жөнелді. – Қайда жүрсің осы уақытқа дейін? Есің дұрыс па өзіңнің? Біз мынау жанымыз мұрнымыздың ұшында. Бармаған, іздемеген жеріміз жоқ. Айнұр не бүлдіргенін сонда ғана ұқты. – Сәуленің үйіне бардым... – деді кірпігі жыпылықтап.
– Ол кім? Апайың жаңа ондай қыздың үйінің адресін берген жоқ қой? – Ол біздің сыныпта оқымайды.. Ажардың екі көзі атыздай болды. – Енді қайда оқиды? – Бірінші «е» сыныбында. – Мәссаған! Қаңғыруыңа өзіңнің сыныбыңның балдары жетпеді ме енді? – Бүгін үлкен үзілісте таныстық. Екеуіміз дос болуға уәделестік... – Сөзінің түрін қарашы. Неғылған достық. Масқара ғой, масқара! Ол қайда тұрады? – Әл-Фараби көшесінде. 56-шы үйде. Жерүй. – Сұмдық. Сонда анау таудың етегіне барып жүрсің бе? Машина ызы-қиқу ағылып жатқан Тимирязовтан қалай өттіңдер?! – Бағдаршамға қарадық. Көк жанғанда өттік. – Сұмдық-ай. Жарайды, сосын тез қайтпадың ба? – Ұйқтап қалыппыз. Жаңа ғана ояндық... – Әке-шешесі үйіңе қайт, папаң мен мамаң іздеп жатқан шығар деп айтқан жоқ па саған? – Папасы іссапарда. Мамасы ауруханада кезекші екен, жаңа келді... – Масқара! Масқара! Ұрсып алды да Ажар мен Лұқпан Айнұрға былай деді: – Қаңғығаныңның алды-арты осы болсын. Ертең ұзартылған күнге қалмайсың. Сағат бірде үйде бол. Телефон соғып білеміз. Уақытында келмесең, енді жақсылық күтпе. Сабағыңды оқып, тып-тыныш үйде отырасың. Тіпті ойнауға сыртқа да шықпайсың. Міне, Айнұрға осындай «үкім» кесілді. Бұл әзір бұзылмайтын «үкім» еді. Осы сөз бойынша Айнұр бүгін сабақ аяқталу бойында үйге келді. Жуындышайынды. Оқу киімдерін шешті. Май жағып, бір тілім нан жеді. Лимонад ішті. Шамасы келгенше үйдің ішін жинастырды. Сосын сабаққа дайындалуға отырды. Шіркін, күнде бұл уақытта сыныпта асыр салып жүретін еді-ау. Амал не. Ұзақ отыра алмады. Ана тілін шала-пұла оқыды. Математиканың есептерін таза дәптерге көшірген жоқ. Іші пысты. Төргі бөлменің пердесін сырып, сыртқа қарап еді, бір-біріне қар лақтырып ойнап жүрген көршілердің балаларын көрді. Бәрі мәз. Дауыстап сөйлеп, айқайлап күледі. Олар еркіндікте. Бұл тұтқында. Айнұр шыдамады. Аяғының астына орындық қойып, балконның есігін ашты. Айнұрды балконнан көруі мұң екен, достары айқайға басты. – Айнұр, кел бері, сырғанақ тебеміз. – Қар лақтырып ойнаймыз. Айнұр көзі жаутаңдап қарай берді. Керемет қызықты. Бірақ амал жоқ. – Болмайды. – Немене ауырып қалдың ба? – Жоқ. – Енді не? Ежіктеп түсіндіріп жату ұзақ. – Болмайды. Сөйтті де үйге кірді. Кіруін кіргенмен, енді байыз тауып отыра алса, кәні. Далаға шығып ойнағысы келді. Қалай шығады. Бағанадан бері мамасы он рет телефон соққан шығар. – Айнұр, үйдесің бе? – дейді. Бұл: – Иә, үйдемін, – деп жауап береді.
Қатты қадағалап тұр. Далаға шығып ойнап келейін деп рұқсат сұрау бүгін тіпті мүмкін емес. Не істеу керек? Айнұрдың үйде отырғысы жоқ. Мамасы мен папасы жұмыстан келем дегенше әлі көп уақыт бар. Бір айла тапқан жөн. Папасына екі рет телефон соқты. «Сабағымды оқып отырмын» деді. Негізгі шаруасын айта алмады, батылы жетпеді. Ойлап-ойлап басы қатты. Кенет тумбаның үстіндегі телефон нөмірлері жазылған қалың сары дәптер көзіне түсті. Қолына алды да бетін парақтады. Бір жерден Әшірбек Амангелдиев деген фамилияны оқып қалды. Папасының досы. Бір-бірімен жақсы араласып тұрады. Екеуі университетте бірге оқыған. Бір бөлмеде жатқан, әр кездескен сайын екеуі құшақтасып көріседі. Жақсы адам. Өзі мықты журналист. Қалада бір ғылыми журналда жұмыс істейді. Айнұрдың басына бір ой келді. Әшірбек ағаның жұмыс телефонын терді. – Алло, Әшірбек аға ма екен? – Иә, менмін, – деді ар жақтан. – Саламатсыз ба, Әшірбек аға! – Саламатпын. Иә, бұл кім екен? – Бұл мен ғой, Айнұр. – Оу, Айнұр, халің қалай, сабағыңды жақсы оқып жүрсің бе? – Бәрі жақсы. – Жәй ме? Неге телефон соқтың? Жұмысқа телефон соқпаушы едің ғой. – Аға, сізге бір өтініш айтқым келіп тұр. Сіз папамның досысыз ғой. – Ол не өтініш? Иә, папаң екеуіміз доспыз. – Тек орындайтын болсаңыз ғана айтам. – Жарайды, орындайын, бір қорап мармелад әкеп бер демексің ғой? – Жоқ. Басқа. Қиын. Айнұр күрсінді. Әшірбек оның нәзік күрсінісін естіп қалды. – Не болды? Айта ғой, кәне. – Аға, сіз көмектеспесеңіз... – Жарайды, айт. Міндетті түрде көмектесем. – Уәде етесіз ғой? – Иә, уәде етемін. – Шын сөзіңіз бе? – Иә, шын сөзім. – Оллахи-білләхи деңіз. – Оллахи-білләхи. – Онда былай: маған папам мен мамам далаға ойнауға рұқсат бермей қойды. Қазір балалардың бәрі далада. Жалғыз мен ғана үйде қамалып отырмын. Ішім пысты. Папам мен мамама айтыңызшы, маған рұқсат етсін. – Сені неге шығармайды далаға? Бір нәрсені бүлдірдің бе әлде? Айнұр күмілжіді: шындықты айтсам ба деп оқталды да, бірақ үндемеді. – Жоқ... – Онда не? – Білмеймін. – Қазір онда папаңа телефон соғамын. Күт. Шамалыдан соң хабар беремін. Айнұр трубканы қондырғысына қойды. Не болар екен? Әшірбек іле-шала Айнұрға телефон соқты. Айнұр телміріп телефонның қасында отыр еді. Бірден трубканы көтерді. – Алло! – Айнұр, сен бе?
– Иә, мен, аға? – Айттым папаңа. Рұқсат берді. Шаққа көндірдім. Айнұр, бірақ кешегідей жәйт екіншілей қайталанбасын. Қалай қарайсың? Айнұрдың беті қызарды. «Папам айтқан екен ғой». – Аға, екіншілей қайталамаймын... – Жарайды. Уәдеңде тұрасың ғой? – Иә, тұрамын. – Жақсы, онда жылы киініп ал да, далаға шыға ғой. – Рақмет, аға. Бұл жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймын. Сау болыңыз! Айнұр қуана қоштасып, асығыс киініп, қол шанасын сүйретіп далаға шықты.
«Саламатсыз ба, апай?!»
Әшейінде кең сарайдай болып көрінетін азық-түлік дүкенінің іші бүгін құрқылтайдың ұясындай тап-тар секілді. Адамда есеп жоқ. Иін тіреседі. Жаз айы. Дала ыссы. Ал бұл жер құдды монша. Ауа жетпейді. Дүкенде ет сатып жатыр. Ажар екі пакет ет алмақшы болып, үйде Лұқпан болмағасын жанына Айнұрды ерте шыққан-ды. Міне, кезекте тұрғанына жарты сағат. Кезек жылдам жылжитын емес. Кенет Айнұр алдыңғы жақта бір-бірімен кимелескен адамдардың арасынан өзіне таныс әлдекімді көріп қалды да, мамасының қолынан сытылып шықты. Ажар: – Айнұр, қайда барасың? – деді. Айнұр қолымен алдыңғы жақты нұсқады. – Біздің апай. Сәлем беремін. – Қой, бері кел, жұрттың аяғының астында қаласың. – Жоқ, қалмаймын. – Болмайды. Қазір апайың бері шығады ғой. Сосын... Ажар сөзін аяқтап үлгермеді, Айнұр жұрттың арасына кіріп кетті. – Айнұр! Ажар шарасыз күйде қала берді. Айнұр сынаптай жылжып, қысылып-қымтырылып, терлеп-тепшіп Зұлифа апайына қарай қарыс адым болса да жақындай берді. Кезектегілер бірі аяп, екіншісі ренжіп жатыр. – Мына бала қайда барады, әй?! – Қыстырылып неғып жүр?! – Абайласаңдаршы, кішкентай бала ғой. – Шешесі қайда бұның? Неге шақырмайды? – Осындай кішкентай баланы да дүкенге жібере ме екен? Бұл сөздерді естігенде, Ажар өзін қоярға жер таппады. – Қап, сені ме... Қазір қасыма келерсің. Ізінен барайын деп еді, ешкім жол бермеді. Әрі баланы өтірік сылтауратып, кезексіз ет алмақшы ғой деп ойлайды. Амал не. Бір орнында күйініп тұрды да қойды. Сағатына қарады. Айнұр кеткелі бес минут болыпты. Бұл кезде Айнұр да Зұлифа апайына жеткен еді. Көзіне тер құйылып, тамағы қарлығып: – Саламатсыз ба, апай?! – деді. Апай айран-асыр. – Айнұр, мұнда неғып жүрсің? – Мамам екеуіміз ет алуға келдік.
– Мамаң қайда? – Ана жақта. Артта. Есіктің аузында. – Ал сен мұнда не істеп жүрсің? Қалай жеттің? Жұрт деген мынау ығыжығы... – Сізді көріп қалдым да, сәлем берейін деп келдім... Апай толқып кетті. Айнұрдың басынан алақанымен сипай берді, сипай берді. Не дерін білмеді. Кезегін тастап, Айнұрды қолынан жетелеп, мамасына апарды. Ажар әбден ызаланып тұрған-ды. – Кел бері! – деп қатты айқайлап жіберді. Зұлифа апай: – Бір жолғы ашуыңызды маған қиыңыз, – деді өтініп. – Бала ғой... Сөйтті де Ажардың құлағына әлдене деп сыбырлады: «Жазғы каникул кезі. Сағынып қалған ғой. Қайтесіз ашуланып...» Сол-ақ екен, мамасы да Айнұрдың басынан сипалады. Айнұр апайы мен мамасының ортасында күлім қақты. Үстібасы шылқыған тер. Гүлді көк көйлегінің омырауындағы екі түймесі үзілген.
Қиын хат
Айнұр ауылдағы әжесіне хат жазуға отырды. Бұл – оның алғашқы хаты. Ойы: «Әже, мен, міне, бірінші сыныпта оқып жүрмін, әріптердің бәрін білем, ешкімнің көмегінсіз өзім хат жаза аламын», – дегенді сездіру-тұғын. Мақтанғысы келді. Әжесі бір қуанып қалсын. «Саламатсыз ба, әже? – деп бастады. – Денсаулығыңыз жақсы ма? Ауылда не жаңалық бар? Ауырмай-сырқамай жүрсіз бе? Менін жағдайым жаксы. Сабағымды оқып жүрмін. Мамам, папам жұмыстарында. Сізге салем айтып жатыр. Екінші тоқсанды жақсы аяқтадым. Ана тілінен – бес. Орыс тілінен – бес. Дене шынықтырудан гимнастикаға қатысамын. Мамам кеше маған әдемі көйлек алып берді...» Көп ойланды. Бұдан әрі не жазарын білмеді. Бар айтары бітіп қалған секілді. Және сөздерді дұрыс жазбай, қате жіберген жоқ па екем деп ойлады. Ауызға айтуға оңай болғанмен, жазғанда қиын ғой... Жүгіріп мамасына барды. – Мама, менің мына хатымды тексеріп берші. Ол ірі-ірі әріптерге толып қалған дәптердің бір парақ бетіне үңілді. – Қызым-ау, біраз қате жіберіпсің ғой. Міне, «менін» емес, «менің» болуы керек. «Салем» емес, «сәлем». «Жаксы» емес, «жақсы». Ол сөйтіп бар қатесін шығарды. – Енді қайта көшір. Әйтпесе әжең сөзді дұрыс жаза алмайды екен деп ойлап қалар... Бұдан басқа ештеңе жазбайсың ба? – Иә, жазбаймын. – Неге? Хатқа бар шындықты, жаңалықты жазу қажет. Өткен аптада математикадан үш алып қалдың ғой. Соны да айт. Бұрнағы күні үйге кеш келдің. Біз сені жер-көктен іздеп әзер таптық... Дүкенге кірген сайын ойыншық алып бер деп жылайсың. Осыларды да жаз. Айнұр бір түрлі ренжіп, ойланып қалды. – Мама, онда әжеме хат жазбай-ақ қояйыншы. – Неге? – Сол. Хат жазу қиын екен. Әжем мені жаман бала екен деп ойлар...
– Ә, солай ма? Ендеше сабағыңды жақсы оқы, тәртіпті бол. Әйтпесе әжеңе хат жаза алмайсың. Айнұр жазған хатын жыртып тастады.
Лагерьге бармаймын...
Айнұр бірінші сыныпты тамамдады. Алда ұзақ-сонар жаз. – Мама, жазда қайда барамын? – деді Айнұр. – Маусымның басынан бастап лагерьге барасың. – Алақай! Айнұр содан маусымға дейін бес күнді өткізе алмады. Көз алдына лагерьді елестетті. Жағалай құрылған ақ шатырлар. Күнде тауға саяхат. Суға шомылу... Ақыры күткен күн де келді. Айнұр ертеңгілік асығып мектепке жөнелді... Бірақ кешке ренжіп оралды. Көңілсіз. Қуанышы су сепкендей басылған. – Не болды, Айнұр? – деп сұрады Ажар. – Мама, лагерьге барғым келмейді. – Неге? – Сол. Еркін ойнай алмайсың. Солдаттар секілді ылғи сапқа тұрғызады. Саппен тамаққа барамыз. Бір мезгілде ұйықтаймыз. Ақ шатырлар жоқ. Баяғы сол өзіміздің сыныпта жатамыз... – деді Айнұр. – Енді қайтесің? Папаң демалыс алғанша шыда, сосын ауылға кетесің. – Жоқ, шыдамаймын. Мен бұйрықпен жатып-тұратын солдат емеспін. Одан да үйде болғаным жақсы. Азанда жұмысқа кеткенде, есікті сыртынан кілттеңдер. Ұйқымды қандырып, түсте тұрамын. Сосын теледидар көремін. Каникулда осылай еркін жүргенге не жетсін... Ажар күлді. – Кішкентай ерке қызым-ай, әлден өстесің, еркіндікті жақсы көресің... Жарайды, онда. Үйде қаласың. Ертең апайыңа айтайын. Айнұр қолын шапалақтап жіберді.
«Бұл мен ғой...»
Лұқпан жексенбі күні көбіне кітапханада болады. Кітапхана алыста емес. Үлкен көшенің арғы бетінде. Екі ара бес минуттық жол. Түсте үйге келіп тамақ ішіп кетеді. Бір күні папасына еріп, Айнұр да кітапханаға барды. Залда отырып, көптеген сурет-кітапшаларды көрді. Ежіктеп «Балдырған» журналын оқыды. Әне-міне дегенше түс болды. Айнұрдың қарны ашты. Орнынан тұрып, кітапханашының үстелінің үстіндегі қызыл телефонға барды. – Апай, үйге телефон соғуға бола ма? – Соға ғой, – деді кітапханашы әйел. Айнұр телефоннан үйдің нөмірін терді. Ар жақтан мамасының даусы естілді. – Алло, бұл кім? – Мама, бұл мен ғой. Кітапханадан телефон соғып тұрмын. Түскі тамақ әзір ме? – Әзір. – Онда мен қазір барамын. Қарным ашты. – Келе ғой, кішкентай оқымыстым. Ажар күлді.
Айнұр кітапханаға папасы құсап үйге телефон соғу үшін барған еді.
Ең жақсы маусым
– Айнұр, сен жылдың қай мезгілін ұнатасың? – деді папасы не дер екен деп. – Мен бе? – Иә, сен. Айнұр сәл ойланып қалды. – Мен көктемді ұнатамын. Көктем – ең жақсы маусым. Қар ериді. Жылға ағады. Жылғаға қағаз кеме жүздіріп ойнайсың. Алыстан құстар ұшып келеді. Бау-бақтар көгереді. Гүл деген көздің жауын алып, қаптап өседі. Ең бастысы, мамалардың мерекесі бар... – Сонымен сен көктемді жақсы көресің ғой? – Жо-жоқ. Ең жақсы мезгіл – қыс. Сондай ғажап. Айнала ақ көрпеге оранады. Аспаннан жерге аппақ көбелектер ұшып қонады. Шанамен армансыз сырғанайсың. Коньки тебесің. Жаңа жыл келеді. Аяз Ата көп-көп базарлық береді. Шыршаны айналып би билеп, ән шырқаймыз. Бәрінен бұрын өзендер демалып, әбден ұйқысын қандырады. – Өзендер ұйықтай ма? – Әрине, ұйықтайды. Олар көктем, жаз, күзде аға-аға әбден шаршайды ғой. Қыста демалады. Мұз боп қатқаны – ұйықтағаны. – Солай де. Сонымен сенің ең жақсы көретін мезгілің қыс болды ғой? – Жоқ. Ең жақсы маусым – күз. Күзде барлық жеміс-жидек піседі. Сабақ басталады. Тек өкініштісі, құстар басқа жаққа ұшып кетеді. Дала бір түрлі мұңайып қалады. Әйтпесе күз жақсы. – Сонымен сенің ең жақсы көретін маусымың қайсы? – Ең жақсысы ма? – Иә. – Жаз. – Неге? – Жазда ең ұзақ каникул. Үш ай армансыз ойнайсың. Жазда – тамыз айында менің туған күнім бар. Ең жақсы маусым – жаз. Бірақ, папа, жыл мезгілдерінің бәрі жақсы. Олардың ешқайсысын да ренжітуге болмайды. – Неліктен? – Солай. Мәселен, қысты жаман десем, ол уақытында келмей қойса, қайтеміз? Шанамен сырғанай алмаймыз. Коньки теппейміз. Аяз Ата жоқ. Күзді жаман десем, бау-бақшалар жемістерін бермей қояды. Көктем жаман десем, құстар келмейді. Жер көгермейді. Жазды жаман десем, каникулсыз қаламын. Туған күнім болмайды. Жоқ, папа, олардың бәрі де жақсы. Мен бәрін де ұнатамын.
Ауылда тұрғым келеді...
Бүгін таңертеңгі пойызбен Ажар мен Айнұр ауылдан келді. Лұқпан оларды күтіп алды. Жолда таксидің ішінде ол: – Айнұр, қалай, ауыл жақсы ма екен? – деді. – Жақсы. Қаладан жақсы, – деді Айнұр. – Неге? – Солай. Ауыл тып-тыныш. Ағылып жатқан машина жоқ. Бұлақ сарқырап ағып тұр. Сиыр, қой, ешкі, есектерді зоопарктен емес, қораның ішінен көресің.
Таңның қалай атқаны, кештің қалай батқаны – бәрі анық, күнді қаладағыдай биік үйлер қалқаламайды. Қалада «Айнұр, абайла», «алысқа ұзама, машина басып кетпесін» деп әбден ескертіп боласыңдар. Ұзағырақ ойнап кетсем, іздеп әуре боласыңдар. үнемі рұқсат сұрауым керек... Өзен жоқ, көл жоқ... Ауылда әжелер көп. Әжелер ұрыспайды, тек жақсы көреді... Ауылда тұрғым келеді, – деді ол.
«Қала қандай жаман...»
Бұрын олар қаланың шетінде бір бөлмелі ескілеу үйде тұратын. Әрі үйлері бірінші қабатта. Айнұрдың арманы балконы бар пәтер еді. Міне, бүгін ол сол арманына жетті. Папасы жаңа пәтер алды. Екі бөлмелі. Қос балконды, бесінші қабатта. Аспанға жақын. Әрі таудың етегінде. Айнұрдың қуанышында шек жоқ. ұшқыштар секілді балконнан айналаға қайта-қайта қарайды. Көзі тоймайды. Бәрі керемет. Бәрі көзге алақандағыдай көрінеді. Бүкіл қала көз алдында. Бір уақытта балконнан түсіп, аулаға шықты. Өзі қатарлы қыз балалармен ойнағысы келді. Әрі-бері жүрді. Ешкіммен шүйіркелесіп кете алмады. Бәрі бейтаныс... Мұңайып үйге келді. Келді де: – Папа, біз кейін тағы да жаңа пәтерге көшеміз бе? – деді. – Иә, – деді папасы. – Кейін үш бөлмелі жаңа үйге көшеміз. Мұнда бірақ әлі екі-үш жыл тұрамыз. Айнұр күрсінді. – Қала қандай жаман... Әр жаңа үйге көшкен сайын қаншама ескі достарыңнан айрыласың. Сосын қайтадан жаңа достар іздеу керек... – Не болды сонша? – Мына ауладан ешкімді білмеймін. Бәрі бейтаныс. Ана ескі үйде тұра бергенімізде ғой, әлдеқашан асыр салып ойнап жүрер едім... Папа, өтінем, бұдан бұлай жаңа үйге көшпейікші...
«Папам батыр емес...»
Әңгімеден әңгіме өрбіді де, кешкі шайдың үстінде Ажар: – Айнұр, біздің үйде кім батыр? Папаң ба, сен бе? – деп сұрады. Айнұр көп ойланбады. Жауабын тақ еткізді. – Мен батырмын! – деді. – Неге? Оны қайдан білдің? – Білдім. Папам шіріген бір тісін жұлдыруға қорқып жүр. Ал мен, міне. – Айнұр аузын ашып көрсетті. – Төрт тісімді жұлдырдым. – Дұрыс. Дұрыс... – деді Лұқпан күліп. – Тауып айтты... – Сөз тапқанға қолқа жоқ. Ажар таңданып басын шайқады. Шынында да Айнұр соңғы он күннің ішінде қиқы-жиқы төрт тісін жұлдырды. Дәрігер жұлғандардың орнына аппақ сап-сау жаңа тістер шығады деді. Ал Лұқпан былқылдап тұрған атам заманғы шірік бір тісін жұлдыруға тәуекел ете алмай жүр. Кейде зар қақсап ауырады. Сондайда дәрігерге барайын деп оқталады. Бірақ батылы жетпейді. Дәрі салады. Әйтіп-бүйтіп ауырғанын қойдырады. Сол шірік тісін біржола жұлдырып-ақ тастағысы келеді. Алайда осыдан он жыл бұрынғы бір оқиға еріксіз есіне түседі де, ол райынан қайтады. Онда Лұқпан ауылда оныншы сыныпта оқитын. Бір күні үстіңгі бір күрек тісі
ауырып, кеңшар орталығындағы дәрігерлік пунктке барған-ды. Дәрігер жігіт әйшәйға қарамай, ол тісін бірден жұлып тастады. Жұлып тастады деген аты ғана. Әбден азаптады. Дәрісін дұрыс екпеді ме, күрек тісін атауызбен шеге суырғандай қышырлатып жұлды. Лұқпанның жаны мұрнының ұшына келді. Аузынан қан тоқтаусыз ақты. Үйге келіп екі күн, екі түн дөңбекшіп жатты... Содан бері тіс дәрігеріне бармауға ант еткен-ді. Лұқпан Айнұрға осыны айтты. Айнұр бәрібір сөзінен қайтпады. – Бәрібір батыр емессің! – Неге? – Сол. Темекі шекпеймін дегеніңе, міне, бір жыл болды, әлі тастай алмай жүрсің. Күнде өзіңе-өзің уәде бересің. Бірақ орындамайсың. Ал батыр адам сөзінде тұрады. Лұқпан қос қолын жоғары көтерді. – Жеңілдім. Жеңілдім. Шынында да батыр емеспін. Айнұр оның осал жерінен ұстады. Айтқанының бәрі рас. Лұқпанның темекіні қоямын деп жүргеніне, міне, бір жыл. Ниеті дұрыс. Бірақ ерікжігері жоқ. Сөзінде тұрмайды. Мықтағанда бір апта шыдайды. Сосын темекіні қайта тартады. «Бүгіннен бастап темекіні қоям!» – деп талай рет қорап-қорап темекілерін отқа да жақты, суға да тастады... Алайда ертеңіне дүкеннен қайтадан темекі сатып алады. Айнұр соның бәрін де жадында сақтап жүреді екен. Лұқпан қатты ұялды. Орнынан тұрды да, костюмінің қалтасынан бір қорап темекіні балконның есігін ашып, зәулім үйдің бесінші қабатынан шыңылатып жерге қарай лақтырып жіберді. – Бүгіннен бастап темекіні қойдым Бұл соңғы сөзім! – деді.
Ең жақсы құс
Қанаттарын ебедейсіз жалп-жалп қағып қар үстінде ұшып-қонып жүрген қарғаларға қарап: – Папа, менің ең жақсы көретін құсым – қарға, – деді Айнұр. Лұқпан таңданды. – Неге? Ол нағыз жаман құс қой. Өлексенің, қоқыр-қоқыстың жанында жүреді. Лас, сасық нәрселерді жейді. Көрмейсің бе, түрі де күйедей қап-қара. – Бәрібір жақсы көремін. – Неге? – Себебі ол күзде басқа құстар секілді бізді тастап, жылы жаққа ұшып кетпейді. Суықтан, аяздан қорықпайды.... Лұқпан үнсіз қалды. Бұл ой оның басына келмеген еді.
Бейбітшілік құсы
Күн жексенбі. Лұқпан Айнұрды паркке қыдыртуға алып шықты. Аялдамаға келіп автобус күтті. Автобус жуық арада келе қоймады. Кенет Айнұрдың тас жолдың үстінде қауырсыны үрпі-түрпі шашылған, жұдырықтай аппақ әлденеге көзі түсті. – Папа, анау не? – Кәне. – Әне, жолдың үстінде. Лұқпан Айнұр қолын сілтеген жаққа қарады.
– Құс қой, – дей салды. – Қандай құс? – Көгершін. – Көгершін?! – Иә. – Бейбітшілік құсы... Сонда қалай, машиналар Бейбітшілік құсын басып кеткені ме? Айнұр қатты ренжіді. Ол бұрын әр жерден машиналар қағып кетіп өлтірген мысықтар мен күшіктерді көріп жүретін. Жаны түршігетін. Оларды жолдан ешкім алып тастамайды, сол күйі жата береді, машиналар үстінен зымырап басып өте береді. Айнұр түсінбейтін. Шоферлердің көздері көрмей ме, әлде кілең тас жүректер ме? Ал енді мынау тіпті сорақы. Қайдағы бір қаңғыған мысық пен күшік емес, Бейбітшілік құсы...Жарқырап нұрын төккен күн мен зеңгір аспан төсінде шаттана қанат қағып жүретін құс. Мерекелерде әсіресе көгершіннен қала аспаны көрінбейді. Аспан төсіндегі қанатты аппақ гүлдер. Кітап, журнал, газет беттері ақ көгершіндерге толы... Енді, міне, машиналар мұның бәрін мүлде білмейтін секілді. Жұдырықтай ақ көгершінді – Бейбітшілік құсын үстінен зу-зу басып ағылып жатыр... Айнұр папасының бетіне жаутаң-жаутаң қарады.
Ертегілер мен мысалдар
ЖАУҚАЗЫН
Бүгін қарт тырна әдеттегісінен ерте тұрды да, ауыр қанаттарын сарт-сұрт ұрып, дүр сілкінді. Сөйтті де шаңқ-шаңқ шақырды: – Ау, ояныңдар ұйқыдан! Әр ағаштың басында қонақтап жатқан балалары мен немерелері көздерін ашып, асығыс-үсігіс қарт тырнаның қасына жиналды. Бәрі аң-таң. Мұнысы несі? Таң атпай не шаруа болып қалды екен сонша? Қарт тырна бұл сұрауды олардың моншақтай жанарларынан білді. – Мен түнде түс көрдім, – деді ол әр сөзіне салмақ салып. – Туған жерімізге – Қызылқұмдағы Ақсуат көліне көктем келіпті. Көл толқын атып тулап жатыр. Айналасы майса бал құрақ. Көл тұнған күміс шабақ. Бүгін егер жаңылмасам, амалдың жиырмасы. Естеріңде ме, былтыр осы уақытта болып едік қой. Неғып ұмытып қалдыңдар? Әлде туған жерді естеріңнен шығардыңдар ма? Жақсы қасиет емес. Бұл жер бізге қанша жайлы болғанмен, туған жерге – атамекенімізге не жетсін... – Ой, ата-ай, түске де сеніп... Қайда асығамыз, күте тұрайық, әлде де артын бағайық, күн әбден жылынсын, туған жерімізді біреу көшіріп әкетпейді ғой, ал мұнда қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк, ит тұмсығы батпайтын джунглидің іші толған құрт-құмырсқа, көлде құрбақа бықып жүр... Қарт тырна ашу шақырды. – Жоқ, болмайды! Біз қу құлқынның құлы болмауға тиіспіз. Туған жер де көктемді зарыға күтіп жатыр. Ал көктем шын мәнінде құс қанатымен барады. Осыны неге түсінбейсіңдер, ақымақтарым-ау. Осы сәт қарт тырнаның ортаншы баласы: – Әке, кеше өткенде осы жақтан асығып кеткен бір қаз ұшып келді. Оның айтуынша, әлі қыс біте қоймаған секілді. Босқа үсіп өлеміз ғой. Ауа райы өзгерген көрінеді. Қазір бұрынғыдай емес. Жыл маусымдарының реті сақталмайды... – деді. – Иә, сөзіңнің жаны бар, бірақ біз қалайда жолға шығуымыз керек. Міндеттіміз. Әрі түсім де алдамайды. Сөз осымен бітті. Балалары бұдан әрі ештеңе демеді. Себебі олар қарт тырнаның мінезін, екі сөйлемейтінін білетін. – Қазір жолға жиналыңдар. Мықтап тамақтанып алыңдар. Күн шықпай көкке көтерілеміз. Аспан жар болсын! Тырналар жалма-жан тамақтануға кірісті. Сүт пісірім уақыттан соң, үшбұрыш тізіліп, Қызылқұмды бетке алды. Көш алдында қарт тырна. Мүлгіген қалың орман тырналардың қиқуымен азан-қазан болды. Олар үш күн, үш түн ұшты. Ақсуатқа жетті. Жетті де тырналар қатты өкінді. Қарт тырнаның түсі алдап соғыпты. Қыс кетпепті. Жер ала шарбы қар. Көл беті жұқа қабыршақ мұз. Жайқалған бал құрақ жоқ. Талдар әлі бүр жармаған. – Енді қайттік? – Үсіп өлеміз ғой. – Қарнымыз да ашты. Бәрі қарт тырнаға кінәлай қарады. Қарт тырна қиналды. Ұзын тұмсығымен не істерін білмей, жер шұқыды. Қарт тырнаның ерке кенже баласы қызбаланып:
– Қайта кері ұшуымыз керек! – деді қанатын білеп. – Бүйткен туған жері бар болсын! Көбі оның сөзін қостады. – Қиқ-қиқ! Дұрыс! Кетеміз! Қарт тырна жерден басын ауыр көтерді. – Жоқ, осында қаламыз. Бұл – біздің перзенттік борышымыз. Қылбық қар, қабыршақ мұздан қорықсақ, не болғанымыз? Зеңгір аспанда не бетімізбен қанат қағамыз? Ертең жұрт не дейді? Жыл құсы деген атымызға кір келмей ме? Шыдаймыз! – Кетеміз! – Шыдаймыз! Тырналар бір шешімге келе алмай, екі дайға бөлінді. Айтыс-тартыс қызды. Бірінің сөзіне екіншісі құлақ аспады. Ақыр аяғында бір топ тырна кері қайтуға оқталды. Осы сәт бір нәзік үн естілді. – Тырналар, өтінемін, қайтпаңдаршы. Мен қазір мынау даланың гүлі мен шөбін ұйқысынан оятамын. Бәрі бүр жарып көктем шыға келеді. Көктем болады... Бұл кім? Тырналар дыбыс шыққан кәрі сексеуілдің түбіне қарады: топырақ астынан бой көтерген нәп-нәзік Жауқазынды көрді. – Ау, сен сәуір айының соңына таман шығушы едің ғой... Қарт тырна таңданды. – Иә, мен сәуірде шығамын. Бірақ сендердің әлгіндегі айтыстарыңды естіп, дәтім шыдап жата алмадым, мезгілімнен ерте көктедім, әлі буыным да бекіген жоқ. Өтінерім – туған жерді тастап кетпеңдер, ол сендерді алты ай қыс бойы зарыға, сағына күтіп жатыр, әбден жаурап-тоңды... Шуақты, жылуды аңсады... Осыны түсініңдер, оған да оңай деймісіңдер... Қарт тырнаның көңілі толқып кетті. Көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті. – Міне, көрдіңдер ме, нәп-нәзік Жауқазын құрлы жоқсыңдар... Балалары ұялып, жерге қарады. Жауқазын: – Күтіңдер. Кетпеңдер. Мен қазір барлық гүл мен шөпті ұйқысынан оятамын! – деді де қуана секіріп, дірдектей тоңып, таң қараңғылығының қойнына сүңгіді. Баялыштың түбіндегі кеседей төмпешіктің қасына келіп, айқай салды: – Әй, Құртқашаш, тұр, кәне! Оян, құстар келді. Көктем келді! «Төбешікке» жан бітті, астынан Құртқашаштың көмескі үні естілді. – Маған әлі ерте ғой, өзің жақсы білесің, мен сәуірде жер бетіне шығамын. Немене, жындандың ба, үсіп өл дейсің бе маған? – Жоқ, есім дұрыс, бол тез, өтінемін, уақытыңды күтпе, күн жылыған екен деп, сонау жер түбінен тырналар ұшып келген екен, кетіп қалмақ болып жатыр... Ұшып кетсе, көктем одан әрі кешігеді ғой. – Түу, сен де... бір түрлі ұйқым қанбаған секілді. – Ұйқың сыртқа шыққасын қанады. Сені күн сүйеді, жел өбеді. – Жарайды, қоймадың ғой тіпті. Құртқашаш көгілдір көйлегін киіп, төбешіктің астынан далаға атып шықты. – Ища! Күн не деген суық еді! Жауқазын оны тас қып құшақтады. – Рақмет, бауырым, Гүлдер әулетінің бақыты дарысын саған. Шыда. Қазір таң атады. Күн жылиды. Сөйтті де Жауқазын әрі кетті.
Қардың астындағы Бәйшешектің үйінің терезесін қақты. Ар жақтан ұйқылыояу нәзік дауыс шалынды. – Бұл кім? – Мен ғой. Жауқазынмын. – Ертелетіп неғып жүрсің? – Шұғыл шаруа болып тұр. – Не шаруа? Жауқазын мәселені түсіндірді. Бәйшешек үйінің есігін ашты. – Солай де. Өзім де екі-үш күн әлетінде сыртқа шықпақшы едім. Оқасы жоқ. Жауқазын көлді жағалай жүгірді. – Құрақтар! Ояныңдар! Көлді жағалай құрақтар құлпырып шыға келді. Жауқазын осылайша дала төсіндегі бар гүл мен шөпті ұйқысынан оятты. Гүлдер мен шөптердің қызу тіршілігі жер бетіндегі қылбық қарды ерітті. Қар түн ішінде жылға болып сылдырай ақты. Көлдің мұзы буға айналды. Самал есті. Даладан гүлдер мен шөптердің алуан түрлі жұпар иісі аңқыды. Тырналар көл жағалай қанаттарын шапалақтап қағып, қуана қиқулады. – Жауқазын, саған мың да бір рет рақмет! Гүлдер патшалығының ханшасына айнал! Туған жердің бір гүлі дәл сендей-ақ болсын! Дала бусанып, шаттыққа кенелді. Күн нұрын ағыл-тегіл төкті. Көктем осылай мезгілінен ерте келді. Бұл – Жауқазынның ісі еді...
БАЛА БҰЛТ
Оның үйі шырқау көгілдір аспан төрінде еді. Түс кезі болатын. Қалың мұз қабырғалы үйдің қырау басқан көгілдір есігі тық-тық қағылды. Әке бұлт демалып жатқан-ды, орнынан тұрып, есікті ашты. Ар жағынан мойнына сөмке асынған почтальон қыз көрінді. – Саламатсыз ба? Сізге жеделхат, – деді де ол, бір жапырақ ақ қағазды әке бұлттың қолына ұстатты. – Рақмет. Әке бұлт жеделхатқа үңілді де, ас үйде жүрген әйеліне айқай салды: – Апасы, кәне, тез жөнелуіміз керек! – Не болып қалды? – Жер бетінде, сонау қиян шетте бір егістік алқап қурап кеткелі тұр екен, адамдар бізден көмек сұрапты. Күн ыссы, аңызақ, аптап көрінеді. Жәрдем бермесек болмас. – Жарайды. – Ол пісіріп жатқан мұз бәліштерін мұз текшеге апарып қойды. Әке бұлт пен ана бұлт дереу үстеріне қабат-қабат қылып су-су киімдерін кие бастады. Төргі бөлмеден бала бұлт жүгіріп шықты. – Әке, мен де барам ба? – Жоқ. Сен үйде қаласың. Саған әлі ерте. Бұғанаң бекісін, буының қатсын. Біз барып адамдарға жақсылық жасап қайтайық. Жағдайлары қиын екен. Жәрдем сұрапты. Сен үйден сыртқа аттап шықпа. Сыртыңнан құлып салып кетеміз. Кәмпит жегің келсе, шкафтың жоғарғы сөресінде. Терезеден басыңды сыртқа шығарушы болма, алысқа жел қуып әкетеді. Адасып кетесің. Сосын үйді таба алмайсың. Түсіндің бе? Біз нөсерімізді төгіп-төгіп, бойымызды жеңілдетіп кешке таман ораламыз. Бала бұлт қиыла өтінді. – Әке, мен де барайыншы.
Әке бұлт қабағын түйді. Қабағына мұз қатты. – Болмайды. Әлі жассың. Кейін саған да кезек келеді. Әңгіме осымен бітті. Ана бұлт пен әке бұлт баласының маңдайынан сүйді. Сөйтті де бірінің соңынан бірі жөңкіліп, будақ-будақ толқынданып, жолға шықты. Бала бұлт үйде қалды. Ол әдепкіде ешқандай зерікпеді. Шкафта тәтті көгілдір мұз кәмпит көптұғын, уыстап алып жей берді, жей берді. Бір уақта қараса, шкаф тықырланыпты, босап қалыпты. Бала бұлт қатты өкінді. Мұңайып басын көтермей біраз отырды. Не істеу керек? «Қой, одан да ұйықтайын, тәтті түс көрейін», – деп ойлады. Сөйтті де басына ұлпа қар көпшікті салып, оюлы көлдей қырау көрпені жамылып, жылтырақ мұз диванның үстіне барып жатты. Бірақ жуық арада ұйқысы келмеді. Әрі аунады, бері аунады, кірпігі ілінбей қойды. Құр дөңбекшіп шаршап, не істерін білмей, орнынан тұрып, үлкен мұз әйнекті терезенің алдына барды. Сыртта ерекше ештеңе жоқ. Айнала тұңғиық көк аспан. Неше түрлі кейіптегі бұлттар. Бу. Кенет әлдеқайдан асығып, тұлпарша шапқылап уілдеп бара жатқан Жел бала бұлтты көрді де, терезенің алдына кілт тоқтай қалды. – Балақай, үйде неге қамалып отырсың? – деді. – Әкем мен шешем сыртымнан бекітіп кетті. Олар кешке келеді. – Түу, сонда кешке дейін үйде қамалып отырмақпысың? – Енді... – Жоқ, олай етуге болмайды. Үйде қамалып отыратындай не кінәң бар? Бала деген асыр салып ойнауы керек. Кел, сыртқа шық, мен сені біраз серуендетейін. Талай жерді көрсетем, талай қызыққа кенелтем. Бала бұлт басын шайқады: – Болмайды. Әкем мен шешем үйден шықпа деген. – Өздері қайда? – Жер бетіне – алыс бір жаққа кетті. Аңызақ, аптап екен. Көмек береді. – Қашан келеміз деді? – Кешке оралады. – Ендеше ешқандай қорықпа, олар келгенше сен де үйіңде боласың. Түсіндің бе? Бала бұлт қуанды. – Түсіндім! – Кеттік! Бала бұлт бұдан әрі шыдай алмады. Сырт еткізіп терезенің көзін ашты... Аспанда қалықтай жөнелді. Армансыз ойнады. Көк төсін әбден шарлады. Жел екеуі қол ұстасып алды. Жел керемет сиқырлы екен. Бала бұлтты біресе жолбарыс қылып мүсіндеді, біресе қоянға ұқсатты. Бала бұлт қасқыр да болды, түлкіден де аумай қалды. Мүйізі бұтақ-бұтақ марал болып та жүрді. Не керек, көкірегі шаттыққа толды. Қуаныштан сыңғыр-сыңғыр күле берді. Екеуі бірбірімен жарысты. Күннің де бетінен әнтек сипалап өтті. Бір кезде бала бұлт Желге былай деді: – Досым, көрсеткен қызықтарыңа рақмет. Енді мені жаныңа ертіп, маған жер бетін көрсет.
Әкем мен шешемше
Көп елге барайын,
Селдетіп жауайын.
Адамның ең қымбат
Алғысын алайын!
Жел: – Мақұл, айтқаның болсын! – деді. Сөйтті де Жел көзге көрінбейтін қуатты қанатын қағып, ұша жөнелді. Жанында бала бұлт. Бұлт таңданып, тақылдатып таңдайын қақты. Шетсізшексіз кең дала көзін талдырды. Жерді осыншалықты үлкен деп ойлаған еместі. Тіпті аспаннан да шалқар секілді. Бір кезде бала бұлт шалқар дала төсінен көгілдір теңізді көрді. Қуанып кетті.
– Жел, кәне, тоқтай қал.
Селдетіп жауайын,
Адамның ең кымбат
Алғысын алайын!
Жел кілт тоқтады. Сол-ақ екен, бала бұлт нөсерлете жөнелді. Теңіз беті шүпірлеген балық ауыз аппақ тамшыларға толды. Тамшылар су әнін шырқады: – Шүп-шүп! Шүп-шүп! Бірақ, неге екені белгісіз, теңіздің жағасында жүрген адамдар аспандағы бала бұлтқа қарап, қабақтарын шытты. – Өзі ақылсыз болмаса нетті? Дені сау, ақылы бүтін бұлт теңізге жауа ма екен? Басқа жер құрып қалды ма? Бұл сөзді естіп, бала бұлт бір түрлі ренжіп қалды. «Адамдар мені неге ұнатпайды?» Әрі ойланды, бері ойланды, себебін біле алмады. Мұңайып: – Қой, онда босқа селдетпейін. Жел, басқа жаққа кеттік, – деді. Жел бала бұлтты алдына салып, қуа жөнелді. Әлден уақытта екеуі бір қаланың үстіне келіп тоқтады. Бала бұлт өз-өзінен мәз болып, нәзік ақ шарбы алақанын шапалақтады. – Бәлкім, менің тамшыларым осы қалаға керек шығар! Сөйтті де асығып селдетіп берді. Жіп-жіңішке мөлдір тамшылары бірінен соң бірі жерге қарай секіре бастады. Бала бұлт аспаннан төменге қарай секіруге жүрексінген тамшыларын қайрады: – Тамшыларым, батырларым, ешқандай қорықпаңдар. Сендер адамдарға қызмет істеуге, жақсылық жасауға барасыңдар. Олардың алғысын аласыңдар. Тамшылар шуылдап әнге салды: – Түсіндік! Шүп-шүп! Шүп-шүп! Бірақ бала бұлт тағы да қателік жібергенін сезді. Себебі адамдар үйлерінен қолдарына қолшатыр ұстап шыға бастады. Егер олар бала бұлттың мөлдір, әншіл тамшыларын ұнатса, көшеде жалаңбас жүрмей ме? Бастарын қорғалағандары несі? Бала бұлт түнерді. Ауыр ойға қалды. – Қой, кетейік бұл жерден де... – деді ол Желге күбірлеп. Иә, бір сәтке де аялдауға болмайды. Жел гуілдей есті. Әп-сәтте қала артта қалды. Бір кезде далада жалғыз киіз үйдің алдында жіпке кір жайып жүрген бір кемпірді көрді. «Өзі қарт екен, қарашы, белі бүгілген... Жақсылық жасайын...» деп ойлады бала бұлт. – Жел, тоқта. Жел қалт тұрды. Бала бұлт кемпірдің үстіне мөлдір тамшыларын төгіп-төгіп жіберді. Сосын жақсы бір сөз естірмін деп, күлімсірей қарады. Бірақ керісінше болды. Қызық. Кемпір бұлтқа қолын білеп:
– Өзің, сірә, сотанақ шығарсың. Мұның не? Кірімді кептірем десем, малмандай су қылдың... Бала бұлт қатты күйінді. Бұл не масқара? Әлі бір алғыс алған жоқ. Ісін ешкім ұнатпады. Енді бұдан әрі жол шегуге зауқы соқпады. – Үйге қайтайық... – деді көңілсіз күйде Желге. Жел бала бұлтты аяп кетті. Оның бір шаттанбағанына өзін кінәлі сезінді. – Жоқ, арнайы шыққасын, сені бір қуандыруым керек! – деді ол сөзін нығарлап. Бала бұлт қарсыласпады. Желдің жетегіне еріп, алға қарай қалықтады. Олар бір-бірімен қуыспақ ойнап көп жүрді. Бір кезде сол жақтан ақ сағымға оранған кішкентай ауылды көрді. Бала бұлт «ауасы ып-ыссы екен, от тебеді, бәлкім, осы ауылға менің жауыным қажет шығар» деп ойлады. – Жел, кәне, сәл аялдашы. Жел оның сөзін екі етпеді. Бұл ауылдың үстіне келіп селдете жөнелді. Шүпірлеген мөлдір тамшылары әндетіп жерге секіре бастады: – Шүп-шүп! Шүп-шүп! Бала бұлт бұл ісімнің арты не болар екен деп қорыққандай, ауылдың үстінен әрірек барып тұрды. Жерге қысыла көз салды. Міне, керемет! Арманы орындалды! Жалаң аяқ, жалаң бас балалар далаға жүгіріп шығып, айқайлап, шулап аспанды бастарына көтерді. – Жау, жау, жаңбыр, Жау жаңбыр! Бала бұлт жердегі балалардан бетер шаттанды. Балалар құсап ол да айқайлады: – Үнемі осы ауылға келіп тұрамын. Осы ауылға ғана нөсерімді құямын! Алақай! Шексіз қуаныштан бір түрлі бойы жеңілдеп қалған сияқты. Бағана беті қапқара, түнеріңкі еді, енді аппақ. Ен шаттыққа кенелген шүйкедей бала бұлтты Жел қолтығына қысып, шырқау аспан төріне қарай құйындады.
ӘКЕНІҢ ЕРКЕЛІГІ
Ертеде бір бала әкесіне: «Сені кейін ер жеткесін аяғыңды жерге тигізбей тек қана арқалап жүремін», – дейді екен. Бұл оның, сірә, әке парызын осылайша өтеймін деп түсінгені болса керек. Сонымен, уақыт дегенің ұшқан құс, құйғып шапқан тұлпар емес пе, жыл артынан жыл өтеді. Бала жігіт болады. Әкесі қартаяды да, күндердің күнінде қатты науқасқа шалдығады. Ұлы «пәлен жерде ғұлама емші бар» дегенді естиді. Емші әйтеуір кеудеңде шыбын жаның болса, жарық дүниемен қайта қауыштырады екен. Жігіт әкесін соған апармақшы болады. Әкесіне: «Баяғыда көп айта беруші едім ғой, сол сөзім – сөз, емшіге арқалап апарам», – дейді. Әке өз қадірін түсінген перзентіне әбден тәнті болады. Сонымен әуе айналып жерге түскендей шілденің ыссы бір күнінде екеуі жолға шығады. Жігіттің арқасында әкесі. Бірнеше күн өтеді. Жігіт шаршайды. Айнала сағым, мұнар. Топырақ та, ауа да – от. Аңызақ. Шөл. Ұлының арқасында отырған әкесі бір күні көз ұшынан қарайған әлденені көреді. Баласынан: – Балам, анау не, көзім жетпей тұр? – дейді. Қанша шаршаса да жас емес пе, жігіт көзін тіксе,ол қарайған нәрсе түйе екен.
– Түйе ғой, әке. Түйе! – дейді қабақ шытпай. Сөйтеді де күледі. «Әкем бала болып кетті ме сонша. Адам өзі діңкелеп келе жатқанда... Мазаны алмай тыныш отырмай ма?» – дейді ішінен күбірлеп. – Е... Солай де... Қадымдап болса да бұлар әлгі жердің түбіндегі ғұлама емшінің аулына қарай жылжи береді. Айнала мидай дала. Аздан соң әкесі ұлынан әлгі қарайғанды және сұрайды. – Анау не, балам? Жігіт қарайды. – Жаңағы түйе ғой, әке. Түйе, түйе! Даусы шаршау шығады. Не болған бұған дегендей әкесіне аларып бір қояды. Шаршап, титықтап келе жатқан адамға артық сөздің өзі – артық қамшы. Соны түсінсеші! Күн күйіп тұр. Жігіт бой-бой терлейді. Қол-аяғының буын-буыны кетеді. Әуелде қу сүйек, жеп-жеңіл боп көрінген әкесі, енді зіл қара тас секілді сезіледі, терісі сыдырылғандай жігіттің арқасы удай ашиды. Ашуланып лақтырып тастай салатын зат емес. Әке. Бірақ әкесі баласының қиналып келе жатқанынан беймағлұм сияқты. Аттың үстінде отырғандай жайбарақат, көңілді. Ауық-ауық не болса, соны әңгіме қылады. Сүт пісірім уақыт өткен соң, әкесі әлгі қарайғанды үшінші рет сұрайды. – Анау не, балам? Жігіт қарайды да: – Түйе ғой, түйе! – деп ақырып жібереді. – Осымен бір нәрсені үш рет сұрадың. Неге қажет сонша? Мен мынау өлейін деп... Сол-ақ екен әкесі: – Балам, тоқта, түсейін арқаңнан, болды енді, – дейді өкпелеп. – Неге? Отыра бер! – Жоқ. Болмайды. Әкеңнің бір еркелігін көтермедің. Баяғыда сен арқамда отырып аспандағы жалғыз айды «О не?» деп жүз рет сұрасаң, ерінбей-жалықпай «Ай!» деп жүз рет жауап беруші едім. Небір шаршап, жылқыдан – түнгі күзеттен титықтап сіркем су көтермей келген кездерімде де бетіңе жел боп тимейтінмін. Бала ғой, сондағы ойым: «Беті қайтпасын», – дейтінмін. Тіпті болмаса, алдаусырататынмын. Әйтеуір меселіңді қайтармайтынмын. Ой, дүниеай! Енді мен бұл аурудан айығам деген үмітім де жоқ. Жолға көңілің үшін шықтым. Бір еркелігімді көтермедің. Қой, осы жерден елге қайтам! – дейді әкесі. Иә, сөйтіп, баласы әкесінің бір еркелігін көтере алмапты. Бәрі көңілге байланысты ғой, мүмкін еркелігін көтерсе, әкесі сырқатынан жазылып та кетер ме еді, кім білсін...
ЖҰДЫРЫҚ ПЕН АЛАҚАН
Тым-тырыс тыныштықты Алақанның даусы бөлді.
– Досым, кеше саған қатты ренжідім... – деді ол бір түрлі мұңайып
Жұдырыққа.
Жұдырық таңданып, Алақанға жалт қарады.
– Неменеге?! Не істеп қойдым сонша?
– Айдос деген баланы білесің бе?
– Білемін.
– Білсең, кеше сол балаға орынсыз қол жұмсадың. Шанасын тартып алдың, онымен шектелмей, бетінен бір періп жібердің. Осының дұрыс па? Ретсіз-ақ қой. Сенің ісің үшін мен ұялдым... – Туһ, соны да сөз деп! – Жұдырық масаттанды. – Жөнсіз ештеңесі жоқ. Екіншілей шанасын сұратпай береді. Сол керек өзіне! – Жоқ, мұның дұрыс емес! Жұдырықтың көзі шатынады. – Маған сонша ақыл айтатындай сен кімсің, әй?! А? Әттең бір жерде, бір ұяда тұрамыз, әйтпесе сенің де көкеңді көзіңе көрсетер едім... Көп сөзді қой. Менің Жұдырық екенімді әсте есіңнен шығарма. Мен ешкімге есемді жібермеймін. Ақылың өзіңе! Мен сұстымын! Мен күштімін! Үнемі түксиіп, түнеріп, түйіліп тұрамын. Жұрт менен қорқады. Сескеніп, именіп жүреді. Кім көрінген басынбайды. Ал сен ше? Күнің құрысын! Елжіреген бірдеңесің. Осы өміріңде «тәйт!» деп біреуді мұрнынан шертіп көрдің бе? Жоқ. Бірақ Алақан сөзден тосылмады. Жұдырық құсап дікілдемей, сабыр сақтап, жібек мінез, жұмсақ үнмен былай деді: – х, досым, әлімсақтан бір жерде тұрып, бір жерде өмір сүрсек те, мінезқұлқымыз бен іс-әрекетіміз екі бөлек екен-ау... Рас, сенікі секілді «өнерім» жоқ. Тентек, бұзық емеспін. Ашу шақыру, көз аларту менің табиғатыма жат нәрсе. Ешкімге күш көрсетпеймін. Қоқан-лоққы жасамаймын. Әлгінде дұрыс айттың, әлі күнге дейін бір адамның мұрнынан шерткен емен. Өйткені мен – Алақанмын! Осыны түсінесің бе? Атасы мен әжесі «ботақаным», «құлыным» деп еміреніп, менімен немересінің маңдайынан сипайды. Әкесі ұлының жақсы бір ісіне ырза болса: «Жарайсың!» – деп арқасынан қағады. Адамдар бір-бірімен сәлемдесіп, алақан ұсынады. Анасы баласын «күнім», «гүлім» деп аймалайды. Маған бұдан артық қуаныштың қажеті жоқ. Мен елді бірлікке, достыққа шақырамын. Ал сенің кәсібің – оларды араздастыру, араларына от салу. Мені бірақ мойнына су кеткен ынжық, иі жуас екен деп ойлап қалма. Әлдебіреу ретсіз намысыма тисе, Шапалақ боп шарт етемін. Солай, досым. Менің сөзімді дұрыс түсін. Көршіміз. Мұның бәрін саған жаным ашығандықтан айтып жатырмын. Жұртқа орынсыз ұрына берме. Зәуде бір жұдырық боп сілтенгеніңе қарсы емеспін. Бірақ иеміздің намысы, шын ашуызасы боп сілтен. Тек ұятқа қалдырма. Ағат істің артынан өкініші жаман болады. Жұдырық ойланып қалды.
КІЛЕМ МЕН КИІЗ
Төрде ілулі тұрған Кілем терезеден сыртқа сұқтана қарады да, өз-өзінен сықылықтап күліп жіберді. – Қандай тамаша! Қандай ғажап! Еденде жатқан Киіз сәл-пәл еңсесін көтерді. – Кілемжан, ол не? Неге мәз боп тұрсың? – Керемет! Кілем болып жаратылғаныма ризамын. Әйтпесе сен секілді жер бауырлап еденде жатсам, мұның бірін де көре алмас едім... – Айтсаңшы... Киіз қиыла өтінді. – Айтпаймын! Сен бәрібір түсінбейсің. Сенің көрген-баққаның еден: аспанда, әлемде, жерде небір қызықтар болып жатыр...
Кілем Киізге менсінбей шекесінен қарады. – Өмірің неткен көңілсіз еді. Үсті-басың өрім-өрім. Ою-өрнегіңнен түк те қалмаған. Бір жерің ойық, бір жерің жыртық, жұлдыз-жұлдыз тесік. Шет-шетің кетілген. Кірсің. Лассың. Тамақ төгілген. Май тамған. Қарауға ұят. Мына маған қарашы. Ине-жіптен шыққандай әлі де су жаңа қалпымдамын. Семіз малдай түгім жылтырап тұр. Қызыл гүлдерім көздің жауын алып, отша алаулайды. Көк, жасыл өрнектерім құрақша құлпырады. Үсті-басым ұқыпты баладай тап-таза. Мін жоқ. Қожайынның әйелі мені әлпештеп ұстайды. Апта сайын сулы шүберекпен әдемілеп сүртеді. Шаң-тозаңымды қағады. Бұл үйдегі ең кәделі мүлікпін. Бағам да қымбат. Сондықтан орным төрде. Қызметім бар болғаны – үйге сән, салтанат беріп, келген жұрттың көзін қызықтырып, кұлпырып тұру. Әлі жап-жаспын. Терезеден далаға қарап тұрмын. Көргенім қызық-думан. Ал сенің жатысың мынау шаңға көміліп... Киіз тамағы қарлығып, шаршау дауыспен былай деді: – Кілемжан, несіне мақтанасың, төрде ілулі тұрсам, мен де сен құсап сайрар едім. Амал не. Әркімнің өз орны бар: сенікі төрде, менікі еденде. Бірақ өкінбеймін. Сен бар болғаны көзге ғана қуанышсың. Ал мен кәдімгідей жұмыс істеймін. Сен секілді қолын қусырған ақсаусақ емеспін. Еденнен суықты жібермеймін. Үстімде күндіз-түні балалар асыр салып ойнайды. Бір мезгіл тыныш жатқызбайды. Сирек демаламын. Ою-өрнегімнің оңып кеткені де содан. Ерте қартаям. Ерте ескірем. Не десең де, әйтеуір қызметіме адалмын. Сен көп мақтана берме. Түгіңді күн жеп, күйе жеп еденге түсуің оп-оңай. Менің жағдайымды сонда түсінесің. Әбден шаршап жатырмын, еңсемді көтеруге халім жоқ, әлгінде ғана балалар тепкілеп кетті, неге күлдің, далада не қызық бар? Әңгімеңді айт... Сол-ақ екен, Кілемнің асқақтаған көңілі су сепкендей басылды. Терезеден не көргенін асығыс-үсігіс айта бастады: – Далада күн ашық. Аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Торғайлар шықылықтап ән салып ұшып-қонып жүр. Әудем жерде сылдырап бұлақ ағып жатыр... Киіз рақметін айтты.
АРҚАН МЕН ҚАЗЫҚ
Арқан мен қазық әлімсақтан дос еді. Олар ашық қорада, күннің астында жұптары жазылмай, тату-тәтті бірге тұратын. Бір күні екеуі ренжісіп қалды. – Әй, Қазық! –деді Арқан даусын көтеріп. – Менің бағымды байлама, еркіме жібер, саған өмір бойы шырмалып жүрем бе, бүйтіп қорлама, намысыма тиме. Осы қоңсыластығымыз да жетер. Ойлап қарасам, сен менің теңім емес екенсің. Бойың мыртық, бір-ақ қарыс. Ал мен болсам сұлумын, сусылдаған ұзынмын. Шу асауларды тырп еткізбей ұстаймын. Әбжілмін. Бірақ неге екені белгісіз, адам сорымды қайнатып, бір ұшымды саған әкеп байлап қояды. Осыған қайранмын. Бар еңбегім босқа кетеді. Сен менің арқамда күн кешіп жүрсің. Әйтпесе сені ешкім көзіне ілмес еді. Кеудең жерден бір қарыс қана көтеріліп тұрады. Қақшиясың да тұрасың. Одан басқа бітірер ісің жоқ. Қайта зияның көп. Мәселен, ойнап жүріп, балалар саған сүрініп жығылады... Қазық Арқанның сөзін үнсіз тыңдады да, былай деді: – Досым, текке лепірме. Шынтуайтына келгенде, асауды сен емес, мен ұстап тұрмын. Мен болмасам, асаудың мойнында қауқарсыз қаңбақша шұбатылып кете берер ең. Сен адамды кінәлама. Қайта менімен дос қылғаны үшін құрметте. Әйтпесе кәдеге жарамай, әр жерде түте-түтең шығып шіріп жатар едің-ау.
Балалар сүрініп жығылады дейсің, ол менің кінәм бе? Көздеріне қарап жүрсін, мен өзім барып ешкімге ұрынбаймын. Өмір-бақи бір орнымнан қозғалмаймын. Мінезім салмақты. Бойым бір қарыс болса да, күш-қайратым көп. Бұқа да, бура да – бәрі жанымда шыр айналып жүреді де қояды. – Несіне салғыласамыз, кел, одан да татуласайық. Екеуіміздің өміріміз бір емес пе? Бірімізсіз екіншіміз күн кеше алмаймыз ғой. Осыны түсінсеңші. Керілдесіп қайтеміз. Арқан ұялып, шыр айналып, қазықты тас қып құшақтады. – Кешір мені. – Сен де ренжіме. – Жарайды... Арқанның көңілі көтеріліп, бойы жазылып шыға келді.
ҚҰЙЫН МЕН ЖЕЛ
Құйын сарайдың артынан шаңдатып шыға келді де, талдың түбінде тыптыныш демалып жатқан Желге былай деді: – Міне, мені көрдің бе, жаздың ыстығында да тынығуды білмеймін, сонау қырдан ауылға жетіп келемін де, қора аралап, би билеймін. Мың бұралып жүремін, төбем – көкте, аяғым – жерде. Ал сен мен құсап жұрттың көзіне көрінбейсің, ел сенің барыңды да, жоғыңды да сезбейді. Жел миығынан күлді. – Неге сонша екпіндейсің? Мың бұралып би билеп жүргенің менің арқам. Ақылың аз екен. Саған қанат беретін мен емес пе? Емін-еркін даланы кезсін десем, ал сені, өкінішке қарай, үнемі күл-қоқыстан көремін. Шөп-шаламға шүйлігіп жүргенің. Шаң-тозаң көтересің. Біреу әлдекімге күйінсе: «құйын мінез» дейді. Осы жақсы ат па? Ал олардың мен жөніндегі пікірі жақсы: «қоңыр самал» дейді. Мен жуас емеспін. Егер ашулансам, көк дауылға айналам. Осыны біліп қой.
КІЛТ ПЕН ҚҰЛЫП
Бір күні Кілт құлыпқа былай деп мақтанды: – Менің өмірім рақат, күндіз иемнің қалтасында жүремін. Түнде жып-жылы бөлмеде шегеде ілулі тұрамын. Ал сен ше? Ит секілді күндіз-түні есіктің аузындасың. Қыста аязда, ища-ай, тоңып-жаурайтыныңды айтсам, төбе шашым тік тұрады. Құлып: – Қой, асқақтама, екеуіміздің жұмысымыз бір ғой, – деді. – Жоқ. Мен сенен артықпын! Мақтана-мақтана Кілттің аузы қисайып кетті. Таңертең үйдің иесі есікті құлыптамақшы болып еді, құлыпталмады. Кілтті әрі сұқты, бері сұқты, нәтиже шықпады. – Қап, не болған! Ауыстыру керек... Ол сөйтті де көп ойланбады, атауызбен шегелерін суырып, құлыпты есіктің жақтауынан алып, далаға тастады. Ізінен кілтті де лақтырды. Қасына топ етіп Кілт түскен кезде құлып қырылдап былай деді: – Кеше бекер мақтандың. Міне, арты не болды. Далада қалдық... Кілт күмілжіді. – Қайдан білейін...
ШЫБЫН МЕН КӨБЕЛЕК
Терезенің алдында отырған Шыбын үйдің іргесіндегі гүлге кеп қонған Көбелекті көріп қалды да, айқай салды. – Ыз-ыз! Көбелек, мұнда не істеп жүрсің? Көбелек басын көтеріп, қанатын қағып-қағып жіберді. – Гүл иіскеп жүрмін. – Хи-хи-хи! Сөзінің түрін. Гүл тамақ бола ма саған? – Бекер күлесің, Шыбын. Барлық қызық тамақ ішіп, қарын тойғызуда ғана ма? – Ақымақ! – Олай деме. Гүлдің жұпар иісі анау-мынау тамақтан артық. – Пәлі! Гүлдің иісін қорек қып жүрсең, жетіскен екенсің, ендеше көп ұзамай аштан өлесің, бауырым. Біліп қой, барлық рақат тамақта. О, шіркін, менің өмірім сенің түсіңе де кірмейді ғой. Бұл үйде мен дәмін татпаған, аузымды тигізбеген бірде-бір тағам жоқ. Не ішем, не жеймін демеймін. Айран ба, бал ма, ет пе, май ма, сүт пе – бәрі қолымда. Дастарқан жайылса, бірінші мен барып жайғасамын. Құдды осы үйдің сыйлы қонағы секілдімін. Дастарқан үстіндегі әр көз жауын алған тағамнан бір-бір асап, шай, сүт ішіп, демде қарным тыңқиып шыға келеді. Сосын өзімді осыншама сый-сияпат үшін борыштар сезініп, үйдің иелеріне бар өнерімді салып, ұшып-қонып бәйек болып, сызылтып әуезді ән шырқап беремін, қашан ұйықтап кеткенше құлақтарының түбінде жүремін. Сосын өзім де аз-маз көз шырымымды аламын. Одан соң қайта тұрып және тамақ ішемін. Рақат! Ертегі! Ал, Көбелек, сенің көрген күніңді ешкімнің басына бермесін. Халің мүшкіл. Қаңғалап гүл иіскеп жүргенің. Күлкілі! Бәрінен бұрын бала біткеннің көзіне түссең, өлгенше ізіңнен қуатынын қайтерсің. Кесектейді. Тас лақтырады. Шыбын жаныңды шырылдатып көзіңе көрсетеді. Осы да тіршілік пе? Жоқ, өмірің онсыз да қып-қысқа. Жаңбыр жауса, гүлдің қауызының астында, шөптің түбінде бүрісіп отырғаның. Көбелек гүлдің жұпар иісінен басы айналып, шыбынға мойнын бұрды: – Шыбын, бекер масаттанасың. Мен сені жақсы білемін. Ісіңде бір береке жоқ. Жұқсызсың. Сұғанақсың. Жұрт сені етке, сүтке жолатқысы келмейді. Жуыссаң болды – құрттатып жібересің. Айтқаныңның бәрі шылғи өтірік. Сені ешкім сый-сияпаттап, кәделеп күтпейді. Өзің баса-көктеп жүресің. Тәтті тағамның бәріне аяғыңды, ұртыңды малып, ластайсың. Ызыңдап жұрттың мазасын аласың. Ән салам дейсің. Қателесесің. Ызыңың әуезді ән болғаны ма? Адам сені есік-терезесін ашып, желпуіштеп үйінен қуып шығады. Резеңке сапалақпен ұрады. Ұстау үшін тәтті желім жағып, қағаз іліп қояды. Осыны білесің бе? Сүйкімсізсің. Ал мені бар адам дос санайды. Оларға қанатымды қағып, гүлден-гүлге ұшып-қонып жүргенім керемет қызық. Бау-бақшаның, даланың көркімін. Балалар қуса, қызығып қуады. Ұстап алса, қолдарымен аялап сипайды. Қайсыбір тентектер болмаса, көбісі еркіме қоя береді. Ойнайды. Бір сөзбен айтқанда, мен ұшып жүретін гүлмін. Рас, өмірім қысқа, оны өзім де білемін. Бірақ өкінбеймін. Бақытты дәурен кешемін. Бір күн болса да далада, ашық аспан астында күн кешкенге не жетсін! Жақсы, сау бол! Сөйтті де Көбелек көрші баққа қарай ұша жөнелді.
Осы сәт жұмыстан оралған қожайын әйел: – Туһ, үйге шыбын қаптап кетіпті ғой! – деп терезені ашып, қызыл сүлгімен желпуіштеп мақтаншақ Шыбынды бөлмеден қуып шықты.
Повестер
ӘДЕМІ АУРУ
Ер баланың алдында апасы болғанға не жетсін. Одан артық бақыт бар ма? Мамасының айтуынша, ертеректе Еділдің Күләш деген апасы болыпты. Бірақ оған тағдыр жарық дүниенің қызығын көруді: ел қатарлы әлденеге қуанып, әлденеге мұңдануды жазбапты. Тәй-тәй басып, құйттай ақ ұлпа табаны туған жердің топырағына тиіп те үлгермепті. Тілі шығып былдырлап та жарытпапты. Қыр үстінде аз күн тұрған қызғалдақтың бір тұтам ғұмырын ғана кешіпті. Қаршадай кезінде қызылша алып кетіпті. Өкінішті-ақ. Ол қазір тірі болып айна алдында айша толып, өз-өзіне таңданып, көбелекше би билеп, тұлым шашы желпілдеп жүргенде, Еділ дәл бүгінгідей қатты жәбірленер ме еді? Бағана көңілі әрқайым, ішінен ыңылдай әндетіп, ойында дәнеңе жоқ, ауылдың ана басындағы Ажарбұлақтан тірсегі майысып су алып келе жатқанды. Неге екені белгісіз, Еділ иінағашты мойнына іліп, бұлаққа бара жатқанда және одан бері қайтқанда өз-өзінен жаман қысылады. Көбіне ел аяғы басыла, қараңғылық түсе су әкеледі. Күн жарықта бір түрлі ұялады. Бүгін де солай ұялып, ауылдың қақ ортасындағы төте, дариядай кең көшеге түспей, тұтасқан қалың бақшалықтың ішіндегі ойлы-қырлы жалғызаяқ соқпақпен тартты. Ел көзінен таса. Қырсыққанда, мұны әдейі аңдып, торуылдап түрғандай Ыстидың ескі қамыс сарайының оң жақ мүйісінен қараң етіп Боранбай шыға келгені емес пе. Еділ қалт тоқтады. Ыңылдаған әні кілт тынды. Түнерген қара бұлттың міндетті түрде нөсерлетіп жауатыны секілді, Боранбай бар жерде сөзсіз төбелес шығады. Сәлемі жұдырықтан басталады. Оның бұл тентек мінезі аядай ауылға бес саусақтай белгілі. Біреуге ұрынып-соқтықпаса, ішкен асы бойына тарамайды. Ешкімнен беті қайтпайды. Еркіне салса азаннан кешке дейін төбелесуге бар. Төбелес – құмар қызық ойыны. Одан өзі рақаттанып қалады. Еділ тәрізді нәзік балаларды шыбын құрлы көрмейді. Жылатам десе де, жұбатам десе де – ырқында. Иә, айт-айтпа, жақсылық болмады. Боранбайдың түсі сұпсұр. Бала емес сияқты. Әйтпесе балада осыншалықты сұс бола ма? Көзі ашудан суық жалт-жұлт етеді. Жанарының ішінде жарқ-жұрқ ойнап шақпақ тас жүргендей. Бүйірін таянып, тәштиіп тастан құйылған кішкентай тірі ескерткіш құсап қарсы алдына келіп тұрды. Ал басталды... Еділ қорқып тұрса да таңданбасқа амалы қалмады. Ау, адамға адам аты жоқ, жөні жоқ ұрына ма? Бір себебі болуы керек қой. Боранбайға не істеп қойып еді. Не жазығы бар? Ойлап-ойлап басы қатты. Зәредей кінә таппады. Боранбайды ренжіту үшін де одан өткен сотқар болу қажет. Ал Еділ біреуге шәй деп дауыс көтеретіндердің санатынан емес. Әй, бірақ Боранбайға бәрібір ғой, әйтеуір төбелессе, әйтеуір әлдекімді жылатса болды оған. Сүйікті ісі. – Тоқта, кәне! Еділ онсыз да қаққан қазықтай қақиып тұр. Боранбай аузынан сөз емес, тас лақтырып жібергендей, Еділдің тізесі дірілдеді. Алақаны бір ысып, бір суыды. Тағы қандай бұйрық болады? Көп күттірмеді, Боранбай: – Суыңды төк! – деді ақырып. – Неге?! Үйде қонақтар бар, мамам тез әкел деген... Еділдің үні оқтын-оқтын үзіліп кететін шірік жіптей әлсіз, жалынышты шықты.
– Кісі болса кәйтемін! Төк дегесін, төк! Айтқанды істе! Еділдің ызақорлығы ұстады. Сотқар, сотқар дегенге, жүдә. Мейлі не қылса о қылсын, көп болса мықтап бір таяқ жер, суды бәрібір өз қолымен төкпейді. Намыс керек. Тапқан екен тілалғыш қоянжүректі. Осылай тас түйін ойға келгенімен, іштей өзінің айтқанында діттеп тұра алмайтынын сезді. Әйтсе де қарсыласқан жөн. Әрі таяқ жеп, әрі суды өз қолымен төгіп, екі рет масқара болар жайы жоқ. Қабырғаны қақ жарғандай Боранбай екпіндеп Еділдің дәл қасына келді. – Мынаны көріп тұрсың ба?! Жұдырығын Еділдің мұрнына иіскетіп өтті. Жұдырығынан содырлықтың иісі шығады. Еділ қалшиып тұра берді. – Кімге айттым?! Бұдан әрі шыдамады, Еділдің иығындағы иінағашты жұлқып кеп қалды. Иінағаш тартпасы үзілген ердей сыпырылып жерге түсті. Қос шелектегі су лақлақ ақтарылды. Айнала көл-көсір болды. Сонша жерден әкелген есіл еңбегі зая. – Неге төктің дейім?! – Сол! – Неге? – Себебін білмейді екенсің ғой, ә?! – Не қылдым саған? Не жазығым бар? Боранбай ерінін шүйіріп, кекете күлді. – Қарай гөр дым білмеуін. Ақыретті сенен-ақ көріп болдым. Әрине, мені ұрып-соққан жоқсың. Бірақ көрсеткен азабың одан да ауыр. Әбден құлағым сарсыды. Қит етсе апамның айтатыны: «Әне, өзіңдей Еділді қарашы, алтын бала». Фу! Біз сонда темір бала болғанымыз ба? Сөздің тоқ етері былай: бір жолға кешірейін, ендігәрі оңдыртпаймын. Таяқ жегің келмесе, бүгіннен бастап су тасып, үй жинап, шай қайнатуды доғар. Айтқанды істемесең – жақсылық күтпе. Жаңа апам сені жер-көкке сыйғызбай мақтап, шәйімді шала ішкізді. Тіпті соңғы кезде жөнді ойнаудан қалдым. Бәрі сенің кесірің. «Еділге қарашы, су әкеле атыр», «Өзіңдей Еділ үй жинайды, сенікі тек зіркілдеп ойнау». Сөзінің піссімілләсі осы кілки. Ауруға ұшырадым. Екіншілей ондай сөздерді естімеспін деп ойлаймын. Түсіндің бе, әй?! Мәселе түсінікті болды. Еділ басын шайқады. «Боранбай, Боранбай... Қызықсың-ау. Менде не кінә бар? Өзіңді бір мезгіл менің орныма қойып көрші. Мысалы, сен үйдегі балалардың ең үлкені, естиярысың. Жалғыз мамаң не істейді. Он қолы, он аяғы бар ма? Дүкенші. Күніне бес-алты сағат дүкен ашуы керек. Одан қала берді үйдің мың сан ұсақ-түйек шаруасы тұр күтіп. Келімкетім кісі көп. Осындайда қолқанат болуың қажет қой. Анау іні-қарындастарым әлі жас. Олар су тасып, үй жинамақ түгілі, жыламай тамақтарын ішсе, соның өзі үлкен көмек. Қызықсың, мен бір құдды өзім тіленіп су әкеліп жүр деймісің. Жағдай. Ал сенің алаңсыз ойнауыңа болады. Алдыңда екі апаң бар. Олардан саған артылып қалар іс жоқ. Ал мамаң мені айтып мазаңды алса, жөнжосықсыз азаннан кешке дейін асыр салып ойнай берме дегені шығар. Мені дұрыс түсін. Мен үйдің шаруасын істеуге қалайда міндеттімін. Сен айтты екен деп қолымды қусырып отыра алмаймын. Мен әлі Жақан ағам үйленгенше су әкелемін, отын жарамын, айран пісемін, от жағамын, шай қайнатамын. Мен мұның бәрін тез қойсын десең, әуелі Жақан ағам келіншек алсын». Боранбай әлдеқашан кетіп қалған-ды. Бірақ Еділ әлгіндегі сөздерінің бәрін оған айқайлап тұрып айттым деп ойлады. Өзін-өзі осылай ақтады. Дәлелдеді.
Әйтсе де жаны кәдімгідей-ақ жәбірленді. Әркім өстіп жұдырық иіскете берсе, не болады? Бір қолына иінағашты, екінші қолына қаңғырлатып бос қос шелекті ұстап, ойға шомып, басы салбырап Еділ әлгіндегі келген ізімен кері жүрді. Қайтадан су алуы керек. Бұлаққа келді. Мұздай сумен бетін жуды. Цемент астаудың ернеуіне отырып, бақшалық жаққа қарады... Күләш апасын осы кезде есіне алып еді. Бірақ, өкінішке орай, ол қазір жер бетінде жоқ. Сондықтан оған өкпелеу орынсыз. Өзінің осындай жағдайға душар болғанына Жақан ағасын кінәлі деп ойлады. Алғаш рет оған қатты ренжіді. Жақан – тәтесінің інісі (Еділ әкесін тәте дейтін). Жасы қазір отыздарда. Ауылда тракторшы. Нағыз алтын жігіт. Мінезі тамаша. Біреуге ашуланып дауыс көтермейді. Кісінің бетіне жел боп тимейді. Қашан көрсең де бала құсап күліп жүргені. Жайдары. Әзілқой. Жұмыс десе, арам еті жоқ. Бар жанын салады. Ауылды айында, жылында бір көреді. Қойшылардың үйін көшіреді. Шөп шабады. Қырқымда болады. Алда-жалда ауылға келе қалса, үйде тыныш отырмайды. Жұрт бірінен соң бірі қолқа салады: «Жақан, сексеуіл әкеп берші», «Жақанжан, шөбімді түсіріп берші». Ол ешбірінің меселін қайтармайды. Әрі ісмер. Есік-терезе жасайды. Пеш соғады. Осынысына қарап, ел оны керемет жақсы көреді. Еділ осындай алтын жігіттің әлі күнге дейін неге үйленбей жүргеніне аң-таң. Жеңгесі болса, Еділ Боранбайдан әлгіндей сөзді естір ме еді? Шынында да неге үйленбейді? Үйлену қиын ба? Жұмыс емес. Еділ ауылдағы талай жігіттердің оп-оңай-ақ үйленгенін біледі. Мысалы, Ерғали. Ауыл айдалада, кұм ішінде болғасын ба, автоклуб сағындырып жылына бір-екі рет келеді. Автоклуб келген күні нағыз мереке болады. Балалар бір-бірінен сүйінші сұрайды. Дүкеннің, мектептің алдына жапсырылған хабарландыруды місе тұтпай, үйді-үйге кіріп, өз ауыздарымен және бір айтып шығады. Құдды бір тойға шақырғандай. Кешке бүкіл ауыл тайлы-таяғы қалмай, мектепке жиналады. Мектептің қара қожалақ қабырғасына ақ мата тұтылады. Кино басталады. Далада көрген кино керемет қызық. Қарма-жарма әңгіме. Кішкентай балалар жылайды, біреулері нан сұрайды, екіншілері ұйқым келді деп қиғылық салады. Аспаннан жамырап жұлдыздар төнеді. Самал жел еседі. Ит үреді. Есек ақырады. Сиыр мөңірейді. Ерекше, бөлекше кино. Міне, осындай бір кинода Ерғали фельдшер қызбен күбір-күбір сөйлесіп отырған... Бас-аяғы сол. Ертеңіне тойлары болды... Жақан ағасы да осылай үйлене салмай ма? Әлде ол жақсы көретін қыз жоқ па? Неге болмасын, Мектепбайдың Бақыткүлі ше? Шәкірдің Салтанаты кімнен кем? Тиыштықтың Сәлимасын қайда қоясың? Бәрі де шетінен әдемі. Жарқылдаған қыздар. Мінездері жібектей. Жақан ағасы өстіп үй көрмей далада жүргенінде оларды жылдағыдай шөп тасуға келген автобаздың шоферлері алып қашады ғой... Еділ өз-өзінен күйіп-пісті. Иә, шөл қысқан жолаушының бар аңсары бір жұтым су болса, Еділдің бар арманы – жеңгелі болу. Бұл арманы қашан орындалады, әлі белгісіз. Өткен күзде екен ғой, Еділ тәтесіне, әй, бір ырза болды-ау. Тәтесі Жақанның жанына батырып қатты ұялтты. Үшеуі шуақта отырған. Әңгімеден әңгіме шықты да, тәтесі Жақанға: – Өстіп жүре бересің бе? Қызыл трактор саған әйел бола ма, қашан келін түсіресің? – деді. Жақан қолына ілінген сексеуілдің әлдебір шөпшегімен жерді шұқылай берді. – Қыз қайда қашады... – деді міңгірлеп. Тәтесі қолын бір сілтеді. – Сөзің бар болсын. Жүр ендеше осылай!..
Еділді сонар ойдан інісі Жиенейдің шіңгірлеген жіңішке даусы селк еткізді. – Еділ, Еділ, апам қайда құрып кетті деп атыр сені! Еділ қос шелегін меймілдетіп, иінағашты иығына салды. Жазған құлда шаршау жоқ, тірсегі майысып, бақшалықтың ішімен үйге қарай тартты. Бұл жолы алдынан Боранбай кезікпеді. Кезіксе де манағыдай қорықпас еді, себебі Еділ іштей өз-өзінен ызаланып, мұңданып, әлденеге ширыққан-ды. Ә десе, мә деп шартта-шұрт төбелесе кетуден тайынбайтындай. Қашанғы жазықсызданжазықсыз таяқ жей береді...
Еділ азанда қамыс қораның алдында арқандаулы тұрған Байбатшаның сұр есегін көрді. Көрді де таңданды. Жүгіріп үйге кірді. – Мама, сұр есекті кім арқандап қойған? – Мен, – деді мамасы. – Қайнағадан сұрап алдым бес-алты күнге. Ауылда босқа жүргенше, қасыңа Жиенейді ертіп, хал-қадарларың келгенше, күніне бір арқа болса да сексеуіл сындырыңдар, Жақан шөптен қолы бір қалт еткенде үйге жеткізіп береді. Еділ қуанып кетті. Отын сындыру, шөп шабу дегендерің жігіттің ісі ғой. Ол балалар мазақ қылатындай, Боранбайдың жыны ұстайтындай шай қайнату, ыдыс-аяқ жуу емес. Ұялмауға болады. Еділ шайды асығыс-үсігіс ішті. Сосын құлағының түбінде шыбын ызыңдап ұшып жүрсе де, мыңқ етпей тәтті пысылдап жатқан інісін ұйқыдан оятты. – Жиеней, тұр, кәне. Отын сындыруға барамыз. Мамам Байбатшаның сұр есегін әкеліп қойыпты. – Жиенейжан, тұра ғой, азаңғы салқынмен жетіп қалыңдар, – деді мамасы да. Жиеней әрі-бері аунады да, көпшіктен басын көтерді. Ұйқысын аша алмай, көзін уқалап: – Сұр есекпен барамыз ба? – деп сұрады. – Иә. – О, алақай! Үстіне әлдекім мұздай су құйып жібергендей, төсегінен атып тұрды. Әркімнің өз қуанышы бар деген осы. Ауылдың кішкентай балалары үшін Байбатшаның сұр есегінің үстіне бір міну – шынында да қол жетпес арман. Себебі сұр есек – басқа есектерден мүлде бөлек. Таудай, құдды ат секілді. Анаумынау жаман-жұман аттарды шапқанда жолда қалдырады. Жоқ қарағанда, мал айдағанда кісінің көңілі жай. Үстінде тек тәтті қалғып ойға шом да отыр. Сұр есек жолды өзі біледі. Алдындағы малды шашау шығармай үйіріп айдайды. Қашқақтағандарын тірсектерінен бір-екі рет тістеп алады. Байбатша сұр есегін кез келген адамға бермейді. Міне, сол кәделі сұр есекпен бұлар отынға бармақшы. Ибагүл ақ кенеп қалтаға күрең қызыл жарты тапа нан, бір уыс шекер салды. Ердің басына бір мұтыра ашытпа ілді. Еділ мен Жиеней сұр есекке мінгесті. – Әйт шу, сұр тұлпар! Тұлпар деген сөзге елең ете қалды ма, сұр есек бірден шоқыта жөнелді. Мамасы соңдарынан айқайлады: – Абайлаңдар, бастарыңа күн өтпесін, қараңғы түспей қайтыңдар! Қарттардың айтуынша, бұрын ауылдың маңайының бәрі тұнған сары жігер сексеуіл болған екен. Ол кезде жұрт отын жинап әбігерленбепті. Күнделікті керекті отынын қорасында тұрғандай арқалап алып келе беріпті. Қазір ол дәурен
жоқ. Сексеуіл күннен-күнге азайып ауылдан, адамдардан құмға қашып барады. Жұрт ізінен қуып барады... Еділдердің де сексеуіл сындыратын жері кәдімгідей ит арқасы алыс. Он шақырым жер. Онда да қураған кәрі сексеуіл. Жақын маңайда қызуы күшті сары жігер жоқ. Ол оңайлықпен бала-шағаға таптырмайды. Арнайы сайланып трактормен не машинамен шығу керек. Жол ұзақ. Жиеней Еділге ертегі айт деді. Еділ не айтады. Күлді де, Жиенейге қарады. – Әуелі сен баста. Жиеней бөгелмеді. Әйтеуір әңгіме болсын деп бірдеңені қойып қалды. – Жақында Нәзипаның қауыны піседі. – Оны қайдан білдің? – Сыртынан көрдім, пәлектердің арасы сарғайған жәмбілшелер. Күләбілері де көп. – Үлкен бе? – Үп-үлкен. Самаурындай-самаурындай. – Солай де. – Солай. Піскен кезінде үйлеріне қалай алып барады? – Онда не тұр, қапқа салып сүйретеді ғой. Әне-міне дегенше сұр есек Ақбелдің жазығына – қалың шырпылыққа жетті. Бұл – жарты жол. Неге екені белгісіз, Жиеней тетелес бірге өскесін бе, Еділді аға демейді, мейлі. Еділ өкпелемейді. Кейін дәу жігіт болғанда, аға демек түгілі, көке дер-ау. Қазір не, денесі қораш. Жиенейден сәл-пәл ғана қалбетті. – Еділ. Жиеней Еділді бүйірінен түртті. – Ау. – «Кімнің үйі» ойнайық. – Жарайды. Бұл – екеуінің өздерінше ойлап тапқан ойыны. Жұмбақ секілді. Шарты былай: біреуі бір үйдің бүкіл мал-жанын тізіп шығады, екіншісі оның шешімін табады, кімнің үйі екенін дәл айтып беруі керек. Жиеней ойынды бастады. – Үйінде бір шал, бір кемпір бар. Біреуі таяққа сүйеніп жүреді. Бір баласы бар. Он ешкісі, алты қойы бар. Бір қойының оң құлағы қиық. Бұл кімнің үйі? Жиеней аңқау. Қулық дегенді білмейді. Мұның несі жұмбақ? Бәрін қолға ұстатқандай ғып айтып берді. Еділ әп дегеннен-ақ тапты. Қайыпбайдың үйі ғой. Бірақ мақтанған секілді тақ еткізіп бірден айтпады. Себебі шешімін жылдам айтса, Жиеней ренжиді. «Қиын» жұмбағына бір минут бас қатырмаса, не болғаны сонда? Сондықтан Еділ өп-өтірік білмеген адам құсады. – Шертайдікі. – Жоқ. – Шәкірдікі. – Жоқ. Ол үйде үш бала бар емес пе? – Сонда кімнің үйі екен, ә? Еділ қиналғансыды. Жиеней аяп, әрі өзінше мәз-мейрам болып көмектесе бастады. – Үйі дүкен жақта. – Ә, таптым. Қазидікі. – Дұрыс емес. Дүкен жақтан есептегенде үшінші үй.
Еділдің бұдан әрі қиналуына қақысы жоқ. Ұят. – Қайыпбайдікі. – Дәл өзі. Ал сен айт енді. – Мен бе? Қазір. Үйінде екі шал, бір әйел, екі үлкен жігіт, төрт бала, екі қыз. Бір баласы қалада. Екі аты, бір нары бар. Шалдың біреуі соғысқа қатысқан. Бір жігіт мұғалім. Бұл кімнің үйі? – Жолдасбайдыкі! – Маладес! Жиеней: «Мен ауылдағы барлық үйді жатқа білемін!» – деп мақтанды. Әңгімемен екеуі сексеуілге де келді. Еділ сұр есектің аяғына тұсамыс салды да, көрпеше, қалта мен мұтыраны шоқ сексеуілдің түбіне апарып қойды. Екеуінің сексеуіл сындырамыз дегені жай аты ғана. Жан қиналатын ештеңе жоқ. Борпылдақ жұмсақ құмның үстінде сексеуілдің өзі түбі аспанға қарап аударылып-аударылып жатыр. Тек сүйре де бір жерге апарып үйе бер. Еділ мен Жиеней соның өзінде де таңдап жинады. Көбіне қураған қу томарларын ғана алды. Бұларында сыр бар: өздеріне жеңіл, қыста бұтарлап әуреге түспейді, балтаның шүйдесімен бір қойып қалса болды, не етікпен тепсе де опырылып сынады. Сары жігер сирек. Қатын сексеуілге жоламады. Себебі оны сындыру ақырзаман. Майысып, бұралып, резеңкеше созылып, оңайлықпен сынып болмайды, қыруар уақыт кетеді. Ең тамашасы – майда томашалар. Бірақ Еділ ылғи томаша жинауға бір түрлі ұялды. Ертең мамасы мен тәтесі «жинаған сексеуілдерің осы ма?» деуі әбден мүмкін ғой. Бірте-бірте құм қызды. Еділдің басындағы қағаз қалпағын сексеуіл іліп кетіп, пырым-пырым болды. Басына көйлегін орап алды. Күн тас төбеге тармасты. – Жиеней! – Не?! Жиеней пысылдап бір дәу сексеуілді сүйреп бара жатқан-ды, кілт тоқтады. – Әзірге осы да жетер. Демалайық. Екеуі соңғы үйіншектің түбіне отыра кетті. Шамамен сағат он бір, не он жарым. Ашытпа ішті. Шөлдері басылды. Сосын қалың бұтақты шырпы сексеуілдерден қоршалап, күрке жасады. Астарына көрпешені төсеп, көлеңке ұзарғанша жата тұрайық деп ойлады. Еділ бір кезде көзін ашып алса – айнала ала сәуле. Мәссаған! Күн еңкейген. Жалма-жан інісін оятты. – Тұр! Тұр! Кеш болыпты ғой. Енді отын сындыру қайда. Қараңғылық үйірілмей үйге жетіп алу керек. Сұр есекке мінгесіп, ауылға тартты. Бағанағы, азандағы пәт жоқ: Жиеней былқ-сылқ. Еділ де бір түрлі шала ұйқы. Ал сұр есек қунақ, желіп келеді...
Еділдің жай уақыттан гөрі ала-бөле қиналып, Жақан ағасына сыртынан қатты ренжіп, тезірек жеңешелі болсам-ау деп тәтті қиялға берілетін кезі – мамасының дүкенге зат әкелу үшін кеңшарға кететін күндері. Себебі мамасы кемі үш-төрт, кейде он шақты күнсіз оралмайды. Жер шалғай. Құрдай қатынап жатқан машина жоқ. Сондайда әбден әбіржіп бітеді. Үйдің бүкіл тауқыметі өзіне түседі. Жұмысы бұрынғыдан екі есе ауырлайды. Тәтесі жаздай үйдің қарасын көрмейді. Қойшылардың қора-қопсысын жөндейді. Шөпте болады. Үйге жыл құсындай оқта-текте бір соғады.
Еділ мамасының кешелі бері дәу сырлы тегешке бетпе-бет қылып қамыр илеп, отты лаулата жағып, жиілетіп тапа көміп жатқанынан секем алып, көңілі бір түрлі құлазып сала берді. Бұл – жақсылықтың белгісі емес. Бұл – мамасы жолға шығады деген сөз. – Еділжан, – деді түскі шайдың үстінде. – Машина болса мен бүгін-ертең кеңшарға жүремін. Дүкенде дым зат қалмады. Тіпті шекерге, сабынға дейін жоқ. Құдай қаласа, екі-үш күнде қайтып ораламын. Үйге, балаларға бас-көз бол. Міне, алты тапа нан көмдім. Бауырсақ пісіріп беріп кетем. Кәкен әжеңе айттым, бір мезгіл ыстық тамақ істеп береді. Шайларыңды өздерің қайнатып ішесіңдер ғой. Мырзагүлге тапсырдым, сиырды сауып тұрады. Сүтін ұйытып, айран қып ішіңдер... Бұқарға бара жатқан жоқпын, мынау тұрған кеңшар... – Сөзін аяқтап үлгермеді, Еділдің інілері құдды бір ол базарға баратындай, бірінен соң бірі «аманаттарын» айтып, жамырай жөнелді. – Мама, маған белсебет әкел. – Маған ойыншық автомат керек. – Матрос көйлек әкел. – Балалардың бәрінде кеті бар, жалғыз менде ғана жоқ. Отырған орындарынан атып-атып тұрып, мамаларын қоршап алды. Ибагүл олардың маңдайларынан сипап, беттерінен сүйді. – Жарайды, кезіксе, бәрін де аламын. – Ура! Тез әкел! – Машина болса, кідірмеспін. Ауылда сендер, шиеттей бала-шаға... Сөз осымен тамам болды. Еділ үндемеді. Ең естияры өзі. Кішкентай бала құсағысы келмеді. Әйтпесе оған коньки керек еді. Коньки болғанда да ең әдемісі, қайқы бас, жылтырағы. Мамасы Еділдің ішкі бүкпентай сырын оның жаутаңдаған көзінен оқыды. – Осы жолы саған әлгі кәңкиіңді әкелемін, тек дүкенде болса де. Түстен кейін аспанды ала шаң ғып, тамның алдына сары водовоз келіп тоқтай қалды. Буынып-түйініп дайын отырған Ибагүл қолына былғары қара сөмкесін ұстап, үйден жүгіре шықты. – Ал, Еділжан, аман болыңдар, мен кеттім! – деді кабинаға мініп жатып. Берік мамасының өзіне матрос көйлек әкелетінін ұмытып кетті ме, бақырып жылап жіберді. – Мама! – Қой, құлыным, қайдағы жаман әдетті шығарма. Еділ, балаларға ие бол. Машина гүр-гүр от алды да, жаймен орнынан қозғала берді. Берік Еділдің қолынан бұлқынып шығып, машинаның соңынан қуды. Ауылды басына көтерді. Даусы ащы. Құдды бір мамасы үйге енді қайтып келмейтіндей, шырқырай жылайды. – Мама!!! Ізінен Еділ де жүгірді. – Берік, тоқта деймін! Берік сөзге құлақ асатын түрі жоқ. Үй-үйдің алдында жұрт қарап тұр. Еділ қатты ұялды. Ақыры қуып жетіп, білегінен шап беріп ұстады, белінен тас қылып көтеріп үйге қарай аяңдады. – Қой деймін, жұрттан ұят... – деді әлденеше рет сыбырлап. Берік ұят-сұятты елейтін емес, одан әрі бақыра түсті. Әйтіп-бүйтіп үйге де әкелді-ау. Сәлден соң жылап-жылап, өз-өзінен шаршап ұйықтап кетті. Енді қарайлайтын ешкім жоқ, Еділ үй шаруасын дереу қолға алды. Тәтесі – алыста қора салып жатыр. Бірақ билік өзімде екен деп, шектен тыс кетпеді.
Інілерінің қас-қабағына қарады. Олар да мамалары бардағыдай емес, бір түрлі жетімсіреп, жуасып қалған секілді. Жиеней бұрынғыдай қиқарланбайды. Еділдің жұмсаған жеріне барады. Талғат та сондай. Тек көндікпеген Берік қана. Ол бес жаста. Кенже. Ерке. Еділ шифоньерден екі-үш түйір бал кәмпит әкеліп берді оған. Әйтеуір жыламаса болды. Соның өзі көмектескені, айтқанын тыңдағаны. Кешкі шайды дастарқан басында шүпірлеп отырып ішті бәрі. Көрші үйдің әйелі – Мырзагүл сиырды сауып берді. Еділ жерошаққа от жағып, сүтті пісірді. Шекшек шырылдай ұйқыға жатты. Төртеуі бір көрпенің астына тығылды. Түнде қорықпас үшін Еділ шамның білтесін сәл көтеріңкіреп қойды. Бөлме іші күңгірт жарық. Кісінің жол аяғы ғана көрінеді. Інілері ұйықтаған соң, орнынан тұрып барып, сыртқы есікті итеріп көрді. Бұл өзінше пысықтағаны. Ілгегі мықтап салынған. Еділ мамасы барда ештеңеге алаңдамайтын еді. Енді өйтуіне болмайды. Балалардың үлкені. Ұйқысын да күзетуі керек. Олар тыныш ұйықтауы тиіс. Ең бастысы, өзі қорықпағаны жөн. Қорқу ұят. Онда інілері кімге сенеді? Иә, солай. Әйтпесе Еділ оншалықты ақ көз батыр да емес. Бұған дәлел көп. Әсіресе мына жайт әбден есінде қалыпты. Біріншісі былтыр күзде болған. Үйге Картбай атай келіп мұңын шақты. – Келін, міне, екі күн, ала сиыр жоқ. Сірә, өріс қуалап, сонау Ақсуатқа кеткен-ау деймін. Бұзауы дамылсыз мөңіреп тұр. Әрі өзіміз де ағарғансыз, шәй қатықсыз қалдық. Айдап әкелейін десем, атқа отыруға жарамаймын, Еділ Ақсуатқа барып келсін, – деді. Ибагүл: – Мейлі, – деп келісімін берді де, Қартбай атайдың жанына Еділді қосып жіберді. Еділ атайдың торы атының үстіне қонды да «міне, мені көрдіңдер ме» дегендей, көшенің қақ ортасымен сатырлата шапты. Ақсуат бұлағы ауылдан отыз шақты шақырым жерде еді. Бірақ сиыр бұлақтың басында байлаулы тұрған жоқ, дала кең, қуыс-қолтық, сай-жыра көп, қайда жайылып жүргенін кім білсін. Еділ бұлақтың о жақ, бұ жағын әбден шарлады. Әйтеуір шаққа дегенде бір иіннен тапты. Төрт сиыр қалың жыңғылдың арасында қаннен-қаперсіз күйіс қайырып жатыр. Еділдің ала сиырға жыны келді. – Әй, ауылда бұзауың мөңіреп, жылап тұр неше күннен бері. Ал сенің түк болмағандай күйіс қайырып тұрғаның мынау?! Ала сиыр сөзді қайдан түсінсін, басын шайқап, көзін бір аударып қарады. Еділ төрт сиырды «өк, өк!» деп қайырмалап, ауылдың қара жолына салды. Өстіп жүргенде күн де батты. Қараңғылық үйірілді. Сиырлар да қырсыққанда машина құсап айдау қара жолға түсіп алып, еңкілдеп жүріп отырмады. Біресе біреуі былай қашады, біресе екіншісі олай қашады. Не бастарын көтермейді, ауықауық жусан шалып, тас-табандап тұрып алады. Әбден шаршатты. Әуресарсаңмен көп уақыт өтті. Еділ бірте-бірте бір түрлі елегізиін деді. Айнала көзге түртсе көргісіз қап-қараңғы. Әсіресе ескі қорым, үңірейген қора, обалардың жанынан өтіп бара жатқанда қиын. Әлем-тапырық қиқулап байғыз шақырады. Суылдап әлдебір құс ұшады. Шоқ-шоқ жыңғыл, аумақ-аумақ сексеуіл бұталарына жан біткен секілді. Қайсыбірі Еділге қасқыр болып көрінеді. Қыбыр-қыбыр қимылдайды. Қорқынышты. Қай шамада келе жатқанын білмеді. Әйтеуір жүріп келеді. Әлсін-әлсін сиырларға «өк, өк!» деп айқайлап қояды. Кейде өз даусы өзіне жат болып, ауада шыңылдап тұрып алады. Дыбыс атаулы үрейлі. Дыбыс атаулы сүйкімсіз. Селт еткен үн, сыбдырдан жүрегі кеудесінен ұшып шыға жаздайды. Тек ауылдың шетіне іліге бере ғана көңілі орнына түсті. – Әй, Еділмісің?! – деген Қартбай атайдың даусын естіді.
– Менмін ата, менмін! Қуаныштан көзінен бір тамшы жас ытқып кетті... Екінші қорыққаны биыл қыста. Үйде қаладан келген екі қонақ бар-тұғын. Кешке әлдебір қорқынышты әңгімелер айтылды. Мамасы: – Осы біздің ауылға бір пәле болды, – деді. – Өткенде біреу түнде интернатқа түсіпті. Балалар шошып ояныпты. У-шу жылапты. Қазір интернатты қолына мылтық ұстап Нұрабай күзетіп жүр. Ауыл бұрын тыптыныш еді. Жақында әлдекім Мақанның үйіне ұрланып кіріпті. Әйелі көзімен көріпті, бет-аузын қара шүберекпен байлап алған дейді. Үстіндегі тонын теріс айналдырып киген. Кім екенін танымапты. Ойбайды салыпты. Анау алдыартына қарамай қаша жөнеліпті... Еділ сонда неге екені белгісіз, түн ортасында ұйқысынан оянып кетті. Оянды да бөлмеде сырт-сырт етіп тұрған әлдебір дыбысты естіді. Бір түрлі жағымсыз сыртыл. Есіне мамасының кешкісінгі айтқан әңгімесі, «тонын теріс киген» ұры түсті. Сол-ақ екен, көрпесін басына тас бүркенді. Бой-бой терледі. Жанында екі қонақ жатқан еді, соларға үйде ұры жүр деп айтуға батылы жетпеді. Батылы жетпеді емес-ау, айтқансиды, бірақ үні шықпайды. Тамағы құрғады. Құлағы шыңылдады. Әбден азап шекті. Өстіп қиналып жатып бір кезде көзі ілініп кетті... Азанда оянса, түндегі сыртыл және шығады, дәл төбесінен, терезенің алдынан, Еділ мырс етіп күліп жіберді. Көрпесін үстінен серпе лақтырып атып тұрды, сөйтсе, қоңыраулы ақ сағат екен. Әйтеуір абырой болғанда, ешкім білмеді. Әйтпесе қазір мазақ қылып жүрер ме еді... Бөлме ысып кетті. Мамасы күнде үй салқындасын деп сыртқы есікті әлден уақытқа дейін ашып қоятын. Еділ өйте алмады. Бар болғаны орнынан тұрып, терезенің желдігін ашты. Терезенің алдында тұрып әлгінде ғана бір-біріне тығылып, енді әрқайсысы әр жерде бауырсақтай шашылып жатқан інілеріне қарады. Бәрі де алаңсыз. Тәтті ұйқыда. Еділ еңкейіп Беріктің басынан сипады. Бәлкім, бұл ұйықтап жатқан кезде мамасы да өстіп өзінің де маңдайынан сипайтын шығар. Еділ қайдан біледі. Міне, інілері де білмейді. Еділ өзін қарауыл секілді сезінді. Түнімен інілерінің тәтті ұйқысын күзетті. Жиеней түс көріп әлдене деп былдырлады. Берік су сұрады. Түнгі күзетшілік оңай емес екен... Күндер бір қалыпты өтіп жатты. Балалардың қарындары тоқ. Ойыннан кенде емес. Ұрыс-төбелес болған жоқ. Еділ інілерінің «келгесін мамама айтам» деген дөң айбатын естімеді. Ол осыған қуанды. Інілерін ренжіту Еділдің ойында да жоқ-ты. Неге өйтеді? Оларды ренжіткені өзін ренжіткені емес пе. Қайта бірбіріне мамаларының орнын жоқтатпауы керек қой. Еділ осыны түсінді. Дегенмен бетімен де жібермеді. Өздеріне лайық жұмыс істетті. Жиеней ыдысаяқ жуды. Талғат үйді сыпырып-жинады. Тек Берік қана ештеңе істемеді. Оның тамағын жыламай ішіп, жыламай ойнап жүргенінің өзі Еділге жасаған жақсылығы еді. Иә, күндер осылай тыныш өтіп жатты. Тек екі күлкілі, күлкілі емес-ау, екі қызық оқиға болмаса... Күнде азанда, кешкілік сиырды мамаларының тапсырмасы бойынша көрші әйел – Мырзагүл сауып беріп жүрген-ді. Кеше ертеңгілік Еділ әрі күтті, бері күтті – Мырзагүл келмеді. Сиырдың желіні сыздап тұр. Күн көтеріліп барады Сиыр өріске кетуі керек. Еділ Мырзагүлдің үйіне екі-үш рет барды. Жоқ. Сөйтсе ол судың кезегі тиіп, ауылдың шетіндегі бақшасын суғаруға кетіпті. Еділдерді тарс есінен шығарған. Иә, соншалықты міндетті де емес қой. Қайта қалт еткенде қолғабыс беріп жүргеніне рақмет. Енді қайтпек? Бұзауды емізе салайын десе,
обал. Сүт те қажет. Балалар айран ғып ұйытып ішіп отыр. Үйдің қарсы алдындағы Жұма апасына айтты. Ол қолыма күбірткелі шығып ештеңе ұстай алмаймын деді. Құрсын, бір сауымға бола бүкіл ауылды шарлай ма. Нартәуекел. Еділ бір іске белін бекем буды. Үстіне мамасының дәу халатын киіп, басына көк орамалын тартып, қолына сары сырлы шелекті ұстап, сиырға барды. Желінін иітіп, бұзауын шамалы емізді де, сосын қазыққа бас жібінен тас қып байлады. Бұдан соң «әукім-әукім» деп, мамасының әдетімен сиырдың үлпілдек жұмсақ тамағынан сипады да, саумақшы боп тізесін бүгіп, қолын батылсыздау желініне тигізе бергені сол еді, сиыр үркіп, үркіп емес-ау мамасы емес екенін біліп қойып, кімді алдап жүрсің дегендей, ашумен алая бір қарады да, шелекті пәтпен теуіп кеп жіберді. Еділ анадай жерге тоңқалаң асты. Міне, бұл бір қызық. Екінші қызық та бұдан кем соқпас. Ибагүл сыйлы бір кісілер келгенде дастарқанға қою үшін балаларға көрсетпей, шифоньердің ішінде бір-екі келі шоколад тығып сақтайтын. Шифоньердің есігін құлыптап, кілтін этажерканың жоғарғы сөресіндегі қызыл құмыраның астына жасыратын-ды. Оны Еділ білетін. Мамасы кетісімен шифоньерге шабуылды бастады. Күнде дымын білдірмей бес-алты түйір кәмпит алып жүрді. Тәйірі, енапат кәмпиттен күніне бір уыс алғанда не тұр! Еділ осылай ойлады. Бірақ бір қызығы, бүгін түсте суы тартылып бара жатқан көлдей шифоньердегі көп кәмпиттің кем-кем азайып, қарамы кішірейіп, шөкімдей болып қалғанын байқады. Қорқып кетті. Сөз жоқ, ертең мамасы біліп қояды. Сонда таяқ жейтіні анық. Дәл бұлай болар деп ойлап па? Таусылмайтын секілді болып көрініп еді. Шынымен бәрін өзі жегені ме? Көңіліне күдік кірді. Иә, оның күдігі негізсіз емес-ті. Түнде Жиенейдің шалбарын кереуеттің үстіне қойып жатқанында, сыртындағы қалтасынан жылтырақ қағаздары қытырлап екі-үш түйір кәмпит сырғып түсті. Еділдің көзіне оттай басылды. Сол өзі жеп жүрген шифоньердегі шоколад. Мәссаған! Сөйтсе, екеуі алма-кезек ұрлық жасап жүрген болды. Еділ де менен өзге ешкім білмейді деп ойлаған. Жиеней де сөйткен. Бірінің көзін ала бере бірі шифоньерді торуылдаған. Енді не істеу керек? Болар іс болды. Өкінгеннен ештеңе өнбейді. Еділ ертеңіне қалған кәмпитті інілеріне түгел үлестіріп берді. Олар мәз. Ауыздары бұлтың-бұлтың, томпаң-томпаң. Мамасы «кәмпит қайда?» десе, Еділдің қайтарар жауабы дайын: «Берік пен Талғат жылап қоймады, өзіңді іздеп жұбанбады, кәйтемін, ұрып-соғам ба, амалсыз шифоньердегі кәмпитті алып бердім...» Сөз жоқ, мамасы ұрыспайды. Өзін сағынған балаларын кәмпит беріп алдандырса, несіне ренжиді. Сыйлы қонақтарға дастарқанға қою үшін дүкеннен басқа тәтті-мәтті әкеледі ғой. Балаларының өзі қайтып оралғанша аман-есен отырғанына қуанбай ма? Еділ мамасы кеңшарға кеткенде өзін емтихан тапсырып жүргендей сезінеді. Себебі мамасы ауылға келгенде, алдынан жаманат сөз шықпауы керек. «Сатушы болған не теңі, балалары анау улап-шулап, азып-тозып...» дегендей суық сыпсыңдар естілсе, не болғаны. Онда демек, Еділ ол жоқта үйді асықтай үйіріп, дұрыс ұстап отыра алмағаны ғой. Еділ осыдан қорқады. Сол үшін де шамасы келгенше мамасының орнын жоқтатпауға тырысады. Өз пайымдауынша, әзірше ши шықпаған тәрізді. Бұл күндер сонымен бірге ауылдағы көрші-қолаң, ағайын-туысқанға да сынақ. Көбісі Ибагүл бардағыдай сол баяғы ықылас-пейілінен жазбайды. Ал енді біреулері қалпынан айнып, өзгеріп шыға келеді. Үйге бас сұқпайды. Дүкеншісі жоқ үйді қайтсін. Өзі барда дүкен үшін ғана амалсыз қарым-қатынас жасайтындай. Еділ осындай нәрселердің бәрін жақсы аңғарады.
Мәселен, Еділ Әли көкесіне дән риза. Бірнеше рет келіп: «тұрыңдар, ұйықтап қалмаңдар, сиырларыңды саудырыңдар!» – деп терезені тықылдатып, азанда оятып кетеді. Мұның өзі көп-көрім көмек. Кілең бала. Тас боп ұйықтап қалулары әбден мүмкін ғой. Мырзагүл апаға да еш өкпесі жоқ. Қабағын шытпай мезгілімен сиырды сауып беріп жүр. Тек өткенде әнтек бір рет ұмытып кеткені болмаса. Кәкен әжелері әрдайым бәйек. Екі рет келіп ыстық тамақ ішіңдер деп, үзбен істеп берді. Бір рет макарон қуырды. Әйтеуір уақыт табады. Әйтпесе өзінің үйінде де шаруасы шаш-етектен. Көршілер Жәнімкүл мен Күлқатша кездескен сайын «қарындарың ашып жүрген жоқ па?», «нандарың бар ма?» деп сұрап қояды. Демек, олар да іштей алаңдайды. Еділ осыған қуанады. Адамды адам ұмытып кетпеуі керек қой. Қандай жағдайда да. Қартбай ата кеше: «Иә, жаман шешелеріңді сағынған жоқсыңдар ма?» – деп сұрады күліп. Бірақ Еділ күле алмады. Сәл мұңайды. Оның сөзі мамасына деген сағынышын оятып жіберді. Еділ бәрібір Қартбай атаны жақсы көреді. Жұма апа бұрнағы күні «құдайжолы жасап едім, мә, ауыз тиіңдер» деп, екі тәти нан (майға піскен нан) әкеп берді. Бірі нанымен, бірі көңілімен алдарқатып, жұбатып жатыр... Ертең мамасы әр жолғы әдеті бойынша дүкеннің затынан бөлек сөмке-сөмке базарлық әкеледі. Ауыл адамдары сонда құдды балалар құсап бәрі жапыр-жұпыр үйге жиналады. Амандық-саулық сұрайды. Жылдап көріспегендей әңгіме-дүкен құрады. Сонда Еділ өзі жоғарыда іштартатын, өздеріне деген ыстық көңілін суытпаған көрші-қолаңдарға тәттідәмді кәмпит, пешенейлерден уыс-уыс қып бер дер еді. Тіпті кейбіреулеріне бірекі әшмөңке үнді шайын берсе де артық емес. Бәрінен бұрын Еділ олар жөнінде жақсы лебіз-лепесін айтады... Ал Бектай, Сәрсенкүлдер туралы пікірі бөлек, бір түрлі ұнатпайды. Олар Еділ үшін сынақтан өтпеген, емтихан тапсыра алмаған адамдар секілді. Өткенде Бектай есіктің алдынан өтіп бара жатып: «Шешелерің қайда?» – деп сұрады. Еділ: «Кеңшарға кетті», – деді. Бектай көзін жіпситіп, ернін сылп еткізді: «Е-е, қаңғып кетті десеңші, сендерді тастап, ол келгенше енді тірі жетім болып жүресіңдер ғой...» Еділ оның сөзін көңіліне ауыр алып қалды. Жылы лебіз білдіріп, алдандырудың орнына мұнысы несі? Сәрсенкүл де қазымыр. Қайсыбір күні Жиеней, Талғат, Берік – үшеуі балалармен ойнамақ боп, Сәрсенкүлдің үйіне барса, шайды алдарына алып жатыр екен, бұларды көріп: «Шұбырып неғып жүрсіңдер, үйлеріңде тамақ жоқ па?» – деп қабағын түйіпті. Содан былай Еділ інілерін оның үйіне қарай жібермейтін болды. Міне, адамдар әр түрлі, аядай ауылдың өзінде осындай. Ал үлкен қалаларда тіпті қиын шығар. Дегенмен шыдамның да шегі бар. Төрт күннен соң Берік «мамам қашан келеді» деп қыңқылдай бастады. Талғат пен Жиеней әр машинаның гүріліне құлақ түріп, сарайдың үстіне шығып алып, кеңшар жақтан құлайтын қара жолға қарап, ұзақ-ұзақ сарылып отыратын болды. Тек Еділ ғана ішінен тынып, білдіртпей жүр. Ол да сағынғанын сездірсе, інілері үйді бастарына көтеріп, жылап қоя беретіндей. Еділ бәрібір әре-кетсіз қалмады. Түнде жатар алдында еміс-еміс бір гүрілді құлағы шалды кеңшар жақтан. Орнынан атып тұрып, сарайдың үстіне шықты. Иә, шамасы дұрыс. Аздан соң қоңыр төбенің басынан қою қараңғылықты үңгіп, екі жарық көрінді. Бәлкім, мамасы келе жатқан шығар. Жүрегі қатты-қатты соқты. Әне-міне дегенше машина шеткі үйдің алдына жетіп тоқтады. Еділ жүгіре жөнелді. Келсе, Жәнібек екен. Сары водовоз. – Аға, кеңшарда мамамды көрген жоқсыз ба? – деп сұрады.
– Көрдім, – деді ол. – Ертең келеді. Заттарын Қанатбайдың машинасына тиеп қойыпты. Рабкоптың бастығын күтіп жүр. Бір қағазына қол қойдыруы керек екен. Сендерге сәлем айтты. Ой, Еділдің қуанғаны-ай! Жерден жеті қоян тапқандай үйге келді де, жұлқылып інілерін оятты. – Ертең мамам келеді! Жәнібектен айтып жіберіпті. Үш інісі ұйқылы-ояу төсектерінен атып тұрды. Үйді бастарына көтере секірді. Сосын қайта жатты. Әлден уақытқа дейін кірпіктері ілінбеді. Тек Берік қана не күлгені, не жылағаны белгісіз, түсініксіз есінеп қор ете қалды. Ертеңіне бәрі жабылып үйдің ішін әдемілеп жинастырды. Әр затты өз орындарына қойды. Мамалары мен жоқта ұсынақты болмай, үйді шашып, бүлдіріпсіңдер деп ренжімеуі керек қой. Кешкісін өзі де келді. Ақ түйенің қарны жарылды! Інілері мәре-сәре. Еділ бойын бір түрлі жеңіл сезініп қалғандай болды. Құдды еңсесінен ауыр бір жүк түскен секілді.
Ауылда күз бояуы мол. Даланың қоңыр көйлегі сарғайды. Балалар арагідік көлеңкеге емес, тәттіге құмартқандай енді шуаққа таласады. Қайсыбір күні бұдан былай жадыраған жаздан күдерлеріңді үзе беріңдер дегендей, дүркіреп мұздай жаңбыр жауып өтті. Қырдан шөпшілер оралды. Ерте піскен қауын бақшалар көтерілді. Пәлектерде қабығы қалың торлама күләбілер мен кешең гүлдеген тас түйнектер ғана қалды. Күн сайын, сағат сайын қыркүйек жақындап келеді. Жаз – бір қап тәтті кәмпит еді, желіне-желіне таусылуға айналды... Ауыл қаладан алыс. Құмның ішінде. Қатынас жоқ. Айдалада ақ отау. Содан ба, мұғалім тұрақтамайды. Бір жылға әрең шыдайды. Оқу аяқтала кетіп қалады. Мектеп жылдағы әдетімен ауданнан тағы да жаңа мұғалім күтеді. Ауылға қаладан екі мұғалима қыз келді. Біреуі сап-сары бауырсақтай, беті дөп-дөңгелек. Қара шашы жібекше төгілген, денесі нәзік. Көзі үнемі күлімсіреп тұрады. Мінезі ашық. Аты Аманкүл. Неміс тілінің маманы. Балалардың қуанышында шек жоқ: қуанбай қайтсін, азғантай уақытта жер жүзі халықтарының тілін түгел біліп шығатын болды. Былтыр Әсемкүл деген қыз француз тілінен сабақ берген. Алдыңғы жылы Жәлел есімді жігіт ағылшын тілін үйреткен... Екіншісі ұзын бойлылау. Аппақ күріш секілді. Тұйықтау. Ұяң. Жарқылдап жүрмейді. Бірақ өнерлі. Домбыра тартады. Ән салады. Сырнайды да сызылтады. Келе сала мектепте би үйірмесін ашты. Бар уақыты мектепте өтеді. Есімі Төлебике. Бастауыш сыныптардың мұғалімі. Жұрт оның өнерін алғашқы мерекеде – мұғалімдер күніне арналған концертте-ақ көрді. Сонда Төлебике ән айтты. Әй, бір үзілдірді-ау. «Сәулешім» деген ән.
– Зармын жалғыз сөзіңе,
Күлімдеген көзіңе.
Бақыттымын өзіңмен,
Сәу-ле-шім! –
деп бір қайырғанда, жұрт сатырлап шапқан аттай алақандарын сарт-сұрт соқты кеп. Төлебике жел тербеген күріш сабағындай оңға бір, солға бір бұралып тұрды. Сонда мектептің үлкен дәлізінің бір бұрышында малдас құрып отырған Еділ қанатын қағып көкке ұша жөнелер құстай орнынан әнтек көтеріліп-көтеріліп, «шіркін-ай, Төлебике апай менің жеңешем болса ғой...» деп армандады. Жанындағы Жақан ағасына қарап еді, ол «ондай күн қайда...» дегендей бір түрлі күрсініп қалды... Шынында да қаланың қызы ауылдың қой баққан, трактор айдаған қарапайым жігіттерін кәйтсін. Менсінбейді ғой. Қалада оқыған, үстіне ақ көйлек киіп, мойнына қызыл-жасыл галстук байлаған сүйген жігіті бар шығар. Мұнда тек бірер жыл жұмыс істейді де қайтады. Іссапар секілді. Жігіт іздеп келмеген. Төлебике Бәтима кемпірдің үйінде. Енді ол үйге себепті-себепсіз барғыштайтындар көбейді. Бұрын ешкім есігін ашпайтын. Жалғыз кемпір. Оның бар-жоғын жұрт ұмытып та кететін. Енді Бәтима кемпірдің күні туды, өмірге қайта келгендей болды. Төлебикеге ұнау үшін жігіттер әуелі Бәтима кемпірдің көңілінен шығуы керек. Сөзін ешкім екі етпейді. Бір жігіт машинасымен отын-шөбін әкеліп береді. Екіншісі қорасын тазалап жүргені. Бәрінің көкейінде Төлебике. Қожанияз деген тракторшы жігіт жанындағы жолдастарына былай деп айтыпты-мыс: «Төлеш (Төлебикені сырттай өзінше еркелеткені) менің жарым болса, бұл өмірде еш арманым болмас еді, бар жағдайын жасар ем... Оллаһи, міне, шын сөзім, оған жерден сынық шөп көтертпеймін. Тракторға мінгізіп қыдыртамын да жүремін. Түк жұмыс істетпеймін. Тек үзілтіп ән салдырып, сызылтып сырнай тартқызып қана қоямын...» Тату дос-жігіттер бір-біріне араз бола бастады. Еділ мұның сырын түсінді. Барлық бәле – Төлебикеден. Оны бір-бірінен қызғанады. Өткенде бұлақтың басында Әліпбай мен Жеткер төбелесті. Өздерінше сырттай Төлебикеге таласқаны... Былтыр әскерден келген Зайырбек боратып «ғашық-машық» хаттар жазады. Еділ бір түрлі қорқып қалды. Кілең сен тұр, мен атайын жігіттер, олар тұрғанда Жақан ағасына Төлебике қайда... Көлеңкесіне де жақындай алмас. Бірақ қызығы, Төлебике неге екені беймәлім, олардың ешқайсысына көз қиығын салмады, басқа, ертегідегідей керемет бір адамды күтіп жүргендей... Жақан да жігіт. Әйтсе де ол өзгелер құсап есі кетпеді. Түк болмағандай. Сол баяғы күйі тракторын айдап, үндемей жүре берді. Тіпті бұл ауылда Төлебике есімді сұлу барын мүлде ұмытқандай. Не масқара? Жер қозғалса да қозғалмайды. Тосын мінез. Еділ сырттай күйіп-пісті. «Ел қатарлы» талап қылмай ма? «Үмітсіз шайтан» деген. Өзін болмаса да, мына Еділді аяса нетті? Еділ бойжеткен қыз секілді қашанғы ошақтың айналасында жүреді? Осы сөздерді айтпақ боп әлденеше рет оқталды, алайда бетпе-бет келгенде, тілі күрмеле береді. Ағасы: «Боқмұрын, менде шаруаң болмасын» деп тастауы да әбден мүмкін... Мейлі, дегенмен бір әрекет керек. Көрер көзге Төлебике апайды әлдекімге жетектетіп жібере ме? Ойлап-ойлап Еділ Төлебикеге хат жазуға бекінді. Қатты қиналды. Не дейді? Кеудесінде айтар сыры көп, қағаз бетіне қалай түсіреді? Әрі Төлебике – мұғалім... Дегенмен, торкөз дәптердің бір бетіне қайта-қайта көшіріп, түзеп, сызып мынадай сөздерді жазды: «Төлебике апай, менің ағам – Жақан ағам сізді жақсы көреді. Не істерін білмей жүр. Қазір күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылды. Бірде сізді ойлап келе жатып далада жолдан шығып кетті, тракторын
аударып ала жаздады... Өзі осы ауылдағы ең жақсы жігіт, одан артық ешкімді таппайсыз... Дос болсаңыз ешқандай өкінбейсіз. Сізді төбесіне көтеріп жүреді... Сәлеммен, 7-сынып оқушысы Еділ Әбділдаев». Енді хатты қалай табыс ету керек? Жүрегі дауалайтын емес. Нартәуекел. Жасқанбаған жөн. Жеңгелі болғың келсе тайсалма. Еділ Төлебикенің оңаша сәтін аңдып бір күн жүрді. Реті келмей-ақ қойды. Үнемі біреулермен әңгімелесіп тұрады. Аманкүл апай да жанынан бір елі қалмайды. Ақыры сәті түсті-ау. Кешкілік Төлебикені бұлақ басынан көрді. Жалғыз өзі. Өкпесі өшіп бұлаққа қарай жүгірді. Ентігін баспаған күйі «апай, мынау сізге...» деді де, төрт бүктелген бір жапырақ қағазды Төлебикенің қолына ұстата салып, сәл тұрса «бұл не?» деп тергеп-тексеретіндей, бір ауыз сөз айтуға мұршасын келтірмей, тұра қашты. Беті ұяттан лап-лап қызарды. Әлден уақытқа дейін жүрегі аузына тығылып, дүк-дүк соғумен болды... Ертеңіне Төлебике Еділді көріп, жымиып күлді. Еділ ұрысып ала жөнеле ме деп қорқып еді. Үндемеді. Қылмыс жасағандай қатты қысылды. Бірақ қуанды да, апайды ағасының жақсы көретінін сездірді. Осының өзі неге тұрады? Арада үш күн өтті. Еділ көшеден Жақан ағасы мен Төлебике апайды көріп қалды. Апай әлдене деп тұр. Сөзі естілмейді. Жақан ағасы күле береді. Төлебике қосыла күледі. Бірдеңеге таңданып бастарын шайқайды. Еділ әңгіме өзінің өткенде жазған хаты туралы екенін білді... Кешке Жақан ағасы Еділдің басынан бір түрлі жұмсақ сипады да: – Әй, қу бала... – деді күліп. – Әй, қу бала... Жақан бұрын жұмыстан шаршап келіп, шала-пұла жуынып-шайынып, шайдың үстінде бір таба нанды бір өзі жеп, тамақ ішіп, сосын тас боп ұйықтап қалатын-ды. Соңғы кезде бұл дағдысы өзгерді. Жұмыстан келгесін үсті-басын әбден қаққылайды. Кір сабынмен емес, иіс сабынмен жуынады. Құдды бір тойға баратындай киімнен киім таңдайды. Ана көйлегін бір киеді, мына көйлегін бір киеді. Қыздар құсап айна алдынан шықпайды. Шалбарының қырын біздей ғып өтектейді. Шаң мен май баттасып жүретін қара туфлиін жылтыратып сүртеді. Сосын үйде көп айналмайды. Содан түн ортасы ауа бір-ақ оралады. Тәтесі бір күні: – Осы түнімен қайда қаңғып жүреді? – деп сұрап қалды. – Қайдам, жігіт емес пе, қыдырады да... – деді мамасы. – Неғылған қыдырған мезгілсіз уақытта... Шынында да ауыл аядай. Қайда қыдырады? Театр жоқ. Клуб жоқ. Парк жоқ. Жақан өзгелер құсап карта ойнамайды. О бастан құмар емес. Бірақ Еділ Жақан ағасының түнімен қайда «қаңғып» жүретінін білетін. Бірде бала әуестікпен ізіне түскен. Із Бәтима кемпірдің үйіне апарған. Сол-ақ екен, өз-өзінен қуанып, Бәтима кемпірдің қорасының түбінде алақанын шапалақтап жіберді. Екінші күні ұрланып терезесінен сығалады. Бұл жолғы шаттығы тіпті керемет болды. Төлебике апайы мен Жақан ағасының бастарының әнтек түйісіңкіреп отырғанын көрді. Шын ба, өтірік пе? Қайта қарады. Рас. Екеуі шұқшиып әлдебір дәптерді тексеріп отыр. Ауыздары жыбырлайды. Бірдеңе деп сөйлеседі. Сосын бір-біріне қарап күліседі. Еділ үйге қарай құстай ұшты. Еділ тәтесіне осыны айтты. Тәтесі қолындағы жонып жатқан ағашын тастай салып: – Шын ба, балам? – деді. – Шын, тәте! – деді Еділ күмілжімей. – Мынау бір жақсы лепес болды-ау... Тәтесі күлімсіреп ойға шомды.
Әбділдә Жақанға іштей алаңдар еді. Алаңдамай ше. Ізінен ерген жалғыз інісі. Оның үй болып, ел қатарына қосылғанын қалайтын. Екеуі қиындықты бір адамдай-ақ көрген-ді. Әке-шешеден ерте айрылды. Бұл он жетіде, Жақан бес жасында жетімдіктің ащы дәмін татты. Сөйтіп жүріп, әйтеуір, адам болды. Әбділдә соғыстан да аман қайтты. Бар болғаны бір аяғынан жараланды. Көрер қызығы бар екен. Келген соң үйленді. Жақан от басының жылуына бөленді. Жібі түзу киім киді. Қарны тойып тамақ ішті. Әбділдә інісіне әрі әке, әрі аға болды. Жетімдіктің көлеңкесін түсірмеуге тырысты. Қас-қабағына қарады. Жақан кішкене кезінде алып батырлар секілді жерді ойып жіберердей дүрс-дүрс жүретін. Ибагүл оны сонысына қарап, еркелетіп «герой» деп атады. Герой жеті жылдықты бітірген соң, СПТУ-да оқыды. Тракторист мамандығын алды... Өтіп бара жатқан уақыт... Әбділдәнің ендігі арманы – сол жалғыз інісін аяқтандыру еді... Бұлттан сығалаған айдай бұл тілегі де еміс-еміс елес бергендей. Тойларын жаңа өмір бастайтын болғандықтан нышан ғып жаңа жылға деп уәделескен екен... Бірақ өкінішке орай, Әбділдә Жақанның тойын көре алмады. Еділ таң алдында мамасының әлемтапырық ащы даусынан шошып оянды. – Ойбай, сорлап қалдық қой, сорлап қалдық! Төргі бөлмеде шам самаладай жанып тұр. Тосын жарық. Таң алдында кім бүйтіп жағып қояды. Таң алдында адам тәтті ұйқыда жатуы керек. Еділ тұла бойы дірілдеп, төсектен тұрды. Мамасы бас салып, бауырына қысты. – Құлыным-ау, тәтеңнен айрылып... Айрылғаны несі? Еділ суық сөзден көңілі суып кетсе де, бір түрлі аң-таң. Тәтесі биік көпшіктің үстінде тым-тырыс жатыр. Құлағын тас бітеп алғандай. Таң алдындағы ызы-шу, ұлы айқайға елең етпейді. Тірі жан дәл бұлай селт етпей жатуы мүмкін емес. Еділ де мамасына қосыла жылады. Демде көршілер, туған-туысқандар жиналып қалды. Сыртқа киіз үй мезгілсіз уақытта – қақаған желтоқсанда тігілді. Еділге бұрын киіз үй тігу мереке секілді еді. Мамасына уық алып беріп, шидің, үзік, туырлықтың желбауларын тартысып, зыр жүгіретін... Бұл жолы бір түрлі жек көріп қалды. Киіз үй бұрын тек жақсылыққа, қуанышқа ғана тігіледі деп ойлайтын. Көктемде бой көтерген үй – мереке де, мезгілсіз кезде қарайған үй – жақсылықтың белгісі емес екен. Осыны сезді. Сөйтіп тәтесі ауырмай-сырқамай дүниеден қайтты. Жүрегі тоқтап қалыпты түнде. «Соғысты, жоқшылық, көп бейнет көрді ғой, жүрегіне жүк түскен ғой» десті ауылдағылар. Еділ қатты өкінді. Тәтесі мәңгі көз алдында жүре беретіндей көріп еді. Сырласпағанына, сөйлеспегеніне өкінді. Енді бәрі кеш. Тәтесі жүрегінің шуағын сеуіп елеусіз күн кешкен екен. Еділ енді тәтесінің бір-ақ сәттің ішінде заңғар тау, ертегі, аңыз секілді боп кеткенін сезінді. Көкірегіне ащы өксік тығылды. Қазір жанында тәтесі болса, ағыл-тегіл көп нәрсе айтардай. Жасау-жиһазын жиып тастаған үйдей жан дүниесі жаман құлазыды. Тәтесінің мінез-құлқы, ісі, күлгені, ашуланғаны... бәрі-бәрі анталап көз алдында тұрып алды... Неге екені белгісіз, Еділ ертерек кезде төртінші-бесінші сыныптарда тәтесінің аяғының ақсақтығына қатты намыстанатын, бетінен оты шығып ұялатын. Айналасындағы өзге балалардың әкелерінің бәрінің он екі мүшесі сау. Тек тәтесі ғана ақсақ. Осыған азарланатын. Мамасы тәтең соғысқа барған, батыр болған дейтін. Батыр жараланушы ма еді? Еділ батырларға оқ дарымайды деп ойлайтын. Бірде Еділ көрші үйдің баласымен асыққа таласып, ұрсысып қалды. Бірін-бірі мазақтады. Әлгі бала қыза-қыза, «сенің әкең ақсақ» демесі бар ма?
Еділ не дерін білмей, көзі боталап үйге келді. Үйде тәтесі бар-ды, болған жәйтті білді. Бір күрсінді де, Еділдің көзінің жасын сүртіп, былай деді: «Балам, жылама, қайта қуан, әкеңнің қан майданнан аман келгеніне, қаншама боздақтарға туған жердің бір уыс топырағы бұйырмады. Мен өз тағдырыма ырзамын. Сол өлім мен өмірдің ортасында жүріп, бүгінгі қызықты көрем деп ойлап па ем. Шүкірлік. Әлгі бала әкең ақсақ десе, түсінбей мазақтап жүрген де. Кейін ұғынады. Бала емес пе. Тыңда, қалай жараланғанымды айтайын. Мен пулеметші едім. Окопта тас бекініп жатырмыз. Алдымыздан жау қаптап келеді. Енепат көп. Қара құрттай қаптайды. Тажал танкілері және бар. Біз де оқты бораттық. Мен пулеметімнен оқ септірдім. Екі жақтан оқ қарша борап тұр. Аспан да, жер де көк түтін. Гүрс-гүрс жарылған мина, снаряд. Адамды адам танымайды. Бір кезде менің окобымның дәл түбіне кеп бір снаряд жарылды... Одан арғысы есімде жоқ. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, әлден мезгілде көзімді ашып алсам, жан-жағым тып-тыныш, тас төбемде аппақ қабырға... Сөйтсем, госпитальда жатыр екем. Қара санымнан қан көп кетіпті. Әлден мезгіл дегенім – екі күн екен. Есім әрең кіріпті. Міне, балам, өлімнің аузына осылай барып қайттым...» Сонда Еділ көзінің жасын кілт тыйған. Тәтесі әп-сәтте ертегінің жүрек жұтқан батырына айналып кеткендей болды. Ауылдағы қарттардың айтуынша, егер марқұм кісіні оның туғантуысқандары, бала-шағалары, құрбы-құрдастары естеріне алып жүретін болса, ол өлмейді, өмір сүреді. Еске алудың осындай сиқырлы күші бар екен. Ол – өмір нәрі, өмір дәрісі секілді. Еділ тәтесін өлімге қиғысы келмеді. Күндіз-түні жадынан шығармады. Енді тәтесіне көрсетер ең үлкен қызметі осы ғана сияқты. Еділ мұндай қызметтен өмір бойы жалықпайды. Сол қастерлі қызметтің басталғанын да сезді... Былтыр жазда бес-алты бала түнде бұлақтың басындағы Нұрабайдың бақшасына түсті. Ұрлық қауын әмәнда тәтті ғой. Әбден жеңсіктері басылғанша жеді. Жемегендерін жыңғылдың арасына апарып тықты. Бірақ кім айтқаны беймәлім, Нұрабай біліп қойыпты. Ертеңіне азанда Еділдің мамасына келіп шағынбасы бар ма. Ибагүл қатты ашуланды. Еділді желкесінен бір-екі рет түйіп-түйіп, дүкеннің алдында құрылысшыларға ағаш апара жатқан машинаға мінгізіп жіберді. Қабағын шытып: «Зіңкілдеп асыр салғанша, жұрттың қауынына түскенше әкеңе барып қолғабыс бер», – деді. Тәтесі ауылдан қырық шақырым жерде Мықтыбай деген шопанның қой қорасын жөндеп жатқан-ды. Айтты-бітті. Еділ қарсы ештеңе демеді. Машина Қызылбай базына қарай тартты. Машинаның үстінен баласын – Еділді көргенде Әбділдә таңқалды. – Балам-ау, неге келдің мұнда? – деді әлдебір жұмбақтың шешуін таппай тұрғандай ойлана. Шофер жігіт – Мәжібай: – Әкесін сағынып қалыпты... – деді күліп. Сөйтті де Әбділдәнің құлағына сыбырлады. Сол-ақ екен, тәтесінің түсі бұзылып жүре берді. – Мұның жарамаған екен, балам. Бірақ іле-шала өңі жадырап: – Бала емес пе, балалық жасаған да, – деді де, емірене Еділдің маңдайынан сипалады. Қатқыл, мүйіз-мүйіз алақаны Еділдің маңдайын жырғылады. Еділ бірақ ауырсынбады. Кешке Еділді машинаға отырғызып, ауылға қайтарды. Машинаның үстіне көтеріп мінгізіп жатып:
– Буының бекіп, бұғанаң қатпай, жерден сынық шөп көтерткізбеймін. Мен тірі тұрғанда алаңсыз ойна, жұмыс ешқайда қашпайды, – деді бір түрлі көңілі бұзылғандай кірпігі жыпылықтап. Міне, сөйткен тәтесі енді жоқ. Бұдан былай басқа өмір басталады. Бұрын тәтесі айлап үйдің жүзін көрмейтін. Шөпте болады. Алыс қияндағы қойшылардың қораларын жөндейді. Бірақ өтеніне қайтып оралатын. Бұл жолы қайта оралмады. Бір ай өтті. Екі ай өтті. Еділ өмір-бақи көрмеген талай жат туыстар ат ізін салды. Көңіл айтты. Тек ауылдың сыртындағы төртқұлақтан тәтесі ғана келмеді. Жаңа жыл Еділдің ең сүйікті мерекесі еді. Жылда керемет дайындалатын. Биыл да сөйткен. Шыршада қоян боп ойнамақшы еді. Мамасы қоянның киімін тіге бастаған-ды. Алайда аяқтамады. Еділді қуанта алмады. Қолы іске бармады. «Ақ қоян» бір құлағы ғана қалқиып кереуеттің астында жатты. Жаңа жыл көңілсіз өтті. Еділге енді бұдан былайғы күндердің бәрі көңілсіз, қызықсыз болып көрінді. Дегенмен, тірі адам тіршілігін істейді. Өлгеннің соңынан өлмек жоқ. Бұл – ауылдағы шалдардың сөзі. Той жөніндегі сөз ұмыт бола бастаған болатын. Қазалы үйге қуаныш оғаш. Жөнсіз қуануға болмайды. Ырым осылай. Әйтсе де бір күні түскі шайдың үстінде Ибагүл Жақанға былай деді: – Жақанжан, қайным болғанмен, қолымда балам секілді өстің. Тәтең сенің қызығыңды аңсап еді, амал не, тағдыр оған жазбады. Жазмыштан озмыш жоқ. Қайсыбір түндері сені ойлап кірпігін ілмейтін. Тойыңа асығатын... Енді бұл үйдегі бас көтерер ер-азамат өзіңсің. Мынау шиеттей бала-шаға. Тәтеңнің жүзі өткесін ана келінді үйге әкеліп түсір. Балалар да бір түрлі жүнжіп кетті. Қайғыға езіліп отыра береміз бе... Ибагүл көзіне жас алды. Жақан: – Иба апа (ол жеңеше демейтін), қойыңыз, елден ұят... – деді міңгірлеп. Ибагүл оңың сөзін кілт тыйып тастады. – Жауабын өзім беремін елге. Бұл – Әбділдәнің жылы өткен соң қозғалатын әңгіме еді. Бірақ қуаныштың ерте-кеші жоқ деп, Ибагүл асықтырып әкетті. Әрі жаман ойы бұдан әрі ұзай берсе, Жақан өзі жуас, ынжықтау-тұғын, аралары суысып, әлгі уәделескен қыздан айрылып қалар деп қауіптенді. Ибагүлдің сөзін ауылдағы ағайын-тумалары да мақұлдады. Қайғының орнын бір қуаныш басатын болды. Еділ осыған алдарқанды. «Жеңгелі болсам-ау» деген талайғы тәтті арманы қайта оянды. Үй іші Әбділдәнің жүзін берген соң, той қамына кірісті. Той болған күн Еділдің есінде мәңгі жатталып қалды. Нағыз мереке. Құдды тәтесі тірі жүргендей. Тек шөп шабуға, қойшылардың қорасын жөндеуге аз ғана уақытқа кеткендей, сонда бөгеліп жатқандай. Той тәтесінің қазасын әнтек ұмыттырып жіберген... Кешке күн ашық болды. ұлыған боран, ұйытқып жауған қар тоқтап, аспан шырадай жанды. Табиғат тамылжып тұрды. Көктен жұлдыздар жамырады. Құрғақ аяз беттен жұмсақ шымшылады. Бәтима кемпір Төлебикені өз қызындай ғып ұзатты. Бар кәде-қауметін жасады. Көше бойымен шұбырған жұрт жарқжұрқ күліп, саңқ-саңқ әңгімелесіп, Еділдің үйіне қарай беттеді. Орталарында Жақан мен Төлебике. Жақанның үстінде қара костюм-шалбар, Төлебике пальтосының сыртынан ақ фата жамылған. Жағасында пластмасса қызыл гүл. Басында үкілі сәукеле. Өз-өзінен күле береді. Еділ Төлебике апайынан, айтпақшы, жеңгесінен көз алмады. Әр қимыл, әр сөз, әр күлкісін бақты. Бұл
жерде фотограф жоқ еді. Еділ қос жанарымен сол фотографтың қызметін атқарды. Шеру үйдің алдына келіп тоқтады. Ибагүл әлдене деп күбірлеп, өз-өзінен толқып, Төлебикенің маңдайынан сүйді. Шашу шашылды. Жылтырақ қағазды сан алуан тәтті кәмпиттер қар үстін көмді. Есік алды жосылған аяқ ізі. Балалар апыр-топыр кәмпиттерді теріп алып, жалма-жан ауыздарына салып әлек. Әлдекім: – Құтты келін бол, шырағым, – деді. Төлебике сәл қымсынып, басын изеді. Жұрт у-шу. Даудыр-дәудір сөз, әңгіме. Әзіл-күлкі. Ауыздарында тек ақ тілек. – Табалдырықтан оң аяғыңмен атта! – Отқа май құй! Бар жақсы рәсім жасалды. Жар-жар айтылды. Сонан соң Жақан мен Төлебике үлкен бөлмеге өтіп, қақ төрге барып отырды. Бұл олардың құрметті орны. Әне-міне дегенше қой сойылып, қуырдақ қуырылып, бауырсақ пісірілді. Қазан-ошақтың басы әлеке келіншектер. Жастар кеші басталды... Еділ шын мәнінде бақытты еді. Құдды өң мен түстің арасында қалқып жүрген секілді. Айта алмайды, тілі жетпейді, не болса да бұл күннің ұзаққа созылуын тіледі. Тәтесінің қазасы мүлдем есінен шықты. Қолды-аяққа тұрмады. Зыр жүгіріп жер түбіндегі бұлақтан су тасыды. Су алып келе жатып талай құлап, талай сүрініп жығылды. Бір рет дәл үйдің түбіне келгенде аяғы тайып кетіп, шалқасынан түспесі бар ма. Есіл еңбегі. Әшейінде мұндайда ашуланып, ызаға булығып көз жасына ерік берер еді. Бұл жолы өйтпеді. Тойдың үрметіне қабақ шытпау керек. Жыламады. Қарғып тұрып үсті-басын қаққылап, ауырған жамбасын сипалап, бұлаққа қайта барды. Жүгіріп барды. Ыңылдап ән салды жолда. Еділдің ойынша бұл күні ешқандай ренжуге, қабақ шытуға болмайды. Себебі жылдар бойы күткен тойы ғой. Тәтесі де күткен еді. ғұмыры жетпеді. Тоңбады. Жаурамады. Шолақ пальтосының өңірі ашық жүрді. Құлақшынының құлағын түсірмеді. Екі беті алмадай қызарды. Көз алдында әбден жатталып қалған суреттей ақ көбелек жеңгесі мен ұялшақтау күлімсіреген Жақан ағасы, тас төбесінде төңкерілген айбан тостаған секілді алқара көк аспан, суық жылтыраған шырқау жұлдыздар. Аяқ астында ақ ұлпа қар, ыстық қар. Бұл күні Еділ жалқауланбады. Қырсықпады. Кегежектеу тіпті ойында да болған жоқ. Еділ суды үзбеді. Бұлақ пен үйдің арасын таптаурын сүрлеу қылды. Бәлкім, бір водовоз су тасыған шығар. Әйтеуір, есебі жоқ. Самаурыннан соң самаурын қойылып жатыр. Ыдыс-аяқ жуылып жатыр. Сексеуілді де төбе-төбе ғып жарды. Пәттелеп ірісін бөлек, майдасын бөлек жинады. Ошақ басындағы келіншектер Еділді мақтаумен болды. – Міне, саған ағаң мен жеңгең дән риза. – Бүгін-ертең шыдасаң, отын-судан мойның біржола босайды. Иә, ол күн жақын қалды. Бәрінен бұрын Боранбайдың аузына құм құйылатынын ойлағанда, Еділдің құйттай жүрегі тордағы құс секілді тыпырлаптыпырлап кетті. Еділдің екі көзі мен екі құлағы төргі бөлмеде. Гу-гу жақсы тілектер айтылып жатыр. – Бақытты болыңдар!
– Жұптарың жазылмасын! – Ата-анаңа мейірімді болыңдар! Жастар таң ата тарқады. Таң атқанша Еділ де көз шырымын алмады. Тіпті кірпігі ілінер емес. Сәл мызғып кетсе, бар қызықтан құр алақан қалатын тәрізді. Ертеңіне той болды. Беташарды Санақбай айтты. Беташарға ол Еділдің де атын қосып жіберді. Жұрт мәз. – Бәрекелде! – Сөз болғаныңа! Алдыңғы жағында не дегенін естіген жоқ, тек мына сөзді ғана құлағы шалып қалды:
– Ұл болса да қыз еді,
Үйді жинай біледі,
Су да тасып жүреді,
Қуанды жарыла жүрегі,
Қайның Еділге бір сәлем!
Төлебике иіліп сәлем қылды. Еділдің төбесі көкке жетті. Беташардан соң ел келіннің қолынан шай ішуге отырды. Төлебике келін болып алғашқы қызметін бастады. Жұрттың көзі сонда. Сынақ секілді. Еділ қатты қысылды. Жеңгесі сынақтан сүрінбесе екен деп тіледі ішінен. Тек жақсы сөз естігісі келді. Төлебике самаурын қойды. Дастарқан жасады. Шай құйды. Еділ жұрттың қас-қабағын бақты. Бәрінің де көңілі тойған сияқты. Айтқандары кілең жылы сөз. – Көп жаса, қарағым. Кеше Төлебике бұлақтан екі қатынап су әкелді. Еділ арқа-басы кеңіп, өзін жеңіл сезінді. Тура ноқтадан босаған тай сияқты. Беталды дөй далаға жүгіріп ала жөнелгісі келеді. Ақыры арманы орындалды-ау... Ауылдағы көп балалардың үш аты бар. Біріншісі – туған кезде әкешешесінің азан шақырып қойған есімі; екіншісі – лақап, мазақ аты, мәселен, «қара шайтан», «тасқара», «қияли» деген секілді; үшіншісі – жеңгелері қойған аттары, «мырза бала», «тентек, бала» деген тәрізді. Ең жақсысы да осы үшінші есім. Жеңгелері бір түрлі еркелетіп шақырады. Жып-жылы. Еділге Төлебике «Ақтөре» деп ат қойды. Еділдің бұған біраз уақытқа дейін құлағы үйрене алмай жүрді. Сосын дағдыланды. «Ақтөре» десе, тура төл есімі секілді жалт қарайтын болды. Тойдан соң үшінші күні кешке қарай Еділдің басы айналды. Мең-зең. Делсал. Ештеңеге зауқы соқпады. Тамаққа тәбеті шаппады. Бірте-бірте тұла бойы өрт болып жанды. Маңдайы лап-лап от. Қол-аяғы ісіп, балық ауыз қызыл бүртік бірдеңелер қаптап кетті. Төсектен басын көтермеді. Ибагүл әлденеден ұшынған болар деп ойлады. Қалың киіндіріп, қолынан жетелеп сыртқа шығарып, қызарып батып бара жатқан күнге қаратып, жерұшық жасады. Бір еңкейтті, бір тұрғызды. Еділ мамасының айтқанын әлденеше рет қайталады. – Бәле-жала, ауру-сырқау батқан күнмен бірге кет! Ұшық-ұшық! Еділ әлсіз, отсыз жанарымен айналаға қарады. Оған бір түрлі ауыл да, дала да, адамдар да өзі секілді ауру болып көрінді. Бәрі бейжай, селқос. Сылбыр, созалаңдаған, шұбалаңдаған әлденелер. Қызық. Әлде дала өзгерген бе? Сол баяғы ауыл емес пе? Көше бойындағы түп-түзу бағаналар өз-өзінен жылан
құсап ирелеңдеп кетеді. Еділ түсінбеді. Түсінейін, ұғынайын деп сәл күшін жинап еді, басы одан әрі зеңіді. Бірақ жер ұшықтан пайда болмады. Еділ түнімен сандырақтап шықты, Бір сөзі екіншісіне бірікпеді, үзік-үзік.. Мама...тәте... Жақан аға... жеңеше... Боранбай... Көзінің алды қызыл-жасыл сәуле. Мамасы бір елі жанынан кетпеді. Ауық-ауық кеберсіген ерніне су тамызды. Бетіне ыстығын қайтару үшін сулы шүберек басты. Еділ ондайда сәл тыншиды да, сосын және сандырақтайды, төсекте әрі-бері дөңбекшиді, тек таңға жақын түс аралас бір сәт кірпік ілді. Онда да ұзаққа бармады, айқайлап шошып оянды. Түсінде маймылды көрді. Кәдімгі тірі маймыл. Күлгені не қылжақ қылғаны, я бірдеңе деп сөйлегені белгісіз, әлгі маймыл Еділ жатқан бөлменің көше жақ бетіндегі терезесінің қырауын қыпқызыл тілімен жалап, қос алақаны мен танауын көрсетіп тұр... – Мама, маймыл... – Қайдағы, маймыл?! – Маймыл... Шын айтам... Еділ мойнын бұрып, терезеге қарады. Гүлді көк пердені көрді. Сөйтті де төсекке сылқ құлады. Көршілер Еділдің сырқатын неше саққа жорыды. Бірі көз тиген деді. Екіншісінің ойынша, суық шалған. Мамасының айтысы – жағымсыз бір тамақтан ұшынған. Ол Еділдің не жеп, не ішкенін түгендеп шықты. – Алдыңғы күні не жедің? Еділ есіне түсірді. – Күріш. Бауырсақ... – Сосын? – Тағы да бауырсақ... Кәмпит... – Және? – Сүт көже. Бәрі де кәдімгі күнделікті тамақтар. Тұрып қалған, иістенген ештеңені аузына алмаған. Ертеңіне шопандарды аралап кеткен фельдшер ауылға оралды. Бірден ешқайда бас бұрмай, Еділге келді. Еділдің денесіндегі шүпірлеген қызыл бүртіктерді көріп, ұзақ ойланды. – Апыр-ай, ә! О жер, бұ жерін ұстады. Кеудесін тыңдады. Оң, сол бүйірін қолымен басты. Сол сәт Еділ ыңқылдап қоя берді. – Ы-ы-ы. – Қатты ауыра ма? – Иә. – Қалай ауырады? – Түйіледі. – Әсіресе қай бүйірің? – Оң. Фельдшер Еділдің қарнына сол алақанын қойып, сыртынан дік-дік шерткіледі. – Ауыра ма? – Иә. – Түсінікті. Соқырішек. Аппендицит. Қалаға апару керек. Операция жасамаса болмайды. Мейлі, айға, мейлі жылға созылсын, үйде ауырып жатқаны жақсы еді. Қала дегесін, Еділ бір түрлі болып кетті. Сырт жер. Бейтаныс жер. Үлкен қаланы
көру Еділдің және бір арманы еді. Көкпен таласқан зәулім үйлер. Хайуанаттар паркі. Автобус. Троллейбустар. Әсіресе балмұздағын айтсаңшы. Саяхаттап, қыдырып барғанға не жетсін. Онда әсері де бөлек қой. Сол қалаға жолы түскелі тұр. Бірақ басқаша жағдайда. Амалсыз. Ауырып... Еділ қалаға бармай жатып, ауылды сағынатынын ойлады. Шіркін, үйде ауырғанға ештеңе жетпейді ғой. Ол да бір дәрі, ең шипалы дәрі. Міне, сырқаттанғалы мамасы қасында өбектеп жүр. Айналып-толғанады. Шығарға жаны жоқ. Төлебике жеңгесі «Ақтөре», «Ақтөре» деп әлек. Сүйген тамағын әкеледі. Сүт көже, үзбен, салма нан, ет – бәрі-бәрі әзір. Жемей қарны тоқ. Жақан ағасы да қайта-қайта келіп хал-жағдайын сұрайды. Күнде үйді бастарына көтеріп, айқай-шу, ат-көпір қылатын інілері де тып-тыныш. Мазаламайды. Үйден шыбынның ызыңы ғана естіледі. Мана достары келіп кетті. Көршілер. Туған-туысқандар. Қандай жақсы. Бәрінің көңілі үшін Еділ демде сауығып-ақ кеткісі келеді. Бірақ сырқат оның бұл ішкі сырын түсінетін емес. Фельдшер рация арқылы ауданнан санитарлық ұшақ шақыртты. Аспан ашық еді. Түстен кейін кішкентай «АН–2» ұшағы Еділді аудан орталығына қарай алып ұшты. Қасында мамасы. Еділ ұшақтың оймақтай дөңгелек терезесінен қар үстінде қарайған ауыл тамдарына ұзақ тесілді. Жанары талғанша, көзден ғайып болғанша қарады. Аудандағы дәрігерлер Еділді қайта тексерді. Рентгенге түсірді. Фельдшер диагнозын дұрыс таппапты. Бұлардың айтуынша, суық тиген. Анау-мынау емес, суық кәдімгідей қатты тиген. Ревматизмге шалдыққан. Әлдебір қажет дәрі, құралдардың жоқтығына байланысты, олар енді Еділді облыс орталығына жөнелтті. Мамасы екеуі кешке пойызға отырып, облыстық ауруханаға түн ортасында жетті... Толық денелі, жалтыраған көзәйнекті кезекші дәрігер әйел жолдаманы оқып, әлдебір қағаздарды толтыра бастады. – Атың кім? – Еділ. – Пәмиләң? – Әбділдаев. – Нешіншіде оқисың? – Жетіншіде. – Солай де. Ревматизм. Суық тиген. Әй, баламысың деген, сірә, қыста жеңілжелпі киініп, далада ұзақ ойнағансың-ау. – Ибагүлге қарады. – Сіздің қадағалауыңыз керек еді ғой. Еркіне жіберсеңіз, бала не істемейді... Ибагүл тамағын жұтынды. – Шырағым, мұның бала болып ойынға онша әуестігі жоқ, жұрттың баласы құсап есі кетіп далада қаңғымайды. Көбіне үйде кітап оқиды. Мінезі ауыр. Тұйық. Бір кәкір болса, мынадан ба деп ойлаймын: жақында қайным, Жақанжанды айтам, келін түсіріп еді, отағасымыз дүниеден қайтқалы бері қайғыдан езіліп кетіп едік, қуаныш қой, сонда бұл бала тойында зыр қағып, күні-түні сонау жер түбіндегі бұлақтан су тасып еді, абыр-сабырмен мен де тарс есімнен шығарыппын, бұл да өзінің жағдайын ойламаған. Күн суық, аяз, сонда суық тимесе... Кезекші дәрігер әйелдің сұсты өңі бір түрлі жылығандай болды. Жалтыраған көзәйнегін алып, үстелдің үстіне қойды. – О, онда бұл әдемі ауру болды ғой. Ибагүл оның сөзіне түсінбей қалды.
– Аурудың жақсы-жаманы бола ма? Әсілі, ауырма. Ал ауырса, кім де болса мехнат шегеді ғой... – Сонда да. Көп жұрт ауруды қолдан жасайды. Өздерін-өздері аямайды. Қыста жалаң бас, жеңіл-желпі жүреді. Жақпайтын тамақтарды ішеді. Ал бұл бала ағасы мен жеңгесінің тойында қызмет керсетіпті. Сонда суық тигізген. Әйтеуір, жақсы ниеттен тапқан ауру... – Иә, ол сөзіңнің жаны бар. Еділ үстіне аурухананың олпы-солпы сары помази көйлек-шалбарын киді. Нағыз науқас адамға ұқсады. Қарсы алдындағы айнадан түрін көріп, өзін-өзі аяп кетті. Мамасы ерні дірілдеп, кемсеңдеді. Еділдің де көңілі бұзылды. Білдіртпес үшін теріс айналды. Дәрігер әйел орнынан тұрды. – Оу, не болды апасы? Балаңыз ертең-ақ құлындай ойнап құлдыраңдап шыға келеді. Ал енді сіздің кете беруіңізге болады. Бұл жерде таныс кісілеріңіз бар ма еді? – Бар ғой, бар. Бірақ қазір жеті түнде кімнің есігін қағып жүрем, беймезгіл шақ. Таң атқанша осы арада отыра тұрайын. – Жарайды. Өзіңіз біліңіз. Дәрігер кетуге оқталды. Ибагүл қасына жақындай түсті. – Шырағым, сіңілім екенсің, Еділжан өзі үргедектеу еді, мүмкін болса, ине салмай-ақ койсаңдар етті. Тәтті дәрі-дәрмектеріңді көбірек берсең... Дәрігер әйелдің ішек-сілесі қатты. – Апасы, қызықсыз-ау. Тәтті дәріні де, витаминді де береміз. Бірақ ине де салу керек. Онсыз болмайды. Еділ инеден қорқады дегеніңізге сенбеймін. Еділ, солай емес пе? Еділдің екі беті ду қызарды. Осал жері. Былтыр ауданнан мектепке арнайы дәрігерлер келіп тұмауға, тағы бір ауруларға қарсы бір-екі рет балалардың қарынан дәрі еккен-ді. Сонда Еділ алдын ала біліп қойып, қашып кеткен болатын. Мына дәрігер апай бір түрлі соны сезген бе екен... Еділ қатты ұялды. Дегенмен батылданып: – Мама, мені бала көресің бе? – деді. Ибагүл аң-таң. – Әй, сен бала емей несің енді? Мына жақтан дәрігер әйел қапталдасты. – Кәне, қорқады дегеніңіз? Ибагүл күмілжіді. – Қайдан білейін... Еділ үшінші қабаттағы № 17 палатаға орналасты. Палатаның үлкен терезесі көше бетке қарайды екен. Еділ терезеге үңілді. Түнгі қала жанарында ертегілерде айтылатындай қырық құбылды. Көше бойы сапқа тұрған солдаттардай қаз-қатар тізілген бағаналар. Бағана бастарындағы саңырауқұлақ шамдар түнгі қалаға самала жарық төгіп тұр. Қала тыныш. Ұйқыда. Тек тұнық сүт ауаны мазалап, оқтын-оқтын от ала қашып бара жатқандай, әлдебір машиналар зымырайды. Ұйқысы қашқан кісілердей сонадайдағы әлдебір үйлердің терезелерінен әлі жарық өшпеген. Бірінің сәулесі көгілдір, екіншісінікі қызғылт, үшіншісі сарғыш. Ауылда жаңа жыл кешінде ғана болатын қызықтар. Үлкен қаланың түнгі суреті осындай болса, күндізі тіпті ғажайып шығар... Еділ сосын іште жатқандарға көз қиығын салды, олар оған науқастар емес, саяхатшылар секілді боп көрінді. Ертеңіне Ибагүл ауылға қайтты. «Бір айдың шамасында соғамын» деді.
Еділ бірте-бірте аурухананың өміріне де үйренді. Күнде неше түрлі дәрі ішеді. Екі мезгіл ине салады. Бір күн бір күнге ұқсас. Күндегі нәрсе қайталанады да тұрады. Уақыт өтпейді. Еділ бір сырқаттан айығып, екінші бір сырқатқа шалдыққан сияқты. Ол – сағыныш. Есіл-дерті ауыл. Ауылда жүргенде айдала, құм, жәпірейген жаман тамдар деп босқа мұрнын шүйіреді екен. Қазір әбден қадірі артты. Сол ауылдың жаман тамдарын көруге зар. Туған жер дегеннің де не екенін еміс-еміс сезінгендей... Бір рет қиялымен ауылға сапар шекті. Құсқа айналды. Қолы, аяғы – қауырсынды қанат. Тек басы ғана өзгерген жоқ. Күн желсіз, тымық екен дейді. Аспан бұлтсыз. Палатаның қаусырмалы терезесін ашып, жан-жағына қарап алды да, қанатын жеңіл қағып-қағып жіберіп, қалықтап ұша жөнелді. Ауылдың қай бағытта екенін анық білмейтін-ді. Қайдан біледі, өткенде қалаға түнде келді ғой. Жолды көрген жоқ. Дегенмен саспады. Қаладан едәуір ұзап шыққасын, сірә, жылқышы боларсың деп, басында тымағы, үстінде түйе жүн шекпені бар бір қарттан жөн сұрады. Қарт өңім бе, түсім бе дегендей біраз таңданды да, адамды құс секілді аспанда қалықтап ұшады деп кім ойлаған, Еділге туған ауылының – Сарыбұлақтың бағытын сілтеді. «Бала, тура ұша бер, алдан аздан соң темір жол кездеседі. Соны жағала да отыр, сосын Байқожа стансасының тұсынан солға бұрыл, дариядан өткесін, үлкен қара жол шығады алдыңнан, соның бойымен ұша бер, дәл аулыңның үстінен құлайсың», – деді ол ежіктеп түсіндіріп. «Рақмет, ата!» Қарт айранасыр. Құс дейін десе, адамша сөйлеп тұр. Еділ ұша берді, ұша берді. Тым әуелемеді. Себебі өте биікке көтерілсе, шырқау аспаннан көзі шалмай қалып, Сарыбұлақтан өтіп кетуі мүмкін ғой. Жер беті дегенің әуеден қызық болып көрінеді екен. Көлдер оймақтай. Үйлер шырпының қорабындай. Өзендер шұбатылған жіңішке жіп секілді. Талай ауылдың үстінен қалықтап өтті. Көргендер жағаларын ұстады. Қайран қалды. Адамдар түгілі, жолай кездескен құстардың өзі таң-тамаша. Еділдің жанына келіп өз тілдерінде бірдеңе дейді. Шиқ-шиқ! Шыр-шыр! Қайта-қайта әлдене деп сұрайды. Еділдің шамалауынша, сірә, сен кімсің, қандай құссың, қайда бара жатырсың дегені болар. Еділ шырылдаған торғай, шықылықтаған құс атаулының бәріне былай деді: «Мен Еділ деген баламын. Ауылды сағынғаннан құсқа айналып кеттім. Сарыбұлаққа ұшып бара жатырмын. Мен сендер бұрын-соңды көрмеген жаңа құспын. Егер маған ат қойғыларың келсе, Сағыныш деп қойыңдар. Солай, «достар!». Олар түсінді ме, түсінбеді ме, кім білсін... Бір рет Еділ қалың бұлттың арасына кіріп кетті. Әбден састы. Денесі ауырлап, қос қанаты суға малшынды. Кескен томардай топ етіп жерге құлап түсуі әбден мүмкін еді, әйтеуір, әлгі бұлтты қайырымды бір жел алдына салып айдап әкетті. Еділ қанатын кептіру үшін күннің көзіне қарай біраз әуеледі. Қанаты құрғады. Бір рет көктен көзі талып, мынау қай жер деп, бір ауылдың үстіне таман төмендеп еді, зәре-құтының ұшқаны. Тым төмендеуге болмайды екен. Әлгі ауылда Боранбай секілді ұрынарға қара таппай жүрген сотанақ балалар бар екен, көйлегінің өңірі атал-сатал ұзынтұра біреуі жұдырықтай кесекті бұған қарай жіберіп кеп қалғаны бар емес пе. Абырой болғанда, шекесіне қаға тиді. Дәл тигенде оңдырмайтын. Сонда да шекесі дызылдап қоя берді. Еділ қанат-қолымен басын сипалай берем дегенде, әнтек ауып, құлап қала жаздады. Не керек, қойшы, әлгі жылқышы қарттың сілтеген бағытымен ұшып отырып, аспанда небір қызық-шыжықты көріп, ақыры, өзінің сүйікті Сарыбұлағына да жетті-ау. Балалар үзілісте жүр екен, мектептің үстін екі рет айналып ұшты. Олар көре сала шулап қоя берді. – Ей, мынау не ғажап?!
– Самұрық құс па? – Жоқ, Еділге ұқсайды, басына қараңдаршы! – Сонда ол құс болып кеткені ме? – Қалада ауруханада жатқан жоқ па еді? Жамыраған сұрақ... Еділ: «Мен Еділмін ғой!» – деп еді, қырсыққанда сөзі сөз емес, құстың шиқылы боп шықты. Ызасы мұндай келмесін. Достарына адамша бір тіл қата алмағанына өкінді. Шынымен құсқа айнала бастағаны ма? Мектептің үстінде бұдан әрі бөгелмеді. Үйіне қарай ұшты. Мұның жердегі көлеңкесін басып, балалар да соңынан жүгірді. Еділ кептер құсап шатырға қонды. Сырттағы у-шуды естіп үйден мамасы, Төлебике жеңгесі, Жақан ағасы, інілері – бәрі атып-атып шықты. Балалар қолдарымен шатырды нұсқап жатыр. – Еділ қонып отыр! – Әне, Еділ! Мамасының есі кетті. – Ойбай-ау, Еділі несі, шатырда отырғаны қалай, үйге кірмей ме?! – Кірмейді. Ол – құс қой. Мамасы көзіне күн салып шатырға қарады. – Еділжан! – Мама! – Әлгіндегідей емес, Еділ адамша сөйледі. Бұған өзі қатты қуанды. – А құдай, аман-есен келдің бе? Сырқатыңнан айықтың ба? – Айықтым. Міне, айыққаным сондай, құс болып ұшып келіп тұрмын. Еділ кенет: – Ақтөре! Ақтөре! – деген дауысты естіді. Дауыс – әннің бір әуені секілді. Жалт қарады. Төлебике жеңгесі екен. – Жеңеше! Жеңеше! Тәп-тәтті керемет түс еді-ау, осы сәтте медбике қыз келіп, иығынан жұлқылап, уколға шақырғаны. Көзін қайта жұмған-ды... Қайтадан әлгі түсін ізіне түсіп індетіп, одан әрі жалғастырмақшы болған... Сорабын таба алмай қалды... Еділ жылап жібере жаздады. Медбике қызға көзінен оқ ата қарады. х, өмірде бір-ақ рет болатын түс еді-ау. Ауылды жақсы көру үшін алыс кетіп, сағыну керек екен. Еділ күнде палатаның терезесінен телміріп далаға қарайды. Дала қайда, мұнда бәрі көше. Көзіне кілең көп қабатты тас үйлер көрінеді. Ағылған машиналар. Әлдеқайда асығып бара жатқан адамдар. Ал ауылда бәрі басқаша. Есіктің аузынан-ақ дала басталады. Жанарың көкжиекке сүңгіп, армансыз сайран салады. Құм төбелерді, сексеуіл тоғайларын көреді. Маң-маң басқан аруаналар, шапқылаған тайлар. Жуас есектер. Анау-мынауға шыбын ызыңдаған құрлы елең етпейтін көпектер. Әсіресе қызыл қыш моншаның түбіндегі бұлақты айтсаңшы. Ауылдың базары. Басынан адам арылмайды. Бірін-бірі іздеген жұрт шұрқырасып сол жерден табысады. Құм ішіндегі жалғыз бұлақ. Сол себепті де ол кәделі. Қорықшысы бар. Қорықшысы – Бермағамбет. Өкімет қоймаған. Өз еркімен күзетеді. Жазда моншаның көлеңкесінде насыбайын атып, ыңылдап әнін айтып, бұлақтан көз алмай отырады. Бұлақтың басында ешкімге кір жудырмайды. Балаларға бей-берекет су шашып ойнатқызбайды. Судың дөй далаға жырылып кетпеуін қадағалайды. Бар кәсібі осы. Сосын жұмыс істегендей, кешке шаршап үйіне қайтады. Еділ оны ауылда еркін ойнатқызбайды деп бір түрлі іштей жек көретін, қазір сол Бермағамбеттің ащы айқайын да сағынды. Тіпті сотқар Боранбайдың өзі де ыстық боп кетті...
Көкірегіндегі осы сырлардың бәрін айтпаққа оқталып, бірде хат жазды. «Сәлематсыз ба, мама, – деп бастады. – Ауылда не жаңалықтар бар? Жиеней, Талғаттар асыр салып жүр ме? Жақан ағам мен Төлебике жеңгем қалай? Жеңешем менің орнымды жоқтатпай ма? (Ішінен мырс күлді). Бәріңді де сағындым, менен хабар білмек болсаңдар, жағдайым жақсы. Жазылып қалдым. Үстімдегі қызыл бүртіктер кетті. Жақында шығып қалармын...» Көңілі сайрап тұрған секілді еді. Бірақ төгілтіп ештеңе жаза алмады. Қаламсабын тістелеп, «Сәлеммен, балаң Еділ» деп нүкте қойды. Конверттің сыртына «Аттай шап, адаспай тап!» деп айқайлатып белгі соқты. Наурыздың аяғында мамасы келді. Өткенде хатқа сыйғыза алмаған сөздердің сырын Еділ оған бір тамшы көз жасымен білдірді. Мамасы құшағына қысты. – Шамалы шыда, әлгінде дәрігермен сөйлестім, он бес күннің о жақ, бұ жағында шығаратын түрі бар. Мен енді жер түбінен қайта-қайта келе алмаймын, ауылда мың сан шаруа бар. Дүкенге ауданнан мінгізіп жібереді. Ауданда Жақсыгүл апаңа тапсырып кетемін. Қорықпа. Ұшақпен ұшып жетесің. Өзің де дәу жігіт емессің бе, адаспассың, – деді. Мамасы бір сөмке ғып әкелген алма, өрік, кәмпит, пешенейлерін Еділдің қолына ұстатты. Еділ мамасын көзімен ұзатып салды. Мамасы айтқан санаулы күндер өте шықты. Соңғы күн. Еділдің жүрегі лүплүп соқты. Көңілі алып ұшты. Күнұзаққа тордағы күшіктей тыпыршумен болды. Оның бұл көңіл күйін палатадағылар жақсы түсінді. – Міне, бір жарым ай көзді ашып-жұмғанша өте шыққаны, ә. – Баланың ауыруы да тез, сауығуы да тез ғой. – Жақсы бір істің жолында ауырған кісі жылдам жазылады дейді. – Иә, солай! Көңілі таза. Жаман пиғылы жоқ. Олар өзара осылай десті. Еділ сарылып бір жарым ай жатқанына еш өкінбеді. Аурухана оны ең бастысы, ауылды сағыну өнеріне үйретті. Өзі тетелес құрбылары әлі мұндай сезімді білмейді. Көбі ауылдан аттап шықпайды. Еділ өзін бір түрлі есейіп кеткендей сезінді. Ертеңіне мамасының айтуынша, Қайырбекті көп күтті. Түс болды. Түс ауды. Әлі жоқ. Келмесе келмесін, оны Еділ іштей онша жақсы көрмейтін. Бұған себеп мына жәйт еді: Қайырбек – ауылдағы сиыршы Садық шалдың жалғыз ұлы. Елдің айтуынша, Садық оны үлде мен бүлдеге бөлеп өсірген. Бетіне жел боп тимеген. Қанаттыға қақтырмаған, тұмсықтыға шоқыттырмаған. Аялапәлпештеген. Бар айтқанын істеген. Ауылда жұрттың баласы жалаң аяқ, жалаң бас шапқылап, ақ таяқты ат қылып ойнап жүрген кезде, ол елден ерек велосипед тепкен. Садық шал велосипедті әлдекім арқылы сонау Алматының өзінен алдырған. Қаз тұрғанына да, тәй басқанына да, күлгеніне де, былдырлап сөйлегеніне де атап-атап кәделеп той жасаған. Мектепке барғанда ұлан-асыр ат шаптырған, бас бәйгеге түйе тіккен. Әйтеуір, елде жоқ нәрсе Қайырбекте болған. Бесінші сыныпта-ақ мотоцикл айдаған. Тоғызыншы сыныпта жеңіл машина алып берген... Бірақ не керек, Қайырбек әкесінің осыншалық өлшеусіз қамқорлығын түсінбепті. Мектепті де қашып-пысып шала бітірген. Қаршадайынан ішімдікке әуес болып, шылым тартқан. Қысқасы, бұзық болған. Әкесін жасына жеткізбей қартайтқан. Сөйтіп жүріп, әскерге барып келген. Онда да ақыл қонбаған, түзелмеген. Әскерден келген соң, қолын қалтасына салып, салаңдап даласуанданып бір жыл жүрген де, кейін оқимын деп сылтауратып, қалаға кеткен. Содан ізім-ғайым жоғалған. Ауылға ат ізін салмаған. Хат-хабар жазбаған. Сол қалада үйленген. Келіншегінің аты Бибайша көрінеді. Садық
шалдың арманы келін жұмсау, немере сүю еді, оған бұл қуанышын да сыйламады. Ауылға келмеді. Садық шал: «Қайырбек, Қайырбек!» – деп былтыр жазда қылтамақтан қайтыс болды. Қайырбек сөйткен әкесінің басына құлпытас та қоймады. Еділдің мұндай тасбауыр адамның бетін көргісі жоқ. «Ол біздің ауылдың адамы емес шығар, – деп ойлады. – Мүмкін емес. Біздің ауыл... Ондағы жұрттың бәрі қайырымды. Қуанышы да, қайғысы да ортақ. Қай кезде де бір-біріне қол ұшын береді...» Әрі құс көңіліне салса, ауылды өзі-ақ көзін жұмып таба алатындай әсерде. Анау дала төсіндегі қым-қиғаш шимай жол, сүрлеулердің бәрі де Сарыбұлаққа – барып тірелетін секілді. Қайсысына түссе де адасам-ау деген ой қаперіне кірмейді. Тіпті болмаса, ұялып қажеті қанша, жолыққан жұрттан жөн сұрайды. Әуелі автобуспен вокзалға барады. Сосын вокзалдан аудан орталығына қарай жүретін пойызды біледі. Одан әрі оп-оңай. «АН–2» ұшағына отырады да, ауылдың тас төбесінен түседі. Еділ әнтек тәтті қиялға беріліп кетті. Құдды тап қазір ауылға жетіп баратындай жалма-жан орнынан атып тұрды. Кереуеті сықыр-сықыр ете қалды. Тек қазір дәрігердің алдында балалық жасамауы керек. Өзін ауыл мен қаланың арасында талай-талай жүрген әккі жолаушы секілді етіп көрсетуі тиіс. Иә, солай. болмаса, еңіз-теңіз жылайды. Дәрігер сосын өзі-ақ жібереді. Әрине, оның беті аулақ. Жылапеңіремей тып-тыныш кеткені жөн. Ертең естісе елден ұят қой. Шынында да бекер қауіптенбеген екен. Дәрігер – мосқал ер кісі Еділді сотша тергеді. – Ауылыңды тауып бара аласың ба? Еділ батылданды, қуақыланды. – Әрине, табам. Екі арамен бұрын сан мәрте жүргем. – Е, онда дұрыс. Қайсыбір ауылдың балалары сыртқа аттап шықпайды ғой, адасып кетеді. Сенің жөнің бөлек екен. Ал жолға тиын-тебенің бар ма? – Бар. Мамасы өткенде жиырма бес сом тастап кеткен еді. Ол әлі мұрты бұзылған жоқ. Еділ кәмпит, пешеней алып жемеді. Жолына артылып жығылады. Еркін жетеді. Не де болса, тезірек кетсе екен дәрігердің алдынан. Бір жерден ши шықпай тұрғанда... – Жарайды, ендеше. Мамаңа сәлем айт. Жылы киініп жүр. Күтін. Ауылыңдағы фельдшерге көрініп тұр. – Жақсы, аға. Дәрігер Еділдің қолын қысты. Алақаны сұп-суық екен. Еділ дереу үстіндегі аурухананың сары помази көйлек-шалбарын шешті. Қатты асықты. Өз киімін киді. Жарасып тұр. Құдды ескі досымен табысқандай. Есіктің алдына шығып, үш қабатты аурухана үйіне бұрылып бір қарады. – Рақмет! – деді күбірлеп. Рақметті кімге айтқаны белгісіз, аурухана үйіне ме? Әлде ондағы ақ емші дәрігерлерге ме? Әйтеуір, ризашылық сезім, қуанышты сезім. Сөйтті де үлкен көшеге түсті. Еділ қалаға келгенде ақ қырау қыс еді. Енді көктем. Көше бойындағы талдар бүршік жарған. Күн сәл ысып, жаңбыр жауып берсе, әлгі бүршіктер от тұтатқандай лап етіп жапырақ жайғалы тұр. Арықтарда ауырлау, сылбыр сылдырап аққан су. Айнала көктем иісі. Ауылдағыдай көп болмағанымен, бірліжарым торғайлар ұшып-қонады. Күн кешке ауған шақ. Еділдің дәрігердің алдындағы манағы батылдығы бір түрлі су сепкендей басылды. Қаланың аты – қала. Еділ өзінің іштей әлденеге жасқаншақтай беретінін сезді. Қала мен ауылдың арасын жол қылдым деді-ау
әлгінде. Өтіріктің құйрығы бір тұтам. Еділ бір түрлі қобалжиын деді. Пошымы – «Ауылдың баласы! Ауылдың баласы!» – деп айқайлап тұрғандай. Жұртқа қарайды, бәрі еркін: туған үйлерінде жүргендей, аяқтарын нық, батыл басады. Бір-бірімен емен-жарқын сөйлеседі. Жарқ-жұрқ күліседі. Ал мұның сыртқы түрі қала өміріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын секілді. Ұялшақ. Жасқаншақ. Өзгелер шетінен жұлқынып тұр, кілең пысық. Еділ Қайырбекті күтпей, ерте шығып кеткеніне әнтек өкініп қалды. Дегенмен, тәуекел. Шешінген судан тайынбас. Үлкен көшенің бұрылысында жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап тұрды да, киімі олпы-солпылау, жуастау, иманжүзді бір кісіден жөн сұрады. – Аға, вокзалға қалай баруға болады? Жүрісі шабан болғанмен, әлгі кісінің шаруасы асығыс екен, жүре жауап берді. – Ана жерден бірінші автобусқа мін, тура апарады, соңғы аялдама – вокзал. – Рақмет. Уһ, не де болса ауылға қарай бір қадам жасалды. Құмырсқа бел ұзын сары автобус вокзалға әкелді. Вокзалдың басы ығыжығы адам. Бүкіл қала көшіп жатқандай. Қаптаған сөмке, иін тірескен шабадан. Екі кісі бойы келетін дәу ағаш есік шалқасынан ашық, жұртты тойымсыз жұтып жатыр. Еділ де сүңгіп кетті, жоқ іздеген кісіше вокзалдың ішін біраз аралап, бір уақытта көше жақ беттегі қабырғаны толайым алған жолаушылар пойыздарының қозғалысы жазылған үлкен ақ тақтаның алдына келіп тұрды. Шынында да тақтаның көлеміне орай пойыздар да көп жазылған екен. Көз сүрінеді. Бірақ ауылға қарай жүретіні қайсысы? Әлде бәрі ауылға бара ма? Еділ биік қабырғадағы жыпырлаған жазуларға үңіліп, едәуір уақытын өткізді. Әлдебір жұмбақтың шешімін таба алмай тұрғандай. Бір кезде әлдекім шап беріп білегінен ұстады. Еділдің жүрегі су ете қалды. «Көлигән». Басына бірден осындай ой келді. Бұлай ойламай қайтеді, ауылда қала жайлы алып-қашпа сөз көп. Қала толған ұры-қары, бұзықтар, көлигәндар дейді. Адам тонайды. Бермесіңді тартып алады. Ұрып кетеді, олар әсіресе ауылдан келген аузы ашық аңқауларды бірден таниды... Еділ білегінен шап беріп ұстаған адамға жалт қарады. – Сен Еділ емессің бе? Еділ аң-таң. Бұл кім? – Иә, Еділмін... – Ой, тентек, мен Қайырбек ағаңмын ғой. Неғып күтпедің? Апам әнеукүні қатты тапсырып кеткен. Жаңа гаражда шыр айналып, кідіріп қалғаным. Содан жұлдыздай ағып ауруханаға барсам – жоқсың. Ал содан осылай қарай зымырайын. Бағдаршамға да қарамадым, ойпырай, жаман қорыққаным-ай! Кәне, жүр үйге. Пойызға әлі біраз уақыт бар. Кешке өзім мінгізіп саламын. Қайырбек басын шайқап, өз-өзінен әлденеге таңданып, Еділді аяғын жер иіскетпей, дедектетіп сыртқа қарай жетеледі. Өзі бой-бой терлеген. Маңдайына түскен шашы тарам-тарам. Еділдің Қайырбекті бірінші рет көруі. Түріне бажайлай қарады. Сом қара. Шашы сұйық. Бадырақ көз. Байқамаған кісі ашуланып тұр ма деп қалады. Бірақ неге екені белгісіз, беті суықтау көзіне бағынбағандай өзінше күлімсіреп тұрады екен. Қызық. Қайырбек жайындағы көкірегіндегі жаман пікірі қайта бас көтеріп, әрі-бері тартыншақтап еді, болмады. Қолы әлеуетті. Еділ жел қуған желкендей аяғын аннан-мыннан бір басып келеді. Таксист екен, Еділді аспан көк таксиіне әкеліп отырғызды. Жол бойы салдырлап сөйлеумен болды.
– Баяғыда жалаң аяқ, жалаң бас жүгіріп жүрген бала едің, міне, енді әп-әйдік жігіт болыпсың. Мені білмейтін шығарсың (осы арада Еділ оның сөзін бөліп, кекетіп неге білмейін, «атақты» Қайырбек емессіз бе дей жаздады), сол ауылдан – Сарбұлақтанмын. Ауылдан ертерек кеттік. Қазір осындамыз. Бәрін қойшы, әуре-сарсаңға түспей, сені тез тауып алғаныма қуанып келе жатырмын. Абыройым бар екен, әлдеқалай адасып кетсең... Масқара. Ертең Ибагүл апам ренжиді ғой. Әдейі тапсырғанында. Әй, дәу де болса осы сен боларсың деп ойлап ем. Жаңылыспаппын. Дәл тауыппын. Сонша неге асықтың? – Еділ үндемеді. – Ауылды сағындың ба? – Еділ бұл жолы да ештеңе демеді. Қайырбек те шұқшимады, сұрағына жауап күтпейтін тәрізді. Несін сұрайды. Бәрі түсінікті емес пе. Қалада екі айға жуық ауруханада жатты ғой. Сосын шығарда бір минут тұра ма. – Қызық сені таба алмағанымда болатын еді. Дардай басыммен апама ертең не уәж айтамын. Ұяттан өлемін ғой, әдейі тапсырған кезінде. Қарның ашты ма? Қазір үйге жетеміз. Тыңқиып тойып ал. Қайдан жүріп, қайдан келгені беймәлім, әлден уақытта Қайырбек машинасын кішкентай бір тар көшедегі қызыл дарбазалы үйдің алдына әкеліп тоқтатты. – Міне, үйге де келдік. Мәссаған. Қаладағылардың бәрі аспанмен таласқан биік тамдарда тұрады дейтіні қайда? Мынау Сарыбұлақтағы үйлер секілді ғой. Жер үй. Көшесі де тас төселмеген, шаңдатып жатыр. Қайырбек үйге сөйлей кірді. – Бибі, мынау Еділ дейтін батыр. Ибагүл апамның баласы. Өткенде айтып едім ғой. Бүгін ауруханадан шығыпты. Мені күтпепті. Ауылына өз бетімен кетпекші. Бәлесін қара. Вокзалдан әрең тауып алдым. Бибі – Қайырбектің келіншегі гүлді сұр халатының жағасын ұстап, көзі ұясынан шыға таңданды. – Оның не?! Адасып кетсең, қайттің? Жарайды, әйтеуір, ағаңа жолығыпсың. Оқасы жоқ. Әйтпесе ұятқа қалатын едік... Бибі шай-тамағын әзірлей жүріп, әлсін-әлсін сұрақ қойып, әлсін-әлсін өздерінің жағдаятын да айтумен болды. – Жетінші сыныпта оқимын дедің бе? – Иә. – Қалай енді жазылып шықтың ба? – Иә. – Неден ауырып едің? – Суық тиіп... – Ой, абайлау керек. Баланың бәрі сол. Ойын-ойын деп... Өлгеніне қарамайды... Еділ қалай ауырғанын ежіктеп айтып жатуды бір түрлі ыңғайсыз көрді. Әдемі ауру екенін кім түсінеді.Көп аурудың бірі дейтін шығар... – Ауыл түгілі, қаладағы балалар да сол. Суық тиіп жиі ауырады. Әйтеуір, бір жақсысы, дәрігер қасыңда... Жетіншіде оқисың, енді бала емессің, бәрін түсінесің. Ағаң екеуіміз де ел қатарлы күн кешіп жатырмыз, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей. Екі қызымыз бар. Біреуі мектепте, екіншісі балабақшада. Анада атамыз қайтыс болғанда барайық деп, құдайдың зарын қылдым, ағаң қозғалмады. Бірақ, неге екенін қайдам, түнімен жер бауырлап солқылдап жылап шықты. Беті, көзі ертеңіне күп болып ісіп кетті. Сірә, осы күнге дейін әкесінің кәдірін білмей келгеніне өкінеді ғой деймін. Ағаңның ендіенді ғана ақылы кіріп келеді. Биыл жазда қайтсек те ауылға барамыз.
Атамыздың басына құлпытас қоямыз. Құран оқытамыз. Әсіресе әлгі екі немересі біздің неге атамыз жоқ деп қоймайды күнде. Атасы бар екенін білсін олар да. Қыр үстінде төмпешік болып жатса да, бәрібір атасы ғой... – Бибі осы тұсқа келгенде өз-өзінен пырс-пырс етіп көзінің жасын сығып алды. – Әкелерінен безген тас бауырлардан аулақ жүрейік дей ме, ағайынтуысқандарымыз да бас сұқпайды. Не масқара. Өткенде сенің апаң да Қайырбекке көшеде жолығыпты. Үйге кірмей ме? Жоқ, бұдан әрі бұлай күн кешуге болмайды. Жазда ауылға барамыз. Енемнің – Қайырбектің шешесінің қолына барып тұрамыз. Әлі ел қатарына қосылмаған екі-үш іні-қарындасы бар, соларға демеу боламыз. Шамамыз келгенше қамқорлық жасаймыз. Атамыздың аруағы бізді сонда ғана кешер... Еділдің көңілі бұзылды. Жақсы адамдар екен ғой. Жұрт бекер жаман ойлайды. Аруақтарды аузына алғаны... Көңілдері таза екен... Кесесіндегі шай әлдеқашан суып қалған-ды, не істерін білмей сонда да қолына алып үргілей берді. Қайырбек төмен тұқыртқан басын жоғары көтеріп, балаша сасқалақтады. – Қойсаңшы, қайдағы-жайдағыны айтып... – Несі бар, естісін, анау ауылдағы ағайын-тумалардың құлағына жеткізсін, біздің де адам екенімізді білсін... Бала бар шындықты, бар жағдайымызды бүкпесіз таза айтады, жұрт басқаға сенбесе де баланың сөзіне сенеді... – Туһ, сен де... Қайырбек шарасыз күйде қолын сермеді. Еділ ауыр әңгіме естісе де бір түрлі бойы жеңілдеп қалған тәрізді. Қораш, түнеріңкі кішкентай бөлме жаңбырдан соңғы даладай тазарып, жайнап кеткендей болып көрінді оған. Қайырбек Еділді кешке пойызға мінгізіп салды. Жолсерік әйелге қайта-қайта тапсырды. «Қаратөбе стансасынан түседі, ұйықтап қалмасын, азанда оятып жібересіз ғой», – деді. Еділ таң алдында Қаратөбеге – аудан орталығына жетті. Түнімен кірпік ілмеді. Ұйқтау қайда. Жолсерік әйел: «Балақай, алаңсыз ұйықтай бер, ешқандай қам жеме», – деді бірнеше рет. Еділ «жарайды» дегенімен, бәрібір жастыққа басын тигізбеді. Бетін терезеге басып, далаға қарады да отырды. Сол күні «Ан–2» ұшағына отырды. Көңілі ғана емес, өзі де көкке көтерілгендей. Жарты сағат шамасында ауылдың қарасы көрінді. Әне, бұлақ. Әне, Қуаңдария. Суы жоқ болса да осы бір құмды сайды жұрт дария дейді. Ертеректе, сірә, шалқыған өзен болса керек. Анау жылқы баз. П әрпіне ұқсас мектеп үйі. Қарақұрым қиқы-жиқы қамыс қоралар. Жапырайған тамдар. Бәрібәрі көзіне оттай басылды. Төбеден жақсылап көріп ал дегендей, ұшақ ауылдың үстінен екі рет айналды. Еділ үй-үйдің алдынан көздеріне күн салып көкке қараған адамдарды көрді. Балалар тақырлыққа қарай жүгіріп барады. Ұшақ шаң боратып, адыраспандардың түбін суырып, тақырлыққа дік етіп қонды. «Аэропорттан» – қамыс сарайдың алдынан Еділге мамасының таныс тұлғасы жылы ұшырады.
Ауылда жаңалық көп екен. Еділ әр әңгімені бал жалаған секілді еліге тыңдады. Мектепбайдың үлкен қызын шөп тасып жүрген автобазаның бір шофері алып қашыпты. Кәмәлиденнің келіні ұл туыпты. Көрші қарақалпақ елінен екі үй көшіп келіпті. Өздері қазақтар екен. Атамекендері осы маң болса керек. Бірақ жұрт көп айта беретін, Еділ жылын дәл білмейді, ашаршылық кезінде қарақалпақ жеріне қарай ауған көрінеді. Міне, енді араға көп уақыт
салып оралып отыр. «Ат айналып қазығын табар» деген. Ауыл жоғалғаны табылғандай мәре-сәре. Еділдер қатарлы балалары бар екен. Алғашқы кезде қызық болыпты. Ауылдың тентектері оларды жат санап, әуелгіде орталарына енгізбепті. Күнде төбелескен. Ақырында, әйтеуір татуласқан. Сөзінің піссімілләсін «қылшылдаған жігіт кезім, екі көзім оттай жанады, астымда сүлік қара жорғам, қолымда сақтиян пістөлетім бар» деп бастайтын Бержан ата қайтыс болыпты. Еділге бір түрлі ауылдан бір бұлбұл алысқа ұшып кеткен секілді болып көрінді. Шынында да ол шежіре еді. Көкірегі тұнған көне әңгіме... Бірінші мамырда Әлібай келін түсірмекші екен, әкесі ат шаптырып ұлан-асыр той жасамақшы. Сейістер әлден-ақ бәйге аттарын жарата бастапты. Бұлар Еділ жоқтағы жаңалықтардың белгілі-белгілілері ғана. Ал ұсақ-түйектері қаншама. Оның әрқайсысы бір-бір хикая. Бәрінен бұрын Еділ бұлақты сағынып қалыпты. Бірнеше күн таңдайы кеуіп шөл айдалада жүргендей, көршілердің бірі келіп, бірі кетіп жатқан абыр-сабыр шағында, үйден сытылып шығып, бұлаққа қарай жүгіре жөнелді. Қос алақанын тосып, бұлақтың суын қайта-қайта ішті. Ішкен сайын бал татиды. Мейірі қанбайды. Мұп-мұздай, тәп-тәтті. Сосын айналаға сұқтана көз жіберді. Ғажайып сурет. Кәрі қу жыңғылдарға дейін жасарып үлпек майда бүршік жарыпты. Адыраспан, жусаннан аяқ сүрінеді. Бұлақтың ырғынтегін аққан қыстайғы суы ойпаңды көл ғыпты. Беті толы шүрегей. Сыпылдаған үйрек. Еділдің көзі тояр емес. Ес білгелі ауылдың мұндай ертегі кезін алғаш рет көріп тұрғандай. Сұр есегін иығынан шұқылап, бұлақтың басына томаша шал – Шамырат қожа келді. Еділ астаудың ернеуіне көтеріліп, қос қолын беріп амандасты. – Ассаламаәлейкум, ата? – Үлкен жігіт бол. Кімсің? Кімнің баласысың? Шамырат қожа инеге жіп өткізгендей Еділге сықсия қарады. Сірә, шырамыта алмай тұрған секілді. – Еділмін ғой. Әбділдәнің баласымын. – Е, солай де. Мұнда неғып отырсың жалғыз өзің? – Жәй... «Бұлақты сағынып қалыппын...» деп айта алмады, бір түрлі ұялды. Түсінбеуі де мүмкін ғой. Жұрт естісе әрі күліп жүрер. О заманда бұ заман адам сылдыраған суды да сағына ма? – Біздің қызыл сиырды көрмедің бе? Кешелі бері жоқ. Еділ күлді. – Ата, мен ауылға жаңа ғана келдім ғой. – Е, қайда болдың? – Қалада. Ауруханада жаттым екі ай. – Не дейді?! – Шамырат қожа шошып кетті. – Қаршадай болып не ауру? Әлден ауырасыңдар, бара-бара не боласыңдар? Біздің шықпаған жанымыз... Сөйтті де есегін тебініп, ауылдың сыртына қарай тартты. Кешке тележкасына тау қылып отын тиеп, Жақан ағасы келді. Оның қызыл тракторы Еділдің көзіне оттай басылды. Алдынан жүгіріп шықты. Жақан көшенің қақ ортасында тракторын тоқтатып, Еділді кабинасына мінгізіп алды. – Аға, ауылды бір айналдыршы, – деді Еділ. Жақан оның сөзін екі етпеді. Тележкасын ағытпастан тақырлыққа қарай құйындатты... Жұрттың айтуынша, Еділ – баяғы Еділ емес. Едәуір өзгерген. Артық еті сылынған. Бойы сырықтай. Беті қағаздай ағарған. үңірейіп көзі, қалқиып құлағы
ғана қалған. Саусақтары шидей. Мұның бәрі ауру салған іздер. Ибагүл Еділдің аман-сау келгеніне қуанып, құдайжолы жасады. Шалдардың батасын алды. Еділ сабағына бара бастады. Достарымен табысты. Бұрын онша сезбеген екен. Еділ туған жердің қасиетті екенін түсінді. Сонау ит арқасы қиянда – қалада ауруханада жатқанда ауылдың май шаңдағына дейін ертегі-тұғын. Жалғыз аяқ соқпақтар мен қара жолдар дүбірлетіп шаба жөнеліп, құдды көкжиекке сүңгіген сәйгүліктер секілді болатын. Тоқал саман тамдар – хан сарайлары. Бұлақ – зәмзәм тұма. Ойдым-ойдым сексеуіл, жыңғыл тоғайлары – ит тұмсығы батпайтын сиқырлы ормандар. Осылай елестететін. Туған жерді алыстан сағыну керек екен. Сонда кәдірі артады. Адамдардың арман қуып, неге қиырға кететінінің сырын енді ұғынғандай болды. Өмір бойы ауылдан ұзап шықпасаң, туған жердің қасиетін сезінбей өтуің ықтимал. Еділ ауырғанына өкінген жоқ. Еділдің бір таң қалғаны: Жақан ағасы мен Төлебике жеңгесінің қазіргі өмірлері баяғы той күнгі бақытты мезеттеріне мүлде ұқсамайтын тәрізді. Бала көңілі ештеңенің байыбына бара алмай әуре. Неге қуанбайды? Міне, Еділдері – Ақтөрелері келді ғой дін-аман сауығып... Әлде бұл түсінбейтін өзге бірдеңе бар ма? Екеуі де бір түрлі көңілсіз. Қабақтары қату. Ашылып ештеңе айтпайды. Жұмбақ. Дастарқанның аяғына дейін отырмайды, бір-екі кесе шайларын ішеді де, үн-түнсіз тұрып бөлмелеріне кетеді. Жақан жұмыстан шаршадым дейді. Төлебике оқушылардың дәптерін тексерем дейді. Қызық. Бірақ бөлмелерінен ауық-ауық жайдары күлкі, көтеріңкі үндер естіліп қояды. Сол күлкі, сол жарқын дауыстарын бұған, мұның інілеріне, мамасына қимағаны ма? «Неге бұлай?» Еділдің бұл сұрағына мамасы бірден жауап бере алмады. – Білмеймін, балам... Соңғы кездері, әйтеуір, осылай болып жүр ғой, не ойлағандары барын кім білсін... Бір күні Жақан қызық өнер көрсетті. Жұмыстан өлесі ішіп келді. Бұрын мұндай әдеті жоқ-ты. Ащы аузына алмайтын. Тракторын дар-дар еткізіп көше бетке қойды да, қисалаңдап үйге кірді. Кірді де үйдің әлек-шәлекейін шығарды. Төргі бөлмеде кілемнің үстінде шашын артына қайырып түскен суреті ілулі тұратын. Әдемі портрет. Соны шеге-мегесімен қабырғадан жұлып алып, аяғымен таптады. Бетіндегі әйнегі быт-шыт сынды. Ибагүл шыр-пыр болды. – Жақанжан-ау, мұның не? Есің бар еді ғой. – Қазір менде ес жоқ! – Не көрінді сонша?! – Сол! – Қарағым, мынадай қылуаңды қой. Жаңа үй болып келе жатырсың. Елден ұят емес пе? Жақан сөзге құлақ аспады. Көзіне шалынып, қолына ілінген киімдерін сыртқа лақтырды. – Өртеймін! Өлемін! Айқай-шуға елеңдеп, лезде айналадағы көршілер жиналып қалды. Бәрі жағаларын ұстады. – Ойбай-ау, мұндайы жоқ еді ғой... – «Жуастан жуан шығады» деген... Ибагүлдің жан даусы шықты. – Төлебике, а, Төлебике, бері келсеңші, сенің сөзіңді тыңдар! Төлебике бөлмесінің есігін ашып, самсоз күңк етті. – Мені де тыңдамайды.
– Сонда не болғаны? Тып-тыныш үйдің шырқы бұзылды. Балалар бет-бетіне қашты. Еділ Жақанды қолынан тартқылады. – Аға, аға деймін, демалшы. Жақан қолын сілкіп қалды. Еділ шалқалап құлап түсті. – Ойбай-ау, мынау қайтеді, қыра ма, тегі, өзі ауру баланы... – Қырамын. – Қой, адам болмассың. Бір бәле көрінейін деген шығар. – Бір бәле көрінді. Адам болмаймын. Еділ жерден атып тұрып және жармасты. – Аға... Жақан бейтаныс әлдекімді көріп тұрғандай, одырая қарады. – Жоғал! Бұл Еділдің Жақан ағасынан күтпеген сөзі. Не істерін білмеді, көкірегі ызаға булықты. Бұлаққа қарай жүгіріп ала жөнелді. Бір нәрсеге қатты қамықса да, қатты қуанса да бұлаққа баратын әдеті. Бір-екі қарулы жігіт Жақанды қоярда-қоймай қол-аяғынан көтеріп, бұлқынғанына қарамай тамға апарып жатқызды... Құдды суық жауынның астында қалғандай Еділ түнімен жаурап шықты. Тұла бойы бір жылымай қойды. Мамасы да, інілері де ауыр ойға батқандай. Бұл не болғаны? Ибагүл ауық-ауық күрсінді. Иса – ауылдағы ең бақытты, үрім-бұтақты шал. Ұлы ұрымда, қызы қырымда. Бір баласы жылқышы. Біреуі қойшы. Біреуі шофер. Екеуі Алматыда тұрады. Үлкен шаңырақ. Әлібай – сүт кенжесі. Иса «осы кенжем аяқтанса, екі дүниеде де арманым жоқ», – дейтін. Әлібай баланың ең кішісі болғасын, ерке-тұғын. Соқталдай жігіт. Бірақ ісі тура баланікі. Сөзі де пәтуасыз. Бірақ былтыр ақылы кірген-ді. Сары шабдарымен құйындатып келе жатып, оңбай құлаған. Сол сабақ болды. Көпке дейін төсек тартты. Сосын сауыққан соң, бір түрлі адам қалпына келген. Ойланған... Таяқ жеп, сабақ алып адам қалпына келгендей. Міне, бүгін сол Әлібайдың тойы. Көрші ауылдың бір қызын үйіне келін ғып түсірді. Иса шал үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Велосипед мінген қара домалақ балалар үйді-үйге кіріп, жұртты тойға шақырып жүр. Ел «қабыл болсынды» қардай жаудырып, ағылып жатыр. Кемпірлерге дейін сандықтарының түбіндегі бір киер көйлектерін үстеріне ілген. Келіншектер мен жігіттер қызыл-жасыл. Ең әуелі жұрт ауылдың сыртындағы Ақынқожаның мазарының басына жиналды. Таңғы салқында сәйгүліктер бәйгеге қосылды. Жиырма шақырымға жіберілді. Бәйге аттары қайтып оралғанша жігіт-желең мүше алып қашысты. Көкпар тартылды. Күрес болды. У-шу. Мәре-сәре. Мереке. Көрген де арманда, көрмеген де арманда. Еділ Қабыланбайдың тракторының кабинасының төбесіне шығып алып, айналаға таңдайын қағып қарады да тұрды. Ғажап. Адамды құдды тек мереке, той үшін жаралған дерсің. Бүкіл ауыл көшіп жүр. Тайлы-таяғы қалмаған. Иә, дәл бұл күні небір қапылған шаруа болса да үйде қалу – ақылға сыйымсыз. Осы күні үйде отырдым десе, ешкім сенбес еді. Бірақ өкінішке орай, Еділ мынау сапырылысқан дүйім елдің ішінен Жақан ағасы мен Төлебике жеңгесін көре алмады. Әрі іздеді, бері іздеді. Көзі талды. Олар қайда жүр? Бүгін жұмыс жоқ. Бірінші мамыр мейрамы. Еділдің ойынша тойға бару – құр еріккеннің ісі емес. Той – ахеху-ехехулеп ойсыз күліп, ет жеп, қарын тойдыру ғана ма? Жоқ. Біреудің қуанышына ортақтасу ғой. Қайсыбір елең-селең пайдасыз жұмыстан әлдеқайда жақсы сауық-сайран. Той иесі болып шаттану. Той иесі болып ренжу. Ұл өсіріп отырмын, қыз өсіріп отырмын, маған да
шарапаты жұқсын, ертең өзімнің үйімде де осындай той болады деп ниет қылу. Бұл – тойдың ешқандай кітапқа жазылмаған рәсімі, заңы. Жақсылыққа, ізгілікке қарсы тұруға, ол жайлы жаман ойлауға, қитығып-қырсығуға болмайды. Ретті жерінде қуана білмеген адам адам ба? Әлде Жақан ағасы өткендегі ісінен елдің бетіне қарауға ұялып жүр ме екен? Өйтсе, жақсы. Ал олай болмаса ше? Той тарқады. Жұрт үйдің иесімен – Исамен жақсы сөзін айтып қоштаса бастады. – Келіннің келген қадамы құтты болсын. Тойың тойға ұлассын. – Айтқаның келсін. Иса қаға берісте Ибагүлге өзінің өкпесін білдірді. – Қарындасым, қайның мен келінің келіп, неге құтты болсын айтпады. Бұл менің өмір бойы күткен қуанышым емес пе еді. Соншалықты елеусіз тастайтындай не жазып едім оларға? Ибагүл не дерін білмеді. Жаман қысылды. Амалсыз сөзбұйдаға салды. – Ата-ау, жұмыстары болып... Қазір кіріп шығады ғой. – Е, жарайды онда. Аңқылдаған Жақаннан мұндайды күткен жоқ ем... Ауылдың қара сирақ балалары мен иттері үшін той тарқаған жоқ. Иттер қазан-аяқ жақтан сүйек-саяқ іздеп әуре. Балалар тойды өздерінше одан әрі жалғастырды. Бір-бір жыңғыл шыбыққа мініп, ақ тақырда дүбірлетіп шауып жүр. Еділ мамасымен бірге үйге келді. Терезенің пердесі ашылмаған. Үйге күн сәулесі түспеген. Ибагүл күйінді. – Шырақтарым-ау, тойға неге бармадыңдар? Төлебике шашы дудыраған күйінде көзін аударып бір қарады. – Той біздің не теңіміз? – Немене, сендер соншалықты жұрттың азы мен тозы ма едіңдер, түге? – Жауап жоқ. Үнсіздік. – Бұл не масқара! Бұрын-соңды мұндай болып па? Қойшы, бала емес, өздері түсінер деймін. Жоқ күннен күнге үдетіп барасыңдар. Үйдің әбден берекесін алдыңдар. Баяғы күнімізге зар болдық қой. Өлік шыққан үй де дәл мұндай болмас. Балалар сендердің қас-қабақтарыңа қарайды. Өздері онсыз да жарым көңіл. Әкелері болса бүйтіп жүрер ме еді? Ағаңның орнын жоқтатпайды ма десек, сенің мұның не, Жақан? Ендігі бұл үйдегі бас көтерер азамат өзің емес пе? Қой, бұлай өмір сүруге болмайды. Не масқара? Жұрт қазір саусағын шошайтып күледі... Еділ түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай шықты. Бір емес, екі-үш келіндерімен сүттей ұйып, ақар-шақар болып отырған үйлерді есіне алды. Мысалы, Қарақұлдың үйі. Құрқылтайдай там. Шиеттей бала-шаға. Екі келіні бар. Бәрі тату-тәтті. Ың-шың жоқ. Адам сүйсінеді. Ал Жақан ағасы мен Төлебике жеңгесі мынау. Сүттей ұйып бірге тұра бермей ме. Неге үйдің шырқы бұзылды? Әркім тек өз бақытын ғана ойлауы керек пе? Онда не болады. Ешкімге ешкім жақсылық жасамауы тиіс пе сонда? Жоқ, ондай өмірде не қызық, не мән бар? Өткенде кешкілік сүт сұрай келіп сөз арасында көрші үйдің әйелі – Қадиша апа мамасына жаман бір әңгіменің шет-пұшпағын бықсытқан-ды. Ұйқтап жатқан болып Еділ де құлағын салған. Жақан ағасы мен Төлебике жеңгесінің ойы – бөлек шығу, өздерінше еркін өмір сүру екен. Бірі білдей тракторшы. Екіншісі мұғалім. Табыстары өздеріне жетеді. Мына үйдің тауқыметін ауырсынатын секілді. Төрт бала адам болам дегенше, әлі қанша уақыт. Өмірің өтеді. Тапқан-таянған ақшалары зая кетіп
жатқан секілді. Ел қатарлы жарқырап киінбейді-міс. Қыдырып қалаға барып жатқан жоқ. Оған шама қайда, жетім бала, жесір әйелмен бірге мынау аяқтары тұсалып, үйде бықырсып отырғандары. Бұл күтпеген әңгімесі еді. Мамасы қатты күйінді. – Дәм-тұзым, ақ пейілімнен аттаса, өздері білсін. Кетем деген адамды байлап тұра алмаймын. Саналарына берсін. Құдайға шүкір, әзір қайратым қашқан жоқ. Әр баланың өз тиесілі несібесі бар. Қайтейін, қазір әркім өз басын қайттаған заман болды ғой. «Жақан, Жақан, Төлебике, Төлебике» дегеннен өзге кінәм болса, кәне. Жақсылыққа – жамандық. Мейлі, маған ренжімес, үй қылдым, өтен жасадым. Біз де өлмеспіз. Балалар өсіп келеді. Өз қолдары өз ауыздарына жетер. Бәрі бірдей арам болмас... Еділ бұл әңгімені естіп тып-тыныш жата алмады. Ұйқысынан шошып оянғандай, орнынан оқыс атып тұрып, далаға жүгіре жөнелді. Бұлақтың басына барып өксіп, ұзақ жылады. Шынында да Жақан ағасы мен Төлебике жеңгесі соңғы кездері қамшысын сырттан салып бір түрлі қонақ секілді болып жүр. Бүгін-ертең бір жаққа жол жүріп кететін адамдар секілді. Үй шаруасына бұрынғыдай етене араласпайды. Төлебике жеңгесі тамақты да ықылассыз әзірлейді, бұрынғыдай тәтті емес. Көңілі дұрыс болмағасын, тамағы қайдан дәмді болады. Үйдің іші ыбырсық. Еділ бұрынғыдай білек түріп кірісіп кетуге ыңғайсызданады. Жеңгесі ренжіп қалуы мүмкін ғой. Жақан ағасы да селқос. Үйде отын таусылғалы қашан. Еразаматы бар үйге бұл жараса ма? Зау еткізіп бір тележка сексеуіл әкеліп тастамай ма? Емен-жарқын тіл қатыспайды. Бөлмелерінен шықпайды. Еділ олардың өздерінен алыстап кеткенін білді.. Әне-міне дегенше оқу жылы аяқталды. Еділ бір күні түсте тосын істің үстінен түсті. Ойында дәнеңе жоқ, ашытпа ішейін деп тамға кірген. Көзі атыздай болды. Дәлізде қампиған дәу қара чемоданды ұстап, Төлебике жеңгесі мен Жақан ағасы тұр. Бір түрлі жүрегі шаншыды. Жақсылық болса игі еді. Сасып қалды. – Аға, жеңеше, қайда барасыңдар? – Біз кетеміз... – деді Жақан ағасы күңк етіп. – Қайда? – Қалаға. – Қыдырып па? – Жоқ. Біржола. – Неге? – Солай. Бұл өзі ұзақ әңгіме. Еділ, сен бәрібір түсінбейсің. – Түсінемін. Айтыңызшы. – Не деуге болады... Осы сәт сырттан үйге мамасы кіріп келді. Әлгіндегі әңгімені естіп қойғандай, күйініп былай деді: – Не дейтіні бар, ақыры осылай боларын көптен бері жүрегім сезген. Бірақ адам құсап кетпейсіңдер ме? Азын-аулақ ыдыс-аяқ, көрпе-төсек, еншілеріңді алып... Жаманды-жақсылы осы үйде тұрдыңдар, ағайын-туғанды шақырайық. Мен онсыз да етектеріңнен жабысып, ұстап қалмаймын сендерді. Ұят емес пе елден? Біреу қуды ма? Тым құрыса, тәтелеріңнің жылына шыдамадыңдар ма? Ол байғұс сендердің қуаныштарыңа жете алмай, арманда кетті ғой... Сөзінің аяғы пышырап, жылап жіберді.
Екеуі ләм-мим тіс жармады. Бастарын жерден көтермеді. Олар үшін Еділ қатты қысылды. Тек әлден уақыттан соң ғана бірдеңе дегісі келіп, Жақан тамағын қырнады. – Ы-ы-ы.. Кенет аспаннан ұшақтың дүрілі шалынды. Бүгін сенбі – қаладан ұшақ келетін күн. – Ал, Иба апа, ұшақ келе жатыр... Қалып қоярмыз... – Иә, қалып қоярсыңдар, барыңдар, барыңдар. Алдарыңнан жарылқасын. Адам адамға кездеседі. Осыны естеріңнен шығармаңдар. Ел-жұртқа масқара болдық-ау... Еділ Төлебике жеңгесінің қолына тас кенеше жабысты. – Жеңеше, кетпеңдерші... – Ақтөре, енді бәрі кеш, болмайды. Келісіп қойғанбыз. Сен бізге ренжіме. – Ренжимін! – Ренжімеңдер... Жақан мен Төлебике жарқырап көшенің қақ ортасымен жүрмей, ұрлық жасаған адамдарша тақырлық жақпен, ауылдың сыртымен – қора-қораның арасымен кетті. Еділ кірпіш сарайдың үстіне шығып, көзі жасаурап олардың соңынан ұзақ қарады. Сенгісі келмейді. Кеше ғана емес пе еді той болғаны. Кеше ғана емес пе еді Еділдің ауруханадан шыққаны. Өң мен түстей. Бәрі тез. Әуеге ақ шілтер шаң қалқытып, ұшақ көкке көтерілді. Бірте-бірте қылдырықтай болып, көз ұшынан жоғалды. Еділ көкжиекке жанарын суарып көп тұрды. Алғаш рет тақпақтап:
– Самолет-ау, самолет,
Біздің үйге қона кет.
Қанатыңа мінгізіп,
Мені өзіңмен ала кет! –
деп соңынан шаттана айқай салмады. Әлдебір тәтті қиял-арманға беріліп, қол бұлғап қоштаспады. Бұл ұшақ оған дүниедегі ең жаман ұшақ секілді болып көрінді. Ағасы мен жеңгесін алып кетті. Бар қызығы мен қуанышын алып кетті. Алысқа. Қайта оралмайтын жаққа... Еділ ертеңіне қос жез шелекті иінағашқа іліп, суға барды. Бұлақтың басынан Боранбайды көрді. Былтырғыдай жұдырығын ала ұмтылатын шығар деп ойлады. Бірақ ол өйтпеді. Қайта көмектесіп су алысып берді. Үндемеді. Тек кетіп бара жатқанда Еділге: – Кешке жасырынбақ ойнайық, – деді. Еділ күлімсіреді. – Жарайды. Бір түрлі бойы жеңілдеп қалғандай. Боранбайға ақыл қонған секілді. Сыпайы. Әлде Еділ онсыз да қамығып жүр ғой, оны одан әрі ренжітпейін дегені ме екен...
ҚАРА МЫСЫҚ
Бақыткүл кешкісін жұмыстан шықты да, тал-ағашы қар жамылып мүлгіген тып-тыныш қараңғы тар көшенің бойымен оң жақ иіндегі әйнек қабырғалы қос қабатты дүкенге қарай асығыс бет алды. Бұл – күндегі әдеті. Жазылмаған заң. Үлкен дүкенге бас сұғып, үйдегі кішкентай ерке қызына – Динарасына «бірдеңе» алады. «Бірдеңесі» – әр кезде әрқалай: кейде арзанқолдау қуыршақ, ойыншық; кейде бір уыс сағыз кәмпит, не бір шөлмек лимонад, бір қорапша печенье. Әйтеуір бос қайтпайды. Өйткені Динара құдды бұл азанда базар аралауға кеткендей, кешке жолын тосып: «Мама, не әкелдің?» – деп, алақанын жайып, босағада қылқиып тұрады. Не дерсің, баланың аты – бала... Кенет алдындағы дәу бәйтеректің түбінен – күл-қоқыс төгетін жерден әлдебір мысық мияулады. – М-и-и-я-яу-у... Көшеде не көп – бұралқы мысық пен ит көп. Таңсық емес. Бақыткүл пәлендей көңіл бөлмеді. Мысық тағы да мияулады. – М-и-и-яу... Аяғына тұсау түскендей, Бақыткүл екпіндеген жүрісін сәл баяулатты. Бір түрлі айдаладағы бұралқы мысықтың мияуына құлақ асуына тура келді. Тосын үн. Әріптердің басын қоса алмай ежіктеп әліппе оқып тұрғандай. Ауру, әлсіз, аш екені даусынан білініп тұр. Үні мынадай мүскін болса – өзі қандай? Жұдырықтай қу сүйек әлдене шығар. Аяп кетті. Тып-тыныш көшеде аяқ астынан боран ұлып, тұла бойын үсік шалғандай болды. Осы сәт көп күттірмей «әлгінде мияулаған мен едім» дегендей үйілген күл-қоқыстың арасынан берігірек шығып, жұдырықтай қап-қара бала мысық батпақ кешіп келе жатқандай ұлпа қардан бауырын әрең көтеріп, жасқаншақтап Бақыткүлге таман жақындады. Бақыткүл түк біліп, түк көрмегендей түйсіксіз күйде көзін тас қылып жұмып алып, байғұс бала мысықтың жанынан зымырап өте шығуға дәті бармады. Дүкенге кіру керек. Сосын аялдамада автобус күтеді. Үйде қыруар шаруа күтіп тұр. Кешкі тамақ та әзірлеу қажет. Үйге жеткенше не заман. Қанша асықса да, амал жоқ, кілт тоқтады. Қалың қарға құйрығының ұшы ілініп қалып, содан тартып шығаруға дәрмені келмегендей, бір-екі рет алға әрі-бері итінді де, екі ұдай күйде бала мысық та аял жасады. Басын алдыңғы екі аяғының арасына тықты. Бір тұтам өмірінде біраз таяқ жегені көрініп тұр. Сірә, оның бұл қылуасы Бақыткүл әлдебір сотанақ балалар секілді тас лақтырып не теуіп жібере ме деп, қорқақтағаны болса керек. Таяқтың дәмін татқан. Бақыткүл қолын қалтасынан алып, саусақтарын емірене жыбырлатып, бала мысықты өзіне шақырды: – Келе ғой, кәне, тоңдың ба, қарның аш па? Бала мысық қарны да, көңілі де тоқ тәрізді, әлдекім шегелеп тастағандай әлгіндегі жатқан орнынан қыбыр етіп қозғалмады. Мұнысы қалай? Іздегені жылы емеуірін емес пе еді? Неге жетіп келмейді? Әлде мынау қыстың көзі қырауда азғантай ақыл-есінен тұттай айрылып, не істеп, не қоярын білмей дал болып қалған ба? Ол да мүмкін... – Мияу... Бақыткүл бұдан әрі ойланбады. Әрі-сәрі тұруға уақыты да жоқ. Дереу қасына жетіп барды. Мысық дір-дір етіп жатыр екен. Жерден жеңіл көтеріп алды да, үсті-басының қарын қаққылап, пальтосының өңірінің түймесін ағытып, қойнына сүңгітті. Бұл жолы дүкенге кірмеді. Бірақ оның есесіне ол бүгін Динараға күлқоқыстың арасынан ғажайып тірі «ойыншық» тауып алған еді. Сол себепті де
ешқайда алаңдамай, бірден аялдамаға, автобусқа тартты. Бала мысық бұл бейтаныс әйелдің кім екенін, өзін қайда алып бара жатқанын білмеді. Кәдуілгі пештің түбіндегі үй мысықтары сияқты жып-жылы пальтоның ішінде қарны қабысқан күйінде ащы да тәтті пырылдап талықсып ұйықтап кетті.
Динара Бақыткүлді шешінуіне пұрсатана бермей, қарауылша қыдиып табалдырықтың қыр аузынан қарсы алып, басын шұлғып, тоты құсша тақылдады: – Ма-ма! Ма-ған не ә-кел-дің?! Бақыткүл «түк те әкелгем жоқ» дегендей қос алақанын жайып, Динараның дауыс әуезіне салып, әр сөзін буын-буынға бөліп: – Еш-те-ңе. Дү-кен-ге ба-ру-ға уа-қыт бол-ма-ды! – деді. Бірақ бұлары тәтті ойынға ұқсамады, Динара жыламақ сыңаймен ұзын сирек кірпіктерін көзі жарыққа шағылысқандай жыпылық-жыпылық қағып, аузына жел толтырып алғандай өкпелеп, екі ұртын бұртитты. – Ендеше, мен сенің қызың емеспін. Бүгіннен бастап менің досым – папа. Бұл – Динараның ең қатты ашуланғанда айтатын сөзі. Бақыткүл қиналғансыды. – Қап, енді қайттім? Шынымен жалғыз қалғаным ба? – Иә, жалғыз қалдың... Деуін десе де, әлде де көңілі сенбей, өз көзімен көріп тынышталмақ оймен мамасының сұрғылт қол сөмкесінің аузын ашып қарады. Рас екен. Ішінде дәнеңе де жоқ. Мүлде күдер үзді. Шұғыл теріс айналды. Екеуінің дабұр-дұбыр сөздеріне елеңдеп, қолына сытырлатып «Алматы ақшамы» газетін ұстап, төргі бөлмеден Мақсұт шықты. – Динара, не болды? Неге ренжіп тұрсың? – Динара пырс-пырс етті. – Мамам ештеңе әкелген жоқ... Мақсұт көзілдірігінің үстінен Бақыткүлге қарады. – Өстіп қиғылық салатынын жақсы білесің, бірдеңе алмадың ба? Бақыткүл жауап қайтарып үлгермеді, осы сәт қойнындағы бала мысық үзікүзік әлсіз екі-үш рет мияулап жіберді. – Ми-яу. Ми-яу-уу. Мияууу... Динара жалт бұрылды. Бұл не? Әлде құлағы шалыс естіді ме? Көзімен айналаны тінткілеп, таңданып, ештеңеге түсінбей иығын көтерді. – Мысық қайдан мияулады? Міне, қызық, өз-өзінен жан біткендей Бақыткүлдің мойнындағы түйе жүн шарфы жыбыр-жыбыр етті. Динараның екі көзі атыздай болды. – Ма-ма... – деген күйі Бақыткүлдің кеудесіне тесіліп қарады да қалды. «Қап!» Бақыткүл күлді. Қулығының ұзаққа бармағанын қарашы. «Базарлығы» тыныш жатпады. Енді бұдан әрі Динараны «азаптаудың» жөні жоқ, қолын қойнына тықты. – Мә, саған бүгінгі әкелген кәмпитім! Әлгіндегі өкпе-қақпасы бірден сейіліп, шайдай ашылған аспандай Динараның өңі гүл-гүл жайнап, көзі күлімдеп шыға келді. – Алақай! Менің мысығым бар! Сөйтті де секіріп мойнына асылып, Бақыткүлдің бетінен шөп-шөп сүйді. Сосын жүні үрпі-түрпі жұдырықтай қара мысықты кеудесіне тас қылып қысып, шыркөбелек биледі. Неге керемет қуанғанын да айқайлап айтты.
– Енді екеуіміз бірге ойнаймыз! Маған дос табылды. Бұдан былай папама жалынбаймын! Бұл – Динараның шын сыры еді. Жалғыз бала. Жападан-жалғыз ойнау сондай ауыр, іші пысып кетеді. Сосын амал жоқ, папасын әурелейді. Бірақ папасы әр кезде әрқалай: көңілінің хошы болса, Динарамен бірге ойнаудан жалықпайды. «Бө-бө!» деп түйе болады, Динара үстіне мініп алады. Жасырынбақ ойнайды. Дегенмен баламен бала болу қайда. Көбіне жұмыстан кешке үйге шаршап келеді, газет оқып, тып-тыныш теледидар көргенді қалайды. Ал Динара керісінше тыныштықты жаны сүймейді. Тыныштықты ұнатпайды... Міне, енді ешқашанда шаршап-шалдықпайтын, тіпті ешқашан жұмысқа бармайтын, ешқашан Динараның меселін қайтармайтын, өзі секілді ойынның түбін түсіретін дос табылды. Енді Динараға теледидардың түкке де қажеті жоқ. Енді бұдан былай «үйде жалғыз қорқам» деп мамасымен бірге дүкенге де ере шықпайды. Енді бұдан былай оны мамасы мен папасы бір жаққа қыдырғанда, көршілердің үйіне тастап кетпейді. Иә, солай. Қандай жақсы! Енді жалғыз емес. Мынау қара мысық дәл өзіндей бала. Екеуі бірге ойнайды, бірге жүреді, бірге тамақ ішеді. Мақсұт таңданды. – Мұны қайдан тауып алдың? – Дүкенге бара жатсам, күл-қоқыстың арасынан шығып, жолымда мияулап тұрып алғаны... Өзі жұдырықтай. Аш. Әлсіз. Аяп кеттім... Қыстың көзі қырау. Обал ғой. – Бүйтіп аяй берсең, үйге көшедегі бар бұралқы мысықты жинап аламыз ғой... – Қойшы. Динараға ермек емес пе. – Оның дұрыс. Бірақ ауру болмасын, түрі жаман екен. – Сырт көзге солай. Қазір бойы жылынып, қарны тойып, бір ұйықтап тұрғасын, танымай қаласың әлі... Әдепкіде ұялшақ, жасқаншақ баладай қара мысық ешкімге жақындамады. Жаңа мекеніне бойын үйрете алмай, бір түрлі жатырқап, отсыз сарғыш көзін аударып-төңкеріп, ас үйдегі пештің түбінен тырп етіп қозғалмады. Оның бұл қылуасы Динараға ұнамады. Ойынша мысық атаулы өз құйрығын өзі қуып ойнай жөнелуі тиіс. – Мама, неге ойнамайды? – деді бір түрлі жабырқап. – Әлде бұл ойнамайтын мысық па? Бақыткүл Динараның басынан сипады. – Неге ойнамасын, ертең ойынның түбін түсірер, тіпті қашып құтыла алмассың. Қазір аяғын қимылдатуға қауқары жоқ қой, аш, әбден сүйегіне суық өтіп кеткен, әйтпесе көрер ең... Бақыткүл қызыл пластмасса легенге қан жылым су құйып, бала мысықты иіс сабынмен жуындырды. Сосын түкті қыжым сүлгімен әдемілеп сүртті. Бұдан кейін аш өзегіне түсіп кетпесін деп, кішкентай тәрелкеге азғантай сүт құйып, алдына қойды. Мысық сүтті тілін салақтатып, тамсанып, сұғынып ішпеді. Сұйық сүт емес, әлдебір кесек ет жегендей бір ұрттап, бір тоқтап, талмап, ауыр жұтынды. Сүт ішудің өзі оңай болмады. Бір кезде, әйтеуір, тауысты-ау. Сосын кәдуілгі мысықтарша аузы-басын жалап отырып, сілесі қатып, аяқтарын бауырына жиып алуға шамасы келмей, отырған жерінде созылып қылжиып ұйықтап кетті... Динара тағы да ренжіді. – Неге ұйықтай береді? Өзі жалқау емес пе?
– Жоқ, жалқау емес, енді жақсылап бір демалсын, ертең дыңдай болып тұрады, – деді папасы. Динара бәрібір жұбанбады. Қасына барып бала мысықтың сәл дымқылдау, әлі кеуіп үлгірмеген үлпілдек қара жүнінен алақанымен әрі-бері сипалады. – Ұйқтай ғой, менің мысығым... Мысық шынында да қатты ұйықтап кеткен-ді. Ол Динараның арқасынан сипалағанын да, күбірлеп құлағының түбінен сөйлегенін де сезбеді. Жылы сүт ішіп, жылы суға түсіп, жылы пештің түбінде – мынау ғайыптан тайып тап болған ертегі өміріне не сенерін, не сенбесін білмей, тұла бойы көптен бері еркін бір балбырап жатыр еді... Әлден уақытта сарғылт көзі шатынап, иық жүні тікірейіп, құлағын оқыс қайшылап, ащы мияулап атып тұрды. Жан жағына үрейлене қарап, жанында отырған Динараның аяғына басын үйкеп-үйкеп жіберіп, қайта қылжиды. – Немене, жаман түс көріп шошып оянды ма? – деді Динара. Бақыткүл қолындағы кесесін дастарқанның үстіне қойып, жеңіл бір күрсінді. – Әй, қайдан жақсы түс көрсін, бұл бала мысықтың біздің үйге келгенге дейінгі бар өмірі қорқынышты түс шығар-ау... Айтса,айтқандай, оның бір тұтам өмірі қилы-қилы хикаяларға толы еді. Ащы да, тәтті де күндері болған... Бәленің басы, тағдырының тәлкегі – бәрі өзінен, өзінің бала мысықтарға тән аңғырт та адал, әр нәрсеге әуестігінен, әуейілігінен, қызыққыштығынан болды. Тып-тыныш жүргенде. Қырсыққанда тып-тыныш жүрмеді ғой. Кейін соның сазайын тартты...
Бала мысық жылы күздің басында қаланың бір шетіндегі сарқырап аққан өзеннің жағасындағы бес қабатты зәулім үйдің төртінші қабатындағы бір пәтерде жарық дүниеге келді. Әу баста төртеу еді. Төртеуі бірдей асыр салып ойнағанда, екі бөлмелі пәтердің ат көпірін шығаратын. Әсіресе ас үйді астыүстіне келтіретін. Ыдыс-аяқтарды сындыратын, суды төгетін, кез келген тамаққа тұмсықтарын еркін тығатын. Енелері қастарында. ғажайып күндер еді-ау. Бірде үйдің қожайындары жұмысқа, Сережа атты бала мектепке сабаққа кетіп, пәтер төртеуінің еркіне тиді. «Тәйт» деп қақпайлайтын ешкім жоқ, армансыз ойнады. Ең қызығы, төргі бөлмедегі төсектің үстіндегі құс көпшіктің тысын майда тістерімен тартқылап жыртып, ішіндегі үпелек қауырсындарды қуалап ойнап, ен қуанышқа кенелді. Әр қауырсын құдды құс секілді, бөлмеде қалықтап ұшады, бұлар ұстап алмақшы болып, әуеге секіреді. Өздерін құсқа қол созғандай сезінеді. Не керек, үйдің іші жапалақтап қар жауғандай аппақ қауырсындарға толды да кетті. Жып-жылы үйде жатқан қар. Керемет көрініс. Сурет. Бірақ бұл ғажайып сурет кешке жұмыстан келген үйдің қожайындарына ұнамады. Надя апайдың төбе шашы тік тұрды. – Бұл не масқара?! Бұдан былай көрмегенім мысық атаулы болсын! Шешелерімен қосып, төртеуін біржаққа апарып таста. Бәрі сенің кесіріңнен. Сережаға мысық керек деп қоймадың. Немене, сонда мысық болмаса, көштен қала ма? Енді мынау! Сүрініп-қабынып жүргенде істеген істерін қарашы, ә. Менің он қолым бар ма? Шыдап болдым, өткенде хрусталь стақанды сындырды... Қараларын өшір! – деді ашуға булығып. Коля ағай мінезі жұмсақ, әрқашанда сабырлы еді, кінәлі адамша иығы құнысып, аяғымен жер шұқыды. – Бала мысықтар емес пе... ойнағысы келген... – деді міңгірлеп.
– Рақмет, ойындары осы болса. Апарып таста! Надя апай айтқанынан қайтпады. – Көшеге тастағанымыз былай... Қатыгездік қой... адамгершілікке жатпас... Көршілерге, жақын-жуық, жора-жолдастарға айтайық, бәлкім, біреулеріне мысық қажет шығар... – Сен-ақ осы. Немене сонша екі туып, бір қалғаның ба еді? Адамгершілік дейді ғой. Сонда олардың мына ісі адамгершілік пе? Бүлдіргілер! Соңдарынан жинап-сыпырып жүруге уақытым жоқ. Жетер! Сөз осымен бітті. Қожайындарының қату қабақтарынан именіп, өздерінің бірдеңені бүлдіргендерін біліп, төрт бала мысық бүрісіп енелерінің қасынан шықпады. Бірақ бұл «ақылдылықтары» алысқа бармады, Сережа сабақтан келді де, үйдің іші қайтадан цирк аренасына айналды. Надя апай одан әрі «жынданды». Түнде Коля ағайға: «Ертеңнен қалдырмай аналардың қарасын құрт», – деді сөзін нығарлап. Құдды «Алтын балық» ертегісіндегідей. Надя апай – әмірші кемпір де, ал Коля ағай – сорлы шал. Коля ағай азанда ел аяғы көп жүретін аялдамалар мен дүкендердің алдына бес-алты хабарландыру жапсырды. Бір тілім қағазға былай деп жазды: «Құрметті азаматтар! Біздің үйде мысықтың керемет төрт мішімі бар. Өздері сондай сүйкімді, ақылды. Жалғыз басты қарттар мен ойынқұмар балалар үшін таптырмайтын дос. Сатпаймыз, тегін сыйлаймыз. Егер қажет десеңіздер, мына адреске келіп хабарласуларыңызға болады: Малахов көшесі, 1-үй, 3-пәтер. Телефонымыз: 486332». Жұрт көп күттірмеді. Сенбі күні түсте қыстығып күрк-күрк жөтеліп таяққа сүйенген бір әжей үйге келді. Амандық-саулықтан соң, ас үйге кіріп, орындыққа отырар-отырмастан қарлығыңқы үнмен мұңын шақты: – Таңертең нан алайын деп дүкенге барып едім, есіктің қыр көзіне жапсырылған хабарландыруды оқыдым. Көзім нашар көреді. Әрең оқыдым. Қуанғаным-ай. Іздеп жүргенім. Жалғыз тұрамын. Баяғыда бұлай болады деп кім ойлаған. Балаларым мен немерелерім алыста, басқа қалада. Әбден ішім пысады, күні бойы көрген-баққаным төрт қабырға, сал құсап төсекте жатамын да қоямын. Бір ермек, жаныма серік керек. Осы сәт Надя апай өткендегі ашуын жалғастырып, мысықтарды жамандай жөнелді. – Келгеніңіз дұрыс болды, әбден мазамызды алды... Коля ағай оны бүйірінен түртіп қалды. – Есің дұрыс па, қайта мақтаудың орнына, алмай кетсе қайтесің? Надя апай мәселенің байыбына сонда ғана барды. Аузын жаба қойды. Абырой болғанда, құлағының мүкістігіне байланысты әжей оның сөзінің бірін естіп, бірін естімеді. Коля ағай жуып-шайды: – Сөзіңіз дұрыс, әжей, ендеше сізге мына төрт бала мысықтың қай-қайсысы да жақсы ермек бола алады, ең бастысы, жаныңызды жегідей жеген жалғыздықтан құтқарады. – Иә, өзім де солай деп ойлаймын. Қартайғанда одан ауыр ештеңе жоқ екен. – Ендеше не тұрыс, кәне, өзіңіз таңдаңыз, қайсысын ұнатасыз? Құдды осы сөзді естіп қалғандай, қара бала мысық шешесінің қасынан бері жылжып, әжейдің қабырғада сүйеулі тұрған таяғын тұмсығымен иіскелеп, аяғымен түрткілеп ойнай бастады. Әжей таяғын қолына ұстап:
– Несін таңдаймын, бәрі бірдей емес пе, жаман-жақсы дейтіні жоқ, бәрі де әдемі, бәрі де сүйкімді, мен мына қара мысықты алайын, – деді. Сөйтіп қара бала мысықты қолтығына қысып, көшеге шықты. Бөтен, бейтаныс жаққа кетіп бара жатқанын сезгендей, үйде қалған үш емшектесі мен енесі азан-қазан жамырай мияулады соңынан. Бұл есіктің аузында бұрылып бір қарады оларға. Пәлендей толқымады. Қайта қызық. Өзін саяхатқа шыққандай ұғынды. Әжейдің аты-жөні Ирина Фрольевна еді. Қара бала мысық әжейдің жанына кәдімгідей ес, серік болды. Бұрын төсекте ертеден қара кешке дейін сары жамбас болып сарылып жатып уақытты өткізе алмайтын, сөйтіп еріксіз мұңды, көлеңкелі ойларға беріліп, қызық-қуаныштан жұрдай бір сүрең қарттық өміріне ренжитін. Енді ондай көңілсіздіктен арылды. Өміріне өзгеріс енді. Тіпті кей күндері таңның қалай атып, қалай ымырт үйірілгенін білмей қалады. Қара мысық зеріктірмеді. Ойынқұмар. Тыныш отырмайды. Кереуеттің үстінен әжейдің бет орамалын тістеп алып қашып, сонау есіктің қыр көзіне апарып тастайды. Не шұлығын ішекше шұбалтып, бөлменің ішінде сүйрелеп жүреді. Саусағы әнтек жыбыр ете қалса болды, тышқан көргендей дереу жетіп келеді. Істемейтіні жоқ. Құлағынан, бетінен жалайды. Шашынан тартқылайды. Ирина Фрольевна үшін мұның бәрі қызық, үйдің ішінде еңкеңдеп өз-өзінен күбірлеп сөйлеп жүргені: «Мынау кәйтеді-ей, шашымды ауырттың. Орамалымды әкел бері. Шұлығымды алып қашқаның қалай? Бет-аузымды жалап емешең үзіліп бара ма?..» Бала мысықтың сүтті төккені де, ыдыс-аяқты сындырғаны да әжей үшін – мереке. Надя апай құсап айқай салмайды. Біреуі еркелей мияулап, біреуі күбірлеп, үлкен үстелдің басында отырып, екеуі бірге тамақ ішеді. Әжей оны немересінен бетер жақсы көреді. Нанды сүтке езіп береді. Етті алдына майдалап турап қояды. Мезгіл-мезгіл үсті-басын жуады, тарайды. Бір уақ аулаға таза ауаға шығарып ойнатады. Не керек, қара мысық Ирина Фрольевнаға жалғыздықтың не екенін ұмыттырды. Бірде ол алыс қалада тұратын ұлы мен келініне былай деп хат жазды: «Қазір менің серігім бар. Кіп-кішкентай қара мысық. Өзі сондай сүйкімді. Өте ақылды. Ойынқұмар. Жылына бір рет ат ізін салмайтын сендерге қарағанда, жақын маған, жаныма желеу...» Бала мысық, міне, осындай үлкен құрметке ие болды. Ирина Фрольевна оған «Қараөрік» деп ат қойды. Қараөрік десе – қара өрік, әжейге оның бар қылығы мен ісі тәтті еді. Қараөрік шын мәнінде бақытты еді. Әуелгі кезде шешесі мен үш бауырын аздап елегізіп іздегенімен, кейін ұмытып үлгерді. Ирина Фрольевна Қараөрікті ешқашан да жат санап, жалғызсыратқан емес, бәрінің орнын бір өзі толтырды. Қара мысық осынау шат күндері бір кезде көзінен бұл-бұл ұшарын әсте білген жоқ-ты. Мәңгі осылай болып тұра беретіндей сезінген. Бекершілік екен. Әрине, кінәлі өзі... Арада екі ай өткен. Қараөрік сыртқа, аулаға шығып, бақшалықтың ішінде әлдебір шөптің басын қымқып, әрі-бері тербетіп ойнап отырған-ды. Үйден Ирина Фрольевна әлденеше рет айқайлады. «Әй, Қараөрік, қаңғып қайда жүрсің?!» Бұл шешелерінің сөзіне құлақ аспайтын ерке балаларша тырп етіп қозғалмады. Мияулап жетіп бармады. Кенет есіктің алдынан бірімен бірі алысып-жұлысып, сөмкелерін көкпар ғып тартқылап екі бала кетіп бара жатты.
Қараөріктің олармен ойнағысы келді де, маған қараңдар дегендей мияулап қалды. Сол-ақ екен, әлгі екеуі кілт тоқтады да, біреуі: – Саша, мынау мысық әдемі екен, жүні үлпілдеп тұр, алып кетсек қайтеді, ә? – деді. Саша дегені басын қасыды: – Иесі бар шығар... Петя, кәне, жан-жағыңа қарашы, ешкім көрінбей ме? Петя айналаға жіті көз жіберді. – Жан баласы жоқ. – Ендеше әкеттік! Саша Қараөрікті қолындағы сөмкесінің бір шетіне сүңгітіп жіберді. Қараөрік қағаз, сия, өшіргіштің иісінен тұншығып қала жаздады. Қылғына мияулады. Саша құлақ аспады, қайта сөмкесінің сыртынан мұны жұдырығымен ұрғылап қойды. Екі бала автобусқа мінді. Автобустан түскен соң екеуі әлденеге келіспей жанжалдасты. Петя: – Қара мысық менікі! – деді. Саша: – Жоқ, менікі, мен сөмкеме салып алдым! – деді. – Бірінші көрген кім? Мен ғой! – Бермеймін! – Бересің! Сашаның сөмкесі қолдан-қолға көшті. Біресе Петя, біресе Саша тартып алады. Олар өстіп тұрған кезде сөмкенің аузы ашылды да кетті. Қараөрік сыртқа секіріп шықты да, басының ауған жағына алды-артына қарамай құйындап қаша жөнелді... Таңдайы кеуіп, аптап пен аңызақта бір тамшы су іздегендей қараөрік үш күн бойы Ирина Фрольевнаның үйін іздеді. Бәрі көз алдында сайрап тұр: ағаш көк қақпа, жарты сотық бақшалық, сарғыш қабырғалар, көше бетке қараған жалғыз терезе... Шарламаған жері жоқ. Жер жұтып жібергендей жым-жылас. Әжейді қатты сағынды: оның қалталанған әжімді бетін, добалдай қатқыл алақанын, бұдыр-бұдыр қайың таяғын бір көруге зар болды. Бәрі бейтаныс, бәрі бөтен. Бір қызығы, тұмсығын қалай қарай көтерсе де, ауадан жел үйіріп танауына әжейдің тапалтақ тамының сыз аңқыған иісін әкеледі. Содан жанұшырып жүгіреді. Өкпесі алқынады. Бой-бой терлейді. Таппайды. Таныс иіс сағымдай алдап кетеді. Түсініксіз. Аздан соң әлгі жәйт тағы қайталанады. Тағы жоғалады... Әбден шаршады, төртінші күні күдерін үзді. Өзінің мүлде басқа жақта жүргенін білді. Мынау шулы үлкен қаланың әрбір үйін адақтап, түгендеп шығу мүмкін емес. Өмірі де жетпес. Басқа түскен тағдырына көндігу керек. Өксіпөксіп сағынышын тірілей көкірек түбіне көмді. Енді өзге уайым басталды. Қарынды жұбату. Көзінен Ирина Фрольевнаның сүтке езген жұмсақ наны да, ұсақтап туралған майлы шұжығы да бұл-бұл ұшты. Өкінгеннен не пайда. Көз жасы Саша мен Петяға. Айдалаға тастады да кетті... Тіршілік еткен жөн. Әлдебір бұзылған үйдің орнынан тіске басар талғажау қиқым-сиқым тапты. Оларды апыл-ғұпыл жеп бітірді. Сосын бақшадан тәтті шөптердің тамырларын кемірді. Қиын. Дайын асқа үйреніп қалған сорлы басы әбден сергелдеңге түсті. Қараөрік осыншалықты дәрменсіз болып жаратылғанына ызаланды. Неткен сұмдық. Қол-аяғы байлаулы секілді. Адамдарға тәуелді, оларсыз бір үзім нан тауып жей алмайды. Өз еркің өзіңде болмағасын несі өмір.
Бесінші күні жапалақтап қар жауды. Қараөріктің қарды алғаш рет көруі. Кірпік қақпай қадалып қарады да қалды. Ке-ре-мет! Қалықтап жерге қонақтап жатыр. Аспанның аппақ гүлдері. Жеп-жеңіл. Сұп-сұлу. Баяғыда бұл көбелек қылып қуып ойнаған Коля ағайдың үйіндегі құстың үпелек қауырсындарынан аумайды. Бірақ одан ерекшелігі – мұп-мұздай, сұп-суық. Қараөрік жауған ұлпа қарға сұқтанып қарнының ашқанын да ұмытты. Бір-екеуін табанымен қағып та алды. Сиқырлы. Көз алдында жоғалып кетті. Қардан қалған із – табанындағы әлсіз дымқыл ғана. Қызық. Шіркін, мынау жауған қарды Ирина Фрольевнаның жылы үйінің терезесінің алдында отырып тамашалар ма еді. Енді ол күн қайда... Кешке қарай күн суытты. Қараөріктің іші-бауыры қалтырады. Бүйткен сұлулығы құрысын. Қараөрік қар жауса, күн суық болатынын білді. Таң атқанша кірпік ілмеді. Анау бұзылған үйдің түбіндегі ойдым шалшық секілді мұз болып қатып қалмау үшін денесін қыздырып, әрлі-берлі жүгіре берді, жүгіре берді... Ескі үйдің айналасындағы азын-аулақ ырзық-несібенің бәрі түгесілді. Енді не істеу керек? Күн қақап тұр. Ертеңіне Қараөрік таңертең жаңа жауған ақ қардың бетінен дәл өзінікіндей, бірақ сәл көлемділеу мөр табан ізді көрді. Із бұл түнеп жүрген, бұзылған үйдің қасындағы ағаш сарайдан шығып, сонадайдағы ерсілі-қарсылы машина ағылып жатқан көшеге бет алыпты. Қайда барады? Көңілін әуестік биледі. Тәуекел. Ізге түсті. Алыстаған сайын алдынан әлдебір жағымды көңірсік иіс танауын қытықтай бастады. Қараөріктің бес тал мұрты жиі-жиі жыбырлады. Надя апайдың, Ирина Фрольевнаның ас үйіндегідей иіс. Тамақтың иісі. Сол-ақ екен, Қараөрік иіс шыққан жаққа тез жетуге асығып, көзі боталап, танауы қусырылып, ерен пәтпен алға емпелеңдеді. Ақыры, жетті-ау. Келсе, тау боп үйілген күл-қоқыс, дода-дода қағаз, алба-жұлба шүберектер. Иістің неше атасы бар. Балық иісі. Ет иісі. Нан иісі. Тіпті шарап иісі де шығады. Иістің базары. Дәу темір үш жәшіктің маңы: өзі секілді ығы-жығы бұралқы мысықтар. Бәрі жетім қыздың тойында жүргендей. Күл-қоқысқа сүңгіп, әр нәрсені тістелеп, сүйрелеп, қажалап қарындарын жұбатып әуре. Босқа қарап тұрмады, Қараөрік те кірісті. Үйілген дода-дода қағаздың арасынан кепкен жарты балықты алып шықты... Күл-қоқыстың арасынан көртышқандарша нәпақаларын тауып жеген олар бір кезде туа-бітті қандарына сіңген әдеттерімен әр жер-әр жерге шоқиып отырып, мысықтарша аузы-бастарын жалап тазалауға кірісті. Аузы-бастарын жалап отырып, бір-бірлерімен мияулап тіл қатыса бастады. Қабырғасы арса-арса еңгезердей тарғыл мысық былай деді: – Бұған да шүкіршілік. Егер адамдар түк қалдырмай ішіп-жеп қоятын болса, күніміз не болар еді. Бұйырған несібе деген осы. Оның сөзін өзгелер жамырай қостады: – Дұрыс айтасың. – Бәрі тоқшылықтың арқасы ғой. – Бізді аштан өлтірсін бе. Көзі кілгірген, жүні жидіген ауру сары мысық ыңырси мияулады: – Бізді қолдарына алса, несі кетеді. Бізге арнайы күтімнің қажеті жоқ, қалған-құтқан тамаққа да ырзамыз. Шіркін, сол қалған-құтқан жұғындыларды жылы темір батареяның түбінде жатып жегенге не жетсін... Осы сәт Қараөрік ауыр пырылдады. Ирина Фрольевнаның үйіндегі бақытты күндерін есіне алды. Көкірегі удай ашыды: «Сорлы басым...» – Қой, – деді тарғыл мысық, – бүйтіп далада суықта отыра берсек, әлгінде қарнымызға қонған азғантай қуанышымыздан айрылып қалармыз.
Тоқтығымызды ұзарта түсетін нәрсе – жылы жер, құдіретті жылылық. Одан да жүріңдер, анау тоғыз қабатты үйдің астына барайық, асты жып-жылы, жылу құбыры бар. Әңгімемізді сонда жалғастырармыз. Бұл жерде босқа отыра бергеннен енді ешқандай пайда жоқ. Кешке келерміз. Кешке жұрт және қоқыстарын әкеп төгеді. Тарғылдың соңынан еріп, сегіз мысық тоғыз қабатты үйге қарай бет алды. Үйдің астына сынық терезеден кірді. Үйдің асты шынында да, жылы екен. Жылтырақ жұқа темірмен қапталған адам құшағы жетпейтін құбырдың айналасы тіпті ыссы. Мысықтар қаз-қатар құбырдың астына келіп жайғасты. Қараөріктің көптен бері дәл мұндай жәннат жерді бірінші рет көруі. Бір түрлі ұйқысы келді. Бірақ жанында жатқан ала мысық сауыс-сауыс құйрығымен бетін желпіді де: «Ұйқтама, әңгіме тыңда», – деді сыбырлап. «Жарайды». Қараөрік басын көтерді. Тарғыл мысық тісін қышырлатып, ызалана ұзақ мияулады: – Мияуууу... Иә, жаз өтті. Қыс түсті. Көктемге жетпей талайымыздың өмірем қабатынымыз анық. Бұл басы ғана. Ертең аяз күшіне мінеді. Мұз болып қатып қаламыз... Обалымыз адамдарға. Қараөрік түсінбеді. Ирина Фрольевна, Сережа секілді жақсы адамдар да бар емес пе? Бәрін кінәлау артық. – Неге олай дейсің? Олардың бәрі жаман емес қой... Тарғыл мысық аяғын бір сілтеді. – Сен не білесің. Жақсы болса, сен өстіп қаңғып жүрер ме едің? Соларға сеніп, дайын ас, дайын орынға үйреніп, әу баста табиғат берген бар қасиетімізден айрылып қалдық. Бізді қолға үйретпегендерінде қалың орман, кең далада тиісті ырзық-несібемізді тауып жеп, күн кешер едік қой. Енді мынау халіміз. Сиам бабамыздың аруағын қорлап, күл-қоқыстан қалған-құтқан тамақ қалдықтарын іздеп жүргеніміз. Масқара! Ұят! Көзі жасаурап, жүні жидіген сары мысық күңірене сөйледі. – Бұл адамдардан жақсылық күтуге болмайды. Бізді қойшы, айдаладағы хайуанатпыз, олар өздерінің қандастарын да аямайды. Мысық түгіл, сәбилерін де күтіп-бағуды ауырсынады. Қайсыбіреулері перзенттерін балалар үйіне – жетімханаларға апарып өткізеді. Ал қарттар үйіндегілердің көрген күнін құдай басқа салмасын... Ала мысық таңданды: – Неге бұлай? Баяғыда олар иттерінің қаңғып жүргенінің өзін намыс санаушы еді ғой. Көпшіл, бауырмал еді... Сары мысық басын қасыды: – Білмеймін, білмеймін. Әйтеуір, қазіргі пиғылдарынан жаның түршігеді... Бізге олардан қайран жоқ. Әуелі өздері түзеліп алсын. Тарғыл мысық мияулады: – Біздің мұндай күйге душар болуымыздың ең басты себебі – қазір қалада көп балалы үйлер саусақпен санарлық. Бір бала, екі бала. Бізді үйге тартатын балалар емес пе? Олар – аз. Ал әлгі бір-екі баланың өзі бізді онша қажет етпейді. Неге? Өйткені үйі толы ойыншық. Неше атасы бар. Мәселе осында. Теледидар, мультфильм деген пәлелер де шықты. Әйтеуір алданыштары көп. Баяғыда біздің ағаларымыз бен апаларымызды бала жұбату үшін, балаға ойын, ермек үшін асырушы еді. Ол заман қайда енді. Қайта оралмайды. Сабалақ мысық орнынан атып тұрды. – Ендеше біз – бүкіл мысықтар әулеті қаладағы күллі ойыншық дүкендерінің, теледидарлардың көзін құртуымыз керек!
Өзгелері де жан-жақтан шулады: – Дұрыс. – Құрту керек! – Өлі ойыншықтардың қажеті қанша, тірі «ойыншық» біздер тұрғанда! Тарғыл мысық айқайлады. – Сабыр, сабыр! Ақымақтарым-ау, ойыншық дүкендерін қалай құртамыз? Немене оларды тышқан деп пе еңдер? Әлде біз танкіміз бе күл-талқан етіп қирататын? Осыны ойладыңдар ма? Әлгіндегі айқай-шу су сепкендей басылды. Тек батылсыз, шарасыз күңкілдер ғана естілді. – Солай екен-ау... – Енді не істейміз? Тарғыл мысықтардың екіленген есер айқайларының ешқандай негізсіз екенін одан әрі тәптіштеп түсіндірді. – Ойыншық дүкендерін құрту мүмкін емес. Ол үшін әуелі ойыншық жасайтын зауыттар мен фабрикаларды жабу керек. Күшті болсаң, оларды жауып көр? Ең болмаса, тышқан аулап пайдамызды тигізетіндей мынау көп қабатты үйлерде «шиқылдақтар» да жоқ. Осы кезде сабалақ мысық бағанағыдай тағы да ащы айқайлап қалды. – Онда адамдардың бәрін жер үйлерге көшіру керек! Ал жер үйлер тышқандарға бықып жүреді, қара жерге жақын! Өзгелер қостай жөнелді. – Дұрыс ақыл! – Көп қабатты үйлердің керегі жоқ! – Солай! Тарғыл басу айтты. – Өздеріңнің естерің дұрыс па? Әлде аштық пен суықтан азғантай ақылдарыңнан алжастыңдар ма? Қайта адамдар қалада жер үйлерді бұзып, орнына көп қабатты үйлер салып жатқан жоқ па? Жер үйлер енді азаймаса, көбеймейді, құрып бара жатқан жан-жануарлар секілді олар да кейін Қызыл Кітапқа жазылуы мүмкін... Сары мысық күрсінді: – Қысқасы, біздің күніміз қараң. Осы қаңғырғанымыз – қаңғырған. Адамдардың бізсіз де қуаныш-қызығы жетерлік. Теледидар көреді, газетжурнал, кітап оқиды. Радио тыңдайды. Концерт. Кино. Театр. Жеңіл машина. Алтын-күміс... Қараөрік ойланды: «Ойбай-ау, Ирина Фрольевна мені балаларынан бетер жақсы көруші еді ғой. Әлде мен жоғалып кеткен күннен бері ол да өзгерді ме? Мүмкін емес. Басқа-басқа, әжей ешқашанда мейірімсіз бола алмайды. Ол сондай адам. Ал ондай кісілер аз ба?» Сары сөзін одан әрі жалғастырды: – Ең бастысы, адамдар табиғатқа, жан-жануарларға көңіл бөлуді қойды, жасанды нәрселерге құмар. Қазір өткенде телевизордан көріп қалдым, бір елде тышқан ұстайтын робот – мысықтар ойлап шығарыпты... – Масқара! – Онда біздің мүлде керегіміз жоқ десеңші. Тарғыл мысық оларды жұбатты: – Түңілмеңдер. Біреуге болмаса, біреуге қажетпіз. Үміт үзбеңдер. Біздің достарымыз негізінен – жалғыз басты қарттар мен балалар. Олар бар жерде бізге де мынау жарық дүниеден жапырақтай орын табылады.
Мысықтар шу ете қалды: – Балалар мен жалғыз басты қарттар жасасын! – Ура! Мысықтар бағанадан бергі мұңды әңгімелерін үмітпен аяқтады да, жылы құбырдың астында «кешкі тамаққа» дейін ұйқыға кетті. Мысықтар өздерін шын мәнінде мысық деп сезіну үшін үш-ақ нәрсе керек, олар мыналар: ұйқы, жылы жер, тамақ. Бұлардың қазір үш қуанышы да бар еді... Қараөрік Тарғылдың «үміт үзбеңдер, біз біреуге болмаса, біреуге керекпіз» деген сөзін жадында мықтап сақтап, күнде күл-қоқыстың жанында отырып, өткен-кеткен адамдарға жаутаңдап қарап, олардың бет-жүздерін бағатын әдет шығарды. Көздерінен жылт еткен мейірім ұшқынын байқап қалса, мияулап ізінен ереді. Ал қабағын ашпаса, орнынан қозғалмайды. Балаларды да, таяққа сүйеніп қалтылдап әрең жүріп бара жатқан қарттарды да көрді. Үш күн бойы ісінен нәтиже шықпады. Бір рет жолы бола жаздады. Бірақ... Бір кішкентай қыз күл-қоқыстың түбінде мияулап отырған мұны аяп: – Мама, үйге алып кетейікші, – деді шешесіне. Шешесі үзілді-кесілді қарсы болды. – Қаңғыған мысықты қайтеміз? Бәлкім, ауру шығар. Қыз қиғылық салды. – Алып кетеміз. Әйтпесе мен үйге бармаймын! Шешесі әрі жалынды, бері жалынды. Бір кезде әдемі қуыршақ алып беремін деді. Қызы тентектігін кілт тыйды. Сөйтті де екеуі қол ұстасып кете барды. Ойыншық. Қуыршақ. Жансыз нәрсе. Сиқырлы. Өткенде сабалақ мысық дұрыс айтты: ойыншық дүкендерінің көзін құрту керек! Қараөрік бірақ күдер үзбеді. Төртінші күні кешке жолы болды. Бейтаныс бір әйел қойнына тығып, үйіне алып келді.
Бала мысық түн ортасында оянып кетті. Денесі бір түрлі тоңазып жатыр екен. Пешке табанын тигізді: бағанағыдай ып-ыссы емес, жылымық. «Е-е, – деп ойлады, – бұл да Ирина Фрольевнаның үйіндегідей болды ғой...» Иә, ол дәл осындай-ды. Түннің біруағына дейін қыж-қыж қайнап тұрады да, сосын су құйып өшіріп тастағандай таңға қарай мүлде суып кететін. Мұздай жерде ұйқының мазасы жоқ. Ондайда Қараөрік Ирина Фрольевнаның жылы көрпесінің астына барып кіретін. Осы оймен ол керіліп орнынан тұрды. Бірақ қайда барады? Бейтаныс үй. Үңірейген қараңғылық. Дариядай бөлме. Осы сәт есіктің аузындағы шкафтың астынан бірдеңе тықыр-тықыр ете қалды. Қабырғадағы көгілдір сәулелі электр сағат тик-тик қоңырау соқты. Қараөрік қорқып пештің бұрышына тығылды. Түн ішінде, үңірейген қараңғылықта сырт еткен дыбыстың өзі ауыр, даңғырлатып барабан ұрғандай естіледі ғой. Қараөрік сәлден соң шала ұйқы, көңілін үрей буған күйі не істерін білмей, дәлізге атып шықты. Дәлізден ағараңдаған екі есікті көрді: бірі төменде, бірі жоғарыда. Төмендегісіне барып еді, суық ауа улеп қоя берді, тұла бойы қалтырады, демек, бұл сыртқы есік болғаны. Енді екінші есікке беттеді, ол – толық жабылмапты, қол сиярлықтай саңылауы бар. Қараөрік сып етіп ішке кірді. Бөлмеден нәзік тәтті пысылдаған бір дыбысты құлағы шалды. Әдемі бір әннің әуені секілді. Дыбыс қайдан шығады? Құлағын тосты. Иіс аңдыды. Мұрты жыбырлады. Пысыл – терезе жақтан. Терезеге қарай жүрді. Диван тұр екен, секіріп үстіне мінді. Диваннан көрпесін аяғымен теуіп тастап, майкішең бүрісіп жатқан бір баланы көрді.
Шашы ұзын. Шашындағы гүлді ақ бантигі шешілмепті. Сірә, мұршасы болмаған, не ерінген. Есіне түсті: «Е, бұл мана кешкілік мамасына әлдене деп сөйлеп жыламсыраған, сосын мұны көріп, айқайлап қуанған кішкентай ерке қыз ғой. Дәл сол... Бір түрлі аяп кетті. Бүрісіп жатқан түрін, қарашы. Шоқиып отырды да, кішкентай қыздың бетіне үңілді: күлімсіреп жатыр, жо-жоқ, тоңыпжаураса да қуанышты екен. Бетінің ұшынан жалап-жалап алды. Тәп-тәтті. Караөріктің қорқынышы сейіліп, бойы жылынғандай болды. Ұйқысы келмеді. «Ау, бұл кішкентай қыздан басқа да үйде тағы екі ересек адам болуы керек қой. Олар қайда?» Қараөріктің әуес ойын біліп қалғандай, кенет әлдекім қатты қорылдады. Қорыл шалқасынан ашық есіктің ар жағынан естілді. Қараөрік солай қарай аяңдады. Бұл бөлмеден үлкен ағаш төсектің үстінде жатқан екеуді көрді. Екеу... Ендеше бұларға артық үшінші біреудің – мысықтың ешқандай қажеті жоқ. Олар онсыз да бақытты. Қараөрік кілт кері бұрылды. Өткендегі көпті көрген, көпті білген Тарғылдың мына сөзі жадына оралды: «Біздің досымыз – жалғыз басты қарттар мен құлындай құлдыраңдаған балалар...» Солай. Ендеше не тұрыс? Мен әлгі кішкентай қыз баланың қасында болуым тиіс. Ол әрі жалғыз. Қараөрік бір шүйке жүн құсап, диванда бүрісіп жатқан Динараның қолтығының астына тығылды...
Ирина Фрольевнаның үйінде таң да, түс те, кеш те, түн де – бәрі бір-біріне ұқсас, желсіз тұнып тұрған көл беті секілді тып-тыныш-ты. Күні бойы пәлендей өзгеріс болмайтын. Ал мұнда басқаша екен. Қараөрік азанда арғы жатын бөлмеден шырылдаған қоңыраулы сағаттың ащы үнінен шошып оянды. Содан абыр-сабыр, қарбалас тіршілік басталды да кетті. Жарқырап шамдар жанды. Есіктер сарт-сұрт ашылып-жабылды. «Мама» – Бақыткүл сырттан ағаш, көмір әкеліп, пеш жақты. Шай қайнатты. Газға жұмыртқа қуырды. «Папа» – Мақсат дырылдаған қол басындай қара әлденені бет-аузына құшырлана үйкеледі – қырынды. Бір кезде мамасы Динараға келіп: – Қызым, кәне, тұра ғой, бақшадан қалып қоясың, – деді де, бала мысықты көріп: – Мына қара, мысық Динараның қасында жатыр! – деп таңдана айқайлап жіберді. Папа жатын бөлмеден жүгіріп шықты. Таңдайын қақты: – Пәлі, бала емес пе, бірін-бірі іздеп тауыпты. – Сөйтті де Динараның да, қара мысықтың да басынан бір-екі рет сипалады. Динара оңайлықпен ояна қоймады. Папасы мен мамасының айтпаған сөздері жоқ. Әбден айналып-толғанды. Ақыр аяғында жеңіл ұрысты да. – Бол, кәне, кешігесің! – Тұра ғой, көкешім! – Уақыт жоқ. Біз де жұмыстан қаламыз. – Ертең демалыста рақаттанып бір ұйықтарсың. – Сенің осы өздігіңнен атып тұратын күнің бола ма? Міндетті түрде ұрысуымыз керек пе? Динара бірақ ұйқысын қимай әрі аунап, бері аунап жата берді. Папасы мен мамасының мынау сөздеріне қарағанда, Динара азаннан бір жаққа баратын секілді. Және міндетті түрде баруы керектей. Таң атпай обал-ақ. Бірақ амал не. Қараөрік «папаң мен мамаңды жалындыра бермей, тұрсаңшы» дегендей ғып,
үлпілдек қара мақпал құйрығының ұшымен Динараның тәмпіш мұрнын қытықтады. Сол-ақ екен, Динара мұрнын қасып, көзін ашып алды. – Бұл не? Басында өзіне төніп қарап отырған қара мысықты көрді. – Қара мысық, сенбісің? «Иә, мен». Қара мысық құйрығын бұлғаңдатты. Динара күліп жіберді. – Мама, папа! – Не болды? – Мені Мурка құйрығымен қытықтап оятты. (Динара бала мысыққа Мурка деп ат қойған-ды. Оның Қараөрік екенін білмейтін.) – Сені балабақшадан қалып қоймасын дегені ғой... Динара мысықты құшақтап отырып, қыңқылға басты. – Мама, бүгін онда бармай-ақ қояйыншы. – Жоқ, болмайды. Аты жоқ, жөні жоқ, ол не сөзің? Кім қарайды саған? Біз жұмыстан кешке бір-ақ келеміз, оны өзің жақсы білесің. – Үйде енді Мурка бар ғой. Ішім пыспайды. Ештеңеден қорықпаймын. Бақыткүл мен Мақсат бір-бірінің бетіне қарады. – Не деуге болады? Бақыткүл қолын сермеді. – Бүгін балабақшаға бар. Ертең қаларсың. Қара мысық өзіне-өзі келсін. Әлі ауру, әлжуаз... – Қалайыншы... – Болмайды! Мысық емес, бәле болған шығар бұл. Енді екі күннің бірінде қыңқылдап үйде қалам деп отырады ғой. Қазір бұлар әріптер үйреніп жүр... Динара одан әрі үдетті. – Бармаймын! Папасы қорқытты. – Ендеше мен қазір мысықты далаға апарып тастаймын! Динара амал жоқ, қыңқылын доғарды. – Апарып тастама, міне, мен киінем! – Жарайды. Сөз осымен бітті. Қара мысық Динарамен бірге ас үйге барды. Бірақ үстелге жақындамай, өз орнына – пештің түбіне отырды. Мұнысы Мақсат пен Бақыткүлге ұнады. – Өзі тәртіпті. Сірә, бұрын үй тәрбиесін көрген болуы керек, жөнсіз сұқаңдамайды, – деді Бақыткүл. Мақсат басын шұлғыды. – Иә, солай. Дегенмен, кім білсін, кейін «өнер» шығарып жүрмесе... Динара екеуі басымызды даң қылып жібермесін. – Кезінде көрерміз. Динара қара мысықтың алдына қағазға салып жарты жұмыртқа мен тәрелкеге құйып сүт апарып қойды. Үйде тыныштық орнады. Сыртқы есік соңғы рет сарт жабылды. Динара балабақшаға, Мақсат пен Бақыткүл жұмыстарына кетті... Қараөрік кешке дейін уақытты өткізе алмады. Күн осыншалықты ұзақ болар ма. Әбден зерікті. Жалғыздық қиын екен. Осыны сезді. Кешке Динара үйге кіріп келгенде, үздік-үздік мияулап, мойнына жабысты.
Мурка Динараның өміріне шын мәнінде көп өзгеріс әкелді. Бұрын ол қит етсе болды, көзінің жасы мөлтілдеп: «үйде жалғыз қалуға қорқамын», «мен жалғызбын, сондай зерігіп кетемін, менімен бірге ойнайтын ешкім жоқ», – деп қиғылық салатын. Мурка келгелі соңғы кезде ондай сөздер оның сөздік қорынан шығып қалды, мүлде ұмытты. Әдетте папасы сенбі, жексенбі күндері әлдебір шаруасымен бір жаққа бармақ болса, не мамасы таяқ тастам жердегі дүкеннен нан әкелуге оқталса, Динара жалма-жан киініп, іздерінен қоса еретін. Құйысқанға жабысқан. Көлеңке. Енді ол әдетін қойды. Үйде бала мысықпен алаңсыз ойнап қала береді. Ештеңеден қорықпайды. Құдды батыр. «Жалғызбын» деп те айтпайды. Құдды үйге үбір-шүбір бала толып, базар болып кеткен сияқты. Не керек, Мақсұт пен Бақыткүлдің арқа-басы кеңіп, бойлары жазылды. Аяқтарынан тұсаулары алынғандай. Бұрынғыдай емес, ол-пұл шаруаларына әрқайым барып келеді. Олардың ешқашан Динарасыз соқа бастары жүрмейтінін жақсы білетін жүзі таныс кісілер таңданып: «Ау, қыздарың қайда?» – деп сұрайды. Бұлар: «Үйде», – дейді. Тағы да сұрақ. «Жалғыз өзі ме?» «Біреу бар ма қасында?» «Мурка бар». «Оларың кім?» «Бала мысық». Бастарын шайқайды: «пырай, ә, мысық деген де кәдімгідей серік екен-ау. Баяғыдан бері мысық әкеліп бергендеріңде ғой». «Кім білген...» Бақыткүл мен Мақсұт өткен демалыста бірер сағатқа қаланың орталығындағы кинотеатрға барып фильм де көріп келді. Сөйтіп бұралқы мысық үшеуін де қуанышқа бөледі. Әсіресе Динара мәз. Екеуінің қыл елі жұбы жазылмайды. Бірге тамақ ішеді, бірге ұйықтайды. Динара оған еліктеп жып-жылы пештің түбінде отыруды үйренді. Бірге ойнайды. Динараның төрт аяқты жұдырықтай досына көрсетпейтін көресісі жоқ. Мурка бәріне көнбіс. Ығына жығылады. Әйтеуір, жамандық жасамайтынын жақсы біледі. Динара оны тірі қуыршақ көреді. Әлем-жәлем киіндіреді, төбесіне ақ бантик байлайды. Төрт аяғына туфли кигізеді. Бесікке бөлейді. Тербетеді. Тәй-тәй, қаз-қаз жүргізеді қолынан ұстап. Алайда қара мысық та есесін жібермейді. Ирина Фрольевнаның үйіндегі ерке тентектігіне басып, Динараның ойыншықтарын тістеп ала қашады. Ол ізінен қуа жөнеледі. Мурка диванға, одан секіріп шифоньердің үстіне шығып кетеді. Шифоньерге Динараның бойы жетпейді. Аяғының астына орындық, оның үстіне төрт бүктеп көрпеше салады. Терлеп-тепшіп, әбден әуреге түсіп, енді қолын соза бергенде, ол шифоньердің төбесінен акробаттарша оп-оңай жерге секіріп түседі. Еңбегі еш. Ренжиді. Тіпті жылап та алады. Осы сәт Мурка еркелеп алдына келіп отырады. Сөйтіп екеуі қайта татуласады. Әр күн осындай қызыққа толы. Екеуі бір-бірінсіз бір мезет тұра алмайды. Динара көзіне көрінбесе болды, Мурка заржақтана мияулап, үйді басына көшіреді. Ештеңеге алданбайды. Тіпті қып-қызыл етке де, тәп-тәтті сүтке де пысқырып қарамайды. Нәр татпауға бейіл, тек досын тауып алуы керек. Динара да сондай. Көз алдында Мурка қараңдап жүрмесе, көңілінен тыныштық кетеді. Осылай қыс өтті. Көктем келді. Күн жылынды. Ағаштар бүр жарды. Оқтыноқтын жаңбыр жауды. Табиғатпен, ауа райымен бірге Мурка да өзгерді. Есейді. Есейгенінің белгісі – шидей нәзік түбіт мұрттары тал-тал, тарғыл-тарғыл болды. Мақпал жүні дүрдиіп қатқыл тартты. Көз жанары бір түрлі салқын, ойнап, күліп тұрмайды. Марғау. Жалқау. Салмақты. Баяғы ылдым-жылдым қанкөбелек қимылынан ада. Ойынға зауықсыз. Динараны бұрынғыдай өліп-өшіп жақсы көрмейтін секілді. Тынымсыз мияулап, шарқ ұрып іздей де қоймайды. Неге
бұлай? Динара түсінсе, кәне. Себебін сұраса, мамасы: «Ол енді бала мысық емес, ересек болды ғой», – дейді. Бүйтіп ересек болғаны құрысын. Сонда қалай, жан-жануарлар «ақыл қонып» ересек тартқан сайын баяғы бүлдіршін кездеріндегі бар жақсы қылық-қасиеттерінен айрылып қала ма? Олай болса, олардың еш өзгермей, сол бала қалыптарында жүре бергендері дұрыс емес пе? Адам түсінбейтін нәрсе. Динара ескі дағдысынша жұлмалап, сүйрелеп ойнамақшы болады, бірақ пәті қайтып қалады, Мурка «мазаламашы» дегендей, бір түрлі жақтырмай селқос қарайды да, теріс айналады. Тіпті кейде тісін ақситып айбат та шегеді. Ондайда иық жүні кірпікшешеннің инелері секілді тіп-тік жоғары көтеріледі. Сол-ақ екен, Динараның қуанышы су сепкендей басылады. Соңғы кездері Мурка қаңғыбас болып алды. Қыста пештің түбінен шықпайтын, көше беттегі үлкен терезеден күн сәулесі түскенде, төргі бөлмеде алашаның үстінде аяғын созып, шуақта маужырап-мүлгіп жатушы еді. Енді күнара үйден жоғалып кететін болды. Динара сырттан іздеп жүргені. – Мурка! Мурка! Қайда жүретінін кім білсін, кейде бақша жақтан, кейде шатырдан түсіп келе жатады. Көбіне ләм-лим дыбыс бермейді, өзі де қара көрсетпейді. Кейде беймезгіл уақытта: біресе таң алдында, біресе түн ортасында мияулап, есіктерезені жүдемелдете тырналайды. Алаң көңілмен ояу жатқан Динара төсектен атып тұрып, ішке кіргізіп алады. Көптен бері бір еңгезердей ала мысық үйдің маңынан жиі көрінетін болды. Есіктің аузына келіп, тамағы қарлығып, ғыр-ғыр мияулайды. Оның ғырылдаған үнін естуі мұң, Мурка жалма-жан асығып сыртқа ұмтылады. Құйрығын бұлғаңдатып, аяғы жер иіскемей тыпырлап, көйлегінің етегінен тартқылап, Динараны есікке қарай жетелейді. Ол досының өтінішін орындайды. Есікті ашады. Сосын соңынан мұңая қарайды: әлгі еңгезердей ала мысық екеуі бірінбірі тістелеп, қуалап, бақшалыққа қарай жүгіре жөнеледі. Бір түрлі ренжиді. Мурканың айдаладағы ала мысықтың соңына еріп кеткені несі? Кім ол сонша? Досы ма? Динара тұрғанда оны не қылады? Мурка бірте-бірте баяғы ойнақылығынан айрылды. Бетін ешқандай лүп етіп жел шайқамайтын, ешқандай бұлақ, өзен келіп құймайтын тып-тыныш көлге ұқсады. Қашан көрсең де бар кәсібі – үйде де, сыртта да шуақта пырылдап жату ғана. Іші жер сызады. «Немене, семіріп бара ма?» Динараның бұл сұрағына мамасы былайша жауап қайырды: «Жақында Мурка бөпелі болады...» «Қалай?» Динара түсінбейді. Айран-асыр. «Не қыласың қазбалап, кезінде көресің ғой...» үлкен адамдардың осындайы жаман. Неге түсіндіріп айтпайды...
Алтыншы мамыр Динараның есінде ерекше бір күн болып қалды. Мамасының өткендегі егжей-тегжей түсіндірмей, «кезінде көресің» деген сөзі аумай-төкпей келді. Мурка «бөпелі» болды. Төрт мішімі бар. Динара қуанғаны сондай, үйде байыз тауып бір минут отыра алмады. Нағыз базарлы үй, балалы үй деген осы! Енді бесеуі асыр салып ойнайды. Көңілін қуаныш кернеп, көрші достарына құстай ұшты. – Менің төрт мішімім бар! Достары Динараның ізіне еріп, үйге қарай шұбырды. Дәліздің аузы кішкентай сандал, шабадаларға толып кетті. Балалар төрт мішімді дәл қазір туталақай бөліп алып кететіндей шулай жөнелді.
– Динара, маған анау ағын берші! – Қара тұмсықты ұнатамын! – Тарғыл сүйкімді екен. Динараның әлгіндегі қуанышы су сепкендей басылды. Тырс үндемеді. Төрт мішімінен айрылып қалатындай жаман қорықты. Мамасының бетіне жалтақжалтақ қарады. – Әзірге болмайды. Көрмейсіңдер ме, қызылшақа, жерден бауырларын әрең көтереді. Көздері де жұмық. Кейін келесіңдер ғой, – деді Бақыткүл балаларға. Балалар шу ете қалды: – Қашан?! – Шамамен он-он бес күннен соң. – Түу, қандай ұзақ! – Қалай шыдаймыз. – Біреуге беріп жібермеңіз. – Динара, бізді ұмытпа. Дабырласып бәрі көшеге шықты. Олар кету бойында Динара терең бір күрсінді. Бақыткүл жалт бұрылды. – Не болды, қызым-ау? – Ешқайсысын да бермеймін... – деді ол екі ұрты томпайып. – Неге? – Сол. Бәрі өзіме керек. Бақыткүл күлді де, қабағын шытты. – Сонда үйді мысықханаға айналдырмақпысың? Бір үйге біреуі де жетеді. Ішінен ең әдемісін таңдап ал. – Бәрі де әдемі! Бақыткүл не дерін білмеді. Шарасыз күйде алақанын жайды. Осы сәт сырттан үйге Мақсұт кірді. Ол азанда кітапханаға кеткен-ді. – Бұл не дау? Динара папасына жүгіріп барды. Солқ-солқ жылады. – Мен ешқайсысын да бермеймін... – Нені бермейсің? – Мішімдерді... Мақсұт мәселеге енді ғана түсінді. Өңін сәл суытып, даусын көтеріңкіреп, Бақыткүлге көзін қысты: – Немене, сен Динараның мішімдерін елге таратпақпысың? Оның болмайды. Динара дереу көзінің жасын сүртіп, мамасына жеңімпаз кейіпте шекесінен қарады. – Міне, солай! Бақыткүл теріс айналып, ыдыс-аяқтарды жуа бастады: – Өздерің біліңдер, маған бәрібір, оларды күтіп-бағу ендеше сендердің мойындарыңда. Мақсұт күлімсіреді. – Несі бар, өзіміз бағып-қағамыз, солай емес пе, Динара? – Иә, солай, мен өзім қараймын!
Төрт бала мысық күн санап емес, көктемгі қаулаған тал бүршігіндей сағат санап өсті. Кеше ғана жұмық көздерін тырналап ашып, жарықта түртінектеп жүрген. Енді оның бәрі ұмыт. «Аспаннан түскендей» кішкентай үлпілдек құйрықтарын қуалап ойнақ салады. Нағыз «қыдырымпаздар». Сәт сайын Мурка
әрқайсысын әр жерден іздеп шала бүлінеді. Біреуі диванның астына кіріп кетеді. Екіншісі шифоньердің ішінде. Үшіншісі сыртта. Төртеуінің басы сирек қосылады. Ал біріге қалса, Мурка үшін мереке. Мішімдерінің үсті-бастарын жалап өліп-өшеді. Әлсін-әлсін сағынады. Шуақта керіліп, арқа-басы жазылып, тәтті мүлгиді. Бала мысықтар шүпірлеп бауырына тығылады. Сонда Мурка нақ бір төрт құбыласы түгел бақытты адамға ұқсайды. Дегенмен, оқта-текте көңілінің шырқы бұзылатыны бар. Көбіне қуанышына көлеңке түсіретін – Динара. Ойнау үшін бала мысықтарды Мурканың қасынан алып кетеді. Әрқайсысын бір қуыршақ қылып ойнайды, киіндіреді, құндақтайды, әлдилеп жүреді. Көздерін қызықтырып жіптің ұшына түйме өткізіп сүйретеді, жүріп бара жатқан «жанды түймені» көріп, мішімдер тұс-тұстан қуалайды. Таласады. Шекісіп қалады. Бір-біріне доқ көрсетеді. Сосын татуласады. Динара әсіресе, Кірпішек (кірпінің баласы секілді жүні тіп-тік инедей) атты тарғыл бала мысықты жақсы көреді. Ол – басыбайлы меншігі. Бар тапқантаянған тәтті-мәттісін соның аузына тосады. Әрине, білдіртпей жасырып береді. Әйтпесе өзгелері өкпелеп қалады емес пе. Бірақ Кірпішек оның бұл қулығын қайдан білсін, «міне, көрдіңдер ме, менде не бар» деп мақтанғандай, Динара берген жылтырақ қағазды бал кәмпитті аузына тістеп, бауырларына келеді. Солақ екен, жанжал басталады. Кәмпиттің ту-талақайы шығады. Әй, КірпіКірпішек... Өстіп Динараны ұятқа қалдырады, тып-тыныш тығылып отырып жесе ғой, ондай күн қайда, бала ғой... Мурка қайсыбір кездері Кірпішекті бір көруге зар болады, аласұрып іздейді. Қамығады. Ал Кірпішек Динара қайда жүрсе сонда. Жанынан тастамайды. Көлеңкесі тәрізді. Мурка мысықтың тілегі жаман деген адамдардың пікіріне қарсы. Әдетте олардың ойынша, мысықтар менің тұрған үйімнің ешқандай бұтақ-жапырағы – баласы болмаса екен, жалғыз басты кісілер болса екен, мені олар өздерінің баласы секілді көрсе екен деп тілейді-міс. Бұл дұрыс емес. Мысықтың бәрі бірдей ме? Бәлкім, қайбірі әлгіндей тілек тілейтін де шығар. Ал Мурка ондайдан аулақ. Қайта көп балалы үйге не жетсін. Жалғыз балаға қиын. Мәселен, Динараның Кірпішекті жанынан бір елі тастамайтыны – әбден зерігіп, іші пысатындықтан. Егер өзімен тетелес апа-інісі не аға-сіңілісі болса, мысықтарда не жұмысы бар? Сонда Кірпішек те толайым Мурканың өз еркіне тиер еді. Амал не... Мурка кейде қызғанып бала мысықтарды желкелерінен тас қып тістеп алып, тал-талға секіріп өрмелеп, үйдің төбесіне – шатырдың астына әкетеді. Үйден сонда тамақ тасиды. Бірақ ұрлығы білініп қалады. Динара дереу іздейді. Жүгіріп далаға шығады. Шатырдың ернеуінен бастары қылқиып мияулап тұрған төртеуін көреді. Папасына қабырғаға саты қойғызып, жоғары қарай өрмелейді... Күндер осылай өтіп жатты. Бірде Динара қатты ауырды. Бет-аузы күп болып ісіп кетті. Денесінің қызуы көтерілді. Бақыткүл үйге дәрігер шақырды. Дәрігер мұқият тексеріп, әлдебір ұнамсыз тамақтан ұшынған деді. Сосын үйдің ішінде бірін-бірі қуалап ойнап жүрген үлкенді-кішілі бес мысықты көріп, төбе шашы тік тұрды. Түсін суытыңқырап: «Қызыңыз бұлармен көп ойнамасын, – деп ескертті. – Қазір жаз айы. Мысықтардың бармайтын, баспайтын жері жоқ. Көше кезеді. Күл-қоқысты тіміскілейді. Балаға ауру жұқтыруы мүмкін. Сол себепті мысықтарды үнемі қадағалап, таза ұстап, мезгіл-мезгіл арнаулы жануарлар дәрігеріне көрсетіп тұруы керек...» Бұл сөз отқа май құйғандай болды. Бақыткүлге Динараны сырқатқа ұшыратқан осы мысықтар секілді болып көрінді. Бұрын да: «Үй мысықханаға
айналды», «Үйден мысық иісі сасиды, елден ұят», – деп қабағын шытып жүретін. Енді бұдан әрі шыдауға болмайды. Ертеңіне мысықтардың қарасын құртудың қамына кірісті. Таныс-біліс жалғызілікті, жалғыз балалы кісілерге, жақын маңайдағы көршілерге айтып, айналасы бес-алты күннің әлетінде үш мысықтан құтылып тынды. Үйде Мурка мен Кірпішек қана қалды. Өзгелеріне араша түсуге Динараның шамасы келмеді. Үй бір түрлі құлазып қалғандай болды. Тып-тыныш. Көңілсіз. Баяғы у-шу жоқ. Мурка мен Кірпішек ойынға селқос. Бірі балаларынан, екіншісі тай-құлындай тебісіп өскен бауырларынан көз жазып, жарым көңіл. Бар қызық-қуанышы солармен бірге көшіп кеткен секілді. Әсіресе Муркаға ауыр тиді. Әу баста дәл осылай іс аяғы құрдым болар деп ойлап па. Енді не істемек? Кім кінәлі? Неге бәрі бір жерде, бір үйде күн кеше алмайды. Мысықтардың маңдайына тек тоз-тоз болып әр үйде, әр жерде қаңғып жүруді ғана жазып қойып па? Адамдар осыны неге ойламайды? Әдетте олар өздеріне мұндай жағдайды тілемейді ғой. Жылы үй, жылы-жұмсақ тамақ керек. Бірақ ана мысықтардың бауыр ет балаларымен бірге болғаны бәрінен де артығырақ. Сірә, ондай күн жоқ шығар... Мурканың өзі де былтыр біреудің қолында кетті ғой. Әманда осылай қайталанады да тұрады. Қайталанбаса екен... Мурка үш бала мысықты алып кеткен адамдардың соңынан зарлана мияулап, аялдамаға дейін еріп барды. Мішімдер де жанұшыра мияулады. Бірақ кенет арылдап автобус келді де, әлгі кісілер ізім-ғайым жоғалды. Мішімдер де ғайып болды... Көнбеске амал жоқ. Кірпішек ештеңеге түсінбеді. Түнде терезенің түбінде бүк түсіп жатқан Мурканы сұрақтың астына алды. – Апатай, менің бауырларым қайда кетті? Алатұмсықты сағындым. Олар қашан келеді? Мурка енді үшеуінің ешқашанда қайтып келмейтінін анық білді. Бірақ Кірпішектің көңілін құлазытпайын деп алдаусыратты. – Олар алыстағы бір үлкен қалаға саяхатқа кетті, – деді күрсініп. – Жолдары ұзақ, жолдары оңғарылсын. Бәле-жәледен аулақ болсын. Кейін көп базарлықпен оралады. Саған тәтті шұжық, ойнауға тышқан әкеледі, маған әдемі бір көйлек тарту етеді. – Маған ештеңенің қажеті жоқ. Өздері керек! Мурка Кірпішектің басынан жалады. – Ой, ақылдым. Келеді, қорықпа, әлі-ақ жетіп келеді... Сосын мұңға беріліп былай деді: – Сен енді бұрынғыдай тентек болма, анау тұлымшақты қызды – Динараны көп ренжіте берме. Ендігі бар сүйенеріміз сол ғана. Оның көңілін қалдырсақ... Әрине, беті аулақ. Дос бола біл. – Біз онсыз да доспыз. – Сонда да дегенім ғой... Динара алтын қыз. Біздің бағымызға күндей күліп, құлдыраңдап аман жүре берсін. Біз соған ғана қажетпіз. Енді екеуіміз бірбірімізден көз жазып қалмайық. Болашақ күндердің қандай тұз-дәмі барын, кім білсін...
Мурка күзде баяғыдай тағы да жым-жылас жоғалып кететін әдет шығарды. Динара айқайлап, Кірпішек мияулап сырттан іздеп жүргені.
Бақыткүл бірде түсте есіктің аузындағы биік баспалдақтың үстінен құйрығы білектей көктемдегі ала мысықты көріп қалды. Көрді де, үйге келіп, Мақсұтқа: – Тағы да шұбыртып туып жүрер... Апарып тастау керек... – деді. Иә, сонымен кезек Муркаға да жетті. «Кешкі ертегіні» көрген соң, Динара күндегі дағдысымен ұйқтап қалды. Ол ештеңені білген жоқ. Әйтпесе қиғылық салатыны сөзсіз еді. Себебі Мурның жөні бөлек қой. Екеуі кішкентайдан дос. Мақсұт Мурканы аузы сырмалы үлкен қара сөмкеге салып алып, көшеге шықты. Үйдің қарсы бетіндегі аялдамаға келіп, бір автобусқа отырды. Автобус төмен қарай құстай ұшты. Бесінші аялдамадан түсіп, сол жаққа бұрылды да, қараңғы бір көшеге қарай беттеді. Сәл жүріп, бұзылған әлдебір үйдің алдына келіп тоқтап, сөмкенің аузын ашып, ішінен Мурканы сыртқа шығарды да, сәл кідірсе, әлдекім ұстап қалардай, келген ізімен кері қарай жүгіре жөнелді...
Мурка аң-таң. Өңі ме, түсі ме? Бірдеңе түсінсе, кәне. Динараның папасы сөмке-түрмеге қамап, әлденеден қорыққандай қараңғы бір көшеге әкеп, тастай сала, алды-артына қарамай тұра қашқаны несі? Жасырынбақ ойнағаны ма? Ойын мұндай бола ма? Әп-әйдік адам. Қызық. Былтырғы оқиға жыл айналмай және қайталанғаны ма? Бірақ онда Петя деген сотқар баланың портфелінен өзі қашып құтылып еді. Қазір керісінше. Жо-жоқ, бұл ойын емес. Басқа. Жақсылықтың иісі шықпайды. Осыны ойлағанда, Мурканың іші-бауыры қалтырап кетті. Қалай дәті барды? Мысық болса да сол үйдің бір мүшесі емес пе еді? Қалайша оп-оңай лақтырып тастай салады? Әбден басы қатты. Не жазды? Нені бүлдірді? Қожайындардың көңіліне дақ түсіретіндей пәлендей ештеңе істемеген секілді. Рас, әдепкіде жаңа баспанасының бұрыннан қалыптасқан кәдуілгі тіршілігіне үйренісе алмады. Бала еді ғой онда, бәрін іштен біліп туады ма? Үстелдің үстінен құйрығымен қағып бір-екі кесені сындырды. Бірақ Динараның мамасы «оқасы жоқ, бақытты болады екенбіз» деп, әлгі сынған кеселерді далаға лақтырған жоқ па? Ренжімеді. Әуелгіде әр нәрсені таңсық, әуес көріп иіскелеп жүріп, абайламай сүтке, майға тұмсығын тигізді. Ол үшін кезінде жазасын алды. Зеку естіді. «Піш!» Содан бері өздері бермесе, сұғынып сүтке, тамаққа жоламайтын болды. Кейде түн ортасында шырт ұйқысынан шошып оянып, қараңғы бөлмеден иманы ұшып, мезгілсіз уақытта жанұшыра мияулағаны бар. Осыған бола қуғын көре ме? Кейін қалыпқа, тәртіпке түсті. Динараның да, оның папасы мен мамасының да қас-қабағын бақты. Өзінің жаман ойынша, бар пәле биылғы көктемнен бері қарай басталған тәрізді. «Бөпелі» болды да, үй иелерінің қату қабағына шалынды. «Бөпелі» болғаны үшін неге кінәлі? Қайта қуаныш емес пе? Қашанғы жалғыз жүреді? Тал-ағашқа бұтақ-жапырақ қандай керек болса, мысықтарға да ұрпақ-тұяқ сондай қажет. Бұл – табиғаттың заңы. Айт-айтпа, бірақ сол үлпілдек мияуқандарының қуаныш-қызығын толық көре алмады ғой. Еркің болмаған соң, қиын екен. Үш мішімі қол-қолда кетті. Өзінің халі мынау... Бірақ бұл Муркаға ағат, жаңсақ істелген іс секілді болып көрінді. Бір нәрсенің басы ашық: бұл жәйтті Динара білмей қалды. Әйтпесе жылап-еңіресе де, өзінің сүйікті Муркасынан айырылар ма еді. Сол себепті қайтсе де үйді іздеп табуы тиіс. Динара мен Кірпішекке қауышуы керек. Осы үшін де қиындық көруге, азап шегуге бейіл.
Күз түні суық, ызғарлы. Мурканың денесі жаурады. Қайдан келіп, қайда тұрғанын білмеді. Айнала қаптаған жертам. Әредік-әредік зәулім тас үйлер бой көтереді. Көз жетер маңайдың бәрі самаладай жарқыраған шамдар. Үлкен, шулы қала. Әйтсе де Мурка үшін бәрібір айдала тәрізді. Жападан-жалғыз. Таныс-біліс ешкім жоқ. Мурка ішін тартып ащы мияулады. – Мияу! Мияу! Мияу! Жанынан асығыс емпелеңдеп өтіп бара жатқан бір әйел кілт тоқтап, таңдана күбірледі: «Даусының жаманыншы. Қасқырша ұлиды ғой...» Иә, даусы қайдан сызылып әдемі шықсын. Ән салатын жағдай ма? Мұндайда тек қасқырша ұлу керек! Мурка сәлден соң, әлгінде бұл «жапан далаға» арылдаған автобуспен келгенін жадына түсірді де, машиналар фарларын жарқыратып ерсілі-қарсылы ағылған үлкен тас көшеге көзін қадап, бүлкілдей жөнелді. Бәлкім, бұл тас көше үйіне, Динара мен Кірпішекке апаратын үміт жібін ұстатар. Алайда тас көшеден маңдайы тасқа соғылды. Мүлде бейтаныс. Мұздай жансыз тас өзен. Қайда, қалай қарай жүру керек? Автобуспен әлгінде қай жақтан келді? Есіне түсіре алмады. Түрме-сөмкені ғана біледі. Өзгесі жадында жоқ. Тұрып-тұрып төмен қарай сырғыды. Тротуарға түсіп алып оңға, солға алақ-жұлақ қарап, алға тартты. Бір кезде жолда темекі шегіп тұрған жігіттер Мурканы кекетіп: – Әй, мынау спортсмен құсап қайда зымырап барады? – деп, біреуі аяғымен теуіп кеп жіберді. Мурка ащы мияулап, тротуардан сытылып шықты. Енді бұдан әрі тротуарға жоламады. Бір түрлі қорқып қалды. Үй-үйдің, бақша-бақшалықтың араарасымен жүрді. Бірақ бағдар-құбылнамасы – сол жақтағы үлкен тас көше. Деп-демде көшенің басына шығам ғой деген-ді. Үміті үзілді. Екі сағаттың әлетінде жалғыз көше – үш көшеге бөлінді. Ертегідегідей. Қайсысына түскені жөн? Қиын сұрақ. Тәуекел. Солға бұрылды... Ол көше жолда тағы да үшке айырылды. Мурка әбден адасты... Жиырма күн қаланың төменгі жақтағы көшелерін шиырлады. Арып-ашты. Тоғы қашты, ырсиып сүйегі ғана қалды. Былтырғыша күл-қоқыстан нәпақа іздеді. Әлдебір бұралқы иттерге таланды. Көкпарға түсіп, арқа жүні дода-дода болды. Мурка бәрібір жасымады. Көз алдында – Динара мен Кірпішек. Бірақ бойынан күш-қуат қашқасын ба, жанарындағы олардың сүйкімді дидарлары бұлдырап, майдай еріп сұйылып бір түрлі алыстап бара жатқан сияқты. Иістері де еміс-еміс... Қаланың төменгі жағынан үйдің қарасын таппады. Бәрі бөтен. Енді жоғары қарай өрлеуге бел буды. Кері жүрді. Қырсыққанда күн де суытты. Әлдебір асхананың қасындағы қоқысты жайлап жүрген басы қазандай, құлағы едірейген семіз қарт мысық тілге келіп, Муркаға ақыл берді: – Бұл әурені қой. Немене, емешең үзіліп бара ма? Қылышын сүйретіп қыс келіп тұр. Одан да өз қамыңды ойла. Үйім деп өзеурейсің, қайдағы үй ол саған? Жаны ашыса, сені өстіп қаңғыртып жібере ме? Намыс бар ма өзіңде? Іздеме ондай тас жүрек жандарды! Мурка күмілжіді. Алдыңғы екі аяғымен жер шұқыды. – Динара мен Кірпішекті қайтем? Олар мені іздейді ғой. Сұр мысық күлді. – Мияу! Ха-ха-ха! Мияу! Ха-ха-ха! Сөз болғаныңа. Сен ешкімге де керек емессің. Елжіреме. Мысықтар адамдарға уақытша ермек қана. Ертең Кірпішегің
де қаңғып қалады. Ал әлгі кішкентай қыз есейгесін, өзіне басқа қуаныш тауып алады. Бәрі өткінші. Мен осы ғұмырымда жүз үйдің босағасында болған шығармын. Бәрінен де түңілдім. Бір кесе сүт, бір жапырақ етке бола жалтақтап жүргеннен гөрі, осы күнім әлдеқайда жақсы. Емін-еркінмін. Бас еркім өзімде. Аш бол, тоқ бол, азаттыққа ештеңе жетпейді Мысықтарды мысық қылған адамдар. Өйтпесе олар мысық емес, иен далада, қалың орманда жолбарыс болып жортып жүрер еді... Мурка бетінен қайтпады. – Мен бәрібір Динара мен Кірпішекті тауып алуым керек. Қарт мысық таңданып, басын шайқады. – Ендеше жолың болсын...
Дүйсенбі күні кешке Мақсұт үйге балаша қуанып кірді. – Сүйінші! – деді аптығып. Бақыткүл елең ете қалды. Күйеуінің мінезі салмақты еді. Анау-мынауға елпілдей қоймайтын. Мұнысы несі? Сірә, ерекше бір оқиға. Мақсұт плащының қалтасынан беті қызыл бояумен қиялай бір сызылған қағазды үстелдің үстіне алақанымен шарт еткізіп қойды. – Ордер! Жаңа пәтер! Бақыткүлдің қолына ұстап тұрған көк кесесі жерге түсіп кетті. – Шын ба? – Шын. Міне, қара. Бақыткүл көзі бұлдырап оқып шықты: «Қазақфильм» микроауданы, 32-үй, 29-пәтер...» Рас екен. – Нешінші қабат? – Төртінші. Таудың етегінде! Бұл олардың талай жылдан бері күткен қуаныштары еді. – От жағудан құтылатын болдық-ау. Ел қатарлы ыссы су, жылы суымыз болады, – деді Бақыткүл күлімсіреп. – Енді ғана шын мәнінде қалалық атанамыз. Көп қабатты, балконды үйде тұрмай, қалалықпын деу қиын... Мақсұт оны қостады. Әсіресе Динараның шаттығында шек жоқ. – Алақай! Балконда ойнаймын! – Айтпақшы, ұмытып кетіппін ғой, көшіп барған соң, бір айдан кейін телефон құрады. – Алақай! Достарыма телефон соғамын! Қуаныштары қойындарына сыймай, үшеуі түнімен кірпік ілмеді. Көшудің қамына кірісті. Ыдыс-аяқтарды, көрпе-төсектерді буып-түйе бастады. – Ештеңе ұмыт қалмасын, – деп пысықтады Мақсұт. – Папа, қашан көшеміз? – Ертең кешке. Машинаға заказ бердім. Динара бір түрлі ренжіп қалды. – Неге тез? Асықпайықшы... – Неге? Қызым-ау, қыс болды ғой, жылы үйге ертерек кіріп алғанымыз жөн емес пе? Әйтпесе мұнда ағаш, көмір түсіруіміз керек, от жағамыз... – Күтейікші. Бәлкім, Мурка келіп қалар. Түнде түс көрдім, Мурка адасып, үйді таба алмай жүр екен...
Мақсұттың тілі байланды. Себебі Динара Мурканы папасы апарып тастағанын білмейтін-ді. Күнде іздеп, екі көзі төрт. Бірақ үміт үзбеген. Әне-міне келіп қалатын секілді. Бақыткүл: – Түу, сен де, Муркасы несі, енді соны күтіп отырмақпыз ба? қайдағы бір мысыққа бола. Ертең көшеміз. Кірпішек бар емес пе? Динара мұңайды. – Жаңа үйді көріп, ол да қуанатын еді ғой... Сөз осымен бітті. Ертеңіне олар көшіп кетті.
Ертеңіне кешке Мурка да келді. Бұл бір жарым айға созылған жол азабынан соң оралуы еді. Әбден арып-ашқан. Көзі шүңірейген. Жүні үрпі-түрпі. Сүйегі арса-арса. Құдды көрден шыққандай. Бірақ керемет қуанды. Туған үйін тапты. Динарасына, Кірпішегіне жетті. Шаттана мияулады. Дегенмен шаттығы ұзаққа бармады. Тастай қараңғы өлі терезелерді көріп, зәресі ұшты. Есік тарс жабулы. Жан баласы жоқ. Бұл не болғаны? Мурка түнімен үйді айналып мияулай берді. Терезені, есікті тырналады. Тырнағының түбінен сыздықтап қан ақты. Таң алдында тұла бойынан әлдәрмен кетті. Таң алдында жапалақтап қар жауды. Аяз күшіне мінді. Мурка бұдан әрі шыдамады. Сыртқы есікті соңғы рет қатты тырналап, соңғы рет ышқына бір мияулады... Шатырдың төбесінен сырғып түскен үрлесін қар Мурканың үстін жапты. Ол аппақ шүберекпен құндақталғандай болды. Ол аппақ мысыққа ұқсады...
КӨП БАЛАЛЫ ҮЙ
Жаз бойғы азап. Мен қайда оқимын?
Менің ойымша, балалық шақтың бар қызық-қуанышы – мектеп қабырғасында өтетін он жыл. Сол айналдырған бас-аяғы он жылды кішкентайдан тай-құлындай тебісіп, ойнап өскен достарыңмен жұп жазбай бір жерде – бір ауылда өткізгенге не жетсін... Айтайын дегенім, басқаны қайдам, біздің ауылдың балаларына осынау азғантай да, әрі тәтті де қуанышты жазбаған. Мектебіміз ергежейлі адамдай әлімсақтан жеті жылдық. Қашан үлкейеді, белгісіз. Тіпті сегіз жылдық болса қандай жақсы. Жуыр маңда ондай күн туар емес. Одан әрі «тұрымтай тұсына, балапан басына», әркім өз қам-қарекетін жасайды. Балалардың буыны бекіп, қабырғасы қатаймай, бұралаң өмір басталады. Біреуі қалаға кетеді. Екіншісі сегізінші сыныпты көрші аудандардағы ағайын-туысқандарының үйінде жалғастырады. Қайсыбірі, ең өкініштісі, оқуды бір-жола доғарады. Болашақтағы небір ай маңдай ғалымдар, қыран ұшқыштар, дүлдүл әнші, ақындар ерте жұмыс істеп, әке-шешелерінің аузына ерте нан салады: қой бағады, қора жөндейді, шөп шабады... Осыларды ойлағанда, еріксіз ішің ашиды-ақ. Бірақ амал не. Дегенмен, көбі оқуды тастамайды: ауылдан жүз шақырым жердегі – дарияның арғы бетіндегі кеңшарға барады. Онда мектеп он жылдық, әрі интернат бар.
Мен де биыл өз тұстастарыммен бірге жетіншіні бітірдім. Дардай жігіт болдым! Бірақ өтірік айтып не қылайын, алып-ұшып пәлендей қуана қойған жоқпын. Себебі енді алдағы сегізінші сыныпты қайда барып оқимын деген суық та тәтті ой әбден мазамды қашырды. Жылдағыдай алаңсыз асыр салып ойнау далада қалды. Жаздай азаптанып біттім. Бір түрлі ауру адамдай көңілім кілкілдеп тамақ батпайды. Түнемелік дұрыстап ұйықтап та жарытпаймын. Әлгі ой қарауыл қарап басымда тұрады да қояды. ұмытайын-ақ деймін, бірақ қанша зорлансам да ұмыта алмаймын. Баяғы бейқам, бақытты күндерімнен біржола айрылдым. Әрі-беріден соң, жетінші сыныпты бекерге бітірген екем деп өкіндім. Әлі де ауылда бір-екі жыл оқи тұрғанымда ғой. Тіпті орнымда қалсам да... түк өкінбес едім. х, ойла, ойлама, енді бәрі кеш, болар іс болды, уақытты тоқтатып тұра алмайсың әрі өзіңнің ержетуің керек, алда талай қызыққуаныштар бар... Әйтеуір бір нәрсенің басы ашық: ол – кеңшарға барып оқитыным. Ал дүдамалы – қайда жататыным. Интернатқа жатам ба? Әлде алыс-жақын бір туыстардың үйінде болам ба? Апамның да әбден басы қатты. Әлі бір шешімге келген жоқ. Күніне мың толқиды, мың құбылады. Сөзінің піссімілләсі әуелі ержетпеген, он жылдыққа толмаған ауылдағы ергежейлі мектепті біраз қарғапсілеп алады. «Сенің кесіріңнен қарғадай балаларымыз қаршадайынан далаға қаңғитын болды-ау», – деп ренжиді. Сосын дауылдан соң тыншыған теңіз бетіндей сап-сап сабасына түседі. Ойланады. Менің қайда жатып оқитыным математика кітабындағы ең қиын есеп секілді. Шайдың қатығы сүт болса, апамның әр шайдың үстіндегі әңгімесінің негізгі арқауы – мен. Өз еркіне салса, апам мені интернатқа бергісі жоқ, «интернат» деген сөзден қараптан-қарап тұла бойы түршігеді. Көп баланың бірі болып әскердегідей сағатпен жатып-тұрып, сағатпен тамақ ішіп, көз майымды тауысып, сағатпен қадалып сабақ оқығанымды суқаны сүймейді-ау. Екі сөзінің бірі: «Интернат адамды кішкентайдан жатбауыр етіп жібереді...» «Өйткен оқуы бар болсын», «Қара су ішсең де үйге не жетсін...» Әлсін-әлсін күрсінеді. Апамның әлгі сөздерін естіп отырып, менің де интернаттың қарасын көргім келмейді, көзіме құбыжық секілді болып елестейді... Бұдан соң апам мұңайып кеңшар орталығындағы арғы-бергі жақын-жуық жамағайындарын бір-бірлеп түгелдеп шығады. Ойша сырттай әрқайсысына мінездеме береді. Маған қарап-қарап қойып өз-өзінен сөйлейді: «Анау Дәужанның үйі қалай болар екен, ә? Өзі аңқылдап қалған сорлы (бұл апамның жақсы дегені). Сөзі дұрыс. Әй, бірақ бала-шағасы көп. Шулап біздің Болатжанға уақтылы сабағын оқытар дейсің бе? Әйтпесе оның үйінен жайлы жер жоқ». «Әсемкүл ше? Жиен апамыз. Баяғыда Әбікеннің (әкем) тірі кезінде тым тәуір араласып тұрушы ек. Қазір кім білсін. Мінезі де тік еді. Болатжан түгілі, өз қарғаларына да суық...» «Мырзандар қалай? Көпшіл. Дастарқаны ашық. Қазаны қашан көрсең де оттан түспейді. Берекелі үй. Бірақ әйелі бір күн ауру, бір күн сау, ыңқыл-сыңқылы көп. Болатжанның жағдайы болар дейсің бе?..» Бұрын осыншалықты қадірлі екенімді білсемші. Айтады-айтады да, апам бірде-біреуін ұнатпайды. Бетіме жел боп тимейтін адам іздейді. Ондай адам бұл дүниеде жоқ. Мен қорқайын дедім. Интернатқа бермейтіні айдан анық. Және апамның сөзіне қарағанда, менің қас-қабағыма қарап, көңіл күйімді айтпай түсініп, бәйек болып отыратын кісі және байқалмайды. Ау, сонда мен сегізінші сыныпты далада жатып оқимын ба? Бұл қорқынышымды жаутаңдаған жанарымнан оқып, басымнан жұмсақ сипап, апам мені жұбаусыратады: «Әлі уақыт бар ғой, бір
амалы болар...» Бір амалы қашан болады? Қазір тамыздың аяғы. Бес-алты күннен соң қыркүйек... Апам бүгін ғана мәселенің басын ашып берді. Түскі шайдың үстінде терлептепшіп отырып былай деді: «Таңдаған тазға жолығар» деген. Несіне таңдай береміз. Көп сөзді қой (мен бір келіспей жүргендей), Қасқырбектің үйіне жатасың. Келіншегі жиен апаң. Өзі иманжүзді. Мен десе жаны жоқ. Сөзімді жерге тастамайды. Бір жылға қоян екеш қоянның да терісі шыдайды. Одан арғысын және көрерміз тірі болсақ. Биыл соғымның жартысын соларға апарып берем. Әйтеуір, саған жақсы қарасын. Сол үйден қолайлысы жоқ...» Сонымен қиын есеп шешілді. Сегізінші сыныпты кеңшарда Сәтіш апамның үйінде жатып оқитын болдым...
Кісі есігіндегі үш күн. Ақ көмеш, қара көмеш...
Жиырма сегізінші тамызда жолға жиналдық. Апам «кеңшарға ертерек барғанымыз жөн» деді. Мектепке апарып қағаздарымды өткізбек. Сәтіштің үйіне орналастырмақ, олардың аужайын байқап көрмек. Ойлағанындай бола ма, жоқ па. Сырт жер, бұрынғыдай емес, сын көз көп, маған дүкеннен бірді-екілі жаңа киім-кешек алып бермек. Екі ара ит өлген жер. Алыс. Құрдай қатынап жатқан көлік жоқ. Әлдебір машинаның қарасы көрінсе, апам екеуіміз орнымыздан өре түрегеліп, тұра жүгірумен болдық. «Кеңшарға бара жатқан жоқ па?» Ауылдың үстінен солдаттардың, геологтардың бір-екі машиналары өтті. Бағыттары басқа жақ. Түске таман «Жаманшығанақтан» Қамбар келді. Май таситын машина. Шөп шауып жүрген торакторлар тоқтап қалыпты, соларға кеңшардан солярка әкелмек. Іздегенге – сұраған. Көлік таңдайтын жағдай қайда. Ілекер табылды. Апам екеуіміз қуана алқам-салқам машинаның май бұрқыраған ырдуан кабинасына мініп алдық. Кеңшарға кештете табан іліктірдік. Сәтіш апамның үйіне шоферлер құсап үстімізден «әтір» – май бұрқырап келдік. Есіктің аузында Сәтіш апам бір түрлі ұнатпай мұрнын тыржитты. Апамның «қайбір жалдап қойған машинамыз бар» деген сөзінен соң ғана қабағын ашты. Әлгінде бетіне жиылып қалған қыржымдар бірте-бірте тарқады. «Ау, неғып тұрсыңдар, төрлетіңдер?!» – деп, төргі бөлмеге көрпе жайып, дереу шай қамына кірісті. Апам асықпай тәптіштеп хал-жағдайларын сұрады. Күйеуі – Қасқырбек әлдебір шаруасымен қалаға кетіпті. Ол кеңшардың аурухана-сының машинасын айдайды екен. Дастарқан жайылды. Шайдың үстінде апам негізгі әңгімесіне көшті. – Сәтішжан, мына баланы осында оқуға алып келдім, – деді. Ол таңданды. – Болат сегізінші сынып оқитын болып қалғаны ма? Кеше ғана шапқылап жүрген бала емес пе еді? – Демде екен ғой. Қартайып бара жатқанымызды осыларға қарап білеміз. – Е, үлкен жігіт болды деңіз. – Иә, үлкен жігіт болды. Несін күлбілтелейін, осы баланы сендердің үйлеріңе жатқызуға әкелдім. Қанша дегенмен үйдің аты үй ғой. Елдің баласы секілді еті тірі емес, бос, інтірнәттің тәртібіне шыдай алмас. Сәтіш апам басын шұлғыды. – Несі бар, бөтен емеспіз, жатсын, өз үйі.
– Айналайын, менің де естиін деп келгенім осы бір ауыз сөзің ғой. – Апам Сәтішті мақтай жөнелді. – Анау Дәужан, Мырзандардың да үйі бар, бірақ дәл өзіңдей қайда. Ойлап-ойлап өзіңе тоқтадым. – Түу, апа-ай. – Сөздің реті де айтып жатқаным. Мезгілімен сабағын қадағаларсыңдар. Өз балаларыңдай қараңдар. – Әрине, оған сөз бар ма... Сәтіш апамның Берік, Серік деген үйелмелі-сүйелмелі кішкентай екі баласы әдепкіде бір түрлі жатырқап, анадай жерде состиып тұр еді: көзі үйренді ме, әлде шынымен жақын тартты ма, біраздан соң, еркелеп мойныма кеп асылды. Кептер, кеме, гүл жасап бер деп, қайшы-қағаздарын әкелді. Мен олармен бірге қалай ойнап кеткенімді білмей қалдым. Мені де дәу жігіт болды дейді-ау. Апам дастарқан басында ұзақ отырды. Апам Сәтішке мені қайта-қайта тапсырып, ертеңіне сол қамбардың машинасымен ауылға қайтты. Бір түрлі көңілім босады. Өзімді айдалада қалғандай сезіндім. Дариядай төргі бөлменің бір бұрышында бір шөкім болып жатып алдым. Сол күйі ұйықтап кеттім. Кешкі тамақта бір-ақ тұрдым. Ертеңіне қызық болды. Сәтіш апам өзгеріп шыға келді. «Әп, бәлем, қолыма түстің бе» дегендей, мені тыным таптырмай жұмсай бастады. Ойпырмай, бұл үйдің бар шаруасы маған қарап тұр екен. Бір күннің емес, бір жылдың жұмысы. «Сарайдың ішін тазала», «ауланы сыпыр», «алашаны қақ», «самаурынға майдалап томар жар», «балаларды ойнат». Есебі жоқ. Үйдегідей құлақ аспау қайда. Ұят. Ертең қыркүйекте де дәл осылай болса, сабақ дегенің айдалада қалатын түрі бар. Мына қарқынмен мен жер жүзіндегі ең еңбеккер адам болып шыға келетін секілдімін. Мұнда оқу үшін емес, жылдар бойғы еркелігім мен жалқаулығымның есесін қайтару үшін – жұмыс істеу үшін – Сәтіш апамның үйінің бар шаруасын тындыру үшін келгендеймін. Кешке төсекке сүрніге құладым. Азанда бір-екі рет шайға шақырды. – Кел, шай іш. Мен бөтен үйде екенімді жадымнан шығарып, ауылдағыдай аунап түсіп, ұйқылы-ояу жата бердім. Мұндайда апам әбден жалынып бітуші еді. Ұйқы тәтті. Шай түгілі, бал берсе де, бірден атып тұру қиын. Кенет Сәтіш апамның мынадай күңкілін естіп қалдым. – О несі-ай, тіпті, менің маңдайымдағы жалғызым секілді шалжиып жатуын қарашы, тал түске дейін... Бұл не сөз? Сұмдық қой. Туысқандығы қайда? Сонда өз үйіңнен басқа жерде еркелеуге болмайтын болғаны ғой. Әлдекім қамшымен басымнан тартып жібергендей. Әлгіндегідей сөзді естіп, маужырап жата беру – ынжықтық, намыссыздықпен барабар. Орнымнан атып тұрдым. Дәл бұлай болар деп күтпесе керек, Сәтіш апам көзі ұясынан шығып, біртүрлі қорқып кетті. – Не болды? Бірдеңеден шошындың ба? «Иә, сіздің әлгіндегі сөзіңізден шошындым» дейін деп бір оқталдым да, тілімді тістедім, ойландым, үндемедім. Тани алмаған адамша бетіне тесіліп ұзағырақ қарадым. – Жуынып-шайынып, шайыңды іше ғой, – деді ол сөзін жұмсартып, көзі күлімсіреп. Ішім жылымады. Ұнжырғам түсіп, далаға шықтым.
Оның шай іш дегені маған жұмыс істе дегендей болып әсер етті. Сондай ауыр... Шайдан соң кешегі тіршілік қаз-қалпында және қайталанды... Апамның тұла бойы түршігетін интернат та мұндай емес шығар деп ойладым. Шыдап бағар ма едім, кім білсін, мына жайт мүлде түңілдіріп жібермесе. Үшінші күні білек түріп жұмыс істеуге кіріскендей тағы да шай ішуге отырдым. Түнімен жаман түс көріп шыққандай Сәтіш апамның қабағы қату, бір түрлі көңілінің хошы жоқ. Өңі сынық. Дастарқан шетінде бір көмеш ақ нан, бір көмеш қара нан тұрған. Қара наннан екі тіліп, менің алдыма қойды. Сосын «бүйрегім ауырады, жүрегім шанышады» деп, өзіне ақ наннан кесті. Ау, сонда ақ нан дәрі болғаны ма? Әлде әптектен әкелген бе? Сосын әлдебір темір құтыға қолын салып, өзінің алдына қағазы жылтырақ кәмпит, менің алдыма бір-екі түйір шақпақ шекер тастады. Мұнысы несі? Дастарқан басында екеуден екеуміз. Неге алалайды? Үйде бұрын-соңды мұндайды көрсем, кәні. Қызық. Тосын. Апам қайта тәтті-дәмдінің бәрін бізге – біздің аузымыздан жырып, қонақтарға беруші еді. Бұл үйде керісінше. Демек, бөтен болғаным ғой. Бұлай тұру мүмкін емес. Әлден осылай.Ертең не болады... Нан ауыз тимеген күйім, орнымнан тұрып кеттім. Өз-өзімнен әлденеге жаман жәбірлендім. Кісі есігіндегі жетім баланың халін басымнан кешкендеймін.Көңілім қалғаны сондай, бұрылып артыма қараған жоқпын. Кеше сыртынан көрген келесі көшенің басындағы биік көк дарбазалы интернатқа қарай асығыс адымдай жөнелдім...
Міне, енді мен де интернат баласымын
Келсем, интернаттың алды балық базарындай у-шу, қарма-жарма. Біріменбірі алысып-жұлысып ойнап жүрген балалар. Бәрі көңілді. Есіктің аузынан Ақбай көзіме оттай басылды. Екеуіміз биыл ауылдан бірге келгенбіз. Ол мен құсап жаздай азапқа түспей, бірден интернатқа жатуға бел буған-ды. Жүздеспегенімізге бес-алты-ақ күн болса да, жылдап көріспеген адамдарша құшақтаса кеттік. – Болат, жағдай қалай? – Жақсы. Өзің ауылдан қашан келдің? – Кеше. Интернатқа орналастым. Үшінші бөлмедемін. Өзің қайдасың? Сәтіш апаңның үйінде жатырсың ба? – Иә... – үнім шықпай, күмілжідім. – Бірақ мен де сендермен бірге интернатқа жатсам деймін... Ақбай «неге?» деп қадалып сұрамады. Сырымды айтпай түсінген секілді. Қолымнан тас қылып ұстап, ішке қарай сүйрей жөнелді. – Ой, қандай жақсы болды! Жүр, Жайылхан ағайға барайық. Тоқан да, Жақып та осында. Бибайша мен Орынкүл де орналасты. Бәрі де біздің сыныптың балалары мен қыздары. Мен жымың-жымың еттім. Әлгіндегі ренішімнен із қалмағандай. Құдды интернатқа бүкіл ауыл көшіп келіп, мәре-сәре болып жатқан тәрізді. – Жайылхан ағай кім? – Ол – интернаттың бастығы. Молдабек ағай мен Рәйішке апай – тәрбиешілеріміз. Ұзын дәліздің түкпіріне қарай ентеледік. Ақбай кәдімгі үйінде жүргендей еркін. Келе «Тәрбиешілер бөлмесі» деп жазылған үлкен көк есікті серпе ашты.
Сосын екі аттап төрде үстелде отырған қара костюмді кісінің қасына жетіп барды. – Ағай, мынау Болат Әбікенов деген бала. Мектепті бізбен бірге төртінші фермада бітірген. Интернатқа жатқысы келеді. Мен сәлемдестім. – Сәлеметсіз бе... – Сәлем. Солай де, батыр. Өзің келдің бе? Апаң қайда? – Апам ауылда. Менің мұнда келгеніме үшінші күн. – Содан бері қайда жүрсің? – Сәтіш апамның үйінде болдым. Апам сол үйде жат деген. Бірақ мен балалармен бірге болғым келеді. – Немене, Сәтіш апаңның үйі ұнамады ма? Мен үндемедім. – Солай де... – Жайылхан ағай бұдан әрі қазбаламады. – Жарайды ендеше. Несі бар, қабылдаймыз. Дегенмен апаңа осылай-осылай деп түсіндіріп айт. Келістік пе? – Келістік. Қуанып кеттім. Шындықты айта бастасам, бірдеңені бүлдіріп те қоюым мүмкін. Қыстығып жылап жіберсем, тіпті масқара болам ғой. Жайылхан ағай үстелінің суырмасынан үлкен көк журналды алып, бір жеріне менің аты-жөнімді жаза бастады. – Әбікенов Болат дедің бе? – Иә. – Екінші бөлмеге жатасың. Сол бөлменің старостасы боласың. Ондағы балалардан естияр сен екенсің. Жүр, бөлмеңді көрсетейін. Енді ұзын дәліздің екінші басына қарай тарттық. Ағай «2» деп жазылған бөлменің есігін ашты. Бөлмеде үйме-жүйме болып төрт бала отыр екен. Оларға мені таныстырды. – Болат деген ағаларың, Ақсуаттың баласы. Сегізінші сыныпта оқиды. Мен оны осы бөлмеге староста етіп сайладым, қарсы емессіңдер ме? Балалар мені атам заманнан білетіндей шу ете қалды. – Қарсы емеспіз! Ағай енді оларды маған таныстырды. – Мынау Есет деген бала. Алтыншы сыныпта оқиды. Үйі бірінші фермада. Ана бала – Елтай. Ол да бірінші фермадан. Мына бала – Шапағадин. Үшінші ферманыкі. Бесіншіде оқиды. Мына ұзынтұра – Сағатбек. Есіл-дерті кітап. Бір сөзбен айтқанда, бәрі де інілерің. Бөлмеге тағы да бір-екі бала келеді. Сонымен түгелденесіңдер. Ал, айтарым, тату-тәтті тұрыңдар. Болат, бұлардың ішіндегі ересегі өзің, бәріне жауап бересің. Сабағына. Тәртібіне. Әрқайсысы әр үйдің еркесі. Қас-қабақтарына қара. Бөлмелерің таза болсын. Сөздің қысқасы, интернат – екінші үйлерің. Ағай шығып кетті. Жанымда Ақбай қалды. Ол мені қолды-аяққа тұрғызбай тағы да сүйреледі. – Жүр, Тоқандарға барайық. Олар екінші корпуста. Екінші корпус дегені – жатағандау көп терезелі көршілес там екен. Бәріміздің басымыз қосылып, мәре-сәре болып қалдық. Мен тіпті азандағы ренішімді ұмытып та кеттім. Көкірегімдегі мұз ерігендей. Ашу қысқан күйде тәуекел етіп интернатқа келгеніме еш өкінген жоқпын. Кейде ашу-реніштің де осындай пайдасы болады екен-ау. Кейде ашу дұшпан емес секілді. Бірақ бір уайымым Сәтіш апамның үйіндегі заттарымды қалай аламын деп қиналдым.
– Ой, сол да сөз бе?! – деді Ақбай. – Жүр, бәріміз бірге алып келейік. – Қалай? – Солай. Несіне қиналасың? Мен болған жайды айтып бердім. Ақбай қолын бір сілтеді. – Саспа! Түк те емес. Ақбай Сәтіш апамның үйіне кіре самбырлап сөйлей бастады. – Апа, халіңіз қалай, денсаулығыңыз жақсы ма? – Сөйтті де қасына жақындаған Берікті бетінен шөп-шөп сүйді. – Апа, өзі ауылдың айналдырған төрт-бес баласымыз, бәріміз бірге болсақ деп ойлап едік, сіз қарсы болмасаңыз, Болатты қасымызға алмақшымыз. Жаңа Жайылхан ағайға айттық. Екінші бөлмеге орналасты. – Ау, Болатжан, аяқ астынан мұның не? Немене біздің үй ұнамады ма? Ертең апаңа не деймін? Бұл жолы да Ақбай сөз тауып кетті. Өтірікті соғып жіберді. Мен аузымды ашып үлгермедім. – Мен кеше ауылдан келдім. Болатты қасымызға алам деп айтып кеттім. Ол кісі келісті. – Е, онда... Сәтіш апам еңсесінен ауыр бір жүк түскендей терең бір дем алды. – Кәне, босағада неғып тұрсыңдар, үйге кіріңдер, шай ішіңдер. Жік-жіпар болып бізді төрге оздырды. Таңертеңгі шай әлі жиылмаған екен. Бұл жолы дастарқанға көл-көсір ғып ақ жұмсақ көмеш нанды турап тастады. Әрқайсымыздың алдымызға уыс-уыс кәмпит қойды. Мен таңдандым. Алақолдығы қайда? Құтылғанына қуанғаны ма әлде қонып қалмайтын, айлап тұрып қалмайтын бір келіп кететін балаларға сараңдығын көрсетпейін деді ме. Айтсам, ешкім сенбейтіндей. Азандағы Сәтіш апама мүлде ұқсамайды. Ақжарқын. Жомарт. Сәтіш апам мені шығарып салып тұрып: – Болатжан, үйдің тамағын сағынсаң, келіп тұр, – деді. Мен ішімнен: «Үйдің тамағына аңсарым ауар-ау, бірақ сіздің үйді сағына қояр ма екем?» – деп ойладым. Қара шабаданды көптеп-көмектеп көтеріп, интернатқа келдік.
Қырғи-қабақ күндер. Ақбай – атаман
Бірақ шынын айтуым керек, алғашқы күндер біз үшін – Ақсуаттан келгендер үшін онша тәтті бола қойған жоқ. Бақшаға ұрлыққа түскендей бір түрлі шетқақпай болып жүрдік. Бірден сіңісіп кете алмадық. Интернаттың «байырғы тұрғындары» ылдым-жылдым ішке тартпады. Жоғарғы сыныптың оқушылары өздерінше дөң айбат көрсетті. Мүйіздеді. Не кінәміз бар екенін білмедік. Біз өздігімізден ешкімге соқтыққан жоқпыз. Жаңа жерге үйренісе алмай тыптыныш жүрміз. Сонда да жақпаймыз. Мазақ қылады. Ақбайға «түйе», маған «шақар», Тоқанға «тасқара», Жақыпқа мұрнының үлкендігіне байланысты «мұрын» деп, лақап аттар жапсырды. Бір қызығы, бетімізге ештеңе демейді. Тайсақтайды. Себебі көбіне төртеуіміз жұп жазбай бірге жүреміз. Неге екені белгісіз, бұрын ауылда басымыз піспеуші еді, мұнда ондай кикілжіңнің бәрін ұмыттық. Ал жеке-жеке келе жатсақ, ешқайсысы именбейді. Төбелестен басқаның бәрін көрдік. Енді сол ғана қалды. Бір күні ол да болды... Тоқан екінші корпуста сегізінші бөлмеде жататын.
Жұма күні кешкілік жау қуғандай менің бөлмеме ентігіп кіріп келді. Түрі өрт сөндіргендей. Жылаған ба, көзінің айналасы қып-қызыл. Ақбай, Жақып, мен – үшеуіміз бірге сабақ әзірлеп отырғанбыз: – Не болды? – дедік жарыса үрпиіп. Тоқан қолымен көзін уқалап, шалқалап менің кереуетімнің үстіне жата кетті. Әлден соң барып тіл қатты. – Әмір ұрып жіберді. – Неге? Не істеп едің? – Еш кінәм жоқ. – Сонда жөн-жосықсыз ұрды ма? Біз айран-асырмыз. Тоқанның сөзінің ұзын-ырғасы мынадай болып шықты. Ахмет деген бала бөлме кезекшісі екен. Тоқан оған: «Еденді жу, есіктерезелердің шаңын сүрт!» – дейді. Ол айтқан тілін алмайды. Қасарысып отырып алады. Тоқан қабағын шытып, ұрысады. Сол-ақ екен, әлгі бала «қазір Әмірге айтам» деп, бөлмеден шыға жөнеледі. Әмір – тоғызыншы сыныптың баласы. Шашы тік. Мұрны пүштиген. Өзі боксқа қатысады. Күші тасып, күнде қабырғаны төмпештейді де жатады. Бөлмедегі өзге балалар: «Бекер ұрыстың. Әмір екеуі бір ауылдан», – дейді Тоқанға. Сөйткенше болмай, Әмір кіріп келеді. Келеді де Тоқанның бетінен шапалақпен тартып-тартып жібереді. Сосын жұдырығын тұмсығына иіскетіп тұрып: «Екіншілей Ахметке ауыз ашушы болма, оны кезекшіліктен босат», – дейді. Міне, бар мәселе осы. Тоқанның ашуға булығып келген беті екен. Ақбай орнынан атып тұрды. – Жүріңдер, қашанғы үндемей жүреміз. Үндемес Жақып та өре түрегелді. – Бұлардың әбден ызасы өтті. Әйда, кеттік! Жүгіріп сыртқа шықтық. Ақбай Әмірдің бөлмесінің есігін теуіп ашты. Әмір іс дәл бұлай насырға шабады деп ойламаса керек, кереуетінде аяғын айқастырып, ыңылдап ән салып жатыр. Таңдана басын көтерді. Төбелесте ешқандай «сіз-біздің» болмайтыны белгілі. Ақбай: – Тоқанды неге ұрасың?! – деп айқайлады. Әмір мырс етіп күлді. – Батырын... Өңшең күшік. Мықты болсаң, жекпе-жек шық, бір адамға төртеуің жабылмақсыңдар ма? Енді қайттік? Ақбайға қарадық. Арамыздағы батырымыз сол. Сенеріміз өзі. Ақбай да тайынбады. – Шық ендеше далаға! Әмірді ортаға алып төртеуіміз күндегі волейбол ойнайтын алаңға қарай жүрдік. Қайдан естігендерін қайдам, лезде балалар жиналып қалды. Ақбай мен Әмір шартпа-шұрт ұстасты. Ақбай қазақша күрестің әдісіне салды. Әмір бокстың айла-шарғысына басты. Айнала у-шу. Балалар құдды жарысқа ат қосып тұрғандай. – Аяқтан шал! – Бастан ұста! – Қап! – Кеудеден мыты! Ақбай үнсіз. Әмір анық жеңетініне көзі жеткендей, аузына тыным жоқ. Жұдырығынан бұрын сөзімен доқ көрсетіп әлек. – Қазір көкеңді танытайын. Сен менің кім екенімді білмей жүр екенсің ғой. Саған күнде еден жуғызып қоймасам ба осыдан!
Мен Ақбай бойымен басса да бірдеңе қылар деп тұрмын. Денесі ірі. Әмір оған қарағанда шарғалау. Бірақ шымыр. Бұлшық еті бұлт-бұлт ойнайды. Ойлағаным болды. Ақбай Әмірді дік көтеріп алып, әуеде қол-аяғын тырбаңдатып, жерге қонжитты келіп. Сөйтті де үстіне мініп алды. Тыпыр еткізбеді. – Жібер деймін. Әмірдің даусы қыр-қыр, қылғынып барады. – Екіншілей біздің ауылдың балаларына қол көтересің бе?! Әмір ойланғандай біраз уақыт үндемеді. Ақбай да жан алқымға алып қояр емес. – Айт деймін! Әйтпесе қазір аузыңа құм құямын! Ақбай жерден бір уыс топырақ алды. Әмір көзі аларып көкке қарады. – Айт, кәне! – Тимеймін! – Уәде беремін де! – Уәде беремін. – Антыңды бұзсаң, аяушылық күтпе! Ақбай Әмірдің үстінен тұрды. Әмір анталаған балалардың бетіне қарауға жүзі шыдамай, бүк түсіп едәуір жатты. Бұл атаманның ақыры еді. Ол жаман азарланды. Енді бұдан былай мерейі үстем болмайтынына өкінді. Бұрынғыдай еркін билеп төстей алмайды... Масқара ғой... Интернаттың ендігі атаманы – Ақбай. Ол – біздің ауылдың баласы. Бірақ Ақбай Әмірдей емес. Жөн-жосықсыз ешкімге тиіспейді. Әлсіздердің қорғаны. Бәрінен бұрын бүгіннен бастап интернаттың «байырғы тұрғындарының» қоқанлоққысынан құтылдық.
Ақ кеме
Тамақтан кенде емеспіз. Үш мезгіл ішеміз: азанда сағат сегізде, түсте, кешке сағат жетіде. Шай, кисель, кеспе, котлет, борщ, күріш, макарон. Бәрі бар. Нанды үстелдің үстіне үйіп қояды. Бірақ неге екені белгісіз, бәрібір қарнымыз аша береді. Әлде жұғымы жоқ па? Бәлкім, көңіліміз тоқ емес шығар. Үйден алыстамыз. Ауылды сағынамыз. Жанымызда әке-шешеміз, ініқарындастарымыз, туған-туысқандарымыз жоқ. Әлде үңірейіп солардың орны біліне ме? Ауылда үш мезгіл түгіл, бір уақ дұрыстап тамақ ішуші ме едік? Өзім шынын айтуым керек, адам құсап ел қатарлы дастарқан басына отырған кезім сирек. Қауырт жұмыста жүргендей ойыннан қолым тимейді. Апам шақырашақыра әбден сілесі қататын да, сосын тіпті мені іздеуді қоятын. Күн ұзаққа үзіп-жұлып бірдеңе жеген боламыз. Көбіне шекер мен нан. Бірақ сонда да қарнымыз ашпайтын. Себебі неде? Ал интернатта басқаша. Тамақтан соң кешке балалар тумбочкаларына үш-төрт кесек нан әкеліп қояды. Түнімен жеп шығады. Кішкентайлардың төсектері азанда нанның қиқымынан көрінбейді. Қағып жатқаны. Бүгін сенбі. Жақын маңайдағы фермалардың балалары автобуспен үйлеріне кетті. Интернатта біздер ғана қалдық. Сенбі-жексенбіде аулымызға бара алмаймыз. Алыс. Дүйсенбіге сабаққа үлгермейміз. Құрдай қатынап жатқан машина да жоқ. Біз шын мәніндегі шегеленген тұрақты тұрғындармыз. Ауылға тек каникулда ғана барамыз. Орынкүл мен Бибайша бізге онша қосылмайды. Кеңшардағы құрбы қыздарының үйлеріне барады. Бір мезгіл үйдің шайын ішеді. Ал менің көңілім
қалғандығы сондай, Сәтіш апамның үйіне қарай аяғымды аттап басқым келмейді. Кеңшардың балаларымен етене танысып та кете қойғам жоқ. Мінезім тұйық. Оңайлықпен дос табуым қиын... Түс қайта Ақбай, Жақып, Тоқан, мен – төртеуіміз үлкен дүкенге барып бір көмеш ақ нан, жарты кило кепкен колбаса, бір құты қою тәтті сүт алып, дарияның жағасына тарттық. Дария кеңшардан бір шақырым жерде. Дарияны жағалап бұрын паром жүрген тұсқа елдік. Жардың басында ертеден қалған ескерткіш құсап дәу ақ кеме тұр. Кеме деген аты ғана. Құр қаңқасы. Есіктерезесі жоқ үй секілді. Аңғал-саңғал. Бұл ақ кеме бұрын мына дариямен берісі Қызылорда, әрісі Арал – екі аралықта жайынша жүзген көрінеді. Зат тиеген. Адам тасыған. Сенбейсің. Өтірік нәрседей. Мынадай алып кеме жүзбек түгіл, дария қазір кішкентай катерлердің өзіне тарлық етеді. Суы тартылған. Арғыбергі жағасы – қол созым, бір тұтам. Сиырлар әрі-бері кешіп өте береді. Аянышты-ақ. «Сырдың суы сирақтан келмейді «дегеннің өзі. Бәлкім, сүйегі қанқиған ақ кеме жардың басында тұрып, баяғы жастық шағын сағынатын шығар. Ақ кеменің қара қожалақ даңғырлаған палубасында отырып алып, біз де ауылды ойлаймыз. Мұңымыз, сырымыз бір. Мұнда тамақ жеу үшін келмейміз. Құр ермек. Әңгімеміз – көңілдің, сағыныштың әңгімесі. – Бірінші тоқсан аяқталғанша әлі қанша уақыт... – деді Жақып, аузындағы бір жапырақ колбасаны ықылассыз шайнап. Сол-ақ екен, шерімізді тарқата бастадық. – Егер мен әкім болсам, біздің ауылға он жылдық зәулім мектеп салдырар едім. Кейін балалар біз құсап қиналмас еді. Бұл – Ақбайдың сөзі. – Мен бірінші хатшы болам, – деді Тоқан. – Ауданнан, кеңшардан ауылға күнде ұшақ ұшырып қоям. – Сендер алыс күндерді армандап кеттіңдер ғой, – дедім мен. – Одан да тап қазір дарияға су толып, мына ақ кемемен ауылға қарай жүзе жөнелсек қой... – Дария біздің ауылға бармайды емес пе? – Неге? Барады. Бір саласы қуаң. Көсенің тұсынан қуаңға түсеміз. Ақбай орнынан ұшып тұрды. Қолындағы сүттің бос қалбырын жерге лақтырып жіберді. – Болат тауып айтты. Кәне, каютаға кіріңдер, мен кемені жүргіземін. Кеттік ауылға! Сөйтті де салдыратып он екіде бір нұсқасы жоқ штурвалдың жұрнағын әрібері қозғай бастады. – Бұл кемеге тек біздің ауылдың адамдары ғана мінеді. Туды жоғары көтеріңдер. Тудың дәл ортасында ауылдағы бұлақтың суреті болады. Мен – кеме капитанымын! Қиял құшағына беріліп, ақ кемемен жүзе жөнелдік... Бәлкім, бұл арманымыз орындалар да. Сағынышымыз да басылар. Жақын арада ауылға да барармыз. Тек ақ кеме баяғысынша дарияда жайынша жүзер ме екен? Әлде осылай жар басында қаңқиып тұра бере ме? Сондай аянышты... Шартабақша қызарып күн де ұясына қонды. Аспаннан суық жылтырап жұлдыздар көріне бастады. – Қой, үйге қайтайық, іздеп жатқан шығар, – деді Ақбай. Оның сөзін Жақып түзетті. – Үйің не, интернат де... – А, солай екен ғой... үйреніп қалған ауыз... Мен ақ кеменің сыры кетіп қара қотырланған кемерінен бір сипадым.
– Қош бол, ақ кеме!
«Атамды сағындым...»
Мұғалімдер күніне концерт қоятын болдық. Бәйгеде өнері асқан бөлмелерге сыйлық берілмек. Әр бөлме өзінше дайындыққа кірісті. Бірақ, бір аңғарғаным, нөмірлерінде жұртты елеңдетердей пәлеңдей ештеңе жоқ секілді. Сол баяғы бір сарын: ән, тақпақ, би... Мұның несі қызық? Біз де сөйтпекпіз бе? Жо-жоқ, оларға мүлде ұқсамауымыз керек. Сыйлықтан сонда ғана дәме қылуға болады. Бұл үшін не істеу қажет? Мен көп ойландым. Пьеса қойсақ ше? Табылған ақыл. Түскі тамақтан соң кеңшардың кітапханасына құстай ұштым. Кітапханадан пьесасы бар алты кітапты арқалап интернатқа келдім. Сабақты жиып қойдым да, әлгі әкелген кітаптарымды бас алмай оқуға кірістім. Көбісіне түсінбедім. Ащы ішекше шұбатылған ұзақ, аяғына жеткенше басын ұмытып қаласың. Әрі кейіпкерлері айтатын сөздер құлаш-құлаш, оларды кітаптан оқып бермесең, былайша ауызша айту қиын. Кітаптар мен ойлағандай болмады. Ылғи соғыс, махаббат, зауыт-фабрикалар жөнінде. Ал маған интернат... ондағы тәрбиеші ағай-апайлар, балалар туралы жазылған нәрселер керек еді. Екі күн бас алмай оқып, ештеңе таппай, алған кітаптарымды рақметімді айтып, қайтып апарып бердім. Ойға алған ісім жүзеге аспайтын болды-ау. Бірақ тағы бір үміт оянды кеудемде. Кішкентай бір пьесаны өзім неге жазбаймын? Жұрт қайдан біледі, әлдебір мықты жазушыныкі дейді ғой. Әрі мен де жазушы емеспін бе, ай сайын аудандық «Дала таңы» газетіне жапырақтай-жапырақтай мақалаларым, бір-екі шумақ өлеңдерім шығады... Бір түрлі еңсем көтерілді. Түнімен ойландым. Бір қызық оқиға керек. Бұл оқиғаны да таптым. Өткендегі Елтайдың ісі... Нағыз. Одан артық не қажет? Бүкіл интернатты дүрліктірген жоқ па? Бір оқиға сондайақ болар. Тәуекел. Ендеше кірістім! Авторы кім? Әрине, басқа бір жазушы. Мен дегенге сене қоймас. Қуандық Түменбаев. Газеттерден әңгімелерін оқығанмын. Еркін жазады. Сөз саптауы ұнайды. Әрі кейіпкерлері де біздің ауылдың адамдары секілді. Көңіліме жақын. Суретшілер сияқты бет-аузы сақал-мұрт. Атын не деп қойғаным жөн? Таптым! «Атамды сағындым». Жазбақ «нәрсемнің» мазмұны осыған келеді... Сонымен пьесамды өзім оқыған кітаптардағыдай етіп құрдым. ұзын-ырғасы былай болып шықты.
Қ а т ы с у ш ы л а р:
Жантас – төртінші сынып оқушысы
Азат – бесінші сыныпта оқиды
Ермек – алтыншы сыныптың баласы
Тұрман – сегізінші сыныптан
(Бәрі бір бөлмеде жатады. Интернаттың балалары).
Әділ – тәрбиеші ағай
І-к ө р і н і с
Ымырт үйірілген шақ. Интернат. Бөлме іші. Үш бала сабаққа дайындалып отыр. Бірақ көздері кітапта болғандарымен, көңілдері мазасыз. Тұрман: Жантас қайда жүр? Мана кешкілік тамақ та ішкен жоқ. Сонда әлі мектептен келмегені ме? Азат: Білмеймін. Мен де көрген жоқпын...
Ермек: Бір досының үйіне кеткен шығар. Тұрман: Немене, қонып қалмақшы ма? Тәртіпті білмей ме? қазір Әділ ағай сұраса, не дейміз? (Бір сәт үнсіздік. Айтып ауыз жиғанша сықыр етіп есік ашылады. Бөлмеге күлімсіреп Әділ ағай кіреді). Әділ ағай: Әп, бәрекелде, сабаққа осылай дайындалу керек. Төрт көздерің түгел ме? Ау, Жантас қайда? Тұрман: (Күмілжиді) Білмейміз... Мектептен әлі келген жоқ. Әділ ағай: (қабағын көтеріп таңданады.) Сонда тамақ та ішпеді ме? Тұрман: Тамаққа да келмеді. Әділ ағай: Оның мұндай өнері жоқ еді ғой. Тәртіпті балалардың бірі. Сірә, бірдеңе болған шығар. Бағанадан бері неге іздемедіңдер? Мектепте сабақтың біткені қашан. Маған неге айтпадыңдар? Тұрман: Келетін шығар деп ойладық... Әділ ағай: Ойладық, ойладық... Тым ұзақ ойланыпсыңдар. Сөздерінің түрін. Сендерді де бір үйдің, бір бөлменің балалары дейді-ау. Зат емес, мал емес, адам жоғалып отыр. Ал сендер тып-тыныш сабақ оқып отырсыңдар. Бұларың жарамайды. Бұл жерде қандай туысқандары бар еді? Азат: Бүркітбай, Нұржан, ләпкеші Сағындық... Әділ ағай: Онда, кәне, үшеуің Жантастың осындағы барлық туысқандарының, сыныптастарының үйіне кіріп шығыңдар. Қайтсеңдер де тауып әкеліңдер! (Тұрман, Азат, Ермек үшеуі бөлмеден асығыс шығып кетеді).
ІІк ө р і н і с
Тастай қараңғы көше. Абалап бейуақ үрген иттер. Үш бала үй-үйдің есіктерезесін қағып жүр. – Бұл кім? – Аға, біз ғой. – Бізің кім? – Интернаттың балалары. – Жай ма? – Жантасты іздеп жүрміз. – Біздің үйде жоқ. – Онда жақсы. Сау болыңыз. – Бірдеңеге ұшырамаса нетті... ......................... – Ассалаумаәликум? – Әликуммәссалам. Ау, жеті түнде неғып жүрсіңдер? – Жантасты іздеп... – Немене, интернатта жоқ па?! – Жоқ... – Қайдам, біздің үйге келмеді. – Жарайды, ендеше... – Асхат, Жантас бүгін сабақта болды ма? – Болды... Бірақ соңғы сабаққа қатыспады. – Қайда кетті? Айтқан жоқ па? – Айтпады. Біз бір шаруасы болып интернатқа кеткен шығар деп ойладық. – Солай де.
– Интернатқа бармап па? – Қызықсың өзі, болса өстіп сарсылып жүреміз (Үшеуі он шақты үйге кіріп шығады. Жантасты таппай ұнжырғалары түсіп, интернатқа келеді. Есік алдынан Әділ ағай жолығады). Әділ ағай: Жоқ па? Тұрман: Жоқ. Таппадық... Әділ ағай: пырай, ә! Қайда кеткен? Жарайды, бара беріңдер... ІІІк ө р і н і с Түскі уақ. Бөлмеге Жантас әндетіп кіріп келеді. Тұрман, Азат, Ермек әрі таңданып, әрі қуанып орындарынан атып тұрады. – Ура! – Табылды! – Келді! Үшеуі бас салып құшақтай алады. Жантас айран-асыр. Жантас: Не болды сонша? Мені жаңа көрдіңдер ме? – Иә, жаңа көрдік! (Жан-жақтан сұрақ қардай борайды). – Екі күннен бері қайда жүрсің? – Қайда болдың? (Жантас мәз болып күледі). – Ауылға барып қайттым. – Неге айтып кетпедің? (Осы сәт бөлмеге Әділ ағай кіреді. Жантасты көріп қуанып кетеді. Бірақ іле-шала түсін суытады.) Әділ ағай: Ау, батыр, қайда жүрсің? Жантас: Ауылға бардым. Әділ ағай: Не, бір шұғыл шаруа болып қалды ма? Жантас: Жоқ. Атамды сағындым. Кеше гараждың алдында бір машина біздің ауылға жүргелі тұр екен, соған мініп кеттім. Әділ ағай: Қызық. Атаңды сағынсаң, өстіп кете бересің бе? Алдағы демалыста баруыңа болатын еді ғой. Жантас: Оған дейін шыдай алмадым. Атамды қатты сағындым... Әділ ағай: Тәртіп қайда? Біз сені кешелі бері іздемеген жеріміз жоқ, табанымыздан таусылдық, жүйкеден жүйке қалмады. Бұл «атамды сағындым» дейді ғой. Баласың ба сонша? Жантас: Әрине, баламын. Екіншілей қайталамаймын. Атамды сағынғасын... Әділ ағай: Жоқ, сенің бұл ісіңді аяқсыз қалдыруға болмайды. Ертең интернат жиналысына саламыз. Тәртібіңді қараймыз. Солай емес пе, балалар? Өзгелерге де сабақ болсын. (Жантас басын төмен салып тұр. Көзінде мөлт-мөлт жас). Тұрман: Ағай, бір жолға кешірейік. Әділ ағай: Неге? Тәртіп бұзғаны үшін бе? Тұрман: Атасын сағынған. Атасын сағынса – тәртіп бұзғаны ма? Әділ ағай: Солай де. Азат: Ағай, кешірім жасайықшы. Ермек: Ендігәрі қайталамайды. Әділ ағай: Сендер ақыл айтып, ұрысудың орнына бұларың не? Азат: Мен де апамды сағындым... Тұрман: Мен де ауылды ойлап жүрмін... Болат: Әжемді түсімде көрдім... Әділ ағай: (Күледі) Е, бәріңнің ауруларың бір екен ғой(Ойланады). Жарайды, онда бір жолға кешірдім. Бірақ сағыныштың да жөн-жосығы бар.
Сағынба демеймін, сағыныңдар. Онсыз болмайды. Мен кешелі бері түнде ұйқы, күндіз күлкіден айырылдым. Бағана сабақта да алаңдадым... Әйтеуір, арты жақсы болды. Тіпті шыдай алмай бара жатсаңдар, маған айт-саңдаршы...Тас жүрек емеспіз, түсінеміз... (Шығып кетеді). Үш бала Жантасты орталарына алады. Жантас ауылдан әкелген базарлығын: бауырсақ, құрт, ірімшіктерін үстелдің үстіне қояды. (Шымылдқ. Соңы. Сахнадан көңілді ән әуен естіледі). Рөлдерді өзіміз ойнадық. Жантас – Елтай, Шапағадин – Азат, Ермек – Сағатбек, мен – Тұрманмын. Ойлағанымдай пьеса балаларға кәдімгідей әсер етті. «Пәлі, жазушы тура біздің интернатта болған әнеугүнгі оқиғаны жазған екен, тек кейіпкерлердің аттары ғана бөлек», – деп таңданды...
Ауылға жол
Бұл бір ең ұмытылмайтын күн болды. «Ақ кеменің» үстіне шығып алып, дарияның арғы бетіне телміріп қарап жүргенімізде, ақ түйенің қарны жарылып, күтпеген жерден ауылға барудың орайы туды. Бөлмеде отырғанмын. Есікті жұлқып ашып ішке Ақбай кіріп келді. Жүз метр қашықтыққа жүгіргендей екі танауы делдиіп кеткен. Әй жоқ, шәй жоқ, мені қарымнан қысып ұстап, сыртқа қарай сүйреледі. – Ау, не болды сонша?! – Таста бәрін. Жүр. Ауылға барамыз. Жайылхан ағай айтты. Бұл не ғажап? Сонда қалай, ағай бізді өткенде мен жазған пьесадағыдай сағынышын бассын деп, ауылға жіберіп жатқаны ма? Мен аң-таңмын. Ақбай бірдеңе деуге мұрша беретін емес. Аузымды алақанымен жапты. – Ағай айтты-бітті. Интернатқа сексеуіл әкелеміз. Мәселе еңді түсінікті болды. Мен дедектеп Ақбайдың алдына түстім. Тәрбиешілер бөлмесінде Тоқан да отыр екен. Бір-бірімізге жымың-жымың қараймыз. Жайылхан ағай былай деді: – Үшеуіңді Ақсуатқа сексеуілге жібергелі отырмын. Интернатқа бір машина сексеуіл керек. Отын таусылып барады. Әрі алдымыз – қыс. Бұған қалай қарайсыңдар? Ағай да қызық, мазақ қылғаны ма, «бұған қалай қарайсыңдар» дегені несі, біздің іздегеніміз де осы емес пе, тәйірі, сол да жұмыс па, саяхат қой, саяхат, әйтеуір, қайда жұмсаса да, ауылға барсақ болды. Үшеуіміз бірдей шу ете қалдық. – Барамыз! – Ендеше тамақтарыңды ішіп, жақсылап жылы киініп алыңдар. Етікқолғаптарың бар ма еді? – Ауылда, үйден аламыз ғой. – Жөн. – Ағай сәл ойланды. – Бірақ сонша жерден барып кілең көк шырпы тиеп келмеңдер, ірі сексеуіл болсын. – Мен сексеуілдің қалың жерін білемін, – деді Тоқан. – «Байсарының» ойы сыңсыған сары жігер . – Жақсы онда. Қазір Наурызбай келеді. Ал бара беріңдер, сәтін салса, ертең кешке қайтып ораласыңдар ғой. Үшеуіміздің баратынымыз анық болды. Бұған көзіміз жетті. Бірақ Жақып ше? Ағай оны неге қоспады қасымызға? Ол да ауылды сағынып жүр. Маған
құдды сексеуілге ауылды сағынып жүрген балаларды ғана жіберіп жатқан секілді болып көрінді. Ақбайды бүйірінен түртіп, құлағына сыбырладым. Солақ екен, жылдам әдетімен Ақбайдың аузы жып ете қалды. – Ағай, бізбен бірге Жақып та барсыншы. Жайылхан ағай Ақбайдың бетіне сықсия қарады. – Немене, мен сендерді қыдырсын деп жіберіп отырмын ба, сексеуіл әкелесіңдер. Жұмыс. Мен де өтіндім. – Жақып сексеуілді машинаға пәттелеп орнықты қылып, әдемі тиейді. Ағай қолын бір сілтеді. – Болмайды. Қайтарда кабинаға симайсыңдар. – Сексеуілдің үстіне мінеміз ғой. Ауылда үнемі жүктің үстінде отыратынбыз, бізге кабина қайда... – Жазатайым құлап кетсеңдер ше? Мен басыммен жауап беремін. Әрине, оның беті аулақ. Бәрінен бұрын төртеуіңді бірдей сабақтан босатпайды. Директордан үшеуіңді әрең сұрап алдым. Өздерің жақсы білесіңдер, Жақып оқудан нелеу ғой... одан да сабағына әзірленсін. Мұнда сексеуіл тасу үшін емес, естеріңде болсын, әуелі оқуға, білім алуға келдіңдер, сендерді амалсыз жіберіп отырмын... Сөз осымен бітті. Іштей Жақыпты аядық. Оны жан аяғы баспаған аралға жападан-жалғыз тастап бара жатқандай сезіндік. Алқам-салқам борты салдырлап, интернаттың алдына мектептің газигі келіп тоқтады. Ол бізге арқыраған тұлпардан артық көрінді. Кабинаның терезесінен сыртқа басын шығарып Наурызбай аға: – Сендер ме Ақсуатқа баратын? – деді. – Иә, біз. – Кеттік! Үшеуіміз жарыса кабинаға ұмтылдық. Әлгінде жанымызда Жақып тұрған, осы сәт ол теріс айналды. Ренжіді ме әлде біздің бақытты сәтімізді көргісі келмеді ме кім білсін...Бәлкім, жанарына жас үйірілген шығар... Дариядан өтіп, кеңшардан ұзағасын: – Ал, кәне, әңгіме айтыңдар, жол қысқарсын, – деді Наурызбай аға. Не әңгіме айтамыз? Үнсіздіктен өзі құтқарды. Әрқайсымыздың әке-шеше, туған-туысқандарымызды ежіктеп сұрай бастады. – Ә, сен Әбікеннің баласымын де. Ортаншысысың ғой? Әбікенді жақсы білем. Осы сенің ағаң баяғыда Исаның асында палуан күреске түскен жоқ па еді? Ал сенің шешең Ақтөбенің қызы ғой. Солай деңдер... Осы секілді. Өзі айтады, өзі мақұлдайды. Бәрін біледі. Жәй әңгіме үшін, жол қысқарсын дегендей.Бір уақытта ыңылдап ән айтты. «Беріп кет-ай сақинаңды-ай мыс та болса-ай...» Өзі әңгімешіл. Өзі әнші. Қандай жақсы. Жанындағыларды ешқандай зеріктірмейді. Әлде шоферлардың бәрі осындай ма? үнемі жолда жүреді. Машина айдауы да жайлы. – Бұл әбден сартап қылған жолымыз ғой, – деді ол Шөже бұлағына жеткенде. – Ой-қырын, шұқанағына дейін жатқа білемін, әр сүйемі – бір тарих, нелер бастан өтпеді... Өткен күндер... Әлі есімде, ұмытпасам, бұрнағы жыл болуы керек, каникулға шыққан интернаттағы сендердің ауылдарыңның балаларын алып келе жатып, құдай ұрып, машина бұзылды да қалды. Әрі шұқылаймын, бері шұқылаймын, жөнделмеді. Енді не лаж қылу керек? Қақаған қыс. Желтоқсан айы. Аяз жаланып тұр. Далада калдық. Қатынап жатқан
машина жоқ. Көз байланды. Лаулатып от жағып, бойымызды жылытып біраз отырдық. Жұмабекті білесіңдер ме, сол бір уақта: «Бұдан үсіп өлеміз, одан да жаяулап ауылға қарай тарта берейік», – дегені емес пе. Жанындағы балалар қоштап шу ете қалды: «Кеттік!» Сонымен, қойшы, Ақсуатқа қарата жаяу жол шектік. Ауыл алыс. Шамамен отыз шақырым. Жаз болса, бір сәрі. Қыста қиын. Балалар жолда үсіп кете ме деп жаман қорықтым. Бірақ бекер қауіптеніппін. Біреуі де қыңқ етпеді. Даланың балалары мықты ғой, қаланың баласы секілді шінжәу емес. Қайта қуыспақ ойнап, ауық-ауық жүгіріп, ауылға түн ортасында жетіп бардық. Мен оларға ұялғаннан әрең ілестім. Олар ештеңені елейтін емес. Әке-шешелеріне деген сағыныш па, әйтеуір, тартты да отырды. Осындай қиыншылықпен оқыған балалар, меніңше, жаман адам болмауы тиіс... Наурызбай ағаның бұл сөзі бір түрлі бізге арналған секілді болып көрінді. Алпар құдығына келгесін: – Ал, кәне, тым-тырыс отырмаңдар, ән айтыңдар, ауылдарыңның төбесі көрініп қалды, – деді Наурызбай аға. Біз қысылмадық. «Ауылым» әнін шырқай жөнелдік. ...Жусаны мен жуасы Бұрқыраған ауылым... Ауылға осы әнді айтып ендік. Ымырт үйірілген шақ-ты. Ауыз үйде апам от жағып жатыр екен, не қорыққаны, не қуанғаны белгісіз, көзінің аясын кең ашып, қолын айқастырып, кеудесіне қойып, әлден уақытқа дейін маған қарап тұрды. Сосын барып тілге келді. – Балам-ау, аспаннан түстің бе, жерден шықтың ба? – Жаңа мектептің машинасымен келдік. – Неге? Жай ма? – Отын алуға. – Е, жақсы бопты... Апам мені тас қып құшақтады. Екі інім келіп аяғыма жармасты. Еркелеп отырып бір-екі кесе шай іштік. Сосын дереу үйдің ішін араладым. Бәрі бәз-баяғы қалпында. Шифоньердің үстінде шаң-шаң болып тұрған қара сырнайды алып, едәуір дарылдаттым. Түнде жүгіріп көрші-қолаң, туғантуысқандардың үйіне кіріп шықтым. Бір түрлі сағынышым басылған секілді. Шөлдеп келіп мұздай суды сіміріп алғандаймын. Жаным жай. Көңілім шат. Ауылдың күнбатыс шетіндегі мектепке бардым. Менің ергежейлі жеті жылдық алтын ұям. Қараңғыда аппақ көйлек киіп алғандай қабырғалары қардай болып тұр. Ішіне кіріп көрер ме еді... Есігінде құлып. Бәлкім, мектебім мені ұмытып та үлгерген шығар. Қаншама бала бітірді, қайсыбірін есінде сақтайды дейсің. Ендеше ұмытса, есіне түсірсін. Түртінектеп жерден бір кесек тауып алдым да, өзім оқыған жетінші сыныптың терезесінің астына ақ қабырғаға маржандай етіп «БОЛАТ» деп жаздым. Менің ауылға келіп кеткенімді бірі білер, бірі білмес... Ал мына ақ қабырға айқайлап айтары сөзсіз. Бұл құр шимай емес, менің мектепке деген сағынышымның белгісі... Апам ешкімнен естімесе керек, менің интернатқа жатқанымды білмейді екен, әдепкіде едәуір таңданды, сосын «е, мейлі, ауылдың балаларының қасында болсаң жарайды» деді. Әрі қарата тергеп-тексермеді. Мұнысы жақсы болды. Әйтпесе Сәтіш апамды қалай жамандаймын? Екі үйдің арасына сыпсың сөз тасып жаманатқа қалған болар едім, әрі апам айтатындай, ағайынның азары болса да безері жоқ, бірде олай, бірде бұлай, қанша ренжіссе де бір-бірін көрмей, мүлде күдер үзіп кетпейді, адам адамға кездеседі, қуанышы бар, қазасы бар, әр нәрсені көңілдеріне ауыр
ала берсе, туған-туысқанның арасындағы қарым-қатынастан жұқана да қалмайды ғой... Ертеңіне Байсарының ойынан ырғалтып бір машина кілең сары жігер сексеуіл тиеп алдық та, жолға шықтық. Мен жалтақтап ауылдың қара қожалақ тоқал тамдарына қарай бердім. Екі арада әлі осылайша үш жыл жүретінім есіме түсіп, бір түрлі көңілім бұзылды. – Оу, батыр, мұның не? – деді Наурызбай аға күліп. Машина тақырлықпен зымырай жөнелді. Кабинадан басымды сыртқа шығардым. Бетімді қарсы соққан суық жел өпті.
Мен – оқу «бастығымын»
Бүгін тәрбиешілер бөлмесіне интернат кеңесінің мүшелері (оқу, тазалық, спорт, шаруашылық секторлары, қабырға газетінің редакторы, бөлме старосталары) жиналдық. Арамызда Молдабек ағай мен Рәйішке апай да бар. Олардың кімдер екенін бір ауыз сөзбен айта кетейін. Тәрбиешілер. Молдабек ағайдың мінезі қызық. Жүрген жері – опыр-топыр, айқай-ұйқай. Аяқ астынан бұрқ-сарқ ашуланады. Жерден алып, жерге салып ұрысады. Бірақ қайтымы тез. Жылдам кепкен жібек орамалдай. Іле-шала айналып-толғанып тұрғаны. Ал, Рәйішке апай біртоға, мінезі жұмсақ. Дауыс көтермейді. Сөзі жып-жылы. Сыпайы. Биязы. Дегенмен, балалар оны тыңдайды. Ренжітпейді. – Бірінші тоқсан аяқталып келеді, – деді Жайылхан ағай. – Балалардың сабақ үлгірімі қалай? Ертең ұятқа қалмаймыз ба? Кім жаман – интернаттың балалары жаман деп жүрмей ме? Екіге шығатындар жоқ па? Мәселе, осының алдын алуымыз керек. Ол үшін ертең оқу секторының мүшелері мектепке барып, сынып журналдарын қарап, «екілігі» бар балалардың аты-жөнін жазып әкелсін. Пән мұғалімдерімен сөйлессін, «екілікті» қалай алған, себебін сұрасын. Осы жетінің соңына таман интернат жиналысын жасап, әлгі балаларды көптің көзінше ұялтып, әңгімелесейік, уәделерін алайық. Бұған қалай қарайсыңдар? Интернат кеңесінің төрағасы, оныншы сыныптың оқушысы бадырақ көз бала елден бұрын қоштады: – Дұрыс, ағай. Алдын алмасақ болмайды. Әйтпесе кез келген жерде мысал қылып айтып жүреді Қалғандарымыз да жамырадық. – Дұрыс, ағай! Әңгіме осымен бітті. Бөлме-бөлмемізге тарадық. Интернаттың оқу секторының құрамында үш баламыз. Бастығымыз Әлтай деген қыз, оныншы сыныптың оқушысы. Екіншісі –Айдос, жетіншіде оқиды. Сосын мен. Түс қайта қолыма бір дәптер мен қалам ұстап, мектепке келдім. Мұғалімдер бөлмесінің есігін қақтым. Іштен: – Рұқсат, кір! – деген дауыс естілді! Бөлмеде оқу ісінің меңгерушісі Шыныбай ағай отыр екен. – Иә, жай ма? Мен келген шаруамды айттым. Ағай қазбалап сұрамады. Сол жақтағы көк шкафтан үш-төрт журналды алып, қолыма ұстатты. – Өзге журналдар мұғалімдерде, сабақ өтіп жатыр. Мен терезенің алдындағы бос үстелге жайғастым. Журналдарды бірінен соң бірін асықпай қарай бастадым. «Екілік» көзіме шалынса, жоқ іздеген адамдай дереу тұсына – фамилиясына үңілемін. Біздікі – интернаттың баласы болмаса,
неге екені белгісіз, өз-өзімнен іштей қуанып кетемін. Ал біздікі – интернаттың баласы болса, қабағым түйіледі, амалсыз дәптеріме түртіп аламын. Сондай ауыр. Тапжылмай екі сағат отырдым. Қара тізімге жеті бала ілінді. Қараптанқарап қысылдым. Намысым келді. Жайылхан ағайдың: «Сендер жаман оқуға тиіс емессіңдер, өйткені алыстан келіп жатырсыңдар», – деп ұрысатыны дұрыс секілді. Ұят-ақ. Дегенмен, себебін білу керек. Қоңырау соғылды. Үлкен үзіліс. Бөлмеге мұғалімдер келе бастады. Мен Қанатбай ағайдың қасына бардым. – Химиядан Мейрамбек неліктен екі алды? Соны айтпас па екенсіз? – Жанқуатов па? – Иә. – Тәртіпсіз. Сыныпта тыныш отырмайды. – Жоқ, маған керегі... химиядан жауап бере алмай қалды ма? – Жауап берді. Есепті шемішкеше шағады. Басы жұмыс істейді. Бірақ тәртібі нашар. Сол үшін «екі» қойдым. Мен түсінбедім. Сонда қалай, сабақ үлгеріміне қоятын бағаны тәртібіне қойғаны ма? Әр нәрсенің өз орны бар емес пе? Бәрінен бұрын Патшагүл үшін қатты ұялдым. Бізбен сыныптас. Сегізінші «а»-да оқиды. Математикадан «екі» алыпты. – Аузын ашпайды, сыныпта далаға қарап отырады, – деді Жармағамбет ағай. Бұдан әрі ештеңе демедім. Белгілі жағдай. Оның бұл «екілігіне» менің де қатысым бар секілді. Өйткені Жайылхан ағай «сабағына көмектес, бірге дайындалыңдар» деп, Патшагүлді маған тапсырған-ды. Өзі бір қызық қыз. Сабаққа құлқы жоқ. Бірақ сыланып-сипанып жүргенде, алдына жан салмайды. Әдемі киінеді. Айнаның алдынан шықпайды. Оған көмектесем деп, соңғы кезде мен балалардың мазағына қалдым. Интернаттың ішкі-сыртқы қабырғасының сау жері жоқ. Шимай: «ПатшагүлБолат» деген жазу. Құдды бір мен оны өліпөшіп жақсы көретіндей. Бар болғаны – бірге сабаққа әзірленеміз. Бірақ мен сабақ түсіндіріп отырсам, Жармағамбет ағай айтпақшы, Патшагүл далаға қарап, әлдебір қиялға беріліп өзімен-өзі отырады. Күйіп кетем. Түйгіштеп алатын ұл емес. Даусыңды да көтере алмайсың, қыз бала... – Қойшы, сонша не болды? Ашуыңды бас... Математиканы білмейтін адам жерде қалар дейсің бе? – дейтінін қайтерсің күлімсіреп түк болмағандай. «Түсіндің бе?» – десем, «Түсіндім» – деп бетіме қарайды. Ал сұрақ қойсам, ләм-мим. Қызық. Не істеу керек? Білмеймін. Қиын қыз... Кешке қызық болды. Кімнен естігендерін білмеймін, мен дәптеріме жазып алған «екілік» бағасы бар балалар бірінен соң бірі бөлмеге келді. – Аға, – деді Қойшан (алтыншы сыныпта оқиды), – бір жолға айтпай-ақ қойыңызшы. Осы жетіде «екілігімді» жоям. Өзі қатты қысылып тұр. Әрең сөйлейді. «Екілігімді жоям» деген кезде «жаудың көзін құртам» дегендей кіжініп кеп жіберді. Иә, көптің алдында беті қызару оңай ма, жағдайын түсіндім. – Жарайды, тек сөзіңде тұр. Сөйттім де, дәптерден оның фамилиясын өшіріп тастадым. Жарқын да, Мейрамбек те, Патшагүл де өтінді. Көңілдерін қимадым. Тәуекел. Жайылхан ағайға өтірік айтуыма тура келді. – Қалай, мектепке бардың ба? Журналдарды қарадың ба? – деді ол. – Қарадым, – дедім бетім бүлк етпей. – Ешкімнің екілігі жоқ екен. Ағай таңданды. Басын шайқады. – Рас па? – Рас.
– Жаңалық қой мынау, бұрын-соңды болмаған... Мен төмен қарадым. Көз алдымда Қойшан, Патшагүлдердің жалынышты бет-жүздері. Құлағымда «бұдан былай ешқашан да екілік алмаймыз» деген сөздері. Мен оларға сендім. Сондықтан да ағайға өтірік айттым.
Ақшаны ұрлаған кім?
Күзгі каникул тамамдалып, ауылдан келгенімізге он шақты күн болған. Бір түрлі көңіліміз де, қарнымыз да тоқ. Бұрынғыдай қит етсе, асханаға қарай жүгіре жөнелмейміз. Қалта-қалта бауырсақ, қуырдақ, құрт-ірімшіктер әлі бар. Әке-шешелеріміз бір кәделеріңе керек болып қалар деп, азды-көпті тиын-тебен де беріп жіберген... Бар пәле сол азын-аулақ тиын-тебеннен басталды. Сабақтан келсем, бөлме дауыл жүріп өткендей у-шу. Ортада айқайлап Шапағадин тұр. – Кім алды? Тауып беріңдер! Әдепкіде түсінбедім. – Не болды? – Жиырма бес сом ақшам жоқ. Көкем өткенде қыстық бәтеңке ал деп беріп еді... Интернатта оқта-текте мұндай «қызықтар» болып тұратыны бар. Бірақ балалы үйдің ұрлығы жатпайды. Түбі оп-оңай ашылады. Дегенмен, жақсы емес. Қолтығыма қысып келген кітаптарымды кереуеттің үстіне тастай салдым да, балаларға қарадым. – Бұл не масқара, арамызда ұры бар болғаны ма сонда? Сен ұрладың деп ешкім мойынына қиып салып тұрмаса да, балалар бірінен соң бірі ақтала бастады. – Мен алған жоқпын. – Мен сабақта болдым. – Білмеймін... – Дүкенге кеттім... Енді Шапағадиннің өзіне шүйілдім. – Қашан жоғалды? – Бүгін. Азанда бар еді, жаңа қарасам жоқ. – Ақшаңды қайда салып ең? – Кәрзеңкемде болатын. – Аузы ашық па еді? – Иә. Құлпы бұзық. – Солай де. Аз ақша емес. Мәселе аз-көбінде емес, ұятын айтсаңшы. Әрі қыс келе жатыр. Бәтеңке алуы керек. – Бүгін бөлмеде кезекші кім? – Мен. – Есет құдды кінәлі адамдай қызарақтады. – Сен қайда қарап жүрсің? Не үшін кезекшісің, осындайларға жауап бермесең? Бөлмеге сырттан өзге балалар келді ме? – Жоқ. Өзіміз отырдық. Мен бөлмені жуып-тазалап, кереуеттердің шаңын сүрттім. Бөлмеде менен басқа Бекет болды. Сабағымызды оқыдық. Сырттан ешкім келмеген. Не болса да бәле – іштен. Бөлмедегі балалардың біреуі. Қайсысы? Шапағадин жыламсырады. – Жайылхан ағайға айтам...
Мен оны арқасынан қақтым. – Бүкіл интернатты дүрліктіріп қайтесің, аты жаман, сәл шыда. Ешкімге ештеңе деме. Бұл әңгіме осы жерде қалсын. Кім ұрлағанын өзіміз табамыз. Жарай ма? Шапағадин маған таңдана қарады. Онша сеніңкіремеді. Қайдан сенеді, мен де өзі секілді баламын, Шерлок Холмс емеспін. Зорлана басын изеді. Ұрыны қалай табу керек? Оңай іс емес. Көп ойландым. Әрқайсысы әр үйдің еркесі. Бір-екі айда мінез-құлықтарын бес саусақтай білу қиын. Кешке ұрысқан адамдарша тым-тырыс жаттық. Бұрынғыдай ашықжарқындық жоқ. Көздерімізде, көңілдерімізде күдік. Балалар бір-бірімен онша ашылып сөйлеспеді. Бірақ мәселе азанда өзінен-өзі шешілді. Сондағы қуанғаным-ай. Балалар төсектерін жинап, киініп, жуынып-шайынып, асханаға кетті. Бөлмеде тек күйбеңдеп Бекет қана жүріп алды. Қараймын: бір жинаған төсегін екі жинайды. Киімін бір киіп, бір шешеді. Босқа уақыт өткізіп жүр. Неге асықпайды? – Мына түріңмен тамақтан қалып қоясың ғой. – Қазір... Есікке барды да, бірдеңесін ұмытқан адамдай кері қайтты. Байқаймын, әлдене дегісі келеді. Ән айтатындай тамағын әлсін-әлсін қырнады. Жанары батылсыз, жалтақ-жалтақ. – Ау, неғып жүрсің күйбеңдеп? – Аға... – Не? – Аға... – Айтсаңшы. – Ұрыспаңызшы... – Аты жоқ, жөні жоқ неге ұрсам? – Мен ұрладым... – Нені? – Шапағадиннің ақшасын... – Неге? – Менің де бәтеңкем жоқ... – Бәтеңкең жоқ болса, біреудің ақшасын ұрлауың керек пе? Кеше каникулда үйіңнен ақша әкелмедің бе? – Үйде ақша жоқ... Бекет қалтасынан алып, төрт бүктелген жиырма бес сомдықты менің қолыма ұстатты. Сөйтті де еңкілдеп жылап жіберді. – Қой, жылама. – Енді мені балалар «ұры» деп атайды ғой. Намысшылын қара. Шынында да ондай бір жаман ат жабыспасын, жабысса, құтылу қиын. Тасқа ойып жазғаннан бетер. – Қорықпа. Өйдемейді. Міне, өз еркіңмен қайтарып беріп тұрсың ғой. Ал ұрылар қайтармайды. – Бәрібір айтады. Мен ойланып қалдым. – Оқасы жоқ, енді бұдан былай бұлай істеме. – Ешқашанда! Биыл да жаман бәтеңкеммен шығам ғой. Апам ауру. Көкем алдыңғы жылы қайтыс болған... Жазда жұмыс істеймін: содан тапқан ақшама жаңа бәтеңке алам, әйтпесе апамның пенсиясы жетпейді...
Бәсе, үйінің жағдайы мәз емес екен ғой. Әйтеуір, үнемі мұңайып жүруші еді. Себебін кім білген... – Жарайды, тамаққа бара бер, ұры атанбауыңа уәде берейін. – Қалай? – Айттым ғой, бұл – менің шаруам... Кешке Шапағадинге дүрсе қоя бердім. – Мә, ақшаң! Балалардан көргенше, тумбочкаңды дұрыстап қарамайсың ба, география кітабыңның арасында жүр. Ол аң-таң. – Қалай? Кәрзеңкемде еді ғой... – Мен апарып салып қойды дейсің бе? Екіншілей бұлай шу көтерме, түсіндің бе? – Түсіндім... – Түсінсең сол, біздің бөлмеде ешқандай ұры жоқ. Кешелі бері тұнжырап көңілсіз жүрген балалар күлім қақты. үстерінен ауыр бір жүк түскендей. Бекет «рақмет, аға!» дегендей, кірпігін жыпылық-жыпылық қағып, маған көзінің астымен қарап қойды. Құпия екеуіміздің арамызда ғана қалды.
Ауруханаға «көмек»
– Болыңдар, тез келіңдер! – деді Молдабек ағай қолын бұлғап. Ақбай, Жақып, Тоқан, мен – төртеуіміз жанына жетіп бардық. Бір жаққа жұмсамақшы шығар деп ойладық. Интернатта не көп – жұмыс көп. Мәселен, асханаға отын жару, дүкеннен қаппен арқалап нан әкелу, мұғалімдердің әлдебір шаруасына қолғабыс беру. Бірақ бұл жолғы шаруа мүлде бөлек болды. – Балалар! – деді ол дағдылы әдетімен саңыраулармен әңгімелесіп тұрғандай айқайлап. – Жаңа маған аурухананың бас дәрігері Жеткер ағаларың келіп кетті. Бізден көмек сұрады. – Қандай көмек? Тағы да жер қазу ма? – Өткенде арық қазып бергенбіз. – Жоқ. Бұл жолы жандарың қиналмайды. – Сонда қандай жұмыс? – Сырқат адам жетпей жатыр екен. Ертең ауданнан комиссия келмекші. Біраз орын бос тұрған көрінеді. Бұған біздің қатысымыз қанша? Мен түсінбедім. Сонда кеңшардан ауру адам іздеуіміз керек пе? – Мәселе осындай. Ұқтыңдар ма? – Жоқ, ұқпадық, – деді Ақбай таңданған күйі. – Түу, сендер де! Ұқпайтын несі бар. Төртеуің бір-екі күн ауруханада жатасыңдар. Комиссия кеткесін, қайтып келесіңдер ғой. – Ағай, біз ауру емеспіз. – Мен не деп тұрмын, уақытша сырқаттанасыңдар, мысалы, суық тиіп... – Ағай... – Сау адамды ауру дегенді бірінші рет көруім. – Болды! Барыңдар! Несі таңсық, жылда комиссия келгенде ауруханаға осылай көмек беріп тұрамыз. Былтыр да сөйткенбіз. Сендер білмейді екенсіңдер ғой, айтпақшы.Әйтпесе аурухананы жауып тастайды ешқандай сырқат кісі жоқ деп...
Сау күйімізде ауруханаға жататынымыз белгілі болды. Қызық. Бірақ шынымен ине салып жүрмесе. Мен инеден қорқамын. Менің бұл сөзімді естіп қойғандай: – Сендерге ештеңе істемейді, ине салмайды, қайта витамин береді. Сабақ оқымайсыңдар, рақаттанып демаласыңдар, – деді Молдабек ағай қарқ-қарқ күліп. Мейлі онда. Төртеуіміз дедектеп кеңшардың ауруханасына келдік. Есіктің алдынан ақ халатты бір әйел қарсы жолықты. – Интернаттансыңдар ма? – Иә. – Қандай жақсы болды, өстіп жәрдем бермесеңдер. Соңымнан еріңдер, сендерге карточка ашайын... Біз ізіне ердік. Бір бөлмеге кіргізді. Өзі кішкентай ақ орындыққа отырды. – Кәне, аты-жөндеріңді айта қойыңдар. Әуелі Ақбайдан бастады. – Ақбай Шертаев. 8-сынып. Есіңде болсын, егер комиссия мүшелері сұрай қалса, тамағыңа суық тиіп, ауырып түстің... – Болат Әбікенов. Сен де 8-ші ме? Саған да суық тиді. Жөтеліп жүрсің. Кәне, бір жөтелші. Мен бір түрлі ыңғайсыздандым. Пьеса секілді.Рөл ойнағандай. – Кәне. Коймағасын қиқылдай жөнелдім. – Үі-үі-үүүүү... – Дұрыс. Оқтын-оқтын осылай жөтеліп жүр. Сенімді болсын. Тоқан мен Жақыпты да жазып алды. Сосын бізге киім әкеліп берді. Киіп алдық. Олпы-солпы. Біріміздікінің жеңі ұзын, екіншіміздікінің балағы қысқа. Клоундарға ұқсадық. Ішек-сілеміз қатты. Дәрігер әйел ескерту жасады. – Тәйт, бұларың не, сырқат кісі күлмейді, ауру құсап жүріңдер, өңдерің сынық болсын... Жым болдық. Төртеуімізді бір бөлмеге әкеп жатқызды. Міне, қызық, Мұндай да болады екен. Аяқ астынан науқас болып шыға келдік... Ертеңіне түсте маған бөлмемнің балалары келді. Көңілімді сұрады. Қолдарында – печенье, кәмпит. ұялғаным-ай. Әлде оларды да Молдабек ағай жіберді ме екен? Олар да өз рөлін ойнап жүр ме екен? Содан, қойшы, табандатып үш күн жаттық. Қырсыққанда, комиссия да кетпей, жүріп алды. Үшінші күні кешке мен шыннан ауырып қалдым. Бөлме суық екен. Терезе ашық-тесік. Пеш жылымайды. Мықтап тұмау тиді. Басымның қызуы көтерілді. Жұрттың ауруханаға неге келмейтінін білгендей болдым. Ауруханадан он күн дегенде әрең шықтым. Бұл күндер біздің бөлменің балалары үшін емтихан секілді болды. Маған күн құрғатпай келіп тұрды. Мені солардың көңілдері емдеп жіберген секілді.
Тағы да төбелес
Далада әлсін-әлсін дауыл соғып, шаң-тозаң борайтыны секілді, интернатта оқта-текте төбелес болып тұрады. Оған себеп көп. Бірақ бұл жолғы төбелес бізді достыққа бастады. Көптен бері дүрдараз болып жүруші едік, Әмірмен татуластырды.
Кешкілік мезгіл-ді. Бөлмеге Шапағадин ентігіп жүгіріп келді. – Кеңшардың балдары Әмірді ұрып жатыр! – Неге? – Ақша сұрап... – Оны не қылады? – Білмейсіз бе, олар дүкеннен темекі алып шегеді ғой. Өздеріне әкешешелері бір тиын ұстатпайды. Ал интернаттың балаларында ақша болатынын біледі... – Солай де. Мен Ақбайға бардым. Әлгінде Шапағадиннен естігенімді айттым. Тоқан екеуі есеп шығарып отыр екен. Баяғы қыжылы әлі кетпей жүр ме, Тоқан бұрқсарқ ашуланды: – Ұрсын! Өзіне сол керек! Несіне сойылын соғасыңдар? Ақбай қаламын тістеледі. – Жоқ, Тоқан, мұнымыз жарамайды. Бәріміз бір үйдің баласы емеспіз бе? Қалай сабатып қоямыз көрер көзге? Намыс қайда? Бүгін Әмірден, ертең сенен ақша сұрайды. Үн-түнсіз жүре береміз бе? Интернаттың балалары су жүрек екен деп ойлап қалмай ма? Тоқан әнтек ойланды. Сөйтті де әлдекім желкелегендей сүйретіліп орнынан тұрды. – Біздің әліміз келе ме? Олар көп қой... Ақбай күлді. – Айтасың-ау, сен де. Біз олардан да көппіз. Интернатта жүз бала бар емес пе? Кеттік, әйдә! Сол-ақ екен, екі өкпемізді қолымызға алып, жүгіріп интернаттың артына келдік. Біреу, екеу, үшеу... он шақты бала. Кәдімгі бұзақылар секілді. Шәпкелерін көздеріне түсіре киіп алған. Сырттай сұс көрсетеді. Қолдары қалталарында. Шемішке шаққандай шырт-шырт түкіреді. Орталарында көжекше бүрсеңдеп Әмір тұр. Біздің қарамызды көруі мұң екен, олар Әмірді қақпақыл қылып ұра бастады. Бірі тебеді, екіншісі аяғынан шалады, үшіншісі иығынан жұлқылайды. Осы сәт бізге арқа сүйеді ме, Әмірдің даусы өктемірек шықты. – Сендерге беретін бір тиыным да жоқ. Тапқан екенсіңдер ақымақты! – Әйдөйт деген! Неғып батыр бола қалдың? Бағанадан бері аузыңды буып тұр едің ғой. – Қарай гөр, тілі шығыпты. – Ә, анау тауықтың сары үрпек балапандарын көрген екен ғой, қазір оларды да жүндей түтіп жібереміз. Кеңшардың балалары бізге ежірейісе қарады. – Кәне, тірі тұрғанда, табандарыңды жалтыратыңдар! – Жо-жоқ, қума, қайта ақшаларын сыпырып алайық, тегін олжа, – деді біреуі алақанын ысқылап. Тіпті сескенетін түрлері жоқ. Емін-еркін. – Оу, бұларың ұят емес пе... – дей беріп еді, еңгезердей біреуі Ақбайды ішінен ыңқ еткізіп теуіп кеп жіберді. Сол-ақ екен, апыр-топыр төбелес басталды. Бірақ олар бізді шайымға келтірмеді. Бет-бетімізге қаша жөнелдік. Бір өкініштісі, Әмір мен Ақбай қақпанға түсіп қалды. Енді қайттік? – Болат, интернаттың бүкіл баласын жиып алып кел мұнда! – деп айқай салды Ақбай.
Тоқан, Жақып үшеуіміз жаушы секілді құйындатып бөлме-бөлмеге кіріп шықтық. Бір-ақ ауыз сөз айтып үлгердік. – Жүріңдер, біздің балаларды ұрып жатыр! Ер балалар өре-өре түрегелді. Құмырсқадай қаптап келе жатқан елу-алпыс (әрине, арамызда қыздар жоқ) баланы көргенде, әлгі «батырлар» табандарының бүрі ұстамай, тым-тырақай қаша жөнелді... – Бізді ешкім жеңе алмайды, – деді Ақбай. – Өйткені біз көп балалы үйміз. Біз күштіміз. Кенет интернат жақтан Жайылхан ағайдың даусы естілді. – Ау, бәрі қайда кеткен? Бөлмелері қаңырап тұр... Енді қайттік? Біз бір-біріміздің бетімізге қарадық. Ағай басымыздан сипай қоймас. – Қорықпаңдар, – деді Әмір. – Мен білсем ағай бұл жолы ұрыспайды... – Неге? – Бұл төбелестің жөні бөлек. Әмір түсіндіріп үлгермеді. Қарақұрым болып тұрған бізді сонадайдан ағайдың көзі шалып қалды. – Ау, не істеп тұрсыңдар? Тағы да төбелес пе? Осы сендердің-ақ жұдырықтарың қышиды да тұрады екен, бастарың неге піспейді? Күштерің тасып бара ма? – Кеңшардың балалары Әмірден ақша сұрап... – деді Ақбай қипақтап. – Солай ма? Мен тағы да өзді-өзі қырық пышақ болып жатыр ма деп ем... Дегенмен тыныш, тату-тәтті жүрсеңдерші. Сол төбелесі құрғырдың не қажеті бар, одан ешкімге мүйіз шықпайды. Жарайды, ішке кіріңдер, сабақтарыңды оқыңдар.
Түнгі дабыл
– Есікті ашыңдар! Болат, Шапағадин, Елтай! Өлісіңдер ме, тірісіңдер ме, неге дыбыс бермейсіңдер?! Жаман түс көргендей шошып ояндым. Түсінсем бұйырмасын. Жатқанымыз әлгінде ғана еді ғой... Таң атып қалғаны ма? Бөлме тастай қараңғы, таң атса терезе ағараңдап, дала себездеп тұрмай ма? Әрі ертеңгілік тәрбиешілер дәл бұлай айқайлап оятпайтын. Ашуланшақ Молдабек ағайдың өзі есікті дүрс-дүрс ұрып, сосын қолы ауырғандай тұрыптұрып, кетіп қалатын да, сосын бір айналып қайта соғатын. Ал Жайылхан ағай: «Ау, батырлар, бұл не тал түске дейін, сабаққа бармайсыңдар ма?» – деп ұялтатын есіктің сыртынан. Рәйішке апай тіпті дауыс көтермейді. Бұл кім болды екен? Мен білетін ағай-апайлардың бірінің де даусына келмейді. Бәріміздің атымызды тізіп шыққаны несі? Бірдеңе болып қалды ма? Бір түрлі қорқынышты...іле-шала әлгі дауыс және естілді. Жанындағы біреуге абыржып былай деді: – Апырау, бұларға да иіс тиіп қалғаннан сау ма, неге үндемейді? Сүйменді әкелші, есікті бұзып ашайық, тегін емес. Енді ғана ажыраттым. Жайылхан ағай. Дауыс адам танымастай мүлде өзгеріп кетіпті. Жалма-жан орнымнан атып тұрып, шамды жақпастан, есікті сипалап, ілмешекті аштым. Дәлізден бөлмеге сау етіп жарық құйылды. Жайылхан ағайдың алғашқы айтқан сөзі мынау болды: – Амансыңдар ма?! Тірімісіңдер?! Мен не дерімді білмедім.
– Аманбыз... Дәліз абыр-сабыр. Дабыр-дүбір. Әрі-бері босып жүрген жұрт. Бәрі шала ұйқы. Әсіресе бесінші бөлменің алды қара-құра. – Кәне, киін, аналарға көмектес, – деді ағай маған. Дереу киініп шықтым. Аяғымды аннан-мыннан бір басып, бесінші бөлменің аузына келдім. Әлдебір жаман иіс мүңкиді. Адам тұншығып қалардай. Бөлменің есік-терезесі шалқасынан ашық. Бір қыз шеткі кереуеттің астында аунап жатыр, былқ-сылқ, ес-түссіз, әлдене деп түсініксіз ыңырсиды. Бөлмеде Ақбай мен Жақып та жүр екен. Олардың қасына келіп: – Не болған? – дедім сыбырлап. – Иіс тиген... Жаңағы қызды, аты Майра еді, қос қабат одеялға орап, көтеріп далаға шығардық. Қарасам, далада интернаттың алдындағы ұзын ағаш орындықта қаздай тізіліп және алты қыз отыр. Жерде қар. Осыдан үш күн бұрын жауған. Аздаған аяз бар. Қыздар әлден уақытта еміс-еміс естерін жия бастады. Осы екі арада кеңшардың ауруханасынан екі дәрігер әйел келді. Қатты иіс тиген үш қызды ауруханаға алып кетті. Біз қолтықтап апардық. Қалған төртеуі өзге қыздардың бөлмелеріне барып жатты. Сағат түнгі төрт. Бізден ұйқы қашты. Көңіліміз әлемтапырық. Оқиғаның мән-жайын білгіміз келеді. Алып-қашты әңгіме көп. Қалай иіс тиген? Кім білген? Түн ортасында Жайылхан ағай неғып жүр? Ол бүгін кезекші емес секілді еді ғой... Жайылхан ағайды ортаға алдық. – Ағай, бесінші бөлменің қыздарына иіс тигенін қайдан білдіңіз? Ол басын төмен салып, терең бір күрсінді. – Бәрін айт та бірін айт, әйтеуір, абырой болғанда, бәрі де аман-сау. Енді шамалы кешіккенімде ғой... Сұмдық... жетеуінен де айырылып қалатын ек... Әй, жүрегім бір бәлені сезіп еді-ау... – Нені сезді? – Қалай білдіңіз? – Біреу барып айтты ма? – Қайдағы айтқан... Әлгінде есіктеріңді шаққа ашқан жоқсыңдар ма? Өздерің білесіңдер, сендерді сағат онда ұйқыға жатқызып, үйге кеттім ғой. Үйге барғасын шай іштім. Сосын шамалы отырып күнделік жасадым. Әне-міне дегенше сағат он екі болды. Ұйқтайын дедім. Бірақ неге екені белгісіз, кірпігім ілінбей қойды. Бұрын мұндай әдетім жоқ-ты. Басым жастыққа тисе болды, бірден қор ете қалатынмын. Әлде қатты шаршадым ба? Әйтеуір, мазам жоқ. Бірдеңеге алаңмын. Ол не? Сағатқа қарадым: бір. Әлден соң тағы көз салдым: екі. Уақыт дегенің мысық табандап өтпейді екен. Ұйқы жоқ... Әлде интернатта бірдеңе болып жатыр ма екен? Бәрі дұрыс секілді еді ғой. Үйге қайтарда бөлмебөлмені мұқият аралап шыққам. Тып-тыныш-ты. Балалар түгел... іштен есікті Рәйішке апайларың іліп қалған. Бөлмелер жылы. Пештерді қарағам... Әй, осы бесінші бөлмеге кірдім бе, жоқ па? Әрі ойладым, бері ойладым, есіме түсіре алсам, кәне. Бірақ пеші жақсы еді, оты гүрілдеп тартатын, одан кәкір болуы мүмкін емес... Кім білсін, кәдік деген аяқ астынан... Осы бір мазасыз ой көңілімнен кетпей қойды. Манағы манағы ма, енді тіпті тынышым кетті. Әрі аунаймын, бері аунаймын. Күләйхан (үйдегі апайларың): «Не болды сонша?» – деді. «Білмеймін... ұйқым жоқ, әлгінде бесінші бөлмеге кірмеп едім...», «Тһу, сен де, интернатқа өз үйіңнен бетер алаңдайсың», « Алаңдамай, әрқайсысы бірбір үйдің еркелері, жалғыздары, жұлдыздары... Жазатайым бірдеңеге
ұшыраса...» Ақыры, жата беруге төзімім жетпеді. Төсектен атып тұрдым. Апылғұпыл киіндім. Күләйхан: «Қайда барасың?» – деді. «Интернатқа». Қолыма қытай қол панарын ұстап, тонымның өңірін түймелемеген күйім ентігіп жүгіріп, интернатқа келдім. Айнала құлаққа ұрған танадай. Интернат қалың ұйқыда. Сыртқы есіктің тұтқасын тартып көрдім. Жабық. Көңіліме күдік болып келген бесінші бөлменің терезесінің алдына бардым. Құлағымды тостым – тымтырыс. Терезені қақсам, іштегі қыздар шошып кетер ме екен? Беймезгіл уақыт. Бір кезде құлағыма әлдебір рабайсыз ыңырсыған үн естілді. Әлде маған солай көрінді ме? Зәрем ұшты. Жо-жоқ, мынау сау адамның ыңырсуы емес. Әлсіз, қырылдаңқы. Әлдекім буындырып жатқандай. Терезеден ішке үңілдім. Перделері жабулы. Сығалап қарап терезенің алдына басын сүйеп отырған бір қызды көзім шалды. Бұл кім? Ажырата алмадым. Басым зыңылдап, көзім буалдырланып кетті. Айттым ғой, тегін емес. Жанұшырып сыртқы есікке келдім. Тас бекітулі. Күтіп тұратын уақыт қайда, дүрсілдетіп ал ұрайын кеп. – Рәйішке! Рәйішке! Түнгі тәрбиеші Рәйішке апайларың ғой. Тәтті ұйқының кезі. Одан дыбыс жоқ. Әр минут қымбат. Бұлай тұра беруге болмайды. Сарайдың артында үйіліп жатқан темір-терсектердің арасынан қол басындай сүймен тауып алдым. Не керек, қарақшыларша есікті бұзып аштым. Әй, жүрегім бірдеңені сезген екен. Дәлізден шала жанған көмірдің иісі мүңкіп қоя берді. Сөйткенше Рәйішке апайларың да оянды. Енді екеулеп бесінші бөлменің есігін ұрғыладық. Үн жоқ. Бірақ қинала ыңыранған дыбыстар анық естіліп тұр. Бұл есікті де амал жоқ, бұзып ашуымызға тура келді. Кірсек... Төбе шашым тік тұрды. Тыныс алу мүмкін емес. Өзі иіс тиген кісі суық, мұздай жерге қарай ұмтылады. Сірә, қыздар да сөйткен. Еңбектеп келген болулары керек, Райхан мен Фатима табалдырықтың аузында ыңырсып жатыр, денелері былқ-сылқ. Дереу терезелердің желдеткіштерін аштық. Үшеуі кереуеттің астында аунап жатыр. Әлгіндегі терезенің алдында көргенім – Үкітай екен. Содан кейінгісі өздеріңе белгілі ғой. Көздеріңмен көрдіңдер... Кәкір мынадан шығыпты: қыздар көмір түгел жанып болмай, пештің астыңғы қақпағын тас қып жауып тастапты... Жайылхан ағай үйіне кетті. Аз-маз кірпік ілдірмек. Азанда сабақ қой. Мынадай ерлігі үшін бір күн демалыс бере салмай ма екен? Біз де бөлмелерімізге тарадық. Таң да ағараңдап қалды. Мен аппақ бөлмедегі есіктің аузындағы төбе мен еденнің аралығын тұтас алып дәу баған құсап тұрған пешке (контрамарка) үрейлене қарадым. Бұрын даладан жаурап келіп түбіне тығылушы едік, не арқамызды беріп жылынып тұратынбыз. Енді бір түрлі қорқып қалған секілдімін. Көмір асаған қара аждаһа сияқты болып көрінді. Бөлмедегі балалар көпке дейін пешке жолай алмай жүрді. Бірақ Жайылхан ағай десе ішкен асымызды жерге қоятын болдық. Бұрынғыдан да кәдірі әуеледі. Ол түн ұйқысын төрт бөлген әкеміз сияқты болып кетті.
Солдат айтқан әңгіме
Бүгін тағы да жапалақтап қар жауды. Айнала аппақ. Ауа тамылжып тұр. Көктем келгендей азанда далаға жамырай шулап жүгіріп шықтық. Интернаттың алдындағы ат шаптырым алаңқай балалардың айқұш-ұйқыш іздеріне толып кетті. Құдды қара қаламмен шимайлап сурет салып тастағандай. Тіпті үш-төрт рет оятпаса, оңайлықпен ояна қоймайтын жалқаулар да жүр алақайлап.
Оразамызды ашпастан ойынға кірістік. Аққала соқтық. Бір-бірімізді шөкеледік. Қыздардың мойнына қар салып жіберіп мәзбіз. Рәйішке апай да, асхана кезекшілері де әлсін-әлсін шақырып әлек. – Ау, енді қашан тамақ ішесіңдер?! – Келіңдер, кәне! – Сабаққа үлгермейсіңдер ғой. Балалардың құлақ асатын түрлері жоқ. Мүлде болмағасын, Дариха апайдың өзі айқай салды: – Тамақ ішпесеңдер, ендеше асхананы жауып кетем! Сол-ақ екен, қолымызды жумастан (бірақ мұздай тап-таза қармен жуып алдық емес пе?) асханаға лап бердік... Бұл оқиғаның аяғы кешке және бір оқиғаға ұласты. Жайылхан ағай кезекші еді. Алакөлеңке шақ. Есіктің аузынан ағайдың емен-жарқын даусы шығады. Мен еміс-еміс естіп отырмын. Бөлменің желдік көзі ашық-ты. – Ау, солдат, халің қалай? Мерзімің бітіп қалғаны ма? Бәрекелде, міне, азамат болды деген осы! Екінші үйіңе бір соғып кетейін деп келдің бе? Бұл кім болды екен? Солдаты несі? Әуес көңілмен сыртқа шықтым. Қарасам, ұзын сұрғыш шинельді, көк құлақшынды талдырмаш бір солдат. Сыптай. Құлағы қалқиып ала-бөле көрінеді. Тани кеттім. Өзіміздің ауылдың баласы. Жұмахмет. Біз оны ауылда қалқанқұлақ деп мазақтайтынбыз. Қолымды ала ұмтылдым. – Ассаламағалайкум, Жұмахмет аға! – Ау, Болатсың ба? Сен мұнда неғып жүрсің? – Осында жатам ғой. – Солай де. Дұрыс болған. Біреудің үйінде жалтақтап жүргенше... Еркін. Өзіңмен өзің. Қолымды тас қылып ұстап жіберер емес. – Ал онда мен кеттім, бөлмелерді аралап шығайын, ағаңмен әңгімелесе бер, – деді де Жайылхан ағай ішке кірді. Жұмахметті ертіп, бөлмеге келдім. Лезде ауылдың балалары жиналды. Тоқан, Жақып... Жұмахмет бізбен бірге асханадан тамақ ішті. Сосын сағынып қалдым деп, интернаттың іші-сыртын түгел аралады. Тіпті көмір қораға да барды. Кешке ол біздің бөлмеге қонатын болды. Бірақ мен таңдандым. Кеңшар орталығындағы бір туысқандарының үйіне барып қонбай ма? Сосын ертең көліктің реті болса, ауылға кетеді. Жұмахмет дәл менің осы ойымды біліп қойғандай: – Интернаттың орны бөлек. Ол – менің екінші үйім. Қабырғасында үш жылым өтті. Аз уақыт емес. Қызықты, бақытты балалық шағым... Ертең әлі-ақ өздерің де түсінерсіңдер... Әскерде ойша интернаттың атына талай-талай хат жаздым. Сағындым... Сол себепті бір түн қонып кетуге тиістімін. Мәселе солай. Әйтпесе бұл ауылда мен түнеп шығатын үй жоқ емес. Достарым бар. Оларға ертең кіріп шығам ғой. Әуелі... – деді. Күн сенбі еді. Жақын маңайдың балалары автобуспен үйлеріне кеткен. Интернат тып-тыныш. Әйтпесе олар Жұмахметті көріп қалай қуанар еді десеңші. Себебі бәрі бір үйдің балалары ғой. Көп балалы үйдің балалары. Солдат ағалары. Өңірі толған жылтырақ значок. Жез доғалы белбеуі қандай әдемі. Жұмахмет түнімен кірпік ілмеді. Біз де ұйықтамадық. Әскерде өткен күндерін әңгімеледі. Өзі бастан кешкен интернат хикаяларын айтты.
– Алғашқыда, – деді ол, – интернатты сондай ұнатпадым. Ауылды сағындым да тұрдым. Енді интернатты да сағынатын болдым... Кейін сендер де сөйтесіңдер. Олай болмауы мүмкін емес. Жақсы болсын, жаман болсын – интернат та бір үйлерің. Ал үйін ешкім де жек көрмейді. Иә, жылдар өтер. Бәлкім, Жұмахмет ағаның айтқаны айдай келер... Ал біз әзірше ауылды сағынып жүрміз...
МАЗМҰНЫ
Әңгімелер
Ағаш ат ......................................................................................................... 3 Ақ қозы ......................................................................................................... 5 Тасбақалар шежіресі .................................................................................... 9 Көнебұлақ .................................................................................................... 14 Байғыз .......................................................................................................... 17 Ақ күре ......................................................................................................... 21 Ең тәтті күн .................................................................................................. 24 Көмек ............................................................................................................ 28 Сәлем бердік, әже! ....................................................................................... 30 Күріш жыры ................................................................................................. 35 Қызыл велосипед ......................................................................................... 39 Болат коньки ................................................................................................ 42 «Балықшы» ................................................................................................... 44 Шайқым ........................................................................................................ 48 Үй ойыны ...................................................................................................... 53 Алғашқы шырша .......................................................................................... 58 1-мамыр мерекесі ......................................................................................... 62 Әже, айтшы, бұл кім? .................................................................................. 66 Том Сойердің досы ...................................................................................... 71 Тыныш тентек .............................................................................................. 74 Шие ............................................................................................................... 77 Ыстық қар ..................................................................................................... 80 Ойыншық бұзғыш бала ............................................................................... 81 Бір шөлмек бензин ....................................................................................... 82 Төретай .......................................................................................................... 84 Айнұр (Бір шоқ мөлтек әңгіме) .................................................................. 91
Ертегілер мен мысалдар
Жауқазын .................................................................................................... 120 Бала бұлт ..................................................................................................... 123 Әкенің еркелігі ........................................................................................... 127 Жұдырық пен Алақан ................................................................................ 128 Кілем мен Киіз ........................................................................................... 129 Арқан мен Қазық ....................................................................................... 130 Құйын мен Жел .......................................................................................... 131 Кілт пен Құлып .......................................................................................... 132 Шыбын мен Көбелек .................................................................................... –
Повестер
Әдемі ауру ................................................................................................... 134 Қара мысық ................................................................................................. 178 Көп балалы үй ............................................................................................. 205
Қазақ балалар әдебиетінің қазынасы
Сейітқұл Оспанов
Әңгімелер, ертегілер мен мысалдар, повестер
Редакторы Б. С. Қошым-Ноғай
Көркемдеуші редакторы Б. Серікбай
Техникалық редакторы З. Бошанова
ИБ № 6242
Теруге 10.01..2003 жіберілді. Басуға 18.06.2003 қол қойылды. Қалыбы 84х108 1/32. Офсетті басылыс. Қаріп түрі «Таймс каз». Шартты баспа табағы 12.6. Шартты бояу көлемі 13.02. Есепті баспа табағы 14.05. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс № . Келісімді баға. Қазақстан Республикасы «Жазушы» баспасы, 480009, Алматы қаласы, Абай даңғылы, 143-үй.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру