Сексеуілдің шоғы
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Сексеуілдің шоғы» шығармасы.
Әңгіме
Горечь отцов передалась нам по генам.
М. Байт
Ызмұхшир көктемі биыл ерекше ыстық келді: желтоқсанда алай-түлей ұйытқып жауған қалың қар тапжылмастан жатып алды да, наурыздың ақша қарына ұласты; Оңтүстік Шығыстан соққан ескек жел сай-саланы ағыл-тегіл ерітіп жіберді атыз-шел, қуыс-қолтықтағы қарға шейін көк суға айналды. Дәуден аузы-мұрнынан шыға құтырынып ақты: қаймақты сүт түсті қою балшық араласқан Әмудің зәмзәм суы Ата жұрттың боз топырағын кілкілдете қандырды, иықтатып екі рет толтырған соң, асыл топырақ шайға қанған қаса сұлудай қып-қызыл болып шыға келді. Әрі нұрға, әрі суға қанған топырақтан жүйе-жүйені қуалап, миға шабатын ерекше жұпар аңқиды: егісті бастап жіберуге жер емшегін емген диқандар сәуірдің ақ жауынынан сескеніп отыр; өткен жылдан қалған отын-шөбі жиналып, шелі жығылып, болат тісті тырма ерсілі-қарсылы айдалып тасталған. Бусанған жерден жаппай дүр көтеріліп, көк шығып келе жатыр: жер де, жан-жануар да құлпырып, түлеп жасарып қапты. Елеусін сыртқа шыққанда, көгілдір аспанның Шығыс етегі ақ нұрға малына бастаған екен: қарсы маңдайда Таңшолпан шақырайып тұр. Ауыл әлі қалың ұйқының құшағында – тып-тыныш: ит, құс, есек дыбыстары да жоқ, тек алыста Құметекте шынжыр табан бір трактордың дыбысы шығады – қарбалас еңбектің жаршысындай таңғы саф ауаны теңселтіп жүр. Сол жерде Қарақұмның егестікке ентелей келіп тоқтаған жерінде Елеусіннің балалық жылдары өтіп еді. Мотордың бір қалыпты үніне құлақ түре тұрып, Елеусін сол жылдарды, еңселі кесек үйді, жүрегіне жақын жандарды бір сәт көз алдына елестетті... Ұлы Жеңістен соңғы әлі ел еңсесін көтере алмай жатқан кез. Ел ажарсыз: барын майданға жұмсап көтеремі шыққан, күсті қол, жамаулы киім, сынық көңілді болып алған. Ұйқы сергек: атқамінерлер бозала таңнан аяқ үстінде – терезе тұсынан дауыстап оятып, еңбек майданына жұмылдырып, іңір қараңғысына шейін бел шешпейді. Сол ел сіңірі созылған уақытта қамшы салдырмай қара еңбекпен бетпе-бет келіп жүрген ұжымшар білегінің біреуі – Айдан Жарболқызы: қабақ шытпайды, шаршап, діңкелеген кезінде сәл тыныстап, аяғын созып алады да, еңбекке қарсы шабуылға кірісіп кете береді. Өжет-ақ: денсаулықтың қуанышы, баланың қуанышы қос қолтығынан көтеретін болса керек, аруақтанып шыға келеді: Айдан өз сүйегінің асылдығын әкесінен көреді: Жарбол тұла бойындағы күш-қуатын қанасына сыйғыза алмай 40 жасына шейін ат үстінде жортуылда болыпты. Қамшыгер екен: ер басында қорғасын араластыра өрген дойыр тұратын-ды, сілтесе, ол адам жалғаншымен қоштаса беретұғын; сегіз өрімді қамшы ұдайы оң қолынан түспеген. Жарбол ара-арасында жорыққа шығып, Ойға – Бесқалаға келіп, жылқы да алып қайтатыны бар-ды. Бір рет қырдан түсіп келе жатқанында, құламада Жарбол жалғыз аттыға тап болады. Келісті жігіт екен: өр кеуде, бура сан жоталы еркек көз астынан Жарболға назар тастап, жанаса береді. Жарбол куә-көз қалдырғысы келмей дойырға екі рет қолын соза түсіп, жас жігітті өлімге қимай үшінші кезекке ұмтылмайды. Жортуылшы батырлар көз қиықтарымен-ақ ұғысып, өз жолдарын жалғастырады. Арадан бірнеше жыл өткен соң, жәрмеңкеде Жарболға Бесқаланың жігіттері кезігеді: бір үйір жылқының жай-жапсарын сұрайды. Сонда Жарбол бір шама ойланып отырып, өткір шегір көзін даулескеріне қарап:
– Ер ғой десем, ез екен-ау, әттең... – деп шәугім қазандай дәу басын шайқапты.
Батырдың қара өрт болып, түтеп кеткен ұсқынынан шошынған базаршы әрі жоқшы жігіттер зәрелері зәр түбіне кетеді, тілдері байланып қалады. Тұтығып, былдырлайды...
– Әлгі малжандылық қой...
Ойдың Қырға шығып бара жатқан ұрысы бері түсіп келе жатқан Жарболдың түр-түсін бір жиында шошына отырып айтып жібереді. Қара бұжыр сом дене де, алақандай дөңгеленген ала көз де, самаладай жанған өткір жанар да, ат құлағын қаққан бура сан да дәл келген соң жоғын індеткен жоқшы шошып кетеді: пысқырынып, тесіле қараған Жарболдың көзі өңменінен түйрей өтіп тұр екен, көк шулан бура жалы шаншыла тікірейіп, көйлегін көтеріп алыпты. Жағдайды тез сезінген керуен басы ортаға килігеді.
– Сырты түк, іші боқ бес-он тайды сөз қып, не тантып отырсың. Доғар әрі. Жәкем азаматтың құнын арқалағанда, куәге тартар кімің бар? Түсінсеңші, миғұла. Әйелшілік жасап, ер арасына сөз жүгіртпе...
Ел азаматтары жапырыла қаумаласып, Жарболды әзер сабасына түсіреді. Ер жігітке артқан сенімі тасқа соғылып, тауы шағылған Жарбол сол жиыннан тұйықталып шығады да, шаруаға айналып кетеді. Айдан көзі де шаруашылыққа қанық, қолы жұғымды: жердің де, малдың да тілін жете біледі. Шаруақор: еңбекке де, сөзге де кескір, жұлып түседі. Ізді-ізінен әке мен шеше, араға көп уақыт салмай жалғыз ағасы Төлеш қайтыс болған соң, Айдан айыр тілді сөзуар болып алды – жоқтаудың һас шебері, жан-дүниеңді сырқыратады. Айданның көз жасын құрғатқан – Елеусін: топырлатып қыз таба бергеннен кейін, дағдарып, тұйыққа тіреліп жүргенінде, елеусіз ғана ұл туғанына қуанды, Аллаға мінәжат жасап, мүлде жаңа өмірге қадам басты: егде күйеуді де, шоғырланған бір топ өгей ұл мен қыздарды да маңдайдан қаққан жоқ – ара жігін білдірместен қанатының саясында сақтады, қас-қабақтарын бағып, өз бауырынан өрбіген перзенттерінен бір елі де кем санамады: тапқанын ауыздарына ұстап, үсті-бастарына жапсырды. Анасы Айданнан таралған шуақтың шерлі көкіректерге нұр сеуіп тұрғанын Елеусін сезінетін: ортадан сәл қалқыңқы бойына жазық маңдайы жарасымды еді – жарқырап мейір төгіп тұратын, қарлығаш қанатындай қиғаш қара қасы қап-қалың, қылшықты-ды. Айдан талықсып шаршаса, әлде не көңіліне кіді келіп қалса, қой көзін қадай қарап, тесіліп алатұғын. Елеусін Таңшолпанға тесіле қарап тұрып, ана жанарын көз алдына елестетті: Шолпанның айналасындағы көп жұлдыздар жымыңдасып, оның сәулесін жан-жақтарына таратып жатқандай болып сезіледі. Сонда... Айданның ошағындағы сексеуілдің шоқтары да осындай сәуле шашып тұратын еді... Сол уақыттарда-ақ, қаршадайынан қанша жай жатса да, Елеусін ерте оянатын: бұл уақытта анасы Айдан ошақтағы қоламтаға бір бүйірі тиіп тұрған жез құманды көтеріп сыртқа шығады. Іле таңғы қарбалас басталып кетеді: Айдан жеңіл күлді көсіп-көсіп жібергенде, жарқырап, қып-қызыл шоқтар щыға келді: сексеуілдің шоғы – ошақтың оты маздай түседі. Сіреңкенің құс сүтіндей қолға түспес асыл болып тұрған кезі ғой: оттостағын көтерген көршілер де тұм-тұстан есіней түсіп жетіп келеді; қысқа-қысқа жеңіл хабарларды айтып тауысқанша, Айдан тезек төселген оттостақтарға бір-бір шоқтан салып үлгереді. Қанжан, Дәмеш, Әушік от алып, жанұяларына асығады. Елеусіннің көзіне сол сәтте анасы Айдан Прометейге ұқсап кетеді: қатар отырған көршілердің ошақтарында от жылт-жылт жанып, мұржаларынан қою қара түтін будақтай бастайды. Елеусін бір сәт өмір белестерінің тың қыртыстарына ой жүгірткенін сезбей де қалды: анасы өзін де бақыт жолына ақ қанатты періште боп тіке нұсқаған екен-ау. Ұлы сәскеде Күн қыза түскенде, Айдан ешкілерді қораға қамады. Есік алдында Елеусінге кезікті.
– Мектептен куәлігімді алдым, апа. Мақтау қағаз да берді, – Елеусін бөз дамбалдың ышқырынан шиыршықталған қағаздарды шығарды. – Оқуға емтихансыз алады екен. Орынбасар айтты.
Айдан ұлына көз тоқтатып, тігіле қарады: ұзынтұра арық қара бала күле қарап тұр, қиылған қара қасы өз ағасы Төлешті есіне түсіреді.
– Құтты болсын, құлыным. Бағың ашылсын.
Елеусін ешкі бағып жүрген жерінде Ақойда Орынбасар Мұхтаровқа кездескен-ді: мектеп директоры осы кішкентай аңшы шәкіртін іш тартатын-ды. Жақсыда да оқитын. Сонда:
– Ертең мектепке бар. Құжаттарыңды ал, – деп тапсырған. Елеусіннің мектептен келіп тұрған беті-ді.
Шай үстінде қабақ шатыспа болды. Айдан шалы Ақанға:
– Балаң жетіншіні бітірді. Оқи ма? – деп сұрады. Ақан бірден кесіп тастады.
– Ешкіні кім бағады.
– Сен және мен.
– Сөзді доғар. Шаруамен болсын! – деді де Ақан түргеліп кетті. Айдан батыл шешімге келді: қауын сататын Тәжіғұлдың арбасына Елеусінді мінгізіп жіберді. Ол педучилищеге құжат тапсырды. Айдан ұлының бақыт шырағын тұңғыш рет осылай жағып еді.
Екінші ретте де... Айдан батылдық жасады. Алыстағы астанаға өзі аттандырды: «Кішкентай мұғалім болып жүре берсең өмірің босқа өтеді. Мен бар да оқы. Қалада Жұпар, Айбарша бар, әпкелерің бар. Бағыңды сына.» Сол ретте де ана тілегі қабыл болып, Елеусіннің шырағы жанып еді... Тек үшінші реткі шаңырақ көтеріп, бақыт шырағының жанғанын ана көре алмады: Айдан өмірден 49 жасында өтіп кетті. ...Елеусін әрдайым таң ата ана рухымен тілдесуді дағдыға айналдырып алған: «Өмірімнің бастау көзі, Анажаным, қысқа өміріңде қол ұшымды бере алмадым – екі-ақ жыл қасыңда істедім: алғашқы жалақымды алақаныңа салғанымда, жүйе-жүйең босап, ағыл-тегіл қуанғаның әлі көз алдымда, ет жүрегің жарылып кете ме деп сескендім. Сол сәттегі көз қарашығыңдағы қуаныш нұры мәңгі есімде: Таңшолпанға көзім түссе, сол сәтіңді көремін, жүрегім езіліп кетеді. Айналаңа құдіретті нұр сеуіп тұрғандай болып сезіледі: ел басына күн туғанда сексеуіл шоғымен ауылға жарық сәуле шашсаң, қазір өзіңнен таралған ұрпағыңның қанында, санасында, ақыл-ойында нұр таратып тұрсың. Ананың рухына тағзым етуді, сыйлауды ел Президентінен үлгі алдық: бір уыс топырағың төрімде тұмар болып тұр, бір шөкімі жүрегімнің тұсында ұдайы қасымда жебеуші қуат беріп жүр...» Елеусін бір шоғыр терең ойдан серпіле арылып, көктемнің жанға жайлы жылы ауасынан сіміре-сіміре жұтып, анасы басып өткен, көмескі тарта бастаған қысқа жолдың қасиетті соқпақтарын сара ойға салып, тіктеуге асыға бастады.
Ызмұхшир ауылы
1998 сиыр жылы, наурыз
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру