Мазмұнға өту
Home

Шығармалар жинағы 3 том

Қалижан Бекхожин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Шығармалар жинағы 3 том

Авторы: Қалижан Бекхожин

Қалижан БЕКХОЖИН ШЫҒАРМАЛАР ЖИНАҒЫ 3-ТОМ Алматы УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Б 39 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді. Құрастырушылар: Зайда Бекхожина, Мирасгүл Бекхожина БЕКХОЖИН Қ. Шығармалар жинағы. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2014. ISBN 978-601-03-0202-0 Т.3. - 380 б. ISBN 978-601-03-0255-6 Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Халық жазушысы Қалижан Бекхожиннің бұл жинағына ақынның туған жер, табиғат жайлы жырлары мен арнау өлеңдері еніп отыр. УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44

ISBN 978-601-03-0202-0 © «ҚАЗақпарат», 2014 ISBN 978-601-03-0255-6 Б 39

ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ ӨРШІЛ АҚЫНЫ (Перзенттік сезім) Қазақ поэзиясының тарихы, ертеден сонау VIII-IX ғасырлардан басталады. Менің әкем бала шағынан араб әліппесін жете білгендіктен, таңғажайып қиссалар, аңыз-хикаялар, ертегі-дастандарды көп оқыған. Бұхарада, Қазанда, Ташкентте басылып шыққан кітаптарды, батырлар жырларын көп оқығанын бізге әңгімелеп айтып отырушы еді. Ал, Нұрқожа атамыз Троицкий қаласындағы Зейнолла Ишанның медресесін үздік бітіріп шыққан. Терең білімді мәшһүр ақын болғаны белгілі. «ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында, қазақ совет жазушыларының (1934 жылы көктем айында) І сьезінен кейін әдебиетімізге бір топ жас таланттар келді», – дейді Сәбит Мұқанов. – Олар – Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев, Әлжаппар Әбішев, Дихан Әбілев, Әли Есмамбетов, Абдолла Жұмағалиев, Қапан Сатыбалдин, Қасым Аманжолов т.б. Осы толқында келген дарынды жастың бірі – Қалижан Бекхожин еді1. Қазақ әдебиетінің өркендеуіне ат салысқан ғұлама тұлғаның бірегейі Қалекең. Сол отызыншы жылдардағы жастардың айтар әңгімелері, шертер күйлері өздерінің жаңадан жазған поэзиялары 1 Сәбит Мұқановтың алғы сөзі. 1973 ж. Алты асқар. І том. Қ.Б.

болғандықтан, сол жас таланттардың табысыптанысқан достықтары бір-біріне өте адал болғандықтарын, бір-біріне аялай қарағандықтарын маған үнемі айтып отыратын. Жаңадан жазған жырларымызды бәріміз бірге оқып, бастарымызды қосуға асығатынбыз дейтін. Менің әкем өз замандастарымен, тұрғыластарымен салыстырғанда, талант ретінде үлкен эпиктігімен, лириктігімен айрықша өзгешелігі бар ақын еді. Ол – ақындығы өз алдына, оқулықтардың авторы, зерттеущі, сыншы, шебер аудармашы және драматург. Әлем әдебиетінен Байрон, Гете т.б., Шығыс әдебиетінен Низами, Манас және Қытай, Азия-Африка ақындарын қазақша сөйлеткен ақын. Ол орыстың, Украинаның басқа да бауырлас елдердің үлкен ақындарының үздік шығармаларын аударуға көп еңбек сіңіріп, оларды өзіміздің ана тілімізде сөйлетті. Оқуға зерек, әдебиетке бейім, қоғамдық істерге белсенді, біліктілігімен, жазып жүрген өлең-жырлары, сын мақалалары, әлеуметтік лирикаларымен ұстаздары – М.Әуезов, С.Мұқанов т.б. көзіне түсіп, ықыласын аударған. Еліміздің басынан кешкен күрделі күндер жайында, қаламынан туған әр түрлі тақырыптарда жазған тартымды поэмалары қазақ поэзиясының мақтаулы қорына қосылады. 1939-1940 жылдары «Орман қызы», «Кек», «Батыр Науан» атты поэмалар жазды. Тарихи уақиғаларды шындық бағытында суреттеуі, сол тұстағы бүкіл қазақ поэзиясының алдыңғы қатарынан орын алды. 1939 жылы «Орман қызы» поэмасы үшін Республикалық комсомолдық озық бәйгесін алған. Ал, «Батыр Науан» поэмасында Кенесары Сұлтан мен Наурызбай батырдың Ресей патшалығының отаршылдық саясатына қарсы ерлік күрестерін жыр еткені үшін менің әкем кезінде қатты сынға ұшырап,

қуғын көріп, партиядан шығарылып, жазғандарын баспалар шығармайтын болған. Ақынның ешбір жинағына енбегендіктен, осы дастанды Кенесары Қасымұлының 200 жылдығы және сол соңғы ханымыздың жаужүрек батыр інісі Наурызбайдың туғанына 180 жыл (1822-1847жж.) толуына орай осы жинаққа қосып отырмыз. Сонымен қоса жаңа өлеңдері – замандас, тұстастары, халықтар достығы, қарапайым еңбек адамдары, достық-махаббат жайындағы лирикалары, зор парасатпен, өткір сезіммен жазылған философиялық толғаныстары орын алды. Ерлан Қалижанұлы БЕКХОЖИН, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Президенті Телерадиокешенінің бас директоры, Ресей және Қазақстан Журналистер одағының лауреаты.

АРДАГЕРЛЕР ЕСКЕ ТҮСКЕНДЕ ... Құлан мініп, сұңқарымды самғаттым, Жырлағаным – ардагерлер, асылдар. АБАЙМЕН СЫРЛАСУ Жиылыс бітті. Жалғыз мен залда қалдым. Өтті міне, Өлеңге арнаған күн. Сонша неге шуладық? Басым мең-зең... Маған төрден қадалып Қараған кім? Ойлы көзбен Ол төнді қабырғадан. Көрді-ау, жаңа Біздерді дабырлаған. Әлде ұнатпай қалды ма? Не түйінді? Не айтпақ екен, өзі, Кәзір маған? – АБАЙ АҒА,

Дауымыз жақпады ма? Мұршамыз жоқ Өзіңдей баптануға – Жыр шіркінді, Түйдектеп жазамыз да Асығамыз Жарыса мақтануға. Биігіндей Жыр деген даналықтың – Сен жазыққа Асқардай дара біттің. Біз көппіз ғой Төбе мен төмпешіктей, Сен шыңысың – Жүз жылғы аралықтың. Арамызда Өзіңдей биік құз жоқ, Таласпаймыз Таппаған тұйықты іздеп. Жаңа ғана көрдің ғой, Таласамыз – Абайдан соң Қайсымыз, биікпіз? – деп. Сен өлеңді жазбадың Жүлде тілеп. Атағыңды тараттың Жыр жетелеп. Кітапсыз-ақ, Даланы кезді сөзің. Қаламақы қумадың Сен ентелеп. Ал біздер ше?

Том-томдап жыр құрамыз, Жүлде десе – Мен бар! – деп жұлқынамыз. Бұйымдарын өткізген бақалшыдай, Жыр бағасын Бұлдауға ынтығамыз. Мейлің күл – Ерсі болса кәсібіміз. Дүниеқұмар емеспіз әсілі, біз. Жидебайда Жусаған жылқымыз жоқ, Өлең ғана – Нәріміз, нәсібіміз. Иә, бізде көп, Ду жиын, қызу кеңес. Өлең үшін – Боламыз қызыл өңеш. Арамызда аға жоқ Сендей дара, Жасымыз да – Көкпайдай кішік емес. Бәріміз нән... Сөз сырын кім сараптар? Сынға қырын Әлі көп қисалақтар. Оралсаң сен – Сайлар ек местком етіп, Егер саған, Қызметін қиса Жаппар...

Дарындылар аз емес Жырға шебер. Аз да емес Сөзуарлар тілмен шенер. Жесір дауы, Жер дауы – Жоқ болса да, Бізде де бар Керезу Жиреншелер. Солар тегі Тақылдап сауысқандай, Сәуерлейді-ау, Қасымен қағысқандай, Тырмысқанда, Сондайлар, тасбақадай, Сөйлегенде Сірескен қайыс таңдай. Аш кенедей Жабысып денемізге, Өрмелейді сондайлар өремізге. Түймең түссе, Түйедей зіл тағады, Керіспей ше – Сондайға көнеміз бе? Ал сен жалғыз ашындың, Ойлар тулап, Армандарың Шашылды сайға құлап. Біз мың ойды Гулесіп жаңғыртамыз, –

Шуламай ма Тасырда қайнар бұлақ? Біз солаймыз, Жақтырма, мейлің сына! Біз бұлақпыз – Айдынның құйылысында. Өзің де өршіп сөйлер ең Қатыссаң бір, Бұл күнгі Поэзия жиылысына. Сан заманнан – Біз өскен дәуір мықты! Арқалатты Жырға да ауыр жүкті. Жалғыз емес – Жүз Абай Қажет шығар, Тербетуге қазіргі қауым-жұртты... Кеше гөр! Бұл сырым ғой, айтылмаған! Сыр ашпаса – Шыдайды қайтып адам? ... Ол күбірлеп, Қозғалып қалды білем, – АБАЙ АҒА, Не ойладың, айтшы маған?..

МАХАМБЕТ ҚАБІРІ БАСЫНДАҒЫ ТЕБІРЕНІС Далама біткен биігім! Қабіріңді жасырған ба қу жазық? Мүрдеңе келіп иілдім, Өр даусыңды іздеп кеудем құлазып. Сен, Елімнің жапан шөлінде, Арқырап аққан сел едің, Кегін де, жұрттың шерін де, Нажағайлы жырыңмен, Көк нөсерге бөледің, Нөпіріңнен қалса бір тамшы – Жұтар едім, Қызғышындай қызғанып. Тұңғиығым, бұрқаншы, Тебіренейін, Жүрегімде толқыныңнан із қалып. Бұлт тіреген терегім! Меңіреу, оқшау қабірің, Өзің мінген тұрманнан да аласа. Бұл далаңа қадірің – Асқақ еді, Асқар таумен таласа. Сен, Шамырқанған болат ең, Сүңгі болып,

Хан тағына қадалдың. Айбатыңа – Дауылы күшті дала тең, Бұзған талай іргелерін қамалдың. * От ауыздым, орақтым, Жауға шапқан жарақтым. Сенің найзаң – найзағай – Шайқап ханның ордасын, Жарқылдаған қаршылдап. Тілің алмас найзадай – Сескенетін хан-төре, Жай түскендей қалшылдап. Өзендей еді ызаң да, Тасып кетіп, Тар арнадан атылдың. Қара бұлтты заманда, Қарсы дауыл шақырдың. Қарашаны хан ұлына теңгерем деп, – Кек кернеген кіреукеңнің, Күдіресін қанға батырдың... Найзағайым! Мұнарлы күн жарқ еттің, Күркіреп бұлтты жардың да. Күйігін күллі зар-кектің, Бойыңа тартып жандың ба? Атадан қалған ашуға, От қостың ба лаулатып? Аталы сөзге, асылға, Оқ қостың ба жауға атып? Ақын да шешен көп шығар,

Батыр да төтен көп шығар, – Жасыннан тартып от алған, Жалындап кегі тұтанған, Жауына сөзін, Жай отындай жарқылдатқан, Жарақтанған ханды, Жарақсыз-ақ қалтыратқан, – Ата қазақ жерінде, Сендей де ақын жоқ шығар! Тумасы жарық жұлдызым, Тұлғасы алып шың-құзым! Ошақтай орға қайтып сыйды екен? Атаңа нәлет Ықылас, Ата жұрттың асылын, Балтаға қайтып қиды екен? Ханның қара жендетін – Ата жауым дер едім, Тіріде маған кездессе, Тап өзіңше жұлқылап, Тірідей етін жер едім! Ықылас кетті дозаққа... Ақындарға – Ықылассыздар бар әлі. Сен төзбес едің мазаққа, Жаныңа сақтап жараны. Сен қарысқанға қайыспайтын емен ең. Қырыңа қарсы түскенге, Қайтпас еді сенің тілді селебең. Сен тәкаббар таудай биік ең. Ал, мен, – Боқсақтағы боз қамыстай,

Тоғышарға иілген, Бошалақпын, боз баспын. Қойшы мінген жабымен Бәйгіге түсіп озбаспын. Сен, бейне Мұздыбалақ қыран ең, Қанатымен тас жарып Ажалын күткен қиядан. Мен кейде, Жасықтардан жасқанып, Өлімнен сескенгеніме, Сенің аруағыңнан ұялам. Машайыққа тауап еткен мүскіндей, Тебіренемін басыңда, Тіліңмен өткір үскідей, Сөзімді жанап берші асылға! Қайтып саған тілдесем? Толқыр ма едің, теңізім, Ендігі қалған жасымда, Қабіріңе түнесем?! Сен даламда, Жыр сапырған дауылсың. Мен құйында ұшқан бір түйірмін. Сен қырдағы заңғар тауымсың, Қабіріңді әрең таптым, Еңкуінен бір қиырдың. Исатайға, сен, Соқтың сөзден мұнара. Ол айбынды – Үйшіктегі сарайдан. Ардагерім,

Саған жадау емес пе бұл ара, Сырласатын бір бұта жоқ, Айналаңда қарайған? Мекенің құр жапан түз, Күзетшің бір құлпытас. Елеусіз қыр, сапарсыз, Жолаушыны жуытпас. Тасыңа сылбыр сөз тізген, Қандай сымпыс, қай ділмәр? Сөзіңе – сөнбес жұлдыз тең, Жалынды айбын бар. Керек емес даңқыңа, Белгі темір, кеспек, қыш. От жырларың халқыңа – Өшпес мәңгі ескерткіш. Кемеңгерім! Мүсінші болсам соғар ем, – Тұлғаңды алтын, асылдан. Күмбезді биік салар ем, Алатаудың басынан, – Тұрсын деп, Жартастан қасқиып, Қарап жасынға, Селебесін суырған, Кіреукең – гауһар тас киіп. Дауылды тартсын деп дулығаң! Ұстатар ем найзаны, – Найзағай ойнап ұшында, Бұлбұлдар сайрап сайдағы Қасыңнан қыран ұшуға, – Қояр ем шыңға тұлғаңды. Құйсын деп нөсер төбеңнен,

Сөзіңдей зілді, бұршақты, Ұрпақтарың төменнен, Жайсын деп саған құшақты... БАСЫ ҚАРЛЫ БӘЙТЕРЕК Ақша таудың басына, Көтерілдім төменнен. Бурыл бұлттар аспанға, Ұшып жатыр төбемнен. Сарқыттай аз шақтарым, Ауған сол бір бұлттардай, Атандай баяу аттадым, Арқамда ауыр жүк бардай. Толқындармен арбасқан, Басыма ойлар тиеліп, Тұрдым түгін қар басқан, Бәйтерекке сүйеніп. Сенсең басын мұз құрсап, Терегім тұр сұрланып. Мен де тұрмын құз қоршап, Еңісімде сыр қалып. Ол ойлайды: «Өтті шақ, Жапырағы жайқалған, Бұтасына қонақтап, Бозторғайлар ән салған!..»

Енді бәрі тас тұйық, Сол көзі жоқ қар маңы. Сонда да тұр қасқиып Дарақтардың тарланы. Мен де тұрмын тіл қатпай, Ой жүгіртіп тереңге. Мәз күндерім бұлақтай, Бұлаңдайды төменде. Рауа, досым! Қыз, жігіт Зымырады биіктен. Шаңғысымен ызғытып, Жарысып жүр киікпен. Мұртты боздақ ән шырқап, Сипалап тұр аршаны. Бақытты ғой жас ұрпақ, Қызық, сайран әр шағы. Ал, түксиме, құрдасым, Сілкін, қара асқарға. Шаңғысымен ызғытып, Қыран ұшты аспанға. Қар басты деп жасқанба, Найзағай бір ұрғанша. Ақ басты досым, аспанға Қарайықшы қыранша!

ҒҰЛАМА (Академик Әлкей Марғұланға) Кім екен жоқ іздеген ақша қырда, Ізіңде адырлар көп ақтарылған. Мелшиген Ұлытаудың обалары, Шығармай сырды терең қатпарынан. Жапан ғой асыр болған ығыр жаудан, Замандар жазығынан шұғыл ауған. Жиһанкез сол адам жүр, жоғын іздеп, Зілзала, жер астынан шыңыраудан. Ол солай көп тінтеді қу даланы, Іздейді дауыл жапқан құм қаланы. Тот басқан бақыр тапса, жер түбінен, Алтынға кенелгендей қуанады. Шебердей сарай құрған сынықтардан, Жаңғыртты ол күмбездерді ұмыт қалған. Екшелеп ертегінің жұмбақтарын, Шешкен ол талай сырды тұйықталған. Тұлдырдай түйін іздеп көне түзден, Жортады баяғылар кезген ізбен. Тарихшы Имараттан ізде оны, Сарғайған сызбаларға көзін сүзген.

Баяндап батырларды, алмас қырлы, Зершіл ол ашқан ердей алғаш таңды. Шоқанның жарды соққан толқын ойын, Саралап бүгінгімен жалғастырды. Басы да күмбезіндей парасаттың, Білігі – алауындай зор ошақтың. Ұрпаққа – бабай түкті шежіре ол, Таратқан тарауларын көне шақтың. Бұл күнде ойы биік ел ағасы, Халқымның мұрагері – ғұламасы. Жая бер тамырыңды тереңдерге, Ғылымның бәйтерегі, гүл ағашы. 1974 ж. ДОСЫМ-АУ! Өмір деген кеңістікте осынау, Мен де құспын ұшқан көкте шырылдап. Құстың ісі көріне ме, досым-ау, Әуезін тек тыңдар мүлгіп шырын бақ. Өмір деген тұңғиыққа осынау, Мен де тамшы толқындармен ыршыған. Толқын жарға соғылмай ма, досым-ау, Ағынның да жетер жері бір шыған. Өмір деген құз-құз тауда осынау, Мен де шынар қараңдаған қатпарда. Қырау шалар шынар басын, досым-ау, Қар да түсер басы биік шатқалға.

Өмір деген сахнада осынау, Кейіпкерміз сынға түсіп байқалар. Пердең мәңгі жабылғанша, досым-ау, Сәт пен сәтсіз көрінісіп қайталар... ЖЫР СӘЛЕМІ (Сәкен Сейфуллинге) Алтын дәнді вагондарға күй еріп, Келді, міне, өлең-жырлар тиеліп. Асқан дана астанаға дастан ала, Жарты жаһан жерімізді игеріп. Ақтардық та ата қазақ ғасырын, Алып келдік көне қырдың асылын. Шығандардан, шыңды таудан, шырын баудан, Шырқап келдік жаңа дүние жас үнін. Қырларымда қиқу салған малшымын, Астанаға жырларыммен жаршымын. Шертіп өлең, бердік сәлем, еркіндеген Жүректердің жалындатып бар сырын. Дүбірлеткен дулы дала белеңін, Бәйгі көктей шын жүйрік пе өлеңім? Көр шабысын, шырқалысын, сыр танысын, Сенің сырың – менің сырым, сенемін.

Жырларымыз ұқсап толқын жалауға, Желпілдесін заңғар Қызыл Алаңда. Жүрегіме – Кремльге кірем бірге, Дала жыры даңқ берді маған да! Кең көшеңде масайрасын күй бүгін, Қазақтың көр бұлбұлдарын, жүйрігін. Өр лебізді, тербе бізді, кеудемізді Көтерейік, сының бізге –сыйлығың. Терезеңді бүгін күліп қағады, Сұлу қырдың сері күйі, сал әні. Келді бізбен, жігіт-қызбен, жырмен жүзген Алатаудың алма-жұпар самалы. Ауылымның айналасы алтын бақ, Аққу-қаздай әндер келді аңқылдап. Келіп тыңда, келін жырға сәулет құр да, Тойшы қала, төк шашуды жарқылдап! Москва! Дабыл қақ! Досыңа Жалындап! Тілекті қабылдап, Жүректі жалындат! Жалындап, Дабыл қақ! Дабылдат! Дабылдат!

АРНАУ (Ілияс Жансүгіровке) Осы бір тебіренген арнау жырда, Толғанды тұнық жатқан арманым да. Боз інген айрылғанда ботасынан, Күйші де күңіреніп қалмады ма? Сол күйші құдірет бар бармағында, Қу шекті құйқылжытқан зар қағуға. Үнсіз мен қиялдадым кете ме деп Қайран күй өсек-жала қармағында? Кеудемде ұялатып күй-әніңді, Қандырып кеттің жырға құлағымды. Сол бір күй жаңғырсын деп іздеп едім Ізіңді, мініп «Ақсақ құланымды». Жайнатты жылдар гүлдеп қия-қырды, Күйшінің даласында күй ағылды. Жас түлек албырт ойлы қақты қанат, Жұртыңның жүрегіне құя жырды. Өлеңнің, ұмтылғанда, қалап өрін, Шын жүйрік қайдасың деп қарап едім? Күтуші ем ұшқыр уақыт бәйгісінен, Озып бір оралар деп «Құлагерің». Уа, жырым, жұлдыз боп жан, бұлт күйінсін! Халқыма қуанышты бұл сүйінішім. Жаямын поэзия құшағын мен, Кел, ақын, ардагерім, келші, күйші!

Советтің сылтыңы жоқ ақынымын, Ақиқат сырым және батыл үнім. Тірілді өлең-жырдың аяулысы, Қасыңа шақыр, аға, шақыр інім! Жырыңмен жаңғырығып тудың тағы, Қайрылып «Азат» күйі шертілгенде, Матайда қобызшы шал қутыңдады. Жырларың – өмір үні, жұрттың бағы, Халқымның игілігі, құт-құмары. Күйшісің Коммунистік марштарға, Сол жырың даңқыңа дақ жұқтырмады. Сен жаңа жүйрік жырдың шаңын қақтың, Әуенің ағысындай шың бұлақтың. Тербеліп күйлі жырмен, асқақ үнмен Тамырын тыңдағанның шымырлатты. Жетісу нөпіріндей толқындаған, Жырыңды жамырасып ел тыңдаған. Өзіңше дауылдатпай, жауындатпай, Ақын ба қиқылдаған, мыңқылдаған?! Жүйрік пе озып алға ұмтылмаған. Ініңмін көкейінде күй тулаған. Күйшіден күйлі сөзбен озған болса, Көрсетші сол ақынның сиқын маған?! Қырандай құс ішінде бөлек едің, Қарпыдың қанатыңмен өлең өрін. Ағындап аңсарымда өршіл жырың, Сазыңа жас жанымды бөлеп едім. Масайрап өлең-жырға толды маңым, Көр, жаңа поэзия балдырғанын.

Өзің де қуанасың, көріп жаңа Жырлардың жас дауыспен жаңғырғанын. Еске алдым, жүйрік жырдың бастауысың, Өршіді ол кездегі жас дауысым. Шалқыдым, өзіңдей өр күйші жайлы, Сонау бір жырды қайта бастау үшін. Жүлде бер менің жүйрік құланыма. Алшайып «Құлагермен» шық алдымнан, Жас жырдың бәйгесіне қуануға! ҰСТАЗ ІЗДЕРІНДЕ (Кемеңгер аға Мұхтар Әуезовке) Күн сайын кәнік едік біз лебіне, Дәрісті тыңдап өстік түз белінде, Әлі де мен сезбеген сыр бар ма деп, Қараймын ұстазымның іздеріне. Жазықтан қарағандай шың басына, Қараймын құздан биік тұлғасына. Шынардай бәйтеректі саялаған, Мұқаңның өрімделдік біз қасында. Бір мен бе? Жүрген ізін ел іздеді, Есінде ескен ізгі лебіздері, Халқының аңыз күткен аңсарына, Шалқыған қайран сөзі теңіз еді.

Жұртының шертіп қилы шежіресін, Жаңғыртты өткен күңгірт кез елесін. Заманның тұңғиығын толғап терең, Көтеріп кетті шыңға сөз өресін. Әлемнің жарығынан алыстау маң, – Абайды тебірентті – Шыңғыстаудан. Қырына сөз нөсері себеледі, Жаңбырдай көктемдегі тұңғыш жауған. Ол жүрген жерде жайнап арайлы күн, Ізінен шартарапқа таралды үн. Әйгілеп қазақ даңқын, дүниені, Мұхаңмен аралап жүр Абай бүгін. Мұхаң жүр, жырдың ұзақ сапарында, Алшаңдап Ұлылардың қатарында, Кемеңгер сөз сөйлеп тұр, мерей қосып, Даңқты республикам атағына. Жеткізді әлемге ол – дала жырын Халқының өр қиялын, даналығын, Абай мен Мұхтарға біз ұрпақпыз, – деп, Аулында мақтанады бала бүгін. Ал өзім, сағынамын нұрлы жүзін, Сағындым – кең мінезін, сыр лебізін, Тағы бір үн қата ма ұстазым деп, Іздеймін көшелерден жүрген ізін. Теремін іздерінен жыр шешегін, Данамен ой ақтарып тілдесемін.

Халқымның құдіретіне, – Мұқаң сүйген, Өшпестей жүрегімде туды сенім... МҰҚАҢНЫҢ ҚАЗАСЫНА Көтеріп құз қайғыны тастар едім, Болмаса құздан биік басқан өрің! Әлемге қазақ даусын таратып сен, Далама даңқ берген асқар едің. Бағына, ел-жұртымның талайына, Сен ұқсап туған едің Абайыма. Халқымның мақтанышы, ардагері, Атыңды бүркемекпін қалай мұңға? Жырлаймын дірілдетіп қаламымды, Тебірене және мақтап дала күллі, Көтеріп асыл сөздің мұнарасын, Дауылдап жазығында дана тынды. Сол сұлу мұнарадан сырлар тарап, Жөнелер ғасырларға жыр арқалап. Жұлдыздай қатар жанған төбемізде Асқардан Абай, Мұхтар тұрар қарап.

ӨЛЕҢНІҢ АЛАТАУДАЙ АЛЫБЫСЫҢ (Сәбит Мұқановқа) Өлеңнің Алатаудай алыбысың, Далаңа жаршы болды жалын-күшің, Өнеге бердің бізге сермелуге Семсердей сырлы сөзбен халық үшін. Отындай Октябрьдің жайнап өскен, Жырыңмен жауынгерше майдан кешкен. Тарлансың тарпып талай жат құзғынды, Қияға қанатыңды қайрап өскен. Әуезін еркіндіктің сезуге шын, Қаладың қырға жаңа сөз іргесін. Республика дабылын келдің қағып, Халықтың жеңісіне шежіресің! Ұқсайды кеудең жырдың күмбезіне, Еліңнің бар бейнесі тұр өзіңде! Сүйемін мінезіңді ұқсай туған Қазақтың кең-жайдары мінезіне. Білемін, жас баладай адал жаның, Ақиқат – халық үшін жаралғаның.

Қаламын партияның қадап ұстап, Бұқтырдың ызың-шуын арамзаның. Сөз Советтік – Армия маршында, Дауысың дәуірледі барып шыңға. Қосылған сол дауысқа түлегіңмін Өзіңше өрлеп жырдың жарысында. Ентелеп келіп қаппын мен де елуге, Жорық көп әлі талай сермелуге. Алпыста ағаң жастай жайнап тұрса, Алысқа айғағым бар өрлеуіме! Жүлделі тойда толып гүл құшаққа, Шыңына бұл ғасырдың шыққан шақта, Тыңдасаң ұстаз жырын жүзге келген, Ақсақал ақындар біз тұрған сапта. Уа, Сәке, шалқып сонда бірге мен де, Алдыңда өмір жырын тербегенде, «Дұрыс!» – деп бүгінгіше тұрсаң күліп, Қуана құшағыңды сермеп елге!

САҒЫНУ (Ардагер, ұстаз аға Сәбит Мұқановқа) Қайран Сәбе! Сағындым өзіңді мен. Кетпейді өсиетің өзегімнен. Жырыма қанат берген өзің едің, Сонау бір жастық, албырт кезеңімнен. Бірісің поэзия шыңдарының, Мен өскен бауырыңдағы шынарыңмын. Зердеме ұялады ұшқыр лебің, Мен сенің ой-санаңмен суарылдым. Кеудеңе Октябрьдің нұры тамған, Сабаз ең тайталаста буырқанған. Ойы жат қыңырларға шоғын шашып, Жаныңда жалындаған жыр тұтанған. Жасымда «Сұлушашқа» болдым ғашық... Дауысың дәуіріңмен кетті ұласып. «Советтің сөз әскерін» сапқа тізіп, Алтай мен Көкшетаудан кеттің асып. Сен мені сол бір сапқа жебеледің, Өткіздім өз қолыңнан жыр елегін.

Өткірлік, турашылдық – берген үлгің, Есімде – тайғанақта демегенің. Аяңда алшаң басып өсіп едім, Кейде бір соқса уақыт сұсты желін, – Қамқорым, қорғап мені нөсерлерден, Басыма қалқаныңды тосып едің. Жақты ма әлде саған ақпа лебім, Жаратып бәйгілерге баптап едің. Махаббат дастанымды оқығанда «Дұрыс», – деп арқамнан сен қаққан едің. Бір мен бе? Ұстаз едің шәкірті көп, Ақталды сен аңсаған шарт пен тілек. Бұл шақта Шоқан мен Ботакөздер Жайқалып жаңа жырмен жатыр түлеп. Өлеңнің өзің еккен, бағындамын, Әттең, тек, артта қалды жалын шағым. Достар көп, Бірақ, Сәбе, өзіңдей ме, Күрсінем, ойлап сені сағынамын. Сағындым сенің жайсаң мінезіңді, Жаңғыртқан жиындарда ду кезіңді. Сағындым ақылыңды, әзіліңді, Сағындым мейіріміңді, ақ сөзіңді. Алдыңда емін-еркін тыныстадым, Ұнайтын кейде тіпті ұрысқаның.

Сен барда іні едім еркелеген, Қазір, шал деген сұрғылт бір тұстамын. Сен қазір сол балуан кезіңдесің. Әлі де бастап жүрсің сөздің көшін. Тарихтың мәр тасына кеттің жазып, Халқыңның хикаясын, шежіресін. Көзіме елестейді ізгі тұлғаң, Астың сен сөз көшімен құзар шыңнан. Қуан сен, ұстаз аға, күмбезіңде, Келеміз жыр шалқытып біз артыңнан. ШЫҢЫНДА АЛАТАУДЫҢ ТҰР ДИМЕКЕҢ Жайнап тұр біздің дархан күйлі мекен, Жалғасқан әр жеңісі – той ғой үлкен. Даланың нулы көркін оймен барлап, Шыңында Алатаудың тұр Димекең. Бастадық мерекемен туған қысты, Бұл аға биыл тіпті қуанышты – Отанның ардагері Брежневтың тойында – Толғап қайтты туар істі. Оймен жүр өзі бүгін ел ішінде, Сыр айтып теміршіге, егіншіге.

Көп көрдік бұл кісіні сұхбаттасқан, Малшымен қалың малдың өрісінде. Өзіне – дала дастан қызық сырлы, Сүйеді дән шалқыған күзгі қырды. Сағынып кездеседі диқандармен, Осы аға, сұңғақ бойлы жүзі нұрлы. Түсінем миллиардтың музыкасын, Иген жоқ оңай ғана түз ықыласын. Миллион өрендердің, бұл майданға – Халық, серпілдірген күз құлашын. Солардың арасында түз өрінде, Көктемде, жазда, күздің нөсерінде. Егінші жұртпен қатар, Димаш ағай, Жүрді бір – тың қатпарын көтеруге. Инженер – заводтарда ол шыңдалған, Ғалым – ол, көп ғылымның сырын алған. Бұл күнде ел ағасы, ерен жігіт, Алшаңдап асар әлі көп шыңдардан. Абзал жан, даласындай пейілі кең. Талайды аялады мейірімен. Білемін үлкендердің разылығын, Көп алғыс алды өскен – кейінгіден. Пейілі әншілерге, ақындарға. Ол әзір жұрт тілегін мақұлдауға. Халқымның сүйіктісі – Димаш аға, Көп жаса, дәуірлей бер шалқып алға!

Қадірлі еңбегімен Отанына. Ел болып сүйсінеміз атағына. Біз көріп мақтанамыз Димаш аға Тұрғанда – Политбюро қатарында! Жақсыдан жарық түсер төңірекке, Ізгі жан жая берсін нұрын көкке. Аса бер асулардан ардақтымыз, Көтеріп Республика туын көкке! 1982 ж. ҚОЛ БАСТАҒАН БАТЫРҒА (Бауыржан Момышұлына) Жүректе оты жанған жігіт едің, Атаның алып қалған үміт-кегін. Жөнелдің қарсы бастап қалың жауға, Қазақтың қайсар ноян жігіттерін. Еріндей ертегінің қайта туған, Ашуың атқан толқын айбатыңнан. Кегінен қалың қазақ қайнап жігер, Тасыған қайратыңмен жауға атылған. Қаһарман қар бораған қабағыңнан, Қанқор жау қалтыраған қамалынан. Тапталған дүлей неміс табаныңа, Тәйірі, қазақ қой деп таба қылған.

Бастаған қалың қолың тасқын еді, Бәрі де таудың ұшқан тас түлегі. Қазақтың мұздыбалақ қыранындай, Сен едің гвардия бас түлегі. Қас батыр жігіттерің қасындағы, Қалың жау қаптағанда басынғалы, Қаһарлы дауысыңмен жауға ақырған, Қарсы ұшқан қардай борап ашулары. Жеңіске жорығыңды жолдау үшін, Жайпаған жаудың талай жолдағысын. Жалындай аспанға ұшқан атағымен, Мәліктей жойқын күшті жолбарысың. Жасағың жау сұмдарын аңша қырған, Асырды атағыңды қанша қырдан, Алғыс пен атақ алдың мәртебелі, Бас батыр ұлы Сталин маршалыңнан.

Ерлерін елі сүйген артық туған, Әлпештеп белгі таққан алтын тудан. Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп, Кешегі Кенекеме тартып туған. Есіңе ал, Кенекемді кешегі өткен, Кеудесін кек пен оққа төсеп өткен. Айбаты от екпінді Арқадағы, Даланың дауылындай есе кеткен. Талқандап талай жауды тасырлаған, Өзінен аруағын асырмаған.

Қанды жау қаптаса да қамауға алып, Кенекем жеңілмеген, бас ұрмаған. Сенің де сондай болсын ер атағың, Кенеңдей сүйген ұлы бол атаның. Мақтансын туған елің дабысыңа, Қорғаған батырым деп ұлы Отанын. Жарқылдап жау үстінде қаруларың, Көтерсін қазекеңнің аруағын. Білсін жау бір ел барын қазақ деген, Ашынса, көрсетпейтін жауына күн! Бастай бер жасағыңды алдан-алға, Дауылды тоқтататын қамал бар ма? Сондай-ақ азаттықты алып жөнел, Туысқан тұтқындағы адамдарға! АТЫҢДЫ МЕН ЕСТІДІМ (Бауыржан Момышұлына) Атыңды мен естідім Окоптардан, Ормандардан, Оқ жосып бұтақталған, Жауынгердің аузынан Москва үшін, Атой беріп, айбынды атақты алған. Атыңды мен естідім Дүр атылған,

Зеңбіректің аузынан, сұрапылдан, Бұйрығынан мұз мұртты генералдың, – Түсің түтеп шыққанда сен лапылдан! Атыңды мен естідім Өрт ішінен, Жалын шалған, Шоқ шалған Өр түсіңнен, Қан жосадан, Қаһарлы аңыз тарап, Дауысыңнан, Майдангер ер түсінген. Атыңды мен естідім Құзды шыңнан, Жеңісті айтып, жүйткіген жыл құсынан. Шопандардан, отарын тауда баққан, Қиқулаған шығанда жылқышыдан. Атыңды мен естідім Шырқап таңнан, Бұлбұл қонып, жайқалған бұтақтардан Өлеңінен өзімдей ақындардың, Өзіңдей шебер жазған кітаптардан. Сол атың алыстарға таныс бүгін, Халықпен, Заманамен тоғысты үнің. Құрметтейді әрқашан тұрғыласың, Ардагер Отан ұлын, МОМЫШҰЛЫН.

ТОМАҒА КИГЕН ТАУ БҮРКІТ

(Бауыржан Момышұлына) Томаға киген тау бүркіт, Қадайды көзін құздарға. Сонда бір шыңды жаңғыртып, Саңқылдап ұшқан мұз-қарда. Сабалап сонда қанатын, Қиқулайтын дауылда; Шүйілсе бұғып қалатын Аң да, құс та, тауың да. Енді маңы тып-тыныш, Жоқ дауыл да, тақыр да. Отыр тарлан сұсты құс, Топшысын бүгіп тұғырда. Мүмкін қалған із бар ма, Құзында қарлы қияның? Қарайды қыран құздарға, Қиялар тербеп қиялын...

ҚЫРАНСЫҢ СҰРАПЫЛДА ЖАРҚЫЛДАҒАН (Бауыржан Момышұлына) Қырансың сұрапылда жарқылдаған, Дауылда найзағайсың бұлтты жарған. Қаһарман қолды бастап, Ойрандадың Обырды Отаныңа бүлік салған. Сел соқса шарқ ұрмай ма сай тастары, Алдыңа алапат жау жай тастады. Елестер жолбарыстай сұсты түсің, Жұлқынған қиян-кескі шайқастағы. Бірісің аты әйгілі қолбасшының, Ірісің мұқалмаған алмас қырың, Батырсың – айғайынан жау үріккен, Ақынсың – жүлделіге жолдас бүгін. Құрыш қол қан қырғында берген қайрат, Қаламды содан кейін шықты қайрап. Сүйсінем шежіреңе өзің жазған, Өмірің кітабыңда тұрсын жайнап!

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ МАЙДАНДА ТЕБІРЕНТКЕН ЖЫРЛАРЫНАН .Ұлы Отан соғысының айбынды қаһарманы Бауыржан Момышұлының ерлік даңқымен бірге соғыс тақырыбына «Москва үшін шайқас» атты келелі роман жазған сөз шебері екені баршаға мәлім. Табиғатында, ереуілді тұлғасында, мінезінде өр ақынға бітер қасиеті бар Баукең майдан тұсында кейбір бұрқанған шақтарында өлең де толғаған екен. .Баукеңмен мен соғыстан қайтқаннан кейін (майдан тұсында бұл ерге арнап өлең жазған едім) жиі араласып дос болып кеткенмін... 1961 жылдың 17 желтоқсаны, Баукең біздің үйде сұхбаттасып отырған. Орыс тілінде өзі шығарған екі өлеңін маған оқып берді. Соншама тебіреніспен жазған орысша екі өлеңін мен жедел қазақшаға аудара қойдым. Баукең менің аудармама өте риза болды.

СОҒЫСТА Аспанның ең шетінде Қорғасын бұлт тұр қатып, Кенет шарт айрылып, Жөнелді лек-лек... Бұрқатып, сел атып, Найзағай күркіреп, Қызыл қанжарын сермеді. Демалып дүние теңселіп, Қуды қапырықты жердегі. Сыңсып жер зар қақты, Өлмек бар, тірілмек жоқ! Тебірентіп кетті жан-жақты. Қап-қара тұман жерге көсілді, Ашылды бар дозақтың есігі. Майдан, ойран... Зілзала болды жер неге?! Осынау қиямет жайында, Жырлағым келеді, Тебірене! ОСЫЛАЙ БОЛҒЫМ КЕЛДІ Ойға, ойға батқым келеді. Ойды оймен толқытып, Шалқытып, шалқып аққым келеді. Сезімге, сезімге батқым келеді,

Сезімді сезіммен жандырып, Рахатын, Рахатын тапқым келеді. Мен, өзім сүйген әлемді Мерекелі еткім келеді. Бей-берекет дүниені Берекелі еткім келеді. Мен, өмірге, Өмірге енгім келеді. Өмірсізге Өмірімді бергім келеді. Ауруға Ауырып барғым келеді. Оның ауруын жұлып алғым келеді. Ажалға Ажалмен төнгім келеді, Өмірді, Өмірді жұртқа бергім келеді, Шіркін, поэзия! Саған жанымды қиғым келеді. Өлеңді өлең боп ұшырып, Қанатынан сүйгім келеді...

БАТЫР ДОСЫМА (Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинге) Қанат қаққан ұясынан, Біздер таудың түлегіміз, Алтын аспан аясында Араласқан жүрегіміз. Сонда көкке талпынғанда, Қонды бақыт үстімізге, Күлімдеді күн аспанда, Нұр сәулесі түсті бізге. Қуанышпен өтті күндер, Шаттықпенен шалқыды өмір. Өткен-кеткен шертілді сыр. Асқақтаған айтылды әндер. Соны естідің сонда жырдан, Елдің өткен батырларын. Дауысымен жауға ақырған, Бізді ерлікке шақырғанын. Естіп соны балқығанда, Ереуілді шың қағылды. Ер жігіттер көтерілді, Қатты қақты ел дабылды.

Сонда сенің жүрегіңді, Ашу менен кернеді кек. «Қандай зұлым бақытыма, Қанды қолын сермеді?» – деп. Қабағыңнан қар борады, Төгілді мұз кірпігіңнен. Сен жөнелдің қас батырдай, Қатулана жауға кірген. Көк жасындай күркіреген Алай-түлей от майданын, – Кештің де сен, ойран салдың, Дұшпаныңнан бір таймадың! Жеңбей шыққан жерің бар ма? – Дұшпаныңмен алысқалы. Айбатынан жау шошитын Сен қазақтың арыстаны. Алабұртқан күндер өтер Бақыт шағың ертең қайтар. Сонда сенің ерлігіңнен Қыз-бозбала ертегі айтар. Сонда саған тиген атақ Жыр болар да көп сақталар. Дүниеге атам қазақ: Ер туғыздым! – деп мақтанар. Дүниеге атам қазақ: Мен батырмын, мен ермін, дер.

Мен де иесі – болған азат, Жаңа дүние, жаңа елдің, дер! Ташкент, 1943 жыл. СҰЛТАНМАХМҰТҚА Жалғыз мола, жол үсті, Жолаушы өтер көз салып. Өте беріп ой түсті, Тұра қалдым томсарып. Қурай басқан қу қабір, Жел ескендей дүбірлеп, Күңіренгендей сонда бір, Өлген адам күбірлеп, Келдім жетіп басына, Ызыңдайды қу ағаш. Тіл қатпайды мелшиіп Басындағы меңіреу тас. Үндемейді томсарып Ақынға ана болған тау. Сырласып жүрген ақынның Өлгені ме, япырым-ау?! Түсті есіме сол күні Шерлі ақынның өлгені. Есіркеп Арқа сорлыны, Жаспен жанын көмгені.

Жүрегімді өртеді Қайғы-ызасы аралас. Қабіріңе домалап Ағып кетті көзден жас. Түнгі боздақ жұлдыздай Жарқ етті де, ол сөнді. Азалы болған Арқаны Жыры кезіп жөнелді. Па, десейші, сол жырдың Үнін дала алыпты. Ескен желі ой-қырдың Еске сақтап қалыпты. Естілді маған сол күні Шаттық үні Арқаның. Қуаныштың құйыны Алып жатыр алқабын. Арқадан ескен сол жырдың Ішінде сенің жүрегің. Жүрегің сенің менікі – Жүрегім деп жүремін. 1939 ж.

ШОҚАН ПЕТЕРБУРГТЕ Петербург. Сонау сұрғылт күзгі күн бір. Проспекті. Сипаты жат кезген кім бұл? Қарайды ол Неваның ағысына, Толқындап қиялында өзендей сыр. Мұнда жүр көп Астана маңғаздары... Ол жүрген жоқ Серуендеп бой жазғалы. Келеді оймен барлап, Бұл жат мейман – Қазақтың ұшқыр ойлы, бір боздағы. Россия астанасын Келген аңсап. Жоқ, оған Қажет емес шенді мансап. Қыр бұлтын жарып, Қолын сермеді ол Россия жарығына, Жанған алшақ.

Сырлас ол, Ойшылдармен әр елдегі. Оған дос Ұлы жұрттың кемеңгері. Орыстың озық ойын зердесіне Жасынан тоқып өскен өрен еді. Көзі де жанарындай сұңқар құстың. Жарқ етті Көз алдынан талай ұшқын. Бұл тұста Тебіренген талай сабаз, Сыр шерткен достарына қайран, Пушкин... Көрінді ізгі Гоголь өткен іздер, – Мұқалған мысқылымен көп мінездер. Сондай топ, әділ жасты ашындырған, Қырдағы сұмырайлар, жүгенсіздер. Таңданды – шыңдай зәулім мұнаралар. Басына бұлтсыз шақта күн оралар. Ізгілер аз тұрады биіктерде, Озбыр көп, асқақтайды мұнда олар. Орыстың қаласы көп салтанатты. Ұл-қызы білгірлікті содан тапты.

Жұрт түгіл, мың жылқылы қазақ ханы Өзіне орда болар үй салмапты. Көп жүрді мұнда Шоқан баяу басып. Басында күн мен түндей ой арбасып. Көзіне қараңдады, бұлт астынан Түнерген сорлы дала сонау қашық. Қилы ғой астананың асулары, Орыстың шермен өткен асылдары. Қыр ұлы жетті, міне, сыры төтен Алаңға, Қысқы сарай қасындағы. Елемей елін, өзін тәңір тұтқан, Патшаға қарсы мұнда дабыл шыққан. Россия офицері – қазақ ұлы, Декабрь ерлерінің даусын ұққан. Таңданды Петрдің өр тұлғасына Қолбасы ол – кенді шалған құз басында. Ашып ол терезені Европаға,

Көз тіккен Азияның қырқасына. Қыран жас білген барлап күншығысты, Тағдыры талай жұрттың еске түсті. Қапаста қалар ма еді туған елі, Россия қолдамаса сұсы күшті. Осылай ой дүркіндеп тізбек-тізбек, Толғанды өзгелерге елеусіз тек. Петербург аясын кезген Шоқан, Кетті енді Достоевский досын іздеп. Есінде кездескені ең алғашқы... Сібірдің сұр аспанын тұман басты. Жас Шоқан, бұлт астынан жұлдыз күткен, Түнде бір қуғын жанмен амандасты. Шоқанға даңқы мәлім бұл дананың. Түсінген ыза-шерін, мұңлы жанын. Сырласты оқымысты қыр ұлымен,

Орыстың кемеңгері, сөзі жалын. Есінде достық шағы Семейдегі. Тасиды буырқанған селдей лебі. Шоқанға мерей еді, – дана сөзін Көп тыңдап, өз ойының кеңейгені. Айтқан ол: «Адамзатқа ортақ ғылым. Орыстың алдың ізгі, зор тағылымын. Білімпаз тұңғыш қазақ – досым сенсің, Заманға сай терең ойла – ел тағдырын». Деген ол: «Әділетсіздік әзір мықты. Россия жояр топас озбырлықты. Жаршы бол халқыңа сен, үлгі тұтсын Орысты, өнегесі озық жұртты...»

ТУЫСЫП КЕТТІ ЖЫРЫМЫЗ (Орыс ақыны Владимир Цыбинге) Кең даламды кезем көп Гүл мен толқын ағылған. Сонда жылы сезім кеп, Москваны сағынам. Сергітеді астанам Лебіндей көп досымның, Сенсің жақын басқадан, Туыс үнмен қосылдың. Достық даусы дүбірлі, Толғаған күн-түнімен. Менің қазақ жырымды Бердің орыс тілімен. Үндес сенің әуенің Өзбек, қырғыз, тәжікпен. Сол жырларды жебедің, Ұлы сөзбен жазып сен. Мен де саған бейіммін, Ынтымаққа беріксің. Біздерге кең пейілің, Кеудесіндей орыстың.

Өлең ұйтқып көңілде, Бірге өтуге асығам, Сәлем беріп Ленинге Мавзолейдің қасынан. Кезіктірем, шын дос көп, Саған таныс, маған да. Жүз жұртпенен үндесем, Ұлы Қызыл алаңда. Көмек беріп бауырға Кеңейттік жыр әлемін, Қазақша боп ауылда Сенің де жүр өлеңің. Көктем көлбеп жерімде, Жарқырады шағыл күн. Москваны, сені де Кереметтей сағындым. Бабам аңсап нұр күнін, Бәрін барлап алыстан, Қос ғасырдан көп бұрын Россиямен табысқан. Жақын түгіл жатыма Құйылады шалқып ән. Кел, жырыңды оқуға, Тойға сені шақырам!

ӨЗБЕК ДОСЫМА (Құрметпен Миртемирге) Ташкент бардым таңырқап, Тамашасын көрдім мен. Шадыман жұрт ән шырқап, Гүл төгілген төрінен. Маған жылы қараған, Көріп нұрлы жүздерін, Таныс емес қаладан Өзіме дос іздедім. Сая тауып жазынан, Араладым гүл бағын. Бұлбұлының аузынан Қазақ жырын тыңдадым. Сонда мені шақырған, Білем, даусын досымның, Сөздеріне сап құрған, Өлеңдетіп қосылдым. Гүл бағыңнан сыйласып, Жеген жүзім, мүбәрәк. Жылы шырай сыр ашып, Күлген жүзің, мүбәрәк!

Ағытылдың сен маған, Сырласыңдай талайғы. Жаңғырттық жыр шырқаған, Науаи мен Абайды. Сахараның ұлымын, Сүйдім сені, гүлстан. Сырын ұғып жырымның, Табыстың сен, туысқан! Сонау жылдар дауылды, Сұрғылт күздер жадымда. Қақтық бірге дабылды Отанымның жауына. Өз ағамның жері деп, Алшаң басып аттадым. Сапта жүріп күбірлеп, Өзбек жырын жаттадым. Шертті маған Хорезм, Мақта күйін толғана, Төкті бұлбұл әуезін Маған – гөзәл Ферғана! Келін келсе жүзіммен, Қызыға мен қарадым. Бөліп іштім өзіңмен, Самарқандтың шарабын. Әнжір жедім, бал таттым, Қарт өзбектің үйінен.

Сергідім мен, сән таптым, Қыздарының биінен. Жылқышымын, аязға Құрыштаймын, күштімін. Бойға тарттым сол жазда, Өзбектердің ыстығын. Көңілімді ерітеді, Сол ыстығың суымай. Екеумізге жыр телі – Сырдария суындай. Гүлстанды жыр еткен, Күн лебізді ақынсың. Сөздерімде әндеткен, Сенің де бар нақышың. Қырларымда досың көп, Кел құшаққа, туысым. Әуезіме қосыл кеп, Таңғажайып күн үшін!

ӘНШІГЕ (Татар ақыны Нури Арсланға) Жырладың сен бесігімде жатқанда, Жырладың сен мұңлы, тойлы шақтарда. Сенің назды жырларыңмен тербелдім, Жырақ қырда, қойларымды баққанда. Сен орманда сандуғаштай сайрадың, Сол жырыңды жан сыры деп ойладым. Есіркедім Ертісімді жағалап, Жырладым мен шерлі «Сарман бойларын». Қозғалғандай өз арманым, өз лебім, Көрші татар көшелерін кезгемін. Сен жырласаң, кетер қаным шымырлап, Арбады ма әлде «Шаяң күзләрің». Үй артында арасынан шиенің, Тамылжыған татар жырын сүйемін. «Шул шиәләр, баш иәләр» әніңе Басым түгіл, жанымды да иемін. Сол жырыңда мұң төкті ме асыл жар, Әлдеқандай аяулыңның жасы бар. Әлде аңсап бүгінгісін татардың, Тебіренді ме өткен сонау ғасырлар?

Түсінемін махаббаттың наз әнін, Сол жырыңа құлашымды жазамын. Жырла, сырлы әуеніңе балқысын, Ән шырқалса, аңқылдайтын қазағым! СОЛ СҮЙІКТІ КИЕВТЕ (Украин ақыны Микола Нагнибедаға.) Сол сүйікті Киевте достарым бар, Үндесетін менімен көктем күнде, Сол сүйікті Киевте достарым бар, Днепрден дүбірлеп өткен бірге. Достық даусын әкелдім Ертісіме, Толқын үндер тоғысқан Днепрден, Сол сипат бар достардың өр түсінде, Менің шалқар қырымда дән өсірген. Достарым бар Украина байтағында, Есіркейтін менің де жыр-нәшімді, Өлеңіммен мың сәлем айтамын да, Кең дүзіме шақырам сырласымды. Қырларыма шырынды мәуе бітіп, Сусындатты достықтың бұлақтары. Жыр шырқайық, кел досым, әуелетіп, Бұлбұлдардай үн қосқан гүл бақтағы.

ТЫҢДАДЫ АМЕРИКА ҚАЗАҚ ДАУСЫН Америка Құрама Штаттарына сапарға барып, халқымыздың тамаша өнерін американ жұртшылығына таңырқатып қайтқан Республикамыздың бір топ өнерпаздарына, әйгілі әншілеріміз Ермек Серкебаевқа, Бибігүл Төлегеноваға арнаймын. Сүйінші! Әншіл жұртым, мәз боларсың. Тербеліп, күйшіл далам қозғаларсың. Білмейтін затымызды, атымызды, Тыңдады Америка қазақ даусын, Мұхиттың бөгет болмай толқындары, Қазақтың екпіндеді еркін әні. Бұл әнді, әсілі, бір түйінбеген. Тілі жат, талғамы жат ел тыңдады. Сал жігіт, шапан, бөркі әсемделген, Сылаң қыз, бұрымдарын сәнмен өрген, Таң қауым бұл ғажапқа, дуылдады Келгендей перизаттар Юпитерден.

Бұл ел ғой, жұрты қилы, ала шұбар, Ақ содыр, жаны шерлі қарасы бар. Халқымның әндеткенде еркелері, Ысқырса бір сұмырай, қалай шыдар? Ала жұрт арасында сергек топ бар, Советтік салтанатты солар жақтар. Сүйсініп ду қол соқты, Көрінгенде сәнімен жұртымыздың саңлақтары. Сол бір сәт, ән қанатын қалды сермеп. Даусымен шыңды шалған сұңқар Ермек. Гулі зал тына қойды, әп-сәтте сол, Ексімдеп сел жаңбырдай, ән нөсерлеп. Өрен үн, тілі жаттың салған әні, Жаңғыртып кең сарайды, жаңғырады. Ермекпен – келді бірге осы залға Арқаның Ақаны мен сал Біржаны. Бұрқанып асқақ үні, шалқып ақты, Япырау, сөзден, сірә, ән қуатты. Саңқылдап сабаз әнші қасқиғанда, Қолдарын риза қауым соғып жатты.

Жарқ етті сахнада ән еркесі. Жалтылдап шоқ үкісі, сәукелесі. Халқымның сандуғашы сайрағанда, Мәз болып, масайрады сәулет кеші. Сылдырап алтын сырға, ақ алқасы, Ағылды бал көмейден «Гауһартасы». Өзі де гауһар сынды, қалқатайдың – Қазақтың абзал қызы, өнерпазы. Шырындай тамылжытты бұлбұл үнін, Лебі – наз, үні – кәусар Бибігүлім. Кіді жұрт, таңсық қауым мүлгіп тыңдап, Қазақтың сырбаз жанын білді бүгін. Мынау ән жан билеген қандай тәтті. Қыр қызы назбен төкті махаббатты. Жиынның сергектері әнге балқып, Теңселіп негр жасы мұңға батты. Ынтасы қос әншіге ауған халық, Серпіліп гуілдеді қайран қалып. Ермекті – Карузо! – деп шыққан жаңа, Мистер гүл ұсынды Жайраң қағып. – Бұлбұл ғой ғашық сырмен саңқылдаған! – Жұлдыз ғой

Азиядан жарқылдаған! – – Ғажайып әнші қыз! – деп Бибігүлді, Мадақтап кетті жиын ән тыңдаған. Сарайды қыз-жігіттің үні жарып, Жасады зор қалаға әнмен жорық. Тыңдады қазақ даусын Вашингтон, Детройт, Сан-Франциско, Нью-Йорк. Жат әнге таңырқады джентльмендер, Кеудесін «ұсақ жұрт» деп көтергендер. Танарсың естеріңнен, паң мырзалар, Республикам сәулетін көрсең сендер. Танытып даламыздың шымыр үнін, Аштыңдар үлбіреген шырын гүлін. Өнерін халқымыздың перделеген Аштыңдар Америка шымылдығын. Мың алғыс, өнерлі жас өрендерге, Тартуым, шашу жырым бұл сендерге. Көтеріп еліміздің достық даусын, Үндерің өрши берсін өрден өрге!

ТАЙЫР ЖАРОКОВҚА (Елу жасқа толғанда) Ашқанда қыз-өлеңнің шымылдығын, – Ақ жарқын шырай берді шырын жырың. Сонда мен сүйген едім, қайран Тәке, Жаныңның сыршылдығын, сұлулығын. Ғашықтай сырласыңмын, шыным мұным, (Өзім де өлең баққан жырындымын). Әлі де елуінде бозбаладай, Сақтаған ұшқыр жырың шымырлығын. Ақын ба, мінезімен таң болмаса, Досына ақ жүрегі жалғанбаса? Өлеңнің безер едім, арамызда – Өзіңдей жаны сұлу жан болмаса! Өмірге, өлеңге де телі келдік, Бірге біз, жыр гүлдерін теріп едік. Қуандық Отан күлсе, ал, жау төнсе, Найзалы қаламменен тебірендік. Уа, қандай мықты жансың, әлі жассың, Жырыңда аңқылдап тұр айдын «Тасқын». Алдымда тұрсаң жайнап жалыныңмен, Жастықтан мен де мәңгі айрылмаспын.

Өзің де өлең-сынды сырбазымсың, Толғандың қызыл гүлді жыр жазы үшін. Даусыңды көтер көкке, лебізіңнен, Жүз жылға жаңғырыққан жыр жазылсын! ҚАЙРАН, ТӘКЕҢ! (Ардагер ақын ағамыз Тайыр Жароков еске түскенде) Ұйқысыз түнде кейде, ойға кетем. Жастық шақ сапарында сайран етем. Сол сәтте жарқ етеді ой көзіме, Жайраңдап жарқын жүзбен қайран Тәкең. Сұрайды әдетінше жай-күйімді. Оқы, – деп уақытыңа сай жырыңды. Сен менен жасырмашы, айтшы маған, Мұқалған мұнша неге жан сырыңды? «Сен неге менен ерте қартаясың? Барма әлі топастармен тай-таласың?

Өрши бер өлеңіңмен, солардан сен. Өшіңді өр жырыңмен қайтарасың. «Айттым ғой, есерлермен егеспе деп. Сыр айтып, өсекшімен кеңеспе деп». Қарама артыңдағы ала көзге, Ұмтыл тез ағаң шыққан белеске тек. Қалайша қартайдың сен, қайсар едің? Бөгет боп тау тұрса да шайқар едің, Әлі де қайратыңды қайрай бер деп Ақыл ғып, ақын інім, айтар едім. Артымда жүр ғой менің ұл мен қызым, Сағындым солардың мен көрмей жүзін. Сыйла сен Мүнираны асыл жеңгең Алдыңа тартқан талай дәм мен тұзын. Ақындық жиындардан қалдым тыста, Жиында өзіңді сен, еркін ұста.

Өр ағаң көзін жұмған қапылыста. Жарайды, кетірмейін, мазаңды мен. Өлсем де қабірімде жазам өлең. Өрлей бер өлеңіңді дүбірлетіп, Ерте тұр, оятамын азанда мен. Селк етіп ояндым мен, күбір келіп, Оқыдым Тәкең жырын күңіреніп. Жебейін жырларыңды, қайран, Тәке, Медет бер өзің маған, серпін бер! 1988 ж.

МАЯКОВСКИЙ ЕСКЕРТКІШІНЕ Әйдә, Маяковский, Зымыра күнгей жаққа. В.Маяковский Маяковский! Жүр бірге Біздің жаққа, Жылдам атта, Тез бас та, Шалқиық бір аңсап Поэзия көлінде. Шалқулар көп көңілде. Жаңа дала, Өзің қара, Ой таста, Отты жырмен Жар сап Жаңалыққа, кел үнде! Мраморлы денеңмен Ұмтыл алға, Шыңға бар да, Дауыста: «Бар дауыспен менше Жаңғырт жерді өлеңмен!» Дауысыңа еріп мен: Бірақ әлі Жырдың бәрі алысқа

Ұша алмай жүр, сенше Толқытып сөз тереңнен. Сына бізді, сен көр де: Сөзбен нәзік Жүрсек жазып өлеңді, Ақынсынып, Сән ғып, Гүл тағуға серуенге. Сондайға жол бермеуге, Біздің жаққа Жылдам атта, Кел енді. Қосылайық, Таң ғып Құлашты кең сермеуге! Кеттік біздің ауылға! Дала ғажап! Өзің қарап Біл бәрін. Қызықтар көп, Кел, көр, Менің Алатауымда, Сені сүйген қауымға. Күшпен өрен Күркіреген Жырларың Жаусын нұр боп, Жел бер, Өлеңімде дауылда!

САЙФИ АҒАҒА (Башқұрттың мәшһүр ақыны Сайфи Құдашқа) Сайфи Фаттахұлы Құдашев – башқұрт халқының атақты ақыны, башқұрт совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі, Сайфи жырлары ұлы Октябрь революциясының алдында азаттық ұранмен, қанаушыларға қарсы ашулы дауыспен тебірене үн қатқан еді. Совет дәуірінде үлкен шайырдың шығармашылық өнері мейлінше өрши түсті. Социалистік қоғам құрылысына зор дауыспен үн қосқан азамат ақын халықтар достығында терең тебіреніспен жырлады. Сайфи Құдаш – қазақ халқының, қазақ әдебиетінің ғазиз досы. Уфадағы медресі «Ғалияда» – Бейімбет Майлинмен, Жиенғали Тілепбергенов сынды қазақ жазушыларымен дәрістес болған. Сайфи ертеректе қазақ ауылдарында мұғалім болып, қазақ жастарының сауатын ашуға ізгі ұстаздық жасады. Сайфи өзінің естелігінде қазақтың әйгілі ақын-жазушылары С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Мұқанов жайында туыстық ниетпен қызықты әңгімелер шертеді. Бұл тақырыптағы «Ұмытылмайтын сәттер» атты кітабы қазақ тіліне аударылды. (Қалижан Бекхожин) Сайфи ағай! Біздің қырда Сенің қалған көп ізің Сонау Тобыл суынан барлап, Жүздің сен мынау,

Қапшағайдың теңізін. Бұрын мұңын, Қазір шаттығын шерткен Домбыра мен қобызың. Сенің лебізіңнен Мен сеземін. Кеудең жалындап тұрған Достық өзегін. Мақтануға хақың бар, Жасында уызын жұтқан Қазақ елі – өз елің! Дала лебін, Қымыз иісін, Жігіт даусын сезінем Сенің ғибрат жауһар сөзіңнен! Ұстаз аға! Мен де саған шәкіртпін Дәрісіңді тыңдаған. Сыр-сипатыңнан Ізгілік толқып тұр маған. Болды-ау кезің түлектерің Аулымның ақсақалын сыйлап, Қыздарына Жасырын сырмен ымдаған. Бауырымыз башқұрттың Бәйтерегісің жырдағы! Қасында гулеп тұр поэзия гүл бағы. Көрдім кеше менің аулымда, Сенің даусыңды Жас ұрпағым Қошеметпен тыңдады. Кеше Қапшағайда көздеріңнен аңдадым: Кемемен жүзіп,

Ұшан-теңізіменен барладың: Даламыздың көп толқыны, Халқымыздың Шалқып жатқан арманы, Қарадың сен ізетпен Алатауға ақ қарлы Жамбыл мұнда Жыр гауһарын ақтарды. Тауымыздан, Аулымыздан Мейірлі жандарымызға Сенің жүрегіңде Мәңгі достық сақталды! ҰСТАЗ БЕЙНЕҢ ЕСІМДЕ (Ғабит Мүсіреповке) І Ойымнан кетпес мәңгілік Ұстаз бейнең есімде. Өнеге сөзің жаңғырып, Үн қатасың түсімде... Кітабыңда шалқыған Кемеңгерлік қасиет Інілерге айтылған, Ұмытылмайтын өсиет.

Есімде менің сақталды, Маған айтқан ақылың: Қағып менің арқамды «Батыл жаз деп ақыным». Кәрі емессің әлі де, Бізге кіші інісің. Ақындардың көбіне Ағалардың бірісің. Ақындық қой дарының, Тарихшылсың, сезгемін. Қазақтың шыққан тарихын Баяндап маған меңзедің. Жаз ойыңды дәлелдеп, Дерегіңді көрейін. «Жуықта алып келем» деп Кеттім өршіп мерейім. Жатыр едім емделіп Емханада ол кісі. Сырқатына мән беріп, Сыр бермеді тың түсі. ІІ Жатыр едім күбірлеп, Қиялымды түн билеп. Жетті хабар дүбірлеп «Ғабең көзін жұмды!» деп. Ыршып тұрдым төсектен, Жай түскендей басыма.

Адамдай бір есі кеткен, Жүгірдім сыртқа асыға. Келсем жетіп асыға, Күңіренген ордасы. Бұлт бүркеніп басына Ғазиза жан жолдасы. Нөсер соқса айдыннан, Теңселтеді тауды да. Иілдік біз қайғыдан Жеңгеміздің алдында. Ел-жұртына бас аға, Ұстазы өнер, дарынның. Тебіренді астана, Шертіп жоқтау сарынын. ІІІ Ағаны тың қонысқа Аттандырып келіп ем. Зиратқа барар бір тұста Кездесті Ғабең менімен. Сол жаққа кетіп барады, Ат үстінде тербеліп. Қолында ұшқыр қаламы Қанатындай сермеліп. Мені көріп бөгелді, Сәлем беріп тілдестім. Тік көтеріп кеудемді Артына тез мінгестім.

Қолымда жоқ қаламым, Қабірге тартып барамын. Күбірлеп мен келемін Артында ұстаз ағаның. Кенет маған зілденіп: «Түс! – деді, – Маған мінгеспе! Қал артымда, Бол берік, Ұмтыл алғы белеске. Өрлеп өлең өріне, Шарла шыңды, асқарды, Қос үніңді өмірге, Жаза бер жаңа дастанды!» Түсім екен... селк еттім, Сипалап мең-зең басымды. Қай тың асып өтпекпін Ұстазым айтқан асуды? Асуларға аттанам, Шарлап уақыт шыңдарын. Ағалар әлі айтпаған Шырқап дәуір сырларын...

САЯТШЫ (Ғабит Мүсіреповке) Уақытқа сырын шертіп, бел-белеңі Оянған өлке күймен тербеледі. Жазыққа шығып сері ағытады, Жараған Құлагерін көрмедегі. Дүлдүлдің жолы ұзақ дәуір сынды, Қозғайды толқындай кім ауыр сырды? Саятшы сеңгір таулы жыр көгіне Ұшырды ұшқыр қыран-қауырсынды. Қыраны қиялдардың өрін көріп, Самғады қанатына беріп ерік, Сонау кез сортаңынан Ақан шықты, Төріне дулы шақтың тебіреніп. Серіге аз болды ма жар жақсысы, Бәрінен Ақтоқты ғой ардақтысы. Төккенде Ақан назын, Жас қауымның, Жалындап ұшпады ма арман құсы? Жан зары үзілген қыз қырда ыңырсып, Уа, ғажап! Бізге қайта келді сыңсып.

Егілсе алдымызда мұңды баян, Ыстық жас кетпеді ме көзден ыршып? Саятшы тұлпар мінер бұлаңдатып, Сергиді түлкі соғып, бұланды атып. Шаһбаз! Сұлулардың ордасына, Әкелді Қыз Жібегін сылаңдатып. Жанында жаңғырығып жыр кешегі, Лебінен бүгінгінің сыры еседі. Жұртына төнсе қатер, қалап кезеп, Майданды жауынгермен бір кешеді. Тіл тәңір, өліктерге жан бітірген, Керемет Сөз жүрекке жанып кірген. Зергер ол, сөзден соғып сарайларды, Күмбезін айшықтаған нәзік сырмен. Сақтап тұр саф алтынды тік тұлғасы, Қияға сермеледі жыр құлашы. Асса да жетпіс белден жаны дархан, Бұл күнгі қыз-жігіттің тұрғыласы. Ой тастап жазықтарға алдағы кең, Елінің сырласады саңлағымен. Жібекпен, Баянымен думандатып, Келеді сол баяғы сал бабымен.

СӘЛЕМ САҒАН, БАШҚҰРТСТАН! Халқыма елің сенің дос, туысқан, Бауыр жұрт, берекелі Башқұртстан! Аяңды алыстан мен келдім аңсап, Даланың сұңқарындай ұшқыр ұшқан. Тағдыр бір заманалар өріндегі, Бір көшкен бабалардың керуені. Жаңғырған қырымызда дүбір қағып Салауат Юлаевтың шерулері. Естілген башқұрттарға ормандағы Қазақтың мұңлы әні, армандары. Еділ мен Жайық бойын жайлап қатар, Ел болдық қыз алысқан құдандалы. Көп еді сол заманда шалыс жолдар, Бұл шақта қол ұстасты туысқандар. Топтасты Орыс, Татар, Башқұрт, Қазақ, – Октябрь толқынында тоғысқандар. Уа, Уфа! Ұшқындаған алауыңды Бір кезде қарауытқан дала білді. Өзіңде оқып өскен шәкірт қазақ – Ұстазым болды менің бала күнгі.

Шындық боп аталардың аңсағаны Достықтың еркін есті таң самалы. Аулымда башқұрт жігіт сырнай тартса, Қосылып қазақ қызы ән салады. Қыран да қиясына қарап ұшқан, Әлемге бұл күндері даламыз таң. Башқұрт дос, ақ сәлемім айтты саған Даңқты Республикам – Қазақстан! Мың сәлем ел-жұртымнан қайта туған, Теңіздей дән шалқыған байтағынан. Мың сәлем Алатаудан, Байқоңырдан, – Өрінен ұшқандарға ай табынған! Халқымның мейірімі пәк бастауынан, Башқұртпен жылқы айдасқан дос ауылдан, Бауырлар, жүз мәртебе ыстық сәлем, Ақсақал аталар мен жас қауымнан. Жарқырап алтын заман күн, айындай, Отқа да, отынға да тұрағым бай. Бұл күнде халқымыздың мерейі өсті Ишимбай, Маңғыстаудың мұнайындай. Сағынып егізіндей іздеп жүрген Башқұрттар жайраңдады ізгі нұрмен. Көргенде бізді – қазақ қардашларын, Мархабат гүлі жайнап жүздерінен. Аңызға таңғажайып ұқсап дәурен, Шығирға болып-ақ тұр бұл шақ серуен. Шақырған біздің тойға дархан башқұрт, Бек зорсың-ау баршаңды құшақтар ем!

ӘЛЖЕКЕҢЕ (Ә.Әбішевтың 80 жасқа толуына арналды) Сермелдік жасымыздан шалқып құзға, Өнеге іздеу біздің салтымызда, – Сәкен мен Сәбит, Мұхтар – бізге ғибрат, Жол бастап жүрді біздің алдымызда. Онда біз комсомолмыз жайраңдаған. Әулекі жас болмадық тайраңдаған. Сермедік соны уақыт қырларына, Тік ұстап жас қаламды қайралмаған. Сен жырлап «Достық пенен махаббатты», Сырынан «Жас түлектер» рахат тапты. Дабылдап өзің өткен үңгірлерден, Артында дүбірледі «Завал» шахты. Үйінде, шайын ішіп Қауияның, Шерттік біз әңгімесін әр қияның. Сырластар – Тайыр, Дихан, Қасым, Ғабдол – Қосылып шырқадық біз Мәди әнін. Қас болдық сол достықты сезбегенге, Түйілдік ынтымаққа төзбегенге.

Қосылған шартараптан дос топ едік, Әсілі, біз жіктелдік пе «жүз» дегенге?! Ағасыз інілері ер жете ме? Албырттық ақын жастан тез кете ме? Кейде бір кейіп қалған кезімізде, Шағым қып айттық соны Әлжекеңе. Бұл күнде халқыңа сен сұңғыласың, Сермейсің соны жаққа сөз құлашын. Сөзіңмен жер астының кенін барлап, Қашадың бұрғы сөзбен құздың тасын. Білемін, көп толғанып беймазасың, Тағдырын тұстасыңның ойланасың. Сол шерткен мұратыңды оқығанда, – Тұңғиық топастарға ой саласың. Ырқымен дүбірлейді уақыт нәші, Басыңды қилы оймен қатырмашы. Жебелеп жастар жүр ғой соңымызда. Солардың тың үндерін мақұлдашы. Бұл күнде сүйіктің ғой Ырымбала, (Сабазым өзге әйелдерге қырындама) Көтер сен еркелігін, наз-тілегін, Жаныңа сақтап ләззат сырын ғана. Өмірде кездің талай өрлер белін, Сыр шертті шығармаңда көргендерің. Әйгілі еңбегіңнің айғағы боп, Жайнайды кеудеңдегі ордендерің.

Сексеннің тұрсың, міне, асқарында, Жұрт ырза бұл биікті басқаныңа. Әлжеке! Өрле әлі шың-құздарға, Айбын боп достарыңа, жастарыңа! АҚЫН АУЫЛЫНДАҒЫ ОЙ (Абдолла Жұмағалиевті еске алу) Көргенім ғой алғашқы, Жүзің нарттай, Жосалы. Қандай ойлар жалғасты, Көңлім неге босады? Мұнда неге тербелдім, Алыста ғой Тәттімбет? Сені соған тең көрдім, Қиырдан бір таптым кеп. Адырың бар бояулы, Қырың егін, кең алап. Еске түсіп аяулым, Кетті жасым домалап. Өксігімді қозғадың, Бар ма сондай дос әлі? Сенің ақын боздағың, Сол бір досым, Жосалы.

Білер оны, Былқылдақ, Желі сипап шашынан, Гүл желпінсе, жыр таңдап, Жүгіретін жас ұлан. Есіңде ме бөбегің? Өмірінің кілтісің. Сағынып мен келемін, Сақтадың ба күлкісін? Ойнақтап бір көлеңке, Адырыңнан асады, – Ойнап жүр ме сол ерке, Ізі қайсы, Жосалы? Көзінде бір балаңның, Таныс бір шоқ жанады, – Жанды ма деп қаламын, Абдолланың жанары. Елеңдеді дос көңлім, Бесік жырын көргенде. Ұлыңмен бірге өскенмін, Албырт шақта, өр кеуде. Жүрегінде бар жалын, Жыры бейне кең дала. Оның сырлы арманын, Сақтап қалған мен ғана. Айрылысарда толғаған, Есімде сол дос әні.

Сен жайында ол маған, Шерткен сырын, Жосалы. Баурайыңда балауса, Гүл секілді жас ұлан. Өртке түсті қалайша, От алды ма жасыннан? Шаттық күтті әлемнен, Жас бұлбұлдың назды үні. Жайнатам деп өлеңмен, Күтіп еді жазыңды. Гүлдесін деп дүние, Отқа қиды өз бағын. Оралмады үйіне, Қайран жыршы, боздағың! Жарқын жылдар зырлады, Жарақаттар жазылды. Жүрегімде сыр-назы, Қалды бірақ жазулы. Оның жырын бауырына, Жан түбінде сақтадым. Жаңғыртсын деп аулында, Дулы қызық шақтарын. Ақыныңның жыр-гүлін, Алып келдім, Жосалы. Ұлдарыңның кім бүгін, Үнін соған қосады?

Аулыңда той, жұртың шат, Оралғандай ардағың. Оралғандай жастық шақ, Көктегендей арманым. Жырлайын мен ол үшін, Есімде сол дос әні. Менің жаңа өрісім, Қосыл сен де, Жосалы! БІТІМІ ДИХАН БАБАДАЙ (Қадірлі Мұқаметжан Ерлепесовке) Жыршымын ғой көктемде Дала шуын тыңдаймын. Әндетемін өткенде Алқабынан бидайдың. Көрдім сонда шалқыған Сипап дәннің желегін, Білігі күшті нән диқан Барлап жасыл белеңін. Торқаланған жерінің Топырағын уыстап, Өрнегі сәнді өңірін Қарайды бір сәт тыныстап.

Сүйсінер солай әрдайым Шашағы алтын сал қырға, Тосады Мұқаң маңдайын Ексімдеп соққан жаңбырға. Жарқын жазда емес пе, Диқанға мол несібе? Енді қарлы белесте Толғанып жүр несіне? Өзі бір рахат тапқандай, Кең кеудесін тұр керіп. Асылы бір жатқандай Ақ мамықты бүркеніп. Кезіктім, міне, боранда Құйындаған қырдағы. Осынау өрен адамға Батырдай ерен тұлғалы. Ұнаттым қырдың серісін Бітімі диқан бабадай. Жаны сүйген жер ісін, Көңілі дархан даладай. ӨНЕРПАЗ ДОСЫМА (Қазақ ССР халық әртісі Камал Қармысовқа) Отызыншы жылдардың өреніміз, Сол шақта қанат қақтық өнерге біз.

Онда біз албырт едік, тез ұмтылдық, Жүйріктер көтерілген өрлерге біз. Әзілің, жарқын жүзің, шымыр денең, Көргенде достарыңды сүйсіндірген. Құбылып шықтың бір күн сахнаға, Таңқалдым, өзгерді деп қай сиқырмен? Дездемона! Тұншықты-ау сұлу жаны, (Жоғал тез, махаббаттың сұғанағы!) Отелло –аңғырт Шәкен, соқпайсың ба – Камалды – әзәзілді, сұм Ягоны... Тыңдаймыз сөзін оның күндіз балқып, Қу дерсің сахнаға шықса шалқып. Қодарды, Қарабайды шатастырып, Бұл Камал бола қалды көлгір Жантық. Бұл игі дарындардың замандасы Жайнады сахнада думан жасы. Айлакер Хлестаков – Камал сайрап Масқара күлкі болды дуанбасы. Жігіт пе осы досым – сырбаз сырлы? Неліктен бейнелейді залым сұмды? Жиында Мұхтар аға мадақтады – «Бұл Камал, өнерпаз деп» – сегіз қырлы. Түсіндім – дарын екен қилы жанды, Сандалтқан нелер сұмды, сиқырларды. Нұрланды ізгі Камал – Ербол болып, Жарасып Абайдың да сырын алды.

Биік қой сенің өнер шаңырағың, Сайрады мұнда талай сайын дарын, Қалибек, Серке, Қапан, Шәкен, Шолпан, Үні есті Хадиша мен Сәбираның. Солармен астың бірге өнер өрін, Сәулетің сахнада кемел сенің. Жаңғыртты театрдың төрін қазір, Ыдырыс, Асанәлі – өрендерің. Жұртың мәз, қарық болып шындықтарға, – Актерлік сипатыңнан сыр ұққанда. Сергіп мен ақ мұртымды қоям сипап, Сахнаға әсем аттап сен шыққанда. Әлі де жайраңдайды жігіт түсің, Халқыңа қадірлісің, сүйіктісің. Дәуірле, досым Камал, дулы леппен, Сауықшыл, салтанатшыл жұртың үшін! ІЗГІ ДОС Ізгі дос таппай өтті асыл Абай, Жүргендер көп те шығар қасымда жай. «Мұңдасарға адам жоқ сөз ұғарлық», Дегені – шыққан шер ғой көз жасындай. Досы жоқтың – сәуле жоқ көңілінде. Азап қой қапалыққа көндігу де. Қатын-бала шуынан мезі болып, Тірлік пе күйбеңдеудің күнде үйіңде?

Дос керек – қамықсаң да, қуансаң да, Даралық – жүрегіме тұман салма! Шүкірана! Достарым көп мүсіркейтін, Солармен сырласам да, мұңдасам да. Барамын Одағыма соларды іздеп. Бір тайпа қауымбыз ғой, қазір біз көп. «Қаламгер» аясында отырамыз Сұхбатпен сыр ағытып, лебіз гулеп. Біздерді шенемеңдер гулейді – деп. Шалы да өз шамасын білмейді – деп. Біз әкім емеспіз ғой шіренетін, Солар ғой сыр ашпайтын, күлмейтін тек. Ішкеннің бәрі есуас емес шығар. Сіміргіш делқұлыға әділ сын бер. Он ауыз өлең жаз да, әр күн бауырым, Сусында, бірақ оған болма құмар. Отырсам зерделі жас топпен бірге, Ойыммен ораламын өткен күнге. Сарайы көңілімнің кең ашылып, Елестер өткен сонау көктемім де. Ериді еміренген сөзге жаным. Теректей жел тербеткен қозғаламын. Оқыса жас ақын бір жақсы жырын, Алғандай болам жүлде, мәз боламын. Сұхбаты інілердің думан тіпті, Сілкимін жүрегіме тұнған жүкті.

Кетсем де түсте кейіп, кеште бірақ, Сағынам Берқайыр мен Қуандықты. Ізгі ғой, іні тұрса – тарланым – деп, Бақтағы теректеймін талдары көп. Сексенде селкілдеген шал болсам да, Бір жүрсем інілермен арманым жоқ. ИӘ, ӨТТІ ЖАЗДАР... (Әбділда Тәжібаевқа) Иә, өтті жаздар, суық ойлар жалғасты, Гүлдей солған шашымызды қар басты. Мейлі, көндік, бірақ жалын жырыңа Кәрілік деген қырау қалай жармасты? Өтті көктем, гүлді жырлар жазылған, Сыр тыңдап ем сенің албырт жазыңнан. Басымызды қар басса да, қалайша Суынамыз Махаббаттың назынан? Қайран жастық, Кеткені ме келмеуге? Дерсің маған: – Лажың бар ма көнбеуге? Кәріліктен қызғанамын жырыңды Сонау кезгі Жас тұлғаңдай өр кеуде. Түсінемін, жаз сырына құмарсың.

Гүлді сүйген гүл тағдырын ұғар шын. Бағыңда бір солып қалған теректі Көріп, бір сәт Күрсінген де шығарсың... Иә, қар жауарда шіміркенер шырын бақ, Сел алдында бұлбұл ұшар шырылдап. Сондай-ақ бір, Шыңнан кейде қараймыз Шыңырауға От қанымыз шымырлап. Өтер ғұмыр, тағдыр солай, пендеміз, Өстік бірақ қарап биік өрге біз. Мейлі, құзда басымызға қар жауса, Төксін күйді, босамасын пернеміз. АҚЫННЫҢ КЕГІ (Отан үшін қанды майданда қаза тапқан ақын досым Абдолла Жұмағалиевке арнаймын) Лапылдады, жанды кегім, Жанымда ыза, көзімде жас. Өлді ақын – ардагерім Өлтірді жау сұм есуас. Отқа түсті ақын жаны Өртелді жас, есіл боздақ, Ұлы түтін – ащы зары Кетті іштегі кекті қозғап.

Жаны сәби, әншіл бөбек, Еркеледі-ау дүниеге аз? Ақын еді туған бөлек – Жастай өліп кетті-ау сабаз! Күйді өлеңнің қызғалдағы, Жанды гүлі аяп алар. Толмай сөнді қызған шағы Бітпей қалды поэмалар. Поэзия түлегі еді, От жүрегін ән билеген Өр көңілі, тілегені: – Көркейсе өмір, ән, күй деген. Есер неміс қанға құмар, Ажал отын қозғады да, Өрт жіберді аямады, Қазақтың жас боздағына. Ашуменен елемеген, Денесіне тиген отты, Кеудедегі ызаменен Дұшпанына жаудырды оқты. Кетерінде дүниеден Жаралы ақын шырқады өлең. Өлең айтса, ән шырқаса, Ойында жоқ өлем деген. «Ей, есуас, жер жебірі, Ат денемді, өрте мейлің,

Артымда өлең қалса тірі Мен жасаймын, мен өлмеймін. Жаңа дүние аспанында, Сыңсып ұшар жас өлеңім, Шаттықпенен жас жаныма, Ән шырқаса неге өлемін!» Соны айтты да, құлады ақын... Маздаған от бірге сөнді, Қара түнек жамылды түн, Бейуақытта ақын өлді. Көктен үні күңіренді, Өлеңмен оқылды аят, Әншіл қазақ тебіренді, Отқа түскен ақынды аяп... ... Мұңаймаңдар жас достарым, Қайғырмашы сүйген жары, Тірілтеміз өлеңменен Жоғалмайды ақын жаны. Кек күйігі отты өлеңдер, Кеудемізден лаулап аты. Улы найза ажал оқтай Тиді барып жауға қатты. Сәби ақын жендеттері, Кек отына тұншығады, Жоғалады ұлы тұман, Жарқырайды күн шығады.

Жаңғырығар сонда жас үн, Қозғар ойды қалжыраған Сонда көзден тыяр жасын, Дос пен жары қан жылаған. Ақын шығар жанған оттан, Оянарда шаттық үнмен, Көрер досты ойнап-күлген, Құшақтасар тәтті өмірмен. Қайғырмашы, дос пен жары, Ән бөбегін, әлдилеген. Тірілтеміз сәби жанды, Көтереміз ән-күйменен. Ташкент, 1943 ж. АЛБЫРТ АҚЫН МЕН ҚАЙСАР ҚЫЗ ТУРАЛЫ ХИКАЯ (Ұлы Отан соғысында қаһармандықпен қаза тапқандар – Совет Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға және жас ақын досым Абдолла Жұмағалиевқа арналған естелікжыр) І Шаңқай түс. Жұрт масайрап жас бағында, Дүние тұрды балқып өз бабында – Сипалап торғын түсті көбелектер, Бұлғаңдап бәйшешектер қозғалуда.

Гүл сыңсып мамырлап тұр маңғаз парк, Мұнда жүр серуендеп сырбаз халық. Тербелген музыканың әлдиімен, Арша қыз, шырша жігіт сылаң қағып. Демалыс. Қандай жарқын осы бір күн! Ағылған жас өрендер дулы дүркін. Сейілге келдім ертіп Абдолламды, Құмар ғой мәз думанға ақын, шіркін. Абдолла – албырт ақын, елпілдек жас, Қыздарға іңкәр жаны, гүлмен сырлас. Гүл көрсе – иіскейді, басын шұлғып, Қыз көрсе – еміренбей тыныш тұрмас. Келдік біз би ойнаққа болып ынтық, Абдолла кенет мені қалды түртіп: – Билеп жүр, қара, сол қыз бір жігітпен, Ол кім? – деп, бұйра шашын сілкіп. Бұл қызды шақырайын мен де биге... – Аусарым, елпілдеме, жаныңды име! Байқа сен, өр мінезді бұл қыңыр қыз, Әсіре сөздеріңе ол елти ме?! Өткенде кездестік қой, есте шығар, Үстінде көк былғары пешпенті бар. Бұрымын желкесіне қойған түйіп, Көзінде қапалықты кешкен сыр бар. Көшеде келе жатты кеште жалғыз, Сымбаты таныс маған – бойжеткен қыз.

Мәншүк қой! – деп қалып ем, жалт қарады, Көзінен жарқ етті де шоқтай жұлдыз. Сонда сен дедің: – Қалқам, бейуақытта – Лайық па жалғыз жүру перизатқа? Бөлейін жұпар гүлге, әсем жырға, Жүр бірге серуенге қазір баққа! «Жоқ!» – деді жалын атып қыз бетінен, Аулақпын кездейсоқтың ізетінен. Үйімде анам отыр мені күтіп, Кешірек босап едім қызметімнен». Айтты да, Мәншүк кетті жылдам басып, Тентегім, қалдың сонда аузыңды ашып. Қасынан анасының көрдім талай, Өтетін маған бұл қыз амандасып. Анасы Әмина апай, ізгі ғалым Талғайтын жырдың сырын, сөз құнарын. Ада боп оқымысты қосағынан, Ана ғой аялаған қыздың жанын. Саналы болып өсті осы бір қыз, Бақытты күтті, алдан, тосып үнсіз. Аңдамай арман-шерін қарындастың, Біз текке ақынбыз деп бөсіп жүрміз. Сынымды көңіліне алды секем, – Қалеке, жаның тіпті жұмсақ екен. Қыздардың армандары белгілі ғой, Қазір мен бұл қызыңды дөңгелетем.

– Қазір көр, – деді де ол, ымдап маған, Жөнелді сілкіп шашын будақтаған. Сүйсініп тұрдым қарап Мәншүкке мен, Күлімдеп құрбысымен бұлғақтаған. Бір сәтке Тына қалды би әлемі. Естілді музыканың гулегені. Көрді де сәлем берді Мәншүк маған. Тегінде жақсы қыз ғой өнегелі. Кенеттен келе қалды «қызшыл» інім, Үкідей желкілдетіп қызыл гүлін. Мәншүкке гүл ұсынды: – Уә, перизат, Шалқимын көрсем сендей қыз сұлуын. Қыңыр қыз гүлдің шоғын алды әрең. Жүзінен күлкі – мысқыл сезілді рең. Ақындар қызды көрсе – көбелек қой Әр гүлге есі кетіп елпілдеген... Деді де, кетті билеп құрбысымен Ақыным абдырады күлкі сынмен. Қарашы, кесір қыздың бәлденуін, Баурап ем қыздың талай түлкісін мен. Ол бұйра қара шашын сілкіп қалды, Жалт етіп жанарында ұшқын жанды. Көзі отты, қасы қара, бойы шымыр, Ол албырт ақын еді ұшқыр жанды.

– Ей, бауырым, құлшын қызық дүниеге, Қыз көп қой, соған жігіт күйіне ме? Өзім де қыз абзалын жүрмін іздеп, Сорыма сайқалы бар киліге ме? Күн жайнап, сергіген жұрт серуендеп, Асқақтап бәйтеректер керілген тек. Елігіп екі ақын жүрдік сонда, Мәз топтан сыршыл сырбаз сыр әуендеп... Гүл бақты сұсты дауыс дүр сілкінтті, Шайқалды бәйтеректер, гүлдер бұқты. Радио безілдеді төтен сөзбен, Шошытты сайрандаған дүйім жұртты. – Тыңдаңдар, Отандастар, туды қауіп, Фашистің қанды қара бұлты ауып. Шартылдап көгімізде нажағайы, Отанның шекарасын өтті жарып. Қарулан, жауға қарсы, топтал бәрің! Сойғақ сұм фашистің сойқандарын. Қатерлі шапқыншы бұл, талай жұрттың, Мекенін ойрандаған, шашқан қанын... Әп-сәтте қарауытты жарқын аспан, Теңселді бейбіт орман, түнек басқан. Тарап жұрт, жұбын жазды қыз бен жігіт, Қауышып гүл ішінде жымыңдасқан. Мәншүкті көріп қалдық асыға өткен, Соңғы рет сырласты ма жасыл бақпен?

Июньнің жиырма екісі. Қоштастық біз, Лебі – қыз лирикамен, Жастық шақпен... ІІ Сұр бұлттар Алатаудың басты шыңын Шұбырып тобырындай басқыншының. Астана – боздақтардан қалды босап, Отатқан ормандай бір басылмай, Жауыз жау езген жұрттың көз жасындай, – Ерлерді тиеп алып майдан жаққа, Ағылды күндіз-түні поезд тынбай... Кездестім абыржыған Абдолламен: – Күйрей ме сұмдар жаншып қайран әлем? Жүрем бе қызық қуып әңгі болып, Жөнелем өз еркіммен майданға мен! «Төнгенде қауіп-қатер халқымызға Әуейі жырмен босқа шалқимыз ба? Естідім кеше ғана, Өзі тілеп, Майданға аттаныпты Мәншүк қыз да. «Ыза бар осы қыздың кеудесінде, (Соғысқа кетті білем теңдесі де). Көрейін қыңыр қыздың өрлігін мен, Шайқаста, жанталасқан қан кешуде. «Алдымда не әзірлеп тұр сиқыр ғалам? Қоштасам қазір шашпен қыз сипаған. Фотоға түсейік жүр, шашым барда, Қалдырам жырларымды, досым саған...»

Суретке түстім доспен, нәзік сырлы, Күрсінді... ойда қандай назы тұнды, – «Айрылам шаштан, достан, – деп суреттің Сыртына жедел мына жазды жырды: «Өткен соң кім сағынбас жастық шағын, Жалын жүз, жас махаббат аруларын. Айлы түн, жасыл өлке, ағын суын, Айрылысқан қол алысып, сүйіп жарын. О, дүние! Албырт шағым желдей естің, Ойыны тарқап кетті-ау думан кештің. Құс болып қанат қағып ұшар едім, Артынан жетпеймін-ау со бір кештің. Ақын дос, өлеңімнен өзің көрген, Ескерткіш, еске түсер мәз күндерден. Ай өтер, жылдар өтер, жоғалсам да, Жоғалсам қайран жырым назды сырмен...» Жазды да күрсінді ол: «Осындайда, Думанды қыздыратын Қасым қайда? Жас өндір поэзия шоғыры едік, Дариға, қайта сол топ қосылмай ма?» Сырластық кешке достар қалған шағын, Дәуірдің аңсап ізгі болашағын. Еске алдық, мәз-мереке күнімізді, Елестеп балауса күн, тамаша күн... ... Майданға кетті самғап боздақ ақын, Қияға сермей алмай сөз қанатын.

Өксідім қалған жандай ессіз үйде, Ішімде қапалықтан маздап отым. Жау өртін жайды жалпақ атырапқа, Шарпылды талай мекен оқ пен отқа. Шайқаста жанталасты жауынгерлер, Кешікпей мен де әскерлік тұрдым сапқа. Көп болды жойқын соғыс асқынғалы, Обырлар өршіп алға басты тағы. Орыстың ормандарын жайпап өтіп Қоршауға таяу қалды Москваны. Долы қыс, тобыр жаудай борандаған, Хат келді бірде маған Абдолладан: «Шайқастан пулеметті шықтым бұрқап, Сұмдарға аждаһадай жалмаңдаған. Кеудемде буырқанған жырларым көп, Толқимын ерлік-аңыз сырлар іздеп. Майданда дәуірледі қайсар Мәншүк, – Жайратқан құзғындарды қыран қыз деп. Арманым, өжет қызды көрсем бір сәт, Алдында бас иер ем жайып құшақ. Жазар ем қаһарман қыз жайлы дастан, Дариға, бізге дарқан орала ма шақ? Лирикам ауды соғыс сарынына, Тұтанды жас жігерлі шағым мұнда. Қош, досым, жау тобырын тойтаруға, Шығамыз бүгін түнде шабуылға...»

...Дүркіндеп айлар өтті дүрбелеңмен, Құтырған аңдай дұшпан өршеленген. Майданның шерулерін жырмен шертіп, Сайысқа әзір сапта жүрген ем мен... Сүйсіндім қыз Мәншүктің ерлігіне, Сайысқан өжеттермен өрде бірге. «Ерлікпен қаһарман қыз қаза тапты...» Зу етті хабар оқтай зілді мүлде. Дір еттім, шарпығандай денемді мұз... Жорықта тіл тұтығып келем үнсіз. Апыр-ай, жайрады ма жау оғынан, Халқымның мерейіне бөленген қыз! Қыз еді ару жанды, өр кеуделі. Көп жігіт жігеріне тең келмеді. Естідік: сол қайсар қыз мерт болыпты, Шайқаста, Төбе үшін бір белдегі. Анталап зеңбіректер қақты безек, Өрендер дұшпан селін жатты тежеп. Невельді қорғау үшін қазақ қызы, Бұрқатты пулеметін жауға кезеп. Тұмсығы танктердің жерді тіреп, Лап берді мол төбеге жау дүркіреп. Тажалдың ажал оғы қадалды да, Құлады ол кеудесінен қан сіркіреп. Бұлқынды басын қайта көтеруге, Түйсінбей тиген оқтың қатерін де

Қол созды пулеметке... «Дүние-ай!» – деп, Кемсеңдеп жас кетерінде. Есіне түскен шығар өткен бір шақ, Отты, наз жүрегіне құйған үміт. Жалт еткен шығар мүмкін албырт ақын, Паркте гүл ұсынып тұрған күліп... ... Дариға ерте үзілді ару жасың, Жасыңнан еркін өскен қарындасым. Жұртымның мерейінде, аңыз жырда, Арманың, ерлігіңмен жалындасын. Даңқты халқымызға бұл қызымыз, Жеңіс күн көтерген гүл – туымыз. Шығыста бар ма мұндай қаһарман қыз, Мәншүк пен Әлиядай жұлдызымыз... Мылтыққа сүйеніп көп тебірендім, Толғанып толқын сыры терең жырдың. Бастап ем – Мәнсия – деп, кеттім бір күн, Тобына жауды қуған өрендердің. Бұл неткен сұмдық лепес, аза қатты! Абдолла қайран боздақ қаза тапты. Ротасы шегінсе де, шепті қорғап, Өр ақын жауды тежеп қозғалмапты. Төпелеп пулеметін бұрқаныпты, Бір өзі бөгеймін деп төрт танкті.

Сойқандар қамалапты... Оқтар шырмап, Лапылдап айналасын өрт алыпты. Қасқиып айғай салды: Ал, атыңдар! Отанның ұлы деген өр атым бар! Сендерге берілмеймін, еркін кеудем, Атсаңдар, өрт жүрегім көрде тулар. Құлады... қарап майдан аспанына, Күбірлеп наз айтқандай достарына. Қалқатай! – деп қалды, әлде Мәншүк шығар. Жайнаған жыр болуға дастанында. Екі жас тағдыр сазын бірдей кешкен Ақын да жалын қуып, жапа шеккен. Өжет қыз, өршіл ақын ақырында, Жай тапты жайрап екі төбешіктен. Көрінді маған боздақ жатыр сұлап, Мүлгимін досым өлсе қайтып шыдап, Жорықта жүріп жаздым жоқтау жырды, Көзімнен елжіреген жас тамшылап. «Лапылдап, жанды кегім Жанымда – ыза, көзімде – жас, Өлді ақын ардагерім, Өлтірді жау сұм, есуас. Отқа түсті ақын жаны.

Өртелді жас есіл боздақ Улы түтін, ащы зары, Кетті тұйық кекті қозғап. Жаны сәби, әншіл бөбек, Еркеледі-ау дүниеге аз? Ақын еді, жаны бөлек. Жастай өліп – кетті-ақ сабаз... Күйді өлеңнің қызғалдағы. Жанды гүлі аяп аялар. Ерте сөнді қызған шоғы, Бітпей қалды поэмалар...» Созылды азалы бұл, кекті жырым, Ардагер ақынымның төкті мұңын. Талай дос, талай ерді жоқтасам да, Абдоллам елестейді еске бұрын. Мен оның түсініп ем үнін, жанын, Қайтып сол есіл досты ұмытамын? Әскерден мұрсат алып, Алматы кеп, Шығарттым оның тұңғыш жыр кітабын. Осымен бітті жырым, тебірендім, Үніндей майдан ескен шерулердің. Қайсар қыз, албырт ақын аяулым ғой, Солардың жанымдағы шерін бердім.

ӨМІР ДЕ САХНА ҒОЙ (Досым, Қазақ ССР-ның халық әртісі Шахан Мусинге) Білемін, ырғақтарын жүрегіңнің. Үндескен ағысымен бұл өмірдің. Жасыңнан өзің кешкен толқындарда, Шираттың тарамысын жігеріңнің. Күндерің албырт өткен маған анық. Ұмтылдық өрге бірге қалам алып. Жыр іздеп ормандардан, толқындардан, Ертістің екі бетін жағаладық. Есімде махаббатшыл өлеңдерің, Жасыңнан өнер қуған өрен едің. Төтеннен құйын тағдыр қуып сені, Қиырдың кештің сазды белеңдерін. Өмір деген сахна ғой, тартысы бар, Актерсің тауқыметін тартып шығар. Таңданам сері қалпың сақталғанға, Теңселтпей Өзің өткен тар асулар.

Інімсің, тудым сенен он күн бұрын, Кештік бір бұл ғұмырдың ой мен қырын. Құрдасым, қалайша сен жасарасың, Соныңның айтшы маған сиқыр сырын. Кейіпкер болдың жұртқа, атыңа таң – Күңіренсе, сахнада ақын Ақан. Сәкеннің өзі ме деп, сүйсінемін, Тебіренсең жұрт алдында досым ШАХАН. ЕРІНДЕРІМ КЕМСЕҢДЕП (Қанабек Байсейітовты еске алу) Ауру жанның арқасынан сығалар – Қарақшы ғой, Бекежандай сұм ажал... Мен еніп ем, ол сәл ғана жөтелді. Көріп мені басын жылдам көтерді. Әдетінше үлкен көзі күлімдеп, Сездірмеді бойындағы қатерді.

Көздерінің алашығы ұлғайып, Жанарынан жылысыпты нұр тайып. Сонда да ол сөз сапырған сабаз ғой, Қалжыңдады жастығына жантайып. Ақыным-ау, неге келдің бұл жаққа? Жыр жазуға бұдан жайлы жер жоқ па? Жатырмын мен жаңа рөлге жаттығып, Өнерім ғой тапқан қартаң бұл шақта. Үйрендім мен қасаруды дем шықпай, Іші құрғыр іркіт толған торсықтай. Желпінсем де елпілдемей қу өкпем, Соңғы рөлім, әлі дұрыс тұр шықпай. Әрекетсіз жату деген – сор нағыз. Шыдаймыз ба сырқат деген – торға біз. Театрдан сейілдік қой, емхана –

Болар соңғы бебеу қағар ордамыз. – Жоқ, Қанеке, жүйріксің ғой жүлделі, Жүйткисің сен, әлі талай ілгері. Лауреатым, той жасайық, жаңғырсын, Ақындар мен әртістердің дүрмегі. Той жасалық, бірақ сен шық тезірек, «Қаламгерге» – қойшы бәрін әзірлеп. Көңілдестің бәрін шақыр, ортада – Қалқатайлар отырсын тек әзілдеп. Білген бар ма кім өлерін қай күні? Бізге әлі кең ғой өмір айдыны. Сараң болма, үлесіңді қос тойға, Асуыңда алдың сен де бәйгіні. Дос тілегін әзірмін ғой өтеуге. Айтқаныңның бәрін дайын етем де Жүз сұлуды шақырайын Қанеке, Бірақ солар Күләшіңе жетер ме?

Егіз гүлдей өскен өнер өрінде, Құмар да жұрт екеуіңді көруге. Мәз болып ек, қос жұлдыздай екеуің Жарқ еткенде сахнаның төрінде. Өткенді айтпа, өмір өзі сахна. Кейде ұқсадық жауға шапқан батырға. Кенет кейде сүйгеніңнен айрылып, Ауырғанда теңелесің пақырға. Өткенді қой... Алғы тойға бол, дайын. Мен жаңа бір ғашық әнін толғайын. Доктор келді. Жылжыдым мен қасынан, Қарап маған, сипап қалды маңдайын. Төсегімде ұзақ жаттым тыпыршып, Денем күйіп, үнім шықты ыңырсып. Селкілдедім жыны буған бақсыдай, Тұл бойымды құрыстырған не қырсық?

Көтерілген өрт қызуы емес пе? Қанекеңдей болсамшы мен бір сәтке, Төзбес басым, тебірендім безілдеп, Жатыр едім Ғали кеткен төсекте. Демім бітті, сірә қазір тұншығам. Көз жұмылды... Елсіз оба, сұр шыған. Есті қайдан Төлегеннің наз зары, Үркіп қаздар, көл айнала сыңсыған. Кешікті ол, мамырлатты саз маңы. Гүрс етті оқ... Көл айрыла жаздады. Көздеп тұрды әзірейіл қарақшы, Құлап түсті махаббаттың боздағы. Дір еттім де кенет шошып ояндым. Оққа ұшты ма, қайран менің аяулым? Тұр қасымда жыламсырап емші қыз.

Қанаң қайтты... Тына қалды баяу үн. Теңселіп мен кетсем керек қол сермеп, Сұм ажалға, қайтып соққы берсем деп. Дәрменсізбіз! Аза жырым аңырап, «Гәккуледім» еріндерім кемсеңдеп... АКАДЕМИК (Мұхамеджан Қаратаевқа) Ғалымсың, сынмен ашқан дәуір сырын, Барлайсың асылдардың жарып шыңын. Ақынмын зердесіне тоқып өскен. Өнеге, парасатын дәрісінің. Ол шақта өзің де жас өрен едің, – Білімге – бірақ ерте тереңдедің. Дау-дулы ақындардың жарысында, Есімде – айтқан әділ төрелігің. Әділдік – бұрыннан шақ саф тұлғаңа, Сермелдің сөз гулеген сахнада. Құзғыннан «Сұңқарын» сен қорғағанда, Сипаған маңдайыңнан Сәкен аға!

Жасыңнан үлгі тұттың жақсыларды. Ақтадың қиырда да асыл арды. Көркем сөз көгіндегі саятшысың, Баптадың жыр бағында жас шынарды. Ұстазсың, сазгер жұртпен өте доссың. Уақыттың парыздарын өтеп өстің. Қаламың мұқалмасын, аға Мұқа, Сыныңды ұғар әлі тетелеспін. КӨШЕДЕ ЖАҢҒЫРЫҚТЫ АҚАН ДАУСЫ (Атақты әнші Ермек Серкебаевқа) І Отырмын жұмбақ тасқа ойды шырмап. Шоқы мен Көкшетауда сыры жұмбақ. Бурабай буырқанбай қазір тыныш, Күн шымшып, - айдын жүзі тұр шымырлап. Шоқы мен Көкшетауда сыры жұмбақ. Бұл таудың күмбезінде әсем сыр бар, Тіл бітсе шертер еді асқақ шыңдар. Осынау жұмбақ тасқа, сыр ақтарып, Бір кезде ойлы Шоқан тұрған шығар. Күрсінген шығар, қарап Оқжетпеске, Халқының мүшкіл халі түсіп еске.

Қиядан өткір көзі шалған шығар, Қиырда тұрақтамай ауған көшке. Көкшенің әр төбесі күмбезге тең. Қонысқа, тұрақтауға – құтты мекен. Атасы хан Абылай, осы тауға, Бір сарай салдырмай-ақ кеткен екен... Белгі жоқ шыңға тіккен ордасынан, Хан бастап, дүрбелеңнен ел жосыған. Шоқанға – елестейді сағым дала, Осынау Жұмбақтастай сыр жасырған. Мен таңмын – сарайларға сол маңдағы, Масайрап орыс, қазақ ормандағы, Сүйсіндім, бірақ менің жүрегімде, Шоқанның дүбірледі армандары. ІІ Отырып Жұмбақтаста сыр тарқатам, Көкшенің аңызы көп жұртына таң. Ойымда елестеді тау жебелеп, Бір жаққа Құлагермен жортқан Ақан? Құмар жан қыз-ойнаққа, тамашаға, – Төтенше жалғыз өзі тау аса ма? Ителгі ілген қыздың зарын естіп, Ер сері барған шығар арашаға. Серінің сақтаған тау сыршыл әнін, Тербеткен кербез үні шың-құздарын.

Көкшеде сайраңдады қайран Ақан, Сайратып сал жігіт пен сұлуларын. Солардың құлағымда салған әні, Кенеттен шайқалды көп шағалалы. Тұсынан күмбез тастың аңырап ән, Қыз-жігіт дүр сілкінді жағадағы. «Ауылым қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңқар баласына. Бидайыққа лайық, қарағым-ай, Бөктергіге қор болып барасың ба?» Қарындас-ай, енді, есен бол!» Апыр-ау, Есім ауып кеткен жоқ па? Қарадым көл шетінде жүрген топқа – Жағада сейіл құрған қыз-жігіттер, Жүгірді сол ән шалқып шыққан жаққа. Жөнелдім мен де шапшаң солай қарай Жиын жұрт анталаған самаладай. Шегіндей домбыраның дірілдеді, Ырқымен әр дауыстың – жас қарағай. «Ауылым қонған Сырымбет жел жағына! Артық туған бала едің ел бағына. Бидайыққа лайық дейтін сәулем, Бөктергінің іліктің тырнағына. Қарындас-ай, енді, есен бол!» Мүсіркеп торға түскен қарындасты, Ән тербеп, жиын жұртты қайғы басты,

Ақанның аянышын естігенде, Қыздардың көздерінен көрдім жасты. Әнші кім? асқақтаған қолын сермеп, Дауысы Оқжетпеске кеткен өрлеп? Ақанша «Сырымбетті» күңіреткен, Әйгілі ән серісі сабаз Ермек. Алдында тұрған қызға, мейіріммен ол – Наз айтты: «Қарындас-ау, енді, есен бол!» Соғылды алақандар, тау жаңғырып, Толқыны ширық атып, теңселді көл. Әншіні аймалады жастар гулеп, Оралды құшағына жұпар гүл көп. Сүйдім мен маңдайынан Ермекжанды, Ақанға тартып туған сұңқарым деп. ӨНЕРДІҢ БАҒЫНДАҒЫ РОЗА – ГҮЛІМ (Атақты әнші, СССР халық әртісі Роза Бағлановаға) Кей шақта жабырқап бір қалса жаным, Іздеймін жүрегіме таң самалын. Сол бір сәт есе қалса сенің үнің, Сергимін табылғандай аңсағаным. Лебізің – бал көмейдің нәрі сынды, Тамылжыр кеуделерге, жаны сырлы.

Шадыман әнмен шалқып бөбек даусың, Төгілер кейде ғашық зары сынды. Сызылып сол үніңмен назданасың, Жорғадай құйқылжытып саздың нәшін. Кенеліп тыңдағандар тербеледі, Кәусар су балқытқандай жаз даласын. Есімде – Москвада, Сарайда кең, Сипатың алтын түсті арайға тең. Жас ару – әуеніңе тамсандырып, Алдында алуан жұрттың масайрап ең. Жайнадың әннің биік туы сынды, Әлпештеп туыстарың гүл ұсынды, Нұр жұттым сенің күміс таңдайыңнан, Дем көріп сенің дархан тынысыңды. Ұнасқан өнеріңе бұлғын мүсін, Өзің де бала құстай бүлдіршінсің. Шартарап таңырқады, естігенде Қазақтың сұңқылдаған бұлбұл құсын. Қағып сен ән қанатын гүлстанда, Лебіңмен мерей бердің туыстарға. Сайрадың Европаның өрлерінде, Үніңмен гүл сыйладың Үндістанға. Өнердің бағындағы Роза-гүлім, Тебіренем жұпарымен наз әніңнің. Қалқашым, сандуғаштай сайрай берші, Таратып дүниеге қазақ үнін! 1982 ж.

СЫНШЫ ДОСЫМА (Жазушы – ғалым Серік Қирабаевқа) Сақтайды абзал ақын абырой, арын, Жеткізер өлеңімен өр ойларын. Сыншы дос, көрмейсің бе көбік сөзбен Лепірген кей ақынның даңғойларын. Шын дарын жыр оқыса таңданасың, Ағысын өлеңінің аңғарасың. Мүлгисің әрең шыдап, даңдақ ақын, Көпіртсе дырду сөздің даңғазасын. Көкуге кер ауыздар іркілмейді, Мен асқан ақынмын деп күмпілдейді, Жыр етіп жиған-терген деректерін, Көкектей бір сарынмен күңкілдейді. Өткінші жауындай сол сіркіреген, Нәшінде шымырлық жоқ, сылбыр өлең Ұнай ма өрендерге, шертілмесе Ер жігіт, елеулі қыз – сыры терең. Дарын көп өнеге бар өнерінде,

Өзінше өрнегі бар өлеңінде. Тілдескен замандаспен, жас ұрпақпен Дәуірдің адымдап бір кең өріне. Ұнатам жастардың мен лирикасын, Лебімен сүйсіндірген жыр сырласын. Назды жыр, отты өлең жалын атсын, Сергітіп сайран шақтың сыршыл жасын. Сыншысың беделдіге бас имейтін, Әділсің асыл жырды қастерлейтін. Ризамын, ұнап саған дастандарым, Ақынға сездіріпсің достық пейлін. Ел сыры – дастандарым жұрт сақтаған Абзалдар азаттықты аңсап туған Махаббат арулары – Мәриям, Әппақ, Теңселткен ханды күймен – «Ақсақ құлан». Ексімдеп дастанымда достық сарын, Жырладым еркін жұрттың тоғысқанын. Далама революция туын тіккен Лениннің ардақтадым комиссарын. Поэма – жыр айдыны арнасы кең, Үндескен ақын шалқып сан ғасырмен. Әйгілі ақындардың даңқы – дастан, Халықты тебіренткен асқақ сырмен.

Берілдім солардың мен тағдырына, Толқыдым асылдардың тағылымына. Сыншы дос, теңей көрме дастанымды Даңдақтар жазып жүрген даң-дұң жырға. Күншілдер мақтанды дер дастаныма, Бұл – назым сыр ғып айтқан достарыма. Арқалап шығам өлең кітабымды Жетпістің асып шыңды асқарына. АҚЫНҒА (Әбу Сәрсенбаевқа) Айналар, сол күндердің бәрі аңызға, Онда біз асқақтадық ала құзға. Келдің сен, бұйра шашың жырдай толқып, Албырт жас алабұртқан арамызға. Жыр гүлін жүрмесек те көркем өріп, Мәуедей бір бақтағы өркен едік. Тәкең мен Қасым, Қапан, Абдолла – біз Алдыңда тетелестей еркеледік. Есеп пе онда бізге әкімдігің – Тартты да жайсаң жүзің, ақыл, үнің. Кеңсесін директордың дүбірлеттік, Жарыса жамыратып ақын жырын.

Кенерең ақ Жайықтың кеңдігіндей, Жайнады, достарыңа пейілің күндей. Сол жігіт жырларыңнан есті лебіз Жалыны Ләзиза апай мейіріміндей. Жыр болды – өмірің де, мұратың да Сел дарын нөпірлемей тынатын ба? – «Еділдің толқынымен» ыршып келіп, Бұрқандың Атыраудай сұрапылда. Шайқасқа, жауынгермен, бір бастың сен, Алауы сол жігердің тынбас мүлдем. Боранда қаламыңды мұзға қайрап, «Толқында туғандармен» сырластың сен. Жырларың жебегенде оқша дүркін, Жарқ етті Алатауда «Ақша бұлтың». Оралды жас достарың, қаздай гулеп, Оралды көктемдегі жас шабытың... ...Көп ойлап тұстасымның түгелдігін Бұл кезде қариядай тілеулімін. Өзіңдей әз ағалар, алда тұрса, Бар деймін әлі талай түлер күнім. Бірісің сайыс жырға шыныққанның, Әл, Әбе, айтшы маған, шыным, таңмын, Құрдас ек кеше ғана жоталарда Қалайша жеті шыңға шығып қалдың? Санай ма сүйсінген жұрт ақын жасын, Самғай бер, жарқырап тұр, алдыңда шың.

Каспийдің жарды соққан толқынындай, Тоқсаның жыр құздарын алқымдасын. 1975 ж. ҚАЙСАР АҚЫН (Хамит Ерғалиевке) Кім екен тебіренген өрде биік, Әлде ол қас қыран бір өр, ақиық? Жаңғыртқан Алатауды зор даусымен Ол ақын – өршіл Хамит Ерғалиев! Ақын ол дауылпаздай буырқанған, Даусынан түйілгенде бұлт ауған. Ішінде көп шынардың бәйтеректей, Еңсесі асқақтаған биік таудан. Күй шерткен дастанында Құрманғазы, Күңіреніп жан тербеткен сырлар сазы. Жаңғырған жырларында өр кеуделі Заманның өрендері, сырбаздары. Жыршы ол шебер шерткен ән ырғағын, Теңселтіп махаббатың аруларын. Жігіттей құлпырады көрген сайын Өзінің сүйіктісі – Әнуарын. Өрлік көп өмірінде ой салатын, Қиын жоқ ол шегініп тайсалатын. Ерлердей жорықтарда жеңіп шыққан Әлі де әлеуетті қайсар ақын.

ҚҰДАҒИЫМА (Әлима Ахметқызына) Қарасам құдағиым ақмаңдайлы Кеудемнен ажырайды қарттық қайғы. Сыйлайды апуляны Зайдахан да Көз тіксем өзге әйелге жақтырмайды. Шақыршы, құдағиды бүгін үйге, Сырласып сөзін естіп сүйсінуге. Сен сыйла дәм-тұзыңмен шын көңілден Кеудеме сақтайын мен сырын мүлде. Қалижан БЕКХОЖИН, 1990 ж. СОЛ БІР ШАҒЫҢ (Ғалым қарындасым Фатимаға) Есімде қалды, қалқам, сол бір шағың, Алдымда тамылжытып ән шырқадың. Тербелген наз жүректің лебізіндей, Үніңе елтіп еді әншіл жаным. Кеудемде, сұлу құмар жыр тулаған, Сипатың, қалды ұйып, сыр тыңдаған.

Есімде, қызыл арай жүзіңдегі, Мәз күлкің еркелікпен сыңқылдаған. Білсемші жүрегіңді бүлкілдеген, Жасырдың шын назыңды іркіп неден? Сұлудың көзін баққан ақынмын ғой, Сырыңды сезген едім кірпігіңнен. Уақыттың қандай шапшаң күй-ырғағы, Біз мінген сол поездай зымырады. Ғалымсың, топырақтың сырын баққан, Жаныңды тұнған жоқ па сыр бұлағы? ТЕҢІЗДЕГІ СЫР (Тахауи Ахтановқа) Шалқиды өз ырғағын шертіп, теңіз, Төгілер еміренсе еркін лебіз. Толқын да тасқа тисе ыршымай ма, Сондай-ақ кейде біз де серпілеміз. Еңсесін өлеңімнің түсірмеуге, Ұшырдым қиялымның құсын өрге. Жартасқа күбірлесе бір ақбас шал, Сол сырын түксигендер түсіне ме? Ұғарсың сырын соңғы дастанымның, Ол өзі үмітіндей достарымның. Әуезі жырларымның өрши берсе, Тірліктің тілемеймін басқа сырын.

Қалыңдар ақша құздың бұлты күзде, Сондай ғой, көңілімнің кілтін ізде. Қайтесің тебірентіп тұңғиықты, Не жетсін қайран әзіл, күлкімізге.

ІЗДЕ МЕНІ (Қуандық Шаңғытбаевқа) Ізде мені, көктемде жазық қырдан, Адырынан ағындап, Жаңбыр ыққан, Таң сәріде естірсің өлеңімді Жылқышының даусымен жаңғырыққан. Ізде мені, ақ қарлы ала шыңнан Тас бұлақтан күй шертіп аласұрған. Мүмкін, мені табарсың өлеңдеткен Шопандардың мерейлі арасынан. Ізде мені, сағымды сар белестен, Шүйдесіне алтынды жалдар өскен. Кешкі шақта естірсің лебізімді Егіндіктің үстінен самал ескен. Ізде мені өршіген өзендерден, Шағаладай ұл мен қыз жүзіп өрген, Жыр тоқимын наз үннен, мәз күлкіден, Жадыратып жаныма сезім берген.

Сары күзде аралап асыл қырды, Асығамын қырманға асыр шулы. Дихан баба өзім боп сабан тойда, Шашам жұртқа күлшелі шашуымды. Бозша бұлттар, Қойлардай қырдан өрген, Көкте жүзсе, Қоштасып құба белмен, Күнгей жаққа шұбаған тырналармен. Ізде қыста, асқардың ар жағынан, Бәйтеректің қасынан, қар жамылған. Боз қыраулы басымды көкке созып, Қыран даусын тыңдаймын тауларымнан. Ізде мені, құздардан, кең даладан, Қуандық-ау! Іздей бер жерден, көктен, Мені тек іздей көрме емханадан. ШАЛҚИ БЕР ӘНМЕН, КҮЙМЕН ҒАЗИЗАЖАН (Ғазиза Жұбановаға) Халқының тебірентуге наз сырларын, Жасынан елжіреген ғазиз жаның. Жан күйім шертілгендей серпілемін, Естілсе әсем сазы Ғазизаның. Тербетіп жұртын нәзік ән-күйменен, Әз әкең Ақаң өтті дүниеден.

Жамырап жаңғырықса оркестрі, Көкте құс, жазықтағы жел билеген. Өсірді Ақаң сені күймен тербеп, Жайнадың нұр сипатпен, оймен сергек. Құлпырдың жиындарда сандуғаштай, Әсемпаз саусағыңды гүлдей сермеп. Алдыңда гүл шашады жұртың сыйлап, Халқыңның ризалығы саған сый, бақ. Тыңдаса операны, теңселеді Сүйіктің Әзірбайжан мұртын сипап. Сергимін ырғағымен музыканың, Толқиды құйындасам қызу қаным, Өзіңдей наз сұлулар сыр шерткенде, Солардың саусағына қызығамын. Сүйінді сыр сазыңа сүйген халқың, Асырдың әке даңқын, ата салтын. Ұстазсың, сен баулыған жас өрімдер Өрлеп жүр сен гулеткен ізбен жарқын. Өмірдің қызығы ғой балғын ұрпақ, Жаңғыртты айналаны, әнді шырқап. Көрініп бәрі менің бөбегімдей, Разы боп ақ шашымды қойдым сипап. Ізгі ұстаз, Баққан сүйіп гүл әлемін, Нұр болып өрімдерге тисін лебің. Құрметті мұғалімдер, тойларына Арнаған сияпатым бұл сәлемім!

Шертіліп тарих сыры, дәуір сазы, Күйінде шырқалады ән сырбазы. Үн қосып, жаңғырықса оркестрің, Қобызбен күңіренеді Құрманғазы. Еліңе өнеріңмен әйгілісің, Халқыңның аспанындай ай, гүлісің. Өнердің шежіресінде өрнектелді Лебізің, музыкалы жан тынысың. Әлі де балғын жастай бабындасың, Желпи бер, ән өзегің жалындасын. Серпілсін менің назды қарт жүрегім, Шалқи бер, әнмен, күймен, қарындасым! ЖҮЙКЕҢ НЕГЕ ЖІҢІШКЕРДІ, ҚАДЫРЖАН «Жүйкем менің жіңішкерді...» Қадыр Мырзалиев. Жүйкең неге жіңішкерді, Қадыржан? Таза еді ғой жырың мұндай сарыннан. Қажыдың ба әлде, бауырым, дамылсыз Дүркіндеген бойындағы дарыннан? Зәбір-дағы жоқ қой сенің көңіліңде, Ұшқыр жырың жатық жолмен өрбуде.

Бұл сапарда нелер ақын шайқалған, Өмірінде бір сыналып көрдің бе? Саған қызық көктемдей ғой өткен күн, Жас шағыңнан мадақты да көп көрдің. Біз жұқарсақ, мәні бар ғой, Қадыр-ау Қатерінен өттік талай өткелдің. Бізге уақыт жасымызда зіл артты, Өрт соғыста миымыз да зір қақты. Сұрапылда жасымадық қалтырап, Сол дүбірлер жүйкемізді ширатты. Нажағайдай күркіреп сын төбемнен, Көп нөпірден есен шықтым әрең мен. Ерегістер егесе де жанымды, Мұқалмай-ақ, мұңаймай-ақ келем мен. Сен албыртсың, жырларыңда жалын бар. Кезің емес қиқылжыңға жабырқар. Туынды көп, тумаң да бар, өлеңдей, Мерейлісің Салтанаттай жарың бар.

Тұстасыңа ұнар сенің мәз үнің, Жарасады ағаларға әзілің. Қадыржан-ау, жырларыңда тұйықсың, Шертпейсің бе махаббаттың наз үнін? Біздер Мұрат, Бұқар жырау емеспіз, Күңіренетін сұр заманда дәйексіз. Дулы дәуір жыршысымыз, шырқайық Қуанышқа жұрт жүрегін бөлеп біз. Сенің жырың жазықтарды кезіп жүр, Дарыныңа дари берсін ізгі нұр. Қияң алда Сол шыңдарға, Қадыржан, Жас сұңқардай сермелетін кезің бұл. МӘДИ ӘНІН ШЕРТКЕНДЕ (Әшімбек Бектасовқа) Қолыма ұстағанда домбырамды, Шертемін шері терең сол бір әнді. Сазымен жас дәурендей сырласамын, Есіме алып сонау сорлы жанды.

Бүғаудан әнші сабаз бұлқынған ба? Батамын, тартсам күйін, мұң-тұманға. Білмеймін, елжірейді неге жаным, Сол әні шертілді ме мен туғанда? Әнімен жүрегімді әлдилеген, Жасымнан сырлас едім Мәдименен. Қайралмай көк семсердей қайран жастық, Өте ме жауған бұлттай фәни деген... ЖАЗ ЖЫРЫ (Әділбекке) Машинадай қырдан асқан бұлдырап, Қалайша тез өтті жазым зымырап? Қалғаны ма сонау жолдың бойында, Жасыл орман, шаңқан дала, шың бұлақ? Кездім жазда жайма-шуақ жер үстін, Саяларда сырды талай шертістім. Алатаудан әнді шырқап Алтайға Естім жырмен толқынында Ертістің. Баянтаудың жаны дархан жасындай, Аймалады мені сұлу Жасыбай. Жүректерден леп жинадым жырыма, Жазықтардан іздеп тапқан асылдай. Өтті жазым көрген қызық түс құсап, Разымын-ау, сапарыма түсті сәт.

Елестейді алыстағы сағымдай, Үш-Аралдың көліндегі кешкі шақ... Көңілді ғой көктемдегі Қарғалы Қандай ғажап қызыл гүлді орманы! Ақын інім есіңде ме, сыр айтқан Сұрша қыздың ерке назы, арманы? Жасыл бақтар, жас мәуелер дүздегі Жерлесімнің жылы шырай жүз, лебі, – Қалды менің жүрегіме ұялап, Бәрінің де сағынышты іздері. Шөл де қалар өткіншіден сусындап, Мен де сондай, өтті жазым, солды бақ. Алды енді жапырақтар мазамды, Шұбар түсті жыландардай сусылдап. Жұпарымен шалқыған бір ой-арман, Гүлдер семген, қызыл шоқтар қарайған, Қасымда тұр, қылаң түкті бұтасын – Қырау шалып, сида терек сорайған. Ақын інім, жазда ғой деп жыр нәші, Сен жырлашы, ойға батып тұрмашы. Күзгі желден жылы сыбыр еспей ме, Қарғалыға қайта барып тыңдашы...

ҰСТАЗ (Алматыдағы № 12 қазақ орта мектебінің мұғалімі, Социалистік Еңбек Ері Рафиқа Нұртазинаға арнаймын). Зәулім мектеп, Аясы жарық, ашық, Жайнады күн Шұғыласын жарқын шашып. Оқудың жаңа шағы, Жас балғындар Ағылды қозылардай жамырасып. Бөбектер орманның жас ағашындай, Ұласты бір ауылдың баласындай. Рафиқа ұстаз ана, Құшақ жайды Солардың сағынышты анасындай. Лебізі есті, міне, шаттық үндей, Жайқалды балапандар бақ гүліндей. Талай жыл бала бақты игі ұстаз, Арына, шашына да дақ түсірмей. Бұл кісі білімпаздар ардагері, Жұмсалған оқытуға бар жігері. Қамқоры өрендердің, жеткіншектің, Ең ізгі еңбектің бұл асқан ері. Абзал жан, дидарынан нұр төгілген,

Дәстүрін мектебінің шертті бірден. Қаншайым, Сәуле жүрді қос мұғалім Жайраңдап жаңа шәкірт еркелермен. Қуаныш мектеп тойы тынбас бүгін, Шуласып мәз дауыстар, ұласты үн. Осынау бәйшешектер арасында Менің де тұр күлімдеп МИРАСГҮЛІМ. АҚЫННЫҢ АЛБЫРТТЫҒЫ ЖАРАСАДЫ (Әбдікәрімге) Боз үйлер қаздай қонған белес еді, Сауырдан жорға қоңыр жел еседі. Қарттарын қойлы ауылдың жинап Сәбең2 , Кеш болса кең күмбезде кеңеседі. Сәбеңе көп тиген ғой сөз үлесі, Өзі де дүниенің шежіресі. Сөйлейді тыңдағанды желпіндіріп, Ашылып сарайының кең іргесі. Кетсейші сол бір үйге сыйып бәрі, Ағаның рахат сөзге ұйытқаны. Уа, қырсық, «ақсақал» деп мені біреу, Әкелді қалған жұртты жиып тағы. 2 Сәбең - Сәбит Мұқанов.

Амал не, шашым ұстап берді мені, Ағыттым одан-бұдан әңгімені. Ал, сонау шеткі үйден шыққан шулар, Жастықтың думан даусын әйгіледі. Сол үндер құлағымды елеңдетіп, Отырдым орынымда әрең бекіп. Оқшауда мәз екен ғой қыз-бозбала, Ішінде Әбдікәрім өлеңдетіп, Қызық қой өлең туса қыздар үшін, Кім оқыр салқын жырды мұздау үшін? Жас ақын бақыттысың, бірақ іштен, Тұтанды менің ескі қызғанышым. Әлі де тарланбоздың бар асауы, Өлеңім талайлармен таласады. Жырыңдай құрбы болсаң өзің қызға, Ақынның албырттығы жарасады. 1962 ж. СЫРШЫЛ АҚЫН (Сырбай Мәуленовке) Поэзия серісі – сырбаз ақын, Ел-жұртын тамсандырып жыр жазатын. Өлеңнің өрге шапқан жүйрігісің, Сүйікті жыр сүйгенге Сырбай атың. Әлі де жігіттейсің алпысыңда, Асқақтап шықтың, міне, алты шыңға.

Қырандай ширақ жайып, жыр қанатын. Сермейсің қиялардың алысына. Өлеңнің жарқырадың шұғыласында, Тұрсың сен, жырды шырқап шың-асуда. Сөзіңмен топты жарған сұңғыласың, Мейірің кең қалың жұртпен сырласуға. Қылышқа қаламыңды қайрадың да, Сүңгідің нөсер жырдың қайнарына. От кештің Отан үшін, қаһармансың – Қазір сен поэзия майданында. Халқыңа сүйікті ғой сыршыл лебің. Ел сыйлап, қошеметпен дүркіндедің, Сырбайжан, есіңде ме, жас жырыңды Алғашқы тыңдағанда сүйсінгенім. Ұлассын ұшқыр даусың дауыл жырға, Жыр оты өрши берсін тамырыңда. Шерте бер замандастың жалын сырын, Зор өмір медет болсын дарыныңа! БАУЫРЫМ ТӨКЕНГЕ3 Үзілмей сақталсын деп ата достық, Жан лебін сонау сәби шақта қостық. Ата-ана мейіріміне бір бөленіп, Екеуміз егіздей боп қатар өстік. 3 Төкенге – Әдебиетші, ғалым Төлеутай Ақшолақов.

Дулы шақ өтті бірге, тентек едік. Тебістік тай-құлындай еркеледік. Бірақ біз балалықтан ерте сергіп, Білімнің жотасына ентеледік. Білімнің орын таптық кең өрінен Оздық біз құрбылардан тең көрінген. Ұстаздық тәлім бердің ұрпаққа сен, Мен жасты жебеледім өлеңіммен. Соғыстың өрті шықты – майдан бардың Кештің сен күл-көмірін ойрандардың. Ерлермен жеңіс туын бір көтеріп. Берлинде қаламыңды қайрап алдың. Жетпісте жас жігіттей жалындысың, Ұстаздық ғылымның сен алымысың. Төкенжан, мәртебемен ұзақ жаса, Жарың мен ұл-қызыңның бағы үшін!

ХАЛҚЫҢА ӨНЕРІҢМЕН ҚАДІРЛІСІҢ (Ғафу Қайырбековке) Жас едің тұңғыш сені көргенімде, Өмірдің шықтың, міне, өр беліне. Жалынды жырларыңмен шықты даңқың, Биікке құлашыңды сермедің де. Берілмей жеңіл жырдың өрмегіне, Толқыттың дәуір сырын өр көңілге. Ақындық адуының тұр дүбірлеп, Өлеңмен нақыштаған өрнегіңде. Халқыңа өнеріңмен қадірлісің, Жырладың тебіреніп дәуір сырын. Биікте өр дауыспен бұрқанасың, Қыранның қияғындай қауырсының. Жарыста алдындасың тұстасыңның, Жас талап жыршыларға нұсқа сырың. Ардақты албырт ақын, еркесің сен, Тап мендей ағалар мен достар үшін. Қайнардан нөсерлейтін алғыр ақын, Жырың – нәр жұрт сусынын қандыратын,

Еліңде Ғафу атты дабысың бар, Даусыңмен жазықтар да жаңғыратын. Ғафужан, жалындай бер жырларыңмен, Әлі де жайнар алда қырларың кең. Даңқыңа сендей тұтас бауырымның, Алдында құшақ жайып, ырзамын мен! ҰСТАЗСЫҢ ӨНЕР СҮЙГІШ ЖАС ҰРПАҚҚА (Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, профессор Асқар Тоқпановқа) Асқардай жетпіс қырлы кең белесің, Өзің де бар биікке тең келесің, Ұстазсың өнер сүйгіш жас ұрпаққа, Өнердің тәлім еттің өнегесін. Жасыңнан әсем құмар, сырлы жаның – Барлайтын сахнаның сиқырларын. Режиссерсің көп тұлғаны түрлендірген. Меңгерген Станиславский қисындарын.

Өнерге аттап келген кең ғой өрің, Дәл шерткен сахнаның пернелерін Шығардың сахнаға ұлыларды, Кемеңгер Абайды да бейнеледің. Асеке, мерекелі замандасым! Өнерің өрлей берсін, аспандасын. Жігіттей махаббатпен жайнай берсін, Сүйікті Жаңылыңмен қалған жасың!... ӨНЕРГЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫМ ҚАЗПИ-ІМНЕН (Ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, академик, ректор Тоқмұхамед Садықовқа арнаймын) Өмірге, өнерге де жас күнімнен Құлшынып, қанат қақтым ҚазПИ-імнен. Біліммен, өлеңіммен өрге басып, Алатау биігінде қасқидым мен. ҚазПИ-дің түлегімін ұшқан шыңға, Аз емес талаптылар тұстасымда Ақындық өнерімен шығып дара, Көтерген ҚазПИ даңқын құз басына.

Білімге жебеледі құштар жаным, Білімпаз ғалым еді ұстаздарым. Кеудеме тоқи бердім дәрістерін, Өнеге тағылымынан тыс қалмадым. Білімнің ізгі ҚазПИ ақ ордасы, Ашылған өрендерге кең арнасы. Шыңдалып шықты талай оқымысты, - Ғалымдар, қаламгерлер, ұстаздарды Майданда ерлік еткен өрендермен. Өмірге өзек болған ҚазПИ едің, Сенімен серпілді ғой жас жүрегім. Тұсыңнан өткен сайын, күмбезіңе Әлі де шәкіртіңдей бас иемін. ОРДАСЫ КЕҢ БІЛІМНІҢ ҰЯМ ЕДІҢ Шыңдаған қиялымды көрігімсің, Жасымнан ыстық маған көрінесің. Өзімдей өрендерді ұшырдың сен, Ұрпаққа жемісіңді беру үшін. Жайылған жапырағы бәйтерегім, Саяңда жүзген едім ой тереңін. Гүл берген жас шағыма, жырларыма, Көктемім өзіңсің деп айтар едім. Күмбезі сарайыңның алтын маған, Ашылды маған сенде жарқын ғалам.

Сағынам сенің ұстаз мінберіңді, Сұңқарым Сәкен сонда саңқылдаған. Ордасы кең білімнің – ұям едің. Албырт кез шарықтаған қиял өрін. Өзіңде өткен төрт жыл оралса бір, Өмірдің елу жасын қияр едім. Білмедім қалай зулап жыл өткенін, Әлі де саған шәкірт тілектемін. Көргенде, мақтанамын – тарлан тартқан Не ғалым, не өнерпаз түлектерің. Мыңдаған өреніңнің біреуі мен, Көтерген өрге мені тіреуім ең, Біздерге ой дарытқан ұстаздарды – Көремін әкелердей тілеуі кең. Оқытқан бәрімізді дәуір – дана, Шықтық біз құшағынан дабыл қаға. Аңсаған ұлдай ата шаңырағың, Қараймын сенің сырлы қабырғаңа. Разымын өткен сенде кездеріме, Жарыстық жастық отпен сөз өрінде. ҚазПИ-дің жас ұрпағы – сол отымыз Жалындап тұр сендердің көздеріңде. Ошағым, бір шоғыңмын ұшқан сенен, Сансыз от лаулар сенен – оған сенем. Атынан бурыл басты ұлдарыңның Иіліп, құзырыңа сәлем берем!

ӨР БЕЙНЕҢ ӘЛІ ЕСІМДЕ (Ақын досым Жұмағали Саинға) Қайран Жұмаш! Құштар ең сен өмірге, Жаныңмен жалын берген өнеріңе. Заманға ары таза азамат ең, Дәуірдің құлаш ұрған кең өріне. Таныдым жас шағыңнан, Ер үніңнен, Өршіген жүрегіңнің тереңінен. Екеуміз бір көргеннен кеттік дос боп, Аямай бар жақсыны бөле білген. Берілді уақытыңа ынтық жасың, Шын досқа берік еді ықыласың. Жүрдік бір жырмен гулеп, ақылман Сен, Білгір Мен, ойшыл Қапан, дулы Қасым. Кең еді өлеңіндей парасатың, Біздерге жөн айтқаның жарасатын. Жұмеке-ау, талайларды тойтардық қой. Біздермен тіл безесіп таласатын. Батыл ең бұлтаңы жоқ, мысың берен, Көлгірге кісісінген бас имеген. Мен досың сенен қалып,

Осы күнде Жүремін аяғымнан басып әрең. Онда біз құлаш ұрдық аңсап алға, Тік тосып кеудемізді кең самалға. Арнадық албырт шақтың бар қызуын Елгезек жыршы болып комсомолға. Жан едің қайыспайтын тұлғаң берік, Өршілдік өлеңіңе берген көрік. Соғыстың қан шоғына шарпылсаң да, Оралдың кеудеңді сен тік көтеріп. Өзі жыр өткен сенің қияларың, Қашанда назды өлеңге ұя жаның. Айрылып сендей достан, енді шал боп; Күйбеңдеп жүргеніме ұяламын... Өр бейнең, менің әлі тұр есімде. Іздеймін налығанда кеңесуге. Ел сүйген сенің үнің дүбірлейді, Өзіңдей жүз ақынның кеудесінде.

АҒАНЫ ЕСКЕ АЛУ (Профессор Қайыржан Бекхожинге) Жайылды Жаңа жылдың дастарханы, Үйімде ұшырасты достар тағы. Төрдегі орын бос тұр. Ол кешікті, Күтем деп жыл кеші де басталмады. Кешікті төр иесі, дәм ағасы, Әрқашан сақтаулы еді сыбағасы. Телефон безектеді, Суық сөзден Айрылды сұп-сұр болып жыл арасы. Айрылдым есімнен мен... түсім шығар, Жылысты достар қайда, не сұмдық бар? Гүрс етті нәлет шойын... Шошып кеттім, Рельстің дүрсілінен естілді зар. Сұм қайғы, жоғал әрі, езбе мені, Қартаң шақ қасіретке тез көнеді. Бекін сен! Ажал бір күн бәрімізге Қапыда, қараңғыда кез келеді.

Егіз қаз қатар ұшса жарасады, Тетелес бірге талай бел асады. Не шара? Көзде жасым тұманданып, Ағаның елестеді бала шағы... Есті еді ол балалық көктемінде, Кіші боп еркелік етпеді де. Мені әке медресеге қойды матап, Оқыды ол орыстың мектебінде. Шала едім, Ол Пушкинді таныстырды, Құранды өзге жырмен ауыстырды. Жанжалға шалдуар мен үйір едім, Жасынан ол шатақтан алыс тұрды. Комсомол аманатын еңсерді көп. Мәз болдым, Соңына мен ерсем гулеп. Жиынға бірге бардым, Жұрт айтысты: «Екі ұлы Нұрғожаның белсенді», – деп. Куә оған Керекудің көшелері, Жайнаттың сонда жастық көсегені, Аға-іні Қос шынардай желкілдедік, Бақытты өмір өзі еселеді. Заманның болды биік өрен жасы, Жасынан жақсыларға тең бағасы.

Сайлады жиырмада комсомол, Қараоба Кеңесінің төрағасы. Көп еді дүркін істер сол бір тұста, Аға ісі інілерге болды нұсқа. Тұтқасын трактордың ұстадым мен, Белсенді ол ұжымшарлық құрылысқа. «Өнер алды – қызыл тіл» – Екеумізді, Өнерге баулып әке өлең тізді. Өзі де ділмәр еді, Ақанменен Сайыста ұялтпаған көкем бізді. «Сел соқса асқақтаған тау құлайды, Асыл сөз сырын тотқа шалдырмайды. Қағазға аттай желген он саусағым, Бір күні көр лақатта саудырайды...» Деп әке хатын жазып, көзін жұмды, Қаламы қалды бізге болып үлгі. Қайрекең тілшілікпен тілін безеп, Дабылын «Жаңа ауылдың» қағып жүрді. Оған тез кең ашылды сөз өткелі, (Мен де бір тілші болдым кезектегі). Танытты оның желгір қолтаңбасын Семей мен Қостанайдың газеттері. Қоңыр қаз қатар ұшты төбедегі, (Әкетті ағысымен өлең мені).

Ол талай өрендерге болды ұстаз, Білгірі баспасөздің өнегелі. Қуандым алып үлгі әр ісінен, Байсалды, көтерімді терісі кең. Қуандым – десе бір жас: «Білім таптым, Профессор ағаңның дәрісінен». ... Ауды түн. Айыққан жоқ әзір есім, Өткіздім жылдың әрең ауыр кешін. Сөреден алып қайта оқып кеттім, Ол жазған Баспасөздің шежіресін. Медеу сол: Аға жолы айқын екен, Тұрайын, қашсын менен қайғы төтен. Барайын достарыма.. бірақ, бірақ... ҚазМУ-дің қасынан мен қайтіп өтем? Бұл маңда кездесер ем туысыммен, Бір мен бе, достарына тынысы кең?! Бәрімен құрдасындай әзілдесіп, Жарасып отыратын інісімен. Кесілсе сыңар қолың қайтер едің? Ол менің сая болған бәйтерегім. Өзім де кәртемішпін, Ал ол барда Мен әлі кішімін деп айтар едім. «Бір сен бе көтеретін зілдің жүгін, Бұл аға тебірентті бізді бүгін», – Деп достар тоқтау айтты.

Жұбандым мен, Ағаның медеу етіп ізгілігін. БІР ҚАРЫНДАСҚА (Е. Р-ға) Жасырғандай құпия сыр ұясын, Үнсіз ғана жаутаңдап жымиясың. Бүккен сырдай ұрланып күндер өтер, Бұл шағыңда несіне бұйығасың? Өмір – жүйрік жеткізбес, қусаң бір шақ, Тәтті сырлар қайрылмас, жайсаң құшақ. Күл, масайра, ән шырқа еркін қалқам, Көңіл шіркін жасиды қойсаң тұсап. АҒАЙЫНДЫ ҚОҢЫР ҚАЗ (Қайыржанға) Ағайынды қоңыр қаз, Айдында жүзсе, тамаша! Сондай-ақ бізге өмір – жаз, Гүліндей өстік жараса. Бәйтерек биік көрінсе, Сыңары болар аласа. Жас шыбық жасыл өрімше, Жанында өстім жараса.

Іздері ыстық ағаның Інісі ерер соңынан. – Басса түзу қадамын, Түссе жолы оңынан. Құдайынан жасырған, Өзінше ұғып уақытты. Әкеміз сені жасыңнан, Орысшаға оқытты. Сөйледің үйде өзгеше, Жаныма жайып ұшқынды – Албырт ойға із кесе, Алдыма тарттың Пушкинді. Жүгірдің қарлы құйында, Колхозды қырға төтелеп, Комсомолдық жиынға, Апардың мені жетелеп. Көріп жаңа таң нұрын, Естіп даусын күрестің, – Өзге емес тағдырың, Қатарыңмен бір өстің. Жастан жеке талпынған, Жалқы бір жан емеспін. Жанай жүріп артыңнан, Саған қарап мен өстім. Абзал ар мен адалдық, Санамызда қаланды. Партия бізді адам қып, Ұстатты өр қаламды. Өмірдің әрі өріне, Өрлеп келе жатырмыз. Біріміз – ғылым-шежіре, Біріміз – ділмәр, ақынбыз. Сенің де, аға, менің де,

Бақытымыз арылмас. Келсең де қазір елуге, Жігіттейсің жаны жас. Мейлі, кәрілік жетсе де, Қартайсақ қатар жараса, – Елуің тағы өтсе де, Еркелеймін балаша. Жапырақтай жалбырап, Ағарса мейлі, шашың да, Сүй өмірді жалындап, Жайнағандай жасын да! Дәуірдің туған ұлымыз, Өмірге өршіл сыр жайып, Тарихын жазып біріміз, Біріміз жырын жырлайық! АҒАМА ХАТ Қайыржан Бекхожинге арналған. Ол мыңдаған журналистердің ұстазы болған, журналистиканың негізін қалаған, әл-Фараби атындағы Қазақ университетінің бірінші кандидаты, бірінші докторы, бірінші деканы болып қызмет атқарған. Кейде жалғыз ойға батып кетемін... Нұрымыз ғой екеуміз бір әкенің. Бір ананың сүтін емдік, сенімен Бір еді ғой сәби бесік мекенім. Шықты ма сол балғын шағың есіңнен, Ыстық ұяң, төріне біз көсілген?

Мәз едік қой бірге жүрсек, бір күлсек, Бір еді ғой бақытың мен несібең? Сол шағымды айрылмастай көріп ем, Екеумізге бір үйдің де төрі кең. Өмір қызық, екеумізді айырып, Екеумізді екі жанға теліген. Енді бөлек босағаға маталдық, Аға болдық, ақсақал да атандық. Разымыз ғой, өмірге де өсірген Екеумізді игілерге қатар ғып. Бірақ бұл не, бір қалада болсақ та, Жүргендейміз көз көрмейтін алшақта! Неткен күйбең, қайран жарты ғасырдың Деңгейінен жылдам асып қалсақ та? Істерің көп – ғұмырыңнан көлемді, Мен де жазып тауыспаспын өлеңді. Аңдаусызда айрылысармыз мәңгілік, Анда-санда көрсетіп қой төбеңді! ЕСІМДЕ (Есмағамбет Ысмайыловқа) Есімде, сол бір шақтар өткен бірге, Сонау жас ақындықтың көктемінде. Көз тіктің сүйіп албырт достарыңмен, Өлеңнің өрісіне, өткеліне. Әлде сол сүйгендіктен туды ма сын?

Дос көрдің өлең-жырдың шулы жасын. Жауындай жырын төксе Жұмағали, Дауылдай дүбірлеткен дулы Қасым. Солардың ой тоғыттың сырларына, Өзім де өстім сол бір жыр бағында. Танисың сөз тамырын соғысынан, Есіңде жастық жырдың ырғағы да. Сонда біз махаббаттың назын іздеп, Түсіндік сырлы лебіз сазымыз деп. Шерткенде өткен жырдың өкінішін, Қуандық алдағыны жазымыз деп. Кейісіп кейде қалсақ ертегіге, Келісіп кететінбіз ертеңінде. Тегінде жыршыл жансың, еркелеткен Ақынның ойлысын да, тентегін де. Елуде жыр сүюге әзірмісің? Сыршылым, өкпем емес, назым, түсін. Расында ұнатамын сыншыны мен, Ұнатса өлең сөздің қазіргісін.

БАРАЙЫҚ ҚАЙТА БАЯНҒА (Сайын Мұратбековке) Есіңде ме Жасыбай – Жаутаңдаған жасыл көл. Тасы гауһар асыл сай, Көк аршалы асу-бел. Мөлдіреген осы көл Көзі ғой ару Баянның. Алқасында сыры мол, Еседі соны, баяу үн. Лебінен ескен алқаптан Көңілге жібек тоқылар. Шұлғыр басын жан-жақтан Сәукелелі шоқылар. Есіңде, сірә, қалды ма Өткен сонда думан шақ? – Ән шырқады алдыңда Сұлу қыздар бұлғаңдап. Сен туған шыңдай зор емес, Баяным қыздай мүсінді. Қыздарым әсем, аршын төс Гүлдерін саған ұсынды.

Жүр, досым, қайта сол көлге, Келеді жайнап алтын жаз. Қалқалар шығар серуенге, Қаңқылдар көлде аққу-қаз. Сол көлге барсам жиектен Елестер бір сәулешім. Табысып ыстық жүрекпен, Өткіздім көп сыр кешін. Құлашымды сермеп ем, Асықтай қызды иіріп. Тұрмап едім сенше мен, Қызды көрсем жымиып. Қызық көп қазір Баянда, Жоталар гүлін жайған шақ. Қыздарым сайрап сайларда, Жүрген шағым сайрандап. Бізге абырой емес пе, Көппен қайтсақ кездесіп, Әңгіме айтып дөңесте, Қойшылармен кеңесіп. Жортайық қос тұлпармен, Тарту еткен біздерге, Кездесейік солармен, Жаздай жылы жүздерге. Баянға мен ұрпақпын, Атадан қызу қан сіңген,

Жырлайын жырын бұл шақтың, Сұлтанмахмұт даусымен. Көмейінен бұл таудың Еседі шалқып мың сарын: Толғауы Бұхар жыраудың, Әндері Жаяу Мұсаның. Романыңды ұсын сен, Оқысын сыршыл жастарым. Олар оқып сүйсінген Ілиястың дастанын. Жүр, жетейік Баянға, Жасыбайға сүңгиік, Масайрап жасыл аяда, Қайтайық сергіп сыр жиып... 1983 ж. САЙЫН МҰРАТБЕКОВКЕ 50 ЖАС Баршаға жылы жүзді бауырым Сайын, Тойыңа сыйлық етіп үн қосайын, Сен әлі жігіттейсің жайраңдаған Қасыңда Мәрияшың күлген сайын. Жүзіңде ізгілік бар, мейірім бар, Баршаға кенері мен пейілің ұнар. Ер жігіт елуінде бозбала ғой, Әлі де жігіттейсің сейіл құмар.

Өткенге тебіренемін оймен терең, Жағасын Жасыбайдың айқын көрем. Алдыңа баяғыдай алып келіп, Бес қызын Баянтаудың билетер ем. Жігіттік қос мүшелің болсын құтты. Халқыңа, достарыңа бол сүйікті. Сенеміз абзал Сайын ақтайды деп Пейілдес жұртты күткен сол үмітті. 1986 ж. СЫРЛАСАМЫН ӨЗІҢДЕЙМЕН (Ғалым Талғат Әбдіразақовқа) Сырласым білгіштерді талғап, таңдап, Өзіңдей білгір аз ғой бауырым Талғат. Жасыбай тереңіндей жан сырымды, Әлі де біткенім жоқ саған толғап. Сыр айтсаң сезігі жоқ бір топасқа, Тауаның шағылғандай қара тасқа. Баян деп бүйрегімді бұрып келдім, Тау аз ба аялайтын бұдан басқа? Мейлі ғой, ондайларға күйінбеймін, Баянды – бабамыздың үні деймін, Табынам әулиедей ел-жұртына, Сыр ұқпас емендерге иілмеймін.

МЕН БІР СЫРШЫЛ... Мен бір сыршыл пендемін, Әркіммен-ақ сырласам. Сыршыл кеудем кең менің, Назымды тек тыңдасаң. Сырласпасам кейимін, Зіл басқандай кеудемді. Сыр ақтарсам кеңимін, Кезгендей бір кең жерді. Сен де бір сәт тебірен, Ағытып сыр тиегін. Ақ көңілді еріген, Жарқын күндей сүйемін. Мұзды қары ерісе, Ақша гүлмен түлер шың. Сырым сөкет көрінсе, Мүмкін сырттан күлерсің. Таң қаламын кей жанға, Қалай сырын тыяды? Сырын кілттеп қойған ба, Ішке қайтып сыяды?

ТАҢ СӘРІДЕ СҰР БҰЛБҰЛ Тоти такаллум айламас Гүлстондан жүдо... НАУАИ. Таң сәріде Қу бұтада сұр бұлбұл Мұң шертеді сұңқылдап. Маңында жоқ Назданатын сырлы гүл, Айналасы солған бақ. Көктем өткен... Қандай еді сол бір шақ. Рахат әнін шырқап ол, Бұлғаңдайтын Жайып оған гүл құшақ, Орман сүңгіп сырға мол. Қайран бұлбұл, махаббаттың жаршысы, Толғап еді-ау, мәз әнін... Енді күзде безілдейді зар құсы, Айтып орман азанын. Сайрар еді бұрынғыша сұңғылам, Жұпар атқан гүл қайда? Ерке жанын тербете ме қу шыған, Наз төге ме қурайға? Зайдахан-ау, Орманыма гүл екші, Назды жырым шалқысын. Жүрегімді жасыл бақтай түлетші, Қанат қақсын жан құсым. 1967 ж.

ЖАЛЫН ЖАЛАУ (Маңғыстаудың атақты мұнайшылары – бұрғышы Қазиз Әбдіразақов пен инженер Халидолла Махамбетовке арналды). – Анау биіктегі жанып тұрған жалау не? – Ол біздің жерімізден шыққан газымыз, әдейі түтікпен көтеріп жалау етіп жандырып қойдық. (Маңғыстау әңгімесі) Осы ма сол шаң қиян, Жырау кеткен қарғыстап? – Ақ сарайлар шаңқиған, Жарқырап тұр Маңқыстақ. Осы ма сол отты құм, Шоқ басқандай аң қашқан? – Өртегендей көкті күн, Құмға жалын зәр шашқан? Атан қомы қураған, Алауына шарпылып, Осы ма сол қу далаң, Ата кезген шарқ ұрып?

Осынау құмға көп тамған, Оттай ыстық талай зар. Құйын қуып аттанған, Құм қорыған Адайлар. Қайран ата жосыған, Шаң дауылдан түңіле. Тіл қатпапты осы маң, Нұр жасырып түбіне. Осы ма сол құм қиян Кетті қалай жарқырап? Оянғандай ұйқыдан, Жағылғандай шамшырақ? Кім соққызды нұр қатқан, Жер астының тамырын? Мұнай селін бұрқ атқан, Құдіретті таныдым. Қандай күшті тылсымы, Жер шегімен жалғасқан? Отты толқын ыршыды, Өзектерден шаң басқан. Қоламталы құм дүзден, Соқты темір тамырлар. Қиырға қан жүргізген, Өзегінде жалын бар. От өршіткен бұрғышы, Айналасы құм сауыт.

Керемет қой сол күші, Жер емшегін тұр сауып. Атса мұнай фонтанша, Бұрқ етсе бір шыңырау, – Мейлі жұртқа мақтанса, Мақтанарлық сыр мынау. «Танысаңыз – адаймын, Танымасаң – құдаймын. Жер құрсағын жібіттім, Көзін аштым мұнайдың!» Жаңғырықты кенді жер, Соны қатты шырқады,– Мұнайшы жас инженер, Маңғыстаудың ұрпағы. Емірентіп ол белді, Қақты биік түтікті. Жеңісіне өр белгі, От жалыннан ту тікті. Жанған сол бір шұғыла, Мұнайшылар жалауы. Сәуле берді құмына, Жер астының алауы. Жырау безген қияным, Жоқ, адыра қалмады. Елдің отты қиялын, Ерлер қайта толғады.

Сілкінді де шаң қиян, Жыр да шықты алғыстап. Ақ сарайлар шаңқиған, Жарқырап тұр Маңғыстау. ТҮНДЕ ҰШҚАН БҰЛБҰЛ (Пушкинге) Гүлсіз орман, Қараңғы түн... Ұшты бұдан жүз жыл бұрын, Желдей ескен мұңлы бұлбұл. Ал қара көк әлем жүзін Тебірентіп ән шырқаған. Жарқ-жұрқ етіп меруерт сөзі Көк дарияда жалтыраған. Өмір сыры – Салған жыры, Жан балқытқан құйып мұңын, Қия кезіп кеткен әні, Азаттықтың аңсап күнін. Сонда сұп-сұр күнді тербеп, Зарлы әнмен күңіреніп, Алыс күнге қанат сермеп, Аңсап бұлбұл, айтқан сеніп: «Байтақ елім, сөзіме нан, Елестейді алыста таң,

Бұлт қуылар, Күн туар! Алғыс айтып кейін халық, Мен күмбезде ардақталып, Қасіретімді нұр жуар!» Түн жамылып бұлбұл кетті, Заман зулап жүз жыл өтті. Халық өзі Күн туғызып, Жаңа шуақ нұр құйғызып, Ескі орманды күлімдетті... Біздер бүгін Бұлбұл мұңын Әлдилейміз нұрға бөлеп, Толқындаған тәтті жырын Шырқатамыз шаттыққа елеп! САҒЫНУ (Бұл жырымды аяулы достарым: Тайыр, Жұмағали, Қасым мен Абдолла рухтарына арнаймын!) Майдан ғой, өмір шіркін тұнбасы жоқ, Кетіпті-ау, қатарымнан қимасым көп. Мені әлде қалдырды ма, марқұм достар, Фәниден жыр сарқытын жинасын деп? Сірә, мен, байқасын деп кеткен шығар, – Өскенін іздерінде көктеп шынар.

Айтсын деп кеткен шығар ұрпағына, – Бәріміз сайран кеше төккен жырлар. Қалдырған шығар мені, естісін деп, – Қыз-жырды, өрісіме өскен гүлдеп. Естісін деп жұртымның осы күнгі Үндерін сендерді атап, өскен гулеп. Десе олар: – Бізден қалып не бітірдің? Сендерше жібектерін түтіп жырдың. Арқалап бұл ғұмырдың алпыс тасын, Асқардың құламасын күтіп жүрмін. Өттім-ау, өлеңдетіп асуымнан, Әлі де беймазамын асыр-шудан. Не дермін? Бүгінгінің бәрі мықты, Бұл күнде ақындар көп Қасымсынған. Жайнап тұр поэзия болашағы, Жыршы көп – ұзын бойлы, аласалы. Жүлдесіз кеттің сендер, ал мыналар, Озбай-ақ бәйгі алуға таласады. Ал мен ше? Хақым жоқ қой шегінуге, Барабар жырым өткен сері күнге. Уақыттың шабысына еріп келем, Бүгінгі жас ұрпақпен сырым бірге.

Іздерде сендер өткен сүрінбеймін, Сендердің жырларыңды жырым деймін. Сендердің атыңдағы көшелерде, Кейде, тек сендерді іздеп күбірлеймін. Кеземін құлазыған ой алаңын, Сендерді қайтып мәңгі қия аламын? Кейде бір жас ойнақтың ортасында, Сендерсіз мәз болғанға ұяламын. Уа, біздер албырт ек қой аласы жоқ, Бөлдік пе мынау, дүздің арасы деп. Бір ауылдың самала терегіндей Бәріміз қатар өсіп, жарасып ек. Әлі көк сол белестер біздер асқан, Нұр құйдық жырымызға қызық шақтан. Онда біз мансап іздеп керістік пе, Жыр үшін дуылдастық қызу, шапшаң. Мендей кім сені Тәке, аңсар бүгін? Күншуақ мінезіңді айтар жырың. Кем көрем қағысуға күйкілерді, Іздеймін Қасымымның қайсарлығын. Есімде сұрапылда толғанған күн, Ызалы жүрегіндей Абдолламның. Сағындым шеру жырын Жұмекеңнің Сағындым ақылындай абзал жанның. Бұл кезде ақындарға айқын ғалам, Сендерге көргенімді айтып барам.

Достарым, көз жұмғанша тіл беземей, Өлеңнің ағысынан қайтып қалам? ОРМАН ЕДІК... Тағдыр деген сұрапылға соғылып, Теректерім сиреп жатыр сөгіліп. Орман едік, өскен бірге қаз-қатар, Мәуелері шешек атқан төгіліп. Боз қырауға, шайқалуға көніктік, Өскен едік кеудемізді керіп тік... Мүмкін, кәзір, майысқан да шығармыз, Шұғыл шақтың жүгін тасып зорықтық. Тұрғыласым орын тапса қабірден, Теңселемін, сөгілгендей қабырғам. Күрсінемін шаян шақса досымды, Біз сұққандай, бауырыма ауырған. Жүргендейміз қатерлі бір сынақта, Күйреймін деп, күңіренбеймін бірақ та. Тірлік нұрын жұтып қалғым келеді, – Жүз жыл жанса, сөнер бір сәт шырақ та...

ИНДЕР ЖЕРІНДЕ Индердің керемет бар кер белінде, Бұл жердің асыл дейді кермегі де. Білсін деп құмды қырдың қасиетін, Жұлдыздан белгі таққан ерлеріне. Ежелден өлең-жырға сырлы мекен, Қалайша бұл арадан мүлгіп өтем? Басында бейітінің күбірледім, Сабазым, сол сырымды білді ме екен? Ашуым баскесерге бұрқады да, Тулады жүргенінде жыр тағы да. Басымды иіп, міне, бердім, сәлем, Айбынды Махамбеттің ұрпағына... ТАРЛАНДАР Құрметпен Сара Есова апайға Демалыста, не бір кеште жұрт толған Әр қалада гүл безенген алаң бар, Ортасында сол қауымның тапталған Толғанады аппақ шашты адамдар.

Нұрлы қарттар, көздерінде ұшқын бар, Ажымдары терең іздей сыры көп. Сонау ерте күрестегі сұстылар Отыр енді кең пейілмен күлімдеп. Міне, гүл бақ, отыр адам ақ шашты, Айналасын қоршап алған жас қауым. Еске алды қарт өткен талай айқасты, Ағытарда бұл ғасырдың бастауын. Онда албырт, абыржыған ұлы іспен. Халық үшін қайнап ыстық жас қаны. Шұғыл шақта нұсқау алып Ильичтен, Ереуілге жұмысшыны бастады. Қария сол сипаттайды көсемнің Дана кейпін, жарқын қызық мінезін, Есіркейді, арасында нөсердің, Ильичпенен .... Дем алғандар, таулы ғажап орманда, Алқалап тұр мосқал мұртты ағайды. Ол жауынгер, капиталдық қорғанға, Атой беріп, Алған Қысқы Сарайды.

Сыр айтып тұр. «Азаткерлік майданда Талай-талай сұрапылдан түн кештім, Бұл дәуірге күн қанатын жайғанда, Смольныйда Ильичпенен тілдестім...» Қартаң әйел – қайран жас қыз бір кезде, Естелігін шертті қалың жиында: «Ленин сөзін тыңдадым мен сьезде! Қалды үні жүрегімде, миымда...» Ұғын, ұрпақ! Мақтануға хақы бар, Шертсін сырды Революция тарланы! Ақ шаштылар, ардақтылар – Жарқыраған күрестегі арманы. Тіпті, мен де мақтанамын сендерге, Сонау өткен ұлан шақты таныс қып: «Ұлы көсем өзі барда, кеудемде Жайнады, – деп, – гүлдей қызыл галстук!»

ӘБІГЕР АДАМ ТУРАЛЫ ЖЫР Павлодар облысының Май ауданындағы Ақжар совхозының директоры байырғы коммунист Ботай Жанақовқа арналды. Кім екен даусы шыққан таң сәріден, Бөкең ғой қауырт іске жар сап жүрген. Ақжарды оятады майдан бардай, Дәті жоқ сөйлесуге жай сабырмен. Теректей жағадағы өр пішінде Қарайды, ерте тұрып, Ертісіне. Толқындап ел ырысы шақырғандай Бөкеңді міндетіне, серт ісіне. Иә, солай, әбігер ғой дәйім Бөкең, «Өрендер шұғыл іске дайын ба екен?» Түсіне елестейді қойлы қыры, Арпалы, ақ бидайлы сайын мекен... Беймаза Бөкең ерте белсенеді. (Ісі жоқ есепшотта кеңседегі). Шарықтап жазықтарын, қуанады, Мұрнына піскен дәннің келсе лебі. «Тезірек жиналса ғой бұл несібе, Мұндайда түйіледі күн несіне!» Тұрған кім бөгеп сонау комбайнды? Солармен асығады тілдесуге.

Моторлы шалғылары кідірмесе, Дән тиеп машиналар дүмбірлесе, Шүйгінде бордақылар шәйлап жатса, Бүгінгі іс ойдағыдай тынды десе. Ондайда Бөкең разы, шегіп шылым, Ондайда шешіледі төгіп шынын. Құшақтап жас шопанды әкесіндей, Қағады арқасынан егіншінің. Көреген талай істен мін табады – Қой жатса суарылмай қырқадағы, Бүлінсе аңдаусызда бір машина, Бұлтындай күзгі көктің бұрқанады. Ондайда даусы шығып, шұғыл кейіп, Кетеді қалмақ көзі шегірейіп, Шиырылып ажымдары тарамыстай, Білеудей шүйделері күдірейіп. Ажымы өмірінің соқпағындай, Жеткен жоқ Бөкей оңай шаққа мұндай. Ол – байдың батырағы сазды кешкен, Бейнеттің соры терең батпағындай. Теректей дауыл соқса күйремеген, Бөкең бұл қиындықты кимелеген. Артельдің жетекшісі, өгіз талса, Соқасын өзі талай сүйрелеген. Көзінде от майданның ұшқыны бар, Есінде қырғын ұрыс, сұсты жылдар.

Жұлқынған сұрапылда жауынгер ол, Көп шалған шашын қырау, бетін ызғар. Сол ызғар қалған шығар мінезінде, Қарашы, мейірбандық тұр көзінде. Қауырт іс кейітпесе, мың ашуды Қияр ол жайраңдаған бір әзілге. Оны жұрт Әкем дейді, Бөкең дейді, Кім сөзін қарт ағаның көтермейді. Игі іске жаны пида коммунист – ол, Кім оның арпалысын бекер дейді. Жігітім, «қыңыр шал» деп сен сынама, Бөкеңе шық деп айтпа пенсияға. Әлі де тулай берсін өр кеудесі, Алаңсыз, бейқам үйге ер сыя ма? Үндесіп дән сыңсыған арша қырмен, Кім анау дүбірлеген таң сәріден?! Алдына майдан бардай әбігер жан Бөкең – ол, шұғыл іске жар сап жүрген...

ЕРТІС ТЕ БАЯН ЖАҚҚА БҰРЫЛЫПТЫ (Төлеутай Ақшолақовқа) Ертістің таң-тамаша тоғайы бар, Баурында өсті біздей талай ұлдар. Қарадым қайыңдарға қайда екен деп Бір өскен жас түлектер, ағайындар. Желпінткен екеуміздей жас құрағын Есіңде жасыл нулы атырабың. Әлі тұр ақ қайыңдар, құба талдар, Өзенге қатар жайып жапырағын. Сол шақтың есіп жібін үзілмеген, Жөнелдім бала күнгі ізімменен, Көзіме түсті сонау жас қос ағаш Екеуміз доланасын үзіп жеген. Естілді құлағыма думан шулар, Қайран сол балалықтың мәз даусы бар. Қос тентек Сампырбай мен Торпақ сонда Қиқулап құмда асыр салған шығар. Ертістей шапшаң жылжып қашты жылдар. Ақты көп көк өрімдер, жас толқындар,

Теректей әр төбеде түксиеміз, Сол егіз бұтамызды басты ма ызғар? Бұл күнде кеуделі көп ірі, мықты, Сондайды ойладық па бұрын тіпті? Уақыттың әмірі ғой, асау, қайсар, Ертіс те Баян жаққа бұрылыпты... ӘЛДИЛЕП ЕМ ӨЛЕҢМЕН (Шапауға) Әлдилеп ем өлеңмен, Бесігіңде тербетіп, – Көздеріңнен көрем мен, Өскеніңді ер жетіп. Көз алдымда тұр менің – Қуыршақтай нәресте. Жылағаның, күлгенің, Жүгіргенің бәрі есте. Жеңіл едің қаңбақтан, Нәзік едің гүлден де. Жетелеп сені ойнатқам, Тәй-тәй басып жүргенде. Күле қарап қасында Айтқаны бір сыр екен.

«Өсе ме деп осы да?» – Сені ойлаған Сүлекең. Жүрегі оның тулаған Екпінімен өр күштің. Ол қолымен бұраған Толқындарын Ертістің. Арқалаған жүктерді Өмір үшін, Сен үшін. Өліп кетті, қалдырды Саған өмір жемісін... Таптың қалай үмітті, Білімге сол кезінде. Сол бір шақты қызықты, Бала едің-ау өзің де. Жайнаушы да үмітпен, Қалқатайым, ер жеттің. Жаспен емес, баспенен Жас күніңді өрлеттің. Уа, нәзік қыс, он бес жыл, – Ішінде көп томдардың, Ғасырлардан тасып сыр, Қалай шыдап толғандың? Менің қиял бағымда, Нәзік қана гүлім ең. От бар екен жаныңда Майдандастың біліммен.

Гүл еккізген үмітке, Қуаныш қой қыз бала. Жымыңдаған жігітке Қараушы едім қызғана. Енді өзің біл, бұл сырым. Жарқырады шын бағың. Шеш біліммен өмірдің, Махаббаттың жұмбағын. АУМАҒАН ӘКЕСІНДЕЙ (Павлодар облысындағы «Қызыл қоғам» совхозының аға шопаны Әбілтай Қосыбаевқа) Жазығына қарап бір Жамбабаның, Бала күнгі дүзіме таң қаламын... Қайда менің нағашым нар төбедей, Өрісінде түксиген маң даланың? Таныр едім жай басқан жүрісінен, Бір күні жоқ ғұмыры ірісінген. Қойлар өрсе биіктеп бетегеден, Сүйсінетін қырына ырысы кең. Колхозында қадірлі шал атанды, Өрді талай алдынан қой отарлы. «Қызыл қоғам» ұрпағы білесің бе, Қоғамыңа құт болған сол атаңды?

Ақ боранда, Ертістің жотасында, Сонау қиын, қатерлі жұрт асуда, Қорғап қойын аязда сілкінген қарт, Бәйтеректей мұз қатқан бұтасына. Бәріне де куә ғой сұр даласы, Белгі бар ма, ізіне бір қарашы. Толқындары көп қойдай топырлаған, Ертісімнің тұсында тұр моласы. Құлазыған ол жоқта дала-сынды, Сағындым мен сол момын нағашымды. Қайда екен қозыдай соңына ерген, Бар еді бір қаршадай балашығы? Дымқыл қырда бұлт басып манаураған, Қой соңында басқан кім баяу қадам? Ол Жәкеңнің жалғызы – Әбілтай ғой, Әкесіндей жүрісі, дәл аумаған. Қойын тастап сортаң көл жағасына, Маған қарай аттады ол асыға. Мойыныма асылды балаша ол, Еркелеген өзімдей нағашыма. Балалығы бірақ та кетті алыстап, Әке өлді, өзінше жолды нұсқап. Жалғыз ұлы жасынан қозы бағып, Әкесінің таяғын қалды ұстап. Жиырма жыл сазды кешіп, желмен көшті, Арттай талай қалдырды өр-белесті.

Өзі әке – өрімдей сегізіне, Өрісінде қаншама төлдер өсті. Көп оқумен ол басын қатырмады, Оған мектеп – айнала атырабы. Қай қырқада изен бар, қайда нәр бар, Бала шақтан соларды бақылады. Әкесіндей қадірлі айналаға, Бірақ әке бейнетін ойға ала ма? Жаппа тігіп әкесі көшіп жүрсе, Сарайы бар ұлының айдалада. Жаяу жүрді қайран шал өрісінде, Салтанат бір құрмады сол ісінде. «Москвичпен» құйғытып бұл шопаның, Кейде ұқсайды даланың серісіне. Күйкі болды әкенің күй-тұрмысы, Бөлек енді қойшының шырқы-түсі. Кітап таңдап ұлдары таласады, Астанада – оқуда жүр тұңғышы. Бұталардай ұлдары қайыңдағы, Ұқсас бәрі, қалайша айырады. Қантай, Қалтай, Сартай, Серікбайлар, Әкесіне қойларды қайырады. Сонау әке өтті бір алмай тыным, Жұлқынды естіп майданнан солдат үнін. Ал бұл шопан келіпті серуендеп, Саясында гүл-бақты Алматының...

Айтып отыр ол маған әңгімесін: «Отарыма береке, мол ғой өсім. Асып кеттім бұл күнде нағашыңнан, Мені неге қартыңнан кем көресің?» – Ол әзілдеп, осылай мақтанады, Өлеңіме өзінше тоқталады, «Мен жайында жазылған жыр жоқ па?» – деп Кітабымның беттерін ақтарады. Еркелейді ол маған бала-сынды, Маған айтқан өкпесі жарасымды. Бірақ, баурым, жырлауға қарыздармын, Сенен бұрын сол бір қарт нағашымды. ЕРТІСТІ ЖЫРЛАШЫ (Ақын Аманжол Шамкеновке) Кезіп қайттық биіктерді, еңісті, Баурым, саған енді қандай ой түсті? Көріп әлде толқыдың ба бұраңдап, Алдымызда сылаң қаққан Ертісті? Ертіс бізге – анамыздың көзіндей, Жасымызда көрінді көк теңіздей. Естілді ме, саған үні толқынның Бала шақта жебелеген лебіздей?

Алқабынан жасыл ну ғой көрінген, Сол тоғайдың доланасын теріп ең. Таңдайыңнан қалса содан жұқанақ, Ақын інім, «Ертісім» – деп тебірен! Ақынсың ғой шартарапты шарлаған Жерлерің көп жыр жазуға таңдаған. Үнді жырын, саха сазын шерттің сен, Қайда жырың? «Ертісім» – деп тебірен! Ертісімді жырлап келем мен өзім, Ертіс менің жыр бесігім, өзегім. Тұңғыш жырым толқынында тіл қатты, Шалқыр әлі өлеңімде өзенім. Кеудемде әлі ағысының тұр демі. Мені дулы сыр-сипаты тербеді. Дастанымда – болашақтың тарихы, Өр адам, еңбектегі ерлігі. Туған жерде сен жырлайтын ұл-қыз көп, Жарқыраған Ертісіме жұлдыз боп. Егінші мен сауыншы бар даңқты, Жырлау үшін тап соларды сен іздеп. Әне, Ертіс сәлемдесті бізбенен... Кесір болды-ау мынау лайсаң күз деген.

Жағасында күткен жұртпен сүйісіп, Тереңіне сүңгіп кетіп жүзбесем... ӘКЕЛЕР МЕН БАЛАЛАР (Сапар Балтабаевқа4) Иә, солай, әке жүзін көрмедің де, Жетім қалдың шырылдап жөргегіңде. Сеземін, ойлап кейде күрсінесің, Бөленгендей әкенің шер кегіне. Сапар... деген сыр терең есіміңде, Сапар, серуен көп шығар осы күнде. Қайсар әкең жүргенде қан сапарда, Тудың да сен, зар қақтың бесігіңде. Нәрестесің, келбеті жоқ есіңде, Мен куәмін бір ғана елесіне. Жортып өткен сол ерді көшемізден, Көрдім тұрып көк үйдің төбесінде. Дүбіріне елігіп шапқан аттың, Мен де кейпін жадыма сақтамаппын. Баламын ғой... Балтекең кеткен екен, Қыр соңынан ел тонап жатқан ақтың. Сол жорықтан жауынгер оралмады, Қайран әкең қайыспас өр-ау жаны. 4 Балтабай Бурабаев – Павлодардағы азамат соғысының ері, ақ бандылармен айқаста қаза тапқан.

Топ бандымен бір өзі кескілесіп, Қаза тапты, үзілді ер арманы. Тап намысы кеудесін қандай буған! Кекшіл басын көтеріп қан жайылған,– Есіне алған шығар есіл әкең, Сені бір сәт сүйгенін маңдайыңнан. Азат жермен қоштасып қиналғанда, Келтірген шығар сені қиял алға – «Жетім емес, бостандық жеткіншегі...» Сол шипа болған шығар қияр жанға... Өлді солай атқарып уақыт ісін, Жойылсын деп жерінен ату, қысым. Құрбан болды азаткер сапында ол, Өзіңдей мың жетімнің бақыты үшін. Білемін, бала шерің ауыр еді, Ол сабаз Октябрьдің жауынгері. Жаңғыртып Керекудің көшелерін, Есімі жырымызда дәуірледі. Әкелер көп жоғалған ізі мәңгі... Сенің әкең – батыр ғой қызу жанды. Мақтан, досым, Гүл өскен белестерде, Сол әкеңнің жосалы ізі қалды. Революция солдаты – биік есім, Әкең даңқы жоғары – иілесің. Он баланың әкесі, өзің бастық, Неге кейде әкелеп күйінесің?

Өзің өткен жоталар тұр есіңде, Алда қандай сапар бар білесің бе? Партияның перзенті – бас әкеңше, Бізге парыз өмірдің күресінде... ЕСІМДЕ (Жол-ға) Қалды есімде сол шағың Тұрдың-ау сен күлімдеп. Жалындады құшағың, От жүрегің дүбірлеп. Есіңде ме, ерідім Сол бір сәби сүйістен. Балдай еді-ау ерінің Ерініме тиіскен. Сен биязы қалпыңмен Маған сұлу көріндің. Жан сырымды айтып ем Наз жырындай өмірдің. Мені тастап, жоғалдың Самал соққан бір кешпен. Жат құшаққа оралдың, Шығардың ба мені естен? Өкінішпен өтті шақ, Мен де бөтен жар таптым.

Жырлап талай, сені аңсап, Арманымды тарқаттым. Бұл дүние жүзінде Көп қой ғашық шерменде. Телміремін жүзіңе Әлі, сені көргенде... ҚЫЗДЫ ӨЗІҢ ӘЛДИЛЕШІ! (Қабдыкәрімге) Мен қараймын, Күбірлеп таяу құзға, Сен қарайсың, Күлімдеп Баян қызға. Баян маған – сұлу тау көрінеді, Саған Баян – сұлу қыз керіледі. Көрдім көлден, таудың мен көлеңкесін, Көрдің судан – сен қыздың жалаң төсін. Тауды өзім жырлайын, сен тимеші, Қызды өзің жырлашы, әлдилеші!

АҚЫН (Қабдыкәрімге – 50 жас) Күйшіні сезер нәзік шертісінен, Батырды байқап қалар өр түсінен. Сүйсінген едім сенің жас даусыңа, Өрен бір үн шыққандай Ертісімнен. Байқап ем құнанның тез жүгірісін, Аштың кең асып қырдан жыр тынысын. Өренім, разымын мен шабысыңа, Бұл күнде жырдың бесті жүйрігісің. Ұшырған бауырымнан жыр құсымсың, Жырыңа жыршыл қауым гүл ұсынсын. Сұңқарым, шарықтай бер қияларға, Дәуірлеп шапқан сайын жұрт сүйсінсін! 1978 ж.

БӘЙШЕШЕК БЕТТІ СОЛ БІР ҚЫЗ (М.Ә-ға) Құбылып тұрған бәйшешек Қурай болар солған соң. Бұхар жырау. Кездесе қалдық екеуміз, Жиында, туған қаламда. Жасында сұлу, ерке қыз Кемпір болып қалған ба? Айхай, дүние-ай, асылға Өткені ме қайран шақ? – Балғын қыз жүрді қасымда, Қарақат көзі жаутаңдап. Бәйшешек беті құлпырып, Қарайтын маған күлімдеп. Жүрегім тулап ынтығып, Құшақтадым «күнім», – деп. Енді сол қыз – сұр кемпір, Тұр алдымда бүкшиіп. Шенеп мені сөйлеп тұр, Шадыр көзі сықсиып!

– Есіңде ме, қызық жаз, Айдын көл біздер шомылған. Жас ойнаққа болып мәз, Көбелек қудық сағымнан. Ауылымыз да сол көлдің Жағалауын жайлаған. Ұмыттың ба түндерді, «Қарақұлақ» ойнаған? Есіңде ме айлы түн, Алтыбақан, айгөлек. Қол ұстасып тербеліп, Ай астында жайнап ек. Есіңде ме, жауратып, Мұз Ертіске сүйредің? Мені қарға аунатып, Есіңде ме сүйгенің? Алдамшы зая үмітпен, Қалдым ғой құр ұтылып. Алматыға зыттың сен Құшағымнан сытылып. Көп күттім, шыдам қалмады, Құсамен жаным мұздады. Қызба едің, арбады Алматының қыздары. Аз оқыдым, өкінем, Әкем өлді, зар қақтым,

Қайтып жүрем жетім мен, Өзіме бір кез жар таптым. Соғысқа кетті күйеуім, Қаза тапты майданда. Ұлым болды сүйеуім, Жесір болып қалғанда. Ал сен мені ұмыттың, Жасыңда маған ынтық ең. Сарқыдым нәрін үміттің, Жүндеймін енді түтілген. Оқимын жазған жырыңды, Сиқырларға құмартып. Айтшы саған сиқырлы Кім жабысты қол артып? Көз қырын бір салмайсың, Отырмын сенен жыр тыңдап, Жас әйелге қарайсың, Мұртыңды сипап қутыңдап. Кемпір болдым қарама, Маймылдай қазір ұсқыным, Шоқ салдың ескі жарама, – деп жылады міскінім... Басымды идім, «кешір!» – деп, Наз мұңы тербеп шертілген. Құшақтап сүйдім мүсіркеп, Әжімді тарғыл бетінен.

БАУЫРЫ ҰЛЫТАУДЫҢ ҚАНДАЙ ҒАЖАП! І Ұлытау таңданамын саған қарап: Айналаң құмды дала, адырлы алап. Мың-мың сан, мыж-мыж болған төбелерге Кім қойған қорған етіп сені қалап? Қараймын сенің жасыл мұнарыңа? Бір таусың атың ұлы, тұлғаң кіші, Сұлу ма әлде тасың сыр алуға. Мұрасы өткеніңнің жалғыз ғана Тас төбе шың басында қалған мола Әлде сыр, әлде алтын сақтады ма, Білмеймін төңірегің толған оба? Білуге сол бір сырын ұлы атыңның – Алыстан аңсап құмар болатынмын. Алайда ақтармаймын оба сырын, Емеспін археолог, мен ақынмын. Қай Жошы қалды екен қай белесте? – Соларды жүреміз бе сақтап еске. Оба боп өліп қалған, өткені емес, Таудағы тірлігімен ұлы емес пе?! Не сыр бар құм жамылған төбелерде Гауһар ма түбіндегі, әлде көр ме? Сүңгісін шыңнан ырғып шыңырауға, Тауым сен, аш қойныңды инженерге. Мен-дағы инженермін, бірақ жанның Досымын, сырласымын тірі адамның.

Мола емес, оба да емес, тау жастанған Жұрттың мен жүрегінен сыр аламын. ІІ Бауыры Ұлытаудың қандай ғажап! – Кең жазық, көк майсалы жасыл алап, Сағым ба, әлде су ма елестеген, Алыста айна толқын арайлы жақ. Толқынды өзен емес ырғып аққан, Ағысын жылжып аққан, елі ұнатқан. Кең жайлау жасыл шалғын жағасында Көремін төрт түлікті сыңсып жатқан. Көрдің бе біткен малды тауға мұндай, Кеңгірдің қалың біткен құрағындай, Апай төс өңшең тұлпар жылқылары, Секірген қырдың тағы құланындай. Ойыңда ойнап құлын, шұрқырап тай, Қырында қой толқындай жатыр қаптай. Маң басқан қазан құйрық қошқарлары Шайқалтып мүйіздерін шаңырақтай. Керілген боз бетеге биігінде, Білмеймін ешкісі ме, киігі ме? Ақсаңдақ ай мүйізді асыр сап жүр, Еркелеп төрт түліктің үйіріне. Көремін тау баласын қозы қуған, Қызыққан қойдың жұтып уызынан. Торсықтай толтыра бір қымыз құйған. Жағалай Кеңгір бойын отыр колхоз, Үйлері ақша күмбез, шағала боз. Тартады жүрегімді малдың шуы – Дегендей сол өзенді жағала тез.

ІІІ Шығанда шопан ата шал келеді, Қарайды сол бір шалға таң боп елі. Шалдардың осы бір шал атасындай Өзі де ұлы таудай заңғар еді. Алдында ала толқын оның мал бар, Бас иді сол қойшыға барлық ауыл Баладай құшақтасып жатты шалдар. Бәрі де анталаған сол кісіге, Таң қылған шалдығы ма, әлде ісі ме? Келіпті Москвадан алтын жұлдыз, – Бұл шалдың ерлігінің белгісіне. Қай ерлік? Қайдағы бұл жауды жеңген? Жан еді малмен өскен бала күннен. Қырық жыл құм далада қой баққанның Ерлігін енді бүгін қайдан білген?! Жетпіске жеткен жасы шал Түсіпбек, Даланың дауылында құм кешіп көп – Ертеде өткен өмірі қу жапанда Бірге өсіп, малмен ғана тілдесіп тек. Бесікте малдың үні оны оятқан, Малы жоқ, басқаныкін бірақ баққан. Бабасы малсыз өткен, – мал дегенде Күрсініп көрінде де аунап жатқан. Даңқсыз малды бағып өткен баба. Атағы қойшы деген жалғыз ғана. Кім білген қойшы сырын жел білмесе, Сырласы сол кездегі ессіз дала. Отырған үйінде бай төсін кере, «Тәйірі қойшы да ерлік іс ете ме?» Дейтұғын мазақ етіп қой баққанды, Сол күндер қайғы салған Түсекеңе. Өмірдің есіне алса сол бір кезін,

Түсекең тарылатын таппай төзім. Жетпіске жетсе -дағы жастай қазір Сүйетін өз үйіндей өз колхозын. Жасынан емес еді баққа құмар, Қазір де Түсекеңнің баққаны мал. Өз малы өзегіндей колхоз малы, Осы мал өзіне де мақтан шығар. Аң ғана әрең жортқан Қарақұмда, Қарамай құмның дүлей боранына, - Осы шал қалың қойын өргізетін Өзінің сүйіп алған қарауына. Қаптаса құба жонға қойлар сыймай, Тұратын қарап өрдей қолбасыдай. Секілді шопан ата дәл бір өзі, Қоралап қой бітетін бар мінезі. Қозы егіз, қойы семіз жылдан жылға Шығын боп көрген емес жалғыз қозы. Қарт қойшы мәлім ғана Кеңгірдегі, Еліне атаныпты Еңбек Ері, – Дегенге қой қасына жиналған жұрт Өзіндей мыңды айдаған ерлер еді. Өзі де жас баладай тұр қуанып, Көзінде сол даңқтың нұры жанып. Қарайды қойларына жұлдызындай Әперген атақ, мәңгі даңқ. Қойшының атасындай сол бір шалға, Бас иген барлық малшы осы маңда. Маңқиып қарап тұрды Ұлытау да, Уа, тауым, даңқың сенің, мақтан, мақтан! Сонау мал түлігің ғой сыңсып жатқан. Өткеннің обасы емес, ұлысың сен. Ерлерін Түсекеңдей ел ұнатқан! 1948 ж.

ҚАЗАҚ ЖЫРЫ (Әйгілі орыс ақыны, досым Михаил Лукониннен) Не болды маған соншама? Қаттым да қалдым сіресіп. Әуені өзге болса да Жанымды билер жыр есіп. Кемеңгер досым шырқады ән, Қазақы көзін қиғаштап. Күн қызарып қырқадан, Жел жөнелді күй бастап. Көтерілді сол әуен, Аспанды кезіп кеті сөз. Естілді дабыс гулеген, Жетті кез! Енді жетті кез! Әуенді қырға шарықтап, Келді тағы тербелгім, Домбырадай қалықтап, Байыппен жырға келді ергім. Алайда үнсіз алқындым, «Жетті шақ!» – дедім пернеге, Қандай шақ? – сірә, шалқыдым,

Сол жырмен ұзақ сермеле. Жүрегімде шоқ жанып, Демімді жел тұр қысып. Парашютке шырмалып, Тұрғандаймын тырмысып. Бақыт қой көкке қалқуым, Бөленіп мұндай ән-күйге. Осы бір әннің шарпуын Ұмытпаспын мәңгіге. Қайран қалдым, еркін мен Жүздім жырдың соңынан, Бар дала соған елтіген, Сүттіген, көркем – сол бір ән. Ұмыттым қалай оны мен, Онда марғау ұл едім. Аласа сонда бойыммен Бауырынан өттім түйенің, – – Шөк-шөк! Шөк! – дедім айғайлап, Түйе шіркін боздады. Көк жынын күйсеп қайқаңдап, Өзіңді баса жаздады. Ал аспан ашық, жап-жалтыр, Сұрғылт қыр жатыр тас құсап, Егін сырты арбап тұр, Онда Елтон, Басқұншақ. Өршеленді жыр қатты, Жетті кез!

Неге жеттік біз? Мінекей Быков, бұл жақты, Есімде, тастап кеткен кез. Келді кез туған жеріме, Мейірімім қайта беретін. Шақырды мені төріне, Қызығың бар деп көретін. Туған жерім! Күніңе сенің тұтығып, Жалаң аяқ жүгірдім. Шөгір кірсе отырып, Табаныма бүгілдім. Өрді дүзде қой қаптап, Іздерін құйын құм алып. Жаумады жаңбыр, күн қақтап, Бетеге жатты қуарып. Ал сонау сағым сыртында, Малымен көшіп жүр қазақ. Білдім мен: көрші жұртыма, Келіп қапты сол азап. Сорымыз сонда бір қайнап, Тоғысты қырда зар, қайғы. Еділге бізді шөл айдап, Жібіттік бірге таңдайды. Бұл әнді естіп сол кезде, Қайнарын жұттым сусындап,

Тербеді мені тіл өзге, Жырынан сонда сыр тыңдап. Естідім мен жасымда, Домбыра мен ән-жырды. Жазылар жырдың басында, Есіме алдым Жамбылды. Асау ат қой жыр-өлең, Құлатар еді құрыстап. Қонғанша бірақ ерге мен, Тізгінді тұрды ол ұстап. Жетті кез! Өлең кеудемді Кетті кернеп ұлғайып. Іздесең бақыт дәуренді, Сәулем, шық! Бірге толғайық. Бақытты бол! Өлместі ойласаң, серме құлашты. Аспанның өрін ән кешті, Даланың сырын жыр ашты. Естідім мен жамырап, Көлдері қырдың үндесті. Шалқар дала жадырап, Сағым мен сағым тілдесті. Келді шақ! Жырмен өрлеген,

Көрінді ыстық тірлігім. Аңсадым бойды тербеген, Махаббат, достық бірлігін. Тіледім саған, өзіме Өмірді бірге тамаша. Болсаң ғой өзің кәзірде Менімен мұнда, оңаша... ШАҚЫРДЫМ СЕНІ (Ярослав Смеляковқа) Шақырдым сені, Кең далама шақырдым: Шаңқан қырда, Астында аспан шатырдың, Шырқағанда самғап ұшқыр өлеңнің, Ырғақтарың кетсін деп мың шақырым. Көтерсін деп ақын досым кеудесін, Мінбер етем Алатаудың өркешін, Құзда тұрып, Шырқасын деп алысқа Жаңғырта бір қазақтың кең өлкесін! Алатаудың алтын иық құзынан Аңқып ұшқан қырандарға қызығам. Келеді ұшқым сол құстардай жазыққа Жырларымның кестелері сызылған. Қос дауысыңды, Мен де өзіңдей ақынмын, Ұшан қырға

Ұшсын самғап батыл үн, Жорға жырға мінгесіп Жыр желімен Жарысуға жырларыңды шақырдым. Ашамын қырдың Алтын, сағым пердесін, Шық төріме, Шерт шабыттың пернесін! Кілем гүлдер Майсаң белдер үстінде Жорға жырың Жігіт болып билесін. Көр қызықты сахналы жерімнен: Қырымда жоқ сұп-сұр белдер шөлірген. Ақ қалалар қанат қаққан өрінен, Онда, қурай басқан түздерде, Дәнбикелер толықсыған, керілген. Онда, сонау Атамды сор айдаған, Қу жапаннан алтын-күміс жинаған. СЕНІҢ ШЕБЕР ҚОЛЫҢНАН (Ленин атындағы Павлодар трактор заводының атақты слесары Шәкира Незбаеваға) Жасымда жазығынан Керекудің, Күйзелген шаруаны көретінмін. Есімде – өгіз ілбіп, қажып аға Соқаға басты иіп еретін күн.

Тапшылық қақтап үйдің тандырларын, Ауылым шертті талай дәннің зарын. Білемін ұзын сары талма шақта, Өзегін нансыз жұрттың талдырғанын. Тербелмей қаңыраған диірмендер, Түлемей жатты сұлық өртең белдер. Болдырған бороздада дымы құрып, Қайран сол соқа тартқан тор төбелер. Қуандым құт келгендей құба қырға, Пайда боп темір тұлпар мұратыма. Жас едім онда мен де, жармастым тез, Алғашқы трактордың құлағына. Ол кезде мұндай емес Павлодарым, Көне бір бекетіндей сар даланың. Құздардан самсап тұрған сарайлардың, Келбетін көріп бүгін таң қаламын. Тықсырған лашықтарды сол күндегі, Тәкаппар тұрған қат-қат зәулімдері. Темірді торталаған заводтардың Құдіреті қозғар еді тауды ілгері. Дем беріп мұнаралар түтіндеген, Торқадай күлтеленді тықыр белең. Лап берді жүз мың шойын тұяқтылар, Ертістің сеңдеріндей күтірлеген. Сол күштің дүмпуінен тау шағылған, Жасыл дән толқыр ертең сар сағымнан. Сол сиқыр тетіктерді тұтастырған, Айналдым, Шәкиражан, саусағыңнан.

Сендерсің жеңістерден алқа таққан, Сендерсің шақтан озып алға шапқан. Мың алғыс құрыш қолды ерлеріме, Болаттан сом тұлғалы тұлпар соққан. ҚОШТАСУ (Ақмола-Қарталы темір жолын салуға баратындарға арнаймын) Жазғы кеш паркте, Мәз-мейрам тамаша. Көз қысып жігітке, Қыздар жүр жанаса. Жан-жағы қызыл гүл, Қызық қой тау тұсы. Қанатын жайып жүр, Махаббат тотысы. Соғады самал жел, Жүректі күй кеулеп. Билейді қыз, жігіт, Ұршықтай дөңгелеп. Құмарлы жас дене, Құшақпен қиысып. От түссе кеудеге, Ұрланып сүйісіп.

Қыз таппай көп жігіт, Жаутаңдап тұр сонда. Тамсанып көз тігіп Қасым мен Абдолла. Қайтейін соларды, Махаббат ұрысы. Болса да құмарлы, Жақпайды тұрысы. Сөзбенен міндерін, Айтпайын өзгенің. Махаббат түндерін Өзім де кезгемін. Күндесең ал мейлің, Қайтейін, көнемін. Жас қызын еврейдің, Құшақтап келемін. Қыз-жігіт жан-жақта, Жүр екен сыбырлап. Келуші ем кейуақта, Кетуге сыр ұрлап. Қыздардың сырларын, Білуге құмармын. Қыз сырын айтсам көп, Жігітке ұнар тым. Жапырағы жайқалып, Солқылдап тұрды ағаш.

Түбінде ұрланып, Отырды екі жас. Жас сұлу жігітке, Айтады ерке наз. Қыз назы көңілді, Сөзіне жігіт мәз. Тыңдайды ол құмартып, Махаббат сырбазын. Мойнына қол артып, Айтады қыз назын: «Қоштасу түні ғой, Айтайын сырымды. Бір сезім билеп бой, Ашқандай шынымды. Жүрек те лүпілдеп, Соғады қаттырақ. Жеңілтек адам деп, Ойлама, сен бірақ. Көп жүрдік, қыдырдық, Немене бос жүріс? Құр сөзді ығыр ғып, Алар ма жан тыныс? Жүректе жалындап, Жанып тұр махаббат. Ойыңды айт анықтап, Болмаса маған жат.

Жүремін мен ертең, Алысқа тартам жол. Путевка берді дем, Бар, - деді комсомол. Ол міндет артса егер, Орындау борышым. Игілік ісі ғой, Қуанам сол үшін. Қызығып кеше мен Қарадым картаны. Жел жетпес жер екен, Ақмола -Қарталы. Сол жердің тамырын, Тартуға барамыз. Төсек қып ой-қырын, Темір жол саламыз» Қиырсыз ол бір жон, Жетпеген жел ұйтқып. Жетерміз салсақ жол, Поезбен біз жүйткіп. Сүйіктім, кетемін, Сол жолға таңертең. Білейін сенен мен, Қандай сыр әкетем? Сүйкімді мінезің, Жаныма от салып.

Айтар деп сен өзің, Жүруші ем тоқталып. Басқаға сүйікті, Болсам мен саған жат. Болып мен күйікті, Тарайды-ау, жаманат. Сырым жоқ бүркеулі, Сөз мынау, ашықпын. Білмейсің үндеуді, Мен саған ғашықпын. Соны айтып жас сұлу Жігітке қарады. Қыз сөзі кәусар су, Жүректі ап барады. Қыз да тұр қымсынып, Күн көзін төңкеріп. Отырды қысылып, Тұрғандай жұрт көріп. Сырлары құпия, Ағаш қой айнала. Қарап тұр жымия, Жұлдыз бен ай ғана. Ұялшақ жігіт ол, Мінезі биязы. Сөз айтпай тұрды ол, Ұялтып қыз назы.

Жүрегі алқынып, Бетінен от шығып. Махаббат бұлқынып, Кеткендей тұншығып. Құшақтап ғашығын, Сүйді де ернінен. «Жарым бол, сен мәңгі, Жанымен берілген». Жарыңмын, сен илан, Айтпаймын сырлы наз. Ұнадың сен маған. Сүйемін, сөзім аз. Соны айтып жас жігіт Құшақтап жан-жарын, Сүйді кеп, ынтығып, Тапқандай құмарын...

МАҢҒЫСТАУ МҰНАЙШЫЛАРЫНА (Атақты бұрғышы Қазиз Әбдіразақовқа) Бұл қиян мәңгі қатқан мидай шығар, Құмына қалай шыдар, мұнайшылар? Өмірге жер астынан жалын тартқан, Күн бетті мұнайшылар – құдайсыңдар! Ақынмын от пен күнге жаны құмар. Сүйемін адамдарды жалыны бар. Жерінде Маңғыстаудың жарқылдасын, Жұлдыздай отты қолдар, жалын тулар! ВАСИЛИЙ РАКОВСКИЙГЕ (Жезқазған кен құрылысының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері) «Менің мысты қалам!» – деп мақтанасың, Тусаң да сонау Тамбов орманында. Сүйемін мен де кеннің жас қаласын, Бұл менің өлеңім де, арманым да! Хақың бар мақтануға зергерісің Қат-қабат зәулімдердің, сарайлардың. Көрдім де құдіретті ерлер ісін, Қызығып кереметке қарай қалдым.

Жатыр ма үйлер туып, жер балалап, Қалай тез қырға бітті құздай қала. Қолдар ғой сендей шебер берген қалап, Көшелер көшін созды дүзді айнала. Заводтар, кең ордалар, нелер заңғар, Асқақтап тұр даланың кең бетінде. Солардың сымбатында өрнегің бар, Солардың сәндігі тұр келбетіңде. Мызғымас құз таулардай дуал берік, Құйылды өз қолыңнан мәрмәр шлак. Бекіттің ірге тасын қуат беріп, Құмына маңдайыңнан тер тамшылап. Көремін кеншілерді, көрдің сен де, Тыныққан сарайларда кең бөлмелі. Кешкі шақ сол үйлерден түсер сәуле, Жайнаған жұлдызындай кеудеңдегі. Тусаң да сонау Тамбов тоғайында, Ұлысың бұл қаланың ең қадірлі. Сенімен мен де бірге толғайын да Құрылыс марштарын – өр дабылды!

ӘНУАР (Әнуар Омарбековке) Жігіт еді әзілі бар, әні бар. Жігіт еді – біздің ерке Әнуар. Жігіт еді, боздағы еді қазақтың Еркін, ерке жайраңдаған жаны бар. Жүрегінен шаттық күлкі төгілген Ойнаушы еді келемеждеп өліммен. Еркін жүзбен ерке бөбек секілді – Қайтып қана ол кетеді өмірден? Қайғырмашы, Қалима, келеді ол, Өмір десе өлмейтін ер еді ол. Өмірі бар, жары бар, достары бар, Қайтып қиып біздерді өледі ол? ҰРПАҒЫНА БАЯННЫҢ Аты биік таулардың Арасында аяулым. Аңсап келдім, толғандым, Бауырында Баянның.

Сұлтанмахмұт дауысымен Бесігімде ояндым. Бала жастан таңсық ем, Сипатына Баянның. Жасыбайдың көлінде Жасыл нуға боялдым. Жыр шалқыды көңілімде, Аясында Баянның. Тегеурінді еріңнен, Тебіренер ой алдым. Озған жырдың өрінен Тұлпары мен Баянның. Толқындаған өлеңмен Туыстарға аянмын. Басымды идім сәлеммен Ерлеріне Баянның. АҢҚАТЫ ӘУЕНДЕРІ (Орал облысындағы «Қызыл ту» колхозының егінші ерлеріне арналды) Қырына алтын бидай алқа тұнған, Ән шіркін аңқылдады Аңқатыдан. Тасыды дән өзені... Дәл өзінің Көктемгі нөпіріндей тарқатылған.

Сілкінді Аңқатының адырлары, Алыптай дән кемелер адымдады. Теңселді телегейдей торғын бидай, Толқындай жал-жал болып ағындады. Қызу ғой «Қызыл тудың» өрендері, Қызбай ма дән гулесе ер еңбегі? Төрт жүз қол шеру тартып аттанғанда, Дүр етті моншақ бастар белеңдегі. Көрсең сол, Қауырт істің қарбаласын, Соншама тездігіне таң қаласың. Моторлар дүр-дүр етіп, жұрт дүркіндеп, Ду басты Аңқатының маң даласын. Ғаламат дән басыпты мұнша қырын, Өлшесең, созылғандай мың шақырым, Майдандай қызды жорық Таң сәріден, Жарым түн жамылғанша сұр шатырын.

Жастары жауынгердей ұрыстағы, Мінгені, құрсанғаны құрыш бәрі. Жайратты самаладай қалың дәнді, Жарқылдап комбайнның қылыштары. Құлшына кірісіпті бәрі ісіне, Қызы да, баласы да, кәрісі де.

Сақалын қауыз басып шалдар жүрді, Қырманда, өрбіген дән өрісінде. Тосыннан Аңқатыда тасқын бардай, Дән түлеп, ақ мекенді шашты қардай. Төбелер масақ мұртты тұқылданды, Шебер қол ұстарамен шаш қырғандай. Жарым түн, қырман басы электрлі, Жан-жақтан жиналыпты ер екпінді. Сәулемен жалт-жұлт еткен меруертті, Жеті қыз жеделдетіп елеп тұрды. Жаңбырдай дән құйылды күймелерге, Ал Біләл, моторыңды күйлет, өрле! Қоршады құрыш жасақ дән қамалын, Жөнелді сауырынан сүйреп өрге. Тартылды соңғы майдан шерулері, Сап құрған жүз машина керуені. Жөнелді тарту артып миллиардқа, Ырыстан Аңқатының өріндегі.

БЮРО МӘЖІЛІСІНДЕГІ СЕКРЕТАРЬҒА ХАТ (Төлеутай Құлмағамбетовке) Досым сені Күттім ұзақ, өтті күн. Тамаша күн! Көкте бір бұлт жоқ бүгін. Енді, міне, ымырт басты Ақбеттің Ақ күмістей жарқыраған шоқтығын. Әлі мәжіліс. Мол-ау мәнді мәселе. Түн жетпесе, ертең тағы еселе. Міні аз ба, біздің кербез Баянның, Мүсіндері қанша сұлу десе де... Ал, мен сені сырласуға шақырдым, Баян көркін ойға сызып жатырмын. Қызылтауға жүрші бірге, жайлауда – достары көп секретарь мен ақынның. Жоталардан жорғалап қой өргенде, Кездесерміз шопан қартқа өр кеуде. Мәселеңнің өрмегін сол ағытар, Тек мүдірме, күрт сұрақты бергенде. Жүр кезейік, Шідертінің жазығын, Тыңдайын мен туыстардың мәз үнін.

Сен де тыңда, тұлпар баққан жігіттің, Саған айтқан талабы мен әзілін. Қашан, досым, мәжілістен келесің? Сағындым мен Ақшоқының белесін. Екеуміз де үгітшіміз сол қырда, Өткізейік шопандардың кеңесін. Дулы-шулы жиындардан қажыдым, Тыңдайыншы дала даусын, жан үнін. Осынау таудың өрендерін жинасаң, Күні -түні сырласуға әзірмін. Әлі мәжіліс, мен де әлі ояумын, Жарым түнде сызылды бір баяу үн. Сірә, сонау Сабындының басынан, Ән шырқады саңлақтары Баянның... СӘЛЕМДЕМЕ («Қызыл ту» газетінің оқушыларына арналды) Қандай ғажап Ертістің атырабы! Жаңалықпен Жыл таңын атырады. Сәлем айтып, Жыл құсың – «Қызыл туың» Жерлесімді Жеңіске шақырады.

Сәлем, Таудың еркесісің – сұлу Баян! Жырымызға – Ежелден сырың аян, Адырыңнан Жаңаша ән ағылып, Шопандарға – Құт болсын сенің аяң! Сәлем, Дәнді жазығы Маралдының! Ақ боранды, Айбынды, Далаң бүгін. Аппақ қардай қырыңды бидай басып, Болсын биыл жүлдені алар жылың! Жарқырасын теңіздей шаңқан қысың! Ерлеріңнің толқытсын шалқар күшін. Көктемдегі Ертістің тасқынындай, Биыл байтақ жерінде – дән шалқысын! Сәлем, бұрын биікке барғандарға! Өсе берсін екпіндер қаулап алға! Жалын атсын Жазыққа заводтарың,

Көрік берсін Зәулімдер – Павлодарға! Сәлем, барша достарға, жерлесіме! Өркендерің – Жыл сайын өрлесін де, – Қызыл тумен тұрыңдар алда жайнап, Жеңістердің Келесі көрмесінде! НАЗЫМ ХИКМЕТКЕ Естім ем ертегіні талай ғажап... Қапаста қайран бұлбұл қақты қанат. Келгендей құлағыма бір мұң зарлы, Аяушы ем, қапастағы бұлбұлдарды. Қай жауыз, наз бұлбұлды қамап қойған, Көрінер екен деуші ем енді қайдан? Түріктің төрелері неткен топас?! Ән-күйге Түркияны еткен қапас. Жырымен жалындатқан ел жүрегін, Түріктен, төтеп шыққан бұлбұл едің. Пашаның күрзілерін алып қолға, Қамады топас төре сені торға.

Мекенің ұзақ жылдар болды зындан, Қорықты сұм төрелер отты жырдан. Бірақ сен күшті болдың бұлбұлдан да. Ұмтылдың тар қапастан бұлқып таңға. Теңселтіп жолбарыстай темір торды, Ызалы жүрегіме дауыл толды. Жарылып қала берді темір шарбақ, Өр даусың дүниені кетті шарлап. Өлеңге тұтқындалған ерік бердің Қайғысын таратсын деп түріктердің. Жүрегін төрелердің түйресін деп, Қанжардай тіл безедің тура сілтеп. Дауылдай кекті даусың көкті жарып, Түркия тұманына төкті жарық. Даусың шайқап өтіп теңіздерді, Әлемге жалыны ыстық лебіз берді. Жұлдыздай жырларынан жайнап өмір, Ақынсың арыстандай биік кеуде. Үніңе қосыламын, шырқа қатты, Достықты, тыныштықты, махаббатты. Түйрей бер жауыздықты, қан құмарды, Түріктің төбесінен түр тұманды!

МӘРИЯХАН (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Жарсу» совхозының озат шопаны, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Мәрияхан Өтебаеваға арналды.) Адыр көп аңғарынан жел сарнаған, Алаң аз айналасын қар шалмаған. Лебінен жалын шалқып ызғын қырда, Кім екен, ат үстінде алшаңдаған? Жігіт пе жүйрік мініп шыққан аңға? Қашты ма әлде киік ықтап алға? Қарап жүр нені мынау салт атты жан, Суықта күн де қырдан сырттағанда? Қарлы ши, қыраулы боз, ызғын дала, Көресің арқар тұяқ ізді ғана. Қой айдап шықты шиден Мәрияхан, Суық жел сүйген жүзі қызылдана. Көріп ем қарындасты май айында, Көк майса, қызғалдақтар маңайында, – Әнменен қой жусатып көк жайсаңға, Таң болған жігіттердің талайына. Көріп ем асқар биік Асы таудан, Көктемде көк нөсері тасып жауған.

Нөпірден жорғалатып қой қозысын, Мәрияш асқан талай асулардан. Түсірдім кәзір сол бір күнді есіме, Үн қостым қарындастың жүлдесіне. «Жарсудың» саңлағы Марияхан, Жайраңдап ән шырқаған жыр кешінде. Енді қыз қаһарлы түс қар алдында, Сол ызғар келбетіне таралды ма? Жоқ міне, күлімдеп тұр Мәрияхан, Елемес ер секілді, боранды да. Ақыннан жылы жаңа жыр күткелі, Асығып қозғалады кірпіктері. Қасқыр да, ақ боран да көңілінен Жоқ сірә, көктем күйін үркітпеді. Жайнатып сол көңілін көктем-сынды, Мәрияш шертті қыстан өткен сырды. «Қыс тегі қысалаң бір тар кезең ғой, Нөсерде кешкендейсің өткел суды. Бірақ та сеніп сонау сарайыма, Қуанам, боран соқса қараймын да. Қыш үйде отыр шопан әкем жайнап, Өткенде қалтыраған талай қырда». Бұл күнде қойшы сыры қызық аңыз, Жырлауға құт шопанға қызығамыз. Сондайдың саңлағы бір Мәрияхан – Қазақтың өнегелі қызы нағыз.

ДЕГЕРЕС ДАБЫСЫ («Дегерес» совхозының озат шопаны, Социалистік Еңбек Ері, КПСС ХХ сьезінің делегаты Сәмиден Қилыбаевқа) Тау барлаған бейне бір оқымысты, Ол шолып тұр маңайын, өкім, сұсты. Тұлғасында жігіттің қайсарлық бар, Кеудесінде – жүрек бар оты күшті. «Қос төбенің» боранды қиясында, Асау ойлар ұйтқыған қиялында, Ол жүгірген аптығып, санап, қарап, Әр саулықтың мұз қатқан тұяғына. Сонау тұрған «Берік тас» болып қорған, Қалың қойын апаттан алып қалған. Бөрі боран, – бүлікшіл жауды жеңіп, Ол батырдай оралған жорықтардан. Ол биіктен байқастап тұр даланы, Алда жайлау – көкмайса ырғалады. Дегерестің баурайы мыңғырған қой, Толқын-сынды түрленген қыр алабы. Тең көрінер оған қыр теңізбенен, Инженердей өзі бір кен іздеген.

«Құр өзектің» разы ол изеніне, Семіздері найқалып егіздеген. Еміреніп ер жігіт ел ырысын, Келешектің барлап тұр не бір ісін. «Алатаудың қойнауы қойға толса, Құты болып елімнің өмірі үшін». Қалың қойы еңісте жатыр жусап, Қиялдады сол шопан ақын құсап. Көзін тікті ақ таудың асқарына, Әуелетіп алысқа ақыл жұмсап. Ашылғандай жарқ етіп шың арасы, Москваның көрінді күн қаласы. Делегаттың көзіне елестеді, Кремльдің алтын бас мұнарасы. Бүгінгі шақ құлпырған қыр сәнімен, Өрістетіп отарын таңсәріден, – «Ұлы жиын, мен қалай үн қосамын», Деп толғанып төбеде тұр Сәмиден. Жылжығандай сол оймен тау ілгері, Дегерестің серпілді бауыр белі. Кең өрісті биіктен тұрды болжап, Партияның қатарлы жауынгері.

БҰЛ ТАУДА ТҰЛПАР-АТА ЖЫЛҚЫ БАҚҚАН (Ленин совхозының жас жылқышысы Ақан Секуовқа арналды) Бұл тауда тұлпар-ата жылқы баққан, Жылқысын Ерейменнің жұрт ұнатқан. Тұқыртып ақ борандай асауларын. Жапанға жел жүйрігін зымыратқан. Осы тау өңірінен жүйрік тынбас, Қалыпты аталардан ерлік мирас. Көрдім мен терең сайлы бір адырда, Асаумен кер арыстандай астындағы Қарғиды, арындайды, осқырады. Тебініп қадалыпты тік жалына, Ер жігіт – Ерейменнің жас қыраны, Үйреткен тұлпар атты, жігіт-тұлпар5 Бозбала, қыз бәйгіден үміті бар. Серігі – қарлы боран, асау жүйрік, Қыз қайда бұл жігітке келетін пар? Ал, әне, қарады қыз егіндіктен, Сол шығар сүйемін деп сені күткен, Асаудың тұқыр басын, Ақан, тоқта, Жайраңдап жас құрбыңа кел үмітпен. «Жоқ! – Қамшы тиді аттың сауырына, - Уақыт жоқ қазір қыздың сауығына». Құйғытты көп жылқыны қайырғалы, Егіннен, тұнып тұрған тау ығында. 5 Тұлпар – ру аты.

ЖЕҢЕШЕМ (Күләйшаға) Жас кезіңде жақсы едің ғой, жеңешем, Мұнша қатты бола қалдың неге сен? Ұлғайғанда игі болар ізгілік, Бұл жалғанда мәңгі тұрам демесең. Жас кезіңде жайдары ең ғой, жеңешем, Қарлы аяздай қаһарлысың неге сен? Қайда кетті жаныңдағы жылылық, Күлмейсің бе, өмірді бір елесең. Жас кезіңде жүзі нұрлы жеңешем, Мен келгенде түнересің, неге сен? Аз ба менің жүрегімде өкпе-наз, Жұрт алдында жайраңдайды демесең? Әз әжемнің келінісің, жеңешем, Сен өзіңді сол енеңе теңесең, Жиендерің ойнақтаса төріңде, Қартайсаң да, қатал кемпір демес ем...

ШАШЫМ НЕГЕ АҒАРДЫ? (Нағашым Мұқыш Қосыбаевқа) – Шырағым-ау, шашың неге ағарды, Әлде біреу кемітті ме бағаңды? Сенің қара тұлымыңнан сипаған, Сарғайдың ба ойлап мендей ағаңды? – Тентегім-ау, мұртың неге қыраулы, Көрдің бе әлде көп бейнетті, сынауды? – Деп нағашым, маңдайымнан иіскеп, Күрсінді де қойды маған сұрауды. Иә, солай мүсіркейсің шашымды, Ойлайсың да бір кезегі жас ұлды. Есіркейсің жиеніңді кешегі, Көз алдында салған ойнақ-асырды. Ол күндерім – ертегідей ежелгі, Балалығым қалай ерте тежелді? Жігіт шақта өмірменен жарыстым, Өтуге тез жарып алғы кезеңді. Өттім кейде басып жанған жалынды, Мұртым мүмкін сол жалынға шалынды. Борандарда кейде суыт жол шектім, Бұл басыма сонда қырау тағылды.

Жастық дәурен өтті дулы-дабырлы, Өзгелердей болмадым мен сабырлы. Тұңғиықтан сөзді сүзіп сарғайдым, Асықтым мен жұмсап албырт шағымды. Қайран жастық, саған не бар тең келер? Жалғыз мен бе, өзгермеген не өзгелер? Қарындастар жеңге атанып бұл күнде, Әже болды-ау есіл кербез жеңгелер. Өкінбеймін өткеніме, нағашым, Ақша бастың кім кемітер бағасын? Сондаймын мен, – көрсең қырау басқанда, Қасқиятын құздың емен ағашын. Өкінбеймін, ақсақал да атандым, Мен де қазір өздеріңмен қатармын. Тек әжемше маңдайымнан сипасаң, Бала құсап, мейіріміңе батармын. БАҚЫТЫҢ СОЛ, ҚАЛҚАШЫМ (Қалимашқа) Апам сені ақ бесікке бөлеген, Мен көргенде монтиған бір бөбек ең. Сол бір сәби сипатыңды, қалқашым, Сүтке тойған қошақанға теңеп ем.

Балапандай жүгіріп ең бөкеңдеп, Иығыма асылып ең кетер деп, Ойламап ем әлжуаз бұл нәресте Ертең әлі, сылқым қыз боп кетер деп. Бұл басымнан өтті талай бұлдыр шақ, Өстің қалқам, тез құлпырған гүл құсап. Мен алыстан оралғанда жүгірдің Желең қағып төбеңдегі тұлымшақ. Білмей қалдың жылдар қалай өткенін, Бітті бір сәт зергердегі мектебің. Ақыл тұнған көздеріңнен, байқадым, Тұрды жайнап алда бақыт көктемің. Өз әкеңді көрмей өскен баласың, Білдің ерте бұл тірліктің бағасын. Бәйшешектей сені өсірген әлпештеп, Біздің апай – мейірімі мол анашың. Сүйкімді сол мінезіңді сезіндім: Мөлдірінен сыр тұндырған көзіңнің. Мәз болсаң да нәзік еді наз күлкің, Мұңайсаң да – момақан сол төзімнің. Берілдің сен жалыныңмен оқуға, Жастық кездің бүркеп жанған отын да. Білесің ғой, білімге мен жебедім, Асыл қыздар гүл емес пе ақынға...

Есіңде ғой, еркелеген сол шағың, Сенің жайнар бақытыңды аңсадым. Сені қалқам, сұқ көздерден қызғанып, Бөктергіден балапандай қорғадым. Көздер төнсе, сен ибамен қысылдың, Төзер қай қыз албырт шақтың қысымын, – Жарасатын билегенің құрбыңмен, Дөңгеленіп ақ қояндай мүсінің. Бітті, оқу жанды білім зердеңде, Бітті күндер сарылған түн шерменде, Аяп едім көп оқудың – қағаздай Қуарған сол дидарыңды көргенде. Қандай еді, сен қуанған қайран күн Жемісі ғой талай жылдың, айлардың. Көріп сенің сол бір шаттық сәтіңді, Қуандым да бітіміңнен айналдым. Қуаныштан жаз айындай жайнадың, Бітті оқу, енді нені ойладың? Әлде күтіп күрсіндің бе сол бір сәт, Жаның сүйген өмірдің жас ойнағын? Өсіпсің-ау сылаң қыз боп, аяулым, Гүлі болдың Алматыдай аяңның. Төрт жыл оқу наз жүрегін тұсаған, Қайран отты сәулелерді аяймын. Қыз балғындар! Махаббаттың орманы, Тек білім бе қыз шіркіннің арманы?

Қасірет қой ыстық шақта жар сүймей, Нәрсіз гүлдей ерте солып қалғаны... Сүйкімді ғой жан сырымен ару жас, Жар қайғысы – жан қайғысы арылмас. Білгір қызым, өзің қалап жар таптың, Бақытың сол – арманың не Қалимаш? Сүйген жарсыз солды талай қарындас, Сен гүлдейтін мәуесің ғой әлі жас. Мәпелеп ек бөбек көріп сені біз, Енді өзің бөбек сүйдің, Қалимаш. Әлі бақсам – үйіме де сыймас ең. Сені ана, – деп атауға қимас ем, Бір бала емес, жүз бөбекке ұстазсың. Қарт анаңды – жүз мәртебе сыйласаң! Сағынарсың кейде сол бір шақтарды, Жүрегіңде ерке күндер сақталды. Әлі саған қызықтар көп көретін, Ал, ағаңа – қанша қызық шақ қалды? Бұл сырыңды, деме, неге айтасың... Ән салшы бір түйіндерім тарқасын... Биле алдында, қосағыңмен тербеліп, Жас киіктей жаны сергек, қалқашым!

АНА ЖЫРЫ (Сүйіктім Зайдаханға) Ауыр істі қаншама, Шыққандай бір орындап, Таң сыз беріп қалса да Әке жатыр қорылдап. Ал, ұйқының әлегін, Әкеткендей түн сырып, Отыр ана бөбегін Кеудесіне қусырып. Дүние мүлгіп дүбірден, Аспан айлы, түн тыныш. Қас қаққан жоқ түнімен Таппай ана бір тыныс. Жаны рахат табады, Жүз көтеріп, мың қарап. Арқасынан қағады, Жылай қалса іңгәлап. «Аспандағы жұлдыздан, Алқа тағып берейін. Теңіздегі құндыздан Қамқа тігіп берейін.

Күлімдеші бөбегім – Көтерілсін мерейім... Әжесінше толғайды, Нәрестесін аймалап. Ұйқысыз өң жайнайды, Терезеден ай қарап». «Жарқыратып үйімді, Ай сәулесін төккен бе? Естіп сәби үніңді Гуілдейді кептер де, Жайнасын деп гүл жүзің. Төкті саған таң нұрын, Иіді саған уызын, Алпыс екі тамырым, Ұйықта, бал бөбегім, Ақ бесікке бөледім»... Айналада жел билеп, Ысырды түн әлемін. Отыр ана әлдилеп, Сол сүйкімді бөбегін. Ал, күн шығып қалса да Анау жатыр қорылдап. Ауыр істі қаншама Шыққандай бір орындап... 1975 ж.

ҚОШ АҒАТАЙ ДЕГЕНІҢ (Мәпішке) Баянтау Жасыбаймен жарасымды, Мөлдір ғой ой толғатқан дана-сынды. Ән салса жағасында, қуанамын, Өзіңдей осы таудың қарашығы. Өзгеше наз әндерім бар қалаулы, Басымнан әнмен талай арман ауды. Тағы да серпілейін, шырқа қалқам, Сызылтып «Баянауыл», «Қарғам-ауды». Сол әнмен өткен сайран келеді еске. Сал жігіт бұлаңдаған бір белесте. Сыртынан ақбоз үйдің қолын бұлғап, «Қош ағатай!» - деген қыз сен емес пе? Арнапты албырт ақын қаны қызба, – «Гауһартас», «Қарғам-ауды» сендей қызға, Өзіңдей зияпатшыл қарындастар, Демеген ағалар қия-құзда. Шырқашы, Баянтауым жаңғырықсын. Ақбеттен бұлт сейілсін, жаңбыр ықсын.

Мейлі ғой, көзімнен жас тамшыласа, Жүрегім сусындасын, жан тынықсын. Ұстазсың көгілдірдей өрендерге, Даусыңа, ұйып тыңдап, ерем мен де. Теңселтіп Жасыбайды шырқа қалқам, Селк етсін жыр ұқпайтын емендер де. Қайтемін еменді мен, арымасқар, Жырласам, бәйтеректің бәрі қостар. Сыйлады сұлу Баян нұр сипатын, Өзіңдей ән сыйлады қарындастар. Жігіттей, жылқы қуған қырқадағы. Алдымда бұраңдайды шыршалары. Иіліп Аршаұлым, қайыңқызым, Жырыма туыстарым гүл тағады. Шырқашы, тебіренсін Жасыбайым. Үніңе мен де шалқып қосылайын, Сақтайын көкейіме «Қарғам-ауды», Ақбеттің аспанындай ашылайын.

БАҚТАШЫ ЖЫРЫ (Павлодар облысындағы «Қарасу» совхозының аға бақташысы Сүйіндік Байшинге арналды) Кім білмейді бұл маңда Сүйіндікті?! Ол жігіт қой, тықсырған қиындықты. Ол қаңтарда қарысып ақ боранмен Сақтап шықты – түлігін күйі мықты. Ол көктемде нөсерге шомылады, Көкті белге мал айдап сабылады. Шағыл болса, табынын шұбыртады. Саумал көлге, жайнаған сағымдағы. Оның жазда, шапшаңдап адымы алға, Қолбасшыдай айғайлап қалың малға, Жүгіреді, бір кезде жауды қуып, Бөгенбай батыр жортқан адырларда. Бала жастан бұл жазық етене жер. Оған таныс – көделер, бетегелер. Жұтып өсті жасынан уыз сүтті, Малды бағу ол үшін – төтен өнер. Оның дархан аясы – көгорай қыр, Ол үшін – айналасы жағалай жыр. Мүйізділер секірсе қуанады, Сақасы алшы түскен баладай бір.

Ата белдер аңыздай көрінеді, Өлеңшідей жалғыз бұл өңірдегі, Даусы шыққан қиялар жаңғырығып, Көз ұшынан Баян тау керіледі. Жатса күйсеп өрісте баққан малы, Малшыларды жинап ол, мақтанады: «Бұл кітапты түнде мен оқып шықтым Жақсы екен!» – деп, жыр бетін ақтарады. Кітап көрсе Сүйіндік мүдірмейді. Ақындарша асқақтап дүбірлейді. Ғашықтардың сырларын оқығанда Майдасына қас қағып күлімдейді. Бұл жігітпен кездестім былтыр күзде, Бөгенбай белесінде, бұлғыр дүзде. Төбемізде сұр бұлттар сеңдей өріп, Сымдай жаңбыр сорғалап тұрды бізге. Басса мейлі, селебе адырларды, Ол өлеңге иіп тұр кәзір жанды, – Ежелгі бір өзінің сырласындай, Сұрап жатыр Сырбайды, Қадырларды. Шолып өтіп көзімен көп табынды, Қарап шықты, ол менің кітабымды. «Жырыңызда, неліктен біздер жоқпыз? – деп далада жырыма мін тағылды.

Малсақ ол, алдына топ сиыр біткен, Жыр құмар ол, поэзия сыйын күткен. Жазықта жалғастырдым өлеңімді, Жыр досы, дала досы Сүйіндікпен.

МАҢЫРАҚ МАРҚАСҚАСЫ (Шығыс Қазақстан облысындағы, Зайсан ауданы, «Освобождение» колхозының атақты шопаны Сейітқамза Мәзбаевқа арналды) Аққан бір жыр екен деп тау бұлағын, Тағы да өлеңдетіп жаңғырамын. Келгенде Асан-ата маңайыңа, Сен неге мұнарлы тау маңырадың? Арыған Асан сонда аңырап кеп, Атыңды қойған екен – Маңырақ – деп, Кеткенде ата сорлы іздерінен, Өріпті қой толқындай жамырап кеп. Қозыдай қойтастары қозғалыпты, Қай жаққа қалың отар қоздап ықты? Асан жоқ, артынан ел аңырғанда, Соңынан сорлы шалдың сөзі қалыпты. Солай бір аңыздатып айтқан заман, Түнеріп талай әке қайғы-ызадан. Әлде сол аңыз шіркін болды ма шын, Естиік енді шопан Сейітқамзадан.

Отырмыз ой жүгіртіп Маңыраққа, Қойлар жүр қаздай сыңсып бауыр жақта. Секірген атан тастан серкелердің, Ұқсайды мүйіздері шаңыраққа. Қасымда ата жұртқа мәлім адам, Мақтайды қойлы таудың маңын маған. Түстейді қошқар түктес тоқтыларын, Май басып жамбастарын мамырлаған. Қой үшін біткендей бір құт жеріне, Мақтайды қойларының түктерін де. Қарайды костюміме, әлде соны, Қойының түктерінен тіккені ме? Несіне қарап маған тесілесің? Шопан дос, сыр білмесең кешіресің. Көгеннен ағыт сырды, мен жаяйын, Баққан сен елдің мынау несібесін. Есінде сонау жылғы сұп-сұр көктем, Әке жоқ, сұрапылға сүңгіп кеткен... Шешесі қой қайырса, қалтырайды, Соңында қозы бала, суық өткен. Болса да майдан алыс Маңырақтан, Сұм соғыс талай үйді қаңыратқан. Шайқасқа шопан кетіп, қойшы шеше, Қозыдай жетімегін маңыратқан.

Жас бала ерте батып ойға, мұңға, Жүр еді шешесімен қой маңында... Көктемгі селебеде жалғыз қозы, Қалыпты Маңырақтың қойнауында. Бала жоқ, ана сорлы аңдамапты, Қай жақта қалдырды сол қолғанатты? Үйіріп қорасына қойды тастап, Қайтадан кезіп кетті сол алапты. Сел жаңбыр, қозғалатын зорға адам, Қойнауда қозы жатып қорғалаған. Құшақтап алды соны аяды да, Сол бала, мойнынан су сорғалаған. Бүкеңдеп келе жатыр колхозына, Өзіндей дірілдеген сол қозы да. Шешесі көріп оны, қуанғаннан, Шамасы келмей қалды қол созуға. Баласы, – мынау жетім қозы, – дейді, – Аядым жаутаңдаған көзін, – дейді. Жабысты, құшақтап ем бауырыма, Бағайын бұл қозыны өзім, – дейді. Мүсіркеп баласының сөзін ана, Қарады ұлына да, қозыға да, Екеуі бірдей екен, қайтып бағар, Өзі де Сейтешімнің қозы – бала. Сол бала болмай бірақ енші алыпты, Төлдерге жаңа туған ен салыпты.

Атанып Сейіт Сақпан колхозында, Қойымен қозыларын тең бағыпты. Қозымен өзі бірге ержетіпті, Қойларын құзға талай өрлетіпті. Депті оны: – Маңырақтың марқасқасы, – Тауға емес, қой осындай ерге бітті. Толы ғой, таңғажайып сыр өмірде, Сол қойшы отыр енді Кремльде. Сьезге жиырма екінші делегат ол, Сыйы көп сақтап келген жүрегінде. Ой толқып тұла бойға тыным бермей, Отыр ма сөйлесуге тілі келмей? Қарайды жиналғанға жаны шалқып, Әкесі бүгін қайта тірілгендей. Керемет кеудесінде ой тулады, Қойшының құлпырмасын қайтып жаны? Ағысы келешектің айтылғанда, Сөйленді қойшы жайы, қой туралы. Партия барлап елдің нелер күшін, Көрсетті дүниенің келер ісін. Қиялап сол жиыннан шолды шопан, Өзінің қой мыңғырған кең өрісін. Қазір ол сол өрісте, Маңырақта, Қойлар жүр қаздай сыңсып бауыр жақта. Отыр ол шалқып тауда бағыбандай, Миуасын бөлегендей тау-бұлаққа...

ЕСІМДЕ СОЛ ШАҚ (Павлодар облысындағы «Қызыл құрама» совхозының еңбеккері, менің комсомол шақтағы досым Шаймен Ысқақовқа арнадым.) Есімде сонау бір қыс, досым Шаймен, Ертістің ықтап ұшқан құсындай мен, Қалшылдап үскірікке келгенімде, Мүсіркеп жылыттың мені ыстық шаймен. Ол кезде жігіт едің сен бір дархан, Онда жоқ дәмге толы кең дастархан,– Ботқаңды бөліп бердің бөгде маған, Көрінді пейілің артық, көп достардан. Жас едім, білесің ғой сиқым қандай? Білімге дүмбілез ем, шикі нандай. Комсомол жұмсап мені, түу шығанға, Өгізбен жеттім әрең үсіп қалмай. Есімде – жарда тұрған күйкі мектеп. Әбекең сабақ берген күйбелектеп. Мен-дағы мамырладым, төрт амалмен Жалғауды жұрнақтарға жамай көктеп. Жаутаңдап көген көздер отыратын, Оқу жоқ басты сонша қатыратын.

Өзегі құлазыған қыршындарды, Түйір нан – мүшкіл ойға батыратын. Есімде ауылдағы сол ауыр шақ, Аш боран айналаны алды құрсап, Шайқады әлсіз «Қызыл құраманы» Мал жұтап, қоймалардың түбі қаусап. Есімде, аяз мені сол шыңдаған, Белсенді болып мен де ердім саған. Дән іздеп әр бұрышты түрткіледік, – Топтасып су мұрындар мен құсаған. Сол кезде, жетекшісің комсомолға, Жаспыз ғой, күн шуағын аңсап онда, Ақсудың мұзы талай күтірледі, Қырық атқа мініп біздер самғағанда. Жүрмедік түлкі қуып, ит жүгіртіп, Болмадық думан тойға елтіп ынтық. Дән іздеп тұқымдыққа колхоз үшін, Жүгірдік бай-құлақтың жұртын тінтіп. Хақым жоқ өткенімді қағып сынар. Әмірші бәрімізге уақыт шығар. Не дерміз Тәйкебайдың Арынына, – Коммунист – бұрылғанды батыл сынар? Белсенді болмай онда, шіреніп көр, – Қауырт шақ – дүркініме тізе бүк! – дер.

Айтшы өзің, ащы терін төкпеді ме, «Құрама» топырағына Шүленовтер. Ойласам, сол күндерден түсер еске – Қызықпен оқшау үйде өткен кеш-те... Онда мен ұяңдаумын, қыз отырса, Әзілді қыздыратын сен емес пе? Жадымда қалды қатып сол қыс өткен, Әбігер, лайсаңды мол, суық көктем. Бригадир едің ғой, көргем сені, Соқаға мықшырайтып өгіз жеккен. Жылқының сол кездегі – бәрі тулақ, Азайып әрең шықты арық-тұрақ. Мөлиген кемпір-шалдар тұр есімде, Аспанға қол жайғандай азық сұрап. Сол шақтан отыз бір жыл өтті бері. Аршындап жүйрік уақыт шапты ілгері. Жарысқа түстік біз де, әр белестен, Жебелеп комсомолдың от жігері. Жылдар өтті... Кездім көп қыр алабын. Шарықтап шар тарапты сыр алармын. Маған ыстық тоғайың, төбелерің, Бүгінгі сәні «Қызыл құраманың» Сонырқап оралдым мен, жыл құсындай. Тербелдім көкірегім жырға симай. Шайеке, жасарған бұл мекеніңе, Қуанам, осы ауылдың тумасындай.

Орнында шым үйлердің мыжырайған, Қалашық салтанатпен тұр шалқайған. Баяғы мен мұғалім болған жарда, Қат-қат үй, зәулім мектеп қанат жайған. Жайнапты бір кездегі қоңыр шыған. Қырында қой маңғырып, дән сыңсыған. Өгізбен соқа тартқан еңісіңде, Моторлы жастар іске жүр құлшынған. Ал, досым! Баяғыша жай құлашты. Суытып, сонау жастық қайда қашты? Япырау, шашың қара, көзің нұрлы, – Басымды қалай менің қырау басты? Разымыз – ата болдық жас ұрпаққа. Өмірді сайға қарай бастырсақ та, – Сағымдай көзімізге елестейді, Сол дәурен зулап өткен жастық шақта. Жүр, Шәке, қоя тұршы, емхананы. Кетейік асып сонау белден әрі. Сырыңды шертші маған отыз жылғы, – Жырлайын жаңғыртып бір кең даланы.

СӘЛЕМДЕМЕ (Жаңадан құрылған Жезқазған мен Маңғышлақ облыстарының еңбеккерлеріне) Сәлем, сырлас, Жезқазған кеншілері! Жаңғырықсын ұлан жер еншіңдегі. Сүйсінемін айдынды аймағыңа, – Қойдың қыры, дән дүзі, кенші жері. Жатар жайнап аяңда алтын, мысың. Қауырт істе, әрдәйім қарқындысың. Сүйемін мен кеншіңді ентелеген, Жер астының асылын қарпу үшін. Сәлем, – шопан атаға, қойды баққан, Ұлытау бөктерінде мыңғып жатқан, Жаңарқаны жаңартқан егіншіге, Балқашыңа – балқытып мыс қайнатқан. Атырабың ұшан дүз алшиған кең. Көп сырластым кеншімен, қойшылармен. Мақтанамыз көк тұғыры Байқоңырға, Косманавтар – аттанған ай сапармен.

Көзіме ыстық сарайдай шахталарың. Көркін көрдім даңқыңа шақ қаланың, Кәзір сен, республика отауысың, Жыршыңмын ғой, Сол үшін мақтанамын. Сәлем, саған, Маңғыстау мұнайшысы. Жарқылдасын оттарың – тудай түсі. Түбегіңнен бұлақтай мұнау саулап, Газ алауы шалқысын дулай күші. Баяғыда ата-ана сыңсып өрген, Меңіреу бір мекен ең сен түнерген. Даңқың кетті әлемге, қазір сенің Сен шұғыласың – қиырға сәуле берген. Сәлем, сонау Каспийге, буырқанған, Маңғыстауды аймалап, нұры тамған. Менің досым Әбудің дастанындай, Балықшыға, ерлігі жыр атанған. Сәлем жұртқа, жайлаған алау түзді, Маған ыстық – жалынды, жандар ізгі. Ежелгі ен даладан түбектегі, Өрендерің май алып, нәр тамызды. Маған сырлас, сол түкпір, сол сар қиян, Төбесінде алаулап күн шаңқиған.

Түйешімен тілдестім құм жазықта, Кеңестім мен үйлермен кең, шалқиған. Сәлем досым, жас адай – инженерге, Көтер асыл өлкеңді, ендеп өрге. Шевченконың жырындай аңыз қалсын, Маңғыстауды мақтаған өлеңдерде. АҚЫН ҚЫЗҒА (Қаниса Қосыбаеваға) Баян таудың безендіріп алқасын – Бауырында бұлаңдаған аршасың. Мөлдір көзбен, Жасыбайдың көліндей Биіктерге қарап өстің, қалқашым. Сұлу Баян – сәулеті ғой ән-жырдың. Бұлбұлы мен сипаты көп әр гүлдің. Құмда туып, ата тауға табындым, Баянның мен – жыр даусымен жаңғырдым. Жыршы қызым, шағын, шымыр мүсінің.

Өлеңіңді оқып неге қымсындың? Бірақ сенің албырт, ерке үніңнен Жас жаныңның тербелісін түсіндім. Жыр жолдарың кейде келер бұралаң. Ырғағың бар Кейде шалыс бұраған. Бірақ ұшқыр сөздеріңе Қуанам – Тас бұлақтай таудан тулап құлаған. Тұла бойы – тұрған қызсың сызылып. Сырың өткір, Қаныңда бар қызулық. Сірә, түнде қарайсың-ау жұлдызға, Жұлдыздай жар жайнар ма деп қызығып. Сезгір қызым! Балғын шағың – жыр жазың. Жырла батыл Махаббаттың сыр-назын. Жүректерін тербе құрбы қыздардың, Дәмелендір жігіттердің сырбазын. Бала құссың сұңқылдаған көктемгі.

Көрдім талай үні ерте өскенді. Қалқашым-ау, жетілгенше жыр топшың Қағып кетіп жүрмесін бір бөктергі. Ақын деген – адуынды, дулы жұрт. Мазасызбын, күні-түні жыр қуып. Ерді ерте құшқан жыршы қыздар жүр, Тордағыдай үні шықпас булығып. Ақын қалқам, ізден, оқы, батыл бол. Сапарында қилы-қилы жатар жол. Поэзия асулары – шырғалаң, Өрле жырмен, сөзі сұлу ақын бол! МЕРЕКЕЛІ ЖАСТАРҒA (Ерланға) Шексіз дарқан атырап, Сендердікі – Гүлдер мен жас жапырақ. Сендердікі – ән шырқаған бұлбұл мен

Алтын күн де Нұры түскен шашырап. Сендердікі – Келешектей кең қырлар, Сендердікі – өрен күйлер, тың жырлар. Сендердікі – Найзағайлы нөсер мен Айдындағы айға шапқан толқындар. Дауылдар да, дабылдар да қағатын, Құс жолы да жұлдыздарға баратын – Сендердікі! Марштауға Марсқа Жер серігі — зымырандай қанатын. Бас, масайра, Жас дүниені дүбірлет! Сенде — білім, Сенде — қайрат, Құдірет. Отанымның жұлдызындай жарқырап, Гүлдеріндей жайқалыңдар күлімдеп! Көтер туды Кең әлемге көлбетіп, Жастық әнмен, Жалын күшпен өрлетіп. Қозға шаттық кемелерін биікке, Теңізімнің толқынындай тербетіп. Еркін ұрпақ Тұлға жаңа ғасырға! Қуанышың жетсін әлем жасына!

МЕКТЕП — КЕМЕ, БІЛІМ – ТЕҢІЗ (Ұлыма) Ояндым естіп бүгін мен, Өзгеше бір таң шуын. Алақайлап жүгірген Кітап ұстап Ерланым. Алмұрттай ғана жүрегі, Асыға соқты түнімен. «Оқуға барам!» дегені, Жарасып шықты тілінен. Таңғы таза үмітпен Кигізді ана киімді, Анасының көп күткен Осы еді бір арманы... Мереке менің үйімде, Өзгеше бір шақ бүгін – Басты бір қадам өмірге, Ерланым — менің шаттығым! Жөнелдім өзім жетектеп, Сапарға бұл алғашқы. Әке — бала күлімдеп, Үмітіміз жалғасты. Шалқыған таза сәріден, Шаттығымды бүгінгі, Білерсің балам, әлі сен, Өскенде болып білімді.

Ашты саған есігін, Алдыңнан келешектерің. Оқы, білім — бесігің, Құтты болсын мектебің. ЖҮР, БӨБЕГІМ, ЖҮР, ЖЫЛДАМ (Нәрестем Мирасгүлге) Жүр, бөбегім, жүр жылдам, Ақ шанаңды ала жүр. Ақ торғынмен жылжыған Келе жатыр Жаңа жыл. Көкем, күтіп тұрмайық, Қалсын анаң қалғыған. Жүр екеуміз шығайық Жаңа жылдың алдынан. Ақша бұлттар аспанда Аққу, қаздай жебелеп. Жерге шашау шашқан ба? Ақ моншағын себелеп. Жалтырайды ұлпа қар Әппақ түсті бояудай. Омбы белде ұландар Ойнақтап жүр қояндай.

Құздар алтын шатырлы Жамылғаны ақша қар. Сені тойға шақырды Алқа таққан аршалар. Қар бораса бүлк етпе, Аяз Ата — мен өзім. Сендей балғын бөбекке Күндей ыстық мінезім. Ертең тауға, кім білсін, Ертіп сені барам ба? Уыз денең шынықсын, Үйрене бер боранға! Болдым мен де жас ұлан, Өсе келе шынықтым. Демін жұтып жасымнан Сұрапыл мен суықтың. Аязда да ойнай бер, Жылама да жаурама. Ақ қояндай жайнай бер, Аппақ қарға ауна да. Сескенбе сен суықтан Боз торғайдай бүрсиіп. Бал бетіңді домбыққан Жылытармын бір сүйіп. Барып тауға, Мирасым, Жаңа жылды тойлайық.

Шырын денең ширасын, Қар лақтырып ойнайық. Ақ қанатын жаңа жыл Алатауға тұр жайып. Жаңа жылдан — дана жыр Екеуміз бір тыңдайық. Білмейсің-ау, бөбегім, Сақал-шашы қыраулы, Әлі де жас, өлеңі, Әкеңді — қарт жырауды. Жырлар едім мен саған Аңыз болған күн жайлы. Сөзімді жыр аңсаған Барша бала тыңдайды. Сол жырымды, сәбиім, Сен де оқып білсең-ау!. Несіне мен налиын, Арманым сол — болшы сау. Сең-сең қардан сен үшін – Аққаланы салайын. Мәрмәр мұздай сен үшін Сырғанақты соғайын. Сен зымыра шанаңмен Аққан құстай аспаннан. Болашаққа, саған кең, Сапарың бұл басталған.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙