Мазмұнға өту
Home

Сағыныш

Сағыныш Намазшамова

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сағыныш

Авторы: Сағыныш Намазшамова

Сағыныш НАМАЗШАМОВА САҒЫНЫШ Жыр жинағы ТӨРТБӨРІ _______________ Алматы, 2009 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 Н 20 «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтің қолдауымен шығарылып отыр Намазшамова С. Н 20 Сағыныш. Өлеңдер жиағы./ Сағыныш Намазшамова. – Алматы, «Төрт бөрі», 2009. – 120 бет.

ISBN 978-601-80074-1-5

Сағыныш Намазшамованың өлеңдері өмірге өте жақын, шынайы шымыр ұйқас, тапқыр ойға құрылған. Ұлттық бояуы қанық. Оқыған сайын талғампаздық пен сезім иірімдеріне тәнті боласың. Оқырман өлең өлкесінде өзіндік үні, қолтаңбасы қалыптаса бастаған жас ақынның кезекті жыр жинағынан жаңа бір белеске көтерілу барысындағы ізденіс іздерін қапысыз аңғарары хақ. Кітап жалпы оқырманға арналған. УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5

ISBN 978-601-80074-1-5

  • * Мен әйелмін, жанымда қырық шырақ, Ешкімге енді бармаймын үміт сұрап. Саналыға салмағы батпан өмір, Ақымаққа, шіркін-ай, қызықтырақ.

Мен әйелмін жылайтын күліп тұрып, Жүрекке ауыр жүк артар біліп тұрып. Ай мен Күндей ажарлы, дертті жүрек, Хан қызындай салынған қырық құлып.

Мен әйелмін жанардан жылу күткен, Айна алдында сырластым сұлулықпен. Кеше неге, білмеймін, жери бердім Пешенеме бұйырған бір үміттен.

Мен әйелмін, таусылмас аңсар әнім, Мөлдірлікке мөлт етіп тамса жаным, Тазалыққа талпынған барым деп ұқ. Құшағына қапсырып алса жалын, Өртке оранып жатып та тамсанамын.

  • *

Құр ауаны кескілейтін сұрақтар, Ештеңені естімейтін құлақтар. Ауыздар бар сөйлейтұғын жақ талмай, Ал, ақиқат үнсіз жатыр ақталмай.

Қалағанын көре алмаған қарашық, Қарашы әне, көшеде отыр бал ашып. Көріпкелдің кейпіне енген көлгірлік Адастырмақ дүниені данасып.

Аяқтар жүр жүрісінен жаңылып, Жаңылудан табамын деп жаңа үміт. Екі қол да болып шықты алаған, Қандай жаза тарттырасың ал оған?!

Ал қарындар... қарын жайлы білем не? Не жақсылық жасады екен бұл елге? Салмақтасақ мұның бәрін байыпты, Осы күймен өмір сүру лайықты мүмкін емес, сондықтан да, адамдар, Сырқат емес сау мүшеңді түгенде.

  • *

Тұрса да әлі сағынышы басылмай, Сілкілеген сілбі шаққа бас ұрмай, Құс қанаты суылынан шашылған жапырақтар – күздің селдір шашындай.

Қыркүйектің құшағында сарғайған Сары қыздың көкейінде сарнайды ән – Самайына ақ түсіріп, ертең-ақ Сорап жолдан күтеді деп сан майдан.

Шаңырақтың тоғынындай толған Ай, Үркер неге үрпиеді? Тоңғаны-ай. Керекпін деп күпісі жоқ жандарға, Теректің кеп бұтағына қонды арай.

Жер бауырлап жатып алды сұр тұман, Қажет болса, мақтасынан жыртып ал. Қыс қарақшы қалт жібермей торып жүр Қамсыз көшкен күз-керуен сыртынан.

  • *

Тарпаң ойға тасталғанда бұғалық, Бұғалықтың буған жібін құп алып, Қылқұйрықтан қалған шаңдай шұбалып, Бұлаң қағып бара жатты жыл ағып.

Көкшұланға кез болғанда көкбет күн, Көнбістіктен құралайдай боп кеттім. Аша тұяқ арашаға жарар-ау, Кіндігімнен, бірақ, қайда кетпекпін.

  • *

Қауырсыным қардай аппақ, Бауырым, ол да ақ түсті болса деп ем ақ тілеп. Ақ дүние сипатпастан сауырын, Ұшқан құстай ұзап кетті бақ тілеп.

Аш белімде ақ семсерім бар еді, Қылпылдаған қыланы жоқ кешегі. Аңсау болған ақтың салған әлегі, Сірә, бүкіл ғұмырыма жетеді.

Ақ орамал бұлғап едім ақ бұлтқа, Көзін ақ шел қаптаған ба, көрмеді. ... Енді апара жатқанында ақтыққа, Қара мені емдеді.

  • *

Расында өмірдің несі жалған? Әлі талай ашылар есік алдан. Неге екенін, сонда да аласұрам Кербұғыдай мүйізін кесіп алған.

Олжашыл жұрт екен ғой о да айлалы, Тоғайған көңіл қайда тоғайдағы?! Ауырдың астында жүр аз ғана топ, Жеңілдің үсті барда оңай бәрі.

Шағыр бұлт емес екен басқамыздай, Шақшиып өте шықты жас тамызбай. Миығынан күлетін мына тірлік Ақ мысығын жүгірткен Мақта қыздай.

(Болар ма екен мерейі мың күнімнің), Түнеп шыққан түбіне кіндігімнің турашыл ой туғаншыл емес екен, Ойып алды бір көзін ындынымның.

Инабатым болғанмен иықтылау, Алмасумен келеді биік, құлау. Қызыл-жасыл құбылған сиқыр дүние Сыңар көзге бәрібір сыйып тұр-ау.

ВАЛЬС

Басталды вальс, баяу ән, Биледік сонда шыр айналып. Бақытым шығар таяған. Жанарға жанар байланып... Сол сәтте жер де, әуе де – Дүние кетті дөңгелеп. Дәру бола алмас дәнеме, Би ғана мені емдемек. Тербеліп жүрмін шаттанып, Керемет вальс ырғақты. Алғаусыз көңілін ақтарып, Тағдырым маған тіл қатты. Бал татып тұрды кермегім, Жұп болса, болсын тек мендей. Өзгені мүлде көрмедім, Өзге әлемге еніп кеткендей. Өмірдің білдім әр қырын, Жайдарлы екен ол, жаны ізгі. Мен емес, маған тағдырым, Талпынып тұрған тәрізді. Дертіңнің тапсаң дауасын, Қайтесің оған шағынып. ... Тағдырдың аппақ жағасы, Далабым қалды жағылып.

ӨМІР, ӨМІР...

Көз алдымда көлбейді бір қараңғы, бір жарық. Жарығына жуынам, Қараңғыға былғанып. Жұмыр басқа жұққыш-ақ Жер-жаһанның күйесі. Кір түріммен «Кеудемді кірпігіңмен сүйеші», - деп жалынам қызармай қызып тұрған нұр-Күнге. Өлермендік менікі, Өмір не өзі, білдің бе? Өмір деген – дәл менің өзім емес, көшірмем. Өз керегін алып қап, өзгелерін өшірген. Өмір деген – дәл менің Арманымның нобайы, Орындалу үшін сәл Келмей қалған орайы. Өмір деген – ол менің Аласы көп адалым, Құбылаға бұрылған Жамылғысыз жамалым. Өмір деген – тамырдай тарам-тарам жолдарым, Биялайсыз жалаңаш Отқа кірген қолдарым. Тақтасындай дойбының, Тағдыр осы бағзыдан.

Былғадың деп несіне Құрбаның боп жазғырам,

деп келетін тәубеме, кек көметін кезім мың. Қараңғыны жарыққа жалғап жатып көз ілдім.

  • *

Менің жаным - сезімдердің шырағы, Менің жаным - төзімдердің тұрағы. Газдар түзген Галактика төсіндей Сан мың түрлі толқындардан тұрады.

Керек етіп кесіп алса етімді, Етімде де сезім тұрар не түрлі. Менің бүтін болмысымның кішкентай көрінбейтін ядросы секілді.

Аспан мен жер - қас пен көздің арасы, Көздерімнің шүпілдеп тұр шарасы, Метеориттей мезгілсіз кеп құлаған, Соның салған дақтары ғой, қарашы.

  • *

Бұлт жылауық, Ай менмен, күлегеш Күн, Жел жүгірді соңынан бір елестің. Қасиетінен қара Жер айнымасын, Одан өзге бақытты тілемеспін.

Қарсы алдымнан бір есік жабылғасын, Төрт бұрыштың ұрамын қабырғасын. Дөңгеленген дүниемен бірге айналдым, Тар қалыпқа басымды сан ұрғасын.

Маған місе болмады шеңбер деген, Жанымдағы дертімді емдер деп ем. Білем, мендей сыя алмай жүрсіңдер ғой Неге жасырасыңдар сендер менен?

«Рас» дейтін жан бар ма, Тәңір-ау, бір? (Қан базардай қайнаған өмір-ау бұл). Көп аңсаған кеңістік, саған барар Мен түбінде табармын саңылау бір.

  • *

Біліп өстім биік барын, тау барын, Көктесем деп көк шалғында аунадым. Келер күннен күттім-дағы кәде-сый, Бағзы күннен бақытымды дауладым.

  • *

Дерт-азабын теңестіріп ләззатқа, Сүйдім, сосын бел байладым қазатқа. Сосын тағы бытырадай бөліндім, Мен осында, армандарым о жақта.

Ойларымның басы тағы бірікпей, Әр жерімнен қаным сорды сүліктей. Жердей ауыр тартқан сайын аңсарым, Армандарым түсті тіпті биіктей.

Биік, рас, айналдырар басыңды, Қарсы алдымнан қанша қақпа ашылды. Тік қарап ем, тағдырым да тайсақтап, Жалт-жұлт еткен жанарларын жасырды.

Түсірді әне, тік көтерген шоқпарын, Көрді-дағы жүрегімде от барын. Төзімді де, өзімді де пісіргем, Қайта-қайта қарып жүріп шоққа мың. Жуып-шайып жатқанымен жыр бәрін, Есім бірақ, бірде бүтін, бір жарым. О, махаббат, мінсіз болу шарт десең, Сірә, бола алмаспын-ау құрбаның.

СҮЙІНШІ

Жақсылықтың жылы лебі сезілгенде арманым қуаныштан жүгіреді тастай салып балдағын.

Күңгірт тартқан кеудесінде шөккен шабыт шырқап ән. Жүдеу жанын емдесін деп Біреу шығар жұмсаған.

Алақанын соғып аспан, Төкті-ай бүгін ақ нұрын. Еш ырымға жорымастан Жүрек тулап жатты мың.

Білсем, сонда миымдағы мың клетка оянып, Қайта өзіме бұйырғаны бағым шығар, ол анық.

  • *

Бір аунап түсті Күн тағы, Тыраулап кетті түндерім. Қылаулап қардың ұнтағы Сыр аулап тұр ма, білмедім.

Тоңдырып тұрып қолына Қондырып жатыр қараша. Соңғы үміт демей, сорыма Сендірші мені балаша.

Көз ілгім келмей сандалам, Сезімнің жерлеп мүрдесін. Болармын қалай тәнге алаң. Жаныма балап жүргесін.

Дәл солай, мыңның ішінде Менікі болар жоқ ешкім. Мұнара мұңның ішінде, Тұра алар енді емеспін.

Еміренбе және құшпа да, Әйнектің арғы бетінен. ...Ұғатын мені құс қана, Ұнатып қалма, өтінем.

  • *

Мұңым емес шығар, бәлкім, бір менің – Төгіп-шаштық шіліңгірін шілденің. Құс жолымен қайтып бара жатыр ма Қарашықтан қаз боп ұшқан күндерім.

Қалай оның бірі қалып, бірі ұшпақ?! Көкжиекке көзің тікші дұрыстап. Қадіріне жете алмаған көктемнің Қабіріне барам енді гүл ұстап.

Ештеңені еншілемен ендіктен, Есімімді әйгілемен ерлікпен. Сырқатымды сыр ғып бүгіп қашқанмен, Маған қарай ентелейді ем біткен. Жан-жүйкемнің тазартам деп тозаңын, Маған келіп таңады күз өз әнін. Қайран болар ма екен дейтін үмітпен Қаймана әннің қайырмасын созамын. Құлағыма сарыны кеп бақсының, Жайраң қағып жетелейді жас күнім. Көрінейін демеп едім көмескі, Бөрідейін білдірмейтін аштығын. Мұңым емес шығар, бәлкім, бір менің – Сүйген ерін... күйген ауыз... үрледім.

БОПАЙ БАТЫРДЫҢ КЕНЕСАРЫ ЖАСАҒЫНА ҚОСЫЛАРДАҒЫ СӨЗІ Қайран да қайран, қайран жұрт, Адуынды жауға айлаң жоқ, Қапыда кеттің қосақта. Қайғырғаннан қайран жоқ, Белімді будым, мұрсат па? Бұрымды түйдім, дулыға кидім бұл шақта, Қопарылып қол бастауға бекіндім, Ошарылып отыратұғын кез бе бұл От орнындай ошақта.

Қозы жауырын жебесі Қойнында қалған қарт далам, Шиыршық атып шебіңде Шіреп бір тұрып тартпаған ұлың бар ма еді, мойнына атанның жүгін артпаған. Қомсынар болсаң қатын деп, Қамшыңды сілтеп, тарт маған!

  • *

Тым ерекше қажет етер күтімті, Ғұмыр деген ол о баста бүтін-ді. Қылпып тұрған кездігімен уақыт Оны да енді жонып-жонып бітірді.

Кемшін түсіп жатпаса да жырлауы, Тіршіліктің қайдан болсын тұрлауы. Аяғынан шалып жүрген өмірді Өз етігі байланбаған бір бауы. Оған, сірә, жүрмейді екен өкпең де, Өкпелейтін өзімшіл сөз жоқ менде. Дүниені дүр сілкінтем алайда, Жүйкем менің жетер жерге жеткенде. Тек әзірге легіменен дүрмектің Еріп келем, қашанғы өстіп жүрмекпін? Жетегінен босап шығам жүгеннің, Қалауымша сосын өмір сүрмекпін. Сонда менің қалауым не? Қалауым... Тоғышардың бұзсам, шіркін, танауын. Толағайдай талмай жетсем мәреге Еңкейтпестен адамдықтың жалауын.

Ырық бермей сан айлалы күштерге, Өткір ойым, өзекті жар, іште өлме. Төреші боп тағдыр тұрар ортада Ақ пен қара итжығысқа түскенде.

Өгейсініп тебе көрмей өзекке, Әнтек қана сүйеп жібер мезетте. Сонда бетпақ тіршілікке өліспей Беріспейді мен секілді бозөкпе.

  • *

Шырайы кем, шапаны да шоқпыт түн, Шипаң жоғың біліп тұрып, көп күттім. Маңайына жарық берген май шамдай, Өзімді өзім жеп біттім.

Күн болам деп көкке қолым созбаймын, Өзіме ыстық өз бақытым, өз қайғым. Шарасында шүпілдедім көздердің, Тамып кете жаздаймын.

Тама жаздап қайта өтемін өңештен, Көзге түспес көлеңкеден емес пе ем?! Ақыл-естен ажырамау үшін тек, Ел жасаймын елестен.

Беймезгілде бас көтеріп бүршік-ән, Мен де өзімше ерік бермей қырсығам. Түн... Түс көрем... Тұншығам...

ҚЫЗҒАНЫШ

Баршамызға ортақ Күн де, ортақ Ай, Сіз де ортақ екенсіз-ау, о, тоба-ай?! Қызғанышым бұрқ-сарқ етіп ішімде, Қайнап-қайнап таусыламын сорпадай. Бірі – ауа, бірі – топырақ, бірі – су, Қажет шығар бәріменен ұғысу. Қайталауға жатпайтұғын өмір бұл – Байқамауға бел байлау һәм тырысу. Тырысармын, тырысудан кенде емен, Қызғанышты жылап тұрып жерлегем. «Есерлігім елігуге бастаса, Есендігім - сен», - демесең сенделем. Сенделемін өзімді өзім кінәлап, (Жолың мұндай болар ма еді, сірә, бақ?!) Толып тұрар болмағанмен бокалдар, Жолықтырар бізді ертең жыр-алап.

Сонда біздер жарысамыз жыр оқып, Өндірдей ғып өшкен күнді түлетіп. Оқырмандар, отырғандар жыр тыңдап Сонда бізге қол соғады ду етіп.

Сонда бізге қол соғады тоқтамай, Екеумізден ынтықтықты жоқтамай. Сонда ыстық ықыласқа ырза боп, Шашу етіп шашамыз біз көпке арай.

Ортақ өлең – ортақ әлем, ортақ құт, Ұсынады сыбаға етіп мол шаттық. Біз данышпан болмасақ та, бәтірі-ай, Қызғаныштан құтылатын жол таптық.

  • *

Күнәмді менің отырған жандай бек біліп, «Қорлама» депсіз жазықсыз жапа шектіріп. Қорғасын сөзді қауырсын жүрек көтермей, Ішімде дауыл алай да дүлей кетті ұлып.

Сізді емес, осы сөз мені қорлап тұрды нақ, Қызғаныш салған лаңнан жаным тұр жылап. Биікке бірге қол созған қайран күндерім Көз алдымда тап барады енді құлдырап.

Жанның барына жүр едім сеніп мені ұққан, Жүгіре шықтым желдеуіт жаққа сол ықтан. Бейтаныс көше. Көтере бердім қолымды, «Тарт, - деймін – алға» таксиге бірден жолыққан.

Қалай болса да бағытымды алға белгілеп, Айтарымды айтам алғашқы және соңғы рет. Көтеріп қайтем, қуаныштан, иә, қайғыдан Атылсын жатқан жүрегімдегі зеңбірек.

  • *

«Қарғам» деші, Толқын-толқын ағылсын арман көші. Жанкешті боп өтейін жалғанда осы. Демейсің бе? Ал онда: «Қарашаның қол бұлғап қалған кеші Жалған» деші.

«Тәттім» деуші ең, Аялауға жаралған ақ гүлдерше, Маңдайыма гүлдесте таққым келсе, Тосырқама тосыннан келген кім деп, жат біреуше.

Үмітті еткен, Күліп келіп, тағы да күліп кеткен, Қызық көктем. ...Ойламауым өзіңді мүмкін емес, Себебі, Сен жайлы ойлар қаныма сіңіп кеткен.

  • *

Зулайды күндер зымыран, Өмірдің өзі – тым ұран. Ұпайы түгел ұраннан Сынардай миым-құмырам.

Зулайды күндер, тұрмайды, Артына мойын бұрмайды. Келешігіміз күні ертең Толғанады екен кім жайлы.

Зулайды күндер тоқтаусыз, Жоғалтқандарым жоқтаусыз. Батырады екен тереңдер, Қорқытады екен көп даусыз.

Табаны тастан таймаған, Уақытты жүйрік дейді адам. Қалып қойдым ба, білмеймін, Озып кеттім бе? Ойланам.

Ай мен Күн кезек өрмелеп, Тұрмайды Жер де дөңгелеп, Қолымыз жетпес жұлдыз да Құлайды неге Жерге кеп?

Алаңдай берем несіне, Жүрсемші мен де көсіле?! Өкшеміз батып жүр ме екен, Қара жер, сенің төсіңе? Кешіре көрші, кешіре!

  • -

Берілгем жоқ жорта мұңға, Бүтінмін бе, ортамын ба? Жүрек жиі соққанымен Қуануға қорқамын ба?

Көңіл толқып, тасығанмен, Жан сырымды жасырам мен. Маңдайымнан сипап тұр ма Мен өмірге асыранды ем...

Ішіндегі бір кеменің Үміт түнеп іргеме мың. Иілгенде иім бостау, Сынып кетсем сыр беремін.

Сағынамын, жабырқаймын, Жай табады жаным қай күн?! Жансебіл боп жүргенімде Кімді қайтіп жарылқаймын? Қыздырумен ой базарын, Көргенімше беймазамын. Бұзып кетсем қайтеді осы, Бұ дүниенің кейде заңын.

ІШКІ ДАУСЫММЕН СЫРЛАСУ

Жарылыс. Кеудемде жарылыс, Жанартау атылды. Жаныма жар болған Сағыныш, Деуші едім мен сені ақылды.

Деуші едім болаттай төзімді, Таулардай байсалды көруші ем. Мерт еткен мезгілсіз сезімді Мейірімді періште көрінсең.

Дегенмен білдірмей ішімнен, Көргім кеп ақымақ қалпыңды. Жаныңды жаныммен түсінгем, Алдыңда аттамас ар тұрды.

Осалдық бар екен сенде де, Мен де аздап шыдамға ие едім. Дәл осы күйіңді емдеме, Жанымның күйгенін сүйемін.

Күйігім күйімді білдірсін, Жасайын жаңа бір ұйғарым. Жадылап қойған ба, кім білсін, Жарығым, өзгеге қимадым.

  • *

Сырнай тартты сиқыршы, Билеп тұрды бір жылан. Іс емес пе қитұрқы Оның несін жыр қылам.

Сылқым болды сылқылдап, Сипап еді басынан. Сиқыр сырын сырт ұрлап Сонадайға тасыған.

Білмей жүрген жайт па екен, Қызық боп па биі осы. Тамашалап қайтты екен, Қанша тойдың иесі.

Сырнай сазы таусылды, Төкті жылан бар уын. Сиқыршыға жау сынды Сілтеп жатыр қаруын.

  • *

«Кірпігіңнен көркем емес, Көздеріңнен терең емес», - деші маған жалғанды. Сонда маған керек емес, керек емес жар мәңгі.

«Күлгеніңе татымайды, Бір меңіңе тұрмайды, - де – шартабақтай шар мына». Сонда өзімді айыптаман, Жайып салсам алдыңа.

ТУҒАН КҮН

Мамыражай, он алтысы мамырдың, Бергеніне тәубе десіп Тәңірдің, Туған күнін тойлағалы баламның Үстіндеміз ду-ду, абыр-сабырдың. Меймандарым мереке еткен төргі үйді, Оны-мұны сөз етісіп сергиді. Сәнмен келген сыйлықтардың қасына Қуыршақ пен қонжық та кеп қонжиды. Той дегенде епті қол мен күш кем бе? Табылады іс ниет болса істерге. Көрші сіңлім балаларды қуып жүр, «Бармаңдар, - деп – қонақ күтер үстелге». «Ғафу» десіп кешіккендер ашты есік, (Кірді осылай үйге естияр жас көшіп). Ас та келді, естіледі үн төр жақтан «Бізге ерте, сізге мынау бас» десіп.

Тағатсыз ғой, балам әрең шыдап тұр. Жан-тәнімен, бар демімен қуатты Торт үстінде жеті бірдей шаншылған, Өшірді үрлеп жанып тұрған шырақты. (Осы күні еліктейді ел кімге?) Кісілі боп жатқан жоқ қой төр күнде! Сұрарыңды сұрамай-ақ алсаң да, Шырағымды, шырағымды сөндірме!

ӨЛЕҢ ЖАЗУ

Түннің табаны тиіп, табы қалған сәттерімде кіммін? Күбір-күбір, сыбыр-сыбыр тәтті ерінде, Шынның ақша жүзі албырайды дәптерімде.

Көктен Көкірегіме құйылады жай кеп, Еппен сығалайды сыңарымдай Ай кеп. Пеште пысылдайды пысынаған шәйнек.

Мен де айқыш-ұйқыш ойларымнан терлеп, Пенде тірліктегі тоқтығымды жерлеп, Емге толғағымды татамын кеп кермек.

Хаққа адастырма ақ жолыңнан дейтін шақта пері ме, әлде періште ме кейпім, Соны айыра алмадым. Датқа Тағы да бір мезетіңді сұрайыншы, Ей, түн!

  • *

Жасандыны бүркемелеп жарнама, Жалған тұғыр соғып жатыр қарғаға. Сайтандардың сыбыры көп тірлікте Айқайлауды ар көретін Ар ғана.

Төрге де озбай тосылғанда кішілік, Кісімсиді кеуек кеуде ісініп. Қай жерде жүр ертегінің Жаманы, Сынағанға – сырты ұсқынсыз, іші құт? Ертегі-өмір «Ертеде бір...», - деп тағы бастады да кібіртіктеп тоқтады. Ертегі емес, ертеңіне алаңның Өзегінде өмір емес, өт дәмі. Қай ырым-ды? Қайырымды кәделі, Әсіресіз әрлі еді оның әлемі. Кереғарға күліп аштық есікті, Келе нарға жүк болар-ау әлегі. Не үшін айтам, несін айтам, әй, бірақ, Жалғандыққа дәл осысы жайлырақ. Соғыстырған қилы адамды қай түлен? Тоғыстырған қандай мүдде, қай мұрат?

Бәрі-бәрі араласты мидай боп, Шындық аз да, шатпақ пенен шимай көп. Қурай кепкен сына қоймас сірә да, Сыймай кетсем сүйем Жерге тулай кеп.

ЖҰБАТУ

Қаралы отау... Қаралы тірлік қашаннан Өмір-өзенде өлім-көпірден аса алған?! Жалпақ дүние жоқтықтан қалай бас алған? Жоқ пенен жоқтың арасында тек жасалған. Жоқтаңдар, иә, жоғалтқан ұлды жоқтаңдар! (Тартыс бар жерде түйінді сөз бар, тоқтам бар). «Жаратқан ием жасады, - дейді - жоқтан бар» - Қорымдар менен ескі жұрттағы көп тамдар. Мәңгілік тірлік... қажеті қанша шексіздің, Бір өлім бар деп түзу тірлікке бет бұрдым. Ақырып келген ажал айыбын білді ме, Тасқа қашап жүр тарихтағы ізін текті ұлдың. ҚЫЗЫЛ ЖЕР Щепнула Муза мне. – Пора идти вперед: Народ освобожден, но счастлив ли народ?.. Николай Некрасов

Қанша ғасыр құламаған құзардан, Аялаған аппақ арман, жүз арман - Жайсаң дала, жасыл дала дәл бүгін, Қызыл сөздің қызуынан қызарған. Нар қыздардың бірі едім ғой ел сенген, Борышыма батып келем белшемнен. Қып-қызыл боп өртенеді ұяттан, Қап-қара жер нарқы кенмен өлшенген. Маза берші, қамаламай, қалың ой, Мен түгілі мұқым жұртқа мәлім ой. Сырнайлатқан сары далаң да қызарды, Қызарғаны, намысты ұлдың қаны ғой. Бейнет кетіп, бітер-ау деп шыр анық, Көлеңкелер бара жатты ұзарып. «Тағы не?», - деп шошып кетсем, жерім тұр, Батқан күннің шапағынан қызарып. Тәубе!

  • * Назарыңызға қарасам, Нұрына жаным жуынар. Базарыңызға қарасам, Тарқамаған шуы бар. Азабыңызға қарасам, Арқалаған нуы бар.

Маңдайыңызға қарасам, Бақ пенен соры алмасқан, Таңдайыңызға қарасам, Асыл сөз төккен алмастан. Аужайыңызға қарасам, Жақыбай тірлік жалғасқан.

Бишігіңізге қарасам, Бұрымындай бикештің, Түйсігіңізге қарасам, Шыңырау көрген күй кештім, Сүйсінуіңізге қарасам, Тартқан жоқ мұндай сыйды ешкім.

Қайратыңызға қарасам, Қыран қанаттық қомы бар, Айбатыңызға қарасам, Жолбарыстай жоны бар, Тайлы атыңызға қарасам, Кестелі кежім-тоны бар.

Айтып-айтпай не керек, Тірі пенде жоқ мені ұғар!

КӨЗСІЗ КӨБЕЛЕК ТІРЛІК

Жынды көбелекпін бе? Мұңды керек еттім бе? Оттың ойраны барда Мыңды елемекпін бе?

Жалғыз жарығым менің Сәулең қарып іргені. Таңар тәлімім нені, Маған бәрібір ме еді?!

Санам салмақтап бәрін Саған жарды аттатпадым. Өзіме өжетім жетпей, Тағы да қалбақтатқаның.

Басыма қара түнді үйіп, Қалса қанатым күйіп, Зорға шыдап та тұрам Морда тағатымды иіп.

Сөзсіз керемет құрлық, Көзсіз көбелек тірлік.

  • *

Жарамсақтың қолын ап, Жылмақаймен бір жүрем. Маңдайымды соғып ап, Маңайымды күлдірем.

Ақымаққа қол соғам, Ақыл тыңдап аярдан. Боркеміктеу болса адам Бетін бұрар қай арман?

Өзімшілді мадақтап, Өктемдікке «құп» дедім. Өкініші көп өмір, Осы ма еді күткенім?! Кеңпейілге төрімді Ұсына алмай дірілдеп жатыр едім, түкті қол – тұншықтырды түнім кеп. Сөйтсем, мұным - өзіммен өзім кеппін бетпе-бет. Қарау үшін қасқайып, Қансыз қалың бет керек. ЖЫР ЖҮРЕГІ Сара Тастанбекқызына Кіндік кесіп, құндақтаған, өр елім! Тал бесікте жыр несіпке бөледің. Сарадайын дара туған саңлаққа бағышталған дұғам болсын өлеңім. Көкжайдағым, ырыс қонып, тұнған бақ, Көк жайлауым Сара болып жырланбақ. Менің де анам жөргегімді жуған су - Ақсу жатыр бұрымыңдай бұлғаңдап.

Тауқыметі таусылған ба тағдырдың?! Зарлы үн үшін, заман, сені жазғырдым. Жиенқұлға жіпсіз байлап бердің де Азаттығын аңсаттырдың аз күннің. Арулардың арқалаған арманын Құрбан етті жазылмаған заңдарың. Өмірі емес өнеріне еліктеп, Тіршілікте өлеңімді қармадым. Туған айдай толықсыған реңің, Ақындардың бірі ең, апа, ірі едің. Баянжүрек жер жүрегі демеп пе ең, Жыр жүрегі болды сенің жүрегің. Бұл Ешкіөлмес - Жайлауы ғой жайы түскен жасынның Табанының табы қалған асылдың. Еміреніп кеп маңдайымнан иіскеші, Балаң едім, бауырыңа кеп бас ұрдым. Тамшыбұлақ... тамшы құлап тастардан, Мөлдірліктен ұлы мұрат басталған.

Ақсұңқар қыз - ақ домбыра айналы Асқақ үнін естіртеді асқардан.

Енді еңсесін тіктеген гүл түсі аппақ, Үзілді кенет алға ұмсынып, үш аттап, Дала төсі аялаған ақ гүлін, Қарашоқы жатыр енді құшақтап.

  • *

Алтыным, сүрінгенің, құлағаның – Бекітіле бастауы бұғананың. Жер-ананың жылуын сезін солай, Сүйегені не болар бір ананың.

Құлыным, құлағаның, жылағаның – Шырқағаның қосылып бұлақ әнін. Кең даланың дауысын ұғынып өс, Тербеткені не болар бір ананың.

Анау не, мынау не деп сұрағаның – Дүниенің тетігін бұрағаның. Үлкен ұстаз өмір ғой, үлгеріп қал, Үйреткені не болар бір ананың.

МАСКАРАД

Мектеп кеші. Жаңа жылдық маскарад, Костюм киіп келген едік не түрлі. Жүргізуші салтанатты бастамақ, Жаңа өмір басталатын секілді. Түлкі, аю, қоян да бар ортада, Ай боп, Күн боп кепті бүгін көп қыздар. Кей жігіттер көйлек киген, о, тоба, Ер екені – тек көзінде отты ызғар. Жалмауыз да, Жезтырнақ та осында, Ертегіден елге жеткен ертелеп. Жетелейтін небір қилы тосынға, Шіркін, сол шақ күйін бүгін шертер ек. Ән-күй төгіп, думан-тойы басылмай, Жатқан кеше маскарадтай тіршілік. Адамдардың бетпердесі ашылмай, Бара жатқан, тіршілік-ай, ушығып.

ӨТЕДІ ТАЛАЙ ҒАСЫР

Төңкерілген көк күмбез, ақ аспаным, Талпынады сен жаққа сан асқарым, Көрдім шыңның көкпенен таласқанын, Ұсақтықты сен болып аластадым.

Бауырыңда бұйра бұлт бұлқынады, Түйіліп тұр көз жасын іркіп әлі. Көңіл кірі көл болып төгіледі, Тасасынан күлімдеп Күн шығады.

Тарамыс тау алыстан мұнартады, Сүйсінді қарт қыздырып Күн арқаны. Басы биік шыңдарға басын иіп, Гүл етегін қылжақ Күн қызартады.

Күн келіп тау мойнына асылады, Жер шеңбер бәйек болып жасырады. Осылай сеземін мен, кезегімен өтеді талай-талай ғасыр әлі.

  • *

Жүрегім бе кеудемдегі тірі етім, Сол тірі етім шығар өмір сүретін. Онсыз мен бір көлбеңдеген көлеңке, Күнім батса көкжиекке сіңетін. Отқа салдың, суға тағы түсірдің, Беймазам-ау, осы кейпің үшін мың болмас жерде қабақ керіп, қырсығып, Тұрмас істе басымды иіп, кішірдім. Асаулығың кейде ақылды тыңдамай, Бір басымды тауға, тасқа ұрғаны-ай. Қалай жүрем, қалай жүрем қасқайып, Мен тіріңде тірлігіңді жырламай. Өзің барда, жұмыр қалпың есенде, Кеудем төсеп дауылдарға, нөсерге, Аппақ едің, ақжем болған қалпыңмен Басқа салса, басқа әлемге көшем де.

Шын бейнеңді танытатын шарайна, Лүпіліңнен жаңылмағын, қалайда, Шыдамсыз де, тасжүрек де, марғау де, Бір жапырақ өлі ет деме, алайда.

АЛТЫН БАЛЫҚ

Алтын балық Ауға түсті ажалы алқымға алып. Торда тулап жатты да, тілге келді: «Үш тілек айт. Шартыңды ал, тыңдалық!». Жай жымидым, кемпірше кесірленбей, Оқыстан не айтушы ем көсілгендей?! Зәулім үй, асқан байлық сұрамадым, Демедім атақ-тақты өсір демде, ей! Десек те жақсы-жаман сыңар еткен, Қылығым жоқ өзгеге қылар өктем. Атақ, байлық – бәрінен бұрын әсте Тәубемді тал бойыма тұмар еткем. Сұрасам, тек Алладан сұрағаным, Жолымда ынсап – серік, шырақ – арым. Арасы адалдық пен адасудың Білемін, болатынын бір-ақ адым.

Теңізге кетті балық, алаңсыз ой, Демедім ешкімге де «Саям Сіз ғой». ...Сұрап алған достықта қадір бар ма, Сұрап алған бақыт та баянсыз ғой.

  • *

Ізіміз қалған іңірде, өшірме дедім, Өртенген кезім – дерт емген есімде менің. Көрместей болып көңілім қалғаныменен, кешірген едім.

Талпынып тұрса дәл мендей, түсінер едім, Жиі ене береді несіне түсіме менің?! Тәкаппарлықтың бойымда тамтығы қалмай, кішірейемін.

Шиыр да шиыр шаршаттым шақырымдарды, (Ақымақ күйге түстім-ау, ақылым бар-ды). Міз бақпай бүгін жатқан жол, жадырап мені Шақырыңдаршы.

Енді ашпас маған, не етермін, есігін қайтып, Уақыт тұрды өзінің кесімін айтып. Кететін болсам, жар салып жаһанға мынау кетермін есіміңді айтып.

  • *

Менің бүкіл болмысымның айнасын – Өлеңімді өмір қайтіп байласын. Жұлдыздар да жымың қағып жыр тыңдап, Құлақ қойса керіп тұрып Ай қасын.

Менің кексіз көңілімнің пернесін, Тағдыр қалай өлтірдім деп жерлесін. Ерекше күй бар мұндалап Ерке қыз, Жырға қарай жетелесе жеңгесін.

Менің ақыл-пайымымның тұмасын, Қалай ғана өзегінен жұласың. Жадыраса жаймен жазып қабағын, Қара шалдай қатуланған құба шың.

Сөйтіп бәрін сұлу жырға құштар ғып, Дүниеден жоғалады іштарлық. Ақ парақтан тамшылатып жыр-моншақ, Құсни хатты ап кетті алысқа ұшқан құс.

  • *

Махаббат дейтін мынау ұлы күштің Ұсынғаны у екен, біліп іштім. Қадамыма қапыда қарғыс айттым Ілестің деп ізіне ібілістің.

Ілестің деп, өзіммен күрескім кеп, Бүршік жарды кеудемде бір өскін кеп. Бір күнім кеп бетімді тырнап жатса, Бірі келіп үмітін үлестірмек.

Алаңдатқан, аңсатқан, торықтырған Ерке күннің жолында ерік құрбан. Сайтан азғырды деуші ем, жо-жоқ, сөйтсем, Періште екен біздерді жолықтырған.

  • *

Мансаптың бәрі төр ме деп, Биіктің бәрі өр ме деп, Айыра білмес алшаңдап, Өресі жетпес өрмелеп. Халінше әркім тырмысып, Халінше әркім нұр құшып. Араларынан әркімнің Әрлі де берлі бір мысық өтіп жүр. Ол да өз тірлігі, Осылай дейді ол бір күні - Жабысып туған жоқ шығар Жамандықпенен кіндігі. Жылтырақ көрдік тасты да, Құшағымызға алдық қасты да. Басымыз тиген жастықты, Төседік жаттың астына. Жылатып айтпай досы кеп, Айтпадық «Мұнысы несі?» деп. Аяғын бастық үлкеннің, өкшесін басу осы деп. Байламын айтпай байсалды, Шындықтан шал да тайсалды. Мастығын көріп кішінің, «Жастығы шығар», - дей салды.

Есебін тауып, еп қылдық, Тартысты жерде тек тұрдық. Аңқауға мұрын шүйіріп, «Ауылдан келген» деп күлдік.

Жоқта да көңіл хошы ұдай, иә, біз күлдік осылай. Қамытың осы-ау қас тірлік Танытып жүрген дос рай.

  • *

Түгесілмей жүрсін десең татар бақ, Демалып қайт шетелдерге сапарлап. Емделіп ал, тазарт сосын ағзаңды, Тірлігіңде тұра бермес жаз мәңгі. Жас арудай жасару ғой, жасару, Бірақ маған қолайлы емес аса бұл.

Келте көйлек, төмен тартып етегін, Таңырқайды маған қарап от ерін. «Өзің үшін өмір сүру керек қой, Білмейсіңдер демалыстың не екенін».

Білетінім, балам – емші, үй – сарай, Тыншымаймын маңдайынан сипамай. Одан артық таба алмаспын мен, сірә, Жан дүниемді тазартатын шипажай.

  • *

Қадір түні – емес пенде әуресі, Жұмақтың бар есіктерін ашты Алла. Мұсылманның сансыз тілек-сәулесі, Жұлдыз болып жамырайды аспанда.

Мейірімнің мекеніне айналар, Періштеден ине шаншар жер қалмай. Ғибадаты ғафыл болып байланар, Келешегін кескіндейді кең маңдай.

Сүйенеді іргеңе кеп іңірі, Таңға дейін өзгертпейді бір өңін. Жырдай есіп күнәһарлар күбірі, Ернім емес, сөйлеп отыр жүрегім.

«Білгенім бар, білмегенім кеш», - дедім, Күнәлардың кіші-үлкені бар ма еді? Құлшылық пен ілім етіп қосты емін, Жат көрмедім жар болар деп жәрдемі. Оқы, оқы, оқы деген ұлы ұғым, Пайғамбарға түскен бұйрық Тәңірден. Қалам қысқан көп пенденің бірімін, Ақиқатсыз Хақты, Сақты таныр ма ем?!

ТҮЛКІБҰЛАҢ ТІРЛІКТЕ

Айналасы жүрсе дейді тек елеп, Өзге жанның әсте жылдам жетегі. Көлеңкеде көзден таса көбелек, Күн көрінсе көлбең-көлбең етеді.

Тас лақтырар таса жақтан тұныққа, Шырын барда шырылдайды – «жанашыр». Абайсызда құлап кетсең құдыққа, Ақ жүрегі аяқ-асты қара сұр.

Өмір – біздер қатар мінген бір кеме, Өре биік болса деп ем, өріс кең. Ібілістің іні барда іргеде, Көңіліме орнығады періштем.

Табиғатпен бір соқса да тамырым, Жануардан айырмамыз тым айқын. Арыстандай жүрек бергін, Тәңірім, Түлкібұлаң тірлігіңе шыдайтын.

  • *

Дегбір таппай дедектеткен күш қандай, Айырмайтын шақта ненің не екенін. Ғашық жүрек көкке қарай ұшқандай, Антын беріп, суын іштім некенің.

Ерте бастап, аяқталды неге ерте? Бүгін сағым жүрген шағым наздана. Кері айналар кассета емес, егер де Шамам келсе тоқтатар ем аз ғана.

Шымыр сөз де шағын екен, шамасы, Қысып берген бақытта да – қысқалық. Қарындаштың жаза білмес жаңасы, Өлең өрдім өмір-сынға ұшталып.

Үйренгенмен қуыс үйден құр шықпай, Бақыт қайда асығады күтпей кіл?! ...Тағдыр, мені айналдырдың ұршықтай, Жолымды енді иірілген жіптей қыл.

  • *

Бөледі де бақытқа айналаны, Ай-Арудың сәулесі аймалады. Кереуетке сүйенген кірпіктерім Қазығына түндердің байланады.

Түнгі самал қытықтап тамағымнан, Тамсанудан тәп-тәтті ән ағылған. Жымың қағып жұлдыздар жадыратар, Жабырқаулы мұң көрсе жанарымнан.

Мақпал түннің тынысы - тынық ауа, Кеудеме кеп көрінбей тығыла ма? Жатқан ұдай жұбатып біздейлерді, Ақтарылмай қалатын сыры ғана.

Алмастырмас жұлдызды қала шамы, Ай орнына қалайша ол таласады. Адасуың түндерде мүмкін емес, Айыра білсең биік, аласаны.

  • *

Нені аңсадым, не күттім, нені іздедім? Кеудесінен күндердің кен іздедім. Есер болған есіме ем іздедім.

Қапас түннен ағарған таң іздедім, Шабысынан жүйріктің шаң іздедім, Тоғышарлау тірліктен мән іздедім.

Ордалы оймен сезсем деп отыз демін, Ойлы жастың көзінен от іздедім. Жолаушыдай жүдеген жоқ іздедім.

Ажарынан арудың ар іздедім, Көкірегінен кереңнің ән іздедім. Айқыш-ұйқыш әжімнен әр іздедім.

Жетімектің жүзінен күлкі іздедім, Көште қалған күшіктей жұрт іздедім. Жұмбағы көп дүние, кілт іздедім.

Жеткізсін деп жырымды жел іздедім, Құтқарам деп ұсынар қол іздедім, Апаратын жұмаққа жол іздедім.

Бәрін-бәрін әлі де іздеп келем, Сабылумен қыс пен жаз, күзді өткерем. Қауышу мен тұрады жоғалтудан, Баяны жоқ дүние біз беттеген.

  • *

Күрмеуге келмес келте күндерім ұзармай, Керенау өткен сол күндер үшін қызармай Жүре берер ем, қиналып-ақ жүр қу жаным, Қимастық дейтін нәзік бір қылды үзе алмай.

Сұлбасы сұлу жалмауызына жалғанның Бақыт шығар деп басымды иіп сан бардым. Жұмсақтығымнан жылпосқа қанша талансам, Құрсақты мұңнан жыр туар сонша, аңғардым.

Бұйығысың деп бетіме баспа, бес күнім, Бұйығылар да жанартау етер өксігін. Тағдырыма енген тайқы маңдайлы тарланның, Тау жақтан бүгін дауысын тағы естідім...

  • *

Бақытын іздеп бес күннің, Қиялмен қырды кеземін. Сағынышы болмай ешкімнің, Сарғайып кеттім тек өзім.

Тағылық көрсең, дір етпе, Тағдырдың жолы бұралаң. Із салып кетті жүрекке, Жауап бермейтін бір адам.

Тілім болғанмен, тұншығам, Көзім бар, бірақ соқырмын. Сезімнің селін сусыған, Тізгіндей алмай отырмын.

Ағызып, мейлі әкетсін, Асау толқындар жыраққа. (Мына дүниеге жат етсін), ... Жеткізер ме екен жұмаққа.

  • *

Алғашында бөлеп мені күйге ерен, Ал соңынан сүлдерімді сүйреген Сізге деген сағынышым арқылы Қашықтықтан қорықпауды үйренем.

  • *

Шыбық алып барайыншы қой жаққа, Не қалыпты жар астында, ой қап па? Балалықтан тарқамаған той қап па? Шыбық алып барайыншы қой жаққа.

Томсырайып жатыр әлі тарғыл тас, Шығып алып қарайыншы жан-жаққа. Балалықтан шырқалмаған ән қап па? Қызыл-жасыл қыр гүлдері қаулап па? Сол кілемде арманшыл қыз аунап па? Қара сирақ қалақайға таланып, Бүлдіргенге басын сұққан баланы ұқ. Жиде теріп жүргенімде білдім бе, Бақытымның жатқандығын қаланып. Топыраққа жазған да мен сан әріп, Ту алыстан демеп тұрды тау алып. Бәрі-бәрі бәз-баяғы қалпында, Заман туып жатқанымен, жаңарып. Сымтемірден сақина ғып, сырға ғып, Су-айнаға қарайтынмын ұрланып. Қырағылық қонақтапты бойыма, Назар сап ем нысанаға қырды алып. Көшер өмір, өшер сәуле бір күні, Көшкен бұлттар кетер деуші ем кімді алып.

Балаң жүзді аптап ыстық күйдірген, Бір жақта үңгір, бір жағында бүлдірген. Сұрқы жаман біреу шыға келердей, Зәрем кетіп қорқатынмын үңгірден. Ал өмірде одан бетер қорқыныш Күтіп алда тұратынын кім білген?!

Өзіммен бір мінгізіп ап ойды атқа, Шыбық алып барайыншы қой жаққа. Алтын күнде алшаң басып жүрген қыз, Балалықтың аңсатарын ойлап па?

  • *

Жер шарындай жүргенім шыр айналып, Жылдар ағып барады шырайды алып. Аң-тірлікке таса жоқ, саятшы-өмір қансонарға шыққанда құмайды алып.

Жер шарындай жүргенім дөңгеленіп, Құшағыңды аш, кеңістік, мен келемін. Кеберсіген құм болды – шөлдегенім, Тарқатылды тау болып - өрлегенім.

Өстіп бәрін кеудеме сыйғызамын, Желегіме жауыннан құйғызамын. Таусылмайтын кенім бар өлең деген, Адамдардың бәріне сый қыламын.

ЖОЛДАР, ЖОЛДАР

Жолдар, жолдар, қай жаққа алып барасың? Жақындатып батыс-шығыс арасын. Сағым болып жүгіреді жеткізбей, Жоталарға жасырынған бар асыл.

Жолдар мені шақырады неліктен? Кім біледі, қиырларда не күткен?! Тау орапты бұлт көрпесін беліне, Сен де сонау тараптардан келіп пе ең?

Жолдар, жолдар, жатыр енді жанарда, Тамырымда тасып жатыр сан арна. Шексіздікке кексіз серік шөкім бұлт, Алақанға аңсарым боп тамар ма?!

Жолдарменен жарысатын бағана тізбегі ғой түсіретін сабаңа. Саған барар жол дегенім жуытпас, Судағы айдың діріліндей ғана ма?

  • *

Періште емес, пендемін, Өз жігерім сенгенім. Ай мен Күндей ауысқан, Жеңілгенім, жеңгенім.

Аң емеспін, адаммын, Парқын білер бағамның. Салмақ сала көрмегін, Жанға батар жарам мың. Көкте емеспін, жердемін, Ұмтылмайды өрге кім?! Айқайлайды алғаным, Бұғып жатыр бергенім. Жансыз емес, тірімін, Ағамын да, інімін. Тірлік үшін жортқан, Жолаушының бірімін. Кінәм да бар, күнәм ше? Ар-ұятым ұраншы. Аңдап басып жүрсем де, Көңіл-көзім кінәмшіл. Жалғыз емес, көппін мен, Қамал бұзам екпінмен. Бар болған соң көсілем, Жалт қарасаң ... жоқпын мен.

ЕКІ ДҮНИЕ ЖАННАТЫНДА ӨЛЕҢ БАР

Менің ғұмыр дерегімде өлең бар. Туған Ақсу өзенімде өлең бар. Өмірімнің өзегінде өлең бар, Дүниенің кезегінде өлең бар.

Арман ару, гүл-бұрымда өлең бар, Шашбаулардың сыңғырында өлең бар. Мейірі мол Күн нұрында өлең бар, Тұманданған түнгі мұңда өлең бар.

Көктем-көңіл шуақтарда өлең бар, Қол бұлғаған қыраттарда өлең бар, Мұнарланған жырақтарда өлең бар, Жауабы жоқ сұрақтарда өлең бар.

Сәбилердің жөргегінде өлең бар, Баба тілдің өрнегінде өлең бар. Атар таңның көрмегінде өлең бар, Татар дәмнің кермегінде өлең бар.

Ғашықтардың тағатында өлең бар, Сағыныштың қанатында өлең бар. Жүрек емі санатында өлең бар, Екі дүние жаннатында өлең бар.

  • *

Не? Сезім дейсің бе? Есімде жоқ. Ернімде еріп кеткен шығар-ды, Саған, маған керексіз келіп кеткен шығар-ды. Танымастай тозғасын көрік кеткен шығар-ды, Өтірікке тұншығып өліп кеткен шығар-ды. Сенің дауылың тұманы шайқап кеткен шығар-ды, Өзі берген отты өмір қайта ап кеткен шығар-ды. Жердің жарты жағында Ай қап кеткен шығар-ды, Айсыз, жайсыз шақты бұл байқап кеткен шығар-ды. Керуенге ілесіп көшіп кеткен шығар-ды, Қайырылар деп біздерді тосып кеткен шығар-ды. Аяз еді арамыз, шошып кеткен шығар-ды. Өзге ауладан жылылық есіп кеткен шығар-ды.

Есімде жоқ. Жадымда жаңғырмайтын шығар-ды. Жаңғырмасын, жаңғырса жан қинайтын шығар-ды. Думан-дүрмек жолында дәл біздейлер кездессе, Сезім деген серіңді таң қылмайтын шығар-ды.

  • *

Қызығардай болса өмір дерегім, Бақ алдында келер бір күн кезегім. Уақыт деген сапарластың жүгі ауыр, Бір жағынан көтеріссем деп едім.

Көтерісем, міне менің иығым, Бетке алармын бетпақ дала қиырын, (Оралар кім?!) орамалдың шетіне Ар-ұяттың түйіп алып түйірін.

Уақытпен ұстанғанбыз бір бағыт, Қатар жүріп, бір әуенді тыңдадық. Мәре жайлы мәре-сәре сөз қылдық, Дәл сол жаққа келген дейсің кім барып.

Басып өттік бірде шаһар, бірде ауыл, Бөркімізді алып кетті бір дауыл. Құтырынған құйын қайдан ұғынсын, Тағдыр жүгі кімге жеңіл, кімге ауыр.

Ілескеннің, әрине, асқақ айбыны. Көлі қоғалы, аққулы ғой айдыны. Бұлғыр тауға тастап кеткен Тарғындай Уақыт, жолда қалдырасың қай күні?!

  • *

Көз алдымда біреу шөгіп барады, Көз алдымда біреу сөніп барады. Көз алдымда біреу кеуіп барады, Көз алдымда арды теуіп барады.

Көз алдымда біреу күліп барады, Көз алдымда біреу үріп барады. Көз алдымда біреу жылап барады, Қолын жайып қауқар сұрап барады.

Көз алдымда біреу налып барады, Көз алдымда жұлдыз ағып барады. Көз алдымда мақтан қуып барады, Тарландарын тақтан қуып барады. Бар бақытын құшаққа алып барады. Көз алдымда ұсақталып барады, Көз алдымда тұзақ салып барады, Жүйріктерді тұсап, шалып барады. Көз алдымда көкірегін соғады, Біреу – төмен, екіншісі – жоғары. Көз алдымда біреу бөсіп барады, Көз алдымда дүние көшіп барады.

ЖАСТЫҚТЫҢ ҮҢІЛ КӨЗІНЕ

Жасырайын жібек мұңды кей іште, Жадырайын жүргендейін пейіште, Жағылайын дегеніммен от болып, Жамырайды ой үшке. Сағынайын, сағынбасқа жоқ әлім, Сағым – Айым қолым жетпес жоғарым. Сан ұнайын бәзбіреуге, бәрібір Сабыламын лайым. Талпынайын таусылғанша бір күн дем, Толқындайын жағалауға жүгірген. Таң құлайын дегенінде Күн шығып, Таң қылайын дегені ме, кім білген. Шаршамайын, әлсіреуге жоқ қақым, Шарпымайын, жақындама отқа тым. Шалқы дәйім, шағаладай көңілім, Шарқ ұрайын, дұшпанға - көз, досқа – сын. Асығамын ұмтылумен алға адым, Ашынамын бүксе біреу бармағын. Асырамын десең байлық – асылық, Асыл арың - ардағың.

Бар арайын төгіп тұрса бұла Күн, Бағалайын бақытымның бұлағын. Баладайын құмартамын білуге, Бітер емес сұрағым.

Күл-сезімнің қоламтасын түн үрлеп... Күмбезім тұр Күнге қарап күлімдеп. Көрем десең мұның бәрін, Жастықтың көздеріне үңіл кеп.

  • *

Сенімімді сетінетпе, Беретұғын сен емес пе ең жанға дем, Көз жанарың алдай алмас аңғал ең. Сенің сырың – қазір бейне түн-тылсым, Менің жырым – таусылмайтын таңғы әлем.

Күдігім көп көкіректе, Соның бәрін серпіп тастар қайда үнің, Үнсіз әлем. Қанатын кең жайды мұң. Мылқау мұңды пенделіктен көтеріп, Алып кетші, аспан ару, Ай-бұрым.

  • *

Мезгілімді білгім келіп құлшынып, Күн сағат қып қадап қойдым бір сырық. Сол елеусіз бір сырықтың маңында Шыр көбелек айналады тіршілік. Уысымнан жылыстайды жыл әр күн, Сол әр күннің ажарына құмармын. Жасыл желек секілденіп у жұтып, Оттегімді, от демімді шығардым.

АЛМА АҒАШ ГҮЛДЕДІ

Алма ағаш гүлдеді. (Жетектей жөнелді жыр мені) Үсітті үлпілдек үмітті, Көктемнің көңілсіз бір демі. Адалдың жоқ білем, жаттығы. Алманың ашылған ақ гүлі, Жел тұрып құйынын құтыртқан, Жер болып шашылды шаттығы. Алма ағаш, арнадым бір өлең (Көңілді күйім жоқ, күлер ем), Ащы Күн апшысын қуырып, Тамыры бір тамшы тілеген. Әр күні шертеді бір күйді, Жаңбыр да болымсыз бүркиді. Тал шыбық мінген бір тентек ұл Зікірін салдырып сілкиді. Домалап ащысы, тәттісі, Жалғанға жайылып жатты ісі. Құс ұшып аулаққа жөнелді, Бақта да бола ма бақ құсы?

Таусылмас тілек көп, күнде арман, Сынаққа жомарт-ақ бұл жалған. Бәрібір тірліктің тәтті екен, Жемісі шыныққан, шыңдалған. ...Алма ағаш гүлдеді.

  • *

Алдыңызда жаңа кітап – күнтізбе, Күрсінбестен жыртып тастап жүрсіз бе?! Құмсағатты бітейсіз бе белінен, Қарындас боп сырымды айтсам бір Сізге?

Күлкі көрдім Сізден ғана риясыз, Күле түскін, неге езуді жиясыз? Кеңдігіңіз көшірмесі даланың, Қанағаттың қауызына сыясыз.

Сабырдың да Сізден көрдім салмағын, Аға тұтпай жүретұғын бар ма күн?! Биіксің деп бұлданбаса біреулер, Бар ма басқа тағатұғын тауға мін?!

Айнымайтын біртоғалық қалыптан, Тазалықтың табиғатын танытқан, Көлеңкені ысыруға, сірә да Сіздің жүрек жаралған-ау жарықтан?!

Алдыңызда жаңа кітап – күнтізбе, Күрсінбестен жыртып тастап жүрсіз бе?!

  • *

«Арайлы таң!», «Қайырлы түн!», Қысқа ғана қайырған хаттарыңыз, Байқатады – бұрынғыдай емессіз, жат жаныңыз. Аяп мені аялау қажет емес, (Ақталыңыз демеймін, бар сырды ақтарыңыз) Мейлі мені қинасын қимас сол шақтарымыз.

Ынтық едік. Мен әлі сол қалпында биік көріп, Ақтарылып жазамын сағынышты күйімді үйіп-төгіп. Ал Сіз ... үнсіз. Қалайша үлгердіңіз аз уақытта сүйіп, көміп.

Кейде мен де ығыр ғып... Сосын Сіз жазасыз амалсыздан, (Мұны сезіп сырқырар санам сыздан), Селқос жүрген сырбаздан сөз суырып азаптымын мен, ал Сіз - алаңсыз жан...

Жүрген шақта бас аман, бауыр бүтін, Шығаратын шығарсыз мен үшін ауыр үкім. Ертең таңға тілекші мүмкін-ау хат келмеуі, ...Қайырлы түн!

  • *

Шыбық ұстап бағлан баққан күндер, Ағынындай Ақсудың аққан күндер. Алтыны да, күмісі керек емес, Алқымыма тұмар ғып таққам гүлдер.

Туған жер топырағын түйгенсің бе? Ұрпақ жерін ұлықтап үйренсін де. Қамқа тоның қажет деп ойламаймын, Арқа жоным шыңдалып күйген күнге.

Кеш мені. Жоқпын әлі түк өндірген, Көсіле бір мінбедім күреңді мен. Төскейің жұмақтайын жылы тиер, Табаныма тас батып, тікен кірген.

Ақ некелі жандарға арқан керіп, Тары түйген әжеден талқан жедік. Тауың биік тұрғанда, туған жерім, Жанашыр бар жұбатар, қалқам берік.

Атамекен, ауылым – Қосағашым, Аттағам сенде өмірдің босағасын. Әженің әлдиімен тербетілген Бауырың ақ бесіктен босамасын!

  • *

Алла құлы, Пайғамбардың үмбеті – Пенделердің шексіз болсын құрметі. Дүниені үйлесіммен жаратқан, Ай мен Күннің Жерге қарап тұр беті.

Рас, қашанғы қайратты боп тұрмақ қол, Сәждеге мың басын иеген - сымбатты ол. Құран оқып, табынғанмен Тәңірге, Тек әзірге жайнамазым – жыр дәптер.

Адам бүгін орныққан соң Жерге бек, Биіктерге талпынады өрмелеп. Ол да, сен де, мен де кетіп барамыз, Бір аялы алақанда дөңгелеп.

  • *

Күнделікке сыр айтамын, ақыл ап, Жансыз дәптер жан досыңа татымақ. Ақтармасын. Тапталмасын табанда, Жүрек сырын жайып салған жапырақ.

Парағынан қарайды бір күліп күн, Ұмсынады, құлшынады бір ұшқын. Уақытымды кенде қалған елемей, Бақытымды бейнелеуге тырыстым.

Бір парақта лап етуге асықты от, Қайта жанды бір алауын басып кеп. Базар-ғұмыр қыздырғанда көрігін, Ғазал жырым жазылады ғашық боп. Бір бетінде таңырқадым, торықтым, Бір бетінде залымдықпен жолықтым. Күрсінбеуге, сүйенбеуге төселіп, Білсін деуге, сүйем деуге қорықтым. Күнделікке сыр айтамын, ақыл ап, Жансыз дәптер жан досыңа татымақ. Ақтармасын. Тапталмасын табанда, Жүрек сырын жайып салған жапырақ. КЕЛІН (баллада) Қариясы көрші үйдің ақ самай, Таспиқ тартты, бір Алласын тастамай. Құран кәрім қасиетіне бас ұрды, Қажет демей басқа шуақ, басқа арай.

Ниет етпей жемейтұғын бір асын. Дауа көріп күбірлейтін дұғасын. Тақуалықтың азабы мен рахатын, Білмейтіндер осы әкеден сұрасын. Қызық көріп қарайтынбыз сонда біз, (Білсем, мүмкін сескенеміз, қорқамыз). Бауырында өскен немересі бар еді, Сол Данасыз толмайтұғын ортамыз. Туған жандай сезінгенбіз жақындық, Есепке де басты бірге қатырдық. Қуыршақты сәби қылып құндақтап, Жапырақты ойнайтынбыз шатыр ғып. Жаратқанның жар қылғаны – жалғыз ұл, (О, Тәңірім, бергеніңді арлы қыл). Қарттың жанын жегідей жеп қылығы, Кеуіп кеткен терідей боп тар ғұмыр.

Зейнет көрмей, бейнет көріп бір ұлдан, Шыңғырғанмен шықпайды екен шыбын жан. Келіні кеп қызын тартып әкетті, Атасының арқасына тығылған. «Ұлың анау ақыл-есін сімірген, Үміті жоқ ертеңнен де бүгіннен. Қоя алмаймын мұнда байлап баламды», Қызды сілкіп атасына жүгірген. Көрші аулада жылаған үн, у да шу, Ит абалап, қосып жатыр шуға шу. Сабырымен жеңіп тұрса бірде ақыл, Үстемдігін көрсетеді бірде ашу. Солай Дана бізден жырақ аттанды. Өтіп жатты күндер зулап жаттанды. Осы оқиға мені жылдам есейтіп, Балғын күндер бойдан аулақ қашқан-ды.

Көре ме екен біздерді әлі бүлдіршін, (Құшағына басқысы кеп бір дүркін). «Үйге неге келмейсіңдер?» дейді әже, Данатайын сағына ма, кім білсін? Ажал – ұры, болмайтындай басқа ұрлық, Жан әжесін қара жерге тапсырдық. Немересін аңсап өткен қарияны Тас молаға айналдырды тас тірлік. Қайран, қайран, әкелер-ай, нар тұлға, Шөгіп кетті бір-ақ күнде қартың да. Әкетем деп келген ұлға ілесті, Қалған тұяқ сол болған соң артында. Мейлі, жолдас болса-дағы аз күн бақ, Жазмышын көріп пенде көз жұмбақ. «Көрмей неге көрге кіріп кетпедім?!» ...Жалғыз ұл да үйден кетті азғындап.

Немересі - бар қызығы, қуаныш, Үлкен білім ошағында, ту-у алыс. Құлазытып қаңсып қалған қабырға, Жетелейді ен далаға бір ағыс. Көргенімді ойға сабақ етем көп, Шерлі көңіл қандай жүкті көтермек?! Ауылдастар айтып жүрді кеткенін, Көрші атаның қарттар үйін мекендеп. Эпилог орнына Қарсы алдымда таныс жанар, таныс жүз, Тым жақынбыз, сөйте тұра алыспыз. Балалық-көш жүріп өтті көңілден, Күлімсіреп кідірдік те... дауыссыз. ... Тұрмыс құрған, қызметі тәп-тәуір, (Тек кешегі Дана емес бұл, жатбауыр). Шекер күнді бекер күнге балады, Оралғанда балғын бала шаққа бір.

«Бар қызық та, бар мүмкіндік қалада, Мейлің, оны қала, тіпті қалама. Мені ауылдың ауласында қалдырмай, Алғысым көп алып келген анама.

Әлі есімде, жылағаным сол күні... Зейнет болды анамның сол зорлығы. Өйтпегенде қызмет қайда бүгінгі?!» Мақтан етіп айтып тұрды ол мұны.

«Атамның да көзі тұр бұл үйімде», Осы сөзі тұздық болды түйінге. Ақ матада, ілініп тұр биікте, Құран кітап қол тимеген күйінде.

  • *

Жаңа ғана тұрған бұлттар көк тіреп, Жылап жатыр қара жерді тепкілеп. Жұбатуға сергек самал ептірек, Құрғатуға тамшыларды өпті кеп.

Жер-дүние жайқалсын да құлпырсын, деп құшағын жайды бізге бір тылсым. Көк оянып Күнге қарай ұмтылсын, Серпіп тастап топырақты бір шымшым. Бұл көктемде алапат бір күш барын, Сездім қайтып оралғанда құстарым. Естіледі алау Күнге құштар үн, Пай-пай, шіркін, неткен ғажап ұстаным!

АНАМА

Сен барда балалық бақыттың тарқамас базары, Анашым! Сияпат құрметім аз әлі. Бара алмай жүрсем де Меккеге арқалап, Білемін, қалқайып жүргенім сен үшін салтанат. Белгілі, қашанда шың біреу, етек көп, Сол шыңға үмітің келеді жетектеп. Арқамда парызым, алдымда ақ үміт, Астымда сенімді арғымақ ары нық. Мойныма сен артқан салмақты үмітің. Жыраққа, тұғырлы тұраққа жетелеп күні-түн. Жұмақты мекен боп жүргенде ой бағы Сол үміт кеудемнен итеріп кетпесе болғаны. Анашым, жүрме тек бізді ойлап жүдеп тым, Мен жалғыз емеспін, жанымда жыр-екпін. Жүректің қас жауы – нұрсыз Күн, тоңғақ Ай, Арымның сыншысы – Ақ үміт, Алдамшы болмағай!

АЙ СӘУЛЕСІ

Ай бетінде бедерленген бір сұлба, Балаларды ойландырмай тұрсын ба?! «Мама, анау Ай ішінде жүрген қыз Кетіп бара жатқандай ғой шын суға?»

Сәби сана ұшқыр қиял-байламы, Қызым сауал қойды маған жайдары. Шыныменен шелегі бар қолында, Не қылған жан жүрген сонау Айдағы?

Бұрымды қыз жерден неге жеріді? Әлде сатып кетті сүйген серігі. Жерден жырақ жүрген ару сыр айтты, Сезіп тұрмын, естілмейді тек үні.

Түнде ғана көрінетін ұрыдай Айға қарап қызықпашы, қызым-ай, Қыз туралы... Сіз туралы ойлантқан, Айдан түскен сол сәуленің сынығы-ай.

  • * Анау қырда сап түзеген молалар, Кеткен жанның мекені емес оралар.

Әкем, ағам, ерім кетті сол жаққа, Қайтып келмес қарағанмен жол жаққа. Бізбен бірге бет сипайды батар күн, Сөйлейді әжем зиратына атамның: «Келемін, - деп – шал-ау сенің қасыңа». Екі әлемнің арасы тым қашық, ә? Кейде маған көрінгенмен жақын-ақ, Бөліп жатыр ұлан-ғайыр атырап. Тірілердің жасқа толар етегі, Өйткені әлі мұнда орын жетеді. Молалар ғой мәңгіліктің мекені.

КҮРЕ ЖОЛ

Кілт үзілді шарықтатып салған ән, (Қайран дүние, кім-кімдерден қалмаған?!) Күре жолдар қиып күретамырды, Қос жүректі бір-ақ күнде жалмаған. Сұм апатқа куә болып, анамен Бірге аңырап жатты кеше сары далаң. Көкжиек те күңіреніп көрінді, Жабырқаулы, жым-жырт жатыр жол ұңғы. Сүйесем деп сары жамбас қар мына, Жота жатты төсесем деп жонымды. Қасіреттен қорғамақ қой қам жасап, Туған дала туған қызын, төл ұлды. Аһ дегенде асқар тау да мүжіліп, Белін жазбай белдер жатыр бүгіліп. Тоңы қатып, тоны тозып, тоналған, Тізбектелген теректер тұр түңіліп. Жан ұшырып жүгіреді жол жаққа, Аналардың кеудесінен бір үміт.

Бірақ бәрі кеш еді, Қайырымсыз ажалдың жоқ еш емі. Сорлы аналар соры қалың бес елі, Жанын жайып жөргек етіп төседі. Сұм көріністі көздеріне құйып ап, Көңілі босап кезбе бұлттар көшеді. Селк еткізген салқам жатқан даланы, Орны толмас бір оқиға осы еді. Үш отбасы, үш тағдыр, Үш тарапқа күрсіністер ұшқан кіл. Титтей ғана сәбиінің қолынан Жан апасы «Соңғы үміт» деп ұстап жүр. «Құдіретің күшті екен ғой Жаратқан, Немеремді жетелейтін күш қалдыр». Көкіректі қарс айырар қайғыны Жазып жатыр жақсылыққа құштар жыр.

Бір оқиға, үш қайғы, Қиыры жоқ үш әлемге ұқсайды. Орманымен қоштастырды осы жыл, Болғанымен дәл биылғы қыс жайлы. Бұдан былай... Жол күзетіп күтпейді ана баласын, Сәбиді де әке-шеше мейірлене құшпайды. Бедел, бірлік биіктерге өрмелеп, Осы отаудан жеткен жылы елге леп. Өзгелері бір төбе, ал осы ұлы Анасына аса жақын болды ерек. Зырылдауық-уақыт жатты дөңгелеп, (Қайсыбірін әңгіме етем термелеп). Ұл есейіп, келін енді есіктен, Кішілері ағатайлап, жеңгелеп.

Айналдырып тіршіліктің ұршығын, Еті тірі, көрмейтін ұл бір тыным. Ән үйге енді, сәби келді, кәусәрін Кеудесіне толтырып ап күлкінің. Кім болжапты болашақты бұлжытпай, Бек босаға, бұзыларын шырқының. Шіркін, жастық, ажар қосқан ажарға, Бақыт, байлық? Не күтіп тұр тағы алда? Пешенеден асып пенде кеткен бе, Жалған болса, маңдайына жазар ма? Бірге кетті тарқамастан базары, Қол ұстасып кіріп еді базарға. Оралмайды мейлі, ертегі, аңыз ет, Амандығын тілеп еді сан рет. Азынаса сызды күнгі ызғырық, Қосылады оған ана зары кеп, Айтып жатқан тағдырына лағынет.

Жетімсіреп үйдің қазан-ошағы, О да елеңдеп келін қолын тосады. Қу көзі де көре қалды қапелім, Қожайынын күтіп жатқан ат ерін, Шерлі ананың көңілі тағы босады. Азабы көп аза түн кеп алыстан, Сары уайыммен арпалысқан, алысқан. Ой сарсаңнан суырып ап, қай тадан, Тіршілікке тоғытады таныс таң. Көрші қарттың жиі айтатын басуы: «Күпірлік бұл, шүкірлік қыл, Аллаға, Тірі тышқан артық, өлі арыстан...». Сабыр қылып салмақты осы дауыстан, Рас, шарасыз алыс кетпес ағыстан. Сабасына түсір, сәби, апаңды, Сенде өйткені, Екі жүрек лүпілі бар, тоғысқан.

Шаңырақтың шат боп өскен бес қызы, Ата-ананың бес көктемі, бес күзі. Ұлсыз ұрпақ жалғасқан ба, тәйірі, Сумақай тіл дейтін еді «Өшті ізі». Отағасы мұны талай естіді. Бірақ оған налымайтын, мұңайып, Көрмейтін де мұны өзі кінә, айып, Төбесінен құс ұшырмай өсірген, Бес қызы оның бес бақытқа лайық. Тыным көрмей жүргені де күні-түн, Балалары үшін емей кім үшін?! Мойнына кеп асылғанда кенжесі, «Көкелейтін», еселейтін ырысын. Тәубе десті, қыздары ұлға бергісіз, Осылар ғой кеңейтетін тынысын.

Қыздың алды он сегізге толған-ды, Үй тірлігін үлкендерше қолға алды. Бірі үй жинап, су әкелсе құдықтан, Енді бірі малға үйірсек болған-ды. Бес саусақтай біріккенде жұмылып, Кім ойлады ойсырар деп орманды. Қыздың алдын жат ұяға жөнелтті, Көңілі босап, ойға батты, толғанды. Жан адамға сипатпайтын жалынан, Жиеніме берем дейтін жорғамды. Ал сәбидің тәтті, алаңсыз шағы еді, Бақыт құшқан балауса еді, бала еді, Оның да енді алай-дүлей әлемі. Оянғанда жетімдігін сезініп, Ойнағанда баяғыдай мұңсыз әрі әдемі.

Уақыт-нарға өмір керуен көші ере, Өтіп жатты айлар, күндер нешеме. Ана көзін, әке жүзін сағынды ұл, Апасы оны жоқтатпаймын десе де. Жолаушылап кеткен жолға елеңдеп, Жәудір көзін қалдыратын көшеде. Осы ауланы абыр-сабыр шу етіп, Жүргенімен өшкен күнді түлетіп, Бір сұмдықтың, тылсымдықтың болғанын, Іштей өзі сезініп-ақ жүретін, Не айтады, не біледі осылар – Қос құлағын үлкендерге түретін. Жатпасын деп Құранға өлі бек сусап, Отыратын үлкендер жақ бет сипап. Елеңдейді ол кеп қалардай бір жақтан, Әке-шеше есімдерін ести сап.

Бұл ұлдың да бұғанасы беки ме? Үміт болып үлбірейді екі үйде. Көрген сайын немересін-жиенін, Ағытады бос көңілдің тиегін. Көкейінде тұрып қалған түйін-дерт, Осы ұл ғана табатындай бір емін. Әрқайсысы өз ошағын толтырса деп шаттыққа, Балады оны мұң боп келген бақ-құтқа. Өкпелерін айтпаса да жақ ашып, Немереге жүреді іштей таласып. Екі үйдің де құйып өссін мейірімін, Шұғыласын мұңы басым қарашық. Бөтен көрме, бір-біріңді жат тұтпа, Сабыр, көңіл, асығыста аптықпа. Өзекті жанға өмір у да, сүт өмір, Қайырымды бол, қайырын да күте біл. Тоғыспайтын параллельдей емес тек, Қиылыссын екі үйдегі үш өмір.

БІР КҮНІМ

Күңкіл сөзді жүргем жоқ па күнде естіп, Іздегенім – дала - сана – үндестік. Қуанамын жүректегі жырды естіп, Өмір – мектеп қойғандайын бір бестік.

Тағдырымнан алғым келмей екілік, Өнерімді жани түсем бекініп. Дарындардан қарын басым болған шақ Бір күнімнің жабам бетін өкініп.

Болғанымен әр күнімнің жобасы, Өз дегенін істеп уақыт додасы. Еш белгі жоқ, қирап жатыр артымда Жылап өлген күндерімнің моласы.

  • *

Қос жыр-жүрек Қайырбек пен Күләштай, Ғашық шумақ қанат қақса құлаштай Деген арман сен кездесіп мерт болды, Келем бірақ әлі күнге сыр ашпай.

«Өкілі емес өлең деген ендіктің»,- Деп өкіндім тар сезіліп кеңдік тым. Параққа емес, жанарыңа жазатын Нағыз ақын екеніңді енді ұқтым.

ОТБАСЫМ – ШАҒЫН ЖҰМАҒЫМ

Ұстап жүрсем де үйде мен, Күйкі тірліктің құлағын. Кезі жоқ көңіл күйреген, Отбасым – шағын жұмағым.

Естілмеу керек айқайың, Өз заңы бар-ау оның да. Пейіш деп қалай айтпайын, Періштем жүрсе соңымда.

Балапандарым, асыл жан – Тірегім, темірқазығым. Күліп тұр шыңның басында Жазығым емес, наз үнім.

  • *

Ауасына ауылдың шөлдегенім, Не қимасым қалып ед елде менің. Осы маңда табаным жерге тиіп, Жылы ұяға жөнелткен жеңгелерім.

Бәрі осында - бақытты бала ғұмыр, Ойын қуып, сауықты салады бір. Өрнектеген өрісін өрген түлік, Еңбекпенен жасаған дала дүбір.

Туған жерім тербеткен, сайын далам, Сарқылмайтын сыйың бар дайындаған. Бозбалаға бейкүнә болмысыммен, Байқатпаған сырымды Ай ұрлаған.

Осында алғаш ана деп, әке дедім, Төл аймақ, түлегіңді мәпеледің. Өзек етіп өзіңнен алғанымды, Өлең етіп өзіңе әкелемін.

  • *

Аға, ақыл қосыңызшы, Көп еді ғой Сізде ақыл, Пенделіктің пердесінен арылмадық біз пақыр. Өкпелетті, тепті өзекке өгей көріп мына орта, Менің жаным жаншылып жүр, Менің жаным сызда тұр.

Осы ортада болар деуші ем ұлағат та, өнеге, Сырты ғана жылтыр екен, сусып тұрған сөреде. Кезіп кеткім келуші еді кең әлемді кеше мен, Безіп кеткім келіп-ақ жүр қолды қойып төбеме.

Міншіл ме әлде, күншіл ме әлде, Мүмкін менде бар айып, Қалай жүрем мына ортада соқыршектей қарайып. Шолақ дүние, қонақ дүние, Қадіріңе жете алмай, Алакөз боп, жала көздеп күміс күнді тонадық.

Дейтіндейсіз «Көрдік талай тайталасын біз мұның», «Қайсарлығың бар еді» деп, қабырғамды сызды мұң. Жасық емес, жасын болам, найзағайдай жарқ етер, Күншілдікті қақ жарады бүгін менің ізгі үнім.

  • *

Көтерілді түн пердесін түре күн, Сыр білдірмей сырғып кетті сынған Ай. Түнге ілесіп кетіп қалды жүрегім, Тоқташы деп жалынып ем тыңдамай.

Мейлі, барсын, демалайын мен де бір, Ол бар болса жаным менің шыр еткіш. Жүр ғой талай қуыс кеуде пенде кіл, Қуыстықтан өзге жанды жүдеткіш. Шын ояндым. Соғып тұрды өңірім, Шапағымен таң да арайлап атыпты. Бір бақытты болса менің өмірім, Сол мазасыз күндеріммен бақытты.

ҚЫЗЫЛ КӨЙЛЕК

Қыз келеді, кигені қызыл көйлек, Қызу тірлік жалғанды үзілмей кеп. Қызыл көйлек қыздырып көңіл отын, Кей жандардың көкейін кеміретін.

Қызыл деген от екен ойран етер, Ойран етер, салдың-ау ойға бекер. Сескенбегін, қызылдың басқы мәні, Алауға жалау болған жастық әні.

Қызыл деген құлшыныс лапылдаған, Қаймықпайтын қайсарлық, батыл қадам. Қызыл деген өмірге құштар адам, Осы түстен қуат пен күш тараған.

Қызыл кидім, несіне сөз қыласың? Басқа киіп қайсынан озды басың? Қызыл көйлек тағы да киіп келем, Өрттей болған өмірді сүйіп келем.

  • *

Томағасы сыпырылды қыранның, Мыңды жеңдім, Кирді жеңдім, Тұмармын. А, Құдайлап, Абылайлап, тұтқиыл, Бейқам жатқан жауға шапқан шығармын. Бұқар, Дулат жырлары боп төгілдім, Кеудесіне күш боп кірдім көп ұлдың. Кер даламның гүлі болып егілдім, Бір шыбықпын – тіршілікпін, өмірмін. Ширығумен намысымды оқтадым, Арда кеткен арысымды жоқтадым. Баталы сөз қасиетіне бет сипап, Аталы сөз айтылғанда тоқтадым. Қабағымнан жүні жасып құзғынның, Лаулап өтем әр сәтінде жүз күннің. Тамырымда қамсыз жүрген қанымды, Махамбеттің күйлерімен қыздырдым.

Ұран салсам, жыр-ән салсам Алаштап, Теңдігіме кімдер енді таласпақ?! Бізге бүгін әрбір атқан таң асқақ, Бізге бүгін әрбір салған ән асқақ, Бізге бүгін бірлік қана жараспақ!

ДАЛАНЫҢ ДАНЫШПАНЫ

Көксу, Іле, Құйған мен Қараталың, Қонысына құт болған сан атаның. Текелі, Алтынемел, Шолақ тауды, Аялап өткен абыз алақаны. Телегейге бастайтын бұлағы еппен, Жетісуды Жаратқан жұмақ еткен. Мұнда есімін ұрпағы ұран еткен, Тілі қылыш, қырағы қыран өткен. Таңба салған тайдай ғып ғасырға айқын, Тарихым бар жарасын жасырмайтын. Қоңтайшысы бас болған қалмақ жаулап, Ерікті елді ешкімге бас ұрмайтын. Оты сөнді, туралып туырлығы, Сәбилердің ұмытылып құлын күні. Қанқұйлы қалмақ елді ойран етіп, Атқа өңгеріп әкеткен бұрымдыны.

Ерке жел есті сөзді ала қашқан, Ертеден дала аңыз, дала дастан. Қазаққа ес бола алған Ескелді би Кезеңде қара қашқан, төре адасқан.

Жабы емес, жауға мінер ат таңдаған, Бабам барда кем бе екен жаттан бағам?! Нөпір ғып батыр нөкер жинағанда, Қалмады ер азамат аттанбаған.

Белдеуде ат, белде қылыш, бекем ерің, «Әруақтап» жауға шапса, жетелер үн. Мұрат еткен азат та бірлікті елді, Бүтіндігін жусан мен бетегенің.

Атқанда жігер таңы, намыс таңы, Алаштың атқа қонған арыстары. Азатпыз, баста бүгін болашақтың даңғылына, даланың Данышпаны!

  • *

Тағдыр мәңгі бір болуды жазбаған Бір-біріне біздей құштар аз ба адам. Есеңгіреп, ескегімді бос қойып, Ой түбіне опат бола жаздағам. Өмірде нақ екі түс бар – ақ, қара, Бір жылайсың, бір күлесің шаттана. Бақыт деген баста мәңгі тұрмайтын Көзді ашып-жұмғанша өтер сәт қана.

СЕН ЖАНЫМДА ЖҮРГЕНДЕ

Сен жанымда жүргенде Өмір маған өлшеусіз көрінетін. Тоқ кезім от сезімге семіретін. Сезбеппін көлеңкеде күндер барын Жанымды күбірткідей кеміретін. Сен жанымда жүргенде Қылпықтай қонбаушы еді көкейге мұң, (Дертімнің уақыт қана өтейді емін) Өзіңмен ере кетіп еркелігім, Ес жиып бір-ақ күнде есейгенім. Сен жанымда жүргенде Бақыт та серік еді маған анық, Бүгін менің күйімді қарадан ұқ. Сенсіз сауыт кимеген сарбаздардай, Қалады екем тым жылдам жараланып.

ҚОШТАСУ

Бәрі қалды өткеннің еншісінде, Босат мені, осыны сен түсін де. Мен де күйдім кезінде, сезе алмадың, Қалған жалғыз сен емес өрт ішінде. Бәрі қалды кешенің үлесінде, Оған өзің кінәлі, білесің бе? Көз ұшында кеткенде керуенім, Құлқың болмай қалып ең ілесуге. Бәрі бітті, қалған жоқ мүлде сезім, Қалған болса, мен бұлай күлмес едім. Шиыр-шиыр жол ғана жатыр сайрап, Бойында бізге таныс бір көшенің.

КҮНШІЛДІКТЕН ЖЕРІДІМ

Ыржаң-ыржаң күлкі көп, Күңкіл-күңкіл сөз бе екен? Жанға азық жоқ бір тілек, Жастық қалай тозды екен?

Сасық кеуде күпініп, Көкке көзін сүзеді. Жылдары оның жұтылып, Ай қарасын үзеді.

«Сұлулыққа» құштар боп, Сыланады керемет. Аласада ұшқан боп, Жер бауырлар, не керек?!

Тауды күндеп етегі, Сылп еткізді ерінен. Жә, жетеді, жетеді! Күншілдіктен жерідім.

  • *

Қайда жүрсің, қай жақтың белесінде, Керуен көшіп барады, келесің бе?

Алданба жол жақын деп ұзақ күнге, Қам жаса, көш-дүбірге құлақ түр де.

Алаңдаулы күйдемін күймемде әлі, Жолға кеткен жандайын сүйген жары.

Неге үнсіз, белгі жоқ, хабар қайда? Қарайған көңіл онсыз ағармай ма?

Тоқта дедім, уақыт бағынбайды-ақ, Сусыған күн қайтемін бағын байлап.

Құлағыңа жете ме әнім жайлап, Қадамыңды қойған-ау сағым байлап.

Тірінің сағынышына таңым да айғақ, Өлгендер сағынбайды-ақ, сағынбайды-ақ.

  • *

Жылжып барады жылдарым жылдам өтіп, Жанарыңнан жүргенде жыр дәметіп. Жүрегімде жақұт бар, көре алмайсың, Жіберер ем жолыңда құрбан етіп.

Сусып барады айларым сырғанақтап, (Өткенімді шықсам-ау бір парақтап). Сағыныштың салмағын сезбей жүрсің, Құшағыңа жетер ем қырдан аттап.

Көшіп барады күндерім, қайрылмастан, Қайрылмайды, асса да қайғың бастан. Жан алып жан берісер сен емессің, Болар едім сертімнен айнымас жан.

  • *

Шымшық-жаным қалай тұрсын шыр етпей, Көз талдырдым кеткеніңе күн өтпей. Сен жайлы ойдан мендік жүрек-жалауым, Тыншымайды жел үрлеген жібектей.

Жерден іздеп жүргенімде жоғымды, Қыз-дәуреннің қоңырауы соғылды. Пенде екенмін, кенде екенмін сабырға, Кетсем бе екен бір-ақ сілтеп қолымды.

  • *

Ауырлықтың бәрін үнсіз көтердім, Жақын бола тұра саған бөтенмін. Ақын бола тұра сақтап сырымды, Қақым болмай тұрғаны ғой, не етермін?!

Қызғаныштың басын кестім паршалап, Қалай жүрем осы жүкті арқалап. Сүйе тұра асығасың кетуге, Біле тұра күйік қалай тарқамақ?!

Үнсіздікпен үйлескенде көз жасым, Бұғып жатқан батпай ойды қозғасын. Баға қалмас, жаңаланбас қайтадан, Орта көңіл, торқа көңіл тозғасын.

  • *

Бірге өткізген алты жылым мәрт екен, Сол жылдардың жанарында жарқ етем. Сенсіз кешкен қуанышым жалқы екен, Сенсіз өткен жарық күнім жарты екен.

Бірге өткізген алты жылым бұлдырап, Қимай кетті бір жадырап, бір жылап. Сол әлемге біз де беттеп барамыз, Бірде күліп, бірде әсіре тұнжырап.

Шұғыла Күн, шыр айналған шартабақ, Шуағынан қуат алған шартарап. Атам кетіп – атан кетіп барады – Алты жылым алпыс жылды арқалап.

ЕРЖАН АҒАМА

«Қайрат етем тас қабағын осы ұлдың», - Деуші едім ғой, тұлдыр күннен тосылдым. Қара керге ер-тұрманын қалдырып, Қара жерге қара жер боп қосылдың. Ашық күнде су мүжіген асқарым, Жанарыңды жұтып қойды қас-қағым. Сен бардағым – кеңге салу арқаны, Сенсіз қайсар, қатал бола бастадым. Қанат қатты, інілерге аға боп, Ағалықтан алқымымда жанады от. Уақыт қана қайтарады уытын, Айлалы ажал ащы уына дауа жоқ. Тас тағдырдың талайына бағынып, Сағым көшіп бара жатыр ағылып. Тоңып қалған жоқ шығарсың, ағатай, Топырақты жатырсың ғой жамылып?!

«Қайрат етем тас қабағын осы ұлдың», - Деуші едім ғой, тұлдыр күннен тосылдым. Қара керге ер-тұрманын қалдырып, Қара жерге қара жер боп қосылдың.

  • * Аясында шағалалы шақтардың, Жат біреуге жан сырымды ақтардым. Таптым сөйтіп бөгде ішінен өзімді, Сөкпе мені, атқан таң мен батқан күн.

Ал жанымда көп екен-ау сырт адам, Теріс қарар тұрғанында жұрт аман. Өзімдегі өгейлердің жанында Өгейдегі өзім жақын бір табан.

Кетті деме бізден бөлек жырылып, Сонадайдан қол бұлғайды бір үміт. Жапырақты жұлқылайды күзгі жел, Тал басында жалғыз қалған ілініп.

  • *

Көңіліңе мұң сыйласам, кеш, жаным, Елгезек үн естіртеді ескі әнін. Болымсыздан жасай берме босқа мұң, Бәлкім мұным аңсауға аңсау қосқаным.

Қамықпашы қабағыңа қайғы алып, Сен мұңайсаң Күн күлмейді, Ай ғаріп. Қапелімде жат елінде адасып, Қайта оралған құс шығармын айналып.

  • *

Басқаша айтам әнді мен, Басқа сенің әңгімең. Арамызда біздердің, Сан шақырым бар білем.

Мен басқаша жырлаймын, Басқа сенің бір қайғың. Ойлаппын ба туар деп, Маңызы жоқ мұндай күн.

Не айтасың, не айтамын? Сыбырлашы, сайтаным. Тілсіз қалған жандайын, Үнсіз үйге қайтамын.

  • *

Болмашыға бұртиып бұлданамын, Еркелігім жасап бір жылдам адым. Өкпелі боп ендім де жанарыңа, Жылы күліп көзіңнен сырғанадым.

Қылығындай болды-ау деп тым баланың, Қабағыңды бағып бір ұрланамын. Елжірескен көңілмен бұл өмірдің Жеңе білсек болғаны шырғалаңын.

  • *

Ойладым деп, сағындым, сарғайдым деп, Жүктедің-ау алдыма таудай міндет.

Алып-ұшқан болмаса менде сезім, Сөзіңе сенбес едім.

Қаңтар айым, жаңғырған жан сарайым, Сол шағымды қалайша аңсамайын.

Сары аяздан тоңғанда қала мүлдем, Жылытқансың жалт еткен жанарыңмен.

Ал шілдеде суықсың, қалтыраттың, Жарымасын білгенмін жарты бақтың.

Күдікті ойлар түскенмен бекемдене, Өкпемді тез ұмытып кетем неге? Есімім де, есім де, бүкіл денем, Сағынышқа айналды күтуменен.

БАБА ТІЛДІҢ ҚАДІРІН БАЛА БІЛСІН

Тіл – оттегім, таза ауам тыныстаған, Ол түнерсе, менің де өшкен күнім. Жоғарыға жалау ғып жыр ұстаған Кіндігінен таралғам көшпендінің. Еркін елдің балауса бастауымын, Аталардың аңсаған арман-әні. Немқұрайлау кейпіме тас дәуірдің Таңданады тастағы таңбалары. Жәбір көрген жандайын жақынынан, Сырты солғын дей көрме, іші – жалын. Бәтуашыл бабалар нақылынан Тұшынамын, жыр-кептер ұшырамын. Қамшысындай атамның өрілген сөз, Көркемдігі - әжемнің кимешегі. Көкжиектен күн күліп көрінген кез Жаттық етсем, жаным да күймес еді.

Он бесінде ой түйіп, топқа кірген, Қара балаң бүгінде қарадүрсін. Жан-тәніммен тілерім тек Тәңірден – Баба тілдің қадірін бала білсін.

  • *

Қарашаның қара суық кеші бір, Ойға оралтты сол бір жанның есімін. Жауыннан ба, қауымнан ба, Қолшатырға тығылдым, Алға аттадым... сұрап тұрып кешірім.

Алға аттадым, аттағам жоқ ала жіп, Күздің кеші сенбей тұр-ау сазарып. Жыр тілейін, сілкінейін, Жансыз жапырақтарын Желге ұшырған ағаштай боп тазарып.

Не қылайын қарашаға өкпе артып, Жапырағын жер ететін, жоқ тәртіп. Ұяңдығым, қиял-мұңым Ұрдажықтар ұқпайтын, Үйренсемші мінезіңді сотқар, тік.

Қапсырады сансыз ойлар қамалап, Жан сырымды жаяр едім саған-ақ. Жемісін де, жеңісін де Тауысып алған қарашам, Қолшатырды жинап алдым, Мұңымды шай, жаңбырыңа қанағат.

Қуаныш та қостан екен, жұт егіз, Асықпағын, бастан кешіп бітеміз. Көңіл де ояу. Қоңыр бояу Екеумізде тым басым, ... Қайтуші едік?! Аппақ қарды күтеміз.

  • *

Жырым-жырым жақсылық, Түсіп қалды иықтан. Өмір, өзің бақсы ғып, Күліп тұрсың миықтан.

Жымың-жымың көкте күн, Түнмен туыс тамырым. Кімге керек өткенім, Сылдыр су боп сан ырым.

Тілім-тілім тілегім, Сіңіп селдір бұлттарға. Қайғы жонған жүрегім, Шипа таппай ұрттарға.

Мұңым, мыңым, мұнарам, Қасық мида мекенің. Тәтті тағдыр сұрағам, Білмей қатал екенін.

Бұрым-бұрым бұралаң, Батты-ау саған сан адам, Қос бәйтерек құлаған – Қайран әкем, жан ағам!

  • *

Алғашында албырт оймен адастым, Қиялыммен қолтықтасып таң астым. Қол бұлғамай кете берді келмеске, Уақыт мешкей жеп бітірген қалаш-күн.

Иек артқан шақтарым-ай елеске, Мен де өшетін секілді едім ол өшсе. Бар мен жоғым, мұз бен шоғым сыналар, Қамкөңілім кешіп, көшіп сел өтсе.

Біріміз жаз, екіншіміз қыс сынды, Жаздан жаның неге сонша ышқынды?! Ұмытқан соң бірге ұшқан құс-күнді, Соның бәрі түнде көрген түс сынды.

Болдым деме сол сәттерден сан ығыр, Тілектестің Тәңірі бір, таңы бір. Бүгін нүкте. Ертең күтпе келер деп, Әйтеу бір күн мені іздейсің бәрібір. Енді маған бәрібір.

  • *

Мен шаршадым, құр елестен шаршадым, Тұп-тұнық ой сыйға тартшы, таң сәрім! Әлі қанша ауар саған аңсарым, Құлдығың боп жүрем әлі қанша күн.

Қуанышым бола тұра, мұңым сен, Қайсы басым безбендеуге жүгінсем? Бақыт үшін бұралаң жол бағыт боп, Кінәлама, сезім үшін сүрінсем.

Ақталды деп мені айыпқа бұйырма, Кетіп қалсам көз көрмейтін қиырға, Сартап болған сағынышты ерттеп ап, Менің жүрген жолдарымды шиырла.

  • *

Мені мүлде елемейтін кездеріңді, Жанға суық себелейтін көздеріңді Жүрек деген ғашық дүрбім көреді, Сосын сенен қашып жүргім келеді, Қашық жүргім келеді.

  • *

Алты аласым жоқ сенде, бес бересім, (Ала берем жиілеу еске несін), Кілт бұрдым тез көңілсіз көш кемесін. Енді мәлім кейіннен кеш демесім, Сенің атың мен үшін өшкен есім.

Махаббатың болған соң бұйдалы ағын, Қасарыстым шығармай қимаған үн. Жаңа білдім, сол алғаш сәттен бері, Арзан күндер екен-ау сыйлағаның.

Жанарың жат боп шықты, сөзің сұйық, Күлге айналды мендегі төзім күйіп. Жалықтырды бәлкім, ор, асқақтығым, Тұрмаған соң иіліп, өзім сүйіп.

Келісе алмай, тағы да ара күдік, Жолда қалды жүре алмай жаралы үміт. Сен санамнан сызылдың, есігімді Қатты жауып кеттің де, қара жігіт.

  • * Кейде өмірді келеді талқандағым, Қасқайсам-ау, міне, деп, алсаң жаным. Арқа сүйеп келмейді алшаңдағым, Арқам барда өзіме артам бәрін.

Кейде өмірді сүйемін өліп-өшіп, Күмбірлеген кеудемде желік есіп. Енді жете бергенде ардағыма, Қарсы алдымнан шығады темір есік.

Кейде отырам өмірдің мәнін ұғып, Боталарым жағады жаныма үміт. Атса деумен солардың таңы күліп, Сұр тірліктің кетеді жаны кіріп.

Солай. Жиі құбылам, қайран қалма, Жұмбағына жанымның айлаң бар ма? Мен түгілі жүр, әне, мың өзгеріп Бақыт күліп құшағын жайғандар да.

  • *

Аналарым, ақ самай әжелерім, Сендердей мен де өмірге дән егемін. Еркелігім шығар тек, жетпей жүрсем, Жастықпен қадіріне дәнеменің.

Әжелерім, шежіре, әз үндерім, Сабырлы едің, не деген қажырлы едің. Жүріп өткен жолдарың шиырлаған, Әр беріп тұр жүзіңе әжімдерің.

Әжелерім жүн түткен, киіз басып, Кетіп бара жатыр-ау қиырға асып. Сарқытың бола алармын салтқа жарар, Естіртсең сыр сандықтан күйіңді ашып.

Қыз болып, келін болып көктегенің - Тамыры терең кеткен көк терегің. Жеткізген көне демін - өнегелім, Өзіңдей болсам енді деп келемін.

Аналарым, ақ самай әжелерім, Сендердей мен де өмірге дән егемін. Еркелігім шығар тек, жетпей жүрсем, Жастықпен қадіріне дәнеменің.

  • *

Біле тұра күннің ертең өлтірерін дарға асып, Желдің жалбыр көйлегіне жармасып, Сонау көктен құйғыта кеп асыға Сүйіп жатыр қара жерді қар ғашық.

Ертең сені біреу тастар бір төбе ғып күретіп, Таптаса да табанымен мың етік. Жанарыңның нұры таймай жалтылдар, Қызыл күннің қызғанышын үдетіп.

Қалды ма онда сезіміңді сезер сана, сенер ес, Ақыры анық, опа бермес ерегес. Күн жоғары, ал жоғарғы қашанда Төменгіге бас имейді, теңі емес.

Шынымен-ақ құтқарушы табылмай ма тез, демде?! Арашашы аязың да безген бе?! Аяушылық, қаяу тұнып ойда, әттең... Сенің жылап кетеріңді сезгенде.

  • *

Жол үстінде жолығып, Жол үстінде қоштасып, Үлгердік пе, білмеймін, Қимас жандай достасып?

Түйістіріп көзге көз Қарадық па дұрыстап, Екеумізді күтті ме Ақ қар басқан күміс бақ.

Ести алмай кеттік пе Жүректердің қағысын, іңкәрліктің тынысын, сезімдердің дауысын.

Сүйікті де демедік, Сүйе де алмай қанып бір, Сіздің жұлдыз әнекей, Жоғарыда жанып тұр.

Түсіме ене береді Сұлу, суық түсі ақ қар... Қыспай қалған құшақтар... Ұшпай қалған ұшақтар...

  • *

- Бақыт деген не десе не айтар едің? - Ол менің сайын далам, байтақ елім.

- Байлығың, қазынаң не таусылмайтын? - Ана тілім, шығарған даусымды айқын.

- Дана ақылды бұл қазақ сақтамай ма? - Ақыл кені қарт қойма ақ самайда.

- Тәрбиеде ұстанған қазығың не? - Ұрпақ жолы әженің әжімінде.

- Атың қайсы қастерлеп, үкілеген? - Ар дариды ананың сүтіменен.

- Шаңырақ бағын қалай өсіріп ең? - Төрдегі тербетілген бесігіммен.

- Еңбекпенен өрлеген кім еліңде? - Күш-қайратер азамат білегінде. Халықтың ақ баталы тілегінде. Сыйып тұр мұның бәрі қазағымның Әлемнің картасындай жүрегінде.

  • *

Есер ғой ол, ерік берме ерінге, Ерінбеген езулейді тегінде. Ақыл тезбен, асыл сөзбен ұғындыр, Не жатқанын ойдың алтын кенінде.

Тіл ұшында тұрған уға тосқауыл Тіс болады, жаратылмас босқа бұл. Тілге тиек, жерге үйек табылар, Кемел болса жасамыс та, жас та бір.

Тіл – қасиет, тіл – кемеңгер, киелі ол, Кие ұрмасын десең сөзге ие бол. Болашаққа бағыт сілтеп тұрған бұл – Көнелерден қалған бізге күре жол.

ӘКЕМЕ

Әкежан, арманымнан шошынбағын, Күтіп тұр әлдеқайда тосын бағым. Қиналған кездерімде жаным жасып, Дейсің-ау: «Қызым, мен де осындамын».

От шарпып, жүректегі жалын ұрған, Қорқасың, әке, неге қарымымнан?! Ойлайсың «Қалып қояр орта жолда, Таба алмай қала ма, - деп, - бағын жырдан».

Әкежан, қуанамын сіз барына, Көміліп, жүрмін өлең ызғарына. Ақ өлеңнің құйыны құтқарады Құлап кетсем тағдырдың құз-жарына.

Өлеңсіз бұл қызыңның күні жетім, Үздіксіз жыр боп сезім тізілетін. Жаным мен өмірімді жалғап жатқан, Өлеңім - өлмейтұғын құдіретім.

  • *

Жанға батып жауабы жоқ сұрақ тым, Мен несіне сені шексіз ұнаттым? Қалай жылдам өзгергенсің, шуақтым, Түсінбедім, маған нендей кінә арттың? Мен бойжеткен, сен де емессің бозбала, Жалған айтып жалтармашы көзді ала. Өзге біреу өзегіңді өртесе, Бірден ұғам, онда әңгіме қозғама. Селт етпейсің, сергелдеңге салдың да, (Төтеп беріп келген ем ғой бар мұңға). Менің сені тергеуге алар қақым жоқ, Жауап бер тек сезіміімнің алдында. Бір себебі болу керек әр жайдың, Енді несін өзімді өзім алдаймын. SMS хат жазып енді мазалап, Бейуақта телефон да шалмаймын.

Айтылмаған қалды талай менде сыр, Ендігі оным жырға айналды көл-көсір. Нөміріңді мен де өшірем, сен де өшір. Көңілімнен мен де өшірем, сен де өшір.

Сен қажетсіз көрген шуақ арайлы, Жұдырықтай жүрегімнен тарайды. Көште қалған Көксеректей қыңсылап, Соқыр сезім жан жарамды жалайды.

  • *

Серпіп тастап сағыныштың сағымын, Көктеміммен бірге келген жарығым. Сенен түскен сәуле көзін ұялтып, Кетті аулаққа жалғыздықтың жары – мұң.

Тыйыа тастап ой-толқынның тентегін, Кеудесін жел жұлмалаған желкенім. Көлге қара Көкпен жатқан астасып, Сезімімнің іздер болсаң өлшемін.

Сағынтарым, аңсатарым, іздерім, Қарсы алатын тырналардың тізбегін, Көктемімді кешіп келем, асықпа, Ала тұрсын қартаң тартқан күз демін.

Кемпірқосақ. Ұнатасың қай түсті? Қызыл, жасыл, маған бәрі айшықты. Жарқ етерін жанарыма сіңірген Жасыныңнан жүрегіме жай түсті.

Өртенгенмен өр жүрегім өлмеген. Ағыл-тегіл нөсерлетсін енді өлең. Тағдырыммен кезіккенде бетпе-бет, Көктеміңді көрсет десе, Сен дер ем.

  • *

Кеше отырған күміс зерлі күймемде, Көңілсіздің күйін кешкен бір мен бе?! Бегімайдың жырын айтып қайтейін, Белуардан ойға батып жүргенде.

Шырмауықтай шырмалуға шақ қалған, Кездерімнен антымды айтып ақталғам. Бейкүнә ойға батыраштық жасадым, Жанарынан жасы тамып жатты арман. Ұстатпайтын сағым сынды мол үміт, Сол үмітке жолда қалдым жолығып. Көңіліңіз Күн секілді, жүрейін – алыстан-ақ мейіріміне шомылып.

МАЗМҰНЫ

«Мен әйелмін» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 3 «Құр ауаны кескілейтін сұрақтар» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 4 «Тұрса да әлі...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 5 «Тарпаң ойға...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 6 «Қауырсыным қардай аппақ...». . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . - «Расында өмірдің несі жалған» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .7 Вальс . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 8 Өмір, өмір . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 9 «Менің жаным...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .. . . 10 «Біліп өстім...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . - «Бұлт жылауық...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 11 «Дерт-азабын теңестіріп ләззатқа» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 12 Сүйінші . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 13 «Бір аунап түсті Күн тағы» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 14 «Мұңым емес шығар...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 15 Бопай батырдың Кенесары жасағына қосылардағы сөзі . . . . . . . . . . . . . . . . 16 «Тым ерекше қажет етер күтімті...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 17 «Шырайы кем, шапаны да шоқпыт түн» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 18 Қызғаныш . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 19 «Күнәмді менің...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 20 «Қарғам» деші» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 21 «Зулайды күндер зымыран» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 22 «Берілгем жоқ жорта мұңға» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 23 Ішкі даусыммен сырласу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 24 «Сырнай тартты сиқыршы» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 25 «Кірпігіңнен көркем емес...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 25 Туған күн . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 26 Өлең жазу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 27 «Жасандыны бүркемелеп жарнама» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 28 Жұбату . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 29 Қызыл Жер . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 30 «Назарыңызға қарасам...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 31 Көзсіз көбелек тірлік . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 32 «Жарамсақтың қолын ап» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 33 Жыр жүрегі . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 34 «Алтыным, сүрінгенің, құлағаның» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 35 Маскарад . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 36 Өтеді талай ғасыр . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 37 «Жүрегім бе кеудемдегі тірі етім» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 38 Алтын балық . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 39

«Ізіміз қалған іңірде...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 40 «Менің бүкіл болмысымның айнасын» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 41 «Махаббат дейтін мынау ұлы күштің» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 42 «Мансаптың бәрі төр ме деп» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 43 «Түгесілмей жүрсін десең татар бақ» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 44 «Қадір түні...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 45 Түлкібұлаң тірлікте . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 46 «Дегбір таппай...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 47 «Бөледі де бақытқа...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 48 «Нені аңсадым...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 49 «Күрмеуге келмес...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 50 «Бақытын іздеп бес күннің» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 51 «Алғашында бөлеп мені...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . - «Шыбық алып барайыншы қой жаққа» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 52 «Жер шарындай жүргенім...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 53 Жолдар, жолдар . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 54 «Періште емес, пендемін» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 55 Екі дүние жаннатында өлең бар . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .56 «Не? Сезім дейсің бе?» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .57 «Қызығардай болса өмір дерегім» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 58 «Көз алдымда...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 59 Жастықтың үңіл көзіне . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 60 «Сенімімді сетінетпе» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 61 «Мезгілімді білгім келіп құлшынып». . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . - Алма ағаш гүлдеді . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 62 «Алдыңызда жаңа кітап – күнтізбе» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 63 «Арайлы таң!», «Қайырлы түн!» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 64 «Шыбық ұстап...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 65 «Алла құлы...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 66 «Күнделікке сыр айтамын...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 67 Келін (баллада) . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 68 «Жаңа ғана тұрған бұлттар...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 71 Анама . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 72 Ай сәулесі . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 73 «Анау қырда сап түзеген молалар» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 74 Күре жол . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 75 Бір күнім . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 80 «Қос жыр-жүрек Қайырбек пен Күләштай» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 80 Отбасым – шағын жұмағым . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 81 «Ауасына ауылдың шөлдегенім» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 82 «Аға, ақыл қосыңызшы» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 83 «Көтерілді түн пердесін түре Күн» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 84 Қызыл көйлек . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 85 «Томағасы сыпырылды қыранның» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 86

Даланың данышпаны . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 87 «Тағдыр мәңгі бір болуды жазбаған» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 88 Сен жанымда жүргенде . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 89 Қоштасу . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 90 Күншілдіктен жерідім . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 91 «Қайда жүрсің, қай жақтың белесінде» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 92 «Жылжып барады жылдарым жылдам өтіп» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 93 «Шымшық-жаным қалай тұрсын шыр етпей» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . - «Ауырлықтың бәрін үнсіз көтердім» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 94 «Бірге өткізген алты жылым...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 95 Ержан ағама . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 96 «Аясында шағалалы шақтардың» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 97 «Көңіліңе мұң сыйласам...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 97 «Басқаша айтам әнді мен» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 98 «Болмашыға бұртиып бұлданамын» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . - «Ойладым деп...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 99 «Баба тілдің қадірін бала білсін» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 100 «Қарашаның қара суық кеші бір» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 101 «Жырым-жырым жақсылық» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 102 «Алғашында албырт оймен...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 103 «Мен шаршадым...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 104 «Мені мүлде елемейтін кездеріңді» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . - «Алты аласым жоқ сенде...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 105 «Кейде өмірді келеді талқандағым» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 106 «Аналарым, ақ самай әжелерім» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 107 «Біле тұра күннің ертең өлтірерін дарға асып» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .108 «Жол үстінде жолығып...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 109 «- Бақыт деген не десе не айтар едің?» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 110 «Есер ғой ол, ерік берме ерінге» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 111 Әкеме . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 112 «Жанға батып жауабы жоқ сұрақ тым...» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 113 Көктеміңді көрсет десе сен дер ем . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 114 «Кеше отырған күміс зерлі күймемде» . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . 115

Сағыныш Намазшамова

САҒЫНЫШ

Редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы Көркемдеуші редакторы Кенжеғазы Айтжұманұлы Суретші Наурызбаев Нұрмұхамбет Қалпы 84x90 ⅓2. Қағазы офсетті. Қаріп түрі «DS Baltika». Шартты баспа табағы 7,5 б.т. Таралымы 1000 дана. Тапсырыс № 298

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙