Ақбоз ат
Тәкен Әлімқұлов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Ақбоз ат» романы тұңғыш рет 1961 жылы жарияланды. Әр кейіпкердің бойында қоғам шындығы жасырылған. Оны өздеріндегі мінез бен іс-әрекеттері арқылы жеткізеді. Шығарма қазақ халқының тағдырын меңзейді. Тұлпар төңірегіндегі оқиғалар қоғамдық мәселелердің көтерілуіне жол бастайды. Романдағы басты құн...
роман
Сен бе едің ертемен қозы ағытқан,
Мен едім ақбоз атпен орағытқан.
Халық өлеңі.
І
Ақар-шақар таудың арасында таспадай тілінген жіңішке жолмен кішкентай поезд жүйткіп келеді. Батып бара жатқан күн селдіреген бұлттардың арасымен сары доптай зырылдап, әр асқарға бір жасырынып шығады. Елеусіз Досов көңілді. Көңілді болатын себебі, жер бетімен жүргенді жақсы көреді. Ал, жолдасы Қараш Беков көңілсіз. Көңілсіз болатын себебі, ол ылғи аспандап ұшқанды ұнатады екен. Кеше: «Шабан поезбен жүйке құртқанша, бүрсігүні самолетті тосайық» деген. Бірақ Елеусіз: «Оған шейін осының өзімен де барып қалармыз» деп көнбеді. О, көнбегені қандай жақсы боп еді!.. Елеусіз Досов — республикалық газеттің қызметкері де, Қараш Беков — кинооператор. Екеуі мойны қашық бір ауданға командировкаға келе жатыр. Қызмет бабынан екеуінің ниеті бір болса да, жеке бастың тіршілік - түйтпегінен ішке түйгендері әр түрлі. Ең алдымен, Қараш мойны қашық ауданда тұратын сырқат апасының көңілін сұрап қайтпақ. Ал біздің Елеусіз... Ғафу етерсіздер, «біздің» дейтін себебіміз, біздің де жұрт қатарлы іш - тартарымыз бар. Жіпсіз байланысып, жіксіз жымдасқан дос-жаранымыз бар. Елеусіз солардың бірі де бірегейі еді. Осылай болғандықтан, ол турасында кейінірек кеңес шертуді лайық көреміз. Бұл арада, ұмытып қаларлық жәйттер жария болсын дейміз. Қараштың жақын туысқандары Бұхар облысында тұратынын Елеусіз білетін де. Отызыншы жылдары әлде бір себептермен сонда етіп кетіпті де, орын теуіп қалып қойыпты. Қараш қолы тиген жылдары сол жаққа ара - кіді бара жүрсе де, өзінің кір жуып, кіндік кескен жері Қызылкен атты көлге бір рет те соға алмаған. Туған апасы Кәмиламен дидар керіспегеніне де отыз жылдың жүзі толыпты. Қазір Қараш Қазақстанның жағрафиялық картасына жарты тамшы нілдей боп түскен көлге жол тартып келе жатыр. Тіршіліктің ығыты осылай келген соң, сағынышты апасы өкпе-назын кешеді - дағы. Расында да, ештен кеш жақсы ғой... Елеусіз болса, Қарашпен бірге бара жатқанына шексіз қуанышты. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп демекші, сырлас жолдастың ергенін сапардың жақсы нышанына жориды. Тегі, журналистің қызметі қызық қой. Дүниеде нендей жаңалық боп қалды деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, елеңдеп жүргені. Кейде, үш ұйықтасаң ойыңа кірмейтін нәрсенің үстінен шығатының бар. Әйтпесе осы сапарда отыз жыл ұйықтап оянған адамға душар болам деп Елеусіз ойлаған ба? Бір атқа бола жалғыз қызын шырылдатып, сүймеген адамына зорлап қосқан қатігез әкені, махаббат дастанының көзі тірі кейіпкерін, күллі ел көшіп кеткен сары жұртта тапжылмай жалғыз қалып қойған қыңыр кісіні көремін, есітемін деп те болжаған емес-ті. Жермен жүрген аяққа жөргем ілінетінін Елеусіз осы жолында анық байқады.
Бірақ оқиғаны өз ретімен баяндамасақ,
Елеусізге қиянат жасаймыз.
Сенімнің көзіне шөп салар жайымыз жоқ.
Қиыстыру, құрастыру бұл жерге жүрмейді.
Сонымен, Елеусіз Досов пен Қараш Беков селкілдек поезбен түні бойы жүріп, ертеңіне ұлы сәскеде Қаратаудың қалың ортасындағы бір кенге келіп түсті. Үлкен саймен қоймалжың сары өзен ағып жатыр. Руданың иісі сезіледі. Қараш мұрнын шүйіріп, түшкіріп қойды. Бұлар келе - ақ іздестіріп еді, мойны қашық ауданның «Бозтөбе» совхозына қатынайтын машина таң салқынымен кетіп қалғанын есітті. Сейдін ауданының орталығы «Бозтөбенің» арғы жағында талай жер болғандықтан біздің жігіттер сапарды совхоздың өзінен бастамақ болған. Енді ел шетіне іліге алмай, діңкесі құрып тұр. Қараштың өткен іске өкінбейтін мінезі бар. Елеусіздің үн жырғасы түсіп кеткенін көріп:
— Крепись казах, атаманом будешь! — деп, иығынан сілкіп қойды. «Қазақ» деудің орнына «казах» деуі әзілін ойнақы ете түсіп еді, Елеусіз еріксіз езу тартып күлді. Жолдастың тапқыры жақсы ғой, шіркін...
Жолаушылар көшені біраз аралап, қыр басында құжынаған базарға барды. Күн қызып кетті. Бешпентінің желке бауынан ұстап, иығына асып алған Қарашқа жұрттың бәрі тосырқай қарайды. Басындағы бауы қызыл бере тасы да, көзіндегі мүйізді, қара көзілдірігі де ерсі көрінетін сияқты.
Қараштар қымыз ішпек болды.
Қымыз сатушы әйелдер: «Мынаны көр, мынаны көр!» деп шулап жатыр.
Олар қымыз ішіп тұрғанда ақ сақалды, бурыл қасты, күн қаңсыған тосын шал кеп, жөн сұрады.
Қараш өзінің жөн - жапсарын айта бастағанда, шал:
— Бәсе, өзім де түсіңді шырамытып ем. Әкеңе ұқсапсың. Даусың да айнымайды,— деді.
Жігіттер қариямен танысты. Есімі — Біркімбай. «Бозтөбе» совхозының үшінші фермасынан келіпті. Ауылы жонда. Осында, онжылдық мектепте немере қызы оқиды екен. Соны көріп қайтуға келген. Басқа да кәкір-шүкір шаруалары бар секілді.
Біркімбай қария Кәмиланы да біледі екен.
— Қызылкенде емес, совхоздың орталығында отыр. Баяғыдан жіңішке кеселі бар еді ғой. Биыл қастығы меңдеп бара жатқан соң, совхоздан сауындық бие берген. Соның саумалын ішіп, әлсін-әлсін бері қарапты деп есіттім,— деген.
Қараштың көңілі жарым боп, уайым кіре бастағандай. Ол сабырсызданып, лауды қалай табуға боларын сұрап еді. Біркімбай:
— Бір көлікті мен беремін. Екіншің осындағы «Ат қорасынан» ылау сұрап алыңдар. Қызмет бабында алып жүр ғой,— деді.
Көп ұзамай, Елеусіз куәлігін көрсетіп, «Ат қорасынан» ат жалдап алды. Біркімбай «Ат қорасынан» үлкен ала. атты жетектеп шығып, жігіттерді немере қызы оқып жатқан үйге ертіп апарды. Бұлар таудың төскейіне тепкіш - тепкіш салынған байыту фабрикасының қасындағы барактың ұзын коридорымен жүріп отырып, үлкен бір бөлмеге кірді. Бөлменің өзін шымылдықпен бөліп қойыпты. Есік жақта жұмыс киімдері саудырап ілулі тұр. Руданың, карбиттың исі аңқып кетті. Қараш мұрнын шүйірді.
— Иіс майы бұрқылдаған бұ қайсың, әй?—деді шымылдықтың тасасынан әйел даусы.
Біркімбай дыбыс беріп, қақырынды. Шымылдықтың тасасынан шыға келген кексе әйел: «Бетім!» деп тартынып қалды да, жас қыз қысылмай күлді. Қараш жатық иілді. Қыз қол беріп жатып, «Шолпан» деп есімін де атап үлгірді. Үй иесі әйел тұйық адам екен. Ернінің ұшымен ғана амандасып, ойысып қалды. Есімі Қарлығаш екенін қонақтар кейін білді. Бірекең қояр да қоймастан, қазан көтергізді. Тысқа шығып кеткен Қараш қағазға орап ішімдіктер алып келді. Хозяйканы ішінен аяп отырған Елеусіз серігінің тапқырлығына риза болды. Бірекеңнің де оң қабағы жымың ете қалған. Шолпан жас та болса ас қамын көбінесе өзі жасап жүр. Олай-былай өткенде таңсық қонаққа жалт етіп көз тастап етеді. Киімі жобалы, өзі ілмиген, еңкіш Елеусізге назар салар емес. Шыны керек қой, сол сәтте Елеусіз шалымды серігінен солқылдаған жас қызды қызғанып еді. Сол қызғанышын әдейі өршіте түсейін дегендей, Қараш та текке отырмай, реті келсе - ақ қызға көмектесіп оралымдылығын, кішіпейілділігін танытып жатыр. Ет -жүрегі елжіреп бара жатқандай, барасыз омырылып, көзімен ішіп-жеп, тінте қарайды. Елеусіз жыны кеп, ернін қымқырып, тымсырайып отыр. Бұны Қараш сезсе де сезбеген болып, өз қызығымен өзі болуда. Шарап үстінде ғана Қараш жолдасына ілтипат көрсетіп, осы үйдің ішімен бірге суретке түсіріп алды.
Астан желік байлаған жігіттер күн еңкейіп таудан асқанда атқа қонды. Елеусіз бағанағы алаға мінген. Бірекең совхоздан мініп келген алқара көк маңғыл қасқасын Қарашқа беріп, өзі осындағы біреудің ақ есетін сұрап алды. Қыр қазағының ізетшіл... Сыйлы жолаушылар қайтарда соғатын боп, жеңгейге де, қарындасқа да көп-көп рақмет жаудырып, қайта-қайта бас шұлғып, қимай қоштасты.
— Мүмкін, тойға мен де үлгіріп қалармын,— дейді Шолпан.
— Нұр үстіне нұр,— дейді Қараш жымия қарап.
Қараштың қуанышы қойнына сыймай келеді. Фотоаппараты мен кинокамерасын мойнына асып ап, қаракөк аттың үстінде қодилана түседі. Жарау ат астында тұрмай, ойнақшып, желікке желік қосады. Оқудағы қызын көріп, әрі кенеп қоржынның бүйірін шығарып қайтқан Бірекең де көңілді. Шоқша ақ сақалды, сирек, ірі мұртты, бурыл қою қасты тіп-тік науша шал әсте еңкеймейді. Жылқыдан қалма дегендей, ақ есекті қайта-қайта «уқалап» қояды. Шал да аппақ, есек те аппақ. Жалғыз қалса, бейне бір аруаққа ұқсайтындай... Жолаушылардың көңілсіз — Елеусіз. Арбадан шыққан биік ала ат аяңға тіптен жоқ-ты. Жүрісі іркіс - тіркіс, кіді. Қамшыласа лоқылдап оқыс желіп, ішін ауыртады.
— Осы жүрістен танбасақ, таң ала кеугімінде ауылға барамыз,— дейді қария.
— Одан да, жолай бір жерге қона кетсек қайтеді? — дейді мазасы кетіп келе жатқан Елеусіз.
— Қонам десеңдер, ел орынға отыра Үштөбеге жетеміз. Сонда аялдайық.
— Үштөбеде тамыр-таныстарыңыз бар шығар?
— Қарға тамырлы қазақ емес пе,— дейді Біркімбай.— Мені былай қойғанда,- мынау баланың әкесін білмейтін адам жоқ бұл өңірде.
Әңгімеге «мынау бала» деп аталған Қараш килігеді.
— Журналистің досы көп бола ма? — деп сұрайды ол Елеусізден.
— Көп болады,— деп жауап қайырады Елеусіз ойланбастан.
— Сенің досың қанша?
Елеусіз аңырып қалады.
Шынында да, осы күнге шейін Елеусіздің ойына бұндай сауал оралған емес. Оралмаған соң досының санын санап, жіпке тізіп көрген де емес. Елеусіздің сыйласатын да, сырласатын да дос-жараны бар. Қастандық ойлайтын дұшпаны да жоқ емес. Жаттанды ізетпен жарасып жүрген дүбәралары да толып жатқан секілді. Қысқасы, бастан кешкен тіршілікте Елеусіздің өзіне лайық досы да, қасы да болды. Кейде достан көңілі қалып, айрылысты; қасымен табысып, татуласты. Татуласарда: «Ер шекіспей бекіспейді» десті. Әр түрлі адамдармен аралас - құралас еске түсіп, қалың ойға шомған Елеусізге Қараш шұқшия түседі.
— Сонымен, сенің досың қанша?
— Екі жүз миллионнан асады,— дейді Елеусіз күлімсіреп.
— Оны капиталистік баспа сөздің тілшісіне сөйле. Және баяғыда біреудің айтып қойған тапқырлығын малданба.
«Осы екеуі не деп келе жатыр?» дегендей Біркімбай есегін «уқалап», Қараш пен Елеусіздің дидарына кезек қарап қояды. Елеусізге Қаратау майданнан келіп тұрған қара айғырдай боп көрінеді. Солығын баса алмай, денесінен бу ұшырып тұрғандай. Сонау іркіс-тіркіс шың тастары жылқының жалына ұқсайды да, мынау тарау - тарау жолдары салт аттың сауырындағы өмілдірікті еске салады. Елеусіз ойға шомғанда өзімен өзі боп кетерді. Ешкіммен дау-далабаға түспес те, ешкімнің сөзін естімес те еді. Шахмат ойнаған адамдай, өзге дүниенің бәрін ұмытарда. Осы жолы да сөйтіп, қиялға мүлгіп келе жатқанда жолдасының оқыс шыққан даусынан селк ете қалды.
— Что мы будем со стариком,— дейді Қараш,— давай поскачем, дорога надежная.
Қараш тебінгенде, кешкі салқын мен күндізгі терін үгіп, желдеп, желіге бастаған көкқасқа пысқырып, құлағын қайшылап, басымен жер сүзе бастады.
Қараш пен Елеусіз қиыршық жолмен шоқыта, тасырлата жөнелді.
Олар шаба - шаба жайлауға жеткенде, абалап иттер қарсы алды. Ел жатып қапты. Қоңыр үйлер мүлгіп тұр. Тек шеткі үйден ғана сығырайған шырағданның сәулесі көрінеді.
— Кім бар-ау?
Далаға әйел шықты. Шықты да:
— Ойбай-ау, мынау көкемнің көкқасқасы ғой,— деді таңданып.
Жолаушылар үйге кіргенде әйел шырағданның бұғыңқы пілтесін көтеріп, жарықты молайтты. Төрде дөңгелек жүз, жирен сақал біреу ұйықтап жатыр еді. Елеусіз әнеугі күнгі Алматыда өзі поезға шығарып салған жылқышы Нұршаны таныды.
— Мына кісі Нұрекең ғой,— деді ол.
Нұрша самарқау оянды да, алақанын шырағданның сәулесіне тосып, қалқалай қарады. Сол сол-ақ екен, орнынан атып тұрды.
Екеуі шұрқырасты да қалды.
Осыдан кейін үй иесі әйел де қонақтармен түгел танысты.
— Е, айналайын-ай, түсің де, даусың да әкеңе келеді,— деді Қарашқа.
— Сыртыңнан естуім бар еді, қарағым,— деді Елеусізге,— Шынар қазір ылдида. Біз өзіміз мал қамымен жонда отырмыз. Арамыз алпыс шақырым болса да, жол жаман болғандықтан айында, жылында бірақ қатынасамыз.
Бұл әйел — Шынардың шешесі Гүлнаш екенін Елеусіз енді ғана білді.
Шынар кім? дейсіз ғой. О, шамалы сабыр тұтыңыз. Шынарда сыр бар...
ІІ
Ат соғып тастаған жолаушылар ұзақ ұйықтаған. Ылғи ерте тұрып дағдыланған Елеусіздің өзі күн көтеріле оянды. Жирен сақал тұрып кетіпті. Түрілген іргеден майда - қоңыр самал соғып тұр. Есік алдында қағілез сары жігіт көк лақты сойып жатыр. Жер ошақта шажылдап қайнаған бауырсақтың исі еміс-еміс келеді. Елді жиі-жиі аралайтын Елеусіз мал сойылған жерге қатын-қалаштың өш келетінін білуші еді. Қазір де солар сойылма маңына келгіштеп, қол үшін бергіштеп, күйбелеңдеп жүр. Және бәрі қыбын тауып, осы үйдің әйеліне бірдеңе деп қалады. Мосқалдары «Әй, Гүлнаш» деп, келіншектері «жеңеше» деп жатыр. Кезі ұйқыда болғанмен, сырттағы дыбыстарды Қараш та естіп жатқандай. Кәдімгі, бейғам өскен адамның манаурап жатқан байсалдығы. Елеусіз темекі тартты. Әдейі сіреңкенің үш шырпысын қосарлап тұтатып еді, «пыр - пыр» етіп біріне бірі жалғасқанда «бұл немене?» дегендей, Қараш ұйқылы кезін жыпылықтатты.
— Доброе утро, Қараш Бекович — деді Елеусіз. Қараш жадырап күлді де, есінеп, аузын қалқалап жатып:
— Ох, все тело ноет,— деп енжар ыңыранды.
Қонақтар тысқа шықты.
— Малды бекер сойғансыз, апай,— дейді Елеусіз үй иесі әйелге. («Жеңгей» деуге кәрілеу, «шешей» деуге жастау.)
Гүлнаш, лақ етін олқысынды ма дегендей, қипақтап қалды.
— Қожайынымыз механик, көбінесе совхоздың орталығында, Бозтөбеде тұрады. Бар мәзіріміз осы боп жатыр, қарақтарым.
— Ойбай, атамаңыз, апай! Жазда етті кім жейді?
— Ет жейтін ауыз табылады ғой,— Гүлнаш жымиып күледі.
Гүлнаш жуан да емес, жіңішке де емес, толысқан қалыпта шалқақ кеудесін тік ұстайды. Түрулі жеңінен толық ақ білегі түгелге жуық көрінеді. Келісті ақ құба бетінен әжім байқалмайды. Тек, көз жанарының тым салқындығы ғана әйелдің талай жерге келіп қалғандығын аңғартып тұр. Елеусіздің есіне «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» деген мақал түсті. Елеусіз енді ғана толық аңғарды. Шынар да, кешегі жас Шолпан да Гүлнаштың аузынан түсіп қалғандай екен. Ал, Гүлнаштың өзі Біркімбайға қоянның көжегінде ұқсап тұр. Осы іспеттес, нәсілі айнымайтын әулетті көргеніңіз бар шығар. Олардың кем дегенде, жеті атадан бергі ұрпақтарын айтпастан ажыратып алуға болады. Ал, кейбіреудің жеті баласы болса да, бір де біреуі не әкесіне, не нағашысына ұқсамай күйдіреді - ау... Қой, құрысын, әзілді шынға жорып жүрерсіздер. Елеусіздің тамыр - таныстарының ішінде ондай семьялар жоқ та. Сенбесеңіз, ант ішуге әзірміз. Күнәсіз нәрседен күнәлі болар жайымыз жоқ. Оның үстіне: «Ал, қазір мен бір сөз айтамын, ол — қалжың сөз» деп алдын ала ескертіп қоймасаң, ойыннан от шығаратын ожарлардан да бойымызды бағамыз. Түнеген үйінен ұзап шығып кеткен қонақтар бастау басында шұрқыраған жылқыға қарай бұрылды. Кілең алқара көк, алшақ кеуде, бота тірсектер қамыс. Құлағын тігіп, үріккен киіктей еліріп тұр. Танауларының желбіреп, кеудесінің болмашы алқынғанына қарағанда алаңсыз жайылып жатқан үйір емес, шамалы бүлік көрген үйір сияқты. Жылқылы елдің баласы Елеусіз Досов осылай түйсінді. Елеусіздің топшылағаны тура келді. Осының алдында ғана жылқыны жарқабаққа қамап, мұздай қаракөк биені ұстап тұр екен. Бие ноқтаға мойын ұсынбай, басын көк жеңдетіп, осқырады. Түндегі жирен сақал қуанышын қымтай алмай жымыңдап, асау биемен алысып жатыр. Қасында жансыз бағандай қалшиып Біркімбай шал тұр. Кескіні өрт сөндірген адамның кескінінде әлем-тапырық. Басқаларының да түсі сынық.
Жарау, жатаған қарагер атпен қаракөк биені жетегіне алған Нұрша:
— «Болар істің басына, жақсы келсін қасына» дегендей, дер кезінде ұшырастыңдар, шырақтар. Аю төбеге келіп аунап-қунап қайтыңдар. Арнап шақырғаным! — деді.
Жігіттер рақмет айтты. Біркімбай даусы дірілдеп:
— Ішінде көк қасқаның баласы жатқанын ұмытпа.
Арбаға жегіп, рәсуа қылып жүрме. Құлындағанша мәпелеп қолда бақпасаң қашып кетеді. Ақбоздың тұқымы аяғына кісен салғызбайтынын ескер. Мертіктіріп аласың. Ал, хош бол, Нұрша, Жолың болсын! — деді. Үлгермей қалармын дегендей, соңғы сөздерін асыға -аптыға айтты. Жирен сақал басын қайта-қайта шұлғып, жөней берген. Бірақ қаракөк бие тартыншақтап жүрмеді. Өз еркімен жүрмес сыңайын көрген соң, соқталдай бір жігіт артынан сойылдап, ұзатып салмақ болды. Қаракөк бие біресе оқыранып, біресе кісінеп, барынша тартыншақтап, бұлғақтап бара жатты. Бұл жақтан қара жабағы да жырыла қашқақтайды. Құйрығын шаншып, жібек жалы желбіреп, шырық айнала шауып, шырылдайды. Бір уақытта қара жабағы Біркімбайға қайыру бермей, қаңғалақ атып, шеттеп шығып кетті. Дәл сол сәтті күтіп тұрғандай, недәуір алыстап қалған қаракөк бие оқыс жұлқынып, екі адамның арасынан тулап шығып кетті. Ноқтаның үзілген бауы толарсағын соғып бара жатыр. Қаракөк бие жабағысына көлігі табысты. Емшектен баяғыда шығып кеткен құлыны баурына енді. Енесі оқыранып, құлынының саруынан иіскеді. Жайшылықта жалтаңдап, жаутаңдап тұратын нәркес кезі жасқа толып, жанарын қашырды. Жаңа ғана қызық көріп тұрған Елеусіз Досов жылқы баласының нала, назы соншалықты аянышты екенін осы жолы ғана сезгендей болды. Жирен сақал Нұрша келіп, қаракөк биенің ноқтасына жармасқанда, ақ сақалды Біркімбай:
— Тарт қолыңды! Бұл биені енді саған жетектетіп жібере алма!—деп саңқ ете қалды.
Осыдан кейін кәдімгідей қызыл кеңірдек керіс басталды. Жирен сақал да ежет кісі екен. Ақ сақалмен төбелесер мен келіп, қамшысымен нұсқап - нұсқап өзеурейді. Қызыл шырайлы жүзі дуылдап,. ашу-ызаның тұтанып келе жатқан ертін аңғартады.
Зиялы жігіттердің араша түсуіне тура келді.
Жанжал күшейсе, жасырын сыр жария болады. Екі жылқышының егесі арқасында журналист Досов бірталай бұқпантай сырға қанды. Өткен қыста орасан жұт боп, «Бозтөбе» совхозының он мыңға жуық қойы қырылып қалған да, жылқысы аман шыққан. «Қой мыңға жетсе, керегеден бас кетпейді» демекші, жетпіс бес мың ұсақ малдың жыл сайын азды-көпті шығасы болып тұрушы еді. Бірақ ешуақытта мынадай ойсыраған шығасы шығып көрмегендіктен совхоз басшыларының зәресі ұшып, жоғарғы орындарға жіберген ақпарында жұтаған қойының санын азайтып көрсеткен-ді. Азайтып көрсеткен соң, әрине, орнын толтыру керек. Совхоз басшылары шопандарды кіналап, жеке меншігіндегі ұсақ малдарын сыпырып алады. Басқа жұмысшылардан да мал жинайды. Онымен де орны толмаған соң, қыстан тың аман шыққан төрт жүз жылқының бес процентін шығасы етіп, ұсақ малға айырбастайды. Жаңағы қаракөк бие шығасы қолдан шығарған жарамды жиырма жылқының біреуі болатын да. Көрші Шаға ауданының Киров атындағы колхозының жылқышысы Нұрша атышулы Ақбоздың нәсіліне ынтық боп, совхоздың директоры Жүніс Олжабаевтың қағазымен кеше кешке келіп, жылқышы Біркімбайды тосып жатқан еді. Гүлнаш өзі ферма меңгерушісі бола тұра, жылқы түлігіне келгенде әкесінің ризалығын бір малды не етке өткізіп, не басқа шығасы шығарып көрген емес. Өйтсе, Бірекең қара есекке теріс мініп, лаңды салады. Сондықтан ферма меңгерушісі: «Қыл құйрықтың жайын Бірекең біледі ғой. Сол кісімен ақылдасып шешейік» деп тентек шалдың көңілін аулап, алдарқатып түсіреді. Директордан әмір келген соң, Бірекең тәңертең лажсыз көнген. Бірақ қаракөк биенің үйірін қимай көрсеткен аянышты қылығынан кейін дәті шыдамай егілген көңілімен жылап алды да, сол жылау ішіне мұз боп қатып, қайтадан қайратқа мінгізді.
— Қаракөк биенің нарық қанша мал төледің? — деді Біркімбай әлден уақытта.
— Еліктің баласындай ойнақшыған отыз лақ апарып қостым бірінші фермаларыңа,— деді Нұрша.
— Ендеше мен сауда бұзған айыпты өз мойныма алып, отыз қозы қып қайырайын,— деді Біркімбай.
— Байғұс - ау, қыруар малды қайдан алмақшысың? — Нұрша көрнеу кекетті.
— Онда ісің болмасын. Жеті қозы өзімде бар. Қалғанын ағайын, жекжаттан теріп аламын. Тек, бірер күнге мәулет бер.
— Сонда қаракөк бие өз бәсіреме тиеді деп ойлайсың ба? Мемлекеттің малына қимаң несіне қышиды?..
Біркімбай байсалды жауап қайырып жатыр.
— Біз сендердей колхозшы емеспіз, керек десең, өзіміз де мемлекеттің адамымыз. Сондықтан төтенше дәулеттен дәме етпейміз. Тек, Ақбоздың ұрпағы көз алдымда шұрқырап жүрсе, көңілім тоқ.
— Е, менің де құмартқаным Ақбоздың нәсілі болғандықтан ғой. Баласын алғымыз келеді,— дейді Нұрша жалынышты үнмен.
Не керек, Біркімбай көнбей қойды. Қаракөк биенің ноқтасы сыпырылып, өріске жіберілді. Жирен сақал қара көр атын шаужайлап, Гүлнаштың үйіне қарай желе шоқырақтатып барады.
— Вот вам конфликт! — деді Қараш журналист жолдасына.
ІІІ
Елеусіз осынау Нұршамен Алматыда кездескен кезін еске алды.
Абай атындағы театрда малшылардың республикалық мәслихаты өтіп жатқан. Редакцияның тапсырмасы бойынша, Елеусіз газетке материал ұйымдастырмақ боп, орайы келген малшымен сөйлесіп жүрген. Бірақ қаны сорғалап тұрған қызықты деректер таба алмаған-ды. Сонымен, елеусіз Досов әрі-сәрі боп жүргенінде мәслихат та аяқталып келе жатыр еді. Бұл Леонид Леонидович Бондалетовке сөз берілуінен байқалған. Республика басшыларының бірі үш сағатқа жуық сөз сөйлеп, үш күнге созылған мәслихаттың жұмысына қорытынды жасай бастаған-ды. Бондалетов алғашқыда бір сағат бойына қағазға қарап сөйледі. Ешқандай кідіріс, мүдіріс жоқ, ырғақты әуенмен талай жайлар айтылып қалған секілді еді. Бірақ тыңдаушылар соншалықты ұйып қала қоймады. Қалғып кетушілер де болды. Осыны сезген Леонид Леонидович күмбірлі үнін кенет бәсеңдетіп, болмашы қарлығу шалған қоңыр дауыспен:
— Ұзақ жиналысқа үйренбеген малшы жолдастар шаршағанға да ұқсайды. Сондықтан ендігі сөзді осы мәслихатта қозғалған кейбір мәселелер жайында айтқым келеді,— деген.
Сол сол-ақ екен, жазулы қағаз жайына қалып, сөз — ауызекі әңгімеге ұқсап кетті. Дауыс ырғағы да өзгеріп, кедір-бұдыр кідіріске ұшырады. Бірақ жұртқа осы қарабайыр кеңестің өзі ұнағандай еді. Әлдекімдердің аты аталып жатыр. (Олардың қайсыбірі елен етсе, қайсыбірі әдеп сақтағандай, темен қарайды.) Әлде бір оғаш деректер жарияланып, залдан ойдым-ойдым күлкі де шығып жатыр. Орынды-орынсыз ұсыныстар екшеліп, пайдалысы қаулыға енетін. Елеусіз осылай түйсіне бастаған. ...Леонид Леонидович Қазақстан бойынша түлік санын 1927 жылғы мөлшермен салыстыра келіп, күтпеген жерден Нұрша Керімбердиевтің есімін атаған.
— Киров атындағы колхоздың жылқышысы Нұрша Керімбердиев жолдастың пікіріне қосылмасқа болмайды,— деп еді Бондалетов,— дәуірімен салыстырғанда біздің республикада жылқы түлігінің құлдырап кеміп кеткені рас. Халықаралық жағдайға байланысты, мұны жария етуге болмайды деушілер де бар. Ал, жария етуге болмаса, төгілген дәулетті толтыру үшін қалайша күресе алмақпыз? Ұмытпасам, қазақта: «Жарлылығын жасырған байымайды» деген мақал бар. Жасырудың керегі жоқ, жолдастар! (Бондалетовтың даусы жаңғыра шыққан.) Қайта, ойсыраған олқылықтан құтылу үшін аянбай күресуіміз керек. Партия бәрімізден осыны талап етеді.
Осыдан кейін Елеусіз республиканың басшысы мадақтаған жылқышы туралы очерк жазбақ боп, оны жайқақтай бастаған еді. Бірақ емін-еркін бел шешіп сөйлесе алмады. Себебі, мәжіліс тарқасымен жер-жерге кете шек адамдардың белгілі қарбаласы басталды. Аудан - ауданның басшылары өз кісілерін шетеу шығармай, иіріп, вокзалға шығатын мерзімдерін етісті. Темір жол билеттерін таратып, есеп-қисаптың қай жерден, қалай ажыратылатынын хабарлаған. Елеусіз Нұршаны өзінің жатын үйіне шақырып, әңгімеге қансам деген. Бірақ Нұрекең дүкен араламақшы екен. Осы себепті Елеусіз оның қасында боп, поезға шығарып салмақ болған:
— Осы қаладан шибарқыт табылмай ма, қарағым? — деп сұраған Нұрша Фурманов көшесіндегі универмаг келгенде.
— Қайдам, іздестіріп көрейік.
Дүкендерден шибарқыт табылмады. Елеусіз дүкен араламайтын да. Сол жолы ғана армансыз қыдырып, біраз нәрсенің нарық білгендей болды. Олар Абай проспекті мен көк базардың арасын жаяу кезіп шықты. Басына көнетоз құндыз берік киген, қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді Нұрша терлеп, самайы айғызданды. Шибарқыт ұшпайды! Батыс елдерінде мүлік қаптауға жұмсалатын құнсыз матаның жібі жерге тимеуіне Елеусіз аң-таң боп келеді. Москвада оқып жүргенінде осыған Қараш - ақ өш еді. Қай – қайдағы мен байланыс жасап, шибарқыт, мақпал, масаты дегеніңізді жердің астынан тапқызып алатын да, Бұхар облысындағы ағайындарына жөнелтіп отыратын. Сонда оған Елеусіз құйттай мән берсейші! Қазекеннің әшекейге әуестігі де деп ойлаушы еді. Енді бақса, Қараштың сәлем-сауқаттары — кәдімгі алыпсатарлықтың бір түрі екен. Түу, неткен жиіркенішті!
— Отағасы, шибарқыты түс кіріп, табылмады ғой. Қайтсақ қайтеді? — деген Елеусіз.
— Бір табылса, комиссия магазинінен табылады деп еді біздің ауылда Шынар дейтін бір білгіш қыз. Сонысына бір кіріп шығайық. Сосын қайтсақ қайтармыз,— деп жауап қайырған Нұрша.
Шынар! Елеусіздің тұла бойы шымырлады. Айтпақшы, Шынардың аулы Қаратаудың теріскейінде еді ғой. Соның дәл өзі болмасын!
Елеусіз орағытып сұрай бастаған.
— Шынарыңыз кім, отағасы?
— Біздің елде, механиктің қызы. Өзі мұғалім. Мәскеуде оқу тауысқан өнерпаз.
«Мәскеуде оқу тауысқан» дегенде Елеусіздің күдігі қалмады. Сонда да:
— Фамилиясы Есболова емес пе? — деп қалғанында, Нұрша:
— Иә, оны қайдан білуші едің? — деп өзіне қарсы сұрақ қойған.
Елеусіз Шынар Есболовамен Москвада таныс болғанын, өзі мұнда қызметке келгелі бері көріспегенін бейтарап адамсып-ақ айтып шыққанында, Қаратаудың сөз бағып қалған әккі үлкен нәркес көзін төңкеріп:
— Сұраса - сұраса келе қарын бөле шығады деген осы, шырақ. Шынарды білсең, бізге де бөтен бала болмағаның! — деген.
Осыдан кейін Шынар туралы көш - құлаш әңгіме туып, Елеусіздің осы жаққа жол тартуына себепкер болған еді. Сондағы Нұршасы осы. Елеусіз Нұршаның Алматыда сөйлеген сөзін еске түсірді. Ол не деп еді? — Қаратау сілемінде қыс бойында басқа түліктер қолға қарап қалғанда жылқы ғана тебін теуіп шығады деген. Жылқының ит-құстан қорғана білетінін, қар қалыңда ұсақ малға жол ашып беретінін, бақташыны да кеп тілемейтінін айтқан. Ретін тапқан жерде жылқының еті мен сүті мемлекетке көп пайда түсіріп отырғанын дәлелдеген. Толып жатқан санақтар да келтіріп еді. Бірақ журналистің жадында қалмапты. Жадында қалғаны — Нұршаның жылқы жандылығы. Енді бақса, ол айрықша асылдың нәсіліне ынтығады екен.
Елеусіз жылқы жайында ойланып келе жатты.
ІV
Елеусіз бен Қараш жылқы басындағы жанжалдан кейін ауылға оралғанда алдынан бір топ адам шығып, Қарашты қаумалады.
— Бәрекелде, аман ердің аты шығар деген осы.
— Ылдиға бара жатыр ек, дидар көрісе кеткіміз келді.
— Біздің үй де осы жерде,— десіп қалбақтап еді.
Көзі күлкіден арылмайтын қағілез сары, Жамаш:
— Бұл ауылда маңыраған лақ көп. Кім бұрын тұзақ құрып қойса, қонақ соныкі. Немесе, қолға түспейтін кісілер қайсыңа жетеді, түге!—деп емеурін білдіргендерді шаптады.
Кісілер шай іше бастағанда үйге Біркімбай кірш келді. Ұзын кірпіктері шаңдатып тұр.
Біркімбай қатарға қосылып, жүресінен тіп-тік отырды.
— Қария, түнде қай мезгілде жеттіңіз? — деп сұрады Қараш. Айтайын дегені басқа еді, әлдеқалай шатасып кетті.
Онсыз да сызданып жүрген Біркімбай жарылып кеткендей болды.
— Шырағым, сенің жасың нешеде осы? — деп саңқ ете қалды. Ақ түскен көзі шапыраштанып тұр.
Қараш іле жауап қайырмай, қибыжықтады.
— Көке, баланын. жасында нең бар. Қария кісі өз жөнімен отырмас болар ма,— деп Гүлнаш жақтырмай қалды.
Елеусіз қыбы қанғандай, шаншулы сұрақтың жауабын тосып, серігіне қарайлады. Қараш отыздың маңындағы жігіт сияқтанып жүретін. Елеусіз енді бақса, ол қырқыңызды еркін соққан қу көрінеді. Бұндайлар кәртеміштігін қуалар арқылы танытпаса, келбетінен ұстатпайды. Орта бойлы, дембелше, қарасұр Қараштың бет - реңінде әжімнің нышаны да жоқ. Самайын да әлі қырау шалмағандай. Осындай сүйегі асыл адамдар сыланып-сипанып, күтініп өссе, елуге дейін өңін бермейді. Қараштың май сылаумен жалтыраған бет ажары жасанды ажар екенін Елеусіз енді ғана ажырата бастады. Ежик қып, қысқа бастырған шашы да, спорттық костюмы да, айқара ашып тастаған ақ жағасы да реңін жасартып тұрады екен. Жағасы мен жеңінің ақ қағаздай тазалығы да, қияқтап өсірген тырнағын кірбең шалмауы да, денесіне сіңіп қалған жұпардың исі де өмір-бақи бабын бұзбайтын, сыпайы - кербез адамның кейпін танытып тұр. Үйдің іші біраз жым-жырт боп тұрды. Тек, құлағынан су ағатын сары самауыр ғана пыс-пыс етеді.
Жым - жыртты тағы да шалдың өзі бұзды.
— Сен туғанда,— дейді ол Қарашқа кісі бұрылып,— Бек екеуміз Әулиеата шаһарында едік. Әкеңнің еркек балалары шетінеп, тұрмай, қападар боп жүрген кезі еді. Мақпалдың босанар күні таяуды. Күнде құмалақ ашамыз. Бекең күрсінеді. Бір күні ұйықтап жатып түс көріппін. Мақпал бесікке асылып, он қолына ат басындай көк қаршыға қондырып отыр. Қаршыға талпынады.
— Ояна кетсем, жүрегім дүрс-дүрс соғады. Бекеңді жұлқылаймын. Ұйқысы қатты еді, әрең ояттым. «Уа, Беке, сүйінші, әйелің ұл тапты!» деймін. Көрген түсімді баяндаймын. «Ой, тәйір, ауылдан біреу кеп қалған екен десем» деп қисая кетеді. Мен тағы сүйінші сұраймын. «Ондай күн қайда,— дейді Бекең,— ал егер айтқаның келсе, астымдағы Ақжал сенікі».
— Содан елге келсек, осы сен бесікте іңгәлап жатырсын. Әкең ер кісі еді, сыпайыгершілігіме болмай, астындағы атын түсіп берді. Сосын есіміңді де өзім қойып бердім.
— Сол Қарашым сен болсаң, кеше мені айдалада жападан-жалғыз тастап кеттің. Жазығым — әкеңнің аруағын сыйлап, астымдағы атымды түсіп бергенім бе? Білімділігің қайсы? Ұры тонап, қасқыр жеп кетсе қайтер ең?..
Шал Елеусізге де тиісіп өтті.
— Бәйге аттың үстінде желік бар, екі құлағында екі шыны шарап бар. Ал, қырсау аламен сенің едіреңдегеніне жол болсын, қарағым?..
Шай ішілмей қалды. Самауыр әлі пыс-пыс етіп тұр. Қараш пен Елеусіз бар қателігін енді түсініп, төмен қарап, көзімен жер шұқып отыр. Араға Жамаш түсті. Ол сипаңдап, қипаңдап, тарпан шалдың сауырынан сипағандай болды.
— Бұл кісілердің түнделетіп жеткені абзал болды, асылы. Көкқасқа мұздай тан асты. Күн шыға отқа қойдым. Өзінің жүні жығылып қалыпты. Иншалла, бас бәйге біздің ферма болар.
Біркімбай болмашы жымың етіп, қасын қағып қалды.
Елеусіз томсарылып отырып - отырып:
— Қария, мына жігіттің есімін не себептен Қараш қойдыңыз?— деп сұрады.
— «Қараш» емес, «Қаршыға» болатын о баста.
Бірақ кейін шешесі еркелетіп, Қараш атандырып жіберді.
— Қызық екен.
— Қызық болса, мені де қызық қылдыңдар ғой,— дейді Біркімбай өкпесін баса алмай, — Бекең тірі болса, өлсе жалғыз тастап кетер ме еді! Уа, дариға - ай, біздің дәурен өткен екен де! Мұздау шал кімге дәрі?!
Біркімбай көзіне жас алды...
ЕКІНШІ ТАРАУ
І
Елеусіз Досов үш ұйықтаса ойына кірмейтін жайлардың үстінен түсті. Ең алдымен, сыр мінез деп жүрген Қараштық өзінің өмір тарихын жетік білмей келгенін енді-енді ғана аңғара бастағандай болды. Біркімбайдың сонау түсінен бастап бүгінгі Қараштың арасында қаншама алшақтық жатыр? Сол екі ортада көлденең кісіге белгісіз нешеме кезеңдер, шатқалдар, асулар қалды екен? Екінші, Елеусіз Алматыда малшылардың республикалық мәслихатында сөз сөйлеген жылқышы Нұрша Керімбердиевті «іс үстінде» көрді. Оның қаракөк бие үшін сойқанда тамыры тереңде жатқан малшы дертін таныды. Жоқ, Нұршаның сол күнгі сөзі, шынында да, өзекті жарып шыққан ділгер лепес екен. Бұл сахараның жаны, шынында да, жылқы екен. Олай болса, «Қаракөк бие жетекке неге жүрмеді» деп, қазірдің өзінде-ақ табаны күректей бір очеркті айдап жіберуге болады. Нұрша қаракөк биеге қызыққанда Ақбоздың нәсілі деп қызықты - ау! Осы бір аттың оқиғасын Елеу ана жылы Шынардан естіген. Бірақ мән бермеген. С.ол Ақбоз енді алдынан шығып отыр.
Елеусіз Ақбоз аттың оқиғасын есіне түсірді. ... Гүлнаштың қарқаралы қыз кезінде әкесі оны Шоңбай деген байдың баласына бермек болады. Ондағы мақсаты — байдың Ақбоз дейтін бәйге атын алу. Гүлнаш көнбей, бұлғалақтап жүріп, ұзатар тойы үстінде басқа жігітпен қашып кетеді. Екі елдің арасы бүлініп, ақырында, Шоңбай барып отырған жерінен жесірін тартып алады. Бұдан кейінгі сергелдеңдер де шым-шытырық еді. Елеусіз ұмытып қалыпты. Тек, Нұрша мен Біркімбай Ақбоздың ұрпағына таласқанын көзбен көргеннен кейін ғана көңіліне осы бір оқиғалар тозығы оралды. Неде болса, Елеусіз бейтаныс ауылға келгенде алғашқы қадамын Гүлнаш апай туралы очерк жазудан бастамақ болды. Малға сатылған кешегі қазақ қызының бүгін ірі ферманы басқарып отыруының өзі қызық факт сияқтанды. Әрі, «бір күн тұзын татқанға қырық күн сәлем» демекші, шешесі туралы жазылған шығарманы оқыса, Шынардың ішінде ертең ыстық құйын ұйтқитыны сөзсіз. Сұлу Шынардың өзімшіл көңіліне алаң салып, мазасыздандырса, еруліге қарулылық содан басталмақ. Осындай ниетпен Елеусіз жонға келісімен-ақ Гүлнаш апайды тілге ала бастады. Бірақ Гүлнаш апай ақтарылмады, шешіліп сыр жармады. Тіршілік талқысына көп түскен адамның аузына берік келетінін істеген. Келгінші тілшілерге айта-айта дағды боп қалған жадағай мәліметтерден әрі бармай қойды. Суретке түсуге де құлықты болмай, әзер көнді. Гүлнаш совхозда жалпы жылқы басының ойсырап кеміп бара жатқаны жайында ғана шешіле сөйлеп, факты келтірді. Оған Елеусіз құлақ асқанымен, әуелі табысты біліп алмай кемшілікке баруды ыңғайсыз көрді. Іс тәжірибесіне келгенде де Гүлнаш апай жаттанды сөздерін айтып кетеді. Ал, қой мен ешкіні, жылқыны бағып-қағудың тәсілдері Елеусізге бұрыннан танысты. Сондықтан ол қағаберісте қаламын сүйекте, қалың сары дәптерге шашыранды шимайлар түсіргенмен, ертең көпшіліктің алдына тартар тәжрибе үлгілерін бұл кісінің басынан таба алмағанын жақсы-ақ сезінеді. Елеусіз болашақ кейіпкерлерге сұрауды қардай жаудырып, жауабын қағазға түсіріп отырудың пайдасы аз болатынын білуші еді. Сондықтан Гүлнашпен де, совхоздың басқа малшыларымен де бел шешіп, ұзақ-ұзақ әңгімелесіп бақты. Әртүрлі жайлардың басын шалып көрді. Бірақ ештеңеге жарымай қойды. Бәрінің айтары — бәсекеден белгілі тәжірибе. Бәрінің келтіретіні — кәдімгі жүзге шағып қайыратын сандар. Содан не қыларын білмей дағдарған Елеусіз Досов «осы мен орынсыз күйгелектеп жүрген шығармын, неде болса жазып керейін» деп очеркін бастаған.
Елеусіз жазуларын жолдасына оңаша оқып, пікірін білгісі келді.
— Өзара сын үшін кешірерсің,— деп Беков сызылып күлді.— «Әрбір жүз саулықтан жүз жиырма сегіз қозы өсірді» деген сөздерден жылылық көре алмай тұрмын. Гүлнаш Есболова — манекен сияқты.
Қараш әдебиетті бір кісідей түсінетінін танытып, одан-бұдан мысалдар келтіріп, бастырмалатып етті. Бековтың пікірінше, Елеусіз очеркінің кәдеге асары — кемшілікті айтқан жерлерінде ғана. Әсіресе, «Бозтөбе» совхозында жылқы түлігінің ысырапқа ұшырауы туралы жылқышы Біркімбайдың, ферма меңгерушісі Гүлнаштың шағымы — ерекше зер саларлық шағым. Бұндай жайлар басқа аудандардан да кездеседі. Демек, осы мәселені Елеусіздің республикалық газет бетінде көтеруіне әбден болады. Тек, істің егжей-тегжейіне шейін біліп алу шарт. Гүлнаш апайдың: «Совхозымыздың директоры көбінесе жылқыны ұстап, ойсыратып барады» деуі тексеруді керек етеді. Және осы сөз түп-түгел рас боп шыққан күннің өзінде, совхоз малшыларының реніш - өкінішін көрсетпей тағы болмайды. Адамның жаны араласпайтын факты журналистика туындысының жанарына қан жүгірте алмайды. Елеусіз ойланып қалды. Шынында да, бұл бетпен жазу жазуға болмайды. Аз да болса, адамдардың жан - сезіміне ену керек, тағдырын көрсету керек. Бірақ таныспай жатып, Елеусізге кім ішін актара салар? «Сырлассақ қайтеді, ағайын?» дегеніне кім көне қояр? Қазекеңнің сырын жата-жастана, шым-шымдап, шыжымдай тартпасаң, өзіңді тәлкек қып, сазға отырғызып кетуі киын емес. Бір ауық Елеусіз икемі кем өз басына өкпелесе, бір ауық Гүлнаш апайға ыза болады. Сонау Алматыдан жол тартып келгенде бір ауыз жылы лебізі жоқ, ылғи сырғақтап сөйлеседі. «Сиырдың танығаны жапырақ» демекші, Қарашпен ғана шүйіркелесіп, Елеусізді елемейді, жатырқайды. Қап, Шынардың кешіккенін қарашы! Ол болса, ботасына иіген нардай, Гүлнаш апай, мүмкін, жадырар ма еді, шешілер ме еді, кім білсін! Елеусіз осындай тығырықта әрі-сәрі боп жүргенде, үшінші күні екінді кезінде Бозтөбеден салып ұрып Шынар жетіп келді. Күн ыстық болғандықтан киіз үйдің іргесі түрулі еді. Елеусіз сонау қырандағы желкілдеген жібек сағымға көз тігіп жатқан. Бір уақытта әлдеқайдан салт атты біреу сау желдіріп қыранға шыға келді. Сағыммен еліріп, біртүрлі оғаш көрінді,- Салт атты жолаушының әйел екенін байқағанда: «Осы жақта арба, тарантас дегеніңіз ырымға кездеспейді екен», деп ойлады Елеусіз.
Сөйтіп жатқанда, есік алдында самауырға шөпшек салып тұрған Гүлнаш апайдың:
— Күнім, сәулем! Ылдидағы аман ба?—деп айналып-толғанған даусына жалғас Шынардың да даусы шығып еді. Елеусіз тысқа жүгіре шықты.
— Боже мой, какой сюрприз! — деп Шынар атынан апыл-ғұпыл түсе бергенде, аяғы үзенгіге ілгіштеніп, жалп ете қалды.
Елеусіз бен Қараш қатар жүгіріп, Шынарды шешесінен бұрын іліп әкетті.
— Бір жерің ауырып қалған жоқ па, құлыным? — деді шешесі қысыла, күле түрегелген қызына.
Жұрттың бәрі тойға әзірленіп, әбігер боп жатыр. Және...— Шынар Қарашқа қарап, тұтығып қалды. Және... ну, кейін айтармын, әйтеуір, жолдас қоймады. Сосын, көрген жерде ауыл бар деп, тартып кеттім.
Көкең неге келмеді?
Той өткенше ешқайда шыға алатын емес. Шынар үйге кірді.
ІІ
Тіршілік еткен ортаның Шынарға мықтап әсер еткенін Елеусіз анық байқаған. Киімі қалаша болғаны болмаса, майысқан жүріс-тұрысы, шөкиіп отырысы, имене сөйлеу нәші, күбір-сыбыры — бәрі-бәрі кәдуілгі ауыл қызыныкі. Елеусіз Шынармен танысқан, махаббат шырғалаңына душар болған шақтарын еске алды. Шынар Алматының жолдамасымен Москваға келіп, ветеринариялы академияға түскен. Елеусізді онымен Қараш таныстырған. Қараш ол кезде кинематография институтын тауысуға жуықтап жүрді. Академия қаланың сыртында қарағайлы орманның ішінде еді. Елеусіз бен Қараш қалың жолаушы сығылысқан автобуста қырық минуттай түрегеп тұрған. Жолда машина басып кетіп, қызыл-жоса қан болып жатқан біреуді, төңірегінде үймелеген жұртты көріп, тітіреніп қалған. Олар автобустан түсіп, төрт қабатты шомбал, сұр үйге қарай бұрылды. Сүр үйдің алдындағы алты колоннаның арасында тұрған екі қыздан Шынар Есболованы сұрады. Бірінші курстағылар лекцияда екен. Елеусіз бен Қараштың қырық минуттай күтуіне тура келді. Соңғы лекция да бітті. Студенттер іштен жапырлап, асыға шығып жатыр. Солардың орта шенінде, жалаңаш аяғына аласа өкшелі ақ танкетка киген қара торы қазақ қызы алты колоннаның арасымен тық - тық басып, төмен қарай түсіп келе жатты. Күн қақты болған толық балтыры жұмырланып, ойыңқы толарсағын қылдырықтай қып көрсетті. Шынар Есболова осы екенін Елеусіз айтпай таныды. ... Кейін қайтып келе жатқанда Қараштың жол бойындағы әңгімесі Шынар болды. Бесікке бөленбей, бұла өскен бала еді, деді. Шаһар тәрбиесін көріп, ілімге қаныққан бойжеткен болды ғой. Қайсы қазағыңның қара қызы Алматыны менсінбей, Москваға ауысып келіп жатыр - деді. Қыздың ұдайы гимнастикамен шұғылданатынын, қыс бойына коньки теуіп шығатынын да дәріптей түсіп:
— Өзі біздің қарындасымыз екенін айтып ем ғой. Екеуіңді таныстырғаныма бақыттымын,— деді. Елеусізді санасыз аңсатып, саналы толғауға талпындырады.
...Шынармен танысқан соң көп ұзамай Елеусіз оны серуенге шақырды. Жексенбі күні еді. Химкидан қайыңды орманға сапар шеккен олар жеңіл-желпі кеменің үстінде - ақ думанды жастардың ортасына түсіп қалды. Тимирязев атындағы Ауылшаруашылығы академиясының біраз студенттері кішкентай татар жігітіне гармонь тартқызды. Гармонға қосылып ән салып.би билеушілер де болды. Бір күндік саяхатқа шыққан бозбалалар мен қыздардың көңілді ың-жыңы басылып тапқанда гармонды Елеусіз қолға алған еді. Тосын саусақпен тілдерін ақырын-ақырын басып-басып көрді. Сырнай сарнап кетпей, ырың-жырың дыбыс шығарды.
— Ничего себе!—деді татар жігіті кекеткендей.
Жолдастары мырс етісті.
Шынар көрнеу қысылып қалды.
Елеусіз намыстанды. Әуелінде ол қиын бір бидің ырғағына баспақ еді. Енді қысылғанда баяғыдан бері жатқа білетін ән сарыны құлағына шыңылдады. Елеусіз гармонның қанатын қомдатып, шалқақтата, қиғаштата толғап - толғап қалды. Сырнайдың сыртылдаған тілдерінен Нартайдың әні құйқылжып, сорғалап, аңырап қоя берді. Қыз, бозбалалар Елеусіздің мынаны үйіріле бастағанда татар жігіті кекесінді райынан тез қайтып:
— Е - ей, шулы қазақтардың музыкасын бек жаратамын,— деді.
Шынар Елеусізді қазір ғана көріп тұрғандай, қиыла, ұзақ қарап қалды. Елеусіз ұмытқан жоқ, шағын кеменің аты «Чайка» еді. Оның ұмытылмас және бір себебі, кәдімгі шағалалар «Чайканың» сіңлісін сыңсып, соңынан қалмай ұшып жүрген. Кеме үстіндегі серуеншілер нан үгіндісін лақтырғанда суға түскенше қағып әкетіседі. Шағалалар шиқылдасып, жолаушылардан қорек ажырасады. Шынар да Елеусіздің арқасына асып алған рюкзагіне қол салып, нан уатып тастайды. Нәрестеге жақсылық істегендей қызықтайды. Нан орнына қағаз бүктеп тастаушылар да бар еді. Бірақ етпеттеп құйылып келген сұлу құс алдамшы қағазды қағып әкетпей, тайқып, қайқайып шыға береді. Зәбір көрген шағалаға жаны ашыған Шынар:
— Ой, что вы делаете! Разве можно обманывать птиц? — деп шыж - көбелек болады.
Ол Елеусіздің рюкзагіне тағы да қол салды. Елеусіз жөн - арқасын төсей түсіп, ішінен: «Не деген нәзік, аяулы жан едің!» деп қояды. ... Қайыңды орманның жағасы ығы-жығы. Әне жерде де, міне жерде де шопылда, лайлау өзенге рақаттана түсіп жатқан жұрт. Елеусіз бен Шынар өзенді біраз жағалап кеп суы көк үйірімдеу деген бір мүйістен, жарқабақтың жанынан орын алды. Бұл маңда да кісі көп еді. Кәдімгі курортшылардай, күнге қақталып жатқан жартылай жалаңаш тәндер. Өзен жағасы қызыл - шақат тартады. Біреулер кітап оқып, біреулер шахмат ойнап отыр. Енді біреулер волейбол ойнап жүр. Ермек үшін бірін бірі қуып, зіркілдеушілер де бар. Осының бәрінен Шынарға өзенге шомылмақ қызық көрінеді. Елеусіз болса, оның икеміне көне береді. Шынар шешініп, жарқабақтың басына шықты. Күн шындаған шымыр денесі қолдан құйған қоладай еді. Шалқақ кеудесіне жіңішке белі ерекше өрлік беріп тұр. «Жастайыңнан спортпен шұғылдану керек екен ғой асылы!» деп ойлайды Елеусіз. Елеусіз бала кезінде атқа көп мінгендіктен аяғы қисықтау еді. Сонысынан қорғанып, сұлу қыздың қасына кібіртіктеп келді. Бұл кезде татар жігіті жүзістің неше түріне салып, өзеннің көз бұлдыратар арғы шетіне шығып, бермен қарап тұрды.
— Кеттік пе? — деді Шынар серіппедей солқылдап.
Елеусіз іркілді. Бар білері «ит жүзіс» қана екенін айтқанда, қыз өктеп кетті.
— Асып - саспасаңыз болды. Өзім демеп әкетемін.
— Жарайды. Тек жағалаудан ұзамайық.
Екеуі күмп-күмп етіп, үйірімге құлады. Түскен жері шымырлап, қайнады. Елеусіз «ит жүзіспен» күмпілдетіп, аяғымен су шалпылдатып, жағалауды сағалайды. Онысына ішек-сілесі қатқан Шынар алысқа таман меңзесе, Елеусіз аяқ баспайды. Жүзгіш қыз шыңайтқа сүңгіп жоқ боп кетіп, күтпеген жерден шолп етіп шыға келеді де, басын сілкіп тастайды. Алыстап барып, ақ сазандай жалт бұрылғанда, толқын жарылып жол бергендей болады. Сондайда, арғы жағалаудан қайтып кеп қалған татар жігіті деңгейлесіп .жарысқа шақырады. Бірақ Шынар еріп келген серігінен ұзақтамайды. Бұнысына Елеусіз шексіз риза да. Осылайша ұзақ жүзіп жүрді. Суға жүзген адамның жайдарылығы қандай. Әзілдері жарасып, ұяң иба орнын батыл базыналық басып бара жатқанын өздері сезбеді де. Сондайлық бір кілтеңде Шынар жағалауға қарай малтып келе жатқан Елеусізді желкеден нұқып қап еді, ол қапылыста су жұтып, шашалып қалды. Енді екеуі де күлкіге қарық боп, түрегеп тұр. Су көкіректен келеді. Әйел баласынын. шомыл өте-мөте сұлуланып кететінін Елеусіз осы жолы ғана аңғарды. Сонарға аунаған түлкідей, Шынардың реңі мүлдем құлпырып кетіпті. Назы мол қой көзі сондайлық бір пәктікпен қарайды. Бұрымынан мойнына сорғалаған тамшылар да табиғаттың таққан алқасындай сән беріп тұр. Егіз анары тіреп тұрған тоятты төсінде болмашы діріл бар.
Елеусіз Шынардың әлгіндегі тұңғыш та тосын ойнақылығына орай етіп:
— Шыңайтта сорымды қайнатып едіңіз. Ал, сақтан, Шынар! — деп, үйірімге тоғытып жібермек болды. Сұңғақ қыз сықылықтап күліп, қолымен су шашып, қарсыласты. Елеусізге керегінің өзі осынысы сияқты. Ол бетіне шашып су шашырандысынан қорғақтамай, Шынарды қаусыра құшақтағанда екеуі тағы да тұңғиыққа шомып кетті. Көк үйірім тағы да шымырлап, толқыны ақ жалданып қалды.
Осылайша олар тіршілік қамын ұмытты. Өздерін су сорып тастаған да еді. Жағаға шыққандарында дірдектей бастаған соң, күннің көзін сағынған түлен, шуаққа жылынып жатты. Екінді әлетінде рюкзактегі түрлі тағам мен сусын ақтарылды. Екеуі де газет төсеніп, бір біріне қарсы шөкиіп отыр. Елеусіздің құж-құж қайнаған шаһардан қасқалдақтың қанында іздеп тапқан бір шыны болатын. Сонысын, ашты. Бірақ Шынар ішкіліктен бас тартты. Елеусіз сол қолымен Шынарды қаусыра ұстап, оң қолында, қағаз стаканда шайқалған шарапты аузына апарды.
— Тым құрмаса, дәмін көрші, айналайын!
— Қойыңызшы қинамай! — деп қыз қылымсып, бұрала түсті.
Елеусізде ес қалмады. Қолы қалтылдап, шайқалған стаканды қағілез ерінге тағы да апарып еді. Шынар түсін тез суытып:
— Не могу!—деді.
Елеусіз стаканды қоярға жер таппай, сасқалақтап қалды.
Қыз жаны ашыған қалыппен қайтадан күлімсіреді.
Осылайша олар біраз үнсіз отырды.
Бұл уақытта жолдастарынан жырылып қалған татар жігіті осылардың қорушысы мен торушысында, анадай жерде қылқиып отыр еді. Жалаңаш иығына гармонын асып ап, татардың сазды, сиқыр әуенін бұлбұлша құйқылжытады. Және қайта-қайта құбылтып тартатыны бір-ақ әуен. Аңсары терең, тым аянышты, күйлі лебіз еді. Құлағының құрышы қанған Елеусіз сырнайшыны қалай шақырып алғанын байқамай қалды.
— Есіміңіз кім?
— Нәрсә?
Елеусіз сұрауын орысшалап қайталады.
— Э, теперь, түшіндім. Атым — Рафих, фамилиям — Габибулин. Значит: — Рафих Габибулин боламын.
Елеусіз қолын ұсынды.
— Менің атым — Елеусіз, фамилиям—Досов. Значит:— Елеусіз Досов боламын.
Шынар жымиып күлді.
— Матор қыз кім болады?
Шынар өзінің аты-жөнін айтты.
Сонымен, Рафих онымен де танысып қалды.
Қалаға олар іңір шапағы жамырағанда қайтты.
Елеусіздің бастапқы ойы — Шынармен өзен жағасында, орман ішінде сейіл құрып, оңаша тілге алмақ еді, сыр түймек еді. Бірақ суға жүзуден артылып шешіліп сөйлесе де алмады, сыр түйіскендей де болған жоқ. Кәдімгі аха - хумен бір күн етті. Жол бойында Елеусіз Рафихқа оқтын-оқтын гармонь тартқызумен болды. Есі кете елтіп, аузының суы құрып, татардың ән-күйлерін мақтаумен болды. Шынар күн ұзаққа өзі ешқандай елемеген тұғыжым жігітке енді бір түрлі жылы ұшырай қарауда. Қызға Елеусіздің мақтағаны татардың ән-күйлері емес, дәл осы Рафих сияқтанып әсер еткен. Осыны сезген Рафих та «матор қызды» көзімен ішіп-жеп, телміріп барады. Елеусіздің де көңілін аулаған, бір ауық гармонын ұсынады. «Сіз де бек жақсы ойнайсыз» деп мақтауымен алдарқатып, өзі бойжеткенді жақ ақтайды. Жампаңдап, таныстықтың қайырын тілеп, Шынардың телефоны мен адресін жазып алмақ болады. Әуелінде бұған мән бермеген Елеусіз көп ұзамай-ақ кіді алып, жаңада танысқан Рафихқа жыны келді. Шынар телефоны мен адресін беруге ұялып, қашқақтағанда, қызғаныштан сызданып тұрған Елеусіздің қыбы қанып, көңілі көтеріліп қалды. Елеусіздің әлі жадында. Рафих қоштасарда Шынардың қолына кенедей жабысып, алақанға ақша басар, көлбей толғап қалған. Елеусіз салқын ғана қоштасып жатып:
— Попутного ветра!—деген.
Елеусіз онымен енді қайтып ұшырасармын деп оңдаған жоқ-ты. Бірақ ұшырасты. Және қандай жағдайда ұшырасты десеңізші. Бірақ бұл. турасынан көрсетуге әлі әзір ертелік қылады. Әр нәрсенің ашылар мәуірті болғандықтан сабыр тұтамыз. Әзіргі айтарымыз, сол жазда Елеусіз өте жүдеп кетті. Жатса, тұрса есі-дерті Шынарда болады да тұрады. Оның сықылықтаған сылқым күлкісі, күлімдеген қоңыр көзі, сынық ибасы, шырын назы жүдетті. Елеусіз Шынармен бас қосқанда күнілгері әзірлеген сөзінің бір де бірі кәдеге аспай қалады. Не сиқырының барын білмейді, тек, әйтеуір, сұңғақ қыздың әрбір қимылына елтіп, тілі ұтымды оралымға келмей қалады. Шынардың өзі де шешіліп сөйлесуге зауқы жоқ адамдай, әңгіменің бетін әр жаққа тез бұрып отырады. Әке -шешесінің тапқан-таянғанын еркін жұмсап үйренген Шынар киноға, театрға, стадионға барғыш еді. Сондайда көбінесе қасында болатын Елеусіз орынсыз тыраштанып, бар ақшасын шығарып алады. Бір күні екеуі орталық «Динамо» стадионына барды. Метроның іші иін тірескен жұрт. Электричка жиі-жиі қатынап, адамды үсті-үстіне төгіп жатыр. Үш эскалатор қатар жүріп, құж-құж қайнаған адамды, сенмен тасыған өзендей, сыртқа құсып жатыр. Соңында, ойын тарқағанда, осы метроның осы адам толқынын түпсіз оқпандай жұтып жататынын да Елеусіз біледі. Ойын тарқаған соң Елеусіз Шынармен саусақ ілмек - тестіріп келе жатты. (Сол жылдары осындай бір сән шыққан.)
— Әскери командаға не себепті іш тартасыз? — деп сұрады Елеусіз.
Шынардың бір жерлесі таяуда ғана әскерден аумапты. Соның құрметіне «Шымқай қызылдардың» тілеуін тілейтінін айтып еді. Бойжеткеннің бала мінезділігіне Елеусіздің жаны ашығандай болды.
— Жерлесіңіздің есімі кім еді? — деп сұрады ол Шынарға хаттың көп келетіні есіне түсе кетіп.
— Есімі — Мырзаш. Фамилиясы — Смағұлов. Оның да Сіз сияқты өлең шығаратын енері бар. Бірақ шығармасы баспа жүзін көре алмай жүр...
Шынар жымиып күлді. Көзі жоқ Мырзаш Смағұловты әжуалағанын немесе өзін әжуалап тұрғанын Елеусіз байыптай алмады. Неде болса, оның көңілінен көмескі бір күдік орын тепті. Осыдан бір жұмадай еткенде Шынар мен Елеусіз Лизаның үйіне барды. Аулада алты жасар Арикті ойнатып жүрген Лексюша әжей кездесті. (Алексеевнаны еркелете осылайша атап кеткенін Шынар мен Елеусіз білетін де).
Лексюша әжей үйде Қараштың көп отырғанын айтты.
Москвалықтардың меймандостығы бойынша шай келді. Елеусіз ыстық шайға бір түйір қантты тастап жібергенде чашканың түбі быжылдап, беті шымырлады. Ақ фарфордан құйылған әдемі чашканың бүйірінде көл жағалауына қонғалы келе жатқан қанатты періштенің суреті бар еді. Елеусіз соған қарап, ойланып отырды.
— Конфет алыңыз, Елеу,— деді Лизаның шешесі Нелла Борисовна. (Елеусіздің есіміне тілі келмей қойған соң осылайша атауға өзінен алған ризалығы бар-ды.)
Елеусіз бір түйір кәмпит жеп, қарлығаштың суреті салынған сарыала қағазын қайда тастарын білмей отырғанда, көзі стол үстіндегі күлсалғышқа түсті. Күлсалғышта кеудесі мен бас бітімі адамға, бөксесі мен аяқ жағы текеге ұқсаған Зевс мүсіні бар еді. Зевс жебедей көк сүңгіге сүйеніп, аяғын кішкене шардың үстіне қойып тұр. Шар жіңішке дөңгелек қаңылтырға қондырылған. Бір кезде сәнге қойылатын, күміспен күптеген қола статуэтка бұл күндер тозығы жетіп, жай күл салғышқа айналған. Шандаровтың үй іші соғыс тұсында Қазақстанның бір облыстық қаласына көшкен-ді. Николай Ивановичей өзі одақтық мәні бар үлкен заводта техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы болып істеген. Жау самолетінің ызыңы астында асыға кешкенде көп мүлкі қалып қойып, дерексіз кеткенін бір ретте Нелла Борисовнаның әңгіме еткені бар. Қазір шай үстінде, Елеусізге: «Кесе - шәйнектерді, күлсалғыштарды саудыратып алып жүруге ерінбегенде, тастаған дүниелері қандай болды екен?» деген күдікті бір ой келді. «Әй, асылы, мақтаншақ бәйбіше болмасаң игі еді» деп қойды ішінен. Ваннасы мен кухнясын қоспағанда, шағындау үш бөлмеден құралған кәдімгі қоңырқай пәтердің екі бөлмесі осы. Елеусіздер ас ішетін, қонақ күтетін ауызғы бөлмеде отыр. Төргі бөлменің қаусырма есігі айқара ашық. Онда да пәлендей жасау көрінбейді. Ағаш кереует тұсында ілулі тұрған әйел суреті ғана үй шырайын келтіріп тұрғандай. Нелла Борисовнаның келіншек кезіндегі көркі көз жауһарын алып тұр. Рафаэльдің Мадоннасы сияқты жалаңаш иығы жұмырланып, екі емшегінің сызығына шейін көрінеді. Күшті де уыз кеуде көтеріліп - басылып тұрғандай. Бұндайда тыныш отыра алмайтын Қараш сырмен салған суретке қомағай көзбен қарап, тамсана мақтап жөнелді. Художниктің шығарма шешімін дұрыс тапқанын да бөлектеп аңғартпақ болды. Келіншектің кескініне жалаңаш иық, жас кеуде ерекше жарастық беретіні бұрыннан белгілі жай екенін, бірақ мына суретте сол жарастық шымыр денсаулыққа, арманшыл көңіл күйіне жалғасып тұрғандығын айтқанда Лиза әлденеден ұялғандай, қызарып кетті. Нелла Борисовнаның өзі мақтауын пісіре түс дегендей, шалқып жадырап, үй ішінде киетін кең қара жібек шалбарын сусылдатып, әрі-бері көлеңдеп өтті. Лиза әңгіменің бетін бұрғысы келіп, альбом ашты. Курортта түскен, дачада түскен, дастархан үстінде түскен неше түрлі суреттер ақтарылды. Жалқыны, солғыны аралас берекесіз көп суреттердің ішінен Елеусіз Қараштың кескінін де көріп еді. Сендерден қалыспайын дегендей, Шынар сумкасынан бейтаныс жігіттің суретін шығарды. Әскери киімді, талдырмаш ақ құба жігіт күлімдеп тұр. Иығында лейтенант погоны.
— Смағұлдың баласы ма? — дейді Қараш әлденені есіне түсіргендей.
— Иә.
Елеусіз суретті қарап отырғанда сыртындағы бір шумақ өлеңді көзі шалып қалды. Шынар көрсең кер дегендей қысылар емес. Қайта, Елеусіздің оқығанын ішінен тілеп отырғандай. Шалғайдан сағынамын, сәулем Шынар. Екеуміз егіздей ек, қалдым сыңар... Қалған екі жолын Елеусіз оқып үлгірмеді. Беті дуылдап, көзі мұнарланып кетті Бойы мең-зең боп, құлағы шуылдады. Күлімдеген ақ құба жігіт шалғайдан мазақтап тұрғандай елес берді. Елеусіз қолы дірілдеп, суретті қайырып жатып:
— Күлімдеген көзі өзіңізге аздап ұқсайды екен! — деді.
— Бауыр болған соң ұқсайды да.
«Бауыр!» Қандай бауыр екенін көреміз!» — деді Елеусіз ішінен.— Екі туып бір қалғаның болса, «сәулем Шынарына» жол болсын?!» Елеусіз сыр бермеуге қаншама тырысса да, кәдімгідей түсі сынып, томсырайып қалып еді.
Дәл осы сәтте есіктің қоңырауы шылдыр ете қалды. Лиза:
— Папам келген болуы керек,-— деп жүгіре жөнелді.
Николай Иванович қалпағын алып жатып, қонақтармен болар-болмас иіліп амандасты. Күлгенде алтын тісі көрінді. Алдынан шыққан әйелімен меймандардың көзінше шөп етіп сүйісті. Жігіттер мен қыздар отырыс таппай тысқа шыққанда, күн де кешкіріп қалған еді. Елеусіз қаланың сыртында тұратын Шынарды метроға дейін ұзатып салды. Қоштасарда Елеусіз Шынардың қолын толғап қатты қысты. Көзіне де өткір қарады. Бірақ, «келесі жолы қай жерде, қашан кездесеміз?» деп сұрамастан, қызыл фуражка киген бақылаушы қыздың қасында қала барды. ... Студенттер жазғы демалысқа тарқасып жатты. Қараш самолетпен Ташкентке ұшып, одан Бұхар облысындағы туысқандарына баратын болды. Августың орта шенінде Елеусізбен Алматыдан табысатын боп сөз байласты. Қарашты Елеусіз, Лиза, Шынар үшеуі аэропортқа шығарып салды. Түнгі мезгіл еді. Такси жалдап алған Қараш машинаның ішінде бұлғақтап, шалқақтап, орысша ән салумен болды. Қайсы бір қайырмасына қос қыз бен Елеусіз қосылып та кетеді. Әсіресе, әлі ыстық -суығы басылмаған «Подмосковные вечера» секілді таңсық әндерге қосылады. Қаланың сыртына шығып кеткендіктен шофер қарсылық білдірмейді. Ән тоқырағанда Қараш неше түрлі күлдіргі әңгімемен жолдастарының езуін жиғызбайды. Бір ауық аспандап жүргенде олай-былай боп кетсем ба, құл болыңдар деп, астарлы әзілмен әлдекімнің көңіліне қорқыныш та салады. Қараштың қырлығына Елеусіз ішінен қызыға қарайды. Ал, қыздар болса; шексіз ұйып, магнит тартқан асылдай үйіріледі. Аэровокзалдың іші сапырылысқан адам. Шалбары қушиған шетелдіктер де жүр. Радио сәт сайын сампылдап, ұшар, қонар самолет жайын хабарлап тұр. Әлде бір жолаушылардың аты да аталып қояды. Қараштың самолеті ұшуға екі сағаттан аса уақыт бар еді. Сондықтан ол шығарып салушыларды қояр да қоймастан екінші қабаттағы ресторанға алып барды. Бұлар түкпірдегі нән шар айнаның алдынан орын алды. Олар айнаға қарсы отырған Елеусіз бен Шынарға есіктен кірген, шыққан адамдар бір түрлі одағай көрініп тұрды. Қараш тамақ тізімінің қолақпандай қара мұқабасын айқара ашып, сыпайыгершілік жасамай, қалағандарыңды алдырыңдар. Бір жолға Қараш Бековичтің қалтасы шыдайды! — деді. Және:
— Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екем ғой. Сұраған бұйымтайың мә,— деп Елеусізге жүз сомдықтан үш қағазды сытырлатып суырып берді.
Елеусіз кеше қарыз сұраған. Оңашасын тауып берсей, қыздардың көзінше бергеніне ішінен ренжіп қалды. Қараштың ағайындары Бұхар облысында түйемен керуен тартатынын, Қарашқа ақшаны тілегенін жіберіп тұратынын Елеусіз білетін де. Бірақ мұны қыздар білмесе керек. Сондықтан олар жолаушылап бара жатқан жігітті төтен шығынға ұрындырғысы келмеп еді. Елеусіз ырық бермей, қымбат - қымбат тағамдарға заказ бергізді.
— Ішкілік не болады? — деді Қараш насаттанып.
Қыздар шошып түспеді. Бірақ бірден көнбеді де.
Тек, ұсыныс үш рет қайталанғанда ғана Шынар жарты бокал «Хванчкара» ішуге зауқы соғатынын білдірді. Елеусіз қайран қалды. Осыдан екі-ақ ай бұрын екеуден екеу өзен жағасында отырғанда, су сорып дірдек қаққанда, ертіп келген жігіті елердегі сөзін айтып жалынып-жалбарынғанда татып алмаған шарабын Шынар қыз енді сыңғытқалы отыр. Ресторанда аталмыш шарап жоқ боп шықты. Елеусіз байғұстың қасқалдақтың қанында іздеп тапқан шарабы қас пен қабақтың арасында қайдан табыла қойсын. Қалағаның жоқ болса, қармалғанына қанағат. Стол басына портвейн келді. Басына гүл шашқан күнбағыстай әдемі ақ таққан официантка нән қара бөтелкенің тығынын бұрандамен тартып шығара алмай, мықшыңдап қалды. Елеусіз «ұлықсат етіңізші» дей беріп, бөтелкені қолына ап әрі тартып, бері тартып шығара алмай қойды. Бөтелке Қараштың қолына көшкенде ол түбінен алақанымен қағып қап, тығынын шопан еткізді. Лиза кешірім сұрап, іше алмайтынын кесіп айтты. Қараш: «Осыны ішпесең менде қастандығың болғаны» деп келетін, әркім бір айтып сілікпесін шығарған кәрі әзілді қайталап еді.
— Шарап түгіл сыра ішсем басым айналады. Осыған сенші, Қарашқа!—деді Лиза.
Сонымен, үшеу ара ыңғайлай бастағанда:
— Не үшін ішеміз? — деді Шынар ойнақы көзі күлімдеп.
— Қараштың сапары сәтті болуы үшін!—деді Елеусіз.
— Ал, мен сен екеуіңнің жарастығың үшін көтеремін! — деді Қараш ерде кеудесін кере түсіп.
Айнадан қара торы Шынардың реңіне қан жүгіріп өткендей болды. Бұлар бойшаң жіңішке бокалдың аш белінен ұстап, қақтығыстырғанда сыңғыр - сыңғыр етті. Жаңғырған нәзік үні шыңылдап, алысқа маңып кетті.
Екінші кезекте бокалдарды лүпілдетіп толтыра құйған Қараш:
— Күннің шипа сәулесін көкірегімізге құятын от— шарап жасасын!—деді. Бұл Алексей Максимович Горькийдің, ұмытпасақ, Қырымнан Чеховка жазған бір хатында айтылған сөз еді. Қараш соны қайталағандай болды.
Шарбақтың маңайы сарғылтым сәуле еді. Шынар көзі өткірленіп, жүзі құлпырып тұр. Ал, Лиза қырын қарап, көзін жаспен шылап тұр. «Мені шығарып салған қыздар неге жыламайды осы?!» деп күйінді Елеусіз.
ІІІ
Шынар, Лиза, Елеусіз үшеуі Москва — Алматы поезымен келе жатты. Вагон іші ың-жың. Әр гүрлі адамдар. Балалы әйелдер. Екеу-екеу, үшеу - төртеу боп, күңк - күңк сөйлескен жолаушылардың даусы әлдеқайдан ұласып, у-шуға да айналып кетеді. Сендерден қалыспайын дегендей, паровоз да ауық-ауық шыңғырып, миынан шағып - шағып алады. Вагон тізбектің ең алдында еді. Сондықтан паровоздың төбесінен ұшқан қиыршық көмірлер терезенің қиюларынан кіріп, мазасызданды. Осыған қарамай, екі қыз бен бір жігіт қағанағы қарық, сағанағы сарық боп келеді. О, жазғы демалыстың қадірін студенттер қана біледі! Лизаны да Шынар мен Қараш таныстырған. Содан бері екеуі тату-тәтті боп кетіп еді. Лизаның нақ осы жазға белгілеген барар жері жоқ болғасын құрбысы алыстағы аулына ертіп бара жатыр. Жер көресің, ел көресің деді; таза ауада денсаулығыңды көтересің деді; сағынған шешем екеуіміздің бабымызды табады деді; әйтеуір көндірді. Соғыс кезінде Қазақстанда болғаны бұлдыр - бұлаң есінде қалған Лиза сол жерлерді қайта оралып көргісі де келген. Шынардың шақыруы қамшы болды.
Ал, Елеусіз. болса, Алматыда тұратын ғалым нағашысын бара жатыр. Елеусіз Досов жалғызілікті жігіт еді. Жұпыны ғана шаруаның баласы Арқаның ақ тесін жайлап, Шудың ну қамысын қыстайтын елін еміс-еміс қана біледі. Ел көшкенде ол жадылы түйенің үстінде, кебежеде мойны қылқиып отырар болар еді. Әкесі бес жасында ашамайлы тайға мінгізіп, тоғыз жасарында ауылдастың бәйге күреңіне шапқызған еді. Елеусіз бір мүшелге толар жылы әке, шешесі қайтыс болады. Қалай қайтыс болды дейсіз ғой. Қалай қайтыс болғанын қайдан білейік, әйтеуір, Бетпақтың даласында жамбасы жерге тигенге ұқсайды. Елеусіздің өзі, шешесі үзілерде: «Жетімегім, көзіңді кімге сатар екенсің?» деп кемсеңдеп жылағанын ғана біледі. Өлікті жерлеп қайтқандардың етігіне жұққан ақ топырақ көз алдынан кетпейді. Қазір Елеусіз мұңдық шеше, арманды әкенің бейітін іздеп таба алмасына көзі жетеді. Биік белгісі жоқ, тым құрмаса, тас қорымы жоқ, құлазыған жапан - түздегі түймедей төмпешіктер әлдеқашан жермен жексен боп кеткені анық. Ол Ташкенттің өкпе тұсына шейін жолы бір болғандықтан Шынарлармен әдейі бір поезға мінген. Сол тұста екі қыз Т. станциясынан түсіп қалады да, Елеусіз Алматының өзіне шейін тарта береді. Ол кезде бүгінгідей шапшаңдық жоқ. Поезд ойдым-ойдым ормандардан шығып, оймыш -оймыш көгалдарды баса, екі тәулік шамасында Ақтөбенің бозғылт даласына иек артты. Терезеден қарап отырған Елеусізге таныс бетегелі беткейлер шайқалды. Өзі құралмас бір жас ақынның осы жолмен осы даланы басып, аралап бара жатып жазған бір өлеңі Елеусіздің есіне түсті. Бесікке асылып, нәресте немересін тербете, қоңырлатып ән салып отырған кемпір кез алдына келді. Салдыр-гүлдір көшкен керуендей, тарлан тарихтың әр жерге белгіге қойып кеткен шөкім - шөкім ауылы елестеді. Сол ауылдан шыққан айнымас махаббат иесі — жас жігіт пен жас қыздың бастаңғы жүрек лүпілі естілгендей болды. Біресе жасауы мол қызыл-жасыл қыз-келіншек түрінде, біресе сарыала киімді, шалқыған сері түрінде, біресе ақ шапанды ашушаң шал түрінде суреттелген сиқыр сахара: «Көгім қуарып болмаған көңілді кезімде өтіп барасың. Поезынан түсіп, аунап-қунап кет!» деп шақырғандай болды.
— Не ойлап отырсыз, философ? — дейді Шынар терезеден телмірген Елеусіздің иығына қолын салып.
Елеусіз ойының шет-жағасын ағыта бастағанда:
— Сіздің ел Сарысудың бойында емес пе еді? — дейді.
Сарысудың бойы! Елеусіз өзінің өмір тарихын Шынарға жырдай қып айтып бергені бар еді. Соның бәрін ұмытып қалған секілді. Немесе мына сұрау не сұрау? Тіпті, әнеукүні ғана қала сыртындағы «Көгілдір Дунай» аталатын қауыздың жағасында, жайқалған көк майсаның үстінде, сөзден сөз шығып, баян қылғанда, Шынардың: «Адасып жүрген екенсіз ғой» дегені қайда? «Адасып жүрген ағаның» жалғызілікті екенін білгенде көріне аяп, жыларманға келгені қайда? Әйел заттың аянышына махаббаттың шалығы тисе, айықпас дертке айналушы еді. Шынарда, сірә, бастапқысы болғанмен, соңғысы жоқ сияқты. Әйтпесе бітеу жараны несіне белгілейді.
— Елдің жайын да, өзімнің жайымды да, нағашыларымның жайын да айтып едім ғой, Шынар,— дейді Елеусіз қалың ойдан серпіліп.— Ертең Қаратаудың бергі шетіне іліккен көп ұзамай сіздер түсіп қаласыздар. Менің қапалығым сол боп келе жатыр...
— Шіркін, дүние-ай, «жоққа жүйрік жетпейді» деген осы да,— деп Шынар күлді. Қоңыраулы, назды күлкі еді. Елеусіз өзін жіңішкелей әжуалап тұрғанын сезсе де, ризалық пішінмен қарайды. Ішінен: «Бикештің сиқыры - ау!» деп қояды.
Түнде Елеусіз көпке шейін дөңбекшіп, ұйықтай алмады. Алакөлеңке вагон іші қорылдаған ұйқы, күлімсі иіс еді. Елеусіз оқтын-оқтын тысқа шығып, темекі сораптаумен болды. Жар құлағы жастыққа тимеген ол «ел жатса да жатпайды» деген сәбилік жұмбақ - мәтел есіне түскенде өз халіне өзі күліп те алды. Елеусіз бір ауық Шынардың айрылысарда әдейі арнап келе жатқан сиқыр назына мастанса, бір ауық, ертең оның жолдан түсіп қалатынын ойлап, уайым жейді. Қасынан кету өкініш болса, одан арғысы мүлдем қараңғы болғалы отыр. Шынар оқудан арып-ашып алыстағы аулына барғанда «қарағым - шырағымнан» кенде болмайтынына Елеусіздің көзі жетеді. Бірақ сол «қарағым-шырағым» деушілердің кімдер болатынына көзі жетпейді. Шынардың алдынан ертең көзі күлімдеген аққұба жігіт шығады - ау! Әскерден жаңада қайтқан сүр бойдақ сағыныштан сарғайған қарындасқа нендей лебіз білдірер? Онымен қалайша көрісіп, қалайша сыр ақтарысар? Шынардың сумкасындағы сурет Елеусіздің кезіне елестеп, екі жол елең есіне түсті.
Шалғайдан сағынамын, сәулем Шынар, Екеуміз егіздей ек, қалдым сыңар... «Егіздің адасқан сыңары табылса, шұрқырасып табыспағанда не қылады?» деп ойлады Елеусіз. Осынау екі жол өлең екі басты жыландай ирелеңдеп, әсершіл қызды шаққалы келе жатқандай елестеді. Дүниедегі ең қымбатынан айрылардай, Елеусіздің көңілі жарымда, іші әлем-жәлем болды. Шылымды тарта - тарта жүрегі қыжылдады. Сондайлық беймазалықта таңға жуық қана төсекке бас қойып, көзі ілінгендей болған еді. Одан арғысын таң ертең екі қыз сықылықтасып күліп отырғанда барып қана пайымдады. ... Елеусіз аяғымен қаздаңдап көтеріліп, екі қолын қанат қып ұшып жүретін болған екен дейді. Әлде қайдан самғай ұшып, шалқар келдің жағасындағы Шынардың аулына барған екен дейді. Барса, ауыл-аймақ кел жағасында ұлардай шулап тұр. Шөл сары лайланып, жалданып, бұрқ-сарқ тасып жатыр. Сол толқында кеудесі жалаңаш сұлу Шынар мен баяғы аққұба жігіт екеуі құшақтасып, арғы жағалауға қарай қашып барады. Қай-қайдағы ақ бас қарақұстар қалбаңдап, екі қашқынды бүріп әкетпек болады. Анау екеуі жан ұшырып, лай толқынға батып шығып, батып шығып, ақылы атқан секілденеді.
Шынардың кимешек киген шешесі мойнына қыл шылбыр салып, зарлап тұр. Бұдан әрі тағы да бірдеңелер шатасып кетті. Дүние даң-дүң болғандай болды. Елеусіз ұшайын десе ұша алмайды, Шынарға: «Хош бол!» деп айқайлайын десе үні шықпайды. «Япырмай, маған не болған?» деп ойлайды ол. Содан бар күшін жиып, айқайлаймын дегенде оянып кетті. Сөйтсе, өзі бастығырылып жатыр екен. Қасында екі қыз сықылықтап күліп отыр. Елеусіз бойра - бойра терге түсіпті. Балдырған шағында Елеусіздің миына сіңіп қалған ұғым бойынша, түсінде лай су көру жақсылықтың нышаны емес. Ал, лай суға шомылған адамның мүлдем соры қайнамақ. Сондықтан әуелінде Елеусіз кәдімгідей тіксініп қалды.
Оның есіне бала кезінде естіген бір ауыл аңызы түсті.
Екі қабат әйелдің көкірегін қасқырдың екі бөлтірігі кеміріп жатады. Әйел шошып ояна кетсе, түсі екен дейді. Жүрегі лүпілдей берген соң шыдам қылмай, жүгіріп көрші ауылға барады. Барса, алдынан тәжіке қайын сіңлісі шығады. «Шырайлым - ау, мен осындай түс кердім. Түсімді атама жорытайын деп едім» дейді келіншек. Қыз атасының аң аулап кеткенін, аяғын сайқымазақ әзілге шаптырады. «Тәйір, көкірегіңді қасқырдың екі бөлтірігі кеміріп жатса, түбінде ажалың бөріден болады да» дейді. Келіншек: «Қойшы, қайдағыны айтпай» деп қымсынып, аулына қайтады. Бұл екі ортада аң аулап кеткен атасы да қайтып оралады. Қыз келіншектің келген шаруасын, өзінің тәжікелеп жорығанын айтады. Шал санын бір-ақ соғады. «Екі бөлтірік — анасының мамасын еметін егіз ұл еді ғой. Балам, теріс жорығансың. Атыма мініп, артынан қуып жет те, келінді қуантып қайт» дейді. Қыз жеңгесінің артынан барса, екі ауылдың арасында оны қасқыр жеп жатыр екен дейді. Түсті білікті жорыту содан қалған деседі. Елеусіз көрген түсінің шет-жағасын ғана анғартып, соған жалғастыра ауылдың осы аңызын айтып шығып еді.
— Түу, қандай қисынсыз нәрсе,— деді. Шынар пісте мұрнын шүйіріп.
— Жоқ, Чинар, сенің мұныңа қосылмаймын. Меніңше, ете қызық аңыз! — деді Лиза.
Бұл уақытта поезд ақтаңдақ даладағы бір станцияға келіп тоқтаған еді. Елеусіз күндегі әдеті бойынша шәйнекті алып, қайнаған суға қарай жүгірді. Лиза бала мінезді адамдарға қызыға қарайды екен. Елеусізді қызықтап, мақтап жатты. Оның солпы - солпы жүріс-тұрысының езінде өзіндік романтика барын айтқанда, Шынар: «осынысы шыны ма, мазағы ма?» дегендей, құрбысына үрке қарап қалды.
— Рас айтам,— дейді Лиза.— Менің Қарашым тым көбірек сыланып сипанады. Өз басының қамын ұмытпаған адам ғылымға тереңдеп бара алмайды деседі. Сенің Елеусіздің ондай емес. Тіпті ол ешкімге ұқсамайды да.
Шынар «Сенің Елеусіздің» дегенге қарсылық білдірмекке оқтала бергенде оның өзі келіп қалды. Шәйнегінің шүмегінен бу шығады. Қақтаған балықтар әкеліпті. «Өзеннің балығы!» деп мақтай келді. Шай үстінде Лиза халықтың аңызы, ертегісі, салт-сана, әдет-ғұрпы жайынан әңгіме қозғап отырды. Болашақ филолог осының толық хабардар болғысы келеді екен. Қазір Шынармен бірге шығандап, көшпелі малшыларға бара жатқандағы іш есебінің бірін осылайша аңғартып етті. Шаңқай түс кезінде Қаратаудың құйрығы қылаңдап, жүрген сайын шоқтығы көріне бастады. Бір уақытта көгілдір мұнардан Мың жылқының басы да көрініп еді. Шынарлар тыпыршып, буынып-түйінуге кірісті. Елеусіздің көңіліне түндегі мазасыз ойлар қайта оралды. Шынармен бірге поездан түсіп қалғысы, оның отбасын, әке-шешесін барып көргісі келіп кетті. Елеусіздің әкесі Дос марқұмның ата мекені осы Қаратау емес пе еді? «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне!» деп тартып тұрса, Елеусіз Досовты кім шауып алады? «Әй» дейтін әжесі, «қой» дейтін қожасы жоқ шағында жасамаған тентектікті қашан жасайды? Алматыға барғанда нағашысының қарық қылары да шамалы. Жалпы ғалым атаулы сияқты, Елеусіздің нағашысының да әрбір тиыны есептеулі. Оқымаған жеңгейдің қалай қарсы алары да белгісіз. Қабағынан қар жауып отырмасына, теріс айналып, бұрқан-тарқан боп жүрмесіне кім кепіл? Жұлдызы оны туса Елеусіз бірер ай аунап-қунар. Тегін машинамен қыдырар. Соған мәз болып далақтайтын жастан өтіп кеткен жоқ па? Ендеше, өз қызығы езінде болар шары да жеткен. Елеусіз Алматыға барғанда газеттерге мақала, очерктер жазып, қаражат қармап алмақшы еді. Онысын осы жақтың өзінен де байлауға болады. Қайта, облыстық газеттер қаламының ебі бар жастарға көбірек зәру. Елеусіз осы алуандас олқылы-толқылы ойда тұрғанда Шынар базарлыққа алып бара жатқан бөлтек - салтағын буып-түйіп болған еді. Елеусіз оған:
— Бері таман шығып кетіңізші,— дегенін байқамай қалды.
Екеуі там борға шықты. Поезд сартылдатып тартып бара жатыр.
Елеусіз ойымдағыны айтып үлгіре алмай қалармын дегендей, асығып-аптығып сөйлей жөнелді. Даусы бірде көтеріліп, бірде бұғып, жүректің тілегін жеткізуге тырысты. Жоқ, Елеусіз: «Мен сізді сүйемін. Қосылмасаң — құримын, күйемін, жанамын!» деген жоқ. Осы сапардың жағдайын ғана сөз қылған болды. Манағы ойлардың нобайымен төтелеп, Шынардың аулын көргісі келетін себептерін жылдам - жылдам айтып шықты. Қарашпен Алматыда бас қоспақ болғанын да ұмытты. Осы жақтың өзінен қайтып кетуге бел буып тұр. Сөзінің ең соңында, ғашықтық салтымен күрсінбей. жұмсақ қана тұнжырап, қолын қыздың иығына салды. Мұнысы: «Жауабыңды тосып тұрмын» дегені еді.
— Осы емеуі осымен екінші мәрте байқатып отырсыз,— деді Шынар басын сілкіп тастап. (Елеусіздің қолы иығынан түсті) — мен сізді ауылға қалай шақырмақпын? Кім деп ертіп апармақпын? Ауыл-аймақтың «пыс - пысы» болады. Ол түгіл, көзі ашық деген әке-шешенің өзі: «Бәрекелде, сыйлы қонақ ертіп кепсің» десе, құба-құп. Олай демей, өзімді дәнекүс қып жүрсе, қайтпек? Совхозға айналып, жұмысшы болдық деп күпілдегені болмаса, біздің ағайындарымыздың қазақшылығы қалмаған. Заң, заман өзгерсе де, әдет-ғұрып, үрдіс - дәстүр дегеніңіз тез өзгермейді екен. Анау Лиза менің көзінше әке-шешесіне талай рет: «Папуля, мамуля, мен Қарашты ұнатып қалдым» деген. Ал, мен әке-шешеме олай деп тіс жара алмаймын. Мұны өзіңіз де жақсы білуге тиістісіз.
Елеусіз ойланып қалды. Шынында да, Шынардікі дұрыс-ау. «Ертіп келгенім — өзіме қырындап жүрген жігіт еді» десе, ел-жұрты оны дәлду, тәлпіш, көрген еді. Ал, «көлденең мейман» десе, онысы және келіспейді. Қаңғырған жолаушы бейтаныс елде не бітіреді? «Қой, мұным болмайды екен» деп ойлады Елеусіз. Оның Алматыға барғаны жөн екен. Нағашы да сонда, жора-жолдастары да сонда. Тек, Шынармен қоштасарда қайта оралып көріскенше ұмытпастай, қиыспастықтай қандай қылық, қандай сөз лайық? Оның осының қамын ойлап кетті. Көйлекшең Елеусіз шірей сықалған нән екі қара чемоданды алып түскенде талдырмаш денесі майысып, жауырыны қушиып кетті. Ішінде зат емес, тас жатқандай сезінді. Автобустың аялдамасына тәлтірек қағып, әрең жеткізді. Бұл кейпіне екі қыздың да жаны ашып еді. Сол аяныш онымен қолдасып қоштасқанда мүлдем ұлғайды. Себебі, Елеусіздің алақаны қайыспен ысқандай, жанып бара жатыр еді. Нәзік сезімнің иесі Лиза шыдам қылмай.
— Давайте, на прощание я вас поцелую,— деп, Елеусіздің бетінен шөп еткізіп сүйіп алды.
Шынар сүйіспеді. Қалай сүйіссін, жан-жағы самсаған адам еді. Балалы әйелдер де бар-ды. Бірақ Шынар бекер қылды. Сүйісуі - ақ керек еді. Ол тосырқаған соң Елеусіз айрылса айтам деп түйгенін айта алмай қалды. Тек, қанжардай өткір көзі жуаси жаутаңдап:
— Хат жазысамыз ғой. Апай мен ағайға сәлем де! — деді.
ІV
Елеусіз Алматыға келісімен тыным таппай жұмыс істеген. Баспа мен редакциялардың табалдырығын тоздырып, «қағып тастайтын» жұмыс аулаумен болған. Айтулы мерзімде Алматыға Қараш та келіп еді. Шалымды серігіне қосылған соң Елеусіз бір жасап қалғандай болды. Қараш баяғы қалпынша жалт-жұлт етеді. Балауса көңілін сары уайым шарпып көрмеген мұңсыз адамның кейпін танытады. Алматыда тамыр-танысы көп Қараш Елеусізді талай үйге ертіп барды. Заң қызметкерлерінің, кәсіп одағы қызметкерлерінің, артистердің отбасын көргені Елеусіздің әлі есінде. Солардың көбін Қараш «жекжатымыздың жекжаты еді» дегенде, жолдасының сіңімділігіне Елеусіз таң қалып та қояды. Қайсы үйге барса да, Қараш орағытып, мәжіліс -сұхбаттың алдын бермейді. Әңгіме нендей тақырыпқа ауса да, көп білетін сол боп шығады. Сегіз қырлы, бір сырлы жолдасының ұстараның жүзіндей лыпылдаған мінезіне Елеусіз бір ауық қызыға қараса, бір ауық сескеніп те қалады. «Тұрақтылық томырық адамнан көбірек кездесуші еді. Осының өзі күндердің күнінде баянсыз боп жүрмесе игі еді» деп ойлайды Елеусіз. Бір күні Қараш Елеусізді баспаға ертіп барды. Онда бөлім редакторы боп істейтін жерлесі Жаныбек Шақабаевпен таныстырды. Елеусіздің қаламы жүйріктігін айтып, аударма сұрап еді. Жаныбек директорией сөйлесіп, Буденныйдың басқаруымен шыққан. Жылқы туралы кітаптың» атақты екі томын аударуға берді. Елеусіз екі томдықты он екі айдың ішінде аударып беретін боп шартқа отырды. Шарт бойынша, көп ұзамай, несие ақша да алды. Ақша алған күні Жаныбекті, Қарашты қонаққа шақырды. Олар және біреулерді ертіп келіп, Екінші Алматы вокзалының ресторанында кәдімгідей той-томалақ боп тарқады. Сонымен, Москваға қайтарда Елеусіздің қуанышы койнына симай қайтқан. Әсіресе Шынармен танысқалы бері қаражаттың тақсырет тартқан ол ұзақ уақытқа жетерлік шыр байлағандай, желігіп еді. Астанаға келгесін Шынарды анда-мұнда апарғыш, әрі жора-жолдастарын шақырғыштап, бір-екі айдың ішінде-ақ қалтасының түбі көрініп қалды. Содан кейін Елеусіз сарыла жұмыс істеуге көшті. Күздің ұзақ түнінде «Жылқы туралы кітапты» аударып, ұйқысы ылғи шала. Қарындашпен көп жазғандықтан ортан қолының буыны жауыр болды. Сөйтіп жүргенде денсаулығының жүдеп кеткенін байқаған жоқ. Жағы сопайып, көзі шүңірейіп, ілмиген үстіне ілмиіп кеткен түрпеті Шынарды жуықтата түспей, қашықтата түсетінін де білмеген. Москваның құбылмалы күзі Елеусіздің бүгінгідей кез алдында. Стадионда не бары бір жарым сағаттық футбол ойынның бірінші жартысында оңтүстіктен соққан жел екінші жартысында солтүстіктен соғатын кез еді. Бейқам келген жұрт театрдан шыққанда жауын-шашынның астында қалатын, көз қимас не бір бикештер метроның оқпанында дірдектеп тұратын мезгілді. Сондай күндердің бірінде Елеусіз, Шынар, Қараш, Лиза төртеуі костюмшең жазғы «Эрмитаж» театрына келген. Ойын басталуға шейін екі сағаттай уақыт бар. Сондықтан бау ішінде серуендеп жүрді. Күн шуақты болғанмен, ағаштардың ажары сынық, аралары сиреп қалған. Ләззатты жаздың сағынышында сарғайған жапырақтар қалбағайлап түсіп жатыр. Біреуі дөңгеленіп кеп Шынардың кеудесіне қона бергенде, Елеусіз қағып алды да:
— Топшысы қиылған жапалақтай жалбаңдауын қарашы! —деді.
Қараш басын шалқайта, күміс күлкісімен «ақха - ха!» лап, қысқа күлді де:
— Орыстың бір ақыны сарғайып үзілген жапырақты иыққа қонған погонға теңейді,— деді.
Елеусіз уәжден жығылып, көңілі жүдеп қалды, Ақындықтан дәмеленіп, аракідік өлең шығарып жүргендегі тапқан теңеуі, шынында да, түкке тұрғысыз екен, Жапырақ пен жапалақтың арасында қандай ұқсастық бар? Және жай жапалақ та емес, топшысы қиылған жапалақ. «Әй, осы менен ақын шығып жарытпас!» деп ойлады ол. Елеусіздің көңілінде, күн де кенет бұзылып, терістіктен ызғарлы жел тұрды. Жеңіл-желпі киінген жігіттер мен қыздар бүрсеңдей бастады. Әсіресе, жайшылықтың езінде «үп» десең ұшып кетерлік жіңішке де нәзік Лиза уыстай жиырылып, жауырынын қушита береді. Жаны ашыған Қараш бешпентін шешіп берді. Елеусіздер төбесі ашық жаздық театрға енгенде, азынап кетті. Салқын - ақ еді. Білдірмеуге тырысса да, дірдектей бастаған Шынарға Елеусіз бешпентін шешіп бергенде ол кимей қойды. Өзіндей Қараштың көйлекшең отырғанын көріп, Елеусіз мүлдем қысылды. Шешкен бешпентін қайда қоярға жер таппай, желең жамыла салды. Болбыр жігіттің осы күйіне жаны ашығандай, Шынар бірдеңені сұраған боп, қысыла түсіп еді. Елеусізге бітпеген батылдық пайда болып, желегей бешпентінің өңірін қыздың арқасына жапты да, оң қолымен қаусыра қысты. Толып піскен сұңғақ қыз жарасымды салмақпен Елеусіздің құшағына енді. Бұрқ еткен қымбат жұпардың исі Елеусіздің мұрнын жарып жібере жаздады. Спектакльдің бірінші актысы аяқталып, залға жарық берілгенде, Елеусіздің беті қызыл шырайланып, аяз шалғандай құлпырып, өрт жігітке айналған еді. Әншейіндегі салалы салқын саусақтарына шейін жанып бара жатқандай. Бұл «2:0 ғып ұттық» деп аталатын, спорт тақырыбындағы постановка болатын. Рольді жанды қуыршақтар атқарады. Бас геройы Елеусізге аздап ұқсайтындай. Жас инженер ылғи жұмыспен, іліммен ғана шұғылданып, денсаулығын нашарлатып алады. Ауырып төсек тартып жатқанда шақырумен келген дәрігер ешқандай сырқатының жоқ екенін айтып, спортпен айналысуға қосады. Жас инженердің мойны жар бермейді. Сөйтіп жүріп әрі студентка, әрі спортсменка бір қызға ғашық болады. Қыздың жетелеуімен спортпен шұғылданады. Күндер, айлар өтеді. Ақырында жас инженер футболист болып шығады. Ол ойнайтын команда басқа бір күшті командамен кездесіп, екі де нөл ғып ұтады. Спектакльдің мазмұны бөгде автор баян қылғанда сұйылып кеткені болмаса, көрерменге үйірімді - ақ, ыстық - ақ еді. Жас инженердің төңірегінде толып жатқан күлкілі жайлар бар-ды. Жұрт рақаттана күліскен. Қараш ауық-ауық Елеусізге бұрылып: «Көрдің бе?!» деп сыбырлап қояды. Тіптен, бір орайда, Шынарға иіліп:
— Махаббаттың қолынан келмейтін керемет жоқ. Елеусізді осы инженердей ғып шығар! — деп салды. Шынар:
— Қойыңызшы, Қараш! — деп қысылып қалды.
Шынар Қарашқа ылғи «сіз, біз» деп сызылып сөйтіп, Қараш оған «Сен» деп базынасының, басыныпты. Бұл арасы Елеусізге бұрыннан танық.
V
Елеусіз ұмытқан жоқ. Сол қысты Шынар екеуі бірге өткізген. Екеуі киноға да, театрға да бір барады. Серуен - саяхатқа бірге шығады. Шынардың арқасында, Елеусіз коньки тебетін болды. Мұның, өзі оның денсаулығының шынығуына үлкен дәнекер болды. Елеусіз бұрынғыдай жиі-жиі тымауратудан арылды. Оқуын да жақсы үлгіре бастады. Сөйтіп жүріп көктемнің қалай келгенін байқамай қалып еді. Көктемде мынадай бір көңілсіз оқиға болды. Бұндайда Елеусіз басының ауған жағына қаңғырып кете беруші еді. Сол әдетіне басып, Горький көшесін одан Ленинград шоссесін бойлай отырып, «Динамо» стадионынан келіп шықты. Былтыр Шынармен бірге болғаннан кейін қайтып көргені осы. Пәлендей өзгеріс болмапты. Тек жанадан жасыл сырмен сырлаған орындықтары кешкі арай көз тартып, жалтырап тұр. Темір торлы қақпадан соққан салқын желден сырдың исі келгендей болады. Елеусіз Батыс трибунаның түбінде үйме-жүйме боп тұрған адамдардың қасына келді. Оның аңғаруынша, футбол әуесқойлары ертең осында өтетін ойын жайынан әр түрлі болжаулар айтып, қарығысы тұрғандай. Кісілер бес-алты жерге шоғыр - шоғыр боп бөлініп тұр. Шамасы, әрқайсысы әр команданың жанкүйерлері сияқты. Шоғырлардың әрқайсысына бір жанасып, ұзақ тұрып қалды. Адам қанша болса, болжаулары да соншама екен. Елеусіз қайсысына иланарын білмеді, өздері бірікпейді. Бәтуасыз ырың-жырың кеңестер таусылатын емес. Әуесқойлар ойыншылардың кейбіреуін марапаттап, кейбіреуін мұқатып, қылжақ қып, тара ерегісіп, өзеуресіп қалады. Осының бәрі берекесіз әңгіме көрінсе де, белгісіз ермек іздеген Елеусіз еріксіз қызықтаған. Одан ол бір уақытта сағатына қараса, оннан өтіп Парады екен. Бағана келгенде сағат жеті еді. Елеусіз болымсыз әңгімелерге құлақ асып, үш сағат бойына аяғынан тік тұрғанына қайран қалды. Елеусіз өзінің де құмарлық сезімге пенде боп жүрмей енді байқағандай болды. Оның ынтызары Шынар болса, сол Шынардың басқа адамға қатардағы қыздың біреуі ғана боп көрінуі бек мүмкін ғой. Елеусіз сүйген қызын күс қып қолға қондырған күннің өзінде баянды бақыт таба қоярына кім кепіл? Осындай сүйкімсіз, шашыранды ойда келе жатқан Елеусіздің көз алдынан Шынар елестеп өткендей болды. Елеусіздің әлденеден құлағы шуылдап, жүрегі тітіренді. Елеусіз бұны күтпеген жаманаттың нышанындай сезінді. Ол түсер жерінен түсіп қалмай, Ленинград залына қарай тартты. Бейтаныс шаһарға бара жатқан Шынарға «жолың болсын!» айтып, қоштасып қалғысы келді. Елеусіз Ленинград вокзалынан келіп шыққанда Қызыл Жебе поезының жөнелуіне бес-ақ минут уақыт қалған еді. Әйел даусы радиодан сампылдап, хабарлап тұр. Елеусіз платформада Шынарды іздеп, жүгіріп жүр. Қап, вагонын сұрап алмағанын қарашы! Жалтыраған сәнді вагонның бәрі бірдей. Қайсысында отырғанын қайдан білесің! Досов әрі-бері жүгірді. Айқайлағысы да келіп кетті. Бейуақыт болғандықтан ба, әлде жолдың жақындығынан ба, әйтеуір, шығарып салушылар тіптен аз еді. Кейбір вагонның алдында ғана терезеге қарап ымдасып тұрған некен саяқ шығарып салушы бар. Елеусіз «Әуеден сүйісудің» ырымын жасап, ернін шүйіріп тұрған әдемі ақ сары қыздың қасынан өте беріп, «ынтызарын көрейінші!» деп терезеге қарады. Купенің іші самаладай жарық. Терезеге бетін тақап түрегеп тұрған — аппақ шоқша сақалды ақ шал. Елеусіз «е, әкесі екен ғой» деп ойлады. Шалдың тасасында бір еркек, бір әйел иін тіресіп отырған сияқты еді. Поезд жүруге айналғанда орындарынан тұрып, шалдың қасына келді. ... Бұлар Шынар мен Рафих еді. Иә, иә, баяғы гармоншы Рафих Габибулин! Елеусіз бірден таныды! Елеусіздің жүрегі аузына тығылды. Басына қаны шапшып шыққандай болды. Шынардың Елеусізге «Әуре болмай-ақ қой» деп вокзалға маңайлатпауы да осындай гәп бар екен ғой! Ол күні бұрын Рафихпен құпия уәде байласып, басқа қалаға әдейі саяқтап бара жатыр екен ғой!.. Елеусіздің басына осы ойлар ғана келіп үлгірді. Поезд ырғалып, жүріп бара жатыр. Анау екеуі де Елеусізді анық көрді. Өйткені, екеуі де жалын етіп отыра кетті. Елеусіздің байқауынша, Шынардың беті ұяттан қызарып кеткендей болды. Ертеңіне ол Қарашқа барып, болған оқиғаны түгел айтты. Айтпаса ішіне симай қалатын болды. Содан, татар жігітінің Ленинградта туған-туысқаны болуы да мүмкін, екеуінің неке қиысып қайтуы да ғажап емес, дегендей кешеден бері көңіліне бірте-бірте оралған зәрі мол күдігін мысқылдап жеткізген еді. Манадан бері сазарып тыңдап отырған қарасұр Қараш жорамалдың осы жеріне келгенде кенет жадырап күлді.
— Ол қисынсыз нәрсе ғой. Шынар — силаған сүйетін қыз. Жолы түскен соң бірге кеткен шығар. Көрмеген қаласын екі сылтау, бір желеумен көріп қайтқысы келген шығар. Біз, бауырым, жиырмасыншы ғасырда өмір сүреміз. Дуэльдің заманы өткен. Ендігі ар-намыстың нормасы да басқа...
— Сенің философияң қызық екен,— деді Елеусіз.— Заман өскен сайын әр істе баяндылық орын тебеді, ар-намыс күшейеді деп жүрсек, бәрі алдау боп шықты ғой.
— Жоқ менің айтып тұрғаным Шынар туралы ғана. «Жақсы болсаң — сәулем сенсің; жаман болсаң — әурем» деген өлеңді естіген жоқ па едің? Шынар — сол сиқырыңның өзі. Оңай алдыратын жау ол емес.
«Оңай алдыратын жау ол емес!» Бұны Қараш қайдан біледі? Әй, осының өзі бір антұрған болмасын! ...Дегенмен, Қараштың сөзі Елеусізге едәуір әсер етті. Әлсін-әлсін қызғаныштың уыты әлсіреп, күйігі басыла берді. Шынар да Ленинградтан қайтып оралғанда көпке шейін Елеусізбен ұшыраспауға тырысты. Ақыры, Елеусізбен дидар көрісіп, тіл қатысқанда да, жүзі төмендеп, кібіртік қақты. Елеусіз де біртүрлі ыңғайсызданып жүрді. О баста, Шынармен танысқан сәттен бастап-ақ, Елеусіздің жүрегіне бір ыстық жұлдыз орнап, кеудесі жанып тұратын секілді еді. Енді сол жұлдыз алыстап, жылтырап, сөніп бара жатқан тәрізденді. Елеусіз кеудесінің суынып қалғанын анық - ақ сезінген.
VІ
Қағазға түскенде ұзарып кеткені болмаса, Москвада өткерген студенттік күндерінің бәрін Елеусіз қиял қанатында тез-ақ шолып шыққан. Асылы, адамның іші — сиқырлы әлем тәрізді. Тіршілікте не көрдің, не түйсіндің, неден дәмелендің, неден түңілдің,— бәр-бәрі көкірегіңде аян. Көлденең жұрттың кезіне төрт құбыласы түгел жігіттей көрінетін Елеусіздің көңілінде қаншама қаяу, сағыныш, мұң жатыр! Күні кеше кіндігі бір кісідей ажыраспайтын студенттердің дихан шашқан тұқымдай жан-жаққа шашырап - шашырап кеткенін Елеусіз енді ғана пайымдауда. Ұзын - құлақтан естуінше, көбісі - ақ Елеусізден бұрын көгеріп, бұрын піскелі тұрған сияқты. Есімі күллі Одақ көлеміне паш бола бастаған жолдастары көз алдына. Әр нәрсені салыстыра бағалап дағдыланған Елеусіз Досов өз құрдастарының көбінен кейіншектеп қалғанын жақсы-ақ сезінеді. Сондықтан да өз тірлігіне ризалығы жоқ. Ол өңге тұрғыластарын жар қызығын кешіп, бөбек былдырын естіген жоқ әлі. Ерке әсершіл айырылып, әйел баласына сын көзімен қарайтын болған. Тіршілік еткен ортаның Шынарға мықтап әсер еткенін анық байқағанда, Елеусіз оның келешегін де ойлады. Осы күн қақты түрпетімен, майысқақ қалпымен, имене сөйлеу нәшімен ауыл қызы боп қала бермек пе, жоқ әлде ұлы астанада бес жыл оқыған оқуының жемісін сусаған сахарасына емін-еркін шашпақ па? Шынар Есболова оқуын бітіргенде, оны Жамбыл қаласындағы техникумге оқытушы етіп жіберген. Бірақ техникумде ұзақ істеп тұра алмай, әке-шешесінің қолына барады. Ол жерде өз мамандығы бойынша мал дәрігері боп істемей, бос жүріп-жүріп, ақырында орта мектепке орыс тілі мен тарихтан сабақ беретін мұғалім боп орналасады. Бұдан кейінгісін Елеусіз Алматыда Нұршадан есітті. Шынардың мамандығынан қол үзіп кетуіне Елеусіз ешқандай таңданған жоқ еді. Академияда жүргеннің өзінде биохимия, органическая химия, аналигическая химия, физколарийная химия секілді толып жатқан «химиялардың» мезі қылғанын тәжрибеге келгенде төлдеген малдың шуын ажырату сүйкімсіз істің сүйкімсізі екенін талай рет дат қып шағатын. Елеусіз елуден астам профессоры бар, ғылым кандидатынан дәрежесі төмен адам лекция оқымайтын академияны Шынардың қалайша бітіріп шыққанына ғана таңданған. О баста бұл қыздың академияға келіп қалуының өзі де ғайыптан болған іс еді. Шынар Алматыда ЖенПИге де, ҚазПИге де түсе алмай, Зоовет институтқа барады. Сәті келгенде, емтиханды үздік тапсырып, осы институттың жолдамасымен ұлы астанаға сапар шегеді. Москваға келіп қалған соң, соның өзіне мәз боп, өгей академияны бітіріп шығуға төзеді. Осының бәрінен хабардар Елеусіз Шынардың мамандықтың көзіне шөп салғанын кешірілмес күнә санамайды. Тек, бес жыл уақытын орнын таппай жұмсағанына өкінеді. Институтты үзіліп-созылып әрең бітірген Елеусіздің өзі де мамандығы бойынша оқытушы болмай, басқа кәсіпке ауысып кетті. Алыстағы ауылдан келген жылқышы Нұрша Керімбердиевпен танысқанда ол республикалық газеттің белді қызметкерлерінің бірі болып қалған еді. Білім мен зейін не істетпейді дейсіз! Жылқышы Нұршаның жазықсыз әңгімесінен кейін, Елеусіздің жүрегінде сеніп қалған шоқ жылт етіп қайта тұтанғандай болды. Бұл баянды махаббаттың ұшқыны ма, жоқ әлде өзімшіл әуестіктің желіктіруі ме, ол арасын Елеусіз ажырата алған жоқ. , Тегі Елеусіз сияқты адамда осы сезімнің екеуі де қатар жүруі бек ықтимал еді. Неде болса, Елеусіз сонау шалғайдағы ауылдарға барып қайтуға бел буды. Осы кезде Қазақстанның түкпір-түкпірінде еткелі жатқан Шопандар күні тойына республикалық газеттер арнаулы тілшілерін жаппай аттандырып жатқан.
Елеусіз Оңтүстіктің ең мойны қашық Сейдін ауданына командировка сұрады. Оңтүстік облыстарын жақсы білетін редактор сонау ит арқасы қияндағы ауданға Елеусіздің тіленіп отырған себебін біраз тәптештеп келді де, ақырында:
— Жарайды, емеурініңді .таныдым, жіпсіз байламай-ақ қояйын. Бірақ әдейілеп барған соң, кірең арзитын болсын. Малшылардың тұрмысынан өткір очерктер жазып қайтқан. Мұнда келгесін жазамын десең, соңынан бір денесі жетіспей жүретіні болады. Сол жердің өзінен бастап, біткенін біткенше жібере бер. Біздің газет мал шаруашылығын өркендетудің толғағы піскен мәселелерін мықтап көтере алмай жүргенін өзің де білесің,— деген.
— Мақұл, ақсақал.
— Ендеше, жолың болсын. Жауапты секретарға айт, осы сенбіден бастап Сейдін ауданына бір айға командировкаға шығады деп бұйрық жазсын. Бара көресің, ол өте қызықты аудан.
— Тек, ақсақал, менің очерктерімді өзіңіз қарап жіберетін болыңызшы. Секретарыңыздың қанатты сөзді күзеп, астарлы сөзден үркіп тұратын мінезі бар. Оңтүстікке барған соң жергілікті елдің тілін молырақ пайдаланбасаң, тағы болмайды.
Редактор ақ шашты, шомбал, дойыртпақ кісі еді. Нәркес қара көзі тұнып, тұнжырап, Елеусізге ұзақ қарап отырды да:
— Қолымнан келсе, қарап көрейін. Бірақ езің де масаның тұмсығы өтпейтін етіп жазуға тырыс,— деген.
Сол бетпен Елеусіз Досов шалғайдағы Сейдін ауданының шетіне ілікті. Шетіне ілікпей жатып, Шынардың атасына тап болды, сіңлісін көрді. Одан беріде Гүлнаш апаймен танысты. Енді Шынардың өзімен де табысып отыр.
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Не себепті екені белгісіз, келген бетте Шынар өзінің сыр мінез достарымен шешіліп сөйлеспеген. Көмейіне бірдеңе тығылып тұрғандай болды. Әсіресе, Қарашқа тура қарамай, назарын тайдырып әкете берген еді». Кешке қарай Елеусіз бен Қараш киіз үйдің сыртында Шынардың тосын мінезін әңгімелеп тұрды. Үй ішінен күбір - дүбір дауыстар шығып жатты.
— Бұрнағы күні Кәмила қайтыс болды. Кеше жерледі. Өлікті көргенім осы еді. Түнде түсімнен шошып ұйықтай алмай, құлқын сәріден жүріп кеттім...
Елеусіздің аңғаруынша, Шынардың мынау сұмдық, суық хабарын Қараштың да құлағы шалған сияқты еді. Бірақ ол сыр жармай, сазарып тұра берді. Тек, бір-екі секунд бойына қарасұр кескіні бөздей бозарып кеткендей болды. «Япырмай, мынау қалай шыдап тұр,— деді Елеусіз ішінен,— мен болсам, «не деп турсыңдар, ағайын?» деп еңіреп жіберер ме едім, қайтер ем?» «Әлде мен жаңсақ естідім бе?» деп те ойлайды Елеусіз. Оның құлағына алдамшы дыбыстар шалына беруші еді. Елеусіз аң-таң болды. Ертеңіне азанда Жамаш келіп, Мүсірәлі деген озат шопанның қонаққа шақырып жатқанын, осы ауыл, Гүлнаш апай мен Шынардан бастап, тайлы-таяғымен түгел баратынын хабарлады. Сонымен, біздің жігіттер атқа қонуға мәжбүр болды. Біркімбай көк қасқа атын келген күні-ақ алып қойған. Қарашқа көлікті Гүлнаш тауып берді. Тоғынан жараған жатаған қара кер ат тыпыршып, жер тарпып шыға келді. Қонақтардың қасына Жамаш ерді. Почтальон арқасына рюкзагын шандып алған. Бұлай шыға бере ол: «Күдірейген жылқының жүрісі жайсыз болады» деп, астындағы ақ бестісін Елеусізге беріп, өзі лоқылдап алаға мінді. Ақ бесті лыпыл қағып, шаба жөнелуге сәл-ақ қалып келеді. Елеусіздің де көңілі өсіп, жарысқысы, құйындатқысы келіп кетеді. Бұлар екі кемердің арасындағы кең тепсеңде отырған қойшы ауылға келіп түсті. Мүсірәлінің өзі шығып қонақтардың аттарын байлады. Бойшаң келген мосқал сары екен. Қызыл - қошқыл шибарқыт костюмы өзіне жарасып тұр. Үстіне қылау түспегеніне қарағанда, әдейі күтініп отырған тәрізді. Балалары соңынан шұбап өріп жүр. Қараштың киім-кешегіне жатырқай, таңырқай қарасып, сыбырласуда.
— Сурет тартқышы бар екен!
— Көз әйнегі қара екен!
— Маңдайына түргені несі?!
— Әй, бешпентінің етегі жырық екен!
— Тақиясы қызық екен!
— Қораз айдарлы ғой!—десіп жатыр.
Әсіресе он екі-он үш жастағы үрпек сары бала таңсық кісілерді көзімен тінтіп, тұла бойын шолып тұр. Қонақтар үйге кірді. Анығында, бұл үй емес, кәдімгі күрке еді. Керегелерінің көгі сөгіліп, тарбиып кеткен. Уықтары ыс-ыс, туырлықтары шұрқ-шұрқ. Ішінен мың торғай қамасаң, біреуі тұрғысыз еді. Осыған қарамай, қонақ шақырған Мүсірәлі жайдары - ақ. Кемпір боп шөгіп қалған бір жапырақ әйелі де ізет қып, есік алдында түрегеп тұр. Қойшының босағада ілулі тұрған шоқпыттары күн сасиды. Төрде, қиюы қашқан талыс ауыз сандықтың үстінде дөңкиіп -дөңкиіп үш-төрт құс жастық тұр. Күркенің бар сәні сол ғана сияқты. «Жаман үйдің қонағы билейді» демекші, біздің зиялы жігіттер тізесін бүкпей жатып, сандықтың үстінен бір-бір жастықтан алды да, төрге қылжия кетті. Бұған Мүсірәлі шамданды. Ол насыбайын атып жатып:
— Әй, кемпір,— деді әйеліне,— өңшең боздақ оққа ұшып қирап жатқанда біздің аман қалғанымыз келіспес. Құла сен де, жығыл!
Мүсірәлі есік жаққа серейіп, жантая кетті. Мұнысын балалары да қызық көріп, шықылықтап, томпаңдап құлап жатыр. Тек, әйелі ғана меймандарын әлі де әжуаға қимай, ізетпен түрегеп тұр.
— Жығыл, кемпір!
Қараш пен Елеусіз тағы да бір әбестік жасағанын сезіп, төмен қарасты. Тек, маймақ сары ғана әжуаны әзілге айналдырып, бипаңдап, жуып-шайып. жатыр. Бірақ оның сөзін ешкім тыңдаған жоқ. Қойшылардың көбі келесі аптада Боз төбеге тойға кететін болғандықтан, ит-құстан сақ болу үшін бала-шаға бас құрап отырсын деп бірнеше үй осының аз-ақ алдында алқа-қотан қонып алған еді. Қонақ түскен үйге ауыл адамдары лезде жиналып қалды. Көп ұзамай, Гүлнаштарда шоғырымен келіп, Мүсірәлінің күркеден құралған қара шаңырағына симаған далаға отырысты. Далада семіз көк серке сойылып жатыр. Күркенің ішіне үш дастархан жайылып, көл-көсір шашылған бауырсақтан кісілер дәм татып отыр. Көрші ауданның Киров атындағы колхозынан адам жіберіп алдырған нән саба қымыз ет піскенше таусылар емес. Бетінде жылан кез май жүзген, шамалы ыс дәмі бар, кәдімгі, «жіліктің майында» дейтін сынық, сары қымызды Қараш та, Елеусіз де қанбай ішіп, қызулы табын шылымның түтінімен басып отыр. Елеусіз Досов талай елдің, талай жердің қымызын татып керген кәрі таңдай еді. Ішінен: «Шөбінің өзі дәрі ғой бұл жақтың. Ашытушы да бабын келтірген екен сабаз!» деп бір қойды. Тек, «Боз төбе» сынды бірыңғай мал шаруашылығы совхозының қымыз ашытпай, көрші ауданның колхозынан алдырғанына түсінбей отырды. Көпшіліктің ортасында қымыздың қызуынан әңгіме лаулай бастаған. Әркім бұрынғы -соңғыдан білген, естігендерін таратып айтып жатты. Шаруашылықтың жай-күйінен, биылғы жылдың ауа райынан басталған кеңестер өрби келе осы өңірдің өткен-кеткенінен талай қызықты сырлар ашып қалды. Бұның өзі әсіресе Елеусіз үшін қымбатты. Елеусіз Досов көшпелі ауданда туса да, есейгелі қызметті қалалық жерлерде істеген еді. Оңтүстіктің күнгей жағын бұрын аралап көргені бар-ды. Ал, теріскейіне бірінші келуі осы. Саттар Ерубаев марқұмның: «Күнгей менен Теріскей боп, егіз жатқан ел едік» деуіне қарағанда, екеуінің айырмасы болмауға тиісті еді. Бірақ іс жүзінде Қаратау теріскейінің табиғаты да, ел үрдісі де Қаратаудың күнгейінен басқаша екеніне Елеусіздің күп сайын көзі жетіп келеді. Оның аңғаруынша, бұл ел — кіші жүздің Тамасы, орта жүздің Шам шарлары сияқты ең бір қу тілді, мысқылшыл, жікшіл ел. Жай отырыстың өзінде бірін-бірі қасытып, шымшып отырады. Екі сөзінің бірі ишарат, бірі тұспал. Момынының монды байы өлеңдете жөнеледі. Елеусіздің және бір баққаны, бұл — мейлінше албырт, сауықшыл ел. «Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші, әркімнің ішкі аңсары осы мәжіліс үстінде - ақ ашылып отыр. Алабөтен шешіліп, көсіліп сөйлеп отырған Мүсірәлі. Сөйлеп қалған жезтаңдай әдетінен танбай, әңгімені маздатып - маздатып кеп, ат шабыс, сайыс, күрес, мергендік, аңшылық, құсбегілік тәрізді сахараның ежелгі егесіне, құмарына, дертіне саяды. Әсіресе, көкпар, салымның қызығын құмарта, екілене айтып, сүйсінген, не өкінген жерінде оң қолымен санын соғып қалғанда, Отан соғысында оққа ұшқан сол қолының үш саусағы селтиіп, шолтаң ете қалады.
— Америкаға барғанда Қазақстанның артистері көкпар шауып, қырғын қыпты деген сөз рас па? — деп сұрайды Мүсірәлі бір орайда.
Қараш түсіндіре бастағанда, Мүсірәлі:
— Қой, ағаш атпен көкпар тартып не жарытады? — деп басын шайқайды.
Жамаш дүдамалдың тігісін жатқызып жатыр.
— Бұл кісілердің лепесіне күмән келтіруге болмайды, ақсақал! Кино шығаратын, газетке сөз беретін осы кісілер.
Қайдам, шырағым, солай болса солай шығар. Үйде отырған біз нені білейік,— деп Мүсірәлі басылып қалды. Құлағы босаған қобыздай қиқылдап, жөтеле бастады. Ет пісіп, тамақ тартылды. Қонақтар тамағын жеп бола бергенде әңгіме қайта қозды. Енді, бірақ, бағанағы құмарлықтың қызықтары қағажу қалып, ылғи пендешілік кептері шертіліп жатыр. Көңілді, күлдіргі кеңестердің орнын көңілсіз, салқын сарын басып келеді. Бұрынғы - соңғының ылғи қапалы, қайғылы кебі шертіліп, осынау «пәни жалғанның» опасыздығына үлкен-кішінің бәрі мойын ұсынғандай боп отыр. Сонымен қатар, баяғыда баласы өлген, әкесі өлген, шешесі өлген, қарындасы өлген қарға тамырлы қазақтың қаза естірдегі ерлігі де мадақталып қояды. Сөз үзілгенде бала екеш балаларға шейін қыбыр етпей, тыныштықтың үрейлілігін күшейте түседі. Елеусіз бір тықырдың тақалғанын сезіп, тыншы кете бастады. Жолдасына қараса, нокдаун болған боксердей мең-зең, есеңгіреп отыр. «Апырай, мына ауылдың салты қандай жаман еді!» деп ойлады Елеусіз. Қол шайып болғанда бағанадан бергі алыстан орағытқан қаралы кеңестің түйінін Мүсірәлі шешуге айналды. Мүсірәлі тіршілік шіркіннің тұрақсыздығын, бұл жалғанда бауыры бүтін бенденің жоғын, түбінде баршамыздың барар жеріміз бір екенін айтты. Нелер жақсы - жайсаңның жазмыштан тартқан қайғы-қасіретінен аянышты мысалдар да келтіріп етті. Содан ұзын сөзін иіп, түсін суытып, даусын құбылтып:
— «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген бұрынғылар, қарағым Қараш. Сырқат апаң үзіліпті. Топырағы торқа болсын! — деп салды.
Елеусіздің тұла бойы шымырлады. Ол: «Қараш шыдамас, сыңсып қоя берер» деп еді. Бірақ Қараш сөйлесе - ақ даусы бірге шығарын біліп, іштен сыздап, шымшып тіккен қаптай тырсиып отыра берді. Естіртушілер де Қараштың бұрқ етіп жарылуын тосып, бір минуттей үнсіз отырып қалды. Тұнжыраған тыныштықты шыбынның ызыңы ғана бұзып тұрды. Содан кейін, шыдамы таусылған Гүлнаш болмашы теріс айналып, мұрнын тартып қорқ ете қалғанда жұрт батылданып, Қарашқа көңіл айта бастады.
— Иманы саламат болсын апаңның.
— Арты қайырлы болсын.
— Көп айналдырған ауру алмай қоймайды деген осы дағы.
Кейбіреулер өзара күңкілдесіп жатыр.
— Жүкті нар көтереді, дұрыс, шыдады...
— Азамат азаматтығын істейді де...
— Әттегене-ай, келген күннің ертеңіне тартып кеткенде апасын көріп қалатын екен-ау!
— Біркімбай атын өзі алып қойып, жаяу қалдырған жоқ па.
— Суытып жүрген атты қалай берсін.
— Машинасы құрғыр да тыйып қалды ғой.
— Таудан өте алмаса қайтесің.
Қараштар шайға қарамай атқа қонғалы жатқанда:
— Апа, Қараштармен бірге қыдырып келсем қайтеді? — деді Шынар.
— Қыдырып келе ғой, күнім!—деді шешесі Шынардың маңдайынан иіскеп.
Елеусіз өзін Қараштың жолай кідіріп қалғанына себепкердің біреуіндей сезініп, сасқалақтап қалды. Білген жұбанышын айтып жатыр.
— Біркімбай қарияға жолыққалы бері мен ұйқыдан оянған адам сияқтымын,— деді Қараш былай шыға бере.— Бейне бір көміліп қалған күн сайын, сағат сайын, минут сайын ашыла түскендей. Ес білгелі өмірім көз алдымнан көлеңдеп өткендей боп келеді. Тіршілікте көрген қызығым, шеккен жапам, жасаған қатем — бәрі еске түседі. И все это представляется теперь бесконечно мелким, лешенным смысла и интереса...
Қараш қазақша сөйлеп келе жатқан, орысшаға ауысып кетеді. Екі тілде де асықпай, нәшін келтіріп, әшекейлеп сөйлеуге тырысады. Елеусіз бұған біртүрлі қызыға қарайды. «Осының өзі жазушы боп жүрмесін» деп те қалады. Қараш қошемет тұтқанды жақсы көретін секілді. Қасындағы жолдастары жығыла тыңдаған сайын шешіле сөйлеп келеді.
— Қазақта: «су ағады, тас қалады» деген мақал бар. Жаңағы біз кідірген сандық тас осыдан отыз жыл бұрын сол күйінде еді, әлі сол күйінде жатыр. Одан менің әкем өлді, шешем өлді, кеше апам қайтыс болды. Өзіміз жігіттіктен шығып, жер ортасына келдік. Шіркін, ақын болсам, «Сандық тас» деген поэма қазып тастар ем!
Мен очерк жазайын,— деп күлді Елеусіз.
Жазсаң, несі бар, жаз! Сандық тас тұрған «Қалмақ қырған» деп атайды. Ертеде Кең сайман күркіреген өзен ағып, осы тепсең белуардан балшық, шылқылдаған саз болыпты-мыс. Қазақтар қалмақтарды бат қылға қамап, қырып салыпты деседі. Бұл кезде жүргіншілер таудың етегінде, екі үйдің орнында жерден бүлк-бүлк етіп, қайнап шығып жатқан бір бұлақ басына келіп еді.
— Осы жерде кішкене ат шалдырып алсақ қайтеді? — деді Жамаш.
— Жарайды.
Жамаш аттарды апыл-құпыл шідерлеп, отқа қойды да, рюкзакты ашып, дастархан ғып жайып жатып:
— Мыналарды мана Мүсекең салып жіберіп еді. Қане, отырыңыздар, құтты жеріне қондырайық,—деді.
Жолаушылар салқын еттен жей отыра, салқам шөлмек шарапты сылқытып алды. Қызара бөрткен Қараш көкіректен келетін үйірім суға күмпілдетіп шомылып жатып:
— Нағыз өзі болды-ау! — деп қояды.
Елеусіз де мәз-мейрам. Балаша екі қолымен суды сабалап, күмпілдетіп, өзімен өзі ойнайды. Жамаш «жел қармап қалады» деп, шешінбей, одырайып тұр. Шынар да суға түсуден тайынып, беті-қолын ғана шайды. Елеусіздің есіне Москва түбіндегі баяғы шағалалы өзен, сыңсыған орман түсті. Көк үйірімге күмп-күмп құлаған кездері, шымырлаған су, ақжал толқындар көз алдына келді. Сондағы шортандай жүзетін қола тәнді Шынар мынау қара қыздан басқа адам сияқты боп елестеді. «Кімнің жерін жерлесең, соның суын суларсың «деген сөз рас» деді Елеусіз ішінен. Күн екіндіге қарай еңкейгенде төрт жолаушы тағы да атқа қонды. Қараш жатаған қара керді шаужайлап, ортада келе жатты. Тау бектері кеңіс ойпаңға ұласты. Алғы жақта жалаңаш қызыл - шақат сең гірлердің іргесінен көкпеңбек көл көрінеді. Қызылкен көлі осы! Қараш танып келеді. Баяғыда да өстіп мөлдіреп жатушы еді. Шіркін, табиғат - ай, адасқан бір бөбегінің қайта оралып келе жатқанын сезе ме екен! Шығыс жақта бір үйір жылқы жайылып жүр. Тай-құлындар көкпар бастаған адамдай айнала шауып, сіңіп кетеді. Баяғыда да өстіп тай-құлындар құйрығын шаншып, асыр сап ойнаушы еді-ау! Құбыла жақтан шаңғытып, қора-қора қойлар құрып келеді. Бұл да бұрыннан таныс көрініс. Тек, лайда дыр-дыр етіп, діріл қағып, түтін саңғып бара жатқан трактор ғана бұрын бұл атыраптың түсіне кірмеген нәрсе. Жүргіншілер төте бұрылып, тракторды қуып жетті. Шалбарланып алған кеспелтек қара келіншек жүгіріп барады. Қасында қаршығадай қалшиып, шегір көз қара кісі отыр. Беті қыртыс-тыртыс.
— Ассалаумаәлейкум, Ореке! — деді Жамаш қырсау аланы тебініп.
Кісі «Әлейкумассалам» деудің орнына:
— Ойбай-ау, Шынаржан қайтып кеп қалған ба?— деп тандана қарады. Дыр-дыр еткен трактор тоқтап қалды.
— Бұл — Орал Есболов еді. Ремонттан жана шыққан трактордың аяқ алысын кермек боп аңызға бара жатқан.
Шынар жылдам сөйлеп, меймандарды әкесіне, әкесін меймандарға таныстырып етті. Орал Қарашқа көңіл айтып болды да:
— Шынаржан, бері шығып кетші, ақылдасатын шаруа бар еді,— деді.
Осыдан кейін Орал жұмысын тастап, кісілермен бірге жүретін болды. Жамаш оған лоқылдап аланы түсіп беріп, өзі Шынардың қаракөк дөненіне міңгесті. Бұлар он шақырымдай жерге шейін көл жағалап, былқылдаған көк майсамен жүріп отырды. Самал есіп тұр. Теңізге ұқсас көгілдір жасыл көлдің толқынды төсінде шағалалар жарқ-жұрқ етеді. Жолаушыларға «жолдарын, болсын!» дегендей, үстерінен сымпылдап екі көкала үйрек ұшып өтті. Елеусіз барған сайын анық байқауда. Стадионный алаңында көлденең тұрқы ұзындау бұл көлді екі қабырғалығынан да жалаңаш қызыл сеңгір қоршап тұрады екен де, басы бұталы тауға, аяғы бұйратты құмға тіреліп жатады екен. Көлемі Кавказдан үлкендеу сияқты. Көлдің лебінен шамалы түз исі келіп тұр.
Елеусіз көлдің не себепті Қызылкен атанғанын сұрады.
Орал түсіндіріп келеді.
Бір замандарда бұл жерде түз кені болыпты. Кейін бірте-бірте су басып, көлге айналыпты. Бұл жайында ертегі-аңыз да бар. Оған сенбейін десең, көлдің суы күні бүгінге шейін ащы. Ішуге де, егін суаруға да жарамайды. Осындай майсалы көл тұрғанда, совхоз орталығының құмдауыт Бозтөбеге орнығу себебі де сондықтан. Көл жағалай өскен кек майса бірте-бірте сейіліп, сары ала түзге ұласты. Аттар да бөгелектеп пысқырып дамылсыз жер тарпуын қойып, көсіле аяңдап кетті. Жүргіншілер Бозтөбенің шетіне күн талаурап батып бара жатқанда ілікті. Поселке Елеусіздің кезіне біртүрлі тосын көрінеді. Арқаның ығай-сығай ағаш үйлері жоқ. Оңтүстіктің тамдары бар. Терезелері қулық ойлаған адамның көзіндей сығырайып тұр. Тек, аракідік қана әктеген ақ үйлер ерекше назар тартады. Және бір қызығы, осынау ала-құла поселкенің іші киіз үйлерден аяқ алып жүргісіз. Осының бәрі Елеусіз ертелі-кешті оқыған «Шыңғыс хан», «Бати», «Салават Юлаев», «Абай» алуандас кітаптарда бейнеленген киіз үйлерді еске салып тұр. Елеусіз Назым Хикметтің мазмұн мен тұр туралы айтқан бір сөзі есіне түсіп, жымиып күлді. Елеусізге жұмыстан қайтқан адамдардың аяқ алысы да біртүрлі оғаш көрінеді. Әркімнің күйі жүрісінен - ақ аңғарылып тұрғандай. Біреулер салы туға кетіп, ілбиді. Біреулер қутыңдап, домалайды. Енді біреулер асықпай шалқақтап, дегдар аяндайды. Елпеңдеген, қаздаңдаған, құнжыңдаған, бүгжеңдеген, жүрістерде үйдегі шаруаның аңсары да жатқандай. Елеусіз осылай сезінеді. Тіпті оған осынау жүрістерден аяқ иелерінің кейбір әдеті мен мінезі де аңғарылып тұрғандай әсер етеді. Елеусіз Оралға қарап:
— Ақсақал, осынша жанның ортасында бір лау болмағаны несі? — деп еді. Орал:
— Е, қарағым, оның хикметі кеп,— деп, кейіннен дәмелендіріп қойды.
Поселкенің шетінде шаңдатып, бір қора сиыр қаптап бара жатты. Мөңіреп, елірме ауаны азан-қазан қылды. Елеусіздің есіне кешкі Алматының шеткі аудандары түсті. Өзі қаланың солтүстік шетінде тұратын да. Күн батса - ақ, өстіп дабырығу басталушы еді. Тек, сиыр мөңіремей, шынжырлы иттер, төбеттер үріп, біріне бірі үн қатып, шәуілдеп, арсылдап, көше тыныштығының әңгі - тәңкісін шығарушы еді. Сол дабыстар қайталап құлағына шалынғандай болған Елеусіз мынау поселкеден ит даусы шықпағанына қайран қалды. «Иттері отарда ма екен, әлде ұры-қары болмаған соң ұстамай ма екен?» деп ойлады. Жолаушылар поселкенің жуан ортасына кіргенде мандолиннің әуені естілді. Ойға мүлгіп келе жатқан Елеусіз жалт қарады. Мандолинде ойнаушы жас жігіт сияқты. Бешпентін желең жамылып апты. Тосын кісілерді көрген соң, мандолиннің сым ішектерін толқындата қағып-қағып жіберді. Сым ішектер безілдеп, шырылдап, сыңғырлы әуенге басты да, асылды тартқан магниттей, көңілі алғыр жолаушыны үйіріп әкетті. Елеусіз әуенге ыңылдап қосылғанын өзі байқамай да қалды.
Что ты бродишь всю ночь одиноко, Что ты девушкам спать не даешь...
— Орысшалап келе жатқан кім десем, Жамаштар ғой,—- деді бір кісі көрнеу менсінбеген үнмен.
Бұл кезде ымырт үйіріліп, көз байлана бастаған. Бірақ совхоздың директоры Жүніс Олжабаевты біздің жігіттер танымағанымен, басқалары бірден - ақ таныды.
Орал Жүніске жігіттерді таныс етті. Жүніс мән-жайды түсінгеннен кейін:
— Бейуақытта поселкені азан-қазан қып басына көтеріп жүрмесін, әуелі осыны өзің кіріп айтып шық, Жамаш! — деді.
— Ботасынан айрылған кәрі нардай зарлап отырған кемпірге «ой бауырым!» қайтіп кіремін? — деп Жамаш қипақтап, аяқ баспай тұрды.
Жүніс киізі күрк - шұрқ болған шәй лаға өзі кіріп, бірдеңе дегендей болды. Сол сол-ақ екен, кемпір айқайды салып қоя берді. Қараш не қыларын білмей, қысылып қалды. Бір тәуір жері, қасындағылар қаумалап, ертіп апарды.
Шайланың іші қара көлеңкелеу. Кемпір босағасында бүйірін таянып, жылап тұр.
— Қайтейін, Қараш - ау! Өстіп көрем деп пе ем сені! Тілеуімді имеді ғой жасаған, ойбай-ай!!
Жұрт тұс-тұстан тоқтау айта бастады.
— Қой, Қадиша, бейуақытта дауыс салма!
— Сабыр қыл, шеше!
— Ат қағып келген кісілер тыншықсын!
«Ат қағып келген кісілер» дегенде Қадиша жел үрлеген ерттей қайта қозды. Жарықшақ дауыспен барқылдап, термелеп кетті.
— Дақбыртыңды естіп ек, Қараш - ау! «Жалғызымды көре алмай кеткенім бе шынымен?!» деп, көзі жалтаңдап, артына қарай-қарай арманда кетті-ау Кәмила!! Ойбай, ойбай-ай!!
Қараштың басына қаны шауып, құлағы шуылдап кетті. Сыр жармас үшін төмен шүйіліп, бүк түсіп отырып қалды. Тек иығы селк-селк етеді. Ың-жың арасынан оған жұбату сөздер еміс-еміс естіледі. Әлден уақытта басын көтерсе, сығырайып, шырағдан жағылыпты. Кемпір өксігін басыпты. Көзін сумен шайып Жатып:
— Үй ішін аман ба, қарағым? — дейді.
ІІІ
Кәмила мен Гүлнаш қыз кезінде сән түзеп, қатар өседі. Екеуі де «ақын қыз» аталады. Өнер сынасар жиын - тойда, Қаратау елінің әдеті бойынша, өлеңді екеуі қосылып айтып, талай ділмар жігітіңді сазға отырғызған. Қыздардың ұтымды келген әр сөзін былайғы жұрт алып қашып, осынау аймақтың аңызына айналдырған. Кәмила соғыс жылдарында ауруға шалдығып, ілініп-салынып жүріп, ақырында мешел боп қалыпты. Дәрігерлер сүйек туберкулезі деп таныған соң үрейі ұшып, әрі-бері тыпыршып, Мацестаға баруға дәрмені келмей, Жаңақорғанның балшықты санаторийінде, Қызылорданың арнаулы ауруханасында бас-аяғы он айға жуық емделеді. Бірақ ем қонбайды. Әрі тырнақтап жинаған тиын-тебені ада боп, тұрмыстан қысыла бастаған соң, «өзіміздің түз кенімізден жарылқасын» деп, енесі аулына алып қайтады. Енесі болса кемпір, күйеуі Отан соғысында дерексіз кеткен, өзі болса жарымжан Кәмила өмірінің соңғы кездерінде көп кемшілік керген тәрізді. Оған мынау киізі қарқ - шұрқ, ішінде іліп алар бұйымы жоқ жабырқау баспанасы да куә боп тұр. Айтушылардың айтуына қарағанда, Кәмилаға көп қарайласқан — Гүлнаш. Ол өз еңбегінен дін қас құрбысының қалжасына ет, сусынына сүт бергізіп, демеп келген. Қадиша кемпір жаз бойы түздегі аңыздан масақ теріп, қыс азығына лекер жасап отырыпты. Осындай аянышты халды естігенде, Елеусіздің Қарашқа көңілі суып қалды. «Отыз жыл беделінде туған апаңа бір рет те қарайласпаған безбүйректің өзісің ғой» деген. Құр қылты күркеде Елеусіз іштей егіліп, қауқарсыз кемпірді пенсияға іліндірудің қамын ойлап отырды.
Жігіттер тысқа шығарда қаралы кейуана:
— Қарақтарым, сәл аялдай тұрыңдаршы. Ішімнен жегідей жеп жүрген бір намыс бар еді. Соны айтып қалайын. Сендерге дат қылмағанда кімге дат қыламын! — деген.
— Е, айтыңыз, шеше!
Қадиша арызын айтып шықты. Соғыста хабар-ошарсыз кеткен баласының бір қаралық құранды ері болады екен. Кемпір бейбақ көзінің қарашығындай сақтап жүреді екен. Соны совхоздың директоры жата жабысып қолқалайды. Қадиша бермейді. Дүние - пұлына қызықпайды. Содан не керек, ақырында Жүніс сол ерді ұрлатып алады. Қазір: «Біреуден сатып алдым» деп иемденіп жүргеніне барлық поселке куә.
— Это же возмутительно! — деді Қараш сұрланып.
— Ты поговори с директором, пусть возвратит седло,— деді Елеусіз.
Қараш ойланып тұрды да, жауырынын қысты.
ІV
Жігіттер Шіркімбайдың үйінде шай ішіп отыр. Шіркімбайдың әйелі жұмысқа кеткендіктен шайды Шынар жасайды. Елеусіз оны-мұны сұрап, қажет тапқанын сары дәптеріне жазып алып отыр. Төрде совхоздың директоры отырғанына қарамастан есік алдындағы ІІІіркімбай сөзге қонақ берер емес. Шаруашылықтың да, басқаның да жай-күйін өзгелерден бұрын баян етуге ұмсынады. Әсіресе Елеусіздің қызметін білгелі қасынан екі елі ұзамай, жақтап жүр. Бір орайда Елеусіз «Бозтөбе» совхозы жайлаған жердің ұшы-қиырсыз кеңдігіне таңданып еді.
— Бұрын Қаракөл, Жыл бұлақ дейтін екі болыс ел мекен еткен жер еді бұл,— деді Шіркімбай. — Екі болыстан үлкенді-кішілі тоғыз артель құралған-ды. Қазір шілдің боғында бытырап кеткен шағында көріп отырсыздар ғой.
— Неліктен бытырайды?
— Неліктен деріңіз барма. Асыра сілтеу болды, ашатұяқ қалмады. Сосын, «кішт-кішт» теп мал бағудан басқа кәсіпті білмеген жұрт басы ауған жағына кете барды. Мынау Қараштың туысқандары осы күнге шейін Өзбекстанда. Менің өзім қорғасын кенінде қойманың қарауылы едім. Малшылардың тұрмысы оңдалған соң, былтыр күзде ғана қайтып оралдым.
— Бұнда кім боп істейсіз?
— Бұл кісі бұрын белсендінің белдісі болған,— деді совхоздың директоры күлкіге жеңдірген боп,— жаңа өзі айтқан асыра сілтеуде әжептеуір үлесі бар.
Шіркімбай шамданып қалған секілді.
— Бас жағына барыспасақ қайтеді, Жүке? — дейді ол.— Сіздікінің қасында біздікі ойыншық еді ғой!..
Шіркімбай біраз жабырқау отырды да:
— Колхоздастыру кезінде аздап атқа мінгенім рас. Бірақ кейін жөнімді тауып, еңбекші болдым. Қазір, ата кәсібіміз ғой деп бағайын десем, соған қолым жетпей жүр.
— Бағатын қой жоқ па?
— Қой көп ғой. Бірақ шопанның табысы көбейген соң тіленушілер де көбейіп тұр.
— Қызық екен!
Елеусіз дәптеріне бірдеңелер жазып алды да:
— Жаңа өзіңіз айтқан екі болыс ел не себепті Қаракөл, Жыл бұлақ атанған? — деп сұрады.
— Осы арадан қырық шақырым жерде Қаракөл дейтін үлкен кел бар. Бір болыс ел соның атымен аталған. Ал, «Жыл бұлақтың» мәнісі — «жылы бұлақ» деген сөз.
— Кеше өздеріңіз шомылған бұлақ сол,— деп Жамаш орайлы сөзін қыстырып жіберді.
Оның «Жылы бұлақ» атанатын себебі,— дейді Шіркімбай,— суы қысты күні буы бұрқырап, жып-жылы болып жатады. Сондықтан қожа-молдалар «Әулие бұлақ» деп те атандырмақ болған.
— «Жынды бұлақ» деген де атақ тағылыпты ғой,— дейді Жамаш білгірлігін жасыра алмай.
— Жыл бұлақ болысының атқамінерлері өзара қырқысып, жік болысып, партия күшейіп, ел бүлік арылмаған соң ертеде бір киелі ауыздың солай атандырып жібергені рас. Бірақ кейін қайтадан байырғы есіміне ие болды ғой,— дейді Шіркімбай:
— Жікшілік қайсы жылдары күшейіп жүр?
— Жиырманшы жылдарда.
— Совет өкіметі тұсында жуандар ығып қалмап па еді?
— Біздің ел — түгелінен көшпенді ел еді. Күні бүгінге шейін малшыларымыз қысы-жазы көшіп жүреді. Қаладан алыс болғандықтан ба, қайдам, колхоздасқанға шейін атқамінерлер құтырып келді ғой. Тіпті аудандық мекемелердің өзінде байдың сойылын соғатындар болды ғой. Мынау отырған Оралдық:
Сардар — баласы еді Іскендердің, Кедейге біреуі еді тістенгеннің. Бұл күнде сот орнында қызмет қып, Біреуі бола қапты іскерлердің — деген өлеңі сондайлардың үстінен жазылған арыз болатын да.
— Қайта айтыңызшы әлгі өлеңді,— деді Елеусіз жазып алмаққа оңтайланып.
Шіркімбай қайталап айтып берді де:
— Бұндай өлеңдер біздің ауылда бір қап. Мынау отырған Орекеңнің дәптерлеріне қолыңыз жетсе, қарық боласыз,— деп сөз жинаушы жігітті емексітті.
— Е, қойшы, қайдағыны айтпай,— деп, Орал қашыртпақ болды.
Елеусіз механик Оралдың бір уыс бойында сөз өнері бар деп ойлаған жоқ-ты. Енді, Шірекең айтқан дәптерлерді қолқалап, жабыса бастады. Орал: «Біздікі— баяғының білдір - батпағы ғой» деп, қашқақтады. Бірақ қолқалаушы қоймаған соң:
— Жарайды, бір қағаберісте көрсетермін. Кәдеге асары болса, тартынбай,— деді.
V
Орал жігіт кезінде зергерлігімен тұрмай, аудандық газетке ауыл тіршілігінен хабар-ошар беріп тұратын тілші болған. Бір-екі мәрте өлеңі де шықса керек. Бірақ одан әрі бара алмайды да, кексе тартқан шағында басқа кәсіпті айналдырады. Ол ел аузынан естіген ертегі-аңыздарын, жыр-дастандарын, айтыс өлеңдерін, тапқырлық сездерін жазып алып, тырнақтап жинай берген. Дәптерлерін ерінбей-жалықпай нақыштап кешіріп, Алматыға жіберер екен. Бір жолы Ғылым академиясынан тасқа басылған хат және үш мың сом ақша кепті. Осындайларын білген сайын біздің Елеусіз жаңа таныс болған Оралдың тосын жазуларына қызықты. Орал болса, күміс шауып нақыштаған көнетоз қобдишаны Елеусізге селқос ұсынып жатып:
— Сөлекет жері болса, ішке сақтайсыз ғой. Осыған уәде бересіз бе? — деген.
— Уәде беремін, ағай!
Сонымен, көзқарақты журналисі түбі сөгіліп, шеті мүжілген, уақыттан сарғайған қалыңды-жұқалы дәптерлерді қобыратып, парақтарын сытырлата аударыстыра бастады. Елеусіздің бұдан бұрын естігеніндей, Орал дәптерінің көбісінде ел аузынан жиналған сөздер жазулы еді. Бір қарағанда - ақ журналист өзіне бұрыннан белгілі фольклор туындыларын таныды. Сонымен қатар, ол естімеген кеңестер және ол білмейтін ақындардың, Шақалақтық, Дайрабайдың, Мән сүрдің өлең-жырлары да бар екен. Бірақ, жүгірте оқып қарағанда, дәмді шамалы сияқтанды. Содан келе-келе, Елеусіз Досов басқа бастаңғы жазулардың үстінен түсті. Мезгілі қойылмай, бас-аяғы сапырылысып жатқаны болмаса, бұлар кәдуілгі «күнделікке» жуық еді. Емленің пішін - бітімінің өзі-ақ талай жылдың туындысы екенін танытып тұр. Елеусіз біреудің қалың альбомы әлдеқалай колға түсіп, іші толған суреттерін қапылыста шашып алғандай болды. Шегіне жетпесе де, шеттігіне ілінбек боп, ретсіз жазуларды ынтыға оқи берді. Әуелінде Орал жанадан қара таныған қиялшыл баладай көрген-білгенін талғамай қағазға түсіре берген екен. Елеусіз езу тартып күліп алды. Содан кейінгі бір орайда баян қылғаны: «Артельдің боз тайлағын әдейі мертіктіріп, етін белсенділердің пышақ үстінен үлесіп алуы». Бұнысы фельетонға мен мұндалап, қол бұлғап-ақ тұр. Бірақ уақыты өтіп кеткен. Елеусіз оң көзін қысып, аз ойланды да: «Балдыр - баяғының батпақтары кімге дәрі?» деп қойды. Зергер Оралдың ысылмаған қаламы әр нәрсенің басын бұтып-шатып келіп, әлден уақытта құнарлы бір деректерге душар етті. Шым-шытырық, шалағай жазуларда, екшей білетін кісі үшін, о бастағы ат төбеліндей «Қызылкен» серіктігінің артельге, артельден колхозға, колхоздан совхозға айналғанын, екінші сөзбен айтқанда, кіші-гірім бір қауымның құралу, қалыптасу, өсу жолдарын паш ететін деректер бар еді; белгілі адамдардың бастан кешірген дәурені қарапайым қалпында баян болған еді; әсіресе Гүлнашпен бірге душар болған шырғалаңы, шеккен қасіреті, кешкен қызығы қалтқысыз қуа лепесімен жыр боп, сыр боп шертілген еді. Ұзақ жылдар дүкенде темір қақтаған ұста да зергер Орал жалғыз сыр шертіп, ұлылы-кішілі құбылысты бас білмеген қолмен қағазға түсіргенде, күндердің күнінде кәдеге асады деп ойлады ма екен?
Елеусіз, жоғын тапқан адамдай, қуанды.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
І
Елеусіздер жақындап келе жатқан шопандар күнінің алдында арасы алшақ шаруашылықтарды аралап, көзбен көріп шықпақ болды. Бұл сапарда қастарына Шіркімбай ерді. Елеусіз почта жұмысымен темір жол торабына кеткен Жамаштан: «Ат қорасына тапсыр» деп лоқылдап алаңы қайтарып жіберді де, өзі совхоз директоры берген күрең жорғаға мініп алды. Қараштың астындағы — әнеугі жатаған қара кер. Ал, Шіркімбайдың лауы — құйрық-жалы төгілген жирен шобыр. Үш жолаушы киеліктерінің түсі де үш түрлі, өздерінің түрпеті п үш түрлі. Қараш — өзімізге белгілі — көрікті қара кер. Шіркімбай — Оңтүстікте жиі ұшырасатын шағы шығыңқы, сылыңғыр қара. Елеусіз...— кейінірек кескіндерміз. Автор байғұстың, әмсе, жақын адамдарға келгенде тартыншақтай беретіндегі болады. Елеусіз қонақ кәде есебінде әңгіме соғатын болды. Малшылардың ыңғайына қарай айтатыны — көбінесе ертегілер. Әсіресе, «Мың бір түн» десе, тыңда құлақ құрышы қанады. Кейде Досов: «Балалық дәуірден жалықпаған бұл не қылған жандар!» деп те қояды. Осындай қилы-қилы лақап отардан отарға, жайлаудан жайлауға желдей жылдамдықпен т.арап жатты. Сондықтан атышулы үшеу бір ауылға келіп түскенде бала-шағалар шулыға жүгіріп, қатын-қалаштар саңылаудан сығалайтын болды. Бұны Елеусіз Досов байқаса да, байыптаған жоқ. Журналист, жазушылардың қарақан бастың қамына қырсыздығы қалған ба!.. Сонымен, не керек, Елеусіздер «Бозтөбенің» шашыраңқы шаруашылықтарын сүзіп шығып, қайта беттеп келе жатқанда жол бастаушы Шіркімбай ұзақ бір әңгіме шертті. Оралдың дәптерлеріндегі жазулар есіне түскен Елеусіз о баста Шоңбай байдың баласына Гүлнаштың қалайша атастырылғанын сұрап еді. Шіркімбай жол қысқарсын деді ме, әлде сыйлы қонақтарға сөзуарлығын танытқысы келді ме, әйтеуір, тоқ өтерінен қайырмай, таратып айтып кетті.
ІІ
...Сылыңғыр Шіркімбайдың жұтқыншағы бүлкіл қағады. Мұнысы Елеусіздің кезіне балықтың желбезегінде елестейді. Елеусіздің өзі сұрақтың қармағын қылтыңдатып келе жатқандай сезінеді. Шіркімбай екі болыс елді дүрліктірген Ақбоз аттың әңгімесін шертіп келе жатыр. Ұстамды Елеусіз сыр мінез болмаған сапарласының көңілге қонған сөздерін ғана қабыл алады. Өзіңізбен жүз бе жүз кеңесе отырып, өзінің басқа шаруасын қоса тындыратын көңілі жүйріктер болады ғой. Елеусіз Досов сол қалыпта келе жатты. Сондықтан Шіркімбай сөзінің бәрін келтірмей, досымыздың жадында қалғанын ғана келтіреміз. «...Алақан танып қуырған ақпан-тоқпан да етті. Күн райы да сынып, арқамыз кеңи бастады. Кәдімгі, «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» десетін шақ туып еді. Сондай бір жадыраңқы күні күнгейден аңқылдап алтынкүрек соқпасы барма! Үш көкшенің онсыз да тесік екпе боп жатқан қары сылқылдап еріп берсін. Сіздердің қазір «Мойынқұм» деп жүрген жеріңізді жергілікті халық о баста «Үш көкше» десетін. Сондықтан мен де «Үш көкше» дей берейін. Үш көкшеде қар дегеннің қадірі қанша екенін, мүмкін, біле бермес. Сондықтан мезгілсіз соққан алтынкүректі көк егінге түскен шегірткемен теңеулеріңізге болады. ...Айтайын дегенім не еді?.. Иә, сонымен, қар суымен күн кешіп отырған шаруалар бала-шағасымен шуласа қарбаласып, теріскей қиялардың қарын үйіп, томпайтып, көмгіште жатты. Бірақ апыл - ғұпыл көмілген көк жентек қар ұзаққа шыдамай, шылқылдап еріп, құмы жерге шөгіп, шөмиіп - шөмиіп қалды. Ол кезде Үш көкшеде бүгінгідей қазылған құдықтар жоқ-ты. Сондықтан шаруалар жайлауға қарай ерте ойысты. Жылы жерде отыра берсе малы шөлден қырылатын болғандықтан амалсыз ойысты. Сонымен, Үш көкшені қыстаған қалың ел марттың басында Қаратауға қарай қаптай көшіп келе жатты. Қаптай көшкен қалың елдің рулары: Ысты, Сіргелі, Ошақты, Қыпшақ, Қоңырат, Алшын, Тама, Төре, Төлеңгіт. Соның ішінде Сіргелінің Жолдыбай деген тайпасы. Төлеңгіттің деген тайпасы қысы-жазы қатар көшіп жүреді. Қыс қыстауы, жаз жайлауы жан болғандықтан бір бірінен қара үзіп қалмайды. Осы екі тайпа арасында кеш үстінде ойда жоқ бір ерегіс басталды. Оның мәнісі былайды: Мал-мүлкі көп жолды байлар ырғалып-жырғалуы да ұзаққа созылатын болғандықтан ылғи құлқын сәріден, кейде тіпті бір ұйықтап тұра, түнделетіп көшіп, үдере тартып, мамадайырларға қарасан шалдырмай қойды. Мамадайырдың көбісі тасымалдатып, итініп - тартынып жеткенде орнығып алған дәулеттілер ерулікке шақырып, сары түймеш сүр етке жыға берді. «Біз бір атадан төртеу едік. Ең үлкені Үркімбай. Ол ертерек дүние салған. Одан кейінгі үлкені осы Біркім- бай. Ортаншысы мен — Шіркімбай. Ең кенжесі Біркімбай. Сіздер күлесіздер, ал, біздің өзімізге ешқандай ерсілігі жоқ. Баламыздың есімін ұйқастырмай қойсақ адасып кететіндей көреміз. Және біздің қара қазақта үрдіс, ырым деген болады. Туманың атын ұйпалақтап қоя салса, көзден - тілден аулақ болады деп сенеді. Біздің әулеттен есімі келісті бір-ақ адам шықты. Ол — Гүлнаш. Біркімбай, әйелі Дариға бірінен соң бірін шұбыртып үш ұл тапқанда үшеуіне де, елеусіз ат қоя салып еді. Бірақ біреуі де тұрақтамай, тегіс шетінеп қалды. Соған ерегіскен Біркімбай төртінші перзенті қыз болып туғанда есімін Гүлнаш деп қойған. Көктем көшінің өз салты бар: жазды аңсаған жалпақ ел жайлауға жеткенше асығады. Алға қарай ілгері үмітпен талпынады. Тасымал тасыған кедей-кепшікке шейін қара өзек шақтың қысымына қыңбай, қабырғасы мұздай жабық, қутың қағады. Қыс пен жаздың құбылмалы аралығында алдынан не тосып тұрғанын білмейді... Қалың ел мәз-мейрам боп, қапталдай көшіп келеді. Түйір құмы жаңа ғана бөртіп, көк шөптері қылтанақтап шыға бастаған кең. еңіс мал тұяғының дүбірінен оянғандай керіле түсіп, таңертеңгі көгілдір мұнарын сейілте бастады. Тобарсыған топырақтың дымқыл исі шығып тұр. Көштер маңында жігіт - жыртың, қыз-қырқындар жарқылдасып, қақтығысып, өздеріне жететін ермек туғызып бара жатыр. Бәрі де аттарының құйрығын шарт түйіп тастаған. Биеге мінгендері тіптен жоқ сияқты. Қыз, бозбала түгіл, жалпы жұрт атаулыда биеге мінген жалғыз мен ғана едім. Көн шоқайымның тұмсығы қайқайып, үлектің бұйдасын селкеу тартып келемін. Үлектің үстінде мелшиіп Дариға отыр, көп жұртта отауы қалып қойған сорлы басым сомпа, осынау үш түйенің екеуін алып қайту үшін келе жатырмын. «Дәулеті түскірдің тапшылығы да! Немесе, Маңы әулетінің місетіне. енді бір-екі тулақ біткенде, жас келіншегім кезі жаутаңдап жұртта қалар ма еді? Анау аққудың, Шоңбайдың аулындай көшіп, ырғалып-жырғалып, салтанатпен шалқып жүрмес пе еді?» деп те ойлаймын. Несіне күлесіздер. Менің орнымда болсаңыз, өзіңіз не істер едіңіз? Біздің де ат жалын ұстап мінгіміз, аз күнгі тіршіліктің қоңырқай қызығын кешкіміз келеді. Ал, ағаның арманы одан да әріде болатын. Ол жалғыз қызы Гүлнашты сіргелі ең ірі шонжары Шоңбайдың баласына атастырғанда Ақбоз ат арқылы атағын жалпақ елге жаймақ болған.
Шоңбай мен Біркімбайдың құда болу тарихы да қызық.
Шоңбайдың қатар жатқан көп елге бәйгенің алдын бермей қойғанына екі-үш жыл.
Күзге таман Айтжанның асынан тараған жұрттың аузындағы әңгіме сол Шоңбайдың екі аты болды. Бәйгеден Торы алаяғы бірінші боп, Ақбозы екінші боп келді. Екеуі де қаңғып, қара үзіп келді. Ысты, сіргелі не - не жақсы мен жайсаң талаптанып, колға түсіре алмай қойған қос жүйріктің ақбозына төренің төлеңгітінен шыққан жобалы Біркімбай жатты да жабысты дегенге кім сенеді. Шоңбай оны кісімсімей жүре тыңдағанымен, араға баласы кірісіп, қояр да коймай қыңқылдап, өлердей жалынып, кейде керіс шығарып жүріп, ат құмар, атақ құмар әкені көндіге келтіреді. Шоңбайдың баласы Гүлнашқа көптен көз тігуші еді. Бірақ бір әйелді өлтіріп, екінші әйел алғанына да үш жылдың жүзі толған кәрі Асылбек біреудің маңдайға ұстаған жалғыз қызы қатын үстіне келе қояр дейсің бе деп сөз салуға жүрексініп жүргенде түлен түртіп Бірекенің өзі ұрынады. Бірекең әрине көне кетті. Тіпті, оның өзінін ойындағысы да Гүлнашты ұзату еді. Немесе мыңғырған байдың бір қыздық сәйгүлігін малға жығып аларлық қауқар бар ма Біркімбайда! Ауыз тамырлыққа ат берер ме Шоңбай! Асылбек бұрын да менсінбей жүрген мондыбас әйелін ақпан-тоқпанның үскірігінде төркініне апартып салды. Сонымен, отызында бозбала боп, қайта жасарған Асылбек көш жөнекей шалғайдан торуылдап жүріп, қалыңдығымен тоқайласып тынады. Кейінірек Мүсірәліден есіттім, бұрынғыдай емес, сол сапарда Гүлнаштың көзіне Асылбек әзірейілдей көрінбейді. Кәрі танытатын шоқша сақалы болмаса, мүсінінде басқа мін жоқ та еді. Орта бойлы, шалқақ кеуде күйеу ат үстінде әдемі көрінеді. Дом боп жараған торы дөнені де сауырынан төңкеріліп, дөңгеленіп, үстіндегі шабандозбен бітім - пішімі ұласып кеткендей бір түрлі жанды жарастық туғызады. Бос тартылған күміс құйысқаны сартылдап, жалтылдап; күміс нақышты ер-түрманы да, барқытпен әдіптеген түйе жүн шекпені де, құндыз бөркі де бай баласын қасындағылар қастерлеп, бөлектеп тұрады. Асылбек қалыңдығымен алғашында сыпайы амандасты да қойды. Көпшіліктің көзінше жампаңдаса қоюды қолайсыз көрді. Бірақ үзеңгі қағыса келе, недәуір тілдесіп қалды.
— Ақжалдың бүйрегі біздің елге бұрады екен,— дейді ол қалыңдығына әзілдеп,— екінші жолы алып қашса сақ болыңыз.
— Бүйрегі сіздің елге бұрғанмен, байлауын басқа елден тауып жүрмесін,— дейді Гүлнаш та әзілге орай.
Ойнап айтылса да, бұл ишарат күйеудің шымбайына батып кетеді. Оның ақ сұр беті сазара қалады. Даусына болмашы діріл бітеді.
— Байлауын басқа елден тапса, желісін қиып әкелеміз де,— дейді Асылбек сыздана қалғанын жасыра алмай.
Гүлнаш жауап қайырмайды. «Аузында әзілі жоқтың қолында тоқпағы бар» деген мақал есіне түсті ме, қайдам, әйтеуір, асқақ күйеуден суына бастағандай болды.
Араға кіріскен Мүсірәлі дәнекерлікке жарамай қалады.
Гүлнаш көшке қайта оралғанда жүгі ауыр түйелер титықтап, бұйдасын тартыншақтап, бақырып, қиралаңдап қалған еді. Түс ауа Құр сайдың жағасына қондық. Бірақ жолды байлардың келуін күте алмадық; ұйқыдан қалжыраған әйелдеріміз де үй тігуге шамасы келмей, көрінген жүкті жастанып, қисая - қисая кетті. Дариға мен Гүлнаш та киім-кешегімен жантайып, көз шырымын алмақ болды. Таң бозалығымен үдере көшкен жолды байлар да бесін кезінде Құр сайға құлап еді. Әрқайсысы әр жерде тырайып жатқан біздің мамадайырларды көреді. Шәйкүл бәйбіше: «Әй, анау ұйықтамай көшетін тыраштардың түрін қара!» деп сықылықтап күледі. Сонымен, не керек, Жолдыбайларды ерулікке шақыра алмай қалдық. Түн қатып үдерудің де желігі басылды. Ендігі жерде асығып-аптықпай, жылыстап отырып, көктеменің жаймашуақ бір күнінде Қаратаудың етегіне де жеттік. Мен көлікті біраз шалдырып, белін суытып ап, құмда қалған жаламды әкелуге кері қайттым...
— Ал, Ақбоз не болды?
— Шоңбай қарашада Ақбозы мен Торы алаяғын Үсік таста тұратын бір жекжат жатағына бағуға тастап кеткен-ді. Құда түскендегі уағда бойынша, ел жайлауға келісімен Ақбоз Біркімбайдың қолына тие шек еді. Қыс бойы ынтық дерті Ақбозда болған Бірекең Қаратаудың төбесін керген күні торысына мініп, «Үсік тас қайдасың?!» деп тартып кетті. Сенімділік үшін Шоңбай баласын ертіп жіберді.
Бірекең Үсік тасқа құдасының аулынан аттанып еді. Әлденеден жүрегі лүпілдей берген соң, ішінен боз қасқа құдайы айтады. Осыдан аяулы Ақбоз аман-есен қолына тисе, жаз шығып мал тисе, бір нән ісек сойып, қолаңды қызылға жығуға ниет қылып аттанды. Жігіттер де аттарын отқа қойып, өздері жалғыз ағаштың көлеңкесіне отырды. Шок қамыстың ара - арасынан шегірткелер дамылсыз шырылдайды. Шалшық басында қасқалдақтар бірін бірі қуып, шық-шық етіп ойнайды.
— Осы бұлақтың суына бала кезімізде шолпылдатып шомылушы едік. Кісі қарап тұрмаса, бұлақ екеш бұлақ та көміліп қалады екен ғой,— деді Шіркімбай.
— Тапшы бұлақтың тандыры тез тартылады - дағы,— деп Елеусіз ойынын, арғы жағын ірікті.
— Жоқ, күпірлік айтпаңыз. Ілгеріде бұның суын тоғандап, Көз таңбаның жатақтары мөлдек егін егетін. Күтімі болмаған соң жердің астына кеткен ғой жарықтық..Елеусіз де, Қарашта та күлді. Елеусіз бұл жақтың шөлейті егінге көл емес екенін, кібіртіксіз айналып шығарлық қойнаулардың бір кездесетінін айтты. Асылы, бұл жер — мың тартып мал өсіре беретін жер ғой деген еді. Шіркімбай «күпірлік айтпаңыз» танып: — Ойбай-ау, теріскейдің самалды өңіріне пәлен бойына мақта еккізіп, еңбегімізді еш еткендер болды ғой.
Елеусіздің есіне және Гүлнаш түсті. Қазынасы бар жерге қазық қаққан геологтай, қайта айналып соға беретінін сезеді. Сондықтан Гүлнашқа қатысты Шіркімбай сөзін тәмәмдап болып:
— Сонымен, Шіреке, Бірекең Ақбозды алып келді ме?—деп сұрап еді. Шірекең:
— Алып келерін алып келді-ау. Бірақ бұл екі арада талай болды,— деп бір қойды.
— Нендей «үкіметтер»?
Шіркімбай шырқауда бұлдыраған әлденені көңілмен шолғандай, қиырға кезін тігіп, бір қырындап отырды. Бұнысы — ұшып-қонуды сүймейтін дегдар әңгімешінің салты еді. Және тыңдаушыларға жасаған ишараты да болатын. Сөз бағып қалған Елеусіз «құлағымыз сізде» дегендей ілтипат көрсетті.
Шіркімбай үзілген кеңесін жалғады.
— Мен құмнан жапамды көшіріп келген соң, тұзымыз ада боп қап, құдамыздың аулына бардым.
Барсам, алты ай бойы қыстаққа қамалып іші пысып қалған жатақтар келіп, жапыр-жұпыр қауышып жатыр екен. «Байлардан сүр жейміз» деп сілекейі шұбырып, сіңірі сыртылдап келген кедей-кепшікті Шоңбай аулының үлкен-кішісі бірдей шүйіркелесе қабыл алды. Қыдырмалар қағанағы қарық, сағанағы сарық боп, жампаңдасып, бауырмал бейілде. Жылқы етінің исін аңқытып, тәбет қоздырып, шымырлап қайнаған қара қазан жанында дәулетті ағайын мен жарлы ағайындар көшпелі ел былтыр күзде құмға қарай ойысып кеткелі бергі көрген - білген жәйттерінен неше ықылым кеңестер шертіп отырды. Жолдыбайларға алыстан қосылатын жиырма үй Жыл келді еті тірісі осы Нығыз би. Ең ауқатты дегені де сол. Мінерлік аты, көжеге қатық боларлық ұсақ тұяғы бар. Бірақ көшермен көлігі жоқ. Сондықтан жазда ғана киіз үй тігіп, суық түсе тамда қыстап қалатын да. Әрбір пысықсынған шіңкілдек міндетін істейтін бір салмасы болатыны белгілі . Бектің де атқа мініп «Нығыз би» атанып жүргені көбінесе үйелмелі-сүйелмелі екі інісінің арқасы. Ыбырайы осы Шоңбайдың жылқысын бағады. Оның тапқан-таянғаны Бектікі. Ал, Төлені жалғыз өзі жер жыртып, тұқым сеуіп, егін орып, о да бар өмірін ағасының үй ішін асырауға сарп етеді. Ыбырайдың алашақ еңбек ақысына, ауыс-түйіс болған астықтың өтеміне қарай Бек пен Шоңбайдың қарым-қатынасы әр кезде әр түрлі бола беруші еді. Бастары қосылған сұхбат -мәжілістері де бірде тәтті, бірде ащы болатын. Жалбаңдап әкесінің қасынан қалмайтын бала бұны сезетін - сезбейтінін кім білсін. Әйтеуір, сол жолы он жасар бала атысқан суық қабақтардан жасқанып, жыпылықтап, қыпылдап отырған тәрізді еді. Алғашқыда баяғыдан мысалдар, өнеге - өрнектер келтіре, алыстан орағыта сөйлеген сөздердің түйінін, шыны керек қой, өз басым түсінген жоқпын. Шайкүл бәйбішенің сары мейіздей сақтаған жал-жаясы желпіп болған соң айқындала бастады. 1919 жылдың қысында мал жұтап, жазында егін шықпай, қысаңшылық болғанын сіздер, кітаптан болмаса, білмейсіздер. Бек сонау ит арқасы қияндағы Арысқа барып, нағашы жұртынан екі-үш қап астық ап қайтып еді. Сол сапарында нағашысы Біләл: «Ашамайға отыруға жарап қалған жиеншарымыз Қаршығаның байғазысы; қолда барымыз осы болды» деп жүдеу қызыл құлынды жетектетіп жіберген еді. Жолай келе жатып, Бек Шоңбайдың үйіне қонды. Таңертең шай ішіп отырғанда шалшық судың жағасында шыбындап тұрған алқам-салқам көріксіз құлынға түрулі есіктен Шоңбайдың көзі түсті. Көзі түсті де, құлынның мән-жайын сұрай бастады. Бек бар істі баян қылды. Шоңбай құлынды екі-үш мәрте айналып шығып, тісін, құйымшағын ашып керді. Тұяғын қарады. Тілер - сегінен қағып, ұмасынан ұстап, сауырынан сипады.
— Арабтың алма мойыны мен күнгейдің қарабайырынан туған текті құлын екен. Бабымен өсіріп, үйірге салайық. Маған сатып кет. Сенің жылқың жоқ, көтерем құлынды бағып қайтесің,— десін.
Қаршығасына арналған құлынды сатуға Бек, әрине, қимайды. Және Шоңбайдай сұңғыла алабөтен алабұртып, сұқтануына қарағанда, қызыл құлыннан күндердің күнінде өрен жүйрік шығарын да сезгендей болады. Бірақ, сатқысы келмегенмен, жоқшылық шіркін діңкесін құртқан Бекең, бай ұсынған нарықтан тартына да алмайды. Бір қора малды айдап қайтқысы келеді де тұрады. Содан кейінгінің бәрі жаңағы Шоңбай айтқандай. Шоңбайдың семіз құнажын үстіне арқардай дөңкиген он саулық айдатқаны да рас. «Нар тәуекелмен желді аяқтың құнын өтеп тұрмын, түбінде жүйрік шыға қалса, өкініп жүрме!» дегені де рас. Бектің бүгінгі азын аулақ дәулетінің басы сол он тұяқтан құралғаны және де хақ... Бек мойындайды. Бірақ мойындай тұра, Ақбоздың сұраусыз кетіп бара жатқанына іші күйеді. Былтыр Айтжанның асында жүз елу ат қосылған ұлы шабыста Ақбоз екінші боп келгенде, сол екінші бәйгенің өзіне жеті қара, елу қой тиген жоқ па еді. Олай болса, құнажын сиыр мен он саулық Ақбоздың бір терлегенінің садақасы емес пе? «Сауданың сақал сипасқанша» екені даусыз. Бірақ, Ақбоздай саңлақтың саудаға сыюы даулы емес пе? Жүйрік жұрттікі. Жұрттың беделін көтеретін жүйрікті бір адам билей алмайды; күллі ел билейді. Ендеше Шоңбайдың айтып отырғаны теріс. Мұны сұм қараның өзі де сезеді. Сезгендіктен де аяулы Ақбозды Біркімдайдың шолжаң қызының қалың малы үшін жаман төлеңгітке жетектетіп жібергелі отыр. Шоңбай береген болса, үйірге түспейтін ақта атын — Торы алаяқты неге бермейді құдасына? Жоқ, сырқынды бай істің түбірін түсініп отыр. Сондықтан да жаз шығып, жер аяғы босап, төркіні келмей тұрғанда Ақбозды құтты жеріне қондырып тынбақ. Елден елге өтіп кетсе, дау-шардың әлегі аз боларын да біледі. Бекен ішінен Шоңбайды қомағай қара төбетке, қасындағылар төбеттің алдында құйрығын қысып тұратын қаншықтарға теңейді. «Қара тұмсығына ұрып, қан сылап ма еді!» дейді. Бірақ сыртынан сыздағаны болмаса, көзінше тілдерлік Нығыз бидің басында дәурен де жоқ еді. Өйткен күнде жуан Жолдыбайлар жүндей түтіп жіберуі сөзсіз еді. Сондықтан Бек насыбай атып, тырсиған терісін кішкене кенейткендей боп, байсалды үнге көшті. Жайшылықтағы шіңкілдек даусы қоңырлау шыққанда сабырлы айла да туа бастады. Ол:
— Мен сөздің сыра айтып едім, Шоқа. Сіз шоқпарыңызды ала ұмтылдыңыз. Шоқпарда шындық жоқ. Баурына кіріп отырған жатақ жыл келді мұқатумен іс тынбайды. Құдай ақында, Біләлді сізден жақын да тұтынбаймын. сау басым саудада қалып, екі елдің ортасындағы кергіге түскелі отырғаным батады жаныма. Әйтпесе. бәйге ат менің не теңім? Қабырғам қайысқан соң келіп отырмын,— деген.
Шоңбай болмашы жымиды. Ішінен: «Е, барысар жерің осы-ақ екен ғой!» десе керек. Қап-қара кескініне жіңішке сәуле ойнап шыққан еді. Енді о да насыбайын мол атып, тілімен астыңғы ерініне нығыздап, томпайтып жатып. шолжаңдаған сақау тілмен:
— Сонда маған не қыл дейсің? — деп қойды.
Бек мүлдем монтаны пішінге түсе қалды. Даусы да алдаусыз кішілік, сынықтық бар.
— Не қыл дейін, Шоқа. Біз бақырды нағашы жұртымның дау-далабасынан құтқарып ал. Басыма бостандық, құлағыма тыныштық әпер. Шаһар маңында заң-закон үйреніп, шетінен қағынған жандар еді. Әтір ет әкелуден де тайынатын емес деседі. Әтір еті ме, мелиссасы ма, дүмпу ме, әйтеуір, көк сүмбілі, жырық стектер сау ете қап жүрмесін деймін.
Егер Бек бұл хабарды кейінге сақтамай, шүу дегеннен айтқанда, Шоңбайдың иланбауы бек мүмкін еді. Айлалы сөз шоқпары абайсыз, ұрымтал жерден сілкіп Шоңбай қапы қалды; қарау түсі қуқыл тартып, іші қалтырап кетті. Тулаған тарғыл үнмен: дейт мынау?!—деп шошып түскен. Жұрт жым-жырт болды. Есік алдында екі иінінен дем алып, толықсып, ысылдаған сары самауырдың ауыр үні ғана тыныштықты бұзып тұрды.
Бек түк сезбеген, жерге қарайды.
Мүсірәлі күдіктеніп тұрғанын жасырмай, Шоңбай мен Бекке кезек-кезек сынай қарайды. Екеуінің ішіне де кіріп шыққысы келеді.
Нығыз би ешкіммен көз алыспай, жер шұқып отыр. Шоңбай қалың ойда. Шоңбайдың дүниеде ең қатты қорқатыны: отряд, милиция, ГПУ еді. 1918 жылы Колчактың бір топ солдаты (Шоңбайлар әтір еті) жүйрік атын жетелеп қашқан Шоңбайдың әкесі Шораны оққа ұшырған. Содан бері «әтір ет» деген сөзді естісе Шоқанның тұла бойы мүздап сала береді. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында астық жинау, мал жинау жұмысында даланың құрық тимеген тарпан байлары милициядан көп қысым керді. Соның біреуі осы Шоңбай еді. Кейінгі жылдары милиция елге сирек шыққанмен және ұры-қарылардан басқаны айналдырмағанымен. Шоңбай әлі де қатты сескенеді. Көк мауыт галифе шалбар киген, шаш қойған адам көрсе, шайтан көргендей шошиды. Ал, ГПУ-дің жалпы дақпыртынан қорқады. Онда істейтін қандай адамдар екенін, немен шұғылданатынын білмесе де, керек десеңіз, оның бір де бір қызметкерін өз көзімен көрмесе де, сахара шонжарларының үрейі ұшатыны көбінесе сол мекеме еді. Атын да ГПУдемей, «Кумпу» деп қызық қып айтады. (Шоңбайдың Қызылордада қызмет қылатын адвокат жиені былтыр жазда тынығуға келгенде: «түбінде» үш харіптен «сақ болыңдар» депті. Содан бері Шоңбайдың өте-мөте зәресі ұшары да сол «күмпу»). Бектің пұшайман лепесінен тоспаған суық, жат атаулар естігенде Шоңбай осындай себептермен шошып, жүнжіп қалды. Басқа жәйтте болса, бүкіл ғаламның қара бұлты басына төнсе де қарақожыр дидары шымырлап, сыр бермес еді. Бұл жолы Шоңбай, өзі жүрек шайлы боп қалған мылтықтылардың дүмпуін естігенде, шыдам қыла алмай, түсі құбылып, үні әнтек қалтырап кетті. Салмақсыз Нығыз биге салмақты Шоңбай ішінің ұңғыл-шұңғылын танытып қойды. Соған өзінің ызасы да келеді. Нығыз бидің ит терісін басына қаптап, қуып жіберейін десе, істің артынан тағы қорқады. Бұның Арыстағы нағашылары шетінен қағынған закон екені рас. Қаракөл, Жыл бұлақ болысынан қалаға барған арзагөйлер көбінесе Біләлді сағалайтынын Шоңбай талай естіген де. Азамат соғысында қазақтан солдатқа сұранып барушылар біреуі Біләл екенін де Шоңбай білетін. Ана жылы елге отряд шыққанда Біләл басқарып жүрген. Шудың қалың қамысына жасырынған бандаларды ұстағандағы Біләлдің тапқырлығы, ерлігі осы аймаққа аңыз боп жайылған-ды. «Құралайды көзге ататын мерген екен!», «Дүрбісімен жеті қырдың астындағы қыбырлаған тышқанды көреді екен!» деген сөздер тараған. Сол лақапты ұмытты дейсіз бе, Шоңбай бағанағы ұр да жық ырайынан қайтып, лажсыз жуасыды. Сонда да, әлі де болса сыр алдырмауға тырысып:
— Жарайды, нағашыларың заңдасатын болса біздің де әт бекет жиеніміз бар. Өңшең шаштылар шарпысып, біреуі жеңер. Әзірге шай-пай ішіп, ішімізді жылыта тұрайық,— деді.
Осы сөздерді айтқанда Шоңбай лекіте күлмек болып еді. Бірақ кеңкілдеп, жөнді күле алмады. Жарықшағы бар қара қобыздай қиқылдап, тез басылды. ...Шай үстінде Шоңбай әлгіндегі ырғастың тігісін жатқызып, жаз жайлаудың жайына ауысып кетті. Жолдыбайлар биыл түгелімен Аю төбенің айналасын жайламақ екен. Жер иесі — Үш қаралармен келісіпті. Тоқты-торым өткізіп, ауыздарын майлайтын болған. Ал, өзінің ата жайлауы — көсегенің көк жонынан шөп шапқызып, жылқысын түгелімен тау қыстататын ойын аңғартты. Шоңбай елде малдың көбейіп кеткенін дат қылды. Құмның еркегін он екі болыс елдің жарты миллион қойы жеп қойып, қалың жылқы қай-қайдағы сояуды көштейтін болғанын мұң қылып баяндайды. Жылдан жылға жердің тартылып келе жатқанын күрсіне айтып еді. Үнінен қамығу, торығу сарыны естілгендей болды. Енді, дал баспен жатақ ұшқалардың өрісін жалдап алғанда, биылғы қату қыстан жүдеп шыққан жылқы шыбын-шіркейі аз, бетегелі белестерде тезірек есін жиып, шыр байлай дегені екен. Осындай жайларын жария қылғанда, Бекті өзімсініп, ағайын тұтатынын әдейі танытып отырды. Бек те бөтен кеңеске бармай, «дұрыс қой», «әрине ғой» деп басын самарқау шұлғып, керегенің кегіне ауық-ауық шырт-шырт түкіріп қояды.
Сөзінің соңында Шоңбай:
— Қаршыға мырза жігіт боп қапты ғой. Сөзге де үйір екен. Адам болар баланың мінгесіп жүргені жараспас. Бір тай мінгізіп жіберейік. Мүсірәлі, сен мына кісілерді жолай жылқыға ертіп апарып, үби көктің қара тайын жетелетіп жібер,— деген. Шоңбай қара тайдың майын бере ме, жоқ әлде басы бүтін берді ме, ол арасын ешкім анық білген жоқ...
Сонымен, Ақбоздың дауы ақырам аш шешілмей қалды. Біркімбайға бергізбей тежету —
қолдан келмесіне Бектің көзі жетіп кетті.
Шіркімбай біраз үзіліс жасап алды да, сөзін жалғастырды. Мен құдамыздікінен қайтып келгенде күн кеш кірігі қалған еді. Ауа райы аяқ астынан бұзылып, іңірде қар жауып қоя берсін. Қар қалың жауған. Таңға жуық алай-түлей боран басталды. Аузы көкке жаңа тиген мал қырылып қалатын болды. Таң аппақ атқанда қаңғалақтап Смағұл келген. Ол мал басы барлардың қыстақтарға адам шаптырып, қарекет қып жатқанын хабарлады. Қамшысымен нұсқап - нұсқап, қатты-қатты сөйледі де, атын борбайлатып, боранның бозғылт тұманына сүнгіп кетті.
— Әлгі сорлы да құрып кетті-ау. Бәйге ат біздің не теңіміз еді,— деп Дариға Ақбозды әкелуге кеткен байына сыртынан кейіді.
Дариға қызымен ақылдасып, мені Шоқ тастағы жатақтарға жөнелтетін болды.
— Көз таңбаларға сәлем айт: өгіздерімен үш-төрт қап арпа жеткізіп берсін де, сұраған қақы күн ашыла алсын! — деген.
Өткен іс қой, несін жасырайын, бораннан жол тауып жүре алмай, шай қайнатым уақытта сүмірейіп қайтып келмесі бар ма.
— Өй, жеңгеміз де адуын еді-ау!
— Осы тұрған жерді таба алмай, қара басқыр! Енем сені де еркек деп туды - ау! — деп қамшымды жұлып алды.
Содан жеңгеміз Шоқ тасқа қызын жіберген. Гүлнаш сол сапарында Оралға іші жылып қалыпты-мыс деседі.
— Ол қалайша? — деп сұрайды Елеусіз.
Шіркімбай көктемнің көк - сабалақ боранында Гүлнаш қыздың көп бейнет шегіп, Шоқ тасты әзер тапқанын айта келіп, тіс қаққан әңгімешінің әдеті бойынша, оқиғаны өз көзімен көрген адамша баяндайды.
— Содан, не керек, Гүлнаш өлдім-талдым дегенде Шоқ тасты тапты. Астындағы Ақжалы қамыспен жапқан үйге басын тіреп, тұра қалды.
Қара күңгірт дәлізде үсті-басын қағынып жатқанда, есігі ашық бөлмеден басқан керіктің даусын естіді. Көмірдің исі мүңк ете түсті. Ұста темір илеп жатыр екен. Шидем шалбар киіп, жалаңаш иығына киіктің терісінен жасаған жамылғы жамылған. Тоқпақтай қара балға менготқа балқыған қызыл темірді гүрсілдетіп соғып жатыр. Оралдың бұлшық еттері түйіншектеліп, ойнап кетті. Іші аш арыстанның ішіндей қусырылып, қабырғалары көрінеді. Гүлнаш «Көкірегін жүн басқаны болмаса, зергердің денесі әдемі екен!» деп ойлайды.
Гүлнашты көрік басып отырған Нұрша Оралдан бұрын байқады. Ол:
— Ойбай-ау, мынау Гүлнаш па?! — деп атып тұра келгенде, жел кеулеп, гүлдеп тұрған көрігі семе қалды. Орал да ісін тастап, маңдайының терін сүртіп жатып:
— Тіршілікте біздің қол босаған ба. Жерағаштың сынған тісін жамап жатыр едім,— деді.
Орал бойжеткеннің борандатып жүрген шаруасын білмесе де:
— Кәне, үйге жүріңіз, Гүлнаш! Бел шешіп отырып сөйлесейік,— деп қара күңгірт дәліз арқылы өзінің отбасына алып барды.
Оралдың шешесі Күләнда мен жас қарындасы Қарлығаш қонақ қызды жылы шыраймен қабыл алып, жалбақтап жатыр. Пешке де жусан салмай, сары майдай сақтаған ағаш кесінділерін салып еді, темір пеш сытырлап, тез қызып, гуілдей бастады. Пештің үстіне тастаған пияздың исі шығады. Гүлнаш Оралды бұрыннан білетін-ді. Бірақ құтты ханасынан көргені осы. Басқа жатақтардай емес, бұның жап-жарық, тап-тұйнақтай екен. Терезесін көнмен аша алмай, әйнектеп қойыпты. Боран шерткенде сырт - сырт етеді.
— Әуре болмаңыз, шеше,— дейді Гүлнаш,— мен ілім қайтамын.
— Түтеп тұрған боранда қайда бармақсың, қарағым - ау? — дейді Күләнда таңырқап.
— Дәм татып кетіңіз, Гүлнаш! — деп Орал да қиылады.
Гүлнаш келген шаруасын айтып өтті: мезгілсіз соққан бораннан мал қырылғалы жатыр. Гүлнаш не бары үш-төрт қап арпа қолқалап келіп отыр. Мынадай аласапыранда пішен жеткізіп беру киын болар. Ал, бірақ, жаны ашыған ағайынның қаптап, қапшықтап, дән жеткізіп беруіне әбден болады. Гүлнаш осылайша, келген жұмысының тоқетерін нақтап - нақтап айтып шыққанда, шешесінің: «Сұрағанын күн ашыла алсын» дегенің қалдырып кетті. Белгісіз емеуріннен бой тартты. «Арпаның қақы саудаласпайтынымызды өздері де түсінер» деп ойлады.
Орал түсінді. Екі сөзге келмей қалбақтап жатыр.
— Арпа да, бидай да баршылық еді. Бірақ көлікке ұяттымыз. Жалғыз аттан басқа көлік бізде болмайды. Дегенмен, қарастырып көрейін...
Орал қипақтап, тысқа шығуға ыңғайланды.
Бағанадан бері үндемей, әлдененің аңсарын аңдып отырған Нұрша:
— Қой, болмас, қара табан жатақтарды ағайынға балап келіп қалған екен, Гүлнаштың меселі қайт болмасын. Берешек астығыңды менің екі өгізіммен апарып сал: жол да, жөн де сенікі — деген.
Нұршаның көзі күлімдеді.
Гүлнаш ішінен: «Мына шіркіннің мұнысы несі?» деп күдіктеніп қалды.
Бір-бір зереңнен ішкеннен кейін Орал:
Ендеше, апа, арқардың етіне қуырдақ қуырып » бере ғой. Гүлнаштың жеңсік асы шығар,— деп, Нұршамен бірге тысқа шығып кетті. Орал қайта кіргенде: - Бәрі де даяр болды. Дәмнен кейін өзім апарып саламын,— деген. Олар қуырдақ жей бастағанда сырттан біреу терезе қақты. Қарлығаш әйнектің буын жеңімен сүртіп, қарады да:
Жетегінде ақбоз аты бар екі кісі түсіп жатыр,— деді.
Сөйткенше болған жоқ, екі кісі дәлізге кіріп, үсті-басының қарын қаққандай болып жатты.
Орал қолын сүртіп те үлгірмей, дәлізге шығып еді.
— Бәрекелде! — деп таңданған, сүйсінген даусы естілді.
Кісілер ішке кіріп, сәлем бергенде Гүлнаш оқыс қысылып, аққұба өңі ду етіп, қызарып кетті. Көрнеу ұялып ыңғайсызданып қалды...
Шіркімбай тағы да болмашы үзіліс жасап:
— «Келгіншілер кім деп ойлайсыздар? — деп сұрау қойды да, жауабын өзі жалғап кетті.
Бұлар — Біркімбай мен Асылбек еді.
Үсік тастан Ақбозды алып қайтқан бетінде боранға ұрынып, адасып жүріп-жүріп, аттарының жарамдылығы арқасында ғана Шоқ тасты тапқан еді.
— Жатақтың иті де үрмейді екен,— деп Асылбек астарлы әзілін қыстырып жіберді.
Біркімбай күлкісін әзер тыйып, жымың етті де, оң қабағын қағып қалды.
Орал шамданды. Сөз ұтымын жібергісі келмей:
— Байдың иті байбаламшыл. Ал, кедейдің иті үргеннен қапқанды жақсы көреді,— деп салды.
Сөзден тосылған Асылбек: «Тісі шығайын деген екен кәнденнің. Қамшының сабымен езуін айырып жіберер ме еді!» деп, ішінен кіжінді. Біркімбай Ақбозын бағып-қағып, күн ашылғанша Оралдікінде қалатын болды. Бәйге атты боранда алып кетуге де, тастап кетуге де жүрегі дауамады. Орал уәдесі бойынша, төрт қап дәнді екі өгізге теңдеп, Гүлнашты апарып салатын болды.
— Көсегең көгерсін, қарағым. Мың жаса! — деп Біркімбай жарылқасынын жаудырып, батасын берді.
Орал мен Гүлнаш ұбап-шұбап, шуласып, «ош - ош!» десіп, қара қылаңданып, алыстап барады. Тамның ығынан қарап тұрған Асылбекке екеуі ат үстінен жуысып, аймаласқандай елестейді... Асылбектің іші әлем-жәлем болды. Қалыңдығын жас зергерден қызғанып, терісіне еті симай, тырсия қалды. Түртіп қалсаң жарылып кеткелі тұр. «Әттегене-ай!—деді ол ішінен,— ешкімнен ұялмай-ақ, «Гүлнашты өзім апарып салам, Орал, сен әуре болмай-ақ қой» деуім керек екен ғой. «Жаманның ақылы түстен кейін келеді» деген осы - дағы!»
Тықыршыған Асылбек шыдай алмады. Ақырында:
— Жатақтың баласы борандатып жол жүріп көрген дейсіз бе? Адасып кетер. Ауылдың қарасы көрінгенше өзім апарысып салсам қайтеді, Біреке? — деген.
— Е, бар! Зобалаңда ізет жүрмейді. Үйге кіргізіп салсаң да ықтиярың,— деді қайын атасы.
Асылбек торы дөненінің босаған шабайын шірене тартып қалғанда белі майысып, бауыры қусырылып кеткендей болды. Ол шыға бере құйындатып шауып өтті. Біркімбай: «Жігіт біткеннен көзі Гүлнаш жанда. Бір сойқан шықпай тұрып, құтты жеріне қондырсам екен» деп қалды.
ІV
Түс ауып, теріскейдің самалы соқты. Шырылдаған шегірткелер де саябыр тапты. Тек, қара бауыр, сары бауыр бұлдырықтар ғана ауық-ауық шендеп келіп, құлақ басындағы адамдардан қайта ойысып кетеді. Бір тамшы суға зар болып, қияндап, құрыл қағады. Жүргіншілер жалғыз ағашты шегірткелерге, қасқалдақтарға, бұлдырларға қалдырып, атқа қонды.
Шіркімбай шобырының тартпасын тартып жатып:
— Тартпалығы екі елі көтеріліп қалыпты. Мынадай шүйгінге жайылған мал айға жетпей шайлап қалады ғой! — деп еді.
Елеусіз осындай шұрайлы жайлаудың құлазып жатқан себебін сұрады. Жер көрші Шаға ауданының Киров атындағы колхозына қарайды екен. Колхозда «Бозтөбедегідей» мыңғырған түлік жоқ. Сондықтан бос жатыр. Мемлекетке салықты жалпы жер көлемі үшін төлейтін болғандықтан сыртқа жалдамақ ойы болғанымен, аз күнге ірге аударып көшіп келушілер табыла қоймайды. «Киров» тәрізді жері мол да малы аз колхоздарды совхозға айналдырып, мемлекеттен енші бөліп беру мәселесі шешілмей келе жатыр. Малы шағын колхоз өзіне қарасты жердің шөбін де түгел шауып ала алмайды. Түлігінің дені жылқы болғандықтан, қыс бойы қоқты тоғайлардан тебін теуіп қолға қарамайтыны және бар. Шіркімбай кеңес шертуден тиылып қалды. Қырсау жиреннің күдіс жүрісінен шаршағаны көрініп тұр. Ат қақты болған Елеусіз де қаужамай, екі аяғын үзеңгіден шығарып, салақтатып келеді. Тек, бір орайда ғана, биік жонның жалындай бұйраланып ағып жатқан бұлақтың атын сұрап еді. Шіркімбай әріден таратып айтып кетті.
— Бір ертегіде: «Қаратаудың қойнында, Қарасудың бойында Кендебай атты ер болған» деуші еді ғой. Сол Қарасуыңыз осы. Қамбар батырдың құмай тазы жүгірткен жері де осы маңай.
Шіркімбай және де бір ертегі-аңыздардың басын шалып өтті. «Қаратаудың басынан көш келеді» басталған талай жай Елеусіздің есіне түсті. Аспаннан аяғы салбырап түскен ешкім жоқ екені белгілі. Олай болса, Елеусіз бүгінгі Қаратауды паш еткенде, оның сонау кәрі тарихына бойламай қала алар ма? Ал, Қаратаудың кәрі тарихына бойласа, оны бүгінгі күннің тіршілігімен қалайша байланыстыра білер? Осы алуандас сұрақ Елеусіздің көңілінен шықпай қойды. Бозтөбеге қайта оралып келгенше «кешегі Қаратау мен бүгінгі Қаратау» деген төрт сөз құлағында шыңылдады да тұрды.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ ТАРАУ
І
Елеусіз кейде өзін геологтай сезінеді. Жер қатпарының қазынасын іздеуге шыққан геологтың апталар, айлар бойы босқа қаңғыратыны болады ғой. Біздің Досов сол секілді боп жүрді. Сөйтіп жүргенде оны бір күні Қараш апасының бейітіне ертіп барды. Жас қабырдың басында екеуі біраз үнсіз тұрды. Екеуі екі түрлі ойға шомды. Қайтарда Қараш дәті шыдамай, көзіне жас алды. Елеусіз жұбатқан болды. Неге екені белгісіз, өзінін, әке, шешесінің өлімін аянышты әңгіме етіп шертті. Содан келе-келе, Қараш та абайсыз шешіліп, Кәмиланың қарқаралы қыз кезіндегі бір оқиғаларды сөз қылды. Ол оқиғалар көбінесе Гүлнашқа байланысты болғандықтан Досов ерекше ілтипат қойған. Кейін Гүлнаштың өзімен де, Оралмен де, Шіркімбаймен де көп-көп әңгімелесіп, жаңа экономикалық саясат дәуіріндегі біраз шындықтың басын ашып алды. Сонымен, Елеусіз Досов көміліп қалған қазынаның үстінен түскен геологтай көзі тірі кейіпкерлерінің өткен күндерін үңги бастады. Адамның өмір тарихын әріден бері қарай да, беріден әрі қарай да зерттеуге болатынын осы жолы анық білді. Білгендіктен де теңіздей терең, сахарадай шексіз хикаяның ұшы-қиырына шыға алмаспын деп қауіп илеген жоқ.
Мынадай картинаны кез алдыңызға келтіріңізші.
Тау бөктерінде жалғыз үй көшіп барады. Тасымалмен көшкен қораш көш соңында жарау, жұмыр торыға мінген бай баласы келе жатыр. Ол қораш үйге кіріптар боп ілесіп келеді.
— Гүлнаш, менің дөненіме мін,— дейді Асылбек.
Ашулы Гүлнаш үн қатпайды.
Осыдан апта бұрын қалыңдық ойнай келгенде «қол ұстатар», «білек сипатарлар» үшін шала шабылып қалған Асылбек Гүлнаштың менсінбегендей рай көрсетіп, шолжаңдап шығып бара жатқанына жыны кеп, шолпысын жұлып алған. Сол жерде екеуі ұрысып, жаман сөзге барысқан. Жеті түнде жолдасы Мүсірәліні оятып, аулына қайтқан Асылбекке адуын шешесі кейіп, дене құс қылған. «Енді саған Біркімбайдың қызынан аспандағы жұлдыз жуық» деген. Содан сағы сынған Асылбек бүгін Біркімбай үйінің кешін тосып, артынан ергіштеп, кешірім сұрағаны еді. Бірақ күшік күйеуі салпақтаған оған ызбарлы Гүлнаштың іші жыли қоймады. Мінсеңші мынау дөненге,— дейді Асылбек атын Гүлнашқа көлденең тартып.— Мен - ақ жаяу жүрейін!
— Мінбеймін!—деп өршеленеді Гүлнаш.— Көзіме көрінбе! Кет! Құры!
— Қарағым - ау,— дейді Гүлнаштың шешесі Дариға күйеу баласына жаны ашып,— аулыңа қайта ғой. Бұл бетпақтың ашуы ертең-ақ тарқайды...
— Тарқамайды, ойбай, тарқамайды! — деп Гүлнаш сабаумен жерді тартып - тартып жібергенде шаң бұрқ ете қалады.
— Тарқамаса, тарқам кетсін! Менің көзім тірі тұрғанда бұл қыз сенікі!
Асылбек зорға ыржиып, жиди қоштасып, жырылып қала берді.
Кеш ұзап, ылдилап, сайға маңып кетті.
Былай шыққан соң, күні бойы ләм-мим демей, мөлиіп келе жатқан Шіркімбай:
— Өзі боп тұрғанда торысын маған бір мінгізсең етті,— деп мыңқ ете қалды.
— Е, немене, сенің тақымың да қышыды ма? Ақбоздың әлегін аз көресің бе? — деп қарындасы алып тастады.
Шіркімбай Гүлнаштың зекіп тастағанын көңіліне дық алып қалса да, қарсы жауап қатпай, кештің басын селкеулеп тарта берді. Сол бетпен Құртты келгенде бір жылғаға көшті қондырды да, ымырт шапағы жамырай көлікті кері алып қайтты. Қалған ағайынмен бірге өзінін жаппасын көшіріп келмекке кетті. Бұл жерде екі-ақ күн аялдайтын болғандықтан және күн кешкіріп қалғандықтан Дариға үш қанат керегенің басын иіп, шайла тұрғыза салды да, қызына белінің желін үздіртіп, жатып қалды. Ертеңіне сәскеде: «Шайы құрғыр таусылып қалып еді, шекем шағып отыр» деп, еру отырған Бектің аулына қыдыра кетті. Көп ұзамай оралмақшы еді. Бірақ «от сұрай келген қатынның отыз ауыз сөзі бар» демекші, Дариға Бектің үйінде кідіріп қалды. Мақпал самауыр қойып, қазан асты. Оның абысын-ажындары: «Күйеуі жоқта не қылып түтіндетіп жатыр екен?» — деп, балаларын жұмсады. Баланың аузында сөз тұрар ма? Ойын үстінде Қарашқа айтып қойды. Қараш келіп, шешесіне айтты. Мақпал ернін шығарып: «Адыра қал - ау!» деп шаптықты. Қара қазан екі иінінен дем алып, бүлкілдеп, асылып - төгіле бастағанда Мақпалдың абысын-ажындары түк сезбеген боп, біртіндеп келе бастады. Жаңа ғана балалар тасып жеткізген күндестік қырбайлығы дем арасында ұмыт болғандай, әйелдер бірте-бірте, гу-гу кеңесіп кетті. Қыз Кәмила ғана әңгімеге араласпай, қол машинасын тырсылдатып, бірдеңе тігіп отыр.
Далада ойнап жүрген Қараш үйге келіп:
— Апа, анау қырқада бір әйелді үш атты қуып, сабап жүр,— деді.
Әңгіменің қызығына батқан қатындар елең қылмады.
Қараш тысқа шығып кетіп, әлден уақытта қайта оралды. Бұл жолы қасындағы балалары бірге кірген.
Балалар жарыса, аптыға сөйлеп, шулап кетті.
— Ойбай, өлтіретін болды. Әйелдің үсті-басы алба-жұлба. Жұлқына қашып, ылдиға құлады.
Қатындардың лаулаған сөзі су сепкен өрттей басылды. Шайлада қызы жападан-жалғыз қалғаны есіне түсіп, Дариға орнынан атып тұрды.
Гүлнаш болған оқиғаны үзіп-жұлып айтып шықты.
— Апам неғып кешікті деп елегізіп отырсам, Асылбектің Қоңыраттардағы сүмелек апасы қыпың етіп кіріп келді. «От ала кеп ем» дейді. Қолында шоқ салағын сымпыл байы да жоқ. Жансыз екенін сезіп, ішім суып сала берді. Кетісімен бері қарай зыттым кеп. Қырқаның үстіне шыққанда артымнан үш атты құйындатып қуып жетті. Үшеуі жабылып, өңгеріп әкетпек болды. Жүгіре - жүгіре өкпем аузыма тығылып қалды. Айқайлайын десем, даусым шықпайды. Жердің қиясы жақсы болды. Бұлтарып, құтылып кете бердім. Қолым мен тісім тиген жерін шиедей қылдым шіркіндердің...
— Ойпырмай, қызың қасқыр екен! — десіп әйелдер шулап жатыр.— Өзіміз болсақ, көз жасына жалынудан басқа амал қыла алар ма едік? Бұзау көкпарды тақымына қысып кететін перілер емес пе өңкей?!
У-шу басыла бастағанда:
— Қайта шапқан жау жаман. Біздікіне қона кетіңдер,— деді Мақпал.
— Адыра қалсын!—Дариға ернін шығарды,— Жалғыз қызға шамасы келмеген сіргелер, қасында қара дәу тұрғанда, қайтып оралуға әддіңе қарасын.
— Сонда да сақ бол. Аңдушы алмай қоймайды.
Бұл сөзден көңіліне қауіп кіре бастаған Дариға:
— Көз байланғанша шырақтың үйі де келіп қалар,— деді.
ІІ
Қатындардың даң-дұңы басыла бергенде Ақбозды жетегіне алып Смағұл жетіп келген. Біркімбай атқа шабатын баласын жылан шағып ап, сасқалақтаған соң Бек қаршадай Қарашын мінгізбекші болыпты. Белгіге қамшысын беріп жіберіпті. Ұшына қорғасын құйған, бұзау тіс қамшыны Бектің үй-іші жыға таныды. Смағүл пісіп тұрған дәмге қарамай жүрмек болды. Асылбектің қылығын естігенде жеті атасынан бері қарай сыбап алды:
— Қорықпаңдар, қайтып соға алмайды. Соқса, жеңеше, өзің қайрат қыл: Бірекеңнің қосауызын жұмса! — деген.
Дариға бел алып, айбат шегіп тұр.
Мақпал машықтанып жаттықпаған Қарашым желді аяқтан жығылып қала ма деп қобалжыған. Бірақ өзі тіленіп тұрған баланың шылауына оралғы болғысы келмей, «жамандыққа жорымайын» деп қойды. Қараш жарбиып, Ақбозға қонғанда:
— Айналайын, жолың болсын. Қай берен қырық шілтен шылауыңда жүрсін,— деді.
Қатын-қалаш жапырлап қарап тұр. Ернін сылп еткізіп, таң көрісіп жатқандары да бар. Ақ көйлегі дүрілдеген Кәмила атқа мінген інісінің үстінен бауырсақ шашқанда, Ақбоз танауы желбіреп, шапшып түсті. Алдыңғы екі аяғын қыбыр-жыбыр еткізіп, шабыс тілеп тұр. Ақбоздан бүгін қамау тер алынатын болғандықтан баланың тақымы үйрене берсін деп Біркімбай әдейі беріп жіберген. Ауылдан шыға бере, Смағұл, Қараш қатар түзеп, шоқыта жөнелді. Былай ұзап, жайпауытта ілігіп, аттың бүйірі қызар шақта көсілтіп жарысып кетті. Бұлар, қанша шақырым жер шалғаны есептеулі емес, үдеу шабыспен екінді кезінде Қызылкенге жетті. Тігілген үйде есеп жоқ секілді. Құмырысқадай құжынаған адам. Қара-құра да көп-ақ. Қызыл сеңгірдің басында жаңа соққан боз мұнара — шартақ екенін Қараш танып келеді. Мезгілді шамалап, тосып тұрған Біркімбайлар келген бетте Ақбозды бір қабырғасы құлап қалған ескі сарайға кіргізді де, жел кеулемес үшін ашық жеріне көрпешелер тұтып қойды. Ескі сарайдың іші күйіп тұрған. Көрпешелер тұтқасын мүлдем қапырық болып кетті. Ер-тоқымы сыпырылған Ақбоз ауыздықтан көбік шашып, алқынып, барып-келіп тұр. «Өкпем күйіп бара жатыр» дегендей, жанарлы көзімен тап көріне жаутаңдай қарайды. Иіп қатты Біркімбай аты солығын баса алмай, бойра - бойра терге шомылған сайын рақатқа батып тұр. Біркімбайдың үзеңгі жолдасы Бек те осы көрініске риза секілді. Ол Ақбоздың қабырғасына құлағын тосып, терін татып көрді де:
— Көкірегінің сырылы таза. Бірақ терінің дәмі кермектеу. Бір-екі күндік суыт жетпеген бе, қалай,— деді.
Бұл Ақбоздан гөрі бапкердің өзіне арналған күдік, сенімсіздік еді. Біркімбай шамданды.
— Атасы арғымақ енесі қарабайыр бұдан тым қоңыр тақтықты көтермес болар. Жолдыбайлар Ақбозды суытқанда жүнін жығамыз деп күшін үзіп алатын да, тартуға келгенде басының кекжеңдеп қалатыны сондықтан болатын. Осы жолы Торы алаяқтың әуселесін көреміз,— деген.
Бек Біркімбаймен сөз таластырмай, ыңғайына көше салды. Тек:
— Лайымда айтқаның келсін. Бірақ сақ болған. Азынап тұрған айғыр үйірлігін тастап қоймасын,— деген.
Ақбоз солығын басып терін үккенде қайта ерттеп, жалпыштап, далаға шығарды. Тер жеп шираған жүйрік жұтынып, сергек сейдін басып шыға келді. Бұл шақта басқа да бәйге аттары серуен құрып, желпініп, желдеп жүрген. Бәрін де, жана түскен келіншектей, жалпыштап, тұмшалап қойған; — көз тимесін, тіл өтпесін дегендері. Жетектеп суытушы балалары да көз - қарақтан қашқақтап, аулақ жүр. Біркімбай, Бек бастаған шоғыр сәйгүліктердің ешқайсысына жуықтай алмады. Әсіресе бұлардың бажайлағысы келетіні: Келіншек таудан келген қоңыр аттың Шаң тимесі, Әулиеатадан келген ысытының қайсы аяғы. Иіні келсе, Шоңбай құдасының Торы алаяғының да сауырын сипап өтпекші.
Ат көрушілер әрлі-берлі ауытқып жүріп, Шаң тиместі айналып шыққанда:
— Танауы шелектей екен,— деді Бек.
— Омырауы ая қаптай екен,— деді Смағұл.
Біркімбай мұрнын шүйірді.
— Тәйірі, «Шаң тимес» деген дақбыртынан қорқып жүрсем, күлді - бадам бір нәрсе ғой.
— Қап, мына мамадайырлардың көзінің еті есейін деген екен! Атымның жамылғысын ашып!.. Әкеңнің аузын... Қап, сені ме, бәлем! Қызыңа қатыныңды қосарлап тартып алмасам, Шоңбай атым құрысын!..
Сәтсіз шабуылдан өкініш жеп, ат сабылтып келген Асылбек, Мүсірәлілер есік жақта өзара күңкілдесті...
ІІІ
Шаңқай түсте, жадылаған екі түйемен Мақпал, Кәмила, Дариға, Гүлнаштар келді. Асылбектің шабуылынан кейін Дариға үйінде байыз тауып отыра алмай, «өрттен қорықсаң — өзенге бардың» керімен келген. Олар келіп қалған соң үлкендер түгелімен Бек түскен үйге кешті де, Біркімбай түскен үй қатын-қалаш, бала-шағаның бәсіресіне тиді. Ауыз жүзінде той деп жария етілгені болмаса, жиынның барлық үрдіс - салтанаты ас өтіп жатты. Той қылушы Сәтібектің желеуі — баласының шілдеханадан шығуы болған. Ал, шындығында, осыдан үш жыл бұрын дүние салған әкесі Мәтібекке берген асы еді. Мүсірәлі мен Орал оңбай ұтылып отыр. Мүсірәлінің көзінің алды іріңдеп, Оралдың ені қуқыл тартқан. Мал ашуы оңай емес, өзіне кезек келген бір мезетте Орал қалған-құтқан тиын-тебенін банкке үйіп-төгіп сала салды. Үстіне ағайыны Нұршадан бес сом пул алып қосты. Бұл жолы Оралдың қолы жүрді. Жұрттың бәрі шетінен жапырлап түсіп жатты. Асылбек қарғаның тұзына ұрып, 20 сомға күйгенде сұп-сұр боп кетті. Содан карта екінші қайта айналғанда ең түкпірде отырған Мүсірәлі:
— Ұрдым бәнкеңе! — деп поднос тола қопсып қағаз ақшаны басып қалды.
— Кепілі не? — деді Орал қыбыжықтап.
Мүсірәлі қалтасын қағып, барын шығарды.
— 11 сом 80 тиын екен. Осыныңа ойнай ғой,— деді Орал.
— Жоқ, бәнкеңе ұрамын!
— Кепілі не?
— Белдеудегі атымды ер-тұрманымен тіктім. Қамшысы мә! — деп Мүсірәлі қамшысын ақшаның үстіне тастады.
— Парлағанда көкшолағың 25 сом дейік. Шоқпытың 3 сом, қамшың 20 тиын болсын. Сонда бас-аяғы 30 сомға тәуекел қыласың,— деді Орал.
— Жоқ, бәнкеңе толайым ұрамын!
— Кепілін көрсет дедім ғой!
— Қатынымды тіктім!— деді Мүсірәлі өршеленіп.
— Аузы сасық қатының кімге дәрі?
Қызықтаушылар қырыла күлді.
Сары Мүсірәлі долығып, қызыл - күреңденіп кетті. Ол Асылбекке шаншыла қарап:
— Сүйегіңде намыс бар ма? Сал мынаның бодауын! Ұтылсам, қатынымды сен - ақ күң қыл,— деген.
— Көнін қанша? — деп сұрады Асылбек сұрланып:
— 157 сом.
— Ендеше, мынаның ішінде 175 сом пұл жатыр,— деп Асылбек қайыс әмиянын подностың шетіне қойды.— Жауапкерің мен!
Орал қолы дірілдеп, Мүсірәліге карта берді.
Мүсірәлі түйенің балтасын ашып тастап, үстіне екі карта тартқызды. Қолы күйіп қалардай, аузымен үрлеп, шалқая сығырайып, шым-шымдап ашып көрді де, сәл ойланып тұрып:
— Ізден! — деді.
Оралдың қолындағы қарғаның алтылығы еді. Үстіне ондық шықты. Ол не қыларын білмей, сазарып отырды. Жұрттың бәрі тымсырайып, төзіммен тосты. Ақырында, он алтыға тұрып қала алмай, карта ашты да: «Күйдім!» деп қап-қара боп кетті.
Артынан ілесе шыққан Нұрша:
— Осы «жиырма бірі» түс кірге жола ма деп қақсағаным қашан!—деп ұрсып жатты.
— Кәззаптардың қолын сындырғалы ерегіспен килігіп едім. Онымды құдай қос көрмеді. Ендігі әрі қарғаны желкемнің шұқыры көрсін! — деді Орал.
Бұл кезде үйдегі әулекілер: «Сауға, сауға!» десіп, Мүсірәліні ортаға алғыштап жатқан. Мүсірәлі қолым қайтып кетеді деп, соқыр тиын да шашау шығармай, пұлдың бәрін тақымдап, көрпенің астына басып алды.
Бұған наразы болған сауғашылар өзара күжілдесті.
— Құдды өзі түстес сары балтаға ұрды!
— Карта — қолы арамға шығады да!
— Қой, несібесі бар да, сабаздың!
— Дүниенің ақшасын ұтты - ау!
— Әлі сүт көп, кемір аз!
— Орал әукелектеп кетті ғой!
— Ол ысқаяқта қаншама қауқар бар дейсің. Шыр мыналарда ғой!
— Олай деме. Өнерлі іші майлы. Шонжар жұтайды, зергер жұтамайды.
Қараш көрген-білгенін әкесіне кеп айтқанда, әкесі ұрысты. Бұдан былай құмарпаздардың қасына жуыма деп пысықтап қойды. Кешке оқшау шетте Шоңбай, Асылбек, Мүсірәлілер той қылушы Сәтібекті іштеріне алып, күңк-күңк сөйлесіп отырды. Ай қорғалап туатын мезгіл еді. Жер ошақтардан бұрала шалқып, лапыл ұрған жалындар алақаннан - аламыш жарық беріп, айқара байластырған аттарды, қыбырлаған адамдарды көрсетіп тұрды. Ай туғанда қотанда «күннің» ойыны басталып кетті. Қымызға мас боп желіккен, елеуреген адамдар кез келгеннің бөркін жұлып ап, аспанға лақтырысады. Бөрік жапалақтап жерге түсерде жұрт жаппай ұмтылып, жапырылып құлап жатады. Бірін бірі басып, жаншып, таптап, өлген-тірілгеніне қарамайды. Олжаны қолы жеткен әкететін болған соң, әркім-ақ алып қашуға тырысып, көпшілік дүрлігіп, ұйтқып, қақтығысып, соқтығысып, сүрініп-қабынып жатыр. Күлкі де, ыңқыл да естіледі. Осы күнгі регби ойынына ұқсайтын сол опыр - топырдың қалың ортасында Мүсірәлі, Асылбектер жүр. Нұрша мен Орал да сонда жүрген. Асылбек сусары бөріктен айрылып, бодауы үшін біреудің ақ қалпағын беліне қыстырып алыпты. Онысын Орал жұлып ап, аспанға лақтырып жіберді. Жұрт қалпаққа қарай лап қойғанда, Асылбек:
— Мәжнүнсің бе ей! — деп Оралды қос қолдап итеріп қалды.
Бағанадан бері, біреу-міреу қағып кете ме деп, бойын бағып, шеттеп тұрған Қараш осы екеуінің бітпейтін бір кикілжіңі барын сезінді. Ай қалықтап көтеріліп, өлке бойын қылаң мұнар басқан. Қараш «жұрттың ендігі ермегі не болар екен?» дегендей жан-жағына қарайлайды. Бұл кезде ай шарбы бұлттарға кіріп-шығып, кіріп - шығып, зырылдап бара жатты. Сол бетімен зыр жүгіре берсе аспан жиегіне әудемде - ақ барып қалатындай көрінеді. Қараштың естіген ертегі-аңызы бойынша, әуел баста ай сұлуға күн сұлу ғашық екен дейді. «Жеткен жеріңде аласың» деп ай қаша жөнеліпті, күн қуа жөнелтті. Содан бері дүниенің төрт бұрышын шыр айналып, бірін бірі қуып келеді-міс. Кәмила мен Гүлнаштар да үйге кіре алмай қалды. Қастарында шешелері. Дәл жыршының тұсынан туырлықты түріп, керегенің кегінен қарап отыр. Бұны көрген соң Орал мүлдем жайнап кетті. Ол Әлтай әнінің әуеніне өз нақышын қосып, жанынан өлең шығарып, жаңа серпінмен сілтеді. Жаңағы марапат лебізінен танып, жастықтың шыншыл сөзіне көшті. Өз көңілінің ынтызарын ишарат сырыңдай шерте бастағанда ән әуені де құлпырып кетті. Орал ән ырғағымен бірге ырғалып, малдас құрған күйінде дөңгеленіп, терден есікке шейін барып қалады. Әуеннің екінші толқынымен бірге есіктен төрге қарай қайта жылжиды. Тыстан тыңдаушылар үйді қапсырмалап, сықырлатып, аударып тастай жаздады. Жапсардан сығалап тұрған кемиек кемпір: «Қабырғамызды қаусатар мына шіркіндер!» — деп қиралаңдап шетке шыға берді. Жұрт үйді жығатын болған соң туырлықты түгел сыпырып, үзікке шейін түріп тастады. Үйдің іші - тысы бірдей кеңігендей, жұрт емін-еркін желпініп, тынышталғанда, Оралдың: «Көзіңнен айналайын жалтаңдаған»,— деп бозбастықпен өлеусіреуін іші ұнатпаған Біркімбай Бекке бұрылып:
— Қиссадан шертсе қайтеді,— деді.
Кемиек кемпірге де саңылау тиген екен. Ол іргеден мыжырайып:
— Бәсе, өлдім де талдым деп сарната бермей, құлағымыздың құрышы қанатын салиқалы сөз айтсын да! — деп қойды.
Отағасылардың қалауы бойынша, Орал жыр айтатын болды.
Ол жыршылардың үрдісі бойынша «ананы айтсам бола ма, мынаны айтсам бола ма?» демей, осы сәтте көңілі қалап тұрған «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» дастанын шертіп кетті. Ақсақалдар ұната қоймағанмен, жасаңдаулары елтіп қалған соң, «бұны таста, басқаға көш» дей алмады. Орал ығытты, ұтымды жерінде қас-қабағын ойнатып, маңдайын қыртыстандырып, тақиясын қимылдатып, жұртты күлкіге қарық қылды. Әсіресе Қарабайды құбылған үнмен де, қыңырайған кескінмен де құбыжық қып көрсеткен. Бұнысы Баян сұлудай Қарқаралы қызын бір желді аяқ жылқы үшін көр етіп жүрген Біркімбайды көрнеу көзге түрткені еді. Сайқымазақ ишаратын көңілі жүйріктер кәміл түсінді. Қодарды да жыршы оңдырмай келемеждеп, Асылбекке деген қыжыл - кегін үйіп-төге салды. Шеткі үйде «құмарды» қайта бастап, салғыласып жатқан Асылбектер бұдан түк сезген жоқ. Түн ортасына тақалғанда Смағүл есіктен саусағын шошайтып, Қарашты шақырып әкетті. Ұйқы буып отырған бала тәлтіректеп әрең шықты.
— Жел жақтағы биенің иісін сезіп құтырып тұр,— деді ол.— Үйірлігін тастатып алма. Оқыранса, шабына су шаш. Мен барып, кішкене жыр тыңдайын. Ішім пысып кетті.
Ай сүттей жарық. Ақбоз су бүріккен құрақ жоңышқаны күрт-күрт шайнап тұр. Ың-жыңнан шыққан бала оңашада мамырлап, балбырай бастады. Ол Ақбоздың ер-тоқымын жастанып, көзінің шырымын алғысы келді. Жантайғанда жылқы терінің, жоңышқаның иісін сезінді. ...Ақбоз оқыранғандай болады. Бірақ бала манаурап, ұйқылы-ояу қалпын бұза алмайды. Сөйтіп жатқанда Смағұлдың ащы даусы шақ ете қалды.
Қараш селк етіп, орнынан тұрса, Смағүл айғырдың шабына су шашып жатыр.
— Сорымыз қайнап қала жаздады,— дейді ол ентігін баса алмай,— тірі жанға тісіңнен шығарма!
Сентябрьдің недәуір ұзарып қалған түні ауып, таң қылаңы біліне бастағанда Оралдың дастаны аяқталып еді. Тоңазыған адамдар тез бытырады. Гүлнаш пен Кәмила шешелерін жатын үйіне апарып салып, өздері шапандарын бүркеніп, сеңгірдің айналып кетті. Олар қайтып оралып келе жатқанда алдынан біреу бүгжеңдеп шыға келді.
— Көтек! — деді Гүлнаш.
Орал оның білегінен ұстай алды.
— Шолпыңның сылдырынан таныдым!
Осы уақытта Мақпалдың самбырлаған даусы құлаққа шалынды: «Әлгі екеуі қайда құрып кетті - әй?..»
— Ойбай, кетейік!—деп жан-жағына алақтаған Кәмила «Біз мұнда!» дегендей дыбыс беріп, жөтелген боп, үйге қарай жылжыды.
Гүлнаш тоңған адамдай, дірдектеп кетті. Ол:
— Сіргелігің қылығын естіген шығарсың, тыныш ұйықтаудан қалдық,— деген.
Орал асығып-аптығып, уәделі мезгілін піскенде ғып еді. Қалш-қалш етіп тұрған қыздың салқын саусағының ұшынан қысып, ынтыға қоштасты.
Былай шыққан соң, артында бұқпалап тосып тұрған жолдасы Нұрша:
— Сенің арманың жоқ қой, Орал. Жаман айтпай жақсы жоқ, осыдан Гүлнашқа қосыла алмасаң да, менен сен бақыттысың. Әкем сорлы сүймеген шүйке басқа үйлендіріп, менің бағымды байлады. Тіпті, қасына жатқым да келмейді,— деді.
Орал үндеген жоқ. Жан жолдасын не деп жұбатарын білмеген.
ІV
Қызыл жалау көтерген даяшы сәскеде тойханадан «Атшабар - атшабар!» деп шыға келді. Соның алдында ғана аудан орталығынан қайтып оралған Алтын тіс даяшыға дауыстап, доңайбат шекті. Алтын тіс аудандық мекемеден бір жапырақ қағаз әкеліпті. Қағазда: «Ас — ескіліктің салты. Дереу тоқтатылсын» деген. Бірақ оған Сәтібек қыңбады.
— Шілдеханамның шырқын бұза алмаймын. Той өткесін көресісін көрем!—деген.
Сонымен, даяшының озаңы шыққанда етек-жеңі мол жұрт шартаққа қарай лек-легімен ағыла бастады. Тек осы кезде ғана шеткі үйдегі карта ойыны доғарылған. Асылбек, Мүсірәлілер тәлтірек қағып, есеңгіреп, сыртқа шықты. Екеуінің де көзі іріңдеген.
— Олжалысыңдар ма? — деп сұрады Орал ат үстінен.
— Сақалды қолдан беріп, сымпиып шықтық— деді Мүсірәлі есінеп.
Асылбек ұнатпай қалды.
Орал атын борбайлатып бара жатып:
— Тәйірі, бай баласының шотын шабушының несі құраушы еді,— деп қарқ-қарқ күлді. «Шоқ-шоқ» деп көріне мазақтап барады.
— Қап, шартық немені атынан аударып ап, ішке тепкілегенде сауап болатын еді,— деп Асылбек шаптықты.
Осы сәтте анадай жерден Алтын тіс те етіп бара жатқан. Шаптығып тұрған Асылбек шұғыл жуасып:
— Сасық шекпені саудырлап қызыл көз пәле қайтып кеп қалыпты ғой,— деп қойды.
Біркімбай астындағы ақ жалын Смағұлға беріп, түп тартуға соны жіберді. Өзі сыншы, өзі бапкер бола тұрып, Біркімбай арынды атпен қорықпай шауып көрген пенде емес-ті. Смағұл Қарашты қатарға алып, өзгелерден оза кетті де, түпкі тартуға шейін шоқырақтатып барып, терін үктіріп, қайта ерттеп, артынан келген жүз қаралы аттық ең шетінен тізіп жіберді. Және даяшының «қайт - қайт!» дегеніне болмай, біразға дейін жандай - шаптап, Қарашты пысықтап жіберді: «Қасыңдағы балалардан сақ болмасаң, жығып кетеді. Ағытқанда арқанға шырмалып қалма. Тартушылардың қарасын көргенше тізгініңді тұқыртып, ағынның басына сүйеніп отыр. Ал, бірақ та Торы алаяқты ұзатып алма. Жел жағыңды бер ме; атың шаң жұтады. Артыңа көп қарайлама; атының белі талады. Дөңеске қарай тік шаппай, қиялап шап, Шаңқаның көзін сүртіп отыр. Тұяғы ақ жылқы тасырқағыш келеді. Тастаққа ұрынбай шап. Көлденең кісі ұрынса, жалтартып кет...» Қараш шаңқан боздың үстінде қалшиып, басын изеп барады. Шаңқан да қырым еті жоқ қағілез басын әсем шұлғып, жітілікке жаралған қамыс құлағын тігіп, қайшылайды. Ашыққан арыстандай сауырлығы сүмпиіп, алшақ кеудесіне сүйене текірек қағып, серпінді шабытты танытып-ақ бара жатыр. Толарсағын дәкемен таңып тастаған Торы алаяқ та желдей жеңілдігін анғартып, бота тірсегі бұраңдап, аяғын дестелеп, сергек, сейдін басады. Шағын тұлғасымен шалқыған шабыс тілеп, ауық-ауық жер сүзіп, елегзи пысқырады. «Жығылдың жотасы тұп-тұтас екен ғой! — деп ойлайды жырылып қалып бара жатқан Смағұл.— Тек Бірекеңнің «суытуын асқындырып жіберген» дегені расқа шыққан да! Сонысынан бір рауа болғай да!» Түптен тартуға келген көтермешілер белгіге қызыл жалау тігіп қойған бір қыраттан аса алмай, ошарылды. Тайлы - таяқты, биеге, түйеге мінгескен қатын-қалаш, бала-шағалар шартақ түбінде құжынайды. Мақпал, Кәмила, Дариға, Гүлнаштар күн шыжып кеткен соң жадылы екі түйені сеңгірдің басына шегеріп, көлеңкесінде отырды. Сабада сусыны мол оларға келгіштеушілер көбейіп жатыр. Шартақ түбі мен түп тартудың екі арасы 15 шақырымдай жер еді. Өзге жұрт сол екі аралықта, әр жерде шоғырланып тұрды. Шаруақорлар ұтарын шідерлеп отқа қойып, жантайып - жантайып жатты. Олжадан иегі қышығандар құмалақ ашып, балгерлікпен әуреленді. Ошақты бір жерде, қоңыр аттар бір жерде, ысты бір жерде алқа қотан отырып ап, балгерлікке долбарлықты қосып, гуілдесіп, күжілдесті. Қара-құрасы кеп топ — іргелі ел, сіргелі тобы. Ортасында — шойындай шатпақ қара, Шоңбай. Азғантай шоғырмен келген Біркімбайлар — шеткерілеп, тауықтың шөжесінде шүпірлеп, үйме-жүйме. Асылбектің ат ойнатқанын естігелі бері Біркімбай құдасымен жүз көріскен жоқ-ты. Намысқа бекінген ол қазір де әдейі оқшау бөлек отыр. Үлкендердің аңдысуымен ісі жоқ бозбастар сартылдап жүгіріп, бірін-бірі қуып; «тоңқайма» ойнап, иықтан секірісіп, «әуеде не бар?» ойнап, арқаласып, белдесе күресіп, шірене алақан шертіп, жоқтан желік, бардан ермек туғызып жатты. Екі иінін жұлып жеп, сылтау іздеп құтырынған жігіт - жыртың дүрмегінде Асылбек, Мүсірәлі, Оралдар да ымы-жымы бір адамдай аралас-құралас жайраңдап жүр.
Бұлар бүйтіп жүре берсін, енді бәйге аттарынан гәп шертейік. Әлде оның қажеті жоқ па? Қажеті жоқ десеңіз, екі-үш бетті аудара салыңыз. Ал, өзіміз хикаяда бұдан былай ат шабыс кездеспейтін болғандықтан аттап етуге қимаймыз. Күндердің күнінде бір кәдеге асып қалмасын кім біледі. Құйрық, жалын сүзіп тастаған жүйріктер жұтынып, екі иінін жұлып жеп, арқанда тұрмай ауыздық шайнап, арпалысып бара жатты. Мәрелі жерге жеткізбей, арқан қиып, қашып кете ме деп қауіп илеп, қыпылдаған даяшылар еңкейген баланы көрсе қамшымен шыпыртып өтеді. Жылаған балалар да бар. Олар ұзақ жүрді. Түс ауып кетті. Балалар «енді қашан?!» деп тыпыршудан да тыйылды. Содан бір уақытта, Қоғалы сары өзектен өте бергенде арқан сыпырылды. Бұл — даяшылардың «Беттеріңнен жарылқасын!» дегені еді. Тіс қаққан, әккі балалар кілт бұрылып, тасырлатып шаба жөнелгенде Ақбоз орғытып, орағытып кетті. Қапылыста Қараш ұшып кете жаздады. Ақбоз бет түзеп, қатарынан оқтай атылып шықты. Арындап, ауыздық шайнап, тізгінімен алысып, қарысқан Қарашқа ырық бермей, езуінің жырылғанын елемей, алдыңғы дүрмекті қуып жетті. Қараш ызғытып бара жатқан Торы алаяқты, Қайсы аяқ—көк қасқаны, Шаң тиместі, Құлан қараны танып, жел жағына шыға берді. Олардың алдына бір түсіп алса, Ақбоздың құйрық тістескен түсірген тежеу бермей, бекерге барлығатынын байыптаған Қараш қымқа қиғаш қанаттасып, бапкерінің есебі бойынша сілтеп келеді. Содан біраз уақыт өткенде аттар үздік-создық боп, селкеу беріп, түйдек - түйдекке бөлінді. Манағы алға шығып алғандар бұрынғыдан да ұзай түсіп, жұмарласып келе жатыр. Олардың артында шаңдатып, ұбап-шұбаған балаларда есеп жоқ. Жолда кесе-көлденең түсіп жатқан түйе тайды биік өр бар еді. Соған жеткенде Торы алаяқ пен Шаңқан қанаттасып, жер бауырлап, құлағын қайшылап, егесіп, суырылып шықты. Әсіресе, қайта-қайта жер сүзіп, екпінмен етпеттей ұшып келе жатқан жатаған торы биік өрге қарай тура шауып кетті. Қараш атын бір езулеп, қияға салып қиғаштап бара жатып көз тастағанда, Торы алаяқ дөңес басына құйымшағы сүмпиіп, мықшыңдап, шатқаяқтап шыққан секілденді. Қараш дөңді жырыла, жырақ қиып өтті. Ылдиға құлағанда Торы алаяқ оқ бойы ұзап кеткенін көрді. Қараш Торы алаяқтан қара үзіп қалғысы келмей, атының басын ағытты. Бір-екі рет қамшы да ұрып қалды. Адымы ұзын Шаңқан өзінің де қуып жеткісі келетінін танытып, өршелене қарыштап кетті. Жайшылықта алқам-салқам, ірі жылқы кішірейіп, жіңішкеріп, созылып, көсіліп кетті. Гулеген желден Қараштың көзі парлап, бір ауық, жер шыр айналып бара жатқандай сезілді. Қараш күшпен есін жинай, орамалымен көзін сүрткенде Торы алаяқтың деңгейіне таянды. Байқайды, торыда бұрынғы сілтес жоқ. Төрт аяғымен түйдектеп, дестелеп тастамай, тапырақтай бастапты. Қалың терге түсіп, сауыры қоңырланыпты. Қараш үзеңгі қағысардай қатарласып, басып оза берді де қатты айқайлап: «Бәлем, саған осы керек!» деді. Торының үстіндегі бала ызасы еткен Қарашты қамшымен тартып жіберді. Қамшы Қараштың мойнын осып, тіліп кетті. Қараш шоққа күйгендей ыршып түсіп, алақанымен баса қойды... Түпте тұрған көтермешілер екінді кезінде шалғайдағы шаңды керіп, аттарының тартпасын мықтап тартып, тықыршып тұрған. Смағұл да қақпан бел ақ жалды көлденеңдетіп, ойқастатып тұр еді. Шаң құйыны жақындағанда Шаңқаның маңғыл маңдайы жарқ ете қалды. Смағұлдың тұла бойы шымырлап, кезінен жас шығып кетті. Ол: «Жеті күлше құдайы!» деді. «Боз қасқа құдайы!» деуге шаруасы шағын болғандықтан аузы бармады. Бұлардың ішіндегі қилы Торы алаяқты. Денесі жұмыр келген тұғыжым торы қиқу шыққанда кенет ширап, құлағын кезек-кезек қайшылап ,қояндай зымырады. Қиқу қалыңдағанда екіленіп, тартқан шылбырға иегін сүйей ұшты. Бірақ оны місе тұтпай, қалың сіргелі қаптай шауып, торыны шылбырынан ғана емес, тізгінінен де тартып, құйысқанынан көтермелеп, үзеңгіден демеп, білгенін істеп, жанталасып, даурығып бара жатты. Бірақ шырқау шығып кеткен Ақбоз қарасын шалдырар емес. Өкпесі тесіліп, қолтығы сөгіліп, жойқын дүбірден желігіп, өршеленіп алған желді аяқ көтермешілердің көбісіне шылбырын сипатпай, сытылып, шеннен шыға берді. Ақбоз шартаққа жақындап, ойысқан тайлы-таяқты, биелі, түйелер қыбыры жиіленгенде, көк атты біреу бүйірден шаншудай шаншылып, сақпанның тасындай сарт ете қалды. Ол Қараштың беліне қыстырып қойған шылбырының ұшынан жұлып алды да, қыраңға қарай қисық тартып, жолдан көрнеу шығарып әкетті. Бұл — Мүсірәлі еді. Қарғадай Қараштың жалынып-жалбарынғанына, шыж - көбелек боп шырылдағанына қарамай, жырақтап барып, тұрып қалды. Сеңгір басында түйеге мініп, алыстан сағымданып, елеуреп тұрған Мақпал мен Кәмила, Дариға мен Гүлнаштар да маңдайы жарылып, жарқырап келе жатқан Ақбозды көріп, сүйініп, шуылдай бастағанда осындай қырсық ұшырасты. Манағы қалың тобыр қаумалаған күйінде қиқулап, ұран салып, Торы алаяқты алып етті. Оның артында, арқан бойы жерде, басы кекжеңдеп, Қайсы аяқ бара жатыр. Құлан қара қалып қойыпты. Бір кезде сауырынан төнкеріле тапырық қағып, Шаң тимес өтті. Жарыстан амалсыз шығып тұрған Қараш өкпесінің алқынғанын әзер басып, еңкейіп, шан данның көзін сүрте бергенде ақжал сары атпен әлдеқайдан құйындатып Орал жетіп келді де:
— Жүйріктің жолын тосқан жүз қара, мә! — деп Мүсірәлінің басынан қамшымен тартып -тартып жіберді. Ұстаның серпіні темірдей тиді. Мүсірәлі толықсып, атының жалын құшып, құлап түскенде, арт жақтан: «О, көсегең көгерсін!» деген Біркімбайдың даусы естілді.
Осының бәрі қағазға түсіргенде ұзап кеткенімен, іс-жүзінде апыл-ғұпыл болған қимылдар еді. Қараш шылбырын жинап ап, шартаққа қарай бүйірлей шапты. Аз да болса тыныс алып қалған Ақбоз атыла шығып кетті. Бірақ бұл уақытта алдыңғы аттар мәрелі жерге тақап қалған-ды. Қызыл сеңгірдің басына шығарда ғана төрт аяғы төрт жаққа кетіп, тапырақтаған Шаң тиместі Қараш қапталдап басып озды. Сонымен, бірінші бәйгені Торы алаяқ, екіншіні — Қайыс аяқ алды. Ақбоз үшіншіге әрең ілікті. Асылбек бас боп, сіргелі жігіттері Оралды ортаға алып сабағаның Оралдың көпке топырақ шаша алмай, жытқыр ақ жалмен қашып құтылғанын Қараш кейін есітті.
V
Бас бәйгеге тоғыз-тоғыздан тігілген дүние-малдың қызығына батқан сіргелі Біркімбайдың өкпесін, тізе көрсетіп, жүре тыңдап кетті. Бірақ олжа бөлісуге келгенде ымырашылдығы бұзылып, күңкіл көбейіп, ақыры күжілдесіп, бажылдасып барып басылды. Ат иесі, Шоңбайдың өзі қара-құраны сіргелі белді-белді адамдарына байлап, қалған дүние - пұлды қалың дүрмекке пышақ үстінен үлестіріп бермекші болды. Соны құлағы шалған пысықтар өзгеден бұрын қимылдап, қу талаң, Шоңбайды қоршап алды. Шоңбайдың көпшілікке таратары — аты дардай болғанымен, заты шамалы еді. Ол атдорбада саудыраған күміс теңгелерді ғана үлестіріп жүр. Біреуге жиырма тиын, біреуге қырық тиын береді. Адамдар соның өзіне таласып, қырылысып қала жаздайды. Шоңбай бір шоғырмақтың ырымын жасап боп, басқа бір төбешікке шоқытып шыға келеді. Тосыннан дәме қылғандар артынан шегірткедей қаптай жөнеледі... Шоңбайдың тілегені де осы. Ертең дүйім ел осының бәрін көк - құлаш аңыз ғып таратып әкетеді. Әркім күйіркеген қызығын, жанқалтасына тәбәріктей салып кеткен тиын-тебенін аузының суы құрып айтып жүреді. Сөйтіп, жүйрік торының арқасында Шоқанның даңқы жер жаратын болады... Ат шабыс біткен соң жұрт бет-бетімен тарқап кетті. Тойға тігілген үйлер де жығылып, қызыл сеңгірдің баурайы жалаңаштанып қалды. Біркімбай, Бектер де бала-шағасымен аулына қайтты. Қатын-баласыз, сыбай-салтаң келген ошақты, қоңыраттар, ыстылар ат таң асыратын боп, желе - шоқытып, жусанды даланы шаңдатып бара жатты. Қалың сіргелі де ыдырап, өмір-бақи ырың-жырыңы бітпейтін жолды байлары ғана кешеуілдеп, Шоңбайды қоршап, Торы алаяқтың көтермеде үдеген шабысын айтып, күмпілдесіп келе жатқанда жалаңаш тойхананың бергі шетінде ұйлығып тұрған он шақты адамды көрді. Бәрі де басын орамалмен шарт байлап, үстін шылбырмен шандып тастаған. Қолдарында ұстаған күрегі, бақаншасы, тоқпағы бар. Түстері тым - ақ суық. Шоңбайлар тырқырап, еңістегі аулына құлағанда, Нұрша «қайт! қайт!» деп, Орал: «қайтпа! қайтпа!» деп айқайласып, ақыры қуғыншылар тоқырасты. Тоқырасты да, түк көрмегендей боп, қарқылдап күлісіп, аяңдап аулына қайтты. «Аулы» дегенде бұларда салиқалы ауыл жоқ та. Кілең жатақтар еді. Киіз үйі барларының өзі жазда тамының қасына тігіп отырады. Бір-бір жарамды ат ұстау — бірінші салты. Екіндіге дейін көр-жер түйтпегін істеп боп, кешке қарай көкпар іздеп шығады да, қай-қайдағыны алып қашып келеді. Маңайдағы ел көкпар етін жеуден қалғалы да талай жыл болып бара жатқан. Жайлауда шалқып жатқан малы жоқ, жұтқаны жұмырына жұқ болмаған жатақтар барымта-сырымтадан қорықпай, жанжал десе тіленіп тұрушы еді «Шылауымнан ұстадың», «Атымның қолтығынан қақтың!», «Үзеңгімнен көтердің!» деп, көкпарда төбелес шығарушылар да осылар болушы еді. Бүгін ат тартуда Оралға жолдыбайлардың қамшысы тиген соң көз таңбаның құдайы берді. Осыны естігенде Тәтті қара дейтін біреуі алақайлап,. атын тебінді. «Бәсе алақаным қышып, сол қабағым жыбырлап еді! Буыдай дырдудың төбелессіз тарқағаны болмас!» — деген. Сонымен, таяқ тиді, шымыр ескен он шақты жатақ өздерінен бес есе көп келетін Көбендерді тырқыратып, аулына қуып тығып қайтты. Бұл хабар ертеңіне-ақ жалпақ елге тарап кетті. Хабарды естігенде, Смағүл: «Көз таңбалар ердің басын тықылдатса, жолды байлар қаша береді!» деп мысқылдады. Бұл да талай елге тарады...
VІ
Қайда барса алдынан көзтаңбалылардың ердің басын тықылдатқаны туралы мысқыл сөз шыға берген Жолдыбайлар: «Қап, бөлем, сені ме!» деп тісін қайрап жүрген. Көшпенді ел құмға қарай ауытқып жайлаудан ұзағанда жолдыбайдың еркек кіндігі Шоңбайдың аулына жиналып, жатақтарды шауып алмаққа мәслихат құрып еді. Өз араларында ірткі басталды. Әншейінде тіл алғыш Жұмабай, Ыбырай сияқты жарлы-жақыбайлар бармайтын боп, қасарысып қалды. Қыз беріп, қыз алысып, араларына жорға қатынамаса да, дорба қатынап, қыстық қорегін ажыратып отырған егінші жатақтарға көшпенді тайпаның кедей - кембағалы сойыл білмейтін болып шықты.
— Кетпеніміздің жарығына дейін жамап-жасқап, жең ұшынан селбесіп отырған зергер Оралда өзіміздің қыжылымыз жоқ,— десті олар, пәтуаласып қойғандай.
Дәулеті орта - шарқы текешіктер Шоңбайға еріп көтерілейін десе де, шынтуайтқа келгенде қобалжып, солқылдай бастады.
— Жалаңаш батыр атанған жанкештінің несін аламыз? — десті олар сайып келгенде.— Тәттіқара, Исабектері балтасымен келіп, маңдайшамызды шауып кетер. Буаз қатынымызға іш тастатар...
Сонымен, Шоңбай тобы аттануға бата алмай, жасып қалды. Ызасы асқынған Шоңбай Біркімбай қызының бетін беріп, Ақбозды қайтып алмаққа бекінді. Баласы оған көнбей, ендігі ырғас екеуінің арасында қалды. Жұрт тарқап кетті. Асылбек: «Бұл райдан қайтыңыз! — деп, бір ауық жалынып-жалбарынды. Бір ауық мөңкіп ашуланды. Ақырында, әкесі беттеген жағынан қайрылмай, Біркімбайдың аулына Мүсірәліні жіберетін болған соң, ол жыларманға келіп, қамықты да:
— Ендеше, екі қолымды төбеме қойып, қаңғырып кетемін,— деп жайылып жүрген торы дөненге қарай жүгірді.
— Е, Ләйлінің Мәжнүні мен болам десейші! Біркімбайдың қызынан басқа ұрғашы құрып қалды ма саған?! Байдың жалғыз баласына!! —деп Шоңбай зекіре айқайлап қалды.
Мүсірәлі аттанып бара жатқанда Шәйгүл бәйбіше байының қасына келіп: «Байғұс-ау, жалғыз балаңды торықтырып, Ақбозы түскірді қайтесің?!» деп сипақтай бастап еді. Шоңбай ұрсып тастады. Ұрысқанда Шоңбай заманның тарылып келе жатқанын, аяқтың астында құлдық ұрып жататын жарлы - жалшының бүгінгі көрсеткен құбыжығын айтып ұрысты. Жаман айтпай, жақсы жоқ; істі болар күн туса, Ақбоз өрдің қанаты екенін, қос жүйрік қатар тұрғанда қолының ұзын боларын, осыны саудайы баласының түсінбей, бекерге жүргенін қатынының құлағына құя кейіген. Мүсірәлі Біркімбайдың аулына жақындағанда Асылбекке ұшырасты. Асылбек не істерін білмей, осы ауылдың сыртын торып жүрген.
— Уһ, жақсы кездестің - ау! — деді Асылбек,— мамадайырларға төбеңді көрсетуші болма. Әңгіме насырға шауып кетпесін!
Мүсірәлі Шоқанның әмірін екі қыла алмайтынын айтып, Асылбекті әдейі қинады. Асылбек әрі-беріден соң «аға жан!», «көке жан!» деп жалынды, жалбарынды. Бірақ Мүсірәлі мызғымады. Ақыры шыдамы таусылған Асылбек:
— Жапан түзде қаңғырып босқа өлгенше, сенің қолыңда өлейін! — деп Мүсірәлінің тізгінінен шап етіп ұстай ап, бұра тартты.
— Шылаудан ұстама деймін. Жол болмайды!
— Е, жолдың әкесінің аузын...— деп Асылбек қарауытып, Мүсірәлінің Шоңбайдан мінген кегін сауырдан қамшымен тартып жіберді. Сен көк басын кегжеңдетіп, орғып түсті.
Екеуі ойын-шыны аралас біраз тарт қалақтап, итжығыс түсіп, ақырында ымыраға келісті. Біркімбайдың аулына бармай, аралық Бектің аулына барып, кісі салатын болды. Әнеугі күнгі бас бойының олжасынан Бекке бір тайынша, бір тайлақ байлап алды. Аулына келген соң Бек елеусіз бала жіберіп, апырып айдатып алған болатын. «Енді, көп болса, тағы бір шобыр мінгізерміз,— деп ойлайды Асылбек.— Гүлнаш құшаққа тисе, малым түгел емес пе?!» Асылбектер Бектің үйіне келіп түсті. Екеуі бел шешіп жайласпай жатып, оңаша сөзіміз бар еді деп, үй иесін тысқа шығарып әкетті. Мүсірәлі қалыңдық пен күйеудің арасындағы шәр кездікті білгенінше бипаздап, сыпайылап айтып шықты. Біркімбайдың да екі кеменің басын ұстап, қауіпті кілтеңде жүргенін дат қылды. Қызына әлі келмейтін болса, о баста неге құда түсіртеді? Ақбозды неге алады? Тұлпардың бағын неге байлайды? Сәтібектің тойында жолдыбайлардың Ақбозды бөгегені рас. Бірақ мамадайырлардың ызасы етіп кеткендіктен бөгеді. Егер Біркімбай қызын қиқылжыңсыз ұзатар болса, ол айыбын Шоңбай мойындайды. Біркімбайдың да, бітістіруші дуалы ауыздың да сыбағасы қайтарылады. Мынау Асылбек мырза мал аямайды. Ретін тапсын да, тәңір берген мол дәулеттің шетінен кертіп жей берсін. Дайын тұрған боркемікті кеміре берсін! Бұл мырза намыс жолында жан пида ғып келіп отыр. Абзал Бекеңе мұңын шағып, жүгініп, ісмерлігінен дәметіп келіп отыр. Осы істің айласын Бекең таппаса, ешкім таппайды. Сондықтан Бекен атқа қонып, үзеңгі жолдасына барып, сөйлесіп қайтса. Біркімбайдың қыз ұзатар мәрелі мезгілін білсе, дескен. Одан әрі, Біркімбай құдай қосқан құдалықтан айнымайтын болса, қанқұйлы көзтаңбалылармен аралас - құралас біржола тыйылсын. Мүттәйім Нұршаны аулының маңынан жүргізбесін. Зергер Оралдан кемер белдік буынып, қызына шолпы соқтыруы қойсын. Хатта, бұрынғы ауысқан - түйіскенін кісәпірдің өзіне қайтарып жіберсін. Сонда Жолдыбай атам баласының қыбы қанып, кегі қайтады, ашуы тарқайды, дескен. Ал, Біркімбай бұны істемей, бір таяқпен екі қоянды қатар соғамын десе, ендігі қиқаңына көнсі жоқ. Бата бұзып, барқадар таппақ ойы болса, алысқа сүйретпей, Ақбозды көлеңдетіп жетектетіп жіберсін. Басқа ауысқан дүние-малдың есебі кейін шыға жатады, дескен. Бағана Асылбекпен арбасқанын, тартысқанын, осында тізгінінен жетектеліп келгенін ұмытып, лезде жалт беріп шыға келген Мүсірәлі қасындағы жолдасының көңіліндегісін түк қалдырмай паш етіп, осылайша қара тілденіп, сайрап шықты. Асылбектің өз жанынан қосқаны бір-ақ ауыз сөз болды.
— «Бітер істің басына, жақсы келсін қасына» демекші, өзіңізге үміт артып тұрмыз. Сый-сияпаты менің мойнымда!
Бек жел қармап, белінің шойырылып қалғанын айтып, бұлданып, отырып - отырып, ақырында: «Қой, болмас, болмас, барғалы!» деп, ыңқылдап, атына қонды.
VІІ
Ақылдаспақ кезегі Біркімбайларға келген. Қатыны мен екеуі Біркімбайдың жаппасына кіріп, күңк-күңк сөйлесіп отырды.
— Байғұс-ау, маған кәйт дейсің,— деді әйелі.— Өз қолыңды өзің кесесің бе? Қызың көнбейді. Қақсай - қақсай шаршадым. Өзің тілдеспесең, менің амалым таусылды...
— Шақыр Гүлнашты,— деді Біркімбай,- маңдайының терін жеңімен сүртіп. Жаппаға Гүлнаш кірді.
Біркімбай тамағын кернеп, сөз бастады:
— Қарағым, үш ұлым бірінен соң бірі шетінеп, жылап жүріп көрген жалғыз перзентіміз ең. Қимағанмен, қыз бала жат жұртқа жаралған соң қайтеміз. Әйтеуір ішімнен - жемнен кемтар болмасын, ешкімге көзін сатып телмірмейтін болсын деп, орынды жерге, қатар жатқан көп ел қолы жетпей жүрген байдың жалғыз баласына атастырып ек. Ендігің не?..
Гүлнаш үндемеді. Қынай бел бешпентінен тырсылдаған көкірегінің дірілі сезіледі.
— Ерке - тәйтікті енді таста, қарағым,— деді Біркімбай.— Бата бұзған барқадар таппайды. Ертең құмға көшіп құлағанда той-томалағыңды қылып, ырғап-жырғап, құтты жеріңе қондырамыз.
— Мен Асылбектікі бармаймын, көке. Бекерге әуре болмаңыз! — деді Гүлнаш сазарып.
— Мойнына салып өсірген әкеңді жерге қаратып кетесің бе? Досқа күлкі, дұшпанға таба ғып, сағымды сындырасың ба?! Жоқ оның болмайды! — деп Біркімбай түсін суыта бергенде, қызы сабына араб әрпімен «Гүлнаш Біркімбай қызы» деген жазу оймышталған күміс шаппасын жанқалтасынан суырып ап, қылшылдаған жүзін қарнына тақап:
— Әттең, кәпір өлімінде кетемін - ау, уға толған ішімді жарып жіберер едім! — деді. Өңі құп-қу боп, танауы қусырылып, даусы қалтырап кетті. Ашуланғанда әйел баласының көзі қанталайтынын Біркімбай бірінші рет көрді. Ол:
— Астағыпыралла! — деп шошып кетті.
Гүлнаш сыңсып, жападан шыға жөнелді. Біркімбай үн жырғасы түсіп ,темен қарап отырып - отырып, әлден уақытта:
— Енді не қыламыз, қатын?—деді.
— Қайдан білейін? — деп Дариға қипақтап қалды.
— Ел аузына бір іліккен соң үйде отыра алмайды ғой. Сонда қызыңның ойы кімде? — деді Біркімбай басын көтеріп, торыққан үнмен.
— Қайдан білейін? — Дариға қипақтап алғашқы жауабын қайталады да: — Зергер Оралмен сөз байласқан көрінеді ғой,— деп қойды.
Бұны бұрыннан естуі бар Біркімбай қабағын шытынды.
— Тапқан-таянғанын «құмарға» салатын қияңқылан не барқадар таппақ? Үйі де темір сасиды иттің!
— Үйленсе, «құмарды» қояды - дағы. Ал, үйі темір сасымай-ақ әшекейлі мүлікке толып тұр ғой!
— Шоңбайдың өткенін немен қайырамыз?
— Бәйге ат біздің теңіміз емес деп баяғыда - ақ қақсап па едім. Ақбозды қайыр. Қалғанын тағы да көрерміз. Азар болса, құмға көшпей-ақ там салып, жатақ болармыз!
— Смағұлды шақырып жіберші,— деді Біркімбай.
Дариға қуанғаннан далаңдап, далаға шыға жөнелді.
Біркімбай Смағұлдан сыр бүкпей, жай-күйді таратып айтып шықты. Кіші бапкері істің насырға шауып тұрғанын түсініп, аяулы Ақбозбен қоштасуға ризалық білдірді.
— Бір-ақ өкінішім бар,— деді ол.— Ала жаздай суытумен әуре боп, үйірге де сала алмадық. Тұқымын алып қалғанда есебіміз түгел болатын еді. Қолына бір тиген соң іші тар Шоңбай сауырынан сипатар ма? Әлгі сүмелек Жұмабайдың биесіне былтыр Ақбоз шапқан екен. Шоңбай соның құлынын алмаққа ниеттеніп, жанжал шығарды деп есіттім.
Біркімбай дағдарды. Тырнақтап жинаған ақшасын жоғалтқан адамдай, іші әлем-жәлем боп ұлыды. Біркімбай Асылбектерге жауабын екі - ұшты етіп қайырды. Көзтаңбалымен Біркімбайдың бес бересі, алты аласысы жоқ. Қатар жатқан ел болған соң жазда аралас-құраласы болып тұратыны рас. Бірақ зады Жолдыбайға қарсы ұжым жасап көрген емес. Диқаншы жатақтармен ортақтасып егін егіскені болмаса басқа да шамалы. Көзтаңбалы, жолды-байлар той тарқарда төбелессе, басы-қасында Біркімбай болмаған. Ал, баламен бала шекісіп қалса, оған да ата-ене айыпты емес. Ежелден өкпе-наздың емін уақыт шіркін таппаушы ма еді? Араға ай салмай жатып, Асылбектің бұл не ұшқарылығы? Шоқанның да жастардың бастаңғысына кірісер реті жоқ еді. Кеше, тамам елдің алдында Біркімбайдың атын ұстатып, қорлағанымен тұрмай, талтүсте ауыл торытуға айналды ма? деген. Шоңбай алда-жалда ат құйрығын кесісемін, ала жіпті үзісемін десе, зауал өзіне. Өткен дүние-малын Біркімбай қайыруға әзір. Тек, Ақбоз қазір қолда жоқ. Аяғын шауып, ақсап қалған соң, тауда, саяткер ағайынның қолында қалдырып кеткен еді. Ноябрьдегі үкіметтің айналма бәйгесіне қосылу - қосылмасы неғайбыл боп тұр деген. Бекті аттандырып жатып, осындай - осындай уәжінің үстіне Біркімбай және бір жылы рай білдіріп қалды.
— Шоқанға сәлем де. Ашудың пышағын сермей, ақылдың таяғын жонсын. Бір қыс шыдасын. Біз де қапы қалмай, жалғыз баламызды құтты жеріне ырғап-жырғап қондырайық.
Аулына келгенше жауабының ұзын-ырғасын ойланып алған Бек Біркімбай сөздерінің тігісін жатқыза, әрлей жеткізді. Асылбек көңілі көншіп аттанғандай болды. Ол қоштасарда:
— Беке, бұл жақсылығыңызды өлсем ұмытпаймын! Ертең бала жібере қойыңыз. Бір бордақы жетектетіп жіберейін,— деді.
Шоңбайдың жанына батқаны — Ақбоздың аяғын шауып алғаны болды. Аяғын шауып алғаны рас болса, қайтып алудың қажеті де жоқ. Бордақы зәру Шоңбай емес. Сондықтан сабыр тұтып, істің ақырын күтуді мақұл көрді.
ЕКІНШІ ТАРАУ
І
Жаздың шалқыған сары күні - қусырылып, суық сұр күзге айналған. Жайлаулар тері сүйреткендей тып-типыл. Бурыл, шұбар түз құлазуда. Шырқау биіктен тырналар ғана тырулап ұшып өтеді. Құмға қарай ойысқан қалың елдің дүрмегінде Біркімбайдың ауылы да жылыстай отырып, жер қара қатқақ болғандықтан қар түсуін тосып, шабырда біраз күн қоныс тепті. 10—15 шақырым жерде көл болушы еді. Аз ғана жылқысын содан суарып, ауыз суды содан тасыды. Осындай қысылшаң жерде, тығыл - таяқ кезеңде Біркімбай қызын ұзатуға ниет қылды. Түнеу күні, араға Бек жүргенде, Шіркімбайдың жаппасын өз қарнын өзі жарып тастай жаздаған долы қызынан қаймыққан Біркімбай кейінірек кәрі әуеніне қайта басқан. Ақбозбен қоштасуға дәті шыдамай, Гүлнашты күн сайын мезі қылып, жалынып-жалбарынып, айналып-толғанып жүріп, ақыры бері қаратқандай болды. Көз жасына жалына - жалына қалжыраған Гүлнаш:
— Көке, құлағымның құртын жеп, діңкем құрыды ғой, Ақбоз мұратқа жеткізетін болса, мен - ақ құрбандыққа шалынайын,— деген. Біркімібай:
— О, ақылыңнан айналайын!—деп қаупалақтаған.
Содан көшпелі мен жатақтардың арасы алшақтап кетпей тұрғанда, Гүлнаш ұзатылатын қыз салтымен ағайындарын, нағашы жұртын аралап, «танысып» шыққан. Гүлнаш Келіншек таудағы нағашы жұртына жол шегіп бара жатқанда жолай Орал қосылып, Үштөбеге шейін ұзатып салады. Шешесінің көзінше екеуі ат үстінде ұзақ айтысады. «Не деп айтысады?» дейсіз ғой. Қазақтың қайсы өлеңін жатқа біле берейік? Әйтеуір, айтысуы анық. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер, ақыр заман болғанша мен сендікпін» деп серт байласыпты деген қауесет жалпақ елге тарап кеткен. Осы қауесеттен қауіп илеген Біркімбай ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған қыз айнып қалмай тұрғанда абыра - дабырасыз жөнелтпек болған еді. Бірақ сахарада сыбыс жатпайды. Біркімбайдың ағайын, жекжаттарына ғана құпиялап хабарлаған домалақ — тойынан ысты, сіргелі түгел құлақтанғандай болды. «Біркімбайдың тойына шақырмағаны несі? Бір тостаған ботқаға тарынғаны ма?» дескен өкпе-наздар да естіле бастаған. Содан Біркімбай көңілі жақын дегендердің біразын амалсыз шақырды. Шақырылушылардың ішінде, әрине, Бек те бар. Ал, Бекең, әрине, Қарашын тастамайды. Сонымен, қара қатқақ қарашада, шырпылы шабырда Гүлнаштың тойы болды. Тойға Шоңбайдың өзі келмей, баласынын, қасына Мүсірәліні ертіп жіберді. Иә, иә, кәдімгі өзіміз білетін Мүсірәлі! Оның жанында және бір қошеметшісі бар. Шіркімбайдың жаппасы тарлық ететін болғандықтан күйеулерді Смағұлдың үйіне түсірісті. Үлкендер Біркімбайдың қара шаңырағында, қалғандары әр үйге бөлініп-бөлініп орналасты. Арнаулы үйлер тігіп, салтанатпен шалқитын кезең емес. Жер аяғы босамаған қысылшаң шақ. Сондықтан әншейіндегі желөкпе Дариға да «Жетім қыздың тойындай етіп еткізе алмаймын» деп тулай алмады. Той салтанаты осындай қоңыр күйде, бұғыңқы қалыпта болғанымен, келушілер ермексіз қалған жоқ. Карта ойнасты, күресті, көкпар шабысты. Көкпарды көлденен, жұрт қаншама алып қашса да, Біркімбайдың Ақбозы қайырып әкеле берді. Жастар мәжілісіне ағалық етіп отырған үй иесі Смағұлды. Ол Гүлнаштың домбырасын алдыртты. Үкілі домбыра қолдан қолға өтті. Жігіттер тарапынан өнер көрсетісуді күйеу жолдасы Мүсірәлі бастаған. Ол үлбіреген үкілі домбыраны сабалап, ақпа тартысқа салды. Саусақтары жеңіл қозғалып, үйреншікті сарынға машықтығын аңғартады.
— Пау, шіркін!
— Мынау қайтеді, ей! — деушілер болған. Бірақ олар қошеметтеуден тез-ақ тиылып қалды.
Осыдан кейін күй саңлағы Асылбектің қолына тиді.
Асылбек домбыраның құлағын қатайта бұрап, ширыққан екі шекті безілдетіп, безектетіп, әшекейлі, жіңішке әуенге басты. Бірақ жеңіл де ойнақы ырғақ құлақты елеңдеткені болмаса, көңілді әлдилей алған жоқ еді. Сондықтан:
— Күйеудің өзі күйші екен ғой!
— Саусақтары маймаңдап бара жатыр ғой!—деушілер де алғашқылардай жылдам басылды.
Ендігі кезек тойханада. Бірақ жалпы мамадайыр тайпасының өнерлісі Гүлнаш күйеудің ізінше салқам - соқта ерсі көрді де, күй біраз толастады. Әлден уақытта, дәті шыдамаған Орал іргеде сүйеулі тұрған домбыраның құлағын болмашы лықсытып, дық - дық еткізіп, өзінше күйлеп алды. Содан айна қондырған ақ құба қалақты әсте-әсте сытырлата шертіп, қоңыр сазды көңіл күйін саусағынан сорғалатып теге бастады. Бейне бір шілденің аптабында жаңбыр сіркіреп өткендей, қоңыр - салқын самал ескендей болды. Жұрт:
— Міне, шертіс осы ғой!
— Көкейдегіні қозғайды ғой!
— Осы бармақ та жер астында жатар ма екен?! — десті.
Гүлнаш үн - тілсіз сазаруда.
Бала Қараш домбыраның толқындаған үнін салт аттың екпініне ұқсатады: Мүсірәлінің тартысында арындап шаба жөнелгендей болды. Асылбектің тартысы - тыпыршып тызылдаған ұшқыр құнанды еске алды. Ал, мынаның шертісі мүлдем бөлек. Бұныкі — тайпалған жорға. Қиссадағы Сандал көк!
Қараш осылай түсініп отырғанда, Гүлнаш:
«Қыз қашқанды» шертіңізші, Орал. Түгел жаттап алмай жүр едім,— деген.
Бастаңғы сырды бала жаяды. Қараш тапырықта үйге кіре берді де, Біркімбайдың сөзін бұтып-шатып айтып шықты.
— Бірекең қу жатақтар қайдан келді деп кейіп жатыр. Баланы айнытады, сақ бол, дейді...
— Тәйт, қайдағыны оттама!—деп Смағұлдың әйелі зекіп тастады.
Үй ішін мазасыз, қорғасын жым-жырттық басты. Ақ сұр Асылбектің реңі қарауытып, тұлан тұтты. Сары Мүсірәлісі де күреңітіп, намыстанып отыр. Мүсірәлі нағашысының нағашысы — Шоңбайдың баласының намысын жыртудан гөрі, Гүлнашты Оралдан қызғанып күйінеді. Өз басы Асылбекке жампаңдағанда, көлденеңнен олжа түсіріп, қисынсыз тамақ ажырату әдетіне айналып кеткендіктен жампаңдайды. Немесе жекжаттың жекжатын сағалау — баяғыда адыра қалған үрдіс еді. Мүсірәлінің де көңіл іңкәрі, көз құрты — Гүлнаш. Бірақ Гүлнаш оны менсінбеген. Асылбек әйелдікке еріксіз алатын болғанда қуану себебі де сондықтан. Асауға тұсау түсетініне қыбы бір қанса, екінші жағынан, Гүлнаш сүймеген сұрқай келгенде, күндердің күнінде, өзімнен тарқатпағанда кімнен тарқатады деп те топшылаған. Мүсірәлі сияқтылар ылғи ұрлық өмір кешеді. Олардың қуанышы қысқа, қайғысы қағілез. Күштері жүректе емес, тілде жатады; болмыста емес, мінезде жатады. «Атың шықпаса жер өрте» демекші, бірдеңеге қақтықпай, соқтықпай жүре алмайтындар да солар. Бұлар, асылында, қоғамның шыры емес, шірнесі; серге емес, ермегі. Өзі сары, көзі көк, науша Мүсірәлінің бар міні — бетінің сиырдың бүйрегіндей қыртыс-тыртыстығында болатын. Сәтібектің тойындағы бәйгеде Ақбозды ұстағанында Оралдық қамшысы тілімдегеннен кейін дидары біртүрлі шұбар - тарғыл тартып кеткен. Гүлнаш ең осал, намысты жерінен соғып өтті. Жұрт та жапырыла күліп, қырылып қалды.
— Айтар болсаң, осылай айт!
— Сүмірейітті - ау!
— Кекірейітті - ау!
Біразға шейін осылайша қыран-топан күлкі, даурық басылмады. Бірақ сырқынды жырау жығылатын емес. Тізеге бүгіп, тұрып кеткендей болды. Ерегіске бекінген Мүсірәлі тамағын қырнап, еңсесін тіктеп алды да, қайтадан шырқады. Ол сөзім жөн, уәжге көп деп жатпай, нақтап ұстар, күмәнсіз жығар жерін жан ұшыра іздеді. Ырғағы ұзын ән оралғанша көңіліне қонымды, ұтықты ұйқастар дөңгеленіп үйіріле қалды. Некен-саяқ туатын тың, асау шабыттың бетін қайтара алмаған жырау:
Мен емес, айтып жүрген — ағайының,
Ашылар айта берсем тағы айыбың.
Үйіңе қара сайтан қонған түні
Босапты екі мәрте шап айылың,—
деп салды.
Әңгіме насырға шапқанын енді ғана байқаған жұрт кеу-кеулеп күлмей, ойып - ойып қана күлді. «Қара сайтанның» кім екенін де іштерінен түсініп отыр. Орал да сыр бермеуге тырысып, теріс айналды. Жастар өлең айтысы.п жатқасын дәті шыдамай, Дариға мен Мақпал жаңа бір әзірде ғана келіп, жапсардан тыңдай бастаған еді. Жеңілген қызына жаны ашып, әрі Мүсірәлінің сөзі шымбайына батып кеткен Дариға үйге шабына кіріп келді де:
— Не деді жаңа, ойбай, Мүсірәлі?
Ол иттің білмеуші ме ең ісін әлі?! — деп өлеңдете жөнелді.
Жастар жым болды. Мүсірәлі, әрине, құдағимен айтысудан бас тартты. Ыржақтап күліп, әзілге жеңдірген боп жатыр. Осыдан кейін көп ұзамай, Орал мен Нұрша тойдан кетіп қалды. Себебі, ұшыққан айтыстың мән-жайына қанған Біркімбай Шіркімбайды жіберіп: «тойымды бұзбай, аттансын» деп сәлем айтыпты. Оралдар жүрерде, қатындар Гүлнашты аңдып, сөйлестірмей қойды. Қараш қонақтарды Шіркімбайдың бәлекейі Бадан аттандырып, арқан бойындай жерде күңк-күңк сөйлесіп тұрды. Бұны ешкім ерсі көрген жоқ. Бұдан ешкім секем алған да жоқ: Бадан Оралдардың жама ағайыны, жатақтың қызы болғандықтан, «төркініне оңашалап сәлем айтып жатыр ғой, бақыр» деп бол жасты жұрт. Бірақ бәлекей де бәле ойлай алатынын жұрт кейін білді. Дәлірек айтқанда, арада бірнеше жыл өткесін барып қана білді. Біркімбайдың тапа - тал түсте Оралдарды тойдан қуып жібергені жаман болды. Бұдан да ел енді түгел құлақтанады. «Қара сайтанның» кім екені күллі теріскейге жария болады. Осыдан қам жеп, намысы қозған күйеудің түсі бұзылып, денесі тырсиып, ісінді. Маңдайының тамыры білемденіп, көгеріп тұр. Ертең аулына барғанда, досқа күлкі, дұшпанға таба қылған шыжың ауыз Мүсірәлінің ит терісін басына қаптамақшы, Гүлнаш қаншықты қыңсылатып, шашынан сүйретпекші болып отыр. Қанына қарайып, тымсырайып, тырсиып отыр. Күйеудің өзгерген түрін қулар неше саққа жүгіртіп, бірі атып, бірі қағып, ажуа етісті.
— Сұр бесті қам екен. Лезде - ақ ісінді.
— Маңдай тамырының көгергені несі?
— Басынан қан алу керек,— деседі.
Ашу буған Асылбек бұл тұспалдардың төркінін түсінбей қалғандай. Бірақ көңілі жүйрік Гүлнаш бүге-шігесіне шейін біліп, күйініп отыр. Шоңбайдың босағасына барғанда менмен Асылбектің маңдайынан сипаттамасын да Гүлнаш қатесіз болжайды. Әсіресе мынау қан бұзарлық қарау өлеңнен кейін бай баласының жүрегіне өшпенділіктің мұзы қатқаны анық. Оны жібітуге Гүлнаштың құдірет - күші жетер ме? Сүймеген адамының құшағында ерке Гүлнаш райкерлік жасай алар ма? Гүлнаштың көңіліне осы алуандас құбыжық қобалжулар оралады. Оралған сайын басқа бір байлауға, тосын да батыл байлауға бекінеді. Мүсірәлінің әзәзілдей екі ауыз өлеңі жаңа қатерге қарай меңзейді.
ІІ
Сәрсенбінің сәтті күні Гүлнашты ұзатамыз деп отырған. Жол жабдығы толық қамдалып, аттану ғана қалған. Гүлнаш та іліп алар киім-кешегін киініп, қалған-құтқанын жиынтықтап, буынып-түйініп, өз үйінде күтініп отыр еді.
Күн бата, асығып-үсігіп Шіркімбай кіріп келді. Келді де:
— Ойбай, ауылды Орал мен Нұрша торып жүр. Жана, жылқы қайырып келе жатып, шағылда көріп қалдым. Екеуі тырқырап қашты,— деді.
Біркімбай:
— Не дейт! — деп, төбесінен салқын су құйып жіберген адамдай, шошып түсті.
Біркімбайдың көзіне зергермен қол ұстасып қашып бара жатқан қызы, шоқпарларын шошаңдатып келген көп қуғыншы елестеді. Аяулы Ақбоз оқыранып, «хош бол» деген тәрізденді. Біркімбай жан ұшырды. Дереу Шіркімбайын жұмсап, жан тас ауылдағы молданы шақыртты. Түн ішінде Гүлнаштың некесін қиғызып, тан, ата аттандырмақ болды. Гүлнаш та қол қусырып қарап отырмай, тыпыршуда. Орал Баданмен қоштасарда қайтып соғатынын айтып кеткен. Гүлнаш сертіне жетер болса, қанатын қомдап, шақ отырсын деген. Хабаршы Нұрша болар деген. Енді жау жағадан, бөрі етектен тартар қысылшаң кезеңде қайрат өзінен болмаса, өзгеден дәрмен жоқ. Гүлнаш шапанын жамылып, түзге отыруды сылтауратып, төбеден асты. Қасында Бадан. Төбеден асуы - ақ мұң екен, екеуі далақтап жүгіре жөнелді. Шіркімбай атаған жаққа қарай жүгіре - жүгіре, өкпелері өшіп, көкіректері дүрсілдеді. Содан бір уақытта шағылға келсе, ешкім де жоқ. Бір сексеуілдің бұтағында Оралдың тұмағы ілулі тұр. Гүлнаш қойнына тыға беріп:
— Ойбай, сорлы түні бойы жалаң бас үсіп кетеді ғой,— деді.
Гүлнаш баспалап, ақырын-ақырын дауыстады. Еш дыбыс жоқ. Айқайласа, еліріп тұрған кешкі ауа ауылға саңқ еткізері анық. Сондықтан:
— Ойбай - ай, енді қайтейін? — деп қиналды. Гүлнаштар қайта оралғанда қара-күңгірт іңірде қалбаңдап іздеп жүрген Біркімбай мен Дариғаға қарсы ұшырасты. Ентігін баса алмаған Дариға:
— Апақ-сапақта қайда жоғалдыңдар? — деп зекіді.
Буынып-түйінген қызының түрінен шошыған Біркімбай барқылдап:
— Әй, Асылбек, қайдасың? Әлгі жатақтар торып жүр деседі. Менің Ақбозыма мін де, ауылдан тірі жан шетеу шығармай, қорып тұр. Немесе, неке қияр молда келгенше мынау қыздың етегінен ұстап отыр. Құдай алдында сенікі! — деді.
Асылбек ауылды қоруға да, қыздың етегінен ұстауға да арланды. Жолдастарымен күбір-күбір сөйлесумен тынды. Ел орынға отырып саябырлағанда жан тас ауылдан 7-8 адам қараңғы түзді тысырлатып, жаяу келе жатты. Ішінде сәлделі молдасы бар. Бұларды иттер абалап қарсы алды. Тойлы ауыл қайтадан даң-дұң боп, күйеу жатқан үйге жинала бастады. Біркімбай мен қатыны далада, молдаға не берудің жайын ақылдасып тұрды.
Дәл осы сәтте үйге Бадан кіріп, Гүлнаштың Кулагина сыбыр ете қалды. Бадан жаппаның сыртында Нұрша күтіп тұрғанын айтқан. Гүлнаштың жүрегі аттай тулады. Гүлнаш үйінен сытылып шыға бергенде аяғына Құт жол дейтін сары мойнақ күшігі оралды. Гүлнаш оған қараған жоқ. Гүлнаш пен Нұрша төбеден қылт етіп аса бере, жүгіріп кетті. Ылдида балапан шырпыны бетке ұстап, Орал тосып тұрған. Бойжеткенде мінгестіріп алып, бостандық даласына маңып кетті.
Арада бірнеше жыл өткенде осы қашысы сөз болған еді. Сонда Нұрша:
— Ауылға кіруге бата алмай, жүрексініп тұрғанымда неке қию дабырлап өтіп бара жатты. Солардың соңынан жүре бергем,— деді.
ІІІ
Гүлнаш қашқаннан кейінгі зобалаң - дүрбелеңдерден Елеусіз қараң - құраны көп, бұталы, бұйратты, түнгі даланы, түнгі далада тасырлатып шапқан қуғыншыларды көз алдына келтірген. Қараңғыда әр жерден ағараңдаған Ақбоз атты көріп тұрғандай болған. Ертеңіне ұлы сәскеде, қызын қашырған ауылға қарай сойылдарын сүйретіп қаптап келе жатқан қалың қолды, қалың қолдан жүрегі ұшқан Біркімбайдың: «Жабағыны соя беріңдер, қан-жынның иісі шығып тұрса қомағай жолдыбайлар тілге келеді» деп жан ұшырғанын Елеусіз көңіл көзімен шолып шықты. Жолдыбайлардың, Біркімбайдың өзін кепілдікке алып, жесірін іздегені, Шоқ тасқа барып, Оралдың шешесін, қарындасын қинағаны, маңдайшасын шапқанда қарындасының қорқып, айтып қойғаны, қалаға жол тартқан қашқындарды қуып жетіп, Оралды таяққа жығып, Гүлнашты тартып әкеткені бір десте қызық кеңес еді. Бірақ сатыр-сұтыр сойылдар, едіреңдеген есерлер Елеусізді тартпады. Сойылда шындық жоқ. Елеусіз көңілдің пернесін басып, жүректің тынысын тыңдағанды жаратады. Бапты, сазды жақсы көреді. Осы ретпен ол Оралдың дәптерлеріне қайта үңіліп еді. Бұрын байқамаған жүрек сәулелерін көргендей болды. Елеусіз Қараштың әңгімелеріне Оралдың «күнделіктерін» жалғап, бейтаныс, байтақ, шырайлы әлемнің ішіне қайта кірді.
ҮШІНШІ ТАРАУ
І
Жасаулы ақ отау құлазып тұр.
Ерлі-зайыпты кісіге ұқсап, күңкіл-шүңкіл сөйлесу, шүйіркелесу болмаған соң, от басының берекесі .қашқанына да көп болған еді. Көрші-қолаң, көлденен. мейман орын теуіп отыра алмайтын көңілсіз отауға аздап керік беретін балалар ғана. Асылбектің қайтыс болған бірінші әйелінен қалған үрпек бас сары бала Жамаш, әкесі жоқта әріптестерін ертіп келіп, опыр-топыр ойнап, үйдің әңкі-тәңкісін шығарып кетеді. Бүгін де отауда бірнеше бала ойнап отырды. Олардың ойынынан Гүлнаштың есіне өзінің балдырған шағы түсті. О да өстіп бейқам ойнаушы еді-ау! Қайғы-қасірет, кемшілік -қорлық дегенді білмеуші еді-ау! Енді, міне, бөтен босағада қолға түскен пенде боп отырғаны!.. Гүлнаштың туған жері, өскен елі көз алдына келді. Есіне әлдеқайдан: «Апатай, амал бар ма мына сорға, құс едім аспандағы, түстім торға» деген өлең түсті. Гүлнаш ыңырсып, «Уәде - айдың» әуенімен сол өлеңді айтты.
... Апатай, амал бар ма мына сорға?
Құс едім аспандағы, түстім торға!..
Осы екі жол өлеңмен Гүлнаштың көз жасы бірге шықты. Содан ол: «Уһ, дүние-ай!» деп, түбіт шәлісінің ұшымен көзінің жасын сүртті. Шөкиіп отырған орнынан түрегеліп, кебежеден балаларға көсіп - көсіп бауырсақ алып берді. Күшігі Құтжолға тоңазыған ет тастады. Асылбектің еншісі бөлек болғанымен, ыстық ас әлі үлкен үйде асылатынын білетін ауыл жандары отаудан шыққан түтінге үйіріле қоймай, Гүлнаштың жалғызсырауы асқынып жүрген. Бар серігі күшігі мен балалар болған соң, кебежедегі астың рақатын көретін де солар. Құтжолдың күшік аты қалмағанымен қазір есейіп, серейіп қалған. Басқа иттер сияқты лақтырылған сүйекке таласып, қызғанып ырылдамайды. Итаяққа құйған жуындыға да еш тігі жоқ. Майлы астан түгі жылтылдап, зірк қағып, құтырынып жүр. Бұралқы иттердей қаңғыбастанбай, көбінесе өз үйінің босағасын сағалайды. Кейде балалығы ұстап, ойнап кетсе де, нақ тамаққа келгенде өз мекенін табатын бір зерек мінезі бар. Төркініне барып келген біреуден дұғай сәлем айтып, күшігі мен домбырасын қолқалап алдырмақ болғанда абысын-ажындары бетін басып күлген еді. Бірақ оны «бетпақ келін» елең қылмады. Сол абысын-ажынның аузы жүйріктері атышулы келіннің төркінінен қалағаны не жорға, не нар болмай, үкілі домбыра, сабалақ күшік болғанын сан саққа жүгіртіп, мысқылдап, өсек-аяңның у жыланын талай жерге сүйреңдеткен. Мысқылшыл, шаншу сөзді құлағы шалған Асылбек те әйелінің мұнысын теріс санап, шамданған. Үлкен үйде түстік дайын болып шақырғанда Гүлнаш «басымның сақинасы ұстап отыр» деп бармады. Содан соң Шәйкүл бәйбіше қызметкер жігітінен ет беріп жіберді. «Үлкен үй» Шоңбайдың өз үйі. Күллі ысты, сіргелі болып сыйлайтын, алдынан ешкім көлденең етпейтін қара шаңырақ. Мал кеп сойылатын сол үйге қатын-қалаш, бала-шағалар ғана еркін. Бәйбіше түстік асты ішіп болған соң кетуге оқталған Асылбекті ірікті де, баласына кейістігін шыжымдап шығара бастады. Ері қара - қожыр беті шымырлап, ойға шомған қалпында, терде, киіктің терісінен жасалған ақ бөстектің үстінде қос жастыққа сүйеніп, үнсіз отыр. Шешесінің емеуріннен - ақ сазара бастаған Асылбек сол қалпынан сынбай, орайымен салқын уәжін қысқа-қысқа қайырып қояды.
— Байғұс балам,— деді бір уақытта Шәйкүл, көнбіс шобыр қатыныңды қоя беріп, құрыққа көнбейтін тартпаңды тапқан өзің, тілге көндің бе? Жалпақ елге аты жайылған нау етекке намаздыгер - намазшамның арасында ынтық болдың да қалдың. Ендігің не?
Асылбек уәж қайырмады.
Шәйкүл қожайынына қарады. Қожайыны сыр жармай, сызданып отыра берді. Бірақ байының ішіндегісін қабағынан бағып үйренген бәйбіше өзіне ерік беріп отырғанын түсініп, еркіндей түсті.
— Біреудің ерке-тәйтік қып өсірген баласын алмаған ең. Алған соң — тілін табу керек, жарасу керек.
— Бөтен босағада неткен тәйтіктік ол? — деді Асылбек шамданып.— Көзінің еті өскен мамадайыр қызына құлдық ұрамыз ба?
— Ей, балам,— деді бәйбіше қоңыр үнмен,— өз ықтиярымен келмей, шылбыр бұғалықпен келген тарпан қыз бір күнде жуаси қалмайды. Бір ауық жылы сөз, жанашыр қылық көрсетсең нетті. Самайға ақ кірген соң ақылға айла қосылушы еді. Гүлнаш — құр әкіреңге көнбейтін әйел. Не жөндеп отас, не төркініне апарып сал.
Бұдан әрі Шәйкүл ошақ бұты, от басының берекесі туралы ұлағатты сездер айтып, мақалдап, мәтелдеп кетті. Гүлнаштың артынан құйындай ұйтқыған шулы сөз, ол салған ылаң, көрсеткен қорлық түгел есіне түсіп, Асылбек іштен сыздады. Түсі тұлан тұтып, түктеніп, қолы дірілдеді. Әкесі мен шешесінің келініне болыса қалуында бір гәп бар. От басының кірбеңі, қырғиқабақ көңілсіздігі, шәлкем - шалыстығы айықпастай асқынып, желбуаз жалпақ жұртқа жайылды деген сөз. Асылбектің намысы қоза түсті. Ашу қысқан ол сөйлесе даусы қалтырап кететінін сезіп, үндемей құтылмақ боп, тысқа шығуға ыңғайланғанда, бар құбылысты бағанадан бері бағып отырған әкесі де өз байлауын айтып қалды.
— Қояр да қоймай қыңқылдап, қиғылық сап, ақырында екі елді бүлікті алған нақ сүйерің емес пе еді? Ертең сақалы шошайып Біркімбай, көкірегі қарс айырылып Дариға келгенде, баласын танымай қалса кімге абырой? Көңілге оңалатын әйел жаман болмас дүр. Келіннің көзі тіктеу болғанмен, жүріс-тұрысы, мүсін - сымбаты зат әйелді танытады. Бесікті болған адамсың, шікірең деуді қойып, анау құтты ханаңның берекесін келтір! — деген.
Асылбек ойланып қалды. Шынында да, бұлардың кірбелеңіне кім кінәлі? Гүлнаштың артынан ұйтқыған ғайбат құйындарын о баста ол көрмеп пе еді, естімеген бе еді? Еркетайлығы біле тұра, етпеттеген өзі емес пе еді?! Олай болса, ендігі қыспаққа жол болсын? Гүлнаштың домбырасын неге қорлады? Ән салудан оны несіне тыйды? Қайта, бабын тауып, бұлбұлдай сайратып, домбырасын сылқылдатып қоса шертіп отырғанда, көңілдің шері айығып, реніш - өкпе әлдеқашан тарқамас па еді?! Асылбек тысқа шығып, орамалымен бетін сүртті. Денесі бусанып, мойнына тер құйылған екен. Жел де басылып, күн райы сына қалыпты. Осындайдан кейін күтпеген құбылыстар ұшыраса беруші еді. Асылбек соның жайын ойлады... Ол отауына келгенде Гүлнаш үйде жоқ еді. Асылбектің жүрегі су ете қалды. Үйде отыра алмай, далаға шығып, ауыл жанындағы қызыл шағылдың басына беріліп бара жатқанда бауырын кесіп өткен Гүлнаштың ізім таныды. Бұл ауылда Гүлнаштан басқа әйел атаулыда биік өкше кебіс жоқ-ты. Сол кер кебістің кере қарыс ізі бұраңдап жатыр. Асылбек із нобайымен жеделдеп, қаздаңдап жүріп келе жатып, көп ұзамай-ақ Гүлнаштың өзін де көрді. Гүлнаш күшігіне күркешік жасап бермек боп, еңісте алабота шауып жатқан. Сеніңкі жүдеу денесі нән кетпеннің екпінімен шөмиіп, шөгіп кетеді. Кетпенді жоғары көтерерде майысып, әнтек тәлтірек қағады. Өзі терге түсіпті. Аялдағанда жүрегінің дүрс-дүрс еткені естіліп тұр.
Асылбек аяп кетті де:
— Кетпеніңді маған берші! — деді.
Ол құмақ қияны бұрқылдатып ,алаботаны әудемде үйіп тастады. Өзі де недәуір алқынып тұр. Сол күйінде: «Жарайды, ит ұясына осы да жетер, қайтайық, Гүлнаш» деп қойды. Олар төбеден құлап келе жатқанда бәйбіше ақбоз үйдің сыртында, еңкейіп бара жатқан екіндіде ішігін бүркеніп, құманын алып түрегеліп еді; отын арқалап, мықшиып келе жатқан келінің кетпен ұстап, алдына түсіп келе жатқан баласын көзі шалды. Бәйбіше шөп сындырып, жаратушыға ішінен шүкіршілік айтты. Сол замат құлағы шуылдап еді. «Лә илләһи, Мұхаммед Әбдірәсулла!» деп күбірлеп, мінажатының аяғын: «Алыстан, алыстан!» деп шошына дауыстап, қазақшалап қайырып қойды. Кешқұрым Асылбек пен Гүлнаш кәдуілгідей - ақ күңкіл-шүңкіл сөйлесіп отырды. Гүлнаш қымыран құйып берді. Шөлдеп қалған Асылбек иісі аңқып, көпіріп, быж-быж еткен қымыранды қана сіміріп, тұшырқана кекірді. Сусын берген жары өте сұлу көрініп кетті оған. Кешкі күңгірттікте Гүлнаштың әрбір жүрісі, шолпысынын сылдыры, жанасып өткен жағымды, жылы, жұмсақ қимылы, сынық қылығы бастапқы ләззаттан дәмелендірді. Асылбек дәл солай түйсініп, солай топшылады. Талайдан бергі жат төсектің жарасымы бүгіннен бастап келетіндей сезілді. Сондықтан ол ерекше елпектеп, бәйек болып қалды. Бір рет Гүлнаштың төсек басында ілулі тұрған ішігін алып, арқасына жауып та қойды. Жұмсақ иіліп, сүйерменге келіп, әрең өткізді. Іңірде аспалы шырағдан жағылып, отау іші селдір сәулеге толды. Селдір сәуледе Гүлнаш мүлдем сымбатты көрінеді. Асылбек одан-бұдан әңгіме шертіп, әйелінің көңілін ашуға тырысады. Сөз аяғын Гүлнаштың төркініне соқтырып, жуық арада солардың келетінін, күллі ауыл боп, әсіресе үлкен үйдің шабыла қам жасап жатқанын қызықтыра айтады. Бұл сәтте Гүлнаш кәдімгідей жібіп, ери бастаған сыңайда. Бұрын бір емес, екі әйелдің кір жуып, кіндік кестірген қартамыс үйіне, сүймеген суық адамына бармаймын деп, қаншама бұлғалақтап тулағанымен, тағдыр талқысы ақыры қажытты да. Шер-шемен боп қатып қалған көңіл талайдан естімеген, кеп сағындырған жылы лебіз, жанашыр қылық кергенде еріксіз құлауға айналды. Жұрт тарапынан құрмет - қолпаш, сыйлау, еркелету көріп дағдыланған Гүлнаш Асылбектің бүгінгі пейіл - мінезіне илана бастағандай болды. Гүлнаштан бұрын шешесі балпамсадай үш ұл тауып, үшеуі де құтаймаған. Баласы шетіней беріп, қам - көңілді боп жүрген Біркімбай мен Дариға қыздың өзіне мың шүкірлік қып, ұлан-асыр той жасаған екен. Майда беттің арғы жағындағы көк төбені мамадайырлар осы күнге шейін «Гүлнаш туған тебе» деп атайды. Төртінші перзентінің бауы берік боп, селтиіп піс бастағаннан-ақ бал азар әке-шеше бетке қақпай, ерке ғып өсірді. Гүлнаш еркек балаша киініп, атқа (еркек балаша мініп жүрді. Домбыраға, сырнайға әуес болды. Ойын-сауықтың арқасында атышулы сылқым көз болып шыға келді. Гүлнаш қамықты. Молынан қамықты. Көкірегі мұңға тұнып, тынысы әлсіреп, қой көзі жасаурап тұр. Ақ құба өңі құбылып, қападар боп, қара - қоңырланып, шымырлап балқыған. Жарасымға жаңадан жуықтап келе жатқанда мұңлы жардың іштегі бітеу жарасын түрткілеп асқындырып алмайын деп, Асылбек ерте жатып қалды. Сабағынан бұрап пісірген қауынның дәмі болмайтынын білетін еді де. Сондықтан ендігі жерде көңілдің сәулесін мол шашпаққа ниет қылды.
ІІ
Гүлнаштың төркіні тайлы-таяғымен келіп те қалды. Ыстылар сойылға жығылған Орал үшін қаны қызыл, намысқа бекініпті, жесірін тартып алмақ боп қол құрап жатқан көрінеді, шаһарға да кісі шаптырыпты деген қауесет тараған. Орал — ыстының ішінде көз таңбалы. Арғы атасы татар екен деген өсек бар. Жаугершілік заманында осы жаққа кеп, орын теуіп қалып қойыпты-мыс. Оралдың атқамінер туысқандары — Әшір, Әлжандар шаһарда милиция начальнигі татармен ашынажай екен деген де лақап бар-ды. Осының бәрін естіп, бәрінен қаймыққан Асылбек әкесімен ақылдасып: «Гүлнаш төркіні келсе тезірек табысар» десіп, қайын жұртын астыртын шақырып алып отыр. Шоңбай ауылына келін болуға арғы дейі әлі құламағандықтан ба, немесе өзінің әке-шешесіне айықпастай өкпелеп қалғандығынан ба, әйтеуір, төркіні келгенде Гүлнаш ұзатылған қыз салтымен сыңсымады. Мұнысын абысын-ажындары сан саққа жүгіртіп, өсекке айналдырды. «Шіркіннің жасуы қатты екен!», «Көзіне жас алмай, бедірейіп тұрды да қойды!», «Бетім-ай, тым құрымаса ырымын жасап, шешесімен көріспеді - ау!», «Безбүйректің өзі екен!» десіп жатты. Отау тігіп әкелуге қауқары жоқ Біркімбай кішкене кілем, түскиіз, текемет, көрпе-төсек сияқты орташа жиһаздар, киім-кешектер әкеліпті. Бай ауылы онысын қораш көрсе де, сыр бермей, шырайлы қабақ танытты. Шоңбай төрт-бес дөнен қой үйткізіп еді. Бәрі де таңынан жарылып, майы ағып, дөңкиіп -дөңкиіп қалды. Ық жақтағы ауылға үйткен құйқаның исі тарады. Сотым сойылған жер қан сасиды. Иттер сүмеңдеп, айнал соқтайды. Жер ошақта, нән қара қазанда майы шыжылдап, қуырдақ қуырылып жатыр. Бала-шағалар ұзақтай шуылдап, шүпірлеп жүр. Кешке қарай тұман түсті. Соған қарамай, ас-су ішіп болған соң жігіт-желең, қыз-қырқындар отауға жинала бастады. Бұл уақытта Асылбек талайдан бері жүктің тасасында бұғып жатқан ақ құба домбыраны қолына ап, ақырын дыңылдатып отыр еді. Жұрт келе бастаған сайын шертуін жиілетіп, ақырында машық саусақтармен сабалай жөнелді. Домбыра күмбір-күмбір үн шығарды. Қыза келе Асылбек бір-екі ауыз өлең де айтып жіберіп еді. Ол жыршылардан тыңдағанда жадында қалған бір жырдың екі шумағын айтты. Жамашқа арнап, Жамашты мақтап айтты. Оны мырзаға, бекзадаға, батырға теңеді. «Әу» деген жерге қазақтың үймелей қалатыны қандай! Әне, міне дегенше отаудың іші адамға толып та қалды. Жұрт басы құралған соң еті тірі жастар желігіп, бірі домбыра шертіп, бірі ән салып, кәдімгідей думандата бастады. Қу тілділер күлдіргі әңгімемен, қас-қабақтың құбылмалы. қимылымен жұртты күлдіріп, қызықты ермек тудырып жатты. Біреу тонын айналдырып кейіп бүгжеңдеп, бақаннан аяқ жасап сереңдеп, орақ тісін ақситып, аузынан жалын шашып кіріп келгенде «ойбай» деп шошып түскендер де, мәз боп күлгендер де болды. Орақ тіспен жан-жағын қармалап, үркітіп жүрген Мүсірәлі еді. Көп аялдаса қызықтың дәмі кетіп қалатынын сезіп, қорбаңдап тысқа шығып та кетті. У-шу даңғырлық, қыран-топан күлкі боп жатқан жерге Шоңбай мен Біркімбай, Шәйкүл мен Дариға бастаған үлкен кісілер де келіп: «Бәрекелде, ойын қыза берсін!» айтқанда, Гүлнаштың жанары құбылып, көңілді ажар танытып тұрды. Талайғы мұңлы дидар дем арасында бақытты бола қалғандай. Сұрқай отауға ақшам арасында ғайыптан шырай біткендей. Құбылмалы көңіл шіркін аз ғана алданышты талшық керіп, түрлене қалған. Көлеңкеде көп жатқан қауын күннің көзі түссе, лезде құлпырып шыға келуші еді. Кәмек түйнек сәулеге жүзін жуып, сарғайып, иісі шығып, пісіп қалушы еді. Гүлнаш бүгін сол сияқты болды. Құрысқан көңілі жадырап, көзі жаудырап, еңсесі биіктеніп, денесі толығып, іріленіп қалған іспетте. Мұны Асылбек түгіл өзгелер де сезген, Сондықтан нұр үстіне нұр жауа берсін деп, сауықтың аяғында көпшілік Гүлнаштың да бір лебіз білдіруін қолқалады. Әсіресе жастар жағы шулап кетті. Көпшіліктің меселін қайтарудың амалын таппаған Гүлнаш даусының қарлығып жүргенін желеуреткенде, отырған жұрт:
— Онда домбыра шерте қойшы!
— Сүгірдің күйіне салып жіберші!
— «Тоғыз тарауды» тартып, сылқылдат! — десті.
Мұндайда желөкпелігі ұстап кететін Дариға да шыдамай:
— Тартып жібере ғой, күнім! —деп қойды.
Осыдан кейін Гүлнаш сағынып қалған серігін қолына алып, сүйрік саусақтарын төгілдіре қағып-қағып жіберді. Гүлнаш шүу дегенде не тартқанын аңдамай қалғандай. Кербез домбыраның кеудесінен бейтаныс бір күй шалқып шықты да, көмейіне тығылып, тұншығып қалды. Домбыра булығып, күмбір - дүмбір етті. Шалқып шыққан жаңа лебіз сол күйінде шалқып кетпей, ұйтқып, үздік-создық түйдектеліп, Гүлнашты омбылатып, барлықтырып келді де, ақырында бір аңырау күйдің сарынына ұласты. Сол тұсқа келгенде Гүлнаш сәл саябырлап:
— «Боз інген» күйін тартайын,— деді.
Жұрт жапырыла өлеңде.
Бұл атырапқа таныс ертегі-аңыздың бірі — «Боз інгенді». Сондықтан күй сарыны түсінікті сияқтанады. Шалғайда бота боздай ма, қыз сыңси ма, қалай? Күй ырғағы талмаурап, жіңішкеріп, діріл қағып тұрды да, қайтадан бел алып, қоңыр сарынға көшті. Сірә, күйшің өз мұңы баураса керек, алғашқы жадыраудан, балқудан танып, жұдырықтай жұмылып, қырғидай шүйіліп алды. Рақымсыз саудагерлердің жетегінде артына қарай-қарай белгісіз қиырға кетіп бара жатқан Боз інген домбыраның кеудесінен аңырап, боздап қоя берді. Жетімсіреп жылап, алыстап қалған ботасына Боз інгеннің ұшқан құстан, жүгірген аңнан жолдаған жалынышты сәлеміне келгенде домбыра мүлдем бебеулеп кетті. Гүлнаштың ақ құба реңі қоңыр қошқыл тартып, қой көзі болмашы жасаурап тұр. Өзі отырған жерінде теңселіп қояды. Күйдің серіппесі сол теңселуде тұрғандай, күйшінің шерлі саусақтары домбыра емшегін шымшылай тартып, жебей толғап, екі шекті еңірете безілдетіп, дәмді ызыңдарды сары қымыздай сапыра бастады. Құйқылжыған, жүйткіген, текіректеген, тойтық дыбыстар бас құрап, жер қайысқан дүлей күш дүбірлетіп келеді. Бейне бір қайғының қара топаны қаптап, сарыны жер жарғандай. Қоңыраулы керуеннің күлдір - сылдыры арасынан үздік шыққан желмаяның зары назды да, сазды да. Домбыра сыңқылдап, серпінді шабытпен бебеулейді. Туған жерден алыстатудың, анадан бала, баладан ана айрылудың аянышты күнін шертеді. Жансыз ағашқа жан бітіп, тамыр байланғандай, он екі перне түгел иіп, ыңқылдап, сылқылдайды; безілдеп, боздайды; күңіреніп, сарнайды... Жұрт құбылмалы күй тамырын тауып ұстағандай, құлақпен де, жүрекпен де құлай тыңдап қалған. Соның ішінде Гүлнаштың әке-шешесі де бар. Гүлнаш жер қайысқан қалың күйді қайырып, дүбірлетіп, машық саусақтармен домбыра -саңлақты сабаулап отыр. Ашынған домбыра ыңыранып, аңқылдап, алысқа сілтеп тұр. Мал баласының мұңын сиқырлы үндермен бебеулеп бейнелеп тұр. Әлде, мүмкін, Боз інгеннің кебін киіп келген Гүл- паштың өз көңілінен шыққан жалынды арман шығар бұл? Немесе дүйім жұрттың қалаған аяулы саздарын тартып бермей, қаяулы күйге неге әкетті? Боз інген бейбақты бейуақытта неге боздатты ол?.. Неде болса, Гүлнаш шерткен сол күй сол бір кеште тыңдаушылардың жүрегін түгел оятып, әлденеге талпындырып қойғандай болды. Жұрт тарқаған соң да Асылбек кепке шейін денесінің тәтті безгегін баса алмай отырды. Әсіресе Асылбекке осы сәттерде Гүлнаш ерекше бір қастерлі де жұмбақ жандай әсер етеді. Гүлнаш үн қатпады. Үн қатпаса да тыныс алысы жиілеп, кеудесі дірілдеп, құрдым суға сүңгуден тартынып тұрған сұлудай сезілді. Сырттағы Мүсірәлі дәл солай сезінді. Бірақ сезімтал, сымпыс Мүсірәлі де қателеседі екен. Анығында, Гүлнаштың есіне өткен күндердің бір оқиғасы түсіп, ол өз халіне өзі күлгелі жатыр еді. Баяғыда кәрі шалға еріксіз барған бір еркебұлан қыз көп түндерін жылуы жоқ төсекте өткізе - өткізе әбден іші пысып, ақыры бір күні әлдеқашан күдерін үзіп, теріс қарап жатуға үйренген жарғақ шалды түртіп: «Құдай қылды, біз көндік,— ақшұнақ шал, бері жат!» — деген екен. Соның кері Гүлнашқа келгені ме? Мынау ақсұр кісі не деп қыңқылдап, сұңқылдап отыр? Дүмше молдалар айтушы еді: қиямет-қайымда күнәһарлар от ішінде жүріп те ойнайды,— деп. Сол сөз есіне түсіп, Гүлнаш қараңғыда жымиып күліп қойды. Дәл осы тұста:
— Гүлнаш, бауырым! — деді Асылбек ынтығып. Айтайын дегені басқа еді, әлдеқалай шатасып кетті.
Онсыз да өз халіне өзі күлгелі булығып жатқан Гүлнаш сықылықтап күліп жіберді. Кәдімгі сыңғырлаған сиқыр күлкі еді! Енді Асылбектің дегбірі мүлдем қалмағандай. Ол Гүлнашқа жалынып, жалбарынып, құлдық ұрды. Қайтқан көңіл тіріліп, жуысса, алда әлі де талай игілік барын айтып, кекшіл өкпені кешуін сұрады. Шын - ақ монтаны пішінмен бұға зарлап, тұншыға жылағандай болды. Қамкөңіл Гүлнаш бір ауық аяп кеткендей де еді. Бірақ ол әрі-сәрі боп, толқып, дағдара бастағанда, сыртта Құтжол шәу ете қалды. Есіктің алдынан тысырлап біреу өткендей болды. Гүлнашқа сол дәл Орал тәрізді боп елестеді. Шегір көзімен ежірейе, болмашы күлімсірей қарап тұрған секілденеді. Осы мезетте Асылбек Гүлнашты тағы да қаусыра құшып еді, Гүлнаш қараңғыда әлде неге талпынып, шала ел өрмелеп, солқылдап жылап жіберді. Ол көз алдынан елестеген Оралын шақырып жылаған! Бірақ бұл оқыс құбылысты Асылбек өзінше жорыды. Ол: «Гүлнашым, сәулем, жаным!..» деп Гүлнаштың шамалы түз дәмі бар дәмді көз жасын жұтып, төсінен иіскеп, өктеп, зорлап аймалай бастағанда солқылдап жылап жатқан Гүлнаш оқыс сақылдап күліп қоя берді. Содан ол бие сауым уақыттай жылауы, күлуі алма-кезек араласып, біресе солқылдап, біресе сақылдап сұмдық жат мінез көрсетіп жатты. Асылбекке «байтал түгіл бас қайғы» болды. Оның тұла бойы суық шымырлап, төбе шашы тік тұрды. «Боз қасқа құдайы!» — дегенінде даусы еріксіз шығып кетті. Сыртта манадан бері тықыршып, тісін қайрап тұрған Мүсірәлі ауылдастың құты қашқанына айызы қанып, жеңімен аузын басып: «Хық, хық, хық!» — деп тұншыға күлді. Осындай шәлкез - шалыс хикметтермен қыстың түні қысқарып, таң атуға жақындады. Бұл кезде тұман сейіліп, түн де суыта бастаған. Жанды - жансыздың бәрі бұғып, даланы тыныштық басқан. Сол тыныштықты бұзып, тан қараңғылығын жамылып, Асылбектің ақ отауына Орал келіп кіріп еді. Оның діттеген мезгілі — жұрт шырт ұйқыда жатқан уақыт болатын. Бірақ түзде, тұманда адасып жүріп-жүріп, бөтен ауылды тапқан беті осы болды. Атын арғы қияға байлап, жан-жағына елеңдей қарап, еңбектеп келген-ді. Тан. алдындағы суықта иттер де үруге ерініп, мыңқ-мыңқ етіп тынды. Орал отауға кіріп, етпеттеп жатып, ұйқылы дыбысқа құлақ түрді. Іргеде қорылдап жатқан «дәуде болса Асылбек шығар» деп топшылады. Олай болса, ағаш төсекте жатқан Гүлнаш болды. Ол жақындап келіп, шашынан сипап, Гүлнашты таныды да, білегінен ұстай алды. Темірдей суық қолы ыстық білекке жыландай тиетінін байқаған жоқ-ты. Гүлнаш шошып, шар ете қалды. Бір тәуір жері, бастырылып жатқан Асылбек оянбады.
— Гүлнаш, қорықпа, мен ғой! — деді Орал даусын бұқтырып.
— Орал?! Ойбай, кет! Ұстап алса өлтіреді ғой, жалғыз - ау!!
Орал қаймықпады. Неге болса да бекініп келгенін танытып тұр.
— Гүлнаш мен сені тастап кетпеймін. Жүрмейтін болсаң, колға түсіп, кісенде шіримін. Жүрер болсаң, тез қамданды. Тан атып қалады. Жарау, жүйрік ат дайын тұр, әне-міне дегенше ірге жалдың жынысына сүңгіп кетеміз,— деді ол.
Басын тәуекелге тағы да бір рет тікпеске шарасы қалмаған Гүлнаш апыл-ғұпыл киініп, мәсісін қоңыр таяқ киіп, Оралмен қол ұстаса, бостандық даласына шығып еді. Есік алдында алаботаны үйшік қып бұйығып жатқан Құтжол оянып, сілкіне тұрып, еркелеп, құйрығын бұлғалаңдатты. Өзімен бірге ала жүрсе, барлық ит шулап кетерін білген Гүлнаш басынан сипап, қайта жатқызды да, ішінен: «Хош, Құтжолым!» деді. Қашқындар қол ұстасып, ойыстай бергенде шалымды Мүсірәлі шап етіп екеуін ұстап алды. Гүлнаш селк етіп басылып: «Мүсірәлі - ай, сен - ақ қыр соңымнан қалмадың - ау! Не жазығым бар еді, ағатай - ай!!» — деп жылап жіберді. Жұлқысып құтыла алмасын пайымдаған Орал да Мүсірәліге жалына бастады.
— Жар басында зәру тоспа, Мүсеке! («У төккенді ол бірінші рет осы жолы «Мүсеке» деді). Жігіт жігітке жолдас. «Ер мойнында қыл арқан шірімес...»
Бірақ, Мүсірәлі у төккендігін істеді. Жалынып-жалбарынғанға жібермеді.
— Мәймөңке орны бұл емес, Орал! — деді ол жауабын қысқа қайырып,— ат басындай алтын ұсынсаң да, Гүлнашты саған ертіп жібере алма! Ал, жібере қалған күнде де қара шаңырақтың құрығы ұзын. Құтылып кете алмайсыңдар. Ғашығыңның абыройын төкпей тұрғанда жөніңді тап!..
Осы уақытта қой қора жақтан иттер үріп еді. Артынша біреу: «Айт!» — деп қалды. Дабыр - дүбір дауыстар еліріп, жаңғырып шыға бастағанда:
— Ойбай, тез жет атыңа! — деп Гүлнаш Оралды асықтырды.
Орал жөнеп бара жатып:
— Хош бол, Гүлнаш! — деді.
Гүлнаш үйге беттей бергенде, Мүсірәлі құшақтай алды.
— Жібер!—деп бұлқынды Гүлнаш. Өзі дірдектеп тұр.
Мүсірәлі даусы әнтек қалтырап, асығып-аптығып, ынтыға сөйлеп кетті.
— Тар асудан тосайын деген жоқ едім, Гүлнаш. Сенің сықылықтап жылағаның жаныма батып, көзін тіккен қаршығадай айналсоқтап жүргенімде, өздерің тап болдыңдар. Қанша рет тәуекелге оқталып, отауға кіре алмай қойып ем. Саған менің іңкәр болғаныма қанша заман! Ұмытайын десем де, ұмыта алмасам қайтесің сені? Күндіз-түні есімнен шықпай, басымды әуреге салғаныңды сезесің бе?..
Денесі дірілдеп, тісіне тимей сақылдап кеткен Гүлнаш бар күшімен жан ұшыра итеріп жіберіп еді, еңгезердей кісі шалқақтап барып, тәлтіректеп тұрып қалды.
Гүлнаш зыта жөнелді.
— Әлде болса ойлан! Ауыз бастыртқаны да ұмытпа!—деп У төккен үзілмеген үміттің зілді әжуасын айтып үлгірді.
ІІІ
Гүлнаштың басынан сүреңсіз, сұрғылт күндер өтіп жатты. Ертелі-кеш қой маңырап, түйе боздап, жылқы кісінеп, иттер үріп, балалар шулап, ауыл-аймақ азан-қазан болып жатқанда ол селт етпейді. Шаруа қамына көңілі де соқпайды, қыры да түспейді. Отаудың баяғы құлазуы — құлазу қалпында. Гүлнаштың абысын-ажындары: «Домбыраның салқыны бар ғой, күйші келіннің қояншығы ұстап қалыпты», «Асылбек жылапты», «Бесік көрмей, есік көрген неме қыбын тапса қашпақ көрінеді», «Күйеуімен әлі күнге шейін тұз-дәмі жараспаса керек», «Шыдағанға шығарғанның нақ өзі болды ғой онда!», десіп өсек таратты. Мұндайға құлағы үйренген Асылбек елемейін десе де, «шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайтынын» біледі. Көп-көп күдікті болжаулар жанын қинайды. Төркіні кеп, Гүлнаш домбыра шертетін күні азанда Асылбектің намысына қаскөйлікпен басып кеткен таңбадай боп, отаудың іргесінде соны із сайрап жатқан. Ақ қағазға айламен бұрап басқан мөрдің бедерінде, кетерінде таптап кетсе де, түн жамылып ұзақ тұрған адамның ізі екені күмәнсіз болатын. Арғы жағы қоянның жымыңдай шым-шытырық тартып кеткен соң, жұмбақты шеше алмай, ауылдың сыртынан із кескен Асылбек қиядан жылқының жаңа түскен тезегіне кезіккен. Сол жерде қаңтарулы ат бұтаны шырқ айналып, шиыршық атып тұрыпты. Бұнысы Ақбоздың мінезіне келіңкірейді екен. Асылбек тезекті жарып көргенде ішінен қонақ шыққан. Демек, бұл Ақбоз емес. Оған ауыр болады деп, Біркімбай қонақ жегізбейді. Ақбоздың жемі — арпа мен сұлы. «Жолдассыз жортқан жанкешті — дәу де болса Орал шығар» деп түйген еді. Содан бері үйкүшік боп отырып қалды. Үйкүшік боп отырып қалған Асылбек басы мең-зең боп, еңсені басқан ауыр ойдан құтыла алмайды. Көңілінен қорқыныш кетпейді. «Жау жоқ деме, жар астында; бөрі жоқ деме, бөрік астында» деп бұрынғылар біліп айтқан. Оралдың қайта айналып соқпасына, соқса осы ауылдың өзінен оған жансыз табылмай қауына кім кепіл? Асылбектің жауы мынау киізі шұрқ - шұрқ шайлардың біреуінен сығалап, кіжініп тұрмағанын қайдан білдің? Оралдың құнан қойға айырбастамайтын күміс кездікті әз қолымен нақыштап, сабына есімін оймыштап, сіңірі шыққан Ыбырайға сыйға тартуынан да Асылбек секем алады. Сол Ыбырай былтырдан бері қалаға барғыштап жүр. Не бітіретіні ешкімге мәлім емес. Айлар бойы жатып қайтады. Шашын өсіріп, орысша киініп, қисық табандатып, өзгеріп кеткен. Сонысына қарап, Шоңбай, Асылбектер одан қаймығады. Қаймыққандықтан да ағасы Бекке кәрі-құртаң қойдан соғым беріп көңілін аулаған. Сыйлықтың төркінін түсінген Бек: «Жасы жиырма беске шыққан соң желігіп жүргені ғой иттің. Қара шаңырақтан асып қайда барады дейсіз» деп астарлап, соғымның бодауын өтеп қойған. Ағасының бетімен Ыбырай Асылбектің үйіне келгіштеп, ағайындық бейіл білдіре жүрсе де, оған бай баласы шешіліп сыр айтып көрген емес-ті. Бір күні ауылдың пысықтары бас құрап, кешке қарай төбенің басына шығып, әңгімелесіп тұрғанда, мылтық асынған біреу желе - шоқытып келе жатты. Үзеңгіге сүйене, дүмін көтеріп тастап, көтеріп тастап, қопаң - қопаң етеді. Шабдар атынын басы ауылға тірелгенше аяңға ауысар түрі жоқ. «Дені дұрыс неме ме өзінін?» деп Асылбек аттыдан кезін айырмай қарап тұр. Жүргінші шеткі үйге жеткенде көлденеңдеп, кіді қайрылып еді, сырт киімі, ер-тұрманы анық көрінді.
— Етегі жырық. Орыс сияқты! — деді Асылбек сұрланып.
— Ер-түрманы сықырлаған былғары екен. Дүмпудің адамы боп жүрмесін,— деді Шоңбай да түсі қарауытып.
Шоңбай Ыбырайға қайрылды:
— «Әншейінде ауыз жаппас, той келгенде бірін таныс» демекші, неге мөлиіп тұрсың? Уәж дейсің ба мынау кісімен?!
Ықпалды ағайынның базыналықпен шаптаған Ыбырай былдырлап, орысшалаған болды. Сондағы айтқаны мынау еді: «Ауфманский, Кауфманский, Ташкенский железный дорога. Откуда придешь, куда пойдешь, покажи мандат!» Алдыңғы сөзін ұғынбаса да, соңғы сөздерін шала түсінген орыс оқыс күліп, шинелінің ішінен асынған түздік сумкасын ашып, куәлік қағазын көрсетті. Сол мезетте:
— Пай, шіркін, шаһар көрген адам қиын да!
— Өзі орысшаға судай екен ғой. Аузы аузына жұқпады ғой.
— Бекерге шаш қоя ма кісі?!
— Мынау әкімнен титтей тайсалмады - ау!
— Қайта, өзінің әншісін қуырған жоқ па!
— Нағашысының нағашысы көзсіз ер адам еді. Содан жұғыспады дейсің бе! — десіп, ауыл адамдары Ыбырайды қолпаштап кетті. Кейбіреуі әдейі естірте сөйлеп тұр.
Бірақ сауатсыз Ыбырай куәлік қағазды оқи алмады, әрине. Оқи алмаса да, қасындағыларға сыр бермеуге тырысып, иесіне қайта ұсынысып жатты да:
— Қарсыласқан бай-құлақты атып тастауға мандаты бар екен,—деп қойды. Беті бүлік етпеді.
— Астағыпыралла!—деп Шоңбай шошып кетті.
Ауыл иесі Шоңбай екенін және оның құты әбден қашып тұрғанын бағдарлай қойған жолаушы Торы алаяқтың тізгінін Асылбектен жұлып ап, өз атының ерін аударып ерттеді. Асылбек сұрланып, сазарып тұр. Ыбырай да ығып қалған қалыппен болысуға дәрмені жоғын танытады. Орыс Торы алаяқтың мінер жағынан мінбей, қамшылар жағынан мінуге оқталып, оң аяғын үзеңгіге сала бергенде, бұндай қимылды кермеген қытықшыл дала жарауы көзі шатынап, жалы дүрдиіп, үркіп түсті. Орыс асаудың тізгінін тұқыртып: «но, но!» деп қойды. Ыза, намыс буған Асылбек безгектей қалшылдап, селкілін баса алмай, отауына келгенде, Гүлнаш қағанағы қарық, сағанағы сарық адамдай, Құтжолға біртіндеп бауырсақ шашып, ермек қып ойнап тұрғанын көрді. Сол бетінде ол итті аяғымен теуіп жіберді. Құтжол қыңсылады. Гүлнаш: «Оның не?!» деп, ренжіп, Құтжолға жаны ашып, қасына бара беріп еді, Асылбек тарс етіп жарылып кетті. Ол:
— Орыстың маржандарында күшік жандылығын қарай көр! — деп, Гүлнашты аш бүйірден теуіп кеп қалды. Ашулы екпінмен қатты тепкен еді. Гүлнаш мықшиып, бүйірін сүйеп, шөгіп қалды. Содан ол бүк түсіп, ішігін жамылып, төсегінде теріс қарап жылап жатқанында, көпті көріп, көнектен өткен ісмер бәйбіше олжалы боп, жүйрік торыны салақтап жайдақ мініп. ауылға оралды...
Сол кеште Шоңбайлар үлкен үйде ақылдасып - ақылдасып келіп, таң қараңғысынан үдере көшпек болды. «Қайта шапқан жау жаман», шығынсыз тұрғанда ың-шыңсыз қоныс аударып, «Жанайдың жалғыз аяғы» арқылы Шудың сыңсыған қамысына сіңіп кетуді абзал көрді. Байдың аулы жан тас отырған ауылдарға хабарласпастан ертеңіне құлқын сәріден көшіп кетті. Күн тым ызғарлы еді. Маңдайдан қарсы соққан қара суық бетті қарып, жеңнен кіріп, жан біткенді сен қақтырды. Ызғырық жел жердің ой-қырына қарай бірде уілдеп, бірде гуілдеп, ебелек - қаңбақтарды сырға қақтырып, қоқты жерге үйіріп тығып жатты. Бұл — түс ауған шақ еді. Жұрт «күн сынды!» деп мәз-мейрам боп жатқанда, Гүлнаштың саусақтарының ұшы ашып, бір түрлі жайсыз сезім пайда болды. Содан біраз уақыт өткенде суыққа етене боп қалған тұлабойынан әл кетіп, басы меңзіп, көз алды бұлдырап, салқын ұйқы баурай бастады. Шоңбай аулы Шудың қамысына жетіп қонғанда Гүлнаш үй тігісуге шамасы келмей, көрпесін оранған күйде ықтап, қисайып жатты. Көгеріп кеткен бетінен шошыған Шәйкүл: «Ойбай, қақаған қара суық өтіп кетіпті ғой сорлыға!» деп үстіне нән текеметті жаба салды. Бәйбіше ең алдымен Асылбектің отауын тіккізіп жатқанда қара кер атты біреу кібіртіктеп келе жатты. Аяғы ақсаған. аты кібіртіктеп, көлеңдеп келеді. Көлігінің аужайы осылай болған соң жолаушы әншейін сән үшін ақсақ атын мінер жағынан сипай қамшылаған боп қояды.
— Атын солақай қамшылап келе жатқан кім екен? — деп Шоңбай шалқайып, маңдайын қалқалаған алақанының астынан қарап тұр.
— Аты сәлем ғып келе жатыр ғой шіркіннің,— дейді бәйбіше.
Бүрсеңдеп, берекесі қашып тұрған еркек, әйелдер жадырап, мәз боп күлісті. Жолаушы — Смағүл екен. Аулынан ертелеп шыққан ол осы ауылдың малына ұшырасыпты да, көштің ізімен тарта беріпті. Құмнан қашқан түлкіні қуамын деп атын ақсатып ап, өнімсіз аяңмен жеткен беті осы көрінеді. Гүлнаш жайшылықта болса сыңсып көрісер ме еді кім білсін; қазір әлсіреген халде кемсең-кемсең етті. Смағұл ас-суға қарамай, қайтып кеткен. Ертеңіне ұлы сәскеде құда - құдағилар сау ете қалды. Біркімбайдың астындағы Ақбоз үйірін танып, оқыранып, ойқастай басты.
Қызының сырқатынан шошыған Дариға:
— Құлыным - ау, қорымың не боп кеткен! Ойбай - ой сорлы басым - ай!! —деп дауыс салып қоя берді.
Дариға Гүлнаштың тамағынан иіскеп, маңдайынан сүйіп, тұншыққан өксігін баса алмай, кеп отырды. Қызының арқасын сипап, аяқ-қолын уқалады. Гүлнаш ымыртта өрмелеп, түні бойы ауық-ауық сандырақтап шықты. Сол сандырақ екі тәулікке созылып, үшінші күні дегенде сәл тершіп, тынышталып, бері қарай бастағандай болды. Бұл уақыттың бәрінде көз шырымын алмаған Дариға қызының қасынан екі елі шықпай, өз қолынан сусын беріп отырды. Тек, үшінші күнге айналғанда, таңға жақын қалғып кеткен Дариға: «Ой - буй, бетім-ай! Ұйқы менің не теңім?!» деп орнынан сүйретіле тұрып, өзін-өзі қайрады. Осының бәрін көрген естігендер: «Шіркін, перзент - ай!» десіп, құдағи бәйектігін көш -құлаш аңызға айналдырып жатты. Біркімбай, Смағұл және басқа құдалар Шоңбайдың өз үйінде жатып, анда-санда сырқаттың халін біле, келіп-кетіп тұрды. Гүлнаш бері қарай бастаған күні қалың қар жауған. Ертеңіне Шоңбай, Біркімбай бастаған он шақты атты құлқын сәріден аңға шықты. Олар екінді кезінде аң аулаудан қайтып келе жатқанда, жанында екі қазағы бар әнеугі орысқа ұшырасты. Қанжығаларына қырғауылды толтырып тізбектеп тастаған. Шоңбай:
— Түлкіні байлап құтылайық,— деп күбір ете қалды.
— Е, Айырлан, аман ба? — деді Біркімбай.
— Аман, Біреке. Олжа көп пе? — деп орыс үйіріле қалды.
Былай шыға бере, Шоңбай:
— Қайран, Біреке - ай, қасқырсың - ау, күмпумен де танысып алыпсың - ау!.— деген.
Біркімбай:
— Қайдағы кумпу? — деп таңырқады.
Шоңбай осыдан төрт-бес күн бұрын болған оқиғаны баяндағанда, құдасы қарқылдап күлді.
— «Аңқау елге арамза молда» деген осы. Бұл — жүн-жұрқа жинайтын біреу. Түбі — татар. Есімі Ғарифолла екен, тілі келмеген жыл келді «Айырлан» атандырып жіберіпті. Әскерде ат ойынын ойнатқан деседі. Мүсіні түзу ат көрсе, жалдап алып шабады. Ал, мергендігі сұмдық. Сілтегенін жібермейді.
— Қасындағылары кім екен? — деп сұрады Шоңбай сызданып.
— Жүн-жұрқа таситын момындар.
Шоңбайды ыза, намыс баурады.
— Көлеңкеңнен үркіп көрген күнің құрсын! — деді ол мырс етіп.— Қаңғырып жүрген шақша бас ноғай басынған соң, бізден не үміт, не қайыр?..
Шоңбай ерінің басын тықылдатып, насыбай атты. Артындағы Ыбырайды тосып алып:
— Сені не қара басты? Мандатын керген жоқ па едің? — деп шұқшиды.
Ыбырай міңгірледі.
ІV
Аңшылар қайтып оралғанда Гүлнаштың бүгін екі рет қысылып қалғанын естіді. Дариғаның үні бітіп қалыпты. Көзі домбығып, қызарып тұр. Гүлнаштың хал үстінде жатқанын естігі, көңілін сұрап Кәмила келіпті. Қасында кішкентай інісі, Қараш бар.
— Уһ, өкпем қысылды - ау! — деді Гүлнаш ыңырсып.
— Қарғам - құлыным!..— деп Дариға үні жарғыш танып, бәйек болуда. Біркімбай да күндізгі ат үстінің шаттығынан айрылып, қауқарсыз қаупалақтайды.
Гүлнаштың өңі қуарып, көкірегі болмашы сырылдап, демін ентіге, зорыға алады. Кезерген ернінде басқа дүниеге алып кететіндей түсі жат қара сызық бар. Гүлнаш жат сапардан тартынып, тал қармап жатқандай... Біркімбай қызының арқасынан жастық тиеп, еңсесін биіктетті. Қазақтың ежелгі ұғымы бойынша, меңдеген ауруға қатер шықтың бірі — күн байыған шақ. «Жұлдыз шыға жөнеп кетпесе игі еді» деген құпия үрей әкенің де, шешенің де көңілінде бар-ды. Сондықтан олар қазіргі бейуақытта қызы ұйықтап кетсе, қайтып оянбайтындай көріп, күзетін күшейтіп отыр. Гүлнаш қиналған сайын қамкөңіл ата-анасы тамырын құрт үңгіген теректей теңселеді. Бұл теректің жапырақтары әлдеқашан ұшып, баурында жарыса өскен жалғыз шынары қалып еді. Сол шынардан айрылса, ендігі медеу тұтары, дәме етері кім болмақ? Бір атаның орны омсырайып, ізсіз қалмақ па? Ата-ананың сол мұңын сезгендей Гүлнаш та ентігін баса алмай, шешесіне таусыла, ери қарайды. Артында қалып бара жатқан арманын қимағандай, жаудыраған көзін төңкере қарайды... Мүмкін, мұңдықтың көз алдынан кербездей көлеңдеп, сиқырдай сылаңдап туған жері өтіп бара жатқан шығар. Мүмкін, ақтық сәтте есіне Оралы түскен шығар. Немесе, наяты бір желді аяқ жылқы үшін сүймеген адамына еріксіз теліп, гүл шашқан өмірін мезгілсіз солдырған әкеге айта алмай жатқан наз - наласы шығар. Жоқ, болмаса, сөнер жанның артқылар баршасына кешірім - салауат айтқан белгілі босаңдығы шығар... Неде болса, сол көз қарас тым аянышты еді, Мұны ересек кісілер түгіл, бала Қараш та байқап, сезіп отыр. Бір уақытта Гүлнаш жан ұшыра тынышсызданып, көрпесін серпіп тастады. Бозаң түсі балбырап жанып бара жатыр. Есі кетіп қалған Біркімбай, Дариғадан қайран жоғын білген Шәйкүл батыл қимылдап, сырқаттың маңдайына сулы орамал басты. Гүлнаш сәл саябыр тауып тынышталды да, артынша қайтадан ыңырсыды.
— Уһ, шыбын жаным қиналды - ау! Қайтейін, сорлы апа?! — деді.
Біркімбай иығы селкілдеп, тұншыға жылап отыр. Кәмила да жылауда. Жаулығының ұшымен көзін сүрткен Дариға қызының жалынышты арызын естігенде шыдамай, қолқ ете қалды. Ол қаралы, қоңыр үнмен:
— Құлыным, бізді қия алмай, қиналып жатырсын ба?.. Қайтеміз, құдайдың салғаны шығар!.. Ақ сүтімді кештім! Сен де риза бол, құлыным!..— деп кемсеңдей бергенде, Қараш шар ете қап, үйден шыға жөнелді. Ол Шоңбайдың үйіне жылап келіп, өксігін баса алмай отырғанда, артынан Шәйкүл келді.
— Қайтсын, бейшаралар, ризалығын берді!..—деді Шәйкүл бәйбіше шошыған баланы жұбатқандай боп.
Тағдырға мойын ұсынған осы суық хабардан кейін Қараш өксігін басты. Ол тумақ бар да, өлмек барын алғаш рет сол жолы сезінді. Ата-анасы арыздасқан Гүлнашпен іштей егіле қоштасты... Ата-анасы арыздасқан Гүлнаш өлім аузынан қалған. Қатқан мейіздей семіп, көктемеде аузы аққа тиген соң ғана қайтадан толыса бастаған. Соның бәрін Қараш рет-ретімен есіне түсірген-ді. Осындайлық аянышты халге, таңсық тағдырға осы уақытқа шейін оның өнер зерін салмай келгеніне Елеусіз таңырқап еді. Сол ретпен:
— Гүлнаштың ғұмырынан фильм түсіруге болады. Осыны екеулеп жазсақ қайтеді? — деп бір қалғанында, Қараш та таңырқаған түрмен:
— Бұнда нендей идея бар? — деп жауырынын қысты. Елеусіздің «идеялары» құлағына кірмеді. Сонымен, біздің, Елеусіз бірге келген серігімен ортақтаспай, неде болса, өз талайын өзінен сынамаққа бекінді.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ ТАРАУ
І
Алматыға жіберген очеркінде Елеусіз Оралдың дәптерлерінен, Шіркімбайдың, Қараштың және басқалардың әңгімелерінен ойып - ойып алып, оған көзбен көргендерін жалғап, желді аяқ жылқыға айырбас етілген қазақ әйелінің тағдыры туралы дөңгеленген пішімді мүлік жасағандай болды. Асылбектің тепкісінен Гүлнаштың ауыр сырқатқа ұшырауын, әупіріммен елім аузынан қалуын өзінше толғады. Бұдан басқа да көп-көп жайларды нұсқалаған. Ірі байларды жер аударып аластау қарсаңында көшпелі елді қаптап кеткен өкілдер, көкпар шапқан көпшілікке түзде айтылған хабарландырулар мен үгіттер, ат үстінде өткізілген жиындар бүкіл бір дәуірдің сыр-сипатын танытатын сияқтанды. Әсіресе, шынжыр балақ, шұбар төс Шоңбайдың әулетімен бірге жазықсыз аласталған Гүлнаштың туып-өскен жерін қимай сыңсығаны, мылтықты адам айдаған қар алы көштің артынан ұзақ ілескен Құтжолға: «Бізді отарбаға мінгізеді деседі; тескен таудан өткізеді деседі; сені алып кетерлік күн жоқ, қайтейін, Құтжолым, сары жайлауда қала ғой; несібеңді теріп жерсің» деп жұбаныш айтып, басынан сипағаны, Құтжолдың қыңсылап жылағаны ыстық қалпында, аянышты еді. Конфискеден еншіге екі бие алған Орал жасырынып келіп, Үштөбеге шейін ұзатып салғанын, Гүлнашқа бола ата жауларымен қоштасып, өткен-кеткенге салауат айтысқанын, Гүлнаштың өзімен жыласа ризаласқанын Елеусіз күдіксіз, анық біле тұра, қымтап қалған. Бірақ, біздіңше, ол бұлай бекер істеді. Ол кезде Орал гүлі ашылмаған балауса еді. Балаусаның апыл-тапыл басып, сүрініп-қабынған қадамын түсінуге де, кешіруге де болатын еді. Сол сапарында Орал:
Сәлем де, қалқам Гүлнаш, қайттым елге,
Сен үшін келдім еріп мұнша жерге! —
деп елең шығарады. Сондағы «мұнша жері» — Аютөбе мен Үштөбенің арасы. Анықтап айтқанда, 32 километр жер. Осының өзінен де алпысыншы жылдың аңғалының аңғалы езу тартарлық жайлар бой көрсетіп тұрған тәрізді еді. Бірақ бұны Елеусіз түсінбеді. Гүлнаш айдалып Оралға барған бетінде ауыстырмалы лагерьде болған. Бір күні лагерьді аралап жүріп, ГПУ - дің начальнигі Леонид Бондалетов Гүлнаштың нән сәукелесін қызық көріп, бөгелген. Қазақша аз тіл білетін Бондалетов тұтқынның жай-жапсарымен танысады. «Күмпудің» даңқына қанық Гүлнаш та бастан кешкен қасіреттерін жасырмай, баян етеді. Туған жерін сағынғанын айтып, жылайды. Ертеңіне Бондалетов Біркімбай қызы Гүлнашты қалаға шақыртып алып, басына бостандық берген. Гүлнаш поезбен еліне қайтқан. Шоңбай, Шәйкүлдер лагерьде өліп, Асылбек жиырма жылдан кейін Қаратау бөктеріне оралып, қаңғырмалықпен күн кешіп жүргенін де Елеусіз білуші еді. Сол күндерді қайта тірілткенде, ол жалғыз қызын шырылдатып суық адамға қосқан Біркімбайды аяусыз шенеумен қатар, мал баққан қазақ атаулының тамырына тараған құштарлық дертін танытпақ еді. Және де, бұл күнде бір жапырақ қара терідей құрысып қалған Оралдың, сыры кетсе де сыны кетпеген сырлы аяқтай, келісті, кексе Гүлнаштың жастықта жүрегіне шапқан қанымен өрнек салмақ болғанда, әсершіл Шынарға меңзеген ишараты да бар-ды. Махаббат баяндылығы туралы ишарат еді. Елеусіз ойының бұндайлық қалтарыстарынан хабарсыз Қараш оның жазып жіберген очеркін ұнатпаған.
— Осындағы идеяң не? — деп сұраған Қараш.
Қараштың әрдайым сұрауы осы сипаттас келеді. Ол идеяны өмірден туғызбай, өмірді идеядан іздейді. Сондықтан да Елеусіз Қарашпен дауласпаған. Бұндай адамдармен айтысу қиын-ды. Қыздырғанда сөзге қонақ бермейді. Сөзге қонақ берсе, логикаға жүгінбей, цитатқа жүгінеді. Ал, әрбір цитат өз орнында байыпты болғандықтан көбінесе қолданушыға болысатыны және мәлім. Қарашпен дауласпағанымен, Елеусіздің көңілінде құпия алаң бар-ды. Ол дәл Қараш сияқты ойлайтын кейбір қаламдастарын, әсіресе сұрау белгісіндей имек келген жауапты секретардан қаймығады. Көңілге жұбаныш тұтары — көз нұры тұнжыраған, ойлы редактор. Осылай қарай жүрерде байласқан уәдесі күдіктің күңгірт көгінен құйрықты жұлдыздай жылтырайды. Елеусіз осылайша мазасыз, дәмелі қобалжуда жүргенде Алматыдан суыт телеграмма келді. Онда бүй деген. «Очеркіңіз басылып жатыр. Құттықтаймыз! Келесі дестелерінде Гүлнаштың жеті жылдықтағы еңбегін жомарт көрсетіп, жылқы шаруашылығының көкейкесті мәселелерін өткір қозғайды, цифрлы деректерді молырақ келтіреді деп сенеміз. Командировка мерзімін он бес күнге созамыз». Елеусіз қуанышы койнына симай, телеграмманы көкірегіне басты. «Шынарға көрсетсем бе екен?» деп те ойлап, әрең өткізді.
ІІ
Журналист Елеусіз Досов пен кинооператор Қараш Бековтың, ат арытып, тон тоздырып дегендейін, астанадан арнап келгендегі тойы — шопандар тойы болып жатыр. Гүлнаш апай сонау жон жайлаудан киіз үйін кешіріп әкеп, тойға тіккен. Күтер қонағының ең сыйлысы ретінде, біздің жігіттерді түсірді. Тоғызыншы класты бітіріп, жазғы демалысқа Шолпан да келген. Жас қызбен көріскенде Қараш мүлдем жайып кеткендей болды. Тынымсыз жайқақтап, айналшықтап жүрді. Қараш пен Елеусіз поселкенің қақ ортасында, клубтың алдында алқа қотан тігіліп жатқан киіз үйлерді қайсы жоспарда түсірудің жайын ақылдасып тұрғанда, Шынар мен Шолпан ауданнан келген Алтын Тіс-тіс шақырып жатқанын хабарлады.
— Алтын тістерің кім? — деп сұрады Елеусіз.
— Фамилиясы кім еді? — Шолпан жауап қайтарудың орнына өзі сұрау қоя, сықылықтап күліп алды.— Бұл ауданның бала-шағасына шейін солай атайды. Фамилиясы — Алтын тіс...
Шынар да жымиып күлді.
Алтын тіс төрде отыр. Қасында Орал, Жүніс, Шіркімбай, Жамаштар. Елеусіз бен Қараш тізе бүкпей жатып, ол:
— Ауданның басшылығына көрінбей, ауданның территориясын киноға түсіріп жүргендеріңіз қалай? — деп шаншыла кетті.
Қараш сұраулы кейіппен Елеусізге қарады. Елеусіз кішік пейілмен кешірім сұрағандай рай көрсетті.
— Той тарқаған соң аудан орталығына соқпақшы едік. Келгеніңіз жақсы болды.
Алтын тіс Елеусіздің уәжін жеңілістің белгісі деп ұқты. Ол өршелене түсіп:
— Мәселе аудан орталығына соғу - соқпау емес, мәселе киноға түсіретін жерлерді, малдарды, малшыларды аудан басшылығымен келісіп алуда. Былтыр бір тілші өзім білем деп, түбі шикі қойшыны дәріптеп жазып қойыпты. Сондай боп жүрмесін деймін,— деді.
Біздің жігіттердің бұл ойына келмеген нәрсе еді. Әсіресе Қараштың үн жырғасы түсіп кеткендей болды. Тек Елеусіз ғана қайрат көрсетіп:
— Совхозда да партия мен үкіметтің көзі бар ғой, ақсақал,— дей бергенінде, Алтын тіс оның сөзін бөліп:
— Мен ақсақал емеспін, «Жолдас» деп сөйлесіңіз! — деді.
«Мынау өзі даңғой адам екен ғой» деп ойлады Елеусіз.
Елеусіз енді бұнымен уәждесіп жатудың қажеті шамалы екенін түсініп, үндемей қалды. Өзгелер де ыңғайсызданып отыр.
Әлден уақытта Алтын тіс:
— Куәлік қағаздарыңызға «келді» деген белгі соққызбады деп есіттім бе, осы?—деген.
— Қонақтарымның келген-кеткенінде не жұмысын бар? — деп Гүлнаш шамданды. Қыздары да көрнеу жақтырмай отыр.
Елеусіз Досов пен Қараш Беков куәлік қағаздарын көрсетті.
Алтын тіс шеге кірген балондай солып, басылып қалды.
Мерекеге әзірленген үйдің ажары қаша бастағанына өзін кінәлі санаған Елеусіз ендігі кеңесті зілсіз әзіл-оспақ жағына қарай аударуға тырысты. Осы уақытта қонақтардың алдына шай келіп еді. Елеусіз оқыс шашалып қалды. Аузының күйіп қалғаны да жасаураған көзінен танылып тұр. Әңгімені көсілтіп айтып отырған Қараш. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ сияқты. Алыстағы Австралияның, ертегідей Индияның, Батыс Европа елдерінің дәстүрі, тіршілігі, табиғаты туралы не - не таңсық кеңестер шертеді. Жұрт аңыра тыңдайды. Елеусіз: «Дүниенің қызығын көретін киноның қызметкерлері екен ғой, асылында» деп бір ауық қызғанып та қояды. Елеусіз байқайды. Қараш бар кеңесін Шолпанға бола шертіп отырғандай. Жас қызды еліктірудің, еліттірудің шарасын ойлап, алып қашпа қиялы шар тарапқа жүгіргендей. Оқтын - оқтын аудара тастаған көз қарасында да мазасыз шыдамсыздық бар. Бірақ балауса Шолпан таңсық Қараштың телмірген көз қарасынан қысылып-қымтырылмай, алаңсыз, еркін отыр. Шолпанға тізерлесе, бір қырын отырған Шынар сіңлісі сияқты емес, көзі жаудырап, Елеусізге құпия назбен қарайды. Қасы қарлығаштың қанатындай қиылып, бет әлпетін біртүрлі әдемі көрсетеді. Сөйлегенде, күлгенде, үстін болмашы қоңыр түк басқан бояусыз ерні көңіл күйінің қақпағында ашылып-жабылып, аршыған жүгерідей аппақ тістерін көрсетеді. Мәжіліс қызуы сәл бір саябырлағанда қағілез Жамаш сандықтың үстіндегі «Родина» радиоқабылдағышының құлағын бұрады. Әуелі гүлдеп, шытырлап түсініксіз дыбыс шығарған қабылдағыштан көп ұзамай «Сары жайлау» күйі сыңсып, шалқып қоя берді. Келесі нәубетте диктордың: «...Сейдін ауданындағы «Бозтөбе» совхозының ферма меңгерушісі Гүлнаш Есболованың тілегі бойынша Динаның екі күйін орындаймыз» деген сөзі естілді.
Кеспелтек қара келіншек ентіге кіріп кеп:
— Жеңеше, есіттің бе? Алматыдан атыңды атап жатыр. Сүйінші! — деді.
Елеусіз әнеугі күнгі, Оралдың қасында трактор жүргізіп бара жатқан қара келіншекті таныды.
— Жә, сүйіншіңді кейін аларсың. Дабырықпақшы, Жамал. Динаның «Әсем қоңырын» тартып жатыр! — деді Гүлнаш, көрнеу жақтырмай.
Дәл осы кезде үйдің жанына сырғып, үш женіл машина келіп тоқтады. Алдыңғы алқа бел, қара қасқасы басын ірке беріп, ақырын «гук» деп те қалған. Бұнысы: «сөйлес - ау!» дегені еді. Неде болса аса бір маңызды кісілердің келгенін сезіп, Жүніс, Орал, Шіркімбай тысқа дүркірей шықты. «Бір қора машинамен жүрген кім?» деп таңырқағандай, басқа үйлердің адамдары да далаға шығып, қарап тұр.
ІІІ
Республиканың басшы қызметкерлерінің бірі Леонид Леонидович Бондалетов алыстағы мал шаруашылықтарын аралап жүр еді. Қасындағылары — облыстан ерген кісілер. Бүлар облыс орталығынан екі машинамен шыққан. Жолай көрші ауданның басшылары өз қалауымен қосылды. Орайы келіп тұрғанда, Бондалетовпен екі-үш күн бірге болып, біраз мәселені шешіп қалғысы келді. Сонымен олар Сейдін ауданының ең ірі шаруашылығының бірі, жол үстіндегі «Бозтөбе» совхозына соға кетуді қол көрді. Бүгін күндіз Қара көлден балық аулаудың қызығымен кешігіп қалды да, ымырт үйірілгенде әрең жетті.
— Қонақпыз,— деді Бондалетов алдынан шыққан адамдармен танысып жатып.
Орыс дикциясымен бұралап, қазақша айтты.
Енді Оралдың үйінде көбінесе қонақтар қалды да, ауыл адамдары тағы да меймангершілік қамына кірісті.
— Малшылардың тойына журналистер де келген екен ғой. Өте тамаша,— деді Бондалетов орыс тілінде.
Елеусіз өзінің келген шаруасын қысқаша мәлімдеп шықты.
Киіз үйдің іші электр шамынан самаладай жарық. Кісілер оны-мұны әңгіме ғып отыр. Тойлы ауылдың қатын-қалаш, бала-шағасы тосын қонақтарды қызықтап, жапсардан, маңдайшаның саңлауларынан сығалап тұр. Бондалетов үйге кіргелі бері, Гүлнаштың екі көзі сонда еді. Қазір де көз жазбай, қайта-қайта қарайды. Қараған сайын көз алдынан баяғы бір шерлі күндер тізбектеліп өтеді. Ия, Гүлнашты түскен тордан құтқарған осы кісі еді. Бұл күнде шашы бурыл тартып, көзінің алды қалталанып, қартайып қалыпты. Бірақ түр - түрпеті айнымаған. Сыңғырлап шығатын күміс даусы да, шегір көзі де айтпай танытып тұр. Осы кісі ана жылы Батыс Қазақстаннан республиканың Жоғарғы Советіне депутат боп ұсынылғанда «Социалистік Қазақстан» газетінде суреті басылып, өмірбаяны жарияланған еді. Сонда Гүлнаш түйткілсіз танып, хат жазуға да ойы кеткен. Бірақ хат жаза алмады. Төтенше шаруасы болмаған соң іркілді. «Мендей талай адамға қол үшін берген шығар. Соның бәрі есінде тұрмақ дейсің бе» деп түйген. Енді, міне, сол кісісін тағдырдың өзі әкеп табыстырғалы отыр. Бірақ Гүлнашты Леонид Леонидович танымады. Қайдан танысын. Отыз екі жылдай көрмесең, туған қарындасыңды да ұмытып қаларсың. Ал Гүлнаштың ұмытпауы заңды еді. Қайғыдан көрген қуаныш қағазға түскен хатпен тең еді. Оның бедері өмір бақи жадыңнан өшпеске керек еді. Осыны байыптаған Гүлнаш Бондалетовке өзінің аты-жөнін айтпақты орын көрді. Сондықтан ол Орал мен Жүніс «Үлкен кісілерге ішкілікті қалай ұсынудың» амалын таппай, іргеде күбірлесіп отырғандарында Бондалетовке қарай:
— Леонид Леонидович, жиырма сегізінші жылы Сіз Батыс Қазақстанда қызмет істедіңіз ғой,— деп сұрады.
— Ия, қызмет істедім,— деп жауап қайырды Бондалетов.
— Мені танымай тұрсыз ба?
Бондалетов аңырып қалды.
Гүлнаш «Родина» қабылдағышының астындағы қиюы қашқан сандықты ашып, қыры түскен көнетоз сәукелесін қағып-қағып жіберді де, басына киіп Бондалетовке бурылды. Сол сол-ақ екен, Бондалетов орнынан атып тұрып:
— Гүлнаш! — деп сәукелелі әйелді құшақтай алды.
Маңдайшаның саңлауынан сығалап тұрған, бағанағы сүйінші сұрайтын қара келіншек:
— Бетім - ау, орыспен көрісіп жатыр ғой!—деп бетін шымшып, аузын сылп еткізді.
Қара келіншектің сөзін де, аузының сылп еткен дыбысын да құлағы шалған Орал шамданса да, сыр бермеуге тырысты. Жиырма сегізінші жылы Гүлнаш Оралға жер аударылып барғанда басынан кешірген аянышты күндерін жыр ғып айтушы еді. Сол әңгімелер есіне түсіп, Бондалетовтің кім екенін аңғарған Орал қазіргі қауышудың сырын ұғынғандай болады. Бауырлары жабысып қалғандай, құшырлана қауышуларына қарағанда, таныстықтың төркіні тым әріде жатқан сияқты. Гүлнаш бір күйіктен құтқарып, екінші бір күйік жамап келген екен ғой, о баста! Орал іштен тұнды. Бітеу жара сыздағандай, мазасы кетіп барады. Бір тәуір жері, қыртыс-тыртыс болып қалған бет әлпеті сыртқа сыр ұстатпайды. Пәленің бәрі, неде болса, ішінде шіріп жата береді. Осындай арпалыспен Орал Есболов бірнеше минут үнсіз отырды. Ақырында сабыр сабасына түсіп, ашуды айла жеңді. Орал шыбжыңдамай, жігіттік көрсетуі керек. Бұдан отыз жыл бұрын кімнің басынан қандай хикаят етпеді дейсіз? Өткенді қуу — өкініш. Орал бір басса да алға қарай басуға тиісті. Сондықтан ол бір орайы келгенде Леонид Леонидовичке алғыс пейілін білдіріп қалуы керек. Баяғыда Гүлнашты шырмалған торынан құтқарған осы кісі екенін, содан бері, ұшырамаса да, Оралдың семьясы бұл кісіні өзінің шынайы досына балайтынын жөн білетін жұртқа паш етпек керек. Сонда абысын-ажынның өсегі масаның ызыңы құрлы болмай қалады. Әрі осындай инабатты адамның тілеулес екенін естіген ауыл активтерінің, қала берді, аудан басшыларының алдында бұл үйдің мәртебесі арта түсетінін де Орал сезінеді. Сондықтан ол барынша жайраңдаған боп:
— Сыртыңыздан дос санап, семьямызбен әңгіме ғып қоюшы едік. Жолыңыздың түскені жақсы болды,— деп қойды.
Осыдан кейін жиырма сегізінші — отызыншы жылдардың кейбір оқиғалары сөз болып кетті. Жер бөлігінен, ірі байларды конфискелеуден, басмашыларға қарсы күрестен, аңшылықтан есте қалған көріністер Бондалетовтің көз алдынан елестеп өтті. Оған Алтын тіс пен Қараш, Орал мен Жүніс, Бондалетовтің өз серіктері өз көргендері мен естігендерін қосып, көпке дейін ду-ду әңгіме басылмады. Сөз аяғы ауыл тіршілігіне, шаруашылықтың кешегі, бүгінгі түрлеріне ауысқанда меймандардың алдына табақ тартылып, ет жегіш ауыздар қаужаңдай бастаған еді. Орал әңгімесін аяқтамақ боп:
— Сонымен, не керек, отыз үшінші жылдың жұт - жалаңынан қалған екі жүздей қой-ешкі бұл күнде жетпіс бес мыңға жетті. Және де сырттан қарақан бас мал сатып алынған емес,— деген.
Ауыз омыртқаның жұлынын шұқылап, құдиып қалған Алтын тіс те мақтанбақ болды. Ол:
— Жолдас Бондалетов Леонид Леонидович...— дей бергенінде Бондалетов күлімсіреп, осы екі атаудың біреуін айтса да жететінін ескертіп еді. Алтын тіс қысылып қалды.
— Өте дұрыс айтасыз, жолдас Бондалетов,— деді ол,— то есть Леонид Леонидович) менің мәлімдейін дегенім мынау еді...
Алтын тіс теріскей жерінің шөбі шүйгін екенін, қара отқа жайылған малдың еті шыны келетінін, жесең жүрегіңе шық ете қалатынын айтып келе жатқанда Бондалетов тағы да күлімсіреп:
— Ну, жарайды сонда бұл еттің колориясы қанша? Бұнда неше процент белок, неше процент витамин бар? — деді.
Бұған Алтын тіс те, өзгелер де жауап қайыра алмады. Осыдан барып Леонид Леонидович тамақ жайында недәуір әңгіме шертіп кетті. Ол қазақтың өлшемсіз ет жегіштігін және де көбінесе жатар орынға жейтінін қынжылғандай, шенегендей боп айтты. Шығыстың бір білгірі: «Көп жасағың келсе —жатарда қарның бос болсын» деген. Және «терлеп жүрудің пайдасы зор» деген. Қазақтың көп жасаған адамдарының дені еңбекшілер, дихандар, аңшылар боп келуінің себебі неде? Не себепті, дене еңбегімен шұғылданбайтын, майлы астан басқа жемейтін «маңғаздар» қырыққа жетпей қартайып, елуге жетпей өліп отырған?
Ол дәм турасынан туған әңгімесін аяқтап келіп:
— Мынау «Жүрегің шық ете қалатын шыны етке» пияз, картоп, сәбіз араласса қандай жақсы болар еді. «Бозтөбе» сияқты қуатты совхоздың огород екпеуі қалай? — деген.
Орал қыбыжыңдап қалды.
— Дәрігердің үйінен картоп әкеле қойшы!—деп еді. Шығуға оқталған Гүлнашты Леонид Леонидович ыммен ірікті де, шоферына басын изеп, ишара етті.
Шофер тысқа шығып, түрлі ішімдік пен тағам бар картон жәшікті алып кірді. Малшылар тойының құрметіне тост көтеріліп, шампаны шымырлаған қырлы стакандар тақ-тұқ, шақ-шұқ қағыстырып, Жамаш Оралға ғана есіттірген боп:
— Алды кең кісі екен ғой.жүдә! — деп қойды.
— Арақтың орнын шампанның басқаны дұрыс. Бұның өзі ауқаттылықтың бір белгісі. Ал, бірақ, жылқышылардың қымызы болмаушы ма еді? — деді Бондалетов алғашқы дүбір - дүбір басыла бергенде.
Қымыз ырымға жоқ еді.
Бұл жайды Гүлнаш біраз түсіндіріп айтып кетті.
Жылқының дені совхоз орталығынан жырақ Жон деген жерде. Осы маңда да бие байлауға боларлық. Бірақ оған совхоз басшыларының мойны жар бермейді. Ыдыс әзірлетуді, сусын тасытып саттыруды машақат көреді. Бірнеше сауыншы белес, совхоздың күші үзіліп қалатындай безектейді. Гүлнаш еткен жылы үш-төрт бие байлап сауғаның, бірақ қыдырманың өзіне жетпей, екпенің астында қалғанын айтты. Оның ойынша, биені жеке байламай, ортадан байлату керек те, қымызды шампандай қадірлеп сатқызу керек. Мал баққан, шөп шапқан, трактор жүргізген жүмысшыға одан шипа сусын жоқ.
Жүніс Олжабаев қысылып, құты қаша бастады. Гүлнаш оған қарайтын емес. Елеусіз Досов Гүлнаштьщ шағымын қоздыра түскендей боп, осы жаққа келе жатқанда Мүсірәлі қойшының үйінен ішкен қымызы туралы дәмді кеңес шертіп етті. Жалпы Қазақстанда қымыз ашытудың, қымыз сатудың жолға қойылмай келе жатқанын даттап, жергілікті жұрттың тіршілік ерекшелігімен, дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, таңдай талғамымен санаспайтын басшыларды сынағандай болды.
— Биялар шешейі жоқ,— дейді Гүлнаш та серпіліп,— жыл сайын қыста қой-ешкінің өлім-жітімі көп болады да, тауқыметін жылқы сорлы көтереді: үйір - үйірімен етке өткізіледі, сатылады, сойылады. Енді соның тақсырет тартып отырмыз. Жұмысшылар бес - алты шақырым жердегі жұмысқа жаяу қатынап, діңкесі құрып жүр. Жылқы жеткілікті болса, әркім бір аттың бабын тауып, мініп жүрер еді.
Гүлнаш кішкене күрсініп алып, сөзін қайта жалғады.
— Бар өміріміз жылқы үшін арпалыста етіп келеді. Әне бір жылдары ноқта сыпырылып қалған кездер болды. «Сахараға машина келген соң жылқының керегі жоқ» деп беталды бықпырт қылды.
Гүлнаш шағымының осы арасына келгенде Бондалетов күлкіге шашалып жатып:
— Олар қызық екен. Коммунизмге машинамен ғана бара ма екенбіз? Жылқымен де, шошқамен де баратын шығармыз,— деген.
Жылқы өсіруге қарсы шыққан аудан басшыларының бірі осы отырған Алтын тіс болатын. Өткен әбестіктер сөз болғанда, іші қыпылдап, үрейленді. Бір тәуір жері, басшылардың есімі аталмай, тасада қалып қойды.
ІV
Ертеңіне ұлы сәскеде совхоз малшыларының жиыны өтіп еді. Жиынды ашушы малшылар мерекесіне құтты болсын айтқанда ересектер алақан шартылдатып, балалар у-шу боп шулап кетті. Бұның бәрі Елеусізге бір түрлі қызық көрінеді. Малшылар алдында баяндама жасау үшін сөз ауданнан келген Алтын тіске беріліп, жұрт саябыр тапты. Қараш тиімді бұрыштарды сағалап, кинокамерасын зырылдата бастады. Ауданнан келген кісі машинаға басылған бір буда болады будыратып оқи бастады. Арасында ұзын-ұзын өлшемдері, кестелері бар көл-көсір жазу ұзаққа созылып кетті. Елеусіз баяндамашының не айтып тұрғанын жөнді түсінбеді. Байқауынша, аудан шаруашылығының жай-жапсары сөз болып жатқан сияқты. Совхоздардың аттары, жеке адамдардың есімдері аталып қалады. Толып жатқан цифрлар келтіріледі. Бұл сөз Бондалетовке айтылғандай болып шықты. Жұрт тына қалды. Бондалетов те іліп алғандай:
— Дұрыс айтасыз, ал, бірақ өзіңіз қауға тартып қой суарып көрдіңіз бе?—деп сұрақ қойды.
— Жоқ, көргем жоқ,— деп жауап қайырды сасып қалған Алтын тіс.
Біреулер мырс етіп күліп жіберді.
— Сіз ауданда отырып, өзіңіз қауға тартып көргіңіз келмейді де, бізге ақыл бересіз. Ай, қандай пысық адамсыз өзіңіз! —деп Бондалетов басын шалқайтып, толқи күлді.
Сонымен, ауданнан келген кісінің баяндамасы да бітіп қалды.
Мүмкін, сіз оның аты-жөнін анығырақ білгіңіз келетін шығар. Сейдін ауданында ондай кісінің бар екеніне куәлік ете аламыз. Бірақ қызмет орнын туралап атағымыз келмейді. Райсобестің бастығы еді десек, кейбір оқушы, сөз жоқ, қомсынады. Райкомның қызметкері еді деуге аузымыз бармайды. Өйткені бұл аудандық партия комитетінде ондай қызметкерлер қазір жоқ та. Ал, Раис полкымның председателі немесе орынбасары еді десек, көп шығармада олардың онсыз да жолы болмай жүр. Сондықтан «ауданнан келген кісі» деген атаудың өзін қалдыруды қолайлы көреміз. Шынында да лауазым байғұста жазық не? Үстінде мылжың отырса да мыңқ етпейді... Ауданнан келген кісінің сөзі үзілгеннен кейін мінберге осы тойда сый-сияпатқа ие болған озық малшылар шығып жатқан. Оның бәрін Қараш киноға түсіріп үлгерген секілді. Ризалық пішінмен маңдайының терін сүртіп, темекісін сораптап тұр. «Әттең, кино ленталары адамның ішіндегісін жүректің кардиограммасында түсіріп бере білер ме еді!» деді Елеусіз сөйтіп тұрғанда мінберге Біркімбай Мақиев шықты. Біркімбай ырғай қамшысын саптама етігінің қонымына тығып, шілденің ыстық күнінде көнетоз сусары бөркін басына киіп шығып еді. Бондалетовтің барып отырған Алтын тіс:
— Қария, бас киіміңізді алып сөйлеңіз,— деп тастады.
Біркімбай беркін қайда қоярын білмей, алақтап, жан-жағына қарады. Жалтырап қалған басын қолымен бір сипап қойып, тамағын кернеп, сөзін бастады:
— Ата-бабамыздан бері мал бағып келе жатқан елміз, шырақтарым,— деп бастады ол сөзін,— менің езім жылқының жайы - күйін жақсы білуші едім, жаман асырап келе жатқанымыз жоқ.
Біркімбай өз тәжрибесін баяндай келіп, сезінің соңғы жағын шағыммен аяқтады. Совхозда жылқы түлігінің «түрлі-түрлі акиматқа ілігіп», шұғыл кеміп кеткенін дат қып, мұң ғып айтып шыққанда Алтын тіс бір қағытып қалды.
— Жылқы мемлекеттікі. Керек болған соң өзі алады - дағы. Одан да қолдағының қамын сөйлеңіз.
— Біз де мемлекеттің адамымыз,— деп жауап қайырды Біркімбай.— Бірақ біз жұмысшы болғанымен шаруакеш жүмысшымыз, былайша айтқанда, сахарадағы шаруамыз. Біздің тіршілігіміз түгелдей малға байланысты. Әсіресе жылқысыз өмір сүру қиын. Тау жайлауының, құм қыстауының көбіне машина бара алмайды. Сенімді көлік — ат болып тұр. Білгірлер: «Ат—ердің қанаты» деген. Ал, біздің басшыларымыз қанатымызды күзеп жүр. Қазір совхозымызда үш мың жұмысшыға төрт-ақ жүз жылқы бар. Бүйте берсе, отыз үшінші жылғыдай қыл құйрық атаулыдан ныспы қалатын түріміз бар. «Жұмысшыға жылқының керегі жоқ» деген сөзді естігелі бері көңіліміз жарым.
— Оны кім айтып жүр? — деп сұрады Бондалетов.
— Әркімнен - ақ есіттік. Мына кісі де солай деген,— деп Біркімбай Алтын тісті нұсқап етті.
Иін тіресе тыңдап тұрған көпшіліктің назары Алтын тіске ауды. Осы мезетте Орал мінберге жақындап Бірекеңе бірдеме деп күбір етіп еді, шал сөзін ширата жалғап кетті.
— Хрущев жолдас жылқыны көп есіріңдер депті ғой. Біз сол кісінің сөзіне сүйенеміз. Ол кісі біздің көкейіміздегіні біліп айтқан.
Осыдан кейін Біркімбай жылқының қысы-жазы өз аяғынан жайылып шығатынын, бақташыны аз тілейтінін, мемлекетке тауқыметі түспейтінін, қайта, оған күшімен, сүтімен, етімен көп пайда түсіретінін мақамдап айтып шықты. Елеусіздің есіне жылқышы Нұршаның Алматыда сөйлеген сөзі түсті. «Екеуі ұжымдасып қойғандай бір жерден шықты-ау! Бондалетов не айтар екен?» деп ойлады.
Біркімбай сөзін:
— Осы тілегімізді Бондалетов жолдас құлағына іле кетсе екен. Совхозымызда мінерлік ат, сауарлық бие кеп болатын етсе екен,— деп бітірді.
Көпшіліктің арасынан:
— Міне, айтатын сөз осы ғой! — дескен дауыстар шығып жатты.
— Бұл мәселені ауданға, облысқа, Алматыға барған соң ақылдасып шешерміз,— деді Бондалетов көпшіліктің дәметіп тұрғанын сезгендей.
Сол сол-ақ екен, Леонид Леонидович орнынан тұрып, алдындағы жұртпен кеңес құрғандай болып кетті. Жаңа ғана Орал: «Жұртшылыққа бір лебіз білдіресіз бе?» дегенде екі ойлы боп отырған тәрізді еді. Енді тығынын ағытқан тоғандай ақтарылып барады. Қараш та ала-бөтен қарбалас жасап, басшының әрбір қимылын түсіріп алуға жанын салып жатыр.
— Сіздің ауданның жер көлемі бүкіл Бельгияның жер көлеміне тең— деп бастады сөзін Леонид Леонидович.— Бірақ Бельгияда тоғыз миллионға жуық адам тұрса, сіздің ауданның жан саны жиырма бес мыңнан аспайды.
Осыған байланыстыра ол осындай кен де шұрайлы өңірде мал өсірудің ұшан-теңіз мүмкіншіліктері толық пайдаланылмай келе жатқанын көш - құлаш сөз ете келіп, көріпкелі бар адамдай, Қазақстанның түкпір-түкпірінде, соның ішінде осы «Бозтөбе» совхозында болған құнтсыздықта алды жіпке тізіп, шаруашылықтың ұңғыл-шұңғылына бойлап кетті. Біреудің туынды лебізін тыңдағанда, Елеусіздің әр түрлі ойға шоматыны бар. Қазір де сондай күйде, теңгерілген шешендіктің табиғаты туралы ойланып тұр. Жоқ, Бондалетовтікі — ысылған адамның қара тілдігі емес, сүйегіне біткен тамырлы ділмарлық. Тәжірибе дегеніңіз — бастан кешкенінің ғана жемісі емес, логиканың да жемісі екенін танытады. Немесе мал шаруашылығының осыншалық шытырман түйіндерін жадына қалайша түйген? Шаруаның баласы Елеусіздің білмейтін жәйттерін қайдан біле берген ол? Елеусіз логикасы күшті басшының сөйлеу нәшіне, үн ырғағына, қимыл-қозғалысына, бет құбылысына да зер салып тұр. Кейбір бастықтардай жаттанды ырғақпен өте шықпады. Көңілдің қошына қарай, үні бірде күмбірлеп, бірде жарықшақтанып шығады. Біресе шегір көзі жадырап, ақсұр бетінде нұр ойнайды. Біресе түгі төгілген қабағы қарс жабылып, ашу шақырады. Балғадай шомбал қолын сермеп - сермеп тастағанда, сағатына қоса жүндес білегі көрінеді. Ыстық - суықты сол құбылыстың бәрі осынау малшы қауымның игілігін көздейді. Шаруашылықтың осындай тоғыз тарауынан туған сын, ұсыныс, өтініш, нұсқауларға жалғастыра Бондалетов бір кезде сахара тіршілігінің жақсы жақтары мен жаман жақтарынан кеңес шерткен. Жақсы жағы дегенде, көбінесе, табиғатпен аралас— адамды байытатынын, әсерін ұлғайтып, сезімін тереңдететінін айтады. Таза ауада дару өсімдіктің иісін жұтып, су орнына сүт ішіп өскен қыр қазақтарының абзалдығына, көңілділігіне, қонақжайлығына, жомарттығына қызыға, құмарта қарайды екен. Соны әңгімелейді. Байқап отырсаң, қазақтың коғам қайраткерлері, оқымыстылары, өнерпаздары, жазушылары шаһардан шықпай, сайын сахарадан шыққан. Бұның да сыр - жорамалын таратып айтып бара жатқанда топ ішінде тұрған Мүсірәлі:
— Шын дөкейлер қағазға қарамай сөйлейді екен ғой өзі. Жанды сөз мынау ғой!—деген.
— Жаның шығып бара ма? Тоқтай тұрсаңшы! деп біреу оны жаратпай қалды.
Дауыс шыққан жаққа көз тастаған Елеусіз Шіркімбайды таныды.
Көпшіліктің ішінде қыбыр-жыбыр басталды. Әлдеқайдан Нұрша төбе көрсетті. «Бұл да келіп үлгірген екен ғой» деп ойлады Елеусіз. Содан қанша уақыт өткені мәлім емес, бір кезде Елеусіз Бондалетовтың әлденеге шаншыла сөйлеп тұрғанын абайлады. Бондалетов сахараның феодалдық бытыраңқылығында - орын тепкен бойкүйездікті, сал -салдықты, бәсекелестікті, атаққұмарлықты шенейді. Абайдың ғақлиясынан мысалдар келтіре, дәлелмен төмпештеп тұр. Бұның бәрі Елеусізге бесенеден белгілі жәйттер. Сондықтан ол аузын ашып, аңыра қоймады. «Мәселе бүгінгі тіршіліктің, бүгінгі салт-сананың тарауларында болуға керек қой» деген. Осыны сезе қойғандай, Бондалетов нақты істелер істерге, орындалар тілектерге қарай жылыстап еді. Елеусіз сары дәптеріне жазып ала бастады. ...Бір шақта Бондалетов Біркімбай Мақиевтің тілегін ескеретінін айтып етті.
— Үш мыңдай жүмысшы бар «Бозтөбе» совхозында төрт-ақ жүз жылқы болуы, әрине, олқы,— деді ол,— бірақ бұл — жалпы Қазақстанға тән жағдай. Халқы он миллионнан асатын ұлан-байтақ республикамызда жылқы саны бір миллионнан асар-аспас қана.
Леонид Леонидович жылқының еті, сүті жалпы қасиеті жөнінде сүйсіне, сүйе жазған ежелгі ғұлама - жазушылардан, саяхатшылардан Геродоттың, Марко Полоның есімдерін ауызға ала беріп, «бұнымды қоңырқай жұрт түсіне бермес» дегендей, аз етіп тұрды да, Елеусіз Досовқа бұрылып: Елеусіз құп алып, басын изеді. Сәкеннің отыз бесінші жылдан кейін орысша басылмаған «Қызыл атын» Леонид Леонидовичтің таптырып алып оқығанына риза боп, іші жылып қалды. Сарысу бойында Сәкен туралы алып қашпа аңыз, лақап сәбилік шағынан бастап құлағына кеп құйылған Елеусізге ол суреттеген аттар осы заманның пырағы сияқты елестеуші еді. Елеусіздің тұңғыш естіген әнінің бірі Сәкеннің «Ақбоз ат» деген әні еді. Сәкенді кермей қалғанын Елеусіз армандайтын-ды.
Бұл сәттерде Бондалетов сөзін аяқтап қалған еді. Ол:
— Қай жерде қай түлік тиімді де түсімді болса, сол түлікті кеп өсіру керек. Партия мен үкіметтің нұсқауы осылайша. Қаратау қойнауында жылқы жұтамайтыны рас болса, арнаулы жылқы шаруашылығын ұйымдастыру мәселесін қозғаңыздар. Ал, «Бозтөбе» секілді шашыраңқы совхоздарда жүмысшыларға бір-бір көліктен бекітіп қоюға, меніңше, әбден болады,— деген.
Көпшіліктің арасынан көңілді күбір - дүбір дауыстар шыға бастады.
— Өркенің өссін! — деді Біркімбай.
— «Әділдік орыстан»,— деді Шіркімбай.
— Қышыған жерімізден тиді - ау,— деді Нұрша.
— Шөпшілердің табанының күлдірегені жазылатын болды-ау,— деді Мүсірәлі.
Осы сөздің бәрін құлағы шалған Бондалетов жымия күлді де, артынан әлденеден ашуланғандай, қатқыл үн қатты.
— Бірақ әрқайсысына ат беріп қойса, күнара көкпар шауып, жұмыс істелмей қалуы мүмкін. Малды аудандарда осындай оқиғалар болған. Бұған үкімет жол бере алмайды.
Жаңағы қолпаштап үн қатушылар төмен қарады.
Бұл екі арада Леонид Леонидовичтің көзі жиынның жуан ортасында, екі қызымен, күйеуімен, әкесімен кинокамераға қарап тұрған Гүлнашқа түсіп еді. Өткен оқиғалар есіне қоса түсті. Кеше әйелін қызғанғандай болған Оралдың түрпеті де көз алдына келген. Осының бәрі Бондалетовтің көңіл күйіне ашудың құйыны боп тиді.
— Көшпелі қазақ салтының жаман жағын айтқанда,— деді ол,— менің есіме өз көзіммен көрген бір оқиға түсіп еді...
Бондалетов 1928 жылы ГПУ - дің начальнигі болып жүргенде Біркімбай қызы Гүлнашты қай жерде қалай кергенін, лагерьден не себепті босаттырғанын баян етті де:
— Осының бәрі бір-ақ жылқының лаңы дегенге кім сенеді? Жүйрік ат кімге, не үшін керек болған? — деп әлдекімге сұрау қойып тұрды.
Сұрауының жауабын ол өзі жалғады.
— Баймен бәсекелескен орта шаруаға керек болған.
Бәйгеге қосу үшін, көкпарға шабу үшін керек болған...
— Өте дұрыс айтасыз, жолдас Бондалетов,— деп Алтын тіс қостап жатыр. Елеусіз жиыннан жырылып бара жатқан Біркімбайды көрді. Осымен жиын да біткен есепті болды. Бондалетовтар Алтын тісті ертіп, ауданға жүріп кетті.
Бірақ жұрт тарқамай, ошарылып қалды. Әсіресе әдейі ат суытып әкелгендер не қыларын білмей, ырың-жырың боп тұр.
— Ау, Орал - ау, ат шабыс болады деп екі ай бұрын жар салып едіңдер. Болмайтын болса, күреңімнің бәйгесін шаппай беріңдер,— дейді Нұрша шоғырдан суырылып.
Оралдар күңкіл-шүңкіл ақылдасып, тойға келген дүйім жұрттың меселін қайтармайтын болды. Бірақ адам жазым, ат жазым болып жүрмес үшін көкпар шығармай, айналма бәйгемен тынбаққа келісті. Ипподромның алаңы сияқты шарасы шағын айналма бәйгеде бірінші боп Киров атындағы колхоздың күреңі келді. Нұрша терісіне сыймай тасыды. Екінші орынды бейтаныс жұмыс торы, үшінші орынды әнеугі күнгі Қараш мінетін көк қасқа алды.
Көк қасқаның бапкері Біркімбай:
— Қап, жарыстың қысқа қайрылғанын қарашы! Енді екі-үш айналғанда көретін едік. Ақбоздың ұрпағы қолтығын сөгіп, құлашын жаза алмай арманда қалды,— деп өкінді.
Жүйріктерді киноға түгел түсіре алмай қалған Қарат:
— Бұ да бәйге боп па? Мен Ақбозға мініп шапқандағы қырғын жарысты айтсаңшы! — деп баяғы бір Қызылкеннің жағасында болатын жарысты есіне түсірді.
Мана дырду үстінде Елеусіз бен Қарашты совхоздың директоры үйіне шақырып қойған. Жиын тарқаған соң үшеуі поселкені аралап келе жатты. Үшеуінің астында да салт ат. Олар директордың үйіне тақалғанда әлдеқайдан қаңғалақтап келе жатқан Қадиша кемпір ұшырасты. Ұшырасты да Жүністің тізгініне жармасты.
— Шырағым, ерді беріп кет!—деді кемпір.
Қапелімде сасып қалған Жүніс қашқақтады. Бірақ Қадиша райынан қайтар емес.
— Балтай - шалтайды білмеймін, шырағым. Ерді беріп кет!
— Өзіңді жын қаққан ба? Шылауымнан неге ұстайсың? — деп Олжабаев ашу шақырды.
Кемпір де долдана түсті. Бір қолымен бүйірін таянып, бір қолымен тізгіннен тарта түсіп, қаралы қоңыр үнмен жоқтау айтып, сарнап қоя берді.
— Әскерде жоғалған баласы қарасын өшірді дегенің бе, ойбай! Кімді басынасың, сен, Жүніс - ау? Қолыңда өлейін ойбай-ай!!
Елеусіздің тебе шашы шымырлады. Ол поселкенің шетінде салт атпен ызғындаған жұртты көргенде кемпірдің есіне Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен баласы түсіп, қамыққанын үнінен де, дидарынан да қимылынан да танып тұр.
— Отағасы, ерді қазір беріңіз. Әйтпесе шатақ болады,— деді ол совхоз директорына түсін суытып.
Олжабаев:
— Бұл бетпақпен дауласып болмас. Басқа біреуден сатып алып едім. Мейлі,— деп ерді табанда сыпырып берді.
Совхоз директорының үйінде Елеусіздің ішкені ас болмай, қашан кеткенше асықты.
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Той тарқағанда үшінші ферманың меңгерушісі Гүлнаш Есболова жылқышы әкесін жон жайлауға қайтарғанда, өзі совхоз орталығында қалып қойған. Облысқа жүретін қызын осы жерден өз қолымен аттандырып қайтпақ еді. Қызының ең әуелі ауданға барып келетін бір жұмысы болды да, лажсыз тосты. Бұл екі арада, осы тойда аты бәйгеден келген Нұрша Оралды бас қып, «мейман балаларды» аулына шақырып кетті. «Қайын жұртымды көріп келемін» деп, Шіркімбай да ілесетін болды. Сонымен, «мейман балалар» мен Орал, Шіркімбай төртеуі көрші ауданның Киров атындағы колхозының жылқы фермасына жол тартты. Жүре келе, бұлар екіге бөлінді. Орал мен Қараш, Шіркімбай мен Елеусіз екі жарылып оңаша әңгімелесіп бара жатты. Кәдімгі, қара таулықтардың салтына басқан. Оралдың не себепті Қарашты жырып әкеткені Елеусізге қараңғы. «Менің жай-жапсарымды сұрап бара жатыр ма?» деп те ойлады. Бірақ еш нәрсеге кезі жетпейді. Ал, Шіркімбай болса, ауызекі ермектің адамы. Көмекейі бүлкілдеп, жоқтан кеңес туғыза береді.
— «Кировтің» қымызға мас қыз, келіншектері «қонақ кәдесін» сұрап, епшімізді қуырады, әлі. Өлеңіңді осы бастан сайлай бер, шырақ,— дейді ол Елеусізге.
— Қараштың қандай екенін қайдам, мен өлең айта білмеймін, ақсақал,— дейді Елеусіз.
— Бұл бала жасында адам еді. Енді дүрегей боп кетіпті ғой өзі,— дейді Шіркімбай.
— «Түрегеліңіз» не?
Шіркімбай сәл ойланып:
— Шақалақ ақынның:
«Тазы емес, төбет емес дүрегейім,
Айрандай жаңа ұйыған кілегейім»
деген елеңін естуің жоқ па еді? — деп сұрайды.
— Естуім жоқ.
— Естімесең, дүрегей деген сол. О да емес, бұ да емес, әрі-сәрі деген сөз.
— Қызық екен!
— Қызық болса, біздің Бірекеңнің ордаң қара тазысы бар. Соны көрсең, түсінесің. Елеусіз біраз үнсіз келе жатты. Әлденелерді ойлаған. Осы Қарашқа Елеусіздің өзінің де ет - жүрегі елжіреп бара жатқаны шамалы. Бірақ, не бәлесінің бар екенін білмейді, одан кәдімгідей қаймығады. Көңілін жықса, албастысы басып кететіндей көреді. Қазір Оралмен жырақтанғанда, оның басын немен айналдырып, қалай қарай меңзеп бара жатқанын кім білсін? Әй, түбінде осы Қараш ақкөңіл Елеусізді орға жығып жүрмесе не қылсын...
Елеусіз жолдасының өмір тарихына осы жаққа келгелі бері ғана біртіндеп қанып келе жатыр. Қазбалап сұрамаса да, әр жерде әр кімнен там-тұмдап естіп қалады.
— Солай, шырақ, Біз — қарға тамырлы қазақпыз, Қаз-қатар сыңсып жатқан ақ дамбал - көк дамбал ел едік. Кәрі еменнің тамырында айқасқан адамдарды аяқ басқан сайын ұшырата бересіз. О баста Оралдың Гүлнашты алып қашуына зор қолқабыс тигізуші — осы Нұрша болған.
— Одан хабарымыз бар.
— Хабарың болса, екеуі әлі де әмпей - жәмпей. Екеуі де қатарынан озып тұр. Ал, Нұрша болса қағынып, уыздай жас қызға үйленді. Өзінің жасарып кетуі де сондықтан деседі. Күлме, шырақ. Қартайғанда басына келеді...
Елеусіз: «Кексе кісі мен жас қыздың арасында махаббат қандай болады екен?» деп ойлады.
ІІ
Жылқышының аулы — бетегелі беткейде. Төрт-бес үйдің бәрі де аппақ. Басқұрларын оюлап, оймыштап қойған. Нұршаның өзі жылқыда еді. Қонақтарды әйелі қарсы алды. Елеусіз бен Қараш аттарының тартпасын босатуға да шамасы келмей, құрысқан тізесін жаза алмай, бүкшеңдеп қалды. Жап-жас келіншектің есімі Балзия. Сарысу бойында жиі кездесетін есім! Кәдімгі, аяқ-қолы балғадай дейтін, уылжыған сары келіншек әкесі сияқты Шіркімбаймен «жезделеп!» әзілдесіп жатыр. «Жезденің кәрі-жасы болмайды екен ғой» деді Елеусіз ішінен. Осыдан екі жыл бұрын Нұршаның әйелі өлігі, төсек жаңғыртқанын Елеусіздің естігені бар. Бірақ кексе кісінің жары мынадай жас та, көрікті де деп сірә ойламаған. Жылқышының отауы толған жүк. Дөңкиген құс жастықтар, шайы көрпелер, қытай кілемдері. Бәрі сәнді. Отаудың қақ ортасында нән қара саба шаңыраққа ілулі тұр. Түбін шөп-шаламмен көміп қойған. Айнала қымыз сасиды. Сары келіншек қара сабаны күмпілдетіп ұзақ пісті де, кісілерге қымыз құя бастады. Бұл уақытта ауылдың еті тірілері қонақ түскен үйге жиналып та қалып еді. Іштерінен Елеусіз баяғы тракторшы қара келіншекті таныды. «Бұл қашан кеп қалған?» деп ойлады. Қара келіншектің қасында осы колхоздың есепші қызы бар. Екеуінің апалы-сіңлілі екенін Елеусіз кейін білді. Бұлардан кейін көп ұзамай ферма меңгерушісі Мырзаш келген. Ол Елеусізбен қолдасып жатып:
— Мырзаш Смағұлов,— деп өзін таныстырып етті.
Елеусіз баяғыдан бергі бейтаныс бәсекелесін көзбен көрді. Өңінің жұқалығына, көзінің сұстылығына қарағанда сондайлық қауіпті жау емес. Бірақ әсершіл әйел баланың айдың сәулесі сияқты алдамшы жылтыраққа үйір келетінін де Елеусіз біледі. Неде болса, әскерде жүргенде суретін Шынарға сыйға тартып, сыртына өлең жазатын сабазың осы. Елеусіз бетіне тесіле қарап отырды да.
— Сізді сыртыңыздан білетін сияқтымын,— деді.
— Мен де сізге сырттан қанықпын,— деді Мырзаш.
Балзияның ернінде күлкінің сәулесі жылт ете қалғандай болды. «Шынармен арамыз осы келіншекке шейін жария болып біткені ме?» деп, Елеусіз секем алды. Қараш келген жерден ферманың бастығын икемдеді. Мырзаш оған ілтипат қойса да, ет -бауыры елжіреп бара жатқан адамның сыңайын көрсеткен жоқ. Жұмысымның үлкені сенде» дегендей, көбінесе Елеусізбен боп отыр.
— Сізді бір көруге құмар едім. Келгеніңіз жақсы болды,— дейді ол.
Ферма бастығының бұл сөзін Елеусіз астарлы әжуаға жориды. Өзімді мазақтап тұр деп ойлайды. Біреуді біреу тегіннен тегін мазақтай ма? Мырзаш мазақтаса, бір гәп бар - дағы! Келіншектің де осыған күліп отырмағанын кім білсін. Әй, Шынар - ай, сен үшін - ақ Елеусіз күймес күйіп болды-ау! Қайда барса алдынан қаңқуың шығады. Одан да батар жеріне батып, қараңды үзгенің игі еді!
Көңілі салқын Елеусізге үй иесі әйел ыстық ықылас көрсетіп жатыр.
— Қожайынымыз Алматыдан оралғалы бері аузынан түспей қойған едіңіз. Өзі де келіп қалар. Бар мезіретіміз осы боп жатыр.
— Ойбай, атамаңыз! — дейді Елеусіз ауыр ойдан серпіліс түсіп.
— Сіз ішпей отырсыз, Елеусіз,— дейді Балзия тағыда.— Ұзақ жолдан ат соғып келдіңіз ғой. Ішіңіз.
Оралға емес, Шіркімбайға емес, Қарашқа емес, Елеусізге қолқа салады. Алғашқы бетте недәуір сіміріп алған жолаушылар бірте-бірте жаяу аяңға түскендей болды. Сусын қанған сайын тысқа шығып - келу жиіледі. Қымыздан кісінің кәдімгідей қызатынын Елеусіз осы жолы ғана аңғарды. Сал-сал болған денесіне қызу күш пайда болып, ішкі сарайы шайдай ашылып, беті нарттай жанып барады. Жабырқау көңілі де желігіп, шылымның түтінін әдейі Балзия жаққа будақ -татады. Тұла бойына қымыз сіңген келіншек темекі түтінін ұрлана жұтып отыр. Ымырт шапағы жамырағанда сіркіреп күн жауа бастады. Жауынмен бірге сары келіншектің байы да келіп еді. Қонақтар шұрқырасты да қалды. ...Сіркіреген жауында сытырлаған темір пеш киіз үйдің берекесін келтіріп тұр. Пештің жылуы болмаса, мынау жауын-шашында үйдің ішінде отырып кісі тоңатын түрі бар. Елеусіз таулы жердің табиғаты Шынардың мінезі секілді құбылмалы екенін ойлап кетті. Асылы, сұлу қып зеңгір тау сияқты. Зеңгір таудың шыңын көріп тұрып, төсіне шыға алмайсың. Барлаушының барлаушысы ғана шығады. Мүмкін, Шынар сырының шың басына әлі ешкім шығып, қызыл жалау байлап кермеген шығар. Мүмкін, Мырзаштың ишараты бос қал бас шығар. Қазақта «Жақсының артынан сөз ереді» деген де мақал бар емес пе? Мүмкін, аузы шайпаулар ортасында бұлғаңдаған тотай көре алмайтын болар. Сары аурудан сарғайып ұшып кеткен Кәмиланы өсек-аяңға іліндірген желбуаздар дені сәт, толысқан Шынар туралы не демейді? Елеусіздің есіне Жорж Сандтың романдары түсті. «Әйелді күйдіретін күдік» деуші еді-ау ол бір сөзінде.
Елеусіздің күдіктері сырқат баланың сандырақтауындай боп жүрмесін.
— Что со мною происходит! — деді Елеусіз күбірлеп.
Әлде бірдеңенің жайын әңгімелеп отырған Нұрша мен Орал, Шіркімбай, Қараштар Елеусіздің аузынан оқыс шыққан сөзді естімей қалғандай. Бірақ оның есесіне Мырзаш анық - ақ естіген. Ол бейтаныс қонақтың жат мінезін жатырқамай, қасына жантая түсті. Ендігі кеңес екеу ара, үшеу араға бөлініп кетті. Шала бурыл мас адамдар осылай сөйлесер болар еді. Біздің жігіттер Балзияның қымызының өзінен-ақ сондай халге түсіп қалды. Үй қожасы Нұрша да, қыдырма Мырзаш та қызара бөртіп, толықсып отыр. Көңілге кірбең бітіп көрмеген жандай, жарасты жайдарылықпен сыр шертеді.
— Әскер орысшаға жатық қып шығарады екен. Сіздің тіліңізде акцент бар. Ал, бірақ, орысша жазысыңыз тамаша!—дейді Мырзаш.
— Қате айтасыз, мен орысша жақсы жаза білмеймін,— дейді Елеусіз.
«Қате айтасыз» дегенге шамданған Мырзаш:
— Орыс тілінде жазған хаттарыңыз Шынардың чемоданында сақтаулы екен. Маған көркем шығармадай әсер етті. Айтып отырғаным сол еді,— деп өз басын өтірікшіліктен аршып алғысы келеді.
Шынардың чемоданы! Бикеш сыр сандығының аузын саған ашқан екен ғой. Елеусіздің құпия хаттарын жария еткен екен ғой. Екеуінің бірігіп күлмегенін қайдан білдің? Елеусіздің көңілі бей-жай болды. О баста ұрынбас адамына ұрынып жасаған қателігін қазір ғана ұғынғандай боп отыр. «Өзің сүйгенді алма, өзіңді сүйгенді ал» дегенде. ата қазақ бастан кешкенін нақыл қылған екен ғой. Осы сәтте Елеусіз өзін сүйетін әйелді арман етті. Балуан-Шолақтың қойнына кіріп келген Ғалиядай бір ұрғашы етегінен ұстаса, басын соның жолына тігер еді. Ажарына, біліміне қарамас еді. Пушкин айтқандай, шаһардың салтанатты сарайында сыланған ханша мен қырдың қысық көз қара қызының арасында қаншалық айырма бар?.. Сары келіншек қонағының көңіл күйін қаршығадай қырағылықпен танып отырған сияқты. Су жаңа шибарқыт бешпентінің ашық өңірінен бұлтиған кеудесінің әрбір дірілі сезіледі. Елеусізге ауық-ауық көз тастағанда өзгелерден ұрлана күрсінгендей болады.
— Сіз, сөзге айналып, сусын ішпей қойдыңыз. Және бір аяқ алыңыз,— дейді Балзия Елеусізге.
— Елеусізді қысыр кеңеске қарай бұрып әкеттім білем,— дейді Мырзаш әлденеге кешірім сұрағандай болып.
— Бүйректен сирақ шығарып, бұра тартып тұратының бар-ау! — дейді оған Нұрша.— Жаңа біз Елеусізге ертең нені көрсету лайық деп, соның жайынан мәслихат құрдық. Сен өзін ферманың дүрдей бастығы бола тұрып, қай-қайдағы бір орысша жазуларды қыласың. Мырзаш жактырмай қалды. Жұқа беті қыбыр-жыбыр етті. «Үйленбей жатып нерві тозған жігіт пе?» деп ойлады Елеусіз.
Елеусіз байқайды, Нұрша да Мырзашты жақтырмайтын тәрізді. Бастығы болған соң амалсыз бағынып жүрген ол орайлы жерінде әдейі шымшып отыр.
Мінезі ұяң Мырзаш жырынды жылқышымен егеске бармады.
Нұрша «көпті көрген, көнектен өткен» дегендейін, талай жерді шарлаған тарлан болып шықты. Бетпақтың жалпақ даласын, Сарысу өзенінің өнбойы, мына жағы Жетіқоңырдан Атбасар, Қараөткелге шейін көсілген адырлы кең атырапты талай аралаған бұл түз қазағы соғыс жылдары дәм-тұз айдап Алматыдан Мағаданға дейін, одан Сибирьді кесіп өтіп, сонау Австрияның бұйраттарына дейін барған. Сол жайларды неше алуан қызғылықты әңгіме етіп шертті. Әр халықтың салтын, үрдіс - дәстүрін, тұрмыс-тіршілік ерекшелігін өз байқауынша баян қылды. Содан бірте-бірте келіп, мәңгі-бақи тау арасында өсіп-өнген осынау өз аулы жайында сөз қозғады. Әрі айтып, бері айтып, бұның соға беретіні де сол баяғы жылқы шаруашылығы; — жылқы шаруашылығының ұңғыл-шұңғылы. Қаракөк биенің босанса - ақ төркініне қашатының сондықтан әлі күнге шейін қосақтаулы жүргенін айтады. Әсіресе Бозтөбеде бәйгеден келген күреңін көш - құлаш аңыз етеді. Қымыздан балқып, әрі ұйқы буып манаураған Елеусіз Нұрша сөзінің бірін тыңдаса да, бірін тыңдай алмай, қалғып кете берді. Тамақ үстінде үй иесі еттің шұрайлысын Қараштың алдына қарай ысырып, қаупалақтап жатты.
— Бәрекелде, ер - жігіт осылай қарбытар болар! «Досыңның асын дұшпан» деген. Мына бала сияқты бір ішек боп қалмай, бұла өсіпсің. Тағы да бір алып жібер!
Қарны теңселіп шығып бара жатқан Қараш:
— Жамал қарындас, ерте шығып қалдыңыз ғой,— деп қояды.
...Елеусіз түн ортасында оянды. Жаңбыр күшейе түскен. Түн қараңғылығы қою. Алыста жан ұшыра айқайлағандай дауыс шығады. Иттер үреді. Гүрс етіп мылтық атылды. Бұл жақтың қасқыры жаман екенін Елеусіз естіген де. Соның бүлігі сияқты. Осындай ала - сапыран дүниеде Қараш қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Мырзаш кетіп қалған. Шіркімбай, Оралдар да жоқ. Елеусіз темекі алып тартты. Сіреңке тұтанғанда үй іші алакөлеңке жарық болды. Елеусіздің көзі іргеде ұйықтап жатқан келіншекке түсті. Келіншек жалаңаш білегін көрсетіп, бір қырын жатыр. Жылқышы жылқыға кеткенін Елеусіз енді ғана аңғарды. Әлде жаңағы ащы дауыс соныкі ме екен? Мүмкін, мылтық атқан да сол шығар... Елеусіз осындай ойда отырғанда күн күркіреп, аспан қарс айрылардай шатыр - сұтыр етті. Июньде күннің күркірегеніне Елеусіз қайран қалды. Найзағайдың отты қанаты нақ осы үйді шарпып өткендей болды. Қараш бұған да оянбады. Қайта, ол найзағайдан кейін қорылдауды шығарды. Бастығырылып жатыр. Етті кенеусіз жеп, қымызды бейпіл ішкен Қараштың мына қорылы Елеусізге табиғи да, ерсі де көрінеді. Ол даусын шығарып: «Қорылда, сабазым» дегенін өзі байқаған жоқ-ты. Сол заматта іргеде жатқан келіншек күліп жіберді. Сықылықтап күлді. Пак, әсем күлкі еді. Бұл жақтан еріксіз қосыла күлген Елеусіз әлден уақытта барып даусын бұқтыра, тұншыққан үнмен тіл қатты. Бейне бір сиқыр, ыстық леп үйіріп әкеткендей болып еді. Бастығырылып жатқан Қараш көрген түсінен шошып оянған. Келіншек пен жігіттің күбір-сыбыры Кулагина шалынғанда шұғыл сергіді. Елеусіздің бейбастақтығына іші күйіп, қалай дыбыс берудің ретсіз таппай жатқанында:
— Орныңызға барыңыз, Елеусіз,— деді Балзия.
Елеусіз бірдеңе деп қиылғандай болды.
«Қап, мынау флегматиктің құтыруын - ай» деп Қараш кіжінуде.
— Еркектердің бәрі осы,— деді Балзия күрсініп.— Күйеуім «қыздай жігіт екен» деп мақтауын жерге тигізбей келгенде, сізді көруге құмартқаным рас еді. Аттан түсіп жатқанда жұлдызыңыз ыстық көрінгені және де рас. Бірақ Нұрекеңнің көзіне шөп сала алмаймын. Теңіне қосылмаған жалғыз мен емес шығар. Пешенеме тигеніне кенемін.
— Ең болмаса бір сүйгіз!—деп Елеусіз өктегенде, Балзия оның қолын қақпайлағандай болды. Қараштың қыбы қанып тұр. Дәл осы уақытта тағы да иттер шабаланып, тағы да гүрс етіп мылтық атылды.
Аяныштан Елеусіздің ет - жүрегі елжіреп кеткендей болды. Балзияның артынан сайға құласа, сойқанның көкесі сонда болатынын және біліп тұр. Сондықтан жігері құм боп, іштен тынып, дағдаруда. Ұрыс-керістің ентігін әлі баса алмаған Нұрша көзі қанталап, тысқа шыға беріп:
— Қалай, жақсы жатып, жай тұрдыңдар ма, жас қонақтар?!..—деп қойды.
Нұршаның төңкеріліп тұратын назды нәркес көзін қан жуын кеткен. Әнеугі күнгі Алматыдағы Нұршадан мүлдем басқа адам сияқты. Сұсты, жат мінез көрсетіп тұр.
— Ат соқты боп қалжырап қалыппыз. Күн көтеріле бір-ақ ояндық,— деді Елеусіз төмен қарап.
Нұрша бұрынғыдан да жаман тұнжырап кетті. «Сезікті секірер» деген осы. Немесе қонақтың қашан оянғанын сұраған кім бар?
— Жақсы тынықсаңдар бопты,— дейді әккі Нұрша шатынаған көзін төңкере түсуге тырысып,— түздегі жылқы найзағайдан үріккенде, үйдегі сіздер ұйқысырамасын деп, түн ортасында екі дүркін мылтық атып ем. Бір оғы әлі ішінде қалды...
Елеусіздің тұла бойы мүздап сала берді. Үш ауыз мылтықтың аузы үңірейіп, өңменіне қадалып тұрғандай болды. Қараш үй қожасының сөзін қызық көріп, ыржиып күліп тұр.
Елеусіз енді осы ауылдан кеткенше асықты. ...Балзия қайтып келгенде екі көзі болмашы қызарып, домбығып тұрды. Шай құйғанда қонақтарға бір қырын отырып, назарын толық көрсетпеді.
Шай жиналысымен қонақтарды Мырзаш шақырып әкетті.
Ферма бастығы деген атағы болмаса, Мырзаштың отбасы тым жұпыны екен. Асыл бұйымы алаша. Көрпелері шыт пен без. Қиюы қашқан ағаш кереует «баяғының куәсімін» деп тұр. Мырзаштың құрысып қалған кемпір шешесі сойылған қара қозының ішек-қарнын аршып жатып:
— Балзия қайда құрып кетті? Саумалды өзі әкелмей, абысыннан берігі жібергені несі? — деп қояды.
Балзия келмеді. Көбінесе күндіз ұйықтайтын Нұрша да келмей қалған. Бұған Елеусіз өкінген жоқ. Тек, алғашқы танысқан жылқышысы туралы очерктің жазылмай қалатынына өкінді. Бірақ өз қолыңды өзің кесу жоқ. Елеусіз бұл көңілсіздікті ұмытуға тырысты. Сондықтан ол ферма бастығын тілге алды. Бірақ тәжірибесі аз Мырзаш қызықты кеңеске жарытпады. Жаздың ұзақ күнінде әр түрлі әңгіменің басы бірікпей, ырың-жырың болды. Нұршаның жоқтығы омсырайып-ақ тұр.
— Нұрекенің ұйқысы қанған шығар. Шақыру керек енді,— дейді еш нәрседен хабары жоқ Шіркімбай.
— Жұмыртқасын шайқаған тауықтай күркілдеп жатқан шал оңайлықпен келе қояр дейсің бе,— дейді Мырзаш.
Біреулер мәз болып күледі.
Елеусіздің байқауынша, осы Мырзаш пен Нұршаның арасы жақсы емес. Нұрша сөз болса - ақ Мырзаш әрдайым шаншулы әзіл айтады, не болмаса көрнеу ұнатпай кіржің ете қалады. Балауса, аққұба әні, нерві тозып біткен адамның шандырлы бетінде, жыбырлап кетеді. Тіс қаққан Нұрша да ферманың бастығын көріне жамандамағанымен, ол туралы бір ауыз жылы лебіз білдірген емес. Осыған қарағанда, ауылдастың арасында ала жіптің үзілуі анық. Тек, себебі ғана Елеусізге танық боп тұр. Елеусіз әр түрлі ойға кетеді. Қазекеңде екі адамның бәтуасы бірікпейтіні қалай? Екі кісінің басы қосыла қалса, біреуін біреуі ұнатпай отыратыны неліктен? «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген мақал неден шыққан? Елеусіз осы сапарға шыққалы бері душар болған адамдарының арасында қаншама келісімсіздік, кежірлік, алшақтық жатыр? Басқаны былай қойғанда, ағайынды Біркімбай мен Шіркімбайдың басы піспеуі неліктен? Қауқарсыз Қадиша кемпір мен совхоз директоры Жүністің ұстасатын не жөні бар еді. Қатар өскен кексе Гүлнаштың мосқал Мүсірәліні өмір-бақи жактырмай келуі қалай? Бөгде жұртты қойшы, көзі ашық деген Елеусіз бен Шынардың тұз-дәмі жарасты ма? Тонның ішкі бауындай жақын тартқан Қараштың өзімен Елеусіз жиі-жиі кикілжің келіп қап жүрген жоқ па? Адамдардың қиюы қашқан, асқынған қарым-қатынасын әдебиет заңы көбінесе мінез-құлықтың, асса натураның қайшылығынан іздейді; философия заңы — ең әуелі, азаматтардың қоғамдық өмірі мен жеке өмірінің заттық жағдаяттарының айырмашылығына мән береді. Қайшылықты содан табады. «Нұрша мен Мырзаштың қырбайлығы осы екі заңның қайсысына сияды?» деп ойлайды Елеусіз. Нұрша — сырқынды қу да, Мырзаш— бүлінбеген бала. Бүлінбеген бала болса, біреудің қулық-сұмдығын пайымдап, жек көретін халге жетті ме ол? Ал, екеуінің қоғамдық жағдайына келетін болсақ, Мырзаш Нұршадан жоғары тұр. Одан білімі де зор, қызметі де үлкен. Осыған қарамай, Нұршаның Мырзаштан әлдеқалай ауқатты тұратынын Елеусіз және де көріп отыр. Мырзаштың үйі жүдеу, Нұршаның үйі үпті. Мырзаштың өңі солғын, Нұршаның бетінен қаны тамып тұр. Мырзаш сүр бойдақ, Нұршаның уыз келіншегі бар... «Ой, осы мен не деп шатасып бара жатырмын,— деді Елеусіз ерні күбірлеп.— Қой, құрысын, бас жағына барыспайық!...» Қонақтардың алдына ас қойыла бергенде «кім бар аусыз» бір атты түсіп жатты. Қалшиған қара жігіт. Жарау қара кер аты жұтынып тұр.
Мырзаш біраз мүдіріс жасап ап, үзілген сөзін жалғады.
— Мол дәулетті шетінен кертіп жеп, әсіресе, Нұрекең сияқты еті тірілер бір жасап қалды. Бірақ енді соның тауқыметін тартқалы отырмыз. Елу жылқының ақшасы банкінің жұмырына жұқ та болмайды. Бұл қарызды қайтарудың бір кезеңі ғана. Арғы жағына тіптен көз жетіп болар емес.
Елеусіз сары дәптеріне бірдеңелер жазып алды.
— Киноға лайықты материал екен,— деді көптен бері әңгімеден тыс қалып отырған Қараш.
ІV
Меймандарын Мырзаш жібермеді. Досын көп жыл көрмей, сағынып, іші пысып қалған адамдай, тұңғыш көрген Елеусізбен ерекше шүйіркелесіп, асты-үстіне түсіп, бәйек болады. Бесін кезінде кісілер тысқа шығып, үй сыртында сөйлесіп тұрған. От басында күйбеңдеп жүрген кемпірдің әлде бір әйелге:
— Кісіден кісі. Түбімізге мейман жететін болды. Осы үйде қазір бір шөкім шай да қалмады,— дегенін Елеусіздің құлағы шалып қалды.
Бұл сөзді Мырзаштың өзі де есітсе керек, қонақтарын әрірек ертіп әкетті.
Мырзаштың үй тіршілігіне Елеусіздің жаны ашыды.
Кешінде Шіркімбай: «Бөлініп қонайық» деп, Қарашты басқа бір үйге ертіп әкетті. Фин инспектор мен Орал Нұршаның үйінен шықпай қалды. Сонымен, Елеусіз бен Мырзаш екеуі оңаша қалып еді. Үй иесі «тамақ сіңіп, қымыз басылсын» деген желеумен Елеусізді ауылдан ұзатып, қараңдаған құздарға қарай шығандатып алып кетті. «Осылар маған не істегелі жүр?» деді Елеусіз үрейленіп. Елеусіз Шынар жөнінен бітіспес бәсекелесі Мырзаштың ішінде не жатқанын қайдан біледі? Бір құздан итеріп жіберсе, өлімін кім тексеріп, құнын кім сұрайды? Жаралы жолбарыстай, күні бойы үйінде ыңыранып, шиыршық атып жатып алған Нұршаның не әзірлегені Елеусізге және қараңғы. Елеусіздің есіне көзі қанталаған қызыл Нұрша түсті. Ішінде бір оғы қалып қойған үш ауыз мылтықтың үңірейген аузы елестейді. «Шіркімбай серігімді неге жырып әкетті? Бәрі пәтуаласқандай, неге жападан жалғыз қалдырды?» деп ойлайды. Осы уақытта Елеусіз бен Мырзаш Қызылтас аталатын егіз құздың түбіне келген еді.
— Абай ағаңыз айтқан жартастың басына шығып отырайық,— деді Мырзаш.
Елеусіздің тұла бойы шымырлады.
— Қараңғыда сүрініп кетерміз. Одан да ауылға қайтайық,— деді ол даусы болмашы дірілдеп.
— Менің сізбен оңаша сырласқым келіп еді,— дейді Мырзаш.
Елеусіз бұдан да секем алады. Ішінен: «Неде болса, көресіні қой тассыз, бұтасыз жазық жерде көрейін» деп беткейге қарай аяңдады. Беткейде салқын самал соғады. Селеулердің басы әлсіз сыпсыңдайды. Басқа дыбыс жоқ. Елеусіздің көңілінде қорқыныш пен қызығушылық сезімі қатар ұялап, мәлімсіз мәңгілікке талпындырғандай боп тұр.
Әлден уақытта ауыл жақтан ән салған дауыс шықты.
— Орал мен Нұрша екеуі қосылып, өлең айтып жатыр,— деді Мырзаш.
Ән салып жатыр демейді, «өлең айтып жатыр» Дейді. Осы елдің рәсімі қызық екен. Артынша әйел даусы шықты. Екі әйел қосылып, аналарға жауап қайырып жатқан секілді. Бұндайды Елеусіз Жетісу бойының салтынан білетін де. Нұршаның үнін естіген соң Елеусіздің жүрегі орнына түсейін деді. Орынсыз елегізуден тиылып, Мырзаштың аңдысын аңдай бастады. Қорғалап туған айдың жарты сынығы Елеусізге гайка бұрайтын кілттің айырығында боп көрінеді. Ынтымақ кілті секілді. Соған орай Мырзаш та ниет - құлқының сәулелерін там-тұмдап шығара бастаған. Елеусіз ілтипат қойып отыр. Мырзаш оңаша әңгімесін өзінің бүгінгі күйін мұң ғып шаққандай боп бастады. Дүниеде белгілі мамандығың болмағаннан жаман нәрсе жоқ екен. Қайда барсаң, тосуға ұшырайсың. Мырзаштың темір үзетін тегеурінді шағы берекесіз бытпылдықпен етіп барады. Мырзаш әскерден босанып келгенде біраз уақыт аудандық соттың хатшысы боп істеді. Бірақ ұдайы қағаз көшіруден тез-ақ жалықты. Содан «не де болса талайымды өндірістен сынайын» деп осы колхозға келген. Келгелі бері жылқы фермасының меңгерушісі боп жүр. Мінер көлік, ішер сусын дайын дегендей, тұрмысқа бұрынғыдан қолайлы болғанымен, Мырзаштың өз тіршілігіне ризашылығы жоқ. Себебі, жылқы шаруашылығын одан он есе жақсы білетін адамдар қамбаға қарауыл боп, немесе арықтың құлағын аршып, кетпен шауып жүр. Әрине, Мырзаш үйренуге талпынады. Бірақ ол толысып болғанша өмір орнында тұра ма? Екі орталықтағы олқылықтың орнын соңында немен жабады? Тұрмыс пен шаруашылықтың осындай күйттеріне ұштастыра келе, Мырзаш Елеусіз Досовты «бір көруге құмар боп жүрген» себептерін де аңғартып етіп еді. Елеусіз иланса да, елжірей қоймады. Мырзаш не дейді? деңіз. Ақындықтан дәмелі екенін айтады. Оны Елеусіз білмей ме екен? Біледі! Білген сайын жүрегіне бауырмалдықтың балы құйылмай, қастандықтың мұзы қатқандай болады. Жоқ, Елеусіз ферма бастығынын жыр шығаруына қарсы емес. Айтқан дәптерлерін таңертең қарап шығуға әзір. Елеусіздің іші жылымайтыны—әсершіл Шынардың басын айналдырған баяғы екі жолдар...
— Сізден несін жасырайын,— дейді Мырзаш,— облыстық газетке өлеңім шыққанда «ақын болды деген осы», деп, асып-тасып, қатарымды жинап, қонақ асы беріп ем. Бірақ сол өлеңім Алматыда кәдеге аспай, қайтып келді. «Аяғын апыл-тапыл басқан сәби сияқтысыз» деген! Кейін облыстық газетімізде басылған өлеңдерді «С. К.» сынап тастады. Содан бері өзіңізде білікті адамға зәру едік...
Талапкерлердің көбісі осылай бастайтынын білетін Елеусіздің бір ауық іші жылығандай да болады. «Жылқыны шұрқырап есіре бермей, азабы көп поэзиямен әуреленіп қайтесіз» деп көңілін суындырып, күдерін үздірсе, обал болатынын да біледі. Сондықтан екі ұшты ғып:
— Кешкіліктен ертеңгілік абзал,— дей салды.
Олар ауылға қайта оралғанда айтыс недәуір қызып жатты.
Нұршаның отауына кісі сыймайды. Қатын-қалаш, бала-шаға босағада үймелеп тұр. Нұршаға Орал қосылып, Балзияға Жамал қосылып, кәдімгі Қаратау дәстүріне басып жатыр.
— Кәрі сайтан бір күндік ұсталыққа шыдамаған екен. Келіншегін қой аузынан шөп айырмайтын менен қызғану еді, өзгелерден қалай қызғанбайсың.
Көңілі жүйрік Елеусіз әр түрлі болжаулар жасайды. Мүмкін, жирен сақалы шошаңдаған мосқал Нұрша көзіне шөп салмақ болған опасыз жарына реніш - наласын, өкпе-назын жеткізіп тұрған шығар? Мүмкін, келмеске кеткен жастық дәуренін қайта шақырған сағыныш әуелі шығар? Немесе көкірегін тұншықтырған басқа бір қапалығын өзекті жарған ащы әуезбен шығарғысы келетін болар? Неде болса, жырыңды Нұршаның ішкі әлемінде дауылды, жауынды өзгерістер барын Елеусіз біліп-ақ тұр. Балзияның әуезінде де терең сыр жатыр. Әйел айту үшін ғана жаралғандай жіңішке, нәзік «Уайда - ай» әнін жібектей есілтіп, балдай тамылжытып отыр. Ерке де нәзік ән қара бұлтты жарып шыққан сары сәуледей діріл қағады. Балзияның бейтаныс өкінішін, жұмбақ арманын жаңа туған ай астында саналы жанға жария етеді. Қай - қайтейін, қайтейін, арманым көп. Уайда - ай, Өмірден еш ләззат алғаным жоқ...
— Сорлы Балзия сыңсыды,— дейді Мырзаш,— О баста әке-шешесінің өктеуімен дүниеге қызығып келіп қалған еді. Бірте-бірте шалдан суына бастағандай. Теңін тауып, тай-құлындай тебіскен қатарына қарайды - дағы!..
Елеусіздің жүрегі аттай тулады. Бұрын Балзияға құмартса, енді оған жаны ашыды. Әнмен сыңсыған сары келіншек дүниедегі ең аянышты, ең аяулы адам секілді болып көрінді. Елеусіз «Сақалы сапсиған қатігез шалға қорқылып қойғанша, алып кетсем бе екен?!» деп ойлады. Бұлар сөйте тұрғанда, айтыс та басылайын деген. Гүлге үймелеген бал араларында, «әу» деген жерге жапырлай кететін ауыл адамдары дәл тарқасар кезде қолқа салғандай болды. Бұл уақытта екпіні басылып, даусы болмашы қарығайын деген Нұрша бәлденбей, басқа бір әнге басты. Сарнаған Нұршаның екі жол елеңі Елеусіздің құлағында ызыңдап, талаған масадай маза бермеді. Көңілін белгісіз өкініш қажап, басы мең-зең болды.
V
Кісілер аттанғалы жатқанда Нұрша келген. Күздің қара суығына ұрынған жапырақтай, түсі сынық.
— Шырақтарым, бар мәзіріміз осы-ақ болды,— деді қоңыр үнмен,— басымның сақинасы ұстап, қастарыңда бола алмадым.
Басының сақинасы қандай «сақина» екенін Елеусіз түсініп тұр. Қыжылы, намысы, кегі кетіп бара жатқан адамымен қоштасарда орынсыз сызданбай немесе теріс аялап торсаңдамай, жарастықты - жайдары қабақ танытқан Нұршаның жүрегінің сезімталдығына, жанының кеңдігіне Елеусіздің көзі жете түскендей болды. Оның есіне о баста Нұршаның сүймеген шүйке басқа үйленгені түсіп еді. Өмір бойы махаббатты армандап. қолы жаңа жеткен жас жары мен екі арасына айықпас күдік, бітпес бүлік салғанына өкінді. «Көкжалдың жүрегін бекер-ақ жараладым - ау!» деді. Жасы үлкен Нұрша жасы кіші Елеусізді аттандырып жатқанда сымпыс Қараш жылқышының үйінде ұмыт қалған қамшысын алып шықты. Мырзаш кісілерді жалғыз ағаштың түбіндегі бұлаққа шейін ұзатып салатын болды. Сонымен, журналист Досов атақты жылқышы Нұршамен бел шешіп сөйлесе алмай кетті. О баста Алматыдағы республикалық мәслихатта көтерген мәселесінен бастап, бүгін-ертең сатылғалы тұрған 50 жылға шейін, арқандаулы қаракөк биеден суытудағы бәйге күреңге шейін — осы екі арада жылқы Шаруашылығының талай кілтипаны жатқан секілді еді Елеусіз соның бірде біреуінің байыбына жете алмай аттанды. Бір кезде Шоңбай байдың малайы, зергер Оралдың жан жолдасы, Гүлнаштың бастан кешіргендерінің көзі тірі куәсі осы Нұрша — Елеусіз шығармасының белді бір кейіпкері болмақ еді. Елеусіз содан айрылды. ...Елеусіз Мырзаштың өлең жазған дәптерлерін оқып шыққалы бері жақын тарта бастаған. Енді, айрылысар шақта, кәдімгідей шүйіркелесіп келе жатты. Мырзаш та жаңадан жолдас ашқандай, қиыспас курсы тапқандай, аса жадыраңқы. Былай шыға келе ол Елеусізді жолдастарынан жырып әкетті. (Қара таулықтардың айып көрмейтіні мәлім.) Мырзаш Елеусіздің аз қонақтағанын өкініш етті; келешекте және де көрісуден дәмелі екенін, хат жазысып тұрғысы келетінін аңғартты. Бұның бәрі оқшауланбай-ақ айтуға болатын жайлар еді. Сондықтан Елеусіз Мырзаш сөзінің артын тосты. Мырзаш Елеусізбен жақын жолдас, сырлас - мұңдас (болуды аңсайды екен. Соны ишарат етті. Бірақ жан қиысар жақындықтың көзге ілінбес жолын кім таппақ? Жігіт пен жігіт сырлас болайын деп бола ма екен? Елеусіз осының жайын ойлап келе жатқанда Мырзаш өзінің және бір түйіншегін ақтарды. Әңгіме жалпы махаббат жырынан басталған. Жүрек өле, Мырзаштың Шынарға шығарған өлеңдері, Елеусіздің жазған хаттары сөз болды. Сол тұсқа келгенде Мырзаш:
— «Бажа бажаны көрсе басы қышиды» деген,— деп тілге жеңдіріп күліп алды да, Шынармен арасында болған шырғалаңдарды талай жерге шейін таратып айтып кетті.
Сөзінің соңында Мырзаш:
— Сөйтіп, әйтеуір, не керек, дәм-тұзымыз жараспай қойды. Қазір күдерімді үзген сияқтымын,— деген.
Томсарылып, үнсіз, ұзақ тыңдаған Елеусіз:
— Оның бәрін маған несіне айтасыз? — деп еді. Мырзаш сыр жарғандағы мақсатын түсіндіріп етті.
— Мен тарапынан күдік алып жүрмесін дегенім еді. Ендігісін өзіңіз білесіз. Ал, шындығына келсек, Шынар — бабын тауып ұстаған адамның бақыт құсы боларлық қыз!
Елеусіз иланарын да, иланбасын да білмеді. Есі-дерті өлеңін жарыққа шығаруда боп жүрген ауру ақын сүйген қызын құрбандыққа шалып тұрған жоқ па? деп те қалған. Бірақ артынша: «Қой, құрысын, біреудің обалына қалмайын. Расы солай шығар» деді. Елеусіздің ішінде жатқан бір зіл тарағандай болды. Ол қағілез Мырзашпен үзеңгі қағыса, қатарға қосылды.
Бозтөбеге келген соң, бір қағаберісте Елеусізге Қараш былай деді:
— Аютөбеден аттанғалы жатып жылқышының үйінен қамшымды алып шыққанда, сары келіншек: «жолдасыңызға сәлем де» деді, «Тым құрымаса, хош бол деуге жарамай кеткені жанға батады» — деді.
Елеусіздің көңілін тағы да өкініш қажады.
ҮШІНШІ ТАРАУ
І
Ажырықты, Шилі өзектің жиегінен орын тепкен Сейдін ауданының орталығына күн ара самолет қатынайды. Уақыты бітіп қалған Қараш сол самолетпен қайтпақ боп ауданға келді. Шығарып салушы — Елеусіз бен Шынар. Келген бетте олар аудандық байланыс бөлімінің жанында біраз аялдаған еді. Шынар ішке кіріп, бір неше хат алып шықты. Хаттардың бәрін ашып та, оқып та үлгіргені көрініп тұр.
— Лизаның әкесі рактан өліпті,— дейді түсі әнтек бұзылып.
Қараш үнсіз. Елеусіз өлімнен гөрі; аурудың атынан шошып тұр. Райкомге қарай келе жатқанда, Шынар:
— Қараш,сүйінші! Лиза Алматыға келіп тұратын болыпты,— деген.
Бірақ Қараш қуанбады. Қарасұр реңі сазарып, өз ойымен өзі боп келе жатты. Аудандық партия комитетінің бірінші секретары; 26-27 жастардағы арық қара жігіт, Сабыр Әділбеков:
— Өмірді кеңесшісіз көрсін деп, бармадық. Айыпқа бұйырмас,— деді.
Елеусіз Бозтөбеге келген жұмысын кешірім сұраған раймен баяндап шықты. Оның сезімталдығы, сынық мінезділігі бірінші хатшыға ұнады. Келесі орайда кәдімгідей шүйіркелесіп қалды.
Осы орайда ол Елеусіздің очеркін мақтай келіп:
— Тек, «Бозтөбе» совхозының, қала берді, ауданымыздың мұң-мұқтажын ауызға да алмапсыз. Осы жағынан республикалық газеттен көмек күтуіміз орынды еді,— деген.
Әділбеков қонақтарды пәтеріне ертіп апарды. Көрші тұратын Алтын тіс, неге екені белгісіз, Елеусізбен тым салқын амандасты. Көзінде түкті сұс бар. Танысы дұрыстап сәлемдеспесе Елеусіз табанда жүнжіп қалушы еді. Бұл жолы да сөйтті. Көңілін үрей қажап, алаң етіп қойды. Қараш ертеңгі самолетпен қайтатын болғандықтан, бірінші хатшы кешке қарай аудан активтерінің кездесуін өткізетін болды. Қонақтардың қашқақтағанына ырық бермеді. Телефондар шылдырлап, радио сампылдап, аудан орталығының халайығы жылдам құлақтанды. Клубқа қатын-қалаш, бала-шағаға шейін жиналған. Белгілі таныстырулар басталды. Алақандар шартылдады. Алғашқы сөз Елеусіз Досовқа берілмек болған. Бірақ ол бас тартты. Сонымен, бұл мәжіліс «Москвадан оқып келген жерлестерімізбен бас қосу кеш!» деп жарияланып, Қараш Беков пен Шынар Есболовалар сөйлеп шықты. Олар сөзін бітіргенде, залдан әлде кімдер:
— Шынарымыздың өзі пәле екен ғой.
— Ең білгіші Қараш деседі ғой. Қазақшаға тілі келмей, булығып қалғанын көрмейсің бе.
— Ішімдегіні тап деп тымсыраюы жаман екен, мен анау инелігіңнен қорқам,— десіп жатты. Елеусіз: «Бозтөбеде жата бермей, мені не сор айдап әкелді» деп қынжылды. Бұл екі арада бірінші хатшы:
— Залдан бірнеше записка түсті. Жиналған жұрт Елеусіз Досов жолдастың лебізін естігісі келеді,— деген.
Тағы да алақандар шартылдады. Елеусіз орнынан тура қоймаған соң әлде бір шалдуар балалар аяғымен жер тепкіледі. Сонымен, Елеусіздің бірдеңе деуіне тура келді. Астанада оқыған жылдарында талай жүйріктің кездесуде суырылып сөйлеген сөзін тыңдаған. Солардың әсерлі де бейнелі тіркестері есіне түскен ол:
— Ағалар, апалар, құрбы-құрдастар, іні-қарындастар! — деп асқақтата бастады да, биіктен құлауға қорыққан адамдай, кібіртіктеп бөгеліп қалды. Жұрт та таңсық бастастан дәметіп, үнсіз тосқан. Іштен тіреп тұрған дүмпуі болмаған, Елеусіз бұдан әрі не айтарын білмей састы. Сасқалақта:
— Москвада оқыған жылдарымыз туралы, бүгінгі тіршілігіміз бен талабымыз туралы жаңа ғана сөз сөйлеген достарым — Қараш Беков пен Шынар Есболова менің көңілімнің пернесін де басып өткен сияқты,— деп бір қойды. Сол секундте оған: «Түу, неткен мәнерлі жылтырақ!— деген ой келді,— айдала да адасқан Қараш пен Шынар менің көңілімнің пернесін қалай басады? Әй, әбден бүлдіретін болдым - ау!»
Бір тәуір жері, Елеусіздің әшекейлеп сөйлегеніне ешкім күлмеді. Дауыл алдындағы үрейлі тыныштықтай, тұна қалған. Дәмелі қонақ енді бір лепірмелік айтса, келекені құйыны бүрк ете қаларлық сыңайда. Елеусіз осылай сезінді. Сондықтан ол тыңдаушылардан жанашыр тапқысы келіп, о баста әкесінің Қаратаудан Арқаға ауып баруын, Арқадан қыз алып қашуын аз сөзбен баяндап шықты да:
— Осындай себептермен мен өзімді сіздерге жақын санаймын,— деді.
Сол сол-ақ екен, Елеусіз сөйлейтін сөздер табиғи түрінде тізбектеле бастағандай болды. Жоталы Қаратау «мен адастырмаймын» дегендей, әр тұстан бұлдырап, құдірет белгісіндей тартады.
— Сіздер мекендеп отырған Қаратау — талай алыс ертегінің, арманшыл аңыздың, аяулы дастанның алтын бесігі еді,— деді Елеусіз, бейне бір омбылап кеп, төте жол тапқандай.— Кендебай батыр мен Қамбар батырдың, Алпамыс батыр мен Қобланды батырдың аң аулаған ырысты өрісі еді. Бұған Шолпан қыздың әкесін шауып алатын есімі ыңғайсыз батырды қоссақ; сонау Аякөзге осынау түбінен аттанған Қозы Көрпешті қоссақ; «Мұңлық — Зарлық», «Сауда ишан» тәрізді көп-көп қиссаларды қоссақ; — қазақ эпосының дені кәрі Қаратаумен кіндіктес екенін танимыз...
Елеусіз Қаратаудың тел тарихын да еске алып өтті. Жоңғардың түмен қолына төтеп берген; Құмкент, Саудакент, Баба — Ата, Созақ секілді ежелгі шаһарларын Шыңғыстың зеңбіректі әскері жер мен жексен етіп жойып жібергенде тізе бүкпеген тәкаппар тау еді, бұл! Иран басқыншылығына тойтарыс бермек боп, үш жүздің баласы бас қосып пәтуа байласқан уәлі жерде осы таудың құйылысы. Атышулы «Алқа көл сұлама, ақ табан шұбырындыда» жалпақ елдің Қаратауға жосығаны және мәлім. Бүкіл бір халықтың елдігін талай рет сақтап қалған қарапайым кәрі діңгек—маған сондайлық қалтарысты қалыптарымен, қасиетті мазмұнымен ыстық. Бұл таудың әрбір тасында санасыз ойландырарлық, саналыны толғандырарлық шежіре бар. Әр буынның тағдырына, намысына ортақ шебер шежіре әрқашан отаншылдыққа, бауырмалдыққа меңзейді. Бетпақтың меңіреу даласында жамбасы жерге тиген әке, шешемнің де жүрегі Қаратауда, үміті Қаратауда, келешегі Қаратауда деуім сондықтан еді... Тамағы құрғаған Елеусіз Досов графиннен су құйып ішті. Сөйлеп тұрған сөзінде пәлендей жаңалық жоқ болса да, жұрт шыншыл қалпына риза болғандай, жусаған үнсіздікте. Бір-екі орындықтың аяғы ғана тықыр - тықыр етті. Сол тықырға жалғаса, Алтын тіс бірінші секретардың құлағына бірдеңе деп сыбырлап жатты. Бұл екі арада Елеусіз сөзін қайта сабақтап, Қаратаудың бүгінгі келбеті туралы, оның кен байлығы, өріс шұрайлылығы туралы айтып кетті. Айтқанда осы өңір жөнінде бірнеше очерктер жазсам деген жоспарымен байланыстыра айтты. Сондықтан белгілі жайлар басы артық сөздей көрінбеді. Жамбылдың тұсынан басталып, Шиелінің тұсында тамамдалатын Қаратау—Сыр мен Сарыарқаның арасында көлденең тартылған арқалық секілді. Теріскейіне шілдеде күнгейдің керімсалын өткізбесе, күнгейіне қаңтарда Арқаның ақ боранын өткізбейді. Ыстыққа да, суыққа да өзі төзіп, байтақ атырапты мәңгілік панаға алған. Бұлты басында, берекесі баурайында. Екі сайынын бірінен бастау басталып, бұлақ ағып, сарқылмас мейірімін Сарыарқаға қарай да, Сырға қарай да тынымсыз құюда. Елеусіздің суреттеуінде осылай танылған Қаратау осынау жұрттың ең қастерлісіне айналғандай болды.
— Ырыс өз жерімізде екен ғой.
— Құйқалы жер ғой, жарықтық.
— Дегізердің түбінен тағыда кең ашылатын бопты ғой.
— Темір жол тартылады деседі ғой.— десті.
— Осының бәрін айтып тұрған себебім,— деді Елеусіз жалт етіп залға көз тастап, сағатына қарап,— Қаратаудың өңірі сияқты дәулеті сарқылмас сайын сахараға естіген жұртты іңкәр ететін болуымыз шарт. Қараш екеуіміздің парызымыз осы деп білемін, Астанадан алған білімге, тәрбиеге байланыстыра, тұрмыс мәдениеті туралы, мектептің мұқтаждықтары туралы мана Қараш пен Шынардың айтқандары — дұрыс, даусыз шындықтар. Бұндай тілектерді мен совхоздың, ауданның басшыларынан да естігем. Оны баспасөз жүзінде көтеруге тиісті екеніміз және рас. Бірақ, меніңше, бұның бір өзімен іс бітпейді. Отарларға көшпелі моншалар да келер. Жыртық үйлер бүтінделер. Мектептің кем-кетігі бітелер. Сонымен осынау малшылар мұратына жетті деп айта аламыз ба? Меніңше, жолдастар, мәселені әріден бастау керек. Сахараның сарқылмас қауымы, шалқыған сәні болсын. Сейдін ауданының жаны жиырма бес мың болмай, жетпіс бес мың болсын. Жүз мың болсын! Мал өсіру міндетке емес, салтанатқа айналсын. Қаланың адамын далаға киік қуу үшін келмей, малшы қауымының тұрмысын, дарынын, өнерін қызықтау үшін, ләззат пен ғибрат кәусарынан сусындау үшін келетін болсын. Жана маркалы машина жасаған инженердей, әрбір малшы мәпелеп өсірген асыл төлі үшін мерейленетін болсын. Машинаның игілігін халық көретіні мәлім. Малдың да игілігін керетін сол халық. Совет халқы. Осы ретте, мемлекетке тиімді де түсімді жылқы түлігін өркендету жолындағы Біркімбай қарияның оның қызы Гүлнаш апайдың күресін, тіршілігін, енбегін бек құптаймын. Ат арытып, тон тоздырып дегендей, алыстағы ауылға келгенде, жығылмас тудай асыл мақсат ұстаған осындай қажырлы, тұрақты адамдарға душар болуымды қораш творчествомның қайырлы бастамасы деп жоримын...
Елеусіз осылайша көсіле, шешіле сөйлеп кетті. Беріден басын шалып жүрген ойы тайыздардың маңдайынан қамшымен тартып - тартып өткендей болды. Соның қабатында сүйікті Шынары да бар еді. Астанада мал дәрігерлігі академияны бітіре тұра, төлдеген малдың шуын ажыратудан жеркеніп, тамырлы мамандығының көзіне шөп салған бикештің есімін бадырайта атап қала жаздап, әрең өткізді. «Бізде осындай - осындай жастар да бар» деп, емеурінмен аңдатты:. Бірақ мұны Шынар сезбегендей болды. Өз басына тигенше білмегенсіп жүре беретін мінезі майысқақ адамның әдетіне басты.
Сонымен, мәжілістен жұрттың көбі Елеусізге риза боп тарқады. Қарашты самолетке шығарып салып, Бозтөбеге қайтқанда, жүк машинасының кабинасына іші шермиген екі қабат әйел отырды да, Шынар мен Елеусіз қорапқа орналасты. Жол бойы Шынар Елеусіздің очеркіне, сөйлеген сөзіне сүйсініс білдіріп, оған қарай ойысумен болды. Шилі өзекте машинаның жүрісі селкілдеткенде күшті, ыстық қолымен Елеусіздің салқын білегінен ұстайды. Қайтадан «сен» деп сөйлеуді де шығарған.
— Сонау самолетті көресің бе?— дейді Шынар.
— Гүрілін естимін. Бірақ өзін кере алғам жоқ,— дейді Елеусіз.
— Бері қара! Елеусіз Шынарға жуықтай түседі. Шынар Елеусізді қаусыра құшақтап, бауырына тартып:
— Енді көрдің бе?— дейді.
— Көрсем бұйырмасын.
— Жүрісі жайсыз машина аударып - аударып тастайды. Екеуінің беттері тиісіп - тиісіп кетеді. Қара торы Шынар қызыл - күреңденіп, беті жанып барады. Тиген жерін күйдіріп жіберетіндей, ыстық еді. Елеусіз:
— Сары майдай сақтаған бір ауыз сөзім бар еді. Соны айтсам қайтеді, Шынар?—дейді.
Шынар басын шалқайтып:
— Потом, потом, потом,— деп үш рет қайталайды да, сықылықтап күледі.
Көз көргенде қасынан айналшықтап шыға алмайтын адамдарың болады ғой. Елеусіз Шынарға қайтадан үйіріле бастады. Енді ойлап тұрса, дидар көріспегеніне үш жылдың жүзі толған екен. Көзден таса, көңілден — ұмыт боп қалған қыз қайтадан қимастық сезім туғызды. Осымен қабат, Шынардың баяғы құбылмалы қылықтары есіне түскенде Елеусіздің қаны бұзыла жаздайды. Бикештің қазіргі жүдеулігін, сынықтығын түз тұрмысына үйлесе алмаушылықтың зардабы деп жориды. Олай болса, сұлу қыз ертең дәм-тұз жазып, қалаға барып орналаса қалса, бұрынғы гөй-гөйіне қайта баспасына кім кепіл?! Осындай дүрдараз дүдамал баураған Елеусіз, бір есептен, көп жылғы шырлағанның басын осы арада ашып кетуді абзал кереді. Сондықтан ол сахарадан кетер шағында Шынармен оңаша сыр ақтарысып, бел шешіп сөйлесер кезең іздеген. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» демекші, Шынар облысқа Елеусізбен бірге баратын болды. Бұған оны облыстық оқу бөлімінің аппаратқа қызметке шақыруы себеп болған. Сонымен, ескі екі таныс шырқау сапарға аттанғалы жатқанда, Гүлнаш апай Елеусізді оңашалап шақыртып алды.
— «Түсі игіден түңілме» деген еді, қарағым,— деп . бастады Гүлнаш апай.— Сыр алып, сын түйіспесек те, өзіңе сену. Ұшырар үйрегіміз де, қондырар қазымыз да осы екі қыз еді. Біреуімен бұрыннан біліс, таныс екенсің. Қандай сапарға бара жатқандарың маған қараңғы. Тек, әйтеуір, арты өкініш боп жүрмесін. Оңаша сөйлесейін дегенім осьі еді...
Елеусіз не дерін білмей, қысылды. Күйеу балаша ұялып, темен қарады. Сол күйінде үнсіз, ұзақ отырып қалды. Оның басына неше түрлі ой оралған. Бұл кісі Шынар мен Елеусіздің арасындағы шым-шытырық жайларды қайдан білсін. Болары болып, бояуы сіңіп қалған істей көріп, төрелік айтқысы келеді. Көзі ашық екі жастың арасында ұғыныспау бар деп ойламайды. Тек, бәтуасы піскен жұбайлықтың баянды игілігін ғана тілейді. «Қарлығаштай шырылдаған шіркін ана - ай!» деді Елеусіз ішінен.
Елеусізден жуырда жауап болмасын сезген Гүлнаш:
— Жалғыз ілікті - көрінесін. Дәм-тұз жараса, біз де өзіндей балаға құштар едік. Тілеуіміз екеуіңнің үстіңде болады,— деп бір қойды.
Бұнысы, қазір-ақ батамды беріп жіберемін, бала ғып бауырыма тартып, маңдайыңнан сүйемін дегені еді. Бұған жол берсе, Елеусіздің де тәуекел қайығына осылармен бірге мінгені. Сондықтан ол екіұшты қылып:
— Жетінші ноябрь қарсаңында тағы да келемін, апай. Сонда толық сөйлесейік. Ал, Шынардан қам жемеңіз. Жөн-жобасын тауып жүре алатын болды ғой,— деген.
Шынар мен Елеусіз атқа қонарда Гүлнаш апай көзіне жас алды. Қызының бетінен сүйіп, Елеусіздің шашынан иіскеді. Орал, Шіркімбайлар қолдасып қоштасып, қайырлы сапар тілеп тұр. Жас Шолпан қыз апасымен шөп етіп сүйіскен. Елеусізге жалт етіп көз тастап, қол беріп жатып:
— Пишите. Не забывайте нас,— дейді.
«Антұрған ажарлы екен ғой» дейді Елеусіз ішінен.
Биыл көктемде, бір самолет Қаратау үстінде тұманға ұрынып қирағанын естіген Гүлнаш қызын ауданға жібермей, салт атпен кенге жөнелтті. Сол жерден тар табан поезбен кетуге қосты. Шынарлар екі атты Қарлығаштың қолына тастап кететін болды. Таяуда почтаның жұмысымен барғанында, Жамаш алып қайтатын болды. Елеусіздің есіне түнеугі күнгі, бір есептен баяғы, Қарлығаш түсті. Баяғы дейтін себебіміз, Қаратаудың қақ ортасындағы кенде Біркімбай қария ертіп апарған үйдің иесі, Қарлығаш — Оралдың туған қарындасы екенін Елеусіз осы жақта жүріп білді. Содан бері ол Елеусіздің ежелгі танысы есепті болып кеткен. Елеусіз сол Қарлығашты көз алдына келтіріп тұрғанда, Гүлнаш апай құрт пен ірімшікке толған кенеп қоржынды қызының атына салып жатып:
— Еркежанға сәлем де. Күзге таман Шолпанмен бірге өзім де барып қалармын,— дейді.
Шынар мен Елеусіз Қаратаудың қақ ортасындағы кенге жон жайлау арқылы аспақ болды. Елеусіз енді бұл төңіректің бүге-шігесіне шейін біліп алғандай. Жол-жөнекей Шынарға Құртты бұлағы туралы, сандық тас туралы, «Қалмақ қырған» туралы тоғыз тарау әңгіме шертті. Әңгіменің Гүлнаш апайды қарқаралы қыз кезінде Асылбектердің тартып әкетпек болған жеріне келгенде, Шынар:
— Ол адамды мен білемін. Үшбас өзенінің бойында жалғыз үй отырады,— деді.
1928 жылы конфискеге іліккен Асылбектің жиырма жылдан кейін қайтып оралып, қаңғырмалықпен күн кешіп жүргенін Елеусіз әр рет естіген де. Бірақ дәл мынадай анық хабарын білмеген. Елсіз өзеннің бойында жападан-жалғыз отырған Асылбек Елеусіздің көзіне құбыжықтай елестеді. Елеусіз жаза баспаса, шалғайдағы Гренландияда жұрттан жапа көрген адам мұз тауына тығылып, өлім сағатын тосатын сұмдық үрдіс бар. Асылбекке соның кері келген секілденді.
— Үшбас өзені осы арадан қанша шақырым?—деп сұрады Елеусіз.
— Жиырма километрдей болар,— деп жауап қайырды Шынар.
— Махнем, Чинарка?!— деді Елеусіз орысшалап.
Шынар көнді. Жолай келе жатып, Асылбектің не себепті оқшау отырғанын айтып өтті.
— «Төрімнен керім жуық кезімде ата жайлаудан кетпеймін, бейітім осы арада қалады» дейтін болса керек,— деген.
— Қалайша күн көреді?— деп сұрайды Елеусіз.
Шынар Асылбектің есі кірелі-шығалы әйелі екеуі теретінін, жазда балық аулап, қыста аң аулап қорек ажырататынын айтып өтті. Почтальон Жамаштың оқта-текте азық-түлік, қант-шай жеткізіп беретінін де айтқан.
— Оның қандай қатысы бар?— дейді Елеусіз.
— Жамаш — Асылбектің бірінші әйелінен қалған баласы ғой. Жер барып айтпасын, аузы жеңілдер Мүсірәліден пайда болған деседі. Байқайсың ба, Жамаш Мүсірәліден айнымайды ғой.
— Вот тебе на!— деді Елеусіз аузын ашып.
Оның ойына енді түсті. Асылбек Гүлнашты зорлап алғанда, тұл отаудың әңкі-тәңкісін шығарып ойнайтын үрпек бас сары бала осы Жамаш емес пе еді? Бүгінгі, көзі күлкіден арылмайтын әккі маймақ та сол Жамаш. Жытқыр, сары Жамаш! Елеусіз әр түрлі қиялға шомады. Кәрі еменнің тамырында айқасып қалған, неткен шым-шытырық жұрт, бұл? Күнәлісі мен күнәсіз ажыратып көр...
Елеусіз жар құшағынан жолы болмаған Асылбекті кергенше асықты. ...Асылбек үйінде болмай шықты. Үйі дегенде белгілі үй емес, баспана сымақ еді. Нулы мол өзеннің жағасында, тепсеңдегі үңірейген - үңірейген көп моланың түбінде қам кірпіштен тұрғызған жалғыз там бар. Сол тамда, шөп-шаламның үстінде Асылбектің әйелі отыр. Дел - құлы, кеңкелес әйел екені көрініп тұр. Күлді - бадам көйлегінің етегін ышқырына қысып ап. балықты шикідей жеп отыр. Көзінің жанары нашар.
Елеусіз шошып кетті.
— Асылбек қайда? — деп сұрады ол.
Әйел әупіріммен әрең түсінді.
— Асылбек аңның айқалап, ауданға кетті. Бейшара — сақау екен. Елеусіз аяп, әрі қарай қаужамады. Асылбектің осы әйелді осыдан үш-төрт жыл бұрын күнгей жақтан алып келгенін былай шыққан.
Елеусіз тағы да қиялға шомды.
Жиырма километрдей жер бұрыс жүрген жолаушылар Қаратаудың қақ ортасындағы кенге діттеген мезгілде жете алмады. Елеусіз жолдағы бір ауылға қонармыз деп ойлаған. Бірақ күн байыған тірі жан ұшыраспады. Жол бойынан сәуле, от та көрінбеді. Жүргінші екеудің қара күңгірттікте жүрісі мандымады. Ұйқысы да келгендей. Бір кезде Елеусіз ат үстінде шырпы тұтатып, сағатына қарап еді, сәулеге үймелеген шыбын-шіркейлер көрінді.
— Сағат он бір боп қалыпты. Жолдан шығып, көз шырымын алайық,— деді Елеусіз.
— Менің ұйқым кеп келе жатыр. Таң аппақ атқан соң жүрейік енді,— деді Шынар есінеп.
Елеусіздің дүниеде ең қатты қорқатыны жылан еді. Сондықтан ол аттардың ер-тоқымын сыпырып алып, жастанып жатайық деді. Жылқы терінің исі шыққан жерге жыланның жоламайтынын түсіндірген.
Екі жолаушы шалғынның үстіне тоқым төсеп, өрді жастанып, қаз-қатар жатты. Айдын өларасы болғандықтан түн қараңғы еді. Шығандағы жұлдыздар ғана жылт-жылт етіп, әлсіз сәулесін төгеді.
— Спокойной ночи, Елеусіз— дейді Шынар репс плащын бүркеніп.
— Бүркенбей қоя тұршы. Мен жалғызсыраймын,— дейді Елеусіз.
Шынар сықылықтап күлді. Денсаулығы шымыр қыздың ашық, сыңғыр күлкісі! Елеусіз дегбірсізденіп:
— Шынар, осы екеуіміздің жұлдызымыз қашан қосылады?— дейді.
— Оны сонау жұлдыздардан сұра,— деп Шынар тағы да сықылықтайды.
Елеусіз жұлдыздарды куә етіп, Шынарды құшпақ болады. Бірақ қыз қақпай көрсетіп, үнін суытады. Елеусіз екінші рет батылданғанда:
— Баяғыдан бері ұғынысатын кезең таппай, жұлдыздардың куәлігін күтіп жүр ме едің? Бұл қылжақ сіз бен бізге келіспес,— деп жігіттің бетін қайтарып тастады.
Елеусіздің ызасы келді. Бикештің әрдайым көрсететін мінезі осы. Лебізі қандай жаман. «Қылжақтама» дейді. Сондайлық періште болса, талай жігітті соңынан неге шұбыртқан? Елеусіздің намысына тиетіні, бұл бикеш, қыз керіп жүрген жігіттей, бай таңдағанда, Елеусізді көптің біріне балап, запаста ұстайды. Көзін таңып, басын айналдырып алғанша жұмбақ боп қалғысы келеді.
Шамданған Елеусіздің аянар жері қалмағандай. Ол мырс етіп:
— Жігіттің бәріне жауабың осылай ма еді, бикеш?— дегенде, Шынар плащын серпіп тастап, орнынан атып тұрды. Елеусіздің үстінен сұрау белгісіндей иіліп, асығыс - асығыс, қадау-қадау сөйлеп кетті.
— Сен өзгенің мінін көргішсің. Ал, өз мініңді ойладың ба? Алда-жалда мендік болсаң, екі-үш жылдың беделінде қайда жоғалдың? Рафих иен Мырзаштан қызғанып, күйіп-жанып кетерлік қандай серт байласып ек? Білгің келсе, олар осы күнге шейін хат жазып тұрады. Және ешуақытта сен секілденіп өзімшіл бейіл көрсеткен емес...
«Мынау не деп кетті?— деді Елеусіз ішінен,— осы мас па, әлде мен маспын ба?» Шынар даусы әнтек қалтырап, әлі сөйлеп тұр. Елеусіз өзінің қатесін таң атқан соң ғана мойындады. «Егер жер шарына күннің сәулесі түспей, ылғи айдың көлеңкесі түсіп тұратын болса,— деді ол,— адам баласы тағылыққа қайта барар еді. Сана сәуледе!»
Елеусіз кінәлі адамдай төмен қарап, ұятын жуып-шаюға тырысты. Досымыздың күй-жайы осылай болғандықтан, оның облыстың орталық қаласына қалай жеткенін, облыстық оқу бөліміне қызметке орналасқан Шынармен қалайша қоштасқанын тәптіштемей - ақ қоямыз. Ибалы жігіттің жүрегін жаралағымыз келмейді...
ІІІ
Елеусіз астанаға ораларда Қарашқа телеграмма берген. Бірінші Алматы станциясынан Лиза екеуі қарсы алды. Қараш қара қасқа «Волгасын» өзі айдап келе жатыр. Елеусіз бен Лиза артында әңгімелесіп отыр. Елеусіз Лизаға көңіл айтты. Жаңа ғана жарқылдап қарсы алған Лиза мұңайды. Естен шығып бара жатқан әкесі қайтадан еске түсіп мұңайды. Елеусіз жолай пәтеріне көп бөгелмей, Қарашқа тартты. Төрт қабат үйдің ең үстіңгі қабатындағы Қараштың үш бөлмелі пәтері мұнтаздай боп тұрған. Соған келді. Қараштың қолында тұратын жиен қарындасы стол үстін неше түрлі тағамға, ішімдікке толтырып қойыпты. Күнілгері қамданғаны көрініп тұр. Бірақ Елеусіз қанды көйлек жолдасының қас-қабағынан танық салқындық таныды. Шомбал Қараш талдырмаш Елеусізге оқтын-оқтын ұрлана, шүйіле қарағанда қара сұр келбеті қарауытып кетеді. Жүрегінде зіл бар тәрізді. Елеусіз ішінен «бұнысы несі?» деп қойды. Қараш Лизаға да салқын секілді. Екеуінің арасында жұбайларға тән жарасты ым - жым сезілмейді. Құрбылық қарым-қатынас қана бардай. Қараштың жиен қарындасымен де Лизаның шүйіркелесерлік тіл таппағаны көрініп тұр. Бір сөздің орайында Лиза осы қалаға оқытушы боп келгенін, таяуда жұмысқа кірісетінін айтып етті. Алматыны мақтады. Бірақ, неге екені белгісіз, Қараш жактырмай, кіржің етті. Бұған онша мән бермеген Елеусіз Қарашты бақытты адамға санайды. Оның жасаулы пәтері де, су жаңа машинасы да, алыстан аңсап келген Лизасы да жа1растықтың үлгісінде көрініп, әлденеге талпындырады.
— Сен бақыттысың ғой,— дейді Елеусіз ескі досына.
— Тірі болсам, өмірден үлесімді аламын,— дейді Қараш насаттанып.
Елеусіздің кейде еліктегіш мінезі бар. Осы сәтте оның да «өмірден үлесін алғысы» келеді. Бірақ қалай аларын білмейді. Тек, әйтеуір, келешекке талпындырған көп мақсаттың ішінде Шынар барын сезінеді. Осындай себептермен ол көше теңселген сейілді кештерде де тысқа шықпай, тар бөлмесінде шұғылданып отырар болды. Айқара ашып тастаған терезесінен ағаштардың әлсіз сыбдыры, торғайлардың шықылықтағаны естіледі. Елеусіз дамылдағанда, соларға көз тігіп, құлақ тосады. Ағаш екеш ағашқа дейін, торғай екеш торғайға дейін жарастық сәнін тапқанда, саналы Елеусіз қалай талпынбас? Ол поэзияға қарай талпынады. Қиырға қанат сермеп, биікке ұшқысы келеді. Арманшыл, қиялшыл Елеусіз жазған жазуларын дауыстап оқып, өзі мен өзі сөйлесер кездері де бар-ды. Бір күні іңірде бала күтуші әжей Елеусіздің бөлмесіне кірді де, ізінше шығып кетті.
— Осы жиен балаларың — бірдеңенің шалығы тиген бала емес пе өзі?— деді ол шай қамын жасап жатқан Зағипаға.
— Е, жоқ а, қай-қайдағыны!..
— Бетім-ай,— дейді әжей,— апақ-сапақта қолы ербеңдеп, сампылдап сөйлеп тұр. Иманым тас төбеме шықты.
Зағипа:
— Өлең жазарда ақындардың арқасы қозып кететін көрінеді ғой,— деп кейуананы жұбатты.
Шай үстінде Зағипа Елеусізге бүй деді.
— Журналда шыққан өлеңіңді көршілерімізге көрсетіп едім. «Ш...ға» дегені кім деп сұрайды. Бәсе, мың кім еді, қарағым - ау? «Жақсыны көрмек үшін» демекші, көк шыбықтай бұралған біреу болса, ертіп келсеңші. Таныс, біліс боп жүрейік.
Зағипа — жасы жер ортасына келіп қалған, сары қатын. Бірақ көңілін анау-мынау келіншегіңе бермейді. Бетінің шырайы қашып болмаған ашаң, қағылез әйел әмсе жасаң көрінеді, Соған орай жеңіл-желпі тәжіке тілеп тұратын мінезі және бар. Мұнысын салмақты Көкең ұната бермейді. Қазір де әйелінің сықылықтап, дәмсіз ұзақ күлгенін жаратпай, түгі төгілген қабағын түйіп, тұнжырап қалды.
Дастархан жиналғанда Көкең салмақты, салқын үнмен:
— Шырағым, жел сөзге желігіп қайтесің. Қазақта он адамның біреуі ақын ғой. Одан да журналистиканы қуа бер. Сенен бірдеңе шықса, түбінде осыдан шығар білем,— деген.
Елеусіз өзін кәдімгідей ақын санаушы еді. Сондықтан Көкеңнің «Қазақта он адамның біреуі ақын ғой» деп кекеткені шымбайына батып кетті. «Кежегесі кері тартып тұратын адамсыз - ау!» деп ойлады ол. Елеусіз Кәриманға қарсы дау бастап, ақын-жазушының көптігі ешбір елдің бойына мін болмайтынын айтып келе жатыр еді. Нағашысы лекіте күліп алды да:
— Сен маған фәлсафа соқпа,— деді.— Ежелгі Грецияда қаншама ақын болғанынан бәріміздің де хабарымыз бар. Бүгінгі Үндістанның мүшәйраларын да көріп келіп отырмыз. Жанға шаққандағы жазушысы көп елді баяғыда Горькийдің баяндамасынан білгенбіз. Менің айтып отырғаным — тамырлы поэзия туралы. Зейініңе түйіп қой, шын ақын әзелден - ақ аз болған. Шын ақынның жырын оқығанда сыртынан ғашық боласың. Бірде майдан, бірде ләззат әлеміне еніп, өзіңді өзің ұмытасың. Еріксіз елтисің, еліктейсің. Тула бойын шымырлап кететін кезі болады. Ал, сенін «Ш...ға» арнаған өлеңің біздің қатын сияқты наивный оқушыға ғана ұнаса керек.
— «Наивныйың» не, ай, сенің?— деп Зағипа шап ете түсті.
Нағашысы мен нағашы жеңгесінің қақтығысып қалуына себепкер болған өзі екенін сезген Елеусіз әңгіменің бетін басқа жаққа бұруға тырысты. Бірақ нағашысы көнбеді. Қадалған жерден қан алатын сырқынды қалпына басып, өнер өрісіндегі жетелілік пен жетесіздік туралы шаншыла сөйлеп кетті. Кәриман талай талант иесінің өзінің төте жолын таппай, адасатын шақтары болатынын, қабілет қырларының ең құйқалысын танып ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айтты. Кәриманның байқауынша, Елеусізде музыканттық, артистік икемдер бар екен. Бірақ ол жаратылысының әсершілдігі туған қосалқы қасиеттер ғана сияқты. Кәриманның Елеусізді ақын емес дейтіні, оның өлеңдерінде, сезім мен парасатты зорлап қиыстыру ғана бар. Әрине, осымен де талай жерге барып қалуға болады. Бірақ ақыры өкініші одан да ауыр болмақ деген. Кәриман ұзақ сөйлеп отырды. Неге екені белгісіз, үнінде ашу жатыр. Әлдекімге деген наразылығын осынау топшылаулар арқылы жеткізіп отырған тұңғиық түрде.
Ол, тек әңгімесінің соңында ғана аз жібігендей боп, сынған үнмен:
— Памятың өте күшті екен. Және көргеніңді, естігеніңді жүйелеп жеткізе білерлік тілің де бар екен. Жолда қалдырмайтын қара сөзді қуа бер деген себебім сондықтан еді, шырағым,— деп қойды, Зағипа күйеуіне ойыса қарады.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
І
Елеусіз Октябрь мейрамына үлгіре алмай, Сейдін ауданына қыстың жуан ортасында жол шекті. Бұл кезде барлық дерті «Бозтөбе» совхозының адамдары туралы жазып жүрген повесіне ауғаннан басқа тіршілікті ұмытып, қызметтен босанып кеткен еді. Асығып-аптықпай, «Жылқы туралы кітаптың» аудармасын баспаға өткізіп, алансыз боп аттанды. Аударушы о баста 25 процентін жеп қойғандықтан, баспа да жоспардан сызып тастай алмай, жылдан жылға кешіріп келе жатқанды. Енді Елеусіз игілік құрар тұсында, үлкен бір жұмыс тындырғандай боп аттанды. Ол аудан орталығында екі-үш күн болды. Ескі таныстары Әділбеков, Алтын тіс және басқалары қарсы алды. Шынар бастығымен келісе алмай, қызметінен босағанын, әке-шешесінің қолына кеткенін соңғы хатында хабарлаған. Елеусіздің қыс ішінде қияндағы отарға сапар шегуіне көбінесе осы себепкер болған. Қыстыгүні құмға машина қатынай алмайды. Елеусіз салт атпен шықты. Қасында Әділбеков ертіп жіберген жол бастаушысы бар. Күн шамалы аяз еді. Екі жолаушы аттарының демін будақтатып, омырауына қырау тұрғызып, құмның жықпыл – жықпылында отырған отарларға да жетті, Елеусіз мініп келген лауын қайырып жіберіп, Шынардың үйінде қалып қойды. Шынардың әке-шешесі елпілдеп, болашақ баласы есебінде қарсы алды. Біркімбай қария да жатырқамай, жадыраңқы қабақ танытты. Ішіне темір пеш орнатқан киіз үйлер— малшылардың баспанасы. Қамыс қоралар — малдың баспанасы. Ығы-жығы құмда осындай ойдым-ойдым отарлар отыр. Келген беттен - ақ, Елеусізді біртүрлі аяныш сезімі биледі. Темір пеш орнатқанымен, киіз үйдің аты — киіз үй. Жұрт шешініп, жайғасып отыра алмайды. Есік ашылғанда үйге жойқын суық лап қоятын болғандықтан әркімнің кіріп-шығуы да өлшеулі. Елеусіздің өте-мөте аяйтыны Гүлнаш. Үйдің жабдығын да өзі істейді, отарларға бас-көз болатын да өзі. Күні бойы аттан түспей, отардан отарды аралап, өріс көріп жүретін шақтары жиі. Ірге жалға барып, рация арқылы аудан басшыларымен сөйлесіп қайтатын кезі де бар. Әйелі осындай күйде жүргенде Оралдың тындыратыны шамалы. Қораның тоңын ойып, қойдың киын күрескеннен басқа қолқабысы жоққа тән. Аз күнге демалысқа келгенін, ертең көктем жылт етсе қыруар жұмысқа кірісетінін айтып, өзін-өзі ақтағандай болады. Кеште, Гүлнаш ішігін жамылып қисайып жатқанда, домбыра шертеді, не Елеусізге шерткізіп, көзін жұмып, мүлги, балқи тыңдайды. Бұл екеуінің өнері өзінен көш төмен екенін көре тұра, Гүлнаш апай кәрі аспапты қолына алмайды. Күндізгі жұмыстан шаршай ма, немесе аз тыңдаушыны місе тұтпай ма, әйтеуір күйге көңілі соқпайды. Осындай біркелкі тіршілікте қоңыр күндер өтіп жатты. Күндіз от басында қалатындар: механик Орал, журналист Елеусіз және...— мамандығын не деп айтсақ болар екен? — бастапқы мал дәрігері, кейінгі мұғалима, Шынар. Жеңіл-желпі үй түйтпегін ғана атқаратын Шынар уақытын көбінесе кітап оқумен өткізеді. Москвада тұрған жылдарында да Шынардың оқитыны кілең ғашықтық туралы романдар болушы еді. Сол оқығандарын көп ұзамай ұмытып қалатын әдеті және бар-ды. Сондықтан Шынардың оқушылық еңбегін Елеусіз құмға сіңген судай көретін. Бұл жолы да солай сезінді. Бір күні екеуі кешке таман ауылдың жанындағы биік шағылдың басына шығып тұр еді, күндізгі сынық рай шұғыл өзгеріп, Арқа жақтан тұтасқан сұр дауыл шегірткедей қаптап келе жатты. Дымқыл бүріккен ызғарлы жел тиген жерін қырық инесімен шабақтап өтеді. Елеусіз табиғаттың құбылмалы мінезін қызықтап тұр.
— Ойбай, үйге қайтайық,— дейді Шынар.
Олар қораға қарай томыр аңдап жүгірген қойлармен араласып кетті. Суық сорған қойлар тынымсыз маңырап, ауыл үстін азан-қазан шуға толтырды. ...Қорғасын күңгірттік қоюланып, қараңғылық түсе бастағанда үй сыртында ат оқыранды. Тысқа шыққан Орал:
— Гүлнаш жығылып қалмаса игі еді. Көкқасқа ер тоқымын сүйретіп кеп тұр ғой,— деген.
Ауылдың берекесі қашып, үрейленді.
Орал мен Біркімбай Гүлнашты іздеуге кетті. Былай шыға - ақ айқай-ұйқайға басып барады. Ауылдағылар тайлы-таяғымен биік шағылдың басына шығып, алаулатып от жағып, айқайласты. Басшылық етіп жүрген — Мүсірәлі. Оның даусы да зорырақ шығады. Бір кезде Шоңбай секілді шынжыр балақ, шұбар төстің қол шоқпары болған, Гүлнашқа көп қиянат жасаған, ел ішінде У төккен атанған жұқ Мүсірәлі, қу Мүсірәлі енді мүлдем басқаша сапада қарекет етіп жүр. Елеусіз ішінен: «Шіркін, өмір, неткен қызықсың!» деп қойды. ... Түн ортасы ауып барады. Шынар мен Елеусіз ауық-ауық тысқа шығып, тың тыңдайды. Бірақ ызғарлы, меңіреу түз санасыз уілден танбайды. Шешемді қасқыр жеп кететін болды деп жылай-жылай Шынардың екі көзі домбыққан. Елеусіз қиялданады. Басына неше түрлі бейнелі ойлар оралады. Көлденеңі қырық шақырымдай ғана жықпылда Гүлнаш адасып жүр. Оны сабаудай салт атты екеу түн ұзаққа іздеп таба алмай жүр. Бұл уақыттың ішінде жасанды жер серігі дүние жүзін әлденеше рет айналып шығар еді. Біздің әлем — кең де, тар да. Кең болатын себебі, осы минутта құмда, далада, тауда, теңізде, мұхитта, қаланың көшелерінде қаншама адам адасып жүр? Әй, жалғыз Гүлнаш емес шығар!.. Осы минутта неше адам туып, неше адам өліп жатыр? Неше жұбай неке қиысып, неше жан сүйісіп, неше пенде төбелесіп жатыр?.. Төбелесіп дегеннен шығады, Алжирде ғой қазір кешкі мезгіл болуға керек. Ал, Кубада ше? Қап, Елеусіздің уақыт кестесін жадында тұтпауын қарашы! Долбармен айтқанда, Хиросимада қазір сәске боп қалды. Елеусіз жаңылмаса, американ ұшқышының атом бомбасын тастаған мезгілі осы... Осындай шытырман, байтақ дүниенің тар көрінетін себебі, атомдық кеңістікте жер шары жұдырықтай ғана нәрсе. Оны Елеусіз жақсы біледі. Сақтиян доптай зырылдаған сол жер шары глобустан шолуға оңай болғаны болмаса, ішін аралай бастасаң шаршатып -шалдықтыратыны, тұмандатып адастыратыны бар. Гүлнаш апай түйенің өркешін таба алмай, мойнағында адасқан бүрге тәрізді. Бірақ сол бүргенін өзі жатқан бір әлем. Қалтарыс - бұлтарысы мол, шетсіз-шексіз, құдірет әлемі. Елеусіз басы жұмыр пендені осынау жер шарына ұқсатады. Сыртынан қарауға оңай да, ішіне кіруге киын. Адамның ішінде қаншама мейірім, қаншама қаталдық; қаншама ыстықтық, қаншама суықтық бар. Адамды адастыратын да адам. Өнгені былай қойғанда, осы Шынардың өзі Елеусізді қаншама әуре-сарсаңға салды? Келешекте нендей хикметтер тосатыны және мәлімсіз.
Елеусіз осындай қиялда отырғанда Шынар оған:
— Апам осыдан аман-есен келсе Бозтөбеге алып кетер едім,— дейді.
Бозтөбеге! Онда қалт-құлт етіп күн керіп отырған Шіркімбайдың үйі бар. Механик Орал да сол үйде тұрады. Гүлнаш ферманың малын тастап кетер ме? Шынардың өзі пәлен Жылдан бері кімнің арқасында шолжаңдап жүр? Әкесінің арқасында ма, шешесінің арқасында ма?
Осыларын байыптайтын Елеусіз:
— Ол мүмкін емес қой, Шынар,— дейді.
Шынар да ойланбай сөйлегенін енді сезіп, майыса мұңаяды. Көзінің жасын сығады. Елеусіз оты өшіп бара жатқан темір пешке шырпы, сексеуіл салып, үрлейді. Пеш қайтадан гуілдеп, жалынды әуеніне басады. Жан-жануардың бәрі ұйқыда. Тек, Біркімбайдың есектей нән қара тазысы ғана «екеуіңе мен серік» дегендей, көзін оқта-текте ашып-жұмып, бүйірі бүлкілдеп, босағада жатыр. Осылайша олар өрелі түнді кезімен атқарды. Москвада оқыған тұстарын еске түсірісті. Қараш пен Лиза сөз болды. Елеусіз Лизаның жай-жапсарын ұзақ әңгімелеп отырды. Қараш екеуінің тағдыр түйістіретін кезеңі жетсе де, екі жарты, бір бүтін бола алмай жүргеніне түсінбейтінін айтқан. Бұл — ендігі кезек екеуіміздікі дегені еді. Шынар бұны түсінбеген. Шешесі адасып, қатердің құрсауында жүргенде бастаңғы сыр ақтарысуға бара алмады. ...Таң бозамықтанып атып келе жатқанда, Гүлнашты тауып, Орал, Біркімбайлар оралды. Гүлнаштың бетінің ұшы мен саусағының ұшы үсіген. Пешке жақындамай, теріс айналып, ыңқылдап жатты. Апалап қасынан шықпаған қызының маңдайынан иіскеді. Елеусіздің есіне баяғыда Асылбектің тепкісінен ауыр сырқатқа ұшырап, өлім аузынан қалған Гүлнаш түсті. Онда да пәле өстіп үсінуден басталып еді.
Гүлнаш болған оқиғаны ыңқыл-сыңқыл арасында ентіге баян қылды.
— Рация арқылы ауданмен сөйлесіп, ірге жалдан қайтып келе жатқанымда қақпанға түскен қасқырға ұшырастым. Тегеурінді, көк қақпаннан артқы екі аяғы қирап, қаусап қалған қасқыр шойқалаңдап, қаша алмайды. Кезі қанталап, тілі салақтап, кеудесі қусырылып, барып-келіп тұр. Өзі өлгелі тұрған қасқырды қанжығама байлай кетейін деп қасына бардым. Үзеңгімді суырып ап, қақ басынан періп өттім. Қатты тимеді - ау деймін, серең етіп құламады. Тағы қайрылып ұрғанымда ақтық долылықпен шапшып, аузы атымның омырауына ілінер-ілінбес боп қалды. Содан, не керек, өлген қасқырды салақтатып, ердің артына бөктере берейін дегенде атым оқыс үркіп, ортқып, тізгінін жұлып әкетті де, ойнап шыға келді. Шақырғаныма көнбей, оқырана кісінеп, желе-жортып тартып тұрды. Артынан жүгіре - жүгіре шаршадым, шақыра - шақыра даусым қарлықты. Ызаға булығып, жыладым.
— Қашқан атты қуамын деп жүріп, басым айналып қапты. Күні құрғыр да қара дауылдап, жөн-жобаны танытпай қойды. Шығыс пен батысты, күнгей мен теріскейді шырпылардың басына қарап долбарладым. Жан дал баспен жүре бердім, жүре бердім. Ақыры жүруге де жарамай, бойдан әл кетіп, бір түп сексеуілдің түбінде бүрісіп отырдым. От жағайын десем, қалтамда сіріңке жоқ. Әйелдігім есіме сонда түсті. Содан өлді деген осы ғой деп жылап-сықтап отырғанда айқай есіттім. Оралдың даусын танып, далақтай жүгіргенімді бір-ақ білем.
Гүлнаш апай оқтын-оқтын сусын сұраумен болды. Қышқылтым сусын сұрап, қымыранды аңсады. Күрт ездіріп ішті. Қызы осындай халде жатқанда, Біркімбай таңертеңгі шайды ішіп бола салысымен, Гүлнаш тастап кеткен қасқырдың терісін алып келуге кетті. Елеусіз норсульфазол, пенициллин сияқты дәрі-дәрмек іздестіріп, таба алмай қойды. Отарда дәрігер, фельдшерлер ырымға жоқ. Қақаған қыста, киіз үйде, шаруа басындағы шешесінің қолында тұратын Шынардың бейқамдығы да осы арада білінді. Москвада оқып жүрген кездерінде тымауратып қала беретін Елеусіз Шынармен бірге қыста коньки теуіп, жазда суға жүзіп шыныққалы бері суыққа бой алдырмайтын. Сондықтан ол да қалтасына дәрі-дәрмек салып жүруді дағды қылмаған. Тек осы арада ғана өзінің қамсыздығына өкінді. Бір тәуір жері, Гүлнаш үш-төрт күннен кейін айығып кетті. Көп ұзамай атқа қайта қонып, кәнігі тірлік қамына кірісті.
ІІ
Оралдың Бозтөбеге қайтар шағы да тақалған. Елеусіз онымен бірге кетпекші. Бозтөбеден ауданға, ауданнан Алматыға қайтпақ. Қолы бос Шынар жер аяғы босаған соң астанаға өзі келмек боп уәде түйіскен еді. Сол күні іңірде жапалақ-жапалақ қар жауа бастады. Желсіз, борансыз, жайлы қар жауған үшін малшылар күпілдесіп, төтен жабдыққа кірісіп жатты. Кешкі ас-су ішіп болғанда Біркімбай қария жаратылысқа ризалық пішінмен екі қайтара кекіріп алды да, шоқша ақ сақалын тарамдап отырып:
— Бала көңілін көтерісіп. Таңертең аңға шығайық. Біз оралғанша малға бала-шаға, қатын-қалаш қарай тұрсын. Ауылдың маңы от қой,— деді.
Ауыл адамдары құптап жатыр. Азанға дейін жел тұрып сыпырып кетпесе, мынадай берекелі ұлпа қарда аң атаулының ізі сайрап жататынын, бауыры су болған түлкі ұзаққа қаша алмайтынын, ал, қоянды түйемен соғып алуға болатынын айтысты. Әсіресе, бабында жүрген көк қасқа ат қасқырдың көкжалының өзін құтқармайтынын айтып, көп дәріптесті. Біркімбай екі-үш рет оң қабағын қағып қалды. Шалдың көңілділігін Елеусіз осы қабақ қағысынан аңғарып отыр. Таң алаң - алаң атып келе жатқанда аңшылар атқа қонды. Былай шыға, олар екіге жарылды. Бастаушы топ — Біркімбай, Орал, Елеусіз, Мүсірәлілер. Еріткендері—Біркімдайдың нән қара құмайы мен Мүсірәлінің жуан кек төбеті. Бұларға қосылған екінші топ — ауыл-аймақтың ендігі пысықтары еді. Оларда жарамды ат та жоқ, жүгіргіш ит те жоқ, әйтеуір, «қызығын көреміз» деп ергіштеп, ауыздығы салынбаған шобырларын жүре шалдырып келеді. Алдағылардан көз жазып қалар шақта және оқтын-оқтын, лоқ - лоқ желіп алады. Ал енді бұлардан қалған момын – монды байлар жаяу-жалпы, тайлы-таяқты дегендей;н, әркім байымен базарлап, мал өрісінен ұзамай, қоян - көжек аулады. Осыдан кейін түлкі кездесе қоймады. Аңшылар ауылға қайтып келе жатып жол-жөнекей қоян аулаумен болды. Қара тазы мен көк төбет қалың қарға малтыққан қоянды қаршығадай қағады. Елеусіз бұны да қызықтап, бірге қуысады. Көкқасқа ақыр таң -асатын болғасын қария қабағын шытынбайды. Сонымен, көп жылдардан бері аң аулауды көрмеген Елеусіз мол қызыққа батты. Түлкінің зымырағаны, иттің жүйткігені, қоянның секектегені, аттылардың ызғыта шапқаны, түйіскенде дабырасып лаулаған әңгімелері жадында қалды. Тіпті, осынау жерлердің бұта -бұтасына шейін елеуреп, сиқырланып көрінеді. Кейбір төбелер киіз үйді, түйесіңірлер соның дегесін елестетеді. Қыраулы селеулер — бала кезде көрген келіншектерге бұтағы қарайған томарлар — мылтықты адамға ұқсайды. Балдырған қиял балқи түседі.
ІІІ
Біркімбайдың әкесі Мақы елден асқан есепші болған. Шілдедегі керімсалдың қыстың қайсы кезінде қайсы жақтан боран боп соғатынын, қанша күнге созылатынын күнілгері біліп отырар екен. Жаздың езінде жұлдызға қарап, қыстың қалай боларын болжайды екен. Солай болғандықтан да ысты - сіргелі шаруалары қысылшаң кезеңде Мақының көші-қонын маңайлаған деседі. Сол Мақының баласы Біркімбайдың да азын-аулақ есепшілігі бар. Сәуегейлігіне жұрт оншалықты иланбаса да, ата кәсібінен қол үзбейді. Осы жылы көктем ерте шыққан. Құмда қар қалмай, мал құдықтың суына қарап қалғанына да біраз күн болып еді. Гүлнаш ірге жалдан рация арқылы аудан басшыларымен сөйлесті. Олардан таудың қары еріп кеткенін, дихандар жердің шамалы тобарсуын ғана күтіп отырғанын есітіп, жайлауға көшуге қамданды. Бұл көшке Біркімбай қарсы болды. Өз есебі бойынша, қыстың қайтып соғатынын, қайтып соқса оңдырмайтынын айтып безектеген. Бірақ отардағы жұрттың бәрі жаппай қозғалып жатқасын Гүлнаш ферманы жалғыз алып қала алмады. Сонымен, олар көп малшынын қапталында жылыстай - жылыстай отырып, кәрі Қаратаудың бөктеріне келіп қонған. Ерте шыққан көктемнің жайма-шуақ күндері тізбектеліп өтіп жатты. Біріне бірі ұқсас күндер күн сайын бірінен бірі ажарлана берді. Жердің көктұқыл көгі тебіндеп, туындай бастады. Сөйтіп, бүкіл табиғат жайдары, шапағатты дүниеге талпынып тұрғанда ауа райы кенет бұзылды. Бұны жан-жануардың ішінен жылқы бұрын сезді. Қой, ешкілер бытырап беймарал жайылып жатқанда, жылқылар ұйлыға нөпірлер, шалғайдағы сұмдықтың сарынын естігендей, шұрқыраса кісінеп, азан-қазан болды. Біраздан соң ылдиға қарай ойыстап, ызғын тартып, бақташыға қайыру бермей, әлек салып берді. Кешке қарай күн көрнеу бұзылып, аспан әлемін қорғасындай қара сұр бұлттар торлап алды. Күн батар шақта жапалақтап қар жауған. Өркеш-өркеш қара бұлттар шығысқа қарай жылжып, арты мүлдем қоюланып, түнерді де, көз байлана, жапалақ қардың орнын киыршық қар басты. Онымен бірге жел тұрып, жаяу борасын басталды. Елеусіз кеткелі бері көңілі жарым Шынар үйге сыймай елегізіп, далада көп қыдыратын. Мынау жаяу борасында да солайша ұзақ жүріп қалып еді.
— Бейуақытта қайда құрып кеттің? — деп шешесі зекіді де, қызының сынық, мұңды ажарын аяп, шаруа қамын зекусіз айтып кетті:—Мына күннің түрі бұзылды ғой. Қиыршықтаған қар ұзақ жауушы еді. Қоңылтақ қойлар іш тастап кетер. Шарбақ құрып, сыйғанша үйге кіргізіп алайық. Мүсірәлілерге де солай ет деп тапсырдым.
Гүлнаш пен Шынар аласапыран ақшамда апыл-ғұпыл қимылдап, осы қалай деген жиырма шақты қойды үйіне әкеп қамады. Бойы жылынған қойлар жүнінен бу ұшырып, отындық жусан, шенгелді қаужап, бырт-бырт күйсеп, үй ішін құмықтырып жатты. Осы тәсілді әр үйлер - ақ жасаған. Бірақ көп қой үйге сыймайтын болғандықтан ерекше күйсіздерін, бүгін-ертең туашақ кәрі-құртаңын ғана паналатып, қалғанын тәуекелге тапсырып отыра берді. Ымыртта күшейген жел түн ортасы ауа дауылдатып, күспе қарды алай-түлей ұйтқытып, кәдуілгі ақ құйрық боранға айналды да кетті. Күзетшілердің жаман шыққан дауысынан ересек адам атаулысы түгел оянған анау үй де, мынау үйде жеті түнде қатты әбігерленді. Алыстан айдау жеп, күйі қашып келген, аузы көкке жина тиген қой мен ешкілер топырлап, бүрсиіп, ықтайды. Ызғарға шыдамай маңырап, әлдекімнен рақым тілейді. Іш тастап жатқандары тіптен көп. Шала туған қозы, лақтар шаранасымен қатып қап жатыр. Жылқы жануарлар күндіз бекерге шуласып, кісінемеген. Марттың аяғында бұндай сұмдық болады деп кім ойлаған? Біркімбай шал сұңқылдап, әлдекімдерді қарғап жүр. Түн ортасында Гүлнаш дауылдың уілі мен ызыңынан шошып оянып, малды уайымдап, күрсініп жатқан еді. Бойкүйезденіп бұғып жатқандардың бәрін тан бозарысымен аяғынан тік тұрғызды да, өзі жондағы рацияға тартатын болды. Ауданмен сөйлесіп, тракторға тіркеген машиналар келтірмекші. Осы маңайда, қырқа - қырқаның басында шөмелелер, маялар бар. Арасы 5—10 шақырымнан аспайды. Бірақ сол шөпті тасып жеткізу мұң болды. Қолда машина жоқ. Болса да мынадай сұрапылда тракторсыз жүре алмайтыны анық. Әу баста малдың өрісіне әкеліп жинамай, шабылған жеріне шөмелелей салудың өзі үлкен әбестік болғаны енді байқалып отыр. Кеше кешке қар жауысымен-ақ қойды солай қарай айдатпақ болған. Бірақ өрістен шаршап келген мал айдауға жүре қоймады. Сондай қарбалас басталғанда жел тұрып жаяу борасындатып кетті де, ұсақ мал мүлде бұйығып, үйіріліп қалды. Үздіксіз маңырап, бақташылардың берекесін қашырған. Сонымен, Гүлнаш көкқасқаға мініп, таң ата жол тартты. Неге екенін қайдам, жүрерінде қызынын маңдайынан иіскеп, бетінен сүйді. Бұл уақытта кісінеуі асқынып, бірінің жалын бірі жұлып жей бастаған үйір-үйір жылқыны Біркімбай қырқаның басындағы шөпке қарай айдамақ болды. Бірақ жалғыз өзіне ашыққан жылқының бой бермесін де біліп тұр. Жұмыстың ыстық - суығына төзе алмай, қолқанат жігітінің өткен күзде Қаратаудың қақ ортасындағы кенге қашып кеткеніне осы жолы ғана өкінгендей болды.
Жаны қысылған Біркімбай бір ауық үйдің жанына келіп:
— Шынар жан, атқа мініп, мына жылқыны айдаса алмайсың ба? Еркек кіндіктің бәрі өз зобалаңымен боп кетті,— деген.
Шынар жылқы айдаспақ түгіл боранда ат үстінде жөнді отыра алмады. Ветеринарлық академияда оқыған кезінде салт атқа талай мінген. Бірақ мынадай ұрыншақ жылқыны көрген емес. Шынардың өзін алып қаша берген соң атасы тізгінінен ұстап:
— Ойбуй, қарағым, үйге қайта ғой. Сенен қайран болмайды екен,— деді.
Шынар намыстанса да, іші қызған бір ұрт атты жөнге жүргізе алмай қойды. Осыдан кейін Біркімбай Мүсірәлінің үрпек сары баласын атқа отырғызып, байламақ болды. Бұл кезде боран басылып, жылқы да айдауға көнді. Содан шай қайнатым уақытта жылқы қырқа басындағы шөмелені жүн түтіп жатты. Гүлнаш болса желге қарсы тартып кеткен. Сол бетімен бұлаң құйрыққа салып барады. Ол Кең сайдың аузына келгенде үйреншікті жерлерін танымай қала жаздады. Жаз бойында жайқалып, самалаға тербелген қалың шилер қарға қақалып, сидамданып, жапырылған. Мың бұралып, сылдырап, ұзын ағатын Құртты бұлағы қалың қарды жұтып жатқан көк - жентек суын көрсетеді. Құртты бір жарқабақтың астындағы үйірім - қауыз «Әупілдек» деп аталарды. Әупілдек дейтін құс жайлағандықтан емес, кеңірдектен келетін қара суына Гүлнаш, Кәмилалар қыз кезінде әупілдеп шомылғандықтан солай атанған. Жиегі омсырайып, омырылып жатқан сол жарқабақтың тұсынан өтерде Гүлнаш:
— Қайран Әупілдек - ай! — деп қойды.
Гүлнаштың көз алдынан жастық күндері тізбектеліп өтті. Он жеті жасында дәл осындай долы боранмен арпалысып, осы жолмен бір өтіп еді-ау! Зергер Оралдың үйінін үстінен түскені де сол жолы еді. Сонда күндердің күнінде Оралдың зайыбы болам деп ойлаған ба? Басынан неше түрлі хикметтер кешірерін сезген бе? Асылбек, Мүсірәлілердің атқа өңгеріп еріксіз алып қашпақ болған қырқасы қамшылар жақта қалып барады. Сондағы Асылбек енді без теріп кетті. Сондағы Мүсірәлі енді Гүлнаштың қарамағында, қой бағады. Қаншама заман өтті десеңізші! Қаншама адам қаза болды, қаншама адам қартайды, қаншама бала ержетті? Жұрттың бәрі өзгеріске ұшыраған. Өзгергенін сездірмейтін жер ғана сияқты. Мынау Әупілдек — сол Әупілдек. Анау Кең сай — сол Кен сай. Аңғарынан талай буынды өткізіп, түк көрмегендей болады да тұрады. Бір жағы базар, бір жағы мазар жер осы. Гүлнаштың шешесіне осы аңғарда бүйі тиіп, қазасы жеткен еді. Қазір оның өзіне нендей тосқауыл ұсынары белгісіз. Осы аңғарда майып болса, жақыннан да, жаттан да бір уыс топырақ бұйырмай, ит пен құсқа жем бол ары сөзсіз. Тегі, тіршілік шіркін тартыс екен ғой. Ес біліп етек жиғалы Гүлнаштың бар өмірі тартыспен өтіп келеді. О баста бас бостандығы үшін алысты. Басына бостандық тиген соң отбасының түйтпегімен отыра бермей, қоғам жұмысына араласты. О да күреспен өтуде. Енді, міне, боран екеш боранмен де жағаласып келеді. Кен сайдың аңғарының екі жақтауы да қойтасты, жалаңаш заңғар. Сол екі заңғардың да бораған қары қиялап бұрала ұйтқып келіп, құйылысқа тығылып жатыр. Қиялшыл Гүлнаш ұйтқыған ұлпа қарларды диірменнің діңгек тасынан бұрқырап, астауға құйылған ұнға ұқсатады. Заңғардан аса соққан дауыл үні баяғы бір көріктің уілдегенін еске түсіргендей болады. Гүлнаштың көзіне жартастар да, бұталар да әлденелерге ұқсап елестеп, ойына әр түрлі қорқыныштар кіре бастады. Беймаза ызыңнан жалғыз жолаушы шошына елегзи кетті. Ылдидағы емес, қырқаның үстінде жел мүлдем күшейіп, ызғырып, қаңғырған әйелді қар құйыны ұшықтады. Кірпігін қар тұтқан Гүлнаш қанша жер жүргенін білмейді. Әйтеуір, желдің ауыспағанын медеу етіп, түстікке қарай тарта берді. Көкқасқа да қажығандай, жылғада омбылап, қыратта қырылдап, танауы бұрқырап, қайта-қайта пысқырады. Басын жерге төсей етпеттеп, тұмсығымен соқпақ тіміскілегендей болады. Құлағының түбіне қар тұрмай, буланып терлейді. Аттың көкірегі демігіп, ентіге қырылдайды. Гүлнашқа бір ауық: «Ізім қайтып кетсем бе екен?» деген де ой келеді. Бірақ қайта алмайды. Қайтып барса, мынадай қатерлі сұрапылда малдың қырылып қалатыны күмәнсіз. Мал қырылып қалса, баяғыдан бергі сіңірген еңбегі, тапқан абыройы зая кететіні және түсінікті. Сондықтан да ферма меңгеруші әйел ертектегі аузынан көбік шашып сақылдаған ақ бурадай долы боранмен алысуға шыдап келеді. Гүлнаш қойны - қонышына қар толып, қалжырай бастағанда Дегізердің төбесін көрді. Ашық күндері сонау Кең сайдың жотасынан көрініп, мен мұндалап тұратын биік Дегізер дәл түбіне келгенде ғана қарасын шалдырды. Гүлнаш уһ деп, демін бір-ақ алды да, атының басын құбылаға қарай шұғыл бұрды. Боран да сәл толастағандай, ана жақ, мына жақ қылаңдап көріне бастады. Жүргінші әйел қуанышы қойнына сыймай, Араптың бұлағы деп аталатын сайға құлады. Сол сайда баяғыдан қалған жаман тас қоры бар еді. Соны айналып өте бергенінде аты үрікті. Гүлнаш ұшып кете жаздады. Көкқасқа да шиыршық атып, еліре пысқырғанда, Гүлнаш анадай жерде етпеттеп жатқан екі қасқырды көрді. Біреуі арлан, біреуі қаншық. Түрлері тіптен жаман. Көзі қанталап, от шашады. Гүлнаштың жүрегі дір етіп, тебе шашына шейін шымырлап, тұла бойы қалтырап кетті. Қаша жөнелсе, аңдып жатқан көкжалдың бас салатыны күмәнсіз. Сондықтан тез есін жинап, ат үстінде қалшиып қалды. Бұл да екі көзін қасқырлардан алмай, еріксіз арбасады. Қашқақтамай, қарсы қарап, қайрат қылады. Көкқасқа да ақ танауы қыбыр-жыбыр етіп, көзі шатынап, басын кекшитіп, шапши қарғуға дайын тұр. Екі қасқыр аяғымен қар теуіп, аш бүйірлері қусырыла, ұли бастады. Алыстан ұлыған басқа берілердің де үні еміс-еміс естіледі. Сол демеу боп, әрі жолаушының әйел екенін таныған соң мүлдем құтырынып, жонын күжірейтіп, қиыршық қарды бұрқырата бастады. Тек, аттың арындылығынан ғана жүрексініп жатқандай. Қапысын көздеген түрлері бар. «Опырмай, өлетін болдым - ау енді» деп Гүлнаш не қыларын білмей, құлағы шуылдап, басы мең-зең боп тұрғанда әлдеқайдан айқайлаған дауыстар естілді. Қасқырлар қар тебуін қойып, қамыс құлағын тіге тыңдап тұрғанда, гүрс-гүрс етіп, екі дүркін мылтық атылды. Екі қасқыр тас қорадан шығып, асықпай артына қарайлап, сүмеңдеп кете барды. Жүрегі орнына түскен Гүлнаш «Осы сұрапылда аң қуып жүрген кім болды екен, ә?» деді де, — ылди - төмен бүлкілдетіп жүріп кетті. Осыдан бес минуттей өткенде Гүлнаш Нұрша мен Мырзашқа жолықты. Олардың да рацияға бара жатқан беті екен. Боранда адасып, бағдарынан жаңылып қапты. Айқайлаған, мылтық атқан себептері сол екен.
— Адам адасқанда басы айналар білем,— дейді Нұрша.— Дегізердің төбесін көріп тұрып, қалай жүрудің ретін таппадық.
— Сендерді де еркек дейді-ау,— деп Гүлнаш сықылықтап күлді.
* * * Гүлнаш рация арқылы аудан басшыларымен сөйлесіп, қайтып келгенде боран толастаған. Бірақ қар қалың. Ұсақ мал аяғынан жайыла алмады. Көп ұзамай аудандық партия комитетінің бірінші секретары Сабыр Әділбеков, совхоздың директоры Жүніс Олжабаевтар да келді. Тракторға тіркелген машиналар ағылды. Алдыңғы саппен Орал да жеткен. Бірақ сол тракторлар әрі дырылдап, бері дырылдап, қырқаның басына шыға алмай қойды. Баурайдың қары тіптен қалың, күртке еді. Қыруар малдың қырылғалы жатқанын облыстың басшылары да, республиканың басшылары да естіген. Тіпті Москва да хабарланып қалған еді. Телеграммалар қардай борап жатты. Телеграф бағаналары жығылып, байланыс үзілгенде, радиограммалар жауды. Облыстың бір-екі басшысы «ПО-2» самолетіне мініп шыққан. Боран толастағанда тау бөктерінің қай жеріне қонарын білмей, қалықтап ұшып жүрді. Жердің ой-шұқырын жақсы білетін Орал атқа мініп, қолына жалау - белгі ұстап, ылдиға қарай далақтап шапты. Бүркіт қайырған құсбегіге ұқсап бара жатты. Бұл екі арада әбігер, зобалаңнан есін жиған қарт қойшылар мынадай ақыл-айла тапқан. Қырқаның басындағы жылқыны осы араға дейін әлденеше рет әрі-бері дүрліктіре айдайды. Сонда тракторға жол ашылады. Алғашқыда бұған иланбаған Әділбеков қыза келе жылқыны өзі қоса айдасты. Айқай-ұйқайға басып, өзгелерге демеу болды. Самолет ылдиға, былтыр Елеусіз, Қараштар шомылатын бұлақтың басына қонған еді. Самолеттен шыққан кісілер қалың қарға омбылап, жаяу-жалпы жеткенше әлгіндей қарбаластар болып жатты. Әділбековтің есіне Никита Сергеевич Хрущевтің сөзі түсті. Не деп еді ол кісі? Жылқыны көп есіріңдер, деген. Жылқыға бақташы көп керек емес, әрі қойға қарағанда төзімді; түзде өз күнін өзі көреді, деген. Тіпті, қыстың көзі қырауда тұяғымен қар шашып, қойдың жайылуына жол ашатынын айтқан. Сол жылқыңыз, енді, міне, кереметті көрсетіп отыр. Тракторға жол ашып, қой мұңдықты аштықтан құтқарғалы отыр. ... Тракторлар шөмелеге жетіп, ылдиға шеп таси бастады. Малдың өлгені өліп, қалғаны аузы шепке тиген соң, тірі қалды. Жантас отырған Киров атындағы колхоз сияқты шаруашылықтар да осындай әдіспен осы жақтан шөп тасумен болды. Олардың малы көбірек қырылды.
Ауданға кетерінде Асылбеков Олжабаевқа салқын қарап:
— Осы шығасының себептері туралы келесі бюрода мәселе қараймыз. Соған барлық ферма меңгерушілерін алып келіңіз,— деді.
Қаратау бөктерінде осындай боп жатқанда Алматыда жаз шығып тұрған. Дүниенің кеңдігінің бір белгісі осында сияқты. Гүлнаш борандатып жонға бара жатқанда Елеусіз Алматыда кітап басып шығаратын мекемеге келе жатты. Өткен қыста тапсырған аудармасының жай-жапсарын білмек еді. Түнеугі бір күні келгенінде редакторы демалыста жүрген. Елеусіз кіргенде редактор Шақабаев күмілжи амандасты да, төмен қарап отырып қалды. Реңі қарауытты.
Елеусіз шаруасын айтты.
Жаныбек Шақабаев басын зорға көтеріп:
— Оның бір шатағы болып жатыр,— деді.
— Нендей шатақ?
Жаныбек Елеусіз ойламаған, тоспаған суық хабар айтты. Бұл кітапты баяғыдан бері Қараш Беков аударып жүреді екен. Жуырда әкеліп тапсырыпты. Оның аударып жүргенін бұлтарса ұмытып кетіпті. Сонымен, екі қолжазба жарысқа түскен соң шығарушылар алқасы екеуін де сарапқа салады. Төрешінің рецензиясына қарағанда, Бековтің нұсқасы өтетін сияқты деген. Елеусіздің жүрегі аузына тығылып, өкпесі қысылды. Тула бойы шымырлап, маңдайынан тер шықты. Қаншама нерві, қан-сөлі, саламаттығы сарп болған, екі рет көшіріп жазып, ортан қолы құс байлаған енбегі заяға кеткені ме? Нендей үміт артып еді буған? Жылқы жайынан жазатын кітабының азғындай көрмеп пе еді? Енді не етпек керек? Қапас тығырықтан қалайша жол тауып шықпақ керек? Елеусіз үн - тілсіз тысқа шықты. Бетіне салқын самал тигенде біраз ширағандай болды. Көше жағасындағы терекке сүйеніп, темекі тартты. Тері құрғап, бойы жеңілденді. Денесінің дірілі басылды. Содан кейін ол редакторға қайта кіріп, рецензиямен танысты. Рецензияға қол қойылмаған. Бірақ кім де болса білімдар кісінің жазғаны сайрап тұр. Рецензент: «Нұсқаның екеуі де кәдеге асарлық. Тіпті, екеуін бір кісі жасағандай әсер аласын» депті. Содан кейін Беков аудармасының тілі орамды, жатық екенін, малшы жұртшылықтың ұғымына әбден сай келетінін бөліп атап, ерен марапаттапты. Бірақ оның есесіне тым қазақшылаймын деп түпнұсқадан ауытқып, алшақ кеткен жерлері де бар екенін, қазақтың қайсы бір мақал-мәтелін, бейнелі сөзін жамап-жасқап жарастықсыз қолданғанын сынапты. Бұл жағынан келгенде, екінші аударма түпнұсқамен туыс қандас деген. Тек, кейбір сөйлем орамдарында іркіс - тартыс селкеу бар, деп өкініш айтыпты. Бірақ, бұл майталман редактор қараса қаламның ұшымен түзеліп кететін кемшілік, деп жұбаныш та білдіріпті. Ішінің кімге бұратынын сездірмей, қоянның жымыңдай шырғалаңға сала келіп, «өзге жағын өздерің біліңдер» дегендей, билікті шығарушылар алқасының ықтиярына қалдырыпты. Елеусіз рецензиямен айналысып жатқанда телефон шылдыр етіп еді. Шақабаев қысқа тілдесті де:
— Мені бір мөлдек мәжіліске шақырып жатыр. Оқып болған соң мынау әйнектің астына салып кетерсіз,— деп столының үстіндегі шыныны нұсқады.
— Мақұл.
Елеусіз рецензияны екі дүркін оқып шықты. Содан кейін едәуір ойланып отырды да: «Қараштың қолжазбасы қайда екен?» деді. Сол замат столдың қат-қат жәшігіне көзі түсті. Жәшіктер папкаға сықа толғаны сонша, аузын жабатын саңлау қалмаған. Елеусіз тартпаларды тартып аша бастады. Үстіңгі жәшікте баспаханадан жаңада келіп жатыр. Қорғасын қосындысының ауыр иісі сезіледі. Елеусіз ортаншы жәшікті ашқанда, Бековтің аудармасы ұшыраса кетті. Оның астында тұншығып жатқан өз папкасы көзіне ерекше жылы ұшырады. Ол Қараштың папкасын ашып әр жерінен оқи бастады. Ұзақ отыруға уақыт.тығыз. Әрі біреу-міреу келіп қалса ұят та. Сондықтан мейлінше асығыс оқыды. Сағат үшке жақындағанда машинкаға басылған жат қолжазбамен амалсыз ажырасып, үйіне қайтты. Елеусіз трамвайға мінбей, жаяу келе жатыр. Асығатын түк жоқ. Ертең жүрегі алып-ұшып Шынар келгенде несімен қарсы алады? Кімдікі, қалай орналастырады? Елеусіз ауыр ойға шомып келеді. Шомған сайын күдік күшейіп, жорамал көбеюде. Бағана байқалмаған нәрселер енді байқалып, күдіктің меңіреу тұманынан шындық жұлдыздары жылтырағандай болады. Беков баяғыдан бері аударып жүрсе, редактордың барса ұмытып кетуі ақылға сия ма? «Сөзіңнен бір ши шықты, жолдас!» Әлде екеуінің ымы-жымы бір ме екен? Елеусіз мана әр жерінен жұлып-жұлып оқыған қолжазбаны есіне түсірді. Ес;не түсірді де: «Сұрқия, менен көшіріп алыпсың!» деді. «Я, я, ол кешіріп алған. Сөздері, ырғақтары қандай ұқсас. Немесе, қазақша көсіліп жазу жазып көрмеген Қараш қалайша осындайлық жатық аударма жасады? Тек, әккі түлкі әзәзіл булан құйрығына салып, ізін адастырып кеткен. Редактор екеуі тізе қосып, сөйлемдердің тігісін жатқызып, аяғын бұрып отырған. Текстен аракідік ауытқып кетуінде де бір гәп бар. Немесе, олар орысшаға қараған да жоқ. Мен «өсіп-өнді» десем, олар «өркен өсті» деді. Мен «құнарлы шөп» десем, олар «шүйгін шөп» деді. Сонымен, расында да олардың варианты өтімді болуы ғажап емес». Елеусізді бір ауық күмән де баурайды. Қанды көйлек жолдас демекші, талай күннің ыстық-суығын бастан бірге кешіріскен Қараш қалайша осындайлық қараниеттілікке барады? Елеусіздің жұмбақтай көрген жігіті неғып осылайша опасыз шешіледі?.. Елеусіз Қараш туралы ойланып келе жатыр. О бастан-ақ баққаны өз шаруасы болмай, өзгелердің ісі, түз әңгімесі болушы еді-ау. Кіммен кім қандай қатынаста, кім өседі, кім өшеді, соның бәрін тіміскілеп біліп жүретін жеті қудың бірі осы емес пе еді. Осы болса, Елеусіз одан іргесін неге аулақ салмады? Өз басының одан әлдеқайда дарынды екенін сезе тұра, неге тізгінді қолдан берді? «Әй, өзіме де керегі осы еді,— деді Елеусіз,— Осал мінез опық жегізбей қоймайды». Ертеңіне Елеусіз газетте істейтін бір жолдасының үйіне қонаққа барды. Дастархан жиналғанда, жолдасы:
— Қап, преферанс ойнауға үшінші қолдың болмай отырғанын қарашы. Қарашты қоса шақырған ем, «өз мейманым бар» деп келмей қалды,— деді.
Қараштың есімін естігенде Елеусіз нілдей бұзылды.
Опасыздығы еске түсті. «Мынаған айтсам ба екен,— деп лоблыды Елеусіз,— мүмкін, газетке жазып әшкерелер. Бірақ баукеспенің ұрлығын немен дәлелдермін?» Елеусіз тысқа шықты. Қараштың үйі жақынды. Қаздаңдап қалай барып қалғанын байқамады. Ол төртінші қабатқа көтеріліп, Қараштың пәтерінің есігін қағуға ыңғайланды. Сол уақытта ішкі бөлмеден дабырлаған дауыс шықты. Мас адамдардың берекесіз сияқты. Қараштың үні таныс. Әне бір жіңішке дауыс — Жаныбек Шақабаевтікі сияқты. Жерлестер бас қосып, әлденеге өзеуреп жатқандай. Әңгіме өзі турасында болып жатқанын Елеусіз топшылап тұр. Тағы бір сөздердің жұрнағы естіліп қалады. Елеусіздің байқауынша, Қараш:
— Елеусіз де дарынды боп па? Қоя ғой! Одан қорықпа! Өзім реттеймін! — деп жатқандай. Елеусізге дәл осылайша естілгендей болады. Құлағында көмескі шыңылдаған «Елеусіз... Елеусіздің...» арғы жағы осылай жалғасады.
Бір уақытта, шамасы ішкі есік ашылса керек, дауыстар кәдімгідей ап-анық естілді. Сөйлеп жатқан баяғы Қараш. Ол:
— «Жатаған ат» деудің орнына «аласа ат» деп аударыпты деп күлген өзің емес пе едің? Сонысының өзімен де оңалмай ұтылады. Сен қобалжырлық түк жоқ. Әңгіме насырға шапса, әуселесін өзім көріп аламын,— деді.
Әйел дауысты Жаныбек бірдеңе деп міңгірледі.
— Тақа болмай бара жатса,— дейді Қараш,— өт: кен жазда озат жылқышы Нұршаның семьясын бұзбақ болғаны жөнінде парткомге материал түсіреміз.
Газеттен қате жіберген саяси сенімсіздігі үстіне мораль жағынан азғындағаны қосылса, қаңғырып, без теріп кетеді.
Елеусіз шыдап тұра алмады. Есік қапастан ішке кіріп келді.
— О, жақсы келдің. Жоғары шық,— дейді Қараш түк көрмегендей.
Елеусіз жоғары шықпады. Қарашқа шаншыла қарап:
— Кәне, жаңағы сөзіңді қайтала! — деді.
Елеусіздің түрінен шошыған Лиза араға түсе беріп:
— Елеусіз, что с Вами? Садитесь! — деді.
Жанағы қан бұзарлық ғайбат сөздерден Лизаның бейхабар екені көрініп тұр. Бірақ оны Елеусіздің түсіндіріп жатқысы келмеді. Түсіндірсе, ескі екі досты табыстыруға Лизаның күш салып бағатыны сөзсіз. Ал, Елеусіз болса, қарау Қарашпен ат құйрығын біржола кесіскенін, енді қайтып онымен табыса алмасын сезіп тұр. Сондықтан жазықсыз Лизаны қалыс қалдырғысы келді. Бұл сәтте, Елеусіз әуелгі райынан қайта бастады деп топшылаған Лиза, оны орындыққа күштеп отырғызды. Елеусіз орындыққа отыра бергенде, бұрышта, кәкір-шүкірдің арасында жатқан тапаншаның бос құндағына көзі түсті.
Қараш ойқастап, Елеусізді айналып өтті де, қарсы алдына келіп отырды.
— Орынсыз қызбайық, достым! Өмірде будан да зор құқайлар болады. Оны сен әлі көрген жоқсың. Бірақ, тірі болсаң, көресің,— деп жымысқылана күлді.
Неліктен екені белгісіз, Елеусіздің тұла бойы салқын тартып сала берді. Ол «құзғын!» деген сөзін ішінен айтты. Шахмат ойнағанда, карта ойнағанда жүрісін қайтып алатын даукес Қараштың қараулығы, жауыздығы бір жерден соғуы керек еді. Бірақ дәл осы тұстан соғады деп Елеусіз сірә да ойламаған. Енді ол Қараштың қаныпезерлігін бүкіл болмысынан танып отырғандай. Көрікті деп жүрген қарасұр Қараштың бедірейген беті денеге шыққан шиқандай екен. Күйе жаққандай қап - қайқы, ұзын кірпіктері де сондайлық сүйкімсіз. Тіп-тік көзі де есек пен опасыздыққа жаралғандай. Мейрімсіз, суық, жат дидар еді. О баста дүбара Нығыз бидің бөлтірігі, бертінде, сары аурудан сарғайған мұңдық апасына отыз жылдың беделінде ат ізін бір салмаған бейбауырмал Қараш осы. Ақкөңіл Лиза Шандарованы қан қақсатқан алдамшы Қараш та осы. Кімді болса да сатып кететін сұрқиямен, құлқынның құныс құлымен пәлен жыл жолдас боп, дос тұтқан Елеусіз өзінің барлық қателігін енді ғана ұғынғандай болды. Сондайлық бейқамдығы үшін өзіне өзі жаза кескендей, ләм-мим деместен тысқа шығып жүре берді. Лиза дауыстап еді. Мойын бұрмады. Буған оның өкпелеп қалғанын білген де жоқ.
БЕСІНШІ ТАРАУ
І
Мезгіл шіркін ұрланып өте берген. Елеусіздің қыс ортасында, құмдағы ауылдан аттанғаны, Шынармен қоштасқаны күні кеше ғана сияқты еді. Енді бүгін шалқыған сары жаз сарғая - сарғая, бұлдыраған күзге қарай жылыстап барады. Осы уақыттың ішінде Елеусіздің жеген қамы, жасаған қарбаласы, кешкен қызығы, шеккен жапасы көп болғанымен, бәрін жиынтықтап алғанда, көрген түстей өте шыққан. Бес-алты айда нәресте үн қатады, бүркіттің балапаны қанат қағады. Мың-миллион көбелектер дүниеге келіп-кетіп жатады. Әр нәрсенің тынысымен өлшенетін уақыт таразысынан Елеусіз әлі еншісін алған жоқ. Еншісін алмай, өгей ұл боп өткісі және келмейді. Елеусіз таяуда Қазақстанның қырық жылдығы мерекеленетінін еске алды. Мерекеге әркім қолдан келгенін тарту-таралғы ететіні мәлім. Шахтер жер астының қазынасынан шашу шашар. Шопан кәдеге егіздің сынарын атар. Гүлнаш апай Ақбоздың ұрпағын көлденең тартар. Жазушы кітабын арнар. Ал, Елеусіз немен қарсы алмақ осы мейрамды? Мойнына салып қойған салық болмаса да, Елеусіз Досов осындай жәйттерді жиі ойлайды. Жігіттің жігіттігі, адамның адамдығы күніге көзге ілінбесе де, асулы кезеңдерде, биік белестерде байқалмай қалмайтынын бек түсінеді. Сондықтан да кейде өз болмысына өзі намыстанғандай болады. Осындай себептермен Елеусіз мереке қарсаңында астанада болмай, ауылға кеткісі келді. Бұған Шынардың уәделі мерзімде келмей қалуы да қамшы болды. Шынар хатында қырық құбылып, жетпіс түрлі желеу айтқан. Күзге қарай болмаса қазір ешқайда шыға алар түрім жоқ деген. Елеусіздің өзі әлі қызметке тұрмағандықтан, әрі баспадан алашақ ақшадан қағылып, қаражаты жартымсыз болғандықтан. алда-жалда кел деп қыстаған жоқ-ты. Сонымен, жаз ортасында Елеусіз шалғайдағы Сейдін ауданына тағы да жол тартуға ыңғайланды. Ферма меңгерушісі әйел жөнінде жариялаған очеркінің бағытында не повесть, не роман жазудан да дәмесі бар еді. Кейіпкерлерінің ортасына барып, біраз уақыт тұрмақ болды. Жазушы шығарманы қиялдап тудыра береді-міс дегенге зәрредей де иланбайтын Елеусіз тұңғыш талайын алыстағы ауылдан сынамаққа бекінді. Елеусіз ертең жүремін деп отырған күні оның пәтеріне Лиза Шандарова келді. Елеусіз «Шынарға айтатын сәлемі бар шығар» деп ойлаған. Бірақ Лиза басқа әуенге көшті. Ол Қараштың опасыздығын дат қыла келген. Ол баста Лизаның әке-шешесіне судай сіңіп, желімдей жұғып, болашақ күйеу бала ретінде қабылданған Қараш қалыңдығы Алматыға ауысқалы бері нілдей бұзылған. Осыны Лизаның өзі де сезеді екен. Сезе тура, түп себебін білмеген. Сөйтіп жүргенде, Қараш кеше үйіне мас боп келіп, Лизаға «мендік болатын болсаң Москваға қайт!» деп әкіреңдейді. Зәбір көрген Лиза вокзалда түнеп шығады. Соның бәрін баян етті.
— Сізді қайтарудағы мақсаты не? — деп сұрады Елеусіз.
— Мақсатын қайдан білейін,— деп Лиза мұңая ойланып отырды да, жауабын жалғады: — «Шешемді алдырам дейсің, шешең кімге дәрі? Москвадағы пәтерді тастап кеткен миғұласың» деп ұрысты.
Елеусіз жанжалдың мән-жайына енді түсінді. Қараш былтыр бір орайда «күндердің күнінде үлкен астанаға ауыспақ жоспарым бар» деп қалған. Оған Елеусіз құлақ аспаған. «Белгілі шалқақтығы шығар» деп түйген еді. Енді бақса, о бастан-ақ ауыл қызы Шынарды жалтақтамай, москвалық қыз Лизаны жақтауында осындай гәп бар екен ғой. Бековтің махаббаты мансап жолындағы жымысқылық екен ғой. Түу, неткен пасықтық!
— Ондай алаяқтан айрылғанға өкінетін түгі жоқ,— деді Елеусіз Лизаны жұбатқандай.
— Босқа өткен уақытқа өкінемін,— дейді Лиза.— Кісі танудағы қателігіме өкінемін.
Қараш жөннен әңгіме осымен доғарылды. Елеусіз Зағипа жеңгейге барып, бірдеңе деген. Артынша жеңгесі подносқа салып өрік, алмұрт, шөлмек кагор әкелді. Лиза:
— Ой, рақмет, менің еш нәрсеге тәбетім тартпайды,— деп қашқақтады.
Елеусіз қазақтың «қуыс үйден құр ауыз шықпа» деген мәтелін айтты. Лиза:
— Жақсы мәтел. Қазақтардың меймандостығын Шынардың аулына барғанда көргем,— деді.
Осыдан кейін Лиза сахаралықтардың әдет-ғұрыптарын сөз етіп отырды. Жансақ еститін әйелдердің бірер оқыстығын айтып, күлген. Сол орайда ол ауыл әйелдерінің «Шандарованы» «шалдар қызы» деп ұғынғанын, Қаратау бектерінде Шалдар дейтін ру барын кейін білгенін нәшіне келтіре айтып шыққанда Елеусіз де рақаттана күліп еді. Зағипа:
— Сенің «Ш...ға» деп өлең шығарып жүргенің осы қыз болмасын? — деп қазақша күбірледі.
... Елеусіздің әйнегі бақ жақта. Айқара ашып тасталған терезеден ағаштар тіпті анық көрінеді. Терезенің қарсы алдындағы бір түбі жаздың ағысымен бірге өзгеріп, сарғылтым тартып тұр. Алматыда сирек кездесетін ағаштың бірі де осы еді. Лиза соған қарап, телміріп тұр. Балдырған балалық шағын тоғайсыз, ормансыз, сауырлы далада өткізген Елеусіз ағашты қастерлей білмейді, түрлерін де түгел ажырата алмайды. Сол себепті ол көңілінің жабыққан шағында сарғайған ағашқа үңіліп, қалық ойға шомған Лизаны түсінбеген. Лиза Москва маңының сыңсыған ормандарын сағынды ма, немесе есіне кекілі желбіреп селтеңдеген балауса кездері түсті ме, әлде мезгілсіз өлген әкесін, қамкөңіл шешесін, кішкентай інісін ойлады ма, яки болмаса талай жылдың үмітін үзген қарасұр Қараштың опасыздығынан басқа бір дертке душар болды ма, әйтеуір жүрек мұңын санасыз ағашқа шаққан қалыпта тұрып-тұрып, әлден уақытта орыстың ілгеріден ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан бір сазды да дәмді әнін ызыңдата бастап, ыңырантып әкетті.
Что стоишь, качаясь,
Тонкая рябина;
Голову склоняя,
До самого тына.
Ән бұрыннан таныс болғандықтан ба, жоқ әлде Лизаның шыншыл ықыласы демеді ме, әйтеуір, керіліп аққан кербез өзен, өзеннің екі жағалауында бір-біріне қосыла алмай найқалған шұбар тал мен биік емен Елеусіздің көз алдына кеп тұра қалғандай болды. Әуеннің ағыны, сөздің суреті осылайша елес берді. Нәзік шұбар тал Лизаның өзі болғанда, биік емені кім екені белгісіз. Тек, Қараш емес екені хақ. Не де болса, арманшыл орыс қызының ыстық лебі есті. Қараңғы көңілге шырақ жағардай, мейрімсіз жүрекке мейірім бітірердей шыншыл лебізді өзімшіл Қараштың естімегеніне Елеусіз ішінен өкінді. Лиза жетім қыздай көзі жаутаңдап, талайдан бергі ішке бүгіп келген сағынышы мен ұсталығын ән арқылы ақтарды. Қылын шерлі саусақтар шымшылаған скрипка секілді сыңсып, мың бұралып, аянышты әуез таратты. Елеусізге бұл сәтте күллі әлемдегі аянышты да аяулы жан осы Лиза сияқты боп көрінеді. Көкірек жарған құштарлықтай, ілгергі үміттей әсер етеді. Адамның асылы қуаныш, қайғы құшағында танылар болса, Лиза өз жанынан бір ауыз сөз айтпастан - ақ, өзінің бүкіл жаратылысын, ішкі-тысқы пішім - бітімін халықтың әні арқылы толық танытты. Алданған аңғырт көңілге өкінішті әуеннен қуат жинап алғандай болды. Лизаның ендігі өмірі сақ та, ширақ та қалыпқа түсетінін Елеусіз және болжайды. Сол орайда ол: «Осы маған Лизаның кері кеп жүрген жоқ па? Шынар Қарашқа ұқсап, мен Лизаға ұқсап жүрмесем жарар еді» деп те қояды. Мінезі екі айырым екі қызды амалсыз салыстырады... Елеусіз осындай күйде Лизаға нендей жұбаныш айтып, нендей алыс андатарын білмей, томсарылып ұзақ отырды да, бір мезгілде:
— Қашан пәтер тигенше осы бөлме езімдікі деп санаңыз. Мен бүгін редакцияда істейтін жолдасымның үйіне қонып шығам да, ертең алыстағы ауданға жүремін. Шынарға айтатын нендей сәлем-сауқатыңыз бар? — деді.
Күні бойы осылардың қасынан шықпай, аңысын аңдыған Зағипа «мына шіркіннің ойыны ма, шыны ма?» дегендей, жиен қайнының бетіне бажырая қарады. Елеусіз облыстың орталығына шейін поезбен келіп, ол жерден «ПО-2» самолетіне мінген. Самолет тауды бөктерлеп төмендеп ұшып еді, Елеусіз былтыр жазда атпен аралаған жерлерін танып отырды. Әсіресе оның көзіне жон жайлау, Үшбас өзені, Құртты бұлағы, Қызылкен, Бозтөбелер жылы ұшырады. Сай-салаларда биылғы көктемде қырылған малдың сүйектері шақырайып жатыр. Аракідік, қабырғасы сидамданып деңкиген түйенің қаңқасы да көрінеді. Қалбаңдап ұшқан қарақұстар өлімтіктен жемтік ажыратып жүргенін аңғартады. Көктемгі жұтқа Елеусіз Шынардың хатынан қанық. Республикалық газеттерде де некен-саяқ хабар басылған. Обкомның пленумы туралы есепте Шаға, Сейдін аудандарының басшылығы қатты сынға ұшырағаны айтылып еді. Енді Елеусіз өткен істің мән-жайын толық түсінгендей боп келе жатыр. Елеусіз Сейдінге келіп түскенде қауырт қарбаластың үстінен шықты. Жұрттың бәрі мерекеге даярлануда. Көктемгі көп шығын ұмытылғандай, белгілі науқандар кейінге ысырылғандай, үлкен де, кіші де салтанатта. Біреулер ат суытып, біреулер өзін суытып, енді біреулер велосипедін баптап жүр. Ертеңгі тойда ат жарысы, жаяу жарысы, велосипед жарысы болатынын Елеусіз естіген де. Сондықтан да оған осы бейтаныстың бәрі табиғи сияқтанды. Республиканың қырық жылдық тойы аудан орталығында қалайша өткізілмек боп отырғанын аудандық партия комитетінің бірінші секретары Сабыр Әділбеков Елеусізге келген күні-ақ толық айтқан. Совхоздардың әр фермасы үй тігіп, өз соғымымен, өз саумалымен келетінін, бұның өзі де көлденең жұрттың көзінде сән жарысы, береке бәсекесі есепті болатынын Елеусіз келмей жатып естіген еді. Сейдіннің селт етері түгел осында бас қосатын болғасын Бозтөбеге жүруге асықпады. Әділбеков те Елеусіздің көкейіндегісін көріп тұрғандай:
— Сіз, Бозтөбеге асықпаңыз. Гүлнаш апай ертең - бүрсігүні семьясымен келеді. Сән-салтанатымды асырамын деп шабылып жатса керек,—деген.
Осыдан кейін әр түрлі жайлар сөз болып отырды да, бір орайда Әділбеков алыстағы аудан жағдайында кадрдың жетіспейтінін шағына келіп, Москвада Тимирязеваны бітірген бір жігіттің таяуда агроном болып келгенін айтып өтті. Секем алған Елеусіз жігіттің жай-жапсарын сұрағанда, Алтын тіс сезге килігіп:
— Сіз оны білуге тиістісіз. Шынармен бұрыннан таныс көрінеді. Кеше Бозтөбеге кетті,— деді.
Елеусіздің түсі қуқылданды. Әділбеков Алтын тіске көз қырымен ұнатпай қарап қойды. Таяуда келген агрономның Рафих Ғабибуллин екенін Елеусіз ұғынып отыр. Ол мейманханаға оралғанда, Рафихтың да сонда тұратын хабары шықты. Елеусіз әр түрлі ойға кетті. Рафихты ит арқасы қиянға келтіріп отырған Шынар ғой. Және бұл келіс тегін келіс емес қой. Құбылмалы қыздың былтыр жаздағы жұлдыздар астында ант-су ішкендей боп сөйлеген сөзі жалғанға шықты. Ендеше, болары болып, бояуы сіңген іске итаршы болатын не бар? Шынарды аңсайтын не бар? Елеусіз бұл ауданға Шынар үшін келмей, басқа жұмыспен келген есепті болады да! Осындай көңілсіз күйде біздің Елеусіз Сейдін ауданының орталығында, кішкентай мейманханада екі-үш күн бөгелді. Оны, ескі танысындай, үйден үйге шақырысып, уақытының көбі қонақта өтіп жатты. Бір күні Елеусіз қонақтан түн жарымында қайтты. Алтын тіс үйіне шақырған. Қыстап ішкізіп ұзақ ұстады. Астанадан келген көзі ашық адамсыз ғой; ананың жайы қалай, мынаның жайы қалай? деп, сұраудан сұрау туғызып, мазалады. Елеусіз білгенінше жауап қатып отырды. Ақыры болмаған соң:
— Ақсақал, халықаралық жағдайға мен өзіңізден жетік емес сияқтымын. Қалғанын және бірде сөйлесерміз. Рұқсат болса, мен қайтайын,— деді.
Ертеңіне Елеусіз кәдімгідей ауырып шықты. Шекесі шағып, жүрегі лоблиды. Өмірбаян бұндай күйге ұшырап керген емес-ті. Түндегі арақтың исі жаман еді. Содан уланды ма? Әлде, әлде қалай астан ұшынды ма? Әйтеуір тұла бойы ауыр тартып барады. «Әй, осы менің түбіме көңілшектігім жетпесе жарар еді. Иттің сасық арағын ішіп нем бар?» деп өкінеді Елеусіз.
— Қарағым, құлқын сәріден, тауық шақыра тұрушы едің. Күн найза бойы көтерілгенше жай жатырсың ба? — деп мейманхана күтуші әйел екі рет келіп кетті.
Осындай күйде жатқан Елеусіз бір уақытта машинаның «гук»деген даусын естіп, терезеден қарады. Үстін брезентпен жапқан жеңіл машинадан кішкентай қара жігіт шықты. Баяғы Рафих Ғабибуллин! Елеусіз анадайдан танып тұр. «Қасындағылары кім болды екен?» деп әйнекке тақала түскенде, Шынарды көзі шалды. Зіңгіттей қызды кіп-кішкентай жігіт екі қолтығынан тік көтеріп, жерге еткізді. Оның артынан Шолпан шықты. Оны да Рафих көтеріп алды. Еш нәрседен хабары жоқ Шынар ақсұр репстен тіккен жаздық плащын шешіп, шанын қағып тұр. Бірдеңе деп тіл қатқан Рафихқа басын изеп, күлімсірейді... Рафихтың хабарын естігелі бері Шынардан күдер үзе бастаған Елеусіздің санасында қызғаныш, өкініш сезімі қатар оянғандай болды. «Да, что это такое!» деді ол орысшалап. Көрнеу ұтып тұрып, ұтылып қала берген карташыдай сезінді. Әлі жуынып үлгірмеген Елеусіз көзі кіртиіп, аулаға шыға келді. Шынар бұл жолы: «Боже мой, какой сюрприз!» деген жоқ. Күнге тотыққан қара торы беті әнтек қызғылтым тартты да, ұятты көзбен жер шұқып қалды. Бірақ оның есесіне, Рафих қутыңдап:
— Друзья встречаются вновь,— деп белгілі бір кинофильмнің атымен әзілдеп, Елеусізге қолын ұсынды.
Елеусіз егер осы көрініске өзін күні бұрын әзірлемегенде Рафихтың қолын қағып жіберуі бек мүмкін еді. Өзін күні бұрын әзірлегендіктен бәсекелестің қолын қақпай, сыпайы -сылан сәлемдесуге шыдады. Даусының түкпіріндегі дірілді де сездірмеуге тырысты. Дегенмен, Елеусіздің іші алау-далау еді. Мейманханада байыз тауып отыра алмай, көшені қыдырыстап кетті. Өзінен өзі қорынған ол көшеге де сыймай, бетінің ауған жағына қарай жүріп отырып, бір мезгілде жапан далаға шыққанын байқады. Жапан дала! Досовтың жаны сүйетін даласы осы. Жомарттың пейілдей шетсіз, шексіз қасиетті дала еді. Жата қап аймалағысы, жалаң аяқтанып жүгіргісі келіп кетті. Сол бетпен қанша жер жүргені мәлім емес, бір уақытта ол қыз әлпеттес құба белге жетіп, артына бұрылды. Сейдіннің үйлері көрінбей, ағаштары ғана көрінеді. Сағыммен елеуреп тұр. Күн шыжып барады. Шегірткелер дамылсыз шырылдап, табиғаттан сусын тілегендей болады. Елеусіздің өзі де шөлдеген. Осының бәрін сезіп, жаны ашығандай, Қаратаудың басынан ұшқан қара - қоңыр бұлттар Елеусіздің үстіне көлеңкесін түсіріп тұрды. Тозаңнан опа жаққан кербез жерге некен-саяқ тамшы тамып - тамып кетті. Кербез жердің бозарған бетіне мең түсіп қалды. Елеусіз аптабы басылсын деп, жауынға кеудесін тосқан. Осы сәтте жаңбырдың шелектеп құйып кетуін тілеп еді. Бірақ бұлттар тұтасып, кәдімгідей қаптаса да, жаңбыры аз болды. Тысыр-тысыр етіп, тамшылап - тамшылап басылды. Қыз әлпеттес құба бел екі қабат әйелдің бетінде секпілденді. Шегірткелер шырылдауын қойып, байыз тапты. Байтақ өңір бусанып, демін зорға алып жатқандай. Қара - қоңыр табиғаттай, Елеусіз де толғанып тұр еді.
Әлдеқайдан машинасымен құйындатып, Алтын тіс жетіп келді.
— Ойбай-ау, қонағымыз жоғалып, сергелдеңге түсе жаздадық қой. Жападан-жалғыз не ғып жүрсіз? Той басталғалы жатыр,— деген.
Елеусіз жаңағы көріністер туралы өлең шығарып тұрғанда, ойын Алтын тіс бөліп кетті. «Осы-ақ қыр соңымнан қалмады - ау» деді Елеусіз ішінен.
ІІІ
«Той дегенде қу бас домалайды» деп бұрынғылар біліп айтқан. Сейдінге жан-жақтан лек-лек ағылған үлкенді-кішілі көпшілікті көргенде, Елеусіздің есіне осы мәтел түсті. Оның шыр етіп дүниеге келген, ес біліп, етек жиған жері — Сарысу бойында да той-жиын жиі болушы еді. Бірақ дәл мынадай желөкпе елді керіп тұрғаны осы. Машинамен келген, атпен келген, есекпен келген, жаяу келген жұртта есеп жоқ. Елеусіздің көкірегінде алып-ұшып бара жатқан құштарлық шамалы. Шынардан торыққан салқындық бар. Сол салқындық кеше оның үйінде боп, Гүлнаш апаймен. Орал ағаймен. Біркімбай қариямен бел шешіп сөйлескенде тарқамады. Бұны кәрім сақтар кәміл байқады. Әсіресе Гүлнаш апай бәйек боп, күтуін күшейткен. Және, бір қаға берісте:
— Мейманханада жем болмай, осында көшіп келсейші. Орын табылады ғой,— деген.
Бірақ Елеусіз сылтау айтып, көшіп келмеді.
Әр түрлі киінген, әр түрлі жұрт қызыл жалаулатып, Шилі өзекке қарай ағылғанда Елеусіз Досов бірінші хатшының машинасында салбырап келе жатты. Бұл уақытта Гүлнаш апай үйін көшіріп келген жүк машинасының үстінде Шынармен сөйлесіп отырған. Шолпан шофердің қасында келеді. Еркектер атқа мініп кеткен. Гүлнаш қызын әдейі оңаша алып қалып еді. Ынтық жүректердің оңғақ ажарын танып өскен Гүлнаш апай Елеусіздің көңілін қалдырған қызына наразылығын, кейістігін үйіп-төгіп келе жатты. Шынарда үн жоқ. Сұлу бикеш сезім шәлкездігін әлі түсініп болмаған-ды. Әйтеуір, бір қателік жасағанын ғана түйсінеді. Енді не істеу керек екенін және білмейді. Былтыр осы машинамен осы жолды басып Бозтөбеге қайтқанда қасындағы Елеусіз сондайлық сүйкімді көрініп еді. Шынар ыстық қолымен оның салқын білегінен ұстап еді. Енді сезімтал қыздың қасында сұңғыла шешесі отыр. Ол: «Сары майдай сақтаған бір сезім бар еді; сонымды айтсам қайтеді, Шынар?» демейді, қызының әрбір әбес қылығын, шалыс басқан қадамын бетіне басып, зекиді, кейиді, өкінеді, күрсінеді. Және соның бәрін ет - жүрегі елжіреген ана пейілімен, қамыққан қамқорлықпен жеткізеді. Сондықтан Шынардың зәрредей қарсылық білдіруіне жол да жоқ. Жүк машинасы Шилі өзекке құлап, арғы қыраң басындағы қараң - құраны кеп, мол шоғырға жақындағанда Гүлнаш манадан бергі шегелеп келе жатқан сөзін амалсыз аяқтап:
— Анау, ұзақтың баласындай, шақша бас ноғайға тимек көрінесін ғой. Шүршітке тисең де көңілім баяғыдай. Бірақ Елеусізді қолдан шығара алма. Сен қаламасаң, Шолпанымды беремін! — деді.
«Шолпанымды беремін!»
Шынар алғашқыда ауыр соққыдан меңіріп қалғандай болды. Келе-келе, байыптай -байыптай, іші күйе бастады. Өзінен өзі мазасызданып, түсі құбылып, демікті. Ызаға булығып, танауы қусырылды. Қыз жүрегінде қызғаныш тұтанды.
* * * Шиліөзекте ең әуелі жаяу бәйге болған. Жаяу бәйгеде бірінші боп Рафих Ғабибуллин келді. Шартаққа жақындағанда, оның артындағы бір-екі жігітке қазақтар ат құйрығын беріп, тартса да, оздыра алмады.
— Ойпырмай, мына татардың қолтығы тесік шығар. Шапқан атқа жеткізбеді ғой,— деп күпілдесті әлгі қазақтар.
— Әдіре қалсын, жаяу жүгірген де енер боп па? — деп, совхоздан келген қатындар құптамай тұр. Олар әдейі Шынарға жеткізіп айтады.
Велосипед жарысында да бас бәйгені Рафих алды. Бұл жол оны қошеметтеушілер көбірек болды. Өзгелердей бар күшін педаль салып мықшимай, қара үзіп, еркін келген. Мәреге тақалғанда неше түрлі ойын көрсетіп, көрушілерді құмардан шығарған. Қошеметтеулердің көбірек болуы да сондықтан еді. Бірақ Шынарға осынын бәрі соншалықты әсер ете қоймады. Жұрт мәз-мейрам боп жатқанда, оның есінен шешесінің сұмдық сөздері шықпай қойды. Елеусіз болса, маған енді бәрібір дегендей, Рафихтың жеңістеріне қол соғып тұр. Оның спорттық икемін, табиғи ширақтығын мақтап қояды. Әділбеков: «Ол туралы очерк жазуыңызға болады» деп әлде неге меңзейді. Нәзік ишараттардан Сабырдың зеректігін таныған Елеусіз ішінен «бұқараны басқаратындар осындай зейін иесі болсын да!» деп сүйсінеді. Бұлардың қасына Орал мен Олжабаев келген. Бірақ Олжабаев байыз тауып тұра алмай кетіп қалды. Оның орнынан алынып, істі. болып жүргенін Елеусіз естіген де. Сондықтан қыбыжыңдау себебін түсініп, мұртынан күліп тұр. Көп ұзамай күрес, сайыстар болып өтіп еді. Бірақ бұлары Елеусізге ұнамады. Оның туып, ескен жерінде күрестер мен сайыстар бұның көкесіндей боп өтуші еді. «Қыз қуу», «жерден теңге алу» тәрізді абзал ойындардан да бұл жоқ мақұрым екен. Бірақ оның есесіне, ат шабыстары, ат шабысқа деген жұрттың құштарлығы Елеусізді қайран қалдырды. Жиын - топтың шетінде оқшау жырақтанып, құйрық-жалы сүзу, жалпақ таулы сәйгүліктер желдеп жүр. Жүзіктің көзінен өтердей жұтынып, аяқтарын сергек, сейдін басады. Елеусізге біресе спортшыдай, біресе бишідей әсер етеді. Ермекші емес, өнершідей танылады. Елеусіз Гүлнаштың қарқаралы қыз кезінде, Қызылкеннің жағасында болған бәйгенің суреттерін көз алдына келтірді. Онда да жарыс алдында сәйгүліктер кимешекті келіншектердей серуенге шығып еді. Онда да жалпақ жұрттың назары желді аяқтарда болып еді. Елеусіз ол күндерді өз көзімен көрмесе де, осылайша топшылап, осылайша елестетеді. Ендігі айырмасы екі нәрседен. анық көрінетін секілді. Біріншіден: жүйрік жылқы енді әлдекімдердің меншігінде емес, мемлекеттің меншігінде. Яғни оның игілігін, қызығын жеке адам көрмейді, бүкіл халық көреді. Екіншіден: бәйге айдама болмай, айналма болады. Яғни жүйріктердің озғанын да, қалғанын да көпшілік түгел көріп тұрады. Бұл жаңа дәуірдің ойлап тапқан жетік тәсілі. Содан басқасының бәрі бір құмарлық есепті. Елеусіз осы алуандас ойда тұрғанда, барысы жеті шақырымдық құнан бәйге болып өтті. Ұшқыр шабыс,- тың қызығы да тез басылған. Бұл футболды үлкен командалардың жанындағы дубльдің жарысына ұқсады. Дырдудың ең үлкені ат бәйгесінен басталды. Оған іріктеліп - іріктеліп, қырық алты ат қосылған. Әр совхоздың, әр колхоздың, әр ауданның маңдайға ұстаған саңлақтары осы еді. Айналма жарыстың ұзындығы отыз шақырым. Түйдегін жазбай шыққан қырық алты ат бір-екі айналыстан кейін-ақ селкеу бере бастады. Үш-төрт айналыстағы кейін топ-топқа бөлшектеніп, бесінші айналыста біразы жарыстан шығып қалды. Бәйгеге ілінбесі көзі жеткен саяткерлер деңгейге келгенде жандай шауып, өз қосқандарын жыра шығарып әкетіп жатты. Алғашқыда арқырап оқшау шығып кеткен алқа бел кер ат біраздан кейін-ақ барлығып, бесінші айналыста шаң жұтып, қалың дүрмектің құйрығында қалды. Деңгейге келгенде иесі жырып алып қалып еді. Жай-жапсарын Орал түсіндіріп өтті.
— Бәрінен бұрын осы керме бел кер атқа жаным ашып тұр. Көрші ауданның Киров атындағы колхозынан келіп еді. Нұрша байғұс жарыс мұншалық ұзақ болады деп ойламаса керек. Суытуын жеткізбеген...
— Нұршаны мен не ғып көрмедім кешелі бері? — деп сұрады Елеусіз.
— Жері шалғай ғой. Жеткен беті осы көрінеді. Ауданының да біраз қызметкері жаңа ғана келді.
Нұршаның аты шығып қалғаннан кейін ызғыған жарыс үдей түскен секілденді. Соның ішінде көруші жұрттың делебесін ерекше қоздырған алдыңғы үш ат еді. Осы аудандық милиция бөлімінің шымқай күреңі, көрші, Шаға аудандық финанс бөлімінің тобылғы торысы және өзімізге белгілі «Бозтөбе» совхозының алқара көк маңғыл қасқасы болатын. Булардың үстіне мінген балалар да жас болғанмен мініскерлігін, тіс қаққан әдісқойлығын танытады. Атқа қамшы ұрмай, еркін жібермей, ауыздықпен алысып келеді. Тек, қалың жұрттың алдынан өтерде ғана дәті шыдамай аттың басын ағытып - ағытып алады. Егесіп, құйрық тістесіп келе жатқан желаяқтар бөкендей көсіліп, қояндай зымырайды. Әсіресе ортада келе жатқан қақпан бел көкқасқа әр бұрылыстан айналғанда маңдайы жарқырап, суырыла шығып, созыла озып, тынысының кеңдігін, серпінінің күштілігін аңғартады. Үстіндегі Мүсірәлінің баласы кенедей жабысып, қырғидай түйіледі. Қыранда тұрған малшылар қиқу салып айқайлап, ойыстағы саңлаққа дем береді, бүйірлері қызып, қолтықтарын көтеріп, ат үстінде қопаң-қопаң етеді. Әсіресе кек дөненді Біркімбай шиыршық атып, бір орында тура алмайды, үздіксіз «я қудан», жасаураған көзін орамалмен сүрте береді. Үдере сілтеген үш жүйрік ең соңғы айналымға шейін түйдегін жазбай келіп еді. Әркім әр түрлі болжау жасап жатыр. Бірақ сыншыл көзге маңғыл қасқаның маңдайы жарылайын деп тұрған күмәнсіз еді. Анау күрең ақырғы мүйістен айналып өтерде жайылып қалды. Жұмыр торы да аузынан көбік шашып, сауыры порт боп ісініп, жеткен жерін аңғартып, тапырақ қағады. Тесік өкпе, сөгілме қолтық көкқасқа ғана екпінінен танар емес.
— Ой - бой, мынаның аяқ алысы үдеп барады ғой. Отыз шақырымың жұқ болар ма оған!
— Құдды Ақбоздың сілтесі! Жылқы жарықтықтың нәсілі айнымайды - ау! — деседі қыраң басындағылар.
Елеусіз қырық алты желді аяқтың бәрін басып озған көкқасқа — атышулы Ақбоздың ұрпағы екенін біледі. Былтыр жазда Қаратаудың қақ ортасындағы кенде жолыққан Біркімбай шал өзі ақ есекке мініп, Қарашқа түсіп бергенде, осынау көкқасқаның думанды дүйім жұртты дәл өстіп шулатарын Елеусіз біліп пе еді, сезіп пе еді? ... Біркімбай бас бәйгенің олжасынан дәметіп құжынаған адамдардан жырылып шығып, Әділбековтердің қасына келді. Келді де:
— Шырақтарым, «орамал тон болмайды, жол болады» деген. Мына бір шүберекті сіздерге байлағанымыз,— деп көкқасқа атқа тиген сыйлықтың бірдеңесін лақтырып тастай берді. Әділбековтің бұлтартқанына болмады. Ақыры, Сабыр:
— Жарайды, ақсақал. Атыңыз бәйгеден келе берсін. Сілтесін біз де риза болдық. Бірақ, жоспарды да ұмытып кетпеңіз,— деген.
— Е, бізді жығатын сөз осы ғой, қарағы —дейді Біркімбай.— Жоспарды әмсе орындаймыз. Тек, анда-санда ат шабысқа рұқсат етіп тұрсаңдар болғаны. Ақбоздың үрім-бұтағы көз алдымда кісінеп жүрсе, мен армансыз.
— Не себепті Ақбоз атты ұмыта алмайсыз, ата? — деп сұрады Елеусіз.
— Кісі перзентін ұмыта ала ма? — деп Біркімбай қарсы сұрақ қоя, жауап қатты.— Жақсы жылқы — перзент іспеттес. Біздің әкеміз, Мақы деген кісі отыз жыл бұрын жоғалған айғырының нәсілін танып алған. Қалай таныған дейсің ғой. Екі қырқаның астынан кісінеген құлынның даусынан таныған. Құлынның иесі иланбай, маңына жолатпағанда, әкеміз: «Егер осы құлынның құйрығының астында егіз мең болмаса, мені тентек ет» дейді. Ашып қараса, әкеміздің айтқаны рас боп шығады. Сол сияқты, мен де, шырақтарым, Ақбозбен етене боп кеткен едім. Оның даусы, исі, мінезі күні бүгінгідей көз алдымда.
— Ақбозды қайда жібердіңіз? — деп сұрады Елеусіз.
Алтын тіс сауалды ұнатпай, қыдырыстап кетті.
— Анау кісі мені «гук» қып қуғанда оққа ұшырған. Мені - ақ, атуы керек еді. Қазақтан Біркімбай шығады, ақбоздың шығуы екі талай.
Осы сөз аузынан шығуы - ақ мұң екен, шалдың түсі қуарып, аузы-басы қисайып кеткендей болды. Мысықтың мұртындай сирек мұрттары жыбырлады. Елеусіздің есіне Сәкеннің «Қызыл аты» түсті. Қыңыр шағы айналған қызыл тұлпармен ақын Сәкен қалайша сырласып еді? Ел сенделткен елірме белсенділерді қалайша шенеп еді? Досов осыны ойлады. Мынау Алтын тіс сол белсенділердің біреуі. Біздің құрылысқа ниеті түзу болғанымен, достығы аюдың достығында. Екі сөзінің бірінде «Отан үшін жан пида!» деп көкірек ұратын, анасының ақ сүтімен, тататын тұзымен, жейтін нанымен ант-су ішетін осындай адамдар қоғамның тәніне біткен қажетсіз қам ет тәрізді. Одан еңбек арқылы ғана құтыласың. Қауыш қарыштап алға басқан сайын осындай басы артық еттер сейіле бермек. Ол сейілген сайын қауымның денесі сергек тартып, шымырланып, тынысы ашыла түспек. Еңбек, өнер жарысы ұлғая, үдемек. Елеусіз осындай ойда тұрғанда, қапияда жанының жарасын ауыртып алған Біркімбай қаракөк құнанын бұлтылдатып, бағанағы құжынаған көпшіліктің ішіне кірді. Қарияның қалтарысын ұғынған Орал:
— Ақбозды есіне бекер салдың. Оны айтса, шал талып қала жаздайды,— деді.
Елеусіз күлді:
— Ақан сері біздің ауылда жүр екен ғой!
— Ақан сері демекші,— деді Орал,— биыл көктемде Ілияс Жансүгіровтің «Құлакерін» оқып беріп едім. Айбалтадан құлаған пырағының басын Ақан серінің өңгеріп алып қайтатын жеріне келгенде шалым кемсеңдеп жылап қоя бермесі бар ма! Өзім сасып қалдым. «Бұл ойдан шығарылған кітап сөзі, қария» деймін мен.— «Ойдан шығарылса да, осындай дастандар болса, тағы да оқып берші!» дейді Бірекең.
Сабыр жылқышы Біркімбайдың мінезін қызық көріп, күліп тұр. Елеусіз болса, қалың ойда. «Осы шалдың дертін жеткізіп бере алмай жүрмін - ау» дейді ол ішінен. Сөйтіп тұрғанда, оның көзіне көпшіліктің ішінен Шынар, Шолпан, Рафих, Мырзаш шалынды. Төртеуі иін тіресе, суретке түсіп жатыр. Ескі таныс Елеусізді шақырмайды. Әз ермеп өздеріне жетіп жатқан секілді. «Екі бикеш те қосағын тапқаны ма, бұл қалай?» деп лоблиды Елеусіз. Осылай лоблиды да: «Қой, менің бұным болмайды екен; бұралқы итше қаңғырғанша, жөнімді табайын. Лиза байғұс та елегзи жүрген шығар» деп, той тарқасымен Алматыға қайтып кетпек болады.
— Көкпар шықпай тұрғанда қайтсақ қайтеді? Бір пәлесі жұғар,— дейді Алтын тіс.
— Пәлесі жұғар болса, болдырмай-ақ қоймайсыздар ма? — деп сұрайды Елеусіз.
Алтын тіс түсіндіріп жатыр. Қазақстанның қырық жылдық тойында ұлттық ойындардың бәрі көрсетілсін деген нұсқау бар екен. Сол себепті көкпарға да рұқсат етуге тура келеді. Бірақ, астына ат тисе өлген - тірілгенін білмейтін теріскейліктердің біреу - міреуі жазым болса, жауапкершілігі той басқарушыда қалмақ. Сондықтан да Алтын тіс дырдудан аулақ болуды қалайды.
— Елеулі мүшел жыл сайын бола бермейді ғой. Халықтың дәстүрлі ойындарын көріп қайтайық,— дейді Елеусіз.
Сабыр Әділбеков біраз ойланып тұрып, той басқарушыларға әмір етті.
— Тайлы - таяқтың бәрін тыраңдатпай, спорттық тәртіппен өткізіңдер. Жарамды ат, сенімді шабандоздар ғана шықсын,— деген.
Осыдан кейін арық-атызы, тышқанның іні жоқ жусанды жұмсақ ойпауытта салым басталып, жұрт қыраңнан қарап тұратын болды. Сейдін ауданы сайлап - сайлап он адам шығарды. Өзге аудандардан келген меймандар бірлесіп, олар да он адам шығарған. Сонымен, бастарын орамалмен шарт таңған жиырма шабандоз аумағы мол ойпауытқа ат ойнатып шыға келді. Сейдіндіктер басып қызыл орамалмен, «құрамалар» — көк орамалмен тартқан. Бұнысы Елеусізге команданың белгісіндей, қонымды көрінді. Салым әкеп салатын мәренің біріне қызыл жалау, екіншісіне көк жалау тігілген еді. Екеуі екі жақтан желбіреп тұр. «Арасы үш шақырым бар-ау» деп шамалады қыранда тұрған Елеусіз. Үш шақырым — ұшқыр қарқындап қалатын, жүйріктің созылып жететін жері. Шабандоздар кең майданда еркін шалқып, құйындай ұйтқи бастағанда, Москваның ипподромында тығырықтай жерге тығылып көр болған көкпар Елеусіздің есіне түсті. Ол: «Қап, астана жұртшылығы мынаны көрер ме еді!» деп екінді. Қызыл орамалдар мен кек орамалдар кәдімгі футбол командалары сияқты екі жар боп сайысып жатыр. Екі жағы да бір-бірінен айласын асырмақ боп, ұшқыр аттарды шеттетіп жүр. Додадан шығарып, қағілез жігіттерге өңгертпек болады. Осындай бір ретте, Шаға ауданының Киров атындағы колхозынан келген Нұрша Керімбердиев жытқыр сарымен бұлтартып, жалт-жұлт етіп, қуғыншыларды біресе олай, біресе булай дүрліктіріп келді де, кіді, кілт бұрылып, қақыраған көпшіліктің саңлау - саңлауымен андыздай шапты. Ұрымтал жерін пайлап тұрған қағілез Мырзаш кер денемен сақпанның тасындай сарт ете қап, көк серкені қағып алды. Сейдіндік Мүсірәлі сағыздай созылғанда қолы сәл-ақ ілінбей қалды. Көкпар қолға тигенін сезген кер денең сетінеген көпшіліктің ішінен ышқына, атыла шығып еді. Сүйініш - үрейі аралас, жұрт: «ойпырмай, ойпырмай!» десіп аңтарылып қалды. Мырзаш артынан ілесіп, екі бүйірден қосылып қуғандарға жеткізбей, салымды дара апарып салғанда, қырандағы Шынар қуанышы қойнына сыймай, орамалын бұлғады. Бірақ, осыдан кейін екі жақ та ұшқырларға аңдушы қойып, салым салғызбады. Шабандоздар көбінесе орта шенде ұйтқып, аттың беліне, тақымның қарымына күш салды. Айла-тәсіл осылай өзгерген соң, құраманың әскерден қайтқан шымыры — солқылдақ Мырзаш тақымға мықты, жуан қарабайырға ауысып мінген еді. Ендігі дода қақыратушы да сол болды. Доданың қызығын көргеніңіз бар ма? О, көрмесеңіз, көрімдік сұрауға лайықты. Доданың қырқысы салқын қанды қызу қанды етеді, жасқаншақты батылдыққа бастайды. Ат спортының осындай сиқыры бар. Міне, көк нүктеге ат үстінен үйіліп, үйме-жүйме боп таласқан шабандоздар көкпарға қол іліге - ақ түйдегімен ұйтқи жөнелді. Қауіп-қатер ойына кірмейтін көзсіз батырлар патырлатып шауып барады. Шабыс үдей келе, өзгелерден айласы асып, күші озған екі атты суырыла, созыла шығып, ылди темен тартысып кетті. Біреуі кәрі Мүсірәлі де, екіншісі — баласындай Мырзаш. Бұл Мырзаш — Біркімбайдың алыстан қосылатын ағайыны, кешегі Ұлы Отан соғысында шейіт болған Смағұлдың көзі екенін Елеусіз біледі. Ал, Мүсірәлі болса, бұрынғы белгілі бек бике, бүгінгі озық шопан. Бұл екеуінің арасында бір кездегі рулық, одан бергі таптық тартыс жоқ, спорттық бәсеке тартысы ғана бар. Мүсірәлі көпті керіп, көнектен өткен көкжал да. Мырзаш әскерде шыныққан, шымыр, жас талапкер. Сондықтан да екеуі қара күштің тең түсіп барады. Арасында титтей араздық, болмаса да, дүйім жұрттың көзінше бірін бірі жеңуге тырысады. Әрқайсысы осы той үстінде бас құраған өз коллективінің намысы, мерейі үшін күреседі. Шабыстан желігіп, арқасы қозып, ерегіске, намысқа бекінген екі шабандоз «а - а!» десіп, қамшы тістеген аузынан түкірік - көбік шашып, жындана жұлқысады. Таңертеңнен бері суға салып қойған көк серке бір созылып, бір жиырылады. Аракідік аз лықсығандай болса да, түсіп кетпейді. Арт жағынан қиқу шығып, тасыр-тұсыр көбейгенде ышқынған екі асау ат, былқылдақ, солқылдақ бір пәлемен қабырғаларынан матастырып тастағандай, ажыраса алмай, сендей соқтығысады. Ызғыған бойда бүйір қағысып, бір соқтығысып, бір ажырасып, ыңқ-ыңқ етеді, ауыздық шайнап, езуінен көбік атады. Мүсірәлінің Ұлы Отан соғысында оққа ұшқан сол қолының екі саусағы жоқтығын білетін Елеусіз ішінен аяп: «сынар қолмен соншама қайрат қылып барады. Екі қолы сау болса, салымды әлдеқашан апарып салар еді-ау» деп тұр еді. Дәл осы мезетте Мырзаш ат-матымен омақасып қалды да, Мүсірәлі көкпарды салақтатып, ай қайып шыға берді. Сол күйінде ол салымды жеке апарып салғанда, жұрт орнынан тұрмай қалған Мырзашқа қарай лап қойды.
— Осындай бір пәле боларын сезіп едім,— деді Алтын тіс.
Алғашқыда талып қалған Мырзаш әлден уақытта есі кіріп, көзін ашты. Жусан жырып кеткен бетінен шып-шып қан шығып тұр. Ол сандалақтап түре келгенде:
— Қап, қапы қалдым! Сары сайтан атымды қолтығынан қағып, ұшырып жіберді, — деген.
— Бір кездегі байдың құйыршығы ғой. Оны мен білемін. Өзін жауапқа тарту керек,— деді Алтын тіс сызданып.
— Қойды кім бағады? — деп, Сабыр салмақпен күліп тұр.
Осы мезетте әлдеқайдан қаңғалақтап Рафих, Шынар, Шолпандар келді. Мырзаштың шып-шып қан шығып тұрған бетін көргенде Шынар «ой, ой!» деп, шыж көбелек боп, жыламсырады. Осы Шынардың баяғыда Москва өзенінде «Чайка» кемесінің соңынан ерген шағалаларға жаны ашып, жыларманға келгені Елеусіздің есіне түсті. Рафихпен де сол сапарда танысқан еді-ау! Елеусізге бұл жолы Шынар сондағыда аяулы да аянышты көрінбеді. Ол: «көрінгенге қызығып, көрінгенді аяйтын көңілшек сорлысың ғой» деді ішінен.
ІV
Тойы тойға ұласқан жұрт тіршілік қамын ұмытқандай. Әр үйде - ақ шампандардың тығыны тарсылдап, қырлы стакандар, шай кеселер шақ-шұқ, тақ-тұқ қағысып жатыр. Оралдың үйінде ауданның бір топ кісісі отырған. Мәжіліс әбден қызғанда үстемелеп сөйлеушілер шыға бастады. Осындай бір орайда Рафих Ғабибуллин сөз сұрап алды. «Бұл екінші жолы не айтар екен?» дегендей, жұрт тынши қалды.
— Біздің татардан әмәнда көп шыққан. Сансыз кезбенің біреуі менмін,— деді ол.
Орысша, татарша араластыра сөйлеген Рафихтың ойнақы бастасын қызық көрген жұрт ілік - шалыс күліп, таңсық тостың артын тосты. Бірақ Ғабибуллин бастаған бетімен кесіліп кете бермей, кібіртіктеп қалды. Бүйткен себебі, ала-құла көпшіліктің ілік - шалыс күлкісінен секем алған оған тосқа ыңғайлаған әзілі кенет ерсі көрініп кетті. Сондықтан шамалы паузадан кейін басқа, байсалды әуенге көшпек болды.
— Шалғайдағы ауданға келгеніме өкінбеймін,— деді ол.— Келген бетте мүмкіншілігі ұшан-теңіз сахараны, шаруакеш елді көріп, қуандым. Мынау ұлан-асыр той да еңбектеріңіздің жемісі...
— Мынау үгіт айтып кетті ғой,— деді әлде кім.
Көпшілік ықыласынан танып, өзара күбірлесе бастады. Бұдан құты қашқан Ғабибуллин «Шынардың алдында оңбай сүріндім - ау» деп ойлады. Осы заматта оның ойына әлдеқайдан бір жазушының сөзі түсті. Сол сол-ақ екен, Рафих қайта көтеріліп, жоспарсыз сөзіне жылы сезім, шынайы шырай беруге тырысты.
— Біздің татардың Ғалымжан Ибрагимов деген әйбат жазушысы қазақ халқының жомарт жанына, ән-күйіне, дәстүр-салтына, шалқыған сахарасына ғашық болған. Осында келгелі бері мен ол жазушыны түсіне бастағанмын. Ғалымжан Ибрагимов қазақтан әйел алып, қазаққа сіңіп кетуге де ниеті ауған деседі.
— Асықпасаң, сені де қазақтың қара домалақ қызына үйлендіреміз,— деді Орал әзілдеп.
Жұрт күлді.
Шынар өзінен өзі қысылып, төмен қарады.
Елеусіз шамданды. Жоқ, ол енді Шынарды қызғанудан тиылған. Тек, Оралдың риясыз әзілі оны табалап тұрғандай әсер етті.
Гүлнаш күйеуінің одағайлық лебізін кернеу ұнатпай қалған. Ол:
— Жоқты айтып қутыңдағанша, барыңмен базарласайшы,— деп бір қойды.
Орал кәдімгідей ыңғайсызданып қалды. Екі қызы бой жетіп отырған оның жанағы тәжікесі ұтықты тәжіке емес екенін өзі енді ғана аңғарғандай. Жамбасын бір сипап, тысқа шығып кетті. Қара шаңырақ Оралдікі болғанымен, билігі Гүлнашта. Бірақ бұның билесі баяғы Қара шаштың кешегі Ғалияның, бүгінгі мәдениетті адамдардың билеп-төстеуінен мүлдем бөлек. Гүлнаштың отбасындағы өктемдігі Оралдың өзіне майдай жағатындай. Тіршілік талқысынан тыныстап, тұрмыс тізгінін ісмер қосағының қолына беріп қойған сыңайы бар Оралдың. Ол әбес әзілдеп опық жеп, тысқа шығып кеткенде, ендігі отырыстың жарасымын абзал жарына тапсырып кетті. Сырт келбеті күйген томашаға ұқсас Оралдың кеудесінде шалқыған парасат бар. Бойжеткен қыздарының билігін өмірдің ащы - тұщысын татқан шешесіне бергенде, оның орынсыз жерге ұрындырмасын да болжайды. Өз көкейіндегісін өзгелер арқылы істететін сырқынды адамның әдеті бойынша, әйелінің аңысын алыстан аңдумен қанағаттанады. Осы күйлердің бәрін Елеусіз де кәміл ұғынып отыр. Ол, тек, ұстамды, зерек ата-анадан үлгі алған Шынардың қалайша осыншалық қылтың-сылтың қыз боп өскенін түсінбей, таңырқайды. Баянсыз бикешке өзінің неліктен құмар болғанын да білмейді ол. Әйтеуір, осы Шынардың ферма бастығы шешесіне де, механик әкесіне де, жылқышы нағашы атасына да ұқсамай, бұралқы сұлу боп кеткеніне ғана көзі жетеді. Әке-шешесінің тапқан-таянғанын ысырап қып шолжаң өскен Шынардың Елеусізге құтынан гөрі қырсығы кеп тиді. Елеусіз Досовтың институтты нашар бітіріп шығуына да кінәлі осы Шынар. Жұрт шампаннан қызара бөртіп, шылым тартуды жиілетіп, өзара қалжыңдасып жатқанда, Елеусіз түсі солғынданып, қилы-қилы қиялда отырған. Студенттік күндерінің бір-екі көрінісі де есіне түсіп еді. Қарсы болмасаңыз, келтіре кетейік. ... Бір күні лекциядан шығып келе жатып коридорда, жаңа шыққан қабырға газетінің жанында үйме-жүйме боп тұрған қыз, бозбалалардың арасынан осы Шынарды көрген. Қаланың сыртында тұратын Шынардың қапыда келуінен қысылып қалған Елеусіз басын изеп амандаса бергенде, ол:
— Сізді жазып қойыпты ғой,— деп жұмбақтап күлген.
Қабырға газетінде Елеусіздің суретін әжуалап түсіріпті. Түрік ұқсатып, басына сүлгіден сәлде оратып, мұрнын орақша имеп, төсекке шынтақтап жатқызып қойыпты. Төсектің аяқ жағына таман қолына ақ шәйнек пен кесе ұстап Данилов отыр. Оның астында «кәсіп одағы комитетінен келген дәрігер» деп жазған.
— Мынау Қараулықтың жазуы ғой,— деген Леня Данилов.
Институтта кәсіп одағы комитетінің бастығы Данилов еді. Өзі Елеусізбен әм пайды. Қазір де көрнеу жанашырлық білдіріп тұр.
— Сынай берсін ғой,— деген Шынар.— Бірақ, түрікке ұқсатып қойғаны несі? Тіптен, намысым келді! Ғылымға өкпелі адамдай, лекциядан неге қаласыз?
«Лекциядан неге қаласыз?». Елеусіз қалайын деп қалып жүр ме? Күнде түнгі сағат үш -төртке шейін жұмыс істесең, қалғанның көкесін сонда көрер едің! Ай, қыздар - ай, кейде ерте көретін нәрсені кешігіп көретіндерің жаман - ау! Елеусіздің бүгінгідей көз алдында. Дүйсенбі күні институтта жалпы жиылыс болған-ды. Күн тәртібінде екі мәселе. Біріншісі — социалистік меншікті қорғау; екіншісі оқу тәртіптілігі жайында. Бірінші мәселе ұзаққа созылмады. Жарыссөзге шығушылар аз болды. Баяндама жасаған әкімшілік-шаруашылық бөлімінің бастығы да жартымды ешнәрсе айта алмады. Институттың әрбір ірілі-ұсақты мүлкі — социалистік меншік; соған ұқыпты қарауымыз керек, көздің қарашығындай қорғай білуіміз керек деген тәрізді жұрттың бәріне түсінікті жайларды ескертумен тынды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру