Жол үстінде
Бауыржан Момышұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Бауыржан Момышұлының шығармалары батырлыққа, өрлікке баулиды. Жазушы шығармашылығының ерекшелігі – ойдан шығарылған оқиға мен жасанды кейіпкерлерден аулақ. Көзбен көрген оқиғаларын бойына сіңірген туындылардың әлеуметтік, қоғамдық сипаты басым. Салт-дәстүрін ұлықтап, соның негізінде түйген ойлары...
(Әзімханның әңгімесінен үзінді) 1936 жылы Қиыр Шығысқа менімен бірге бір қазақ жігіті барды. Үш-төрт ай қызметтес болып, бірге жүріп, сыр алысқаннан кейін, екеуіміз жақсы, тату жолдас болдық. Аты Әзімхан еді. Сұңғақ бойлы, сымбатты, қалың қара шашты, мөлдіреген, айбатты қара көзді, қыр мұрынды, ашаң жүзді, келбетті, ауыр мінезді, салтанатты, еркек сұлуы деумен оның сыртқы бейнесінің суреттелуі бітеді. Келесі жылдың август айында 25 күндей армияның маневріне (жорығына) біздің полк та қатысты. Бір жолы шаршап-шалдығып келіп, Уссурий дария бойындағы тайганың ішінде қос тігіп екі күн дем алдық. Армия әдебиеттерінде штабты «армияның миы, көзі, құлағы, жүрегі...» деп адамзаттың қымбатты сезім мүшелеріне теңейді. Штаб уақытты ойлап, көріп, біліп, естіп, сезіп отырмаса, қарамағындағы әскерді басқарып, қызметін үлгере алмайды. Вена мен артерияның міндеті де «жүрек» болғандықтан, соған жүктеледі. 1855 жылы Энгельстің: «Низкая квалификация офицеров ни на чем не отражается так вредно, как на штабной службе» дегені тап бүгінгі күнге де арнап айтқандай. Шынында, штаб офицерлерінің қызметі көзге көрінбесе де өте жауапты, жанға батар қиын еңбек екені рас. Басқалар демалып жатқанда да штаб қызметі аз болмайды: жорықта ат үсті істелген шала-шарпы қызметті реттеу, демалып жатқан қосты қорғау, адамдарға, аттарға керек қамын ойлау, алдағы қызметтерді болжап, жоспарлау штабтың көп міндеттерінің бірі болғандықтан, басқа жерде қалай екенін қайдам, біздің полкта мен штаб командирінің оңдырып демалғанын көре алған емеспін. Екінші күні мені барлық документтермен дивизияның штабына шақырды. Қолқабыс етуге адам керек бола қалса деген оймен қасыма бір жәрдемшімді ертіп алдым. Әзімхан сауатты лейтенанттың бірі еді. Топографияны жақсы білегін, «Көрмеген жердің ой - шұңқыры көп» дегендейін, бұрын көрмеген жеріңізде, әсіресе, тайга ішінде, топографияны жақсы біліп, картаны оқи, болжай білмесеңіз, керекті жерді тауып бару өте қиын. «Бір жаққа жұмсай қойсам, адаспас» деген оймен Әзімханды еріттім. Бара жатқан жеріміз карта бойынша, тіке жүрсек, он шақты - ақ километр болса да, жолсыз тайгада 40-50 километрге татиды. Сол себепті, «Алыс та болса жақын» деп 20 километрдей «қысқа» орау жолға салып жүрдік. Алдында үш күн ұдайы жауын жауған, жер лай, жолдың миы шығып жатыр. Желе-жорта жүруге ат тайғанап, мүмкіншілігі болмады. Жай, аяң жүріске салуды лажсыздан теріс көрмедім. Жол ұзарып, іш пысты. Мен бір ауыз өлең айтып:
— Жігіттер, жол қысқартатын, бір-бір ауыздан өлең айтыңдар, — дедім. Атқосшылар бір-біріне күлімсірей қарап, ризалығын білдірсе де, жуық арада айта қоймады.
Шырқатып тайганы жаңғыртып қаз – қоңыр даусымен Әзімхан мына өлеңді айтты.
Шашы бар қолаң қара ашаң жүзді,
Қыр мұрын, қиылған қас, қара көзді,
Толықша сұңғақ бойлы, алма мойын,
Тиісті жауап берер майда сөзді.
Кең иық һәм кеуделі құмырсқа бел,
Сымбатты, салтанатты көргенде ел.
Ақ тамақ, оймақ ауыз, ауыр мінез,
Көз салмас көрінгенге көңілі ер.
Ұн бетті, бояу ерін қылаң емес,
Жырқылдақ әсіреңкі сылаң емес.
Қылығы оларсыз - ақ жарасып тұр,
Ойыңа ой қосады берсе кеңес.
Жарасқан барлық келпі денесіне,
Кім болмас риза туған енесіне.
Дәл соны жанға балап жар етпесең,
Өмірдің бұл әйелсіз керегі не.
Қыз десе қай адамның делбесі қозып, жүрегіне өрт пайда болмаған. Осы Қиыр Шығысқа келгелі, әйелдерді сыртынан анда-санда бір көріп қалғанымыз болмаса, қасына анық құлаш жетер жер жақындаған емеспіз, бізге күн асқан сайын орамал тартып, юбка кигендердің көзімізге түскені қор қызыңдай көрініп, көбімізді «тап сені...» дегізетін.
Әзімханның өлеңі поэзияның барлық заңына бағынған, Абай айтпақшы:
«Өлең — сөздің патшасы, сөз — сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», — болмаса да, маған біреудің шын ниетімен ойындағы арманын айтып, жаны сүйген ғашығын әлінің келгенінше сымбаттап шығарған өлеңі болған себепті, құлағымның құрышын қандырып, жүрегіме жылы тиді.
— Па, шіркін, қандай жақсы өлең, кімнің шығарған өлеңі? — деп сұрадым.
Жақсы деп айтуға болмас, мұны шығарған кісі ақын емес еді, бұл өлеңнің тарихы мынадай еді, — деп Әзімхан мына әңгімені айтты:
— 1928 жыл. Ташкенттегі әскери мектептің бірінші бөлімінде оқимын. Ауылдан алған аздаған ақшаны жаратпастан жинап, тағы да одан-бұдан құрастырып қосып, жаңа комсостав киімін (костюмін) жазғы демалысқа қарсы түзетіп алғанмын, бір кем жерім кісе – кемерім (портупейім) жоқ. Эскадронный старшинасы сверхсрочник еді, екі күн бойы жалынып жүріп, соның сайманын (снаряжениесін) алдым. Тағы бір дертім — ауылға оң мықыныма бесатар тапанша тағып бару. Оны табу қиын болды. Ақыры, кетер күннің алдында старшинаны көкелеп жүріп каптеркадан бір разрезной учебный наган алдым. Кобурдың ішіне кім қарап жатыр дейсің, маған керегі сыртынан көрнектілігі.
Белімде енді жылтыр сары қайыс белдік, оң мықынымда әлгі наган, сол мықынымда планшетка, өкшемде жылтыраған баян қоңырау дауысты сыңғырлақ шпора. Ойымның бәрі болып, төбем көкке жеткендей қуанып, ықыластанып поезбен ауылға тарттым. Ауылнай Айнабектің Әлібегі біздің үйге ретсіз бірнеше қабат салық салғанымен тұрмай, менің бәсіре қара дөненімді жайлаудан ұстап алып, «лау» қатарында мініп жүргенін әкемнің кейінгі хатынан білгем. Әлібектің онысына ызаланып, ішім қазандай қайнап, тісімді қайрап жүретінмін. Осы жолы үстімдегі форманың абыройымен пайдаланып, оған біраз қыр көрсетпекпін. Ол кезде ауылда қару асынғанның айбындылығы сөзсіз еді ғой. «Әлібектің мені көргенде төбе шашы тік тұрып, көзі алақандай болар» деп ішімнен мас болып келемін. Бұл сол кездегі балалықтың салдарымен істеген ісім, ой-пікірім. 1927 жылы демалысқа келгенімде, етікші Қыдырбайдың қызы орта бойлы, қолаң қара шашты, мөлдіреген бота көз, қиылған қара қасты, қыр мұрынды, қызыл бет, аузында қолмен тізгендей ақ меруерт кірсіз тіс, ақ тамақты, тік иықты, тал шыбықтай бұраң бел... Сөздің қысқасы, хор қызыңдай Бегімше сұлу маған толығынан ұнап, ішімді қазандай қайнатып, жүрегіме өрт салған еді.
— Дұрыс, сұлуды жақсы сымбаттадың, Абайдың мына өлеңі әлде Бегімшеге арналып жазылған болар деп:
«Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласыз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған.
Бір жаңа ұқсатамын туған айды», —
Әнге салып толық айтып Некрасов та:
«Тіл байлар таң қаларлық сұлулығы,
Қызыл бет, арғымақтай сұңғақ, бойлы.
Сұлудың сынын бұзбайды киім түрі,
Қай шаруаға болса да қолы ыңғайлы», —
дейді ғой.
— Қайран сұлу, кімнің діңкесін құртып, ынталандырып, қай қызыл тілді сөйлетпегенсің. Екінші мақсатың сол Бегімшеге қырындау болды ғой? — деген сұрақты тіке қойдым.
— Иә солай, таптыңыз, — деді Әзімхан, — ауылда қыздармен танысу әдісі түнде қол салып ояту ғой. Олай етуге қазақшылықты ұмытып кеткен жазған басым, батылым бармады. Оның үстіне, шешесі қызымен бірге жатады деп естідім.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген - дейін, Бегімшенің шешесі егде тартып қалса да сынды әйел еді. Жас кезінде «кімсің» Жұбай сұлу атанып, нағыз сынған салдармен айтысқанда, аузын аштырмайды екен. Әкесі Қыдырбай жалғыз атты кедей болса да, бір тойда Жұбаймен айтысып, сөзге жығып алған екен. Жұбай қыздың әкесі «Жалғыз қу томар кедейге қызымды бермеймін», — деп Қыдырбайға қызының орнына бір қыздың қалың малын бермек болып, араға кісі салады. Бірақ та оған Қыдырбай да, Жұбай да көнбейді. Сөйтіп, төрт түлігі сай байдың қызы Жұбай бір түні Қыдырбайдың артына мінгесіп келген екен. Бұл — Бегімшенің туыстары туралы сізге қысқаша мағлұмат. Ойымдағыны Бегімшеге хат арқылы білдірейін десем, оның сауатсыздығы діңкемді кұртты. Лажым құрып, Бегімшеге ебін тауып жолыға алмаған соң, бір күні немере жеңгем Қадишаға:
— Жеңеше, мені Бегімшеге жолықтырыңызшы, — дедім жасқаншақтай. Түйеден түскендей етіп айтсам керек, Қадиша бетіме бажырая қарап, жұлып алғандай:
— Е, жолығып не қылайын деп едің? — деді. Бетімнен отым шығып, екінші сөзге келмей, ұялғанымнан үйден ата жөнелдім. Қадиша сықылықтап күліп, қала берді. Содан бастап Қадиша жолыққан жерде күлімдеп, кекесін қарап, мені ебін тапқан жерде ұялта беретін болды. Оның қалжыңына қызарудан бөтен жауап бере алмай, мен оған жолығудан қашатын болдым.
Бір жолы бастаудың басында жуынып отырғанымда, Қадина күтпеген жерден суға келді. Тұрып жүре бергенімде, жолымды бөгеп, көзінің қиығымен күлімсірей қарап, назданып:
— Қайным, иіс сабыныңды бере тұршы, қолымды жуайын, — деп қолымдағы құтыны алды. Қолын жуып отырып мені әр әуенге салды. — Жаңадан қанат қағып, талпынып келе жатқан балапансың ғой, соншама қорқақ, жүрексіз болма, адамды адам жемейді, кімге болса да батыл бол... — деген өсиеті ғана есімде.
— Иә, жеңеше, Бегімшеге жолықтырыңыз, — дедім тағы да.
— Ойбай, қайным - ау, мен не деп тұрмын, сен не деп тұрсың, — деп сылқ-сылқ күліп, сабынды құтыға салғанда, мен оны алып жүре берген едім, ол:
— Әй, солдат бала, тұра тұршы, — деп тоқтатып, наздана күлімдеп, — бүгін ағаң үйде жоқ, кешке кел... қызға жолықтырсам, жолықтырайын, — деді.
Ел әлдеқашан жатқан. Жауын себелеп төгіп тұр. Ай шырттай қараңғы. Қадишаның айтқан сөзі есімде, ұйқым келер емес. Өзіммен өзім арпалысып жатырмын. Бегімшенің бейнесі көзіме елестеп, кетер емес. Үйдегілер тегіс ұйықтады - ау деген кезде, аяғымның ұшымен ұрлана басып, үйден шығып, қораның төріндегі отаудың алдына барып, жүрегімнің дүрсілін баса алмай тұрғанымда, білегімнен біреу шап беріп ұстай алып, үйге енгізіп жіберді... Қысқасы, Бегімше түгіл Бегімшенің аруағына да жолыға алмай, таң бозара Қадишаның тұтқынынан босанып, бала жігіттігімнен айрылып үйге келдім.
— Ауданның орталығы станция бойында еді, сәскеде келіп қызыл шайханада отырғанымда, ауылнай Әлібек жетіп келді. Сұр жыланша жылмыңдап, мені көрісімен-ақ жалпаңдап, асты-үстіме түсті де қалды.
— Қарағым, інішегім, амансың ба, ер жетіп жігіт болды деген осы, ауыл тегісінен аман көкемнен сен келгенше деп айғырыңның майын сұрап мініп жүр едім, осы жерге де соны мініп келдім... Ауылға өзің мініп барсаң, мен лажын тауып басқа атқа мінермін, - деп Әлібек сөз берер емес.
Шайханашы тәжік Әлібектің ымдауымен алдымызға біртпертпек қымыз әкеліп қойды.
— Абдрахман әке, көкем мен жеңгем шай, қант керек деп отыр еді, біреуді жіберіп дүкеннен екі қадақ қант, бір құты шай алдырыңызшы. Әзімқан ауылға ала кетсін, — деп тәжікке бұйырды.
— Құп болады, — деп, кешікпей-ақ ол Әлібектің тапсырмасын орындап келді.
Ауылнай Әлібек ауылдың кәдімгі қу десе қу, сұм десе сұм, парақор, өзінен жоғарыларға қошаметшіл, төменгілерге өктем адам еді. Алдыңғы жылы Нұров дейтін бір пұшық уәкіл болып келіп, Әлібектің үйінде жатып, арақ ішіп, 500 сом пара алып, Әлібекті ауылнай сайлап кеткен екен ол уақыттағы ауылдағы демократиядан хабарыңыз бар шығар. Оны мен есіте салысымен, аудандық орындарға елдің арасында сондай сөз бар деп хат жазып едім, бірақ та ол хатым аяқсыз қалып кетті. Біздің үйге Әлібектің зықым көрсететіні содан, оған ауданның бір қызметкері сол хат туралы айтса керек. Әлібек залым да болса реңді, орта бойлы, аққұба, қара қасты, өткір күлімсіреген қара көзді, жылтыраған қара мұртты, қырыққа жетпеген жігіт еді, сондықтан ба, естуімше әйелдерге өте жағымды дейтін. «Ағаш көркі — жапырақ, адам көркі — шүберек» дегендейін, Әлібек еш уақытта жаман киім киген емес. Келбетті кісіге өзіне лайықтап тіккен қазақ киімі өте қонып, жарасып-ақ тұрады ғой. Әсіресе, біздің елде, Арқаның қазағыңдай олбыр-солбыр киінбейді. Әлібек атты таңдап, жабдықты ер - тұрмандап мінетін. Жазда құс салып, қыста тазы жүгірткен, көкпар десе өліп қалған шабандоз, жүйрікті салып бәйгеге қосқан атақты сыншы саяткерлердің бірі болатын. Ауылда ат, құс, ит қадірін одан асып ешкім білген емес. Жасөспірім жігіт кезінде тойда өлең айтып, ешбір қыздан жеңіліп көрген емес. Өмірінде аты арып, иті қаңғырып, құсы қашпаған. Ауылдың кейбір бозбаласы Әлібекке еліктеп әсем киім киіп, ат жаратып мініп, оның толық ықпалында болатын. Әлібекті саяткерлер, шабандоздар, құсбегілер сияқты сауықшылардың серкесі деп айтса да болады. Әлібек шайханаға келген ауылдың бір жігітін атқа жұмсады. Далаға шықсам, әлгі жігіт менің қара айғырымды ұстап тұр екен. Дұрыс күтіп, мініп жүргені рас-ақ екен. Айғырым өмірімде сондағыдай көзіме келбетті, сүліктей сұлу болып еш уақытта көрінген емес. Сондағы атыма арнап шығарған өлеңім:
Тік аяқ, бура санды, құйма тұяқ,
Кең маңдай, етсіз жақты, қамыс құлақ.
Омыраулы, жібек жалды, сағақ мойын,
Бұлшық етті, сауырсын, артың талтақ.
Иығың тік, жұмыр палуан келген белің,
Тықыр жүн, майлағандай — жылтыр терің.
Тартыңқы іш, аш бөрінің қарыныңдай,
Бесіктей ерге жайлы тегіс жоның.
Сағақ қағып адымдап шұлғып жүрсең,
Тұлпарға жеткізбейсің зулап желсең.
Шабысың ұшқан құстан кейін емес,
«Бір қызға» сені қылған қалай өлшем?
Жып-жылтыр, мөлдіреген қара сүлік,
Анадан артық туған сен бір «күлік»
Аттан ассаң дауым жоқ менің сенде,
Теңеру сені қызға шерменделік.
Айғырыма мініп, біраз жүрісіне, біраз желісіне, біраз шабысына салып ауылға бара жатырмын. Көңілім шат, өте қуаныштымын. Туған жердің табиғатының өте сұлулығын бірінші рет көргендей, сол күні байқап, таңғала қарап, жол-жөнекей қызығына тояр емеспін. Көңілім көтеріліп, даланы жаңғыртып, айқайлап өлең айттым. Аттың үстінен оңға, солға аунап жигитовканы мәнеждегіден артық ептілікпен істедім. Жол жағасындағы қызғалдақты жұлып алып, жұпар гүлін иіскедім, сүйдім. Жолда Қоңыр төбе дейтін төбе бар еді, соның басына шауып шығып, айнала төңірекке көз жеткенше қарадым. Оңтүстікте басынан қысы-жазы қар кетпеген, аспанмен тірескен тау ұлығы ақбас Алатау, басына қарағанда өте жақын, етегіне қарағанда өте алыс, «Биік таудың басын көріп, қасына барма» деген халық сөзін ойыма түсірді. Солтүстікке қарасам, аспанға тірескен Алатауға үйренген көзіме жартасты қоңыр Қаратау табанымның астында жермен-жексен болып майда, соқ пырт, адыр жай тізілген төбешіктерге ұқсады. Батыстағы Жабағылы, Шақпақ, Құлан таулары Қаратаудан сәл-ақ биік, көркем көрінді. Төрт жағын тау қоршағам Алатаудың Ақсай, Көк сайының етегі, ойпаңның аты — Мыңбұлақ дейтін жер. Табан астымдағы жазық ойпаңға қарасам: жадыраған жаздың ашық күні сүйкімді сәулесін жер жүзіне төгіп балқытып, ойпаңдағы қызыл, көк, жасыл, ақ, сары гүлдер, көк орай шалғын саз, бидайығы қалың өскен тың, гүлдей көгерген жоңышқа, күздік, жаздық тәлімі бидай жетіле өсіп, күнге шағылысып, масатыдай түрленіп, жайқалып құлпырып, әдемі, өте көңілді болып жайнап жатыр екен. Қара жолдың сыртындағы жайлауға жиі қонған ауылдың ақ жұмыртқадай үйлері, өрістегі қара құрымдай жайылып жатқан төрт түлікті малдары, ойдағы сирек, бытыраңқы әр бұлақ басындағы қыстауларда сырлы болып көрінді. Көз алдымдағылардың өте әсемдігіне, адам баласының еңбек сүйгіш қолы себеп болып, оны нақыстап әшекейлеп, оқалағанын бірінші рет ұғынғандаймын. Еңбектің күшін, қасиетін мен сол күннен пайымдап, еңбекті сүйдім.
Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татиды шекер-балдай.
Қызғалдақ, қалың егіс, көк жоңышқа,
Жазғытұрым құлпырған масатыдай.
Көк орай шалғын, Отаным, жерің дәнді,
Жазың салқын, жайлауың малға жайлы.
Сағынып алыс жерден келгенімде,
Көзім тойып көркіңе, мейірім қанды, —
деп, екі ауыз өлең айтып, шпорымды айғырымның бауырына қадап, төбешік үстінен шауып түсіп, қара жолдың шаңын бұрқырата жайлаудағы ауылға қарай тарттым. Жол астында 400-500 метрдей жерде Терең сай атты 5-6 бастаулы суат бар. Ауылдың әйелдері суды осы жерден алатын. Еркектің алдын кесіп өтпеу — біздің ел әйелдерінің рәсімі, ізеті (осы кездегідей әдепсіздік орнамаған уақыт). Мені көріп бір топ қыз-келіншектер шелектерін жерге қойып, қатар тізіліп тұра қалды. Үстімдегі формаға кейбіреулері состиып қарап, таң қалып танымады да, Қадиша мені танып жаныма келіп жымиып күліп:
— Ар ма, шырақ, солдат бала, — деп сиқырланып иіліп сәлем етті. Қыздар оның қылығына күлісті.
— Ойбай, бетім - ау, атамның баласы ғой, — деп бір келіншек бетін шымшып, — мен әлгі бір төре екен десем, — деді.
Қадиша қыздарға қарап:
— Неге күлесіңдер, қыздар, ата баласы, жолы үлкен, сәлем еткенімнің айыбы жоқ, келіншек болғандарыңда көрермін, сәлем етпегендеріңді, — деп сылқ-сылқ күлді.
— Көп жаса, жеңеше, ұл таптың, — дедім мен.
Әне, есіттіңдер ме, қыздар, маған берген батасы ғой, айтқаның келсін, қайным, — деп қыздарға қарай, — қыздарға да күйеуге тез шық деп бата бергейсің, — деп тағы баян күлкісіне салды. Әй, қыздар, бері келіңдер, қаладан келе жатқан жігіт қой, базарлық жейік, — деді - дағы, қылымсып алдыма келіп, қасын керіп, көзін күлімдетіп, тұра қалды. Қоржынның бір басындағы 5-6 қадақ кепкен өрікті үлестіріп бердім. Жалғыз Бегімше төмен қарап ұялып келмеді.
— Сіз базарлық жемейсіз бе? — деп қасына барып бір уыс өрік пен бір шыны иіс майды ұсындым.
— Мына қыз бәрімізден олжалы болды-ау, — деді бір келіншек.
— Иә, оның сөзсіз, — деп Бегімшеге Қадиша жақындап барып, — кәне, көрейінші ғашығыңның бергенін, — деп қолындағы флаконды жұлып алып, маған ала көзімен қарады. Бетімнен отым шығып қалса керек, қыз-келіншек біткен сылқылдай күлді.
— Алып келгенің осы жаман әтір ме, мен әжептәуір бағалы нәрсе ғой деп едім, — деп сақ-сақ күліп, Қадиша Бегімшеге әтірді қайтып берді.
— Жеңеше, сыйдың құны жоқ деген емес пе, көңіл үшін, оның несіне күлдіңіз, — деді бір қыз.
— Сыйдың құны болмаса, мына жігітті бикеш сыйлап, құнсыз нәрсе беріп көңілін алар. Сыйлағанды сыйла, еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай деген емес пе, бұрынғылар, — деп Қадиша тағы сықылықтай күліп, маған қарап: — Иә, бикеш кейін сыйыңыздың қолқасын мол етіп қайтарар, — деді.
— Жеңеше - ау, сыйға — сый, сыраға — бал деген емес пе, оның несін әңгіме етіп тұрсыз? — деді Бегімше.
— Иә, қарағым бикеш, дұрыс айтасың, кісі ақысын өтемей кету қызға сын болады деп айтқаным ғой, бикеш жан, әзілге ашуланба, — деп жуып-шайып шелегін көтере беріп, қайным, жеңгеңнің әзілін көңіліңе алма, ауылға жылында бір келетін мейманды қайсымыз болса да күтіп алуға жарармыз, — деп қылымсып, — әлде маған деп әкеле жатқан әтірің жаныңда шығар, кейін берерсің, елге көрсетпей-ақ, — деді.
— Әзілің дұрыс, жеңеше, сізге деп алып келе жатқан базарлығым жанымда, мезгілінде барып табыс етермін, — дедім мен.
— Бәсе, мен әлде «өзі болған төркінін танымастың» кері келді ме деп қалып едім, дұрыс, мен сияқты жеңгеңді ойыңнан шығармағаныңа рақмет, қайным, — деп кекесін қарап: — бірақ абайла, қайным, ағаң қызғаншақ, базарлық беремін деп барып, базарың шығып жүрмесін. Өзім - ақ барып алайын. Қолда бар алтынның қадірін білмейтін мен емес... — деген кезде, атым осқырып үркіп, аспанға қарғып, тік тұра қалды. (Кавалеристер оны свечка дейді).
— Аға лейтенант жолдас, пропуск, — деп бұтаның астынан сержант шыға келді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру