Балуан Шолақ. Повесть
Сәбит Мұқанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінің барлық жанрында өнімді еңбек етіп, 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырма шақты поэма, бірнеше повесть пен роман, әңгімелер, очерктер, оннан аса пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы мен этнографиясы туралы зерт...
БАЛУАН ШОЛАҚ
повесть Босанған Нұрмағамбет, екі себеппен Қайрақтыға оралмай ауылына қайтты, бір себебі — қапымды тауып өлтірмей қоймайды деп Пропадко тұқымынан қорқу; екіншісі — жазықсыз жаза тартып үй - орманымен құрып кеткен Кургановтардың, «Пропадколер бұзып әкетіпті» деген жұртын көргісі келмеу. Осы себептермен жайлауда отырған еліне қайтқан ол, салысы суға кеткен адамдай, салбыраңқы қабақпен үйінде тұрып жатты. «Алда не істеу керек?» дегенді, ол алғашқы күндері ойлаған да жоқ, ойлауға шамасы келген де жоқ. Оның басын билеген жалғыз ой — Пропадко сияқты күштілердің, Кургановтар сияқты әлсіздерге көрсететін қорлығы. Ол сондай ауыр ойда жүрген күндердің біреуінде, оның көзі де, жайлаудағы жұрттың көзі де бір атты мініп, бір атты жетектеп, ауыл - ауылдың арасында шоқыта шапқан біреуге түсе кетті.
— Е, қайда барасың? — деген сұрауға:
— Тоқсанбай байға ас11 берілетін еді, соған сауын22 айтып жүрмін, — деп жауап берді ол.
— Қашан болады, ол ас?
— Енді бір айдан кейін.
— Қанша елді шақырды?
— Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Кереку, Қызылжар, Омбы — осы жеті ояздың елін түгел шақырды.
— Ойпырмай, оған не деген ас шақ келеді?!
— Тоқсанбайдың өз малынан мың қой, жүз ту бие, ілік - шатыс, құдандасынан жүз елу ту бие, мың жарым қой, барлығы — екі мың жарым қоймен, екі жүз елу жылқы сойылады, солардың еті жетпей ме? Қымызына жиналған жұрт өзі әкеледі.
Бір ай асқа әзірленген жұрт сабаларын екі доңғалақты қазақ арбаға артып, біреу салт, біреу арба жегіп... дегендей, Тоқсанбай аулына, жан - жақтан ағыла бастады. Ормансыз жазық кең дала, құмырсқаның илеуіндей қыбырлаған адамнан көрінбей кетті. Бұл топтың ішінде Нұрмағамбет те жүрді. Ойы жүдеген шақта бойы да жүдеген оған, асқа аттанарда шешесі ұрысты. Нұрмағамбеттің еркіне салса, бұл асқа бармас та еді. Өзге жұрт жиналып жатқанда үйінде бейғам отырған оған:
— Сен неге отырсың?—деді Қалампыр.
— Жәй...
— Асқа бармаушы ма ең?
— Не алам, содан?
— Жоқ, барасың!—деді шеше, бұйырған дауыспен,— немене, жүнжіп кеткенің? Осындай жігіт бола ма екен, басына түскен бір іске мұқап қалған?.. Көрсетпе, ол қылығыңды көзіме! Бар, асқа!.. Және бұл жүдеген түріңмен емес, жақсы киініп, ер-тоқымыңды жақсылап бар!..
Бұйрығына көндірген шешесі, «ауылға келгенде киесің» деп даярлатып, сандығына салып қойған қазақы жақсы киімдерін, «Нұржан ғана мінеді» деп, өзгеге ұстатпай, кереге басына іліп қоятын жақсы ер-тоқымын берді де, биыл бесті шыққан жақсы атын мінгізіп, баласын ауылдан көріктендіріп жөнелтті.
Ондай ас пен тойда елдің аузындағы сөз — балуан жігіт пенен жүйрік ат! Жеті ояздан жиналған жұртта, бәйгеге қосылатын мыңға жақын ат бар, солардың ішінде ерекше ауызға алынған Ақан серінің Құлагері. «Белдемесінде қанаты бар дейді, аз шапқаннан кейін құс боп ұшып кетеді дейді», деседі жұрт ол туралы. Талай саңлақтың иелері Құлагерді барлайды да, өз атынан түңіледі. «Құлақ естіген жерде бұрын бәйге бермеген Құлагер, бұл жолы да шалдырмас» деседі жұрт. «Бәлен балуан кепті, түген балуан кепті!»—деген күңкілдердің ішінде ауызға ерекше түскені «Қарақыпшақ Қобыланды батырдың ұрпағы - мыс деген «Түйе балуан» атанған біреу. Көріп қайтқандар ол туралы шошына сөйледі:
— Білектері адамның санындай, саусақтары білектей, саны кеудедей, кеудесі кигіз үйдей, құлағы тебінгідей, басы қазандай, аузы жырта қарыс, екі ерні — екі кесек ет, түксиген қабағына біткен қалың қас желкілдеп кішкене көзін жауып тұр, тұла бойы түксиген жүн, қылдары жылқының ту құйрығынан қатты, бойының тұрқы — нар түйедей, екі иығына екі кісі мінгендей, сөйлеген сөзі — арыстанның күрілдегені сияқты. Мойны бұрылмайды, — қараған жаққа бар денесімен қозғалады, бір жегенде бір қойдың етін жүк көрмейді, бір сүйретпе қымызға сусыны әрең қанады!..
— Онымен кім күресер екен?—деседі жұрт.
— Әй, ешкім күреспесе, өлгісі келген біреу болмаса!..
— Қап! — дейді біреулер өкініп, — бас балуанның бәйгісі түйе мен ат бастаған, құндыз бен жібек шапан қосқан жүз ірі қара деп еді, сол бәйгіні енді күрессіз алады - ау, сабаз!..
— Қой, — деді біреулер, — түйе балуанды туғызған ел сол сияқты бір ұлды тағы да туғызбады деймісің. Ел ғой, біреу табылар.
— Әй, кім білсін!..
Асқа төрт рудан жиналған еді: Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ.
Әдетте «Арғын аға баласың» деп, аста, тойда бас балуан шығаруды ел Арғынға ұсынатын. Бірақ бұл жолы Арғынға жол тимеді. Себебі: ас беріп отырған Тоқсанбай, Арғынның «Атығай» дейтін бұтағынан, ас берген елге бас балуанның жолы келмейді. Ендігі күресетін Қыпшақ пен Керей. Керей мен Уақ ағайындас. Тойда, аста олар бірге отырады. Асқа жиналған жұрт етін жеп, қымызын ішкеннен кейін, біреу құрықтың басына екі кез қызыл матаны байлап, «ат шабар! ат шабар!» лап, Көксеңгірдің Көктөбесінің биігіне шаба жөнелді. Арбалылар да, салттылар да, жаяулар да соның соңынан шұбап, қыртысы қалың, жасыл көделі жердің шаңдағын аспанға шығарды. Қою шаңнан тұман басқан жер беті буалдырланып кетті. Көп кешікпей, құмырысқадай құжынаған жұрт, үлкен қара жолды ортаға ала, екі жарылып отырды. Жолдың бір жақ бетінде — Қыпшақ, екінші жақ бетінде — Керей мен Уақ; Арғын асқа жиналған жұртқа қызмет етті.
— Кем болса жиырма мың халық бар шығар, — десті көпшілікті көзімен шолғандар.
Әдетте күрестен бұрын бәйгінің аты кетеді. Асқа жиналған мыңға жақын жүйріктен іріктеліп кеп үш жүздей ғана ат бәйгіге қосылатын болды, себебі — әр елден озып келген жүйріктің иелері: бағын сынау үшін аттарын «Көксеңгірдің Көктөбесінен» елу шақырым жердегі Сілеті өзенінен жіберуді тілек етті. Сол тілек орындалып, Сілетіден ертең ертемен жіберетін боп, қоналқаға аттарды шабарман айдады. Жиын жұрт бүгінгі мәжілісті балуан күрестіру қызығымен өткізбек болды. Аттар жөнелгеннен кейін бас балуан шығару жолы тиген Қыпшақ «Түйе балуанын» шешіндірді. Түйе балуан күресерде қойдың жүнінен жуан ғып тоқыған, балағы тізесінен жоғары шалбар киіп, ышқырына қайыс белбеу өткізіп, белін тас қып буады екен де, үстіне одан басқа киім ілмей, тырдай жалаңаш шешінеді екен. Күрескен балуанмен бел ұстасқанша ғана иығына түйе жүн шекпенін жамылып отырып, күресерде оны сыпырып тастайды екен. Сол әдетін істеп, түйе балуан қара жолдың жиегіне кеп отырады. Оған Керей, Уақтың көзі түсіп еді — «Түйе балуан»ға еріп келген адамдар бүркіт қасындағы торғай сияқтанды.
— Кәне, қайсың шығасың!—деп Керей, Уақ дәмелі балуандарының бәріне айтып еді, біреуі де шыққысы келмеді. Керейдің ішінде: сегіз оязға аға - сұлтан болған Сағынайдың «Паң» атанған Нұрмағамбеті отыр.
Түйе балуанмен күресер адам Керейден шықпағанына Нұрмағамбет ызаланып:
— Баяғыдан бері Керей, Уақ қатын алған жоқ па ең? Сенен ұл туған жоқ па еді? Ер тумай, жер туып па еді? «Елмін» деп неге айтатын ең, өзіңді? — деп ақырды.
Осы кезде: ұзынша бойлы, жауырынды, бірақ белі талдырмаш, үлкендеу бота көзі ойнақшыған, жоғарғы ерні жаңа ғана түбіттене бастаған атжақты, сары сұр әдемі жас жігіт, ор қояндай ойнақтаған жеңіл қимылмен, ептеп басып кеп, оң тізесін бүгіп Нұрмағамбетке сәлем беріп, қолын ұсынды. Нұрмағамбет «Бұл кім?» дегендей жас жігітті көзімен шолып еді: ақ ботаның түбітінен тоқыған, қарала батсайымен өңірін, етегін әдіптеп, жағасына төрт елідей құндыз ұстаған қынама бел қамзолы бар жасыл жібекпен тыстаған, оң жақ құлағын жымқыра киген ақ бұйра, жөкей тымағы бар, аяғында кебісін күміс шегемен әлеміштеп, желкесін көк сауырлатқан, өкшесі биік «Қосай - қолашы11» бар. Нұрмағамбет «Паңмен» үйде де, түзде де өзі ұлықсат етпей ешкім амандаспайтын еді. Мына жігіттің екпіндеп кеп қол беруі оған ұнамады.
— Кім баласысың?—деді, ол семіз бетін тыржита қарап.
— Әкемнің аты Баймырза, — деді жігіт екілене сөйлеп, — өз атым Сіздің атыңыз сияқты — Нұрмағамбет.
— «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген сөз бар еді, — деді Нұрмағамбет, жігіттің аты өзімен аттас болғанын ұнатпай, — атың жақсы екен. Қай елсің?
— Іргелі ел емеспін. Аз атаның баласымын. Арғы тегім Үйсін. Абылай ханның заманында атам батырлықпен ерігіп кеп, Керейден қатын алып тұрып қалған екен. Содан тараған төрт - бес үй бармыз. Керейдің бір ауылында отырған кірмеміз. Ал, Паң ата!—деді Нұрмағамбет сөйлегісі келген паң Нұрмағамбетті кимелеп, — рұқсат етіңіз, Керейдің аруағын шақырып, Қыпшақ балуанымен күресейін деп едім. «Ер жігіттің үш жұрты бар, біреуі — өз жұрты, біреуі — қайын жұрты, біреуі — нағашысы»— деп еді. Задым Үйсін болғанмен, Керейдің қызынан туған мен де Керейдің бір баласымын.
Паң Нұрмағамбет, жігітке жауап берудің орнына айнала қарап еді, қоршап отырған ақсақалдар «жіберіңіз» деп өтінді.
— Бар, — деді Паң.
Жігіт қуанып жүгіре жөнеліп, қоршаған көптің арасында шешініп жатқанда:
— Есер неме емес пе? — деді Паң, — ұятқа қалдырмай ма?
Әлдекім оған Нұрмағамбеттің серілікте көңілі бар жігіт екенін және Қайрақтыда басынан кешкен халын қысқаша баяндап берді.
— Бәсе, айттым ғой, есер деп. Есер болмаса, өзі кедейдің баласы дейсіңдер, әлгіндей оңды киім кие ме? Енді жалшылыққа тұрғысы келмей жүрген біреу ғой. Жасы нешеде екен, өзінің?
— Биыл жиырмаға шығатын болар.
Паң ойланып қалды. — «Ә, — деп ойлады ол ішінен, — жасына қарағанда денесі сойқан екен. Мынау тегін болмас!». Кешікпей көптің көзі ақ балтыры ашық күнге күмістей жалтырап, аяғын ойнақтаған құлындай жылдам басқан сидам жігітке түсті. Жігіттің үстінде: қой жүн шекпен, жеңін түрген. «Я, аруақ, қолдай гөр!»—деген дауыс Керей, Уақ жағында қаққан қоңыраудың дауысындай тұтасып күңгірлеп кетті. Ол кездегі ауыл әдетінде қара жолды балуан аттамайды. Нұрмағамбет оны тыңдаған жоқ, қасына ергендердің «тоқта!» дегенін елең қылмай өтіп кетті. «Қап!—десті Керей жағы, — кесірге ұшырамаса жарар еді, жолды аттады - ау!». Түйе балуан да түрегеледі. Дағдылы көзге ортадан жоғарырақ көрінетін Нұрмағамбет бойының биіктігі, Түйе балуанға қатарласқанда байқалды, — өзге адам кеудесінен келмейтін Түйе балуанның бұл иығынан келеді екен.
— Ә, сенбісің, Керейдің балуаны? — деді ол күрілдеп,— атың кім?
— Кейін сұрарсың әуелі күресейік.
— Жарайды, оқасы жоқ! — деді ол Нұрмағамбетті менсінбегендей, қымсынбай, — ендеше, қалаған жеріңнен ұста, бала!
Нұрмағамбеттің шолақ қолы Түйе балуанның беліне буынған қайысқа шап ете түсті. Белбеуді ол, қолына қапсыра бір орап алды. Өзгемен күрескенде Нұрмағамбет құшақтап көтеретін еді, мынау оған болар емес, беліне адамның құшағы жетпейтін, атан түйедей бірдеме!.. Жас жігіттің жұдырығының тегеурінділігіне қарап «күші бар екен», деп ойлады Түйе балуан, сонда да аса қауіп қылмай, шекпенінің екі өңірін кеуде тұсынан қапсыра ұстады да, бір қолын бос жіберіп:
— Ал қимылда, бала!—деді.
Сол кезде Нұрмағамбет Түйе балуанның сол жақ бүйірінен де ұстап, оң жамбасқа ала сілтеп кеп қалып еді, Түйе балуанның оң тізесі бүгіліп барып, әрең дегенде түрегелді.
— Жықты! Жықты!.. — десті Керей жағы жүгіріп. Әдетте тізесін бүксе балуанның жығылғаны.
Екі жақтан да жігіттер жүгірісіп жанжалдасып жатыр еді:
— Тоқтаңдар!—деді Нұрмағамбет айқайлап, — жоқтағандарың, менің намысым болса, кейін қайт, Керейдің баласы! Тізесін бүгіп бәйгі алмай - ақ қояйын. Бағымнан көрем, қайта күресем.
Екі жағы балуандарды жіберіп, кейін шегінді.
Бұрын мұндай күшке кездеспеген Түйе балуанның ашудан бетіне түгі шықты. Нұрмағамбетті езіп тастауды ойлаған ол, денесінің әр тұсынан ұстап еді — темірге тигендей батпады, бұлтыңдап ойнаған бұлшық еттері уысын кейін серпіп жіберді. Денесін қапсыра көтеруге келтірмейтінін көрген соң, Түйе балуан белінен омырмақ боп, құшағын айқастырып алып, олай да, бұлай да бұрады, кейде ұршықтай үйіріп алып та кетті, бірақ, қалай сілтесе де тік түсетін бір тамаша! Ызаланған Түйе балуанның самайынан тері, аузынан көбігі ағып, енді жағадан ап үйіруге ойлаған кезде, Нұрмағамбет оның ішіне кіріп кетіп, түйедей денесін иыққа сап арқалай жөнелді. Сол қалыппен бұлқынған балуанды босатпай, арқалап жүріп, үйіріп - үйіріп, сылқ еткізіп шалқасынан тастап кеп жіберді. Құлаған балуанның екпінінен жер солқылдағандай болды. Нұрмағамбет ор қояндай ойнақтап, Керейге қарап жайнаңдай жөнелді. Түйе балуан жығылған орнынан тұра алмай қалды.
— Қабырғам!—деді ол ышқынып, басын көтерейін дегендерге, — сынды білем...
Нұрмағамбетті Керей жағы төбелеріне көтеріп әкетті. «Сені тапқан анаңнан айналайын... Күшіңнен айналайын... Көп жаса!»... деген дауыстар даланы басына көтерді. Бір уақытта Паң Нұрмағамбет төңірегіне қараса, аз ғана ақсақалдан басқа жан жоқ. Жұрттың қоршағаны балуан Нұрмағамбет.
— Отырсын түге, шуламай! — деп Паң ақырды,— не бар, даурығатын? Қаңғырған жалғыз ауыл Үйсінді сонша ардақтап, сонша қошеметтейтін, Керейдің ол бел баласы ма еді?
Паңға кім үндей алсын... Жұрттың даусы бәсеңдеді. Осы кезде: үстіне тамаша кілем жапқан, кере құлаш камшат құндыз бен ала жібек шапанды өркешіне ілген түйеге бастатып, күміс тұрманмен ерттеген сұлу жирен атқа бастатып, бас балуанның бәйгісі, — жүз ірі малды Арғын Паңның алдына әкеп тосты. Бір тоғыз мал қосып түйе мен атты Паңның өзі алды да, өзгесін ақсақалдарға үлестірді.
— Балуанның өзіне де ырым беріңдер. Кедей кісінің баласы, еңбегі, — деген әркімдерге Паңнан бұрын жауапты Нұрмағамбеттің өзі берді.
— Мен дүние жиғалы жүрген жігіт емеспін, — деді ол,— күшім мен халқым сен аман болсаң, одан артық маған не керек?.. Бәйгіден бір сабақ та жіп алмаймын, ол көпшілік — сенің сыбағаң!..
Ентігін басқан Нұрмағамбетке жұрт алғысты жаудырып қоршап тұрған кезде: басына ақ жібек шәліні желбегей салған, құлағында алтын сырғасы бар, көйлек пен бешпенті татаршалау, орта бойлы, бетінде аздап қорасан дағы бар, ойнақшыған қара көзді, кішірек қыр мұрынды, жиырмалар шамасындағы қараторы әдемі келіншек көпшілікті кимелеп келді де, Нұрмағамбеттің иығына қызыл ала батсайы шапан жауып, қалтасынан мол, ақ жібек орамал алып, қолына ұстатты.
— «Орамал тонға жарамайды, жолға жарайды» деген, — деді ол сыпайы, сызылған сәнді үнмен, — ерлігіңізге тартқан сыйым, көпке балап алыңыз!..
Келіншектің қарақаттай мөлдір, күлімдеген көзі Нұрмағамбетке күн сәулесінен өткір қадалып, оның өмірде жаннан жасқанбаған көзін тайдырып жіберді. Сол өткір қарастан оның бойы отқа тиген қорғасындай еріп кеткен сияқтанды, аузына сөз түспей, жаутаңдап қарай берді. Сыйына лайық жауабы тез беріле қоймаған соң, келіншек тағы бірдеме дегелі оңтайланып келе жатыр еді:
— Балуан, сені Паң шақырады, тез жүр! — деді бір жігіт.
— Біз бір жолаушы ек, — деді келіншек, — мекеніміз — Қараөткел. Жүріп бара жатыр ек, хош болыңыз!.. Келіншектің ұсынған қолының жіңішке ұзын саусақтары да, Нұрмағамбетке оттай ыстық көрінді.
— Хош!—деген сөзге ғана келді оның, тілі. Келіншек Нұрмағамбетке қара көзінен нұр төге, төңкере бір қарады да, демін кеудесін кере алып, аяғын баяу басып жүріп кетті.
— Атын білесіңдер ме, әлгі келіншектің? — деп сұрады Нұрмағамбет, Паңға келе жатып, қасындағылардан.
— Білмейміз.
— Қап, сұрамағанымызды қарашы, — деді Нұрмағамбет өкінгендей, — әне, аттанып та кетті.
Паң Нұрмағамбет, балуан Нұрмағамбетті қарсы алдына шақырып алды да:
— Жай қолыңды!—деді.
— Нұрмағамбет екі қолын көтеріп, алақанын жайды.
— Жігітім, жарайсың. Күшіңе сүйсіндім, — деді Паң.— Не бата тілейсің?
— Тілеп бата ала ма, Паң ата?
— Екеуміз аттас екенбіз, — деді Паң, — сен Нұрмағамбетті қойып «Балуан» деген атқа ие болсаң қайтеді? Оны азсынсаң қасына «Шолақ» деген сөзді қосайын!..
— Паң. берер батаң «Балуан» деген атақ болса, мынау көп ол батаны мана айтқан!
— Я, рас... айтқамыз... «сүйгенін шұнағым» дейді... Халықтан сүйген атын ол алған... Оның аты «Балуан Шолақ»!—деген дауыс ду ете түсті.
Көптің құлағында бірнеше күнге шейін осы бір үн ызыңдағандай болды да тұрды.
КАРОНМЕН КҮРЕС
Балуан Шолақтың бағы ел үстінде құстай ұшты. Тоқсанбайдың асынан кейін, «Көксеңгірдің Көктөбесін» жайлаған ауылдар оны бірінен соң бірі шақырып, қолдан -қолға тигізбеді. Балуандық, әншілік, ақындық, серілік, ойыншылдық Балуан Шолақтың бір басынан табылады. Оның, барған ауылы ұлы думанға айналды. Жиналған жұрт оның тал бойынан мін тапқан жоқ.
— «Сегіз қырлы» дейтін жігіт осындай - ақ болар, — десті жұрт.
Мін таппаған жұртқа Балуан Шолақтың еркелеп айтқан өлеңі мынау еді:
«Атандым Нұрмағамбет — Балуан. Шолақ,
Бір қолым үсіп кетіп болды молақ.
Сұлу қыз, келіншекке тиышсыздаумын,
Жалғыз - ақ тал бойымда мінім сол - ақ!»
Жайлаудағы елдің жайнаған гүліндей көз құмарын тарқатып серуенде жүрген Балуан Шолақтың құлағына бір күні сыбыс естілді: «Көкшетау қаласына біртүрлі балуандар кепті дейді, бәрі де аждаһадай кереметтер дейді, оларға адам пар келетін емес дейді!..» Күндеген кейбіреулер Балуан Шолаққа «күшті болсаң Көкшетауға барып солармен күрес!» деп шаптады. Ерегіске жаны құмар Балуан Шолақ —«ендеше кеттім, Көкшетауға,—деді достарына, — еретіндерің жүріңдер!». Жігіттер Балуан Шолақты жалғыз, өлсе жіберсін бе? Бір топ адаммен ол Көкшетауға жүріп кетті. Көкшетау қаласына оның өмірінде бірінші келуі еді. Бұқпа тауының етегіне салынған Көкшетау қаласының теріскей жағында, көлемі кең шалқар көлі бар. Көл таудың бір бүйірін құрсаулап айналып кетеді. Нақ сол таудың көлмен астасатын жеріндегі бір қазақ үйіне, Балуан Шолақ бастаған жігіттер кеп түсті. Мезгіл күз еді. Бірақ көп жылдың күзінде кездесетін ол араның жауын - шашыны биыл жоқ, — қара сұр бұлт бұрынғы жылдардағы дағдысымен торланып келеді де, күн түске тарта масайрап, әдемі қоңыр салқын болады да тұрады. Сол күннің ертеңі — сентябрьдің бірінде, Көкшетауда жәрмеңке ашылады, оған жан -жақтағы елдерден қаптаған халық келеді. Балуан Шолақ пен оның достары пәтер үйлеріне базардан қымыз алдырып сусындады да, салт атпен қаланың көшелерін аралады. Бір көшемен келе жатқан олардың көзі жалпақ тақтайға жапсырған, әлдекімдердің жалаңаш суреттерін қаз - қатар басқан қағазға түсті.
— Жүріңдер, жігіттер, көрейік!..
Келсе, бәрі де бұқадай күжірейген кереметтер! Орталарында бетін жаба басына қара киген біреу тұр. Қағаздың астындағы жазуды хат білетін біреуі оқып көрсе, күресетін балуандар екен.
— Бұлар цирк аталатын үйде күреседі екен, — деді жазуды оқыған.
— Қайдағы үй ол?
— Көрген жоқпыз.
— Іздейік, ендеше!
Олар сұрастырып жүріп тауып алды: кенеп жапқан түрі кигіз үй тәрізді, бірақ іші кең — кем дегенде мың кісі сиярлық.
Бұлар барғанда, үйдің қасындағы тақтай үйшіктің алдында көп кісі тұр екен.
— Неғып тұрсыңдар?—деген сұрауға:
— Билет сатып алғалы тұрмыз! — деп жауап берді олар.
— Неменеге?
— Шеттен келген балуандар күреседі екен, соларды көреміз.
Күресін көрсеткенге ақша ала ма, олар?
— Алады дейді.
— Күшін көпке сатып көрсеткен не қылған балуандар?!..
Нұрмағамбет пен жолдастары, кісі басына елу тиыннан билет алып, кешке көппен бірге цирктің үйіне кеп отырды. Ең алдымен ат ойыны болды. Балуан Шолақ делебесі қозып, «өзім де ойнайм ба?» деп қопаңдап қояды. Аттар сұлу. «Шіркін, жазық дала боп, мына аттарды көсілтер ме еді?—деді Шолақ, — тар жерде ойнап, аттың бауырын жаздырмай қор қылуларын қарашы». ... Күрес басталды. Балуандар парадпен цирктің ортасын айналды. Бәрі де денелі. Бірақ, басына қара маска киген адамның денесі өзгесінен өзгеше. Тұлғасы аумаған Түйе балуан. Француз күресінің приемдары Балуан Шолаққа ұнаған жоқ. Арқасы қозып отыр, тәсілдерін қарап отыр. Қара маска киген балуан атаулының бәрін жықты. Жұрт оған қол шапалақтап, жер тепкілеп, циркты басына көтерді. Осы кезде Балуан Шолақ шыдамай барьерден қарғып түсті де, одыраң - одыраң етіп ортада тайраңдап жүрген қара маскаға барып қолынан ұстады. Тоқсанбайдың асынан кейін Балуан Шолақтың денесі бұрынғыдан әлдеқайда толғанын балуанның достары қара масканың қасына барғанда байқады: Балуан Шолақтың қара маскадан қарны ғана жіңішке, басқа денесі бірдей.
— Күресемісің? — деді қара маска оған.
— Күресем!
«Уақыт бітті... Ертең...» деген цирк бастығының сөзін жиналған жұрт тыңдамай «күрессін» деп шулап кетті. Балуан Шолақтың тұлғасын көріп сескенген Қара маска көптің көңілін қимай, «залогпен күресем» деді. Онысы сылтаумен құтылу еді.
— Неше сом?—деді Балуан Шолақ.
— Жетпіс бес сом! (Жетпіс бес сом ол кезде үш аттың құны).
Балуан Шолақтың жігіттері қалталарынан ақшаны суырды да берді.
— Сен қазақша күресем деп ойлама, — деді цирк бастығы, — бұл французша күрес, — екі жауырынның арасын жерге тигізбей, жыққанға есептелмейді.
— Маған сонысы керек. Жауырынның ортасы түгіл, қыр арқасын жерге тұтас тигізіп берейін.
Балуан Шолақ цирктің киімін киіп шықты.
Сүзетін бұқадай екі балуан аңдысып жақындаған кезде, Балуан Шолақтың жалаңаш денесінің бұлшық еттері түйін - түйін боп бүлкілдеп, желді күні толқынданған теңіздің беті сияқтанып кетті. Қара маска күрескен адамның мойнын аңдып, алқымын қысқан қалпымен арқалап шалқасынан жығатынын Балуан Шолақ мана байқаған. Сол тәсілін істегісі кеп, Қара маска ыңғайлана бергенде, жалт беріп бұрылған Балуан Шолақтың қусырған құшағы мойнына тұзақтай түсіп кеп кетті. Ол «һауп!» деп арқалай жөнелді де, үйіріп, иығынан асыра, шалқасынан алып кеп ұрды. Қара маскадан жығылған адам, белін қайқайтып шалқасынан иіле қалуын Балуан Шолақ мана байқаған. Сол қимылды істей ме деп қауіптенген Балуан Шолақ, Қара масканы баса қоюға ыңғайланып еді, орнынан қозғалмаған ол, «баспа» дегендей басын шайқады. Күрестіріп жүрген адам сол сәтте ысқырып қалды да, жығылған Балуанның басынан маскасын сыпырды: әдемі кескінді, ақшыл сары өңді жігіт екен. Жігіт қозғалмастан бетін тыржитып, «мертіктім» — деді. Қара масканы носилкаға салып екі - үш балуан алып кетті. Күрестің нәтижесі жарияланды.
— Күреске қатынасқандар: дүние жүзінің чемпионы, ағылшын балуаны «Қара маска» мен қазақ аулынан келген халық балуаны Балуан Шолақ... Олар француз күресінің әдісімен арпалысты. Күрес бір жарым минутқа созылып, халық балуаны — Балуан Шолақтың пайдасына шешілді. «Қара маска» ның бұрын ешкім шешпеген маскасын Балуан Шолақ шешті. 75 сом залог Балуан Шолақтың пайдасында. «Қара масқа» ның фамилиясы — Карон.
— Байқаусызда жықты...
— Айламен жықты, — деген шулар циркты басына көтерді.
— Балуан Шолақ күшінің көптігін кір көтеріп көрсетсін, — десті шулаған жұрт.
— Бүгін осы да жетер, ертең көтерер, — деген сөзді Балуан Шолақтың өзі қабылдаған жоқ.
— «Қапыда жықты» — деген сөзді артып жүрем бе? — деді ол, — көтерем кірін.
— Неше пұт көтересің? — деп сұрады одан.
— Әлгі мен жыққан балуан қанша көтерді екен?
— Қырық пұтты.
— Маған елуін сал!
Балуан Шолақ тізесі мен шынтағына салмағын сала шөкесінен отырды. Жалпақ қайыспен матастырып, бір балуан оның мойнына: он пұттықтан төрт гирді, алты пұт бір гирді, бес пұт бір гирді, барлығы елу бір пұт гирді артты. Гирлер артылып болған кезде, шөкесінен жер тіреп отырған Балуан Шолақтың екі қолының жіліктері жас талдай солқылдаған сияқтанды.
— Жөн бере гөр! — деп тіледі оның достары, — атан түйе көтере алмайтын жүкті артты.
Балуан Шолақ әуелі қолын жерден алып, тізерлеп отырып денесін жазды. Содан кейін оң тізесін көтеріп, оң аяғын табанына басты. Содан кейін мойнындағы гирлерді матастырған қайыстан екі қолымен қапсыра ұстап, «һауп» деп тұрып кетті де, аяғын алшаңдата басып, цирктің аренасын жағалап жүрді.
— Болды!.. Жетті!.. Түсір!.. — десті жұрт.
Балуан Шолақ ерегіскендей, көтерген гирлерді арқасымен біраз айналдырып, бытыратып жан - жаққа ұшырып жіберді.
— Жаса! Көп жаса, Балуан Шолақ!—десті жұрт шуласып.
ҚОРҚЫНЫШ
«Әлеумет көзіңді сал олай - бұлай,
Дүние ойлап тұрсаң бір кең сарай;
Патшаға біздің қазақ бағынғалы,
Батырлар қорлық көрді талай - талай».
(Халық өлеңі) Балуан Шолақ цирктен шықса, түн тұнық қараңғы екен. Дала араның ұясындай, ызыңдаған бір тұтас дауыс. Ол дауыстың кімдікі екенін, қараңғыға көзі үйренбеген Балуан Шолақ, алғаш аңғара алмады.
— Бері жүр, Балуан!—деген жолдасының таныс дауысы естілді оған.
— Қайда барамыз?
— Нең бар, қайда барғаныңда. Атқа мінуді біл, ар жағын көре жатарсың.
Ызың қаққан қалың дауыстың арасын қақ жарып, жолдасының соңына ерген Балуан Шолақ атына жетті де, тез мінді. Сол кезде қараңғыға аздап үйренген көзі, айналаны шолып еді, түнде толқыған теңіздің бетіндей, ұшы - қиыры жоқ тұтасқан бір қимыл.
— Қайда, Балуан Шолақ? — деген дауыстар естілді айналадағы қою қимылдың ішінен.
— Кім мені іздеген? Мен мұнда! — деді Балуан Шолақ.
— Енді неге қарап тұрсыңдар. Тартыңдар, Балуан Шолақ шықса, — деген дауыс гу ете түсті.
— Ал, жөнелдік. Міне, мен бастадым, — деді біреу шаба жөнеліп.
Даладағы тұтасқан қимыл, жыраққа тауып құлаған судай, жөнелген адамның артынан Бұқпа тауын бетке ұстай қозғалып кетті. Сол тұтас ақтарылған қимыл толқында жүзген дөңгелектей, Балуан Шолақты қалқытып алды да жөнелді.
— Қайда барамыз? — деп сұрады Балуан Шолақ қасындағылардан, көппен араласа шауып келе жатып.
— Өзіміз де білмейміз. Біздің білетініміз, — көптің қалағаны — Сен.
Жердің бүйірін солқылдата, түнде тыныс ап, қалқыған желді оята, шуы көкті жаңғырта сатыр - сұтыр шапқан адам толқыны, Бұқпа тауының белуарынан аттап, Желтау жақ бауырға тоқтады.
— Ал, түсеміз осы араға, — деді басшы.
Көпшілік ошарылып, аттан жапыр - жұпыр түсе қалысты. Түнге көзі үйренген Балуан Шолақ аттан түсіп жатып айналасын тағы бір шолып еді — адамға сан жетерлік емес.
— Он екі ата Қараул, сегіз ата Дәуіт ек, — деді Балуан Шолаққа, бұл жиынды басқарушылар,— елдің аруағын көтергеніңе риза боп, бүгін саған дәм татырып, қонақасы берейік деп ек: атыңды естіп, жүзіңді көруге құмар ек, міне бүгін көрдік. Бүгінгі түнді ойын - сауықпен өткізбекпіз.
Балуан Шолақ оларға алғыс айтты.
— Кәне, әкеліңдер малды! — деді бастаушы, — біреулерің таудан отын әкеліңдер, біреулерің суға барыңдар.
Салт атты жігіттер шауып кетіп, тау арасынан құлаған қарағайларды сүйретіп алып келді. Бұтағымен тұтас тамызған қарағайдың жалыны лезде жарқырап аспанға көтерілді. Кенеттен жанған оттан үрейленгендей, қалғыған түн үңіліп отқа төніп, жан - жаққа өрт жайылмасын деп сескенгендей, төңірегін қанатымен қоршай қойды. Қараңғылық қоюланып кетті...
— Әкелдік! — деген дауыс естілді қою қараңғылықтың ішінен.
— Жарық пен қараңғылық ерегісіп, көзімізді байлап қойды ғой, — деді біреу, — түк көретін емеспіз. Балуан бері келші!..
Бастаған жігітке ерген Балуан Шолақ оттан оғашырақ барса, бір асау жылқыны бірер жігіт құлағынан басып тұр екен.
— Сыбағаң осы! — деді ертіп апарған жігіт Балуан Шолаққа, — «тіл - аузымыз тасқа». Періштенің құлағына шалынбасын. Ертегілерде еститін: Қобыланды, Алпамыс, Қамбар сияқты батырлар болмаса, нақ сендей елу бір пұт тас көтерген алыпты көз көру түгіл, құлағымыз да естіген жоқ еді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар туады» деген мақал бар еді. Кім біледі, тұлпар мініп ту ұстап, көк болат сауыт киініп, егеулі найза қолға алып, елді жаудан қорғайтын қолбасшы боларсың. Сондықтан сыбағаңа тоқты - торымды олқысынып мына бір ту байталды шалғалы тұрмыз. Ал, балуан, батаңды айт!
Жігіт қолын жайды. Балуан да қолын жайып: «Құрмалдық қабыл болсын» деп иегін сипады.
Жігіттер байталды алып ұрып бауыздады. Лезде терісі де сыпырылды.
— Семіз екен. Ұлпа қазысы екі елі!—десті әркімдер.
Байталдың денесін мүшелеп бұзғанша, біреулер қан сасыған өкпе, бауыр, жүрек, бүйрек сияқты бөлекше еттерді астауға сап, от басына әкеп қуырдаққа турай бастады. Мал сойылғандағы дағдымен, көкбауыр қызу шоқтың үстіне тасталып, өз буына пісіп, торсылдап жарылып жатты.
Уау, қансоқтаны ұмытпаңдар, атамыз қазақтың асы, — деді біреу.
— Өзім де ұмытып жатқан жоқпын, — деп мал союшылардың біреуі, — ішек - қарны ақтарылып, өзге мүшелері бұзылмай шалқасынан жатқан байталдың екі қабырғасының арасында, белдеменің үстінде бүйрек маймен араласып қоймалжың боп жатқан майлы қанды уыстады да шұжық қып шекке құйды.
— Балуан Шолақтың сыбағасын түгел салыңдар, — деді отағасы мал союшыларға.
— Бұл бір қызық болсын, — деді қанданған қолын шынтағына шейін сыбанған, пышағы жалақтаған қасапшы жігіт кеп, — Балуан Шолақ бүгін құлағымыз естімеген күш көрсетті. Ал, мен, Балуанға, құлақ естімеген, естісе де аз естіген әдіспен ет пісіріп берейін.
— Қалай?—десті жігіттер.
— Байталдың қарнын өңеш жалғасқан тұсынан ғана аздап тілем де, ішіндегі жынын ақтарып, айналдырып жуам. Содан кейін ішіне су құйып, сиғанша ет салып, дәмі татырлықтай тұз салып, тәттілене түсу үшін шар - дәрілеп бұрышпен сарымсақ салып, қарынды жарған жерінен тігем. Өңешіне қурай өткізем. Содан кейін жерді қазып, ішіне құм төсеп, қарынды сол құмға көмем де, үстіне от жағам. Өңешке тыққан түтікті оттан оғашырақ жерден шығарып қоям. Міне осылай пісірген ет, дүниедегі ең дәмді ас болады.
— Дұрыс. Естіп ек. Көзбен көрген жоқ ек. Солай ас! — десті әркімдер.
Қарынға Балуан Шолақтың сыбағасынан басқа байтал етінің үштен бірі сиып кетті. Қалған ет қазанға асылды. Шоққа піскен көкбауырды және тәтті қуырдақты жеп, қымызды ішіп отырып, жігіттер Балуан Шолаққа өтініш айтты:
— Көзге мақтанғанымыз емес, ел сені «бір сырлы, сегіз қырлы» деп аңыз қылады, ақындық, әншілдік, серілік, балуандық, күлдіргіштік, шешендік, өткірлік, тапқырлық — осы сегіз сипат бір бойыңнан табылады дейді. Дене күшіңді көрдік, енді тіл күшіңді көрсет.
— Не айтам, тіл күшін көрсеткенде?
— Өлең айт! «Жақсының жақсылығын бетіне айт, нұры тассын, жаманның жамандығын бетіне айт, құты қашсын» деген аталарымыз. Сені не деп мақтаса да сиды. Бүгінгі күресте көрсеткен күшіңді өлеңге шығар, мына бозбалалар елдеріне айта барсын.
Көпшілік жабысып қоймаған соң, Балуан Шолақ цирктегі күшін өлеңге шығарып, сыпайы қоңыр дауысын көтере айтты:
Бұл күнде жиырмада менің жасым,
Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Жиылып орыс - қазақ таң қалысты,
Болды деп қаһарманнан мынау басым,
Залог сап жетпіс бес сом күрескенде,
Сындырдым Карон балуан қабырғасын.
Күш берген, атақ берген, әлпештеген
Туысқан өздеріңсің бауырласым!»...
Балуан Шолақтың өлеңі мен әнін қоңыраудың шылдыры бөлді. «Бұл кім?» деп көпшілік те, Балуан да құлақ түргенде, отты айнала отырған көптің қасына кеп, бір пар ат тоқтай қалды.
— «Урядник!..» деген хабар көптің арасына жайыла қойды.
— Неғып жүр, мезгілсіз уақытта?
Келген цирктің директоры екен. Қасында полицейский урядник.
— Саған келдім!—деді директор Балуан Шолаққа. Урядник үндемей, мұртын ширата берді.
— Мені қайтесің?
— Керегің бар, мін, арбаға!
Осылар Балуанды ұстауға кеп тұрмасын! — десті біреулер.
— Не қыл деп?
— Қабырғасы сынған балуан өліп қап, жазаға тартқалы жүрмесін мұны.
— Олай болмас. Егер бола қалса, Балуан Шолақты оңайлықпен бере қоймаспыз! — деп топталған жігіттер ду ете түсті.
— Тоқтат шуды! — деп қойды урядник.
— Мені қайтесің?—деді Балуан Шолақ директорға.
— Оңаша айтам.
— Жоқ, осы арада айт!
— Қалаға барайық, сонда айтам!
Імм-м-м! Сөзінің түрін көрдіңдер ме?—десті көпшілік тағы күбірлесіп — бұзық ниетпен келген екен. Балуанды даңғазамен қашырып жіберсек қайтеді?
Балуан Шолаққа бұл ұсынысты арт жағынан біреу кеп сыбырлады.
— Жоқты айтпа! — деді Балуан оған кейіп, — не ақысы бар менде. Неге қашам, қорқып па?
— Мол-чать! — деп қойды урядник көпке.
Цирк бастығы келген жұмысын айтпайды. Урядник те, ол да мастау екен. Екеуі қуырдаққа тойып алды да, Балуан Шолаққа: «Ертең кел. Қорықпа. Бұдан да артық сый аласың бізден. Алтын аласың» деп, арбаларына мініп кете барды.
Бұл келіс көпке күдік туғызды.
— Ұстауға жүр. Алдайды, — десті біреулер.
— Ұстамайды, — десті біреулер, — күші керемет боп көрінді ғой мұның. Сый беруі рас та боп жүрмесін.
Балуан Шолақты неге шақырғаны, істің аяғы немен тынары мәлім болмағандықтан, көптің арасында күдік күшейіп, сауыққа ешкімнің зауқы соға қоймады.
— Есің, барда етегіңді жап, ел сені ұстап бермейді, осы түнде қаш, — деп жалынды көпшілік Балуан Шолаққа.
Балуан Шолақ ол ақылды алмады. — Жазықсыз кісіні ұстай берсе, елден кісі қоя ма? — деді ол, — ерегіскен соң, ертең әдейі барам. Не істер екен, көрейін.
— Барса барсын, тәуекел, — десті жұрт, — егер көрінеу қастық істесе, я жазықсыз ұстаса, біз де елміз ғой, көріп алармыз, жазықсыз жаза тартқызбаспыз.
Жұрт етті жеп, таңға белгі бере тарады.
«ЕР ҚАНАТЫ — АТ»
Бөгеті жоқ маған жау қамалының,
Дүниенің бір ерке қонағымын.
Сүйіктім деп, ардақтап, еркелетіп,
Мен халқымның Балуан Шолағымын.
(Балуан Шолақтың өлеңінен)
Балуан Шолақ оянса, терезеден қараған күн түстен ауып барады екен.
Ауыз бөлмеде адам дауысы естілгенде, ол киінбестен түрегеп, есікке барып сығаласа, серіктері шай ішіп отыр. Балуан Шолақ орнына кеп киінді де, ауыз бөлмеге шықты.
— Ұйқың қансын деп шайға оятпап ек, — деді оған серіктері.
— Мені сұрап ешкім келді ме?
— Сүтемген дейтін ояздың почтабайы бар еді ғой, сол кеп кетті.
— Неге кепті?
— Ояз сені көрем деп айтады, дейді.
— Қайтеді мені көріп.
— Қайдан білейік қайтетінін. Расымызды айтайық, өзіміздің жүрегіміз сескеніп отыр. Осы торулары жай болса игі еді...
Балуан Шолақ қауіп айтқан сөздерге құлақ аспай, шайын ішіп тысқа шықса, Сүтемген почтабай, салт атпен келіп тұр екен.
— Сүтеке, не білдің? Балуанды бұлар неге қолқалап кетті? — деп көпшілік сұрап еді:
— Түкте білген жоқпын, — деді ол, — неге үрейленесіңдер? Менімше, аты шыққан адамды көру оязға таңсық. Одан басқа ештеңе де жоқ...
Сүтемген мен Балуан Шолақ, қаланың орта кезіндегі ояздың ақ тас үйінің биік қорғанмен қоршаған қақпасына салт кірді, қақпа жабылды. «Балуанды ояз шақырып әкетті» деген хабар қалаға да, далаға да тез тарады. Базарды сылтауратқан жұрт, ояз есігінің алдынан ерсілі - қарсылы өтіп, істің арты неге соғарын бақылаумен болды. Жұртта зәре жоқ. «Ең болмағанда көзі тимесе жарар еді!»—деп қорықты, ырымға сенетіндер. Ояз қорасының қақпасы жабылған кезде, Балуан Шолақтың өз жүрегі де дірілдей қалды. «Қайтеді мыналар?І»—деп ойлады ол. Сүтемген бастаған ол, ояздың үйіне кірсе, ұзын қара сақалын мұртына қоса, екі иығына қарай айырған, қалың қабақ, қою қас, қасқа бас, жуан денелі, ұзын бойлы еркек; ақсары өңді, тапал бойлы, кеуделі, бұғақты, толық семіз әйел; талдырмаш бойлы, көк көзді, қара -сарғылт бұйра шашты, өңі әкесі мен шешесінің сапырылған бояуынан жасалған, он бес, он алты жасар қыз; цирк директоры, — бәрі столды айнала шәй ішіп отыр екен.
Осы! деді директор Балуан Шолақты оязға қолымен нұсқап.
Аман? - деп ояз, семіз саусақты, жуан, жүндес білегін Балуанға ұсынды да, қолдасқаннан кейін «отыр» дегендей орын көрсетті.
— Молодец! — деді ояз, отырған Балуанның денесін көзімен шолып, — әдемі жігіт! Орысша білесің бе?
— Мала - мала! — деді Балуан.
Ояздың сұрауларына шамасынша жауап берген ол, ұсынған тамағын татпады. «Ұу береді» деген ой, столдағы тәуір тамақтарды көргенде құмартқан нәпсінің бетін тойтарып тастады.
— Сен оған неге шақырылғанын айттың ба? — деді ояз Сүтемгенге Балуанмен аз уақыт қысқаша қажақтасқаннан кейін.
— Жоқ, — деді Сүтемген.
— Неге?
— Маған ондай тапсырма берген жоқсыз.
— Манағы сөз есіңізде болар?
— Есімде.
— Ендеше, айт соны!
«Манағы сөз» дегені, — Балуан Шолақ циркте Карон балуанды жыққан хабарын естіген соң, мәлімсіз балуанның күшіне ояз таң қалған да, «тез тауып әкел!» деп Сүтемгенге іздеткен Балуанды сұрастырып далаға кеткенін білген Сүтемген, естіген жайын айтқанда:
— Ендеше, ертемен жеткіз!—деген ояз.
Не себепті шақыруын сұрағанда:
— Мүмкін, циркке алармыз, — деген ояз, — ол үшін, әуелі өзімен сөйлесіп көрейін.
Циркке алынса қандай жағдайда болатынын, ояз Сүтемгенге айтып берген. Оған қазір «неге шақырылғанын айттың ба?» деп отырған себебі сол. Сүтемген Балуанға ояздың алдында, неге шақырылғанын қазақ тілінде қысқаша айтып берді де, ақырында:
— «Сөздің қысқасы, — деді ол Балуанға, — бұлар сенің күшіңе қызығады. Бес - алты ай цирк балуандарынан күрес әдісін оқисың дейді, содан кейін циркке балуан боласың дейді, жер жүзін аралайсың дейді, алтынға бөленесің дейді...».
— Қанша алтын екен?—деп сұрады Балуан әдейі.
— Оның несін сұрайсың, — деді Сүтемген,— тегін алтын. Кешегі сен жыққан Карон айына он бес сом алады екен. Не деген ақша! Жылына 180 сом!.. Дыңдай алты аттың құны. Ауылда жүріп сен жылына бір аттық пұл да табамысың. Шатақты қой, ризалас!
Ояздың ұсынысы, Сүтемгеннің ол ұсынысты балын тамыза айтуы, — Балуан Шолақты еліктірді.
— Ойланайын. Жауабын ертең айтайын, — деді ол.
Ояз «бүгін айт, қазір айт» деп қыстап еді, «ойлансын, — деді әйелі,— көнбей кетер деймісің? Көнеді! Ақымақ па ол, сонша алтыннан, сонша атақтан, сонша карьерадан безетін?.. Меніңше бұл ақылды жігіт!»
— Рас, Мамуля, ол ақылды жігіт! Кескіні қандай ақылды оның!.. Көзі қандай ақылды!..—деді манадан Балуанға таңдана қарап отырған қыз ұшқалақтанып.
Балуан қызға күлімсірей қарап қойды.
— Ойлансаң, ойлан! — деді ояз Балуанға, — бірақ, жауабыңды ертең бер. Ақымақ болма. Келген бақытты басқа теппе. Сенен дүниежүзілік чемпион шығуы мүмкін. Ойыншық емес ол!..
Ояздан рұқсат ап Балуан Шолақ тысқа шықты. Сүтемген ере шықты. Екеуі атқа қонып қақпаға қарай жөнеле беріп еді, Балуанның көзі крыльцода тұрған әлгіндегі жас қызға түсті. Бұл жолы қыздың көзі оған қызыға қараған сияқтанды.
— Аты кім?—деп сұрады Балуан Сүтемгеннен қыздың қасынан өте бере.
— Татьяна.
«Жақсы қыз екен!» деп қойды Балуан ішінен.
Көшеде күткен жұрт Балуанды қоршай кетті. «Ойлан! Көн!» деп Сүтемген өз жөніне бұрылды.
«Неге шақырыпты?» деген жұртқа Балуан Шолақ шынын айтты.
Сен не дедің?—десті жұрт.
Ойланайын» дедім. Өзің біл!— десті, араларынан кеткенін ұнатпаған көпшілік, — кісіден ақыл сұрайтын жігіт емессің. Мынау еліңнің саған берген атақ - абройы да сыбағаңа жетер. Дүние не жүзінің бақыт - дәрежесі бір адамның уысына симайтын. «Көптен безген көмусіз қалады» дегенді де ойлан! ...Ертеңіне сәскелік асын ішкеннен кейін, атын ерттеп мінген Балуан Шолақ, ояздың үйіне қарай аяңдай жөнелді. Жолшыбай ол ақыл таразысының екі басында екі ойдың салмағын өлшеп көрді.
Бір ойы — алтын!.. Көп алтын!.. Баю!.. Атақ!.. Дәреже!
Бір ойы – ауыл!.. Туған халқы!.. Бойына біткен өнері мен қызық қызметін соған көрсету,... атақ, дәрежені содан алу!..
Қайсысын алу керек?
Осындай ойда келе жатқан Балуан Шолақтың көзіне туған жердің бейнесі елестеп кетті. Әне, ашық күнде басына бұлт оралып, алыстан көк гәуһар тас сияқты мөлдіреген Бурабай тауы!.. Оның ар жағы дала!.. Бұйратты дала!.. Кең дала!.. Ол далада қаптай қонған ауыл!.. Туған ауыл!.. Өскен ауыл!.. Ол ауылда әке - шеше!.. Аға –іні!.. Апа - қарындас!.. Құрбы -құрдас!.. Балуан Шолақтың олар, олардың Балуан Шолақ қат - қабат думаны!.. Олар Балуан Шолақты, Балуан Шолақ оларды шын жүректен сүйеді... Ал, ояздың «бар» деген сапары, ауылынан ұзап шықпаған Балуан Шолаққа, аржағында не бары мәлімсіз қараңғы үңгір сияқтанды. «Сондай белгісіз үңгірден алтын іздегенде, атақ іздегенде не болмақ? — деп ойлады ол, — іздегенім табыла қойса жақсы. Егер табылмаса, босқа әуре болу ғой ол. Ендеше, өмірдің ащысын да, тұщысын да туған халықпен неге бірге татпаймын?» Қараңғы ойы осыдан ұзаққа бара алмаған ол,— «белгісіз үңгірден бақ іздеуден, бақ тапсам да, сор тапсам да туған жерде табайын!» деп бекінді. Ойының бұлай бұрылуы, — атының да басын кейін бұрғызды оған. Ол, Көкшетау қаласының түбіндегі шалқар көлінің арғы жағасында қыбырлаған қалың базаршыларға қарай шаба жөнелді... Балуанның бұл шабуы не шабу екенін айтпай - ақ түсінгендей, біраз адам жолдан қосыла, жанамайлай шапты, құрғақ жердің шаңы бұрқырай аспанға көтерілді... Тұмандай тұнжырап, борандай сапырылған қою шаңның арасында шауып келе жатқан Балуан Шолақ: «Апыр - ау, дүбір күшейді ғой, жарысқан адам көбейді білем — деп жан -жағына қараса, қою шаңды бұрқыратқан адам, илеуінде қайнаған құмырысқадай!.. Көптің дүрмегімен шауып келе жатқан Балуан Шолақ бір кезде жан - жағына қараса, әркімдер басып - озып барады! Өз атына қараса, қарқындап, жайылып қалған сияқты... Аздан кейін ол, құнан - тай, байтал - сайтал, арық - тұрақ сияқты кәкір - шүкір жабайы аттардың арасында қалып қойды. «Шапқанда байдың ұлы, тоқтағанда еске түседі» деген мақалдың шындық екенін ол осы арада ғана білді. «Ә-ә-ә,... — деп ойлады, ол, атының басын тежеп — рас сөз екен. Қай кедейдің баймен жарысқысы келмейді дейсің? Баймен талай кедей жарысады екен де, осы мен сияқты аты болдырып, тоқтап қалады екен ғой! Мына мақал содан шыққан екен ғой!» Балуан Шолақ атын тежеп аяңдатқанда, одан жұрттың бәрі озып кетті. Қошеметтеп ортаға ала шапқан көпшілік, енді оған табалаушы сияқтанып кетті. «Қайтем, ілгері барып?.. Қайтсам қайтеді осы арадан?» деген ой кеп кетті оған. Егер, біреулер алдынан оралып кеп, «неге кейін қалдың?» деп, тағы да, ортаға алмағанда, ол кейін қайтып та кететін еді. Қоршаған көпшілік Балуан Шолақтың неге тоқтағанын білген жоқ, сондықтан, тағы да анау - мынау деп қошемет сөздер айта бастап еді, Балуан қабақ шытып, ажарын бермеді, сұрауларына қысқа жауап қайырғаннан басқа кеңеске аузы бармады. Сөздің көбін оның құлағы естімеді. Оны саңырауландырған ой — ат. Оның есі - дерті жақсы атта болды. «Ер қанаты — ат» деген мақал түсті оның ойына. Аздаған сауаты бар ол, — батырлар жырын жақсы көріп оқитын еді. Сонда,— Қобыландының — Тайбуырылы, Алпамыстың — Байшұбары, Қамбардың — Қарақасқасы, шапса құстан озатын, болдыруды білмейтін, кезеңді жерде иесіне адамнан артық серік болатын, иесінің қуанышына қуанып, қайғысына қайғыратын аттарға ол аса қызығатын еді. «Шіркін, сондай аты бар батырда арман бар ма екен!» деп ойлайтын еді Балуан Шолақ. «Құдай - ау! — деп тілейтін еді, дінге сенетін ол,— сенен байлық сұрамайын, тақымыма басатын солардай бір ат бер!» Mінe енді, жарысқан көптің артында қалғанда, сол қынжылуға Балуан Шолақ тағы да түсті. «Ер қанаты ат» деген бұрынғылар - ай!—деді ол ауыр ойда, топтың арасында аяңдап келе жатып, — аузыңнан айналсам болмас па!.. Жүйрік көңілді — жаман ат тұсады!.. Атсыз кісі — қанатсыз құс екен!..»
Ендігі оның, бар арманы, өзіне қанат боларлық бір ат тауып міну болды...
АҚБОЗ AT
«Мен Шолақ он сегізде өнер тапқан,
Үкілеп Ақбоз атқа тұмар таққан.
Басымда пұшпақ бөрік, шекемде үкі,
Үстіме кидім жібек шымқай ақтан»
(Балуан Шолақтың өлеңінен) Шалқар көлінің Қылшақты өзені құятын тұсында «Қарауыл» аталатын шоқы бар, көктемде су жайылатын маңайы — қалың шабындық. Ол арадан мыңдаған мая тұрады десе де болатын-ды. Биылғы сентябрь базарының алдында сол маяларды базаршылар малына жегізеді деп, нелері маяларын күн бұрын тартып алып, тақырланған кең алқап бос тұрды, шабылмаған шырмауық пен жоңышқа талдардың арасындағы оймыш - оймыш алаптарда ғана қалды. Балуан Шолақ ерген топ осы талдардың арасына жеткенде, әр жерде шоғырланған базаршылардың Балуанды танығандары тоқтатып, қосынан дәм татырды. Базаршыларды бір топ серіктерімен осылай аралап келе жатқан Балуан Шолақтың алдынан, тоғай арасына тіккен ақ шатыр кездесті. Шатырдың алдында, бірнеше кісінің ортасында, шоқтығына адамның созған қолы әрең жететін қара арғымақ тұр. Балуан жақындап кеп қараса — айғыр. Біреуден «не қылған айғыр?» деп сұрап еді, «сатылатын» деп жауап берді ол. Сатушы — орыс, саудалаушы — Көкшетау елінің атақты байы Неғметжан. Жабайы жылқы базарда жиырма бес, отыз сом, айғыр иесінің сұрауы үш жүз сом.
— Айғырға қызығам!—деді Неғметжан көпке, — бағасын да ауырсынып тұрғам жоқ. Базарға сатуға елу ат әкелдім. Азар болса, солардың он бесін алар. Үйдегі үш мың жылқым аман болсын. Бір жылғы төлімнің жүзден бірі емес пе ол?
— Ендеше неге алмайсың?—деді Балуан Шолақ Нығметжанға.
— Таңдамалы биелеріме үйірге салайын деп, осы айғырды айналдырғаныма екі күн, — деді Неғметжан, — алғым келеді, бірақ, жақсы айғырды иесі, ақауы болған соң сата ма деп ойлаймын. Ал, аяғында, не тісінде ақауы бар ма деп, байқайын десем, алпарысқан бір жануар, — алдына барса тістеп, артына барса теуіп, маңына жолатпайды. Тіпті ақауы болмаған күнде де кескекті аюдай мұны қалай малданам деп ойлаймын.
Неғметжан мен Балуан Шолақ құрдас еді. Соны пайдаланған боп:
— «Түк жаңылып көкке бітеді, мал жаңылып итке бітеді» деген мақал рас - ау, — деді ол,— мал сендей иттерге бітеді де, қорықпай басынады. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демей ме атаң қазақ? Мал аюдан асау боп па? Тізгінін менің қолыма бір тигізші, қайтып тентектік мінез көрсетер ме екен?
— Ендеше, тізгінінен ұста да жуасыт!
Балуан Шолақ тізгінді иесінің қолынан алды да, айғырға жақындады. Басқа кісіге құлағын жымпитып, аузын ашып ұмтылатын айғыр, Балуан Шолақтың зор денесінен, я оқтай шаншылған көзқарасынан сескенгендей тарпа бассала алған жоқ. Айғырға Балуанның өзі соқтықты. Ол ноқтаның үш дөңгелек темір шығыршықпен қосқан тұсын бұрап, айғырдың аузын аша алмастай тас қып бекітіп тастады. Содан кейін ернін саусағымен ашайын деп еді, тістеуге шамасы жоқ айғыр, басын бұлғаңдатып, ырыққа көнген жоқ.
— Ім-м-м, ерегісемісің?—деді Шолақ айғырдың аузын босатып, — сенің жыныңды өз еркіңе жіберіп басайын. Ал, екеуміз ерегістік!..
Басы босаған соң, «мені басынамысың» дегендей, Балуан Шолаққа қайрат көрсетпек боп, айғыр аспанға тік шапшыды. Тізгінді ұшынан ғана ұстаған Балуан шапшыған айғырдың бауырына кіре беріп еді:
— Тарпиды!.. — десті қарап тұрғандар шулап — кейін шегін!..
— Адам баласын жығып болған соң, енді хайуанды да жыққысы келген екен, көрейік әуселесін, — десті біреулер.
Сақтандырушының сөзіне құлақ аспаған Балуан Шолақ, тарпымақ болған айғырдың алдыңғы екі аяғын жуан бақай тұсынан шап беріп ұстай алды да, кең кеудесін иығына мінгізіп, оң жаққа қарай сілтеп кеп қалды, айғыр оң қабырғасына құлап түсті. Айғырдың тұруға жанталасып көтере берген басын Балуан құлағынан басып жерге қайта жастады да, дәл сағалдырық тұсынан тізерлей қойды. Бүркіт басқан түлкідей, мойыны жерге жабысқан айғырдың бөксесі шоршаң - шоршаң етті...
Балуан Шолақ айғырдың ұртына бармағын батырып, аузын аштырды да:
— Міне, қараңдар, тістерін! — деді көпке.
— Құлын күнінде сақау шыққан мал екен, — деді Шолақ, айғырдың аузына үңілген көпке — күрек тісінде дағы қалыпты. Бірақ, мал екен, жануар! Қасқыр азу жылқы екен. Өзі жүйрік жылқы. Бірақ, ұзаққа шаба қоймас, — тісінің сыздығы қысқа. Ал, бұдан туған қарабайыр құлыннан талай тұлпар шығуы керек. Аяғында ақау жоқ.
Шолақ айғырды босатты. Түрегелген айғырға: «Тісіңді енді көрсетші», — деп қол созып еді, беті қайтқан адамға жылқының бағыныштылығы қандай, — жай ғана кекжигені болмаса, бұрынғыдай шапшымады. Айғырды 300 сомға Неғметжан алды. Сатып алған жылқының «құйрығын майлау» әдеті бар.
— Ал, Балуан, — деді Неғметжан сол әдетпен, — бір тоқтының еті біздің шатырдың алдында асулы тұр еді, бүгін соны жейік. Өз сыбағаң басқа.
Серіктерімен Балуан Шолақ Неғметжанның шатырына кіріп қымыз ішіп отырғанда, есік арқылы, бұйра талдардың арасынан көзіне шымқай боз жылқы шалынды. «Бұндай да боз жылқы болады екен!» деп таңданған Балуан Шолақ, әлденені сылтау қып тысқа шығып үйездеген бір топ аттың ортасында басын түйістіре тұрған боз жылқыға жақындаса, талай сұлу жылқыны көре - жүре, көзіне бұрын түсіп көрмеген тамаша ақбоз ат!.. Бұл топтағы жылқының бәрі де құр ат болу керек, — еттері тым семіз... Ақбоз атқа қызыққан Балуан, анықтап көруге, мүмкін болса ұстап көруге таяна беріп еді, аттар да, ақбоз ат та жақындатпай, ығыса жөнелді. «Міне, ат!» деп ойлады Балуан. Ол қосқа қайта кіргенде, аттар нақ қостың аузына қарсы үйездеп тұра қалды.
— Неғметжан! — деді Балуан Шолақ, — анау Ақбоз сенікі ме?
— Менікі.
— Асау ма, өзі?
— Жүген - құрық тимеген.
— Сатуға әкелдің бе?
— Әрине.
— Сол сияқты атты сата ма кісі?
— Өзім де қимаймын. Бірақ — ит мал!.. Биыл тоғызға шығады. Үйрете алмай - ақ қойдық. Далада асау айғырды ұстап мінетін жылқышылар да үйрете алмады. Ең алдымен шығаннан шыққан қашаған, атпасаң ұстатпайды, екінші — бұғалыққа бойлауық, — он жігіт тартып тоқтата алмайды; үшінші — төрт аяғын буып, аузын тұмшаламасаң ерттетпейді, — тебеді, тістейді; төртінші — үстіне адам мінсе, басын билетпей, тұмсығын төсіне тұқыра тығып алады да, орғып тулай береді, мінген адамды жықпай қоймайды. Қанша жыл азаптанып, үйрете алмаған соң, амал жоқ, сатпақшымын. Әйтпесе, сатуға адам қияр жылқы емес.
Балуан «маған сат!» дей алмады. Бұндай аттың бағасы кем дегенде 40—50 сом. Балуан Шолақта ондай ақша жоқ. Сондықтан Неғметжанды сөзбен торлап:
— Егер біреу осы атыңды үйрете қалса қайтер ең? — деді.
— Қалағанын берер ем, — деді Неғметжан.
— Егер аттың өзін қаласа ше?.
Неғметжан күмілжіп қалды.
— Біреуге сататын атын қимай ма? — десті тыңдаушылар. Неғметжанның, аузына сөз сап, — жай бермес, бұлын алып берер.
— Сөзіңнің сарынын аңғарып отырмын, — деді Неғметжан Балуан Шолаққа, — көңілің кетіп отыр екен. Әйтеуір сататын атым, саған - ақ берейін. Ойдағы бағамды да сұрамайын. Менің қолқам — осыны өз көзімше үйретіп мін! Мұның ең кем дегенде екі жуан аттық құны бар. Егер үйретсең — бір аттың ғана ақшасын төле, екінші аттың ақшасы — үйреткен еңбегің болсын. Осы атта кетіп баратқан кегімді әперсең болғаны. Расымды айтайын: тұлғасына қызыққанмен, мінезінен қорқып базарда ешкім алмады. Осымен базарға үшінші рет әкелдім. Егер сен алмасаң, амал жоқ, биыл соғымға сойып басын мүжимін.
— Бұл сияқты аттың басын мүжігенше өз басыңды неге мүжімейсіц? — деді Балуан Шолақ қалжыңдаған боп, — мен саған мүжітпейін ол басты. Кәне, бұғалық қылатын арқан әкел!
Арқан берілді. Балуан дамбалдан басқа киімін түгел шешті де, балағын ышқырына түріп, бұғалық таққан құйрықты сүйрете ұстап, қабанға шабатын жолбарыстай аяғын еппен басып, үйездеп тұрған аттардың Ақбоз жағынан барды. Оң жақ қолының білегіне бүлдіргесінен ілген он сегіз таспа жуан қамшы. Аттар оны абайламай қалды. Жақындаған кезде аттарды ол дыбыс беріп үркітті де, қаша жөнелген Ақбозға бұғалық тастап кеп жіберді. Мойнына бұғалық түскенін сезген Ақбоз қарғи кеп жөнелгенде, Балуан Шолақ жерге отыра қап, жұлқи тартты. Шапшыған ат тегеуірінді қолдың екпінімен шалқасынан түсті. Ат түрегелгенше Шолақ сап етіп құлағынан ұстай алды. Ақбоз алдыңғы екі аяғын ербитіп, көзі шатынап тұра бергенде, Шолақ құлағынан төмен қарай тұқырта басып қалып еді, ат етбетінен түсті. Ақбоз жанталасып екінші рет тұра бергенде, Шолақ оның құлағын босатып, тізесіне төгіле өскен шоқтығына сол қолын орап алды да, жұқа шаптан дырау қамшымен тартып кеп жіберді. Бұрын етіне бұндай таяқ тиіп көрмеген Ақбоздың жаны ышқынып, орнынан тұра, ыта жөнелгенде, Шолақ үстіне қарғып шығып кетті. Ақбоздың мөңкігісі келді. Бірақ аттың еркіне Шолақтың тегеуірінді қолы жібермеді, — бауырын ала дыраумен тартып - тартып жіберіп еді, денесін пышақпен тілгендей болған ат, беталды құла дүзге көсіле жөнелді. Үстіне жабысқан «пәлені» түсіре алмайтынын сезген Ақбоз, жан сауғалап өзенге қорғалайын деп еді, жақты қамти мойынға соққан қамшы жазық жаққа бұрып әкетті. Ол маңда Шолақ пен Ақбозға қарамаған жан жоқ. Әне жерде де шоғыр, міне жерде де шоғыр, бәрінің аузында:
— «Апыр - ай, мынадай да ат үйретімпаз жан болады екен!»
Аздан кейін Балуан Шолақ атты билеп алды. Ол қамшымен қалай жасқаса, жүгенсіз ат солай қарай шапты. Бар шабысымен көсіле сілтеп жүрген аттың үстінде Шолақ ойнауға айналды: ол біресе аттың оң жағынан, біресе сол жағынан қарғып түсіп қайта үстіне шықты, арқасына алақанын тіреп, төбесімен тік тұрды, кейде арқаға аяғын басып түрегеп шапты, кейде жаядан сыпырылып түсіп, қыл құйрығына жабыса, үстіне қайтадан қарғып мінді. Тоғыз жылғы ту аттың өкпесі ентікті, жүрегі алқынды. Бар денесі отқа қақталған мұз сияқты еріп кеткендей, қара тер шашасы мен иегінен судай сорғалады. Сөйтіп жүріп ат болдырып, шабыстан желіске, одан аяңға түсті, аздан кейін сенделіп тұрды да қалды. Балуан Шолақ шатырға жақындаған жерде аттан түсті. «Шідер!..» деп айқайлады ол атты мойнынан құшақтап, жағынан сипап тұрып. Бір жігіт жүген мен шідер апарып берді. Шолақ атты жүгендеп, аяғына өре салды да, басын кекжите тізгінді шоқтығына қақтарып, өзі ентелей басып Неғметжанның қосына келді. Ақбозды беруін берем десе де, ішінен қимаған, бірақ уәдені бұзудың орқанын табалмаған Неғметжан бұрынғыдай жайраңдамады, өзге көпшілік айтып жатқан мақтау сөздерді айтпады.
— Ал, мырза! — деді Шолақ, шатырға кеп сусындаған соң, — «уәде құдай аты» деген сөзге тоқтаймыз ғой?
— Солай болады да, — дей салды Неғметжан.
— Неге күмілжіп айттың? Әлде қимаймысың?
— Айтқаным айтқан, ат сенікі, егер сыйлаймын десең өзің біл!
— Сен олай солқылдама! Қимасаң тартып алмаймын. Не деп сыйлаймын, саған? Атың аз деп пе? Әлде мұндай ат менің тақымыма жақпайды деп пе? Уәде қылған өзің, сөзіңді жұтам десең мейлің!
— Ашуланғаның ба, бұл?
— «Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені»— дейді атаң қазақ. Ашуланып мен сенімен төбелеседі деп отырмысың? Әлде, жалынады деймісің? Арымның садағасы кетсін!
— Бердім, атты! Уәдем уәде!
— Тәңір жарылқасын!—деді Шолақ,— мен құнерездік қылмаймын. Қайыр сұрайтын дәрежеге жеткенім жоқ. Қолқамды алдым. Ал, енді, менен атыңның толық бағасын ал. Қалағаның сенікі болсын: не астымдағы атыммен 25 сом, не 50 сом сап ақша!..
Неғметжан ақшаны алмақ болды. Балуан Шолақта 50 сом түгіл 50 тиын да жоғын білетін серіктері, атаулы ақшаны сол арада қалталарынан суырды да берді. Ac ішкен соң Шолақ көп кідірген жоқ. Астындағы атының ноқтасын Ақбозға кигізіп, Ақбозды жетекке алып жүріп кетті.
ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ
«Қожаның бір қызы бар аты Балқаш
Лебізі кейде шекер, кейде орғаш.
Жігіттер қатын алсаң осындай ал,
Бота көз, оймақ ауыз, қиылған қас.
Ақау Балқаш, Әрида, қалқаш - ай!»
(Балуан Шолақтың өлеңінен)
Ақбоз ат айта қалғандай болды. Семізден жарап, бауыры тартылғаннан кейін, маңайынан өткен кісі оның сұлулығына тоқтап қарамай кете алмады. Аяңдаса да, желсе де, шапса да ол алдына жылқы түсірмеді. Бірақ Шолақ оны «бір мінгенім — бір дәурен емес пе?» деп бәйгеге қоспады. Ақбоз өте мінезді болды: Шолақтан басқаға атпаса ұстатпады, Шолақтың қолына құрықсыз тұрды, ерттеулі қалпында қаңтарусыз қойса қозғалмады, бос жіберсе қашпады, бейбіт оттамады, ішін жинақ қалпынан түсірмеді, «жат, кел, бар, отта, жуса!» деген сияқты сөздерді ұғып, бұлжытпай орындады. Ақбозды Шолақ аса еркелетеді: мезгілінде оттатты, суарды, тамағын тәтті ғып берді, денесін кірлетпей күн сайын жуды, жал-құйрығын төгілдіре күн сайын тарады, атасынан қалған күмісті қалмақы ер - тоқымнан басқа тұрманды денесіне жолатпады, кекіліне үкі, құйрығына шолпы тақты, мінгенде денесіне қамшы тигізбеді. Солайша мәпелеген иесінің «аяңда, жел, жорт, шап!»—дегенін Ақбоз тізгінді ұстаудан аңғарды да, бұйрығын қалт етпеді. Әсем Ақбозбен ел аралап думан-сауықпен күн кешірген Шолақ, бір күні бір ауылда қыз ұзататын тойға кез келді. Ауылдың әдетімен, кешкі ойында қыз - бозбала аралас отырғанда Шолаққа ұзататын қыздың қасынан орын тиді. Бұл кезде Шолақ 23 те еді. Қасына отырған қызға қараса: аршыған жұмыртқадай аппақ жүзді, мөлдір көзді, мінезі ойнақы біреу екен. Қызға қылықты Шолақ, шүйіркелесіп отырып сырын біліп алды: ұзатқалы отырған күйеуін менсінбейді екен, амалсыз барғалы отыр екен. Аты — Балқаш, әкесінің аты — Қожа. Балуанның бала жасынан бойына біткен бір мінезі — аяғыштық еді. Сол қалпына бүгін де бағып, сырласқан қызының қақпанына қалай түскенін аңғарған да жоқ. Күйеуіне наразылық зарын айтқан қыз, көз жасын көптен жасыра, Балуанға көрсете маржандай төгіп отырды да, «бүгіндік қана емес, өмірлік панаңа ал!» деген өтінішін айтты. Ұзақ сырдың аяғы серт байлаумен тынды. Уәде — ертең түнде қыз үйінен ұрланып шығады да, екеуі Балуан Шолақтың еліне аттанады. Осыған уәде байлаған Шолақ, күтіп алмақ болған сайға ертеңіне ымырт жабыла келді де, қаңтарған атын тізгінінен ұстап, жамбастай жатты. Қыздың, уәделі кезде келуіне күдігі жоқ ол:
— «Апыр-ау, мен енді үйленем - ау!» деді күліп.
Ілезде ол күлкіні басқа бір ой басып, Балуан Шолақ тұнжырай қалды. Ол кездегі ауылдың әдетінде ең алдымен үлкен ұл үйлену керек. Ендеше, Балуаннан бұрын, ағасы Төлебай үйлену керек қой. Ол әлі үйленген жоқ. Барлық бөгет — қалыңмал. Балуан орыс селосында жұмыста жүргенде мал басы біраз құралып, Төлебайдың қалыңын төлеу үміті бұл үйдің басына орала қалған еді. Қазір ол үміт бұлдырлана бастады — Балуан жұмыстан амалсыздықтың күніне қол үзген соң, үйінің тоғы қайта шайқалып, қалың төлеу былай тұрсын, күн көрістің өзі тағы да тақыл - тұқылға айналды... Сайда, түнде, Балқашты күтіп отырып осы ойға шомған Балуанның басына үш сұрау туды: Бірінші сұрау — «Төлебайдан бұрын қатын алғаным ұят емес пе? Әке - шешем не дейді? Ел не айтады?» Екінші сұрау — «Әйел жігіттің аяғына тұсау дейтін еді, сол тұсауға өз еркіммен түскенім бе бұл?» Үшінші сұрау — «Ол біреудің, біреу болғанда, дүмді байдың жесірі, ертең дау болады, мүмкін барымта алуы. Сол дауға қарсы тұрар менде күш бар ма, дауды көтерер мал бар ма?»
Осы ойлардан көңілі толқыған соң оның аттанып кеткісі келді. Бірақ, серт қайда? Есін білгелі екі сөйлеп көрмеуінен, бір беттілігінен бүгін тая ма? «Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені» емес пе? Бір бұзылып дағды алған серт қайтып түзеле ме? Бір өлген ұят қайтып тіріле ме?
— «Бақ түссе маңдайымнан, тас түссе таланымнан, — деді Балуан Шолақ ойының солқылдақ буынын бекітіп — тәуекел, шыдадым, жеттім сертіме!
Бойын бекіткен Балуан Шолақ, Балқашты асыға күтіп еді, келе қоймады... Шыдамы тозған оған мерзімді уақыт алдақашан өтіп кеткен сияқтанды... Асыққан Балуанға, жаздың қысқа түнінің өзі жылдай болды. Егер бір қырдың астындағы қопалы көлден шулап қасқырлар ұлымаса, не бұны, я басқа бірдемені бүрмек боп әуреленген жапалақ біраз уақыт үстін көлбей жалп - жалп ұшпаса, я әлдене бір қауіпті сезгендей, Ақбоз пысқырып елеңдей бермесе, — бұл түнге шыдау аса қиын еді... ...Бір кезде, «бақыт жұлдызыңмын», дегендей жарқырап шолпан туды. Таңнан тіл әкелгендей самал жел жұмсақ алақанымен Балуанды бетке сипап, құлағына әлденелерді күбірледі. Біз де хабаршыңбыз, күткенің кешікпей келеді — дегендей, қараңғы аспанда елестеп, сымпылдаған үйректер, қаңқылдаған қаздар ұшты. Түн салмағы басып ауырлатқан денесі сергіп, ұйқысы қанып тұрғандай болған Балуан Шолақ отырған жерінен түрегелді де, атын маңдайдан, сауырдан сипап, қасындағы жылжыма бұлақтан суарды. Содан кейін, аздап шалсын деп тұсады да, «мұнша кешіккені несі?!» дегендей, бір биікке өрмелеп шығып ауыл жаққа көз тікті. Іле оның көзіне ұшқан құс, жортқан аң екені белгісіз, — жер бауырлай зымыраған бірдеме ұшырай кетті... Күңгірт сәуледен көзі еркін жете алмай қадала қарап тұрған Шолақтың құлағына аттың дүбірі шалынған сияқтанды. Көп уақыт өткен жоқ, біреу ызғытып келе жатыр. «Осы болу керек!» — деп ол төмен түсіп атын тез ерттеді де, жетектеп, қайта әлгі жотаға шықты. Күткені келіп қалды, — Балқаш!.. Қыз екпінімен өтіп бара жатып, Балуанды көрді де, қайырылып тұра қалды.
— Сертіңде тұрған екенсің, — деді, сайға төмендей атынан түсе қалған қыз Балуанды құшақтай ап, — ризамын. Кешіккеніме ренжіме, — деді қыз жаутаңдап, — себебі болды, кейін айтам... Тез жөнелейік, қуғыншы келіп қалуы мүмкін...
— Осындай ерте шақта ма?!
— Кеше күдікті боп қалса керек, аңду көбейіп, әрең дегенде ұрланып шықтым...
Бұл кезде бозара бастаған таңның етегі жоғары көтеріліп, төңірек қылаңдана көрініп қалған еді. Балуан мен Балқаштың елеңдеген құлағына дүсір естілген сияқтанды. Елегізген олар, биіктен бастарын қылтитып қараса, ұбақ - шұбақ қалың қол шауып келеді. Қыз құп - қу боп кетті.
— Сен сайға түс те, көрінбей тұр, — деді сұрланыңқыраған Шолақ Балқашқа — мен жауға қарсы шабайын!
— Қой, ойбай!—деді кескініндегі қорқыныш үдей түскен қыз, — топырақ шашамысың көпке? Қолыңда қамшыдан басқа қаруыңда жоқ!.. Одан да, ат жараса қашып құтылайық!
— Оның жігіті мен емен!—деді Балуан күліп,— ертедегі батырлар айтады дейтін еді — «құрулы мылтық, құрсаулы жауға кезіктір» деп. Олар да періштеден емес, мені тапқан анадай әйелден туған шығар. Өзім «Балуан Шолақ болам да, өзім жаудан қашам!.. Кім болғаным, сонда менің?.. Одан артық өлім бар ма, маған? Әйтеуір өлу керек болса, қашып өлгеннен қашпай өлген артық емес пе? Жоқ, Балқаш, мен қашсам өлем де, қашпасам өлмеймін. Қызығыма қара да тұр сен, жаумен қалай сайысар екем мен!.. Қалыңмал төлеген жоқпын саған. Тегіннен тегін алғаным ұят болар. Малымды салмағанмен, күшімді салайын!..
Бұл сөздер көкейіне қонған, жауға қарсы аттануына көнген Балқаштың өтініші — «бетін қайтарам десең қайтар, бірақ кісі шығынын жасай көрме, пәлесінен құтыла алмассың!» болды.
— Құп болады, — деді Балуан.
Қызды сайда тұруға көндірген Балуан Шолақ, Ақбозын ойнақтатып төбенің басына шыға келді. Бұл кезде таң аппақ боп, аспанның шығыс жақ жиегі сарғылттана бастап еді. Шапқыншылардың алдында оғашырақ біреу далақтап келеді. Зады Шолақты танып келе жатқан сияқты,— сойылын көлденең ұстап:
— «Аттан түс!.. Түс аттан»—деп қиқулайды.
Шолақ оған қарсы ұмтылды. Екеуі айқаса бергенде, жігіттің сілтеген сойылын Шолақ жұлып алып, аттың екпінімен ағып өтіп кетті де, іле қайта бұрылып, жігіттің түп етегінен қапсыра алды. Жігіт қиялай тартып, беріспеуге тырмысып еді, Шолақтың қуатты қол күші еркіне жібермей, тартқан жағына еңсере аударып әкетті де, өңгеріп апарып жерге тастап кетті. Аты ойнақшып бетімен шыға берді... Кейіннен жеткендерін де осы әдіспен аттарынан аударып, біраз сайысқаннан кейін қуғыншыдан ат үстінде ешкім қалмады. Ойнақтаған бос аттардың бәрін Шолақ сайға айдап түсірсе, қайратына сүйінген қыз, атына мініп бері келе жатыр екен.
— Сен мынау дөңге шық та, аттарды иіре тұр, — деді ол қызға, — мен жігіттерге барып келейін.
— Неге?!..
— Кеше ойнап тарқасқан жігіттермен, бүгін араздасып айрылам ба? Барып кешірім сұрайын.
— Ойбай, ұстап алады. Аттыдан жаяу мықты деседі ғой, қолдарына бір іліксең жібермейді...
— Көр, қалай жібергенін!..
— Өтінем, Балуан!—деп қыз тізгініне жармаса беріп еді:
— Босат тізгінді! — деді Балуан дауысын көтеріп. Қаймыққан қыз жаутаңдаған көзбенен тізгінін босатқанда:
— Мен сені ерге — ер, серіге — сері десем, сен осылай ма едің? — деді Шолақ,— Ер жігіт қайралған қылыш емес пе еді? Оның жүзіне неге қол апарасың?
Қыз тұрып қалды. Шолақ құйындатып тартты да кетті. Бұл кезде аттан түскен жігіттер де бір жерге жиналған еді.
— Салт тұрып сөйлессем сөгерсіңдер, құрбылар!—деді жігіттерге жақындағасын Балуан атынан қарғып түсіп, жаяу барып, — ал ұстаймын десеңдер, мен міне, келіңдер!
— Жаяуда да әліміз келмес деймісің, — ұстаңдар! — деп манағы ең алғаш сайысқан жігіт қоразданып еді:
— Шіркіннің ерін - ай!—деді біреуі оны кекетіп,— бар байлап ала ғой, мықты неме! Өзгеміз аттан осалдықпен түскен болармыз. Сенің қапың бар шығар!
Ана жігіттің қарығы басылып қалғандай болды.
— Мұнымыз той тарқардағы аударыспақ сияқты ойынымыз емес пе? — деді Шолақ, — айтыңдаршы, қайсыңның тұщы етіңе ащы таяқ тигіздім.
— Таяқ тигізбегені құрысын, бұдан да ұрып өлтіріп кеткені жақсы еді, — десті біреулер.
— Ал, жігіттер, құдай ойын - күлкіден айырмасын. Қыз шіркіннің көңілін қимайтын әдетім болушы еді, соным ұстап, бір қыздарыңды алып қашқаным рас, бірақ, құрбы замандасым, сен — маған қыздан қымбатсың. Алып қалам десең қыздың серті менің мойнымда болсын, әне, сайда тұр, барыңдар да қайтарыңдар!..
— Әу, жігіттер, — деді біреуі сол кезде, — түкке тұрмайтын намыстың керегі не? Балуан Шолақ боп тусаңдар кім қой деді сендерге? Бір қызды Балуан Шолаққа қимаймыз ба? Қалған қыз да жетпей ме қалыңға сатуға? Қызды қайтарып апарғанда не дейсің? Тартып алдым дейсің бе? Одан да, Балуанды осынша дарақыланып қуған айып бойымызға құт, соны жүктейік те қайтайық!
Бұған ешкім қарсы бола алған жоқ. Жол айтқан жігіт Шолақтың Ақбозын мініп барып қызды ертіп, аттарын айдап келді. Бірен - саран болмаса, жігіттердің көпшілігі Шолақ пен Балқашқа ризалық тілектерін айтып, жөнелуіне рұқсат етті. Күн ол кезде жаңа ғана шашырап шығып келе жатыр еді. Күннен тармақтанған алтын сәулеге бөленген екі жас «Әрида қалқаш» әніне қосылып жортып кетті.
«ЕР — ЕЛДІҢ БАЛАСЫ»
Жұртқа жағар ер жігіт қылығынан,
Сілтегенім кеткен жоқ құрығымнан;
Анталаған сан дұшпан қамаса да,
Сырдың суы келмейді жұлығымнан.
(Балуан Шолақ өлеңінен).
Ереймен тауында тұратын, Балқашқа қалыңмал төлеген күйеу, Балуан Шолақпен жерлес Сатыбай байдың нағашысы боп шықты. Сатыбайға ол кісі салды:
— Нағашың жіберді, — деді келген елші, — айдай жесірімізді тапа - тал түсте, аз үй қоңсың — қаңғырған Үйсіннің делқұлы біреуі алып қашты. Төрт үй Үйсін кімге топырақ шашады. Оның арқа тіреуі — Керей — сенсің. Алдыңнан өткелі келдік. Жесірімізді қайтарып, қоңсыңнан айыбымызды әпересің бе, болмаса тұрысар жеріңді айтасың ба?
Сатыбай да Балуан Шолаққа кісі салып еді: «Иесіне қайтарып беретін, менің әкелгенім мал емес, адам, — деп жауап қайтарды ол,— мен қайтара алмаймын. Тартып алам десе еркі білсін!» Бұл сезді естіген соң, Сатыбайдың нағашысы жіберген кісіге ұстатқан сөзі мынау болды: «Жігіттеріңді жинап сайланып келіңдер де, мықты немеден тартып алыңдар. Өзін де ұстап әкетіңдер. Бұл елді мен тырп еткізбеймін».
Елші кеткеннен кейін Сатыбайдың бұл уәдесі ел ішіне дүңк етіп жайыла қалды. Үйсінге қараған үш - төрт үйде Шолақтан басқаларының бәрі момын екендігі бізге мәлім. Және қонысынан ауғалы олар төмендеу бір кедей ауылға қоңсы қонған. Сатыбайдың сөзін естіп шошыған олар мен көршілері:
— Жарқыным, — деді Балуанға жиналып кеп, — сен бұлай отырма. Сатыбайдың нағашысы осал жау емес деседі. Ол Қанжығалыдағы атақты Саққұлақтың ағайыны болса керек. Бес болыс Қанжығалыны жинап жатыр дейді ол. Ертең жауар бұлттай торланып, жасанған жау келіп қалғанда, жалғыз өзің төтеп бола алмайсың.
— Не істе дейсіңдер, сонда?
— Күшің келмейтін іске ұмтылатын ақымақ емессің. Өлеріңді біл...
— Ол үшін?
— Жесірін қайтар!..
— Болмайды ол. Менің өлігімді аттамай, Балқашты олар әкете алмайды...
Палуанның құлаған жағынан тұрмайтынын білетін ағайындары мен көршілері: Ендеше, көңіл жетер адамдарыңа хабар айт, жиналып саған қарасын болсын. Жалғыз адамға жаудың шабуы оңай. Көпке шабуға жүрексінеді...
— Meн ешкімге «болыса гөр» деп құлдық ұрмаймын, — деді Шолақ,— керек көрген жігіт болса өзі де келер. Керексіз болсам, жалбарынғанмен келмес. Мен нені болса да үйден күтем.
— Ендеше, бассауға қыл. Мұндағы біздің неменемізді алар дейсің. Келер де кетер.
— «Қашқан жауға — қатын ер». Олай басындырғанша келетін ажалды қарсы алсам болмай ма?
Шолақ ешкімге бармады да, жасырынбады да. Ол Ақбозын бабында ұстап, үйінде отыра берді. Оның дүниеде ең қымбаты шешесінің сөзі. Бірақ, өзге айтқан тиым сөзді, қорқыныш сөзді Қалампыр Балуанға айтпады. Оның ұғымында, әйелдің ер адамды бет алған ісінен бөгемеуі керек, әсіресе, Балуан Шолақ сияқты атаққа шыққан жігітті... Ұғымы сондай болғандықтан, Балуанға да, былайғы жұртқа да сыр бермеген Қалампырдың, істің немен тынарына жетпейтін көзі, кейбір оңаша шақтарда жасқа толып, ағыл - тегіл болып алады. Бірақ, кейде жылағанмен, кейде жыламайды ол. Кейде қорқыныш тұманы басып кеткен оның ақыл-ойына үміттің де күні шығып, соның сәулесінен жүзі жарқырай қалады. Бұрынғы аңыздық батырлар туралы ертегіні көп естіген және сол ертегілерді өзі де талайларға, әсіресе, балалық шағында, Нұржанына айтқан Қалампыр, кейін Нұрмағамбеті «Балуан Шолақ» аталып, күші ел аузында ертегі сияқты аңыз боп кеткенін естіген соң, «бұл балам да сондай батырлардың біреуі ғой!» деген мақтаныш сезімге ие болған еді. Қалампырдың ақыл - ойында жарқырайтын үміт күні — осы сезім. Көппен алысқалы даярланған баласының жеңілу қаупі оның басына тұман боп оралса, жеңу қуанышы күн боп шығады. Неге екенін кім білсін «балам жеңілмейді, жеңеді!» деп сенеді ол. Осы бір сенім оны ілгері жетектеп, баласының көп жаумен жалғыз айқасар күнін асыға күткен сияқтанады... Балуан Шолақтың ешкімді жәрдемге шақырмағандағы ойы, біріншіден — жайшылықта доспын дейтіндерді осындай таршылықта сынау болса, екіншіден — өзінің күш мөлшерін тағы бір байқау еді. Өз байқауынша бойдағы күшінің көбі әлі көрінбей жүрген сияқты. «Жаяу бес жүз жігітпен келе жатыр дейді» деген хабар дүңк ете түсті бір күні. Ұрлатып алмасын деп кісендеп ұстап жүрген Ақбозын Балуан Шолақ сол күні өмілдіріктеп, құйысқандап, төс айылын бос, шап айылын берік тартып ерттеді. Атасынан қалған темір сауытты көйлекшең етіне киіп, аяғын байпақты етікке сұқты. Басына — бес көз ақ жібектің бір жақ ұшын шандып орады да, екінші ұшын арқасынан кере құлаш салбыратып жіберді. Балуан Шолақтың ауылы биіктеу дөңнің басында болатын. Дөңнің қырында үлкен оба бар. Соған шығарып қарауылға қойған бір бала, түс ауа берген кезде шауып кеп үй сыртынан:
— Балуан, Балуан... Қара құрттай қаптап келе жатыр!—деп айғай салды.
Қалампыр бұл кезде далада еді. Баймырза үйде еді. «Жау келеді» дегелі өрекпіген жүрегін қалай басуды білмеген ол, үйінен шықпай, көр - жерді ермек қып шұқына беретін. Бүгінгі онын, ермегі — етік жамау еді. Баланың «қара құрттай қаптап келеді» — деген айғайы Баймырзаның төбесінен жайдың оғындай ұрды.
— «Аһ!»—деді ол ышқына дауыстап, екі көзі шарасынан шығып, инесі мен бізі қолынан түсіп кетті.
Шалқасынан құлай берген әкесін Балуан Шолақ ұстай алғанда, үйге бір шелек су алып Қалампыр да келді.
— Не болды бұл бар болғырға?—деп Қалампыр да Баймырзаның басын сүйеді.
— Ағатай, ойбай, кеп қалды!—деді сырттағы бала шырылдап.
— Балам... Нұржан... — деді Баймырза көзін қатты жұмып аз тұрғаннан кейін кең ашып,— енді қайттік?!
Әлсіз әкесін жатқызып, бойын жазған баласының көзіне Қалампырдың көзі түсіп еді, зәресі ұшып кетті: ағы қып - қызыл боп қанталаған Балуан Шолақтың екі көзі пеште маздап жанған оттың жалынындай дауылдап ұшқын шашып тұр екен. Даража біткелі нұрланып, қызыл шырайланған беті қорғасындай сұрлана қапты. Бойы дірілдеген сияқты, еріндері тоңазыған адамдай қыбыр - қыбыр етеді...
— Апа! — деді Балуан, даусы болаттай шыңылдап, — мен аттандым!..
«Құлыным!» деп құшағын жайған шешесін ол құшырлана беттен бір сүйді де, шешесінің сүюіне үлгіртпей, сып беріп есіктен шыға жөнелді. Босағаға сүйеніп солқылдап тұрған Балқашты оның қанталаған көзі көрмеді. Тордан шыққан арыстандай үйден бұлқына шыға келген оған дүниені өрт қаптаған сияқты, жер де, көк те, өсімдік те, ауыл да, мал - жан да қып - қызыл боп елестеді.
Атына қалай ырғып мінгенін ол білген де жоқ. Жөнеле берген оған:
— Сойылың!.. — деді үйден жүгіре шыққан Балқаш, сойылын ұсынып, дауысы дірілдеп.
— Бір салғанда сынып қалатын немені атқа ауыр ғып қайтем. Одан да, керегінде біреуден тартып алсам болмай ма? Жаудың сойылы менікі емес пе? Құдай осы дырауымнан жарылқасын, — деп, қамшылы қолын көтере Балуан шапты да кетті.
Жолдың шаңдағын көшкен бұлттай бұрқыратып келе жатқан қалың қолға бетін қойып, Ақбозбен Балуан Шолақ сілтеп келеді. Ақбозға сол күні өмірінде бітпеген шабыс пайда болған сияқтанды: төрт тұяғымен жердің топырағын уыстай аспанға атып зымырағанда, көлденеңнен көзі түскен жұрт оны ұшып барады екен деп ойлады. Балуан Шолақтың басындағы ақ жібектің шұбатылған ұшы делегейлене шаншылып, аспанға көтерілді. Сол екпінімен Балуан Шолақ келе жатқан топқа жақындағанда, алдынан ойқастап біреу шауып шыға келді.
— Қанды басың бері тарт! — деді Балуан аңға айтатын сөзін оған айтып, тұра ұмтылып.
Шапқынмен қарсы кеп қалған салттының кім екенін ол абайлаған да жоқ, «кім болсаң да жаудың бірі шығарсың» деп, қамшымен атын қасқа маңдайдан ала тартып кеп қалды. Ақбоздың екпінімен ағып өткен ол жаңағы атын ұрғанды жаудың жекпе - жекке шыққан батыры екен деп ойлап, өзін де ұрмақ боп, жақындай беріп еді, иесі құлаған аттың астынан аяғын ала алмай бұлқынып жатыр екен. Балуан оны қамшымен періп өтуге төніп бір келді де, жығылып жатқан адамды ұру бойына ар көрініп, қасына тұра қалды. Көзі сол шақта ғана топқа түсіп еді, құйындатып шауып келеді. Қою шаңның арасында қыбырлағандардың ұшы - қиыры жоқ сияқты. Үйінен аттанған кезінен көрі қайнаған ашуы салқындап, көзін жапқан қан тарқаған ол, топпен айқаспақ боп атының басын бұра беріп еді:
— Балуан! — деді аттың астынан аяғын алып түре келген адам. Балуан жалт қараса, өзінің сол маңайдағы бір досы!..
— Мұның не?— деді Балуан оған, оны жау болған екен деп ойлап.
— Бәсе мұның не?—деді досы, Балуанның атын неге ұрғанына түсінбей.
— Жаумысың, елмісің?
— Мен қашан жау боп ем, саған?
— Анау қаптағандарың кім?
— Өзіміздің елдің жігіттері.
— Қайда барасыңдар?
— Сені жауға талатып қоямыз ба?
— Қайда, ол жау?
— Мына төбенің астында. Біздің топты көріп ошарылып тоқтап қалды. Сені шақырғалы келе жатсам, неге ұрдың мені?!..
— Жау екен деп...
Ұяттан беті қызарған Балуан Шолақ атынан қарғып түсіп жығылған атқа қараса, соққан қамшы маңдай сүйегін айырып түскен екен. Ат өліп қапты.
— Мін, мына атқа, — деді Балуан досына Ақбозды тосып.
— Неге?
— Төлеуің.
— Ол не дегенің?! Бір атты сенің жолыңа құрмалдыққа шалу көп пе?
Өзге жігіттер де кеп қалды. Досы Балуанға атының құнын көптің алдында кешті. Балуанды ортаға алған топ қыр басына шықса, жау жағы әлі ошарылып тұр екен. Олар жүз шақты кісі, бұлар төрт - бес жүздей. Екі араға елші жүрді. «Аз үйлі Үйсін» деп Балуанды ұстап әкетпек болған жау жағының тауы шағылып, беті қайтты. Сатыбай, тағы сондай байлар мен атқа мінерлер Балуанды қолдайтындардың арасына іріткі салмақ болып еді, ел көнбеді. Ақыры, жау жағы бітімге кеп, қалыңмалын Палуанға төлетуге келісті. Ол малды Балуанның достары төлеп жіберді.
— «Ер — елдің баласы»— деген сөз рас екен! — десті Балуанның досы да, дұшпаны да, ері де, елі де жарайды!..»
АҢҒАЛДЫҚ
«Мен өзім аққан судай тасып жүрмін,
Кеудесін дұшпандардың басып жүрмін.
Жаласы сексен өгіз маған ауып,
Ұлықтан сол себепті қашып жүрмін».
(Балуан Шолақтың өлеңінен).
Балқашқа бұрын қалың берген жер қалыңмалын қайтарып алғанмен, Балуан Шолаққа деген кегі біткен жоқ.
— Балуан Шолақтың бұл қорлығы бізден гөрі саған батуға тиісті, — деді олар Сатыбайды қайрап, елдеріне қайтар алдында, — үркердей аз үйлі қаңғырған Үйсін, рулы ел — Керей, сенің ішіңде қоңсы боп отырып, өз еліңді өзіңе билетпеді. Егер, мұны бұл қалыппен жүгенсіз жіберсең, бүгін біздің қатынымызды тартып алса, ертең сенің қатыныңды тартып алады. Бізге оқасы болмас, мойнымыз алыс жер, бір жесірді садақаға бердік: ал, ертең ауылыңда отырып, Сатыбай, сенің малыңнан құрық, басыңнан сырық кетірмесе, осы жүгенсіз жібергеніңе бұдан жаман өкінерсің, ойлан!..
Сатыбай расында ойланып қалды. Қонақтары кеткесін, «осыған өтірік пәле жапсырсақ та көзін жоғалтсақ қайтеді», — деп ол дос - жарандарына ақылдасты. «Оның рас,— деді достары,— бірақ, бұл елде тым беделді боп кетті. Пәле жапсақ та ойланып жаппасақ, көпшілікті соңымызға түсіріп алармыз». Сатыбай бір күні Қайрақты қаласына барды да, көптен бергі тамыры — Егор Пропадкоға ақылдасты. Балуан Шолақтың елдегілерге көрсеткен «қорлық - зорлықтарын» қоюлата сипаттай келіп:
— Сенің ініңді өлтіру қылмысынан аман құтылып кеткен соң, ел қазағынан қорықсын ба ол,— деді Сатыбай ауыр күрсініп, — қайта, шетімізден қырып тастамай аман қойып жүр!
— Сонда не істеу керек? — деді Пропадко, — өкіметке айтып абақтыға алдыратын қылмысы жоқ. Орыс заңы қылмыссыз адамды қараламайды. Бұны, ең қызығы қапысын тауып өлтіру. Біз соған бекінген ек, әлдекімнен естіді ме, немене,— бұнда келмей қойды. Өздерің неге істемейсіңдер осыны? Ауылда оған мүмкіндік көп қой?..
— Жоқ, сол мүмкіндік!.. Жолын тосып өлтіруге, жеке я аз ғана адамның шамасы келмейді, ел боп жабылу қиын, және екі ұдайда, елдің, көбі оның сойылын соғып кетеді...
— У бергізсе ше?
— Онда ел тіпті көтеріліп кетеді...
«Енді не істеу керек?» деген ол екеуінің, ақылы төмендегі арнаға құйылды: Балуан Шолақты ұстап беретін тұсау — Ақбоз. Жанындай көретін бұл аты қолға түссе, ол да түседі. Ол үшін, «егінге түсті» деген жаламен, ішіне Ақбозды қоса, Балуан ауылының жайылымда жүрген жылқыларын бір түнде Сатыбай Қайрақтыға жеткізеді де, Егор ол жылқыларды қорасына қамайды. Потраваға11 Егор өзгені емес, Ақбозды ғана сұрайды. Балуан әрине атын босатып алу әрекетіне кіріседі, осы бетінде қапысын тауып өлтіру оңай. Сөз осыған байланды да, ішінде Ақбоз бар, ауылының жылқысы Пропадконың қорасына аз күнде қамалды. Балуан да, ауыл адамдары да малының, соңынан барды. Бірақ, Егор теңдік бермеді. Ол бұршақ соғып қиратып кеткен егініне, қаланың, старостасын апарып, қорасына қамаған жылқы қиратты деген акты жасатқан екен. Оның бағалауынша, бұл потраваға қамалған жылқының жартысы жетер емес, Егордың қалағаны — Ақбоз. Мал иелері не істеуге білмей ақылдасқанда, біреулер жоғарғы ұлыққа барып шағым айту керек,— деп еді:
— Одан жақсылық күтпе, — деді Балуан Шолақ — «Қарға қарғаның көзін шоқымайды» дегендей, олар байдың сөзін сөйлейді.
— Сонда не істейміз?
— Менің зорлықты зорлықпен қайырғым келеді.
— Қалай?
— Түнде осының қорасына түсіп, жылқыны айдап шығамыз!
— Ондай аранға қалай түсеміз көрінеу көзге? Қорасы қай бір оп - оңай оның қарғып түсе кететін?.. Биік тас қамалдай емес пе ол?.. Қақпасы тастан да берік емес пе?.. Және атты кісіні алып тастайтын қабаған иті бар!.. Олардың үстіне, қорасында жаттың жылқысы қамаулы тұрғанда, бейқам жатады деймісің ол?.. Күзетшілері болады, әрине!.. Және құрғақ қолмен емес, мылтықпен күзетуі мүмкін. Аяйды деймісің ол,— басады да салады, әсіресе, сені!.. Ондай ажалға сен де барма, біз де бармайық. Бәрінен жан тәтті. Жанды малдың жолына құрбандық қып болмас...
— Сонда не істейміз?
— Көкшетау барып, жоғарғы ұлықтан сұранудан басқа жол жоқ...
Ағайындарымен аузы біріге алмаған Балуан, Кургановқа ілік - шатыстығы, әрі достығы бар, заң - законнен де хабары бар, селолық басқармада писарь боп істейтін Павел Ларионовқа ақылдасты. Балуанды білетін ол, Егорға өшпенділігі бұрынғыдан күшейе түспесе бәсеңдемеуін айта келіп:
— Сенікі дұрыс, — деді Балуанға, — заңмен оны жеңе алмайсың. Әкімдердің бәрі оның сөзін сөйлейді. Ең қолайлысы, өзің айтқандай, ретін тауып, жылқыны түнде қорасынан ұрлап алу керек. Ол үшін, Егордың күдігін жойып, мал иелері — бәрін, Көкшетауға аттанған болыңдар да, былай шыға, өзің, ғана орман арасында қалып қой. Басқа қазақтарың бара берсін.
— Неге?
— Екі себеппен: бірі — Егор соңдарыңнан бақылау жіберуі мүмкін, өйтсе, кеткендеріңе көзі жетсін, ал сен, қалың орманға кіре, елеусіз бір жалтарыста түсіп қал: екіншісі — өзге қазақтардың бұнда саған серіктігі болмайды, қайта, аяғыңа оралғы болады...
— Жалғыз не бітірем мен?
— Өзіңмен таныс және дос орыс жігіттерінен жәрдемшілер берем. Олар сені отта қалдырмайды, қиындықтан алып шығады...
Сез осыған байланды. Балуанның серіктері де бұл сөзді мақұлдап, «Көкшетау кеттік» деген дабырамен жүріп кетті. Ларионов «әулие» екен, айтқаны дәл келді,— Егор олардың соңынан, «алыстан бақыла» деп, салт атты аңдушы жіберді. Оның жәбірленушілерге алыстан ере отырып қадаған көзіне қалың орманның қалтарысы шымылдық болды да, Балуанның жортып бара жатқан аттың арбасынан жып етіп түсіп, сып етіп орманға жоқ болғанын абайламай қалды...
— Орманнан жалаңаш далаға шығарып сап қайттым, түгелімен Көкшетауға кетті, — деген бақылаушының, хабарына Егор сенді де:
— Білгенін қылсын!—деген қауіпсіздікпен, қақпасын күндегі дағдысымен ғана бекітіп, қаннен - қаперсіз, тұқымымен ұйқыға кетті.
Павел Ларионов уәдесіне жетті. Оның күндіз келісіп қойған сенімді жігіттері, түн жамылған Балуан Шолақ келгенде, қолдарына түкіріп, жәрдемге даяр отырды. Сайдың тасындай жиырма шақты жас жігіт қасына ергенде, Балуан Шолақтың ойында қуаныш пен сенімнен басқа ештеңе қалған жоқ. Егордың бұл қаладағы ең үлкен, ең сұлу үйіне, Балуан мен серіктері түн ортасы ауған шақта жетті. Село да, бұл үй де шырт ұйқыда. Түн көзге түртсе көрінбестей қою қараңғы. Егор үйінің ауласы айнала бөрене қарағайдан қиып, биік жасаған кең шарбақ еді.
— Ал,. жігіттер,— деді Балуан серіктеріне, Егор үйіне жете, — сендер сыртта қалыңдар да, маған қауіп төнсе ғана жәрдемге келіңдер, төнбесе, осылай, сырттан қарауыл боп тұра беріңдер. Қора іші маған таныс. Жылқыларды қоятын жерін де білем...
— Атыңның аяғы кісендеулі деген, оны қалай бұзасың?
— Бұрап бұзам...
— Қақпаның құлыбын?
— Оны да...
Жігіттер «өйте алмайсың» демеді,— жуан темірді сымдай бұрауы, төрт - бес жігіттің жүгін көтеруі оларға мәлім... Серіктерінен рұқсат алған Балуан, қарғып шарбақ үстіне шықты, аржағы жарты төбесін қаңылтырмен жапқан шатырлы қора. Жарты шатырдың арқалығымен ілгері сырғып үңілсе, қараңғы түнде түгі көзге шағылып Ақбоз ат бір діңгекте байлаулы тұр. Басқа жылқылар да соның маңында. Одан әрі көң сасып, мұрындары пысылдап, малжаңдай күйсеген бірсыпыра өгіз жатыр. Манадан дыбысы шықпаған иттің Шолақты қайдан сезгенін кім білсін, — өршелене үріп, тартқан сымды бойлай бері қарай жүгірді де, төбеде отырған Шолақтың нақ астына кеп, «кімсің?» дегендей, ырылдап қана қарады. Шолақ бұл үйден кеткеннен кейін күшіктей асырап алған ит, үлкендігі тайшадай бірдеме екен. Басын жоғары көтере ырылдаған оны, Балуан шынжырынан шап беріп ұстап, жоғары қарай көтере қойды да, қылқынып булыққан ит жақындаған кезде, өкшемен тұмсықтан теуіп - теуіп жіберді. Содан кейін үні өшкен иттің шынжырынан арқалыққа асып байлай сап, қарғып төмен түскенде Ақбоз иесін танығандай оқыранды. Көзінен жасы шығып кеткен Балуан атына жақындағанда, күйсеп жатқан көп өгіздің арасынан біреуі түрегелді де күжілдеңкіреп, бері қарай жүрді. Өзі кеткеннен кейін, Егордың қорасына сүзеген бұқа пайда болғанын, жаяу түгіл атты кісіні де маңайынан жүргізбейтінін, талайлардың атын жарып тастағанын Балуан естіген еді. Сол бұқа екен деп ойлап, бірақ сескенбей қарсы барып еді, бұқа қаймыққандай тұқырып, көңді алдыңғы аяғымен қопарып шаша бастады. Қасына барғанда күжірейген бұқаның мүйізінен Балуан шап беріп ұстай алды. Сүзуге тырмысқан бұқаны еркіне жібермеген Балуан, беліндегі қамшысын алып оң бүйірден тартып - тартып қалып еді, бақ етіп қаша жөнелді де, енді қайтып ұмтылмады. Тез кетудің қамын ойлаған Балуан қақпаға барса, тұтқасының сомдығы білектей, етегі күректей құлып, қақпаның жуан темірден соққан баспасында салулы тұр. Жерде жатқан бір жіңішкелеу темірді алып құлыпты бұрап еді, темірдің өзі майысты. Басқа сайман таба алмаған Балуан құлыпты оң қолымен қапсыра ұстап, бар екпінімен бұрап кеп қалып еді, етегіне қабыстырған жалпақ темірдің шегелері шығып кетіп, кілті бос қалды. Қақпаның ашылуына көзі жеткен Балуан атына келіп, кісенін сылдырсыз бұзды да, қақпаға кеп сықырсыз ашты. Содан атын жетектеп жүріп, ұйқыдан жалқауланған өгіздер мен ауылын жылқыларын қорадан айдап шықты. Қақпа алдында дыбыссыз қуанышпен қарсы алған достары, малдарын үн - түнсіз айдасып, село шетіне шығарып берді. Сол арада қоштасқан достарының ішінде Павел Ларионов та бар екен.
— Малдарды осы бетіңмен айда да, Меңіреудің қалың қарағайына жет!— деді ол,— содан кейін Егор түгіл, шайтан да іздеп таба алмауы анық. Аржағын өзің біле бер. Біздің қолдан келгені осы.
Балуан орыс достарына алғыс айтты да, Ларионов сілтеген жөнге жүріп кетті... Арасынан иттің тұмсығы өтпейтін Меңіреу қарағайының арасынан өзі ғана білетін бір жіңішке жолды тауып, орманның қалың ішіне сүңгіп, Балуан таң біліне жайлы жерге бекінді. Өгіздерді ол санаса — сексен екен. Бәрі де сала құлаш мүйізді, атан түйедей, өңкиген жануарлар. Ауылмен астыртын хабарласқан ол, Қызылжардағы ет заводына өгіз айдаған Ақмоланың купецтері келе жатқанын естіді. Олар Меңіреу тұсына кеп қонғанда, сексен өгізді қырық сомнан сатты да, ақшаның көбін ауылдағы тілеулес адамдарына үлестіріп беріп, азын ғана қалтасына басып, мәселе бір жайлы болғанша бойтаса қыла тұру мақсатымен, Ақбозына мінді де, жақын арада Атбасар қаласында ашылғалы жатқан жәрмеңкеге суыт жүріп кетті.
ҒАЛИЯ
«Хат жазайын Ғалия, саған арнап,
Сипатыңа, екінші құрмет айлап.
Анда-санда көзіме бір көрінсең,
Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап.
Ойпырым-ай, жан сәулем, Ғалия,
Бетіңнен...
Аппақ қардай етіңнен...
Бір күн ауру, бір күн сау,
Жазылмадым,
Ой, ой, ой... дертіңнен!»11
Ақтөбе қаласынан Омбыға тартқан патша өкіметінің әскерлік жолының үстіне бекет есебінде түскен қаланың біреуі — Атбасар. Оның ең алғаш орнауы 1854 жыл. Бұл қаланың әскерлік бекет болуынан басқа қандай маңызы барын оның аты көрсетеді. «Атбасар» екі сөзден құралған: «ат», «басар». Бұлай деп қойылуына мынадай себеп бар: Атбасар қаласы салынған маңайда Арғын руының Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қозған, Қақсал дейтін рулары бар. Бұларда мал, әсіресе жылқы малы көп болған. Атақты Құлтума ақын Аққошқар Сайдалы дейтін байлардың байлығын айтқан өлеңінде:
«Сұрасаң арғы атамды Қуандықты,
Қылыпты өз тұсыңда жуандықты.
Аққошқар, Сайдалының заманында,
Бір келден қырық мың жылқы суарыпты»,—
дейді.
Атақты ақын Біржан сал:
«Кім жетер Алтайдағы Жанайдарға
Алты жүз жас бота мен тайлағы бар»,—
дейді. Атбасар қаласында ең алғаш ашылған базарды мыңдаған жылқы басып кеткен соң, соғыс бекеті орнына салынған қаланың аты «Атбасар» боп кете барған...
Атбасар үш өзеннің түйіскен жерінде: Есіл, Керегетас, Жабай. Балуан Шолақ базарға келсе, осы үш өзеннің арасында жүз мыңдап жиналған малдың ұшы - қиыры жоқ!.. Театры, киносы жоқ ерте замандағы ауылда, халық өзінің ойын - тойларынан, әр жерде ашылған базарларды да ойын - сауықтың ордасына айналдырған, халықтың: «балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп, баланың қылығын базарға теңеуі сондықтан. Атбасар базарының «базары» Балуан Шолақ болды. Оның ақындығы, әншілігі, қулығы, әзілі, сықағы, атқа ойнауы, дене өнерін көрсетуі халықты қайран қалдырды. Өнері осындай болғандықтан, көрген жұрт та, көрмеген жұрт та «Балуан Шолақ кепті» деген жерге сауда - саттығын тастап аттылы, жаяулы шұбыратын болды. Балуан Шолақтың қай жерде тоқтағанын, қайда келе жатқанын, қайда бара жатқанын базаршылар біліп отырды. Ол теңіз, өзгелер — өзен сияқты,— қай жерде ол тұрса, сол жерге жан - жақтағы жұрт құйыла қалады, ол магнит, өзгелер темір сияқты — қай жаққа қарай жөнелсе, өзгелер де жапырылып оның артынан шұбайды. Осы думанмен жүрген Балуан Шолақ, бір күні, екі өзен: Керегетас пен Жабайдың аралығына тігілген көп ақ үйге кездесті.
— Бұл не?—деп сұрады ол серіктерінен.
— Қымызшылар мен қасапшылар тіккен үйлер.
— Түсейік біреуіне!
— Түссек таңдап түсейік, — деді біреуі,— бұлы өтімді болсын дей ме, немене, қымызды жас келіншектер мен қыздар құяды, және көбі — сұлулар. Қараөткелден келген бір келіншек бар осында, Кескіні онша шығаннан шыққан сұлу емес, бірақ, мінезі жібектей есіледі, әзілге судан жүйрік! Күйеуі момын жігіт көрінеді. Биі — келіншегі. Сауық -сайранды жақсы көретін келіншек, қымызды өзгеден тәтті ұстайды. Аты — Ғалия.
— Үйі қайсы? — деді Балуан.
— Анау тұрған!
Бастаушы Балуанды ақ үйлердің орталау кезінде тігілген, үзігінің сыртқы етегін қызыл шұғамен оюлатқан, баулары, белдеуі термелеп тоқылған бір үйге әкеліп түсірді. Олар аттарын үй сыртына матастырып жатқанда: төңірегі шашақты ақ жібек шалыны құлағынан қыстыра арқасына төккен, етек - жағасын алтын зермен мәнерлеткен, қызыл барқыт жеңсіз қынама бел қамзолы, асығынан аз - ақ жоғары, қос етек жібек көйлегі бар, аяғында кестелі биік өкше етігі бар, екі құлағында салпыншақты алтын сырғасы бар келіншек кигіз үйден шыға берді де, жолаушыларға аз уақыт қарап тұрып, үйіне қайта кірді.
— Осы!—деді біреу.
— Кімді айтасың?—деді Балуан.
— Жаңағы үйден шыға беріп қайта кіріп кеткен келіншекті.
— Неге өйтті ол?
— Балуанның мысы жеңген болар...
— «Аттыға жол, жаяуға сөз бермейді» дейтін келіншек еді ол, қаймыға қойды ма екен? Басқа бір себебі болар...
— Не де болса үйге бара көрейік, — деп жігіттер үйге кірсе, келіншек қымыз ішіп отырғандарды тұрғызып, төр алдына шымқай жаңа қызыл ала батсайы көрпе төсеп жатыр екен.
— Жұртқа төсемейтін көрпеңді төсерлік, кімің еді ол? — деп үйдегілердің қалжыңдағанына келіншек жауап бермей, көрпені тез төседі де, Балуан Шолаққа көз қырымен ғана қарап, әдеппен ығысып қымыз құйған шараның қасына барды. Бірақ, келіншек отырмады, сыйлайтын адамынан бұрын отырмайтын ауылдың әдепті әйелдерінің дағдысымен, Балуанға бір қырындап түрегеп тұрды.
Төрге төселген батсайы көрпеге, қалжыңбастау бір жігіт — «жақсы болды - ау, мынау маған» деп отыруға жылжып еді:
— Тәйт, әрі, қалжақтамай, — деді орта жастылау адам оған жекіріп,— білмей отырмысың кімге салынған көрпе екенін?
— Кімге?—деді қылжақбас.
— Әкеңе!
«Кім ол — әкем?!» дегендей қараған қылжақбастың көзіне, Балуан Шолақтың түр -тұлғасы өзгеден ерекше көрініп кетті: «осы екен ғой, — әкем!—деп жорамалдады қылжақбас, — тегі, тегін кісі болмас бұл!..» Үйдегілер Балуанға түрегеп амандасты. Төрде айналасы кең дөңгелек тапал үстел тұр екен, үстінде жиегіне айнала қойған үлкен форфор кеселер, ортада кең ағаш табаққа турап, бетін ақ сүзгімен жапқан жылқының семіз сүр қазы - қарталары, қыртысы қалың майлы сүр ет.
Балуан Шолақ та, өзгелер де отырды, келіншек әлі түрегеп тұр. «Сапылдап сөз бермейтін еді, Балуанның мысы жеңуін қарашы!» — деп күңкілдесті еркектер өзара.
Балуан келіншекке «апыр - ау, қайда көрдім, мұны?» — деген оймен амандасты. Амандыққа ернін ғана қозғап үнсіз жауап берген келіншек, шараның қасына отырды да, екі әдемі кесеге қымызды құйып, өз қолымен әкеп, біреуін Балуан Шолаққа, біреуін оның қасындағы жігіттің біреуіне ұстатты. Келіншектің кім екенін Балуан енді ғана таныды: баяғы Тоқсанбайдың асында, Түйе балуанмен күрескен жолы, шапан жапқан осы келіншек!
— «Міне, қайда кездесу!.. — деп ойлады Балуан келіншекке әлсін - әлсін қарап,— мұның аты Ғалия екен ғой...»
Қараған сайын Ғалияға ол құмарта түсті. Ат үстінде ұзағырақ жүріп сусаған ол, осы үйге түсерде бір сүйретпе қымызды жалғыз ішерліктей болған еді. Қазір, алғашқы екпінмен жұтқан жарты аяқ қымыздың өзі әрі өтпей, өңешінде тұрып қалған сияқтанды. Үйдегі жігіттер Балуан Шолақпен танысқаннан кейін, өлең айтуын өтінген еді. Бұған дейінгі мәжілісте іркілмей суырыла жөнелетін ол, мына жолы бойындағы бар ақындық, әншілдік қуаты қашып кеткендей домбыраға саусағы жүрмеді, аузына сөз түспеді. Жүрегінде жаңа бір ірі ән толқи бастаған сияқтанды оған, бірақ, ол ән кеңірдегіне симай, кептеліп алқымына тығылып тұрғандай болды.
— Ат үстінде көп жүріп алқынып ем, — деді ол, қолына берген домбыраны қасына сүйей сап,— сөкпеңіздер. Әнге қазір жайым жоқ.
Босағада отырған жігіттер өзара күңкілдесті: «Дауылпаз деген бір құс бар, дауысы жер жарады, қасына келсе жұдырықтай» дегендей,— деді біреулері,— Балуан, Балуан»,— деп жұрттың дәсердей ғып жүргені осы ма?! Қаңқайған денесі болмаса, мынауыңда береке шамалы екен!..»
— Білмей айтып отырсың, — деді оған қасындағысы, — еркектің сиқыры әйел емес пе? Әйелге елтімеген, әйел арбап қуатын да, сабырын да жеңбеген қай еркек көрдің? Жалғыз көз қарасының өзімен - ақ, Ғалияның оны арбап, қуатын да, қайратын да мұрындықтаған түйедей жетегіне алғанын абайламай отырмысың?
— Мен мана аңғарғам, — деді үшінші біреу, — есіктен кіргелі Балуанның екі көзі сонда.
— Осылар маған көптен әмпей кісілер сияқты, — деді төртінші,— әйтпесе, Балуан Шолақ сияқты батыр бір көрген әйелге бұлай құмарта қалмас еді!..
— Сабыр етіңдер, артын күтейік,— деді біреулер.
Балуан Шолақтың аңсары ауғанын Ғалия ана жылы да көзқарасынан аңғарған, бұл жолы да аңғарды. Ғалия Ақмола қаласында туып - өскен Тілеу дейтін кедей жатақтың қызы еді. Әкесінде бұдан басқа бала болған жоқ. Сондықтан ба, я, әйел баланы ерекше сыйлайтын қазақ әдетінен бе, — әйтеуір Тілеу, өзі бойнада мал союмен күн кешсе де, Ғалияны киер киім, ішер астан кенде қылған жоқ. Еркін өскен Ғалия жасынан сырнайға, әнге әуес болды, қалада «әнші қыз», «сырнайшы қыз» аталады. Бұрын тамыр - танысы ғана болмаса, жан жоламайтын Тілеудің үйіне, Ғалия өскен соң, «қас батыр, қайран жақсы» дегендей, қаланың да, даланың да мырза - шоралары қаптап кетті. Қырдан қалаға келетін мырзалар, бұрын Ақмоланың үйлерін таңдап, қайдағы тәуір пәтерге түссе, Ғалия өскен соң, Тілеудің қала шетіндегі сиықсыз землянкесіне таласып түсетін болды. Оның қорасы атқа, землянкесі адамға симады. Қаланың да, даланың да мырзаларынан әйелі болсын, болмасын Ғалияны саудаламағаны кемде - кем. Қаланың мырзалары мол түрде ақшасын, даланың мырзалары мол түрде малын ұсынды. Бірақ, бұлардың біреуіне де әкесі міз баққан жоқ. Оның жауабы: «Балам ер жетсін, кемеліне келсін, ақылы толсын, содан кейін кімге барса да еркі. Теңі келсе тек берем. Ғалияның қалыңынан күн көрмей - ақ қоям». Ғалия ер жетті. Сөйлеушісі көп, әкесінің уәдесі жоқ. Ғалияның өзіне сөйлессе, әзіл -оспақтың шытырманына алып кетеді де, әурелеп апарып, адастырып жібереді, «шебер - ақ құрдым» деген торлардың ешқайсысына оралу түгіл, түспейді. Оның бұл қылығына өшіккен жігіттер: «Пәлен болдым, түген болдым», деген өсектер таратады. Бұл өсектердің кейбірі әкесі мен шешесінің де құлағына шалынады. Оған күйінген шешесі әкесіне: «Баланың бағын байладың, міне енді мынадай атаққа таңылды!» деп талай рет шаптығады, талай рет көз жасын төгеді, әкесі бұл өсекке қажығанмен, қызын сүймеген біреуіне бере салуға обалсынады.
Осы қаңқу қажытқан Ғалияның әкесі, бір күні қызына кісі арқылы сөз салды:
— Балама айт, — деді ол,— өзі білетін қымызшы Біржан Ғалияны көңіл етеді. Ол әрі момын, әрі ауқатты жігіт екенін балам біледі. Мен болсам жер ортасынан астым, шешесі де сары кідір боп қалды. Күшім бар кезде, момын біреумен елбесіп - селбесейін деп ем, Біржан соған дәл кеп тұр. Балам соған көнсін.
Елші адам Ғалияға әкесінің бұл сөздерін артығымен жеткізді. Ғалия жауап бере қоймаған соң: «Ойлан, — деді елші,— ақылың бар бала едің, есігіңе келген ырысты маңдайға теппе». Мұны айтпай - ақ, Ғалия өзінің жұбайылық өмірі туралы көп ойланатын еді. Ол қаланың медресесінен мұсылманша жап - жақсы білім алған қыз. Кітапты да ол жасынан көп оқыды, солардың ішінде ерекше сүйетіні ғашықтық қиссалары болды. «Қиссалардағы қыздар ғашық болғандай жігіттер кездессе, мен де ғашық болар ем» — деп ойлайтын еді ол. Сондай жігітті ол іздеді де, бірақ, таба алмады. Ғашық болуға жарарлық жігіт оған қиялдағы ертегі сияқты көрінді. Ол соңғы кезде ғашықтық болады дегенге сенбеді, сондықтан, бір жағы жасы жеткен, екіншіден көп есек құлағын сарсытқан ол, кім де болса, тәуекел деп біреуге бармақ еді, міне сондай кезде, әкесінің ұсынысы кездесе кетті.
Қайту керек? «Бармаймын» десе әкесі ренжиді... «Барайын» десе, Біржан теңі емес... Бұндайда әйелдің әлі келетіні,— көз жасы, ойы толқыған Ғалия жатты да жылады... ол ұзақ жылады... Одан өнер ешнәрсе жоғына көзі жеткен Ғалия, «бәрібір,— деп қорытты ойын,— тағдырдың көлденең тосып тұрған бақытын көрген жоқпын. Ойдағым табылмауына көзім жетті. Әкемнің көңілі жабырқамасын, — барайын!»
Қызының көнгенін естіп қуанған әкесінің Біржанға жалғыз ғана шарты болды:
— Жалғыз балам болған соң ерке ғып өсіріп ем, — деді ол,— жас күнінен сауық -сайранға, ән - күйге әуес боп өсіп еді. Қолыңа барған соң, қазан - ошақтың ортасына қамап, күң ғып жіберме. Қымыз сатуды кәсіп еткен жігітсің. Баламды сол таза жұмысыңа ғана қос: таза жерде, таза киім, таза ыдыспен қымыз сатсын. Ойдағы - қырдағы жәрмеңкелер мен базарларға барып та қымыз саудасын жасайсың. Сонда қасыңнан тастама. Қымыз бар жерде — сауық бар. Одан бетін қақпа.
Біржан бұл айтқандардың бәрін де істемек болды. ... Кешікпей той жасалды. Біржанның төрт бөлмелі қарағай үйіне Ғалия келіншек боп түсті. Бұрынғы Тілеудің үйінен шықпайтын мырзалар — енді Біржанның есігін босатпады. Біржанға бұл залал да болған жоқ. Бұрын тоқал шешесі сататын қымыздан жөнді пайда ала қоймайтын. Ғалия босағасын аттаған соң - ақ, саудасы күсет бола бастады. Қымызды сатып ішушілердің көбі соның үйінде болды. Оның қорасында кең қарағай сарай болатын еді, соған кілемді жайып, лық тола жиналған жұртқа, әсіресе қылжақбас бозбалаларға қымызды Ғалия өз қолынан құйып берді. Оның қолынан жұтқан қымыз, бозбалаларға бал татыды. Кейбір жақын құрбысымен кездескенде ғана болмаса, әкесінің үйінде бәлкім тұйықтау, ұялшақтау Ғалия, келіншек болған соң кіммен де болса бет пердесін аша сөйлесті. Бір жағы әзіл, бір жағы сықақпен, қымызға келген бозбалаларды ол ұршықтай үйіріп, билеп әкетті. Ара - тұра сырнайға қосыла ән шырқап, думан да жасады... Біржанның «үй иесі» деген аты ғана болмаса, билік Ғалияда болды. Ғалияға өшіккен біреулер, Біржанға: «әйелің пәленмен, түгенмен жақын» деп шағыстырды да. Ол сөзге сырттан елегізгенмен, Ғалияға қатты сөз айтуға Біржанның батылы жетпеді. Расында да тағдырына мойынсұнған Ғалия Біржанды еркек деп емес, ерім деп ұқты, сондықтан азғырушылар көп болғанмен Біржанның көзіне ол шөп салған да жоқ, салам деп ойлаған да жоқ. Оның ойы: «Маған ер боларлық жігітті әлі көргем жоқ. Мен көрген ердің бәрі — еркек қана. Біржан да соның бірі. Олай болса, басымды бәріне қосақтап қайтем? Бірімен ғана болсам жетпей ме соның?» Осы ойға табанын нық басқан Ғалияның өмірден ендігі алмақ болған Ләззәті — Біржанның қымызын сата отыра, уақытын ойын, сауық, әзілмен, ән-күймен өткізу еді. Бұрынғы Ақмола, Семей облыстарында жыл сайын жаздыгүні үш жерде ірі жәрмеңке болады: Қоянды, Тайынша, Атбасар. Бұлардың Ақмолаға ең жақыны екі жүз елу шақырым. Базарларға төңіректен ең кем дегенде мың шақырым жердегі халық жиналады. Кейде, бір шеті Петербургтен, бір шеті Ташкен — Құлжадан, бір шеті Владивостоктан мал жинайтын саудагерлер келеді. Біржанға келгелі Ғалия осы үш базардың ешқайсысынан қалмады. Базарға Біржан сауын бие айдамайды, барған жерде сауын биені үйірімен, тігетін үйді жасауымен уақытша сатып алады да, базар тарағанша сайрандап жатады. Көлденең қараған кісіге бір базардағы табысынан - ақ байып кететін сияқты, себебі қымыз сатып ішетін базаршының көпшілігі соның үйінде. Бірақ, көлденең жұртқа көмескі нәрсе,— ақша ғып, жамбасына басып жатса өзі біледі де, ал басқа көзге көрінетін дүние жағынан, пәлендей жарқырай қалған ештеңе жоқ, баяғы бір сыдырғы қоңыр дүрсін күйі. Ғалияның ең алғаш Ақмоладан ұзап барған базары — Ақмола мен Қызылжар арасындағы «Тайша» еді. Балуан Шолақты оның ең алғаш Тоқсанбайдың асында көруі де осы «Тайшаның» жолында. Ол жолы Балуан Шолаққа апарып шапан жапқанда, атағын бұрын естігендіктен, я құмартқандықтан жаппаған еді. Түйе балуан мен Балуан Шолақ ұстасарда «анау жіңішкені, анау жуан езіп тастайды - ау!— дескен еді Ғалияның қасында тұрған жұрт, — жіңішкені сор түртуін қарай гөр!» Ғалия да осы ойда болды, бірақ оның тілегі, танымаса да жіңішке жігітке ауды. Жуан жіңішкені үйіргенде, Ғалия өзін үйіргеннен кем қынжылған жоқ. Сөйтіп, «жіңішкенің халы не болар екен» деп қорқа қайғырып тұрғанда, жіңішке жуанды арқалай жөнелді... «Ә, құдай бере гөр!» деп айғайлап қалды Ғалия қуанып кетіп. Жіңішкенің жуанды үйіре жөнелуіне тіпті сүйсінген Ғалия, жерге алып соққанда, қуаныштан есі шығып кетті... Ол жүгіре басып арбасына барды да, үлкен ақ сандығын тез ашып, Ташкенттен келген ала жібек шапанды, Балуан Шолаққа ала жүгірді. Шапанды жабудан оның мақсаты, жас балуанға сый ғана беру емес, аты - жөнін сұрап танысу еді. Оған үлгермей, Балуанды паң Нұрмағамбет шақырып әкетті. Арманда қалған Ғалия арбасына қайтып келсе, бұрын қызғанғанын сездірмейтін Біржан, бұл жолы бұртаңдаған кескінмен, аттарын арбаға жегіп жатыр екен.
— Неге асықтық? — деді Ғалия.
— Жүреміз!—деді Біржан, түйген қабағын жазбай, жегіп болған арбаға отыра беріп, — мін, тез!..
— Тойды аяқтамаймыз ба?
— Оған уақыт жоқ.
«Қызғанышы ма, несі бұл?!—деп таңданған Ғалия, жылжи берген арбаға әрең мініп үлгерді... Артынан, жіңішке балуанның аты Нұрмағамбет екенін, елі оны Балуан Шолақ деп атағанын Ғалия естіді. Қайтарда Ғалия Балуан Шолақтың аулына соқпақ боп еді, Біржан: «Жолдан бұрыс көрінеді» деп ризаласпады. Ғалия Балуан Шолақты со ойлағаннан ойлай беретін еді, оны тағы да көруге құмартатын еді, міне енді, сол құмарынан шығудың сәті Атбасар базарында, өз үйінде түсті. «Атбасарға Балуан Шолақ кепті... Өнерімен елді таңқалдырып жүр», — деген сөзді Ғалия естіген еді. Көргісі кеп іздемек болған оны екі ой бөгеген еді, біреуі —«Әйел басыммен іздеп баруым ұят болар»; екіншісі—«Тоқсанбайдың асындағы көзқарасын хата ұқпасам, мені өзі іздеп табуға тиіс». Осы ойдың тұғырына талпынған көңілдің құсын байлай қондырып, іштен сабырсызданған Ғалия, «келе жатыр ма» деп, үйінен тысқа әлсін - әлсін шығып қарай беретін болды. Балуан Шолақ пен серіктері түсіп жатқанда, Ғалияның үйінен шыға беруі, осы көп шығудың бірі еді. Балуанды Ғалияның тез тануына бұрынғыдан толуы, нұрлануы бөгет болған жоқ. Балуанға қараған сайын, жүрегінде бұрын бықсып жанған құмарлық оты қызына түсті...
«БАТЫР — БІР ОҚТЫҚ»
«Бір ат келді базарға құла қасқа,
Жібек ноқта басында, бауы басқа,
Ғашық болып көріскен, Ғалияжан,
Кел екеуміз мінейік тарантасқа!
Ойпырым-ай, жан сәулем Ғалия,
Қабағың...
Күндей аппақ тамағың.
Қарақаттай көзіңе, құмарлана
Ой, ой, ой... қарадым!..»
(Балуан Шолақтың өлеңінен).
Атбасар қаласының күнгей жағындағы Есіл өзенінен қалаға беттеп, кең қара жолмен жұлдыздай аққан, арбаға жегілген бір жорға көптің көзін сүріндірді.
— Бұл кім?— десті жұрт шуласып.
— Балуан Шолақ!
— Е, онда осы сияқты жорға бар ма еді?
— Кеше базарға құлақасқа жорға түсіп еді, — деді біреу,— Челяба қаласынан келген купецтің жорғасы екен. Талай жасқа келдім, талай сұлу жылқыны көрдім, мұндай сұлу жылқыны көрген емеспін.
— Онда иесі неге сатады?!
— Купец салт ат міне ме? Арбадан шыққан жылқы болса керек жануар. Сол мінезінен сатса керек.
— Қаншаға алды?
— Екі жүз сомға.
— Апыр - ай, мына Балуан Шолақ жынданған шығар, — десті көпшілік шулап, — он шақты аттың құны ғой мынау.
— Тегін ақшаны аясын ба,— десті әркімдер, — Қайрақты қаласының сексен өгізін ұрлап алып сатып, соның ақшасымен келді деген.
— Сол күпецтің фаэтон жеңіл арбасы бар екен, — деді біреу, — Балуан Шолақ атқа арбаны қоса саудалап, жүз сомға алыпты. Жұрт Балуанның ат пен арбаны сонша қымбат алуына бір таңданса, екіншіден жұртты таңдандырған,— арындап арбаға жүрмей қойған атты Балуанның фаэтонға жегіп жүріп кетуі!..
— Жылқының перісі емес пе ол? Оған таңданатын. ештеңе жоқ, — десті әркімдер.
— Қасындағы кім?
— Ғалия!..
— Қайдағы Ғалия?
— Ақмоладан келген қымызшы Біржанның қатыны.
— Оны неге беріп қоя берген бұған?..
— Әңгімесі көп көрінеді оның...
Жұрт солай дабырласып тұрғанда, аяғын зырылдауықтай шапшаң басып, құстай ұшқан Құлақасқа көзден ғайып болды. Олардың құлақасқамен осылай жүруіне, міне, бүгін үшінші күн... Ғалияның үйіне барып қымыз ішкен Балуан Шолақ ұзақ отырмай, жұмысым бар еді, деп кетіп қалды да, кешке айналып сол үйге қонуға келді. Көз қарасынан мінезі жеңіл ме деп ойлап қалған Балуан Шолақ, Ғалияға ауыл әдетін қолданбақ болды. Ауылда, егер қыздың я келіншектің қас - қабағы жақсы болса, бозбалаға онымен тілдесу қажет емес, түнде ұрланып төсегіне бір - ақ барады. Біржанның үйіне осы ниетпен келген Балуан Шолаққа жолы болған сияқтанды, — Біржан әлде не жұмыспен бүгін келмейтін боп кетіпті. «Үй оңаша болды» деп қуанған Балуан, іңірде, өзен жағасындағы тал арасына Ақбозды апарып, аяғына тұсау салды да, үйге қайтып келе жатты. Ойда жоқта алдынан, басына шапан бүркенген әйел кездесті де, жолын бөгеп тұра қалды.
— Бұ кім еді?!—деді Балуан.
— Мен, Ғалия —деді әйел бетін ашып.
Рас — Ғалия!!..
Ғалияны қалай құшақтай алғанын Балуанның өзі де сезбеді. Соқыр сезім сол жерде есінен тандырған ол, сүйіктісін жерден жаңқадай көтеріп, қалың талдың арасына ала жөнелді. Ғалия тырмысқан жоқ. Балуан оны қалың шалғынның арасына әкелді де, денесін көме шалқасынан жатқызды. Ғалияда әлі де бұлқыну жоқ. «Мынау қайтеді?» деп ойлаған Балуан Ғалияның бетіне түрегеп тұрған қалпымен үңілді.
— Тоқтыңыз семіз бе екен?—деді Ғалия.
— Қайдағы тоқты?—деді Балуан түсінбей.
— Ауыл ұйықтап жатқанда қотанға қасқыр ұрланып кіретін де, бір тоқтыны арқалап ала қашатын. Сол сияқты мені қайда әкелдіңіз?
«Батыр аңғырт». Балуан сөзден тосылғандай үндемеді.
— Балуан,— деді Ғалия, басын көтеріп, қасына отырған оның иығына қолын салып, — мен сізді осы араға әдейі іздеп кем ем, тыңдасаңыз үш тілегім бар.
— Неге тыңдамайын. Айт.
— Айтайын! — деді Ғалия жеңіл күрсініп,— нарлығыңызға, «Балуан Шолақ» деген даңқыңызға сүйеніп, тілегімді берер деп айтам. Бірінші тілек — мен туралы талай өсек естуіңіз мүмкін, соның жаманат жағына сенбеңіз; екінші тілек — қалтқысыз көңілмен жүрек жара дос болайық; үшінші тілек — осы базар тарқағанша біздің үйде болыңыз!
Балуан ойланып қалды. Үшеуі де ауыр тілек: Алғашқы тілегін берейін десе, «көлденең өткен көк аттыны құр жібермейді»— деген сияқты өсекті көп естіді, ол өсектің анық -танығына жетпей қалайша «саған сенем» дей алады? Екінші тілек — «дос болу»... Өте үлкен сөз! Өте салмақты сөз! Сырын білмеген адамға «достаса қояйық» деп оңай ма? Ең қиыны — үшінші тілек. Ғалиямен қалай бірге бола алады ол? Күйеуі ұлықсат ете ме оған. Жаман да болса күйеу аты, еркек аты бар емес пе оның? Ендеше өз бойына лайық, еркектік, күйеулік намысы бар емес пе? Сол намысын таптағысы келгенге, шамасы келгенше қарсы тұрмай ма ол?.. Оның арты неге соқпақ сонда? Бұған дейінгі дұшпаны аздай, тағы дұшпан үстіне дұшпан қоса түсу керек пе? Ол жалғыз болса құба - құп. Егер оның дос - жараны көп боп сойылын соға кетсе қайтпек.
Осы ойлардың салдарынан Балуан тұнжырап үндемей ғап еді:
— Орындай алмасаңыз қолқам жоқ, — деді Ғалия оның иығынан қолын алып.
«Өкпеледі» деп ойлаған Балуан ағынан жарылып еді...
— Көп жыл бірге тұрған күйеуімді мен сізден гөрі жақсы білемін, — деді Ғалия, — оның еркі менің қолымда. Бүгін де мен оны, ертеңге дейін оралмайтын жаққа жұмсадым, ойым — сізбен бүгін оңаша болып, армансыз сырласу еді...
— Менің бүгін оралып келетінімді қайдан білдің? — деді Балуан қуланған боп.
— Еркектің әйелге деген бар сыры көзінде тұрмай ма, Балуан?—деді Ғалия күліп, — көз қарасыңызбен айтып аттанбадыңыз ба маған, «кешке оралам» деген сөзді?..
— Ә, солай ма еді? — деп Балуан мойындай қалды да, — ол өз алдына бір сөз ғой,— деді кескінін салмақтандырып — ал, әлгі сөзге келсек, «күйеуім, — еркімде» дегеніңмен, оның намысын көрінеу көзге таптауға болмайды; көзіне шыққан сүйелдей боп, үйінде бадырайып қалай жатып алам?..
— Сонда не істемексіз? Ұрланып кеп жүрмексіз бе?
— Басқа амал бар ма?
— Сізді жасыра алатын дүние жоғына көзіңіз жете ме, батыр, тегі?..
Балуан үндемеді...
— Жоқ, — деді Ғалия шымыр дауыспен,— ешнәрсе де жасыра алмайды сізді!.. Өзгені былай қойғанда, қараңғы түн де жасыра алмайды!.. Сіздің қайда жүріп, қайда тұрғаныңызды жұрт жасырсаңыз да біледі, өйткені, сіз жұртқа шыққан күн, туған айдай мәлім боп алған адамсыз. Сіз жұрттың бәрін көрмегенмен, сізді жұрттың бәрі көреді...
— Сонда не істеу керек?—деді, бұл сөздерге тағы да шырмалған Балуан.
— Бір жол бар, — деді Ғалия қаярланған үнмен,— бірақ, оған сіз түсе алмайсыз!..
— Мысалы, қандай?
— Әйеліңізден айырылып, маған қосылу!..
— Өзің түсе алар ма едің, ол жолға?
— Түсер ем!.. Ал, сіз?..
Балуан жауап бермеді. Қалай береді, — осы секундке дейін басына тумаған сұрақ бұл. Жауабын өзі таба алмай қиналған сұраққа, «Ғалия да ойланбай жауап беріп тұр» деп жорыған Балуан: — Сен де хата айтасың. «Түсем» дегенмен, түсе алмайсың ол жолға, күйеуіңнен айрыла алмайсың!—деді Ғалияға.
— Ендеше, не істеу керек?
— Былайша ғана ойнап - күлу керек...
— Қалайша?
— Белгілі сөз ғой ол! — деді Балуан, ішінен «сондай да сұрақ бола ма екен?!» деп таңданып.
— Қалайша «белгілі?»—деді Ғалия,—«ұрланып жолығу» ма, «белгілі» дегеніңіз?.. Оның несі «ойын - күлкі?»...
— Сонда не істе дейсің?—деді Балуан бұл мағынасыз егесуді доғарғысы келген үнмен.
— Егер қиғыңыз келсе, Балуан, маған өзімізден өзге ешкім білмейтін ұрлықтың ойын -күлкісі емес, қалың ел білетін жария ойын - күлкі керек.
— Ол қалай болады?
— Мысалы, бір әдемі атты әдемі сайманмен, әдемі тарантасқа жегесіз, екеуміз оған қатар мінеміз де базар аралаймыз және жәй араламаймыз, сырнайлата, әндете аралаймыз, сөйтіп, базардың думаны боламыз. Міне, бұл, жұртқа жария ойын - күлкіміз болады. Жұрт та рахаттанады бұған, өзіміз де рахаттанамыз. Бұлай ойнап - күлуге күйеуімді мен көндіре алам.
Екеуі осыған серт байласты. Серттің куәсі — Біржан болды. «Ғалияның алысқа жұмсауымен, — мен көз таса боп, Балуанға кешке жолығу» деп күдіктенген ол, «барайын» деп аттанып кеткен еді де, былай шыға бой таса ғып, іңірде кейін оралып, атын алысқа тұсап, талды жамылып кеп, Балуан мен әйелін аңдыған еді. Ол екеуінің қалай жолығып не кеңескенін, қастарындағы қалың талдың ішінде отырған Біржан түгел естіді. Әзірге бүлініп - жарылған ештеңе болмағанмен, естіген кеңестері құлағына жаға қойған жоқ. Бұл істің арты немен тынуына көзі жетпеген ол, ең жақын міндетім» деп, Балуанның бүгін түнде Ғалиямен қашуына бөгет жасауды есептеді. Сол мақсатпен ол, үйі ұйқыға жатады - ау деген кезде, алыс жолдан оралғандай, атын дүбірлете аяңдатып кеп, дыбысын сездіргісі келгендей, үйінің сыртына қақырына - түкіріне түсті.
— Иеміз келіп те қалды! — деді ол дыбысты таныған Ғалия, іштей әрі қуанып, әрі ренжіп.
— Реніші — бүгінгі түнді Балуанның құшағында өткізбек еді, күйеуі ол үмітін кесті; қуанышы — бүгінге дейін адал келген неке суына, бүгін арам тамшы қосу, су орнына у ішердей жүрегін лоблыта бастаған ол қиналудан күйеуі құтқарғандай болды.
Қасына жатқан күйеуімен сыбырласқан Ғалия, оны өз ырқына көндіріп барып ұйықтады. Сондағы айтқан сөзінің тоқетері: «Ойыным мен сауығыма бөгет болмауға басынан көнген едің ғой, сен? Адал некемізге арам жұқтырмауға мен уәде берейін, Балуанмен базарда серуендеуіме бөгет болмауға сен уәде бер». Осы тақырыпта айтылған ұзақ сөздің қорытындысы сияқтанған бұл өтінішке, Ғалияның дегенін екі етпеуге дағдыланған Біржан қарсылық айта алмады. Оның, тек қана айтқаны:
— Қайдам, жұрт көзіне ерсі көрініп жүрмесе, өзің біл!..
— Жұрттың не десе де еркі, — деді Ғалия, — ел аузына қақпақ бола алмайсың. Бір бірімізге өзара сенсек болғаны. Мен саған сендім. Ал, сен өзің маған сенесің ғой.
— Әрине!—дей салды Біржан.
Көкейінде «сенбегенде амалым қанша!» деген сөз тұр. Ол сөзді сыртына шығара алмайды. Ғалияның көңілін қалдыру былай тұрсын, кірбің салуға да жоламай дағды алған ол. Неге екенін өзі де білмейді,— Ғалия жоқ жерде оған өмір жоқ сияқтанады, онсыз күні,— қараңғылық сияқтанады, айы да, күні де Ғалия сияқтанады, оның көңіліне қаяу салу, айы мен күнінің бетіне кір жағу сияқтанады... Бұған дейін сөйтіп келгенде, Біржанның жанын толқытарлық қаупі болған да жоқ еді. Қазір олай емес. Мынау «Балуан Шолақ» деген оның бұрын көрмеген «аңы». Бұрынғы «аң» деп жүргендері, бұның қасында, арыстанның қасындағы борсық сияқты. «Бұл бір жұтпас, — деп қорқады Біржан Балуаннан, — егер жұтса, түйені түгімен, биені жүгімен... дегендей мол қылғыр!.. Бұның аузына іліккенді суырып алу да қиын болар!..» Осыны айтайын десе, «көңілін қалдырам ба» деп Ғалиядан қорқады, айтпайын десе, «асап қою» қаупі бар!.. Ғалияның «маған сенесің ғой?» деген сұрауына «сенем» деген нық жауап бермей, «әрине» деп былқ ете түсуі сондықтан...
Ерінен рұқсат алуын Ғалия ертеңіне естірткенде Балуан Шолақ қуанып кетті. Жігіт екен ғой, оның өзі!—деген сөз шығып кетті оның аузынан,— дос болуға да жарайтын жігіт екен ғой ол!.. Бірге серуендесек қайтеді өзімен?
— Егер, көнсе.
— Неге көнбейді?..
— Артық жүріс - тұрысты ұнатпайтын адам...
Ғалияның сөзі тура шықты. Онымен базарда бірге серуендеу үшін, жоғарыда аталған Құлақасқа жорғаны арба - сайманымен сатып алған Балуан, Біржанға бірге жүруді ұсынған еді, «бұндай іске бейілім жоқ еді, Ғалияға берген ұлықсатым ұлықсат, өздерің серуендей беріңдер!» деді. Құлақасқаның фаэтонына мініп Балуан мен Ғалия жөнеле бергенде, ішінде лаулай жөнелген қызғаныш оты Біржанды да үйіне отырғызбай атына еріксіз қондырды. Оның ақылшысы,— әрі болыс, әрі бай, ауылда да, Ақмолада да салығы бар ЬІспан дейтін адам еді. Кеше де ол Ғалия жұмсаған жаққа бармай, сол — Ыспанға соғып, Балуан Шолаққа деген күдігін айтқанда:
— «Қасқырдың ұлығаны — жеймін дегені» депті аталарың,— деді Ыспан,— Балуан Шолақ бекерге ұлитын қасқыр емес, ұлыса жейтін қасқыр. Ұлыды ма, қатыныңа қарап?—«жеді» дей бер оны. Осы түннің өзінде жеп кетіп жүрмесін ол. Жемесін десең, ізіңмен қайт үйіңе!
Қайтпақ болған Біржанға:
— «Аңдушы алмай қоймайды» депті аталарымыз, — деді Ыспан. — Торуға кірісе, қапыңды табады ол...
— Таптырмау үшін не істеу керек?
— Оны кейін ақылдасайық. Бүгін үйіңе қайт. Әуеле Балуанның үйіңе оралу -оралмауын біл, соған қарап айла жасайық.
Ертеңіне Біржан оралып кеп естіген - білгенін айтқанда:
— Келді ме, жорамалым?—деді Ыспан, Біржанның салмағын молайта түскісі келгендей.
— Дәл келді. Әулие екенсіз!..
— Енді бұдан құтылу оңай, — деді Ыспан.
— Қалай?..
— Оны кейін білесің. Саған тапсырарым, — қатынның серуендеуіне бөгет болма...
— Со бетімен алып қашса қайтем?
— Оны істемейді Балуан Шолақ. Сертіне ол берік жігіт. Кешке кеп үйіңе қонам десе қонады ол.
Ендігі сөзді ертең кеңеспек боп Ыспан Біржанды үйіне қайтарып жіберді. Оның Біржанға «кейін білесің» дегені, өткен күні, Атбасарға жиналған болыстардың бәрін ояз шақырып алған еді де, «Егор Пропадконың өгізін ұрлаған қашқын — Нұрмағамбет Баймұрзин осы базарда жүр дейді, жалған аты «Балуан Шолақ» дейді, халық өзін аса жақсы көреді дейді, олардың арасынан ұстау да қиын дейді, ал, енді сол адамды қалай ұстаудың амалын табыңдар» деген. «Табамыз» деп уәде берген болыстар. «Бірақ, бұл істі өте жасырын түрде істеңдер!» деп тапсырған ояз. Осы әңгіменің ішінде болған Ыспанның құлағына Біржаннан естіген хабар жаға кетті. «Көптің ішінен ұстау қиын еді,— деп қуанды ол,— серуенде жүргенде ұстау оңай. Бұны оязға хабарлау керек».
Біржанға бұл ойын айтпауы —«сөз тарап кетер» деп қорықты.
Хабар тиген ояз, базарда тәртіп сақтау ісінде жүрген Казачая сотняға «қапысын тап та қамап ұста!» деген бұйрық берді. Ғалиямен қатар мініп, сырнайда тартқан әнге қосыла, Құлақасқаның екпінді жорғасымен сілтеп келе жатқан Балуан Шолақты кейі салт, кейі жаяу бір топ солдат алдын бөгеп тоқтатты да, қоршап ала қойды.
— Бұ не пәле? — деді, түсі құп - қу боп кеткен Ғалия, дірілдеген дауыспен.
— Пәле боп бізге не қылады?—деді Балуан,— не ақысы бар бізде, бұл солдаттардың?
Олардың, Балуан Шолаққа не істеуін баяндардан бұрын, оқушыларды «Казачая сотня» аталатын бөлімшенің хал - жайымен таныстырып алайық. Бұл сотяның тұрғылықты мекені — Көкшетау сыртындағы Айдабол дейтін жер. Анда -санда адамы жаңарғанмен сотняның осы өлкеге пайда болуына көп жылдар өтті. Ол ең алғаш 1739 жылы, Абылай хан Россияға бағынуға ант бергенде құрылып, «тәртіп сақтауға» хан ордасына жіберілді. Абылай ханды, оның баласы Уәли ханды, қолынан өткерген сотня, «дала тиыштығын сақтау» ісінде қалып қойды... Үкімет бұл сотняны: Көкшетау, Атбасар, Ақмола — үш ояздың орталығы деп Айдаболға қойды. Атбасарда базар ашылғалы, сотняны жылда «базар тәртібін сақтауға» жібереді. Сотняның солдаттары соңғы жылдарда бірнеше рет жаңарғанмен, атаманы көп заманнан өзгерген жоқ. Ол: сөмпектеу келген ұзын бойлы, ұрты ішіне кірген қушық бетті, иегінің ұшын ғана қасқалап қырғаны болмаса, сақалы мен мұртын тұтас, ұзын ғып өсірген, ойнақы кішірек қара көзді, қайқы мұрынды, кең танаулы, ұзын қасты, сақал - шашы ағарған, қара сұр казак - орыс. Оның туып өскен жері Айдаболға жақын — Зеренді тауындағы казактардың станциясы, тұқымынан байлар да, генералдар, полковниктер, атамандар да көп шыққан. Біз сипаттап отырған атаманның аты Захар. Орыс та, қазақ та оның фамилиясынан гөрі атын жақсы біледі. Қазақтар оны «Көктеке» дейді. Көктеке өзімен теңдес біреу болмаса, өзгемен қамшы я жұдырықпен сөйлеседі. «Қолы тастан қатты» дейді таяқ жеушілер. Оңай олжа табуға да шебер ол, жоқтан сылтау тауып кім көрінгеннен қорқытып пара ала береді. Станцияда бай шаруасын қорқытып ұстайтын жалшыларына тегін баққызады. Ол әсіресе қазаққа еш, кез келген қазақты сабау — оның өміріндегі «бір рахаты»... Көктекенің қаһарлы атын Балуан Шолақ та естіген. Зорлықшылдың бәріне өш Балуан, біреулер Көктекені жамандаған әңгімелер айтқанда, «шіркін, маған бір кездесер ме еді?!» деп кіжінетін еді, міне, енді, сол тілегі бола кетті, — оны солдаттар, Көктекенің бұйрығымен қоршады, өзі ішінде тұр. Балуанды ол — ояздың «ұстап бер!» деген әмірімен қоршады. Ол да Балуан Шолақ туралы көп әңгімелер естіген еді және ол әңгімелер Көктекеге ертегі сияқты боп жеткен еді. Қара күші болмаса, сана - сезімі топас ол, Балуан туралы ертегілердің біразына нанған сияқтанып, көруге құмартып жүретін еді. Міне, енді «ертегінің ерін» алдынан тосып тоқтатқан ол, қазақша шалағай білетін сөздерімен тіл қатпақ боп, солдаттарды кимелей Балуанға жақындады.
— Кімдікі парен сен? — болды оның бірінші сөзі.
— Мен — Балуан Шолақ!-— кім екенін жорамалдап.
— Aha!.. Понимаю!.. Естіген!.. Сен улкон казак!.. Здоровый!.. Молодчина!.. Қайда барады, сен?..
— Базар аралап жүрмін...
— Сені ояз шақырған, мен соған тоқтатқан...
— Менің оязда жұмысым жоқ.
— Оныкі жұмыс сенде бар...
Көктеке қылжақ қылып тұр екен деген оймен, Балуан атының басын кейін бұрайын деп еді, божысынан Көктеке ұстай алды...
— Жібер!—деді Балуан, божыны жұлқып.
— Жоқ, мен сені жібермейді, оязға апарады!—деді Көктеке түсін суытып ап.
— Жібер!— деп божыны тағы жұлқығанда, қолына жармасқан Көктекені кеудеге салып кеп жіберді. Көктеке шалқасынан түсті. Сол ашумен атты құнтпен тартып - тартып жібергенде, жаны ышқынған ат, қамаған солдаттарды кеудесімен қағып, тарта жөнелді. Арба жалтарған шақта Ғалия төңкеріле құлап түсіп қалды... Оны байқаған Балуан атын тежей беріп еді:
— Қарама маған! Өзің құтыл!—деп Ғалия айғай салды. Содан ба, әлде қызған ат киіп әкетті ме, Балуан Шолақ жөнеле бергенде:
— Ат!—деген дауыс естілді.
Бірнеше мылтық қатарынан гүрс ете түсті. Құлақасқа омақата құлады. Арба төңкеріліп түсті, Балуан ұшып кетті.
— Өлді!.. — деп шу ете қалды қарап тұрғандар...
Балуан Шолақ тұрып үлгермей солдаттардың қоршауында қалды... Солдаттар оны құрғақ қолмен емес, найзалары сүйреген мылтықты қолмен қамады, егер құрғақ қолмен қамаса, алыса кеткенін ұшырып жіберер еді де, денесіне қол дарытпай, сытылып шыға келер еді. Мылтыққа амалы болмай қалды оның «Батыр — бір оқтық» деген аталарының мақалы түсті оның есіне. Дәрменсіздігін көрген ол, солдаттарға «ұста да, байла!» дегендей, артына қайырған қолдарын тоса берді... Ертеңіне Балуан Шолақтың аяқ - қолына кісен салынды да, пар атқа жеккен күймелі арбамен, салт мінген, елу солдаттың қоршауында, Көкшетауға айдалды. Балуанға жаны ашитын жігіттер «жолда тосып тұрып тартып аламыз» деп еді және ол ойларын орындамақ боп әр жерге тосқауыл да қойып көріп еді, нақ «иә, бәсекеге келгенде мылтыққа қарсы шаба алмады. Олардың да күрсіне айтқан сөздері «батыр — бір оқтық» деген рас екен - ау!..
АБАҚТЫДА
Абақты азап орны, жайнаған шоқ,
Басқаным от сияқты, ішімде дерт.
Кіргізген камерына қарап тұрсам,
Ішінде менен басқа адам да жоқ.
Өнерсіз атқа мініп неге керек!
Тудым мен өнерпаз боп елден ерек.
Есікті шегіншектеп сүзгенімде,
Ұшырдым тақтайларын төртке бөлек.
(Балуан Шолақтың өлеңінен.) Балуан Шолақ Көкшетау түрмесіне жабылды. Оны оңаша бөлмеге қамады. Балуан ішіне кіре төңірегін көзімен шолса, темірмен торланған биік, кішкене терезесі бар, кірлеген қара сұр қабырғалы, төбесі тапал, сәкіге винттеп тастаған темір кроваты бар, оның үстіне кір кенеппен тыстаған көрпе тастаған, босағасына «үштік» аталатын кішкене керосин лампы ілген, сәулесі күндіз де күңгірт бөлме екен. Тар бөлмені қамаудағы арыстандай күңірентіп Балуан Шолақ аз жүрді де кроватқа келіп отырды. Көрпе дегені сабан екен. Не істерге білмеген Балуанның көзіне, бөлменің қалың қарағай тақтайдан жасалған есігі түсті. Бір оқиға есіне кеп кетті оның. Бұдан бірнеше жыл бұрын, күзге қарай, ауылда шілдехана болды. Ойынға Шолақ та қатынасты. Жақын арада қарағайдан қиған жалғыз ғана бөлме еді бұл. Шілдеханаға жиналған жұрт ішіне әрең сыйған үйге ас та даярланған соң, іші ысып кетті де, жанып тұрған керосин лампы сөніп қалды. Оны тұтатпақ боп әркімдер әуре боп жатқанда үйдегілердің тынысы тарылып, дем алуға болмай қалды.
— Тұншығып барамыз, — десті әркімдер — есікті ашатын екен!
Біреулер ашайын десе, жасаң қарағайдан жасалған есік ісініп тас боп бекіп қапты, — тепкілейді — ашылмайды,.. балтамен ұрады — ашылмайды!..
— Енді қайттік?!—деп үйдегілер сасқанда:
— Жол беріңдер маған, — деді біреу.
— Кімсің?
— Балуан Шолақпын. Есікті мен ашып берейін.
— Ал, аш!—деп есік жақтағылар сырыла бастады.
Қараңғы жолында әркімге соқтығып, жығыла – сүріне есікке жеткен Балуан, қолымен толғап еді, есік болар емес! Өкшемен теуіп еді қозғалмайды. «Мынау қайтеді?» деп ерегіскен ол, шегіне беріп, төбесімен сүзіп қалды. Есік жалп етіп шалқасынан құлады. Содан кейін от та жанды, лампы да тұтанды. Жұрт далаға шығып қараса есіктің топса темірі омырылып кеткен екен!.. Абақтының тар, күңгірт бөлмесінде отырып осы оқиға есіне түскен ол, жұдырығын түйіп алып есікті қойып кеп жіберді. Қалың қарағай есік, екпінді күштің тегеурініне шыдамай, орта тақтайлары омырылып, шалқасынан түсті. Торды үзген арыстандай ол сынған есіктен сып беріп шыға келсе, кең коридордың екі жағынан да мылтықты күзетшілер жүгіріп келеді екен.
Таныс мылтық!.. «Батыр — бір оқтық!».
Балуан Шолақ қарсыласпады. Күзетшілер оған сөзі жеткенше ұрысты да, басқа бір бөлмеге тағы кіргізді. Ол кең бөлме екен. Іші лық толған адам: біреулер отыр, біреулер жатыр, біреулері түрегеп жүр... Бәрінің кескін – кейіптері абақты бөлмесінің қабырғасындай қарасұр, бәрінің де көздері абақты бөлмесіндей күңгірт. Балуан Шолақ кең бөлмеге кіргенде, оны бір топ адам қоршап алды. Бәрінің сұрауы біреу: «Кімсің? Жазығың не?» Сазарған Балуан жауап бермей, жаңа ұсталған жолбарыстай жан - жағына қабағын түйе, тесірейе қараса, қоршағандар — түгелімен арық, түгелімен желқом — жыртық киімді. Бұның үстінде ылғи жаңа және жақсы киімдер... Жыртықтардың бір тобы бұған қадала қарап қоршай қалғанда, еңгезердей біреуі таянып келді де:
— Шеш, киімдеріңді!—деді.
— Неге?!—деді Балуан таңданған кескінмен...
— Біз киеміз.
— Өзім қайтем?..
— Сен мына, біздің киімді аласын!..
— Иә, біздің киімді аласын!—деп ду ете күлді қоршағандар, құрсауын тарылта жақындап.
«Мыналар қайтеді?!» деп сескене бастаған Балуан, ығысыңқыраған бейнемен:
— Әй, естерің дұрыс па, өздеріңнің?!.. Жыным бар ма менің жақсы киімдерімді сендерге беріп, өзім сендердің құрымдарыңды ілетін?
— Шешемісің жоқ па? — десті қамағандар, енді түстерін суытып, өздері шешіп алуға ыңғайланып.
— Жоқ! — деді Балуан, ақырған қатты дауыспен...
Көп адам оған жабыла кетті... Ол алыса кетті!.. Күшінің көптігінен бе, әлде аналар шетінен әлсіз бе, — жабылған адамдарды Балуан шопақ құрлы көрмей, жұлып алған тымақтай жан - жағына шашырата лақтырып - лақтырып жіберді!.. Маңында адам сиреп қап, бірен - саран жақын тұрған адамдар ұстауға бата алмаған кезде:
— Кәне, қайсының барсың тағы да! — деді Балуан алысуға ыңғайланып, — келіңдер, алысуға ойласаңдар!..
Әлгі арпалыста қолының тегеуріні қаттырақ батты ма, немесе, әлдері келмеуіне көздері жетті ме — ұмтылушылар болғанмен, ешкім жақындап кеп ұстаса қоймады.
— Бұл не қылған балуан? Кім өзі, мұнша күшті?! — деп шулағандарға:
— Мен, Баймұрзин Нұрмағамбет!.. Халқым қойған атым — Балуан Шолақ!— деді ол енді еркінсіп ап.
— Нұрмағамбет! — деген сөз сап ете түсті оның құлағына.
«Бұл кім?» деп ойлауға үлгертпей, әлдекім оны құшақтай алды. «Алысқысы келген біреу ме?» дегендей, Балуан оны денесінен итермелейін деп еді.
— Нұрмағамбет!.. Мен!.. Андрей!.. — деді құшақтаған адам.
Андрей Кургановтың даусы!.. Бірақ, кескін - кейіп оныкі емес, — бет - аузын қауғадай сақал жапқан біреу!.. Үсті - басы далба - дұлба!.. Ол расында да Андрей болып шықты. Досын тар жерде тапқан Балуан баладан жаман егіліп жылады, оны ұзақ уақыт уату қиын болды... Уанғаннан кейін сұрастырса, алыстағы Сібірге айдауға кеткен Андрей жуық арада қашып келген екен де, қолға қайта түскен екен. Ол абақтыдағыларға қысқаша Балуанның кім екенін таныстырды. Одан әрі шүңкілдесіп сырласулар кетті...
ӘЗӘЗІЛДЕР
«Мен не қылдым, япыр - ай жақыныма?!
Тұзым ащы жақынға татыды ма?
Абақтыда жатқанда бір келмеді —
Шолақ қол батқаны ма тақымына?»
(Балуан Шолақ өлеңінен) Балуан Шолақ абақтыда айға жақын жатты. Оны сыйлайтын адамдардың қолынан келгені — дәм татыру. Қолынан келер басқа ешнәрсе жоқ. Достарына риза Балуанның ренжитіні — туысқан ағайындары, әке - шешесі, .ағасы — Төлеубай, әйелі — Балқаш. Балуан абақтыға түскелі олардың ешқайсысы ат ізін салған емес, дәм әкелген емес. «Бұл қалай?!—деп таңданды Балуан Шолақ. — Естімей жатыр ма? Естісе неге келмей жатыр?!» «Ағайыным момын еді, — деп ойлады ол кейде, — көлеңкелерінен қорқатын еді. Олардың келмеуіне себеп сол шығар; мұндайда от пен судан тайынбайтын адамның алған жарымен, ата - анасы болар еді. Олардың да тым - тырыс жатуы неліктен екен?! Әлде, Балқаш менің Ғалиямен аз күн сайрандағанымды естіп, қызғанып, қызғаныш аяғын тұсап жібермей ме екен?» Атбасардан конвоймен жөнелтерде Ғалия Балуан Шолаққа анадайдан амандасып, артыңнан іздеп барам деп қалған, одан да хабар - ошар жоқ. «Адамның сезімі алдамаса, Ғалияға сеніп ем, жолымда жанын қияр дос таптым ба деген ем. Іздеймін, келемін деп уәде айтуы қалай? Уәдесін орындамауы қалай? Шіркін, оның да опасыз болғаны ма? Әлде, сорлыны жаман, қызғаншақ күйеуі арқандап жібермей жүр ме?»
Ғалияның келмеуі туралы Балуан Шолақтың жобасы дұрыс еді.
Ақмола қаласының күнгей жағында, отыз шақырымдай жерде «Майбалық» атты шалқар көл бар. Сол көлді айнала мекендеген Арғын руының Ағыс атанатын бұтағында болатын. О да серілеу, ауқатты, оның үстіне, «білсе барымта, білмесе сырымта» дегендей, өштескен адамын ұрлап құртатын озбырлығы бар адам да. Ғалияны қыз кезінде алам деп талпынғанның біреуі осы Қордабай да, бірақ, әкесі — Тілеу көп қалыңмалға емексігенмен Ғалия көнбеген еді. Арманда қалған Қордабай Ғалиядан келіншек болған соң да күдер үзбей, «тым болмаса ойнап - күлуіңді қимаймысың» — деп қыңыратқи беретін еді. Ішкі ойы алыс жатқанмен, Ғалия Қордабайдың жігітшілік әзіл -оспағына қызығып, қалжыңның ұзын арқан, кең тұсауынан босатпайтын... Ғалияның Атбасар базарына баратынын естіген Қордабай, «қанша қашаған болғанмен, осы жолы бұғалығыма неғып ілікпес екен?»—деп дәмеленген. Атбасарда Ғалияның көңілін аулауға Қордабай күн бұрын қам жасап, Қарқаралы жақтағы өзектес ұрыларына хабар айтып, мойны алыс жерден бір айғырдың үйірі — 15 шақты қысырақты алдырды да, Атбасарға айдады. Ғалия мен Біржанды ол жолда жолықтырып, Атбасарға бірге барды. Жолшыбайғы әзіл сөздерінің арасында Қордабай Ғалияға 15 байталды сол үшін әкеле жатқанын ұқтырды. Ондай өзеуреп, жоққа шабылатын жігітті олжалану Ғалияның кәнігі болған ісі еді. Бұл ойын күйеуінен жасырмай, құрғақ ойын - күлкіден қызғанбауына уәдесін алды. Ғалия емексіткен соң, Қордабайда ес қалған жоқ. Он бес байталдың ақшасын судай сапырған оның негізгі тұрағы Біржанның үйі болды. Ғалия оған Біржанды аз күнде Ақмолаға қайтаруға уәде берді. Бұл қулықты шынға жорыған Қордабай тіпті шала бүлінді... Балуан Шолақ келгенде үйде жоқ Қордабай, ол аттанып кеткесін келді. Жігіттер оған Ғалияның қас - қабағы Балуанға қалай болғанын айтты. Аяғын тік басқан еркекте, өзінен артық адам бар деп ойламайтын еді Қордабай. Балуан Шолақтың атағын естіген еді. Жұрты Балуанды «пәлен - пәшпеден» деп көтермелегенде, «өй, тәйір - ай, кім дейсің сонша ардақтайтын, — деп ойлайтын еді Қордабай — о да біз сияқты бір қатыннан туған шығар!.. Ол да біз сияқты, екі аяқты, жұмыр басты пенде шығар... Азар болса күші артық шығар, одан басқа несі артық дейсің? Күшімен кімді жеңеді ол? «Білегі толық бірді жығады, білімі толық мыңды жығады», білімі артық болмаса болғаны!». Жігіттер Ғалияның Балуан Шолаққа қылмыңдауын айтқанда, Қордабай мұрнын шүйірді:
— Қой, әрі!—деді ол.— Соны да сөз деп айтып отырсыңдар ма? Жолап көрсін, Ғалияға,—күшті болмақ түгіл, бұл заманның Әзрет Әлісі болса да, әлегін аспаннан келтірейін!..
Балуан Шолақ Ғалияға оралып келген түні, онымен табақтас бола - тұра, Қордабай ойдағы қайратын көрсете алмады. Не ғажабы барын білмейді, — қанша сұқтанғанмен, батып сөз айта алмады, бойынан сығымдап әкелген намыс пен ашу, не тіліне, не білегіне орала алмады. Ғалия азғырылып болды деп түсінген ол, қапысын тауып Балуанды атпақ та болып еді, реті келе тұра қолы көтерілмеді...
Қордабай осындай толқымалы халде жүрген кезде Балуан Шолақ ұсталды. «Балуан Шолақ ұсталды» — деген хабар базаршылар арасына найзағайдан тез тараған еді. Бұл хабарға қуанушылар да, қайғырушылар да болды; қуанушының біреуі — Қордабай. Ұсталған Балуан Шолақты солдаттар Атбасар қаланың желкесіндегі қазармаға алып жөнелерде, сол араға Қордабай да жеткен болатын. Ол барған кезде Ғалия талықсып жатыр екен.
— Әкел, маған! — деді Қордабайдың қаталдығы шектен шығып, салт аттың үстінде тұрып, — әкел, қаншықты, өлімтігін күйеуінің үйіне апарып тастайын!..
Сол араға жиналған жігіттер талықсыған Ғалияны көтеріп әпергенде, Қордабай лақтай алдына өңгеріп алып, қымызға тігілген үйіне қарай шапты да кетті. Үйіне барып есін жиған Ғалия Балуан Шолақтың соңынан кетпек боп еді, Қордабай қайрап қойған Біржанның сөзі қысқа болды:
— Мойныңа тағылған арқаның мен екенім есіңде болсын, — деді ол, — тырп етіп көр, қалай қылғынар екенсің!..
Ғалияны Біржан мен Қордабай арқанмен сүйрегендей Ақмолаға алып қайтты. Ғалияның Көкшетауға, Балуан Шолақтың артынан келе алмаған себебі осы.
Енді Балқаштың келмеген себебіне тоқталайық:
Балуан Шолақтың ұсталғанын оның елі, Көкшетауға жетпей естіді. Өзге туыстарымен бірге, бұл оқиғаға Балқаш та ағыл-тегіл жылады. Жұрттың бәрінен көп жылаған Қалампыр. Бірақ, ол, жылай отыра, қайғылы дүйім жұрттың бәрінен артық қайрат көрсетті.
— Балқаш, шырағым!—деді ол, хабар естілген күні кешке, — жылаумен Нұржанды құтқара алмаспыз. «Болған іске болат бол», — дейтін Әткем. Белді бекем буайық. Төлеубай екеуің жассыңдар ғой, аяқ - қолдарың жеңіл, Көкшетауға аттаныңдар, Нұржанға ас апарып беріңдер.
Балқаш бұл сөзді мақұлдады. Ұлықтың пара алатын кезі. Параға беруге өз қолдарында пұл жоқ Баймырза, «ел ақтап, жылу жинасам қайтеді»—деп еді, Қалампыр ұрысты.
— Жігерсіз бар болғыр!—деді ол,— енді сұраншы болуың ғана қалып еді. Досқа күлкі, дұшпанға таба болғың келіп пе еді? Жаны ашыған ағайын болса жәрдемін берер, бермесе ешкімнен ешнәрсе сұрама!
Төлеубай бір байдың жылқысында еді, иесі оны «шықсаң біржола кет, әйтпесе жібермеймін», деп босатпады. Оның істеген «рахымы»— Төлеубайдың ақысына уәде қылған қойын күн бұрын берді. Сол қой сойылып, көршілердің біреуі атын беріп, Балқаш пен Баймырза піскен етті арбаға салды да, екеуі Көкшетауға жүріп кетті. Ауылдан ерте шыққан олар, күн түске тармаса бір көлдің жағасына кеп ат шалдыруға тоқтаса, сол арада Атбасардан қайтқан Тоқсанбайдың Сыздығы, Жұманның Әлжаны, тағы сондай мырзалар жатыр екен. Баймырза мен Балқаш солардың қасына жақын жерге ат ағытты. Ат шабандау және арықтау еді. Баймырза атты арбасынан ағытып көл жағасына апарды да, аяғын тұсап, қасында қисайып жатты. Балқаш арбаның үстіндегі астауға салынған піскен етті, жынығып кетер деп жайды. Балқаш пен Баймырзаны анадайдан таныған Сыздық пен Әлжан олардың, қайда бара жатқанын айтпай - ақ жобалап, өзара сөйлесті.
— Жаман Баймырзаның мына қимылын қарай гөр, жасаған!—деді Әлжан,— бұған да намыс бітіп, тұтқындағы кісіні іздейтін болған соң, өзгеге не жорық!..
— Түсінбей айтасың — деді Сыздық,— кешегі жаман Баймырза бүгін жақсы бола қалды деймісің? Оны жақсы ғып отырған кім екенін білемісің?
— Кім?
— Қатыны Қалампыр. Баймырза соның айдауымен келе жатыр. Ол қолының қысқалығымен ғана қотанға сиып жүрген қатын. Егер ауқатты адамның қатыны болды бар ғой, ел билеген бәйбішенің біреуі болар еді.
— Анау арбасының қасында қалған әйел келіні болды ма екен?
— Әрине.
Екеуі де ойлап Балқаштың атын таба алмады.
— Кім болса да мейлі, — деді Сыздық,— ал, енді, біз бір қызық істейік («Не істейміз?» дегендей, Әлжан оның кескініне қарады). Осы қатынды азғырып кейін қайырайық.
— Қалай?
— Ғалиямен Атбасардағы қылығын айтсақ, тулауы мүмкін. Өзін қызғаншақ қатын дейтін.
— Егер оған болса!
— Болдырамыз. Жүр, барайық!
Сыздық пен Әлжан Балқашқа барып амандасты, жол сұрады. Балқаш жол жайын айтты.
— Осындай қатыны бар кісінің арманы бар ма екен? — деді Сыздық Әлжанға,— біздің басымызға жаманшылық келмесін де, егер келе қалса, қатындарымыз үйден де шықпас еді, бар бітіргені жылау болар еді. Міне, қарашы, жұрттың қатыны еркек сияқты! Ерге — ер, серіге — сер.
— Осал қатын алса ол Балуан Шолақ бола ма?—деді Әлжан Сыздыққа көзін қысып қойып, — елден таңдап алып қашқан қатыны емес пе?
— Жаман қатындар бізді төсектің құлы деп ойлайды, аяғыңды қия бассаң қызғанып, төбеңе әңгіртаяқ ойнатады. Біздің күнә -сұмдығымыз Балуан Шолақтың қасында — дария қасында шұқанақтай. Міне, ақылды қатын мен ақылсыз қатын осындай таршылықта байқалады (көзін қысып), қарашы, мына ақылды қатынды. Балуан Шолақтың қанша күнә -сұмдығын біле тұрса да, артынан іздеп келе жатыр! Біз осылай болсақ, қатындарымыз артымыздан күл шашып табалар еді.
— Балуан да қатынына сенген соң солай еркін жүреді де. Егер сенбесе, кеше, Атбасардың айдай - әлем жиналған қан базарында қымызшы Ғалиямен ашық сайрандар ма еді?..
Манадан бері елеусіз тыңдаған кеңеске Балқаштың құлағы түріле қалды. Базардан ерте қайтқан бір құрбысы, бұдан бұрын да қалжыңдаймын деп Балқашқа Балуанның Атбасарда Ғалияға әуліккенін айтып қойған еді. «Қайтер дейсің басыбайлы меншіктенбес»— деп Балқаш сыр бермеген болғанмен, ішінде қызғаныш оты лаулап, егер анық болса Балуан келген соң жанжал шығармақ еді. Міне, сол сөз енді жолынан тағы кездесті. Қызғаныш оты ішінде тағы лапылдаған ол, Сыздық пен Әлжанға сыр бере қоймай, қалжыңмен әңгіменің анығына жетпек болды. Осы қулықпен әзілдескен оған Сыздық пен Әлжан Балуан Шолақтың Ғалиямен базарда қалай сайрандағанын өсіре айтып берді. Сыздық пен Әлжан Балқаштан қулығын асырды. Қалжыңдасам дегенмен оның ішінде қызғаныш оты жанып жатқанын екі қу айтпай - ақ ұқты. Сондықтан олар, қоянды тосқауылдап қуған қасқырлардай, Балқашты қақбақылдап, кезек-кезек қызғаныш отын үрлей түсті. Басында сыр бермеген Балқаш, Ғалия кеңесі айқындалған кезде ызаға шыдамай жылап жіберді.
— «Құлақ естіген өтірік, көз көрген шын» деген, — деді Сыздық жылаған Балқаштың қызғанышын қоздата түсірейін деген мақсатпен, — Көкшетауға барсаң, Ғалия алдыңнан кездеседі.
— Айтпақшы, солай екен ғой, — деді Әлжан, — Ғалия Балуанның артынан кетті деген.
— Кеткенің не?—деді Сыздық — мен өз көзіммен көрдім. Бізбен аржағынан бірге кеп, дәл, мына, Көкшетау қаласының желкесінен айырылды. Біз сұрағанда — «жетсе, мал, жетпесе бас, ізденем» дейді.
— Сонша құмарлануына қарағанда, осылардікі жай ойын - күлкіден артығырақ - ау, деп ойлаймын, — деді Әлжан.
— Ойын - күлкің не? — деді Сыздық кейіген боп,— Атбасардың имамы — Әлғазы ишанға барып неке оқытқанда ішінде болған кісі бар.
— Ә, онда, мына замандастікі арамтер ғой.
Балқаш жылауын үдетіп жата кетті. Мақсаттары орындалғандай болған Сыздық пен Әлжан орындарынан тұрып жүре берді.
— Ойдан шықты, — деді Сыздық кетіп бара жатып, — артын бағайық, немен тынар екен?
— Баймырза ақылына түсіріп жүрмесе?!.
— Долы қатын дейтін. Оған көнбес. Көнсе барсын. Қызғанышын бір тұтатуға тұтаттық. Енді оны сөндіру оңай болмас.
Аздан кейін атын суарып, қайта отқа қойып Баймырза келді. Келсе келіні жылап жатыр. Әлгі келген адамдар тағы бір жамандық хабар айтты ма деп зәресі кеткен Баймырза, олардың не айтқанын сұрамақ боп, сөзін:
— Шырағым, жылама! Жамандық шақырма! Жаны аман болса, аз күнгі азабы дәнеңе етпес!—деп сыпайылай бастап еді:
— Өлмесе өрем қапсын!—деді Балқаш басын жерден жұлып алып.
— Кімді айтасың?!—деді Баймырза түсінбей.
— Балаңды!..
— Қай баланы?..
— Әлгі, тұтқында жатқан!..
Баймырзаның зәресі ұшып кетті:
— Апыр - ай, келін - ай, не деп отырсың?
— Рас айтам! — деді Балқаш шаптығып. — Мүрдем кетсін, ұлың!
— Ойпыр - ай, келін - ай, қарағым - ай! — деді Баймырза үрейлі кескінмен, — жынданудан аманбысың?
— Жындандым!.. Мені жындандырған балаң!..
— Неғып?!.. Қалай?!..
Балқаш жауап бермей, бетін топыраққа төсей, жата қап жылады. «Әлгілер азғырған екен ғой!»—деген ой келді Баймырзаға. Олардың кім екенін Баймырза білмеген еді. «Кім де болса жолығайын», деген оймен барса, — Сыздық пен Әлжан!..
Олар жөнін айтудың орнына, Баймырзаны сықақ қылды.
Өзі өз болғалы Баймырзаның кісімен ұрысқанын естіген адам жоқ еді. «Пәленмен қатты сөзге кепті», дегендегі оның ең ауыр сөздері «шіркін» мен «мұндар» болатын!
Сыздық пен Әлжанға ашуланғанда оның айтқаны:
— Момынның сілесі қатты болады. Шіркін, не жаздым мен сендерге, бүйтерліктей? Өркендерің өспес мұндарлар!
Баймырза жөнеле берді. Сыздықтың бір жігіті Баймырзаны сабамақ боп ұмтылып еді, Баймырзадан емес, Балуан Шолақтан қорыққан Сыздық тоқтатты. Баймырза оттағы атын арбасына жекті. Балқаш әлі етбетінен жатыр. Жылауын қойған. Ұйықтаған сияқты.
— Кәне, келін, жүрейік! — деді Баймырза атты жегіп болып, жайылған етті астауға сап орап, атының басын Көкшетауға қарай бұрып.
— Мен бармаймын! — деді Балқаш долдана түрегеп, бет - аузы саз топырақтанып.
— Келін, қарағым!—деді Баймырза жалынып, — қой, айналайын, ашуды!.. Дұшпан айыруға не демейтін еді? Сыздық пен Әлжан біздің Нұржанға дос па еді? Дұшпан емес пе еді, олар? Дұшпан сөзіне еріп дұшпан боламысың, Нұржанға? Келін шырағым, біздің босағаға келгеніңе бірнеше жыл болды. Содан бері саған тіл қатқаным осы шығар. Мені сыйласаң, аруақты сыйласаң арбаға мін!
— Өзің бара бер, мен бармаймын! — деді Балқаш сазарып.
Кісімен жанжалдаспаса да, Баймырзада томырықтық мінез бар еді. Сонысы ұстап:
— Ал, келін! — деді ол атын айдап — мен кеттім!
Баймырза жөнеліп кетті. Балқаш сазарып тұрған қалпынан қозғалмады. Баймырза артына қарамады. Қарайын десе, келіні емес албасты тұрған сияқтанды. Көкшетау жолына түсіп ол ұзады. Ашу буған Балқаш әлі тұр...
— Неғып тұрсың?—деді сол кезде Сыздықтың бір жігіті келіп, — жүр!.. Аулыңа алып қайтайық.
Ашу бұлты жапқан Балқаштың ақыл аспаны енді ғана жадырады. «Мұным қата болды, — деген ой келді оған, — кешпес күнә істедім. Балуан күнәлі болған күнде де, кінәні әуелі өзіне аударуым керек емес пе еді? Әткем айтқандай, мүмкін жаудың өсегі шығар!..»
Балқаш қараса, Баймырза бір қырдан асып барады екен.
— Әтке!.. Әтке!..— деп Балқаш бар дауысымен айғай салды. Дауысты естіді ме, жоқ па — Баймырза артына айналмай қырдан асып кетті.
Балқаштың, басына — «ендігіміз айырылу ма?» деген ой кеп кетті... Бұл ойдан зәресі ұшып кетті оның. «Әтке!..» деп айғайлаған ол, өкпесін қолына ала, Баймырзаның соңынан ұшты. Ұстауға ұмтылған Сыздықтың жігітін ол қағып жіберіп жығып кетті. Жүгірген Балқаш, алқынып қыр басына шықса, арғы сайдағы бір томарда Баймырза атын тоқтатып, арбасының қасында кейін қарап тұр екен.
«Мені күтіп тұр екен ғой» — деп ойлады Балқаш.
Ол Баймырзаға аса разы боп кетті. Әлгінде ғана бұзылғандай болған семьялық ұясы, Балқашқа енді жаңа ғана түзелгендей болды. Өкпесінің алқынуына қарамай, ол тағы да жүгірді... Баймырзаның тоқтаған себебі басқа еді. Қырдан аса ақылы сабасына түскен ол, «ет не болды екен?» деп ойлады. Мана, атын тұсап арба қасына келгенде, арбаның үстіне жайылған етте қаптап қонған шыбындарды көріп еді. Жаз шыбын қонған еттің тез құрттайтыны Баймырзаның ойына қырдан аса ғана түсті. «Ет құрттамаса игі еді!»—деп қауіптенген ол, атын тоқтатып, астаудағы етке қараса, арасында аппақ құрттар илеудегі құмырсқадай быжынап жүр!.. Баймырза жылап жіберді. Жыламай қайтсын: артында тағы соятын қойы бар ма, оның?..
— Мұндар, құдай - ай!—деп жылады ол,— тым болмаса Нұржанға үйдің дәмін қызғанбасаң едің!..
Шыбынды, құртты жаратқан құдайға атар оғы болмаған Баймырза, жасқа булығып тұрғанда, Балқаш та жетті.
— Әтке! — деді ол Баймырзаны құшақтай ап, демі таусылғандай буыны босап. — Кешір, Әтке!..
Балқашты аяп кеткен Баймырза үн - түнсіз қатты да қалды... Ол екеуі қосыла жылады.
Біраз жылап басылғасын:
— Енді кейін қайтамыз, — деді атасы.
— Неге?!—деді келіні.
— Немізді апарамыз енді? Елге барып, тағы да қой іздейік...
Олар кейін ауылға қайтты...
КЕПІЛДІК ЖӘНЕ СОТ
«Айналайын Ғалия сен бір тоты,
Сені айтпасам келмейді, көңіл хошы,
Сен есіме түскенде Ғалияжан,
Бір тиындай болмайды өгіз соты».
(Балуан Шолақ өлеңінен) Балуан Шолақтың бір досы Ыбырай — бастап және тағы бірнеше досы қостап Балуан Шолақты сотына шейін кепілдікке алуға Көкшетауға барды. Көкшетаудың ұлықтарына олар жалынды да, пара да ұсынды, бірақ, өзге қылмыстың бәріне «мейірімді» ұлықтар, Балуан Шолаққа қатайып, маңына жолатпады. Параға қызыққан судья, «кепілдікке берсек қайтеді?» деп оязға ақылдасқан еді:
— Қазақ даласына өрт тұтатайын деп пе ең? — деп ақырды ояз оған,— Балуан Шолақ — сереңкесі емес пе даланың?..
Балуан Шолақтың достары судьядан күдер үзген соң, оязға жолықпақ боп арыз ұсынып еді, ол айтар жауабын Сүтемген арқылы қайырды.
— Ояздың көзіне көрінбеңдер! — деп қорқытты Сүтемген арызшыларды, — Егер көрінсеңдер, бәріңді де жауып қояды.
— Неге жабады? Шағым берген кісіні жаба берсе, ұлық бола ма? — деп дауласты қазақтар.
— Ендеше, — деді Сүтемген, — «әкесі өлгенді де естіртеді», — турасын естігілерің келсе, «Балуан Шолақ үкіметтің дұшпаны, — дейді ояз. — Оны қорғаған кісі де үкімет дұшпаны. Арызшылар бұл қылықтарын қоймаса, Балуанға қоса сотталады...»
Ояздан, басқа ұлықтардан тауалы шағылған Балуан Шолақтың достары Омбыға, губернаторлық мекемелерге ізденуге кетті. Омбыда айдан артық жатқан олар, адвокаттың жәрдемімен, прокурордан «Балуан Шолақты кепілге жібер», деген қағаз ап қайтты. Өзге шығыннан басқа, жалғыз осы қағаздың өзі оларға мың сомға түсті. Балуанның күші келмейтін бұл ауыртпалықты ел боп көтеріп кетті... Балуан Шолақ кепілге босанып үйіне келді. Балқаштың қылығына қатты ренжігенмен, Баймырза мен Қалампыр, Балуанның былай да жүдеу көңілін одан жаман жүдетерміз деп, Балқашқа деген өкпесін Балуанға білдірмеді.
Бірақ, «ел құлағы елу», «отыз тістен шыққан сөз — отыз ру елге жетеді». Балуан Шолақ Балқаштың қылығын жата - жастана елден естіді. Бұл жайда ерекше ынта көрсеткендер Тоқсанбайдың Сыздығы жұмсаған адамдар. Солардың айтуынан, Балқаштың неге іздеп келмеу себебін өсірген түрде естіген Балуан өкпе мен ашудан жарылып өле жаздады. Оның ойына Балқашты өлтіріп тастау ниеті де келіп кетті. «Бәрібір сотталған бас, құнын бір - ақ берейін?» — деп ойлады ол. Бұл ойын ол іске де асырар ма еді, қайтер еді, егер өткен көктемде Балқашпен арасынан бала тумаса. «Бәтен» қойған бұл қыз, Балуан, сергелдең жолда жүргенде бүлдіршіндей боп өсіп қалған екен. Баланы жанындай жақсы көріп кетті ол. Ашу алғаш қысқанда, үйінде оңаша отырған Балқашты бассалып сабауға, тіпті өлтіріп жіберуге бел байлаған Балуан үйіне кірсе, семіз, әдемі баланы Балқаш емізіп отыр екен. Балуанның алдында кешірілмес күнә жасауына алдақашан мойындаған Балқаштың бұл қылмысын Балуанның білген - білмегеніне көзі жетпейтін еді де, «білсе қайттым?!» деп іштей қысылатын еді, білген сағатын қорқынышпен күтетін еді, сондықтан, Балуан, даладан әрбір келген сайын кескініне абайсыз көз тігіп, жан - жүйесінің не халде екенін білуге тырысатын еді. Мына жолы, Балуан, ашудан түтеп келгенін кескінінен аңғарған Балқаштың жүрегі су ете түсті де, жанталасқан ақылы айла тауып, орнынан көтеріле, емізіп отырған баланы алдына тоса қойды. Еркінен тыс көтеріп алған баланың көйлекшең семіз денесі, әкенің бойдағы ашу отын түгел сорып ап, қашқан ақылын бойына қондырып берген сияқтанды. Баласының ыстық денесін бауырына баса отыра кеткен Балуан, бетіне бетін тақап, өксіп қоя берді... Балқаш не дерге білмей сазарып тұрғанда, біраз жылап мауқын басқандай болған Балуан басын көтерді де, жас толған көзін өлусірете қарап:
— Бәрін де естідім, — деді Балқашқа. — Бәтен үшін бәрін де кештім...
Балуан Балқашқа бұрын да не қатты сөз айтып, не қол тигізіп көрген жоқ еді, күнәсін Бәтен үшін кешкеннен кейін де сөйтті. Бірақ, оған енді әйелім деп жоламады. «Ұрғаннан шымшыған батады» дегендей, Балуанның бұнысы Балқашқа қатты батты. Ол еріне шынынан ақтарылып жалынды да, жалбарынды да, бірақ, Балуан, қатқан қалпынан қайыспады. Кепілде Балуан айға жақын тұрды. Бірақ, ол бұрынғыдай жайраңдамады, өз бетімен ел қыдыруды қойды. Шақырған ойын - сауыққа бармады. Арнап шақырғандардың дәміне де таңдап баратын болды. «Көңілін көтерейік», деп құрбы - замандасы, дос - жарандары ағылып келіп жатты. Олар айтқан жұбату сөзге Балуан жұбанған жоқ.
— Несіне жұбанам, — дейді ол сыр айтатын жігіттеріне, — «әділет» деген бұл заманда жоқ екен. Күштілерден зорлық - зомбылық көріп жүрген мен ғана екем десем, ондайлар көп екен. Көптігін абақтыға түскенде көрдім. Орыс та бар онда, ноғай да бар, естек те бар, біз білмейтін талай елдің ер азаматтары да бар. Солардың көбі күштілерге қарсы шығам деп қор болып отыр. Патша дегенің, ұлық дегенің, заң дегенің күштілердің жағында екен. Олардың жайған торына түспейтін адам жоқ екен. Абақтыда, нелер білегі күштілерді де, білімі күштілерді де көрдім. Көбі патшаға қарсы. Патшаға қарсы — біздің қазақтар ғана екен деп жүрсем, орыстың өзі бізден де артық қарсы екен. Сол үшін де талайлары абақтыда отыр...
— Сонда, сол патшаға келер кер бар дей ме, сол қарсылар, болмаса, босқа сандалу ма, айтып жүргендері!..
— Бар дейді...
— Мысалы, — қандай?
— Олардың еркіне салсаң патшаны құлататын.
— Қашан, қалай құлатпақ сонда?
— Оны өздері де білмейді... Айтатындары — патшаға қарсы көтерілу керек дейді...
— Кім көтеріледі, сонда?
— Елді көтеру керек дейді...
— Ел оған көтерілсе... Және көтерілгенмен, патша шыдата ма оны?.. Қаруға қарсы өзің не істей алып отырсың?.. Өзгелер де өзіңдей емес пе?..
Абақтыда туып, жауабын ешкім таба алмаған бұл сұраудың жауабын Балуан елде де таба алмайды, сондықтан, абақтыдағылардай ол да күрсініп:
— Иә, ол қиын сұрау!—деп ауыр күрсінеді де қояды...
Бір күні Балуан Шолақ ағайын - туған, дос - жаранын жинатты:
— Ал, ағайын! — деді ол, — аз күн көп қонақ болдым. Кепілдікке әкеп күтулеріңе ризамын. Маған енді ұлықсат етіңдер, — мекеніме барайын!..
— Қайдағы?—деп ду ете түсті көпшілік.
— Көкшетауға!.. Абақтыға!..
— Оның қалай, Балуан?!—деді жұрт шулап, — әлде елге өкпең бар ма?
— Ешбір өкпем жоқ. Абақтыдан шыққанмен, бұғалығынан босанған жоқпын. Одан ұзаған сайын, тұзағы тарыла түскендей қылғынып барам. Тынысым жеңілденер ме екен, тартпайын бұғалықты, барайын абақтының өзіне, бұлқынбайын ұстаушының қолында!..
Балуан Шолақ елдің, ата - ананың сөзіне көнбей, ақыры бәрінен де рұқсат алып, Көкшетау абақтысына қайта жатты. Кешікпей сот құрылды. Сот алдында Балуан Шолақ баяғы бала кезінде Қайрақты қаласын күйдіруден бастап, сексен өгізді ұрлағанын, казачий сотнямен төбелескенін қоса, бар айыпты мойнына алды. Айыпкер танбаған соң, сот мәжілісі ұзақ созылған жоқ. Бұдан кейінгі сөзді Балуан Шолақтың өзіне берейік:
— «Атадан ұл тумайды мендей сабаз!
Түрмеде жатыр екен өңкей маңғаз.
Алты күн ақ түрмеге қамалған соң,
Түсірді мировойдан маған қағаз.
Ақылым бір басыма емес арзан,
Тауалым шағылған жоқ бұл қағаздан.
Қағаздың мен түріне қарап тұрсам,
Жеті жыл каторгаға мені жазған.
Мировой айдайтынын жаңа білдім,
Ішімнен шығарар деп ойлап жүрдім.
Айдайды деген хабар естіген соң,
Қажымас өзіме өзім қайрат бердім.
Бозбала мықты болсаң қасты жемір,
Тісіңде қайрат болса тасты кемір.
Жүрегі қамалғанның шайқалсын деп,
Сегіз көз қабат қылып қаққан темір.
Мен Шолақ осында да көрдім жайды,
Туғалы көрдім бе мен осындайды?
Темірді тіземе сап қозғап көрсем,
Секілді қоғажайдай былқылдайды.
Бойыма күш біткенге еттім шүкір,
Қажысам абақтыға, бетке түкір.
Темірін екі итеріп тартқанымда,
Кірпіші жерге түсті күтір - күтір.
Асты ғой бұл арада менің айлам.
Құрғаным бала жастан бәрі сайран.
Япырым - ай, бұл не қылған зор дажал деп,
Сол жерде орыс, қазақ болды қайран.
Жігітпін тәңірі басқа жаққан шырақ,
Күшіме не тұрады менің шыдап!
Аяқ пен қолымдағы бұғаулардың
Шынжырын сол арада үздім бұрап.
Түрмені бұзғанымды етті ғажап,
Пендеге өзім өлмей болман мазақ.
Қиратып «терезеден шық» дегенде
Шықпады қорғалақтап орыс, қазақ.
Сұрасаң Қотыр, Шортан біздің болыс,
Алты күн - ақ түрмеде қылдым қоныс.
Қарғып кеп терезеден қақпа барсам,
Күзетші қалғып отыр екі орыс.
Қасқиып қалғығанға күліп тұрдым,
Оларға күш жетерін біліп тұрдым.
Екеуін екі қойып талдырдым да,
Ілгері одан әрі жүріп бердім.
Тәуекел алсын ерді панасына,
Ақылдың қараңдаршы данасына.
Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты,
Мировой келіп кірдім қорасына...
Ақбоз ат білінбейді біздің сорға,
Жануар түстің бе әлде, жайған торға!
Есігін конюшнаның бұзып кіріп,
Шығардым бірі — рысак, бірі — жорға.
Ашумен еріндерім күбірледі,
Тыңдаймын, басқа дыбыс білінбеді.
Бір қақпа қара тастан жымдасып тұр,
Ішінде бір зор қабан күрілдейді.
Ойласам мына дүние жалған екен,
Іздеген мақсатына барған екен.
Ақбоз ат келгенімді менің біліп,
Аузына шойын кілтті салған екен.
Оңдалған бала жастан менің жолым,
Білмедім дүниенің оңын - солын.
Бойыма осы күшім қалай сиған,
Кілтті жұлып алды шолақ қолым.
Ақбоз ат алған атым топтан сайлап,
Көп дұшпан соңға түсті одағайлап.
Есігін тас сарайдың бұзып кірсем,
Ішіне қойған екен панар байлап.
Ақбоз ат, айналайын менің қалқам!
Сен үшін талай тасты қылдым талқан.
Жетектеп шылбырынан шығарғанда,
Аяғын басты атым алшаң - алшаң.
Жылқыны неге керек босқа мақтап,
Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап.
Тоғыз жыл топқа мінген жануарым,
Иегін салды иығыма екі жақтап.
Ақбоз ат бұл өнерің болды басым,
Домалар өрге қарай тепкен тасым.
Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым - ай!
Көзімнің тия алмадым аққан жасын.
Атадан ұл тумайды мендей сабаз,
Түрмеде қалды, шіркін талай маңғаз.
Мировой қорлығына шыдай алмай,
Түбіне панарының жаздым қағаз:
— «Түрмеде алты күндей болдым қонақ
Сөйлеуге мизамыңды тілім олақ.
Жорға, рысак Ақбозды алып кеткен,
Сұрасаң менің атым — Балуан Шолақ!»
АДАМ БАРЫМТАСЫ
Ақыл жастан шығады, асыл тастан,
Арнасына сарқады өзен тасқан.
Менің атым әйгілі Балуан Шолақ,
Ерегіскен дұшпанның көңілін басқан.
(Балуан Шолақ өлеңінен) Жорғаны, рысакты, Ақбозды алып жөнеле берген Балуан Шолақта жалғыз ғана ой болды, ол — Қараөткелге, Ғалияға тарту. Осы оймен, таң атқанша Меңіреудің қарағайына жетейін деп шоқыта жөнелген ол, кенет тоқтай қалды. Оны тоқтатқан «Ғалияға мен алды - артыма қарамай кете берсем, ел не болады? Әке - шешем не болады?»—деген ой еді. «Кете барсам — деп ойлады ол — ұлық мені қашты деп, орныма әкемді я Төлебайды, я басқа достарымды ұстаса, оларды тұтқындатып өзім бос жүрем бе? Онда мен кім болам? Абақтыға өз еркіммен кеп қайта түспеймін бе? Қой!.. Өйтпейін!.. Елге де, туысқандарыма да ұлық тимейтін жағдай жасап кетейін!». Көкшетауға қайта оралған ол, бір досының үйіне келді де, қайдан жүрген шынын айтты.
— Қарсы алам!— деді досы, — неше күн жатсаң да жан адам білмейтін жер табам. Атыңды да, өзіңді де сақтай алам.
Досының ойдағы жері — Қылшақты өзенінің бойында бұлғары заводындағы бір жұмыскер екен. Досы үш атымен Балуанды түнде соған апарып еді, ол судьяның аттарын босаттырып жіберді де, Балуан мен Ақбозды жан адам таппайтын түкпірге жайғастырды. Досы кетті. Балуан Шолақ бұлғары заводында жатып қалаға тыңшы салды. «Ояз Балуан Шолақты іздетпек боп жатыр, туысқандарын, достарын ұстамақ боп жатыр», деген хабар келді. Кешікпей ол хабар анықталып, ішіне Баймырзаны, Қалампырды, Төлебайды қоса, Балуанға ең жақын деген оншақты адамды ояз Көкшетауға алдырды да, абақтыға қаматты.
Не істеу керек?
Бұл сұраудың жауабын таптым деп ойлаған Балуан Шолақ, бір күні кешке Ақбозды баптап ерттеді де, ымырт жабыла қаланың батыс жағынан кеп, үлкен көшеден тауға асатын даңғыл жолды торыды. Қараңғыға үйренген оның көзіне, ілезде, үлкен көшемен айдап келе жатқан пар атты арба елестей кетті.
— «Қанды басын бері тарт!» — деді Балуан Шолақ, пар аттыға көзін қадап.
Пар атты Балуанды сезгендей, үлкен көшенің шетіне шейін ағызып кеп, жалт беріп кейін бұрылды. Енді қайтып оралмайтындай көрген Балуан Шолақ соңынан қуғысы кеп ұмтыла берді де, ақылы тоқтау сап атын тежеді. Ол пар атты арбадан көзін алмады. Балуан қадалған сайын пар атты қараңғы көшеге сүңги түсті. Біраздан кейін көзден ғайып болды. «Қап! — деп өкінді Балуан, — тәуекел деп қумаған екем! Алдыма келген олжамнан айырылып қалам ба, қайтем?!». Әлі де үміт үзбей қою қараңғылыққа көзін қадап тұрған Балуанға пар атты тағы елестей кетті. Бұл жолы екпінді аттар көшкен бұлттың көлеңкесіндей зымырап келеді. «Қанды басын бері тарт!»—деді Балуан тағы. Оның аңдып отырғаны, — ояздың Омбы гимназиясында оқып жүрген қызы — Татьяна еді. Жаздың оқудан бос айларында үйіне демалысқа келген ол, фаэтонға әкесінің екі қара арғымағын жегіп, кешке қаладан тау саласына дейін желіп жүріп ерсіл - қарсыл серуендеуді ұнататын. Бүгін де ол сөйткен. Қызды іліп әкетпек боп даярланған Балуан Шолақтың қасынан қыза желген пар арғымақ, Бұқпа тауының асуына қарай сыр етіп өте шықты. Балуан соңынан қуа шапты, бірақ тым бастырмалатпай, атын тежеп, тауға сүңги түссін деп ойлады. Фаэтонда екі кісі ғана барын Балуан көрген: біреуі — көшір — фаэтонның алдында божы ұстаған: біреуі — қыз, қазір де сол қыз!.. Қазір де фаэтон артында жалғыз отыр. Пар ат екпінімен таудың кезеңіне шыға бергенде, Балуан Ақбозға тақымды қысып қап еді, құстай ұшқан ат арбаға жетіп келді. Фаэтон алдындағы божақты ол бар пәрменімен салып кеп жіберіп еді, арбадан ұшып кетті. Сол кезде арбаға қарғып түсті де, божыны ұстай ап, аттарды қарағай ішіне айдай жөнелді. Не болғанын білмей, қорқыныштан үні шықпай қалған қызды құшағына қысып алды. Балуан Шолақ арбаға қарғып түскенде қыз қорыққаннан есеңгіреп қалды. «Кісіні көтеріп әкететін бүркіт болады, ол түнде ұшады» деп — әкесінің ойнап қорқытатын сөзіне иланатын қыз, арбаға қарғып түскен Балуанды ең алғаш, аспаннан кеп қонған бүркіт екен деп ойлады. Зәресі кетіп, даусы шықпай қалған қыз талып қалған жоқ, жарты есі бойында еді, сондықтан ол «бүркіт бүреді – ау деді!.. Аспанға әкетеді - ау енді!..» деп ой ойлап жатты. Денесіне тұяқ тие қоймағанын сезген қыз аздан кейін есін жинаса қасында біреу отыр, көшір екен деп ойлаған оның:
— Кім?! — деген сөзге ғана келді тілі әлден уақытта...
— Балуан Шолақ!..
— Балуан Шолақ? О, тәңірі!.. — деді де қыздың үні өшті. Ол талықсып кеткендей болды...
Балуан Шолақ артына қараса, Ақбоз арбадан қалмай жортып келеді екен. Ақбоздан кейін ешкім көріне қоймаған соң, Балуан жолдан бұрылып, бір сайға түсті де, сиректеу қарағайдың арасына кіріп, аттарды тоқтатты. Ақбоз да сол араға тоқтады. Торға түскен тағы құстай екі көзі жаутаңдап зор қауіп күткен қызға, Балуан Шолақ бар білген тілімен, ойын түсіндірген болды. Бойын жинаңқыраған қыз, Балуанға өз пікірін айтты. Одан Балуанның ұққаны:
— Мен сізді білем. Ер жігіт екеніңізді де білем. Сіз туралы мен жоғары пікірдемін. Мені алып қашуыңыз дұрыс, бірақ жіберіңіз мені! Мен әкеме тілімді алғызам. Тұтқынға алынған туысқандарыңыз босайды. Өзіңізге де әкемнен ешкім тимейтін қағаз әперем. Нанбасаңыз ертең үйге келіңіз! Егер уәдемде тұрмасам, мені кісіге санамаңыз! Содан кейін өлтірсеңіз де ризамын. Мен жаспын, өтірікті білмеймін, иланыңыз!
Татьянаның сөзін түгел ұқпағанмен, ұзын ұрғасын түсінген Балуан, біраз ойланып отырды да:
— Болмайды! — деді.
— Неге?—деді қыз таңданған дауыспен.
— Сенің оныңа әкең көнбейді. Оны еріксіз көндіру керек.
— Қалай?
— Сені қарағай арасына алып кетем.
Балуан Шолаққа одан әрі жалынудан мән жоғына қыздың көзі жетті. Шынында да Балуан Шолақты қазақ халқының рыцары деп ұғатын қыздың көңілі суып қалды. Ол енді Балуанды қара жүрек рақымсыз адамға санады. Сонда да күдер үзбей, жалынды сөздермен тас жүрегін ерітем бе деп ойлап тағы бірдемелерді айтуға ыңғайлана беріп еді, қарағай арасынан әлдекім қараң ете түсті, Балуан да, Татьяна да шошып қалды.
— «Мен!»—деді караңдаған қазақша дыбыс беріп.
Бұл — Балуанның Көкшетаудағы досы еді. Егер Балуан қызды қолға түсіре алса, досы сыртынан бақылап жүріп осы арада табыспақ та. Бірақ, қызға кескінін танытпау үшін бетін орамалмен шандып келетін болған. Досы қуғыншының жоғын айтқан соң. Балуан пар атты ағытты да біреуін қарағайға оралмастай етіп байлап, біреуін досының ерімен ерттеді. Содан кейін, күн бұрын мұсылманша жазып қалтасына салған хатты досына беріп почта жәшігіне тастауға өтінді. Ол оязға арналған хат. Хатты алып жайдақ атқа мінген досы кеткен соң, Балуан ерттеулі арғымақты көлденең тартты. Қыз қарсылық білдірейін деп еді, «әй, сенімен әзілдесіп тұрам ба», деп Балуан жерден көтеріп aп атқа қондырды да, өзі Ақбозға мініп, қызды мінгізген аттың шылбырын қолына алып тартып кетті.
ХАУІПТІ ХАТ
Ояз қызын түн ортасында жоқтады. Көшені қаратқан кісісі таба алмай келген соң, ол қауіптеніп, полицмейстерді шақырып, қаланы түгел тінтті — жоқ!.. Зәресі кеткен ояз түн ортасы ауа шіркеудің қоңырауын қақтырды. Мұндай мезгілсіз кезде, шіркеу өрт шыққанда ғана қағылатын еді, сондықтан ұйқыда жатқан қала халқының қоңырау дауысын естігенде зәресі кетті. Өрт деп ойлаған жұрт ұйқыдан шошып ояна сала үй ішіндегі барлы - жоқты затын көшеге тасыды. Аты - арбасы барлар ең қымбат деген мүлкі мен балаларын салып алып көл жағасындағы тақырға шапты. Қаланың қорадағы барлық малы да, жаны да көшеге шығып, мал шулап, бала жылап, ит үріп, қала әңкі - тәңкі болды. Қаланың бұлай дүрлігуі — бұдан 10—15 жыл бұрын қаланы тып - типыл қып кеткен өртті ұмытпағандық еді. Қоңырау даусынан шошып оянған халық, өрт жоғын білген соң «Не болды екен?»—деп шіркеу маңына жиналды. Полицейскийлерден ояздың қызы жоғалу туралы естіген -білгенін, жиналған жұрт бір - біріне сыбырласып та, дамбырласып та айтып жатты. Полицейский жиналған көпке қысқаша жариялап: Қаламызға бақытсыздық пайда болды. Его благородие уездный начальник Терентий Диякович Долгоносовтың қасиетті періштедей жалғыз қызы — Татьяна ұрланды. Соны іздейміз қазір!—деген сөзді ояздық полицей басқармасының начальнигі Сыскин, қыбырлай жиналған жұрттың әр жерінде айғайлай айтып жүрді...
— Ойбай, сол ма, тәйірі... — деп көпшіліктің шеті сөгіле бастап еді, городовойлар иіріп жібермеді.
Сонда да жұрт сытылып қашып жатты.
Бір кезде тағы ду етті жұрт:
— Не болды?
— Кешір мен ат табылыпты!
— Қайдан?
— Білмейміз.
Полицмейстер тағы жариялады: «Шала есті көшір жолдан табылды. Арбалы аттың біреуі қарағай ішінде байлаулы екен. Бір ат пен Татьяна жоқ. Мұны әкеткен Балуан Шолақ. Одан басқа ешкім де емес. Ол осы маңайдан ұзаған жоқ. Іздейміз. Табамыз!» Городовойлар бар, басқалары бар, жан - жаққа шапқын кетті. Үйді - үйіне тарқаған жұрттың аузындағы сөздері:
— Егер бұны істеуі анық болса Балуан Шолақ, шынымен - ақ ер жігіт екен!..
— «Қорқақты көп қуса батыр болады» деген, оның ер болмауына үкімет қойды ма? Маза бермеген соң қайтсын.
— Көкірегі намысты болған соң сөйтеді де, әйтпесе, қудаламақ түгіл, не қылса да сені мен біз ояздың қызын алып қашар ма едік?
— Қажымас қара болат екен, сабаз, тасқа шапса да майырылмайтын! Қудалаған сайын ерегісе беруін көрдің бе?
— Қызды қайтер екен, бұл?
— Өшіккен адамның қызына не істері белгілі емес пе, — мазақтайды да, өлтіріп кетеді.
— Ондай жаман көктің кісісі емес, Балуан Шолақ. Көрерсің, осы қызды әкесінің қолына аман тапсырады.
Осы сияқты жорамалдарды айтып қала түн бойы гуілдеді. Ояз да, оның әйелі түн бойы көз шырымын алған жоқ. Әйелі байына:
— «Қайратты, намысты» деп мақтап жүрдің де, қыр соңынан қалмадың! Міне енді көр!.. Мұнымен ғана қоймайды, ол! Бұдан да зорын шығарады. Көрерсің, бір түнде кеп үй -ішімізді қырып кетеді! — деп ұрысты.
— Өзімізге не істесе де мейлі. Тек Таняны аман қалдырса екен!—деп жылады ояз.
Шынында Терентий Диякович қызын жанындай жақсы көріп, дүниедегі бақытына санайтын. еді. Қызды іздеп шыққандар қаладан далаға, даладан қалаға кеп, түні бойы сапырылысты да жатты. Даладан қайтқан жайылымшылардың сөзі біреу - ақ—«жоқ!». Түн бойы жылаған ояз, таң атып, күн шыға қаһарына мінді. Даладан ешнәрсе табылмаған соң, ол қаланы тінттіріп, кім Балуан Шолақпен көңілдес деп естісе, соны абақтыға әкеп қамата берді. Мұндай адамдар көбейіп кетіп, Көкшетаудың кішкене абақтысына симады. Абақтыдан артылғандарды ояз сарайға қаматты.
Содан кейін басты - бастыларын кеңсесіне шақыртып алды да:
— Әзірге босатам сендерді. Бүгін кешке шейін, жерден қазсаңдар да, көктен қармасаңдар да қызымды қолыма әкеп беріңдер! Балуан Шолақты да ұстап әкеліңдер!.. Егер оны істей алмасаңдар, талайыңды дарға астырам, талайыңды каторгада шірітем.
Осы бұйрықпен жұрт қала - далаға қайта шапқанда, сәске көтеріле Долгоносовтың қолына бір хат кеп тиді. Хат араб әрпімен жазылған екен. Бұның не хат екенін Долгоносов алғаш білген жоқ, себебі, — осы сияқты араб әрпімен жазылған қағаздар бұрын да көп түсетін еді. Кейбір конвертте келген хаттарда Долгоносовты тілдеп жазған сөздер де аз болмайтын; ал, кейбір иесіз хаттарда: «сені өлтіреміз, үйіңді күйдіреміз!» деген қорқытулар айтылатын. Осылай дамылсыз келетін конверттерден ерғашты болған Долгоносов, Сүтемгенге аштырып оқытатын да, арыз болсын, я басқаша хат болсын айырып - айырып лақтырып жіберетін, я «отқа жақ» деп Сүтемгенге беретін. Қызын жоғалтып ашуда отырған Долгоносов, мына келген хатты да конвертін ашып, араб әрпімен жазылған хат болған соң жыртып тастауға ыңғайланды да:
— Мә, отқа таста!.. — деп, босаға жақта отырған Сүтемгенге қарай лақтырып жіберді...
Қасына кеп түскен конвертті Сүтемген алып, даладағы сыпырындыға тастамақ боп жөнеле берді де, «кім екен мұны жазған!» дегендей, хатты конверттен суырып аяғына қарады. Көзіне жылан көрінгендей шошып кеткен Сүтемген тоқтай қалды. Тұла бойы дірілдеп кетті оның...
Сүтемгеннің бұл халін өзгеден бұрын Долгоносовты әйелі көрді.
— Не болды?!—деп сұрады әйел.
Сүтемген әйелді «барина» деп атайтын еді.
— Ой, барина! — деді ол дірілдеген дауыспен, — жаман адамнан келген хат.
— Кімнен? — десті бірнеше адам.
— Балуан Шолақтан!..
Балуан Шолақтың өзі кеп қалғандай сескеніп, үйдің ішіндегілер аяқ өре түрегеп, ду ете қалды:
— Балуан Шолақтан?!..
Зәресі кеткен ұлықтардың ішінен біреуі Сүтемгенге оқы деп бұйырды. Долгоносов та «оқы» демекші еді, хат не туралы болатынын сезгендей, үні шықпай қалды.
Сүтемген хатты ішінен оқыды, ол былай жазылған екен: «Сен, иттің баласы — ояз, неше жыл менің қыр соңымнан қалмадың. Өзің тура тимегенмен судьяңды, басқа төрелеріңді соңыма түсірдің. Жерімді алдырған да сен. Ауылымды күйдірген де сен! Малымды барымталаған да сен! Абақтыға жапқызған да сен. Каторгаға айдатпақ болған да сен. Осынша соңыма түсетін сенің әкеңді өлтірдім бе, әкеңнің аузын... Міне, мен қызыңды әкеттім. Айыбын, — жазықсыз жақын адамдарымды абақтыға алдыруың. Есіңде болсын, ояз, егер жазықсыз жандарды босатпадың, бар ғой, — қызыңды шошқаның торайындай шыңғыртып азаптаймын, Әрбір досыма я жақыныма көрсеткен азабың үшін, қызыңның бір мүшесін кесем де отырам. Егер ешкімге тимесең, мен сенің қызыңа да тимеймін. Мен саған жалынбаймын, иттің баласы. Қай қалағаныңды өзің ал, — не, жапқызған жақындарымды түгел босат та, оларға да, маған да тимеймін деп қолыңнан мөр басқан қағаз бер, онда, қызың босайды. Оны істемедің бар ғой, жалғыз қыздың шығынымен құтылмайсың. Жанға — жан шалам да отырам. Ағаштарды, шөптерді кісі ғып іздетсең де сен мені таба алмайсың. Ерегіссең жақын арада өзіңді де ұрлаймын. Мен енді саған жалынбаймын. Сен маған жалынасың. Сөзім осы. Мені, жазықсыз зарлатып ең. Қасқырдай ұлытып, иттей қаңсылаттым ба, бәлем! Әлі көресің көп!
Балуан Шолақ».
Бұл хатты аударуға Сүтемгеннің тілі де, батылы да жетпейді. Екі көзі шарасынан шығып, ол қалшиып қатты да қалды.
— Айт! — деп бұйырды ояз оған.
Сүтемген: «го-гос-п-п-о-один!» дей берді де, аржағын айтпай, жылап жіберді... Бұл үйге қаланың беделді казак - орыстары да жиналған еді. Солардың ішінде, қазақтар «Түлкімұрт» деп атайтын, Коробкин дейтін шал отыр еді. Ол қазақ тілін жақсы біледі.
— Неге ыбылжып тұрсын?—деді Түлкімұрт Сүтемгенге, — оқы мен айтайын!
Көтере алмай тұрған ауыр жүк өзінен ауғандай болған соң, Сүтемген барықсызданып: «Сен, иттің баласы ояз» дегенді қапыда оқып қалды.
— Оһо, — деді Түлкімұрт көзін едірейтіп, — қалай бастаған?
— Не депті?
— Жай, бейбастақтардың сөзі, — деді Түлкімұрт, оязға,—аржағын оқы, Сүтемген!
Түлкімұрт Сүтемген оқыған әрбір сөйлемді жеке аударды.
Хаттың сөздерінен үйдегілердің, әсіресе Терентий Диякович пен оның әйелінің үрейі ұшты.
— Босат!.. Босат!.. Тез босат!..—деп айғайлады Долгоносовтың әйелі еріне!.. — Босат тез, ұстағандарыңды!.. Әйтпесе құрыдық!
Аузы көпіріп, көзі аларып талып кеткен әйелді, сол үйде отырған үйездік емші, Камфара, тағы сол сияқты дәрілерді иіскетіп, әрең дегенде ақылына келтірді.
Сең соққан балықтай сенделген ояз қасындағыларға ақылдасып еді.
— Босату керек, — деді олар, — мұны енді ашуландырмайтын шара қолдану керек. Егер ашуланса, не өледі, не ойдағысын істейді.
КӨКШЕНІҢ КЕУДЕСІНДЕ
Мына дүние қай дүние?— күлкі дүние!
Таудан қашқан сылаңдап түлкі дүние!
Сексен сұлу сылаңдап тұрса - дағы,
Ғалияның алмаймын кірпігіне!
Ойпырмай, жан сәулем Ғалия...
(Балуан Шолақ өлеңінен)
Татьянаға мінгізетін атты жетекке алған Балуан Шолақ тура Көкшетау тауына тартты. Көкшетау қаласынан Көкшетау тауы жетпіс шақырым жер еді. Шоқытып отырған жүріспен қаладан тауға таң атқанша жететінін шамалаған Балуан, аттарды қыса айдаған жоқ. Татьяна салт жүруді жақсы көретін қыз еді. Бала жасынан салт мініп үйренген ол, әкесіне Омбыдан жазған хаттарында, «эх, папа! Шіркін, салт атқа мінсем!..» деп аңсайтын. Жыл сайын, жаз айларында демалысқа келгенде, үнемі салт атпен серуендейтін. Фаэтонға мініп серуендеуді ол биыл жаз ғана шығарған. Онда да, биыл көбірек оқыған Тургенов романдарының әсерімен... Балуан Шолақ салт атқа еріксіз мінгізіп, жетектеп ала жөнелгенде, қорыққаннан басы айналып құлай жаздаған Татьяна, былай шыға сергіп кетті. Алдынан жаздың самалы үрлеп, шоқыта шапқан аттың үстінде қараңғы түнде отыру оған аса бір рахат сияқтанды. Жылы түнде, самалдың жұмсақ алақанына бетін сипата жортып келе жатқан Татьяна біраздан кейін қауіптен арылып, еріккендей болды. Ол әлденені айтпақ боп Балуанға бірнеше рет оқтанды да, атын тебініп, үзеңгі қағыса қатарласты, бірақ батылы жетіп үндей алмады, үндесе, жортуылшы жолбарысты шошытып алатын сияқтанды. Балуанда да үн жоқ. Оның өткір көзі, қараңғыда әлдеқайда қараңдағандай болған Көкшеге қадалған. Бар ынтасы — Көкшеге тез жету... кеудесіне тез шығу... Ол кейде қасындағы қызды да ұмытып кетіп, жалғыз өзі келе жатқандай әндете беріп, қыздан ыңғайсызданғандай аузын жия қояды. Жетекке алған Татьянаның аты кейде Ақбоздың ұтқыр шоқағына ере алмай тартынады, Балуан атын тежеңкірейді де, қыздың атын қатарластырады... Бұндай жүріспен келе жатқанда, егер қыз қапысын тауып, жетекке алған атының шылбырын қиып жіберіп кейін қалып қойып қашса, бейқам Балуан байқамаған да болар еді. Таңға жақын жартыланған ай туды. Ашық аспанның шығыс жақ жиегін белуарлап Көкше көзге түсе кетті. Жер шамасын Балуан байқаса, жетем деген жері енді алыс емес сияқты. Ентіккен атын тыныстау үшін, ол тежеді де, жүрісін аяң жортаққа салып, Татьянаға қарады. Бұқпадан аттанғалы қызға бұл бірінші қарауы еді. Ай сәулесі себілген қыздың беті Балуанға дүниедегі ең сұлу сияқтанып кетті. «Жұмақ бар, онда хордың қызы бар, хор қызы күннен сұлу болады»— деген сөзді Балуан кітаптан көретін еді, оларды көруге құмарланатын еді. Мына Татьяна дәл осы сәтте сол хордың қызы сияқтанып кетті. Аспандағы айдан бұл нұрлы көрінді. Қыздың жалаңаш басында желбеңдеген сары шашы, оған шығып келе жатқан күннің шашыраған сәулесі сияқтанды... Балуанның көз қыры қызға қадала қалды. Қадалған сайын қыз оған ұнаңқырай түсті. «Атқа отыруы қандай тамаша!—деп ойлады Балуан, — денесін қандай нық және тік ұстайды!.. Қандай тәкаппар пішінмен отыр өзі!». Осы ой көңілін аулаған Балуан, Шабақ поселкесіне жақындағанын білмей қапты. Шақырған тауықтың, үрген иттің дауысына көңілі бөлінген ол, алдына қараса поселке жақын тұр. Осы арадан Көкшеге баратын жол екіге айырылады: бір жол — Шабақ көлінің ығымен, Көкшенің күнгей жақ биігін жағалай, Оқжетпестің ығына қарай асады; екінші жол — Көкшенің теріскей жақ биігін жағалап, үлкен Шабақ көлінің жарымен, Оқжетпестің желіне қарай асады. Ыққы жол әрі жақын, әрі оңай, бірақ, ол жолмен жүрсе поселкені жарып өту керек. «Тауық шақырып жатыр. Бұл таңның хабары. Поселкенің адамдары бұл кезде оянды. Егер қыз айғайласа, олар қамап ұстап алуы мүмкін?!»—деп ойлады ол. «Теріскей жақ жолмен барсам, әрі алыс, әрі тауға шығуы қиын, — деп ойлады тағы да Балуан, — онымен шыққанша таң атып кетуі мүмкін!» «Тәуекел! — деп бекінді Балуан — поселкені жарып жұлдыздай ағып өтейін! Кім білер дейсің. Білсе не істейді?!» Татьянаның атын қатарластыра, Балуан Шолақ поселкеге шоқыта шапқан қалпымен кірді де кетті. Көше бойлай шапқан оларға тұс - тұстан шабаланып иттер қосылды. Поселке үйлерінің терезелерінде жарық жылтырайды. «Кім әй?»—деп біреулер айғайлады да, оған Балуан құлақ тіккен жоқ, көшеден ағып өте шықты. Қаладан шыға ол, қуғыншы жоқ па екен дегендей артына қараса, далақтап екі - үш ит қана келе жатыр екен, олардан басқа қуғын көрінбейді. Балуан қызды поселкеге кіре бақыра ма деп қауіптенген еді, қыз үн шығарудың орнына, тойға бара жатқандай Балуанмен қатарласа, атын тебіне түсті. Шабақ қаласынан шыға таудың етегі алыс емес және таудың төбесін жаба өскен қалың қарағайлы орман поселкені жиектей кеп тоқтаған. Поселкеден шыға орманға кірген жол екі таудың жықпылымен жоғары көтерілді. Астасқан екі таудың оң жағы — Өркешті, сол жағы — Көкше. Көсіле біткен Көкшенің биік жонының батыс жақ тұмсығында «Ақылбай қыстауы» аталып аз үйлі ауыл отыратын. Бұл ауылда жер де, жерді жерлік мал да жоқ. Ауылдың кәсібі — таудың қазыналық орманын күзету, одан қалған уақытында Шабақ көлінен балық аулау. Аз үйдің ішіндегі шекшығар пысықшалауы Ақылбай, ол Балуан Шолақпен көңілдестеу адам. Ақылбай ауылына Балуан Шолақ пен Татьяна таң сіберлей жетті. Ауылдың иті бұларды үріп қарсы алғанда, аржағынан:
— Бұл кім, әй!—деп бір еркек дауыстады.
Балуан дыбыссыз жақындады.
— Кімсің?—деді еркек қарсы жүріп.
— Өзің кімсің? — деді Балуан.
— Сен өзің қызық адам екенсің ғой, — деді еркек,— жолаушы жөнін айтпай, ауыл адамы айтқанын қайдан көріп ең?
— Көрмесең көр!
«Бұл кім?» дегендей еркек Балуанға жақындап келді де:
— Жаным - ау, мынау Балуан ба?!—деді.
— Ақылбай емеспісің? — деді Балуан.
— Иә, Ақылбаймын.
Ақылбай Балуанның, атын тізгінінен ұстай ап, қолтығына қолын созды:
— Түс!
— Түспеймін! — деді Балуан.
— Е, неге? Мынау қасыңдағың кім?
— Aт үстінен сыр айтты деп сөкпе. Бұл әкеп тұрған — барымтам.
— Қайдан?—деді Ақылбай үңіліп, — Адам ба «барымтаң?!» Қой, Балуан, маған ойнап айтып тұрған шығарсың.
— Расым. «Жығылсаң жығыл нардан, ажалың әлдеқайдан?» дегендей, барымталап әкеп тұрғаным Көкшетау оязының қызы.
— Ояздың?!.. (Ақылбай орыс тілін жақсы білуші еді. Сондықтан, анықтамақ боп) Сіз ояздың қызысыз ба? — деді Татьянаға.
— Иә,— деді қыз, күмістей сыңғырлаған ашық үнмен, — мен ояздың қызымын, — Терентий Диякович Долгоносовтың!..
— Балуанның сізді зорлықпен әкеп тұруы рас па?
— Рас!..
Ақылбай не деуге білмей қалды.
— Ендігі жай былай, — деді Балуан, — жүз таныстығың болмаса, сенімен онша сырлас болған, я ісім түскен кісі емессің. Жұмыстың жайын айтпай - ақ шамалаған шығарсың.
— Жоқ, шамалай алмай тұрмын!..
— Ендеше кейін шамаларсың. Ал енді, менен қорқамысың болмаса серіктікке жараймысың?
— Өзің қалай ойлап келдің?
— Сыртыңнан бір кесіп жер жалы бар жігіт деп еститін едім. «Ханның ісі қараға түседі, батырдың ісі балаға түседі» — деген, саған паналауға келдім.
— Ендеше, түс!—деді Ақылбай, — тірі болсаң бір төбедемін, өлсең бір шұқырдамын.
— Бірақ мен мұнда түспейін. «Батырға да жан керек». Жау мықты, сақтану керек. Мына Көкшенің басына шығып көрген жоқ ем, шыға алам ба? Шықсам — паналар орын бар ма?
— Табам. Жан адам тіміскілеп таба алмайтын жер табам.
— Атың бар ма, қолда?
— Бар.
— Мін де жүр, ендеше!
— Атымды қазір ерттейін, — деді Ақылбай, — қатын - қалаш, бала-шағаның аузы жеңіл болады. Көздері шалса сөз таратар. Ауылда менен басқа оянған жан жоқ. Сен мына ауылдың сыртын орап Көкшеге беттеген соқпақпен жөнеле бер, мен артыңнан қуып жетем!
Балуан жөнеле берді. Қыз тартынбады. «Осы қызда не ой бар?—деп ойлады Балуан, — не тіл қатпайды, не шыдамсыздық, я осалдық көрсетпейді. Бұл бұның ақылдылығы ма, ақылсыздығы ма?!» Қыздың ойы: «Бұлқынғанмен бәрібір босанбаймын. Одан да тағдырдың салғанын көрейін. Әкем айтқандай бұзық болса — қорлар, өлтірер; жұрт айтқандай ер болса — басқа бір ойы бар шығар; несі болса да сабырмен күтейін!» Ақылбай Балуан мен Татьянаны қуып жетті. Олар Көкшенің етегіне келгенде таң аппақ атты. Бір жіңішке соқпақ Көкшенің тік көтерілген шыңына арқандай шұбала асылып тұр.
— Осы жолмен өрлейміз биікке, — деді Ақылбай.
— Ат шыға ала ма?—деді Балуан, — Тым тік екен!
— Қиыны қиын, — деді Ақылбай, — бірақ байқап жүрсе, шығады ат. Алдына мен түсейін. Қызың ортада жүрсін. Атының шылбырын маған ұстат. Сен артынан жүр.
— Дұрыс.
Сол жобамен Ақылбай бастай жөнелді. Қыз ортада, Балуан артта. Таудың жолы тым тік екенін Балуан мен Татьяна тауға өрмелегенде етектегіден айқынырақ көрді. Егер олар ердің қасы мен аттың жалына жармаспаса шалқаларынан құлайтын. Етектен қарағанда Көкшенің басы жақын сияқты еді, ілгерілеген сайын биіктей, алыстай берді. Етекке көзі түскен Татьянаның басы айналып, жүрегі өрекпіген соң, сыр бермейін деп көзін тарс жұмды да, аттың жалын қолына орап ұстап aп, тізгінді бос қоя берді. Ақылбайдың астында бүкіштеу келген топырыш торы бие еді. Жазықтағы жүрісте ақбоз бен қара арғымақтың маңайына ілесетін жылқы емес, ал, тауға тырмысқанда мысық сияқты, егер артына абайламаса, Балуан мен Татьянадан қарасын үзіп кететін: Мұндай биікке өрлеп көрмеген ақбоз да алқынды, ал қара арғымақ әуелде, алдына бие түскенін көріп кіжіңдеп, оқыранып бітіп еді, тауға тырмысқаннан кейін, «байтал түгіл, бас қайғы» боп, өз денесін өзі әрең сүйреді... Қара айғыр әлденеше жерде алқынып тұрып та қалды. Ақылбай ол кезде биесін тоқтатып айғырға дем алғызды. Одан кейін тағы да тырмыса жылжығанмен, сарқылған күш орнына түгел түспей, әлсін - әлсін болдыра берді. Осы зорлықпен қиналып әрең келе жатқан айғыр, тау биігінің орта кезіне барған кезде, құзға қарай домалай құлады, Балуан қызды әрең дегенде айғырдың үстінен алып қалды. Дөңбектей домалаған айғырға төменде кедір -бұдыр тастар да, құлаған қарағай да, ағаштың түбірі де кездесті, бірақ, былқылдап екпінмен домалаған дене, не кездессе де резеңке топтай аржағына ырғып түсе берді. Әуелі ақырын домалаған айғыр, аздан кейін жел қуған қаңбақтай, төменге зымырап кетті...
Құлаған айғырдың қарасы үзілгеннен кейін Ақылбайдың айтқаны:
— Жері жақын болғанмен, ең қиыны алдымызда. Лепіріп келе жатқан көңіліңді баспайын деп тоқтау айтқан жоқ ем, Балуан!.. Бұл асу осындай қиын. Ең биікке шығасың ба, болмаса, осы маңайда да адам таппайтын бекініс бар, соған паналай тұрасың ба?
— Бет алған жағымнан қайтқанымды қашан естіп ең, Ақылбай, — деді Балуан, — абақты қажытты деп ойлағаның ба, бұл?
— Неге олай дейін!
— Ендеше жүреміз ілгері. Менің атыма қыз мінсін.
— Сен ше?
— Мен жаяу жүрем.
— Сенің тілегіңді мен берейін, менің тілегімді сен бер. Мін, менің атыма!
Ақылбай атынан түсті де Балуанға ұсынды.
— Өзің қайтесің?
— Балуандығыңда, серілігіңде, ақындығыңда дауым жоқ. Көңіліңе келсе де айтайын, нақ тауға өрмелеуге сен мендей емессің. Намыстансаң да айтайын, «Мақпал» мен «Бүркітті» ден басқа тауға шығып көрдім деймісің, сен?.. Тау ма олар? Жаман атпен басына шоқытып шығатын төбе емес пе? «Тау» деп аспанға таласқан, мына Көкшені айт!.. Бірақ, бұл, өзгеге биік болғанмен, маған биік емес. Аяқты апыл-тапыл басқалы төбесіне күнде бір шығатын Көкше бұл; сөзді қой, мін, мына биеге? Әлде биеге қалай мінем, деп намыстанып тұрмысың? Бұл қияда Ақбозыңнан менің бием артық!
— Жеңілдім!—деді Балуан.
Балуан биеге, Татьяна Ақбозға мінді. Айтқандай - ақ Ақылбай тауға өрмелеуге тамаша екен. Аяқтары қаздаңдап, аттардан озып, еліктей ентелеп барады. Балуан да, қыз да Ақылбайдың бұл жүрісіне қайран қалды. Олар Көкшенің кеудесіне шыққанда күн түске тармасып қалды. Батыстан - шығысқа қарай созыла біткен Көкшенің жонында түйенің өркешіндей шаншылған шыңдар болғанмен, күнгей жағы жерге шейін тік қиылып түскен жылтыр тас, әрі, адамның қарауға басы айналатын терең көлбеңдей біткен теріскей жағы мен жотасы қалың орман. Ақылбай «аңның жымы» деп атаған бір жіңішке жолмен олар жүріп отырып аз үйлі ауыл сиып қонғандай алапқа шықты. Алапта қазанға құйған судай қара тастың шұқырына біткен, төңірегі сақинадай дөп - дөңгелек кішкене көл бар екен.
— Осының тереңдігі жүз кез дейді, — деді Ақылбай.
— Көлемі мынау, — деді Балуан, — қайдан жүз кез болады!
— Өлшеп көрген бір орыс солай депті...
— Болса болар...
Кеңесе келе, Ақылбайдың, Балуанға айтқан өтініші:
— Атыңа қанық, өзіңе танық едім. Сенің керегіңе жарасам арманым жоқ. Төсімді ашып дос болам, қи, маған достығыңды!
Мәңгілік достықтың белгісіне, олар түрегеп құшақтасты да, төстеріне төстерін басты. Балуанның амандығын әкесі мен шешесіне ғана айтуға, ояздың іздеуі, тағы сол сияқты хабарларды тасып тұруға, ас әкеп тұруға уәде қылды Ақылбай. «Болашақта не істеуді, қайда баруды жағдайға қарай көрерміз» — десті олар.
— Қайыр, қош!—деді Ақылбай әзірге үйіне қайтпақ боп атына мініп, құсың құтты болсын!
— Менде өзім сүйген бір ғана құс бар, — деді Балуан күрсініп, — одан басқа бұлбұлдың да, тотының да керегі жоқ.
— Кім ол?
— Ғалия.
— Естіп ек! Бірақ, әйел — түлкі, еркек — бүркіт емес пе? Алдынан сылаңдап түлкі қашса, бүркіт шыдай алар ма екен.
— Томаға кигізсе тырп ете ала ма, бүркіт?
— Қай томаға ол?
— Ғашықтық!..
— Шыдасаң көрерміз...
— Көрсең көрерсің. «Сексен сұлу сылаңдап тұрса - дағы Ғалияның алмаймын кірпігіне!» — деп шығарған әнімді естіп пе ең?
— Естігем.
— Сол сөзім — сөз?..
Бұл сөзге сенерін де, сенбесін де білмеген Ақылбай, кешке қарай ас - су әкеп бермек болды да, жүріп кетті.
СЫНАСУ
Ғалияның қолында бұйда пышақ,
Ғалияны көрдім де жайдым құшақ.
Отыр ма екен Ғалия жатыр ма екен,
Айдын көлде таранған аққу құсап?
(Балуан Шолақ өлеңінен) Көкшенің қыр арқасына түйенің өркешіндей шаншыла біткен бір шың таста Татьяна жалғыз отыр. Бұл шыңнан төңіректегі көз жетер жерде көрінбейтін жер жоқ. Әкесі жер - көкке сиғызбай мақтаған соң, былтырғы жазда Татьяна Бурабайға кеп, таудың ішін аралаған еді. Сонда Оқжетпестің тас діңгегі қай жағынан қараса да оған бұл арадағы таулардың ең биік қиясы сияқтанған еді. Қазір, Көкшенің басынан қарағанда, сол — Оқжетпес үйген тезек сияқты шоқырайған бірдеме. «Бұл таудың бойында сексен көл бар», деген еді әкесі Татьянаға. «Сонша көл қай жеріне сияды» деп Татьяна, ол сөзге сенбеген еді. Қазір, Көкшенің төбесінен қараса, сексен түгіл, жүз алпыс деуге де сиярлық; етегіне, өңіріне күміс қадаған қазақ қыздарының жасыл барқыт қамзолы сияқты, жасыл даланың беті жарқырап күн сәулесіне жалтылдаған көлге сыңысып симайды. Көкшенің төбесінен қарағанда, әлдеқайда алыста сағыммен бұлдыраған көп таулар ұшырайды, бірақ олардың бәрі Көкшенің қасында төмпе сияқты. Көкшенің төбесінен қарағанда көзге ұшырайтын көп қаланың біреуі — Көкшетау. Жетпіс шақырым жердегі ол бұл шоқының басынан, ең кеп болса жиырма - отыз шақырымдай ғана сияқтанады. Қаланың күндіз күнге шағылысқан бояулы қаңылтыр шатырларымен, түнде терезелерінен жарқылдаған сәулелері көрініп тұрады. Жалпы жобасын көріп, жеке үйлерін, көшелерін еркін болжай алмағанмен, қаланың бар бейнесі Татьянаның алақынында сияқты. Татьяна, кейде, биік шыңның басына шығып, қаланың нұсқасып көреді де, аз уақыт көзін жұмып отырып ойымен ішіп аралайды, үйіне барады, әке -шешесін құшақтайды, сүйеді, еркелейді... Көзін ашып ойласа, Татьянаға бұл еркелігі, бұдан былай, шындықтағы емес, қиялдағы еркелік қана сияқтанады. Оның бұл ойы түсінікті болу үшін, әңгімені әртініректен бастайық. Татьянаны Балуан Шолақтың алып «жейтін аңым» деп емес, ояздың қара күшіне қарсы қара күш жасау ретінде алып қашқаны, Көкшенің биігіне оны, «ояз адамшылыққа келсе, мен де адамшылыққа келем» деген ниетпен апаруы бізге мәлім. Балуанның қолына алғаш түскенде, Татьяна өзін қасқырдың аузына түскен тоқтыдай көргенін де, бірақ, Балуан жетектеген салт атпен былай шыға, хауыпқа бойы үйреніп, тағдырының алдына не сый тартқалы тұрғанын салқын қанмен күтіп алуға бекінгенін де біз жақсы білеміз. Ақылбай бұларды Көкшенің кеудесіне апарып орналастырғаннан кейін қайтып кеткенде, Татьянаға өзінің жақын туысы қайтып кеткендей сезім пайда боп, қарасы үзілгенше қадала қарап отырды да, қарасы үзілген соң өксіп жылап жіберді де, бетін екі алақанымен басып, кесек тасты жастана жата кетті. Татьянаны шын көңілден аяу сезімі, Балуанның көңіліне сол сәтте ғана ұялады. Оны бассалып құшақтағысы келді Балуанның, әлдилеген баладай алдына алып тербеткісі, көз жасын орамалымен сүрткісі, неге әкелген ниетін айтқысы, қорықпауын, көңіліне жаман ой алмауын өтінгісі келді. Ақыл таразасына салып көргенде, бұл ойларының бәрі оған жеңілдіктің белгісі сияқтанды. «Алып қашуға асыққанмен, адамшылық көрсетуге асықпайын» деген тиянаққа тіреді ол ойын. Сол оймен орнынан тұрып кеткен ол, жақын жердегі байлаулы Ақбозының ер - тоқымын алып, көзін орамалымен сүртіп, біраз уақыт әуреленді де, «не халде екен!» дегендей, жолбарыстың жүрісіндей еппен басып Татьянаның қасына келді. Қимылы жоқ қыздың бетіне ол үңілсе, ұйықтап кеткендей, мұрны ақырын ғана пысылдайды. Расында да ұйықтап кетуіне көзі жеткен Балуан, «шошытып алмайын» деген оймен, еппен ғана басып, алысырақ тұстағы кесек тасқа барды да, қасына жантая отырды. Оның, ойына өзі білетін өмірдің кейбір философиялық жайлары түсіп кетті.
— «Бұл не ғажап?!—деп ойлады ол. — Мен көрген өмірде осалды мықты жейді. Түлкі тауықты жейді, қасқыр қойды жейді, бүркіт қоянды жейді деп кіналаймыз. Адам адамды жегенде, оларға не жорық?.. Аң емес пе, олар?..»
«Адам адамды неге жейді?!» деген сұраудың жауабын Балуан ойлап-ойлап таба алмады. Дінге сенетін Балуан: «адам бір қорықса құдайдан қорықса керек еді, бірақ, одан да қорықпайды ғой, мықтылар?.. Аузында алласы отырып, сілесін қатырады ғой олар осалдардың?..» Құдайдан ауызша қорыққан боп, іс жүзінде қорықпайтындар есіне түскенде, «сондайларды неге жеміріп жібермейді екен, тәңірі?!» деген бір қиялға кетіп қалды Балуан... «Бірақ, болған емес қой, ондай іс! — деген өкінішке түсті Балуан, — Зорлығы үшін көрінеу көзге тәңіріден жаза тартқан мықтыны ешкім көрген емес қой?!..» «Жазаны ахиретте тартады» деген сөз түсіп кетті Балуанның есіне. «Оған дейін қашан!—деп торықты Балуан, — Бұл дүниеде қайтпаған кек, ол дүниеде қайтқанда не болады?!..» «Сол дүниең,—сол құдайың бар ма екен, өзі?!» деген күдік туа берген Балуан, «астапыралда, күнәлі болмайыншы!» деп, олай қарай шашырап бара жатқан ойын жинап буа қойды. «Шіркін, — деп кіжінді ол, — кек атаулы ол дүниеде емес, бұл дүниеде қайтатын болса!..» Кектің қайтуына сүйенбек болған үміті тайғанақтай берген соң, ол ойынан торыққан Балуан,— «ал, енді дүниеде әділеттік бар ма?» деген ойға келді. «Бар, ол әделеттік! — деді ол дауысын шығарып, біраз уақыт ойланып алғаннан кейін. — Әділеттік болмаса, халық неге жақсы көреді мені?.. Және есепсіз, қалтқысыз жақсы көреді ғой, ол мені?.. Мен ғана емес, қиянатсыз адамның бәрін де жақсы көреді ғой ол?.. Ендеше, шын әділеттік халықта емес пе?.. Рас, әділ ол!.. Және оның әділдігі адал, шын әділдік!.. Күші жеткен жерге дейін аямайды ол әділдігін... Күші жетпеген жерде амалы жоқ!..» «Күш» деген сөздің, өзіне мән беріп байқады Балуан. «Көп қорқытады, терең батырады» деген мақал түсті оның ойына. «Ол, рас! — деген ой кеп кетті Балуанға, — егер мені көпшілік қолдамаса, елдің күштілері алдақашан түтіп жеп қояр еді ғой?.. Істей алмады ғой оны?.. Сонда, менен емес, көптен қорықты ғой?!..» «Сол көптен ұлықтар... мысалы, ояз неге қорықпайды?!» деген ой кеп кетті Балуанға... «Білдім!—деді ол ұзақ ойланбай, — мылтық олардың көпті қорқытатын қаруы. Атбасарда қолма - қол төбелессем, қолға түсер ме едім мен?.. Мылтыққа ғана бағындым ғой мен?.. Халық та сондай. Ол да мылтықтан қорқып отыр. Ұлықтың қолынан мылтығын алшы, қорлық көріп отырған халық не істер екен?.. Әлегін аспаннан келтірер еді, күлін көкке ұшырар еді!..» «Шын, халықтың өз қолына мылтық беріп көрер ме еді?!» деген арман туып кетті Балуанның басына. Ойы осы сияқты «тұманға» сүңгіп, одан табар сәулесі жоғына көзі жеткендей болған Балуан отырған мекеніне қайта оралды. Сол кезде, оның алыстағы буалдырға тіккен көзі, қимылсыз жатқан Татьянаға түсіп кетті. Оның басында тағы да қиянат пен әділеттік салмақтаса қалды. «Қайсысына баруым керек, сол екеуінің? — деген сұрау туды оның басына,— қиянатқа барсам, мына қыз менің уысыма түскен жемім, мұны менен арашалап алар ешкім жоқ... Бірақ, дұрыс па соным?.. Бар тағдыры қолымда қалған бейшараны шыңғыртып жеуім адамшылық па?.. Жоқ, емес ол!.. Онда менің де талағыш көп иттің ішіндегі көк ит болғаным!..» Балуанның «жоқ, мен ит емеспін, адаммын!» деген даусы қатты шыққандығы сондай, дауысынан сескенгендей, өзі де орнынан атып түре келді, ұйықтап жатқан Татьяна да шошып оянған түрмен, есеңгіреп құзға қарай қаша жөнелді... Сол бетімен құзға құлайтын оны, Балуан әрең қуып жетіп, биік жартастың қабағына жақындай бергенде белінен құшақтай алды... Қасқыр тістеген киіктей шошынған Татьяна бақырып қалғанда:
— Қорықпа, қорықпа! — деді Балуан, мен аң емеспін, адаммын!..
Есін сонда ғана жинаған Татьяна, «рас па?» дегендей Балуанның кескініне қарады да үндемеді. Шын мағынасындағы адамның аса жылы кескіні сияқтанып кетті Балуанның беті оған. Балуан Татьянаны сол көтерген қалпынан жерге түсірмей, манағы отырған тасына әкелді де, алдына алып отырып, тілі жеткенше, бұндай іске неге барған сырын шертіп кетті. Балуанның орыс тілін олақ сөйлеуі, Татьянаға оның ойын ұғуға бөгет болған жоқ. Бөгеттігі былай тұрсын, жанының жалынындай ақтарылған бұл сөздер Татьянаның сана -сезімін қорғасындай балқытып әкетті... Балуанның сөздерін әуеле сынай тыңдаған Татьяна, артынан жылай тыңдады... Бір кезде Балуанның өзі де жылағандай сезілген соң, Татьяна көзін сүртіп кескініне қараса, расында да солқылдап жылап отыр екен!..
— Сізге не болған?!—деді Татьяна Балуанның алдынан атып тұрып, басын құшақтай ап, — ақыл мен қайраттың жентегі сияқты сіз жылағанда, адам баласында жыламайтын кім?..
Өзгеңізді мақұлдағанмен, мұныңызды мақұлдай алмаймын!.. Мен сізді аса биік адамға санап қалған едім, егер төмендегіңіз келмесе, тыйыңыз, көз жасыңызды!.. Бұл сөзге балқыған сезімі серги қалған Балуан, көз жасын жеңімен сүртіп жіберді де:
— Мен өзгеге емес, дүниеге адам болып келуіме ғана жылаймын, — деді.
— Неге?!
— Азаттығы жоқ тіршіліктің кімге керегі бар?
— Өзгеде менің, жұмысым жоқ, — деді Татьяна, — жұмысым болғанмен, өзгенің қиянатын түзеуге менің әлім келмейді. Оған сіздің де әліңіз келмейді. Менің әлім келетін адам — әкем. Оның тарапынан бұдан былай сізге ешбір қиянат болмауына мен уәде бере алам. Сеніңіз, осы сөзге.
Балуан үндемеді.
— Сенуіңізді өтінем! — деді Татьяна түрегеп, жалбарынған дауыспен. — Әкеме өтінішімді қабылдатудың үстіне, егер мақұл көрсеңіз, сіздің өмірлік досыңыз болғым келеді...
— Оны өмір көрсетер, — деді Балуан да түрегеп. — Асығыс сөз, — ауыздан шыққан дем, қайтып оралмайды ол. Менің тек қана айтарым, дос болам деген кісіге, менің достық құшағым даяр!..
Расын айтқанда, Балуан Татьянаның уәдесіне сенуді де, сенбеуді де білмеді. Сенбейін десе, — аузынан уызы кеппеген сәби адам, өтірік сөзді қалай айтады?.. Сенейін десе — жауласып отырған адамның қызы,.. ол жаулықтың аяғы немен тынары мәлімсіз,.. қыз, мүмкін, уәдесін адал - ақ беpіп отырған шығар... бірақ, әкесі оның тілегін орындауына кім кепіл бопты?.. Егер орындамаса, бұл қыз, әкесін бұған айырбастай ала ма?..
Балуан осы оймен, қызды бір күнде емес, көп күнде сынауға бекінді. Оның бірінші сынынан Татьяна да, Татьянаның бірінші сынынан ол да әдемі өтті. Татьянаның сыны, — «дос болам» деп уәде бермеуіне қарап, «кегі ішінде екен, оның арты неге соғар екен?» деп күдіктенген Татьяна, «егер ойы олай болса, бүгін түнде сыр беруі мүмкін» деп қорыққан еді, «бүгін сыр бермесе, адамгершілігінің рас болуы мүмкін» деп үміттенген еді; Балуанның сыны «бұл қыз, мені жәй сөзбен ғана жұбатып, ішкі пікірін ішіне сақтаса, осы түнде мені ұйықтатып тастап қашып кетуі мүмкін» деп күдіктенген еді. Ақылбай оларға асты күн баюға жақындаған кезде әкеп берді. Балуан жеп - ішер деп ол піскен сүр және қымыз әкелді де, қызы жеп - ішер деп орыстың қалашын және піскен қаймақ әкелді. Балуанның Татьянаға деген сенімі осы астың үстінде тұтана бастады. Қарны ашты ма, әлде, Балуанның сенімін арттыруға көз жасағысы келді ме, — «келіңіз!» деп шақырған дастарқанның қасына отыра қалды да, серіктерін қулық сөздер айтып күлдіре отырып, асқа тыңқия тойып алды. Қыздың мана жабырқаңқы кескінін көріп, «бұл байғұстың халы не болар екен?!» деген уайымда кеткен Ақылбай, мына жолы жадырай қалуына, асты қомағайлана ішуіне қарап, «осы екеуі келісіп қалған ғой, тегі!» деген арам ойға тоқырады. Ақылбай атына өңгеріп, үйінен төсек - орын да ала келген еді. Ол кете, тастардың қуысындағы жел - күнге тигізбейтін бір жайлы орынға Балуан төсекті салды да:
— Сен енді тынық!— деді қызға.
— Сіз ше?
— Мен кейінірек ұйықтаймын.
— Қайда?
— Тас арасында орын көп.
— Оған дейін не істейсіз?
— Ананы ермек қыла тұрам, — деп Татьянаға Балуан Ақылбай әкеп берген, таста сүйеулі тұрған домбыраны көрсетті.
— Сіз жақсы ойнайсыз ба? — деді Татьяна.
— Өзіме қажетті мөлшерде.
— Сізді әнші және ақын деседі жұрт, рас па сол сөз?
— Өзіме қажетті өлеңді де, әнді де шығаратыным рас.
— Маған тыңдауға бола ма, ол өнерлеріңізді.
— Әрине болады.
Тасқа аралары алшақтау қатар отырғаннан кейін, Балуан қарағайдан жасалған ескілеу домбыраны қолына алды да, күйіне келтіріп, құлаққа жағымды әлдене қоңыр әнді, домбыраның шектерін шолақ қолының үсік саусағымен, іліп - қағып ойнап жіберді. Бұл әні жүрегіне жылы тиіп кеткен Татьяна, аз уақыт тынысын ішіне тарта тыңдап отырды да:
— Енді дауыс қосуыңызды өтінем!—деді.
— Жақсы, — деді Балуан, — бірақ, айтар әнім бұл емес, басқа.
— Қандай ән?
— Ғашығыма шығарған...
— Жаңылмасам, естуімше, ғашығыңыздың аты Ғалия болу керек?—деді Татьяна Балуанның бетіне күлімсірей қарап.
— Оны қайдан естідіңіз?
— Халық арасында тараған әңгімені мен неге естімеймін?
— Не деп естідіңіз?
— Ол жырды маған өзіңіздің айтуыңызды өтінем.
— О да болсын!
«Хат жазайын Ғалия, саған арнап,
Сипатыңа екінші, құрмет айлап.
Анда санда көзіме бір көрінсең,
Қарға аунаған түлкідей қалам жайнап!»—
деп бастап, Балуан «Ғалия» әнін айта жөнелді. Дауысы шынында зор ма, әлде, мына биік таудың, басы, қалың қарағайдың іші көтеріп әкетті ме — құмарта тыңдаған бұл әдемі әнді айтқанда, Балуан Татьянаға дүниеде дауысы ең зор, ең нақышты адам сияқтанып кетті. Оның дауысына бүкіл дүние қосылғандай, кең дүниенің ішінде осы әннен басқа үн жоқтай, сол кең дүниеге мынау әдемі ән әрең сиып тұрғандай көрінді Татьянаға... Не деген тамаша ән!.. Не деген тамаша үн!.. Сол әннің қызығына түсіп, екеуі де қас қарайып, ымырт жабылғанын байқамай қапты...
— Тынығар уақыт бопты, — деді Балуан, бір кезде Татьянаға, домбыраны қасына сүйей сап.
— Тағы да, Балуан!..
— Әр нәрсе дәмімен, Тәнәй - жан! — деді Балуан. («Татьяна» деген сөздің орнына «Тәнәй - жан» деген сөз аузына қалай түскенін Балуан байқамай да қалды. Татьяна ол сөзге түсінбегендіктен мән бермеді). — Мөлшерден артық ішсе, тәтті де жүректі айнытады. Бүгінге осы да жетер. Қалғаны ертең.
— Жақсы!—деді Татьяна.
— Онда, жат, қарындасым!
— Жалғыз жатуға қорқам.
Балуан «неге?» демеді. Елсіз-күнсіз биік таудың басында, қараңғы түнде, баспанасыз жерде жалғыз жату оңай боп па?
— Онда қайтем?—деді Балуан.
— Мен сіздің құшағыңызда ғана ұйықтай алам!..
Қызды шекпеніне бөлей, құшағына ап, төсекке өзі киімшең қисайған Балуанның жан -жағынан нәпсінің аңдары арсылдай ұмтылғанмен, берік және батыр жүрек сертінен жаңылмады. Қалай қалғып кеткенін ол білмей де қалды... Балуан оянып кетсе, дала жап - жарық. Қарағайлардың арасына, бетіне күннің әлсіз сәулесі түсіп тұр... Мұрны ақырын ғана пысылдап Татьяна құшағында ұйықтап жатыр... Бір қырындау жатқан оның да бетін күн сәулесі шалып, былай да сұлу кескіні тіпті нұрланып кетіпті... Егер қимылдаса, қасындағы қыздың рахат тиыштығын бұзатындай көрген Балуан, оған тек көз қырын ғана тастап, сұлулығына қайран қалды. Өзінің ерлігіне ол одан да артық қайран болды. «Адам егер шындап кіріссе, нәпсіні сындыруға болады екен - ау! — деп таңданды ол, — осындай сұлу қыздың қасында, осылай жатуға болады дегенге, көзі көрмеген кісі нанбас еді - ау!» Балуанға мұндай ерлік, тек, оның ғана қолынан келетін сияқты тәкаппарлық пайда болды. Бұл қылығы адамдық - ерліктің биік шыңы сияқтанып кетті оған. Егер өзі тілесе, адамның қолынан келмейтін ерлік жоқ деген ойға келді ол. Өзінің сондай адам боп тууына мақтанғандай болған ол, — «адам!..» деп айғайлап қалды. «Неге өйттім?» дегендей, ол ауызын бос қолымен басып үлгермей, Татьяна оянып та үлгерді. Шошып оянып есеңгіреуі ме, әлде дұрыс оянып, ақылының әмірін орындады ма, — басын төсектен көтере берген Татьяна да «адам!» деген сөзді бар даусымен айтып, Балуанды құшақтай aп, денесін денесіне қатты қыса, сақалы өскен түкті бетінен құшырлана сүйді... Достықтың осы қаймағын, ешбір нәпсінің дауылы соғып бұза алмады. Балуан бұл дауылға емендей иілмей, қасқиып қарсы тұрды. Сана - сезімінің буыны әлі бекіп болмаған жастығынан ба, бұған дейін сүйген ешкімі жоқтықтан ба, Балуанның кісілігі мен қатар жігіттігіне де сүйсінуден бе, — біраз күн бірге жүріп - тұрғаннан кейін Татьяна өзін - өзі байқап көрсе, Балуанға жігіт деп те қызығып қалған жайы бар. Осы сезімін сыртына шығарар, шығармасын білмей азаптанып жүргенде:
— Сен бүгін қайтасың! —деді Татьянаға, ертемен етекке түсіп келген Балуан.
— Қайда?
— Үйіңе...
Балуан Татьянаға абақтыда жатқан туыстары түгел босанғанын, ояздан «қызымды аман қайтарсаң, саған да, туыстарыңа да тимеймін» деген хат келгенін айтты. Бұл хабарға қуанған Татьяна:
— Үйіме өзіңіз апарып салыңыз да, әке - шешеммен де достасып аттаныңыз! — деген өтінішін айтты.
— Ол өтінішіңді орындай алмаймын, — деді Балуан.
— Неге?
— Достық — жүректің ісі. Жүрек сырласып сеніскен адамымен ғана дос бола алады.
— Менің әке - шешеммен сырласып сенісуге болмай ма?
— Болмайды, достым!..
— Неге?!
— Ол ұзақ кеңес және оны сізге айтудың қажеті де жоқ. Ал, сенімен?.. Егер сертіңде тұрсаң, бұдан кейін я жолығармыз, я жолықпаспыз, бір - бірімізге ісіміз я түсер, я түспес,—«дос болам» деген сертімде мен берік тұрармын, оған — бүгінге дейін сертінен айнымаған ар - ұятым куә!..
Соңғы сөз Татьянаны тағы бір тұйыққа әкеп қамады: Балуанның Ғалияға деген серті бұзылмастай берік екендігіне оның көзі жетіп болған. Егер көзі олай жетпесе, — осы арада «мен сені сүйем!» деген сөзін айтқалы даяр тұр... Бұл сөзді Балуанға, Татьяна, тек, түнде, Көкшетау қаласының көшесінде, өз үйінің қақпасының алдында ғана айтты. Олар қалаға түн ортасы ауа, қала шырт ұйқыда жатқан кезде салт атпен кірген еді. Екі ат та Балуандікі. Үйіне кіріп - шығуға Балуанды бұған дейін көндіре алмаған Татьяна, қақпасының алдына кеп атынан түскен Балуанға өтінішін қайталаған жоқ. Татьяна түскен аттың шылбырын қолына алған Балуан, тауда еркелетіп қойған атымен:
— Ал, Тәнәйжан, енді хош бола тұрасың да! — деді қолын ұсынып.
Татьяна оған қол берудің орнына, басын кеудесіне баса, белінен құшақтады да, қараңғы түнде көзі жұлдыздай жаутаңдап, еркелеп дағды алған қазақ сөзімен:
— Аға! — деді.
— Әу, Тәнәйжан! — деді Балуан.
— Сіз ғой, енді «Тәнәй - ай!» деп маған шығарған әніңізді ұмытасыз?.. — деді Татьяна жыламсыраған дауыспен.
— Ән ұмытыла ма, Тәнәй - жан? Және «Тәнәй - ай» - дың қасында, «Тәндә менің жан - ай, әй!» деген сөз бар емес пе?
— Бар...
— Білесің бе, «жан» дегеннің не сөз екенін?
— Білем!..
— Ендеше, кеудемде жан тұрғанша жасайды ол ән.
— Сенем, аға!.. Менің кеудемде де сіз солай жасайсыз!.. Өйтпегенде ше?.. Бұрын романдардан ғана оқитын шындықты, сіз маған іс жүзінде көрсеттіңіз!.. Рахмет сізге!.. Мен енді дүниеде адам барына да, достық барына да, махаббат барына да сенем!..
— Рахмет, Тәнәйжан!..
— Дүниеде екі сүю бар ма, аға?
— Жоқ!..
— Ендеше, мен сізді ғана сүйем!.. — деді де, қыз өксіп жылап жіберді.
Қызды бауырына басқан Балуан, не сөз айтарын білмей қалды.
— Ал, хош, сүйікті Тәнәйжан! — деді Балуан, аз уақыт үнсіз тұрғаннан кейін.
— Хош!—деді Татьяна әлсіз дауыспен, одан әрі сөйлесудің қажеті жоғын ұғып.
Балуан жылдам қимылмен Ақбозына қонды да, Татьяна мініп келген атты жетекке алып жүріп кетті...
«ЕРДІ КЕБЕНЕК ІШІНДЕ ТАНЫ»
Көк ала үйрек ұшады көл дегенде,
Менің діңкем құриды сен дегенде.
Ғашық болып қосылған Ғалия жан,
Сусын болар лебізің шөлдегенде!
(Балуан Шолақ өлеңінен) Татьянаны Көкшетауға апарып қайтқаннан кейін Балуан Шолақ атын өктемей жолда бір күн тыныстады да, ертеңіне тура үйіне барды. Абақтыдан қашқалы үйіне бірінші баруы болғанымен, оның қайда не істеп жүргені семьясына да, өзге жұртқа да мәлім еді.
Семья да, халқы да оны дағдылы жылау - сықтаумен қарсы алды.
— Батыр, енді сабыр!—деп өтінді ағайындары мен дос - жарандары — «аса қайрат — бас жарады» деген аталарың, «Балуанмен күреспе, ұлықпен тіреспе!»—деген аталарың. Албырт жастықпен басыңды тауға да, тасқа да соқтың. Енді сақал - мұртың шығып, көңілің тоқырайтын жасқа жеттің, мал малданатын, жан жанданатын кезің болды. «Тек жүрсең — тоқ жүресін», деген атаң. Малын бағып қана тиыш жүргендер өлген жоқ, олар да күн көріп жүр. Ұлықтан алған қағазың сенімді көрінеді. Енді өзің тимесең, ұлық саған тимейді, тоқтал, жарқыным.
Қуғыннан қажыған Балуан Шолақтың алғашқы кезде бұл ақылды алғысы келді. Сол оймен ол үйіне біраз уақыт тұрып та көрді. Өзін Балуанның алдында кешілмес күнәһар көрген, бірақ Балуаннан айырылу деген ойды басына жуытпай, жуиын десе жаны түршіккен Балқаш, Татьянаны алып қашуды қоса Балуанның бар кінәсін ұмытып, шамасы келгенше жақын тартуға, көңілін алғаш қосылған кездегі қалпына түсіруге тырысты. Балқашқа Балуан да бұрынғыдай тыжырынбады, өзеурей қоймағанмен «күйеуіңмін» деген ұғым беруге тырысты. Қызын аман көргенмен, Балуанға тимеуге қолынан заңды подписка бергенмен, «балам қолыма бүлініп тиді» деген ұғымдағы Долгоносовтың кеудесінен кек кеткен жоқ. Балуанға тура соқтығуға жүрексінген ол, өзі сенетін ауыл адамдары арқылы қастық қылмақ: өлтіртпек, я у бермек те болды. Ол планын да іске асыруға батылы жетпеген Долгоносов «бұдан бұлай қайтер екен», деп Балуанның артынан тыңшылар жүргізді.
— Әзірге бұрынғы бұзақылық қалпы жоқ, — деп хабарлады тыңшылар, — үйінде тиыш жатыр.
— Олай болса осыған тимейік, — деп ұйғарды ояздық мекемелердің ұлықтары, — өзі де қажыған шығар, мүмкін жуасып кетуі.
Тағдырдың ноқтасына басын ұсынған Балуан Шолақ аз жасында көрген өзге зорлық -зомбылығын ұмытуға тырысты және ұмытты да, бірақ, өзгені ұмытқанмен оның жүрегінен жабысып айырылмайтын бір ғана дерт бар. Ол — Ғалия. Неге екенін өзі де білмейді: оны ойламай қоя алмайды, ойласа іші уылжиды да тұрады... «Ендігі толқытатын Ғалия болуы мүмкін» деп қауіптенген адамдар, Балуанның көңілін суытамыз ба деген оймен, ол туралы, — «Атбасардан қайтқан соң Ғалия күйеуі — Біржаннан айырылысыпты. Содан кейін ол бұзықтық әдетке салынып, көлденең кездескен көк аттыны құр өткізбейтін бопты», — деген өсек таратты. Ғалияның аты аталған сайын, Балуанның оған құмарлығы арта түсті. «Күйеуінен айырылысыпты», деген сөзге Балуан тіпті елегізді. «Атбасардан қайту!.. Айрылу!.. — деп ойлады ол, — егер бұл өсек рас болса, кінәлі мен емеспін бе? Біреудің ұясын бұзып, енді не болсаң ол бол деуім ерлігіме сия ма? Жоқ, мен анықтайын, мұны!.. Барайын Қараөткелге!.. Егер Ғалия өзгермесе, бұрынғы көңілі қалпында болса, оның қарғысына қалмайын!..» Осы ойға белін бекіткен Балуан бір күні Балқашқа шынынан жарылды. Алғашқы қосылуын, одан кейінгі өмір кезеңдерін баяндай кеп, Балуанның Балқашқа айтқаны:
— Екі қатын алған қазақта мен ғана емес. Сен көнсең Ғалия көнеді. Екінің бірі боп отырам десең де ықтияр; ал, оған көнбеймін, кетем десең де ықтияр!.. Таңдағаныңды ал! Мүмкін, мен сенің бағыңды байлаған шығармын, ол кінәмді мойынға алам. Ренжіскен күндеріміз де болды. Қазір ешбір қалтқысыз шын сырласып отырмын. Сен де шыныңды айт. Айырылсақ та, бірге тұрсақ та бір - бірімізге жауықпайық.
Балқаш не дерін білмеді. Ол ызаға шыдамай жылады да, тулатып алармын деген қауіппен өзін зорлап күлді де. Күлкілі көз жасымен ол «осыған мойымас па екен» деп, бойына бала біткенін ұл болу үміті барын айтты. Бірақ, Балуан беріспейтін мінезіне бағып, «екі сөздің қай таңдауы сенікі» деген сөзінен танбады. Балқаш қатты қиналды. Ол екі сөздің біріне де жолай алмады. Айырылғысы келмегенде, Балқашта қазір Балуанға байланып жатқан жүрек жоқ. Балуанның жүрегіне қосақталған оның махаббат жібі, қызғаныш оты алғаш тұтанған күні жанып кеткен. Содан бері Балқашқа Балуан «сүйікті Балуан» емес, «еркек Балуан» ғана. Сөйте тұра Балқаштың одан ажырай алмайтыны: бір жақтан «Балуан Шолақтың қатыны» деген атақтан айырылғысы келмеуі; екіншіден — бір байға тиген әйелді, ескі ауыл әдетінде қатыны өлген кәрі -құртаң біреу болмаса, үйленбеген я әйел таңдаған адам ала қоймайды. Өз ойында Балқаш бір әйелден кем емес. «Сонда да, — деп қауіптенеді ол, — Балуаннан айырылған соң мен таңдағаныма тие алам ба?» Болашағын ойлаған Балқаш, жылау - сықтаудың артынан Балуанға кесімді ойын айтты:
— Ғалиядан қызғанам, — деді ол, — сонда да сені қимағандықтан рұқсат берем. Бетіңнен жарылқасын. Тіпті қайырылмай кетсең де осы орнымнан қозғалмаймын.
Балуан Шолақ Балқаштан рұқсат ап, ыңсыз - шыңсыз, «Қараөткелде жұмысым бар» деді де жүріп кетті. Атбасардан Ғалияны зорлықпен алып қайтқан Қордабай, Ақмолаға жеткенше Біржанның мұқалған намысын қылшылдата қайрап келді.
— Айырылған қатының еді, — деп келді ол Біржанға, дос болғансып, — «аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», деген мақал бар. Сені Балуан Шолақтың сонша басынғанына сайтаным ұстап кетті. Қайрақтының сексен өгізін ұрлап қашып жүрген немені ұлыққа көрсетіп, ұстадым да бердім. Өмірде босанбайтын бұғауды аяғына кигіздім. Одан құтылу оңай болмас. Арсыз қатының біржола Балуан Шолақтық боп алған екен. Ол ұсталғанда соңынан қуам демесі бар ма? Сайтаным мұндай келмес! Жоны - сыртын бірдей ғып сабағым кеп тұрдым да, тағы да: «Сенің аяғыңда жатқан қатын еді ғой» деп қол қатпадым. Жауыңнан айырып, қатыныңды қолыңа аман бердім. Енді басындырма! Итаяқтан су ішкіз, бәлеме! Араша түскен кісіні көріп алайын мен!..
Бұл сөздің бәрін Біржанға Ғалиядан оңаша айтқан Қордабайдың ойы мен аузы екі тарапта еді. Ауызша дос болғансыған ол, ішінде: «Ғалияны солай қыстай бастаса Біржанға көңілі суиды да, намысқор әйел айырылады, содан кейін маған тимегенде қайда барады?» деген арам ой сақтаған еді. «Сынықтан басқаның, бәрі жұғады» дейді мақал. Ғалияға қосылғаннан кейін, оны еліктеймін деп Біржан әнге, домбыраға әуестеніп, салсымақтау боп, екінші жақтан — Ғалияны байбатша мырзалардан жеңіп алдым дегендей кеудесіне нан пісіп, нығызси бастаған еді. Қордабайдың сөзі Біржанды желіктірді. Ол Ғалияға қоқаңдап, тіпті сабағысы да кеп кіжіңдей бастады. Бұл жақтан көңілі жай тапқан Қордабай енді Ғалияға қамқорсып:
— Мына жаманың қайтеді? Оған сенің сілімтірің де кеп емес пе? «Байғұстың аузы асқа тисе мұрны қанайды» дегендей, мұны түлен түртейін деген екен!—деп желіктіруге тырысты.
Қордабайдың «қамқорлығына» Біржан түсінбегенмен, Ғалия түсінді. Түсіне тура ол Атбасардан қайтқан соң көп кешікпей Біржаннан айырылды. Айырылмауға Біржанның қыңқылы шыдатпады. Басында: «Ғалия бұлай келе қоймас, қорғалар, мұқатып, жуасытып алайын» деп ойлаған Біржан, Ғалия айырылуға бел байлағаннан кейін «араздықты тастайық, мен кештім, сен де кеш» деп жалынды. Ғалия «қайтқан көңіл — шыққан жан» деп мойырылмаған соң, қорқытып көндірем бе деген ниетпен «Балуан Шолақпен сырлас, оның бар пәлесін осы біледі» деп оязға арыз берді. Ақмоланың оязы Тройцкий деген қартаңдау, қазақуар, қымыз бен сүрді жақсы көретін адам болушы еді. Ғалияның қолынан ол талай дәм татып, тәтті қымызын ішкен, тәтті сүрін жеген. Ғалияны да, Біржанды да ол жақсы біледі. Біржанның арызы қолына тигеннен кейін Тройцкий екеуін де шақырып алып табыстырмақ болды. Оның сөзіне Біржан көнгенмен Ғалия көнбеді. Тройцкий өзін «прогрессивный адаммын» деп ұғатын еді, ол әсіресе әйел мәселесінде «гуманистпін» деп түсінетін. Ғалияның көнбейтінін көрген Тройцкий оны оңаша алып қалды да, ақыл айтты:
— Айырылғыңыз келсе, судьяға айтам да айырам және сізге күйеуіңіз тимейтіндей етем. Бірақ бір шартым ғана бар: Балуан Шолақтан күдер үзесіз. Ол үкіметке қарсы, яғни бізге дұшпан адам. Егер күдер үзбеймін десеңіз, маған өкпелемейсіз.
Тройцкийдің бұл шарты ауыр болғанмен, Біржанға ерегіскен Ғалия, «кейін көре жатармын» деген оймен, ояздың сөзіне көнген болды. Содан кейін аз күнде Ғалия Біржаннан талақ қағаз алды. Біржаннан айырылғаннан кейін де Ғалия қымыз сату кәсібін тастаған жоқ. Балуан Шолақты ойлап іштен жүдеген Ғалия, нарлық көрсетіп, сыртын жүдетпеді. Баяғы ойыны — ойын, сауығы — сауық. Тройцкийге берген уәдесі бойынша, Балуанды біраз күн аузына алмаған Ғалияның іштен сағынуы үдеп, шыдай алмастық халге жетті. Содан кейін «жаным Балуаннан ардақты ма, азар болса ояз мені де абақтыға жабар», деген оймен ол Балуанды іздемек болды. Сол кезде біреу Балуанды «жер ауды» деп, біреу «атылды» деп, біреу «қашты» деп, қырық құрау өсек тарап, қайсысына сенерін білмей, Ғалияның басы қатты. Сөйтіп жүргенде, Балуанның Татьянаны алып қашқаны естілді. Бұл хабардың анығына Ғалияның көзі жетті.
— Тақыр мұзға отырдың ба?—деп табалады Ғалияны Қордабай да, басқа өштер де, — Балуан сендей күн қақты қақ байталды не қылсын, аз күн алдап жайдақтады да тастап кетті. Ояздың қызы сұлу деген. Енді Балуан соны алады да шоқынады.
«Мұнысы қалай?!—деп таңданды Ғалия Балуанға — бұндай қылықтың адамы сияқты емес еді ғой ол?!»
Өсек үстіне өсек жамала берді:
— Бұл маңға симайтын болған соң Балуан тескентау етіп кетіпті, — десті біреулер.
— Қуғыншылар үстінен қапылыста басып, табан аузында атып тастапты, — десті біреулер.
— Ояздың қызын өзіне қайырып, адам тимейтін қағаз алып, бұдан бұлай Қараөткелде Ғалиямен бірге тұрам деп келе жатыр дейді, — десті біреулер.
Осы өсектің қайсысына нанарын білмеген Ғалия не істеудің, қыбын таба алмай, қайғының қара теңізіне бата берді... ... Күздің былғаныштау жаңбырлы бір күнінде, ішінде Қордабай бар, бірсыпыра жігіт Ғалияның үйінде қымыз ішіп отыр еді, қақпаға боз атты біреу кіре берді. Оны Ғалияның да, Қордабайдың да көзі шалып қалды. «Жаным - ау, Ақбоз ба?»—деп ойлаған Ғалияның өңі қуқылданып кетті. Ақбоз дейін десе, үстіндегі адамның киім - кешегі жүдеу сияқты. «Жаным - ау, Ақбоз ба!», деген ой Қордабайға да кеп, о да сұрлана қалды. Ғалия да, Қордабай да бір - біріне жаутаңдап қарады. Үйге біреу кіріп келді. Дене - тұлғасы, бет бітімі — Балуан Шолақ. Бірақ киімі де, кескіні де жүдеу: сақал - мұрты қаудиып өскен, басында үлкен сеңсең тымақ, сыртында көнетоз қой жүн шекпен, аяғында байпақты саптама етік. «Балуан ба, жоқ па?!»—деп күдіктенген Ғалияның бойы әлденеге қалшылдап, орнынан тұра бере екі - үш рет жығылып оңалды. Сонда да ол өзін - өзі күштеп, түре келсе, — қадала қарағаны Балуан Шолақ!.. Ғалияның бұрынғы ойы — Балуанды көрсе құшақтау, үйде болса — үйді жаңғырта, далада болса — даланы жаңғырта айғай сап жылау, көз жасын көл дария ғып ақтару еді.
Қазір оның аузынан леп, көзінен жас шықпай қалды.
Үйге аяғын салқындау басып кірген Балуан Шолақ, Ғалияның сасып қалғанын білді, бірақ неге сасқанын түсінбеді. Ғалияның сасуын, Балуанның шыдамын көрген үйдегілер де тым - тырыс. Олардың ойындағы сөз: «не болар екен?». Аузына сөз түспей, буыны дірілдеген Ғалия, ішінен «ойпыр - ау, маған не болды!»—дегендей өзін өзі күштеп, әлсіз денесін зорға сүйреп Балуанның қасына барды да, оның, кеудесіне сүйеніп, қолын иығына арта, кескініне қарады. Сонда ғана тіл бітіп:
— Балуан! — деді ақырын.
«Балуан» деген сөз Ғалияның көз жасын байлаған тоған сияқтанды. Аузынан осы сөз шығуы мұң екен, — көз жасы ағытқан тоғандай саулай жөнелді. Балуанның кеудесіне бетін басып, Ғалия солқылдап ұзақ жылады. Балуан көзіне жас алған жоқ. Оны қатайтқан ой,— «бұл жылауың сағыну ма? Әлде күнәңді жуу ма?» Әдейі, Балуан естісін деген оймен, жігіттерге сыбырлаған боп, Ғалияны қызғанған Қордабайдың айтқаны:
— «Балуан! Балуан!»—деп көтеретін едік. Асқаралы таудай көретін ек. Төмпедей - ақ қорамы бар екен ғой мынаның!.. Бір бейнетке шыдамай, осынша ұнжырғасы түсіп, осынша азғаны несі?.. Ғалия енді несіне қызығып жылап тұр?
— «Ерді кебенек ішінде танысын», деген емес пе? — деді Қордабайдың бұл сөзін ұнатпаған біреу, — киіміне бола жақсы көрді деймісің? Сүйегін танып жақын болған шығар. Бұл жылауы да сүйегін танығандық шығар.
— Рас айтасыз!—деді бұл сөзді құлағы шалып қалған Ғалия, кенет ширап, — «ерді кебенек ішінде таны!» деген сөзді халық босқа айтпаған.
ТАҒЫ ДА ТҮРМЕДЕ
Аз күн аялдап дем алғаннан кейін, Балуан Ғалияға біржола қосылып, бірге тұруға келген ойын айтты. Ғалия бұл сөздерге алғаш көне қойған жоқ, сондағы дәлелі:
— Мен саған бәрібір берілген кісімін ғой, сондықтан, сені сүю жолында не қиындыққа болса да шыдап жатырмын. Менің уайымым, — өзім емес, сенсің. Маған сенің амандығың қымбат. Амандығыңа қажет десе өзімнен бастап қолымда бардың бәрін құрмалдыққа шалуға, садақаға беруге әзірмін. Бақытыңа бөгет болатындармен, шамам келгенше алысуға да әзірмін. Қосыл десең қосылайын. Менің тек қана қорқатыным — «батырдың ажалы маржадан» деп еді, ажалыңа я бейнетіңе себеп болсам, ол менің жүрегіме жазылмастай түсетін жара болады. Осы жағын ойлан, Балуан!..
Балуан өз сөзін қостай берген соң, «жүзін жырта бермейін, не де болса тәуекел!» деді де Ғалия ризалық білдірді, екеуі молдаға барып некелерін қиғызды. Балуан мен Балқаш некесіз қосылған, сондықтан Ғалия Балуанға бірінші заңды әйелі болды. Бұл оқиғадан кейін Балуан еліне кетті де, Балқашқа араларындағы ерлі - зайыптылық қатынас біткенін айтты.
— Мен ешқайда бармаймын, — деді Балқаш, — осында тұра берем. «Ат айналып қазығын табады» дегендей, мені таппағанмен, бірі сырттағы, бірі іштегі екі балаңды таппай кете алмассың қазіргі ерік өзіңде.
— Оны уақыт көрсетер, — деді Балуан.
Балқашпен қарым - қатынасын анықтаған Балуан, «бір қысша менің қасымда бол» деген өтінішпен, қасына шешесі — Қалампырды алып Ақмолаға жүріп кетті. Әкесі — Тілеудің үйінде тұратын Ғалияға оралып келген Балуан, дос - жарандардың ақылын да алып, өзі де сондай ойға кеп, «сен тимесең, мен тимен» нің тұрмысымен, тыныш қана өмір сүруге кірісті. Бірақ, ол мақсатына Балуан жете алмады. «Таң атпайын десе де күн қоймайды» дегендей, Ғалияны қызғанған Қордабай, қыр соңынан қалмайтын болды. «Ауыл итінің құйрығы жуан» дегендей, ол әуелі, өзін орнықты адамға, Балуанды қаңғырғанға санап, тілін алатын жігіттерімен кеп білек көрсетпек болып еді, Балуан білекке білек жұмсап, үйінен айдады да шықты. «Қапысын тауып көшеде сабайық» деген ойынан да Қордабай ештеңе шығара алмады, Балуанды сабаудың орнына өзі таяқ жеді. Ақыры, қол күшпен Балуанды не қорқыта, не мұқата алмайтын болған соң, Қордабай заңды құрал етуге кірісті. Ол ояздық начальник Тройцкийдің, атына, «қалаға осындай бұзық келді» деп, Балуан туралы білетін сөздерінің бәрін жазып арыз берді. Балуанның Ақмолаға келгенін Тройцкий сол күні біліп, кеңсесіне оны шақыртып алды да, Долгоносов берген подписканы көргеннен кейін, «қалада тұруға рұқсат, бірақ сотқарлық қылма» деген ақыл айтты. Балуанға солай дей тұра, Тройцкий сол күні Омбыдағы далалық генерал - губернатор Мамонтовқа Долгоносовты Балуанға подписка бергендігі үшін сөгіп, өзінің не істеуі туралы хат жазып ақыл сұрады. «Ол адамды мен де білем, — деп жауап қайырды Мамонтов, — қылықтарын да естідім. Долгоносов подписка беруді маған ақылдасқан еді, қызды құтқару туралы басқа істер айла болмаған соң, мен подпискаға рұқсат берген едім. Балуан Шолақты ұстауда ең қиындық — халқының арасында аса беделді көрінеді. Балуан Шолақты ұстасақ былай да зорлықпен бағындырып отырған қазақтардың үкіметке наразылығы үдеуі, тіпті көтеріліс шығуы мүмкін, сондықтан, әзірге оған тимеуіңізді мақұл көрем. Бірақ, егер қауіпті боп бара жатса, себебін тауып тұтқынға алыңыз!». Троицкий Балуан Шолақтың қимылына қарауыл қойды. Оны Балуан Шолақ білді де. Бірақ ол жасқанған жоқ. Бойын бұқтырған жоқ. Сауық - сайраны баяғы қалпы, баяғы бойын еркін ұстауы әлі де сол. Балуанды ерекше бақылаған Ғалия. Оның бар ынтасы — шамасы келгенше жанжалдан аулақ ұстау, ойын-сауықтан басқаға араластырмау. Осы оймен Ғалия Балуанды қанша тізгіндеймін дегенмен, кейде айырылып қалады. «Қорғалап өлем бе? Тәңірі өзі берген жанын өзі алмай ма?»—деп ол намысына тиген жерлерде сыбағасын жібермейді, ерегіскен адамына қолы да, тілі де тиіп жүреді. Балуанның үйірі — сол маңайдың ақындары, әншілері, салдары: Доскей, Ғазиз, Исабай, Әздембай, Сатмағамбет. Бұлар қашан да Балуанның маңайынан шықпайды. Қайда барса да бәрі бірге, сауық - сайрандары ортақ. Ақмолада жарты жыл дәурен сүрген Балуан Шолақ, серіктердің намысын қорғаймын деп, зор екі жанжалға килікті. Бір жанжалы Ғазиз ақын туралы. Ғазиздің әкесі Файзолла, Ақмола оязындағы атақты байлардың біреуі — Мәті, Дәулен дейтін он екі мың жылқы біткен ағайынды екі байдың ауылында молдалықта тұратын еді. Молда әкесінің тілін алмай салдық құрған, әрі ақын, әрі әнші, әрі сырнайшы Ғазиз, Мәтінің, Мұхаметжан, дейтін баласының қызы — Мұқышты алып қашты. Ғазиз әкеткенін естіп артынан қуғын жіберген Мұхаметжан, қызын тартып алып қалды да, Ғазизді бауыр сыртын бірдей ғып сабап жіберді. Осы жөнде Ғазиз Балуан Шолаққа келді де:
«Мұқыш қыз сұлу еді табын - дағы!
Кербесті ат жүйрік еді бабын - дағы!
Тұсында Ащылы айырық ұстап алып,
Қайтейін бір байланған бағым - дағы!»—
деп бастап, көрген қорлық - зорлығын өлеңмен айтып, мұңын шақты. Балуан Ғазизді ертіп Мәті, Дәуренге бармақ, Мұқышты тартып әкелмек боп жиналып жатқанда, қыз ұзатылып алысқа кетті деген хабар келді. Балуан да, Ғазиз де санын соқты. Сол кезде Ақмолаға Дәуленнің Шәріп дейтін болыс баласы кеп, Балуан оны іздеп барды да, қисынсыз жанжал шығарып, сілейте сабады. Әрі бай, әрі болыс адам бұл ызаға шыдамай, оязға «ұрлық малына қағаз жасап бер деген тілін алмаған соң, Балуан Шолақ сабады» деп арыз берді. Ойдан шығарған ұрлыққа, ойдан шығарған иелер тауып, олардың атынан арыздар оязға жауып жатты, «көрдік, білдік» деген өтірік актілер келіп жатты... Ол арыздар зерттеле бастағанда, Доскей ақын елінен бір қызды алып қашып келді. Бұл қыз — бүкіл Ақмола оязына беделді бай — Саңырықтың Нұрланы дегеннің жесірі еді. Намысы қозған Нұрлан, заңнан бұрын қол жұмсамақ боп, «Доскейді де, қызды да байлап әкел» деп, елінен жүз жігіт аттандырады. Олар Ақмола қаласына кеп, пәтерде тығылып жатқан Доскейді де, қызды да байлап жатқанда Балуан Шолаққа хабар тиді. Ол жалмажан Ақбозға міне сап, Доскей жатқан үйге барса, жігіттер Доскей мен қызды арбаға байлап әкеткелі жатыр екен. Араша сұраған Балуанға тілі тиген соң, ол ашуына мінді де, көшеде сайыс сап, қамшымен ұрып, шетінен отай аттан түсірді. Беті қайтқан жаудан ол Доскей мен қызды тартып алды да, өз үйіне алып келді. «Ойда отыз сиырдың, мүйізі сырқыраса, қырда қырық сиырдың мүйізі сырқырайды» дегендей, далада ғана емес, қалада ояздық әкімдер тұрған жерде Нұрлан жіберген жігіттердің Балуан Шолақтан таяқ жеуі, жалғыз Нұрланға ғана емес, қала, даланың құлақ естір жердегі мықтыларының бәріне батты.
— Мынау сұмдық болды!—десті олар, — егер бұған тыйым салынбаса, қала, дала түгіл, үйіміздің ішіне кіріп ап сабар, мынау!.. Қой, бұлай басындырмайық бұны!.. Қайткенде де көзін жояйық бұның!..
Сол кезде, Ақмола қаласында, осы ояздағы болыстардың басы қосылған жиын бола қалды. Балуанның көзін жою туралы ақыл, осы жиында қорытылды. Ұсынысты Мәтінің Шәрібі жасады.
— Балуан Шолақ малымызды ұрлады деген приговорлар біздің елден келіп, зерттеліп жатыр, — деді ол, — осыған өзге болыстар да дауыс қосып, өз елдеріңнен жоғалған малды Балуанға жабыңдар да, сендер де приговор беріңдер. Бәріміздің сөзіміз бір жерден шықсын: «Балуан Шолақтан құтылмай, елге жарық, сәуле жоқ» дейік.
Сөз осыған құйылды да, болыстар қол қойып, мөр басқан приговорлар ояздық начальник — Тройцкийдің атына қаптап кетті. Бұл кезде Тройцкийдің өзі де Балуан Шолақты осы қаладан кетірудің амалын іздеп жүр еді. Оған бір себеп — Балуан туралы қалада қаңқу көбейіп кетуі болса, екінші себеп — Омбыда губернатор кеңсесінде қызмет атқаратын әйелінің інісі жуық арада Долгоносовтың қызы Татьянаға үйленіп, жақын арада апасына қонаққа келеді деген хабар алды. Балуанның қолында біраз күн барымтада жүрген Татьянаны балдызы біліп алды ма, білмей алды ма — ол арасы Тройцкийге көмескі. Ал, өзі алуына разы емес. Оның ойынша, қыз Балуаннан бүлінуі тиіс. Және естуінше, сол қыз Балуанды аса сүйеді дейді. «Ендеше, жас келін апасына қонаққа емес, ғашығын көруге келе жатқан жоқ па екен?!» деп күдіктенеді ояз. «Осыдан бүліншілік шықпаса не қылсын?! – деп те қорқады ол. Сондай қорқынышқа кірген ол, қонақтары келерден бұрын Балуанды бір жаққа тайдырудың амалын таба алмай сасып жүр еді, Шәріп берген арызға қосымша арыздар жауа қалды. Ол қуанып кетті. Оның бекіген ойы — арыздарды сылтау қып, істі анықтау мақсатымен тұтқынға алу. Осы ойға бекінген Тройцкий астыртын кісі жіберіп Балуанның түнде қайда жататынын, қандай сақтықпен жататынын біліп алды да, қаннен - қаперсіз ұйқыда жатқан Балуанды қарулы жандармдар қапыда басты. Ол абақтыға жабылды.
МЕҢДУАНАҒА МАСТЫҚ
Балуанды түн ортасында ұстап әкеткеннен жылаған Ғалия, жастыққа бетін төсей шөке түскен қалпынан сәске көтерілгенше жылады. Баста оған қосыла жылаған Қалампыр, біраздан кейін ақыл айтты:
— Шырағым, қой жылауды! «Кебін кигеннен түңіл, кебенек кигеннен түңілме», — деген бұрынғылар. Аман болса бұдан да құтылар. Шын жаның ашыса Нұржанды құтқарып алудың қамын ойла.
Ғалия бұл сөзге құлақ аспай, тиылудың орнына үдей берген соң, Қалампыр ұрысты:
— Нұржан осынша құмартып соңыңнан қалмағанға мен сені ерге — ер, серге — сер қатын екен десем, сен де ұзын етектің бірі екенсің ғой, тәйірі!.. Нұржан құр жылтыраған бетіңе қызыққан екен ғой!.. Сенен басқа қатынның байы ұсталмап па? Бекет батырды патша ұстап Итжеккенге жер аударғанда, қатыны — Зере соңынан қуып барып, жасырып алып қайтқан жоқ па еді? Патша осы Қараөткелден ұстап ап, Тескентау өткізіп жіберген Жиенбай батырды, қыздай отырған қалыңдығы Балқия да құтқарып әкелді деп естігеміз. Нұржан солардай теңін тапқан екен десем, көз жасынан басқаға әлі келмейтін салды балақ қатынның бірі ме едің? Қой, әрмән, ағыл - тегіл болмай!..
Қалампырдың қайрат берген сөзі Ғалияның жасын тиды. Балуан Шолақ: «Апам, Апам!» дей беруші еді, неге олай дейтін себебіне Ғалияның көзі жаңа жетті.
Жасын тиған Ғалия, Балуанның іздеп кеп қолға түскен өкінішін айта кеп:
— Аз күн бейнеті ешнәрсе етпес еді, бірақ тез шықса! Мен шығармай ма деп қорқам. Бұл қаланың ұлықтарының беті оған жаман, — деді.
Төрт - бес күн уақыт өтті. Ғалия ояздық мекемелердің есігін түгел қақты, бірақ жылы ұшырағаны кездеспеді. Бәрі де жыландай ысқырынып: «Енді ол саған жоқ» деп дүрсе қоя береді. Ұлықтардан тауалы шағылған Ғалияның дұшпандары да табалады. Амал қанша! Ғалияда бұрынғыдай өркеуделік жоқ: «Бетегеден биік, жусаннан аласа».
Бір күні кешке Қалампыр Ғалиямен ақылдасты:
— Шырағым!—деді ол Ғалияға, — Сен ұлықтардан түңіліп жүрсін. «Үмітсіз — сайтан». Егер ұнатсаң, мен саған бір ақыл айтар ем.
— Айт, апа!
— Біздің елімізде, әткемдермен тұстас: Көлбай, Жанбай деген екі батыр бопты. Солар патшаға қарсы шығып, неше жыл жанжалмен бағынбай жүріпті. Патшаның құрығы ұзын: бір күні Көлбай мен Жанбайды қапылыста ұстап, Көкшетаудың абақтысына қамапты. Көлбайдың қатыны Ақтайлақ деген кісі ер адам екен дейді. Көлбай мен Жанбайға ас апаруға ешкім бата алмағанда, Ақтайлақ: «Өлтірсе мені өлтірсін, жаным батырлардан ардақты емес» деп асты өзі апарыпты. Асы бір саба қымыз, бір семіз құлынның еті екен дейді. Түрменің адамдары аш па, я қазақтың асын таңсық көре ме, қымыздан сұрап ішіпті, еттен сұрап жепті. Көлбай мен Жанбай кедей екен дейді. Бірақ, ас бергізетінін көрген соң, бүкіл ел боп, күніне бір саба қымыз бен бір тоқты беріпті де тұрыпты, оны Ақтайлақ абақтыға апара беріпті, апарған сайын қызметкерлерін суара беріпті. Бір күні Ақтайлақ: «қымызға қосып, осыларға меңдуана берсем қайтеді», - деп ойлапты.
— «Меңдуана» не, aпa? — деді Ғалия.
— Білмейтін бе ең, балам? (Ғалия басын шайқады). Қурай сияқты іші қуыс, бұтақты шөп болады. Оның басына, үлкендігі тырнақ көлеміндей домалақ қауашақтар шығады, ішіне тары тәрізді ұсақ дән еседі. «Меңдуана» дейтін сол ұсақ бүршіктер. Егер соны суға қайнатып, не шайға, не қымызға қосып берсе, ішкен адам есінен айырыла мас болады.
— Арақ сияқты десеңізші!
— Арақты ішкенде тыжырына жеркенісіп жатады ғой жұрт? Меңдуананың дәмін де білмейді; араққа мас болғанда кіресілі - шығасылы есі болады ғой, меңдуананы ішкен адамда шүнәмдай да ес қалмай, жынды адам сияқтанып кетеді; арақ ішкендер тәлтіректеп буынын баса алмай жүрсе, меңдуананы ішкен кісі әуеле жайшылықтағы қалпынан күшейіп кетеді де, біраздан кейін, өлген адамдай ессіз боп құлайды.
— Сөзіңізді бөлдім - ау, апа, — деді Ғалия — әлгі Ақтайлақтың кеңесін аяқтаңызшы!..
— Өзім де соған келе жатырмын. Сонымен, Ақтайлақ, бір саба қымызға қайнатқан бір шелек меңдуана суын қосып апарады. Оны білмей ішкен түрме адамдары, біраздан кейін қирай мас болады да, бірі мен бірі төбелесіп әуре - шікірасы шығады. Сол кезде Ақтайлақ абақтының есіктерін ашады да, тұтқындар да, Көлбай мен Жанбай да қашады. Көлбай мен Жанбай сол қашқаннан Жиделі - Байсын өтіп кеткен дейді. Ешкімге ешкім тимейтін, қой үстіне бозторғай ұялаған, қыс болмайтын, жері бау - бақшалы тамаша жер дейді оны!..
— Мен де осыны істер ем, — деді Ғалия, — бірақ қайдан табам, меңдуананы?
— Ондай өнер көрсетем десең, меңдуананы алыстан іздемессің. Тісімнің сырқырамасы болушы еді, меңдуана салсам басылатын еді, соған деген бір дорба меңдуанам бар, ол осы Қараөткелдің тең жарысын мас қылуға жетеді.
— Істеймін! Бер — деді Ғалия қуанып. Ол іске кірісті.
Абақтыда надзиратель боп қызмет істейтін, Ғалиямен бала жастан бірге өскен, бірін - бірі туғанындай көретін жігіт болушы еді, аты — Тоқпан. Балуан Шолақ абақтыға алынғаннан кейін, Тоқпан Ғалияға кеп, аянышын білдіріп, көңілін жұбатпақ болған. Сол Тоқпан арқылы танысса, абақтының начальнигі Завьялов қымызқор адам боп шықты.
— Осы күні не көп, абақтыда жатқан қазақ көп! — деді Тоқпан Ғалияға, — солардың жақындары күнде ауылдан сабалап қымызды, я басқа астарды тасиды да жатады. Келген астың көбінің игілігін Завьялов көреді. Тегін тамақты аясын ба — бізді де тойғызып тұрады.
Ғалия Тоқпанға бірге өскендігін, көңілдестігін айта кеп, меңдуана жайын баяндады.
— Болсын! — деп көне кетті Тоқпан, — Балуан Шолақпен істес боп көрмегенмен, қандай жігіт екенін жақсы білем. Реті келсе, қипыстан құтылуына тілектеспін. Меңдуанаңды әкел, тапсырмаңды орындаймын.
— Қорықсаң зорламаймын, — деп шегеледі Ғалия.
— Айтқаным айтқан,— деді Тоқпан. Ол абақтының хал - жайын, қай күні орқаны келерін анықтап ап, Ғалияға хабар бермек болды.
Тағы да біраз күн өтті. Үкімет Балуан Шолақты: «Абақтыны тағы бұзар, я қашуға тырысар» деп, аяқ - қолын кісендеп, бір ұшын тас қабырғаға қаққан шығыршыққа байлап ұстады.
Бір күні Ғалияға Тоқпан келді:
— Сәті түсуге айналды, — деді ол, — Завьялов бүгін екі саба қымыз, бір тоқтының етін алды да, бір сабаны күндіз ішіп, екінші саба мен тоқты етін іңірде ішіп жеуге қалдырды. Бүгін бәрімізді қонақ қылатын болды. Меңдуанаңды бер маған, мен оны қайнатып, кешкі ішілетін сабаға елеусіз уақытта құяйын...
— Қалай қайнатасың меңдуананы?
— Абақтының конторында күндіз - түні қайнап тұратын самауыр бар, қасында көбінесе кісі болмайды. Қымыз да сонда тұрады. Меңдуананы ебін тауып сол самауырға қайнатам да, сабаға құям!
Бір дорба меңдуананы алды да, Тоқпан кетті. Сол күні ол күндіз демалып, күзетке кешке бармақ еді. Күн бата абақтыға барса, конторда жалғыз уборщица әйел ғана отыр екен, самауыр быжынап қайнап тұр. Уборщица момындау, бейқамдау адам болатын. Тоқпан оның көзін алдап, самауырға меңдуананы салды. «Бір қайнаса болады» деген Қалампыр. Аз уақыттан кейін, Тоқпан уборщицаны сырттағы бірдемеге жұмсады да, өзі самауыр суын шелекке тез қотарып, қайта су құйып, меңдуананың суын аз уақыт тұндырды да, сабаға құйды. Сабаны шайқады. Содан кейін, абақтыдағыларды түгендеген Завьяловқа еріп, бөлмелерін аралады. Балуан Шолақ оңаша бөлмеде еді. Завьялов пен Тоқпан оның бөлмесіне де кірді.
— Енді неге қашпайсың?—деп кекететін еді Завьялов, кісендеулі Балуанды көрген сайын.
Бұл сөзді Балуан бұрын естігенде, айбат шегіп қарсыласып қалатын. Бұл жолы да ол қарсы сөз айтуға ыңғайлана беріп еді, Тоқпан көзін қысып қойды. Неге өйткенін жобалай алмаған Балуан, «бір мәні болар» деп түйді ішіне. Завьялов іңірде дежурствоға кісі тағайындап, өзі үйіне қайтпақ боп, абақты қызметкерлерін түгел конторға жиды. «Есік пен қақпа кілттеулі, қорған берік, қайда қашар дейсің» деп, ол кейде қақпа алдындағы күзетші мен қорған бұрышында тұратын қарауылдарды да шақырып қымыз беретін еді. Қарауыл мен қақпа күзетшісін Завьялов бұл жолы да шақырды.
— Үйге қайтар алдында сендерді сыйлайын деп ем, — деді мақтаншақтау Завьялов қызметкерлеріне, — кәрің бар, жасың бар, менен бұрын, нақ мендей начальникке кездесіп көрдіңдер ме?
— Жоқ! — десті бәрі шулап.
— «Жоқ» болса, ішіңдер мына қымызды!.. Жеңдер, мына етті! Қалай тойғызам мен сендерді күнде?!.. Мен кетсем көбің аштан инеліктей қатасыңдар!
Абақты қызметкерлері қымызды ал кеп ішті, етті ал кеп жеді. Тоқпан өтірік ішкен боп көптің көзін алдады. Қымыз әрі қою, әрі тәтті еді. Кісі басы одан екі – үшке тастағаннан кейін, басы жұқалаулары қызуға айналды.
— Қызына бастаған кезде жел соқса тез мас болады, — деген еді Қалампыр.
Көптің көзін алдаған Тоқпан, өзгеден бұрын өзі қызған боп: «үй ысып кетті» — деп есікті, терезенің форточкасын ашты. Дала сол күні желкемдеу еді. Ашқан форточкадан аңқыған сквозняк контордың ішін желдендіріп жіберді. Қызған денесін сквозняк салқындатқан Завьялов, «жабайық» дегендерге жаптырмады. Жұрттың бәрінен бұрын Завьялов мас болды. Жайшылықта да көп сөйлейтін ол, мас болған соң желігіп кетті.
— Мен құдай!.. Мен патша!.. Аш, абақтының есігін, қақпасын!—деп ақырды ол кілтшіге ,— бердім бостандық, бейшараларға!
Өзгелер де мас болды. Есінен айырылған олар қиян - кескі төбелесті. Сол апыр - топырда Тоқпан әуелі Балуан Шолақтың камеріне кірді де аяқ - қолындағы кісенді алды, содан кейін Балуан екеуі барлық камераның есігін, қақпаны ашып, қамаудағылар түгел қашты... Өзара қиянкескі төбелескендердің басы жарылғаны, көзі шыққаны, жараланғаны аз болған жоқ. Таяқты ең көп жеген Завьялов. Тегін ет пен қымызға мейірімді болғансығанмен, ол өзіне бағынатындарға аса қатал еді, тілінен қолын бұрын жұмсайтын еді. Сол кек кеудесінде жүрген абақты қызметкерлері мас боп алғаннан кейін, Завьяловты жүндей түтті... Өзара да төбелескен олар, айғай - шумен көшеге шықты... Абақты Ақмоланың қаласынан оңаша Есіл жағасында еді. Және бұл кез қала халқының үйді - үйіне орныққан шағы, көше тастай қараңғы. Абақты қызметкерлерінің жанжал - шуын естіген адамдар болды. Сондай төбелес қаланың әр жағында күнде боп жататын, оларды арашалауға жабайы халық түгіл, полицейскийлер де қорқатын. Мынаны да сондай төбелестің бірі деп ұққан халық, шуды ести тұра тырп еткен жоқ. Ессіз қимылмен бірін - бірі аямай пергілесіп жүрген абақты қызметкерлерінің біреуі, «осыдан құтылмай жарық жоқ дегендей», абақтыға от берді. Ол үй, асты кірпіш, үсті бөрене — екі этажды болатын. Қурап тұрған тақтай мен бөренеге тұтанған жалын ілезде аспанға шықты. ...Каланча қағылды. Жұрт өртке жүгірді. Есінен адасқан мастар кездескенді сабап, жұрт өртті сөндірерін, я мастарды ұстарын білмей састы. Мастардың кім екенін, өрттің қайдан шыққанын біразға шейін ешкім біле алмады. Өртке Тройцкий де келді. Тұтқындардың қашқанын көрді.
— Қызметкерлері қайда? — деп іздеді ол, өрт сөнуге айналған шақта ғана есін жинап, — Завьялов қайда?..
Оны жұрт ессіз құлап жатқан жерінен тапты. Егер өрт сөндірілмесе, соққыдан ауыр жараланған ол күйіп кетеді екен... Мастарды көпшілік жабылып әрең ұстаса — бәрі де абақты қызметкерлері!.. Бірі де есін білмейді!.. Бұл оқиғаның артында зіл жатқанын көрген Тройцкий жандармдарға: «бәрін де есі кіргенше бір үйге қамаңдар! Абақтыдан қашқандарды табу үшін, қалаға шетінен тінту жүргізіңдер!» деп бұйырды. Сол күні Троцкийдің үйінде Татьяна мен күйеуі келу құрметіне мәжіліс болып жатыр еді. Мәжілісте күйеу мен қалыңдықтан басқа Омбыдан келген прокурор, чиновник особых поручений бар да, және ояздық чиновниктер де бар. «Өрт!» деген хабар естілгенде қорыққан оларға Тройцкий: «Сіздер отырыңыздар, мен өзім ғана барып сөндіру ісін басқарып қайтайын» деген. Тройцкий қайтып келсе қонақтар үрей екен. Ішкі тынышсыздығын олардан бүркеген Тройцкий:
— Абақты күйген! — дей салған еді.
— Абақты! — десті қонақтар шу ете ғап. — Ыңғайсыздау хабар екен! Тұтқындары қайда?..
— Қашыпты!..
— Енді қалай ұсталады олар?!—деп уайымдады прокурор.
— Өзгелері ұсталар ғой, — деді Тройцкий, — ұстатпайтын бір адам қашып отыр!..
— Кім?
— Балуан Шолақ!
«Балуан Шолақ» деген сөз құлағына шалынғанда, былай да үрейленіп тұрған Татьяна, жайдың оты соққандай, «аһ!»—деді де талып кетті!..
— Компресс!., Су!..—деп шуласты үйдегілер.
Бұл қалада Балуан Шолақ бар деген ой Татьянаның өңі түгіл түсіне де кірген жоқ еді. Міне, сол Балуан Шолақ оның алдынан шықты!..
ӨЛІМ ТҰЗАҒЫ
Күнім де сен Ғалия, айым да сен,
Көзді тартар батсайы, шайым да сен,
Ғашық болып айқасқан құшағымды,
Балтаменен шапса да айырма сен!
(Балуан Шолақтың өлеңінен) Абақтыдан шыға қараңғы көшенің біреуін бойлай, аяғын ентелей басқан Балуан үйіне келсе, Ғалия оны қақпа алдында тосып тұр екен.
— Біздің елде Сарманның сары қызы деген бар еді, — деді Балуан Ғалияға күле қолдасып, — қай байға берсе де, аз күн отасып үйіне қайтып келе беретін еді. Сол сияқты абақты — күйеу, мен — сол сары қыз,— сиыспай тағы қайтып келдім.
— Келсең кел, сенен безер төркін жоқ! — деді Ғалия.
— Қайдан білейін: «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман», — дегендей боп жүрмесе!..
Осы кезде көшеде шу көбейе қалды.
— Балуан,— деді Ғалия шуға елегізіп, — ренжімесең сені басқа бір үйге апарайын.
— Қайда?
— Бара көрерсің, жан таба алмайтын жер.
— Қашқан қоян қайда паналамайды?—деді Балуан күрсініп, — қайда бастасаң да барайын, тек, апама ғана амандасып шығайын...
— Ол кісі басқа үйде.
— Жүр, онда!
Ғалия үн - түнсіз, Балуанды қолтықтай, қараңғы көшенің біреуін бойлап тартты. Олар бірқыдыру уақыт жүрді. Сол кезде күйген абақтының аспанға шыққан жалыны сәуле шашып, қаланың абақты жағы бозамықтанып кетті. Өртке жүгірген жұрттың кейбіреулері Ғалия мен Балуанға да кездесті, бірақ, «кімсің?, Қайда барасың?» дегені жоқ. Ғалия Балуанды өзен жағасындағы кішірек, бұрын көрмеген үйге алып келді. Бұл үйде атам - заманнан семьясыз жалғыз қарт парикмахер тұратын, Ғалияның әкесі — Тілеумен дос болатын, Ғалияны қызым деп жақсы көретін. Парикмахер қолтоқпақтай ғана денелі, бүкіштеу, өзінен мұрны мен мұрты үлкен, кішірек шүңірек көк көзді, қулықшыл шал екен, өзі қазақшаға судай.
Амандық - саулықтан кейін, Балуанды парикмахер төргі бөлмеге кіргізді.
— Маған кең сарай сияқты еді, күйеужан, — деді шал, бөлмеге кіре қалжыңдап, — саған тарлау екен. Бірақ көңілім кең. Соған разы боласын да.
Балуан алғыс айтты. Ғалия шалды Қалампыр мен Тілеуді шақырып келуге жұмсады. Кешікпей олар да келді. Енді не істеудің жайын ақылдасқанда, Қалампыр баласының Жетісу жағына кетуін мақұлдады. Оның мәні былай еді: Балуан Шолақтың арғы атасы Үйсін екені бізге еткен тараулардан мәлім. Ол — Балқаш көлі мен Алатау арасын жайлайтын ел. «Руын жасырған мүрдет», «ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақалдарға сенетін Балуан Шолақ, есін білгелі, елі — Үйсінді табуды, ұнаса тұрып қалуды арман еткен еді. Басына таршылық күндер туғанда: «туған ағайынның арасында тұрсам бұндай болмас ем, жанашырдың жоқтығы ғой, бұл» деп ойлайтын еді. Қызылжар мен Көкшетаудан Алматы, Құлжаға, Құлжа мен Алматыдан Көкшетау, Қызылжарға саудагерлер жыл сайын ағылып жатады. Сол саудагерлердің біреуінен о бір жылдары Балуан Шолақ Үйсіннің білікті деген адамдарына сәлем айтып, іздеуге ойы барлығын хабарлаған еді. Келер жылы саудагерлер Балуанға, Жетісудағы ағайындарынан шақырған хат алып келгенде, Балуан, абақтыда жатып, қолына тимеген еді. Сол хабар биыл көктемде тағы келді. Бірнеше кісі қол қойған бұл хат былай жазылыпты: «Хұрматлу баһадүр Балуан Шолақ есімді Нұрмағамбет Баймырзаұғлина біз Үйсіннің яхшыларынан дұғаһи сәлем. Бағдында бізден хал - ахуал сұрасаңыз, сағуа сәләмәтпіз. Емді үшбу хат - хабар қыламыз ки, бізләр саған үшбу хат илан екі мәртәбә хат жолдадық. Сізден бір хат алдық. Шондан кейін бу уахытқа қадар һеш хат алмадық. Біздін, хат сізге барған, я бармағаны би мағлум. Дахида біз сізге хабар айтамыз. Біздің Үйсін: Абақ, Тарақ боп екіге бөлінеді. Тарақтан Жалайыр. Сізге үшбу хатты жол- дап отырған біз — Абак, балалары. Абақтан: Байдібек, Байдыбектен: Сары Үйсін, Шапрашты, Жарықшақ. Сізге үшбу хатты жазған Байдібек ішінде Жарықшақ балалары. Жарықшақтан: Дулат, Албан, Суан. Сізге үшбу хатты жазған. Дулат балалары. Дулаттан: Сиқым, Жаныс, Ботпай, Шымыр. Шежіреден қарап, қариялардан сұрағанда сенің руың Жаныс. «Жаныс көп пе? Қамыс көп пе?» деген бұл елде мәтел бар. Жаныс көп ел. Өзіңізге мағлым: қазақ үш жүзге бөлінгенде, жалғыз Үйсіннің өзі бір жүз, және ұлы жүз болған. Жетісу облысының көпшілігі Үйсін. Үйсін Қытайда көп. Халқың сені көруге бек құштар. Үшбү хатты жазған адамдар, сенің келуіңді бек қатты күтеді». Бұл хатты алғаннан кейін, бұрын да көргісі келген Үйсінге баруға елегізді. Ақмола облысындағы ұлықтардың қуғынынан қажыған оның, үй ішімен біржола Жетісуға көшіп кеткісі келді. Осы оймен ақылдасқанда, Балуанды қимаған достары кетпе деп тура айтпай, басқа сылтау тапты.
— Кетуіңе қарсы емеспіз, — деді олар, — о да ата - бабаң ескен ел. Руыңды тапқың келсе, қимағанмен амал қанша, бірақ, бізге бататыны: еліңді еркіңмен іздеп бара жатқан жоқсың қашқын есебінде кетесің. Ол ел де біздің ел сияқты шығар, ол елде де біздің ел сияқты, жақсысымен қатар, қазан бұзар тентегі бар шығар. Ертең, іздеп барған еліңде тентек біреу: «Қаңғырған қашқын» десе, сүйегіңе кетпес таңба болады ғой дейміз... Ойлан!.. Өзің біл!..
— «Қара құлақ — қасқырдың шамы», — деп ойлады Балуан. «Қашқын» деген сөзді естігеннен өлгенім жақсы. О дан да келетін ажалды осы арада күтейін!
Бұл кеңестердің бәрін Қалампыр да, Ғалия да білетін еді. Тоқпан меңдуананы әкетіп, Балуан абақтыдан шығады деген үміт күшейген кезде Қалампыр, Тілеу, Ғалия — үшеуі отырып ақылдасты.
— Осыдан аман құтылса, — деді Ғалия, — бас сауғаның ең қолайлы жолы — Жетісуға кету.
Тілеу — «мойны алыс жер, қалай барады? Өзі барар, әке мен шешесің сені қалай әкетеді? Әкеткенмен бәрін, Жетісуға жете аласыңдар ма? Ол бұдан атпен айлық жол» — деп уайым жаудырды. Ондағы ойы — «қызым Балуаннан айырылып тағы байсыз қала ма» деп қорыққандық еді. Ғалия әкесінің түпкі ойын айтпай - ақ ұқты. Сондықтан да ол —«Балуанның сорына туған адам болдым мен, Атбасарда да, мұнда да Балуан мені сағалаймын деп қолға түсті. Балуанның қас дұшпаны — мен болатын болдым. Егер осы тұтқыннан аман шықса, ендігі обалына қалмаймын» деп ағыл - тегіл жылады. Ғалия, Қалампыр, Тілеу — үшеуі: «ең болмағанда Жетісу жақта біраз жыл жүріп қайтсын, оған шейін сары кідір тартып, жастық қызуы бәсеңдер, ұлық та тишығып құзауын қояр» деген ұйғарындыға келді. Егер Балуан аман шыға қалса, бұл ұсынысты Қалампыр айтпақ болды. Бұл кеңесті оның бастаған себебі сол.
— Апа! — деді Балуан.
— Әу, құлыным!
— Өзім өз болып, ес біліп, етек жапқалы мен сізді ренжіткен жоқ шығармын.
— Жоқ, қарашығым!
— Әлі де ренжіткім келмейді. Бір сөз айтайын десем сені ренжи ме деп қаймығам. Қаймықсам да айтам, мені жақсы көруіңе сенім айтам, жақсы көргендік үшін кешірер деп айтам. Бұл менің саған ең соңғы өтінішім, апа! Бір тілегімді бер, осыдан кейін, дүниенің бар азабы үстіме құлап, көтеру тетігі сенде болса да, «апалап» аузымды ашпауға ант берейін.
— Сонша неге сарқылдың, күнім? Айт тілегіңді!
— Берсең ғана айтам, апа!..
Балуан анасының кеудесіне басын сүйеп, жалынышты көзбен кескініне қарады.
— Қалқам-ай! — деді Қалампыр, — жеңіл - желпі болмайтын еді тілегің, мен сені балам деп аяп, тілегіңді берейін, сен мені анам деп аяп көтеретін салмақ арт.
— Тілегім мынау еді, апа! Өзіңе аян, мен дүниеге күле кірген бала едім. Сол дүниеден күліп өтпек боп, жақсы ат мінгім келді, жақсы киім кигім келді, жақсы жар құшқым келді, дүниені сауық - сайран, ойын - тоймен, ән - күймен базарлағым келді. Осындай кіршіксіз тілекпен іздегенімді тапқым кеп еңбек жолына шыққанымда, жазықсыз күндеушілер көбейді, жолыма оралғы болды. Ол оралғыларға бөгелмей мен талайын таптадым да, үмітіме қарай ұмтыла бердім... Бірақ, оралғылар сиқыршының торы сияқты екен, бірін үзсем екіншісі, оны үзсем үшіншісі кездесті... Өздерің айтатын едіңдер ғой: «баяғыда Қорқыт деген адам бопты, ол өлімнен қашыпты, қайда қашса да алдынан көр кездесе беріпті, содан кейін қашудан қажып, кез келген көрдің біріне өз еркімен жатыпты да, қашан ажал жеткенше күй тартып өтіпті» деп; сол Қорқыт — мен болдым!.. Сен маған Жетісуға бар дейсің апа, сонда ол жақта да қазылған көр жоғына көзің жете ме? Көкшетаудан Ақмолаға көрден құтылам ба деп келген жоқ па ем мен? Кәне құтылғаным? Не жаздым мен бұл үкіметке, қайда барсам алдымнан көр қаза беретін?
— «Тек жүрсең — тоқ жүрерсің» деген, балам, — деді Тілеу, — көңіліңе келсе де айтайын, өзіңде де бар, тек жүрмейсің.
— Мен не қылдым тек жүрмей?
— Мәті, Дәуленге, Нұрланға соқтыққан өзің емеспісің? «Ау, жарқыным, олар дүмді адамдар, соқтықпа, мерт боларсың» дегенде тіл алдың ба?
— Балуанды табалауың ба, әке?—деді Ғалия кейіп.
— Осалды мықты шыңғыртып жеп жатқанда қасында қарап тұрсам, мен кім болам?— деді Балуан.
— Біз саған қас кісі емес, — деді Тілеу, — жан ашығаннан айтылған сөз ғой. Сонымен, сөзді қысқасынан қайырғанда, не демексің?
— Дейтінім сол, — деді Балуан — қашатын қоян емеспін. Мен өлгеннен дүние иесіз қалмайды. «Қашқан жауға — қатын ер»...
— Сонда?!..
— Менің табан тіреген ойым: бір күн туыппын, бір күн өліппін. Қашан өзім өлгенше, жауласқан адамды бауыздаймын да жүрем. Апа! Егер тілегімді бергенін, шын болса, осы бетіме қарсы шықпа!
Баласынан мұндай ой күтпеген Қалампыр, төбесінен темір тоқпақпен ұрғандай мелшиді де қалды.
— Анаңның алдын орап қойдың, Балуан, — деді Ғалия, — ол кісі енді не айтады саған? Уәдесін күн бұрын алып қойдың. Анаң үшін мен өтінейін, таста бұл ойды!
— Анамнан алған тілекті қалай қиып қайтарам? Менің бір іске екі тоқтам жасаған күнімді көріп пе ең? Екі сөйлегенім — өлгенім емес пе?
— Өтінем, сонда да!.. Көз жасыммен өтінем!..
Ғалия солқылдап жылады да, аздан кейін тағы жалынды. Балуанның құрыштай құйылған қаталдығы иілмеді, «сөзім — сөзден» таймады.
— Ықтыярың онда!—деді Ғалия кенет ширап қарсы алдына тізерлей отыра ғап, — азат басыңа бұғалық боп, жауыңа ұстап беруім жетер енді... Онда ең алдымен менің көзімді жой!.. Өлтір мені!..
Балуанның тізесін құшақтаған Ғалия, бір кезде орнынан ақырын тұрып, тысқа шығып кетті. Сонда ғана Балуан басын көтерді:
— Бар, Нұржан! — деді Қалампыр, бұйрықты дауыспен. — Алып кел, келінді.
Балуан тысқа шықты. Парикмахер үйі өзеннің жағасында. Сол арадан, өзеннің аржағындағы тоғайға өтетін жіңішке тақтай көпір бар. Сол көпірдегі адамды Ғалияға ұйғарған Балуан, соңынан жүгіре ұмтылды. «Суға құлай ма!»— деген қауіп кірді оның ойына. Аяғын көпірге еппен жылдам басқан Балуан, Ғалияға жете алмады: ол көпірдің оқтасына жеткенше Ғалия өзеннің арғы жағасына шығып кетті. «Қайда барады, бұл? — деп ойлады Балуан, — мені біліп бара ма? Білмей бара ма?» Ғалия тоғайға кірді. Балуан, құрғаққа шыға аяғын адымдай, тез басып Ғалияға жақындады, бірақ, «қайтер екен?» деген оймен дыбыс бермей, жүрісін сездірмеуге тырысып, із өкшесімен басты да отырды. Тоғай ішінде: жуан, тапал, қисық, бұтақты ақ терек тұратын еді, Ғалия соған барды да, жеңсіз қамзолының сыртынан буынатын жібек белбеуін шешті. Балуан терек қасындағы бір түп талда жасырынып қарап тұр және ойлап тұр: «соңынан келгенімді сезіп, мені қорқытпақ болғаны ғой» деп ойлап қалды ол. Ғалия теректің бүкір беліне өрмелеп шықты. Ұзындығы үш кездей қызыл жібек белбеуден бір кездейін жыртып aп, қалғанының бір ұшын терекке байлады, бір ұшын тұзақтап мойнына кигізді. Содан кейін екі қолын белбеудің тұқылымен арқасына матастыра байлады да төмен қарғыды. Айтқан сөзі:
— Қош, Балуан!..
Ағашқа қалай ырғып шығып белбеуді үзіп жібергенін Балуанның өзі де білген жоқ. Ол жерге қарғып түскенше Ғалия сылқ етіп құлады да, басын көтермей қырылдап жатты. Балуан Ғалияның кеңірдегін сипаса, жібек белбеудің буындырған тұзағы мойнынан жазылған жоқ екен. Балуан оны бармағын тығып әрең ағытты. Ғалия қылқынудан рас талықсыған еді. Балуан оның былқылдаған денесін алдына алып:
— Ғалия, жаным! Дыбыс берші!—деді жалынышты дауыспен, — айтқаныңды істейін, берші дыбыс!
— Балуан!.. — деді Ғалия әлсіз үнмен.
— Иә, мен!.. Балуан!..
Ғалия Балуанды қаусыра құшақтап, солқылдап жылады.
— Жылама, Ғалия!—деді Балуан, бетіне бетін тақап, — бердім тілегіңді!..
— Солай ма, балам?—деген дауысқа Балуан, мен Ғалия қараса, Қалампыр екен.
— Солай болды, апа!—деді Балуан.
— Сөкпеймін, қалқам. Тек тілегімді берсең болады, — деді ана.
Олар кейін қайтты. Жетісу жолына жиналып болғанша жасырына тұрмақ боп, Балуан парикмахердің үйінде қалды. Қалампырды Ғалия мен Тілеу үйіне әкетті. Оларды қақпа ішінде жандармалар тосып тұр екен. Ұрып - соқса да шынын айтпаған үш бейбақты, полиция күйген түрменің қасындағы тас сарайға қамады...
АМАЛСЫЗ АЙЫРЫЛУ
Балуан Шолақ сол күні көп ұйықтады. Ол оянса терезе жабық, үй іші қаракөлеңке екен. Қатты ұйқыдан долырған бетін ол уқалап, терезе қақпағының азырақ ашылыңқырап тұрған жерінен сығаласа, аспанда қалын, бұлт азырақ ұсақ жаңбыр сіркіреп тұр.
— Оянғаннан кейін есікті ептеп шертерсің — деген еді парикмахер.
Балуан «кісі бар ма екен?» деп есікке кеп, құлағын тосып еді, шықылдаған сағат дауысынан басқа дыбыс білінбеді. Сонда да сақтанған ол есікті шертіп еді, — үн жоқ. Ол қаттырақ шертті, — үн жоқ. «Бұ несі?!» деп ойлаған ол, жарма есікті ақырын ашса, ауыз бөлмеде адам жоқ. Сыртқы есікті ашайын десе, бекітіп кеткен. Ауыз бөлменің терезе қақпалары ашық екен. Балуан содан қарай бергенде, сыртта тықыр естілді. Жүрегі шайлыққан Балуан, төргі бөлмеге кірді де есігін жапты. Сырттан біреу ауыз бөлмеге кірді. Балуанның бойына қорқыныш желі жүгірді.
— Балуан! — деген дыбыс естілді ауыз бөлмеден, парикмахердің дауысы. Балуан есік ашса, парикмахер суланған пальтосын шешпестен тұр екен, өң,і сынық!
— Иә, не хабар бар? — деді Балуан.
Парикмахер сыр білдірмейін дегендей ол - пұл қалжың айтқан болды, бірақ бұнысы кешегідей жарқын көңілден шыққан қалжың емес сияқты, артында зілі бар қалжың сияқты.
Парикмахер Балуанға болған оқиғаны жайлап айтты. «Анаң, Ғалия ұсталды» дегенде тұла бойы мұздана қалған Балуанның қаны ілезде қайнап кетіп, екі көзі қанталай қалды. Аздан кейін ашуы сабасына құйылғандай болған ол:
— Маған енді не істе дейсіз?—деді парикмахерға. — Анаңды, сүйген жарыңды, қайын атаңды қаматып қойып, өзің қашып жүр дейсіз бе, болмаса қарсылас дейсіз бе?
— Оны салқын қанмен ақылдасу керек, — деді парикмахер, — қаладағы күдікті деген жерден сені іздеп тінтімегені жоқ көрінеді жауларыңның, «ұсталса, атып тастаңдар»— деп бұйрық беріпті Тройцкий.
Бұл сөздерді тұнжыраумен тыңдаған Балуан Шолақ, бір кезде жадырағандай басын көтерді де, Тройцкий үйінің, қора-қопсысының қалай жасалғанын сұрады.
— Оны қайтесің? — деді парикмахер.
— Керегі бар.
— Мен білмеймін. Білетін кісі бар.
— Кім?
— Ояздың үйін күзететін полицейский урядник осы маңайда тұрады. Өзі маскүнем. Екі рюмка арақ ішсе бар сырын айтады.
— Қазақ па, орыс па?
— Қазақ.
— Онда шақыр соны! Бер арағын! Сұра ояздың үй құрылысын!
— Мақсатыңды айтшы!
— Ояздың үйіне барам да, жазықсыз тұтқындарды шығартам, я өлтірем.
— Қатер жұмыс қой бұл.
— Қорықпа, қарт! Осы бетім дұрыс. Бір алтыатар мылтық табылса болғаны.
— Ол менде бар.
Парикмахер шкафтан сырты жарқырауық, алты оқты «смитвильсонын» алып көрсетті.
— Жолым болады екен! — деді Балуан, — мылтықты ұстап көріп, — Өтінем, кешке шақыр әлгі урядникті!
— Қаңғалақтап ара - тұра өзі де келетін еді, арақты қатынынан жасырып осында ішетін еді. Жаңа үйінде жүрген, келіп қалмас па екен. Келмесе шақырайын! Егер келе қалса сен төргі бөлмеде тыңдап отыр, оған кіріп дағдыланбаған адам.
Парикмахер далаға шығып кетті де, аз уақытта қайтып келді:
— Жасырын!.. Келе жатыр!
Урядник үйге былдырлап сөйлей кірді.
— Қатыннан жарты бөтелкелік ақшаны тағы ұрладым, — деді ол, — міне, бутылкам!—деп, қойнынан жарты литрлік ақ арақты суырып алды да, столға қойды.
Закускасын да, ол қалтасына сап ала келген екен. Парикмахер қарсы алған боп, орындық қойып, чашке беріп күте бастады. Аузына арақ тие былшылдап, сандырақтады. Дүниедегі батыр да, мырза да өзі боп шықты. Сөз арасында Балуан Шолақты да атап: «Егер көзіме көрінсе, бір тарының қауызына сиғызам» деп қойды. Парикмахер оның астына көпшік қоя, мақтай сөйлеп, ояздың қора - қопсысының, үйінің жол - жобасын түгел айтқызды. Урядниктің баяндауынша: қораны айнала биік тас қорған, қорған үстінде аран - сым, кірер қақпадан басқа жол жоқ, қақпада күзет қатты; Балуан Шолақ қашқалы, үйдің сыртқа шығар есіктері тас бекітіледі, қораның ішінде, үйдің шатырына шығатын басқыш бар, шатырдың ішінде, үйдің коридорына түсетін қақпақ бар, қақпақ астында басқыш.
— Үйінде қонақ жатыр, — деді урядник, — қора-қопсының, үйдің жол - жобасын сандырақтап айтып боп, — Тройцкийдің балдызы... қатын әкелген. Білемісің ол қатын кім екенін?
— Кім?
— Балуан Шолақ Көкшетаудан алып қашқан қыз! Ox, и, сұлу!.. Ох, и, қорқады Балуаннан!.. — Тройцкийде бүгін той, — балдызының құрметіне!..
Арағын ішіп, қылжалаңдаған урядник біраздан кейін кетті. Ойындағысы орындалғандай болған Балуан қуанды. Енді ол Татьянаны көруге құмартты. Балуанның Тройцкийдің үйіне баруға бел байлағанын көрген парикмахер ақыл айтты:
— Мылтығым — жан сақтарым, көптенгі жолдасым еді, Ғалия үшін, Тілеу үшін, өзіңнің жігіттігің үшін қидым... Және бір ақыл айтайын: әйтеуір ояздың үйіне кіруге бекінсең және жолың боп кіре алсаң, сен оларды есінен кетпестей ғып қорқыт!
— К,алай?
— Бұл түріңде барма. Мен саған кіндігіңнен төмен түсетін сақал, құлағыңа орайтын мұрт жасап берейін. Үстіңе, жүнін сыртына айналдырып тері киім ки, сол түрмен кіpсең, саған көздері түскенде - ақ есінен танады олар.
— Дұрыс екен бұл!..
Ұзын сақал, мұрт жасатып, денесіне жүнін сыртына айналдырған тері тон киіп, аяғына киіз байпақ, басына айналдырған сеңсең тымақ киіп, қойнына «Смит - Вильсонды» салып, қараңғы түнді жамыла Балуан Шолақ жөнелді. Троцкийдің үйін қоршаған тас шарбаққа жеткенше оны ешкім көрген жоқ. Сонша денемен Балуан қандай епті! Ол қолының басы ғана іліккен шарбақтың үстіне қарғып шыға келді де, сымға арандамастан қораның ішіне түсті. Бір жақсысы — иті жоқ екен. Қораның ішінен үйді орағыта байқаса — терезелерінің қақпалары тарс жабылған. Үйдің қаңылтырлы биік шатырының қора жағында қақпасы бар екен, оған өрмелеп шығатын басқыш тұр. Балуан шатырға шығып, тастай қараңғы төбеден ішке түсетін тесікті әрең тапты. Ол сыбысқа құлақ түріп отырғанда үйдің ішінен дауыс естілді. Ақырын сипап, қақпақты көтеpіп көрсе — астында коридорға түсетін басқыш тұр. Сол кезде скрипка мен сырнай қосылып тәтті бір күйді ойнап жіберді. Балуанға скрипка мен сырнайдың емес, жүрегінің қылы күй толғағандай боп, тұла бойы шымыр - шымыр етті. Орыс халқының күйі мен әнін ол тамаша жақсы көретін еді.—«Енді ән айтса жарар еді!»—деп аз отырып еді, күй бітті, ән айтылмады. «Ендігісін күтпей - ақ қояйын, басқа қызығын бірдей көрейін» деп ойлаған Балуан, басқышпен коридорға сыбдырсыз еппен түсті де, шу естілген есіктен кіріп барды, қолында мылтық. Бөлме кең екен. Тамаша киінген жиырма шақты әйел - еркек, тамақ пен араққа толған жалпақ үстелді айнала, әлденеге мәз - майрам боп күлісіп отыр. Татьяна орталарында. Балуанға өзгеден бұрын көзі түскен бір әйел, екі көзі шарасынан шыға «ах!» деп ышқына бір дауыстап қалды да, үстел - мүстелімен шалқасынан құлады. Өзгелері Балуанды көрмегендей, құлаған әйелге ұмтыла бергенде, Балуанның «көтер, қолдарыңды!» деген даусы күр ете түсті. Бәрі оған жалт қарады да, кескіндері құп - қу болып, қолдарын көтеріп, тұрған жерлерінде тікелей қата қалысты. Балуан аяғын алшаңдай басып жақындады. Бірнеше әйел шыңғырып жіберді. Балуан Шолақты жазбай таныған Татьянаның барлық қаны басына шыққандай, дірілдеген денесі оттай лаулап, буындары селкілдеп кетті. Үрейленгендерді көріп масаттанғандай болған Балуан, сол бөлмедегі погребтің аузын ашты да, басы ояз қып, барлық еркекті қаһарлы ыммен ішіне біріндеп түсіре бастады. Осы кезде Татьянаның көзі күйеуіне түсіп еді, әлгі кезде өліктей бозара қалған кескініне қан жүгіріп, бетінде ашу толқыны ойнай қалған екен, шалбарының оң жақ қалтасынан браунигін суырып келеді екен. Ісіне масаттанған Балуан оның қимылын аңғарар емес. Татьяна күйеуінің браунигті суырған қолын сырт жағынан шап беріп ұстай алды да, жұлып алмақ болып еді, қол мылтыққа тас боп қатып қалған, босатар емес. Балуанға байқатпай, Татьяна күйеуіне ашулы көзін қадай қойды. Қосылуларына аз уақыт болғанмен, ол күйеуінің еркін билеп үлгірген еді. Күйеуін ықтырарда, ол көбінесе сөзін емес, көзін жұмсайтын. Браунигті жібергісі келмеген күйеу, Татьянаның біздей қадалған көзіне шыдай алмады да, босатты, қолына алған мылтықты Татьяна ешкімге сездірмей, арқасын таяп тұрған қабырғадағы айнаның артына қоя қойды. Татьянаны Балуан есіктен кіре таныды. Көкшенің кеудесінде бірге тұратын күндерден ол көп өзгерген: бойы одан биіктеген сияқты, денесі толығып, арық беті еттеніп, бұрынғы сопақтау беті дөңгеленген сияқты, бұрынғы сыптығыр кеудесі, енді төстеңдей көтеріліп, иек салбыраңқы бұғақ бітіп, кәдімгі байсалды келіншек болыпты! Еркектерді погребке қамап жүргенде, Балуан Шолақ Татьянаға қарамауға тырысты. «Егер қарасам, — деп ойлады Балуан, — менен емексіп, қимылыма бөгет болар!». Ең соңғы еркек — Татьянаның күйеуін Балуан Шолақ погребке түсіріп, қақпағын жауып жатқанда, есі жиналған Татьяна қатар бөлменің жабулы есігін ашты да, үрейленген әйелдерге: «мында келіңдер» дегендей ымдады. Әйелдер Балуаннан үрке, біріне бірі соқтыға, Татьяна ашқан есікке жүгіріп кірісті. Балуан оларға көз қырын ғана салып, есік жақта тұрған қаңылтырлы үлкен сандықпен погребтің қақпағын бастырды. Әйелдер кірген бөлменің есігін Татьяна жапты да, адымын нықтай басып, Балуанның қасына келді.
— Мен бәрін де естідім!—деді ол. — Сіздің не оймен мұнда келгеніңізді, айтпай - ақ түсіндім. Бет алған жақтан қайтпайтын қаталдығыңыз болатын еді, сонда да, өмірімде сізден тілек тілеп көрмегенімді есіңізге сап, алғашқы да, соңғы да тілегім деп, өтініш айтқалы тұрмын, қабылдайсыз ба?
— Ретіне қарай көрермін! — деді Балуан.
— Сіздің, мына погреб астындағыларды өлтіруге келгеніңізді білмей тұрған жоқпын. Қиыңыз маған осы құрмалдықтарыңыздың жанын!
Балуанның бұл жолы рақымсыздыққа тастай қатқан жүрегін, Татьянаның сөзі жібіткендей болды. Сол кезде көзін жапқан қан тарап, денесін сірестіре буған ашу ыдырап жұмсақ жүзімен:
— Болсын Тәнәйжан, — деді ол, — мен сенің тұтқынға түскен жақындарыңды босатайын, сонда, менің тұтқын болған жақындарымды кім босатады?
— Әрине, мен!—деді Татьяна нық дауыспен.
Балуан Шолақтың жақындары абақтыға түскенін Татьяна естіген еді. Соларды босаттыру мақсатымен:
— Погребтегі тұтқындарды босатыңыз!—деді Татьяна Балуанға.
Балуан сандықты көтеріп апарып орнына қойды да, погребтің қақпағын ашты. Іннен шыққан суырдай боп, қамалған адамдар бірінен соң бірі погребтен сүйретіліп шыға бастады. Бәрі шығып болғаннан кейін, Татьяна Тройцкийге бірдеме дегелі ыңғайланып келе жатыр еді:
— Бәрін естідім, — деді ол, — Балуан Шолаққа берген уәдеңіз орындалады...
Кешікпей ояздың қорасынан тарантасқа жегіліп шыққан пар ат: Қалампыр, Тілеу, Балуан, Ғалия — төртеуін үйіне апарып салды... Ертеңіне Тройцкий Балуан Шолаққа паспорт және «ешкім тимесін» деген қағаз жібертті. Үй ішіне амандасып, Балуан Шолақ Жетісуға жүріп кетті. Бірақ, оның қайда кеткенін, өз үй - ішінен басқа ешкім білген жоқ...
БАЛУАН БІРІКТІРГЕН ӘН-КҮЙ
Тау көрмедім Көкшенің биігіндей,
Бауырында ойнап ем киігіңдей;
Кіндік кесіп, кір жуған қайран жердің
Болмайды екен еш қайғы күйігіндей
(Балуан Шолақ өлеңінен).
Ақмоладан аттанарда Балуан, «жолшыбай танымайтын ел, ойдағы жеріме жете алам ба, әлде тоналып қаңғырып өлем бе?»—деп қауіптенген еді. Ол қауіп Ақмоладан шыға бере -ақ жойылды, қай ауылға кездессе де оны құшақ жайып қарсы алды. Қазақтың кең даласына атағы түгел жайылғанын Балуан Шолақ сонда ғана көрді. Жолында кездескен ауылдардан өзі туралы неше түрлі ертегілер естіді. Мәселен оған жолдағы жұрт мынадай сұраулар қойды:
«Қамаған қарағай үйдің бір бұрышын көтеріп шығып кеткенің рас па?»
«Абақтының төбесін иығыңмен көтеріп аударып тастағаның рас па?»
«Абақтының қалыңдығы жарты кез сәкі тақтайын теуіп қақ ортасынан қақ бөлгенің рас па?» «Сот болғанда сенен — «неге бұлай бұзақылық істейсің», деп сұрапты ғой. Сонда сен: «Бойыма күшім симайды», депсің ғой. Сонда олар: «Сол күшіңді көрсетші» депті ғой. Сонда сен: «Егер босататын болсаң, осы үйдің екі терезесінің аралығындағы қабырғаны басыммен сүзіп құлатам» депсің ғой. Судья: «Оны құлатсаң босатам» деп қолынан шарт жазғанда, сен қабырғаны сүзіп құлатып кетіпсің ғой!.. Осы рас па?!» «Аққошқар»— дейтін аруағың, бар деп есітеміз. Ол қасыңда жүргенде сені отқа салса күймейді, суға салса батпайды, найза өтпейді, қылыш кеспейді дейді, сол рас па?.. Бір рет мылтықты мың, солдатпен соғысып, бәрін сойылмен ұрып жыққаның рас па?» «Кісінің көзін байлайды дегенді айтады. Бір күні үйіңе сені ұстаймын деп үш жүз солдат келгенде, көзін сиқырмен байлап, көрінбей қалғаның рас па?» «Ақбоз» дейтін атың осы ма? Мұның мықынында құс сияқты қанаты бар дейтіні қайда? Қысылған жерде құс боп ұшады дейтін еді ғой? Өзі сен айтқан сөздің бәрін ұғады дейтін еді ғой?.. Басыңа төнген қауіпті күн бұрын сезіп хабар береді дейтін еді ғой?.. Жауыңмен алысып, алдына келсе тістейді, артына келсе тебеді дейтін еді ғой?.. Қуаныш, қайғыңа ортақ еді ғой?.. Сол рас па?» Енді біреулер:—«Сенің бойыңды тік тұрған нар түйеден биік деп еді, құнажын байталдың етін жеп қояды деп еді, жылқының жілігін қойдың жілігіндей кеміреді деп еді, бір саба қымызға қанбайды деп еді, бір ұйықтаса қырық күн ұйықтайды деп еді, бір ұйықтамаса қырық күнге шыдайды деп еді... сол рас па?» деп сұрады. Тағы біреулер: «Баяғы Қобланды, Қамбар, Алпамыс, Ер Көкше, Ер Қосай тағы сондай батырлардың аруақтары сені қоршап, жебеп - желеп жүреді дейді ғой... Сен оларды көресің бе? Сөйлесесің бе?» деп сұрады. Балуанның дағдылы адам екенін, оның қашып жүргенін естіген біреулер — «сені дария деп естіп ек, шұқанақтай жоқ екенсің ғой, тәйірі!.. Сені асқаралы тау деп еститін ек, төмпедей жоқ екенсің ғой, тәйірі!.. Жортуылшы батыр деп естіп ек жымып жүрген қашқын екенсің ғой, тәйірі!..» деген сияқты ренішін де жасырмады. Балуан мақтағанға қуанған жоқ, жамандағанға ренжіген жоқ. Несіне қуанып, несіне ренжісің — қуанайын десе, елдің жүктеген үмітін ақтаған жоқ; ренжиін десе, елдің оны сынап айтқан сөздері өтірік емес, шын. Елдің өзі туралы айтқан сөздеріне қуанбай да, ренжімей де, салқын қанмен ғана тыңдап келе жатқан Балуан Шолақтың ұққаны, — әрі орыстың әкімдері мен байларынан, әрі өзінің әкімдері мен байларынан қорлық - зорлық көріп отырған қазақтың момын қалың көпшілігі, сол қорлық-зорлықтан құтқаратын басшы іздейді екен, «сондай басшы — Балуан Шолақ болып қалуы мүмкін» деген хабар естиді екен, үміті сондай болғандықтан, ел оның атын дағдылы қалғанынан әлденеше рет өсіріп, ертегінің батырына айналдырып жіберген екен. Енді, сол халықтың өзімен көзбе көз жолғасқанда, қорлық-зорлықтан құтылу туралы олар берген сұраудың ешқайсысына Балуан жауап бере алған жоқ. Ендеше, неменесіне қуанады ол?.. іске емес, даурыққан дақпыртқа ма?.. Қуанудың орнына қайғырды ол!.. Елдің қол созған биігіне көтеріле алмауына қорланды ол!.. Бірақ, қорланғанда не істесін!.. Бойынан биік қалай қарғысын!.. Жұрт көзінде өзін солай қомсынғанмен, халық Балуан Шолаққа қайда барса да, төбесінен тік тұрып құрмет етті. Оған екі себеп болды: бірі — халықтың басында бар қайғы өз басында да барын, бірақ, бұл қайғыны кетірерлік күш халықта болмаса, мұнда да жоғын, бұл да халықпен бірге, сондай күшті іздеу жолында екенін, әлі ондай күшті таба алмағанмен, табуға үміті барын жасырмауы; екіншісі— халықты батырлық ісімен сүйсіндіре алмағанмен, өнерімен сүйсіндіруі. Батырлық күші болмағанмен, балуандық күшінің өлшеусіз молдығы, осы күшін, қара күштен өнерге айналдырып, бұрын көрмеген неше түрлі қызықтарды көрсетуі халықты қайран қалдырды. Елдің балуандары бірін - бірі жығып қана атаққа шықса, бұл, атан түйелерді арқалай жөнеледі; әлденеше жігіт жабылып әрең тоқтататын асау аттарды бұғалықпен жалғыз тоқтатып, жалғыз ерттеп, жалғыз үйретеді, шапқан аттың үстінде ұршықтай үйіріліп ойнайды; дене өнерін көрсеткенде, сүйектері сымдай иілген сияқтанады; оқтаудай жуан темірлерді білегіне бұраудай орайды, бақыр ақшаларды қамырдай илейді; арқанмен тартқан оншақты жігітті жаяу сүйреп кетеді, олар бұны орнынан да қозғай алмайды... Күш өнері сондай болса, қол, тіл, үн өнері одан да қызғылықты: қайысты да шебер өреді ол, етікті де шебер тігеді, оюды да шебер өрнектейді, киімді де шебер пішеді ол, соның үстіне, «бармағынан балы тамған» домбырашы... Домбыраны ол төпеп тартпай, шекті шолақ саусағымен іліп-қағады да, сол қолының салалы саусағымен пернелерді басқанда, неше түрлі тамаша үндер шығарады. Ескі күйлер мен ескі әндерді шертуге шеберлігімен қатар, өзі шығарған әндер мен күйлерді ойнауға да жүйрік. Оның алыстағы көшпелі ауылға алып барған бір жаңалығы — сырнай. Баяғыда, Қайрақты қаласында сырнайға аса шебер Андрейдің қасында ойнауға қорынатын ол, «сырнай» дегенді көпшілігі көрмеген көшпелі ауылда ешкімнен жасқанбады да, жобалғы ойнаған түрінің өзімен «сырнайшы» атанып кетті. Бұрын мұндай музыка құралын көрмеген жұртқа, Балуанның сегіз пернелі кішкене сырнайының өзі, «дауысы даланы басына көтерген... дауысынан бейістің үні шыққан тамаша құрал» боп кетті... «Балуанның сырнай тартқанын көруге келдік» деушілер құлақ естір жерден жиналды, ойын - тойда жұрттың Балуаннан бірінші өтініші — сырнай тарту болды... Балуанды еліктеп, елде сырнай үйренушілер көбейе бастады... жақын жердегі қалалардың базарына шыққандарға, пұлы барлар «сырнай ала кел» деген аманат қосты... саудагерлер де мұнымен пайдаланып, қаладан әкелген сырнайларын «аттың құны, нардың пұлына» сатты... Музыкалық өнері сондай Балуан, әндерді, әсіресе өзі шығарған әндерді айтуға шебер болды. Бұрынғы шығарған әндері Ғалияға ғана арналған ол, елінен, жерінен алыстаған сайын сағынып, бірталай әнді осы сағыныштарына арнап шығарды. Оның қоңырлау даусы зор болмағанмен, екпінді, нақышты еді. Үнін аздап мұрнына жібере айтатын еді ол. Әндерін осы үнімен айтатын ол, тыңдаушыларын кей әнімен күлдірді, кей әнімен жылатты. Адамның туған ел, туған жерін қандай жақсы көруін, Балуанның сол тақырыпқа арналған әндерін естіген тыңдаушылар ерекше ұқты, бұл әндер тыңдаушыларға ерекше ой салды.
— Шіркін, адам туған елі мен туған жерін сүйсе осылай сүйсін! — деп күрсіне тыңдады олар...
Алыстағы көшпелі ауылдарға Балуанның әнінен басқа апарған тағы бір жаңалығы — бұл барғанға дейін, ол елдің қыз - бозбаласы әнді ең көп дегенде екеу - екеу боп қана қосылып айтатын еді, әйтпесе жекелеп айтатын еді. Әнді көпшілік қосылып айтуды орыс селосында көрген ол, осылай айтуды ауылдың қыз - бозбалаларына үйретіп еді, тамаша боп шыға келді. «Балуанның аралап бара жатқаны — көшпелі ауылдар» дедік қой. Ол елде арба атаулы жоқ екен, көшкенде жүгін түйеге артады екен, ойын - тойларына салт атпен барады екен. Балуан ұйымдастырған хорға аз ғана адам емес, ойын-тойға салт баратын қалың жас түгел қосылып, шетсіз-шексіз кең дала, театрдың шет-шегі жоқ сахнасына айналып кетті.
— Бәсе, даланың көркі енді кірді ғой! — деп шаттанысты, жүздеген, мыңдаған бұл хорды естіген қарттар, — бұрын кигіз үйдің, одан асса, — алтыбақанның төңірегінен аспайтын ән, Балуан Шолақ келген соң, кең даланы керіп кетті ғой!.. Е, бәсе, осылай айтылу керек қой, ән!.. Отбасы, ошақ қасындағы аз ғана адам емес, қалың ел осылай түгел есіту керек қой әнді!.. Өркенің өссін, Балуан Шолақ, әннің еңсесін осылай көтерген!..
Бұл алғысын халық сырттан ғана емес, көзіне де айтқан соң, сезімі де ерекше серпілген Балуан ауылдағы ән - күйдің музыкаға ойналуына да бұрын болмаған жаңалық қосты: ауылдың бұрын жеке ойналатын құралдары — домбыра, қобыз, сыбызғының басын біріктіре ойнатып, оларға сырнайды қосып, ауыл бұрын көрмек түгіл естімеген оркестр жасады.
— Бұл да қызық болды - ау! — деп қуанысты ауыл — әннің ғана емес, күйдің де басын қосты - ау бұл Балуан Шолақ!..
Балуан басын біріктірген ән - күй, көшпелі ауылдардың ішіне, сол ауылдардың өздері сияқты ұзай көшіп тарап жатты...
ЖОЛБАРЫСПЕН ЖҰЛҚЫСУ
Алыстағы көшпелі ауылдарға думан бола барған Балуанға:
— Осы арада орнықсаң қайтеді?—деген ұсыныс жасады, тоқыраған елдері, — хал -жайыңды сыртыңнан да естіген едік, өзіңнен де естідік. Туған жеріңде орнығып отыратын болсаң, бірсәрі. Онда айтар сөзіміз жоқ. Ол жерде орныға алмайтыныңды өзің де айттың. Ендеше, Үйсінге бардың не, осында қалдың не? «Шебердің қолы, шешеннің тілі ортақ» демеп пе еді аталарың?.. Ақын да, әнші де ортақ емес пе еді елге?.. Қазақ атаулы елге ортақ болып туған ұл екенсің— өзің жатырқамасаң, біз жатырқамайық, сені. Осы арада тоқта. Үкіметтің құрығына алыстау жер бұл. Жан тиыштығыңа да қолайлы бұл ара. Бұған көнсең, еліңдегі әке - шешең мен қатын - балаңды да көшіріп алайық. Үстіңе үй тігіп берейік, алдыңа мал салып берейік, осы елдің, бір баласы боп отыра бер!..»
Алыс жолдың жүрісінен де қажыған, барған елінен құрмет те көрген Балуан Шолақ, жаңағы айтқан сөздерге кейде елігіп те қалғанмен, ықтыярынан тысқары, бұзылған сабындай ыдырайды да кетеді. Оған себеп төмендегідей. Жабайы халық жақсы көргенмен, Балуан Шолақты елдегі болыстар, билер, старшындар жақсы көрмеді. Оның үкіметке жағымсыз қылығын естіген олар: «Елге осындай бұзақы келді, көпшілікті ұйытып әкетті, мұны қайтеміз?» деген қағаздарды үкімет орындарына жаудыра бастады. Бұл хабарға жоғарғы үкімет басшыларының астыртын қайтарған жауабы — «елді дүрліктірмей, амалын және қапысын тауып өлтіре салыңдар!» Ондай іс қолдарынан келмеуіне көздері жеткен жергілікті әкімдер арызды жоғарырақ айдап, «Балуан Шолақ қазақ халқын көтеріліске ұйымдастырып жүр», деген хабарды Петербургтағы патшаның өзіне жолдады. Ол кездегі патша — үшінші Александр, Балуан Шолақ жүрген даланы айнала қоршаған: Ақмола, Қарқаралы, Семей, Аягөз, Қапал, Алматы, Әулиеата, Шымкент, Түркістан, Ақмешіт, Ырғыз, Торғай, Атбасар қалаларының ұлықтарына: «Ұстаңдар, мүмкін болса Петербургқа жіберіңдер, әйтпесе өлтіріңдер, бірақ, не істесеңдер де айламен істеңдер, үркітіп я елді көтеріп алмаңдар!»—деген жасырын жар таратты. Ауылдың әкімдері бұл бұйрықты да орындай алмады. Оған себеп, — кімнен қалай еститінін кім білсін, — жоғарылы - төмен ділі үкімет орындарының Балуан Шолақ туралы жергілікті үкімет орындарына берген жасырын бұйрық - жарлықтары ел ішіне ілезде тарай қалады. Сол хабарға жарыса, елдің ой - пікірі де ілезде мәлім бола қалады. «Балуан Шолаққа ешкім де ондай қастықты жасай алмас, — деп гуілдеседі қалың көпшілік, — егер жасаса, күн көріп, жер басып жүре де алмас. Тұқымымен құртып жіберерміз, ондай адамды!» Бұл сөзден зәресі кеткен жергілікті әкімдер, Балуан Шолаққа қолдарын көтере алмайды, жасағысы келген қастығының реті келіп тұрса да жасай алмайды... Тоқыраған елінде, өзі жайында қандай сөздер болып жатуы, Балуан Шолақтың да құлағына күнбе - күн жетіп тұрады. Біреулер оған:
— Жарқыным, сақтан!.. Аңдушы алмай қоймайды... Қапыңды табады ол!.. — десе, енді біреулер:
— Ілгері жылжығаның жөн, орын ауыстырғаның жөн! — деген ақыл береді.
Ел ішінде көбейген бұл қаңқудан Балуан Шолақтың ет жүрегі түршігіп, тоқырайын десе де тоқырай алмайды, ол бет алған жағына қарай, өзенде қалқыған жаңқадай жылжи береді... Осылай жылжыған Балуан, Ақмоладан аттанған жолаушы, ат я түйемен суыт жүрсе бірер айда жететін Жетісуға бес - алты жылда әрең жетті. Ұзындығы Ақтөбеден Семейге, көлденеңі Ақмоладан Алматыға шейін созылған кең дала — Сарыарқаны сайранмен бес -алты жыл аралаған Балуан Шолақ, Балқаш көлінің батыс жағасын жаралап, іздеген елі — Үйсінге тартты. Қасында атақты әнші - ақын — Қошқарбайдың Шашубайы, және бес -алты жігіт. Жол білетін жігіттің айтуынша, Арқадан Бетпақ шөлін басып Шуға тартатын жарты айлық жолдың бойы елсіз шөл, онда тек жер жағдайына кәнігі кісі ғана табатын құдықтардан басқа су жоқ. Осындай қиын жолға түсетін жолаушылар, шөл шетіне жақын елден, сүрлеген ет, құрт, ірімшік сияқты шыдамды азық алды, сусыны — жолда кездескен құдықтардан торсыққа құйып, ішіне ащы құрт тастаған су болды. Жортқан аттың үстінде торсық шайқалып, құрт езіледі екен де, әрі сусын, әрі тамақ болады екен. Бұл жолдың басшысы — Шашубай, Балуанға ерген топты адастырмай, шөлге ұрындырмай, арытпай, ашықтырмай, аттарын қажытпай, бірнеше күн өткенде Шу өзеніне жеткізді. Шуды қыстайтын қалың ел бұл кезде Арқаны жайлап жүргендіктен, өзен бойы құлазып бос тұр екен.
— Шудың бұл тұсында өзен арнасы жіңішке, суы атқа өткел береді, — деді Шашубай,— бірақ, екі жағаға өскен қалың қамыстың көлденең ені — он бес, жиырма шақырымнан кем емес. Осы кезде қалың қамыстың ішінде қабан қойдай өреді. Соларды аулап жолбарыстар да жүреді дейтін. Егер кездесе қалса атқа да, адамға да шабуы мүмкін.
— Сақтану керек! — десті жігіттер де, Балуан да.
Шашубай мерген еді. Ол шиті мылтықпен кешке киік атып әкеп, сексеуілді өртей жаққан жолаушылар, киіктің семіз етін отқа қақтап жеді... Тастай қараңғы түн басталды... Жолдан шаршаған жолаушылар ұйқыға бейімделді.
— Жолбарыс оттан қорқады, — деді Шашубай, — сексеуілді маздатып түн бойы жағып қою керек. Аш аттарды осы маңайға матастыра тұсап оттату керек, кезекпен күзету керек!..
Аттар маталды. «Менің атымның аяғы бос жүрмесе оттамайды, менен ұзап ешқайда кетпейді ол» деп Балуан Шолақ Ақбозды тұсатпады. «Ат терінің иісіне жылан жоламайды» деген сөзбен, жолаушылар ер-тоқымын бастарына жастана жатты. Отқа ен бойымен әкеп тастаған жуан сексеуілдер бытырлай жанып маздап тұр. Түн көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Іңірде көтерілген жел, түн бола күшейіп, шайқалған қамыстар біріне - бірі соқтыға шулайды. Айналада әлдене ұлығандай, ырылдағандай, шыңғырғандай болады... «Сен күзет» деп от басына отырғызып қойған адам, аздан кейін қылжиып ұйықтап қалды. Жолаушылардан жалғыз - ақ ұйықтамаған — Балуан Шолақ. Көппен бірге ер - тоқымын жастана қисайған Балуан әуелі маужырап қалғып баратыр еді, қасынан бірдеме ырылдап өткендей болған соң ұйқысы шайдай ашылып, басын көтере түрегелді. Бойы түршіккен ол жан - жағына қарап еді, көзіне ештеңе ілікпеді. Елегізген ол түрегеп аттарды араласа, бәрі де оттап жатыр, Ақбоз оңашалау оттап жүр, күзетші шырт ұйқыда... Балуан Шолақ қасына барғанда Ақбоз оқыранып, қасына келді де, сипа дегендей иегін тосты. Сол арада есіне ауылы, әке - шешесі, Ғалия, туған жер түсіп, Балуан аттың жалына бетін төсей сүйеніп еді, көзінен жас қалай шыққанын да білмей қалды. Балаша солқылдап жылаған оның еңіреген дауысы шығып кетті. Ол өз дауысынан сескенді де, «мұным не?» дегендей көз жасын тыйып, бетін аттың жалымен сүртті. Сол арада оның ойына Махамбет батырдың:
«Ау қызғыш құс, қызғыш құс!
Сені көлден айырған —
Лашын құстың текпіні:
Мені елден айырған,
Хан Жәңгірдің екпіні,—
Айтып - айтпай немене
Құсалықпен өтті ғой,
Махамбеттің көп күні!» — деген сөзі түсті.
Балуан Шолақ қатты күрсінді де, атын арқадан, тамақтан сипап, «отта енді жануар!» деп, өзі от басындағы орнына қайтты. Ақбоз Балуанның соңынан еріп кеп, қасында мелшиіп тұрды да қойды...
— Жаныңды ұғам, жануарым, — деді Балуан, Ақбозға қарап жатып, — ұққанда амалым қанша! Туған жеріңді сағынасың!.. Білем!.. Мен сағынбаймын ба?.. Сені де, мені жел айдаған қаңбақтай тағдыр мұнда әкелді. Осы көреміз деген жеріміз бе еді екеуміздің?!..
Сағынудан сыздаған жүрегі кеудесіне симай, Балуан демін зорға алды. Ақбоз телміріп аз тұрды да, «жатып алдың» деп Балуанға өкпелегендей, ұнжырғасы түсіп, сылбыр аяңмен қамысқа қарай кетті. Сексеуіл әлі маздап жанып тұр. Балуан сексеуілдің жуан түбірін отқа қарай сырыңқырап қойды да тағы жатты. Түннің қараңғылығы қоюлана түсті, жел үдей түсті... Балуан жатыр. Оны қоршаған ауыр ой маңына ұйқы жолатар емес. Оның ойында: елін, жерін, туысқандарын, Ғалияны сағыну. ...Осы ойда жатқанда құлағына шыңғырған жылқының даусы естілді. Орнынан атып тұрған оның ойына «Ақбоз жазым болар ма!» деген қауіп түсті. Жылқы тағы шыңғырды. Сасқан Балуан қарусыз қолмен тұра жүгірді. Қалың қамыстың арасымен дыбыс шыққан жерге жүгіріп келе жатқан оның құлағына әлдененің ырылдағаны естілді. Жүрегі қобалжи түскен ол, қамыс арасындағы алапқа шығып еді, түнді тескен көзіне ағараңдаған бірдеме көріне кетті. Ағараңдап тыпырлағанға ол жетіп келсе,—аты!.. Оның үстінде қимылдай қараңдаған бірдемеге үңілсе, ұзын құйрық бір аңның бөксесі!.. Бас жағы аттың кеудесіне кіріп кеткен. Бұл мақлұқты жолбарыс деп жобалаған Балуан Шолақ, ұзын құйрықтың түбінен шап беріп ұстай алды да, мықшия тартып зорға дегенде аттық кеудесінен суырып алды... Жолбарыс!.. Ол қайырылып тап беруге ыңғайланғанда, Балуан, сілтей лақтырып жіберді... Ұшып барып құлаған тайшадай жолбарыс, тұра сала Балуанға тап бере ұмтылды. Екеуі айқаса кеткенде Балуанның қолы аңның жұтқыншағынан ілікті. Қылқынған аң, мұрны бырылдап, тілін сала құлаш шығарып, аузын ақырайта ашып бұлқынып еді, Балуанның қатып қалған уысы жазылмады. Жанталасқан аң Балуанның денесін тырнақтарымен бүрді. Дес бергенде, киімі қалыңдау еді оның, бүрген тырнақтардың шеңгеліне киім жентектеліп, етіне кейбір тырнақтардың, істік ұшы ғана тиді... Тиген жерін ол ыстық ұстарадай тіліп түсті... Сол кезде, жолбарыстың, кеңірдегінен қысқан қолы жазылып кете жаздады. «Өйтсем өлем» — деген ой келді оған, — одан да айрылмайын!.. Буынған аң Балуанның қолы кеңірдектен айрылмасын сезгендей, бассауға қылмақ боп, сүйрелей қашуға тырысты, бірақ тырмыса тартқан Балуанды әкете алмады, екеуі ұмар -жұмар жығылды. Балуан алқымдағы уысын толғай түсті!.. Бір кезде жолбарыс қимылсыз сұлық жата қалды. «Енді өлген шығарсың» деп ойлаған Балуан, аңның алқымынан уысын жазбастан, басын көтерсе, таң сібірлеп келеді екен. Жарылған атын сонда ғана еркін көрген ол: «оншадан мұнша жүріп, ажалың, осында жетті - ау, жануар!» деді күрсініп... Жолбарыстың алқымын босатпай Балуан аяқпен шапқа, бүйірге, кеудеге теуіп көріп еді, қозғалмайды. «Өлген екен» деп Балуан уысын жазайын десе — ашылмайды,— қолы қарысып қалған!.. «Жаным - ау, біздің жолдастарға не болған» деген оймен Балуан Шолақ: «а - ай!»—деп дыбыс берді. «А - ау!» деген дыбыс естілді, қамыс арасынан. Іле, жүгіріп Шашубай шықты да, өлген жолбарысты кеңірдектен ұстап тұрған Балуанды көріп, «мұнда!» деп айғай салды. Қамыс арасынан өзгелері де шуласып шықты.
— Тірімісің?—десті олар Балуанның қасына жүгіріп келіп.
— Өлсем осылай тұрам ба? — деді Балуан масаттанғандай. Оның қарысқан қолы жазылып кетті.
— Апыр - ай, құдай - ай, сақтай гөр!—деп қорықты, оның денесіндегі жарасын көрген серіктері. Ауыр жараланыпсың ғой, өзің.
— Үрейленбейік! — деді Шашубай, — тез сойыңдар жолбарысты! Бұл осы күні семіз, терісі шелді, Балуанды жылыдай теріге орасан жараның уытын сорып алады.
Жолбарысты Балуанның жолдастары тез сойды да, терісін от басына әкеп, Балуанды тырдай жалаңаш шешіндіріп, қан сасыған жылы теріге орады. Тері Балуанның зор денесін еркін қаусырынуға жетті.
АЛАТАУ АЯСЫНДА
«Көріп пе едің қырғыздың Алатауын,
Бұлт ұялап басында күнде жауын:
Алыстағы аңсаған Ғалияның,
Біліп қайтсам, шіркін - ай, есен - сауын!»
(Шолақтың өлеңінен).
Араб елінде мынадай ертегі бар. Мұхамбет пайғамбардың күйеуі, әрі әскер бастығы Әзірет Әлі, алыстағы бір мемлекетте Дариға атты балуан қыз бар деп естиді де әдейі іздеп барып, күреседі. Балуан қыз мұнымен бірнеше күн алысып, кейде жығып кете жаздап, ақыры, намыстанған Әлі әрең дегенде жығады. Жеңілген қыз Әліге қосылып, екеуі аз күн тұрады да, Әлі мекеніне қайтып, қыз жүкті боп үйінде қалып қояды. Айы - күні жеткенде Дариғадан ұл туады да, атын Мәді қояды. Мәді қырық күнде қырық кез боп өсіп, қырық бірінші күні әкесі Әліні іздеп жолға шығады. Неше күн, неше түн жүрген ол, бір күні күресіп жатқан адамдармен кездеседі. Мәді қастарына кеп қарап тұрса, күрестіріп жатқан орта жасты, денелі адам, күресіп жатқан ылғи жастар, бәрі де балуан жігіттер, Мәді оларға қызыға қарап тұрады да, «мен де күресем» деп қолқа қылады. Басқарушы адам бұл тілекті орындағанда, Мәді жастардың бәрін жығады. Сонда басқарушы ашуланып, «өзім күресем» деп ұстай алғанда, Мәді «Я, әкем, Әзірет Әлі қолда!» деп, оның да тізесін бүгеді. Мосқал адам сасып қап: «Япырай, сен Мәді емеспісің?!» дейді. «Иә, мен Мәдімін» дегенде, мосқал адам: «Ендеше мен, әкең — Әлімін!» дейді. Мәді ұялып тұра қашады, Әлі тұра қуады. Ақыры ұстайтын болған соң, «әкемнің жағасынан алдым, енді оны көрер бетім жоқ, мені жасыр!» деп Мәді жерге жалынады. Жер Мәдіні аяйды да, Әлі қуып жете бергенде, жарылып кетіп, ішіне Мәді түскенде жасырып жабыла қояды... «Ақырзаман боларда, — дейді ертегі, — Тажал деген шығып дүниені жалмай бастайды, адамды сол апаттан, жер астынан шыққан Мәді ғана құтқарады...»
Бұрынғы Жетісу атанатын Үйсін - Дулат елінде:
— Мәді шығып қапты!—деген хабар дүңк ете түсті...
— Қойшы!..-—десті елең ете қалған жұрт.
— Рас!.. Адамның арыстаны дейді. Түйені қозыдай арқалап әкетеді дейді!.. Еті — темір дейді, тісімен жылқының ортан жілігін кеміреді дейді!.. Денесі адамзатқа бітпеген дейді. Өзінің бір қолы шолақ дейді!..
— Апырай, ақырзаман болып қалғаны ма онда?!—деп үрейленісті жұрт,— Молдадан сұрайтын екен. Мәдінің де қолы шолақ па екен?
— Біреулер сұрапты. Молда «Мәдінің де бір қолы шолақ деген кітапта рауаят бар», депті, — деген де хабар тарады.
Жаздыгүні Алатаудың биігіндегі бір жайлауда, Ордабаев Қали деген байдың үйіне жиналып қымыз ішіп отырған біраз жұрт та осы кеңесті айтып шуласып отырғанда, «сөйлес!»—деген дауыс естілді үй сыртынан. Қали менмендеу, тәкаппарлау кісі еді, сөйлес қып нығызсыған адамды ұнатпайтын еді. Ол сырттан естілген мына дауысты да ұнатпай:
— Уау, түсе бер, кім болсаң да!.. Саған сөйлеске баратын кісі жоқ, түспесең тарта бер!—деді айғайлы дауыспен.
Аздан кейін үйге әлем - жәлем киінген оншақты жігіт кіріп келді. Олардың ішінен, Қалидің көзін өзге жігіттер қоршай кірген, сымбатты өзгелерінен ерекше, қалың қара сұр мұртты, шоқша сақалды адам ерекше тартты.
— Жоғары шық! — деді, ондай дауысты өз үйінде естіп көрмеген Қали ұнатпай.
Қали оң жақ босағада, өзге қонақтарынан оғашырақ отыр еді. Бұл елде оған тақала адам отырмайтын еді. Қалидің ол «тәртібін» бұзған қонақ, қолдасып амандаспастан дәл оң тізесін баса кеп отырды. Өзгелері төрдегі бос орынға жайғасты. Еркінсіген қонақтың қылықтарына іштей ыза болғанмен, Қали сырттай сыр бермеді. «Сіз», «біз» деп сыпайысуына, киіміне, түріне қарап, «алыстан келе жатқан қонақ болар және мына түрімен тегін де кісі болмас» деген оймен, сөзін сыпайы бастап:
— Жол болсын, қонағым!—деді бұрыла қарап қойып.
— Жол болса әлей болсын!.. Жолдамақ сізден болсын!..
— Таныспадық па, қалай, қонағым!..
— Сөйлес қылмасақ айып бізде. Сөзге шықпасаңыз айып сізде. Сыртта көрісіп, төс тақасып амандаспаған соң, енді жата-жастана таныса береміз де...
Сөзден тосылғандай болған Қали:
— Әйтсек әйтерміз, онда; — деді де, жігіттеріне, — жолаушылар сусаған болар, шұбат әкеліңдер! — деді.
Қышқылтым иісі мұрынды қытықтаған қоймалжың дәмді шұбаттан, қонақ екі - үш саптаяғын сіміре бір - бір - ақ тартып жіберді де, маңдайынан шыққан терді саусағымен сыпырып тастап:
— Енді болдым!— деп шынтақтап жантая кетті.
Аңқасы кеуіп келген өзгелері, салқын, тәтті шұбатты, саптаяқтарын алдарына ұстай отыра асықпай сімірді. Қатар отырған қонақтың шұбат ішуі де, одан кейін қисая кетуі де жаттау көрінген соң, оны аздап түрткілегісі келген Қали жантайған денесіне бір қарап қойып:
— «Руын не құл, не қу жасырады» дейтін еді, қонағым; қайсысы екеніңді жата - жастана білерміз. Ол жөніңді айтпасаң, мына жөніңді айт: денең жақсы екен, балуан біреу емеспісің?
— Неге олай сұрайсыз?
— Денең жақсы екен...
— «Түйе бойына сеніп жылдан құр қалды» демей ме, аталарымыз? Денелінің бәрі балуан бола бере ме? Және ауызда емес, күште сыналмай ма, балуан? Күштімін бе, жоқ па, — сынасар жер кез келсе көрерсіз!
Тағы да «мынау бір кесір сөйлейтін адам ғой өзі!» деп ойлаған Қали, онымен ептеп сынаспақ болды. Денесі сидам жасырақ кезінде ол кеуде балуанның біреуі боп жүрген еді де, семіргеннен кейін ол «кәсібін» тоқтатып, күшін үйде көрсететін бір әдіс тапқан еді: үйіне келген қонақтардан біреуді «осы ауыр» деп немесе «мықты» деп ойласа, қасына отырғызатын еді де, оңынан солына, солынан оңына көтеріп қойып ойнайтын еді. Оның сондай ойынынан қорқып, кейбір аса семіз адамдар үйіне жоламайтын еді. Қалидің мына қонағына да сол ойынын көрсеткісі келді. Аз тым - тырыс отырғаннан кейін:
— Әу, қонағым!—деді ол.
— Ә, — деді қонақ басын көтеріп.
— «Ойында өрелік жоқ» — деген мақалды сіздің ел айта ма?
— Сіздің елдің ғана сыбағасына тиген мақал емес шығар ол, кигіз туырлықты қазаққа ортақ мақал шығар. Әлде, мені қазақ емес деп ойлайсыз ба?
Бұл сөзден де тосылып қалғандай болған Қали, онысын сездіргісі келмегендей:
— Ендеше, бір ойыным бар еді, қонағым, сонымды көрсетсем ерсі болмас па екен?—деді.
— Әрине, ерсілік болмайды. Айтыңыз, қандай ойын екенін!
— Оң жақта отырған қонағымды сол жағыма көтеріп қоятын ойыным болушы еді...
— Оған мен әзір!..
— Ә, жарайды, онда! — деп, Қали оң жақта отырған қонағына денесін икемдеді де, оң қолын сыртына орай, арғы тақымның, астына тығып жіберіп, өзіне бейімдей тартты...
Бұған дейін бұлай тартқанда, денесі қандай ауыр адам болса да орнынан қопара бастайтын еді де, лезде жұлып ап, екінші жағына аудара салатын еді. Ал, мынау — кесек тастай, немесе жерге қаққан темір қазықтай, отырған орнынан бүлк етпейтін бірдеме!.. Қали Қанша мықшыңдағанмен, қонағын орнынан қозғалта алмады. Алқынған да, терлеген де ол, басқа айла істей алмауына көзі жеткен соң, қонағын құшақтаған қолын алды да, ентіге сөйлеп:
— Тас екеніңді, темір екеніңді білмеймін, жарқыным: асау атты да құйрығынан ұстағанда тырп еткізбейтін ем, қандай ауыр кісі болса да шопақ құрлы көрмейтін ем, сені мен қозғай алмадым! — деді.
— Олай болса, осы ойынды маған ойнауға болар ма екен?—деді қонақ, — Сізді менің көтеруіме болар ма екен?
— Болуы болады ғой, бірақ, сен мені көтере алмайсың қонағым.
— Неге?
— Аттан күшті емес шығарсың сен. Мені ат та көтере алмайды. Тек, нар түйе мен атан өгіз ғана көтере алады...
— Көтере алмасам, менен айып сұрамассыз. Ойын ортақ. Мен ойнайын сізбенен.
— Онда өзің біл.
— Менің де ыңғайым, — оңымда еді. Оң жағыммен көтеруге болар ма екен?
— Ықтиярың.
Қалидің сол жағына отыра беріп, қолын бөксесінен орай, құшаққа симайтын жуан денесін өзіне икемдей, қонақ «һауп!» деп жұлқи тартқанда, дауылдан құлаған жуан ағаштай еңсеріліп қисая кетті... Сол бетінен оңалдырмаған оны, қонақ бос бөшкені құшақтап көтере жөнелген баладай, ауыр және жуан денесінің салмағын кеудесіне арта тұрып жүре берді.
— Қарным жарылды!.. Түсір!..— деген жалынышты даусы шығып кетті Қалидің.
Босағаға көтеріп апарып түсірген қонағына:
— Апырай, кім ең?—деді ентіккен Қали.
— «Оны жата-жастана сұрастырармыз» демедік пе?
— Дедік... сонда да?..
— Сөз сертінен таймау керек...
Тағы да тосылған Қали, қонағын да орнына отырғызып, өзі де отырып:
— Ал, жігіттер!—деді қонақты күтушілерге, — кім де болса керемет біреу, мынауың. Жөнін кейін біле жатармыз, сендер бұның сыбағалы асын даярлап, мал сойғызыңдар!..
Жігіттер бұйрықты орындауға кеткен шақта, әдемі киініп домбыра көтерген оншақты адам үйге кіріп келді. Балуан Шолақ осында ма?—деді дөңгелек қара сақалды, кішірек имек мұрынды, шықшытты, дембелшелеу, орта бойлы қызыл шырайлы кісі.
Үйдегілер біріне бірі қарады.
— Жаза баспасам Балуан Шолақ сен боларсың!— деп әлгі кісі домбыралы қолын қонаққа ұсынды.
— Болсақ болармыз, — деді қонақ.
— Ендеше, мен Дулаттың Сарыбасымын.
— Естіп ем!—деді қонақ түрегеп, — кел, онда, төске төс тигізіп көрісейік.
Екеуі құшақтасып көрісті.
— Атыңды естуші ек, — деді Сарыбас Балуан Шолаққа, — көруге құмар ек. Ізіңді қуып жаңа таптық. Мына тұрғандар Жетісудағы Үйсін, Дулаттың сені іздеген ақындары.
— Менің де іздегенім сендерсіңдер! — деді Шолақ, — ақындарға басын иіп.
— «Мәді шықты!» деп дүрлігіп едіңдер, — деді Сарыбас үйдейлерге, — (жұрт елегізіп қалды.) Сол Мәді — осы Балуан Шолақ!
Одан әрі мәжіліс басталып кетті. Қалидің ақ үйінің жаңа кигізі шұрқ - шұрқ тесіліп, айналасы көктегі жұлдыздан жиі сығалаған көз боп кетті.
— Бұл қай бейбастақтық? Үйді қиратамысыңдар? Кигізді бүлдірдіңдер ғой. Жоғал көзге көрінбей! — деп аюдай ақырған Қалидан жайшылықта қорқатын жұрт бүгін жасқанбады. Олар бүгіннен қалса Балуанды көре алмайтындай боп, үйге симағаны сырттағы кигіздің тесігінен таласып, бірін - бірі басып кете жаздады.
— Жұрт лебізіңе құмартып тұр, ән бұлағы Көкшетаудан келдің. Жетісуды сусындат!— деген өтінішті орындап, Балуан Шолақ бар білгенін ортаға салды. Ол өлең - жырын.
Жастықта ұрынбай ма жігіт дауға?
Ол даудан аман қалса басың сауға?
Жетісу, жемісің мол ағаш едің,
Бұтаңа келдім аз күн қонақтауға!—
деп бастап, аржағында бұл өлкеге неге келген жайларын, жолшыбай нелер көріп, нелерді естігенін сөйлеп кетті. Ән араластыра айтқан өлең-жырларымен, тыңдаушыларын ол жылатты да, күлдірді де, сергітті де, күрсіндірді де... Жетісу Балуан Шолақты айлап емес, жылдап жібермеді. Оның күні де, түні де, қысы да, жазы да сауық - сайранмен өтті.
— Мән - жайыңды естідік, — деді оған қайда барса да жұрт, — ағайын іздесең: шыққан арғы тегің осы — Үйсін. Жолшыбайғы елдерден естіген сөздерін қайталап, Үйсін болмаса да сені жатырқайтын Жетісу жоқ. Артыңда аңдушың көп екен. Туған жерің ыстық шығар, бірақ қайтып барам деме, жазым боларсың. Осы елге орнық. Үстіңе үй тігейік, алдыңа мал салайық, қалаған қызыңды берейік.
Шолақтың қайтпауын қолқалаған әсіресе ақындар мен әншілер.
— Көкшетау — әннің бұлағы деп еститін ек, — десті олар,— сол жақтан, Арқаның биік жонын, Бетпақтың жалпақ шөлін, Балқаштың теңіз көлін аттап, әдемі нәзік үндер бұл маңайға талықсып жететін еді, еркін естісек деп құмартатын ек. Сондай сусаған шөлімізді сен қандырдың. Бірақ, сенің әнің — дәмі айнымайтын тәтті екен, сімірген сайын сусап барамыз. Өмірімізді сенің әніңе бөлеп өткізейік. Аз жасты сайранмен бірге жасайық.
«Әне қайтам, міне қайтаммен» Балуан Шолақ Жетісуда он жылдан артық жүрді. Алатаудың кең етегін жайлаған қалың елде араламағаны жоқ. Балқаш көлінің батыс жағымен келіп Әулиеата қаласына барған ол, Алатаудың теріскей жақ бөктерін жайлаған елді аралап отырып, Қытай шегіне барып тоқтады. Одан арғы қазақ ауылдарын да аралауға ойлаған еді, үкіметтің шекаралық орындары рұқсат бермеді. Сонша елді аралағанда оның қыдырғыштығы ұстаған жоқ. Ол қай ауылға барса да, алдыңғы ауылдардан іздеп кеп, «дәмге шақыра келдік!» деп ілгері тарта берді. Жолы ұзап бара жатқанын Балуан көрсе де, сыйлап шақырғандарға бармаймын дей алмады... «Ел елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» дегендей, Көкшетауда туып-өскен Балуан Шолаққа Жетісу елінің әдет - ғұрпы, үй - тұрмысы, киім - кешегі өз елінен басқаша көрінді. Балуанның байқауынша Жетісу елінде «атам заманның» әдеті көп сияқты. Көкшетау елінің, жазғы киіз үйі кең, биік болады. Жетісудың үйі әрі тар, әрі аласа екен. Көкшетау елінің әлділері қыстыгүні бірнеше бөлмелі ағаш үйде, әлсіздері орыс крестьяндарының үлгісімен салған шым үйде отырады; Жетісу елі қысқы үй салуға шорқақ екен, көпшілігі таудың етегін жырып жасаған «кепе» атты үңгірді мекендейді екен, онда терезе болмайды, не төбесінен, не қабырғасынан сығырайған кішкене тесік қойып, қойдың қарнымен қаптайды екен. Көкшетау елі ыдыс - аяқты, үй жасауын көбінесе базардан, фабрикада жасалған заттардан алады. Жетісудың ыдыс - аяғы, үй мүлкі көбінесе ауыл шеберлерінің қолынан тұрпайы жасалады екен. Көкшетау елінің киімі орыс я татар киімдеріне ұқсастау ықшам, ыңғайлы келетін. Жетісу елінің киімі әрі мол, әрі сиықсыздау олпы - солпы келеді екен... Көкшетау елімен салыстырғанда, Жетісу елі аңқаулау, момындау сияқты. Жетісу елі еңбек бейнетін Көкшетау елінен көбірек көретін сияқты, Көкшетау қазақтары егін салмайды, астықты жақын жердегі орыс поселкелерінен сатып алады, Жетісу қазақтарының көбі егінді өзі егеді екен, ол егінін арықтан суарады екен; бұның бейнеті Көкшетаудағы егіншілердің бейнетінен әлдеқайда ауыр, — Көкшетауда егіншілер жерді жыртып, тұқымын себеді де, суды көктен тілеп, қашан егін піскенше күтіп отырады, жетісулықтар егіні піскенше суарып дамыл көрмейді. Алатау өлкесінің жері Балуан Шолаққа ұнады да, ұнамады да. Ұнағаны: таудың өз бойы қасиетті, оған шықпайтын егін де, жеміс те жоқ. Сондықтан да, жергілікті ел: «Жетек ексең — арба өседі» дейді екен. Алатау бойына шығатын жемістер Көкшетауда жоқ, Көкшетаудың егістік мәдениеті де Алатаудан төмен. Алатаудың Балуанға ұнамайтыны: бар қасиеті таудың өз бойы мен етегінде ғана да, егер одан ұзап, 50—60 шақырымға барсаң, таздың басындай тақыр. Көкшетаудың қай жеріне барсаң да белуардан келетін көкорай шалғын, түбіттей ұйысқан қалың бетеге!.. Жетісу елі қаншама құрметтегенмен Балуан Шолақ туған жерін, елін, ата - анасын, Ғалияны жылдан - жылға артық - артық аңсады да, оншақты жыл аралағаннан кейін Жетісу елінен рұқсат сұрады.
— Туған жеріңе қайтам десең рұқсат — деді Жетісу,— бірақ, күндердің күнінде патшаның қудалауына тағы да ілексең, паналатуға біз әзір...
Еліне беттеген Балуан, Жетісудың қай ауылына түсіп аттанса да, бір ауыз өлеңмен қоштасты:
Алатау, аз күн жаттым аунап-қунап,
Дертіме дәрі бердің жүрген улап.
Көргенше енді айналып хош аман бол,
Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін, Дулат!
ӨЗ БЕЙНЕСІ
Алатаудан аттанар алдында, Балуан Шолақ қасындағы нөкерлерін таратты. Олардың «еліңе шейін шығарып саламыз» деген шын сөзін, егер «мақұл» десе, айтқандарын орындауына көзі жете тұра, Балуан тоқтаулы сөз тапты.
— Өздеріңе белгілі, — деді ол нөкерлеріне,— мен бұл жаққа өкіметтен қашып келген қоңыраулы кісімін. Сол қоңырауды елге қаға қайтсам, думандата барсам, маған құлағын тігіп отырған өкімет, «ә, мынау әлі де баяғы қылығын тастамаған екен», дейді де, торын құрып қамай қояды. Оны істетпеу үшін, еліме мен үн - түнсіз баруым керек те, елеусіз жүре беруім керек.
— Өйтсең, өкіметтің тимеуіне көзің жете ме? — деген сұрауға:
— Тиыш жүрген кісіде не ақысы бар оның? — деп жауап берді Балуан,— Ғазиз ақынның, «Елу бестен жасы асып кеткеннен соң, жігіттіктің болмайды серуені», деген сөзін айтпадым ба өздеріңе? Менің де жасым елу бестен өтті. Енді қылтың - сылтыңның керегі жоқ маған. Оның үстіне көңіл де жүдеу. Мен ауылыма бара қақ - соқтың бәрін қоям да, «айранын ұрттап, қойын құрттаймын, ұя бөрік, жуан қоныш» адамның бірі боп күн кешем. Тағдырдың менің маңдайыма ендігі жазғаны осы болуға тиіс.
— Тек, соны істей алсаң!.. — десті, Балуанның сөзін тоқтаулы көргендер, қарсы дау айтудың ретін таба алмай.
— Істемегенде амал жоқ, — деді Балуан күрсініп, — жанған отқа көзсіз көбелек қана түседі.
Еліне жеке қайтуға нөкерлерінен рұқсат алған Балуан, «қойдан қоңыр, қозыдан жуас болған соң біржола болайын» деді де, үстіндегі сәнді киімдерінің бәрін естелік есебінде таратып беріп, өзі жұпыны киімдер сұрап алды. Аты мен ер - тоқымын да қоңырқай түрде сайлаған ол, нөкерлерімен жыласып қоштасты да жалғыз өзі Балқаштың батыс жағын жиектей, еліне бет алып жүріп кетті. Бұл бетіндегі елді Балуан бұрын аралаған жоқ еді, соны пайдаланып ат шалдырған, түстенген, қонған жерлеріндегі танымайтын адамдарға «пәлен жердегі туысыма барып келе жатқан жолаушы едім» дей салды. Сақал - мұрты өскен, қоңырқай киімі, қоңырқай ер - тұрманы, жобалғы аты бар оны ешкім де Балуан Шолақ деп ойламады. Осындай елеусіз түрде келе жатқан ол, Балқаштың Іле өзені құятын сағасындағы «Топар» аталатын жердегі ауылдарға жетті. Руы Сары Үйсінге жататын бұл ауылдарда, Балуан барған кезде, әлдекім бай қызын ұзатып, ұлан - асыр той боп жатыр еді. Жобалғы түрде жүрген Балуанды бұл тойда ешкім елей қойған жоқ, оның өзі де тойдың думанына еліре сапырылысқан жұртқа елетерліктей ешбір қылық көрсеткен жоқ. Күндізгі думан өтіп, тойға келгендер кешке қарай төңіректегі ауылдарға бөліне тарқасты. Көппен араласқан балуан да бір ауылға кеп түсті. Балуан түскен ауылдың адамдары, осы ауылға келген қонақтардан «Кебекең» атты бір ақсақалға ерекше құрмет көрсетті. Балуан жұрттың әңгімесіне құлақ түрсе,— «Кебекеңнің» шын аты — Кебекбай екен. Ол бүкіл Дулат атаулының әрі ақсақалы, әрі сәуегейі боп саналады екен.
Қасына ере келген адамдары осы «Кебекеңнен»:
— Егер рұқсат етсеңіз, мәжілісімізді көріктендіруге Кененді алдырсақ қайтеді? — деп өтінді.
— Алдырсаңдар, алдырыңдар!—деді Кебекбай.
— Бар, тап та шақырып кел! — деп жұмсаған жігіт кеткеннен кейін, бұл ауылға жиналған қалың жұрттың аузында Кененнің кім екендігі сөз болды.
— Сол жігітті аса әнші деп жүр ғой, — деп сұрады біреу, — қай ауылдан келген өзі?
— Дулат ішіндегі Жаныс көрінеді ғой ол. Жаныс ішінде Қасқарау. Оның ішінде Сати -Боти. Мекендері Мәтібұлақ көрінеді. Әзірбай дейтін кедей шал болатын Сатида. Соның қартайған кезінде туыпты ғой бұл бала. Жасынан жетім қап, бай ағайындарының қой -қозысын баққан екен. Ержете аузына жел бітіп, қазір бүкіл Дулаттың атақты ақыны болғанға ұқсайды. Өзі сымбатты да, көрікті де жігіт боп өскен. Даусы да керемет өзінің, — аққудай сұңқылдайды!.. Ән де шығарады өзі, өлең де шығарады. Өлеңі онша қырғын емес. Ал, әні бар ғой, — бұлбұлдың сайрауына бергісіз!..
— Үлгіні кімнен алды екен, бұл?
— Балуан Шолақтан!..
— Не дейсің? Жолығып па екен Балуан Шолаққа?
— Арқадан Жетісуға келе жатқан Балуан Шолақ, Сати - Боти елін аралап жүріп «Доланқара» тауына кездессе, қой жәйіліп жүрген тас арасынан әдемі ән естіледі. Айтушыны Балуан Шолақ таптырып алса, он бестер шамасындағы қойшы бала екен дейді. Әлгі бір, қойшы баланың зарыққан мұңын бозторғайға шағатын әні бар ғой, сол ән, сол қойшы баланың шығарған әні екен дейді...
— Апырау, не дейді?!..
— Даусы да, әні де ұнаған баланы, Балуан Шолақ, қасына ерген нөкерлерімен ала кетпек болған екен, баланың да барғысы келген екен, жалдаған бай жібермепті... Балуанның жүрген жері ұлы думан көрінеді ғой. Қасқарауда ол Ноғайбай дейтін байдың үйіне түссе керек. «Балуан Шолақ келді» деген соң, қалың Қасқарау жиналса керек. Сонда әнін мақтаған Қасқарауға, Балуан «менен де зор әнші, — өздеріңнің араларыңда жүр, бірақ ән айтып жүрген жоқ, қой бағып жүр» деп Кененді өлердей мақтап, «нанбасаңдар көріңдер!» деп әдейі ат жібертіп алдыртса керек, Балуанның айтқаны расқа шыққан соң, қалың Қасқарау Кененді басына көтеріп әкетсе керек...
— Жақсы адамның аса сөйлемей, баса сөйлейтін әдеті ғой... Балуан Шолақтың өзін баса, Кененді көтере сөйлеуі содан болған шығар, әйтпесе, өз даусына жан пар келмейді деп естігеміз; айғай салған дауысы тауды жаңғырықтырып, тасты сілкіндіреді деп естігеміз; жүз бұралып, мың құбылады деп естігеміз!.. Кенен де керемет көрінеді ғой!.. Сонысына қарағанда, Балуан Шолақтан бата алып, аузына түкірткен ғой ол!..
— Апырай десейші!—деп ду ете түсті үйдегілер...
— Ал, енді, мен сендерге бір қызық айтайын, — деді біреу, көпшіліктің шуын басқысы келгендей, қатты дауыспен:
— Иә! — деді де, шу тын бола қалды.
— Осы Кенен бар ғой, сол Балуан Шолақтың бар әнін аузынан қағып алған!..
— Не дейді?!..
— Дегенімді айтайын: Балуан Шолақ Ноғайбайдың үйіне қонған күні мен де сол үйде едім. Балуанның әнін есітеміз деп келген жұрт үйге симайтын болған соң, халықтың тілегін орындап, Балуан далаға шықты. Ауыл Мәтібұлақтың жағасында, таудың арасында отырған. Балуанға ере тысқа мен де шықсам, таудың саласындағы адамның қалыңдығына көз тұнады!.. Айт пен тойға да мұндай көп жиналмас жұрт!..
— Жұртты қоя тұрып, Балуанды айт! — десті үйдегілер.
— Айтсам, Балуан таудың төскейіндегі шыңға көтерілді де ән шырқады. Мана үйде бірер әнді айтқанда, даусы аса зор сияқты емес еді, қоңырлау, бірсыдырғы әдемі ғана еді. Тысқа шығып сол әнді қайта айтқанда, даусы биіктеп көтерілді де кетті. Сонда ол айқайлаған жоқ, әдемі нақышымен, қоңыр ғана айтты. Осы даусы тауды жаңғырықтырып, тасты сілкіндіріп жіберді...
— Аруақ біткен адамның әдеті емес пе, топты көрсе арқаланып кететін!.. Аруағы көтеріп кеткен ғой, оның даусын.
— Сонымен, қызық болды, — деді Балуан Шолақтың өнерін баяндаушы.
— Иә?..
— Ол түні, таудың саласында Балуанның және оның нөкерлерінің әнін тыңдаған жұрт кірпік қаққан жоқ. Балуан қызық кісі екен. «Мынау пәлен деген әнім, мынау түген деген әнім» деп, әрбір әнінің бір - бір ауызын өзі бастап береді екен де, нөкерлеріне «ендігісін сендер айтыңдар!» дейді екен. Олар қосылып айта жөнеледі екен...
— Қызық екен онысы!..
— Одан да қызығы бар...
— Иә?..
— Балуанның да, оның нөкерлерінің де әдемі әндерін құмарта тыңдаған жұрт, күздің ұзақ түніне шыдамағандай, үркер төбеден ауа у - шуын азайтып бәсеңси бастады... Сол кезде, Балуанның нөкерлері қосылып айтқан бір әннің ішінен, болатты болатқа соққандай шыңылдап, аспанға найзадай шаншылып, тыңдаушылар бұрын естімеген бір биік дауыс көтерілді де кетті!.. Құр ғана биік дауыс емес, мөлдір судай кіршіксіз дауыс, көктемнің даласындай сәнді дауыс, шебердің кестесіндей нақышты дауыс!..
— Апырау, кімнің дауысы екен?—десті, кім екенін тез білуге асыққан жұрт.
— Кененнің...
— О қайдан кеп қапты?..
— Балуан Шолақ кешке жіберген кісі Кененді тауып әкелгенше түн ортасы ауып кетсе керек... Балалық шағында Кенен бұйығы екен дейді. Сондықтан, келе сала Балуанның алдына жетіп бармай, көптің арасына отыра кетіпті... Арқасыз адам ән айта ала ма?.. Балуан мен нөкерлері айтқан әндерге Кененнің де арқасы қозып, әуелі алысырақ отырған ол, ән айтқан топқа жақындай - жақындай, бір мезгілде қасына кеп қапты... Одан кейін өзін - өзі ұстай алмай, Балуанның ән айтқан нөкерлеріне қосыла кетіпті... Әлгі дауыс сол екен!..
— Иә, сонан?..
— Ән айтылып болған соң, Балуан орнынан түре кеп Кененнің қасына барады да, «ә, сен келіп қап па ең?» деп, қол берген Кененді бауырына баса құшақтайды. «Уа, жұрт, — дейді Балуан сонан кейін, жиналған топқа, — сенің бұлбұлың осы!..» «Әзірбай баласы Кенен» мұның аты - жөні. Өзіңнің Дулатың бұл бала. Оның ішінде Қасқарау, оның ішінде Сати -Боти. Бірақ, бұл, қалың Дулат, — сенің ғана сыбағаң емес, «шебердің қолы, шешеннің тілі ортақ» дегендей, барлық қазақтың сыбағасы. Бірақ, бүгінгі күні, бұл бала, қалың Дулат сенің әншің, емес, қойшың боп жүр. Қазіргі хәлінің қандай екенін баланың өз әнінен, өз құлағыңмен есті. Ал, Кенен, айт, мына жұртыңа «Бозторғай» деген әніңді!..»
Кенен «Бозторғай» әнін айтқанда, қойшы баланың ауыр халін көз алдына келтіріп, тыңдаушылар мұңайып қалады. Сонда Балуан Кененге, «енді Көкшолақ» деген әніңді айт!» дейді. Кенен бұл әнін айтқанда, жұрт шек - сілесі қатып күлді. Содан кейін Балуан:—«міне, көрдіңдер ме, жұрт, қойларыңның қиының арасында қандай алтын жатқанын? Алыңдар, ол алтынды қи арасынан!.. Бұдан былай тотықтырмай, жарқыратып ұстаңдар!»—деді... Балуан Кененді өзімен бірге алып та кетпек болған екен, әрі, жалдаған байы жібермейді, әрі «қартайған шағымда көзімнен таса қылмаймын» деп әкесі босатпайды. Бірақ Балуанның айтқаны да далада қалмайды: қалың Дулат Кененді айт - тойына шақырып көтереді де кетеді. Ол ән де, өлең де шығарғыш болып алады, үні де, сөзі де бал татыған тамаша болады. Сонан кейін аруағы ұшып, Дулатта Кенен қатынаспаған ойын-тойдың көркі болмайды... Ойын - тойларда Кенен өз әндерін ғана айтпайды, халықтың әндерін, басқа әншілердің әндерін, әсіресе Балуан Шолақтың әндерін көп айтады... Осы кезде көп адам қосылып айтқан ән естіле қалды. Оған елеңдеп, ауылдағы көпшілік те, Балуан да далаға шықты. Бұл ымырт жабылып, қас қарайған кез еді. Белесті құмдардың арасында отырған ауылға, үндері аспанды жаңғырықтыра қосылып ән айтып келе жатқан көп дауыс жақындай береді, жақындаған сайын әдемілене, биіктей берді...
— Кенен!.. Оның нөкерлері!.. — деп шуласты күткен жұрт.
— Дәл Балуан Шолақ! — деді әлдекім — Кенен өлеңдерін соның үлгісімен айтып келеді...
Кененнің әндеткен тобы ауылға кеп түскенде, құмның арасынан адам өскендей, қалың жан қыбырлап, төңірекке симай кетті. Мұншама адамды сиғызатын ешбір үй болмағандықтан, ән далада, қалың құмның арасында айтылды. «Халық өзінің тамаша әншісінің кескінін көріп отырсын» дегендей, ән басталар алдында, ашық аспанға он төрт жасына толған ай көтерілді. Дала сүттей жарық боп кетті... «Кескінін де түгел көреміз, әнін де түгел естиміз» деп, халық Кененді биік бір құм -шоқының төбесіне отырғызды. Өздері сол шоқының төбесінен төмен сорғалай, етекке жайыла орналасты. Осы қалың көпшіліктің арасында төбеге жақындау тұста, белгісіз адамның біреуі боп Балуан Шолақ та отырды. Шоқының төбесіне отырған Кененнің кескіні Балуан Шолаққа жасырақ кезінде айнадан көрген өз кескіні сияқтанып кетті. Ана жылы көргенде бала пішінді Кененнің қазір сақалы да, мұрты да өскен және дәл Балуан Шолақтың сақал - мұртындай, мұрты ұзара қалыңдап, қаршығаның жазған қанатындай, сапары сүйрие, иығына қарай қайырылып, сақалы иегіне шоқтала, бір тұтамдай ғана қып - қысқа боп өскен! Маңдайы да сондай кең, қасы да сондай қою, мұрны да сондай қоңқақ... Тек қана айырмасы — Балуанның жүзі бәлкім дөңгелектеу, Кененнің жүзі бәлкім сопақтау, Балуанның қалың қабағының астына біткен көзі бәлкім шүңіректеу және қысыңқылау, Кененнің жұқалау қабағының астына біткен көзі томпақтау және бадырайған үлкен, Балуанның иегі бәлкім сүйірлеу, Кененнің иегі жалпақтау... Аздаған сондай айырмалары бола тұра, Кененнің кескінінен өз кескінінің бейнесін тапқан Балуан, ішінен «менің әндерім мен өлеңдерімді айтар ма екен, айтпас па екен? Айтса, қалай айтар екен?» деп ойлады да, Кененнің әндеріне құлақ тікті... Жетісу ақындарының бір әдеті, — жиын - тойда кезіккен тыңдаушыларына әуелі өлеңмен амандасып алатын, Кенен де соны істеп, қоңыр дауыспен амандық - саулық айтқанда, Балуанға үні ұнағанмен, өлеңі көңілін қозғарлық әсер бере алған жоқ. Кенен әнге шырқай бастағанда, Балуан оның кескініне қадала қарап, қатты да қалды Ана жылы балалық лебі есетін жіңішке даусы енді қалыңдап және тым биіктеп кеткен екен. Балуан Дулатта Сарыбас дейтін ақынды көріп еді, ол әнін айғайлап бастап, оң жақ құлағын қолымен бұрап - бұрап жіберетін. Кенен де сөйтеді екен. Бірақ, бұл Сарыбастай қылғына айғайламайды, еркін шырқайды, сонда мүлтіксіз қоңыр даусы жер - көкті жаңғырықтырып, кең даланы тұндырып жіберді. Балуанның бағалауынша мұндай дауыс, ол естіп жүрген үндерде, Біржан салдан басқаға біткен емес!.. «Міне, қайда, әдемі, кең және биік дауыс!» деп сүйсініп қояды Балуан ішінен. Бірақ, жиынға сыр бергісі келмеген қалпын өзгертпей, орнында тастай қатқан түрінен қозғалмайды, ың етіп дыбыс бермейді... Кененнің әндерін сүйсіне тыңдағанда Балуанның байқағаны — ажырасқан аз жылда жас әнші бірталай ән шығарып тастапты. Бұл әндер арғымақ пен қарабайырдан туған құлын сияқтанып, кей жерінде Арқаның екпінді биік әніне де, кей жерінде Жетісудың келтелеу шұбалаңқы әніне де ұқсап кетеді екен. Кененнің өз әндеріне біраз сусындап мейірі қанғандай болған қалың көпшіліктің арасынан:
— Балуанның әнің Балуанның! — деген дыбыстар шықты.
— Қайдағы Балуанның?—деп сұрағандарға:
— Балуан Шолақтың жер-көкті күңіренткен әндерін естімей, құлағың керең болған біреу ме ең, немесе үйіңнен шықпайтын біреу ме ең?— деп қасындағылар ұрсып тастады.
— Иә, Балуанның әнін Балуанның!— деген дауыс көбейіп кетті.
— Болсын!—деді Кенен қолын көтеріп, шуды басқысы келгендей қалың дауыспен.
Шу тын бола қалды.
— Ал, халық! — деді Кенен, — өлеңнің де, әннің де мінезі мен қылығы шығарған иесіне тартатынын жақсы білесіңдер. Балуан асау мінезді, өр қылықты адам. Оның әндері мен өлеңдері де өзіне ұқсас асқақты, екпінді келеді. Мен жұмсақ мінезді, жуас қылықты адаммын. Балуанның әндері мен өлеңдерін өзінен ауызба - ауыз үйреніп қалғаным рас. Бірақ мен, ол шығарған әндер мен өлеңдердің ырғағын келтіргенмен, екпінін келтіре алмаймын. Балуанның әндерін естігендерің де, естімегендерің де болар. Естімегендеріңе оқасы жоқ. Ал, естігендеріңе «Балуан» дегенің оның киімін киген «Кенен» боп шықса сөге көрмеңдер!..
— Оны тыңдай көрейік, — десті жұрт.
Балуанның әнін естуге құмартқандар, Кененнің аузына төне қалды. Бойы дірілдеп, Балуанның өзі де төнді...
— Мен Балуанның он екі әнін айтам, — деді Кенен домбырасын күйлеп алғаннан кейін.
— Ал, тыңдадық! — деп гу еткен дауыс тез тына қалды.
Кенен әуелі, Балуанның бозбала шағында қыз - келіншекке шығарған «Ыңғай көк», «Діңкілдек», «Сегіз келін» сияқты жас жігіттің жан гүліндей жайнаған әдемі әндерін өте нақыштандырып айтып берді. Бір кезде бұл әндерді өзі де осылай айтатын Балуан албырт жастықтың адуынды мінезімен егде тартқан шағында ұялғандай, басын төмен түсіріп, бүгежектей тыңдады. «Діңкілдек» тің аяғындағы:
«Жастайымнан атандым «Шолақ дәу» деп,
Бұл дүниені кім ойлар шолақ - ау деп,
Мал - мүлік пен байлықты тәрк етпеймін,
«Ақыр бір күн артымда қалады - ау» деп,—
деген сөздерін айтқанда, Балуан қасындағыларға сездірмей күрсініп қойды. «Қос барабан» деген әні, әсіресе, ол әннің:
Көкшетауым, күнде жауын,
Сексен көл айдын шалқар,
Қайран ауылым!—
деген қайырмасы айтылғанда, Балуан қаттырақ күрсініп қап, маңындағыларға дыбысын естіртіп алды. Ол қасындағылардың:
— Не болды, сонша ауыр күрсініп?—деген сұрауына жауап берген жоқ...
Жетісуға келе, алыста қалып аңсаған Ғалиясына арнап, «Сұрша қыз» деген ән шығарған еді. Кенен сол әнді де шырқап, қайырмасындағы:
«Сөйтіп жүрген сұрша қыз,
Көкшетауда қалдың - ау,
Ау - өй сұрша қыз,
Енді есен бол - ай!»
деген сөздерді айтқанда, Балуанның көзінен жас ыршып кетті. Егер, Кенен бұл әннен кейін, Балуанның қайрат - жігеріне арналған «Құлан кісінес» аталатын екпінді әнін, одан кейін «Қос перне» аталатын соған ағайындас әнін елірте айтып жібермесе, Балуан қасындағыларға жылауын да сездіріп алар еді. Айғырдың арқырауы сияқты «Құлан кісінес» пен домбыраның екі шегін бірдей сөйлетіп, әуелі қоңыр басталғанмен, арты шырқап биікке шығатын, тынысы мол, ырғағы көп «Қос перне» айтылғанда, батырлық қалпына келгендей, Балуан сергіп кетті. Соңғы әннің:
«Өз атым әкем қойған Нұрмағамбет,
Халқымнан көріп жүрмін қадыр - құрмет.
Бас қосқан оязнайдың съезінде,
Көтердім кірдің тасын елу бір пұт!»
деген сөздері айтылғанда, «пау, шіркін!» деп көтермелегендерге дауысын қалай қосқанын Балуан аңғармай да қалды. «Желдірме» аталатын желіге айтылатын термелі әнге тіпті желіге бастаған Балуанның көңілі, «Жай қоңыр» аталатын баяу ырғақты әнінің:
Салайын «Жай қоңырға» жәйіменен,
Барады өтіп өмір айы менен,—
деген сөздері басталғанда, тағы да бәсеңси қалды. Өмірінің, өтіп бара жатқаны есіне түсті оның. Осы ойын қалыңдата түскісі келгендей, Кенен Балуанның өмір жолы туралы шығарған «Өтетін өмір» атты термесін төпеп кетті:
Бір жасқа жеткенімше құндақтайсың,
Екіде тек былдырлап тіл қатпайсың.
Бес жаста безіп үйден, тал ат мініп,
Он жаста, жарда ойнаған ылақтайсың.
Келгенде жиырмаға сазда өсетін,
Балауса бейне балғын құрақтайсың
Отызда ор қояндай аспанға атып,
Қырқыңда мүшеленген құр аттайсың
Елуде ақыл - ойың тегіс толып,
Төскейден сарқыраған бұлақтайсың,
Алпыста бар асылың түгел жайнап,
Маңыңа сәуле шашқан шырақтайсың,
Жетпісте тұра берсең жер таянып,
Жарыңнан құдай қосқан жырақтайсың.
Сексенде буындарың діріл қағып,
Болдырған арық аттай бұрақтайсың,
Тоқсанда өлсең де өлдің, өлмесең де,
Сұм дүние енді кімге тұрақтайсың?..
Бұл сөздеріне тағы да тұнжырай қалған Балуанның құлағына, кейінгі кезде шығарған «Кенже қоңыр» деген әні естілді:
Бір аты әндерімнің «Кенже қоңыр»,
Тең болмас арғымақ пен қара шобыр.
Армансыз Үйсін, Дулат араладым,
Көп жатып бір ауылды етпей ығыр,
Әнімнің әркім құмар мұқамына,
Кей жігіт қарап отыр тұтамына.
Сайраған Сарыарқаның бұлбұлы едім,
Жетісу қонақтадым бұтағыңа...
— Осымен Балуан Шолақтың он екі әні бітіп те қалды білем, — деді Кенен жұртқа қарап.
— Он бір - ақ! — деді санап отырған біреу.
— Қайсысын қалдырып кеттім екен, сонда?—деді Кенен.
— Кәне, аттарын аташы, санайық! — деп көпшілік пен Кенен айтылған әндерді санай бастағанда, Балуан отырған биігінен төменге сырғып түсті де, шылбырынан сексеуілге байлап қаңтарған атына қарай кетті.
«Несіне отырам, — деген ой келді оған, — менің ойымдағы сырдың бәрін де Кенен халыққа айтып берді. Енді несіне көрінем ол халыққа?.. Босқа шулату үшін бе?.. Кімге қажет ол шу?.. Қой, онан да осы белгісіз бетіммен кете берейін!» Ол аттанып жүре бергенде, манағы жоғалтқан әнін тауып алған Кененнің биік даусы аспанға көтеріле берді. Балуанға таныс ән — өз әні! Балуан ұзаған сайын, ән биіктей берді. Жетісуда қалып бара жатқан Кенен, оған өз бейнесі сияқтанып кетті. Қайтып оралмаймын деп бара жатқан елде, әрдайым, өз көзіндей көретін мұрагері қалуы оның қуанышын теңіздей тасқындатты. Кеудесіне симаған бұл тасқын, Балуанның көзінен жас боп сорғалады...
ТАУДЫҢ ТАҒЫСЫ
Балуан Шолақ еліне белгісіз қайтам дегенмен, ол «келе жатыр дейді» — деген хабар, алдынан айшылық жерді орап отырды. Хабар әртүрлі естілді:
— «Іздеп барған ағайыны — Үйсін Балуанды басына хан көтеріп қарсы алыпты дейді. Елі бай екен дейді. Он мыңдаған қой, мыңдаған түйе иттің құлы итақайда өреді екен дейді. Балуанның өз тұқымдары да өте кеткен бай боп шығыпты. Олар Балуанға екі ақ үй тігіп беріпті, екі қатын әперіпті. Балуан Шолақ осы күні ен байлықтың үстінде қаздай қалқып, үйректей жүзеді дейді, малында есеп жоқ дейді. Қырық қатын сауыншысы, қырық жігіт бақташысы бар дейді. Үйіне күнде келген қонақ ас пен тойға жиналғаннан кем емес дейді, ошағының басы қан сасып, ту қойлар мен ту биелер есепсіз сойылып жатады дейді. Балуанның өзі тентектігін қойып, сол елдің үлгі айтатын биінің бірі бопты дейді, аузы дуалы, айтқанын халқы екі қылмайды дейді, әке - шешесің қатын - баласын Жетісуға алып кетуге келе жатыр дейді...»
— «Бұл жақтағы күші күш пе!—деп соқты бір хабар, — онда барған соң, адамның арыстаны боп кетсе керек. Ағаш үйлерді қолшатырдай көтергенін көрген кісі бар. Ол жақтың ұлықтары осы күшінен қорқып, шаш етектен алтын сыйлап, қазынадан тамаша сарай салдырып, патшадай ғып күтіп тұр дейді».
— «Ол сөз өтірік дейді, — деді тағы бір хабар, — бүл жақтың ұлықтары Балуанды Жетісуға айламен жіберген екен. Онда барған соң - ақ Жетісудың ұлықтары ұстап ап, темірден соққан үйге қамапты дейді...»
— «Қамалғаны рас екен, — деп тарады бір хабар, — сонда бір досы, айласын тауып, темірді нандай турайтын алмас пышақ жеткізіп беріпті де, Балуан темір үйді тесіп қашып кетіпті. Көкшетауға қайтып келе жатқан себебі — ол жаққа да сыйыса алмауы болса керек...»
— «Бұл жақтан кеткен соң қойдан қоңыр, қозыдан жуас болуы рас дейді, — десті біреулер, — жолда аты өліп, өзі жүдеп барған соң, Жетісуда ешкім елемей, ит қорлықта жүріп, елге жаяулап жалғыз келе жатыр дейді, өзі аппақ қудай шал болған дейді».
Осылар сияқты толған өсек, Балуанның алдынан желдей есіп жатты. Оның көбін Ғалия да, Балқаш та естіді. Бұл кезде Қалампыр мен Баймырза қайтыс болған. Қалампыр Балуанның Жетісуға кетуіне көмекші болғанмен, сүйікті ұлы аттанғаннан кейін ауыр ойда құса боп өлді, Баймырза аурудан өлді. Балқашты әркімдер: «Ол саған енді жоқ, байға ти» деп азғырды. Балуан Жетісуға кетерден бұрын жүкті болған одан ұл туып, атын Тәукен қойған. Балқаш Бәтен мен Тәукенді бағып, қайнағасы Төлеубайдың үйінде тұра берген. «Балуан Шолақ қайтып келе жатыр дейді» деген хабарды естігенде Ғалия не істеуді білмей сасып қалды. Бір жағынан оны кеудесіне сыймаған қуаныш састырды. Балуанның Жетісуға кетуіне көмекші болғанмен, ол аттана сала төсегіне шөке түсе жатып ағыл-тегіл жылаған Ғалия, сол қалпынан қозғалмай айға жақын жатқанда, сүзек болған адамдай арсаланып қалған. Дос - жарандарының кейбірі оған «сен осындай жасық па едің?» деп ұрсып, біреулері «жамандық шақырып бұ не қылғаның?» деп қорқытып, енді біреулері, — «қорқыныштың ыстық - суығы басылған соң қайтып келеді; сарғая күткен әрбір күндерің жылдай болса, ертең аман - сау қайтып келсе, бірнеше жыл дегенің, бір күндей де болмайды» деп үміттендіріп, ақыры, көптің талқысы, оның басын төсектен көтерткен. Төсектен тұрғанда ауру бас, біртіндей жазыла кеп, күн алыстаған сайын, жыл алыстаған сайын сауығып, біраз жылдардан кейін, Балуан оған алыстағы арман ғана сияқтанып, кейбір күндерде оны жүрегі сыздай еске түсіргенмен, кейбір күндер! ұмыт та болып кеткен... Міне, енді сол Балуан көп жылдардың ұзақ сапарынан келе жатыр. Бұл хабар Ғалияның, сөнгендей болған махаббат отын қайта тұтатты. Оның жүрегі қайтадан жалындай бастады. «Бірақ, — деген ой ғана бәсеңдетті бұл лапылдаған жалынды, — мен бұлай жалындағанмен, оның жалындап келе жатқанын қайдан білем?.. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дегендей, жан азығын жолынан тауып әкеле жатпауына кім кепіл?..» Елде тараған бір хабарға қарағанда, Балуанның Жетісудан іздеп барған туыстары алдына мал салып, үстіне үй тігіп, қойнына жар салып қайтарған... Бір өсектерге қарағанда, «оның қатыны біреу емес, бірнешеу... және... бәрі де сұлу...» Бұл хабарларды естігенде, Ғалияның әйелдік мінезі де ұстап қап, қызғаныш оты да қоза кетеді... Балуанға өшіге де қалады... бірақ, ол қызуы тез қайтып, қалтқысыз сүйетін қалпына оралады да, тағы да аңсай, тағы да сағына бастайды... Бұндай сезімге түскен сәттерінде, «қашан келсе де, қалай келсе де, тек аман келсе екен!.. Көзіме тірі көрінсе екен!.. Сонда мен оған бәрін де кешер едім, қайда тұрсаң да, кіммен тұрсаң да еркің, тек тірі бол!» дер едім!.. Енді, Балуанның тірі келе жатқанын естіген Ғалия, бұл хабарға қуана отыра, қандай жайда келе жатқанын білмей бір сасса, екінші сасуы — қала әкімдерінің сөздеріне құлақ түрсе, аңшылардың «қанды басың бері тарт!» деуіндей, Балуан баяғы қылығын қоймай келсе, ұстап ап қамап қоюға, қолдарына түкіріп отыр... «Бұл құрылған қақпанға Балуанды шақырушы менмін» деп ойлаған Ғалия, не істеуге білмей сасады. «Алдынан шығып, келме деп хабар берем бе?» деп бір ойлайды ол. «Хабар бергеніммен, басқа жаққа кете ме ол?.. Кетсе қайда кетеді?..» деп тағы ойлайды... «Аяғына оралғы бола бергеннен, біржола жоқ болсам қайтеді?» деп те ойлайды ол... Ғалия осынша ойдың шытырманына кіріп шатасып жүргенде, Балуан келіп қалды. Ғалияны ол үстінен қапыда басты. Әнеугі бір шақта, келе жатқан Балуанды жақындатып қойған жұрт, жуық арадан бері алыстатып, «әлі әртінде дейді» деп Ғалияның лепірген шыдамын басып тастаған еді. Енді біреулер:—«неге тым - тырыс бола қалды, хабары естілмейді?!.. Не сырқаттанып қап, не біреу қастық қып... дегендей пәле - жаладан аман болғай да бейшара!» деп Ғалияның көңіліне қобалжу түсірді. Осындай толқымалы сөздердің ішінде Ғалияға ең тиянақты көрінгені, — «аман - сау болса, Балуан, әрине, томаға - тұйық келіп қалмайды; оның келе жатқан хабары, ең кеміне, күндік жер алдын орай жүреді...» Осы сөзге сенген Ғалия, сағынып күткен жолаушысынан анық хабар келе қоймаған соң, әрі «алыста жүрген болар» деген үмітпен, әрі «не болды екен?!» деген қауіппен, ешбір әзірліксіз бейқам отырғанда, Балуан келді де қалды!.. Және ол қызық түрде келді. «Бүгін келеді» деген ой өңі түгіл түсінде де жоқ ол, үйін де жинастырмай, өзі де түзелмей, Балуан кеткеннен бергі жобалғы киім, жобалғы пішінмен, іңірде үй шаруасын атқарып жүр еді, сыртта қақпа сықырлады.
— Қақпадан біреу кірді ғой!.. — деді ол қолбала ғып жұмсап жүрген он үштегі жас қызға, — шықшы далаға!.. Білші кім екенін!.. Танымайтын біреу болса, «қондыруға уақытымыз жоқ» де!..
Қыз шықса, жобалғы киімді әлдекім салт аттан түсіп жатыр екен. Кім екенін білгісі келген қыз, сыпайылық сақтап тұр еді, жолаушы атын байлады да, қызға кеп:
— Аманбысың балам?—деді. Қыз әдеп сақтап үндемеді.
— Осы ма, Ғалияның үйі?—деді жолаушы.
— Осы, — деді қыз.
— Үйдеме, өзі?
— Үйде! — деді қыз, ішінен «апамды біліп тұрған бұл кім өзі?!» деп ойлап, бірақ, кім екенін сұрауға қымсынып.
— Әкесі бар ма, үйінде?
Қыздың жүрегі бұл сұраудан зырқ ете қалды. «Балуан» деген адам барын оның не қылған адам екенін Ғалияға не қатынасы барын, сол «Балуанның» келе жатқан хабарын, ол хабарға Ғалияның қалай қарап жүргенін қыздың құлағы шалған. «Сол адам осы болмағай да, — деген ой кеп кетті қызға, — әйтпесе, алдақашан өлген атамды үйде ме деп неге сұрайды?!..» Осы ойдан сасып қалған қыздың аузына сөз түспей тұрғанда, жолаушы үйге қарай жөнеле берді. Оған ере жүрген қыз, танымайтын адам болған соң, Ғалия тапсырған «қондыруға уақытымыз жоқ» деген сөзді айтуға бірнеше рет оқтанып еді, дірілдеген жүрегі аузына сөз түсірмей қойды... Балуан қыздың алдын ала үйге кірсе, кішірек кәрәсін шамы жанған ауыз бөлмеде, Ғалия бүкшеңдеп сәкі сыпырып жүр екен. Кіріп келген адамның жобалғы киіміне қарап, «көп жолаушының бірі болар» деп жорыған Ғалия, қондырғысы келмеуін қылығынан көрсетпек боп, амандықсыз - саулықсыз, жолаушының кескініне қарамастан, сәкісін сыпырған қалпымен күйбеңдей берді. Балуан оның бұл қылығын әуеле танымауына бір жорып тұрды да, аздан кейін «осы мені әдейі танымай тұрған жоқ па?» деген ой түсіп кетіп, өкпелеудің жетегімен шыға жөнелуге ниеті кетіп барып, денесіне әрең дегенде ие болды. Өйтетін себебі, — Ақмолаға жақындаған шақта, құлағын «Ғалия Балуанды ұмытқан, басқа бір елеусіз күйек асты күйеу тауып, сонымен жүріп жатқан жайы болса керек» деген сөз естіген. «Мына қылығына қарағанда, сол сөз рас болмағай да» деген ой да кеп кетті Балуанға. Есіктен кіріп, босағада үн-түнсіз тұра қалған зор денелі, жұпыны киімді, сақалды еркек, Ғалияның көңілін тез бөлді де, «не қылған жолаушы бұның өзі, амандығы - саулығы жоқ?!.. Неге үндемей тұр өзі?!.. Мылқау біреу емес пе?» деп ойлаған Ғалия, кім де болса тіл қатқысы кеп:
— Жолыңыз болсын!— деді еңкейген бойын жазып.
— Әлей болсын! — деді Балуан дауысын әдейі өзгерте сөйлеп...
— Неге тұрсыз, босағада?
— Рұқсатсыз ілгері баса алмай тұрғаным да...
Осы бір үн Балуанның даусына ұқсап кеткен сияқты болған соң, Ғалия серпілген сезіммен денесіне қарай қап еді, — Балуандікі сияқты!..
Жүрегі дір ете қалған Ғалия, қалтыраңқыраған дауыспен:
— Жоғарылаңыз!—деді төргі бөлменің есігін қолымен нұсқап.
Ғалияның мұншама жобалғы жүруінен, жұрттың ол туралы өсегі бекер екен деп жорыған Балуанның бұрынғы мейірімі түсіп кетті де, өзіне өзі ие бола алмай:
— Ғалия! — деп құшақ жая айғайлап қалды.
Балуанның дауысын сонда ғана таныған Ғалия, не істеуге білмегендей, көзі шарасынан шыға, кескіні боп - боз боп, қаны ішіне құйыла, шегіне берді де, талықсып құлап кетті... Екі ғашықтың жан сыры сол түні түгел ақтарылып болды. Олар бұл жолы ер мен әйел болып емес, адам мен адам боп, сезімі билеген жас боп емес, санасы билеген мосқал боп сырласты. Сонда келген қорытындылары: екеуі өмірлік шын дос боп қалады, бірақ, бастарына туған күнмен есептесіп, бірігіп бір жерде тұрмайды, Балуан Көкшетаудағы бала - шағасының қасына барады да, ендігі өмірін, соларды бағып - қағып өсіруге жұмсайды... Ғалия осы үйінде тұра береді де, аса сағынған күндерінде жүз көрісіп, біріне - бірі барып қайтады... ендігі қалған өмірде, осы тиыштықтары бұзылмаса, екеуі де одан артық бақытты тілемейді... Бұл шарттарды Балуанға айтқан да Ғалия, тілін алдырған да Ғалия. Балуанның бұл шарттарға көнбей бұлтақтағысы келгенмен, Ғалияның жан сырынан көзіне көрсете тоқыған дәлел — торы бүлк еткізбеді, Балуан жүрегі сыздай отыра көнді. Ертеңіне Балуан Көкшетаудағы үйіне жүріп кетті. Оның Ақмолаға келуі мен кетуін Ғалия мен кішкене қыздан басқа ешкім білген жоқ. Қызға Ғалия «Балуанның келіп кеткенін жан адамға аузыңнан шығарма» деген тыйым салды. Балуанның елінде де елеусіз жүре берем деген ойы орындалған жоқ. «Ол аулына келіпті» деген хабар, аттан түсе дүңк ете қалды да, шалқып ескен желдей жан - жағына тарады да кетті. Балуан аулының тағы да тобыр болуын іштей тілемегенмен, сағынған ел - жұрт күні - түні ат ізін суытпай басып кетті. Балуан үйінің шаруашылық күйі әлсіз екенін білетін олар, «көп жылдан бері жемеген сыбағаң» деп қара - құраларын жетектей, азық -түліктерін арбаларына тией келді... Солардың бәріне Балуанның айтары:
— Рахмет, ағайын, сый - құрметтеріңе. Ендігі тілегім, — оттың басында, ошақтың қасында тиыштық өмір өткізу...
Бірақ, Балуан бұл уәдесіне жете алмады. Бұрын ойға - қырға жүріп қалған көңіл оны үйіне тоқыратпай, ат арқасына қарай жетектей берді. Бұған барғысы келмей тартыншақтайын деген Балуанның мазасын ауылда тағы бір нәрсе ала бастады: бірінші дүниежүзілік соғыстың басталғанын Балуан Жетісуда естіген еді, енді, еліне келсе, соғыс шығыны елді албастыдай басып тынысын тарылтып тұр екен. Сонда, шығынның ауыртпалығы байларда емес, кедейлерде. Осыған шыдай алмаған кедейлер Балуанға кеп, біресе «мына пәледен қалай құтыламыз» деп, біресе «бұл нәледен құтқар!» деп маза бермейтін болды. Үйінде отырғанда тиыштығы осылай кете бастаған Балуан, қолынан келер дәрмен жоғын көрді де, көптен көз таса болу үшін, аңшылықпен шұғылданды. Дос адамның алғыр қаршығасын қалап алған ол, ұйқыдан басқа уақыттарының бәрін тау ішінде, маңында ел жоқ көлдер мен өзендердің арасында өткізді.. Сөйтіп ол, таудың тағысы боп кетті...
ЖАСЫРЫН ҚАСТЫҚ
Көкшетау уезінің соңғы кездегі уездной начальнигін сол уездегі қазақ елі: «Дәуқара» дейтін еді. Ол: түрегелгенде төбесіне орта бойлы кісінің қолы әрең жететін қарнына бір қапшық ұн байлағандай шермиген, желке мен иыққа ерекше біткен шүйделі қалың май тұтасып кетіп, арқасынан қарағанда шоқтығы төңкерген қазанға ұқсаған, артынан қараса бүкір сияқты, алдынан қараса шалқақ сияқты, білектеріне өскен кесек май жыртық жеңдей салбырап түсіп кеткен, семіз саусақтарының буындары бунақталып, әр буыны бір жұмыртқа сияқтанып томпайған, ескірген табақтай дөңгелек семіз бетінде, іннен жылтыңдаған қаптесер сияқты шүңірек кішкене қара көзі ойнақшыған, шошқаның тұмсығындай мұрны қайқиған, үңірейген кең танауының қылтандары сыртқа шығып, кірпінің тікенегіндей ербиген, көзінен басқа бетін тұтас жапқан қалың қара бұйра сақалын еркін өсірмей, елтірінің бұйрасынан аз - ақ ұзын қып қайшымен қырықтырып жүретін, қылшығы жылқының ту құйрығындай қалың қара мұрты иегінен салбырап, омырауына түсетін, дем алғанда беті тыржиып бар денесі қозғалатын, күлкісі ақырған сияқты көрінетін, адамзаттың бір жануары еді. «Дәуқара елге шығыпты» деген сөз, халыққа «өрт қаптап келеді» дегеннен жаман әсер ететін. Бір жаққа жолаушылап шықса оның алдында қос атты шапқын жүреді. Түсетін үй күн бұрын даярланады. Жолында не мал, не адам тұрмау керек. Өзі әрі қомағай, әрі мешкей — бір қойдың етін бір өзі меңгеріп тастайды. Қай ауылға түсетін болса да қой сойылып, жеуге даяр боп асулы тұрады. Түскен үйінің асы әзір болмаса, «елемедің» деп үй иесін почтовойына сабатады. Кімді сабаса да, мұрнынан қанын ағызып, тепкілеп талдырмай тоқтамайды. Қылмыссыз адамнан қылмыс табу оған дәнеңе емес. Ең күнәсіз деген адамды ол «жеккен атың жаман, асқан дәмің жаман» деп айыптайды. Сондағы көздейтіні — қорқытып пара алу. Жабайы халық былай тұрсын, ол ауылдың әкімдері — болыс, старшындарға да өте қатаң. Ол Көкшетауға ояз боп келгелі - ақ түрменің ішіне кіріп шықпаған болыс, старшын аз. 1916 жылдың ала - сапыраны басталар алдында Дәуқара шапқын жіберіп Көкшетау уезіндегі барлық қазақ болыстарын шақыртты. Неге шақыртқанын білмеген болыстарда зәре - құт қалған жоқ. «Патшадан келген жарлық болғаны ғой, — деп қорықты барлық болыс та, — әйтпесе, бәрімізді тұтас шақырмаса керек еді!.. Кім біледі, — деген үрейлі сөздерді айтты кейбір болыстар, — соғыстың қатты жүріп жатқаны мынау!.. Заман тарыншылық боп кетті... Өкіметтің тапсырмасын түгел орындап отырған жоқпыз. Әлде соған ашуланып шақырып, жауып қоймаса, соттап жібермесе не қылсын!..» Осы қорқынышпен олардың көбі үйлерінен аттанарда қатын - баласына, туысқандарына бақұлдасып жылап кетті. Бұйрық — Дәуқараның өз үйіне келу еді. Көкшетаудың орталығындағы алапта, бақшаға қарсы тұратын Дәуқараның ақ тас үйінен болыстар жыланның қордасынан жаман қорықты, бірақ, амал жоқ, қорқыныш кеуделеріне алдынан найзадай қадалса да, сыздаған жүрекпен аттарын амалсыз қақпа алдына байлап, Дәуқараның үйіне кірді. Күтпеген жерде Дәуқараның болыстарды жылы жүзбен қарсы алуы, оларға қап - қараңғы түнде жарық күн шыққандай әсер берді. Бұрынғы Дәуқара емес: сыпайы, әдепті: «сіз, бізбен» сөйлеседі!.. Бұрын кеңседе ғана жолығып, өз үйінің маңайынан да жүргізбейтін ол, мына жолы үлкен ақ тас үйдің кең екі бөлмесін болыстарға босатып, ішіне қазақша кілем, көрпе төсеп, шынтақтарына жастық қойған!.. «Тамаша!—десті болыстар жасаулы бөлмеге кіріп орныққан соң, — неғып мұның ықыласы түсіп, құдайы иіп қалды, ә?!.. Ғажап!..» Қазақ әдетін білетін Дәуқара болыстарды шаймен де, етпен де тойғыза сыйлады. Күтуде кемшілік болмасын дегендей, болыстар тамақ ішіп отырған кезде, бөлмеге өзі де кіріп: «алыңыздар, ішіңіздер, қош келдіңіздер, құрметті қонақтар!» деп жалпаңдады. Қазақтың болыстары жиырмадан аса кісі еді. Оған қоса орыстың біраз болыстары мен атамандарын шақырған екен. Бәріне құрметті бірдей көрсеткен Дәуқара, іңірде қонақтарын кең кабинетіне жинап ап кеңесті:
— Россияның басына ауыр күн туды, — деді ол, — міне, екі жыл, біз ата жауымыз — Германиямен соғысып жатырмыз. Бұл соғыста біз жеңеміз. Бірақ Германия тез жеңдіре қоятын жау емес. Оны жеңуге көп күш керек. Орыс халқы бар күшін жұмсап, малын да, жанын да аяп жатқан жоқ. Осындай қиын жағдайда Россияға бағынған бұратана елдер де, мәселен, — қазақтар да жәрдем беріп жатыр. Егер олар осы жәрдемін азайту орнына көбейте берсе, ертең соғыс біткен соң, ұлы мархабатты патша ағзам — Николай Александрович Романов оларға да рахымшылық көрсетеді. Қазақ халқы бүгінге шейін малмен ғана жәрдем беріп келеді, адаммен жәрдем берген жоқ. Патша ағзам қазақ халқынан енді жігіт сұрамақ. Қазақ жігіттері соғысқа бармайды, соғыстың маңайында қара жұмыс істейді. Әрине, бұрын солдат беріп көрмеген ел, бұған тез көнбеуі мүмкін, жанжал жасауы мүмкін. Осыны ойлап, алдын ала даярлық жасау үшін, халыққа беделі бар болыстар — сіздерді шақырып отырмын, қалай істесе халықты жанжалсыз көндіруге болатындығын ақылдасуға шақырдым. Жәрдемге шақырдым. Сіздерді үкіметке сенімді кісі деп шақырдым...
Дәуқара ұзақ сөйледі. Оның сөзін уездің кеңсесінде переводчик болып істейтін қазақ жігіті дәлме - дәл аударды.
— Айтқаныңыз орындалады, тақсыр, — десті болыстар, — халықты көндіреміз. Қанша жігіт болса да береміз!
Қазақтан солдат алу жұмысы болыстар ойлағандай жеңіл емесін айта кеп, Дәуқара, егер жанжал бола қалса, оны тез басудың даярлық жайларын айтты:
— Егер, қазақ елі бұл бұйрыққа қарсы шықса, басқаратын кімдер бар? — деп сұрады ол болыстардан.
Әр болыс өз елінің қауіпті деген адамдарын атады. Тоқсамбайдың Сыздығы сол кезде Қотыркөл болысының управителі еді, ол Балуан Шолақты атады.
Сыздықтың сөзіне Дәуқараның құлағы елеңдей қалды.
— Рас, ол қауіпті адам!.. Ел көтерілсе бастайтын адамның бірі сол болуында сөз жоқ, ендеше, одан құтылу керек, — деді Дәуқара.
— Оны тірідей ұстау қиын, — деді Сыздық.
— ...Сонда?..
— Қапысын тауып аттыру!..
Бұл ақыл Дәуқараға қона қалды. Бірақ, ол« Балуанға хабарландырып қояр» деп қазақ болыстарына сенбей:
— Аттыру жарамас, — деген болды арам ойын жасырып, — қолға тірідей алу керек, о да адам баласы, мүмкін сөзге көндірерміз. Көнбесе басқа шарасын істерміз.
«Осы қауіпті - ау» деген елдің адамдарын Дәуқараға ұстап бермек боп, солдат алу туралы хабарды ерекше бұйрық берілгенше ешкімге айтпауға ант беріп, болыстар елді - еліне тарады. Еліне қайтуға даярланып, өзінің пәтеріне кеткен Сыздықты, Қайрақты қаласының старостасы — Егор Пропадконы Дәуқара іңірде үйіне шақырып ап, оңаша кеңесті.
— «Балуан Шолақты аттыру керек» деген сөзің дұрыс, — деді ол Сыздыққа, — бірақ, бұны үшеумізден басқа жан сезбесін. Кім айтқанын ел білмейтін болсын. Егер білсе үкіметке ең зор пәле сол болады. Қазақ халқының Балуанды жақсы көретінін үкімет біледі. Егер оны өлтірген адамды қазақ халқы сезсе, кегін қайтарып, үкіметтің талай адамын өлтіреді. Ал, егер, солдат алу туралы патшаның жарлығы шықпай тұрып Балуан Шолақты өлтірмесек, елді үкіметке қарсы көтеруінде, бастауында сөз жоқ. Өзі осы күні де: патшаны жоймай елге жақсылық жоқ», деп ел арасына үгіт таратады дейді.
Дәуқараның, Егордың, Сыздықтың ақылдаса кеп тоқтаған тиянағы: қаршыға сап, саятта жүрген шағында Балуан Шолақты аттыру.
Бұл қылмысты ұйымдастыру, Сыздық пен Егорға жүктеледі.
БАҒЫ ҰШҚАН БАЛУАН
Дәуқара мен болыстар қанша жасырам дегенмен, «ел құлағы елу» дегендей, патша үкіметінің қазақтан солдат алатыны халық арасына тез тарай қалды.
Бұл хабар жанын түршіктірген елдің көбірек ақылдасқан адамы — Балуан Шолақ.
— Ал, батыр!—деді оған ақылдасқандар, — солдат алады деген хабарды естіп отырсың. Елдің болысы, биі, байы күн бұрын айла тауып, балаларын солдаттан алып қап, ылғи кедейдің жігітін бергісі келетінін де сезесің. Біз не істейміз? Баяғыда «патшаны құртпай — жақсылық жоқ», — дейтін ең оның не сөз еді?
«Бөрі арығын білгізбес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, көлденең жұртқа жуасыған, аңшылықпен ғана алданған сияқты көрінгенмен, Балуан Шолақтың жүрегінде қайнаған көк көкірегіне симайтын еді. «Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ, қоян -қолтық ұстасып өлсеңдағы арман жоқ, деп көнетін еді. «Осы қорлықта іштен сыздап өлгенім ғой» деп өкінетін еді, «шіркін ел бір көтеріліп, тізгінін маған берсе!»—деп арман ететін еді. «Құланның қасынуына, мылтықтың басуы дөп келді» дегендей, он алтыншы жылдың хабары оның осы ойына дәл келе қалды.
Балуан Шолақ ақылдасқан елге жауабын ойланбай берді:
— Лақ та өлерінде бақырып, тұяқ серпеді, — деді ол, — аянғанмен жан қалатын емес, бәрібір өлім, көтерілеміз! Арпалысамыз. Не жеңеміз, не өлеміз!.. Екінің бірі!.. Содан басқа жол қалған жоқ.
— Дұрыс!—десті жұрт.
— Бірақ оған ақыл керек. Мұндай зор іске алды - артымызды шамаламай сұғынуға болмас. Ана жылы Ұлы жүз бен Орта жүзді тегіс араладым. Сонда патшаны ұнататын ел жоқ та, бәрі де іштен сыздап амалсыз отырған. Егер, көтеріле қалсақ, Үш жүз боп тұтас көтерілейік дескенбіз. Елдің ішінде бықсып жанып жатқан намыс өртін мына оқиға үрлеп даулатуында күмәнім жоқ. Қазақтың кең даласы тұтас өртенсе, оны сөндіру патшаға оңай бола қоймас; білетіндер осы патшаны соғыстан қалжырады деп жүр. Тәуекелге бел байлап ұстасып көрейік, мүмкін жығармыз. Бірақ, қазақ атанған ел боп тұтас қимылдайық! Ол үшін, жан - жаққа шапқын жіберіп хабар алайық.
— Дұрыс!..
Жан - жаққа астыртын хабар тарап жатты. «Көтерілеміз, білегімізді біріктіреміз» деген хабарлар келіп жатты... «Қазақ түгіл: қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түркпен сияқты елдер де көтерілгелі жатыр» деген хабар естілді.
— «Осы патшаға орыстың өзі де қарсы екен, жұмыскерлері мен кедейлері бұл патшаның бізге керегі жоқ деп жанжал жасап жатыр» деген хабар да келді...
Ел күшін осылайша жинап жатқан күндердің біреуінде, көңілді Балуан Шолақ қаршығасы ілген құстарды қоржынына толтыра тиеп, күн төбеден құлай үйіне қайтты. Астына мінген аты Ақбоздай болмағанмен, сол маңайдағы жақсы аттың біреуі еді, өзі желгіш те, аяңшыл да. Қолындағы қаршығасы «жылан сырт» атанған алғыр, қыран құс. Бүгін Балуан Шолаққа ерекше сезім пайда болды. Еліне беттегенде ол аулына емес, жорыққа аттанған сияқтанды. Барлық халқы соңына ергендей, барлық орман қаруға айналғандай, барлық тас жауға ұстайтын қалқан болғандай, барлық сайраған құстар жеңіс әнін шырқағандай, патшаны құртып, жауын жеңіп, өмірлік арманы — Ғалияға қосылып, махаббат аясында бақытты өмір жасағандай сезінді!.. Балуанның жолында биік жақпар тасты кесіп өтетін тар кезең болушы еді. Бұрын осы тастан өткенде ол әлденеге сезіктенетін еді, сондықтан, сақтанып, абайлап өтетін еді. Бүгін ол қауіп ойдан шықты. Орманды жаңғырта «Ғалия» әнін шырқаған ол тастың тар кезеңді жолынан желіп өте бергенде артынан мылтық гүрс ете түсті. Селк еткен Балуанның жалт қарауға шамасы келмеді, тұла бойы әлденеге шымырлап, жүрегі төмен тартқан сияқтанды. Төсінен төмен қарай ып - ыстық бірдеме жылжи жөнелді... «Апырай, не болды!..»—деп ол тізгіндегі қолын кеудесіне тығып, жып - жылы бірдеме білінгенге шошығандай қайта суырып алса, — қызыл қан!..
— Ұрған екен!—деді ол.
Мылтық тағы атылды. Бұл жолы оқ тиді ме, жоқ па, байқауға шамасы келген жоқ. Жүрегі өрекпіп көзі қарауытқан ол, «аттан жығылам ба» деген қорқынышпен, оң қолындағы қаршығаны ұшырып жіберіп, ердің қасына кеудесін тіреді, аттың жалын құшты... Жанталасқан оның есі әлі бүтін еді. Жолын тосып біреудің қастықпен атқанын ол енді ғана білді, бірақ, атқан адам Егордың офицер баласы екенін, оның қасында Сыздық барын білген жоқ. Балуан Шолаққа оқ тигенін шамалаған офицер, ат жалын құшып жортып бара жатқасын, жай ғана жараланған екен деп ойлап, соңынан қуалап барып атып өлтірейін деп еді, алдыңғы жақтағы алапта бірнеше арбалылар келе жатқан соң, қалың орманға жоқ болды. Арбалыларға Балуан аттың жалын құшып әрең жетті. Салт аттың үстінде теңселіп келе жатқан адамнан олар әуелі шошынып, қасына келген соң: «кім де болса білейік» деп, атын бөгеп қараса — Балуан Шолақ!!..
— Балуан!.. А, Балуан!.. Не болды саған?.. — деп үрейленген жолаушыларға есеңгіреген Балуан Шолақ басын көтере қарады да, сөйлейін деп аузын ашып еді, лықсып қан төгіліп кетті...
— Кім?—деген сұрауға Балуан басын шайқады.
Жолаушылар Балуанды аттан түсіріп, арбаға жатқызып денесін қараса, жауырын түбінен тиген оқ, төс сүйегінің жүрек тұсын үңірейте бұзып шыққан екен. Жолаушылардың біреуі үстіндегі көйлегін сыпырып алып жараны айналдыра байлады...
Олар Балуанды ауылына алып жүрді.
Үйіне әкеп, ұшықтап кіргізіп, төсекке жатқызғанда Балуан тіл қата алған жоқ. Күн ол кезде батуға еңкейіп қалған еді. Сол күннің, батуға айналған жарты жағы жердің астына малынған кезде, Балуан Шолақ көзін қатты жұмды да, жарқырата ашып қайта жұмды... Бұл — көзін дүниеден біржола жұмуы еді... Балуанның жаназасына аз ғана ел шақырылған еді, бірақ жиналушы көп болды. «Балуан қайтыс бопты» деген хабар естілген соң, шақырмағанына қарамай, ат жетер жердегі халық түгел келді. Балуанның ағайындары: «атылып өлді» дегенді намыс көріп «кенеттен ауырып өлді» деген хабар таратып еді, ол хабар шындыққа шымылдық бола алмады. Шындықты естіген жұрттың жорамалы: «атқан, әрине, жаулары!»
— Бұл кекті тегін жібермеспіз!—деп гуледі халық, — табармыз, атқан жауды!.. Жуармыз қанды қанмен!.. Бірдің орнына мыңды шалармыз құрмалдыққа!..
Жаназаға жиналған жұрттың ішінде тұрғын ел танымайтын жолаушы адамдар бар еді. Олардың кейбірі Балуан Шолақты жерлесуге де барған. Балуан Шолақ жерленіп болып, дұға оқылып, іші ашыған халық, бусанған жас қабырды қимай, «енді қайттік!»— деп өкініште отырғанда, тұрғын ел танымайтын бір орта жасты адам:
— Уау, жұрт, ұлықсат болса айтар сөзім бар еді, — деді түрегеп.
— Айт! — десті әркімдер, «бұл кім?» дегендей таңдана қарап.
— Мен Торғай оязынан келген ем, руым Қыпшақ, атым — Тоқтар.
— Алыстан келе жатыр екенсің, жол болсын!
— Әлей болсын!—деді Тоқтар, — жол шетім осы ара. Іздегенім Балуан Шолақ, бірақ, амал қанша! деп күрсінді ол, — тірі көрем бе деп ем, жаназасына кездестім.
— Жұмысың не еді? — деп дуылдасты көпшілік.
— Торғайда Аманкелді батырды естіген боларсыздар?
— Естідік.
— Балуан Шолақ Аманкелдіге: «сол жақта көтерілгелі жатқан елді сен бастайды деген хабар келді, егер рас болса, білекті біріктіріп бірге көтерілейік» деп хат жазған екен.
— Жаздым дейтін еді, — деп шуласты білетіндер, — Аманкелдіге жеткен екен ғой!
— Жетті! — деді Тоқтар,— батырдың Балуанға айтқаны көп еді, хат та жазып берген еді, енді ол сөзді, халық, — саған айтам, хатты, халық, — сен оқисың!..
— Сөзін кейін естірміз, кәзір хаты оқылсын! — десті жұрт. Хат білетін біреу оқыса, сөздері былай жазылған екен:
«Сізге гиззатлу уа хұрматлу, зияда қадерден артық көргуші Нұрмағамбет Баймырзаұғлы Балуан Шолаққа біз Аманкелді Үдербайұғлы Имановтан дұғай сәлем; бағдында бізден хал уа ахуал білмек ирадаңыз болса, сағуа саламатпыз. Сен жазған хат біздің қолға тиді. Біз де сені сырттан бек жақсы білетін ек. Патшаның солдат алуына мұндағы ел наразы боп, патшаға қарсы шыққалы жатқаны рас. Біз де өздеріңіз сияқты әммә қазақ халқы боп тұтас көтерілуді мақұл көріп, әр елдің беделді адамдарына хабар айтқан едік. Сол хабарды саған да жібергелі жатқанда, сенен хат кеп қалды. Оған біздің ел қатты қуанды. Енді саған арнаулы кісі жіберіп отырмын. Осындай кісілерді басқа жаққа да жібердік. Патшаны құлатуға біз ғана емес, орыс халқының жұмыскерлері мен кедей шаруалары да қатты кірісіп жүр деседі. Барлық халық осылай біріксе, патшаның күлін көкке ұшырады. Бізге енді қимылдар шақ жетті... Бұл хат жазылды бірінші июль, 1916 жылда.
Аманкелді Иманулы».
— Болды, тамаша!— деп Балуан Шолақтың бір жақын досы көтеріңкі дауыспен түрегелді. Жұрт оған таңдана қарай қалысты.
— Тамашаң не?—деді біреу.
— Жетісу жағынан Тайынша базарына мал айдап келген саудагерлердің бір атшысы, «Жетісудағы ел Балуан Шолаққа тапсыр» деп маған бүгін бір хат беріп кетті. Оқып көріп ем, аумаған жаңағы Аманкелді батыр жазған хат.
— Қайда ол хат?!
— Міне! — деп жігіт хатты ішкі қалтасынан суырып алды.
— Оқы!..
«Алатаудың шығысында өзің көрген ұйғыр, дұнған елі, күнгей жағымыздағы қырғыз елі, одан әрі өзбек, түркпен, қарақалпақ елі боп тұтас көтерілгелі жатыр деп жазыпты хатта, — бұл жақтағы Үйсін, Дулат, Қоңырат, Найман бірауызды. Патшаға жағынатын үркердей байлар етектен басқан болады, бірақ оларға қарайтын ел жоқ. Бұл жақтың елін басқаратын өзіңе мәлім Бекболат батыр. Ал, біз көтерілдік! Сендер де көтеріліңдер! Қанаттас болайық! Атамыздың мақалы бар: «Көп қорқытады, терең батырады!»
Хат оқылып бола, жұрт орнынан ду көтерілді...
Балуан Шолақтың қабыры, бұтағы басына ғана біткен биік қарағайдың түбінен қазылған еді. Сол қарағайдың басына, Балуан жерленіп жатқан кезде келіп қонған оның қаршығасын көзі жасқа толған көптен ешкім аңдаған жоқты. «Ал, аттандық!»—деген шуы жер күңіренткен көпшілік, жапатармағай атқа қонған кезде, айғайға елегізді ме, болмаса иесі — Балуанның денесін құшағы құрыш қара жер бауырына алған соң, айналақтаған иесінен біржола түңілді ме — қаршыға да ұшты. Қаршығаны жұрт сонда ғана көрді және Балуан Шолақтың қаршығасы екенін таныды... Киеге, аруаққа сенетін ол кездегі елдің ұғымында «бақыт»—деген—«құс». Сондықтан, ұшқан қаршығаға көз тіккен қалың жұрт, «аруағым бар, түсіме ылғи қаршыға боп кіреді» дейтін еді Балуан; бұл Балуанның қаршыға боп көрінген аруағы» деп шуласты.
— Болса болар, — десті біреулер, — есін білгелі Балуанның арманы: елді патшаға қарсы көтеру, патшаның тағын талқандау еді, міне, енді, барлық ел боп көтерілген жоқ па, патшаға қарсы?.. Бұл — Балуанның аруағы аспанға көтерілу емей немене?..
Зымырап ұшқан қаршыға аспанға биіктей түсті!.. Халық та көтеріліске аттанды!..
Көтеріліс толқыны қазақтың даласына бұрын болмаған екпінмен кең жайылды!..
1940—41 жылдары.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру