Абылай хан
Әбіш Кекілбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» драмалық дастаны – тарихи оқиғаға негізделген шығарма. Шығарма 1997 жылы жазылған. Оған дейін де шығармашылығында Абылай хан бейнесіне бірнеше мәрте қайырылған жазушы бұл драмада да тарихи тұлғаның ақыл-білігін, парасат-пайымын ашып көрсете білген. Драмада Абылайдың...
ХАЛЫҚТЫҚ ҚАҺАРМАНДЫҚ ДРАМАЛЫҚ ДАСТАН
Қатынасушылар
Сабалақ, Әбілмансұр, Абылай – қазақ ханы
Көмей Әулие, Кейуана (Бұхар) – халық жырауы
Диуана (Ораз Аталық) – дәруіш
Лама Доржы
Сыбан Доржы – ойрат тайшылары
Дауашы
Әмір Сана
Топыш – Қалдан Шеріннің қызы
Күлпаш – Қалдан Шеріннің кіші әйелі
Дәулетбай – бай
Қабанбай
Едіге
Шотана
Олжабай
Тұрсынбай - қазақ шонжарлары
Малайсары
Бекболат
Ботахан
Жақай
Жанақ
Биікше
Әбілмәмбет – қазақ сұлтандары
Шығай
Шарыш – ойрат батыры
Жасауылдар
Елшілер
Шабармандар
Оқиға XVІІІ ғасырда өткен
БІРІНШІ КӨРІНІС
САЙЫС
Көкшетау өңірі. Жаз басы. Думандатқан жастар. Сахнаның оң жақ шетінен кеудесін самалға тосқан Көмей Әулие (Кейуана) көрінеді.
КЕЙУАНА:
Пай-пай, сайын далам-ай,
Манаурап жатқан тау анау,
Балбырап тұрған бел анау,
Мөлдіреп жатқан көл анау,
Жүлгеден жидек тергізіп,
Жотаға малын өргізіп,
Жазыққа ауыл қондырып,
Жадырап жатқан ел анау,
Жарқырай шыққан жаз мынау,
Жақсылығы молайғай,
Көңілден кірбің арылып,
Көкейде уайым жоғалғай.
Әлдеқайдан алшақтай басып Диуана көрінеді. Сахнаның екінші бетіне барып тұрады.
ДИУАНА:
Пәтшу, мына дүние
Балбырай қапты,
Албырай қапты,
Үлбірей қапты, –
Бәрін де ертең қау шалады.
Пәтшу, мына жұртты-ай!
Уана қапты,
Қуана қапты,
Жадырай – қапты,
Жамырай қапты
Бәрібір ертең жау шабады.
Жаз шықты дегенше,
Жау шапты десейші!
Кенет тасыр-тұсыр дыбыстар шығады.
Әне, айтпадым ба,
Тасыр-тұсыр!
Таңқ-тұңқ!
Дүрс-дүрс!
Дүңк-дүңк!
Тағы да дабыл қағылды,
Тағы да дүние қағынды.
Үсті түседі астына,
Асты шығады үстіне,
Әрлі-берлі сабылады,
Бір-біріне шабынады,
Арбасады, айқасады,
Шайнасады, шайқасады.
Қырқысады,
Жұлқысады,
Бірін-бірі құртысады.
Сосын келіп
Аңырайды-ай кеп,
Маңырайды-ай кеп,
Еңірейді-ай кеп,
Мөңірейді-ай кеп,
Ах-ах!
Уһ-уһ!
Еңк-еңк,
Кеңк-кеңк!
Пай-пай!
Бай-бай!
Ойбай,
Қап-Қап!
(Кенет сахна сыртына көз тігіп)
Өй!
Мынауы қалай?
Жау болса, бұның туы қайда,
Ызы-қиқы шуы қайда?
Найзалары қайда шошаңдаған?
Дулығалары қайда қоқаңдаған?
Қылыштары қайда салаңдаған,
Сардарлары қайда саңқылдаған,
Сарбаздары қайда сартылдаған?
Бұл неғылған ұбырған-шұбырған,
Қызылды-жасылды бұл не нөпір?
Қалмақтар ма қашып келе жатқан?
Қазақтар ма босып келе жатқан?
Астафыр алла!
КЕЙУАНА:
Тәуба-тәуба!
Қызылды-жасыл киініп алған,
Қызы бір бөлек, ұлы бір бөлек –
Шоғыр-шоғыр жиылып алған,
Жорға мінгендер көп, тайпалта басады,
Құйғыта жөнелмей, аяңдап барады,
Әр жер әр жерге тоқтап, аялдап барады.
Мынау – тойға бара жатқан думаншыл халық қой?
ДИУАНА:
Сұбхан-алла!
Сұбхан-алла!
Түркістанда Хожа-Ахмет,
Бұхарада Бахуадин – пірәдария!
Бұл қазақты жын ұрған ба?
Елдері жаудан босамай жатып,
Тойлары несі желбеңдескен,
Бес қаруларын белден шешіп,
Делқұлыдай делбеңдескен?!
Әй, мынау Атығай-Қарауылға не көрінген?!
КЕЙУАНА:
Берем десе жасағанның
Жақсылығы көп екен,
Сия алмай сайын далаға
Қашқаннан соң берекем,
Тығырықтан жол іздеп,
Әз Төлеге барып ем,
Ай маңдайы тоқпақтай,
Қос жанары жұлдыздай
Жолбарыс жонды бір жігіт
Атымды баптап,
Құманымды ұстап,
Шықпай қойды маңымнан.
"Сары Арқа туған жерім ед,
Атқосшы қылып әкет", – деп,
Аттанарда шаужайыма жабысты.
"Тумаса да, туғандайым," – деп,
Әзер қиды Әз Төле.
Жолда Атығай – Қарауыл,
Дәулетбайға соғып ем,
Жата қалып жалынды:
"Жорық сайын жаудан өліп бар балам,
Тұяқсыз қалуға айналдым,
Алсам да талай жас иіс,
Бірінен перзент сүймедім,
Атқосшыңды маған қи,
Бауырыма басып, бала етем".
"Бас билігі өзінде
Сұра, – дедім, – өзінен".
Көнген болды-ау ат қосшы,
Тегін емес бұл жиын...
ДИУАНА:
(Өзімен-өзі)
Бәлду-бәлду пәтуасыз дүние!
С'ол баяғы оқиға
Шығар емес әлі естен,
Ен қиянда жүр едім,
Аруақтарға дұға қып,
Қалың қырғын орынына тап болдым.
Жусап жатқан кіл елік,
Жайрап жатқан дүние-мал,
Тұл боп қалған ту жатыр,
Таланған болды тағы да
Қазақтың бір сұлтаны...
Пәледен машайық қашар деп,
Тайып тұрдым аулаққа,
Ертеңіне таңертең
Астымдағы есегім
Қайшылайды құлағын,
"Тағы қандай пәле," – деп,
Тайып бара жатыр ем,
Еңкілдеп біреу жылады.
Қайрылмасам, қатыгездік болар деп,
Жуық бардым қасына.
Күң боп киінген бір әйел,
Көзінің жасын көлдетіп,
Айтып берді бар гәпті.
Әкесін түзде өлтіріп,
Анасын жаулар ап кеткен,
Баланы бұлар қалыпты
Басқыншыға көрсетпей.
"Шығарма, – дедім – тісіңнен,
Естімесін бұны ешкім", –
Қолындағы шарана
Қоржыныма салынды,
Өзіне есек мінгізіп,
Жаяу-жалпы ай жүріп,
Шашқа жетіп, бір сартқа
Жалшылыққа тастап әйелді,
Жаныс Қарабайға жеткіздім
Қоржынымдағы баланы.
"Өрістегі Күңіңнің
Жолдан тапқан олжасы",–
Дедім-дағы алдына
Тастадым дәруіш дорбасын.
Ел ішіне тараттым
Бір қаңқудан соң бір қаңқу,
Бір-біріне тимесін деп әлегі
Күтуші мен баланы
Бірін-бірі көрместей қып
Екі айырып жібердім.
Содан бері сол олжама
Сұқтанбаған қазақ жоқ,
Әбілмәмбет сұлтан да,
Төле би де Сұңғыла,
Тамсанса да, білмеді
Жұмбақ құлдың жөн-жайын.
Баланың іші сезеді
Тегінің тегін емесін,
Түйе бағып жүргенде
Талай диуана жіберіп,
Шындықтың шет-шебірін
Құлағына жеткізгем.
Өзім де алыс кетпеймін,
Ылғи жүрем маңайлап.
Арқаға Көмей Әулие
Алып барады дегенде
Көк есекке мініп ап,
Керуенге ілестім,
Зікір салып, байбайлап.
Енді, міне, бұлар мәз
Ойда жоқтан ұл сүйіп,
Ойда жоқта той-тойлап.
КЕЙУАНА:
Той боп жатса, топқа кірмей болмайды,
Қуанышқа құтты болсын айтайын.
ДИУАНА:
Бүлк етпейді оң қабағым,
Жырпылдап тұр сол қабағым,
Болып кетпей соңы ойран,
Тыныш бітсе ед мына думан.
Көңіліме күдік кірді –
Неғылған шаң сонау бір шаң?
Алыстан дауыс
Жау! Жау!
ЖІГІТ:
Жау дей ме, ойбай,
Бұл не сұмдық, уа жасаған!
Бейтаныс жігіт орнынан атып тұрады.
ЖІГІТ:
Жау көрінсе – жарақ қайда?
Ат дайын ба, әкежан?
ДӘУЛЕТБАЙ:
Көріспей жатып, көзден ұшпай,
Сабыр етші, садағаң болайын.
ДИУАНА (аптығып):
Жау дабылы қағылғанда,
Той дабыры тоқырар болар,
Тараңдар, түге, даурықпай!
КЕЙУАНА:
Безді ме тағы береке,
Бүлінді ме мереке,
Тағы да түнек түсті ме?!
Сахна қараңғылана береді. Жан-жақтан жылтылдап шырақ көтергендер көбейеді. "Жау, жау" – деген үрейлі дауыс күшейе түседі. Самсатып самала көтерген қаһарлы топ сахнаны кесіп өтіп, екінші жағына барып, сап түзеп тұрып алады. Шымылдық сыртынан самала көтеріп, шашыраңқылау шыққан екінші топ бірте-бірте ұйысып, қарсы бетке барып сап түзейді. Самалалар көбейген сайын сахна жарығы күшейеді. Бір жақтағылардың – ойрат, екінші жақтағылардың қазақ екендігі аңғарылады. Ойраттардың алдында Шарыш, қазақтардың қанатында Әбілмәмбет хан ілгері тұр.
ШАРЫШ:
Мен – кәдімгі Шарышпын,
Азуы алты қарыспын.
Қарсы келген дұшпанды
Табанға таптап жаныштым.
Шуылдаған көп қазақ,
Сен – бұйдалы боз тайлақ,
Мен бурамын шабынған,
Сыртыңда тұрмын шырпынып,
Омыртқаңды опырып,
Жамбасыңды жапырып,
Шоңқайтқалы кеп тұрмын,
Қырық бүгіп тізеңді
Тоңқайтқалы кеп тұрмын,
Ит мүжіген асықтай,
Омпайтқалы кеп тұрмын.
Бітті, бітті сайраның,
Шықты, шықты ойраның,
Кәні, қылмақ, қайраның?
Аха-хай, Оха-хай, Пай-пай.
ЖОҢҒАР ҚОЛЫ:
-Ха-ха-хай! Оха-ха-хай!
Кеп тұрмыз,
Тап осылай деп тұрмыз,
Пай-пай-пай!
Диуана топқа араласады.
ДИУАНА:
Ойбай-ай, ойпырмай,
Айтқаны-ай оңдырмай,
Жер қылды-ау, көр қылды-ау,
Ей, қазақ,
Көріп пе ең бұны ойлап?!
Жын ойнақ, жын ойнақ!
ӘБІЛМӘМБЕТ:
Уа, халқым,
Бұл не қорлық,
Бір күн тумақ,
Бір күн өлмек,
Неғып тұрмыз сілейіп?
ШЫРЫШ:
Ха-ха-ха! Кәрі бура,
Әлі жүр ме ең күркілдеп,
Жер тәңірімсіп зіркілдеп.
Жөн болады енді білгенің,
Жағаламай өңгені,
Жел беттегі орысқа
Ық беттегі шүршітке
Жібермейтін жем қылып
Ағаласаң жоңғарды,
Жолыңды құдай оңғарды,
Алсаң тілді алғаның,
Алмасаң – міне, арқаным,
Тақ басарыңды талтайтып,
Жау басарыңды жалпайтып,
Ел ұстарыңды еңкейтіп,
Сөз ұстарыңды сымпитып,
Бастарын қырқып алам да,
Көздерінен тізіп ап,
Алтын тақты Қалданның
Алдына апарып саламын.
Қайсы, қазақ, қалауың?
ЖОҢҒАР ҚОЛЫ:
Аха-ха-ха!
Еһе-Һе-Һе!
Қайсы, қазақ, қалауың?
Айт, кәнеки, жауабын!
ӘБІЛМӘМБЕТ:
Жақтыға сөз бермейтін
Жарықтық Көмей Әулие,
Айта аламыз
Бұған не?
Ортаға Кейуана шығады.
КЕЙУАНА:
Е, ежелгі дүние,
Ертеден таныс қылығың,
Қосақтасып жүретін
Қызығың мен бүлігің,
Бірдегі аяқ бірде бас,
Бірдегі бас бірде аяқ,
Көкіректегі у – көзде жас,
Көкісе дұшпан – жүрме аяп.
"Алаш" ұранды қазағым,
"Арқар" ұранды төрем-ай,
Естідің жаудың мазағын
Аруақ бұған көне ме-ай!
ХОР:
Жоқ! Көнбейді
Бұған аруақ,
Көнбейді бұған ел қазақ.
КЕЙУАНА:
Жер ұйықты жайлаған,
Бұғыдай тауда ойнаған,
Бұғынып, сірә, көрмеген
Киліккен жауға көлденең
Буырыл бұлақ басынан
Бұландай тұнық су ішкен,
Тарғыл таудың тасынан
Тарынбай ырзық айырған,
Тажалдың бетін қайырған
Тарғыл қабылан үйсінім,
Сынбай тұр қайтып қабырғаң?
ХОР:
Қайысса да қабырға,
Сөгілмейді іргеміз.
Ғазауат айтар күн туса,
Исі алашпен біргеміз.
КЕЙУАНА:
Аспандай шексіз арғыным,
Жұлдыздай жиі қыпшағым,
Киіздей қалың керейім,
Наймандай ну жынысым,
Тау тасқынды тарақтым,
Ұлан-асыр уағым,
Қоңыраттай қалың ел
Төскейдегі шуағым,
Астамсыған дұшпанның
Асып-тасқан ғайбатын
Естімей тұр ма құлағың,
Естісең қайтып шыдадың?
ХОР:
Шыдамның шықтық шетіне,
Шарыштың көріп тайраңын.
Шырт түкіріп бетіне,
Шығарамыз ойранын.
КЕЙУАНА:
Еділдің бойын ен жайлап,
Жайыққа жасыл ту байлап,
Оралға орда қондырған,
Алшаңдаған Алшыным,
Естімей қайтып жатырсың
Есер жаудың тантығын.
Тұл құйрықтан ту байлап,
"Тұлпарлап" ұран айқайлап,
Тұтқиылдан тисеңші.
Төбеден төнген дұшпанның
Басын бұтқа исейші.
ХОР:
Тізе қосса алты алаш,
Саламыз жауға жағалас,
Астам жауды қуамыз,
Құйрығын түріп жалаңаш.
КЕЙУАНА:
Алламен аттас алты алаш,
Бар ма еді саған тайталас,
Тұрсың қандай кеп естіп,
Бізге келіп тап бұлай,
Зіркілдердей бұл жоңғар
Құдаймен қашан теңесті?
ХОР:
Шүйліккенге шүйлігер
Иліккенге илігер,
Сөз асырып басынан,
Қазақ қатын емес-ті.
Елдескенмен елдесіп,
Белдескенмен белдесіп,
Есе жібермес егесте.
Ұрыс барда тұрыс жоқ
Доғарайық кеңесті.
ШАРЫШ:
Үйтіп, қазақ, пәлденбе,
Әлдекімсіп әлденбе,
Кең далада кердеңдеп
Өз-өзіңнен желденбе!
Зордың зоры іргеңде,
Шеңгелін салып бүргенде,
Келтірер көктен бұтыңды, –
Көрермін сонда күшіңді?
Доғарсаң, доғар былшылды,
Өзім түсем сайысқа,
Кесілсе басым – шәйітпін,
Артымдағы мол жоңғар
Істей жатар білгенін!
Кәні, айтыңдар,
Ортаға шығар қайсың бар?
ЖОҢҒАР ҚОЛЫ:
Иә, иә, қайсың бар,
Айтыңдар?
КЕЙУАНА:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Текестен Сатай, Ер Бөлек,
Шапырашты Наурызбай,
Қаумен, Дәулет, Сеңкібай,
Қасқараудан Молдабай,
Тізе берсем ерлер көп
Қатардан жақсы қалдырмай,
Жауабын берші өздерің,
Сайысқа шығар қайсың бар,
Бұл сырттанға алдырмай?!
ДАУЫСТАР:
Мен бармын! Мен бармын!
ШАРЫШ:
Шошаңдаған көп сақал,
Жігіті жоқ, кілең шал,
Бақыртып теке соятын
Қасапшы емес, батырмын.
Жас ноян бар ма араңда,
Шыға алатын сайысқа?
ДИУАНА:
Жылқысында жоқ тарлан,
Итінде де жоқ арлан,
Бұл қазақта іс қылсаң,
Жол тимейді шалдардан.
Ха...ха...ха...
Қатырды-ау,
Масқараға батырды-ау.
ХОР:
Болдық қой масқара,
Арланар жас бар ма!
Бар болса, қайда жүр,
Шықпай ма ортаға?!
Ортаға бейтаныс жігіт шығады.
ЖІГІТ:
Жас керек болса, мен бармын.
БІРЕУ:
Ай, мынауың кім?
ЕКІНШІ БІРЕУ:
Бұрын-соңды көрген емеспін.
ҮШІНШІ БІРЕУ:
Өй, мынау әлгі Дәулетбайдың
Көйлекшең тапқан ұлы ғой.
ТӨРТІНШІ БІРЕУ:
Ажал айдап жүр ме қасқаны...
ШАРЫШ:
Бүріп алып желкеден,
Бір сіліксем қайтер ең?
Сілкі! Болма, болма!
Алп-алп, алып бас,
Арыстандай арпалыс,
Жолбарыстай жұлмалас,
Қабыландай қармалас...
Болма... Көнбе!
Берме! Берме!..
Тойтар! Қайтар!
Итер! Ырғыт!
Сырғыт! Сүңгіт!
Ішегін үңгіт!
Құрсағын ақтар,
Жүректен түйре!
Иле! Иле!
Көнбе! Көнбе!
Өкшеңді көтер!
Кеудеден итер!
Тарт, жұлқы бауынан,
Салаңдаған ауынан,
Уыста, ұста!
Ұста, жіберме,
Қылтадан ілік,
Уыста әбден, сілк!
Жұлмала, жұлқыла,
Сілкіле, сілкіле,
Көзін алақтат,
Тілін салақтат,
Арыстандай ақырт,
Текешіктей бақырт!
Олай, былай!
Солай-солай!
Е, міне, жарадың!
Жарадың, қарағым!
Жар болды аруақ,
Жар болды құдай!
Бейтаныс жігіт Шарышты лақтай бақыртып, төбесіне көтеріп, сахна сыртына алып кетеді. Бір топ дүркірей қуанып, екінші жақ күңірене жылап қоя береді. Әлден соң жұлынған басты тұлымшағынан ұстап, Диуана ортаға шығады. Соңынан бейтаныс жігіт келеді.
ДИУАНА:
Алақай, алақай!
Баршаңа таныс,
Бақырауық Шарыш
Сүйрейін, сілкейін,
От бар ма, үйтейін,
Жарады ноян!
Жамағат, оян!
ҚАЗАҚ ЖАҒЫ:
Алаш, Алаш!
Аруақ, Аруақ!
Жарадың, сабазым!
КЕЙУАНА:
Кім болдың, қарағым?
ЖІГІТ:
Әбілмансұр қойыпты есімімді,
Бал мен удан бұйыртты несібемді,
Құрсақтағы күнімнен қуғын көріп,
Күдік-күмән тербетті бесігімді.
Таптым, міне, іздеген ұшпағымды,
Елең етпей қысталақ-қыспағыңды,
Көк шыбынды көзіңе үймелеткен
Қынадай қып қырармын дұшпаныңды!
Ақ батаңды, ата жұрт, берсең болды,
Жатырқамай соңымнан ерсең болды,
Ел деп туған ер болса, ер соңымнан,
Көкте құдай жар болғай, көрде Абылай!
Абылай! Абылай!
(Жүгіре басып шыға береді)
КЕЙУАНА:
Абылай!
Абылай деді ме жас ноян?
ЖҰРТ:
Қайдағы Абылай?
Абылай қашан өлгелі!
КЕЙУАНА:
Өң бе, түс пе, япырмай, бұл не жұмбақ?
Іздегенім келді ме, құдай қолдап?
Сөзі түзу жан екен, жолын оңғар,
Көкте тоба, жерде елі, көрде аруақ!
ХОР:
Баста өзің, жас ноян!
Қудық жауды соңынан!
Абылай! Абылай!
Бірінші көріністің соңы.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
АРБАСУ
Зындан. Тас түнек қараңғы. Шарышты жеңген жеке батыр – Әбілмансұр жапа-жалғыз.
ӘБІЛМАНСҰР:
Асқақ ұстап алаштың ала туын,
Ата жауды Алтайдан әрі асырдым.
Абылайлап Арқадан бір саңқ етсем,
Тиылып еді қайда дау, ала сүргін.
Әттең, дүние-ай, дәуренім келте болды-ау!
Бақыт құсы басыма ерте қонды-ау!
Ерте қонып, қадірін білмей қалып,
Жендет қолы қапыда желкеге ұрды-ау!
Желкелетіп жендетке болдым қапа,
Желпілдеген жел көңіл бермеді опа,
Іште кетер арманым – қайран елім,
Қайта көрер болды ғой жәбір-жапа.
Қараңғы төрінен әлдекім сақылдап күледі.
ДАУЫС:
Иә, бәлем, солай ма екен?
Сенің де, міне, басың кешті
Бабаларың киген кепті.
Хо-хо-ха-ха... ЕҺе-ЕҺе!
ӘБІЛМАНСҰР:
Бұл кім өзі?
ДАУЫС:
Арғы бабаң Жәңгір,
Жүрісі – әңгір-дәңгір,
Айқастан соң айқас,
Шайқастан соң шайқас,
Қаралай жүріп дерт тапты,
Қаршадай баладан мерт тапты.
Хо-хо...Ха-ха... Еһе-еһе!
ӘБІЛМАНСҰР:
Не деп тұр мынау?
ДАУЬІС:
Одан туған Уәлибақ
Босына өлді ел ақтап.
Тәукеге тиді тәж бен тақ.
Хо-хо...Ха-ха... ЕҺе-ЕҺе!
ӘБІЛМАНСҰР:
Қап мынаны-ай?!
ДАУЫС:
Бергі бабаң Абылай –
Алағай да былағай,
Асу-ату,
Зобалаң-топалаң,
Қуғын-сүргін,
Құмар еді тұзаққа,
Жатқан шығар тозақта.
Ха-ха... Хо-хо...
ӘБІЛМАНСҰР:
Қап, мынандай зұлымның
Үзер ме еді жұлынын!
ДАУЬІС:
Одан туған Уәлі
Айдалада сұлады.
Артындағы аруын
Тауып іңкәр дәруін
Әбілпейіз иемденді,
Асырап одан өнгенді.
Одан да өтті дүние,
Тағына болды жау ие.
Тоз-тоз болған торпағы
Шартарапта жортады.
Хо-хо... Ха-ха.
ӘБІЛМАНСҰР:
Кім болсаң да көзіме бір көрінші.
Екінші жақтан басқа бір дауыс естіледі.
ЕКІНШІ ДАУЫС:
Сап-сап батыр, сап батыр!
Қиын да ақыл тап, батыр!
Алды суық ақиқат
Қасқая шыдап бақ, батыр.
Қазаққа сен келгенсің
Мойныңа іліп сауғаңды,
Анаң анық болса да,
Әкең күмән әуелден,
Тегіңе жұрт таңғалды.
Хан есігін қармалап,
Бай түйесін қырға айдап,
Би жылқысын Сырға айдап,
Сабылып жүрген Сабалақ,
Жолыңды құдай оңғарды.
ӘБІЛМАНСҰР:
Біреуі аз болғандай
Сұңқылдайды мынауы...
ЕКІНШІ ДАУЫС:
Шарыштың басын қиған соң,
Жорықтан жорық қоймадың.
Қызыл қаннан көл жасап,
Тереңіне бойладың.
Жаттың басын доп қылып,
Жақынның көзін шоқ қылып,
Ажалыңмен ойнадың.
Қалмақ ілді сұқына,
Қазақ ілді қырына –
Қоймадың оны ұғына.
ӘБІЛМАНСҰР:
Бұның да тілі ащы екен.
ЕКІНШІ ДАУЫС:
Қалдан салды сүзіткі
Қазақ салды іріткі.
Ұлытауда аң қуып,
Алаңсыз ұйқы соғам деп,
Тұзаққа басың ілікті.
Шайтанға болдың түрткі,
Дұшпанға болдың сілікті.
Бабаңның қалай өлгенін,
Атаңның не көргенін,
Әкеңнің қайтып сөнгенін
Аңқау басың ұмытты.
ӘБІЛМАНСҰР:
Қап, мыналарды-ай,
Көрінбейді-ау көзіме.
ДАУЫС (тап қасынан шығады):
Міне, менмін.
Тап қасыңда тұрмын.
Атасың ба, шабасың ба?
Ғайыптан Диуана пайда болады.
ӘБІЛМАНСҰР (аң-таң қап):
Тұрғанда жаның қан қақсап,
Қайдағыны қазбалап,
Қайдан шықты бұл найсап?
ДИУАНА:
Өзіңмен бірге кірдім,
Көкірегіңде жүрмін.
Шамданар болсаң – шоқпын,
Шамырқансаң – отпын,
Күмәндансаң – бармын,
Күмәнсіз болсаң – жоқпын,
Хо-хо... Ха-ха... ЕҺе-Һе... Ке-ке...
Қараңғы қойнынан Кейуана шыға келеді.
КЕЙУАНА:
Сап, сап батыр, сап батыр!
Алша мойның талша боп,
Алма басың шаққа тұр.
Сынап бағар ата жау,
Шыдап бағар ер жігіт..!
Жау ордасы кіл майдан
Сабыр тап та, сапқа тұр!
Қараңғы қоюлана түседі. Кейуана мен Диуана өз-өзінен ғайып болады. Әлдеқайдан аяқ дүсірі шығады. Шегелеп басып, бірте-бірте жақындай түседі. Дыбыс күшейген сайын келе жатқандар айқындала береді. Жарақты жасауыл. Алдындағы екеуі ақ киінген. Беттерінде перде. Одан кейінгі екеуі қолдарына табақ ұстапты. Жасауылдардың бәрі де қап-қара перде жамылып, қап-қара киініпті.
АҚ КИІНГЕНДЕРДІҢ БІРІ:
Жеті күн жер астына сен түскелі,
Содан бері аузыңа дәм түспеді.
Мінеки – хан сарқыты сары балдан,
Құлын бар құрсағынан жарып алған.
Шырын бар миуа бақтан сауып алған,
Ал мынау – абақтының қара суы,
Қазанда қайнай-қайнай шыққан буы,
Ішінде жалғыз кесім май салынған
Аштықтың қайтара алса қаһарлы уын...
Таңдап көр – бірер шұқып татып ал да,
Атауың шығар, бәлкім, қапы қалма,
Қаралай дар тұзақта қылғынғанша,
Қақалып өлген дұрыс шекер-балға.
Табақ көтерген екі жігіт тұтқынның қарсы алдына барып тұрады.
ӘБІЛМАНСҰР:
Хан сыбағам желінер
Қонтайшының төрінде.
Хан сарқытын татпаймын
Мынау қапас көрінде.
Зынданның асы қара су,
Қайырын берсе – нәр болар.
Қорлықта ішкен шекер де у,
Бір алла өзі жар болар.
(Қара су құйылған табақты қолына алып, ішіндегі сұйығын төбесіне көтеріп, ішіп салады. Табақ түбінде қалып қойған бір кесім майға қарап):
Сорпа ішінде май шіркін
Үрлесем кетпес неме еді,
Қара суда қашқақтап
Қанша өпсем де келмеді.
Бұйырғанға өкпе жоқ,
Бұйырмасқа зорлық жоқ,
Мә, ендеше, барып тұр.
Қолындағы табақты лақтырып жібереді. Екі ақ киімді бастарын шайқайды. Біреуі тіл қатады.
БІР АҚ КИІМДІ:
Тарқамапты ашуың,
Басылмапты көкірек.
Ашуды да тарқатар,
Көкірек те басылар,
Ем табылса күштірек.
Жасауыл шығып кетеді. Түнек ішінен шылп-шылп дыбыс шығады.Сахна төрінен жақпар тастың астындағы аңғар үңгір көрінеді. Аңғар іші көл, құрақ. Содан еңгезердей жолбарыс су жалап тұр.
ӘБІЛМАНСҰР:
Мен осы қайда тұрмын?
Не де болса,
Рахмет тағдырға,
Қор болғанша жендетке
Аң патшасы таласын!
Келе ғой, мыш-мыш,
Қолыма бір түс!
Жолбарыс тұрған орнынан тырп етпейді. Әлдеқайдан тасыр-тұсыр дыбыс шығады. Жолбарыс құлағын жымып, өз-өзінен ғайып болады.
Уа, тоба,
Бұл не сонда –
Өң бе, түс пе?
Қан шеңгелді тарғыл мысық,
Тап бермеді, болды ғайып,
Кетті ме әлде аспанға ұшып?
Сахна қайтадан тарғылданып қоя береді. Манағы ақ киінген екеу қайта көрінеді. Оларға ілесіп, тарғыл ала киінген қырық жендет көрінеді. Олар да беттеріне перде іліп алыпты. Қолдарындағы семсерлерін жалаңдатып, Әбілмансұрдың алдына кеп тоқтайды.
АҚ КИІНГЕН БІРЕУ:
Қонтайшыдан жарлық болды,
Қарашыдан жабдық болды,
Сіздің мейманаңыз толды.
Қырық жендет келді,
Қырық семсер келді,
Біреуінен – ажалыңыз,
Жазмыштан осындай бұйрық болды...
Айтарыңыз болса, айтып қалыңыз.
ӘБІЛМАНСҰР:
Жендет арыздасар бастасым емес,
Бақұлдасар достасым емес,
Қонтайшымен бұл дүниеде тілдеспесек,
Ол дүниеде тілдесерміз.
АҚ КИІНГЕН ЕКІНШІ КІСІ:
Біліп келіңдер, – деген – даты бар ма?
Датың болса, айт – қапы қалма!
ӘБІЛМАНСҰР:
Мұнда мен тілдесер кісі жоқ.
Дат та тиесіге айтылады.
АҚ КИІНГЕН БІРІНШІ АДАМ
(Жендеттерге)
Ендеше, кәні, бастаңыздар.
Қырық жендет семсерлерін сермелеп, Әбілмансұрды шырқ айналып, билей жөнеледі. Бірінен соң бірі кеңірдегіне әкеп семсер кезеген крһарлы би. Әбілмансұр міз бақпай тұра береді.
АҚ КИІНГЕН БІРІНШІ АДАМ:
Сары қасқа текедей
Тесірейе қарауын,
Дәнеңе жоқ қаперде,
Қабағын да қақпайды,
Жүрегі тас па, мүйіз бе,
Қашар емес түсі де.
Тас болса, егер жібітелік,
Мүйіз болса, ерітелік,
Жә, доғарыңдар!
(Жендеттеріне)
Кеттік!
Қырық жендет алыстаған сайын алакүңгірт сахна қайтадан қоюлана түседі.
ӘБІЛМАНСҰР:
Көрсетері бар екен қандай тағы да?
Азабынан гөрі, мазағы батты-ау жаныма...
Сахна төрінен ырғала басып, қызғалдақтай қыздар тобы шығады да, алқа қотан тұра қалады. Бастап келе жатқан алтын Үкілі ару тұтқынға тіл қатады.
АЛТЫН ҮКІЛІ АРУ:
Салқын белде самал құшқан сал жігіт,
Сан сұқсырды келдім ертіп,
Қалағанын құшағыңа, ал, жігіт.
Бұл дүниедегі о дүниеге кетпейді,
Дар алдында құмардан қанып қал, жігіт!
Сайқалдана күліп, тұтқынды шыр айнала билей жөнеледі. Оған ілесіп, нөкерлері де билейді. Әуелі киімшең билейді. Бірте-бірте көкіректен бастап жалаңаштана түседі. Ақыр аяғында көбелек қанатындай көлеңдеген дембелше де шешіледі. Ең соңында анадан туған қалыптары құтырынған биге басады. Бірінен соң бірі кеп тұтқынға жанасып, біресе аймалап, біресе еміреніп, біресе менсінбегендей кекірейген – мың құйқылжып, мың құбылған сайқалдар биіне сазара қарап Әбілмансұр тұрады. Алтын Үкілі ару сақ-сақ күліп қоздырма тіл қатады.
АЛТЫН ҮКІЛІ АРУ:
Аққу мойын аршын төске
Асылсайшы, аңқау жігіт.
Анаң берген қос емшекке
Бас ұрсайшы, аңқау жігіт.
Қыздың төсі – қызыл жалын,
Құшпайсың ба, аңқау жігіт,
Қыз ерінінің шекер балын
Жұтпайсың ба, аңқау жігіт.
Бедіреймей көкке қарап,
Иілсеңші, аңқау жігіт,
Сұңқарсың ғой, көп аққуға
Шүйілсейші, аңқау жігіт.
Тұтқын сірескен қалпы тұра береді.
Жә, түсіндім бұл сырға,
Көп қаншықтан сырттан да
Сырт айналып кететін,
Тұрсың ба әлде арбалып,
Жоғалыңдар, тәйірі!
Бұл сырттанмен бұл жерде
Өзім қалам оңаша.
Қыздар жерде жатқан киімдерін қармай-қамай, билеген қалыптары қаша жөнеледі.
Енді, сабаз, маған қара,
Меруерт алқа!
Бүкіл елде біреу ғана,
Өзің түсін,
Ішің білсін.
Мынау құшақ:
Кірсең – жұмақ,
Қашсаң – тозақ.
Арбай-аймалай жөнелген аруды тұтқын жігіт шынтағымен тіреп, кері итереді. Анадай жерге барып сылқ ете қалған сылқым қыз долданып орнынан тұрады.
Адыра қал, айғырсымақ,
Бір тамшы дымың бұйырғанда,
Қазаққа тұзақ ұл табар ем.
Қинадың ғой, қимадың ғой,
Қимағаныңды ертең дар басынан,
Қызыл қаншыққа жұлқылатам.
Долдана басып шығып кетеді. Әбілмансұр сахна төріне үңіле қарап тұрып қалады. Қараңғы төрінен аққудың балапанындай ақ көйлекті қыздар шығып, тұтқынды шыр айналып, әндете жүріп, билеп қоя береді. Алдында – күміс Үкілі ару.
АҚ КӨЙЛЕКТІ ҚЫЗДАР:
Қырда өрген қиқар елік ек,
Қиырға кеттік айдалып.
Жау қосақ боп келіп ек,
Жүрміз жіпсіз байланып.
Хабар жетпей ел беттен
Көңіл де әбден торықты.
Көздің жасы көлдеткен
Жылай-жылай сорықты.
Шетке кеткен шерменде
Туған ел бізді ұмытты.
Бұған да көңіл көнгенде
Көрсетті мынау сұмдықты:
Жау беттегі айбарым,
Дабылы жеткен алыстан,
Арытты-ау бізді аужарың,
Аранға түскен Арыстан.
Қорлық өтті сүйектен
Қиналдық-ау, ой, алла-ай,
Қанатымен су сепкен
Қарлығаш құрлы бола алмай...
КҮМІС ҮКІЛІ АРУ:
Жә! қайдағыны айтып қақсамай
Жөнеліңдер түге!
Ақ киімді қыздар сылбыр басып шығып кетеді.
Жайсаң аға, бері қара,
Мойнымдағы жақұт алқа!
Жалпақ елде екеу ғана –
Бірі – осы.
Неге екенін өзің түсін.
Атам – шүршіт.
Әжем – қазақ.
Нөкерлерім – жаңағы.
Дала десе бұрады ішім.
Жасым – уыз.
Құлыншағым.
Басым – бұла.
Қол тимеген тұлымшағым.
Бүгін – анық.
Ертең – күмән.
Көрер жарық – арты тұман.
Іште кетер жоқ па еді арман?
Аман қалсаң– жауда да бір бар ма тірек?
Қапы кетсең – жер үстінде қалды ма тұяқ?
Жақсының ізсіз өшпегі,
Жүйріктің тұяқсыз кетпегі –
Тірлік кешпес күпірлік.
Күпір болмаңыз, аға.
Ұят-ай, не деп барам,..
Аяғыңа бас ұрамын!..
Әбілмансұрдың аяғына жығылады. Тұтқын сілейіп тұрып қалады. Кенет селк етіп оянып, оң қолын күміс Үкілі арудың маңдайына қарай ұмсына береді. Сахнаны күмістей бұлыңғыр қаптап, қыз бен жігіт соған сіңіп жоқ болады. Өң мен түстей бір сәт. Буалдыр сұйыла түседі. Батыр жалғыз тұр. Анадайда кердеңдей басып келе жатқан екеуге аңырая қарайды.
ЕКІНШІ АҚ КИІМДІ АДАМ:
Жазаға қимас жан екенсің,
Жалынғанға көнбессің,
Азғырғанға айнымассың.
БІРІНШІ АҚ КИІМДІ АДАМ:
Қапаста емес, шайқаста
Жолығардай сабазым-ай.
Дарға емес, тажға лайық,
Алтын басың
Қыл арқанда қылғынады-ау!
ЕКІНШІ АҚ КИІМДІ АДАМ:
Бұйрық тәңірден,
Үкім қонтайшыдан,
Не боларын кім білген?
Екеуі де кері бұрылып, шығып кетеді. Олар көзден таса бола, бір жақтан – Диуана, бір жақтан – Кейуана әлдене айтқалы оқтала береді. Әбілмансұр оларды көріп қап, сұқ саусағымен аузын басады.
ӘБІЛМАНСҰР:
Таждың маңы – тас зындан,
Дымың болсын ішіңде.
Билік маңы – кіл жұмбақ,
Түсінсең де, түсінбе!
Диуана мен Кейуана құптағандай бастарын изеп екі жаққа ығыса береді. Сахна бірте-бірте қараңғылана түседі. Сәлден кейін қайтадан жарық түседі. Самаладай хан ордасы көрінеді. Тақта – Қалдан қонтайшы. Жан-жағы жоңғар жайсаңдары.
ҚАЛДАН:
Өлер Шарыш өлді енді.
Одан күдер үзгем-ді.
Өлтірген кім?
Текті ме әлде тексіз бе?
Тексіз болса – қалмақтың
Тірілей жерге кіргені.
Текті болса – ендігі
Қандай болмақ дәурені?
Көрдіңдер ғой – не дейсіңдер!?
ЖАСАУЫЛ:
Қара суды қағып салып,
Май ауызға түспеген соң,
Көкке атты тостағанды.
ҚАЛДАН:
Тексіз болса тоң майға,
Салар еді шеңгелді.
Сен не дейсің, Лама Доржы?
ЛАМА ДОРЖЫ (бірінші ақ киімді адам):
Жолбарыстан қаймықпады.
Семсерден де сескенген жоқ.
ДАУАШЫ (екінші ақ киімді адам):
Ерлігінде күмән жоқ.
Өрлігі де жетерлік.
ТОПЫШ СҰЛУ (алтын Үкілі ару):
Таудан да шалқақ маңдайы. Ешкімді көзге ілмейді.
КҮЛПӘШ СҰЛУ (күміс Үкілі ару):
Намысын қолдан бермейді.
ҚАЛДАН:
Күн сабылып орыс тыным бермейді.
О да: "Босат!", – дейді оны.
Түн сабылып шүршіт тыным бермейді.
О да: "Босат!" – дейді оны.
Қара борбай қазақтың .
Не дейтіні белгілі.
Жеркіндік пе сол неме?
Неге дәрі бәріне?!
Көрейік, әкеліңдер!
Мен араларыңа барып отырайын.
Кіріп келгенде, бос тақты көрсе,
Тексізге бәрібір:
Босағасына жайғасады,
Ал тектілігі рас болса,
Ойына ой қашады...
Қалдан тағынан тұрып, көптің ортасына барып отырады. Жасауылдар Әбілмансұрды айдап әкеледі. Ол босағаға сәл кідіріп, жан-жағына бір қарайды да, бос тұрған таққа беттейді. Екі жасауыл жолын бөгейді.
ӘБІЛМАНСҰР:
Тақ бос тұрмас болар.
Бос тақтан кие қашады.
Бос тақты иемденген
Ел-жұрттың сауабын алады.
Қалдан тағына бет алады.
ҚАЛДАН (жолын бөгеп):
Тағзым қайда, төр қайда?
ӘБІЛМАНСҰР:
Тақтайға тағзым жүрмейді,
Тақсырға тағзым жүреді.
ҚАЛДАН:
Тақсыр емей мен кіммін?
ӘБІЛМАНСҰР:
Таққа мінген тақсыр,
Тақтан тайған пақыр...
ҚАЛДАН:
Пақыр тақсырға қол көтерсе не болады?
ӘБІЛМАНСҰР:
Заман азып, заң тозады.
ҚАЛДАН:
Ендеше Шарыш қайда?
ӘБІЛМАНСҰР:
Оның жөнін тәңір біледі.
ҚАЛДАН:
Қанын арқалаған сен не білесің?
ӘБІЛМАНСҰР:
Қан арқалаған жоқпын,
Қанға қан төктім.
Жанға жан қидым.
Тақтан аударғам жоқ,
Аттан аудардым.
Ғайыпта өлтіргем жоқ,
Сайыста өлтірдім.
Өзі мойындаған күнәсі үшін жазаладым.
Жазалыны жазалағанды жазғырмас болар
Ол менің алдымда күнәкар.
ҚАЛДАН:
Қалайша?
ӘБІЛМАНСҰР:
Төрт қаруы бойында
Төрт бабамның қаны бар.
Ешкім зорламай өзі айтты.
Естіп тұрып, қалай аман жіберем?
Менің орнымда өзің болсаң қайтер ең?
ҚАЛДАН:
Отырып сөйлесесің бе?
Тұрып сөйлесесің бе?
ӘБІЛМАНСҰР:
Өз айтқаның жөн болсын...
Қалдан жанындағыларға бас изейді. Олар жылысып шыға береді. Жылысып бара жатқандармен бірге сахна да жылжып, басқа бір жайдың ішіне жетіп тоқтайды. Оңаша сұхбатхана. Қалдан мен Әбілмансұр екеуден-екеу.
ҚАЛДАН:
Еліңде қой көп пе?
ӘБІЛМАНСҰР:
Көп...
ҚАЛДАН:
Ендеше, қойшы өтірікші, қой ұры.
Еліңнің өріске, суатқа таласқан
Ұсақ жанжалы басылмас.
Еліңде сиыр, жылқы көп пе?
ӘБІЛМАНСҰР:
Көп.
ҚАЛДАН:
Жер емшегін ембеген
Жерге мықтап орнықпас.
Жердің қадірін білмеген
Елдің қадірін білмейді.
Бірақ, елдікке ұмтылмаса да,
Теңдікке ұмтылады.
Шабан мінген қойторы да
Бәйге алсам деп ойлайды.
ӘБІЛМАНСҰР:
Ие, аласа тақтың үстіндегі
Асқаралы алтын таж
Қолапайсыз көрінері рас.
ҚАЛДАН:
Төбеге шықпаған тауға шыға ма?
ӘБІЛМАНСҰР:
Қышымаған тақымға тұлпар бұйыра ма?
ҚАЛДАН:
Тауда тарлан ойнай ма,
Бағлан ойнай ма?
ӘБІЛМАНСҰР:
Тарлан ойнаса – жарыместігінен ойнайды,
Бағлан ойнаса – білместігінен ойнайды.
ҚАЛДАН:
Тар жерде теке тіресе ме?
ӘБІЛМАНСҰР:
Теке тіреспейді, текешік тіреседі.
ҚАЛДАН:
Тірессе не болады?
ӘБІЛМАНСҰР:
Екеуі де бөріге бұйырады.
ҚАЛДАН:
Көп азая ма,
Аз көбейе ме?
Осал нығая ма,
Мықты әлсірей ме?
ӘБІЛМАНСҰР:
Құм жиылып тас болмай ма,
Тас сұйылып құм болмай ма?
ҚАЛДАН:
Көбею мен күшеюдің басы не?
Азаю мен әлсіреудің басы не?
ӘБІЛМАНСҰР:
Жұғысу мен суысу.
ҚАЛДАН:
Тау сыртында тау тұрса – қайтеміз,
Жау сыртында жау тұрса – қайтеміз?
ӘБІЛМАНСҰР:
Жақын тауға шықпай болмайды,
Жақын жауды ұқпай болмайды.
ҚАЛДАН:
Ішіңде кетіп бара жатқан арман жоқ па?
ӘБІЛМАНСҰР:
Арманым – түзге түнедім.
Ғайыптан қолға түстім.
Жалғыз жолға шықтым.
ҚАЛДАН:
Еліңді әлі бір мекенге орнықтыра алмапсың,
Жауда емес, анда жүріп
Қолға түстім деп өкінесің.
Жалғыз едім, ізім қалмас деп қорқасың.
Дұрыс.
Ант берік пе, пейіл берік пе?
ӘБІЛМАНСҰР:
Қылғындыруға қыл арқан дұрыс,
Жалғасуға жібек арқан дұрыс.
ҚАЛДАН:
Пейілдестіктің желімі қайсы,
Жалғастықтың желісі қайсы?
ӘБІЛМАНСҰР:
Астан артық желім болар ма?
Кіндіктен артық желі болар ма?
ҚАЛДАН:
Ендеше ас әкеліңдер!..
Қолына алтын кесе ұстаған Топыш сұлу мен күміс кесе ұстаған Күлпәш сұлу, олардың соңынан шұбатылған алтын оқалы сүлгіні бірге ұстаған Сыбан Доржы, Лама Доржы, Дауашы көрінеді.
Ахиреттің алдында да ас ұлы.
Қалаған кесеңнен дәм тат.
Әбілмансұр екі қызға көз тастайды. Топыш қомсына, Күлпәш қымсына күлімсірейді. Тұтқын сыр білдірмеген қалпы әуелі Күлпәштың қолындағы кесені қолына алып дәм татып, иесіне сыпайлықпен қайтып береді де, дереу Топыштың қолындағы алтын кесені алып, басына бір-ақ көтереді. Бәрі аң-таң. Қалдан үнсіз отырып барып, тіл қатады.
Ас болсын!
Күміс кеседен дәм татқаның –
Пейіліме ырза болғаның.
Алтын кеседен дәм татқаның –
Ырысыма ортақтасқаның.
Екі дүниеде де алдыңнан шықсын.
Мен де үшеу боп келіп ем.
Біреу боп кетер түрім бар.
Бауырымның соңы – Шарыш.
Бір өзің мен бір құдайға мәлім,
Өз бауырымнан үш терек,
Үлкен әйелден – Сыбан Доржы,
Кіші әйелден – Лама Доржы.
Күлпаш ханым – Ежен ханның қызы.
Ол келе жатқан керуенді
Қазақтар тонап әкетіп,
Бір қысты қырда қыстап келді,
Некеміз енді қиылады.
Топыш – жаңғыз қызым.
Дәмдес болдың, екі дүниеде тани жүр.
Ағадан қалған бала көп,
Шарышыма тұяқ ермеді.
Жегідей жейді сол мені.
Өзімнен де сенімді.
Қидың ғой оң қолымды,
Ойдың ғой оң көзімді.
ӘБІЛМАНСҰР:
Білмей қалдым, алдияр.
Жалғыздықты жауыма да тілемеймін.
Қай үкіміңе де пейілмін.
ҚАЛДАН:
Бар! Бара бер!
Үй ішіндегілер аң-таң.
СЫБАН-ДОРЖЫ:
Сонда кесім не болды?
ҚАЛДАН:
Сабырларың жетпесе – қазір айтайын,
Сабырларың жетсе – кейін біле жатарсыңдар.
(Үй ішіндегілер түгел шығып кетеді. Қалдан жалғыз).
Дігірлеген дүние-ай,
Діңкелетіп келеді...
(Көкірегін ұстап, мүдіріп барып, қайта сөйлейді).
Үйістіп жүріп, көз жұмсақ,
Өкініштен басқа не қалмақ?
Жау-жағалас күн кештік.
Жеңілмедік, жеңбедік.
Аздар айқастан тыйылмаса,
Көпке кетер жем болып.
Кетісерге – кекшіл көп,
Келісерге – есті жоқ.
Сол жоғым табылды ма деп тұрмын.
Басына азаттық берсем,
Іргеме тыныштық келер ме екен?
Басымызға ертең іс туғанда
Ту сыртымнан тұра ұмтылмай,
Қолтығымнан демер ме екен?
Не де болса, нар тәуекел...
ҮШІНШІ КӨРІНІС.
НАР ТӘУЕКЕЛ
Ұлы жиын.
Қызық думан.
ХОР:
Шырқа, шырқа, ағайын,
Шырқайтұғын күн бүгін
Көңілден кірбің жым-жылас
Тарқайтұғын күн бүгін,
Көздің жасын жаратқан
Көре қалған күн бүгін,
Көп жылаған қазаққа
Бере қалған күн бүгін.
Ғайып болған ақ Сұңқар
Қайта оралған күн бүгін,
Өшкен үміт шырағы
Қайта жанған күн бүгін.
Думаншыл топтың ортасында мәз-мәйрам боп Дәулетбай тұр.
ДӘУЛЕТБАЙ:
Ризамын, жаратқан,
Жоғалттым деген жалғызым
Көзіме қайта көрінді.
Менің ұлым боп кетіп еді,
Елдің ұлы боп оралды.
ЖАРШЫ:
Әлеумет, түгел құлақ сал,
Әбілмәмбет ханымыз
Әмбеге айтар сөзі бар.
Соңдарына көлдей ақ киіздің шетінен ұстаған ел жақсыларын ертіп, Әбілмәмбет пен Әбілмансұр көрінеді.
ӘБІЛМӘМБЕТ:
Армысыздар, ағайын,
Тілекті құдай беріп тұр,
Сағындырған сабазың
Елге оралып келіп тұр.
Қалың жұртым қуанған,
Абылайлап ту алған
Әбілмансұр сұлтанға
Елімнің қиып жартысын,
Жерімнің қиып жартысын,
Өз алды орда тіккізіп,
Хан сайлағым келіп тұр.
Бұған халқым не дейді?
КӨПШІЛІК:
Дұрыс, дұрыс.
Міне, жөн!
ӘБІЛМӘМБЕТ:
Жөн десеңдер, әлеумет,
Алдыңа жаям ақ киіз.
Кәні, Абылай!
Оң аяқпен атта үстіне,
Жолыңды алла оңғарғай!
Абылай ақ киіздің үстіне шығады. Киіздің шетінен ел жақсылары жабыла ұстап, аспанға көтереді.
АБЫЛАЙ:
Ризамын, ағайын.
Көкірегімде жан барда
Аманаттарыңды ақтауға
Ант етемін, ант етемін!
ХОР:
Ханның бағын зор қыл!
Халықтың тілегін оң қыл,
Іргеміз тыныш болсын,
Берекелі ұлыс болсын!
Әумин! Әумин!
ЖАРШЫ:
Ал, халайық,
Қапы қалмайық,
Хан талапай!
ХОР:
Алақай, алақай
Хан талапай!
Ханды ел жақсылары төбелеріне көтеріп, ордасына (беттейді. Жұрт хан көтерілген ақ киізді тәбәрік қып үлестерін алып жатады. Сахна шырқ айналады.Сары Арқа. Салқын бел.
КЕЙУАНА:
Дуылдаған той өтті.
Одан қанша жыл өтті.
Ызы-қиқу азайды.
Жиын-думан көбейді.
Дүние неткен кең еді,
Өзіміз жүрдік тарылтып,
Көкжиектен шаң шықса,
Жау шықты деп дүрліктік.
Енді, міне, ерте-кеш,
Елшілер келер ағылып,
Саудагерлер сабылып,
Арқа-жарқа ағайын
Алдынан шығар сағынып.
Тәңірім осы төрінен
Жүрмесе екен жаңылып.
Сахнаның екінші шетінен Диуана көрінеді.
ДИУАНА:
Жер бетінде ел-ақ көп екен,
Жалпылдаған ту-ақ көп екен,
Былдырлаған, шүлдірлеген
Біз түсінбейтін тіл-ақ көп екен,
Бәрінің аузында: "Абылай".
Құдайдың атын құбылтып айтса да,
"Абылайға" жаңылмайды ешбірі.
Әне бір шаң!.. Міне бір шаң...
Киік қой десең, керуен боп шығады.
КЕЙУАНА:
Жаман хабар жаушы болмай,
Жақсы хабар елші болса болғаны.
Шаңқылдаған шапқын келмей,
Бәйпеңдеген керуен келсе –
Замананың оңғаны.
ДИУАНА:
Абылай да ақ семсерін төрге ілді,
Шаңыраққа тіреу қылды найзасын.
Ертелі-кеш елшілермен пыш та пыш,
Асырмақшы айласын.
Жатып алып қатын алып жан-жақтан...
Кіндігімен тығындамақ
Жалпылдаған жұрт аузын...
Атығай, Қарауыл алты қатын ап берді.
Нұралы да "қызымды ал" деп шап берді,
Қырық бұрым шашын тарап сарт келді.
Бәрін шетке ысырып сап,
Қалмақ Топыш иемденді қақ төрді
Бүйте берсе, бір көрпеден өріп,
Бір төренің шашбауын көтеріп,
Жүрмесек қайтсін бір күні?!
КЕЙУАНА:
Қуанбасаң, қиналма оған!
ДИУАНА:
Әй, қайдам!
Әбілмәмбет әуелгі кез
Әукесі түсіп, бауырсынып жүр еді,
Қалдан қарқалазы қып жібергенде,
Бұзылды бірден реңі,
Бел астында отырып,
Қойды төбе көрсетпей.
Әбілқайыр өлгелі,
Барақ кетті тентіреп...
Қалдан қарап жатқан жоқ,
Бәрінің де құртып отыр діңкесін:
"Түркістанды саған берсем,
Өйтесің де бүйтесің!"
Апта сайын ат шаптырып Абылайға
Айтары сол ерте-кеш.
Бел аса сап,
Әбілмәмбет сұлтанға,
Айтары сол – басқа емес.
Жем беттегі Нұралы,
Қарнақтағы Барақ,
Түркістанда Сейіт
Алған сондай уәде.
Бәрі бірдей дәмелі.
Сәмеке де ала алмаған,
Әбілқайыр көре алмаған
Бас тақытқа ие болмақ бәрі де.
Шүршітпенен болғанынша бір жақты,
Бәрін бірдей көз сүзгізіп бір таққа,
Тырп еткізбей ұстап отыр тұзақта.
Абылай да асырмақ боп әдісті,
Әр тараптан бір шығарып дабысты,
Андап отыр аңысты.
Жаубасарларды дауға салып,
Бәрін бірдей елшілікке жұмсап,
Әр тарапқа бытыратып жіберді.
Енді, міне, бір-бір керуен жетектеп,
Соңдарында бір-бір елші дедектеп,
Келіп жатыр тұс-тұсынан ағылып,
Жау жыққандай сабылып.
КЕЙУАНА:
Жау тыйылса, дау тыйылса болмай ма,
Шайқастан да шайлығатын кез болды.
Абылайға әзір өкпе жүрмейді,
Оқпен сынаған батырды
Бақпен сынап көрейік.
Сахна айналып, Кейуана мен Диуана алыстай береді. Ортада ханның сары ала шатыры. Қақ төрде алтын тақ. Тақта алшия жайғасқан Абылай хан манаурап ойға батқан. Шатыр іші буылдырланып, бір түрлі күміс реңге көшеді. Тақ сыртынан сыланып, күміс торқа киінген Күлпаш шыға келеді.
КҮЛПАШ:
Арыстаным, армысың?
АБЫЛАЙ:
Күлпашсың ба, қайдан жүрсің?
КҮЛПАШ:
Сағыныштан сарғайған соң
Тәуекелге бел байладым.
Жеттім, міне.
АБЫЛАЙ:
Жетсең, неге жақындамайсың?
Есік аттағасын, кілт тоқтағаның не?
КҮЛПАШ:
Ұрлық қылған адамдай екем,
Қимылдауға қысыламын...
АБЫЛАЙ:
Қысылатының қалай...
Баяғы тар қапаста да
Ағыл-тегіл ақтармап па ең
Ақ пейілдің дариясын?!
КҮЛПАШ:
Сол дарияның бергі бетінде мен қалып,
Арғы бетке сен шықтың,
Қайығыңа отырғызып басқаны.
АБЫЛАЙ:
Тақ пен билік, бақ пен дәулет
Тарылтпаса, кеңейтпейді ноқтаны.
Тәңірі мен тағдыр бұйрығы,
Сені емес, басқаны әкеп қосқаны.
КҮЛПАШ:
Ондай ноқта өз басымда да бар,
Шылбыр болып шырмап алып,
Тұсап тұрған сол аяқты.
АБЫЛАЙ:
Баяғыда қидың қалай
Шылбыр емес кісенді?
Көр зынданда сені құшқан
Қас-қағым сәт –
Ауық-ауық ұйқы бұзар
Алыс қалған түс енді.
КҮЛПАШ:
Түс емес ол, арыстаным,
Сонда бойға біткен титтей бершімек
Қазір көрсең – дәл өзіңдей,
Атан жілік кісі енді.
АБЫЛАЙ:
Не дейсің, Күлпаш,
Қалдан бұны біле ме?
КҮЛПАШ:
Білетінін, білмейтінін білмедім,
Атын қойып, тұсауын кескен өзі.
АБЫЛАЙ:
Аты кім?
КҮЛПАШ:
Әмір Сана деп қойды.
Сары Арқаға қол бастап емес,
Жол бастап барар
Құтаяқ осы болсын деп.
АБЫЛАЙ:
Қол бастап емес, жол бастап дедің бе? (Күміс торқа киінген Күлпаш сұлу жылыстап шығып кеткен жаққа қарай дауыстап тіл қатады).
Тоқта! Қайда барасың?
(Өз даусынан өзі оянып кетеді).
ТОПЫШ:
Неге айқайладыңыз, алдияр?
Үрейлі шықты даусыңыз.
Шошып оянғаннан саусыз ба?
Көріп пе едіңіз, жаман түс?
Бәрін дерлік қайтардым.
Сауда жасауға арланады.
Ұзын аққан Есіл менен Ертістің,
Көлденең аққан Торғай менен Нұраның
Бәрін жаудан босаттым,
Егін салуға қорланады.
Балқаштың бос айдыны,
Қорғалжын мен Көкшетауда сексен көл,
Баянтауда Сабынды көл, Шойынкөл,
Тарбағатайда Зайсан көл –
Бәрі жатыр мөлдіреп,
Ат суармаса, аяқ-қолын салмайды,
"Балық аулаңдар!" – десем,
"Бақаны да бақ дерсің-ау" деп бұлданады.
ТОПЫШ:
Сонда олардың неге ауып жүр аңсары?
АБЫЛАЙ:
Жау сағынады,
Дау сағынады.
Тыныштықтан іштері пысады,
Шаруаға құнттары жоқ.
Той жасауға – әйелдері күнде бір ұл таппайды.
ТОПЫШ:
Күнде жұмыртқа табатын
Тауық алмай, қатын алған
Өз обалдарың өздеріңе
Демейсің бе саппастарға...
АБЫЛАЙ:
Мен олай десем,
Олардың қалай дейтінін
Білесің бе?
ТОПЫШ:
Жоқ. Білмеймін.
АБЫЛАЙ:
Біз білмейтінді білмейтін болсаң,
Біз істемегенді істемейтін болсаң,
Істе дегенге тіл алмайтын болсаң,
Несіне хан болдың, қаңғыбас төре,
Қалқима қалпақ киюге ме?
Талай жерде
Тарпа бас салды өзіме
ТОПЫШ:
Ендеше, қалағандарын неге қылмайсың?
АБЫЛАЙ:
Қалағандарын қылсам, тағы да қанды қырғын,
Байы өлген қатынның бажылы мен
Баласы өлген қатынның қарғысын да
Ести-ести естен тана жаздадым.
ТОПЫШ:
Сонда қайтпексің?
АБЫЛАЙ:
Ұрымталына іс үйретіп,
Ұғымталына сөз үйретіп,
Ұйтқылы жұрт қылам бұл елді.
ТОПЫШ:
Жан-жағың толы жат пен қас,
Жармаспай ма қолыңа?
АБЫЛАЙ:
Жат бөгесе – жанын алам,
Қас бөгесе – қанын алам,
Ел бөгеп, еңсені түсіріп тұр ғой.
ТОПЫШ:
Елдің өзі еңсеңнен басса,
Емін қалай таппақсың?
АБЫЛАЙ:
Ел жолында еркек тоқтымын,
Құрбандыққа шалам басымды.
Өлімнен қорқып көргем жоқ,
Алайда аңқау жұртымды
Жатқа есесін жібермес
Іргелі ел қылып, үлгерем деп,
Ғұмыр мен жігер тілеймін
Күні-түні құдайдан,
Үлгермесем тәңірден
Ізімді басып, ісімді алға апарар
Алғыр ұрпақ сұраймын.
ТОПЫШ:
Ұрпақ дейсің бе, хан ием,
Ендеше күткен хабарыңды әкелдім.
Асқа пейілім шаппайды,
Мен талғақпын.
АБЫЛАЙ:
Талғақпын дейсің бе?
Неге талғайтыныңды білесің бе?
ТОПЫШ:
Анық білмеймін.
Өмір бойы тісім тимеген
Бір мақұлықтың етін жегім кеп,
Аузымның суы құрып жүр.
АБЫЛАЙ:
Ол сонда қандай аң?
ТОПЫШ:
Аңның етіне емес, адамның етіне
Ауып тұрғаны аңсарым...
АБЫЛАЙ:
Тәйт әрі!
Тағы боп кеткенсің бе?
ТОПЫШ:
Талғақ қатын тағыдан
Асқан жыртқыш емес пе?
Сөзіме құлақ ас!
Ажал аузында жатқан әкеме
Қол ұшыңды бермеп ең,
Қайтар соның есесін?
АБЫЛАЙ:
Қолтығынан демемесем де,
Сыртынан найза сұқпасқа
Серт бергенмін әкеңе,
Сол сертімде тұрдым –
Сыртынан найза сұқпадым,
Жауына туын жықпадым.
Әкеңді шауып алам деп,
Келгенде Қоқан қоқиып,
Қолымды оған қоспадым,
Қоқанды шауып алам деп,
Әкең келді қоқиып, –
Діндеске діңкем құрыды,
Азғырса да баспадым,
Ойрат пенен қазаққа
Ортақ жаудың біреуі
Одыраңдап күш көрсетсе,
Ойланбай барам көмекке!
ТОПЫШ:
Сондай сәт келді ендеше,
Есіл әкем өкінішпен өтті енді,
Артындағы ел тағы дауда қалып тұр,
Менің жалғыз бауырымды
Тоқалдан туған томар бастар
Аяғынан шалып тұр.
Соларды жүндей түткілеп,
Қуырып жесем жүрегін,
Бір ұл туып берер ем.
Қазақ пенен ойратқа
Ортақ қорған болғанын
Тірі жүрсең көрер ең?
АБЫЛАЙ:
Тоқалдан туғандарың кім?
ТОПЫШ:
Таққа мұра – Сыбан Доржы.
Бір емшекті еміп ек.
Таласатын – Лама Доржы.
Күңнен туған Күйіншік
Жарым шүршіт, жарым қазақ
Ұл туды дейді сұлу Күлпаш.
Ол есіңде бар шығар
Зынданыңа талай бас сұққан.
Екеумізді сорлы әкем
Қатар қойып таныстырған,
Сонда сенің қолың маған,
Көзің оған ұмсынған.
АБЫЛАЙ:
Әкең менен бір тәңірдің қалауын
Аяққа басқан жерім жоқ.
Ендеше бұндай бопсаның
Айтылатын жөні жоқ.
ТОПЫШ:
Бопса емес, қолқа салып тұрмын
Күлпаштың атын атап едім,
Күмілжіп қалды ауызың,
Әлде мен айтқан қылыққа
Тұр ма құлқың құламай?
АБЫЛАЙ:
Өзі келіп ұрынбаса,
Ешкімге ор қазбасқа
Құдайға берген антым бар.
Күмілжісем сол екі пәтуа
Еске түсіп тұрғаны.
ТОПЫШ:
Мен сұрап тұрғам жоқ па?!
Қалдан Шеріннің кіндігінен шықпай,
Жерден шықсам,
Жолатар ма ең маңыңа?!
АБЫЛАЙ:
Сен – қазақтың ханшасы,
Жоңғар – қалың ел,
Қолқа салса – ханы бар емес пе,
Олардың пиғылын білмей тұрып,
Ортаға киліккенім
Орда бұзар іс болар.
ТОПЫШ:
Салмай-ақ қой бұлталаққа,
Жаным ашымайды де ойратқа.
Сырттан жасауыл кіреді.
ЖАСАУЫЛ:
Алдияр!
Қалмақ тайшысы Дауашы!
АБЫЛАЙ:
Дауашы дейсің бе?
Ол неғып жүр?
Ойда-жоқта жол шықса,
Жүрмеген шығар тектен тек?!
Кірсін, жібер ендеше!
Жасауыл кетеді. Дауашы кіреді.
ДАУАШЫ:
Алдияр!
Есіңізде бар шығармын,
Мен Дауашы деген тайшымын,
Жанқаста көрген жан деп келдім,
Жаным үшін арымды
Сала қоймассың саудаға?
ТОПЫШ:
Не болды сонша таусылып,
Қонтайшыңа бармай,
Мұнда келіп қол жайып,
Не көрінді саған?
ДАУАШЫ:
Сөзіңе құлдық, ханшайым,
Әкең өлгенді де естіртіп ем,
Тағы да сабыр сұраймын.
Сыбан Доржы мерт болды,
Есеңгіреп ел қалды.
Сендерден тілеп бір қайран
Мені осында жіберді.
ТОПЫШ:
Сыбан Доржы мерт болардай,
Соғысып еді кімдермен?
ДАУАШЫ:
Шайқаста емес ханшайым,
Өз үйінде, өлең төсегінде
Мерт болды ағаң.
ТОПЫШ:
Айтпадым ба, алдияр,
Тағы да қапы қап тұрмыз.
Қалың жоңғар ел қайда,
Жүгенсізін тыймай ма?
Басқа басқа болсын-ақ,
Бөлесі ең ғой әкемнің,
Сен неғып алдын алмадың?
ДАУАШЫ:
Бөлтіріктер бөлеге
Өлсе де, жолын берер ме?
Тақ бұйырған немеге
Ақыл айтсаң көне ме?
Қара жер хабар бермесін
Ағаң аңғырт іс қылды,
Кепті көзге ілмеді.
Жанашырды жау көрді,
Уайым айтсаң, дау көрді,
Орынсыз асып-тасам деп
Зұлымдыққа жем болды.
Өшіккендер орнына
Лама Доржыны жөн керді.
ТОПЫШ:
Не дейсің, бұған хан ием,
Өзіңді көрден құтқарған
Орданың шықса ойраны?
АБЫЛАЙ:
Сені ел жіберді ме, жоқ өзің бе,
Мұнда жеткен шапқылап?
ДАУАШЫ:
Ел дегенің не өзі?
Қаңқылдаған қара тобыр ма?
Олар бұған мәз-мәйрам.
Елің әлде естияр шөкім шоғыр ма?
Олар отыр үрейлі:
"Жоңғардың бағы осымен
Біржола ауған жоқ па?!", – деп,
Мені солар жіберген.
Таққа таласар дегенді
Қырып жатыр қынадай,
Жайсаңдардың ендігі
Бар үміті Әмір-Санада
Соның маңына топтасып,
Зұлымнан өш алмақшы.
АБЫЛАЙ:
Әмір Сана дейсің бе?
ДАУАШЫ:
Қалдан Шеріннің кенжесі,
Туған Күлпаш сұлудан
Көкірегі ойлы, көзі отты.
ТОПЫШ:
Ол да тоқал емізген томар бас.
Оған сенген ойрат оңалмас.
ДАУАШЫ:
Арамзаны құртуға
Ант бере алған жалғыз сол.
Ол болмаса егер де,
Жанын баққан жайсаңдар,
Жағын сауған зарғылар
Жаңа қонтайшыны қолпаштап,
Әкең Қалдан Шеріннің
Сөзі түгілі өзін ұмытар түрі бар.
ТОПЫШ:
Қасиет қашқан қараң ел
Әкем қадірін білмеді,
Ағам қадірін білмеді,
Тағын құлға қор етті.
Қырылып қалсын қынадай,
Оларға бола бас қатырма, хан ием!
(Жылап шығып кетеді).
АБЫЛАЙ:
Сонда не демексің, тайшы?
Не айтып еді жақсыларың?
ДАУАШЫ:
Қол беріп көмектесіп,
Әмір Санаға тірек болсын,
Тіпті өзі келсін деді.
АБЫЛАЙ:
Өзім барсам – өлімін сатқандық болады,
Қол жіберсем – қол сұққандық болады
Көмегім дайын, Амалын табуға ақыл қос.
ДАУАШЫ:
Өзің барсаң – желкеңде орыс,
Маңдайыңда – шүршіт,
Көздерінің сұғына қаласың.
Көмек берсең –
Бүгін жарты ойратқа зобал төндіресің,
Ертең түгел ойраттың сауабын аласың.
АБЫЛАЙ:
Ендеше көмекке кімді жұмсайын?
Барақтан туған
Шығай мен Малайсарыға сөз салсам ба екен?
ДАУАШЫ:
Шығай мен Малайсары
Жоңғарға қанық екені рас
Бірақ, қай тарабыңның сойылын соғатындарын
Бір тобаның өзі біледі –
Одан да Уақ, Керейдегі Қайыпқа айт,
Әмір Санамен өрістес,
Бірақ өрелескен жері жоқ еді.
Арғында Олжабайға айт –
Орда бұзар арыстан ғой,
Салсын лаң қонтайшының басына
Найманда Қабанбайға айт,
Шыңғыстан жылысқанда
Арттарыңда қалған Алтайды
Өздеріңе бұйыртам десең,
Қала қоймас аянып.
АБЫЛАЙ:
Келген ізіңмен кері қайт
Сауалыңның жауабы
Ілесе барар соңыңнан.
ДАУАШЫ:
Дат, алдияр!
АБЫЛАЙ:
Датың болса, айт!
ДАУАШЫ:
Ұмытып барады екем,
Күлпаш ару өтініп еді қиылып,
Абылай пана бола алса,
Әмір Сана бала бола алады
Абылай бел бола алса,
Ойрат ел бола алады.
АБЫЛАЙ:
Жә, жолыңнан қалма!
Дауашы шығып кетеді. Абылай ой үстінде. Сахнаның бір шетінен Күлпаш тіл қатады.
ТОПЫШ:
Қасиет қашқан қалың ел,
Өздеріне сол керек!
Қырылып қалсын қынадай,
Оларға бола басыңды қатырма!
КҮЛПАШ:
Абылай, пана бола алсаң,
Әмір Сана бала бола алады,
Абылай, сен бел бола алсаң,
Ойрат та ел бола алады.
Сырттан жасауыл кіреді. Екі елес жоғалады.
ЖАСАУЫЛ:
Алдияр Қоқаннан елші кеп тұр.
АБЫЛАЙ:
Кірсін.
Қоқан елшісі кіреді.
ЕЛШІ:
Алдияр!
Қоқанның қаһарлы бегі
Ердене би жіберді,
Мынадай кеп айт дегені:
Ақ бота би айтып еді – көнбеді.
Әбдікерім бек айтып еді – ермеді.
Әбдірахман хан айтып еді – құлағына ілмеді.
Бұл жолы да сөзді аяңсыз қалдырса,
Күллі мұсылман Абылай ханды
Ойраттардың қанжығасында деп біледі.
Біржола күдер үзеді.
Ендеше Ердене биге айта бар:
Қазақтың көрген төмпеші де аз ба еді?
Қоқан қолын созды ма?
Бұхар бетін бұрды ма?
Хиуа сертте тұрды ма!
Іргем әлі дүрбелең,
Әлі бұлдыр ертеңім,
Ойлануға мұрша бер!
Ойрат – жабылар жау емес,
Жабылар жау табылар.
Одан гөрі көбірек
Одан гөрі ірірек,
Сонда ағайын қол созса,
Қазақ қолынан қақпайды.
ЕЛШІ:
Құп, тақсыр!
Шығып кетеді.
АБЫЛАЙ:
Жасыл тумен жасқайтындар көбейді.
Қысылғанда – қолын берген бірі жоқ.
Қыспақтан шықсаң – дігірлейді ірі боп.
ЖАСАУЫЛ:
Қырғыздан елші келіп тұр!
АБЫЛАЙ:
Келсін!
Қырғыз елшісі кіреді.
ЕЛШІ:
Алдияр тақсыр!
Хан ием, Алатаудың басынан,
Аспанда күннің қасынан,
Бір атадан шөнтектес,
Бір енеден емшектес,
Егізіңнің сыңары,
Көңіліңнің құмары,
Айыр қалпақ қырғыздың
Айырықша сәлемін
Жеткізгенше асығам.
Түптеп келсек, тектес ек,
Дұшпаны ортақ кектес ек,
Жиын күнде жақтас ек,
Қиын күнде тілектес ек,
Тәңір бүгін беріп тұр,
Одыраңдаған ойраттың
Бағы бүгін қайтып тұр,
Бәсі бүгін кеміп тұр,
Төмен түсіп еңсесі
Есін жимай тұрғанда
Ойы қырға ұласып,
Көшін жимай тұрғанда
Екі жақтан шап беріп,
Шаңырағын қақ бөліп,
Туын жығып тастайық,
Уын сығып тастайық.
Бағы қайтқан дұшпанның
Басын солай жаныштайық.
АБЫЛАЙ:
Аптықпа, ағайын, аптықпа,
Хабар болсын өзімнен,
Манаптарға сәлем айт,
Ақылдаспай атқа мінбесін,
Ұтарын білмей іс қылсақ,
Ұтылыс болар тапқаның.
ЕЛШІ:
Түсіндім, хан ием, кебіңе,
Жеткіземін манап, бегіме,
Қол жайып бата берсеңіз,
Қоқиып тартам жөніме.
АБЫЛАЙ:
Жолың ақ болғай!
Еліңе бақ қонғай!
(Қолын жайып, бетін сипайды).
Қырғыз елшісі шығып кетеді. Іле-шала жасауыл қайта кіреді.
ЖАСАУЫЛ:
Алдияр!
Үйсін Төле би
Суыт шабарман жіберіпті.
АБЫЛАЙ:
Алып кел.
Төле би шабарманы кіреді.
ШАБАРМАН:
Алдияр!
Шаштан келдім.
Үйсін Төле биден
Шұғыл хабар әкелдім.
Лама-Доржы үсті-үстіне шақырып,
Ұрғаға барып, жаңа ғана оралды.
Бидің айтуынша, бұл қонтайшың
Онша ұзаққа бара алмас,
Ойрат іші шартарапқа шапқылап,
Жақтас іздеп жатыр дейді шарқ ұрып.
Арқаланып сонысын
Не күнгейден, не теріскейден
Кіруі мүмкін қалың қол,
Алдын алып қалмасақ,
Қосақ арасы бос кететін күн туар.
Кезең келді кеңес құрып, іс қылар.
Соны дереу айт деп еді Төле би...
АБЫЛАЙ:
Төле айтса тегін айтпас,
Менің де сондай күдігім.
Қабырғаммен кеңесіп ап,
Жауабымды берермін.
ШАБАРМАН:
Құп тақсыр!..
Шабарман тағзым етіп, шығып кетеді. Сахнаның екінші шетінен Топыш ханым кіреді. Қолында бетті бүркеулі табақшасы бар.
ТОПЫШ:
Хан ием, сүйінші бер!
АБЫЛАЙ:
Жемтігін ілген қырандай
Жайраңдап қапсың.
Табылды ма жеңсігің?
ТОПЫШ:
Табылғанда қандай! Мінеки!
Табақшанық бетіндегі бүркеуді жұлып алып, ханға көрсетеді.
АБЫЛАЙ:
Бұл не?
ТОПЫШ:
Не болушы еді - жүрек қой?
Адамның жүрегі.
Зұлым Лама Доржының
Қараулық ойлап мерт қылып,
Қақ жарыла жаздаған
Қара талақ жүрегі.
АБЫЛАЙ:
Бұл өзі қалай болды?
ТОПЫШ:
Анадағы Дауашыны
Тосып тұрдым жолынан.
Таққа өзің ие бол,
Батыр қонтайшы ұрпағы,
Сен тұрғанда талас жоқ
Өзгенің үз күдерін, –
Деп қатаң тапсырдым.
АБЫЛАЙ:
Ол не деді?
ТОПЫШ:
Үндеген жоқ.
Жауабын, міне, жансызбен
Отырған жоқ па жіберіп?!
АБЫЛАЙ:
Әке тұқымын тақтан тайғызып,
Несіне мәзсің мұншама?
ТОПЫШ:
Кегім қайтты!
Біреуінің көзін құрттым.
Екіншісі де көп ұзамас.
Әмір Сана әлі тірі.
Қашып кеткен.
Қайда екені белгісіз?
Ұстап алсақ, болар еді құба-құп.
АБЫЛАЙ:
Елің сонда не болмақ?
ТОПЫШ:
Ел емес, маған сен қымбат.
Сенен тамған бір тамшы
Ойрат пенен қазақты
Падишасыз қалдырмас.
Саңқылдап күліп, сылаң басып, шығып кетеді.
АБЫЛАЙ: (аң-таң)
Мына пері не дейді?
Қайда жатыр көмейі?!
Қазақ пенен қалмақты
Бір тақымға бастырмақ?
Оған қазақ көне ме,
Оған қалмақ көне ме,
Бір-біріне илікпей,
Бет-бетіне шалқайып,
Шайқас салып жүргенде
Екеуінен де зор шығып,
Екеуін де еңкейтіп,
Салса, қайтпек табанға?
Соны ойлайтын жан бар ма?
Есіктен жасауыл кіреді.
ЖАСАУЫЛ:
Алдияр!
Ресей патшасынан елші
Келіп тұр.
АБЫЛАЙ:
Алып кел!
Ресей елшісі кіреді.
ЕЛШІ:
Тақсыр хан!
Патша ағзамнан кеп тұрмын.
Қызылжардың жәрмеңкесіне шақырып,
Өзіңізге арнап салған көк үй бар,
Көрсеңіз көз тойғысыз.
АБЫЛАЙ:
Рахмет!
Тірлік жазса көрерміз.
ЕЛШІ:
Патша ағзамның тағы бір өтініші
Қалдан Шерін өлгелі
Бір топ қалмақ қашқыны
Қазақ арасында жүр деп естиміз.
Арасында Әмір Сана бар.
Сол кісінің қайда екенін
Хабардар болсаңыз, тақсыр,
Біз хабарсыз қалмайық.
АБЫЛАЙ:
Әмір Сананы өзім де көрген емеспін.
ЕЛШІ:
Егер хабарласа қалса,
Бізге де айтарсыз.
Не жақын жердегі
Орыс қамалына әкеп тапсырарсыз.
Патша ағзам тек жоңғардың емес,
Қазақтың жағдайына да
Қатты алаңдап отыр.
АБЫЛАЙ:
Жарайды есте болсын,
Патша ағзамға біздің де
Алаң көңілімізді айтарсыз.
ЕЛШІ:
Құп, тақсыр!
(Шығып кетеді.)
АБЫЛАЙ:
Ақ патшаның Әмір Санаға
Емешегі неге үзілді?
Әлде ол да қалмақтың
Ендігі тізгін ұстарын
Сол ғана деп санай ма?
Жасауыл кіреді.
ЖАСАУЫЛ:
Алдияр! Ханбалықтан
Боғдыханнан елші кеп тұр.
АБЫЛАЙ:
Кірсін де!
Елші кіреді.
ҚЫТАЙ ЕЛШІСІ:
Алдияр ханы қазақтың
Аспан асты елінің
Падишасы Боғдыхан
Аса құрмет тұтатынын білдіріп,
Аспан асты елінің
Ардақты Сайыпқыраны
Атағымен марапаттайды.
Соны өз аузынан естіртуді
Маған тапсырды.
АБЫЛАЙ:
Аса мәртебелі атақ беріп,
Аса ұлық ілтипат көрсеткен
Боғдыханның биік құзырына
Мың мәртебе рахмет.
Қазақ сыйға сый, сыраға бал.
Жорасын қатты ұстанатын жұрт.
Адал көрші, түзу дос
Болуға берік сендіреміз.
ЕЛШІ:
Бізде де оған шүбә жоқ.
Алайда бүгін қазаққа
Төңіректен түрткі көп
Боларын қатаң сақтандырамыз.
Әсіресе, ойрат тараптан,
Ойраншылдар көбейді.
Егерде Қалдан Шеріннің
Әмір Сана баласы
Хабарласып жатырса,
Біз білмей қалып жүрмейік.
АБЫЛАЙ:
Ойрат жәйі ойландырып тұр бізді,
Әмір Сананың қайда қалай жүргенін
Біле алмай, біз де алаңбыз.
Боғдыханның алаң көңіліне
Біз де жақсы түсінеміз.
Соны биік құзырына
Бізден мағлұм етерсіз.
ЕЛШІ:
Құп, тақсыр.
(Шығып кетеді).
АБЫЛАЙ:
Бұлардың да ойы белгілі.
Не әлгі Әмір Сананың
Аспандап кетті бағасы,
Не бұрын ешкім көрмеген
Тәлкекке түсті бір басы.
Не де болса, бұл іске
Кіріспесе қазақ болмайды.
Жасауыл кіреді.
ЖАСАУЫЛ:
Әбілмәмбет хан мен
Шығай сұлтаннан шабарман келді.
АБЫЛАЙ:
Кірсін!
Жасауыл шығып кетеді.
Бұл екеуі неге
Ат шаптырып
Алабұртып жүр екен?
ШАБАРМАН:
Алдияр хан!
Әбілмәмбет хан мен
Шығай сұлтан
Дұғай сәлем айтады:
Араласпасын ойрат ісіне
Аралассақ аласапыранға түсеміз.
Әсіресе, қашқындарын жолатпасын,
Қанша дегенмен қалмақ оңай жау емес,
Басымызға зобалаң тілеп қайтеміз дейді.
АБЫЛАЙ:
Ақыл қосқандарына рахмет!
Аралассақ – ақылдасармыз.
Бар, солай де?
ШАБАРМАН:
Құп, тақсыр?
(Шығып кетеді).
АБЫЛАЙ:
Маған араласпа дегені,
Өздерінің белгілі болды көмейі.
Кел, жасауыл, тағы кім келіп тұр?
Жасауыл кіреді.
ЖАСАУЫЛ:
Қонтайшы Дауашыдан елші келіп тұр.
АБЫЛАЙ:
Алып кел!
Ойрат елшісі кіреді.
ЕЛШІ:
Алдияр!
Төрт ойраттың төбе тағының иесі,
Дауашы қонтайшы жіберді.
Халқымның қалауымен
Ел тізгінін ұстадым.
Қалданға берген сертіңде тұрып,
Абылай хан қолдаса,
Қолтығымнан демесе,
Қазақтың көңілі бүтін,
Іргесі тыныш болатынына сөз берем.
Олай болмаған күнде,
Басқа тараптан қолдау
Қамдастыруға мәжбүрмін.
Ол үшін – ойраттың қашқын-пысқынын
Паналатпай, өзіме қайтарсын, –
Деп мәлімдеуді маған бұйырды.
АБЫЛАЙ:
Мен Қалдан Шерінге серт бергем жоқ.
Сөз бергем:
Ойраттың басына күн туса,
Қол ұшын бер деп шақырса,
Бас тартпаспын дегенмін.
Сол сөзім сөз.
Ал қашқан-пысқан дегеннен
Алдыма келген өзінен басқа кісі жоқ,
Жан сауғалап келер адам болса,
Ел деп пана сұраса,
Елдігімізді істерміз.
Бірақ, енді ондай мүсәпір
Маған емес, қазаққа келеді.
Қазақ не айтса – сол болады.
Осы сөзді бұлжытпастан айтып бар.
ЕЛШІ:
Құп, тақсыр!
Елші шығып кетеді.
АБЫЛАЙ:
Дауашы өз жымын өзі аңдыған
Жолбарыстай жымысқы екен.
Әлгі шүршіт пен орыс та
Осының айтағымен кеп жүрмесін.
Бірақ, ол екеуі – кәнігі жыртқыш
Бір өлімтікке таласпас.
Таласса, сол өлімтікті баққан
Құзғынға жаны ашымас.
Ол екі елшіні қайдам,
Әбілмәмбет пен Шығай сұлтан
Соның айтуымен шабармандарын
Шапқылатып отыр.
Әуелі сол екеуіне сөз салдырып,
Ізінше өзі елші жіберді.
Қазағыңның өзінің аузын
Әрі-сәрі қылып,
Әр тараптың түленін түртіп үлгерді.
Жасауылдың басы
Тағы да тұр жылтыңдап,
Тағы кімді жіберіп,
Тамырымды басқалы жатыр екен.
Жасауыл кіреді.
ЖАСАУЫЛ:
Алдияр!
Уақ, Керей елінен
Қос шабарман келіп тұр,
Ералы сұлтан, Қайып би
Тарғыл Алтай тауынан
Ұзақ уақыт саят қып
Олжалы боп оралыпты.
Сонда атып алған
Нысаналы бұғыны
Сыралғы ғып,
Бұзбай-жармай
Сізге жіберіпті.
Өзіміз алып кіреміз,
Ешкімге ұстатпаймыз деп,
Екі шабарман
Есік алдында тосып тұр.
АБЫЛАЙ:
Кірсін!
Сыралғы болса – көрейік
Сауалғы болса – естиік
Олар не дейді – білейік.
ЖАСАУЫЛ:
Құп, тақсыр!
Салаңдаған бұғыны екі жағынан ұстап, екі шабарман кіреді.
БІРІНШІ ШАБАРМАН:
Алдияр тақсыр!
Мені Керей мен Уақ Ұлысбегі
Ералы сұлтан жіберді.
АБЫЛАЙ:
Иә, сұлтан не дейді?
БІРІНШІ ШАБАРМАН:
"Қапы қалмас тұс осы",– деді.
ЕКІНШІ ШАБАРМАН:
Мені Уақ Керейдің биі
Қайып мырза жіберді.
"Мынау олжаны,
Қанаттыға қақтырмай,
Тұмсықтыға шоқтырмай,
Хан қолына тапсыр", – деді.
АБЫЛАЙ:
Бәрекелді!
ҚОС ШАБАРМАН:
Екеуінің айтқаны:
"Нысаналы жануар ғой.
Өзіңнен басқаға ұстатпасын,
Пышағына абай болсын", – деп
Қайта-қайта өтінді.
АБЫЛАЙ:
Жарайды, бара беріңдер.
Екі шабарман шығып кеткен бойда, бұғы денесі қимылдап, салаңдаған мойын тұсынан біреу басын қылтитады.
БЕЙМӘЛІМ АДАМ:
Алдияр!
Мен бұғы емеспін,
Адаммын.
Алдыңызға келу арман еді,
Жеттім білем ақыры.
Анам әрдайым айтатын:
"Менің ақ сүтіме қандай сенсең,
Оның ақ пиғылына сондай сен", – деп.
АБЫЛАЙ:
Сен – Әмір Санасың ба?
БЕЙМӘЛІМ АДАМ:
Иә!
Абылай ұзақ тесіліп қарайды.
Сенбей тұрсыз білем?
Мен – Қалдан Шеріннің ұлымын.
Анамның аты – Күлпаш.
Айтатыны – Абылай азат болғалы
Қазақ пен қалмақ тыншыды.
Аз бенен Аз достасса,
Көптің өзі сескенер,
Көп тұрғанда Аз бенен Аз алысса,
Екеуін де бір мықты
Бір қанжығаға бөктірер
Екенін ұққан екі ақылды Әмірші,
Әкең мен қазақ Абылай.
Басыңа күн туса, соған бар,
Жолыңды бір оңғарса, сол оңғарар деп еді.
АБЫЛАЙ:
Күлпаш...
Аз көрсе де, көп ұққан
Сұңғыла екен-ау сабазым.
Бар ма өзі жер бетінде.
ӨМІР САНА:
Жуықта ғана жоқ қылды
Лама Доржы зынданда...
АБЫЛАЙ:
Солай ма?
Зынданда зарығып отырып,
Алған болды-ау есіне.
Бірақ, өзін емес, ұлын айтып,
Кіріп еді түсіме.
Қап, бір хабарын білсемші,
Қандықол қатыгез жендетті,
Желкеден алып, бүрсемші.
(Сахнаның екінші шетінен Топыш кіріп, кідіріп қалады).
Әттең, әйел болса да,
Қатерлі іске бас тігіп
Қапаста мені тауып ед,
Қапыда қалдым, білмедім,
Қатерде қолым бермедім.
Кел бермен,
Маңдайыңнан иіскейін,
Қос жайсаңнан қалған бір тұяқ
Жақсы болды-ау көргенім.
(Әмір Сананы бауырына басып, маңдайынан иіскейді).
ТОПЫШ:
Иә, бұны білмей қалдық қой,
Білгенде – шашу шашар ек.
АБЫЛАЙ:
Топыш, сен қайдан жүрсің?
ТОПЫШ:
Қасындағы жарыңа
Қайдан жүрсің?" – деп, хан ием,
Жақсы түс көрген тәтті ұйқыдан
Әлі ояна алмай тұрмысың?
Бұл сауалың қызық болды, хан ием.
Өткенде де – өңім мен түсім
Бірдей шытырман деп айтып ең.
Шытырманың шырғалаңға
Айналмаса – жарады.
Елші үстіне елші,
Жаушы үстіне жаушы
Жаңбырша жауып барады.
АБЫЛАЙ:
Жаушы келсе де,
Жау тиісіп жатқан жоқ қой.
ТОПЫШ:
Жаушы көбейсе, дау көбейер,
Дау көбейсе, жау көбейер
Көрінгеннің көз-басын иіскелеп,
Көңілшек боп кетіпсіз-ау, алдияр.
АБЫЛАЙ:
Бұл – сенің де жатың емес,
Әкеңнен қап тұрған жалғыз тұяқ!
ТОПЫШ:
Әкеден, гөрі шешесінің қадірі астам білем,
Әкесін естірткенде
Тапжыла қоймап едіңіз,
Шешесін естірткенде
Түсіп кетіпті ғой ұнжырғаңыз.
Әмір Сана апасының алдына барып тізе бүгеді.
ӘМІР САНА:
Топыш әпкем Сіз екенсіз ғой,
Мен – бауырың Әмір Санамын.
ТОПЫШ:
Әкем дүние салғалы,
Ағам мерт болғалы
Ел Ойратта бауырым жоқ,
Қалғандарың - кіл өкпе...
Жалт бұрылып шығып кетеді.
ӘМІР САНА:
Бұрылып та қарамады артына
Бауырына санамады бұл апа...
АБЫЛАЙ:
Жә, абыржыма,
Қатыгез дүниеде бауыр да қатыгез.
Дауашымен неге кетістің,
Сенімен біргемін деп еді ғой,
Неге бұлай ірге бөлістіңіздер?
Әлде араға тақ түсіп,
Ауызға алалық кірді ме?
ӘМІР САНА:
Солай шығар, шамасы.
Мұнда аттанарда
Сөз мәні дұрыс еді.
Қайтып барғасын бұзылды,
Лама Доржыны маған айтпай өлтірді.
Боғдыханға маған айтпай сөз салды.
Қырық сан қытай іргемізге келгесін,
Арқаланып алды да,
Бәрімізге салды қиғылық.
АБЫЛАЙ:
Қырық мың қытай дейсің бе?
ӘМІР САНА:
Ол тек шолғыншылар ғой,
Жүз сан әскер үш лекке бөлініп,
Ханбалықтан жылжыды дейді бері қарай.
АБЫЛАЙ:
Дауашы сондай есер ме ед,
Олар келсе, бұйыра ма оған тақ?..
Елінің күні не болмақ?
ӘМІР САНА:
Орыстың да аузын алмақшы.
Алтайдың теріскейін орысқа беріп,
Күнгейін қытайға беріп,
Екі мықтыға сүйеніп,
Тәңіртауды қуалап
Батысқа ауыз салмақшы.
Бықыған екі көп елге
Ел керек емес, жер керек,
Тілегендерін беріп, құтылып,
Кеңге өзі шығып алмақшы,
АБЫЛАЙ:
Онысына ойрат көніп тұр ма?
ӘМІР САНА:
Ойрат одан хабарсыз.
АБЫЛАЙ:
Бұнысына сен өзің
Неге қарсы боп жүрсің?
Қазаққа жаның ашып па,
Әлде арғы жақтағы
Көптен үрейің қашып па?
ӘМІР САНА:
Қазақ пен қалмақ үш ғасыр
Алысса да, ала алмады бір-бірін,
Енді екеуі екі тараптан
Жаланған көпке
Күш біріктіріп, қарсы тұрмаса,
Қызыл итке жем қылады
Қызғанып келген жер-суын.
Дауашы соны ойламай,
Көпті өзі ауыздандырып алмақшы,
Шеттен жырып дәндеген көп күні ертең,
Ортаға қол салмақшы.
АБЫЛАЙ:
Жарайды, жаратқан ие жар болсын,
Ең әуелі басыңды арашалап қала алсақ,
Ойласа жатармыз ар жағын.
Жасауылды шақырады. Жасауыл Әмір Сананы ертіп шығып кетеді.
АБЫЛАЙ:
Қапы қалсақ бұл жолы,
Қазақ сазға отырады бір жола,
Осы жолы қайран тапсақ – болғанымыз,
Таба алмасақ – бордай тозғанымыз.
Үлгере алсақ, Дауашыны жоқ қылып,
Орынына өз адамымызды қоямыз.
Екі ара дау-дамайды
Біржолата тыямыз.
Үлгермесек – Ертіс судан әрі асып,
Алтайдан алам сыбаға,
Сөйтіп қонтайшы тағына
Таласар жол қалдырам,
Тап осы жолы тағы бір айдын асырсам,
Қазақты қойып,
Жағалай мұсылман баласын
Жалғастыққа шақырам.
Әйтпесе, мынау азу білеген өңшең көп
Шыр айнала шырмап алар тор құрып,
Тыңдаса – айтқанымды қылғаны,
Тыңдамаса – өз обалдары өзіне.
Көкіректегі осы ойды
Қазақтың салам алдына.
Сырттан аптығып жасауыл кіреді.
ЖАСАУЫЛ:
Алдияр, сыртта бір топ адам.
Түстері суық. Жүрістері суыт.
"Ордаға жібер, –
Жібермесең, Саламыз, – дейді, - зобалаң!"
АБЫЛАЙ:
Жынданайын деген екен бұлар.
Ендеше, біз де белді бекем буайық.
Басшылары кім?
Жібер маған!
ЖАСАУЫЛ:
Құп, тақсыр!
Жүздері қату Ботахан мен Жақай кіреді.
БОТАХАН:
Алдияр хан!
Аспа-таспа, айтқанға көн.
Көнбесең – көппін.
Бәрібір көндірем.
Су толқыса жар сүйейді.
Жарды құлатса – оны кім сүйейді.
Су – сен. Жар – ел.
Ел: көп сөзді қойсын.
Қашқын Әмір Сананы
Өз қолымызға берсін.
Ойраттың қаһарын өзіміз қайтарамыз, – дейді.
ЖАҚАЙ:
Иә, бұныңды қостамайтындар
Қалың қолмен атқа мінбек,
Бір қашқынға бола
Халықты апшытып қайтесіз?
АБЫЛАЙ:
Халық айтса – қазақ айтады.
Ал, сендерге мұнша желігіп не көрінген?
Әлде Дауашы уәде еткен
Тарғыл шоқылы тау менен
Ақтылы-құлалы жылқы ма,
Тыныш күнде бүйтіп
Дүрліктіріп жүрген?
БОТАХАН:
Аса бермей, абайлап сөйле, алдияр,
Бақ деген бір қу таяқ қой,
Ол сүйеніш болу үшін де
Ерен іс керек, ересен құт керек.
Сонша пәлсінердей, қазақты
Қандай жарылқай қойып ең.
Сені тақ мінгізіп тасытса,
Қазақ тасытқан шығар.
Тасиын деген екенсің,
Індігештей Үргенішке сыймай,
Қашып келген жалаң бұт сарт.
Енді Сары Арқаға сыймадың ба?
Сыймасаң – бұтыңды қайта жалаңаштап,
Қалың қазақ өзі-ақ асар
Тумай жатып өзің қашқан
Қанды тұзақ дар ағашқа!
ЖАҚАЙ:
Әй, Ботахан,
Тап осыны айтып тұрған
Айналдым-ау аузыңнан,
Сендей жүрек жұтқан
Ұлды тапқан
Құт құрсақ қатынның
Айналмассың ба ауынан!
АБЫЛАЙ
(өзімен-өзі):
Жаман болды бұлардың
Әуелден де пиғылы.
Қиында ілік шықсын деп,
Іздеп келген қиғылық.
Көнсем, шығып желкеме,
Аттаттырмас адымды,
Көнбесем, найзасын тіреп кеудеме,
Жөнелмекші даурығып.
Даудан тайсаламын деп,
Шығартпайын басыма,
Не де болса, көріп алдым.
Әй, жасауыл,
Біреуің емес, бәрің кір!
Жасауылдар самсап кіріп келеді. Абылай алдында Ботахан мен Жақайды қолыменен меңзейді.
Мына біреуін кісендеп,
Оңаша апарып қамаңдар.
Ана біреуін ат көтіне өңгеріп.
Ауылына қайтарып,
Әлгіндегі өзі айтқан,
Қатынды іздеп тауып ап,
Иіскетіңдер ауынан.
Әкетіңдер!
БОТАХАН:
Кісенді сағынып қалыпсың,
Қалың ойрат қайта салар қолыңа,
Қыл арқанды аңсасаң –
Қалың елім қарап жатпас,
Асар ертең мойныңа.
ЖАҚАЙ:
Кісен түгіл, жіп жолатпас ұлына
Жасаған бұл зорлықты
Кешіре қоймас ел қазақ.
Екеуін жасауылдар сыртқа алып кетеді.
АБЫЛАЙ:
Не де болса, тәуекел!
Бәрібір шие байланған бұл түйін
Қылышпен кеспей шешілмес.
Сахна шырық айналады, Хан орда қалтарысқа кетеді. Сахнаның бір шетінде Кейуана, бір шетінде Диуана.
ДИУАНА:
Дүрлігіп кетті дүние.
Ана жақ – ту,
Мына жақ – ту,
Ту да ту.
Ана жақ – ду,
Мына жақ – ду,
Ду да ду.
Қосылып жатыр
Шуға шу.
Қосылып жатыр
Туға ту.
Сыбыр-күбір,
Пыс та пыс.
Жыбыр-жыбыр,
Пыш та пыш.
Шонжарлар жүр,
Шоқыдай боп шоңқиып.
Батырлар жүр бұрқ-сарқ,
Бурадай боп қомпиып,
Пысықтар жүр,
Қол-аяғы сып та сып,
Үйден үйге,
Топтан топқа.
Табақ тасып,
Сөз тасып.
КЕЙУАНА:
Қиқарлықтың түбі қайыр болса еді,
Ұйытқан ұйтқы қалмаса екен төгіліп,
Тұр әңгіме бұзылып,
Тұр қабырға сөгіліп...
Сахна шыр айналып, қайтадан хан ордасы көрінеді. Қақ төрде – хан әкесі Дәулетбай және Керей Тұрсынбаймен сөйлесіп отыр.
ДӘУЛЕТБАЙ:
Мынау қандай көп боп кетті, хан ием,
Елдің ішін ыза кек жайлап барады,
Хан болсаң да, бекер қамшы үйірдің,
Құқайға көнбес асау ел ғой қазағым.
АБЫЛАЙ:
Өртті өртпен бөгейін,
Қыздыра бермей бықсықты.
Тәуекелге мініп ем,
Соңы осылай боп шықты.
Сонда қазаққа ханнан гөрі
Қадірлі ме тентек-телісі?
ДӘУЛЕТБАЙ:
Ей, балам-ай, қазақ ханын
Ұл деп ұлықтамай,
Құл деп жұмсаған жұрт еді.
Ондай елге әке болмай-ақ,
Ұл болсаң да жетеді.
Рас, рас...
Толып жүрген тентек пенен телі бар,
Бірақ, байқа – есерді де
Есіртетін елі бар.
АБЫЛАЙ:
Көке, әбден қашып тұр ғой үрейіңіз
Көп пе сонша екеуінің жақтасы?
ДӘУЛЕТБАЙ:
Көп қой, балам, аз айқай сап
Дүрліктіріп жүре ме?
Артында қорған тұрмаса,
Хан үстіне кіре ме,
Қайтып үрей қашпасын?
Екеуінің де елі бар
Пайғамбар мен машайығың болмаса,
Адамның тапқан не дүлділі мен сүлейін,
Батыры көп – қорықпайды жауыңнан,
Билері көп – қорықпайды дауыңнан.
Ордаңа қол әкелмесін,
Қол әкелсе ордаңа,
Тап боларсың бұдан гөрі зорға да.
АБЫЛАЙ:
Ендеше олардың делебесін қоздырмай,
Дуылдатып қол ерітпейін соңыма,
Сылаңдатып ту ұстамай қолыма,
Бір амалын табайын,
Болған кепті өзім жайып салайын,
Не дер екен ағайын?
ДӘУЛЕТБАЙ:
Сөйткенің дұрыс,
Садағаң кетейін.
Жар болсын тек жасаған.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
ЖОРЫҚ
Сахнада дабырласқан жұрт. Бәрінің де бес қаруы белінде. Үндері қату. Әлдеқайда қауырт бет алған.
ТОП БАСШЫСЫ:
Мынау – Жолды өзек.
Осы арада осы маңайдан
Қосылатындарды тосайық.
Сосын Ордаға жетіп,
Ат басын бір-ақ тірейміз.
БІР КІСІ:
Әне біреулер кімдер?
Неге іркіле береді?
Қай ауылдың жігіттері?
Қаралары аз ғой.
ЕКІНШІ КІСІ:
Екі адамын бізге жіберіп
Қалғандары тұрып қалды.
БІР КІСІ:
Әне біреу солаңдаған
Керей Тұрсынбай емес пе?
Қасындағы кім?
ЕКІНШІ КІСІ:
Бұл екеуі неге жаяу келеді?
БІР КІСІ:
Қыртым білген бе?
Тұрсынбайдың жаяу тұлғасының өзі
Атқа мінгендей ғой.
Қасындағы кім болды?
ЕКІНШІ КІСІ:
Ойбай, мынау Сабалақ,
Айтпақшы хан.
БІР КІСІ:
Айдалада жаяу қаңғып
Ханға не көрініпті?
ЕКІНШІ КІСІ:
Сол. Анық сол.
Соның өзі.
Қап, бәлем, түстің бе Қолыма.
Бауырымның қол-аяғын кісендеп,
Қапасқа қамаған сенсің ғой.
Қорлығың өтіп еді,
Көрсетейін көрімді.
(Иығындағы мылтығын альт, көздей бастайды. Ту сыртынан біреу жүгіріп шығып, мылтықтың аузына кеудесін тосып )
ЖАНАҚ:
Тоқта!
Тал түсте мылтық оқтап,
Кісіңді өлтірген жоқ қой.
Не көрінді, Биікше?
ЕКІНШІ КІСІ:
Кісі өлтірмесе,
Сүйегіме дақ салды.
Тұр былай!
Қолымды бөгеме!
ЖАНАҚ:
Сүйегіңе дақ салса,
Тілге келіп, кінәлас.
Сөзге келмей, сілейте салатын
Көпір емессің ғой.
Сол екі ортада Абылай мен Тұрсынбай көрінеді.
АБЫЛАЙ:
Апырай, мылтық ұрған кім десем,
Қозған Биікше мерген екен ғой.
Қанды ауызың қақшып түсер,
Бұл даланың аңы мен жауы таусылып,
Тек мен қалған екенмін ғой.
Мылтығыңның аузын қырсық бассын,
Бір Түйе әкеп байлаңдар.
Ал кеудесін тосып,
Оқты бөгеген кім?
БІРЕУ:
Күлік Жәңкенің баласы –
Жанақ батыр.
АБЫЛАЙ:
Жәңке дауда жүрмей,
Арашада жүретін еді.
Баласы өзіне тартыпты,
Түйе бастаған тоғыз байлаңдар.
Жәңке ақ демеген жерде
Ас өтпесін,
Жәңке дұрыс демеген бәйгеге
Ешкім ат қоспасын.
Жыл өткенде қаралы үйдің найзасын
Жанақ сындырсын.
ШОТАНА БИ:
Алдияр, билігің кейін бола жатар,
Әуелі жұрттың қабағына көзіңді сал.
АБЫЛАЙ:
Апыра-ай, Жолды өзекке бұл сеңгір
Қашан бітті деп жүрсем,
Отпан шоқыдай ожырайып тұрған
Олжабай батырдың өзі ғой.
Бар жақсының бәрі осында жүр.
Туу, елде атқа мінбеген
Кім қалды?
Бәріңді сырттарыңнан өзімсініп,
Көппін ғой деп жүруші ем.
Сөйтсем, бекершілік екен-ау.
ШОТАНА:
Оның себебін, Алдияр,
Бізден емес, Өзіңнен сұра
АБЫЛАЙ:
Мұнша қаһарға мінетіндей
Айыпты болсам - алдарыңдамын.
Жазалағыларың келсе - қолдарыңдамын.
Бірақ, әуелі айтар датым бар.
ЕДІГЕ:
Хан қарадан дат сұрамас-ты.
АБЫЛАЙ:
Тақ бере алған көп
Дат та бере алатын шығар.
ЕДІГЕ:
Ендеше, айт, алдияр.
АБЫЛАЙ:
Датымды тыңдасаңдар,
Аттан түсіп,
Алқа қотан құрайық.
Сахна шырқ айналады. Айдаладағы жолды өзекте бес қаруы беліндегі қалық жиында алқа қотан мәжіліс қызып жатыр.
АБЫЛАЙ:
Алдыңа салдым, аршыдым,
Көңілімнің бар шынын,
Кеудені қойып, басқа шапшыған
"Тәйт", – деді деп тентекке,
Құлақ аспасаң, өзің біл.
Құлақ ассаң – пәтуасын өзің айт!
БЕКБОЛАТ:
Белгілі ғой, бәрі де,
Жау бөлтірігін сонша қымтап,
Өз арысың аузын ашса,
Аяққа – кісен, қолға – арқан,
Жағу үшін жан-жаққа
Елін қылмақ күл-талқан.
ТҰРСЫНБАЙ:
Қиын кезде қиғаш тартпай,
Қисын іздесең қайтеді.
ШЫҒАЙ:
Қисынды қиынға ұластырып,
Қырсықтырып тұрған өзі ғой.
БЫЛАЙ:
Бәйтеректің діңгегіне біткен
Көлденең иір бұтақтай
Балақтан шалып қайтесің?
Қырсықтың тілі қыршаңқы,
Қыршаңқылық емес пе,
Қисықты жүрген өрбітіп?
ШЫҒАЙ:
Кімнің қайда біткенін
Қазбалай беріп қайтесіз,
Сізден селкеу шықпаса,
Табылмас бізден шикілік.
Қазақ айтса, қасқайып,
Кергуменен келіп ең,
Ойнастан туған ұл айтса,
Ойраннан қалған құл айтса,
Тап бермексің ойратқа,
Бір жағында орыс тұр,
Бір жағында шүршіт тұр,
Тап бергенде, шап беріп,
Қайтпексің, баудай жайратса?
Баяғыдан бергі осы ма
Қазақты қарық қылғаның?
Қара түнде қара күңнің
Не істейтінін кім білген?
Әйтеуір бірде зынданда
Қасыңа барған қатынның
Етегі үшін дымданған
Еліңді оққа тікпексің?
АБЫЛАЙ:
Е, жау қайтарып ем – көрмедің,
Дау тойтарып ем – білмедің.
Ізгілік ойлап іс қылсам,
Індетіп тұрып іздейсің
Іріткісі мен ілмегін.
Тек қуалап, кек қуу
Қашаннан бергі ермегің?
ШЫҒАЙ:
Ата-текті сұраған
Аталыға ар емес,
Өз аузынан шықпаса,
Өзгені құлаққа ілмеген
Ханның жолы сара емес.
Сара болса жолыңыз –
Қашқын Әмір Сананы
Қайтарыңыз еліне.
Түбі даулы ұл үшін
Түбі шикі іске салмаңыз
Он сан баулы алашты.
АБЫЛАЙ:
Сай құрлы сая таппаса,
Сауға іздеген саяққа,
Абырой ма екен алашқа?
ЕДІГЕ БИ:
Ханын қинаған қара оңбайды,
Хан қисайса – ел оңбайды.
Халық қадірін білмесе,
Хан тартпақшы жазасын,
Хан қадірін білмесе,
Халық тартпақшы сазасын.
ТҰРСЫНБАЙ:
Ханын талаған көктесе,
Көктемес пе еді көп ойрат,
Бірін-бірі бас салып,
Жатырған жоқ па ел жайрап.
Ойратқа бүгін жүрмесе,
Ойдағыдай ықпалың,
Ертеңдері сенің де
Ғажап емес ықтауың.
Пайымдайық та айтқанын.
АБЫЛАЙ:
Пайымдасақ, жұртым, айтқанды
Тақты қисаң – істі қи,
Тәжді қисаң – сөзді қи,
Дарқан кезде – тең сұра,
Қиын кезде – жөн сұра,
Құлым емес, ұлым де,
Өзім тізгін ұстатқан,
Әйтпесеңіз, ал енді
Тайрақтатып төбеме
Шығаратын жайым жоқ
Тентегің мен теліңді.
Олар ұл боп, мен құл болсам,
Қалай келсем, дәл солай
Табармын өз жөнімді.
Тақты арға айырбас
Ететұғын мен емес,
Пәтуаңды, жұртым, өзің айт,
Бейпіліңе етпей келемеж.
Жұрт тынып қалады.
ОЛЖАБАЙ:
Ерлігіңе, хан, дауым жоқ,
Қапияда, бірақ, қинайсың.
Ақылыңа да дауым жоқ,
Алқалы жиын жимайсың.
Тар жерде талқы жасатып,
Кеңінен кеңес құрмайсың.
АБЫЛАЙ:
Апырай, батырым-ай,
Талайыңмен талай жорықта бірге боп,
Бір торсықтан малта ішіп,
Бір табақтан ет жеп ек,
Сендердің бұлай дегенің
Кісі қадірін кісі біліп
Болмасы рас екен ғой.
Ел деп еміреніп,
Жер деп желпілдегеніміз
Қабақ баққанның қасында
Ештеңе емес көрінді-ау
Он сан баулы қазаққа?!
Онда сөзді қор қылып,
Сөз бұйдаға салмайын,
Айыпты десең тағыңды ал,
Жазалы десең – жанымды ал,
Белгілі болды аужайың!
ДИУАНА:
Біліп ем-ау, іс насырға басарын,
Қой көтере алмас семіздікті
Көтере алмай бұл қазақ
Асарын да тасарын.
Қап, бәлем, хан ием,
Қара ауыздан қармап айт,
Жалмауыздай жалмап айт,
Сөз асырсаң басыңнан,
Хан емес, қатын болмақсың,
Абыройың ашылған.
КЕЙУАНА:
Ей, Абылай, Абылай,
Абылай, ханым, бұл қалай?
Алтын таққа міндім деп,
Алтын тажды кидім деп,
Өкпеңменен қабынба,
Өтіңменен жарылма,
Басына мұнша көтерген
Еліңе жаулық сағынба,
Сөз тыңдамай, апшисың,
Шу асаудай шапшисың,
Ши жүгірсе шабыңа!
Әкеңді түн дегені,
Шешеңді Күң дегені
Неге батты жаныңа?
Тар құрсағын жаншытқан
Шешеміз Күң болмаса,
Тар төсекте табысқан
Әкеміз түн болмаса,
Айдай жұрттың алдында
Нұр боп түсер құрсаққа
Періште ме ек, пері ме ек?!
Үргеніштен сен келмей,
Қоқан жақтан мен келмей,
Бар тараптан бас құрмай,
Ел түтер ме қазақтың
Далиған мынау жеріне?!
Арыңа тиді ел сөзі,
Жаныңа тиді ел көзі,
Арыма да, налыма,
Болған кезде ел тірек,
Жауыңа тидің күркіреп,
Елден саяқ іс қылсаң,
Алады бұлай сілкілей.
АБЫЛАЙ:
Аяқтыға жол бермес,
Ауыздыға сөз бермес,
Ардақты Көмей әулие,
Сөзіңе құлдық, айт бәрін,
Іште құлта қалмасын.
КЕЙУАНА:
Иә, менің жасым тоқсан үш,
Бұдан былай сөйлеуім
Маған да болар ауыр күш.
Айт десең, ханым, айтарым:
Өлетұғын тай үшін,
Көметұғын сай үшін,
Бізден де өтер бақ үшін,
Сізден де қалар тақ үшін
Қылмаған дұрыс ерегес,
Бұл қылықты қоймасақ,
Құдай бергенге тоймасақ,
Жан-жақта қолы ұзын бар,
Көреміз содан теперіш,
Көпке шапсақ, көз жұмып,
Боламыз тағы келемеж,
Сай суындай сарқырап
Сатырлаған көп келсе,
Басың кетсе бытырап,
Сөзің кетсе шашырап,
Ел деп ешкім елемес!
Ел болам десең сен, алаш,
Хан ұстасаң, билік бер,
Киліге берме аузына,
Шүйліге берме алдында,
Томағасын сыпырмай,
Сұңқарыңды қинама,
Тұсаулы шауып бәйге ал деп,
Тұлпарыңды қинама,
Аяқ-қолына ерік бер,
Кеудесіне желік бер,
Сынамақ болсаң еріңді,
Қиын жерде сеніп көр!
ҚАБАНБАЙ:
Әй, сабазым, жарадың,
Сен айтпай бұны кім айтар,
Хан ием, Бұған құлақ ас,
Сен ұқпасаң, кім ұғар.
АБЫЛАЙ:
Айтпаса, Көмей ақын ба?
Ұқпасам, ұлық болам ба,
Қинасаң да, жөн қина,
Жөнге кім бар көнбейтін,
Қарт бурадай қария,
Тақымдай бер, тақымда,
Мен емес, бүкіл ел көнсін
Ащы да болса, ақылға.
КЕЙУАНА:
Ащы айтсам, жөн дедің,
Жөнге дұрыс көнгенің,
Жөнін айтсам, хан ием,
Төрт тарабын еліңнің
Таразыдай тең ұстап,
Айқара құшақ ашпасаң,
Өзіңнен өрген шөжені
Өзгелерден бөліп ап,
Өзгешелеу баптасаң,
Өзіңмен бірге жүздескен,
Тілегіңді тілескен
Өзегі жұқа дос жаран
Көмегіне сүйеніп,
Кеңесіне құлақ аспасаң,
Құпияда ой-айла,
Жарияда ой-ақыл,
Қиынның жолын көппенен
Бірге ойлап, бірге таппасаң,
Ер бытырап, қырт болар,
Ел бытырап, жұрт болар,
Арты шауып насырға
Жаз ішінде жұт болар,
Астағы-тақ, баста бақ,
Бір күні о да зып болар,
Кім айтса да, құлақ ас,
Ашуыңа қарамай,
Ақтара айтып салатын
Ақ көкірек ағайын
Іздесең, ертең табылмас.
Жақынмен іштес жан болмай,
Халқыңмен іштес хан болсаң –
Асылдығы тегіңнің.
Ауырға шыдап, ащыға төтеп бере алсаң,
Молдығы ақыл кенінің.
Тыңдасаң бұны – сен мәртсің,
Тыңдата алсақ – біз мәртпіз,
Доғара тұрсын осымен
Толғаулы сөзін бұл қартың.
АБЫЛАЙ:
Түнде көрер түсімде,
Күндізгі ойлар ойымда
Елім менен жеріме,
Азың менен көбіңе
Қылаудай жоқ қиянат.
Сенсеңіздер – жан пида,
Сенбесіңіздер – міне, бас.
Сенсеңдер – тап осы түс
Тәуекелге бел буам,
Заман қилы, жол ирек
Ойласарға орын тар,
Ойланбай бірақ іс қылман,
Жүгіңді артсаң, мықтап арт
Орта жолда қалдырман.
КЕЙУАНА:
Осы болсын пәтуа!
Қалған харекетті хан ойлар,
Тарасайық жарасып.
ЖҰРТ:
Дұрыс! Сол дұрыс!
Жұрт орнынан тұра бастайды. Сахна айналады. Хан басында жалғыз тұр.
АБЫЛАЙ:
Сәуегей Көмей әулием
Қасқайтып айтты тоқтамды,
Жетпіске жетеу не істемек,
Жеңілді, бірақ жік салды.
Дау өшкенмен шоқ қалды.
Не де болса, бұл шешім
Садақты кере тартқызып,
Оқшантайдан оқты алды.
Аран тұрса да – тек алға,
Қайтарға жол жоқ боп қалды
Көлеңдей басып Топыш кіреді.
ТОПЫШ:
Айтқаның келіп,
Атқаның тиіп,
Мәз боп тұрсың, хан ием,
Ойрат та бірақ өр халық,
Отыра бермес омалып,
Олар да қылар амалын.
АБЫЛАЙ:
Тәйт, тәйірі, тантымай,
Андағы елің, мұндағы ерің
Онсыз да орға түсіп тұр,
Не шығармақсың егестен?
ТОПЫШ:
Сабыр, алдияр, сабыр.
Бөлтірік деп,
Бөрі асырап жүрмеңіз.
Уақ, Керей Әмір Сананы
Сұлтан қоймақ өзіне,
Ағасының басы даулы боп,
Ералы қайтпақ еліне,
Көп алшынның шебіне,
Қалмақ бетке қалқан қылам деп қалмақты.
Сау басыңызға
Сақина тілеп қайтесіз?
Қалдан Шерінге
Мұрагерді басқа емес,
Ендігі жерде мен табам.
Менен туған шарана
Хан болады ойратқа!
Пәлеліні паналатпай елден қу,
Әйтпесе, өзім
Қарастырам бір амал.
Сайқалдана басып шығып кетеді.
АБЫЛАЙ:
Сыртта – лаң, іште – жылан,
Шытырман мен шырғалаң.
Алға тартсаң – аяғыңнан
Қияға тартсаң – етегіңнен
Жармасып жатқан жады өңшең,
Ойыңды ойран, ақылыңды айран
Етуге құмар бәрі де.
Бола қоймас дегендерің.
Алған беттен айнымаймын,
Қара жерді түп-түгел
Қаран су жайлап алса да,
Абыржыма, ақылым,
Қажыма, қайсар қайратым,
Иілме басым, иілме,
Қанша батпан салса да!
Жасауыл кіреді.
ЖАСАУЫЛ:
Әмір Сана келіп тұр.
Бір ауыз сөз өзіңізге
Айтуға рұқсат сұрайды.
АБЫЛАЙ:
Кірсін! Айтсын! Алып кел!
Әмір Сана келеді.
ӘМІР САНА:
Армысыңыз, алдияр!
Басым түсті саудаға,
Сізді де салдым әуреге.
Кешегі жиын қиқуы
Менің де жетті құлағыма,
Бәрібір бұлар бұл жерде
Мені тыныш қоймайды.
Одырайып орысы келер,
Қиылып қытайы келер,
Ойсыратам деп ойраты келер,
Басыңызға түсер шырғалаң.
Қашқанменен енді мен
Жер бетінен пана таппаспын.
Қытайға бере көрмеңіз,
Садақаға шалар басымды.
Берсеңіз – орысқа беріңіз,
Бір жағынан сізді ойлап,
Бір жағынан ойратты ойлап,
Өз ықпалын етсем деп
Саудаға салар басымды.
Саудалы басқа сауға табылар,
Үмітсіз сайтан деген ғой.
Тілегіңізді тілермін,
Үмітіңізді үзбеспін.
Осыдан басқа амал жоқ.
АБЫЛАЙ:
Әкең берген аманат бар.
Анаң қылған аян бар.
Жетім қалған құлындай
Кімге жетелетіп жіберем,
Ешқайда да тырп етпе.
Елдің сөзі осындай.
ӘМІР САНА:
Елдің серті сағым ғой,
Түсте бар да, кешке жоқ.
Сағымға иек артпайық.
Түнде жортқан қорқау көп,
Қолды қылса біреуіне,
Жаманатыма сіз қаласыз.
Одан-дағы орыс сұраса –
Ойланбастан көніңіз.
Оқтын-оқтын артымнан
Сұрау салып жүріңіз.
АБЫЛАЙ:
Қара ормандай халыққа панамын-ау деуші едім,
Тұрымтайдай саған сая таппадым.
Құдай пана болмаса,
Адам сая бола алмас,
Қайда жүрсең, аман жүргей, қарағым.
Екеуі қоштасқалы құшақтаса бергенде жасауыл көрінеді.
ЖАСАУЫЛ:
Орынбордан елші кеп тұр, хан ием.
АБЫЛАЙ:
Ойда-жоқтан дөп басады-ау сабаздар.
ӘМІР САНА:
Абыржымаңыз, хан ием,
Қара ормандай халық қой,
Бірі болмаса, бірінің көзі қырағы,
Орыс та ойратқа өз ықпалын
Жүргізер жан іздейтін шығар,
Ойланбастан көніңіз.
Қалмақты ел қылуға
Екеулеп қам жасармыз.
АБЫЛАЙ:
Серт осы.
Екеуі бір-бірін бауырларына басып, ұзақ тұрады. Сосын барып, құшақтарын ажыратып, жасауылға тіл қатады.
Орыс елшіге келсін де!
Елші кіреді.
ЕЛШІ:
Алдияр тақсыр,
Ақ патшаның тапсырмасымен
Әмір Сана тайшыны
Ұлы Ресей құзырына беруіңізді сұраймын,
Марқұм Қалдан Шеріннен қалған көз
Тек содан ғана пана табады.
АБЫЛАЙ:
Оны Әмір Сананың өзі айтсын.
ӘМІР САНА:
Ақ патша саясына алса,
Бұндай ұлы шарапаттан
Бас тартпауға әзірмін.
АБЫЛАЙ:
Әмір Сана тайшыға
Ойрат емес қазақ та
Сұраушы болады артынан.
Шарапаты мол падиша
Бұны дұрыс ұғарына
Еш шүбәм жоқ.
Дұғай сәлем айтыңыз.
Абылай мен Әмір Сана қол алысады.
ЕЛШІ:
Айтып барам падишаға.
Енді кетуге рұқсат етіңіз.
АБЫЛАЙ:
Рұқсат!
Елші Әмір Сананы ертіп шығып кетеді. Абылай қалшиып тұрып қалады. Жасқана басып кіріп келе жатқан жасауылдың аузына аңырая қарайды.
ЖАСАУЫЛ:
Алдияр!
Қонтайшы Дауашы тағы да
Елші жіберіпті.
АБЫЛАЙ:
Жіберсе, жіберсін.
Кірсін де!
Ойрат елшісі кіреді.
ЕЛШІ:
Алдияр тақсыр!
Төрт ойраттың төбе ханы
Атақты Дауашы қонтайшы
Әмір Сана тайшыны
Елі ойратқа қайтаруды
Тағы өтініп сұрайды.
Ол өтініш орындалмаса
Өткен-кеткен ойрат-қазақ бітімі
Түгел күшін жояды.
АБЫЛАЙ:
Қазақ халқы ұйғарымын паш еткен,
Әмір Сана енді ойратқа қайтпайды.
Ойрат егер өз білгенін істесе,
Қазақ та қарап қалмайды.
Түсінікті ме?
ЕЛШІ:
Түсінікті.
Ойрат елшісі шығып кетеді. Топыш ханым жымсия күліп кіріп келе жатады.
ТОПЫШ:
Дұрыс істедіңіз, хан ием,
Тәңір өзі қолдаса,
Ойраттың да тізгінін
Өз қолыңызда ұстаңыз.
Шаршасаңыз ішімдегі шаранаңыз
Ие болар күні ертең.
Ұрыс бар да, тұрыс жоқ.
Әлгі шабарман жеткенше
Қонар болғай ел атқа.
АБЫЛАЙ:
Иә, нар тәуекел.
Қайда жүрсің, жасауыл!
Имене басып, жасауыл кіреді.
ЖАСАУЫЛ:
Мен мұндамын, хан ием.
АБЫЛАЙ:
Бар, жар шаш, жиылған ел тарамасын,
Жарым бар жұртқа жариялайтын!
ЖАСАУЫЛ:
Құп, тақсыр.
Жасауыл шығып кетеді. Сахна шыр айналады. Иін тірескен игі-жақсылар. Жер қайысқан халық Ортаға Абылай шығады.
АБЫЛАЙ:
Ау, халайық, халайық,
Алатауда – Ақарыс,
Сары Арқада – Жанарыс,
Еділ-Жайық – Бекарыс
Қазаққа біткен шартарап,
Одан арғы алты Алаш,
Одан да арғы ағайын,
Жар шашамын, құлақ ас.
Талауға түсер малың бар,
Таласқа түсер жерің бар,
Тағдырдан талқы көп көріп,
Талықсып жатқан елің бар,
Есесі кетер ұлың бар,
Етегін шашар қызың бар,
Үзігі тесік үйің бар,
Іргесі ашық төрің бар,
Қайраңдаған қайықтай,
Қалтақтаған Күйің бар,
Көремісің, әлеумет!
ӘЛЕУМЕТ:
Көреміз, көргенде қандай!
АБЫЛАЙ:
Сол Күйіңді білетін,
Сорлы санап күлетін,
Сыртыңнан тұзақ құратын,
Жалақтаған жауың бар,
Жағаңнан алып тайталас,
Аяқтан шалып бақталас,
Быт-шыт қылған басыңды,
Пыш-пыш қылған сөзіңді
Бітпейтұғын дауың бар –
Білемісің әлеумет?
ӘЛЕУМЕТ:
Білеміз, білгенде қандай!
АБЫЛАЙ:
Сол дауыңды тыймасаң,
Айылыңды жимасаң,
Жаманның жолын кеспесең,
Жақсыңа тізгін қимасаң,
Тілекке тілек қоспасаң,
Көптен теңдік ала алмас,
Аздан елдік көре алмас,
Аяқтыға жол болар,
Азулыға жем болар
Кер заманға кезігіп,
Боларсың тіпті бұған зар.
Сеземісің, әлеумет.
ӘЛЕУМЕТ:
Сеземіз, сезгенде қандай!
АБЫЛАЙ:
Теңдіктің тезі теңселме,
Еркіндік жолы егесті,
Бақыттың жолы - бәсеке,
Ырыстың жолы - бейнетті,
Азаттық жолы - азапты
Төземісің, әлеумет!
ӘЛЕУМЕТ:
Төземіз, төзгенде қандай!
АБЫЛАЙ:
Төзсең егер, әлеумет,
Зорлықты жеңер ынтымақ,
Қорлықты жеңер ар-намыс,
Шығарар нардан тәуекел,
Тәуекелге бел байлап,
Қазақтың қайсар намысы,
Болмасын деп қара жер,
Жойқын жаудың жолында
Жойылмасын деп қайран ел,
Азаттықтың қамы үшін,
Болашақтың бағы үшін,
Ұлы жорық бастаймын,
Айналайын, әлеумет
Бастай алмасам – маған серт,
Қостай алмасаң – саған серт.
Қазақтың қайран даласын
Жағасы жайлау ел қылам,
Қара сирақ баласын
Басқалармен тең қылам,
Кеткен кегін қайтарып,
Іргесін тыныш, төрі кең,
Мерейін биік, бағын зор,
Ырысын шалқар көл қылам.
Осы жолда, әлеумет,
Тайсалар болсам – маған серт,
Тайқып кетсең – саған серт
Еремісің, әлеумет!
ӘЛЕУМЕТ:
Ереміз, ергенде қандай!
Сертке серт!
АБЫЛАЙ:
Ендеше, халқым, атқа қон,
Туыңды ұста!
Тарт алға!
Құдайым бізді бастасын
Арманы биік ақ жолға!
ӘЛЕУМЕТ:
Алла әумин десін!
Әумин, Әумин!
Топ ішіндегі Диуана Кейуананың қасына барады.
ӘЛЕУМЕТ:
Алла, Әумин десін!
Әумин! Әумин!
Біріміз қалмай түгел атқа қонайық!
Бес қаруын асынған қалың қол жан-жақтан самсап шығып, әуелі сахнаны лық толтырады Сосын зал ішін керней бастайды. Көрермендердің өзі сол қалың дүрмекке араласып кетеді.
ДИУАНА:
Мынаны қара!
Елдің бәрі еліріп алған,
Бес қаруы белдерінде.
КЕЙУАНА:
Тәубә, тәубә!
Ұранға ерер ұлтың болса,
Ұлтаныңның түгелдігі.
ӘЛЕУМЕТ:
Біз дайынбыз, алдияр!
Хан тағынан тұрып, аршындай басып, айбатты топтың алдына барады.
АБЫЛАЙ:
Садағаң кетейін, жамағат,
Ат басын бір сәт ірке тұр!
ДИУАНА:
Мұнысы несі, тәңірім-ау,
Аттанбай жатып,
Ат басын іріккені қалай?
КЕЙУАНА:
Асығыстың ақылшысы – сайтан,
Сабырдың пірі – Жаратқан хақ тағала!
Сабыр ет, сабазым,
Бір ойлағаны бар шығар...
АБЫЛАЙ:
Уа, халқым, басым құрбан жолыңа,
Бірің қалмай, ергелі тұрсың соңыма.
Сонда қайда бұрғаным дұрыс ат басын?
Батысқа ма, шығысқа ма
Қайсысын дейсіз оңтайлы?
ДИУАНА:
Жағаласқанға жау табылмай тұр ма,
Жанжалдасқанға дау табылмай тұр ма?
Күмілжитін несі бар?
КЕЙУАНА:
Жағаластан жағаң кетер,
Жанжалдассаң – бағаң кетер,
Өш қуаласаң – бастағы бақ пен дәулетке сор.
Кек қуаласаң – кейінгі ұрпақ пен әулетке сор,
Атқа қонарда ақылдасқанның не айыбы бар?
АБЫЛАЙ:
Жағалай жатқан ел де көп,
Шетінен тисең – жау ылғи!
Жаныңды жеген шер де көп,
Шетін түртсең – дау ылғи!
Қайсысын қуып,
Қайсысына тиісіп,
Қайсысының бетін қайырсам,
Бар мүддең бітіп, бар ұпайың түгенделеді?
Ал, айтыңдаршы, ағайын!
Қайсысын барып шабайын?!
Жұрт дағдарып қалады.
ДИУАНА:
Айтарын жұрт айтты ғой;
Өзің шеш те, өзің баста!
АБЫЛАЙ:
Ендеше, халқым, құлақ ас,
Көкейде көптен жүретін
Менің де айтар датым бар.
ӘЛЕУМЕТ:
Датың болса, айт, алдияр!
АБЫЛАЙ:
Қазаққа тоба әуелден жомарт,
Елдің бағын жері ашады дейді.
Ұлан-байтақ жер сыйлапты,
Жердің бағын елі ашады дейді –
Бола аламыз ба сондай ел?
ӘЛЕУМЕТ:
Бола аламыз!
Болғанда қандай!
МАЛАЙСАРЫ:
Бола алмасақ, неге тудық анадан
Тас емшекті жібітіп,
Тар құрсақты кеңітіп?!
АБЫЛАЙ:
Сөзіңе құлдық, ағайын,
Қара жер қара аруана,
Мейірі түссе, иитін.
Сырын білмей, сырттан иемденсең,
Өзің ембей,
Емізесің өзгеге!
ОЛЖАБАЙ:
Қара көрге түгел түсіп кеткенше
Туған жерге тигізбейміз ешкімді,
Сол үшін тудық ат мініп,
Сол үшін жүрміз найза ұстап!
АБЫЛАЙ:
Найза ұстасақ – қол қысқа,
Найзаға емес, қайлаға иіп қара жер,
Күрзі емес күрек күпті болып жүр,
Қан төккенді емес, тер төккенді
Қарқ қып жатыр жер-ана.
Соған қарағанда,
Білекке емес, білікке
Сенетін заман келгендей.
Білекке сенер заманда –
Ешкімге есе бермедік
Білікке сенер заманда –
Қапы қалып жүрмейік!
ӘЛЕУМЕТ:
Не істейік ол үшін,
Айт, алдияр, іркілмей?
АБЫЛАЙ:
Айтар датым, ағайын:
Кетісе берсең – дұшпан көп,
Келісе білсең – дос та мол,
Өзгелерге қол салмай,
Өзімізді қолға алып,
Жұрт істегенді істесек,
Жұрт ұмтылғанға ұмтылсақ,
Жұрт жеткенге жетер ек,
Ешкімге есе жібермей,
Терезе тең боп өтер ек!
ДИУАНА:
Не дер екен бұған ел?
КЕЙУАНА:
Ел дейтінін деді ғой.
ӘЛЕУМЕТ:
Алдияр!
Ақылын тап та, амал қыл.
Артыңнан ерер біз бармыз.
АБЫЛАЙ:
Иә, жұртым,
Амалы көптің алары көп деген!
Ендеше, өзіміз жайлаған жердің сырын білейік,
Оның ырзығын іске жаратудың жөнін білейік,
Жарық жалғанның бізге әлі қараңғы жері көп,
Ешкімге есе жіберместің
Найзадан басқа да айласын білейік!
Білікке білік қосқан да бір,
Білекке білек қосқан да бір,
Екеуі де қапы қалдырмайды.
Қапы қалмайық, жамағат,
Ендеше, бұл – ең шешуші жорық,
Бәріміз де бір ауыздан
Дейміз бе: "Нар тәуекел!"
ӘЛЕУМЕТ:
Тәуекел! Тәуекел!
Тәуекелге бел будық!
Залдың ішін жұрт бұрынғыдан да керней түседі. Топ ішіндегі Диуана Кейуананың қасына барады.
ДИУАНА:
Ау, Көмей әулие,
Езуіңізге ие бола алмай,
Жадырай қапсың жасарып.
Сен күлетін де күн бар екен ғой.
КЕЙУАНА:
Иә, жұрт алдында
Кейуана болсам да,
Оңашада Диуана боп,
Тентіреп кете жаздағам,
Тығырықтан жол таппай.
Сол жолды Еліме
Тауып берер Ер тапсам,
Қуанбайын мен неге?
Өзің неге жылап тұрсың?
Сен де жылай алушы ма ең?
ДИУАНА:
Оңашада Кейуана боп,
Таба алмай дауа күйікке,
Ел алдында Диуана боп,
Қайтаратынмын ызамды.
Асыл туған Ерімді
Ардақтайтын аялы Ел табылып,
Қуанғаннан, тия алмай тұрмын
Көл-көсір мынау көз жасын.
ӘЛЕУМЕТ:
Біз түп-түгел осындамыз!
Әміріңді айт, Алдияр!
АБЫЛАЙ:
Тәуекелге түгел бел бусақ,
Алған беттен айнымайық,
Тарт алға!
Абылай алға түсіп, қара нөпір жиынды бастай жөнеледі. Хор мен оркестр салтанатты мадақ жыр айтады.
ХОР:
Қыспақты көп көрген қазақпыз
Көрсек те көнбедік – ғажаппыз.
Ен дала, еркіндік перзенті
Әуелден бостанбыз, азатпыз.
Бостанбыз, азатпыз әу бастан,
Өжетпіз, өткірміз алмастан,
Бермейміз жатқа дес, жауға есе,
Жайрайды жағаға жармасқан.
Ежелден өрбіткен бір негіз,
Жұп жазып көрмеген іргеміз,
Емшектес, еншілес, кіндіктес,
Бөлінбес бүтінбіз, біргеміз.
Ақ арман жүректе жүрді ұдай,
Өлмей де, өшпей де, мызғымай,
Сол арман жолында жан пида,
Қазаққа жар болғай бір құдай.
Ел қазақ, еркін бас, алға бар,
Садаға арға – жан, жанға – мал,
Ар менен азаттық жолында
Бола гөр, алла жар, алла жар!..
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру