TELEGEI

Home

Жүректегі жазулар

Ш. Бекмағамбетов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Жүректегі жазулар

Жүректегі жазулар. Ш. Бекмағамбетов

Бірінші тарау

АУЫЛЫМ – АЛТЫН

ШАҒЫЛЫМ

АУЫЛҒА

Жарқ еткен жүрегімнің жалын – шоғын,
Жандырып самалыңмен алушы едім.
Алысқа арқаланып кетсем-дағы,
Сағынам аймағыңды, ауыл сенің.

Арманның ақ маңдайы алдан күліп,
Кеудемде көгілдір от – жанғанда үміт,
Өзіңе деген сол бір сезімімді
Жанымның желегіне қалғам бүгіп,

Өзімше еліктеуші ем шын дарынға,
Балғын ем, балауса еді жырларым да.
Сонда да балаушы едім мен өзімді
Бағына жанайын деп тұрған ұлға.

Өр талап, асқақ сезім, асыл мұрат,
Кеудемде тоғысатын басын құрап.
Солайша күмбірлейтін бір керім күй
Құлағын кеткен сонау Қасым бұрап.

Көкорай болмаса да көсілген құм,
Аунатып ақ шағылға өсіргенсің.
Жүрсем де қай тарапта, қай талапта
Ауылым, сенсің менің есіл-дертім!

Ақ құм дедік ауылдың
Сыртындағы шағылды.
Бал қызығы бар ұлдың
Сол шағылдан табылды.

Ақ тікеннен үй жасап,
Аққұмда біз ойнадық.
Тілемедік күй де аса,
Тек ойынға тоймадық.

Кезіп сонау нұрада
Жүрдік бұзау қайырып.
Тойып ап итжуаға,
Бұзаумен бір жайылып.

Бұйрат-бұйрат төбе құм
Ақ бас толқын жалындай.
Бір алып ақ кеменің
Біз матростарындай.

Шашымыз да құнысып,
Қара кеней көп бала
Қауырыт іске кірісіп,
Жүруші едік топтала.

Бір тынбай күн бойына,
Жас ботадай тайраңдап,
Қаншиеге тойып ап,
Майсағызды шайнаңдап...

Қызық-қызық күн кешіп,
Қызығумен біз жүріп,
Қарттұманы бір кешіп,
Толқынға бір сүңгідік.

Суын Қаратереңнің
Сүзіп, сүйрік суырып,
Ұйқасындай өлеңнің
Табушы едік жылылық.

Қарға тұяқ қызық шақ,
Қалып қойдың қай құмда?
Корабльге біз ұқсап,
Шықтық бүгін айдынға.

Жуа теріп нұрадан
Әлде адасып қалды ма?
Қайда құйттай сол адам –
Келеді көз алдыма...

Көтеріп бір еңсені,
Балалықтан жаралдым.
Сағынамын мен соны
Шыңындай Көкаралдың.

Балапандай бала еді,
Бұлт қонбаған жанына.
Мына өмірдің әлегі
Сағын сындырмады ма?

Тұнығындай жағаның
Жаны мөлдір болатын,
Тастамайтын қаламын
Болатын-ды ол ақын...

Ия, ...
Мен онда ақын болғанмын,
Кірпігіменен таңды ілген.
Ақынша ойлап толғандым,

Ақынша шамырқандым мен.

Мен жырдың жібек бауының,
Шашағын сәндеп тарадым
Сен сонда, туған ауылым,
Жалт етіп маған қарадың.

Жалт етіп маған қарадың,
Таудай боп содан талабым.
Жыр жолын іздеп шарқ ұрып,
Таппадым тыным қаламым.

Білесің оны сен ғана,
Сездіре алмадым басқаға.
О, туған Ана, кең дала,
Жырым сенсің Астана!

Емессің заңғар тас қала,
Туған үй – балшық баспана.
О, менің алтын босағам,
Жырым сенсің Астана!

Теңізден соққан желіңе
Сыбырлап сезім сазды үнін,
Өрмелеп өлең өріне
Сенде өттім жырдың КазГУ-ін.

Бұл күнде мені бірақ ешкім
Жан демес өлең зерлеген
Жарқ етіп шыққан да емеспін
Журнал-газеттерге мен.

Демеймін мүлде жоғалдым,
Шықпаса да бір өлеңім,
Жыр сүйгіш ұлың боп алдым,
Азаматың боп келемін.

Көңілің, Анам, алаң-ау,
Үлкейіп үміт көздері,
Тең көрмейсің-ау балаңа,
Өзекті жырдан өзгені.

Өлеңде кеткен есемде
Есепсіз болып жыр-парақ.
Өзгеріп кетті десең-де,
Өзіңдік көңіл тұр қарап.

Құшақтап мынау айқарам,
Аспаныңды да, Жеріңді.
Онсыз мен қалай айта алам
Сүйем деп байтақ елімді?

Жарқ етіп түскен жай-сынды
Өлең деп айтқан жан-сырды.
Сен барда өлең өлмейді,
Дей алман оны таусылды.

Ойлау да қандай қиянат –
Айдынды Арал азды деу?
Жазғышсып қағаз сиялап,
Айтып жүр бірақ бәз біреу.

Мені де кейбір желбуаз
Жерлеп жүр, бәлкім бітті деп,
Қауласын, мейлі, сөз біраз,
Сен сене көрме тіпті де.

Жаһаның жарық ай-күнін
Деп жүрмін менің байлығым,
Ұлыңнан үміт үзбе тек,
Ауылым, Анам, Айдыным!..

Ақ толқындардың желегін,
Желпіген желдің өлеңін
Жалаулап жүріп жағаңда
Жаттаумен ержеткен едім.

Төсіңде тайдай емізген,
Толқыныңменен егіз бе ем?
Сағындым сені, тағы да,
Сағындым сені, Теңіз, мен.

Жырыңдай жақын жанымның,
Даусыңды сенің сағындым.
Сағындым шулы құдіретін
Көкірегіңдегі арынның.

Бал дәурен сонау шақта бір
Жағаңда сенің ақ шағыл
Қиялдай қарап қырымға
Тұрғамын оқып жатқа жыр.

Кеудемде шулап бір орман,
Айықпай көңіл құмардан,
Мен сонда саған келгенмін
Кеудемді кернеп ұлы арман.

Ұшанға тартқан үмітпен,
Үмітпен, үлкен күдікпен
Жыр жазғым келген күбірлеп,
Толқынға төніп тұрып мен..

Тағы да келдім, О, туған
Айдыным, аңсап өзіңді,
Сағынып келдім оқудан
Бармақтай бала кезімді.

Аспан мен жердің арасын
Алып бір жатқан Алыбым,
Алыстап кетіп барасың
Күн сайын артып қадірің.

Теңіздің тұзды демімен
Телегей, түлей төрінен
Кеудемде күйлі саз толып,
Күмбірлейтіндей көрінем.

О, алып Айдын, сабырлы,
Толқыныңменен егіз бе ек?..
Туған жер деген Тәңірді
Түсініп жүрміз Теңіз деп.

Сырдың суын жағалап баяу аққан,
Сыр толқынға балдырған ой аунатқан
Біз бала едік, табанға тікен кіріп.
Собық теріп қайтатын Баян жақтан.

Ой жіберсең, қызық-ау, өткен ізге,
Шарқ үрысып ойнаушы ек көк теңізбен.
Аунап алып ақ құмға, қайтушы едік
Қызғалдақты қыстырып шәпкемізге.

Туған дала! Жұмақтың төріндей-тін,
Бала қиял самғаудан ерінбейтін.
Періштесі едік біз ақ қанатты,
Пенделіктің ырқына берілмейтін.

Туған дала, бал дәмің, бал иісіңнен,
Жаныма менің өмір нәрі сіңген.
Елдік, ерлік сабағын ұққанмын мен
Кеудеме өзің құйған дәрісіңнен.

Судың да сұрауы бар, шырақтарым, -
Деп айтқан қарияның лұғаттарын
Естісек, күлетінбіз – балалық-ай,
Білмейтін бар мен жоқтың сынап бәрін.

Дүние көл-көсір боп кең көсілген,
Сол шақтар сыр беріп жүр енді есімнен.
Пырағын шешіп алып, кеттік ұзап
Балалық көкжиектің кересінен.

Жасырмай таңдануын түріндегі,
Ұлым кеп сабағынан, бүгін мені
Рас па айтшы енді, - деп мазалайды,
Азайып аспанда ауа бүлінгені?..

Таң қалып, алақанын тағы жайды,
Не дерсің сан сауалдың бәрі жайлы.
Әкесі ақ толқынмен ойнап өскен,
Аралдың айдынын да ол танымайды.

Көп әлі көргенінен көрмегені,
Сәбиім, сұрай бергін, терге мені.
Шымшылап жүрегімді жүр ғой менің
Шырылдап шымшықтың да шөлдегені...

ТЕҢІЗГЕ ШАҚЫРУ

Толқынның даусын түбінде тұрып көр тыңдап,
Көкірек – айдын кетері сөзсіз толқындап.
Ұшанға қара – ұшпаған қасқалдақтарға,
Қыңырайып тартар құс кеудесімен солқылдақ.

Төңкеріліп жатса көк мәрмәр аспан төбеңде,
Қарай алсаң, сен тұңғиық қара тереңге.
Өзіңді сонда Тәңірдей сезінерсің-ау,
Тау толқын ойнап денеңде.

Ағысқа толы алып кеудені көп аңсап,
Алыс жолдардан оралсақ.
Аңқылдап ұшар ақ шағалалар алдыңнан,
Тау толқындарға таран сап.

Сенің де, достым арманың асқар талпынған,
Айналшы менің теңізді сүйген халқымнан.
Ақ семсерлердей ақ қанаттардан шарқ ұрған,
Қайтарсың лаулап кеудеңе түскен жарқылдан.

Арман – көл, аққу айдын, мен іздеген,
Жалғасып жатыр ма едің теңізбенен?
Кеттіңдер енді алыстап екеуің де
Жанымды жабырқатып жоқ іздеген.

Маздатпай маздақ отын сен үміттен,
Шырпыдай шарт-шұрт етіп шағылыппын.
Айдынды аққу жүзер іздеп жүріп,
Теңіздің тән-тән болған халін ұқтым.

Суалып, су аяғы құрдым болып,
Қуарып қалар ма деп бір күндері.
Жамырап жағалаудан жарық іздеп,
Жанарын бір қақпайды жыр түндері.

Біткендей берекеміз бес тиын боп,
Қаңқуды құлақ кесер естимін көп.
Қашаңғы қаласыңдар көкіректе
Қос Айдын, қоспақ біткен қос түйін боп?

Үміттің әлде бұл бір шағы ма алаң,
Не демес қадіріңді танымаған.
Өзімді сарқып беріп сөнермін мен
Сендерге.

Тұрса тыныш таңым аман....

Мен теңіздің ұлымын ғой – ұлықтың,
Не демейді ұлы артынан ұлып кім.
Әлдекімнің әлдеқандай сөзінен
Көк теңізім қалды-ау бүгін тынып тым.

Жаным менің жабырқады сәтке бір
Бірақ мені тартады алға тәтті өмір.
Не демейді, не демейді әлдекім
Таудай дәрмен іздеп жүрмін дәтке бір.

Жаман емес, жаман емес, жақсы ұлың,
Керек емес қымбат орны хатшының.
Толқып шыққан бір толқынның мен деген,
Бір тайыңмын басына алған бас жібін.

Бір тайыңмын тулап кеткен тарпынып,
Талай дертке, талай өртке шарпылып.
Толқынмын ғой теңіздің – тентекпін,
Ақ көбік боп келем әлі алқынып.

Өз теңізім, айдыным бар шалқыған,
Өз күнім бар, өз айым бар қалқыған.
Өз кемем бар құс кеудесін керетін,
Өз тұлғам бар айнымайтын қалпынан.

Жан сарайым жарқын жарық жиһандай,
Көкірегімде күмбірлейді күй талмай.
Көре алмайтын көркеудеде шаруам жоқ,
Жарыла алмай жүрген қызыл шиқандай.

Келем жүріп жолсызбен де, жолмен де.
Қаймықпастан дауылдан да, өрден де.
Ұлы теңіз!
Кеткен жоқ ол жоғалып,

Буырқанып жатыр менің кеудемде.

Үндемей неге жүрсің деп,
Күрсінбе, Теңіз, күрсінбе.
Қоярға жанын жер таппай,
Жүр ғой бұл күнде құр сүлде.

Теміреткідей тұтасқан,
Денеңе түскен жарадан
Іріп кеткендей сүт аспан
Көзіңе сенің қараған.

Телміріп мен де өскен ем,
Суыңды сүйіп жанармен.
Самалың қайда еспеген,
Жадырап жаным алар дем?

Жақұтың қайда жарқырап,
Аспанның астын таң қылған?
Барады семіп, қалтырап,
Ақ гүлім ақ сор жаңбырдан.

Өзіңмен бірге толғанып,
Толқын боп мен де тербелгем.
Жыр жазушы едім қолға алып,
Күміс қаламды сен берген.

Сиясы кеуіп, сыр беріп,
Сыбырлап қалды-ау сыңғыр үн,
Сағынам сұлу жыр көріп,
Жасыл құрақтың сыбдырын.

Болды, - деп емес, - болары,
Жұлдызым, - деумен, жоғары!
Кете алмай маңып, жоғалып,
Ақ шағалаң боп арнаңда

Аунақшып жүрмін мен әлі.

Ақ шағылды толқын аймалаған,
Ұлы теңіз – біз қанат жайған алаң.
Ақшамда кеп теңізге түседі күн,
Сосын барқыт аспаннан ай қараған.

Саумал-саумал тербетіп сан арманды,
Теңіз жыры кеудеңде қалар мәңгі.
Өр ағыс бар болатын сол айдында
Аңсап аққан алыстан аралдарды.

Сен-дағы сол сабырлы теңізденсің,
Ұлы теңіз уызын емізген шын.
Жанарында теңіздің нұр сәулесі
Сол сәулемен теңізді сен іздерсің.

Ұстағайсың жадында осы кепті,
Сан кеудеде сол судың оты кетті,
Жұлдыздардай жымыңдап жанған үміт,
Аспандатты, о, Қанша көкіректі!..

Сен туған жер сол еді, мен туған жер,
Күмбір үнге кеудеңді толтырған жер.
Жиі-жиі толғанып жүрсең егер,
Сені әлдилеп тербеткен толқыннан көр.

Ләззатына тоя алмай гүл-көріктің,
Гүлге құмар қыз-көңіл түрленіп мың.
Жалындаумен жүрсің бе жастық шақта –
Сол топырақ қыздырып жүр деп ұққын.

ҚАЙЫҚ

Көк теңіздің орнында шаң бұрқыған,
Қайық жатыр иек артып қырқаға.
Естімейді ол тіршіліктің сарынын,
Ақ шағыл құм етек-жеңін қымтаған.

Көне қайық, күн мүжіген сүйегін,
Жотасындай қалған шөгіп түйенің.
Дүниенің даң-дұңынан бейхабар
Жардай болып, жатыр сұлық, киелім!

Тау толқынмен тайталасып сан рет,
Ағыстарға талай қарсы ағып ед.
Төңкеріліп жатыр бүгін төбеде,
Теріс қарап, тағдырының кәріне.

Асау толқын тағы арнасын таба ма?
Ордасына орала ма ақ шағала.
Тоңтеріс қап, тағдырына қол қойып,
Қара қайық қақсып жатыр жағада.

Кетер ме екен бастан бағы тайып тым,
Су емес-ау жатыр бүгін шайып құм.
Тағдырын-ай, тағдырын-ай, Дүние-ай,
Көк толқынды көктей өткен қайықтың!...

Көкірегінде қатпар-қатпар мұңы бар,
Қайық сырын қарамаса, кім ұғар?
Көне жұртын жатыр бағып бір белгі
Алдында әлі әлденешік күні бар...

Ақ шағыл жапқан аймағын,
Ауылым – алтын айлағым.
Айналып соқтым тағы да
Көңілдің таппай байлауын.

Жиһанның шомып нұрына,
Жарқырап жатқан қырыңа,
Ойлана қарап, от жұтқан
Не дейсің мынау ұлына?...

Сыр бермей, сыртың, сұлбаңнан,
Кеудеңде жатыр күллі арман.
Теңселіп сенде келемін,
Теңіздей терең мұңдардан.

Жағаңда жазған жырлардан
Толқындар шерткен сырлардан
Не қалды бүгін – білмеймін,
Теңіз жоқ...

Толқын мұң қалған.

Теңіздің орны ор болып,
Қабат та қабат сор қонып,
Қақабағы түскен қартыңның
Қияғын толқып, тербеніп...

Заманның желін жақтырмай,
Жас қияқ, мұңға баттың ба?
Жабырқап жүрсің, қайтейін.
Соқыр ғой көзі бақтың да...

Соқыр көз, бәлкім, ашылар,
Бағыңды әлі-ақ асырар.
Шыдап бақ, жасыл жас қияқ,
Сенің де жаның жадырап,

Жас көңілің жайнап, жасынар.
Ақ шағыл жапқан аймағын,
Ауылым, алтын айлағым,
СОС беріп сілтеп ақ кемең,

Келеді сойқап байрағын...

ТЕҢІЗДІҢ МОНОЛОГЫ

Теңізбен – тағдыр кешкен толқын атып,
Тиген жоқ таланыма олқы бақыт.
Көріңдер – көкірегім толған ағын
Жаным айдын, жаямын жарқыратып.

Сарқылмай сан заманнан ырыс-бағым,
Қатал тағдырыңнан да ығыспадым,
Толқыдым, толғандым мен елмен бірге
Мен елдің тағдырымен тыныстадым.

Теңізбін – тілгілеген төсін арман,
Теңізбін – тағдырымды тосып алған.
Теңізбен мәңгілікке қоштаспайды,
Мәңгіге қоштассаңдар...

Кешіре алман!

Екінші тарау

«ЖАСТЫҚ ШАҚ»

ДӘПТЕРІНЕН

Өмір жолы, бастауыңа, ал, түстім,
Қиынға сал, күшті болсын тартыс тым.
Жақпарына маңдайды он соғайын
Жүрегіме ұшып түссе, жарты ұшқын.

Сан жол бар – алдыма тартылатын,
Сан арман – қол бұлғап шақыртын.
Сан белес – жолыма кедергі боп,
Жасайтын өмірдің шахматын.

Бар ләззатты тал бойына тұндырған,
Жүрегімнің гүл бағында бір гүл бар.
Менің адал махаббатым – балған гүл
Адам атын ту қылған.

Мен – адаммын, махаббатты ту еткен,
Еңбекте оны бір көтеремін күрекпен.
Махаббатым – мынау әсем дүния
Керенп шыққан ақыл – ойдан, жүректен.

Күн – түн қатып думанды дүрмегіңмен,
Ой – қырыңды кездім деп жүргеніммен,
Желегіңді көргем жоқ желпіп ашып,
Өмір, өзің қандайсың?

Білмедім мен.

Арманыңа әдемі ән арнаған,
Ару қыздай тал бойы таралмаған.
Сырымды айтып, өзіңе шынымды айтып,
Кезім ғой бұл саған көп алаңдаған.

Асықпадым аптығып биікке мен
Сонда да төбем көкке тиіп келем.
Мен мынау толқындаған жанымменен
Өмір, сенің сәулеңді сүйіп келем!..

Менің асқан сөздерімді кім ұғар –
Көкірегімде сом алтынның буы бар.
Асқақтасам, алыс кетем арманмен
Жастығымда өрлігімнің сыры да.

Өте алмаймын мен өмірден түк үнсіз,
Отсыз, ойсыз, сәулесісіз не жылусыз.
Соғып жатыр менің титтей жүрегім
Зергердің мыс балғасындай тынымсыз.

Тіршілікте қашан, сірә, бітер мұң?
Алдан талай жақсылық та күтермін.
Жүрегім бұл – нар салмағын көтерер
Төстемірі өмір – ұста дүкеннің.

Жердің шегі меніменен болды деп,
Көзкөрімді кернеп жатыр көкжиек.
Сене алмаймын, көне алмаймын мен оған
Ол – меңіреу қара тасқа көкжиек.

Көкжиегім – көңіл жетер арманым,
Армансызда, армансызда жоқ қайғы.
Армандарға жалғап аппақ таңдарын,
Көңілім өз көкжиегін жоқтайды.

Шаңқай түсте шартараптан ой аулап,
Күпті көңіл күнге ұмтылып кұледі.
Ал түнде де көкірегім ояу қап,
Ай астында арман қуып жүреді.

Өмір шіркін,қызығымен қуантып,
Мұңайғанда мұз құрсауға түстім мен.
Осы күнім, осы күнім мың артық
Арман қумай, атақ қуған міскіннен

Кеудемде менің бір алып
Құрылыстар жатыр қаланып.
Құрылысшы болып істеймін,
Келемін сонда сыналап.

Көңілдің көз – жанарын
Аударғым келмей бір елі,
Осынау құрылыс алаңын
Ойлаумен жүрем үнемі.

Бір ұлы сезім бар менде,
Айта да алмаспын, мүмкін.
Дариға, соны дәрменге
Дәт қылып жүрмін мың дүркін,

Бір үлкен дерттің бары шын,
Кеудемді мынау кернеген,
Өлеңнің шипа - дәрісін,
Өлгенше жұтып емделем.

Менде бір биік мұрат бар,
Тек соған жетер жол қандай.
Кеудемде жанған шыраққа
От іздеп келем ормандай.

Кеудеме кернеп бір үміт
Жүре берсем жүгіріп.
Жетсе жылынуыма
Жанымдағы жылылық.

Өмірімнің мұрады
Тек осыдан тұрады, -
Дейтіндейін бір арман
Жақса алдымнан шырағын...

Әкем менің бір ғұмыр – асқар басын қыр шалған,
Балам менің бір ғұмыр – келер таңды қарсы қарсы алған.
Мен – дағы бір ғұмырмын – үш дауыспыз үшеуміз
Тірлік әнін шырқаймыз бүкіл Дүние тамсанған.

Үш дауыспыз үшеуміз – қосылған бір әуенге,
Қосылған бір әуенге – тарайтұғын әлемге.
Тыңда, тарих, тыңда да, ақылыңмен данышпан
Үш дауыстың мызғымас бірлік заңын дәлелде!..

Қабырғаммен кеңесіп,
Кетсем кейде көп ойға,
Көңіл шіркін тел өсіп,
Келмейді бір орайға.

Көңіл шіркін көлбеңдеп,
Көктем іздеп кетеді.
Астасып бұл Жер мен Көк
Көк теңіз боп кетеді.

Ақыл қалар жылардай,
Әлденеге ұқсаған.
Балықшыдан бір аумай,
Алтын балық үстаған

Жайнаған дүние, жақұт күн,
Жарқырай берші жаһанға.
Адамға бітер бақыттың
Айғағы болшы қашан да.

Жаңғырап әлем кеудемде,
Шыңдай бер жырдың өзегін.
Жайраңдап сонда мен де елге
Жақындығымды сеземін

Шалқыған шабыттарым – ей,
Шаттық боп тушы бір ұлы.
Жердегі жұрттың біріне
Жетсін бұл жүрек жылуы.

ҮШІНШІ ТАРАУ

Өмірге құштар қайратпен
Өзекті ойдан бас алып,
Жас айбын, жарқын айбатпен
Жыр туар жайнап,жасанып.

Кеудемде солай ашып бүр,
Бір сөз, не бір жол, бір шумақ,
Өмірге мендей ғашық бір
Жаралар жалын жыр тулап.

Кеудемде күй боп толған үн
Күмбірлеп керім шығар – ау.
Еркелі, нәзік жолдарым
Елеңдеп сырға тұрар – ау.

Елегізіп көңілің, досым – ау,
Жүргенде ойың он болып,
Жүрекктен шыққан осынау
Жолдарға жолық мен болып!..

Бүйрек бұлттардай жеделдеп өткен көгімнен,
Күркіреп келіп күндер көп кеткен сөгілмей.
Тасып – ақ кетер төгілген менің терімнен
Өлең дегенің – толықсып тұрған көңіл ғой.

Күндерім менің, күндерім, менің – өлеңмен,
Ащысы да сол, тәттісі де, сол мен емген
Жетелеп алға көгершін көңіл арманын,
Ақ дауылдардың нөсерін іздеп келем мен.

Сап – саумын, сырым мүлде бөлек бірақ.
Жанымда жайқалмайды желекті бақ.
Саулықтың суда йтаза санасынан
Сарсылып шаршадым мен көмек сұрап.

Қозғалмай селт еткізіп бір бұтасын,
Уақытты көз алдыңда сырғытасың.
Саулықтың судай таза сиясымен
Шатпақтап күнді ұтасың, түнді үтасың.

Сап – саумын. Көрінгенмен түгел бәрі,
Сезілмей бойда қайрат – жігер бары,
Қам да жоқ, қаракет те қимыл да жоқ,
Хал де жоқ жек көрер, несүйер – дағы.

Тынышпын – бұрқану жоқ бойымды алған,
Қорланам тағы осыны мойындаудан.
Қалайша тынып қалмақ кеудем менің,
Босамақ арқам қалай шойындардан?

Ұрғылап қос өкпеге тертем менің,
Бұлдырап кететіндей ертеңдерім.
Жүрегім атша тулап айтар қашан
Айықпас өлең деген дерт енгенін...

Ақ парақ бер,аппақ әлем секілді,
Ақ арман бер,лаулатар жан отымды.
Қауырсынын қалам еткен ақ қаздың
Қасым – жырдың қасиетімен жақын қыл.

Кен аршимын кеудемдегі қазбадан,
Ілияс күй боп, төгіл, қалам, жаз, қалам,
Маған – дағы ұлы Абайдың мұңын бер,
Сол бабамның бақытын бнр аздаған.

Төлегеннің сағанашты сазын бер,
Мұқағали ағамыздың назын бер,
Қазағымның қайран тілін қимаған,
Аққу құстың махаббатын қи маған.

Көк теңіздің толқынын бер, талмаған,
Асқар таудың асуын бер алмаған.
Кең даламның кестеленген көркін бер,
Ешбір сиқыр сөзбен әлі салмаған.

Ал сонан соң бар үмітті менен күт,
Кеудемдегі қасиетіме сенем нық.
Мен осынау қазынамның барлығын
Қайтарамын қасиетті өлең ғып...

Ай қарайды алыстан алдарқатқан,
Ала бұлттың аймалап айдарынан.
Ақ толқынмен алысып алға тартқан
Ақ бас армандарымды қай қуам?...

Қақтығысып қарсы аққан қанша ағыстар,
Аз ғұмырдың айдынын кеуделеумен.
Сапарында санаттың сан соғыстар
Сарсаң қылып, сандалып мен де келем.

Құпиясы көп майдан көн тірлік,
Көлеңкесін жыртам деп күпті көңіл.
Жай отының жанымды дерті буып,
Жан дауысым шырылдап шықты небір.

Ақ көңілім алайда алғау алмай,
Ақ табан боп алдыма жүгіремін.
Жүгіремін жібімді жалғай алмай,
Додасына дауасыз Дүниенің.

Дарытпаймын даң – дұңын, дертін деумен,
Әзір келе жатырмын сертімде мен.
Адалдықтың ақ уыз балапанын
Ақ құйғамын аузына, өлтірмегем.

Өмір бойы осылай өтем ұстап,
Өтем үстап аялы алақанда.
Кетем бірақ, кейде өзім кетем ұқсап
Әлсіз, нәзік ақ үрпек балапанға...

Сонда менің жайымды кім бар ұғар,
Кім бар ұғар балапан бас қайғысын?
Қара темір қайырылып құндағынан
Көрсетпей ме алапат асқан күшін?..

Осалдығым сыр беріп қалар ма деп,
Берілсем де бір сәттік күдікке мен.
Мықтылығым айырып алар ма деп,
Алаңдаймын, тағы да үміттенем.

Солай келе жатырмын – жат көрмегін,
Ұрымталдан ұмтылсам жыр жалына.
Жүректегі жазулар дәптердегі
Жалғасады жапырақ жырларыма.

Желкіздеп көңілім бір кейде
Жанымды желпіп қалады.
Армандай бір ой бүркей ме –
Кеудем де сол сәт жанады.

Дуылдап келіп нөпір ой,
Көсіліп салып кетеді.
Көкірегім ыстық, от үрей
Сыр беріп сидаң етеді.

Желегін желпіп жырдың жас,
Басамын жанның жалынын.
Табылар енді бір мұңдас
Өзімнен басқа тағы кім?

Білмеймін қанша қосқаным –
Жарытқан жоқпыз жыр күйттеп.
Күнделік сабақ жоспарын
Жазуға жүрміз жүйрік боп.

Артылмай содан бар шабыт,
Жабырқап жүр ме жыр – жаным?
Көңілдің күйі қаншалық
Көлеңкесінен шырғаның

Көріне алмай, көлбеңдеп,
Жыр болып керім, көкөрім,
Күйкі бір тірлік ербеңдеп,
Кес – кестеп күңгірт бөтен үн...

Мың сөнді, қайта мың қызды
Жоя алмай, жалтақ, алаңын.
Әйтсе де жырдың жұлдызды
Қайнарын іздеп барамын...

Түн тынса, бейбіт дамылмен,
Терезелерден от сөніп,
Жыр жазып отырмын мен,
Немесе дәптер тексеріп.

Жүгіртіп ойды әр саққа
Кұдікке көніп тұрмадым.
Білмеймін қайсы алқапта
Жемісін төгіп тұр бағым.

Ұқсап мен ғазиз Анаға
Қатал да болып, сыршыл боп,
Өлеңмен екі арада
Жүретіндеймін шыр – пыр боп.

Бір өлең жазбай, өзіммен өзім бола алмай,
Көңілден мынау кұдіктің бұлты жоғалмай,
Өткен күндерден өзегім өрт боп күйемін,
Осылай мені уақыт шіркін тонардай.

Уақыт шіркін тонауға шебер, ол анық,
Кеткені де рас барымның көбі жоғалып.
Қайтару қиын, білсем де қиын екенін,
Шығамын жолға шалғайыма жиі оралып.

Тоналып қалдым, онсыз да өмір мәз емес,
Алыстап кеткен көгілдір күндер – әз елес.
Қинаумен жанды қитықтыра алмай келемін
Көктем де өткен... Жаз – дағы мынау жаз емес.

Табиғат заңын табалап бірақ тантыман,
Өзімнен көрем, қамалып ойға алқынам.
Абайдың айтқан арсызы болып алдық па,
Алқынып келіп, қалғып та кетер артыңнан.

Күндердің және түндердің білмей бағасын,
Хош көріп жанға аспан мен жердің арасын
Адасып қалсам, алысқа тартқан арманнан,
Ақтарып алсам, арнадан асқан сабасын.

Қажеті қанша бостекі мынау тірліктің,
Көмкеріп онда көңілге неге сыр бүкітм.
Қажеті қанша, қажеті қанша, Дүние,
Болмасам егер қадеңе жарар бір мықтың?

Самалың болып, алдыңнан қарсы еспесем,
Терегің болып, талпынып биік өспесем,
Өзенің болып, теңізге барып құймасам,
Ақын боп тірлік кешпесем

Жаңа жырларым жатталмай,
Ескі жырларым қатталмай.
Үміттің көбі ақталмай,
Өтуде күндер...

Жанымның мұңы батпандай

Көңілдегі аппақ кеменің,
Соңынан қуып келемін.
Бұрылыстардан жалт еткен
Желкенін ғана көремін.

Жаныма да сол демеуім.

Маяктары өшкен айлақтан,
Маңайлап өтіп барамын.
Білмеймін қазір қай жақтан
Тоспаға түсіп қаламын –

Тілініп тасқа табаным...

Жас желегі талдардың жайқалады,
Жапырақтың көп екен айтар әні.
Жапырақтай жүрегім қайтсем ғана
Жарқын жырын жанымның айта алады?

Жапырқтар жайқалар – жазы жақын,
Әрбір талы толғанған қазір ақын.
Қайда жазым көркем жыр жазылатын,
Самалынан сәуірдің наз ұғатын?

Көктемнің ызғарын көп көріп ем,
Көлеңкеде көп күнді өткеріп ем.
Жаз шуағын аңсап жүр жанаы қазір,
Тарыдайын сәулені еткен үнем.

Жаз отына алаулы өртенейін,
Жаз аспаны секілді сел төгейін.
Жапырақ боп жырлайын жаз – ғұмырды,
Жайсаң жазым барына мен сенейін.

Мен сенейін рахат, азабыма,
Жан толқытар жақсы жыр жазарыма.
Жапырағы жайқалған жасыл әлем,
Ілігермін ілтипат – назарына.

Өмір жырын толғармын ғажап – керім,
Төгермін – ау рахатты азап терін.
Тек тәңірім, еншіме бере көрме,
Ащы, тәтті бейнетсіз жаз өткенін.

Тірліктің қиын түйінін
Келемін шешіп ерінбей.
Көңілімнің келмей күйі мың,
Ащы, тер кейде төгілмей

Қинады менің жанымды,
Қиналдым таппай дауаны,
Санамен қуып сағымды,
Талмады талап тауаны.

Бейбіт күн, бейбіт шақтарда
Бұрқанып жүрем мен іштей.
Бере алмай кезек даттарға,
Өзім мен өзім келіспей.

Өзім мен өзім табыспай,
Өзім мен өзім ұғыспай,
Өзімнен өзім алыстай,
Батыс пен бейне Шығыстай.

Көңілде бірақ көп үміт
Лаулайды күндіз, түнде де.
Шамдарын жағып, жолығып,
Толқынды тіліп мың кеме.

Ағады тыным алмастан,
Ал, тынып қалса – сорладым.
Толқынға дәйім жармасқан
Солардың бағам жолдарын.

Солардың бағам жолдарын,
Мың кеме аман болсын деп.
Жүремін жеумен жол қамын
Соларға дәйім жол сілтеп.

Көңілге медеу қайдан да
Шырақтай болып жанса да от.
Үрынса бірі қайраңға,
Қираймын менде қаңқа боп.

Қираймын тағы қаңқа боп,
Қирағам талай сандалғам,
Тағы да жаным аңсап от
Қараймын шырақ – шамдарға.

АҚ ТАҢДАРЫМ

Талай болды – елге сыр ақтармадым,
Кермек тартып кетті ме тәтті арманым?
Таңдайыма татып жүр бүгін бәрі
Толғанумен атады ақ таңдарым.

Ақ таңдарым!
Тербеткен күн бесігін,
Ақтара бер жанымның күнде сырын.
Туған Далам құлпырып кетер ме еді –

Қырларымды қыдырып, тербесе үнім.

Арман емес айналу данасына,
Арман – ұқсау Даланың баласына.
Ақ таңдарым, ата бер арайланып,
Әркүнімнің нұр құйып санасына.

Өткерем деп өмірдің ақпандарын,
Көтерем деп тірліктің батпандарын,
Бордай болып кетпейін үгітіліп,
Ақ таңдарым, жанымның сақта арманын.

Ғасыр симай ғұмырдың өлшеміне,
Соқпақтарым, тарта бер жер шегіне.
Өлең – өрім, үзілмей өріле бер,
Жалғастырып бүгінді ертеңіме.

Өзім болып оңаша өзімменен,
Арпалысып бір алаң сезімменен,
Бөленетін бақытқа шақтарым боп,
Айнала бер, таңдарым, көз ілмеген.

Мұңдылау шығар, бәлкім жырым менің,
Мұңдылау шығар, бәлкім, түрім менің.
Өмірде мұңсыздарға түсінбеймін,
Өмірдің мұңдарынан түңілмегін.

Қайнаған қорғасындай балқымадан
Көңілдің қалауымен қалқып алам.
Қоңырқай тіршілікті келем кешіп,
Кезім жоқ астық – суық шарпымаған..

Ақ қанат аққу күнді арман қылып,
Күтемін атар таңды алдан күліп.
Түссе де қарақұстың көлеңкесі
Қалбиып қау ішінде қалған бұғып.

Өмірдің от – жалыны орап ойға,
Келемін, асқар таудай талап ойда.
Сүрініп кетсем де,ұқсап кетсем деймін
Талаппен Тау көтерген ТОЛАҒАЙҒА !

Жаныма жақын жырлардың
Жылыуымен жылынып,
Тірлікте талай сындардың
Келемін сырын ұғынып.

Жарқырап жаһан жарық күн,
Айналып аспан - көгімді.
Жаныма содан дарыттым
Өшпейтін өлең – өрімді.

Түтінін туған ауылдың
Тұтатып мен де бір отпен,
Өтінде келем дауылдың
Соғатын сарнап түбектен.

Көңілді бермей үрейге,
Шығанға шырқап қараймын.
Додаға түсіп, дүлейде
Толқынның жалын тараймын.

Үмітке, ойға толы өмір,
Көн табан көне тіршілік –
Күн сайын түлеп және бір
Күн сайын шығам құлшынып.

Сорым да жүрсің, сен менің бағымда жүрсің.
Бұлбұлым, сайрап сен иран – бағыңда жүрсің.
Тағдырың қалай болады тарқатып алсам,
Ақ сәуле болып менің әр таңымда жүрсің.

Жанымда жүрсің, жақсы өлең, қанымда жүрсің.
Сорымда жүрсің сен менің бағымда жүрсің.
Жанымнан қалай айырып аламын сені,
Қанымнан қалай айырып аламын сені,

Бұлбұлым, сайрап сен иран – бағыңда жүрсің.

Дем алып жүрмін, өзіңмен жүрмін тыныстап,
Өзің деп жүрмін, өлеңім, мендегі ырыс – бақ.
Алтын бар дейді адамның қан құрамында,
Алтын бар болса, ол сенсің қаламын ұстап.

Қалмас кімдер қиялдап бақ қарағанын,
Ізгі үмітпенен толғанған шақта қаламым.
Алтынның буы секілді сенің буыңмен
Туған тілімнің сөздерін аптап аламын.

Дәріптеп жатпан жанымның жұртқа жарығын,
Жалыным сенсің бойдағы, сенсің сабырым.
Былдырлап балам сөйлесе анам тілінде,
Бал әуенінен әуелі сені таныдым.

Асығады алдағы арман күндерге,
Кендебайдың астындағы құла тай.
Мұқағали жырын жаттап жүргенде,
Жарқ ете қап шықты көкке Жұматай.

Төлегеннің топырағын торқалы,
Маңдайына тәу еткен ұл табынып,
Олқы көріп оңғақ бұлдай ортаны,
Басқа жаққа тартып кетті жабығып.

Кетті жақсы, сұңгіп күзгі тұманға,
Жал – құйрығы желкілдеген жиренмен.
Нағыз бақтың өзі бар – ау, сірә, онда
Кілең қырттар қалды мұнда үйренген.

Асығады алдағы арман – күндерге,
Кендебайдың астындағы құла тай.
Хақанды елі тани алмай жүргенде
Қара орманын тастап кетті Жұматай.

Шын ақындар ғарыш жаққа кетеді,
Жарқ ете қап, жердегілер көрсін деп.
Жұмыр жердің шұбатылған етегі
Бұршақ – бұршақ көз жасына толсын деп.

Кім біледі – жердегіге жоқ дауа.
Көктегінің құдіретін білер ме ол?
Көк бөрінің табынары КӨК қана,
Көкті бағар,жерге қарап жүрер ме ол?..

Асығады алдағы арман – күндерге,
Кендебайдың астындағы құла тай.
Жұматайлар ғарыш жақта жүргенде,
Өлеңшіге толды – ау дүние, ҰЯТ – ай !..

Өлең жаза қояйын,
Өрнек сала қояйын,
Жан таппаған түрменен
Әдемілеп бояйын.

Сөз нақышын келтіріп,
Жазғым келді толтырып.
Бір – ақ жолды түрттім де
Қалдым бірақ мен тұрып.

Теңеуден бңр теңеу жоқ,
Көңілде де демеу жоқ.
Метафора, эпитет –
Әй, бірінде кенеу жоқ.

Біреу желдің ұлуын,
Біреу күннің жылуын
Өлең ете қояды
Сырлап сөздің сұлуын.

Талап деген таудай бір
Ойлар да бар қандай дүр.
Бірақ бәрі бірігіп,
Өлең бола алмай жүр..

Себеп іздеп сырласып – тілдесерге,
Өмір, сенің сәулеңе сүйінемін.
Белшемнен кеп барына жүрмесем де,
Жоғын іздеп келемін Дүниенің.

Түспесе де сиқырлы кілті қолға,
Кеудемде жүр ғажайып ынтық арман.
Бір күндерім үмітті үзіп кетіп,
Ынтықтырып тартады бір күн алға.

Бір күн желеп – жебеумен бір күнімді,
Мұрат тұттым сырымды жыр қылуды.
Осы үмітпен кешермін бұл ғұмырды,
Таңға тіреп отырып кірпігімді.

Төртінші тарау

ТАБИҒАТ ДӘПТЕРІНЕН

Қарлығашым !
Дауысыңды қайшылап,
Қанатыңды қамшылап,
Шырқауыңды-ай ширығып,

Шырқауыңды-ай шаншыла!..

Ән бе, әлде ән сөзі,
Шырқағаның қайсы өзі?
Түсіп кетті-ау есіме
Балалықтың бал кезі.

Табиғат-ананың әмірін
Екі етпей жүргендей жүгіріп.
Ақ бұлттар жазып ақ бауырын,
Жүр аппақ көңілмен жұмылып.

Уақыт екіге бір қосып,
Жүргендей сүйрелеп жалынан.
Сәтке де босамай, жүр жосып,
Күндізгі харекет қамынан

Әлдене айтты ма былдырлап,
Заматта саф, саумал жел есіп,
Кетті көз ұшында бұлдырап,
Бұлттардың жөңкілген кемесі.

Көкжиек етегі түріліп,
Арудай айдынға келді ойнап.
Көк теңіз қалып бар ірілік,
Сап тынды – әлдене ойлай қап.

Күн-дағы қызарып алаулап,
Қырқаға қырындап қонды кеп.
Қызыл кеш алқызыл жалауды ап,
Жай ғана жайқады соңғы рет.

Жаз қабағын көктем боп,
Ашып келе жатқандай.
Қыстың табы кеткен жоқ,
Ойдым-ойдым ақ қардай.

Көктем-көңіл елжіреп,
Қол созымнан жете алмай.
Қыс қызығын соңғы рет
Қиып тастап кете алмай,

Жер-көкті дел сал қылып,
Күйге түсті не түрлі.
Қосылмайтын мәңгілік
Екі ғашық секілді.

Шыршадай тынып тұрсың,
Көктемгі таңда мына.
Айна көл, сыйып тұрсың
Аспанның аумағына.

Көк аспан аунап әлде
Түсті ме төңкеріліп,
Айнаңнан «әу» деп әнге
Салғандай ерке бұлт.

Төніп мен көп қарайлап,
Ғажайып мына суға.
Түбіңде жатқан Айға
Құмарттым сыр ашуға.

Осынау шақта есіме
Сақтайын сәтті күнгі.
Айна көл, ақ төсіңе
Алшы өлең – аққуымды.

Қабағын бұлттың шалып күн,
Ақкүмістене қалыпты.
Сәуле боп түскен жарықтың
Құдіретін солай танытты.

Шөкімдей болып аспанда
Сұстанып тұрған құбылыс
Алтын күн көзін ашқанда,
Шуда боп қалды бір уыс.

Жаңбыр тілеп жер тұр ғой,
Нөсер неге құймайды?
Сырлы шанақ шертілмей,
Мені-дағы қинайды.

Аспандағы ала бұлт
Тұтаспайды неге бұл?
Найзағайлар жаланып,
Салсайшы бір ереуіл.

Мынау дала – былай да,
Жарымаған жаңбырға.
Бір тамбаған бір айда
Өкпелі ме тағдырға?

Тағы да ойнақ салды құм,
Жел іш тартып, өксиді.
Аспан енді дәл бүгін
Бір жақсылық етсе игі.

Мені өзге жан ұғар ма,
Жүрек сонда бұлқынса?
Шарт-шұрт етіп сынарда
Жай отынан жыр туса?

Аспан-ана, Жер-Ана
Ұғысқанда – сондайда
Нұр емген бір балаңа
Жыр емізсең болмай ма?

Дүркіреп екі-үш күнде
Жас көктем кетті жайқалып,
Жапырақ жырын ешкімге
Үлгермей жатыр айта алып.

Жапырақ жырын – былдырын
Кім ұқпай қалды, кім ұғып –
Түс ауа бере бір күні
Жетті бір дауыл жұлынып.

Жер – көкті сонсоң қарық қып,
Құйды бір дейсің ақ жауын.
Е – е – е – деді көкем, - жарықтық, -
Мезгілді күні Алланың.

Күн салып қарап бар маңға,
Жеткенше жанар шамасы,

- Бесқонақ келіп қалған ба, ‒

Деп – айдың қанша жаңасы?

Қалған аулақта
Білдірмей өтіп еппенен.
Қарайды қара жол жаққа
Кім келіп, кімдер кетпеген.

Өмірін өлшеп ендігі аз
Таяғын қысып бекемдеп.
«Өлмеген құлға келді жаз,
Бесқонақ – тағы өтер, ‒ деп».

Тыңда, ашайын сырды бір,
Келген кештеу көңілге.
Мүмкін, мөлтек жырды бұл
Жатсынбауын сенің де.

Боран жайлы бұл өзі,
Қиқар қылық, ақ түтек.
Әңгіме – оның мінезі,
Ал басқасы – факт тек...

Жаз қызығын жәукемдеп,
Болған кезде – білемін,
Аппақ түтек, ал, кел, ‒ деп,
Жылда күтіп жүремін.

Көшіп-қонып күзгі аспан,
Қапелімде қитығып,
Ескі әдетін бұзбастан
Жетер боран жұлқынып,

Сүмбленің салқыны
Суға сиқыр саларда,
Аппақ түтек алқынып,
Асығады хабарға.

Таңда келер таласып,
Кеште келер асығып.
Ақ далаға жарасып,
Еркелігін асырып.

Анық оны айталман,
Әр түрлі ғой әр жылда.
Түсте үйіне қайтарда
Шығар, мүмкін, алдыңнан.

Шақыр-шұқыр тісің де,
Құлақты да бітеп құм,
Араласып ішінде
Жүресің ақ түтектің.

Дала мінез кәдімгі,
Достым, бұған қандайсың?
Ақ бораннан барыңды
Аяп қала алмайсың

Қыры сынып көрмеген
Шалбар, көйлек, тағы не –
Ақторғынмен зерлеген
Келтіреді сәніңе.

Құм суырып, шаң борап,
Сермеп Дала құлашын,
Аяқ жолды қармалап,
Әрең тауып шығасың.

Қайран, Дала мінезі,
Ақкөңіл де, ашушаң.
Өзі – бала, ұлы өзі,
Жасаса да ғасыр сан.

Кімдер қалай түсінер,
Кейде өзім таң қаламын.
Құрдастарым – кісілер,
Ал мен әлі ...

Баламын.

Марттағы жаңбыр салқын-ақ
Көктемді күткен көңілге.
Қамыстың басы қалтырап,
Мазасыз көңілім менің де.

Марттағы жаңбыр, сен көптен
Сағынтып едің, ол рас.
Әйтсе де сонша селдеткен
Ақтара берме долы жас.

Сәуірге қалдыр самалды,
Қайтесің сонша үркітіп.

Ақ көңіл дархан даламды
Май-мамыр маңғаз тұр күтіп.

Долдана берме сен енді,
Сәуірге-дағы қалсын да,
Кептіріп мен де денемді
Алайын суға малшынған.

Марттағы жаңбыр, нөпірлі,
Мазамды менің көп алма.
Аспан жермен сырласып,
Жатыр сансыз тілменен.

Күңгірт перде тұр басып,
Көк әлемін түрлеген
Аспан жермен сырласып,
Жатыр сансыз тілменен.

Тұнып жатқан ағыстың
Турасына тап келдім,
Қия түскен қар-ұшқын
Жолдарындай дәптердің.

Аспан – жердің алабын,
Алып жатқан ақ ұшқын,
Ағыныңа қарадым
Әуеніңмен таныстым.

Нәзік саусақтарына
Тұрып тамшы, күміс із,
Жақын менің жаныма
Жыр оқиды жылы күз.

Жыр оқиды жып-жылы,
Салқыны жоқ, сызы жоқ.
Сырбаз күздің бір күні
Сұлу саз боп үзілед.

Айқұш-ұйқыш әлемді
Ән орайды құмығып.
Дәтке қуат әуенді
Кім ұқпайды, кім ұғып?

Аспан жермен сырласып,
Жатыр сансыз тілменен.
Кеудемдегі жырды ашып,
Кісінейді бір дөнен.

Кірбең көңілдің мұз-қыры
Секілді бейне көк пен жер.
Қатыгез қыстың ызғары
Ауысып қалған көктемге.

Жығардай жардай атанды,
Жазғытұрғы шақтың желі де.
Қара жер жатыр қашанғы
Иленбей қалған терідей.

Кеткендей болып жылып тым,
Жеткен-ді сәуле тарыдай,
Марттағы қара суықтың
Саусағын салқын салуы-ай.

Ойпыр – ой мынау күндерден
Күпті боп көңіл дерттенді.
Жұмбақ бір шағы -ауділгерген
Бүршік бас бөрте көктемнің.

Күн кейде жетпей қалады,
Жетемін кешке шалдыға.
Уақыттың алтын парағын.
Аударып жаям алдыма.

Дөңгелеп түсіп еңіске,
Тағы бір күнім батады.
Ауысып түнге көп істер
Алдымда әлі жатады.

Аямай бойда барымды
Берсем -аудеймін,
десем де,
Сыздатып іштей жанымды

Есеп жоқ кеткен есемде.

Тірліктің алуан ғажабы
Мойнымды бұрғызбады ма –
Мөлтілдеп түнде тамады
Жанымның жұлдыздары да.

КҮЗГІ ОЙ

Ақ далам, алып ардағым,
Ақ шуақ сепкен ақ құмға.
Уақыттың алтын балдағын –
Айналып күнді жатсың ба?

Сабырмен ғана сары алтын
Себездеп нұрын көк аспан,
Ала бұлттардың қанаты
Сырғиды жон мен жонастан.

Сағынып өткен әз күнді,
Жатсың ба ойлап, атырап,
Сарқытындай-ақ жаздың бұл
Сәуле ғой түскен шашырап.

Ақ далам,алып ардағым,
Алысқа кетсем,аңсармын.
Тірліктің мынау қалғанын
Аңсаумен жүріп таусармын.

Өткеріп жазын өмірдің,
Өткізіп күнді алдым ба –
Күн сайын дерлік шомылдым
Күздегі салқын жаңбырға.

Бәріне уақыт көндірген,
Сыр шертіп сансыз жайлардан.
Дірдектеп сонда тоңдым мен
Сары аяз, салқын ойлардан.

Бұлттары көшіп аспанның
Көлеңкесімен көміп бір.
«Күз» деген көне дастанның
Үзінділерін беріп тұр.

Сәулеге құмар сезіммен,
Сәуірге сәлем мың айттым.
Ыстығын арқым сезінген
Қырдағы қолат – құмайттың.

Селеулер тобы селдіреп,
Жай ғана басын шайқады.
Тұрғанмен іштей елжіреп,
Белгілі -ауанық айтары.

Мезгілдің даусы келеді
Салсам да құлақ қай үнге.
Уақыттың өшпес өлеңі
Өзі айтып тұр ғой бәрін де.

Қыс-тағы келер қатайып,
Сағынтар сені тағы да.
Арқамды төсеп жатайын,
Ақ шағыл, алақаныңа...

Тағы ескертіп уақыттың шартын маған,
Жаз-дағы өтіп барады жарқылдаған.
Қауырт келіп күз мынау қонып жатыр
Жейдесінің жағасын алтындаған.

Тағы ескертіп уақыттың маған заңын,
Айтып жатыр шағынып жаз арманын.
Айдау желін Арқадан асықтырып,
Күз қарыштап басады қадамдарын.

Қорғасындай қою бұлт желіккенде,
Үрпиісіп толқындар тоңып көлде,
Керзі етікпен кердеңдеп, кеуде қағып,
Келе жатыр күз мынау еніп төрге.

Мен қалайша жалғаншы бал ашамын,
Түсінемін уақытқа жарасарын.
Адыраспан ол-дағы бас шайқайды
Қаусатып ап самсаған қауашағын.

Дұрыс-ақ қой, уақытты көре білген,
Тек ертерек бермелік бекер тізгін.
Көктем құмар көгілдір өлеңіммен
Кеудесіне гүл тағып кетем күздің.

Жапалақ-жапалақ
Жауады ақ қар –
Ақ сәлем арқалап,
Ағылған хаттар.

Бейбіт күн,
Бейбіт түн,
Бейбіт ақ таңда
Дала кең,

Қала кең
Бейбіт хаттарға.

Бесінші тарау

ӨМІР – ТІРЛІК

Жасқанып мерген оғынан
Тап болды-ау тағдыр бір өгей.
Адасып қалған тобынан
Зу етті жалқы шүрегей.

Зырлаған уақыт ұршығын
Шырматып алса, соры да.
Түріп ол түннің тылсымын,
Барады тартып тобына.

Қайқайтып алып өр төсін,
Тұңғиыққа өзін лақтырып,
Түннің көк шәйі көрпесін
Сипайды сусыл қақтырып.

Жетпей ме, шіркін, сірә, дем
Сағынтып қанат сермеуге.
Сағыныш сазды бір әуен
Аунақшып түсті кеудемде.

Кеудемде гүлі төгілген
Көктемін тойлап қуанып.
Кермиық, кебез керілген
Аққуым қонды бұралып.

Сыңғырлап өтті сыршыл үн,
Сипалап сезім пернесін.
Зыр қағып ұшқан бір шыбын –
Зіл басып қала көрмесін!..

Мазасыз жаным, ей, менің жалын маздағым, Бақытың бөлек, басыңда және аз ба мұң?

Отқа да салдым, суға да салдым кей кезде,
Қадіріңді білмей, жоғалтып та ала жаздадым.

Сен жанып лаулап келесің, менің шырағым,
Кеудемде зырлап, тулайды жойқын бір ағын.
Қадірлемеуге қасиетіңнен қорқамын,
Қасиетті менің тұмарым!

Менімен бірге жандың ғой, маған сенерсің,
Тағдырдың салған талайын бірге көрерсің.
Маңайымдағы өзіңнен өрген өрімдер
Мен кетсем, өзің соларға шуақ төгерсің.

Соларға нұр боп, соларды желеп-жеберсің,
Көрінбей жүріп сен өзің, бәрін көрерсің.
Ата-бабаның аруағы кейде мені де
Жебеп жүргендей сеземін, соған сенем шын.

Мазасыз жаным, ей, менің жалын маздағым,
Тағдыр көрсетер маңдайға не деп жазғанын.
Тірліктің мынау тулаған толқындарында
Өмір-кеменің ақ желкендерін қозғағын...

*** Өмірдің өртеп өзегін, Өзгеше күндер өтті көп. Көңілдің таппай тежеуін, Белгісіз жаққа бет түзеп.

Көп елес өтті көлбеңдеп, Көк сағым қылып көз алдын. Көбіне ырық бергем жоқ, Көтеріп кеуде сазардым.

Көбеңдеу тартып, көсіліп, Көрінсем көзге деп едім, Оясын таппай осы үміт, Жортақтап әлі келемін.

Бұл күнде сеңсең ойлардың Сілкілеп қағып сеңгірін. Қойшы балаға айналдым Босамай сәтке белдігім.

Шықсам да тауды, тасты өрлеп, Күндіз де, түн де тынбаймын. Өзегімді өртеп асқар бет, Әйтеуір шығатындаймын.

Өзіңе айтар жан сырларым болмаса,
Мынау дүние қызық емес онда аса.
Мынау дүние қызық емес онда аса,
Көкірегімнен өлең бүршік жармаса.

Жапырағын жайған жазым болмаса,
Халқыма айтар арман-назым болмаса,
Жауыма атар сай кез оғым болмаса,
Мынау дүние қызық емес онда аса.

Өмірім-ау, өмірім, күндерім-ау,
Мұңымды шағар екем кімге мынау?
Бәрі жақсы- үй-жайым, тіршілігім,
Жан азабын қайтемін - білмедім-ау.

Тоты құстай түрленіп тарансам да,
Ойым онға бөлініп, санам санға,
Қу тірліктің құлқына құм құям деп,
Түсіп жүрмін амалсыз көп аңсауға.

Тұра алмаған тәй-тәйға баладайын,
Қалт-құлт етіп, дуалды жағалаймын.
Сәби жүрек лүпілдеп соғады-ай бір,
Жапырылып жатқанда қоғадай мұң.

Қоғадай мұң, серпіліп кетермісің,
Қай тарапқа білмеймін, жетер күшім? Тағдырымның тұтқасы-ау, табынатын,
Қашан іске қосылар көтергішің?

Әлі күнге ақ үрпек балапанмын,
Аңсай берем ыстығын алақанның. Қашан мен де қыран боп қанат жайып,
Қайран мынау халқымды қаратармын?

Қабағына қараумен “қадірлінің” , Жүре алмадым, жүгенсіз жанымды ұғын. Сүйтсе- дағы, мен қандай “сабырлымын” – Сүймесіне айналдым салындының.

Қалқып қана келемін су бетінде,
Үрметің де мәз емес, құрметің де.
Күн күледі күлімдеп қашан ғана, Уа, дариға Дүние, күл бетіңде?

Өмір деген күрестің кілемінде
Оты барлар жеңеді жүрегінде.
Бәрін құрмет күтеді жеңімпаздың
Ескерусіз қалдырмай біреуін де.

Күреске түс, кілемге шықсаң шындап,
Жігерің мен жаныңды бірдей шыңдап.
Жалғандықты жаһаннан жаһаннамға
Лақтыруға тымақтай бұлғап-бұлғап.

Күреске түс өзіңді өзің жең де, Күреске түс ақылмен, сезіммен де.
Күреске түс серт етіп ар семсерін,
Адамдықтың алдында көз ілмеуге.

Толса бойың толассыз күш-өнерге, Қонса басқа бақыттың құсы егерде, Адамдармен ақша үшін, атақ үшін

Пенде болып күреске түсе көрме.

Басы қатты өмір бұл – бас білдірген, Кіммен қалдым – білмеймін, астым кімнен. Шалқақтадым, шалқыдым, шамырқандым, Шамаласып жүре алмай басбілгімен.

Өмір - өзен бұрқанған, буырқанған, Ұрып кетіп жатамыз ұрымталдан. Малтығумен жүреміз шығып кейде Ал кейде бір шыға алмай, дымың талған.

Басы қатты өмір бұл – біз білмеген, Үмітімді үлкейтіп, үздім неден? Бәрі жұмбақ өмірдің, біле алмаймын, Жұмбақтарын ұлы өмір білдірмеген.

Бір тәңірге келемін табынумен, Табынумен келемін, жалынумен, Жалынумен келемін, шағынумен, Шағынумен келемін, сабылумен...

Кесем толып кемерлеп жалын, умен...

Арманыма бір үміт серік болып, Екеуіне келемін ерік беріп. Осы екеуін жоғалтып алмасам деп, Жан терімді аламын төгіп-төгіп.

Ащы менен тұщының татып дәмін, Төге алмасам жанымның жақұттарын, Қалай ғана ұғар ем мына өмірде Адастырмас, адаспас бақыт барын?..

Табанымнан таусылып тарықсам да, Талабымды ұмтылам тағы ұштауға. Табыстарға жолықсам – талайымнан, Ал бақытым – қиырсыз алыстарда.

Алдыма алып ағарған таң жарығын, Алыстарға жол тартқан арбалымын. Қос тертеден мойыным бір босамайды Қорабымда қастерлі барда жүгім.

Өмір, өмір, өтіп жатыр әр күнің, Әр күніңнің ұсынатын шарты мың. Мен де келем алға тұтып шыра ғып, Шақпақ тастай шағып ойдың жарқылын.

Табиғатың таңғажайып тылсым бір, Тылсым күйге табындырып жүрсің кіл. Өмір жыры деп түсініп келемін, Кеудемдегі қасиетті дүрсілді.

Қатпар-қатпар қабағынан құздардың. Сездім талай суық табын ызғардың. Толқи-толқи теңіз болып тербелдім, Тұрдым тау боп турасынан ызғардың.

Бақыт жайлы, уақыт жайлы, ел жайлы, Туған Далам, теңізім мен көл жайлы. Бәрі, бәрі, бәрі жайлы, әйтеуір, Сарқып айтып кетпесіме болмайды.

Соны білдім, мен өзіңнен соны ұқтым, Соны ойлаумен соны ойларға жолықтым. Соны ойлаған шақтарымда шаттандым, Соны ойлаған сәттерімде қорықтым.

Мен айта алмай, іркіліп, Әлде... әйтеуір, тоқтадым. Алақандай кір тұрып, Айдың беті қап-қалың.

Ай, ай, бермен қарашы Артық айтсам, кешіргін, Ақ пен қара арасын Қайтіп қанша өшірдім?..

Күндей жүзім қызарып, Көкжиекке келдім бе? Көкейдегі ой ұзарып, Көпей тарттым мен мүлде.

Жә, жарайды, аппақ Ай, Қалқып ағып өтерсің. Беймаралдау шақтар-ай, Не деп кетер екенсің...

Мылқау мұңды орап мен, Түн қойнына тастадым. Ал сен алтын орақпен Іліп алып қашпағын.

Ішінде оның тұншығып Жатқан ойды қозғама. Жердегі алтын тіршілік – Күбір-сыбыр сөз ғана.

Барқадар таппай бәз күннен, берекең кетіп, Бақай есептің қамалып тор-өрмегіне. Көңіліңді алдап қаншама демесең де, түк Оралмай ойың санаңның тегермегіне.

Тіршілік деген кәрі қырт кезеріп ерні,
Қамалап келіп төнеді мың нөкерімен.
Найзасын сұғар насырлы сезеді жерді,
Дәл аңдып тұрып өкшеңді, бір көтерілген.

Олай да – бұлай дәрмен жоқ қашарға-дағы,
Оралған торға шыбының безек қағады.
Қара түн-сынды қараңғы қаһарға жанып,
Мың нөкер қанды қанжарын кезеп бағады.

Ішің сезеді қаңқиған көлеңкелерді,
Дәрмен жоқ бірақ қайтерсің, тұрарға қарсы.
Көлеңкелерді өртегім келер... келер бір –
Жүрек басынан үзіліп сынарда тамшы.

Аспан асты, жер үстін мекен қылып,
Өмір жолын мен-дағы өтем жүріп.
Бір жапырақ жүрекпен кеудемдегі
Өтем жылап өмірден, өтем күліп.

Басқа байлық не керек – менсінбедім.
Кеңістік пен уақыт – еншім менің.
Құлап-тұрып келемін, құрақ ұшып,
Күмбір-күмбір кеудемде шертілген үн.

Сенің-дағы кеудеңде саз ойнай ма,
Саз ойнай ма, сал сезім наз ойнай ма?
Тіршіліктің титімдей бозторғайы
Салған әуен саусағын созар ма Айға?

Ой-хой, шіркін, өмір-ай, өмір деген,
Өмір – сәуле, арзанға берілмеген.
Әдемі ғой, әдемі. Әдеміні
Әдемілей білейік төзімменен.

Аз ба, көп пе – өмірдің жүрдім жолын,
Нені үлгердім, ал нені үлгермедім –
Айту қиын шықтым деп шыңға шырқап,
Айту қиын аштым деп жырдың кенін.

Ақылды алдап, ал бірде сезімді алдап,
Салып келем шыдам мен төзімді алға.
Осы менің тынысым, тіршілігім,
Мынау жалпақ ғаламда Өзім барда.

Шаруам да жоқ - жеттім бе, жетістім бе,
Тіршілігім көрінер оқыс кімге.
Қайнап жатқан қақпақты қара қазан
Секілдімін қып-қызыл от үстінде.

Өзім барда отқа әлі шарпылармын,
Қайнап-қайнап, мен де бір сарқылармын.
Қақпағымды аш-тағы қара сонда
Ат басындай келсе егер алтын алғың.

Таппасаң да сен сонда өкпелеме,
Мына өмірден өткен деп текке неге.
Мүмкін, берген шығармын байлығымды
Мені адам ғып азамат еткен Елге.

Ойда еріген үміттің
Сәулесіне сын арттым.
Кебін тастап күдіктің,
Әуресіне құмарттым.

Үміт, күдік – екі ұдай,
Көкпар ойым дал болды.
Тұтқындағы тотыдай
Сәндеп қоям сәлдемді.

Көрінбейді көбең ой
Кес-кестеген кеденнен.
Дел-сал болған өне бой
Ем іздейді өлеңнен.

Бүгін тағы тосылдым,
Ертең қайтер екенмін?
Жарға тіккен қосымның
Жел жағынан өтер кім?

Тәй-тәй басқан баладай,
Балағына шалынып.
Жардың бойын жағалай
Қол соза ма тағы үміт?

Өлшемі басқа өзге әлем,
Санамды салып сан саққа.
Өзім де сынын сезбеген
Нұсқайды алыс-алшаққа.

Шырқаған шыңыраулардан
Шыға алмай кейде шарқ ұрып.
Сиқырлы, сеңгір таулардан
Секіріп жүрем алқынып.

Қол созым жерден қауышып,
Қиырға кетем жан жетпес.
Бір сиқыр күйге ауысып,
Пердеден өтем пәнде өтпес.

Заңы да, сәні өзге оның
Өзіме ғана мәлім-ді.
Ақылы жетпес өзгенің,
Тек өзім ұғам халімді.

Періште болып ақ қанат,
Қалықтап кетіп барамын.
Өзімді өзім қақпалап,
Кейде әзер жерге қонамын.

Пенделігі жоқ бір сәттік
Перизат тірлік, пірлі өмір,
Санаға сыймас бір шаттық
Менімен дәйім бірге жүр.

Күңірентіп тау ішін,
Атылмадым жарқыл боп.
Биік емес дауысым,
Атойлауға шарқым жоқ.

Шамырқанған кезімде
От шарпиды сиқыр үн.
Шыт-шыт сынған төзімге
Жамау салдым, күйті – мың.

Сондай, сондай сәттерде
Жан танымас күйге ендім,
Түсіреді ақ терге
Сергелдеңі күйбеңнің.

Бәрі өзімнің ішімде,
Бәрі өзімнің басымда.
Нұрдың суын ішуге
Ұмтыламын жасынға.

Сұңқар ойдың шөгелі
Қауырсынын тонатып,
Қос топшысын келеді
Қыл тұзаққа қанатып.

Тыңдар жан жоқ датымды,
Кердеңдерден түңілдім.
Арнап арман хатымды
Көкжиекке сіңірдім...

Арманың, шіркін, таусылмас,
Жүрегің соғып тұрса егер.
Тірліктің мәні –
Айтылмас

Мұңдарыңмен де өлшенер.

Қарекет қылсаң, адал боп,
Кінә бір тақпа өзгеге.
Адалдық отын жағам деп,
Жаманды босқа тергеме.

Қол қусырып отырсаң,
Жарытпассың бар болып.
Көкірегі көкте, сөзі паң
Шындыққа қайтсін зар болып?..

Жарамады...
Өмір жүйткіп зымырап барады әрі,
Көңіл қалды қозыдай қорадағы.
Көбең қозы тағы да көкке тойып,

Көк белдерге қай кезде оралады?..

Маңырады.
Күндеріне көңілсіз – шағынады.
Көк белдерін көрсем деп сағынады
Күндер өтіп барады, айлар өтіп,

Қоңыр қозы шағынбай не қылады?..

Көңіл көзін
Бір ілмейді айқасып сезім-төзім.
Қашанғы қамауда ұстап өткерем деп,
Қашан жеңіп шығам деп өмір тезін...

Қайтсем екен, кішкентай қоңыр қозым?..

Көп ойымды көкжиектен асырмай,
Жұлып алып қашты жел.
Өмір мынау: болып-толған ғасырдай,
Кердең қағып асты бел.

Кімдер келіп, кім кетпеген тіршілік,
Күмбезінен кеше көкем қараған.
Көкірек тұр бозбаладай құлшынып,
Он бесінде толқын шашын тараған.

О, Тәңірім, мұның да шүкір ғой,
Бұл болмаса, қайтер ем?
Сақ санамды ақжем қылып бітірді ой,
Әйтпесе мен талай сырды айтар ем.

Тіл байланып, талмау тұста тұншықтым,
Дұрыс болды-ау осым – деп.
Бүрін жармақ балауса бал бүршіктің
Бөбешігін өле сүйдім сосын кеп.

Бұл-дағы арман қол жетпейтін, һәм көңіл,
Тіршілікке терезеден қарап бақ.
Сенің мынау тірлігіңді қамкөңіл
Кім бар дейсің қарар қайта парақтап.

Өтеді өмір, тіршіліктің тілі бұл –
Түсін, мейлі, түсінбе.
Мен білетін дүниенің сыры бір
Өңімде де, түсімде.

Қайтем оны қайталап мен тағы да,
Көп ойларды жел ұшырып жоқ еткен.
Өмір менің бармақтайын бағыма
Күлімсіреп қарайды аппақ желектен.

Осы менің құдіретім керемет,
Кейде өзім де бағаламай, қор қалған,
Көп нәрсені кеш түсіндік, не керек,
Қас тұлпардай қарсы шауып болдырған.

Табан жолдың тауқыметін тәрк еттім,
Талан жолда өлсем деп.
Қиялдағы таңғажайып ертектің
Ертеңіне менен өзге кім сенбек?..

Ізтай ақын – ақпандатқан боранда,
Мен туыппын онан сәл-пәл «ертерек».
Кім біліпті, бәлкім, әлде сонан ба -
Күздің қоңыр желіне өстім еркелеп.

Таразының таң салқыны тап салып,
Көкіректің толтырады көрігін.
Кеудемде бір құрып алып патшалық,
Қақтайды отқа тағдырымның темірін.

Қоңыр күздің қоңыр желін хош көріп,
Қоңыр үнге кеудем толып жүрем көп.

Қоңыр қырға көтерілген көш-көлік,
Көңілімнің көп күдігін жүр емдеп.

Күз аспаны секілденген көгім бар,
Бөркін бұлғап, бұлт үйірген сәтте бір.
Ақша бұлттан іздеп жүрген жоғым бар,
Қуат қылып кеудемдегі дәтке бұл.

Байлығым бар айта берсем, ой, небір,
Көсілте айтар көкіректе жетер үн.
Күз күніндей күркіреймін кейде бір,
Күз күніндей кейде төгіп өтемін.

Жанымда менің жақсы ән жүр,
Жалынға бөлеп кеудемді.
Жапырағын жайып, ашқан гүл
Жайқалып әнмен тербелді.

Сәбидей созып саусағын,
Ғаламға ғажап тамсанып.
Дүниеге ғашық бал шағым
Келеді солай ән салып.

Бейхабар у-ду, даң-дұңнан,
Әуені бөлек жанымның.
Кеудемді абат ән қылған
Құдірет, саған табындым.

Қара бала едім қаршадай,
Арманға толы арда әлем.
Келемін ағып мен солай
Ағысқа толы арнамен.

Тереңдер жатыр тереңде,
Салқынын сақтап сабырмен.
Биіктер де тұр төбемде
Тілдесіп Құдірет-Тәңірмен.

Алдымды болжап біле алман,
Кім ұққан мөрін маңдайдың?
Ән болып көшкен ұлы арман,
Өзіңе жолыққандаймын.

Қыран көзбен көп қарап қия шыңға,
Қияндардың қызығын ұғарсың да,
Кеудеңдегі керемет көкіректің
Ғажайып күй басасың ұясында.

Сол ғажайып күй кеудеңді кернеп сенің,
Көкірекке толады жер-көктегі үн.
Сырлы әлемге енесің ертегідей,
Сан мың сәуле жаныңды тербеп керім.

Толып сонда ғаламның шеңберіне
Кеткің келер қалықтап ел көгіне.
Өзің ғана ғаламның өзег боп,
Бүкіл дүние ортақ боп сендегіге.

Оранып бір ғаламдық ғажап отқа,
Ғажап отқа – бір сиқыр азап отқа.
Сол бір сиқыр керемет тартып сені
Құдіретпен қосада со заматта.

Бәрі ғажап өзгеріп санаң, жаның,
Сен түсініп тұрасың ғалам жанын.
Барып-барып қайтасың «сол бір жаққа»,
Қуаныш боп қайтадан оралғаның.

Құшағында қып-қызыл шоқ аунаған,
Өмір деген мәңгілік – от лаулаған.
Қасиетті тіршіліктің мекені,
Ұлы ошағым – Орман, Теңіз, Тау, Далам.

Табынғаным – сол от менің сенгенім,
Шалқуымен шабытымды тербедім.
Тамыздық боп түсе алмасам, ол – менің
Шала болып бықсығаным, сөнгенім.

Мәңгілік от, мазамды алып лаулаған,
Жүрегімді жалын-шоғың баураған.
Жәндік емен жылынуға жаралған,
Жүргіншімін жол үстінде жаураған.

Көзге қораш көрінгенмен түр-тұлғам,
Жүргіншімін - өзегіңе ұмтылған.
Тек сөндіріп алмайын деп келемін,
Жанымдағы алауыңды бұлқынған.

ҚАМШЫ

Дәстүрі деп бір тәуір қазекемнің,
Қалап алдым қамшысын Қалекемнің.
Қайтармастан нағашым ұсынған-ды,
Ұсыныпты ойланып, бәрекелді!

Нағашымен солайша жиен болып,
Сол қамшыны жөнеппін иемденіп.
Қуаныппын болғандай жаңа қазақ,
Баладай-ақ өзгеше реңденіп.

Ағайынның қашан да өсегі көп,
Қаңқу сөздер сыртымнан еседі кеп.
Қу таяқты қайтеді байғұс бала
Аты түгіл үйінде есегі жоқ.

Ағайынға артық сөз лайық па екен,
Есегім жоқ болғаны айып па екен?
Кім біледі, нағашым қамшы ұсынды,
Мүмкін, енді мен-дағы байып кетем.

Жүрген жоқпын ескілік салтыменен,
Сыйластықтың бек ұққан парқын әлем.
Қу тобылғы емес ол қарыс сүйем,
Қайыс емес төрт өрім қамшы деген.

Нала-мұңның бауырына іркіп аспан,
Бір заманда өңінен сұрқы қашқан
Осы Қамшы дырау боп сұм қолында,
Бірде Ләйлім көңілінің кілтін ашқан.

Селтеңіммен қалсыншы еркелігім,
Мен-дағы бір қазақтың еркегімін.
Ниет қылдым қыл құйрық қызық күнге
Қазағымның қастерлі төрт өрімін.

Түндерде тыныш... аспаның
Жанарды тұтқан алқасы.
Арман-Тау дейтін асқардың
Құлаған талай жартасы.

Күңірентіп ойдың шатқалын,
Қой тастар талай құлаған.
Айтшы деп көңіл даттарын,
Жұлдыздар талай сұраған.

Түндерде тыныш...
Қайғымды
Құс қанат қиял сабалап,
Арман-Көл дейтін айдынды

Көшкенмін талай жағалап.

Жатқанмын талай құм қулап,
Қайықтай қалған қаңырап,
Балапан толқын былдырлап,
Жарыса алмай жамырап.

Жоқ деген ойды өзіңді
Сіңіре алмай санаға
Кәдімгі тірі кезіңді
Ойлаумен жүрмін, жан аға.

Дүние бәрі бұрынғы,
Тек өзің жоқсың арада.
Жұлдыздарға ашар сырыңды
Шығар ең алып далаға.

Босаған шақта ой қозғап,
Бір тамшы жасты төгетін
Орадым аппақ қағазға
Өзің де жақсы көретін.

Қайсар күндерім
Уақытпен
Қарысып, бір демін алмай,
Жайсаң күндерім

Бақытпен
Жарысып, бір ел қалмай,
Келемін алға аттағым кеп.
Арамдықтардың

Жолына
Нұр болып төгілгендерді,
Адалдықтардың
Қолына

Гүл болып берілгендерді
Келемін ардақтағым кеп.

Тіршілік-ай, қарлығы, ұрлығы мың,
Естисің бе даң-дұңнан жыр дүбірін?
Жаны жайсаң жақсылар жолығар деп,
Жол қараумен өтуде бұл ғұмырым.

Қызғанбадым басқаның бақ-талайын,
Сақтанайын демедім, ақталайын.
Солай жүріп келемін жер бетінде
Беймәлімдеу болса да жатқа жайым.

Пысықтығың болған жоқ менде өлермен,
Бөлінейін демедім өңгелерден.
Саф, самала ауам бар, айналам бар,
Дүнием бар өзімнің дөңгеленген.

Арасымен түнектің жарықпенен,
Сол бір сиқыр әлемді алып келем.
Қасқалдақтың қанындай құпиямды
Адалдықтың арына таңып келем.

Өмір – дода, сынап жұрт көрсін бағын,
Бас жарылып, көз шығып, қол сынғанын.
Жығылғаны шаң қуып, шаты айырылып,
Ал жыққаны...

Жыққаны алсын бәрін.

Деп біреулер жүреді сартылдаған,
Айыл-тұрман тартынып жарқылдаған.
Бейбіт күнде бел шешіп, білек түйіп,
Ерен артық білгішсіп дарқылдағын.

-Өмір – дода, мен де бір мығым болам,
Ту түбінен табылам жығылмаған.
Деп біреулер жүреді ой, дүние-ай,
Қораз тауық секілді қыдыңдаған.

-Өмір – дода, бәрін де ұғып тұрам,
Бәрін іштей білсем де, бұғып тұрам.
Ту сыртыңнан шығармын, бәлем, бір күн,
Дейді біреу көңілін көк буып тұман...

Құлақ тұнып, көз алды тұман болып,
Айқай-шуға шыдайды шыдам берік.
Өмір жайлы ой салып салқын сырға
Жай сөйлесек жарар-ау мұнан гөрі.

Әділдік пен зұлымдық сыналатын
Өмір – өлең, өрнектеп шығар ақын.
Өмір – өлең, өзегі өр талапты
От пен суға кезек сап суаратын.

Адамбыз ғой кәдімгі қарапайым,
Қарапайым ойымды таратайын.
Мен сияқты біреуді қатардағы
Қарапайым жырыммен қаратайын.

Ұқпадым, бауырым,
Заманның ауырын.
Жанды жеп барады
Жарақат-жауырым.

Ойдағы жүгім бар,
Жүйкеде зілім бар.
Кімге айтам шағынып
Деп енді ұғыңдар?

Таланды тасқа ұрып,
Табанға тастадық.
Бор жағып маңдайға,
Қойдық қой қасқа ғып.

Баспаққа бағындық,
Бұқаға жағындық.
Бұттаған біреуді
Тәңір ғып табындық.

Сөзім бар сыңайлы,
Кімдерге ұнайды.
Төбетке теліп жүр,
Танымай құмайды.

Ертеңді ел көрер,
Елер ме көрген ел.
Қайтсе де, бауырым,
Жайым жоқ сенделер.

Бағамдап көрерсің,
Сенбессің, сенерсің.
Жаныма жем тасып
Жүр нәзік көгершін...

Күйбең тірлік, сен мені алдандырма,
Алдандырма, мойныңды жалған бұрма.
Менің еншім сенде емес, саған, тіпте,
Құлақ қойғым жоқ менің, алданғым да.

Мына өмірде мен басқа жол қамын жеп,
Талпынамын басқа жыр толғағым кеп.
Кінә қойсам, өзіме өкпелеймін –
Алып түсер ақ алмас болмадым деп,

Күйбең тірлік, саған ден қойғаным жоқ.

Онсыз-дағы кезім көп мың сүрінген,
Сондықтан да сақтай гөр күншіліңен.
Шеберлігің жоқ менде, күйбең тірлік,
Сенің тиірмен тасыңды шырқ үйірген

Құлшынумен келемін, тұншығумен.

Әркім ұқпас тұйықтау бір күйіммен
Қашам аулақ күйбеңің, күңкіліңнен.
Кей-кейде бір от алып қарсы ұмтылам
Нажағайдай жарқылдап бұлт үйірген,

Жұдырықтай жүрекпен жыр түйілген.

Тайыздық, мені талай тарттың ғой құрдымға,
Сорлаттың ғой сен, бір мұңды қосып, бір мұңға.
Өз жүрегімнің сыймай жүргенде қабына,
Тәуелді қылып қойдың ғой тұлып-тұлдырға.

Тағы да нең бар, тағы да нең бар сыйлаған,
Тартуыңды мол, көтерер ме екем, - қиналам.
Табаным терлеп, тағдырым шөлдеп тұрсам да
Тайыздық,сенің алдыңда әр кез ибанам.

Именем сенен, өйткені сондай мықтысың,
Сенің алдыңда жоқ қой, жоқ менің түк күшім.
Сен кереметсің, кереметсің сен, білемін,
Сен әлі талай кереметтерге жүктісің.

Қарныңды жарып, қара қанжарды салар ем,
Сөйтіп бір сенен қара кегімді алар ем.
Бірақ та сенен түк шықпайды ғой, білемін,
Білемін, мынау нұрлы әлем – мықты, Дала кең!

Тайыздықтан түңіліп жүрген жан ем,
Қайда барсам, қайраңға қақтығумен.
Қазір бетке қылымсып күлген дәмем
Сәтте айналып, сыр берген сәтті күннен.

Тайыздықтан тойдым мен мелдектедім,
Кілкіп көшіп барады жан-жүрегім.
Ер жасында еленбей ер жеткенің,
Неткен сонша тайғанақ тағдыр едің!

Тар қапасқа қаншама қамалғансың,
Құшақ жайып жүріп-ақ Күн мен Айға.
Қауқарсыз боп қалайша жаралғансың,
Қаңбақтайын қақтығып, қыр мен ойға.

Түсініксіз жатқа да, жақыныңа,
Санаңменен сенделген жағыдайың.
Кең Дүние тар соғып тақымыңа,
Тартып кеткің келеді тағыдайын.

Даладай ғып кеудеңді тосып желге,
Омыраудың оймасын орап ұшқын.
Өрге қарай сілтіп бір көсілгенде,
Иірімінде кетсең-ау сол ағыстың!..

Сүйдім, күйдім – талай сырды аңғардым.
Сүйінетін жан таппай да дағдардым,
Ал сонан соң солығымды баса алмай,
Айдалада болды талай қалған күн...

Сол ізбенен келем, достым, мен әлі,
Көкірегімнен көңілім көп жоғары.
Мен адастым дей алмаймын өмірде
Адастырып кеткендер бар... көп әрі.

Жарым жолда қалдырған бар қапа ғып,
Сарайында жоқ болған соң опалық.
Мен солардың бәріне де жанымның
Шуақ-нұрын бердім... бердім қотарып.

Аямадым, алып қалған түгім жоқ,
Көңіліммен күн боп шықтым күлімдеп.
Күнімді алып кеткендерге күйіндім,
Біріне де кек тұтынған күнім жоқ.

ТҮСІНУ МЕН ТҮСІНБЕУ

Бәрімізде келеміз бір қоршаудың ішінде,
Бір қоршаудың ішінде – өңінде де, түсінде.
Әлде түсің бөлек пе, -
Міне осыдан басталар

Мәңгі жұмбақ, толғаныс: түсіну мен түсінбеу.

Нені ойлаймын өмірде, армандаймын мен нені –
(Тәңірі, сірә, арманшыл етіп қойған пендені.)
Соны бірақ кейде өзім анық біле берем бе,
Шын сендіре алам ба, өзімді, һәм өңгені?..

Жұмбақ басы осыдан басталады есейсең,
Сана, есіңді бұлтаққа салып, бастан көшер сең.
Толқын-толқын толғаныс толықсыған кеудеңде
Өрмелейді ойға алыс, таппай тоқтар еш өлшем.

Қиналасың таба алмай от пен судың ортасын,
Толықсыған кеудеңде қайнап жатар қорғасын.
Ақылға сап көрерсің, сезімге сап сынарсың,
Бір Тәңірге жалбарып, медет тұтсаң, ол да – сын.

Білем, - деуің қиындау, білмеймін, -деу – ол қалай?
Екі дай боп бір ойың, бірін бірі тыңдамай,
Солай, солай жүресің ұстараның жүзінде
Сол ұстара әйтеуір сені жазым қылмағай.

Өмір сыры, айнам-ау, айнадайын сиқырлы,
Сиқыр сырын ұғам деп, сан бұзарсың ұйқыңды.
Бал ашарсың күбірлеп – балды болғай тағдырың,
Гүл құшарсың күлімдеп, жыр оқырсың сүйкімді.

Тоғыз толғап, он ойлап, өңіңде де, түсіңде,
Толғанарсың, жаным-ау, бұл қоршаудың ішінде.
Маңдайыңа бармақтай бақ бергей-ді Тәңірім
Өмір – жұмбақ мәңгілік: түсіну һәм түсінбеу.

Өмір, саған айта алман өкпемді көп,
Өз кінәмді мойныма қоя аласың.
Бір бейнеткеш пақырдай кеткен жүдеп,
Оңып кеткен уақыттың боямасын.

Иығыма іліп ап тартып келем,
Тартып келем шаң борап жұлығымнан.
Сыйыса алмай кейде бір «тәртіппенен»,
Қанша пайда көрдім бұл қылығымнан.

Өмір, саған айта алман назымды да,
Еркелетіп көрмедің – ол да мәлім.
Қоңторғайлау бір тағдыр жазылды ма –
Дұрыс дейсің тек содан озбағаның.

Солай, солай сендіріп, сеніп көр деп,
Бара жатыр бауырлап басқаша ұғым.
Әлдеқандай жандарға еріп мен де
Теңбіл добын тірліктің тастасамын.

Көп күндердің көбесін сөгіп ашып,
Жұмыртқадай шайқап көп өтті уақыт.
Бағым асып бара ма, сорым тасып,
Жаман ерім арқама кетті батып.

Өмір, саған айтарым басқа менің,
Өзеніңнің орашы өр ағысына.
Толағайдай тауды алып тастар едім,
Талай берші тырнақтай табысыма.

Сан соғыс өтті кеудемнен,
Сырына соның қанық кім?
Санаткер болсаң, мен деген,
Танылмай жатқан тарихпын.

“Ақырын-ақырын құрғырлар
Алыстап кетті-ау «әу» демнен.
Бақытым жанып, бір жылдар
Көтердім «Тыңды» кеудемнен.

Сырымды менің білді кім,
Көрмеген сынып даусымнан?
Аударып алып жыр жүгін
Амалым талай таусылған.

Қап, әттең, білмей қалыппын,
Өтіппін талай қақпадан.
Өзімдік шағын тарихтың
Томдарын ойша ақтарам.

Қатем де қанша – қисығым,
Бармағым тістеп қалам көп.
Таба алмай жанның тишуын
Отырмын бүгін алаң боп.

Тарихпын, шындық, шағын бір,
Келіспей көрші, ал бұған.
Патша боп тұрып тағымды
Бір кезде жауға алдырғам.

Бір кезде кірпік қақпай бір,
Төңкеріс таңын атырдым.
Жарқ етіп жанып оттай нұр
Тағдырын таптым ақынның.

Тасынан жайдың оқ алған
Бақытты жылым болды бір.
Жүрегім – Аврорамнан
Басталған ұлы бір дүбір.

Білмеймін қанша өтер күн,
Таңдарды талмай күтумен.
Жер-Ана, Ата мекеннің
Қасиетін қадір тұтумен...

ҚАЙРАУ

...Қара қайрақтың – тас нәті...
Кеңшілік

Борыққа салып қанжарын,
Бопсалап жүрген жан емен.
Санадағы ойдың тарланын
Шығарсам деймін мәреден.

Ағатай-Беріш ағам-ау,
Алымы қатты алмаспын.
Келген бір шақта қанама
Қынымда жатып қалмаспын.

Тістеп те, шайнап желкемнен,
Жапырмақ жандай жалымды,
Көп айттың кейіп, өртенген
Шарға сап шиқандарымды.

Онсыз да дертім ушығып,
Усойқы таппай, ұрынып,
Қымыран іріп, қырсығып,
Жүргенімде сан жығылып.

Қайрауың шығар деп білдім,
Кетілмей, кердең бассын деп.
Екіленіп соққан екпіннің
Арыны асып-тассын деп.

Махаңдар мінген марайма
Маймаңдап өрге асылып,
Байекең кірген сарайға
Бас ұрмай кірсін, басынып, -

Дегенің шығар деп ұқтым,
Ағатай - Беріш ағам-ау...
Туын ап шыққан шеріктің
Кім жетер менің бағама?...

Бүтін Дүние бүлк етпейді,
Бауыры жазық, басы анық.
Пенде шіркін, күлтектейді,
Дәрменсіздік қасарып.

Ол жарқылдап, жайнамайды,
Ашып көркін мүбәрәк.
Әуезе ғып толған айды,
Тауып кінә-кінәрат.

Дүниенің кең қоршауын
Құшаққа алып, айқарып,
Көз ұшында – толған сағым,
Жатпас жаны жай тауып.

Ер пенденің қылығына
Сайтан күлсін, сен де күл.
Келмейді оның жұлығына
Өйткені ер пенде бұл.

Сырласуға, әздесуге
Шамаң келсе, бер көңіл.
Пенделіктен баз кешуге
Хақысы жоқ пенденің.

Бауыры жазық, басы да анық
Шын мәңгілік бұл ғалам.
Тіршіліктен жасымалық,
Пенде мықты сынбаған.

Майыса бер, мың бұралып
Қансын жұрттың құмары.
Түбі әйтеуір, бір күні анық,
Пәнде жеңіп шығады.

Айтқанына ақылдың зорға көніп,
Оңай- оспақ ойларға олжа болып,
Оңғақ істің жүрміз-ау жетегінде
Ерназардың көшіндей сорға қонып.

Өмір деген биік қой, мұнар шалған,
Сол биіктің басын тек қыран шалған.
Арман бар ма адамда бұл тірлікте
Шың басына жетердей бір ән салған.

Сәби болып, келдік-ау жерге біраз,
Көргенің де көп емес, бергенің аз.
Ергежейлі секілді бой созбай ма,
Боз төбеге шықпай ма сендегі уәж?...

Өмір өзі дегенін жатыр жасап,
Екшеп көрші, бәрін бір ақылға сап.
Енді кім боп кетеміз ел көзінде
Бойды жиып, бір қайрат шақырмасақ?

Қайрат қайда, қайратым қайда?- дедім,
Қырда қиқу, ізім жоқ сайда менің.
Тіршіліктің тізгіні қойды мені
Қапталына қаңтарып қай кеменің?...

Дегеніңе тағдырың көнбегесін,
Жасисың да, тағы да ерленесің.
Әрі-сәрі халіңді хаттайсың кеп,
Тастайсың кеп тағы түк өнбегесін.

Жаның таза болғанмен, санаң да аман,
Жүйріктейсің бәйгеде шаба алмаған.
Жармақтасып бірдеңе жалаған боп,
Жүрсің тірлік тілінен жалаңдаған.

Қуанышың, бақытың, қызығың да,
Өзіңде емес,өзгенің құзырында
Секілденіп жүресің, пенде болып,
Бір жығылып, бір тұрып күнұзынға.

Түсіне алмай жүргенмен сен есебін,
Бәрі қызық көргенің, көрешегің.
Деп біреулер жұбатар көңіліңді:
«Салың суға кетіп жүр неге сенің?»

Жол мөлшерін білместен, жол есебін,
Шу-шулеймін тағдырдың көк есегін.
Қотыр тайдан хас тұлпар шықпас па екен
Қолтығынан қағып бір демесе елім.

Менде бір қасиет бар, білесің бе, ей,
Біреулер тастамақ боп күресінге,
Көлеңкемді көргісі келмей жүрсе,
Құшақ жая жүгірем... күлесің бе?

Күлесің бе, қайтесің, - жылаймысың?
Шыныменен сенбейтін сыңайлысың.
Қай бір мен де жетісіп жүр ғой дейсің,
Ертеңіне қан қақсап, жылайды ішім.

Менде сол қасиет бар, - білесің бе,
Жылайсың ба, қайтесің,.. күлесің бе?..
Жаман ойдың бәрін де жинап алып,
Ертесіне тастаймын күресінге.

Пендемін ғой, әрине, мен де адаммын
Талай жерде намысты, қорғағанмын.
Қорғай білсек намысты, қорғасын ғып,
Құйып, шіркін, көтіне оңбағанның.

Жә, жә... кешір, қатты айтсам, пендемін ғой,
Сенде мың ой баста жүр, менде мың ой.
Ойлауға да уақыт жоқ сол жұқсызды
Қарап жүріп бүлінген, пенделік- ой..

Тура тартып, ту ілем деп тасынба,
Табанасты боларсың көп тасырға.
Тойын тойлап жүр ғой жұрт тамашаның,
Томашадай күйерсің отқа асылған.

Қарсы келме, қайтарғын қарқыныңды,
Кім бар дейсің жатар жарқын үнді.
Қоңторғайлау күйіңді кім бар ұғар,
Қыр астына қоя сал алтыныңды.

Айбыныңды асырып асқынбағын,
Айдыныңды несіне аштың, жаным,
Алалықтың бағы асқан арасат бұл –
Алақтап құр тау- тасқа басты ұрмағын.

Таусылмайтын даңғаза-дабырасы,
Даулы өмірдің бұл емес мағынасы.
Тау басына түспейді тура жолдар
Жарқабаққа шыт-шыт боп шағыласың.

Өзіңдей адам өзеуреп,
Өздігін істеп, өзгеріп,
Өзіңе кездік кезеуде,
Өзімшілдікпен көзге ұрып.

Өзіңдей емес пенде де,
Өңін бір бермей өңгеге,
Өзімсіп көкке қарайды
Өзегін өртеп өңге не.

Өзгеріп сәтте дүние-ай,
Не болып кеткен түріңе?
Қарағым келмей кеткені-ай,
Қайрылып-тағы біріне.

Теңіз деп төнген шараға,
Сарсаң ғып бітті-ау ез қылық.
Түсе алмай жүрмін сабаға
Сананың сағын создырып...

Өмір кетті зымырап, ілгері асып,
Жүре алмадым үлгеріп бірге басып.
Асық ойнап адасып қалған ұлдай,
Көш соңынан қуамын қырда адасып.

Бұл тірліктің біткен бе тоспалары,
Жүріп алдым балаша босқа нанып.
Қағазға емес, қайратты тасқа жанып,
Тіршіліктің толмай бір тостағаны.

Шүкір!- деймін қайтемін, бергеніңе,
Бергеніңнен айырма, Берген Ие!
Талап бердің тағы да тауға өрле деп,
Қолым жетпей жүргенде жердегіге.

Ұмтылсам да құзарға жастай мен де,
Құпиясы көп екен ашпай келген.
О. Жасаған, әйтеуір, өзің қолда,
Талабыма тас байлап тастай көрме.

Балалығым, бойымда жүрсің әлі,
Секілді боп жанымның бір сыңары.
Сенің сол бір ақ жүрек адалдығың
Атой салып кеудемде құлшынады.

Құлшынады, кей кезде дүр шығады,
Менің әзиз жанымның бір сыңары.
Екіншісі ал оны еркелетіп,
Тұтандырып алады жыр шырағын.

Бірі – бала, біреуі ересек боп,
Келе жатыр екеуі келешекке.
Келе жатыр екеуі кеуде керіп,
Көне алмастан кеудемсоқ, көр есепке...

Балалығым, білместен жаттың барын,
Талай-талай өкініш таттың дәмін.
Сан сүрініп, жығылып, сан жыладың,
Қанаттыға келсем де қақтырмағым.

Көп дәме ғып жүрсем де мейірімнен,
Кездерім көп тірліктің дейі білген.
Құлап тұрып қайтадан құрақ ұшам
Сенің сәби періште пейіліңмен.

Қалды қанша, білмеймін, көрешегім,
Қадірсіз боп кетті ғой,- демес елім.
Пәк көңілмен өзіңдік өтсем болды
Ересектің білмей-ақ көне есебін.

Шашу қылып шашсам да бұл өмірге,
Алтын жатыр таусылмас жүрегімде.
Бақытына басқаның қызықпаймын,
Жылай білген жанмын мен, күле білген.

Жанар бағым – бүгін бе, ертең бе екен?
Көңілімнің нөсерін мен селдетем.
Кеңістігім – керілген кең дүние,
Тұңғиығым – түбі жоқ өлшемге тең.

Күнім –дағы, Айым да бірдей күлген
Алдымда әлі күндерім күлмей жүрген.
Атар әлі-ақ жарқырап ақ таңдарым,
Өзім біліп, өзге ешкім білмей жүрген.

Бағым бар – әл әзірге жанатұғын,
Әнім бар – шырқап көкке салатұғын.
Сол әннің үздіктірер үнімін мен,
Сол әннің көкке шалқыр қанатымын.

Тыңда, Ғалам, тыңдап бақ, тынысымды,
Батысыңды бағамда, Шығысыңды.
Құшағыма ап қысамын сені бір күн,
Күтірлетіп жазып бір құрысыңды...

Көкірекке сезімді, ойға жеңіл,
Өлең едің өрілген ойда не бір.
Қозғалуың қиындау, қорбаңдаған
Қара сөз боп кеттің бе, қайран өмір.

Қызғалдақ ең қызарып, көзді арбаған,
Ізгі арман ең қолдарын созған маған.
Салқын тартып, сазарып, паң қарайсың,
Мұз таудайын мәңгілік қозғалмаған.

Көк теңіз ең шалқарын шуақ сүйген,
Самал жел ең шайқалтып құрақты иген.
Сыңғырлаған сал-сері домбырам ең,
Сырғып пернең кеткен бе құлақ-күйден?

Боз дала едің, боз жусан сағындырған,
Бозбала едім, бозаңда сағым қуған.
Өр биік ең шаршатқан, сабылдырған,
Жер-ұйық ең тамсантқан, табындырған.

Сараң сырдан сығымдап саз ұрлаған
Ұнамайды бүгінгі назың маған.
Қолын бұлғап қоштасқан көрікті қыз
Махаббаттың дертінен жазылды ма?

Қайран ару қыз-өмір жалын құшқан,
Өртенумен жүруші ек сағыныштан.
Қоламтасы қалған ба күл астында
Кеудемдегі қисапсыз жарылыстан.

Сенің мені сүйгенің бекер ме еді,
Менің сен деп күйгенім бекер ме еді?
Қайран ару қыз-өмір, жастық дәурен,
Бал ерніңнің кетпей жүр шекер демі.

Күңкілдейміз кейде бір күдік айтып,
Білмей айтып, біреуін біліп айтып,
Наразы боп жүреміз әлденеге,
Әлдекімге ішіміз жылымай түк.

Үйреншікті секілді бәрі бірақ,
Көп ұзамай, кеткендей тағы да ұнап.
Түсінбейміз сосын кеп өзімізге
Қарай алмай әрнеге анығырақ.

Күндегідей көрініп, жылдағыдай,
Бір нәрсеге жүреді сын дарымай.
Сосын келіп өмірге ренжиміз,
Өзімізді торына шырмап ұдай.

Ұстай алмай көңілді алып-қашқан,
Қайрат қылып қайда да жарытпастан,
Өтіп бара жатырмыз осылайша,
Тағдыр жолы солдай-ақ қалыптасқан.

Бір кездері жайнаған арман-мұрат,
Енді бұл-бұл ұшқандай алдан бір-ақ.
Бір қарағай жатады қисық бұтақ
Кеудемізде.

Түскендей таудан құлап.

Тағдырына тигендей көнтерілік,
Бір қарағай жатады төңкеріліп.
Мен де бүгін отырмын күмілжумен
Өзі оятып алмаса ертең үміт.

МІНАЖАТ

Жүрегімді сыйғыза алмай жиһанға
Жүрмін,
Бірақ жүрген жоқпын күй таңдап.
Санаға бұл мен сап жүрген салмаққа

Нар жотасын тосар еді қиқаңдап.

Нар болуға жараймын ба, Тәңірім,
Не деп жазып қойып едің маңдайға?
Тірліктегі ауырым мен жауырым
Тер тартып жүр таңдайға.

Уақыт – тұлпар арындап-ақ келеді,
Тағы да бір жаңа жылды қарсы алдық.
Бұл тірліктің елеңі мен селеңі
Мазаны алды сарсаң ғып.

Менің – дағы хош уақытым көп емес,
Өзіңменен тілдесерге беймарал.
Көз алдымнан өткенімен көп елес,
Сізді ұғарға сана сарсаң, ой доғал.

Бүгін менің көп күнәмды кешір, Хақ,
Ақ көңілмен айтып тұрмын сырымды.
Ертең-дағы қала көрме тосырқап,
Ұмытпа, Хақ, мендей ізгі құлыңды.

Дүниенің кеңдігі мен теңдігін,
Ұға алмасым анық – мұны білемін.
Бірақ менің ерлігім ше, ерлігім...
Бірақ менің жүрегім ше, жүрегім...

Мүмкін, менің жанымды жеп мың азап,
Артық кетсем, ұлықсың ғой, қыл азат.
Сабасына сала көргей санамды
Ділімдегі дірілдеген мінажат...

Ит пен құсқа көлеңке боп өтті өмір
Күн бетіңде жарбақайлар тұлға боп.
Оған да онша өкінбейді от көңіл
Замандардан келе жатқан бұл ғадет.

Қайран, әкем, құдай салған аузыңа,
Керемет бір сөз бар еді мен ұққан.
Данышпандар өткен ғой сол бағзыда
Мұрасына мың болғыр жан жолыққан.

Ақымақтың кемдігі жоқ деп едің,
Шертіп сырдың шанағын
Ал ақылдың септігі жоқ деп едің,
Мал табуға, қарағым.

Мал табайын деп жүрегім жоқ мен осы,
Арманыма бар байлығым садаға.
Бірақ, бірақ, жамандардан өлесі
Жеңілемін, қашқандай боп далаға.

Не сиқыры бар екен бұл тірліктің,
Таба алмай-ақ талықсыдым мен соны.
Түбінде ақыр боламын деп бір мықтың,
Көтерумен келеді ұлың еңсені.

Қасиеттім, құдіреттім киелі,
Аздап мен де шаршадым, сәл қажыдым.
Хақ Тәңірім, білем, мені сүйеді,
Сүйеді де, сүйеді сол Тәңірім.

Қиялдайтын да қалмады қызық,
Қалмады қызық көңілде.
Айтатын ойдың аржағын үзіп,
Байладық шөпке, шөңгеге.

Қарағай мүсін қара ормандардың
Қанатындайын жайылған.
Бір кездердегі бала армандардың
Айрылған көбі пайымнан.

Сатылап ойға сағымын салып,
Сәния-дүния сырғиды.
Санамның сәуле-жарығын сауып,
Таба алмай жүрмін бір күйді.

Сарсаң ғұмырдың сар табан жолы
Сықыр да сықыр...
Бір, күйсіз.
Қолпаштап біреу арқадан мені

Қағатындайын...
Сүйкімсіз.

Кердеңдер менен кещелер кешкен
Құл дүнияның ғажабын
Қиялдың көгін кестелеп өскен
Алмастырмағай азабым.

Кішкенемін, кішкентаймын, кентаймын.
Көкірегімде жатыр менің кентай мұң.
Кентай мұңым кең дүниеге жетерлік,-
Кең ғаламның кенін таппай, ортайдым.

Кентай мұңым, қасиеттім, киелім,
Өз мұңымды өзім аңсап, сүйемін.
Әлемге ортақ осы кентай мұңымның
Өзім тіреп тұрғандаймын тиегін.

Тәңірімнің ықыласына ырзамын,
Шуағымен жарылқаса мырза күн.
Бір Йеме айтарым көп тірлікте,
Сол түсінер, тек сол ұғар һул жанын.

Құлдығына һу Йемнің жүрейін,
Һу ғаламға бұл басымды йейін.
Көкірегімнің бар байлығын шашып мен
Кентай мұңды өлгенімше сүйейін.

Мен сияқты құлын Алла өзі ұғар,
Бәрімізден дана көкірек-көзі бар.
Қиындықтан өткізерін сеземін,
Арманыма жеткізерін сеземін,

Харамнан пәк еткізерін сеземін.

Кемшінімді көп түзерін сеземін...
Басқа ешкімге бағынуға хақым жоқ,
Тәңірімнен асқан ұлы ақын жоқ.
Тілімменен, ділімменен, жанымменен

Жүрсем болды сол биікке жақын боп.

Қасиетін ұға алмай қара тілдің,
Күн шығардым көтеріп, таң атырдым.
Қарсы бітіп өссем де қарағайға,
Еменге йір болсам деп сан атылдым.

Бола алмадым, бор кемік бозың болдым.
Бозғылынан көше алмай, сезім-көлдің.
Көп күндерім, кешіргін сені өлтірдім,
Жалғаса алмай сенімен өзім де өлдім.

Заманда бұл аста-төк атқақтаған,
Шала жансар халім бар шатқақтаған.
Тонап жатыр сұм заман қызылымды,
Қызығымды қалайша сақтап қалам?..

Ұрпақпыз деп ұлаған көк Бөріден,
Ұлығанда қандаймыз, өктем үнмен.
Нар кеудемді бермеспін,
шеттерінен

Нар көңлімді нәраду еткенімен!

Намысым – маздаған от, арым – ақ таң,
Сақта, Тәңірім, арайлы таңы жақтан.
Жанымның да, жадымның құпиясы -
Жалпақ тілі қазақтың жалын атқан.

Шала емеспін, шата емен, айғағым- мың,
Құшағын Ай мен Күнге жайған ұлмын.
Тілім менің- тұмарым қасиетті,
Киесіндей бөрілі байрағымның.

Тағдырымның қиналған тар кезінде
Ұшқын атып тиетін жан-сезімге,
Жігерімді жанитын қуат беріп,
Қасиет бар бабамның әр сөзінде.

Қасиет бар, сақтаған қасиетін,
Ұлағатын, ұлының өсиетін.
Қара тілі қазақтың сондықтан да
Қара шаңырағымдай бас йетін.

Күн-күмбезім, көкжиек-керегем боп,
Ел еңсесін көтеріп, егемен боп,
Тәуелсіздік туына сүйендім мен
Туған тілмен көктеймін, көгерем деп.

Жарығым бар бұл тілде, жан нұрым бар.
Қуанышым, шаттығым, ән-жырым бар.
Қазақ тілім - қазақы табиғатым,
Тілімде осы қазақы тағдырым бар.

Көне түркі, Сақтар мен Хуннан қалған
Мұңым, мұраттарым бар- тұнған Жалған.
Бабалардың оты бар, Аналардың,
Замандардың хаты бар, тыңдар жанға.

Жалтақтамай, болар деп заман қалай,
Тағдырыңа тік қара, Адамдар-ай,
Қасиетін сақтайық қара тілдің,
Киесіне килігіп, арандамай.

Жылды еркіңе көндірдің де,
Бөпем, бүгін келдің бірге.
Жарық еттің айналамды,
Жарқын-жарқын сен күлдің де.

Бір аяулы үмітпенен
Мен де шалқып, күліп келем.
Сен былдырлап талпынасың
Күн сайын бір қылықпенен.

Жас балапан қанатыңның
Қағысынан айналайын!
Былдырлаған ана тілдің
Дыбысынан айналайын!

Көк бөріше -
Көкке қарап ұлыған
Көк аспанның астында.
Күңіренумен көп жүрдім.

Жеткенінше
Көк Тәңіріге тұнық ән
Батып-шығып толқынға
Өзімді өзім көндірдім.

Кім ұғады
Көкейдегі көп үнді -
Тыншу бермей жаныма
Салып жатқан дүбірді.

Құмығады
Көндіре алмай көңілді,
Сына салып сағына
Седет қылып сыбырды.

Айтты деме
Асаулықпен көк долы.
Сендегі мұң – мендегі.
Қайғым-дағы сенікі.

Ақ денеме
Қамшы батып кеткені –
Сірә, тектен тек пе еді –
Уайым-дағы менікі...

Көк бөріше
Көкке қарап қанша әлі
Ұлуменен өтерміз
Барар жерге барғанша.

Жеткенінше
Көке қарап ән салып,
Өте берер ме екенбіз?
Жатыр алда

Жол қанша...

Күңіреніп бір кеткенде қобыз көңілім,
Шегін созып сезімнің күрмеуімен,
Сапарласты сана ғып көп іздеймін
Қатарластың қара боп жүргенінен.

Қоңыр күйдің қожасы – бек көңілім,
Қызғыш құсын қиқуға құмықтырып,
Қыл қобыздың қиқулап кеткен үнін
Қуалаумен құзға ұшар биік-биік.

Сосын... сосын... селдетіп дауыл, шуын,
Арқалап ап тағдырдың ауыр сынын,
Сол құзардан құлайды шыңырауға
Сан жақпарға қандатып қауырсынын...

Солай, солай... шыңдарға шығып биік,
Сан құлайды бұл көңіл сынып – сынып.
Енді қайта кеудесін көтергенше
Шың түбінде жатады сұлық тынып.

Тіршілікте дәл мынау алып-қашпай,
Мұңымды да, сырымды жан ұқпастай.
Болдым-толдым деп жүр ғой кей пысықай,
Ал мен әлі келемін қалыптаспай.

Қалыптаспай тірліктің заңдарына,
Қарыштаймын тылсымды заңғарына.
Итпен, құспен алысқан күндерім-ай,
Жан торсығын байлатпас жандарына.

Қайтем енді тағдырым, пешенеме,
Көлденеңдеп жатса да неше неме?
Көкке созған қолыма демеу болып,
Көк жапырақ бере гөр көсегеме!..

Барымды бар деп айта алмай,
Тіршілік байлап тілімді.
Тулаған тәлпіш тайқардай
Далаңдап текке жүгірдім.

Кеудемде мынау ырғалып,
Ыңыранып жатқан мың сан ой.
Шатылып қалмай, шырмалып,
Шығатын күні туса ғой.

Болмайтын іске боталап,
Босқа өткен қайран шақтар-ай.
Боздаған нәкес шақалақ
Бесіктен шықпай жатпағай.

Белін бек бекем буынып,
Самсап сұрлы ойым қаптағай.
Саф сәулеге бір жуынып,
Алдымнан күліп атса арай...

Шаршадым шатқал, шатақтан,
Шыдамның шегі бар-сынды.
Дәмем жоқ даңғаз атақтан
Ақтара берем жан-сырды.

АБАЙША

Бір басымда мың хиял,
Қайда ғана сиярмын.
Сенен серкең сұрқия
Сұрқияны тияр кім?

Ақымаққа айла жоқ,
Сен де ақымақ болмасаң.
Арлы ақылдан пайда жоқ,
Сом санаға толмасаң.

Күшігіндей күн кешіп,
Өлексеге тойған жұрт.
Бір-бірімен «үйлесіп»,
Адамдықты қойған жұрт.

Түсінбейді сөзіңе,
Айтпа мейлің, айт мейлің.
Түртіп тұрып көзіне,
Ақыл айтып «қайт!»- дер кім?

Мақтан етесің, Далаңның дарқан кеңдігін,
Ерлігі менен елдігін.
Бірақ та туған ауылдың
Дала ғой дейсің сен бүгін.

Далада өстің қозы-лақ бағып, тай мініп,
Қызғалдақ теріп, сай қуып.
Далада туған бала қиялдың көбінен
Қалайша қалдың айрылып?

Сен сағынбайсың салқар көш сайын даланың,
Сарша тамызда сағымға тұнған алабын.
Ұмыттың, бәлкім, балалық шақтың достарын,
Балауса шақтың бал әнін.

Тауыпсың жақсы жайлы жай, жұмсақ жылы орын,
Азаматпын деп алшаңдап жүрсің – білемін.
Сендіре алмай барады бірақ Далаңа
Сағыныш сазын сақтай алмаған жүрегің.

-Ана! – деп бастау үшін жыр жолымды,
Түн ұйқым тебіреніп, мың бөлінді.
Келемін шығара алмай әлі күнге
Кеудемде күмбірлеген ділгер үнді.

Бәрі елес...
Оны ойласам, дүниенің,
Шіліктей жел шайқағанын иілемін.
Апамды ес білгенше «Ана» дедім,

Асқар тау анам менің бүгін – Елім.

Баса алмай, кеудемдегі мың алаңды,
Әже деп ардақтадым бір анамды.
Бәріне еркелеп мен ер жетіппін,
Ана, - деп айтам тағы Сыр-Анамды.

Туған ел, тумысы кем балаң ба едім,
Өзен-көл, шалқар теңіз – Анам менің.
Тербеткен балғынымда гүл бесігі
Даламды дархан көңіл Анам дедім.

Сыйынып құдіретіне жыр-Ананың,
Анашым, бәріңнен де сұранамын.
Қызғанып мені бекер қалмаңдаршы,
Сағынсам мейірімін бір Ананың.

Қызғанып қалмаңдаршы, сірә, бәрің,
Аңсасам мейірімін бір Ананың.
Өмірге мені әкеліп, өзі кеткен
Іңгәлап құлағында жылаған үн.

Қап, әттең, білмей қалыппын,
Өтіппін талай қақпадан.
Өзімдік шағын тарихтың
Томдарын ойша ақтарам.

Қатем де қанша, - қисығым,
Бармағым тістеп қалам көп.
Таба алмай жанның тишуын,
Отырмын бүгін алаң боп.

Тарихпын, шындық, шағын бір
Келіспей көрші, ал бұған.
Патша боп тұрып, тағымды
Бір кезде жауға алдырғам.

Бір кезде кірпік қақпай бір
Төңкеріс таңын атырдым.
Жарқ етіп жанып оттай бір
Тағдырын таптым ақынның.

Тасынан жайдың оқ алған
Бақытты жылым болды бір
Жүрегім - Аврорамнан
Басталған ұлы бір дүбір...

Сан соғыс өтті кеудемнен,
Сырына соның қанық кім?
Санаткер болсаң, мен деген
Танылмай жатқан тарихпын.

...Ақырын-ақырын құрғырлар
Алыстап кетті-ау әудемнен,
Бақытым жанып бір жылдар
Көтергем тыңды кеудемнен.

Сырымды менің білді кім –
Көрмеген сынып даусымнан.
Аударып алып жыр жүгін,
Амалым талай таусылған.

Білмеймін қанша өтер күн,
Таңдарды талмай күтумен.
Жер-Ана, Ата мекеннің
Қасиетін қадір тұтумен...

Алматыға барып қайтқым келеді,
Алатауды көріп қайтқым келеді.
Таудай-таудай ағаларға ақ көңіл
Аппақ сәлем беріп қайтқым келеді.

Көктөбені – көкке қарай өрлеген,
Көкөрімді – көптен бері көрмеген.
Көк жасыл бел, көкорайлы алқапты,
Қарағайлар көкке қолын сермеген.

Көш – көлікті көркем абай даңғылын,
Таудан асып жамыраған таң нұрын.
Шоң Шоқанның тұрған дастан алабын,
Көріп қайтқым келеді бір барлығын.

Құлбек шерді, Жұмабай мен Сәкенді,
Қансейіт пен кәріс бала – екі ерді.
Жеңгейлер мен келіндерді, балдарды
Көріп, беттен сүйіп қайтсам екен бір..

Жарқын күліп жүрген шығар, жандарым,
Алатаудан әрі асырып арманын.
Аңсай берем көріп қайтсам екен деп,
Арман- қала, арман-таудың аржағын.

ЦИРК АТЫ

Салтанатты сипатыңмен сән құрып,
Дақ-дақ басып, қанша жұртты таң қылып.
Қалт еткізбей қабағың мен қасыңды,
Сен алаңды айналасың паң жүріп.

Құйрық-жалың төгіледі таралған,
Тағаң, сірә, көк құрыштан жаралған.
Тұрпатыңда бір мінің жоқ – барасың,
Санап басып адымыңды әр алған.

Жел жетпейтін жүйрігі ме ең даланың,
Жаттапсың-ау, енді егеңнің сабағын.
Адамды емес құлағыңда ойнаған
Жарқ етпейтін жанарыңды бағамын.

Бүтін Дүние бүлк етпейді,
Бауыры жазық, басы анық.
Пенде шіркін, күлтектейді,
Дәрменсіздік қасарып.

Ол жарқылдап, жайнамайды,
Ашып көркін мүбәрәк.
Әуезе ғып толған айды,
Тауып кінә-кінәрат.

Дүниенің кең қоршауын
Құшаққа алып, айқарып,
Көз ұшында – толған сағым,
Жатпас жаны жай тауып.

Ер пенденің қылығына
Сайтан күлсін, сен де күл.
Келмейді оның жұлығына
Өйткені ер пенде бұл.

Сырласуға, әздесуге
Шамаң келсе, бер көңіл.
Пенделіктен баз кешуге
Хақысы жоқ пенденің.

Бауыры жазық, басы да анық
Шын мәңгілік бұл ғалам.
Тіршіліктен жасымалық,
Пенде мықты сынбаған.

Майыса бер, мың бұралып
Қансын жұрттың құмары.
Түбі, әйтеуір, бір күні анық,
Пәнде жеңіп шығады.

Көріп жүрген көркеуде
Айға иегін қасиды,
Сеніп жүрген серкең де
Сақалынан сасиды.

Шот есепке жүйрік көп.
Шөкелеуге бәрі үйір.
Содан-дағы күйдік кеп
Ойлар жан жоқ әбиір.

Қызылынан бетінің
Құсқың келер ұшынып,
Қызуы жоқ отынның
Қызараңдар пысынып.

Орға жығып кетерге
Оңтайынан жол іздеп
Жүрген сондай мекерге
Сене аларсың нені іздеп?

Таба алады жолды кім-
Қолдай көр, Хақ көмегі,
Сеңсең ойдың сеңгірін
Сілкіп қашқың келеді...

Алтыншы тарау

АУДАРМАЛАР МЕН БАЛЛАДАЛАР

«ЕСЕНИН» СЕРИЯСЫ

Есениннің анасы

Иіліп тұрған самал мен құйылып тұрған саумал ән –
Есенин десе айыңа ақ қайың түсер аумаған.
Түрініп алып жалаңаш ақ балтырларын ымыртта
Жұлдыздардай-ақ жайнаңдар, сәулесі көктен саулаған.

Шабындық жаққа жол кетсе, жигін гүлмен көмкерген,
Тайқазандардай шөмеле – бойына жолдың төңкерген.
Сәулесін айдың сынаптай сындырып сансыз жапырақ,
Шегіртке даусы шырылдап, шыгардай зарлап шекеңнен.

Орманның әнін естисің, шалғайға шықсаң сол кеште.
Жарбиған күрке-лашық түседі келіп сонда еске.
Ит үріп жатқан аулақтан – әлде бір таныс дыбысқа
Құлағын тосып қарт ана жүреді жайлап жол кескен.

Қарайды байғұс алысқа, алысқа – тұман төріне,
Тағдырдан тілеп, тәубе деп, жабырқап күн өткеніне.
Күбірлеп келіп әлде не айтады еріні жыбырлап,
Жалғызын қосып жанындай жақсы бір тілектеріне.

Шалғайда шаңқан қаланың шаң-шұның қайдан ол ұқсын –
Құшар ед қысып кеудеге – жалғыз ұл, әттең, жолықсын.
Бүгін де жоқ қой, әттең-ай, келер-ау ертең құлыны...
О, шіркін, ана үміті, нәзіксің, неткен беріксің!

Жүйкесін шағып мүлде енді шекшектің айқай-шырылы,
Үйіне Ана оралар, келер деп ертең құлыны.
Білмейді-ау Ана, әттең-ай, кетерін жалпақ әлемге
Әлемге тарап кетерін сағынған жүрек жылуы.

Анаға хат

Аманбысың, қарт анам,
Сау-сәлемет жүрмісің?
Шығарсың мүлде шаршаған
Арқалап тірлік күллісін.

Ойлаумен мені, бүгіліп,
Жүр дейді сені мына жұрт.
Жолға да шығып жүгіріп,
Шалғайың жерге шұбалып.

Кеугімдеу шақта кешкі бір,
Қажытып жүр-ау ой батып.
Кеткендей жаум жансебіл
Кездігін қадап бойлатып.

Қам жеме, ана, қапа боп,
Әлдебір үрей, елес қой.
Араққор боп та кеткем жоқ,
Өзіңді қайта көрместей.

Бұрынғы ұяң ұлыңмын,
Аңсаймын тыныш күнімді.
Егер мен айтсам шынымды,
Сағындым туған үйімді.

Әлі-ақ, апа, барармын,
Гүлдеген бақпен таласа.
Тек сонда мені таң алды
Оята көрме балаша.

Оята көрме қайғымды,
Жанымның жарым жартысын.
Ертерек тарттым тағдырдың
Тауқыметі мен талқысын.

Тәубеге-дағы шақырма,
Шықпасқа талай батты күн.
Тек өзің маған жақын да,
Тек өзің менің шаттығым.

Үрейге сонша бармағын,
Қорқатын жоқ қой түк-тағы.
Шұбалтып шапан шалғайын,
Жолға да жиі шықпағын.

Хорасанда не қақпалар тұр әлі
Гүлмен өрген баспалдағын басу да
Қиын тіпті.
Хор қызы онда тұрады.

Хорасанда не қақпалар тұр әлі,
Тек қана мен бата алмадым ашуға.

Бойымдағы қуатым да жетерлік,
Алтындаған шашым қандай әдемі.
Ал арудың үні нәзік, әсерлі.
Бойымдағы қуатым да жетерлік, -

Сол қақпаны аша алмадым ал енді.

Қанша батыл болғаныммен, не өнер,
Неге керек босқа өлең-жыр айтқасын.
Сұлу Шага қызғанбаса мені егер.
Аша алмасам аруымның қақпасын,

Қанша батыл болғаныммен, не өнер...

Оралар кез келді Руське – еліме.
О, Персия! Қалдырам ба мен сені?
Көре алар ма екем қайтып сені мен,
Сағындым ғой мені туған өлкені,

Оралар кез келді Руське – Еліме.

Хош, ару қыз, хош болыңыз тағы да.
Қақпаңызға бата алмастан қайтармын.
Тым тәтті мұң сыйладың сен жаныма.
Туған жерде шырқап соны айтармын,

Хош, ару қыз, хош болыңыз тағы да...

Ауа қандай мөлдір, әрә көгілдір!
Келдім бақтың гүл қаптаған төріне.
Жолаушылап шықсаң егер сенің бір
Қиялың да жетпес еді-ау шегіне.

Ауа қандай мөлдір, әрі көгілдір.

Жайылымың абат бақтан аумайды,
Бақ дегенің түлеп кеткен не деген!
Қалампыр гүл көзге түспей қалмайды
Көңіліңді қуанышқа бөленген.

Жайылымың абат бақтан аумайды.

Үн шығады түн тынысын тәрк етіп,
Саадидің саздарындай ән бе осы үн?
Кенет айдың жанарында жалт етіп,
Ойнатар түн сиқырлы алтын сәулесін.

Саадидің саздарындай ән бе осы үн?..

Сиқырлы үнге түн құлағын түріпті,
Ұқсайтұғын Гассан сырнайына.
Түннің мынау құшағында қылықты
Үрей деген кіріп шықпас ойыңа.

Елжірейсің Гассан сырнайына.

Міне, бұл жер тез жетуін тұр сұрап,
Жол азабын тартып келген жандардың.
Ауа қандай! Хош иісі бұрқырап...
Кеуіп келген кенеземе аудардым.

Ауа қандай...
Хош иісі бұрқырап...

ИТ ТУРАЛЫ ЖЫР

Таң алдында, шетпер жақта
Қара бидай арасында
Туды қаншық қызыл шақа
Жеті бірдей баласын да.

Кешке шейін еміренді,
Жалап, тарап тіліменен.
Бауырынан төгіледі
Еріген қар буыменен.

Ал кешкісін – барлық тауық
Қонақтаған уақытта.
Сұсты иесі жөнелді алып,
Жетеуін де салып қапқа.

Бұталармен бүкшең қағып,
Қалмай жортып жеткенд иті,
Жайлап қана жатты ағып,
Шымырлаған судың беті...

Қайтты ит ілбіп үйшігіне,
Жалап қанын жамбасының.
Ұқсап Ай бір күшіне
Күрке үстінде тұрды асылып.

Созып көкке үнін зарлы,
Тұрды ит ұзақ ішін тартып.
Бір төбеге сырғып барды,
Жасырынды Ай жаймен қалқып.

Қайыршыдай сынған сағы,
Садақада тас атып жұрт.
Жұлдыздайын жанарлары
Қар бетіне түсті сырғып...

КАЧАЛОВТЫҢ ИТІНЕ

Әкел, Джим, ақ тілекпен қолыңды,
Шіркін, мұндай алақанды көрмедім.
Кел, екеуміз бір жырласақ орынды
Ай астында тыныш түнді тербеп үн.

Әкел, Джим, қ тілекпен қолыңды.

Жалай бермеш, тап-таза ғой ерінің,
Ұқшы онан да шындықтың бір шамасын.
Білмейсің сен не екенін өмірдің,
Білмейсің гой тіршіліктің бағасын.

Иең сенің сүйкімді де, даңқты,
Қонағы да арылмайды үйінен.
Әрқайсысы-ақ күліп көңілін танытты
Сипамаққа сенің жібек жүніңнен.

Ит болғанда перісің ғой, керемет,
Сүйкімдісің, қонақжайсың үйінде.
Жалғыз тамшы тіленбей-ақ, не керек,
Масаң достай ұмтыласың сүюге.

Сен не түрлі қонақтарды көп көрдің,
Сүйкімді Джим, қанықсың түр-түріне.
Бірақ соның бәрінен де өткен бір
Мұңлы сұлу келмеді ме үйіңе?..

Ол келді.
Мұнын жанын жайлаған,
Жанарына тура қарап түсін де,
Сен қолынан сүйші сонда жай ғана

Кінәм үшін,
Адалдығым үшін де.

Мына өмірде жолаушымын, өзге емен,
Жолаушыға күліп қолың бұлға сен.
Күзгі ай нұры тыныш тірлік мегзеген,
Сәуле құйып тұрғындай-ақ бұл да әсем.

Алғаш рет ай нұрымнан қызу ап,
Алғаш рет салқын түнге жылынам.
Тағыда енді үміттенем бір уақ
Махаббаттан –

Әлдеқашан құрыған.

Хош бол досым, жолыққанша қайта бір,
Сүйікті дос, көңілдесің әманда.
Жазмыш жолы сенімді сөз айтады
Болады деп жолығысу тағы алда.

Хош! Қайтеміз қоштасуды – жолды алар,
Қамықпа да қалың ойға қамалып.
Өлу деген іс емес қой таң қалар,
Тіршілігің – емес ол да жаналық...

БАЛЛАДАЛАР

АҚ ШӘЛІ

-Есімде қара суық қарсыраған,
Шөп басы, шенгел басы қалтырған.
Соғыстың күнде келіп жат хабары,
Қалмаған ауылда да жарытып адам.

Талайлар қайғысына ем таба алмады,
Күдікпен қалған жұрттың алң бәрі.
Тайғанап кететіндей сағат сайын
Қара жер қайрай басқан табандағы.

Түйіліп біздің де үйге бір қарақұс,
Жақындап қалғандай-ақ зіл-заламыз,
Алты айдан бері хат жоқ әкемізден,
Бәрін де ұғамзыз, тек біз баламыз.-

Деп бірде есіне алды естек ағам,
Жұмыстан оралатын кештеп анам.
Көршінің бар баласын қалам бағып,
Жаспын мен, бар болғаны бесте ғана.

... Білмейін, сол жандардың жаны берік,
Тынбайтын таң алдында тағы келіп.
Аяймын, аяғынмен, жоқ көмегім,
Ішімнен жүргеніммен жаным еріп.

От көсеп, тары түйіп, талқан тартып,
Жататын ырыздығын күнде сарқып.
Қолғап, шұлық тоқитын майданға деп,
Белгілі жатпаса да асып, артып.

Жан анам, көрінгенмен асқақ, айдын,
Жанарын оңашада жас қамайтын.
Басында бар еді үлкен ақ шәліні.
Енемнің көзі еді деп тастамайтын.

Бір күні... қалмаған ба басқа дымы,
Тарқата басталды апам ақ шәліні.
Ақ шәлі тарқатылып бара жатыр,
Суырылып ғұмырының қас қағымы.

Апа! – деп ұмтылдым мен қос қолыммен,
Шұбалып шуда жатыр бос төгілген.
Апа, ертең тоңасың ғой, тарқатпашы,
Өтініш болсын, апа, Естегіңнен...

... Көңілі көптен нұрға жарымаған,
Толқып бір кетті ме еке жаным-анам.
Сол шақта егіліп бір еріп кетті ол
Сыздатқан жан азабын шағына ма?..

Толмаған жас көкірек шерге тұнып,
Білмеймін, қанша жаттым тербетіліп.
Қайғысын жанымыздың қатал күнде
Іштік қой талай, тірлік шербеті ғып.

Бұл күнде мақтанамын шыдаймай кеп,
Кеудеме мақтаныштан ұялайды от...
Таңертең шам түбінде жатыр екен,
Ақ шәлі аппақ түбіт биялай боп.

Анашым, қайратың-ай, емен-мықты,
Кезінде көрмеппіз ғой, көп ердікті.
Майданға ертеңіне туған жерден
Сәлем бопп ақ биялай жөнеліпті...

БЕЙБІТШІЛІК ҚОҢЫРАУЫ

1980-жылдың августь айында Софияда бейбітшілікті жақтаушы халықтардың Бүкілдүниежүзілік парламенті бас қосты. Форумға қатысқан жазушылардың қолдары қойылған «Бейбітшілік қоңырауы» құйылды. Біз салтанатты жағдайда өзіміздің қолымыз қойылған қоңырауды қақтық. Оның үні әлемнің ір түкпірінен әкелінген кішкене қоңыраулардың сыңғырына ұласты. Бұл «жезтаңдай кішкене әншілер» Витоша тауындағы Хиросимадан алынған қоңыраудың қатарына ілінген.

/Әнуәр Әлімжанов. Әлемнің ақ үміті.
«Қазақ әдебиеті» газ. №50, 1987, 11. ХІІ/

Бүкіл әлем үміт көзін қадаған,
Софияда – осы шағын қалада
«Түрі басқа, тілегі бір,
Тілі басқа, жүрегі бір» сан ұлттың –

Бейбітшілік! – деп көксеген халықтың
Өтіп жатты ұлы дүбір жиыны.

Суырылып сөз сойледі қанша ділмәр
Шешендер мен көсемдер,
Әлем бір сәт көзін қақпай
Қарап қалды осы елге.

Үміт, күндік аңдысумен мәңгілік,
Келе жатыр, бұл да, рас, заңдылық
Қанша ғасыр арман еткен адамдар,
Арман еткен талай тарих, замандар

Тыныштықты тілек қып,
Қанша ақындар алмас тілмен жыр етті.
Енді осы жыр бүкіл дүние гимніне жалғасып,
Софияда басын қосты тыныштыққа бар ғашық.

... Қорытынды күн. Қосылысқан бар тілек,
Ұлы сөздің қосылып әр харпіне,
Жиналғандар бетке алып бір биікті
БЕЙБІТШІЛІК қоңырауын құйыпты.

Міне, осылай мәңгі өлмейтін ұлы істің
Келешекке жалғасарын ұғысты.

Қоңыра үн шартарапқа таралыпты тынбастан,
Оған сансыз басқалары үн қосқан.
Міне, осылай жазылған бір жыр-дастан.
Жаңа заман томдарына бір парақ боп қосылып,

Жаңа дәуір әуеніне жаңаша бір үн қосқан.

Сосын... Витош тауларынан табылған
Хиросима қайғысына қаралы үн боп қағылған
Қоңыраулар қатарына іліп қоыған құрметтеп.
Мұны тыңдап адамдар

Тыныштықтың қасиетін білмек, - деп.

Дулығасы Аймен, Күнмен теңескен,
Алтын ғасыр – айдарынан жел ескен
Еншіміз боп еркін өскен заманда
Аса қажет бір құймадан қоғамға

БЕЙБІТШІЛІК ҚОҢЫРАУЫ құйылды.

Иә, солай, бүгінгі іске
берер бір-ақ бағаң бар.
Бомбаны емес,
Қоңырауды құю қиын, Адамдар!..

Бір демі боп мынау жалпақ ғаламның,
Сен бір бітеу құштарлықтан жаралдың.
Сені ешкімде күтпеп еді, - жаралдың,
Тұла бойы тұңғышы боп анаңның.

Сені ешкім де күтпеп еді, о, сұмдық!
Дүниеге сыймады тек осы ұрлық.
Оң бүйірін тұғыш рет түрткенде,
Анаң байғұс тітіркенді шошынып.

Ал сонан соң...
Улап-шулап дос-дұшпан,
Қос күнаһар амалсыздан қосылды...

Қарғап-сілеп, күнәдан пәк көркіңді,
Анаң байғұс жанын жасқа толтырды.
Бір бақыттың тірегі еді үш адам,
Үшеуінің алдында үш жол тұрды.

Не деу керек, әке дей ме, оны да,
Тағы да ерді, сорлы, сезім-долыға.
Сәбиі мен жап-жас жарын қалдырып,
Басқа жанның қарап кетті жолына.

Тағдыр жолын тәрк ету ме, танымау,
Осы ма әлде тағдырына налымау?-
Нәрестесін – тұлға бой тұңғышын
Анасы да тастап кетті, жаным-ау!..

Тағдыр мұнша қатал ма еді о бастан –
Кеше күліп тұр еді ғой көк аспан.
Ересектер етектерін жабар-ау,
Сәби қайтер анасынан адасқан?

Балғынында ақ білегін білегін,
Ана аузынан естімеген бір өлең,
Сәби қайтер, сәби қайтер, Дүние-ау,
Сәби қайтер, жөргегінде жүдеген?..

Басын қойып кеудесіне гүл көрік,
Көрген жоқ ол тоя анасын бір де еміп.
Дүниеге сәби көзін сүзумен,
Келе жатыр қатық ішін күн көріп.

Мен осыны ойлағанда тоықтым,
(Нәрестенің бақыты алдан жолыққын)
Анасына ... не дерімді білмедім,
Әкесіне ... Әкесінен қорықтым.

ҰСТА ҚАРТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

(Жиенқұл ұстаның рухына)

Құм төбенің басында – көне қыстау қалқиған,
Көне жұрт бар, кеудеме көнермейтін ән құйған.
Құм төбенің астында қалған ұста дүкені,
Қара төс пен сом балға, қара көрік алқынған.

Күтумен асыға тез атуын таңдардың,
Тілсіз ұста қара шал дүкеніне сан бардым.
Бір қызығы – әулие, сүйіктісі болатын
Ата кәсіп «балықшы» қара сирақ балдардың

Мылқау деуге тіл бармас, былдырлайды балдырған,
Құдайың да қазақ қой – тіл бітпеген тағдырдан.
Қасиетті қара шал көрік басып жататын
Қара темір қайратпен – суаруын қандырған.

Бәлкім, болат тағының күрек тісін шандайды,
Баспа ілгегін бедерлеп, бәлкім, сыңғыр сырнайдың.
Айтушылар сол жерде жатыр дейді бүгінде
Түніменен от маздап, балға даусы тынбай бір.

Сол киелі шалыңды бүкіл ауыл сүйетін,
Қайтармайды ол өйткені тірі жанның ниетін.
Қанша бала күніге қаншама рет барса да,
Тілдей қылып темірден тілді қармақ иетін.

Қазір талай жыл өтті сол қара шал қайтқалы,
Әулие шал туралы ел қандай аңыз айтпады!
Өрнекті ілгек әлі жүр өңірінде әжемнің
Замандасы күмістеп өз қолымен таққалы.

Пендеміз ғой бәріміз – кімге пайдам тиеді,
Кімдер бізді қадірлеп, кімдер бізді сүйеді?
Тілсіз ұста тұрады соны ойласам ойымда
От боп жанап мәңгілік маздап жатқан сүйегі.

ЖАҢА ЖЫЛ

Бір керемет ертегі...
Мынау туған өлкені –
Ойды-қырды – көлденеңнен, ұзыннан
Көшелерді айқыш-ұйқыш сызылғн

Өрнектеген бір салтанат басталды:
Ақ қанатты арулары аспанның
Құшып жатыр кәрі еменді, жас талды.
... Сәбилердің жүздерінен нұр тамып,

Бар кеудені кернеп сиқыр бір әуен,
Сиқырлы үнмен ғажап әндер шырқалып,
Әспеттеп-ақ жатыр алуан шырамен.

Бір керемет ертегі...
Дүниенің жақындап тұр Ертеңі.
Жаңа жылдан жаңа табыс, құт тілеп,
Алтын ғасыр тағы да бір арыс ұлға жүкті боп,

Ақ тілекаен аялаған құрсағын
Күтіп отыр тағатсыз
Кіндік жібін іліп қойып, бұтағына шыршаның.

Ертегі әлем...
Бәрі ертектен басталған.
Бақыт таңын, бейбіт күнде аңсап ел,
Сол сағыныш буып талай жас тамған,

Сағынышпен бүкір болған қанша бел...
Ертегі боп, арман болып, қиял боп,
Біздер – дағы қыршын жасты қияр ма ек,
Бір керемет ертегі жыл келмесе,

Тариятың таңына әлем бұрар бет.

... Көшелерде, алаңдарды, ғажайып
Әрбір жарық терезеден нұр ойнап,
Одан өзге қам-қарекет азайып,
Ғасыр қазір болашағын тұр ойлап,

Шырша ағаштың бұтағында шыра ойнап...

Бақыт іздеп бас қатырып көрмеппін,
Кешіріңдер, артық айтып тұрсам мен.
Білем анық, еркін ойнап ер жеттім,
Жүзімнен бір тайған емес нұр-сәуле.

Ес білгелі арман қудым, ойменен,
Үмітімді сан жалғадым, сан үзіп.
Қиналдым да таба алмай бір кейде мен
Жан алаын шалқытатын тамызық.

Махаббаттың маздағына өртеніп,
Шапағатты шақтарыммен нұрландым.
Туған елге деген сәби еркелік
Бастауы боп шықты балғын жырлардың.

Мен бақытты іздемедім, расында,
Сағынғанда достарымды ойладым.
Қызықпадым бақырға да, асылға,
Қамын қылдым кеудемдег қойманың.

Тойымы жоқ құштарлықпен күн кештім,
Жеткізе алмай тіршіліктің уақытын.
Оңашада өз жүрегіммен тілдестім,
Соның өзі шығар менің бақытым.

Өмір өрнегін салам деп өзім,
Қиғаштап қиып, қалай безедім.
Арманы ақ тау асықтай ұлдың
Өрелі таңдар өртеді өзегін.

Көкжиек көркем кесте көмкеріп,
Көтеріп кеуде, деске деп беріп,
Шашағын салып шабдар шабыттың,
Шираттым жібін дестелеп өріп.

Жаялау жүріп, жеке жетілдім,
Еңбегшім бар ма өтелетін күн?
Көрген көздердің жайын алатьын
Түрін таптым ба текетімнің?

Тілін түйдім бе, түрлентіп түгін,
Саптай алдым ба сырлы етіп сының,
Жанымды сала алдым ба – қайдам,
Жайқалтып жұпар жусан мен гүлін

... Жалғанның жетіп безер деміне,
Қош айтар шақта өзен, көліме,
Тырбанып жүріп тірлікте түйген
Оранғай тәнім өз өрнегіме.

МЕКТЕБІМ

Сөзі: Ш. Бекмағамбетовтікі
Әні: Ө. Спановтікі

Балауса, балғын,
Балдырған жанның
Жандырған жүрек алауын.
Жастық шағымның,

Жарқын шағымның,
Балалығымның базары.
Жадымда менің,
Жанымда менің\жыр болып мәңгі қалады,

Ертеңі күлген
Еркелі күндер,
Ертегі күндер ғажабы.

Қайырмасы:

Мектебім, менің,
Көктемім, менің,
Өткелім, менің – оралмас,
Ұшырдың мені,

Құсыңмын сенің,
Қайтадан келіп қона алмас...
Жылдарды қарсы ап,
Арманға үміт жалғаумен,

Ұмытпа бізді,
Ұлық та, ізгі
Сағынышы мол бал дәурен!..
Қоңыраулардың

Қоңыр үнінен
Қозғаған сәби санамды,
Ержетсем-дағы,
Есейсем-дағы

Жаныма қуат табам бір.
Ұлағатымен,
Жүрек отымен
Алдыма жайған ғаламды,

Ұмытпан мәңгі,
Ұмытпан мәңгі
Ұстаздай ұлы адамды.

Қайырмасы:

Арман мен үміт
Тербетіп мені
Толқынтқан сол бір кезімде,
Бала махаббат

Бүршігін жарып,
Бал беріп кеткен сезімге.

Ауылым менің,
Мектебім менің,
Баулыған бала кезімде,
Нәр алған жаным,

Ақ армандарым
Тамырын тартып өзіңде.

Қайырмасы:

Қаратереңнің,
Кәрітұманның,
Барпон мен Терістүбектің,
Жаңақұрылыстың,

Баян, Каналдың,
Төсінде қиял түлеттім.
Татыран ауылы,
Кірпіш зауыттың,

Тасына табан тілдіріп,
Дәл осы жерде
Өскенбіз біздер
Арманды әсем жыр қылып.

Қайырмасы:

Көк теңіз жатқан
Көбігін атып,
Жал-жал ғып толқын тауларын,
Кеудеге алып

Өскенбіз біздер
Айдынды Арал аумағын.
Сырдарияның,
Жырдарияның

Әірімді ағыстарынан
Жас көкіректе
Жыр туатын-ды
Сиқырлы саздар дарыған...

Қайырмасы:

Жетінші тарау

МАХАББАТ – МӨЛДІР МҰҢДАРЫМ

Б-ға

Көкорай, жаймашуақты өтіп көктемнен,
Нөсерде қалып су болған көйлек кепкенмен,
Көкбұйра шалғын, жусаны мәңгі солмайтын
Көз жаза алмай жүрмін мен жасылбөктерден.

Жап-жасыл болып, жарасып жазда да міне,
Көңілден күліп шығады көктемнің күні.
Көктемдец болып елжіреп тұрасың кейде
Нөсерде қалып су болған бөктердің гүлі.

Жарастық қандай жаныңда жайқалып тұрған,
Жайқалып тұрған, жалт етсең, байқалып тұрған.
Ұрланып шығып ауылдан ұзап бір кетіп,
Көктемнің көркін бір көріп қайталық қырдан.

Қайталық қырдан қана алмай құмыр сезімге,
Таң нұры ойнап тағатсыз күлім көзіңде,
Құштарлық дейтін әлемнің құпиясына
Қанбай-ақ жүрмін баладай бүгін сезінген.

Сағанышымның салмағы басып санамды,
Іздеумен жүрмін сонау бір ғашық ғаламды.
Самсаған жұлдыз әлемін кешіп қайталық,
Аралап қырды, аспаны ашық даламды.

Кеудесі толы ән, ғажайып жыршы баланы
Аяулым, көптен көре алмай жүрсің-ау әлі.
Қайталық тыңдап, қырларда біздер қыдырған
Махаббат әні қалықтап тұр шығар әлі.

...Вальс биін үйретіңдер,
Үшбұрышты жағалай.
Кезе-кезек билеттіңдер,
Маған тиген жоқ оңай... (Төрегелді)

Үшбұрышты бұзбандаршы,
Бұзылмасын үштаған.
Құшағымды қызғанбашы,
Қыпша белден ұстаған.

Толқындаған вальс күйін
Тарта берші оралтып.
Алаулаған жан ыстығын
Алмайық тек жоғалтып.

Вальс күйі, ән ырғағы,
Тынып қалса, аңырып,
Бір ізгі әуен жанымдағы
Қалатындай жаңылып.

Сабыры бар, салмағы бар,
Құйқылжыта оралған.
Ынтықтырып алдағыға,
Асықтырған сол арман.

Вальс күйі, вальс күйі,
Әуені ғой өмірдің.
Алаулатып жан ыстығын
Құшағыңа ал, берілдім.

Жапырақтар түсе ме екен үзіліп,
Мәңгі көктеп тұрарына сенумен?
Әңгелектер пісе ме кен тізіліп,
Көк мөлдекке өзін мәңгі телумен?

Бірақ, бірақ, бәрі оларша болмайды,
Бәрі оларша бола бермес көбіне.
Сол сенімдер сарғыш түс боп орнайды
Жапырақтың, әңгелектің өңіне.

Ал мен, жаным, тек өзіңе сенемін,
Сенімімнің бұлағынан қанып іш.
Жапырақтай жүрегімді келеді
Жаулап алып, саған деген сағыныш.

Күлкіңнің сұлу сыңғырын,
Есьімей өтсе, бір күнім,
Құлазып жаным қалардай,
Аша адмай көңіл түндігін.

Еркіндеп ерке көңілден,
Маржан сырларың төгілген –
Балауса, балғын жаныңның
Шырын-балындай өрінген.

Сені ойлап, таңда көз ілдім,
Тағы да, тағы.
Қайда едің?
Саңлауын таппай, сезімнің

Сипалап жүрмін әйнегін.

Көңіліңде қандай күй тұнды,
Мұң ба екен, әлде бағың ба?..
Әйнектің сол бір сиқырлы
Сен тұрдың арғы жағында.

Бір жұмбақ күйге салдың да,
Толқынтып қойдың жанымды.
Әйнектің сол бір алдында
Өткіздім қанша таңымды...

Өткіздім уақыт бір мәзір,
Көңілдің күйін ой тербеп,
Жаным да қалмай жүр қазір
Қиратып алсам, қайтем? – деп.

Сағыныш деген не сиқыр – сезе де алмаймын,
Сезім мен ақыл-екеуін кезек алдаймын.
Төрелік айтып өзімше, төбе би сын-ды,
Өзім де сонда ой таппай, көзамалдаймын.

Жапырақ-сынды деуші еді күзіне жеткен,
Әңгелек-сынды деуші еді – үзіле кеткен.
Сары алтын-сынды деуші еді, дүниенің сырлы
Сиқырлы сазын сақтаған жүзіне көптен.

Сипалап басып пернесін сиқырлы әлемнің,
Ғажайып ертек-дүниеге күй тыңдап ендім.
Белгісіз алдым... барамын ғарышқа сіңіп,
Пенделік мынау перделі сыртында әлемнің...

Ойлаумен тағдырыңды,
Жүремін таңды атырып.
Қимаймын бал күнімді,
Нұр құйған жанға тұнық.

Жаныңда жатқан жақұт,
Тартады мені дәйім.
Жолығып, тапқан бақыт
Жол таппай, сары уайым.

Білмеймін не керекті –
Дертім бар бір дір еткен.
Көзі жоқ көбелекті
Қуалап жүрмін өрттен.

Кеудеңде сенің – көркем гүл,
Кеудеңде сенің – көркем жыр.
Кеудеңнен сенің, көріктім,
Гүл жарар көрем ертеңді.

Көк орман сонда көктейтін,
Көп арман сонда «жет» - дейтін.
Кеудеңде сенің, көріктім,
Көктем бар естен кетпейтін.

Жүрсің бе, жаным, тыншытып көңіл,
Саялы бақта, салқын алқапта?.
Қиялға кетіп мен жүрмін небір,
Сандалтып ойды сан түрлі саққа.

Уақыт та өтпей қойды ғой мүлде,
Айналып босқа сағаттың тілі.
Өтпейді күн де, өтпейді түн де,
Беймәлім мынау күндердің сыры.

Тағы да бүгін түсімде көрдім,
Отырдың жырақ өз ойыңменен.
Көгілдір бақтың ішінде көрдім,
Көрініс – сынды көзайым күннен.

Салқынсың, бірақ, саябыр тапқан,
Салқын бақ-сынды, селт еткн жоқсың.
Сағынтып өткен сонау бір шақтан
Жылт өткен сәуле көрсеткен жоқсың...

Қияқтай айдың астында
Қиыла қарап тұрып мен.
Жанардан талай жасты ұрлап,
Айырылдым талай үміттен.

Жігітпін деуші ем, сүйіктім,
Жайлауым жазық, жағам кең.
Ең соңғы нәзік үміттің
Жұртында қалып барам мен.

Жаутаңдап жалын жанарым,
Құс жолын кезген кезбе – мен.
Өзіңді қайдан табамын,
Қайтемін іздеп өзгеден.

Ауылдасың ба, қаладасың ба,
Қай жерде, қалқам, жүрсің сен?
Кеудеме сыймай, санаға сыйған
Сағыныш атты жырсың сен.

Қиылысында қай көшелердің,
Толықсып басып барасың?
Жалт етесің бе, ай мүсін, енді
Толқынтып жанды қарасың?

Жасыл бақтардың қай бұрышында,
Отырсың перде торғындап,
Қандай жолдардың айырылысында
Таксиге тұрсың қол бұлғап?..

Көрсем-ау, - деген олақтау дәме
Тыншуын алып ақылдың,
Сағыныш сазын орап кеудеме
Сені іздеп келе жатырмын...

Аяулым менің, алдымнан ән боп есетін,
Жүр екенсің ғой жанымда әлденеше күн.
Сарғайтып қойып, сабырға салмақ салдың ба
Елестей болып көрінбей жүріп көшетін.

Сағыныш дертің сауығып, бәлкім, жазылды,
Сарылуменен мен жүрмін, аңсап наз үнді.
Жолықтырмаған жолдарға айтып назымды,
Кездестірмеген күндерге айтып назымды.

Білмегеін, жаным, сырымды менің сезбе сен,
Жолың бар шығар, бар шығар бөлек өз көшең.
Сезбеген болып, сырт қарап мен де кетейін,
Жаңылып жолдар, жанымнан өткен кезде сен...

Көрінбейсің...
Кетерсің көрінбестен,
Мен қалармын сезімнің селін кешкен.
Көк дауылдың өтінде жапырылып,

Шулап қалар көк орман көңілді өскен.

Шайқалтып, жаныма өзің салған ағын,
Тұншығып, толқында тал қарманармын.
Жанымның жүйесінен арна салған
Дарияның даладай ғып жар қабағын.

Жүрермін, жүріп солай күн кешермін,
Астында ала құйын бір нөсердің.
Күбірлеп есуастай, икеудемдегі
Бейкүнә махаббатпен тілдесермін.

Зырығып, соған ғана шағынармын,
Сыздатқан жарамды ашып жарылармын.
Сұрланып өзім-дағы сыздап кейде
Қатпарлы қара бұлттай қабынармын.

Кейде көкке көтеріп табынармын,
Кейде өзіңді кіналап жабығармын.
Сөәтіп сені жек кқріп жерінермін,
Сөйтіп сенің сүлдеңді сағынармын.

Қиял – еншім, өзіңнен қалған мұрам,
Жетеді сол да маған.
Ептен-семптеп, өзімді алдандарам,
Жырлармен жолдамаған.

Ол аз болса, хатың бар сол сиқырлы,
Харпінен сезім тамған.
Көшіреді кеудемнен сәл күйкі үнді,
Демдей-ақ өзің салған.

Жолдарға да өкпем жоқ, қиыспаған,
Кезіктірмей қойған бұл күндерге де.
Демаламын мен енді тиыш қана
Тәрізденіп айлаққа кірген кеме.

Көңілімде менің мың сұрақ
Лаулаған оттай дауылда.
Аязы бетті шымшылап,
Жатыр ма қыс кеп ауылға?

Қолыма тағы қалам ап,
Сағыныш буып торықтым.
Аулымды оймен аралап,
Өзіңе, жаным, жолықтым.

Жатыр ма қыс кеп ауылға,
Ақша қар болып ақ қанат.
Арқадан соққан даылда
Шығар-ау, сірә, жоқ тағат.

Жүрсем де шалғай сапарда,
Көңіліммен көрем күн салып.
Жылы ағыстары қата алмай,
Жатыр ма дария бусанып?

Ауылымды жүрмін сағынып,
Сағынып жүрмін өзіңді.
Жарқабақтарға соғылып,
Таусып жүрмін төзімді.

Ой-орман күдіктері
Толқынды – нені білді?
Шықтың ба қуып мені
Төрінен көңіліңнің?..

Жарамай қорғануға,
Торғайдай шырылдаумен,
Үміттің қолдарынан
Ұшты ма шырын дәурен?

Ақыры жат санаудың
Мүмкін бе бармасына,
Көтеріп ақ самаурын
Басқа үйдің ауласына?

Махаббат!
Тұрма қайтып, құладыңба?..
Құлаған шығап көктен шырағың да.
Қайтесің, тағдыр осы танымаймын

Дұғаңды, - сақтап келген тұмарыңда.

Жөн бе еді келгенінен келмегені–ақ,
Қалдың-ау, қайран көңіл, жерге қарап.
Жүректің жасы толған тостақанның
Сынығын сақтап қойдым, сөзбен орап.

Саулсаң, басып сырқат, солығыңды,
Күндерді еске аларсың жолы мұңлы.
Отқа да, суға салған тұмардай мұң
Дұғадай жебер, бәлкім, көңіліңді.

Пәруәна, бәз күндерің келер ойға,
Өрт болып өршіп, өрлеп өне бойға.
Қиялдап келіп сонда жүрерсің көп
Шалғыны шайқалмаған көкорайға.

Жүрекпен жамау-жамау, қиық-қиық,
Күндерді еске аларсың, күйіп тұрып.
Махаббат! Қайдасың,-деп күрсінерсің,
Сынығын сол тостақтың сүйіп тұрып.

Сауалсаң, басып сырқат-солығыңды,
Баса алсаң, кеудеңегі көрігіңді,
Ішерсің әлі талай шәрбәт қылып,
Шараңда шүпілдеген ...

Толы мұңды.

Мені сені сағынамын,
Шақтарда көңілсіз,
Жас көңіл оранғанда мұң.

Мен сені сағынамын
Жақтарға сеніміз
Қиялмен оралғанда мың.

Мен сені сағынамын
Ақ айдын астында айдың
Адасып жүргенде,
Мен сағынамын...

Мен қайтемін...
Шарасыз күндерге...

Ұмытып кеткен бір бейне
Ұмтылып еске енесің.
Кеудемде күлген күнгейге
Жете алмай жүрме елесің?

Сағымның сары таптарын
Санаңмен кешіп жүрмісің,
Кеудемде тынып жатқанын
Білемін факиз бір мүсін.

Жаның тұнық, мөлдір
Сәбидейін пәк бір.
Айдыныңда сол бір
Жүзгендейін аққу.

Таңырқаумен қарап
Дүниеге айна.
Тал бойыңда балап
Толықсыған айға.

Толғаныңды сезбей,
Толқын ойда жүзіп,
Тоқтай қалған көзге
Сәуле шашып қызық

Он жетінің мәңгі
Көктеміндей балғын
Ең әдемі әнді
Жүрегіңмен салдың.

Бәрі соның бейне
Ертегідей әйбат.
Хор қызындай кейде
Қалықтайсың жайлап.

Қиялыңмен қырды
Қыдырасың, бәлкім.
Бір құпия сырды
Ұғынасың, бәлкім.

Солай-солай байқап,
Дүниенің демін.
Асыл-асыл ой тап
Әй-әй сұлу, керім.

Ауылдасың ба, қаладасың ба,
Қай жерде, қалқам, жүрсің сен?
Кеудеме сыймай, санаға сыйған
Сағыныш атты жырсың сен.

Қиылысында қай көшелердің,
Толықсып басып барасың?
Жалт етесі бе, әлде сен енді
Толқынтып жанды қарасың?

Жасыл бақтардың қай бұрышында,
Отырсың перде торғындап,
Қандай жолдардың айрылысында
Таксиге тұрсын қол бұлғап?..

Көрсем-ау,- деген олақтау дәме
Тыншуын алып ақылдың,
Сағыныш сазын орап кеудеме
Сені іздеп келе жатырмын...

Тағы да, тағы біздер
Табыса алмай қалдық.
Жандардай сағына іздер
Жарқ етіп, жанбай қалдық.

Салмағын салып ділдің,
Әлі ерке наз көңілге.
Өзгеше ән ұқтырдым,
Жұмбақтау кездерімде.

Әйтеуір жаққа дымсыз,
Жұтылды жұмбақ тағы.
Дүние тоқтады үнсіз,
Селт етіп тіл қатпады,

Уақыттың сұрағы мың,
Дем жетпес дерегіне.
Білмеймін, кінәлі кім –
Ідеп те керегі не?..

Тағы адастым...
Ақ боранға түскендей, ала басқын.
Басқан ізім әп-сәтте ғайып болып,
Беймәлім басыр оймен аралыстым.

Қасқыр ұлып, ит жылап, түлкі күліп,
Жерге түсіп кеткендей, Күн түңіліп.
Миды шағып барады, мәңгүрт қылып,
Шырт-шырт етіп шағылған шырпы қылық.

Ұқпаппын сенің мұндай ғажабыңды
Махаббат – пейіштей-ді ғазал үнды.
Алдыма сап мен келем арқан бойы
Ақ басқынға орнаған азабымды.

АҚ ДӘУРЕНГЕ

Кезегіменен күн шығып,
Кезеіменен күн батып,
Жәреуге, жалпақ тіршілік
Жұбатқан болып, жырлатып,

Қалқиып тұрған қабірің
Ұқтырып істің шындығын,
Салауат Дүние сабырын
Салқындау айтып тұр мығым.

Келеміз мынау жарықта
Кезексіз кеткен, Ақ ботам,
Мұңымды кімге шағып та
Көңілімнің қайтіп тоқтатам?

Жанымдай жақын жарығым,
Жаныма жаққан жылуым,
Тереңнен айтып тағылым
Тоңдырды ел мені, құлыным.

Саьырдан басқа шарам жоқ,
Саған да, балам, салауат.
Жүрермін әркез алаң боп,
Тілхатым болып дұға-дат.

Күндерім қайтіп үзермін,
Болмайын күпір десем де,
Өткенді қайтіп түзермін,
Өрнек боп кеткен кешенге...

Таба алар болсам Сарыарқа, сары Даламнан,
Сандалып іздер едім-ау соңыңнан, балам.
Ғайыпқа неге тағдырың тартты екен ерте
Алапатымен қарсы алып жаолыңнан, балам.

Білмеймін, жаным, ұға алман пенд басыммен.
Рухқа жаның ерте ұшқан өзің болмасаң.
Көзайым қылып кетуге келген асыл ма ең,
Тоқтайын, жаным.

Сезімді төзіммен басам.

Күнәһар болса, көндіге алмай Сенсізге,
Алланың өзі рахымын салғай санама.
Бұйырғай, балам, жәннаттан ұжмақ-төр
Сізге,

Деп дұға қылдым.
Енді өзге қандай шара бар.

Бір үміті бір үмітке жалғаумен,
Қиялыңда қиырларға самғаумен,
Келе жатыр едің, тағдыр сол жолды
Қапияда үзіп кетті-ау, Ақ Дәурен.

Ақ дәуренім, қапи кеттің – білемін,
Күл парша боп жыртылды ғой жүрегім.
Асылығым болса аллах кешіргін,
Артық кетсем, тапқай өзі бір емін.

Сынды ссағым, тағдырыма өкпе арттым,
Жарыта да алмайды екем жоқтап тым.
Арғы бетке өтіп кеткен Ақ дәурен,
Көрер ме деп өлеңге орап от жақтым.

Құлдығым-ау, тең құрбыңмен жүрер ең,
Қатарыңмен ойнап бірге күлер ең.
Бұл-бұл ұшып Ақ Дәуренім, кеттің ғой
Болып мәңгі бітпейтұғын жыр-өлең.

Шырақ жағып қойдым сен деп кеудемде,
Сәуле салар көңіліме шерменде.
Ең болмаса жырдан тастап тамыздық
Дұға оқырмын өзіңді аңсап келгенде.

Демім жетпей ділімді көркемдеуге,
Жаным, балам, барармын ертең мен де.
Кім бар дейсің ол жақтан жалтаратын,
Жаным күйіп барады сен сөңгенге.

Демім жетпей ділімді көркемдеуге,

Сенің мынау жасыңда кетіп қалған,
Қарамаппын жан-жаққа етіп талғам.
Соны ойласам, жаным-ау, сәбидейсің,
Қозыдайсың, қарғам-ау, отықпаған...

Көкем, менің, мезгілсіз кетіп қалған...

Мүмкін, ата көңілім шығар мұным,
Ойламаған деп ғапыл сынар гүлім.
Сенің талай шындарға шығарыңды
Аңсап жүріп адасқан бір алжымын.

Адасып кеп алқынып шығар дымым.

Аңсап жүр ем үй болып ұласар деп.
Қатарға еніп, қалқиып, қыр асар деп.
Екіншіңді алып, қалқам-ау, қайда кеттің,
Бастарыңды жүргенде құрасам деп.

Тәңірімнен тек бақыт сұрасам деп.

Күндер туса қимылды әл көретін,
Кенжем деуші ем қолынан бал беретін.
Майда мінез масаты, мауытындай
Мақтануға жаралған жарығым-ай.

Жүргеніңді жанымда сән көретін.

Құралмауға жазған ба жарығыңды,
Күндер өтті күгі ауыр, таңы мұңды.
Таңда тұрып сәріден сана ал деуші ем,
Қозғап сенің, сәулем-ау, сабырыңды.

Кешір, жаным, еске алсам, бәрі мұңды...

Арызыңды көп айттың деме, көкем,
Жылап алу осылай керек екен.
Әрі-сәрі жүр едім, енді өзіңмен
Әздесуге оңтайлы келе кетем.

Арызыңды көп айттың деме, көкем.

Пенделігімді кешір, Хақ,
Пенде ғып өзің жаратқан
Тіріліңді тоқсырқап,
Жайым бар безер тағаттан.

Алланың ісі дүр деген,
Пендеміз құлдық ұрған біз.
Айтыр сөзін де білмеген,
Ақылы аз айқын құлданбыз.

Бар Аллаһ, бізді кешіргін,
Күнәһар пендең мына мен.
Өзіңнен қорқып тосыдым,
Ақ Дәуренді айтып жылап ем.

Сабырлы сырға батқан,
Салармын жаныңа мұң.
Көктемде күр боп аққан
Сеніңдей дарияның.

Үміт қой еркелі бір
Өзің деп ашқан сырын.
Өтеді ерке ғұмыр,
Жолымен жас – тамшының.

Бұл қимас көңілімді
Ұғарсың, аға алмассың.
Хощ иіс ерніңді
Есімнен шығармаспын.

Апта айналып арадан,
Арбадайын аудаңдап,
Саусақтарын жалаған
Баладайын балбармақ

Тәтті үмітті таңға артып,
Сәби көңіл сәл тыншыр.
Әлденені аңғартып,
Сырдаң етер салқын сыр.

Тауып алып әйтеуір
Тайпақ ойды тайғанақ,
Қарағанша қайта бір
Аунап түсер айғабақ.

Апта айгалып, Ай жүзін
Ызғар шалып, күз қарып,
Тайпақ жолдан тайды ізім
Қарап тұрды Ай сызданып.

Қыстың басы деп осы
Айқыз, бәлкім, аңғартты.
Сол үмітті келесі
Мен тағы да таңға арттым.

Бір тынбайсың сен ұдай,
Неге сонша құмармын?
Тыншымайтын көңіл-ай,
Қайда барып тынармын?

Ая, жаным, мені де,
Мен – дәруіш, диуана.
Гүл ерніңнің деміне
Ділгәр болған пәруана

М Е Н...

Тағы да бүгін жаңбырлы.
Өзіңсіз.
Жерлеймін қатал тағдырды
«Сезімсіз»

Далаға шықтым – тас түнек,
Сәуле жоқ.
Жаныңа сен де жас тілеп,
Әуре боп...

Жүресің бе, жаным, түндерде
Жұлдызсыз?
Өкпе айтып мынау күндеге
«Сыбдырсыз».

Бойымды-дағы, сананы
Зіл басып,
Сезімнің улы шарабы
Бір қасық.

Қосылып кетіп барады
Қаныма.
Жауа бер үнсіз жаңбырым,
Тағы да...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙