Мазмұнға өту
Home

Көңіл сыры

Шабаз Иманалиев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Көңіл сыры

Авторы: Шабаз Иманалиев

Шабаз ИМАНАЛИЕВ Көңіл сыры Шабаз Иманалиев туралы «Көңіл сыры» (мақалалар мен сұхбаттар, арнау өлеңдер, естеліктер, лебіздер мен құттықтаулар) кітабынан (Алматы. Информ-А, 2012. – 150 бет) «Ақылы келтелеудің әдісі – желкелеу»

ҮЗІК ОЙЛАР

...Құдайдың өзі кешірер, табиғат кеудеме берген өлең отын мансап суымен осылай өшіріп едім.

Әбішпен сыйластығымды, Фаризамен достығымды, Темірханмен бауырластығымды ешқашан жалау етіп желбіретпедім.

Жолдас-жорамды – Сайком, Шорамды айналамыз білсе де, бүкіл елге жайып елжіретпедім.

Аузымда әзілім, дап-дайын қалжыңым әрқашан әзір болғанмен, көп нәрсем айтылмай, әсіресе өкініштісі, жазылмай ішімде кетті.

Өмірдің қысқалығын білсем де, оның маған қатысы жоқтай сергектікпен сезімді тізгіндеп, еркіндікке жібермеппін.

  • *

Мен бастық болып машина міндім және біреуін емес. Мен оны ақын болып өмірден ерте өткен Марат үшін, Қабижан үшін міндім. Мен оны ақынды жаяулатқан, әкімді көлікті қылғандар үшін жасадым. Мен оны Қасым, Мұқағали, Төлегендерді баспанасыз қаңғыртқандарға қас қылып істедім. Ақындықтың емес, кішкентай әкімдіктің арқасында Ұлы Жұбанмен, Ілияс Есенберлинмен, Шерхан аға Мұртазамен, тағы да басқа қазақтың бетке ұстар қаламгерлерімен тап бір тең адамдардай дастарқандас болдым.

  • *

Ел қамы, халық тағдырына салқын қарай алмайтын қазағымның әрбір азаматы егемендіктің баянды болуы үшін өз үлестерін қосуға міндетті. Қазіргі заман – біле білгенге, білімділердің заманы. Ал білімділер осы біздің жастарымыздан шығуға тиісті. Дипломы бар, бірақ білімі мен білігі жоқ адамдар қоғамымызға қорған бола алмайды.

Ұлы даланың ұлдары мен қыздары ұсақтап кетпегей!

  • *

Мен өзімнің ішімнен шыққан балаларымның ғана емес, барлық балалардың да маңдайынан сипағым келіп тұрады. Оларға қабақ түйгенді ұнатпаймын, тіпті жек көріп кетемін. Себебі, күшігінде таланғандар ит болғанда да жүнжіп жүреді. Ал мен әр пенденің ит емес, от болып лаулағанын қалаймын. 09.02.2004

  • *

Мен Сені әлі күнге жер қойнына қия алмай жүрмін. Жалғызсырап жалпақ дүние – жер бетіне сия алмай жүрмін, Сайком-ау!

Құмарлы күндер, құнарлы ойларды бірге кешкен жан досым-ау!

Өзі де қысқа өмірде одан да шолақ ойлайтын пенделерден шошынып жүрмін. Құрдастарға Ақ Жайықтай есілетін, кең Үстірттей көсілетін Сен кеткелі шер мен мұңға қосылып жүрмін, Сайком-ау!

  • *

Тіршіліктің анасы Ұлы Жерді тар етіктің ұлтарағындай, Ұлы кітап, ұлы өмірді қойын дәптердің бір парағындай көретіндерден Құдай сақтасын! 12.09.1997

  • *

Ойы аладан ала сөз шығады, ойы қарадан қара сөз шығады, ойы данадан дана сөз шығады. Ол айтушының адамына байланысты.

  • *

Жолдың кебірінен, ұлдың жебірінен сақтағай!

  • *

Бөлтірік бөрі болам деп, күшік ит болам деп қыңсылайды.

  • *

Ұлың сабырлы, қызың қадірлі болғай!

  • *

Егемендігіміздің түбіне емегендігіміз жетіп жүрмесе болар еді...

  • *

Сұңқарды құрулы тордан, тұлпарды қазулы ордан сақтағай!

  • *

Осы кісінің шыққан биігі жасампаздық еңбектің жеңісі емес, жағымпаздық «еңбектің» жемісі боп көрінеді маған.

  • *

Бұл кісі жағымпаздық толқынымен жар басына шыққан, енді құлауы қалып тұр.

  • *

Адал адамды сатып алуға болмаса да, сатып жіберуге болатынын арсыздар жақсы түсініп алған.

  • *

Өмір сүру қымбаттап, өмірдің өзі арзандап кетпегей.

  • *

Әкімнің жүретін жолына сақалдарын төсеген шалдарды көрдім. О, тоба, сақалдың киесі, ар-намыстың иесі қайда кеткен?!

  • *

Ардақтыны көрінде емес, төрінде көргенге не жетсін?!

  • *

Даналар табынбасыңа, жақсылар сағынбасыңа, жамандар «қағынбасыңа» қоймайды.

  • *

Сөйлегенде жағымпаз шіркіндер, Жүрегің май ішкендей кілкілдер . *

Жылан жүрісті жағымпаздардың өмірі ұзақ бола ма деймін осы.

  • *

Жайсаңның жайсаң екенін қылығынан білесің, Найсаптың найсап екенін былығынан білесің.

  • *

Қоқысы толы кеудесін кере береді, Жасаған ием айналасына зиянды осыларға байлық пен бақты неге береді?!

  • *

Тар көңіл – көр кеуде, Уақыт шығын сөйлеуге.

  • *

Кей миғұла өзін данышпанмын, арыстанмын деп есептейді, ал халық оны бір сөзбен «есек» дейді.

  • *

Ақ нәрсе қара түнде де ақ.

  • *

Ортаның сәні – Сержанның күйі, Күріштің әні.

  • *

«Кім сағынбас жастықты? Алаулы күндер өткіздік. Он сегіздегі достықты – алпысқа аман жеткіздік» деп, шүкіршілікпен, қимастық көңілмен марқайып жүрген едік. Бірақ достықты алпыс беске жеткізе алмадық. Оған кінәлі біз емес едік, әрине. Күндердің

күнінде жақсы екеніңе, жайсаң екеніңе қарамайтын, пенде ғұмырының тіні жібек пе, жіп талғамайтын ажал-аранның бір келерін білсек те, тұтқиылдан бірімізден-біріміз осылай айырыларымызды, құдай-ау, кім білген!..

  • *

Жақсы адам – айналаның құты, Жаман адам – абыройдың жұты.

  • *

Ізгілік күткен айнала Жайсаңдар – жайсаң қайда да.

  • *

Кінәңді біреуге артсаң да күнәңді өзің арқалайсың.

  • *

Берекесіз күн кешсе ала қаулан, Бір қазақтың басына екі даудан.

  • *

Даналық адамға үнемі қарттықпен бірге келе бермейтін сияқты, кейде қарттық өзі жалғыз келеді-ау.

  • *

Жалған атақ-даңқ жол жиегіндегі тозаң секілді. Оны жел де алып кетеді, жауын да шайып кетеді.

  • *

Кей орасан пысық пенделердің қылықтарын көргенде «Ар мен Ұят жұмыссыздардың ішінде-ау» деп қорқады екенсің.

  • *

Ақылы келтелеудің әдісі – желкелеу.

  • *

Сөзден тәтті бал жоқ, сөзден ащы у жоқ. Әр сөзіңе абай бол, балам.

  • *

Қайғы баланы ерте есейтеді, ересекті тез қартайтады.

  • *

Жарықсызға жарық бергеннен, парықсызға парық беру қиын.

  • *

Ақылды адам үнемі мұңсыз бола алмайды. Мұңсыз адам – оясыз құнсыз адам.

  • *

Айтқандары пәтуасыз, ауыздары дуасыз «шешендер» көбеймегей.

  • *

Жауапкершілігі шектеулі, жауапсыздығы шектеусіз ұйымдар да, жандар да етек алды.

  • *

Жазықсызға кінә таққаның – өзіңді өзің атқаның.

  • *

Арғымақ атқа міндім деп, Адасып кетпе артыңнан. Алтын таққа міндім деп, Алшақтап кетпе халқыңнан.

  • *

Айтылған сөз – атқан оқ, Ол біреуге тиеді. Өсек деген – жаққан от, Жазықсыз жан күйеді.

  • *

Алла санасы сарғайғандардан сақтағай!

  • *

Шын жүрек достар азайып, Сұм жүрек «достар» көбейді.

  • *

Қадірлі Қуандық!

Ақырын жүріп, анық басып, Тыныштықпен қол ұстасып, талтүс – алпысты артқа тастап, жетпістің жел қайығына мінген күнің құтты болсын!

Біз секілді жақын дос-жарандарыңның еңсесін түсіретін ерсі қылық жасамай, өмір бойы өзіңе біткен сабырлылық пен кішіпейілділікті жолдас етіп келесің. Баршылықта аспайтын, таршылықта саспайтын сырбаздығыңды жоғары бағалаймыз.

Өміріңнің қай кезеңінде қандай қызмет атқарсаң да лауазымға мастанып, өзгеге болмасын деген арам пиғылмен ластанып жүргеніңді көрмеппіз – оған шүкіршілік!

Өзіңді «Ақ Жарық» дейтін қосағың Тыныштық екеуің бүгінгі күні жақсы балалар өсіріп, сүйкімді немерелер тәрбиелеп, жан-жаққа шуақ шашып отырған тәлімгер де қамқор ата-ана, ата-әжесіңдер. Жақсы қасиеттерің ұрпаққа жұғысты болғай!

Келесі белестерден де құр атқа мініп, қыратқа шауып шыққандай аман-есен аса бер! Достарың. Сәуір, 2010.

  • *

Қадірлі Ғалеке!

Талтүс – алпысты артқа тастап, жетпістің жүрдек желқайығына мінген күніңіз құтты болсын!

Атырау мен Ақжайықтағы ақ желкендей арыңызға кір шалдырмай келе жатқан асыл жарыңыз Зинеханды қоса құттықтаймын!

Алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыз өсіріп, олардан немере сүйіп, ұрпақ қызығын көріп отырған бақытты ата-анасыздар – бәрі де ұзағынан болғай!

Мынау шолақ та жолақ жалғанда орта жолда қалмаңдар. Азамат атқа иесіз, биіктей ұшсын армандар! Игі тілекпен досыңыз Шабаз Иманалиев. 18 тамыз, 2009.

  • *

Құрметті Орал Байқонысұлы!

Қасиетті мекен, киелі түбекке алғашқы келуіңіз Сізге де, Маңғыстау халқына да құтты болсын!

Қанағат пен шүкіршілік азайып, әлемді шулатып жатқан дағдарыс белең алып тұрған кезде кей пенделердің қайысуы да, майысуы да әбден мүмкін, тек сынбаса болғаны.

Сондықтан да жауапкершілікті барынша күшейтіп, жауапсыздықты шектейтін заңдар күтеміз Парламенттен. Дені «Нұр Отан» партиясының мүшелері болып табылатын, ішінде Маңғыстау облысының да перзенттері бар Жоғары заң шығару органының қазіргі жұмыстары ауқымды, қуатты серпін бар екендігін жұртшылық көріп, біліп отыр. Сезімі сергек, саналары саңылаулы азаматтар баршылық Маңғыстауда. Жұмыстарыңыз жемісті, отбасыларыңыз аман, еліміздің ертеңі жарқын болғай!

МАҚАЛАЛАР МЕН СҰХБАТТАР

ЖҰБАН-ЖЫР

Ш.Иманалыұлының Алматы жоғары партия мектебінде оқып жүрген кезінде – 1972 жылы 18 наурыз күні Жұбан ақынның оқырмандармен кездесуінде сөйлеген сөзін жеке мұрағатынан алып, қаз-қалпында ұсынып отырмыз. Құрастырушы Жайласып жатыр ақырын, Зал толы – жырдың достары. Тыңдамақ абзал ақынын Ардақты отандастары.

«Жыр туралы жыр» поэмасы осылай басталатын еді ғой. Белгілі қазақ Совет ақыны Ж.Молдағалиевтың бүгінгі бізбен кездесуі мен сол өзі жазған жолдар арасындағы көзге көрінбесе де айқын сезілетін бір байланысты тап қазір танып біліп отырғандаймыз. Олай болуы заңды да шығар, өйткені халқымыз асыл жырды да, ақын ұлды да ардақтайтын ел ғой. Оның ішінде халық атынан сөйлейтін және тап басып, сыршыл да шыншыл сөйлейтін ұлы болса нұр үстіне нұр. Отыз жылдан астам уақыт қалам тербеп келе жатқан ағаның халқымызға ақын ретінде бергені аз емес, берері одан да көп екендігіне кәміл сенеміз. Біз Жұбан Молдағалиевты алғаш танығанда жауынгер ақын ретінде қабылдадық. У меня война лежит под сердцем, Двадцать грамм железной войны,- деп орыс ақыны Куняев айтқандай, соғыс кімнің жүрегінде қаралы дақ қалдырмады? Соғыстан сәл-ақ бұрын дүниеге келген біздің ұрпақ соғыс ауыртпалығын өз иығымен көтермегенмен, ана жанарыңдағы мұңды, ата қабағындағы кейісті көріп өстік. Аяқ орнына ағаш байлаған, бос жеңін беліне қыстырған аяулы адамдарды талай көрдік, әлі де көріп жүрміз. Соғыс салған жараның тереңдігін бертінірек ақыл кіре, айқынырақ байқадық. Бұған сол отты жылдар толқынын автомат мылтығы мен автомат-қаламын жауға қарсы кезене кешкен абзал ағалардың жалынды жырлары да көп көмектесті. Сол арқылы қазіргі ұрпақ жеңіс сағатының қаншама қымбатқа түскендігін жақсы түсінеді. Коммунист ақын поэзиясынан өзі куәгер болған Ұлы Отан соғысы тақырыбы ерекше орын алады. Ол жырларда жауынгердің жеңіске деген нық сенімі, жан-дүниесі, сүйініш пен күйініші, ұлы еліне деген сөнбес махаббаты – Совет адамына не жат болмаса соның бәрі тоғысады. Мен құмармын бұлаққа, Үмітім көп таң-нұрдан. Отан үшін бірақ та Қаным түгіл жан құрбан.

Өмір-өлім шебінде, Тұр тартысып бүгінде ел. Қаза тапсам мені де Коммунист деп біліңдер,- дейді Жұбанның геройы «Қан басқан қағаз» атты өлеңінде. Жұбан жырларынан коммунист солдат бейнесі, өз биігінен көрінеді. Оның бойына ақын замана қасиеттерінің асылдарын жинап бере білген. Ақынның келер ұрпаққа: Мен аманат етем саган, Жарқын өмірбаянымды, бал тәттім, Соның өзі-ақ жетер саған Ол – тағдыры коммунистің-солдаттың,- деуі жарасымды шындық қой. Ақын лирикасы оқушы жүрегінен терең орын алады, жүрегіңе терең лүпіл қосады. Осыдан он шақты жыл бұрын институтта оқып жүргенімізде Жұбанның «Ақ Жайық» атты өлеңіне Армысын, сұлу Жайығым! Ардақты қоныс мекенім. Қажетсіз маған қайығың, Аймалай жүзіп өтемін,- деп ылғи балғын жастар болып таласа, қызыға жатқа соғар едік. Тіпті қайсы біріміз Жайықтың көне кезін көзге елестетіп, одан сан қилы уақытта сарсылып өткен семсер Махамбетті еске алып, Жұбан өлеңінің жалғасындай болса екен-ау деген тілекпен Кейде ойға шым батып,

Жүдеп қана ақтың ба, Бірде еріп бір қатып, Жүйрігін тағалаттың ба?!- деп, Жайық жағасынан шықпайтынбыз, оның шашақты жібек толқындарынан жыр іздеп көз тігентінбіз, сал самалына кеудемізді ашып, құлақ түретінбіз, тәтті де тынымсыз сезім құшағына берілетінбіз. Содан бері он жыл уақыт өтті. Ақын өсті, оқырман да есейді. Бірақ ақын жырлары оқырман жүрегін тебірентуден бір сәт те тиылған жоқ. Қайта оның жырлары бұрынғыдан кең де сабырлы, сырлы да сазды арнаға ауысып, соны қасиеттері ерекше тарта түсетіндей. Өлеңнен өлеңге, жинақтан жинаққа аяқ басқан сайын ақын шеберлігі сан түрленіп, өлең өзеніндегі әр бір иірім өз ерекшегілігімен, өз бояуымен жарқ беретіндей, ондағы ой толқын бары зырлап ағып, өзінің бар болмыс шындығымен бас изетіп, еріксіз «Иә» дегізетіндей. Мысалға ақынның «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деген бір-ақ өлеңін алайықшы. Ақын осы өлеңінде қазақ әйелінің кешегісі мен бүгінгі күнін салыстыра отырып, әйел тұлғасын қаншама биіктете білген десеңізші?! Жұбан өлеңінен ақылдың, ардың тәңірін көресің, оның алдына бас иесің. Ардақты анаң, аяулы жарың жайлы жаңа бір аса жарқын, ғажайып мөлдір көзқарасқа ие боласың. Мұндай өлеңді оқығанда өзіңді адамдықтың, адалдықтың ақ сәулесіне, пәк сәулесіне бөленгендей сезініп, шұғылалы төңірекке ырзалықпен қарайды екенсің. Мұндай жақсы өлеңдер ақында бірен-саран емес, бірегей екендігі әсіресе қуантады. Ақынның көптеген өлеңдері оқушы жүрегіне жылы жол тартып, өзін жат дегізбей, елжірей араласып кетеді. Ақын арманы да, жыр мұраты да осы болса керек түбінде. Ақынның үлкен полотнолары – поэмалары туралы әңгіме өз алдына бір төбе. «Жыр туралы жыр», «Жесір тағдыры», «Мен Қазақпын» поэмалары қазақ Совет поэзиясы табыстарынан саналады. Олар бүгінгі талғампаз оқушылармен тез де ыстық табысып кеткені белгілі. Ақын, үлкен азамат Жұбан Молдағалиев қазір ақындық талантының дер шағында. Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін, Қайта тудым, өмірге қайта келдім. Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске – Айта бергім келеді, айта бергім!- деп жырлаған ақынның шабытына шабыт қосылып, тамаша жырлар туғыза беруіне тілек білдіреміз.

ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС немесе Сайком жайлы бір үзік сыр Достық! Достық біздер үшін таусылмайтын тақырып еді, адам жанының нәзік қылынан төгілетін нәзік саз еді, адалдықтың, адамдықтың ерекше біткен асыл діңгегі еді. Жақсы дос жаныңда болса, көкірегіңнің көкжиегін үнемі кеңейте береді, қуанышта да, қайғада да одан артық сүйенетін жанашыр таба алмайсың! Осы жастың жартысын Бірге жасап келеміз. Бірге соқты жүректер, Бөлек болды денеміз. Жан қоярға жер таппай Тыпырлайды сол жүрек, Біреуміздің егер де Қайырласа кемеміз!

Сайком осылай деп жазған. Сайкомның өзі де достық туралы жыр еді. Дос туралы айтқанда әдемі жүзі нұрланып, көзі оттай жанып, жүрегі жырлап тұратын еді-ау! Рас-ақ, бізде бөлек қайғы, бөлек қуаныш болмаған, бәрі де ортақ еді! Тіпті бірбіріміздің балаларымызды да ортақ перзенттеріміздей көруші ек! Сайкомның кенже ұлы Асқар кішкентайында менің бетімнен сүйіп ап: «ах!» деп «рахаттанғанында», екі үйдің адамдары – үлкені бар, кішісі бар – баршамыз мәз болатынбыз. Бұл достық өткен ғасырдың сонау елуінші жылдарының аяғынан, анығырақ айтқанда, 1958 жылдан бастау алған.

Сол жылы Гурьев педагогикалық институтынының филология факультетіне оқуға түскендердің ішінен біздер – Маңғыстаудан Сайком, Теңіз ауданынан Шора, Қызылқоғадан мен тез танысып, ұзаққа табысып кеттік. А.Дюманың үш ноянындай студенттік жылдардың «қызығы мен шыжығын» бірге көрдік. Тез танысуымыздың себебі үшеуміздің де өлең деген «ауруға» шалдыққанымыздан, сезіміміздің шынайылығы мен беріктігінен болар-ау деп ойлаймын.

Сол кезде облыс орталығында бірден-бір жоғары оқу орны болған педагогикалық институтта оқитын жастар арасында өлең ағысының екпіні әжепдәуір еді. Фариза Оңғарсынова, Марат Отаралиев, Қазданбай Қосжанов, Күзембай Әміров, Зұлқарнай Дабылов, Көпжасар Оспағанбетов, т.б. және аталған үшеуміз өлең деген өзеннің бір-бір толқыны едік. Институт жанында әдебиет үйірмесі тұрақты жұмыс жасады, үйірмеге үлкен әдебиетші ғалымдар Ермек Өтебаев пен Қабиболла Сыдиықовтар жетекшілік етті.

«Жас қанат» атты қолжазба журнал, «Қияға қанат» атты жар газетін шығаратынбыз. Мен аталмыш журналдың редакторы болғам, журналдың үш номерін жеке архивімде күні бүгінге дейін қымбат жәдігердей сақтап келемін. Сол бір алаулы күндердегі қазір ортамызда жоқтары бар, көздері болса да, өздері алыста жүрген аяулы достарды сағынғанда әлгі журнал беттерін оқта-текте парақтап отырамын. Жалпы институт әдебиетшілері жөнінде Фаризаның «Қыз ғұмыр» атты тамаша кітабында жақсы айтылған.

Сайком екеуміз Жайықтың Самар бетінде Гүлжан деген апайдың үйінде пәтер жалдап, бес жыл бойы бірге тұрдық. Апай жайлы мінезді жақсы адам болатын. Әрі біз барғанда мектептің бірінші сыныбында оқитын Маржан атты жалғыз қызынан басқа ешкімі жоқ бұл үй біз үшін оңаша қолайлы пәтер болды. «Оңаша» деген сөзді мен бұл арада шартты түрде айтып отырмын. Сайком екеуміз жүрген жер оңаша болушы ма еді?! Күнделікті екеуміздің «көже қонақтарымызды» былай қойғанда, Маңғыстау, Қызылқоғадан келетін жақын-жуық, ағайын-туыстар, дос-жарандардың ізі құрғамайтын.

Мен сол үйде Сайкомның папасы – ұстаздардың ұстазындай Бекқожа Еділхановпен таныстым. Бәкең бар тұлғасынан сабырлылық, ұстамдылық пен кеңдік айқын көрініп тұратын парасатты адам еді. Бар өмірін ұстаздыққа арнаған осы бір аяулы жанның есімін шәкірттері әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай келеді, жақсы азаматы ел-жұртының да жадында.

Бекеңнің зайыбы Қалекең де көрікті, өнегелі, ауыл анасы болған пайымды да топырақты кісі еді. Айтқанын айналасына бұлжытпай орындататын. Өзі де «бәйбіше» атанған Тілектестен бастап (Сайком қосағын осылай атайтын) Сағира, Ақерке, Бәтима, тағы да басқа келіндерінің ол кісінің алдынан көлденең өткендерін көргеніміз жоқ, Қалекең аса сыйлы болып өтті бұл жалғаннан. Бекең мен Қалекең дүниеге жақсы ұрпақ әкеліп, тәрбиелеп өсірді. «Арпа ішінде бір бидай», «Сайкомды айтпағанның өзінде, олардың басқа ұл-қыздары да айтарлықтай жайсаң жандар болып қалыптасты, ата-ана атына кір келтірмеді.

Сайкомның өзіне тете інісі Мақсұт қызметке ерте араласты, қатарларының арасында беделімен, атқарған жұмысына жауапкершілігімен ерекшеленетін еді, менің оған Форт-Шевченко қаласында қызмет жасап жүрген кезімде анық көзім жетті. Форт-Шевченко қаласының комсомол ұйымын, қалалық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімін басқарған ол кейін облыстық партия комитетіне қызметке жоғарылатылған болатын. Мақсұттың әншілігі қандай еді, әдемі әрі күшті даусы бар-ды, ол салған әндерді тыңдағанда әсем бір сезімге бөленетін едік. Жалпы Бекеңнің балалары өнерге жақын жаратылған, Махмұт та әжептәуір ән салады.

Сайран поэзияны жан дүниесімен терең түсінетін, әсіресе, Мұқағали өлеңдерін жақсы көретін. Оның адам сыйлағыштығын, адамның көңіл-күйіндегі өзгерістерді аңғарғыштығын іштей жоғары бағалайтынмын. Сайран бауырмал іні ғана емес, сыр айтысатын сенімді дос та екен-ау! Қайран, Сайран!

Пенденің адам болып қалыптасуына айналасындағы адамдардың әсері болатындығы дәлелдеуді қажет етпейтін шындық қой. Оның ішінде жақын-жуықтардың әсері күшті болады-ау деп ойлаймын өз басым. Сайкомның бойындағы оттылық, беттілік, мәрттік қасиеттердің бір бастауы оның нағашысында, «ағаекесі» Ықаң – Ықсан Жұмасатовта жатыр-ау деп топшылаймын. Көп сөйлемейтін, бірақ көкірек көзі қалғуды білмейтін сергек Ықаңды көрген сайын қазағымның ақылман ақсақалдарының баршасы осы кісідей болса-ау шіркін деп ойлаймын ішімнен. Үлкендердің асыл қазынасы өздерімен бірге кетпей, Сайын, Есей, Қосай секілді жас өркендерге қалғай деп тілек етіп жүремін.

Институтта оқып жүргенде Сайком арқылы Маңғыстаулық көп жастармен таныстым, олардың дені жайсаң жолдас, қимас дос болып кетіп еді. Байтілеуов Шамил, Тәжіғұлов Аманғали, Шыртанов Ізбасар қандай азаматтар еді?! Өкінішке орай, осы аталған жігіттер мәңгілік мекендеріне ерте аттанып кетті.

Өнер сүйгіш жастардың ішінде біз өте жақсы көретін Ізбасар мен қазір аз уақыт көрмесек бір-бірімізді іздеп отыратын Күріштің орны бөлек еді. Күріш қадімгі Сержан айтатын «Құлақтың құрышы, Құбаштың Күріші» – Тасболатов қой! Осы күні ойланып отырсам, маңғаз Маңғыстаудың мақамдары мен сырлы саздары алғаш Сайком, Ізбасар мен Күріш өнерлері арқылы құлағыма құйылып, жүрегімнен орын тепкен екен. Жоғары оқу орнын бітіріп, әр жаққа кеткенімізбен, хат жазысып, телефон шалып дегендей достық қарым-қатынасымызды үзгеніміз жоқ.

1973 жылы Маңғыстау өз алдына дербес облыс болғанда Алматы жоғары мектебін бітіргелі жүрген мен осы жаңа облысқа қызметке келгендегі Сайкоммен кездесуіміз қандай болып еді?! Енді ешқашан бөлек жүрмейтіндей табысқанбыз, бөлек жүргеніміз де жоқ. Кім еске алмас жастықты? Алаулы күндер өткіздік. Он сегіздегі достықты, Алпысқа аман жеткіздік, – деп мамыражай күн кешіп жүргенімізде тап берді ғой оған ажал-тажал.

Сайком билік деген биіктің етегіне іліксе жан-жағына қарамай өңмеңдейтін, қолаяғы ербеңдеп «мен, мен» дейтін, өзіндей өзгелерді көзге ілмейтіндерден емес еді. Керісінше, үнемі достық мерейін өсіруге тырысатын. Мысалға оның өлеңінен бір-ақ шумақ келтірейін: Ойлап тұрсақ, көбіміз саған қарап өсіппіз, Жастық шықтың жұмбағын бірге отырып шешіппіз. Ит өмірдің иттігі басқа түссе, амал не, Бұның дағы дауасын Шабаз білер десіппіз.

Досқа деген сенім қандай, аппақ шуақ сезім қандай еді. Шын мәнінде біздер – достары, жолдастары – Сайкомды әрқашан мақтан еттік, өзімізге үлгі тұттық, оның ақылына үнемі құлақ түретінбіз. Өзі айтқан «ит өмірдің иттігі» басымызға түссе, ол жұрттан бұрын жанымыздан табылатын, ыстық құшағын жайып, достық қолын созатын. Сайкомның кісілік келбетін, өнердегі қабілетін үлкен-кіші, қатар-құрбы замандастары жақсы тани білді. Солардың бірі қазір бақилық болып кеткен, есімі екі облысқа ғана емес, дүйім елге танымал әділет генералы Рахметолла Ғұбайдоллаұлы еді.

Ол өзінің «Әділет жолы» (Астана, «Әлем» баспасы, 1999) атты хикаятында: «Меніңше, өнер адамдары жамандыққа бармайды, себебі олардың жүрегі адалдықтан нәр алған деп есептеймін. Әйтпесе, қасиетті өнерді бойына дарыта алмайды», – дей келіп: «Сайкомның мәдениетке, әдебиетке қосқан үлесі баршаға белгілі, мені, ең бастысы, оның үлкен азаматтығы сүйсіндіреді. Өмірінде бір жасаған пендешілігін маған ағынан жарыла мойындағаны бар. Бұл – адамгершілікті биік ұстайтын азаматтықтың белгісі және ол екінің біріне дарымайтын қасиет», – деп жазыпты. Бұл – Сайкомға, азаматқа берілген жоғары баға. Сайком туралы талай адамдардың лебіздерін тыңдадым, бірақ еш пендеден ол туралы қолайсыз әңгіме естімеген екенмін, оған шүкіршілік, «әй, кәпір!» атанбай, соңына жақсы атағын қалдыру да бар пенденің пешенесіне жазыла бермеген ғой! 27 қыркүйек, 2008 жыл, Ақтау.

ҚАБИБОЛЛА СЫДИЫҚОВ

Қабиболла Сыдиықовтың есімі біз секілді шәкірттеріне, өкшесін баса жүрген інілеріне аса ыстық, етене жақын. Оған себеп Қабекеңнің бойына біткен табиғи дарындылығы, орасан еңбекқорлығы, терең білімділігімен қатар, іші-сырты бірдей әдемі, адамды үнемі өзіне тартып, баурап тұратын жан дүниесінің ерекше сұлулығы болатын. 1960 жыл. Гурьев педагогикалық институтында оқып жүрген кезіміз. Қабекең сол жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, біздің институттың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасына аға оқытушы болып келді. Біз ол кезде үтір, нүктесіне дейін қалдырмай оқитын «Қазақ әдебиеті» газетінде соның алдында суретімен басылған қазақтың ақиық ақындарының бірі Қалижан Бекқожиннің сәт сапарымен шыққан бір топ жақсы жырлардың авторы Қабекеңді Құдай сөйтіп «қолымызға берді». Келгеннен-ақ осы бір сегіз қырлы, бір сырлы аяулы азамат біздердің ұстазымыз ғана емес, сырлас досымыздай болып кетті. Санасының саңылауы бар жастарға, оның ішінде әдебиетке бейім жандарға, айтайын деген ойын кедір-бұдырсыз, шыншыл жүректен шыққан сыпайы да көркем жеткізетін. Ол кезде институтта Фариза Оңғарсынова өзінің «Қыз ғұмыр» атты тамаша кітабында жазғандай, үлкен әдебиетші ұстаз Ермек Өтебаев ұйымдастырған «Жас қанат» атты әдеби үйірме жұмыс жасайтын. Осы ұйым мүшелері, біздер, «Қияға қанат» аталатын қолжазба журнал шығарып тұрдық. Сол аталмыш қолжазба журналдың 2-3 номері менің архивімде сақтаулы тұр. Бұл арада мен Қабекеңнің институт әдебиетшілері үшін жаңа бір леп ала келгендігін айта кетуге тиіспін. 1961 жылдан әдебиет үйірмесінің жұмысына Қабекең жетекшілік етті. Сол жылдың ішінде шыққан аталмыш журналдың бір номерінде Қабекеңнің «Өлең өмірлі болса» деген мақаласы шығыпты. Осы мақаласында ол Фариза, Күзембай, Сайком, тағы басқаларымыздың өлеңдеріміздің тәуір жақтарын атап, кемшін тұстарын өзінің сыпайы болса да сырғытпасыз бұлтартпайтын сөздерімен жанашырлықпен сынапты. Ол кезде, бәлкім терең түсінбеген де шығармыз, бізді алға ұмтылуға тырысқандығы қазір сол мақаласының өзінен-ақ айқын аңғарылады. Мысалы, «Күзембайдың қай өлеңін алсаң да, зорланбай-ақ орнында тұрған, бір-біріне от лақтырған ұйқастар оқуға жеңіл, айтар ойын жылдам түсіндіреді», – деуі ақынға қанат бітіретін баға емес пе?!

Өмірдің жолы сан тарам ғой. Қабекеңнің шәкірттері де өз жолдарымен әр тарапқа жол тартты. Бірақ оның жүрек жылуын, одан тараған адалдықтың бір тамшысын болса да өздерімен ала кеткендері хақ. «ДИДАРҒАЙЫП» (Маңғыстау облыстық теледидарына берілген сұхбат)

– Шәке, Сізге қызметіңізге қатысты бір-ақ сауал қойғым келіп отыр: қалай ойлайсыз, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларына, зейнеткерлерге бізде жеткілікті дәрежеде жағдай жасалып отыр ма? – Сіз айтқан адамдар категориясына жан-жақты және жеткілікті жағдай жасалынып отыр десем, оным көпе-көрнеу шындыққа қиянат болар еді. Олар бұрын да шекесі шылқып, дәуірлеп тұрмағанмен, қазіргі алмағайып (өтпелі кезең деп жүрміз ғой) заман олардың тұрмысын белгілі бір жақсы деңгейге көтеруге мүмкіндік бермей тұрғаны рас қой. Тапшылық тақымдап, жоқшылық алқымдап «шықпа, жаным, шықпамен» отырған отбасылар аз емес екендігі қазір кім-кімге де жасырын емес. Әсіресе, жаңағы өзің айтқан жалғызілікті, мүгедек жандардың жай-күйі еш адамды самарқау қалдыра алмайды. Осыған орай, Республика Президенті Жарлықтарымен ондай жандарға бірқатар жеңілдіктер беріліп, жүзеге асырылып келе жатқаны да белгілі. Бірақ, ол Жарлықтардың орындалуы барлық жерде бірдей емес. Көптеген облыстар зейнетақының өзін мезгілімен бере алмай отыр. Алды 2-3, арты 4-5 ай зейнетақы бере алмай жүрген облыстар аз емес. Бұл арада айта кететін нәрсе, қазір екі жылға жуықтап қалды, біздің облыста зейнетақы төлеу дұрыс жолға қойылды, зейнетақыны зейнеткерлер дер кезінде алып келеді. Мүгедектерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер де негізінен мезгілінде көрсетіліп отыр. Мүмкіндігінше дәрігерлік қызмет көрсету, медициналық көмек, қоларбамен қамтамасыз ету де жолға қойылып келеді. Дегенмен, жағдай түзеледі деп ойлаймын. Проблема демекші, жасы келген, кезінде хал-қадырынша еңбек еткен, қазір еңбекке жарамайтын жандарға берешегіміз аз емес. Жалғыз, бағатын адамдары жоқ кісілерге шағын интернат үйі ашылса, қолында билік тұтқасы бар, қаражаты бар азаматтар соған мұрындық болса, жаман болмас еді. Бұл туралы айта берсе, көпке кететін хикая ғой... – Шыныңызды айтыңызшы, кешегі өткен кеңес үкіметінің кезін анда-санда болса да аңсамайсыз ба? Қаншама жабыла жамандағанымызбен, қазіргі заманға қарағанда кей тұрғыда бірқатар анағұрлым артықшылықтар болды ғой. – Бұл сұрағыңа соңғы жағынан бастап жауап беріп көрейін. Рас, кейбір артықшылықтар болғаны анық. Ол, әсіресе, адамдардың тұрмысында болды. Халықтың тұрмысы алпысыншы жылдардың басынан бері түзеле бастағаны белгілі ғой. Оның алдында қаншама қиыншылық болғанын алапат соғыс кезінің балалары, біздер көзімізбен көрдік. Сол кездерде әр отбасынан жетімдік, жесірлік, жоқшылық таңбасы айқын көрініп тұратын еді-ау! Кеңес үкіметі мезгілін көзін тарс жұмып, жүн сабаған соқыр әйелдей төпелеп жүрген кейбір кешегі кеңесшіл, партияшыл белсенділердің бүгінгі ісі мен сөзіне кейде таң қаласың! Тура аспаннан түскен адамдай! Сол уақытта өзі болмағандай, кеңес үкіметімен өмір бойы күресіп, ақырында оны өзі құлатып, «жарқын болашақты» қазір өзі қолдан жасап жатқандай болатынын қайтерсің! 70 жылдан астам кеңес дәуірі халқымыздың да тарихы екенін ұмытпауымыз керек деп ойлаймын. Әр дәуірдің де көлеңкесі мен күнгейі болады ғой. Кеңес дәуірінің де жаманы мен жақсысы болды. Жамандығының ең үлкені – жеке адамды, оның ішінде елдің, мен тек қазақтың ұлы азаматтарын ғана айтып отырған жоқпын, игі жақсыларына қиянаты үлкен болды. Жасалуы тиіс жақсылық, жаңағы өзің айтқан артықшылықтар

ласқа, кейде қанға малынып жасалғандықтан, ол кезді аңсай қоятын жайым жоқ, қарағым. Қазіргі қиыншылық уақытша деп білемін. Тек тілейтінім, адамдардың санасының саңылауы бітелмей, өмірдің әрқилы сәтіне сергек қарай білсе ғой. – Коммунистік идея көсемдерінің бірі, немістің ұлы ойшылы Фридрих Энгельс «Адамды адам еткен – еңбек» деген ғой. Ал сіздің ойыңызша, адамның адамдығын айқындайтын ең басты қасиет не? – Сол кісі дұрыс айтады деп ойлаймын. Өмірдің, жалпы тіршіліктің қайнар көзінің өзі сол еңбек емес пе?! Энгельсті оқып көрмеген, тіпті еш уақытта түсініп көрмеген ұлы Абай да «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарын тіленбей» деген жоқ па?! – Астрологиялық жұлдызыңыз қандай? Ол ілім бойынша сізге қандай қасиеттер тән?

– Астрологиялық жұлдызым – суқұйғыш (водолей). Бұл ілім, қарағым, зерттеп немесе тереңдеу оқып та көрген нәрсем емес. Тиіп-қашып оқығаным бойынша, адамға шын пейілмен көмектескісі келуі, айналасындағы құбылыстарға жайбарақат қарай алмайтындығы, ойындағысын ашық айту мендегі бар мінездер секілді. Суқұйғыштар табиғаты адал, сөздерінде тұрғыш, бай болмайтын көрінеді. Басқасын білмеймін, ал соңғысы маған дәл келеді. – Жалпы, «адамның тағдыры маңдайына жазулы, туғаннан-ақ лауһіл-маһфуз деген пешене тақтасында көрешегің мен келешегің көрсетулі болады» дегенге сенесіз бе? Алдын ала болжау қасиетіне қалай қарайсыз? – Жалпы, діни ұғымдар, оның ішінде діни философия жөнінде өзімді көп білемін деп есептемеймін. Сондықтан пешенеге жазылған нәрсе сол адамның талайы, бәрі сол түбі келетін тағдыры дегенге аса көп сене бермеймін. Көлденең жағдайлар, өмір-өзеннің теріс ағысы, иірімдері адамды допша қағып ойнамай ма? Меніңше, «сен не істесең де, маңдайыңа жазылғанды көресің, соған мойын ұсына бер!» – деу адамның жігер-қайратын, сана-сезімін құрсаулап, еш құбылысқа қарсы қимыл жасамауға әсер ететін зиянды, тоғышарлық ұғым ғой деп ойлаймын. – Соңғы кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен көріпкел сәуегейлерге, құмалақшыларға сенесіз бе? – Мен алдын ала болжау қасиетін жоққа шығармаймын. Көріпкелдік адамзатқа жат емес. Бірақ табиғат сыйлаған ғажайып қасиет иелері көп болмасқа керек. Адамға, оның денсаулығына пайда келтіріп жатқандар болса, неге оларға теріс қарауға тиіспіз?! Ал енді, Пір Бекеттің асасын кейін қолдан жасап, дәрі деп ойға келмейтін адам ағзасына зиян нәрселерді езіп ішкізіп, дерт үстіне дерт жамап беріп жүргендерге қалай сене қояйын, сенбеймін. – Аурудың ең жаманы не деп ойлайсыз? Денсаулығыңыздың ең бір кінәратты жері қайсы? – Аурудың жақсысы бола қояр ма екен, адамның қай жері ауырса, жаны сол жерінде емес пе?! Денсаулықтың ең кінәратты жері – «махаббат, ғадауатпен майдандасқан» (Абай) жүректе. Ол шіркін, жұдырықтай болғанмен, кеуде кергізген қуанышты да, еңсені езген қасіретті де өзі арқылы өткізеді ғой. Қысқасы, бір сөзбен айтқанда: Өмірдің кім біледі қанша барын, Әжім маңдай, ақ шашым – шаршағаным. Әр нәрсеге өзімше баға беріп, Жүрегімді ойменен паршаладым. – Өміріңіздің ең бір қымбат кездері мен көңіліңіздің ең бір аяулы кездері қайсысы? – Адамның ең бір қымбатты кездері, кезінде түсінбегенімізбен, нағыз аяулы шағы – жастық қой. Кейін Абайдың өзін: Құдай-ау, қайда сол жылдар? Махаббат, қызық мол жылдар.

Ақырын-ақырын жылыстап, Алыстап кетті-ау құрығырлар, – дегізетін жастық шақтың өзі емес пе? – Қиын да болса, өмірдегі ең бір торығып, қиналған шағыңызды еске алыңызшы. – Үш ағаның екі жыл ішінде бақилық болуы, отыз жылға жуық отасқан зайыбымның қазасы. – Қатты қуанған кезіңіз бар ма? Қайсысы есіңізде қалды? – Соғыс біткенде қуанғаным есте қалды. Онда бес-ақ жаста едім. Қуанған жұрттың қарбалас қуанышты шуы, жыртық жейделерін шешіп алып, айқайлап ауылды айнала жүгірген балалардың суреті әлі күнге көз алдымда тұрады. – Өмірде қорқып көрдіңіз бе? Қашан және қайда? – Қасқырдан қорыққаным бар. Әкем аңшы кісі еді... – Сіз өзіңіздің осынау мағыналы ғұмырыңызда Маңғыстаудың маңдайалды бірқатар азаматтарымен бірге жүріп, істес болдыңыз. Облысымыздың тарихында орны бөлек ардагер азамат ретінде сол кісілердің ішінен өміріңізге үлкен үлгі болып, өшпес із қалдырған кімдерді айрықша атар едіңіз? – Әшімбаев, Горшенин, Қонысов, Ғұбайдуллин.

– «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым? Аузында болу деген сөз сыздаған барлық жараның», – деп Айбергенов ағамыз айтпақшы, осынау қымқиғаш, қилы-қилы, аумалы-төкпелі заманымызда қоғамдағы қордаланып қалған қозғаусыз, көлеңкесі көп тұстарымызға көз тастамай, үнсіз отыру үлкен сын ғой, Шәке! Сондай бір шамырқанған сәттеріңізде жаныңызды кеміріп, жүрегіңізді жеміріп шыққан жалынды жырыңызды, жалынды лирикаңыздан бізге бір өлең оқып берсеңіз. Сұхбатты жүргізген журналист Рахат Қосбармақов 7 қыркүйек, 1995 жыл

АРНАУЛАР

Сайком ЕДІЛХАНОВ, ақын

ШАБАЗДЫҢ 50 ЖЫЛДЫҒЫНА

Елу жастың жартысын бірге жасап келеміз, Бірге соқты жүректер, бөлек болды денеміз. Жан қоярға жер таппай тыпырлайтын сол жүрек, Біреуміздің егер де қайырласа кемеміз. Елу жастың жартысын бірге өткізген екенбіз, Өзімізге айттырса, мықтымыз да бекембіз. Құшағымыз айқасқан жазылмапты қашан да, Тап болғанмен біздерге екі бірдей бөтен қыз. Елу жастың жартысын бірге тойлап жүрдік те, Сол елудің біздерге тез келерін білдік пе?! Әлгі екі қыз беймезгіл күн ауғанын ескертіп, Көп қарайтын болдық па осы күні түндікке?!

Елу жасты осы біз бөліп алсақ қайтеді? Қабырғасын елудің сөгіп алсақ қайтеді? Екі қызды қайтарып, төркініне жіберіп, Содан келген пәлені көріп алсақ қайтеді?! Жиырма беске келіп бір, топ бастасақ қайтеді? Келгендерге елуге ой тастасақ қайтеді? Бұзау тұмсық бәтеңке, сым шалбарды киіп ап, Қайта шығып көшеге ойқастасақ қайтеді?! Гурьевті қайтадан бағындырсақ қайтеді? Жамандарды жалбақай жалындырсақ қайтеді? Шора менен Ғалымды тауып алып, би билеп, Тілектестің қыз күнін сағындырсақ қайтеді?!

Ақ Жайықтың өңірін қайтер екен желдетсең? Шора сынды ақынға шишаларды теңдетсең. Біздің үйге жиналып, тойып алып, содан соң, Базар жаққа кеш құрым баяғыша мен кетсем. Мен кеткен соң не қайыр, не үміт бар сендерден? Кездерің жоқ ондайда жабыны да кем көрген. Кетерсіңдер жоғалып, ақыры тауып алармын, Сұрастырып жөн білер, таныстардан кез келген. Қайтер еді, ей, Шабаз, сол ойынды бастасақ? Ез біреуді ер ғой деп өп-өтірі мақтасақ. Тауып алып Нүкесті биллиардқа апарып, Баяғыша тағы да бір-екі ұтып тастасақ.

Ақ Шабаз-ай, әзіл ғой, саған деген сөзім шын, Кім екенін шалының Еркін қайта сезінсін. Өмір бойы мен осы саған ұқсап келем-ау, Саған аңдап қарасам, айнамаған өзімсің! Ойлап тұрсам, көбіміз саған қарап өсіппіз, Жастық шақтың жұмбағын бірге отырып шешіппіз. Ит өмірдің иттігі басқа түссе, амал не, Бұның-дағы дауасын Шабаз білер десіппіз. Ақ шаштарда, ойласақ, біраз өмір жатыр-ау, Күн төбеден шынымен ауғаны ма, батыр-ау?! Күні кеше құмар ең қызыл көйлек кигенге, Біздер енді қалайша қартаймайық, япыр-ау?!

Ақ Шабаз-ай, ақ тілек, таси берсін мерейің, Өткірленсін әзілің, өсе берсін өр ойың! Адалдықты, достықты ту ғып ұстап жүруші ең, Адамдықтың әлі де биегінен көрейін! Жаманымыз көрінбей, жақсымызды асырдық, Мың рахмет құдайға, жаратпаған тасыр ғып! Құтты болсын, Ақ Шабаз, азаматтық мерекең, Құтты болсын бүгінгі тойың жарты ғасырлық! Құтты болсын мерекең, қосағыңмен қоса ағар, Үйің толсын қонаққа, берік болсын босағаң! Көтерелік, ал достар, бақыты үшін Шабаздың, Арақ қайта құйылсын, ыдыс болса босаған!

Ей, достарым, бұл тосты Еркін үшін ішелік, Ақ Жайықта Еркіннің төркіні үшін ішелік! Ақ дастархан жайып сап, ақ білегін сыбанған, Ей, ақ Еркін, бір сенің көркің үшін ішелік! Ерте тұрған құндыздың ала таңы үшін де, Әже менен ағаның алақаны үшін де, Көтерелік бұл тосты ұшқан осы ұядан Ақ Шабаздың қос гүлдей балапаны үшін де! Бір секірсек 60 тұр, түсін мейлі түсінбе, Тола берсін, ей достар, қайратың да, күшің де! Көтерелік бұл тосты Жанайдар мен Тілекке, Еріп келер күні ертең келіндерің үшін де!

Көтерелік бұл тосты орта дәйім толсын деп, Шаңыраққа осынау бақыт мәңгі толсын деп! Көтерелік бұл тосты көбейсін деп мереке, Баршамыздың, ей достар, деніміз сау болсын деп! 10 ақпан, 1990 жыл, Шетпе

ШАБАЗДЫҢ 60 ЖЫЛДЫҒЫНА

Жанатын кезде алаулап, ұран отындай жандың да, Алатын кезде қапысыз, өкінбестей кейін алдың да, Қапылмай жүріп ортада, Қызықты дәурен кешіп ең, Шабаз-ау, сонда шыныңмен алпысқа келіп қалдың ба? Алдап кетті ме сені де, қызылды-жасыл көктем-күн? Білмей қалдың ба оқтай боп жылдардың зулап өткенін? Жігіт болуға асығып, жүрген кезіңді қолдап ем, Аға болуға мұншама асыққаның бұл неткенің?! Жоспарың қандай ендігі, аға боп жүрер жол қандай? Барлығы кеше, ойласам, тап күні кеше болғандай! Екеуміз бірдей ентігіп, алпысқа келсек, Шабаз-ау, Шора айтқандай шынымен, Тілектестерден ұят болмай ма?!

Шорамыз, сірә, ел асып, біздерден бүгін қашық жүр, Ол жоқ жерлерде ой да жоқ, көңіл шіркін де жасып жүр. Айтпады деме, мен білсем, шығандап кеткен сол батыр Басқадан емес, тап осы алпыстан зыр-зыр қашып жүр! Бас аман болсын, көңіл шат, өте берсінші күн мейлі, Мезгіл дегенің әуелден тоқтай тұруды білмейді. Жігітіміз сен ең арада, алпысқа келсең шынымен, Елжасты енді обал-ай, шал демегенде кім дейді?! Өмір деген бұл шіркіннің қуанышы да көп, мұң да бар, Адам-пенденің Алладан қай тілегі бұрын тыңдалар?! Күңгірттеу өткен күндер де көп болды, бірақ бұл жасқа Жетпей кеткендерді де еске алсақ, ретіміз жоқ-ау бұлданар!

Шорам айтқандай көрініп, елу жас бізге қия-тау, Қойылып еді еске алып, қайталап оны жиі атау. Қылықтарыңды кейбір баршаға жайғым кеп тілім қышып тұр, Тап сенен емес, Ақ Шабаз, келіндерімнен бірақ ұят-ау! Ойлап қарасам дәл бүгін жас күндеріңді сонау еске алып, Шаруаларың бітпей өзіңдік, лекциялардан дәйім кеш қалып, Түнімен іздеп таба алмай, сабылсақ біздер, ертеңгі Бағаларың сенің (бізде төрт) жетіп жататын беске анық! Арасында жүріп еркелеп, ақ көйлек жігіт, көп қыздың, Кідіртіп қойып бір сәтке, өз дегеніңді анық жеткіздің. Бәріміз саған бағындық, қарауыңда болдық сонан соң, Көп күндеріңді дара қап, өлеңмен, оймен өткіздің!

Шабаз-ау, сенің мен енді қай сырыңды тауысам баяндап, Есейе келе шуақты сәттермен жүрек оянбақ! Алпыстан асып жетпіске, тоқсанға, жүзге келсең де, Қашан бұл көңіл тояттап, қызығына өмір тоя алмақ?! Тең келер саған, Шабаз-ау, қай жолдас я қай батыр?! Өзімнің де талай аңдамай, жығылған жерім ойда тұр. Өзің айтқандай өмірде көп іздеп досты, көп таптың, Атанған жоқсың, сол бақыт, еліңе, көпке «әй, кәпір!» Азаматы болдың ортаның айтқан пікірлерің дүйім еленген, Білдірдің оны кейде бір, жырлармен және өлеңмен. Қызылқоға – Маңғыстау риза саған бұл күнде, Ұлы болдың сен екі елдің қос ананы бірдей тел емген!

Өткіздік бірге біршама қиын да қызық кездерді, Қырыңа алдың жалтақты, жарамсақ талай ездерді. Мақтамен аппақ біразы бауыздалып кетіп жатса да, Жарадан аққан қып-қызыл қан барын көбі сезбеді! Тіршілікті бізге тәңірден сұрап бергендей сызданып, Қырық күн шілдеде, аяздан кеудесін суық мұз қарып, Жүргендерді де менменсіп, әзілмен Шабаз, жібіттің, Қала берді ол бірақ ызамен, бәрін де сенен қызғанып! Әзіл айтқанда нұрланып, жанардан отың шашырап, Әлсіз оқтарды денеңе тигізбей жолдан тосып ап, Адыраспанның көгілдір буына ұстап қайтадан, Серпідің кері – біздерге осы қуаныш, осы бақ!

Найзағай ойың аспанда шарпысып бейне жатқандай, Бәйгеге қосқан үкілеп келгендей озып Ақмаңдай. Мәз болды бәрі, ерекше мәз болыстық – алпыстар, Кемпірлеріміз бір-бірден торсық шеке ұл тапқандай! «Шабаз айтқан» деп бұл күні көкіректе қалған жатталып, Уытты сөзден қаймығып, жүреді екен көбі сақтанып. Ал біздер болсақ алқада, иығымызды тіктеу ұстаппыз, Дос болғандықтан ол сөзді өзіміз айтқандай-ақ мақтанып! Ағалық жасқа жетіппіз,бұны енді неге теңерсің? Айқасына ойдың тап болсаң, әлі де талай жеңерсің! Аппақ жүрегің тулайды-ау, он сегіздегі кезіңдей, Аяғың ауыр, бой сылбыр, табиғатқа енді не дерсің?!

Сыбағасын бізден аянбай, алады екен ғой жылдар шын, Кім бар, Шабаз-ау, іздерсің, енді кімдерді тыңдарсың?! Жалындап кеше жүруші ең, ұрынарға қара таба алмай, Енді кімдерге не дерсің, нелеріңде сірә бұлдарсың?! Алпысың осы, інім-ау, кеттім бе тым көп құрынып, Алпысың осы, артыңа қарайсың біраз бұрылып. Алпысқа келген ағаңның кешегі өткен ғасырда Қапыда қалма – ақылы, кез келген жерге ұрынып! Бітпеді-ау үйің (бұл да әзіл), өлең мен жырдан қалаған, Өзің болмасаң бұл іске бере алмас көмек жан адам! Хатшылық қашпас, шабыттың қайтадан атын мін ерттеп, Партия болса айтармыз құрылып жатқан жаңадан!

Жарық дүниеде, Ақ Шабаз, енді қанша күн жүрмекпіз? Бақыт сол шығар – біздер де бекерге ғұмыр сүрмеппіз! Жолдас тауыппыз, дос та көп, ержетіп ұл мен қызымыз, Қырық жыл бойына бір рет ренжісіп те көрмеппіз! Алпысқа келсең түтінсіз, шуақты күнің көп болғай, Бәрі өтсе де тек қана жүректе жанған от қалғай! Арамызда біздің еркелеп, алшаңдап басып жүзге жет, Қазақы қара сөзбенен, әзілге бір сәт тоқталмай! Алпысқа келсең ауырмай, еркелігін жеңіп жүректің, Таба болмастай жаманға табалық бойдан бір екпін! Алпысқа келсең, Ақ Шабаз, тойыңыз тойға ұлассын, Келіншектері келіп, үйге еніп Жанайдар менен Тілектің! 12 ақпан, 2000 жыл, Шетпе

Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері

ШАБАЗ АҒАМА

Өнерден тамыр алған өміріңіз, Білеміз, өзгеше ғой өріміңіз. Шомылған елдің бата, алғысына, Ақ Шәке, құтты болсын елуіңіз! Айтатын мынау тірлік, бұл өмірге, Аппақ боп көңіл, ниет, тірлігің де. Жарық қып жібересің айналаңды, Тұрғандай ақ шам жанып жүрегіңде! Сонау бір танысқалы кезімізден, Үлгі мен сабақ алам өзіңізден. ...Талай жан тайғақ қағып тайсалады Қанжардай өткір сіздің сөзіңізден. Шалқып-ақ отырсың ғой күні бүгін, Қайтейін, жеткізе алмас мұны жырым. Тәнті етті жұртты, Шәке, Бүгілмейтін Шап-шағын бойыңдағы Ірілігің!

Мұндайда тілек, ойды сарқамыз ба? Қаншама міндет жатыр арқамызда! «Алланы» тастамастан аузыңыздан Ақ Шәке, жүре берші ортамызда!

ШАБАЗ – 60

Шабаз аға, жан аға, жаным аға, От қоймай-ақ өртенер жалын-аға! Қай кезде де тілеймін өзіңе мен: Кеудеңде сөнбесінші жалын, аға! Қайқы мүйіз құлжадай құз басарым, Шақырлатып сындырып мұзды асарым. Аман болсын қасыңда Шора, Сайком, Лебен, Сержан, Күршіім, Ізбасарым! Бұл өмірде жоқ сенің түңілерің, Ырза саған өлі мен тірілерім. Ләззатың, Сақыпың, Әлімғали, Аман болсын басқа да інілерің. Қаумалап тұр жақсылар бар тұсыңда, Елден алған көп сенің алғысың да... Жүрмін қазір... әттең-ай, алыста мен, Арқыратып ішер ек Алпысыңда! Аспандағы мен де бір жасын едім, Бағысы жоқ сен де бір асыл едің.

Шабаз-аға, алпысың құт болсын деп, Жақсылардың бәріне бас иемін!

ШАБАЗ ИМАНАЛИЕВТІҢ 70 ЖАСЫНА

Ассалаумағалейкүм, Шабаз ағам! Патшадайсың, шықсаң да қарашадан. (Бұған қарсы тұрғанмен таласа алам!) Аман ба өзі жеңгей мен бала-шағаң? Бұл құдайдың ісіне амал бар ма, Бара алмастан құр қалдым тамашадан. Бар жақсылық өзіңе тілеп тұрмын, Ассалаумағалейкүм, Шабаз ағам! Орта бойлы болғанмен кеуделісің, Кеуделісің, ерексің, зерделісің. Қалт еткенді қалпақпен қағып түсер Қара сөздің қашаннан мергенісің. Бүгін сенің хақың бар мақтануға, Он екінші туған күн – ақпанында. ...Кім болса да аяғын аңдап басар, Түспейін деп әзіл сөз қақпаныңа.

Мың құбылсын өмірдің түсі бүгін, Сол қалпында тұрады түсінігің. Жаның жомарт, жүрегің кең жайлау ғой, Таудай биік, кіршіксіз кісілігің. Тіршілікке қаншама өтті ісіңіз, Ел мен жерге арналды тек күшіңіз. Тусаңыз да ақпанның боранында, Жеміс салып тұр сіздің жетпісіңіз! Рахат ҚОСБАРМАҚ, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі

ШАБАЗ ИМАНАЛИЕВКЕ

Илаһи жырлар – жүректен, Ислам – оған таразы. Уа, иманын әр кез ту еткен Иманалының Шабазы. Селкеу түсірмей сенімге, Шиеленген түйінді шешкен жан. Ақын боп келіп өмірге, Азамат боп өмір кешкен жан. Ел ішіндегі ерегім, Топ ішіндегі серегім. Ілкіде сізден тапқандай Іздеген жандар керегін. Біздерді «жас қой» демедің, Білгеніңді айтып, демедің. Өзіңнен болам көргендей, Өткен күндердің дерегін. «Абызға лайық» дер едім, Аталы сөзді алған күн. «Аңызға лайық» дер едім Тағдыр жолдарын тарланның. Аспанға биік теңедім, Асқақтығын сіздің арманның. Мен Сізді, аға, көремін Сарқытындай кешегі кемеңгер шалдардың.

Көрсеттік пе, – деп кейде отырамын, – Шабытына лайық құрмет шайырға асқақ?! Қарабаудың қара топырағын Маңғыстаудың майлы топырағына айырбастап. Сіз келгенде мынау өңірге, Әдебиеттің әсем керуені көшіп елгендей. Аңқылдақ жырлар толды асау көңілге, Айдарымыздан бір самал есіп бергендей. Жырларда Сіздің зымырап аққан тоқталмай, Жылдардың желің жатады тулап көкпардай. Қатыгездікке қарсы құрылған қақпандай, Тексіздің басына тентектер ұрған шоқпардай. Меңдекештің мейміл-мұрасындай сақталмай, Фариза айтпаған сырлар сияқты ақтармай. Қосжанұлы Қазданбайдан қалған шоқ бардай, Отаралиев Мараттан қалған от бардай.

Әдебиетшіні әумесер көріп, күлгендер, Арылған емес әлі де тайыз түсініктен. «Бастық болғанның жөні осы екен» деп жүргендер Үлгі алсын Сіздік кісілік пен кішіліктен. «Соларды, шіркін, шәкірттей сәби кекілді, Тондарын шешіп, топырлатып әкеп қойдай мың. Алдыңызға Сіздің алғашқы ұстаз секілді Партаға отырғызып алар ма еді?!» деп ойлаймын. Көтермей жүгін мазақтың, Көңіл-кесеміз мың сынды. Құла түзінде азаптың Құлазытты ойлар күз сынды. Бастадың сонда биіктерге бізді ғажап тым, Бабалар салған із сынды. Қарап отырсам, Барлық ақынының қазақтың Бас оқырманы – Сіз сынды.

Жебе ұшына от байлап, Жеткізер ме, атсаң, мұнара?! Қырды ғой талай отқа айдап, Қыртыған талай «ұлы» аға. ...Жүрек түбінде от қайнап, Сілкінбей көңіл тына ма?! Көз ұшындағы көкмойнақ – Сіз шығар, аға, сірә да... 7 ақпан, 2010 жыл, Ақтау Нұрлан ҚОСЫМБАЕВ, ақын

ШАБАЗ АҒАҒА АРНАУ

Ғұмырыңыз ұрпақ үшін тағылым, Терең тартқан бәйтеректей тамырың. Бір сіз үшін жұмақ мекен, мен білсем, Қызылқоға, Қаракөлдей ауылың. Айтсам солай әңгіменің анығын, Ақ Жайықта ата күлдік қазығың. Тіл-әдебиет мамандығын меңгердің, Қара өлеңнің арттырсам деп қадірін. Еңбек жолың ұстаздықтан басталып, Көрмепсің ғой қиындықтан жасқанып. Жас та болсаң бас боп талай игі істі Келе жатсың абыроймен басқарып. Көп жұмысын атқарыпсың қоғамның, Алға сүйреп ұлы көшін заманның. Көшелі ойың кемеліне келгенде, Басшының да кеңесшісі бола алдың.

Біздей іні «сіздің жасқа келсем» дейд, Сіздің көңіл бізді көріп кемсеңдейд. Атағымды айтпады деп сынама, Ер еңбегі ордендермен өлшенбейд. Жалған емес, ақын сөзі анық шын, Жағасынан кім ала алған алыптың? Шабаз аға, жетпіс жасқа келгенің – Жас кезде алған алғысы ғой халықтың. Өлеңіме мін тағады қай сыншы? Төгіп-төгіп термелетер айтушы. Жетпіс жасты сыйға берген Құдайым Отыз жылын аямай-ақ қойсыншы! Тоқсан тоғыз жаса жүзін қимаса, О, Тәңірім, дәл осындай сый жаса. Өткінші өмір, жүз жасың да түк емес, Тілегім сол – ұрпағыңмен мың жаса!

ЕСТЕЛІКТЕР

Дүйсенбі ӘРІПҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері

ШАБАЗ ДЕСЕ ШАБАЗ ЕДІ

Қатар-құрбыларының айтуларына қарағанда, Шабаз ата-анасы тауып қойған есіміне сай, бала кезінің өзінде достары арасында нағыз шабаз болып дараланған. Ойын кезінде зәбір көргендерге көмекке келу, жазу дәптерін көрсетуден қашпау, үлкен кісілердің жұмсаған істерін – қонақтардың атын әкелу, малға жем салу, т.б. жұмыстарды тиянақты бітіруде әрі үлкен-кіші мұқтаждық көргендерге көмекке келуде елгезектік көрсетіп отыратын болған. Өсе келе Шабаздың бала кезінен қалыптасқан бұл сергектік, тындырымдылық қасиеттері зерделілік, кісілік, адамгершілік қасиеттеріне ұласқан. Осылайша өзі туып-өскен елінің көзіне түсе бастаған жас жігіт Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Қаракөл орта мектебін бітірісімен, осы облыстың педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, оны қазақ, орыс тілдері және әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шыққан.

Мектептің оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып өмір жолын ұстаздықтан бастаған Шабаз сауаттылығы, өз ісіне жауапкершілігінің арқасында аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырылып, көп ұзамай-ақ Алматыдағы екі жылдық Жоғары партия мектебіне жіберіледі. Шабаздың бұл мектепті бітірген 1973 жылы Маңғышлақ обласының Гурьев облысынан бөлініп, жеке шаңырақ көтерген жылы еді. Осыған байланысты Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитеті жаңа облысты білімді кадрлармен нығайту мақсатында Шабаз Иманалиевті Маңғышлақ облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне жібереді. Міне, осы жылдардың басында еді Шабаз екеуміздің алғаш таныс, жұмыстас, өмірлік сыйлас болып кеткен кезіміз.

1975 жылдың қараша айында мен Бейнеу аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметінен облыстық партия комитетінің ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып келген едім. Облыстық партия комитетіндегі алғашқы жұмысым аппарат қызметкерлерімен танысудан басталды. Бөлімде өзімнен басқа сегіз қызметкер бар екен. Облыс құрылғанына үш жылға таяу уақыт өтіп, облыстық партия комитеті қызметкерлерінің де сыналып, тұрақталған кезі. Біздің бөлімде де тиісті мамандықтары бар, жоғары білімді жас кадрлар жұмыс жасайды екен, бірден тіл табысып, партия қойып отырған міндеттерімізді орындау ісіне жұмыла кірісіп кеттік.

Мен үшін мұндағы жұмыс оңай бола қойған жоқ, бұрын Маңғыстау ауданында алты жылдай аудандық партия комитетінің ұйымдастыру-кадр бөлімінің меңгерушісі болып істеп, жұмыс жүйесін білетін болғаныма қарамастан, обкомның аты обком ғой, әрбір мәселені шешуге, әрбір материалды дайындауға екі шұқып, бір қарауға тура келетін

кездер аз болған жоқ еді. Осы кездерде маған бұрын аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып істеген, өзім де білімімді шыңдаған Алматы партия мектебін бітірген, жұмыс, өмір тәжірибесі мол Иманалиев Шабаздың көп көмегі тиіп отырған болатын. Барқатар мәселелерді іске асыру жайы Шабазбен ақылдасу, кеңесу үстінде, оның тікелей араласуы арқылы іске асырылуы жиі болып тұратын.

Шынын айту керек, бөлімде өздерінің сауаттылығы, жауапкершілігінің жоғарылығы, тапсырылған істі тез, және сапалы тындырудағы алғырлығы жағынан осы Шабаз бен кадр жөніндегі нұсқаушы Наталья Ефимовна Борисова көзге түсіп жүрді. Осылайша партияның талаптары деңгейінен көріне білген бұл кісілер жоғары лауазымды жұмыстарға ұсынуға лайықты кадрлар екенін көрсете білді. Соның нәтижесінде Наталья Ефимовна облыстық ғылым-білім бөлімінің меңгерушісі етіп жіберілсе, Шабаз Иманалиев Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, араға екі жыл салып осы қаланың халық депутаттары кеңесі атқару Комитетінің төрағасы болып сайланды. Шабаздың қандай жұмыс тапсырылса да аса жоғары жауапкершілікпен қабылдап, іске асыруда тиянақтылық, білімділік көрсете білгені, елдің кешегі өмірінен хабардар ете отырып, бүгінгі көрікті бейнесін көрсетуге атсалысып, сәнді мұражай тұрғызғаны, ол үшін орден алудың орнына тәртіп деп орынды-орынсыз қатып қалған қасаң саясаттың салдарынан шара алғаны жөнінде Наталья Задерецкаяның «Өмір ұстанымы – жасампаздық» атты кітабында (бас кейіпкері Форт-Шевенко қаласы партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Киікбай Рзаханов) тартымды жазылған.

Шабаз партия мен үкімет тапсырмаларын орындауда, халық мүддесіне орай мәселелерді шешуде сабырлы да байыпты, салқынқанды басшы болумен қатар, қарапайым өмірінде қызғылықты да қызықты адам еді. Оны тапқыр, қуақы, күлдіргі сөздердің қазынасы деуге болады. Ол өзінің осы қасиетімен (Алла тағала бұл қасиетті екінің біріне бере салмаған ғой) өзін танитын сыйлайтын қатар, жолдас-достарын кездескен сайын күлкіге бөлеп, көңілдерін жадыратып отыратын. Ол әзіл-қуақы сөздер айту кезінде, болмаса біреудің бұның сөзіне қалай алданып қалғанын жеткізер алдында аздап күліп алатын. Бірде жұмыс аяғында жүзінде аздап күлкі ізі бар, «Дүйсеке, бола ма?» – деп Шабаз кіріп келе жатты. Содан-ақ тағы бір ілгішсіз әзіл-күлкінің сөз болатынын аңғардым да, жұмыс кезінде тас түйін болып жүретін қабағым жазылып, Шәкеңді тыңдауға құштарлығымды сездіріп, иә, айта бер, тағы қандай қызықты жаңалық болып қалды дедім күле сөйлеп.

«Дүйсеке, – деді сонда Шабазым күлкісін үдете түсіп, – жаңа сізде Жанахмет (нұсқаушы Байдельдиновты айтып отыр) болған жоқ па, ол азаматтың ренішіне кінәлі мен едім ғой», – дегені. Иә, осының алдында ғана менде Жанахмет Байдильдинов болып, айлық жалақысының өсірілмей қалғанына өкпелі екенін, оған бөлім қызметкерлеріне алалап қарайтын менің кінәлі екенімді айтып, қанша түсіндірсем де болмай кеткен еді. Сөйтсе, Шабаз оған: «Сен білесің бе, осы айдың 10-нан бастап кейбір нұсқаушылардың айлығы өсетін көрінеді, менің айлығымды 15 пайызға өсіріпті, сенің айлығың да өскен болар, Бротқа (обкомның қаржы бөлімінің басшысы) барып білмейсің бе?» дер. Жанахмет жүгіріп Бротқа барса, оған да Шабаз телефон соғып үлгерген екен, бұны өз басшысың біледі, сен туралы әлі ұсыныс түскен жоқ деп шығарып салады. Осы жерде Шабаз екеуміз ақ көңіл, кез келген әңгімеге сене кететін аңқау бауырымыздың қылығына біраз күлісіп алған едік. Адастырып жүрген адамның Шабаз екенін соңынан білген Жанахмет те ертесіне менен кешірім сұрап, «бұл қылығын Шабаздың алдына келтірермін» деп кеткен еді, әй, қайдам, Шабаз алдыра қоймаған болар.

Шабаз қай кезде, қандай тақырыпта сөз қозғалса да тауып жауап қайтаруға шебер адам болатын. Ол сырқаттанып ауруханаға түскен кезінде көңілін сұрап талай барып тұрдық қой. Соңғы бір барғанымда төсекте жатқанын көріп, «қалай, патша, жақсымысың?» дегенімде, кідірместен: «иә, сол патшалығым ғой, ағама тұрып сәлем берудің орнына жатып алып қол созып жатқаным», – деген еді ешбір ренішсіз, толқусыз, кәдімгі күндегідей әдетімен ашық сөйлеп. Бұл Шабаздың мен естіген және жадымда қалған соңғы сөздері еді.

Шабаздың екінші бір туа біткен қасиеті – оның ақындығы. Оның Жаратушы Құдіреттің демеуінің арқасында ана сүтімен берілген ақындық қасиеті институтта бірге оқыған ақын достары ортасында дами түсті. Меніңше, Шабаздың 2003 жылы «Нұрлы әлем» баспасынан Ә.Спанның құрастыруымен шыққан «Жыр моншақ. Маңғыстау ақындарының антологиясы» кітабына енгізілген өлеңдерінің барлығы да терең ойлылығы, әсем ұйқасы жағынан жал қыңыры жоқ шымыр дүниелер. Шабаздың «Күз» деген өлеңіне назар аударалық: Желменен ұйқы-тұйқы араласып, Қара бұлт үйір-үйір барады асып. Төсінен көтеріліп соңғы құсы, Көл жатыр жасты көзін әрең ашып.

Ал, сау бол көл еркесі көлеңдеген, Мен бірақ саған еріп елеңдемен. Кеудем жаз, шалқар ойдың айдынына, Өз құсым қонып жатыр өлең деген, – деп жазады ақын. Қандай тамаша! Осы соңғы сөзінің өзімен-ақ ақын біздің жоғарыдағы «Шабаздың екінші бір туа біткен қасиеті – оның ақындығы» деген сөзіміздің орынды екенін анықтап тұрған жоқ па? Өкініштісі сол, «Өз құсым қонып жатыр өлең деген» деп өзіне қасиетті өлеңнің қонғанын ерте түсінген ақынның поэзия жолын тереңдете түспей, қайсыбір шабыт келген шақтардың от алдырғышы етіп пайдаланғанында деп білемін.

Шабаз Иманалиев Форт-Шевченко қаласында атқарған қызметтерінен кейін Маңғышлақ облысының баспа, полиграфия және кітап саудасы Басқармасының басшысы, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, академик Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ректорының кеңесшісі қазметтерін атқарды. Сөйтіп, кең көлемде басшылық қызметтер атқарған Шабаз Иманалиев Маңғыстау жерінің гүлденуіне, елінің өркен жаюына сүбелі үлес қосты.

Жәңгір ханның немересі Шәңгерей ақынның: Жалғаншы жарық дүние, Бізден де бір күн қаларсың. Піл сауырлы қара жер, Қойныңды ашып, кең жайып, Құшағыңа аларсың, – дегеніндей, қара жердің құшағына ертелеу кеткен аяулы азаматымыз Шабаз Иманалиевтің еліне еткен еңбегіне сай оның есімін ел есінде қалдыру шараларын алу оны білетін, онымен жұмыстас болғандардың, билік орындарының қастерлі борышы деп білемін. Киікбай РЗАХАНОВ, Еңбек ардагері, «Мұнайшы» қоғамдық қорының Маңғыстау облысы бойынша үйлестірушісі

ЕЛЖАНДЫ АЗАМАТ ЕДІ

1973 жыл. Маңғыстау аймағы тарихында есте қаларлықтай жыл болды. Себебі, 1973 жылдың наурыз айының 20-сы күні Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Қаулысы шығып, онда Қазақстанда жаңадан Маңғыстау облысы құрылғандығы жарияланды. 60-жылдардан бастап экономикасы жедел дамып келе жатқан Маңғыстау өлкесі жаңа облыс құрылуымен жаңа серпіліс, жаңа қарқынмен дами бастады.

Облыстиық партия, атқару комитеттері құрылып, Алматыдан, Қазақстанның басқа да облыстарынан көптеген маман кадрлар келіп, жаңадан құрылған облысқа партия, шаруашылық, ұйымдастыру жұмыстарына араласты. Осы кезде Алматыдағы жоғары партия мектебінің бір топ тыңдаушылары да келді. Осы топтың ішінде жасы отыздардың шамасында болса да, шашына ақ кірген, тез қимылдайтын, тапқыр әзілмен, ақындық мәнермен сөйлейтін Иманалиев Шабаз да болды.

Шабаз облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып тағайындалды. Мен ол кезде жаңадан құрылған Маңғыстау облысы құрамындағы Ералы ауданының партия комитетінің хатшысы едім. Бір жылдан кейін мені Форт-Шевченко қаласының бірінші хатшысы қызметіне тағайындады. Бұрын партиялық ұйымдастыру жұмыстарынан тәжірибесі жоқ маған қалалық партия комитетіне бірінші хатшы болу өте қиынға соғып, мен облыстық партия комитетіне, оның ішінде көбінесе шаруашылық ұйымдастыру бөліміне барып, басшылық алып жүрдім. Шабаз осы бөлімде біздің қалалық партия комитетінің жұмысына тікелей араласуға тиісті нұсқаушы болды. Менің Шабазбен жете таныстығым, екеуміздің жолдастығымыз осы кездерден басталды.

1975 жылдың аяғында облыс көлемінде аудандық, қалалық партия есеп берусайлау конференциялары өтетін болды. Коммунистік партия өмірінде мұндай конференциялар өте жауапты жұмыс болып есептелетін. Біздің қалалық партия конференциясын дайындап, өткізуге облыстық партия комитетінен Шабаз Иманалиев белгіленіп, конференцияны ойдағыдай өткізуге көмектесті. Конференция ойдағыдай жақсы өтіп, қалалық партия комитетінің хатшылары, бөлім басшылары тағайындалғаннан кейінгі жиында комитеттің қызметкерлері Шабазға берген көмегі үшін рахметтерін айтты. Мен сол жиында Шабазға әзілдеп: «Бұл Шалбас шал бәрін біледі, айтқан рахметтерің орынды» дегенмін. Менің «Шалбас шал» деген әзілім достарының арасында көпке дейін айтылып жүрді. Сол жолдастық, достығымыз 1978 жылы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, марқұм Таңаш Меңдібаевтың облысқа басшылық жұмысқа ауысуына байланысты оның орнына Шабаз Иманалиевтің қалалық партия комитетіне екінші хатшы болып тағайындалуына жалғасты. Партияның ішкі саясат, ұйымдастыру жұмыстарын жақсы білетін, жеңіл әзілі аузынан түспейтін Шабаз аз уақыттың ішінде қала халқына өте беделді, сыйлы басшы болды. Екі жылдан кейін Шабаз қалалық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, қала өмірінің барлық саласына жауап беретін басшы болды.

1970-1980 жылдары облыстың жаңадан құрылған, облыстың да, республика басшыларының да негізгі бағыты жаңадан салынып, өндірістері өркендеп келе жатқан бүкіл одақ көңіл бөліп отырған Шевченко (Ақтау), Жаңаөзен қалаларына бөлініп, өндірісі аз, ескі қала Форт-Шевченконың жағдайы өте төмен болатын. Қаладағы негізгі өндірістер балық шаруашылығы Астраханға, тас карьері Алматыға тікелей бағынғандықтан, бұл өндірістердің халі де мүшкіл болатын. Осыған қарамастан, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Әшімбаевтың тікелей араласып, көмектесуінің арқасында қалада екі жаңа мектеп, үш балабақша салынып, облыстағы жалғыз мұражай (Т.Г.Шевченко музейі) қазақ ғұрпын сақтайтын, жаңа дәстүрмен қалыптасқан күрделі жөндеуден өтіп, осы мұражай аумағында өлкенің тарихи мұражайының ғимараты салынып, іске қосылды. Қала аймағында орналасқан ескі тарихи ескерткіштер есепке алынып, жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары республика мәдениет министрлігінің бөлген қаржысымен сол кездегі мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков марқұмның тікелей қатысуымен жүргізілді. Осы Т.Г.Шевченко мұражайының кіреберісіндегі, қазіргі кездегі республикамызға белгілі тарихи мұражай. Сол кезде мұражай директоры одаққа белгілі өлке зерттеушісі, тарихшы марқұм Есбол Өмірбаевтың ондаған жыл республика, облыс басшылығының сұрағы бойынша жобасыз, қаржысысыз салынды. Бұл мұражайдың заңсыз салынуына қала басшылары мен Шабаз екеуіміз жауап беретін болдық. Кейін Шабаз облыстық атқару комитетінен осы тарихи мұражайды және Ақтау қаласының қасындағы «Қошқар-Ата»

қорымын қоршатқаны үшін сөгіс алды. Осы жиыннан шыққанымызда облыс басшылары Т.Әшімбаев, В.Д.Горшениндер «осындай заңсыз жұмыс жасағандарың халық үшін жасалғанын бәріміз білеміз. Сөгіс алғанмен, Шабаздың абырой-атағы арта бермесе, кемімейді» деді. Шабазға әзілдеп, «қалаға барғаннан кейін не үшін сөгіс алғаныңды жасырма, халқыңа айт» деді.

1983 жылы елінің, жерінің болашағын ойламайтын шаруашылық басшыларының талабымен дүние жүзіне белгілі «Тамшалы» суағар көлін мал суару үшін аттырып (взрыв), жол салдыру жұмыстарын бастап жатқан кезде кезекті демалысында Есентуки қаласында жүрген Шабаз жедел хат беріп тоқтатып, демалыс мерзімі бітпесе де қалаға келіп, «Тамшалыны» аттырып, бұзуға болмайтындығын қала, шаруашылық басшыларына түсіндіріп жұмысты тоқтатқан. Шабаз кейін кездескенімізде «Тамшалыны» сақтап қалдым, бірақ Мерет сайын мен келместен бұрын аттырып бұзып тастапты деп өкініш білдірді. Мұның өзі Шабаздың елге, жерге деген азаматтық көзқарасын көрсетеді.

Шабаздың әзіл әңгімелері, қанатты сөздері жергілікті жазушылардың, журналистердің шығармаларына арқау болса, жақын жолдастары, туған-туысқандары кездескенде «Шабаз арамызда болса, отырыс басқаша болар еді-ау» деп үнемі ізгі ниетпен еске алып отырады. Әрине, арамыздан өте жақсы көретін сыйлас аға-інілеріміз, достарымыз кетіп жатыр. Оған көнбеске амалымыз жоқ қой. Қуандық НҰРҒАЛИЕВ, Бейнеу ауданының Құрметті азаматы

ДОС ТУРАЛЫ ОЙЛАР

Қызылқоға ауданының орталығы Миялыда жұмыс жасап жүргенімде, 1970 жылы мені аудандық партия комитетіне қызметке шақырды. Ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып бардым. Әр мезгіл нұсқаушылар басқа қызметке жіберіліп, әлсін-әлсін ауыстырылып тұратын. Бұл бөлім партия комитетінің негізгі бөлімі болып саналады. Бөлімде бес нұсқаушы болдық. Иманалиев Шабаз, Дүзбаев Кәбдікәрім, Нұрмашев Қабдол, Балғымбаев Өтеп және мен. Шабаз сол кездің өзінде өте сергек, жан – жақты білімпаз, сауатты жігіт болғандықтан, жұмыстастары оны қатардағы нұсқаушылардан ілгері, бөлім басшысынан кейінгі қызметкер деп есептейтін. Жұмыстас жолдастарым демалыс немесе мереке күндері үнемі бірге болып, әр үйде кезек-кезек жиналып, уақыттарын қызықты, жақсы өткізетін. Мен ол кезде үйленбеген, бойдақ болатынмын. Шабаз бастап: «үйленбесең, келесіде қатарға қоспаймыз» дегенді шығарды. Сонымен 1971 жылғы мамырда үйленіп, бұл шеңберден шықпайтындай болдым. Жолдасым Тыныштық та өзіне жақсы құрбылар тауып, достасып кетті. Әсіресе, Шабаз – Еркінмен өте сыйлас, етене жақын дос болдық. Содан бері достық көңілмен ұзақ та қызық ғұмыр кешкен сияқтымыз. Бұл кезеңдерді, қолдан келсе, өзінше бір тарих қылып жазуға болатын секілді. Шабаз Атырау мен Маңғыстаудың төл перзенті. Ол туралы ұзақ сыр шертуге, көп әңгіме, тарих жазуға да болады. Бірақ бұл менің қолымнан келмейтін іс екенін мойындауға тиістімін. 1973 жылы Маңғыстау өз алдына облыс болып құрылғанда біз қайта кездестік. Ол Жоғарғы партия мектебінен жолдамамен тікелей келді де, мен облыстық партия комитетінің шақыруымен 26 наурыз күні одан екі күн бұрын келіп, оның алдында тұрдым. Жазда үйімізді көшіріп әкелдік, оған дейін Ақтау қонақ үйінде тұрдық. Содан бері бірге жүрдік деуге болады. Досым Шабаз абзал азамат, ортасына қадірлі, бірегей жандардың қатарында еді және бірқатар белестерден, асқаралы асулардан өтіп, ойдағыдай биіктен орын алды. Өз орнын, дәрежесін дұрыс қолдана білетін, ешкімге қиянат жасамайтын,

көбіне тура айтатын, қарапайым болды. Турашылдыққа келгенде ешкімнен ығыспайтын. Әлі есімде, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Әшімбаев әзірленген бір құжатқа көңілі толмай, кейістік білдірді. Сол кезде Шабаз орнынан тұрып «Төке, қалай болғанда да осы құжаттарды әзірлейтін біздер, нұсқаушылармыз ғой» дегенде Төкеңнің жымиып күлімсірегеннен басқа айтары болмап еді. Ол кезде бұлайша тіке айту оңайға соқпасы анық. Шабаз жүрген жер көңілді және ол отырған көпшіліктің ажары болатын. Біз, бірге жүрген достары Шабазды ақын деп білеміз. Бірақ ол ашылып өзінің ақындық қасиетін көп айта бермейтін. Қалай болғанда да Шабаз Иманалиев басшылық іскерлігімен, парасатымен, ақыл – тәжрибесімен, еткен еңбегімен елге көріне білген тұлға. Қызмет барысында ол мемлекеттік идеологияны оң бағытта жүргізіп, Елбасы саясатын ұстана білді және халық арасында наихаттай да алды. Шабаз – ардақты Әке, мейірімді Ата бола да білді. Балаларына, артынан ерген ініқарындастарына тәлім-тәрбие беріп, үлгі-өнеге көрсетті. Олардың әрқайсысын жақсы азамат болуға баулып, ел қатарына қосты. Балаларының қадірлі де асыл Анасы, қадірлі досымыз Еркіннен ертерек айырылдық. Оның орны тіптен бөлек еді. Шабаздың одан кейінгі жолдасы Ақбілек те қатарымызда болып, достығымызды сақтап келеді. Алдында айтқаным сияқты, не айтайын?.. Хош болғайсың, досым! Иманың бақи дүниеде өзіңе серік болсын, рухың пейіштің төрінен орын алсын деп әр уақытта дұға қыламыз. Мәпелеп өсірген ұл-қыздарың, немерелерің, жиендерің бақытты болғай, жасамаған жасыңды ұрпақтарыңа берсін демекпіз.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысы әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы

АСЫЛ АЗАМАТ ЕДІ...

Өмір деген көш-керуен ғой. Бұдан әрі жүрер сапары тұйықталған жандар шұбалған көштің әр тұсында аттан ауып, қатардан қалып жатады. Қимасаң да, қиналсаң да өмір заңын түзетуге ешкімнің шарасы жоқ, артыңа «хош» деп көкірегің қарс айрыла қайрылып бір қарайсың да, көшке ілесе бересің. Оған енді сенен көмек жоқ, тек өте шыққан өмір күндерінен көз көрген естеліктерді айтып, өткен күннің елесін тірілту болмаса... Иә, бүгін кеше қасымызда жүрген замандас жайлы естелік жазуға мәжбүрміз. Аяғын баппен басып, сырбаз кейіпте тіл қататын азаматтың абзал жүрегі тоқтағалы бір жыл өтіпті. Бірақ, оның бейнесі замандастар, әріптестер санасынан өшкен жоқ, өшпейді де. ...Мен Шабаз Иманалиевті алғаш рет 1973 жылы сәуір айында көріп, таныстым. Жаңадан құрылған Маңғыстау обкомының бюросында «Форт-Шевченко қаласы партия ұйымдарының сайлауалды саяси-ұйымдастыру жұмыстары» тыңдалатын болып, екеуміз мәселе дайындауға Түпқараған ауданына жол тарттық. Бұл Орталықтың Алматы Жоғары партия мектебін бітіріп тұрған Шабазды жаңадан ашылған облысты кадрлармен толықтыру мақсатында Маңғыстау өлкесіне жұмсаған беті екен. Отыздан енді асқан жас жігіт жұмысқа белсене араласты. Сол сапар менің есімде ерекше сақталды. Өзін-өзі ақтауға мүмкіндігі молынан жететін киелі Маңғыстау өңірінің әлеуеті дәлелденіп, өз алдына отау тіккен жыл еді. Осы қуанышқа Маңғыстаудың төл перзенті біз түгілі, табиғаттың өзі де айрықша асып-

тасқандай ықыластана дүреді. Жер от, мал қоңды, халық пейілді, әйтеуір айнала маңай мамыражай қалыпта. Жер бетінің алуан түрлі шөптермен, гүлдермен құлпырғаны соншалық, сол кезде Маңғыстаудың табиғатымен етене өскен көнекөз қарттардың өзі қаулаған шөптердің атауынан жаңылып, тек 70-тен астам шөп түрлерінің ғана атауын айтып, санамалайтын. Бір аптадай Форт-Шевченкода қала халқымен, теңізде балықшылармен, Таушық, Ақшұқырда малбегілермен кездестік. Осы алғашқы сапарда-ақ Шабаздың өмірден ой түйген, өзіндік көзқарасы бар азамат екеніне көзім жетті. Бұған дейін мамандығына сай білім беру саласында қызмет еткен, кеңестік басшылық орындарында тек туған жері Қызылқоға ауданында партия комитетінде нұсқаушы болып істеген оның ұйымдастырушылық, белсенділік қабілетін таныдым. Қызметте өзін осылай көрсеткен бұл азаматымыз сөзі өткір де тапқыр, анекдоттарды көп білетін, ақынжанды, әдебиетке құштар жан болып шықты. Төңірегіндегілер ойланып, аңдап сөйлемесе, бір сөзінен немесе бір сөйлемінен іліп алып, шалқасынан түсірер ұтқыр ой, ұтырлы сөзге жетік еді. Осылайша Шабаз екеуміз атсалысқан облыстық партия комитетіндегі бюро мәселесі сәтті өтті. Екеуміз де жас болған соң ба, сәтті іске қатты қуандық. Осы оқиға біздің достық қарым-қатынасымыздың басы болды. Тағдыр бізге алғашқы танысқан күннен бастап, Шабаздың көзі жұмылғанға дейін 38 жыл қатар жүруді жазыпты. Осы жылдар ішінде бір-біріміздің көңілімізді қалдырмай, әртүрлі деңгейде кездесіп жүрдік. Бұл жүздесулер, кездесулер біздің сыйластық, достығымызды одан әрі нығайтып, кіріктіре түсті. Қызмет барысындағы жиналыс, түрлі басқосуларда әдемі әзіл, достық лебіз еселене түсті. Жастық жігерін, азаматтық қайратын Маңғыстауға сіңірген Шабаз бұл өлкеден жақсы достар тапты, сыйлы азамат атанды. Шабаздың 70 жылдық тойы облыс көлемінде ауқымды аталып өтті. Мерейтойға туған жері Атырау өңірінен келген көптеген азаматтар, маңғыстаулықтардың Шабазға деген риясыз көңіліне разы болып тарасты. Ол кейін мерейтойға арналған конференцияда менің сөйлеген сөзіме ризашылығын білдіріп, көпке дейін айтып жүретін. Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің екіншісі хатшысы, қалалық кеңес аткомының төрағасы болған жылдарын оның өміріндегі ең сәтті кезеңдер деп атауға болады. Ол өзінің білім-білігін барынша көрсетіп, қаланың көркеюіне, дамуына үлес қосты. Осы жылдар туралы еске алғанда, әзілсүйгіш Шабазға қатысты мына бір оқиға ойға оралады. Бірде ол жергілікті құрдасының әйеліне «Батыр ана» медалін тапсырады. Алғысын айтып, шығар есікке таяй берген әлгі замандасына қатқыл дауыспен «тоқта!» деген Шабаз артына аңтарыла қараған оған «Сен он баланы күлге аунап туған жоқсың. Айғырыңды бапта» деген екен. Осы әзілі құрдастарының арасына лезде тарап, өзара ауық-ауық еске алып, емен-жарқын күлісетін. Ол Маңғыстау облысында «Нұр Отан» ХДП филиалын алғашқы құрушылардың бірі болды. Және оның ұйымдық нығаюына үлесін қосты, партия жұмыстарын көтерген жастарға көпті көрген аға ретінде ақыл-кеңесін аяған жоқ. Өмірінің соңғы жылдары өлкеміздегі бірден-бір оқу орны Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-де ректордың кеңесшісі боп қызмет етіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге, тәуелсіз еліміздің дамуына әр салада өз үлестерін қосатын мамандар дайындауға атсалысты. Шабаз қай қызметте де адалдықпен, жауапкершілікпен танылды. Әдебиетке, өнерге жақын адамның жан-дүниесі сұлу, нәзік болады деген сөз рас екен, ол нендей нәрсеге де сезімталдықпен, жанашырлықпен қарады. Қолына тізгін ұстаған кездерінде шалыс басып, шалқая қалған тұсы болған жоқ. Жұмысы тұрғындармен тікелей қатысты болған сәттерде олармен де, қызмет бабына байланысты алуан ұжыммен де тіл табысты, сыйлы, беделді басшы болды. Бұл кішіпейілділігі Шабазға ортасы, замандастары мен шәкірттері тарапынан өмірінің соңына дейін жетерлік сый-құрметті, ықыласты қалыптастырды.

Шабаздың қызметтегі тұлғасы, болмысы осындай болғанда, оның ақындық қыры өз алдына бір тақырып. Гурьев педагогикалық институтында оқып жүргенде әдебиетке ынтық, өлеңге құштар жастардың басын біріктіретін үйірменің белді мүшесі болған Шабаз әйгілі ақын қызымыз Ф.Оңғарсыновамен, өз кезеңінің айтулы азаматтары болған Қ.Қосжанов, С.Еділханов, Ш.Тәжімғалиев, М.Отаралиев, тағы басқа достарымен бірге әдеби кештердің көркіне айналды. Жарыса өлең оқып, өзара өлең талдап, жастықтың албырт шағын пайдалып, саналы іске жұмсады. Бірақ, оны тағдыры әдебиеттің емес, саяси өмірдің майданына алып келсе де, көкірегінен өлеңнің ұшқынын өшірмеді. Оңашада немесе қат-қабат қызметтен қолы қалт еткенде қаламына жармасып, ақ парақ бетіне жыр шумақтарын түсірді. Шабаз осал азамат болса, жерлесіміз Қ.Сыдиықов құрастырған «Елеулі есімдер. Бағалы басылымдар» жинағына, «Маңғыстау» энциклопедиясының екі басылымында да, С.Бөлекұлының «Знатные и деловые люди Казахстана» жинағына енер ме еді?! Ал 2003 жылы жарық көрген «Жыр моншақ» атты Маңғыстау ақындарының антологиясына енген өлеңдері Шабаздың ақындық тынысын, таңдаған тақырыбына еркін сермей алар қауқарлы құлашын аңғартады. Шабаздың өлеңдері табиғатпен үндес. Бір өлеңінде Жазғы түн, маужыраған дала түні-ай! Жаныңды аясына алатыны-ай! Селдір бұлт орамалын желбіретіп, Аспанда серуендеп баратыр ай.

Сал самал суға түсіп сәл тынады, Көл бетін көп суретке толтырады. Ұмтылған анасына сәбидей-ақ Жағада бала-құрақ талпынады, – деп дала түнінің сұлу бейнесін жасайды. Бұл өлеңнің мәнін дала құдіретінен хабардар қыр баласының дәл түсініп, ұғына алары анық. Айдынның беті ақ көбік, Жинаған, сірә, кім қайдан? Толқынға толқын шап беріп Басталып кетті бір майдан.

Қақ айырды көкті бір, Найзағай шығып от өріп. Толқынды толқын соқты бір Жамбасқа салып көтеріп! Бұл өлеңнің тақырыбы жоқ. Әйтсе де, нені бейнелеп тұрғанын айтпай-ақ түсінуге болады. Көз алдыңа буырқанып-бусанған көк теңіз тұра қалады. Сөзбен салынған жанды сурет емес пе?! Ал «Күз» өлеңінде: Желменен ұйқы-тұйқы жағаласып, Қара бұлт үйір-үйір барады асып. Төсінен көтеріліп соңғы құсы Көл жатыр жасты көзін әрең ашып, – деп, күздің көрікті бейнесін бар ынтасымен тамашалап тұрғандай келістіре суреттейді де, бір сәтте: Ал, сау бол, көл еркесі көлеңдеген, Мен бірақ саған еріп елеңдемен. Кеудем жаз, шалқар ойдың айдынына Өз құсым қонып жатыр өлең деген –

деп, оқыс түйіндейді. Күздің алай-түлей кескіні өлең қонған кеудесіндегі «жазға» үстемдігін жүргізе алмайтындығын кесіп айтады. Шабаз ақынның қаламынан туған жер тақырыбы тыс қалған жоқ. «Қаракөл», «Жайық» өлеңдері бірін-бірі толықтырып, перзенттің туған жеріне деген сағыныш сырын кезектесе шертеді. «Жан ана» өлеңінен біз атпал азамат, ел ағасы деп жүрген Шабазымыздың анасына еркелеп, аңқылдай ұмтылған періште перзент қалпын көреміз. Қазіргі қазақ поэзиясы түр мен тақырып кеңістігі жағынан шырқау биікке көтерілді. Ақын да көп. Тіпті, шын ақынды өзгелерден айырып ала алмайтын халге жеттік. Діни сөздерді араластырып, көсемси шариғат айтатын немесе тоқ етерінде не айтпақ болғанын ешкім ұғып болмайтын «өлеңсымақтардан» аяқ алып жүргісіз. Бірақ, қазақтың жанына халқымыздың өмірі мен тұрмысына, салт-дәстүріне суарылған қазақтың қара өлеңінен бөлек, одан ұғынықты, одан жақын поэзия жоқ. Шабаз өлеңдері бізге осынысымен ыстық.

Сөйткен Шабаз азамат, Шабаз дос, Шабаз ақын, Шабаз замандастың да арамыздан кеткеніне бір жыл толыпты. Өміріңді ұрпақтарың жалғастырып, ізіңді елге еткен еңбегің ізгілендіріп, тұлғаңды сұлу өлеңдерің асқақтатып тұра бермек, Шабаз дос! Сержан ШӘКІРАТ, ҚР еңбек сіңірген қайраткер.

ШАБАЗЫМ – МЕНІҢ САБАЗЫМ

Жайылар менің атағым, Орайы келіп батаның. Жақсылық шығар алдымнан Әруағы қолдап Атаның. Ш.Иманалиев

Күні кеше сырласып, қол ұстасып, қолтықтасып жүрген досың енді бір қарасаң, қасыңда жоқ. Орны опырайып қалған. Көңілің құлазып, пүшәйман боласың. Баяғыда бір қария айтыпты дейді: Япыр-ай, мен осы нағып жүрмін? Дей алмаймын – балдарға жағып жүрмін. Менің елім бір-бірлеп көшіп жатыр, Қатарым сиреп менің, лағып жүрмін. «Елім көшіп жатыр» дегені – өз қатары жолдас, достарының о дүниеге кетіп жатқаны. Сол айтқан, біз де сол күйдеміз. Қимас замандасың бақиға сапар шеккенде осындай ойда болады екенсің... Шабаз екеуміздің жарасымды жолдастығымызда сөз жоқ еді. Әуелі танысқанымызда ол сырбаз, өзін-өзі нық ұстайтын жігіт көрінді. Сыр бермейтін жүзінде сабырлы жайбарақаттық бар еді. Сөйлесе келе, гүлдің қауызындай ашылып, көкірегін алдыма жайып салды. Әзіл айтып, күлкілі теңеулерді боратқанда, һайран-асыр болдым да қалдым. Ал оның күлкісіндей күлкі жоқ, жан-тәнімен ақтарыла күлетін, тым жайдарланып кететін. Маған тіпті оның күнделікті ғұмыры күлкіге арналғандай көрінетін. Әрине, ол көбіне партиялық-әкімшілік жұмыстарда болды да, соның кірпияз маңғаз тұрпатын шебер ойнайтын, бірақ уақытша ғана. Арамызда ол рольді лезде тастап, жайраңдап шыға келетін. Шабаз лирикалы нәзік жанды ақын жүректі адам еді. Өлең жазатын, тіпті лезде бір шумақ шығара қоятыны керемет еді. Сол шумақтардың көпшілігі қағазға түспей, өзімен бірге кетті-ау. Ол туындылары көбіне сын, күлкілі болатын.

Бір отырыста ауыз жаппайтын біреу көп сөйлеп, мазаны алып болды. Шыдамаған Шабаз оған кенеттен: «Ертеде батырлар қарсы келгенді найзалап өлтіреді екен, сен бізді тіліңмен қайзалап өлтіретін болдың-ау» деп еді, жұрт қыран-топан күлді де, әлгі «сөйлемпаз» сүмірейіп отырып қалды. Ол өлеңдерді газет-журналдарда жариялап, атақ шығару үшін жазбайтын. Біренсараны болмаса, бәр-бәрі өзінің үй пәпкісінде сақталатын. Соларын көріп, оқып: «Әй, Шабаз, мыналарыңды неге баспаға бермей жүрсің?» десек, «Әй, өзім үшін жазылған нәрселер ғой» дей салатын. Міне, енді өзі жоқта солары кітап болып шығып жатса, құбақұп болмақ. Сонда ел Шабаз азаматтың ақындығын да танып, тамашалар еді. Біз үйінде қонақта отырып, пәпкідегі өлеңдеріне көз жүгірткенімізде, олардың сансалалы тақырыптарға арналғанын байқағанбыз: махаббат, табиғат, ел, Отан, достық, өмір пәлсәпесі т.т. Енді олар көпшілік оқырманның қолына тиіп жатса, поэзия мамандары дұрыс бағасын берер деген ойдамыз. Өзі былай дейді: Қараймын үнсіз қағазға, Көңілім әсте толмайды. Жалғыз ғана Шабаз ба, Талайлар жыр толғайды.

Бірден озық, бірден кем, Келе жатқан жайым бар. Тұлпар болар кім білген, Топқа қосқан тайым бар. Көрдіңіз бе, көбіне ақындар өздерін асқақ дәріптеп, аспандатып жатады, ал Шабаз өзін тым бәсік ұстайды. Дегенмен оның тайының бәйге ортасындағы тұлпар екендігінде ешқандай дау жоқ. Махаббат жөнінде айтқанда, өзінің балғын жастық шағын өзіне тән әзілмен әсірелейді: О, қыздар, күлмеңдер, Жүрегім жаралы. Біліңдер, білмеңдер, Асқынып барады.

Оңай ғой, әрине, «Бұл да бір жынды» деу. Ғашықпын бәріңеСендер көп, мен біреу! Көп кешікпей-ақ осы көп таңдаудың ішінен Еркін деген арудың тап болғанын білеміз. Оған арнап қандай ғашықтық жырларын толғағаны белгісіз. Бірақ үйді махаббат сезіміне, сүйкімді перзенттерге толтырған сүйіктісі ерте дүниеден озғанда мұңлы көңіл күйін өлең жолдарына салғаны аянышты-ақ. Біз оның қандай өлеңдер арнағанын білмейміз ғой (кітап шығып жатса, анықталар), дегенмен мынадай шумақтар болғаны есімізде: Кеттің солай қара жерге шым батып, Ақ бейітің міз бақпайды, тұр қатып. Ең болмаса назыңды да айтпадың, Бұл дүниеден өтеріңде тіл қатып.

Ей, Еркін-ай, қандай еді талғамың, Жақын қылып алысты туыс етіп алғаның. Тұлға тұтып өзімді, Бір ауыр сөзге бармадың... Тағы да: Аллаға мына неғылдым? Алау от боп жағылдым, Жүрегім сыймай кеудеме, Ақ Еркінді сағындым.

Қайғы басып еңсені, Ұмытып жұмыс, кеңсені, Аппақ жарым Еркін-ай, Сағынып жүрмін мен сені! Міне, нағыз сағынышты қайғының сезімдерін осылай өрнектеген. Бұл үлкен сүйіспеншіліктің белгісі. Жас ортасында Еркіннен айырылып, тек балаларымен ғана қалған Шабазға сүйеу керек болғаны сөзсіз. Балалары әлі жас, келін ұстауға Тілегі мен Жанайдарының ондай кәмелетке жетулеріне әлі көп бар. Азаматтық тұлғасына да жалғыз жүру жараспайды. Сондықтан да ағайын-тумаларының, жолдастарының кеңесімен өзіне тағы жар іздеді. Біраз талғам, таңдаудан кейін ол табылды да. Ол да өзіндей жаны жаралы, жалғыз жүрген жайсаң сұлу Ақбілек еді. Аппақ қаздай жайраңдатып қасына ертіп шықанын көргенде екеуінің жарастығына риза болып, сүйсінетінбіз. Үлкен қырдан асып кеткеннен кейін келесі сүйіспеншілік жырына жол беру Шабазға ыңғайсыз екені белгілі. Әр нәрсе кезеңімен дегендей, өмір баспалдағының сәттерін толық түсінетін Шабаз қайта жаңғырығу сезімдерін құпия сақтады. Сондықтан да ол Ақбілекке арнап өлең жазбаған сияқты. Тек ақсия күліп, жүзбе-жүз ілтипатын аямайтынын сезетінбіз. Ақбілек Шабаздың қалған өмірінде оған шын жар бола білді. Жайлы қамқорлықпен қас-қабағына қарап, үстіне қылау тигізбейтін. Балалары да оны өгейсінбей ана орнына ана деп білген сияқты... Ол жолдастықты қатты қадір тұтты. Жер-жерде, әсіресе елдің батысында керемет қимас достары көп еді. Маңғыстауда біреулер сияқты «теңіздің ар жағынан» келгендей тікбақайлау болмады. Айқара құшақ, ашына жүрекпен жүретін. Әсіресе, ақындармен, өнер адамдарымен тым жақын болды. Сайком, Шора, Күріш, Ізбасар және мен, тағы-тағы жігіттермен көңілді кездесетін. Жан жолдастарының бірі Сайком Еділханов мезгілсіз қазаға ұшырағанда көңілі құлазып, мынадай шумақ арнаған: Бұл жақтан таң көруші ем арайлаған, Тап бүгін түн-түнекте бар айналам. Сыңарынан айрылған құстай болып, Сайкомым жоқ, Шетпеге енді қалай барам? Шабаз түрлі лауазымды ел азаматтарымен де көп араласты. Олардың жақсы, жаманын саралай білді. Мәселен, өзі қарауында қызметтес болған облыс әкімі Ләззат Қиынов жөнінде жақсы лебіз айтатын: Мен ездерді әуелден тапшы көрдім, Ел емес, өзін ойлар басшы көрдім. Ойлайтын ердің қамын, елдің қамын Мен осы Ләззатты жақсы көрдім.

Биік ұстап келеді кісілігін, Үлкендігін және де кішілігін. Көп тындырып, көпірмей келеді ылғи Ұрпаққа үлгі болар ісі мұның.

Міне, бұл азаматқа арнаған әділ бағасы еді. Шабаз онымен жиі кездесіп, үйлесімді әзіл сөзбен де көңіл ашады екен. Сондай әзіл әңгіменің біреуін келтіре кетейік. Бірде оны облыстық еңбек қорғау және әлеуметтік қамту басқармасына бастық етіп тағайындаған. Келсе, басқарманың жағдайы нашар, әсіресе көлік мәселесі тым құрдым. Содан көмек сұрай Ләззатқа келмей ме. Және де әкімнің мініп жүрген бұрынғы машинасын жаңа машинаға ауыстырып жатқанын естіпті. Кіріп, сәлемдесіп отырады. – Шәке, қандай шаруамен келдіңіз, айтыңыз? Шабаз басқармасының жай-күйін қысқаша баяндап, көлігінің тіпті нашар екенін білдіреді. Сосын айтады: – Ләззат Кетебайұлы, мен сізге бір әңгіме айтқым келіп отыр, бола ма? – Болады, болады, айтыңыз. – Айтсам, мына Ақшұқырда қатын алғыш бір қара шал болыпты (Бұл қара шалды ойдан шығарып отыр. – С.Ш.) – Ойбай-ау, ол қатын алғыш шалға менің қандай қатысым бар? – деп күледі әкім. – Тыңдаңыз, оның бір мәнісі болып тұр. Сол қара шал әйелдерді бірінен соң бірін алып, ауыстыра береді екен. Және де үйленбей жүрген сүр бойдақ бір інісі бар. Әлгі шал келесі әйелді үйден қуайын деп жатқанда осы бойдақ інісі келіп: «Аға, ауыстырайын деп жатқан осы әйеліңізді маған беріңіз-дағы», – деп сұрапты. Ағасы аясын ба, жіберейін деп жатқан әйелін інісіне берген. Сол айтқан, Ләззат інім, сіз де мініп жүрген машинаңызды ауыстырады деп естідім, соны маған берсеңізші... Ләззат ішек-сілесі қатып күліпті де: – Әй, Шәке, машинаны алыңыз, алыңыз, – деген, содан Шабаз күлдіргі әзілінің арқасында машиналы болған. Л.Қиынов облыстағы бірінші әкімдігінің кезінде бір жиналыста қызметкерлердің біреуін қатты қыспаққа алып отырған көрінеді. Жер-жебіріне жетіп, сұрақтардың астына алған. Шабаздың қасында отырған бір жолдасы сыбырлап: – Ойпыр-ай, мына кісіге қиын болды-ау, – депті. Сонда Шабаз: – Енді қайтерсің, әкімнің фамилиясы да оңай емес қой, – деген. Бір көпірме кісі ағасын мақтай беріпті. Жер-көкке тигізбей, «ол анадай ғой, ол мынадай ғой, ол дана ғой» деп күпіп отырған көрінеді. Біраз шыдаған Шабаз бір кезде былай депті: – Бұрынғы шеберлер жоқтан жонып шана жасайды екен, осы күнгі «шеберлер» боқтан соғып, дана жасайтын болыпты-ау! Мақтаншақ естіп отырған кісілердің күлкісіне көміліп, үндемей қалыпты... Бірде Шабаз Түрікменбаев Ноғай деген жолдасымен сөйлесіп отыр екен. Ноғай айтыпты оған: – Теледидарда «Маңғыстау марғасқалары» деген хабарлар жүріп жатыр. Сен оған қатыспайсың ба? (Түсінікті болу үшін айта кетейік, Ноғайдың тегі Адайдың «Сарғасқа» деген руынан). Сонда Шабаз қуланып Ноғайға былай депті: – «Маңғыстау марғасқалары» деген хабардың аты өзгеріпті. Мен оған сені ертіп барайын, енді сол хабарға сен түсуің керек. Себебі оның аты енді «Маңғыстау Сарғасқалары» болыпты. Жұрт күліп жатыр. Ноғай да қарап қалмайды: – Онда маған дейінгі «қасқаларды» өшіріп тастасын, әйтпесе бармаймын, – деп әзілдейді... Шабаз өмірде белең алған жамандықтарға жиіркенішпен қарайтын. Ар-ұяттан безіп, өзінің дәрменсіздігіне қарамай, дәу болып көрінгісі келетіндерді иттей жек көретін.

Білігі, өресі жетпесе де, арсыздықпен жоғары көрінуге тырысатындарды бейшара деп санайтын. Көп көрдім дүниенің жалғандығын, Бетсіздің бұйырмасты алғаңдығын. Әйтеуір аулақ жүрдім арсыздардан, Кеудемде таза болдым, арман-мұңым. Шіркін-ай, «бетсіздің бұйырмасты алғандығын» деп, «осындайлар арада жүр, о, Алла-ай!» деп күрсінетін. Енді Шабаздың әзілкештігі, тапқыр түйрегіштігі жөнінде өзіміз естіген бір-екі әңгімені айтайық. Ол жоғарғы партия мектебін бітіріп келіп, обкомға нұсқаушы болып орналасады. Осында біршама жыл отырып қалған. Өзі қатарлылар көтеріліп, басқа жұмыстарға кетіп жатыр. Ал бұны жазу жұмысына сауаттырақ болған соң обкомда қалдыра берген. Содан Шабаз қулық ойлап, бір сап-сары қағаз табады да, соны жеке маман листогі етіп толтырып қояды. Обком хатшылары кабинетінен былай-былай өткенде. «Әй, Шабаз, хал қалай?» деп сұрайды екен. Сондай бір хатшы келіп, «Хал қалай?» деп сұрағанда, Шабаз айтыпты: – О, аға, халдың несін сұрайсыз? Партия мектебін бітіріп келгеннен кейін ағаларым мені көп ұстамас деп мына «личный листокті» толтырып қойып едім, осы қағаз жата-жата сарғайып кетті, – деп сары қағазды көрсетіпті. Хатшы мәз болып күлген. Көп ұзамай Шабазды Форт-Шевченкоға екінші хатшы қылып жіберіпті. Бірде Шабаз Алматыға үлкен жиынға барады. Жиын біткеннен кейін фуршет ұйымдастырылып, қонақтарды дәмге шақырады. Стол толып тұр. Содан біреу Шабазға күле тиісіп, былай дейді: – Сіздер, Адайлар, мына банан дегенді білмейтін шығарсыңдар. Міне, мынаны банан дейді, банан алыңыз, – деген. Шабаздың руы Адай болмаса да, Алматыдағылар батыстан келгеннің бәрін Адай дейді. Сонда Шабаз былай депті: – Иә, біз алыстан келген сахараның қазағымыз ғой, бананды білмеуіміз де мүмкін. Ал сіз бананды білгіш екенсіз. Сірә, осы бананды өте жақсы көріп, жейтін маймыл деген ел бар деп естиміз, сіз сол жақтан емессіз бе? Жұрт ду күлген. Әлгі бейшара өзі де бет-аузы тыржиған маймылға ұқсас неме екен, нағыз келемештің астында қалыпты. Бір бастық оған ұрсып жатқан көрінеді. «Адайларға тиіспе дегенім қайда? Енді өзіңе сол керек!» Міне Шабаздың мұңдай қызғылықты әңгімелері көп-ақ. Мен өз қара басым, ол есіме түссе, жүзіме күлкі ойнайды. Оның ақтарыла күлетін, аңқылдаған үнін сағынамын. Азаматтық еңсесі, биік тұлғасы көз алдымда...

Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ, Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Қазастанның құрметті журналисі», Жазушылар Одағының мүшесі

ҚАЛАМГЕР ӘРІ ҚАЙРАТКЕР

Баурайында тұрған таудың биіктігі, жаныңда жүрген жанның ұлықтығы білінбейтіні белгілі ғой. Биіктік те, ұлылық та алыстаған сайын айқындалатын сияқты. Күні кеше ғана Шабаз деген құрдастың әрі достың аяқтан шалып қалып, тас төбеңнен түсіретін әзілі, абзал мінезі мен асыл қасиеттері арамыздан кеткеннен бері, бейнесі көз

алдыма келіп айқындала түскендей. Төгілте жазатын көп қырлы қаламгер кейде лириканың мұхитына жүзе жөнелетін ақын, ағылта сөйлейтін шешен, жарқ еткен жаңалықты жұмысқа пайдалана қоятын қабілетті ұйымдастырушы, бүгінде көзімізден бұл-бұл ұшқаны күннен күнге сезілуде. Ең болмағанда қысқа өмірде екінің бірі келіп, сеңгірінен мүшел тойларын мерекелеп жатқан 75 жасқа жетпей өмірден озғанына өкінеміз. Бірақ ажалға амал жоқ, көнесің. Шындығында, Шабаз Атырау мен Маңғыстаудың телқозысы, төл перзенті болатын. Гурьев педагогикалық институтында оқып, еңбек жолын орта мектепте оқытушылықтан, аз уақыттан кейін оқу ісінің меңгерушілігінен бастаған. Мектепте жүрген кезінен-ақ түрлі ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен. Мен ұмытпасам сол кездерден бастап Шабазбен таныс болған сияқтымын. Маңғыстау ауданының Аманкелді атындағы колхозында 1964 жылдың жаз айында Қарашағыр-Қамыран деген жерде теңіз жағасында шөп шаптырып жатқан кез еді. Мен онда колхоздың ауылшаруашылық техникалары мен тракторларының механигі болып қызмет жасаймын. Мал азығын дайындауға шыққан бригаданың техника саласындағы барлық жұмыс менің жауапкершілігіме берілген. Ол уақытта механизаторлар мал азығын дайындау жұмысына өздерінің үйлерімен көшеді. Мен жолдасым екеуміз және үлкен ұлым Мақсат 2 жаста жолым-үймен (күркелеп) барғанбыз. Түскі үзіліс кезінде біздің үйіміздің сыртына «Газ-69» көлігі келіп тоқтады. Қонақ келіп жатқанын білгенсін күркеден шығып, қарсы алдым. Машинадан 3-4 адам шықты. Ішінен танитыным Сайком болды. Сайком – Маңғыстаудың азаматы, 1963 жылы Гурьевтің пединститутын Шабазбен бірге бітіріп, Маңғыстау ауданының Жармыш деген жерінде орта мектепке оқытушы болып істегеніне бір жыл толған еді, менің досым әрі құрдасым. Күркенің іші тар болғанымен көңіл кең, қонақтар жайғасқасын мен сыртқа шығып, бір жігітті жақын жердегі таныс шопанға соятын қой әкелуге жұмсайын деп жатқанымда қасыма Сайком келіп: «Мал алдырғалы жатқаныңды біліп тұрмын. Малды қой. Сіздерде балық бар дейді ғой, болса, соны астыр» деді. Сол кезде біздің трактористеріміз теңізге ау салып, керегінше шоқыр, бекіре сияқты балықтарды алып тұратын. «Олай болса, бүгін әлі ауға бара қойған жоқ еді, барып ау тарту керек болды ғой» дегенімде, Сайком: «Сенімен бірге біз де барамыз, шайды келгесін ішерміз» деді. Сонымен ау салған жігіттерді ертіп теңізге кеттік. Кетерімде бір шофер баланы бір семіз қозы әкеліп сойып, қуырдақ қуырып, шай дайындап, ет асып қоюды тапсырып кеттім. Балық дегенді де аулау оңай нәрсе емес екен. Әрі-бері теңіздің ортасына қарай ауды арқалап жүреді екенсің. 3 км-дей жүріп барып ау салады. Бір аудың өзінің салмағы 6-7 кг-нан кем болмайды. Себебі оның жоғарғы жағына жеңіл, суда қалқып тұратын қалтқылар бірнеше жерінен байланады. Аудың түбіне бірнеше жерінен тас байланып, қазықталып тасталынады. Осындай аулардың оншақтысын иығыңа салып көтеріп апаруың керек. Қысқасы, оңай жұмыс емес. Үйдегі қонақтарды ертіп 8-9 адам болып ауға бардық. Ауды қарасақ кілең шоқыр мен бекіре балықтар түсіпті. Ол балықтарды қоқандап жағаға дейін сүйреп шығарудың өзі қиын болды. Сонда Шабаздың маған күле қарап: «Осы, жігітім, мына сенің ауылың шөп шабатын бригада ма әлде балық аулайтын бригада ма?» дегені әлі есімде. Сөйтіп Шабазбен өзімнің жолымүйімнің ішінде 1964 жылдың тамыз айында танысып, ажырамастай дос болып кеткенбіз. Шабаз бен Сайкомның шашбауын көтерем деп 3-4 күн жұмыста болмай, колхоз басшысынан сөгіс алған едім. Мектепте ұстаздық етіп жүрген кездерде қызмет бабында жақсы жақтарымен көзге түскендіктен болар, әуелі Қызылқоға аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, соңынан Маңғыстау өз алдына облыс болып құрылған кезде жаңадан ұйымдасқан облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, атқару комитетінің төрағасы, облыстық полиграфия істері жөніндегі және кітап саудасы басқарамысының басшысы, партиялық бақылау комитетінің төрағасы, облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бас басқармасының басшысы, Нұр Отан халықтық

демократиялық партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Шабаз 2000 жылы 60 жасқа шығып, мейрамханада той өткізді. Оның туған күніне қандай сыйлық алсам екен деп ойланып жүргенімде, өзі келді. Тойдың бірнеше шақыру билетін маған тарат деп әкеліпті. Шабаз екеуміз бір-бірімізге қалжыңдап әзіл-шыны аралас әртүрлі әңгіме айта беретініміз бар. Сол жолы да Шабазға: «Сыйлыққа не алғаным дұрыс?» деп сұрадым. «Ойбай, ақ дос, маған заттай сыйлық ал-алма, оған мен өкпелемеймін, маған жақсы бір әзіл өлең шығарып келмейсің бе?» деді. «Жақсы, жарайды» дедім. Тойға бардық. Шабазды құттықтап қолын алдық. Менің қолымнан ұстап алып, оңаша шығарып: «Өлең жаздың ба?» деді. «Азғантай бірдеңе жаздым» дедім. «Соны маған көрсет-тағы?» деді. Мен кейін оқып берем деп көрсетпедім. Сонымен той басталды, сөз кезегі маған келді. Мына төмендегі әзіл өлеңімді оқып бердім: Шынымен алпыс жылдың өткені ме, Кәріліктің жаяулап жеткені ме? Бойға қуат, күш-жігер толтыратын Жастықтың да жылыстап кеткені ме?

Нұр жүзді әжім торлаған, Оларда сырдың бары – хақ. Өмірдің жолы бұралаң, Адаспай келдің сен бірақ. Кемел шаққа келіпсің, Кемеңгер ойдың ағасы. Кенеле бер қызыққа, Балаларың қасыңда, Өміріңнің бар жалғасы. Ақ күміс торлап басыңды, Сәндендіріп тұр алпыс жасыңды. Үлкейгің келмей, тырысып тұрсаң, Шабазым, Боятып ал аппақ болған шашыңды. Алпысыңмен ренжісіп керіспе, «Шал бол» десе, бірақ оған келіспе. Өмір деген тұрлауы жоқ күрес қой, Беріспе, Шабаз, шамаң келсе беріспе.

Шымылдығын ашыпсың алпыс деген арудың, Жұмсай берме бұрынғыдай, қадірін біл қарудың. Қосағың мен қосакәрі Шабазым, Бата берер бабасы бол Ысық деген қауымның! Өлеңді оқып болғасын менің қолымды алып, құлағыма сыбырлап: «Ойпырм-ай, бір нәрсе айтып оқсатады-ау деп қорқып едім, сау бол. Өлеңің нағыз құрдас адамдардікі екен!» деп, менің қолымдағы осы шатпағымды қалтасына салып алды. Шабаз әрі қаламгер, әрі қайраткер еді. Оның себебі, жаңа дәуірдің алғашқы талаптарын орындауға құлшына кіріскен азаматтардың бірі болатын. Жергілікті өзін-өзі басқару, өзара тиімді экономикалық байланыстарды халықаралық дәрежеде дамыту, өндіріс пен ауылшаруашылығы арасындағы үйлесімділікті күшейту, өнердегі, мәдениеттегі, шаруашылық пен тұрмыстағы ұлттық дәстүрлерді дамыту, тарихи мұраларға қамқорлық пен тарихи шындықты, тарихи әділетті қалпына келтіруде елеулі істер атқарғандығын әр жылдары атқарған қызметтерінен де байқауға болады.

Шабаз зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғам дамуынан қол үзіп қалған жоқ. Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ректорының кеңесшісі болып қызмет атқарды. Бұл жұмыста да түрлі қызметтегі ұзақ жылғы тәжірибесі мен ақыл-кеңестерін білім беру саласындағы іні-қарындастарына ұсына білді. Шабаздың еңбектері кеңестік дәуірде де, қазіргі кезде де еленбей қалған жоқ. «Еңбектегі үздік шыққаны үшін», «Лениннің 100 жылдығы» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен», «Еңбек ардагері», т.б. бірнеше төсбелгілерімен наградталған. Шабаздың өмірден озғанына бір жылдан астам уақыт болыпты. Қамшының сабындай, күрмеуге келмейтін қысқа жіп секілді өмірден кімдер өтпей жатыр десеңші? Ақ құрдасым Шабаздың жаны жәннатта болғай!

Сақып КЕРЕЛБАЕВ, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы

САБАЗ ЕДІ-АУ ШАБАЗ!

Қашан да жақсы адам көпке ортақ. Жайдары жанның жарығы сәулесін шашқан күн секілді жан-жағына тегіс түседі. Оның болмысы барша пендеге тән реніш, өкпе, налу секілді әдеттен ада. Алмағайып тіршілікте талайсызға танытқан реніші жай ғана кейіс, налуы наз болып сезіледі. Өйткені, адамға ат қойғанда Алланың аянымен тауып қойылған есімі Шабаз, шын мәнінде бітімі бөлек нағыз сабаз боп туды. Алаштың ардақты азаматы Шабаз Иманалыұлы аты мен заты, болмысы мен салты тең жаралған көшелі кісі боп өмірден өтті. Шүкіршілігі сол, өмірден өзі кетсе де, көзі қалды, артында өнегелі ісі мен сөзі, өшпес ізі қалды.

Атам қазақта «Жігітті талап жетелеп, арман өсіреді» деген ұлағатты сөз бар. Шабаз Иманалыұлы да болашағына бағдарын бала күнінен таңдай білгенін байқаймыз. Атыраудың Қызылқоғасында қанаттанып өскен ол арман қуып, Гурьевтегі педагогикалық институтқа оқуға түседі. Өз мамандығына құштар жас жан-жақты кәсіби білім алып, «құнары жоқ қырқаға, көктеп өсіп гүл бітпес, ер жігіттің тағдыры туған елмен кіндіктес» дегендей, оқуын бітіре сала кейбір замандастары секілді қалып қоймай, облыс орталығын саналы түрде артқа тастап, туған жеріне асықты. Мамандығы бойынша мектепте ұстаздық етіп, жақсы қырынан танылды. Қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқарып, көзге түсті. Нәтижесінде аудандық партия комитетіне жауапты қызметке шақырылды. Аз уақыттың өзінде мұнда да өзін жағымды жағынан көрсете білді. Оған үлкен сенім көрсетіліп, Алматы жоғары партия мектебінің күндізгі бөліміне оқуға жіберілді. Кезекті дипломды алған бойда, Гурьев облысынан отау көтеріп, жаңадан ашылғын Маңғышлақ облысының партия комитетінің аппаратына нұсқаушы болып қызметке орналасты. Оның ендігі өмірі тұтасымен Маңғыстау өлкесімен біте қайнасып өрбіді.

Өз алдымызға облыстың құрылуы, түбегіміздің жан-жақты қарыштап дамуына оң ықпалын тигізді. Есесіне Отан қазынасына Маңғыстау байлығы да еселеп құйылды. Аймағымыздың айтулы өзгерістеріне, сөз жоқ, өндіргіш күштердің дамуының да, адамдардың жасампаз еңбегінің де жемісі барлығы даусыз. Жас маман Шабаз Иманалыұлы да өлкемізбен бірге өсті. Оны еңбек жолының нысаналы сатылары біртіндеп жоғары қарай жетелей берді. Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін біраз жыл абыроймен атқарды. Бірақ ол мансап қуып – майлы қызмет, жайлы тақ іздеп бір сәт те қисық қадам жасаған жоқ.

«Қызмет – қолдың кірі», – дейді қазақ. Қызметті жек көргендіктен айтпайды. Қызметтің буымен сен де өзгелердей кәдімгі адам екеніңді ұмытып кетпе; қолыңдағы билігіңді пайдаланып, кісіге қиянат етпе; көкірегіңді керіп, аяғыңның астындағыны көрмей кетпе; қызмет ет, өзің де мәңгі емессің, қолдың кірі секілді кетесіңдер, сондықтан жұмыста жүріп істеген қиянаттарың кейін өзіңнің, ұрпағыңның алдынан шығып жүрмесін деп айтады. Дегенмен, қазақ айтқан бұл қағиданы барша қазақ орындай бермейді: бірінің білімі жетпейді, екіншісінің білігі жетпейді, үшіншісінің тектілігі жетпейді, тағы бірінің мінез-құлқы келіспейді, тағы толып жатқан себебі болады. Әйткенмен, бұл қағиданы қалт жібермей орындайтын да қазақтар табылады. Солардың бірі – мен білетін Шабаз ағамыз.

Шәкеңді алғаш облас ашылған кезде көрдім. Онда мен Тұщықұдық кеңшарында бас экономист болатынмын. 1978 жылы облыстық партия комитетіне қызметке шақырылғанымда, ол Форт-Шевченко қаласына қызметке ауысты. Оның 12-шағын аудандағы пәтері маған беріліп, осы құттыханада Маңғыстау ауданына жұмысқа ауысқанша өмір сүрдік. Осы кезден бастап Шәкеңді жақсы біліп, қызметте де, өмірде де араласып жүрудің сәті түсті. Ендігі жерде байқағаным: оның тасыраңы мен менмендігі жоқ, астамшылықтан гөрі абайы басым, билік айтудан гөрі иілуі басым, істі шарт-шұрт шешуден гөрі ақылға салуы басым екені бүкіл жүріс-тұрысынан, кісімен байыпты сөйлесуінен, орынды әзіл-оспақпен бойға тартуынан көрініп тұрды.

Ағамыздың бойында ерекше екі қасиет мықты болатын. Қай адаммен де риясыз көңілмен қалжыңдасатын, әзілдері сәтті шығатын және мұнысы көзге ұрып тұратын. Ал, ақындығы өз алдына бір әлем еді. Бірақ бала күнінен бойына дарыған ақындықты ол кәсіп қылған жоқ. Көбінесе достары мен жолдастарына, туған күндерге ғана арнап жазып, мүмкіндігі бола тұра соларды жинақтап кітап қылып шығаруды да алдына тап бір үлкен мақсат етіп қоймапты. Егер мен бірдеңе түсінсем, қазіргі көп «қағаз шимайлаушылардан» оның ақындығы көш ілгері екендігі даусыз. Алысқа бармай-ақ, мұның бір дәлелі – Фариза Оңғарсынова, Шора Тәжімғалиев, Сайком Еділхановтармен қатар оқып, бірге өлең шығарулары. Амандық болып, ағамыздың кітабы шықса, оқырманның өзі-ақ бұған көзін жеткізері сөзсіз. Шәкеңнің тағы бір асыл қасиеті – жоғарыда аты аталған және тағы басқа жолдастарымен өмір бойы сыйласып, араласып жүруі болатын. Бұл жағынан олар А.Дюманың мушкетерлеріндей еді десек, артық кетпеспіз. Шабаз ағамыз облыстық деңгейдегі бірқатар мекемелерге басшы болып, абыройлы қызмет жасады. Зейнеткерлікке шыққанның өзінде облыстағы оқу орындарының көшбасшысы Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ректорының кеңесшісі болып, тек университеттің ғана емес, көптеген елдік шаруалардың да басы-қасында жүрді. Мұндай ізгілікті істі ел ұмыта ма, маңғыстаулықтар оны өз жерінің перзентіндей бауырларына тартты. Жетпіс жасқа толған мерейтойын ел болып мерекеледік, дүниеден өткенде жанұясына көңіл білдіріп жиналған қара орман халықта есеп болған жоқ. Бұл – екінің біріне жасала бермейтін құрмет. Себебі, Маңғыстау елінде адамның өзі бөтенсіремесе, оны өгейсінбейтін жақсы қасиет бар. Туып-өскен жер кім-кімде де бар, соған қарамастан қаншама азамат өлкемізде тұрып қалды. Ал, олардың бала-шағасы үшін туған жері, атакүлдігі – Маңғыстау. Шабаз Иманалыұлы ұлағатты ұл өсіріп, инабатты қыз тәрбиелеген ардақты жан. «Ұлың – ізің, қызың – көзің» болса, одан асқан бақыт бар ма?! Ағамыздың келместің кемесіне мінгеніне бүгінде жылдың жүзі болыпты. Алайда, ғасырлар көшіп, заманалар ауысса да, «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Ендеше, қызметтің қызуымен ешкімге қиянат жасамаған, адалдықтан аттап арамдыққа баспаған, адамды сыйлау арқылы адамдығын сақтай білген Шабаз аға, мәңгілік қонысың жайлы болсын, ұрпағыңды желеп-жебеп жатқайсың!

Есен КҮМІСҚАЛИ, Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, «ЛУКойл Оверсис Қазақстан» компаниясының Маңғыстау облысындағы аймақтық өкілі

ЖАРҚЫН БЕЙНЕСІ ЖҮРЕГІМІЗДЕ САҚТАЛАДЫ

Шабаз ағамызбен 1973 жылы Маңғыстау облысы құрылғаннан бастап партия-кеңес жұмыстарында, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік, қоғамдық қызметтерде қатар істестік. Оның жауапты, басшылық жұмыстардағы мол тәжірибесінен тағылым алсақ, қызықты әңгімелері мен әдемі әзіл-қалжыңдарын тыңдап рухани байып қалатынбыз. Ағамыздың өмір жолынан түйгеніміз – ол көбіне әлеуметтік салаға, яғни адамдардың тұрмысы мен мұң-мұқтажы, көңіл-күйіне байланысты қызметтерге басшылық істеген екен. Сол жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен, адамгершілікпен, халыққа болсын деген ниетпен абыройлы атқарғанына, өз ұжым мүшелерін де сол талапқа сай жұмылдырғанына куәміз. Әсіресе, елдегі 90-шы жылдардың ортасындағы қиыншылық кезде облыстық еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасын басқару тек Шабаз Иманәлиев сияқты атпал азаматтың қолынан келетін еді. Тиісті еңбекақы, зейнетақыларын талап еткен тұрғындармен сөйлесу, жұмыссыздарға көмектесу, мүжәлсіздердің жағдайын жасау сияқты қиын шаруаларды Шәкең дер кезінде өзі шешіп, болмаса жоғары органдардың араласуымен іске асыратын. Қайткенде де көмекке зәру азаматтардың талаптілектерін шешушіз қалдырмайтын. Шәкең от ауызды, орақ тілді ағаларымен де, жайсаң інілерімен де әңгіме-дүкен құрып, жақсы әзілдесе алатын еді. Ал, «Сайком, Шора, Шабаз боп», – деп өзі айтатындай құрдастарымен әзіл-қалжыңдары біздің қатарларымызға үлгі боларлық дүниелер еді. Облысымыз алғашқы құрылғанда обкомның хатшысы болып сайланып, өлкеміздің өркендеуіне зор үлес қосқан Жәрдем Кейкин ағамыз жұмыс уақытында сәл қолы босаса Шәкеңнің кабинетіне келіп әңгімелесіп жүретінін білетін едік. Обкомның ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып, көп отырып қалдым-ау деп жүрген Шәкең, Жәрдем ағамыздың кезекті бір келісіне орай «сюрприз» дайындапты. Жәкең тағы бірде келіп: «Шабазжан, үй-іштерің аман ба, хәлің қалай?», – дегеніне сәлем беріп, оған толтырып жазылған бір бет ескілеу қағаз ұсыныпты. Обком хатшысы оны қарап болғасын, «Жәке, құдайға шүкір, аман-саумыз, ал өз жағдайым бұдан 5 жыл бұрынғыдай. Алматының жоғары партия мектебін бітіріп, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып жұмысқа кіріскенімде бұл лауазымда көп отырмаспын, басқа жауапты қызметке жіберетін болғанда керек болар деп, сол уақытта анкета жазып дайындап қойып едім, жата-жата бұл қағаз да сарғайды», – депті. Жәрдем Салықұлы: «Пай, Шабазжан, сенің тіліңнің шымшымасы қалмайды-ау», – деп күліпті. Сол кездесудің әсері ме, әлде жоспарланып қойған мәселе ме, оны білмеймін, Жәкеңмен болған сол әңгімеден кейін көп кешікпей Шабаз ағамыз Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшылығына сайланды. Одан кейін сол қаланың атқару комитетінің төрағасы қызметін де абыроймен атқарды. 90-шы жылдардың аяғында елімізде «Отан» партиясы құрылып, облыста, ауданқалаларда партияның ұйымдастыру конференциялары өтетін болды. Партияның облыстағы басшылығына елге белгілі, тәжірибесі мен атақ-абыройы мықты Шәкең лайықты деп саналды. Бұл шешімді партияның орталық аппаратының басшылары «Өте дұрыс ұсыныс, Шабаз Иманалыұлын жақсы білеміз, қолынан келеді», – деп бірден қолдады. Партияның облыстағы ұйымдарын құру, партия қатарын белсенді мүшелермен толықтыру, ең бастысы, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал жасау т.б көптеген күрделі проблемаларды шешу Шабаз ағамыздың оңтайлы ұйымдастыруымен, партия активтерінің белсенділігімен іске асырылды. Бүгінгі күнде қоғамымыздың жетекші саяси көшбасшысы болып отырған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиямыздың

облыстық ұйымының саны мен сапасының өсуіне Шабаз ағамыздың сіңірген зор еңбегі бар десек артық айтқандық болмайды. Міне, ағамыз туралы бірер сөзді өткен шақта жазып отырмыз. Шәкеңнің мәңгілік орнына оралғанына да жылдан асып кетіпті. «Орны бар оңалар» дегендей, аяулы ұлқыздары өсіп-өніп келе жатқанына қуанамыз. Оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Жоламан БОШАЛАҚ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері , «Қазақстанның құрметті журналисі», Ақтау қаласының құрметті азаматы

ЖҮРЕГІ ЖЫЛЫ АСЫЛ АҒА ЕДІ...

Есімі Маңғыстау, Атырау облыстарына кеңінен танымал, осы өлкенің өсіпөркендеуіне елеулі үлес қосқан Шәкең, Шабаз Иманалыұлы елдің есінде, көптің көңілінде жүргендердің бірі. Ол адамгершілік, азаматтық тамаша қасиеттердің тұнбасы сияқты тұлға болатын. Ол қоғам қайраткері бола жүріп ұлтымыздың тарихын, әдет-ғұрпын, салтдәстүрін қастерлеп, құрметтеуде де есте қаларлықтай еңбек етті. Мәдениет пен өнеріміздің өрісі кеңеюіне сүбелі үлес қосумен бірге тебіренісі терең тамаша ақын болды. Соларға қоса бауырмалдылық, адалдық, кішіпейілділік, береке-бірлік, шынайы достық сияқты қасиеттерді қастерлеп, өзгелерге өнеге ғып көрсете білді. Өзі ғапыл дүниеден өтсе де сол тамаша қасиеттерімен жұртшылық жүрегінде қалды. «Жақсының аты өлмейді» дегендей-ақ мәңгі қалды... Менің Шәкеңмен сырттай танысуым алпысыншы жылдары оның сол кездегі Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде жиі-жиі жарияланып тұратын өміршең өлеңдерін оқудан басталды. Ол алғашқы өлеңдерін Фариза Оңғарсынова, Меңдекеш Сатыбалдиев, Сайком Еділханов, Шора Тәжімғалиев, Қазданбай Қосжанов, Марат Отаралиев, Дүйсенбай Досановтармен қатар жариялап жүрді. Ал сол ақын ағаның өзін көріп, жақын араласа бастауым 1973 жылдың жаз айлары. Яғни Маңғыстау облысының құрылған кезі. Содан бері 40 жылдан астам уақыт өтті. Шабаз аға облыстық баспа, полиграфия істері жөніндегі басқарманы басқарған кезде мен Мұнайлы аудандық «Мұнайлы жаңалығы – Мунайлинская новость» газеттерінің редакторы ретінде жиі кездесіп, бірлесе, ақылдаса жұмыс жасадық. Шәкең газеттің бірқалыпты, уақытылы шығып тұруына көмегін аямады. Сексенінші жылдардың басында Шәкең Форт-Шевченко қалалық атқару комитетінің төрағасы болып жұмыс жасап жүргенде мен облыстық газетте едім. Облыстан төрт адам – Шәкең, мен, сол кездегі Жаңаөзен қалалық атқару комитетінің төрағасы Леонид Бурлаков, Ақтау қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары Людмила Свободина Алматы Жоғары партия мектебіне бір айлық білім жетілдіру курсына бірге бардық. Шәкең екеуміз бір бөлмеде тұрдық. Сол жолы ағамен тереңірек таныстым. Қызылқоға ауданындағы туып-өскен жері Қарабау, Қаракөл жайлы әсерлі әңгімеледі. Сол жолы Алматының театрлары мен кинозалдарында, мұражайларда жиі-жиі болдық. Әзіл әңгімеге қарық болған, ақжарқын көңілді күндердің соңында Шәкеңе Қарабаудан жайсыз хабар келіп, Атырауға ұшып кетті. Оның үстіне Леонид мырзаның жүрегі ауырып, сырқаттанып қалды, қатты қимылдап, ауыр жүк көтеруге болмайтын болды. Сол сапарда үшеуміздің шамаданымызды мен көтеріп, ортамыздағы жалғыз келіншекке де көмектесіп келгеніміз де есте қалыпты. Сөйтіп сол сапар бізді бір-бірімізге тым жақындастыра түсті. Шәкең біздердің қиналған, қуанған сәттерімізде ылғи бірге болды. Аға ретінде ініге деген ілтипатын аямады. Соңғы жылдары жолдасым Гүлжауһардың сырқаттанып

жатқанына жанашырлық танытып: «Жөкентай-ай, саған да қиын болды-ау, – дей келе, – азаматсың ғой», – деп жігер беріп жүретін асыл аға еді... Шабаз аға қайраткер ретінде өзін көрсете білген жан. Олай дейтінім, өмір жолында отыз жасқа толмай жатып Қызылқоға аудандық партия комитетінде біраз жыл нұсқаушы болды. Ал 1999 жылы республикалық «Отан» саяси партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды. Партияның беделін арттырып, қатарындағылардың санын көбейтуге мол үлес қосты. Сол тұста облыстық әкімдік үйіндегі жұмыс кабинетіміз көрші болғандықтан біраз игі істер мен ізденістердің куәсі болғаным бар. Зейнеткерлікке шықса да асыл аға қол қусырып қарап отырмады. Аймағымыздағы бірден-бір іргелі білім ордасы – академик Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ректорының кеңесшісі болды. Елімізге белгілі ғалым, қайраткер азамат Әбдімүтәліп Әбжаппаров басқарып отырған ұжымның да сыйлы, ақылгөй ағасы бола білді. Аяулы ағамен соңғы рет кездескенім естен кетер емес. Өткен жылы ұлының үйлену тойына шақыру билетін алғанмын. Бірақ отбасы жағдайыма орай сол күні кешке жол жүруіме тура келді. Ертелетіп мейрамханаға бардым. Шәкең келе алмайтын болыпты. Үйіне келдім. Едәуір езіліп, шаршап-ақ қалыпты. – Ассалаумағалейкум! – дегенімде: – Жөкентаймысың? Төрлет! – деп анықтап айтты. Тізе бүгіп отырдым. Жол жүретінімді айтып, ұлының отау құру тойымен құттықтадым. Сәлден соң ап-анық: – Көп жыл қатар жүріп, «ишша» деспеген жақсы көрген інімсің ғой... Аман жүр, абыройлы бол! – деп қолын ұсынды. Өзі хал үстінде жатқанына қарамай ағалық ақ тілегін айтты. Мұндай сөздер тек жалынды жүректен, жақсы адамдардың ғана аузынан шығатыны шындық екен-ау деген оймен ағамен қинала қоштастым. Араға апта салып аяулы аға бақилық болыпты. Өкінішті. Өте өкінішті өлім. Өйткені ол әлі сергек, әлі сезімтал еді. Айналасына әрдайым жақсылық пен жарасымдылықтың шуағын шашып, жанымызды жадыратып жүретін еді. Асыл ағамыздың арамыздан кеткеніне де жыл толыпты. Өкінішпен, опындырумен өтетін өмір деген осы. Нұрлы жүрек тоқтағанмен Шәкеңнің қарымды қайраткерлігі, атқарған асқаралы азаматтық игі істері, асқақ адамгершілігі, үлкенге ізеттілігі, ініге ілтипаты жиі айтылып, жазылып жүр. Бұл асыл ағаның көзден кеткенімен көңілден кетпегені. Текті тұлға ғана ел есінде, халықтың жүрегінде тұрады емес пе?

Әбілқайыр СПАН, журналист, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері

ШАБАЗ АТЫНА ШАНДОЗДЫҒЫ ТӘН ЕДІ

Алпысынша жылдардың басы еді ғой, елдің еңсесі тіктеліп, өмірге құштарлығының артқаны. Соның белгісі – алыс ауылдарға жоғары білімді мамандар келе бастады. Әр ауылдан жоғары арнаулы оқу орындарында оқушылар көбейді. Алдына қарап өсуге бет бұрғанбіздер – балалар оларға қызыға қараймыз. Солардай болсақ деп армандаймыз. Біздің Жармыщтан шыққан студенттер көп емес. Тастығараев Амангелді, Өтемағамбетов Сисенғали, Телемгенов Ораз, Еділханов Сайком... Сайком аға – мектеп директоры Бекқожа ағайдың баласы. Гурьев пединститутының тіл факультетінде оқиды. Әуесқой ақын. Өлеңдері мерзімді баспасөзде жиі жарияланып тұрады. Содан болар, маған етенелеу. Демалысқа келген сайын алдымен барып сәлем беруге пейілдімін.

Бұл жолы 1961 жылдың аяғында келді. Жалғыз емес. Қасында бірге оқитын досы бар. Сәкеңнің інісі Махмұттың айтуынша, қызылқоғалық екен. Есімі – Шабаз. Олар келген бетте біздің қысқы каникулымыз басталды. Интернатта жататын мен ауылға кеттім. Үйіміз Жетікүп деген қыстауда еді. 7 қаңтар ағам Ертен үйленді. Той басталды. Кәкеммен қандай аралас-құраластығы барын артынан барып білдім, жасырып балаларын сүндеттетіп алады екен, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысыҚағазов Төлеген арнап келді. Сосынғы бір қонақ – Сайком ағайдың досы. Менің Шабаз Иманалиевті бірінші көргенім сонда. 1963 жылдың жазының басында мектебіміздің 9 оқушысын мұғаліміміз Шоғы Шәуенов (марқұм) бастап, Мәскеуге саяхатқа жол тарттық. Таушықта бірнеше күн саржамбас болып жатып, ұшақпен әзер дегенде Гурьевке жеттік. Келсек, әуежайда Сәкең мен шабаз аға күтіп тұр. Олар осылай бізді бірнеше күннен бері күтулі екен. Сол күні бір мектеп ішінде ақжаймасыз төселген төсек үстінде қонып, ертесіне поезға отырдық. Екі ағамыз шығарып салды. Сапардан оралған бетте вокзалда тағы екеуі күтіп алды. Қайтарға ұшақты тағы екі-үш күн күтуге тура келді. Соның бәрінде ағаларымыз қасымызда болды. Сол жылы Сәкең институтты бітіріп, ауылға келді. Бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Сөйтіп, соған дейін осы пәнді оқытқан Қуанбаев Аралбайдың «тоқпағынан» құтқарды. Шабаз аға да туған аулына барды дегенді естідік. 1973 жыл. Облыс ашылды. Жетінші мөлтек ауданның 18 үйінен пәтер алған мен Ақтаудың тұрғыны бола кеттім. Бір күні далаға шығып тұрсам, анадайда желең киінген бір жігіт балаларын қыдыртып жүр. Жүзі бір түрлі жылыұшырап сала берген соң, солай қиыстадым. Таяп келгенде көзіме оттай басылды – Шабаз ағам. Бұдан он жыл бұрынғысынан көп өзгермепті. Тек шашыы бурыл тартқан. Келіп сәлем бердім. Ұмытқан болар деп өзімді таныстырдым. Мәре-сәре болдық та қалдық. Мына қызықты қараңыз – ол қасымыздағы 17 үйден пәтер алыпты. Көрші болып шықтық. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы екен. Содан қатты араласып кеттік. Сірә, бізді етене еткенбұрынғы таныстық, көршіліктен бұрынрухани жақындығымыз болар деп ойлаймын. Ол өте ақынжанды кісі еді. Өлең жазады. Көркем әдебиетті жақсы біледі. Артынан ағамыз Форт-Шевченкоға атқару комитетінің төрағасы болып ауысты. Ол кезде онда «бірінші хатшы» Киікбай Рзаханов еді. «Төрағаны түттірмейді» деген жаманаты асқынып тұрған. Халық айтса, қалт айтпайды ғой, жаны бар әңгіме. Шәкеңе дейін Құрмашев Жабағы мен Жүсіп Шаңдыны байыздатпаған Рзаханов болатын ол. Бұл аталған екі азамат қай жағынан алғанда да Рзахановтан тасы ауыр, жалы биіктер еді. Жәкең марқұм Фортта туып-өскен, университеттен соң еңбек жолын осында бастаған. Шәкең де – Маңғыстаудың төл түлегі. Жетінші сыныптан соң еңбекке араласып, өмірдің бар тезінен өткен. Мәселе ол екеуінің қызметтен көтерілгенінде емес, сырттың сыншы, бұл өңірге жаны ашымастар арасында «Бұл Адайларды қой. Бірігіп жұмыс жасай алмайды. Өз-өздерін құртып бітеді» деген жымысқы әңгіменің таралуына себеп болды. Ал Шәкең барып тұрақтады да қалды. Оны Рзахан баласының «сабасына түскені» деуге болмас. Шәкең жаратылысынан кім-кіммен де тіл табыса кететін жұғымды адам болатын. Әділ, принципшіл. Ойын кәдімгі педагогтік мәнерімен шебер түсіндіре біледі. Ол қызметінде шынымен жеңіске жеткенінде сөз жоқ. Шәкең төраға болған жылдар жарықтық Қарашаңырақ қаланың жұлдызды шағы болды. Осы күнгі қаланың кіре берісінде қазатың ағаш үйі пішінде мұражай ғимараты бар ғой. Соны салдырамын деп төрағаның ептеп «таяқ жегені» де бар. Бірақ оған апши қойған аға жоқ. Заң бойынша, жер иесі – жергілікті кеңес. Жасыратыны жоқ, көп жерде төраға хатшының ықпалында кетеді де, сол міндетін орындай алмай қалып жүреді. Ал Шәкең төраға ондай болған жоқ. Табанды болды. Сонысымен жарықтық Тамшалыны қорғап қалды. Қаланың мәдениеті артты. Ескі, көне кейпінен арылып, заман ағымына ілесті. Мен газет қызметкері ретінде іссапармен Кетікте жиі боламын. Сонда, әрине, алдымен Шәкеңе соғамын. Ол бір сағынып көрісу болады да шығады. Бір жасап қаламыз.

Жетпісінші жылдардың аяғында барлаушылар баяғы Түбіжікке қайта оралды. Бірінші сыныпты осында оқыған әкемнің тері тамған бұл мекен маған ыстық. Алғашқы барлау ұңғылары қазылып бітіп, сынай-байқау бастала бере жеттім.Ұңғыларды ауа айдағышпен үрлетіп, мұнайын көзіммен көрдім. Мамандардың әзірге келген қорытындысы – Түбіжіктің қою мұнайын игеруге болады! Қоры жақсы. Сол хабарды Шәкеңе жеткіздім. Ол қатты қуанды. Кетіктің отыз шақырым іргесінен шағын да болса бір кен орны іске қосылса, ақ түйенің қарны жарылғаны емес пе?!. Шәкең Түбіжік болашағына үкілі үмітпен қараумен өтті. Ол жалпы жаратылысынан оптимист адам болатын. Теңіз ішіне бұрғы бойлап, оның өндірістік базасы Фортқа орнағанда тіпті көңілді жүрді. Шәкең Форттан соң обласқа басқарма басшысы болып өсіп келді. Ендігі қызметі баспасөзбен сабақтас. Енді тіпті жақындасып кеттік. Күнде ертемен газетті алдымен оқитын өзі. Егер менің сәтті мақалам шықса, кәдімгідей көңілденіп, телефон соғады. Құттықтап, мені бір қоқитып тастайды. Шіркін, сондай жанашыр оқырманыңның жаныңда жүргені де бір дәурен екен-ау! Артынан облысымыз тарады. Осы турасында Шәкең екеуміздің өзара пікір алысқанымыз есімде. Келген ортақ қорытындымыз – бұл үлкен тарихи қателік.Горбачев, оның Қазақстандағы сілімтігі – Алланың бізге жіберген кезекті зауалы. Мені Гурьев облыстық газеті қызметке шақырды. Әу баста пәлендей қолқ ете қалған жоқпын. Себебі, іштей журналистік кәсіптен ығыр бола бастағам. Кеңсе баққан қолайлы бір қызметке кетіп, біржола жазуға ауысқым келген. Онымды Шәкеңе шет жағалап білдірдім. – Бағытың дұрыс. Қос қолымды көтеріп құптаймын. Бірақ, сәл кідір. Мына қолайлы кезеңді қалт жіберме. Шақырып отырған Гурьевіңе бар. Ұтылмайсың. Жер көресің, ел танисың. Одан да басқа, ол бет – тұнып тұрған тарих. Әзірге беті ғана қамтылған. Басқаны айтпағанда бар-ау, Құрманғазы, Махамбеттің өзі неге тұрады? Әлі басы қарайтусыз жатқан Махамбет дұрыс зерттелді деп пе ең. Қайдағы. Ол – жатқан бір әлем. Маңғыстау ешқайда қашпайды. Төрт-бес жылдан соң сол газетке меншікті тілші боп орраласың, – деді ағамыз. Осы ақылды құп алдым. Оным өте оңды болған екен. Қасиетті Нарын, Дендер, Қызылқоға, Тайсойған, Бүйрек – бәр-бәрін аралап таныстым. Өрісім кеңейді. «Сергелдең де – серуен» демекші, тіпті кей кезде облысымызды таратып, өзіме осында келуіме жағдай жасаған үкіметіміз бен партиямызға іштей алғыс айтып, «күнәға батқаным» да бар. Егер ол жақтың дәмі тағы бірер жыл жібермей тұра тұрғанда, сөз жоқ, Құныскерей тақырыбын қаузайтын едім... Қазіргі «Маңғыстау» газеті 1991 жылдың жаңа жылында облыстан бұрын ашылды да, мен кері шақырылдым. Маусымның мерекесін өткізе салып, бері тарттым. Менің бұл келісіме алдымен қуанған сірә Шәкең. Қызық болғанда, төрт-бес әріптесім, олардың екеуінен басқасы әлі бар, мені келтірмегісі келіп жандарын салғаны! Тобымен қаланың төрағасы Меңдеш Салықовқа барып, маған пәтер бергізбеуге күш салды. Мың болғыр Мекең, «мыналарың қызық немелер екен ғой» деп таң қалып, пәтерімнің кілтін ұстатты. Әлгілерге ерегіскен соңжасаған жақсылығы, заң бойынша Гурьевтегі пәтерімді тапсырғаным туралы қағаз талап еткен жоқ. Ол өзімде қалды. Сөйтіп, мен мұндағы көреалмаушыларымның арқасындаұтысқа ие болдым. Оны, әрине, Шәкең екеуміз жақсылап «жудық». Ағаның сол жылдардағы үлкен отбасылық қасіреті – балаларының анасы алтын жеңгемізді жер қойнына бергені. Өте қиын жағдай ғой. Шәкең нар ғой, көтерді бәрін. Көтере жүріп, қыздарын оқытып, құтты жеріне қондырды. Ұлдары оқып жатты. Кейінгі жеңгеміздің де кемі жоқ болып жолықты. Бір күні мені шақырып алды. Бұл кезде ол – «Нұр Отан» партиясының облыстағы басшысы. – Сенде бір қолжазба бар көрінеді. Бұйымым – соны оқып шығуға берсең, – деді.

Бірден түсіндім. Ә.Кекілбаев туралы «Заңғар» романым туралы болып отыр әңгіме.Оны Сәбит Әбішев ағам ғана білетін әзірге. Бұл екі ағам қатты дос, қалжыңдары жарасқан құрдас. Шәкеңнің Сәбеңе қойған аты – «Бұйра шаш». Сәбең соның алдында ғана қолжазбаны оқып шыққан. С осын досына айтқан ғой. Бұйым орындалды. Ертесіне телефон шалды. – Ал, енді мұны қайтпексің? – деді жақсы пікірін, ризашылығын айтып болған соң. – Әлі де қарап, ұлтара тұрсам ба деп едім. – Мені тыңдасаң, сен енді найқалма. «Бұйра шаш» ағаңның айтуынан біліп отырмын, онсыз да мұның сүрлеуін жеткізіпсің. Енді бағын байлама. Егер қаржы мәселесі дейтін болсаң, мен күні ертең Қырымбекке кіріп, оны шайдың батасындай қыла қояйын. Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлымен арасы өте жақсы. Білемін, Шәкең бұл айтқанын орындайды. – Рахмет, Шәке! Қырекеңді мазаламай-ақ қоялық. Ертең романын үкімет қаржысына шығарды деген қаңқудың қарауылына ілініп қайтем. Әрі мұның бір жағы Әбекеңді де шарпиды. Одан да бұрын «Бұл неменің бізден несі артық. Менің кітабымды да шығарып бер» депоблыс әкімін арызбен бомбылайтын классиктер тағы бар. Басқа бір жолы табылар. – Егер табылмай жатса, мен де қам жасап көрейін. – Көп-көп рахмет, Шәке! Құдайға шүкір, інілерім бар ғой. Соларға сенемін. Сөзімді жерге қалдырмайды. Солай болды да шықты. Айналайын Нұржан ол мәселені шешті де салды. Сөйтіп, қайран Шәкең менің 17 жылғы еңбегімнің нәтижесі «Заңғар» роман-эссемнің алғашқы бейресми рецезенті әрі батагөйі де болып еді. Онымен де тұрмай, «Заңғар» шыға сала: – Егер Айсәуле анамыз менің қасиетті Қызылқоғамның топырағында тумаса, одан Әбіштей дана тумас еді, – деген Айсәуле шешемізді жерлегенде айтқан сөзін қайталап, – Сен мұнымен тынып қалма. Мына «Заңғар» бұл түрінде жетімсіреп тұр. Жалғасым қайда деп тұр. Кәнеки, кіріс.Ендігі қазығың Айсекең болсын. Толғанып, толғаитып көр! – деп қамшылағаны. Шәкеңнің сол сөзі қамшы болып, іле екінші кітапқа кірістім. Бәйтерек ұранды Ысық атаң баласының сондағы лебізі әрі бата болып та жебеген болар, «Заңғардың» жалғасы «Ай-ана», бұл да роман-эссе, өте тез жазылды. Әбіш ағаның 70 жылдығы қарсаңында жарық көріп, елге тарады. Шәкең Ақтаудағы университет ректорының жұртшылықпен байланыс жөніндегі қызметкері болып қызмет істеді. Бұрынғы педагог араға көп жыл салып,өлең ортасына оралды солай. Ректор Әбекең – Әбдімүтәліп құрдасым – нағыз білімдар ғұлама. Менің бір «осал тұсым» – неміс халқына бүйрегім бұрады да тұрады. Себепсіз емес. Қазақ даласын, оның ішінде Маңғыстауды көп зерттеп, өркениеттіәлемге алдымен танытқандар – осыф халықтың өкілдері. Берг, Бларамберг, Мейер, Гейнс, Генс, Карутц.., бұл тізім өте көп. Ең азы біздің Ақкетік – Фортты да салған әскери инженер Геннерих деген неміс. 1873 жылы Хиуа жорығына қатысқан барон, лейтенант Гуго Штуммның Кендірліден Хиуаға дейінгі сапары жайла жазылған кітабын Германиядан тауып алдырып, орысшаға жолма-жол аудармасы арқылы аударып, ғылыми түсініктемесімен кітап қылып бастырып шығардым. Қазір сол Штуммның Орта Азия мен Қазақстандыорыстардың отарлауы жайлы екінші үлкен еңбегі аударылып, баспаға дайын тұр. Бұл жұмыстардың машақатының куәсі Шәкең болып еді. Әбекең, Әбдімүтәліп құрдас неміс тілін өте жақсы біледі, сонда оқыған. Неміс дегеннен шығады, Шәкең соңғы бір әңгімеде: – Сен енді Гитлердің «Майн камф» – «Менің күресім» кітабын аудар, – дегені. – Неге күлесің? Фашизмді дүниеге әкелген большевизм. Екеуінің түбі, негізі бір. Адамзаттың ол да жауы, бұл да жауы. Сталинді тәубасына келтірген Гитлер де осал емес. Тарихи тұлға. Қазақ оқырмандары оны ана тілінде оқып, таныссын. Гитлердің кім, фашизмнің не екенін білсін. Болашақ Гитлерлерден сақтансын. Аудар.

Мен ағаның осы ақылын құп алып, Гитлерді тағы бір зерттеп оқып шықтым. Оның аталған еңбегінің соңғы, орысша ең жақсы деген аудармасын алдырдым. Қазір аударып, бастырып шығару жоспарымда тұр. Бұған Әбекең құрдасым қалай қарар екен. Немісше түпнұсқасымен салыстырып, алғысөзін жазып дегендей, көмегін бере кетсе ғой, шіркін! Фариза деген кенже қызым университетте мұғалім еді. Мәскеудегі Губкин атындағы академияның аспирантурасына оқуға кетерінде жол болсын айтып, батасын берген – Шабаз әкесі. Көрген жерде үнемі хабарын сұрап жататын. «Қорғаған тойында боламын. Сонда бір сілтермін. Әй, бірақ «жүрегің, жүрегің» деп жеңгең күңкілдеп мазаны алып бітеді-ау» деп күлетін. Жазмыш шіркін оған жеткізбеді. Соңғы жылдары жүрегі қатты сыр берген. Аяққа жем түскендей болды. Жаратылысында қағылез Шәкеңе бұл қатты батты. Қызандағы Аралбай Қуанбаев досының, ол институтты Шәкеңнен бір жыл бұрын бітірген, мамасы қайтты. Арманы жоқ. Жүзге жарты жыл жетпей кетті. Cоған барып бата тигізуге жарамағанын айт-тағы бәрінен. Алыс жолға жүруге тыйым салыпты дәрігерлер. Қатты қиналды. Мұңайды. Мен оның осы жайын Арекеңе жеткіздім. Арекең ағам құрдасына ептеп өкпелеп жүр екен, қайтуы тез бала мінез кісі ғой, ол өкпесі тарап: «Ойпыр-ай, олай болса, жағдайы тым қиын екен, – деп қатты қиналып қалды. Мен Шәкеңнің көңілі жайлансын деген оймен бұл жайды келіп айтқанмын. Ойлағанымдай болды. Ағам енді жайдары, қалжыңшыл қалпымен қауыша кетті. – Әй, Әбілқайыржан-ау, ол шешеміз нағыз әулие, ақылды, есепті жүрістен айнымайтын кісі екен, – деді. – Оны қалай білдіңіз? – «Енді өлмесем, Аралбайжан мамамның 100 жылдығын жасаймын деп шашылып, шабылып әлекке түсер» деген есебі ғой кейуананың, – дегені. Бір күлісіп алыстық. Айып-шамы жоқ. Қазақ айтпай ма, ондай жасқа келген кәрінің өлімі той деп. Ол күлкіні Шәкең сол бапқа жатқыза қойды сол бойда. Сұм ажал ақ, асыл жүректі ағаны ол жақтан келіп ала алмағасын, басқа тұстан келген екен де... Соңғы кездесуіміз ауруханада болды. Алдын ала емдеуші дәрігері Масат Шопанов ініме жолығып, барлау жасағаным оң болыпты. Үміт жоқ. Әлгі аты жаман пәле өкпеге түсіпті. Санаулы күндік қана ғұмыры қалған. Сол жерде дәрігер інімнің «Сыр білдіре көрмеңіз» деген өтінішін орындау үшін қатты қиналғаным-ай. Ондайды бастарыңа бере көрмесін. Солай, қайран Шәкеңе баяғыда, 1962 жылды қарсы алар алдында табаны тиген қасиетті Маңғыстаудың күреңселі топырағы бұйырды ақыры. Өмірінің соңғы күндерінің бірінде тұңғыш келінін түсірген. Осы биылғы, 2012 жылдың жазында екінші келін босағадан аттады. Осылайша, ғибратты ғұмырдың көрікті көші жалғасуда. Қызылқоғада тыныстап жатқан Иманәлі қарияның иманы 462 әулиелі мекенде саламат болып, шаңырағы шалқақ тартып барады. Бәрі баянымен келе бергей! Пейіште нұрың шалқысын, шандоз аға!

Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ, Ш.Есенов атындағы КМТИУ ректоры, т.ғ.д., профессор

ЖОМАРТ ЖҮРЕКТІ АЗАМАТ ЕДІ

Өмірде көп жандармен жолдас боласың, бірге қызмет істейсің, енді біреулермен азды-көпті уақыт сұхбаттас болсаң да, ой бөлісіп, рухани ортақ арна табасың. Солардың көпшілігі өміріңде өзінше із қалдырып отырады. Жас ұлғайып, сана сергіген сайын олардың жарқын бейнесі еске түседі, азаматтық істері, салиқалы ойлары жаныңды жаңғыртады. Естелік жазу дегеннің өзі – сол жандардың рухына тағзым ету, жақсы істерін кейінгі ұрпаққа үлгі ету болмақ.

Мен Шабаз Иманалиевпен бірнеше жыл қызметтес болдым – ол өмірінің соңғы жылдарында біздің университетте ректордың кеңесшісі болып қызмет жасады. Ол жылдары мен Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетіне басшылық қызметке келіп, осындағы ел ағаларымен танысып, араласа бастағанда, Шәкеңді де сол азаматтардың қатарында түрлі жиналыстар мен басқосуларда көріп жүретінмін. Осындай жиындарда ол елдің тұрмысы мен мәдениетінің жайы, жас ұрпақтың тәрбиесі туралы өз ой-пікірлерін айтып жүретін. Жылы жүзді, мейірбан жан өзінің салиқалы ойларымен, асықпай-аптықпай, мәселенің байыбына барып сөйлейтін мінезболмысымен ерекшеленетін. Сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Қ.Е.Көшербаев бірде мынадай бір ұсыныс жасады. Қырымбек Елеуұлы маған Шабаз Иманалиев деген ағамыздың көп жылдар бойы басшылық қызметтерде болғанын, партия, кеңес орындарында абыройлы қызмет атқарған, елге сыйлы, өмірден көргендері мен ойға тоқығаны көп азамат екенін айтып, қазір зейнеткерлікте болса да, мамандығы жағынан педагог әрі ақынжанды осы азаматты жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне тартсақ, өзінің ақыл-кеңестерін беріп отыратын сенің кеңесшің болса қайтеді деді. Мен бұл ұсынысты қолдап, бірден Шәкеңе телефон шалдым. Амандық-саулықтан кейін өз ұсынысымды айтып едім, Шәкең біртүрлі ыңғайсызданып: «Апырай, Әбеке, бұл бір ыңғайсыздау жағдай болды-ау. Сіздің соған бола уақытыңызды бөліп, әбігерге түскеніңізге қысылып отырғаным. Көмекшіңізге айта салмадыңыз ба, маған ескерте салса болды, мен өзім-ақ сізге звандайтын едім ғой», – деді. Рахметін айтып, ықыласын білдіріп жатыр. Сондай бір қарапайым, мәдениетті жан болатын. Сөйтіп, Шәкең ректордың кеңесшісі қызметіне кірісті. Кеңесшілік қызметтегі Шәкеңе жүктелген негізгі міндет – бұқаралық ақпарат материалдарын қадағалап отыру, қоғамдық пікірді зерделеп, олардағы маңызды ой-ұсыныстарды студент жастардың тәрбиесіне пайдалану, жастарды елжандылыққа, биік мәдениет пен саналылыққа тәрбиелеу ісіне қажетті деген тиімді ұсыныстар әзірлеу секілді идеологиялық, рухани саладағы жұмыстар болатын. Шабаз Иманалыұлының көп жылдық тәжірибесі осындай жұмыстардың сапалы жүргізілуіне ықпал етті. Жоғары оқу орнындағы көптеген істерге, іргелі бастамаларға ақыл қосып, кеңесін беріп отырды. Университетіміздегі қызметте тәрбие, ғылым мен білім саласымен айналысатын азаматтар көп ұзамай-ақ Шәкеңмен тез тіл табысып, одан үнемі ақыл-кеңес сұрап отыратын болды. Әсіресе, рухани саланың, әдебиет пен өнердің айналасындағы жігіттеріміз Шәкеңе іштартып, өзінің ағасындай етене араласып кетті. Шабаз Иманалыұлының ешкімді алаламайтын қарапайым мінезі, кім-кімнің болса да сөзін ақырына дейін тыңдап, өзімен тең дәрежеде әңгімелесетін, ақыл-кеңесін байыппен айтып отыратын болмысы әлі күнге дейін көз алдымызда. Шәкеңнің бір қасиеті – оның ақындығы, ақынжандылығы еді. Әдебиеттен, әсіресе қазақ поэзиясынан білімдарлығы әр кез оның сөйлеген сөзінен байқалып отыратын. Жақсы өлең естісе елеңдеп, жас ақындардың шырайлы жырларын оқығанда кәдімгідей қанаттанып қалатын. Өзі де жасында өлең жазған ол бұл өнерін одан әрі дамытып әкетпесе де, мерейтойларға өлең арнайтыны, орайлы жерінде өз ойын бірер шумақпен өрнектеп тастайтыны бар еді. Біздің есімізден кетпейтін және бір қасиеті – оның әдемі әзілдері болатын. Шәкең әзіл-қалжыңға өте шебер кісі еді, жарасымды күлкіні қашан да жоғары бағалайтын. Жаспен де, үлкенмен де орынды жерінде әзіл-қалжың айтып отыратын және оның әзілдері көңілге тимейтін, қайта кісінің көңілін өсіріп тастайтын. «Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар» дегенді жиі айтушы еді.

Оның біреуге ренжігенін көрген емеспіз. Қандай нәрсеге болса да аса сабырлылықпен қараушы еді. Кейбір мінездерден, кейбіреулердің пенделік әрекеттерінен көңілі қалғанның өзінде ашуға бой алдырмай, қайта оны әзілге сүйеп, күлкіге жеңдіріп жіберетін. Түсінген адам үшін әзіл сөздің орны бөлек қой, әзілдің астарында жатқан түрлі түйткілдерді орнымен қабылдап, дұрыс пайымдау үшін адамға көшелі кісілік, орнықты мінез керек. Шәкең осыны жақсы түсінетін. Шәкеңнің келместің кемесіне мініп, арамыздан аттанғанына да жыл толып қалыпты. Тағдырдың жазғанына амал қайсы?! Жаратқан ие жанын жаннатта қылып, пейіште нұры шалқи берсін! Шәкеңнің өзі кетсе де, артында алтын асықтай ұл-қыздары, немерелері қалды, елінің жадында жарқын бейнесі мен үлгілі сөзі қалды. Кейінгі ұрпақтары ғұмырлы, елжұрты аман болғай!

Біржан СӘУІРБАЕВ, Ш.Есенов атындағы КМТИУ ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, т.ғ.д., профессор

ЗІЛСІЗ ӘЗІЛДЕРІН САҒЫНАМЫЗ

Уақыт шіркін бір орында тұрған ба?! Марқұм Шабаз Иманалиевтің дүниеден озғанына да бір жыл болыпты. Бәрі күні кеше сияқты еді. Шабаз Иманалыұлы 70 жасқа толғанда өзі өмірінің соңына дейін қызмет еткен Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-де арнайы мерейтойлық кеш ұйымдастырылып, жиын басында Шәкеңнің өмірі мен еңбек жолы туралы бас баяндаманы мен жасап едім. Оған дейін ел ішінде Шәкеңнің қаншалықты сый-құрметке ие екенін білемін десем де, сол күні көпшіліктің риясыз көңілін көргенде қайран қалдым. Той иесі болғандықтан ғана емес, халықтың асыл азаматын ардақтаудың үлгісі еді бұл! Мынадай аласапыран заманда адам адамға көңіл бөлетін уақыты жоқтай, ылғи асығып жүрген жұртты көресің. Сондайда күні кеше ортамызда асықпай да аптықпай, «ақырын жүріп, анық басып» (Абай), әр ісін парасаттылықпен жүргізіп, әр сөзін пайыммен сөйлейтін Шәкеңе қайран қалмасқа амалың жоқ. Ол қысылтаяң шақтарда да айналасына күлкі сыйлап, жадыратып жүретін. Біздер – Оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі проректор Садыков Нуруллах Рамазанович, Ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры мен және ректор кеңесшісі Шабаз Иманалыұлы үшеуміз университеттің бас корпусының 6қабатындағы үш кабинетте көрші отырамыз. Қолымыз қалт еткенде, сол 6-қабаттың балконына шығып, Шәкеңмен бірге темекі тартатынымыз бар. Мен оның кабинетіне барып: – Шәке, темекі тартып қайтамыз ба? – десем, оқып отырған газетін ысырып қойып: – Оған әзірге жарап тұрмыз, – дейтін күліп. Темекі тартып тұрып та небір қызыққызық әңгімелерді айтушы еді. Университеттің тынымсыз тірлігі толастамайды ғой. Қапылып жүрген сондай қарбалас шақтарымызда бізді көрген Шәкең: «Садыков мұрнынан, Сәуірбаев мұртынан шаншылып жүр», – деп әзілдейді екен. Бірде университетте өткелі жатқан кезекті бір мерекелік шараға шақырылған ел азаматтары, жасы үлкен кісілер есік алдында кездесіп, қауқылдасып қалып, ішке бірден кіре қоймапты. Мәжіліс залының есігінің алдында кезекшілікте тұрған студенттердің бірі Шәкеңді көргенде, (танитыны сол кісі болған соң):

– Шабаз аға, мына ағаларды ішке шақырасыз ба? Мен кіріңіз десем, ешқайсысы мән бермейді, – депті. Шәкең қонақтарды ішке шақырып, өзі де соңынан кіріп бара жатып, әлгі кезекші балаға әзілдеп: – Балам, тағы кімдерді шақырып қайтайын? – дейді. Оны түсінбеген студент шын көріп қалып, жан-жағына қарап: – Ана-а-ау тұрған кісілерді де шақырыңызшы? – депті. Амал жоқ, Шәкең кері бұрылып, оларды да шақырып келе жатып: – Жүгіретін шалдар болса, жұмсайтын балдар бар екен, – депті... Мұндай сөздер көп. Қазір жалғыз өзім темекі тартып тұрып, жиі-жиі Шәкеңді еске аламын. Оның зілсіз әзілдерін сағынамын. Қағытпа сөздері есіме түссе, өзімнен-өзім іштей күліп аламын... «Ізгілік күткен айнала – Жайсаңдар жайсаң қайда да», – деп өзі айтқандай, жақсы адамның қандай болатыны тек тірісінде ғана емес, тіпті көзі жұмылып, фәниден бақиға аттанған соңғы сапарында да байқалатынына тағы бір рет көзім жетті. Шәкең дүниеден озғанда ағайыннан бұрын жеткен ел-халықтың қарасының көптігін көрсеңіз... Бұл да – асыл азаматтың абыройы мен оған деген халқының махаббаты. Ауруханада жатқанда да көңілін сұрап келушілер көп болғаны соншалық, палатаға кезек-кезекпен кіретін. Ал, енді марқұмды соңғы сапарға шығарып салушылардың санында шек болған жоқ. Көптің көңілі о дүниеде де жайсаң жанның рухын риза қылып, Жаратқанның назарын түсіретініне кәміл сенемін. Қайран Шәке, иманың саламат болсын!

Нағбду ҚАМАРОВА, Ш.Есенов атындағы КМТИУ тәрбие ісі жөніндегі проректоры, ф.ғ.к., доцент

БӘРІМІЗДІҢ КЕҢЕСШІМІЗ ЕДІ

Маңғыстаудың ардақты азаматы Шабаз аға көз жұмды. Жасы 72-ге таяғанға дейін төсекке таңылып көрмеген, тіпті ауру-сырқауға бой алдырмаған аяулы азаматты екі-үш айдың ішінде көлденең кесел айналдырып әкетті. Маңғыстаудың алып бір бәйтерегі құлады. Университетіміз айбырынан айырылып қалғандай болды. Жастық шағынан қасиетті Маңғыстауда қызмет істеп келе жатқан абзал азамат киелі аймақтың бір тіреуі сияқты еді. Жүріс-тұрысы ширақ Шәкеңді тоқсан жасқа дейін еркін баратын шығар деп ойлаушы ек. Ақ ниетті, кемеліне келген шағын көрген біздің буынға ол қайратты қарттықтың, абыройлы ақсақалдықтың, үйлесімді үлкендіктің бейнесіндей көрінетін. Шәкеңнің тұлғасы ізгілік пен мәдениет, ақыл мен парасат, кішілік пен кісілік ұғымдарының баламасы іспетті. Аузынан әзілі түспейтін, ұсақ-түйек, пендешілдіктен жаны таза Шабаз аға абыройлы ақсақалдықтың символы еді. Ғұмырының соңында президент сайлауы науқанында тапжылмай еңбек етіп, Маңғыстау халқын сайлау науқанына бір кісідей жұмылдырған Шабаз ағаның сол кезде үш айға жуық ғұмыры қалғанын жан баласы білмеп еді. Университеттің 35 жылдығын Шабаз ағасыз тойлаймыз деп ешкім де ойлаған жоқ. Амал нешік?! Енді, міне, көздің жасын көл қылып ардақты азаматты мәңгілік сапарға аттандырып салдық. Ақсақалдық асуға аяқ басқанда университет ректорының кеңесшісі қызметіне келген Шәкеңмен жақын араласып, емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті. Ол тек ректор кеңесшісі ғана емес, бәріміздің кеңесшіміз, ақылман ағамыз болды. Біздерге бағыт-бағдар беріп отыратын. Кейде Шабаз аға екеумізге бір қызметтік көлік бекітіліп, университетке күнде бірге қатынайтынбыз. Менің қызметім тікелей тәрбие ісіне қатысты болғандықтан, ұйымдастыру жұмыстары жөнінде Шабаз ағамның ақылына жүгінетінмін.

Шәкең Түпқараған аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып аудан орталығы Форт-Шевченко қаласында тапжылмастан жеті жыл басшылық қызмет атқарды. Мен сол Ақкетік (Форт-Шевченко) қаласының төл перзенті ретінде бала кезімнен-ақ ел аузынан Шабаз ағаның қайраткерлік, ел басқарушылық қасиетіне тәнті болған халықтың ықыласын көріп өстім. Кейін де Форт-Шевченко қаласының 150 жылдық, 160 жылдық мерейтойларында, Иса-Досан ескерткішінің ашылу салтанатында да мәртебелі мейман ретінде шақырылған ауданның құрметті азаматы Шабаз Иманалиевті жергілікті жұрттың көкке көтеріп құрметтегенінің куәсі болдым. Атқа мініп, таққа отырса адам танымайтын, күштінің алдында ғана құрдай жорғалайтын билік қуған бишікештердің сапынан емес, ел деп кеткен, ерлеп өткен ердің сойы еді. Ол жүйеге емес, елге қызмет қылған. Міне, оны абырой биігіне көтерген осы қасиеті. Және онысын қай-қай қызметте жүрсе де айқын көрсете білген. Өйткені жасынан өмір мектебінде өнегені мол меңгерген, көргені көп кісілерден үлгі ала білген ақын жүректі азамат кейінгіге де сол тағылымды өзінің өмір жолымен, бітім-болмысымен, іс-әрекетімен, өлең жырларымен жалғап кетті. Бұл Шабаз Иманалиевтің мектебі!

Жамал ЖАМИЛОВА, Ш.Есенов атындағы КМТИУ кадр бөлімінің басшысы

ШАБАЗ АҒАМ – МЕНІҢ ӘКЕМДЕЙ ЕДІ

Шабаз ағаның екінші қызы Гүлзипамен аралас-құраластығымыз аз жылдардың ішінді достыққа ұласты. Алайда қазіргідей қарбалас кезеңде жұмыс жағдайы мен тұрмыс жағдайына байланысты жиі-жиі кездесіп, араласып тұруға уақыт бола бермейді. Сондайда бір-біріміздің амандығымызды, жаңалықтарымызды Шабаз ағадан сұрап, біліп отыратынбыз. Шабаз ағам маған ағадан гөрі әкемдей болып кетті. Өзім әкемнен ерте айырылғандықтан әке мейірімін, қамқорлығын аңсап жүремін. Күн сайын ертеңгілік жұмысқа келгенде Шабаз ағаның кабинетіне кіріп, сәлем беріп кетем. Жиі-жиі әңгімелесіп отырамыз. Ол менің жағдайыма ылғи алаңдап, тілеуімді тілеп отыратын. Қызым қазір Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті. Оның да атасы ертерек дүниеден өткен еді. Шабаз ағамыз ең алдымен менен қызымның жағдайын сұрайды: «Гумилевская қалай? Өсіп жатыр ма? Оқып жүр ме? Биылғы қыс қатты болып тұр ғой, тоңып қалған жоқ па?» – деген сияқты сұрақтарынан қамкөңіл пейілін аңғарамын. Оның жүрегі мейірімге толы болатын. Өзінің балаларынан кем көрмейтін, менің де қызыма аталық ниетін сезінетінмін. Өмірінің соңғы күндері ұлы Тілектің көптен күткен үйлену тойына біз университет ұжымы, ректорат мүшелері түгел қатыстық. Сондай көңілді болды. Тек бір өкініштісі – Шабаз ағам төрімізде отыра алмады. Бірақ Гүлзипа тойды өткізіп, үйіне барғанда, ағам алдымен мені сұрапты. «Жамал қызыңыз жарады. Ұжымдастарымен бірге тойдың сәнін келтіріп, ортасында жүрді», – деп Гүлзипа да ризашылығын білдіріпті. Сонда ол кісі өзі қатаң ауырып жатқанда әрі ұлының тойы өтіп жатқанда мені ойлағаны ғой. Кейін осы әңгімені естігенде жүрегім елжіреп кетті. Еріксіз көзіме жас алдым. Ол дүниеден өткеде қабырғамыз қайысқандай болды. Шабаз ағадай тұлға енді біздің арамызға үнемі жетпей тұрады. Ылғи да іздейміз. Сағына еске аламыз. Кейде маған университеттің алтыншы қабатында әлі отырған сияқты болып тұрады. Барып сәлем беріп кеткім келеді. Әңгімелескім келеді. Жақында кенже ұлы Жанайдардың тойын да дүрілдетіп өткіздік. Ағайын-туыс, досжаран, жақын-жуықтары түгел атсалысып, жоғары деңгейде өтті. Әттең, Шабаз ағам мен анасы Еркін ұл-қыздарының осы қызықтарын көргенде ғой деп ойлайсың. Бірақ олар да о дүниеде перзенттеріне тілекші боп жатқандарын сезініп, жаныңды жұбатасың.

Әлі есімде, мен бір туған күнімде университет ұжымына жаңа ғимаратымыздың 15қабатындағы банкет залында шағын дастарқан жайғанмын. Сонда Шабаз ағам әкем ретінде төрімізде отырып, ең алдымен ақ тілегін айтып, батасын берген-ді. Ол күндер де өз қызығымен есте қалды. Университетіміздің ректоры, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппарұлы да оны аға тұтып, құрметтеп, ақылдасып-кеңесіп отыратын. Шабаз Иманәлиев дегенде ол кісіні ұжымда қадір тұтпайтын, құрметтемейтін адам жоқ еді. Солардың қай-қайсысынан сұрай қалсаңыз да жақсы ағаның кемінде өзі үлгі тұтар бір қырын сүйсіне әңгімелей жөнеледі. Сірә, «Жақсының аты өлмейді» деген осы болса керек. Көз көргендері барда Шабаз ағаның аты ұмытылмайды. Ал оның қаламгер ретінде ұзақ жылдар жазған-сызған дүниелері жарық көрсе, екінші өмірі басталар еді. Өлмес өмірі!

Ерекен ҚОРАБАЕВ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

ЖАҚСЫ АҒА ЖАЙЛЫ

Жаныңда өмір бойы жүріп бар-жоғы елеусіздеу жандармен тірлік даңғылында дәмдес те, жолдас та боласың. Ал, қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-ақ рет ұшырасып, сахарада ындының кеуіп келе жатып саумал салқын бұлаққа кез-келгендей, санаңда жарқ етіп, бар ғұмырыңа жетердей бейнесі тасқа басқандай жатталып қалатын тұлғалардың да кезігетіні бар. Шабаз ағама арнап естелік жазған бір бет ақ қағазда мен бүкіл адам атулыға баға беруден аулақпын және ол қолымнан келмес. Маңғыстаудың Шетпесінде менің Сағындық Қорабаев деген ағам тұрады. Партияның сара жолымен тура жүріп, қылтың-сылтыңды көп жақтыра бермейтін адам. Өзінің шама-шарқына қарай түрлі салада қызмет жасады, о баста маңдайына жазған кәсібі – ұстаздық. Жолым түсіп елге барғанымда сол ағам дастархан басында әңгімеден әңгіме шығып: «Сен қалаға барған соң әдейі шаруа қылып барып, сәлемдесіп, Шабаз Иманалиев деген ағаңа менен дұғай сәлем айтшы», – деді. Мен ол кісімен етене жақын таныс емеспін де, бірақ әйтеуір жергілікті теледидар хабарларынан арагідік көріп қалушы едім. Сөз білетін жігіттерден сөз арасында «Шабаз айтты» деген уытты, байламына теңдесі жоқ қанатты әңгімелерді жиі еститінмін. Сөйсем бұл кісілер, елдің ауызы аққа дұрыс тимей, соғыстан кейінгі жұқалтаң жылдары, Гурьевте (Атырау) жүдеулеу студенттік күндерін бірге өткізіпті. Сол менің Шабаз ағамен таныстығым, ағамның сәлемін телефон арқылы жеткізген күннен басталды. Адам бір нәрсені асығыс жасап алып, артынан «мен неге сөйтпедім» деп өзін-өзі ұры-бөріге алатын кездері болады. Қазір өкініп, Шабаз аға еске түскенде, қарадан-қарап жүндей түтілетінім бар «құдайдың құрдай шұбырып жатырған таксиімен барып, ағамның сәлемін неге ауызба-ауыз жеткізбедім» деп. Сонда менің бұл өмірде жақсымен өткізер саналы уақытым жарты сағатқа ұзарар ма еді, қайтер еді? Қай жылы екенін дөп басып айта алмаймын, қаладағы «Достық» шығармашылық орталығында ақындар айтысы өтетін болды. Сол айтысқа қазылық жасайтындардың бірі Шабаз аға болып шықты. Сол түні бір ағамен көзбе-көз сәлемдесіп қалдым. Шабаз ағаның 70 жасында, онда да телефон шалып кұттықтадым ағаны. Адамнын ықыласына жететін не байлық бар, барып ағаның қолып алып, жақсы лебізімді сездірсем мені тап сол күні ешкім бетімнен қаққан жоқ. Әйтеуір соны маған болмысым істетпеді, құдайдан деп не қылайын, бұл тағы бір орны толмас өкініш. Жарқырап елдің алдына шығып кетпесем де, ел адамдарының тұщымды сөздерінен жиып-тергендерім және балаларға арналған шағын жинағым жарық көргенде маған ризашылық әңгімесін айтты. Мені олай деп, былай деп мақтап жел сөзге ерік берген жоқ Шабаз аға: «Ерекен, мынауын бір дұрыс дүние болған екен» деген оның қоңыр дауысы әлі құлағымнан кете қойған жоқ. Өткен 2011 жылдың

наурызының 29 жұлдызында аяқастынан ауырып қалдым. Аурудың жақсысы бар ма, дәрігерлер бұл науқастың түрінің отасыз жазылуының екіталай екенін айтып, жазмышқа бас иіп көнуге тура келді. Сол күндері Шабаз ағаның да айықпас дертке ұшырағанын естідім. Жаны бөлек болған соң пенде өз тірлігіне тәуба дейді. Сол екі арада баласын аяқтандарды деп естідім. Сөйтіп туралап келген ажал жақсы ағаны жазғасалым алып тынды. Ажал келіп алған соң ерте, не кеш деп сәуегейлік айтқаннан өнер түк жоқ. Шабаз аға саналы ғұмырын, адамның тірліктегі жасаған пендешілігіне орай «ол солай еді» дегізбей, қара басына керіағар баға берер көлеңкелі тұжырым қалдырмай, өз жөнімен жарасымды қартайып өмірден өтті. Шабаз ағамен тұстастардың әлі тұғырларынан сыпырылып түсіп қалмай шауып жүргенін көргенде «аға сәл ертелеу кетпеді ме?» деп қынжылып қаламыз, онымыз енді ағаны қимағандық. Қадыр Мырзалиев айтқан: «Адам өлімнен қорықпайды, тек етене жақындарын қимағандықтан ажалдан қаймығады» деп, солайы солай. «Тірі болғанда сөйтер еді, ойға алған шаруалары көп еді» деп жалған болжам жасап, қолдан өкініш жасау адамға тағы жараспайтын болса да айтылып, жазылатын нәрсе. Менің бір қиналып отырған жерім жақсы аға туралы естелік жазу. Ең бір қатігез, қасіретті жанр – бұл естелік деген. Шабаз аға туралы аз да болса көріпбілгенімді жаздым, жаның жәннатта болсын, жақсы аға!

Нұрлан ҚОСЫМБАЕВ, Ш.Есенов атындағы КМТИУ «Жас толқын» газетінің жауапты редакторы

БІР ҮЗІК СЫР

Біз көре қалған көнекөз қарияларымыздың қажырлы қайратына, сабырлы қалыбына қайран қалысқанда айтылатын сөздің бірі – «бұрынғының адамдары» деген екі-ақ ауыз сөз. Ал меніңше, бүгінгінің адамдарының тұрмыс-тіршілігі өмір бітпейтіндей көрінеді. Ашушаң, шамырқанғыш, көп сөйлеп, көп ақыл айтатын, шетінен ділмар, би сынды. «Өз қателігін түсінген адам, өзгеге төрелік айта біледі» деген бұрынғылардың сөзі бүгінде адыра қалғанына қынжылмасыңа амалың жоқ. Амал нешік, бұрынғылардың сүрлеу соқпағына түсіп үндемегенді жөн көресің. Көпті көріп, көп көріп, көп ойланып, аз сөйлеп, қалжыңымен көпшіліктің көңіл естелігінде есімі мәңгілікке өшпестей жазылып қалған есімнің бірі – Шабаз Иманалыұлы. Мен – Шабаз ағамен өмірінің соңғы жылында бір-екі жыл Ш.Есенов атындағы ҚМТжИУ-де ректор кеңесшісі қызметінде отырған кезінде сырлас, пікірлес болған інілерінің бірімін. Ақ шашын артына қарата тарап, сымдай тартылған денелі, киім киісінің өзі көп адамдарға үлгі боларлықтай ұқыпты жан еді. Ал сөйлеу мәнері... қоңыр домбыраның қоңыр үніндей қоңыр дауысымен әңгімесін бастаған сәтінде дауыс сазы құдды бір қоңыр күйдің үніндей өткен күндердің шежіресін жырлап отырған, алдыңда домбыра-шал сөйлеп отырғандай. Осындай бір тамаша сәттерде әрбір қазақ үйінің төрінен орын алған қасиеттті қара домыбарадай төрде отырар санаулы қара шалдардың бірісіз ғой, қайран Шабаз аға! Сіз көрген кешегі қара сөз шеберлері – Ғабит, Жұбан, Марат тағы да басқа жақсы-жайсаңдармен пікірлескен, дәмдес болған сәттеріңіз сіз үшін – сағыныш, біз үшін – естелік. Сол сағынышты сәттеріңізді бізге айтып бергенде, қара сөз шеберлерінің әдебиеттегі бейнелерінен гөрі өмірдегі қарапайым адами бейнелері көбірек қызықтыратыны рас. Мұндай қазақтың ұлы тұлғаларымен дәмдес, пікірлес болуыңыздың бірден-бір басты себебі – сіздің әдебиет әлеміне жаныңыздың жақындығында. Өйткені сіздің толықтай болмаса да бірнеше өлеңдеріңізді кітаптардан оқып білген таныс жандармыз. Кейбір сәтті шыққан көптеген өлеңдеріңіз бен қалжыңдарыңыз, ой түйіндеріңіз жеке бір кітап болып шығып, көпшілік көзайымына айналмағаны

қынжылтады. «Сабақты ине сәтімен» деп өзімізді жұбатқаннан басқа амалымыз жоқ. Бірақ мұның өзі сізді басқаша қырыңыздан тани түсуге, біле түсуге итермелейтін тәрізді. Бір жағы айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев өлеңінде: «Кешіріңдер, үнсіз кеткен үлкендер, Ұрпағыңның тілі шыға бастапты» – деп айтылғандай, үлкейгендері бар, үлкейіңкіреп қалғаны бар, жарыса, жамыраса кітап шығарғыш кезеңге тап болдық. Сіз, мүмкін, осындай пәтуасыз, пәмсіз науқаншылдықтан қорыққан да боларсыз деген ой мазалайды мені. Әлде алтын уақытыңызды өлеңге, қағытпа қалжың әңгімеге, ой түйіндеріне қалдыруды жөн санап, керегі болса келешек ұрпақ өзі-ақ керегіне жаратып алар деген байсалды байламға да келген боларсыз. Сіздің осындай байсалды да байыпты қасиетіңіз біз үшін үлкен тәрбие, үлгі-өнеге деп білеміз. Осындай қасиет бүгінгілердің бойынан көп табыла бермейтіні біздер үшін – өкініш, өздері үшін – обал. Шабаз аға, осылайша аз да болса көңілімдегі жүрген сіз туралы әңгіменің бір жұрнағын қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Мына өмірде жұртыңызды әзіліңізбен күлдіріп, өлеңіңізбен дем берген, қайран аға, ана дүниеде де елімізді әруағыңмен желепжебеп жатқайсыз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙