TELEGEI

Home

Поэмалар. II

Хамит Ерғалиев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Поэмалар. II

Ұлы жеңістен кейін қазақтың жарқырап айтылған өлең жәрмеңкесінен орын тауып, көзге түсу қандай талантқа да оңай соқпады. Осындай үлкен думанда қазақ поэзиясына бірден келген Хамит Ерғалиевтің дауысы құлаққа ерен естілді. Мұнда жалынды публицистика, философиялық ой толғау, нәзік психологиялық тебі...

АСАУ МЕН ТҰСАУ

Шіркін, дана адамдардың жөні бір бөлек қой! Олар, қай кезде болмасын, 93 заманының рухани қарқынынан озып отырады да, келешектің өз өкілі секілді өмір сүреді. Сондықтан ба екен, дәуірлестері кемеңгерлерді көбіне-көп ұға бермейді Олардың қадір-құрметке бөленген ұзақ өмірлері өлгеннен соң барып басталады да, жылдар жылжып, күндер кейіндеген сайын жасара береді жарқырай түседі Қазақ халқының міне, осындай ардагер адамының 6іpі - қос ішектің құдіреті болған Құрманғазы Сағырбайұлы. Уақыт өте келе ұлы композитордың өмірі мен өнеріне ден қойып, қызыға түсушілер молайып келеді. Солай бола бepyі заңды да. Алайда мәдениеті, жазу-сызуы ерте өріс алып, етек жайған елдердей емес, қазақ халқының өткен-кеткеніне шұқшия үңілу қиын-ақ. Баспасөзі, жазба шежіресі болмаған, архивдерек жоқтың қасы біздер үшін араға бір ғасыр ғана мерзім салып жатқан адамдардың ғұмырнама құпиясын ашып білудің өзі бір қиямет. Аттап бассақ болды, жүгінетініміз Ленинград пен Орынбордың архивтері. Сотталып, айдаудың «бақытын» кергендерді болмаса, олардың білері де иек асты: о жер, бұ жер ғана. Мұндай жағдайда, амалсыздан, аңыз-ертегі мен ауызекі әңгімелерге Көбірек құлақ түруге тура келеді. Ал, олардың қаншасы дұрыс, қаншасы бұрыс екенін бір Алланың өзі біледі. Сондықтан арғы аталарымызға замандас болып, бүгін таңда тарихтың тамыр - тамыр тізіміне тіркеліп үлгерген баба даналардың ғұмыры туралы қаны тамған шынайы шығарма жазу ғаламат енбек пен ұшқыр қиялды, бұлжытпас болжам мен тапқыр топшылауларды керек етеді-ақ! Оның үстіне, аңыз-ертегіге айналып кеткен ұлы адамдардың ауыз әдебиеті дәрежесінде қалыптасып қалған кейіп - бейнелері бар. Авторлар үшін олар да бір ауыр асу. Шоқан, Абай, Ыбырайларды ауызға алмағанның өзінде, Сырым, Махамбет, Құрманғазы сияқты ардагерлер хақында әр қазақтың өзінше ой-пікірі, болжау, топшылауы бар. Айта берсе, кедергі - бөгет, асу - бел дегендер қат–қабат-ау, қат-қабат! Соларға қарамай, қазақ халқының біздің заманға шейін өмір сүріп арманда кеткен абзал адамдары жайында көркем шығармалар жазу бүгінгі таңда кең өріс алып отыр. Марқұм Мұхтар Әуезовтің Абай туралы әлемге әйгілі асыл мұра, атақты эпопеясы, жұлдызымыз Шоқан туралы Сабит Мұқановтың романы тарихи тақырыптарға сапар шеккен - жиһангер жазушылардың қолдарынан түсірмейтін жарық - шырағы. Бұл туындылар, дұрысын айтсақ, әдеби жеңістеріміздің төбемізге көтерер жалауы дерлік. Бірақ олар, жіктей келгенде, проза мен драманың жемістері ғана. Ал, тарихи адамдардың өмірлері туралы жазылып, жоғарыда аты айтылған көркем туындылардай халықтық абыройға ие болып отырған поэзиялық күрделі еңбектеріміз бар ма? Болса, қайсы? Дәл осы сауалға кідірмей, күрмелмей жауап бере алмайтын сияқтымыз. Мұндай бағытта жазылып, аты әйгілі болған поэзиялық туынды әлем әдебиетінің өзінде саусақпен санағандай. Бұл, біздің топшылауымызша, ақындарға ғана байланысты емес, негізінен, поэзия жанрының өзіне тікелей қатысты секілді. Күрделі қию - қию шытырман уақиғаларды заманымен тұтас қамтып суреттеуде, шынын айту керек, поэзия, проза мен драмаға қарағанда, бірқыдыру икемсіздеу, дәрменсіздеу дер едік. Өлеңнің ұсақ-түйек заң - қағидаларының өздері-ақ ақындардың көсіле шабуына толық мүмкіндік бере қоймайды. Көлемі көл - көсір поэзиялық шығарманың жарқын, жақсы жағынан гөрі босаң-болжырлыға, шынайылығынан гөрі жасандылығы басымдау жатады. Поэзия үшін бір ғана дұрыс, дәлме-дәл диалогтың өзі қаншалық қара терге тұрады! (О, мұны дастан құмар ақындарымыз бізден гөрі жақсырақ біледі) «Осыны ойласам миым ашиды» дегендей, шайырлар жағы мұндай әрі қиын, әрі жауапты тақырыптардан абырой-атақ дәметпейді де жүк қоймайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Хамит Ерғалиевтің кемеңгер күйшіміз, композиторымыз Құрманғазы жөнінде көлемді поэма жазуы жүректілік дер едік. Күйшінің асқан өнерпаздығы, тарихи деректердің тапшы, жұтаңдығы, поэзияның ұзақ жолға шыққандағы оралымсыздығы - үш бірдей ғаламат қиындық автордың атақты адам туралы еңбегінің абыройлы аяқталуына шек келтіретін - ақ себеп - белгілер. Бірақ... Есімі елге әйгілі дана да бір, асқар асу тау да 6іp. Етекке қарай құлдырай қулаған әйдік тастардың салдыр-гүлдірі мен тентек өзеннің долы күpкіpі жартас, шыңдарға соғып, кейін жаңғырықса, адамзат қауымындағы болып жатқан алуан-алуан құбылыстар да даналардың ақыл, өнерлерше біp-біp соғып, жаңғырықпай өте алмайды. Құрманғазының қыратты жердің жылан-жолындай ирелең, бұралаң өмірбаяны мен өзі тіршілік еткен қараңғы қоғамның көркем шежіресі өнерпаздың тереңде асқақ, нәзік те жойқын күйлерінде жазылған. Сол күйлерді тыңдаймыз да тебіренеміз, естиміз де елтиміз. Көркем сөзді орысшадан қазақшаға, қазақшадан қытайшаға аудара беруге болады. Бірақ музыка дегеніміз өнердің өзге саласындай емес. Ол бір түрден екінші бір түрге аударылмайды. өйткені музыканың өзі бір-ақ тілді өнер. Оны қай ұлт, қай халық болса да ұға береді. Хамит Ерғалиев кемеңгер композитор, көкжал күйшінің өмірбаянына шырайлы шығарма жасау үшін Құрманғазының біраз күйлерін музыка тілінен поэзия тіліне аударуға әрекет еткен. Мысалы, домбыраның қос ішегіне бебеу қағып безілдеген «Ақсақ киік» поэзия тілінде былайша сөйлейді:

Ізінде қаны қалды, өзі қашып,
Барады бала киік қырдан асып.
Неліктен аңшы жігіт бірге кетпей,
Бармағын иегіне тұрды басып.

Алдынан кеп түнеген келді биік,
Бұл жолы аунамайды құмын сүйіп.
Жарасын қолтығына қатты қысып,
Шошиды аяғынан ақсақ киік.

Шошиды ақырғы рет ақсақ киік,
Жас қияқ жарасына кетсе тиіп.
Бейшара, жер бетінен құтылғанша
Жүрегі бітті білем жанып - күйіп.

Мұнда күйдің бай мазмұны баян етіп, уақиға көрінісі суреттелген. Жан ұшырған жас киіктің аянышты мүшкіл халі мен оны осы күйге душар еткен мерген аңшы, жаны сұлу адамның мүсіркеу сезімі оқушының көз алдына келіп, көлденең тұра қалады. Дәл осы поэзия «Ақсақ киік» күйінде де бар. Бірақ ондағы музыка Хамиттің қаламынан шыққан өлең шумақтарында жоқ. Күйдің мазмұн-мағынасы мен көріністік белгілерін бере алғанмен, күйдің дыбыстық табиғатын, ыңыранған ырғағын, шиыршық атқан динамикасын, әрине, жеткізе алмаған. Сондықтан біз мысалға алып отырған шұрайлы шумақтардың өзі оқушыға Құрманғазының күйіндей болып емес, Ерғалиевтің өлеңіндей болып қана әсер етеді. «Қызыл қайың», «Төремұрат» күйлерінің поэзияша сөйлеулері де, міне,осындай. Музыка поэзия емес те, поэзия музыка емес. Бұл дәлел, түсінікті керек етпейтін ақиқат. Бірақ поэзиясы мол музыка көрікті де, музыкасы басым поэзия әдемі. Апалы-сіңлілі екі өнердің тарихы осыны ұқтырады. «Айжан қыз» күйін поэзия тіліне аудару үстінде Ерғалиев бұл жайттарды тереңдеп түспеген. Жаңағы айтып өткен бірер күйлердегідей емес, мұнда ақын күйдің мазмұн-мағынасы мен түр - пішін, екпін - динамикасын мейлінше толығырақ сақтауға қаттырақ зер салады... Сондықтан өлең «Айжан қыз» күй «Айжан қызға» егіздес, жақын туыс болып шыққан. Ол күйдің дүниеге әкелу үстінде өнерпаз композитор поэзияға қаншалық тақау келсе, ақын да осы шумақтарды тудыру үстінде музыкаға соншалық тақау барып қалады.

Тақ күні тудым,
Балапаны қудың өзім болдым. Ай-дын
Көлге төсім шай-дым.
Ұштым, кеттім.

Үстін көктің
Аралап ас-тым,
Әніме бас-тым.
Жетпей қалды жерден

Атқан оғы мерген,
Төре де
көре де
ар-ман-да,

Ата да,
бата да
бар маң-да.
Та-та-та,

та-та-та,
та...

Музыканы түсінбейтін, домбыра не басқа бір аспапта ойнай алмайтын адам мұндай өлең жолдарын өңі түгіл, түсінде де көре алмас еді. Ал, Хамиттің музыканттық құдіреті бұған барынша жетіп отыр. Және-дағы, бұл өзі жалаң дыбыстық еліктеу, ешбір уақиғаға байланыссыз жазыла салған жауапсыз жолдар емес. Терең ұғыну, мол сезінумен жасалған шумақтар. Біз мысалға келтіріп отырған «Айжан қыздың» поэтикалық түріндегі жас арудың образы осы тараудың бас жағында бейнеленетін бай Адайдың ерке қызына үйлесе кетеді. Ерке де есті, сұлу да сұңғыла бикештің бүкіл мінезін: қимыл-әрекеті мен көрік-келбетін ақын зергер шеберлікпен мүсіндей келіп, осы жолдарды, шумақтарды жасайды. Салыстырып байқалық:

Ұшқалақ тотайлығын жиі қыла,
Асылды бәйбішенің иығына.
Момақан Құрманғазы кеш ілікті
Ойнақы қара кездің қиығына.

Бір сәтте қалды-тағы тыжырына,
Сөйледі бәйбішеге қыз ұрына:

– Бұл ағаш әзідегі дәруіш пе

Әлдекім құшатұғын құзырына.
Кім бұзған домбыраның мәні, шіркін?
Құлағын бұрағансып... Бәлі, шіркін!
Әулекі жаралмаса адам деген

Өзінің байқамай ма әлі, сұрқын? –
Маңдайын ұстағансып сәл бүгіліп,
Бұлайша ару бикеш салды қылық.
Ұшынан аяғының жүгіргіштеп,

Ізінше домбыраны алды жұлып.

Осыдан кейін ару «тақ күні ту-дым» деп басталатын «Айжан қызды» тарта жөнеледі. Бұл жолдарды сүйсіне оқып, құныға сіңірген оқушы ақын трактовқа жасап отырған «Айжан қыз» күйінің поэзиялық түріне амалсыз иланады. Дегенмен оқушы ретінде осылай риза бола отырып, әдебиетші ретінде сын-пікір айтпауға болмайтын жайттар тағы бар. Олардың бәрін бірдей жинап-теріп, мақаланың финалына алып қалмай, біразын сөз арасында, осы жерде ақтарғанымыз жөн секілді Олар, суыртпақтап айтқанда, мыналар: бірінші - күй жолында ырғақ бірлігімен қоса, мазмұн тұтастығы да қатал сақталады. Поэманың авторы болса, бұл принципті аяғына шейін ұқыпты ұстамайды.

Балапаны қу-дың
Өзім болдым. Ай-дын
Көлге төсім шай-дым.

Осындағы «айдын» мазмұн жағынан үшінші жолдың құрамында да («көлге» деген сөзге анықтауыш), орны, ырғағы, үйлесімі жағынан екінші жолдың құрамында. Сөйтіп, ырғақты бұзбаса, мазмұнды, мазмұнды бұзбаса, ырғақты бұзуға мәжбүр болып тұр. Екінші - күйдің ішкі астарын, мазмұн-мағынасын ашуда ешбір әрекет, қызмет атқармайтын басы артық, бос белбеу сөздер де бар. «Тақ күні тудым» дегендегі «тақ» та бір, семьяның жұмыс істемейтін дені сау жас мүшесі де бір, масыл. Ол ақынға өзінің барлы-жоқты мағынасымен емес, бір буынды сөз болуымен ғана және «тудым» деген көрші сөзбен дыбыстық үндестігі үшін ғана керек екен. Бұл, әрине, ақын тарапынан жіберілген селкеу, салақтық.

Төре де
көре де
ар-ман-да, –

деген жолдар тағы бар. Алғашқы сөзге түсіндік делік, ал, eкіншісін («көре» де дегенді не деп ұғамыз? Корректордың қатесі болып жүрмесе, ақылға сыймайды.

Та-та-та,
та-та-та,
та –

алдыңғы өлең тармақтарының ешқайсысын да түр - форма жағынан қайталап тұрған жоқ. Ендеше, оларды бұл күйінде емес, сөз өнеріне толық айналдырып, мағыналандырып алу керек еді. Сосын барып дыбыстық қайталау жасаса, оңып кетер еді-ау! Ақын олай етуді ауырсынып, артық жұмыс істемеген де, күйдің поэзиялық түрі мазмұн жағынан ақталмай, түр жағынан толықпай қала барған. Жә!.. Бұлар қырағы да қатал редактордың қағып-ақ тастайтын немесе авторды иығынан басып отырып, жөндетіп алатын ақаулы шумақтар ғана ғой! Құрманғазының келер ұрпаққа деп мирас етіп қалдырған күй мұрасы ұшан-теңіз. Қағазға, нотаға түсірмей-ақ халықтың жадында сары майдай сақталып келген алуан түрлі күйдің аттарын ғана көшіріп шығудың өзіне бір парақ қағаз керек. Ту тарихын алсақ, олардың әрқайсысы бір дастан болмас па еді. Оның үстіне, композитор дегеніміз шытырман сиқырлы сезім дүниесінің адамы. Бірде жалпы халықтық мұң-зарды күңрене күйге түcіpce, бірде соқа бастың да қайғы-шерін шамырқана шертіп береді. Бірақ ұлы күйші елін жырласа, өзін, өзін жырласа, елін бөліп қалдырмайды. «Қайран шешем деп» зар абзал анасын көргендегісі езіле егілген перзенттің ғана зары ма? «Kөбік шашқандағы» беті қатты зобалаң - апат халықтың ғана басына төнген аждаһа - бұлт па?! «Құрманғазының» авторы бұл жайларды да естен екі елі шығармайды.

Арты жетті ағызып шапқан аттай,
Көбік бейне көк тасқа шаққан оттай.
Шашырайды жан-жаққа:
Ай астында

Жердегілер құлайды шатқалақтай.
Жапырылды жағалай майда құрақ,
Аруананың ботасы ойда аңырап.
Қатын-бала бақырған, ит ұлыған,

Ақ толқынның ішіне қой жамырап.
Тағдыр елді тап қылды тағы азапқа,
Айғай-сүрең у зады жаға жаққа.
Адасқанды шақырып алдағылар,

Қыр басында күпіні жағады отқа.
Уа, сұмдық-ай!.. Ер жүрек шошынады.
Тарқатып та болмаған шашын әлі,
Ақ көбіктің үстінде қарауытып,

Өлген сұлу бұрымы шашылады.
Осыған да Ай арсыз нұр құяды:
Суда сәби саусағы тырбияды.
Құрман бейне құлпытас... Білер ме едің

Қайда кетіп сорлының тұр қиялы?..

Құрманғазы «Көбік шашқан» күйін шығарарда дәл мұндай ғаламат құбылысты көрді ме, көрмеді ме - ол арасы алмағайып. Егер көрген болса, ақын айтып отырған адамның зәре-құтын алатын осы көріністен артық болмаған шығар. Бұл шумақтар екі кітапты «Құрманғазы» поэмасының ішіндегі шұрайлы да шырайлы шумақтар, шын шабыттың саф перзенттері дер едік. Мен өзім «Көбік шашқан» күйіне құлақ түріп отырып, ашулы теңіздің сұрапыл шуылын, жанталаса қарбаласқан қисапсыз халықтың өлермен зарын естимін, поэманың «Көбік шашқан» тарауын оқып отырып Айвазовскийдің «Тоғызыншы валын» бәсекеге шақыратын тоқсан түрлі теңіз пейзажын көз алдыма елестетем. Тірі жанның төбе шашын тік тұрғызатын қорқынышты уақиға домбыраның сүйексіз ішегінде ғажайып үн, поэзияның тиексіз тілінде ғажайып сурет болып шыққан. Әйгілі композитордың атақты күйіндегі көрініс, дыбыс көлденең апаттың көшірмесі ғана емес, ол қазақ халқының сол тұстағы босып - көшкен, қашып-пысқан, барар жер, басар тау таппаған қасіретті хәлінің музыка тіліндегі жинақы образы. Ақ басты айдаһар толқындармен тайталасып тұрып айтатын асқақ күйшінің мына монологынан біз осыны аңғарамыз:

– Бәрі, - дейді ол, - бармақтай бақ үшін-ау!

Бақыттан тұл, сұм заман тағысын-ау!
Тойдырып-ақ бітті ғой қу құдайдың
Жақсылығын жалынып тағы сұрау.
Ал, бақытты әр жердей шұқынып тап,

Бітір, зекет, салықтан сытылып қап.
Саған, қазақ опасыз толқындардың
Олжалысы күледі сықылықтап.

Эпилогты қоспағанда, поэма осы тараумен барып аяқталады. Жалпақ елдің жай-күйін мынандай болып жатқанда «Не болар деп сұрама, кейін, күнім», - дейді Құрманғазы. кемеңгер композитордың аузынан ah деп жалын ата шыққан ыстық сөзден оның қарға тамыр халқымен мәңгі-бақи бірлігін, ажырамас тұтастығын сезіп қаламыз. Поэманың өзекті идеясы да осы болса керек. Хамит Ерғалиев «Әке сырын» армансыз айтып болған соң, «Үлкен жолдың үстімен» құйындатып отырып, «Біздің ауылдың қызына» келіп жетті, одан шығып «Сенің өзеніңе» барды. Бұл төрт поэма серпінді ақынның бүкіл шығармашылығында өз алдына жеке бір кезең. Сыншы жұртшылығымыз әдемі деп жүрген «Әке сыры» терең толғану, тынымсыз ойлануға жомарт. «Үлкен жолдың үстінде» адамның ой - сезімімен бірге, әрекет - қимыл молырақ. Оқушыны жалықтырмайтын сергек, көңілді тартымды дастан. Ал, «Біздің ауылдың қызында» уақиға өз әлінше қою, бірақ соның бәрі деректі фильм сияқты өмірді бір ғана қырынан, жалғыз ғана қабырғасынан алып көрсетеді. Соның өзінде, алдыңғы екі поэмаға қарағанда мұнда дәлдік, нақтылық әлдеқайда басым. Бұл төрт туындының ішінде жөні бөлек - «Сенің өзенің». Ол ақынның шығармашылық табыс - олжаларының түгелдей бас қосып, тоқайласқан туындысы. Оны поэма деуге де, өлеңмен жазылған роман, дайын киносценарий деуге де толық дәлелдер бар. Уақиғаның бірден шарықтап дамуы, шиеленісе шешілуі драмалардағыдай тартымды, прозадағыдай татымды. Оған қарағанда «Құрманғазы» дастанының жібі босаңдау тәрізді. Оған алда тоқтамақпыз. Аз сөйлеп, көп айтуды да, көп сөйлеп, аз айтуды да осы поэмадан табасыз.

...Өмірдің алдамшы еді жалтырағы,
Білмеймін, қайда екенін жан тұрағы.
Болса да бүгін сендік, ертең бөтен
Жартасы туған жердің, жапырағы.

...Алдында азабы айқын, бағы тұман.
...Мен бе екем бақыт жолын тоспалайтын,
Сұр заман қара құлпы тастан айқын.
Сор - азап, бейнет менің дұғалығым –

Бойымнан өле-өлгенше тастамайтын, – деген шумақтар мен жыр жолдарының әрқайсысы бір дастанға татырлық салмақтары бар емес пе?! Жүйрік көңіл оқушы бұл үзінділерден сонау өткен сұр заманның сұрық-сыйқын, қазақ елінің хал-күйін айна-қатесіз көз алдына әкелер еді. Аз сөйлеп, көп айту деген, міне, осындай болса керек. Мұндай бақыт сөзге сараң, ойға жомарт шайырлардың ғана басына бітеді. Бірақ Хамит Ерғалиев алакөл. Ол өзінің жақұттай бір жақсы жолын басқа бір жұпыны жыр жолымен көміп береді де, онысын жана бір жарқын шумағымен жалма-жан қайта аршып алады. «Құрманғазының» оқушысы бірде қанат бітіп шалқыса, бірде иіні түсіп ренжиді. Ыссы мен суықты бірдей көреді. Біздің ойымызша, поэманың бас жағы, «Арнау», «Пролог орнына», «Қозыбақ сазы», «Ақсақ киік» деп аталатын тарау - бөлімдер басы артық, қосалқы дүниелер. Алдыңғы екеуінің орнына әдемі бір арнау не бір ойлы пролог жарап жатыр. Толыққанды поэма «Ерегіс» тарауынан барып басталады. Алдыңғы жиырма бетін оқымасаң да уақиғаның еш бұзылмайды. «Қозыбақ сазы», «Ақсақ киік»тараулары тақырып жағынан ғана туыс - бауыр демесек, поэманың композициялық жүйесі жағынан келгенде әріден барып қосылатын алыс ағайындар. Олар поэманың басқа бөлімдерімен де өзара етене болып, ішек-қарындары араласып жатқан өлеңдер емес. Кемеңгер композитор туралы жеке-дара балладалар ғана. Бүтін киімге жапсырған жамаудай болып, анадайдан жар салып тұрған бұл тарауларды, уақиға жағынан дастанның өзімен кірікпеген соң, ақын хронологиялық тәртіпті сақтай отыра, кілтін тауып, оларды шығарманың өн бойына сыналап жіберуі керек еді. Ондай мүмкіншілік жоқ емес, жетіп жатыр... Бұл тараулардың негізгі ауылдан аулағырақ барып қоныс тебyі, асылы, поэманың жазылу процесін біраз уақытқа үзілуінен, автордың жоспарының азды-көпті өзгертіп, басқа бағыт алуынан болуы керек. «Ерегістен» басталып ақын көсіліп береді. Оқушы құдіретті хикаяның жетегіне еріп, ілесіп отырады да, поэманың ақырынан барып бір-ақ шығады. Төрт мың жолға таяу өлең поэзиялық шығарма үшін аз да емес, өнерпаз күйшінің өмірін толық қамтып, молырақ қарпу үшін көп те емес. Поэманың созалаңдығын сезіндіретін себеп-салдар жағына біраз тоқталған тәріздіміз. Ал, енді оның сол созалаң ұзақтығын сездірмей, оқушыны баурап алып, алдап әкететін айрықша қасиеттері қандай?! Ол - Хамит Ерғалиевтің суреткерлігі. Бұл жағынан алғанда, «Құрманғазы» безендіріліп шығарылатын кітап.

...Елемей зекіргенін бір шалдың да,
Елемей десе біреу: – Қамшы алдын ба?

– Таянып екі жағын осы бала,

Күйшінің жатқан еді қарсы алдында.
...Жиһазға қызыл-жасыл, көк-қаралы,
Көңілді өткір көзі көп қараны.
Жалынды жас қонағын ишаратпен

Әйел де көз астынан жеп барады.
...Үстіне, басына да қара салған,
Бір уыс, ару тұрқы аласарған,
Жып-жылы жас бауырын бүлкілдетіп,

Ақырын ақ мамасын бала сорған.

Оқушы бұл жолдардан өлең ғана оқып қоймайды. Сурет көрмесінде жұрт картиналар қарағандай, кино көргендей болады. Хамит поэзиясында дерек аз ұғымдарға құрылған жалтырақ, жалтаң шумақтар көп ұшырамайды. Оның поэзиясы нақтылы, жанды суреттерге толы. Оқушысының ойында әдемі уақиға, көңілінде көркем көріністер қалатыны сондықтан болса керек. Ақынның бұл елеулі ерекшелігі, қымбат қасиеті сонау «Үлкен жолдың үстінен» басталған болатын, қазірде ол жетісу, толысу процесінде. Хамит тәртіпқой режиссер сияқты, шығарма кейіпкерлерінің қимыл-әрекетінен көз алмай бағып отырады. «Мына қалпын жасанды, олай емес, былай тұру керек!» - деп нұсқау беретіндей, кейіпкерлері талантты актерлерше келістіріп ойнайды. Автор олардың болымсыз ұсақ-түйек қозғалыстарының өзіне баса көңіл аударады.

Бүйірін таянады ентігіп кеп,
Ол солай өмір кешкен еліріп тек.
Мазағын мақтан қыла сөйлегенде,
Қамшысын көтереді екі бүктеп.

Желігіп желкесінде, маңдайында
Әлі де ойнар еді көк қалпағы.

Ешқандай да ерсі қимыл, артық әрекет жоқ. Бәрі орынды, бәрі дәлелді, шынайы. Ақынның айтқанына сенбеске, шүбә келтіруге шамаң жоқ. Хамит қаламынан өнген образдардың көбіне-көп сәтті шығатыны да оның осы сом сурет жасауға ұсталығында жатыр. Қаныпезер Төремұрат пен оның бас алар қарақшы сардарларының бүкіл бет пердесін Ерғалиев екі-ақ өлең жолымен бейнелеп береді. «Ауруға қорғасынның уын беріп, жасайды тәуіптері оқтан дәрі». Шағын сөзді шалқар мағыналы жолдардың бірі. Мұнда, тағдырдың дауылы айдап барып, Құрманғазы тап болған адам қасапшыларының барша сұмдығы сыйып тұр. Адамның санасы қоқыстар жәшігі емес. Ол кір-қоқыс, шөп-саламдарды лақтырып тастап, сары алтындай саф шығармаларды ғана жадында ұстайды. Құрманғазының күйлері міне, осындай ауыр емтихан – уақыт сынынан өтіп, халық көңіліне мәңгі ұялаған ғұмырлы күйлер. Олай болса, композитордың ұлылығында дау жоқ. Кемеңгер өнерпаз - кемеңгер адам. Ондай кісі заманы қандай лас, қандай күйелі болса да, өзінің адамгершілік арына титімдей де кір шалдырмай өтеді. Құрманғазы тірісінде көрместі көрген, көлденең көзге талайсыз, бақсыз бір сорлы, бірақ табиғат берген таңғажайып талант пен ерен өнерпаздықтан асқан бақ бар ма?! Хамит Ерғалиев поэмасының құндылығы да, мықтылығы да, міне, осы жайларды қозғауға шейін көтеріліп, ұлы композитордың шырғалаң өмірінен үлкен-үлкен философиялық түйіндер жасауында.

Бақыттан, қуғыннан да сыбағалы,
Бір өзің тәңірінің екі ұлысын.

Өмірде әншейін нәрсе жоқ. Өнер де, ғылым да сатулы. Бірақ оларды алтынға емес -еңбекке, уақытқа, денсаулыққа ғана сатып алуға болады. Поэманың қырық қыртыс, қат-қабат қалтарыстарын ой көзімен тінте қарайтын болсақ, біз осы жайларды амалсыз аңғарамыз. Құрманғазының ұлылығы да - осындай үлкен қиындықпен келген аса қымбат қадір-қасиет. Бұл тұрғыдан алғанда, Хамит Ерғалиевтің кемеңгер композиторымыз туралы поэмасы өнер қуған оқушыға үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие берерлік туынды. Адамзат қоғамында үздіксіз жүріп жататын іркес-тіркес сан алуан салалы құбылыстардың қай-қайсысы да өз беттерінше бөлек, жеке-дара күш емес, олардың бәрі де бірімен-бірі ілік-шатыс, аралас-құралас, қысқасы, табиғи тұтастықта. Сондықтан реалист жазушы, қандайда тақырыпта қалам тартпасын, оны өзге қоғамдық құбылыстардан біржола ажыратып алып, сол жалқы күйінде жалаң суреттеп кете бермейді, жазып отырған уақиғасына, тіршілік - болмысқа, кейіпкерлер тағдырына байланысты қоғамдық, таптық, экономикалық, тарихи жағдайларға амалсыз оралумен болады. Объективті идея дегеннің өзі, міне, осындайдан туады. Онысыз өмір айнасы боларлық шынайы шығармалар жасалар ма еді! Хамит Ерғалиев те кемеңгер композитордың көркем өмірбаянын жазу үстінде үнемі еніп - еніп өзгеріп жатқан табиғи байланыстағы бірнешелеген күрделі құбылыстарды аттап кетпейді. Соның бірі - о кездегі көркем өнердің хәлі. Поэмадағы Құрманғазының өмірі - оның соқа басының ғана тағдыры емес, өнердің де тағдыры. Кемеңгер композитордың трагедиясы -қазақ музыкасының трагедиясы болып шыққан. Күй туралы көл-көсір көп сөз болмаса, Құрманғазының образы толық түрде ашылмас та еді. Бұл ақынның, дау жоқ, табысы. Екінші мәселе – әйел теңдігі. Қоғамның жаман - жақсылығы да, бір жағынан, сол қоғамдағы әйелдердің хәл - күйі, олардың өмірден алатын орнына байланысты бағаланады. Оқушы жұртшылығымыз Айжан қыздың тағдырына тереңірек үңіле отырып, кескекті композиторымыздың тіршілік еткен заманындағы қазақ әйелдерінің саяси, рухани, праволық өмірлерін көз алдарына анығырақ елестетеді. Қаншама бай, қаншама шонжар болғанмен, Айжан қыздың әкесі де өз дәуірінің cіpі болған әдет-ғұрпына, жазылмаған заң - қағидаларына қасқайып қарсы тұра алмайды. Жалғыз қызын, өнерпаз перзентін сүймеген кісісінe, сүйегі саудыраған шалдардың біріне өз қолынан ұзатып жібереді. Айжан қыздың тағдыры бас еркінен айырылумен тана барып аяқталмайды. Ол өзінің жарты өмірі саналатын күй өнерімен де амалсыз қоштасып ажырасады. Айжан қыз тәрізді қалың жұрттың қою ортасынан шыққан талантты домбырашы, дарынды өнер иeсі болған қазақ әйелдері аз ба еді. Жоқ. Олар ондап, тіптен жүздеп саналатын-ды. Бірақ олардың өмірлері де осы Айжан қыздың өмірі сияқты жастай ушығып, бас еркіндіктерімен бірге сөніп - өшіп тынатын. Қазақтың қара заңы әйелдерге домбыра ұстап, топ ортасынан суырылып шығып өнер көрсетуіне үзілді-кесілді тыйым салды емес пе?! Дәл осы хал данышпан ақынымыз Абайдың нақ сүйері Әйгерімнің басында да болған еді ғой! Мұндай шындықты суреттеу үстінде ақын Айжан қыз образы арқылы екі бірдей қоғамдық мәселеге тура барады. Олар: біріншіден – әйел теңдігі, екіншіден – өнер тағдыры. Келесі мәселе жөнінде Құрманғазы мен Айжан қыздың өмір соқпақтары әлденеше жерде қиылысып жатады. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Динаның өмірі -ерекше жағдай, көне дәуірдің тар қалыбына еркін сыймайтын кездейсоқ тағдыр. Айжан қыз бен Дина - дарындары деңгейлес, өмірлері әр қилы әйелдер: Айжан қыздың өмірі -жүздеген қазақ әйелінің өмірі де, Динаның өмірі – бір-ақ әйелдің, тек өзінің өмірі. Олай болса, Айжан қыз - тарихи болған адамның ғана образы емес, сұр заманның сиықсыз келбетінің суретін көрсететін жинақы образ да, Дина - жалқы образ. Ол екеуі бірінің образын бірі ашатын кейіпкерлер. Тағдыры күліп қарамаса, Дина Айжан қыздай болып қалар еді де, қолайлы бір жағдай туа қалса, Айжан қыз Динаның дәрежесіне шейін көтеріп берер еді. Заңдылық пен кездейсоқтық екі адамды екі түрлі өмір жолына салып отыр. Поэмадағы үшінші объективті идея - халықтар достығы. Іргелес отырған ірілі-ұсақты көп ұлттардың езуші үстем табы мен олардың мүддесін қорғайтын дана қауымы болмаса, қаналған қарапайым халық әрқашан да өзара тату өмірге ұмтылады. Ұлттар достығының тамыры тым тереңде де, тарихы өте әріде жатыр. Мұндай - мұндай тарихи фактыларға көз жұмып қарауға болмайды. «Құрманғазы» дастанында үш бірдей ұлттың: орыс пен қазақтың, қазақ пен түркменнің бауырмалдық достығы әжептеуір әңгіме болған. Патша қуғынынан қашып-пысқан қазақ композиторын орыс суретшісі қанатының астына алып, паналатып жатса, өзінің соқа басы тыныштық таппай жүрген қазақ күйшісі туысқан түркмен елің тасбауыр Төремұраттың қаскөйлік шабуылынан аман алып қалады. Осы айтылып отырған күрделі мәселелердің қай-қайсысы да өз алдарына жеке мақсат ретінде қойылмай, негізгі кейіпкердің, кемеңгер Құрманғазының тағдырына байланысты жарасымды сөз болады. Сондықтан оларды поэманың табиғи денесінен ажыратып алудың өзі қиын. Кейбір ақындарымыз сонау әлімсақтан бері айтылып, содан бері қайталай қолданылып, қан-сөлі қалмаған оралымдар мен образдарды титтей де өзгертпестен, ойланбай пайдалана салады. Ал, оқушы деген жұртшылық ақыннан әр уақытта сонылық, тапқырлық талап етеді. «Алады - қалады», «қашады - шашады», «болады - толады» сияқты көнетоз көкжасық ұйқастармен оларды үнемі қанағаттандыра беруге болмайды. Ал, Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазы» поэмасынан, қолына шырақ алып іздесең де, ескі оралым, сұрықсыз сурет дегенді емге таппайсың. Жаман да болса, жаңа болсын! Ақынның девизі міне, осындай. Ол ауызға өңшең өзі келіп оп-оңай Түсіп жатқан арзан ұйқастарға бармайды да. Қалай етсе де, тың және түбірлі ұйқас табуға талпынады. Табады да. Хамиттің бұл поэмасында алманың жаңа сортындай дәмді де мәнді әдемі ұйқастар толып жүр. Бірақ сүрлеусіз жолмен жүрген сүрінеді. Оның бұл саладағы бау-бақшасы арам шөптен де ада емес. Оған көзді жұмып қарауға болмайды. Соңғы екі жолы ойдың ең ауыр салмағын көтеріп майысып тұрғанда, алдыңғы екі жолы олардың қасында істерге ісі болмай, қылжақтасып босқа тұратын шумақтар да жоқ емес. Тыныс белгісін, орфографияның бүкіл ережесін жатқа білетін адам болмаса, Хамиттің:

Байқатып ат сабылар болар шағын,
Толқын жүр айдалада: олар – сағым, –

сияқты жолдарын емірене оқып, салған жерден ұғып кете алмайды. Ежелеуге тура келеді. Бұл - ақынның өзге әдебиет өкілдерінен, әсіресе, орыс ақындарынан көргені, «үйренгені». Ақиқатын айту керек, мұндай жолдар баяғы Пушкин мен қазіргі Твардовскийде де бар. Бірақ үйренгісі келген кісіге олардың жарқын жақтары да жетеді ғой... «Пәле-жала» деудің орнына «жала-пәле», «намаз шам» деудің орнына «шам намаз» деу өнерпаздық болмаса керек. Ал, Хамит дастанында мұндай да тіркестер кездеседі. Бұлар әсем әйелдің әдемі қолына шыққан түйме - сүйел, желкесіне шыққан сыздауық - шиқан секілді. Сұлу шығарманың көрік - келбетіне аз да болса ақау салады. Әйтпесе, Хамит Ерғалиевтің «Құрманғазысы» қазақ поэзиясына қосылған қабырғалы туынды. Ұлы бабаларымыз жайында жазылған көркем шығармалардың айрықша бір сәттісі. Болдым, біттім демей, кері айналып қайта қарап қойса, бұдан да гөрі әдемі, бұдан да гөрі таза туынды болмақ. Атақты ақынның он шақты жыл сарылып, сарсылып отырып жазып шыққан шомбал шығармасының бөгде кісі бірден байқай қоймайтын қат-қабат сырлары мен қилы-қилы табыс - олжалары болуы әбден мүмкін. Ұшқыр ұшақтың дыбысы өзі өтіп кеткен соң барып естіледі. «Құрманғазыға» ендігі қатал қазы уақыт болмақ. Әділ сынын сол айтар.

ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛИ,

1982 жыл

ПОЭМАЛАР

ӘКЕ СЫРЫ

І

Уілдеген тәтті үнің алдымды орап,
Өн бойыма шымырлап, күй боп тарап;
Бала көзің жаныма бал құяды,
Отырсаң сен, бөбегім, маған қарап.

Адал сүтін ананың ақ мамасын
Қарызым деп емесің әлсін-әлсін;
Алдыңдағы жылдарға қол созғандай
Асығасың тынымсыз талпынасың.

Қарайсың да күлесің, қатпайсың тіл.
Қызығамын, ұғамын, ей, қызыл гүл!
Бала туса, бақыт тек бір жарқ етіп
Сенетұғын баяғы етіп мезгіл...

Мезгілім бар, мезгілім – тілегімдей
Іске мені бастайды бір ерінбей.
Келер күнің жалғаулы минутыма,
Қатты соққан өзіңнің жүрегіңдей!

Соқсын жүрек, лайым қатты соқсын!
Желді күні сөнбеген жалынды отсың.

– Мұрагері жеңістің өзім, - дерсің;

Рас, оны әлі сен айтқан жоқсың.
Айтпасаң да дәл бүгін өткен күнің,
Оқитұғын тани бер мектебіңді, –
«Ерлік», - деген бір сөзді күнде жаттап,

Ұғына бер сендейден өскенімді.
Тыңда мені қызғалдақ - о, перзентім!
Өлеңімдей зымырап алыс кеттім;
Қиял жетпес мейірімді тереңі бар

Әкелікке жанымды сен үйреттің.
Бақытына бөленіп күнде елттім, –
Көрген сайын ғажайып күйді шерттім,
Сендей ұлды заманым күнде туар

Сол себепті өзіңді мақтан еттім.

ІІ

Көкейіме қалдырған бір үлесті
Ұмытпаспын ешқашан жақсы кешті.
Алдыма ұстап суретін жылдар бойы,
Хикаясы жаныммен бірге көшті.

Ол мезгілім жаңағы әсем кешті
Кең көшенің бойына еркін тосты.
Көңілімнің сондағы шалқуындай
Тереземнен рақаттың самалы есті.

Сүйкеп қашып әйнекке жапырағын,
Қайта-қайта жайқалды жасыл бағым.
Қызығыма көз тіккен айналамнан
Мен қалайша сырымды жасырамын?..

Мен де жапырақ тіледім, кейде елтіп,
Жақсы әуеннің нәшімен толқып кетіп.
Сол үмітті суынбас күнгейімдей
Алыстан-ақ болашақ тұр күзетіп.

Нәрестенің көтеріп жас тұлғасын,
Тура барсын болашақ, айнымасын!
Қарсы ақса да қатердің қара өзені,
Ол үміттен тағдырым айырмасын.

Әмір етті жаныма өмір - ана,
Ұшқынымен өлеңнің қанаттана,
Сол кездеп жас арман - балапаным,
Шыр айналып ұшайын сені ғана...

Ұқпасаң да, бөбегім, мені тыңда!
Бүгінгідей сақтаулы тұр жадымда;
Мен арманға көз тігіп отырғанда,
Сен алдымда елестеп тұрмадың ба?!

«Арнау» деген аузыма өлең беріп,
Шат көңілден ақырын ән көтеріп,
(Құрсағына анаңның бітпей тұрып)
Кірмедің бе бөлмеге маған еріп?!

Төсегіме жаттым да, осы өмірдің
Қиялына қызығып құлаш ұрдым.
Көкірегімнің тап-таза ұясында
Бүгінгідей талпынып сен отырдың.

Жас толқынмен жарқылдап ілгері ақтым,
Сөйлеп тұрған әкеңе ұқсап бақтым.
Ұйқы келіп көзіме тығылғанша,
Әділеттің жинағын оқып жаттым.

«Сенің үшін бекініп қайраттандым,
Сені қорғап сан рет жауға аттандым.
Дуға емес, ақиқат заңды үйретіп,
Керегіңе күнімде жарап қалдым».

Тарту етіп ұлына жан - азықты,
Бір досымыз осылай деп жазыпты.
Ұйықтар алды оған бір қарамасам,
Менен бөтен бөлмеде кім жазықты?..

Оқып оны төсекте тағы да өстім,
Ол сияқты өзімді саған қостым.
Жастайымнан жаныма азық еткен
Азаматтық арымды алға тостым.

...Жамылды ма айлы түн айқара бұлт?
Мөлдіреген терезем тартты күңгірт;
Сен жүректе, бөбегім, мен төсекте –
Ұйықтап кеттік екеуміз, бөлме жым-жырт.

Ұйықтап кеттім, әйнекке қайта бардым,
Жапырақтан тағы да ләззат алдым;
Кейде еліктеп, сүйкімді еңбегіме
Көз жұмулы көңімен қарап қалдым.

Енбек - кеме, матрос - мен кемеде,
Оны сүймек - сыбаға пешенеме.
Түсімде де боламын отырғандай,
Әулет үшін мейірімді мекемеде.

Ұйқыда да жалғыз-ақ оны көрдім;
Иә, ылғи жолыма көз жібердім.
Пиғылымның бұршақтай бұдыры жоқ
Түс - көрпені тұйықтап жата бердім.

...Жамылды ма айлы түн айқара бұлт,
Мөлдіреген терезем тартты күңгірт.
Сен жүректе, бөбегім, мен төсекте –
Ұйықтап кеттік екеуміз, бөлме жым-жырт.

...Радиом көңілдің бабын табар,
Күндегідей таң ата әнге салар, –
Деген едім. Мезгілсіз құлағыма:

– Соғыс! - деген саңқ етті суық хабар.

Жұлқып тастап бейхабар жүрегімді,
Түкпіріне жанымның мұз төгілді.
Өзім тұрмақ жүректен шыр еткізіп,
Кім шошытты мұншама бөбегімді?..

Жетті хабар:

– Теңселді дүние тегіс!

Нық басады сұстанған қаралы күш!
Ол келеді өмірді өртемекке,
Оның аты - басқыншы фашист неміс.
Жібергенде мұз жалап отты өзекті,

Не қорқыныш, не бір күш билеп кетті.
Ұға алмадым, әйтеуір, үстімдегі
Жылы көрпем жиырылып дір-дір етті.
Сүйген жарым асығыс оятты ма?

Ғазиз анам:
Аттан! - деп зар қақты ма?
Әлі күнге ашпаған дүние есігін
Әлде менің бөбегім тіл қатты ма?

Кім есікті ентігіп ашты мына,
Мекеменің мейірімді бастығы ма?
О, керемет! Намыстың ыстық жасы
Ыршып түсіп көзімнен жастығыма.

Барлық жанның қасиетті атағынан
Отан әмір етті ме әлде маған?..
Бір құдірет төсектен жұлып алды,
Жас денемді әлгіде қалтыраған.

Тағы да өстім, мінеки, тағы да өстім,
Тағдырымды, бөбегім, саған қостым.
Жастайымнан жаныма азық еткен
Азаматтық арымды алға тостым.

Шықтым үйден.
Тұр бейне: «Мен мұндалап»,
Күнбатысты ғаламат өртпен жалап;
Жақсылыққа үйренген көз алдымды

Шынымен-ақ бір сұмдық кетті аралап...
Түн секілді түйіліп тұрды ұзақ,
Минут сайын есірді әлгі дозақ –
Қанша уқалап, көзімді қайта ашсам да,

Өрт елесі жанымды етті мазақ.
Өрт жалаған Батысқа онда тынбай,
Соқты дауыл Отанның тынысындай;
Күрсінгенде кеудемнің ыстық демі

Кетті бірге зымырап жыл құсындай.

ІІІ

– Ажал оғын аяма, - дейді, - жаттан! –

Нелер ауыл зымырап қалып жатқан.
Мен вагонда, өмірдің күні аспанда –
Бірде заулап келеміз Шығыс жақтан.
Күнге шағып толқынын нәр - бұлақтың,

Дария қалды, қызығып қарап бақтым.
Еркін көшем алдымнан шыға берді,
Күн мен түнін күзеткен махаббаттың.

– Жеңем! - дедім, үн қосты ауа нәзік,

Қалың орман, сыңғырап тау мен жазық,
Отты көздің нұрымен осы антымды
Туған жердің үстіне кеттім жазып.
Қиялдандым, бөбегім, жас өмірдің

Жан сырына тағы да құлаш ұрдым;
Көкірегімнің мейірімді ұясында
Бүгінгідей талпынып сен отырдың.
Шарықтаған биікте қыран қандай

Болса, болдым қанатты мен де сондай;
Арманымның ол кезде аспанынан
Жымыңдадың сен жарық жұлдызымдай.
Жымыңдадың, тасыттың жігерімді,

Өлерімді ұмыттым, жүдерімді;
Кейін қалған сүйікті қалқатайдың
Жүрегімен жалғадың жүрегімді.

– Соғыс, соғыс, соғыс! - деп өрт заһары,

Жалай берді аяулы айналаны, –
Өртке былғап жерімді, көкке бүркіп,
Өзеуреді өлімнің миналары.
Отты селге, бөбегім, кеттім кіріп,

Сұр шинельдің етегін белге түріп.
Көрген жерден арбасты жарақты жау,
Кейде жатып бауырлап, кейде тұрып.

– Өлтіру, не өлу –

деп келгенсін мен,
Таңдырмаққа ұмтылды кейде есімнен;
Таптатпадым жерімді өзім жатқан,
Оның талай итеріп кеудесінен.

Бәрімізге бір бұйрық берді Сталин,
Көздеп аттық елімнің рейхстағын, –
Жаза бердік қайтадан әрқайсымыз
Жиырылған өмірдің әр пұшпағын.

Бір мезетте қарасам, қайран денем
Қарауылдың аузында дірілдеген;
Жасырынар өлімнен еш жайым жоқ;
Тек, әділет, алыстап кетпе менен!

Ізгі жүрек жұлқына, тулап тегі:

– Күшті болсаң, ғаламат,

тура ат! - деді.
Өліп кетсем арман не адалдықпен,
Анам мені сол үшін тумап па еді?
Атты міне тістеніп тажал құшып,

Қабырғамды қат-қабат алып түсті.
Болашағым алыстап сала берді,
Тоң топырақ жып-жылы қанымды ішті.
Қанымды ішті қара жер сонда менің,

Кегім қайнап, бауырымды жаза бердім.
Әттең, бұл кез әлсіреп жатқаным бар,
Сол қаныммен бір дастан жазар едім!
Мені де атты, бөбегім, сені де атты,

Сені атқаны жаныма қапы батты, –
Кім нанады дегенге: көзсіз жендет
Коммунизм адамын қансыратты?
Қайда, қайда ақынның жақсы жыры?

Баяу тартып бара ма жел сыбыры?
Неге алдымда қызарып жатыр үнсіз
Бүгін өлер біреудің жас қабірі?..
Жоқ! Жоқ, елім, бармаймын қу көмейге!

Ердің қаны ел үшін төгілмей ме?
Туған қала өртеніп жатқан шақта
Атпаса да қабырғам сөгілмей ме?
Сау ғой менің жүрегім өкпең удан,

Сенім бастап барады, қалман одан!
Қасірет емес, жаныма жалын құйып,
Жүрегімде Отан тұр мені туған.
Мейлің, дұшпан, қайғының түбіне бат!

Жан-жүйеме тоқ бердім мың киловатт.
Жақсы күннің тағы да хабаршысы –
Шарқ ұрып тұр үстімде алтын қанат.
Алтын қанат - әулетім найзағайдай,

Бір ғасырдан бір ғасыр өлмей - талмай,
Жау басына мың саңғып өте бермек,
Сол себепті ажалға мен ажалдай.
Өлім бейбақ болады неге итаршы?

Тек мен оны жұмсаймын жауға қарсы,
Тұрдым, міне, атылып қанды жерден,
Жау, керемет сен болсаң, жоқ қып алшы:
Көп болғанда тиімді жерге төсеп,

Сықылықтап әзәзіл айтар өсек.
Ал,рухым - тартылмас ұшан мұхит,
Жау жүрегі - шөмп етер бір тас кесек.

– Қожасымын, құлы емес, қиялымның,

Жаттығы жоқ бір сағат, я күннің;
Бәрі менің өмірім, бір тостаған
Бөге берсін деміне өз қанымның!
Қанымменен ақтаймын әлгі антымды,

Танымаймын қаралы зиратыңды!
Шапағындай Шығыстың шашыратып,
Мен қаныммен паш етем ізгі атымды.

– Баста мені тағы да, командирім!

Барып қалсын ерлікпен алға жаным,
Ұлы жолдың үстінде хикаядай
Жатсын ұзақ жосылып менің қаным! –
Дедім: – Тағы құладым мен қансырап,

Өтпей ме екен бір солдат жөнім сұрап?
Маңдайымда кез емес, қара шөлмек
Қалмақшы ма аздан соң тек жылтырап:

– Ие! - дейін оған да өзім бастап,

Қал орныңда, туған жер, мені растап!
Кете бер сен, бөбегім, алға қарай,
Жүрегімнің астарын ашып тастап, –
Дегенімде жалындап, дөңгеленіп,

Жанарының оттары кеудеме еніп,
Үлкен маңдай астынан аумақты кез
Солғын тартқан жүзіме келді төніп.

– Отаным! Ұлы Отаным! - деді менің

Әлдеқашан кезеріп қалған ернім,
Қайта келді қоштасып кеткен күлкім,
Көз тоймады, елеске қарай бердім.
Қарай бердім елеске, қарай бердім,

Мұз заһарын ұмыттым қара жердің;
Қан жүгірді жүзіме әлдеқайдан,
Ғайып болды жотасы жас қабірдің.
Армансыз жан көрге енсе несі қиын?..

– Енді келсең кел, - дер ем, -

қатер - құйын
Қуат-күшім бар жерде өле алмаймын,
Қалды өзіңше оңаша қараңғы үшін.
Адам даусын есіттім, ұзақ күннің

Қинағаны жоғалды, енді білдім:
Отыр екен жанымда санитар қыз,
Қамқорлығын әкеліп елдің біздің.
Сол кезде де, бөбегім, біле білдім, –

Көкірегіме қайтадан күле кірдің;
Осы өмірдің отымен жалғай бердің,
Бәсең тартқан жалынын жүрегімнің.

ІV

– Жеңіс! – дабыл қағылды. – Жеңіс!

Жеңіс!
Автоматты жоғалды «жойқын» неміс.
Біреу сүйіп, қастанды біреу күйіп,
Салютіме көз тікті дүние тегіс.

Уа, Кремль, қасиетті сом мұнара!
Қызыл-жасыл оттарды мың қайтара
Атшы тағы, төрінде аспанымның
Қалсын жарықжұлдыз боп қора-қора

Ұқпаса да өсекшіл өктемдерің,
Ұқты мені, Еуропа өкілдерің –
Дәптерімде жазулы ертелі-кеш
Котелогым салдырлап өткен жерім.

Ғасырымды шалқимын көремін де,
Оған үлкен сыйым бар өлеңімде:
Ол ақиқат, ұқты еніп өзі тұрмақ
Жеңіп шыққан солдаттың бөбегім де.

Бірге жүрген кеудеммен көк дабылда,
Бөбегімді көрейін енді ауылда, –
Ол көздеп тым алыс болашағым
Енді асығып күтіп тұр көз алдымда.

...Зымыраттым, Шығысқа зымыраттым,
Перрон сайын оқыдым Жеңіс атын;
Туған жердің үстіне отты көзбен
Осы еді ғой бір кезде жазған антым...

Қалаларда аңсатқан бейбіт жұмыс,
Күйген орман орнында жасыл бүліш;
Окоптар да көктемнің майда сылдыр
Жапырағын жамылып жатыр тыныш.

Алматыға асыққан сол бір шағым,
Таға да елге танытты «мақтаншағын», –
Егістіктен, жайлаудан көтереді,
Біреу кепка, біреулер ақ қалпағын.

Сөйтіп келдім. Сырланды тал бесігін;
Саған құрдас болсын деп дәл осы күн,
Бір кезде елім сыртынан тіреу салған,
Ашып бердім бір жұлқып дүние есігін.

Жас арманым, шыр етіп жерге түстің,
Тереземнен ең алғаш сәуле құштың;
Доллар емес, қанымды төгіп алған
Қуаныштан сапырып шарап іштім.

Күтіп сенің жылыңды дастан оқыр,
Күтіп сенен ғажайып бір терең сыр.
Еніп, міне, тынышсыз арман емес,
Ақыл айтып алдында екен отыр.

Сен әкеңді танып ал!
«Кімге ұқсайды?» –
Десе, көрсет бұлт кесер найзағайды.
Жақсы ауылға бір түнеп ететұын,

Әкең өзін жолаушы санамайды.
Бетке ұстайтын кешені, не бүгінді,
Дәріптеуші мен емес әлдекімді
Мен ертеңге беталды бал ашпай-ақ,

Алдан көріп отырмын бес жылымды.
Бесжылдығым, бір емес, нешелер бар.
Ғасырымның сапында қатар-қатар,
Олар да алып заманның солдаты ғой,

Ерлігімен дүниені таңырқатар.
Еңбек - кеме, матрос - мен кемеде,
Оны сүймек - сыбаға пешенеме;
Түсімде де боламын отырғандай,

Үйреніскен мейірімді мекемеде.

– Шіркін менің мейірімді

мекемем! - деп,
Маған парыз өлгенше оны сүймек;
Өзі тұрып тапжылмай бір көшеде,
Күнде мені барады алға сүйреп.

Әділеттің бастайтын улы көшін,
Құдірет деп танимын адам күшін.
Итке тастар ешқандай бөлегім жоқ,
Мендегінің барлығы адам үшін!

Қоғам үшін құрбандық етсең, міне,
Жұдырықтай жүрек бар үкіміне. –
Егер оны: «аспанға ат!» - деп тұрсаң,
Қалай «менің» тұншығам түтініне?..

Жоқ,
Теңізден мен күшті тебіренем,
Өрге тастап толқынды өршеленем,
Махаббаттың жалынын сылқып жұтып,

Сүйе білем, қайғыра, өле білем.
Бара алмаған ертеде маңайына,
«Тәңір» деген қиялдың қандайы да,
Зор бақытты большевик партиясы

Төрт-ақ елі сыйғызды маңдайыма.
Мақтанамын, сондықтан! О, перзентім!
Өлеңімдей зымырап алыс кеттім.
Кішігірім пейілді алдына ұстап,

Келер күнге асығып сапар шектім.

V

Тағы - тағы қарайсың, балғын жасым,
Шын ұққандай әкеңнің шалқымасын, –
Алдындағы жылдарға қол созғандай
Асығасың, тынымсыз талпынасың.

Мейлі, еніп батырлық саған ерсін,
Егде тәнім қартайып сала берсін.
Жасым жетіп өлгенде, азаматтар
Сенің отты кеудеңнен мені көрсін.

Білем, талай он жылдар, заулап өтер,
Топырағымды ұшырып алып кетер,
Бірақ, зират үстіне өскен гүлдер
Жылда-жылда жалындар оттан бетер.

Ол гүлдерді ең алаш сен көрерсің,
Зәулім үйдің шалқайтып терезесін.
Адам әлі ашпаған ой сандығын
Сол уақытта ашарсың, тебіренерсің.

Мен ол кезде төменде жатармын ғой,
Сол себепті жеткізбейді аспандағы ой.
Бірақ шалқып биіктен толғанарда
Менің кітапханамды алдыңа қой.

Қарт қиссаны оқырсың атышулы,
Мәз еткенмен халықтың мисал ұлы,
Мұңды бабам үніндей ауық-ауық,
Жылап,талып естілер күй сарыны.

Ескі заман қылығын тек растап,
Ащы күлкіні оларға үзіп тастап,
Бет бұрарсың біздерге... уа, дариға,
Сол сағатта ақын боп өлең жазсақ!..

Тыңда мені, ұланым, тыңда, тыңда!
Болмасам да ол сәтте өз қасында,
Әлпештеген анаңдай тұрып алар
Біздің заман ойынның ортасында.

Ел ғалымы, не жүйрік ақындары,
Еңбек Ері, майданның батырлары –
Мен қалдырған әйнекті шкафында
Жайнап тұрар кітап боп соның бәрі.

Том болмай-ақ қояйын неше бір сан...
Жиғаныма мойныңды күнде бұрсақ,
Көп кітаптың бір ғана арасынан,
Арманым не, сығалап қарап тұрсам?!.

Көрсем сені сол кезде ақсақалды,
Білем, мүлде қалмаймын есік алды.
Көкірегімдей жазғаным сайрап тұрса,
Жердің асты әкеңнің несін алды?..

Бәлкім, менің ғасырымды даттау үшін,
Сөйлерсің, бір соны сөз, жас тыңдаушым,
Жетер, мүмкін саңқылдап Меркурийге
Коммунизм үйінен шыққан даусың.

Жұлдыздарға көрсетіп нұр шамыңды,
Мекендерсің планетстанымды;

– Басшым! - десең, қосылып барлық кітап,

Айтып тұрар Лениндік штабымды.
Тәнім жатқан биік те бейне қисса,
Гүл тозаңдар протон нұрын құйса;
Фосфорымды зираттан ала қашқан

Құйынға да сол сәтте мен риза.

– Ғапу! – деймін, мақтанам, достарыма

(Саған есік, бөбегім, ашқаныма),
Тартуым көп төніп келер күнге,
Сол себепті сыймадым дастаныма.

эпилог

Кезбесем де кеуделі кеме мініп,
Жаңа ғана жатты бір теңіз тұнып,
Ұзақ соған қызықтым кешір, балам,
Отыр ма едің сен әлі тек талпынып.

Кел, әуп етем! Махаббат болсын несіп
Мен де - қайың, қасқиып тұрған есіп
Тереңімнен түп тартып нәр аламын,
Жапырағымды жалынды күнге тосып!

ЖАС AHA

Ұлы Отан соғысындағы даңқты
Жеңісіміздің он жылдығына арнаймын.

Автор

І

Жігіттің сүйген жары –
жап-жас, ана,
Кешіккен сағатымды өзің сана.
Ұядан көтерілді өлең құсы

Үйімнің төбесіне кеше ғана.
Қашаннан ыстықсың ғой жалын оттай,
(Кім сенің аулақ кетіп жаныңды ұқпай?!)
Сен үшін бала бөркін баса киіп,

Ұққанша ұзақ жүрдім бір тіл қатпай.
Тіл қаттым:

– Ей, қиындық, сығалама!

Кел! - дедім, онсыз жаным сынала ма?..

– Үзіліп кетер демде жас үміт,

– Сал, - дедім, - салмағыңды бұғанама!

Қолыма от сиялы қалам алдым,
Жалтақтап айналама қарамадым;
Сен үшін, сенім үшін, не істедім деп
Кеп-кеше әке сырын араладым.

Тілмарсып шеттен қарап жүрген болсам,
Орнымнан безер едім әлдеқашан...
Несіне осы өмірдің жігітімін,
Нұрынан махаббаттың кенде қалсам?..

Әрине, сен аспанда жұлдыз емес,
Бермейтін ашық көкте күндіз елес;
Жасарып жаңарады көз алдында
Өзен, тау, орман,дала, құмды белес.

Кешқұрым қиялына өзің еріп,
Қақпаңа сүйенерсің ізгі берік.
Сәби де қолындағы көрпесінен
Алысқа түйсінеді көз жіберіп.

Мезгілсіз шақырмаймын тіл иесін,
Ұқтыр деп ұлға өмір, күн жүйесін.
Өзің-ақ кең көшеде тұрсын оған
Көрсетіп жақсылықтың дүниесін.

Көп емес кәзіргішe жылдар мың сан,
Тапжылмай осы арада өзің тұрсаң,
Ұлыңды, ұл бақыты – маңдайыңды
Келер күн шапағына шомылдырсаң.

Көп емес әр ғасырдың әрі өзінше,
Артықша анамыз деп сені білсе,
Сол кезде заманымның жақсы ақыны
Өлең боп айналаңа келіп жүрсе.

Жалынды бет алдына оқта-текте
Телмірсе фотоаппарат күнгей бетте.
Соның да суреттерін сақтар адам,
Қараңғы қалтада емес, көкіректе.

Солғұрлым сөз қалмайды жазға кімнен?
Демеймін осы өлеңді бастадым мен,
«Советтік ана» деген шежіреге
Бес-алты бет қосамын дастаныммен.

Жасана! Нан сырыма, күдіктенбей:
Жасымнан кемшілікке келем көнбей.
Сонда да солғын, айқын кемшілігім
Қалмайды қайда барсам көлеңкемдей.

Ал бірақ, еш қанағат күтпе менен,
Алдыма дәптерім кеп төселмеген...
Жел үзген жапырақтай қара жерге
Ойым жоқ бір сыбырлап түсем деген.

ІІ

Жас ана! Көз алдымда күнде менің
Баяғы қыз тұлғаңды бір көргенім,
Қырманнан қайтқанында тілхат үшін
Қиырдан зорға жетіп үлгергенмін.

– Мен ақын емес едім, ғапу, досым

Қалайша ық жағымнан өлең тостың?
Сен оны ұқпадың ба, ұйқасты емес,
Әншейін жүрегімді әнге қостым.
Өзіңнен (жаңа ғана шырқап салған

Тәтті әні көкешіме қона қалған) –
Тып-тыныш кешке салым кең далада
Жауабым осы-ақ болды күтіп алған.

– Көзіңнен бір ғажайып от алдым да

Көп тұрдым...
Енді қусам жете алдым ба?..
Сен бейне хикаядай ұзақ жолмен
Асығыс кете бардың бет алдына.

Асығыс кете бардың... Ұттың... Ұттың,
Жанымнан аулақ жерден ауа жұттың.
Айтылмай сол сағатта кейін қалған
Сөзімді менен емес, алдан күттің.

«Япырым-ау, осы сезім құдіретін,
Қай жақтан келіп мені бүгін елтті?» –
Деп едің, көп ойнаған кешегі доп
Алдыңнан әлденеше ырғып өтті.

Солайша басын шалып тас қиянын
Жаңылтпаш бола берді жас қиялың.
Сонда да алтын дала кең аспанын
Аққудай мың айналды жастық әнің.

Айқара нан жамылып жатқан жердің
Ол сәтте топырағын қалай көрдім?!
Көрмедім, сабағымнан мен де толқып,
Сен жаққа бір зерікпей қарай бердім.

Самалы келіп маған кешкі қырдың,
Аузымнан лебін алды терең сырдың.
Көзімнен сенің қараң үзілгенше,
Білмеймін, күбірледім, не деп тұрдым?

Ең ыстық өмір деп от деп ұқсақ,
Қып-қызыл орамалын соған ұқсап,
Үйіңе алыстағы кеттің еніп,
Қалды ма сол сағатта алдым босап?..

Немесе тіледім бе түн пердесін?..
Мылқау ма ертегідей менің кешім?..
Дыбысын тыңдадым ба үрген иттің,
Жамылып тілсіз жартас көлеңкесін?..

Өйтпедім, көз алмады күн де менен,
(Төңірек қайтсе-дағы көнген ем мен).
Сен кеттің - болашақтың мол теңізі
Алдымда толқып жатты көлденеңнен.

Білмеймін қанша уақыт тұрған едім.
Әйтеуір саған деген бір ғана едім:
Өзімше махаббаттың қорғаушысы,
Немесе соның шыны құрбаны едім.

Ұқты ма есепші деп мың ойлаған,
Баяғы төрт амалдан бір аумаған, –
Әйтеуір ақ қалпағын алшы киіп,
Еңістен қарай берді біреу маған.

Бәлкім, ол танып өтті реңімді
Көргенсіп төңіректе жер, егінді.
Мен бірақ сол мезетте ұқпай қалдым
Күндеп тыңдап жүрген жүрегімді.

Өсірген әр аптаны, әр айды ұғын:
«Жар» деуге аузым әрең жарайтұғын;
Бұл сәтте «ана» деуден ауыспады, –
Хақым бар ертеңіме қарайтұғын.

Білдім де өз антымды бұзбасымды,
Асығыс «ана» дедім қызбасыңды.
Ол кеште өзің тұрмақ сол үніммен
Оятып кетам дала, құз - тасыңды.

Майда жел айтқанымды ыстық лепті,
Аузымнан қағып алып қайда әкетті?..
Болған жоқ жаңғырықпен еш жұмысым,
Жалғыз серт жүремнен орын тепті.

Ант етем: ойламадым ашық түнде
Қалқаны бір сүймекке асықпын деп.
Өзімнің қасиетті идеялым
Одан да тұр жоғары, ашық гүлдеп.

Сенің де жүретұғын жастан аяп
Жүрегің қатты соқты жасқанбай-ақ.
Дүрсілі сені алдады, бір қолсағат
Астында жастығыңның жатқандай-ақ.

Сол жұмыр бір жапырақ етті шикі,
Махаббат сезіміне еттің ұйтқы.
Әзелден бірге түнеп жүруші еді,
Көрпеңді серпіп тастап жоғалды ұйқы.

Білмейсің, қайран ұйқы қай тарапта?
Іздеп бақ от денеңді қайта жаппа!
Баяғы өзің жатқан қарт бесіктің
Жанына бармады ма ойда жоқта?!

Бесікке барған болса кімді күтіп?
Күткені кешігер ме? Кім біліпті...
Он екі ай, бәлкім, күтер, яки бес жыл,
Бәрібір мақсатынан күнде үмітті.

Мен мұны айта алмадым, ол маңайда
Болмадым, ұзап кетам әлдеқайда.
Сонда да елес беріп көз алдында
Жоғалған ұйқы орнына болдым пайда.

ІІІ

Әмірі заманымның:

– Жасшылықта

Адал сүй, жақындама жат құлыққа,
Жарқ етіп біз туғанда бірге туған
Не жетсін жанға сая жақсылыққа?!
Әркімдер арнап жүрген асыл сезді

Жақсылық той үстінде қосты бізді.
Жырлар ем сол тойымның тамашасын,
Сұрапыл сезімімді бұлттай бұзды.
Аттандым!.. Басқыншыға қарсы кеттім!

Күлкі емес, қабатыма қар түнеттім.
Кім айтар, бақытымдай бидайымның
Орнына қай уақытта қан тіліппін?!

– Ашуға лық толушы ед біздің кеңсе,

Жапанда жалғыз мая шөп өртенсе.
Не болар жалын, түтін көкке сыймай,
Күйіктің ортасында адам елес?!
Жоқ, жолдас! Өртетпейді Отан ісін,

Бөтенге дарымаған даңқты күшім.
Жаназа бізге арналып жазылған жоқ.
Өлемін мың жылда да өлмеу үшін.
Жай кезде пейіл шағын, бой да кіші,

Өртенсе өсер адам ой, намысы.
Жақсы елден жарып шыққан бір мен емес,
Әркімнің осы болды ойдағысы.
Аттандым! Басқыншыға қарсы кеттім,

Сен қалдың, мен айшылық жерге жеттім.
Бәрібір от жалындай орамалды
Біз туған босағадан желбіреттің.
Көп көрдім түсімде де босағадан,

Кей уақыт кетеді екен босап адам,
Сонда да алға жүрдік, аямадық,
Бір солдат кейін басқан болса қадам.
Ғапу ет, өзімді айтып барады екем,

Мені де көрмеген соң бала бөтен,
Жоғалсын жақындамай кемшілігім,
Орным жоқ бұл өлеңде анамен тең.
Жас ана, мінімді осы түзеткенім:

Сен босқа босағаны күзетпедің.
Қайнатып көк құрышты, аяғыңнан
Тік тұрдың ұзақ таңға, міз етпедің.
Әжімнің маңдайында баспалдағы

Жанына танымас ем барсам-дағы.
Тік тұрдың тізе бүксең - сол зауыттың
Түсердей жерге құлап бар салмағы.
Әр сәтте шығарына есік дайын,

Тоқтау жоқ жауға атылар оққа дәйім.
Санап та қала алмадың минутына
Жарқ етіп неше атылды найзағайың?!

– Деміңді ал! Кезегіңе мен тұрайын,

Жалғасын еңбегіңнің жандырайын, –
Деді кім? Егде ме әлде, ересек пе? –
Бәрібір... (оған да оқ жондырайын).
Жемдедің үй маңында қояныңды,

Суғардың cәбізіңді, қиярыңды,
Салдырлап сағат сайын өткен пойыз
Жол жаққа тарта берді қиялыңды.
Үйде де еш тыныштық таба алмадың,

Сезбедің: желінбеді таба наның.
(Шіркін-ай, осындайда бір соқпады-ау,
Баяғы көңілің жай табар әнің!..)
...Құмартып суық шайды қайта ұрттадың,

Тек соны тілегендей ыстық жаның;
Дүние көз алдында дөп-дөңгелек,
Секілді өзің жайған дастарқаның.
Көзіңе елес беріп әр минутта

Окоптан бүлкілдейді бір пилотка.
Болған ба жасырынғыш, әлде бүгін
Атарға сүйгеніңнің оты жоқ па?

– Жоқ, қате! - дейсің тағы, - көктің ері,

Тау-тасты түгел тінтіп кетті бірері.
Әлемнің аспанына сол жігіттің
Даңқын ап көтерілді шет тілдері.
«Ешкімге өртетпейді Отан ісін

Бөтенге дарымаған даңқты күшім!
Өлмеймін!» деген еді кетерінде,
Оралар мен үшін де, сәби үшін.
Уа, сәби! - Құрсағыма бітпегенің!

Саған деп шайы көрпе бүктегенім.
Қай сағат әкең сені тыңдар еді,
Келмейді құлағыма түк дегенің.
Білмеймін қай сағатта үйге енерсің,

Қаз тұрып қай бұрышқа сүйенерсің?!
Сөйтсе де елестетші сол күніңді,
Ыстық жан сүйе берсін, сүйе берсін!..
...Мұны ойлап суық шайды қайта ұрттадың,

Тек соны тілегендей ыстық жаның.
Ал кенет ой өзгерді, кенет суық...
Жаңағы қайда сенім?.. Қайда жалын?..
Өзгерді ойын кенет жаңағыдан,

Есіңде жақсы түстей қалып арман,
Елестеп жел ысқырған айлы түн мен
Шулады көз алдында қалын орман.
Мейлің сен оны тағы неше жыл күт, –

Секілді өз үмітің алдамшы үміт:
Аударып ай жүзіне алақанын,
Шалқалап мәңгі ұйқыға жатыр жігіт.
Өзгелер мейлі кетсін, мейлі келсін...

Күзетте қарт қарағай, жел еңсесін,
Толқытса, ол қаралы ту секілді
Төндірді жас өлікке көлеңкесін.
...Осынша ойға батты жанын мінсіз,

Терезең тек бозарды, әлі күнсіз.
Жылар ма деген жандай үй ішінде
Көзіңнен тамшы күтіп мезгіл үнсіз.
Сен бірақ қайғы бұлтын күндей түстің,

Ежелгі әдетінше коммунистің.
Үйде де үй торыған қасірет емес,
Құрышпен бірге балқып, бірге пістің.
«Мен ақын емес едім!» деген достым,

Болған соң өмір - дастан жыр боп өтсін.
Басы жоқ, аяғы жоқ күнделікке
Былайша өз жаныңнан өлең қостың:
«Мезгілім! Күтпе менің жүдерімді!

Ол, бәлкім, қорғап әлі жүр елімді.
Немесе күліп тұрып елің кетті,
Бер маған сондай үлкен жүрегіңді.
Туады тек сол жүрек аса құнды,

Талантты генералды, жақсы ақынды.
Олардың ортасында орным шұғыла,
Жақындат ана деген жақсы атыңды!»
Жас емес, жалын болып шыққан шалқып

Осы өлең бүгін де тұр ыстық тартып.
Ал енді, әбден қара, мезгіл – өзен
Әкетті қай шамаға жүгіңді артып?!
Көрдің бе ұйтқып кетті ұл қолында;

Көрпеден демін тыңда! Демін тыңда!
Айтпақшы, бұл сағатта арманы жоқ
Баяғы сенен безген ұйқының да!..
...Енді ойла: жартас суға бас ұра ма?

Сәулесін күн теңізге батыра ма?
Қиялдың тереңінде жоғалды ма,
Баяғы елес күйі батыр ана?!
Өзің-ақ тыңдап қара! Бұл сағатта

Жүрегің баяғыдай қолсағат па?
Мадақтап көкірегіңнің түкпірінен
Тұра ма әлде біреу, қол соғат та?!

ҮЛKEH ЖОЛДЫҢ ҮСТІНДЕ

Бірінші тарау

Яки жетпіс, яки жүз,
Яки өтті сексен жыл –
Бәрібір сол Бетпақ түз,
Бәрібір сол сексеуіл.

Мейлі көктем, мейлі күз,
Оны қайтсін Бетпақ шөл,
Бәрібір сол сұрғылт түз,
Бәрібір сол тентек жел.

Сол себепті ай, күн мен
Жылын қозғап нетейік,
Әйтеуір бір тай мінген
Жолшыны айтып өтейік:

Ол таңертең не кеше
Кемпірге айтып сылтауын,
Шықты ауылдан немесе
Қалдырып кетті Қан тауын.

Жолшы қазақ - сол қазақ
Кете берді тепеңдеп,
Сол қазақты жел мазақ
Ете берсем екен деп,

Жұлқылайды етектен,
Құлағына сарнайды;
Кейде алдынан жетектеп,
Кейде артынан қалмайды.

Құйын соғып маңдайға,
Кездерін де күндейді;
Кім төзуші ед ондайға!..
Желді қазақ тілдейді.

Төзетұғын жөні жоқ,
Бәрін қазақ тілдейді;
Жол дейтұғын жолы жоқ,
Бағытын да білмейді...

Бірдемені сол қазақ
Бітіргелі жүр ме екен,
Әлде түзде сор – азап
Соны күтіп тұр ма екен?

Не боларын біз тұрмақ
Білмейді ғой өзі де, –
Әйтеуір бір шытырмақ,
Әйтеуір бір кезі де...

Жапанда латын ерте-кеш,
Жүрмейді бірақ, жай кісі;
Қоныс деген бір елес –
Үзілмеген қайғысы...

Қайғыны бекер бүркенбей,
Арманын іздеп аттанды;
Іздену десе іркілмей,
Сол үшін кейде мақтанды.

Еліне тарап жақсы аты,
Жер іздей берсе болғаны,
Сол еді барлық мақсаты,
Сөз емес басқа қалғаны...

Шөлдеді. Сапар ұзарып,
Берекесін қашырды.
Елесін Бетпақ қызғанып,
Сағымын да жасырды...

– Кәрі Балқаш алдымда

Жақын ба - деп қарады;
Жақындамай ол мұнда,
Алыс тартып барады.
Көлеңкесі жалбырап

Тұр алдында сексеуіл,
Саясына, ал бірақ,
Шықпас та қазір ексе гүл!..
Сөйтсе-дағы ежелден

Көлеңке аты көлеңке:
Қорғайды күннен не желден,
Сонымен тәуір сол өлке...
Жолаушы мұнда жатады

Едәуір салқын түскенше,
Өйтпесе шөлден қатады,
Өйтпесе мүлдем түсті енсе...
Есептеп мұны жолаушы,

Тағы да біраз ойлады;

– Жоқ қой, - деп, мұнда тонаушы,

Бұтаққа тайын байлады.
Тайды байлап бұтаққа,
Азықты басқа жастанып,
Өзің келсең шатаққа,

Күн көзшең жасқанып –
Аяушы ма ету жылан,
Арманыңды ол не қылсын!..
Әйтеуір бір өлсін жан,

Әйтеуір у төгілсін...
...Ұйықтады жолшы бишара
Көлеңкеде көсіліп,
Ұйықтаған соң не шара,

Қалды үкімі кесіліп.
Өрмеледі жүрекке
Мұз секілді бір сызық,
Осыны ол тілеп пе,

Осы ма еді бар қызық?..
Мүмкін — бейбақ ұлы күн!
Енді өмірдің мені не?
Сұм ажалдың ұрығын

Ектің ыстық тәніңе...
Түсін көрмей жаудың да,
Түсін марқұм өзгертті;
«Арман» деген аузында

Жалғыз ауыз сөз кетті.
Ақтық рет жанылып,
Зираты боп сексеуіл,
Көлеңкелі жамылып,

Қала берді шетте бұл.
Ұйықта енді,
Жолаушым,
Ұйықта ұйқың қанғанша,

Жарық жұлдыз сонау шың
Осы арадан жанғанша!..

Екінші тарау

Сөйткен кәрі Бетпақты
өзімсініп бүгін тым,
Серпіні де бек қатты,
Отыр менің жігітім.

Отыр ол әне ортада
Әңгімені қыздырып,
Достары соны қоршаған
Бар шығар, сірә, жүз қырық.

Барлығы соған құмартып,
Соның аузын бағады;
Алғысын да күнде айтып,
Арқасынан қағады.

Оқушы достым, ғапу ет,
Сәл кешігіп қалдым мен,
Керек еді-ау документ
Ол туралы алды мен:

Ол бір колхоз ішінен,
Ол өзінің үйінен
Келді шағын күшімен,
Жүрегіңнің сыйымен.

Кейде төсеп топырақ
Табанына темір жол,
Кейде осылай отырад
Алдына алып өмірді ол...

Өзге түгіл өзім де
Танымаушы ем басында,
Кешкі тамақ кезінде –
Палатканың қасында –

Бір тіл қатпай тұрған ол
Бес-он минут жат болып;
Отырған соң құйған ол
Жүз грамды қақ бөліп.

– Кел ішейік, дос! –деген,

Біздер жұтып салғанбыз:

– Шылымға ақша қос! – деген,

Сонда ұялып қалғанбыз.
Біреулерден сый көріп,
Ине-жіп те алысқан;
Біреулерге нан беріп,

Барлығымен танысқан.
Танып алдық: үстінде
Белбеуі жоқ бос халат,
Бола қалды үш күнде

Өзіміздің Есболат.
Сен де таныс, оқушым,
Дәл осы бір адаммен.
Саған жолдас ету үшін

Немді аяйын одан мен?!
Өлеңімді аясам,
Өкпе алармын мұнымнан:
Олақтығымды аясам,

Құр қалармын сыныңнан.
Бәрін бердім.
Иіліп
Таныс менің досыммен;

Ол да өзінше түйіліп,
Ол өзінше шешілген.
Ол да өзінше шалқыған
Ұзыннан-ұзақ бір дастан;

Оншалық мен шалқымен,
Оншалық мен сырды ашпан.
Колхозда оның өскенін,
Ерте бір кезде туғанын,

Соғысқа да түскенін,
Қанымен қарды жуғанын.
Ауылдан жүз хат алғанын,
Ауылда жарын құшқанын,

Тағы, тағы қалғанын
Айтпас, сірә, дастаным.
Мінезі қандай, мінезі!
Қызық қой оның сөздері

Алдымда отыр, міне, өзі,
Көзімде отты кездері.
Күлгені қандай сүйкімді,
Түнергені - қорқыныш;

Ұнатпайды ол ұйқыңды,
Таппайды да бір тыныш.
Басшылардың қасында
Басшыдай-ақ тұратын,

Аяғының басын да,
Әдеппенен бұратын.
Жігіттердің алдында
Одан асқан қылжақ жоқ,

Әйелдердің алдында
Одан момын бір жан жоқ.
Шынын айтар алдында
Шылым тартып алатын.

«Өтірік» айтар алдында
Бір жөтеліп қалатын.
«Өтірігі» залалсыз
Дуылдаған күлкі еді

Өтірікпен ол зірсіз
Бүйрегіңнен түртеді.

– Соғыста мен өліп қап,

Келесі күні сағатым
Құлағыма төніп қап,
Оятты, - деп те соғатын.
«Өлім деген түк емес,

Ішпей-жемей тоятын
Ертегідей бір елес
Екен», - деп те қоятын.
Сене қал сан бөркіңнің

Маңдайынан басатын.
Жатарда күлсең ұйқыңның
Бәрі сенен қашатын.
Ал, бүгінгі сөздері

Қалжың емес, күліп емес,
Қабағы мен кездері
Не қайғының бұлты емес.
Отыр ол әні ортада

Әңгімені қоздырып,
Достары соны қоршаған
Бар шығар, сірә, жүз қырық.

– Сөйтіп, - деді, - атамның,

Зираты боп сексеуіл,
Маған тастап атам мұң,
Қала берген шетте бұл.
Мұң мен зарды неттім мен

Бейнет қылып басыма?..
Оны тастап кетам мен
Жалбыр тонның қасына.
Тек марқұмның бек қымбат

Таптырмапты сүйегі.
Енді ойласам сол зират
Осы адырдың жиегі.
Қала берсін ол мұнда

Өлген солдат болсын да;

– Мен жеңейін! - дейін де,

Мен түсейін бұл сынға!

Үшінші тарау

Әдебиет тілінде
Жас дейді ғой біздерді;
Сөйтсе-дағы бұл күнде
Жағдайымыз өзгерді.

Кітап деген мың сан ат
Біз оқыған күйде тұр;
Ағаш атты ноқталап,
Баламыз да үйде отыр.

Олай болса біз де ойдың,
Тереңіне кетейін.
Жүзін қойып геройдың,
Жүрегіне жетейік.

Жүрек деген жалын деп,
Мың сан рет айтқанбыз;
Қасына сол жалын леп
Талай барып қайтқанбыз.

Бүгін де сондай жалыннан
Берер едік біз хабар.
Жігіттің кекке малынған
Жүрегінде мұз да бар.

Мұз да бар. Оның себебін
Айтпай тұрып, автордың
Баяндауы дегенін
Осы араға ап кірдім.

Ертерек тұрып Есболат,
Есболаттың достары
Москваны естіп ап,
«Москва» әнін бастады.

Орнында РВ1 күндегі:
Сөйлеп тұрған - Москва,
Соншалық таныс үндері,
Жаныңа жақын дос бұ да.

Ондағы сағат - махаббат,
Онсыз өмір сонша жат;
Іске де жұртты бастайды
Бетпаққа келіп сол сағат.

– Сөйлеп тұрған - Москва!

Москва таудың басында;
Аспан да, жердің асты да –
Бәрібір сол Москва!..
Жаныңа жақын Москва,

Қайда барсаң қасында;
Қопартад саған тасты да;
Өлеңнің өзі осында...
...Жан күйін шерткен Москва

Үндері ешбір тынбады;
Құлағын киік тосты да
Елегізіп оны тыңдады.
Әуелі тіпті қашпады,

Тыңдады бұрын жоқ әнді.
Одан соң беріп тастады,
Тозаңын ертіп жоғалды.
Тағылық солай тағы да

Қалдырып кетті Бетпақты.
Өмірдің болашағы да
Адам боп келіп от жақты.
Адам боп түтін ұшырып,

Адам боп қамыр иледі.
Адам боп қазан түсіріп,
Адам боп күле сөйледі.
Адам боп кейде көрісті

Сүймендер үшін, балға үшін
(Керістің өзі келісті
Болашақ үшін болғасын).
Одан соң біздің Есболат,

Есболаттың достары
Кете берді кетпен ап,
Кейін қалды қостары.
Жел болып бейне асқынған

Кеудеге намыс, құйылды ар;
Күректердің астынан
Тұра қашты құйындар.
Зембілді, «ЗИС»-ті қамалап

– Әуп!

Әупке басты жас жігер.
Әжімнен талай домалап,
Аунады құмға ащы тер.
Төселді жерге төрт пикет

Кәдімгі биік жал табан,
Ал қызыл кисет, көк кисет
Сан рет шықты қалтадан.
Жарылғыш дәрі жотада

Гүрс етті, шошып кетпеңдер;
Тұрпайы теңеу болса да,
Қаңқ етті дейік көк пен жер.
Асығып Есбол жүріп-ақ

Әкелді нелер әзілді;
Қонышқа кірген құм тұрмақ,
Әзілмен тастар қазылды.

– Қайда екен, - дейді ол, –

Қарақұрт,

– Қайда екен, - дейді, –

У жылан? –
Мырс етіп соған қара мұрт,
Қарқылдап күлді жас ұлан.

– У жыландар дәл бүгін

Жарылып бірге таспенен,
Романтика дейтұғын
Содан да туды жақсы еден.
Күрек те өлең, «ЗИС» те өлең,

Бәрін де соның білдік біз.
Бәрі де бізге тиісті өлең,
Бәрін де жинап жүрдік біз.
Метрлі адам белсенді,

Метрі оның ұзақ тым, –
Сонымен қимыл өлшенді,
Сонымен өтті ұзақ күн.
Жақындап келді біздерге,

Кешегі кештен басқа кеш;
Ол жана өнім кездер де,
Әкелер бізге басқа үлес.
Диамат заңы осы ғой,

Ойлап та қойдық оны біз,
Кейінде қалып кешегі ой,
Биікке шықты жолымыз.
Сонау бір соғыс кезінде

Тартатын труба дауысы.
Күн батар кезде безілдеп,
Тіл қата берді тау іші.

– Келіңдер, - деді ол, - тамаққа.

Тастаңдар, - деді, - жұмысты;
Жігіттер зулап ол жаққа,
Соңында қыздар күлісті.
Бәрінен «үнде солардың

Екі адам кейін қалатын.
Біреуі Есбол олардың
Біреуі Попов болатын.
Екеуі күнде сырласып,

Төбеден жайлап түсетін;
Бүгін де жеңіл сырды ашып,
Келеді мақтап құс етін.

– Атсақ-ау шіркін бір құсты!

– Құс қайдан жүрсін Бетпақта?!

– Көл болса шіркін қамысты!

– Көл тұрмақ, жоқ қой батпақ та.

– Жол менен көлді бұл жаққа

Әкелер адам - біздерміз.

– Ендеше осы құндақтан

Түбінде құсты біз жерміз.

– Емес пе солай?

– Солай той.

«Солай ғой» мақұл көрінді
Қалай қойсаң, олай қой
Поповтың сөзі орынды.
Попов деген ым дейсің?

Поповты, достым, білмейсің...
Попов деген инженер,
Сюжетке о да енді енер.
Онысы ол ғой, Штабта

Парторг біздің бұл кісі.
Міндеті оның уставта,
Қызметі - күрес ұлпа.
Жүрген соң даңқты жыл үшін

Жүрегін жұмсап бұл кісі,
Жүрегінің жұмысын
Келеді жақсы білгісі.
Сен үшін ыстық жаны бар,

Қорғасаң жұрттың ұятын.
Жұп-жұмсақ алақаны бар
Арқаннан қағып қоятын.
Бүгін ұрсып еді деп,

Поповқа жақпай қалмайсың,
Бүгін жақсы деді деп,
Ертең шалқая алмайсың.
Оған өтірік айтпайсың,

Сөзін де бір кек тұтпайсың.
Сенімін оның ақтайсың,
Өйтпесең, түк те ұтпайсың.
Өйтпесең қалай деріңді

Білмейсің, оған келесің;
Жиналыста теріңді
Арқаңнан сығып бересің.
Сылтаулар іздеп ол кезден,

Таппаған соң төзесің;
Ақыры қиқар мінезден
Ертең өзің безесің.
Құпия жоқ еш мұнда.

Сөлекетте жоқ оншама, –
Бір түсіп шыққан Есбол да
Осындай ыстық моншаға...
Кеудесі бейне кең сарай,

Командир десе - командир;
Әнгіме қылар келсе орай,
Поповты кім жаман дер?!
Попов бейне әкеңдей,

Тұрған бойы - ізгілік.
Аспаннан сөзді әкелмей,
Айтамыз ғой біз біліп.
Сол Поповтың жанында

Келеді басты геройым;
Сақталып жүрген жадында
Айтпақшы еді бір ойын.
Попов та оны қолқалап,

Асыға күтіп сұрағын,
Жел жағын қол мен қалқалап,
Тоспақшы еді құлағын.
Ал, бірақ, біздің Есболдың

Айтылмай қалды әлгі ойы;
Деді ме бәлкім: Түс көрдім... –
Мелшиіп қалды тал бойы.
Баяндау бітті осымен.

Жүрегі мұздап, әлгі ойы
Айтылмай қалды досымның,
Мелшиіп қалды тал бойы.
Мелшиіп қалды... Алдында

Қуарып жұмыр бас жатыр:
Ұқтыра алмай қалдым ба?
Кінәмді онда кеш, батыр.
Мұз болып жүрек түбінде

Жаңағы жатқан осы еді.
Бұ да бір керек, тегінде
Мұздап та жүрек өседі.
Әлбетте, емес жаңалық

Немере келсе зиратқа;
Ал, бірақ осы таң қалып
Тұрғанымыз зират па?..
Минуттар өтті тым-тырыс,

Оқылмай қалды ескі аят;
Қай тұрыс еді - бұл тұрыс,
Болмады ма екен босқа ұят?
Әрине, ұят емес бұл,

Келгені - жақсы келіс қой.
Шалың да төзсе мұнша жыл,
Өлгені тәуір өліс қой.

– Атам ба, өзге адам ба, –

Бәрібір адам солардың;
«Адам» дейін одан да,
Сыйлайды ғой соны әркім.
Қала берсін ол мұнда,

Өлген солдат болсын да;

– Мен жеңейін! - дейін де,

Мен түсейін бұл сынға! –
Есітті мұны инженер,
Түртіп те қойды дәптерге;
Кешікпей бұлар енді бір

Өрмелеп бара жатты өрге.
Сөйледі сонда инженер,
Не деді? Бәсе, не деді?
Есболға қарай:

– Бұл қай жер,

Сен білесің бе? – деді.

– Білемін, - деп ап, соңында

– Білмеймін, –

деді Есболат.

– Білмесең, қазір сен тыңда.

Бұдан қалсаң кеш болад.
Сонау бір жалғыз сексеуіл
Аумағын перрон алады;
Атаңның орны шетте бұл

Жұлдыз2 боп жанып қалады.
Вагонда қыз ба
Не кетік
Бала ма, –

Бәрін көреді;
Терезе өтсе жарқ етіп,
Сығалап қала береді...

Төртінші тарау

Сайлардан көпір салғызып,
Жолдағы тауды жұлғызып,
Түн сайын деміңді алғызып
Күн шыға берсе, сол қызық.

Қараңғы түнде Бетпақтан
Ғажайып сурет көргізіп,
Алдырмай көзді от жақтан,
Кеш бола берсе, сол қызық.

Табысты күннің талайын
Қарсы алдық санын жаңылдық,
Әдемі кештің талайын
Үстімізге жамылдық.

Баяғы төбе, зираттар
Ұзап та қалды кейінде.
Жүздеген шоқы, бұйраттар
Жұртымыз болды дейін де.

Көш-жөнекей машина,
Аялдап, мотор суытып,
Немесе жартас қасына
Тоқтады талай су күтіп.

Талай іннен мал аттап,
Қабаққа талай жол түсті;
Өгіздің салақтап,
Өзгені де шөл қысты.

Арба үстінде мезгілсіз,
Мазамызды ешкі алды.
Аспазшы әйел дегбірсіз,
Ешкі өлді деп те еске алды.

Әр жұртта қалды Есболдың
Тоттанып сынық біздері.
Үстінде тозды тас жолдың
Ертерек басқан іздері.

Осынша күн мен түндерді
Есепсіз аттап кім өтпек?!
Тарихтар қалып үлгеріп,
Бәрі де соның бір мектеп...

Есболым болса, үйрендің
Мақтаулар оқып газеттен;
Көтеріп тұрған сүйменді
Суреті өзін мәз еткен.

Ал, кейде жылан жаралап,
Бақайынан «ен салды».
Сортаң су ішін аралап,
Ішегі шулап «ән салды».

Көп ішек «әні» жалғасып,
Сондықтан жаза күн сайын:
Ондайда тыныш, жайғасып,
Дұрыстап ішсін кім шайын?..

Обалы нешік, зулайды
Цистерна елу бөшкелік.
Жетпейді - халық шулайды,
Тұщы су кейде кеш келіп.

Штабтың қанша дәрігері
Емдеді қызды, жігітті;
Осының бәрі ілгері
Достарды күнде жүгіртіп.

Іздері қалып тым кейін,
Өздері кетсе ілгері,
Достарға себе күнгейін,
Жылжиды күткен жыл бері.

Нешелер тәулік бір десте
Зымырап түзу оқтай-ақ,
Әкелді мына бір кешке,
Тоқтайық мезгіл ұтпай-ақ.

Жағалай оттар жағылды,
Ұзыны жетпіс шақырым;
Бір жерде түндік жабылды,
Біреулер тікті шатырын.

Бір жерде тыңдап күйлерді
Жүз адам асын бірге ішті,
Бір жерде билеп билерді,
Қарсы алды бәрі бір кешті.

Жағалай оттар жағылды,
Ұзыны жетпіс шақырым;
Алыста жанған жағымды
Тауды да бұзып жатыр үн.

Салбырап тұрған аспаннан
Бейне бір қызыл шымылдық;
Майдан да дерсің басталған,
Сәулеге түнде шомылдық.

Іргесі отпен түрінген
Осындай ғажап кеш болды;
Қайсыбір оттың түбінен
Табамыз енді Есболды?

Таппаймыз оны бұл кеште
Ешқандай оттың қасынан;
Ешқандай хабар бермес те
Сұрасақ өзін қосынан.

Себебі десең, себебі –
Кешеден бергі өзгеріс:
Кеше жұрт«Барсақ, - деп еді,
Қосымша суға өзгеміз».

Шофердің бірін штабта
Бірлікке3 суға жұмсаған;
Делінген оған: «Аз тоқта,
Ереді бүгін кім саған?»

Ентелеп келіп Есболат:

– Бірінші күні мен... - деген.

«Кезегің кейін, қосқа кайт,
Дамылда!» десе көнбеген.

– Ішектің, - деді ол, - анты бар

Тұщы су толмай тоқтамас,
Сүйменге сәлем айтыңдар,
Бір күнше мені жоқтамас.
Бір күннен әр біріміз

Ыммен суға барсаңыз...
Кезекпен сөйтіп жүріңіз,
Шөлдемеу үшін шаршаңыз!
Отырма тастың ығына

Мұқансың яки Мұқсина –
Әйтеуір жұмыс шағында
Ішіңді басып мықшима.
...Алыста, алдатушы су,

Жетпеді, бітті ащы су.
Қайтайын десе батырым,
Жаяуға жүз он шақырым.
Жетер еді-ау оған да

(Одерден өткен солдат қой),
Жұтатын ылғал жоқ онда,
Денеге тірі сол жат қой...
Жатыр ол жолда далада,

Бұзылған «ЗИС»-тің жанында;
Жауынгер сынды дәл ода
Әйтеуір жеңу қамында.
Екінші тәулік дәл бүгін,

Тамшы су түске енеді;
Қуаттың жинап барлығын,
Сонда да күшке сенеді.
Ысқырып жел де шығады

Бейне бір сенің қожаңдай,
Аузына құм да тығады
Кәдімгі сайқал ажалдай.
Әзілді қойшы, «азғырып»

Ерте келер, кеш келер...
Одан да жаман аздырып,
Мөңірейді екен бөшкелер.
Мөңірейді екен заңғарың,

Аузына өзің жатпасаң;
Өзгелерін шалбарын,
Бешпетіңмен жаппасаң.
Ерінге пәле шөлде екен,

Ерін керек өлмесең,
О да бір кепкіш сорлы екен,
Өзін жалай бермесең.
Болмайды екен бос жатып,

Өзің тірлік қылмасаң;
Тым болмаса кез сатып,
Дыбыс күтіп тұрмасаң.
Қайдағы бір жалаңаш

Елестеп, сіңір жілік те,
Ақситып тісін бір қу бас
Қояды бейне күліп те.
Өлімді қойшы, ол құрғыр

Ерте келер, кеш келер...
Ойнағалы даяр тұр
Қаралы күйді бөшкелер...
Қатерді жігіт жеңбесе,

Үмітім менің еш болдың.
Түрлігіне сенбесе,
Өлгені мұң ба Есболдың?
Өле қалса емес жат,

Әйтеуір бір тірі адам.
Сорлатып кетсе, сол ұят
Жүз адамды бір адам...
Ұқпайсың бізді демейік,

Емессің ғой ез жігіт;
Есбол-ау, саған сенейік,
Таңдайын жұрттың тез жібіт.
Жетпесең суға өзің кел,

Тым болмаса сенбейік;
Тым болмаса өзің ел,
Немесе тіпті өлмейік.
Өлмейік! - деп бір жолдас

Қақсап тұрған секілді;
Елестің соңы - бұл жалғас
Жатқызбайды өкілді.

– Өлім деген түк емес,

Ішпей-жемей тоятын.
Ертегідей бір елес
Екен, - деп те қоятын.
Есіне түсті өзінің

Баяты бір қалжыңы.
Жанары жайнап кезінің,
Саңқ етіп шыға қалды үні.

– Өлемін десең ұтылдың,

Өлмеймін десең құтылдың.
Өлмейік, бері кел, - деді,
Шопыр оған көнбеді.

– Кетейік, достым, кетейік,

Салқындау екен түн, - деді.
Одан бетер кекейіп,
Шопыр оған көнбеді.

– Кешеден бері Бетпақтың

Әкесін, аузын қос қабат
Тілдегенмен не таптың?..
Тұрасың! - деді Есболат.

– Тұрасың! – деді.

– Тұрмаймын.

Есболдың беті тыржиды;
Соғыстан қалған баяғы
Ашуын тағы бір жиды.

– Тұрасың! – деді.

– Тұрмаймын.

Есболат жиды жігерді;
Десе де қолы бармаймын,
Жағадан жұлқып жіберді.
Сілкілеп өлер жерінен

Тұрғызып алды жолдасын.
Жолдасы жуас бірінен,
Қаққыштай берді жамбасын...

– Үлкен істің жолында

Өлемін деме, түк деме!
Өлемін деп қолым да
Жұлқылап жатыр, кектеме!

– Ұқтың ба енді?

– Ұқтым ғой.

– Бешпетің қайда, нан қайда?

– Нанды жеп күндіз құрттым ғой,

– Нан жемеу керек мұндайда.

– Жүресің енді

– Жүрейін.

– Өлмеймін енді.

Өлмеймін.
Жөнеліп кетті екеуі
Шопыр алда,
ол - кейін!

Түнімен жүрді жол ұзақ
Алысқа сүйреп барады.
Осы бір сыннан жалғыз-ақ
Жаяулар етсе жарады...

Қарсы алды талай сексеуіл
Немесе бір топ баялыш.
Шықпайды мұнда ексе гүл
Осы бір жері аяныш.

Баялыш құрсын, баялыш
Алып та қалды ұлтанды;
Ұлтан да құрсын, жол алыс,
Бөгелмей өткіз бұл таңды.

Жұлдыздар біздің шамдай бір
Әуелі жымың етеді.
Жұлдыздар ақса, ондай бір
Теңеуің текке кетеді.

Аспанның бұлты «Ақ бүйрек»
«Ақ бүйрек» - нағыз алдамшы:
Тамсанып оған не керек,
Тамызбас, сірә, бір тамшы...

Сорған судан не пайда?

– Қасында құдық, қосын жоқ.

Төтесін айтсақ, мұндайда
Самалдан басқа досың жоқ.
Таңдаулы досың болса да,
Қашанға салқын төзеді.

Күн қызған соң дәл со да
Қасыңнан мүлде безеді.
Таң да жақын, жол ұзақ,
Енді не жағдай болады?

Шөл азабы - мол азап,
Шыдамай шопыр құлады.
Осы бір сағат тым-тырыс
Тудырып еді ер ойды.

Тағы да елес - қорқыныш,
«Азғырып» еді геройды.
Осы бір кезде жарқылдап
Жүгірген отты көз шалды.

Жүгірген оттар жақындап,
Бойға бір кенет күш салды.
Қайтып та келді баяғы
Қуақы тілі жігіттің.

Қуақы тілдің аяғы –
Үлкені ғой үміттің.
Жер құшып жатқан шопырға:

– Жер, күш па! - деді Есболым, –

Барып ел сонау көпірге,
Мынауың сенің ескі елім.
Шопыр байғұс сол жатыр,
Шопырдың сөзі

– Ей, батыр,

Өзім құлап жатқанда
Мазаламай қоя тұр.
Қоймаймын сені шөл ұрды,
Сен де оны ұр енді –

Ұзартқалы өмірді
От келеді, тұр енді.

– От деме, ойбай, от деме,

Менің де денем - от дене.
От десең қазір өлемін.
Су десең түрегелемін.

– От дегенім - су деген,

Жақындап қалды, тұр жылдам!
Дыбысын тыңда гулеген,
Маңдайын бері бұр жолдан!..
Орнынан қалай тұрды екен,

Ұқпай да шопыр қалыпты;
Қалталары түрлі екен,
Бәріне қолын салыпты.

– Таптың ба?

– Таптым, шіркінім,

Жанып қал өмір жолында! –
Жалыны жалғыз шырпының
Маздады шопыр қолында.
Көтерді оны Есбол да,

Маздады жалын, маздады.
Жалынды қойшы, ет - қол да
Жалын боп жана жаздады.
Машина жетті: Поповы

Кеңеске жүрген қалаға.

– Елсізде кімдер қапа бұ?

– Біздер ғой. Мүмкін хал, аға.

– Екеуміз бірдей өлік ек,

Екеумізді де тірілттің –
Дегісі Есбол келіп ед,
Биледі күші тірліктің.
Сөз тұрмақ - осы мезетте

Суды да жігіт ұмытты.
Попов та бейне күзетте,
Попов та үнсіз үмітті.
Поповты жігіт көрді де,

Жанары бейне шоқ болды.
Құшағына кірді де,
Азаптың бәрі жоқ болды.
Бесінші минут су берді,

Алтыншы минут үн берді.
Аз ғана сөзбен Есболат
Жаның да жайып үлгерді.

– Әкеме Бетпақ таптырмай

Алып қап еді-ау әкесін;
Қолыңды берші, япырым-ай,
Әкемнен артық екенсің.

– Сен, - деді Попов Есболға, –

Мұндайда бәлкім өлерсің.
Немесе біздің жас жолға
Өлмей-ақ қайта келерсің.
Екеуі де үлкен десек те,

Екеуі де емес зор түтін.
Ілгері қарай жетекте
Көкірегіңнің op күшін.
Қосынды қазір қос деме,

Бармайтын жерің ол сенің:
Ұмыттың ба, есте ме
Жолдасқа берген зор сенім?..
Жолдас деген қандай көп,

Үміт деген қандай көп!..
Есіміңнен осы күн
Нәр алып жатқан таңдай көп.
Қақың жоқ кездің барлығын

Бетіңмен ыстық қаруға, –
Достығым менің, жарлығым:
Баяғы сертте қалуға!

– Көрмеймін әзір елді мен,

Жеңейін, рұқсат беріңіз.
Сондайлау болдым енді мен,
Сондайымды көріңіз.
Бірлікке сонау жетемін,

Жаңғыртам шайды, кеспені;
Алғыстың ыдысы етемін
Кешегі мұңды бөшкені.
Көрінген сонау қырқадан

Кепілім болсын ала таң!..
...Қағып та қойды арқадан
Жұп-жұмсақ таныс алақан.
Басқа сөз таппай парторг:

– Кепілміз, - деді - бәріміз!

Көзіңде тұрды бар көрік,
Жаны бір - намыс, арыңыз.

– Бірлікке қазір жетеміз.

– Бензиннің ғана жұмысы ол.

– Барлығын айтып нетеміз?

– Барлығы деген, міне, сол...

Достарым солай ұйғарып,
Шылым да шекіп, нан жеді.
Шырқалды ән де ырғалып,
Баяғы шопыр әнші еді.

Достарым кетті жолға ұзақ,
Жаңа күн шықты қызарып;
Баяғы жерде жалғыз-ақ
Баялыш қалды бозарып.

Бесінші тарау

Төбеден төніп күн көзі,
Қайнатып миды тұр ыстық.
Бұл емес жұмыстың кезі,
Мұндайда керек тыныштық.

Мұндайда соңғы хабарды
Оқимыз, тыңдап білеміз;
Дүкенге жаңа тауарды
Көреміз деп те келеміз.

Орташа болса бір етік,
Оншалық сипап жатпаймыз.
Жақсылау болса дүрлетіп
Он шақты минут мақтаймыз.

Жамандау болса бір етік,
Бәріміз шулап күлеміз.
Сол кәсіп орнын жыр етіп,
Хат жазып бетін тілеміз.

Одан соң үйге қайтамыз,
Шұлғауды қатар жаямыз;
Әнімізді айтамыз,
Көйлекті шешіп қоямыз.

Осы бір жатыс - сол жатыс,
Көреміз бәрін, тыңдаңыз.
Көру мен тыңдау қымбат іс,
Басқаны қойдық мұнда біз.

Сырттағы қысқа көлеңке,
Үйдегі салқын құм үсті.
Қаз-қатар тұрған кабинке –
Бәрінде соның жұмысшы.

Бәрінен жалғыз сыр таптық,
Барлығын шындық тұр бағып.
Бәріне ортақ бір шаттық,
Бәрінің сөзі бір бағыт.

Барлығының есінде
Таңертең келген тұщы су;
Демейді ғой ешкім де:

– Салбырап көктен түсіп су.

– Бүгін сол Бірлік суына

Барады автоколонна;

– Берейік еркін жуына,

Моншаны қолға ал онда.
Журналист жүр ғой осында,
Жазатын шығар бұл жайды.
Бұл жайды жұмыс басында

Жазбаса, несін бұлдайды?..

– Білуші ме едің, бұл суды

Өзі бір жақсы үгітші;
Тасты да керім қазушы,
Есболат деген жігіт ше...

– Білем ғой оны. Ол жойқын

Суға салсаң батпайды.

– Оның өзін күнбе-күн,

Қыздар мен шалдар мақтайды.

– Ол өзі тебен, бізіңді

Келістіріп істейді

– Ет берсең, мол бер тұзыңды,

Сорпаңды да осал ішпейді.

– Әкелген суы нұр екен,

Жұтып ал, достым, жұтып ал!
Ішінде шипа жүр екен,
Жұтып ал, достым, жұтып ал!
Ішек те енді қайсыбір

«Ән салмайтұғын» боп қалды.
Әңгіме соны жай сыбыр,
Ұйқыға барып тоқталды.
Осы бір тыныс кезінде,

Күркенің көлеңкесінде
Есболым етік жөндеді,
Мұртын да аздап өңдеді.
Ұстара, бізді жинап та,

Қаламға тиді оң қолы;
Жазылып жатыр минутта
Бес жолы яки он жолы.
«Т» дегені «Ш» болып,

Әйтеуір ирек шұбалып,
Асыққанда умляут
Қалып та жатыр жоғалып.
Батпақты жолдан: «Бек қымбат»

Деген бір жазу орын алған.
Мұның өзі - сәлем хат
Әйелше арналған.
Нұсқасын сақтап із етіп,

Не керек өңдеп, өсіріп;
Кей ернін ғана түзетіп,
Жазамыз хатты көшіріп.
«– Үлкен хат жазған екенсің,

Сүйіктім, менің бикешім.
Алыстан әмір етесің,
Сен болсаң енді сүйтесің.
Алғашқы жазған хатымды

Мазмұнсыз жырға теңейсің;
Соңына қойған атымды
Қалайша мазмұн демейсің?
Қиынның бәрін айтар ем,

Емессің ғой сен бастық;
Оңайдың бәрін айтар ем,
Болмайды о да жолдастық.
Әйтеуір тас пен топырақ,

Көлеңке, от, су, аңызақ;
Біз салған көпір кеп, бірақ
Солардың жолы әлі ұзақ.
Оларды жылы жабайын,

Хат емес олар, - роман;
Жазушы іздеп табайын,
Өзімнен кітап сұраман.
Әйтеуір ұзап барамыз,

Біздер бір солдат, жол - бастық.
Ұзаған сайын арамыз
Жазайын хатты жолдастық.
Суретімді қайтесің,

Ол шіркін даяр болған жоқ.
Жүдемедім, бикешім,
Немесе бетім толған жоқ.
Шекем де бейне тоқпақтай,

Мақтамайды оны жұрт аса.
Баяғы мұрын шоқпақтай,
Баяғы жауырын орташа.
Омырауым, ернім, маңдайым –

Жазғанмен бәрін не өнеді...
Жазбасам да ондайым
Түсіңе бәлкім енеді...
Арқаға укол салдырдық,

Сақалды жиі алдырдық;
Шашымыздың барлығын
Жұртымызда қалдырдық.
Жаңадан қойған мұртым бар,

Оның да өзі тым сирек.
Осындай менің сыртым бар,
Сыртыммен жүрмін құм сүйреп.
Әңгіме сыртта емес қой,

Әңгіме адам ішінде.
Өзімшіл деме, кеңес қой,
Айтамын соның үшін де.
Жазбадым, жаздым я қысқа

Бұрынғы әзіл, ойынды.
Ғапу ет, осы бір тұста
Ресмилеу көрдім бойымды.
Әйтеуір осы бір тұста

Ресмилеу көрдім бойымды,
Сенімді біздің пошта
Жеткізсін мұндай ойымды.
Соғыста жүріп, жаңадан

Комсомолға кіргенде,
Тұлғасы бүкіл жаңа адам
Тұрма екен, деуші ем бір менде.
Ойласам енді толғана,

Жаңарту үшін көнені.
Алыппын онда бір тана
Алғашқы кепілдемені.
Көріп ем күшпен аттап құз,

Ширатып бүкіл денені,
Алды ма тосты Бетпақ түз
Екінші кепілдемені.

– Кепілміз, - дейді, бәріміз!

Болатын шығар сол солай.
Болмаса неге дәріміз?
Болмаса айтты ол қалай?..
Түсінем. Түсті ойыма:

Еңбегім жалаң ақша емес.
Не ертең жолдың бойына
Өсетін ғана бақша емес.
Ол шіркін өзім екенмін

Бұл қалпымнан үлкендеу.
Әлде де сырын шекемнің
Ашар ем, әттең, тіл кемдеу!
Күтіп те жүрмін бұл күнде

Екінші кепілдемені.
Оны алып үйге кіргенде: –
Келді бір өкіл, - де мені.
Партияның құрметті

Атынан үйге кіремін;
Одан соң өтеп міндетін,
Кеш қайтып үйге жүремін.
Одан соң мен де өзгені

Намысқа қарай бастармын.
Өмірдің солай безбені;
Өмірге солай құштармын.
Бөлмеде мені ұқпайсың,

Ойынды келтір Бетпаққа,
Осыған еш мін тақпайсың,
Осы бір хатқа кеп тоқта».
Мақтаулы хаттың соңында

Жылы жоқ, айы, күні жоқ.
Немесе заңды орнында
Автордың аты-жөні жоқ.
Жалғыз-ақ конверт түбі не

Бетпақтың желі құм салды;
Емес қой зиян түбінде
Десе де:

– Мұны кім салды?

Хат салған сайын ол бастан
Мазмұн деп атын жазатын,
Неліктен жігіт жолдастан
Аяды бүгін өз атын?

Аямады оны, ұмытты,
Бүктеді хатты, жөнелтіп.
Алдына тосып үмітті,
Қиялы ыстық оны елтті.

Бұл сәтте күн де мызғыпты,
Көлеңке ептеп ұзарып.
Трубаның даусын сызылтты,
Аулаққа бір қыз барып.

Бұзып та кетті бұл бір саз
Сыбыр мен ұйқы, қиялды.
«Тұр - тұр!» мен айғай, күліп – мәз
Машина маңы, үй алды.

Жігітке біздің: - Тез жүр! - деп,
Ым қағып, көзін бір қысып: –
Кабинаға тез кір, - деп,
Ап кетті оны бір пысық.

Өлетін енді түрі жоқ.
Баяғы шопыр - бұл пысық.
Белгіні жанның бірі боп,
Қатермен өтпек жұлқысып.

Кейбірі желде далақтап,
Кейбірі ықтап қонақтап.
Жай ғана cілкіп желбауды,
Желпілдеп тұрған шұлғауды, –

Аяққа орап еркектер,
Тепкілеп жатыр етікті.
Ақ шәлі, жасыл етектер
Ол сәтте ұзап кетіпті.

Шарттасу түбі - жарыс қой,
Әйелдер тегі намысқой.
Тезірек! - дейді бригадир,
Бірі:

– Кеттім, - дейді.

Бірі:

– Қазір...

Аспаптың бәрін салдырып aп,
Машина барып тұр бұрын;
Арбалар кетті салдырлап,
Пар аттар тістеп бір-бірін.

Салдырлар ұзап аулаққа,
Қостардың маңы бос қалды.
Барайық сонау тау жаққа,
Тау жақта жұмыс басталды.

Алтыншы тарау

Көп адам сонау төменде
Көпірге тіреу қойып жүр;
Көп адам сонау төбеңде
Құдықтың тасын ойып жүр.

Есеп емес аз-көбі,
Біреу сай, біреу жонда жүр.
Әйтеуір еркім өз тобы
Қайда болса, сонда жүр.

Табанның тыңдап тырсылын,
Жүре бермей қайқайып.
Тұтатып алып бір шылым,
Әңгіме аздап айтайық.

Қараңғы түнде қалғитын,
Күндіз де дайым мелшиген.
Басынан қиқ қарғитын,
Жақпарын жалғыз жел сүйген.

Дәуірдің талай қыртысын
Бүктеген суық бауырына.
Салмағын таудың бір түсін,
Арқанды тосып ауырына.

Өзің ғой, достым, ондайға
Арқанды қайдан тосарсың?!
Мезозой яки сондайға
Қанынды қайдан қосарсың!

Ертегі - «аңыз үгіттің»
Бос жолын қуып қайтерсің!
Шын жолын біздің жігіттің
Одан да көзің жай көрсін.

Ілестің маған оқушым,
Күй қарындас, күй ата...
Бәрібір ғой оқу үшін,
Ап кеттім сені қияға.

Бір-екі тасқа аялдап,
Маңдайдың терін құрғатып.
Алқынып қайта аяңдап,
Өрмелей бердік қырға тік.

Машина жолы тым алыс,
Тауға да тұра өрледік;
Тағы да жолда демалыс,
Тағы да жүрдік, төрледік.

Осынша тауды үш күнде
Орнынан жұлып алатын –
Десем мен: үлкен күш кімде?
Атайсың осы жол атын.

Атайсың оның геройын,
Атайсың бәлкім жырында...
Асулы жолдың ер, ойын
Ескермей жылдам жүр онда!

...Шығыппыз солай екеуміз
Шүйделі таудың басына.
Екеуміз келген екенбіз
Құдықтың колоннасына.

– Жағалай құдық... Бұл құдық

Көмбесі ғой дәрінің.
Сірә да сірә бұл қылық
Көкесі ғой бәрінің.
Жарылған кезде нетесің?

– Қарамайсың тау жаққа.

Жан керек болса, кетесің
Тоғыз шақырым аулаққа.

– Осының бәрі көк тас па?

– Тезек қой деп пе ең, достым-ау

Өтпейді мұнда оқ тасқа,

– Ақыным, ептеп бөстің-ау...

Әңгіме - осы үзінді
(Оқушы, автор ермегі).
Алысқа бармай үзілді,
Басталды көздің көрмеп.

Жағалай құдық - жүз құдық,
Аралары бес метр;
Жағалап бәрін жылжыдық,
Жағалай сыртта бешке тұр.

Сонау бір қалған бостардың
Кезі емес меңірей түсетін;
Бөшкеде бүгін достардың
Сулары толы ішетін.

«Жедел көмек» - автобус,
Оқысты о да тұр күтіп;
Тұрсын ол ешбір шақта бос,
Қайтеміз оны зырғытып?

Мақтана берсін сестра:
«Барлығын қамтып жүрмін» деп,
Зиян жоқ одан еш cірә,
Мақтану кейде бір міндет...

Бригадир яки прораб –
Бәрі де құдық маңыңда;
Әркімнің халін сұрап ап,
Айтып жүр тәртіп, заңын да.

Тізімдеп барлық жұмысты,
Жатпайық айтып түрінде;
Керегі бізге жұмысшы,
Жұмысшы – құдық түбінде.

Біліп қой мұны, оқушым,
Түспей тұрып төменге:
Көп қынжылмай оқу үшін,
Шек қоямыз өлеңге.

«Тауды бұзып, тас жарып,
Тамшылатқан ащы тер», –
Осы өлеңге - бас еріп,
Осы бір терге - басшы тер.

«Солқылдата соғылсын
Бесжылдықтың балғасы»...
Жыр деген солай төгілсін,
Осы өлең - соның жалғасы.

Жалғасы деген өлеңнің
Басына қайта соқпайды;
Басы боп жаңа сөйлемнің,
Нүктеге басқа тоқтайды.

Жақпар тас қалай бұзылды,
Қайткенде сүймен мұқалды,
Түймелер қалай үзіліп,
Қай тасты жігіт мүкі алды?

Қай бір тас артық ойылды;
Қай жердің көрдік тарлығын,
Қай тұстан басқыш қойылды
Жазған ғой оның барлығын.

Одан әpі ақындар
Алмайды техник міндетін;
Болғансып маман не ақым бар?
Онсыз да жүк көп менде тым.

Түсейік енді құдыққа,
Көрейін одан Есболды;
Тау астын өлең қылып та,
Жазайық елу бес жолды.

Жазайық елу бес жолды
Қараңғы үңгір туралы, –
Деп едім. Мұным кеш болды:
Өзгеріпті оның құралы.

Сүйменді бүгін жігітім
Қолына тіпті алмапты;
Өзі қазған құдықтың
Ішінде мүлде болмапты.

Тетігін білсін - білмесін,
Ермегі - экскаватор.
Онысын достар білгесін,

– Хал нешік, - дедің,- уа, батыр?

– Хал жаман, - дейді геройым,

Түрткілеп механизмді, –
Тағы бір қозғап көрейін,
Тегінде сүймен төзімді...
Сүйменім жақсы, - деп алып,

Сүймейді оны тағы да;
Ойланса қайта дем алып,
Ұнамайды екі жағы да.
Тетікті жақсы білмейді,

Сүйменді лайық көрмейді
Тегінде жаңа құралды
Көнеге ешкім бермейді.
Тағы да тетік бұралды,

Бұзылды, мотор жүрмейді, –
Бәрібір жаңа құралды
Көнеге ешкім бермейді.
Қайтадан келді механик,

Тәсілді қайта үйретіп.
Моторға өзін ие танып,
Тағы да тасты түйретті.

– Менікі қате, сөлекет...

Моторым мықты сүйменнен;
Бек сүйдім мұны, біле кет,
Шығады бәрі сүйгеннен.
Өскен соң сүю басталды,

Өскенше жыл мен ай едің...
Сүйгесін киіп бас тонды
Сүйгесін алдық әйелді...
Жігітім солай сампылдап,

Қарады тұра маманға;
Механик кетті сәл тыңдап,
Қосты ма мұны жаманға?..

– Тілмарсыма, сөзді қой,

Көзіне қара! - деп кетті.
Қалжыңнан мынау озды ғой
Қалжыңы желге тек кетті.
Механик - өзін артықтау

Ұстаған әлде кеуде ме?
Немесе айтып артық дау,
Ашуға тисем деуде ме?
Көп емес, оның бәрібір,

Бүйірден көміп түртті ғой.
Ол сірә, мені қайрап жүр;
Ол сондай қара мұрны ғой.
Дауласпай оны тыңдайын,

Мотордың тілін табайын.
Тамаққа дейін тынбайын,
Айыптың бәрін жабайын, –
Мұнысын ойлап тұтқаны,

Қаттырақ мығып қалғаны...
Тарс етті, мотор тоқтады,
Қырсықтың әбден шалғаны.
Жақсы ойлап, жаман еткені

Жанына батты жігіттің.
Ызаның әбден өткені:
Қарайып кетті жігіт тым.
Тетігін білсін - білмесін,

Ермегі экскаватор.
Мұнысын достар білгесін:

– Хал нешік, дейді, - уа батыр?

Бұл кезде үнсіз отырды,
Көзі де түкті көрмейді.
Бәрібір үлкен моторды
Сүйменге әсте бермейді.

Ал,бірақ бүгін жігітке
Осының жайсыз жағы бар.
Артта қап қою үгіт пе?
Рапорт деген тағы бар...

«Экскаватор нормасы
Он есе», - деп жазыпты.
Сүймені бар жолдасы
Екі есе терең қазыпты.

Ендеше іштен тына ғой,
Жиырма есе кейін кетіпті ол.
Бұл деген шылғи күнә ғой!..
Амал жоқ, соған жетіпті ол.

Поповты көрсе не айтады,
Шегердім дей ме норманы?
Не Попов келіп байқады, –
Құдайдың онда ұрғаны...

Қазылмай қалса түк емес,
Бес-алты тонна тас бұрын;
Осы бір сағат - бұл белес
Заманның бұзды дәстүрін.

Алатын күні осы елді
Армандай кепілдемені.
Үміттің оты өшеді,
Мұздатып бәлкім денені.

Моторды - үлкен норманы
Меңгеріп болмай неге алды?
Тым жақын еді-ау арманы,
Жақсылық бәлкім жоғалды...

Көпшілік деген күшті мен
Парторг берген дат қайда?..
Аспанның сонау үстімен
Ауылға кеткен хат қайда?

Беделін жігіт бір күнді
Өліктей көмсе - кім болды.
Мезгілден озып жүргенде,
Апыр-ау, қандай күн болды?..

Ең аяғы – құрдасқа
Құрдасша қарай алмаса.
Болады шығын құр босқа
Кәдімгі нан мен колбаса...

Ойлады бәрін, ойлады,
Маңдайдан кетіп мұздай тер;
Өн бойын суық жайлады,
Мұндайда қызыл жүз қайтер?

Әрине, құп-қу болады,
Шығады көзден қажуы,
Сызылып бетте қалады,
Ызаның дымқыл жазуы.

Қабаты тарс түйілді,
Кірпігі жиі қағылды.
Сезбеді өткен құйынды,
Бетіне тозаң жағылды.

Өңі бұл оның, түсі емес,
Инженерді тұр көріп.
Инженер басқа кісі емес,
Өзіміз білген парторг.

...Көпірді, сайды аралап,
Биікке бастық өрледі.
Қинала газик жорғалап,
Темір де болса терледі.

Шеткері құдық қасында
Дем алған адам - көп адам;
Тоқтамақ Попов осында,
Мақсаты мәлім сонадан.

Жұмысшы - кәрі, жастары
Ол жаққа қатты зер салды;
Алдынан барлық достары
Әдеппен күтіп, қарсы алды.

Анекдот оғаш естілмей,
Тұрпайы әзіл жым болды;
Себеппен күліп, бос күлмей,
Әңгіме болса, шын болды.

Аз ғана мақтап жастарды,
«Қазбекпен» сыйлап бір шалды.
Аралап құдық тастарды,
Достарын о да қарсы алды.

Ортада, шетте кей құдық
Қазылса қисық, не тайыз.
Қатеден болған бір күндік
Сыналды қатты ондай іс.

– Сын тура, жолдас инженер!

– Сын тура, жолдас парторг!

–Кінәні ертең күн жөнер,

Арналар соған ер жорық.

– Келінге яки жеңгейге

Жазбай-ақ хатты қоялық.

– Айтпай-ақ Шымкент, Семейге,

Өзіміз ептеп «соялық».
Жеке адам жайлы барлық жұрт
Былайша толқып тұрғасын.
Төбеден тарқап қалың бұлт,

Күн шалды бейне қыр басын...

– Жүріңдер бұған нәр беріп,

Піспеген бұл да бір егін! –
Жүктеді солай парторг
Біреуге біреу жүрегін.

– Есболды білген жан жоқ па?

– Ол сабаз арғы шетте еді...

Бұл жақтан жаяу ол жаққа
Парторг жана беттеді.
Жақындап қалды парторг –
Жақындап қалды жақсы кез.

Жігіт тұр одан жалтарып,
Осы кез бе әлде жақсы кез?..
Адамды адам зерттеуге
Осы кез нағыз жақсы кез.

Жолықты олар. «Ләм» деуге
Іздемей қойды жалғыз сөз.
Не керек, бәсе, сөз теріп,
Мезгілді шығын етіп құр.

Жүзінен оның парторг
Жан күйін кәміл оқып тұр.
Безіпті мүлде маңынан
Қуақы тіл, күлкісі;

Өзінің қатал заңынан
Алыпты үкім бұл кісі.
Қатты айтып, жанын не қыздыр,
Мейлің бер оны сотына –

Бәрібір жүзін тосып тұр
Жалынды кездің отына.

– Жалынмен күйдір, аяма

Темірше балқыт, бүк мені!..
Жазылса жақсы поэма,
Осыған қойсын нүктені!..
Осы бір сәтте ұятты

Анамдай ұғып қалайын! –
Деп тұрған адам сияқты,
Кім білген мұның бұлайын!
Үйреніп мұны ортадан –

Өзгерген Бетпақ даладан...
Тағы да қақты арқадан
Жұп-жұмсақ таныс алақан.

– Бүгін сен ауқат жеп пе едің?

(Әуелі солай қалжыңдап).

– Оп-оңай жетілмек пе едің?.. –

Деді де, Попов қалды ымдап.

– Тасыңды мен де қазғанмын,

Сәтсіздік болмай қалмайды.
Мынаны кеше жазғанмын,
Бұл да тез дайындалмайды.
Ол солай, достым, солай! – деп

Парторг күліп тұрғасын.

– «Ол солай» сонда қалай? - деп,

Зерттеді жігіт бір басын.
Сүрінген жерін ар көріп,
Жаңартқаны үшін көнені.
Ұсынды оған парторг

Екінші кепілдемені.
Армандай кепілдемені.
Бүктемей ұстап Ерболат.
Тапжылмай қалды...

Бұл менің
Тілеген елу бес жолым.

– Мынаусын өзің жөнде! - деп,

Көрсетті Попов қатесін.

– Басқасын айтам мен не деп?

– Басқасын тілеп қайтесің!

Тетікті Есбол жөндеді,
Тетіктен тапты қуаныш;
Жігіт солай өңдеді
Ертеден кешке қуған іс...

Бір кесе суды бір жұтты, –
Тұрған жоқ одан су алыс.
Сергітті солай жігітті
Ертеден кешке қуған іс.

Жетінші тарау

Сүйменмен ақтық қоштасып,
Ұмытты ескі үңгірді.
Мотормен кәміл достасып,
Түбінде соны меңгерді.

Моторы гулеп, қасында
Бос тұрды талай Есболым.
Одан соң таудың басында
Бензинмен жуды кеш қолын.

Талабы жалын от төкті,
Ескіре мүлдем ол қайшы;
Тану да қиын боп кетті, –
Механик қайсы, ол қайсы?

Талайды қолдан үйретіп,
Механиктен де ол қатал.
Сол талап тасты күйретіп,
Сол талап екті жолға тал.

...Таудағы экскаватор
Бүгін бір, ертең - бес-алты;

– Хал нешік, - десең, - уа, батыр?

Ортаң қол нұсқау - жұрт салты...

– О! – дейді бәрі орысша,

(Ортаң қол бірақ, қазақша).
Бәрібір, озсаң жарыста,
Мақтану керек озатша.
Мақтану шөп ол емес,

Мақтану - тауды қопару;
Өзгертіп жерді ерте-кеш,
Төбені сайға қотару.
Жалғадық заман жібше

Мың қабат шөккен қатпарды:
Көмілген құдық түбше
Кеш жерден зулап от барды.
Ақыры міндет отта екен,

Көкесіне ол көрісті;
Ақиқат па екен, жоқ па екен,
Өзің көр енді зор істі:
Лақтырды тауды аспанға,

Әрине бейне құл қылып;
Ынтық боп мойнын созсаң да,
Тұрған жоқ қазір күн күліп.
Жоғалып кетті күн көзі,

Аспанның жүзі қап-қара;
Дөкейдің сондай мінезі,
Жасқанбай қара, көп қара!
«Бөстің» деп күле бермейсің,

Келер де бәлкім жылағың.
Бір сағат түкті көрмейсің,
Бір сағат саңырау құлағын.
Метеорит секілді

Түскен тас жерді қазады;
Ақын болсаң сен тілді,
Арқаң да сонда қозады.
Бір сағат жауып бетке құм,

Одан соң түнек серпіліп,
Болады пайда көкте күн;
Жатады бейне жер сұмдық.
Тыныштық басып үстіңді,

Тыңдайсың өзің деміңді.
Көріп ап мұндай күштіңді,
Ұғасың кейбір кеміңді.
Нашарлау болса жүргің,

Дүрсілдеп әні ұрады;
Мазақ қой сонда бір емің,
Мазақта даяр тұрады.
Осындай кезде Есболат

Тәп-тәyіp мазақ етеді.
Бір емес, тіпті бес қабат
Бөркіңді қозғап өтеді.
...Осындай күнді Есболат

Далада көзден батырды;
Әйелін әнге қоспалап,
Қайтарда созды балтырды.
Асхана барды әуелі,

Керектеу болды жер кеңі;
Айтылмай онда әуені,
Айтылды күндіз көргені.
Қуыртып жeді колбаса,

Құрдаспен талай отырып.
Меню ондай болмаса,

– Бек қажет! - деді ол тұрып.

Қоста да жақсы тынықты,
Дауыстап газет оқыды;

–Кім ұқпай қалды, кім ұқты?..

Оны да сұрап ол құдды –
Насихат болды достарға,
Қалжыңның санын азайтты.
Көбірек тоқтап жоспарға,

Маңыздың бәрін өзі айтты.
Кеш сайын оқып уставын
Коммунист партиясының;
Ұйықтайтын кезде ол штабын

Астына қойды басынын.
Басқаны да оқып кеш сайын,
Сызды ол талай тың жолды;
Білетін жерін қоспайын,

Білмейтін жері мың болды.
Білмесе білмей тұрсын да
Римнің ескі жырауын;
Әйтеуір жолдың тұсына

Қонжита берсін сұрауын.
Бастығы қызыл отаудың
Сызбаңыз, - дейді, - кітапты
Бөлек қой орны сұраудың,

Сұраусыз жауап кім тапты?
Бір томнан жігіт түңіліп,
Бір томнан жақсы үйреніп,
Жүрегіне үңіліп,

Жүрді ол талай үйге еніп.
Ал бүгін соның ол бәрін
Оқымай мүлде жиыпты.
Етігін, көйлек, шалбарын,

Бешпетін тәуір киіпті.
Отыр ол көптің ішінде
Күндегі қызыл отауда;
Жиналыстың үстінде

Жұрт соның атын атауда.
Тағдыры жұрттың қолында,
Бұл жерде айтыс, дау қысқа...
Парторг сөйлеп соңында,

Одан соң қойды дауысқа.
Кейбірі жұмсақ алақан,
Кейбірі сүймен жалаған,
Кейбірі қолы ұстаның –

Алдыңа бәрін ұстадым.
Мезгілдің солай жарлығы,
Минуттар өтті нұр құйып.
Көтерген қолдың барлығы

Төбемізден тұр биік.
Протокол яки қаулысы
Жазылып біткен жоқ әлі;
Партияның дауысы

Көтерілді жоғары!
Бар болғаны бір Есбол
Үн қосудан тыс қалып,
Бақытын оның барлық қол

Ортамызға түсті алып.
Коммунист болды геройым,
Әзелден тілеп жүр едім;
Тағы да тінтіп көрейін

Тап-таза жанның жүрегін.
Отыр ол үнсіз.
Қуаныш
Дуылдап бетте тұр әлі.

Бітетін емес жиналыс,
Мәселе – жұмыс туралы.
Бек қызық оған бірінші
Партиялық жиналыс;

Сыншылар бейне жүргінші,
Кетеді мүлдем кейде аңыс.
Қызынса біреу көп емес,
Біреулер сөйлеп, тек күлді.

Әйтеуір ешбір коммунист
Халықтың жаны секілді
Дүкеннің сонау тақтайы
Моншаның жайы, жол жайы.

Қабырға газет жағдайы –
Барлығы соның ел жайы.
Бәріне керек үлкен ой,
Жүрсең де түзде, үйде я;

Барлығын қамтиды екен ғой
Большевиктік идея.
Жиналыста Есболым
Барлығын соның ойлады;

Тағы да шолып өз жолын,
Тағы да терең бойлады...
Бір кезде сөйлеп парторг,
Міндеттің атын атады;

Өзіне сені пар көріп,
Міндет те бір тіл қатады.
Парторг сөзі бір кітап,
Жаза алмай қалсақ бытыстық.

Мұқият оны жазғыштап,
Қойынға тықтық ып-ыстық.
Жібермей жалғыз мәтелін,
Танауы ғана делдиіп.

Ішіне бүгіп жөтеліп,
Геройым менің қалды ұйып.

– Поповты әке дей берем,

Басқалар қалай ұқты екен?
Ойының түбі тым терең,
Осының өзі мықты екен!
Осының үні үлкен-ау

Тыңдасаң түзде, үйде я.
Осылай баулиды екен-ау
Коммунист идея! –
Бұл сөзін айтып геройым,

Құлағыма күңк етті...
Қияға тартып ер ойын,
Қиялға шомар күн жетті.

Сегізінші тарау

– Жеті мың адам жол төсеп

Мойынты - Шуды жалғадық;
Жыл сайын рапорт, жылда есеп
Жоғары жаққа жолдадық.
Неше жаз бойы жер қазып,

Неше рет тозды келген із;
Топырақ қыста тоңазып,
Неше рет қайттық елге біз.
Колхозға келіп жыл сайын,

Жаңа бақ, көрдік, мақтадық;
Көршінің ескі үй-жайын
Іздеген болдық, таппадық.
Жаңа үй, жана көшеміз,

Жаңа арық бойын бойладық.
Қай жолмен кеттік кеше біз?..
Оны да тоқтап ойладық.
Үйіміздің төбесі

Өсіңкіреп қалыпты.
Терезесі, көбесі
Әдемі нақышталыпты.
Терезе алды бағана,

Күзетші бейне бұл да бір.
Басына соның бір ғана
Батпан күш берді бұл дәуір.
Жүгері салған жылғамыз

Күркіреп өзен болыпты;
Осындай даңқты жылға біз
Арнайық үлкен көлікті! –
Бұл сөзін Попов бітірді,

«Ураға!» толды асхана;
Қостадық сондай пікірді
Есбол да, мен де, басқа да.

– Жл бітті, елге қайтамыз!

Жолдасты есте тұтамыз!

– Сол үшін елен айтамыз!

– Сол үшін аздап жұтамыз!

– Жол бітті, мұнда қаламыз!

– Біздердің сондай ынтамыз?

– Осында дөкей боламыз!

– Сол үшін ептеп жұтамыз!

– Тағы да!

– Тағы... Сөйткенше

Екі рет қоңырау қағылды;
Вокзалға сонау жеткенше
Толқын боп адам ағылды.
Парторг сүйіп Есболды,

Есбол да осал сүйген жоқ;
Кезекпен қысты қос қолды,
Бізге онша мезгіл тиген жоқ.
Паровоз біздің Бетпақта

Алғашқы рет үндеді;
Тұр едім қарап шет жаққа,
Геройым:

– Ақын,мін! – деді.

Семейлік, шулық, жамбылдық,
Парторг соның ішінде,
(Санадық, санын жаңылдық,
Цифр жоқ соның үшін де).

Мекендеп қалды жолдастар
Мәңгіге Бетпақ түздерін;
Ұзатып тұрып, ол достар,
Алмады бізден көздерін.

Ащы тер қалды, із қалды,
Алғашқы пойыз қозғалды;
Көшкен жұрт нелер тез қалды,
Қарай да қарай көз талды!..

Қай жерге бидай екпекпін,
Қалайша егер оны әлі?
Қай жерді тіліп өтпекші,
Заманның жаңа каналы?

Қай жерде есіп алма ағаш,
Бұтағын жастар күзетер?
Қай жерге қызыл жалаңаш
Алмасын жинап күз кетер?

Парниктің маңын қырнатып,
Сәбізін қайда егеміз?
Қай жерге зауыт орнатып,
Қай тұсқа көмір төгеміз?

Түн болса қала шамдары
Қай жерден маздап жанады?
Қой баққан ауыл шалдары
Қай жерге бастап қонады?

Түн қатып ана толғатып,
Қай жерде бала туады?
Қай жерде сәби тіл қатып,
Бақшадан торғай қуады?

Баланың үнін жинап ап,
Қай жерде мектеп тұрады?
Оқылмақ, онда жатталмақ
Өмірдің қандай ұраны?

Осының бәрін бейне бір
Ұлы адам көзбен шолады;
Көңіл бір тасқын, көңіл – жыр
Толқиды... Сондай болады!

Геройым менің, геройым!
Ыстықтап жұқа көйлектен,
Салмақтап осы бір ойын,
Тұр еді қарап әйнектен,

Тұр еді санап қара көз
Тізбегін өмір көшенің,
Айғайлап қатты паровоз,
Қиялын бөлді досымның.

Паровоз сүңгіп барады
Тамаша кештің қойнына.
Тағы да, тағы қарады,
Асылды жігіт мойныма.

Асылды, қолмен нұсқады
Жердегі жарық жұлдызды;
Шақырды тағы ұстаны,
Шақырды тағы бір қызды.

Жинады солай ол бізді,
Терезе жүйткіп, ырғалып,
Жақсы кеш, жарық жұлдызды
Біздерге таман келді алып.

Атанын ескі зиратын
Нұрымен жуып жұлдыздың,
Адамның үлкен мұратын
Сол жерге қойды жыл біздің.

– Ұйықта енді, жолаушым,

Ұйықта ұйқың қанғанша,
Жарық жұлдыз жол аузын
Күзетіп мың жыл жанғанша!
Ұйықта, баба, ұйықтай бер,

Жолында келер жолшының!
Сен кім едің? Кім біздер?
Айта кетсін ол шынын!

Қараша, 1848 жыл - наурыз, 1949 жыл

БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ ҚЫЗЫ

Гүлжанға
От қанатты ой тербеген айым көп,
Көкірегімнен көре алмадым дайын шоқ.
Геройымсыз жарқ еттім де, жандым деп

Ешбір жанға мақтанатын жайым жоқ.
Колхозыңнан әсте сағым сынбаған,
Өмірің бар өлеңіме сыймаған.

– Қаламыңды қолына алып, толған, - деп,

Достарыңмен күнде келдің сен маған.
Сенсіз жерде мүлде жоқ қой бұл жалын,
Сен деп жанған ақыныңның біл жанын.
Өзің болып жүрегімнің жауабы,

Шықшы кәне, жұрт алдына, Гүлжаным!

1. Кестелі орамал

Бір дастанды демегейсің жай ұқтым,
Қарамайды жерді алдына жайып кім?..
Географша үңіліп ал картаға,
«Май» колхозы - батыс жағы Жайықтың.

Қырқыншы жыл. «Май» колхозы қой бағып,
Колхозшы әйел құрт қайнатты қи жағып.
Түсте Нарын жиегінде үйлердің
Шатырларын тұрды аңызақ жел қатып.

Қой шетінде таң атқанша әндеткен
Шопандарға қарап өтті ай көктен.
Етікші мен ұстаның да үні ояу –
Түнде майшам сығалады әйнектен.

Сабағынан қайтқан сайын топтала,
Бірде жүріп, бірде тіпті тоқтала.
Күнге күйген көбелекті сөз етті,
Әліппесін құшақтаған көп бала.

Күнде ауылдың көріп мұндай мал-жанын,
Тіршілігін, ел әдетін - ел заңын,
Былтырғыдай жіптен жиі секірмей,
Осы ортада өсті биыл Гүлжаным.

Осы ортада кітап бетін жаппады,
Өсімдіктің түрлеріне тоқтады,
Жетіншінің бар есебін шығарып,
Жетіншінің бар өлеңін жаттады.

Осы ортада журнал бетін ақтарды,
Өзендердің суреттерін мақтады.
Қағаздағы жас еменнің кескінін
Қызыққаннан қиып алып сақтады.

Осы ортадан әкесіне ілесіп,
Барып еді тұрған жерге гүл өсіп,
Бұл әкелді көп жапырақ Волгадан
Оны ешкім алған емес үлесіп.

Оның бәрі өз қолында құрғайды.
Оны саған ұстатпайды, қорғайды.
Көрсең қазір, неше түрлі жапырақ
Дәптерінің арасында сарғайды.

Он жыл бұрын сынық қалам теретін,
Бүгін берсең, бір дүние көретін,
Жата қалып қағазына кәмпиттің
Ат-жөні жоқ ирек сала беретін.

Он жыл бұрын дейтұғын ол:
бестемін –
Күндіз ойнап, алатұғын кеш демін;
Енді ғана бойын тарап қыз болып,

Бірінші рет киді мауыт костюмін.
Бірінші рет желпілдеді қос бұрым,
Бірінші рет ұқты Гүлжан өз сырын.
Қолына ұстап ақ қалайы шелегін,

Бірінші рет суға барды кешқұрым.
Шайқап тұрып судың көкшіл қаймағын,
Бақа даусын деді Гүлжан:
«Қайдағы үн?»

Ұқпады ол әлі судың басы деп,
Аяғы деп атайтынын қай жағын.
Тынық кеште шықты Гүлжан су алып,
Түтін ғана шақырды оны шұбалып.

Волгадағы зәулім ағаш мұнда жоқ,
Кешкі бұта кетті кезден жоғалып.
Жазық дала сулап жатыр аулаққа,
Жылғалары ұқсамайды бұлаққа;

Көк шашағын жел әкеткен жыңғылдар
Бір сыбдырын берер емес құлаққа.
Ақселеу түр желсіз түнде желбіреп,
Кемпірлердің шаштарындай селдіреп.

Жаңбыр түгіл, оның әсте басына
Шық моншағы төгілмейді мөлдіреп.
Сұр табиғат еш рақым демеді,
Бұған қайтып жастың жаны көнеді?

Қыздың басқан тақасының ізін де
Таң атқанша қосаяқтар көмеді.
Бәрін Гүлжан ұға кірді үйіне,
Көз жіберді қиялына сүйіне;

«Құс сайраған жасыл орман» дейтұғын
Үңілді өз жүрегінің күйіне...
Үңілді қыз ақ жібектің бетіне,
Батты оймақ саусағының етіне;

Кестеледің жасыл орман, өзендер,
Орамалдың ортасына, шетіне.
Ирек, ирек барлығы да дәл ирек,
Бұл баяғы секілді емес бала ирек,

Кестеленді өзі көкте құлдырап,
Көлеңкесі көлде жүзген ала үйрек.
Сол кестемен тындырмады түнгі ісін,
Маған десе таң атсын да күн күлсін...

Сырт жағынан нешінші рет ұрланып,
Апасының қарағанын кім білсін...

2. Алыстағы түтін

Орман, үйрек, су - өрнегі үш түрлі,
Гүлжан оны шар айнаға қыстырды.
Сол орында сол әдемі орамал
Неше көктем, неше күз бен қыс тұрды.

Әркім оған көп қарады, зер салды,
Саусақтың ол кірлерімен қоршалды.
Оныншыны бітірген қыз тойын да
Сол орамал сол орында қарсы алды.

Жаңа костюм мезгілінде жарады,
Ескі түйме кебежеден қарады;
Жалғыз ғана осы орамал ескірмей,
Бірден-бірге ыстық тартып барады.

«Кестенің де бар екен деп астары»,
Оның сырын ұқты талай жас-кәрі;
Осы орамал бетінде тұр Гүлжанның
Оқылмаған оқуының жоспары.

Бостан-босқа сипаған жоқ бірде оны
Етікші мен ұстаның да кір қолы.
Гүлжанымның жаз да,
қыс та гүл жайнап,

Орамалда өмірінің тұр жолы.
Өз апасы шын-ақ жақсы көрсе де,
Бұл кестені мақтан етіп келсе де,
Биыл жаңа әңгімелесіп бастапты

Кемпірлердің үйлерінде, кеңседе:

– Сұрқия жау таяу жерге келіпті,

Таяу өзен жағасында өліпті.
Бұл секілді бұлағайдың кезінде
Сол балаға кім берді екен желікті?..
Кеш десем де, шалы түскір кешпейді,

Шөп машина үстінен ол түспейді.
Жалғыз барма десем, мүлде тұнжырап,
Жаным балам тамағын да ішпейді.
Ертелі-кеш апасының осы еді

Қайда барса айтатыны, - деседі
Енді нені тағдыр оған сөйлетер?..
Енді кемпір қандай күйге түседі?..
Ондай жайды ойлай берсе түбі жоқ,

Ондай жайдың ойлайтын да түгі жоқ;
Ана деген белгілі ғой қашаннан,
Оның тіпті тыныш ұйықтар түні жоқ...
Белгілі ғой Нарын жақта күн қалай...

Ұйтқып үйге кіретұғын құм талай.
Сол кезде де осы кемпір, Гүлжанның
Ұйықтамайтын білегін бір қымтамай.
Оған салса, сол күнімді құнттамақ,

Оқудан да әлі келсе қымтамақ...
Айтты да ол: - Менсіз жерде, балам-ау,
Ерте тұрып береді, - деп, - кім тамақ!..
...Кету керек, кету керек қалаға,

Қала жөні мүлде бөлек балаға:
Онда өмірге жолдама бар, білім бар, –
Сол ана да, сол әке де, сол аға.
Қыздың ойы осыған кеп тыйылды,

Айна - тарақ сандығы на жиылды;
Үйде тұрған әтірлердің қалдығы
Ақырғы рет жағасына құйылды.
Жұрттың сөзі: –

Сағатыңды бұрап ал,
Соңғы тіккен камзолыңды орап ал...
Бізге таныс кесте жайлы сөз де жоқ,
Өз орнында тұрып қалды орамал.

Дос қыздары –
қызыл-жасыл тізіліп,
Жас жігіттер көз алмады сүзіліп;
Қаршығадай қонды Гүлжан арбаға,

Апасының құшағынан үзіліп.
Тегершіктер бір шаңдатып жапанын,
Басып өтті ескі ауылдың апанын;
Будақтаған таныс түтін астында

Ақ жаулығы елі де тұр апаның.
...Үнсіз қала... ыстық дала қиырсыз:
Ақсақ киік жолдан қашты үйірсіз.
Бұйырғынның бүршігі де қалмаған,

Кең дүние неге мұнша түйірсіз?..
Айнала бір сағым өзен атады,
Ортасында қыз жүрегі соғады...
Зор денесі дем ала алмай от болып,

Осы дала қызға мұңын шағады...
Осы жерден осыншама алып сыр,
Қарап еді қара көзі талып бір.
Апасының ақ жаулығы секілді

Таныс түтін көз ұшында әлі тұр.

3. Сенбейтін от

Одан бері бүрсең қағып өтті күз,
Тізілді де, әлдеқайда кетті құс;
Басқан жерін сықырлатып, баяғы
Бабам айтқан ақ сақалды жетті қыс.

Күндіз боран талдың басын жұлады,
Кешке қарай ішке демін жымады;
Жаудың түтін бомбасынан сақтанып,
Қараңғыда қала көзін жұмады.

Түнде кеше түнереді, қатады;
Ай ақырын бұлтқа оранып батады;
Адамдардың миларында ой балқып,
Зауыттарда темір балқып жатады.

Сол қалада, шеткі кеше басында
(Қаласы да, даласы да қасында)
Бөренеден салынған бір ағаш үй...
Түн жамылып кіргенің жөн осында.

Ол ағаш үй тұнжырайды, мүлгиді,
Тек аулақта прожектор шұлғиды.
Жайығымның маған таныс үйлері
Білмеуші еді кеше ғана бұл күйді.

Мен соны ойлап, соғыс күшін асырып,
Тұр ма десем үй еңсесі басылып,
Тұр екен ғой өмір бойы сөнбейтін
Өз сәулесін жат көзінен жасырып.

Немене бұл ұйқы көрмей томсарып
Тұрған емей, соғыс түнін қақ жарып:
Оның іші - жатақхана бөлмесі,
Ойшыл адам кеудесіндей жап-жарық.

Ойламайды осы жарық өшерін,
Ойлайды ол жас еменнің өсерін;
Өмір жайлы айтып жатыр асықпай
Әр үстелде Докучаев, Мичурин.

Тыңдалмайды сықырлары мұздардың,
Терезеде лебі де жоқ ызғардың.
Дем береді жүрегіне жып-жылы
Бір кісілік төсектері қыздардың.

Үй сыртында түнін көзін қызыл шоқ,
Ысқырсын да безілдесін мейлі оқ,
Келешекті жасайтұғын ұрпақтың
Соған бола селт ететін жаны жоқ;

Бір қыз отыр кітабына тесіліп,
Бір көйлектер енді жатыр шешіліп.
Сырласына құпиясын сыбырлап,
Бір қыз жатыр төсегінде көсіліп.

Тағы бір қыз алдында отыр көзімнің,
Тағы да бір ұшты оты сезімнің;
Өлеңімнің қанатындай жаны бар
Қарындасым осы екен ғой өзімнің.

Өзгеше екен бұрынғыдан бұл әйтеуір,
Бір кездегі сәби мінез - енді ауыр;
Үйдегі ұзын жеңі бүгін тартылып,
Бұрымдары ұзарыпты eдәyіp.

Қастарының алшақ тартып арасы,
Екі бетон таралғанын қарашы!
Кеп-кешегі бала мұрын қырланып,
Көздерінің үлкейіпті шарасы.

Жүруші еді суреті де жадымда,
Жаза бердім бірден тани қалдым да:
Оң көзінің астындағы жалғыз мен,
Баяғы бір қара тамшы қалпында.

Кейде кенеп құс дауысты тамағын,
Кейде жазып, кейде түйіп қабағын,
Маңдайына қолын қойып, ол ұзақ
Неге бұлай оқымасын сабағын?..

Жыңғыл, селеу, сулық жатқан құла тұз
Не дегенін білесіз ғой өзіңіз:
Ұғылмаған жүрегіне жүк етіп,
Дала мұңын алып келді осы қыз.

Мелиоратор болмайынша соңғы аты,
Табылатын емес, сірә, тағаты;
Сол мақсатқа асықтырып, түнде де
Соғып жатыр қарсы алдында сағаты.

Қай құралды қалайша деп атайды?
Қайтпегенде солар жүдеп-жадайды?
Қаратайға қандай азық ұсынып,
Тал шыбықты қандай жерге қадайды?

Төбелерді нендей күшпен бұзады?
Жаңа өзенді қазса, қалай қазады?
Жапан түздің картасына орманды
Қай боямен әдемілеп жазады?

Ақын оңай айта салды. Ол - заңды:
Өлең болып жарқ етті де, ол жанды...
Сол ғылымның картасы мен кітабы
Ұзақ-ұзақ отырғызды Гүлжанды.

Көп отырса құйылады бойға құт,
Тілгені - бір келешек, бір бақыт
Көзі оқып, көңілі тоқып, сабағын
Еріндері сыбырлайды бейуақыт.

Кейде үстелге ақ білегін артады,
Жүйрік қалам жол бойында жортады.
Демін тиген мамықтайын қалтырап,
Қыз тырнағы көзіңді ылғи тартады.

Елес беріп, қонды түзге қарлығаш,
Егіндерге босатты орын қалың тас;
Соның үшін жас көңілі жай тауып,
Бұл орыннан тұрды бір кез қарындас.

Үні естілді түнгі сағат үштің де,
Бағзы қыздар құшағында түстің де...
Көрді Гүлжан ашық жатқан бір хатты
Көрші қыздың кеудесінің үстінде.

Әлде солдат, әлде бір жас лейтенант
Жазған шығар:
басында тұр махаббат...
Гүлжанымның айтылмаған жүрегі

Мұндай хаттар, дей алмады, маған жат.
Кете ме деп, әлдеқандай кез қарып,
Көрпесіне жасырынды қыз барып;
Ұшып түсті көкірекке ұшқын от,

Лебі бетте қалып қойды қызарып...
Осы-ақ шығар осы өмірге кіргелі
От сезімінің соңына бір ергені;
Енді ғана секілденді ұғымды

Кешегі бір көшедегі көргені.
Таныс жандай бірге өткен көп жылы,
Бірақ қазір сөйлесуге жоқ тілі, –
Бір жас жігіт күтіп алып бұрыштан,

Бұған сонша қарап еді жып-жылы.
...Адам деген қызық екен, түрлі екен:
Рұқсатсыз неге сырттан көрді екен?..
Деңгейінен бұл еткенде ол тұрып

Өз жолдасын неге түрте берді екен?..
Біздің қыздың қос бұрымы баяғы,
Ботысына тура түскен аяғы,
Ақындардың көп айтатын жерлері –

Кеудесінің ояғы мен бұяғы...
Алды ма екен арбап кезіп жігіттің?
Соншалықты кез тұтқыны - жігіт кім?
Бес ай бойы ұрлап оқып қыз жанын,

Әлде тұр ма енді соған жібін тым?..
Деді ме елде бір жолдасы - жалын шаш,
Тым болмаса, алғашқы отын жағып қаш.
Ол сағатта қыз ойына келген жоқ

Бұл секілді бұлтағы көп жаңылтпаш.
Енді ойласа, басқа жаннан қызғанып
Оқитын бір елестейді қызға еріп.
Ұшып түсті көкірекке ұшқын от,

Лебі бетте қалып қойды қызарып...

4. Боран оятты

Білесіз ғой, топырақтың тектерін
Зерттейтұғын ВУЗ-дың студенттерін.
Қағаздарды тартпасында қалдырып,
Оқиды олар кейде жердің беттерін.

Боранда да аялдатпай қалаға,
Арғы шегі паналатпай молаға,
Апта сайын азықтарын алғызып,
Ақырғы жыл апарады далаға.

Қазады олар елсіз жердің тондарын,
Шөлдесе жеп жаңа жылдың тың қарын.
Отты көзбен ақ күртіктің астынан
Оқиды олар табиғаттың томдарын.

Студенттер жүрді солай;
Сауысқан
Сол далада безініпті сол қыстан;
Бұл да майдан, қанары еш кем емес

Өткен жазда аяқталған соғыстан.
Таң атқалы кім төбеде, кім сайда...
Нәзік сезім жатады ұйықтап мұндайда...
Баяғыша жылы көрпе астынан

Махабатты сығалайтын күн қайда?!
Қайда жігіт сырғанаққа жүр дейтін?
Қайда әңгіме күнделікке тіркейтін?..
Қайда дейсің баяғы түн, ұйықтасаң

Жас төсіңді жылы хатпен бүркейсің!
Бір қыз отыр бір төбені қаза алмай,
Бір қыз отыр тоңғандықтан жаза алмай.
Біреуі жүр құмды көріп, аузына

Минералдан басқа, сірә, сөз алмай.
Кейбір қыздар тондарыңды ырғытып,
Бұталарда пальтолары тұр күтіп;
Кімнен ұрлап алғанын да байқатпай,

Кей тарақты жел әкетті сырғытып.
...Күннің көзі алтын табақ аумаған!
Төбе бар ма соның нұры жаумаған?
Алтын табақ жаңа ғана мында еді,

Дем арада қалай алыс аунаған?
Кешкірген күн кетті бәрін жиғызып,
Күндіз шешкен пальтоларын кигізіп,
Өз көзімен қыздың қолын аязға

Қолғабының сыртынан бір сүйгізіп.
...Гүлжан бүгін құрғатпады қолдарын,
Білген де жоқ өз қасында кім барын;
Бұл жерден де танып, теріп алды ол

Өз аулының саздары мен құмдарын.
Осы саз да, құм да білгіш етеді,
Сол біліммен елге ертең кетеді;
Оны ойласа, алыстағы ауылға

Қыздың көзі бұл жерден де жетеді.

– Сонау үйде, өлі судың басында,

Қазіргідей ұстазым жоқ қасымда,
Жастай күткен жапырағым жая алмай,
Оқудан соң дал болатын басым ба?!..
Құмның да мен құпиясын білемін,

Сазды да мен бауырдайын тілемін.
Өзім еккен ағашыма сүйеніп,
Өміріме тура қарап күлемін!..
Студентке оқитұғын аз-ақ күн

Біле - білсе, осы жолдың өзі-ақ тың.
Бүгінгі бір тоңғаным да пайдалы
Анам кешкен «отбасынан» қазақтың. –
Ұзақты күн осыны ойлап Гүлжаным,

Қыр соңында жүріп әлгі олжаның,
Жас денесін қайта-қайта толқытқан
Елемепті желдің ерсі қылжаңын.
Енді көрсе жоғалыпты түз желі,

Кеткен шығар басқа жақты кезгелі..
Енді ғана шаршағанын ұқтырып,
Кеште нәзік бұраңдайды қыз белі.
Сонда да ол дейді, - «әдейі түз бардым,

Демі қатты тие берсін ызғардың», -
Оған қызық орамалын көтеріп,
Сонау қырдан шақырғаны қыздардың.
Күні бойы Гулжанымша бұраңдап,

Енді қыздар қыр басында тұр аңдап.
Уа, өмірдің шаттық әні, сен бізді
Елсізде де кеткенің жоқ бір алдап.
Менің жақсы достарымның қымбатты

Әніменен жалынданып күн батты;
Шаттық өмір сол биіктің басынан
Далаға да «ха! ха!.. ха!..» ны тыңдатты.
Елсіз дала бейне үйдің нақ қасы,

Биледі олар қырау шалып ақ қасы;
Еденге емес, төбесіне жапанның
Қатты тиді қыз баланың тақасы.
Біздің Гүлжан отырмай-ақ тынықты,

Ол ұтты ма, жел ұтты ма, кім ұтты?
Айналғанда құйын шалқып маңынан,
Ұзақты күн шаршатынын ұмытты.
Олар күтіп кеш келетін пар атты,

Жұмбақты да керегіне жаратты;
Басқалардың беріп қойып, бір кезек
Ақын жайлы әңгімені боратты.
Ақын жайлы әңгімеде қызық бар:

(Тым елеусіз даладағы болды ызғар...)
Жиналғанда поэманы тәптештеп,
Кей ақынды сынайды екен бұл қыздар.
Айтқандары:

– Мына дастан - жалын-ау!..

Ал, мынаның несі мақтан жаным-ау?..
Іші де жоқ, сырты да жоқ, аты бар
Мұндай қызға, олда-белде, жаным жау.

– Мына ақынның жігіті бір баққұмар,

Сөйлеп кетсе, сөзі мүлде шұп-шұбар;
Мақтағаны күлуді де білмейді,
Кеудесінде жүрек емес, тас шығар.

– Аха...ха!..

Да

– Аха...ха!

Да

– Аха...ха!

Бұл шатақ қой кейбір ақын ағаға;
Бәрімізге айтатыны осы екен
Салындыдай ыққан күйі жағаға.
...Олар шын-ақ ақын деген ұқты атты,

Оны бәлкім сүйгеніне ұқсатты;
Жақсы ақынның лирикасы түзде де
Сол қыздарды жылытты да ұйықтатты.
Нәзік сезім талғайды деп көп сәтті,

Оған бекер айтқан екем бек қатты;
Көрдіңіз ғой, ол түзде де өзгермей
Сол қыздарды жылытты да ұйықтатты.
Арбакеш те қыр басына таяпты,

Ауыздықпен алыстырып кей атты;
Одан бұрын қызғанышты қыз бетін
Суық қолмен боран сипап оятты.

5. Үнсіз ұсыныс

Бұл баяғы бастан таныс жер саған;
Қойлар жатыр жусан жұлып шаршаған;
Басқарманың кеңсесінде ондық шам,
Айналасын адам кезі қоршаған.

Әдеті ғой құмартатын, ортадан
Бір қажетін жылт еткенің көрсе адам:
Шам түбінде келешектің картасы,
Барлық кездер от алғандай бір содан...

Тақыр төбе, Қызыл төбе, Сар төбе,
Пәленшенің құлпытасы бар төбе,
Түк пайдасы болмаса да әйтеуір
Туған жердің белгісі еді ер төбе.

Ескі апанның секілді еді қонағы
Жылда ауылдың қозысы мен лағы,
Шалшықтағы құрбақаға әркімнің
Үйреніп-ақ қалып еді құлағы...

Көктем сайын ебелегін күйретіп,
Сайға тайды тұсайтын бас үйретіп.
Сол жылғадан шығушы еді кешқұрым
Бота, бұзау арқандарын сүйретіп.

Баба құдық оңтүстікте, арқада
Жаңа құдық жатушы еді ортада;
Өзі тұрмақ, барлығының ізі жоқ
Шам түбіне жаңа келген картада.

Сол себепті картаны бір көне кез.
Жақтырмады, мейлің төзбе, мейлің төз.
Оған қарсы қозып талай арқалар,
Таусылмады көкейтесті айтар сөз.

– Мен айтайын, сөзімді алшы құп, аға,

Мынау өзен келіп-ақ тұр жобаға.
Ол Жайықтың балығынан, суынан
Күнде саған әкеледі сыбаға.

– Байғұс бала, малға берер шөбін айт,

Қияры ма, сәбізі ме - көгін айт.
Шіркін оның шамы менен қуаты!..
Сондай өңшең берекесі көбін айт.

– Кел той мынау үйрек ұшып жататын,

Мынау орман долы желді тұтатын.
Осы орман ғой саясына бізді алып,
Қара құмның отты демін жұтатын.

– Осы орман ғой қоян барып туатын

Көжектердің шықпен үстін жуатын;
Осы орман ғой қаңбағы мен селеуін
Қағып-сілкіп, құмды алысқа қуатын.

– Бәрекелді, бәрі жақсы керемет!

Баба қоныс баяғыдан керең ед...
Енді оның да жапырағын жайнатып,
Жолаушыға дейтін болдық: «Көре кет!..»

– Өте шебер істеліпті бар амал,

Секілді екен өзі тіккен орамал.

– Бәсе!.. Бәсе... Сол баланын өзінде

Титтейінен бар екен ғой жорамал...

– Сабыр!.. Сабыр... Өйтіп мезгіл ұтпалық,

Мақтау үшін жіберді деп ұқпалық:
Қисық жерін суреттеліп те, турасын
Әкеміздің атыменен құпталық.

– Ал, ендеше, қыңыр тартып мен кеттім,

Орман үшін берілмесін еңбеккүн;
Жанымменен мақұлдаймын өзенін;
Керегі жоқ бұдан басқа міндетің.

– Ал, ендеше керегі жоқ орманның,

Керегі жоқ сағым қуған арманның;
Бола ма екен құйындардан қалқалап
Молаларын Бақтыбайдың, Шорманның.

– Өзен келсе, ескі апанды алады,

Шалшық кел де, жаман сай да толады.
Бота, бұзау үркіп шығып баяғы
Кәрі қазық су түбінде қалады.

– Сабыр!.. Сабыр!.. Мезгіл текке жылады.

Көрдіңіз бе, шығысты таң жалады...
Тоқ етерін айт дедім бе, айт дедім:
Өз арнасын өзен қайдан алады?

– Арғы сай да, бергі сай да толады,

Сайсыз жерде неге жанын талады!
Жапан түзде жана арнасын ол өзен
Осы ауылдың адамынан алады.

– Бәрекелде, бізге керек осы еді,

Бұдан артық ешкімнің не шегі?..
Қол қойыңдар, шақыр бері құптасын,
Қой ферманың Жәмиласы, Көшегі.
Жаз Гүлжанға: аман болсын, өлмесін!

Жігіттерге онша көңіл бөлмесін!
Жаңа өзеннің үстінен бір баттитып,
Дөкейіне қол қойдырмай келмесін!
Осылайша құптап қалам түртілді,

Орман ептеп басбармақпен сүртілді.
Қол қоюмен таңды солар атқызды,
Қол қоюмен салды ұзатып бір түнді.
...Елге барып, сөйткен карта - ол карта,

Тозағына жетпеп еді ол жорта.
Басшы орындар құптамайды неге тез?
Қыздың көңілі бір сол үшін болды орта.
Бас инженер кетті дейді көруге,

Жерді көріп, өз бағасын беруге;
Мүшелердің өзі болып біреуі,
Гүлжан оған жарамас па еруге!..

– Өз аулымның зерттеп-ақ ем әр тасын,

Жаңылмай-ақ жасап елім картасын, –
Таң атқалы қыз досына соны айтып,
Бір мысықтың отыр сипап арқасын.
Есікке де жан біткен бе дәл бүгін,

Әңгіменің айтқызбады ол қалдығын.
Әлде рұқсат сұрап тұр ма күзетші,
Тілеп еді бүгін сол бір шалды кімді?
Сөйтсе-дағы жауап қатпай өзгеге,

Топастарша тәртіп бұзсын ол неге:
«Можно» деген жалғыз ауыз қыз сөзі
Бір жігіт алып кірді бөлмеге.
Бұл жігітке бұл келгені ұнады,

Қарашығы тыным таппай аунады;
Езу тартса, мойны дереу қисайып,
Қыз баланың күлгенінен аумады.
Етігін кеп сықырлатпай тоқтады,

Бұйра шашын сонша олақ баптады.
Етсіз аппақ саусақтарын ұсынып:

– Жақсымысыз? - деуден басқа таппады.

Басшы орыннан келген адам осы еді,
Бас инженер жас болғаны несі еді?
Бір кезде бұл бұрыштан да қараған,
Оның сол бір кінәсін кім кешеді?..

Есінде жоқ қанша сырттан көргені,
Досын қанша түртіп қала бергені;
Жігітің де сырттан емес, бетпе-бет
Осы-ақ еді жөндеп қызды көргені.

Көз алдында сол қыз ба, әлде құйын ба?
Соған деген не бар еді миыңда?..
Амандықты айтып қойды жас жігіт,
Басқа сөздер жатты мүлде қиында.

Неге сөзге одан бұрын қыз барды,
Әлде жігіт сыйламай ма қыздарды?..
Олай болса, жігіт неден қысылып,
Не себепті құлақтары қызарды?..

Неге сонша күлімсіреп төнді екен,
Үн жоқ, түн жоқ - осынысы жөн бе екен
Жана ғана қыз алдында қолбырап,
Енді ширап, неменеге сенді екен?..

Уа, оқушым, сен әуелі заманды ұқ!..
Тапшы бұдан ынжықтық пен жамандық?..
Шіркін, саған не жетуші еді, өмірге
Жас адаммен бірге келген мамандық!

Жігіт мұндай көп керген жоқ ортаны,
Деді ол бәлкім: Осындаймен жар таны –
Қызға бақыт өз қолынан бергендей,
Жайып салды сметаны, картаны.

«Бекіттім» деп қолын өзі қойыпты,
Ол жанадан 6іp Te6eHі ойыпты.
Өзеннен де артық ирек табылып,
Өшіргішпен соны ақырын жойыпты.

Белгілі еді, әншейінде жігіт кім...
Оныменен тілге келді жібін кім?..
Енді қызды картасына үңілткен
Қолы қандай ыстық еді жігіттің!

Қыз қарады, қыздың бейне көзі шоқ,
Нәзік жанға кірпігіңнің өзі оқ.
Қайран жігіт күлімсірей береді,
Айтар еді-ay, аузында бір сөзі жоқ...

6. Ашуланған адамдар

Ауылдастар күндіз тізе бүкпеді,
Бір төбені бір ай қазды – бітпеді
Ашуына кеп булыққан біреулер
Күректерді жерге соғып бүктеді.

Ашуланбай қайтушы едің, кеште сен
«Күндіз еткен еңбегің еш» десең;
Зорыққаннан өліп кейбір аттарың,
Бармағыңды өзің қатты тістесең.

Ауыл жақта семірмесе қойларың
Жөнделмесе қысқы қора-жайларын,
Күнде текке бір шұңқырда күйбеңдеп,
Түнде босқа сырқыраса бойларың.

Көрші совхоз өз жұмысын қимаса;
ЗИС-ті беріп жанармайын құймаса,
Жер қазатын машиналар, мамандар
Күткенінде саған келе қоймаса?..

Кейімес пе ең көзің дүкен көрмесе,
Он бес күнде он көйлегін кірлесе,
«Социалистік Қазақстан» газеті
Көптен бері түсіне де кірмесе?..

Талай сабаз дәл осындай күйінді,
Талай рет кетемін деп киінді.
Гүлжан, cіpә, ойлаған ба мұндайды?..
Өмір қалай соқтырады құйынды!..

Сұлу еді, аппақ еді қыз кеше,
Бүгін көрсең екі беті өзгеше:
Кір емес ол, күйгені ғой терінің,
Оны сумен жуа алмайсың жүз кесе.

Гүлжан оған болар ед-ау разы,
Жеңге келсе ашулының біразы.
Кеше түсте жыламасын қыз қалай?
Жәмила мен Көшек болды наразы.

Әншейінде жуас еді Көшегі,
Қандай жаман дүңк еткені кешегі:
«Шорту» деп ол лақтырғанда,
бір қапшық

Арпа болды алыс кеткен кесегі..
Ұшып кетті - аттың жемі шашылды,
Түстен ашу кешке қарай басылды;
Биік төбе үнсіз - тілсіз қазылып,

Топырақтар бөтен жаққа тасылды.
Жәмила ғой, екі жеңін түрініп,
Жүретұғын болды дедім ұрынып;
Бастап келген қыз кінәлі соған да,

Ол жығылса бір бұтаға сүрініп.
«Адыра қалғыр едірейген бұтасы,
Адыра қалғыр топырағы, бұл тасы!..»
Сөздің шеті Гүлжанға кеп тиеді,

Боздаса да «жетім қалғыр» ботасы.
Мейлің сен бол сәл төзімді сәл кіші,
Бірақ істі басқартпайды әлгісі.
Білсін мұны секретары обкомның,

Бәлкім айтар жылы сөзін сол кісі.
Рацияны кезек бұрап бес адам,
Обкомды қыз сұрай берді Тосядан;
Көздің жасы кейде мүлде жоғалып,

Кейде тамшы шыға келді тасадан.
Сұрай-сұрай тапты іздеген дауысты,
Байыптап бір айта алмады дау істі:
«Анау жоқ» та «мынау жоқ» деп булығып,

Сөйлемдерің аяқтамай тауысты.
Сөкті Гүлжан адамдардың барлығын –
Тыңдамаған өз бұйрығын, жарлығын.
Сол халықты жақтап, бірақ, секретарь,

Бір жылы сөз әкелмеді барлық үн.
Көздің. жасы бұрынғыдан, молайды,
Мөлдір тамшы көрсетпеді маңайды;
Секретарьдың «шикі қауын» дегенің

Гүлжан тыңдап, Гүлжан ғана мұңайды.
Ол күн өтті солайша бір түнеріп,
Көңілді өмір келе қалды түнге еріп;
Сай-саладан жарқылдатты оттарын

Маржан таққан сұлу қыздай түн-көрік.
Совхоз жақтан салдырлатып арбасын,
Келген халық меншіктейді қыр басын;
Секретарьдың сөзі батқан директор

Бүгін тіпті ақтамады бір басын.

– Бізден болды, - дей береді

– бар айып, –

Қыз отырды кешегіден зорайып.
Жана келген талай экскаватор
Сайға қонды мойындары сорайып.
Келді әлгіде газет-журнал тасушы,

Концерт беріп көңіліңді ашушы,
Келді неше сортын тиеп сыраның
Ыстық күнде сусыныңды басушы.
Гүлжан тіккен бес қанат үй - орталық,

Әлі ұйықтамай маңайында жүр халық.
Айтқандары: – Оқып жақсы мақала,
Нашарларын темекіге жырталық.

– Ай батқанша аттың жемін қапталық.

Күбілерге сыра құйып бапталық;
Әнімізді айта жүріп, кешегі
Күректерді бүгін қайта сапталық.
...Түн солайша өте берді әндетіп –

Ойда-қырда аттар қалды, аң кетіп.
«Питомникті күтіңдер» деп бұл түнде
Колхозына хат жазды қыз менің енді.
Мал жайлы да талай сөздер тізілді,

Талай пікір ұнамады, бұзылды;
Үйге кіріп Көшек ағай, Жәмила,
Соңғы сөйлем ортасынан үзілді.
Жәмила кеп қаламсаптан ұстады,

Көшек күліп, сыра құя бастады;
«Ішпеймінді» тыңдайтұғын олар жоқ.
Қағаздарды жинап кейін тастады.
Жәміш сөзін кешегіге таяды –

Жылады деп қызды бүгін аяды;
Жас ботаның боздағанын дәріптеп,
Бұталарды жақсы отынға саяды.
Бар керекті жоғарыдан жеткізген,

Жоғарыға сөзін түгел өткізген,
Гүлжан бүгін Жәмилаша, дана қыз,
Бола ма екен тіл мен жаққа өйткізген?!
Кетік тісін мұрт астынан көрсетіп,

Көшек отыр оқта-текте мырс етіп;
Өмір бойы дүңк етпеген секілді,
Күлсе езуі құлағына тұр жетіп.
Оған айтсаң өкпе яки кекесін,

Сен өзіңе ыза болады екенсің:
Бір тіл қатпай күледі де ыржиып,
Дәу қолымен қасиды екен желкесін...

– Маған емес, обкомға алғыс айтыңдар,

Демалыңдар, қостарыңа қайтыңдар. –
Осы болды барлық сөзі Гүлжанның,
Әңгіме жоқ, жай отырып, жай тыңдар.
Жәмила апай озып сөйлемесе де,

Он бес рет: «Ие... иә...» - десе де,
Гүлжан артық еш әңгіме айтпады,
Ақбас сыра сарғайды да, кеседе.
Көшек қана еріндерін түреді,

Сыраның ол тұнық бетін үреді.
Дәл өзінің ашуындай ақ көбік
Қайда кеткен? Жаңа ғана тұр еді...

7. Талқыдағы жігіт

Колхозшы кім, жұмысшы кім, бастық кім
Байқатпайды шаң, топырақ, ыстық күн.
Жаңа арнаға құм әкеліп құяды
Отты желі күншығыстың, түстіктің.

Сусылдаған, тұрлауы жоқ сұйық құм,
Ащы сораң, құмалағы киіктің
Қопарылып қалып жатыр астында
Жағадағы тау секілді биіктің.

Қабат-қабат көк балшық пен көк сазды,
Күрегі де, моторы да көп қазды.
Бес ай бойы кеппей тері арқаның,
Үлес еріп еркім қосты көпті-азды.

Қазған арна үш кеш жерге созылды,
Шынықтырды талай босаң қыз, ұлды;
Көк өгіздер скреперді сүйрелеп,
Талай жерде мойынтұрық үзілді.

Жұмысшылар талай көпір жасады,
Борлы төбе жандауларын қашады;
Сонымен де біте қойған арна жоқ,
Жұмыс шіркін әлі бастан асады.

Соны ойлаған Жәмила мен Көшекең
Қоста кеңес құрған еді кеше кең.
Гүлжанға да бұл екеуі деп еді.

– Қазушылар жаңа әдіске көшсе екен.

Бүгін ешкім кешегі ізін баспасын,

– Жаңа норма белгілене бастасын;

Тас деген жер шықты, - дейді құм болып...
Гүлжан неге бұған құлақ аспасын?..
Кеше кеште бір сағатын өлтірді,
Жаза - жаза бес қағазға толтырды;

Баяғы бас инженерді шақыртып,
Штабына жаңа ғана келтірді...
Жаңа ғана бас инженер жолықты,
Өзгерісті қыз бетінен ол ұқты;

Ыстық қолды уысынан босатпай,
Бұрынғыдан асырды бір қылықты.
Гүлжан түкті ұқпағансып түледі:
Норма жайлы үлкен ақыл тіледі;

– Норма қашып құтылмас-ау, - дейді де,

Оған жігіт баяғыша күледі.

– Жұмысшылар сонау сайдың ішінде, - дейді

Гүлжан бір өзгертпей түсін де:
Одан келер тыйым бар ма күлкіге?!
Жігіт шіркін баяғы бір мүсінде.
Енді екеуі жұмыс жаққа жөнелді,

Жарғақ құлақ не тыңдаса – көнеді.
Жүрек деген құлақ емес, мазасыз,
Жігіт соған қасақана төнеді.
Осы батыр сөзге бұрын жоқ еді,

Кеше қыздың кірпігі де оқ еді;
Енді, міне, алажаздай сағынған
Жанның сырын ақтарады, төгеді!

– Мен-ақ дейді - ынтығыммен

дем алдым.
Өз кеудемнің түкпіріне қамалдым;
Маған біткен тыныштықтың барлығын
Бұйыртпадың, сұрамай-ақ сен алдың.

Тілесеңші жазылмаған хатымды,
Ұқсаңшы бір менің махаббатымды;
Бір кездерде көлеңкемнен қызғандым
Оңашада атауға да атыңды.

Енді, міне, бетін аштым жан сырдың,
Қолдарыңды уысыма жасырдым.
Қатты қыстым, сүйер едім - батпадым,
Не қылсаң да, тағдырыңа бас ұрдым.

– Қызық екен! - деді сырды қызу ғып,

Күлімсіреп, басын төмен қыз бұғып;
Көз жанарын оқытпады жігітке,
Отыз рет қараса да қызығып.
Жігіт байғұс еш қабағын шытпады,

Мұнша жүріп бір ауыз сөз ұтпады;
Алыс еді сайдың бойы әлгіде,
Қалайша тез келіп қалды?.. Ұқпады.
Звеноға бір звено іргелес,

Әйтсе-дағы аралары бірге емес.
Қазып жатыр, қазып жатыр сонша адам:
Кейін қапты бүгін тағы бір белес.
Бір топ әйел ойда балшық төгеді,

Бір топ еркек қырда шылым шегеді.
Бір төбеде: «Бүлдірдің» - деп механик,
Көмекшісін ашуланып сөгеді.
Одан әрі барсаң тағы қаптаған

Адам.
Шеті көрінбейді-ау қап, саған!..
Бәлкім шарлап шығар едің, аяғын
Кешке дейін болса тыным таппаған.

...Қыз аралап экскаваторларын,
Тыңдап зауыт жастарының сырларын.
Бас инженер көрді барып Көшектің
Бүгін қазған балшықтарын, борларын.

Міне, Көшек звеносы, міне, өзі;
Қонағына жат та шығар мінезі.
Танымайтын инженерге сәлем жоқ,
Аларып тек бір қарады, бұ несі?..

Балшықты ол сыбап алыс лақтырды,
Басқаның да сондай ісін жақтырды.
Сөз сұрасаң, тек қарайды аларып,
Көшек тіпті «Кет!» деуге де шақ тұрды.

Жиырма минут елемеді кісіңді,
Қоңыраудан кейін ғана түсінді;
Балшық еді қолдарының бастары,
Инженерге оң білегін ұсынды.

– Әкел, - деді,темекіңді, жігітім,

Жеңіл емес ағаңыздың жүгі тым;
Жәмиладан озбайтұғын жайым жоқ,
Ұйқыны да ұмытамыз бүгін түн.

– Жәмила кім?

– Жәмила ма? Стахан!

Бел күректі ортасынан ұстаған.
Көрмеп пе едің газеттен суретін,
Бешпеті бар батсайымен тыстаған.
Оны білмей сеніп өзің кім едің?..

Қайдан шығып, бүгін қайда түнедің?
Гүлжан көрсе жүргеніңді шықиып,
Пар өгізбен су тартуға жөнедің...
Шын айтамын, даяр сенің үлесің,

Неменеге ыржыясың, күлесің?..
Костюміңді былғап берсе өгіздер,
Сен алдымен жыларыңды білесің...
...Жәмила кеп, бұдан жаман қағыта,

Тыншымады оның мен жағы да:
Бас инженер өзін зорға танытып,
Үлкен шатақ тілеп алды тағы да.
Екеуі де ұзақ айтсаң көнбейді,

Бір сөзіңді бес-алты рет жөндейді;
Оларменен норма жайлы талассаң,
«Сіз» дегенін қоя тұрып, «сен» дейді.
Сөйлейді де еріндерін жалайды,

Сенің тыңдап тұрғаныңды қалайды.
Нормативті бекітілген кеп-кеше
Ескі етіктің ұлтанына балайды.
Кейде, тіпті, одан әрі тастайды,

Сырт жағынан адамдары қостайды.
Шкаланың цифрларын жамандап,
Жұмыстарын беттеріне ұстайды.
Сөйтеді де, бола бермей тұрпайы,

«Cіз» дегенін қайта айтады сыпайы;
Күлімсіреп тағы саған қарайды,
Сенде бардай алынбаған ұпайы.

8. Қадірлі қонақ

– Әлди-әлди, ұйықта жаным, айнашым,

Апаң жоқта бұзау еміп қоймасын;
От салайын қара қазан астына,
Әкететін ежегейі қайнасын.

– Әлди-әлди, ұйықта жаным, бөпешім,

Жылдағыдай үйде жоқ қой көкешің.
Өзім барып емдемесем болмайды,
Кешегі бір ақсап жүрген текесін.
Ұйықта жаным, қоспақ қырдан түседі,

Қайтармасам шалшық судан ішеді, –
Кемпірлердің әр үйдегі балаға
Ала жаздай айтқан сөзі осы еді.
Әлсін-әлсін соғып алып көжеңді

Осы әнді айтқан осал деме әжеңді.
Осы әнменен жапанды да оятып,
Ауылға да жақындатты өзенді.
Өзен бойы бүгін қандай өзгеше,

Кім нанады жатқан жері түз десе?..
Ондағылар бүгінгідей әңгіме
Әншейінде таппас еді-ау іздесе.

– Өзен қандай көңілді еді, жақсы еді

Аттам жері еңбек еді, ақша еді..
Ертең кеште жарға шашып көбігін,
Жаңа арнамен толқын тулап ақса еді!

– Өзен қандай көңілді еді жақсы еді,

Ертең кеште құмды толқын жапса еді
Су бетінде ай мен жұлдыз аунақшып,
Таң атқанша аспан жерде жатса еді!

– Осындағы совхоз, зауыт жастары,

Осы отырған өзіміздің жас, кәрі –
Ертең түнде бас қосады қай жерде,
Біздің қыздың қандай екен жоспары!.. –
Бұл сырды айтып, босаған соң қолдары,

Құм үстіне қарғыс салып шалбары,
Жаңа арнаны қыр астына ап келіп,
«Майдың» барлық отыз жігіт, шалдары,
Қайнаса да таң атқалы шай талай,

Торсықтардан шұбат ішті шайқамай;
Гүлжанды олар неғып көре қалды екен?
Отырсашы сол күйінде байқамай.
Бір cәрі еді-ау маман құрбы келді деп,

Қолын қысса жас алақан көлбіреп.
Амалын не, қызға тәжім етті шал
Аппақ шашы, ақсақалы желбіреп...
Керек еді оған сонша кім қолы?..

Әлі өзгерген жоқ еді ғой камзолы...
Тым болмаса ақтық рет бала боп,
Еркелесем деген еді бұл жолы.
Екі жылдай қазылды ғой мұнша құм;

Бір күнгідей өте шықты мың сағым;
Енді шалдар баласынып өз қызын
Оның неге сипамайды моншағын?
Олай сыйлау ойында жоқ өңгенің,

Осы деп-ақ ұйғарыпты ең жөнін;
Шал алдында бота көзін төңкеріп,
Еркелейтін еш қақы жоқ енді оның.
Балалықтың бола қалды не шегі?

Ұқты ауылдың Жәмиласы, Көшері, –
Қыз аузында басшы адамның сөзі бар,
Күлкісі де күлкісі емес кешегі.
Шалға да оның қажет болып әр сөзі,

Соған бола сығырайып тұр көзі;
Шалдың-дағы бүгін қайтып келгендей
Әкесіне еркелеген бір кезі...
Шал да ақырын қыз алдына келеді.

– Шаршадық, - деп мыжырайып күледі.

Құрбылар да ынтық болып, қаумалап,
Бүгін содан бір әңгіме тіледі.

– Ағайындар, шаршадыңдар, білемін,

Мен де өзімше шаршадым деп келемін,
Дем аламыз ертең өзен басында,
Осы ауылдың жайып тастап кетеді.
Өзенді кеш!..

Ұмтылтпады ол кімді?..
Ертең кеште қарсы аламыз сол күнді.
Ай астында суға тоқаш лақтырып,
Жігіттерге қудырамыз толқынды.

Ертең кеште сый жібегін жыртамыз,
Жетпіс жерден от жағады ортамыз.
Балаларға кәмпиттерді ұстатып,
Сый табақты қартымызға тартамыз.

Ақын, күйші самғасыншы бір кеңіп,
Келген шығар жаңа күн мен жыр төніп,
Ошақты да терең етіп қазамыз,
Жылда жатсын жапырағын бүркеніп.

Бастаңыздар, мезгіл текке етпесін,
Соңғы жұмыс сарғаймасын, күтпесін!
Жер бетіне қолымыздан қоялық
Өшпейтұғын үлкен жазу нүктесін!

Ауылдастар енді ойланып жатпады,
Маманы мен машинасын топтады;
Күндегіше кең даланы шулатып,
Күректерді төске қойып таптады.

Жегіп жатқан ат та жақсы оттады!
Жүгін сүйреп атан алшақ аттады;
Осылардың ортасынан жол алып,
Бір «Победа» қыз қасына тоқтады.

Керегі не бұ арада ат-жөннің?
Жүзі таныс бауырындай әпкеңнің.
Қаладағы мінбелерден көп көрген,
Осы еді ғой секретары обкомның.

Қыз таниды-ау... қызды білмейді ол бірақ,
Қайда өспеген бұл секілді балқұрақ?..
Өз аузынан Гүлжан едім демесе,
Ұялтар-ау сол ауылға жол сұрап?..

Өйту қайда?
Өзін бұрын білгізіп,
Айтқызбай-ақ танығаны бір қызық;
Және қызық - орамалын көргені,

Қарсы алдында өз қызындай тұрғызып.
Ол сөйлесе, сен тыңдайсың жай үнді,
Еске аласын еткен күн мен айдынды.
Өзіңменен он жыл бірге оқыған

Досын ондай біле бермес жайынды.
Қайдан білдің ол қыздың құмды тергенін,
Өткен қыста шаңғы теуіп жүргені?
Қайдан білсін ол осы қызға горкомның

Партбилеті жаңбыр күні бергенін?..
Қайдан білді ол, күйіп-жанып қыз eді,
Көктемеде ауырғанын бір жеті?..
Оны емдеген докторды да біледі,

Қандай қызық үлкен адам қызметі?!
Белін алып сөздерінің арасын,
Апаңның да денсаулығын сұрасын...
Еркін кетпей ондай адам алдында,

Қалай ғана өзіңді іркіп тұрасың?..

– Мынау бізді кесіп өткен қырымыз,

Достарыммен танысыңыз, жүріңіз;
Жиналғанбыз колхоз бенен совхоздан,
Қаладағы зауыттанбыз бәріміз. –
Осыны айтып, сайдан төмен сырғанай

Ертіп оны жұрт алдына барғаны-ай!
Жұмысшылар тани кетіп қонағын,
Біздің қыздың аң-таң қалып тұрғаны-ай!..
Бұл қонақтың машинистке күлгені-ай,

Машинаны жасаушыдай білгені-ай.
Бухгалтермен өздерінше сөйлесті,
Бұл не деген адам еді тілге бай?!
Қызық екен нық - нық басып жүргені,

Күректің де жүзін ұстап көргені!..
Қызық екен cap жапырақ шылымды
Жұрт ұсынса, будақтата бергені...
Керек еді-ау қонақасы жегені,

Бітпес еді-ау одан ауыл көгені...
Бұзып кетті: «Қош әзірге, ертең кеп,
Бір толқынды мен де қуам», дегені...
Беріп кетті ол жаңа жұмыс ырғағын,

Сол себепті оныменен бір қанын.
Ондай адам сенен ұзап кетсе де,
Қызық сенің соған қарап тұрғаның?..
Ә дегенше тозаңдатып іргені,

Көкжиекке машинаның кіргені,
Сол кезде де қыз көзшең кетпеді
Жақсы адамның жаңағы бір жүргені.

9. Асау толқын

Ерке өзенім, шабытымдай байып тым,
Тербетеді-ау желкендерін қайықтың!..
Қарлығаштың қанатына су шашпай,
Тыныш жатқан күш бар ма Жайықтың?..

Жайық сырын айта берсем - байтақ ән.
Жайықты мен бала күннен байқағам;
Дәл осы бір мендей тентек толқынға
Мамам менің жөргегімді шайқаған.

Бірақ, бұл су толқын күйде, жас күйде
Бармаушы еді біздің үйге, басқа үйге.
Қармағымды тартып алып қолымнан,
Шулап асып кетуші еді Каспийге.

Осы иінде есіп жалғыз терегім,
Жар басынан алушы еді қорегін,
Асау толқын оны да ұрлап әкетіп,
Іздесем де, таппап едім дерегін.

Енді, міне толқын бетін жөндеді,
Баяғысын бүгін өзі күндеді,
Ағытқанда
Жаңа арнаның түбінен

Басқа сырын құлағыма үндеді.
Кетті, кетті өзен түзге асығып,
Қарсы алдында дала жатыр ашынып.
Енді риза болар едім ап кетсе,

Өлеңімді толқынынын басы қып!..
Асау ағын жарға басын ұрады,
Құм қомағай жас көбікті сорады;
Жұмысшыдан қалған талай нәрсені

Қақпақылдай қағып толқын барады.
Көп емес қой толқындардың шапшаңы,
Көрдім судан мойынұрық, жақшаны.
Көріп қалдым сарғыш тартқан газет пен

Көктемдегі шал жоғалтқан шақшаны.
Көріп қалдым ескі камзол астарын,
Ботинканың қайқаңдаған бастарын;
Тауып алдым құла толқын үстінен

Осы өлеңнің алғашқы бір жоспарын.
Арманым жоқ, ескісіндей халықтың
Алдын бастап толқындардың, балықтың,
Менің де бір ескім суда жүр екен.

Ойда жоқта соған аң-таң қалыппын...
...Өзен тасып, кетті түзге шұбалып,
Дала мұны қайда қалды жоғалып?..
Ерте кезде бір келмеген өзеннің

Жұртпен бірге едің алдынан шығалық.
Өзен тасып, күркірейді далада,
Шортан ойнап жатыр жай мен салада.
Әттең ғана құлағы жоқ, әйтпесе,

Бір-бір тыңдап қалар еді мола да...
Қайта-қайта үркіп тайлақ желеді,
Ит пен бала ойындарын бөледі,
Кешке жақын шу көтеріп толқындар

Баяғы бір сағым жақтан келеді.
Қарап соған ойда, қырда тұр халық,
Қыз, жігіттер билеп те жүр ырғалып.
Кемпірлер де неге жатсын үйіңде,

Дәл бүгінгі шашулардан құр қалып?!
Осы өмірге өзен жүйткіп ағады;
Қарсы алдында қыз жүрегі соғады;
Отты өзегі салқындаған кең дала

Енді не деп қызға мұңын шағады?..
...Алғашында парторг сөз сөйледі
Оркестр де аспаптарын күйледі;
Жұрттың қалың ортасында, жағада

Гүлжаным бір ғажайып би биледі.
Қосылды оған елу жеңге, елу қыз,
Біз де артында тепеңдеген елуміз.
Біздің қойшы – аяғымыз дөрекі,

Біздің онша толқымайды беліміз.
Ұмытпаймыз ол суретті, ол күшті;
Ондай кезде тани қойсын ел кімді?! –
Өңшең көкшіл көйлегі бар әйелдер

Жанай берді жарға соққан толқынды.
Айғай-шуды аулақта тұр төл тыңдап,
Балалар да тайдан түсіп тоқымды ап,
Көбік қайсы, көйлек қайсы - білмейміз,

Көз алдымыз кетті тегіс толқындап.
Би соңынан өзен ақты сарқырап,
Бақа түнде ен салмады шұрқырап;
Бірінші рет түзде түнеп айдын көл,

Жатты күндіз бетінде күн жарқырап.
Сол күні жұрт бір сүйсініп қарады,
Көл мен өзен шомылуға жарады;
Той соңынан совхоз, зауыт жастары

Қош айтысып, жай-жайына тарады.
...Содан бері күн соңынан күн өтті,
Су бойына жұрт үйрегін түлетті;
«Май» колхозы тәртіптерін өзгертіп,

Арықтардан қойды алысқа түнетіп.
Бөгелектеп қақпайды да ат түйін,
Бүгін өмір таңдануға татиды;
Қалайша тез әкелді екен бұл ауыл

Бағана мен дизельдерда, НАТИ-ды?..
Ұнталсын деп өздерінің кешегі –
Қасқырларға кеп лақтырған кесегі,
Культиваторды алып барды далаға

Осы ауылдың Жәмиласы, Көшегі.
Қайтадан бір төңірекке қаралық:
Жатыр бейне жер өзгеше жаралып.
Асау толқын енді көрсең тіл алғыш,

Шымырлайды мың тамырға таралып.

10. Еріксіз күлкі

Ойыншық қой жердің бұған дөңесі,
Томар бояу, шымның нелер көнесі, –
Кең далаға шықты, міне, ең алғаш
«Эс-80-нің» үйдей үлкен денесі.

Даламызға жаңа келген алыптың
Шалқымайды зор денесін танып кім?!
Жаудың талай жатқан жерін таптаған
Бұл кешегі темірі ғой танктің.

Үлкен дене бүкіл жұрттың көзінде,
Қасиет бар лемішінің жүзінде;
Балаларша ұзақ өмір сүреді –
Жас шыбықтар қалып соның ізінде.

Осал ма онда құмды илеп, тасты үгіп,
Осы алыпты жүргізетін жас жігіт?..
Қыз көзіне түсу керек осымен,
Бұл тұрғанда керек емес басқа үгіт.

Осыны ойлап, рулімен қозғала,
Шықты, міне, тракторшы бозбала;
Келіп жатыр айтқан оның әуені
Ыққа, желге «айнам» деген сөзді ала.

Белгілі ғой, - адам қалай өсері,
Қай уақытта осы әуенге көшеді.
Кеше ғана әліппесін құшақтап,
Көбелекті есіркеген осы еді.

Жүрегінде лапылдаған, құлпырған
Мұндай ыстық емес еді былтыр қан.
Аттанарда Гүлжан сонау қалаға,
Бос қобалжып, өзін ұқпай бұл тұрған.

Содан қайтып қыз дидарын көрмеген,
Толқыннан бұл тоғашты да термеген;
Бір жыл бойы оқыса да алыста,
Ауыл жақтан хабар алмай жүрмеген.

Біледі өзі, өзгертпей-ақ шырайды,
Сол қыз мұны бұрандадай бұрайды;
Қысылғанда бұл сабаздың өзі де
Ертең әлі қыздан ақыл сұрайды.

Іс бітпесе жігіт қасып шекесін,
Ертең оған қыз айтады кекесін;
Графикті сыйламаса бұл жігіт,
Сол қыз мұның танытар да көкесін.

Болмаса да ешкім бөгет жастыққа,
Бір сөз айту қиын ондай бастыққа.
Сөйтсе-дағы қыз агроном екен деп,
Жігіт жаны қайтіп көнер «бас бухқа?..»

Күн болар ма қыз күлкісін тең бөлер?
Ол күлкіге қандай сағат тең келер?.. –
Жұмыс жақсы істелгенде, осы қыз
Қолды қатты қысад, - деуші ед жеңгелер.

Осыны ойлап, рулімен қозғала,
Келді өзенге тракторшы бозбала.
Звенолар шыбықтарын жүр қадап,
Жапырағын жатыр өлшеп түз - дала.

Еніп қапты жаңаша бір түзге өмір,
Құм Нарыннан мүлде босқа бергі өңір;
Көбігіне көп оранған толқынды
Жұта - жұта тартқан екен жер қоңыр.

Екі бұта желге дәнін төктіріп
Болған екен, қысы-жазы тек тұрып;
Селеудің де мекенінде қоңыр зябь
Жатыр бүгін жерді буға бөктіріп.

Қалған тыңды көтереді «Эс-80»,
Тотығасын мұнда жұмыс істеп сен;
Машинаңды қабаққа да саласың,
Құшырланып, ерніңді тістеп сен.

Бұл бұйрықты өзіне айтып, қозғала,
Келді өзенге тракторшы бозбала;
Звенолар жас ағашты жүр қадап,
Жапырағын жатыр тілеп түз - дала.

Сүйсіндіріп әр жеңгені, әр шалды,
Алып дене «мен келдім» деп жар салды;
МТС жақтан ұзақ күткен моторын
Достарымен Гүлжан барып қарсы алды.

Қыз баяғы қалпында емес доп ойнар,
Оны ғажап өзгертіпті күн, айлар;
Оның мына толықсыған денесі
Кеше жіптен секірді деп кім ойлар?..

Зябьте қалып терең - терең іздері,
Тым асығыс келе қалды қыз бәрі.
Тұрды жігіт солдаттарша сіресіп,
Қыздың тура қарағанда кездері.

– Амансыз ба? Білесіз бе міндетті? –

Жұмыс бабы қызды солай үндетіп.
Басқа Гүлжан жаралған ба япырым-ау,
Соңғы жылдар дауысын да өңдепті.
Сөзі мүлде қалған дерсің азайып,

Оған зады артық айтқан сөз айып.
Сөйлерінде көз жіберіп қияға,
Көпке дейін ойланғаны ғажайып.
Сезе қалып жұрттың бетін бұрғанын,

Ол сөйледі болашақтың бір қамын.
(Білген де жоқ орамалдың ұшымен
Маңдайына жел сабалап тұрғанын.)

– Білесіз бе, жақсы жігіт, міндетті?..

Түнде қосқа түнемейтін күн жетті;
Таң ұйқысын аяғаннан сақтасын,
Жек көреміз біздер ондай «індетті».
Кеше бір дос орманыңды сүймеген,

Питомникке ешкі түссе тимеген;
Бүгін қаулы шығарттырды партия,
Жеңсіз енді орман үшін күймеген.
Жасырмаймыз, күнге мықтап пісесіз

Демалуға бір-ақ рет түсесіз;
Сорпаңызды трактордың үстінде
Шоқалаққа шайқаттырып ішесіз.
Айтпасам да күндіз оңай көресіз,

Түн ішіне фонарь болып кіресіз;
Звенолар тура тартқан меженің
Ycтіменен қателеспей жүресіз.
Керек емес шоқалақтан семірген,

Керек емес өз қадірін кетірген;
Ізін ізге қатты ұялып қарайсыз,
Тайыз болса отыз сантиметрден.
Желге беріп топырақтың ылғалын,

Кімге қажет менің мұнда қалғаным;
Бәрімізге ортақ талап - сол талап,
Түсіндіңіз орманшының бұл халін.
Көріңізші титтей мына шыбықты,

Дәл біздердей кім осыны шын ұқты?
Топырақты құштарланып уқалап,
Біздің ғана саусағымыз шынықты.
Түсінеміз, біз тоқсаннан асқанда,

Жер анамыз бізге қойнын ашқанда,
Өлмейтұғын ісімізді растап,
Бұл тұрады шу көтеріп аспанға.
Кешіріңіз, қиялды алыс жүрегім,

Сізді-дағы болашаққа үңілттім, –
Осыны айтып кейіпкерім оң қолын
Қойды апарып иығына жігіттің.
Мұндай кезде жоқ қой қарап тұрмағын,

Өзің түгіл тыншымайтын тымағын.
Бас киімін жігіт кейін жылжытып,
Қайта-қайта кеней берді тамағын.
Бұл орыннан жігіт жанын аяр ма?..

Бұл орында бір күн тұрса тояр ма?..
Оның жайын сезе қойған әйелдер
Қалжыңдарын ақы берсең қояр ма?..
Шулап кетті қаумалаған жеңгелер,

Жеңгелерге мұндай жалғыз жем келер;
Айтқандары: –
сырқат екен тамағын!..
Тың көтеріп, тер шығарсаң жөнделер.

Қатты қалжың тағы - тағы төгілсін,
Бозбаланың бар шылымы шегілсін.
Аузы-мұрнын орамалмен қымтап ап,
Гүлжан бұған күлмегенде не қылсын?

Қадап жұрт, қайың терек, шегіршін?
Қалжыңдағыш не Жәмила, не Гүлсім,
Жігіт болып тамақтарын кенесіп...
Гүлжан бұған күлмегенде не қылсын?

Мен бергіш ол мұндай көңіл-күйге ерек,
Жас басынан жан емес-ті күйгелек;
Түске дейін тұнжыраса амалсыз,
Түстен кейін осы күлкі тым керек...

11. Тағы да жүректен...

Жас тамырын ылғалына кең салып,
Бұтақтарын, бүршіктерін күн шалып,
Қайыңдардың екі ай бойы теп-тегіс
Көктегені сүйкімді еді-ay соншалық!..

Кей ағаштар неден бүгін улады?..
Не себепті желге төзбей құлады?..
Мұңды бала маңдайындай сарғайып,
Кей жапырақ неге мұнша солады?

Гүлжан мұны ойлағалы бір апта,
Көрді талай жұрттың басын қурап та.
Ертелі-кеш қызбен бірге жүреді
Жәмила да, Көшекең де, мұрап та.

Талай азот жерге дереу шашылды,
Талай көңдер қойлы ауылдан тасылды,
Сауықпайтын кей ағаштың науқасы
Ұлғайды да себептері ашылды.

Ағаш түбін сұрапыл жел үрледі
Құрт та жеді - себеп деген түрлі еді
Сәтсіз күнді баян етіп, екі рет
Партбюроның алдында қыз төрледі.

Парторг пен председатель сынады,
Не десе де Гүлжан үнсіз тұнады.
Одан жұрттың тілегені - уәдесі,
Қыз уәдесі партбюроға ұнады.

Содан бері олар орман ішінде,
Аяған жоқ ат, трактор күшін де –
Мұндай кезде, сірә тыным таба ма
Ауылдағы үлкенің де,кішің де?

Содан бері қыз қабағы түюлі,
Күнге беті бұрынғыдан күюлі;
Қосқа келсе, үңіледі қағазға,
Ішер асы көп турады құюлы...

Сонымен-ақ өте шықты бір апта,
Жүрді Гүлжан жұрттың басын қурап та,
Бүгін ғана көңілдерін бірледі
Жәмила да, Көшекең де, мұрап та.

Бүгін ғана Гүлжан біздің көшенің;
Кей орынға жаңа шыбық көмілді;
Бала бүршік түнде шыққа бөленіп,
Күндіз күннің сәулесіне шомылды.

Көрсін халық жас ағашты сұқтанып,
Сөйлеу керек партбюрода мақтанып,
Еске түсті таза көйлек, орамал,
Қос бұрым да қайта өрілді шоқтанып.

Тез киінді, (тез киінсін кім одан?..)
Мың сом алды текшеленген сомадан,
Әйелдердің алаң-ашық қосында
Кілттеусіз-ақ қала берді чемодан.

– Өз ақшама, - деді, –

сыйлық ап келем,
Бәрімізге не табылса қақ бөлем.
Сол себепті «Жайдары қыз» дейтұғын
Сол сағатта шығарыла қапты өлең.

Жайдары қыз колхозыма жөнеді;
Ақбоз аттың жортағы тым өнеді.
Қостағылар қалмап па еді алыста,

– Тоқта! - деген қайдан шыққан үн еді?..

Селк етті де, қыз қарады, іркілді:

– Зәре-құтым қалмады, - деп бір күлді,

Сілтеп қалды тракторшы Шапайға
Ат жалынан жұлып алып бір қылды.
Шапай біраз өз атымен алысты,
Аттар дереу жымыңдаса қалысты.

Шапай атын тістеп алды қыз аты,
Жасыл көбік бола қалды жал үсті.
Оны елемей Шапай бірге жөнеді,
Жарғақ құлақ не тыңдаса көнеді.

Жүрек деген құлақ емес - мазасыз,
Шапай соған қасақана теңеді.

– Мен-ақ, - деді, - сүйген адам өзіңді,

Мен қашанғы бола берем төзімді?..
Қолыңдамын - сүйген үшін жазғырсаң,
Айттым, міне, жұмдым-дағы көзімді.
Жасырмаймын, жиырма беске таяндым,

Дәуренім бар, енді неден аяндым?..
Қызғалдақтар жылдағыдай тағы өсті,
Солар ғұрлы ұйықтамадым, ояндым.

– Қызық екен, - деді, сырды қыз ұғып,

Күлімсіреп, басын төмен қыз бұғып:
Көз жанарын оқытпады жігітке,
Отыз рет қараса да қызығып.
Шапай байғұс қабағын да шытпады,

Мұнша жүріп бір ауыз сөз ұтпады.
«Май» колхозы алыс еді әлі де,
Қалайша тез келіп қалды? Ұқпады...

12. Табиғат сыры

«Майдың» осы бастамасы ұласып,
Елге тегіс еніп алды бұл кәсіп.
Бір ауылға бір ауылдың орманы
Қайда барсаң жатыр бүгін жалғасып.

Ойда жоқта одан-бұдан топталып,
Талай қонақ жүрді мұнда кеп қалып;
Көрші ауылдың звеносы Гүлжанның
Дәптерін де әлденеше кетті алып.

Сол дәптер-ақ жотаға тал еккізіп,
Жүрді дерсің минералын жегізіп;
Кімдер оны оқымайды ерте-кеш,
Қос басында қолдан-қолға өткізіп??!

Кейде мүлдем қашық жерден ат салып,
Қызымызды тыңдау үшін кепті алып;
Болды қазір бір Гүлжанның есімі
Талай жанның жүрегінде жатталып.

Жаңа туған сәбиіне талайлар
Әлде болса Гүлжан атын қолайлар;
Жиырма Гүлжан былтыр келді бесікке,
Ескірсе де ұмытылмас ол айлар.

Есте қалды маман қыздың келгені,
Ауылдардан шыға беріп желгені;
Есте қалды күле сөйлеп мінбеден,
Клубтарда жұрт көңілін бөлгені.

Айтып ел де соған алғыс, сый барын,
Әркім соның арлады да үйде арын...
Сол Гүлжанның көрсең бүгін кызметін,
Көрсей соның жұртқа таныс дидарын!..

Жатыр, міне, түнеп бүгін қосында,
(Колхозының өзінде емес, қасында),
Қыз тынышын алып болды түн бойы
Ұйқының бір келмегені осында.

Ұйқы байғұс келер eді-ay сыйласаң,
Төнбекшуге түн мезгілін қимасаң.
Ұйқы қайдан келуші еді әр жаққа
Ала қашқан қиялыңды тыймасаң?..

Кейде еске бас инженер түседі,
Тракторшы кейде күйіп-піседі
Екеуі де бұған өлең жазады –
Бұл соншалық кімнен артық кісі еді?..

Түбінде бұл кімге мойын бұрады?
Тұрмыс жайлы кіммен кеңес құрады
Сүйгенімен қай сағатта кездесіп,
Кім біледі, қай орында тұрады?..

...Жүйрік қиял қызды алысқа ұшырды,
Кейде қырға, кейде сайға түсірді...
Ыстық көрпе қымтап оны бостан-бос,
Көздердің еттерін де ісірді...

Тіл қатпайды қатар жатқан апай да,
Сөйлеспейді сыртта Көшек, Шапай да;
Қорылдаған Жәмиланың тынысын
Түні бойы тыңдағаннан не пайда?..

Тыңдап тірі жапырақты жандайын,
Байқал оның ондайы мен мұндайын.
Тым болмаса, тосып түнгі самалға,
Салқындатса несі кетті маңдайын?..

Босағадан аттай беріп, күйбеңдеп
Жөтелгенін ойларсың бір күлген деп;
Қостан ұзап шықты Гүлжан аулаққа,
Бос жамылған кең халаты көлбеңдеп.

Биыл салған ГЭС-тің үні ырғалып,
Бүгін сенен тілегендей ырзалық;
Етікші мен ұстаның да үйі ояу,
Жарықжұлдыз қорасында тұр жанып.

Гүлжан тегіс көріп болмай соны әлі,
Тағы тоқтап, тағы жүрді шамалы;
Әлдеқайдан шопан әнін әкелген
Түннің қандай сүйкімді еді самалы?!.

Қыз оңаша өз қиялын шертеді,
Тақалары тыныш түнді түртеді;
Биыл еккен жоңышқаның бастары
Қыз аяғын күтушіңдей сүртеді.

Келді, міне орманға да таянып,
Оған деген қиял анық, ой анық;
Ұйқыдағы жас қайыңға жұғысса,
О да бейне шошынады оянып.

Бала бұтақ шықтан моншақ тағады,
Арықта су ұрланады, ағады;
Қыздың шашын кейде сипап жапырақ,
Кейде ақырын арқасынан қағады.

Бұтаққа қыз кейде қолын артады,
Кейде соның шырмауығын жыртады;
Қараңғыда тәртібі жоқ тікенек
Кейде қыздың етегінен тартады.

Залалы көп, пайдасы жоқ тікенек
Ұрынды екен қызға неге тікелеп?
Құриды ғой тамыры да таңертең,
Басындағы кірпіленген түк емек.

Бұл араның желі дәйім тынады,
Табан тисе жері майда сынады;
Қыздың басқан тақасының ізіне
Таң атқанша су мөлдіреп тұнады.

Тағы жүрді түнгі орманды аралап,
Өздерінше сыбырлайды әр алап;
Тыңдап еді күптеген бір тықырды,
Қоян жатыр жас ағашты жаралап.

Болмаса да еш қылығы баянды,
Жас шағынан cүймеуші еді қоянды.
Cүюші еді зиянсыз 6іp баладай,
Енді кенет басқа сезім оянды.

Жатыр, міне, жас жөкені кеміріп,
Жүрмек екен өмірін жеп семіріп;
Көз алдында көбейтеді қылмысын,
Ол немені жібермесең сен ұрып.

Ашуланып атты Гүлжан кесегін,
Дегендейін - бекер екен кешегім...
Әлдеқайда безді қоян. Тас кесек.
Ескі достың талқандады төсегін.

Болды қоян ұрлық істеп, тал аулап,
Түн пердесі тартты көзден сәл аулақ;
Қасиетін таңның қызыл сәулелі
Қонды, міне, жапыраққа алаулап.

Артық емес,
Таңды қайын сезіне
Сыбырлады - десем - қыздың өзіне;
Түндегіден алақанын кең жайып,

Ода күннің ынтығады көзіне...
Кең аспанның төңкерілген күмбезі
Ыстық тартты, көрінгенде күн көзі,
Көкке сайрап көтерілді бұлбұл құс,

Білер ме едің, мадақтады кімді өзі?!..

13. Қаладағы кездесу

– Алло!.. Алло!

Тыңдап тұрған сол колхоз;
Мен Гүлжанмын, - дейді біздің қара көз
Апаның да денсаулығын сұрайды
Телефонда таныс дауыс, таныс сөз.

Әңгімеге Гүлжан ұйып мән беріп,
Телефонның бауын босқа болды еріп;
Ұйықтамаған кездерін де сүртеді,
Кірпіктерін тұрғандай-ақ сол көріп.

– Ағаштар ма?.. Өсіп қалды теп-тегіс,

Электр де істеп жатыр ептеп іс.
Шай дейсіз бе?.. Алдық бүгін арзанға,
Колхозшы ма?.. Іргесіне екті егіс.
Алмаймыз ғой көз шығарып, бас жұлып,

Сөйтсе-дағы қиын екен басшылық.
Ол дұрыс қой... Жатпайды ғой жеріміз
Баяғыдай қыс та сұлық, жаз сұлық,
Мәслихатқа ертіп барам апайды,

Ертіп барам тракторшы Шапайды;
Көшек кетсе, ағаштарды қоян жеп,
Жонышқаны саяқ аттар тапайды.
Сау болыңыз... Трубканы ілді қыз,

– Тыңдадыңыз, апа, нені білдіңіз?

Бұл сөйлескен секретары обкомның,
Сіз де соның қалаулысы болдыңыз.
Бұдан әрі үйде шыбын ұшпады,
Шар айнаны қыз ақырын ұстады.

Байқамапты, баяғы бір орамал
Нешінші рет сол орында қыстады?..
Бір заманда қызық еді тек сол-ақ;
Енді көрсе, кестелері тіпті олақ;

Ескі арманның кірлегенін қайтерсің, –
Гардеробқа жасырды да, кетті аулақ.
Сапарының алдында қыз шаттанды,
Ұшқын шашып, көз жанары оттанды;

Бұл жолы ол көп түйінбей, қалаға
Баяғыдан басқашалау аттанды.
Жол-жөнекей күймеді қыз күнге де,
Қазір Гүлжан қаладағы мінбеде.

Бас инженер залдағылар ішінде,
Көп ойлайды, сөйтуші еді күнде де,
Гүлжан елі жұрт алдында мінбеде,
Өзгеше бір ұшқын бардай үнде де;

Тракторшы орындықта тыншымай
Теңселеді
Сөйтуші еді күнде де.
Қыз шашының толқынданып ұштары,

Маңдайына тұр төгіліп үш талы;
Мінбеде ол құс секілді – қанатын
Жая берген енді ғана ұшқалы.

– Көрсем, - деді ол, –

Докучаев орманын4,
Осы еді ғой жеткізбеген арманым;
Ертелі-кеш серіктерім айтады
Тас даланың біл деп маған бар менің.

Әр бұтағы куәсіндей зор істің,
Аралайын кәрі орманын орыстың;
Көрейінші - ұлы халық қалайша
Өзгертін екен өзі туған жер үстін!..

Тілегі оның залда қабыл алынды;
«Барсын» деген үн құлаққа шалынды;
Сезер ме едің сол кездеп шаттықты,
Көрер ме едің көзден ұшқан жалынды!

Сөз соңында көп шапалақ дулады,
Көкіректе қанша жүрек тулады,
Келер күннің шексіз байтақ орманы
Қанша жанның құлағында шулады?!

...Шықты халық тыныш түнде кешеге,
Бүгінгі түн ұқсамайды кешеге;
Қала көзі қараңғыда тұр қарап
Зауыттарға, асханаға, кеңсеге.

Біреу кетті әңгіме айтып, жә күліп,
Кеше көрген көшесінен жаңылып;
Жолда тұрды неше күлкі, сыбырлар,
Жас теректің жапырағын жамылып.

Көп қарадық бір орында біз қағып,
Тас көшеде қалған да жоқ із жатып;
Бірте-бірте алыстады Гүлжаным,
Кім болды екен оны әкеткен ұзатып?..

Кім болды екен жылдар бойы тынбаған,
Оның жайын бүгін кеште тыңдаған?
Кешір, достым жақсы қыздың жігітін
Тілесем де көрсетпеді түн маған.

Бас инженер?
Тракторшы ендеше ол?
Мен бұл жерден кім десем де көнбес ол –
Бәрібір ғой...

Әттең, бірақ білмедім,
Айтылмаған сөзін айтты кімге сол?

14. Орыс даласына сапар

Көк жүзінде бұлт та бүгін шамалы ед,
Ыстық күнде бола қалды самал от;
Қыздың қолын төбемізден көрсетіп,
Аңызақтың үстінде жүр самолет.

Бәріміз де Гүлжанды ыстық көреміз,
Қолымызды соған сілтей береміз;
Терімізді сүртуге де мұрша жоқ,
Күлеміз де, көзімізбен өреміз.

Байқамадық минуттардың өткенін,
Аңқиып құр аузымыздың кепкенін;
Бұл сағатта біле қою бек қиын,
Арамыздан кімді сүйіп кеткенін.

Жігіттің де, басқаның да біл жанын,
Кеудемізде шалқығандай кіл жалын;
Бес минутта сағындырып достарын,
Күнбатысқа ұшып кетті Гүлжаным.

Жолда төбе, өз ауылы, өз елі, –
Қайда болса, таниды ғой көзі оны;
Бала кезде кеп секірген жіптейін
Жіңішкеріп жатыр таныс өзені.

Жасыл кесте секілді екен орманы,
Осы еді ғой бір кездегі арманы.
Іздеп енді құлпытасын таппады, –
Қайда жатыр Өткелбайдың Шорманы.

Қарап тұрса ГЭС-ке ұзын турбаға,
Сыятындай барлығы бір дорбаға.
Сол биіктен қыз болжады Көшегін
Жоңышқаны жүрген тиеп арбаға.

Ол маңайда жерді бүліс жабады,
Сүтші бала жолды зорға табады.
Қаңғалағы ағараңдап, машина
Көк шалғынды бір орыннан шабады.

Ауыл жақта иттен үйрек қашады;
Кәрі кемпір құсқа тары шашады;
Жас әйелдер күн астында көлбеңдеп,
Питомниктің әйнектерін ашады.

Қойлы ауылдан ақшыл тозаң бұрқады
Онда саулық әлденеден қорқады;
Бәлкім шопан өлеңдетіп отырып,
Ешкілерін электрмен қырқады.

Кеше бұлар жапан түзде қой бағып,
Сен адассаң, шақыратын қи жағып;
Түсте Нарын жиегінде үйшіктің
Тұрушы еді шатырларын жел қағып.

Енді жатыр көлеңкелеп бақ астын,
Түтіндері өрмелейді оғаш тым;
Қызыл үйдің, аппақ үйдің мұржасы
Арасынан сығалайды ағаштың.

Ойнатқанда ауанын бір ойпаты,
Қызықтырды самолетің сипаты;
Ала үйректей өзі көкте құлпырып,
Көлеңкесі көлдің бетін сипады.

Айна көлді өзі кеше қазғасын,
Неге Гүлжан тыныштығын бұзбасын?
Жұмсақ төсін қатты басып темірге,
Терезеден сұғындырды қыз басын.

Көлге түскен сәуле қандай жайдары!
Оны көрсең, шалқытасың ойды әpі:
Сонау биік көкте жүрген Гүлжанның
Күлімсіреп суда жүзді дидары.

Қанатты қыз қайта шықты жоғары,
Қиял құсы одан асқан жоқ әpі;
Белгілі ғой өз қонағын құп алып,
Ресейдің кеште жұлдыз жағары.

Гүлжан ынтық көрінгенше, кең қала;
Кетті өзімен жолдастыққа күнді ала;
Барған сайын көсіледі орыстың
Көкірегі секілді бір кең дала.

Орманы бар нулап өскен жасынан,
Көрер ме едің сол арманды қасынан!
Не сұрапыл дауылдарда жығылмай,
Сан ғасырды ол өткізді басынан.

Қалаларды жүз жасаған селомен
Тұр күзетіп сол қарағай, сол емен;
Ұқтыр, орыс орман сырын бұл қызға,
Мен өмірден артық, сірә, сөйлемен!..

Уа, Ресей! Сенемін нан, тұзыңа!
Апар мұны биігіңе, құзына!
Бер осыған дариядай ақылды!
Ұқсат мұны өзің туған қызына!

1951 жыл

СЕНІҢ ӨЗЕНІҢ

Бірінші тарау

І

«Аупарткомның секретары бірінші» –
Кабинет бұл;
Кең дүние бір іші.
Сәнге қойған артық жиһаз мұнда жоқ,

Өмір - төрі, босағасы, бұрышы.
Сол қабырға – осы ауданның картасы,
(Бұл баяғы құм мен Жайық ортасы.)
Әр шетінен жатыр әне сығалап

Көрші ауданның орман, тары, арпасы.
Сол картаның ортасында «Кирзауыт»,
Брынза ма, тағы сондай бір зауыт.
Қатарында сүттің аппақ фермасы,

Болмағы да малға соның бір жағы от.
Оң қабырға сурет: Ауыл торпағы,
Аттай құлын шалғын кешіп тұр тағы.
Қатарында өз күнінде әйнекте

Келешектің бидайы мен топырағы.
Өрге тартып қызыл, жасыл жолдарды,
Диафамма санатады жылдарды:
Биылғы істі көре алмайсың шалқаймай,

Биыл жана бір биікке жыл барды.

ІІ

...Көрсең, міне, секретарьдың үстелі;
Күнпарақтың әрбір беті іс толы:
«ГЭС-ке аташ», «Партучеба», «МЖС»
Жаза берген күндіз қолы, кеш қолы.

Қызыл жазу кейде әдемі жосады,
Кей күндері сөзді асығыс қосады...
Үстел үсті қалың әйнек,
О да бір

Тұнық көлдей түбін саған тосады.
Мұнда тізім:
Қай орында кімдер жүр –
Секретарьдың көз алдында күллі өмір;

Әр колхозға, мекемеге, зауытқа
Еңкейіп ол үңіледі күнде бір.
Түнде де ол осыларды қалайды:
Осыларға партияша қарайды;

Көп отырса, терезеге күн келіп;
Қызыл нәзік кірпіктерін қадайды.
Ол терезе шымылдығын түреді,
Кабинетте терең ойда жүреді

Төрден Ленин шалашы мен Турухан
Өлкесінің лашығын да көреді.
Ол өзіңе дегендей-ақ: «Серт, арың
Сонда туды, сол - жүрегін, сол - қаның!»

Күнде сөйтіп ол шығады алғашқы
Лашығынан, шалашынан Це-Ка-ның.

ІІІ

Айтсақ әлі жақсы әңгіме мұнда бар –
Бір зерікпей дәмін ұзақ сен татар;
Кешір, достым, мезгіл тығыз.
Айтпақшы,

Қайда кеткен мұнша асығыс секретарь?
Үстеліңде электр шам тұр өшпей;
Шайын суық қалдырыпты түк ішпей;
Жүз алтыншы беті ашылған роман;

Шылымын да сүйей салған түгеспей.

ІV

Ауыз үйде бағанадан:
Алло! Ұқ!
Ертең бюро. Қанша? Қазір жазалық...
Енді ғана тақылдамай машинка,

Көмекші қыз мұнда кіріп - тазалық:
Бәрін жинап, бәрінен қол үзбеді
Мұнда тағы артық не бар – іздеді
«Победа» боп ашық көзі әйнектің

Саңқ етті де: «Орныңа бар, қыз», - деді.

V

Екеу келді.
Кең ашылды сыйлы есік.
Екеуара күледі де сөйлесіп:

– Сонда?

– Сөйтіп түйе мендік, мәз болды

Қыздарымыз. «Бұл не деген бой!» - десіп.

– Иә, біздің көп болады түйеміз,

Барлық жүкті құмда соған үйеміз.

– Білемін ғой. Кеше кеште қыздарға

Деп те қалдым: «Кеме менен түйе егіз».

– Отырыңыз! –

Қона қалды қалпақты;
Қалпағында бұрынғы түс қалмапты.
Ол туралы еппен ғана күлісіп,
Екеуінің отырғаны салмақты.

V

Қонақ көзі құнығады жарға5 әлі
Көңіл озып, келешекпен жолығады.
Білегін сәл түріпті де секретарь,
Телефонды құлағына жалғады.

– Сельхозотдел, бастық керек...

Осы ма?
Айболовпын. Келші, жолдас Досова!
Бітті әңгіме. Жайран қатып жай отыр
Айболов та, алдындағы досы да.

VІІ

Айболовты тану қажет жолықса:
Орта бойлы, қара торы, толықша.
Неше көрсең, өне бой жинақы, –
Бір кездегі ол бастаған полкша.

Қалың қабақ көтерілсе көріктей,
Өткір көзі от шашады зерікпей.
Неше көрсең, баяғы бір қалпында,
Қою шашы құндыз қара бөріктей.

Бір әдеті - қасын кенет кереді,
Алыс қарап, ойлап қала береді!
Кейде тұрып, Карпат тауда оқ тиген
Оң аяғын сылтып біраз жүреді.

Қабылдаса, өзі есікке келеді,
Қол береді, көздері сәл күледі:
Қалталарын, галстугін жөндейді,
Бәлкім сонда сенен де оны тіледі...

Қабылдансаң, жас бол яки бол кәрі, –
Есеп емес,
Құрмет бүкіл алдары:
Жазбағанда, үстелінің үстіне

Ошаң етіп бір шықпайды қолдары.
Сенің сөзің - құй мал жайы, құй егін.
Күй ағыттың ойдың өзге тиегін –
Ол мезетте шытылмайды қабағы,

Жөнсіз күліп қақпайды да иегін.

VІІІ

Кешір, достым, тағы әңгіме бөлінді
Ауыз үйге біреу келді - білінді –
Мүмкін бе екен сізге, жолдас Айболов
Апыр-ау, мен танимын ғой бұл үнді?

Айтқанымдай...
Алды ғажап көзімнің.
Тағы да бір ұшты оты сезімнің, –
«Біздің ауыл қызындағы» баяғы

Қарындасым осы екен ғой өзімнің! –
Гүлжаным ғой мынау ашқан есікті, түсім бе?
Жоқ, өңім мені өсітті...
Уа, жылдарым! Өтіңдерші алдымнан!

Көрейінші қаншалықты өсіпті.

ІX

Өтті күндер отыратын
Біздер бұрым, жеңін өлшеп.
Сыйлап үнсіз ол тұратын,
Әрнені айтып көңілін бөлсек.

Ширатылған жасындағы
Орайын кім елемеді.
Оң көзінің астындағы
Меңі де бір өлең еді.

Ботысына тура түскен
Аяғын біз жырлап едік.
Тарағын да ыққа көшкен
Желге «дереу ұрла» дедік.

Өтті бәрі:
Ол күндері
Бұл маңайдан кетіп қапты...
Су екеш - су одан бері

Талай еріп, талай қатты...
Қанар ма едім мән-жайына,
Әңгімесін алмай үзіп!
Білер ме едім, маңдайына

Кетті нені жылдар сызып?!
Сұр костюм бұл киген шағы;
Неткен бойға жарасымды!
Толық дене өскен тағы,

Ана-сынды, жар да-сынды.
Омырауының шалқағында
Ұшқалы отыр ақ көгершін...
(Келер бәлкім сипағыңда,

Сонда өзіңді шақ бөгерсің...)
Қос бұрымын жиып, іліп,
Tөбесіне киіп апты;
Гүлдері сел жиырылып

Орамалы кейін қапты.

X

– Танысыңыз, Долгин жолдас

– Иә, мен –

Бастығымын экспедицияның.

– Әсем-ақ, – деп жымиғаны Гүлжанның –

Креслода құсындай бір ұяның.

– «Сельхозотдел» бастығы мен – Досова,

Кешіріңіз, қалдыңыз ғой тосып, ә?

– Жо... жо, рақмет, аз-кем күтсе несі бар?

Түн ұйқысыз.
Жұмыс сәті осы да.

XІ

Долгин жолдас алды жинап денесін,
Екі бірдей тыңдаушысы төңгесін.
Сөз бастады, орамалмен сүртті де
Ақшыл мұртын, жалтыраған төбесін.

– Сөз көп, бірақ, бірін таппай қалдым да...

Не десем жөн достарымның алдында?..
Көп жәйттен өзі әңгіме болмас па
Мынау ақ мұрт, мынау ақ сақалдың да?!
Филиалдан құмдарға да шөлдерге

Дей шықпадық: «сусыныңды сен бер де!»
Ауыл, ғылым арасында ағысы,
Өзен келе жатыр бүгін сендерге!..
Сіз де, біз де – тұңғыш тірі толқыны!

Толтырармыз айтылмаған олқыны;
Орын керек, орынды сөз етелік,
Адамдарды қатты соқты жол күні.

XІІ

Құптап оны, деді Айболов: – Әлбетте!
Кәне, Гүлжан, кім бар еді ол бетте?

– Поссовет бар, поссоветке айттым мен

Қонақүйге жана кілем сал, деп те.

– Есеп бұрын – жаңа кілем төсек-ті..

Байқалықшы, бұл түн нені көрсетті:
Қонақүй не орталықта жата ма? –
Қосу керек «Май» колхозын – Көшекті.
Шапай... Шапай... Шапай несін бұлдайды,

Бүйтіп келер деп білмеді бұл жайды! –
Міне, енді ол ұйқыда, түн ояу...
Жолдас Гүлжан, ойланайық, болмайды!
Үй салынса, кірпіш кірмей қалмайды;

Мотор жүрсе, түгеседі жол майды...
Байқап тұрсақ, оңай атар өзен жоқ...
Жолдас Гүлжан, ойланайық, болмайды!

Екінші тарау

І

Экспедиторларымыз «югтен»,
Ак өркешті Алатаудан – биіктен.
Алтайлықта болар бәлкім осында, –
Бір тотыққан, күн көзіне күйіп тең.

Олар түнде орналасты осында,
Бүгін құдды дәл өз босағасында.
Әркім-ақ жүр;
Әне, Галя – ақ қалпақ,

Нәзік қолы сүзеген лақ басында.
Лақ пен Галя қуаттарын жинайды,
Босағада тіреседі – ойнайды.
Әжеміз кеп:

– Қатты тиер мүйізі,

Жаным, балам, қолыңды ал! –
деп қинайды.
Анау үйдеТәшмәт әкә ұйқыдан,
Жаңа тұрған;

Дала шаңыт ұйтқыған;
Тәшмәт әкә елемейді,
Күледі,
Көзін алмай бір баладан ит қуған.

Түскен үйдің баласы ғой сүйгені,
Келе-сала бар сыйлығын үйгені.
Оған қызық – қара бала делдитіп,
Тәшмәт әкә тақиясын кигені.

Анау үйде жас бұрғышы Кулагин
Бұрғысының тазаласа қалағын,
Қарсы алдында терезеден телміріп,
Ала бұзау қалқитады құлағын.

Әне,дүкен,
Қажет десең, бас сұқ, бар!
Қант, шай онда, картоп та бар, астық бар;
Орталықтан көріп бәрін осының,

Жолға түсті бір «Победа» бастықтар.

ІІ

Орталыққа таяу бұ шек, о шегі,
Бізге таныс «Май» колхозы кешегі,
Көк шатырлы, ағаш аула – кеңсесі,
Кеңсесінде председатель Көшегі.

Көшекті мен танимын «Кім?»демей де –
Көшек көрсем, бүлкілдейтін көмейде...
Мұның-дағы өзгергенін қарай гөр!
Айтушы еді оқыды деп Семейде6.

Айтушы еді қыста малды тебінде,
Атпен жазда жүреді деп егінде;
Ерте тұрып көреді ұстап,
дейтін ол

Бесқонақтың тоң топырақ, шөбін де.
Көңіл қошта кетік тісін көрсетіп,
Баяғыша күлед дейді мырс етіп.
Өйтпегенде жиналыста үстелге

Жұдырығы түседі екен дүрс етіп.
Отыр Көшек
Көзәйнегі жылтырап,
(Осы әйнегін киді деген былтыр ап).

Жаңа ғана жағалаған ер үшін
Қонақтардың ұйқы жайын бұл сұрап.
Дамылдамақ ойы болып аз тыста,
Газет қарап отыр еді басқышта.

Қақпа ашылды,
Бір «Победа» саңқ етті,
Шықты тысқа бухгалтер қыз Жасқұс та.
Көшек көріп, газеттерін ысырды,

Көзәйнегін құлағынан түсірді.
Тұра беріп, дәу қолымен қаққыштап,
Шалбарының жұққан шаңын ұшырды.

– Здрасти! – Долгинмен ол танысты.

Айболов пен Гүлжан айтты:

– Кеш, істі...

– Көріңізші, – деді Көшек.

Кетті олар.
Тәйтік шопыр қыздың қолын жанышты.

– Бетіңе әкеп жинадым ба қаныңды?! –

Қолым, бәлем ауыртты ма жаныңды?! –
Жасқұс кенет оң жағына майысып:

– Құтырма сен, ауырттың, – деп жалынды.

ІІІ

...Тәйтік шопыр бір сөз айтса, «мен» дейді
«Победадан» басқаны бір мінбейді.
Танымасаң, әлдеқалай сұрасаң:
«Шопыр» демей, «аупарткомнанмын», – дейді.

Қазір де ол қызға ерсі үндеді:

– Ауданға кеп, жұмыс етсең жөн, - деді.

«Көмектесем өзім», - дейді-ау тағы да!..
Осыншалық от басқаны жөн бе еді?..
Демейді екен - бұған сірә жұрт күлед?
Айтты, кетті машинасын сүрткілеп.

Күлімсіреп, аяғының басымен
Дөңгелекті тұрды да қыз түрткілеп.

– Сен, - деді оған, - білемісің нендейсің?

Баяғыдан «өзім» дейсің, «мен» дейсің.
Сен де тыңда, айтам ақыл ендеше:
Жүк тасисың, «Победаға» мінбейсің!

– Қайдағы жүк?

– Жабдықтары каналдың.

Көрдім кеше: сен тізімде саналдың.

– Мен тізімде?

– Сен тізімде!

– Өзің ше?..

– Мен де барам, өзім қалап соны алдым.

Сырт айналып, Тәйтік қолын сермеді,
Бар айтқаны:

– Тәйтік сатан ермеді! –

Ойға шомды...
Қасында жоқ әлгі қыз.
Кеткен жағын қалайша бұл көрмеді?

ІV

«Қыз жоқ!» дейді кеңседегі құлып та...
«Қыз алдында осыным да қылық па?!
Ренжіттім», –
аузындағы сыбыры,

Тәйтік жаяу асығады клубқа.
Онда жиын.
(Сөз жемісін тере ме) –
Құмға күріш егу болды ереже.

Долгин даусын, өзге даусын далаға
Алыс-алыс таратады терезе.
Іште ауылдың әйел-ері, жас-кәрі –
Бұл сағатта қызметінен бос бәрі;

Береті бар, бөркі бар да, бөркі жоқ
Терезеден қылтияды бастары.

V

Жиналыстан тарқасатын сағатта
Күн төбеде. Күн төбеден шағад та,
Кетерінде адам иін тірескен, –
Босағада тағы тоқта, тағы атта...

Қыз-жігіттер әзілдерін шал сүйіп,
Гу-гу дауыс босағада шалқиды;
Жаңа кірген ұзын Тәйтік еріксіз,
Иық, басы жұрт үстінде қалқиды.

– Қайда жүрдің, жалқауым да олағым?

Жасқұс жаңа «сойып салды», жылағын,
Десе біреу оның қысып желкесін,
Енді біреу уқалайды құлағын.

VІ

Долгин, Гүлжан отыр алға ой бөліп –
Келешек тұр апта болып, ай болып...
Көшекке бір ұмытқанын айтқалы
Машинадан екі шықты Айболов.

Айболов бір жадыраңқы күйде еді,
Әр сөзінде «адам» деді, «үй» деді;
Машинаның «гөй-гөйінен» қалқалап
Құлақ тосты, Көшек басын изеді.

Кетті бұлар бұл көшеден ағызып,
Секілді бір жолдың тозаң ағы - жіп.
«Кешкі бюро», –
одан арғы бұлардың

Айтатыны тағы жалғап, тағы үзіп.
Долгин cөзі:

– Жаңағы ауыл ұнады.

Әлгі жастар көкейіме қонады:
Аққұба қыз: «Мен де канал барам», - деп
Екі қолмен белін еркін қынады.
«Мен барам», - деп көкірегін ұрады,

Бұл айтқаным -
тапал бала туралы.
Басын сілкіп, шашын кейін лақтырған
Соның құлқы көз алдымда тұр әлі.

Айболов тек тыңдайды да күледі
Гүлжан айтты:

– Канал сүйгіш ел еді,

Воронежден экскаваторшы боп,
Бұлардың бір Жәмиласы келеді.
Осы оқуға бала жібер, - деп бізді
Сол үйретті, көбін соған өткізді, -

Тегіс жолда тербетілген бұларды
Орталыққа осы әңгіме жеткізді.
Әлдеқашан тас төбеге барды күн,
Алда талай ауыр жұмыс бар бүгін.

Түстігіне қайтты, көріп достарым
Тізбектелген осы өмірдің барлығын.

VІІ

...Гүлжан үйі - сонау биік қыш шатыр
Қақпасының түбінде көп құс жатыр;
Қарсы алдында Эм-Же-Эс-тің «газигі»,
Кім біледі не себепті босқа тұр?!

Гүлжанымды кеңсесінен шеттеп
Үйге әкелді осы бір ой жетегі.
Тыныштықты үйде бұзған ол ғана,
Екі жаққа еркін толқып етегі.

Бір бөлмеде оның жатыр апасы,
Мөлдіреген дәрі-дәрмек, су қасы.
Төсегінде сарғыш, кәрі денесі,
Меңдеген бе «ескі досы» - науқасы?

Күндегі бір әдетінше кемпірді
Бөлмесінде көріп, үнсіз отырды:
Ұстап ұзақ салқын, сары маңдайын,
Кетерінде дәрі ұсынып ол тұрды.

Өз жатағы - одан арғы бөлмесі,
Гүлжан еппен сығалайды,
Бұл несі?..
Тыңдайды да, тістеп ернін күледі:

– Жаным, - дейді.

Кімді айтады?
Білмеші!..

VІІІ

Тоқтай тұршы, менің ұзақ өлеңім:
Қиялымды мен азырақ бөлемін.
Босағадан ішке көзін жіберіп,
Күле тұрсын, өзгертпесін ол өңін.

...«Жаным!» деп қалдың ғой, Гүлжаным!
Айтарын бар ма еді осындай?
Қайта еді кеп-кеше бұл жаның,
Жұрт пе ең жүректен ұсынбай?

Шыным сол: қалыппын кеш ұғып,
Өзімнен іздеймін кесірін:
Келдім мен тойыңнан кешігіп,
Ендігі сыбағам - кешірім?!

Кім білсін, алдың ба есіңе?
Тойға жыр жазбадым, білмедім;
Тағдырмен сүйіскен кешіңе
Мен букет құшақтап келмедім.

Көрмедім; қай мезет қақты адам
Әйнекті,
Түн толды жыр, күйге?
Қай сағат, минутта қақпадан

Ең жақын адамың кірді үйге?
Кім білсін, ең соңғы қызғаныш
Елеусіз кірпікте кепті ме?
Жүректен жұлқып бір қозғалыс,

Жөн таппай, кеудеңе тепті ме?!
Балалық басына сыймады –
Кетсін ол таусылған уақыт.
Үлкендік өз отын сыйлады,

Бетіңді нұрымен жу бақыт!
Жоқ менің өкініш ойымда:
Бәлкім бір жас шопан ол істі,
Мен үшін атқарды тойында;

Мен ішер ыдыстан ол ішті.
Менсіз-ақ көтеріп тосты не,
Бәлкім ол өлеңмен сөйледі;
Досыңнан рұқсат ап,

Төсіне
Қолыңды қондырып биледі.
Шаттыққа шам жағып түн тұрды,
Ән ұзап, жаңғырық дөң асты;

Көшеңді көлікке толтырды , –
Қуаныш құшағын кең ашты.
Қалғымай колхоздың бағы да,
Сыбырлап, күзетті бірге түн.

Сол күннен өмірдің тағы да
Аудардың кітапша бір бетін.
«Жаным» деп жанды айтқан жоқ едің,
Кім екен соншалық ол неме?..

Ғапу ет, сәл ғана бөгедім.
Ал енді, кіре ғой бөлмеңе!

ІX

...Екі жас па, әлде тіпті бір жарым...
Кішкене қыз:
Ойыншықта сыр барын
Білетіндей аударады, көреді;

Оның темір «құрбақасы» дүр қарын.
Тұр тағы да қанатын бір «құс» қаға,
Жегулі «арба» асыл «жирен қасқаға», –
Үйдің бөбек ортасында, еденде, –

Жұмысы көп, қарамайды басқаға.
Кейде өзі машина боп қызады,
«Машинамен» қолы бірге озады.
Теуіп кетсе, темір бақа соңынан

Бес саусағын тырбитады, созады.
Осы еденде темір бақа «аулаған»,
Жетпегенде - жата қалып аунаған,
Алдыңдағы қуыршақтай қара көз –

Баяғы бір бала Гүлжан аумаған.
Шолақ көйлек омырауы шегінген,
Баста бейне қуыршаққа тігілген;
Суретшінің қалауындай шашы да;

Дөңгеленіп төбесінен төгілген.
«Арба», «бақа», «машина» - «көпке» еріп,
Ол ойнады шашылғанын көп теріп,
Келді Гүлжан - білген де жоқ бөбегі,

Бір сүйгенше өз қолына көтеріп.

X

Бір сүйгенде ана жаны бір кеңіп,
Бөбегімен тер алдына тұр төніп;
Шалқасынан жатқаны кім диванда,
Бүгін келген бір газетті бүркеніп?..

Гүлжан үнсіз... деді жаны: «Оятпа!»
Шайға дейін шырт ұйқысын аяп та...
Кителі мен галифесі қара көк,
Қызыл етік серейеді аяқта.

Ұзын жігіт тамсанып бір керілді,
Жабық беті оянуға ерінді.
Босағада бір жеңгенің қолымен
Сақылдаған самауыры көрінді.

– Папа! - деді,бөбегі де бұрылды,

Әке бәлкім күтті тағы бір үнді..
Аппақ екі саусағымен ақырын
Қысты Гүлжан үлкен қара мұрынды.
Ол оянды; оның мына кірбіңін

Гүлжанымыз байқағаны бір бүгін.
Білейікші, шаршағансып әншейін,
Есінеді, диванынан тұрды кім?..
Қызғанышым – қарындасым – сыпайым

Күліп айтты;

– Ұйқыда жоқ ұпайың...

Өзгергені - екі елі мұрт танауда...
Есіңде ме тракторшы Шапайым?..

XІ

Қалауы ғой...
Айтарым жоқ енді еш,
Осы деген директоры Эм-Же-Эс;
Беттерінен алақанмен қағысып,

Еркелеуге екеуі де нендей еш?!
Жақсы сезім!
Сені құшқым бек келед! –
Алақанмен қағысқаны біткен өш;

Екеуі бір үңілгенде газетке,
Тұра қалды тиіп тағы бетке бет.

ХІІ

Жалғасы бар... Жалғасын тез жазайық –
Қабырғада қалды уақыт азайып...
Қантты Шапай шертіп сонау биікке,
Ауызға дәл түсіргені «ғажайып!»

Сәби күлді.
Күлді Гүлжан.
Күл тағы –
Жоқ қой әлі көңіліңнің бұлтағы.

Сенің бірақ тұнжырарың түр таяу,
Тым болмаса минут бұрын біл тағы!..
Міне, кесе төңкерілді - есіттің...
Міне, Шапай тұрды орнынан - кешіктің!

Сұр плащы судыр етті - алынды...
Алты-ақ кадам - ашылуы есіктің.

ХІІІ

– Қайда кеттің?

– Қала ғой сен білме де, –

Дейін Шапай, - жүре алмаймын бұл неде.
...Екі қолы шалбар қалталарында,
Барып-қайтып адымдайды бөлмеде.
Білер ме едің аузыңдағы кіл «несін»,

Бастығын бір елемейді... Бұл не сын? –
Өзім жарым дегені ме?..
Қалайша
Осындайға жанын кейіп, күлмесін?!

Облбастық, - бет алысы тәрізі...
Қойныңда томпайғаны - арызы.
Әттең, осы томпайғанын - «шиқанын»
Жұлып алсам, жүк бола ма қарызы?!

Түндегіге түстеп арыз қосылып;
Кеудесінен кеткелі тұр тесіліп;
Кеше келген «газигінің» іздері
Құмайт жолда жатыр әлі жосылып...

Осындайдан сұрайсыңдар нендей ес?!
Осыларға жоқ па, cірә ем де еш?
Арызыңда: «Адал емес Айболов..,
Құлағалы қисайып тұр Эм-Же-Эс...»

Кеше мүлде ішілмеді түн асы,
Бүгін алшақ адымдауы - мынасы.
Айболовпен жақсы-ақ еді, білсең-ау
Нендей себеп күйге салды мұны осы?

Сынапты деп, қабырғаға ілінген
Газетті бұл лақтырғаны білінген;
Замполиттің ыршып тысқа сиясы,
Екі орындық аяғы да бүлінген.

«Түнгі екіде жүреді, - деп, - ол нағып!»
Күйбеңдесе күзетші бір шал бағып,
Эм-Же-Эс-те жесір тракторшының
Зіркілдепті терезесін бұл қағып.

Өз ойынша, беделінің үлкені –
Мұны әзілдеп, достар ғана күлгені... –
«Басшылар да жігіттер ғой, шүкір ғой, –
Гүлжан білмей, еркектердің білгені!»

Сол себепті кетпеген-ді мазасы,
Бюро күні бұрқ етті бұл ызасы.
Қатты тиді Айболовтың аямай,
Шұқшиғаны - жазылғаны жазасы.

Қатты тиді келетіні тексеру,
«Жөн емес қой басты байлап тек беру...»
Қажет енді өзі болып адалы,
Айболовтың - «тоғышарын» жек көру.

Қажет енді «жұмсап қалу шын қару» –
Қайдағыны жаннан ойлап шығару:
Қысылғанда жыланнан да енеді
Сау денені өлтіре бір шатар у...

XІV

Гүлжан жағын тек таянды сұрланып,
Оның өткір көзі ғана нұрлы, анық.
Дем арада беттің қаны жаңағы
Көз алдымнан қайда кетті ұрланып?!

Қайда жаңа талғап айтқан сөздер!?
Алақанның жұмсақ, жылы іздері?..
Күлкі кетіп, өзі қалған аяулы,
Ақ бетінен тебе берді сыз бері.

Қалтыратты бұл сағаттың зіл, уы,
Қалмағандай денесінде жылуы.
Алшақ-алшақ айша туған қабағын
Шытынса да,

шығады екен сұлуы.
Жардың сөзі:

– Бара алмайсың жолға бұл.

Тұңғыш рет тұнжырадым, ал қабыл!
Қайғы емеспіз өзің - маған, мен - саған,
Көрінеді құлпырғалы алда гүл...
Жаланы қой! Жаным мұздар, тоңазыр,

Адам бол да, адалдыққа тура жүр!
Жалған өспей, жақсы өмірдің шындығын
Сүйе білсең, таза жүрек тұр әзір.

– Бара алмайсың!

– Артық ақыл табылды..,

Кім қолынан Шапай сонда шабылды?!
Кеттім, - деді.
Үлкен дене жоғалды –
Күндегіден есік қатты жабылды.

– Тоқта, Шапай!

Сыртта «газик» дүр етті,
Көше жақтың әйнегі де дір етті.
Мөлдіреген терезеге қоп-қою
Түтін шашып әлгі «газик» дір етті.

Гүлжан үйде қыдырынды - сабылды,
Үнсіз дереу телефонды ап, ілді.
Кетті ол да аяғының ұшында, –
Күндегіден есік қатты жабылды...

Үшінші тарау

І

Неткен мынау желді қоңыр кеш еді!
Көшеде шам жарқ етеді, өшеді;
Күздің кезбе май қаңбағы жиналып,
Жөңкіледі, ықтасынға көшеді.

Мысық пеште ұзақ ұйқы соғады;
Жыңғыл отта құлақты ылғи шағады.
Ауру адам алақаны секілді
Сар жапырақ терезені қағады.

Орта тегеш тасымайды, толмайды, –
Өзі салған үйрек пісіп болмайды;
Сыртта көзі, ас бөлмеде Айболов
Екі қолын арқасынан алмайды.

Ақ көйлегі (көрсем тағы түрін мен)
Жағасы жоқ, екі жеңін түрінген.
Тапжылмайды...
Кім біледі, бәлкім ол

Құлақ алмай жел-құйынды тұр үннен.

ІІ

Шуылдайды...
Жарысады жел-құйын.
Бұл сағатқа шақырған ба жел жиын?
Олай емес...

Ойың жолдас секретарь!
Өмір үлкен, белесі көп, жол қиын.
Көшені қой, көңілінде шаң жоқ па?!
Қиял неге қашады алып жан-жаққа?..

Сарғайды деп жапырақты жазғырма,
Кінә қойма жүгірді деп қаңбаққа!..
Бұлтты сөкпе қадалса да көзің мың, –
Бұлттың көбі қабағыңда өзіңнің.

Сен білесің, неге бүгін күңгіртсің,
Күрсінетін демің болды өз мінің.

ІІІ

Сенің бүгін өкінішің – кешегі
Бюродағы - обкомдағы кештегі.
Ол сағатта өзге болып жаралдың...
Сенде қылау жоқ деп едім еш тегі.

Білемісің неге сені сөз жеді?
Неге сеніп үлкен жанын төзбеді?
Ұясында ыстық күрең қаны бар,
Сабыры жоқ саған біткен кез бе еді?!

Сен сөйледің - кеудең неге зекірді,
Қағаз неге қатты шошып секірді?
Не себепті секретары обкомның
Қаламсаппен қоңырауды екі ұрды?..

Тағы сөйтті, қалай оны қоя алад? –
Рас, Шапай арызында - қиянат:
Өзің түгіл демейсің де біреуге:
«Кеңсені жап, қозыны же, қоян ат!»

Тағы жала:
«Бензин алды», «шай тықты»,
«Каналға да жібермеді Тәйтікті».
«Жала» деген аты жаман болған соң,

Ол заманнан олай етпей қайтіпті?..
Жүр-ақ шығар содан теріп «тарысын»,
Кір-ақ шығар намысы мен ары шын.
Жолдас, бірақ, сен емес пе кінәлі

Сондай ауру әлі күнге бары үшін?..
Шапай еді уыз бала кеп-кеше,
Қуанатын маңдай тері кеппесе.
«Трактор да тартынады, - дейтін ол,

Бабын тауып, баға беріп күтпесе».
Өкініштің өтіп кеткен күні әне,
Келді ғой ол: «Істейік, деп, мынаны».
Дүйсенбіде неге қабылдамадың?

Пленумда тақтың артық кінәні.
Оның сынын өз басына тағылар
Жуытпадың, сәтті күттің тағы ұрар...
Досоваға артық кетті қолпашың, –

Кім біледі, қызғанары тағы бар.
Бүйтер болсаң, көкке неге ұшырдың?
Бекер оны трактордан түсірдің.
Оқытпадың, отты бала - директор,

Білімсіз де «боладыға» төс ұрдың.
Шапай бұзық, мейлі саған өш әрі;
Арызында бар ғой бірақ ашары:
Құпия ма - құмға күріш егуге

Ауданыңның даярлығы нашары.
Арызының болғаны ма жалғаны –
Жас тамырды шегірткенің жұлғаны?
Құпия ма - құлап барып құмдағы

Тәжірибе жапырағы солғаны.
Өрескелің оған7 зіркілдегенің,
«Мінім болса, ол айтпасын!» дегенің,
Тура неге қарамадың шындыққа,

Бұл ма сенің жерде жеңілмегенің?!
Мініңді айтса, одан азып-тозды нең?
Сырқатың бұл! – Сырқатыңа алдың ем!8
Кей басшының кеудесінде көпірген

Әттең, осы кекті құртса алдымен!
Бұлтты сөкпе қадалса да көзің мың!
Бұлттың көбі қабағында өзіңнің.
Қиын бәлкім ашылғанша қабағың –

Міне, тағы келді саған сезім-мұң.
Күшік үрді, кезіктірді бұл кімді?
Күндегі бір күңкіл дауыс ұғымды;
Хат тасушы қара кемпір есікте,

Бір минутқа белуардан сұғынды.

– Инженерден - қосағыңнан үйіңе! –

Деді кемпір.
Жолықты бұл күйіңе:
Оқу бітті, сүйген жарын алысқа
Кетті тағы даяр ма едің биіңе?

Әрине, сен оған даяр емессің;
Үйрегіңді үйде тыныш жемессің;
«Қарауыма жібер!» - деген өз сөзін
Күлкі бопты, «жақсы етіппін» демессің...

ІV

...Өзіне-өзі осыншалық ұрысып,
Толық беті бір суынып, бір ысып,
Айболов тұр бағанадан ас үйде,
Тәйтік кірді, әдептінің бірісіп.

Тәйтік кірді, қабырғаны қармады,
Бір нүктені таппай әрі бармады;
Қараңғыны - босағаны сипалап,
Барлық үйдің шамын жақты бармағы.

Тәйтік келді, жуасыды, жасыды,
Көз алдында сорпа ғана тасыды, –
Айболов тым салқын еді,
Тәйтігі

Салбырады, самайын бір қасыды.
Қалып қабақ баяғыша тырысқан,
Айболов тұр (шыбын да жоқ бір ұшқан);
Неше бақсаң, екі көзі аумайды

Ұясы жоқ өрмекшіден - бұрыштан.
Тілейді ғой бұған айтар сөз еп те, –
Үндемейді.
Адам барын сезед те...

Салбыраңқы басын ауыр көтеріп,
Тәйтік оған сөйледі бір мезетте:

– Секретарь жолдас!

Бұлай қалып болмас, –
Комсомол дейін мені де.
Ұрыспаңыз маған,
Каналға барам,

Осы емес пе жөні де...
Гүлжаннан естіп келдім,
Қайтейін, өстіп келдім:
Жеткенше тайлақтай желдім,

Көйлегімнің салмаппын да түймесін.
Каналға жұрттың бәрі де өтіпті.
(Киімдерін де дәрілепті),
Жасқұстар тіпті әрі кетіпті.

Бір кесірім өзіңізге тимесін.
Шақырып айттыңыз - жерге қарадым,
«Бармаймын!» деуге жарадым.
Ұят аты - ұят! Мен барамын.

Сөз болыпты обкомда дәмді.
Ыздауайттайын кімге –
машинамды?
Жасқұс та хат жазып ұрсады,

Оқып ем - тер жерге тамды.
Ұят аты - ұят! Мен барамын!
Ыздауайттайын кімге - машинамды?

V

Осылай бір туа салды сыр түптен,
(Асыралған бала жоқ қой кір сүтпен).
Қара көз де қалтырап сәл тұрды да,
Екі моншақ құлап кетті кірпіктен.

Оны сүртпей, сүртті желке тақырын...
(Шақыр, Тәйтік.. Аузынан бір шақыр үн!)
Айболовтың әлгі суық жүзіне
Жылжып жылы күлкі келді ақырын.

Оның ерні айтар сөзін аулады,
Өрмекшіден көзі бері аунады;
Қолын қойды иығына Тәйтіктің;
Көңілді бір кездерінен аумады: –

Тартты, міне, жадыраңқы бір кезің:

– Әділ, - деді, бала сенің мінезің!

Сөйткенің жөн!
Машинаң бар, Правом бар, –
Машинаңды қабылдаймын мен өзім.
Талай шаңыт қиын жолда жүрдік қой,

Моторыңның барлық жерін сүртіп қой!
Шайқы бала жүгірді де жоғалды,
Кім біледі, оны қандай түртіпті ой?

VІ

...Мына шалдың тыныққаны осы ма? –
Жаңа ғана кеткен еді қосына:
Есік ашып қарсы алғаны –
Долгині,

– «Шефповардың» дәл келдіңіз асына!

Үйрек үйттім, «жейік» болсын ұйғарыс,
Оған дейін төр үйіміз –
ибамыз...
Пленумға әлі көп бар, қанеки,

Макентошты... Александр Иванович.
Долгин төрде; кәне көзі тұр қайда?
Кітаптарға қалды бетін тақай да.
Ұзақ-ұзақ оның алар сыры бар

Толстойда, Абайда да, Тоқайда.
Саусағынан сақалының ақ ұшын
Еппен алып, тағы сөйтіп тағысын...
Жатқа соқты Некрасов алдында

Оның мұңды Волгасының ағысын.
Күліп айтты бала күнгі өз халін,
Қасіреттің әлдеқашан тозғанын...
Кей кітаптан кейін көрді аралап,

Айболов пен әйелінің сызғанын.

VІІ

Айболовтар көзден талай ғасырды
Көп кітапта белгі қойып асырды:
«Міне, адам - шөп киінген жалаңаш,
Ұшқын іздеп, шақпақ тасқа тас ұрды».

«Міне, бір құл кісеніне бас ұрды...
Құлағы жоқ... жанарында жас тұрды».
«Міне, саған атағы зор философ
Өмір заңын өзінен де жасырды!»

Дейді тура: «Жауынгермін әлі –
өзім»,
Міне, осы - нағыз капитализм.
Бұл сияқты дандайсыды тірлікте

Өткен-кеткен талай кәрі шал «изм».
«Қанаушының сүйенгені - қатыбас,
Өң-түсі жоқ өндірістік қатынас.
Міне, оның тұсындағы кеңшілік:

Әке - тұтқын, бала - өлік, қатын - аш».
«Еншісіне бір төсегі,
Ері - жүз;
Міне, тәні түгел ашық бала қыз»...

Айболовтар тағы талай жазыпты –
Кәрі өмірдің беті қара, жолақ із.

VІІІ

Олар қалып, оза берді қарт әрі,
Ұстағаны таныс томдар қатары;
Біле қойды (өз қолымен жиғандай)
Қайда Маркс, қайда Ленин хаттары.

Шалқы жырым! Шалқып алға жүр, қане!
(Тездеткендей мәз жүрегім ұрғаны,)
Маған мақтан ақыл-ойдың дариясы
Жағасында жаңағы шал тұрғаны.

Қарапайым қатырмамен тыстаған
Данышпандық нұр сәулесі түсті оған,
Өзгешедей бұл шкафтың әйнегі,
Ағашы да әлгі қолы ұстаған.

Ол ойласа, түптеушінің құр наны
Емес те бұл: қатырманың бар мәні:
Бұл дүниеде болмас cірә,
мұқаба,

Сені істеген жұмысшы қол арманы!
Әсем шкаф, құрғақ, таза, жылы ішің!
Қай шебердің қуанышты жылысын!
Мөлдір әйнек қайда балқып,

ақ қайың,
Қай орында өстің екен бұл үшін!
Терең пікір пұшпағында сызық кеп;
Жазыпты да: «Бір оқы да, жүз ұқ», - деп

Мезгіл өтті;
Үй қожасы тағамы
Тұра қалды тұнығына жүзіп кеп.

ІX

– Аспапшы етті мына шебер қол кімді?

Жасырмаймын ондай да бір болғымды...
Деді Айболов,
Кітаптағы жазудан
Асқа зорға ажыратты Долгинді.

– Ас алыңыз, бұрыш міне, тұз әні.

Долгин айтты:

– Бұдан демді тұз қане?

Ақын кітап оқығаны секілді,
Поэзия қолыңыздың сызғаны!

– Жөн де болмас кітап бетін сызғаным;

Жасырам ба, о да шығар қызғаным...
Бар еді, - деп қатты күлді Айболов, –
Баяғыда қызға өлең жазғаным.

– Жігітте өнер барлығынан болмақты...

– Есейгенде адресің сәл нақты...

Тарелкаға еңкейісіп күлісіп,
Екеуінің отырғаны салмақты.

X

...Кейінгі сөз құрылысқа ауысты:
Жұмыс бабы тез көтерді дауысты.
Олар сонау бұрғышылар жайы мен
Тәйтік, Шапай туралыны тауысты.

Қабырғада мезгіл бітіп қалса айып,
Бара жатыр сегізден де сәл тайып.
Шана табан орындықтар екеуін
Аз тербетіп алға барып, шалқайып.

Долгин айтты өмірдегі ой-қырды,
Айболов тек ұғып нені оқырды, –
Дөп-дөңгелек түтіндерін шылымның
Еріндерімен көкке қуып отырды.

Бұл отырыс, бұзылады-ау, қап, енді! –
Екеуі бір терең кетіп қап еді
Ұшардағы ала қаздың үніндей
Екі дүркін дыбыс берді «Победа».

Сыртта бұлар.
Машина да таныс бап
Жарқырайды. Қол фонарын тағы ұстап,
Тәйтік алда сіреседі солдатша, –

Кеткелі тұр машинаны табыстап.
Айболов тез қабылдады.

– Жүрейік;

Қане, - деді, –
бір зымырап берейік.
Тәйтік жайып алақанын:

– Жоқ, - деді, –

Шығарыңыз правоны, көрейік.
Айболовтың таңдайы бір тамсанды,
Қалтасын ол барлады да қымшады.
Түксиіңкі Тәйтік оны үйдегі

Ұмытылған правоға жұмсады.
Тәйтік қайтсін «қағаз үйде жатыр-ды»,
Кетті Айболов;
Бұйырды да, жас тұрды

Долгин үнсіз бетіндегі күлкісі
Макентоштың жағасына жасырды.
Ойда жоқта инспектор жаралды...
Долгин содан сүйінеді де нәр алды.

Правосы оң қолында Айболов
Ақсай басып, үлкен аттап оралды.
«Ұмыттым» деп ішің бәлкім ашиды,
Күлімсіреп ол маңдайын қасиды.

Правоны машинаның көзіне
Тәйтік ұстап оқыды да, бас иді.
Қоштасарда Айболов сыр айтып тың,
Ұзақ тұрды ұстап қолын Тәйтіктің:

Соңғы сөзі:
«Көпіршіме, жақсы бол,
Опығына оралады қайтып кім?..»
Ол екеуі бір минутта

Өткен-ді,
Бірге жүрген талай күнді өткеріп.
Ескі шопыр есік жапты еңкейіп,
Жаңа шопыр сапарына от берді.

Төртінші тарау

І

Жаңа бітті баяндама оқылып
Көп айтылды сәтті жұмыс, олқылық.
Ашынады пленумның залында
Анау сөйлеп, бұл қызарып, ол күліп.

Көшек, міне
Тақырыбы - бұл апта.
Сөзі қажет, сөйлегені олақта.
Теңселеді, қағаз қалып жайына,

Көзәйнегі салбырайды құлақта.
Оның сөзі қиын бола бере ме? –
Қызыл кірпіш, алебастр, бөрене...
Келешекті келеді деп біледі

Осылардың өрнегіне бөлене.
Бүгінгіні мінейді ол тік тиіп,
(Бұжыр беті сұрлануын тек сүйіп)
Дүрдиеді қалың қара еріні,

Жүн қабағы жабылады түксиіп.
Білемісің, не жаныңа батады?

а

Өсек айтып, берді-біреу шатады. ә

Көрші ауылдың тырмалары «сабырлы»,
Ескі апанда жантайыңқы жатады.

б

Кейде тары шөлге «ұрланып» көшеді,
«Сары ауруда» бір ай өмір көшеді.

в

Қамбаларда былтырғы иіс саөталып,
Тұқым қоры ақ қағазда «өседі».
МЖС-ке басшы керек білімді,
Шапайымыз шама-шарқы білінді.

Сөз жүзінде болмағай да шартымыз.
Шағылдағы шабындық та бүлінді.
Екпе шөптің ерте тыңы айдалып,
Сеялканы күтті тура ай көлік.

Шапайымыз жазалы да сол үшін,
Жазалының өшіккені Айболов.
Анық бәрі, қалмады да күмәні,
Шапай бетін танымады кім әлі

Бірақ бар-ау... Бірақ, жолдас Айболов
Кері басқан Шапай үшін кінәлі.
Айтып мұны Көшек беті іседі,
Жұдырығы алдына кеп түседі;

Бір минутын түгел қиып мінбеде,
Екі стакан суды қатар ішеді.
Соңғы сөзі:

– Су керегі мүддеге,

– Артық тарт та, бір бұлағын он бөге

...Екі қолы кезек тіліп ауаны,
Шатынаңқы Шапай келді мінбеге.

ІІ

Шапай сөзі өз арызы - қорегі,
«Қозыны жеп, қоян атты» - дерегі;
«Өзі мықты, басы нашар бұл аудан»
Жоғарыдан «жаңа бастық» керегі.

Президиумға қарап қойып, қазады...
Айболов тек сияға қол созады:
Ернін қысып, үстеліне еңкейіп,
Қағазына қатты-қатты жазады.

Көремісің,
Не сөйлесе кешіріп,
Жаланы да отыр қолы көшіріп?!
Осы-ақ шығар осы қымбат адамның

Өкінгені маңдайына кеш ұрып.
Айтсын Шапай... Оның сөзі не тұрды?
Оған қарсы халық қатты зекірді
Залға ғана қатал қарап Айболов,

Қаламсаппен қоңырауды екі ұрды.
Айдан анық - жала қане, шын қане,
Шапайдың бұл қатты сағы сынғаны.
Оның басын бұқтырады тым төмен

Залда сонау халық тыжырынғаны.

ІІІ

...Әне қара қатты жүрген сиығын!
Тістеп алған орамалдың тұйығын,
Мойнындағы сол орамал ұштары
Желпінеді, сабалайды иығын.

Адам ба еді Гүлжан бүйтіп ұшатын –
Бар денесін кеудесі алып қашатын?..
Әншейінде сөйлерінде, асықпай
Келер ойын кірпігінен шашатын.

Сын айтарда күлімсіреп әрдайым,
Саусағына қоюшы еді маңдайын.
Бүгін неге ұмытыпты онысын?
Бүгін неге шығарыпты мұндайын?

Себебі сол - сынағаны ерек бір
Біз білетін «газигі» бар директор.
Ақ қағазда, алақаны үстінде
Айтарына әлденеше дерек тұр.

Мекемеге халық берген әр күні
Ақ қағаздар айыптайды әлгіні;
Айтатыны:
«Оның көзі көрмейді

Эм-Же-Эс-тің қорасынан арғыны!»

ІV

Жар бетіне от келеді, тұтайды,
Күйдірсе де амалы жоқ қатайды.
Қызғанғаны, сүйгенінің атымен
Ауданының жалақорын атайды.

Оның үшін -
қатты шыққан мұнда тым,
Мейлі залдан ала қашсын маңда түн...
Сүйгеніне сүмірей де кет десе,

Бұл жоғары ұстар еді мандатын.
Демес еді:
«Жоғалтқаным қай кісім?»
Желкесінен көрер еді «байғұсын», –

Тұрар еді суық көзбен ұзатып,
«Бақытым» деп құшақтаған қайғысын.
...Жарты минут қырындады, сырттады.
Айтылмаған қағаздарын сорттады.

Дем арада нәзік дауыс қарлықты,
Қисық суды үшке бөліп ұрттады.
Енді ғана көкірегі кеппеді
Енді қайтып ашу көзге теппеді;

Сүйкімді бұл сабасына түскенде
Ерні қандай орысшаға епті еді!

V

Зал тілегі:

– Соныңды бір айтшы, иә! –

Толтырыпты топырақтан зат жия:
Құмды байлау тамырымен өсімдік –
Келешекте бұған диссертация.
Бұл айтады:

– Келешекке көз жалға,

Әлі талай әкетеді күн алға! –
Ғылыми үлкен еңбегіне нәр алып,
Көктемеде кешеді екен каналға.
Кетеріне алған екен рұқсат,

Президиумға айтты жүзін бұрып шат:
Күріш, мақта түліктерін туады,
Оны ғылым ошағына бір ұқсат.
Құлпырғаны қазір еді өңіңнің,

Сөздің кенет бұзылғаны соңының...
Айболовты қорғағаны несі еді?!
Зал күбірлеп, «әттегене!» - деседі
Көз алдында біреу тұрса мадақтап, –

Айболовтың шамданары осы еді.
Секретарьдың қабағын ол кеш ұқты:
Айтпақ еді қошеметті, қошықты;
Қоңырауды ұрып қалды Айболов,

Сөйлемін де бітіртпеді не шықты?!

VІ

...Электрлі қоңыраудың жез қылын
Қабылдады... құлақ тыныш, көз күлім:
Шұбалыңқы тізімінен шешеннің
Долгин алды сыбағалы мезгілін.

Әркім ойы:
Үлкен сырдың ұрығын
Жүрегіне еріп еркін бір ұғын!» –
Достар! - деді Долгин, қойып алды да,

Мұрынына жарты көзілдірігін.
Толтырды ол айтылмаған олқыны,
Бүкіл ғылым бұлағындай ол құдды.
Дәл бүгінгі оның сөзі ертеңгі

Гүл киінген өмір болып толқыды
...Көз алдында төмен шөгіп туманы,
Ертелі-кеш күріш көлі тұнады;
Көл шетінен күн шашырап шығады,

Көл шетіне күн қызарып қонады.
Электрлі тракторды лайлы
Жел тазалап, шықпен үстін шылайды.
Алма ағаштың ауыр басы қып-қызыл

Күз күндері тіреуіне құлайды.
Мақта тиеп, көк жалтырақ жол тасын
Бір тыншытпай, канал бойлап жортасың.
Мақта теңіз ақ толқыны шайқалып,

Жалаңаш құм жоғалтады жотасын.
Жаңбыр қолда графикпен көшеді,
Ормандарда боран тонын шешеді.
Баржаларда ауыр зауыт – жолаушы

Ұйықтап кетіп, оянады, түседі.
Жоңышқалар ат тұяғын сүртеді,
Жем табағы қойдың аузын түртеді.
Мың ішіне арық туса бір бұзау,

Сарайында саранауын үркеді.
Ауыл майын мың киловатт былғайды,
Тоқ турады жақындатып шалғайды.
Фабриканың ұршығына, жүндерін

Қой қорадан шопан өзі жалғайды.
...Зал ұйыды, бір қалыпты тұрып үн;
Әркім ойы: «Тағы, тағы бір ұғын» –
Ертең - осы! - деді Долгин, алды да

Мұрынынан жарты көзілдірігін.
Түсті ғалым мінбеден көп көзді алып,
Көкейінде қойды-ау талай сөз қалып!..
Жаңағы өмір жақсы түстей серпіліп,

Залдың іші тамсанды бір қозғалып.
Бүкіл орын сықырлады залдағы,
Сапқа тұрды қалам барлық қолдағы.
Айболовтың ойлы көзі алыста,

Аттағаны - ала кілем жолдағы.

– Ол сөйледі.

– Тыныштала беріңдер! –

Бір осыны сыбырлайды еріндер.
Ойымда жоқ текке тақылдамағым, –
Айболовқа артық бояу жамағым...
Білегінен бір қарады мезгілін,

Тереңінен бір кенеді тамағын.
Сөздің басы:

– Құмға кірер каналы,

Партияша ойлау керек оны әлі
Ирек жолмен жылжып өзі келетін
Қыстағы ол жолаушы емес шаналы.
Каналда бар темір тетік, бұранда,

Забойында - ыстық күн де, боран да.
Жаңа тозу, ескі мүлде жаңару,
Жар сағыну, бала сүю - бәрі онда.
Каналда бар зерттелетін сораң да;

Бәлкім қоныс аударады қораң да;
Құмда қалау іргесінен жақсы үйдің,
Көпірлерде сабақ оқу - бәрі онда.
Сөздің соңы:

– Сынның жанға батқаны,

Қажетіне «ащы дәрі жұтқаны».
Залда күлкі, қол соғылды - қостады,
(Одан бөлек өмір сүрген жұрт қане?!)

– Халық сыны, обком сыны байыпты,

Өзім, - деді, - Шапай үшін айыпты.
Емделеді, мейлі бүгін «сырқаттан»
Шапай Досов айықпады, айықты.
Сөздің соңы:

– Жағымпаздық жаттығы;

Жөнсіз кәсіп - Гүлжан «адвокаттығы»
Жерде, көкте періштенің жоқтығы,
Ол емесі табиғаттың заттығы.
Қызметінде мінсіз адам баласы,

(Қатенің жоқ қорғаушысы, тілмашы).
Айболовты сырт қалдырса сынаудан,
Жалғасары болмашыға болмашы.
...Шешен әлі алға қолын созады,

Еңкейеді мінбесінен озады.
Енді көрсең қол соғу да, күлу жоқ,
Әр делегат жазады тек, жазады...

Бесінші тарау

І

«Жүгірдім, жүгірдім;
Жүгірдім де жетпедім.
Тек ұрдым, тек ұрдым;
Тек ұрдым да өтпедім...

Тынбадым, шатқалдың
Тарғыл тасын жіктедім.
Сындырдым, тақ қалдым,
Шақ қаламын деп пе едім?!

Өндірдім, өндірдім...
Жердің қызық сиқы да –
Білесің бе, кімді ұрдым?
Мамонт жатыр ұйқыда.

Сындырдым, сындырдым,
Сынықтарын алыңдар!..
Бүлдірдім, болдырдым.
Болдырмадым, әлім бар.

Іздедім, таппадым,
Тауып алдым, құм бардым...
Жә болды, тоқтадым!

Жоғары да кім

бар,
кім?..»

ІІ

Бұрғы мұндай бір «өлеңін» айтқалы
Айлар өтті, зерікпеді, айтты әлі
Қарлы дүлей, құм ішінде бүгін де
Ол қадалды «мұз дәуірден» қайтқалы.

Боран бейне көкті қолмен шаниды,
Жанды жігер қайрағына жаниды.
Жел ышқынып ұйтқығалы аққұйын
Бірді біреу сүйкенуден таниды.

Шойын пеш пе?.. Аңсағаның жоқ о да,
Алмайсың бір маздатып от жаға да.
Жылынады жылтыр мұздақ, жіпсу қар
Құлақшында, қысқа тонда, жатады.

Тұрсаң басын тұқшияды,бұғады,
Барлық денең тіл алмайды - ығады.
Сол себепті Тәшмәт әке, Кулагин,
Тәйтіктерін қалың қарға жығады.

Пималары, өңшең қалың шалбары...
Қар түлейді...
Итерісіп қалды әрі –
Құлап түсті; үшеуінің күртікте

Айқасады аяқтары, қолдары.
Жасқұс, Галя жел сүйресе бас тартқан.
Қол сұғады борасынға бос жатқан –
Лақтырады жігіттерге жентек қар,

Еңкейісіп аяқ жақтан, бас жақтан.
...Тұрып бері ынтығады, күледі,
Қалта тінтіп, кәмпиттерін бөледі.
Үлкен жұмыс түстен кейін басталды,

Жанға жылу – түске дейін бұл еді.

ІІІ

«Әнші» бұрғы жоғарыдан тоқ сұрап,
Қайта шықты; әкелгені топырақ,
Әкелгені әлдеқайдан кермек су,
Осы олжаның құпиясы көп бірақ.

Жөпелдемде жәшікке де шөлмекке...
Өз күйінде лаборантқа келмекке...
Жартылықтар жылы киіз киінді,
Жол-жөнекей қызбен бірге «күлмекке».

Топырақтың бетін боран жалайды,
Ұлиды да, түйірлерін талайды,
«Кәдімгідей қабаған бір төбет!» - деп,
Оған Галя украиншалайды.

– Рас! - дейді, Жасқұл алабұртады,

Жел оның да табельдерін жыртады;
Бір қағазын ала қашса: «Мама!» - деп,
Тап береді, бауырына тартады.
Орта жолда сай да келед, дөң келед;

Тәйтік шопыр тексергені дөңгелек.

– Жүк тие, - деп жеңін достар жұлқиды

Темекіні бықсытуға жөн керек...

– Кел Тәйтік!

– Бұл Тәйтік жайсаң ғой!

– Ей қойшы!

– Қойсаң қой!

– Ендеше,

бәлем бір,
Мұздай қолғапты қойныңа...
Солай де - Қиқаңды қойдың ә!..
Көрдің бе, анау бір ашықты

Нақ сол жерге жина жәшікті,
Жолшыбай түтейді бұрқасын.
Тоңбасын,
Қымтай түс қыздардың арқасын, басын.

Достар сөйтіп аяқтады қызметін.
Боран бұрқап сабалайды көзге тым.
Бұрғышылар қосқа,
Бұлар штабқа...

Машинада қымтайды екі қыз бетін.
Шығандады шынжыр киген дөңгелек,
Ерді құйын биші әйелдей кең көйлек;
Жоталарда кейде жоқ та, кейде бар

Күндегі бір жүретін жол күнгейлеп.
Жолда қыстақ жоқ болады байқалып,
Онда бәлкім таныс жеңге шай салып,
Бауырсағын баптады ма?..

Не пайда,
Рулінде Тәйтік отыр шайқалып.
Секретарьмен бірге шолып аймақты,
Өзінше айтып малды қайда жаймақты,

Самауырдан жоғарыда жантайып,
Жатып жейтін күндер қайда қаймақты!
Осы еді ғой безеу мұрын сондағы,
Бұрынғыдай терлемейсің сен-дағы,

Үлкен ауыз - о да тоңған, айтпақшы
Нан не болды қалтадағы - тондағы?..
Сөйтсе-дағы сүйікті оның қыз жары,
Ыстық қанын қыздырады қыз бары.

Қиын жұмыс ұнамды да: сөз бе екен
Кабинаға кірсең суық ызғары.
Ән салады: «Ахау, шіркін, жастық шақ!»
Аязды да жылытады жас құшақ, –

Атығады шолақ тонның түймесін,
Бұл еместей жанағы бір жасқаншақ...

ІV

...Қыздар басты бүркейді де, орайды,
Бет тақасып көк тесіктен қарайды.
«Сүйемін!» деп ән бастаса біреуі,
Екіншісі:

– Қақсамашы!.. Жарайды!

Шопыр жаққа қисайтады қастарын,
Сығалайды, сипап әйнек бос қарын.
Иықтарын қусырады екеуі,
Қатты күліп шалқайтады бастарын.

V

Бірі қара, екіншісі көгілдір:
Қыздар көзі шалды тағы көгін бір,
Жүйрік құйын жоғалыпты, ұзапты.
Жолаушы күн жоталарға төніп нұр.

– Таңда соққан көк құйын

Таңда кетті келгелі.
Бірақ - бірақ... Бек қиын
Жолға жеттік жүлгелі...
Жүлге, рақым ет бізге,

Ақ көрпеңді жамыл да?..
Бізді үстіңнен өткіз де,
Дала қары, дамылда!
Алақай-ау, алақай –

Тәйтік біздің көгергір!..
Ал, не болды? - Гүр... гүр... гүр...
Машинаң жүрмей тұр.
...Солай, қыздар!

Күн барады батарға
Тілесең - түс,
белуардан бат орға.
Жақсы емес қой –

Тәйтік бүйір таянып,
Ысқырғаны, үңілгені моторға.
Жақсы емес қой дөңгелекті тепкені,
Екеуіне: «Түс!» - деп әмір еткені.

Сендер киген пималардың қонышы
Терең қарға бойламайды өйткені.

VІ

– Кез емес бұл бұрқасын бар,

Неменеден қорқасыңдар?..
Неменеге қыз ерінді
Тістеріңмен қырқасыңдар?»
Әкеліп тұр кеш кейде

Саңқылдатып ит үнін...
Білмейсіңдер иіскей де
Жақын ауыл түтінін
Әне, бір іңген де

Дөңде
Боздауын ұзартты! –
Тәйтік мұны айтып,
Мұрнын қисайтып

Бір тартты.
Жуас желден үн келеді жыpақ біp:
Қойлы ауылға сораң тартқан трактор,

– Кеттім, - деді, - буксир керек...

Буксирге... - Екі қыз да...
«Біз қайтекпіз?» Сұрақ тұр.

– Беттеріңді кешкі аязға қарыңдар,

Сонау төбет үндеріне барыңдар.
Онда жылы «Май» колхозы фермасы...
Мен де жетем, желінбеген тарым бар.
...Жылы оранып су шөлмекте тұр сұйық,

Көрген болды Галя тоңып, бүрсиіп –
Ол ақырын жең ішінен күледі
Ықтасында Тәйтік қызын жүр сүйіп.

VІІ

Қар үстінде Тәйтік қара нүктедей, –
Ұзап кетсе; дала жатыр түк демей,
Қызыл кеште малтығады екі қыз,
Қымтанбайды - екеуі кім мықты емей?!

Бет қырауын мұз қолғаппен үгеді,
Пималардың қарын шешіп төгеді
Жерді қойып, көкке кенет қарайды:
Бір самолет... жаңа ғана жоқ еді.

Қызыл бұлттан шыға келдің қалықтап.
Тастады әні...
Ауыл жатыр алып қап, –
Көктен түсті күзгі мия, жоңышқа,

Шандыған ба төрт бұрышты қалыптап?

– Галочка, білесің бе ол қайдан?

Саратовтан, Урбахтан да, Ал-Гайдан.

– Кім біледі, қай орында орылды –

Темір жолдан, әлдеқайдан, шалғайдан...

– Амал бұ да..! Неткен қиын амал ед! –

Торпағыңды я жұтқа бер, я мал ет... –
Көктен көзін алмай қыздар, бұтаға
Көп сүрінді ұзағанша самолет.

VІІІ

– Шөпшілер ме далада жол арши ма?

– Қар лақтырып жүрген жоқ қой әншейін, ә?..

– Шынжыр табан тракторға ілесіп,

Қарашы, әне, шұбырғанын машина.

– Білем, анау құла ат тентек,

құла ат - «жын»;
Айболов кой үстіндегі құлақшын.
Көк жорғалы, түбіт шәлі - Досова,
Қиын жұмыс әйел затқа бұл-ақ шын.

Жақсы жан ғой: қадірлі де сыпайы;

– Тірі ме екен, сәл деуші еді апайы?..

– Көресің бе, тебініп те қамшылап,

Шапқылауын шабдар атты Шапайы.
Өнімсіздей оған көлік жортқаны,
Жұбанышы - ат езуін жыртқаны,
Жазда босқа шегірткеше ән салып

Енді қайғы, ұяты ма жұтқаны?!
Гүлжан болса, шөптің алдын бастайды,
Жол қарайды... Қайтсе жаза баспапды?!

– Сонау әйел соңғы «ЗИС-тің» үстінде

Үсіген бе, уқалай ма башпайды?..

– Мая мынау,

Кәрі мұнда, жас мұнда,
Қолғабысқа бармағанда, қаштым ба?!

– Айыр салған былғары тон - Көшекең,

Бұ шалқиды түлкі тұмақ астында.

ІX

...Солғын сирек жез бұлт қана көгінде;
Күн қалдығы жер мен аспан шегінде.
Қыстақ емес, қыздар беті - шөпшілер.

– Мұның бәрі жиналғаны тегін бе?..

Галя кенет шошитын бір жерде ме?
(Аттап - аттап ол тоқтаса, «жүр» деме)
Қайда бұрса, қыз көзіне қорқыныш –
Қар астынан қылтиғаны бірдеме.

Бәлкім осы кәрі жұттың бұйрығы;
(Дененің бір шімірігі, ширығы.) –
Шошайғаны бәлкім шыбыш мүйізі,
Бәлкім... Бәлкім өлген баспақ құйрығы?..

Баспақ болсаң, бишара сен өлдің ә,
Бір-ақ жылдың бұйырғанын жұлдың да?..
Кім біледі терезеден телмірген
Жаздағы сен ала бұзау болдың ба?

Лақ болсаң да, ақырғы орын сен үшін,
Көруші едік гүлдің ғана семшігін.
Галинаның алақанын ауыртқан,
Кім біледі, баяғы лақ сенбісің?

X

Жоқ!
Жоқ мұнда жұт жұлатын жүн, қылдар,
Галя, сені алдағандар - жыңғылдар;
Жер астына терең кетті баяғы

Қу сүйегін құшақтаған мың жылдар!
Көріп тұрсың;
Сен де келдің жұмысқа
Басшыларға күн бұйрығы:

«Жөн нұсқа!»
Алай-дүлей ауыр сағат, минутта
Аспанда да құзғын емес, жоңышқа!

– Жeтіңіз де, бізге рақым етіңіз! –

Шөп басында әзілдейді ел тығыз;
Көтерілген жағалары ақ қырау,
Жақын жерде ентігеді екі қыз.

– Тәйтік қайда, кімге табыс еттіңіз? –

Шөп басында әзілдейді ел тығыз;
Көтерілген жағалары ақ қырау,
Жақын жерде ентігеді екі қыз.

Алтыншы тарау

І

Көйлек ыстық Гүлжан киген бүріп кең,
Маңдай тері - біреу бейне бүріккен.
Алды толы - аупарткомның бюросы.
Мәжілісі Советтің де біріккен.

Біз ойлаймыз:
«Мәселесі - жері ме?..
Шөбі яки жабағы жүн, тері ме?..»
Әлде қойды тоғыту ма? Немесе,

«Сен табыста, сен қабылда!» дері ме?..
Мүмкін бүгін талқылайды дегені –
Отардағы мал қорасы, шегені?..
Мүмкін сонау алыс қызыл отауда

Тықыр салып, тышқан кітап жегені?..
Жиын етсе елде күндіз, әлде түн,
Аударғыштап протоколдың әр бетін,
Іздейтінім - аудандағы мәселе,

Бір бұлар деп қалатыным - әдетім.
Бұлар емес бүгін тәптештемегі, –
Бұл жиында «жақсы, жаман» демегі.
Күн тәртібі: «Ауыл адамдарының

Диссертанттың жұмысына көмегі».
Шыным,досым, өлең - өлең жылдағы,
Өмір қайда шырқағанын біл-дағы! –
Маған бейне мұнда отырған секілді

Ғылыми совет сонау ВАСХНИЛ-дағы.

ІІ

Ғылымның шын тереңінде жатпасаң,
Қиын бүгін, жылдық еңбек жоққа сан.
Гүлжан әкеп ілген схемаларға –
Қабырғаға қарағалы жұрт қашан.

Әр колхозшы әрекеті - шыны еді
Біреу бұғып мырс еткені сыны еді
Содан бәлкім қолындағы шыбығы
Қалтырайды –

Гүлжан жүрексінеді.
Бет қызынып, ойланатын жерінде
Қайта-қайта тістеледі ерін де.
Бірақ, оның еркіндейді дауысы –

Тәжірибе көрсеткені... – дерінде.
Нәрлендіріп кейде шөпті, түйені,
Улайды да жерде жегі күйені.
Кейде түгел ұғындырып қалады

«Шпалерник» «шелюгованиені». –
Жалғасады шықта жаңбыр, тоңда мұз,
Құм ішінде көктемде де түнде аңыз...
Анау жақтан араласа бір дауыс,

Күліп еппен айтатыны:

– Тыңдаңыз!..

Анда біреу жаңалықты жатсынып,
Шығынды да «қол жетпеске» жатса іліп,
Тұрып сонау үстелінен Айболов,
Бұған таяу келетіні – жақсылық.

Жақсы оның ұқпағанын сұрауы,
Ұғынуы, ғылыми сөйлем құрауы. –
Қысылмаңыз меніңше де дұрыс деп,
Тезистерді қайта аударып қарауы.

Жазар толық іс тіркеуші, хатшы я...
Айболовша: «қысқа ғана тарт сия..»
Үлкен жазып, әйнегіне қузады:
Көз алдында қалды - «Диссертация».

Гүлжан ойы аяқталды. Ұнап қап,
Жұрт сөйледі оны сынап, оны ақтап,
Бір үстелдің маңдайында ол отыр
Қусырылып, құс тәрізді қонақтап.

Біреу сөзі қажет еді - ілкі еді,
Біреу көзі жылы ғана күлкі еді.
Кім не десе - қалдырмай ол жазады,
Шаршағанда қолын еппен сілкеді.

ІІІ

Биік өтті ол жиын да қоғамда,
Енді бақсақ, он күн бүгін оған да Гүлжан,
Міне, түнгі екіде үйінде;
Үстелінде шаншылу да жоқ онда.

Киінгені - киіз кебіс, көркі жіп,
Бойшаң халат –
ала жібек жер сызып,
Бөлмесінде қыдырып та жүреді ол;

Ойы: «Құмда жүзім еріп, ерте үзіп...»
Көз алдында көгереді бүкіл бақ;
Құмда жаңа туады өрік тұқымдап.
Ол ойланса, қола бүркіт басына

Қаламсабы тиеді сәл тықылдап.
Ол еңкейсе қағазына қай сәті,
Қолы дереу жазып - жазып қайтады;
Терең ойын епті жұқа еріні

Тыныш түнге анық - анық айтады.
Әр пікірмен еркін ақылдасады,
Кейде оянып, Шапай құты қашады;
Қызыл көздің бірін жұмып, біреуін

Алақаны көлеңкелеп ашады.
Көңілі жыртық –
Жұмарлайды жастығын,
Кешегі өзі - өзіне де қас бүгін

Америка аударылар кез болды, –
Таң атпайды, қай тарапқа қашты күн?!
Ойдағысы:
«Жеткен жерім мұнша екен,

Көтертпейді шерлі шекем, мұң шекем.
Беделімді берер еді қайтарып,
НАТИ-ларым,
НАТИ-ыма мінсе екем!

Төсегінде бұл шытырман ел есен:
Күн шықса екен - сағат екі тілесе он...
Өші бардай шағып алды құлағын
Жеті түнде шыр еткені телефон.

Ұйқы қайда, ауырлады сау іші?..
«Мүмкін осы ержігітке жау ісі?.. –
Бөлмеде бір радио секілді
Айболовтың анық келген дауысы.

Қайтерсің-ау оның үні тынбауын,
Гүлжан мында көңілденіп тыңдауын?..
Бұл айтады:
Әлі жоқ па ұйқыңыз:

Ол айтады:

– Түн ғажайып, түн жауын.

Ол айтады терезесі ашығын,
Мынау сырттан Алматының қашығын;
Сөйтсе-дағы сөйлескенін әлгіде,
Жақсылықты жеткізгенше асығын...

Бұл оқиды жазғандарын, ол біліп...
Той туралы алды екеуі мол күліп.
Жарты сағат жадыраңқы сөйлесіп,
Саулық тілеп,

телефонды қойды іліп.
Гүлжан сөзі Шапайына: «Шай ішші!

– Салқын суға беті-қолың шайыншы!

Бүркенбеші, маған тура қарашы!
Шаттығыңды өзім құттықтайыншы!»
Ол салады көздің жылы қиығын;
Тағы айтады:

– Пижамыңды ки, ұғын!..

Аузы ғана дегенсиді «ояумын», –
Отыр Шапай әлі сипап иығын.
Қағаздары қалған күш шашылып,
Гүлжан тұрды комодқа да асылып:

Ол оңаша қуанады, күледі
Көкірегі көтеріліп, басылып.
Шар айнаға сұлу бойы сияды,
Нұрлы жүзін өзі көріп тояды;

Шаттығынан дауылдаған бетіне
Екі бірдей алақанын қояды.

Жетінші тарау

І

– Айтшы, қалқам! Шайыңды қой –

сәл құйма,
Құм орнында күміс күріш толқи ма?

– Ескі көлден туад дейді жана көл,

Құлдығым-ау, құдды теңіз шалқи ма?..

– Суда қалқам сораңым да, көдем де,

Жүдә мына өзгереді не демде?!
Жалпақ жаңа көлдің түбі ендігі –
Біздің сәкі, біз отырған еден де!..

– Ферма қайтті?

– Көшеді де... Мәңгі ме?

Құм жоғалып, кел тумаса мәнді ме?! –
Әр ауызда, әр сауыншы үйінде
Марттан бергі мың айтылған әңгіме.

ІІ

Енді, мынау көктем желі есірген;
Маң төбеттер бөтен жанға неше үрген;
Кемпір орап кеселерін, қазанын,
Ол тілдесе, үнсіз шалы кешірген.

...Жүк қаншама машиналық, арбалық,
(Tиеушісі колхоздағы бар халық);
Әр қорада көрпе, сандық, домбыра,
Үйдің әйнек, ағаштары арқалық.

Сауыншылар үстіндегі тоншығы,
Бұзған қора қиқымдары, түн шыты;
Қайда барсаң машинадан қылтиған
Жас бұзаудың жұқа, қызыл тұмсығы.

ІІІ

Аттанғалы жұрт әрі де, жұрт бәрі –
Бұзылған үй жоқ есігі, жоқ төрі;
Балшық жолда селкілдеген машина,
Ат-арбалар, ауған түйе жүктері.

Сүтшілердің фляг тиеп мінгені –
Кеш соңында бақырауық іңгені,
Күзден бергі кірпіш қала қып-қызыл
Көш алдының өрлеп барып енгені.

Қиыр жонда мүйіздері шайқалып,
Шұбырады, ескі қора-жай қалып.
Көшкен ауыл ортасынан ауданға,
Қайтты Гүлжан көк жорғасы тайпалып.

Дала - жұпар есіреді мерейді,
Ат езуін ауыздыққа тірейді.
Гүлжан ойлап құрылысқа көшерін,
Шалқығанда үзеңгіні шірейді.

Кейде ақырын өлең басын құрайды,
Андамайды ирек жолды, қыр - ойды.
Кейде кенет шалқымайды,
Өзгереді, бір ой бұзып бір ойды.

ІV

...Нені сүртті көз алдынан, меңінен?..
(Сырласатын болды, сірә, менімен.)
Шіренгенін ұмытты да, салбырап
Орамалын алды қайта жеңінен.

Кешіксем де білсем,
оным неге мін? –
Білдім енді жабырқайын дегенін.
Білдім енді көңілсіздік үйдегі

Мұның жанын жүрегінен жегенін.

V

...Қыста Шапай байығанда көп етке: –
Азаматпын, тегін таптым! –
деп ед те...
Осы Гүлжан ол туралы сөйлеген

Жоғарыда, сонау облсоветте.
Шапай десе, көңіл бұлты өткісіз,
Шапай жаны бұған әлі ұққысыз.
Әлі түнде күзетеді бөлмесін,

Кім біледі, не жазады ұйқысыз?
Бәлкім оның шотқа қағып санауы –
Өтіріктің «мынауы» да «анауы»,
Бұл түнімен жазса диссертация,

Көрші үстелде шулайды оның танауы.
Тым болмаса титтей кеңес берсеші, –
Диссертанттың бір жолын ол көрсеші!
«Біздің ауыл қызындағы» инженер

Осындайда есік қағып кірсеші!

VІ

...Тоқтай тұршы менің ұзақ өлеңім!
Қиялымды мен азырақ бөлемін.
Қажет десе, маған түріп құлағын,
Жүре тұрсын жүдеу ұстап ол өңін.

Жақсы қыз, білімді,
құрметті!
Ызамен күйдірме құр бетін.
Рас ол: қоғамда орынын

Өзіңді жасыңнан құп етті.
Ендеше жауап бер, өтіндім:
Жаныңның жасытқан отын кім?
Өзін ол. Той жырын жазбадым,

Мен бекер соныма өкіндім.
Жанымның түкпірінен шағатын
Шын осы - өкінер сағатым! –
Қайда да артықша адам, деп

Сеніппін!
Сеніппін саған тым!
Өлеңмен ол жазған хат кәне?..
Таппайсың! Ұмыт боп қапты әне!

Басында шаттығын ашпапты
Баяғы тойдағы қақпаны.
Жұртқа да пәш енді қай күні
«Бақыт» деп құшқанын қайғыны.

Бұл ма еді мен күткен махаббат?!
Бұл ма ет ақынның әлгі үні?!
Оқушы құптар бұл хабар ма?..
Әлде тек ақынға жабар ма?..

Жоқ әлде біреулер күрсініп,
Бұл күйді өзінен табар ма? –
Қайтсе де бұл күйде болдың да...
Бұзылар дәмі бар балдың да...

Өмірде барсыңдар.
Басқаша
Сөзім жоқ, оқушым, алдында.
Сенде бір сыншыңды өзің көр?..

Мен де айтам қатты сөз: төзіңдер!
Жалп етті түтінге жығылған
Жалынның жауабын өзің бер!

VІІ

... Шарлаппыз ғой еткен талай тез күнді...
Әлгі әзірде байқай алдық біз кімді?..
Ол да сергіп, жаңа ғана жинады
Ат тізесін қаққан ұзын тізгінді.

Оңашада дыбыстады:

– Даярмын! –

Мен онымен тұрғанымды қоярмын!..
Жо-жоқ... Бәлкім олай емес, сүйермін,
Кім біледі кәдімгіше аярмын?!
Ақыл озып қайда барса, сонда едім;

Кім біледі білкім әлі сенбедім?..
«Шын-ақ сүю - сыбағамыз» дейтұғын
Өзім жаным өзге ме еді, сен бе едің?
Таптырмай-ақ ойдың солай қазығы

Кетті;
Аты үрікпесе – таза игі, –
Тарсылдатып, түтін атып келеді
Жоғарыдан қайтқан Шапай «Газигі».

Қиын енді жүрісінің үдеуі;
Жолыққанда оған о деп, бұ деуі; –
Тым-ақ ауыр оңашада Шапайдың
Жетіп бұған тоқтауы да жүдеуі.

Сезеді бұл оның күлімдемесін,
Бұрынғыша: «Жаным», «Гүлім» демесін;
Сезеді бұл түннен бері қалада,
Түскен үйде ол директор емесің.

...Деген еді: көрмедім бе жаңыла?..
Шынымен-ақ машинада Жәмила;
Осы беті - оралғаны оқудан,
Түсе қалды ала пальто жамыла.

Тоймағаны – бірін-бірі құшқаны,
Сүйіскені, білектерін қысқаны.
Екі арада ат ерімен ауданға
Құйрық тігіп, құйындатып ұшқаны...

– Әне кетті!..

– Жорға жүктен жеңілді! –

Бәрі жақсы, бәрі күлкі көңілді.
Шапай ғана, екі қолы рульде,
Бұл сағатта ауыр ойға көмілді.
Гүлжан бойын одан бетер жиды әрі,

Бізге мәлім бүйтетұғын жай бары.
Тілі жоқтай Шапай бұған, бұл - оған,
Жәмилаға екеуі де жайдары.

VІІІ

...Бір ай бұрын ұзақты күн бұл еді,
Бүгін тағы ауыр сағат келеді –
Бас жағы - бұл, аяқ жағы

– Шапайы,

Төсегінде ана қазір өледі.
Қайда кеткен бетіндегі нұр, қаны?..
Жаңылған ба жүрегінің ұрғаны?..
Шапай, Гүлжан екеуіне сүйенін,

Есінде жоқ кеше тыста тұрғаны.
Есінде жоқ жон үстінде жұрт асы
Ішілгені, төселгені жол тасы.
Жаңа ғана құмға кірген каналдың

Күн батарда қызарғаны жотасы.
Көрген еді шағылдарға алғашқы
Орнағалы көшкен цемент, ағашты;
Сонау жаңа көк орманның сыртына

Іңір кеште шалқақ туған ай қашты.
«Ах-ха-халар!», баян үні қосылған;
О да бүгін құм ішіне тасылған, –
Науқас ана құлағын да түргізді

Талай әндер ұзап барып таусылған.

– Құла төбе құм кетеді мекеннен,

Өмір ғажап - кере берсем екен мен! –
Шаршағанда ойлағаны ананың, –
Бірақ адам аз қалды ғой мен теңнен?!
Мұны айтты да, ол отырды көгалда,

– Жанна, – деді бір иіскетті кеп ол да.

Гүлжанының кішкенесі - Жаннасы;
Оны көрсе, өмір әлі көп алда. –
Туды тағы өмір жаңадан тегі;
Болды ананың арманы мен анты игі –

Ақ сәбидің мөлдір қара шашында
Бала өмірдің желкілдейді бантигі!..
Қайтқан қаздың ақ түбіттей бұлттағы
Үні таныс, сергітеді бұл тағы;

Ұлы ұрпақтың тербетілді үстінде
Шынар ағаш жапырағы, бұтағы.
Түңілтпек пе көне көздің тұманы? –
Сезілмейді өлім оған таманы!

Жақсы кеште тек Гүлжаны, Шапайы
Бір-біріне жабырқауы - жаманы.
Турарында зорға билеп буынды,
Тұнжыраған екеуіне суынды;

Үнсіз өзі кең тынысын қадірлеп,
Соңғы кештің самалына жуынды!..
Ойы Жетіқарақшыға өрледі,
Өмір деген кеше кеште ол еді:

Енді міне, иек қағады, тілі жоқ,
Төсегінде ана қазір өледі.

ІX

Есігі ашық. Тоқтатылды ем демде:
Күбірлейді күткеніміз елден де, –
Айболовы, Жәмиласы, Көшегі
Табандары сыбыр - сыбыр еденде.

Әттегене, шала көрді-ау биылды!
Жүрек ұзақ жұрт келіп тыйылды.
Оның салқын ұйқысына бір қарап,
Көз суынды, жалаң бастар иілді.

Өлмек қиын жетсең-дағы жасыңа!
Жоқ, өлеңім, айтып оны жасыма!
Біздің ғажап ақындарша шарықта,
Ескілерше еңіреуік жансыма.

Өмір жеңді - өлімің де өзгерді.
Өлімнің де үлкендерін көз көрді.
Ұмытпаймыз бүкіл жердің бетінен
Жұпар гүлді жұлып алған кездерді.

Есімізде үлкен екі жыл аты,
Ол жылдарда күлкі кімге жолады?
Бес минутта ішке демін бір тартпай,
Адам түгіл, темір өзек жылады.

Анам тарих айтты: «Сабақ алыңдар!
Бұл табытта сүйек емес, жалын бар!
Өз белгісін сақтай берсін календарь,
Өлген күні тірі өмірде қалыңдар!

Ана өлмейді! Өлім ақымақ, алдаңдар!..
Анасынан жерде туар адам бар!
Қайда тұрса дүниеде нұр құяр
Күн туындар, көмілмейтін адалдар!»

Сегізінші тарау

І

Қашан еді цемент иі қанғаны,
Столярдың дымқыл жаңқа жонғаны?
Қашан еді баян көшіп, ән көшіп,
Елсіз шағыл ортасына қонғаны?..

Қашан мұнда қарлы құйын борады,
Ерітіндіні қыздар тонға орады?
Есімізде барлыға да кешегі,
Көрші бүгін, канал өтіп барады!

Мейлі биыл каналға су бермесе,
Шығарлары бас шұлғиды бірлесе;
Қоңырлықта қарағайлы жас қала –
Текше-текше аппақ үйлер бірнеше.

ІІ

Қызыл жота забой басы - іс басы:
Төбе-төбе бөренесі, бос тасы,
Эм-Же-Эс-тің экскаваторлары,
«МАЗ-дары» да9, бульдозеры, басқасы.

Күндіз-түні жоғарғы вольт бағаны
Қатар түзеп, күзетеді жағаны.
Мұнда ғажап алып машиналардың
Табанында жердің солқылдағаны!

Ожау10 асап он төрт текше метрді,
Мың заманғы мекенінен кетірді.
Менде болып көрсетуге право,
Әкелсемші кешегі өлген кемпірді!

Баяғыша сүйенер еді-ау маған!
Қасына кеп биік қызыл тау, баған.
Көрер еді-ау жамбастарын мамонттың
Орын таппай он бес жерде аунаған.

Көрер еді-ау ол түбінде жылғаның
Апандарды алып темір жұлғанын;
Ұйқыдағы күшіктері түлкінің
Ұясымен бейқам лақтырылғанын!

ІІІ

Айналдырса экскаваторлары
Үстіндегі үйді бері, үйді әрі,
Бір зерікпей биік қарап тұрады
Әйнегінде адамының дидары.

Ол сағатта адамының тал бойын
Өзің таны, іштей оның тап ойын:
Тілдеспейді.
Жәмиламыз - сонымыз,

Үнсіз бүгін әкетті алыс забойын.
Ініндегі, ұйқыдағы төл, аңы,
Алдағы жер адырлығы, жаланы,
Жар жағалап өткен адам – бірінде

Оның әсте болған емес алаңы.
Қысқа тұлым тығылайын, сынайын
Демейін бір, мазалайды самайын –
Ұзақты күн шашы ғана шашырап,

Бетке қолдың сүйкетеді сол майын.
«Самосвал» тез келісі, жөнесі –
Оның көзі баққанының дені осы.
Төстек қара, жылтыр комбинезоны

Тырсылдаған оның етті денесі.
Төбесінен машинаның бортының
Шүйілген-ді, алмай ұзақ бір тыным.
Қазір ғана сменасы ауысып,

Суынғаны жотасының, сыртының.

ІV

Айтты жана Айболовтар жеткенше: –
Жолығайын, жер дамылда, жер тыншы...
Айболовтың бұл сапары осында
Алтыншы ма, әлде тіпті жетінші?..

Қазір еді «Түтін тамақ қырғаны», –
Қызық үшін бір темекі сорғаны;
Екі қолын айқастырып төсіне
Қойғаны да, Жәмиланың тұрғаны.

Жарығында жоғары вольт бағаны
Шолып болып жылғаны да жағаны,
Қазір еді бас инженер – Гүлжаны
Жәмилаға жеке сыбырлағаны;

Құпияны бұлар ғана білгені,
Күресердей құшақтасып күлгені;
Екеуінің жүрегіне ып-ыстық кім біледі
Кімнің тағы келгені.

– Қазір қайда?

– Қайда болсын, штабта;

Ұзақ тұрды оң қолымды ұстап та;
Өзгеріпті, екеу, үшеу әжім бар,
Тұрды, бірақ, жас кезіне ұқсап та.

– Бұл күнде – ол алматылық! - деседі,

– Осы неткен бақытты бір кеш еді!

Қазір ғана жұмыс жақта бүйткені, –
Жәмила үйге сәл бөгеліп келсе еді!..
Олай емес, аяғында «моделі»,
Мақпал төсін көтереді әр демі

Асығады қарағайлы қалада,
Қай арада киінген бұл әдемі?!

V

Хош иісті бір шоқ гүлі - бір қолы,
(Жараспайды Жәмиланың құр қолы);
Бет алысы - газоны бар ақ пәтер;
(Екі ай өтті Гүлжан мұнда тұрғалы).

Кешікпейді Гүлжанының кешінен, –
Асығады, өзге шықты есінен.
Нұрға шомып жібек тюлі бұл үшін,
Толқындайды ашық терезесінен.

– Бүгін мұнда жиналатын біз-ақ па? –

Дейді ішінен, - жұрт құйылар бұ жаққа:
Гүлжан келді қорғап диссертация,
Темір жолмен кеше барып ұзаққа.

VІ

Сыртта бір топ жігіт сөзі:

– Көнсек пе,

Тамашаны босағадан көрсек те?..
Терезеге таяу іште Айболов,
Мұнда сонау жиектеп Көшек те.
Жәмила көп көрсе, ғажап сый сол-ақ, –

Гүлжанының достарына үй толы-ақ;
Жасқұсына қисайыңқы Тәйтігі,
Ақ кителі, жағасы сәл ұйпалақ.
Шапай, әне, май костюмін шешеді,

Біреулерді қызыл көзі теседі;
Тыржияды (құрылыста ерте-кеш
Айдайтыны тракторы деседі).
Уақасы жоқ! Бірақ, көңіл құштары,

Келсе қалмай бірде-бірі достары.
Өмір үшін нелер озық тілекті
Қоршап түгел көтерілсе тостары!

VІІ

...Сүйсінесің, жүрегіңе төнесің,
Әзілге де айтып әділ төресін.
Баяғыша бүгін мұнда отырса
Долгин, сүртіп жалтыраған төбесін!

Галя болса «частушканы» шұбыртып,
Тыңдаушыны қояр еді жүгінтіп,
Тәшмәт әкә билер еді мойынды
Ол иықтан бұл иыққа жүгіртіп!..

Кең кеудеден келерінде құлап үн,
Гитараның бұрап алып құлағын,
Орындықта жарасымды шалқайып,
«Ленин тауын» шырқар еді Кулагин?!

Шіркін, олар келе қалса ұшып та
Болса мұнда бүгінгі бір хошықта!..
Республика далалары бірінде
Қызметінде, қанша олар қашықта?!

Мұнда, мұнда!.. Мұнда екен ғой, - таптық
та-ау!..
Оларда жоқ шақырылса көп тоқтау –
Жас ғалымның алақаны үстінде

Қонақтаған қызыл қанат құттықтау!..

VІІІ

Досың дос па, бүгін үйге енбесе?..
Дос жетеді, дастарқаның ендесе!..
Міне, тағы біреуі отыр: құпия
Бағанағы - осы адамы, ендеше! –

Тоқта, тоқта!.. Таныс адам тер алған,
(Жылдар бойы ұмытылған, оралған) –
Айболовтың оң жағында ақ жігіт,
Ұзын, қара шашы кейін таралған.

Сүйкімді ғой жігіт осындай - ағы!..
Өңінің сәл жұқарыпты бояуы.
Бұл еді ғой бас инженер дейтұғын
«Біздің ауыл қызындағы» баяғы?..

Ол кітапта айтылмаған аты не ед?..
Гүлжан оны бүгін айтты: - Ахмет!..
Жұрт алдында мейлі өлең жазбасын,
Шыны, таза махаббаттың ақыны ед!..

Рас еді, жүрек оны сағынған!..
Қозғамалық өткен алыс шағынан.
Келді дейді командировкасына
Сонау ғылым орталығы жағынан.

Кісі алдында кісілігін сақтағыш,
Жұмсақ үні баяғыдан-ақ таныс.

– Бәрекелде, өзіміздің апай! - деп,

Қол созғаны Жәмилаға мақтаныш.
Оған мақтан апайының мұншалық
Сыпайысы, сөйлегені жұмсарып;
(Кеше ғана бір сөзіне екі айтқыш

Апай аузын жасыратын жүн шарф).

ІX

Жұрт аузында:
қыстан шыққан құмдағы
Жылқы малы, жұмыр баспақ, қой-дағы,
Жаңа шыққан телевизор – сөз еді;

Тына қалды.
Көшекте жұрт құлағы.
Көшек көзі оралады шарапқа,
Төңкеріліп оңға, солға барад та;

Құбылады үстіндегі су жаңа
Бір заманғы жібек «косоворотка».
Халық тыныш көріп тыста, іште отыр,
Тығыны жоқ түрлі шарап ішсе тұр;

Көшек алып ораулысын қолына:

– Гүлжан, - деді, - әкел, шырақ, штопр!

Құйып айтты: - Қызықпасым бір сол-ақ,
Ыдысыма мақсаты жоқ толса арақ.
Ауыл суы құм ішіне кіргенше,
Он жыл орап сақтағаным бұл шарап.

Қасымызда забойымыз құмдағы –
Шаттығымыз бәріміздің мұндағы,
Бәріміздің шаттығымыз – алдымыз –
Партияның ол пленумындағы.

Алдымызда ол ұсынған көп табыс –
Алма бағы, күріш көлі, мақтамыз.
Ынтығамыз өсіруге өмірді
Келер жылы кіріскелі мартта біз!

Осы жолда
Әне би де, әне жыр,
Келешектің ғалымдары және жүр.
Өнер, ғылым заманы үшін көтеріп,

Сарқып ішіп... Қане, достар, қане бір!

X

Жастар отыр бірін-бірі бөгесіп,
Екі арада еркін ашық көк есік,
Айболов та кәдімгіше көтеріп,
Кәдімгіше ішеді екен түгесіп!..

Қол соғып ол біреу жақсы билесе,
Тыңдады да домбырадан күй неше:
Шіркін, ұзақ ол отырса осылай,
Асықпаса - фуражкасын кимесе!

Киді оны, қол сағаты жылт етті...
Ол өтінді... (елдің көзі елтеді).
Шығарында күлімсіреп, асығыс
Оң қолының басын бізге сілтеді.

...Одан қалып көтерілді ұзақ түн
Гүлжан үшін, мен үшін де, сен үшін...
Қыз дөңгелеп, жігіт билеп ортада
Сабалайды етігінің қонышын.

Шапай ғана орындықта бір қырын,
Қоңқаяды үлкен қара - сұр мұрын,
Тыржияды ол, Ахметке қайталап
Гүлжан құйса «Барбарисі» құрғырын.

XІ

Шапай ойы өз жанының ерлігі:
Жоқ па, - дейді, - көздерінің ұрлығы?..
Әлдеқашан кетті Көшек, Айболов
Бұл жігіттің отырғаны қорлығы!

«Ұмытқам жоқ, сүюші еді бұл-дағы,
Ей, жігітім, бүйткеніңше біл-дағы!
Жүрегімде сені сезіп, оянды
Ескі жара сонау алыс жылдағы!

Бәлкім маған өзім жарам жұғады?..
Бір басымды біліп болғам жоқ еді;
Түсінбеймін, не себепті, меніңше,
Сенің жаның әлдеқайда жоғары?

Төмен қалдым. Ойым жоқ-ты өйткелі,
Тоқта, бірақ, ой аумалы-төкпелі!
Бәлкім мені менен артық ұқты жар,
Бәлкім маған бар болғаны өкпелі?»

Ойлап мұны, Шапай теріс қарайды,
Темекісі түтіні тек борайды,
Еңкейеді, тіреп қолы маңдайын,
Шашын еппен ширатады, бұрайды...

XІІ

Гүлжан көріп, желпуішін жияды,
Биден кейін ентіккенін қояды;
Нәзік қолы Ахметке, бұған да
Ақырын тек қызыл шарап құяды.

Білер ме едің, ойы қандай алыстан
Келе қалып, жүрегімен алысқан?
Ахметі - бүгін ыстық, бір сонда
Махаббаттың құсы бардай әлі ұшқан.

Есіңде ғой,
Тұңғыш өзін қызғанып,
Бірақ мұны ұнатқаны қыз анық.
Сонда түсіп көкірекке ұшқын от,

Лебі бетте қалып қойған қызарып.
Шөлдегені сықылды енді онысы,
Уылжиды, ұғады да оны іші;
Одан бірақ жүрегіне жақыны –

Енді өзінің босағасы, қонысы.
Мейлі, бүгін кешіккені төр алды,
Намыс одан бұрынырақ оралды.
Адамы бар, қатесі де - сабағы,

Адамзаты құрмет үшін жаралды.
Құрмет көзі күледі де, қатал да,
Қызулы да!
Тұтан одан от ал да!

Үлесіңе үй де - қоғам орыны,
Ең бастауыш күрес орны Отанда.
Сүртіп яки сыпырмасаң отқа да,
Орын мұнда тозаңға да, тотқа да...

Бір үйлі жан бәріне ортақ емес пе
Кезек ұстар есіктегі тұтқа да!
Ендігісі «Ескі ұғымды қу алыс!»
Толық тосты толу үшін құп ал, іш! –

Өз басына бүгін түнде оралған
Оған мұнша ойы бары қуаныш.

XІІІ

Шапай өзі маңдай шашын бұрайды,
Темекісі түтіні тек борайды.
Гүлжан оған айтары жоқ, ақырын
Желкесінен қатал күліп қарайды.

Тәйтік әлі қоныштарын жүр сабап;
Жасқұсы да, Жәмила да қол соғад.
Тұнжыраған Шапай достың шарабы
Ахметтің уысында бұл сағат.

Құшағы от Шапай еді - біледі,
Ахметше - ең бақытты бұл еді.
Шамнан көзін көлеңкелеп Гүлжаны,
Шапайына неге суық күледі?

«Неменесі - қондырып ап тотыны,
Ұйтқығаны ащы қою түтіні? –
Жақсы қыздың күйеуінің осы ма
Жүрегінің бақыттысы, бүтіні?»

Орындықта Шапай алабұртады;
Ахмет кеп, иыққа қол артады;
Көңілсіздің ұстатады шарабын
Халін сұрап, одан лебіз тартады.

Шапай үні шашыраңқы шығады –
Қарлыққаны құлағыңды шағады.
Айтуында:
«Бөлме бүгін қапырық,

Бас сынады, жүрек қатты қағады».
Ахметше,
«Шындық емес-ау осы, –
Қалай оған никотині - дауасы?..

Сәлден кейін бұл кетеді –
Бөлменің
Әлдеқайда жақсарады ауасы».
Ахметше «Ақымақта бесіктен

Ана әлдиін ең бірінші есіткен...»
Дос жігітпен дені таза бұл қалып,
«Ескі науқас» шығар ма еді есіктен!

– Қымбат бізде азаматтық, әкелік!..

Қоршау керек би де келіп, ән келіп, –
Ахметті соңғы думан құптады;
Әйнек тұрды үйге шапақ әкеліп.

XІV

Терезеде шалқисын да, ап ойға:
Суреттетіп алсам-ау деп Абайға!
Ақын жаны - кейінгі оның толқыны –
Адам - өзен құйылғаны забойға!

Қарашы әне! (Түтін бағып әніміз,
Отырыппыз мінімізбен әлі біз...)
Өмірдегі бір минутты мың сүйген
Таңды қара - әрі жігіт, әрі қыз!

Шапағында осы бір таңсәрінің
Үлесі бар келер адам жарынын;
Бұл сағатта мен бесікте ұйқыда
Махаббаты болар ма едім бәрінің!

ЭПИЛОГ

Қазір ғана оқылған жыр аяғы,
Ортасында қалып еді-ау баяғы...
Екпе шөптің аңызында сүйреліп,
Мүжілмей ме менсіз қойшы таяғы?!

«Істеп болдық» - ұран емес жар салар.
Оқушы дос, жұмыс алда жасалар!
Нүктемізге біздер асықпасақ та,
Екеумізсіз өмір мәңгі жасарар.

Біздің ұрпақ қартаяр кез бір келер,
Кімге болса өз төсегін жер төлер;
Асықпасаң қалт-құлт етіп ақ таяқ
Менің қарындасымды да жетелер...

Оны қойшы, мезгілдің ол тарлығы,
Сол екен ғой «жаратылыс жарлығы».
Оған дейін «1стед бәрін бері әкел!
Менікі де, сенікі де - барлығы!»

Ұғасың ғой
Сау болуын өз денің
Отанында тілейтінін өзгенің.
Бұл кітаптан таныстарын забойда,

Бар да қосыл, осы - сенің өзенің!
...Жанна бала отырыпты-ау сөз ұғып
(Кешір, достым, кеттік шыны қызығып.)
Күледі ол, жағасында забойдың

Қызыл сазды ботақан қып, қозы қып.
Үндемейді, «ботақанын» құшады,
Күнге қарап титтей көзін қысады.
Бала Гүлжан көп ұстаған көбелек

Бүгін мұны шырайналып ұшады.
Бұл сағатта біздер қанша жыл ұштық!..
Оның сәби жүрегіне жұғыстық;
Бұл сағатта иегінің астында

Ақынның да алақаны жүр ыстық.
Сұрағаны танығанда мені ілкі:

– Не бөрене?.. Тас кімдікі?.. Ненікі?..

Сондағы бұл жалғыз жолым - өлеңім:

– Нағыз шыным, өзен осы - сенікі!

Наурыз, 1952 жыл - наурыз, 1954

ҚҰРМАНҒАЗЫ

Бірінші кітап

АРНАУ

Мұңдасы, көшкен елдің қиялдасы,
Ал, тебірен, ақ сақалды күй атасы,
Келеді сені тыңдап баяғыдан
Өлкеңнің өзен, тауы, қия тасы.

Білмеймін, қанша жанға күйің дарып,
Ашулы, ащы өзегін өтті жарып...
Білмеймін,
«Сарыарқаңмен» қош айтысып,

Қанша жан қабіріне кірді барып.
Келмейді оны ойлағым,
баяулағым;
Сен маған әр толқыны аяулы атын.

Тасимын тасқыныңмен бірге сенің,
Келмейді ұзақ жолға жаяулағым.
Бір қызын мені туды толғасын деп,
Адамның асыл жанын талғасын деп.

Бұлыңғыр замандағы ата Құрман
Жүрегін жүрегімен жалғасын деп.

ПРОЛОГ ОРНЫНА

Азғырда, Жалпақшағыл Жиделіде,
(Жиделі әлі күнге дейді елі де)
Кектеніп ол заманда құм қазағы,
Сарнады сол арадан күй желі де.

Ол тұста саңдақ аттар сандалатын,
Ізінде барымтаның қан қалатын.
Қайғыны әкесінен бала үйреніп,
Жаралы жүрегі бар жан болатын.

Он бесте қыз зарлады шашын жайып,
Қарақат көз шарасын жаспен шайып,
Аулақта жігіт салған ән жылады –
Махаббат күнде болды кезден ғайып.

«Қош» айтып айлы түнде ән жосылды,
Әніне махаббаттың жел қосылды.
Тұншығып түнде шолпы сылдырлары,
Жарасы жас жүректің қатты осылды.

Білмеймін кім көргенін бақ пен құтты –
Еңбекті қарсы алдынан қайғы күтті.
Жиіркенбей саптыаяққа құйып алып,
Адамның ащы терін адам жұтты.

Дей ме екен ата-анадан жас қаламын,
Жұт жылы жер қойнына тасталамын –
Әйтеуір жаман еді жылағаны
Көрпеде көзін жұмған аш баланың.

Әлде осы тағдыр соққан «гүрзі» ме еді:
Ізгі адам өз еңбегін кірсінеді,
Сыртынан қойшы үйінің тыңдасаң да,
Түн бойы күрке бейне күрсінеді.

Өмірдің алдамшы еді жалтырағы...
Білмейсің қайда екенін жан тұрағы;
Болса да бүгін сендік, ертең бөтен,
Жартасы туған жердің, жапырағы.

Бүгіннен онда жаман ертең еді;
Жау тисе көресіңмен көр тең еді –
Адамнан адам баққан жылқы безіп,
Босаған көз алдында өртенеді.

Айқассаң тонаушыңмен,
жете салып,
Қаныңа суытасың төсің малып,
Жағасын жаңа тіккен шапаныңның

Ақ құйын ат үстінен кетеді алып.
Болады жанын жерге құлағандай,
Сиқыр жел өлі шашын сылағандай.
Адасқан енесінен бозша бота,

Сен үшін қыр басында жылағандай.

– Сабады-ау, түйреп кетті-ау!

– Өлді білем!

– Өмірде сенен қалып не деп күлем?!

Мұны айтып өлігіңе шешең құлап,
Жылайды, бола алмайды дертке бұл ем.
Әр жұртта қалып елдің бір маңғазы,
Жоқтады ойдан қысы, қырдан жазы.

Осындай азасы көп күндер кешіп,
Жанынан жалын төкті Құрманғазы...

ҚОЗЫБАҚ САЗЫ

Жас бөбек!
Барлық ойын көз алдында,
Тұрсаң да сескенбейсің қаза алдында;
Қасына қызығың кеп түртіп қашса,

Жүгірмей жалаң аяқ төзе алдын ба?..
Өзіңдей бұл да бала ойыны көп,
Жүреді сағыз теріп, желкегін жеп;
Жамауын оған біткен бөз көйлектің,

Білдірмей ұры қолмен жыртады шөп.
Табаны түсте құмға күйіп-пісіп,
Төлдермен құдық суын бөліп ішіп,
Торғайдан қозы үріксе бірге шошып,

Әуреге жүруші еді күнде түсіп.
Атасы бұл кәсіпті ұсынғалы екі жыл;
Ұққан да жоқ ісін әлі
Жанындай сүюші еді қозы-лағын,

Оларын демеуші еді кісі малы.
Ал бүгін, ала құйын желді күні
Төлдерден неге айырды тағдыр мұны?..
Қозы-лақ әлдеқашан ұзап кетті,

Оларын ұмыттырды құрай үні.
Құм ұйтқып, ұсақ іздер болды ғайып,
Түбінде кәрі бұта бұл мұңайып,
Әлі отыр,

Күндегі ойын есінді жоқ,
Кеткен бе әлем мұңға бүгін байып?..
Білмейді дүниедегі жоқты, барды,
Дейтінің кімдерді бай, кімді жарлы.

Оятып оңашада сәби жанын
Несіне тыңдады екен мұңды - зарды?!

– Қурайдың, –

дейді ол бүгін –
мен бір «әнін»
Көп тыңдап көкейіме қондырамын...
Кеп-кеше Ұзақ күйші безілдеткен

Сазына ұқсайды екен домбыраның.
Бейшара кәрі қурай тұлданады,
Сазына жаным кәміл алданады –
Бір кезек өксігенін қоя қойып,

Бұл-дағы кәдімгіше долданады.
Бұл-дағы кәдімгіше ышқынады,
Жұлқынып әлдекімге күш қылады –
Шашақтан айырылған соң алжыған ба,

Үш күліп, минутына үш жылады.
Кәдімгі тоқтамайтын жұрт жалынбай
Үні бар қаралы жар жоқтауындай.
Үзіліп бұтағынан жапырағы

Тұлданған жалғыз, сірә, жоқ па мұндай?!
Бір кезек қурай тынды;
Құр сүлдені
Дем алып, бәлкім, солай тұрсын деді,

Айныды, тыншымады, үһіледі! –
Шалдардың бола қалды күрсінгені.
Жанына жақпағандай тыншығаны,
Тағы да шықты қурай қыңсып «әні»,

Үзіліп осындай-ақ талушы еді
Құшақта қыз баланың сыңсығаны.
Қурайды зарлатқанда жел-борасын,
Тапқандай сарынынан ол бір асыл.

Қызығып алды қолға екі қарыс
Қыл ішек, жұқа қалақ «домбырасын».
Жоқ еді бұл аспабы кеше кеште,
Тағдырдың базарлығы осы емес пе –

Түн бойы Ұзақ күйші күй боздатып,
Сарқылған сары қымыз кесе, месте.
Елемей зекіргенін бір шалдың да,
Естімей десе біреу:

– Қамшы алдың ба?

Таянып екі жағын осы бала
Күйшінің жатқан еді қарсы алдында.
Күй тоқтап, жұрт айығып мүлде ойынан,
Әңгіме гулегенде мал жайынан,

Оларға құлақ түрмей ата күйші
Бір мұның сипап еді маңдайынан.
Ол бұған бос құмартып қал, демеді –
Қолына сен де осыны ал! - деп еді.

Жадында сақталмапты басқа сөзі,
Тағы да тапсырғаны әлде не еді?!
Оны ойлар қазір мұның жоқ шамасы,
Дегендей «ұмытқанды жоқтамашы!»

Қыңқ етсе құлағына қылдың үні –
Секілді қорегіне жұтқан асы.
Бір соғып, қыл үзілсе қайта тағып,
Дыбысты отыр бала кейде бағып,

Бұйыртпай нәзік үнің құлағына
Тентек жел әкетеді кейде қатып.
Сезгендей бұдан әрі сыйламасын,
Ән тұрмақ, шұлғымады қурай басын;

Қып-қызыл енді көрсе күннің көзі
Секілді теріп болған барлық жасын.
Жел кетіп, кеш келіпті жедел жұрт,
Қорқыныш көкірегін алды бүріп.

Қара лақ төбесінде ойбай салып
Барады жоғары ұшып,
бұлтқа кіріп.
Лақ байғұс қайғысымен қамап үстін

Дегендей
саған ақтық қарап ұштым,
Тыққызып у тырнағын жүрегіне,
Қанатын жамылыпты қарақұстың.

Япыр-ау, қай төбеге қаны тамбақ,
Талай көз қарады ма оған таң ғап?..
Ажалын қанат қылып, қалқып еркін
Ауылдың үстімен лақ ұшты самғап.

– Япыр-ау, –

деді бала - шынымен-ақ
Болды ма сонау кеткен сол қара лақ?..
Бауырыма басар едім, ей қарақұс,
Өзіме қайтып берсең сәл жаралап.

Сонымнан қалмаушы едің сорлы бала,
Ол бастап туғансың ба шерлі бола!..
Бағана жұлып берген бидайығым
Асаған керең бе еді аузың тола?

Бидайық тілеп бүгін үш кеп едің,
Сол екен қолымды ақтық иіскегенің –
Жауызға жүрегіңді уыстатып,
Бұлайша өлтіргенім - не істегенім?

Ауылға осыны айтып зыр жүгірді,
Сүрінді, аяғынан кесе ұрды.
Басқа лақ, басқа қозы есінде жоқ,
Неше сор асты бала, неше қырды.

Ауылға тақалғанда бала жалшы,
Бір сезім дей берді «сап бола қалшы!» –
Бұл ғана бұл ғаламның күнәкары,
Баққанын келеді айдап өзге малшы.

Сабырмен тыңдап еді үлкендеріне,
Шығады өктем дауыс әлденеше –
Шарпиды ет жүректі өрт лебіндей,
Бұл үшін күйіп жатыр, қайран, шеше.

– Неткенің – деп жатыр ол—дақ

салғанын?..
Сен үшін соққы жемей жоқ қалғаным!
Қайғының аспанынан қанын жауып,
Бұдан да жақсы еді ғой лақ болғаның.

Бұл ма еді бұл баланын тілегені?..
Неткені жақсы ананың тілдегені?!
Әлде, осы болғаны ма:

– Балам өлсін!

Ауыл-үй күлсең маған күл! - дегені.
Әлде, ана айтарынан жаңылған ба,
Түкті қол төбесінен жұмылғанда?!.
Еңіреп жіберді ме есіл ана

Ең соңғы жұдырықтан жығылғанда?
Әйтеуір, еркін кезіп жүретұғын
Күндегі ауыл емес ауыл бүгін;
Бармайды онда бала, түн аулақта

Сезімнің арқалайды ауыр жүгін.
Қатпаса амалы не бұғанасы,
Төгілсе нетуші еді түнде жасы –
Ауылдан шошынды да безді бала,

Өзіне жат сезілді өз анасы.
Құлаққа бағанағы бермей үнді,
Аулақта сырын бүгіп дала тынды.
Жүрегін титтей қолы қатты басып,

Тінтеді бала кезі айлы түнді.
Аң көрсе бала көзі үйренбейді,
Жыландай жата қалып иреңдейді,
Қас болмай қайтушы едің көрінгенмен,

Аң тұрмақ ала қашсаң үйден бойды.
Бұл бала жыласа да ышқынбайды,
Өз жанын өз жауына ұсынбайды,
Қасқырдың көзін көрсе шақпақ шатып,

Дүниеден жасырынып ұшқындайды.
Елеусіз жүрегінің қатты ұрғаны;
Жылауға екі көздің шақ тұрғаны;
Елеусіз ол төбеден, бұл төбеден

Ананың «Ақ ботам» - деп шақырғаны.
...Үреймен өз көзінен таң атырған
Осы еді-ау бір кездегі бала Құрман.
Осы еді-ау ең бірінші темір қақпан

Алдағы ащы күйге бола құрған.

АҚСАҚ КИІК

Жас мерген.
Оны көктен көздеді құм.
Елеусіз қашқан аңнан өзге бүгін.
Мінгені әлде құла, әлде торы,

Жабудай жамылыпты өз көбігін.
Байқатып ат сабылар болар шағын
Толқын жүр айналада: олар сағым.
Жәй жатпай оппа құм да жануардың

Қалады асап-асан толарсағын.
Белгісіз үлесіне не тұрғаны,
Белгісіз қабағын не қатырғаны
Ұқсайды тұғырдағы қаршығаға

Тұнжырап ат үстінде отырғаны.
Әлде бір ашулы ма ниеті жатқа
Әлде бір жаны аши ма еркі жоққа?!
Неліктен қаусырмалы жадағайды

Кернейді екі иығы екі жаққа.
Терең көз, түкті қабақ, қалың ерін
Айтпайды айдалаға не тілерін;
Ұрланып кеуде ғана күрсінеді

Төге ме ыстық дәмі әлде шерін?..
Шалқайып шаңқай түсте сусар бөрік,
Жалаңаш маңдайында жатыр көрік,
Өзімен қырға шықса қылт етеді,

Ақ мылтық арқасына болған серік.
Бұлаңдап түсе берді ойға Құрман,
Сылдырлап айқыш жүген, айыл-тұрман.
Көсілді көз алдынан қырға киік,

Деген ғой: «Ажалыма бетім бұрман!»
Далаптай екі бетін ыстық жалап,
Үстіне үлкен мұрын тер домалап,
Етектей орамалын тілесе де,

Қозғалмай Құрман аңын тұр сығалап.
Кетсе де орғып алыс келте құйрық,
Енді оған бұйырмады құмнан сүйрік.
Ып-ыстық қолдауынан көрді барып,

Өзіне бағышталған елім жүйрік.
Ізінде қаны қалды, өзі қашып
Барады бала киік қырдан асып;
Неліктен аңшы жігіт бірге кетпей

Бармағын иегіне тұрды басып?..
Алдынан көп түнеген келді биік,
Бұл жолы аунамайды құмын сүйіп.
Жарасын қолтығына қатты қысып

Шошиды аяғынан ақсақ киік.
Шошиды ақырғы рет ақсақ киік,
Жас қияқ жарасына кетсе тиіп,
Бейшара жер бетінен құтылғанша

Жүрегі бітті білем жанып - күйіп.
Ұзатты, құлдыратты құмның жазы,
Бейбақтың осы-ақ шығар қылған назы!..
Сағымға бойын жуған жас киіктей

Әлі тұр көзін алмай Құрманғазы.

– Қап! - дейді ол

неге атпадым құр далаға!
Ақ жаным аямасам толғана ма?
Қимаймын оған бірақ көз жасымды,
Жаралы жүрегі бар ол ғана ма?

Жоқ! Аттым, құшағымды қусырына,
Кешірім сұрамаймын осыныма:
Жаралы бала киік маған ұқсап,
Қайғымды ішіп тұрмын сусыныма!

Жоқ!.. Неге айдалаға қарап қырын,
Дауыстап жүрегімнің айттым сырын?..
Қайдасың! Не күйдесің, ақсақ киік,
Жетем бе ажалыңнан саған бұрын?..

Бос шошып жараңды сен неге ұлғайттың?
Мен неге меңіреу түзге мұнымды айттым?
Қалдырып қасіретіңді өзің кетсең,
Мен қалай сапарымнан жалғыз қайттым?

Кел маған! Қарғамай кел! Түнейік бір.
Сен өлмей, жүрегімде шошы да жүр!..
Бұйырсын жайлауына менің жаным,
Кел, менің құшағыма күй болып кір!

Мен сені табам іздеп; тілесең қаш!
Айдаймын желге қарсы атымды аш.
Ал кеттім...
мен осылай қатты шапсам,

Ашылар, бәлкім, менің көңілім жас.
Қайдасың, ақсақ киік, не күйдесің?..
Қорқасың, безінесің, неге өйтесің? –
Мұны айтып қатты шапқан Құрманғазы

Жалаңаш сүйдіреді желге төсін.
Атының ащы термен көзін жуып,
Сағымнан жұтып қойса қайта туып,
Үстінде құстай ұшып жадағайы

Кетті ол көз ұшына күйді қуып.

ЕРЕГЕС

Жыл толды ескі кәсіп тоқтағалы –
Жылқымен қыста Құрман ықпағалы,
Құраулап ыстық күнде қауға тартып,
Жоқ қарап ер төбеге шықпағалы.

Жыл толды бал қымыздан жұтпағалы,
Ерніне майлы сарқыт жұқпағалы,
Ұсынып қоламтаға мұзтабанын,
Жалынта ұлтарағын жаппағалы.

Көп болды көзгіл шұбат ұрттағалы,
Күркесін ескі жұрттан жықпағалы,
Күбірлеп өз-өзінен домбырасын
Бейуақыт шертіп жатып ұйықтағалы.

Себеп бар серке жанға қасаратын,
Болса да бір сол үшін бас алатын,
Бермеді-ау Дөңбай бұған жыл еңбегін –
Тайшығын - тақымына басар атын.

Адам бір әділдікке сағынбай ма?..
Ол неге көрінбейді сағымдай да?! –

– Дөңбайда дөненім бар, балам! – деген

Мешінде өлген әке Сағырбай да.
Ант ішіп сұрамасқа жылдық үнем,
Құрықтың кесті бауын қыл түбінен
Кетті бұл. Бел байлады күнкөріске

Тұлыпты тұмса түйе, мылтығымен.
Жері жоқ ағайынды запы қылған,
Дейтұғын: «Тіленбеймін, затым ұлдан!»
Сәуірде бір ат келді, нағашысы

Бесқасқа беріштегі Мәтіғұлдан.
Сол аттың есінде ме сағымдағы
Көбігі күн нұрына шағылғаны?..
Белдеуде енді жалғыз елеңдейді

Әупілдек үнін тыңдап шағылдағы.
Үстінде ай сәулесі ағарады –
Кеппеген ақты тері бағанағы;
Маңдайын ол сүйкесе сықырлайды

Жұпыны жолым үйдің сағанағы.
Бір уақыт аш бүйірін сәл тартты да,
Жануар жалт қарады салт аттыға.
Салт атты - сақалды жан түсе қалды

Іздеген жолым үшін дәл тапты да.
Ұйықтатып келді тегіс Жиделіні –
Әсем ән қарсы алмады, күй де мұны. –
Бармысың, Құрманғазы? - дегені бір

– Оятты осынау тек үйдегіні.

Әуелі адам ба деп атты құшып,
(Әрнеге ұйқылы көз қақтығысып)
Ақыры құшақтады Құрманғазы
Жол соққан жолаушыны қатты қысып.

Күңк еткен құлақ тосып қарт сөзіне,
Қарады қараңғыда нарт көзіне;
Май шамын асыл ана Алқа жағып,
Жолым үй жолаушыны тартты өзіне.

Болмаған ана негіз қай балаға? –
Ақ қылыш тасын таппай қайрала ма?..
Сарыалқа, Алтыналқа ел атаған,
Қажымай отыр әлі қайран ана.

Ол көрді өз бақытын, өз шерін де,
Жап-жарық жұлдыз ағып өшерін де...
Аспанның көп тыңдады күркілін де,
Ашулы найзағайдың нөсерінде.

Өмірден ұмытпайды ұғынғанын, –
Қызықтап өртке желдің жұғынғанын,
Табанды теңіздің де күнге қарай
Ақ басын мың көтеріп жығылғанын.

Ол көрді суық бұлттың сылынғанын,
Шу ақта мұздың жылап жылынғанын;
Ол көрді аз өмірге разыдай
Құлпырып гүлдің жарқын жұлынғанын.

Дерің жоқ мұнда пейіш, мұнда дозақ,
Табиғат күнде шытқыл, күнде аңызақ,
Барлығын ұғып болған жүрегі бар,
Отыр ол жолаушыны тыңдап ұзақ.

Болмаса бойда намыс, тұнық ары,
Аржайы, алғыр жанның құны кәні?
Құлағын жаулығынан шығарып ап,
Еңкейіп суық сөзге құнығады.

Ол солай хабаршыға тым құлаған,
Құл ақта дыбыс бардай түн жылаған.
Уытты жүрегіне у төгіліп,
Құрман да құба суық тұнжыраған.

«Жүрегін өсірді жау батырдың;
Бұйыртпа мазағына Әубәкірдің!
Жағаға күшті қолмен тартылғалы
Талықсып ақ шабақтай ауда тұрмын.

Сүйген жарың Әуес».
Оқыды ол осыны ашып мұсылманша,
Қарт сөзін ауызекі ұсынғанша,
Ойланып отыр енді қырсық күнде

Қияға барады деп құсым қанша?!
Шал айтты қиыстырып шешен, жорға: –
Кетпесін, кедей бала, есен молға!
Әубәкір Ақбайұлы старшина

Сәскеде келіп түсті Есенғұлға11.
Әсте мен әркімдерге керек емен,
Әйтсе де босағадан көреген ем:
Әубәкір әлдекімді іздегендей,

Түргізіп кешті көрді керегеден.
Алқызыл күнбатыста бұлт ыдырап,
Аулақта аунақшыды бір тұғыр ат,
Шандатып кете барды күннің астын

Желіден ағытылған жылқы жырақ.
Ауылға бет түзеді қой маңырап,
Енесін ермек етті ойнап лақ.
Мейірін жеткізгелі ботасына

Боз іңген ентеледі ойға құлап.
Ауыттап мініп алған бір үлекті,
Сорлы ақын сонадайдан жыры жетті.
Әуес қыз иығында шарқаты бар,

Осы кез отауына жұрт өтті.
Құлақта шолпысынан қалды ызың - үн,
Ол ғана патшасындай бар қызыңның.
Ақ қолын кеудесіне жинап басып,

Сор болды-ау сол өткені балдызымның.
Әубәкір отау жаққа - сыртқа құмар;
Мұртында күлкісі бар жұрт бағынар. –
Айнамды бос шошытпай алам! - деді.

Жетінші қыз жүрегін жұтпағы бар.
Бас құда, барлығымыз, аяқ құда,
Үлгердік үркер туа шай, асты да.
Ұрланып ол сағатта Әуес шығып

Жүгіре жоғалыпты ай астына.
Баланың көзі жеткен жеңбесіне:
Сескеніп шашбауының теңгесінен,
Бұрымын кұшағына қысып апты,

Қағазды қалдырыпты жеңгесіне.
Жасырын сыбырлаған жалғыз үні,
Кім білген, қандай үкім таңды өзіне?!
Тұрды ма кірпігіне мөлдір моншақ

Қадала қарағанда таң жүзіне.
...Селт етті Құрманғазы,
бұзық аңды
Көргендей мұздап қатып жүзі қалды

Сары алқа білезікті кәрі қолын
Бір сілтеп әңгімені үзіп алды.

– Бар, - деді баласына өктем бүгін –

Көрермін ағып түссе көктен күнім!..
Құдайдың ортағы жоқ; жетегіне
Дөңбайдың жылқыдан ал Көктеңбілін.
Ұйып бір тыңдар десем ел үніңді,

Сұм тағдыр қаһарына кері мінді,
Айдатсын аямаса Сібіріне,
Манаштан әкеліп бер келінімді.

– Қала бер, қайран шеше, жетті майдан,

Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан.
Жағадан алатұғын жауы жоқта,
Ұрыншақ ұл туады қатын қайдан?!
Демеймін қу жанымды құса қылам –

Жетпесем, арманыма пышақ ұрам!
Мұны айтып, Құрманғазы арпалысқа
Ананың ажырады құшағынан.

KЕЛІH ЖОЛЫ

Ерттеулі ен далада қос сәйгүлік,
Құм шөбін құнығады аштай жұлып.
Елсізде отыр Әуес, Құрманғазы,
Көзді көз, мың жолықса, қоштай күліп.

Жер адыр, аспан биік, кеңірек те,
Төрінен тұрады нұр төгілед те.
Махаббат құшағына еніп алған
Екеудің жұмысы жоқ төңіректе.

Құмарта құшақтайды үмітін жан,
Азғырдың ыстық төсек - құмы тұнған.
Екі жас - еркін тотай. Бұл сағатта
Бұрнағы түп әлегі ұмытылған.

Сүйіспей ерін неден аянады?..
Бет қызыл ұятына боянады.
Түседі жер анаға дене құлап,
Қарашық сөніп барып, оянады.

Тағы да еркетайға ер төнеді,
Бетке бет тақалады, өртенеді.
Махаббат жалынына жүрек төзбей,
Шаттықтың шарпуынан дерт енеді.

– Аямай Ақбаяндай балапанын,

Ыстықтай ішкен оның дала қанын! –
Мұны айтса, қыз шошынып Құрмашының
Бетіне басады ыстық алақанын.

– Қорықпа! Көріп алар, сірә, басым

Тағдырдың даярлаған сыбағасын.
Ит болып жүре алмаймын тойған жерде,
Ізімнен мейлі жауым сығаласын.
Қорықпа! Көріп алар, сірә, басым

Тағдырдың даярлаған сыбағасын!..
Өлгенше өжет жаным дұға дейді
Өнердің екі ішекті құба ағашын.
Тарылтып қысалаңда тынысымды,

Туғаннан сор азапты дін ұсынды.
Тәңірім бұл жолы да бұқсын десе,
Кеудемнен қайтып алсын дыбысымды.
Ол солай жығылмады тәубесіне,

Алмады «күпір болам» деуді есіне.
Қараса, аянышты ақ маңдайын
Қыз оның сүйеп қапты кеудесіне.
Тағы айтар таба алмады асқақ үнін;

Ол сипап қара шашын жас жарының,
Алысқа, әлдеқайда көз жіберсе,
Ілбиді баран атты, артта - құлын.
О да бір жас жігіт пе жиырмада,

Ызамен шола ма екен қиырды о да?
Әйтеуір шықты бастап жадау көшін
Жұп бар тайлағында, сиырда да.
Шашбауын қайта түзеп тағып Әуес,

Қараса: қара белде тағы да көш.
Шөлдеген неше күндей ел секілді –
Адамы ескі жаңбыр қағына өш.

– Ел неге үрке қашты қойша құмнан!

– Қай ауыл?

– Кім біледі, қай шағылдан...

– Балықты батағадан дәмелі ме,

Болды екен Бозан суын кім сағынған?..
Білмекке Құрман, Әуес атқа мінді,
Қалдырып аптап ыстық артқа күнді,
Қос жүйрік алып жетті көш басына

Лақтырып ауыздықтан ақ сабынды.
Жаңағы бие мінген дөңестегі
Қарт екен, илікпейді кеңескелі.
Еленіп түк демейді, естімей ме,

Әлде бір миы ауысқан емес пе еді?..
Сен оны қайғылы да қаралы деп
Алмайсың. Қабағы бар қара дүлей.
Ұйпалақ бет-ауызы көк жабағы,

Аларып қарағаны алады үрей.
Көзден бір төкпегендей жылап жасты,
Күліп те көрмегендей сұр албасты.
Мынау кең дүниеге – сахараға

Келгендей осы күйде түрі алғашқы.

– Ассалаумағалайкүм!..

Үндемейсіз.
Қалай ша сәлем алмақ жөн демейсіз.
Қарт ата, неге бізге қатал қарап,
Ашылып бір тігіп қатпай жол бөгейсіз?!

Қайтер ең аяулыңды алса дырау?..
Кінәм ба кәрі басын шалса қырау?..
Тағы да түк демейін, түк демейді,
Аларып тек қарайды шал саңырау.

Жоқ! Мұның бекітпепті тәңір аузын,
Құлақта қалмаса да саңылау дым... –

– Қайтпаймыз! Хан салығын ала қаштық!

Айғайлап бар айтқаны саңыраудың.
Саңырау кете берді қалды бұлар,
Жабырқау енді көздің алды мұнар.
Екі жас Жиделіге бет түзеді,

Тәдбірлі маңдайында хандығы бар.
Қиялдан Құрман нені ізденеді?
Шаттығын неге ғана үзген еді?
Білсеші қатарында қарай-қарай

Қара көз жаңа сүйген қыз келеді!
Ұзатты бұлар елдің көшін нендей,
Құрманға енді жұмбақ шешілгендей,
Ойласа қаңғып үнсіз ет жүрегі

Қатыбас шал кінәсін кешіргендей:

– Кім білген, мекен етіп зынданды да,

Бейшара бір жылдары жынданды ма?..
Әлде ол өз бетінен есте қайтпай,
Қасарып өскеніне жүлде алды ма?
Жоқ, әлде ұқтыра алмай ешбіреуге

Тас берік жабылды ма ескі кеуде? –
Құлағын өз қолынан бекітті ме
Жердегі көп бұйрықты естімеуге?..
Жұтты ол бәлкім ащы тіл уын да...

Болжауым оны мазақ қылуым ба?..
Білем мен: адам оны ашындырған,
Көзінің тартып алған жылуын да.
Мұнша көп ұқтырады дала бүгін

Адамның жан түкпірі алалығын.
Өзгенің несі барын түсінбейтін
Өттің-ау, қайран аппақ балалығым!..
«Балалық, балалық!» деп дауыстады,

Әлгі бір ойды Құрман тауысқалы.
Қылықты қыз алдында енді ғана
Ол өзін бір тәкаппар тау ұстады.
Су да жоқ суыттықта, қанша сайда,

Қысаңда қыздың шөлі қанса пайда:
Еңкейіп екіндіде ат үстінен
Қарақат жұлып берді Қалқатайға.
Жол ұзақ жортуылда ат сабылтты,

Оранып күн де батты ақша бұлтты.
Ай еркін көк жүзінде көлеңкесіз,
Қайтсін ол хандығыңды, патшалықты?!
Онда жоқ ыза-кек те, бұрқасын да,

Ол ерке жұлдыздардың ортасында.
Босқындар жерде ғана жатыр түнеп,
Жылт еткен оттарынан қорқасында.
Құм жапан.

Мұнда қандай үй тұр еді?..
Жел жақта сасық құйқа үйтіледі.
Моладан күрең көзді мысық қашып,
Елсізде бала жылап, ит үреді.

Оларын шайтан болсын - кім елепті?
Ғашықтар алты малта үнем етті;
Жамылып екеуара жалғыз шапан,
Аулақта ақ ұйыққа түнеп өтті.

...Енді жоқ мөлдір кезді түн сұғанақ,
Бозторғай - бұтадағы тыңшы қонақ
Әлгіде көтерді әшкереге;
Шағылдан шашырайды күн сығалап.

Ашынған албырт демін алты күн ап,
Арғымақ кешегіден артығырақ;
Ойнайды күннің қызыл сәулесімен
Жалқын жал екі бірдей, жалқын құлақ.

Көркем-ау таң пердесін сызып ашса!
Көрсең-ау Құрманымды қызы қаста.
Ауылға апам менің түседі енді
Бір қабат Жиделіде қызыл асса.

Уа, өлең! Тегін өткір жайдан десем,
Еркім бар қайда қонып, қайдан көшем –
Мен жетем құйғып барып сүйіншіге,
Мен алам не берсе де қайран шешем.

Тасталар дәлір, жамбы, ғана, тойға,
Кимешек кигізер-ау тағы апайға.
Үстімнен күміс жауса құр қалам ба, –
Айғайлап мен де кірем талапайға.

Жоқ, тоқта! Не қылады-ай мына жүрек!?
Бұл кейде бұлқып солай бұра жүред...
Ып-ыстық көрінбей ме сүйеріне
Қызығын қызың болып бір-ақ рет?

Болмаса ол қызығын егер сенің,
Бөтеннен бастала ма бақ, өркенің?!
Сәнің ғой сәл қызарып босағаңа
Әуелгі сүйенгені ақ өркенің!

Деп едім соған жырды құл етермін,
Кетем-ау тойын тастап Құрекемнің?!
Қайтейін, өзгеше бір өлеңі бар
Тағдырға тақау келіп тұр екенмін.

ТҰТҚИЫЛ

Алыста мұнартады шағыл ағы,
Жасанда Дөңбай қажы шаңырағы.
Итарқа, қалмақ үшін қоңсылары
Ауылдың тұяқ кесті шаны жағы.

Өзінше осы Дөңбай жан асылы,
Азғырда аш-арықтың жанашыры.
Бүлк етпес қалың беті қала берсін.
Бүгін бар бұл ауылдың жана сыры.

Апыр-ау, жігіттері ентігеді,
Кімге сор, кімге сәтті жөн тіледі?..
Ауыздан шықса бір сөз қағып алып
Қатындар үйден - үйге жөңкіледі.

Бармайды жалақ сары бала малға,
Жетілген сынық - сылтау бар амалға.
Өтірік қара кемпір күлгенсиді
Көз жасын ұрлап тығып орамалға.

Айтты ма әлсізге бір әлді кесім?..
Оқылмай неге қалды әлгі бесін?..
Дөңбайдың дөкір қара дойыршысы
Айтып тұр әне, тыңда, әңгімесін.

Бүйірін таянады ентігіп кеп,
Ол солай өмір кешкен есіріп тек,
Мазағын мақтан қыла сөйлегенде
Қамшыны көтереді екі бүктеп.

– Мен, - дейді, - тосқауылда кешті күткем;

Сабазға таңда тидім бес жігітпен.
Бүлдірдім дүниені... өкінбеймін, –
Ер болып ондай сірә естіліп пе ем?!
Адамды аяп, сірә, ақы алғам ба?..

Боялып болған қоныш, тақам қанға.
Ағып кеп жолымүйін жығып өттім,
Ауылға ақ сұр келіп тақалғанда.
Бұл шағыл жаңғырықты, ол шағыл да...

Қазанын төртке бөлдім ошағында.
Шешесі бақанымен жолатпады,
Ойпыр-ай, кім болды екен дер шағында?!
Адамды ақырғаны тоңдырады,

Бір өзі бір жігіттей он-дүр әлі
Арбасып ала алмадым бауырынан,
Сыры бар сылдырмалы домбыраны.
Қайтсе де таныттық-ау бай қажыны,

Төгілді төсегінің сайға жүні.
Алдынан інісінің шыға ма деп
Байладық домалатып Байғазыны:
Алыстан Құрманғазы оны ұқпас па?..

Айғайы анасының:

– Орып таста!

Бес бөрі бұлаң етіп жөнеп бердік,
Шараң не мылтығынан қорықпасқа?!
Қалмағам серіктерім бірі қаста;
Баяғы өзім жаным cіpі қасқа –

Кесірлі келін бетін көрейін деп
Сұғына жасырындым сұлыбасқа.
Кейінде келер десем жығып арба,
Қып-қызыл қыз жасауы - жүгі нарда,

Бір өзін әкеліпті жетім тағдыр
Жер құшып етпетінен жығыларға.
Арудың шықса керек әбден есі,
Талықсып жерде жатты ақ денесі

Сабырмен салқын барып аяулының
Бетінен көк желетін алды енесі.
Қара көз сонда көрді көктен күнді,
Жел оған шашу етті от пен күлді.

Жығылып жатқан үйін құшты-ай келіп
Жылқыдан алған батыр Көктеңбілді.
Айтпақшы, Көктеңбілге барғызбады,
Сол ғана қаным қайнап, жан қызғаны.

Көзім жеп қала берді көп жылқыдан
Қажекем қалап мінген жалғыз малы.
...Дөңбайдың айтпақ еді мақтаншағы
Сөз құрап не ғаламат жоқтан тағы,

Желігіп желкесінде, маңдайында
Әлі де ойнар еді көк қалпағы.
Тұс-тұстан түгел кетті ұйтқып шаңы
Қабаған өңшең ала «үй құтпаны».

Бұлдарда аулақтағы жылқышының
Ауылға «Аттан!» салып құйғытқаны.
Қым-қуыт бола қалды әлгі жиын
Қарақтан аруақтың жалғыз үшін.

Кім білген оңашадан осы ауылға
Не сұмдық әкеледі жанды құйын.
Сүйенген асасына Дөңбай еңкек
Шамдана шығып айтты:

– О қай тентек?!

Жалтырақ жамылғаны қара лембөк,
Басында селкілдейді ноғай телпек.
Тұрғандай артып ауыр тасты иығы,
Бардай-ақ дәулетінен бас күйігі;

Қармаса кәрі қолы омырауын
Төсінде қалтыранды таспиығы.
Жақтырмай қара халық құжынаса
Би қажы бір қарады көзін аша,

Тыныштық дабырадан талап қылып
Ақырын көтерілді ұзын аса.
Төңірек тұра қалды тынып іштен;
Қарт қабақ салбырады сынып іскен.

Ақшұнақ беті-көзін бір сипады
Тақуа медет тілеп «ұлы күштен».
Күбірлеп көмейінен ол «әумин»,
Көзінің қиығымен шолады үйін.

Көсілген төбеттермен бірге келді
Жаңағы алыстағы ала құйын.
Ақ сордақ сүртілмеген жақтан лай,
Қаны бар шекесінен аққан жылай;

Жылқышы сауға сұрап «бабасының»
Алдына домалады аттан құлай.
Мәсіге жақты көздің жасын барып,
Илан сен: анық осы асыл тарып:

Жүрегін рақатқа келді бөлеп,
Сол үшін өз қолымен басын жарып.
Мың артық сатылғаннан байға зұлым
Имандай сақтағаны бойға зілін.

Үйірін қысырақтың осы бала
Алдына салып берді Байғазының.
Байғазы берік түріп көкті ғана
Кедейлі Бозан құлап кетті мана.

Құрман тек үнсіз үйде; кім біледі,
Құпия дыбыс досы көп тұра ма?
Мия мен құм үстіне созып әліп,
Жанынан отыр күйші төзім алып.

Кеңеспей кесірі мол бір іc қылған
Өкінді Байғазыға өзі қалып.
Әлгіде көріп келді бала мұны,
Күйшінің жүрегінде дала мұңы.

Әзірше өз қолында берері жоқ,
Өмірден көп секілді «аламыны».
Кеңесін тыңдап келді бала түгел;
Айтқаны: «қалың көзді қаратып өл!»

Міне, енді жатыр жылап; тынбайды да,
Жарасын бір баланың қанатып ел.
Тиген деп кім соққысы жұмыр басқа,
Ел түгел естігенше құмар босқа –

Анты бар даладағы өз қылығын
Ауыздан өле кетсе шығармасқа.
Бар айтары:

– Тақсыр ата!

Кешір, ата,
Бір іс болды масқара:
Жете бердім,
Бөтен елдің

Жігіттері сулатты.
Қуып кетті қысырақты
Боратып ап,
Қарабайлы тарапына.

Тақсыр атам!
Менің атам!
Жер койнына тастама!
...Қия көрме

Жон терімді таспаға!..
Бос әуре өзге жанды өзімсінбек,
Мұндайда ұлын яки қызын сенбек.
Әміршің тұр алдында; соның көзі

Секілді не заманғы қызыл шөлмек.
Ол еді-ау жас шағында нөгердегі
Атанған «Бөкейліктің жүгермегі»
Жазаға төземісің, өлемісің –

Бәрібір оған басың не көрмегі...
Өзі де қолдан түсіп ескі таяқ,
Жатады ертең түкті естімей-ақ
Білмейді мүсіркеуді тірлігінде,

Көрген жоқ бұл жалынып, ешкім аяп.
Қалшылдап үкім айтты жас жандыға,
Көзіне көрген жанның жасты алдыра.
Бұтаға бұқты тегіс балалар да

Жазадан сәби жүзіп жасқандыра.
Ышқына қатып жылау... шал күбірі;
Әркім-ақ өз жағасын алды бүріп.
Түтеген түк көргісіз әлгі жерде,

Масқара, екі аяқты аң дүбірі!..
Дейміз бе осыны да жалғыз өлген?..
Осы ма тәңір оғы дәл жіберген?..
Ауаға сатыр-сұтыр ойнап шығып

Ақ сойыл шаң көтерді әлгі жерден.
Саны көп шалдың күмән, шүбәсінің
Ойласа оқиғаның, сірә, сырын.
Баршаға өмір келді атқа қонбақ

Тоздырмай кеткен ізін шығасының.

СОТ АЛДЫНДА

Сүйекпен нақышталған әр қапталы
Ақбайдың ағаш үйі нар қақпалы.
Бай, болыс барша жұртты шақырыпты
Осында «күпірлерді» қарғатқалы.

Әлек боп шабармандар шұғыл іспен,
Танған жоқ таң атқалы жүгірістен.
Келген жұрт кең сарайға әрең сыйып,
Еденде елу қатар жүгініскен.

Биікте бір қанатта тақуалар,
Үкімін іштей отыр оқып олар;
Адамның ажалы мен азабына,
Әзелден өздерінше пәк куәлар.

Діншілдер ортасында қажы Дөңбай,
Жаны шат бір адам жоқ қазір ондай, –
Дегендей: «Он артынан жүзді беріп,
Сот аузын сатып алсам, қазынам бай!»

Олардың ашық жатыр көк құраны...
Ортада түсі суық сот құрамы;
Төменде ел сабырсыз гуілдесе,
Сот күміс қоңырауын соқтырады.

Солардан арғы төрде, кеңшілікте
Киіп ап пенсінсін кеңсірікке,
Ақбаев Әбубәкір отыр оғаш,
Қарай ма қалың жұртқа кемсініп те?..

Кім білген, жандар үшін сорлы маңдай
Бүтін ол күтіп отыр сырды қандай?..
Аузынан шыққан шылым түтіні де
Сумаңдап жөнеледі сұр жыландай.

Отыр ма сайлаудағы антын бұзып,
Арам ой ағысына малтып, жүзіп?..
Қатал ол... Жарқылдайды жалғыз ғана
Аққұба саусағынан алтын жүзік.

Ал, міне, үнсіз - тілсіз ғарыптықпен
«Күнәкар» жандар келді халық күткен.
Ешқайда қарамайды, осы өмірден
Адамдай ақ көңілі қалып біткен.

Бұл сәтте аш-арықтан әлді ажырап, –
Қобалжып арттағы жұрт алды азырақ.
Екі ұлын Сағырбайдың мылтықтылар
Айдап кеп отырғызды алға жырақ.

Жауапты жалғыз рет ыршығалы
Байғазы қырын қарап қырсығады.
Тентектің барлық ойы: «Өлтірерде
Жанымды әзер болса бір сығады!»

Ал, сонау Құрманғазы: «Ерікпен мен
Келдім, - деп отырғандай, –
зеріккеннен», –
Үкіммен, үреймен де жұмысы жоқ,

Мегзейді қиялға жол беріп кеңнен.
Дегендей зұлымдарға: «Жасты мүшкіл
Жазала, құмардан шық, қастық іс қыл!..»
Жүзінен қаны қашып, қалыпты тек

Қара сұр миығында ащы мысқыл.
...Қоңырау әр денені пысықтырды;
Тақымнан қалды біреу қысып бірді, –
Атынан ақ патшаның, «ғаділдіктің»

Ақсақ сот шойнаң етіп ұшып тұрды.
Елдегі шабысуды, атысуды
Қоздырған ақсақ Әбіш аты шулы,
Түйені түгіменен тағы жұтып,

Бүгін де аямасқа ант ішулі.
Ел одан не жақсылық етер үміт, –
Өз жарын өзі өлтірген екеш ұмыт.
Сөйлесе ақ кірпідей дүрдиеді,

Астынан танауының екі елі мұрт.
Оны әсте «елдің дәмі, тұзы ұрмаған,
Сыйлаған тәңір осы құзырды оған».
Аузында бүгін міне:

– Екі сотқар

Жылқы алып, бейуақытта қыз ұрлаған.
Киелі қажыны да мазақтаған,
Тартқызып қартайғанда азапты оған...
Адасқан екі пенде тағы-тағы

Кінәні мойнына аз артпаған.
Әбіл: (Байғазыға қарап)
Жалған сөздің арты сор,
яки қатты...

Жасырмай паш қылып айт ақиқатты.
Аяққа жығылғанға мүсіркеу бар,
Абайла!.. Азат ғұмыр бақи тәтті.
Байғазы:

Бәндедей12 өз кінәсі бәрінен де аз,
Толғайды тіпті мұқым әріден саз, –
Адалға зұлым рас тағзым етсе,
Сен жығыл аяғыма,

кәрі жемпаз!
Жоқ сенде адалдықтан түйір қан да,
Жетіксің жетім жанын сиырғанда.
Старшин, қажы-қалпе, өзің барда

Өзгеге азат ғұмыр бұйырған ба?!
Ал, менің қылмысым жоқ.
Дөңбай:
Уа, лағынет!

Сауысқан сары қыста ала қанат?..
Таратып ақ малымды балықшыға,
Сен қылдың мені мынау далаға мат.
Көргем жоқ нақ өзіндей құлда сұмды,

Күйдірер құдай сеніп қу басынды!
Байғазы:
Ал, менің арғы-бергі зәузатыммен
Өзімнің ащы терім құмға сіңді...

Кім бәсе, қайда бәсе, көп сауысқан
Тірідей қан-сөлімді жеп тауысқан?!
Жемтікке құзғын сендей құнығар ма?!
Құл еттің. Жаның, сірә, мұны ұғар ма?

Ақымды сонда сенен әпермеген
Құдайдың әкесінің құны бар ма?
Апыр-ау, мұнша қылмыс ас батыра ма,
Десең де: «Үсте тұр Алла, аста тұр Алла!»

Ақ пейіл пақырлардан садаға кет!
Тақуалар:
Анық бүл күпір болды, астапыралла!
Байғазы:

Мекендеп ішін сонау Қой - үңгірдің,
Екі күн сауық-сайран,
ойын құрдым.
Ол рас: малым текке кетпесін деп,

Апарып аш-арықты тойындырдым.
Хабарсыз одан менің туыстарым,
Білмейді қайда қандай қуыс барын...
Ол үшін Сағырбайдың ұрпағына

Демессің: «Түгелімен у іші бәрің».
Әбіл:
Так, так-с!.. Тас қамауға апар да, жап!
Күтіп тұр мұны кәміл «сапар», ғазап...

Ал, мырза, Құрманғазы, сізге бола
Қалайша ар-ұятын сатар қазақ?..
Есерге ел жылқысын тонаттыңыз,
Бір сізден өндіреміз он атты біз...

Қалайша басқа біреу қалыңдығын
Ұрлап ап, жүрегінен оны аттыңыз?..
...Мынаусы батты білем жанға тым-ақ,
Біреуге біреу сөзін жалғатып ап,

Айғай-шу арасынан қисабы жоқ
Аспанға лақтырылды жалба тымақ.
Азғырдың арық - бақа көк кедейін
Көремісің?.. Кеуде толы көк пе дейім, –

Қорғаштап сонау тұтқын сұр жігітті,
Даңғаза басылмады көпке дейін.
Сөздері:

– Статьяңды ап көрелік!..

Етпесең ғаділеттік, ақ төрелік
Жарлы мен жақыбайдың ортасынан
Сәйгүлік он арғымақ ат берелік.

– Күнәсіз күйдірмеңдер ақ баланы,

Бойда бар өнері мен бақ-талайы.

– Саламат жаннан сауал алынбасын!

– Ақталсын Құрманғазы!

– Ақталады!

– Буынсыз жерге пышақ ұрындық па?..

– Біз келдік ақ сары бас ырым қып та...

...Ақбаев енді ғана мына сөзін
Шалқалап жатып айтты орындықта:

– Асылан, алар деймін бұл сипатта

Ғаділ сот ел талабын илтипатқа.
Ал, сізге. Сағырбайыш, айтарымыз:
Сауғасыз кеткен қызды қайтарыңыз!..
Қойынға жасын төгіл қарғайтұғын

Жаны қас жалған жүрек қай парыңыз?..
Қыз жетер: фәни де - қыз, жұмақта - қыз,
Қиянат-қилап істен жырақтаңыз.
Мал беріп, бата қылған бар деседі,

Пақырдың жігітін де жылатпаңыз.
Жатпай ма һәмән келін - көпшік өліп? –
Не қажет қатын үшін кекті болып? –
Айлакер Ақбаевтың бұл «ақылын»

Күтпеген өзге бір іс кетті бөліп:

– Құдай-ау, түлкі ме еді төре деген,

Түгі қатып тиын - тышқан төре жеген?! –
Мұны айтып ақ шарқатты асыл Әуес
Шашылып ішке түсті терезеден.
Қаларын, ғайып болып жоғаларын

Біле алмай, әлгі діншіл ағаларын,
«Ақ сайтан», «ақ сайтандап», «сүбіхандап»,
Ұсталы бәрі бірдей жағаларын.
Ашынған есін Әуес ентігеді –

Қашан ол соңынан сөз ертіп еді?
Түтіккен... Бүгін оның ажарына
Ешбіреу отырған жоқ елтігелі, –
Аяйды қара қазақ сұғынбайды,

Жан лебін жанарынан сығымдайды.
Құсталы Құрманғазы енді ғана
Жарқ етті. Мәнісін жұрт ұғынбайды.
Ол сөзді жаладан жар ақталмағын,

Ең алғаш ашу-кегін ақтармағын...
Уа, ғажап!.. Манаш қызы ұстарадай
Тісімен тілді өзінің ақ бармағын.
Кім көрген бұдан өжет қалыңдықты: –

Ең таза неке су - деп, қанын жұтты.
Қадалып бай - болысқа, судьяға,
Қаратты бір өзіне қалың жұртты.
Оқушым! Нені көрдік ақырында?

Жаны тұр шыға жаздап алқымында!..
Сескенбей қазақ қызы қан ішер деп
Әзелден ойлаған жоқ ақының да.
Әуес:

Ақбаев, старшина құдіретті
Жаныма жазылмастай құзыр екті.
Мен одан айдалаға ала қаштым,
Бір ғана махаббатқа құл жүректі.

Ал, мені жазғырсаңдар кінәм осы-ақ,
Бұйырмас дедім маған, сірә қосақ.
Ақбаев қолқалаған жүрегімді
Аш бөрі қойсын дедім бір-ақ асап.

Ақ бетім тоятына жараса шын,
Құзғын да болсын дедім арашашым.
Жан-жаққа желмен кетіп, шырмауыққа
Оралып қалсын дедім қара шашым.

Әкетті солай намыс ертіп алға, –
Не дерсіз өлімге де еркі барға?!
Жақсылық көре алмаса екі көзді
Таласып жесін дедім екі қарға.

...Өлмедім... Хордың қызы өзім екен,
Бақшам бар сайраңдасам өзіме кең.
Жаралған бір мен үшін жалғыз тәңір,
Көрінем періштемен көзіне тең.

Міне, ол – тәңірім мені өлтірмейтін!
Әбеке, пендең емес ол кірлейтін!
Соттама!.. Күн тұтылса қорқатұғын
Бабаңның көз алдыңа келтір кейпін!..

Не сұмдық оған уым кесті дейтін?!
Құдай жоқ Құрман сазын естімейтін, –
Өлгенше өнерді сүй!.. Маң далада
Құлазып қалады ертең ескі бейітің!

Ұғып ал! Қайғысынан бір басынын
Жынданған шағы деме ұрғашының! –
Өжет жар осыны айтып, тәлтіректеп
Ұмтылды құшағына Құрмашының.

Қым-қуыт көтерілді елдің үні,
Ешбіреу тыңдар емес ендігіні.
Қалшылдап ақсақ Әбіш құлап кетті,
Табады қояншыққа емін кімі?

Үрейлі тақуалар үшкіреді,
Қазірет қағаз езіп іштіреді.
Құлпырған Құрман ғана, мынау даң-дұң
Айғайдан санаға бір күш кіреді.

Көздері бал-бұл жанып, күлімдейді
Елестеп өлген әке «ұлым!» - дейді...
Күн бейне күркірейді... Ат дүбірі...
Арғысы құлағына ілінбейді.

Мылтық та енді мүлде еленбейді,
Бұл ғана өз-өзінен елеңдейді
Білегін қайта-қайта жалаңаштап,
Белгісіз бір сарынға ерем дейді.

Құсаның қара бұлтын таратқалы,
Ол бір сәт бері аттады,
әрі аттады.
Ел, кенет мылтықтыдан ажыратып,

Тұтқынды алды-артына қаратпады.

– Ақталдың?

– Өнер ұлы, азат болдың!

– Үкімі кесілген жоқ азап - сордың!

Сүйінші! Қасиетің арқасында
Тағдырдың тауқыметін аз-ақ көрдің.

– Әбіштің құдай өзі талықсытты,

Қабағын аруақтар анық шытты! –
Жұрт солай шуылдасып, жамырасып,
Боздағын бостандыққа алып шықты.
Құрманның үлесіне жақсы ат тиіп,

Жалына қолы жетті. Мақсат биік...
Сағырбай ұрпақтары аттанарда
Естілді ел ішінен «Ақсақ киік».
Соқыр шал отыр оны безектетіп,

Және де бір жас ұлан өжет кетіп,
Бабадан қалыспайды, осынау күй
Барады оттан ыстық өзекті өтіп.
Кеудеге жатыр сарын жылап кіріп,

Құрман да өз күйіне құлақ түріп
Шошиды; арман - қиял зымырайды
Жаралы жас киіктей құлап тұрып.
Асыл жан нұр сәулелі шұғылалы

Жеткен жоқ биігіне шығып әлі –
Заулайды... Екпінінен безек қағып
Жел - құйын әлдеқайда шығынады?!
Екпіннен әлі қанша жел еседі?

Қанша жыл қайран дыбыс ілеседі?..
Үн кетіп,
бір төбеде өзің қалсаң,
Олжалап оны кімдер үлеседі?..

Жоқ, оны томай алмас жендетің де!
Құяды ол Еділ, Жайық, Жемге түнде.
Шырқайды таң атарда кең аспанда,
Күймейді өкпесі де жер бетінде!..

Күй боздар айт күні де, күзем күні,
Кіндігін кіші пенде үзер күні...
Осынау бір қиялда ат үстінде
Шіренді Құрманғазы үзеңгіні.

БҰРҚАСЫН

Алғашқы қарлы - құйын; ызың онда.
Көкшақа бүркеніпті мұзың жон да.
Бозшолақ тартқан арба екі аяқты
Қоңыздай қозғалады ұзын жолда.

Қиында қыршаңқының жанын жалдап
Ертеден сүйрегені екі солдат.
Аштархан13 түрмесіне асығады
Бершімек қабырғасы бекі сорлы ат.

Біеруі тыншу отыр есірінбей,
Бір солдат масығады есі кірмей,
Соңынан ілеседі қара жаяу
Еріксіз Сағырбаев екі бірдей.

Сұғады суық қолын етке күз де,
Қар мұздақ қатты ұрады бетке - көзге.
Қарайды Құрманғазы тегершіктен
Тегісте қала беріп біткен ізге.

Қарайды сонау қалған алысқа да,
Онда тек алақұйын ағыс қана.
Дегендей долы желдің ысқырғаны
«Үйге қайт? Адасасың! Аң ұстама!»

Үкім бар. Құтылады одан қай күш?!
Ұлисың сезбей, боран байғұс!
Қырында Құрманғазы ескен бе еді
Оңаша денесіне оранбай қыс!?

Аң дейсің. Аң да дарқан бай танапта,
Құлаққа ол үніңді қайталатпа.
Күзен де күзеті жоқ жылы көрде,
Еркі бар қашан кетсе қай тарапқа.

«Үйге қайт!» - деме, боран!
Өз қасында
Жүре бер, жүрген сайын із жасыр да:
Ауылда көрсетуге көпсінеді

Ана мен асыл жардың көз жасын да.
Әкетті-ау ердің қолын, әттең буып!..
Келді оған бір-ақ рет әпкем жуық.
Қыстаудан қылмыстыны ұзатарда

Қалдырды ақ мамасын атпен қуып.
Жетпейді жан ашырға үні барып –
Ұйқыда түк сезбейді мұны халық.
Жауыздар жасырын бір үкім оқып

Келеді ұрлап оның ұлын алып.
Хабарсыз төсегінде әркім елде,
Ер мұңын жеткізбейді қарлы жел де.
Әлі тұр Ақбаевтар сақ-сақ күліп

Сонау бір ақ құйыннан арты белде...
Қатты соқ, қарлы - құйын,
төңіректе! –
Қайтесің аяғансып еңіреп те?!

Есіл ер сенің асқақ сарыныңды
Кеудеге құйып алсын кеңіректе.
...Әнеки, Құрманғазы.
Басқа ноқта

Кидім деп тартынбағы бос талап та –
Бір сәтте жылы ғана күле қалып,
Сүйсіне көз салады бозшолаққа.
Ұғынар қарағанмен тұғыр нені?..

Ат жерге тезек тастап, түбі жеді.
Сол замат Құрманғазы бозшолаққа
Күйім деп мынау сазын күбірледі:

– Мен де талшық тірнектедім,

Құса жинап құр неткенім!..
Тие қояр нысанасыз
Ызаны да құрметтедім.
Бекер екен, әттегене!..

Шынымен-ақ ап келе ме?!
Мақсатқа жаңа болдым ие,
Бозшолақ атты боқ дүние14!
Алдым - мектеп, алдым - аш күн.

Мейманы көп қалғымас түн.
Жалтыр көк тас - суық төсек;
Төленбейді онда бас (құн!)
Онда күлкі удай ащы,

Темір тордан ән де қашқын.
Бәрібір!.. Бетің болды күйе,
Бозшолақ атты боқ дүние!
Солайша кеткен еді қыс басында,

Оралған енді көрсең құс та осында.
Көктемде жетті Құрман ел шетіне
Түрменің айтып ұзақ «қыссасын» да.
Ойда жоқ жасырынып алмақ тыным;

Ұйқысыз енді өткізер азат түтін
Есінен әсте шықпас мынасы ғой
Алғашқы аманаты абақтының:

– Ізіңді бар дұшпаның бағар аңдай,

Артыңнан ат салғызар ағаны алдап.
Тереңнен жүрексінбе батырар деп,
Желкендей алысқа кет ағараңдап.
Өзің бар сұрапылдың ортасына,

Табынба ескі жаға жартасына! –
Әр адам теңіз - дүние бір толқыны
Алады жүзе білсең арқасына! –
Келеді мұны жаттап парызындай,

Қалың гүл қабылдайды арызын жәй.
Күйшінің жан жүйесін дуалайды
Көңілді төңіректің бәрі жындай.
Иіскесе қызғалдақты бұза - жармай,

Жүзінен жоғалады ыза қалмай.
Өзінше қашқын емес, жылы күңгірт
Ұядан енді шыққан ұзағандай.
Оқушым! Саған айтар сырым ептеп:

Жатпадым абақтыны сүгіреттеп.
Жапырақ желді күні темір тордан
Жасырын оған әлі сыбыр етпек.
Көп барар құлыптаулы қақпаға да

Келін, шал, әлі неше қаптап ана, –
Адамның түрмесіне аяқ жетер,
Сол емес соқтырған үй «хақ тағала».
Білесің: онда шаштың артады ағы,

Жеңілдеп ет - сүйегін, ер қадағы.
Өткізсең өміріңді бұғып ұйықтап
Бір «парыз» өтеледі арқадағы.
Адамның қамайтұғын ақыл-есін

Содағы жыр болып па ақын үшін?
Келеді Құрман қашып; туған дала
Жұпардай жұтқызады аңқып иісін.
Келеді көзін алға жұрт қадай,

Ақ үйлер масатыда жұмыртқадай.
Беріштің берекелі 6іp сыбайы
Аулаққа қыс - тебіннен жылыпты адай.
Адайлар елде бүгін шат-ты ғажап,

Әлде бір өліспекке ант қылажақ.
Он-он бес ошарылған ер төбеде
Сардары садағы бар атты қазақ.
Әнеки, өңшең асыл көкмойнағы15

Орғыды; қисық қылыш көкте ойнады.
Жарқылдақ ақ беренді жігіттердің
Ашуы, жалыны да көп бойдағы.
Дамыл жоқ дабылшының түтігіне,

Санатқа шақырады ту тігіле;
Оздырып бозбаланы ұраншыға,
Қарғыздың от қояды қу түбіне.
Арқалы аға мерген, әне, сабаз,

Түсірген олжасына қараса мәз –
Ақ бұлттан құлап келіп көк кербезі
Көгалда талпынады қараша қаз.
Бұрылды тыныққалы күйші адайға,

«Бір мырза ер салғызар қиса тайға».
«Хабарсыз Құрманғазы: дүйім халық
Жарақты қол қосады Исатайға».
Құртқашаш, құланқұйрық арасында,

Тартады жалғыз жаяу қарасынға.
Қалың қол бет түзеген Бекетайға
Адам деп оған, сірә қарасын ба?
Қайнаған өңшең алғыр жас зығырдан

Оп-оңай дүбірлетіп асты қырдан.
Оңаша үнсіз қалған ақ отаудың
Есігін еппен келіп ашты Құрман.
Адайдың не біледі жұрты мұнан? –

Кескінді денесіне сырты күмән:
Иығы көне сары көйлегінің
Тершіне жылтырайды жыртығынан.
Болар ма түс әулие, өзі мұндай?

Бар-жоқты келіп отыр аз ұғынбай.
Танылған арқасына орыс кенеп
Ғаріптің бір түйіншек азығындай.
Жаңа шыт бұйырмаған бай мүшеге,

Бас иді бір-ақ рет бәйбішеге.
Мүсәпір босағада жүзі жарқын,
Өмірге келмегендей қайғы шеге.
Жебесін ширатады қара мұрттың,

Тартады бипаразын қала - жұрттың.
Түтінге төзіккені дегеніндей
«Бәрін де тәбетіме қана жұттым».
Жиһазға қызыл-жасыл, көк – қаралы

Көңілді өткір көзі көп қарады.
Жалынды жас қонағын ишаратпен
Әйел де көз астынан жеп барады.
Осындай болса болсын жамағатын,

Береген бармағынан дем ағатын.
Ақ бұйра шұбат толы ала зерен
Ұсынды өз қолынан мама - қатын.
Оны қой!..

Құрман үйді көре келе
Бұйырмас бұйым тапты төреге де:
Шаптырған алтын-күміс шанағына
Домбыра кемсінеді керегеде.

Ол қалай ішкізеді ас батырып,
Асылдың аташы да басқа сұрық.
Тізілген шашағына лағыл – маржан
Қашықта қалтырайды босқа тұрып.

Тиеп құралайдың асығындай,
Бойында бір қызық бар жас ұғымдай.
Ыстығын ер көңілдің арттырады
Сағынып енді көрген ғашығындай.

Ақырын арасында жылып тастың,
Содан соң бұрқанатын шығып тасқын.
Бір сәтке қылықтыны маған бер! - деп,
Алғызды домбыраны жігіт - қашқын.

АЙЖАН ҚЫЗ

– Сыңқылдап бір ән салады,

Сықылықтап күледі.
Әм шырайлы, әм саналы
Жан тәрізді. Кім еді?..
Кім де болса келе берсін:

Көйлек онсыз жыртылған.
Қайтсін әйел келемешін,
Менің мынау түр-тұлғам?!
Әрілесе қыл самайым қорқытар,

Әрілесе асқақ сұлу қор тұтар –
Отырды Құрманғазы осыны ойлап,
Әлгіде қыл пернесін басып ойнап.
Сөйлеткен домбыраны қойды қайта,

Қыз келді; ақ қолында асыл оймақ.
Жан бар деп әдепкіде қыз ұқпады;
Құлпырды ақ бетінде қызыл қаны.
Өзімен сейілденіп өзі ғана

Сүйріктей саусақтарын қызықтады.
Ұшқалақ тотайлығын жиі қыла
Асылды бәйбішенің иығына
Момақан Құрманғазы кеш ілікті

Ойнақы қара көздің қиығына.
Бір сәтте қалды-дағы тыжырына
Сөйледі бәйбішеге қыз ұрына:

– Бұл ағаш әзідегі дәруіш пе

Әлдекім құшатұғын құзырына?!
Кім бұзған домбыраның мәні, шырқын
Құлағын бұрағансып... Бәлі, шіркін! –
Әулекі жаралмаса адам деген

Өзінің байқамай ма әлі сұрқын?!
Маңдайын ұстағансып сәл бүгіліп,
Бұлайша ару бикеш салды қылық.
Ұшынан аяғының жүгіргіштеп

Ізінше домбыраны алды жұлып.
Алды да,
ерке сұлу пәк түледі
Жетердей бір өзіне бақ - тілегі...

Су жібек жең аузынан суырылып
Асылды күй - шанаққа ақ білегі.
Жүйрік қол періштенің қанатындай,
Жай көзін ұстай алмай қалатындай.

Сұқпатты сұлу төсі көтеріңкі,
Ілгері ұмтылады бала тынбай.
Ол қашан тәңіріне шақты мұңын?!
Ұқпайды ұзатылар шартты күнін.

Адайда Мамырайдың Айжан қызы
Мастана шертті күйін шаттығының:
Тақ күні ту-дым,
Балапаны қу-дың

Өзім болдым. Ай-дын
Көлге төсім шай-дым.
Ұштым,
Кеттім

Үсін
көктің
Аралап ас-тым,
Әніме бас-тым.

Жетпей қалды жерден
Атқан оғы мерген.
Төре де
Көре де

ар-ман-да;
Атада,
Бата да,
бар маң-да.

Та-та-та,
Та-та та,
та?..
«Та-та-та!» - жанның сыры алып қашпа

Әдемі жазылғандай анық тасқа.
Адуын күй тоқтады. кім біледі,
Жолаушы қыз өнерін әлі ұқпас па?!
Мұны ойлап, ақ бетінен алау шыға,

Қараса Айжан сұлу жолаушыға,
Ұқсайды қыс - боранда балық аулап,
Көк теңізде көргені мол аушыға.
Теңіздің душар болсаң тентегіне,

Дәулеттің қарамайды кем, теңіне, –
Шетінен шекпені жоқ, өнері мол
Деуші еді ән салады кең төгіле.
Деуші еді «шын таныса әр ағаны

Перизат құштарына жарағаны»...
Таныдым: өткір екен өр жігіттің
Мұртынан қатал күтті қарағаны?!
«Mіcі мол бейтаныстан қорынбас кім?»

Дегенше домбыраға қолын қашқын
Ұсынды; жадырады қалың қабақ
Сұранып рұқсатын қарындастың.
Ақ бикеш сындырмады мұның сағын,

Сөкпеді сыры жұмбақ ұрыншағын, –
«Құжырып құлағымен естімесе
Демек пе: «Үйді босат, үнің шағын!»
Жолаушы күлдіреуіш күмбезіне

Көз тікті... одан әрі күн көзіне...
Алдында паң домбыра жатыр шалқақ
Қымсына қыз жасырын күлді өзіне.
Шүбәлі Айжан әлі «атасына»,

Шынымен туған ба деп бақ асыра.
Тықсырып ту басынан домбыраның
Бес үлкен саусақ келді сағасына.
Ал, кетті бебеу сарын ырық бермей,

Бала - қаз, мойыныңды бұрып көрмей
Нетерсің?! Ерен екен жатпайтұғын
Жұртының махаббатын жұрт термей.
Сал - мырза әлденеге күйінген де,

Жұпыны әдейілеп киінген бе? –
Дыбыстың көк дауылын сапырғаны
Дегендей:
«Көркем ханым, күйім кем бе?»

Басталып бір күй кетті асау - бұрқақ.
Қыз ойы:
«Адамзатты жасау, бір хақ,
Қолыңда сенің ғана; сенің пендең

Сен берген асқақ үннен неге қорқақ? –
деуші едім».
Мынау жігіт сескенбейді,
Адамға көкірегі дес бермейді.

«Мен де бір нұр тегінен жаралыппын,
Мұз құйсын жалыныма, өшпен», дейді.
Апыр-ай, мына жігіт селт етпейді,
Аусарым басылмаған тентек дейді

Алдымда жолбарыстай жұмарланып
Бүп-бүтін жүрегімді жентектейді.
Және де өнеріне жүгінемін,
Түскендей иығымнан жүгі ненің?..

Құдды бір желді күні етек, жеңім
Шашылып, ыққа қарай жүгіремін.
Ықтан да жасқанамын, жалт безінем,
Алқынам, жасырынам жат көзінен.

Азаттық ұясында дамыл таппай
Жүрегім арпалысып жатты өзімен.
Үрейлі безіп жұрт күлемін де,
Кесілген кісен бардай білегімде.

Ашамын құшағымды қамқоршыға...
Өңім бе, түсім бе бұл - білемін бе?..
Білдім бе қадірін бір сыйлы бастың?..
Кімге мен құшағымды қидым, аштым?..»

Осынша ойдан сұлу айыққанда
Тамамдап отыр екен күйді қашқын.
Үй жым-жырт жан секілді күйін ұғатын,
Самайын әзер жаңа жиды қатын...

Ілтипат, еткен келіп қонағынан
Сұрады сұлу сонда күйдің атын.

– Жақсы қыз, - деді Құрман,

құрғыр әзіл
Оятып кетті жаңа құрбы назын.
Дариғай-ай, бұзады ғой ақ бетіңді
Сүренің жазуындай бір күн әжім.

Кәдеңе қалсын дедім жарап үнім
Басыннан ауғанда да жаңа күнің.
Дәлудың ақпанындай арсы-гүрсі
«Адай» деп атын қойдым жаңағының.

Заң болды ерегеске ер шешіну,
Емендей жай соғылса ерте сыну.
Асығыс қараңғы үйден қашып келем,
Қолын бер, қоштасалық, ерке сұлу.

Қыз айтты: - затым әйел болса-дағы,
Мен дарқан сайрандағы көл шабағы.
Жақсыны жаяу нағып жіберермін,
Атаның маған рас қонса бағы.

Төзем де суық қатер төне келсе,
Тірелей қаңқу - өсек және көмсе.
Ағажан, отауымда қонағым бол,
Ат мініп, асыл киіп жөнегенше.

...Айжан қыз мамадағы «Өркөжекті»
Мінгізіп жұмсады бір елгезекті –

– Сауық бар! Жиналыңдар, желғабаздар!

Әп-сәтте осы хабар елге жетті.
Әп-сәтте қашқынды бір жер алғандай...
Демейсің оған: «Іште жараң қандай?» –
Өзі де ұқсамайды кіріптарға,

Өзгеше Құрманғазы жаралғандай.
Өзгеше киіндірді озық ана,
Сейілде сыртта Құрман өзі ғана.
Қарайды жақсы түстей төңірекке,

Оп-оңай сұлулықты көз ұға ма?
Әнеки, әр тараптан ән келеді,
Алыстан ноқат дерсің, сан денені.
Бұлықсып жалғыз аяқ бұраң жолда

Келіңдер судан қайтқан сәнденеді.
Қыздардың кешкі шыққа кеңістегі,
Көк сауыр малшынады кебістері.
Атүсті құшақтасқан құрбылардың

Сонадай созылады келістері.
Кең дала көңіл кірін аршығасын
Сен де бір шат өмірде бар шығарсың...
Осылай жасаңытып адай – ауыл

Өнердің қабыл алды қаршығасын.

ҚҰТҚАРУ

Отыр Алқа баяғы налып елде;
Өзі болған бүгін бір бәлігер де:
Құмалақтан ұсақтас түрлі-түсті
Алашаға шашылған бәрі жерде.

– Әне, - дейді ол, - шаңдары ұйысқалы

Бүлгін-бүлгін жолдардың қиысқаны...
Екі жүрек күптігей, маңдай ашық,
Я,сәт!..
Берік жатыр құйысқаны.

Бос сөзге ана неге зерікпейді,
Болжайды: «дарқаншылық», «ерік» - дейді.
Себеп бар: жөпелдемде жүріс салған
Керемет кеше тағы бір іс болған:

Адайда Құрманғазы үш күн жатып,
Шаттығын қайта көзден ұшқындатып.
Ауылға сepі-салтаң келе қалса
Үйі тұр кіре алмастай ешкім батып.

Саралқа есік ашпай зіркілдеді,
Аулақ кет маған өлім - бір күн!» - деді.
Өз балам келіп тұр деп ойлаған жоқ,
Құданды, пайғамбарды құр тілдеді.

– Сен, - деді,

– Бұйыртпаған ерді жарға,

Ашпаймын есігімді ел бұзарға!..
Өз атын сан қайталап Құрманғазы
Шам - намаз шамасында енді зорға.
Ақ шеше сарғайыпты, сағыныпты,

Құрман соның қажыған шағын ұқты.
Босатпай құшағынан ол сағатта
Бұлайша батыр апа шағыныпты:

– Құрманжан!

Ойда-қырда жау есірді.
Кәззаптан ала алмадың-ау өшіңді!
Қашқынның қатыны деп ұстап кетті
Алты әскер қазақ-орыс Әуесіңді.

Еденді қазды түге - саз үйілді,
Тінткізді Ақбаев пен қажы үйіңді.
Айуандар абақтыға бесігімен
Алты айлық алып кетті Қазиыңды.

– Не дейді?!

Ыстық тамшы жуып бетті,
Серінің миығында суып, кепті.
Ақыр ол сабыр тілеп анасынан,
Соңынан сүйіктінің суыт кетті.

Сол себеп жайып тастап алашаны,
Тынымсыз Алқа бүгін бал ашады.
Оны қой, оқушы дос!..
Көрсең, міне

Жеткен жоқ отрядқа баласы әлі.
Жеткен жоқ сынасарға батыр түлек,
Отряд жер ортада жатыр түнеп.
Төңірек желкем; аспан тас қараңғы.

Ақселеу теңселіп тек шаш таранды.
Сұлаған сақшы бала өлі жандай,
Өзгелер масахана басқа оранды.
Законның мұнша қатал кесігіне

Көндігіп, кештен бері есі кіре,
Әскерден сайға жуық Әуес отыр
Асылып сәбиінің бесігіне.
Үстіне, басына да қара салған,

Бір уыс ару тұрқы аласарған.
Жып-жылы жас бауырын бүлкілдетіп
Ақырын ақ мамасын бала сорған.
...Қайтеді, көнеді де қырсығына...

Тығылған тығыз бұлтқа нұр - шұғыла.
Шөп басы қаптаған бір адамдай-ақ
Алыста, жақында да тұр сұғына.
«Я, сәт!..

Көкірекке жан тұрақта!..
Құрмашым көріп бұғып, жатыр-ақ па?!
Бұлайша сергек сұлу елеңдейді
Ақырын жаңбыр тисе жапыраққа.

Уа, менің Шалқу деген досым қайда?!
Ол шіркін келуші еді осындайда.
Ол шіркін киіп-жарып жөнелетін
Не тұрсың маған десе шошынбай да.

Бір шабыт келді міне, безектеді,
Өлеңді қоя тұр деп кезектеп,
Ал енді, біразырақ айтып алам
Ол берген өзге сезді өзектеп.

Білесің, суға кетсек тұншығасың
Тіршілік үмітінен тұл шығасың.
Ақырғы минутында қарсыласпай
Толқынға тойып болып тыншығасың.

Демейсің енді жаның толғанады,
Нысапсыз бірінші рет шөл қанады.
Жоғалып су түбіне единица,
Шымырлап батқан жерде ноль қалады.

Тереңнің құшақтайсың құмы, тасын,
Өмірден көргеніңді ұмытасың.
Ешкімнен медет тілеп, жалынбайсың,
Көңілін кейінгінің суытасың...

Ал, бірақ, арпалыста соған дейін
Айтарың: «Өмірге әлі соғам дейім» –
Ойыңнан жоғалады өзің кетіп,
Тірі деп, атамаса қоғам кейін.

Жарыққа, ауаға да талпынасың,
«Тұр ма, деп, ішілмеген, бәлкім, асын»
Денеңді қараңғыдан ала қашып,
Тұныққа батып - шығып алқынасың.

Ол сәтте жапырағын су ысырған
Тал - бұтақ саған жақын туысыңнан,
Қармайсың - үзіледі соны мәңгі
Шығармай әкетесің уысыңнан.

Осы да дүниенің бір мысалы –
Әркім-ақ азаттыққа тырмысады.
Ал, енді оралайық отрядқа,
Әлгі бір қараңғыда тұрмыз әлі.

Әуесті соңғы үміттің қысты көзі,
Лапылдап күйіп-жанған ыстық өзі.
Ақырын түкпіріне алар ма деп,
Түнерген терең сайға түсті көзі.

Апыр-ау! Мынау сайда табысқалы
Тұрғандай құрбы-құрдас, таныстары.
Көзіне көрінеді жылы ұшырап
Жыңғылдың, тобылғының тал ұштары.

Андаса зердесімен ақырындап,
Әлгі жер әлденені жатыр ымдап:
Осынау салалы бір сайға түсіп
Ойнаған баяғыдан жасырынбақ.

Алыста ақ көжектей шығынғалы
Есінде жүгіргені, жығылғаны;
Қызарып қызғалдақтай орамалы
Ақ изен арасына тығылғаны.

Алдынан құмай тазы аң қашқаны
Секілді жалтарғаны, алдасқаны.
Алаңқай аңқау бала Құрманғазы
Бір сәтте бұққан қыздан адасқаны.

Асырған Әуес одан бір амалын
Қалдырып шырмауыққа орамалын,
Шүйілген асыл - аңғал соған-дағы
Бүркіттей алтайыны соғардағы.

Тасада қарап жатпай қытық жаны,
Әуестің тағы да бір қылтиғаны;
Ауыртты қолға түсіп ақ білегін...
Қызық қой қыз еріні, бұлтиғаны...

Алдында алма беті өртше қызып,
Қыз көзін қырсықтана сүртсе қызық.
Тисе ғой соның аппақ алақаны
Жағына «жазықтының» шырт дегізіп.

Тиіссе, қыз сырына бір қаныға,
Бөтенге соның жаны бұрғаны ма?..
Тағы да Құрманғазы жағын тосты
Еркенің екінші рет ұрғанына.

Ол алғаш осы орында өпті бетті,
Дариға, сол күндері өтті-кетті!..
Махаббат ақырында торға түсті,
Несіне тәңір соны өткір етті?!

Қараңғы бүгін көрсем бүкіл аймақ;
Өмірін қызығымен біттім ойнап.
(Осылай мен дегенде жан құзыры
Жағада пайда болды жалғыз ұры).

Әне, ол тобылғының ішінде,
Не себепті?.. Атып кетпек үшін бе?..
Жо-жоқ... Бөркін көтеріп шақырады.
Кісім бе?..

Уа, жасаған, өңім бе, түсім бе?..
Жаңсақ ә?.. Қайда?..
Жо-жоқ...
Сайда шын анық.

Мазасызданып,
Аттар шайнайды ауыздығын.
Ал, ұйықта түге, жауыз, бүгін!..
Міне, мен ұрландым.

Бір ләм-мим деместен
Ғайып боп жоғалам қазір.
Қазір...
Міне, қазір...

Күзеттің ұйықтағаны азырақтай,
Таң да тұр көкжиектен әзір атпай...
Ақырын Әуес алды бесіктегі
Қазиын ақ мамадан ажыратпай.

Ұқпады, жүрек тулап басылды ма?..
Шешінді; қапияда тәсіл бұ да:
Бір сәтте қара шапан ақ бесікке
Адамдай қала берді асылды да.

Жүріске түйе малы көнді баста-ақ,
Ол терең тағы талай құмды баспақ;
Жанылмай жайбарақат күйісінен
Жалғыз-ақ ояу қалды қомды қоспақ.

Қараңдап алыс кетті қашқын ана
Кім білер, тағдыр оған қас қыла ма?
Ол әне, дене суып, жан қызына,
Елеңдеп жетті сайдың жар - құзына;

Қосылды үн шығармай өзі барып
Әлгі бір бейуақыттың жалғызына.
Ол барды деме қышып қосағынан
Жасқанып жат біреуін пышағынан,

Әнеки, арыстандай үлкен дене
Баланы жұлып алды құшағынан.
Я, сәт, құндағында тыншыққалы
«Шыр еткен» бала қайтып үн шықпады.

Әйел де тартылды бір магниттей
Түк демей, бауырында тұншыққалы.
«Оянып бәлкім күзет қаранды ма?»
Мұндайда өшіресің қаранды да..

Зым-зия...
Дүбірлері бір-ақ рет
Аттары сай түбінде қараңғыда...

ҰСТАЗ

Жансыздар ел ішінде алды нұсқау –
Қашқынды қайда жүрсе аңдып ұстау...
Есігі, терезесі алаң – ашық
Қаңырап Жиделіде қалды қыстау.

Көнеріп ата-мекен тозар асыл,
Оған да басқа түссе төзе аласың.
Азғырдан нағашыға асты Құрман,
Ұрлап ап өз әйелін, өз анасын.

Бітелген әлдеқашан кеткен ізі,
Неше бір аударылды айдың жүзі
Астыртын ел ішінде Құрман, Әуес
Атанған бай баласы, байдың қызы.

Бұл кезде Құрманғазы қалаша паң
Киінген; паңдығынан парасат ал...
Бөрібай атаныпты бөтен елде
Жебелі қара мұртты, қара сақал.

Сұрасаң арғы түбі аға сойдан,
Негізі Беріш ұлы ағатайдан.
Тигенше сөз кезеңі жиын-тойда
Айықпай отырады сағат ойдан.

Жырау боп тыңдатыпты санға жырын
Үстінде сары қымыз, cap қазының.
Жалпыға паш қылыпты хикаясын
Жаужүрек Исатайдың сарбазының.

Заузада құрбан айттың құрметіне,
Орданың отау тігіп қыр бетіне,
Қыз-қылаң, жігіт-желең, оған айтты:
«Сауықпен, сал Бөрібай бірге түне».

Ал, соның ызы-шуын айтам бөліп:
Кермеде не бір тентек шайпаң көлік.
«Айгөлек», «Соқыр теке», «Алты бақан»
Іңірде жатты дерсің шайтан қонып,

Түн ғажап; көк түбінде көз адасқан,
Ай жақтан ақ жібегін созады аспан.
Тал-шілік ортасында от жарқылдап
Сұлудың қанша бірі қазан асқан.

Сарнатып отыр тағы сабаз ұлан,
Қобыздың қолын алмай сағасынан;
Алысып бел - жігітпен бесті қымыз
Тасиды тай терісі - сабасынан.

Ебдейсек ересектер тасығалы,
Шараны шайқап ұстап асығады.
Дүйім жұрт көп күтеді Бөрібайды,
Түскен жоқ соңғы белден асып әлі.

Көр, әні, делбешілер көк арбаның.
Қос күрең арғымағын доғарғанын.
Күймеден жаңа шықты оқығандар
Бір солар әкелгендей көп арманын.

Смычок қолдарында, лағыл сырнай...
Шешпейді фрактарын жалындырмай.
Ақ қолғап, сақал-мұртсыз жас төрелер
Жартыкеш есіріпті жағын қырмай.

Ішінде біреуі бар, салы білем –
Қошемет көрсетеді халық үнем;
Азырақ айтқызалық сырды осыған
Салғызып самал жаққа қалы кілем.

Ол түнде ставкада кеш жатқасын,
Зеңгіген отыр бүгін ұстап басын.
Қаңқу сөз шықпасын деп хан орданың
Тас берік жапқызыпты іш қақпасын.

Ұстамақ сөз болыпты дұшпандарды –
Қайдағы өңкей қашқан-пысқандарды.
Астрахань, Оренбург, Питерден де
Барханға солар талай тұстан барды.

– Ох, и бір қазақ, көрдім сүгіреттен,

Сол менің түні бойы сұғым өткен.
Қағазда қашқан дейді қатыны да
Ізінен дыбыс бермей сыбыр еткен.
Сүгірет - тоятына төнгір әлі

Мұз балақ секілді бір дөң қыраны.
Қамауда қалмақтарға, орысқа да
Тамаша тартқан дейін домбыраны.
Қашыпты жолығыпты салон – бақта

Қалмақтың протестанты Саранжапқа16
«Не кричи, не шуми» күйін тартып,
Сабапты урядникті паром жақта.
Сүгірет қандай?.. Жо-жоқ, ол қыран емес,

Береді қорқынышты бір аң елес.
Көр сүңгі - кірпіктері көзі жемпаз,
Тұла бойы шырт-шатақ, брань, егес...
Қарады оған қанша тақсыр ұлық,

Жүздері шамға таман лап бұрылып.
Жүдә мол жұрт алды сол сүгірет
Жағалай қолдан қолға лақтырылып.
Біздің жаққа келулі бөрің қашып,

Ұштағаннан қалың құм төрін асып.
Мағлұмдайды волостной Әбубәкір
Ақбаевыш Ақбаев мөрін басып.
Дәптеріне қашқынның түртіп атын,

Савельев ұнатты түр - сипатын.
Ол питерлік журналист, ақын мырза,
Қайдам, қалай аударды ілтипатын?..
Бунтарі деп оны бір Жайық, Нарын,

Көп оқыды қағаздың жайып бәрін.
Сүгіретті түсірді сүгіретке,
Жазып алды жаңағы жайыттарын.
«Аян оның себебі бір тәңірге,

Көп емес... Бағынады жұрт әмірге.
Бұғау керек бұзыққа. Ал бейкүнә
Жақсыларға хүрмәтлу орта бірге».
Жас төре еткен түңгі мәжілісті

Паш қылды; алқа-қотан ауыл үсті
Сапырып салқындағы cap қымызды
Даладай дастарқанын жазып ішті.
Қыз белін төрелердің қолы қысты;

Ақ күміс бокалдар да жолығысты.
Тасыған құйрық-бауыр даяшылар
Табаны жерге тимей өліп - ұшты.
Бір шоғыр төңірегі балдыз - жезде,

Бөрібай келіп жетті осы кезде.
Жұмсады бәйіктерді сонадайдан
«Атының басын ұста!» - десіп өзге.
Біреулер құшып соны өпті білем;

Халықтың көз тұнады көптігінен.
Жаңағы жантайысқан жас төрелер
Сәлемге көтерілді көпшігінен.
Сал бөрі рыцарьдың жолын қуған

Былғары деңбітпенен белін бұған;
Жарылып ортасынан жол береді
Ынтығы басылмаған елі думан.
Жоқ оның награда - шен төсінде,

Жоқ оның жерден шалғай шет есінде
Өңірі жарқылдаған алтын түйме,
Қалпағы қара мақпал шекесінде.
Манаурап жұмылады көзі мүлде,

Білмейсің, сені қалай сезуін де;
Қолында бос ойнаған ақ трость,
Ұп-ұзын темекісі езуінде.
Құп алды аяғынан тік тұрып ел,

Төселді тағы да бір түкті кілем.
Кім ойлар осыны да күні кеше
Түрменің қашыпты деп түкперінен.
Беймағлұм ішкі сыры әлеміне

Еркелік көрсетеді сал еліне;
Сал ізет білдіреді салқын ғана
Бас иген төрелердің сәлеміне.
Қоршады өнерпаздар тығыз мұны

Күйлетіп домбыраны, сыбызғыны.
Еліктеп құдіретті иесіне
Қозғалы отыр енді қобыз жыны.
Оларсыз мұң-шеріңе тарқам бар ма –

Күй-қуат «сайтапым бар, арқам барға...»
Ақ қылаң ай жарығы жетпеген соң
Аспалы шам байланды арқандарға.
Нұр - сәуле шашырады тербетіле,

Жұрт құмар Бөрібайдың келбетіне.
Қолымен отты көзін көлеңкелеп,
Тәкаппар ол қарады ел бетіне.
Байқады: кім нәрегей, кім бағылан –

Болғандай кім бәйтерек, кім бағыбан.
Шәкірті шешіп берді домбырасын
Сақтиян әшекейлі құндағынан.

– Уау! - деп ол бір қозғалды сөз басында;

Тыншыта аулақты да, өз қасын да.
Демдерін ішкі тартқан желғабаздар
Ауқымды соған мойын созбасын ба...

– Уау, арыстан еді Исатай.

Жолбарыс еді, мерт болды.
Бір қазасы дерт болды,
Сары азамат, сардар жан
Қаны судай төгілді,

Қабырғасы сөгілді;
Жалынды боздақ жас кетті,
Қанжығада бас кетті.
Алай да, алай, алай да,

Алысты көзбен шолдым көп.
Ақ Жайық пен Бозана,
Ағашты Нарын, көк теңіз,
Бітіспес күнге келдім деп

Ханға айтады лағынат!
Ал, атарын болса, маған ат.
Жұртым аман барында
Құлазыман солдым деп,

Исатай мен Махамбет
Өкіне ме екен өлдім деп?!
Жұрт қалды тағы да бір қозғалысып,
Ақырын бал қымызды қозғап ішіп.

Жауады жапалақтап кілемге де
Көбелек от айнала озған ұшып.
Қабағын мынау түннің түйді аспаны,
Ақша бұлт қарауытып қиғаштады.

Бөрібай осы кезде домбырада
Ел бұрын естімеген күй бастады.
«Кішкентай» күйдің аты не себепті...
Оны бір дарқан - дария десе нетті?..

Исатай - Махамбетті пәруар танып,
Асқақ жан асау толқын еселетті.
Зор деп ол мақтамады көзге асылын;
Ел сүйді әдебінен озбас ұлын –

Бір парыз білімдіге өмір көшпек
Өнерін азырқанып өз басынын.
Осынау үлкен күйді тағы-тағы
Шәкірттер қағып алып ағытады;

Күңгірт түн жөнеледі күңіреніп,
Біреуді біреу сөзі қағытады.

– Күйдің бұл падишасы дана туған.

– Жошымен жолы белек Наратудан17.

– Табиғат, айналайын бітіміңнен

Айнымаған асылын жаратудан!

– Күй ме сол баяғы зар жалаң, көне?!

– Міне саз!..

үйреніп ал, жаман неме!
Артықша сыбағалы болған үшін
Алланың тамұғына жанам деме.
Әрненің көңілдене басын шалып,

Көпшілік қызынады осыншалық.
Өрендер әлгі күйді алып жатыр,
Бесті айғыр, атан - түйе бәсін салып.
Бұл кезде жүзі суық жас төрелер

Адамын батып отыр әшкерелер.
Солар бір көз алмайды Бөрібайдан
Кім білген Бөрібайдың жері қайдан.
Бұл елге келді қалай?..

Мағынасын
Әр саққа отыр, түге жорып ойдан.
Тағы да қадалады... Сұғы өткен
Түндегі айнымайды сүгіреттен...

Жалғыз-ақ, айырмасы - қара сақал
Қабақтың қалың еді түгі неткен!..
«Сөз емес әдемілеп киінгенің...
Білеміз, ызасы еді күйің ненің...

Ұсталдың, кезбе жігіт... сені бізге
Өзіңнің танытады құйын - желің».
Жұрттан бұл жат пиғылын жасырыстап,
Төрелер іштен жауын жатыр ұстап.

Қашқынды қамар болар бейқамында,
Жалт берсе өлісуге жан тұрыспақ.
«Шалқыса күйші тағы еркі білгей»
Дегенше іштерінен ел күбірлей,

Төрдегі төрелердің қолдарында
Жарқ етті браунинг екі бірдей.

– Ұсталдың, Сағырбаев, қашқаныңмен

Ал, не көрдің думанда асқан үннен?!
Алсаң еді орныңды
Аулақтағы
Арлан бері тазалап ашқан іннен.

Құламайды бәйтерек түбі ескірмей,
Ал, сен біттің... Өзгені түгестірмей,
Жатсаң еді одан да тыныш ұйықтап,
Салқын көрде мәңгілік түк естімей.

Ұры - сотқар дегіздің қазағымды,
Айтып қақсап отырсын мазағыңды.
Бағышладың кешегі бұзығына
Осыншалық дуалы ғажап үнді.

Под арест!
Білдік біз көп ісіңді.
Күмбірлеген бір ғана күбі - сынды...
Көшіп-қонып ерте-кеш жатар қазақ

Естімей-ақ, жадыгер, дыбысыңды.

– Еттен өтті-ау, мына сөзі есердің!

– Төзіміне сияр емес еш ердің!

– Көк төбетке көзін берсе ойып ап

Мұсылманның баласына кешер дін!
Атып салсаң өлгеніміз мың артық! –
Жас шәкірттер төрелерге мұны айтып,
Тап берісті; Құрманғазы тоқтатты:

– Қайтесіңдер мұңсыздарды мұнайтып?!

Құрманғазы Сағырбаев, ие, мен,
Келем өрлеп қиын шатқал қиямен...
Нарын, сені тағы тастап кетем-ау,
Бүлінсең де өзім туған ұям ең!..

Барам-дағы. Бармаған ол торым ба?..
Құдайлардың наказдарын орында!..
Кетсеңші тек қазақ аттан садаға,
Шен-шекпенді түбіріңмен орыл да!..

Ұры - сотқар сендерсіңдер, «төре ағам»,
Жазықсыздың жан қызығын тонаған.
Заулап барып түсер едім тақсырға,
Әттең, дүние-ай, сыпырылса томағам!..

Әттен!.. Әттен, Әбубәкір Ақбаев...
Ақбай...Жо-жә!..
Енді теріс ақпайық...
Тұтты ғой деп өлі көлдей тұнбалық...

Мен кетемін, қара көзді түн қалып.
Байласаңдар қолым әзір, мырзалар,
Оған шейін «Ақбай» күйін тыңдалық.
...Тым-тырыс елді көрсең бұл шақтағы

Біреуге біреу шерлі мұң шақпады;
Жалғыз-ақ бикештердің көздерінен
Ызаның ыстық жасы моншақтады.
Әуелі «Әттең-ай-дан!» басталып саз,

Дағдыға түсіп кейін бос тарықпас –
Ащы бір күй зекіді төрелерге
Төбеден жай түспесе басқаны ұқпас.

– Зұлматтар тілеп менің өлерімді,

Жеріме сыйғызбады өнерімді?!.
Айдауда Үркер кетер Құрманғазы
Қайран ел, сағынарсың ол еріңді!
Сонда да ажалымнан наным бұрын

Таусылмас;
Суытпаспын жан үңгірінен;
Тілемен тірлігімді шоқтығымда
Жығылып жатар болса жалым қырын.

Мен бе екем бақыт жолын тоспалайтын?!
Сұр заман қара құлпы тастан айқын...
Сор - азап, бейнет менің дұғалығым
Бойымнан қасиеттеп тастамайтын.

Досымдай құрметтеймін қасіретті,
Үні бар оның өлмес қасиетті.
Шабыттың аппақ құсы бейуақытта
Оңаша мені талай қасына ертті.

Мен үшін құдайыңмен бүгін бірлей
Көтерген жотамдағы жүгім дүрдей.
Сол менің сомдайтұғын қабырғамды
Нар - қоспақ баласына жүгіндірмей.

Пірімін жала-пәле жабысқанның!
Жамбасы тас төсекті жанышқан мың...
Дозақ та маған пейіш! - дейді бейне
Осынау тартқан күйі данышпанның.

...Жер емес кінәсізді әркім ақтар...
Асығыс алда талай қарғымақ бар:
Тұтқынды, төрені де күймесімен
Алысқа алып ұшты арғымақтар.

Шолпанның ақ сәулесін қалжыратып,
Бозамық таң келеді қалғып атып;
Тірілеп тік тұрған тек аяғынан
Кейінде қара тастай қалды қатып.

Екінші кітап

АБАҚТЫНЫҢ АЛДЫНДА

Темір тор, биік қамал, қара құлып,
Қояр ма үлкен жанын жара қылып?!
Әне жүр надзиратель сап-сарала,
Иыққа суық қару-жарақ іліп.

Дегендей: «сор - азаптың, өлімдердің,
Ғаламат неше түрлі зорын көрдім»,
Алыстан үрей шашып түксиеді
Шетінде қара сұр үй Орынбордың.

Таң атса ағылады ел осыған –
Әркімде бір түйіншек бересі нан.
Қол бұлғап тұтқындарға мен де бейне
Қақпадан қатын, шалға ере шығам.

Шығарда «ғазырайылдар» осындағы
Тінтеді тілдің астың, ұшын-дағы,
Тінтеді бешпетіңнің жамауын да
Беймаза жүрегіңнің тұсындағы.

Одан соң тіміскіден құтыласың;
Жиылған қала, дала жұрты басым
Арбалы, атты, жаяу, түйелінің
Ішіне сен де барып жұтыласың.

Отырсаң,
Аузы-басын бусаң-дағы,
Қолқаңа құйылады қу шаңдағы.
Ал, бірақ, содан халық бір кетпейді

Сан дүркін полицеймен қусаң-дағы.
Бұл маңда түгел алып қыр, беткейді
Жайылған кешке дейін кір кеппейді;
Үрейлі үнсіз кіріп, жылап шығып,

Халықтар түрмесінен бір кетпейді.
Адвокат, шағым-арыз жон асады,
Ал, мұнда арық - тобыр жыласады.
Ағызып ат-тройка өте шықса,

Қоғадай жапырылып жол ашады.
Еркінде Еділ, Жайық ен Оралы,
Қалаға неше залым енер әлі?..
Бірінде экипаждың тұнжырайды

Алтын мен жез киінген генералы.
Бірінде неше түрлі «сері» көрген
Қайтады жесір пері серуеннен.
Күледі ол құйын болып жаралдым деп,

Кейінгі шаңдағымен сені көмген.
Бірінде қанден итке шал ентелеп,
Шошқаның ақ майынан «төлем төлеп»,
Бірінде қара ноғай қазіретті

Зонтикпен отырады көлеңкелеп.
...Барлығын көзбен шолды таң атқалы
Саралқа;
Арқасында тамақтары.

Қарт ана асығады Құрманды бір
Құшақтап, құса-шерін таратқалы.
Тотыққан беті күйіп желді күнге,
Бүгілген баяғыдан бел бүгінде;

Қашанғы ақ жаулығы қарқарадай,
Шапанның бір шалғайы белдігінде.
Жүрегін өтсе-дағы заң жаралы,
Кезінде жасымаған жан бар әлі;

Тілдесіп, бейтараптан сұрағанға
«Түрменің керек, - дейді, - жандаралы».
Айтып ол аты-жөні, ұлтын әрі,
Ілгері килігеді, ұмтылады;

Терезе тесігіне қолы жетпей,
Ызалы көмейінде үн тұрады.
Дауысы қарлығады, қалтырайды,
Кім одан бұл сағатта хал сұрайды.

Қазыны қапшығымен ұры әкетіп,
Біреуді біреу мұнда қамшылайды.
Әнеки ұры жігіт жалаң аяқ,
Барыңды сол алады жоламай-ақ...

Күні жоқ тыныш өткен ұрғызбай-ақ,
Аузынан аққан қанын жаламай-ақ.
Көрсе де неше түрлі сөлекетті,
Демейді ол: «Мені мұнда сор әкепті».

Қас пен кез арасында қағып өтті,
Алқаның азығын да сол әкетті.
Ақ шеше тарс түйіп сұр қабақты,
Ұзатты өз көзімен сұғанақты;

Адамның арын төккен - қайыршы күн,
Қарғысын ана тұрып соған атты.

– Ұры кім? Әр моланы бір ақтарып,

Тонайды өлікті де жырақ барып.
Біреуді біреу жеген заманада
О дағы өз парызын жүр атқарып.
Азап - сор ағыл - төгіл - «көк несібең».

Сұм заман!.. Қасиетті сол несімен?..
Баламды – бақытымды қазір маған
Түрменің іздетеді бөлмесінен.
Кім кепіл періште де қатты ашына,

Ит болып тәңірісін қаппасына?! –
Саралқа осынау бір ойға толып,
Қарады абақтының қақпасына.
Түрмеден шықты бір топ еңіресіп,

Қайғыны ондағымен тең үлесіп.
Сірескен екі сақшы ортасынан
Ашылды анамызға темір есік.
Айып па жақсылыққа жорып қалса,

Боздаса ботасына жолыққанша?..
Оқушым! Біз осыған ілесейік,
Алда тұр хикаялы жорық қанша!..

ҚАЙРАН ШЕШЕМ

Құлағы әлдеқандай ызың құшқан,
Кеудесін кәрілік пен құзыр қысқан
Саралға салқын кірді абақтыға –
Дозаққа адам соққан қызыл қыштан.

Іңгәлап темір тордың ар жағынан,
Қақсайды жаңа туған «зар-жақ» ұлан,
Терезе тесігінен қарғыс айтып,
«Су бер!» деп ұсынады маржа құман.

Мұнда да жатқаны ма халық өсіп,
Тұтқында туған бала халы нешік?..
Шыр етіп жерге сәби түскен үйдің
Аузында құлыптаулы қалың есік.

Қаз-қатар қалың есік құлыпталған,
Тұтқындар тұтқасында жұлып болған.
Кім білсін, қаңыраған қара пештер
Қай жылы ақтық рет жылып қалған.

Ешкім жоқ мұнда, сірә, жарық күткен,
Аспалы шырақтар да жанып біткен.
Теріскей терезеден қарар ма едің,
Күн көзі, қасиетті жарықтық сен!

Бұл орын жаралмаған бастан баққа...
Адамға ажал мұнда бас салмақ та..
Қарт ана қараңғыда осыны ойлап,
Үн-түнсіз өрмелейді баспалдаққа.

Ізетпен офицер де ілеседі
(Қаталдық оның ғана үлесі еді),
Неліктен ол бейшара оңашада
Жақсылық саған бейне тілеседі?

Оған да бататындай ана шері,
Оның да бір ғажайып бар әсері.
Байраққа, атаққа да алданбаған
Адамның осы қандай баласы еді?..

Жік-жапар бола қалды ол несіне?..
Кім кепіл бүйткені үшін өлмесіне?..
Ерекше Перовский18 тәдбірі деп,
Құрманның ол әкелді бөлмесіне.

Бір себеп мұның-дағы барлығына,
Өнердің кім бағынбас жарлығына?
Жақында жәйіт болды көнбейтұғын
Түрменің қаталдығы, тарлығына.

Бал болды таяуда бір таң атқанша,
Ішілді тәтті шарап, тамақ қанша?..
Отырды нөкерімен губернатор
Өзгені өз көзінен таратқанша.

Алдырды өнерназды әр халықтан,
Түстіктен, тау тараптан - Арқалықтан.
Әнші мен қанша биші құтқарылды,
Биылғы төленбеген бар салықтан.

Жоғары отырғызып төрге өзінен,
Генерал кеңес алды кербезінен;
Зайыбы оған айтты:

– Мұңды сазды

Даланың тыңдау қажет киргизінен.
Ол айтты ярмаркадан тыңдағанын,
Жұрт жинап бір домбыра тынбағанын.
Және де еске салды сонау жылғы

Жыртық бет жылқышының таңдағы әнін.
Шұлғытты жар талабы генералды,
Адъютант Орынборды он оралды.
Қаланың шетінде бір қасапшы қарт:

«Тұтқында отыр, - депті, - өнер алды».
Жазғызып аты-жөнін, түр-түсін де,
Беделі бөлек депті жұрт ішінде.
Қасапшы күрсініпті, тағы айтыпты:

«Жарықтық азат болып жүр түсімде».
...Ала көз, алпамсадай, қабақты жан,
Айдалып балға келді абақтыдан.
Дәм ауыз тисе-дағы «ішпәрадан»,

Ішілмей кері қайтты арақ бұдан.
Біреулер қызып алды жел-өңештеп,
Жабайы мұның жұрты, ел емес деп.
Ызғарлы тыйым салды Перовский

Күлгенге күпі - тонды келемештеп.
Генерал бейне жаны ашығандай:
Біледі - кімнің іште өші қандай,
Ол әсте, ақымақ болып жаралмаған

Өзгенің қайғысынан шошығандай.
Сөз берді домбыраға жыласын деп,
О да бір торға түскен лашын деп.
Саудаға көздің жасын салатұғын

Обадай осы да бір рас әдет.
«Танып қал, табиғатым, құлығымды!»
Ішінен түйді қазақ бұл ұғымды.
Шалқыта «Балбырауын» күйін тартып,

Шаттыққа душар етті ұлығыңды.
Қадала талай ұлық көп қарады,
Ызғарлы бұған деген леп бар еді.
Бір ғана бейтаныс жан ынтызардай,

Күйшіні сұқты көзбен жеп барады...
Құшқандай бүгін осы бір адам бақ...
Ол қайтсін құлақ - күйін бұрап, андап –
Шалқытты!

Шағаладай ақ сұлулар
Толқыды орындықта бұралаңдап.
Біреулер ибадатты ізгі сақтап
Жүзімді сабағынан үзді шақтап.

Бағзы бір чиновниктер өз бетінше
Қыздырмақ «мазурканы» қыз құшақтап.
Тағы да тәлкек етіп күй - шанақты,
«Жә, жетті, - деді біреу, - күй шарапты!»

Генерал баршасына оң қолымен
Танытты тәртіп деген ишаратты.
Әлгілер тағы жым-жырт игі жандай,
Қайсақтың қара дүрсін күш қандай?..

Генерал тыңдап қалды ілтипатпен
Тап қазір ол осыған ұйығандай.
Сол қолдың майысқаны жан жарыңдай,
Оң қолды жанығаны қанжарындай.

Дыбысты шеңгелінде шырқыратып,
Сынади аямай-ақ хан жанындай.
Дәл өзі сыры жұмбақ виртуоздың,
«Сен бәлкім бұзықтарды ертіп оздың:

Осынау өнер үшін қуылғансың,
Айтып тұр лапылдаған өрті көздің».
Генерал іштей мұны топшылады,
Сақалын, сары мұртын көп сылады.

Шапшаң да, шала тартқан темекінің
Түтіні көз алдында көкшіл әлі.
Тоқтатты шырқап барып қазақ күйді,
Ұлықтар бәлкім оны аз-ақ түйді.

Генерал жылы қарап жымиды да,
Бастатты басқаларға азат биді.
Не түрлі музыкада ұлы күйші,
Әсем джаз, айналады мұны биші.

Манадан ароматы арылмаған
Шалқыды шараптардың тұнық иісі.
Ұйтқыды ұзын залдың жұрты мықтап,
Люстра шырақтары жыпылықтап...

Бокалдар бар тараптан төнкерілді,
Ағзамның саулығына жұтылып қап.
Би бітті... Досқа басын дос иісті,
Әдеппен ашыналар қол сүйісті.

Тұтқыннан басқа жанның бар құшағы
Не түрлі гүлге толды хош иісті.
Бал бітті, қызып барып таңға жақын;
Алдыртты офицерлер шандоз атын.

Тарасты үйді-үйге бет-бетімен
Тамаша әнші, биші, маңғаз ақын.
Ит біткен осы кезде үрмесі ме?..
Үзілмей үміт шіркін тұр несіне?..

Айдауда кете барды - тірі әруақ
Өзінің түнейтұғын түрмесіне.
Ауыр күн өтерінде асыға ма?..
Оныңды дұшпан түгіл, дос ұға ма?

Есіктен ене беріп бір күрсінді,
Өнердің алған сыйы осы ғана.
Бекер-ақ жақсылықты жүрек күтті;
(Түсінде көкке шырқап жүр ед тіпті.)

Түрменің ботқасын да түгел жемей,
Сол адам содан бері жүдеп бітті.
Ағаштан жасағандай жонып ұста
Жадау жан азаттыққа қолы қысқа.

Айтпақшы, рұқсат бар туыстармен
Түрменің түкпірінде жолығысқа.
Сол ғана балдан алған рақымы,
Балдағы еңбегінің сірә, «құны».

Сол үшін кәрі ананы камераға
Түрменің бастап барды бір өкімі.
...Ал, міне, түгел ашық құлыптар да,
Ақ шеше, аймалай бер, кіріп бар да.

Шошынба!.. Шошығаның ауыр тиер
Қалдары кісендеулі кіріптарға.
Е, бәсе!.. Нағыз осы батыр ана
Ер жүрек тұңғиыққа батыра ма?..

Қашаннан білмеген ол тәтті сөзді –
Еменнің иірінде бал тұра ма?!
Дегендей: «Дерттен туған жақсы бала,
Тас - түйнек емшегімнен ақ сұрама!»,

Ұлының кісендеулі қолдарына
Қадалып, қатып қалды ақ сұр ана.
«Уа, құдай!.. Қобыланды, Қараман жол!..
Жинап бер шырағыма қарадан қол!

Шыдап бақ, шыт болсаң да мори көрме
Жағасын жендет жыртқан қара камзол!»
Сау шығар ішкі зерек сарай ғана;
Ол мұңға толды бәлкім... сан ойға да...

Апыр-ау, аз арада ақ кіріпті
Қап-қара сақалына, самайға да.
Кендірмен кебісін де ілгештеген,
Құдай-ау, қайда барып, бұл не істеген!..

Қаңырап қашықта тұр домбырасы,
Көршідей көптен бері тілдеспеген.
Перзенті без-ағаштың шарапатты!
Оның да үсті-басы жарақатты.

Үйге де үкім кесіп, түрме жасап,
Оған да жабатұғын жала тапты.
Сұр қазы сонау жайып тастағаны;
Бос емес мыс шәйнегі, тостағаны.

Бекер ме, айлар өтті десем мұның
Аузына адам дәмін тоспағалы?..
Білердей мүсіркене, толғана да,
Бар екен дос-жараны бұл қалада,

Жалғыз-ақ бұрынғыдай жанары жоқ,
Шаттығы бойындағы болған ада.
«Ер - нарым!.. Көзі неге бұлдырайды?
Масқара!.. Жасын төгіп бұл жылайды».

Қалайша қайран шеше бұған төзіп,
Баяғы бір орыннан бұлжымайды?..
Жоқ, енді түгесілді төзім деген,
Оңай ма үн шығармай өзін жеген?..

Намысты намазындай жоғары ұстап,
Ол қашан көз жасынан безінбеген.
Ер деген, нар дегені налып, күйді –
Басынан бастау керек әліп-биді –

Алқаның шарт дегізген шапалағы
Жағына баласынын жанып тиді.

– Жампоз деп бекер саған жар сұғынды,

Су неге жанарына жасырынды?!
Сарқып бер құдайыңа менен кейін,
Көрсетпе көзіңдегі жасығыңды!
Бір жолғы олжасындай қанжығаның

Медетсіз неге мұнша қан - жыладың?!
Жәргелтай жаман шора туған болсам,
Несіне қалжа тілеп қалжырадым?!
Апыр-ау, енді кім бар ақ бұған жақ?..

Болар ма ана сөзі ақтық азап?
Жоқ әлде «нар баласын қарпығаны»
Жанына бәлкім мұның жақты ғажап?..
Уа, ғажап!.. Көптен бері үні тынған

Бұлбұлым! Ұшандағы ұлы тұлғам!
Құдай-ау: «Баяғыдан бар екен деп,
Шапалақ әлдеқашан ұмытылған».
Әлгіде жау да сені батып қанша,

Күрсінді, көзің жасы ағып тамса.
Жан-шуақ, енді міне, жадырадың
Офицер кісеніңді ағытқанша.
Ал көріс!.. Бақыт әлі бар екен де...

Тағы сүй!.. Маңдайын сүй!.. Бәрекелде!..
Ал, енді жез иықты жендетіңе айт:
«Бекзатым, домбыраны бері әкел!» - де.
Отырып офицерге ол ымдапты,

Құдірет өз бұйрығын орындатты.
Түріңді екі жеңін жалды Құрман,
Темірдей білегі де оның қатты.
...Оқушым, сен екеуміз орашолақ –

Ұғарсың өзіне бір қарасаң - ақ...
Тыңдалық тыным алып енді біраз,
Сайрасын қапастағы қара шанақ.
«Қайран шешем!..

Қайран шешем!..
Сағындым!..
Жаңа бір сәт жанарыңа шағындым.
Көз алдымда күллісіндей бар болдың

Көк теңіздің, Ақ Жайықтың, Шағылдың!
Қайран шешем!..
Күзеткенің түгел ме?
Маған деген көжектерің түгел ме?..

Бел үстінде белгісі жоқ кешегі
Байғазыға көз еткенің түгел ме?..
Қайран шешем!..
Дүр сілкінер Жайық та

Дүбір бар ма, әлде бүгін ғайып па?..
Қан төгілген Бекетайда қызғалдақ
Қызыл - шақа алақанын жайып па?..
Қайран шешем!..

Жан емессің жүргінші!
Аялдашы, аз ғана бір жүгінші.
Жүрегімде саған деген сазым бар;
Қайран шешем!..

Қайран шешем!..
Ұғыншы!
Түсіндің бе түрмем қандай екенін?..
Қалғытпайды қасиетті мекенім;

Осынау бір ойшыл үйден несі артық
Пайғамбары ұйқыдағы Меккенің?..
Құдай емес мұндағы жұрт қожасы.
Еркін мұнда елдің шері, ызасы.

Тарауықтай тартылады осы үйде
Неше түрлі баһадүрдің музасы..
Қайран шешем!..
Білмейсің-ау музаны:

Ол осында атар таңның азаны.
Зындандағы зиялының аузымен
Ол кеседі патшаға да жазаны.
Мың оралса оң жағыңды, солыңды,

Мылтығың да тыя алмайды сол үнді.
Дұғамен ол шошытпайды жаныңды,
Көз жасымен қандырады шөліңді.
Илан,

Мені баяғыдай мен десең,
Соны тыңдап сағат сайын мен де әсем.
Ғибадатты түрмем менің тақауда
Түн жарымда түгесетін медресем.

Батаңды бер, баба қызы, жолға сал!
Мен де жұмбақ жүрегі бар жанға сан:
Намазшамда нағашыдан жар күтсін,
Жарым түнде еркіндікпен жалғасам.

Бақыттан көз жаза қойман!..
Іздеңдер! Енді қалған аз-ақ айдан
Іздеңдер! Қараңғыда көзге түссін көлеңкем,
Бір жарқ еткен нажағайдан іздеңдер!

Сазым осы, сор демесең, бақ десең...
Бұдан артық қандай тіл мен жақ шешен?.
Тамам болдым... Табысқанша тарықпа,
Қайран шешем!..

Қайран менің ақ шешем!
Домбыра сындырмалы, сым ішекті
Осындай оның ішкі сырын шертті.
Дәм беріп анасына абақтыдан,

Құмарта Құрманғазы шылым шекті.
Ол енді өзге сөзді қаламайды,
Сұрайды хан жайлы да, қара жайлы:
Дөңбайдың қазасына жиналыпты

Азғыр мен арғы шеті Қарабайлы.
Жан еді жүрегіне ыза толған,
Әбіл сот арақ ішіп, өзі атылған.
Атақты Мамырайдың Айжан қызы

Жайықтан арғы бетке ұзатылған.
Обадан отыз үйлі Ысық өлген –
Питерден ақ киімді кісі келген.
Басынан бекіренің у жайылып,

Безіпті балықшылар Кіші көлден.
Үпіден19 муфти келген көсем салып,
Биылғы бітір – зекет - өсім салық.
Азамат абыржыған ел ішінде

Бір-ақ жыл, өзгерісі осыншалық.
«...Айырып байды бастан, құлды ісінен,
«Жазымыш» жаңылмапты күллісінен;
Бекер-ақ бес уақыт сиындырған

Құдайға Құрманғазы күлді ішінен:
«Сен берме бақытымды, еркімді де,
Сыйлама сүйегімді, етімді де!» –
Ол қалды мұны ғана ойға түйіп,

Есіктен Алқа шықты екіндіде.
Қап-қара, қасіретті ішті мұздай
Түрмеден ана шықты түсін бұзбай.
Офицер есік ашты ең – ақырғы

Тұтқаға оның қолын ұсынғызбай!
Ол кетті оңашада бір қиялда –
Әлгі саз әлі шырқап жүр қиянда.
Құлағын түрсін енді құрсақ көрген

Не түрлі сұқпатты мен сұрқияң да.
Уа, ғажап! Ерен сазға ердің, ана!
Мұны жоқ мұндар адам елді ұға ма?
Көз жасын қасиетті омырауды

Түп-түгел жуып кетті енді ғана?..»
Тағы да талаушымен егескелі,
Ел тегіс көз алдына елестеді:
«Сахара, сары белді ата-мекен

Жалбызы жанып біткен емес пе еді?..»
Тағы да теңіз ұлын, тау ұлын да
Тыншытпас алдағы шақ - дауылым ба?..
Асылдың жерге сіңбес қаны болды-ау

Қызғалдақ қызыл-шақа ауылымда?!..
Шүкірлік!
Тағы шүкір ұрпағыма!
Ал, тақсыр, аямасаң,

ұр тағы да.
Үлесі ердің ғана жағалы жау,
Оған жоқ тәңірінің ортағы да.
Бұғаула, есігінің бәрін жап та –

Ол сатпас намысы мен арын жатқа!..
Бетінен бейуақытта қаны шығып
Сонау күн барып қонды Нарын жаққа.
Ол соған ұқсап бағар нағылсаң да,

Сарқылмай мен де күтем сағынсам да.
Арман жоқ алыстағы күмбезімді
Алдынан бұлаңдатса сағым сонда.
...Қалдырып жаны мәңгі жас ұлыңды,

Құпия шерттің осы жан сырыңды.
Қош енді жолықпасақ,
Қайран шеше,
Көзімнен ақ жаулығын жасырынды.

ҚЫЗЫЛ ҚАЙЫҢ ҚОНАҒЫ

Дүние күңгірт бейне шаң, тұмандай...
Апыр-ау, келер күннің шарты қандай?
Бір үйде Құрман жатыр құс төсекте,
Денесін өз қызуы шарпығандай.

Аздай-ақ өзегіне өрті мұңсыз,
Сөйлейді көзін ашпай ол тынымсыз.
Еңкейіп таң атқалы жастығына
Орыстың ақ сақалы отыр үнсіз.

Жатсынып сыры жұмбақ дәрігерді,
Оңаша таңсәріден дәрі берді.
Бір ғана тілегені:
«Сағырбаеш

Сауықса, алған емі дарып енді».
Науқастың кісені жоқ кесетін де,
Қылмыс жоқ жазғыратын, кешетін де.
Ол жатыр елестетіп әбігерді

Өткерген өз басынан кеше түнде.
Оқушым, қоспасы жоқ, мұны шын де,
Бейуақыт бейнет керек күн үшін де –
Әбігер болды кеше, тас қараңғы

Мұз - нөсер қатты жауған түн ішінде.
Ол түнде алай-түлей жел де күшті,
Байқады бір ғаламат жендет істі:
Түрмеден, сонау биік жоғарыдан

Салбырап жалғыз адам жерге түсті.
Назалы нағылмайды батыл барса, –
Жоқ болды алғаш мылтық атылғанша:
Қарауыл қараңғыда жан ұшырып,

Сабылды жаяуын мен атын қанша?!
Алдырған неден, сірә, тайсалады? –
Біреуге біреу дереу ой салады;
Жасақтар төңіректі жарқылдатып,

Өкпең де тінтіп жатыр сай-саланы.
Көкке де от тізбегі сорғалады.
Аңдыздап аташ біткен ырғалады.
Қолдағы факел жанып құрығанша

Қуғыншы көзін ашып бір қалады.
...Тағы жоқ... Тағы нөсер тас қараңғы;
Торлады жан-жағынан тас қамалды.

– Ол қалай осы тұстан ғайып болды?

– Жер жұтты?.. Әлде соны аспан алды

– Қап бәлем!.. Оққа жанын болса құмар...

Көрерміз... Анық тауың бір шағылар...

– Қарашы тәңірінің жаңбырын да

Көзіңді ағызардай бұршағы бар.
Бұлайша айғай салып атырапқа,
Қарауыл қамшы басып жатыр атқа.
Ал, сонау қызыл қайың бұтағында

Оранып қашқын отыр жапыраққа.
Қайыңның қашқын бүгін өз қонағы,
Жат көзден жалғыз оны қызғанады.
Басына бұл ағаштың ұя салған

Бір кезде Мұғаджардың мұзбалағы.
Осы адам Атырауда тірі қалған
Бүгін сол батыр құстың бірі болған, –
Бұл-дағы тас қараңғы жоғарыда

Шеңгелдеп қу тұғырды бүріп алған.
Ат пен оқ баяғыша ұшқыр әлі
Төменде ажал мейлі ысқырады;
Қырандай асыл адам қиялына

Жапырақ жамырасып іс қылады.
Бәрі де көбелектің қанатындай,
Енді-енді ер үстіне қонатындай;
Көрінсе жасырғаны жат көзіне,

Күллісі қазір өліп қалатындай.
Сыбырлап жапырақтар құлағына,
Құпия сыр айтады қонағына:
«Армандай биік шырқап кетті дейді,

Бүркіт те бұл ағашқа қона - қона».
Ол құста осал болып жаралмаған –
Тұзақшы тұғырына бара алмаған.
Темір тор, түрме ғана салынған соң,

Ер сұңқар енді қайтып оралмаған.
Орын жоқ, жерде бәлкім оған әлі,
Қалайша оны көктен оқ алады?..
Тірлікте шырқау үшін, бұл арадан

Асыл зат, әне солай, жоғалады.
Біржола безбес еді ол да кеше
Азғындар: «Ажал оғын ал!» демесе;
Бұл сырды қараңғыда қайталады

Құлаққа қызыл қайың әлденеше.
Әрине, кету керек бұл арадан,
Өрт қойса, бәйтерек те құлар одан...
Қош енді қасиетті қызыл қайың,

Жақсылық өзіңдей - ақ қылар адам.
Үмітсіз қуғыншылар тынышталған –
Оларға сиынардай жұмыс болған;
Ертең-ақ сөз кетеді ел аузында

«Бұл үшін шайтан менен жын ұсталған».
Қуғыншы дейтін шығар: «Дала бездік,
Шапқылап түні бойы қала кездік».
Ал, мұнда кісен ашты кешегі бір

Қалашқа жасырынған қара кездік.
Манағы қуғыншыға жол ашпаған
Қатулы қара нөсер толастаған.
Оған да айтылады: «Пәруар деп,

Бақытын бір адамның тонаспаған».
Қайыңнан қашқын төмен сырғанады,
(Одан да аңыз болып сыр қалады) –
Түн бойы етке тиіп еріген мұз

Жыландай суық күйде сорғалады.
Ол кетті сол бетімен қала жаққа.
Жолшыбай ұшырайды әлі азапқа:
Денесі қалтырайды... Қатал тағдыр

Тағы да одан өшін алашақ па?!
Баршасы денесінің дірілдейді,
Дыбысқа құлағы да түрілмейді.
Мұз бұршақ түні бойы тоңазытқан

Жотасы уқаласа тірілмейді.
Жотасы жұдырыққа тірілмейді,
Көйлектің жағасы да бүрілмейді.
Зіркілдеп қатты ауырған зілді басы

Қай жаққа қараңғыда бурыл дейді?!
Ол болды ер бұрышқа қағытылған, –
Қаңғиды. Көздің алды тағы тұман.
Түзейді бейуақытта бетін қайта,

Жаңылып жаңа ғана бағытынан.
Апыр-ау, жаудың түспей қақпанына,
Ерлікпен осы ғана тапқаны ма?..
Осы да алыс шырқап жөнелетін

Мұғаджар бүркітіне тартқаны ма?..
«Бақытқа кең ашармын есікті де», –
Деп еді Шынымен-ақ кешікті ме?..
Баяғы бала кезде теріп жеген

Бұршақ та бүгін бұған өшікті ме?..
Осы ма өз қолымен жасағаны
Тағдырдың бұғауынан босағалы? –
Досының ене беріп есігіне,

Құшақтап қатып қалды босағаны.

– Жарқыным, көгершінім тірісің бе?..

Бұған да жауабы жоқ тірі сүлде...
Төрдегі төсегіне жеткізе алмай
Ентікті егде кісі түн ішінде.
...Жылынды жаны кеткен жалаң аяқ,

Қымталды бар денесі баладай-ақ.
Ақ пейіл ата кісі жаны қалмай
Қасына әлденеше барады аяп.
Осы еді оған туыс сол күндер!

Суретші Лавочкин20 сүргіндегі.
Құрманға құпиясын ашқан өзі;
Түрмеде айтылмайды сыр кімдегі?..
«Тыншыға құпиямды түсін!» - депті,

Патшаны тәлкек етіп мүсіндепті.
Сол күні ұсталыпты... содан бері
Өмірі абақтының ішінде өтті.
Өсірген өжет қылып жүрегін ой,

Шіркін, бұл абақтыға жыр еді ғой!..
Мұны жоқ құдіретті мұның ғана
Қасында көтеріңкі жүреді бой.
Түнімен түгесілмес сыбыр көбі

Баршаға бағышталды Сібірдегі.
Не ғажап өлеңдері осы кісі
«Оңаша сусыныңа сімір», - деді.
«Дариға - ай, орысшаның түбі терең!..

Ер өлең, еңіреген жігіт өлең.
Жеті қат мағынаңды жетіп ұқсам
Жүз мәрте жүрегімді жібітер ең!»
Осынша Құрманғазы опынатын,

Сонда да соған өлең оқылатын.
Ақсақал аңызды да неше түрлі
Ұзақ түн ұғындырып отыратын.
Ол әсте таңды тегін атырды ма,

Ол «сусын», ішер асты батырды ма?
Сыр қылып сыбырлайтын осы кісі,
Балтаға басын тосқан батырды да.
Асылдың айнымасқа серт етуін

Бұл адам бұғып жатып шертетұғын.
Бұл адам тауып алып ағытатын
Басынан жүрегінің шер тетігін.
Елі бар мұның Еділ іш жағында,

Біреу тұл, біреу онда ұшпағында.
Жартылай кеше ғана босатылып,
Қалды бұл Орынбордың пұшпағында.
Осынау абзал кісі ақсақалды

Ау жамап, күн көріске мақсат алды.
Алданыш қорадағы алмасымен,
Мәпелеп баласындай бақса талды.
Паром да жүргізеді кешкілікте;

Тыңшылар жол таппайды еш күдікте,
Сүгірет жұрт көзінше салынбайды,
«Ықылас бітті, дейді, ескіріп те».
«Көнеріп қалды дейді, көз бүгінде»,

Астыртын бояуларын езді күнде.
Осы ғой кешегі бір жексенбіңе
Қалашқа тығып берген кездігін де.
Не түрлі көрсе-дағы қазаматты,

Осылар құрметтейді адам атты.
Бұл ғана империя бұғауынан
Босатып алып отыр азаматты.
Ал, бірақ, кім үрейден қазір ада?..

Адамға өзінше бір құзыр о да, –
Сощиктен Лавочкин сескенеді
Оңаша қорадағы құжырада.
Сол үшін Лавочкин осы күнде

Сыртынан құлыптайды есігін де.
Он сағат Құрманғазы оянбады
Баладай балбыраған бесігінде.
Ел жата көзін ашты шошығаннан,

Құтылды «қара жылан шоршығаннан»,
Ақсақал дәм үстінде басын иіп
Ұсынды осыған тұз, осыған нан.
Болар ма бұдан тілім оқымасқа? –

Нан мен тұз пәрмен дейді бүкіл асқа.
Сергиді Құрманғазы, екі көзі
Бір тойды төңірекке, ықыласқа.
Қоянның ақ сорпасы бұрышталған

Будақтап бұған келді бір столдан.
Тағамның танымайды бағзы бірін,
Алдына неше түрлі ырыс толған.
Табақта қазақ білген «отуарнай»21,

«Жапырақ» жасан қозы отығардай.
Ликері мадьярдың шамға таяу,
Оның да жанып тұрған оты бардай.
Таңырқап қарай берді қонақ ұдай;

Бұрышта жарқырайды «дана құдай».
Бар жиһаз қозғалмайды -
аспан жерге
Түспейді төңкеріліп манағыдай.

– Азатпын, кісендеп кешегі мен...

Өзгенің мазағы мен есегінен! –
Ол солай ашып тастап омырауын,
Көйлекшең атып тұрды төсегінен.
Биікте бір ғажайып сахнадан

Сөйлеп тұр өзі бейне ақын адам;
Ағат та жібереді айтпағынан,
Сұрама бұл сағатта ақын одан.

– Мен, дейді - қарап алға, артыма да,

Бас идім бүтінге де, жартыға да, –
Тарбақа сасық көлде шуылдаса,
Азғынның өсегінен артық о да.
Ал, бірақ, әлимсақтан түбі зирек

Дұшпанның азаматқа көбі керек.
Қолпаштың ортасында құдай атып,
Оларсыз түк бітірмей, көмілер ек...
Құмартпай олар саған жолыққалы,

Айқастан бар ма, сірә, жалыққаны?..
Бетіңде қаның бекер ойнағанша,
Жақсы ғой жүрегінде жаныққаны!..
Үлкен жау жақсылықты сездіреді,

Үлгерсең ажалыңнан бездіреді;
Айқаста құдіретің асып түссе,
Ол ғана шықшытынан ездіреді.
Өмірде оңға, солға із кетеді;

Түспейсің жоқ қарамай ізге, тегі...
Ал, сенің алыс досың алыс жүрсе,
Жау ғана соны соған іздетеді.
Міне, мен солай таптым асылымды,

Өзімнің өзегі бір нәсілімді.
Заманым! Өлгенімше қарғамаймын
Әзелден маған жаны қас ұлыңды.
Жау маған істеп бақты жат қылығын,

Ұмытпан оның осы жақсылығын...
Айнымас еті қапы жүрегімде
Ескірмей оған деген жатсын ұғым.
...Ағатай!.. Не деп барам?.. Түзікпін бе?

Қиял да құбылады қызық күнде.
Қарашы, білегімде ізі қалған,
Тастаппын кісендерін үзіппін де.
...Ем - дәрі?.. Қоя тұршы оны ұсынбай

(Ертең-ақ емделетін өрісім бай...)
Одан да құшақтатшы... Сағындым ғой
Сары бас Самардағы орысындай.
Науқас жан айтты мұны ентігіп-ақ

Ойда жоқ ендігі сор, ендігі бақ, –
Түкті де елемейді енді көзі,
Түкті де естімейді енді құлақ.
Жармасты жаны ғашық қарындастай,

Тынбайтын көкірекке жалын баспай...
Қапсыра құшақтасқан екеуінің
Құшағы енді қайтып айырылмастай.
Мезгіл жоқ ауруға да ентігетін,

Жөн де жоқ сабыршылық етілетін, –
Теңіздің тентек ұлы сүйе берді
Алмадай ағасынын екі бетін.

ЖАТАҚТАҒЫ ЖАҚСЫ КЕШ

Қашқынның тірлігінің жөні - ақ осы:
Берілді бейуақытта қонағасы.
Әйгілі құжырадан жоғалу шарт,
Ұзатты таңға жуық оны ағасы.

Сықситып аша берді көзін оған
Жатақтың жаман үш құжынаған.
Осында бала туып, баба кетіп,
Осында жігітше қыз ұнаған.

Осында домбыра да шертіледі,
Осында көз жасы да сүртіледі.
Әзелден қайырымды қазақ - ата,
Ол қашан өз ұлына сор тіледі?..

Құшады онда күйші, ақының бақ,
Жатпайды «жасыр!» деген ақылыңды ап.
Қазір-ақ жеткізеді махаббатын
Бір құлақ бір құлаққа ақырындап.

Жатақтың жаппасы мен тамасы «бай»,
Жамаулы қазаны мен табасы май.
Жылудан жиналады көлігің де
Ақиқат бола қалды тап осылай:

Тынбады жатақтағы жақ сыбырдан,
Арпаға ат байлады жас тұғырдан.
Қара мұрт қасапшының жер үйінде
Қадақтан жазылғанша жатты Құрман.

Бойынан пұшпақтағы пәлен көше
Кәрі-жас оған келді сәлемдесе.
Маңдағы тәуіптер де мадақталды
Ақ, қара жабағымен соны емдесе.

Әжелер ала келіп сыбағаны,
Қолдарын қолтығына сұға алады;
Сырғалы ақ келіндер енесінің
Сыртынан әлденеше сығалады.

Жұпыны пұшпақтағы өңір енді
Астыртын күн де болып күңіренді.
Осылай жадыраңқы өтіп жатты
Күздегі сүмбіленің күні реңді.

Естіген ел де мұны бір жұмада;
Нағашы қарық қылды қаржыңа да;
Әуестен сыбаға мен киім келді,
Екі бас жіберіпті қоржын о да.

Жас күйші Ерғалиға Құресінен
Бір сәлем барып еді кірешімен.
Алдында ұстазының о да келіп,
Жүгініп отыр енді жүресінен.

Оның бар жетегінде бозы белді,
Бәйгеде запы қылған озып елді.
Мәтіғұл акылымен Кенже балуан
Өнерлі қызын алып өзі келді.

...Бөбектер бұғып жатып жол қараған,
Есік, төр түгел толып болған адам,
Айтулы «Сәрсенбінің сәті бүгін»,
Құрекең аттанады бұл қаладан.

Қай жаққа?..
Кіндік кескен жеріне ме?
Сыбағаң онда тыныш желіне ме?..
«Тағы да баяғыша Нарындағы

Күйкентай, күшігеннің жеміне ме?»
Мәтіғұл нағашысы ақыл еткен
«Қауышпақ бұйырсын деп ақыреттен»
Қаншама бұған дейін бөтен елде

Күйші мен күңіреніп ақын өткен?..
Ол енді арғы бетке өтер жатқа,
Әр кеуде Төремұрат, Өтен жаққа.
Хандықтан, Қарабаудан ауып барған

Ол жерде бұдан өзге бөтен жоқ па?..
Ер десе қабыл етер екі мықты,
Осыған көңіл тоқтап бекініпті.
Бүгінгі ойдан-қырдан бас құраған

Ел оның енді қайтпас бетін ұқты.
Құрметтеп қалу керек; парыз осы!
Ең ақтық қонағасы - қарыз осы... –
Бір ұлық қоштасуға келеді деп,

Жатақтың жүгіріп жүр кәрі, жасы.
Ұқпайды одан өзге түгіңді де:
Кеш жақсы кешегідей бүгінгіде,
Бөлмеден бүйірдегі Дина шығып,

Үкілі басын иді, бүгілді де.
Кенженің Дина қызы нұр - шұғыла;
Күллі көз қарай қалды бір сұғына.
Өзгеден іркілмейді өжеттігі

Әлде бақ, әлде өзінің қырсығына.
Еркінше екі бұрым салбыраған,
Шашбауын алтын оқа сан бұраған.
Қос - етек шәйі көйлек, сауыр ерік,

Құндызы басындағы сән бір оған.
Қызыл тон бір иыққа бос ілінген,
Қос анар қолдан бейне өсірілген.
Болмашы күлкісінен күн шығады;

Перизат, не табарсың осыныңмен?!
Адамда кездеседі келбет алуан,
Сонда да өнерліге кім жете алған?.. –
Атана қолыңды сөз, балам, - деді

Төрдегі қыз әкесі Кенже балуан.
Ондайда оңдырған ба жүрек бізді? –
Жұмсақ қол ата жанын дір еткізді.
Әдейі Құрманғазы солғын тартып,

Көзінен көркем қызды бір өткізді.
«Апыр-ау, - дейді Құрман үн шығармай,
(Сескенді ойын табар тыңшы бардай) –
Ғаламда бір ғанибет жан болыпсың

Місіңнен жаман еркек тұншығардай.
Әмісе, құс келе ме жылды құртпай?..
Мен неғып кейінгіні жүрдім ұқпай?..
Кеп-кеше қоян жылы көргенімде

Сары бас сәби еді жұдырықтай.
Өлең мен құмар еді күйіңе тым,
Ерке қыз ер балаша киінетін.
Әкенің бәкісінен ала қашып

Жұлып жеп отыратын киік етін.
Сар тентек «сақау» еді ол көрінген,
Қалай тез оған әсем өң берілген?..
Өзінен үлкен еді домбырасы,

Күбідей шанағы да өңгерілген.
Ақыры Айжан қыздың жалғасына
Кез болдым... Оны біреу алғасын да...»
Төрдегі Құрманғазы төмен қарап,

Осы бір ойда қалды алғашында.
Одан соң құлақ түрді ел сөзіне,
Аз сөйлеп, (кезегі бір келсе өзіне);
Термесін ақын шалдың азырқанды,

Өмірді одан гөрі кең сезіне.
Ақшамда «Ақ желең» мен «Үлпілдекті»
Ыстықтың тамырындай лүпілдетті.
«Бес қыздың бел шешпесі», «Балдыз» күйі

Жүректен жұлып алды бүкіл дертті.
Әзелден Құрман күйі таза, шыны...
Жетер ме оған сірә, сөз асылы?..
Ұстазы кезек берді, –

безілдетті
Ерғали екі дүркін «Бозашыны».
Енді күй тартпақ еді қыз мәністі,
Ел кенет ауыз үйде қозғалысты. –

Ал, келді ұлық мейман, - деді біреу,
Қадалып есік жаққа көз қалысты.
Қорада сүрінтер деп қамыс, қоғам,
Қасапшы босағада шам ұстаған.

Ізетпен ішке кірді екі мейман
Бұрын-соң бұл қауыммен таныспаған.
Алдында Лавочкин күлімдеген.
Бешпеттің түймесі де ілінбеген.

Ол қызық ауыз үйден бір баланы
Қолына көтеріп ап «ұлым!» деген.
Есікке төрдегінің бәрі ағылды,
Шашақты кәмпит ұстап бала күлді.

Шешесін көрсетеді әлгі сәби,
(Шешесі-ай, жисаң нетті балағыңды?!)
Қасында Лаушкенің ұзын адам,
Алмайды Құрманғазы көзін одан.

Баршасы жарқылдаған киімінің
Әскери кеңсе басы қазынадан.
Ол-дағы Құрман қолын босатпайды,
Күледі, сыбырлайды, құшақтайды.

«Анық дос адам болған» деген жұрттың
Сенімін осынау бір кісі ақтайды.
Танып тұр Құрманғазы сырт мінезден:
Бай емес, байғұс емес жоқтық езген.

Осы еді-ay баяғы бір бал кезінде
Қадала қарай қалған сұқты көзбен.
Оқушым! Есіңе алшы ставканы, –
Баяғы қатты жабық іш қақпаны...

Бар еді-ay хан қолынан осыған да
Қашқынның сүгіретін ұстатқаны.
Сол осы журналист, ақының да,
Аңсап бір жолығысты ақырында;

Патшаның сеніміне сені сатпас
Мұнда бар өзгеше бір ақылың да.
Василий Савельев парасатты
Ұғады келешекті, қалашақты;

Қозғайды тарихынан қазағыңды,
Қыпшақты, сонау арғы қара сақты.
...Сақтатты бүгін бұлар ережені, –
Қымбатты қырық жамау терезені.

Ет, шайдың ермегімен осы түнде
Сөз болды, қара жөні, төре жөні.
Сөз болды оң сапары күйшінің де,
Арғының, арғы шеті үйсіннің де;

«Сыбантау», Сырдария гүлдерінің
Ашқандай көкіректі иісі мүлде.
Ескертті Савельев қалжыңын да
Жатқанын жолда тегін қаржының да, –

Сарыарқа, Алмалытау алыс, - деді,
Айтулы сапарынан қажының да.
Сонда да, Сағырбаеш, өз елінде
Саған дос сары белің, өзенің де;

Саған дос әрлесе қарақшы да,
Сөз қылмақ мақұл емес о жөнінде.
Пейіл бар пейіштей кең, тарыңқы да,
Танып қайт, елдің қызық тарихы да.

«Құла тұз» көрсетеді құдіретін, –
Жатқан жоқ жалпақ елің, бәрі ұйқыда.
Өнері, шабыты бар, арманы бар
Алдында түйелі бар, арбалы бар,

Жаяу бар әкім тартып атын алған,
Намыспен соған соқпай ар нағылар?..
Аңыздап әз баланы, хор қызын да,
Алдыңнан шығар әлі қобызың да;

Көрерсің,ереуілде ел құдай ма,
Жоқ елде жоғарының қолы ұзын ба?..
Өзіндей бұл өлкеде асыл үнді
Көрерсің көші қалың нәсіліңді;

Ұйқысыз тымақтының құлағына
Құярсың қасиеттеп асылыңды.
Өткізбе елден бөлек еш күніңді,
Мерт болсаң, кең далаңа кеш құныңды;

Тағылым ет күні кеше Еділ өтіп,
Еліңе жалғыз келген Пушкиніңді.
Әттең-ай!.. Еуропа аспабында
Бір хабар біліммен көз ашқаныңда,

Тағы бір жанбақ еді бақ жұлдызы
Музыка әлемінің аспанында.
Қайтерсің, бір серігің - өкінішің...
Сонда да алтын ғасыр өкілісің.

Бақыттан, қуғыннан да сыбағалы
Бір өзің тәңірінің екі ұлысың.
Осымен Савельев сөзі бітті,
Жатақтар жан түкпірін сезіп, ұқты.

Тағы да Лавочкин насихаты
Сағаттың бағдарына созылыпты.
Ол айтты:
«Іс қыларсың өзің біліп,

Ең соңғы қалайтыным - төзімділік,
Ыстықсың, ұрымталсың... еске сақта
Салмайды ел ішінде езің бүлік:
Кездесе білгенің шарт зұлымдықпен;

Абзал ғой оның тастар зілін күткен...
Өртке де өзің барып түсетұғын
Айың мен әлдеқашан жылың біткен.
Құрметте жыланның да іс - қылығын,

Үрейден туған оның ысқырығын.
Сен әсте сезіміңе ұйқы берме,
Дұшпанды өзінен де ұшқыр ұғын.
Оны қой, айта берсек әрідесін

Талантқа тату, араз - бәрі де сын», –
Ден қойып мынау сөзге Құрманғазы
Иықтан бір сипады кәрі досын.
Ішіп, жеп аяқтады қонақ асты,

Кеңеске елдің бәрі құлақ асты.
Тартылып тұңғыш рет «Қызыл қайың»,
Күйшіміз аңыз етті сол ағашты.
Күйшіміз әңгімені ағытты да

(Сөз соңын отыр екен бағып бұ да);
Өзінің жүрегіне өзі үңіліп
Көпсінді бақ жұлдызын, бақытты да.

– Неғылған бақыт, - деді, - жапандағы,

Шабыт та шариғатқа жат ондағы.
Білімнің қасиетті бұлағына
Түсімде бір шомылып жатам-дағы...
Күймемен Парижға да жетем жарқын,

Дос қылам тілі, салты бөтен халқын;
Ән-күйін өнегелеп Римнің де,
Түсімде мұғадарсыз етем бәлкім.
Түсімде хан да күтер жары жолдан;

Өңімде оның маған бәрі жалған.
Өңімде өз бетімнен айнымасқа
Адаммын ана сүтін қарыз алған.
Байқасам, бал жинаған арадаймын,

Армансыз қазақ елін аралаймын;
Бәлкім мен бір ауылдан шалқып өтсем,
Бір тұста жүрегімді жаралаймын.
Уақа жоқ, оған-дағы разымын,

Тыңдаймын сахараның біраз үнін.
Бастары бірікпеген ағайынға
Айтылмай базынам мен жүр әзілім...
Ал,шырақ!..

Ажыраймыз, Дина шырақ!
Көңіл аш, күйіңді тарт сен азырақ.
Жатады адам түгіл жазғытұрым
Жөңкіліп Жайықта да сен ажырап...

Жолыма жоралғыны әпкел, істе!
О Hecі?.. Жылай ма екен ақ періште?!...
Қолында құдіретті күй тұрғанда
Байлық па «атан алып, ат беріс» те?

Танытшы талантыңды жөнелерде,
Манадан сусап отыр ел өнерге.
Тыңдасын ата, құрбы, мейманымыз,
Тыңдасын жас келін де, енелер де!

Қоштады мұның сөзін төр мен есік,
Сырттағы өзгелер де өрмелесін,
Босаға боз ағашы сықырлады
Дауыстар: «Сау бол, сабаз, өлме!» - десті.

Дина қыз бойын дереу тік ұстады,
Мықтының місінен де ығыспады.
Бірден-ақ тамам көзді тартып алды
Пернеге саусағының жұғысқаны.

Әуелі құс дауысын сұңқылдатты,
Одан соң күйден шықты күлкі қатты,
Одан соң біле алмадым, көк теңіздің,
Шулаған жағасында кім тіл қатты!..

Дүбірлеп құлан қашты, аң қашты да...
Осынша ойқастады алғашқыда.
Бір сәтте осы қыздың «Дәурен» күйі
Жөнелді арманымен жалғасты да.

Жұрт тегіс жаны жоқ бір мүсіндердей
Көбінің көздері де кішіргендей.
Жалғыз-ақ теңселеді Құрманғазы,
Қайыққа соны біреу түсіргендей.

«...Қайтеді, мынау бала өртене ме?..
Осынша қиялдайды ерте неге?..
Әлден-ақ қыз дәуренін қызғана ма
Кеп-кеше түк білмеген ерке неме...

Торғайдай жаны қалмай шырылдаған
Бір сарын ұқтырады сырын маған.
Апыр-ау, дүние малға сатыла ма
Сеніңде шекер-балдай шырын баған?!

Еріксіз шымылдыққа енермісің,
Сен-дағы бүркенумен сөнермісің?..
Бір жола қош айтысып жоғалар ма
Бос мойын балапандай өнер-құсың?!

Апыр-ау қызыл гүлдей семермісің?..
Ұшқындай бір жарқ етіп сөнермісің?..
Жо-жоқ,
шырақ! Әкең балуан – өнер досы,

Сен оның құдіретіне сенермісің?..
Ешкімнің ол бермейді мазағына;
Аты паш Атыраудың қазағына.
Әкеңе басынан-ақ жолдас емес,

Байлық пен кедейшілік, қаза, күнә.
Айжандай бақ, дәулетке жүгінбейсің
Жасып та, өзге қыздай бүгілмейсің –
Үкілі бөрік бастан ауа берсін,

Ертең де жарқылдаған бүгін дейсің...
Ақ жамбы желінбейді тот та қонса,
Жүлдені бар алынбаған топта қанша?!
Сахара сандуғашы болармысың

Жүрегін тозып барып тоқтағанша?!
Талай бар, ендігі қыз түлеп сен ше,
Шынардай шыны бойы тік өскенше!» –
Аңсады Құрман булай алдағыны

Ақ Дина «Дәурен» күйін түгескенше.
Шалқыса Құрманғазы, өріс тар ма? –
Қыз күлді ақ саусағын ол ұстарда;
Ақыры бет сипады; салтты бұзбай

Қол жайып, бата қылды орыстар да.

АРМАН АҒЫСЫ

Кейінде сәрсенбіде Жайық қалды;
Кең дала етек-жеңін жайып салды.
Қасқа жол қайқаңдайды белден белге
Ұқтырып өткен-кеткен жайыттарды.

Бұл жолмен бақ-талайын сынасқалы
Сағызға, Жем бойына кім аспады?..
Батырға, кірешіге, торғыншыға
Оңаша ортақ мұның күн, аспаны.

«Қош!» айтып кейіндегі қалың жұртқа,
Бұл жолмен жылап асты қалыңдықта.
Біреуі сорлы қыздың сонау белге
Депті ғой: «Оңашада қанымды ұртта!»

Белгісіз жылдарының саны маған;
Жел ғана соны жоқтап сарнаған.
Қасында қарақшының құлпытасы
Ит өтті әлденеше сарып оған?!

Ал, мынау кімнің ісі?.. Ер ісі ме?..
От жаққан үңгіп барып жер ішіне.
Ұқсайды ұры тентек пісіргенге
Бедеудің етін орап терісіне.

Біреудің кө жасына қарамастан,
Жиіркенбей жеген қанша арам астан?!
Қылыштың сынығы да қыр басында
Адамның сүйегімен араласқан.

Қай заман, қанша жерге қан ағыздың?
Өшпестен бәрі жатыр қаралы іздің.
Қалбаңдап сол төбеде әлі де жүр
Екі рет жүз жасаған қара құзғын.

...Неше күн жортып келіп, ат шалдырып
Шапанның тұйығына жатсаң кіріп.
Бұл жолда бұдан да көп ой келеді,
Кетесің тағы-тағы шапшаң жұрт.

Тағы да некен-саяқ ел кересің,
Кез барда қоналқаға үлгересің.
Ақырын таң намазда қош айтысып,
Тағы да қарияға қол бересің.

Тағы да түні бойы қутыңдаған,
(Нағашың, жездең болып күй тыңдаған),
Ала аяқ қалады ұйықтап, төсегінде,
Үргенмен естімейді итің де оған.

Не керек оған, сірә, сенің өзгең?..
Сонда да ел жақсы ғой сері кезген:
Тағы да түйе сауған жас келіншек
Таң ата ұзатады сені көзден.

Сендей сол Құрманғазы жалғыз атты;
Жолшыбай күй де шертті, жамбы да атты.
Бәрі де «көз оқытар, көңіл ашар» –
Жемейді жалғыздығы жанды қатты.

Астында бәйгі бозы бұлаңдаған,
Қиналып, аса шауып буланбаған.
Сыншылар мойнын көрсе жануардың
Аққу мен ұқсатады жыланды оған.

Көргенде үлкен, кіші – тілесе кім –
Бір бөлек сөз қылады тілерсегін.
«Мініскер емес» деді бір «сәуегей»,
Ол қалай саған бақыт тілер тегін?..

Сатсын деп саңлақ атты ол шенеген;
Сұқ кезде тілек те бар өлсе деген.
Адам аз жануардың сағағы мен
Қарыстап омырауын өлшемеген.

...Жолаушы күзектегі ел ішімен
Ұзады, аттанбады желісінен.
Ат бүгін пысқырады: сұрапылды
Сезгендей қоңыр суық жел ішінен.

Батпай-ақ күннің көзі өшті бұрын, –
Қалың бұлт қарауыта көшті қырын.
Аспанның жабығынан жарқыл ойнап,
Төңірек тұнжырады кештіқұрым.

Маза жоқ қара құс пен қырғауылда;
Соғар ма мұның арты мол дауылға...
Күндік жер әлі бұдан Төремұрат,
Қону шарт сонау шоғыр малды ауылға.

Апыр-ау, сонау әйел безектеген, –
Асығыс ала қаппен тезек терген...
Бейшара, нағылса да, біреу болды-ау
Басынан бар қызығын тез өткерген!

Адам ба жат есікті жесір ашқан?!..
Айып па ұрғашыдан жөн сұрасқан?..
Қалайша қорқытпайды бейшараны
Найзағай, қарауытқан жол, сұр аспан?..

Жолаушы солай кетті ұғысқалы.
Үрейлі әйел еппен ығыстады;
Тақымнан қара шолақ мылтық көріп,
Қос қолдап жағасын да нық ұстады.

– Жарқыным, қорықпаңыз!..

Залалсызбын... Ісі ғой оңашада ол әлсіздің...
Барар жер, басар тауым - алдым ұзақ;
Жөн сұрап өзіңізден алам сіздің.
Рет жоқ түсіңізді түк бұзатын...

Адаммын ақтан туған түпкі затым...
Ол бұлай айта түсіп... Ат тоқтады...
Жап-жақын аралары... Тіпті жақын.
Шықпады діңкелерін құртып үн де,

Жүректің не ғаламат тұр түбінде?!
Ала қап сылқ етті де, жерге түсті,
Келіншек бір қақпады кірпігін де.
Әлі тұр... Әлі көзге көз қадалған.

Бірі жоқ қарашығын қозғап алған.
Осы еді-ау асыл тоты;
оны кеше
Алыстан ұзын қолын созған алған.

Алдамшы бақыт кеше аялаған,
Енді не?.. Қатал тағдыр аямаған.
Секірді Құрманғазы аттан оқыс,
(Алдында кім тұрғаны аян оған).

Бұлайша түспес болар әркім аттан, –
Шылбыр да алынбады арғымақтан.
Денесін Құрманғазы дереу жиды;
Намыс пен оны жерге ар құлатқан.

"Тізерлеп қайта тұрды, қарманды да,
Жер - ұшық - деді саған арналды да,
Келіншек ұшып келді қанаттыдай
Жүректе жүрген бәлкім арман бұ да.

– Қыз Айжан!

– Құрман аға!

– Асыл Айжан!

Мақшарда табысар ма осылай жан?

– Ағажан! Абзал еді пейіш десең...

Өңім бе?.. Сорлы басым, осыны ойлан...
Нұр жауды, Құрман аға, үстімізден;
Әнекей, жарқыл жақын ұшты көзден.

– Иә, сәулем! Қатты жаусын қара

жаңбыр,
Көз жазып қала тұрсын күшті бізден.
Иә, солай!.. Бағымызға, заты солай, –
Аспанда ғаламат боп жатыр талай.

Жаурасаң, сағынышым сая болсын,
Кел! Аттың ығына кел жатырқамай!
Көргем жоқ көк пен жердің әмірінен
Мұншалық мүсіркеуді өмірі мен! –

...Өзіне тартып алды оны Құрман
Шапанның орын беріп өңірінен.
Паналап иектің астын, қолтығыңды,
Жаңбырдан, найзағайдан ол тығылды.

Оның да ыстық демі төске тиіп,
Жүректі бұл жалғанның еркі қылды.

– Жарқыным! Асып барам алыс жаққа,

Жөн жоқ деп хан - төремен алыспаққа...
Тағы да қашып барам, жасырам ба,
Жеткем жоқ өлмеген соң әлі ұшпаққа...
Тірлікте баршасына мейір қансын;

Қайтам ба тәуекелге бой ұрғансын?!
Ал, енді өзің білгіз: бұл тайпыда
Сен кімнің бағытына бұйырғансың?
Кісіңді жасырғаның күнә, шырақ,

Тотыны бағып отыр кім асырап? –
Аямай қара көзден жас келтіріп,
Айжанды қатты соқты мына сұрақ.
Көз дереу көзбен суық арбасты да...

Сонда да ақ жүзінен әр қашты ма?!

– Ағатай, - деді бір сәт, - екеуміздің

Баяғы бақытымыз - алғаш күнә.
Соңғы да күнәм менің сол болатын,
Есімде жақсы түстей сол ғана түн.
Кісімнің содан бері атағам жоқ

Жүректен - улы жылан сорған атын.
Болып ем оны мәңгі ұмытқандай,
Жылт етті бүгін тағы үміт қандай?!
Әлгінде атын атап жүгіріппін,

Жаны жоқ тас мүсіндей тұрып қалмай.
Қайтесің тамыры тас қуарғанды,
Мен қашан ұмытқалы қуанғанды?!
Сөзіме иланғайсың: сонау тұрған

Ақ үйде ақ сақалды куәм қалды.
Ол менің қатал ием қасиетті,
Пенде емес, оны маған хақ сый етті.
Тыншимын өлі жандай, егер сол бір

Бауырына қатты қыссам қарт сүйекті.
Бір соның көз алдында бұғып төмен,
Айтқызбай әміріне жұғып, көнем.
Әсем саз, арман, тілек, сағыныштың –

Барлығын бір сол үшін жоқ еткен ем.
Мен оның тартыларда құшағына,
Домбырам отын болды ошағына.
Қақталды қара борша сол ағашқа,

Таласты күндер алтын шашағына.
Күндерді содан бері кезекпенен
Ұйықтатам, олар үшін тезек терем.
Осындай оңашада мағынасыз

Қызарып шыққан күнді тез өткерем.
Кеспірсіз кең даланы кезеп көрем;
Мен соған күнде оңаша көз жеткерем:
Су ішкен, жалғыз оттап, құралай мен

Қу жыңғыл саясынан көжек көрем.
Жетім ұл қора қойды жалғыз жайды,
Оңаша зарлағаны жан қозғайды.
Ала қаз жұмыртқасын жылан сорған,

Өзінен басқа жанға жарғызбайды.
Бір тәңір барлығына айыпты да;
Осыны сорлың бүгін жай ұқты ма?..
Жарына серік болмақ сертім еді;

Сені де бұйыртпады... Жайықты да...
Жараспас шүбәсі көп жерге тұрған,
Үйге жүр аға болып бірге туған.
Алласы, аруағы - бәрі де бар,

Олқы емес менің түскен ірге - тұлғам.
Жөн десең ескі дертті жаңғыртуың,
Өзің көр: өзегіңді жандыр, суын.
Сөз бітті, ол ақырын сипап алды

Құманның маңдайынан жаңбыр суын.
Бір қилы Құрманғазы тұнжыр енді,
Қапаста қайран асық тың жүр еді
Мұны да құлазытты ару жастың

Бақыттан әлдеқашан тұл жүрегі.

– Іс болған, - деді Құрман, - нелер

«ғажап!»
Уа, тоба!.. Сұлулық пен өнер мазақ...
Тегінде, аңыраған саздан қорқып
Әлдисіз, жаназасыз өлер қазақ.

Жә... барам, ағаң болып «көргенді» үйге,
Маңырап малы - басы өрген биге.
Ұзақ түн көңіл айтам сол есікте
Жоғалған махаббат пен өлген күйге.

Қайтейін, қалап сүйген қарындасым,
Кісенге кісің қолы қарылғасын!..
Өтініп өз жарымнан сұрап алған
Сен едің, ақ бетеге қарлығашым...

Мен сендей жоғалтпаймын ішкі мұңды,
Имандай тұтам сонау үш күнімді.
Қоспаған қатал тағдыр жеңгелігі
Қалдырды жүрегімде ұшқыныңды.

Ал, саған айтар өлең: «Аулыңдамын»22,
Не десең, жалтағым жоқ - қаулыңдамын.
Аз күнге... Ақтық рет... Тым құрыса
Қоянның көжегіндей баурыңдамын».

...Оқушым? Болды қызық аяғы да.
Бұл сәтте жылт етпеді жай оғы да;
Білмеппіз, әлдеқашан жұлдыз туып,
Аулаққа бұлт кетіпті баяғыда.

Ақынныі ендігі сөз еркі деме:
Су шөпке сұлап тұрды екі дене...
О да бір ғаріптердің осалдығы,
Сен оған еліктеме, елтіме де.

Қарасын қара дейік, ағын ақтап:
Сертінен қалай ғана айнымақ пәк?..
Ғаріптер мауқын басып, маңғыз кеште,
Жуынды сәулесімен айдың аппақ.

Салты бар әр ғасырдың, әр уақтың;
Ұстады шылбырынан ару аттың;
Сағынған ағасы мен ақ періште
Беттеді ордасына «аруақтың».

ШАЛҒАЙДАҒЫ ШАПҚЫН

– Алыстан ағасы кеп шайхы-cepі.

Тарқады ақ тоқалдың қайғы-шері,
«Бақпадың, алып кетем», - деген үшін,
Жеті күн жалбақтады байғұс ері.

– Шайқаған шаруаны күнде жиын.

Соларға босатты ғой күмбез үйін:
Ендігі қыз-жігіттің бәрі сайтан, –
Қанғыбоз қалдырмады кімге күйін?!

– Бетім - ау, есіктерін қояды ашпай,

Қоржыннан шарап алып, құяды астай.
Иісінен мылтығының ит безініп,
Қалды ғой қариялар қия баспай.

– Өтті ғой ызы-шумен кеш үрейлі.

Би атам қартайғанда кішірейді.
Қайтадан домбыраны алды қолға,
Ақ тоқал енді кімді кісі дейді?..

– Тоқалдың бұлбұл деген аты шықты,

– Би атам аузына да ән түсіпті.

– Қаңғыбоз дуалапты, осы беттен

Сорлы шал айнымасқа ант ішіпті.

– Ит қатын! Үніңді өшір!

Би атаның төгерсің қасиетті ұят-арын;
Құлағы шалған күні жоқ болады
Зәузатын, үрім-бұтақ, үй - отанын.

– Сауының - сары қоспақ, атың - есек,

Киімің келер жылдың хақына есеп...
Осындай сол ауылда сыбыр – сыбыр
Дәрменсіз қалды кейін қатын есек.
Шал қалды берік ұстап босағадан,

Өлген соң қол үзеді қосақ одан.
Екі кеш жерге сұлу еріп келіп,
Тобымен кері қайтты Қособадан.
Бұл одан ұзай алмай, о да мұнан,

Мүсіркеп тұрды неше адал ұлан.
Көз жұмар күн жетпей-ақ қайран сұлу
Бақылдық алып қалды адамынан.
Жарау боз қайта салды жортағына,

Түнде жоқ жануардың жалтағы да.
Бір ғажап жиын-думан ортасына
Сәскеде алып келді жол тағы да.
Адам мен атқа толы бұл аймақта

Шаң ұшқан ылди, өрді лайлап та.
Өнерін қыз - келінге паш қылады,
Найзамен ат үстінде ұл ойнап та.
Жиналған төбе-төбе қариялар,

Кәдесін қашан елге жариялар?..
Тұтқын тұр арқандаулы, ала шапан,
Адамның оны көрсе ары ұялар.
Бұл думан ұқсамайды тойға тіптен:

Аласа боз үйлерін ойға тіккен.
Төрінде Төремұрат отыр соның
Бабаға алдағыны ойлатып кең.
Күзеттен өте алмайды қаптаған жан.

Шеп құрып қарулы жас, қарт та қалған.
Батырдың үйін сұрап алды Құрман
Бір өңкей отқа темір қақтағаннан.

– Уа, батыр, әміріңсіз іс өнбейді:

Жайдан жай есігіңнен кісі енбейді.
Жайықтан жаны салқын, алпамсадай
Ала көз біреу келіп түсем дейді.
Жeткізді бұл хабарды бір өлеңші;

Шөпті де оған осы береді емші.
Қасында аң ауласа, жорықта да
Олжадан ол өзіне бөледі енші.
...Кеше де кеңес құрған бүгін құрлы,

Билерді асқа құдай сұғындырды.
Ортада батыр көзін шала жұмған,
Кірсін деп қабағымен ұғындырды.
Орын жоқ төрге дейін босағадан,

Табам деп келіп еді дос ағадан:
Алмайды батыр жөндеп сәлемін де,
Осы елдің пақырындай осы-ақ адам.
Еділден, Жем, Жайықтан асып жұрт

Көрмеген мұндай істі асыл жігіт.
Желінбей табағымен жерде қалды
Алдына бөлек қойған асық жілік.
Абзал ғой намыстыға сый өткерген;

Сол намыс оны мұнда сүйеп келген.
Алдырды арғы бидің арқасынан
Долана домбыраны сүйектелген.
Батырға тұпа-тура бұрып бетті,

Ол ғажап бір сарынға ұрып кетті.
Апыр-ау, іш құсадан жарыла алмай,
Діңкесі жер түбінен құрып кепті.
Бұл күйде асқан батыр жауға шапқан,

Жан емес ағайынды дауға шатқан.
Ол сенше тонау үшін соқтырмайды
Найзаны бақыраш пен қауға, шоттан.
Ол сенше алға салып үріккенді

Құмайды - жасамайды «құрық төнді».
Өзінің қайғысына өзі батқан,
Шаппайды шалғайдағы түрікпенді.
Халқына хан азуын батырмасқа

Ант еткен бұл күйдегі батыр басқа.
Түсінсең, мынау өңшең жалмауызын
Сұғынып арам асқа жатыр босқа...
...Оқушым! Осы күйді шығандатып

Тартқанда терең ойға шығам батып.
Ұрыстың ағайынан жаңғырыққан
Жайық пен шаңқылдайды Шаған жатып.
Қалың қол ат қояды ала туға,

Халықтың қаса жауын дәл атуға;
Басынан тақтағының тәжін алып,
Қылышқа қыл мойыннан жалатуға.
Кілт тоқтап, дүбірлеткен тағы сарын

Аңсайды алдағымен тоғысарын.
Ұрлықтың қанды - қасап төңірегі
Ұқты ма соны мынау тоғышарын?
Демеймін оны күйдің тілін ұқты,

Әйтсе де манағыдан жылыныпты;
Мұның да көзі бейне қызыл шөлмек,
Құлаққа мұрт шалғысы ілініпті.
Шақшасы саптаманың қонышында,

Бір шөкім насыбайы қол ұшында;
Қайырып қыл сақалын тістеп алған,
Өзінің өші бардай сонысында.
Әзелден қулық, сұмдық амал жиған,

Төрдегі жымыңдайды көп алжыған.
Өтені, Нарымбайы жоғарыдан
Қонаққа орын іздеп қобалжыған.
Күйден соң күллісі бір жалбақтады,

Билердің енді сөзін жалғатпады.
Терлеткен қонағына Төремұрат
Сыйлады қант пен нанды жарғақтағы.
Оқыды сәлем хатын Мәтіғұлдың:

– Е, - деді, - жай-күйіңді шақ ұғындым,

Қаңғыбоз атан-дағы, бой тасала,
Көп дейді құдай сүйер аты құлдың.
Қалайсың айқасқанда күш - анаға?
Мергендік дарытты ма Нышан аға?

– Бар, -деді Құрманғазы, - құмарлығым

Көзімді қызықтырған нысанаға.
...Жібіді Төремұрат иі қатты,
Сейілдеп ертеңіне киік атты.
Басқадай басын танып орамалмен,

Қаңғыбоз қара шекпен киіп апты.
Ол атты дуадақты сығаламай,
(Таңғалды қалың таз бен соған адай)
Киелі күші бар деп шуылдасты –

Ғарасат майданында сахабадай.

– Ол артық ат үстінен сайысқа да,

Шіренсе шыдамайды қайыс, қола.
Аузыңда ұраны жоқ, сиынбайды
Исатай, Бегалы мен Қойысқа да.

– Демейсің шын айқаста оны өледі.

Не деген бір басында өнер еді?!
Сарнатып бейуақытта домбырасын,
Ол кейде оңашаға жөнеледі.
Аулаққа жөнеледі еріккенде;

Көрген бе соған, сірә, еріп пенде?..

– Сол, - дейді, - тілдесетін періменде,

Құспен де, елегізген елікпен де.

– Киікке қарамайды бауыздарда,

Балайды баршамызды жауыздарға. –
Бір апта шамасында ол туралы
Осынша аңыз кетті ауыздарда.
...Осылар үйген шөпті жандырыпты:

Қаншама сол ұранға жан бірікті?..
Аулақта Иманқара, Қойқараның23
Құздары неше күндей жаңғырықты.
Тоналды кірешінің кездемесі,

Жалдаптың таланбады өзге несі?..
Береді ол қабақ шытпай киімін де,
Сойылмай қалса болды өз денесі.
Сақина, сырғалары құмықтардың

Сатылмай, олжасы боп құныққанның...
Қалады сол орында қара қарға
Үстіне қоңырсыған қонып қанның.
Кештерде салдырмақ боп жорғашыны,

Ауылдан алдыртады ұрғашыны...
Алысқа қамқоршы боп аты шыққан
Осы екен «отты жанның» бір кәсібі.
Әншейін аңшылыққа шыққандағы

Құрманның бұл ғана ма ұққандары:
Ауруға қорғасынның уын беріп,
Жасайды тәуіптері оқтан дәрі.
Құрманды мынау сейіл суындырды.

Тұтқындар мекендепті су үңгірді;
Нөкерге көрінбейді пақырлардың
Көзінен аққан жасы суың құрлы.
Бір бұзық, қаныпезер зындан басы,

Көмусіз өз қолынан жұлған басы.
Тезірек тірілерді босатпаса,
Мүмкін бе адам онда жынданбасы?..
Бір түнде біреу «нұқып» жендетіңді

Сарнамай, ол өлгенде жел де тынды.
Баяғы қашқын жанның дәл өзіндей,
Тұтқындар «аспанға ұшты, жерге сіңді..»
Ай өтті ай соңынан қысы қатты,

Жұтатты, мал біткенді қысыратты.
Алған жөн әзірінше түрікпеннен
Олжаға отыз матау қысырақты.
Көктемде Төремұрат, Нарымбайын

«Бол, - деді, - бұл жорыққа бәрің дайын».
Қаңғыбоз айтып салды қарсылығын,
Кім білген пиғылында бар ондайын.
Және көп адам соған азғырылған,

«Сұмдық, - деп, -
түрікпен мен таз қырылған»,
Қағаз да табылып тұр неше түрлі
Ұлыққа арыз-шағым жазғыр ұлдан.

Қаншама өткен ше қабақ шыта,
Айныған өз бетінен қарақшы да.
Ал, нағыз батыр болсаң, мынау жұрттың
Ашынған айбарына, қарап, шыда!..

Төрдегі Төремұрат ісініпті:
Қаңғыбоз енді ғана түсінікті...
Оңаша қыбын тапса, Өтен батыр
Өзінің атқаратын ісін ұқты.

Тапсырма оған:
«Сөзге жұғыныспа,
Қанжарды қалтарыста мығым ұста!»
Жұрт жинап Төремурат ақтық рет,

Шақыртты Қаңғыбозды ұғынысқа.
Тыншыған дүйім халық көк белесте;
Кеншсіз кешегі түн өткені есте.
Ел айтақ енді мынау наразылар

Табысса яки жаман өкпелессе.

ШҰНАҚ ШАЛ

Уау, атайын, Үш арыс Қара таздан!
Әулет едім әлімнен қанаты озған,
Бақай батыр қалдырған төрт түлікте
Жазда жайлау, қысында қора тозған.

Ол дәулетті кешегі жұт жалмады,
Титығына бармаған жұрт қалмады.
Ақ найзаның астымен қайтса керек
Екі бірдей тоқсанның жұтқан малы.

Қолымда күш, еп барда ауызымда,
Қатып, семіп қалам ба қауызымда?!
Баба десең, құр қалма фатихадан,
Құрт құдайдың әзәзіл жауызын да!

Қашан, қайда ат басын бұрар күнің
Білмей жүріп қылғаны-ай бұралқының!
Ей, Төрежан, алартпай маған көзін,
Езіп берші мынаның бір алқымын.

Төремұрат:
Ал, ашығын айталық, Қанғыбозым!
Елден елге көргем жоқ қаңғып өзім...
Қарғатамыр қазақтың ұлы ғой деп,

Саған түсіп қапыда қалды көзім.
Келген бетте құлақты елеңдеттің,
Күңірене күй шерттің, өлеңдеттің.
Ұқтық оны:туады дейсің тәйір,

Ұйықтап жүріп бекерге өлем деп кім?..
Айтып келдің рас сен ен шыныңды.
Ертелі-кеш тыйғам жоқ еш үніңді.
Арғы бетті шулатқан Құрманғазы,

Жан біткеннен жасырдым есіміңді.
Нағыл дейсің?..
Түрің де жасарыпты
Жақсылықты нән басын нашар ұқты:

Хан мен патшаң бағар ма мынау өңшең
Өзің сынды нәрегей,аш-арықты?!.
Мақсат кәні бұларды іріткенде?..
Жалған десе, айтсын бір тұрып пенде:

Бағзы бірдің шешесі, басқасының
Қатыны тұл қазан бас түрікпенде.
Шаңырағын, желісін, қазығын да
Жоғалтқанды жинасам жазығым ба!..

Қай дәулетті қимадың қасқаларға,
Киімін бе, аты мен азығын ба?..
Қамшым сабын ұрлау ма үйден менің,
Түрмесінен орыстың үйренгенің!..

Сенің де сол жұмағын көкте шығар,
Адам басқан жер болса жиренгенің?..
Жоқ, жігітім!.. Қарғыс пен өлім қатар...
Әркім үшін бір жерде орын жатар...

Ұқсаң жөнің бір басқа... Ұқпағанда,
Құдай өзі бұйрығын орындатар.

– Уау, батыр-ау, алды жөн, арты зілді

Мынау қай сөз?..

– Ал құртты!.. Ал тұжырды!..

Тағы шықты дейді ғой елден ерек,

– Алты бірдей бұзақы, алты жынды!..

– Ә, бі-бізді де қазақтың қызы емізді...

Батырмаңыз шымбайға тізеңізді!..

– Бүйткеніңше, қан ішіп, қарғыс алған

Тәубеге жық, адамша түзе бізді!

– Біз де сыйлап тап-таза жүректіні,

Пәк баралық құдайға керек күні! –
Шетінен бір шегір көз, ұзын өңеш
Қарақшылар осынша өрікпеді.
Жирен сақал, жирен мұрт, жирен қасты

Бір бишікеш осынша өрен жасты
Қамшымен де, бөркімен қатты жасқап,
Өрттен жаман жанжалды әрең басты.
Құрманғазы:

– Мейлі назын, мейлі жұрт зілің десін, –

Айтпақ керек аз тықыр білінгенсін.
Екі бірдей құлағын мен жұлғандай
Анау шұнақ қарияң бүлінбесін.
Төремұрат, рақмет!.. Орынбордың

Қашқынына қасыңнан орын бердің.
Рас, талай күй шерттім... Біле алмадым,
Кімге несі дарыды ол үндердің?..
Әлгі сөзің дарақы қай ерсілік?..

Мен келгем жоқ жиенсің, қайынсынып.
Елден елге қаңғыру маған бақыт,
Саған бал кім ол сапар – қайыршылық.
Өзің-ақ қал жеріңде жер - түбектің,

Қамқоршысы болғансып жетімектің?
Байқа бірақ жақынды жауықтырып,
Тірілерді қолыңнан жетім еттің.
Көргенім бар оңаша тұрып менің

Мысық ойнап тышқанды тірілткенің...
Қыстай қылыш соқтырып, қырықпышақ,
Енді қылмақ қазағын, түрікпенін.
Балалары Бақайдың, «cepі» кілең!

Құнықтырған - жылқы мен сені кілем.
Білсеңші бір қанаттас түрікпенді
Оның соры осал ма сенікінен?!
Жерге төгіп бір қасық қан нағылам

Құмығынан құдайдың қалмағынан?!
Мынау сенің cіңірді көк шеңгелдің
Хан патшаның несі кем қармағынан?!
Менің осы айтарым! Түсін мені!..

Менде жоқ қой ашуың, күшің кегі,
Тастат анау қанжарды Өтен киген,
Күпіңіздің жеңінің ішіндегі.
Аттанбаймын мен ондай «күн көріске» –

Кісі жеуге, құн алып, құн беріске.
Дұғай сәлем айта бар менен соған,
Осы жолда өзіңмен кім көріссе.
Ұстап алып ұрыны қаныпезер,

Өгіз етсін желкесін қамыт езер! –
Шаңқ етті Төремұрат:

– Тоқтат! - дейді;

Қалмады енді мұның халі төзер.

– Алдым, - деп, - ақылгөйден

өсиетті,
Қамшымен қыр арқадан осып өтті.
Белгісіз бір жұдырық оған тиіп,
Түбіне батырыңның осы жетті.

Ол сәтте Құрманғазы аптықпаған:
Ал, - деді, - даңғой неме артты ұқпаған.
Ат жалын тартып мінген ерін деуші ең,
Енді жоқ ер мінетін аттық бағаң.

Екі ұрдай ел шуылдап, би де қашты;
Жігіттер бақан, сырық жиды ағашты;
Құрманға суық қолды жақындатпай,
Қоржынға қоса басты үйдегі асты.

Аулақта бір тасада ей туғызып,
Күй шертіп, тағы болды арты қызық,
Астыртын осы түнде сыр бойына
Асырды соны мынау «алты бұзық».

САРЫAPҚAFA САПАР

Жөнелді сол бетімен ол ұзаққа, –
Қыпшаққа, арғын, үйсін елі жаққа.
Бейхабар бес жыл өтті;
Жиделіде

Шығарды оңбағандар оны жоққа:
Азғырды аңыз – өсек балалады,
(Ауызға кімің қақпақ бола алады):
Ол бірде құла түзде сауысқан мен

Бөрінің азығына баланады.
Біреулер оны қайта тірілткенде,
Шығарды құл екен деп түрікпенде.
Тағы бір айтылуда: «қобызшыдан

Қыз алып, шекті деген тұрыпты елде».
Ит дұшпан табады екен жоқты, зады:
Өзенге оны кейде жұтқызады.
Ойнатып құлағымен ақбоз атты,

Ұрының жетегіне жортқызады.
Өтірік бәрі соның шуылдаған,
(Ызасы жаудың әлі суынбаған.)
Ел берді бес жыл ұдай берекелі

Ықылас, дәм-тұзы мен суын да оған.
Ол өтті дариядан, көліңнен де
(Арқада мөлдіреген көлің кем бе).
Басынан құм баласы Құрманғазы

Шалқыды тау, қарағай көрінгенде.
Орманда, мөлдір бұлақ жағасында
Сын, кінә табиғатқа тағасың ба?..
Қоздырып құс базарын шешен бұлбұл

Сайрайды таң сәріден тағы осында.
Бұлбұлдың бұл өлкеде досы қанша, –
Қазақтың күнде думан көші қонса:
Күлгені, жылағаны, туғаны - күй,

Өлгені тіріледі күй шығарса.
Аққудың қобыздағы әні қандай!..
Саз бар ма бұл ғаламда анық ондай?!
Боздайды жер түбінен жетім бота;

Сорлы жан содан өзін танығандай.
Аяйсың Маралдының «Жез киігін»
Өзгеден ала қашқан өз күйігін;
Іздейің, осы маңнан жануардың

Басына талай шыққан боз биігін.
Елсізде екі зарлық қосылар күн –
Сыртынан аңдығаны өші бардың:
Ғашықтар зиратынан байғұс жылап, –

Қобызда бәрі қалған осылардың.
Қазақта дала жоқ қой қаңыраған, –
Ыза-шер, бақ дарытқан тәңір оған.
Әзелден ер толқыны сырға толы

Арқаның әні қандай аңыраған!
Арқаның ас тойынан кім қалады?..
Дабысын сонда ғана тыңдалады.
Қызбелде ақын, әнші салысқанда

Күнің мен өз жайына түн қалады.
Шешеннің естігенде шын атасын,
Өзіңді өзің әрең ұнатасың;
Көкшенің күн шалмаған ақ қызы мен

Салына өнеріңді сынатасың.
Ал, сонау Алатауда үйсін ақын
Сөзі бар қапелімде қисынатын.
Ол елде шаңқобыз бен дауылпазға

Өзбекше майысады биші қатын.
Бір аршып домбырасын сабалаған
Сайрамда тиіседі саған ағаң.
Өлеңнің неше түрлі жәкетайын

Қосылып алты келін соғады оған.
Бір білсе «қонақкәде» болатынын,
Алмайды бұл өлкеде далатыным.
«Алатау» күйін тартты Құрманғазы

Асында ұлы жүздің Дулатының.
Күйің мен ала жаздай жарысып ән
Сый келді Сиқымынан, Жанысынан!24
Армансыз шарықтады асыл өнер,

Жаралған із жігітің жаны сонан.
Қазақтың даласында бес жыл ұдай
Құрманның еркелігін кешті құдай.
Отыр ол осы жолы шекті келіп,

Көрінді көкжиектен кеш бүгін ай.
Батыстан баяу самал жылымдаған,
Ырымшыл Құрманғазы жылынды оған:
Жайыққа жолаушының жолын тиеп,

Жұлдыз да бүгін тегіс жымыңдаған.
Шадыман Құрманғазы ұғынды олай.
Өзгеден ол бақытты бүгін қалай? –
«Арғынның адвокаты ақтап алып,

Жын соққыр Әбубәкірдің жығылғаны-ай!»
Келеді елге қайтып осы өлеңмен.
Хан-зада! Енді қалай ол сенен кем?..
Ол бүгін азат болған ақ бас аға,

Өнері баяғыша өршеленген.
Өзгеше құндыз берік бұрынғыдан,
Кең шалғай ішігі де бұлыңғырдан.
Жеккені көк шанаға екі жирен,

Жетіпті жер түбінен бүгін Құрман.
Жол жүріп түнделетіп, азандап та,
Жетіпті жер түбінен Қазанғапқа.
Қазанғап аңсаушы еді «бір көрсем, деп,

Азап-сор, әлдеқайдан қазам жоқ та».

– Ассалаумағалейкүм!

– Уағалейкүм...

– Ініңмін алдан шығып ағалайтын.

– Қазжан-ай, өнерліде аға бар ма?..

Жетпейді менің көзім оған айқын.
Осылай жетім көңіл босағаның,
Өзі де сезбей қалды осы ағаның.
Ай жарық; түн ішінде келіп шығып,

Түбінен сәлем етті босағанын.
Жан еді Қазанғап та асқақ үнді;
Қазанғап пірім деді басқа кімді?!
Ол да бір қазан дауыл домбырада

Шертетін заман салған бастағыңды.
Бөтенге бүгін есік ол аша ма? –
Құрманды қабылдады оңашаға.
Күйшінің қонақ үйі күндізгідей:

Қойғызды он шырақты он ашаға.
Бүгінше екеуара өзі ұғардай
Оңаша емін-еркін сөзі бардай.
Батамен бауыздалды бір жабағы –

Мәслихат ұзақ таңға созылардай.
...Шығыстың сөз басталды Жоңғарынан,
Қаратау, Қарлы таудың заңғарынан,
Сарнаған сахараның сазынан да,

Бұрынғы, бүгінгінің заңдарынан.
Және сөз қасиетті ән дарыған
Ертіс пен Есіл, Нұра аңғарынан, –
Баршаны баяндады Құрманғазы

Осынау сапарынан аңғарылған.
Ақтарды неше түрлі сыр асылын,
Алмады домбыра да cірә, тыным:
Аңсаған бір көруді екі машық

Кезекпен төкті күйдің сұрапылын.
Бір сәтте Құрманғазы

– Болды, - деді

Шыныға шайды құйды, балды жеді, –
Жә, - деді - осы қазақ ер тайпыда
Аталас, құда, жиен, балдыз еді.
Көп көрдік пақырыңды сорақының

«Өзімнің сүйегім» деп соратының;
Қызғанып өзге жаннан өлгенде де,
Тығады бір төбеге соны ақырын.
Ол емес, енді бақсақ, нәсілміз:

Ол ғана нәмәрт туған нас ұлыңыз.
Осынау үлкен елдің үнін ұқпас
Болғанбыз тосаң құлақ асылы біз.
Әулеті қазақ жұрты Сарыарқаның,

Кім оның түгел сарқып сорар қанын?..
Ағайын алтау емей, біреу болса,
Патшаң мен қанша бутик салар ханың.
Қобызда, домбырада - ендігі үнде

Ұрансыз ұйықтағаның елдігің бе?..
Білсекші: неше мәрте ат үстінен
Алғыздық еңіреген ерді кімге?..
Жә, Қазжан! Өн бойында тың бар күшің.

Сен менің «Сарыарқамды» тыңдармысың!.
Бір хадар ұнар болса, үйреніп қал,
Мақтаншақ саятшы да құндар құсын.
Қазанғап қадамайды сұғын босқа,

Күдіксіз күй сарыны бүгін басқа.

– Құреке! Құдай медет!.. Бастатыңыз,

Иншалла, шарам кәне ұғынбасқа...

– Құрманның бір сұс келді миығына;

Қолды қол уқалады иі қыла;
Жарты кез көк сақалын екі айырып
Лақтырды жар төбедей иығына.
Ақ басты айнымаған дөң қыраны...

Селк етті; қатты қақты домбыраны.
Күтпеген адам дереу шошығандай
Күй болды құдіретті осы қандай?!
Әлде бұл тау тасқыны сарқырама;

Ендеше, соның соңы сарқыла ма?..
Ғаламат сұрапылды бәлкім аспан,
Қайтеді, дауылпазы шарқ ұра ма?..
Бітпеген жанар тауда көз қалды ма?..

Жоқ, әлде теңіз тентек қозғалды ма?..
Мүк басқан ескі кеме мүрдем кетіп,
Аралдан қарауытқан аз қалды ма?..
Жоқ, әлде байтақ дала сілкіне ме,

Жылай ма ақ бәйбіше, сылқым ене?..
Боз орда ақтарылып, бота боздап,
Аулақта шұрқырайды жылқы неге?..
Қалың ту жер мен көкте желбіреп те,

Тас түйін тар келді ме жең білекке?
Батагөй бабаң тұрып қол жайды ма
Оятқан ойды, қырды зенбірекке?..
Әйтеуір дүние бір дүрлігеді.

Бұл неткен құдіретті бірлік еді?..
Долы жан сабап барып домбыраны,
Сағадан саусақтарын бір бүгеді.
Күшті ме жалындаған өрт осыдан,

Мұхиттай бұл сағатта ол тасыған.
Қайран ер қайта барып шүйлігеді-ау
Аңсаған арманының ортасынан!
Дегендей: «Анық көрер салтанатым,

Қайратым қалың қолдан сол табатын,
Жоғалтса екі басты самұрық пен
Хан тақсыр, патша құдай, сұлтан атын.
Шалқиды көшкен елдің қиялдасы,

Сор - азап соңғы туған күй атасы,
Түп-түгел көз алдында қозғалады
Өлкенің өзен, тауы, қия тасы».
Бар екен өзі-дағы ойлағандай,

Ұзақ жыл сағындырған ұлы ағаңдай,
Әлгіде біткен күйді әлі тыңдап,
Қазанғап отыр ойда уланғандай.
Ісі жоқ оның өзге күйіңмен де,

Жұмыссыз қонағыңмен, үйіңмен де.
Апыр-ау, қайғы, шаттық қайда кетті?..
Әлгі бір қатты соққан құйынмен бе?..
Жалғыз-ақ күлімсіреп күрсінеді

Бұ да бір көк дауылмен көрші ме еді?..
Мұның да осы жүрген залымдарға
От шашып, ойнағанын көрсін елі!
Сол беттен Қазанғапты бұрмай қазір,

Асыл жан Ақтөбенің бір маңғазы.
Ол отыр әлгі күйді әлі тыңдап,
Қасында ұйықтап кетті Құрманғазы.

КӨБІК ШАШҚАН

Түcті деп жан қыспаққа, мал қыспаққа,
Адай көшіп келеді Маңғышлаққа.
Теңізден әрі жатқан кең түбекте
Бабалар жетем дейді мәңгі ұшпаққа.

Көшкен ел бүгін теңіз жағасында;
Аштарқан масасы да жоқ осында.
Бір түнше қалың күрке; ел ұйқыда;
Беймезгіл отты бекер жағасың ба? –

Қап-қара толқындары Атыраудың,
Қасында атан түйе, ат-лаудың
Түнекте ыңырсыған ақтылы қой, –
Баршаны күзетеді, апыр-ау, кім?

– Әрине, құдай өзі қам қылар да...

Әйтсе де, күзетшілер, қалғымаңдар!

– Теңіз жақта болыңдар, теңіз жақта,

Қыз-қырқын деп, қымыз деп қаңғымаңдар!
Жатарда қалың күш, тон ұстаған
Осындай пысық шалдар таныс саған...
Ұйқыда бәрі соның... жағадағы

Жартаста екеу ояу тыныстаған.
Жайласқан жалпақ қара биік тасқа,
Екеуі зор денелі иықтас та.
Біз барсақ, әңгімені бәлкім олар

Шерткені жанымызды ұйытпас па?..
Осы жұрт біле ме екен Қашағанды,
«Өлеңі - темір тікен, ошағанды»
Біреуге жәбіp-жaпa біреу қылса,

Ол қашан жанып түспей, өше қалды?!
Осы жұрт біле ме екен Қашағанды,
«Құрықтан құтқармаған босағаңды»
Кермекке ел қонысын тағы шыққан

Тап қылды Құрманғазы осы ағаңды.
Бұл күнде Құрманғазы жасы келген,
«Әйтсе де, оған жем бе жасық өлген?..»
Әлі де сарқылмаған өнер бұдан,

Махаббат, берекелі несіп елден.
Тоқтатқан Азнабайдай әңгі нені,
Арқада аңыраған ән кім еді? –
Тамсанып тағы соған кәрі күйші,

Жағада жалғастырды әңгімені.
Құрманғазы:
Сонымен көк мылтығын қожаңдатқан,
Құтылдым палаштан да қазам жоқтан.

Сарыарқа сапарынан қайтқан жылы
Ай жатып, құрмет көрдім Қазанғаптан.
Жайықтан жазғытұры ілкі тасқан
Ат жалдап, судан еттім көл тұтасқан.

Жатқанын қара дөңде қайран шешем
Таныдым құлазыған құлпытастан.
Таппадым кіре қояр жер тесігін,
Моланың төрт құлағын, төрт есігін

Еңіреп құшыппын да, танымаппын
Жас қыршын Қазиымның төмпешігін.
Мен келсем, ел жаңылған әзілінен,
Әркімнің құшақтауға әзірі - мен.

Көңілсіз өткен күнді оқи бердім
Әуестің ақ самайы, әжімінен.
Ас татпай, қара шайды ай ұрттадым,
Жаз бойы бір құдайды айыптадым.

Ерғали, Меңдіғали, бала Мәмен
Күй тартса, бір жадырап айықпадым.
Қазаға өз қайғысын сау төледі.
Бір күні жақын қонды Сәукем елі.

Батаға ат жетелеп күйеуімен
Оралды осы Дина сәукелелі.
Кигені елден ерек қызыл-жасыл,
Мен көрдім бұрынғыдан қызыңды асыл,

Тай жықтым тамашаға; өнері бар
Жастары елдің қалай қызынбасын?!
Жинатып Жиделі мен Ұштағанды,
Ақ Дина алақанда ұстаған-ды.

Думанда бозбала мен қыз баладан
Көрмедім көбелектей ұшпағанды.
Қоздырар делебеңді алға сүйреп,
Әйелден сері көрдім алғаш рет.

Жұмылған қаралы көз қайта ашылып,
«Маңымнан жоғал, дедім, ал қасірет?»
Серпілдім, «Серпер» күйін безілдеттім,
Байқасам, дүниеден безінбеппін.

Сол күні әзіл қысып, бәйбішеге
«Әуенжан, келді жігіт кезім», деппін.
Уа, дүние! Ол жылдар да алыс қалды,
Көп көрдік жұлысқанды, алысқанды.

Тынымсыз көкіректі күй мазалап,
Қоймайды қиял шырқап елі ұшқанды.
Қашаған:

– Жазғы күннің қызбасын,

Жанды судың бұзбасын,
Жаумыт аттың озбасын
Құреке, қашан көріп ең?..
Шүйке шырақ жататын,

Күйген қасық жонатын,
Күйкі байдың жомартын
Құреке, қашан көріп ең?..
Ағыл-тегіл байлығын,

Жылдығы мен айлығын
Есептемей жүректе
Бар болған соң жүред те.
Құрекем бір күн құдайдың

Өміріне көнеді,
Жайлаттырып жастығын,
Соңғы тілге келеді –
Құрекем бір күн өледі,

Кәрі досы – өнері
Өз қолынан көмеді
Өзі дұға болады.
Сары белді күңірентіп,

Қалың елдің еңіретіп...
Құрманғазы:

– Тек, әй, шайтан, денемді салқындаттың,

Періштеге әрнені сәл тыңдаттың...
Әлгің рас: өнерде кәрілік жоқ,
Өнер - жаны өлмейтін сан қымбаттың.
Құрманғазы бұл сөзді бастай беріп,

Ұшып тұрды :денесі тастай берік.
«Сұмдық, - деді, - жынданды мына теңіз»
Сұрапылға құлағын тосты-ай келіп.

– Бәсе... бәсе... Мынау жел не деп кетті?..

Нар толқынды жар толқын дедектетті
Жаман сарын келеді теңіз жақтан:

– Уау, сақтансаң құдайдан медет депті.

– Уау, үстіңді ақ топан суынбасты!..

Күзетшілер бақадай шуылдасты.
Қазан-ошақ, қазықты ақырындап,
Еппен келген алғашқы су ұрласты.
Арты жетті ағызып шапқан аттай,

Көбік бейне көк тасқа шаққан оттай.
Шашырайды жан-жаққа: ай астында
Жердегілер құлайды шатқалақтай.
Жапырылды жағалай майда құрақ,

Аруананың ботасы ойда аңырап:
Қатын-бала бақырған, ит ұлыған,
Ақ толқынның ішінде қой жамырап.
Ат жоғалды тепкілеп сағанаққа,

Атан, үлек жұтқызбай сұғанаққа,
Талай жанды арқалап, жас бұзауды
Қазығымен қалдырды суға ноқта.
Тағдыр елді тап қылды тағы азапқа,

Айғай-сүрең ұзады жаға жаққа,
Адасқанды шақырып алдағылар
Қыр басында күпіні жағады отқа.
Ақын, күйші теңіздің ортасында,

(Ел қайғысын тағы да тартасың да...)
Ақ диюдай қамаған асау толқын
Зәулім биік солардың жартасын да.
Олар отыр шошынып төңіректен,

«Міне, саған жақсылық тәңір еткен!»
Ырғып кетіп барады теңіз жаққа,
Бақан, уық, кебеже, темір кетпен.
Уа, көк теңіз! Жалмауыз жайынын да

Олжа тілеп оянды қойыныңда.
Қоңырау да соғылды су ішінен
Ирең еткен нар бота мойыныңда.
Уа, сұмдық-ай!.. Ет жүрек шошынады:

Тарқатып та болмаған шашын әлі
Ақ көбіктің ішінен қарауытып,
Өлген сұлу бұрымы шашылады.
Осыған да ай арсыз нұр құяды,

Суда сәби саусағы тырбияды.
Құрман бейне құлпытас... Білер ме едің,
Қайда кетіп сорлының тұр қиялы?..

– Бәрі, - дейді ол, –

бармақтай бақ үшін-ау!..
Бақыттан тұл, сұм заман тағысын-ау?..
Тойдырып-ақ бітті ғой, қу құдайдың
Жақсылығын жалынып тағы сұрау.

Жері күйген, көктемі, күзі күйкі,
Қашқын адам, босқын ел ызы-қиқы,
Бар көргенім осы да... Түк естімес
Берсең еді одан да қызық ұйқы!?

Мешеу жұрттың қанына құмарттың да,
Айдап келіп, бұған да құлаттың ба?..
Бір жақсы түс көрмеген көңіліңмен
Құны қайсы естігіш құлақтың да?!

Әне, дүлей толқынның сұстылары
Жас өлікті жайынға құштырады,
Әлгі тапқан олжасын бөлке алмай,
Айдаһардан қаттырақ ысқырады.

Ал, бақытты әр жерден шұқынып тап,
Бітір, зекет, салықтан сытылып қап!..
Саған, қазақ, опасыз толқындардың
Олжалысы күледі сықылықтап.

Шулап кетті құлаққа шағалаң да,
Қортпа балық қуанды жағаларда.
Жас елікті сабайды шапалақтап,
Солар алып тереңге жоғаларда.

Аяғымның астынан мазақтаған
Көк дүлейдің мұнысы азап маған.
Біреу болса, мендей-ақ құдай құлы,
Ауыр жүгін арқама аз артпағам.

Қатал тағдыр менімен көп ұстасты,
Идім бе мен соңына көніп басты!
Тойдым енді ұзақ жыл күнәсіз-ақ
Күл, топырақ, от шашты, көбік шашты.

Керегі жоқ жыламсақ кей үлгінің,
Не болар деп сұрама кейін күнім!..
Бітсін енді хикая мен туралы,
Үні басқа жаралсын кейінгінің.

ЭПИЛОГ

І

Оқушым! Өзің соңғы толға сырды:
Ел қашан қалдырғалы ол ғасырды?!
Ал сонау ата күйшің өз қасында,
Жүрегін жүрегімен жалғас ұрды.

Білесің, жазғырарда жендетіңді
Қаның мен жуды қанша тер бетіңді;
Әлдилеп бақытыңның құрбандығын
Қара жер қай жылдары тербетілді.

Сен достың қазасына жылағанда,
Қасына бөтен күйші жолаған ба?..
Алғашқы жеңісіне жаршы қылып,
Өтетті өз парызын жыл оған да.

Өлкенің бүгін мейлі ұшпағым де, –
Армандай ауыл, қала, қыстағым де, –
Қыз метал баршасына Құрманғазы
Шалқиды қырық мәрте қысқа күнде.

Сен оны қайта-қайта шақырасың
Өнердің солқылдатып сахнасын;
Жер түгіл, неше қабат ауадан да
Ол саған үндемесе, сағынасың.

Сен де бір бал арасы шырын жұтқан,
Динасы анаң еді шыныңды ұққан.
Ақ нұр мен гүлге бөлеп оны тағдыр
Әкетті кеше ғана шымылдықтан.

Оркестр.
Құрманғазы - құран мұнда.
Не түрлі шешені бар құралдың да.
Дирижер Ахметің ақ буырыл,

Бейнетқор басын иіп тұр алдында.
Нәр алды көрші күйден,
жырақ күйден,
Кешегі кенжелері фрак киген.

Сүйкімді тотығыпты тоғайлары
Бақыттың азабына бір-ақ күйген.
Егде шал, ерен жігіт, асыл қызың
Көктемдей көз алдында жасыл - қызыл.

Күн балқып өнерлінің күлкісінде,
Көзіңнен баяғыны жасырды жыл.
Сахна - егін, жайлау, далаңдағы,
Гүл шahap сарайлары, алаң, бағы.

Оркестр - ел серісі құдіретті,
Аты да Құрманғазы ғаламдағы.
Көшпеген түрме, сағым, аза тұман,
Қайғысыз мұндағылар азат ұлан.

Ұл-қызды музыканың ордасы да
Бабаның оқытады өз атынан.
...Ақ күмбез ақ Еділдің құламасы; –
Зиратқа көшіп барды гүл анасы.

Ленинннің ғасырынын шуағында
Өнердің ұйықтап жатыр ғұламасы.

ІІ

Өнерлі ұлы, қызы атаның мың
Жұлдызды жүрегінде Отанымның;
Паш етті бар ғаламға «Сарыарқаны»
Ұясы қасиетті ортақ үннің.

Жаһанға жар салады Москвадан
Баяғы қара басы қашқын адам:
Шырқатып айтатыны ерлік, бірлік –
«Адамға бақыт тіле, қаш күнәдан!»

Ол үлкен театрда отырғандай;
Үнінен найзағайдың оты ұрғандай;
Немесе ұлы орыстың аспанында –
Орнында періштенің ол тұрғандай.

Құп алған ердің таза кілең қанын
Ұлы алаң! Енді неткен гүл ең қалың?!
Үстінде үш шалқып, бабам болды
Өз досы Чайковский, Глинканың.

Өнердің бал қосылды қаймағына,
Бабамның аты қанша бай мағына?! –
Ол барды Еуропаның ұлы Моцарт,
Шуберт пен Шопен туған аймағына.

Бір өмір шалқып барып бір тоқтары,
Сазқұмар Бетховеннің ұрпақтары
Атамның бағалаған асқақ үнін –
Қазақтың шаттығына ортақ бәрі.

Сыймаған шеңберіне аз ұяның,
Өнерпаз ер Ұланы Азияның
Тыңдады «Сарыарқаны» сапқа тұрып
Шырқады тағы-тағы өз зиялым.

Жайлаған күйге жомарт, сараң жақты
Кім білмес «Адай», «Серпер»,
«Саранжапты»
Алты хат Арабстан ферузасын

Айқара осынау бір сарын жапты.
...Айтшы,дос! Өзің түгіл, асылында,
Жаудан да менің сырым жасырын ба?.
Құрметті академик Құрманғазы,

Өзімнің коммунисттік ғасырымда.
Таға алмас пітнәң да оны өсекке,
Ол әсте қалған емес көне шетте.
Ардақтап адамзаттың ақ тілеуін,

Үндейді о да ғажап келешекке.
Баламдай өлгенімше бар сүйетін,
Оқушым! Маған дұға қасиетің!
Түгестім дастанымды; сағат соқты

Бабамның рухына бас иетін.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙