Шығармалары 4 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Темірбек Қожакеев
Темірбек ҚОЖАКЕЕВ Шығармалары 4-том Алматы УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Қ 56 Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі “Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” бағдарламасы бойынша жарық көрді. ҚОЖАКЕЕВ Т. Шығармалары. – Алматы: Айғаным баспа үйі, 2014. ISBN 978-601-03-0261-7 Т.4. - 286 б. ISBN 978-601-03-0264-8 Қазақ сатирасын тынбай зерттеп, жүйелеп, толымды да татымды еңбек жасаған ғалым, профессор Темірбек Қожакеевтің шығармалар жинағының 4-томына Абай бастаған қазақ ақын-жазушыларының, сатириктерінің шығармалары сараланып талданған зерттеулері еніп отыр.
УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5 Қаз)-44 ISBN 987-601-03-0261-7 © «Айғаным баспа үйі», 2014 ISBN 978-601-03-0264-8 Қ 56
БІРІНШІ БӨЛІМ 1 – ТАРАУ АБАЙ – САТИРИК ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан Россияға түгелдей қосылып, қоғамдық дамудың жаңа жолына түсті. Қазақ елінің экономикалық, рухани өмірінде елеулі өзгерістер, бетбұрыстар жасалды. Россияның озат әдебиеті мен мәдениетінің ықпал-әсері сахараға терең тарап, кең құлаш жая бастады. Ол мұнда, біріншіден, айдалған, жер аударылған орыс революционерлері арқылы жетті. Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов, А.А.Леонтьевтер патшалық құрылысқа қарсы ащы әжуа, өткір сөзімен күресіп жатқан орыс жазушы-сатириктерінің атын атап, шығармаларын таныстыра келді. Абайдың тәрбиесінде 20 жыл болған немересі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың өз естелігінде былай деуі – осының дәлелі: «Семейде болғанда Абай ағама Михаэлис деген орыс досы үзбей келіп тұрды. Олар түн ортасына дейін әңгімелесіп отырып тарқасады, мен олардың сөзін жете түсінбеймін, қонақтар кеткен соң Абай ағам мынадай жағдайларын айтады: – Бұлар халық қамын ойлайтын, әділдікті көксейтін, көптің теңдігін қорғайтын оқымысты, білімді жандар екен. Абай ағам оларды құрметтеп, сөздерін ықыласпен
тыңдап, дүние жүзінде болып жатқан талас-тартыстың әрқилы жағдайын естіп-біліп, «бұлар менің күн шығысымды күн батыс етті. Дүниеге көзімді ашты» деп отыратын еді1 . Орыс сатириктері бізге, екіншіден, қазақтың өзінің орыс школдарында оқығандары арқылы жетті. Г.Н.Потанинның айтуынша, Абайдың кадет корпусында оқыған інісі Халиулла Өскембаев еліне келгенде ауыл адамдарын жинап алып, орыстың роман, повестерімен таныстыратын болған. И.С.Тургеневтің, М.Ю.Лермонтовтың,Л.Н.Толсто йдың, Салтыков-Щедриннің шығармаларын ауызша еркін аударып, ел арасынан қыдыртып жіберіп отырған2 . Орыс ғалымы И.Н.Березиннің Ленинградтағы сақтаулы архив материалдарына сүйеніп академик Әлкей Марғұлан осы пікірді былай дамытады: «Халилулла, ағасы Абай сияқты, асқан ойшыл, қаламы төгілген жазушы болуы анық еді. Омбының кадет корпусын бітіріп келген соң ол бүтіндей әдебиет ісіне беріліп, «Еңлік-Кебек» сияқты романтикалық сюжеттерді «Қазақтың ертеден есінде қалғаны» деген атпен көлемді түрде әңгіме етіп, оны қазақша да, орысша да жазады»3. Міне, осы прогрессивтік жағдайлар мен игі істер алдыңғы қатарлы, озат адамдарымыздың сезім-санасын оятып, жетілдіре түсті. Көңіл көзі ашыла бастаған ағартушы-демократтар өмірдің келеңсіз құбылыстарына жирене қарайтын, оны шенеп-мінейтін дәрежеге көтерілді. Оларға қарсы үн көтеруді, сынап-мінеуді күн тәртібіне қойды. Сатира олардың творчествосына басты сарын болып еніп тұр, мазмұн жағынан молыға түсті. Ұлы Абай да орыстың классик сатириктерімен әлгі екі жол арқылы танысып, солардан үйренуге, соларды насихаттауға ден қойды. Қазақ елі ішіндегі өсек-аяңмен 1 «Қазақ әдебиеті», 1959, 27 март. 2 «Русское богатство» журналы, 1896, №10 3 «Қазақ әдебиеті», 1959, 12 июнь.
күн кешіп жатқан жастардың Толстойдай данышпаннан, Салтыковтай сатириктен хабарсыз екеніне кейиді. Орыстың классик сатириктерін аудару, оқу Абай творчествосына қатты ықпал жасап, оны сатиралық, юморлық мотивтерге мүлде байытып жіберді. Ол «ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тілмен» қазақ сахарасындағы барлық дерт біткенді батыл әшкерелеп өтті. «Өткір тілді найза етіп», «Неше түрлі айла етіп», өз тұсындағы әділетсіз әкімдермен сайысып-ақ бақты. Оның сатирасы жай сыншылдық дәрежеден көтеріліп дәуір дерттерін аяусыз әжуалаудың әдіс-тәсілі ретінде, нағыз жанр сипатында көрінді. Абай сын-сықаққа жастай-ақ бой ұрды. Бала күндерінде Біржан, Әсетті тыңдап, Дулат, Шөже, Кемпірбайды көріп жүрді. Өз нағашылары Қантай, Тонтайдың ішексіле қатыратын күлдіргі әңгімелері мен уытты сөздерін естіп өсті. Мұның бәрі сөз өнеріне ден қойғыш Абайға қатты әсер етіп, еліктіреді. Оны әзілкеш, қалжыңбас етіп қалыптастырады. Сондықтан да болашақ ұлы ақынның алғашқы өлеңдерінің өзі реті келгенде айтылған әжуа, мысқыл ретінде көрінді. Бізге жеткен бірер өлеңі осыны растайды. Бірде бала Абай тайға мініп, шауып келе жатса, ауыл түйелерін аралай екі атты өтіп барады екен. Жөн сұраса, бірі – төркіндеп қайтқан келіншек, екіншісі – оның ағасы болып шығады. Ол өзі берген жауыр айғырын жетектеп келеді екен. Кім екен деп келіп ем түйе қуған, Қатын ғой күлдәрімен белін буған. Төркініңнің бергені жауыр айғыр, Бауырыңды ұрайын бірге туған,4 – 4 А.Құнанбаев. Бір томдық толық жинағы, 1961, 57-б.
деген әзіл-мысқылды Абай соларға айтқан. Бұл шумақты бала ақынның жаңағылармен сөйлесіп тұрып, табан астында қиып айтқаны, айта сап, өз жөніне шаба жөнелгені аңғарылады. Шумақтың соңғы жолында, ондағы оспадар сөздер ақын бала мінезін, тентек қылығының ізі жатыр. Абайдың жас кезіндегі творчествосынан-ақ осылай орын алған сатиралық мотив ақынның кемелденуіне, тарихи, әлеуметтік жағдайлардың өзгеріп, қайшылықтардың шиленісе түсуіне байланысты мүлде дамыды. Өмірде сатираға арқау болатын обьективтік және субьективтік қайшылықтар болады. Алдыңғысы қоғамдық құрылыстан, системадан, соңғысы жеке адамдар басынан көрініп отырады. Абай өз сатиралық дүниелеріне осының екеуін де негіз еткен. А.Құнанбаев сатирасын жазылу түрі – формасы жағынан үш топқа жіктеуге болады. Оның бір тобы – тұрмыстық эпиграммалар. Бұлар өзінің құрбы-құрдас, жора-жолдас, қыз-жеңгелеріне арналған бірқақпайлар түрінде келеді. Олрда ақын өз замандастарының бойындағы жеке мінкемшіліктерді әзіл-шынын араластыра отырып сынапшенейді, ұялтып-қызартып жөндем еткісі келеді. Жеке бастағы ұнамсыз қылық-мінезден арылтуға тырысады. Тұрмыстық эпиграммаларында Абай ажуа еткен кемшін-міндер әр қилы, алуан сипатты. Ақын Жамантайұлы Көжекбайға арнауында оның өсекшілдігін, бірді-бірге атыстырып, ел арасын бүлдіріп жүретін мінезін сықақтаған. Екі досты айдап салатын жаман әдетіне «Шіркінде ес болсайшы сезед деген» деп кейіген. «Әркімге өсек тасып безектеген» деген жалғыз жолда Көжекбай тұтас тұлға, бүкіл бітімімен ел алдына келіп тұра қалған. «Безектеген» – әрі ащы сөз, әрі образ шындығын ашып тұрған сөз. Осы өсекшілдігі, екіжүзділігі үшін Абай Көжекбайды «Кімнің жүгі биік болса, соған қарғып
шыққан мысық»5, – деп атайды екен. Мұндайларды ел «Күнгебағар», «Кімнің тарысы болса, соның тауығы» деуші еді. Ал Абай оларды өзінше теңеп, өзінше бейнелеп айтқан. Ақын «Шәріпке», «Қара қатынға» атты эпиграммаларында мораль мәселесін қозғайды. Замандас кейбір келіншектердің ұстамсыздығын, нәпсіқұмарлығын әзіл-шыны араластыра отырып, қатты сықақтайды. Бір айтар нәрсе: тарихшы-ғалым Әбіш Жиреншин «Шәріпке» туралы айта келіп, «Абай мұны Түңлікбай деген құрдасына қалжың етіп айтқан екен»6 – дейді. Ал «Қара қатынға» дегенін өзінің көршілес, көңілдес адамы «... Баймағамбеттің әйеліне қалжың етіп шығарған көрінеді»7, – деп түсіндіреді. Біздіңше, бұл шумақтарды жай қалжың, әшейін әзіл деуге болмайды. Әзлдің де әзілі бар. Түңлікбаймен қалжыңдау үшін оның әйеліне: Сен шыққан жол үстінде жалғыз түп ши, Көрінген ит кетеді бір-бір сарып, – деген ауыр сөзді айту керек пе? Жақсы көршісі Баймағамбетпен әзілдескенде әйелін «үзіп-жұлып алып жүр қанағатын» деу шарт па? Абайдай ақылды ақынның өз дос-жарандарының әйелімен негізсіз осылай қалжыңдасуы мүмкін бе? Шын болмаса, әлгідей ауыр сөздерді айта ма? Жоқ. Ендеше бұл арнауларында ақын Шәріп пен қара қатынның көңілшектігін әдейі беттеріне басқан. Олар әншейін әзіл емес, әшкерелеу ниетімен жазылған эпиграммалар. Осы орайда тағы бір айтар нәрсе: филология ғылымдарының кандидаты С.Нұрышев жолдас «Абай 5 Бұл да сонда, 569 – б. 6 Бұл да сонда, 554-б. 7 Бұл да сонда, 587 –б.
ақындығының алғашқы кезеңі туралы» мақаласында былай деп жазды: «25 жастағы ел ағасы болып, соншалықты зор жұртшылық істерін қолға алып жүрген Абайға «Шәріпке» деген орынсыз өлеңді айтқызу тіпті қиянат»8. Неге? С.Нұрышев жолдастың ойынша, мұндай өлеңді есейген, есі кірген адам емес, бала-шаға айтады. Қайта керісінше дер едік. Мұндай батыл да қатал сынды, замандастарына деген өзіндік пікірді тек кемеліне келген, жалтақтаудан өткен адамдар ғана айта алады. Ал «орынсыз өлең» дегенге келсек, бұл – орынсыз өлең емес, моральдық азғындықты бетке басқан, батыл әшкерелеген орынды сатира. Абай: Әйелің – Медетқызы, аты – Өрім, Айына бір жумайды беттің кірін. Ер кезек ер жігітке үшке дейін, Бір боқты тағы бас та және сүрін9, – деген эпиграммасын замандасы – Қайранбай тағы да әйел алмақ болғанда айтыпты. Мұнда ақын, біріншіден, Қайранбайдың бар әйелінің настығын, пасықтығын мысқылдаған. Екіншіден, замандасын тағы да осындай бір жаман әйелге ұрынып, «саныңды соғып қал» деген теріс тілекпен әжуалаған. Бұл пікірді автор төртінші жолда бейнелеп айтқан. Ақынның «Ағыбайға»10 атты эпиграммасында оның тұрлаусыздығы, өтірікшілдігі, пәтуасызығы, «анттан қорқып, құдайды танымайтындығы» бетіне басылған. «Сабын жаққан терідей жылп-жылп етіп бір орыннан табылмайды» деп оны өлтіре келекелейді. Теңеуі қандай ащы десеңізші! «Мұндайларды адам деп есептеме» деп түйеді ақын ойын. 8 «Лениншіл жас», 1951, 14 январь. 9 1961 жылғы жинақ, 306-б. 10 Бұл да сонда, 432-б.
Абайдың тұрмыстық эпиграммаларының бірсыпырасы зілсіз, сынсыз әзіл болып келеді. Олардан обьектіге деген ақын симпатиясы, қош көңілі сезіліп жатады. Мысалға «Қиясбайға» арнауды алып қарайықшы! Сыртың аңқау, ішің қу, Жүрген жерің күнде ду, Кісі күлсе, саған бу, Үстіңдегі кигенің – Киім емес, қызыл шу. Тамағың тоқ, ойыншыл, Апырай, сен неткен қу!11 Ақын бұл эпиграммасын Қиясбайды сынау-мінеу ниетімен емес, оның көңілді мінезін, күлдіргіштігін, жүрген жерін думандатып әкететін әдетін паш ету үшін жазған. Басына қауіп қара бұлты төніп келе жатса да, уайым етіп, қайғы қылмайтын қасиетіне ризалығын білдірген. Зілсіз әзіл, юморлық сипаттағы эпиграмма деген осы. Абайдың «Назарға» атты эпиграммасы жөнінде де осыны айтуға болады. Мынау келген Назар ма? Ақсақалды ауыл азар ма?! Сұрағаның бір-ақ тай, Бермейді деп сазарма!12 – дегенде, бай ауылынан соғым дәмете келген Назардың тұнжырап, бейшара боп тұрысын әзіл еткен. Ақын оған «енді қайтсін байқұс-ай!» дегендей сезім білдіріп, Назардың рухын көтергендей болған. Осының бәрі эпиграммасын зілсіз, достық рәуіштегі әзіл-оспаққа 11 «Қазақ әдебиеті», 1965, 4 июнь. 12 1961 жылғы жинақ, 416-б.
айналдырған. Абайдың тұрмыстық эпиграммаларының жазылу әдісі де әр қилы. Айтар ойды әсерлі жеткізу ниетімен ақын алуан-алуан «жүріс» жасайды. Кейде ол белгілі бір қажетсіз қылық, теріс түсінікті екінші бір болмысқұбылыспен бірге салыстыра, жарыстыра отырып теріске шығарады. Мысалы, Құнанбай ауылына сіңген Ғабидолла деген татар жігіті саудагерлікпен тапқан дүниесіне мастанып, «мен де ақын, мен де ғалым» деп әлін білмей әлек бола беріпті. Сонда Абай оның осы қылығын былай келекелеген: Жазғұтырым қылтиған бір жауқазын, Қайдан білсін өмірдің көбін, азын. Бәйтеректі күндейді жетемін деп, Жылы күнге мас болып, көрсе жазын. Күз келген соң тамырын үсік шалып, Бетегеге жете алмай болар жазым13. Көріп отырсыздар, осында ақын қолы жетпеске өзін-өзі қинаған жанды жауқазынмен салыстырған. Жауқазынның жас күніне мас болуы мен Ғабидолланың өз дүниесіне мастануын паралель еткен. Боламын деп жүргенде қажыры қайтып, қартайып қалған Ғабидолла тағдырын күз түсіп, үсік шалып, ақыры терек түгіл, бетегеге жете алмай қалған жауқазын тағдырымен мысалдаған, осы арқылы эпиграмма әсерлі шыққан. Енді бірде ақын ой-пікірді бейнелеп айтады. Оңған әйел ала алмай, қор болып жүрген Дүйсенқұлға арнаған шумағында Абай жас қыз алмадың дегенді «Алажаздай көгалды бір көрмедің», тағы да күйеуден шыққан әйел алдың дегенді «Сары жұртқа қондың бір ірге аударып»14 13 Бұл да сонда, 270-б. 14 Бұл да сонда, 261 – б.
деп бейнелеп, астарлап жеткізген. Ал енді Көжекбайдың баласы Рақым шалдың оспадар мінезін, тентектігін мінеу үшін жазған эпиграммасын оқып көрейік! Сұлу аттың көркі – жал, Адамзаттың көркі – мал. Өмір сүрген кісіге Дәулет – қызық, бала – бал. Бал болатын бала бар, Бал болар ма Рақымшал? Бүйтіп берген балаңды Берген құдай өзің ал!15 Міне, мұны ақын әлгілерден мүлде басқа түрде жазған. Адамзаттың, сұлу аттың көркі туралы, дәулет, бала туралы философиялық ойларын түйіндеп ап, сонан соң Рақымшалдай жұғымсыз балаларға деген көзқарасын білдірген. Бұл эпиграммада ашу-ызаның тепсіну табы бар. Тағы бірде Абай эпиграммасын сын обьектісінің өз атынан айтқызады. Онда әжуалаған адам өзін-өзі дүрелеп жатады. Ауру астан болғанда, дау қарындастан, Мұқаммараз атандым бала жастан. Мұқаммараз дейтұғын шайтан аты, Қандай молда қойды екен аямастан,16 – деген эпиграмма осының дәлелі. Мұнда ақын өз ауылын паналап жүрген Мұқаммараздың берекесіз жан екенін өзіне айтқызып келекелеген. Абай сатирасының екінші саласы – сатиралық өлеңдері. Бұл топтағы туындыларында ол саяси-әлеуметтік 15 Бұл да сонда, 258-б. 16 Бұл да сонда, 428 –б.
мәселелерді қозғайды. Н.А.Добролюбов буржуазиялық қоғамда дерттің көбі, жеке адамдардың азғындауы обьективтік себептерден, қоғамдық құрылыстың, тәртіптің кесірінен болады деген. Сондықтан орыстың классикалық сатирасы өз заманындағы мол кесір-кесапаттың, субьективтік себептерінен гөрі, обьективтік себептеріне, яғни қоғамдық қайшылықтарға көбірек шүйілді. Жеке адамдардың кінә-күнәсі үшін жалпы құрылысты, соның басында отырғандарды айыптады. Өткен ғасырдың 80-жылдарына қарай ұлы Абай да осылай етті. Көбіне өз тұсындағы ел билеу системасының берекесіздігін, былыққа белшесінен батқан ұлық, болыссымақтарды, әкім-пысықтарды, олардың бейшаралық іс-қылығын әшкереді. Солардың ішіндегі ең уыттысы – «Болыс болдым мінеки» сатирасы. Мұнда лирикалық кейіпкер ақынның әмірімен салған жерден: Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап, Түйеде қом, атта жал Қалмады елге тығындап, – деп үлкен бір дәуір шындығын аңғартып тастайды. 1868 жылғы уақытша ереже бойынша қазақ сахарасын билеу жүйесінің бір буыны – болыстар сайланып қойылатын болды. Бұл билікті, хандықты тұқымнан тұқымға ауыстырып қалдыра беретін бұрынғы тәртіптген гөрі, әлде қайда прогрессивті, демократиялық әдіс еді. Бірақ, бұл әдіс-тәртіпті даусыз, зиянсыз пайдалана, іске асыра қоярлықтай жағдай қазақ ішінде әлі пісіп-жетіле қойған жоқ болатын. Рушылдық, жікшілдік, бақталастық пен бақай есепшілдік әлі басылмаған сол кезде
болыстықты сайлап беру әлгі дерттерді мүлде қоздырып жіберетін еді. Осыны түсінген Абай бұл системаға қарсы болып, болыстарды ұлықтардың тағайындауын ұсынды. Бірақ, бұл орынды ұсыныс ілтифатқа алынбады. Айтқандай-ақ, болыстарды сайлап қою системасы, ру наразылығы түгіл, ағайынды адамдар арасындағы өшпенділікті күшейтті. Баққұмарлар бірін-бірі таптап болыстық лауазымға қарай ұмтылды. Малды-жанды, дүниені аямай болыстықты параға жығып алу дерті дендеді. Әлгі төрт жолда осы әдет, осы қасиетсіздік аңғарылған. Байлар мен қу-сұмдардың қалай болыс болатыны әшкереленген. Олар ақыл-ой парасатымен, ел қамын жер ниетімен емес, мал-жанын салып шығындап, арын сатып, жегіштердің көмейін тығындап болыс болып билеу системасындағы ақылсыздық екі әшкереленді. «Болыс болдым мінеки» деп мақтағандай, шаттанғандай болған болысымыз артынша-ақ: Сөйтсе-дағы елімді Ұстай алмадым мығымдап, – деп халінің мүшкіл екенін мойындайды. Бұлай болмасқа лаж жоқ. Өйткені, «Алты бақан алауыз» елді ақылпарасат, әділеттілікпен болмаса, мал-дүниемен «көсем» боп билей алмайсың. Рушылдық, жікшілдік шегіне жеткен сол заманда біреу біреудің мығымдап ұстауына көне қоймайды. Абай дәуірінің болыстары осылай бар дүниесін шашып бір ақымақ болса, өліп-талып әкім болғанда, елін билей алмай екі ақымақ болады. Сөйтіп, замана мазағына ұшырайды. Мұнан кейін ақын болыстар психологиясынан елес береді.
Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап. Әлсіздің сөзін салғыртсып Шала ұғамын қырындап, – дегізіп, олардың адамдық қасиеттен махрұм екендігін, екіжүзділігін мойындатқан. Кедей-кепшіктің тілекшағымын жүре тыңдап, міңгірлеп мұрынымен жауап беретін «әулиелердің» күштілер алдында құрдай жорғалайтынын, жата қап табанын жалауға дайын тұратынын әдемі образбен айтқан. «Бас изеймін шыбындап» деген үш сөзбен «ләппай, тақсыр» құп болады!» деп бас шұлғып, құлдық ұрып тұрған болыстардың бейшара бейнесін елестеткен. Олардың бұл кейпін шыбындап тұратын жылқымен теңестіруі де әрі ащы, әрі әсерлі. Болыстардың алдындағы адамына қарай бірде күржиіп, бірде мыржиып тұратындығын, хамелеондай құбылмалы келетіндігін: Жуанды қойып, жуасты, Біраз ғана шеттеймін. Ояз бардағы қылықты Ояз жоқта етпеймін, – деген өлең жолдармен тағы да ашыңқырап, әшкерелей түскен. Мұнда да олардың жуанға тимейтінін, жуасты ғана жүндейтінін аңғартқан. Ұлық алдында жұртқа жаққан жан болып көрініп, ол кеткен соң сыздана қалатын пасықтығын атап көрсеткен. Ақының үстем тап өкілдерін «жуан», еңбекші адамдарды «жуас» деп атауы да бейнелі. Бұл сын есім сөздердің алдыңғысы барлардың, шүйде майы қатпар-қатпар қалыңдардың, көңілі өсіңкі, деміне нан пісетіндердің кейпін берсе, соңғысы қой аузынан
шөп алмайтын момақан жоқ-жұқананың бейнесін дәл елестетеді. Ұлы ақын ары қарай болыстарға «оңашада оязға мақтамаймын елімді», бірақ қайтып келіп елді «жамандағам жоқ, сырттарыңнан сатқам жоқ деп алдаймын» дегізіп, олардың екіжүзділігін, сұрқиялық әдісін тағы да әшкерелейді: «Оязға сөзім өтімді», ісіңді бітіріп беремін деп мақтанатыным да, пара алатыным да бар дейді болыс. Олардың мұнысы рас. Болыстар билікке жетудегі шығынын, ұлықтарға бергенін ептеп елден өндіріп алып отырады. Бұл ретте тышқан аулаған кәрі бүркіттей ұсақтық та жасайды. «Кәкір-шүкір, көр-жерді пайда көріп ептеймін» деуі – осының айғағы. Бірақ «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей, болыстардың өтірігі шығады, арты ашылып қалады. Бос мақтан, екіжүзділігіне көзі жеткен ақылды ел анталап кеп олардың жағасынан алады. Ішкен-жегенін желкесінен шығарып, қайта құстырып, өткенін өндіріп алып жатады. Сондықтан да болыс: «Өз малым деп қойған мал иесіне берілді», – деп жылайды. Сонша дауласып, жаманатты болып жүріп билікке қолы жеткен болыстардың көрген күні құрысын. Күн батқанша шабамын, Әрлі-берлі далпылдап. Етек кеткен жайылып, Ат көтіне жалпылдап, – деуіне қарағанда, олар жүрген бір итаршы. Осы жолдарданақ болыс екемдердің тірлік-сыңайы аңғарылады. Ана ауылдан мына ауылға аласұрып, бір тынбайды. Күн батқанша тепеңдеп, қонышы ақ жұлық болып, тақымы тесіледі. Олардың осы тірлігін ақын әлгі шумақта
шынайы суреттеген. Әсіресе соңғы екі жолды оқығанда шапанының етегі ат сауырын жауып, сүмеңдетіп ұрып бара жатқан болыс көз алдыңа келеді. «Далпылдап», «жалпылдап» деген екі сөз бар ұнамсыз қимыл-әрекетті жинақтап тұрғандай. Оларда ащы мысқыл, келекекекесіннің отты нұры бар. Сықақтың ақырында болыс көрген-білгенім, істеп жүргенім осы, осыдан кейін «ұят-намыс, қалды ма ар?» деп елге-жұртқа қарайды. Бұл сұрауды ол өз еркімен қойып отырған жоқ, ақын зорлап қойғызып отыр. Мұнымен енді қай бетіңмен болыс болып жүре бермексің дегенді айтпақ, болыс атаулының ар-намыстан жұрдай болғанын аңғартпақ. Болыс өз сөзінің ақырында: «Қолдан келмес қорлыққа, неге болдым мұнша іңкәр?» –деп өкінеді. «Басым сотқа айналар», «Көрмей тұрып құсамын, темір көзді сарайды» деп қорқады. Жан пида етіп жүріп зорға жеткен болыстардың бұлай деп өкінуі, қорқуы мүмкін емес. Мұны ақынның қолыңнан келмейтін болыстыққа неге әуес болдың? Іс-қылығың өз басыңды жұтады, түрмеге апарып тығады деп болыстарға ұрысуы, оларды қорқытып, үркітіп жөнге шақыруы деп түсінуіміз керек. Өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы, яғни Абай дәуіріндегі қазақ елін билеген «данышпандардың» сиқы ақын суреттеуінде, міне, осындай. Оларды көріп жаныңнан түңілесің. Солардың өзінен ғана емес, сондай «сабаздарды» тауып алып, ел билетіп қойған патша өкіметінен түңілесің. Осы үшін академик М.Әуезов пен профессор Б.Кенжебаев кезінде былай деп жазды: «Абай би-болысты жексұрын, жаман етіп көрсету арқылы, сынау арқылы патша өкіметін, патша өкіметінің отаршылдық саясатын сынады. Жұртқа патша өкіметін де жексұрын етіп көрсетті»17 . 17 М.Әуезов. Б.Кенжебаев, Абай – қазақтың ұлы ақыны. 1945, 26-27 бб.
Көп зерттеушілеріміз орыстың классикалық сатирасының ізін Абайдың осы өлеңінен іздейді. Салтыков-Щедрин пен Некрасовтың патша чиновниктерін әшкерелеу тәсілін, олардың пасықтығын, арам-сұмдығын, жегіш-жебірлігін сүмірейте сынаудың үлгісін осы өлеңнен табады. «...Болыстарды, чиновниктерді, билерді, атқамінерлерді өлтіре сынап, мысқылдаған сатиралық өлеңдерінде ол (Абай – Т.Қ.) Салтыков-Щедринге көркемдік жағынан да, саяси жағынан да жақын»,18 – деп жазды М.Әуезов. Абайдың бұл сатирасы («Болыс болдым мінеки» – Т.Қ.), сыншыл реалистік бағытта жазылған шығармалары–әсіресе Салтыков-Щедриннің шығармаларын творчестволық жағынан қарап зерттеуден туған. Орыс сатирасының революциялық-демократиялық традициясынан үйренген Абай тек тәртіп бұзушы жеке болыс, чиновниктер ғана емес, жалпы ел басқару системасының беделін түсіріп, әшкерелеуге дейін барады»,19 – деп жазады тарихшығалым Әбіш Жиреншин. Сөз жоқ, мұның бәрі – ғылыми дерек, материалдарға сүйеніп айтылған орынды пікірлер. Абай сатирасының М.Е.Салтыков-Щедрин сатирасымен үндес жатқаны, содан идеялық нәр алғаны рас. Егер орыс сатиригі өзінің «Губерниялық очерктерінде» шалғай провинциядағы дворян интеллигенттерінің, чиновниктер мен помещиктердің жан шошырлық типтерін жасаса, қазақ сатиригі Сарыарқа сахарасындағы ел басқарып жүрген атқамінерлердің бейшара кейпін жасайды. Парақорлық пен өсімқорлық, ұрлық-қарлық пен қулық-сұмдық, ел тонау мен мен жұрт жылату – екі сатириктің де обьектілеріне ортақ дерт, өздеріне тән қылмыс. Олардың суреттеуінде орыстың помещиктік-чиновниктік ортасы мен қазақтың 18 М.Әуезов. Уақыт және әдебиет, 1962, 378-б. 19 1961 жылғы жинақ, 578-т.
бектік-феодалдық дүниесі мәдениетсіздік, надандық, тағылық жағынан бір-бірінен кем соғып жатқаны жоқ. Сол сияқты М.Е.Салтыков-Щедрин «Органчик» атты сатиралық очеркінде орыстың самодержавиелікполицейлік мемлекет құрылысын әшкере етсе, Абай осы сатирасында қазақ даласының қанаушылыққа негізделген билеу системасын масқара етті. Орыс сатиригі самодержавиелік бюрократтық машинаның типтік өкілін обьекті етіп алса, қазақ сатиригі болыстардың типтік өкілін жұрт алдына сүйреп шықты. Салтыков-Щедрин әлгі асыра сілтеушілік пен қылмыстардың кездейсоқ нәрсе емес, қоғамдық құрылыстан, мемлекеттік тәртіптен туып жатқан дерт екенін ашып айтса, Абай да болыстардың жоғарыда аталған сорақы қылықтары жеке бастың кінәсі емес, сол тұстағы ел билеу жүйесінің, жалпы ортаның «жемісі» екенін аңғартты. Ол айтқан болыс басындағы дерттер тек Күлембайға емес, жалпы болыс атаулыға ортақ, тән дерттер. Бұлай типтендіре, әркімге тәндендіре суреттеуді Абай, әрине, орыстың классикалық сатирасынан үйренген еді. Абайдың сөз болып отырған бұл өлеңінің өзіндік жазылу ерекшеліктері де бар. Ең алдымен, ол болыстың өз атынан айтылған, соның монологы түрінде берілген. Осы әдіспен ақын болыстардың өзін-өзіне әшкерелеткен. Осы тұста тоқтала кетер бір мәселе бар. Филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Әбетов ұлы ақынның осы сатирасын жап-жақсы талдай келіп, былай деп жазды: «Лирикалық қаһарманның өзін-өзі әшкерелеу тәсілі Абайға дейін де және сол секілді Абайдың басқа тақырыптардағы өлеңдерінде де болмаған тәсіл»20 . Бұл–мүлде ағат айтылған пікір. Кейіпкерге сөз беріп, өзін-өзіне әшкерелету – қазақ әдебиетінде бұрыннан20 Абайдың саяси сатирасының идеялық-көркемдік ерекшеліктері, (диссертация қолжазбасы), 1958, 75-б.
ақ бар тәсіл. Алысқа ұзамай-ақ, Дулат Бабатайұлының «Сөзім бар да, көзім жоқ»21 деген өлеңін алып, үңіле оқып көрейікші! Сонда қазақ ішіндегі әр түрлі адамдардың, әр түрлі кейіпкерлердің өз мінін, өз дертін өздеріне айтқызып отырғанын айқын аңғаруға болдаы. Би мен бекті жақтадым, Бай, мырзаны мақтадым. Бәйбішенің мойнына Жырдан алқа таққаным, – дегенде ол өзін айтып отырған жоқ, Абай сынайтын кәдімгі «қайыр тілеп жұртты шарлаған, әркімге мақтау өлең арнаған, қобыз бен домбыра алып сарнаған» ақындарды айтып отыр. Әлгі пікірді соларға айтқызып отыр. Дулаттың өзінің би, бек, бай, мырзаларды мақтап, жақтап жарытқаны белгілі. Мүмкін, бұл жолдарды ақын өзі туралы айтқан деп таласуға да болар. Ал: Өсек болды баққаным, Момынға құрған қақпаным, – дегенді де өзі туралы айтып отыр ма? Ол үнемі өсек бағып, қараға қастық ойлап, қақпан құрып жүрсе, бұқара үшін мәні зор әдеби дүниелерді неге туғызған? Қылмыстыны қызықтап, Маңдайынан сипадым, Қабағынан қақпадым, – дегенді де өзі туралы айтып отырса, қылмысты қылықтарды әшкерелеген ащы сатираны өзі неге айтқан? 21 Үш ғасыр жырлайды.
«Қылмыстыны қызықтап, маңдайынан қақпағаны» қалай, олардың бет-пердесін сыпыра әшкерелегені қалай? Біздіңше, мұнда ақын қазақ ішіндегі белгілі бір топқа, қылмысқұмарлардың қолтығына су бүркіп, айдап сап қойып отырғандарға тән мінезді көрсетіп отыр. Оны солардың өзіне мойындатып, айтқызып отыр. Біреудің отын үрледім, Өз отымды жақпадым. Ырылдасып әркіммен, Не қапқыздым, не қаптым, – дегенде де қазаққа тән алауыздықты, жікшілдікті, бірде жығып, бірде жығылып жатқан бақталастықты лирикалық кейіпкердің аузына салып айтқызған. Осындайдан оңбай жүрміз дегізген. Зерттеуші Ы.Дүйсенбаев та осы өлеңді Дулат өзі туралы айтып отыр деп түсініп ағаттыққа ұрынған. Күнәм жойқын, тәубем аз. Тіршіліктен не таптым. Дүние – жемтік, мен – төбет, Соны бақпай, не бақтым? – деген сияқты жолдарды келтіреді де, «Бұқара көпшілігінің мүддесін көздеп, болашақты дұрыс болжай алмағанын жырау өзі де мойнына алады. Дүниені жемтік, өзін төбетке балап, тіршіліктен тірек таба алмай торығып, сарыуайымға салынған Дулат өз дәуіріндегі әлеуметтік қайшылықтарды дұрыс тани алмай, кертартпа ойдың шырмауынан шыға алмаған ақын болады»,– дейді . Біз Дулатта қайшылықтың, кертартпа пікірлердің молдығын жоққа шығармаймыз. Тек әлгі жолдарды өз атынан айтып отыр, төбетке өзін балап отыр дегенге
қосыла алмаймыз. Ал енді «лирикалық қаһарманның өзін-өзі әшкерелеу тәсілі – Абайдың басқа тақырыптағы өлеңдерінде де болмаған тәсіл»22 дегенге келсек, бұл да бекер. Оған жоғарыда айтылған кейіпкердің өз атынан жазылған «Мұқаммаразға» атты эпиграмма бір дәлел болса, ақынның «Ойға түстім, толғандым»23 деген өлеңі – екі дәлел. Бойдағы мінді санасам, Тау тасынан аз емес. Жүрегімді байқасам, Инедейін таза емес, – дегенде, мінім шашымнан көп, жүрегім қара, араммын деп Абай өзін айтып отыр ма?! Ақыл менен білімнен Әбден үміт үзіппін. Айла менен амалды Меруерттей тізіппін. Жалмауыздай жалаңдап, Ар, ұяттан күсіппін, Қулық пенен сұмдыққа Құладындай ұшыппын, – деп отырған да Абайдың өзі ме?! Жоқ, бұлай деп отырған – ақынның лирикалық кейіпкері, ел ішіндегі әлгідей дерттің иелері. Олар өз мінін өздері баяндап отыр. Демек, сыналатын кейіпкердің өзін сөйлетіп, өзінөзі әшкерелету тәсілін Абай тұңғыш рет және бір-ақ рет қолданбаған. Бұл ретте ол Дулат дәстүрін дамытушы, кемеліне келтіруші болған. 22 Қазақ әдебиетінің тарихы. ІІ том, І кітап, 49-б. 23 1961 жылғы жинақ, 302-б.
Ұлы ақынның «Болыс болдым, мінеки» сатирасының екінші жазылу ерекшелігі – оның бас жағында болысты «үйттім», «бүйттім» дегізіп өзін-өзіне дүрелетіп алады да, соңында елдегі жалпы жағдайды сипаттатады. Бұл тұста болыс: Бұрынғыдай дәурен жоқ, Ұлық жолы тарайды. Өтірік берген қағаздың Алды-артына қарайды, – деп өз ісі емес, ел ішінің ісі, үшінші жақтың ісі етіп баяндауға ауысады. «Олай болды, былай болды» тұрғысынан сөйлейді. Абай болыстар туралы, өз кезінің билеу системасы туралы осы өлеңіндегі сын-сықағын «Күлембайға», «Мәз болады болысың» атты өлеңдерінде дамыта түседі. Бұларда ақын өз атынан сөйлейді. Алдыңғы өлеңде: «Ел билеген адам жоқ ата менен бабаңда», – деп Күлембайдың тегін кекетеді. Тұқымың өмірі ел билеген жоқ еді, сен қалай болыс болып жүрсің? деп өзін келекелейді. «Болыстықтан пайда ғып, шығыныңды алсаң жаман ба? дейді де, «оған келе де бермес шамаң да» деп ақымақ қылады. Қолыңнан түк келмейтін бишарасың ғой деп ашық айтады. Бұл өлеңде болыстардың жалтақтығы да, қорқақтығы да әжуаланған. «Атшабар келсе қышқырып, орныңнан тұра шабасың, айдаһардай ысқырып ояз келсе, қайтер ең?» деген сұрауда осы әжуа жатыр. Онда бұтыңа т...п қояр ең деген емеурін айтпаса да түсінікті. Күлембайдың тағы бір трагедиясы – үйінде күштімсіп, мықтымсып отырады, ал күштілер түшкіріп жіберсе, ұшып кетеді. Бұл – моральдық, білімсіздік әлсіздік, болыстықта мықты негіздің жоқтығы. Абай бұл сатирасында да өзінен бұрынғы әдеби
дәстүр көріністерін мол пайдаланған. Оны көптеген ауыз әдебиеті туындыларының үлгісімен «уағалайкуссәлам» деп бастаған. «Болыс, мал-жан аман ба?» деп екі адамның кездесуі, бір-біріне қарата сөйлеп, жөн-жай сұрасуы түрін қолданған. Өзінің алдындағы ақындар дәстүрімен Күлембайдың бишаралығын оның тегінен іздеген. Алдыңғы буын – ағалардың ой-пікіріне де еліктеген. Егер Дулат: Майырдың алса бұйрығын, Борбайға қысып құйрығын Ел пысығы жортады,24 – десе, Абай: Орныңнан тұра шабасың Атшабар келсе қышқырып, – дейді. Мұнда пікір бар. Тек Дулат «Ол сөйтеді» деп айтса, Абай «Сен сүйтесің» деп айтады. Өлеңге бірінші ақында «борбайға құйрықты қысу», «ел пысығы» деген сөздер уыт беріп тұрса, екінші ақында «қышқырып» деген сөз беріп тұр. Бұл сөзден «Тырнадан қарауыл қойсаң, басыңнан қиқу кетпес» дегендей, шақылдап, ел мазасын алып жүрген атшабар бейнесі елестейді. Ақынның оязды ысқырған айдаһарға теңеуінде де сыр бар. Мұнымен оның қаталдығын, мейірімсіздігін, қазақ қауымының желкесіне мінген пәле екенін білдірмек. Абай «Мәз болады болысың» өлеңінде де болыстардың сазайын берген. Отаршыл ұлықтардың шен тағып, шекпен жапқанына, «Жарайсың», «бәрекелді» деп арқаға қаққанына олардың мәз болып, босқа мақтанып, ақымақтанып жүргенін өлтіре сықақтаған. Ақын мұнда 24 Үш ғасыр жырлайды, 100-б.
да болыстарға тура қарап, көңіліндегісін бүкпей айтады. Ар-ұяттарыңызды сатқаннан оқалы тон тола ма, шен, оқа сияқты жылтырауыққа алданатын сендер боласыңдар ма? деп өңменінен өтер орынды сұрақ қояды. Олардың болыс болғанға жас баладай қуанатынына, қой сойып, той қылатынына таңқалады. Көзі барлар ойының Күлер көтін ашқанға. Қасиетін бойының Бекер төгіп шашқанға,25 – деген шумақпен бұған мен ғана таңқалмаймын, мен ғана күлмеймін, есі дұрыс, көңіл көзі бардың бәрі күледі дейді. Болыстардың әлгі қылығын қасиетті кетіру, арды төгу деп біледі. Ақын болыстардың осы психологиясын сынап-мінеп келеді де, өлеңнің екінші жартысын дидактикаға, ақылкеңеске айналдырады. «Миың болса жолама, бос желігіп шапқанға» деп болыс болма, болыс болмау – жамандықтан қашу, болыс болу, шен, шекпен алу – ар, абыройдан айырылу дегенді айтады. Болыс болып болдым деу, толдым деу қате, өйтіп толғанға тосқан бар дейді. Ақын ақылы – одан да ғылым іздеп, білім ал! Абайдың сатиралық өлеңдерінің енді бір тобы жеке адамдардың ұнамсыз мінез-қылығын мінеп-шенеуге арналған. Олардың шартты түрде жазылғандарында кей жігіттердің, жастардың жеке басының міні, теріс жүріс-жорығы әшкереленеді. Ұнамсыз да ұсқынсыз кейпі жасалады. Егер ақын жоғарыда талданған саяси сатиралық өлеңдерінде сын обьектісінің кім екенін олардың іс-қылығымен аңғартса, мораль, этика тақырыбына жазған сықақтарында сатиралық образды 25 1961 жылғы жинақ, 133-б.
психологиялық детальдармен жасайды. Кейбір жастардың мақтаншақтығын, кеселді іске үйірлігін, шаруаға олақтығын, қияли қыдырымпаздығын әшкерелейтін «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ»26 өлеңіндегі: Керегеге сабауды шаншып қойып, Бөркін іліп қарайды жалтақ-жалтақ, – деген жолдардың біріншісінде есерсоқтың кісі күлерлік қимыл-қылығы көрсетілсе, екіншісінде психологиялық деталь бар. Ақ бөркін ақ сабауға іліп қойып, оған сұқтана қарап, мәз болу адамның санасын, психологиясын аңғартады. Бет-аузын сөз сөйлерде жүз құбылтып, Қас кермек, мойын бұрмақ, қоразданбақ, – деген жолдарда психологиялық деталь айқынырақ берілген. Бет-әлпетті тыржыңдатып, қас керу сияқты мимикалық, психологиялық детальмен кейбіреулердің кім екені аңғарылған. Абай жеке адамдардың жарамсыз қасиет-мінезін сықақтайтын өлеңдерінің бірсыпырасын нақты кісілерге арнап жазған. Туған ағасы, іштей өзіне жауыққан, Оразбаймен бірігіп қастық істеуге дейін барған Тәкежанның пасықтығын, қараниеттілігін әшкерелеп, «Тәңірбергенді» деген сықақ қалдырған. Мұнда ақын оның психологиясын ашуға, сол арқылы сатиралық тип екенін көрсетуге бой ұрған. Байсып, паңсып, Көрінгенге бәлсіп, Өзі ғана келгендей, Дүниеге жансып, 26 Бұл да сонда, 83-б.
Маң-маң басып, Менмендігі асып, Мал бітті деп, көңілі Көтеріліп тасып,27 – деген сегіз жолда Тәкежан бар қыр-сырымен тұр. Оның дүниеде өзінен басқа жан жоқтай сезінетін, әлдеқандай боп паңсып, бәлсіп жүретін жан екені, тіпті, салмақситын сыртқы бітімі де аңғартылған. Ақынның айтуынша, мұның бәрі – табиғи мінез-құлық емес, малдың, дүниенің буы, көңілдің, көздің майының өсуінен пайда болған дерт. «Бай, бай дегенге мастанғандық», «қайырымсыз малға желіккендік». «Семіздікті тек қой көтереді». Дүние, дәулет ақылсыз адамды бұзады. Малдылық, баршылық Тәкежанды да бұзған. «Өз тамағым тоқ, қайғым жоқ» деп ағайынмен амандасуды, жөн сұрасуды қойған. Ағайын басына іс түссе, жаны ашудың орнына, «шоқ-шоқ» деп табалайтын болған. Абай әшкерелеген Тәкежанның жағымсыз мінезі мұнымен де бітпейді. Ол барып тұрған қаскүнем, қараниет. Ақынның «өтірік жала жабады, біреуге көр қазады» дегеніне қарағанда, басқа адамның аяғынан шалу, етегінен басу – Тәкежанға біткен пасық әдет. Біреуді сүріндірмесе, орға құлатпаса, оның ішкен асы бойына сіңбейді. Сондықтан Абай оны «өтірік, өсек, дау десе, бәйге атындай шабады» деп мінездейді. Қандай орынды теңеу! Бәйге аты шабарға келгенде ала қашып, жұлқынып тұрса, Тәкежан өтірік, өсек дегенде алып қашып, аттандап, қиқу сап тұрады. Осы өлеңінде ақын Тәңірбердінің сатиралық образын жасау үшін портреттік детальдарды да пайдаланған. «Маң-маң басып» деген сөздермен оның сырт бітімі аюдай 27 Бұл да сонда, 430-б.
балпаңдаған, олақтау, сылбырлау кісі екені аңғарылады. Ал, «кеудесінен буынып, пыс-пыс етіп демігіп» дегенде осы портрет дамып, Тәкежан бейнесі айқындала түскен. Пыс-пыс етіп демігіп, ентіккеніне қарағанда семіз кісі, жүрегі майланған, маң-маң жүрсе де, екі иығынан демалып, буынып, алқынып жүреді.Сөйтіп, әділдік жолында әкесін де аямаған Абай бауыры Тәкежанды да сын семсерімен осылай сойып салған. Кейінгі ұрпаққа оның пасық психологиясын паш етер сатира қалдырған. Ол туған күйеу баласы Дүтбайдың да ұнамсыз мінезқылығын, ішкі арам дүниесін терең үңіле ашқан. Ақын суреттеуінде Дүтбай кісіге суық, бірде мұңдана, бірде сұрлана, тағы бірде жылмыңдай қалады. Жылтырап, жылпылдап та кетеді. Бірақ, көзге солай етіп, артынан пыш-пыш өсек жаяды. Бояудай оңып, «жын сықылды бұзылып», «тұрлауы жоқ құбылып» тұрады. Яғни, айнымалы, екі сөзді. Ақын оның осы мінезін ашып, осы мінін қайталап-қайталап бетіне басады. Бұл қулық емес, дерт екенін айтады. Абай күйеу баланы да, Тәкежанның кебін кигізіп, кейінгілер көрсін деп, сатира найзасына іліп тастап кеткен. Абай «Абыралыға» деген өлеңінде сөзге жүйріктігі, тапқырлығы үшін «Сары жорға» атанған өзінің замандасы Абыралының намазға олақтығын, босқа тоңқаңдай беретінін әжуалаған. Сықақ күлкілі. Мұнда ақын сөзбен емес, кейіпкердің қимыл-әрекеті арқылы күлдіруге ден қойған. Намазшамның артынан Құржаң-құржаң етеді. Жер ұшық берген кісідей Тоңқаңдай ма, не етеді?28 – 28 Бұл да сонда, 64-б.
деген жолдарды оқығанда, Абыралының құржаңқұржаң етіп, тоңқаңдап жатқан қимыл-әрекеті көзге елестеп күлеміз. Ақынның сырттан бақылап тұрып, «мынау тоңқаңдай ма, қайтеді?» деген сөзі де еріксіз езу тартқызады. Абай сатирасының екінші саласына жататын бұл өлеңдері – түр жағынан сатиралық портретік суреттемелер. Өйткені оларда болыстардың, Тәкежан, Дүтбай және басқалардың іс-тіршілігі, жүріс-жорығы, жан-дүние, психологиясы, келбет-бейнесі ашылады. Соларға мінездеме беріліп, нендей адамдар екені айтылады. Ақын бірсыпыра сықақ өлеңдерін басқа түр-формада жазған. Оның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Антпенен тарқайды», «Бойы бұлғаң» өлеңдері – сатиралық шолулар. Осындағы бірінші аталған өлеңде қазақ тұрмысындағы көп дерттерді аңғартады: «Алам, алам» деп аузын ашып тұрғандарды мұрнынан тізіп, сыпыра әшкерелеп шығады. Өз тұсындағы кеудесінде жаны бардың бәрінің біреуден алсам деп жұтынып тұратын мінездерін, «берем» деген жан жоқ екенін күйіне сынайды. Кім қайтып алады? Бай кейін берем деп алады; би мен болыс біруден кегіңді ап берем деп алады. Елубасы шар салып, леп берем деп алады; жалаңқай жау бермесең, жек көрем деп алады; досың бермесең, сырт берем деп алады. Әйтеуір: Терін сатпай, телміріп көзін сатып, Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман, – дейді ақын. Сөйтіп, бала атаны, іні ағаны алдауға тырысқан заман болды бұл деп кейиді. Өлең аяғында барлық дертке мынадай қарғыс айтады:
Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын! Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын! Бір атқа жүз құбылған, жүзі күйгір Өз үйінде шертиген паңы құрсын!29 «Антпенен тарқайды» өлеңінде де Абай ел ішін жайлаған індет-дерттерге шолу жасайды. «Ор қазып байқайды, туа жау емеске» деп қазақтағы өзара қастықты, пәлеқорлықты, «пысықтар шалқайды таласып теңдеске» деп бақталастықты әшкерелейді, «Таласып тарқайды», «бірлікті шайқайды» деу де ақынның елге қойған үлкен міні, жұртқа айтқан үлкен сыны. Бірлік жоқ, алауыздық көп дегені. Бұл өлеңде ақын жегіштікті де, өсімқорлықты да сынаған. Осы тұста бір айтар нәрсе: Абайдың болыстарды, Тәкежан, Дүтбайды әшкерелеген сатиралық, портреттік суреттемелеріне қарағанда, шолулары өткірлік, уыттылық жағынан төмендеу жатады. Оларда сықақтық әдіспен кекетіп-келемеждеп, мысқылдаудан гөрі дертті баяндау, хабарлау, констатациялау басым. Бірсыпырасы сатиралық әшкерелеу дәрежесіне көтеріле алмай, жай сын тұрғыда қалып қойған. Абайдың сықық өлеңдерінің ішінде сатиралық миниатюра да бар. Оны Көкбайға арнаған: Бұралып тұрып, Буыны құрып, Қисайта тартып мұрынын; Әсемсіп, сәнсіп, Білгенсіп, бәлсіп, Әр нәрсенің орынын. 29 Бұл да сонда, 76-б.
Керенау кердең, бір керім Жақпайды маған сол жерің.30 – деген өлеңі – сатиралық миниатюра. Онда Көкбай басындағы бір міні ғана, бәлсініп тұратын керенаулығы ғана сықақ етілген. Өлең тастан ойғандай жұмыр, қысқа. Сөйтесе де онда обьектінің әлгі мінін жеріне жеткізе әшкерелеген. Абай сатирасының үшінші саласы – мысалдары. Рас, оның дені аударма. Бірақ, оларды өз мүлкіміздей көруге қақымыз бар. Өйткені, біріншіден, тұрақты жол өлшемі, шумағы жоқ, ауызекі сөйленген қара сөз сияқты болып келетін Крылов мысалдары үлкен творчестволық шабытпен өлең етіліп, сахара тіршілігіне лайықталып аударылған. Қазақ өмір-тұрмысына сай емес образдар, есімдер халқымызға тән бейнелермен ауыстырылған. Осы пікірімізді дәлелдеу үшін, Крылов мысалдарының оригиналын Абай аудармасымен салыстырып зерттеу міндетіміз болмаса да, бірер мысал келтірейік. Орыс мысалшысының «Крестьянин в беде» мысалында ұры кедей шаруа үйін тонаса, Абай аудармасында байдың үйін тонайды. Өйткені, қазақ өмірінде ұрлық байға жасалады, барға жасалады. Абай осы тұрмыс шындығын айтпай, Крылов ізімен кетсе, қазақ жұрты «ол сорлының несін тонады екен?» деп күлер еді, сенімсіздік білдірер еді. И.А.Крылов тоналған сорлыға құда-қоңсы, жекжатжұрағаттары пысықсып құрғақ қу сөзбен ақылгөйсіді де, іспен көмектеспеді десе, Абай: «Бөз орнына сөз беріп, құда, тамыр, дос кетті», – дейді. Яғни, орыс классигі мұндайда сөзбен емес, іспен көмектес десе, қазақ классигі сөзбен емес, бөзбен, қолға ұстап, көзбен көретін нәрсемен көмектес дегенді айтады. Сол сияқты Крыловта: басыңа іс түсіп, көмек сұрай қалсаң, ең жақсы досың да мақау30 А.Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы, 1957, І том, 76-б.
мылқау бола қалады. Ал Абай бұл пікірді мұндайда олардан күштегенде аларың «бишара» менен «байғұс» қой деп, қазақ әдетіне жақындата түседі. «Байқұс-ай,ә» деп аяғаннан басқа берері жоқ екенін айтады. И.А.Крыловтың «Дуб и трость» мысалында еменнің шілікке мақтанып «Кавказға иық теңеп асқақ тұрмын» дейтіні бар. Абай осыны «Тау-жартасқа ұзарып бой теңеттім», – деп аударған. Қазақ даласында Кавказ жоқ, сондықтан ақын оны мұнда бар нәрсемен, жұрттың өзі білетін нәрсемен ауыстырған. Осы сияқты ұлы мысалшының «Лягушка и вол» мысалында бақа өгізбен жазық көк майсада кездеседі. Ал Абайда бұлақ басында, өгіз су ішуге келгенде кездеседі. Ақын бұл сәтті: Су ішкелі бір өгіз, Барып еді бұлаққа, Бақалар қорқып, тарбақтап Қашып шықты әр жаққа,31 – деп өзінше баяндаған. Табиғи заңдылыққа өте жақындата түскен. Сол сияқты «Стрекоза и муравей» мысалын аударғанда инелікті шегірткемен ауыстырған. Мұның себебін М.Әуезов: «Абай қазақтың фольклорында, жайшылық ұғымында инеліктің араласатын орны аз болғандықтан, оны әдейі оқушының ұғымына жақынырақ, қонымдырақ етіп алған тәрізді»32 – деп түсіндіреді. Міне, осындай творчестволық ізденістің нәтижесінде ақынның И.А.Крыловтан аударған «Емен мен шілік», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Әншілер», «Ала қойлар», «Қарға мен түлкі», «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден» мысалдарын халқымыз өзінің төл 31 1961 жылғы жинақ. 407-б. 32 Қазақ әдебиетінің тарихы, ІІ том, І кітап, 465-б.
туындысындай тұшына оқиды. Жылы қабылдап, жаттап ап, өзара айта жүреді. Екіншіден, бұл мысалдарда келемеж етілген міндер мен сыналған кемшіліктер біздің қазақ қауымына да тән дерттер. Шегірткедей қамсыз, бақадай ақымақ, түлкідей сұм, есектей парықсыз, қарғадай әлін білмес әлек қазақ аспаны астында да жеткілікті еді. Мысалдарды оқығанда, көп адамдар өзін көріп, өз психологиясын танып отырады. Абай ой-пікірді мысалдап, тәмсілдеп айтуға жалпы бейім болған. Мысалы, оның: Күшік асырап ит еттім, Ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттіп, Ол мерген болды, мені атты,33 – дегенінде астарлы ой бар. Гуманист ақын жұртқа қолынан келген жақсылығын аямаған. Көп адамға достық еткен, оларды баулып, тәрбиелеп адам еткен. Бірақ соның көбі Абай қадірін білмеген. Достығына қастық, жақсылығына жамандық қылған. Ақын әлгі жолдарда мысалдап, астарлап осы жайды айтып отыр. Өз наласын жұмбақтап аңғартып отыр. Ақынның бұл өлеңі, жоғарыда аталған «Ғабидоллла ағасы» нағыз мысал болмағанмен де, жанр элементтерінен құр емес. Ал, оның «Есек» дегені – нағыз мысал. Бұл мысал туралы айтарымызды ғалым Х.Бекхожин жолдастың мына пікірінен басталық: Абайдың «Есек» деген памфлет өлеңін – Салтыков-Щедриннің «Бір мұжықтың екі генералды қалай асырағаны туралы хикая» деген шығармасымен салыстырсақ, бұл екі халықтың ұлы жазушыларының арасында идеялық байланыс болғанын 33 1961 жылғы жинақ, 283-б.
көреміз. Абай өзінің бұл шығармасында адамшылық ардан безіп, тек баюды ғана көздейтін адамдарды келеке етеді. Щедрин сипаттаған генералдар сияқты еңбекші халықтың еңбегін қанау арқылы дәурен сүріп отырған байларды масқара етеді34 . Біздіңше, бұл орынсыз аналогия, жөнсіз ұқсату. Рас, орыс сатиригі әлгі аталған ертегісінде Россияны асырап отырған қарапайым ел екенін, солардың күшімен, еңбекке бейім қабілетімен патшалық қоғамның өмір сүріп отырғанын паш етті. Сол еңбекші ел болмаса, үстем тап өкілдерінің күн көре алмайтынын, аштан өліп қалатынын, олардың арамтамақ, нансоғар, халық қанын сорып жатқан сона екенін аяусыз әшкереледі. Ал, Абай мысалының айтары бұл емес. Х.Бекхожин жолдас айтқандай, «... адамшылық ардан безіп, тек баюды ғана көздейтін адамдарды келеке ету», «еңбекшіл халықтың еңбегін қанау арқылы дәурен сүріп отырған байларды масқара ету» емес. Мысалдың сюжетіне жүгінейік. Мал айдап, сауда қылып жүргендердің керуені елге қайтады. Алтын артқан бір есек Соларменен келеді. Ол жай жүрсе, жұрт та жай, Ол желсе, жұрт желеді. Саудагер байдың бәрі соның маңынан кетпейді. Ортаға алып әңгіні Бәрі бірдей сыйлайды. Бірі сүйіп құлақтан, Бірі жүнін сипайды. Тіпті, есекті еркелетіп «Жаппарқұл мырза» деп 34 Х.Бекхожин, «Қазақ баспасөзінің даму жолдары», 1964, А., 21-б.
атайды. Елге келген соң байлар есектен алтынды түсіріп алады. Бұдан кейін оның ешкімге керегі болмай қалады. Жаппарқұл мырза аты жойылып, боқ тасуға жегіледі. Демек, автор кісіні дүниесіне, мал-мүлкіне қарап қадірлейтін, қолыңда барда парқыңды біліп, дәулетің бітсе, алтынды түсіріп алғаннан кейінгі есектей қадірсіз ететін үстем тап өкілдерін келеке еткен. Адамды малдәулетіне, байлығына қарап бағалайтын сол қоғамды, сол ортаны әшкерелеген. Малды-жанды, дәулет-мүлікті болса, ит те, есек те мырза атанады деген пікірді айтқан. Ақын осы идеясын мысал соңындағы: Жұрт ергені соңына Үстіндегі алтын ғой, – деген екі жолда да аңғартып кеткен. Сонымен бірге, Абай кейбір надандардың дүниесімен қадірлі болып, есепке алынып жүргенін білмей, «артық өзгеше туғанмын, сондықтан сыйлымын» – деп түсінетін бейшаралығын келекелеуді мақсат еткен. Бұл ниет ақынның байлар қошеметін көп көрген. Есер шіркін есіріп, Болып алды тым тантық, – деген жолдарынан бір көрінсе, Алтын үсте жүргенде Сол қадірмен көп жүрген. Өз ойында көк есек Өзгеше тудым деп жүрген, – деген шумағынан екі көрінеді.
Мысал шебер жазылған. Оған қазақ тұрмысына, жалпы шығыс елдеріне тән сюжет берілген. Айтылар идеяға қарай персонаж да табылып алынған. Малымен, байлығымен еленіп, мырза атанып жүрген парасатсыз әумесер де бір, есек те бір. Абайда бұдан басқа мысал жоқ. Мұның себебін М.Әуезов былай түсіндіреді: «Крылов мысалдарын жақсы көріп аударғанмен, Абай сол Крылов үлгісімен мысал жазбайды. Себебі... жаманшылықтың жайын жалтарып айтпай, Добролюбов үгіттеген жол бойынша, ызалы шабытпен, тура шабуылмен айту керек деп ұғынады. Сондықтан өз бойындағы әжуа мен сатираға толып кеткен ызалы, толқынды ойларын Абай мысалсыз-ақ ашық, анық өлеңдермен шығарады»35. Сатира, юмор элементтері Абайдың басқа да шығармаларынан көп кездеседі. Мысалы, ол «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңінде молдаларды оңдырмаған. Кітапты молда теріс оқыр, Дағарадай боп сәлдесі. Малқұмар көңілі бек соқыр, Бүркіттен кем бе жем жесі,36 – деген шумақта молдамын деп жүргендердің көбінің дүмшелегін, құранның оң, терісін ажырата алмайтындығын дәл айтқан. «Мал», «мал» деп, өліп жүретін олардың көңіл көзінің надан, соқыр екені де рас. Қарапайым елді тонауда бүркіттен жыртқыш. Сол ортада ақын осы шындықты батыл да қатты әшкерелеген. Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», 35 Қазақ әдебиетінің тарихы ІІ том, І кітап, 466-б. 36 1961 жылғы жинақ, 182-б.
«Менсінбеуші ем наданды», «Қайғы шығар ілімнен», «Қарашада өмір тұр», «Бойы бұлғаң» деген өлеңдерінде де ел ішінің бұзылуы, ондағы жікшілдік, баққұмарлық, көреалмаушылық, алауыздық, өтірікшілдік, өсекшілдік, пайда іздеу, ұрлық қылу, сұмдық-сұрқиялық істеу сияқты дендеген дерттерге қарғыс таңбасы басылған. Барымта мен партия – Бәрі мастық, жұрт құмар Сыпыра елірме, сұрқия Көп пияншік нені ұғар,37 – деген шумақта ақын кейісі, ақын ашу-ызасы сыртқа теуіп тұрғаны хақ. Сатира, юмор элементтері Абайдың қарасөздерінде де көп кездеседі. Әрине, ақын прозалық бұл туындыларын дерттерді сынап-мінеу ниетімен емес, өсиет-өнеге айтып, ақыл-кеңес беру ниетімен жазған. Бірақ, сол ағалық ақылтілегін айту үшін алдымен теріс іс, мінез-қылықты шенепшенеп алады да, негізгі тілек ниетін сонан соң айтады. Мысалы, Алтыншы сөзінде ақын еңбек қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып жүруді тірлік деп білме! Ондай тірлік итте де бар. Сыртың пасық, ішің нас, артын ойлап ұялмас болып жүріп тірімен деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық дейді. Міне, осында Абай, бір жағынан, кеселді жалқау, қылжақбастарды, әзір тамақ, әзір астың иелерін қатаң сынға алған, екінші жағынан, еңбек ет, арлы бол, ұятты бол деген өсиет-өнегесін айтқан. Абай басқа қарасөздерінде де әлеуметтік дерттерге құрғақ кейіс білдіріп, қатал сын айтып қана қоймайды, оған қоса ақыл, кеңес, өсиет өнеге айта отырады. Бір жайларды сынай отырып, оқушысына қарай сөйлеп, сұрау қойып, олармен әңгімелесе, пікірлесе жазады. 37 Бұл да сонда, 190-191-бб.
Оқушысын ойландырып, дерттің неден екендігіне, зияндылығына үңілдіре отырады. Сондықтан да Абайдың қарасөздеріндегі мұндай айшық-өрнектерді дидактикалық сатира көрінісі деп тануымыз жөн. «Мыңмен жалғыз алысып» шаршаған ақын жоғарыда аталған содыр-сойқандықтарды ашып, әшкерелеп отырғанда: Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой, Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар, – деп елдегі кінәмшіл, басбілмес жастарды ренжімеуге, кінәаламауға шақырады. Жалпы елге тән, ортақ дерттерді нысанаға алдым деген болып, «қызым саған айтам, келінім, сен тыңда!» әдісін қолданады. Н.Г.Чернышевскийдің айтуынша, сатира, юморға, біріншіден, жақсылықтың, әдеміліктің қадірін білетін, кісілігі, қайырымы мол, ақыл-парасатына сенетін, екіншіден, өз парқын, өз қасиетін түсіне отырып, өз бойындағы мінін де көре алатын, соған күле білетін, үшіншіден, ашуланбай, ызаланбай тұра алмас адамдар ғана бейім болады38. Қазақтың ұлы Абайы да осындай жандардың бірі еді. Сондықтан да өз дәуірінің қатал сыншысы, елдегі сорақылықтардың бітіспес міншісі болды. Ол жалпы әдебиетті ғана емес, оның сатира, юмор саласын да жаңа белеске көтерді. Бұрынғы жыр, толғау, дидактикалық өлең, шешендік сөз түрінде ғана келетін сатира-юморды жаңа түр, жаңа мазмұн – жаңа сапамен байытты. 38 1961 жылғы жинақ, 410-б.
«ЗАМАН ТҮЗЕЛЕР ДЕУМЕН ЖҮРМІН» ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ Ж.Аймауытовтың сатиралық мұрасының сүбелі бір саласы – фельетондар. Мысалы, «Ақ жол» газетінде басылған «Әсемпаздық» (15.5.1924) фельетонында кейбіреулердің өз кезіндегі соқыр еліктегіштігін тәлкек еткен. Осындай парықсыздықты өткір келемеждеу үшін, жазушы осы жағымсыз әрекетті күлкілі жағдайлармен жарыстыра баяндайды. «Жиын-тойда, – дейді сықақшы, – бикештермен билеп, қызылтанау болып жүрген бір салдың мойынтағы (галстук – Т.Қ.) ағытылып, желбіреп кетсе керек. Салдың мұнысы бір сән екен деп, басқалар да мойынтағын ағытып жіберіпті. Орыстың ұлы Петр патшасы лайсаңда балағын қонышына салғанын көріп, жандайшаптар балақты қонышқа тығуды сәнге айналдырған. Қарабай деген кісі біреуді боқтамай сөйлесе, іші кебеді екен. Соны көріп Байбол атаның ауылы түгелімен боғауызшыл болып кеткен. Паң Омар аяғын жимайды деп, Бейімбет біткен жамбасы сынғандай сұлама дерке ұшыраған. «Бояушыбояушы» дегенде сақалды бояй беруге болмайды...» Орынбордағы бір ғалым «нәсілге тарту» деген теорияны боямалап, ата-анасының тартқан тауқыметін құрсақтағы бала да тартады –мыс, бала шарана болып бойға біте бастағаннан-ақ «байшыл», «еңбекшіл» болып жаралады деп лекция оқиды. Осындай дүмшелікке сыққақшы айрықша шүйіледі: «Кейбір болисполком ағалары етті көп жегенді, жұрт «бәленшеке», «болысеке»
дегенді, ел қыдырса – салтанатпен жүргенді, ашуланса – протокол жасағанды, қырын адамына – «советке қарсы» деп пәле салғанды тәуір көріп тұрады. Мұнысы қалай еңбекшілдігі ме? Байшылдығы ма? Ісің түсіп кентке бара қалсаң, кейбір кеңсе бастықтары бірден бірге жүгіртіп, жұмыстың аяғын жерге бір тигізбейді. Шығын басыңнан асып, табаныңнан таусылған соң басыңды алып қашуға асығасың. Бұл да «еңбекшілдің» шалығы ма? Елге келген кейбір милиция, инструкторлар аузына бірдеңе жалатпасаң, қитықтан сынық тауып қырып жібере жаздайды. Бұл да кедейшіліктің нышаны ма? Жоғарыдан бір комиссар, не бір тергеуші келсе, өз жеріміздегі кейбір «ұлығымыз» жұмысыңды өзіміз орындаймыз, арызыңды қарауға уақыт жоқ...» деп жолықтырмайды. Бұл да еңбекші таптың қамқоры ма? Кейбір жолдас жоғарғы жерге баяндама істесе; «ел аман, жұрт тыныш», қой үстінде бозторғай жұмыртқалап тұр...» деп, жаманды жасырып, жақсысын асырып су төгілгісіз қылады. Осы да адалдық па? «Еңбекшілдің қамқорымын» дегенде аузы толатын кейбір азамат кедей оқушыны көргенде, көрмегенсіп сырт береді. Кейбірі мұнда келгенде тілімен жарылқап, онда барса, мүлде ұмытып кетеді. Бұл да шын қамқор азамат па? Керім-кербез кейбір жас «кәмесер» елге шықса, мамық жастық, сары қымыз, қазы-қарта, сұлу әйел жағалайды. Қалада жүрсе, қыздарды «гулайт» еткізіп, ресторандатып, оңашалап ойнап-күледі. Осы да еңбекшіл қызметкер ме? Енді біреулер портфелін өзі ұстауға ерініп, күтушісіне көтертеді. Бұл да «күс қолды» еңбекшілден шыққан «кәмесер» ме? Енді біреулер жақынын жақтап, қолынан келмейтін қызметке қыстырады. Оларының пайдасынан зияны басым болып шығады. Бұ да көпке «еңбекшіл» ме...» Ж.Аймауытов осылай сұраған болып отырып,
«еңбекшілміз» деп жүрген көп азаматтардың іс-әрекет, мінез-қылығындағы талай былықтарды бетіне басады. Совет өкіметінің алғашқы жылдарында кадрлардың бір жерге байыздап тұрақтануына, бар қабілетін еркін көрсетуіне мүмкіндік бола бермеді. Өйткені кадр тапшы болды. Кадр пайдаланудағы мұндай қауырттық алғаш лажсыздықтан, қажеттіліктен орын алса, 20-30 жылдары оның себеп-сыры кей жерлерде басқа сипат алды. Басшы орындардағы кейбір азаматтар кадр саясатын есеппен жүргізді. Бірде «бөтендерді», енді бірде «тиімсіздерді», тағы бірде өзінің «алдынан шығады-ау дегендерді» алысқа айдап салып, «жер аударып » отырды. Қоныс таптырмай, бір қиырдан бір қиырға қуалай берді. Жүсіпбек осы келеңсіздікке қарсы «Көшпелі Көжебай» (29.10.1924) атты оқшау сөзін жариялады. Мұнда алдымен желкесі дүрдиіп, шүйдесі шығып, жаңадан қатарға қосылып келе жатқан Көжебаймен былай таныстырып өтеді: «Көжебай комиссариатта алқа мүшесі болып, жаңа тройка, бір чемодан; бір портфель алды. Көйлек-дамбалы алты парға жетті. Тұсына құрып қоятын жалаңаш әйелдің суреті бар кішкене кілемшені де сәнімен қолға түсіріп алды. Ешкімнен кеммін деп жүрген жоқ. Үстелінің үсті толған әдебиет, мінгені арғымақ, омырау қалтасында кішкене айнасы да бар. Мәжіліс болса, «әр мәселеден, хабары бар, мынау қаражаяу емес екен» десін деп, қарсы шығып, келсе-келмесе де бір сөйлеп қояды. Порошок алып, күнде тісін тазалап жуып жүреді. Алтыннан бір-екі тіс те салдырып алды. Кәдімгі ел қатарлы азаматтың бірі». Сөйтіп, енді аузы аққа тие бергенде, Көжекеңнің «мұрны қанайды», енді үйленем бе деп, қыздарға қырындай бастағанда, «аузы аппақ болады». «Көжебай Семей губерниясына жұмысқа командировать етілсін» деген қаулы шығады. Бармастың амалынан ешнәрсе өнбеген соң Көжебай жолға шығады. Оншақты күн жол
жүріп чемоданнан айырылып Семейге жетеді. Ондағылар «сені кім шақырды?» дегендей, қызметке алмай, көп сандалтады. Қонақ үйге қонақтап жүріп қалтаны қағады. Ақыры бір ауданға жіберді. Жаңа жерде «Бұйражал» («Бюро жалоб» дегені) атанып аз уақыт жүреді. Артынша оны Қарқаралыға қайқайтады. Жаңадан аужайды байқап, іске енді кірісе бергенде, «Семейге тез жетіңіз» деген телеграмма топ ете түседі. Енді оны «Екібасқа» қарай еңіретеді. Онда барып, жұмыспен жаңа таныса бергенде тағы телеграмма сап ете түседі. Енді ол Торғайға тартады. Боқшасын арқалап, арып-ашып, онда жаңа жеткенде, «Бөкейге барыңыз» деген бұйрық бұрқ ете қалады. Ондан Астраханьға аттандырылады. Ақыры айналып Ақтөбенің төбесінен түседі. Фельетон соңында «бүгінде, – дейді автор, – Көжекбайдың қайда жүргені, елге, өзіне не пайда келтіріп жүргені мәлім емес. Ол қызметтен де, көшуден де, өмірден де жалыққан. Осының бәрі кім үшін, не үшін екенін білмейді. Саулығын жойған, соқыр ішегін кестірген, қаны азайған, жөтелі күшейген. Бәрінен безгісі келеді. Бірақ сапырылыс тиылар, заман түзелер деумен жүр». Біле білсек, бұл фельетонда әлеуметтік мәселе ғана қозғалып қоймаған, қоғамдық үйлесімсіздік батыл сыналған. Мұндай ірі проблемаларға бару, үлкен батылдық, принципшілдік көрсету, позициясының айқындығы – Жүсіпбек фельетондарының өзіндік ерекшелігі деп білу керек. Ж.Аймауытов фельетондары түрге бай. Қаламгердің оқшау сөздері әңгіме, мақала, пьеса, өлең түрінде жазыла береді. Мысалы, сол кезде қазақ азаматтарының арасындағы асқынып тұрған алауыздықты, жікке бөлініп, жақ-жақ боп жамандасуды, өсектесуді өлтіре әшкерелеген. «Радио хабарлары» (16.10.1924) фельетонында жіктердің
екі өкілін былай сөйлестіреді: – «...К-мен неге сырласасың? «К» – нағыз шенқұмар қуаяқ емес пе? Онда түк бедел жоқ. Орысқа да, қазаққа да сыйымсыз. – Оны тек қару қылғалы жүрмін. Әйтпесе оның жайын сенен де артық білемін. Анаған, мынаған қайрат салып көріп едім, түк шықпады...». Жікшілдердің түлкі қулығын ішкерілей келіп, Жүсіпбек «Біздің қазақ оңбайды ғой, не жетпейді десеңші!... осы жолы қаладағы азаматтармен не ұғысып бір жайлы болармыз, әйтпесе біржола ертоқымды арқалап ауылға қайтармыз...» деп, қызметке араласып жүрген жігіттерді бірлікке, ынтықмаққа, елге пайдалы іс істеуге шақырады. «Бір шешеннің сөзі» (23.12.1924) атты поэзиялық фельетонында жазушы жиылыстарда жарыссөзден қалмайтын, бірақ оймақтай ой айтпайтын, не деп тұрғанын пенде түсінбейтін көкмылжың бөспелерді алға тартады. Сол шешендердің бірінің сөзінің басы мынау: Жолдастар! м..м..! м..! м..! Жолдастар! Сендердің бүгінгі Жиылыстарыңды өзімше... Жүрегім бір түрлі неткен соң Әлбетте, сендердің алдыңа Бұлайша азырақ сөз айтып... һәм және сондықтан өзімнің Бір түрлі қуанған... бір түрлі... Не болған мақсатты сөзімде Айтпақшы мақсатым болған соң, Бүйтіп, сендердің не етіп... Жатқандарыңды қарсы алып, Құттықтамақшы боламын...» Ж.Аймауытов сатиралық дүниелер жазумен ған шектелмеген, әдебиеттің бұл түр –саласы туралы
теориялық ойлар да толғаған. «Шаншар» журналын шығару қарсаңында ол «Күлкі журналын алыңдар, оқыңдар, жазыңдар, жазылыңдар!» («Ақ жол» газеті, 26.01.1925) деген ұранды, үндеу мақала жариялады: «Ақ жол» редакциясы газетке қосымша қылып, айында екі рет күлкі журналын шығармақ болып отыр... Әлеумет өміріндегі кемшілікті, мінді айтып, күлкісі, күлдіргісі келіп» – деп хабарлады. Сатириктің пікірінше, қулық айту, күлдіру кім болса соның қолынан келе қоймайды. Күлдіргі адамның өзі де қашан болса сонда күле бермейді. Күлдіргі сөзді өмірдің күлкілі жағын көре білген, тумысынан күлдіргі адам жазады. Сонда да күлкі соққанда, шабыты келгенде жазады.... қазақ – қуақы сөзді, қалжыңшыл, сықаққой мысқылшыл жұрт, бас қосса, бірін-бірі қолға алып, қажап, күліп отыратын жұрт. Бұл мақаласындағы автор сатирасының сын нысанасы нені, кімдерді білсе, сатираға нысана көп. Тірі кісі түгілі, өлгенді де келемеждеуге болады... мысалы, патша заманында орыстың бір «жандаралы өмірі қағазға қол қойғаннан басқа түк бітірмейді екен. Хатшысы алдына қағаз әкелсе, «біз жазып отырмыз ба, бізге жазып отыр ма?» деп сұрайды екен. «Біз жазып отырмыз» десе, қағаздың астыңғы жағына қол қояды екен. «Бізге жазып отыр» десе, «орындалсын», «орындалмасын» деп үстінен қол қояды екен. Жандарал өлген. Күлкі журналы жандаралды мазақтап күлген. Жандаралды табытқа салып, көмгелі апара жатқан суретін салып, табытқа «біз көміп жатырмыз ба, бізді көміп жатыр ма» деп жазып қойған. Жандаралдың надандығын бұдан артық қалай түйресін! «Крокодил» журналында екі солдат бір коммунисті алдына салып айдап бара жатады. Қарсы жолыққан біреулер сұрайды:
– Айдап бара жатқандарың кім? – Ауылдағы коммунист. – Жазығы не? – Мылтықпен жүріп жинамасаң, жиылысқа келмейді. Міне, бізден басқалар осылайша өлі-тіріге бірдей күледі...» Ж.Аймауытов бұл тұңғыш күлкі журналының бірінші нөмірінде «Шаншар кім?» деп, оны былай таныстырады: «Біздің «Шаншар» – шаншудан өрбіген ұрпақ. Бірақ аурудың шаншуы емес. Қазақты онсыз да ауру жайлап жатқанда «қотыр үстіне шиқан жамап» қастығым бар ма? Біздікі – тілінің бізі бар «Шаншар»... Заманға мойын ұсына алмай, жаңалыққа көне алмай, ескіні қолдан бере алмай, сең соққан балықтай шоршып жүргендер де аз емес. Әлеумет міндеті, адамгершілік, ар-ұят деген қасиеттер бойына әлі қона аламай, кеңес ісі бойынша сіңе алмай, қара басының қамын қылмитып жұртшылыққа оралғы болып жүргендер де ұшан-теңіз. «Сөзде қаңқу жаман» деген мақалды бетіне ұстап, бостандық, түзулік, әділдік қылышын қолына тұтып, кеңес жолына түсіп, шын кедейлер жаршысы болып, «Шаншар»... елді араламақ, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны сараламақ, тура жолдан аяғын қия басқанды бізімен жараламақ. «Шаншардың» мақсаты – кісіні түйреу емес, ерсі мінезді, әлеуметке жағымсыз қылықты түйреу деп ұғыңыздар! Кеңес жолына кесірлерді шаншу деп түсініңіздер! Асылы, адам өз бойындағы, өз ортасындағы, өз халқының мінез-психологиясындағы кемшін-мінді білмесе, оны көрмесе, қатал сынауға батылдығы жетпесе, сатирик бола алмайды. Осыны түсінген Жүсіпбек сықақ журналының сол нөміріндегі «Шаншардың» қуларына қосылыңдар! Атты фельетон-арнауында көп
қазақтың жеке басын ғана ойлайтындығын, жер «сауып» үйренбегендігін, өнер қумайтындығын, бейқамдығын, «иә, құдай, қолдай гөр!» деп қамсыз жата беретіндігін кекете келемеждеген. Міне, оқып көріңіздер: «Күлсек, біз күлейік. Дасер аяқ қара көжені тастап алсақ, «ханға сәлем бермейміз». Теріміз жайылып, бойымыз балқып, шымыр-шымыр етіп отырғаны. Жер тырнап, топырақпен алысып әуреленбейміз. Өзге жұрт суға тұншығып, балық болам деп, аспанға ұшып құс болам деп жындана берсін. Оларға еліктеп, есімізден айрылмаймыз. Қоңыр шолақ өгізіміздің бақайын ғана қыбырлатып, қойымызы құрттап, айранымызды ұрттап, жан тыныштық қылып жатырмыз. Сонша жанталасып, біреу қуып келе ме? «Таңдағы тамақ тәңірден», ашаршылықты «байқамай» өліп қалғанымыз болмаса, нәсібесіз құдай жан жаратады» дейсіз бе? Құдай әуелде кем ғып жаратпағанда, енді кем, қор қылар дейсің бе?...» Ақырында автор тұрмыспен байланысты күлкінің сипаты, сыры өзгеретінін, жақсылық болса, жұрттың арман-аңсары жүзеге асса, тілек-ниет қанағаттандырылса, қуаныш күлкісі қанат жаятынын жариялайды. Оның айтуынша: «Өтер күн өтті... шаруа сабасына түсті. Кездеме шықты. Қымбат та болса, жұрт бірсыдырғы борбайын жапты. Ашыққандар тыңайды. Балалар өз қамын жеп, оқып жатыр. Мектеп қазақша. Кеңес те қазақша, сауат ашылып келеді. Кедейлеріміз, жалшыларымыз сөзге, топқа кіріп, адам қатарына қосылып келеді. Үйшігіне тығылған аюдай жуандар да басын қылтитып отыр. Әйелдер де сайрандап жүр... Осының бәрі жағымды күлкі, жылы юморға жем береді. Сынай, әшкерелей күлуге де негіз мол. Ала-құла ағаттықтар да, теріс қылықтар да шаш-етектен емес пе?
Шапыраш айнадан мырсырдай түрімізге бір қарайықшы! Бәрі бірдей жетісіп тұрған жоқ шығар... Ауылы көшті Сатайға, Сыпыра сылқым сал бойдақ, Жарым-жартың жылқы айда, Бәріңе бірдей қыз қайда? – деп бозбалалар өлең айтатын. Сол айтқандайын, бәрің бірдей маңғазсымай, бірсыпыраң «Шаншардың» қуларына қосыл! Бойды қыздырмай, дүкен қызбайды. Үй арасында күлгенді кім есітеді. Күлген соң, бүкіл қазақтың құлағын шулатқандай жабыла ду күлейік! Шақпағы бар жігіттер, «Шаншардың» сайқымазағына жазылыңдар, жазыңдар!» Ж.Аймауытов – алымды сатирик. Ол – қазақ совет сатирасын тудырып, қалыптасушылардың, ұлттық тұңғыш сықақ журналын шығарушылардың бірі. Әрі халқымыздың күле білу қабілеті, сын-сықақтың кейбір сипат, сырлары туралы алғаш пікір айтқан әдебиетші. Бұл саланың да білікті насихатшысы. МАЙЛЫҚОЖА – СЫҚАҚШЫЛ АҚЫН .Майлықожа Сұлтанқожаұлының творчествосы елуінші жылдарда ғана зерттеушілер назарына ілінді. Ақынның жалпы мұрасы, оның ішінде сын-сықағы туралы алғаш пікір айтқан ғалым К.Шәменов болды. Ол 1949 жылы бір мәліметінде былай деп жазды: «болыс-датқалардан, бай-билерден үміт үзген Майлының ащы сөзі үстем тап өкілдеріне мірдің оғындай тиеді. Майлы ел билегендерді
өлі-тірісіне дейін түк қоймай жамандайды». Бұл пікірді Майлықожа мұрасын арнайы зерттеген Ә.Оспанұлы дамытты. «Майлы творчествосының әлеуметтік бетін шынайы көрсететін шығармаларының бір парасы, – деп жазды ол, – елдің жуандарын, шынжыр балақ, шұбар төстерін сынап-мінеуге арналғандары. Мұндайда ақын нар кескен ақ алмастай, қиналмай қиып түседі. Еттен өтіп, сүйекке жететін ащы мысқыл, сықағы тиген жерін тотияйындай күйдіреді». .Майлының мұрасы бұл пікірлердің дұрыстығын, ақын сықақшылдығына берілген орынды баға екенін дәлелдейді. М.Сұлтанқожаның бізге жеткен сын-сықағын, негізінен төрт салаға топтап қарауға болады. Олар: сатиралық өлеңдер, мысалдар, юморлар әзіл қалжыңдары және дидактикалық сын-сықағы. Ақын сатирасының көбі өз тұсының билептөстеуші төре-сұлтан болыстарына қарсы бағытталған. Олардың әрқайсысының өзіндік туу, айтылу тарихы бар. Бірсыпырасы жергілікті әкімдердің, Баймағамбет сұлтанның Шерниязға қыздарымды, әйелімді, өзімді жамандашы дегенде, тілегіне байланысты шығарылған. Дәулетке мас болып, деміне нан піскен, менен ешкім мін таппас деп өзіне-өзі сұқтанып отырған шұбар төстердің ақындарға «мені жаамандашы!» деуі сол тұста салт болған. Осы әдетпен бір жолы Шымкент уезін уысында ұстап отырған қанды шеңгел Ахмет төре Майлықожаға «мені жамандап сипатташы» дейді. Ит терісін басына қаптарға иінін келтіре алмай жүрген ақын төрені, тілегіне қарай, сөзбен тілгілей жөнеледі: Ат болсаң, болар едің таты ғана, Қас кедейдің болар ең аты ғана.
Кебек көрсең киреңдеп шықпас едің, Сауырға ұрар еді қатын, бала, – дейді. Мұнда астарлы ащы әжуа бар, ат болсаң, жаман жабы, нағыз кедейдің аты болар едің деген – «төремін», «ақсүйекпін» деп, кеуде қағарлық сенде еш қасиет жоқ, көптің, жұрттың бірісің дегені. Соңғы екі жолдағы пікірі – дәулетің, билігің болмаса, әр үйдің қазан-ошағын аңдып, үйкүшік болып, бала-шағадан сөз естіп жүрер едің дегені. Осы ойын ақын бейнелеп, салыстырмалы түрде берген. Шумақтың екінші жартысын оқығанда жем жеп дәндеген жерінен айналшақтап, кирелеңдеп шықпайтын арық ат, оны күрек алып қуып жүретін «қатын-бала» көзге елестейді. Ақын ары қарай пікірін былай дамытады: Егер түйе болсаңыз, көн болар ең, Аттан кейін, есекпен тең болар ең. Көктем шыққан уақытта өліп қалып, Қарға менен құзғынға жем болар ең. Бұл шумақта да ол төрені өткір сынаған. Сөйтіп, Майлы төрені әбден сүмірейткен. Қазақ жұртының тіршілігінде, экономикалық өмірінде басты роль атқарған төрт түлік малының ешбірін оған теңеуге қимай, есекке, итке, бақаға балап мүлде ақымақ еткен. Төре өз тілеуімен азулы ақыннан сазайын тартып, «сый-сыяпатын» алған. .Тағы бірде ақын қақпанына Тұрлыбек датқа түскен. Ол да өз аузынан қағынып «мені жамандашы!» деген. Сонда Майлы мынаны айтқан: Ту сыртыңнан қарасам, Жайылған тырна сырттанған.
Қарсы алдыңнан қарасам, Мұжық орыс мұрттанған. Бір қырыңнан қарасам, Қырыққан серке бұттанған. Қасқырдан туған қасқырсың Зұлымдықпен жұртты алған. Мұның алдыңғы алты жолында ақын Тұрлыбек портретінен елес берген. «Жайылған тырна», «қырыққан серке» сияқтысың дегенге қарағанда, болыс ұзын сирақ, өңкиген арық біреу. Ал, соңғы екі жолы Тұрлыбектің «бөрінің бөлтірігі» екенін айтып, оның жұртты зұлымдықпен билеп отырғанын бетіне басқан. М.Сұлтанқожаұлының «Қасымбекке» атты сатиралық өлеңі басқаша жағдайда айтылған... Бір жолы Майлы жақын құдасы, болыс Қасымбекке келіп: Қасеке-ау, батпан жем бер, атым арық, Барқадар қыла алмадым сатып алып. Бір-екі жоңышқасы түйе болсын, Үйімде жегіземін жатып алып, – дейді. .Болыс «қоңыраттың қожасы, сенің ырысың менен бе еді?» деп ашуланады. Майлы өкпелеп кетеді. Жыл бойы көрмей қояды. Қасымбек сүзек болып жатқанда да келіп көңілін сұрамайды, болыс арнайы адам жібертіп шақыртып алады. Ақын осы жолы әлгі аталған «Қасымбекке» деген өлеңін айтады. Қасеке-ау, жалғыз өзің тоғыздай боп, Кеселден жарап қапсың қобыздай боп. Былтыр сәлем бергенде қарамап ең Тоғайды аралаған доңыздай боп, –
деп жер-жебіріне жете бастайды. Кешегі шошқадай семіз неме бүгін көтерем боп, сызбызғыдай жіңішкеріп қапсың ғой деп кекетеді. Ағайынды енді танырсың дегенді аңғартады. Жаны шыдамаған болыс «Қой енді, айыбыма қалағаныңды ал!» деп жалынады. Майлы оның өте бір аяулы құсын алып, Ысмайыл дегенге береді. Майлықожаның Ахмет төреге, Тұрлыбекке, Қасымбекке арнаулары сатиралық өлеңнің портреттік суреттеме түріне жатады. Ақынның мұндай шонжарларға – молда-сопы, болыс-байларға арнаған енді бір топ сықақтары сатиралық миниатюра, шумақ түрінде келеді. Сыр бойындағы Әлімтау бөктерінде өмір сүрген Айқынбай деген бай жоғалған малын іздеп жүріп боранға ұшып өледі. Оның туыстары жоқтау үйретіп берсін деп Майлықожаны алдырады. Сондағы ақынның шығарған жоқтауының сиқы мынау: Жабай бабаны сырттаған, Жаралы қойын құрттаған, Көк есекті паналап Жұмырдан айран ұрттаған, Айқыекеңдей бар ма еді, Бұл дүниеге тұтқа адам. .Бұл, әрине, мақтап, күйініп жоқтау емес, масқаралап, даттап, сықақтау. Айқынбай, ақынның айтуынша, Қарабай, Қарынбайдың көзі, солардан кем түспейтін сараң. Қораға кіріп көк есектің қалқасына барып, қарындағы өз айранын өзі ұрлап ішіп, аузы-басын жалап-сүртіп, қайтып келіп түк білмегенсіп жата беретін пасық. .Майлы байдың туыстарына көңіл айту парызын да ұмытпайды. Жоқтау үйретіп «қарық қылған соң» былай деп көңіл айтады:
Айқынекең бұл дүниені ойлай кетті, Қарысып қара суға тоймай кетті. Құдайым дозаққа сап жылытпаса, Отына бұл дүниенің тоймай кетті. Сонда байдың туыстары «осылай көңіл айттым» деп ешкімге тіс жармай-ақ қойыңыз! деп ат мінгізіп, шапан жауып жалыныпты. .Негізі пайғамбар әулетінен, ісләм дінін таратушы қожа тұқымынан болса да Майлының дінге, оның өкілдеріне ықыласы көп түспеген. Реті келгенде оларды сықақ күшімен сойып-сойып алып отырған. Мысал келтірейік: Дүниеден аңқау да өтті, пасық та өтті, Аңдысып тышқан менен мысық та өтті. Мал дегенде жүгірді не сопылар, Басынан сәлделері ұшып кетті. Көріп отырсыздар, «Сопыларға» атты осы сықақ шумағында ақын олардың малжандылығын, дүниеқорлығын келемеждеген. Ақын «Малы аз адам» деген сықақ шумағында молда, сопыларды тіпті, қатты әшкерелеген. Олардың малды, дүниелі адамдардың алдында, өздеріне бірдеңе түсетін жерде ғана сауап қылуға, шариғат айтуға дайын тұратынын, ал малы аз, кедей адамның жаназасын оқудан да ат-тонын ала қашатынын әділ айтқан. Яғни, молдалар – дүние алдында ғана сауапшыл, ол жоқ жерде ауызға су тамызбас қаныпезерлер. .Майлықожаның үстем тап өкілдерін әшкерелуге арналған сатиралық өлеңдері рухы, идея-пікірі жағынан Абайдың саяси сатирасымен сарындас. Бірақ айтылу, жазылу стилі, үні-тоны өзгешелеу, Абай сықағы ашу, айқайсыз, аса ауыр, дөрекі сөздерсіз, сыпайы, сынық
тұрғыда майда кекесін-мысқылмен келеді. Ал, Майлы сықағы адуынды, өжеттеу. Бас-көзге қарамай төпеп, сабап ит, шошқа, құзғын, есекке теңеп, тілдеп жіберетін сатира. .Екі ақын сатирасының бұлайша әр «мінезді» болып келуінің белгілі бір себебі бар. Абай өз сықақтарын шонжарлардың қасиетсіздігін сырттан бақылап, көріпбіліп отырып жазған. Сырттан ызаланып ақын кейісі, ауыл ағасының сөгісі ретінде жеткізген. Ал, Майлы сықағы көп ретте ел аралап, жер кезіп, бай-болыс, сопы молдалармен сұхбаттас, табақтас болып жүргенде туған. Соларға қарсы сөз қақтығысы, пікір таласы үстінде, қымызға қызара қызып ерегісіп, кіналасып отырған сәттерде бетпе-бет айтылған. Сондықтан да оның сықағы тіктеу, ожарлау болып келеді. .Бұл жағынан Майлы стилі Махамбет, Шернияз, Сүйінбай стилімен қабысады. Өйткені олардың сатиралық шығармалырының айтылу жағдайы Майлы сықағымен тағдырлас, ұқсас. .Майлықожа Сұлтанқожаұлы – мысал жанрын Дулаттан кейін дамытқан ақын. Ол көп мысалдарының тақырып, сюжетін шығыс әдебиетінен алған. Бірақ, оны қазақ тіршілігіне үйлестіріп, бізде бар дерттерге жанастырып пайдаланып отырған. Ақын «Тоты құс» мысалының сюжетін «Калила мен Димнаның» «Арыстан мен бақа» бөлімінен алған. .Мұнда ақын қазақ ішіндегі өзімбілермендікті, тіл алмастық, «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғыс атқандарды әжуалаған. Құдая бейақылмен қылма жолдас Достың тілін алмаған адам оңбас, – деген екі жол осы идеяны аша түседі. Бұл мысалдың құнын арттырар бір жәйт: онда өмір-
тіршіліктегі әйелдер ролін, олардың ақыл-парасатын бағалау, қастерлеу насихатталған. Шығарар жақсы қатын ердің атын, Ілгері еркектен де ақылы болса, – деп әйелдер пікірімен есептесуге шақырады, Бұл «әйелдердің шашы ұзын, ақылы қысқа», «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық», «Байтал шауып бәйге алмас» деген феодалдық көзқарас үстемдік етіп тұрған сол тұста батыл да прогрессивті пікір еді. .Майлы «Калила мен Димнаның» «Қарға, кептер, атжалман, тасбақа, киік» деген бөлімінен сюжет алып, «Қасқыр» атты мысал жазған. Оригиналда мерген аңға шығады. Киік атып алып, арқалап үйге қайтады. Алдынан бір қабан шыға келіп оған тұра ұмтылады. Мерген жан сауғалап атып салады. Жараланған қабан ышқынған бойы мергенді жарып өтіп барып құлайды. ......... Үш өліктің үстінен аш қасқыр шығады. Мол дүниені құдай берді деп, үнемдеп жемек болады. Бүгінше садақтың кермесін қажай тұрайын дейді. Біраз қажаған соң, керме үзіліп кетеді де, садақтың бір басы қасқырдың тамағына сарт ете түседі. Сөйтіп, қасқыр қанағатсыздық құрбаны болады. Майлы да өз мысалында нысапсыздықты, көзі тоймастықты әшкерелемек болған. Осы идеяны өткір де дәл етіп жеткізу үшін оригиналдағы кейбір сәттерді өзгертіп, тиімдірек етіп алған. Мысалы, оригиналда киігін арқалап өз жөнімен кетіп бара жатқан мергенге қабан ұрынады. Ал, Майлы да ол киікке қанағат қылмай, «түлен түртіп қабан аулайды», сөйтіп ажалынан бұрын өледі. Киік те бұйырмай қалады. Осылайша ақын қанағатсыздықтың ақыры неге апаратынын екі обьектінің – мергеннің және қасқырдың тағдырымен көрсетеді.
.Сол сияқты оригиналда кермесі үзілген садақтың бір басы қасқырдың алқымына тиді дейді. Бұдан көкжалдың өле кетуі мүмкін емес деп білген ақын оны қасқырдың ең талмау жеріне – тұмсығына тигізеді. Сөйтіп, мысалшы сюжетті өмір шындығына жақындата түсуге тырысады. Мысал соңында автор: Қызығы бұл дүниенің балдан тәтті, Көңілге бек сақтағын қанағатты. Ырыздығын қанағат қылған ерлер Әр жерде арқаламас жаман атты, – деген мораль айтады. Жұрты нысапқа, қанағатқа шақырады. М.Сұлтанқожаұлының «Аңқау мен арамза» мысалының сюжеті де «Калила мен Димнадан» алынған. .Майлының бұлардан басқа «Үш жігіт», «Бұлбұл» атты мысалдары бар. Бірінші мысалда өмірі жарымай, кісі есігінде жалданып өткен ағайынды үш жігіт жер жыртып жүріп бір құмыра алтын тауып алады. Мұны бірінен бірі қызғанады. Әрқайсысы жеке иеленбек болады. Ақыры бір-бірінің көзін жойып, алтын арттарында қалады. Мұнда қызғаныштың, опасыздықтың, дүниеқорлық пен ынтымақсыздықтың қауіпті дерт екені аңғартылған. Бірлік, татулық уағыздалған. Ал, «Бұлбұлда» И.А.Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалының пікір-идеясы бар. Мұнда да қыс қамын жазда ойламайтындардың бейқамдығы, салақтығы «қызықпен жүріп жазды алуы» сықақталған. .Сөйтіп, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ мысалын Абай орыс мысалдарын аудару арқылы байытса, Майлықожа шығыс шығармаларының сюжетін мысалға айналдыру арқылы байытты. Мұндағы Майлы ерекшелігі бұл жанрды ол үнемі 11 буынды қара өлеңмен жазды.
Мысалдарын көлемді етіп, кейбірін хисса-хикая, дастан дәрежесіне көтерді. Яғни, әдебиетке сюжетті сатиралық поэмалардың алғашқы көрінісін келтірді. .Ал, енді Майлықожаның юморлық әзіл-қалжыңына келсек, бұл өзінше бір төбе дүние. Зілсіз күлкі мен қуақы оспаққа ақын жастайынан бой ұрған. Тарыны торғайдан қорып, сақпанын сартылдатып жүрген он жасар Майлы: Құдай-ау құртсаң еді торғайыңды Саламын торғай көрсем ойбайымды. Тарымның төңірегін тікен жасап, Қызыл ала қан қылды борбайымды, – деп шырқайтын болған. Бұл бір қарағанда бейнет көрген баланың ашу-ызасы, зары сияқты көрінуі де мүмкін. Үңіле қарасақ, мұнда қуақылық, оспақтау бар. Әсіресе, «ойбайымды», «борбайымды» деген сөздердің қолданылуында жеңіл күлкі жатыр. Он екі жасар Майлыны ертіп нағашысы Мәделіқожа қонаққа барады. Одан қайтпақ болған Мәделі жайылып жүрген атты әкел деп жиенін жібереді. Ат шыр айналып ұстатпайды. Бас сала құйрығына жармасады. Ат теуіп, жіберіп, оны қалпақтай түсіреді. Бос қайтқан атқосшысын ұялтпақ болған нағашысы: Сен атаңнен туғанда бор боп тудың, Мен атамнан туғанда зор боп тудым. Ат аяғын көтерсе, жығыласың, Әкең Шотанқожадан қор боп тудың, – дейді. Сонда Майлы: Мен әкемнен туғанда бор боп тудым, Сен әкеңнен туғанда зор боп тудың.
Алпыс үйлі қожаны быт-шыт қылып, Зор болмадың, Мәделі сор боп тудың, – деп жауап қайырады. Ісімен, сөзімен Мәделінің аз үйлі қожа ауылын алауыз еткені, біірнен-бірін бездіріп жібергені бар екен. Бала ақын нағашысының сол қылығын қалжыңға сүйеп айтып салған. Мұны жай әзіл-қалжың дей салуға болмайды. Бір ауылға «сор болдың» деу зілді кінә. Бұл тұста бір айта кетер нәрсе: Майлының сықықшыл ақын болып қалыптасуына осы Мәделіқожа үлкен әсер еткен. Оның өзі қу тілді, қуақы ақын болған. Пысықтығымен болыстыққа да қолы жеткен. Малдылар дүние күшімен билікті одан тартып алып қойғанда, сол заман шындығын әшкерелейтін өлеңдер шығарған, нағашысының осындай таптық мәні бар өлеңдерінен жиені де нәр алған, замана ағымын аңғарған. Өз бетінше өткір әзіл-оспақтар айтуға дағдыланған. .Қоңырат еліндегі бір бай төрт қатынының үстіне жортпас руынан Гүлшығаш деген қызды тоқалдыққа әкеліпті. Келіннің бетін «ақын ашсын!» деп қолқалапты. Сонда Майлы: Келін келді Жортпастан, Үсті-басын шаң басқан. Бесінші боп, қарағым, Қайтып келдің қорықпастан, – деп қыздың бетін ашып жіберіпті. Бұл әрине, біреу үшін күлкі, біреу үшін түрпі. Мұны жиналған жұрт әзіл-қалжың деп күлгенмен «бозбала» күйеудің тіксіне қабылдағаны даусыз. Өйткені, онда қызыңмен жасты баланы төрт қатынның үстіне ұялмай қалай әкелдің деген ашулы сын бар. Әлгі «қалжың» қыздың өзіне де оңай тиіп жатқан жоқ. Ақын «қарағымдап» аяныш сезімін білдіре отырып,
оны «не деген жүрек жұтқансың!» деп сөккен. Мұнда да Майлы әйелдер мұңын мұңдаған. .Майлықожа сын-сықағының бір саласы афористік, дидактикалық сатира болып келеді. Оларда ақыл айта отырып, дертті, мінді әшкерелейді, одан жұртты бездіреді. Яғни, бұл халықтық мақал-мәтеліндегі сатира тәріздес. Мұндай үлгі бұрынғы ақындарда да кездеседі, тіпті Абайда да бар. Мысалы оның: Құйрығы шаян, беті адам, – Байқамай сенбе құрбыға. Жылмаңы сыртта, іші арам Кез болар қайда сорлыға, – дегені – дидактикалық сатира. Өйткені, бірінші, үшінші жолда екі жүзді, күлімдеп көзді алдап тұратын жауыздар қатты әшкереленсе, екінші, төртінші жолдарда соларға сеніп қалма, ұрынып қалма деген ақыл жатыр. Осы түр, осы үлгі Майлыда, тіпті мол. Ел-жұртына, кейінгі жастарға өсиет-өнеге айтуды парызым деп білген ақын тұрмыстық теріс болмыстарын шеней-міней отырып, ақыл айтып, кеңес берген. Бірнеше мысалдар келтірейік: Әр жерде зер қадіріне зергер жетер, Жанында әзәзілдің сауда бекер. Жаманға мал біткенмен жақсы болмас, Гауһар тас ит мойнына тақса нетер. Осы шумақтың тек екінші жолының өзінде әрі сын, әрі өсиет бар. Бір жағынан, екі адам, екі ел арасындағы келісімді бұзатын, араға от тастайтын адамдарды әзәзіл деп әшкерелеп, екінші жағынан олардың алдында біреумен саудаласып, нарықтасса, бәрібір әзәзіл айнытып
жібереді деп ақыл айтып отыр. Ал, шумақтың соңғы екі жолында кісі нарқын білмейтін, тұрмыс талқысын түсінбейтін адамдар қатты сыналған. Бұл тұста ой-пікір образды айтылған. Ақын бейнелеуінде, мойнына гауһар тас байлағанмен ит қалпында қалады. Сол сияқты, мал-дүниесі молайғанмен жаман адам жақсармайды. Майлының осы ойы Абаймен орайлас жатыр. Ұлы ақын «Есек» атты мысалында үстіндегі алтынды түсіріп алған соң, есек баяғы парықсыз қалпына қайта түсті, қос өкпеге тепкіленіп, көң тасуға жегілген деген еді. Майлыша да жаманның малын, иттің мойнындағы гауһарын алсақ, олар да сол есектің жолын құшпақ. Майлының дидактикасы үнемі ашық айта бермейді. «Өйтпе», «бүйтпе» деп ақылгөйлсіп жатпайды. Кейде белгілі бір категорияға жататын «сабаздарға» сатиралық сипаттама береді де «ондай болма!», «олай етпе!» дегенді емеурінмен ғана аңғартады. Мысалы, ақын: Жамандардың белгісі Сарала қаздай саңғыды, Паналаған қоғаны. Есерліктің белгісі Өтірік-өсек аяңды Іркілместен соғады, – деп жамандар мен есерсоқтарға сатиралық мінездеме береді. Қорытып айтқанда, Майлықожа Абай дәуіріндегі қазақ сатирасы мен юморын дамытушы сықақшыл ақындардың бірі болды.
СҮЙІНБАЙДЫҢ СЫҚАҚШЫЛДЫҒЫ «ХІХ ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі» (М.Әуезов) Сүйінбай ақынның өмір сүрген дәуірі – қазақ елінің тұс-тұстан қыспақ көріп, патшалық отаршылдық езгі мен ішкі феодалдық езгінің тақсіретін бірдей тартып отырған дәуір еді. Бұл езгілер қарапайым еңбекші елдің, оның бас көтерер ер-азматтарының ыза-кегін оятып, теңсіздік пен әділетсіздікке деген өшпенділігін өршіткен болатын. Халықтың бек, төреге деген қастығы, сенімсіздігі күшейе түскен. Міне, осы әлеуметтік өзгерістер сол тұстағы әдебиетімізден өз көрінісін тапты. Үстем тап өкілдеріне деген өшпенділік жеке ақындарымыздың сыншылдық, сықақшылдық үнін күшейтті. Батыста Махамбет Баймағамбет сұлтанның, Шернияз Жәңгір ханның, Оңтүстікте Майлықожа Ахмет төренің алқымынан алып жатса, Жетісуда Сүйінбай Тезек төреге шүйілді. Сүйінбай – бектер мен сұлтандардың, билер мен болыстардың зорлық-қиянатын, ұрлық-қарлығын ымырасыз әшкерелеп, өткір тілімен қазақ, қырғыз арасына мәлім болған сыншыл ақын. Әділдікті айтамын, Кесе алмайсың тілімді, Айтып өлем мініңді, – деп әділдік жолында «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп түсінген ақын. Оның осы сынап-мінеп, сықақтаудан бас тартпаған қасиетін Жамбыл да ерекше бағалаған.
Сүйінбай ақын-ұстазым, Сөз қанжарын суырып, Дұшпанға осылай күш қылды, – деген жолдармен оның сатира семсерін қынына салып, үнемі тастамай алып жүргенін, қажет бола қалғанда суырып алып, дұшпанға қарсы жұмсап отырғанын аңғартқан. Сүйінбайға айтылған жоқтаудағы: Болаттан еді қылышың, Шаптан еді ілісің, – деген жолдар да Жамбылдың әлгі пікірін дамыта түседі. Сүйінбай – сатириктік стилі, үні жағынан Махамбет, Шернияз үлгісіндегі ақын. Бұлардың сатириктік творчествосында бірсыпыра ұқсастық, үндестік бар. Біріншіден, Сүйінбай да сын обьектісіне тіктеп, бетпебет келіп, арнап, қарата сөйлеп, жер-жебіріне жетеді. Мысалы, Махамбет Жәңгірге «Хан емессің қасқырсың» десе, Сүйінбай Тезекке «Хан емессің қиықсың», «Қиял мінез тұйықсың», «Аққан судан сұйықсың» деп шүйлігеді. .Көріп отырсыздар, екі ақынның үні де, қарата сөйлеп, бетке айтуы да, «анаусың», «мынаусың» деп тіктей шенеуі де ұқсас. Өлеңдерінің құрылыс, ұйқасы да бірдей. Екеуі екі төренің бет пердесін сыпырып, сатиралық портретін жасаған. Бұл ұқсастық, бұл үндестікті екі ақынның бір-бірінен үйренуінен, бір-біріне әсер етуінен демей-ақ, сол кездегі заман ағымының ұқсастығынан, екі ақын әшкерелеген теріс мінез-құлықтардың жалпы хан, төрелерге ортақтығынан, оны көріп-біліп, бағалаудағы екі ақынының көзқарас, идея бірлігінен деп білуіміз керек. .Бұл ақындардың сатириктік қызметіндегі екінші ұқсастық – Махамбет, Шернияз, тарихи Жәңгір хан мен
Баймағамбет сұлтанды сын обьектісі етсе, Сүйінбай тарихи Тезек төрені нысанаға алады. Ол шонжарлар ақындарға қайта-қайта кез болып олардың ащы тіліне қайта-қайта ілінеді. Хандар мен ақындарды өмір толқыны, тұрмыс тағдыры айдап апарып кездестіре береді. Алдында асы, астында аты жоқ, сіңірі шыққан Сүйінбай көжеқатық сұрап әлді-малды Дүйсен дегеннің ауылына барады. Барса, ол «Тезек төренің көп ұрысы он бір қысырақты үйірімен айдап әкетіпті» деп, жер тоқпақтап жылап отыр екен. Ақын «ағайын малы–өз малым», барып даулайын деп салып-ұрып Тезектің үйіне келеді. Келсе, ұрлыққа аттандырған Жылкелді, Бопан деген жігіттерінің жолы болмай бос қайтып, Төре түнеріп, түтігіп, өліп кете жаздап отырады. Абылай арғы затым, Тезек атым, Асып тұр Ұлы жүзден салтанатым. Біріңнің басың жарық, қолың сынық Ұялмай нағып келдің екі қатын, – деп өзін көтеріп, ұрыларын жерден алып, жерге салып жатады. Сүйінбай рұқсатсыз: Ассалаумағалейкум, Тезек төре, Елден жылқы қоймаған кезеп төре, – деп кіріп келеді. Мұны сіңірі шыққан кедейдің басынуы деп түсінген Тезек жігіттеріне ат-шапанын тартып алып, байлап таста деп жарлық береді. Сүйінбай тартынбайды: Сәлемге келген кісінің атын алып, Ұры төре, бүйте берсең тұқымың құрып кетер», –
деп ескертеді. «Алатұғын жанымды құдай алар, алшаңдама құдайдың кенже ұлындай!» деп төреге тап-тап береді. Қылышынан қаны тамып тұрған қатыгез, зұлым төре, сұлтандарға бұлай деп айту, соған батылы жету – кім болса соның қолынан келе бермейтін ерлік. .Мұнан кейін ақын «жазы-қысы жегенің ұрлық еті, бұл жегенің боқпенен тең емес пе?» деп тікелей әшкерелеуге ауысады. Төренің жегенін арам етіп желкесінен шығарады. Осылай біраз тұқыртып алған соң, сыншыл Сүйінбай мүлде ашуға мініп Тезекке тепсіне бастайды. Бұқараға сор болдың, елге тар болдың, «жетелі қылыш ұстаған батыр да емессің, көнелі сөз айтқан ақылды да емессің», «мал-жанын ұрлап бұқараға қас қылдың, сорлыларды аш қылдың» деп төренің кім екенін ашық айтып, қылмысын мойнына сорғалата құяды. Бір ғажабы, ақын төрені алдаусыратып тұрып, «Тақсырым», «Хан ием» деп көпшік қойып отырып сойып салады. Әлгі ащы сынның бәрін сол «хан иесіне», «тақсырына» айтады. Ақырында Дүйсеннің малын қуып келгенін ашық айтып «қысырақты төле» деп талап қояды. Сүйінбайдың ащы тіл, өткір сөздерінен тұрмастай соққы жеген Тезек айыбына ат тартады. Бірақ, оның әрі жауыр, әрі ақсақ кәрі ат екенін көре қойған Сүйінбай төрені тағы түйрейді. Тақсыр-ау, бұл бергенің сары ат па еді, Аузында бір тісі жоқ кәрі ат па еді. Кірпігіне қарасам құрып қапты, Атаңыз Абылай хан, Әділдің тұсында бар ат па еді?, – деп Тезектің сараңдығын бетіне салық қылады. Мынауың ата-бабаңмен жасты ат қой деп кекетіп келемеждейді. Осы кезде «Түргендегі мұжықтың аты едім-ай, төрең барып сол жерден алып келген», – деп ат та зарлай жөнеледі.
Тезектің ата-бабасының ащы терімен табылған ат емеспін, мен де ұрлық атпын деп жер шұқып қалған төрені желкелей түседі. «Жығылғанның үстіне жұдырықтың» кебін келтіреді. Сөйтіп, ақын төрені атқа да әшкерелетеді. .Сүйінбай төреге түйілуін, сынап-мінеп ақымақ етуін басқа өлеңдерінде де дамыта түседі. Тіпті, баласынан айрылып, қазалы болып, жер бауырлап жатқан Тезекке көңіл айта барғанда да жылы сөйлемейді, тілін тартпайды, шенеуін қоймайды. Иманы жолдас болсын, балаң өлсе, Балаң түгіл өзің де өліп кетерсің нәубет келсе, Ұлы жүзді билеген Тезек едің Алып қалсаң болмай ма шамаң келсе, – деп енді ойбайласаң да, қан түленіп жарылып кетсең де бала жоқ дейді. Сенің дәулігің де қарапайым халыққа ғана, табиғат заңы алдында төре, хан болмақ түгілі құдай болсаң да дәрменсізсің, ешнәрсе ете алмайсың дегенді айтады. Елге етіп отырған билік-дәулігіңнің өзі оның артық туғандығында, тұқымның ерекшелігінде емес, қолындағы байлығында ғана екенін аңғартады. .Бір жылы Асы жайлауына таласып Албан, Дулат рулары жауласады. Екі жақ бір-бірінің көшіне тиіп, барымталасып қалады. Дулатты Ботбай руынан шыққан Сыпатай батыр, Албанды Тезек төре қолдайды. Тезек орыс ұлығынан жиырма солдат алдырып Сыпатайды ұстатады. Сонда Сүйінбай Тезекке барып тағы бір килігеді. Дулатта төрт тіреу бар, соның ең биігі, ең атақтысы осы Сыпатай деп төреге ұстатып отырғаны кім екенін аңғартады. Сыпатай қара ләшкер, қара пері «Ханмын» деген қазақтан асқан сері,
Онымен қақтығысам деп тұқымың құрып кетіп жүрмесін дейді. «Үш жүзді бірдей күткен Абылайдың тұқымы едің, Албан менен Суанды Дулаттан жақын көр дегенді қай ата-бабаң айтты деп сөгеді. Ел аңызына қарағанда, Тезек Сүйінбайдың осы сынына сынып, Сыпатай батырға қара қызыл ат мінгізіп, шекпен жауып татуласыпты. .Шешен де сыншыл ақынның үстем тап өкілдерінің қылмысын, қиянат-қылығын бет жүзіне қарамай әшкерелейтіндігі оның басқа өлеңдерінен де көрінеді. .Сүйінбай сатирасының Бабатайұлы Дулат ақын сықақшылдығымен де шендесетін жерлері бар. Бұл, әсіресе, тақырып, пікір ұқсастығынан да көрінеді. Мысалы, Дулат Барақ батырға: Құрық бердің ұрыға Момынды алдың қырыңа, Тентекті жасқап қақпадың Арамдық болды басқаның, – десе, Сүйінбай Тезекке: Ұры-қары зұлымның Бәрін өзіңе жиыпсың. Зар жылатып момынды, Өрістен малын аласың, – дейді. Осы сияқты Дулат Кеңесбай датқаның парақорлығын «Ыдысы параның қотара құйсаң толмайтын», – деп сынаса, Сүйінбай Қарымсақтың парақорлығын «Параға билер қарны бөккенен соң, жанындағы ұрыны ақтары хақ» деп сынайды. Яғни екі ақын бір дертті ұқсас сөз, бірдей пікірмен бетке басады. Сүйінбай да, Дулат сияқты, сатираны көп ретте
жинақталған фактіге негіздеп құрады. Ол тоймас, толмаса шонжарларды әшкерелеп «Төрелерге», «Болыстарға баға» деген сықақ өлеңдерін жазды. Осы тұста бір айтар нәрсе: Дулат жалпы үстем тап өкілдеріне тән жаман мінез-құлықтарды ешкімнің атын атамай шартты түрде сынап-мінесе, Сүйінбай олардың атын атап-атап, бәріне ортақ дерттерді шенейді. Мысалы, «Төрелерге» өлеңінде арсыздық пен парақорлықтың, ұрлық пен зорлықтың Ноғайбай, Байсүгір, Ыстанбек, Нарбота, Атамқұл сияқты бай, төре, билердің бәріне тән дерт екенін ашады. «Болыстарға баға» сықағында да Сиқымбай, Ноғай, Тілеуберді, Әділет сияқты болыстарға жеке-жеке мінездеме береді. Бұлайша көзін бақырайтып қойып, атын атап, қылмыстының кім екенін бетіне басу Сүйінбай сықағының ықпал-әсерін күшейте түседі. .Сүйінбай сықақтарын оқып отырғанда ақынның әділдігі, турашылдығы танылып тұрады. Ол жақыны, замандасы атақты Сарыбайдың моласының қасынан өтіп бара жатып: Апырмау, мына жатқан Сарыбай ма? Қатары Сүйінбайды танымай ма? Абақты Тарақпенен айдап жедің Молаңда шуылдаған малың қайда? – дейді. Осы шумақтан көп нәрсе аңғарылады. Біріншіден, шындықты айтуда ақын әкесі болса да аямаған. Екіншіден, «мал», «мал» деп зарлап өтіп ең, мал үшін талайды жылатып ең, сондағы молаңа ілесе келген мал қайсы деп туысы Сарыбайдың тірісіндегі жемқорлығын келемеждейді. Үшіншіден, мал-дүние адамға жолдас болмайды, ол үшін озбыр болма, обырлық қылма деп ақыл-кеңес береді. .Сүйінбай творчествосында жұмсақ юмор да мол
ұшырасады. «Рүстемге» атты өлеңінде: Жансерке бір ат берді қырындаған, Алмабек бие берді құлындаған. Әулиенің бұтағы деп барып едім Жанпейіс торшолақ бие берді шыбындаған, – дейді ақын. Осында әзіл-қалжың, жеңіл күлкі бар. Елден алған малына берген сыпаттамасы еріксіз күлкі шақырады. .Қорытып айтқанда, Сүйінбай – үлкен сықақшыл ақын. Оқушы қауым оның сыншыл да міншіл, өткір де бетті шығармаларын зор рухани мұра деп бағалап, үлкен мақтаныш ете алады. ЖАМБЫЛ – САТИРИК .Аруақ алдында ағаттық істеп, Жамбылды ақын емес деушілер болған. Енді солардың тірі көздері ұлы жырауды сатарик емес деп те қыңыр тартуы мүмкін. Сондықтан біз алдымен, Жәкеңнің сатирик екенін бір дәлелдеп алайық. .Бұған бірінші дәлел – ол өзінің жағымсыз ортаға, жауыздық еткен жауларға қарсы бағытталған отты да өткір жырларын сықақ-сатира деп білген. «Май жыры» өлеңінде «Ұлы өмірдің күшіне сұм төбеттер үреді. Қаны қара жауларды, жүректен шыққан күшті жыр бүркіттей бүгіп бүреді» деген. Яғни әшкерлеуші сықақтық жырларын бүркітке балаған. .Екінші дәлел – ұлы жырау, басқа түгіл, өзіне де сын көзімен қараған, өзін де сынап-мінеп тастап отырған. Бірде: Тарыншақтау мінезім-ұрысқақтау, Еріншектеу болыпын, тырысқақтау.
Айқайласа, жүйріктей бүйірі қызған, Ақын-ақ ем бір күндері ұрыншақтау, – деп өзін-өзі сынайды. Енді бірде «көкірегі кірілдеп, көзінің алды іріңдеп, қаз-қаз басқан баладай буындары дірілдеп» жүрген өзін: Жабағыны жапсырып иегіме Жүргеніме өзім де күлемін де. Короліндей картаның қаужиыппын, Қанша жылу болғанмен жүрегімде, – деп әжуалайды. .Үшінші дәлел – «Өзін аямаған кісі басқаның бетін шиедей қылады» дегендей ақын, «Қалиға» арнауында оған: «Жүзім қайтып көрген жоқ, сенен қорқып не етейін? Күле-күле жүрсін ел, менменсіген пейіліңді елге жайып кетейін» деп тұра ұмтылған. Төртінші дәлел – ХХ ғасыр Гомерінің ірі сатирик болғанын қазақ елі ғана емес, ұлы орыс ортасы да мойындаған. 1943 жылы КСРО Жазушылар одағы фашизмге қарсы күресте сатираны күшті қару ретінде пайдалану туралы арнаулы кеңес өткізіп, онда «Сүлейман Стальский, Жамбыл, Дурды Клыч есімдері біз үшін батырлық өлең-жырлармен ғана байланысты сияқты. Бұл халық жыршыларының майталман сатирик екендіктерін көп ел біле бермейді» («Литература и искусство» газеті, 1943, 17 шілде) деп атап көрсетті. Ендеше Жамбыл – даусыз сатирик. .Ал енді Жәкең сатирик ретінде не қалдырған? Көп нәрсе қалдырған. Оның революцияға дейінгі мұрасында да, кеңес дәуіріндегі мұрасында да сатира сарыны есіп жатыр. Мысалы, «Шағым» атты өлеңіндегі:
Қолында оның тобылғы, Талай дүре соғылды. Торсылдаған танадай, Жыртар болды тонымды. Оқымаймын молдадан, Не оқытпақшы ол маған? Бала келсе сабаққа, Жем дәметкен дорбадан, – деген жолдарымен «аңқау елге арамза молдалардың» таяқпен тәртіп орнату әрекетін, дүмшелігін, құлқынқұлдығын келемеж еткен. Екінші жағынан, болыс, ауылнай, жасауыл, шабармандардың өз қожайындары алдындағы итаршылығын, бейшаралығын мазақ еткен, масқаралаған. Бұған дәлел – «Көкімге» арнауындағы: Әлде бекіп келдің бе, Арын сатып бетіңнің? Бір тояйын дедің бе, Ақысын жеп жетімнің? – деген сияқты шумақтар. ХІХ ғасырдың аяғына қарай қоғамдық тұрмыстіршіліктің өзгеруіне, тарихи жағадайлардың жаңғыруына қарай би-болыстар, аларман шабармандар «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген «өсиетті » ескеріп, түрін өзгертті, жаңа орта, жаңа жағдайларға бейімделді. Қу, сұм, пысықай, сырты жылтырақ, іші қылтырақ шенеуніктерге айналды. Халық жоқшысы бұлардың осы түлкі бұлаңын, елді күліп тұрып күңірентетін зымияндығын да тап басып сықақтады. Мысалы, «Сәт сайланарда» атты өлеңінде «Лашын құстай таранып, сырты сұлу көрінгенмен» оның ел үшін құт емес, жұт болғанын, бұл болыс тұсында береке қалмағанын бетке басты.
.Халық жыршысының кеңес дәуіріндегі сатирасы тың тақырып, жаңа мазмұн, соны түр тапқан. Бұл тұста ол сатирасымен ішкі, сыртқы тақырыптарға бірдей киліккен. 1938 жылдың 29 шілдесінде жапон импералистері Хасан көлі маңында кеңес жеріне шабуыл жасады. 1941 жылы 22 маусымда елімізге неміс фашистері басып кіреді. Осы басқыншылықтарға орай Жәкең «Жау жазасы – жалынды оқ», «Екі дүние айқасты», «Өмір мен өлім белдесті» деген сияқты сатиралық пафосты туындылар тудырады. Кекті ақын жапон самурайларын басын жоғары көтеріп, айналасын байқай алмайтын қабанға, адамға уын шашқан сұр жыланға ұқсатты. «Қисық тісті, қысық көз» деп олардың сұрықсыз сиқын суреттеді. Неміс фашистерін: Мұраларды қиратқан, Балаларды шулатқан. Жұрт аруағын қорлаған, Әйелдерді зорлаған, Бейкүнәні тонаған, Бейбіт елді талаған, – деп өздерінің іс-әрекетімен әшкереледі. «Қарақшыға қанішер еш рахым болмасын» деп ұрандады. .Кеңес үкіметі жылдарындағы ішкі тақырыптарға арналған сықақ өлеңдерінде еріншектікті, әуейілікті әзілмен әшкере етті. Жұмысқа барса, сүйреңдеп, Тек құрғақ сөз баққан. Қайта-қайта жұтынып, Айнала шырт-шырт түкіріп, Құр насыбай атқаны, –
деп, іс-әрекет, тіршілік сыңайымен жалқаулардың бейнесін жасады. «Сыртың сұлу болғанмен» деген шағын шығармасында шолақ белсенді ауылдық кеңес төрағасының ат ауыстырып мінгенді, кебіс ауыстырып кигенмен бірдей көретін, бірін көтерем етіп итере сап, басқасына қонжия қоятын әдетін әжуалады. Мұныңды қой, әйтпесе, колхозшының қаһарына қаласың деп ескертті. .Бұрынғы ақындар сияқты, жүз жасаған жырау да, адамның әртүрлі жастағы хал-жайына, көңіл күйіне назар аударып, сын-сықақтар айтқан. Әсіресе, пенденің кәрілік кезеңіне қатты өкпе-наз білдірген. Құлпырған қызыл шырай түсімді алды, Аузымды омырайтып тісімді алды. Босатып буынымның шегелерін, Сыпырып тұла бойдан күшімді алды. Кәрілік екі көзді қызартады, Етін сылып, сүйекті ұзартады. Еңкейсең етбетіңнен түсіргендей, Батпандап шонданайға тұз тартады, – деп шағына отырып, адамның кәрілік кезеңін күлкі етті. Сонымен, Жәкең сатира саласында көп нәрсе тындырған екен, едәуір мұра қалдырған екен. Енді оның сатиралық мұрасы қандай түр, қандай жанрларда жасалған? Жамбыл сатирасы – өзіндік бітім-пішіні, өзіндік түрсипаты бар сатира. Ол тек поэзиялық түрде тудырылған. Көбіне оның эпиграмма, сатиралық миниатюра, сатиралық портреттік суреттеме, лирико-памфлет түрлерін пайдаланған. Мысалы оның:
Жігіттер, не дейсіңдер Тезекбайды, Тепкізген күрең атқа жирен тайды? Не үй, не түз шаруасын ойламайды, Не деп айтушы едіңдер осындайды? – деп өз баласының шаруақор еместігін сынап-мінеген, оған кейіс білдірген арнау-шумағы – тұрмыстық эпиграмма. Сыртың сұлу болғанмен, Сөзің сылдыр жігітсің. Бірді арытып қойып ең, Бір семізді мініпсің. Бүйте берсе, колхозшы – Деп жүрмесін «бүліксің», – дегені – сатиралық миниатюра. .Ал Жәкеңнің таптық және топтық әлеуметтік типтерді әшкерелейтін туындылары – сатиралық портреттік суреттемелер. Оларда кейіпкерлердің кім, қандай жандар екендігі ашылады. Мысалы: Жанқойлық болысы пысық келеді, Мұрындары пұшық келеді. Көздерін қысып келеді. Сөздерін ұзарта келеді, Өңешін қызарта келеді. Өнімі азырақ жерде, Үстіне тұз арта келеді, – деген жолдарда авторлық сипаттау, суреттеу арқылы болыстардың сатиралық бейне-образдары жасалған. Жамбыл жыраудың неміс фашистерін әшкерелеп, оған қарсы әділетті де ерлік күрес жүргізіп жатқан елімізді мадақтай тудырған дүниелерін лирико-памфлетке
жатқызамыз. Өйткені оларда: Бейбіт елім – тып-тыныш, Қойны толған бақ, ырыс. Елмен бірге кенеліп, Рахатқа бөленіп, Жатқанда алып жан тыныс, – деп өз елімізге деген ыстық ықылас, лирикалық жылы сезім білдіріліп келеді де, сондай бейбіт елге опасыздықпен ұрынған жауды суреттеуге ауысқанда: Тұрпатына қарасам, Дүниені обардай, Обыр-жеміт қомағай, Қан аңсаған қарақұс, – деп ашық әшкерелеуге, кекті үн, сатиралық сипаттауға ойысады. Яғни жапон самурайлары мен неміс фашистерін сынау, мінездеу, олардың арам пиғыл, қара ниетін әшкерелеу өте өткір айтылады да, өз еліміздің бейбітшілік, Отан қорғау күресі сөз болғанда лирикалық интонацияға ауыса қояды. Сөйтіп осы екі сарын тоғысып барып әлгі туындыларды лирико-памфлет етеді. .Ақын сатирасының түр-сипаты осы екен, ал оның өзіндік ерекшеліктері қандай? Ең алдымен Жәкеңнің әшкерелеуші сипаттағы шығармалары көбінесе сын нысанасына арнау түрінде келеді. Тақырып – атының өзі «Шалтабайға», «Қалиға», «Есенәлі мешкейге» деп қойылады. Екіншіден, олардың да кейіпкерлеріне ешбір іс-әрекет, сөз берілмейді. Үнемі автор атынан мінезделеді. Үшіншіден, арнаулары әр қилы тіл стильде тудырылады. Бірде ол жоғарыдағы Жанқойлы
болыстарын сипаттағандай, «ол өйтеді», «ол бүйтеді» делініп, үшінші жақпен сипатталса, енді бірде: Салқын келіп тоң-торыс, Сыртқа сыздап қарайсың. Сенен басқа жоқ болыс, – Деп өзіңді санайсың. Шарға түсер шағыңда Қаратер боп сабылдың, Ақ жем болып шабылдың. Елге сөзің жеткенше «Жамағат» деп жалындың. Қол билікке жеткен соң Салғырттықа салындың, – делініп, екінші жаққа, «сен сүйттің», «сен бүйттіңге» ауысады. Тағы бірде «сенен жұртқа ит жақсы, күзеткен қотан ауылды... Ит өлмей-ақ сен өлсең, болар еді тым-ақ орынды» деп тура беттеп, тікелей тілдесу түрінде беріледі. Төртіншіден, жыр алыбының сатирасы үнемі контрасқа құрылады. Бір жағынан, үстем таптың адал еңбекпен табылмаған пасық байлығы, дарақы сән-салтанаты, мағынасыз өмірі сықақталса, екінші жағынан, оған керісінше елдің ауыр халі, теңсіздігі аңғартылып отырады. Бұл орайда ол үнемі халық мүддесі, ел жоқшысы ретінде сөйлейді. Мысалы, Ет пен майды ішіне сықап тығып, Адамшылыққа инедей орын қалмас. Ылғи боқты көтерген өміріңде, Атан өгіз сияқты сен бір маубас. Сен тойғанмен біреулер аш қалып жүр, Деп ойлама, түбінде теріңді алмас, –
дегенінде екі полюс, екі өмір бар, тоқтық бар, жоқтық бар. .Бесіншіден, поэзия дүлдүлі сықақ нысаналарын көбіне, тілдік құралдармен, әсіресе өткір теңеулермен сойып сап отырған. Түнге үйренген жарғанат, Күннің оған сәні жоқ. Қорегі нәжіс құзғынға Адал астың дәмі жоқ, – деп, халық жауы таңбасы тағылғандарды жарықтан қорқатын жарғанатқа, нәжісті қорек қылар құзғынға теңеп жерлейді. Ұшар ма жылан аспанға, Ұмтылса, күнге жетер ме? Жер хайуаны қабанға Бүркітше қанат бітер ме? Ұлығанмен қасқырлар Жұлдызға зиян етер ме? – деп риторилкаық пафосты сұраулар арқылы мақалдай, мәтелдей, тақпақтай теңеп, балап, салыстыра сықақтады. Поэзия даңғылы сатирик қана емес, табан астында тауып айтар юморист те болған. Оның көп жырларынан жеңіл күлкі, әзіл-оспақ лебі есіп-ақ тұрады. Оларында ата ақын өз іні, шәкірттерінің, балалары мен туғантуыстарының жағымсыз іс-әрекет, мінез-құлқын, достық рәуіштегі әзіл-қалжыңға айналдыра қойып отырған. Мысалы, құс атуға барып, күні бойы көп салпақтап жүріп, бос қайтқан шәкірт-хатшысы Ғали Ормановты былай әжауалаған. Кекілік ұшты, дүр етті, Ғали шошып дір етті.
Қарны ашып, қалжырап, Екі иығы салбырап Кешке ауылға құр кепті. Атқаны бір сауысқан, Оқтың бәрін тауысқан. Ұялғанын байқаймын Бәсең шыққан дауыстан. .Бұл – ініге деген симпатиядан туған көңілді күлкі, әдемі әзіл, қаяусыз қалжың. Мұнда зәредей де кекесін, мысқыл жоқ. Тек күлкі келтіретін қозғалыс, қимыл, жайкүй баяндалған емес, сурет берілген. .«Әке әзілі» юморында ақын үш бірдей туыс-тумасын екі жолмен, бір шумақпен жеңіл ғана әжуалап тастаған. Сойған түлкі секілді, Сатыным жүр ырсиған. Тұрабымның тұрпаты Бұқашадай тырсиған. Құйымшағы бүріскен Нағашыбек ешкідей Жымың-жымың күліспен Жүре беред естімей, – дегенде де Жәкең күлкіні тілдік құралдар арқылы туыдырған. Мұндағы күлкі кейіпкерлерді сойған түлкіге, кішкентай бұқашыққа, бөксесі түштиген ешкіге теңеуде, оларды ырсиған, құйымшағы бүріскен, бұқашадай тырсиған деп суреттеуде жатыр. Қалай теңесе де, неге теңесе де ақын ата әзілі туыстарын тулатпайды, оларға ем, майдай жарасты. .Сонымен, жүз жасаған жыр жүйрігі Жамбыл азулы да айбынды сатирик, тапқыр да тарлан юморист болған. РЕДАКЦИЯДАН: Мақала авторы, Қазақ журналистикасы мен Жоғары мектебінің ардагері,
профессор Темірбек Қожакеевті – Темкеңді 70 жасқа толуымен құттықтай отырып, мерейтойға арналған салтанатты жиын ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкілдігі, Қазақстан республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі ұлттық агенттігі, Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университеті, журналистика факультеті ұйымдастырған «Бұқаралық ақпарат құралдары және журналистік білім беру» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның аясында 7 маусымда сағат 14.00-де журналистика факультетінің 3-залында өтетінін хабарлаймыз. БІЛӘЛ СҮЛЕЕВ 1960 жылдар. Менің революцияға дейінгі, одан кейінгі қазақ сатирасын, оның жеке өкілдерін, олардың бізге жеткен мұрасын зерттеп, мақалалар жариялап жүрген кезім. «Жұлдыз» журналының 1965 жылғы 5-нөмірінде І.Жансүгіров сатирасы туралы «Күлкі күші» атты зерттеуім жарық көрді. Көп ұзамай үйге телефон соғылды. – Алло, саламатсыз ба, бұл Темірбектің пәтері ме екен? – деген әйел дауысы шықты аппарат құлақшасынан. – Иә, иә, мен тыңдап тұрмын, – деп жауап бердім. – Меркедегі ұстазың Фатима апайыңды ұмытқан жоқсың ба? Ол кісі телефон соғады деген үш ұйықтасам ойымда жоқ мен сасқалақтап қалдым. – Ойбай, апай, неге ұмытайын, қайдан сөйлеп тұрсыз? – дедім қалбалақтап. – Мен осы қалада тұрамын ғой. Біраз жөн сұрастық. Ақырында: – Ілияс сатирасы туралы «Жұлдыздағы» мақалаңды
оқыдым, жақсы жазыпсың, рахмет, – деді. 1942-44 жылдардағы мектептегі ұстазымның жазғаныма назар аударғанына, тәуір бағалағанына қуанып қалдым. Мұнысына рахмет айтып, ризашылық, білдірдім. Әңгіме ақырында Фатима апай: – Ілиясты сатира жазуға үйреткен Біләл Сүлеев деген туысы болған. Кезінде ол кісі көптеген сықақ дүниелер жазған. Ілияс соларды оқып, солардан үйреніп, соларға еліктеп сатираға келген. Осыны біліп қой, Біләлдің де сықақ мұрасын қарай жүр, – деп ескертті... Ал енді бүгінге дейін көп ел біле бермейтін сол Біләл кім? Ол – 1892 жылы Талдықорған облысындағы Қапал өңірінде туған азамат, Садыр Найманның беделді де ақсүйек адамы, бай да жуан тұқым Сүлей қажының баласы. Біләл Омбыдағы діни семинарияны бітірген. Алғаш Алаш туы астында болып, кейін қызылдар жағына шыққан. Қапалда кеңес өкіметін орнатуға қатысқан қызыл командирлердің бірі. Бұл туралы Үміт Ілиясқызы Жансүгірова мынаны айтады: «1919 жылдың жазында Қапалды бір мезгіл ақтар алса, бір мезгіл қызылдар алып, өкімет алма-кезек ауысып тұрыпты.. Бір күні: «Ойбай, қызылдар келе жатыр, қыздарды, жас әйелдерді зорлайды екен» деген хабар дүңк ете қалады. Бұрынғы еркіндігінен айырылған татар саудагерлері... қызылдардан қатты қорқып, қыздарын, келіндерін жасыруға кіріседі. Ақыры, ел елеңдеп, күтіп отырған қызылдар да келеді. Атты әскердің ең алдындағы командир әдемі қазақ жігіті екен. Ол сол маңайдағы... Сүлей қажының ұлы Біләлдің өзі болып шығады: Олар Қапалда Кеңес өкіметін орнатады. Ешқандай тәртіпсіздік болмаған соң, тығылып жатқан қыздар да шыққан екен. Сол кезде жиырма жетіге келген Біләл бойы сұңғақ, уыздай жас қызды көріп ұнатып қалады. Найман тұмақ киіп, қылыш, маузер асынған әдемі жігіт – қызыл командирге Фатиманың да есі кетсе
керек. Бір күні қыз аяқ асты жоғалады... («Жетісу» газеті, 19.01.1993). Яғни Фатима апай сатирасын ескеруді аманат еткен Б.Сүлеев – оның бірінші жұбайы. Осы орайда мына бір сөзін келтіре кетейін: «Балаларым – қазақ халқының аяулы, ардагер үш ұлының ұрпақтары. Жәнібек, Азат дейтін ұлдарымның, Фарида дейтін қызымның әкесі – Жетісуда тұңғыш қазақ мектептерін ашқан, өз дәуірінің белді, беделді халық ағартушысы Біләл Сүлеев. Үміт, Илфә дейтін екі қызымның және Болат дейтін ұлымның әкесі – осы күнге дейін қазақ поэзиясында алдына жан салмаған ақын Ілияс Жансүгіров. Кенже ұлым Мұраттың әкесі – Мұхтар Әуезов.» («Қазақ әдебиеті» газеті, 10.06.1988). Біләлдің халқына үлкен еңбек сіңірген зиялы ағартушы болғаны рас. Ол 1920 жылы алғаш Алматыда ашылған мұғалімдер даярлайтын үш айлық курстың меңгерушісі болған. Соның басқаруымен келе-келе ол алты айлық, бір жарым жылдық курсқа, кейін оқытушылар техникумына, одан оқытушылар институтына айналған. Бұл тұста ол журналистік кәсіппен айналысып, «Тілші» газетіне редакторлық та еткен. 1929 жылы Біләл Ақтөбеге ауысып, сондағы оқу-ағарту ісімен айналысқан. 1930 жылы «Халық жауы» атанып, түтқынға алынып, одан 1933 жылы босанған.Содан қайтып Қазақстанға оралмаған. Ресей жағында әр түрлі қызметте жүрген. 1937 жылы Қарақалпақ АССР-інің Оқу-ағарту министрі болып тұрғанда қайта тұтқындалып, қызыл қырғын құрбаны болған. Б.Сүлеев қаламгерлік қызметпен, сын-сықақ жазумен өз елінде ағарту жұмысында жүргенде-ақ айналысқан. Ақпан революциясы тұсында Алаш баспасөзінде «БЫСЫ» (аты мен фамилиясының бас әріптері. – Т.Д.) деген бүркеншік есіммен бірсыпыра сықақтар жариялаған. Ол алғаш К.Төгісовтің «Алаш» газетінде (Қараша 1916, сәуір
- көрінді. Мұның да себеп-сыры бар. 1909 жылы үш жылға сотталып, одан 1912 жылы босанған Көлбайға ірі қалаларда тұру, саяси мәселелермен шұғылдануға рұқсат етілмеді. Ол бұдан кейінгі үш жылдай өмірін Қапалда өткізді. Осында Біләл сияқты зиялы, оқығандармен танысып, байланыс жасады, еңбекшілер арасында оқуағарту жұмыстарын жүргізді. 1916 жылы Ташкентке барып, «Алаш» газетін шығарды да, оған Біләлді де тартты. Осында ол «Біздің жұрт неғып жүр? (№6, 8 қаңтар, 1917) деген өлеңін жариялады. Бұл туындының сықаққа жататын себебі, онда сын нысанасы іліп-шалу, кекетіпкелемеждеу, мысқылдап, күлкіге жығу бар. Түрі жағынан ол – сатиралық шолу. Поэзиялық сатираның бұл түріне жататын себебі, онда өмірдегі әр қилы дерттердің бірнеше иесі кезегімен, мұрнынан тізіле, ол олардың жағымсыз ісәрекеті, тіршілік сыңайы, жүріс-жорығы бірінен кейін бірі шола сықақталған. Оқып көрелік: Талай сопы, молда жүр, Шайтан салған жолда жүр, Жыртық сәлде, зор құран Мазақ болып қолда жүр. Заман ауанына қарай Біләл бұл алғашқы төрт жолда дүмше молда, сопысымақтарды бір сипап өткен. Бұдан әрі зиялы ағартушының дінге деген көзқарасы, сенімнанымы аңғарылады. Қарны жуан талай бай Есіл-дерті малда жүр. Жаны тыныш бай да жүр, Аузы-басы майда жүр.
Бұл төрт жолда сын садағы байларға, барларға қарай бағытталған. Олардың бірсыпырасы дүниеқоңыздықпен мал-мүлік қуып, қызылмай болып жүрсе, бірсыпырасының жиған-терген байлығын бауырына басып, «Иә, құдай, бергеніңе шүкір» деп, қарнын сипап, ұрты мен мұртын майға малып жатқанын мәлімдеген. Бұл жолдардан сатириктің тап жігін тани білгені, үстам тапты көре білгені көрінеді. Келесі өріс аңдып ұрыекең, Сымпылдатып сайда жүр – деген екі жолда сай-сайды өрлеп, жыра-жыраны жағалап, бұқпантайлап бұғып, мал ұрлап, ел берекесін кетірген, «онан салса, мұнан шық» ұры-қарыларды сынаған. Ары қарай сықақшы: Елді қожа кезіп жүр, Ар-ұяттан безіп жүр. Кітап жайып, бал ашып, Жоқты-барды езіп жүр, – деп, қожа, қажыларға шүйіледі. Олардың көбінің алуға келгендегі арсыздығын, қарапайым қараны алдаусыратып отырып, аузын құбылаға қаратып, жер қаптырып кететінін бетіне басады. Бір ғажабы, кезінде әр ақын-ақ қожа-қажылардың осы «қабілетін», осы қулығын сынап өткен, сықақтап өткен. Келесі жолдарда сатирик басқа сын, нысаналарына ойысады. Қызыл белбеу жастар жүр, Талай сұмдық бастап жүр. Насыбайын шалқайып, Аузына сорып тастап жүр, – деп, Абай атамызды алаңдатқан «заманақыр жастарын», солардың небір сорақы сұмдықтарға барып жүргенін,
арақ ішіп, шылым шегіп, насыбай атуды өнер көретінін әшкереледі. Бұл жолдардан ағартушы ағаның жастар тәрбиесіне, олардың болашағына қаншалықты көңіл бөлгені байқалады. Сықақ өлең: Елді билеп қулар жүр, «Жетті деп, пәле шулап жүр, Соңынан ерген сорлы жұрт, Адасып босқа шулап жүр. Білгішке ел ермей жүр, Жан қиғанды қас тұтып, Тілекті құдай бермей жүр, – деген жолдармен аяқталады. Көріп отырсыздар, мұнда ептеп-септеп, пысықсып ел билеген, жұртты жегідей жеп жатқан құзғын-қарға, атқамінер алаяқтарды бір түйіп өткен. Солардың арбауына түсіп, «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген «қарғысқа» ұшыраған, зиялыларды түсінбей жүрген жұртқа налыс білдіреді. Байқаған боларсыздар, Біләлдің бұл туындысы – өз тұсындағы, өз айналасындағы дүниенің жай-күйін, жұрттың неғып жүргенін баяндап қана қойған, соны елестету арқылы-ақ ұнамсыз әрекет-қылықтарға өз пікірін білдірген, оны кекетіп-келемеждеген сыңай танытқан сатиралық өлең. Мұнда уытты әшкерелеуші ауан, дерттерді жоюдың жолын көрсеткен нақты ұсыныстар жоқ. Сатираның мұндай да көрінісі болатынын жоққа шығаруға болмайды. «Біздің жұрт неғып жүр?» деп сұрау қойып, оған Біләлдің әлгідей жауап беруі біржақтылау көрінген болуы керек. Жүсіпбек Аймауытов сол «Алаш» газетіне «Неғып жатыр?» (№11, 16, 02.1917) деген өлең жариялаған. Онда ол «Түрленіп мынау заман ағып жатыр, жай өтпей әркімге
сын тағып жатыр» деп алады да, «Осы бізің қазақтар неғып жатыр?» деген сұрау қойып, оған Біләл басқаша жауап береді. Өз әлінше өрмегін құрып жатыр, Икемдеп өз алдына бұрып жатыр, Жастар мұны үйреніп, ұғып жатыр, Бір-бірлеп газеталар шығып жатыр. Білімін күннен-күнге қосып жатыр, Ұлт қамын көңілге тоқып жатыр, – деп, қазақ өмірінде игі істердің де нышаны бар екенін, оған айналадағы ұлы өзгерістердің әсер-ықпалы болып жатқанын аңғартады. Байлардың да есіл-дерті малда емес: Байлар да үлкен іске жарап жатыр, Тайталасып өнерге жанап жатыр, «Мә, жәрдем» деп аямай беріп жатыр. Сөзге, жөнге, қатарға кіріп жатыр, Медресе, мектептерін ашып жатыр. Дәрігерлер де өнеге шашып жатыр, – деп, қазақтың әр қилы адамдарының, әр қилы кәсіп иелерінің прогресске үйір бола бастағанын, игі істерге әлдерінше қолғабыс етіп, қаржы көмегін көрсетіп жатқанын айтты. Осы үшін де Жүсіпбектер байларға іш тартқан. Осындайдан барып олар байшыл ақынжазушылар атанған. Мұнан кейін Б.Сүлеев Алматыда ағарту жұмыстарында жүргенде «Қаптағай» деген бүркеншік атпен «Ақ жол», «Тілші» газеттеріне қатысқан. Мұндағы сықақтарында ол көбінесе өмір-тіршіліктегі дерттерге, адам мінезқұлқындағы теріс ұғым-түсініктерге, зиянды әдетдағдыларға шолу жасап, сынап-мінеп отырған.
Солардың бірі «Қайтсең көсем боласың?» («Ақ жол» газеті, 13.03.1922) атты сатиралық өлеңінде ол той бастап көсемсіп, сөз бастап шешенсіп жүрген кейбір пысықайлардың моральдық бейнесіне үңілген. Олардың «қайтсең көсем боласың», көсем болу үшін қалай жүріптұру керек дегендегі теріс ұғым-түсінігін, бұл үшін қандай іс-әрекет қылықтарға барып, қандай мінез-құлық көрсету керек деп білетінін шола келемеж еткен. Өйткені бұл жөніндегі әлгілердің таным білігі, ой-пікірі күлкілі. Олардың ұғымынша: Шаш өсірсең дудардай қарыс қылып, Шалбар кисең сып-сида жабыстырып, Бұрқыратып аузыңа темекіні, Арақ ішсең әр жерден қағыстырып, Орысша не қазақша анық білмей, Сөйлесең бәду-шәду қатыстырып, Сыбырмен быду-шыду күн өткізіп, Лаң қылсаң жұрт арасын шағыстырып, көсем боласың. Яғни дудырлатып шашты күзеусіз жіберу, киімді теріге жабыстырып киіп сидаң қағу, темекі тістеп шікірейіп тұру, аралап ішіп ауылда арақ қоймау, тіл шұбарлап былжырап тұру, бірді-бірге айдап салып, адамдарды тасқаяқтай қағыстыру – көсем болудың алғы шарттары. Пысықайлардың ойынша, көсем болам дегендердің тағы бір ескерері: Түпкілікті дәмі жоқ құрғақ сөзді Көп жиында сөйлесең шабыстырып, Сөзіңнің аяғына дұшпанкөз ғып, «Жасасын», «здрастиді» жабыстырып, – қою керек.
Қулардың ұғымынша, көсем болу үшін бұл да жеткіліксіз. Енді не істеу керек? Ел көзінше кедейшіл бола қалып, Түнде отырсаң байлармен мәжіліс құрып. Алтыатарды мықынға іліп алып, Би билесең қыздармен жарыс қылып, – жүруің керек. «Мұнымен де нағыз көсем бола алмайсың» дейді бишікештер. Мұның үстіне: Төсегіңді жаңғыртып оқтын-оқтын, Жылына қатын алсаң ауыстырып. Угорком, уйсполком, облисполком – Үшеуінен орын алсаң әдіс қылып, – деп ақыл-кеңес береді. Әрі: Дос, дұшпаның сескенсін айбатыңнан Он шақырым қасыңнан алыс жүріп. Қой, қозысын, қазысын қабат тасып, Өзін-өзі әуре боп таныстырып, – жүрсін деп ескертеді. Әрине, мұнда сатирик көсем болу үшін осындай жаман әдет-қылыққа барыңдар деп тура мағынада айтып, елді теріс үгіттеп отырған жоқ, сол тұстағы атқамінер шолақ белсенділердің осылай етіп жүргендігін, осылай жүруді көсемдік деп білетінін әшкерелеп, күлкіге жығып отыр. Әлгідей ету, әлгідей жүру көсем болу емес деген пікірін «солай етіңдер, сонда көсем боласыңдар» деп кекетіп отыр. Автордың:
Аумасаң дәл осыдан, шын көсемсің, Айырылма бұл жолыңнан шалыс жүріп – деген пікір түйінінде де осы кері айтып кекету жатыр, бұлай ету көсем болу емес деген оң пікір ар жағынан сығалап тұр. І.Жансүгіров сатиралық бір өлеңін Біләлдің осы сықағына еліктеп жазған. Ол «Қайтсең көсем боласың?» деген сұрауға әлгідей деп жауап берсе, Ілияс «Осы мезгілде қалай қылсаң болыс-екең атанасың?» («Тілші» газеті, 2.12.1922) дегенге былай жауап берген: Астыңа бір жақсы атты мініп алып, Сымпыстау шолақ киім киіп алып, Халыққа кім екеніңді танытпаққа, Мойынға бір қайысты іліп алып, Ауызға мүштек пенен шылым алып, Халықтың мал жағынан сырын алып, Қолыңа ат-айғырды жиып алып, Ақсатып, арқабасын сылып алып, – жүрсең, болысекең атанасың, Бұл да әрине, кекету. Мұның үстіне: Нөкермен сауық үшін байға қонсаң, Жылы қойын табылар түнде тоңсаң. Бітпейтін үкіметтің ісі болмас, Айында кеңселерде екі болсаң. Ұрыдан, аусарлардан жолдас алсаң, Ертең сонда түсем деп, хабар салсаң. Құдайекең кешпейтін күнәң қалмас, Екіден сөткесіне құрбан шалсаң – Мәңгілікке болысекең атанасың.
Байқап қарасаң бұл шығарма өлеңдік бітім, өлшемі, ұйқасы, үн-әуезі жағынан Біләл сықағымен мүлде ұқсас. Тіпті бірсыпыра жолдары онымен пікірлес, мазмұндас жатыр. Б.Сүлеевтің ендігі бір күрделі де көлемді сықағы «Жұт жеті ағайынды» («Ақ жол» газеті, 10.12.1922). Автордың бұл дүниесі сюжетке құрылған, айтар ой-пікірі суретпен, оқиғамен елестетіліп берілген. Бірден-ақ сықақшы ақын: Ата-бабам айтып еді, айналайын, Жұт дегенің болады деп, жеті ағайын. Көрмеген соң бәрін көз сенбеуші еді, Әңгіме айтып сіздерді қандырайын. Бетпақтың құлазыған даласында, Селеу, жыңғыл, сексеуіл арасында, Жұртым-ау, көрдім қызық бір әңгіме, Құлақ қойып бұл сөзге нанасың ба? – деп, оқырмандарды да елең еткізіп, құлақ түргізіп, ұмсындыра қояды. Мұнан соң: Қас қарайып, түн болып, шалқақ батқан, Айдалада бір от тұр дәу ғып жаққан. Отты айнала отырған жеті адам Гуілдеп сөз сөйлейді түрлі жақтан, – деп қорқынышты бір көріністі елестетеді. Сонау Бетпақтың шөліне барып, түн ішінде от жағып, оны айнала отырып алып, сөз таластырып отырған «бұлар кім болды» дей бергеніңде: Мен-дағы жақын келіп анағұрлым, Ақырын көріп алдым түсі-түгін,
Отаршыл, Ашаршылық, Мансапшыл мен, Оба мен Жұт, Надандық, Ырың-жырың, – екен деп автор оларды атай қояды. «Өңкей сұм айдалада бас қосып, нендей мәжіліс құрып жұр?» деген тағы бір сұрау көмейге келе бергенде: Бұлардың жұмыстары мынау екен, Бастары бүгін ғана құрау екен. Қазаққа қанша кесір тигізгенін Тексеріп, бірін-бірі сұрау екен, – деп жауап бере қояды ол. Осыдан кейін сықақшы шартты түрде анадай жерде бұғып жатып, тыңдай жөнеледі. Әрқайсысы өз кезегінде қазаққа қандай кесір-кесапат келтіргенін, оны қалай зар жылатып, қан қақсатқанын мақтана, шаттана баяндайды. Бірінші сөз Отаршылға беріледі. Ол былай бөседі: Айт десеңдер, айтайын, шырақтарым, Алпыс жыл Сарыарқада тұрақтадым. Алатау, Қырық бар ма, Сырық бар ма, Дәм татып, бәрінен де суаттадым. Қазақты қырғызбенен параладым, Орнынан тырп етпес қып жараладым. Нулы жер, сулы өзен, жайлы қоныс – Бәрінен жұрдай қылып тазаладым. Қырғызды қудым таудың саласына, Қазақты – Қызылқұмның арасына. Көкорай шалғын, шабыс, шалқар көлін Әпердім көк көзімнің баласына. Айдадым шөпке түскен танадай ғып, Алдадым асқа алданған баладай ғып,
Қолында азын-аулақ мал қоры бар, Әттең, дүние, соны алсам талапай ғып. Мұнда патша заманындағы отаршылдықтың зорлығы, тізе батыруы, қазақтың экономикалық негізі – төрт түлік малынан айыру арам пиғылы дәл көрініс тапқан. Осыдан 70 жыл бұрын жазылған бұл әшкерелеу бүгінгі отаршылдық пиғылдағылардың да арам ойы мен арманаңсарын аңғартады, соған соққы боп тиеді. Яғни бұл – күні бүгінге дейін мән -маңызын жоймаған әшкерелеу. Екінші сөз Мансапшылға тиген. Ол «Өзім қазақ болсам да, дінім – мансап, Тілегім, көздегенім, күнім мансап» деп ағынан жарылады. Отаршылдан кем емес менің бағам, Мен – інісі, ол –менің туған ағам. Ол мұжыса қазақты сырт жағынан, Шемен болып мен іште жатып алғам, – деп кеуде қағады. Отаршылмен бірігіп, қазақты екі жақтап жегідей жегенін мақтан етеді. Заманың өзгерсе де неше түрге, Барамын өз жолыммен бір-ақ күйде. Мансап, мансап, ұлықтық – бар тілегім, Қазағың қырылса да үйме-жүйме, – деп, арам ниетін бүркемелемей ашық айтады. Бұл дауысы қайтпаған, әлі де қажетті әшкерелеу. Өйткені өз пайдасы үшін жалпы қазақ түгіл, әке-шешесін де сатып жүре беретін мансапқорлар арамызда әлі де кездесетіні анық. Бұл сын соларға да салар сойыл. Үшінші сөзді Ашаршылық алған. Ол аузын керіп, әңгімені алыстан бастаған.
Болғанда «Ақтабан шұбырынды» Қазақққа кеше келіп кім ұрынды? Орта жолдан нық келіп килігіп ем, Тұмсығы қазағыңның тұжырылды. Айтпай-ақ онан бергі істерімді, Батырған әрбір жерде тістерімді. Мінеки, өздерің-ақ көріп тұрсың Мешін, тауық, ит, жылғы күштерімді, – деп масаттанады. Торғайды, Орал, ішкі Ордасымен, Семейді, Ақмоладай жолдасымен, Елін ойран, жерін шаң-топырақ қып, Қайыршы қылып қойдым дорбасымен, – деп, жалпақ жатқан қазақ даласын жайпап өткенін мақтан етеді, күштілігім деп біледі. Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр, Тұқымы сағат сайын кеміп жатыр. Өз баласын өзі үйтіп, сирағын жеп, Көр азабын тірілей көріп жатыр, – деп рахат сезімге бөленеді. Осы кезде Жұт оған үн қосады: Жолдастар, білесіңдер қайратымды, Көрсеткен неше түрлі айбатымды. Ашаршылық мырзаға жолды ашып, Қазақтың төрт түлігі жайратылды, – дейді. Яғни, ашаршылық дегеннің тек өзінің арқасында болатынын, жұт болып қазақтың төрт түлік малы қырылған соң ғана ашаршылық келетінін паш етеді,
сөйтіп, мен болмасам, сен қазақты қыра алмас едің деп бір-бірімен бақ таластырады. Бесінші болып Оба дерті суырылып сөйлейді: Ашаршылық, Жұтқа аян менің жайым, Әрдайым қызметіне болдым дайын. Мен-дағы өз шамамша көмектестім, Бұл екеуі қазаққа келген сайын, – деп, бұл да өз еңбегін ескеруді, елемей қалдырмауды талап етеді. Мойныма алған әр түрлі міндетімді, Тынымды ғып жүргіздім құдіретімді. Биылғы жыл Шұбартал уезінде Қазақтың қақ жартысы күйретілді, – деп тындырғансиды. Бұдан кейін мақтанға Надандық араласады. Ол былай деп жарылады: Айт десеңдер, ағайын өңшең қалқам, Шалқығаның бәріңнің менің арқам. Мен егер қатыспасам, бәріңді де, Қазекең қылар еді-ау талқан-талқан, Қазақты соқыр қылып, көзін алдым, Аузында сөйлейтұғын сөзін алдым. Сендерге можантопай, көнбіс қылып, Қатарына түсірдім айуан малдың. Ағартушы ақын мұнда пәленің бәрі білімсіздікте, ілім-ғылымнан мақұрым қалғандықта екенін дұрыс айтқан. Отаршылдық тепкісіне төзу, мансапқор болу, ашаршылыққа ұрыну, жұтқа ұшырау, ауруға шалдығу – бәрі де надандықтан болатынын орынды ескерткен.
Сөйтіп, ел-жұртты өнер-білімге үндеген. Бұл үн бүгінде де құлақта тұруға тиіс. Егеменді ел болған, тәуелсіз Қазақстан Республикасын қазіргі тығырықтан алып шығу үшін де шалқар білім, мол ақыл-парасат керек. Жеті ағайынды Жұттың соңы болып Ырың-жырың сөйлейді. Ол да өз тындырғанын баяндайды. Белгілі бәріңе де менің сырым, Қазақпен біте қайнап, бірге жүргем. От тастап арасына өшпейтұғын Бәлемді тоз-тоз қылдым, жырым-жырым. Өмірде берекеге келмес болды, Тура жолға еш уақыт ермес болды... Не бауыр, не баласы, не әкесі Бір-бірінің сөзіне көнбес болды, – деп, қазақтың арасында алауыздықты күшейткенін, еш уақытта олардың басы бірікпейтін еткенін жырға қосты. Бұл ретте сықақшы Сүлеев қазақтың сүйегіне сіңген, өмір бақи оны көгертпей, күні бүгінге дейін желкесінен түспей келе жатқан «алтыбақан алауыздықты» Жұттың бір ағайыны деп дұрыс бағалаған. Бұл дерт қазір де аттан түскен жоқ. Сондықтан Біләлдің мұндағы сыны да өз күшінде. Жұттың жеті ағайыны түгел «дырылдап» болған соң мәжілісті Отаршыл қорытады. Ризамын, жолдастар, бәріңе де, Аға, іні, үлкен, кіші-кәріңе де. Қызметтерің істеген тым-ақ үлкен. Бірталай жұмыс жатыр әліде де, – деп ол өз ағайынадарына рахмет айтады да, алдағы міндеттерді сараптайды.
Қазақты әлсіреттің жылмастай ғып, Аяғын жан-жағына бұрмастай ғып, Кеудесінде сонда да шыбыны бар, Шаншу керек енді оны тұрмастай ғып, – деп, ағайындарын жаңа шабуылға шақырады, қазақты тоқпақтай беруді тапсырады. Қимыл қылсақ осылай аумай-алмай, Берекемен, бірлікпен жікті жармай, Отыз жылда қазақтың бітуіне, Мен кепіл, жер үстінде бірі қалмай, – деп негізгі мақсат – қазақ халқын жер бетінен мүлде құрту екенін жасырмайды. Мұны оқығанда «япыр-ай, қызыл империяның да ниеті осы болған ба? – деп ойға қаласың. Мұнан соң Отаршыл былай деп нақтылай нұқсау береді: Мансапшыл, Надандық пен Ырың-жырың, Тырмысыңдар үшеуің бізден бұрын, Басқамыздан сендердің икемің бар, Қазаққа жақынсың ғой анағұрым. Бұған бәрі қол көтеріп, қосылады. Дұрыс-дұрыс, осы сөз – тапқан ақыл, Бәріміз бұл ойыңды дейміз мақұл. Отыз жылда қазақты бітіреміз, Пәлі, пәлі, ұзақ емес, о да жақын, – деп Отаршылды қойып, оның арам ниетін жүзеге асыруға сөз байласады. Ақын ұзақ сатиралық жырын:
Осылай тоқтам қылып, кетті тарқап, Көрмеді ешқайсысы мені байқап, Мең-зең болып мен-дағы қала бердім, Не қылуға біле алмай басты шайқап, – деген шумақпен аяқтаған. Үңіле қарасақ, Біләлдің бұл туындысы да – сатиралық шолу. Жеті ағайынды жұттың әрқайсысы қазаққа қылған қастығын баяндаймын деп отырып, халық өміріндегі небір зиянды қыылқтарды тізе әшкерелейді. Шығарма әрі диалогқа, әрі монологқа құрылған. Жеті ағайынды Жұттың бірінен соң бірінің кезек-кезек сөйлеуі диалог, ал әрқайсысының көсіле сөйлеуі – монолог. Сондықтан сықақ көлемді, 120 жолдан тұрады. Оның тағы бір ерекшелігі – Жұттың әр ағайынды өз монологымен өзін-өзі әшкерелеп, өзін-өзі дүрелеп тастап отырады. Б.Сүлеев бірсыпыра сықағын 1924 жылы «Тілші» газетінде жариялаған. «Жалбырдың өсиеті» (28 қыркүейк) өлеңінде қу әкенің оқуға бара жатқан баласына тапсырған аманатын күлкі еткен. Ол: Жасаған ием жар болып, Бастасын істі оңына. Құла атыңды жетектеп, Мініп ал, шырақ, торыңа – деп бата беріп, ақыл айтады да: Алматы, Ташкент аралап, Қарағым, оқу оқып қайт. Құр оқуға мәз болмай, Әр законды тоқып қайт. Орыстың тілін судай ғып, Есмұраттай біліп қайт. Суамбекше сүмкені Мойыныңа іліп қайт,
Не қылсаң да әйтеуір, Бір мансапқа кіріп қайт, – деп тапсырады. Осы жолдарды үстірт оқи салғанда «Әкенің бұл тілек-талабында тұрған не бар? деуі мүмкін. Астарына үңіле қарасақ, мұнда жасырынып тұрғаны жатыпатарлық мысқыл жатыр. Бұл әсіресе соңғы төрт жолда ашығырақ аңғартылған. Ол тұста барлар, бақталастар балаларын оқуға халқын ағартсын, халқына қызмет етсін, өнер-білім таратсын деген игі нитпен жібермеген, әкім болсын, төре боп, тілмәш боп ел билесін басқа атаның адамдарына өктемдік етсін, тізе батырсын, өш алсын деп жіберген. Ақын жымысқылап, осы арам ойды мысқылдап отыр. Бұл ниетті кейінгі жолда да былай деп ашығырақ айтқызады: Жамалидің қуының Қорлығы әбден өтті ғой. Болыс болып қыдыңдап, Талай қырсық етті ғой. Лау үстіне дау салып, Дау үстіне дау салып, Түпке әбден жетті ғой. Ызасы өткен осылардан есе қайтару – асқақ арман, зор мақсат, сондықтан да әке: Еш болмаса, осы елге Болыстыққа жарап кел. Оған реті келмесе, Нәшандікті жанап кел, Тіпті оған болмаса, Агент болып, мал жинап, Елдің қойын санап кел, –
деп тапсырады. Әйтеуір бірдеме болып қайтуды, пайдалы жағын қаарстыруды талап етеді. Бұл айтқанды қылмасаң, Қара табан қойшы боп, Мал бағуды қалап кел, – деп қарғағандай болады, баласын қайрап-қайрап «жауға» салуды мұрат тұтады. Кейбір жазғандарында әділ сықақшы өз жоғын жоқтап, мұңын-мұңдап отырған кедейлерді сынға алады. Сол тұста қазақ жарлы-жалшылары арасында «Кеңес өкіметі кедейдікі, ол бізге бәрін беруге, барлық тілек-талабымызды қанғаттандыруға міндетті» деген пікір, масылдық пиғыл етек алды. Әр мәселені өз пайдасына шештіру ниетімен «біз кедей едік, Кеңес үкіметі біздікі ғой» деп міндет қылуды, «кембағал едік, батырақ едік» деп аранды аша беруді әдетке айналдырды. Олардың осы психологиясына Біләл «Еңбек пен зейнет» (3 қазан) өлеңінде: «Кедеймін» десем, ойлар жолым болар, Советтің «рахметінен» орын болар, Бір байдан мықты шара қымыз ішсе, Жағымсып, соған барып қоңсы қонар. Талап жоқ, талпыну жоқ, жұртшылық жоқ, Бекерден-бекер жүріп сұмырайланар, – деп ашу-ыза білдіреді. Ақыл-кеңес аралас осы сынымен «құп-құрғақ кедейлікке сиынуды» қоюға шақырады. Осының артынша Біләл «Жолың болсын, «материал» (17 қазан) атты сықақ өлеңін жариялады. Онда сол тұста ел ішін індеттей жайлап кеткен бір-бірін даттап жоғары жаққа «материал» айдау әдетін әшкерелеген.
Қазаққа қырғызбенен келіп жетіп, «Материал» дүрілдеді екпіндетіп. Салпы етек, шолақ етек жұрттың бәрі Дәнікті, «материалға» болды жетік, – деп «алты бақан алауыз қазақ ішінің бір-бірінің үстінен материал жинап, жоғарыға арыз-шағым айдауды кәсіпке айналдырып, оның әдіс-тәсілін жете меңгеріп алғанын кекетті. «Материал» бізің елдің ермегі ғой, Ермексіз ішін жалын кернейді ғой. Ел арасы бүлінбей, тыныш тұрса, Несібін сұмырайлар термейді ғой, – деп, қу-сұмдардың арызқойлықты нәпақа көзі, пайда табу тәсілі етіп алғанын бетке басты. Шолақ белсенділер жұрт ісіне араласса, өзара атақ үшін жағаласса, аланы жерден қазып қараласа, көмекке атақ үшін жағаласса, жаланы жерден қазып қараласа, көмекке «материал» жарамас па? деп бұл зиянды әдеттің әзір қалмайтынын аңғартты. «Өрбі, өрші, күйдір, өрте ел арасын, қырғыз-қазақ кіреді сонда санға» деп кері айтып кекетті. Бұдан кейінгі «Болыстықты кім алар?» (1 қараша) сықақ өлеңінде сатирик ақын алдымен болыс сайлауы тұсында: Атқа мінді байлар да, Аруаққа сиынып. Өз кедейін бір жерге Бесті айғырша иіріп. Көп кедейдің бастығын Жылы сөзбен, сорпамен Шіге асықтай үйіріп, –
жүрген байлар әрекетінен елес берді. Онан соң аттан сыпырылып түсіп қалмауға қалайда лауазымды сақтауға жанын, малын, арын салып жатқан бұрынғы болыстардың мүкшіл халін былай деп мазақ етті: Ескі исполком қылпылдап, Майға сұққан қасықтай Әрбіреуге жылпылдап, Сақта, құдай, сақта деп, Тағы бір жол сақта деп, Ел арасынан тың тыңдап. Түсіп қалсам орыннан, Көрінген алар қоңымнан. Ақысын жеген бұқара Қалмас деп, сірә, соңымнан. Күндіз күлкі, түнде ұйқы Көре алмайды бишара Буыны босап былқылдап. Байқасаңыздар, бұл жолдарда Абай ізі сайрап жатыр. Ұлы ақын суреттеген болыстар қайта тірілгендей, кезінде солардың басында болған пұшайман хал қайта туғандай. Мұны көрсетуде қолданылған сөз жүйесі де бірдей. Сықақ ақырында сайлау өткізуге келген өкілдің қасын керіп, мұртын бұрап: «Совет заңы бойынша болыстыққа байлар емес, кедейлер сайлануға тиіс» деп тұрғанын көреміз. Бірақ ақын оның бос сөз екенін айтады, «қаз тойғанына семірмес, орғанына семірер» дегендей: Кедей болыс болмайды, Нәмі де оны көтерер. Болыстықты бай алар Кедейге жақын қонысы, – деп ой түйеді.
Б.Сүлеев сатирасының өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, ол жеке адамға ұрынбайды, нақты бір субьектіні әшкерелеуді ниет етпейді. Қазақ елі ішінде системаға айналып бара жатқан, жалпыға тән, типті дерттерді, бүтін бір болмыс, құбылысты әшкерелеу үшін жазылады. Оларда, бір жағынан, келіссіз, орынсыз оқиға, әдет-дағды күлкі етіледі де, соққы солардың зиянды белгілеріне беріледі. Екіншіден, сықақшы ұлағатты ұстаз кісі болғандықтан, оның сатирасында ақыл айту, кеңес беру, сақтандыру, адам болуға үндеу, яғни дидактикалық ауан үнемі аңғарылып отырады. Үшіншіден, Біләл сатирасы көбінесе сатиралық шолу түрінде тудырылған. Өлең құрылысы жағынан екі-ақ өлшеммен келтіріліп отырады. Бірсыпыра туындылары 7-8 буынды, өзгеріп отыратын шұбыртпалы ұйқасты жыр үлгісімен, екінші тобы он бір буынды қара өлеңмен жазылған. Қорытып айтқанда, Біләл Сүлеев – 20 жылдардың басында қазақ сатирасын қалыптастыруға өзіндік үлес қосқан, оны поэзиялық сатираның шолу түрімен байытқан сықақшы ақын. Фатима Ғабитова жазды: жылдың күзі. Алматыдамыз. Үш айлық мүғалімдер курсында ерім (Біләлді айтады.,Т.Қ.) меңгеруші, өзім мұғаліммін. Жетісудың уездерінен бұйрықпен шақыртып алынған оқушыларымыздың көпшілігі шала сауатты. Өз аттарын кейде дұрыс, кейде бұрыс жазатын адамдарды Жетісуда ашылған алғашқы бастауыш мектептерде үш ай оқытып, қолдарына «Мұғалім» деп мандат беріп жіберіп жатамыз» («Жас алаш» газеті, 1.01.1992). Ағартушылық қызметін осылай бастаған Б.Сүлеев 1921 жылы Ташкенттегі қазақ-қырғыз институтының мұғалімдері Шамғали Сарыбаев пен Хажым Басымұлын
Алматыға алдырады. Үшеуі тізе қосып, жергілікті жерлердегі бастауыш еңбек мектептеріне мұғалімдер даярлайтын облыстық тәлім-тәрбие мектебін ашады. Лайықты білімі бар адамдар жеткіліксіз болғандықтан, шала сауаттыларды да қабылдайды. Алғаш мұнда 50 адам оқыды. Келесі жылы бұл мектепке Ақшаұлы, Демеұлы Ғали сияқты ұстаздар келеді. Біләлдің басшылығымен бұлар оқу-тәрбие жұмысын едәуір жақсартады, бірақ қаржы тапшылығы еркін құлаш жазғызбайды. Ел жәрдемімен жылап-сықтап оқу жылын аяқтайды. 1923 жылы тиісті орындар мектепті «Облыстық қазақ-қырғыз оқу институтына» айналдырып, мемлекет қаражатына алады. Оқушылар санын 400-ге жеткізеді. Институт құқығы кеңейтіліп, білім сапасы жақсартылады. Оқу корпусының табан тасы қаланады. Бірақ, бұл жақсылық ұзаққа бармайды. 1924 жылыақ институт мемлекеттік бюджеттен шығарылып, жергілікті қаражатқа қаратылады. Үйін бүтіндеп, отынсуын дайындау қиынға түседі. Оқытушылар 4-5 ай бойы жалақы ала алмай қалады. Осы ауыртпалыққа байланысты Б.Сүлеев оқу ісін қаражат жағынан қамтамасыз ету үшін 15 ақпан мен 15 наурыз аралығында айлық өткіздік. «Тілші» газетінде «Оқу айлығы » (13.2.1924) атты мақала жариялап, бұл науқанға жауапты қарап, ұйымдасқан түрде, түсіністікпен өткізуге шақырады. Бұл кезде Жетісу облысында 18 интернат, 14 қана мектеп жергілікті бюджет қамқорлығында еді. Көптеген мектептер жабылып, бірсыпырасы ғана халық қаражатымен күн көріп отырғанды. Біләл өз мақаласында оқу-ағарту орындарын сақтап қалудың әзірше бірден-бір жолы қалың елдің көмегіне сүйену, жұрттан қаражат жинау екенін, бұл іске оқыған азаматтар мұрындық болып, түсінік жұмыстарын
жүргізуге тиістілігін атап көрсетті. Олар жүзеге асыратын мынадай нақты шараларды белгілеп берді. Уездерде ашылған 9 жылдық қазақ-қырғыз мектептеріне 1500 бас қой жиналсын, әр ауданда жатақханалы мектеп ашылсын; мұғалімдердің қызмет ақысын уақытылы, түгел алуы қамтамасыз етілсін; алдымыздағы жазда мектептер пайдасына ең кемінде 10 дестеден егін салынатын болсын; әр уезде үлкендерге хат танытатын екіден мектеп ашылсын; ішкі жақта, орталықта, облыста оқып жүрген мұқтаж шәкірттерге жәрдем көрсететін қор жасалсын! Осыларды санамалап айтты да, автор Жетісудің жергілікті кедейін өрге сүйреп шығарамыз десек, оқу ісін жолға қою керек. Бұл салада ешбір салақтық, жауапсыздық болмасын деп ескертті. Мұның артынша Біләл «Жетісу институты жайынан» («Тілші» газеті, 12.3.1924) деген мақала жариялады. Онда негізінен Түркістан республикасының бұл институтты үкімет қаражатынан шығарып тастағанына наразылық білдірді. «Бұл – Жетісу кедей-кембағалдарының үміт етіп отырған жалғыз білім ордасын жабу деген сөз... ескі Ташкеннің бірнеше мың ғана халқы үшін үкімет қаражатында әйелдер институтын ашып отырып, Түркістанның жергілікті халқы емес, бір уыс ноғайлар үшін жеке институтты үкімет қарамағында қалдырып отырып, жері Түркістанның үштен біріне тең, бір миллионға жуық халқы бар Жетісу үшін, осындағы қалың қазақ-қырғыз бұқарасы үшін ашылған жалғыз оқу орнын үкімет қарамағынан шығарып тастау әділеттілік пе, лайықты іс пе? деп тепсінеді. Мұның дұрыс еместігіне тағы мынадай уәждер айтты: «Жеріміз алыс, темір жолымыз жоқ, еліміз шикі, надан. Халқымыздың көбі көшпелі, шаруамыз тұралаған. 16-жылдың зардабы әлі кеткен жоқ. Шабылған, жаншылған, қашқан-босқан деген бізде. Отаршы-обыр
жұдырықтың тепкісінен құтыла аламай жүргендер бізде. Жырақ жерге балаларын жіберіп оқытуға бізде мүмкіндік жоқ. Барғаны кіре алмайды». Сондықтан, Жетісу институтын үкімет қарамағында қалдыру керектігін талап етті ол. Жиырмасыншы жылдардың ортасында қазақ-қырғыз елінде қандай мектеп болу керек деген сауал төңірегінде талас болып жатты. Біреулер «қазақ-қырғыз – көшпелі халық. Сондықтан ел қайда барса, бірге ілесіп жүретін көшпелі мектеп болу керек» деді. Енді біреулер «көшпелі мектеппен жұрт арасына ғылым-білім тарата алмаймыз. Қазақ –қырғыз отырықшы елге айналайын деп отыр. Осыған лайықты отырықшы елдердің мектебіндей болып жасалсын, жатақханалы болсын» деді. Б.Сүлеев осы пікір таласына өзінің «Қазақ-қырғыз мектебі қай түрде жасалу керек?» («Тілші» газеті, 5.5.1924) деген, мақаласымен араласты. Мұнда ол екіншілрдің пікірін қолдады. Өйткені, – деді ол, – қазақ-қырғыз халқының шаруа тіршілігі негізінен өзгеріп келеді. Бұрын малмен ған айналысса, енді жермен, егіншілікпен де айналыса бастады... Қазақ-қырғыздың көпшілігі отырықшылыққа ауысып отыр, қала болуға ұмтылып отыр. Осындай жаңа тұрмысқа лайықты жаңа білім, жаңа тәрбие беретін жаңа әлеуметтік құрылысқа жолбасшы бола алатын көшпелі мектеп емес, орнықты мектеп, ағартушының айтуынша, қала салынатын жерге әуелі мектеп ортнатылуы тиіс. Сол мектептің айналасын көшіп жүрерлік, жайлауға шығарлық көлігі жоқ, қолы қысқа кедейлер, бір жағынан, мектепті ес тартып, екінші жағынан, баласын оқыту үшін үй салып орныға бастайды. Бұл әрі ата дағдысымен салақтық қылып, шашыла жайылып жүрген қазаққырғыздың қолы қысқа бишараларының басын құрап, мәдени тұрмысқа икемдейді. Автор орнықты мектептің бұдан басқа да тиімді жақтарын санамалады, ол бұрынғы
мектептердей «қой-серкешті» танытқанға мәз болмай, жаңа тұрмысқа көшіп жатқан елге шаруасын қай жолмен көркейтудің жөнін үйретіп жолбасшы болуға тиіс. Мұны көшпелі мектеп істей алмайды. Кедей-кепшіктің көшіпқонып жүруге шамасы жоқ, олар бір жерде жатақ болып отырады. Демек, олардың балалары көшпелі мектептерге ілесіп жүріп оқи алмайды. Қазақ-қырғыз жазды да, қыста да шашау-шашау отырады. Олардың балаларына мектепке күнде келіп тұру үшін мектептерді ауылдың қасынан ғана ашуға болады. – Мектеп жасау үшін, – деді мұнан соң Біләл, – ең қажетті мұғалім. Бүкіл Түркістанды алғанда, қазаққырғыздан мұғалім деп атарлық анық он кісіні естіген емеспіз. Мұсылманша ғылыми тәуір мұғалімдер аз. Орысша білім алған мұғалімдеріміз құйрық-жалын сипатар емес, комиссарлықтан қолдары тимей жүр... Сондықтан, біздің ойымызша, әзірше орыс пен ноғай мұғалімдерін пайдалану жөн. Бұған біреулер «қалайша ұлт мектебін жасауды басқалардың қолына беру керек» деп шап ете түсуі мүмкін. Оларға жауабымыз: ұлт мектеп үшін емес, мектеп ұлт үшін. Ұлтқа сынық инедей пайда тигізе алмайтын мектептің болғанынан да, болмағаны қайырлы. Бұл уақытша іс екенін ескертеміз. Орыс, ноғай мұғалімдері орнықты мектепте істеуге ғана келіседі. 1924-25 оқу жылының басында үкімет тарапынан Жетсіудағы 300-дей мектептің қалалардағы 90-ына аздап қаражат бөлінді, 108 мұғалімге 20 сомнан айлық белгіленді. Осыған байланысты Біләл «Ауыл мектебі ескерілсін» («Тілші» газеті, 8.10.1924) деген мақала жариялады. Ауыл мектептерінің халі нашар екенін, олардың 200-дейі халық қаржысына қарап отырғанын айты. Үкімет басындағы азаматтарды, мұғалімдерді бірлесе отырып, ел тілін таба білуге шақырады. Баласын не қазынаның есебінен оқытуды, не қой бақтыруды ойлап
отырған қоңыр тонды, киіз шарықты отағасыларды өз игілігі үшін, баласын оқыу үшін бірер қарасын аямауға үйрету қажет. Сөйтіп, ауыл мектептерін көтеру қажет. Ауыл мектебі – ұлттық мәдениет, әдебиетіміздің, ұлттық салт-санамыздың ең алғашқы қайнар бұлағы, «оларды жөндемейінше, жалпы қара бұқараны оқытпайынша, ұзап ешқайда бара алмаймыз» деп ескертті. Осы ойын ағартушы «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбаласаң қайтеді?» («Тілші» газеті, 12.10.1924) деген мақаласында жалғастырды. Мұнда ауылдық, уездік мектептердің білімін алмай жатып, ірі қалаларға қазына есебінен оқуға Алматыға, Ташкентке қарай ағылған қазақ-қырғыз жастарын сынады. Жоғарғы жерлерде оқуға білімдері жете ме, жетпей ме, онымен ісі жоқ. Бірінің ниеті – бірер жылда оқуды бітіріп, төре бола қалу. Алдымен ауылдағы бастауыш мектепті бітіріңдер, даярланыңдар десе, олар қабағын түйіп, аузын қомпайтып өкпелейді, «кедейміз ғой» деп кеуде қағады деп кейіс білдірді. Орта дәрежелі мектепке кіру үшін тек кедей болу жеткіліксіз, оған қоса толық даярлық, жетерлік білім керек. Оқу деген Мәскеуге, Ташкенге барып, опоңай қаптап алып келе қоятын Қараталдың тұзы емес. Алдымен ауылдық мектептерді тындырып алып, сонан соң ғана жоғарғыға жармасу қажет. Алыстан арбалағанды ойлағанша, жақыннан дорбалағанның қамына кірісейік. Аспаннан шұға жауғанды күтуді қойып, өзара күш қосып, жергілікті жерлерде жаңа мектептер ашайық. Қаржы бермегеннен ешікімнің байып та кетпейтінін, кедейлене де қалмайтынын ескерейік дегенді айтты. 1924 жылдың ақырына қарай Жетісуда уездік съездер өтіп жатты. Осыған орай Б.Сүлеев «Кеңестер сайлауы һәм оқу жұмысы» («Тілші» газеті, 1.11.1924) деген мақала жариялады. «Соларда қаралатын басты мәселелердің бірі, – деді ол, – оқу, оқыту ісін қаржыландыру болу керек.
Қазір жергілікті бюджеттегі 6 мектеп халық қаражатымен өмір сүріп отырған 300-дей мектеп қаржы тапшылығын көруде. Ондағы мұғалімдер айлығын уақытылы ала алмай зарығып жүр. Жергілікті кеңестер осы мұқтаждықтан шығудың жолдарын қарастыруға тиіс». Журналист-публицист ретіндегі Б.Сүлеевтің басты ерекшелігі – ол үнемі оқу-ағарту мәселелерінің жайкүйін сөз етіп отырған. Азаматтық парыз үндемей қалуды кешірмейтін оқу-ағарту проблемалары күн тәртібіне қойылған кезде, көріп тұрып, біліп тұрып ол туралы пікір айтпай қалуға болмайтын тұста қалам тербеген. Сол мәселе төңірегінде ел пайдасына қызмет ететін, ел көңіліне қонатын аталы да ақылды пікір айтуға ұмтылған; Бұл орайда әмісе-ақ парасаттылық, білгірлік көрсетіп отырған. Әрі сол елге-жұртқа пайдалы пікірін жатық та жарқын, ұнасымды да ұстамды етіп, әр түрлі мысал, дерек, дәлелдермен, қисынды жөн-жүйемен сендіре, зердеге жететіндей етіп айтады. Бұл орайда өз ойын әсерлі де ықпалды жеткізудің алуан түрлі әдіс-тәсілдеріне барады. Мысалы «Өзгеге иек сүйгенді қою керек» («Тілші» газеті, 28.9.1924) атты мақаласында қазақ-қырғыз ішіндегі оқу-ағарту үшін қаражат жұмсаудан бұлтаруды орынсыз сараңдық деп сынай келіп, былай төгеді: «Оқу керек, мектеп керек деп жаза-жаза ақыры сия, қағаз да таусылды. Айта-айта дауыс та қарлықты. Қозғалған ел жоқ, түсініп ел бастаған ер жоқ. Ел білімсіз, надан, ел азаматы селқос шабан. Мектепте үй жоқ, мұғалімде күй жоқ. Оқу саймандары тағы жоқ. Жергілікті өкімет ададмарының мектепті сылтау қылып, қой жинап алғанға көңіл тоқ. Ол қойлардан не мұғалімдерге, не жұртқа бір тиын пайда жоқ». Осы ақ өлеңде төгілген бірер сөйлемде тіл ұстартудың теңеу, әсірелеу, анафора, эпифора сияқты көптеген құралдары жүр.
Кей ретте ағартушы-журналист қазақтың шешендік өнер үлгісімен бір болмысты екінші бір болмысқұбылыспен ұқсата, жарыстыра баяндайды. Мысалы, бірде Біләл Ташкенттегі САКУ Рабфак, институтта Жетісу балаларының мүлде аз екенін, кіндікке жақын отырғандардың балалары ерге күштік, баса билік қылып оларға кіріп алатынын айта келіп, былай жазады: «Мұны көргенде біздің ойымызға тоғанның басы мен аяғындағы ел түседі. Тоғанның көмейінде отырған ел тоғанның төменгі жағында отырған елден суды неше рет артық ішетін. Кейде бір тамшы да су жібермей қоятын. Наркомпросты тоғанның көмейіне ұқсатсақ, Ташкенттің халқын сол көмейде отырған елге ұқсатуға болдаы. Біздің Жетісу оқу-білім тоғанының ең төменгі жағында жатыр. Ташкенттен не артылса, сол ғана беріледі. Қалмаса, артылмаса, түк жоқ. Бұған дәлел Жетісудағы жалғыз институттың үкімет қарамағынан алынып тасталуы... Тоғанның көмейіне отырып алып, төменгі қазақтарға су бермейтін мұжықтарды отаршы, жұдырық деуші едік. Енді жоғарыда отырып алып, «оқу тоғанынан» дым бермей отырғандарды кім дейміз? Бұлардың әлгі мұжықтардан айырмашылығы неде? Жоқты тауып бер демейміз, барды неге бөліп пайдаланбаймыз?» («Тілші» газеті, 12.3.1924). Көңілдегіні шебер де, өткір де пәрменді етіп жеткізе білу деген осы. Бұл айтылғандардан ой қорытып, пікір түйсек, Біләл Сүлеев мысқыл майталманы, оқу, оқыту ісінің білгірі ғана болып қоймаған әрі зерделі публицист, жүйрік журналист те болған. МӘЖИТ ДӘУЛЕТБАЕВ М.Дәулетбаев мұрасы жөніндегі сөзді Жақан Сыздықовтың бір естелігінен бастайық. «Мен Мәжитпен
дос болып, ылғи үйіне барып жүретінмін. Кейде ол мені алып кететін. Қызылжардың Коммунистік көшесінде жұпыны ғана екі бөлмелі үйі болатын. Менімен сөйлескенде ол кейде өзінің өмірбаянын да айтатын. «Мен – дейтін еді Мәжит, –Ақмола уезі, Нұра болысының қазағымын. Күн көріп, кәсіп ету мақсатымен әкем Боранбай сонау Ақмоладан Қызылжарға келіпті... Содан былай Мәжитпен дос болып пікірлесіп кеттік. Қызылжарда, Алматыда жүргенде де бір-бірімізден қол үзбей қатынасып, араласып тұрдық» («Қазақ әдебиеті» газеті, 13.10.1967). Мәжит (Ғабділмәжит) Дәулетбаевтың өзі 1900 жылы Қызылжарда туған. Алғаш сондағы Хасан Понамарев деген жаңашыл молдадан дәріс алған. Өзінше ізденіп, Н.Бектұров деген мұғалімнен орысша үйренеді. 19131916 жылдары шетел классиктерімен, орыс әдебиетімен танысады. 1919 жылдан ауылдағы кейбір қыңырқисықтарды келемеждеп өлең, сықақ жаза бастайды. Бірақ оларын еш жерде жарияламай, қойын дәптеріне жинай береді. 1920 жылы Қызылжарда мұғалімдер курсы ашылады. Мәжит соған түседі. Осында жүріп «Көпшіл» атты қабырға газетін шығаруға белсене қатысып, қаламын ұштайды. Үш айда курсты бітіріп, сондағы 8-мектепке мұғалім болады. Оның жазушылық, журналистік қызметі осы кезден басталады. Мәжит өзінің 1933 жылға дейінгі творчестволық жолын үш кезеңге бөледі. 1920-1923 жылдар, 1923-1927 және 1927-1933 жылдар. Бірінші кезеңде Омбыда шығатын «Кедей сөзі» газетіне оқу, оқыту, кітапхана, жастар жұмысы жайында хабар-ошарлар жазып тұрады. Ғ.Тоқайға арнаған өлеңін бастырады. Редакциядан кейбір өлеңдері жөнінде «басылмайды» деген жауаптар да алып жатады. Бұл оның меселін қайтармайды. Өлең, көркем шығармалар жазуға
құлай беріледі. 1920 жылы комсомол қатарына кіреді де, енді театр, клуб жұмыстарымен айналысады. Репертуар жасайды. «Басыңдар, жолдастар, аяққа!» деген сияқты өлеңдері тақпақ етіп орындалады. «Осы тұста 10-20 минуттың ішінде 4-5 ауыз өлеңді жазып тастай бердім», – дейді ол өзінің естелігінде. «Кедей сөзі» Петропавлға ауысып, «Бостандық туы» аталып шыға бастағанда Мәжит соған қызметке кіреді. Сәбит Мұқанов, Баймағабмет Ізтөлин, Жақан Сыздықовтармен бірге істейді. Осы тұста көптеген сықақ өлеңдері, фельетондарын жариялап, қала тоғышарларын, пайдакүнем саудагерлерді, жат мінез, жаман қылықтарды өлтіре әжуалайды. Творчестволық өмірінің екінші кезеңінде Мәжит шығыс еңбекшілерінің, Москвадағы коммунистік университетінде оқыды. 1923 жылы Москвада шыққан «Темірқазық» журналына қатысады. «Темірқазық», «Монашка Мария» аты өлеңдері мен «Қазақ һәм музыка» деген мақаласын жариялайды. Бірінші аталған өлеңінде: Түн еді, сары дала тұман еді, Жел гулеп елді үңгірге қуған еді. Болса да дала тұман, жылт-жылт етіп, Зор жұлдыз Темірқазық туған еді. Жүргенде кең далада ел адасып, Жер үсті қара қалың, тұман басып, Жылтылдап көк бетінде жол көрсетті Белгілі жарық жұлдыз Темірқазық , – деп, «Темірқазық» журналын насихаттады, оған үлкен сенім артты. Ал мақаласында халқымыздың әнге, күйге бай екенін, зор музыкалық мұра жасағанын, дарынды
әңші,күйші бергенін, сол рухани дәулетті бағалау насихаттау, ел игілігіне айналдыру қажеттігін дұрыс айтты. Қазақстанға қайта оралған соң «Еңбекші қазақ», «Жас қайрат» газеттері мен «Лениншіл жас» журналында, баспа орындарында істеді. Жазғандарында жастарды жаңа өмір, жаңа тұрмысқа бейімделуге үндеді. «Гүлшара» деп атаған келекесінде жастар арсындағы, әсіресе кейбір қала қыздарының басындағы тоғышарлықты күлкі етті. Мұны «тал бойын, қара шашын, мөлдір көзін» бояумен әдемілеп жүрген, жасанды «алма бетті, қызыл ерінді, ақ бор жүзді» бай қызының бейнесімен берді. Олар «беттің секпіл, бұжырын» опа-далап, бояу-сүрмемен тегістей салып, «ұнға түскен тышқандай» бола қалып жүр деп мазақтады («Жас қайрат» газеті, 9.8.1925). Шығармашылығының соңғы кезеңінде Мәжит «Еңбекші қазақ, «Жұмысшы», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жаршы», «Әдебиет майданы» журналында істеді. Бұл тұста ол көп жазды. «90-нөмір» деген деректі әңгімесінде қазан революциясына дейін Қызылжарда Мәжитке жүн жуғызып, ат құйыршығының қылын күзеткен кешегі бай баласы Бағауиддин мырзаның бүгін 90-нөмірлі бір күйменің көшірі боп жүргенін тәлкек етеді. Маған бұл бет, иегіне қанша сақал өсірсе де, таныс бет болып көрінді» («Жаршы» журналы, №4, 1930) деп әлгінің бүгінгі пұшайман болып жүрген кейпін кекетеді. «Жәнібектегі жебірлер жеп бітіріпті» деген фельетоншасында аудандағы мәдени-ағарту жұмысының нашарлығын әшкерелеген. Былай күлдіреді автор: «Жәнібек ауданының орталығына келесіз де, сельсовет бастығына жолығасыз. – Амансыздар ғой? – Аман болғанда қандай! Үй аман, жұрт аман, жатырмыз! Бұлардың «жатқанын» содан біле беріңіз, қарамағында қанша қазына мүлкі бар, оның анық есебін
білмейді... – Мәдениеттеріңіз бар ма? – Мәдениет дегенде екі мың сом тұратындай бір жазғы театрымыз бар еді. Ол мәдениетті аудандық профсовет отқа жағып жіберді («Социалды Қазақстан» газеті, 26.4.1934). М.Дәулетбаевтың журналистік қызметінің өзіндік сипат, ерекшеліктері бар. Журналист атаулының бәрі бірдей жазушы емес. Ал Мәжит – жазушы-журналист. Ол романшы да, ақын да, драматург те, сыншы да болған. Араб, түрік, татар, орыс тілдерін жақсы білген. Классиктерді еркін түсініп, шебер аударған. Журналист ретінде үнемі дерлік көркем-публицистикалық жанрларда қалам тартқан. Бірде ол мұны өзі аңғартқан. «Біз, жазушылар, әңгіме, өлең, фельетон жағын көп айналдырамыз». «Правданың» фельетоншылары М.Кольцовтың, Заславскийдің, Аграновскийдің, Рыклиннің тағы басқалардың жазғандарын көбірек оқуға әуеспіз» («Социалды Қазақстан» газеті, 26.4.34) деген. Бұл орайда ол обьектісін бейнелеп жазуға, теңеп, балап, салыстырып айтуға көп барған, өзі де соған бейім болған. «Дүниеге» деген өлеңіндегі мына шумақтарды оқып көріңізші! Көгің – бөркім, жерің – кебіс, белдеуің – Таршылықтан бос буынған белбеуім. Ай, күн – айнам, жұлдыздарың – шырағым «Үһ» дегенде шыққан демім – желдерің. Мезгіл жетіп тазаладым кебісті, Тазаланды, қазір қандай келісті. Нұрлы, сырлы алып ердің отауы, Дүние өзім – еңбек ері, мен күшті. («Жас қайрат» газеті, 1.6.1925).
Байқап қарасаңыздаршы, осында қанша орынды теңеу, салыстырулар жүр. Мәжит оқиға барысынан, жол үстінен сөзбен сурет салып, елес беруге де шебер тіпті, публицистикалық дүниелерінде де осы беллетристикалық әдіс-тәсілдерге көбі барады. Мысалы, 1926 жылдың шілде айында бұлар құрамында Қалыбек, Әміре, Иса бар жаңа ұйымдастырылған ұлт театрын алып елге шығады. Алдымен Қызылордадан Алматыға келеді. Одан алты күн жүріп Қарқаралыға өтеді. Сол жолдан жазған сапарнама очеркін Мәжит былай бастайды: «Алматыдан шықтық. Күн бесін уағынан төмендеген. Күркелі арбалар пар аттың аяғында біресе сайға, біресе арыққа түсіп, біресе дөңге шығып, тасқа соғып сенделіп, шайқалып келеді. Біздің мырзалар күннің ыстығына шыдай алмай, кейде арбадан түсіп жаяу аяңдайды. Кейде күркенің ішінде отырып жалпы не жеке-жеке ән салады. Кейде маужырап.. қатты ұйқыға кетеді. 20-30 шақырымдық асуларды асып, жаяулап-жалпылап, шаңтопыраққа боялып, 2-3 күн дегенде Шелек қаласына келдік... Жеткен соң-ақ арбадан түсе сала, бір атаның баласындай шұбырып Шелектің шайханасына толып кетті. Қарындарын сипалап сарттың мантысын соғып алды» («Еңбекші қазақ» газеті, 24.8.1926). Мәжиттің журналистік мұрасының тағы бір ерекшелігі – олардан сын-сықақ, жылы юмор қалмай ілесіп отырады. Әлгі жолсапар очеркінің бір жерін ол былай жазады: «Сарытоғай өзені қатар үш тармақ боп ағады екен. Екпіні қатты. Аяқты салып көрсек, едәуір үлкен жұмыр тастар судың астымен домалап жатыр. «Ұлт театрының жолында құрбан боламыз» – десіп, жалаңаштанып киімдерімізді төбемізге көтеріп өзенге қойып кеттік. Ішіндегі судан қорқатын, жүзе білмейтін сорлысы мен едім, бастапқы тармақтың арғы жағасына бара бергенде тас соғып, судың
екпінімен қалпақтай түсе жаздағанда Қалыбек тартып алды, көзім тостағандай болды. Зәрем ұшты. Сарытоғай десе, жүрегім әлі күнге дүрсіл қағып қоя береді. Байқадыңыздар ма? Осында әзіл-қалжың қуақылықтың лебі айқын есіп тұр. Сатирик-юморист ретінде Мәжит кезінде өз бетін танытуға жаңалықтар жасауға да талпынды. «Жаршы» журналына «Әзілстан» деген айдар енгізді. Онда жеке жазушылардың ой-пікірін, өкпе-назын, кемшін-мінін іліп шалды, қуақы баяндады. Бұл рубрика материалдары срытқы көрінісі жағынан, яғни қисық-қыңыр суреттер салынып оған текст берілуі жағынан «достық» әзілге ұқсады. Ал ішкі мазмұны, ойды айту әдіс-тәсілі өзгешелеу болды. Біріншіден, оның тексі қара сөзбен жазылды, екіншіден, сын пікір, шын пікір обьектілердің өз аузымен айтылды, өздері жөнінде өздері сөйлеп жатты. Мысалы, бір аяғын екінші аяғымен шалып, қос қолын кеудесіне айқастырып аңырып тұрған Сәкен: «Үндесең», «жікшіл» дейді, үндемесең, «кекшіл» дейді. Жікшіл болып кімді мен соңыма байлап ертіп жүрген екем? Кекшіл болып мен кімге бет алдына барып жармасқаным бар екем? Қазақтың жиылысында «әкел қолыңды, татуласайық» десті, бердім. «Ер біздің соңымыздан!» десті, ердім. Енді не айыбым бар еді менің? Что за безобразие, что такой жік? Білмеймін, отағасылар!» («Жаршы» журналы, №12, 1930) деп реніш білдіреді. Тонын жамылып, күржиіп тұрған Ілияс: «Осы Сәбит дегендерімен сүзісе-сүзісе дәл шекеме керемет бір мүйіз шықты. Өгіздікіндей сүйір емес, қошқардыкіндей ырғалаң емес, шошақ. Бірі «бұл жолбике мүйіз» дейді. Бірі «жоқ, бұл тәкаппар мүйіз» дейді. Екінші біреулері: «Бұл мен білсем, сағанақ мүйіз» дейді. Қайсысының біліп, қайсысының қоятынын кім білсін. Әйтеуір емделіпақ жүрмін» (бұл да сонда) деп өз жайын баяндады.
«Осы екі жылдың ішінде тамаша семірдім. Екі бетім болбырап, денем бүлкілдей қалды. Осы семіру дәу де болса Ленинградтың пайдасы ғой деймін. Өйтені 3-4 ай жатып Ленинградтағы Путилов заводына жаңадан бас істетіп алғам. Ми баяғы өзімдікі. Ми жағына қол сұқтырмадым. Өйткені айтыс-тартыста жүргенде бұл мидың пайдасын көп көргем. Ілиясты бүліндіргем, Ғаббасты сүріндіргем. Әлдекімдерді танауларынан іліндіргем... Шіркін, миымды айтыңдар. Бұл миым ауызға сөзді тез салады... Миым қайнап тұр. ХХ ғасырдың әдеиет тарихын жазамын» («Жаршы» журналы, №6, 1931), – деп Сәбит өзіне-өзі сұқтана отырып, жоспарынан хабар берді. М.Дәулетбаев 1938 жылы жалаға ұшырады, мезгілсіз дүние салды. Оның журналистік, жазушылық еңбегі бүгінгі ұрпақтан лайықты бағасын алды. Қазақ әдебиеті тарихында былай деп жазылған: «Осы тұстағы (2030 жылдарды айтады. – Т.Қ.) әдеби творчестволық қозғалысқа өзінің жаңа шығармаларымен де, өнерпаздық, қоғамдық еңбегімен де белсене араласқан жазушылар аз емес. Солардың бірі – Мәжит Дәулетбаев. Мәжит сол кездегі газет, журналдарда өлең, фельетон, публицистика, сын-мақалалар мен очерк, әңгімелерді өндіріп көп жазды. Революциялық өмір шындығын шаттана жырлап, жаңа әдебиеттің іргетасын қаласуға, пролетарлық әдеби күштердің бірігуіне де атсалысты» (ІІІ том, І кітап, 1967, 61-бет.) Мәжит журналистік қызметін өзі де жоғары бағалаған, мақтан еткен. Жазушылығын соның жалғасы деп түсінген. Ол: «Осы күнгі жазып жүрген кәрі, жас жазушылардың көбі-ақ газет төңірегінде жүріп сол дәрежеге жеткен. Міне, мен де – солардың бірімін, мені де газет тәрбиеледі» («Лениншіл жас» газеті, 1.5.1933) деп жазған.
ҒАБИТ – КҮЛКІ КЕМЕҢГЕРІ Қазақ әдебиетінің асқақ тұрған ақбас шоқыларының бірі – Ғабит Мүсірепов. Ол – даңғайыр дарын, көп қырлы талант иесі. Жазушы талантының басты бір қыры – бүкіл шығармашылық өнер жолынан қалай ілесіп, алуан түрлі сипатта көрініп отыратын көп сырлы, мәні күшті күлкісі. Ғабеңнің әңгіме, повесть, роман, пьесаларының бәрі де оқығанда көңіл күйді көтеріп, жан-дүниеңді жадыратып, сергек сезіндіріп отыратын жайдары күлкіге толы. Әрине, күлкінің де күлкісі бар. Ғабеңнің күлкісі – бос сықылық, бос қылжақ емес, әлеуметтік мәні бар, жұрттың көріп-біліп жүрген адам бойындағы, тұрмыс-тіршіліктегі кемшін-міндерді тап басып тауып, келеке етіп тастайтын зілді күлкі. Адам сатирик, юморист болу үшін екі нәрсе – юморлық сезім (чувство юмора) және тапқырлық (остроумие) керек. Мұның біріншісі өмірдегі болмыс-құбылыстардың күлкілі белгілерін, яғни күлкілі жайттарды (комизм) көре біледі, аңғара қояды. Ал екіншісі сол күле келемеждеуге болатын нәрсені шеберлікпен, өткір де әсерлі етіп суреттеп бере алады. Демек, юморлық сезім – қаламгер бойындағы аңғарғыштық, ал тапқырлық – жазғыштық, айтқыштық. Бұл қымбат қасиеттер барлық адамда бірдей дамымаған, Ғабеңе табиғат осы қос қасиетті бірдей дарытқан. Осы арқылы ол небір күлкілі жайттарды көре біледі, әрі соларды қызықты да күлкілі етіп, сүмірейтіпсүмпитіп суреттей де біледі. Осыған дәлел ретінде мынаны оқыңыздаршы! «Ақ күртіктің үстімен келе жатқанда әуелі Қалишаның үйін көрмейсің, үйдің төбесінде жатқан пештің мойнын жабатын күл дорбаны көресің. Дұрысында күл дорбамен
жабатын жерінде де «пештің мойыны» дерлік дәнеме жоқ: пұшықтың мұрнындай үңірейген бір қара тесік көзіңе түседі. Сол ақ күртіктегі қоян жымындай адам ізі сені кемпірдің аузындай бәлжиіп жатқан қамыс қақпаға әкеледі. Одан әрең сыйып өтіп, қора деген үңгірге кіресің. Даладан келген көзге, қораның ішінен түк нәрсенің пернесі көрінбейді. Қап-қараңғы үңгірге аяғың тұрақтай алмайды. Қарманған қолыңа әуелі қожыр-қожыр аша түседі. Одан әрі жер үйдің қабырғасын соқыр адамдай сипалап жүріп, ызба жіп өткізген есікті тауып аласың... бейқам адам болсаң, үйге кіріп болмастан бұрын тәйкеңнен бір түсіп алып, буалдыр, сұрғылт үйдің ішіне содан кейін әрең кіресің. Өйткені дәл табалдырықтың алды қылқан-кескен тамшыдан қатқан мұз. Арық түйедей бақырған аласа есіктен қысылып әрең өтіп, доп-домалақ шойын қара құманды аяғыңмен домалатып кетпеске шараң жоқ тіпті. Көзі мөлиіп, іші бұралып жатқан көк итті баса-маса ілгері қарай екі аттасаң, сығырайған терезенің қақ алдына да келіп қаласың. Үйге кіру әлегімен аптыққан бойыңа дәл бүйіріңнен Қалишаның амандасқан дауысын естігенде, селк ете түсесің» (Ғ.Мүсірепов, Таңдамалы, 3 томдық, А., 1980, 1-т, 12-13 бб. Бұдан кейін том номері мен беттері ғана көрсетіледі). Осыны оқығанда, жесір әйелдің үйіне өзің зорға кіріп тұрғандай боласың. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Күлейін десең, кемге, жоққа күлме деген сөз бар. Жылайын десең, бұрынғы кедей-кепшіктің ауыр тұрмыс-халін, баспанасының сұрық-сиқын соншалықты сенімді етіп, сүмірейте дәл суреттегенде, күлкі тудыратын тілдік құралдарды шебер пайдаланып, әбден иі қанған әсерлі елес бергеніне еріксіз күлесің. Әрине, мұны зерлі сөзге риза болып, қанағаттанғандықтан туған жағымды күлкі деп түсінген жөн. Күлкі кемеңгерінің әр тұстағы әр қилы елес-суретінің
арғы жағында нақты бір жағымсыз жайт жатады да, соған күлдіре отырып, оқырманды содан жирендіреді, содан безіндіреді. «Этнографиялық әңгімесінде» ол осы әдіспен бірнеше дертті бірінен соң бірін шола сойған. Ең алдымен, бос кеуде, татымсыз тәкәппарлықты бір «сипап» өтеді. Уәкіл болып келген Жаңбыршы ауылының өзі алғаш көріп, сәлем берген игі жақсыларымен былай таныстырады: Күн жылы болса да, тымақтарын тастамаған бастар азғана еңсесін көтерді де, тіл қатқан жоқ. Жыртық төбелерінен жүн жұлынып шығып тұрса да тұмақтарда бір тәкаппарлық бары аңдалады... Әлдеқашан тысы оңып, бозарып кеткен тымағының төбесіндегі жыртығынан суырылып шыққан түйенің жүні де, тәкаппар шошаятын сияқты» (1-т, 288, 291 беттер). Мұндағы күлкі игі жақсыларды «бастар» деп ауыстырып атауында, тәкаппарлық көрсетіп тұр деп жансыз жүн-жұрқаны жандандырып жіберуде... Келемеждеу шеберінің бұл әңгімесіндегі екінші сорлатып «сипап» өткені – ескірген жөн-жосық, күні өткен көзқарас, Атекеңдерінің аузына қарап қалған ақсақалшыл әдет, дағды, онсыз әшнәрсе айтуға да, шешуге де, болмайтын ескішілдік. «Атекем дұрыс айтады», «Бәрін Атекем біледі», «Жөніңді Атекем сұрайды» деп дәрменсіз бебеу қағу, адам ретінде өзіндік ой-пікір білдіруден қалған бейшаралық (сонда, 290 б.). Мұндағы күлкі осыншалық шыбындап тұрған сорлылықта, жаңалыққа, жақсылыққа талпынудан мақрұм қалған тоқырауда. Юморист қаламгердің ендігі бір «сипап» өткені – ауыздары айтып, оны жүзеге асырмайтын пәтуасыздық, былай айтып, басқаша істейтін екіжүзділік, көз бояп жалт берушілік. Осында қонақтарға қой сояйық делінеді. Бірақ пышақ іздеген, оны қайраған боп сипақтап жүріп күнді батырып, түн түсіреді. Ақыры ел жатқанда қой емес, исі мүңкіген көк текені бақыртады... Бұдан кейін жазушы
Жаңбыршы ауылындағы жалаңқайлықтың, Сұрпақпайдай сұғанақтықты мақтамен жұмсақтап байыздайды... Ет пісті-ау, қазан оттан түсті-ау дегенде он шақты қатынқалаш ірің көз бала-шағасын ұйқыдан оятып, ертіп алып, кіріп келеді. Жапа-тармағай жабылған көп ауыз көк текенің еті мен сүйегін бір-бірден сүйреп кетеді. Қонақтар қолын жалап, жұтынып-жұтынып қала береді. Күлдіргіш қаламгер көп ретте күлкілі ситуацияларды таба біледі, оқиғаны соған құрады. «Тарғыл қауын» әңгімесінде поезға бір кербез келіншек мінеді. Купедегі «еркекпін» дегендердің әрқайсысы-ақ тез сілкініп, үстібасын қағып, галстугын түзеп, сұлу көзіне түсіп қалайын, оның ықыласына ие болайын деп жанталасады. Олардың бірі сұлуды тәтті қауын шырынымен тамсандырайын деп келесі станцияда базар аралап, қауын таңдап жүріп поездан қалып пұшайман болады. Ақыры «тарғыл қауынын» құшақтап, таксимен келесі станцияда сұлуды зорға қуып жетеді. Осы кездейсоқ оқиға үстіндегі қимыләрекет, ой-пікір өте қызықты, күлкілі етіліп әңгімеленеді. «Екінші Би-аға» әңгімесінде Ғабең Бейімбет екеуі іссапармен бір ауданға барады. Олар «қонақ үйге» орналастырылады. Түн ортасында ол үйге толғақ жетіп бебеу қаққан бір әйелді алып келеді. Сөйтсе, бұл әйелдер босанатын үй екен. Қос жазушы ойбайға басқан келіншекке орындарын боасатып беріп, өздері оның белінен тартып, босандырып кіндік шеше болып қалады. (сонда, 286-б.). «Боранды түнде» деген әңгімесінде Қайсар Кәменге ғашық болып айттырады. Қыз әкесі қалыңмалға жігіттің мініп жүрген жалғыз атын сұрайды. Қайсар одан айырылып, сүйіктімді жаяу сүйреп келем бе деп бермей, қызды алып келуге барады. Қызын ағасының үйіне тығып, аңдып жатқан әке бұлардың келгенін біліп құр дәрімен тарсылдатып мылтық атады. Одан тұра қашқан жігіттер ауылдарына жетіп бір-ақ тоқтайды. Боранды түнде
атқосшы жас бала адасып қалып, үй-үйді аралап жүріп қызды тыққан үйге тап болады. Ауыл «келін келеді, қарсы аламыз деп дайындалып жатыр. Ұят болатын болды» деген соң үй иелері қызды боқмұрын балаға мінгестіріп жібереді. Ол таң ата Қайсар қолына құсын қондырады. (Сонда, 356-360 бб.). «Қазақ солдатындағы» Қайрош та осындай комикалық ситуацияларға жиі ұрынады. Ол отырса болды, қор ете түседі. Ұйықтап қалып кеткен жерінен оны кейде иті тауып алып жатады. Осындай оқиғалар үстінед Ғабең күлкісінің айқын көрінетін тұсы кейіпкерлер кескін-кейпін беруде. Олардың небір жылмиған, қылмиған, сүмірейген, сүмпиген бейнесін көріп, «ой, сабаздар-ай! Аспан асты кең-ау, небір сабаздар от оттап, су ішіп жүр екенсіңдер-ау! деп таңырқайсың. Міне, танысыңыздар: «Сирек бурыл сақалды, тыртық ауыз сары шалдың еріндері бірін-бірі қатты қапсырып, ауыз қақпағын қисайта жауып алды». (Сонда, 289-б.). Бұл – әлгі Атекездің портреті. Мұның айналасындағы сабаздардың да түр-түсі сұмпайы. Олардың ішінде «мұрты жоқ, сақалы барлар» да, «көздері самайларына біткен» қылилар да, «бет-аузы тасқа айналып кеткен сазарғандар» да бар. Енді мына сабазға қараңыз: «Желкесі жап-жалпақ, кеудесі қаңқайған. Кеудесімен тұтасып кеткен күждей мойында – бір қазан етті бас. Екі көздің құйрығы екі елідей қысылған. Қара табақтай жалпақ бетті. Таңқиған саңырақ танау, таңқы мұрт, бұйра қара сақалды. Арам майы сыртына шығып, киген киімі жыпжылтыр, ала дамбалдың бауы тізесінен кетпейді». (Сонда, 15-б.). Бұл – «Тулаған толқындағы» Оспан болыстың сұрқы. «Отау иесі қитар көздеу, қыңыр иықтау, қисық аяқтау жаралған жігіт екен. Бір көзі саған қарап тұрса, екінші көзі айдалаға қарайды. Саған қараған көзі азғана тықыршып, жымиып қояды. Далаға қараған көзі жаңа туа бастаған жұлдыздарды түгендеп тұрған сияқты. (3-т, 539-
б.). Бұл – «Кездеспей кеткен бір бейнедегі» Отарбайдың сықпыты. Енді мына кісінің көркін көріп, «ләззат» алыңыз! «Жас баланың өкшесіндей тайпиған ғана кішкене иек, сояудай тістерін әрең жасырып, құлағына дейін созылған қалың ерінді, бақа ауыздау екен. Мойыны қылқиған, айыр желке, алакөздеу... Желке мен төбесінің арасы төрт-ақ елі, қушық жауырын, қалақша жігіт...». Бұл – Қайрош – майданда жүргенде Ботакөзді тақымға басқан күйеудің кейпі. Осындай сиық-сықпыттарды оқығанда күлесің, күлесің де күңіренесің, жиренесің. Ғабеңде әр кейіпкердің түріне қарай ісі бар. Олардың іс-әрекеті де күлкілі. «Тарландар» әңгімесінде өмірі арқа босатып, аяқ-қолын созып демалып көрмеген қос шахтер – қазақ шалы Бекен мен орыс мұжығы Никифорды басшылар демалып келіңдер деп курортқа жібереді. Олар «жұрт жұмылып жұмыс істеп жатқанда, біздің демалып, итке көлеңке бермей жатқанымыз болмас» деп бірер күннен кейін-ақ қайта тартады. Жоғарыда аталған «опырық шал Атекең нан мен майға обырдай тиіп жатыр, тісі жоқтығы бөгей ме десең, шайнамай-ақ қылғи беретін сияқты. Әбден жеп болған соң ғана жеуге болатын жаңа май екен» (1-т, 293-б.), – деп ұрты мен мұртын сипап қояды. Игіліктің игі ісіне, өрлеп бара жатқан дәулетіне іші күйген Жұман булығып, аузына сөз түспей «қара бурыл атты қатты бір тебініп қалып, ағызып келген бойы ең соңғы пәуескенің гүмп-гүмп еткеннен басқа қарсылығы болмаған соң, айналып келіп тағы ұрды... көп ұрды, күмпілдетіп ұрды. Ырылдағаннан басқа үн шығармай ұрды. Бірақ «өлдім-өлдім», «әке құлдық, араша» дегенді ести алмаған соң ыза кегі де тарқай алмады». Осында автор күні өтіп бара жатқан байға іш күйігін аңғартатын күлкілі іс-әрекет беріп әшкерелеген. Сатирик жазушы адам психологиясындағы, қарым-
қатынастағы қарама-қайшылықты, тұрақсыздықты да түйрей кетіп отырады. «Жиырма төрт сағатта» әңгімесінде бойы аласа, темір жол бойына томарша таситын Жанғабыл «Томарша» атанып кеткен. Кеше ғана ол түйесіне мініп, ауыл аралап, нан тауып жеудің қамымен жүретін. Оны жұрт адам деп білмейтін. «Су әкеле қойшы», «отын жара қойшы» деп қорлайтын. Артынан хат танып, жаңалықтардан хабардар болған соң, сол сумұрын «Томарша жолдас» атанады. Енді оның алдында қыз-келіншектер сығырая қарап, сызылып қалады, тіпті, шәй үстінде Томаршаның кесесін әперуге таласады. (1т, 227-б.). Осында адамның қадірлі, қасиетті болуы өзіне байланысты екенін, бірдеме білсең, халыққа пайдалы іс тындырсаң, беделің күшейіп, абыройың артатынын күле отырып аңғартқан. Күлкі шуағына бөлей білетін жазушы юморының енді бір айқын көрінетін тұсы – кейіпкерлердің өзара сөзі – диалогы. Олардың бір-біріне айтар пікірі қуақы, тапқыр, ойнақы болып келеді. Мысалы, «Жаңа жол» ауылына әкелінген шошқаларды қабылдап, пікірлесіп тұрғандардың бірі «бұл өзі жоғары қарамайтын жануар ғой деймін» десе, екіншісі: «Жоғары қаратып оған жұлдыз санатайын деп пе едің» (268-бет.), енді бірі «өзін не деп қайырады екен. Шөге-шөге дейміз бе?» десе, тағы бірі «Е, қазақша қайдан білсін, жаңа келіп тұр ғой жануар» (270 -б.) дейді. «Тарғыл қауында» «Поезд жүреді» деп қоңырау қағып тұрған шалдың алдына көзілдірікті кішкентай кемпір келеді. Осы екеуінің диалогын оқыңыз! – Қарағым-ау, бұл қайда баратын отарба? –Қайда баратын еді, Меккеге барат деп пең, Мәскеуге барат та, өзің қайда баратқан өлімтіксің? – деп шал жауап берді. – Оған сыпайылыққа сыймайтын бір-екі сөзден қосар қосты. – Әлі де көрмегенім бар дей ме екен... Көзілдірік киіп
алғанын қарашы мұның! (1-т, 314б.). Мұндағы күлкі қыңыр да кекесінді сөздерде. Енді жылқысымен бірге жардан құлап өлген Жұманың сүйегін екі аттың ортасына асылтып алып келе жатқанын көрген Байжан мен орыс жұмысшысы Быковтың диалогын оқыңыз! – Ойба-й-о-й, бейшара-ай! – Бедни шелабек, бедни шелабек! – Пастух па еді? Иә, пастух, старый пастух... – Мұны оқығанда, өлгенге күлмес боларды білсек те, күлуге мәжбүрміз. Кейде кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы, қалжыңқағысуы да юмормен, күлкі тудырар, жымитар етіліп беріледі. Жоғарыда аталған Бекен курортқа баратын болдым дегенге қу құрдасы Никифор: – Шалым, құтырады екенсің. Үш айға кеткенде, сенің көксоққан қатының қайтер екен, оны ойлаймысың? – дейді. – Сен араб емеспісің? – Мен бе, өз аюымды қайтемін?.. – Бұл да – езу тартқызарлық қатарлар қалжыңы. Кейде, Ғабең өз ой-пікірін де күлкімен көмкеріп, бейнелеп жеткізеді. Мысалы, «Жиырма төрт сағатта» әңгімесінде қандай хабар болса да Орынборға жетуі мұң, одан әрі шексіз, шетсіз қазақ даласына ұзынқұлақтың өзі алып кетеді. Телеграммалар кешігеді, уәкілдер кешігеді, ұзынқұлақ ондайды білмейді. Кейде тіпті Орынбордың орта жолда қалып, Москва, Париж, Лондон хабарлары атқа, түйеге мінгесіп алып, даланы шарлап кетіп бара жатады» (1-т, 217-б.). «Атекесі дастархан үстінде селдіреп қалған азғана қанттың екі түйірін сүйреп әкетті» (Сонда, 293-б.). «Өсекті ерттеп мініп, жүндей сабайды», «Айран,
сүт, жұмыртқа, нан сататын әйелдер ұзын тақтайлардың өн бойын өрлей, тізіле қалып, қонақтайтын тауыққа ұқсап қыт-қыттай бастады. «Оң қолы шолтаңдап шекемді іздеп жүр» дегеннің бәрі – әрі бейнелеп, әрі күлдіре айту. Енді бірде юморист жеке сөз, жеке тіркестерді ретімен, айтар ой-пікірге үйлестіріп, үндестіріп пайдалану арқылы да жымитып, езу тарттырып отырады. Мысалы, «Қара сиыр соқаны сүйрей жүріп, күйсей жүр, шолақ құйрықты сүйкей жүріп, күйлей жүр» (Сонда, 116-б.). Қу тіршілікай, ол байқұсқа бұзаулап, басын көбейтуге де мүмкіндік берілмейді. «Бұл ауыл – ылғи өлімтіктер ауылы. Елуі жиылып ешкі соя алмайды, – дегенде де бейнелеп айту, күлдіре сипаттау бар. «Шын палуан алып та жығады, шалып та жығады» демекші, айтқыш Ғабең астарлап жазуға, ой-пікірді тұспалдап, басқаша, орағытып жеткізуге шебер. Мысалы, екі кейіпкерінің де үйленіп, басы байланғанын «Есенейдің басында алтын ноқта, ноқталандың, Мүсіреп, сен де тоқта» (3 т, 391-б.), қымызы, сабасы жоқтар мен тек шайы бар үйлерді «қара биесі жоқ, сары иесі ғана бар үйлер» деп тұспалдап берді. «Түйеміз боталап қалды» дегенді «жоқ жерден нәрестелі болып, Шынардың содан қолы босамады» (381-б.), «Шыңғыстың артына менен да бір бұрыш қыстыра кел» (381-б), «қашақ байталдың... жалап жүрген кәрі азбан» (331-б.) дегеннің бәрі – тұспал, астарлы айтулар, бәрінде де күлкі шақырар жымысқы пікірлер жатыр. Енді бірде сықақшы күлкі тудырар салыстыруларға барады. Туған жер кеңдігін «Менің үйімнің үлкендігі сондай, Қарағанды мен Гурьевтің екі ортасына екі Франция, он шақты Швейцария, он бес шақты Бельгия сыйып кетер еді», – деп күле мақтаныш сезім туғызады. Люксембург
сияқты «ұлы мемлекет» үшін біздің екі колхоздың жаздық жайлауы емін-еркін жетіп жатыр» («Қазақ солдаты», А., 1977, 213-б.), – деп кекетеді. Бұл – ел-жұртқа риза болудан туған мақтаныш сезіммен жымию. Қорыта айтқанда, Ғ.Мүсірепов – сатирадан гөрі, юморға көбірек бой ұрған, таза сатиралық шығармадан гөрі, жылы да жеңіл күлкілі дүниелер беруге ден қойған қаламгер. Ол бұл саланың өткір де әсерлі тілдік құралдары мен әдістәсілдерін жеке елес, оқиғаларды күлкілі етіп көрсету үшін, кейіпкерлерінің сырт пішінін карикатуралап беру үшін қолданған.Ол – күлдіре жазу өнерін игерген күлкі кемеңгері. СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН Сәкен Сейфуллиннің творчествосы көп зерттелді. Ол жөнінде монографиялар да жазылды. Ұлы Октябрь идеясы үшін қарумен де, қаламмен де күрескені жеткілікті мәлімделді. Бірақ ақынның әдебиет аренасындағы күресін айтқанда, творчествосын жалпы сөз етеміз де, революция от жалынында туған сатирасын әңгімелей қоймаймыз. Байқап қарасақ, Сәкен совет өкіметі үшін, революция үшін күресті уытты сатирамен бастаған. Жұртты алдаушы жылмаңдарды Өзім-дағы білуші ем. Ес білгелі талайын-ақ У тіліммен ілуші ем,39 – деп мұны өзі 1922 жылы-ақ айтқан. Оның сын-сықаққа осылай үйір болғанын жазушы 39 «Ақжол» газеті, 1922, 29 апрель.
Сәбит Мұқанов та растайды. Сәкен «өзі ұнататын біреумен кездесе қалса, ұзақ мәжілістесуді жақсы көретін. Ондай шақта байсалды кеңес қозғауды ұнатпай, әзіл, қалжың, сауық сияқты көңіл көтерерлік істермен ғана отыратын... Ол тек қысқа күлкілі кеңесті ғана айтатын... сөздері өте тапқыр, өткір болатын,40 дейді ол. Сәкен февраль революциясынан кейін-ақ, тап жауларына қарсы саяси сатиралық шығармалар жазған. Солардың бірі ақынның 1917 жылы июнь айында «Тіршілік» газетінде жариялаған «Күзетші иттер» атты туындысы. Бұл туындының мазмұны мынау: Бір ауылдың адамдары тойға баратын болады. Қорадағы қойларға күзет қойып кетеді. «Бәрінен гөрі сенімді ғой», «жеген тамағын ақтар» деп бірнеше ит әкеп қояды. Түнге қарай Айтжан деген қария қораны бір көріп қайтайыншы деп келсе, әлгі сенімді деп қойған иттер бірнеше қойды жарып тастапты. Айтжан қарт аттан салады. Сонда әлгі иттер оның өзіне жабыса кетеді. Сәкеннің осы сюжетінде үлкен сыр, астар жатыр. Февраль революциясынан кейін Уақыша үкіметтің жергілікті комитеттері құрылды. Оған буржуазияшыл ұлтшылдар мен бұрынғы оқыған тілмаштар, қажы, қазіреттер кіріп алды, олар бұл комитет езілген елге теңдік, бостандық береді, оны қолдаңдар деп лақап, үгіт таратады. Бірақ көп ұзамай «Ұлтым», «Қазағым» деп емешегі езілген қазақ ұлтшылдары өздерінің кім екенін көрсете бастайды. Елге өздері ауыз салады, оны тонайды. Сәкен әлгі сықағында байшыл-ұлтшылдардың осы опасыздығын әшкерелеген. Сондықтан да бұл туынды кезінде Ақмоладағы қазақ комитетіндегілерге ұнай қоймаған, олардың еңбегіне оқша қадалған. «Менің «Тіршіліктің» 40 С.Мұқанов. «Өсу жолдарымыз». А., 1960, 498-б.
бір номеріне басқан «Күзетші иттер» деген өлеңіме комитеттің төрағасы Құсайын Қожамбердіұлы едәуір шамданып жүрді»41, деп жазды Сәкен кейін. «Күзетші иттер» мысал-памфлет. Оның мысал болатын себебі: ұлтшылдардың әрекеті ашық сыналмай, қотан қорыған иттердің ісі делініп астарланып, аллегорияланып сыналған. Ал, памфлет болатын себебі: ол идеялық, саяси жау топқа қарсы жазылған. Сын обьектісі етіп оның жетекші адамдарын алған. Соларды ымырасыз әшкерелеп, құртыпжоюды ниет еткен. Революционер ақын опасыз, жалған ұлтшылдарды айналып соғып сынап жүрді. 1921 жылы «Ұлтшылдың сандырағы» атты сықақ өлеңінде оларды екінші рет соқты. «Бауырым, бауырым! Ойбай, ауылым!» деп өтірік безектей беретіндерді әшкереледі. Сол жылы жазылған «Бір ақынның сандырағы» атты сатирасында ұлтшылдарды ол тағы соққыға жықты. Онда: Ауру ақын Ыңылдайды төсекте Қыстығып, – деп, ескі, адыра қалған дәуір ақынының күні өткенін, бүгін «жынын алдырған бақсыдай» болып қалғанын дерт шалған, жан шығар алдында сандырақтап жатқан етіп суреттеді. «Ескілікпен, өз табымен бірге жоғалатын ақынды Сәкен... өткір сықақтайды»... «... Күні өтіп бара жатқан, орыс декадент, символист ақындарына еліктеген қазақтың ұлтшыл ақынының мүсәпір халін шебер әшкерелейді»42 . Оның кешегі: 41 «Тар жол, тайғақ кешу», 1960, 79-б. 42 С.Қирабаев. «Сәкен Сейфуллин». А., 1962, 193-б.
Мен – оқпын, Мен – құдаймын! Мен – күн мен аймын! Мен – маймын! Мен – баймын! Жаймын – мен Жанмын – мен! – деген сияқты лепірме сөздерін келтіріп, бүгінгі мүшкіл кейпін келеке етті. Бұл совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы екі тап ақынының идеялық шайқасы. С.Сейфуллиннің бұдан кейінгі саяси мазмұнды, әсерлі шыққан сатирасы «Отарба мен ақ төбет». Бұл да мысал түрінде жазылған. Шығармада ақын алдымен «алты айшылық жолды алты-ақ, аттап», арындап, арқырап келе жатқан отарбаны қызыға, сүйсіне, лирикалық шабытпен бір жырлап алады. Сонан соң ауыл тұсынан өте берген отарбаға бір ақ төбеттің қосылғанын айтады. Сол жандайшап төбеттің кейіп-кескінін, аянышты халін біраз суреттеп өтеді. Қаншырдай қатқан, сабалақ жүні түспеген аш төбет жүйрік поезға ілесем деп арам тер болады. Үміті не? Әлде отарбадан озбақ па? Әлде ондағы елден бір нәрсе тілей ме? Әйтеуір тілін салақтатып, арсылдап қалмайды. Машинист бір түйір нан тастайды. Төбет оны зыр жүгіріп келе жатып қылғиды. Ақыры ақ төбет «Аттыға ілесіп жаяудың таңы айырылыптының» кебін киеді. Сәкен бұл мысалында үлкен-үлкен екі ой айтып, екі обьектіні қатар әшкерелеген. Біріншіден, отарба біздің өскен, өрлеген, естіп көрмеген қарқынмен алға басқан советтік өміріміздің бейнесі. Ал ақ төбет сол қарыштап өрге тартқан жаңа өмір, жаңа санадан қалмай келе жатқан ескілік бейнесі. Яғни мұнда ескі мен жаңаның күресі суреттелген. Сол күресте жаңа
жеңеді, ескілік әлгі ақ төбеттей жолда қалады, «ит үреді, керуен көшеді» деген ой жатыр. Мұны ақынның өзі де: Ақ төбет кешегі ескілік, Жалғанның, билеуші иесі, – деп ашық айтады. Сәкеннің осы персонажына байланысты профессор Е.Ысмайлов мынадай қызықты қорытынды жасайды: «Ит көп елдің әдебиетінде жағымсыз бейнеде алынады, соның ішінде орыстың революцияшыл совет ақындары да итті дәурені өтіп, құрып бара жатқан буржуазиялық дүние тұлғасында жырлайды. Мәселен, Маяковскийде, Блокта, Демьян Бедныйда осылай берілген. Блоктың «Он екі» поэмасындағы гвардеецтерге жанамалап шәуілдеп үретін бұралқы ит ескі біржуазияның уәкілі бейнесінде алынған... Біз бұл жерде идеялық үндестік көркемдік бейне жасаудағы үндестік тудыратынын, оның өзі бүкіл совет поэзиясына ортақ сипат болғандығын аңдатып отырмыз»43. Екіншіден, бұл мысалда ақ төбет бейнесімен советтік құрылысқа қастық, опасыздық істеген кешегі үстем тап өкілдері, бүгінгі революция жаулары көрсетілген. Олар да әлгі ақ төбет сияқты, совет өкіметін етектен басқысы, балақтан алғысы келеді. Оның әрбір игі қадамына зиянкестік жасап, бүлдіріп қалмақ болады. Жандайшаптық істейді. Сондықтан да ақ төбет деп ақын соларды айтқан. Мысалы, өлеңдегі: Кешегі дүрдиген ақ төбет, Қотанда үретін сақ төбет. Бұл күнде бұралып аштықтан, Түспеген ұйпалақ ақ түбіт. 43 Е.Ысмаилов. Ақын және революция. А., 1964, 179-б.
Сен кеше саяда жаттың ғой, Арсылдап талайға шаптың ғой. Машинист тәрізді кір басқан Талайды жұлмалап қаптың ғой, – деген жолдар автордың әлгі нысанасын аңғартады. Сәкен «Отарба мен ақ төбет» мысалының осы мақсатидеясын кейінірек өзі де айтқан. «Биыл жазда күні кетіп бара жатып Қызылжар, Көкшетау темір жолының жұмысындағы кемшілікті «Еңбекші қазақ» газетіне жазған едім. Сол сөзді дәлел қылған болып Мұстафа Шоқаев деген қашқын ақтардың «Дни» деген газетіне Совет өкіметінің саясатын жамандап біраз сөз жазыпты. Бұл өлең Шоқаевтың сөзінен бұрын жазылған еді. Енді осы өлеңді Шоқаев мырзаға тартамын»44 деген. Ақын революционердің 1928 жылы жазылған «Қара арбада» атты өлеңі уытты сатира. Онда кәмпескеге ілінген жуан қарын байлардың сол тұстағы мүшкіл халі келеке етілген. Сәкен бұл шығармасында сын-сықақты астарламай, мысалдамай ашып айтқан. Айдалып бара жатқан байлардың жол сапарынан әдемі сурет берген. Айдалада қара арба Екі үш кісі келеді. Қара жолды тозаңдатып, Аты бүлк-бүлк желеді. Арбадағылардың «түсі қашып, қабақтары жабылған». Анда-санда күрсініп уһілейді. Қайта-қайта артқа қарап қайғырады. Бұл мырзалар елді сорған Алған енді сазасын. 44 С.Сейфуллин. Шығармалар, І том, 1960, 239-б.
Талай жылғы көп күнәнің, Тартпақ енді жазасын. Ақын осы тұста сол байлардың революцияға дейінгі еңбекші елге көрсеткен зәбірін, қанқұйлы әрекеттерін ашына, тепсіне әшкерелеп шығады. Сатиралық өлеңді: Енді ұзамай бай табының Тамырлары жойылар, Терең қазған моласына Зіл қара тас қойылар, – деген зор сенім, революциялық айқын қорытындымен бітіреді. Сәкен Сейфуллин сатираны прозамен жазуға да бейім болған. Бұл оның «Тар жол, тайғақ кешуінің» көп жерінен, әсіресе, «Шоқай болыс»45 атты бөлімінен айқын көрінеді. Революционер ақын 1919 жылдың күзінде Түркістанға өтіп келе жатып, Бетпақта Ақберген деген жігіттің үйіне түседі. Төрде «қазықша шаншылып, іші ауырған кісіше сыздап» отырған біреуді көреді. Ол бетіне біреу қараса, түсін суытып, ширатылып, маңғаздана қалады. Сәкен ішінен осы «Тәңір бұты» екен деп отырады. Жөн сұрасады. Ол Шоқай деген біреу болып шығады. Шоқаңның әлгіндей салмақты, маңғаз бола қалуының да жөні бар екен. Алдында ғана Ақберген қу «Сізді осы елге болыс сайлады, бұйрығы мынау, мен Ақмоладан ала келдім» – деп Шоқайға бір мөр басылған қағазды ұстатып, оны дүрдитіп қойыпты. Енді «болысқа» кішкене қайрақ тастан мөр жасап отыр екен. – Болыс, әлгі сізді бекіткен қағазды мына Сәкенге оқытыңызшы! – дейді Ақберген. «Болыс» баптанып, төс қалтасынан бір бүктеулі қағазды алып Сәкенге 45 «Тар жол, тайғақ кешу», А.,1960, 44-64-52-бб.
ұсынады. Сөйтсе, ол Ақмоланың баяғыда кетіп қалған ескі судьясының біреуді жауапқа шақырған қағазы екен. Ақбергеннің Шоқайды ақымақ қып отырғанын сезе қойған Сәкен: – Болыстыққа бекіткен бұйрығыңыз қайырлы болсын! – деп қағазды Шоқайға қайта береді. «Болыс» оны ішірткідей қастерлеп, баппен бүктеп қалтасына салады. «Сүйіншісіне Ақбергенге бір құнан қой әкел!» – деп, ауылына кісі шаптырады. Аздан соң мөр де дайын болады. Ақберген оны түтінге ыстап, қағазға басады. Шоқай қағаздағы таңбаны, мөрді айналдырып қарайды. Қарайды да «түсін бұрынғыдан да суытып, маңғазданып, жәй қимылдап, қалтасынан орамалын алып, шетіне мөрді түйіп» төсқалтаға ұрып қояды. Сөйтеді де, кеудесін бір көтеріп қиялға берілгендей көз жұмып кетеді. Мұны көрген Сәкен «Айхай, шіркін, Бетпақдала-ай, мұндай да ұлың бар екен-ау!» – деп, жымиып отыра береді. Міне, Шоқайдың осы мінезін келемеж етіп беруде Сәкен үлкен шеберлік көрсеткен. Шоқай «болыстың» ақымақтығы мен надандығын, пасықтығы мен мансапқорлығын өте әдемі мысқылдаған. Шоқайдың қуыс кеуделігін, түйсік-санасыздығын оның өзінің қылық, мінез-мимикасын суреттеу арқылы аңғартқан. Жұртты сөзбен емес, «болыстың» ісімен күлдірген. Мысқылшыл Ақберген бір сәт Шоқайдың баласы Бүйенбайды, енді бірде оның «Ақлақ», «Бесқырқа» деген аттарын мақтай жөнелді. Осы тұста «Болысекемнің» есерессіздігі, түйсік жоқтығы, тіпті, айқындала түседі. «Аспан асты кең-ау, онда от оттап, су ішіп жүрген небір сабаздар бар-ау» деген ой түйесің. «Тар жол, тайғақ кешудің» «Түнге тау ішінде» бөлімінде де шебер сатираның ізі жатыр. Қоқан автономиясы
министрлер Советінің төрағасы Мұхамеджан Тынышбайұлы мен оның хатшысы Қоңырқожа Қоджікеұлының жан сауғалап, тауға қашып бұралқы иттей сандалған сиқын қандай сүмірейте суреттеген. Мына бір көріністі-ақ көз алдымызға келтірейікші. «Екеуі де өзді-өзі аттарының алқымында, тастың ығында бүрісіп-бүрісіп отыр. Бір мезгілде Қоңырқожа ақырын: – Мұхамеджан! – деді. Мұхамеджан ақырын, өлімсіреген үнмен: – Ә, Ә, – деді. Қоңырқожа ақырын: –Енді министр боласың ба? – деді. Мұхамеджан кейіп: – Не дейді? Осының-ақ ойыны қалмайды екен! – деді. Міне, бұл ащы әжуа, ащы мазақ, тірідей өлтірер сатира. Романдағы осындай өткірлікті жіті аңғарған Ораз Жандосов кезінде Сәкенге: «Сіз өлеңнен гөрі қара сөзді көп жазсаңызшы! Қара сөзді тым шебер жаза алатыныңызды «Тар жол, тайғақ кешуді» оқып білдім», – деп пікір қосқан. Сатиралық мотивтер С.Сейфуллиннің поэма, әңгімелерінде де көп ұшырасады. «Сәкеннің, – деп жазды профессор Есмағамбет Ысмайылов, – «Чжан Цзо-Лин» поэмасы қытай генералдарының сыртқы империалистік айтақтаумен өзара жауласқан әрекеттерін, соның ішінде Чжан Цзо-Линнің зұлымдық, опасыздық қылықтарын әшкерелейді. Ақын мансапқорлықты, шенқұмарлықты, жолдасын сатқан опасыздықты өлтіре әшкерелеп тастаған». Сөйтіп, егер Ілияс, Бейімбет, Асқар творчествосында сатира басты стильдік ерекшелік, жазушылық әдіс-тәсіл
ретінде көрінсе, Сәкенде сықақтық мотив, жанама элемент ретінде көрінеді. Ал нағыз сатирасын Сәкен көбіне мысал түрінде жазған. Айтпақ ойын үнемі сюжетпен суреттеп беретін болған. Жағымсыз әрекеттерді жағымды істермен жарыстыра баяндап әшкерелеп отырған. Бұл әдіс жұртты ұнамсыз нәрседен бездіріп, абзал іске икемдеген. Яғни, ақын оқушыны жағымды факті арқылы тәрбиелеуге көп көңіл бөлген. АМАНҒАЛИ СЕГІЗБАЕВ Қазақ совет сатирасын қалыптастыруға азды-көпті үлес қосқан журналист – жазушыларымыз Аманғали Сегізбаев пен Ерғали Алдоңғаров мұралары ешқашан сөз болған, зерттелген емес. Бұл екеуін көп ел, әсіресе кейінгі жастар біле бермейді. Сондықтан бзі олардың әрқайсысының өмірін, творчествосын жеке-жеке қысқаша баяндап өтеміз. А.Сегізбаев жылы Қостанай облысы, Орджоникидзе ауданы «Ақсу» колхозында, кедей шаруаның семьясында туды. Аманғалидың жастық шағы кемшілікпен, жоқшылықпен өтті. Ол жазда қазақ аулыына келген татар молдаларынан хат таниды. Кейін жақын жердегі «Маша» поселкесіне оқуға барады. Татар тілінде бастауыш мектеп бітіреді. Мұнан соң А.Сегібаев Тройцкі қаласындағы Зейнолла ишанның медресесіне түседі. Бірақ оның оқуына қанағаттанбаған жас шәкірт Уазипа медресесіне ауысады да, оны жақсы бітіріп шығады. Жас шәкірт жазда елге келгенде бала оқытып, халқына қызмет етіп жүреді. Октябрь революциясы қарсаңында-ақ ел арасында жаңашыл мұғалім атанады. Совет өкіметі орнасымен, 1918 жылы Аманғали
Қостанайға барып, жаңадан ашылған мұғалімдер курсына кіреді. Оны бітіргеннен кейін, 1919 жылы Қостанайдан алпыс километр жердей Оспан қажының ауылындағы мектепке бас мұғалім етіліп жіберіледі. Онда бір жылдай істейді. Осы уақыт ішінде мектеп бүкіл уездегі ең үлгілі мектепке айналып, атағы шығады. Оның жанынан интернат ашылады, балаларға орыс тілі оқытылады, көркемөнерпаздар, физкультура және спорт үйірмелері жұмыс істейді. 1921 жылы уездік оқу бөлімі А.Сегізбаевты инспектор етіп алады. Екі жылдай ол уездегі мектептерді аралап, оның оқытушыларына үлкен көмек көрсетеді. Осы қызметте жүріп Аманғали Орынборда шыға бастаған «Еңбекші қазақ» газетіне хат-хабар жазып тұрады. Бірдіекілі очерктерін бастырады. Аманғалидың жазу қабілетін байқаған баспасөз орындары 1923 жылы оны Орынборға шақыртып алады да, «Жас қазақ» журналының жауапты хатшысы етіп тағайындайды. Осыдан бастап ол қазақ совет баспасөзінің көрнекті қызметкерлерінің бірі болды. 1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне ауысады. Сонда жүріп «Қызыл Қазақстан», «Жас қайрат», «Әйел теңдігі» журналдарына «Лениншіл жас» газетіне үзбей жазады. Журналистердің коммунистік институтын бітіреді. 1927 жылы партия қатарына өтеді. 1930-32 жылдары Аманғали Алматы облысының «Еңбекші қазақ» аудандық газетінің редакторы, 1933 жылы ол Семейге жіберіледі. Сондағы «Екпінді» газетінің жауапты секретары қызметін атқарады. 1935 жылдың аяғында Алматыға қайта алдырылып, «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке орналастыралды. 1941 жылы А.Сегізбаев «Социалистік Қазақстанның» Жамбыл облысындағы тілшісі етіліп жіберіледі. Осы жерден 1942 жылы армия қатарына алынады. Екі жылдай Алматыдағы әскери гарнизонның газетінде істейді. 1944
жылы июньде майданға аттанып, 27 ноябрьде Кенгсбург түбіндегі ұрыста қаза табады. А.Сегізбаев өзінің творчестволық жолын өлеңнен бастаған. Үлгілі мектебінде мұғалім болып жүріп «Аршалы бойында» деген поэма жазады. Аршалы– Аманғалидың туған жеріндегі өзен аты. Поэмасында сол өзі туып өскен жерінің табиғат сұлулығын, әсемдігін, жер-су байлығын жырлайды. Поэмаға ел аузындағы аңыздардан алып қызықты сюжет береді. Аманғалидың бұл поэмасы46 мен «Жаңбыр соңында»47 деген өлеңі кезінде баспасөзде жарияланды. А.Сегізбаев жастардың газет-журналында жарияланған әңгімелерінде совет өкіметінің кедей жастарына не бергенін құлшына жырлайды. «Құрмаш»48 «Біздің мектеп»49 деген көлемді әңгімелерінде Құрмаш пен Әбіш сияқты кедей балаларының оқуға қолы жеткенін, олардың өнер-білімге деген ынтасын, қабілетін көрсетеді. Совет өкіметінің алғашқы кезінде-ақ қазақ ауылдарында мектеп ашылуы, олардың ауылға сән-салтанат, көрік беруі көркем баяндалады. Аманғали бір топ әңгімелерінде кедей жастарының өсу жолын әдемі көрсетті. «Ақыштың баяндамасы»50 деген әңгімесінде Қазақстанның 7 жылдық тойында «Октябрь революциясы, Совет өкіметі қазақ еліне не берді?» деген тақырыпта баяндама жасап тұрған кешегі қара табан бақташы баланы суреттейді. А.Сегізбаевтың әдеби мұрасының негізгі саласы – фельетондар. Ол өз тұсында жүргізіп жатқан әлеуметтік істерге араласып, ондағы кемшіліктерге қарсы фельетонистік үнін батыл естіртіп отырған. 1925 жылға 46 «Қызыл Қазақстан» журналы, 1926, 16-номер. 47 Бұл да сонда, 1923, 16-номер. 48 «Жас қазақ» журналы, 1923, №1 49 Бұл да сонда, 1923, №2-3 50 «Лениншіл жас» газеті, 1927, 7 октябрь.
дейін-ақ «Жөнеу» деген бүркеншік атпен ауылдық жерлердегі әр алуан жарамсыз жайларды сынап «Сәнді сөз»51, «Мұғалімдер қылығы»52, «Ауылда болған сот»53, «Ауылда сайлау»54, «Тіршілік белгісі»55, «Қаратал бойында»56 деген фельетон-әңгімелерін жариялайды. Аманғали «Сәнді сөз» атты тұңғыш фельетонында жастарды әдепті, мәдениеті сөйлеуге, ана тілді таза ұстауға, ардақтауға шақырады. «Сағат ертеңгі тоғыздан асса да мен ұйқымды аша алмай, аунақшып жатырмын», деп бастайды автор. Үйге біреу келіп, Мұқашпен сөйлесе кетті. Екпінді даусы құлағымнан өте шықты. Ұйқымды шайдай аштым. «Майлы президиумның зеседаниесінде доклад беру обиазан. Соған цифровый данныйларды готовить ету керек. Сол туралы справке, сведениелер полный болып, отчет берген кезде чтобы тчботч шығуы тиіс. А то неудобно. Еще вот в чем дел: Занятие кезінде айтуға бола ма, жоқ па? Если письменной доклад беру тура келсе, осы бастан есте болсын. Формальный қылып жаз да копиясын конселарияда сақтайтын қыл. Пока, до свидания! деді де шығып кетті». Мұнда Аманғали білсе де, білмесе де орыс тілін араластырып сөйлеуді үлкен мәртебе санайтын, сөйтіп, ана тілін шұбарлайтын тіл бұзарларды келемеж етіп отыр. Автор бұдан кейін өз пкірін дәлелдей түсу үшін «мұның сөзін естіп, өткен бір жиындағы бір шешенннің сөзі есіме түсті», дейді де, тағы бір сорақылықты баяндап кетеді. Автордың бұл фельетонының пікірлері В.И.Лениннің 1920 жылы жазған «Орыс тілін тазарту туралы»57 51 «Жас қазақ» журналы, №1, 1923ж. 52 «Еңбекші қазақ» газеті, 30 май, 1924 ж. 53 Бұл да сонда, 6 июнь, 1924ж. 54 Бұл да сонда, 10 март, 1925ж. 55 Бұл да сонда, 23 февраль, 1925ж. 56 Бұл да сонда, 12 май, 1925ж. 57 В.И.Ленин, Шығармалар, 30-том, 292-б.
мақаласының идеясымен үндес. Ол мұны Лениннің сол мақаласын оқып жазған деуге болады. А. Сегізбаев фельетондары 1925-30 жылдар арасында, тіпті жиі көрінді. Бұл тұста ол әйел теңдігін аяққа басушылар жөнінде «Ақ бата»58, «Жаманқұл ауылнай»59, мәдени өсуімізге ілесе алмай, керітартпалыққа салынушылар жөнінде «Димак маданиттан қаша»60, совет саудасын бұрмалаушылар жөнінде «Бәдри-Бәдри-БәдриБәдри»61, «Қызылорда жалдаптары»62 т.б. фельетондар жазады. Аманғали «Ақ бата» атты фельетон әңгімесінде қызды малша саудалау, оларды алып сатып, жалдаптық істеу сияқты тағылық қылықты әшкерелейді. Фельетон әңгіме мынадай оқиғаға құрылған. Ақтас деген өзінің қызы Рахимаға кішкене күнінен-ақ ақ бата айтысып, «әумин» десіп бір жермен құда түсіп қояды. Қалыңын да, қарға бауын да жеп алады. Бір жылы Ақтас отағасы жекжат аулап арқаға барады. Сол жақта Үнгіттің төрт мың қойлы белгілі бір байы Нұрмағамбеттің баласы Қыпшақбайға да Рахиманы бермек болып, сөз береді. Одан 900 сом алып, бір ат мініп қайтады. Ақаң қызын ол жақта саудалап жүргенде, туысқаны, болыс Кірбас Рахиманы сыртынан өз еліндегі Ыбырай деген біреуге сатып жібереді. Одан ақсақалдығым деп 150, қалыңмалым деп 1070 сом алады. Рахима Ыбырайға бармай қояды. Бірақ Ыбырай Ермұқан деген кісімен келіп, үйдің терезесін қиратып, қызды суырып әкетеді. Арқадан көп адам ертіп Қыпшақбай күйеу де келіп жетеді. Ол Рахиманың орнын сипап қалады. Арада дау туады, іс заңға түседі. Қызды зорлап алып қашқанды 58 «Еңбекші қазақ», 18 март, 1927ж. 59 Бұл да сонда, 13 май, 1927ж. 60 «Лениншіл жас» газеті, 4 июнь, 1928ж. 61 «Еңбекші қазақ» газеті, 5 февраль, 1928ж. 62 Бұл да сонда, 19 январь, 1928ж.
түрмеге отырғызады, Рахима үйіне қайтарылады. Үш соғып биге шықпақ болған Ақаң күпісін арқалап, абақтыдағы құдаларының қасынан барып орын тебеді. Қыпшақбай күйеу қайын атасының артынан жіберіледі. Бұл фельетон әңгіме кезінде бүкіл республикаға тарады. Ұзақ уақыт шу болды. «Еңбекші қазақ» газеті, «Ақ батаның аяғы» деп фельетон қорытындысын жариялады63. «Әйел теңдігі» журналы да арнаулы заң бөлімін ашып, «Қалың мал соты...», «Ақ батаның аяғы» деген заголовоктармен сот мәжілісінің отчетын берді64. А.Сегізбаев «Жаманқұл ауылнай» атты фельетонында да әйел теңдігін тепсеушілерді, жас қызды қорлаушыларды, оларды қолдаушы ауылнайларды әшкереледі. Жүсіп Қыстаубайлы Балшікен деген қызды әйелдікке алып қашады. Артынан 40 ауылдың кеңсе ағасы Қосқұлақ ұлы Жаманқұлдан оның жасы 18-де деп куәлік толтырады да, ЗАГС-ке тіркетпек болады. Ондағылар Балшікеннің жасын сұрап комиссиясына анықтатқанда, қыз 13-14 жаста ғана болып шығады. Автор жас Балшікенді 18-де деп жалған анықтама берген безбүйрек, арсыз ауылнай Жаманқұлды ашына әшкерелейді. «13 жасында зорлық көріп, адамшылығына дақ түскен Балшікен қарындастың қазақшылықтың құрбаны болып, жас жаншылған арына кім жазалы... Бүркіт ілген аққудай, рақымсыз қара күшті қомағай нәпсісін тояттатып жас нәрестенің нәзік жүрегіне мұз сепкен адамға бүкіл әлем қара жамылып, нәлет оқымас па?!» – деп аяқтайды ол фельетонын. Аманғалидың бұл фельетондарындағы бір байқалатын ерекшелік автордың терең сезіммен, күйін отырып, Рахима мен Балшікеннің қайғысына өз басынан өткергендей, солардың көрген қиянатын өзі көргендей 63 «Еңбекші қазақ» газеті, 1927, 13 апрель. 64 «Әйел теңдігі» журналы, 1927, 4-5 номер.
боп жазуында. Автор әлгі бейшара жандарды соншалықты аяп жазды, сол аянышын айқын аңғартып, өзінің соларға деген жанашырлық сезімі жеткізерліктей сөздерді тауып пайдаланады. Сол нәрлі де әсерлі сөздері арқылы Балшікен мен Рахиманың көрген қиянатына оқушының да зығырданын қайнатып, жауыздарға олардың өшпенділігін оятып отырады. Жаңағы келтірілген цитатаны қараңыздаршы! Автор қандай сезіммен, қандай өкініш-күйінішпен жазған. Аманғилдың «Димак маданиаттан қана» аты фельетонының негізінде мынадай факті жатыр: «Лениншіл жас» газетіне Қазақстан Орталық жаңа әліппе комитетінен бір қағаз келген. Оның басына дардай етіп: «Лениншіл жас» журналының басқармасына», деп жазыпты. Одан әрі былай депті: «Осы қатынас қағаз арқылы Қазақстан аймақтық Лениншіл жастар атқару комитеті бюросының 69-номерлі қаулысы мен ағарту комиссариатының 10-номерлі қаулысын жіберіп, журнал бетінде жариялауды сұрайды». Аманғали бұл қатынастан жаңа әліппе комитетіндегілердің газет бетіне қарамайтындығын көре қойып, оларды өте сенімді фактілермен мазақтап тастаған. Біріншіден, дейді автор, біз өткен жылдың сентябрь айынан бері журнал емес, газет болып шығып келеміз. Мұны пионерлер де біледі. Тек әлгілер «Лениншіл жасты» әлі журнал деп жүріпті. Бұл олардың газет оқымайтынын бір дәлелдейді. Екіншіден, айтып отырған қаулылары бұдан көп уақыт бұрын жарияланып кеткен. Мұны білмеуі олардың газет оқымайтындығын екі дәлелдейді.. Үшіншіден, бізде «Аймақтық лениншіл жастар атқару комитетінің бюросы» емес, «Өлкелік комсомолдар комитетінің бюросы» деп аталады. Мұнан хаабрсыз болуы олардың газет оқымайтынын үш дәлелдейді.
Осыны айтады да, фельетонист былай деп жазады: «22 жылы ма, әлде 23 жылы ма, Қазақстан орталығы Орынбордан Ақмешітке көшпек болғанда татар бауырларымыздың бір газеті «Қазақстан жұмқұрияты Орынбордан Ақмешітке көшимыш, димак маданиаттан қаша» деп кекетіп еді. Сол татар ағайындардың айтқанын жаңағы газет оқымайтындарға айтуға тура келеді. «Димак бізның абзыйлар маданиаттан қаша». Автор мұнда интеллигенттерімізді оқуға, ізденуге, білімге ұмтылуға, жаңа заманға лайық жандар болуға шақырған. А.Сегізбаев бір фельетонында совет саудасы тәртібін бұрмалаушылықты, тұтынушыларға мәдениетті қызмет көрсетудің орнына, оларды балағаттап қорлауды әшкереледі. Мұны ол ерекше бір әдіспен жүзеге асырды. «Бір күні көйлек-көншек алайын деп әдейі елден келген «»М.Ү.» жолдас Қазторгтың тауар дүкеніне кіріпті... Лық толы адамның үстінен шығып, бір талай әңгімеге кездесіпті. Бұл жерде сол кісіні сөйлетіп көрейік», дейді де, автор ары қарай сол тұтынушының сөзі, айтқаны етіп жазады. Ол былай әңгімелейді: – Қызылордадағы Қазторг дүкеніне кіріп барсам, у-шу екен. Тыңдап тұрсам: – Бәдри, Бәдри! деген дауыс. Ананың аузында да, мынаның аузында да созып-сзоып айтып жүрген бір-бір «бәдри», бәрінің аузында бір-бір жапырақ «бәдри» кетіп барады. – Бұл не қылған көп «Бәдри?» Әлде бір жаңа шыққан әннің, күйдің аты ма екен... деп те ойлап қалдым... Анықтай келсем, бір приказщиктің «қасиетті» аты екен». Бұдан кейін «М.Ү.» Бәдри атын жұрт осылай қасиеттегенмен, оның өзінің қасиетсіз екенін, дөрекі, боқауыздығын айтады. Фельетон соңында автор: «Бәдридің үлгісі» өзгеше үлгі көрінеді. Мұндай үлгінің
қара тиынға керегі жоқ», деп мансұқ етеді. Бәдри бұл фельетонға «Жөнеу сөз жөнсіз» деп қарсы дау жазды. Өзіне қойылған кінәні жоққа шығарды. «Жөнеу» деген бір жолдас менің атымды жұрттың бәріне бір-бір жапырақтан үлестіріп беріпті. Жөнеудің менен аяған кекесіні қалмапты. Жөнеу жолдас-ау, дәлелсіз сөзбен мені неге жаман атты қыласың? деп өкпе айтты. «Еңбекші қазақ» газеті Бәдридің бұл хаты мен Аманғалидың оған қайтарған «Бәдри босқа дызалақтайды» деген жауабын бірге жариялады65. Онда фельетонист: Айнаның қарсы алдына маймыл барып, Айнада өз суретін көре салып, «Мынауың кім өзі, нағыз пері ғой», – деп маймыл өзінің суретінен ат-тонын ала қашыпты.. Жоғарғы жауапты жазып отыған Бәдри де сол маймылшылап жүр-ау деймін», деп оны жығылғанның үстіне жұдырықтап тастады. Аманғали фельетондарынан екі ерекшелікті айқын аңғаруға болады. Бірінші ерекшелік оның фельетондарында күлкі бола бермейді. Оларды күліп отырып емес, ауыр отырып, бойыңды ашу ыза керней отырып оқисың. Өйткені, ол кемшілікті, дертті, күлкіге айналдырып, юмормен сынамайды, әшкерелеуші сарказммен сынайды. Қабақ шытып, қату отырып сынайды. Күлкі шақыратын емес, оқушысын ашындыратын, ыза, кек сезімін тудыратын тіл, стиль қолданады. Екінші ерекшелігі олар, көбінесе, әңгіме түрінде келеді. Оқиға белгілі бір жүйемен баяндалып беріледі. Фельетон аяғы (концовка) көбіне сюжетпен шешіледі. Бірақ, автор оқиғаны, фактіні құрғақ, солғын баяндамайды, оған фельетондық тон, зіл беріп, көркем тілмен көмкере 65 «Лениншіл жас» журналы, 1925, 7-номер, 21-б.
баяндайды. Сатира отымен нұрландырып, желдіртіп, желпіндіріп, сезімге әсер етер шабытпен баяндайды. Осыдан оның әңгімелеуі фельетон дәрежесіне көтеріліп жатады. ЕРҒАЛИ АЛДОҢҒАРОВ Е.Алдоңғаров 1900 жылы мартта Торғайдағы Қабырға өзенінің жағасын мекендеуші етікші семьясында туды. Әкесі Баймағамбет еті тірі, еңбекшіл, өнер-сүйгш адам болған. Ұзақ мал соңында сарылып, бел шешуге мұршасы келмейтін қойшы-қолаңдардың ел орынға отыра бас қосатын жері осы Баймағамбет үйі екен. Олар: – Бәке, көңіл көтерілсін, азырақ ән салсаңызшы! – деп, қызыл талдан шапқан кішкентай домбырасына оның қоңыр үнін қостырып ұзақ тыңдасады. 1906 жылы Баймағамбет, байлар мен барларға қызмет істеп жасығанша, қала төңірегін мекендейін, балаларымды оқытайын», – деп, Тройцк қаласына жақын жердегі, қазіргі Қостанай обылсының Шұбартеңіз Қарабалық ауданының ІІ ауылына келіп қоныс тебеді. Баймағамбеттің інісі, сауатты Ержан молда жалдауға шамасы болмағандықтан, өз баласы Ескендір мен інісі Ерғалиды өзі оқытады. 1910 жылы ол екеуін Тройцкідегі алты жылдық орыс мектебіне аттандырады. 1916 жылы Ерғали мұны «өте жақсы» бағамен тауысады. Орыс тілін игеріп, білімнің дәмін татқан оның ары қарай оқығысы келеді. 1917 жылдың күзінде Челябідегі реалдық училищеге түседі. Онда зерек, ұғымтал бала жақсы оқумен бірге, қазақ жастарының арасындағы көптеген қоғамдық істердің ұйытқысы болады. «Балапан» атты қабырға газетін шығарып, қазіргі Қазақ ССР халық
артисі Серке Қожамқұлов бастаған драма үйірмесін ұйымдастырады. Халыққа түсінікті, қысқа комедиялар мен Бейімбеттің «Бетім-ау, құдағи ғой!», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесаларын көрсетеді. Ерғали жаз айларында Совет өкіметінің саясатын насихаттау үшін өз ауылы Шұбартеңізге барып тұрады. Жастарға сана оятып, көз ашатын оқу екенін түсіндіреді. Оларды сол кездегі Қырым, Қазан, Тройцкіде шығатын «Уақыт», «Тәржиман», «Жұлдыз», «Қазақ» газеттерімен таныстырады. Е.Алдоңғаров революция жылдарында жастар жұмысына белсене араласып, ауылдарда комсомол топтарын ұйымдастыруға қатынасады. Көптеген кедей балаларын одаққа қабылдап олардың әр түрлі саяси науқандарға қатысуына басшылық етеді. 1918 жылдың аяғынан 1920 жылға дейін ол Орынбордағы қазақ интернатының директоры болады. Онда жарлы балаларының көбірек оқып, тәрбиеленуіне ерекше назар аударады. Қостанай, Шұбартеңіз төңірегінен жүзден астам жетімді әкеліп орналастырады. 1921 жылы «Түркістан мен Қазақстан жастары бірігіп бір газет шығарсын» деген шешім қабылданады. Өлкелік комсомол ұйымы Ерғалиды жастар газетін шығару үшін Ташкенттке жібереді. Ол содан тапжылмай, беріле істеді. Талантты журналистің осы тұстағы еңбегі жұртшылық былай бағалады: «Ерғали жүрегі таза, мансапқа жоқ жігіттердің бірі. Ол тек қызметті біледі, істі ғана сүйеді. Солардың ішінде баспасөз жұмысын сүйеді. Бұған беті-қолы, аузы-мұрыны баспахананың қара бояуына боялып, көк түтінге оранып, баспа жұмыскерлері арасында газет, журнал жұмысында жүргені дәлел»66 . Е.Алдоңғаров қазақ еңбекшілерінің санасын оятуда, 66 «Лениншіл жас» журналы, 1925, 7-номер, 21-б.
қоғамдық дамуды тездетуде тек түтін, қара бояу ішінде шығып жатқан баспасөздің ролі зор екенін жете ұғынды. Сондықтан осы салада денсаулығын жойғанша қызмет істеді. Ол жастар газет, журналын шығарумен ғана қанағаттанбай, жас қазақ совет әдебиетінің іргетасын да қаласты. «Тамшы», «Шұбартеңіз баласы», «Сарытай» деген бүркеншік аттармен көптеген әңгіме, очерк, фельетон, мақалалар жазды. Оларын кезінде жұртшылық жылы қабылдап, жоғары бағалады. «Лениншіл жас» журналы өзінің еңбекші жастар үшін істеген екі жылдық жұмысын қорытындылағанда, жастар әдебиеті мен баспасөзінің негізін салған Аманғли Сегізбаев, Әуеш Қошмағамбетов, Ибат Игенұлы, Бейсенбай Кенжебаев сияқты журналистердің еңбегіне жеке-жеке тоқталды. Сонда Ерғалидың бұл саладағы үлесін айта келіп, былай деп жазды: «Жас әдебиетті оқып жүрген жас Ерғалиды біледі. Өйткені, Ерғали жастар әдебиетін туғызу жолында көрнекті еңбек сіңірушілерден. Ерғали төңкерістен кейінгі 5-6 жылын әдебиет арқылы жастарды тәрбиелеу жолында төккізген адам... Ерғали жас әдебиетіміздің азғана өмірінде көп еңбек сіңірген еңбек батыыры»67. Бұл ел игілігі, жастар болашағы үшін еткен талант еңбегіне берілген зор да әділ баға еді, жеке бір журналдың емес, жалпы жұрттың бағасы еді. Оның еңбегі туралы мұндай жылы лебізді баспасөзден ғана емес, ел аузынан да естуге болады. «Ерғали, дейді қазақ сахнасының шебері Серке Қожамқұлов, жедел журналист болумен бірге, тілі жатық жазушы да, өз тобын аузына қарататын әнші де еді. Қазақ халқының бір мың әнін жинап, нотаға түсірген Затаевичпен жақсы дос болды. Оның қазақ әндерін жиюына көмектесті. Композиторды ел ішіндегі әнші-күйшілермен таныстырып, көптеген әндерді бірге 67 Бұл да сонда.
жинасты. Өзі алпысқа жуық әнді айтып, нотаға түсіртті». Журналист жазушының ағасы Ескендір Алдоңғаров пен қайын атасы Баттал Байұзақов мынаны айтады: «Ерғали орта бойлы, дөңгелек аққұба жүзді, тостағандай қара көзді, ауыр мінезді, сезімтал еді. Оның газет журналдағы шығармасын көргенде ауыл жастары: «мынау біздің ауылдың қара көзінің жазғаны ғой», деп қуанысып қалатын. Ерғали өз іс-тіршілігінен үнемі күнделік жүргізетін. Кейініректе Орал туралы повесть жазып, аяқтап қалған еді». Баспасөз айналасындағы тынымсыз да қиын жұмыс Ерғалиды ерте ауруға шалдықтырады. Тиісті орындар емделсе, сауығар деген ниетпен 1928 жылдың көктемінде оны санаторийге жібереді. Бірақ күн санап асқынған өкпе аурына ем қонбай, 1930 жылы 28 майда ол қайтыс болады. Сүйегі Тройцкі қаласына жерленді, басына ескерткіш орнатылды. Профессор Б.Кенжебаев журналист жазушының творчестволық қызметін, ол қозғаған тақырыптарды былай сипаттайды: «Жиырмасыншы жылдары өзі шығарып тұрған газет, журналдарда болсын, басқа партия, совет баспасөздерінде болсын, Ерғалидың мақала, очерктері үнемі шығып тұрды. Оларда Ерғали түрлі саяси, шаруашылық, мәдениет мәселелерін қозғайтын, әдебиетті, жастардың мінез-қылығы, міндеті, іс-әрекеті туралы сөз ететін осының бәрін ол партиялық жөнмен, жастарды коммунизм рухында тәрбиелеу тұрғысынан баяндайтын. Ерғали мақала, очерктермен қатар фельетон, көркем әңгімелер де жазатын. Оның әңгіме, фельеотондары да көбінше жастар, пионерлер туралы, солардың тәлімтәрбиесі, мінез-қылығы, іс-әрекеті, міндеті туралы болып келетін»68. 68 Б.Кенжебаев, Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті, А.,
Бұл пікрдің дұрыстығын Ерғали мұрасының өзі де растайды. Ол «Қүл, жыла», «Зипагүл», «Тыныстағы студент», «Күн де осы», «Ашуланып кірсе де, күліп шықты» деген сықақтарының бәрінде де жастар бойындағы жат мінез-құлық, ұнамсыз іс-әрекеттерді дітке алады. Мысалы, «Күнде осы»69 фельетон әңгімесінде ел бозбалаларының түн қатып, итке таланып, жұрт шулатып қыз үйіне кіру сияқты ескіден қалған пасықтық әдетіне шүйіледі. Сүмеңдеп жүріп олардың бір-бірімен тоқайласып қалатынын, қызды сыртынан иемденіп, өзара таласып, қызылтұмсық болатын келістіре әжуалайды, «бұл ауыл жастарының үйреншікті ауруы, істейтіні күнде осы», деп қынжылады. «Күл, жыла»70 фельетонында жастар арасында жұмыс жүргізуге барған комсомол өкілдерінің білімсіздігін, тілге шорқақтығын, ойын түсіндіре алмай халыққа күлкі болатынын сынға алды. Осыны автор жастардың сұрауы, өкілдің жауабы түрінде қызықты етіп береді. Ауылға барған өкіл сөйлер алдында өзін «инструктормын» деп таныстырады. Отырғандардың бірі: – Инструктормын дейсіз бе? Сол өзі не деген мағына? деп жабыса кетеді. Өкіл жауап береді: – Инструктор міне мен сияқты адам болады. Район қол астын аралап, кезіп, ауыл ішіндегі түсінбеген халықтарға, өздерің сияқты ячейкеге келіп, не істеуін білмеген жігіттерге үкіметтің, мысалы Кирцик, совнаркомдардың декреттерін түсіндіреді. – Тұра тұр, тұра тұр, терсек дейсің бе, текрек дейсің бе? деп өкілді тағы біреу тоқтатады. –Кирцик, декрет деймін. Қалай сендерге жалпақ тілмен түсіндірсем екен. Мәселен исполкомдердің істейтін 1961, 53-б. 69 «Жас қазақ» журналы, 1923, 23-номер. 70 «Жас қазақ» журналы, 1923, 23-номер.
жұмыстарын көрсетіп қағаз, циркулярды шығаратын ҚССР-дың кіндік ордасы. Жазылған қағаздың өзін декрет дейді, – деп, өкіл түсіндірген болады. Бірақ тағы орысша, ұғымсыз сөздер қолданылып, жаңа сұрақты тууына негіз беріп қояды. Біреу енді: – Айтыңызшы, бір қағазды серкелер, қысыр дейтіні қалай? – деп шыға келеді. Осылай өкіл бір сөзден кейін екінші сөзден ұсталып, ойын түсіндіре алмай, рәсуа болады. Мұнда автор Кирцикті терсек, декретті текрек, циркулярды серкелер, КССР-ді қысыр деп теріс ұғатындарды кінәлап отырған жоқ, өресі төмен елдің ортасына барып әлгідей сөз, терминдерді сол қалпында, «бітеудей» пайдаланып, жаңағыдай түсінбестіктердің тууына өзі себепші болатын өкілдерді келмеждеген. Оларға тіл шұбарламай, орысшаламай жүре алмаймыз деп кейіген. Мейлің күл, мейлің жыла, таза сөйлеп, жеңіл тілмен ұғындыратын қасиеттен айырылып жүрсіңдер деген. Е.Алдоңғаровтың сықақ жазуда өзі сүйген әдістәсілдері бар. Ол үнемі проза мен әңгіме түрінде жазады. Фельетондары сюжетке, кейіпкерлерінің қимыл-әрекетіне құрылады. Жағымды кейіпкерлер енгізіліп, сықақталатын сабаздарды соларға әшкерелетіп отырады. Тоқыраған тоғышарларға жаңа заманның жаңа сипатты адамдарын қарсы қояды. Екеуін шендестіріп, жарыстырып келіп, жұртты ескінің көзіне күлдіреді, жаңаның өкіліне сүйіндіреді. Мысалы, «Зипагүл»71 әңгімесінде автор кертартпа, кердең Хасен мен жалындап тұрған жаңашыл Зипагүл образын қатар алып жүреді. Екі орта, екі пиғылдың өкілдерін екі түрлі әдіс-стильде сипаттайды. «Хасен тұйық, томырық, ешбір жанмен қатынасы жоқ, томсырайған бір 71 “Қызыл Қазақстан” журналы, 1923, 19-21-номер, 147-150-бб.
жан... Семірген борсық құсап жылы ұясынан тыққан тұмсығын көтермей, маңында болып жатқан оқиға өзгерістерге селт етпестен жата береді». «Оқыған милы бас қой» деп жұрт оны тұтынушылар одағына сайламақ болады. Хасен басын бауырына тығып алып көнбейді. Жұрт оны «тірі аруақ» деп кекетіп сыйлаудан қалады. Ал «Зипагүл ашық жүзді, болғанынша өткір, сөзге шешен, жұмысқа тіпті ерінбейтін қадірлі қыз», «Әйелден мұндай білгіш шығады дегенді кім ойлаған» деп жұрт таң қалады. Ол жансызға жан, санасызға сана бітіреді. Халыққа қызмет қылуға кежегесі кейін кетіп тұратын Хасенді де «тірілтеді». Оның да қағылмаған шаңын қалдырмайды. Сөйтіп, автор жұрт алдында Хасенді күлкі етсе, Зипагүлді паш етеді. Кімдерден жиреніп, кімдердей болу қажеттігін көрсетеді. Журналист жазушы өз туындыларында сықақтық уыт, күлкіні тілдік құралдар арқылы береді. Мысалы, Хасенді інінен шықпайтын семіз борсыққа, Зипагүлді оның төбесінен төнген зеңбірекке теңеп күлдіреді. Хасеннің басын «оқыған бас, милы бас», өзін «тірі өлік», «тірі аруақ» деген кекесінді сипаттаулары арқылы пікірін өткірлейді. Жоғарыда талданған «Күл, жыла» фельетонының да күлкісі мен қуаты тілде, сөз қолданыста екені белгілі. Әңгіме түрінде жазылатындықтан Ерғали фельетондарында табиғат суреттері мол. Олары шыншыл да сырлы, әдемі де келісті болып келеді. Мысалы, әлгіде аталған «Күн де осы» фельетонында пасықтық әдеттен арыла алмағандардың жігітшілікке аттанып бара жатқан сәтін былай сурттейді: «Түн. Қараңғы. Төбеде жымыңдаған жұлдыздар, біресе көрінеді, біресе батады. Әр жерде шошайған қазақтың жер үйлері. Ретсіз салынған қоралардың сыртында тесіктен тасталған малдың боқтықтары. Жұрт жатқан». Міне, мұнда табиғаттың түнгі көрінісі, қазақ
ауылының сол кездегі сиқы тап басып түсірілген. Бұл беллетристикалық, суреттеу фельетонның әңгімелік белгілерін айқындап, көркемдігін көтерген. Ерғали фельетондарына тағы бір тән ерекшелік – мейлінше ықшамдылық. Ол көп жайларды тәптішеп, ежіктеп баяндамай, нобай тұспалмен, логикамен аңғартып кетіп отырады. Осы жағынан ол А.П.Чехов, Б.Майлин стиліндегі жазушы. Сөйтіп, Е.Алдоңғаров сатираны жастар өміріндегі жарамсыз, жат нәрселерді сынап, жоюдың құралы етіп пайдаланған. Ескіліктің жаны сірі сұрқиялықтарын сол арқылы әшкерелеп отырған. Қазақ совет сатирасын қалыптастыруға өзіндік үлес қосқан. ЖИЕНҒАЛИ ТІЛЕПБЕРГЕНОВ Ж.Тілепбергенов баспасөзге 1925 жылдың аяғында араласты. Содан 1933 жылға дейін, өле-өлгенше осы жұмыста жүрді. «Кедей» (Ақтөбе), «Бостандық туы» (Петропавл), «Сыр бойы» (Қызылорда), «Социалистік майдан» (Темір ауданы) газеттерінде қызмет істеді. «Еңбекші қазақ», «Ауыл тілі», «Жұмысшы» газеттері мен «Жаршы», «Балға» журналдарына қатысты. Осы уақыт ішінде жазушы, журналист қана емес, фельетонист ретінде де танылды. Ол фельетондарында «Жиенғали», «Ж», «Ж.Т», «Жете» деп қол қоятын. 1928-29 жылдарда «Еңбекші қазақ» газетінде Жиенғалидың 20-ға тарта фельетондары жарияланған. Олардың тақырыбы әр алуан. «Ақсақалдар актысы; «Қырдың қызықтары» деген фельетондарында әйел мәселесіне теріс көзқарастарды сынаған. «50 ХІІ-?», «Советский атқамінер», «Қырдағы қылықтар»
атты фельетондарында қосшы басшылары мен кеңес ағаларының істегі берекесіздігін, теріс қылығы мен шылығын сынайды. «Бөрінің бөлтірігінде» кешегі бай, манап, би балаларының совет өкіметіне жаулық әрекеттерін, зиянкестік істерін көрсетеді. 1929 жылдың аяғында, «Еңбекші қазақ» Алматыға көшкен соң, Жиенғали Қызылорда округтік «Сыр бойы» газетіне ауысады. Осында бір жарым жылдай істейді. Көптеген мақалалары мен оннан аса фелетьондарын жариялайды. Жазушы бұл фельетондарында да сол күндердегі саяси, шаруашылық, мәдени тіршілігіміздегі орын алған кемшіліктерді ашып, кінәлі адамдарды сынға алады. «Су төресі» фельетонында аудандық су шаруашылығы мекемесіндегілердің колхоздарды сумен қамтамасыз ете алмай, олардың бұл жөніндегі тілек-талап, шағымына төрешілдікпен қарап отырғанын жазады. «Бес күйеу» фельетонында жалғыз қызын бәріңе де берем деп, бес кісіден қалыңмал жеген арсыз әкені әшкерелейді. «Құдандалы арыздарда» колхоз жауларының айлалы әрекеттерін, өсек-өтірігін ашады. Ал «түлкі толғақ» фельетоны құлқын құлдарын, қоғам мүлкіне тиіп кетсе, жеп кететін тамақсауларды көрсетуге арналады. Сөйтіп, Жиенғали – өз тұсында фельетондарымен әлеуметтік тіршілігімізге батыл араласып, әр мәселеге дәуір талабы тұрғысынан үн қосып, пікір айтып отырған. Оның фельетондары кезінде еңбекшілерге партия нұсқауын, партия саясатын түсіндіріп, оны жүзеге асыруға үлкен қолқабыс етті. Ж.Тілепбергеновтың көп фельетондары бүгінге дейін маңызын, сыншылдық күшін жоймаған. Қазіргі жемқорлар мен төрешілдер, жалақорлар мен басбұзарлар, ескішілдіктің шашбауын көтерушілер оларды оқыса, өздерін көріп, сезік алып, бой тартып, сақтанады.
Жиенғали фельетондарында әсер аларлық, есте сақталарлық жақсы-жақсы сөз үлгілері бар. «Өзі хат біледі, заң-законды жат біледі», «Маңдайы күнге күймеген, табаны жерге тимеген, базарында астығы бар, үйінде жұмсақ жастығы бар, керіліп, таранып, аппақ қудай болып отырған «бастығы бар» деген сияқты жырдай төгілген әуезді жолдар кездеседі. Оның фельетондарында пікір, идея ойлы да образды тілмен баяндалады. Ахметов Ауламберген деген бір көк ешкі сойып, ауыл белсенділерінің аузын алып, ауылнай болыпты. Осы фактіні автор «Көп сиырдың көкесі – көк ешкі» деген фельетонында былай береді: «1929 жылдың январының басында Шиелі ауданы 12 ауылда көк соққыр көк ешкі «Құдайдың құдіретімен» бақырып-бақырып бір ауылнай тауыпты. Сол ауылдағы... ақсақалдар шілдеханасында болып аузын үріп, аяғын сыпырып аяқтандырып алыпты. Азан шақырған «Ахметов Ауламберген ауылнай» деп ат қойыпты. Міне, осында халықтың салт-санасын, тұрмыстіршілігін бейнелейтін, оның өзіне етене қаншама сөздер бар. Ол сөздер автор ойын, фактіні, оқушыға әсерлі, бейнелі етіп жеткізген. Жиенғали фельетондарының жұртқа мағлұмат берерлік, танытқыштық та мәні бар. Автор фактіні, оқиғаны баяндарда соған қатысы бар бір тарихи жайларды келтіре, олардың туу, айтылу себептерін аша отырады. Мысалы, бір фельетонын мынадай әңгімеден бастайды. «Баяғыда, қазақтың аңқау кезінде, қаазқ ішіне мектеп құрып қайтқан бір ноғай молда өз еліне барғанда: «Әй, туған, бізлер нелер көрмедік! Ат боғына ас пісіріп ішкенді де көрдік, түйлерден түйелер туғаны да көрдік, – деп мақтанған екен». Осыдан кейін автор «сол айтпақшы» деп, өз көргендерін баяндап кетеді. Міне, мұндай аңыздарды біліп алу,
үйреніп алу, керегінде қажетіне жаратып, пайдалана қою жастарға керек-ақ. Оның фельетондарынан оқушы «ілгері басқанның иті оттайды», «Құс төресі - қу, жер төресі - су» деген сықылды мақал-мәтелдерді де естіп, біледі. Жастар Жиенғалидан фельетон жазудың кейбір тиімді, әсерлі әдіс-тәсілдерін де таба алады. Бір байқалатын жайт: ол жазғанда үнемі оқушысымен сөйлесіп отырады. Мысалы, «Су төресі» фельетонында: «Қызыққа батып, су төресімен таныс болғыңыз келсе, аяқ-шанақ қатынас жасағыңыз келсе, тыңдай қойыңыз, мен айта қояйын», – дейді оқушыға. «Қырдағы қылықтар» фельетонында фактілерді айтып-айтып келеді де, оқушыға қарап: «Сағынсаңыз, Сарыарқаның сайраны да, ойраны да осы. Қырдың қылығы да, шылығы да осы», –дейді. Бірде ол оқушыға сұрау қойып, ой салып, оның назарын аудара отырады. Ойландыра беріп, жауабын өзі жазып кетеді. Бұл да фельетонның әсер ету, ықпал жасау күшін арттыра түседі. Ж.Тілепбергенов те кезінде Ілиясқа көп еліктеген, одан ой, идея ауысып отырған. Оның «Советский атқамінері» Ілиястың «Төрешілдің түрлері» фельетонының ықпалымен жазылған. Мұны оның өзі де аңғарта кетеді. «Атқамінерлілікті түр-түрге, жілік-жілік қылып бөліп беруге менің онша шеберлігім жоқ. Оны төрешілдің түрін бөліп үйреніп жүрген Таңқыбайға қалдырдым», дейді әлгі фельетонының басында. Өзі атқамінерлердің белгілерін Ілиясша санап, Ілиясша сипаттайды. Жиенғали фельетондары кемшіліксіз де емес. Олардың шұбалаңқы, сылбыр, сүреңсіз шыққандары да бар. Кейбіреуінде автор көп фактілікке ұрынған. Сын нысанасы етіліп бірнеше обьекті алынған. Сатиралық образ жасамай, оқиғаға сурет бермей, құрғақ баяндау да баршылық.
ЕКІНШІ БӨЛІМ 2 – ТАРАУ ҰЛЫ ЖАЗУШЫНЫҢ ТЫҢ ҚЫРЫ МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ ӘЖУА-МЫСҚЫЛЫ Өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің шетсіз, шексіз панорамасын жасаған, заманымыздың кең құлашты, алып эпик жазушысы М.Әуезов сатира, юморға да үйір болған, қоңсы қонған. Әдебиетіміздің бұл түрі төңірегінде үш салада орамды да орнықты ойлар қалдырған. Сөз өнері сұңғыласының биылғы бір ғасырлық мерейтойына орай сол ойлары жөнінде аздаған пікір айтуды лазым көрдік. МҰХТАР САТИРА ТУРАЛЫ Сөз зергері күлкі, сықақ туралы толғамды тұжырымдарын отызға жетпей жатып, сонау 1925 жылыақ алға тартқан. Оның бағыттас, қаламдас досы Жүсіпбек Аймауытов сол жылы «Қазақтың тұңғыш тәжірибесі», «Тұңғыш нәрестесі» сатиралық «Шаншар» журналын жарыққа әкелді. Ол бұл жаңалықты жаны жадырай қарсы алды. «Таң журналының 3-нөмірінде «Шаншар»
журналы атты мақала-шолуын жариялап, оны қазақтың өнер-білім жағынан сәл ілгері баса бастаған тұсында мезгілімен алдымен күлкі-сықақ журналының жай журналдан ерекшелігін ескертті. Оның ойынша, жалпы баспаөз оқушының ой мен сезімін күлкісіз, салқын түспен отырып тәрбиелейді. Ал күлкі журналы оқырмандарының ой-өрісін жетілдіріп, сезімін ұстартуда өзгеше әдіске иек артады, «тәуір сөздің тұздығын» қолданады. «Күле отырып, біле отыр дейді, ойнап отырып, ойлай отыр», дейді. Автордың бұл айтып отырғандары сықақ журналдарының ғана ерекшелігі емес, жалпы сатира, юмордың ерекшелігі. Ары қарай ол бұл ойын тереңдетіп, сатиралық материалдарға қойылар талаптарды талдайды. Мұхаңның айтуынша, сатира, юмор ой-пікірді аз сөзбен, емеуірінмен, нобай-тұспалмен, күлкімен білдіру керек». Ұзын сонар, өрісті әңгімеде қырғын күлкі бола қоймайды. «Күлкі тез шығып, тез басылатын, қылт етпе, иек артпаны іздейді». Күлкі, сықақтың бұл қасиетін жаузшы лирикалық сезімнің көрініс табуына ұқсатады. Бір күрсіну, бір өксу, қабақтың бір ғана шытылуы сияқты болып, тез көрініп, тез басылатын лирика-сыршылдық та мәлім жайларды ұзақ қиырламай, жүрек күйін тақылдатып, бақайшағына дейін шақпай, ым қағып қана тоқтатса, ерекше дәмді, аса сәтті болады. Күлкі –сықақ та сондай. Яғни сатира, юмор өте қысқалықты, ылдым-жылдымдықты қажет етеді. Бұдан кейін «Шаншар» шолушысы күлкі төркініне үңілдіреді. «Сөздің сырт пішіні күлкілі болғанына қанағаттанбай», – дейді ол, – нағыз күлкіні алу керек. Нағыз күлкі сөзде емес, күлкі қылатын халде болады. Күлкі сөздің шатасынан тумайды, сырт пішіні дарақы, оспадарлау келген сөзден шын күлкі шықпайды. Онымен бірен-саранды болмаса, көпті күлдіре алмайсың. Құр сөздің өрескелдігімен күлкі тудырамын деу қате». Демек,
сатира айнасына бұралқы сөздің күлкісін емес, өмірдегі қайшылықтың, үйлеспеліктің күлкісін түсіру қажет. Әр халықтың сатира, юморының өзіндік ерекшелігі, табиғаты болады. Мұхаң мұны да ескерткен. Өзіміздің қазақ пішінді күлкісі, қазақша мысқылы, қазақша сайқымазағы болуын талап еткен. Ол халқымыздың әр кезеңіндегі өз тіршілік тынысын сездірсін, қоғамдықәлеуметтік тұрмысындағы өзіне тән кемшін-міннің көрінісі болсын. Оының бәрі қазақтың ұлттық «киімімен», ою-өрнегімен, өнер айшығымен берілсін. Әрі оның сөз етері, алға тартары кездейсоқ нәрселер емес, ұлт өмірінде жиі кезесетін, көп жерде, көп адамның, басында болатын типті кемшіліктер болсын деді. Сатира туралы осындай ойлар айтқан жазушы «ел тірлігіндегі кейбір сорақылық, өрескелдікті күлкі етіп жазу «асыл өнер, ардақты өнер» деп білген. Сондықтан да ол Дәрменнің аузына кешегі Құнанбайдың Қодар қанын қалай төккенін «ызалы кекпен жырласам» деген сөздер салады. Оспанның жесірі мен мал-мүлкіне талас төңірегінде Тәкежан ауылында, Мәніке мен Қаражан тарапынан неше түрлі өсектер тарап жатқанын естігенде Павлов «надан, сорақы, тұрпайы» жайт екен. «Мынау қатындарды жазуға әбден болады. Бірақ оларды жазғанда, әрине, Базаралы сияқты ерді жазғандай емес, жиреніп, әжуалап жазу керек. Күлкі ғып масқаралап жазу керек» деп тепсіндіреді. «Ох! Сіздердің топтарыңызға ең керек жазушы бір ғана адам дер едім. Ол Салтыков-Щедрин. Қандай керек! Щедрин қазір осы сіздер үшін қаншалықты қымбат, қажет үлгілер берер еді» (Екінші кітап, 241-242 беттер) дегізеді. Мұнда Мұқаң өз пікірін әлгі кейіпкерлерінің аузымен айтып отыр. Бұл оның сатираны дертке қарсы күрес құралы етуге үндегені, сахара өміріндегі былық пен шылықты шыңғырта әшкерелеу қажет, ол үшін қазақтың
өз Салтыков-Щедриндері болуы керек дегені еді. Бұл ниет, пікірін ол өз шығармашылық өнерінде жүзеге шебер асырды. МҰҚАҢ МЫСҚЫЛ МАЙТАЛМАНЫ Дархан талант иесі сатира, юмор хақында тұжырымдар түйіп, ақыл айтумен ғана шектелген жоқ. Бұл саланың мол мүмкінлшігілін, өрнек-айшығын, күлкі кестесін реті келгенде өзі де шебер қолданды, қажетке жаратудың үлгісін көрсетті. Бүгінде сатира, юмор әдебиеттің төртінші тегі (ред – Т.Қ.) делініп жүр. Бірақ оның кез келген көрінісін әдебиеттегі деп тануға болмайды. Оны құрайтын шығармаларға қойылатын өзіндік талаптар бар. Біріншіден, олардың мазмұн желісі тұтастай комикалық ситуацияларға құрылуы қажет. Екіншіден, бүкіл сюжет-оқиғасындағы басты іс-әрекет етушілер жағымсыз кейіпкерлер болуға тиіс. Үшіншіден, олар бастан-аяқ сатиралық, юморлық тіл, стильмен жазылуы шарт. Екінші бір орайда сатира, юмор әдебиеттегі ретінде емес, белгілі бір болмыс-құбылысты, жеке бір жайттардысуреттеп берудің әдіс-тәсілі ғана деп танылады. Бұл мағынада ол эпостық, лирикалық, драмалық шығармалардың бәрінде де қолданыла береді. Осы ретте оны өз шығармаларында пайдаланатын қаламгер кемде кем деуге болады. М.Әуезов те әлгі аталған бірінші мағынада, яғни әдебиеттің тегін құрайтын таза сатиралық шығармалар жазбаған, бірақ өзінің эпостық, драмалық шығармаларнда жеке бір елес-көрініс, болмыс-құбылыс, бейне образдарды сатиралық, юморлық әдіс-тәсілмен суреттеп, баяндап
отырған. Әсіресе, ол талас-тартыс, шайнас-шайқасқа толы тасбауырлардың, пысық, ынсапсыз дүниеқоңыздардың, қараниет, қаныпезерлердің, парықсыз, парасатсыздардың жағымсыз бейнелерін жасауда, іс-әрекет, сөз пікірін бағалауда жиі-жиі сатиралық, юморлық әдіс-тәсілдерге иек артқан. Эпопеяда көптеген кейіп бар. Бұлар іс-әрекет үстінде де, ішіп-жеп отырып та неше алуан көңілді, келісті, әзілді, ащы-әшкереулші әңгімелер айтып, қағытпа сөз, пікірлерін ортаға салады. Солардың не соңында, не алдында жазушы: «Кішкене молдаға қарап, көзі күлімдеп, аз мысқыл әзіл тастады», «Ерболдың бұл сөзі де күлдірді. Ербол әзілін Абайға қадады», «сыртынан мысқылдап жүруді өзіне енді машық қылып келе жатқан», «соңғы сөздері анық ащы мысқылдың шеберлеп айтқан нақысын танытты», «талай күлдіргі, мәз-мереке, желік-мақтан сөздер ала кетті» («Абай жолы», бірінші, екінші кітаптар, А., «Жазушы» баспасы, 1989, 336, 521, 541-беттер, бұдан былай келтірінді сөздер осы басылымнан алынып, кітап нөмірі, беті ғана көрсетіліп отырады) деген сияқты ескертулер жасап отырады. Кейбір кейіпкерлерін «әрі күлдіргі мысқылшыл, тілі бар» деп мінездейді. Балқыбек қонысындағы съезде Байкөкше жай көкше еместігін көрсетіп, болыстарды сойып салады. Оған олар ренжиді. Абай ақынды қорғап, бұл ел сөзін, ел пікірін айтып отыр деп арашалайды. Сонда Тәкежан «...қай ел осыған удай ащы сөзді айт» деп тапсырды дейсің, өзіне құдай берген қыршаңқылар десеңші (сонда, 527-бет) деп қыржияды. Сатира, юмор демократиялық қару. Оны әркім-ақ өз қарсыласына қарсы қоюға құқықты. Осыны ескерген автор Шұбар, Майбасар, Тәкежан ауыздарына да талай-талай жымысқы мысқыл сөздер салған. Әлемді тәнті еткен толымды туындысында дархан дарын иесі сатира, юморды алуан айшықта, неше қилы ниетте құбылтып-құбылтып, жаңғыртып, желпіндіріп
пайдаланған. Бұл ретте оның ең шебер, ең әсерлі, ең күлкілі көрінген тұсы Жұман туралы беттерде. Жұман көкмылжың, сөз парқын білмейтін адам. Абай ауылының қазаны оттан түскенін, түстігінің піскенін аңдып жүретін, түтіні тыйылысымен, «Әссәләмәләкүм» деп жетіп келетін тамақсау, сұғанақ адам. Оны қоғамдық-әлеуметтік әңгімелер ешбір қызықтырмайды. Халық қамы, ел жайы, жер жайы туралы сөз ете бастасаң, ұйқысы келеді. Тойып ішер тамақ, ұртты, мұртты майлай асар қазы-қарта, жалжая жөнінде сөз қозғасаң, ұйқысы ашылып, бәйгеге қосылар жүйріктей елеңдеп сала береді. Ел оны Жұман қырт деп атап кеткен. Бір қыста түстен кейін күн бұзылып, ақтүтек боран соғады. Жұмекең терезеден далаға қарап, қасына бәйбішесін шақырып алып, «уәй, қатын, бағана күн ашықта түзге отырып алғаным ақыл болған, ә?» депті. Оның қырттығы осындай сөздерден көрінеді. Бір күні қазан оттан түсер мезетте Жұман Абай үйіне сап ете қалады. Ақын айналасындағы жастармен өнер, дін, шындық төңірегінде пікір алысып отырған. Бұл әңгіме Жұмекеңнің жанына жайлы тимейді де, ол қор етіп ұйықтап кетеді. Оқта-текте селк етіп оянып, қайнап жатқан қазанға көз қиығын тастайды. Абай әлі сөйлеп жатады. «Бұл не қылған піспейтін тамақ», «бұл неткен бітпейтін әңгіме» деп тыжырынып, қайта қор етіп жүріп кетеді. Мезгіл болғанда, «тамақ пісті, қазан оттан түсті» деген жақсылық хабар шығады. Жұман басын жастықтан жұлып ап, қынынан үлкен сары пышағын суырып, табақтың тартылуын жұтына күтіп отырады да, өзінің мынадай реніш-өкпесін айтады: «Осы қазақ иттің не оттайтынын білмеймін. «Жұман қырт», «Жұман қырт» деп маған ат қойып, айдар тағып алды. Соңымнан бір қалсашы! Егер көп сөйлейтін кісі қырт болса, кещелер дүйім елді жиып алып, күні бойы Құнекең (Құнанбайды айтады – Т.Қ.)
жалғыз өзі сөйлеуші еді. Бүгін мынау Абай да тап бір ет асым жапа-жалғыз өзі сөйледі. Көп сөйлеген қырт болса, анық қырт осылар емес пе? Менде осы не ақысы бар «қырт» деп қыр соңымнан қалмайтын» (Екінші кітап, 27бет.). Мұны естігенде «ха-ха-халай» барып құлап қалған Абай әлін жия бере «Уәй, ақсақал, қырт атану үшін көп сөйлеп әуреленудің қажеті жоқ. «Қатын т...ып алғаным мақұл болған екен» деген сөз де жетеді» дейді. Үй-іші ду күледі. Тағы бірде үстіне кіріп келген Базаралыға Жұмекең түс көргендей: «Уәй, осы сен көпті көрдің ғой. Сонау тұрған Доғалаңның тас биігін көремісің, сол осы сенің ойыңша неше пұт келеді, осыны бір айтып берші!» дейді. Базаралы оған «өзіңіз болмасаңыз, біз оны қайдан білейік» деп көпшік қояды. Сонда сабазың: «Мен білсем, көз таразы, көңіл қазы ғой, дәл сол Доғалаңның биігі бес мың пұт болар» деп-ақ жібереді. (Екінші кітап, 288-б.). мұны естіген жұрт тағы қирай күледі. Осылайша сөз зергері Жұман қырт бейнесін әрі оның сөзі, пікірі, әрі іс-қылығы арқылы, ара-тұра портреттік, психологиялық детальдар қолданумен мүлде сорлатып, күлкілі етіп шығарған. Енді бірде Абайлар түнделетіп Семейге келіп, Дәмежанның үйіне түседі. Аулада бір жайдақ сары арба тұр екен. Абай соған үңіле қараса, онда «екі кісі қатар жатыр екен. Шалқадан жатқан қалпында екі қазақтың да сақалдары күйектей боп, ерекше көзге түсті. Біреуінікі бұйралау мол болғанда, екіншісінікі жайылма, ұзын сақал. Жатқандар жас емес, шау тартқан кісілер. Екі сақал да бір реңдес, бурыл екен... Бұл екеуінің аяқ жағында көлденең жатқан тағы біреу ыңыранып айналып түсті. Оның ажары жастау, бірақ мұның да мол, тығыз біткен ұзын, қоңыр сақалы бар» (екінші кітап, 295-б.). Мұнда жылы юмор қонақтардың жатысын, сақал сипаттарын күлкілі етіп
елестету ниетімен қолданылған. Осы комикалық көріністі көріп, үйге кіріп жайғасқан соң Абай Дәмежанға мынадай қалжың айтады:Үйлерінде қонақ жоқ, оңаша шығар дем ем. Жаңағы арбаның үстіне тиеп қойған сақалдарың немене? Бұл қап-қап сақал жиып, базарға сатқалы отырсыңдар ма?..Сақалдарын тамашалаймын деп, өздерін танымай да қалдым. Сенің қолыңа мұндай молшылық қайдан түсті, Дәмежан? Қайдан келген қандай сақалдар бұлар? (сонда, 296б.). мұндағы астарлы мағыналы, юморлы сықақты сөз, тіркестер сақалдар сыры жөніндені Абай пікірін бейнелі, қуақы, әсерлі етіп жеткізу үшін пайдаланылған. Мұхаң келесі күні әлгі бұйра, жайылма, ұзын, бурыл сақалдардың кім екенін таныстырғанда, тағы да сатиралық тәсілді таңдаған. «Олар Абайдың туыстары болып шықты. Біреуі Ырғызбайдың белгілі қырты Жұман, екіншісі дәл сондай аталас жақын Өсер ауылынікі, бақырауық Мақа болатын. Бұлардың атқосшысы есебінде жүрген Жұманның үлкен баласы қоңыр бұйра сақалды, боз көзді Мұхаметжан Жұманның көп ұлдары түсі-түгі жағынан ғана өзіне ұқсас емес, көп сөзді, сусылдаған мылжыңдық жағынан да дәл өзіне тартқан-ды. Сондықтан, жұрт мұның баллаларының аттарын өзгертіп: «Құнанқырт», «Дөненқырт», «Бестіқырт» десетін. Мұхаметжан сол Бестіқырттың өзі (сонда, 297 бет.).Бұл ретте автор сатиралық анықтама мен ащы атауды жарымсыз жандарды мінездеу, ішкі парасатын аңғарту мақсатымен кәдеге жаратқан. Тағы бірде қалам жүйрігі қазақтың сол тұстары қисық төс, надан, «малқор, бықсыма, айлашыл, бұқпантай» байшыгештерінің бірінің бейнесін былай сүмірейте суреттеген: «Бір магазинде Абай керей тымағын киген, түйе жүн шекпені бар сондай бір байшыгешті байқады. Қасындағы екі жігітіне көне күміс белдігін, қамшысын
ұстатып қойыпты. Өзі үлкен тері шалбарын шешіп, шалбарланып алған бешпентінің терең қалтасынан кір ормалын алды. Соған орап, түйіп тастаған ақшасын суырып жатыр, «бысмылда», «Имам Ағзам саудасы» дей түседі.Мықшыңдай бүкшіңдеп кассаға төлейтін ақшасын шабандап шығарып жатыр. Бұл қартаң, сырдаң байдың қасына екі жігіті ғана емес, тағы да керей тымақ киген төрт-бес кісі оралды. Орта жасты қалашылар жаңағы байды сыртынан танып, сәлем беріп тақап еді. Бурыл сақал бай шалбарының, ала жіп бауын шұбатып, дәл бір дәретке отырғалы жүрген кісідей магазин ішінде талтаңдап, бүкшеңдей берді. Жаңағылардың сәлемін алмай, күңкілдеп наразы болып, сырт айналып барады» (екінші кітап, 337-б.). Мұнда да ащы сатира арқылы автор әрі сараң байдың ішкі дүниеқоңыз психологиясын аңғартқан, әрі тері шалбарының тереңіне сүңгітіп жіберген ақшасын дүкен ішінде, ел көзінше ала алмай пұшайман болған сөлекет жүріс-әрекетін еткен. Жалпы, эпопея авторы сатираны ұнамсыз кейіпкерлердің, берекесіз бейнесін (образын) жасау, әсіресе, сыртқы түр-түсін (портретін) суреттеу мақсатымен жиі қолданған. Бірер мысал: «Үлкен көк көздері қылилау келген. Бет-аузын қалың бұйра сары сақал басқан. Шүйдесі қып-қызыл екі қатпар боп тұратын. Мұны қазақ атаулы өз атымен атамай, өзге майырлар сияқты, сырт белгілерімен атайтын. Жалғыз-ақ, бұрынғы майырларды бір-ақ белгімен «сұлу Майыр», «семіз Майыр» деп, немесе бетінің секпіліне қарап, «тарғақ Майыр» десе, мынаның сыртқы түсі, түгі талай ат атауға өз-өзінен сұранып тұрушы еді. Сондықтан, мұның атын неше саққа мінгізіп кеп, бірде «Шапыраш Майыр», бірде «күндес Майыр», «бірде піскен бас Майыр» деп те атасатын» (Бірінші кітап, 80-бет.). Бұл–Қарқаралының аға сұлтаны Құанбайдың
орынбасары болып істейтін майордың сықпыты. «Шетінен іркілдеген семіз, зор келетін Мотыш руының ішіндегі денесі де жуан, ісі де жуан, қырыс-қыңыр бір болыс осы» (сонда, 526-б.) Бұл жуан бел Молдабай болыстың бет-әлпеті. «Қасқа тілмәш Құнанбай мен Майырға кезек жалтақтайды. Жүгінген бойында құнысып, қозғалақтай берді. Бір жағынан, орысша тілі жеткілікті болмаса, екінші жағынан, екі ұлықтың біріне бірі айтатын ащы сөзді тұптура жеткізуден әсіресе тайғақтайтын... кейде жер шұқып қап, кейде қымыңдап, қозғақ қағады». Құнанбай оның мұнысына ыза боп: «Ей, тілмәш, ін аузында отырған ақкөт торғай сияқты қылп-қылп еткеніңді қойшы осы!» деді (сонда, 81-б.). Бұл Құнанбай мен Майыр тілмәші – Қасқаның сыр-сипаты. Енді мына бір сабаздың түр-түсімен танысыңыздар! «Сарманов бітік көзді, тылтиған аласа бойлы, бөтегесі жаңа шығып келе жатқандай семізше жігіт. Өзі секектеп жүреді. Маңдай шашын кірпінің түгіндей тікірейте қайырған советник Сарманов өте ынталы чиновник болудың үстіне, аса қатал, шолақ-шолтырақ адам боп шықты» (екінші кітап, 385-б.). Мысқыл майталманы, жоғарыда өзі айтқандай, күлкілі жайтты жеке сөздерден іздемей, көбіне қыңыр-қисық халден, ақылға қонбас, орынсыз іс-әрекеттен іздейді. Мысалы, Ералы жазығындағы сайлау кезінде болыс, шабарман, қу старшындар ұлықтар жататын ақ үйлерді қаздай қатарлап тізеді де, кедейлердің қараша лашықтарын ас пісіретін үй, жазаланғандарды қамайтын үй, «ұлықтар дәретке отыратын үй» деп аулаққа тіккізіп қояды. Кедейкепшіктің, ауру кемпір-шалы, кем-кетік, ақсақ-тоқсақ бала-шағасы шоқпытына оранып далада қалады (сонда, 389-б.). Мұқаң осыдан комизм көреді, күлкілі жайтты осы басбұзарлықтан, осы ақымақтықтан табады. Енді бірде Оспан Смағұлдың қызыл құлжасына
қызығып, ала қашады. Абай оны иесіне қайтармақ болғанда, тентек іні «алғам жоқ» деп танып, құлжаны қымыз құюлы шелекке тастап жібереді. Мұны байқап қалған Смағұл тап беріп шелекке жетеді. Осыдан кейінгі оның қимыл-әрекетін сөз шебері сатиралық, юморлық әдіс-тәсілмен былай суреттеген: «Ол білегін сыбана беріп, кір-кір қолын қолтығына шейін бойлата қымыздың ішіне салып жібереді. Жеңі де малынып, бірге жүзіп жүр. Қымыздың ішін салдырлатып сүзіп жатыр. Абай енді Смағұлдың ақымақтығына ыза боп, Оспанды қоя беріп, ананы тартайын деп еді, Оспан дәл осы кезде... қымыз бетіне үңіліп тұрған Смағұлды желкесінен түйіп-түйіп қалып, қымыздың, ішіне бет аузы мен құлағына шейін батырып жіберді. Өзі және сақылдап кеп күле бастады. Смағұл құлжаны таба алмай, аузы-мұрнына қымыз кетіп, шашалып, ықылық атып, тағы бақыра тұрды. Барынша күйіп қайнаған қалпында Оспанға жұдырық ала ұмтыла берді» (І кітап, 71-б.). Бұл тұста да қаламгер кейіпкерлерін комикалық ситуацияға тап келтіріп, солардың балалық іс-қимылынан, оғаш та оспадар қимыл-әрекетінен, Смағұлдың басындағы күлкілі халден сатира, юмор тудырған. «Шын палуан алып та жығады, шалып та жығады» дегендей, сатира қаруын қолданудың әрқилы әдістерін еркін игерген сөз серкесі кейде бір кейіпкерін екінші кейіпкерінің ішкі ойымен, өзінше түйіп отырған пікірімен әшкерелетеді. Омбыдан келген Чернов, шенеуніктің құлқын құлдығына, не ұсынсаң, бәрін ала беретін парақорлығына көзі жеткен Алшынбай: «Күзден бері осыны бір қанды қақпан көріп жүр ем. Тілеуің бергір, құлқын осынікі екен ғой. Көзді жұмып қылғи беретіннің өзі осы боп шықты. Тіпті, талғар да, таңдар да емес. Ылғи қызыл бер деп тағы керілмейді, қыл-қыбырды қоса жұтқызсаң да, е-е дер емес» (сонда, 166-б), деп түйеді.
Осы сияқты «имек тұмсық, ала көзді, ұрты суалған, қара сақал» бір халфе Алматыда ауырып жатқан Әбіш қасынан ауыз үйге шығып, кебісін киіп жатып: «бәрәкәллә, бәрәкәллә» дей береді. Оның бұл сөзіне ыза болған Өтегелді шығып кеткен Халфенің артынан қарап тұрып: «Арам құстың тұмсығы сияқты имиген тұмсығыңды бұзып жіберер ме еді! Қызылға ұшқан ақбас күшіген сияқтанған қу құзғын! «Бәрекелде, бәрекелдесі» несі? «Ауырған жақсы», «Әлсірегенің жақсы» дегені ме иттің? Енді қайтып келместей тірсегін қырқар ма еді, деп оны іштей сыбап тұрады» (Екінші кітап, 437-бет.). Мысқыл майталманы бірқилы кейіпкерлерінің кім екенін, не сұмдыққа бейім, нендей арандатушылыққа икемді екенін шегініске барып, ол туралы басқа бір кейіпкерінің айтқаны, әңгімесі түрінде әйгілейді. Бір бас қосуда отырғандар Қалдыбай дегеннің қулық-сұмдығын еске алады. Әбіш Кәкітайдан ол туралы сұрайды. Сонда Кәкең екі көзі күлімдеп мынадай әңгімені айтып кетеді: Қалдыбай деген сыртына қарасаңыз, өте салмақты, аз сөйлейтін аса тыныш, момын адам сияқты. Соның аулында бір көршілес, есерлеу жігіт болса керек. Қалдыбай жігіттің өзіне байқатпай, оны әркімге ұрындырып, төбелестіре береді екен. Бір күні көрші ауылдың тағы бір соған ұқсаған және мықтымсыған жігіт келіп, Қалдыбай үйінен шай ішіп отырыпты. Сол кезде, анау ауылдағы жігіттің осы үйге тақап келе жатқан үні естіледі. Ол есікті ашып кіре бергенде, Қалдыбай екі жігітке естірте, бірақ қатынына айтқан боп, бір ауыз сөз тастайды: – Япыр-ай, осы екеуі қырбай деп еді. Қақтығысып қалмаса, игі еді! – дейді. Сонда үйде отырған желөкпелеу жігіт, анау кіргенде: –Әй, сен менің үстімнен неге кіресің? – дейді. Анау дүрсе қоя береді. – Е, сенің үстіңнен кірмей. Енеңді... дегенде Қалдыбай
іле жөнеліп: –Айттым ғой, бұл екеуі енді төбелеседі! – деп қалады. Сол-ақ екен, отырған жігіт: – Сен не дедің, атаңды... деп орнынан жұлқынып қозғала береді. Сонда Қалдыбай дастарханның бір шетін шапшаң жия беріп: – Ал, қатын, енді бұлар төбелесті! Пай-пай! Аяқтарының астында қаламыз-ау, ойбай! Шыны-аяғыңды жи, ал ұстасты! – дейді. Енді екі аусар жігіт, біріне-бірі тап беріседі. Жағаласып қалады. Сол кезде Қалыбай қатынына: – Бұның екеуі де дәсіген неме еді. Сен екеуімізге араша бермейді, былай тұр! Бері шық! –деп үйдің ішін төбелеске босатып береді. Аналар жұдырықтаса бастайды. Сонда Қалдыбай төсектің үстінде тапжылмай отырып: – Айттым ғой араша бермейді деп! Ойбай, қатын, жүгір! Сен барып Ұзынаяқ Мұсаны шақырып кел, сол айырсын! Менің дәрменім жоқ!–деп, отырып алады. Қатынын жұмсаған Ұзынаяқ Мұсаның үйі дәл жарты шақырым жерде. Әйел кетерде бұл айғайлап та қояды. – Келсін деп айт! Әйтпесе, ол келгенше, бұл екеуінің төбелесі басылмайды!– деп қалады. Сөйтеді де өзі тағы жым-жырт отыра береді. Екі жігіт әрі төбелеседі, бері төбелеседі. Айыратын кісі жоқ. Арашашы болмаған соң, өздігінен тоқтауды екеуі де намыс көреді. Жеңілгеннен тоқтады демей ме! Сонымен, сілесі қатқанша төбелеседі де, біраз уақыт тұрып-тұрып алып, тағы жұдырықтасады. Әбден титықтап болысады. Сол заманда, зорға дегенде Ұзынаяқ Мұса келсе, екеуінің бар қуаты бітіп, ырсылдап, тек қана құр сүлдері ұстасып тұр екен. Ұзынаяқ Мұса есіктен кірмей жатып, «араша»
деместен-ақ құлай-құлай кетісіпті деді. (Екінші кітап, 243-б.). Осы әңгіме арқылы Қалдыбайдың арамза, бірді-бірге атттастырмаса, шабыстырмаса басы ауыратын, адамдар арасын арандатқыш, өрекпе, парасатсыз әупбатырларды тасқаяқтай соғыстырғыш, от тастағыш қу екенін жылы юмормен жария еткен. Ана екі есерсоқтың ақымақтығы да ащы әжуаға ұшыраған. Жүйрік қалам иесі және бірде сатираны қарсы пікірлі кейіпкердің, бір-бірін тұқырту, сөзге жығу ниетімен айтылған тапқырлық қақтығыс, өнер жарысы түрінде тудырады. Мысалы, сібірдің саптама етігін киіп, шалжайған тұмағының арты арқасын, екі құлағы, екі иығын жауып Семей кітапханасына кіріп келе жатқан Абайды көріп, сонда отырған жылтыр жүзді шенеунік қасындағы қырмақас қатынына қарап, «Бұл не ғажап! Гоголь кітапханасына қашаннан бері түйелер жіберілетін болған?» – дейді. Мұны естіп қалған Абай «Чиновник мырза, мұнда түйе түгіл есек те отырыпты ғой» – деп оның үнін өшіреді. (Сонда, 16-б.). Көп ретте автор Абай араз адамдарын осылайша бетке айтылған ашық сатирамен әшкерелетіп отырады. Бірде Оразбай ақынға «Тағы да салдың ба өртіңді? Өрте! Өртеп қал!» деп соқтығысады. Сонда Абай оны: – Өрттің бәрі жаман дегенді саған кім айтты? Өрттің жаманы да бар, жақcысы да бар. Шіріген шеңгел, қуарған түп-түбір, кәрі тікенектерді әдейі өртейтін кез де болады. «Орнына жаңа көк шықсын», «анау жол берсін» деп өрт салады. Бар пәлені білгенде, соны білмей, не қара басты?– деп тұқыртады. «шіріген шеңгел», «кәрі тікенек» «қуарған қу түбірге» балап, өзін-өзі сияқты күні бітіп, талқаны таусылғандарды өртеу керек деп отырғанын түсінген Оразбай жым болады. Естігендер мәз болып, даурыға күледі (екінші кітап, 380 -б.).
Мұхаң өзі мінездеп, өзі сипаттап отырып та жағымсыз кейіпкерлердің сатиралық образын аңғартады. Әзімбай, Шұбарлар туралы былай жазады. Бұлар «сондай ұқсас, қанды ауыз, дәнікккен бөрілер. Алыстан аңдап алып, бас қосқанда анттасып, баталасып бірін-бірі қайрайды. Жауыздыққа, жаулыққа баталасады. Жазығы жоқ жақынды, жалғыз бен жалқыны жем етуге анттасады. Сол үшін өздеріндей бүліктен, бұзықтан көмек жияды. Біреуді еліктіріп алады, біреуді қорқытып ертеді. Тағы бірде Әбілдә тәрізді, амалсыз болса да, пәле тілеп сатылған биді «аттың сауыры», «түйенің өркешіне» арын айырбастатып, сатып алады» (екінші кітап, 413-б.). Адам жанының нағыз инженері тағы бірде кейіпкерін жарамсыз жан, нәрсіз адам екенін оған сөз беріп, біраз бөстіру арқылы ашады. Сонда кейіпкер едәуір көсіледі. Айтпағанын айттым, істемегенін істедім деп өтірік мақтанып өзін-өзі әшкерелейді. Әйел мен ер азаматтар арасындағы кейіс, сүйініш, өкпе-наз дегеннен хабарсыз, топас мінезді, доғал адам Манастың кім екені осы әдіспен аңғартылған. Ол қалада Абай мен Салтанатты оңаша отауда көріп, өзінше «бітті», «боп қалды» деп пасық қорытынды жасайды да, ауылға келіп, Ділдә келінінің үйіне қона жатып Абайды даттайды, ол онда бозбалалық қып жүр деп төндіреді. Қыза-қыза келіп былай деп соғады: «Мен Абайға кінә қойдым. Ыза болғанымнан қыз көзінше ұрсып та тастадым. Келін, сенің есеңді жібергем жоқ. Е-е, ұрыспай тұрайын ба? Ит ұяласынан қорықпайды, мен айтпай, кім айтады оған!Елде қатын-бала сені уайымдап, түн ұйқысын төрт бөліп, құдайына ақсарбасын айтады. Ішкен асы зәр болып отырғаны анау. Сен болсаң, Әлдеке қызының қойнында шалжиып жатқаның мынау»! дедім. Ашуым кеп кетті» (сонда, 429-б.). Кездеспеген, тілдеспеген, сыртынан ғана көрген Манастың аңыратуы, міне, осылай! Осымен-ақ оның бітім-пішімі, кім екені көз
алдымызда тұра қалады. Кең тынысты жазушы кейде өздерінің сөз сиқымен, нәрсіз, жағымсыз пікірмен бүтін бір топтың, өзінше орта құраған сабаздардың надандығын, өресіздігін өлтіре мысқылдайды, солардың ұжымдық бейнесін сомдайды. Эпопеяның «Қастықта» бөлімінде санақ жүргізетіндердің жетекшісі Әзімхан деген төре келіп, Оразбай ауылында жатады. Ол ертелі-кеш білгішсініп, әр жерден оқып алған әр қилы деректерді айтып отырады. Сонда Оразбай айналасы Елеу, Шұбар, Сәмен, Жиренше, Әзімбайлар аузын ашып, көзін жұмып таңдай қағады. Ол кіші жүз Ресейге бұдан 167 жыл бұрын, ұлы жүз 40 шамалы жыл бұрын қарады дегенде, тарихтан мағлұматсыз сабаздар біріне-бірі қостатып, «Бәрекелді, арғы атасы ақпатшамен келіскен, өзі мынау! Шынжыр балақ осы-дағы! Қайт дейсің, ерім-ақ-ау!» деп бас шұлғысады. Әзімхан жылы шыққан энциклопедиялық сөздіктен оқып алған қанша қазақтың қайда шашылып жүргенін айтқанда, әлгілердің бірі «қазақ не деген көп еді», «қайдан білген», «шіркін, білсең, осылай біл», «қазаққа ие болған, қамқор болған кісінің жиғаны ғой мынау» деп таңырқаса, екіншісі «бұндай білімді кімнен көрдік?», «қай қазақтың ділмары мен білгірі осындай қып бар қазақтың басын түгелдеп беріп еді, «мынау анықақ... ендігі қазаққа бас болғалы тұр екен», өзі де тектіден шыққан ғой», «бұның ойы тегі қазақтың бәрін санап алып, содан іргелі ел құрайын деп жүр екен» деп тамсанады. Бұларды түйе сөйлеген Оразбай мүлде ұзап соғады. «Не керек, шырағым Әзімхан, тек жолың болсын!... Төрт тарабың сай келген, ендігі қазақтың хан-төресі сен екенсің! «Ханым - сен, қарашаң - мен» десем дегендей кім өзің екенсің! Өзге қазақтың «білдім, болдым» дегенінің бәрі сенің, садағаң кетсін! деп таңдай қағады. Қыза-қыза «осында Абай білімді», «Абай білгір» деп құлағымды
сарсытушы еді. Енді бақсам, мына төренің қасында Абайың аңқау елге арамза молда боп жүр екен ғой» деп те жібереді (екінші кітап, 469-473беттер). Осында тобықтыдан арғыны білмейтін, мұрынының астындағыдан басқа көрмейтін, оқыған, тоқығаны жоқ, боскеуде, шектеулі надандардың кім екенін өз сөзпікірлерімен шебер әшкерелеген. Оқып отырып, олардың бейшаралығына, тайыздығына, жағымпаздығына күлесің, күңіренесің, «сахараның сабаздары-ай!» деп аяйсың. Айтпасқа лаж жоқ. Ондайлар болған, ғұмыр кешкен, сол деңгейде жүріп-ақ «мен, мен» дескен, мықтымсыған, күреске түскен. Сатиралық юморлық елес, суреттеулер эпопеяның әр тұсында-ақ шаң беріп отырады. Сармолда мен Соқыр қара, Самұрат мәзін, Самат, Шәріпжан халфе, кәрі ишан, басқа да діндарлар арасындағы шайқастар үстінде де от шашып, жарқыл беріп жатады. Осы тұста бір ескерте кетер жайт, өмірлік жеке болмыс, құбылыстарды сатиралық әжуа-мысқылмен көрсету қаламгердің бүкіл шығармашылық мұрасына тән тәсіл. Байқай қарасақ, оның 20 жасында жазған «Еңлік-Кебегінің» өзінде күні өткен ескінің қиянат-озбырлығын, одан кейінгі «Қорғансыздың күнінде» күштілердің әлсізге еткен зорлық-зомбылығын, «Ескіліктің көлеңкесінде» көненің шырмауында қалған жетесіздікті кекпен, ызамен әшкерелеу бар. «Қилы заман» повесінде феодалдық дәуірдегі ескі салт-сана, әдет-ғұрып сорақылықтары мен билеп-төстеушілердің басбұзарлығын, қиянат-қатыгездігін күлкіге жығып, мазақ ететін беттер баршылық. Осы сияқты «Бәйбіше-тоқал», «Түнгі сарын», «Тартыс», «Алма бағында» пьесаларында да жағымсыз жайттарды сынап-мінеу, кекетіп-мұқату қалмай ілесіп отырады. Жалпы, қорғансыздарға қиянат қылу, әлсіздердің басына әңгіртаяқ ойнату, озбырлық жасау, теріс әрекет
істеп, кесірлік көрсету – М.Әуезовтің тұрақты шүйілер тақырыбы, соларды әшкерелеп, күлкіге жығып отыру оның үйреншікті, жүйелі әдісі.
МҰХТАР – САТИРА ЗЕРТТЕУШІСІ М.Әуезов сатира, юмор төңірегінде өз түсініктерін түйіндеп, оны болмысқа эстетикалық қатынастың бір түрі (типі) ретінде өзі де қолданып қана қойған жоқ, оның тарихи өрісті, жекелеген өкілдерінің мұрасы, өз тұсындағы кейбір қаламгерлердің сатиралық лебі туралы да зерделі зерттеулер, шағын-шағын пікірлер қалдырды. Білгір әдебиетші «қазақ өзі күлдіргі, күлкісі мол, мысқыл, мазақшыл ел. Күлкі оған жат емес» деп білген. Сатира, юмордың отты ұшқындарын оның есте жоқ, ескі замандарда жасаған ауыз әдебиетінен көрген. Үйлену-салт, ғашықтық, батырлық жырларындағы, ертегі, аңыз әңгімелердегі халықтық күлкі, сықақты тап басып танып, талдап кеткен. Бірер ғана мысал. «Діндарлықты, сараңдық пен қараулықты, ақымақтық пен аярлықты әжуа ететін халықтық юмор Алдар Көсе жайындағы ертегілерде әсіресе, мол болып келеді... Оның «Шықбермес Шығайбайды» алдап, сайқымазақ етуі сараң, жеміт, сасық бай атаулыға арналған таптық, қоғамдық мысқылдың айқын үлгісі. Мұнда дүниеқоңыз шірік байдың сұм құлқынын, көзі тоймас озбырлығын көпшілік Алдардың іс-әрекеті арқылы өлтіре мазақ етеді... Халық санасын улап, ақыл-ой арбаушыларды, бақсы, балгерлерді, құшынаштарды да Алдар ащы күлкісімен масқаралап, ақымақ етіп кетеді. Оның юморының уыты, ащы күлкісінің өткір жүзі халықтың қас жауы болған элементтерге... қарсы бағытталған» («Уақыт және
әдебиет», А., 1962, 57-58 б.), деп жазды әдебиетші ғалым. Сол сияқты сатира, юмормен халықтың Қобыланды жырындағы Қараманның сараң да күншіл, болымсыз бейне екенін, «Ер Тарғында» жауын жеңіп берген Тарғынға опасыздық екі жүзділігін, «Айман-Шолпан» жырында Көтібардың ақымақтықтарын күлкі етіп, мазақ қылғанын зерделеді. Әдебиет білгірінің зерттеулерінен ерекше бөліп айтарымыз – оның Абай сатирасы жөніндегі байламбағамдары. Абыз ақынның өз заманында сындарлы сыншы, сұңғыла сықақшы болып қалыптасуының себебін ашып, төркінін танытқан, кемеңгер ойшыл сатирасының жазылу кезеңдерін, даму соқпақтарын, жанры мен түрін, сынау обьектілерін, идея-пафосын алғаш саралаған –Мұхтар Әуезов. Бұл туралы арнайы еңбегіміз жарияланғандықтан («Жұлдыз» журналы, 1995, №5,6), бүгін оған қайта тоқталып жатпаймыз. Абай зерттеушісі ұлы Жамбыл мұрасында да, әсіресе, айтыс, толғауларында ескіні, өткен өмірді іліп-шалған сын-сықақтың жиі кездесетінін айтқан. Ұлы Отан соғысы күндерінің бірінде Мұхаң А.Тоқмағамбетовке телефон соғыпты. «Асқар, сен оқыдың ба? «Комсомольская правдада» Баубек Бұлқышевтің «Мен өмір сүргім келеді» деген мақаласы шығыпты. Меніңше өте жақсы жазылыпты. Ол өзі сөйлемепті, жүрегі сөйлепті. Оның өзі бір өте талантты жігіт екен. Шіркін, соғыстан аман қайтса, жазушы болайын деп тұрған дарын екен. Сөз саптауы, ой-өрісі терең жатыр. Маған қатты ұнады. Көзіме жас алдым. Көңілімді босатты» («Қазақ әдебиеті» газеті, 26.11.1996) депті. Сәтті туынды жанашырының бұл жарияланым туралы саңлақ сатирикке телефон соғуының сыры бар. Баубектің әлгі шығармасы жай мақала емес, лирико-памфлет еді. Соғыс басталғанда мұндай қос қыртысты, күрелі дүниелерге Мұхаңның өзі де қалам тартқан.
«Алтын анам Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен іркер күшім жоқ... Біз қанішер Гитлер басына әліақ ажал оғын атамыз. Бекініп ұрған батыр ел бекерге білек сілтемес!» «Отан үшін» деген қасиетті ұранымыз майданда шабуыл ұраны болса, тылда екі жүз миллион еліміздің де ерлік сертінің де ұраны. Қарсы шығар қамал жоқ... қас қабірі қазулы. Жеңеміз де жоямыз. Пәле бастаған олар болса, жеңісті тойлайтын біз боламыз. Ер елдің екі болмас серті – осы» («Социалистік Қазақстан» газеті, 30.07.1941) деп нөсерлеткен. Үңіле қарасақ, бұл жолдарда фашизмге, гитлеризмге деген сатиралық кекті ыза, әшкерелеуші үн де, Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті аңғартар лирикалық сезім де бар. Баубектің «Менің өмір сүргім келеді», «Жауыздық пен махаббат» памфлеттері де осы стильмен жазылған-ды. Оларда да фашизмді сынау, мінездеу өте өткір етіліп беріледі де, оған қарсы ерлік күрес жүргізіп жатқан Совет халқы, оның бейтішілік саясаты сөз болғанда лирикалық интонацияға ауыса қояды. Сөйтіп, лирикалық және сатиралық сарын тоғысып барып аталған туындылар лирико-памфлетке айналған. Баубек туындысы осы ұқсастығымен, осы үндестігімен Мұхаң назарын аударған. «Басқа ақын, жазушылар шығармаларындағы сатиралық сарындар да зерек зерттеуші ілтипатына ие болған. «Әр жылдар ойлары» жинағында ол: «Ақындық тәжірибесінде мол пайдаланбаса да, фельетон, әзіл-әжуа түріне ауысып, ол кішкене; көркем жанрда өз өнерін өткірлеп, айқындап ашып келе жатқан С.Адамбековтың тілі де сүйсінерлік нәр танытты»,(337-б) – деп ағынан ақтарылған. «Уақыт және әдебиет» жинағында Ә.Әбішевтің «Бір семья» пьесасын талдап отырып, «Әлжаппарда жақсы мысқыл да бар. Өзіндік өзгешелегімен жасаған кейіпкерлеріне әзіл-мысқылды әдемі, қонымды, тиімді
етіп бере алады» (310-б.), – деп жазса, Ғабидендегі «... Қазақ адамдарының көңілді қалжың, терең сезім, толғаулы ой немесе талысқан қағажу сөздерге ұсталықтары оқушыны қатты сүйсіндіреді» (345-346-б), – деп жазды. Ә.Тәжібаевтың «Екі жаһан» пьесасында Гитлер бейнесін «құтырған ит», «адам өтін жейтін қорқау», «малғұн» деген сияқты ащы теңеу, эпитеттермен әшкерелегенін көрсетті (107б.). Сонымен, кезінде қаламдастары «Заманымыздың үлкен адамы» (Н.Тихонов), «Жарқын жан» (Е.Книпович), «Дархан дарын» (Олесь Гончар), «Жаны мырза адам» (Мехти Гусейн), «Қазақ өмірінің энциклопедиясы» (Қаныш Сәтбаев), «Көркем ойдың алыбы» (Х.Есенжанов), сөз жүйрігі (З.Қабдолов), «Ой мен адам қасиетінінің мектебі» (М.Қаратаев), «Ғалым-ақын» (Иосиф Брагинский), «Шыңға шақырушы» (Е.Исмаилов), «Адамаңыз» (Е.Лизунова) деп таныған Мұхтар Әуезов бізге сатира саласында осындай орамды ойлар мен зерделі зерттеулерді мұра еткен.
ҮШІНШІ БӨЛІМ 3ТАРАУ ТЕОРИЯЛЫҚ ТАНЫМДАР САТИРАДАҒЫ КӨРКЕМДІК ТӘСІЛДЕР Қазақтың бүгінгі сатирасы негізінен екі бағыт, екі тұрғыда бой көрсетіп жүр. Бірде ол ой-пікір, идеяны нобай-тұспалмен, емеуірінмен аңғартатын ишара сатира, енді бірде көңіліндегісін бүкпесіз, астарсыз тура айтар адуынды, ашық сатира ретінде көрінеді. Соңғы кезде осының алдыңғысы алға шыққан сияқты. Бұл дұрыс та. Өйткені, А.И.Герценнің айтуынша, ойды, пікір-идеяны бірден ақтарып, ашық айтып тастамай, жанамалай, басқаша айта отырып жеткізу, оның тура сырын, бір ұшығын көмейде қалдырып отыру оқушыға қатты әсер етеді, зілді, ықпалды болады. Онда толқыныстың, толғаныстың белгілері, шабыттылық жатады. Оқушы сол сырларға үңіле отырып, ойды лайықты сөздермен ашып, аяқтай алады. Ой-пікірді басқаша айтып, астарлай айтып жеткізудің әдіс-көріністері көп. Солардың бірі – ирониялық парадокс. Мұнда автор кері айтып, оңды талап етеді, теріс үгіттегендей болып отырып, осының қарсы, дұрыс мағынасын уағыздайды. Ирониялық парадоксті әр елдің-ақ бұрынғы-соңды
ақын-жазушылары пайдаланған. Россияда оны Козьма Прутков атынан жазғандар, Некрасов («Современная ода»), Салтыков-Щедрин («Завещание моим детям»), Маяковский («Гимн обеду», «Гимн взятке») жиі қолданған. Бұл тәсіл бізде де кең тараған. Мысалы, «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген мәтел осының айқын айғағы. Мұны қарғыс деуге, тура мағынасында қабылдауға болмайды. Оның айтпағы, талабы, үгіті – өзің біл, білмесең, білгеннің тілін ал! Ирониялық парадоксті қазақ сатириктері 30-жылдары жиі пайдаланды. Мысалы, Қадыр Тайшықов «Де» атты фельетонында кейбір қызметкерлердің әдетіне сіңген теріс қылықтарын сықақтады. Сонда «Неге сүйтесіңдер?!», «Олай етпеңдер!» демей, «Сүйтіңдер!», «Солай істеңдер!» деп кері айтып, кекете сықақтады. Ол былай жазды: «Егер шешен болам десең, сатып алсаң да, бір кішкене жиналыс тауып ал! Тайға мінген баладай мінбеге барып таштия қал! Сол қолың сүбеңде болсын, оң қолың төбеңде болсын! Егер белсенді болам десең, күні-түні карта ойнап, 15 күн арақ ішіп, 16-шы күні кеңсеге төбе көрсет! Осы сияқты Дүйсенбек Еркінбековтің мына жолдарын оқыңыз: «Ауырсаң, істейтін ем – ертеңмен қуырдақ же, түсте ет же, кешке сары май же! Шөлдесең, арақ іш! ... Бұта басын сындырып жұмыс істеме!..» Бүркемелі, ишара сатира жазудың ендігі бір әдісі оқиғаны өткен бір дәуірге, баяғы бір заманға, басқа бір ортаға апарып баяндау. Бұл да бұрыннан бар әдіс. Салтыков-Щедрин өз тұсындағы орыс болмысын «Бір қаланың тарихы», «Зұлұстар туралы әңгіме», «Египет туралы әңгіме» деген болып отырып берген. Бұл әдіске орыс классиктері ол тұста ой-пікірді цензурадан өткізу ниетімен, патшаға, патшалық құрылысқа ашық қарсы шығуға болмағандықтан барған.
Ал, қазір бұл басқаша айтудың, орағыта айтудың тиімді, әсерлі бір әдісі ретінде қолданылады. Отызыншы жылдары Талдықорғанның Көксуында қоғам, колхоз есебінен үлкен той жасаған бір бастықтың хикаясын Ілияс Жансүгіров: Туған күні болды ма, Әлде әдеті солай ма? Баяғыда бір аю Той қылыпты тоғайда, Ата ұлынан аңдарға Инабаты барларға Хабар қыпты маңайға, – деп оқиғаны баяғыға апарып баяндады. О.Әубәкіров осы бүгінгі ісіміздегі, өз ішіміздегі өтірік-өсекті, соның өсіп-өркендеуімізге келтірер кесапатын әшкерелеп, шындықтың оған қарсы күресін көрсететін бір сықақ жазды. Соны бүгінгі болмыс, қазіргі құбылыс демей, ертерекке апарып, ертегі ретінде берді. Оқиғаны: Баяғы өткен заманда, Дін менен жын аманда, Ақиқат деген жерінде, Әділет деген елінде Шындық деген кісі бопты, Дәл сол кезгі заманда, Дін менен жын аманда, Желбуаз деген жерінде, Жалған деген елінде Өтірік деген кісі бопты, деп өткен бір заманға, бөтен бір ортаға апарып әңгімеледі («Лениншіл жас», 5.11.1971). Сыпайы, сынық сықақтайтын жабық сатира
жазудың және бір әдісі –діттеп отырған, өмірде бар сын обьектісінің аты-жөнін өзгертіп басқаша атау. Сықақталатын «сабаздың» атын, фамилиясын ойната, құбылта атау сатиралық туындыға ерекше бір әсер береді, оқушының айызын қандырады. Өйткені, ол сатириктің кімді айтып, кімді нысанаға алып отырғанын біле қояды. Ж.Алтайбаевтың «Нақ-нақ!», С.Адамбековтің «Көзілдірік», Б.Қыдырбекұлының «Тұқырту», Ғ.Қабышевтің «Көзі тірі классиктер» деген сияқты сықақ әңгімелері осы тәсілмен жазылған. Ондағы кейіпкерлердің атынан, портретінен, мамандығынан, жүріс-жорық тағдырынан өмірде бар нақты бір адамдардың бейнесін көреміз, әлде біреулерге ұқсатамыз. Астарлы, тұспал сатира жазудың тағы бір әдісі мысалдау. Бір ескертетін нәрсе: мысал жазу бар да, мысалдау, мысал элементін пайдалана жазу бар. Жазғанымыз мысал болу үшін, М.Әуезовтің айтуынша, «оның жол өлшеулері өлеңге тән өзгешеліктей боп шумаққа да бөлінбейді. Әр кезде сөйлеп айтатын ауызша әңгіме, халықтық әңгіменің нақышы, ырғақты қара сөзіне бейім келеді. Қысқа қайырылған өте мазмұнды жауаптасу, қағысулар оқиғалы желіге құрылады». Демек, мысалда персонаж тілдесуге, қимыл-әрекетке, қақтығысқа барады. Соның, нәтижесінде ол сюжетті болады. Ш.Смаханұлының «Шіркейлер» дегенін оқып көрейік. Ай, күн барын, Жұлдыз барын білмейді, Сығырайған білте шамды «күн» дейді. Соған ғана Әулие деп төнеді. Соның ғана Төңірегінде өледі. («Ұр, тоқпағым, ұр». 9-б).
Міне, бұларда мысалға қойылатын әлгі басты талаптар жоқ, бірақ, оның бір белгісі – аллегориялау бар. Сондықтан, мұндай дүниелерді мысалдау, мысал элементтері қолданыла жазылған сықақ өлең соның сатиралық миниатюра түрі дейміз. Бүкпесіз, ашық сатира да алуан-алуан әдіспен көрініс табады. Ол көбіне автор атынан тура айтылады, обьект ашық әшкереленеді. Осының өзі екі түрлі тәсілмен беріледі. Бірде автор жағымсыз болмысқұбылысты суреттеп, картина жасап, оны оқушыға елестетіп сықақтайды. Кейде сатиралық кейіпкерді өз атынан суреттемей, тек сипаттайды. Бұл әдісті, әсіресе, А.Тоқмағамбетов көп қолданады. Оның «Масылбай», «Кейбір басшы жолдастар», «Айдосовтың айласы», «Сайдашевтың салақтығы», «Ауановтың намысқойлығы», «Есбергеновтің еркелігі», «Честное слово» деген сияқты көптеген сатиралық портреттік суреттемелерінде кейіпкерлер осылай сипатталады. Ашық сатира екінші бір ретте кейіпкердің монологы тұрғысында жазылады. Ондай монологтардың өзі екі түрлі сипат өзін-өзі әшкерелеу монологы және мақтан монологы болып келеді. Алғашқысында сатира обьектісі өз оңбағандығын, өз теріс іс-әрекетін өзі тура әшкерелейді. Мәселен, Т.Нұрмұхамедовтің «Маскүнемнің монологы», С.Кенжахметовтың «Бесқарынның монологы», «Мөрбасардың монологы», «Шап етпе шалағайлар» деген сияқты көп туындыларда кейіпкерлер осылайша «ағынан» жарылады. Әрине, өмірде ешкім өзін-өзі бұлай дүрелемейді. Бірақ, сатириктер кейіпкерлерді еріксіз солай сөйлетіп, солай әшкерелейді. Ал, мақтан монологында сатира обьектісі өзінде жоқ бір қадірлі қасиеттерді иемденіп, бөседі. А.Тоқмағамбетовтің «Вот и все» деген сықақ өлеңінде сөйлеп тұрған бюрократ:
Біреу маған «сен!» Десе болды, қуамын. Аузын бұрамын. Сынды әкелсе біреу, Менікі тек іреу... Жон терісін оямын да аламын, – деп, әбден жыртылады. Шындығында, оның өзі басқа, сөзі басқа. Әлгі айтып отырған қасиеттер оның бойында жоқ. Осы сөзімен өзіндегі үйлеспеушіліктен келіп комизм туады. Әлгі бөспе келемеж табады. С.Кенжахметовтің «Қомпылдақ мінбеде», «Қарағұс», С.Қалиевтің «Даурықпа» деген сияқты көп сықақтар осы мақтан монологы үлгісінде жазылған. Ашық сатира енді бірде пародияландыру тәсілімен жазылады. Мұндайда фольклорлық, не классикалық шығармалардың түр, құрылысы, стилі белгілі дәрежеде сақталып пайдаланылады. Бірақ, ол ескі формаға жаңа ой, басқа мазмұн салынады... мысалға Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін еске алыңыз да, Ж.Жақияновтың мына туындысын оқыңыз: Ереуіл атқа еш қалмай, Елеулі орын жағалап, Еңку-еңку ел шалмай, Етектей балақ жасатпай, Көшенің шаңын асатпай, Еш төсектен безінбей, Сүйір тұмсық шоқаймен Сумаңдап көше кезінбей, Қызбелді гитар өңгермей, Ес кеткенше ерінбей, «Балэ-балэ» тебінбей, Ақаңнан өзге ас болмай, Сәскеден ішіп мас болмай,
Тротуар жастанбай «Ерлердің» ісі бітер ме? («Лениншіл жас», 13.2.1971). Байқаңыздаршы, игілік жолындағы Махамбет ерлерінің істеуге тиісті жұмысы басқа, біздің сатира сарбаздарының тындырары басқа. Яғни екі туындыда да форма, үлгі бар. Ал, айтылған ой, пікір, мазмұн екі түрлі. Бұлайша жаңа ойлы классиктер формасымен беру, солар шығармасының соны мазмұнды екінші үлгісін туғызу, яғни пародияландыру әдісін пайдалану сатираға комикалық әсер береді, оны күлкілі, өткір етеді. Сондықтан да сықақшыларымыз соңғы кезде осы әдісті жиі қолдана бастады. С.Әлжіковтің «Не ұшты?» («Социалистік Қзақстан» 19.11.67), Ғ.Қабышевтың «Ыбыраймыз, Ыбыраймын...» («Мысықта неге сақал жоқ», жинақ, 1972ж.), Ә.Хасеновтің «Жиренше шешеннің толғаулары» («Лениншіл жас», 16.1.1971), А.Боранбаевтың «Мен, мен едім» («Мәдениет және тұрмыс», №9, 1970) сияқты көп сықақтарда осы пародияландыру әдісі пайдаланылған. Ашық сатираның кейбір үлгісінде бірнеше стиль, бірнеше стилдік құрылым жүре береді. Автор атынан суреттеу де, сипаттау да, кейіпкердің өзін-өзі әшкерелеуі де, мақтан монологы да, диалог та, пародияландыру да тоғыстырылады. Бұл да сатиралық туындының әсерін күшейтіп, үйірімді контрастар жасайды, күтпеген үйлесімдер туғызады. Ерекше айтатын бір нәрсе: ашық сатирада автор мен обьектінің бітіспес, келіспес адамдар бар екені, алдыңғысының соңғысын көргісі келмей, бойын ашу-ыза кернеп отырғаны айқын аңғарылып тұрады. Сықақшы кейіпкеріне тіке қарап, көзін шұқи сөйлейді. Сондықтан, ашық сатира адуынды, бетті болады. 1982ж.
САТИРАДАҒЫ ШЫНҒА БЕРГІСІЗ ӘСІРЕЛЕУ Әдебиетте «шынға ұқсас», «шындық сияқты» (правдоподобие) және «шындық» (правда) деген ұғымдар болады. Бұлардың біріншісі болмыс, құбылыстардың суреттелу сиқының өмірлік жөн-жосық, пішін-формаға жақын, сәйкестеніңкіреп келуі, екіншісі олардың суреттелу жайының реалистік өмір мәнімен дәл де үйлес шығуы. Сатиралық шығармаларда көркемдік суреттеудің бір әдісі ретінде осының алғашқысы жиі қолданылады, сатира факт, оқиғаны көбіне шындыққа жақындатып, шынға ұқсатып суреттейді. Өмірлік құбылыстарда өзіміз көріп-біліп жүргендей, тұрмыс-тіршіліктегідей етіп елестетеді. С.Адамбековтің «Атылған қыз туралы аңыз», С.Әлжіковтің «Мен кеттім су түбіне», У.Уайдиннің «Негатив» повестері тұтас дерлік әлгі шынға ұқсату, шындық сияқты етіп көрсету «правдоподобие» әдісімен жазылған. Мысалы, О.Иманәлиев повесіндегі жатыпатарлардың қоймай жүріп Жабайды директорлықтан түсіргені, оның орнынан Жорабектің дәмегөй болуы, бұл лауазымға жету үшін не қилы айла-шарғыға баруы, араға Аңғалбайды салуы, аупартком хатшысының былыққа былғанбай, мәселені партиялық принцип, қоғамдық мүдде тұрғысынан шешуі, совхоз директоры етіп Еңбек Ері, озат шопан Әбенді тағайындауы, Аңғалбай, Жорабек, Ошандардың жер қауып отырып қалуы, бәрі де шынға ұқсатылып, шындыққа жанастырылып көрсетілген. С.Әлжіков повесіндегі Тастесердің де мансап
жолындағы айналасына еткен опасыздығы, жалған жалпаңдығы, колхоз қойын құртып диплом алуын, Алматыдан адам тауып, аузын алып, ғалымдықтан ниет қылуы, сауда орындарын жегідей жеуі, жанасқан жақындардың семьясын лайлауы, ақыры әшкере тауып, заң құрығына ілінуі шынға ұқсайды, шындық тәрізді елестейді. Бірақ бұлардан бәрінде де суреттелген болмысқұбылыс, оқиға, факт «қаны сорғалаған» шындық, шындықтың дәл өзі деңгейінде қалмаған. Сатиралық әдіс-тәсіл, тілдік, стильдік құралдар, сықақтық интонация арқылы ептеп көтермеленіп, көпсітіліп көрсетілген. Өйткені сатира үлкейткіш әйнек, ол әрбір обьектіге лупамен қарайды, сонда қалай көрінсе, солай елестетеді. Өмірлік болмыс, құбылыстарды суреттеудегі сатира қолданатын екінші бір әдіс – әсірелеу, қиялмен (фантастика) қанаттандыру, шартты түрде шырқату. Нысананы, оқиғаны ұлғайтып, әсірелеп, мүлде көтеріп көрсетуде стильдік тәсілдер гипербола мен гротеске барамыз. Гипербола гректің шындықтан өтіңкіреу, қалыптан асыңқырау, өсіру, үлкейту деген сөзі. Онда нысана етіліп отырған обьектінің шын көлемі, аумағы, саны, күшқуат мүмкіндігі асыра, көбейтіле көрсетіледі. Мысалы, О.Әубәкіровтің бір лирикалық кейіпкері әкесін былай сипаттайды: «Менің әкем Қарпық кішігірім Алатау секілді, дөй денелі, тұлғалы адам болатын. Бұ кісінің өзім білетін екі-ақ қана кәсібі бар. Біріншісі– кез-келген қара жұмыс, екіншісі–тамақ. Әкем тамақ жегенде шықшыты шықырлап, танауынан жел соғып, құлағы қозғалып, тақиясы жылжып, бет-аузы білеуленіп, асқа дегенде бүкіл денесімен қайрат көрсететін. Осындай тамақ ішіп отырғанда бір әкем көзіме бір топ адам сияқты көрінуші еді... келісіне қарай келсабы демекші, бұ кісінің темекісі
де өзіндей денелі келетін. Аудандық газетті төртке бөліп, «бір бөлігіне темекі орайды» («Сиқыр» жинағы, 1971, 59-б.). Осында әкесінің тамақ жегендегі бет-пішіні, одан кейінгі темекі тартысы әсіреленіп, өсіріліп көрсетілген. Ә.Қарағұлов: «Кешкілік әйелі күйеуіне күндіз көргенбілгенін, естігенін айтып отырады да, «осы біздің көршіміздің кемпірінің тілі тап бір құлаш екен» деп құлашын керіп көрсетті» («Шоқ ине», 1975, 81-б.), деп жазады. Мұнда да гипербола бар. Кемпір тілінің ұзындығы тым өсіріліп, әсіреленіп көрсетілген. Гиперболаға барғанда сатирик өмірлік шындықтан мүлде аттап кетпейді. Негізі бар, рас нәрсені тек сан, көлем-аумақ жағынан көпіртіп, молайтып көрсетеді. Гиперболизациялау– шындықты тек қана өсіру, үлкейту, көбейту. Бұл өмірлік шындықты шектен шыға бұрмалау. Екі адамның қимыл дүбірінен жер сілкіне ме? Екі кісі төбелескенде, су толқып, тау дірілдеп, тас қалшылдап кете ме? Екі адамның жұлынған шашы бұлттай боп күн көзін жаба ма? Екі ақынның шекісіне аңдар аң-таң қап, құстар қызықтай ма? Жоқ. Мұның бәрі әсірелеудің гротеск түрі. Осы сияқты, Ә.Қарағұловта екі кісі сөйлесіп отырып, бірі-бірінен Шығанақ өсірген «Ақ бикеш» атты тарының ірілігі бидайдай екені рас па деп сұрайды. – Рас та, өтірік, – дейді екіншісі. – Мұны қалай түсінеміз? – Оны мынадан жорамалдауыңызға болады... Бір үйде осындай шай ішіп отыр едім, сол үйдің далада ойнап жүрген баласы ағаш атқа мініп алып, шауып келді де: «Әже, шөлдедім, тайы бейші» деді. Кемпір оған қақалып қаларсың деп, тарының бір дәнін екіге жарып бергенін көргенде, мына екі көзім шарасынан шығып кете жаздады. – Сонда ол бидайдан да ірі болғаны ма? –Әрине, тап мына бауырсақтай,–деп, бірі дастархан
үстіндегі бауырсақты көрсетіпті. («Шоқ ине», 1975, 55б). Осында гротеск те, гипербола да бар. Әже қақалып қалмасын деп бір тарыны екіге бөліп, немересіне жартысын берді деу –гротеск. Ал тарыны бауырсақтай етіп өсіріп көрсету –гипербола. Кейде күтпеген контрастар жасау, жақсы мен жаманды, сұлу мен сұрықсызды, ақылды мен ақымақты, шындық пен жалғанды, трагедиялық пен комедиялықты, яғни үйлеспейтін, келіспейтін екі нәрсені бір-біріне тели суреттеуде де гротоеск жүреді. Мысалы, ақ марал ақын Сара мен бүкір Жиенқұлдың қосақталып көрсетілуі. «Атылған қыз туралы аңызда» С.Адамбековтің қоян көжегіндей аппақ келіншекті тақыр бас, ұзын бойлы, шикіл сарыға теліп суреттеуі гротеск. Өйткені, үйреншікті әдет-дағды, жөн-жосық бойынша бұлардың басы бір қазанға сыймайды. Әркім жеңін, теңін табу керек. Сатирадағы осы оқиға, құбылыстарды әсірелеп көрсету әдісінде қолданылатын ендігі бір құрал – фантастика. Сатирадағы фантастика болмысты бұрмалау, шындықты аттап өту, одан ұзап кету емес, шын өмірден орын алып жүрген нәрселерді мазақ етіп әшкерелеудің формасы ғана. Сыналатын жайттардың күлкілі мәнін айқынырақ ашу үшін жазушы фантастикалық ситуацияны, әдетте болмайтын жүріс-жорықты ойдан жасайды. Осының айқын бір мысалы Н.В.Гогольдің «Мұрын» повесінің сюжеті. Гогольдің тұсында шенге, атақ-лауазымға бас ұру, өзінен қызметі жоғарыға құлшылық ету дертке айналған. Сондықтан, әркім-ақ карьераға, лауазым сатысымен өрмелеуге, өсуге тырысқан. Қулық-сұмдықпен, дәулетдүниемен биік лауазымға ие болған «Жер құрттарының» алдында олардың кешегі қожайындары құрдай жорғалаған, түшкірсе , «жаракімалла!» деп бас иіп, тізерлеп тұрған. Ұлы сатирик осы әдет-тәртіпті масқараламақ болып
«Мұрынды» жазған. Әлгі дертті әсерлі етіп әшкерелеу үшін ойдан фантастикалық ситуация жасаған. Повесте өсем, өрлесем деген арман-аңсармен жүрген колледж асессоры Ковалевтің мұрны ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Иесі жоғын жатып-тұрып іздейді. Ақыры ол «алтынмен аптап, күміспен күптеп» тастаған мундир киіп, аспаһани қайқы қылыш асынып, қайқайып тұрған мұрнын көреді. Байқаса, мұрын өзінікінен жоғары шенге ие болып қалыпты. Енді Ковалев өз мұрнынан өзі именіп, дірілдеп-қалшылдап, оған жақындай алмай пұшайман болады. Осында әлгі хал, дертке айналған әлгі жөн-жосық фантастикалық тәсілмен өлтіре мазақталып тасталған. Бүгінгі қазақ сатирасында, сирек те болса, фантастикаға бару байқалады. Қ.Аманжоловтың Сұлтанмахмұт туралы жоғарыда аталған фельетон-балладасы фантастикалық ситуациямен аяқталады. Екі ақынның сұрапыл айқасы ақыры былай бітеді: Ғажайып, күн күркіреп, өтті жалт-жұлт. Қабырдың бет тақтайы сынды сарт-сұрт. От шашып екі көзден, «тоқтаңдар»! – деп Бейіттен шыға келді Сұлтанмахмұт. Екеуі тұра қалды есі кетіп, Мұздай боп тұла бойы, дір-дір етіп. Қорыққанын екеуінің білгеннен соң, Сұлтекең амандасты жайлап жетіп: – Жігіттер, қош келдіңдер, жоғарылап, Рахмет, ұмытпапсыз, ер-азамат. Қабырды жай қақсаңдар шығамын ғой, Азырақ жанжалыңыз болды-ау ағат. Жас ақын Махмұтке айтты сырын, Жолдасы өсек айтып жүргендігін. Сұлтекең сабырлы оймен тыңдап болып, Мырс етіп бір күлді де, деді: «Інім!
Өлгем жоқ, иланыңдар, шынымды айтам, Өлді деп, айта берсін кейбір сайтан, Жүр, баста, Жазушылар одағынан Мүшелік билетімді алып қайтам. Сен, жігіт, өсек айтып жүргенше құр, Моламды мен қайтқанша күзете тұр, – Деді де қолтықтап ап жас ақынды Сұлтекең жүріп кетті, шырқатып жыр. Осында Сұлтанмахмұттың тірілуі, бейіттің бет тақтайын сарт-сұрт қиратып шыға келуі, төбелесіп жатқан ақындарды ажыратуы, олармен сөйлесуі, менің ақын болғанымды ешкім жоққа шығара алмайды, керек десең Жазушылар одағынан мүшелік билетімді алып кеп берем деп әндетіп Алматыға аттануы, бәрі де фантастика. Мұндағы сөз етілген шындық Сұлтанмахмұтты ешкімнің де әдебиет тарихынан сызып тастай алмайтындығы, бұған күдік келтіретіндер өсегінің өрге баспайтындығы. Осы шындықты Қасым фантастика әдісімен әлгідей етіп әсерлі жеткізген. Демек, мұнда болмыс бұрмаланбаған, тек оны жеткізіп айтып берудің формасы ғана әсіреленген. Е. Домбаев та «Болмаған оқиға» повесінде осы тәсілге барған. Мұнда, Н.В.Гогольдегі Ковалевтің мұрны сияқты, кассир Әбен Нысанбаевтың бес мың сомы жан бітіп, тыққан жерде тұрмайды. Сандыққа салып құлыптап, мылтық ұстап қарап жатса да, шүберекке түйіп, білегіне байлап қойса да, қайта-қайта қашып құтылып, колхоз сейфінен шыға береді. Осы тұста, ашық айтар бір нәрсе: жазушыларымыз сатирада фантастиканы қолданудың жөн-жосығын, заңдылықтарын әлі игере алмай жүр. Сатира да реалистік әдебиет, өмірдің шынайы шындығына негізделген дүние болуға тиіс. Ол да шыншылдығымен, сенімділігімен адамның ақыл-ой, парасатына әсер етуі керек. Кейбір
сықақшылар осыны ескермей, сатирада фантазияға жол беріледі деп, туындыларын құлаққа кірмейтін хикаяға айналдырып жібереді, ертегі соғып, оны сатира деп ұсынады. Мұның дәлелі О.Әубәкіровтің «Алтын сырға», Т.Құлиясовтың «Таңғажайып велосипед», Е.Айтмағамбетовтің «Құлақтың қырсығы» атты сықақ әңгімелері. Шарттылықта оқиға-құбылысты суреттеп көрсетудің түр-тәсілі: – Рұқсат па? Кіріңіз. –Талаптының біріміз. Танысалық. Өзіңізге таныс «алып» Қымқырбаев Майбасар. – Жымқырбаев Жембасар. «Өзім» дейтін елденбіз. «Жеймін» дейтін жерденбіз. – Аға-еке, туыс болдық қой, біз де содан келгенбіз. Бұра тартар бұрыштан. Қалт жібермес мергенбіз. (Кенжехаметов С. Қуырдақ. 1969, 36-37-беттер). Байқайсыздар ма, осында адам аттары да, жер аттары да шартты түрде алынған. Кездесудің болған жері де белгісіз. Шарттылық принципімен Майбасар мен Жембасардың танысуының өзі оспадарлау, оғаштау етіліп суреттелінген. Сонымен, әдеби формадағы әсірелеуді мазмұнды әсірелеу деп түсінбеу керек, оны шындық емес, өмірлік болмысты бұрмалау деп ұғынбау керек. Сатира формасындағы әсірелеу мән-мазмұнды басқаша айтып беру, басқаша жеткізу ғана. Сатирада болмысты шындықтай етіп (правдоподобие) суреттеу әдісін де, бұрмалап, әсірелеп, гиперболизациялап, гротесктеп көрсету әдісін де жоққа шығармаймыз, біріне-бірін қарсы қоймаймыз. Мұның екеуі де қажетті, екеуін де пайдалана білу парыз.
ӨМІР ПРОЗАСЫНАН – ӨМІР ПОЭЗИЯСЫНА Ұлы сыншы В.Г.Белинскийдің айтуынша, болмыстың, адам тағдырының соншалықты мәнді де терең, тіпті, ғасыр бойы ғұмыр сүргенде де бастан кешетін, өмірлік тәжірибе жинақтауға маңызы бар бір сәті, бір кезеңі болады. Ол драмаға арқау, романға материал бола алмайды. Повесть өмірдің, адам тағдырының сол сәтін, сол тұсын қағып алып, өзінің ықшам да тар шеңберіне сыйғыза әңгімелейді. Яғни повесть дегеніміз – ондаған, жүздеген тарау, тармаққа бөлініп жатқан романның жекелеп алынған бір бөлімі, сан қилы оқиға, құбылыстарға толы өмірдің бір эпизоды, өмір кітабының жеке бір беті. Повесть – ықшам да жедел, жеңіл де терең жанр. Оған игі идеал, адамдық қасиеттер жайындағы байқауларды да, адам жанының тереңде жатқан сырларын да, шабыт, құмарлықтың алуан түрлі қуаныш, күйзелістерін де сыйғызуға болады. Онда образдар ашып, типтік бейнелер мүсіндеуге де мүмкіндік мол. Кейбір повестер адам, қоғам дерттерін өткір әшкерелеуді, күлкі күшімен тәлкек етіп келемеждеуді мақсат етеді. Ол тақырыпты, оқиғаны сатиралық интонациямен баяндап, сатиралық пафоспен шешеді. Әсірелеу, сарказм, ирония, гротекс, шарттылық кездейсоқтық, фантастика, оқыс шешім сияқты тілдік, стильдік әдіс, құралдарды кең пайдаланады. Сондықтан да олар «сатиралық повестер» деп аталады. Қазіргі қазақ әдебиетінде прозалық үлкен сатираның бұл түрі әлі қалыптаса қойған жоқ. Оның белді шеберлері әлі жетіліп, танылып болған жоқ. Есенжол Домбаев «Болмаған оқиға» (1965), Оспанәлі Иманәлиев «Күн
кешкіріп барады» (1977), Сақтапберген Әлжіков «Мен кеттім су түбіне» (1978), Қали Шыңғысов «Арлан ішік» (1978) сияқты сатиралық повестер берді. Осы бір-бір дүниесіне қарап, әлгі авторлар туралы пәлендей пікір айту қиын. Жеке фактіден жалпы қорытынды жасай салу, сөз жоқ, ағаттыққа ұрындырады. Әлгі 4-5 повесті тілге тиек етіп, қазақ әдебиетінде сатиралық повесть жанры қалыптасып болды, кемеліне келді деу де асығыстық болар еді. Олардан әлі жеке даралық бағыт-бағдар танылмайды. Тақырып, идея қайталау, мазмұн үндестігі көзге ұрып тұрады. Повестердің көп сынайтыны – моральдық азғындық, мансапқорлық. Олардағы мансапқа жетудің әдістері де бірдей – көзбояу, домалақ арыз жазып, бастықтықтан құлатып, орнын алу, ол үшін тамыр-таныс іздеп, адам салу. Мысалы, О.Иманәлиевте совхоз директоры Жабайды оның орынбасары Жорабек деген жатыпатар домалақ арызды тұс-тұсқа тоғытып жүріп құлатады. Енді оның орнына отырудың қамын қарастырады. Не қилы айлашарыққа барады. Жаңа келген аупартком секретары Құлжабай Көкеевті оның жерлесі, өзінің жолдасы, аудандық жол бөлімінің бастығы Аңғалбай арқылы қолға алмақ болады. С.Әлжіков те Тастесер өзіне жақсылық істеген Тебеген Дуаршаловты домалақ арызбен ұрып алады, орнына қонжияды. Онан соң домалақ арызды өзімен сырласып, сүйеп жүрген Иірімбек Ителгиевтің үстінен жібереді. Повестердің сюжеті көбіне ұрлық-қарлыққа, жебіржегіштікке құрылады. «Мен кеттім су түбіне» повесінде Тастесер колхоздың қойын құртып, екі мың сомға институт бітірді деген диплом сатып алады. Желінген малдың ізін жасыру үшін колхоз қойын қорасымен өртеп жібереді. Басқаға тиісті бір вагон қантты түсіріп алып, ақшасын бөліп жейді. Ғылым кандидаты атағын алудан
дәмеленіп, Түймебай Жүгерин деген қуды бір ай Алматыға командировкаға жіберген болып, келесі станциядан түсіріп алып, үйіне тығып тастап, диссертация жазғызады. 40 жасқа толғанда мемлекет есебінен ұланасыр той жасап, дүние жинап алады. Шыққан шығынның орнын жабу үшін арақ-шарапқа су қосып сатқызады. «Болмаған оқиға» повесінде Әбен Нысанбаев деген кассир колхоздың 5000 сомын ұрлап, сіңіре алмай пұшайман болады. «Арлан ішікте» Берміш деген ала аяқ мысық, ит, тышқан терілерін өңдеп, бояп, бағалы аң терілері деп сатып жұртты алдайды. Демек, біздің сатириктердің таланты қу, сұм, жебіржегіш, арызқой, арақкештер туралы жазуға жететін сияқты. Ал үлкен проблема, терең әлеуметтік қайшылықтарды қозғауға бара қоймайды. Сатиралық повесть жанры бізде қалыптасып болды деп айта алмауымыздың тағы бір себебі – оларда әлі нағыз творчество, шын мәніндегі көркемдік жетпейді. Аталған авторлар аңғарымпаздық қабілеттің, ақылпарасат, білім барлығының арқасында өмірдегі жағымсыз болмыс-құбылыстарды көшіре салумен, елестете қоюмен шектеліп жүр. Ал шын талант әрібр тақырып, идеяны болмыс, фактіні фантазиямен, ақындық шабытпен нұрландырады, ойнатады, құбылтады. Өмір прозасынан өмір поэзиясын тап басып танып, бөліп алып, оны шебер де әсерлі суреттеп, адамның жан сезімін дүр сілкіндіреді. Біздің сатиралық повестерде осы кем, тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Олардың көп беттері жай қарадүрсін, уытсыз, күлкісіз баяндалады. Мысалы, «Күн кешкіріп барады» повесіндегі аудандық партия комитеті секретарының жайлауға келгенін суреттейтін беттерді оқып көріңіздер! Сұрқай сурет, жадағай әңгіме, сатиралық лепсіз диалогтар. Рас, повесте «табанында бұдыры жоқтың, халық алдында беделі жоқ», «үйрек жей ме, қаз жей ме, көп жей ме, аз жей
ме?», «жүрегің жарылып кете ме, жоқ болмаса, тынысың тарылып кете ме?», «мұны тәуір ет деп жүрсек, ауыр ет деңіз!», «майлы етке гастритпін, ал ішімдік, пен құс еті дегенде қасқыр итпін» деген сияқты әсерлі де қиыстырыла айтылған пікірлер, жолдар, сөйлемдер бар. Бірақ, қиысқан нәрсенің бәрі, тақпақтап айлтылғанның бәрі сатира емес екенін, сатира санатына кіре алмайтынын ескерген жөн. Сөз жоқ, сатиралық повесте де алынған қамал, асқан асулар да жоқ емес. Қол жеткен едәуір табыстарды атай аламыз. Асылы, сатиралық повестердің өзіндік сюжеті, тілге тиек етер лайықты ситуациялары болады. Н.В.Гоголь повестерінде ақықмақтықтан басталатын күлкілі комедия ақымақтықпен астасып, күрсініспен, көз жасымен бітеді. Оның туындыларының бас жағы күлкілі, соңы – күйінішті, күңіреністі күйзеліс. В.Г.Белинскийдің бағалауынша, бұл – өмір, сол тұстың болмыс шындығы. Осындай өз заманының рухын танытып, өз тұсына тән күлкілі ситуация, күлкілі комизмді көре білуден біздің сатириктер де құр емес. Өмірден тап басылған, тіршіліктұрмыста өзіміз жиі көріп-біліп жүрген жағымсыз жайттарды қозғау бұларда да баршылық. «Күн кешкіріп барады» повесінде совхоз директорлығынан дәмесі бар Жорабек жоғарыда айтылған Аңғалбайды қонаққа алдырады. Жайылып төсек, жалпақтап жастық болып қарсы алады. Келесі күні Аңғалекең совхоздан секретарь жерлесі Құлжекеңе телефон соғады. Келіп бірге қонақ болуды, Жорекеңді директорлыққа нығытуды өтінеді. Ол «Ертең барамын, директор тағайындаймыз», – деп жауап береді. Аңғалбай, Жорабектер Құлжекең біздің шаруамызбен бізге қонаққа келе жатыр деп, шәт-шәлекей болады, дайындық жүргізеді. Тұс-тұсқа ат шаптырып, адам жинап, жолға тас төсетеді, көпір жөндетеді. Келесі күні секретарь озат шопан, Социалистік Еңбек Ері Әбенді әкеліп,
директорлыққа тағайындап, Жорекеңнің үйіне кірмей де кетеді. Аңғалбай, Жорабек, Балпан – бәрі босқа шабылып, арамтер, ақымақ болып қалады. «Арлан ішік» повесінде Берміш Қожан дегенмен төс түйістіріп құда болады. Құдасына киітке қасқыр ішік жабады. Кейін онысы қасқыр ішік емес, ит ішік болып шығады. Тіпті, оның бір бойы Қожанның өзінің өткен жылы жоғалған арлан төбетінің терісі екен. Міне, осылар – әрі өмірлік, әрі күлкілі ситуациялар. Сунақбайдың Берміш ауласында итке таланып, шалбарын жыртуы, артын алақанымен жауып, солбырап Сатайдың үйіне келуі де күлкілі де сенімді ситуация. Бұл орайда орыс классикасынан, әсіресе, Гогольден көп үйрене беруіміз керек. Гоголь өмірді әшкерелемейді, болмысқа жағынып, оның алдында құлшылық қылмайды. Сонымен бірге оған жала да жаппайды. Ондағы бар әдемілікті, адамшылықты айта отырып, азғындықты да, сұрықсыздықты да жасырмайды, жылата әшкерелейді. Осысымен ол өте әділ, өте шыншыл», –дейді В.Г.Белинский. Өмірлік болмыс, құбылыстарды, айналаны, ортаны түсіну, бағалай білу творчествоның бір жағы ғана, сол ортада «от оттап, су ішіп», өмір сүріп, тіршілік етіп жүрген адамдардың психологиясын, арман-аңсарын, жүрек соғысын, тірлік тынысын ұғыну, көрсете білу – оның екінші жағы. Сатириктерімізідң бұл жөнінде де игергені, ұғынғаны аз емес. Олар әр образдың өзіндік мінезі, психологиясы, физиономиясы, ойлану, сезіну парасаты, тілек-ниеті, талап-тұшымы, сөйлеу, әрекет ету қабілеті болуға тиіс екенін, сонда ғана адам көрінетінін, бейнелер жасалынып, дараланатынын біледі. Сықақшыларымыз әсіресе сұм-суайт, арамарсыздардың, жұлып қашар жұлқарлардың бейнесін түсіруге төселіп келеді. Бұған Е.Домбаевтың Әбекеңі («Болмаған оқиға») – айқын бір дәлел. Танысып көрейік!
.«Әбен – орта бойлылардан ұзын, ұзындардан аласа адам. Толықшалардан жуан, жуандардан жіңішке. Түрі... Әбекеңнің түрін айту қиын енді. Шықшытқа шыққан бітеу жаралар мен шиқандардың орнын ескерсек, шамамен мұнайлы жердің құйқасындай болып қалар. Демек, қоңыр деп қоңыр емес, күлгін деп күлгін емес. Дәл осы екеуінің ортасы. Тас төбесінен иегінің ұшына дейінгі ұзындығы қанша болса, екі құлағының ара қашықтығы да дәл сондай. Сонда тырнақтап жинаған торсықтай шүйдесі мен іркілдеген бұғағын ескермесек, Әбекеңнің басының үлкендігі тура футбол добындай. Жаздың ыстығында ырғала басып кетіп бара жататын кездері болады. Сондайда дәл артынан қарап тұрсаңыз, Әбекеңнің кең иығының қақ ортасына футбол добын әкеп қоя қойып, домалап кетпес үшін айналдыра қалың шүйдемен бұғақты жалғастырып орай салған сияқты. Құлақ көрінбейді. Рас, жақындап келіп байқап қарасаңыз, ербиіп қана бірдеменің көрінуі мүмкін, бірақ оған сіз көңіл бөле бермейсіз ғой. Ал, Әбекеңнің қарсы алдына шықсаңыз, өзіңізді ішіп-жеп бара жатқан екі шегір көзді көресіз. Әр көздің айналасында он талдай қылшық тұруы мүмкін. Ол –Әбекеңнің кірпігі. Сол екі көздің арасынан төмен қарай білінер-білінбес қана бір қырат өтеді. Ол қырат сынық сүйем төмендейді де, ойламаған жерден үңірейген қос тесік бола қалады. Бұл Әбекеңнің танауы деп аталады. Әбекеңде суағар деген атымен болмайды, танаудан бір елі төмендегесін-ақ апандай аузының өзі басталып кетеді. Бір ғажабы, осы отыз жеті жыл өмірінің ішінде еркек болып ауыздың айналасынан бір тал қылшық қырып көрген емес. Екінші ғажабы, екі беті де, мұрны да сол футбол добының контурын бұзбайды. Сондықтан болар, Әбекеңнің маңдайы шот маңдай емес, ет маңдай. Маңдайында, әдетте, жарқанаттың қанатындай ғана қасы болады.
Осы басына лайық қана Әбекеңнің іші бар, қыпқысқа қолы бар, аяғы бар. Әр қолында быртиған аппақ бес саусағы бар, Әбекеңнің саусағына өмірде тырнақ тұрмайды, әлсін-әлсін әйелдердің тырнақ егеуімен жояды да отырады». Бұл жолдарда автор Әбекеңнің образын жасу үшін алдымен оның портретін берген. Шынын айту керек, шебер берген, Гогольге еліктеп берген. Әлгі бітім-пішімде ұлы сықақшының «Иван Иванович арықтау келген, сұңғақ бойлы, Иван Никифорович аласалау, бірақ оның есесіне көлденеңі жайылып кеткен тапалдау адам. Иван Ивановичтің басы-құйрығы төмен қарай салбырап тұрған шалқанға, ал Иван Никифоровичтің басы-құйрығы жоғары қараған шалқанға ұқсас» деп суреттеген портретінің елесі сайрап жатыр. Бұдан кейін сатирик Әбекеңді тура мінездеуге көшеді. Оның айтуынша, «Әбекеңнің үшінші ғажабы – өмірде жүгірмейді. Маған десе аспан айналып жерге түссін, одан қысылатын Әбекең жоқ. Үстіне ақ көйлек, сыртына ақшыл кенеп костюм киеді де, ілгегін қаусыра салады. Қолына қозы қарын сары портфелін ұстайды. Оның ішінде ақша болсын, болмасын, Әбекең оны қасынан екі елі тастамайды. Төртінші ғажабы, тамақ атаулыдан майға қуырған картоп пен қойдың үйітілген төстігін ұнатады. Бесінші ғажабы, арақты аузына татып алмайды. Ал, карта ойналған жерде ол ксі байлап қойсаң да тұрмайды. Дүниеде Әбекеңнің иттің етінен жек көретін екі нәрсесі бар. Оның бірі – музыка, бірі–шыбын. Шындығында, осы бір біраз адамдар мен мекемелерді дүрліктірген оқиға шыбын шатағынан басталып еді. Әлгі портрет пен осы мінездеуді оқығанда көз алдыңа тірі адам – Әбекең келе қалады. Тура мінездеуде де Гоголь ізі «менмұндалап» тұр. Оны оқығанда ұлы сықақшының
«Иван Иванович – тамаша адам. Ол қауынды өте жақсы көреді... Бұл – оның сүйікті асы». «Иван Никифоровичтің жаны шомылуды аса сүйеді. Суға кеңірдегіне бойлап отырады да, алдына үстел мен самауырын қоюды бұйырады. Сөйтеді де, салқындап отырып шәй ішуді жақсы көреді» деген сияқты жолдары еске түседі. Әрі әлгі мінездеуде ащы мысқыл, ашулы ыза мен қайырымды да сыпайы келмеждеудің Гогольдегі астасуы, тоғысуы бар. О.Иманалиев те өз повесінде парықсыз, мансапқор, жағымпаз, жалтақ Жорабектің бейнесін жап-жақсы жасаған. Жәкеңнің мансапқорлығы, жағымпаздығы жоғарыда айтылды. Енді оның басқа қасиетсіздіктерін дәлелдейтін мысалдар келтірейік. Аупартком секретары Құлжабай Көкеев жайлауға келгенде озат шопан Әбеннің үйіне барады. Алдынан жүгіре шығып, қол берген Әбенге Құлжекең зілсіз күлкімен қалжыңдап: – Шопанның үйде отырғаны қалай? – дейді. Сол-ақ екен Жорабек ызғарлы пішінмен: – Бәсе, десеңші-ау, елдің шопаны қой соңында жүреді, біздің шопан от басы, ошақ қасында отырады, – деп Әбеңді тарпа бас салады. Сонда Құлжекең: – Әбеннің оқуға баратынын естіген жоқсыз ба? – деп Жорабекке бұрылады. – Естіп едім, бірақ есімнен шығып қалғаны, – («Сыңар кебіс» 105-бет), деп Жоракең жалт береді. Енді бірде Әбен шопандар тұрмысын жақсарту жөнінде пікір айтып, тілек-талап білдіреді. Осы тұста секретарь мен Жорабек арасында мынандай диалог болады. – Иә, мәселе жаңалықты құптай білуде. Із қалай дейсіз? – Сіз не десеңіз де мақұлдаймыз ғой, Құлжеке. – Сіз әуелі өз пікіріңізді айтуға тиістісіз. Білгіміз келеді, кәне не дейсіз? – Өзіңіз білесіз, Құлжеке, мен сіздің айтқаныңыздан
ауа жайылып ешқайда кетпеймін. (Сонда, 107б.). Міне, осы эпизодтар мен диалогтардан Жорекеңнің парықсыз, қарауындағы адаммен сөйлесуде доғал, дөрекі, айналасында болып жатқан жаңалықтар қызықтырмайтын, өзіндік ой-пікірі жоқ, басшылардың ыңғайына қарай қоға құсап жапырыла кететін жалтақ жан екені көрінеді. Оның бейшаралығына күлесің де, күйзелесің. С.Әлжіковтегі Қарабақай Қық баласы Тастесер де – тип. Оның от басындағы, қоғамдағы тіршілік сиқы, алаяқтық жүріс-жорығы, арам ниеттеріне жетудегі айлашарғы, қулық-сұмдығы, бұл орайдағы басқалармен өлердей өкініштің, терең толғаныстар мен селт еткен сезімдердің сыртқа тебісі, характерлердің даралық белгісі байқалады. Тастесер – мансап үшін, дәулет үшін адамдық ар-ожданды құрбан еткен, арамдыққа еті өліп, бетінде қытық қалмаған жан. Сатириктеріміздің композициялық-сюжеттік әдістәсілдерді игеруде де қол жеткен табыстары баршылық. О.Иманәлиев өз повесін шым-шытырық талас-тартысқа құрмай-ақ, кейіпкерлерді қайта-қайта кездестіріп керістірмей-ақ, атыстырып-шатыстырмай-ақ, тақырыпты шешіп, мансапқорларды әшкерелеп, идеяны айтып бере алған. Жорабекке орынбасар болу ойында бар Балпанда ғана күрес, талас әрекеттер кездеседі. Оның өзі – астыртын жасырын, ұрланып істеліп жатқан жаныз әрекеттер. Е.Домбаев Гогольшілеп фантазиялық сюжетке барады. Н.В.Гогольдің «Мұрын» повесінде Ковалев деген чиновник ауыз толтырып айтар лауазым, жасауы мол қалыңдық іздеп Петербургке келеді. Бір күні оның мұрны ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Мұрны жоқ адамға енді кім қызын береді, лауазымы зор болғанмен, пұшықты кім сыйлайды деп Ковалев күңіреніске, психологиялық тартысқа түседі. Осы сияқты Е.Домбаевтың «Болмаған оқиғасындағы»
негізгі тартыс Әбен мен символикалық образ – 5 мың сом арасында өрбиді. Әбен мен ақша күресі фантастикалық әдіспен берілген. Бірақ, ол шындыққа, болмысқа үйлесімді, сенімді шықпаған. Әрине, бұл – қиын өнер. Фантастикалық әдіс-тәсіл, амал-құралдарды шебер пайдалана білген Гогольдің өзінің ұқсата алмаған нәрселері аз болмаған. В.Г.Белинский: «Портрет» –Гоголь мырзаның фантастика саласындағы сәтсіз талпынысы. «Жалпы атап айту керек, фантастикалық нәрсе Гогольдің өзінде де ойдағыдай шыға бермейді», – деген. С.Әлжіковтың өз повесін әшкерелеген сормаңдайдың мұңлы хаттары түрінде жазуы да сюжет құрудағы ізденіс. Жасыратыны жоқ, кейбір сатиралық повестерде сюжет олақтығы, композициялық құрылым кемшілігі кездеседі. Сөз болған оқиға, ситуацияларда жүйелілік, өзара байланыс, тұтастық бола бермейді. Әр нәрсенің басын шалу байқалады. Мысалы, Қ.Шыңғысов повесінің «Арлан ішік» деген аты оның мазмұнын түгел қамтып тұрған жоқ. Ол ат Берміштің Райспен танысып, тері-терсек өңдеп, ішік тігіп сатып, оңай олжа табу жолына түскеннен бергі хикаяларына ғана қатысты. Ал, оған дейінгі ерлізайыптылар арасындағы қызғаныш, Назымның өз күйеуін Зәмзәгүл үйінен ұстап алуы, Бибінің өз күйеуі Сатайды Мүгілсінге телуі, Сатайдың маскүнемдіке салынып, асылып өлуі сияқты ситуациялардың повесть атына, оның негізгі мазмұнына, негізгі оқиға желісіне ешбір қатысы жоқ. Осы тұста бір ескерер нәрсе: қиыстыра, байланыстыра салған, нобай-тұспалмен үйлестіре қойған нәрсенің бәрі нағыз шығарма санатына кіре бермейді. Автордың ақыл-сезімін толғандырып, жазбасына жанын қоймай тебіренткен, оқиғаның басталуы, дамуы, шарықтауы, шешілуі, табиғи, жүйелі, сенімді етіліп суреттелген нәрсе ғана келісті шығарма деп танылады.
Сонымен қорытып айтқанда, қазіргі қазақ сықақшылары повесть жанрының сатиралық түрін игеру, қалыптастыру үстінде алдағы міндет – оның тамаша үлгілерін жасау. Бұл орайда олар ескерер кейбір шарттар бар. Ең алдымен, повестерде кәдімгі көз көріп, құлақ естіп жүрген өмірлік ұсақ факт, құбылыстарды қозғап, соларды творчестволық фантазиямен елестетіп, суреттеуге қарапайымдылық сырларын меңгеру жөн. Бұл үшін көп оқығандық, мол тәжірибе, ой-парасаттың болуы жеткіліксіз, оған қоса талант керек. Ақылмен, біліммен ғана мұны істеу шын шығарма тудыра алмайды. Оған фантазия, талант қатыстырылғанда ғана нағыз творчество жасалады. Сонда ғана әлгі елеусіз, ұсақ нәрселер негізінде үлкен ой айтуға, мүлде қарапайым фактіден шын поэзия туғызуға болады. Рас, кейде мазмұн поэзиясы, яғни оқиға, қақтығыс қызықтылығы, ситуация күлкілі шығарманы әсерлі етіп, творчестволық таланттың жоқтығын білдірмей, оны жоқтатпай жібереді. Бірақ бұған иек арта беруге, сене беруге болмайды. В.Г.Белинскийдің айтуынша, егер өмірдің күнделікті, жұртқа таныс, белгілі болмыс-құбылыстарын ортан қол талант жаза қалса, сылбыр, қан-сөлсіз, жансыз баяндалады да, оқырманды жалықтырып, ығыр ете бастайды. Ал оны шын талант жазса, тамылжытып, тамсандырып, әсерлі етіп, бұрын-соңды естімеген, білмеген нәрсені суреттеп отырғандай, оқушысын баурап алады. Сондықтан да ұлы сыншы талант болмаса, жазуды қою керек деп ұран тастаған. Ендеше өз талантын шыңдай білу – әр жазушы парызы.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 4ТАРАУ ҰСЫНЫС ТІЛЕКТЕР БІЗДІҢ ТІЛЕК – ТАЛАПТАР Республикамыздың басқа газет, журналдары сияқты «Коммунизм таңы» газеті де баспасөз күні мерекесіне өзіндік табыстармен келіп отыр. Бүгін газеттің сол табыстарын айтпай-ақ, кейбір тілекниеттерімізді ғана айталық. Ең алдымен «Коммунизм таңы» газеті Алматыдағы болашақ газет қызметкерлерін даярлайтын жоғары оқу орындарындағы журналистика бөлімдерімен үнемі байланыста болғаны жөн. Ол студент-журналистердің тәжірибе алатын бір мектебі, оқытушы-журналистердің творчестволық жұмысын дамытатын бір аренасы болу керек. Болашақ газет қызметкерлерінің жан-жақты білім, мол тәжірибе алып шығуына жоғары оқу орындары қаншалықты мүдделі болса, сол оқу орындары тікелей қарайтын қалалық, облыстық партия комитеттерінің органы болып отырған «Коммунизм таңы» газеті де соншалықты мүдделі болуы міндетті. Қаладағы жоғары партия мектебі мен мемлекеттік университеттің журналистика бөлімдерінде газет қызметкерлерін даярлау жұмысын жақсартуда, онда өтілетін лекция, семинар сабақтарының дәрежесін көтеруде газет редакциясы көп жұмыстар істей алады. Мысалы, газетте тәжірибелі, қарт журналистер
бар. Сол журналистика бөлімдерінің студенттері мен тыңдаушыларының арасына келіп қазақ совет баспасөзінің тарихына, теориясы мен практикасына, оның жеке өкілдерінің творчествосына байланысты әңгіме өткізіп, лекция оқып тұра алар еді. Кей ретте жеке тақырып, жеке жанрларға байланысты практикалық сабақ жүргізуге қатысуларына болады. Айталық, «Газетке экономика мәселелерінің жазылуы» деген тақырыпты өткеннен кейін, сол тақырып бойынша жүргізілетін бір семинар сабағына газеттің не ауыл шаруашылығы, не өнеркәсіп-транспорт бөлімінің меңгерушісі келіп, осы мәселелер «Коммунизм таңында» қалай жсопарланып, қалай жазылатынын, қалай ұйымдастырылатынын айтып берсе, қандай пайдалы болар еді. Немесе жылына бір-екі рет редакция өз газеттері жөнінде журналистика бөлімінің мұғалімдері мен студенттерінің арнайы оқушылар конференциясын өткізіп тұрса, бұл студенттерді көп нәрсеге үйретеді, редакция қызметкерлерінің ұмытқанын есіне салып, кемшіліктерін аңғартып, жеке тақырыптарды қалай жазатынын, жеке жанрларды қалай пайдаланатынын көрсетеді. Сөйтіп, редакцияның алдағы жұмысына бағдар сілтейді. Газет оқтын-оқтын журналистика бөлімдерінің жоғары курс студенттері мен тыңдаушыларына тапсырма беріп, қажетті материалдарын жазғызып алып тұруына да болады. Міне, осының бәрі болашақ газет қызметкерлерінің жан-жақты білім алып шығуына, олардың өмірмен байланысып, тәжірибе алуына себепкер болар еді. Журналистер бөлімдері де газеттің идеялық сапасын, мазмұнын жақсартуға көп көмек көрсете алады. Ондағы оқытушылар газеттің қықметкерлеріне баспасөздің жеке жанрлары мен жеке мәселелерін жазудың теориясы, талап-шарттары жөнінде жиі-жиі лекциялар оқып беруіне
болады. Бұл газет қызметкерлерінің теориялық білімін көтеріп, олардың журналистік қабілетін арттырады. Осыдан барып газетіміздің жалпы сапасы көтеріледі. Журналистика бөлімдерінің мұғалімдеріне газет өзінің үш айлық, алты айлық номерлерін беріп, шолу жасатып алуына, оны редакцияның өндірістік мәжілістерінде немесе редколлегия басқосуында тыңдап отыруына әбден болады. Мысалы, редакция бір оқытушыға осы жылдың алғашқы төрт айында жарияланған фельетондарымыз немесе очерктермізді, әйтпесе, партия тұрмысынан жазылған материалдарымыз жөнінде коллективтің бір жиналысында әңгіме өткізіп беріңіз деп сұраса, тағы бірде соңғы бір аптадағы номерлеріміз жөнінде летучкада пікір айтсаңыз екен десе, қандай пайдалы да игі іс болар еді. Әрі облыстық, әрі қалалық газет болған соң «Коммунизм таңы» қаладағы, жергілікті жерлердегі аудандық, көп тиражды және қабырға газеттеріне үнемі кеңесші, ақылшы болып отыруға тиіс қой. Міне, осындай жауапты істерді жүргізуде де жоғары партия мектебі мен университетіннің журналист оқытушылары көп қолқабыс етеді. Олар жергілікті газеттерде шолулар жазып бере алады. Төменгі газет редакторларының кеңесінде, семинарларында, егер олар ұйымдастырылса, баспасөз мәселелеріне байланысты баяндамалар жасап беруіне болады. «Коммунизм таңының» бетінде «Газет тақырыбына» деген рубрикалармен пайдалы, консультациялық мақалалар да жариялайды. Осыдан барып облыстық газеттің төменгі газеттерге басшылығы жақсарады. Жасырмай айтар бір шындық – қалада газетіміздің жаздырып алушылары, яғни оқушылары өте аз. Осының негізгі себебін мынау деп айтар едік, газет қала өмірін өте сирек жазады. Тіпті, редакцияда газеттегі материалдар бастан-аяқ ауыл, аудандағылар, ауыл шаруашылығында
істейтіндер үшін ғана жазылуға тиіс деп ұғатындар да табылып қалады. Өткен жылы газетке Сәбит Дөнентаевтың сықақ шығармалары жөнінде бір материал келген екен. Соны газеттің бір бөлім меңгерушісі оқып көріп, бұл материалдың колхозшылар үшін, шопан мен жылқышылар үшін қандай маңызы бар дегенін өз құлағымызбен естігеніміз бар. Бұл осы газеттің жай облыстық газет емес, астаналық облыстық, астаналық қалалық газет екенін, республика орталығындағы әдебиет, мәдениет қауымы да осы газеттің оқушысы, олар үшін де әлгіндей материалдарды беріп тұру қажеттігін ескермегендік еді. Осындай теріс түсініктің салқынынан болу керек, газет қала жұртшылығына, қаладағы әдебиет, мәдениет өкілдеріне қатысы бар мәселелерді де көбірек көтеріп отырмайды. Өздеріне тиісті материалдар аз болған соң, қаладағылар газетімізді жаздырып ала бермейді, оның тұрақты оқушысы бола қоймайды. Демек, газет қала өмірін, қаладағы мекеме, өндіріс, оқу орындарының, ондағы партия ұйымдарының жұмысын терең зерттеп талдап жазылған немесе мұндағы кемшіліктерді батыл, принципиальды түрде әшкерелейтін мақалаларды да көбейте түсу қажет. Мұндай материалдар қала оқушыларының алдында газеттің ықпалын, беделін көтереді. Ол газетті көптің тануына, оның көп құрметіне бөленуіне жағдай жасайды. Сөйтіп, қаладағы оқушылар мен жаздырып алушылар саны көбейеді. Алдағы уақытта газет редакциясы біздің де осы тілекниеттерімізді ескерер деп білеміз. КҮЛКІ – ӨМІР СЕРІГІ Адам баласының тілек-талап, мұң-мұқтажын толық қанағаттандыратын қоғам орнату үшін шешілуге тиісті
көптеген проблемалар бар. Солардың бірі – қоғам мүшелерін жан-жақты жетілген, биік саналы етіп тәрбиелеу. Көрген-білгені, оқыған-тоқығаны жеткіліксіз, жауапкершілігі кем, санасы тайыз адамдармен өркениетті қоғам орнату мүмкін емес. Жаңа адамды қалыптастыруға тәрбиенің көптеген құрал-жабдықтары мен әдіс-тәсілдері жегіледі. Олардың бірі көркем әдебиет, оның сатира саласы. Әдебиет, сатира миллиондарды тек тасқынды табыстар, жемісті жетістіктер негізінде тәрбиелеп қоймай, кесір-кесапат атаулыны сынауға, дертті мансұқ етуге, қол соғылмайтын көріністерді әшкерелей отырып, тәрбиелеуге тиіс. Сатира, юмор – әлгідей ақаулық атаулыға қарсы жұмсар қару ғана емес, әрі күле отырып, жұрттың көңіл күйін көтерер, оның жан-дүниесін айқара ашып, ұлттық рухын танытар, өз күшіне, болашағына деген зор сенімін аңғартар айбынды күш. Сондықтан да біз сын деген сықақтың парқын біліп, күлкінің нарқын бұрынғыдан да көтере түсуге, оны биік белеске шығаруға, әр күнімізді күлкіге кенелтудің қамын қарастыруға тиіспіз. Оы орайда кейбір ойларымызды ортаға салсақ деп едік. Қазір ұлттық сатира, юморымыздың іздері жоқ, сұрары жоқ жетім-жесірдей шетқақпай болып жүргені жиі айтылуда. Осы кемшілікті жоюдың бір амалы жалпы жұртпен байланыс жасап, оларды күлкіге кенелтудің жолдарын қарастыратын, ел аузында жүрген, баспасөзде жарияланған әзіл-оспақ дүниелерді тәрбие беру, өнеге айту құралына айналдырып отыратын сатира, юмор орталығын ашу, яғни күлкі үйін ұйымдастыру. Мұның қажеттігін, пайдасын Болгарияның Габрово қаласындағы сатира, юмор үйінің тәжірибесінен көріп жүрміз. Ол жыл құрғатпай жұртты күлкіге көмудің жаңа жолдарын қарастырып, әзіл-сықақты кең өрістетеудің соны әдістерін табады. Бірде әлем-жәлем етіп күлкі фестивалін өткізсе,
бірде тұщымсыздықтың, сұрқайлықтың сырлары жөнінде конференция өткізеді. Енді бірде әзіл-оспақ, күлкі-келемеждің «үлгі, мысалдарының» көрмесін ұйымдастырады. Олар тұңғыш рет сатира мен варьета театрының премьерасын көрсетті. Ол жеке номерлерден тұратын концерт емес, өзіндік музыкасы бар, пьеса түрінде жазылған тұтас спектакль болып шықты. Мұнда 1985 жылы халықаралық күлкі фестивалі өткізілді. Онда бес құрлықтың елуден аса елінен 1040 автордың 2820 туындысы көрсетілді. Осыған құрметті қонақ ретінде қатысқан Людмила Гурченко фестиваль ашылған күнгі карнавал туралы былай деп жазды: «Мойындаған жөн, карнавалға мен үлкен күдікпен барған едім. Ол әшейін ұсақ-түйек, мәнсіз көңіл көтеру болар деп ойлаған едім. Бірақ байқап тұрып, бұл шеруге қосыла кеткім келгенін сездім. Көшемен жарқын жүзді, шат көңілді, мерекелік сезімді адамдар кетіп бара жатты. Бұл өте әсерлі, табиғи көрініс еді. Бұл фестиваль ешбір ішімдіксіз-ақ, ешбір жасандылықсыз-ақ көңіл көтеруге, қуанышқа кенелуге болатынын көрсетті». Габроволықтар жөнінде аңыз, әңгіме де көп. Олар өте есепқор, үнемшіл. Тылтиған тар шалбар, шолтиған қысқа юбка киеді. Механизмі тез тозбасын деп сағаттарын түнде тоқтатып қояды деп те айтады. Өздері де тойшылдық пен маскүнемдікті, пайдакүнемдік пен мақтаншақтықты, жағымпаздық пен ыңғайға бейімделгіштікті әдемі келемеж етеді. Мұндай сатира, юмор орталығына айналған қалалар мен күлкі үйлері әр елде-ақ бар. Мысалы, Габрово болгарларға қандай болса, Гавана маңындағы шағын Сан-Антонио қаласы кубалықтар үшін сондай. Қазақтың Алдар көсесі мен Тазша бала сияқты, кезінде қатыгез диктаторларды шебер мазақтап жер соқтырып отырған, көтерілісшілерді шаттық күлкімен асқақтата мақтаған, өткір тілді Куба
халқының символы Локито (Чудачок) деген кейіпкерді ойлап тауып, өнерге енгізген карикатурашы Рене де Ла Нуэс осы Сан-Антониода туған екен. Сондықтан да ол күлкі орталығына айналдырылып, бүкіл елдегі юмор музейі, юмор паркі осында орналастырылған көрінеді. Мұнда да жыл сайын күлкі жарысы, күлкі фестивалі, карикатушылар конкурсі өткізіліп тұрады. 1985 жылы мұндағы карикатурашылар фестивалі «Фашизмге қарсы күрес» деген девизбен өткізілді. Оған қырықтан аса елден 1100 шығарма келіп түсті. Совет Одағынан А.Крылов қатысып, Ұлы Отан соғысы тұсындағы карикатураның ролі туралы әңгімеледі. Фестиваль юмор паркінде басталған. Алдымен өте әсерлі парад-карнавал болған. Карикатурашылар өз персонаждарының киімімен өткен. Диктатор «гориллалар», «қашқын нацистер», ракетасымен елді үркітпек болған милитаристер мықтап әшкере тапқан. Соңынан карикатура, шарждардың көрмесі ашылған. Осы сияқты испан юморының ел таныған орталығы Андалусиядағы, Жерорта теңізінің жағасына орналасқан шағын қалашық Лепе көрінеді. Оның тұрғындарының бір атасы Хуан деген ағылшын королі Эдуард ІІ-нің сүйікті де атақты қылжаққойы, әзілкеші болған деседі. Испанияның сөз тапқыр, қуақыларының бәрі аңыз, анекдот, қисыққыңыр, қылжақ әңгімелерін осы Лепе тұрғындарымен байланыстырып айтады, соларды кейіпкер етіп алады. Бір қызығы, габроволықтар әзіл-қалжың, сын-сықақты көбінесе өздері туралы туғызса, лепеліктер оны басқалар жөнінде туғызады, басқа қалада, басқа елде болыпты деп айтады. Ал лепеліктердің өздері туралы басқалар шығарған әзіл-әңгіме, анекдоттардың кең тараған кейіпкері ашықауыз, аңқау қыр адамы, мешеу қалған қала өкілі болып келеді. Ол не көрсе, соның бәріне таң қалады, бәрін өз жерінің, өз қаласының деңгейімен өлшейді. Бірде
екі лепелік Мадрид қаласының көшесінде кездесіпті. Бірі: «Сен астанаға жас жұбайлар саяхатымен келмек едің ғой, неге жалғыз жүрсің?» деп сұрапты. Сонда екіншісі: «Хосефа бұрын мұнда бірнеше рет болыпты, оған тағы келудің не қажеті бар», – депті. Міне, осы тәрізді ұлы сықақшылар берген, қуақы әңгімелер, аңыз-анекдоттарды көп туғызған, әзілқалжыңға жақын тұрған, күлкінің туын тіккен қала, село, ел-жұрт бізде жоқ па? Бар ғой. Соларды таңдап тауып, сатира, юмор орталығына айналдыруға, күлкі үйін ашуға неміз жетпейді? Мұндай тапқырлық торабы, әзіл-оспақ ошағы ашылған соң оның қолдаушылары, энтузиаст белсенділері болуға тиіс. Оларсыз іс ілгері баспақ емес. Сондықтан, келесі жұмыс жер-жердегі қуақы, әзілқой, сауықкеш, сатира, юморға үйір адамдарды іздеп табу. Мысалы, әлгі Лепе қаласының Франсис Герроро деген қазіргі тұрғыны суырып салып, он сағат бойы анекдот, әзіл-әңгіме айтатын көрінеді. Бірде қала мэрі шақырып алып, оған жұрт алдында анекдоттар айтқызыпты, ол ойлы, ақылды, күлкілі де тапқыр әзіл-оспақтарды күмістей сылдыратып төгіпті. Халық қирай күлкіге кенелген, ішегі қатып, көзінен жас аққанша күлген. Сондағы бар айтқаны: «Біздің бір жерлес өзінің 80 шошқасын Уэльба қаласындағы құсханаға апарып сойғызбақ болады. Жүк машинасын жүргізушіден жеткізу құнын сұрапты. Шофер 4000 песет тұрады депті. Сонда ол. «Әй, қу екенсің, мұнша ақшаға шошқаларымды билет алып автобуспен, жұмсақ орындыққа отырғызып апармаймын ба!» – депті. Осы сияқты Федосияда В.И.Шеховцев деген кісі карикатура, достық шарж, қызықты анекдот, афоризмдерді жинайды екен. Солардың көрмесін ұйымдастырады. Бұл саладағы ерекше белсенділігі үшін ол юмордың
дүниежүзілік ассоциациясына мүше етіліп алынған. Онда 720 тақырыпқа салынған карикатура, 15 мың анекдот, мыңдаған юморлық афоризм бар көрінеді. Ол да Совет Одағында сатира, юмор үйі ашылса, бүкіл коллекциямды соған берер едім дейтін көрінеді. Бізде осындай тапқыр қуақылар, күлкі қадірін білер энтузаистер жоқ па? Көп. Міне, соларды тауып күлкі орталығына топтастыру, олардың қабілет-күшін біріктіріп, жұртқа тәлім-тәрбие беру ісіне жұмылдыру зор игі іс болмақ. Сатира, юмор өрісін кеңейтіп, мерейін арттырудың және бір жолы –күлкі күндерін, сықақ кештерін өткізудің тиімді әдістерін тауып, олардың мазмұнын түрлендіру. Бұл күле жүріп, күлдіре білуде де, сын-сықақты пайдалануда да жаңалыққа, желпініске ұмтылыс қажет деген сөз. Амал не, бізде осы жағы жетпейді. Бұған дәлел жылда бірінші сәуірдегі күлкі күнін ешбір творчестволық ізденіссіз, бір сарынды етіп өткіземіз. Жеке номерлерден тұратын концерт қана береміз. Бейімбеттің Мырқымбайын оқумен, бірер күлдіргі ән орындап, сықақ тақпақтар айтумен шектелеміз. Күлкі күнін желпіндіріп, мазмұнды етіп өткізуді көрші республикалардан да үйренуге болады. Мысалы, Вильнюсқа таяу жердегі Капсукас қаласында жылда сатира, юмор күні өткізіледі. Ол 31 мартта басталып, 1 апрельде аяқталады. Алғаш юморист ақын, жазушы, артистер концерт береді. Келесі күні әуесқойлардың қысқа метражды юморлық кинофильмдерінің конкурсы өткізіледі. Қала ішінде парад-карнавал болады. Карикатуралық, шарждық суреттердің көрмесі көрсетіледі. Қуыршақ театры күлкілі спектакльдер қояды. Бірде «Известия» газетінің корреспонденті қалалық Атқару Комитеті председателінен «Габроводағы сияқты, сіздің қалада да күлкіге үйір адамдар бар ма?» деп сұрапты.
Сонда қала басшысы: «Габровода болып қайтқандардың айтуына қарағанда, олар мен біздің арамызда ұқстастықтар бар. Тек габроволықтар бізге қарағанда қап-қара көрінеді», – деп жауап беріпті. «Капсукастықтар да үнемшіл ме?» – деп сұраған тілшіге қала басшысы мынаны айтыпты: Бұл орайда бір қызық хикая еске түседі. Сараң үй иесі келген қонақтарына «сендерді бүгін түйетауық етіне бір тойғызайыншы» деп қорбаңдапты. Қонақтар көп отырыпты, алды қайта бастапты. Күркетауық етінен әлі хабар жоқ. Сонда шыдамы таусылған қонақтардың бірі «әлгі түйе тауығың қайда?» депті. Қожайын әйеліне бүлк етпей «тауықты келтір» деп бұйырыпты. Ол тірі түйетауықты көтеріп әкеліпті. Сонда қожайын «байқұсты жіберші, еденге түскен нанның қоқымын теріп жесін» депті. Осыдан-ақ біздің адамдардың дүние парқын габроволықтардан кем білмейтінін біле беріңіз! Тәжік ағайындар да күлкі күнін мазмұнды өткізуді дәстүрге айналдырған. Оларда әсіресе, ленинакандықтар өткір де тапқыр сөздерімен, халықтық юморға байлығымен ерекшеленеді. 1983 жылы «Возни» сықақ журналының инициативасымен Ленинакан қаласында күлкі күні ерекше мазмұнды, өте көңілді өткізілген. Сатириктер, күлдіргіш қуақылар, карикатурашылар, юморлық сезімі күшті артистер өнеркәсіп орындарына, мекеме, ұйымдарға барып, ақылды да күлкілі әңгімелер айтқан, юморлық дүниелер оқып, кәрі-жастың бәрін күлкіге кенелткен. Сөйтіп, жұртты бір сергітіп тастаған. Олар жылда осылай жұртшылыққа көңілділік «букетін» сыйға тартып тұрады. Осылайша күлкі күнін бай мазмұнды, биік идеялы, тәрбиелік мәнді етіп өткізу жағын біз де қарастырсақ. Бұған «Ара» басылымының ұжымы, басқа да баспа орындары мен сын-сықақ бұрыштарының қызметкерлері мұрындық болуға, бастама көтеруге тиіс. Қазақ сатира, юморының мыңдаған жылдық бай
тарихы бар. Сол бастау, сол негізді білмей, дәстүрлі игермей бүгінгі сатираны көркейту, онда жаңашылдық жасау мүмкін емес. Ендеше ұлттық сатира, юморымыздың түп-төркінін ашу, күлкі тарихын тереңдеп жазу өзінше бір қарастырылмаған, күн тәртібінде тұрған проблема. Қазір сатиралық сурет-карикатураның ұлттық топырағымызда ежелден пайда болғаны дәледеніп отыр. Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының тұрғыны С.Мамышев деген Терісаққан өзенінің жағасынан ернеулері мүжілген, қоладан құйылған табақша тауып алған. Құм, тастан тазалап жіберіп қарағанда, оның бетінен қанатты арыстанның бейнесі көрінген. Қос қанаттың екі ұшы жағымпаз адамның, ал құйрығы ысқырып тұрған улы жыланның басы етіліп шығарылған. Бұл мұрынын көтеріп, талтайып тұрған арыстан – сол кездегі мықтымсып, кісімсіп жүретін билептөстеушілердің бейнесі. Қос қанат өктемдік, күштілік, ұлылық белгісі. Олардың ұшының әлгідей шығарылуы оның жоғарыдағылар алдында құрдай жорғалайтын жағымпаз, жалтақ жан екенін, құйрығының жылан етілуі өзінен төменгілерге уын шашып тұрған зәрлі адам екенін аңғартады. Сөйтіп, біздің заманымыздың екінші ғасырындағы ежелгі ювелир-сатирик бұл карикатурасында өз тұсындағы екіжүзді билеп-төстеушіні өлтіре келемеждеген. Әр халықтың күлкі дүниесі осындай өзіндік сипаттармен ерекшеленеді. Ол әрі әр дәуірде өзгеріп, жаңа сапа, тың сипат тауып отырады. Қазақ халқының да ұлттық, әр замандық күлкісі бар. Мұның үстіне әрбір таптың, әрбір әлеуметтік топтың өзіндік күлкі мұрасы, күлкі мәдениетінің факторлары болады. Мысалы, аш-жалаңаш, жоқ-жұқана күлкісі, «шынжыр балақ, шұбар төс», майда-шүйделер күлкісі, діндарлар мен ақсүйектер күлкісі, патша, чиновниктердің күлкісі басқа-басқа. Әрі әрбір ақын-жазушының күлкісі
стилі түрлі-түрлі. Оның бірі бейшара боп, мүләйімси сөйлесе, екіншісі басқа болып сөйлейді, үшіншісі бүркеншік атпен, төртіншісі ишарамен сөйлейді. Міне, осының бәрін терең зерттеп, сырын ашу – сатираны көркейтудің, күлкіге кенелтудің алғы шарттарының бірі. Ендеше әдебиетшілеріміз ұлттық күлкіміздің табиғатын қарастыруға көбірек көңіл бөлуге тиіс. Күлкі жұртқа көңілділік әкеледі, қиын-қыстау кезеңде еңсені көтереді, жеңіске жеткізіп, болашаққа деген үмітті арттырады. Күле жүріп, еткен еңбек өнімді, жемісті. Ұлы Отан соғысындағы қиын сәттерінде әзіл-күлкінің жауынгерлерге тірек, сүйеніш болғаны, рух, күш-қуат бергені, жеңіске деген үміт-сенімін арттырып, жауды күйретуге зор үлес қосқаны – мұның айқын дәлелі. Сөйтсе де біз бардың парқын білмей жүрміз. Не фольклорлық, не революцияға дейінгі, не совет дәуіріндегі сатира, юмордың үлгілерін топтастырған бірде-бір жинақ шығарғамыз жоқ. Күлдіргі дүниелеріміз айтылғаны айтылған, басылғаны басылған жерінде жиналмай, шашылып қалып келе жатыр. Арғы-бергі күлкілі туындыларды жинастыру, олардың ең таңдаулыларын құрастырып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыруды қарастыру – әлі өтелмеген парыз. Міндет – оқтыноқтын сатиралық әр жанрдың таңдаулы туындыларына конкурс жариялап отыру, карикатуралардың көрмесін ұйымдастыру, сәттілерін жариялап, кейін оларды жинақ етіп шығарып, тозбас, жоғалмас рухани байлыққа айналдыру. Жеке адамдар басындағы аңқаулық, түсінбестік, парықсыздық – әр дәуірде-ақ болмай қоймайтын ақаулық. Яғни комизм, жеңіл күлкі нысанасы, күлкілі жайттар еш кез жойылып кетпек емес. Ал оларды көре салып, кекете қоятын қуақылық, юморлық сезім – ескірмейтін, жұрт бойынан әрқашан табылатын қасиетті қабілет. Демек,
күлкі ешқашан жойылмақ емес, адамзатпен бірге біте қайнаспақ. Ол – өмір серігі, өмір бар жерде күлкі бар. Сондықтан, оны түрлендіріп көркейтудің, жаңа жағдайда жаңғырта желпіндірудің, күлкі мерейін көтерудің жөнжосық, әдіс-жолдарын қарастыра беру – әр кез-ақ күн тәртібінде тұрар мәселе. Қайткенде де күлкі мерейін көтерейік, күлкіге кенеле берейік! 1986ж. КҮЛКІГЕ КӨТЕРМЕШІ БОЛАЙЫҚ! Қазағымның игі тілектерінің бірі – «құдай күлкіден ажыратпасын». Өйткені күлкі – адамның өмір серігі. Адам күле жүріп өмір сүреді, күле жүріп өмір үшін күреседі. Сол күресте, бір жағынан, сол жеңіске жол бергісі келмеген кесір-кесапатты әшкерелеп, келемеждеп күледі. Сондықтан да күлкіні әрі көңіл ашар, әрі кертартпа күшке қарсы жұмсар қару деп біледі. Әрі бұл күнде күлкінің дерт дауасы, ауру-сырқаудың емі, сауығудың дәрі-дәрмегі екені анықталып отыр. Ғылыми зерттеулердің нәтижесіне қарағанда, бес минуттық риясыз күлкі адамға қырық минуттық таза ауада демалғанмен бірдей қуат береді екен. Кімде-кім жақсы күлсе, оның денесіндегі, тіпті, миындағы құрыс-тырысы жазылып, бас ауырғаны қояды екен. Күлкі демікпеге таптырмас дәру көрінеді. Ғалымдардың айтуынша, күлкі бетке массаж жасап, тынысты кеңейтеді, адамды жасартады. Қайғы-қасіретке қайыстырмай, оның басына түскен психологиялық ауыртпалықты жеңілдетеді. Яғни күлкі – адам өмірін ұзартатын құдіретті күш. Осыдан қазір ғылыми орта «күлкі-витамин» дегенді әдебиет термині
ғана емес, фармацевтік термин деп те жүр. Күлкі маңызы мұнымен де бітпейді. Өмір сүру жолында, күн көру қамында жүріп адам іштей де, сырттай да кірленеді. Сонда тәнді, денені моншада, ваннада жуып тазаласақ, жан дүниені, рухты, сананы жуып-тазартатын, ағартатын құрал – сол әлгі күлкі. Мұның үстіне және қосарымыз – «әр халықтың жай-күйі, жан дүниесі ән күйінен ғана көрінбейді. Оның күлкісінен де көрінеді. Демек, күлкі – қоғамның рухани хал-жағдайының, қоғам мүшелерінің көңіл-күйінің де көрсеткіші. Ал енді осы құдіретті күш күлкі–қалай көрініс табады, көбіне не арқылы сыртқа шығады. Ол, әрине, көбіне тапқыр сөз, табылып айтылған ой-пікір, өткір де қуақы шығармалар арқылы көрініс табады, сыртқа тебеді. Яғни мұндай табылған сөз, орынды ой-пікірді естігенде, болмыс-құбылыстың шын мәнін әшкерелей, келемеждей ашатын шығармаларды оқығанда күлесің. Осыдан жаңа сұрақ туады: әлгідей дүниелерді кімдер айтады; кімдер жазады? Әрине, көбінесе сатириктер, юмористер. Ал біз бүгіндері осы құдіретті қаламгердің қадір-қасиетін біліп болдық па?Оларға қамқорлық жасап, шығармашылық таланттарын тәрбиелеп, шеберлене түсінуіне де жағдай туғызып жүрміз бе? Жоқ. Сондықтан да осы құнтсыздықты, осы парық білместікті жою, сықақшылар мен юмористерді іздері жоқ, сұрары жоқ «жетімектік» жағдайынан шығару мақсатымен биыл Қазақстан сатириктерінің «Найзагер» атты қауымдастығы (ассоциациясы) бекітілді. Оның мақсатын саралаңқырап айтар болсақ, әрбір сатириктің, әсіресе, жас сықақшылардың шығармашалық жағынан жетілуіне, кемелденуіне қамқорлық ету, бұл үшін олардың оқтын-оқтын шығармашылық есебін тыңдап, жазғандарын талдап, бақылап, жарамдыларын баспаға ұсыну. Қарт сықақшылардың мерейтойларын ұйымдастырып өткізу,
тиісті орындар алдында лайықтыларына награда, атақ беру жөнінде мәселе қою. Қазақтың классикалық сатирасының таңдаулы үлгілерін насихаттап, елдің игілігіне айналдыру. Осыдан-ақ байқарсыздар, сатириктер қауымдастығы біреудің жеке басының қамы үшін, оның пайда табуы үшін құрылып отырған жоқ, ұлттық күлкімізді кемелдендіруді, ұлттық әдебиетіміздің сатира саласын жаңа сапа, белестерге көтеру үшін құрылып отыр. Қауымдастыққа жазушылар ұйымына қабылданбаған сықақшылар да мүше бола алады. Оларға анкета толтырылып, билет беріледі. Қазір қауымдастықтың президенті, оның орынбасарлары (У.Уайдин, Қ.Исмагилов) және хатшысы (Қ.Әшенов) сайланып, іске кірісті. Құрметті оқырмандар! Әрбір игі істі жүзге асыру үшін қаржы керек. Ақысыз ешкім «шөп басын сындырмайды». Сондықтан, негізгі мәселе – қаржы жинақтау. Осы ниетпен қазір бүгінгі сықақшыларымыздың бірсыпыра әңгімелерін бір жинақ етіп баспаға ұсындық. Жергілікті жерлердегі сықақшыларға хат жазылып, адамдар жіберіліп, қауымдастықты қаржыландыру қамы қарастырылуда. Қазақтың ұлттық күлкісінің, сын-сықағының тағдырталайына немқұрайды қарамайтын, әзіл-оспақ, күлкі сүйер әрбір азамат сатириктер қауымдастығына қол ұшын бере, қамқорлық жасар, қаражат жағынан қарайласар деп сенеміз. Көтермеші болам, демеуші болам деген жеке адам, жеке ұжым, мекеме, жеке кәсіпорындарға қауымдастықтың есеп-шотын хабарлаймыз: Құрметті халайық, күлкіге көтермеші болайық! ЖАНР ҚАСИЕТІН КЕТІРМЕЙІК Соңғы жылдары «көркем де өткір, нағыз фельетондар тудырайық», «не болса, соны фельетон деп жауынгер бұл
жанрдың құнын түсірмейік» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Жұртшылық тарапынан болып отырған осы орынды пікірді ескеріп, «Қазақ әдебиеті» газеті фельетон жанрына талапты да, қамқорлықты да күшейтуге тиіс еді. Өйткені, әдеби ұсақ жанрлардың ара жігін, ерекшелігін саралап беруді, әр жанрдағы тамаша шығармалардың үлгісін ұсынуды халық, ең алдымен, осы әдебиет газетімізден күтеді. Бірақ, бұлай етудің орнына «Қазақ әдебиеті» газеті соңғы кезде фельетон жанрына мүлде жайдақтап, жұпыныландырып барады. «Фельетон» емес, «фельетон орнына» деген рубриканы жиі пайдалануды шығарды. Тек осы жылғы февраль айының өзінде осындай үш рубрика бой көрсетті. Редакцияның мұнысы «фельетонымыз нағыз фельетон дәрежесіне көтеріле алмай қалды, оның талаптары түгел орындалмады. Сондықтан, мұны фельетон орнына берген материал деп оқыңыздар! Фельетонның дәл өзі болмаса да, нағашысы, жиені деп біліңіздер» дегені болса керек. Әрине, бұл – оқушыларды алдағандық. Егер материал нағыз фельетон болмаса, оның екі шекесіне бірдей бұл жанрдың «бөркін» кигізгенмен, ол фельетон бола алмайды. Бұл жөнінде фельетонистердің 1956 жылы өткізілген одақтық айтыс семинарында «Одан да ондай материалдарға» жаман фельетон деген рубрика қойып, шындықты ашып айтқан жақсы делінген болатын. Осы газет Б.Соқпақбаевтың «Жазушылар өмірден неге артта қалады» (4 март, 1960 жыл) деген материалын «Әдеби фельетон» деп жариялады. Аға жазушымыз Сәбит Мұқанов бұл материалдың фельетон емес екендігін сол газеттің өзінің келесі номерінде орынды көрсетті. Осы материалға байланысты айтылатын екінші бір мәселе бар. Газет оны неге жай ғана «фельетон» демей, «әдеби фельетон» деп айқындап көрсеткен. Оның себебі
ол әдебиет мәселесін сөз еткендіктен болса керек. Егер газеттің бұл принципн қолдап, фельетонның рубрикасына қозғаған тақырыбына қарай анықтауыш беріп отыратын болсақ, бізде небір күлкілі рубрикалар пайда болады. Егер фельетонда егіс жұмысындағы кемшіліктер сыналса, оған «Егіншілік фельетон», мал күтімсіздігі сыналса, «Мал шаруашылығындық фельетон», саудагерлер сыналса, «саудагерлік фельетон» деп рубрика қоюға тура келеді. Демек, әлгі материалға газеттің «әдеби фельетон» деп «айдар тағуының» өзі де білместік еді, «Қазақ әдебиеті» К.Шәменов жолдастың «Фельетон – айбынды құрал» (23 октябрь, 1959ж.) деген мақаласын жариялады. Онда автор «ең алдымен, сықақ әңгіме мен фельетонның жанрлық, стильдік ерекшеліктерін, бұл екеуінің ара қатынасын ажыратып алған жөн», – деп өте орынды мәселе қойды. «Қожанасыр қақпасы» атты жинағына байланысты фельетонист С.Адамбековты–«...Әңгіме мен фельетонның жанрлық, стильдік ерекшеліктерін былай қалдырып, тек ондағы тұрмыстық фактілердің нақтылы болғанына немесе болмағанына ғана сүйенген», – деп кінәлады. Бірақ, автор сол өзі іздеп, өзі деректеп қайта-қайта айтып отырған әңгіме мен фельетонның арасындағы «жанрлық, стильдік ерекшеліктерінің» не екенін атап та, дәлелдеп те бере алмады. Осы жөнінде К.Шәменов біраз шатасып, мүлде қате пікір айтты. Ол былай деді: «Егер сықақ әңгімеге тән көркемдік әдістер мол болса, (неде, қайда болса?!) онда фельетондағы фактілер сюжеттік оқиғаға, жеке адамдарға, кейіпкерлерге айналады. Мұндай фельетондарды енді жұрт «баяғыда сондай адам болған екен, сүйткен екен» деп оқиды. Яғни ол жарияланған уақытында фельетон болғанмен, бара-бара сықақ әңгіме ретінде танылады. Мұндай дәрежеге жетпесе, оны фельетон деп атауға да
болмайды». Осында автор үш тезис айтып отыр, соның үшеуі де дау туғызады. Біріншіден, көркемдік әдістер мол болса болды, фельетондағы факты сюжетке, сыналатын адам образға айналып сала бермейді. Сюжет тудырудың, образ жасаудың белгілі амал-тәсілдері болады. Соларды қолданғанда ғана сюжет туып, образ жасалады. Ал, оларды пайдаланбай, жалпы көркемдік әдістердің санын көбейте бергеннен сюжет те, образ да шыға келмейді. Екіншіден, жарияланған уақытында фельетон болған нәрсенің бәрі, көркемдік әдістері қанша көп болса да, бара-бара сықақ әңгімеге айналып кетпейді. Ол фельетонның мазмұнына, тақырыбына, сын обьектісіне, түріне, жазылуына байланысты. Басында үлкен проблема көтеріп, әңгіме түрінде жазылмаған фельетонның кейіннен сықақ әңгіме болып танылып кетуі қиын. Кейбір публицистикалық фельетондар фельетон-корреспонденция, фельетон-шолу, фельетонрецензияларды жүз жылдан кейін де сықақ әңгіме деп қабылдау мүмкін емес. Үшіншіден, фельетон кейін сықақ әңгімеге айналып кете алмайтындай болса, оны өз кезінде де фельетон деп атауға болмайды деу –мүлде қиянат. Бұл – фельетонның көркем әдебиет пен публицистика арасындағы жанр екенін ескермегендік. Публицистикалық фельетондардың да өмір сүруге хақысы бар екендігін мойындамағандық. Мақала авторы одан ары тағы былай дейді: «...Қазіргі фельетондарымыз жағымсыз көріністердің ең елеусіз дегенінің өзінен де үлкен қорытынды шығарып, оның зиянын жан-жақты, қазбалай әшкереулге міндетті. Өйткені қаламға іліккен қандай көрініс болса да, өмірге тарихи көзқарас тұрғысынан сипатталауға тиіс. Міне, сонда ғана кейіннен сықақ әңгімеге айналатын тамаша
фельетондар жасалады». Автормен тағы келіспейміз. Біріншіден, фельетонист «жағымсыз көріністердің ең елеусіз дегенінің өзін» фельетон етуге, кез келген тақырыпты, кез келген фактіні негіз етіп фельетон жаза беруге болмайды. Өмірімізге тән емес, практикалық мәселелерді шешуге қатысы жоқ жайларға ұрына берудің, оны оқушыларға ұсынып жатудың қажеті аз екенін де ескеру керек. Екіншіден, кемшіліктерді жанжақты, қазбалай әшкерелесек, «кейіннен сықақ әңгімеге айналатын тамаша фельетондар жасалады» деп уәде беру – жұртты тағы алдағандық. Ол неге байланысты екенін жаңа ғана айттық. К.Шәменов былай деп те жазады. «Қазіргі фельетонды сықақ әңгімеден ажыратып жүрген тағы бір белгі – оның аяғында берілетін түсіндірме. Бұл түсіндірмеде автор жазып отырған оқиға, көріністердің саяси мәнін, оны құрту керектігін тәптіштейді». Автордың бұл тезисі де қате. Өйткені, барлық фельетондардың аяғында түсіндірме, тәптіштеме, ұсыныс беріліп жүрген жоқ. Кейбір фельетондар сюжеттің бітуімен, шешілуімен аяқтала салады. Тағы бір фельетондар оқиғаға байланысты үкім айтуды, төрелік жасауды оқушылардың өз үлесіне қалдырады. Осыған қарап, яки түсіндірмесіз, деуге бола ма? Тіпті болмайды. Демек, «түсіндірменің» болу, болмауы фельетон мен сықақ әңгімені ажыратар белгі емес. Біздіңше, сатиралық әңгіме мен фельетон әңгіменің негізгі айырмашылығы қысқа етіп, нақтылап айтқанда мынада. Ең алдымен, сатиралық әңгіме фельетон әңгімеге қарағанда сиымдылау, оқиғаны қамтуы, қарпуы жағынан кеңдеу. Ондағы оқиға шиеленісі де тығыз, кейіпкерлер қақтығысы жиірек те күрделірек болады. Сонан соң, сатиралық әңгіменің фельетонға қарағанда оқушы
сезіміне әсер ету күші басым. Өйткені, онда көркемдік құралдар, бейнелі баяндаулар, лирикалық шегіністер, әр түрлі суреттеулер молырақ, кеңірек болады. Осы айырмашылығына қарай сатиралық әңгіме мен фельетон бірін-бірі жоққа шығармайды, қайта бір-біріне ұқсап, жақындап жатады, бірін-бірі толықтырып тұрады. К.Шәменов осы мақаласында әрбір фельетондағы сыналатын адамның кім екеніне және оның кінәсінің сипатына, салмағына, тигізген кесел зиянына қарай тон, тіл, үн, үкім қолданылатындығына дау айтады. «Егер фельетоншы дөрекі істерді категориялап, кодекстің белгілі бір статьяларына үйлестірмек болса, онда тәрбие құралы бола алатын, фактіні нақты талдап түсіндіретін нағыз фельетондардың тууы да неғайбыл» деп жазады ол. Автор мұнда да кері кеткен пікір айтып отыр. Біріншіден, ол өз ісінде қателескен, кемшілік жіберіп алған совет аазматы мен еліміздің қас-дұшпандарын, өз ішіміздегі кейбір шектен шыққан қылмыс иелерін бір тақтаға қойып, бір өлшеммен сына дейді. Осы екі тұрпатты адамдарды қатар қой, бірдей етіп төпей бер дейді. К.Шәменов бұл ретте, айтыстың екі түрі бар: құртыпжою айтысы және пікірлер айтысы. Айтысымыз осының қайсысы екеніне қарай тіл, үн қолдануға тиіспіз деген В.И.Лениннің пікірін ескермейді. Зерттеушілердің айтуынша, сатираның 3 түрі болады: жауларға қарсы бағытталған сатира, одақтастарымызға қарсы бағытталған сатира және өз адамдарымызға қарсы бағытталған сатира. Осы 3 жағдайда біздің тіліміз де, тонымыз да, үніміз де, үкіміміз де әртүрлі болуға керек. Өз жолдасыңмен жауша сөйлесу өзіңнің жау позицияына берілгендігің болып табылады деген еді. К.Шәменов бұл пікірмен де санаспайды. Екіншіден, автордың айтуынша, сыналатын адамдарға даралап, лайықтап сын айтсақ, олардың қылмыс,
кемшілігіне өзіндік баға берсек, «тәрбие құралы» бола алатын, фактіні нақты талдап түсіндіретін нағыз фельетондар тумайды» екен. Біздіңше, қайта дәл осылай еткенде ғана дәл осындай фельетондар туады. Әр адамның ісіне, кемшілігіне саяси мән, лайықты баға бере білгенде ғана фельетон әділ болады. Фельетон әділ болғанда ғана тәрбиелік құрал ролін атқара алады. К.Шәменов мақаласының тағы бір жерінде былай деп талап қояды: «Сатиралық шығармалардағы сияқты фельетон да дөрекі характерлердің ар жағында адамның ізгі қасиеттері, социалистік өміріміздің тамаша бейнесі тұруы қажет». (?!) Түсініксіз, мысалы, фельетонда ардан безген алаяқ, ұры-қары, мемлекет қалтасына түсіп баюды әдет етіп алған сұмды әшкерелсек, сонда соның қулық, сұмдық характерінің, жиіркенішті образының ар жағында совет адамының қандай ізгі қасиеті, социалистік өміріміздің қандай тамаша бейнесі тұрмақ. «Қазақ әдебиеті» газетінің фельетондары мен фельетон туралы жалғыз мақаласының шама-шарқы, міне, осындай. Бұл фактілер әдебиет газетіміздің өзінің әдеби жанрлардың бірі фельетонға талғаусыз қарайтынын көрсетеді. Келешекте қажетті де тиімді бұл жанрдың теориялық, практикалық мәселелерін біліп қозғайтын пікірлер ұйымдастыруын қажет етеді. 1960ж. «СҮЗЕГЕН СӨЗГЕ» СӘЛЕМ ХАТ ... Сүйікті Сүзеген! Сізге деген бұл наманы: Жолдадық дұғай сәлем Сүзегенге – Содырдың сақал-мұртын күзегенге.
Іліп ап мүйізіне, шайқап-шайқап, Елдегі кемшін-мінді түзегенге, – деген жолдармен бастауды жөн көрдім. Оным еңбегіңді елегенім. Бұл хатта өзіңмен «сен» деп сөйлесем. Өйткені, жасың бізден кіші. «Шыр» етіп жерге түскеніңе көп болған жоқ. Сен дүниеге келгенде «сахнаға сатираның тағы бір сырбазы келді» деп, тымағымызды аспанға атып, алып-ұшып алақайлағанбыз. Әрі азды-көпті ағалық ақыл айтам. Әрине, өз ақылың өзіңе жетіп жатыр. Бірақ атабаба: «ақылдың артықтығы жоқ. Бір ақылдан екі ақыл жақсы, үш ақыл одан да жақсы» деген. .Алдымен айтарым, сен бұған дейін жыл құсындай жылт етіп, сирек көрініп жүр едің. Әне бір жылдары ұшты-күйлі жоғалып та кеткенсің. Шіркін, іздері бар, сұрары бар жақсы ғой. Қожанасыр атаң: Кеудесін күнәһардың көктеп өтіп, Сұр жебең көрмеп еді текке кетіп. Көп болды ізім-қайым көрінбейсің, Өгіз болып кеттің бе етке өтіп, – деп іздеу салған, жар салған. Әлде сені Оспанхан, Көпенменен Жаттықтырмай қойды ма өкпелетіп, – деп, жөн де сұраған, жайыңа қараған. .Соңғы кезде, тамыз айының ішінде өзіңді екі көріп, екі қуандым. Бір қуанғаным: бұдан былай айына екі рет қалың қауыммен қолдасып амандасып тұрам, арқаларын кеңге салдырып, кеңкілдетіп күлдіріп тұрам депсің. Әмин, ниетіңе жет, талабыңа нұр жаусын! Екінші қуанғаным:
жаттықтырушыны жаңалапсың. «Жаңа сыпыртқы жаңа сыпырады, жаппай сыпырады» деген. Жақсы бопты. Ол әне бір жолы: Танымасақ, мен де бір қожалағың, Қожалақ деп сөз берсең, сөз аламын. Күнәһардың өкпесін көктеп жүрген Балапан Базар деген өз балаңмын,– деп, Қожанасыр атасының алдында арындап тұр еді. Жас сарбаз ғой. Жас күштің жөні бөлек, күшейсе де біраз жерге апарар. Әрі атасы оған: Бәркелді, талабың таудай болсын, Кемшілікке қаламың жаудай болсын. Қолымдағы қоржынды құрғатпаңдар, Теңіздерге салатын аудай болсын, – деген тілек-бата берген. Асылы, жаман болмас, бұрынғы жаттықтырушылардай сені тастай қашпас. Енді айтар ақылға ауысайық. Қазір заман басқа, заң басқа. Қайта құру қиялай қисындауды, жариялылық жанамалай жамандауды жақтырмайды. Көкейге қонбас, тірлікте оңбас «содырлы сойқандарды» атын атап, түсін түстеп түйреуді талап етеді. Яғни, ұшарын жел, қонарын сай білетін дерексіз дерт иелері емес, көші-қоны белгілі, іздесең, жүздесетін адресті «сабаздарға» бағытталған сатираны тиімді көреді. Өйткені, сондай нақты сын-сықақ қана еттен өтеді, сүйекке жетеді. Ал, сен тамызда екі көрінгенде 78 материал бердің, солардың «Көгендегі көшелерден» басқасы шартты шығармалар. Байқайсың ба, батыстың бұқамен бақ таластырар батырларының айқасар бұқасы да алда көрініп тұрған қызылға, бар нәрсеге шабады. Сен де нақты
нысанаға шап, «тисе терекке,тимесе бұтаққа» дегенді қой. Басты жерге салып, ауызды ашып, мұрынды шүйіріп, қос танаудан будақтатып, екі көзден от шашып, мүйіз шайқап тұра ұмтылғанда алдыңда тұрар нақты нысана, мүйізің тірелер нақты нәрсең болсын. Әйтпесе екіленіп, бос ауаны сүзе-сүзе барып жарға кетуің мүмкін, мойын үзіліп, мүйіз сынып мерт болу оңай. Осыны ескер. Бұл бір ақыл. .Бұрын сын-сықақ кемшілікке кінәлі басшыларға, ірі лауазым иелеріне батпай, «пәледен машайық қашыпты» деп, оларды орағытып өтетін, бер жағындағы «шелек жалағандарға» ғана әлі жететін. Сен де сол жалтақтықтан, сол жасықтықтан әлі де арыла алған жоқсың. Шағын мекеменің мылжың маманын, «шыбышқа» ілесіп кеткен «қошқарды», арақты бірге ішіп, ертеңіне «ақым кетті анаған» деп айқай шығарып жүрген жетесіздерді, ауруханаға келген-кеткенді тіркеп отыратын аққалпақты ешкімай қыздарды ғана айналдырып жүрсің. Қазір сынға жабық аймақ та жоқ, адам да жоқ. Заң, тәртіп, талап барлық бас көтерген пендеге бірдей делініп жүр. Осыны ескеріп, сен енді «кішкентай адамдарға» ғана емес, айыбы бар атышулы, азуы алты қарыс, атан жілікті лауазым иелеріне де ауыз салуың керек. Ұсақтамай, ірілеуің керек. Бұл екінші ақыл. .Шын палуанға «алды да бір, арты да бір» дейді ол. Ол қарсыласы алдынан келсе де, артынан келсе де атып ұрады, алып та жығады, шалып та жығады. Сол сияқты, сен де мүйізбен түйреме, өкіріп-өкіріп жер тарпып, артқа қарай тұяқпен атқан тасың да, артыңда тұрған арамзалардың аузын бұзсын. Анау-мынау жылпостарды құйрықпен де «шып» еткізіп, шыбын қаққандай қағып түсіріп отыр. Мұным сын-сықақтың алуан-алуан амалтәсілін, жарамды жанрларын қажетіңе жарата біл дегенім. Сатираны қилы-қилы қисынмен, түрлі-түрлі тәсілмен, құбылмалы пішінмен тудыруға болатынын ұмытпа! Сен
қысқа әңгіме, сықақ өлең, мысалдан басқаға бара алмай жүрсің. Әр гүлдің өз түсі, өз иісі бар дегендей, әр жанрдың өз қабілеті, өз құдіреті бар. Жазда Шымкенттен Темірхан Әбдіков деген мұғалім: «...Еңбексіз табыс табушыларды, жылы орында шіреніп отырып, бұйрық беруді білетін, жігерсіз, қағазға ұста тісқаққан қуларды, таныс-тамырды қуалап күн көретін бишараларды әшкерелейтін өткір тілді фельетондар жоқтың қасы», – деп жазды. Мұны да ескер. Бұл үшінші ақыл. Төртінші ақыл әлгі «өткір тілді» дегеннен шығады. Кейбіреулер сиыры сүзеген болса, сауайын деп жатқан бәйбішесін мүйізге іліп сүйрете жөнелсе, тоқпақпен ұрып оның мүйізін қағып алатын. Миын шайқап, аузынан суын ағызып, делбе ғып қоятын. Немесе тұқыртып байлап қойып, ауыртпай аралап тастайтын. Сен «мені де сүйте ме?» деп қорықпа! Қайта қалың қауым сенің мүйізіңнің ұзын да үшкір болуын қалайды. Дерт иелерін жарып жіберіп, бүтін жатқан бүйрек майын ақтарып тастасаң, сауап бопты дейді..Мұным өткір жаз, әр сықағың, әр сықағыңдағы әр сөз, сөйлемің ауыз тұщытып, тамсандырып тұрсын, орнын тауып тұрсын дегенім. «Заводқа керекті заказ берген басы артық бөлшектердің келіп түскендеріне картотека жасап қабылдап, келіп түспегендеріне тездетіп телефон соғып, тыным таппады» деген сияқты сатиралық тіл, стильге сай келмейтн шұбырпалардан сақ бол! Келесі жолы резерв туралы Есебіңді тыңдаймыз. Сондықтан, резервіңді іздестір, Аты-жөнін бізге естірт (?). немесе:
Тоқтау айтқан саулыққа, – Салындық, – деді, – жаулыққа, Жол бермейтін сыбысқа Айтыңдар, деп дыбыстап Ілесіп кетті шыбышқа, – деген сияқты не поэзия жоқ, не ұнамды ұйқас жоқ ботабыжырықтарды сызып таста. «Кеудесін керіп, зеңбіректей қуысқа (?) тақай қоясың», «Тықыршып қарындасым отыр күтіп» (?) дегендей сөйлемдерді де сүзіп таста! Мұным да төртінші ақыл. Айта берсек, ақыл көп. Дүниеде от оттап, су ішіп өмір сүру оңай емес. Газет бетінен байыз тауып, табандап тұрақтап қалу тіпті қиын. Кезінде құда-жекжат, жиензаузаты көп, талайлармен табақтас болған, үлкен астаулардан ас асаған, алымды да шалымды Бүйенбай ағаңның өзі де алақандай пұшпағына ие бола алмай, «аһ» ұрып арманда кеткен. Оның орнына Күлдірген мен Күйдірген басқан. Бірақ, бірер жылда айтып, сықақ бұрышын тұралатып тынған. Олардан соң Мысқылбек деген мықты шыққан. Мүйізіне ол да ие бола алмай, тарих аренасынан тайып тұрған. .Сүйікті Сүзеген, осылардың кебін киіп, аяғын құшып қалмайық. Айына екі рет бас көрсетіп, мүйіз шайқап тұрам депсің, бұл оңай іс емес. Әлгі үш топқа бөлген сатириктеріңді жаппай жұмылдыр! Жер-жердегі қуақы, әзілқой, күлкі сүйер, сатира, юморға көңілі иер адамдарды қоса тарт! Күндердің күнінде суы сарқылып қайырлап қалған аққайықтай Сүзегеннің айтар сөзі таусылып, сүмірейіп қалыпты деп жүрмесін халайық! Ғұмырлы бол, ұзаққа шап! Бұл бесінші ақыл. .Сатира «федерациясының» мүшесі етіп сайлапсың, рахмет. Аман болсақ, сеніміңді ақтармыз. 1988 ж.
СҮЗЕГЕННІҢ ЖҮСІПБЕКПЕН КЕЗДЕСУІ .Күлкі күні қарсаңында Сүзеген кімді сүзерін білмей, аласұрып арсалаңдап келе жатыр еді, алдынан аяқ таяққа сүйеніп, ақсай басқан біреу шыға келіпті. Сүзеген іздегенін тапқандай басты жерге салып, ауызды ашып, мұрынды шүйіріп, қос танаудан буды будақтатып, екі көзден от шашып, мүйіз шайқап тұра ұмтылды. «Ойбай!» дегенше болмады, әлгіні қарағайдай мүйізіне қайқаң еткізіп іліп ап, көтеріп тұрып, шиырып ұрды да, сүзгілеп сүзе жөнелді. Батыс «батырларының» қызылға шаптықтырған бұқаларындай, Сүзеке де тым тың екен. Өлді ғой, болды ғой демеді, басы жұмыр бейбақты сүзгеннен сүзіп отырып, кәдімгі молдалар айтатын о дүниедегі дозаққа қарай домалатты. Анау сәл есін жиып, бас көтере берейін десе, «тұрмайсың, сазайыңды тамұқтан тарттырамын» деп, Сүзеген тағы сүзіп жіберді... .Құлап өлер, қорқынышты қыл көпірге жақындай бергенде пейіш жақтан бері беттеп келе жатқан бір кісі: .– Батыр-ау, мұның қалай, бұл кім еді? – деп жетіп келді. .– Бұл тамұққа атау-ақыретсіз аттандыратын азғын. .– Не істегенін айтамын, алдымен танысып алайық, өзіңіз кімсіз? Кездейсоқ кездесіп, тосыннан танысқан тағдыр ізі. Мен – Жүсіпбек Аймауытов ағаңмын. – Сүзеген селк ете қалды. Сенерін де, сенбесін де білмей, сәл түрды да, құшақ жайып, тұра ұмтылды. – Ойбай, аға, жақсы кездестіңіз, – деп бас салды. Сүйінші, жарық дүниеде сіздерді ақтап, халқыңыз мәресәре боп жатыр. Өзіңіздей аяулы азаматтарына жала
жауып, жалған куәлік еткендердің ініне су құйып, ел алдына сүйреп шығарып, бетіне күйе жағуда. Жастар газетіндегі сықақ бұрышының иесі Сүзеген деген мен боламын. Бүгін менің мүйізіме тоқырау тұсындағы тұнық суды лайлап жүрген жалақорлардың мына біреуі ілінді. Бұл да ел арасын арандатқан, сіздей абзал ағаларды құдыққа құлатқан қулардың құйыршығы. Өнері өтірік пен өсеккке шыққан. Аузы-мұрыны жоқ домалақ арыздарды астанадан асырып, ерсілі-қарсылы айдаған, талайлардың обалына қалып, отын өшірген, жора-жолдасқа опасыз, ел-жұртқа зиянды «жәндік». Осыларды қияметке қумай қырсық қалмайды. Жүсіпбек тұлыптай боп, қыл көпірдің қадасын құшақтап тұрған пәлеқорға қарады. .– Мынау кемтар жан ба еді, бір аяғы жоқ қой! – Кемтар деп жаныңыз ашымай-ақ қойсын. Аяғын ел қорғап, соғыста айырылған жоқ, арамдықтан айырылған. – Қолы-басы алалпес пе, қалай? .– «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деуші еді, елге арамдық еткендіктен мұның аласы сыртына да шығып кеткен. Жүсекең қатты күрсініп ойға кетті де, сәлден соң тіл қатты. .– Рас, ел арасына өтірік-өсек өрт әкеледі, мұндайлар дерт әкеледі. Қайтейік, кезінде осындайлардың опасыздығымен жазықсыз жазаландық. Көзімізді жастай жойды. Жүсекең сәл жасығандай болды да, сөзін жалғады. Естіп-сезіп жатырмыз, Сүзеген. Ақ-қараны анықтап, әділдікті айтқан, елеп-ескеріп, есіне алып жатқан елге рахмет. «Алтынды тот баспайды», аққа жала жабыспайды деген осы. Өткенге өкінсем де, жан жылытар жақсылқты естіп, өзіңді көріп қуанып тұрмын. Әріптес екенсің. Мен де 20 жылдары жастар жағын жағалап ем, әрі, өзің сияқты сатира садағын кере тартып ем... Жүсекең осыны айтқанда:
.– Білем, аға, «Шаншар» журналын шығарған «сен тұр, мен атайындардың» бірі сіз болатынсыз. Бүгін күлкі күнінде күйзеліп, күңіренбей-ақ, сын-сықақ, әзіл-оспақ туралы сырласайықшы! – деп, Сүзеген жабыса кетті. – Иә, 1925 жылы өмірдегі қол соғылмайтын көріністерге күлгіміз келіп, жұртты да күлдіргіміз келіп «Шаншарды» шығарғамыз. .– Бұл тұмсаның тұңғышын тууындай тың тәжірибе еді ғой. Алғаш қалай қиналдыңыздар? .– Тұңғышымыз күле қалмайтын қара қабақ, тұнжыр болып туа ма, әйтпесе, тілінің безі бар, күлегеш, жайдары боп туа ма? Жұртты күлдіре ме, жоқ өзі күлкі болып жүре ме деп күдіктендік. .– Әрине, жас нәрестенің апыл-тапыл басып жүріп кетуіне қазақ қаламгергерлерінің күлкісіне, көңіліне, көмегіне үміт арттық. .– Шыр етіп жерге түскенде «Шаншардан» не күттіңіздер? .– Оның сыңары жоқ, бір езу болмай, сегіз қырлы, бір сырлы, қызықты «жігіт» болуын күттік. Бүркіт болып тышқан қақпай, қаһарлы қару ретінде торғай атпай, әлеуметтік ірі мәселелерге килігуін күттік. .– Күлдіргі нәрсені кімдер жазады, кімдер күледі деп білесіз? – Күлдіру кім болса соның қолынан келе қоймайды. Күлдіргі адамның өзінің де күлкісі әрқашан келе бермейді. Күлдіргі нәрсені өмірдің күлкілі жағын көре білген, тумысынан күлдіруге бейімді адам жазады. Сонда да күлкі соққанда, шабыт келгенде жазады. Сыққақты сондай адамдар жазуға тиіс. Оны шын күле алмайтын, зорланып, күшеніп күлетіндер жазса, оқушылар ернін шығарып сықақ бұрышы мен күлкі журналының өзіне күледі. – Халқымызың күлкі қабілетіне қалай қарайсыз?
– Қазақ қалжыңшыл, сықаққой, мысқылшыл жұрт, бас қосқанда бірін-бірі қолға алып, күліп отыратын жұрт. Күлдіргі азаматтар қалада да, далада да аз емес. – Кімдерге күлуге болады? – Сықақ нысанасы көп қой. Тірі кісі түгіл, өлгенді де келемеждеуге болады. Бұған бір дәлел айтайын. Патша заманында орыстың бір жандаралы өмірі қағазға қол қойғаннан басқа түк бітірмейді екен. Хатшысы алдына қағаз әкелсе, «біз жазып отырмыз ба, бізді жазып отыр ма?» деп сұрайды екен. «Біз жазып отырмыз» десе, қағаздың астыңғы жағына қол қояды екен. «Бізге жазып отыр» десе, «орындалсын», «орындалмасын» деп үстінен қол қояды екен. Жандарал өлген. Күлкі журналы жандаралды мазақтап күлген. Жандаралды табытқа салып, көмгелі апара жатқан суретін салып, табытқа «біз көміп жатырмыз ба, бізді көміп жатыр ма» деп жазып қойған. Жандаралдың надандығын бұдан артық қалай түйресін! – Күлкілі суретке қалай қарайсыз? – Сөзбен жазғаннан суретпен аңғарту тиімді болса, сөзбен айтуға реті келмейтін нәрсені суретпен беруге болатын болса, күлкілі суретпен пайдалану қажет. – Біздің сықақ бұрышының сарбаздарына не дейсіз? – Жазып тұрыңыздар, Сүзегеннің сүзгіштері! Күлдірейік, күлейік деймін. – Рахмет аға! Мен енді қайтайын. Елге барып сізді көргенімді, жүздесіп сәлем бергенімді айтайын. Аманатыңызды жеткізейін, күлкі күнін көңілді өткізейін. – Жолың болсын, қайт! Сұрағанға сәлем айт! Ал, мына халық қарғысына ұшырағанды ала кет, ендігі өмірін итшілеп өткізсін қара бет. .Сонымен, Сүзеген бүгін Жүсекеңнің сәлемін арқалап алдарыңызға келіп тұр. 1989 ж.
ҚАҺАРЛЫ ҚАРУ, ҚАЙДАСЫҢ? Сатира: Бұдан 3-4 жыл бұрын осы сатираңыз: Жыл жемісін қорытқанда, Сөз болмайтын бір ауыз. Апыр-ау, қандай жөнім бар, – деп зарлайтын. Оның осы зары Жазушылар одағының кейбір рахымды басшыларының құлағына жетіп, 1987 жылдан бері сатираға да сөз тиді. Ол туралы әр жерде пікір айтылатын болды. Бұл – жақсылық. Бірақ осымен сатира мұқтажы шешілді, сатира зарлауын қойды, сатириктер қанағаттанды, олар қиратып жатыр жазып, тындырып тастады деп қалмаңыздар. Сатира әлі де бүгінгі заман тілегіне, қайта құру үрдісіне үн қосып кете алған жоқ. 60-70 жылдары сатиралық роман, повестер берген С.Адамбеков, Е.Домбаев, С.Әлжіков, О.Иманалиевтердің өзі қаһарлы қаруды қолдан түсіріп алған сияқты. Арындары басылған, қаламдары мұқалған, тепсіністері тежелген сыңай танытады. Олардан кейінгі сықақшылар да «шыбын қағып», «тышқан аулап», бар-жоқты сөз етіп, ұсақтап жүр. Мұның себебін кейбіреулер қазір сатира, юморға өте қолайсыз кезең, оны дамытуға негіз жоқ. Қайда барсаң да адамдар жоқшылық көріп, көңілсіз болып алды, күлкісі келмейтін болды. Олардың қабағы түсіңкі, түстері сұсты. Мұндайда біреуді келмеждеп, сыққатап не жөніміз бар, неменемізге мәз болып, әзілдесіп ыржақ қағамыз деп түсініргісі келеді. Біздіңше, – бұл теріс пікір. Рас, біз дерттіміз, бірақ өліп бара жатқан жоқпыз, біртіндеп
аурудан арылып келеміз. Біз ойлы-қырлы, содырлы, соқпақтыға тап болып, онымен біраз жүрдік, қиналдық, әлі де қысылып,-қымтырыламыз, күйзелеміз, бірақ енді тегіс те, жайлы жолға шығамыз, дамудың даңғылына түсеміз. Бүгіннің өзіне де жылауға қанша негіз болса, күлуге де сонша негіз бар. Айтыңыздаршы, қазір бұрынғы әкімшілдік-бұйрықшылдық, билікке, айқайға сүйенген социалистік құрылыстың өзіндік кемшіліктері, соның салдарынан туған былық пен шылық, соны іс-қимылына басшылық етіп алған қу мен сұмдар, еңсені көтеріп, ілгері жылжуға, қоғамды қайта құрып, қайта түлетуге тиіс емес пе? Өмір бар жерде оған негіз жоқ деп айтуға болмайды. Сатира, юмор еш кеш қалуға тиіс емес, олар әр кез шектелмейді, шеттелмейді. Қазіргі қайта құруды революциямен тең қойып, оның өзгерістерін революциялық жаңғырумен жарыстырып жатырмыз. Ал тарих тағылымы бойынша сатираның өрлеуі, жаңа белеске көтерілуі осындай революциялық қозғалыс, алыс-жұлыс, арпалыс кезеңдерімен тұстас келеді. Демек, халқымыздың қазіргі жаңа құрылыс, жаңа тұрмыс үшін, әлеуметтік әділеттілік, еркін егемендік үшін күресі тұсында да сатираға тың тыныс, соны серпіліс тиіс еді. Халықтың қозғалысы жазушы-сатириктердің ақылпарасаты мен жүрек сезіміне қозғау салуға тиіс еді. Сатирамыздың бүгінгі жай-күйінен, екпін-лебінен бұл да байқалмай отыр. Мұның себебін енді біреулер еркін көсілуге, ойдағыны қысылмай айтуға әлі де жағдай туғызылған жоқ, әлі де жалтақтауға мәжбүрміз, жағымсыз жайттарды жар сала, шаңын қаға жазуды жақтырмайтындар жоғарыда әлі де бар деп түсіндіреді. Бұл уәж де құлаққа кірмейді. Біріншіден, қайта құруға кесір болып, кесе-көлденең жатқан кедергілерді тап басып, әділ әшкерелеуге қарсылар қазір табыла қоймас,
болса да, оларға жол беріле қоймас. Екіншіден, сатира – қайшылықтың жемісі, ол екі күштің егесуінен, ескі мен жаңаның жағаласуынан, қайырымдылық пен қатігездіктің қарсыласуынан туындайды. Классикалық сатираның тәуір үлгілері кедергі, тежеу көп дәуірлерде дүниеге келген, сол тұстың туындылары сапалы да болған. Енді біреулер сатираға қамқорлық жоқ, ол әлі де елеусіз, есікте отыр, іздері жоқ, сұрары жоқ жетімекше шет қақпай көруде. Оның жазылса, жариялануы қиын, жиналса, жинақ болып шығуы қиын дегенді айтады. Міне, осы пікірінде шындық бар. Газет, журнал редакторларының сатираға көп ықыласы түсе бермейтіні рас. Оған олар күдікпен қарайды, «осыны жариялап алып, бір пәлеге ұрынбас па екем, дау-дамайға қалмас па екем» деп сақтық жасайды. Тіпті, сатириктердің өзіне сенімсіздік білдіріп, оларды екінші қатардағы жазушы деп таниды. «Правдада» өткізілген «дөңгелек үстелде» «Крокодил» журналы редакторының бізді, сатириктерді, ұр да жық, қылжақ, әшейін әзілкеш деп біледі. Бізге газет, журналдың тек соңғы пұшпағы бұйырады. Сахнадан сөйлесек, «жазушысатирик» деп таныстырады дегені тегін емес. Біздің кеңесіміз – мұндағы абыройымызды төмендетпей, қайта ерекшелігімізді, батылдығымызды, кемшілік атаулымен бітіспейтінімізді көрсете түсуіміз керек. Сатираға, сатирикке көзқарас осындай болған соң, оның сынына да салқындық көп. Қазір газет, журналдардан сатира туралы айбынды да азулы сындар көресіздер ме? Оны редакторлардың жоқ сылтаумен жариялағысы келмейді. Мысалы, «заңын шығарып» тұрып «Сатира және қайта құру», «Сын тәңірісі – сатира – сатира» деген қос мақаланы «Қазақ әдебиетіндегілердің», «Сатира – өмір серігі» деген мақаланы «Зерде» журналындағылардың қолына қыстырғанымызға 2-3 жылдың жүзі болды, не жарық көрген жоқ, не жауап
берілген жоқ. Газет редакторының орынбасары О.Бөкеев бөлімнен дайындалып барған материалдарды тартпаға салып, тақымға басып, міз бақпай отыра береді. Бұл баспасөз орнындағылар біреудің материалына орын берсем де, бермесем де өз еркім деп ойлайды. Баспасөз органы олардың жекеменшігі емес, халықтыкі екенін не түсінбейді, не түсінгісі келмейді. Оны өз малының өрісіндей, өз атасының жайлауындай көреді. Осыдан барып пікірлер плюрализміне жол берілмейді, сатираны дамытуға қолғабыс етсем деген үміт қырқылады. Шындықты өздері іш тартып, сүйеп сөз бергендерінің монополиясына айналдырады. «Ойынды бір-ақ жаққа бағыттап, допты бір ғана қақпаға қарай соққызады» деген осы. Сатира сынын жариялаудағы жалтарудың, біздіңше, екі себебі бар. Біріншіден, біреулер жолдас-жораларын сынатқысы, соққы астына қалдырғысы келмейді, екіншіден, енді біреулер басшыларды, ықпалдыларды сынатудан жасқанады. Қазіргі дәуірде мұның екеуі де бишаралық, бізді көгертпейтін зиянды қылық. Сатираны да еңселетпей жүрген пәленің бірі осы. Қазір біреулер «сатира өкіметке қызмет етуге тиісті ме, әлде, қатардағы адамдарға қызмет етуге тиісті ме?» деп сұрақ қояды. Қайта құруға дейін біздің сатира негізінен өкіметке, оның басшы өкілдеріне қызмет етті. Олардың былық-шылығын сынамады, көрсе де көрмегенсіді. Көре қойып әшкерелеуге рұқсат етілмеді, көбіне сол өкімет иелерінің ауанына қисайды. «Анаған тиме», «мынаған тиме», «номенклатурадағы ақсүйектердің беделіне нұқсан келтірме», «партия, үкімет басшыларына тіл тигізбе» деп, сатириктерге тежеу салынды. Қайта құру демократияны ту ғып көтерді, қоғам мүшесінің бәрі тең, әлеуметтік әділеттілік бәріне ортақ деп мәселе қойды. Мұны білмегендерді, бұрмалаушыларды лауазымына,
бет-жүзіне қарамай сынауға, шаңын қағып, тәртіпке шақыруға жол ашты. Әрине, өкімет адам игілігін көздейтін, адам мұң-зарын қорғайтын өкімет болса, оған да қызмет ету керек. Тіпті, оның мүшелері адамға қызмет етудің өзі сол қоғамға, оның өкіметіне қызмет ету болып табылады. Совет өкіметі – халықтық өкімет, оның бар міндет-мақсаты – халықты игілікке жеткізу, жақсылыққа кенелту. Ендеше, біздің сатира совет өкіметінің жүргізіп отырған саясатын, заң тәртібін қолдауға, соған қызмет етуге тиіс, оның ел мүддесі үшін істеп жатқан шараларын жүзеге асырға көмектесуге міндетті. Ал егер адам мүддесін басты мақсат ете алмаған, оның талап-тілегін қанағаттандырмайтын өкімет болса, сатира онымен күресуге, оған қарсы келуге тиіс. Өйткені, сатира әсте де адамды қорғайды, адам игілігіне қызмет етеді. Әрине, ол адамды қорғағанда антипатияны, симпатияны емес, заңды, тәіртіпті, правоны басшылыққа алуға тиіс. Қайта құруға дейін халыққа жетпеген нәрсе осы қорғаудың, қауіпсіздіктің кемдігі болды. Қоғамымыздың қазіргі даму барысында сатира өзінің пафосын өзгертті, еңбекшілерді әлеуметтік қорғауға ойысты. Осыдан байқалатын бір жаңалық – бұрынғы сатирада жанрлардың бәрінің мазмұны біркелкі, ұқсас келетін. Көбіне біреулердің ішіп-жегенін, ұрлық-қарлығын әшкереулге бой ұратын. Соның өзінде негізгі кінәлілерді дәл таппай, тапса да, басшыларға, үлкен лауазым иелеріне тісі батпай, «пәледен машайық қашыпты» деп, оларды орағытып өтетін, бер жағындағы «шелек жалағандарға» ғана әлі келетін. Енді ол «кішкентай адамдарға» ғана емес, аты шулы «азуы алты қарыс», «атан жілікті» ақсүйектерге де ауыз салуға батыл бару қажет деп отыр. Бұл орайда сынға жабық аймақ та жоқ, адам да жоқ, заң, тәртіп, талап қоғам мүшлерінің бәріне бірдей деп отыр.
Әр дәуір сатирасының жанрлары да солардан туатын оқиға, сюжетке қарай таңдалады. Қайта құру кезеңінің де өзіне оңтайлы, тиімді жанрлары бар. Ол – фельетон, памфлет. Бұл жанрлар мораль айта отырып, сынауға, жартылай көркем сипаттауларға иек артады. Осы жағынан публицистикалық мақала мен әңгіме арасынан шығар осы тартымды да жауынгер жанрлар ашық, айқайлап шыға алмай, бұғып жатыр. Бұған дәлел жақында шыққан С.Кенжеахметовтің «Мірдің оғы», З.Асабаевтың «Жалғыз көзді балық», Т.Құлиясовтың «Сауда сақал сипағанша» жинақтарынан бір де бір фельетон, не памфлет таппадық. Қ.Әшеновтың «Өзімнен де бар» жинағынан екі-ақ фельетон кездестірдік, ол да шартты. Неге бұлай? Фельетон, памфлет шүйілер нысана жоқ па? Оларға жем боларлық адресті ағаттықтар ада болған ба? Тіпті де олай емес, әлі де жеткілікті. Тек, бұл ұшқыр жанрларға деген сол баяғы ықыластың жоқтығы. Мысалы, фельетонның көрінбей кетуіне бір себеп – газеттерге арнайы «фельетон бөлімін» ашып, тұрақтандырмағандық. Баспасөздің атасы «Правданың» өзі оны халықтық бақылау бөліміне атқосшы ғып, қосып жіберді. Мұны көрген біздің газеттер де фельетонды ары итеріп, бері итеріп тәлкекеке салды. Екінші себеп – фельетонисті де, фельетонды да құрметтеуді қойдық. Оларды көре қалса, тіпті, жауапты қызметкерлердің өзі «ақ қарға» көргендей тыжырынатын болды. Жарияланаған фельетондардан қорытынды шығару қойылды, оған жауап беру дағдыдан қалды. Әне бір жылдары фельетонның да қылышынан қан тамып тұрушы еді. Оқырмандар оны күтіп отырып, іздеп жүріп оқушы еді. Фельетонистерді мият тұтып, мұңын шағып, редакциялардан шықпаушы еді. Осы әдет, осы дәстүр қазір бар ма? Жоқ. Біле білсек, тынбай жазатын шебер фельетонистің мұрасы қоғамның, ұлттың, бір
кезеңнің үні, тарихы болып қалады. Бұған Бейімбет, Ілияс, Сейділа, Асқар мұрасы – дәлел. Олар қазір біз қайта құруда таптық, аштық деп жүрген заңсыздықты, жағымпаздық пен төрешілдікті, түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын жебір-жегіштікті өз тұстарында-ақ көре-біліп, сол дерттерге қарсы найза салысқан. Қазіргі қайта құру кезінде сол дәстүр жалғасын таппай отыр. Әлгідей себептермен сол «нәрлі топыраққа» жауынгер жанр – фельетон өспей жатыр. «Социалистік Қазақстан» газеті кейінгі кезде сықақ бұрышын ашып, дерттерді «Мүйізтұмсығымен» түртіп, тәуір үлгі көрсетіп жүр. Енді «Правда» сияқты, «Дөңгелек үстел» ұйымдастырып, пкір алысып, сатира тағдырын бағдарлап отырса, фельетон бөлімін тұрақтандырса, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде республика егемендік алып, шет елдермен тікелей байланыс жасау, олармен бірлескен кәсіпорындар құру, ауыл шаруашылығы және оның шикізатын ұқсатып, машина жасау саласында өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту қамында. Енді сатириктер ішкі майданның ғана сарбазы болып қоймай, халықаралық тақырыптарды қозғауда да сапта болуға тиіс. Біреулер «қайырымды қатынастар» жасауға тырысып жатқан осы кезеңде сыртқы тақырыптарға сатира жазу, карикатура салу, оларды жариялау қажет пе? Ол шетелдермен ара қатынасымызды жақсарта беруге кесірін тигізбей ме? деуі де мүмкін. Бұл да – қате түсінік. «Жақсы қатынас орнатамыз», «Өзара түсіністікте боламыз» деп капиталистік дүниенің бізге деген теріс іс-әрекетін, зиянды үгітін сынамай, әшкерелемей отыру – позицияны беру, идеология саласында ымыраға келу, идеологиялық күресті тоқтату, қару-жарақты лақтырып тастап, оларға берілу болып табылады. Сатираны тек сынасу, әшкрелесу құралы деп түсінуге болмайды, ол – әрі ұғыныс қоюдың ең қысқа, ең тиімді
жолы. Сатира шетелдіктермен де түсіне қоюға қажет. «Басы қату болса, аяғы тату болады» дегендей, қақтығыса отырып, өзара жақсы қатынасқа, саяси мүмкіндіктерге жол ашады. Ендеше памфлеттің де аренадан кетер жөні жоқ. Асылы, қазіргі қайта құру кезінде сынап-мінеудің ең тиімді түрі – публицистикалық сатира. Оның артықшылығы – мұнда авторлық пікір айтуға, ойланыс, толғанысқа баруға мүмкіндік мол. Идея автордың логикалық, ашық ой-пікірімен беріледі. Әрі ол сыйымды, ықшам ылдымжылдым келеді. Өйткені, публицистикалық сатирада фантазия, импровизация бола бермейді, ойдан қосылған оқиғаға, бос қалжың-қылжаққа, артық суреттеулерге, көп боямалауларға, шарттылыққа орын жоқ. Астарлы анекдоттың, жеке сөздерді теріс қолданып ойлантуға негізделген дәстүрлі әдістер оған тиімді де емес. Мұның үстіне публицистикалық сатираның болған, тұрмыста орын алған оқиға, құбылыстарға негізделуі, өмірде бар адамдарды нысана етіп, соларға қарсы бағытталуы сатириктерден ерекше батылдықты, әділдікті, сынап-мінеп күлкіге жығуда шектен шығып кетпеуді талап етеді. Яғни, олар документтілікке, дәл шындыққа байлаулы екенін сезінуге тиіс. Әрі өзіндк ой-пікірлерін айтуда тың түр, соны соқпақ таңдауға, бояулы, үйірімді, кекесінді әдіс-тәсілге иек артуға міндетті. Реалистік өмірдегі, кез келген жағымсыз фактіні күлкілі етіп беру оңай емес. Тапқырлық, күлкі шақырар әзіл-қалжың мазмұндауға бара бермейді. Сондықтан, публицистикалық сатирада өмірлік комизмді іздеу, таба білу қажет. Мысалы, З.Асабаевтың «Желкесі қиылған қиял» сықағындағы Доман үйінің алқа-салқасы шыққан қақпасы, ауласында шашылып жатқан шөп-шалам, күл-қоқысы, бөлмелерінің қолқа қабар иісі, ескі диван, шынысы сынған сервант сиқы, Доманның жұмыстан
қуылып жүріп, «келсең, кетуге жараймыз» деп, «үзеңгі бауын алты қабат» етіп бөсуі, Адыранның аузын майлап, баласын оқуға түсіріп алмақ болған арам ойы, ертіп келген екі жолдасына қарап, «бір баланы үшеулеп бірдеңе етеді екенсіңдер», «қалада тұрып үсіген тауықтың етінен әбден зәрезап болған шығарсыңдар. Майлы қуырдаққа кеңірдектеп бір тойыңдаршы» деген сияқты көңілге келер пікірлері, ақырында, баласының қамын жейін деп отырып, шақырған қонағының қайда кеткенін, өзінің не болғанын білмей қалуын, қасы-көзін бояған көрші әйелдерінің қонақ үстіне келіп, ұялған, қысылған болып отырып «ақаңды» аңыратып, қылжиып-қылжиып сеспей қатуы, сықақтағы кейіпкерлердің аты-жөні, түр-түсі, сырт-пішіні – бәрі-бәрі күлкі шақырар жайттар. Яғни осында заттың сиқында да, кейіпкерлердің сөздерінде де, пікірінде де, түрінде де, тәртібінде де, іс-әрекетінде де, тудырған ситуациясында да комизм бар. Күрделі комизм деген осы. Мұнда юмор да, ирония да, сарказмдар тудыратын комизм түрлері тоғысқан. Ал жай комизмге жеңілтек, көңілді, комедиялық (фарс, водевиль) сатираға тән. Онда салмақты идея, білікті пікірлер, ойлы эмоция бола бермейді. Публицистикалық сатира да күрделі комизмге негізделуі тиіс. Бұл үшін ол оқиғалардың күтпеген оқыс қақтығыстарына, адамдар арасындағы қиын қатынастарға, көрінбейтін келеңсзідіктерге бару керек, соларды тауып, солардың төңірегінде ой қозғау керек. Күлкілікке көп нәрсе себеп. Луначарскийдің айтуынша, адамның сыртқы көрінісіндегі әдеттегі бітім-пішімнен ең ұсақ ауытқушылықтың өзі де күлкілі. Сол сияқты, әдетдағыдан, нормадан сәл ауытқу да күлкілік туғызады. Әр нәрсенің сыртына, сыртқы сиқына күлу бар да, оның ішкі мәніне тереңдеп барып күлу бар. Осы соңғы күлу – бос сықылық емес, өзіндік философиясы бар күлкі. Күлкі сипатынан күлушінің де кім екені көрінеді. Сатираны
шын күлкі ғана нұрландырады. Осы тұста бір ескерте кетер бір нәрсе – жеке адамға күлу бар да, нақты бір болмыс, құбылысқа күлу бар. Бұл екі күлкінің арасындағы айырмашылық – біріншісінде адам образы жасалады, екіншісінде жасалмайды. Тек келіссіз, орынсыз оқиға, дәстүр, салт күлкі етіледі де, соққы солардың зиянды белгілеріне беріледі. Адамның рухани экологиясындағы әлеуметтік, психологиялық, моральдік міндерді публицистикалық сатира да аша алады. Онда да гротеск, ирония, монолог, диалог қолданылады. Онда да көркем әдеби сатираның әсірелеу, қиялдау, елестету сияқты элементері шектеулі түрде, жұқалап енгізіледі. Мынаны оқыңызшы! «Сұмдық-ай» совхозының еңбекккерлері «Көктемнің көкөзек уақытысында азық-түлік программасын Азық түлік програмасына айналдырайық» деген девизбен еңбек етуде. Нәтижесі назар аударарлықтай: қазір шаруашылықтағы төрт түлік мал түгелдей көтеремге ұшырады. Мал бордақылайтын орындарда бас мамандар жүр. Бас мамандардың әрқайсысы тәулігіне 700 грамнан салмақ қосуда» («Қазақ әдебиеті», 11.5.90). Осында гротеск, әсірелеу бар, бірақ шектен шығынқырап кеткен. Сөз жоқ, публицистикалық сатирада фактілік пен күлкілік тоғысады. Бірақ, комедиялық әрлеу фактіні, документті деформациялауға тиісті емес. Гротеск бұрынғыдай контрасты, парадоксті, қарамақарсы нәрселерді жарыстыра, үйлестіре көрсетудің орнына, қазір болмыс, құбылысты әсірлеумен, көптіре, көтере көрсету әдісіне айналды. Біреулер гротеск фантасика мен карикатураның бірлігінен туады дейді. Сюжет парадоксқа негізделгенде солай болатыны да рас. Мысалы, А.Твардовскийдің «Теркин тамұқта» поэмасында кейіпкер дүние салып, тамұққа тап болып, совет халқына тән өлмес, өміршең қаситпен о дүниеден қайтып барып
оралады. Осында гротеск стилі қолданылған. Өліп қалып, тамұққа барып, қайтып келу – парадокс. Автор: «Бұл еңбектің пафосы – біздің алға жылжуымызды, жасампаздығымызды қиындататын бүкіл шірікті әжуалайтын өміршеңдікті, төрешілдікті, формализм мен қасаңдықты әшкерелейтін сюжетке негізделген», – деген. Демек публицистикалық сатирада да гротескі бейне жасауға мүмкіндік мол. Бұл оған полемикалық леп береді, кең жинақтауға, көтерілуге жағдай жасайды. Ирония – оқиға, фактіні, образды кекете баяндау. Ол сатирик-публицистің өзіндік мүмкіндігін, тапқырлығын көрсетеді, пікірталасына негіз болады. Автор иронияны өз ойын дәлелдеуде де, оған қарсы қойылған уәждерді жоққа шығаруда да, қорғануда да қолданады. Көркем әдеби сатирада ирония жымысқы түрде, білінер-білінбес дәрежеде жүрсе, пблицистикалық сатирада айқынырақ, батылырақ көрінеді. Ирония идеяны әлсіретпейді, ниетмақсатты бүркелемейді, қайта аша түседі. Мысалы, «Жағымпаздың жан сыры» («Қазақ әдебиеті», 20.7.90) сықағында лирикалық кейіпкер алдымен «Бірінші тостыны әлгі алаңкөз алып, жиналыста тұрғандай мыңқылдап, мыжып ұзақ сөйледі» деп сынап алады. Артынан оны «... осы жаңа ғана сөлекет шебер сөйлеген ағамызды көріп, сұхбаттасу менің алладан сұрап жүрген ақ қанатты арманым еді. Асқар таудай ағамыздың ақылды сөзі, сырға толы мейірімді көзі менің есімді тандырып, өзіне деген шөлімді қандырып жіберді», – деп ирониялайды, өтірік мақтап, ашық кекетеді. Публицистикалық сатиралар автор монологы да, кейіпкер монологы да болуы мүмкін. Онда автор өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, өз қабылдауы негізінде неге қарсы, нені қостайтынын, өз пікір, өз түсінігін дәледейді. Өзара байланыссыз жайттарды жүйеге келтіріп, оларға шынайы сипат беріп баяндайды. Мысалы, «Жетісу»
газетінің «Қамшы-қалам» бұрышында «Жортқанда жолың болсын!» атты сықақ жарияланады. Сонда авторлық мынадай монолог бар: «Егер, орталық автовокзалдағы маршрут кестесі бұзылмаса, Ақтеректің автобусы жер жұтқандай жоғалмаса, бөтен атвобусқа кірме болмасақ, бізді Ақтерекке жолшыбай жеткізген шофер ішкізбесе, шарадай басымыз бүйтіп шақшадай болмас еді-ау... «Тәртібіміз тастай болды. Қайта құруды қатырып жатырмыз» дегенмен, әлгіндей әрекеттер әр-әр жерден-ақ бой көрсетіп қалады. Ойпыр-ау деймін. Соны тиісті басшылар шынымен-ақ көрмей ме? Әлде «ұсақ-түйек» деп көңіл бөлмей ме? Оны айтасыз, қу жанын шүберекке түйіп, шырылдап жүрген тілші байғұсты солардың қайсыбірі «ата жауындай» көріп тыжырынады-ай келіп... не шара, «жортқанда жолымыз болсын!» деп тағы да аттанып жүре береміз де жаңа сапарларға!». Осымен байланысты бір ескертер нәрсе – сатирик монологы құрғақ декларация болмай, қысқа, ойлы, уытты, логикалы болуға тиіс. Оған ұзақ сөйлеу, әсерсіз баяндау келіспейді. Өйткені, ол да сатиралық образ жасаудың құралы. Ал кейіпкер монологының сипаты басқарақ келеді. Онда ол өзін ақтаудың, қорғаудың қамында болады. Тіпті, дау айтып, қарсы шабуылға да шығуы мүмкін. Мысалы, жоғарыда аталған жағымпаз былай деп бөседі: Төрт күннен кейін трестің төрінде бас инженер болып оқыранып отырдым. Одан кейн Ырданның (бастығымды айтам) бойын сөзбен балқытып, өзін машинмен қалқытып, үйіне апарып тастайынды шығардым. Сосын қызметкерлердің күңкілін, тамырының бүлкілін бастыққа жедел жеткізіп тұрдым. Оның жасаған әрбір ісін, алтындалған тісін, бойындағы күшін мақтап, арқандалған атындай қасынан шықпаймын. Арасында бәтеңкесін майлап, галстугын
байлап беремін. Ырданмен осылай екі жыл қойындасып жұмыс істедім. Үшінші жылы оның орнына Бөстек келді. Мұның әуелі мінез-құлқын, нағашы жұртын түгел біліп, іске кірістім. Бұрыннан оның Ырданмен қырғиқабақ екенін ескеріп: Ой, Ырдан тресті отырғызып кетті ғой. Енді сіз кемшілікті түзеп, артығын күзеп, жөнге салмасаңыз болмас», – деп алдына түсіп жосыла бердім». Осында кейіпкер өз монологымен өзін әшкерелеп тұр. Бірақ, қу мен сұмдар еш кез өзін-өзі дүрелемейтінін де ескеру керек еді. Осындайда публицист-сатирик кейіпкердің орыныз мақтануына, бөсуіне тойтарыс беріп, оның бейнесін толық, нанымды ашуға ұмтылады. Кейде кейіпкерлер айтып, түсінік беріп із жасыруға, кіналаудан құтылып кетуге тырысады. Автор онда да өзіндік ойпікірімен орап, тақымдап қоймайды. Публицистикалық сатираның диалог түрінде де келуі мүмкін. Б.Битановтың «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген «Соңы кім?», «Ұшты-ұшты» фельетондары – бұған дәлел. Әрине, олар театр, кино драматургиясы емес. Бұлардағы диалогта кейіпкерлер байқауы, автор репликасы, оның тура және ирониялық кекесіні ұштастырылған. Мұндай диалогта да сатирик тышқан аңдыған мысық сияқты әңгімелесуші кейіпкерін сөзбен ұстап, тұқырта қою үшін оның пікірін, сөзін қалт жібермей қадағалап отырады. Әлгі бірінші аталған фельетонда да диалогтан дәрігер бейнесі ашылып, оның қандай адам, қандай дәрігер екені аңғартылып тасталған. Қорытып айтқанда, сатираны алуан түрлі әдістәсіл, түр-пішінмен, ұтымды да үйірімді сюжетпен, әрқилы характер, тиімді тіл құралдармен тудыруға болады. Публицистикалық сатирада да адамға деген сүйіспеншілік, зор сенім-наным жүреді. Ондағы ситауция мен характерлер де ғылыми, әлеуметтік, идеологиялық проблемалардағы комизмнен туындауға тиіс. Пікір,
түйін айқындығы – публицистикалық сатираның басты сапасы. Бұл айқындық тіл, стиль саралығынан ғана емес, ойды дәлелдеуден, проблеманы сенімді етіп ашудан да көрінеді. Қайта құру ісіне кесірін тигізіп жатқан дерттерге қарсы күресте бұл қаһарлы қаруды қолдан түсіріп алмайық! Оның асқақ айбынымен, бар жарқылымен, бар қарқынымен аренаға атойлап шығуына жағдай жасайық, қамқорлық етейік! БАРМЫСЫҢ, ПОЭЗИЯЛЫҚ САТИРА? Қазақстан Жазушылар одағындағы мүше қабылдау алқасының төрағасы Ғаббас Қабышевтың жазуына қарағанда, басқа болса бір сәрі, Жазушылар одағындағы «хатшыларымыздың біразы сатираға сығырая қарайды екен». Жақында ғана мүшелікке жаңа қаламгерлер қабылдау мәжілісінде олардың бірі: «О, тоба, тізімде бақандай үш сатирик жүр ғой?! Бүгін, немене, сықақшылар күні ме?» депті. Екіншісі: «Қазақ әдебиетінде қазір сатира жоқ, өңкей ұсақ-түйек бірдеңелер» деп аузын қу шөппен бір сүртіп тастапты. Бір қауіптісі олар бұл нигилистік пікірін өкінішпен емес, «білгім де келмейдіге» бергісіз өктемдікпен, қырыстана, иықтана айтатын» көрінеді. Біздіңше, «Қазақта сатира бар ма?» деп ежірейе қалатындар, сатира десе, теріс айналып, мұрнын шүйіретіндер өзінен басқаның жазғанын оқымайтындар, «көрмес түйені де көрместің» кебін кигендер. Сатира, юморы жоқ, күлкісінен күдер үзген күнәһар халық болған емес. Болмайды да. Ұзын саны 10 миллионнан асып, әлем қызылкөздерін тұқыртып, дербес ел екенін мойындатып отырған қазақ халқының сатирасы жоқ деу Демьян
Бедный сөзімен айтсақ, «не только глупо, но и преступно». Бұған бүгінгі қиын-қыстау кезеңдегі сатирамыздың жайкүйін қарастырғанда, тағы көзіміз жетті. Поэзиялық сатирамыздың өзі де бүгінгі өмір ағымына ілесіп, тіршілік тынысымен тыныстап жатыр екен. Бұрынғы әкіреңдеген әкімшілдік, бұрқылдаған бұйрықшылдық, айқайға арқа сүйеген, дабыра-дақпыртқа иек артқан одақтық құрылыстың кемшіліктерін, содан қалған былық пен пен шылықты шама-шарқынша әшкерелеп-ақ жатыр екен. Бұрынғы әуенмен ән салып, іс-қимыл жасап жүрген қу мен сұмдарды өмір сахнасына сүйреп шығарып, шаңын қағып, есін кіргізіп жүр екен. Жаңа талпынып келе жатқан жас баладай мерейлі мемлекетіміздің қоғамдық құрылысын қайта құрып, жаңаша түлетуде етектен тартып, балақтан басып кедергі келтірер алуан түрлі кесір-кесапаттарды кекете келемеждеген поэзиялық сатира да қалғымай сапта тұр екен. Ең алдымен, қуанарымыз кешегі Асқар бастаған, Ш.Смаханұлы, О.Әубәкіров қостаған бұл түрдегі дәстүрді бүгін М.Рәшев, С.Кенжахметов, К.Әмірбеков, О.Иманәлиев, И.Шұғаев сияқты сықақшы ақындар жапжақсы жалғастырып келеді екен. Бергі жерде оларға Нұртан Төлепбергенов, Бейсебай Кірісбаев, Балапан Базар, Жарылқасын Дәулетов, Толымбек Әлімбеков, Әбдірахман Асылбеков, тағы басқа да жас таланттар келіп қосылып, бұл түрдің отын өшірмей, қызуын сақтап, кей реттерде едәуір ілгерілетіп әкеткен. Батыл айтсақ, бұрын сатира өкімет өкілдерінің шылауынан алып, жағасына жармаса алмаушы еді. Өйткені, жоғарыдан сатириктерді «анаған тиме», «мынаған тиме», «номенклатурадағы ақсүйектердің беделіне нұқсан келтірме», «партия, үкімет басшыларына тіл тигізбе» деп қақпалаушы еді. Енді мұндай ауыздықтап ұстауға көнгіштікті қоя бастаппыз. Заңды, тәртіпті, мораль,
принципті белден басушыларды лауазымына, бет-жүзіне, бітім-пішім, жуан-жұдырық, атан жілігіне қарамай, сілкіп-сілкіп алуға бет алыппыз. Мысалы, Толымбек Әлімбектовтің «Іріткі» («Лениншіл жас» газеті, 25.5.1990) деген сықақ өлеңінде республика деңгейіндегі бір дөкейді дөңбектің астынан алған. Ол келгенде: «Кішіңізді де, үлкеніңізді де, базарыңызды да, дүкеніңізді де етке қарық қылам. Ел секілді мен де етті дүкеннен кезекпен алып тұрам. Ар жағы төрт-бес жылда барлығың пәтер аласың. Ақсақалың да, қарасақалың да, бәрің бір қатар аласың. Сүтіңіз сел болады, айраныңыз көл болады, арақ дегеніңіз нөл болады, барлық көшеде даңғыраған жол болады, сары май мол болады. Менің бағдарламам сол болады», деп бөседі. Артынан өз жағдайын түзеп, бұрын бар игіліктің бәрін күзеп, ағайынды азғырып, жастарды жазғырып, өз тағы үшін халқын сатқан сатқындарды арқасынан қағып мәз қылып, келген жағына тайып отырады. Мұны оқығанда көз алдымызға Колбин көлбеңдейді. Меңдібаев мырза «мен мұндалап», Камалиденовтер келе қалады. Көпен Әмірбековтің «Депутат Дендербай» («Халық кеңесі» газеті, 2.04.1991) атты өлең-сықағында «түйесі көпірден өткенше» уәдені үйіп-төгіп, «ауыздарыңнан ақ майды ағызамын, ауыл ішінде жойқын сулы арық болады, балалар одан жейдесімен балық сүзіп қарық болады. Заводфабриктің көк түтінін аспанның ар жағына айдаймын, әрқайсыңның босағаңа ту биені байлаймын. Аспандағы айды бөлшектеп, пәленбай мың жұлдыз жасаймын, тас қараңғы ауылдарыңды жарқыраған күндіз жасаймын» деп сайлаушыларды сендіретін, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай төндіретін, артынан «іс бітті, қу кетті» болып, таптырмай жататын кейбір депудаттарды түйіп өткен. Осының бәрі бүгінгі өміріміз, бүгінгі шындық. Аудандарыңның ауласына айлақ жасап, ұшақ ұшыпқонатын етем, оны қақпалап мініп, астанаға ауызды ашып-
жұмғанша барып-келіп тұратын боларсыздар деп соққан депутаттар да болған. Сайлаушыларды тасқа отырғызып кетіп жүрген солар сойылдың астына алынған. Екінші бір ілгерілеу бұрынғы сатиралық шығармалардың көбінің мазмұны біркелкі, ұқсас болып келетін. Көбіне алаяқтардың алып кеткенін, жұлқарлардың жұлып кеткенін, ұры-қарылардың ұрлап-бөрлеп тойғанын, біреудің біреуді сүйіп қойғанын, біреудің біреуге тиіп қойғанын тілге тиек етіп танытатын. Бүгінгі сатираның мазмұны байып, тақырыбы тереңдей түскен, азаматық әуеннен алға шыға бастаған. Келген нарық, ол қылған қарық, бұл жөніндегі парық, ел ішіндегі тарық, барлық нәрсенің бағасының асқаны, алыпсатарлардың тасқаны бәрі-бәрі сатирада өз көрінісін тапқан. «Демократия», «Қайшылық», «Кооператив пе?» деген сияқты сатиралық миниатюраларда жариялылық, демократия дегенді лағу, ауызға ие болмау, әшейін жел сөз, бос сөз деп түсінушілік сыналған. Ә.Асылбековтың «Машинаны кім мінеді?» («Жетісу» газеті, 31.3.1990) атты сықақ өлеңінде нарықтың қарық қылғанын күйіне айтады. Жазушы бол, ғалым бол, бүкіл елге мәлім бол, он жыл күтсең де абыройың өтпейді, көлікке кезегің жетпейді. Машинаны дәл бүгінде Ұры мен қары мінді. Ептілерде есеп жоқ, Қуларға кезек жоқ. Өйткені, олар байлыққа батып алады, Үш бағасына сатып алады,– дейді. Мұнда да бүгінгі өмір-тұрмысымыздың шырылдаған шындығы жатыр. Поэзиялық сатирадағы тағы бір ілгерілеу одан адам жан
дүниесі үшін күрес, рухани экологиядағы имансыздыққа, ұятсыздыққа қарсы күрес үні қатты естіледі. Мейірбек Ақынбеков жазған «Көбелек бикештің жырында» («Лениншіл жас» газеті, 17.5.1991) ажарлы қызбын, базарлы қызбын деп мейманхана маңында басын саудалап, тәнін сатып байып жүрген жезөкшелерге қарғыс таңбасын басқан. Бұрын мұндай азғындықты, арсыздықты бар деп білмеушілік едік, білсек те, масқаралау бағанасының басына ілмеуші едік. Ал Сақан Кәдірбекұлы «Ұят-ай!» («Жетісу» газеті, 12.11.91) атты сықағында: Бір бойжеткен Кеудесі жоқ, көйлекпен, Қарамай кәрі-жасқа да, Жұмысы болмай басқада, Сақалы мен мұрты өскен, Шашын иығына түсіре кескен, Масаң жігіт мойнына Шырмауықша оралып асылып тұр. Ши борбай жігіт додабас Кеудені керіп жалаңаш, Мелшиіп қарап тұрмады. Бе-аузынан сүйгіштеп, Тамағына дейін былғады. Қыз да қысылар емес, Сүйісудің жасап ол да ырымын, Тіліменен жалайды «Жігіттің» қолағаштай мұрынын, – деп, жүректің терең түкпірінде, «сыр сандықтың» ең түбінде жасырынып жататын қасиетті махабат сезімін жаймаға жайып тастаған ескі бұйымдай арзандатқан, қадірсіз еткен бұзылған «бұзауларды» бауыздаған. Адам
үшін күреске, ар тазалығы үшін күреске қызмет ететін мұндай сықақ өлеңдер қазір де баршылық. Поэзиялық сатирадағы осындай жекелеген жетістіктерімізді қысқарта айтсақ, бүгінгі сатирамыз бұрынғыдай бас идірген басшыларға емес, қоғамның қатардағы мүшелеріне, әлеуметтік әділеттілікке қызмет ете бастаған. Бұл – зор жетістік. Сатира әркез адамды қорғауға, арашашы болуға, адам игілігі үшін қызмет етуге тиіс. Әрине, ол адамды қорғағанда антипатияны, симпатияны емес, заңды, тәртіпті, мораль, құқық нормаларын басшылыққа алуға міндетті. Сөз жоқ, әр саладағы ілгерілеуде, ізденуде сәтсіздіктер, кемшіліктерге жол беру, қателіктерге ұрыну болатыны даусыз. Бүгінгі позиялық сатирада да айтарлықтай ақаулар, көңіл аударарлықтай сүрініп тұрулар жеткілікті. Енді осы жағына тоқталайық. Кейде сықақшы ақындарымыз өздері зерттелмеген, білмейтін нәрселерге, тіпті ғылыми мәселелерге ұрынады. Мысалы, қазір ғалымдар жер сілкінердің алдында құртқұмырсқа, бақа-шаян, жан-жануар мазасызданады, аласұрып тыпыршиды деп жүр. Мұның өтірік екеніне өзіндік дәлелі жоқ, күлкілі нәрсе екеніне көзі жетпейтін Толымбек Әлімбеков осы ғылыми пікірді былай деп мазақ етеді: Енді бізге құлақ қойыңыздар! Радионың құлағын бұрап қойыңыздар! Егер мысықтарыңыз мияуласа, Күшіктеріңіз ақырса, Тауықтарыңыз шақырса, Үйдегі бар қоңыз қыбырласа, Өрмекшілер жыбырласа, Шыбындар ызыңдаса, Құлақтарыңыз тызылдаса,
Балаларыңыз байбайласа, Әйелдеріңіз ойбайласа, Қысқасы, солар түгел улап-шуласа, Бәріңіздің кеудеңізде жаныңыз бар, Дереу бізге телефон шалыңыздар! «Социалистік Қазақстан» газеті, 9.02.1991. Байқадыңыздар ма, осында ғалымдардың әлгі пікірі күлкілі болжам екеніне ақынның айтқан ешбір қарсы дәлел, уәжі жоқ. Сөйте тұрып, ғылыми пікірлерге ауыз салған, оны келемеж еткен. Мүмкін, сықақшы «солай болып жатса, бізге хабарлаңыздар, жердің сілкінер, сілкінбесін сонда айтамыз» дейді деп, сейсмологтарды келекелеп отырмын дейтін шығар. Олай деу де артық. Жәндіктер тіршілігіндегі әлгідей өзгерістерді байқағандарыңыз бізге хабарлаңыздар дегенде тұрған қандай комизм бар? Қазір халқымыздың айырылып қалған салт-сана, әдет-ғұрпын қалпына келтірейік, оны тұрмысқа қайта ендірейік деп жатырмыз. Осыған қарамастан кейбір сықақшы ақындарымыз халықтың тіріліп келе жатқан жөн-жосығына шабуыл жасайды. Бұған дәлел Рысбек Әлиевтің «Ен» («Лениншіл жас» газеті, 1.12.1989) деген сықақ өлеңі. Онда ел аралап жүрген ақын ауыл ағасының үйіне түсіпті. Қона жатып оның отбасына игі тілектер тілепті, бала-шағасына жылы лебіз білдіріпті. Ақын кетерінде үй иесі бір жылқыға ен салып беріпті. Осы үшін ақын мен ағасы сықақталған. Заңды сұрақ туады: ата-бабадан қалған бұл дәстүр, сөз қадірін білу, өзара сыйластық неге келемеждену керек? Тіпті, біреудің қазаношағында, қора-қопсысында неміз бар? Ауыл ағасы астындағы атын атып тастай ма, ақынға мінгізе ме, суға ағыза ма, өз шаруасы емес пе? Бұл пара емес қой, ақын сөзінің ақысы ғой. Осы сықағы үшін Рысбектің өзі де қаламақыны қақты ғой. Оның сықақ атын «ен» деп қоюы
да келіспеген. Солай аталатын басқа да нәрсе бар ғой. Кейде сықақшы ақындар кімді сынарын, не үшін сынарын тап басып таба алмайды, сын нысанасына орынсыз кінә тағады. Әли Ысқабаев «Үйлендім» («Қазақ әдебиеті» газеті, 5.4.1991) атты сықағында күйеуіне жаңа түскен келіншегін былай деп даттатады: Үйге түгел тараған Қандала мен тарақан, Еденде өріп жүреді, Өзі де көріп жүреді. Бетін қайырмайды, Бәлкім, не екенін айырмайды. Қойдай өргізіп, Жіберген ерікке, Әлде қалай соларға Әйелім жерік пе? Айтыңыздаршы, осы үшін жас келін сықақталу керек пе, бұған ол кінәлі ме? Күйеуінің өзі не бітіріп жүр, ол өзі қаптап кеткен қандаланы көрмей жүр ме? «Алматы ақшамы» газетінің 1989 жылғы 1 сәуірегі нөмірінде Сейітбаттал Кәттебаевтың «Сыпылдаған Сыпбике» деген сықақ өлеңі жарияланды. Сонда жас келіншекті: Магазинде гарнитур деген болмайды, Ақшаға да ала алмайсың ондайды. Кілем, палас қымбаттап, Енді алатындар сорлайды. Ет, май және басқаның Байқадық ба бағасының асқанын? Өзі түгіл атына зар боласың Шәй, тұз деген қасқаның. Ұсақ-түйек соңында
Әлі талай жүресің. Өмір бойы таппайсың, Тігулі киім, кездеме, – дегені үшін өсек таратты, қара дауыл орнатты деп «әшкерелейді». Міне, бүгін Сыпбикенің айтқаны дәл келді, шындық болып шықты. Өмір шолғыншысы, уақыттан озып, тұрмыс-тіршіліктің алдын орап жүруге тиісті ақынымыз қайда бара жатқанымызды Сыпбике ғұрлы болжай алмай, оны орынсыз күлкіге жығып арандап қалды. Осы үшін енді ақынның өзі сатира отына қақталуы керек. Поэзиялық сатирада кемшін-мінді тек хабарлаумен, баяндаумен тынатын туындылар да жиі кездеседі. Оларда еш болмаса фактіге деген авторлық қатыс, көзқарас аңғартылмайды. Мысалы, Әбдірайым Айтбаевтың «Мықты еді» («Өркен» газеті, 19.1.1991) сықағында Тазабек пен Мазабек деген маубасын жоғары оқу орнына түсірмекші болады. «Бесті беске қоса алмайтын, қосса, ала алмайтын» ақымағын түсіріп бер деп құдасымен ақылдасады. Құда басқа бір оқуға түсіргіш сиқыршымен мақұлдасады. Ол шартын айтып, нарқын айтады. Өлең: Келісті, Дүниені бөлісті, қол берісті, Құп десті. Сиқыршының тілін тапқан Тазекең де мықты еді, – деумен аяқталады. Ал осы «саудаға» автор қалай қарайды, ол немен бітті, мұндай қылмысты әрекеттер неге апарып соғады, осы дертті сөз етумен сатирик не айтпақшы, неден сақтандырмақшы, белгісіз. Осы сияқты Мелдебек Айтбаевтың «Жүрегіміз қағып
жүр» («Қазақ әдебиеті» газеті, 29.5.1992) атты сықағында ерлі-зайыптылар магазинге барады. Он есе өсіп кеткен бағаны көре салып, Мелдебектің апасы талып қалады, әпсәтте о дүниенің босағасына барып қалады. Тез жеткен «Жедел жәрдем» оны тірі алып қалады. Осыны автор қырық бір жол өлеңмен хабарлаған да қойған. Ал осында сын обьектісі кім, кім сыналып отыр? Талып түсіп, о дүниеге аттанып кете жаздаған апатайы сыналып отыр ма, әлдене боларын білмей жүрегі қағып жүрген жездекейі сыналып отыр ма? Сықақ обьектісі болатын бұлардың жазығы не? Атау-ақыретсіз, идеясыз сатиралық өлең деген осы. Мейірбек Ақынбековтің «Лениншіл жас» газетінде 1990 жылы 31 наурызда жарияланғн «Көңіл сұрау» дегені де осындай идеясыз өлең. Мұнда бір қу жылқышы айғыр теуіп мертігіп жатқан зоотехникке келіп: Сол сізді тепкен айғырды Қасапшы Қасенге «тептірейік». Сөйтіп ішін кептірейік. Қысқасы, сояйық, Сөйтіп пәле-жаланы Ала айғырмен қоса «актілеп» қояйық, – деп азғырады. Сықақ өлең жылқышының бұл тапқырлығына «зоотехниктің көңілі толып отыр» деп аяқталады. Яғни, мұнда да пәле хабарланған да қойған. Осының негізінде автордың айтпағы, неден сақтандырғысы келгені белгісіз, мұны істесеңдер, ақыры былай болады, тағдырларың мынамен бітеді деу мүлде жоқ. Идеясыз, сықақтап отырған нәрсесіне авторлық қатысы аңғартылмаған тағы бір өлең Толымбек Әлімбековтің «Интернационализм» («Қазақ әдебиеті»
газеті, 4.10.1991) деген дүниесі, онда екі адам кездесіп сөйлеседі. Бірі кандидаттық диссертация қорғағанын айтады. Екіншісі «қандай тақырыпқа» деп сұрайды. Анау «Интернационализм» деген тақырыпқа дейді. «Ол не деген сөз, түсіндірші» деп жабыса кетеді сұрақ қойғыш сабазың. Сонда кандидаттың түсіндіргені: Мәселен, қазақ ертеректе, Етті қолмен жеді. Бертін келе шанышқы ұстап, Етті қойып, пельмен жеді. Палауды да ортаға ап, Өзбек деген елмен жеді. Бозаны тастап, Ішімдіктің ағынан көрді. Дүнгенмен лағман жеді. Ауылға қаптап орыс келді, Онымен ілесіп дастарханға щи мен борщ келді. Бұрын қазақ, босқа күлді Қойдың қасына қораға Қорсылдап шошқа кірді. Осылай ел мен ел көп араласты, Тамаққа шөп араласты Көрдіңіз бе, мал мен мал, Дәм мен дәм қосылды, – Міне, интернационализм дегеніміз осы деп қайқаяды. Интернационализм туралы осы үстірт те күлкілі түсінік не автор тарапынан, не сұрақ қоюшы тарапынан сыналмайды. Үндемегеніне қарағанда, осы пікірмен сықақшы ақын келісетін сияқты. Өлең:
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру