TELEGEI

Home

Мұнай заводындағы өрт

Александр Ширванзадэ

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мұнай заводындағы өрт

ТМД елдерінің әдебиеті

АЛЕКСАНДР ШИРВАНЗАДЭ

(Баку жұмысшылары өмірінен)

Әңгіме

Аударған Әбіш Кекілбаев

— Тақсыр, завод өртеніп жатыр!

Завод қожасы Иван Григорьич Марутян орта бойлы, етжеңді жігіт ағасы кісі еді. Оның мұнтаздай ғып қырынған қызыл шырайлы дөңгелек жүзі мына хабарды естігенде бірден қуарып сала берді.

— Не дейсің? Қашан?— деп сұрады абыржып. Кішкене қысыңқы көздеріне ашу ойнап шыға келді. Мынау сұмдықты айтып тұрған хабаршыны алқымынан алып, мытып тастағысы келгендей, екі қолын бірдей ербеңдетті.

— Отты осыдан ширек сағат бұрын ғана көзім шалды,— деді барып кел, шауып келде жүретін жұмысшы Мехраб даусы бұзылып, қожасының түрінен сескеніп, кейін шегінді.— Мен ұйықтайын деп жатыр ем, кенет бірдеңе гүрс ете қалды. Күллі завод көкке ұшқан екен деп ойлап ем. Қораға атып шығып, жалма-жан дауыс шыққан жаққа жүгіре бергенімде, котельнаядан будақ-будақ түтін көрдім. Сол арада мұнай құйған үлкен құбырлардың біреуі өртенген екен деп ойладым. Өрт май тазартатын бөлімді де шарпи бастады. Жұмысшылар үстеріне киімдерін іле-міле өртке жүгірді, мен осында тарттым.

Иван Григорьичтің тынысы бітіп барады. Сәлден соң қасындағы қызметшілеріне:

— Дереу көлік әзірлеңдер!— деп бұйырды. Қызметшілер есікке бет қойды.

— Бұл иттер ме, бұл иттер! Мені осылай жұтатып, екі қолымды төбеме қойғызып, қаңғыртып жібереді әлі! Қап, бұл сұмырайларды ма!

— Е, жасаған, қастық, қылған кісі болса жазасын өзің тартқыз! Тақсыр-ау, бәрі де құдайдың ісі ғой. Біз өрт салып қайтейік,— деді хабаршы бөркін умаждап.

Бет-аузы күйеден көрінбейді. Үсті-басы май-май, шаң-шаң. Қою жүндес қабағының астында мұңлы түн жыр көздері әзер жылтырайды. Шашының түсін де біліп болар емес.

— Құдай-құдай деп қақылдайсың, сен иттер құдайдан қорқушы ма едіңдер!— деп жекірді Иван Григорьич.— Сендер тайсақтасаңдар тек таяқтан тайсақтайсыңдар ғой. Әйтпесе, заводым бір жылда екі рет өртенер ме еді. Сендерде ар болса, аяушылық болса, қатын-балаларыңды асырап отырған қожаларыңның басына осындай пәле тілеуші ме едіңдер!

Мехрабта үн жоқ. Ол қожасының тап мынандай тауқымет үстінде бұнымен тәжікелесіп жатпасын біліп тұр.

— Тақсыр, көлік әзір,— деді қызметші.

— Жүгір, заводқа шап, қазір өзім барам,— деді қожасы Мехрабқа.

Бірнеше минуттан соң өңшең сүлік қара ат жеккен күйме жолға шықты. Жолға киетін жылы тонға оранған Иван Григорьичті солқылдақ арба әлдилеп келеді. Жел терістіктен еді. Күйменің төбесінде тамшы ойнақтайды. Оған Иван Григорьич одан сайын ызаланып отыр табиғаттың өзі бұнымен өшігіп алғандай, аяқ астынан жел көтеріліп, өртті өршіте түсті. Иван Григорьич жарылып кетпей әзер шыдады. Ауық-ауық терезеден бас сұғып, алыстағы қызыл шанақ алауға қарайды да, делбешіге тезірек жүр деп ақырады. Мехраб Марутянның үйінен шыға сала заводқа қарай құстай ұшты: желді де, жауынды да байқаған жоқ, жалғыз-ақ уайымы — қожасынан бұрын жетсем екен! Завод қаладан үш шақырым жер еді. Шабарман жол қысқарту үшін теңіз жағасымен төтелеп салды. Теңіз самарқау аунақшиды. Мехраб кенет қақ маңдайынан қос қолымен қойып қалды, есіне бірдеңе түсіп кілт тоқтады. «Жасаған-ау! Ағам мен балаларым әлгі котельнаяда ұйықтап жатыр еді-ау! Бағана барақ салқын деп сонда кеткен... Құдайым-ау, олар ұйқыдан ояна алмай қалса қайттім?!» Өрт алауы көкке шапшиды. Өкпек жел жалқын жалынды өшіге үрлейді. Онсыз да қап-қара, күйе-күйе қала түтіннің астында тұншығып қалды. Мехраб жан ұшырып жүгіріп келеді. Иван Григорьич жеткен бойында жалын мен түтін құшағындағы заводына қарады. Күйе қаланың тұрғындары алапат алау өртті шыр айнала қоршап алыпты. Олар үшін өрт әншейін үйреншікті нәрсе сияқты, шетінен жайбарақат.

— Құдай үшін қол ұшын беріңдер! Ақысын төлеймін,— деп Иван Григорьич зар қағады.

Екі жерде алау жалын аспанмен тайталасады. Біреуі — гүрс-гүрс құлап жатқан жалғыз қабат үй, май тазалайтын бөлімше. Екіншісі — одан он бес қадам жердегі мұнай қоймасы. Сол екі ортадағы котельнаяның тек күлі ғана қалған. Өрт тиіп жарылған дәу қазандар әр жер, әр жерде дөңкиіп жатыр. Қабырға бойлаған қалың түтін жал-жал жалынға ұласты. Завод ауласы лық толы адам. Елдің ең алдында Иван Григорьич тапсырма беріп тұр. Ығы-жығы халық абыр-сабыр, әркім әрқилы ақыл айтады.

— Ей, бұны құр қол сөндіре алмайсыңдар! Шіркін мұндайда Нобель насосы болар ма еді,— дейді біреулері.

— Рас, Нобель насосынсыз ештеңе бітпейді,— деп екінші біреулері жақтай кетеді.

Бұның бәрі де — жаны ашып тұрғандар емес, мынандай пәле ертең өз заводымыздан да шықпаса екен деп уайымдап тұрған өзге завод иелері. Иван Григорьич ешқайсысына құлақ асқан жоқ.

— Кәне, не қып тұрсыңдар! Ақыларыңды жемеймін. Ау, сөндірмейсіңдер ме? Қап, сұмырайлар-ай! Бұлар мені құртпай тынбайды. Өңшең кәззап, қарақшы өңкей!— деп әркімге бір тиісіп, жанын қоярға жер таппайды.

Өрт сөндірісуге Иван Григорьичтің өз адамдарымен қоса өзге завод жұмысшылары да, жәй әншейін бөгде адамдар да араласты. Жұмысшылар от кешіп жүр, бөгде адамдар жалынға беттемей жалтарып шыға береді. Алдағылар өртке су шашты, кейіндегілер насоспен су айдап, мұнай қоймаларына топырақ төкті. Ауық-ауық Иван Григорьичтің жұмысшылары қып-қызыл отқа қойып-қойып кетеді. Оны көргенде былайғы жұртта зәре қалмайды. Тынысың тарылып, жалаңаш тәнді жалын жалайды, қып-қызыл ұшқындар төбеңнен бұршақтай жауады, бірақ, іске құлшынған әлгі ер жүрек кісілер оның бірін де елең қылар емес. Үстіндегі май-май лыпаларына от тисе лап қоятын түрлері бар, кейіндегі жұрт соны біліп, олардың үстіне ауық-ауық су шашып қояды. Дүниені қараң су алып жатса да, қалжыңын тастамайтын қылжақбастар жұрт ішінен қашан да табылады ғой.

— Кәне, тағы бір сілтеп қал!— дейді олардың бірі әзілдеп.

— От болғаныңа шіркін, шашлықты осыған пісірер ме еді, дейді екінші біреу мұртын ширатып.

Өрт тіпті құтырынып алған. Бет қаратпас қызуынан жасқанған жұрт кейін шегінді.

— Қашыңдар, қабырға құлап келе жатыр!— деп айқайлады біреу топ ішінен.

Абыр-сабыр жұрт тым-тырақай кейін қашты. Зеңбірек атқандай әлдене гүрс ете түсті. Төңіректі түнек басты. Жалын, түтін, от, күйе, қираған қабырғалардың шаңы бір-бірімен ию-қию араласып, өрт сөндіріп жүрген жұмысшыларды көрсетпей тастады.

— Құтқара көріңдер, құтқара көріңдер! Ойбай,басым – ай. Белімді сындырды-ау! Тәңір жарылқасын көмектесе көріңдер!.. деген дауыс жан-жақтан жамырай шығады.

— Аяғым-ай! Демім бітіп барады. Құдай-ау, көзімді шел қаптаған ба, түк көрінбейді.

— Қолым-ай! Ойбай, ұстай көрме, күйіп барады!

Жұртта өң қалмаған. Төңірек түгел жылау-сықтау, жан дәрмен көмекке шақырып, айқайлап, ыңырсып жатқан дауыстар. Иван Григорьичтің ашуы жым-жылас жоғалды; енді ол мынаның бәрін көріп, не істеп, не қоярын білмей дағдарды. Өне бойы дір-дір етеді. Ілгері қарай өтпекші болып еді, түтін мен шаңға, күйе мен жалынға тұншығып, кері қайтты. Әлгі қою түнек бірте-бірте ыдырай бастады. Қирап түскен қабырғаның үйіндісінің арасында алты жұмысшы жайрап қалыпты. Біреуі өн бойын лапылдатып алып бара жатқан жалынмен арпалысып, жан ұшыра айқайлайды.

— Құтқара көріңдер! Халайық, жанып барам! Су! Су шаша көріңдер! Ой-ой!

Бұл айқайлап жатқан үстіндегі май-май шоқпытқа от тиіп, маздап жанып бара жатқан бір шал екен. Иван Григорьич оны көргенде жүзі шыдамай теріс айналып кетті. Былайғы жұрттың ішінде де кейбіреулер шыдап тұра алмай, от ортасында жүргендерге көмекке ұмтылды. Біреу өртеніп бара жатқан шалды жерге ұрып құлатып еді, басқа кісілер оны өртін сөндіру үшін топыраққа аунатты.

— Жаным-ай, ой, өртеніп барам,— дейді шал, құдды бір жер астында жатқандай тұншыға айқайлап.

Шалдың бет-аузында күйіктен сау жер қалмапты. Жұрт оның жүзіне тура қарауға дәттері шыдамады.

— Жасаған-ау! Мұнша қорлық көрсеткенше, жанымды біржолата алмайсың ба?— дейді топырақ астында бұлқынып жатқан шал.

— Ұлым, қайдасың? Су әкел, су! Ой, жүрегім-ай!

Шалдың даусы бірте-бірте бәсеңдеп барады.

— Мен мұндамын!— деп айқайлады оң қолы күйіп қалған жас жігіт.— Ой, жүрегім, сыздап барады! Қолыма тимеңдерші!

— Бейшара, әкеңе көрінбей-ақ қой. Сенің мына түріңді көрсе шыдай алмай өліп кетеді,— дейді біреу.

— Бейбут, Бейбут! Өлдім ғой! Ой-ой,— деп шыңғырады шал.

Әкесі мен ұлы қапелімде бірін-бірі танымай қалды. Шалдың аппақ сақалы отқа үйтілген, балшық-балшық, айғыз-айғыз.

— Әкежан-ау, не болғансың?— деп жас жігіт есінен адасып, шалдың қасына барып құлап түсті.

Шал өз жарақатын ұмытып, ұлының мойнынан құшақтай алды. Әкесі мен баласы бірін-бірі аймалап, жандарын көздеріне келтірген ауыр жарақаттан қосыла безілдеп жатыр. Анадай жерде үй басып қалған адамдардың ыңырсыған дауысы шығады. Екеуінде жан жоқ. Бет-жүздерін адам танығысыз, көздері шарасынан шығып кеткен, шаштары үйтіліп қалған.

Бір жас жұмысшы күйген қолын топыраққа тығып:
Қолым жанып барады... Ағам өлді. Құтқара алмадым,— деп еңіреп отыр.

Ол күйіп бара жатқан қолын ағыл-тегіл төгілген көз жасына малшып еді, ащы жас жарасын одан бетер дызылдатты. Топ арасынан күңіренген дауыс шықты. Ол аллаға жалбарынып жатқан парсылар екен. Біреуінің басы қақ айырылыпты, енді көпке ұзай қоймайтын түрі бар қалған екеуі аяқ-қолдан бірдей айырылып, тобан аяқ болып қалыпты. Жұртта ес жоқ. Енді-енді қарқыны қайта бастаған өртті сөндіруді де ұмытып кеткен. Заржақ Иван Григорьичтің жағы талар емес. Тәңір жарылқасын, өртті сөндіріңдер! Жаралыларды сосын да жиып аларсыңдар! Завод құрыды ғой, завод!.. Мені де аясаңдаршы!— деп қақсайды. Бірақ оның сөзіне құлақ асып жатқан ешкім көрінбейді. Енді өрттің басы-қасында басқа заводтардың жұмысшылары қалыпты. Оларға қожалары мынау өрт өз заводтарына ұласа ма деп қорқып, осы өртті сөндірмей ешқайда кетпеуге жарлық берген. Бұл бейшараларды қайтіп далаға тастап кетеміз енді!— деп айқайлады жұрт Марутянға.— Қанша адам мерт болды! Заводыңмен бірге өзің қоса құры!

— Бұл кесапатқа кінәлі сенсің! Қарғыс атқан қазандарыңды уақытылы жөндеткізіп, уақытылы от жаққызып отырсақ, осының бірі де болмас еді.

Қожасына еріп келе жатқан приказчик:

— Иван Григорьич, мына бұзықтарға жолай көрмеңіз. Көбі өлгендердің жора-жолдастары. Бір пәлеге душар қып жүрер,— деп сыбырлады.

Бірақ жұрттың қиқуы мен қызметкерінің ақылын құлағына іліп келе жатқан Иван Григорьич жоқ. Оның есіл-дерті өртте. Ол енді мынау өт керосин қойған қоймаларға ұласпаса екен деп жаны шығып келеді. Бірақ, онысы бос үрей еді, өрттің манағы қарқыны қайтып, бықсып сөне бастапты. Жел де басылды. Жалындар да екіленбей бәсеңдеген. Сол екі ортада топқа бір ұзын бойлы кісі кеп қосылды. Өңі боп-боз, аяғын жерден зорға көтереді. Бұл өзімізге таныс шабарман Мехраб еді.

— Былай тұрыңдар, жіберіңдерші! Ағам қайда екен? Ұлым тірі ме? Тәңірім, тек аман қыла көргей!

Жұрт қақ айрылып жол берді.

— Саркис, Гаспар! Қайдасыңдар, бармысыңдар! Ой, Бейбут, сенбісің?

— Аға, менмін, тірімін. Әкем байғұс қайтыс болды. Көзін жұмғанша үй-ішін, сізді шақырып жатты.

— Қайда, қайда? Көрсетші! Менің ұлым Саркис тірі ме?

— Маған жоламаңыз, әке, қолым күйіп барады. Әрі тұрыңыз. Мехраб мелшиіп тұрып қалды. Әуелі ағасы мен немере інісіне қарады. Сосын барып ұлына көзі түсті, оның күйіп қалған қолын көріп еңіреп жылап жіберді. Жұрттың көзі сонда. Ол мелшиген меңіреу тас мүсін сияқты. Тек от шашқан көздерінде ғана тірлік белгісі бар. Кенет есін жиып, қос қолымен өзінің басын өзі төбелей жөнелді.

— Енді мен байғұс үй-ішіңді қалай көремін. Әйеліңе не бетімді айтамын?

Иван Григорьич бұны есітіп, қасына жетіп барды.

— Әй, сен не дүниені басыңа көтеріп тұрсың? Жылайтын жерді тапқан екенсің! Онан да ана өрт сөндіруге көмектес!

Мехраб ештеңе естіген жоқ. Ағасының өлігін құшақтап, еңірей берді. Жұрт қайтадан гулей жөнелді.

— Оның ағасы көрер көзге жанып кетті. Ұлы күйіп қалды. Сен оған не деп әкіреңдеп тұрсың? Қанша қаныпезер болсаң да, жаның ашымас па! Қазір ол сенің заводыңды қайтсін!

— Өлгенді жылап тірілте аламысың?

Мехраб орнынан атып тұрды. Жанарын ауыр аза, соқыр ыза, қапырық қасірет көлегейлеп алыпты. Бір сәт қалт тұрып қалды. Иван Григорьич оған сескене көз салды. Жұмысшы қожасына қарай ұмтылғысы келіп еді, оған қалжыраған аяғы мұрша бермеді. Жәй түскендей, оң жоқ, түс жоқ, Иван Григорьичтің аяғының астындағы ағасының қара көмір боп қалған өлігінің үстіне гүрс етіп бір-ақ құлады.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙