Мазмұнға өту
Home

Құлпынай қосылған балмұздақ

Лира Қоныс

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Құлпынай қосылған балмұздақ

Авторы: Лира Қоныс

ҚҰЛПЫНАЙ ҚОСЫЛҒАН БАЛМҰЗДАҚ (роман) ПРОЛОГ Ойымда жүрген осы бір шығарманы қағазға түсіру үшін айдан астам уақыт толғандым. Шимақтамаққа ниеттенгеніммен де мандытпадым, бақандай төрт рет жазып, төрт рет жырттым. Басымнан өткергенім ұзақ оқиға еді, бірақ, қарыстай ғана көлемге сыйдырғым келді, күрделі дүниеден түйгенім титімдей тәмсіл еді, тырнақтай түсініктің түйедей құны бар еді, сондықтан шығармамды роман деп атағым келді. Бұл-дағы шатпағым роман болсын деп тұжырған соң да қалам сүйкеп жарытпадым, сайтан сезім арыда, бері де сүйреп, жазу үстеліне жолатпай екі тәулікті бос өткіздім. Қаламды қолға алғаныммен көңілімнен шықпады, сәттілік шіркіннің құйрығынан ұстай алмадым, парақтар жыртылып, қоқыс жәшігінің салмағын арттырумен болды. Шайтани болмысымның ішіндегі қолына шырағдан ұстаған кішкене ғана адамдық көрінісім – болмасқа шаппайтыным, көтере алмасқа ұмтылмайтыным, сондықтан мұны жаза алмаспын, доғарайын деп қорыттым, осы ойға бекініп, тақырыпты естен шығардым. Осылай тұжырғанымда төбемнен төнген тағдырым әжуалап күлген екен, мен өмір сүруден жалықпаған кезде ол-дағы мені ойыншық етуін тыймайтын

көрінеді. Қалам мен қағазды көзіме түспейтін орынға жасырған мезетте прозаның өзіме өшпенділікпен қараған жанарын жотаммен сездім, оның ешқашан жеңіліп көрмеген өктемшіл ниетінің ызалы самалын байқап діріл қақтым. Сонда да мойымадым, жайбырақат күйге тырмысып, оны тұқыртуға ұмтылдым. Арбалыспен үш күн өтті. Бұл жолы проза да, мен де комедиялық рөлде ойнадық, ол ойына келген озбырлығын көрсетті, мен барлық ережелерді сақтап ойнадым. Шығарманың жазылуы жазбагердің еркінен тыс өрбитінін елемеппін, проза көкірегімде күмбірледі, құлағыма кеп сыбырлады, елемедім, енді ол мені түн баласына аңдитынды шығарды: Әр түні түсімде көктен түсіп келе жатқан үзік-үзік шығарма мәтіндерін көрдім, аптаның жұма күні кітапханаға келіп махаббат туралы роман оқитын елес бойжеткеннің әруағы төсегімнің басында тұрды, аяғы жоқ, көйлегінің етегі желбіреп ұшып жүретін сұлу қыз жымиып күлді, жұмақтың босағасынан орын тепкен Жеңісбек досым мұңайып қарады, су перісінің алтын қабыршағы көзімді қарықтырды, құлпынай қосылған балмұздақ сататын Вера тәтей әлемімнің тұрғынына айналды, бұл мазалаған муза болар деген әртіс танысым, мен қайдағыны айтпағын деп күліп едім.

Сұмдықтар таң атқанша азабынан босатпады, көзім ілінулі болғанымен, миымның тынымсыз жұмыс істегенін аңғардым, мәтіндер миымда жазылып жатты. Екі күн өтіп, үшінші күн жеткенде, асырағаныма жыл толған мысығымды қалай шақыратынымды есіме түсіре алмадым. Ұзақ ойланып отырып: - Сенің атың кім еді, айтып жіберші?-дедім. Мынадай еді ғой деп айта қоярға тілі жоқ мақұлық тынымсыз мияулай берді. Елуге дейін жаңылмай санадым да, ары қарай дамытуға мұршам болмады. Сосын терезенің алдына тақап келіп, көкке қарадым. - Мені неге қинай бересің? Қолыма қалам ұстай алар халде емеспін, үш тәулік ұйқы көрмеген мимен қалай жазбақпын?-дедім. Тамағыма өксік тығылды. Жеңілісімді көзімнің жасымен мойындаймын. Түсімде көрген кейіпкерлерді сараптадым, ылғи мистикалық бейнелерден қандай дүние туындар екен? Стивен Кинг, мүмкін сен кішкене демала тұрарсын деп өзімді-өзім мысқылдадым. - Жазатын боламын!-дедім.

- Саған жазылу керек болса, жазуға қазір отырамын!-деп бар дауысыммен айқай салдым. Бір нәрсені ғана сүйгенім анық, оның аты – Проза еді. Прозаға өлердей ғашық едім. Отау көтеруді де жоспарламадым, мен баяғыда-ақ прозаға тұрмысқа шыққан едім ғой деп күлімсіреп едім. Пендеуи әлемнен оны мың есе жоғары тұр деп пайымдадым, оны жібергім келмеген, жанымда мәңгілік қалғаны тілеп, кітапхана ақтарғам, жаза бергем, сөйткен сүйікті прозаға да дауыс көтердім бе деп налыдым. Мен прозаның тұтқыны болуға жантәніммен келіскем. Жарық дүниеге адамдармен бірге болуға емес, прозамен жақындасу, етене күнелту үшін келгенмін, проза үшін жаратылғанмын деп пайымдаймын. Бұл өмірге проза үшін жіберілдім деп ойлаймын, тек қана ойламаймын, сол болжамға бар болмысыммен сенемін. - Сен мені кешір,-дедім сосын. Ол кешірді ме, әлі сол өкпелі қалпында ма екен, әйтеуір тыныштық баяғысыншы салтанат құрып тұра берген. Бұл көктем көзінде көл-көсір мұңы бар сары қыз жайлы шығарма еді. Мұны жазу маған қорқынышты емес, сен туралы жазбақ ем деп әлдекімді мазаламаймын, қиыннан қиыстырамын деп зорықпаймын, бар болғаны өткен жылдарыма қарай саяхат жасасам жетіп жатыр. Қимастарымды есіме алып,

кірпігім жасқа шыланар, келмеске кеткендерімді ойлап, өзегім өртенер, бұдан да қаймықпаймын, қай күйікті де еңсеммен тік қарсы алғам. Болдырған болмысымды осылай жұбатып, жазу үстеліне жақындадым. Сен мені кешір, аса мәртебелі ПРОЗА..!

КЕЛІНШЕКТАЛ Сол күні мені Қарамұрын тастап кетті. Екеуміз үй ішінде ашқұрсақ үш тәулік отырдық, ешкімнен қарыз сұрамадым, олардың ақшасын беріп тұрып қынжылған жүзін көргім келмеді ме деймін. Шығыны төленбеген жарықтың сымы қиылған соң екі түн тас-қараңғыда түнедік. Ол аяғыма сүйкенгенін де, еркелегенін де қойды. - Саған әу баста тышқан аулап жеп үйрену керек еді, өмір сүруге қабілетсіз екенімді білесің ғой,-деп ренжідім. Бірақ, бес қабатты тас үйде тышқан қайдан болсын, бұл тышқанның сықпытын да танымайды. - Онда далаға шығып күн көрсең қайтеді, жұрттың мысығы тамағын көшеден табады,-дедім. Үнсіз тыңдады. Сыртқы есікті айқара аштым. Оған сырымды айтушы ем, досымдай қараушы ем, ол болса сен қайтер екенсің, жалғыз

қалып барасың-ау деп қынжылмады да, қанжирен еш ойланбастан жүгіріп шықты да, баспалдақтармен қарғып, секіріп жоқ болды. Сол күні желбауы қиылған қара телефон да бірде бір рет дабыл қақпады. Сол күні ақшаның шын мәнінде қожайын екенін және жер бетіндегі адам деп аталатын тіршілік иелері оның құлы екенін амалсыз мойындадым. Қарамұрынның соңын іле көшеге шықтым. Жазғы кафеден әуен естілді. Бір бейбақ махаббатты мына өмірде бар деп ойлапты. Оның елесімен шыныменақ ауырған екен, енді қоштасып, бақұлдасқан шағы-ау: «Хош енді, хош, махаббатым, Махаббатым, аманатым»,-деп шырқап жатты. Ән арнамақ түгілім, миыма қаншама күш салғаныммен махаббаттарымның сықпыттарын, болмыстарын да көз алдыма елестете алмадым. Көше бойынан көк көзді, сары шашты, он үш, он төрт жасар қыз бала қарсы ұшырасты. Бәденіне оң жақ тізесінің бақандай бес жерінде жыртығы бар көк ала түсті дженси және американдық кино өндірісі тудырған аңыз Микки тышқанның бейнесі бар жейде іліпті. Оны бұл кім еді, бір жерден көргенім анық деген секілді сауалдармен өзімді қинамастан жазбай таныдым.

Қолтығында сұр түсті жіңішке кітап. Мұнысы маған жақсы таныс. Петрик Зюскинд. Бір әзәзілдің өмір тарихы. - Сен бейшара көше кезіп әлі жүрмісің?-дедім. - ... - «Парфюмерді» бітірдің бе?-деп сұрадым, қолындағы кітапты нұсқап. Ол басын изеді. Бұл арсыздың Маркиз де Садты да талай парақтағанын білемін. Әдеті осы, қайда барса да оқып жатқан кітабын қолтықтай жүреді. Бұл сорлы рухани білім іздемес, кітап беттерінен әлдебір жан жылуын сезінеді. Шешесінен ажыратып, бауырына салып алған әжесі бір жылдай уақыт бұрын мына дүниені де, мұны да тастап кетті. Енді ешкімге керегі жоқ, әкесі қым-қуыт тіршіліктің жетегімен жүріп көңіл бөле алмайды. Ақылдан гөрі еркелігі басымдау, өзі ғана емес, ертегі кейіпкерлері де өмір сүретін, жақсылық билік құрған шағын әлемі болушы еді, әжесін қаралы топ үйден шығарып әкеткен кезде ол әлем біржола күйреп қалды. Мөлдір шыныдан соққан көрікті әлемнің қаусап түскенін көрді, енді жиналмасын да ұқты. Ал, ертесі күні айнаға қарады да, ұзақ еңіреді. Жұрт әжесінің қазасына есенгіреп жүр деп ұқты, мән бермеді. Қыз өксігін баса алмай бұралып кешке дейін жатты да, айнаға тағы қарады. Оның көздерінде еркеліктің жарқылы болушы еді, ұшқын шашып тұрушы еді, мөлдір әлемі күйрегенде ол-дағы өшіп

кетіпті, ендігі қалғаны – маңайға өкпелі және мағынасыз үңілу. Бұл қыз ертегіге сенетін, Андерсенмен жиі сырласатын, түсінде самұрық құсқа мініп зеңгір көкте самғайтын, Күнекей қыздың шашын өріп беретін. Әжесі өлгелі ертегіге сенбеймін деді. Жұрттың бәрі Абайдың атын айтып дабырласқанға бұл-дағы парақтап көрді өлеңдерін. Ұға алмады, енді оқымаспын деген әлгі ертегілердің қатарына қосты. Мектептен тыс уақытында осылай көше кезеді, әжесін сағынып жылайды, өзі оқыған кітаптың кейіпкерімен сыбырласып сөйлеседі. Бір уақ адамдардан кек алады: Күйсандықтың дауысын барынша қатты шығарып, дарақы әуенге шыңғыра секіріп билегенде төрт қабатты үйдің қабырғалары дірілдеп, құнан бәйге басталғандай шу орнайды. Ол төмен қарап тұрды. Оған қарап күрсініп алдым. - Ешбір өзгеріс жоқ, әлі көше кезіп жүрмін,-дедім. - ... - Бір ғана өзгеріс бар... Абайды түсінгендей болдым,-дедім. - ...

- Сен оны қайтадан тағы бір рет оқып көрші,-деп жалынышты көзбен қарадым: - Көріп тұрсың ғой, әлі де екеуміздің айырмамыз жоқ, тек менің Абайды ұққаным болмаса... - Мен жүрейін,-дедім. Ол үнсіз кете берді. Бұл қыз көшедегі бейсауыт емес еді, менің Өзім болатын. Менің мағынасыз өмірі енді басталған он үш, он төрт жасар уақытым еді. Мұнан кейін де көше-көшені беталды кезіп, бір бауырдай жер бастым. Бір уақытта қалжырадым дедім. Отырайын деп жан-жағыма қарағанымда Есентай өзенінің жағалауына кеп қалғанымды, орындықтардың бос емесін көрдім. Біріне жасы алпысқа таянған қаңғыбас жайғасыпты. Ол қайыр сұрап тапқан ақшасына сатып алған арақты бөтелкесімен ұрттап ішіп рахатқа батқан. Екіншісінде өзгелерді бірнеше минут бұрын есінен шығарып алған қыз бен жігіт сүйісіп отырды. Үшіншісіне семіз әйел бөксе артқан екен, жетегіндегі тұмылдырықсыз, салпытұмсық, шауқар шұбар тықыр жүнді доберман иті бір жаққа секіріп жөнеліп еді, қожайыны соңынан ерді де, орыны маған қалды. Аяқ суытқан жердің тап желкесінде келіншектал иіліп тұрды. Шыбығы сәнімен төгілген монтаны ағаш. - Келіншектал, сенің қалың қалай?-дедім. Ағаш үнсіз, сабыр сақтады.

- Біздің жақта келіншекталдың астында екі аяғы жоқ сұлу қыз отырады, ол қызды көрген адамдар бақытты болады дейтін аңыз бар. Бұл шын ба?-дедім. Жасыл шыбығы майысқан ағаш тағы да тіл қатпады. - Сен не білесің, бүгін мені Қарамұрын тастап кетті...-дедім. Келіншекталдың сыбыры санамды алыста қалған ауылға қарай алып қашты. ...Қалаға бастап барар күре жол біздің ауылдың маңайын жанай өтетін. Қамыс шатырлы, қыш қабырғалы үйлері, қисық, бұралаңды көшелері, қарауытқан тал, қайыңдары мен еңселі мектебі алыстан қол бұлғап қалады сонадайда. Қыстақтан сүт пісірім уақ ұзай бере, қара жолдан ары қозы көш жерден сыңсып тұрған бір шоқ келіншектал көрінеді, жүргіншінің көзіне. Сәусілдеп жасыл шыбығы төгілген талдың көркін бейтаныстар қызықтап үлгермейді-ау, жүрегі тіксініп қалады, келіншектал бұтақтарының арасынан жалғыз-жарым тұрған бейітті көргенде. Ақ кірпіштен өріп, басында қақтаған күмістен иіп атбесік қадаған. Адыраспан мен кеуіл басқан дала, өткенкеткенге майысып сәлем салған келіншектал және ақ бейіт. Осы үшеуінің көрінісі сағынышты, сағынышты деуден гөрі, өкінішті деуге саятын бір күй салады жолаушының жанына. Ауыл зиратынан бөлек, бұл моланың аулақта тұрғаны несі дейді-ау ішінен. Бейіттің айналасына жасылын төккен кербез келіншекталды кім екті екен деп те ойланар. Күмбезді көргенде көкірегімді

неліктен кермек кернеді деп бас қатырар. Төрт дөңгелек зулай береді, уақыт өте береді, ақ бейіт-әппақ бейіт-келіншекталдың көлеңкесін саялаған ақ күмбез тұра береді қалаға бастап барар даңғылдан өткен тірілерден дұға дәметіп..! Қаладағыдай қарбалас тірліктің жоқтығынан ба екен, ауыл іші әңгімешіл және әсершіл. Болымсыз оқиғаның өзі алуан-алуан әңгіменің туындауына мұрындық. Күн арқан бойы көтерілгенде анау бұлақтың мынадай тарихы бар екен деп басталған ұзақ-сонар аңыз сиыр сәскеде түгесіледі. Ал, анау төбенің астында алтын кені бар екен, оны аузынан от шашатын екі басты айдахар күзетеді-мыс. Сондықтан да алтынтөбе деп аталған. Ауыл тұрғындары мұндай әңгімелерге ешуақытта сенбестік танытпайды, қайта бірін-бірі жалғап, іліп әкетіп, өз жанынан қосып, түрлендіріп, дамыта береді. Осындай әпсананың бірі – ақ күмбез турасында өрбіген. Қызу әңгіменің ортасына түсіп тыңдамадым ба екен, әлде әлдекімнің ойлап шығарған дүниесіне бас қатырмадым ба, әйтеуір төңіректі бірнеше нұсқасы кезіп жүрген ақ бейіт туралы әңгімеге еш назар аудармаппын. Білетінім: ғасырға жуық уақыттан бері ақ күмбездің астында мәңгілік ұйқыда жатқан жан – шал да, кемпір де емес, он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткен. Біреулер он жетіде дейді, біреулер он сегізде еді дейді. Есімі... Шолпан. Шал мен кемпірдің құдайдан сұрап алған жалғызын ауру аяғынан матаған. Өмір бойы жүре алмаған,

қатарымен ойнап күле алмаған, басына ақ салуды, келіншек болып, ақ босаға аттауды армандаған. Құдайдың бұйырған күнінде татары таусылған. Талбесіктен көргені тек қарашаңырағы болғандықтан, жербесігінің де осы тұстан соғылуын қалаған, сондықтан көпшілік қорымына қоспай, өзі жақсы көрген келіншекталдың аясына саяқ жерлеген. Бұдан өзгесіне сенген емен: ғасырға жуық уақыт бұрын өлген бойжеткенді ажалға әлі де қимайтын халықтың қиялы да, бейбақ қызды әр жерде шоқтанып өскен келіншекталдың астында отырады деп айтады аңыз, екі аяқсыз, көйлегінің етегі жер сызып, ауада қалықтайды дейді аңыз, адамдарға жақсылық әкеледі деп сілтейді аңыз... Жаныма әлдекім тізе бүкті. Ұзын бойлы ақ құба қыз. Менің темекі шеккім келді, бірақ, бұрын көрмеген нәрсе қалай екен деп ойладым. Бықсыған түтінде не ләззат бар, аштығымды баса алар ма екен, кедейлігімді байлықпен алмастырып, Қарамұрынның опасыздығын кешіруге көмектесе алар ма екен? - Темекі бар ма?-дедім қызға қарап. Басын шайқады. Бетінде бояу ізі жоқ, шашын да қысқартпапты. Мұндай қыз темекі шеге қоймас. - Сенде... бір қиындық бар ма?-деді қыз.

Ештеме айтпадым. Бұл секілді тәрбиелі қыздардан еститінім кіл ақылды сөздер. Ақыл өзімде де мол. Мектептің есігін ашқалы бері естіп келе жатқан ақылдан жүрегім айнитын күйге жеткенмін. - Жоқ, бәрі тамаша!-дедім. - Қаңтардың қақаған қарлы борасынын өткерген ағаш көктемде келбетті гүл ата алады,-деді. - Әдеби тілмен сөйлейтін жандарды суқаным сүймейді,-дедім. Қыз кекесініме елең етпеді. - Бақытты барлық адам іздейді, бірақ, бақыт өзі ұнатқан адамын қалай да табады,-деді. - Мен саған бақытты болудың жолын айтайын ба? Сұқ саусағыңды жала да, мұрыныңа үш рет тигіз, табан астында бақытты болып кетесің!-дедім. Бұл қыз пәлсапа факультетінің үш деген бағаға оқитын студенті деп мырс еттім. Мүмкін, жасанды махаббат туралы жазылған советтік романдарды көп оқыған шығар. - Өзіңнің бақытсыздығың үшін бақыттылардан өш алуды ойлама,-деді қыз. Бұл менің әжем қайтыс болғалы кеудемде жүрген өксігім еді. Онымен ары

қарай қарсыласуға дәрменім жетпеді. Болдырған-ақ екем, бейтанысқа мұң шақтым. - Өмір мені жақсы көрмейді, бір де бір рет мейірленіп басымнан сипамады,- дедім. Қыз көзін көкке қарап: - Сонау алыстан бақыттың жүгін арқалаған керуен келеді, жақсылық толтырылған жүгі тым ауыр болғандықтан қадамын баяу алады. Олар саған келеді. Иә, саған келеді,-деді. Бұл жолы оған көше тілімен сөйлейтін адамдарды ұнататынымды ескертіп жеки алмадым, шағырмақ бұлттың арасынан ешқандай керуен де көрмедім. - Мен қайтайын, ал, сен жақсылыққа сен,-деді қыз. Орынынан тұрып жүре берді. Оқыс ол жайлы ойландым. - Ал... сенің атың кім?-дедім. Үн қатпады, бірнеше қадам ұзап та кеткен. Соңынан ентіге аттағанымда, әлдені көріп селк еттім. Жанымда отырып, азкем әңгіме айтқан ақ құба қыздың аяғы болмады. Ұзын көйлегінің етегі ауада қалықтап, желбіреп бара жатты. …Сол күні мен бақыт туралы тұңғыш рет ойландым.

АЛМА АҒАШЫНЫҢ ҚҰДАЙЫ ...Сол күні менің жазғым келді. Жанр талғамай, әйтеуір жаза бергім келді. Әлдекімге хат жазсам деп ойланғанымда мен сағынатын, мені сағынатын адам жер бетінде мүлдем аз екенін білдім. Газеттік дүние жазуды бір күн ғана өмір сүретін ақпаратқа үйір болмаған дұрыс деген оймен доғардым. Жадымның қатпарында жазсам деп жүрген, жазамын-ау дегенмен, әлі пісе қоймаған, тақырыбы да анықталмаған бір дүниенің сұлбасы болушы еді соған жармасқам. Мені әрдайым жазушының жұмыс әстеу мәнері қызықтырады. Ықылымда сөзді серік еткендер ойын тасқа қашады, Иоллығтегін бабамның айтпағын балбал тастардан оқуға болады, ағылшын жұртының сүйіктісі Сью Таусенд бүкіл шығармаларын кішігірім тақта секілді ақ қағаздарға қара түсті бояқпен түрегеп тұрып жазып шыққан, қазақ прозасының мэтрі Асқар Сүлейменовтың архивінен сіріңкенің қорабына да жазылған шығарманың үзінділерін кезіктіргендер таңдай қағып оралды. Қазір жазушылар үшін қауырсын қалам мен сыя сауыт сән емес, тіпті ақ қағаз бен қалам да көшке ере алмай, болдырды. Ерекше дағдымен жазу ерекше жазушыларға тән болар, өз басым үлкендігі көлемділеу кітапқа ұқсайтын компьютерімді доққа жалғап, ондағы әріптердің төбесінен төпелеп ұра берем, ұра берем. Әдеттегі жазу машығым басталып кетті:

«Сол күні қала ән салып тұрды. Бұл жүректің нәзік қылын шертіп ойнайтын жанға жағымды әуен емес, сараң жымиып, сараң күлімсірейтін өмір күйі екен. Бұл сазды әуелетуші – домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы емес екен, қыз құлақ түргенде бұл әуезеден қайыршының алақанына түскен соқыр тиынның сыңғырын таныды. Бұл ешқандай да «Әлқисса» емес, «Балбырауын» да емес, «Қайыңсауған» да емес, бұл осы шәрінің күйі деді сосын. Қаланың тұрғына айналғаныма көп жыл өтсе де, шулы мекенге бауыр баса алмадым, бөтенсігенімді, бөлектенгенімді доғара алмадым, мұндағы түп-түзу, теп-тегіс көшемен зымыраған көліктерді жаратпадым, біздің ауылдың қисық, шұқырлы, топырағы бұрқылдаған көшесіндегі әккі есекке жегілген ағаш арба бұдан әлдеқайда жайлы еді, оның қос дөңгелегінен шыққан дауыс та керемет... Биіктігі көз шағылыстырып, Алатаудың шыңы болмаса да, қыратымен қатарласуға ұмтылған үйлерді де ұнатпадым, біздің ауылдың төбесі қамыспен жабылып, сам кесектен өрген, ішін адамдар, ал, еденінің астын тышқан мекен етер тоқал тамдары хан сарайына бергісіз көрінеді. Ала сиырдың төрт емшегі төрт бұлақ іспетті еді... Бұл қыздың қалбыр мен қалтаға құйылған қала дүкені сөресіндегі көк су-сүтті көргендегі өксігі. Ауылға тартып кету де ойымда жоқ емес, бірақ, тіршілік ету мәнерім ауылдың күнкөрісімен әсте сәйкеспейді. Мен ауылды сағынған сайын ауыл

менен алыстап келеді, мен ауылды сағынғанмен ауылда мені сағынатын жандардың қатары да сиреуде деп күрсінді қыз. Өзімен аттас қаланың сықпытына қарап сүйсінбеді. Өз құлағын өзі кесіп тастап, онысын шүберекпен таңса да қаны сорғалап тұрған бейшара Ван Гогтың бейнесі көз алдына келді. Бұл ешқандай да Ван Гог салған сурет емес, бұл өмір бейнесі деді мұңайып. Сөйтсек, бұл қаланың аты Алматы екен. Бұл қыздың аты Алмагүл екен. Тікұшақпен самғап келе жатып үңілген адам – Іле Алатауын паналап, анасының бауырына тығылған баладай бұйығып жатқан қаланы көреді екен, айнала қоршаған ақ қар басты тау жоталары мен үйлері ағаштардың көлеңкесінде саялайтын шахарды алғаш ұшыратқандар неткен монтаны да, мүлгіген мекен деп пайымдап та қалады екен. Қыз ызалана күлімсіреді, тап осылай ойлайтындар мүлдем қателеседі деді сосын. Бұл Алатаудың алып аңғарындағы жасыл шыршалы, шулы да, тынышсыз, сағаты асыға және тынбастан тоқтаусыз соғып тұратын алып кент, мұнда дүние үшін ойланбастан бәрін сата алатындар бар, мұнда бойындағы жақсылығын дүниеге айырбаста деп кім, қашан сұрайды екен деп үміттенетіндер бар және мұнда әлемнің қуанышын өз қуанышына балар кең жүректер де дүрсілдеп тұрады деп күрсінді.

Алматы – сұлу қала. Сұлу қала дегенде... қалтасы таяз жігітке көз қырын да салмас бір сұлулар болады-дағы, шахардың әдемілігін осы түсінікпен сараласақ жөн. Келбетін таратып баяндасақ, мұнда жасылға оранған түзу көшелер сап түзеген. Олармен күндіз-түні сәнді де, суық, соңғы үлгідегі шеттік көліктер тынбастан зулайды. Оларға көзін сатып, жол жиектерінде қайыршылар алақан жайып тұрса, сол арадан қадам ғана арыдағы арықтарды қаңғыбастар мекендейді. Осылай деді де бойжеткен алға адам баса берді. Бұл қаланың аты - Алматы екен. Бұл қыздың аты - Алмагүл екен. Қыз алма жүзді көркем екен. Қос бұрымы тірсегін соғады екен. Осы тұсқа жеткенде ары қарай қалай жазарымды ойладым. Әйел затының шүберек атаулыға құмарлығы шығармашылығыма да араласып кетіпті. Сондықтан да оның киімдерін әсемдікпен суреттегім келіп, көк түсті дженси матасынан тігілген шалбар киіпті, аяғында спорттық бәтеңке болды деп жазғанымды жаратпай, айнып қалдым. Бұл екеуі сұлу қыздың емес, бұзық баланың стилін еске түсіреді. Жүрегі сезімге толы, қос өрімі төгілген аруға мұндай жұпыны жамылғы тең емес деп таптым. Пайымдауымша спорттық бәтеңке әйел затына мүлдем арналмаған, дженси әйелдің нәзік бәденін дөрекілендіріп көрсетеді. Сөйттім-дағы оның үстінде етегі тобығына түскен

ақ түсті көйлегі болды деп сілтедім. Бойжеткеннің мойынында алтын алқасы бар екен, сірә, өзіне ғашық болған ұста жігіттің еңбегі ме, алқаның өңіртасына көлемі алақанға жуық алма бейнеленіпті. Мұнысы өзіне бек жараса қалған деп жаздым да, соңғы сөйлемді өзгерткенім жөн дедім. Алмагүлдей арудың қолынан ешбір жігіт ұстағанын қаламадым. Бастапқы сөйлемді өшіріп, қыз мойынына жіңішке алтын шынжырға байланған алма бейнесіндегі бойтұмар тағыпты. Бұл бойжеткенге әжесінен қалған мұра деп өзгерттім. Қаламым ары қарай жорғалай берді: Алма – әдеміліктің нышаны деп күбірледі. Ең алғашқы соғыс алманың араласуынан туындады. Екі құдай-ханшайымның ортасына бір зәлім қызыл алманы домалатып жіберді де, алманы жегені әлемдегі ең сұлу әйелге айналады деді, көне грек аңыздары осылай айтады деді қыз. Құлағының түбінен әуен естілді. «Қызыл алма жеп өскен, Әппақ қызды ап келем!» Алматының Фарида есімді әппақ қызына ғашық ауылдың қара баласы әжесіне осылай уәде беріп жатты. Алматыда Алматыға ғашық бейшаралар ғана күнелте алады деді. Бұл махаббат па екен, әлде өзінің кедейлігін Алматының паң көркімен бүркемелеу ме деп ойланды. Анам

маған жүкті кезінде алмаға жерік болыпты, Алматының алмасына, сондықтан мен Алматыға емес, оның алмаға ғашықпын деді күлімсіреп. Ымырт түсіп, ақшам орнығып қалған шаққа таяды. Қыз көшеде келе жатты. Аяқ жолға жайғасып, жеміс-жидек сатқан орта жастағы кемпірге жақындады. Маған Алматының апорты керек деді бойжеткен. Алыпсатар кемпір қытайлық өндірістен шығып, химиялық нәр жеген жып-жылтыр алманы нұсқады. Міне, мынау Алматының өнімі деді ол. Қыз оның алдағанын білді, бозқыраудың амалы күшіне мінді, мына шешей шаршады, ертерек үйіне қайтып демалуы керек деді. Жасанды өнімді бір рет тұтынғаннан өле қоймаспын деді. Сөйтті-дағы бір дорбасын сатып алды. Саудагер алымсақты алдағаны үшін құдайдан алар жазасын ойламады, іске асырған қулығын ерлікке балады. Қыз адымдап кете берді. Екі көшенің айрығына жеткенде біреу шынтағынан түртті. Түн қараңғысы қара торы жүзін одан әрі бүркемелеп, ыпыны үрей шақырған сәуегей сыған тұрды. Не болды деді қыз. Саған бал ашып беремін деді сыған қатын. Болашағымды болжатудан қорқамын, бұл құдайдың еншісіндегі нәрсе деді бойжеткен. Менің тотым жақсы болжайды деді балгер. Қыз оның білегінде қонақтап, шиыршықтап бүктелген бір топ қағазды тынымсыздықпен қопарған титімдей құсқа аянышпен қарады. Мен ақша сұрамаймын, тотымның саған бал ашқысы келді, қарашы, байыз таппай тұр.

Қыз көз салғанда сыған қатынның жүзінен жалбарынуды көрді. Ол қазір саған бал ашпаса ауырып қалады, өліп қалуы да мүмкін деп үстемеледі сосын. Сағал шегір түсті титімдей тоты тұмсығына іліккен қағаздың бірін ұсынды. Қыз мұны алды да, алға адымдай берді. Рахмет айтпағаным бекер болды ма деп ойлады үйінің есігін ашып жатып. Жарықты жағып үңілгенде бәрін құс ұсынған титімдей ақ қағаздан «Ол қаланың аты Алматы екен, ол қыздың аты Алмагүл екен» деген сөйлемді оқыды. Бастапқыда шошығанымен, өзін бұл бар болғаны кездейсоқтық деп жұбатты. Титімдей құс не біледі деді сосын. Қыз үстел үстінде жатқан қағаздарды қопарыстырды. Онда қырық, елу парақтай ақ қағаз болды және олардың барлығында кіл алма жемісі бейнеленіп еді. Шыбықтан өрген үлкен кәрзеңкеде көлемі қос жұдырықтай қызыл алмалар томпайып жатқан. Ақ дастархан жапқан үстел үстінде бес-алты алма шашылыпты. Пісе бастаған жемісін көтере алмай бұтағы төмен иілген алма ағашы алыс қырат үстінен көрінеді.

Ылғи да алманың суретін салатыным қалай деді қыз. Қиялын тағы да алма туралы ойлар ағысы қозғады. Ол ақ қағазды алып, алманың суретін сала берді, сала берді. Бөлменің ішін алманың иісі кернеді, ақ қағаздардың барлығында алқызыл алмалар бейнесі орнады, алма ағашының әппақ гүлдері пайда болды. Осы мезетте ғажайып бір оқиға орын алды: Ақ қағаздарға алманың суретін бейнелеген алма дидарлы ару қыз да алмаға айналып бара жатты. Мұнан кейін Алмагүлді ешкім көрмеді. Бейнесі көшенің кісі көп жүретін тұстарына ілініп, жаршы жөнелтілгенімен мен білемін деген жан болмады. Бойжеткенді іздеп үйіне барған достары ақ қағазға алманы бейнелеген сан алуан суреттерді көріпті. Үстелінің үстінен үлкен алқызыл алманы көріпті. Үлкен қызыл алманың қайда кеткені бізге беймәлім, ал, арада аз уақыт өткенде Алмагүлдің суреттері көрмеге қойылды. Бұл суреттерге қараған жұрт Алмагүл мен алқызыл алманы соңғы рет еске алыпты. Өзім новелла деп атаған шимаққа осылай нүкте қойдым. Шығарманы мистиканың ауылына әкеп бітіргеніммен, осы жөн бе деп ұзақ ойландым. Қиялымды қозғай алады екем деп, оқырманның басын қатырғанды қашан доғарамын дедім. Логикалық сенімділік қайда деген жанға не бетімді айтармын дедім. Мұнан соң бұл жариялауға тұрмайтын дүние болғаны ма

деп күрсіндім. Жаза алады екенмін деп жөн-жосықсыз сілтей беру де арсыздық деді ішкі ойым. Қимастықпен қарасам да, алдағы күндерде оқиғаны жетілдіріп, қайта жазармын деген оймен Алмагүл туралы баянымды көгілдір экран бетінен амалсыз өшірдім. *** *** *** Жапон өндірісінен шыққанына жиырма жылдай уақыт болған қызыл түсті Хондалық көліктің өкпесі Алатаудың баурайында өшті. Әріректе әлдебір жалғыз қарауытқан саяжай бой көрсеткен. Одан өңгесі тым-тырыс. Мүлгіп тұрған толағай алып тас. Оған қарап бүкіл әлем тек жап-жасыл таудан тұрады деп тұжыруға болады. Күн ұясына шамалы уақта қонбақ. Оған дейін қалаға апарып салар үлкен жолға дейін жетіп жығылсақ – үлкен жеңіс. - Біз енді қайтеміз?-деді мылқау мәшиненің қожасы. Ешкім үн қатпаған соң өзі жауап берді: - Онда жаяулап төмен түсе берейік... - Мен су ішіп келсем деп едім,-дедім. - Айналамыз жағалай орналасқан сусын сататын дүңгіршек ғой. Таңдап іш!- деді әріптестерімнің бірі. Бұл кекесін маған емес, қыңыр хонданың рөлін иеленген адамға бағытталғанын түсінгендіктен сөз жарыстырмадым. - Бағанағы қақталған ет қаталатып...

- Онда тез барып кел. Енді сені жоғалтып масқара болмайық! Көк түсті бояумен сырланған, кісі бойына жуықтар ағаш қақпаны ашып ішке енгенімде, алғаш байқағаным – ағаш дөңбекке отырып, көзін әлдебір нүктеге қадап, темекі түтіндеткен қарасұр жігіт. Маңайында мүйіздерінің түбінен байланған ұзын жіптері бір қазыққа шырмалған кілең құлсары қылшықты бес-алты ешкі астаудағы жемді таласа жеп жатты. Олардың жер сызған емшектеріне желінқап кигізіліпті. - Су ішуге бола ма?-дедім. - Болады,-деді. Өңінде айдалада адасып жүрген бұл кім еді дегенге саятын таңырқау жоқ. Бейне жаңа ғана көрген көршісін тағы кезіктіріп тұрғандай байсалды кейіппен орынынан тұрды. Түгесілмеген шылым тұқылын жерге тастап, өкшесімен мыжғылап өшірді. Сөйтті де, үй тарапқа бет бұрып, айқай салды: - Апа, бізге қонақ келді! Тап соны күтіп тұрғандай-ақ, есік сарт етіп ашылды да, мына жігіттің анасы екенін түр-тұрпаты айтқызбай айғақтайтын етжеңді әйел атып шығып: - Қарағым, үйге кір,-деді. - Су бере салсаңыз жетеді,-дедім.

- Үйіме келген адамды есік көзінен қайтармаймын, үйге кір,-деді тағы да. Үнінде бейбітшіліктің нақышы мол екен, сонысы жағып қап, соңынан ердім. Ас бөлмеде әуелім қолдан долбарлап шапқан биік үстел көзге түседі. Оның сәннін екі үйме табақ жеміс шақырып тұр. Біріншісі ыдыста нарттай қызыл алмалар-дағы, екіншісінде қызанақ, қияр, бұрыштар томпайып жатты. Орындыққа тізе бүккенімде, сырттан манағы жігіт келіп, маған қарама-қарсы жақтағы орындыққа жайғасты. - Адасып жүрсіз бе?-деді. - Көлігіміз бұзылды. - Ым... Мұнан соң тым-тырыс қалдық. Бұлар суды қырық құлаш шыңыраудан тартып шығарады білем, суға кеткен анасының қарасы ұзады. Қара сұр жігіт табақтан алма алып жеп еді, мылқау тыныштықты оның қаршылдатып алма шайнағаны ғана бұзып тұрған. - Менің атым – Лаура,-дедім оған қарап. - Ым... Алмасын самарқау кейіппен қарпып-қарпып алды. Бұл бөлмедегі жихаз атаулы ескі, терезеге тұтқан әдемі ақ шілтер аса шебер ісмердің қолынан

шыққан. Қабырғада қаз-қатар етіп бірнеше кесте тұтылған. Олардың баршасында өсімдіктер бейнеленіпті. Өрмегі қазақтан гөрі орыс қолөнеріне табын. Ақ матаға түскен гүлдердің бояуы аса жарық емес, қолдан шапқан ағаш үстел, ескі жихаз және мына қолөнер бұйымдары керемет үйлесіп, қоңыртөбел болмыс шеңберін түзеді. Мұндағы жарасымдылықты бұзып тұрған нәрсе – жігіттің үстіне ілген жеңсіз тоқымасы. Ол ашық сары түсті және кеудесінде үлкен әріптермен басылған «Мальбро» деген жазулы. Тап осы жазу тау ішіндегі әдемі тыныштықты, алма бақ және қызыл еменнен салынған үй мен ондағы қоңыр аураны бұзып, тіпті құтын қашырып тұр. Үстіне аса талғамсыздықпен қолына түскен шүберекті жапсыра салғаны үшін оған өшпенділікпен қарадым. Ол жайбырақат алма күйсеп отырды. - Ал, сенің атың кім?-дедім. - Арман. Байқаймын, тағы да тым-тырыс қалатын түріміз бар. Сондықтан да: - Менің мамандығым – журналист,-дедім. - Ым... - Ал, сенің ше?! Бұл енді сұраудан гөрі жекуге жақын шықты.

- Бағбан. Үндеместігін пайдаланып, мүлдем басындым ба, ол және бір алманы алмаққа қолын соза бергенде табақты өз алдыма тарып алдым. - Ал, мына алмалар... сен күткен бақтыкі ме? - Иә. Енді ол келесі табақтан бір қиярды іліп ап, шайнауға көшті. - Мұнда ішің пыспай ма?-дедім: - Айналада үй де жоқ, мұнда анаң екеуің ғана тұрасыңдар ма? Достарың алыста шығар? Мына жер қорқынышты емес пе? Жалпы, бағбан болған қызықты мамандық, иә? Ол қай сауалыма жауап берерін білмей аңтарылды. Төмен қарап аз-кем ойланды да: - Ішім пыспайды, мұнда Алмагүл бар,-деді. - Ол қарындасың ба? Өздерің алма өсіргендіктен атын солай қойдыңдар ғой, иә? Бұл сөзімде кекесін жатқан. Жалпы, момын да, жуас жігіттерді суқаным сүймейді, тап сол кезде Алмагүл дегеннің кім екенін білгім де келмеп еді. Бірақ, ол мені таң-тамаша ғып:

- Жоға-а, қарындасым емес, Алмагүл алма ағашының құдайы ғой...-деп салғаны. - Не-ме-не?! Ол ләм деп үлгермей, есік сықырлай ашылды да, анасы еніп, қолындағы түрлі ыдыстармен үстел үстін жасандыра бастады. - Мынау айран. Ауладағы ешкілерімді көрген шығарсың, соның сүті, Ал, мынау жұмыртқалар өзім өсірген тауықтыкі. Мына картоп та өз бақшамыздікі. Анда-санда адасып жүрген кісі кірмесе, үйімізге көп адам келе бермейді. Ішіміз пысса балам екеуміз қаладағы, етектегі туыстарымызға барып қайтамыз. Мұнда отырғанымызға қырық жылдай уақыт болып қалды. Мына бақты аталарымыз еккен екен, бүгінде ұлым баптап отыр. Қарағым, сен астан алсаңшы, сөйте ғой. Отағасының қайтқанына бес-алты жылдың жүзі. Тау етегінің барлығы алма бақ еді, қазір қырқылып бітті, жұрт үй сап алды. Біздің баққа жету қиын. Мына бақ адам аяғы жете алмас биікте тұрған соң ғана тұр. Алматының алмасы жоғалды бүгінде... Сен жұмыртқадан алсаңшы, иә, - деп самбырлап бастаған сөзін ентігіп қап әрең түгесті. Тау ішінде жалғыз үй отырып, жан көрмей, шүйіркелескенді сағына ма, үндемес жігіттің сөзуар шешесі өзі жайын түгендеп тауыса алмауда. Есіме төрт

дөңгелегін тарта алмайтын көліктің айналасында иіріліп тұрған әріптестерім түскен. Бұл сөзім әйелге жеңіл тимесін біліп, төмен қарап міңгірледім: - Асыңызға рахмет, мен кетейін... Байқағанымдай-ақ, әйел түсін кілт өзгертті. Аса қынжылысты жүзбен қарады. – Неге асықтың?-деді сосын жұлып алғандай: Бақшамда өскен қырыққабаттан сорпа әзірлеймін, ішіп кет! - Көлігімізден қайран жоқ, күн кешкірмей, Алматыға баратын жолға жетсек деп едік...- өзімді кінәлі сезінген дауыспен сөз саптадым. - Онда қара жолға дейін Арман жеткізіп салсын!-деді қуанышты дауыспен. Арманның сәмөлетке бергісіз, зымырап тұрған мәшинесі бар. Әй, Арман, мына қызды жеткізіп сал!-дегенде баласы не қарсылығы, не келіскені белгісіз түрде сылбырап орынынан көтерілді де сыртқа беттеді. Ал, шешесі сөзін қайта жалғады: - Көріп отырсың, жер кең, ауа таза. Қызанақ, құлпынай, сәбіз, жуаға дейін өзім өсіремін. Жиырма ешкі, елу тауық бар. Екі бұзаулы сиыр бар. Құдайға шүкір, молшылықта өмір сүрудеміз...-деп тоқтады. Өйткені, мен бұл кезде аяқ киімімді киіп, бір қолыммен сыртқы есіктің тұтқасын ұстап тұр едім. Үлкен кісінің тоқтағанын пайдаланып есікті ашып, баспалдақтардан жүрді деуден жүгірді деуге көбірек жақындайтын жылдамдықпен сыртқа

шықтым. Баласы көлігі қамалған қораның есігін ашып, тұмсығын әлдебір темірмен түрткілеп жатқан. Анасы әдеттегідей сөйлеп тұрған: - Құдайдың бергені жалғыз бала. Құдайдың көзі тура болсын, балам жаспын деп желікпейді, араққа үйірлігі жоқ. Басқа біреу болса қалаға тартар еді, бұл ата кәсіптің құлағын ұстап, тау ішінде қалды. Осы күні жиырма екіге келді, үйлендірсем деймін. - Бітті!-деді қара сұр жігіт. «Жигули» маркалы кеңестік көлік демде оталған. Ол есігін ашып, мені күткен. Шешесінің жібергісі жоқ: - Табиғат керемет. Таза ауаның өзі ауруға ем. Уақытың болса жиі-жиі келіп тұрсайшы. Сендер қалада түнінге әбден қақталғансыңдар. Бір уақ таза ауа жұту керек! Баласы жылдамдатуым керектігін көліктің дабылын безілдете басып ескертті. Мен жайғасқан соң да ашық қалған терезе көзіне жақын деп самбырлап тұрған: - Қазір қалалықтардың демалатын уақыты. Үйге келіп тұр. Менің атым - Назипа. Осы айналадағыларға Бағбан Назипа десең таниды. Бұл кезде көлік жүре бастады. - Айтпақшы, өзің атыңды кім деп едің?

- Менің атым – Лаура!-деп бар даусыммен айқайладым. Әйел сөзімді бәрібір естіген жоқ. Қолын бұлғап қалып кетті. - Сен жаңа не дедің? Алмагүл деген алма ағашының құдайы дегеніңді қалай түсінеміз?-дедім жолға түскен соң. - Мен оны сүйемін. Ол алма ағашының құдайы,-деді төбеден тік түскендей етіп. Ары қарай қазбалауды артық деп тауып, оны елірген деген аурумен науқастанатын пақыр деп мүсіркедім де үнсіз қалдым. Апта сайын бір рет жұртты жаңалықпен қамтитын мекеменің бір топ қызметкерін тиеген қара сұр жігіт үлкен қара жолға жеткенде көлігін тоқтатты. - Назипа апаға үлкен рахмет айт. Өзіңе де көп-көп алғыс,-дедім. - Телефон номеріңізді қалдырасыз ба?-деді ол. Мұны күтпеп едім: - Қалдырайын ба?-дедім таңырқап. - Қалдырыңыз.

Меншігім саналатын жалғыз бөлмелі үйде мен ғана тұрмайтындықтан, 42деген саннан басталатын қара телефонның маңдайындағы нөмірі қаланың

барлығына белгілі болмаса да, біршамасына аян еді, сондықтан несін аяйын, баяндадым да, түсіп қалдым... Арада біраз апта ақты. Алатаудың баурайындағы алма бақ та, отанасы Назипа шешей де, оның жұмбағы көп ұлы да ұмыт болған. Сол уақыт ішінде олар жайлы бірер мәрте ойлаған да шығармын, әйткенмен, олай қарай жолым түспесіне, енді кезіктірмесіме сенімді едім. Бірақ, сол күні... тауық шақырар мезетте телефон сыңғыры естілді. Таң қылаң бере телефонды мазалаған жанға түк ренжімедім, бұл кісікиік Арман ғой деп ойладым. Түйсігім алдамапты, тұтқаның арғы бетінде Алатаудың бір түкпірін мекен етіп, алма өсірумен айналысатын тұйық мінезді бағбан тұрған. - Cәлеметсіз бе...-деп күмілжіді жігіт. Сөйтті-дағы, мен есендесіп үлгерместен бастырмалата жөнелді: - Мені танисыз... Арманмын. Адасып жүргенде... Үйге кеп едіңіз, мен Назипа апаның ұлы... Бүгін қалаға жол жүрмекпін, сіздер жаққа қарай. Ұнататын қызымның туылған күні еді, соған сыйлық таңдауға көмектессеңіз деген өтінішім бар. Ер кісіден гөрі әйелдердің талғамы жоғарылау ма дегенім... Сіз бүгін жұмысқа барасыз ба, маған уақыт бөле алмайсыз ба..?-деп ентігіп тоқтады.

Жігітпен амандасуды не болмаса анасының халін білуді немесе өтінішіне қалай жауап берерімді білмей қаңтарылдым. - Сыйлық қарастырғанда... ол қыздың не қалайтынын білмеймін, жалпы оған не керек?-дедім әңгіменің ең маңызды бөлігіне бірден көшіп. - Білмеймін,-деді бағбан жігіт: - Оған не керек екенін білмеймін,-деп қайталады сосын. Бар мәселесін маған артқан жігітке әлдене деп жекіп беруге оқтала бере сабырға жеңілдім. - Сыйлық сататын дүкен көп қой, соның біріне барып иіс су ма... әйтеуір әйел заты қызығатын дүниенің бірін алмайсыз ба?-дедім өзімді сабырға жеңдіріп. Дауысымнан ашудың ызбары аңғарылып-ақ тұрды. - Сіз көмектесіңізші.-деді арғы жақтағы үніне жалыныш жинап. Салғыласып уақыт шығындамай, келіскенім жөн деп ойладым. - Ол қыздың сипаты қандай? Бойы... өңі аққұба ма, қараторы ма...-дедім. - Бойы сіз қатарлы...-деді Арман: - Бет-әлпеті... Сізден сұлу... Аппақ, арудың өзі! Осы уақытта жарты жыл бұрын жазып, көңілім толмай өшіріп тастаған Алмагүл есімді бойжеткен жайлы туындымды еске алдым. Екі құдай-

ханшайымның ортасына бір зәлім қызыл алманы домалатып жіберіп, алманы жегені әлемдегі ең сұлу әйелге айналады деген керістірме сөз ойыма оралды. Мұнан кейін жер бетінде алғашқы соғыс басталды деп күбірледім. Әйелдер бір-біріне жұмақтың қызығын қиса да, мынау пенде ғұмырда тәннің сұлулығын қия алмайды, сөйтеді олар. Ақылсыз сөз саптағаны үшін жігітті сөкпедім, әйелдердің құпиясын ол қайдан ұқсын, сыйықсыздығым үшін де қорланбадым. Реніш пен өкпені кез-келген екі аяқтыға арта беруді құптамаймын, бейтаныс пен өзгелер мұң кернеген жүрек шіркіннің бір сәт бұлқынғанына тати қояр ма екен? Танымастан көрген қиянатыңа қыңқ етпе, кәдуілгі өмірдің қияңқылығы деп ұқ. Бірақ, қабағыңды қабартып қарар әлдекімің болса екі ұртыңды бұртитып, өкпелегенде бір бақыт. - Ал, қыздың есімі кім?-деп сұрадым түк болмағандай. - Алмагүл,-деді жігіт: Анау жолы біздікінде болғаныңызда Алмагүлдің кім екенін айтып едім... Алма ағашының құдайы... Мына сөзден кейін менде бір ғана ой болды: Арманның азан шақырылмаған уақытта тәтті ұйқымды бұзып, түнімен көріп шыққан түсін немесе қиялының сандырағын әңгімелеп тұрғанын айтып ит терісін басына қаптаймын да, оның жауабын күтпестен тұтқаны бар күшімді сала тарс еткізіп орынына қоямын.

Бірақ, олай жасамадым, жігіттің көкейіндегі әдемі ертегіні үзуге батылым бармады. - Жарайды, сәске шамасында біздің жұмысқа кел. Жанында дүкен бар, содан бірдеме қарармыз...-дедім. Оның не айтқаны есімде қалмады, мұнан кейін редакцияның орналасқан тұсын баяндадым. ...Қарапайым журналист болып қызмет етемін. Қазір жайқалған жасыл алқапта үлкен қызыл комбайын келе жатыр, оның рөліндегі ақ жағалы, қара барқыт бешпетті жігіттің көзінде нұр ойнайды, өйткені оның тобы бүгін ауыспалы қызыл туды жеңіп алды деп жазған мақаланы ешкім оқымайды. Ауылдың түзу көшесінің сәні болған ақ қайың ырғалады, қолындағы шелектері күнмен шағылысып, ақ халатты, ақ орамалды бір топ сауыншы бойжеткендер келеді деп мақала жазу да қазір күлкілі. Қазіргі газет оқырманына басқа құрлықтағы бір елді басқаратын елдебір басшының байлығы әлем бойынша нешінші орын алғаны таңсық, екінші бетте қос зыялы тұлғаның бірін бірі қаралаған мақаласы болса тіпті керемет, үшінші бетте Голливудтық танымал жұлдыздың ойнастығы жайлы жазылған ақпарат пен жер шарының әр қиырынан күн сайын бұрқ етіп жарылып жататын террорлық оқиға туралы репортаж беру оқырманның сұранысынан туындайды. Сондықтан да бір кезде Орта Азияны ақшасының көптігімен

дүрілдетсе де, бүгінде көп пенденің бірінше қоңыртөбел күн кешетін адам жайлы мақаламның тақырыбын «Қайыршыға айналған банкир» деп қойдым. Есігін қақпастан ішке еніп жауапты хатшының алдына жеткенімде бөлмеде Арманның отырғанын көрдім. - Сен келіп те қойдың ба?-дедім. Ол аман-саулықты бағана телефонмен тілдескенде айтқанмын деп ойлады білем: - Иә,-деп басын изеді. Мақалама үңілген жауапты хатшы: - Бұл осы нөмірдің бас мақаласы болады,-деді. Сөйтті де: - мына жігіт сенің досың екен, күтіп отыр,-деп сөз қыстырды. - Өзінің әңгімесі қызық. Сүйген қызының туылған күні дей ме... Ол қызды ағаштың құдайы дей ме... Сен ылғи осындайларды қайдан тауып аласың?-деп маған қарады. Мен ала көзімді атып Арманға қарадым. Біз дүкеннен жібектен тоқылған ақ шәлі сатып алдық. Алмагүл деген романтикалы есім иеленген қызға тек осы жарасады деп түйдім. Бағбан жігіт бір ғана өтінішпен келмепті, анасының сәлемін де әкеліпті. Нәтижесінде ымырт үйіріле тау ішіндегі қонақжай бағбан шешейдің дастарханының

басында отырдым. Мені көріп шешей қуанды. Таныстығымыз шамалы болса да, хабарсыз кеткенің қалай деп өкпелегенсіді. Тымық та, тұнық ғажайып кеш еді, ақшам ән салып, қара түн терезеден төніп тұрған, баласының қайда кеткені беймәлім, ал, шешесі ұлын мақтап отырды. - Ұлым арақ пен шарап, темекі деген бәлекеттен алуақ,-деді. - Көріп отырсың, үйдегі жихаздың бәрі соның қолынан шықты,-деді. - Мінезі жұмсақ, дәулеті де ешкімнен кем емес,-деді. - Сен жүзің жылы бала екенсің, бір көргеннен ұнаттым,-деді. Әңгіменің қалай қарай бет түзегенін бағамдадым, бірақ, түсінбеген болдым, үмітіне қарсы кеп қынжылтқым келмеді. - Арман Алмагүл деген қызды ұнатамын, бүгін соның туылған күні деп айтты,-дедім. Шешей терең күрсінді. - Бұған назар салма,-деді: - Тау ішінде жалғыз үйміз, шүйіркелесетін адам жоқ болған соң ұлымның сөйтіп қиялдайтыны бар.

- Ол қыз жайлы әркім әр түрлі айтады,-деді: Не құпиясы барын кім білген, осы маңайдағы жұрт жарты жылдан бері Алмагүл дейтін бір сұлу қыз жайлы түрлі-түрлі әңгіме таратып жүр. - Күндіз көрінбейді, түн баласына алма ағаштарын аралап ән салатын көрінеді, осы маңға демалыстап келгенде бұзақылардың қолына түсіп бір қыз өлген екен, соның әруағы тау ішін кезіп жүреді дейді біреу. Ал, біреулер ол қыз шынында да шабылған, оталған алма бақтарының киесі дейді, түн баласына ағаштарды жоқтап жылайды деп соғады, рас-шынын кім біліпті..? Бізден жоғарғы шатқалдың ішінде отыратын бағбанның екі көзі де әз сұлу қызы бар. Кейде жұрттың аңызға айналдырып жүргені сол бейбақ па деп ойлаймын... Шешей көзінің жасын жаулығының шетімен сүртті. - Ұлымның денсаулығы түзеліп кетер...-деді. Не деп жұбатарымды білмедім. Шынысын күйе басыпты, білте шамның жарығы төмен тартты. - Түннің бір уағы болды, ұйықта,-деді. ...Оянғанымда құлағымда сыңсып салған әуен тұрды. Тау ішінде, жеті түнде әндетіп жүрген бұл кім деп елеңдедім. Терезеден ай сәулесі әдемілігін төгіп, жарығы маңайға салтанат құрты. Әйнектен үңілгенімде тыстан ақ көйлекті, қос бұрымы тірсегін соққан ару қызды көрдім. Бұл Алмагүл ғой деп

күбірледім. Арман айтқандай асқан сұлу қыз екен, алма ағашының құдайы болуға бек лайықты дедім. Қыздың мойнындағы жіңішке алтын шынжырға байланған алма бейнесіндегі бойтұмарды көргенде жүрегім дір етті. Ойыма жарты жыл бұрын жазып, көңілім толмай қоқыс жәшікке жөнелткен Алмагүл есімді қыз туралы шимағым түсті. Бұл бар болғаны кездейсоқтық дедім. Іле Алатауының баурайынан жоғалған алманың қасиеті болмайды деп, киесі жоқ деп кім айтады, кесілген түбірлерді көргенде өксіп, жайқалған бұтақтарды айналып ән салған Алмагүлдің сонда кім болғаны? Нәзипа шешей айтқандай бұл әлгі кісі қолынан өлген қыздың әруағы да емес, көрші бағбанның жанары қараңғы қызы да емес, бұл - Алмагүл. Алма ағашының құдайы - Алмагүл. Ол мың-мыңдап кесілген ағаштарды жоқтайды, қалғандарын қуаныш көреді. Өйткені, Алмагүл алма ағашының тәңірі деп түйдім. Әуенін сызылтып салып, қадамын баяу алған қыз кете берді. Қыздың иығында бүгін Арман екеуміз дүкеннен сатып алған ақ түсті жібек шәлі болды. Бағбан жігітті кісікиік деп сөккенім үшін құдайдан жазамды алатын боламын дедім. Оның табиғатқа, әдемілікке және қорғансыз мөлдірлікке ғашық жүрегін түсінбегенім қалай, ендеше мына таудың баурайындағы мыңмыңдаған адам байқамаған, көре алмаған іңкәрлікті жалғыз жүрсе де тани алғаны үшін бағбан жігітті шалықтаған деп ұқпайық, жақсылықты желкен

еткен жаны бар адамдар арамызда өмір сүргені үшін түрегеп тұрып қол соғайық, сөйтейік..! Мойынындағы алқасына алма бейнесін бойтұмар етіп таққан, ақ көйлекті, ару қыздың аты – Алмагүл екен, ал сонау етекте сансыз оттары жымыңдаған қаланың аты – Алматы екен...

ӘЖЕ ...Жасым он беске толғанда әжем көз жұмып еді. ...Мен он беске толатын жылы жазда әжем бәрімізді тастап, бақи әлемге кетті. ...Сұрықсыз бір таң енді атып келе жатқан сәтте ауыр науқас ақыры алып тынды, әжемнің демі үзілді. Сары қыз әжесінің өлімі туралы әлдене жазып бастамақ еді, ешқайсысы да шынайы емес деп шимайларының барлығын қайта өшірді. Ең соңында жалғыз жанашырын өлді дегенге ешқашан сенбейтінін, оның өмірден қайтқанын әлі де мойындамайтынын ұқты, бұл жаманатқа көнбеймін, әжем

өлмеген екен, бар болғаны екеуміз бір-бірімізден адасып қаппыз, бір күні кездесерміз деп болжады. Сол күні қара кемпір ұл-қызын түгел жиды, мен ертен өлемін, дайындықтарыңды сайлаңдар деді. Етегінен өргендері тарқап, әжесі оңаша қалғанда сары қыз үнсіз бөлмеге енді. Сенің өлем дегенің қалай, сен өлсең мен не істеймін деп сұрады. Қара кемпір тіл қатпады, тек шаршаңқы жүзін қуалап, жас сырғанады. Мені тастап кетпеші, мені сенен басқа ешкім жақсы көрмейді деді қызы. Шешеңнен бекер айырыппын деп күрсінді кемпір. Келін-кепшіктің жұмсап-жасқағанына көнбе, тойып тамақ іш, сабағыңды жақсы оқы... сөйлей бермекке шамасы келмеді. Ертесіне кейуана жан берді: жуынды, намазын оқыды, тілін кәлимаға келтіріп төсегіне жатты да көзін жұмды, жанарын одан кейін ашпады, иманын үйіріп отырған молда әлден уақытта қара кемпірдің ата-бабалары кеткен жаққа бет бұрғанын хабарлады. Сары қыз өзінің сорлап қалғанын ұқты. Үш күннен соң әжесінің қайда екенін әкесінен сұраған. - Әжең... төркініне қыдырып кетіп еді,-деді әкесі. Он бес жастағы қызды алдау қиын емес пе деп сұрай жаздап басылды, оны өлгенін естігім келмейді деп өзін-өзі жұбатты, әкемнің айтқанына сенейін,

күте берсем бір күні келер, үйін сағынар, мені сағынар, сөйтіп, әйтеуір бір күні төркінінен қайтар... Содан бері жеті жыл өтті. - Аяғың жаурамай жүрсін деп шұлық тоқыдым, мұны әжем үйреткен, келсе әжеме де тоқимын. - Мен бүгін әжем жақсы көретін кеспе дайындадым. Бұл қызының сөзі. - Сенің мектеп бітіргеніңді әжең көре алмады. - Сенің университет түгескеніңді көргенде әжең де қуанар еді. Бұл әкесінің сөзі. Олар әжесінің өлгенін сөз еткен емес, сары қыз ылғи да әжем келеді деп сөйлейді, бірақ, өзі де, әкесі де өлгендердің ешқашан қайта оралмайтынын біледі. Әр жерден шоқ жыңғыл қарауытатын құмды ауылда өткен балалық шағын Іле Алатауының баурайындағы жасыл шыршалы қалада, Байзақтың Исасы мен төбе би Төленің есімдерін иеленген көшелердің қиылысындағы тас үйдің үшінші қабатын иемденген жұтаң бөлмеде отырып есіне алған сары қызы

мысығына жалынышты көзбен қарап: - Қарамұрын, қалай ойлайсың, осы менің әжем шынымен орала ма екен, бір күні расымен-ақ келер ме екен?-деп күмілжіді. Қарамұрын шегір көзімен қадала бір қарады да қойды. Сары қыз сымы шұбатылып жатқан қара телефонды алып, әлдебір нөмірлерді жылдам терді. Арғы беттен әкесінің үні естілгенде, амандық-саулықсыз: - Әке, әжем қашан келер екен, сен төркініне қыдырып кетті дегелі жеті жыл өтті ғой?-деп сұрады.

ҚҰЛПЫНАЙ ҚОСЫЛҒАН БАЛМҰЗДАҚ Құлпынай қосылған балмұздақ жегім келді. Ал, Алматының аспанын шөкпе бұлт басып, боз жаңбыр былғары бүркіп, терезені тамшы сабалап тұрды. Мұндай күңгірт те дымқыл, сызды күні ешкімнің балмұздақ аңсамасын білетіндіктен өз қалауымды жарияламастан көшеге шықтым. ...Ақ түсті «Москвич» көлігі. Әлдеқашан тозығы жеткен, бірақ, күтімі мен бабының арқасында тамаша жүйткитін. Оң жақ сауырында «Балмұздақ келе жатыр» деп қызыл түсті бояумен жазылған, соншалықты сүйкімді және қуанышты көрінетін хабарламасы болатын. Ал, сол жақ есігі тұсында Линдгрен ертегісінің кейіпкері, тәттіге тоймайтын Карлсонның қомағайлана балмұздақ жеп, ұшып жүрген суретті бейнеленіп еді. Рөлді алпысты

бағындырып қалған жасы бар орыс еркегі иеленетін. Басынан қамыстан тоқылған күнқағары түспейтін оның міндеті көлікті жүргізу мен тоқтату. Өзімен-өзі, көзін жолға қадап, маңғаз отыратын. Оның жанындағы, сатушы тәтейдің аты – Венера. Ол өзін аса жақсы көрмеген секілді, өйткені, бәдені бет-бетімен кетіп, мүшелері семіздіктен бөлек, салақ көрінетін. Шашын күтуді де үлкен тірлік санайды-ау, үнемі қып-қысқа етіп алдыратын. Ол сөйтса-дағы балаларды жақсы көруші еді. Ақ мәшиненің иесіне бәлкім жар, бәлкім көңілдес. Әйтеуір көңілді, айқайлап сөйлеп, ауылдың әр көшесін базарға айналырып жіберетін мінезі бар. Тіпті, хабарландыруының өзінен жұрт балмұздаққа тойып қалмаса да, бірер жалап алғандай болушы еді. - Балалар, қанекей, жиналыңдар! Сонау Шымкаладан сендерді сағынып балмұздақ келді. Қаймақ қосылған, құлпынай қосылған, бал қосылған балмұздақ! Бір шаңырақта бес-алты бала бар. Оның біреуі ғана атасының еншесіндегі немере, біреуі ғана әжесінің кенжесі. Өзгелерінің езуіне балмұздақ тимей қалатын кезі де мол. Сондықтан Вера тәтейдің жарнамасы дәйім қуанышқа кенелтеді дей алмаймын, Карлсон бейнеленген ақ көліктің себебінен балалардың бетін талай мөлдір тамшы жуып еді. Қатты қағазға оралған, сыртында бір түйір құлпынайдың суреті бар уылжыған балмұздақ жылатпасыңа қоя ма?

Семіз тәтей өзін жақсы көрмесе де балаларды сүйеді деп бекер айтпаймын, шілденің ми қайнататын ыстығы күшіне мініп, шаңқай түс таянғанда мейірленеді, шаңы бұрқылдаған май топырақ көше мен демді тарылтқан қапырықтан қалаға қашқысы келе ме, әлде өзін айналсоқтап кетпей жүрген балаларға іші жыли ма ери бастаған, жіпси бастаған соңғы бес-алты балмұздақты таратып кетеді. ...Ақ түсті «Москвич» көлігі ауылға жаз айларында ғана келетін. Олардың бақталасы болмады, сондықтан дүйім ауыл баласы Вера тәтей мен мойынсерігін сағына күтті. Олар да күймесін толтыра әрдайым келіп тұрды. Уақыт өте берді, қыс кетіп, жаз шыға берді, мен он алтыға шыққан жазда күре жолдың бойынан ақ түсті көлікті қарайлай-қарайлай көзіміз талды. Саратан, зауза келді, бірақ балмұздақ келмеді. Сүмбіледе бір хабар жетті. - Енді балмұздақ болмайды,-екен деді біреу. - Е, неге?-деп ентелесті жұрт. - Жаман мәшинесімен кеп сауда жасайтын қатындыбайлы екі орыс Ресейге көшіп кетіпті! - ..? - ..!

Неге қоныс аударасың, бізге енді балмұздақ әкелмейтініңді ескертпестен үнсіз кетіп қалғаның не деген өкпе іште қалды... Содан бері талай балмұздақтың дәмін таттым, бірақ, Вера тәтейдікіне жетпеді. Балалықтың бал дәміне не жетуші еді деп тамсандым. Құлағыма әлдебір таныс дауыс естілді: - Сендерді сағынып бал татыған балмұздақ келді. Қаймақ қосылған, құлпынай қосылған, бал қосылған балмұздақ! Көшенің оң жақ бетінен ақ түсті «Москвич» көлігін көрдім. Сауырына таңбаланған тәттіқұмар Карлсонның бейнесі де сол күйі сақталыпты. Рөлде басына қамыс қалпағын ілген иесі қалғып отырды. Жүдемеген, жоны жылтыраған қалпынан айнымаған Вера тәтей аппақ қағаздарға оралған балмұздақ сатып тұрды. Олар қайтып келген екен, сүйікті кәсібіне оралған екен дедім. Бағдаршамның белгісін елемеген күйі жүйткіген көліктің арасынан ентелеп өтіп жетіп барғанымда көзім алдамапты. - Сіз мені танисыз ба?-дедім. - Сен өсіп кетіпсің,-деді Вера тәтей. - Менің әжем қайтыс болды,-дедім. - Біз ол кісінің айран, сүтін талай ішіп ек,-деді ол. - Мен сіздің балмұздағыңызды сағынып жүрмін,-дедім.

- Білемін,-деп күлімсіреді. Қорапқа үңіліп, екі балмұздақ ұсынды. - Саған тегін беремін,-деді. - Рахмет! Екеуміз бір-бірімізге қарап бір сәт күлімсіредік. Үйге кеп балмұздақты тауысқан соң ғана Вера тәтей жайлы есіме алдым, олар кеткен соң да бүкіл бала әлі де болса кеп қалар деп қара жолға жиі-жиі қарағанымызды неге айтпадым дедім. Осы күні жинала қалсақ сіз жайлы әңгімелемейтін кезіміз жоқ демегенім не, сіз балмұздақ таратқан балалардың өздері баласына балмұздақ әперіп жүр десемші деп ойландым. Олар шымқаланы тастап, Алматыға неге келді екен деген сауал санамда тұрған. Шүйіркелескім кеп, қайта сыртқа шықтым. Жауынға малшынып әлгі орынға жеткенімде Линдгреннің кейіпкері бейнеленген ақ мәшинені көре алмадым. - Балмұздақ сатушылар кетіп қалды ма?-дедім сол маңдағы дүнгіршекке жайғасып газет сатқан орыс кемпірге. - Кімді айтасын?-деді ол. - Жаңа сіздің қасыңызда балмұздақ сатып бір ақ түсті көлік тұрып еді, балмұздақ алғанмын, етжеңді сатушы әйелден...

- Қарашада қайдағы балмұздақ? Мұнда ешкім болған емес...-деп таңырқады кемпір. - Кешіріңіз,-дедім. Сөйттім-дағы, әлгінде ғана құлпынай қосылған балмұздақ сатқан маңайға жаутаңдап қарай бердім.

ЖАҢБЫРЛЫ КҮНІ ...Сары қыз ақ жауынды кешіп келе жатты. Будақ жаңбырдың төпелеуіне ұрынғаныма жарты сағат өтті ме екен, әлде одан да көп пе деп ойлады. Есіне корей драмалары түсті, оларға ортақ бір сюжет ұдайы қайталанып тұрушы еді, нөсер астында небәрі бес минөт қалып кеткен кейіпкер ыстығы көтеріліп ауыра салатын, есінен танып қалуы да ықтимал. Мұнан соң тас төбесіндегі қызыл шамы тынымсыз айналған жедел жәрдем көлігін шақырудың орынына оны сүйген жігіті арқалап ауруханаға жеткізетін. Мен ауырмаймын деді қыз, өйткені, мені ауруханаға арқалап жеткізетін жанашырды әлі кезіктірмедім. Есіне тағы да әлгі драмалардағы көріністер түсті, сүйгенін күткен жігіт тап осындай жауынның астында суықтан қалшылдап, тоңып, түнімен тосуға пейіл болушы еді. Бұл көріністе ешбір романтика жоқ деді қыз, себебі, мені бұлайша ешкім күткен емес.

Оның жазғысы келді, зілмауыр бұлттан төгілген сілбілеудің астында жалғыз жүрген жарасымсыз екен деп ойлады. Қысқа бойлы жазушылардың кейіпкерлері неліктен кіл сұңғақ бойлы жігіттер болып келетінін енді түсіндім деді. Мен де тәтті махаббат туралы жазып, жалғыздықтан жабыққан көңіліме рахат сыйлаймын. Жауынға малшынып алға адымдай берген қыз әр көктем сайын алма ағашы гүлінің жұпарына бөленетін, ақ жаңбырлы қаланың жүдеу тұрғындарының бірі. Мұнда қара сөздің майын тамызған – Төле би мен Байзақтың Исасы атындағы көшелер бар. Өмірлерінде ұшыраспаған, кездеспеген, жүздеспеген жандар. Араларын екі ғасырлық уақыт бөліп жатса да есімдері тап осы қиылысқа келгенде қатар аталады. Қос абыздың атын иеленген көшелердің тұмсығы түйіскен тұстағы бес қабатты жұпыны үйдің үшінші қабатындағы жалғыз бөлмелі пәтердің бірінде әлеуметтік жағдайы да, рухани хәлі да жетіле қоймаған мына қыз күнелтеді. Жалғыз бөлмелі пәтер. Сұп-суық, әлдекімдердің сезімсіздеу бетін еске түсіретін мізбақпас, немістің өндірісінен шыққан, епсіз ұрыны менсінбес есік. Бақандай он екі жерден құлыптанар кілті бар. Жазатайым кілті жоғалса есікті ашудан гөрі құпия сөзін ұмытып қалсаң-дағы қырық қарақшының қазына толы үңгіріне бастар қара тасты жылжыту оңайырақ. Есіктің ертегілерде айтылар қазына толы үңгірді күзететін айдахарды еске түсіруі

пәтер ішіндегі байлықтан еш хабар бермейді: аз уақыт бұрын мұнда ұры түсті, жаман есікті қиратып кірген ол бейбақтың еңбегі текке кеткен, үйден бір сабақ жіп те жоғалмаған, соның нәтижесінде мынадай есік пайда болды. Қыздың шамалауынша мұндағы ең құнды дүние - жұмыс істеуді әлдеқашан есінен шығарған көне тоңазытқыштың ішіндегі кітаптар. Кітап сөресінің жоқтығы бұл қызды қайғыртпаған, жұрт мұндай дүниесін қоқысқа сүйресе, бұл пайдаға асырғанына мәз. Тоңазытқыштың бетіне жапсырылған қағазда авторының ақымақтығын һәм қатыгездігін айқындайтын «Кітаптарыма тиісуші болма! Алдымен рұхсат сұра!» деген одырайған сөйлем жазылған. Мұнан соң да ескі тоңазытқыштың есігін ашып ешкім мазаламайды. Бірақ, іші сезеді, қонақтары мен туыстары тоңазытқыштың бетіндегі дөрекілеу ескертпеден емес, кітап парақтауға деген ынтаның жоқтығынан көне тоңазытқыш жаққа аяқ баспайтын секілді. Одан өзге дүние тозығы жеткен қызыл кілем, топсасы сынған ескі киім салғыш пен бес-алты жамылғы. Бұларды қиылып сұраған ұрыға ойланбастан сыйлай салуға бар. Пәтер жақындарының бірінен қалып, басыбайлы меншігі болса да, мұнда жалғыз күнелткен кезі есінде жоқ. Қазақтың туыстық атауларын осы үйдегі жолдорбасын арқалап, бірі кетіп, бірі келіп жататын жақын-жұрағаттарға қарап түгендеуге болады. Үйдің екінші иесі - бала мысық. Жоғарғы қабатты мекен ететін неміс әйелі тарихи отанына көшкен уақытта жақсы көретін

жануарын әкете алмасына қатты күйзеліп жүрді де, ақыры көршісіне қалдыруды жөн деп тапты. Жаңа иесі қазақ мысығының аты қазақша болуы керек деген тұжырымы негізінде түген деген еуропалық атауын өзгертпекке ниеттенді. Сөйтсе бабалары итті ескеруден тамаша жетістікке жеткенмен, марғауларға ат қойып, айдар тағуға көңіл бөлмеген екен, шегір көзді, бітімі сыптығыр патша мысығы атаусыз бірнеше апта жүрді де, тұмсығының қаралығына қатысты өзінің сүйкімін сезініп, тәлпіш тотайланатын ерке мәуленге мүлдем жараспайтын Қарамұрын деген атауға құлағын үйреткен. Қыз есікті ашып ішке енгенде бала мысық алдынан жүгіріп шықты. - Байқап отырсың ба, далада ақ жауын,-деді қыз. - Қолшатырымды алмай шығып едім,-деді сосын. - Мен жазсам ба деймін,-деді тағы. Шегір көзін қадап үнсіз тұрды. Қыз ақ қағазға «Арман азасы» деп жазды. Дүйсенбi: Студенттер жатақханасы - шабыттың отауы. Онда кiл бақытты жандар тұрады. Әдемi қыздар, өрмiнез жiгiттер. Осы күнi жер бетiнде сезiмге қатысты көп нәрсе жоғалғанымен, студенттер мекемесiнiң маңын мұңдана маңайлап, махаббаттың өлгiсi келмей маңып жүредi. Соған қарағанда бұл жерде махаббатпен өздерiн алдағысы келетiн пақырлар мол болуы керек.

Асау сезiммен алысып, сағынуын тоқтата алмайтын, әлдекiмдi өңiнен, түсiнен қатар iздеген бұлардың iшiнде сұлулықты жылатып жүрген Сұрмергендер де, Сұрмергендi ұмытамын дегенмен жадынан өшiруге дәрменi ешқашан жетпей, перiште арманның ақ орамалын бұлғап тұратын сұлулар да жетерлiк. Сыртында кiмнiң күткенi, кiмнiң келгенi туралы қаламның шимай-шимай анықтамалығы бар, көзге тым-тым жылы ұшырайтын есiк шалқасынан ашылды да, iшке арсалаңдап Едiл келдi (Екінші топта оқитын әумесерлеу, сонысына қарама-қарсы жанының нәзіктігі де аңғарылып тұратын, жалпы болмысы емес, қалтасының біршама қалыңдығы сүйкімін арттыратын жігіт). Езуiне күлкi iлiніпті. Ал, мен ойымдағыны қағазға дәл түсіре алмай, тап сол уақытта түленмен туысқан болып отырғам. Сәлеміне қайтарған жауабым: - Тасырлатып не жүріс? Біреудің өлгенін естіртетіндей болып ентігіп жүретінің-ай..! Жабырқап қалды. Опасыз сөз саптауым жақсы қыялдарына соққы болып көлбеп өткен. Өзiмнің арманым мүгедек екенiн бiлмей, мың сан жүректiң бәрiн бiр сөзбен жазалай салу - қыянат. Қайтқан бақты да, айтқан сөздi де оралдыруға дәрменсiзбiн. Ренжiді. Сөйлемедi. Тоң-терiс отырдық та қойдық. Жылжыды. Уақыт. Ашуды жанымнан қуалау үшiн әлгiнде жазып жатқан

кiтабымды парақтадым. Ойыма ортақ болар дәнеме жоқ. Ниетсiз болған соң әрiптер көзiме мағынасыз жыбыр-жыбыр жұтылып жатыр. Қайтерміз, бiрбiрiнiң өрескел сөзiнен өкпе жинап, өле жаздайтын алагүдек адамның баласымыз. - Мен кетемін! – деді Еділ. - Сені шақырып па едім? - Бұл ғашық хат. - Хат тасушы болып жұмысқа тұрғаныңды естімедім. Жейдесінің қалтасынан алған хатты үстел үстiне қойды. Өз кемшiлiгiм өзiмді азаптай бастаған. Сәлемдеменің иесі қызықтыра қоймады. - Кете берейiн бе?-деді Еділ. - Осы бөлмеге қонғың келiп отыр ма? - Мұны саған жiбердi,-деді. - Неге әкелдiң? - Бай жігіт! - Бақытты бола алмай жүрмiн дей ме?

- Не деп барайын? - Төлегеннiң деңгейi өзiнен биiк болса Жiбек еш қарсы емес,-дедім. Мұным қияңқылық емес, шын сөзім еді. Үнсіз шығып кетті. Оның жанын жаралап алдым ба дедім. Жақсы адамдар да, жаман адамдар да - менің жалғыздарым. Олардан қашып құтыла да алмаймын. Күдiкке бой алдыру - бақытсыздық. Тым-тым шаттанып кету де - ақымақтық. Шынтуайтында өмiрде нақтылық та, мағына да жоқ. Күңiренiсi мен күнгейi шарпысып жататын азапты өмiрiмдi туыларымда жаратқанмен келiсiм жүргiзiп бекiтпегем. Өзiм есейген соң бiреуден сатып алмадым, тәңiрден тiлемедім де. МАҢДАЙЫМА ЖАЗЫЛҒАН. Ал, тәңiр мүлдем санаспайды. Хатқа қарағам. Тәкаббарсып жатыр. Арқалаған сезiмi күрделi ме екен? Конверттiң шетiне қос жүрек сызыпты. Бiр жүректiң үдесiнен шыға алмай жүрiп, қос жүрек бұл адамның не теңi? Өз жүрегiмнiң отына баяғыда өртенiп кеткем. Ол құрғырды өзiн ен соңғы рет жоқтаған Мұқағали бейiтiнiң басында мұңайып отырған шығар дейтінмін. Махаббаттың етегiне мың жерден жармасқанмен талабы биiк. Қарымтасыз сезiм шыңына шығу - өлiмдi талап етедi. Өзімдi бiреудiң ұнатқанын, тiптi өлердей-ақ сүйгенiн қалаймын. Кеудемдi бiр үмiт, бiр күдiк кернеп, хатты ашқам. Ағыл-тегiл сезiмнің ізі де

жоқ, астамшылығыма үнемi ызаланып қарайтын бөлмедегi көзге көрiнбес перi қыздарының айызы қанып, сылқ-сылқ күлген шығар. «Кешке барам. Шықпай қалма. Аян.» Махаббат құдайының мазағы болғым келмейдi. Адамның бәрi - құл. Тек, қожайынға зәру құл болмау керек. Махаббатта да солай. Сезiмнiң иiсi де шықпайтын сұп-суық бiр жапырақ қағазда не құдiрет бар? Жансая мырс-мырс күлдi (Менімен бір бөлмеде тұратын, бір топта оқитын, жігіттерді ақшасы бар және ақшасы жоқ деп екіге ғана бөліп қарастыратын кербез бойжеткен).

- Қызға осылай хат жазар болар ма? Бұл жiгiт не жарымес, не елден асқан данышпан. Себебi олардың ойлау жүйесi бiрдей болады, - деді. - Жарыместiң де жүрек сырын тындап көр,-деді. - Жатақхананың алдына шығып, әркiмнiң бетiне қарап, тани алмай жүрмекпін бе?-дедім. - Бақытқа жету үшiн көп нәрсе iстеу керек!-деді ол. - Екi ауыз ғана сөз жазған дөрекіні бақытым санаймын ба? - Сәттiлiктер ұсақ-түйектен басталады!-деді (Бұл тәмсілді біраз уақыт бұрын Бальзактың кітабынан оқып, оған өзім айтқан болатынмын).

- Бiраз уақыт күтсiн, дәл уақытында жүгiрiп шықпа!-деді. Мұнысы өте күлкiлi кеңес болды. Бірақ, өзінің ойлап тапқанына сенімдімін. Шiлденiң шiлiңгiр ыстығында келiп, көздi арбап, бiр тамшы жаңбыр тамдырмай құр қайтатын ақ бұлтқа ұқсап, сезiмнен жұрдай, тек панданып жатқан ақ конвертке өшiге қарадым. Қыздар аяғының астында жорғалап жүретiн жiгiттердi ұнатқанымен одан өзiне асып тұратын биiк өре күтедi. Терезенiң сыртынан торып – торып, дәрменсiз үйге қайтатын кей Мәжнүндерден гөрi осындай ебедейсiз ойлардың авторы артығырақ деді бір ойым. Өмірде махаббат жоқ, махаббат жайлы алдамшы ойлар ғана бар. Өзімді алдап көрсем қайтеді дедім. Жансаяның кірпігі сояудай қара көздеріне қарап аз-кем ойландым да: - Барайын,-дедім. - Саятқа не деймiз? - Жазып жатыр, мазалама де. - Арманға ше? - Ағатайының үйiнде дерсiң. Толқып тұрмын. - Кездесуге алғаш бара жатқан жоқсың!-деді.

Жiгiтпен кездесуге емес, дүңгiршектен оттық сатып алуға бара жатқандай еркiн адымдап төмен түстiм. - Сәлем! Амандасып тұр. Бейтаныс (Жоқ... бейтаныс емес. Қаладағы біз жиі баратын театрдың әртісі. Есімі... Білмейді екенмін. Дұрысы білмеген болдым. Келбетті жігіт. Иә, солай. Сыртынан талай қыз ғашық болған. Мен де. Былтыр осы уақытта. Жә, соны қойшы, сахнадағы рөліне тамсанып қалғанмын да деп өзімді жұбатып есімнен зорға шығарғам). - Сiз... (Шынымен сасқалақтадым). - Мен әлгі... Еділ айтқан шығар? Аянмын,-деді. (Өз атымды атауды ұмытып кеткен сыяқтымын)

Бойы ұзын екен деді ойым. Иә, қыздар өзiнен бiр-екi қарыс ұзын жiгiттi жақсы көредi деп өз ойымды өзім қоштап қойдым. - Еділді әурелеп, хат жібергеніңіз маған ұнамады!-дедім. - Екiншiлей ешкiмдi жұмсап әуре болмаймын, өзiң шығасың,-деді жайбырақат. - Сау болыңыз.

Ішімдегі дүлей бір ой мен кетемін деді. Бұрыла бердiм. Шап берiп, бiлегiмнен ұстай алды. - Ойланып айттың ба? - Әлбетте. - Ойлан, қазір кетсең... мен келмей қоямын! Ызадан қайтарарға жауап таппадым. - Жүр! Мақсатымыз белгiсiз күйде жолға түстiк те, адымдай бердiк. Сен iздеген ақ қанатты арман осы едi. Тауып алдың. Бақытты бол, Лаура, бақытты бол... Өзөзiмдi азапты түрде мысқылдай күлдiм. Әжуалы көрiнiс. - Лаура?! Соңыма бұрылдым. Саят (Бұл жатақхананың терезесінің алдына келіп, серенада шертіп жүрген бейбақ еді. Оны үміттендірген өзімді кінәламадым, Саят, өмiрде барлық адамдардың оябынан шығам деп жанталасу – ақымақкершiлiк деп әрекетімді ақтап алдым). Аңтарылып тұр. - Сені іздеп жүрмін. Опасыздығымды тереңiрек сезiндiм. Бiрақ, мен ондағы жоқты iздеп едiм.

- Кiм бұл?! - Жаңа таныстым. - Танысқан жiгiтiңмен қыдыра бересiң бе? Саятпен бiрге кері бұрылдым. Қаладағы теардың танымал әртісі орынында қалып кеттi. - Онымен неге жүрсiң?-деді Саят. Жауап беруден қаштым. Шын сөйлеу қашан да қиын. - Менi тастап кетпешi. Жалынып тұр. Өзiн мүсiркегендi жек көрмейтiн болуы керек. Бұл оңбаған қасиет. Сезiмнiң сәйгез оғы жанына келiп қадалып жатса оған мен де, өзi де кiнәлi емес. Ойлағанындай еркелей алмайды екем. - Жалғыз жүрегiмдi барлығыңа бөлiп бере алмаймын,-дедім. - Қайда барасың?-деді ол. - Өзiмдi өзiм iздеуге. Соңымнан қара көйлектi түн ару сұқтана қарап тұрды. Бақсыз пенделердi аяған Жел өксiдi, Ай мұңайды. Болмыстарды бойлап, тәңiрдiң қайғылы, әрi әжуалы музыкасы естi. Бiздiң тағдырымыз - тәңiр сызған бiр-бiр кесте едi. Бiз

сол сызба, шеңберден ары аттап өте алмаймыз. Өйткенi, МАҢДАЙЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛҒАН. Адамдар өзiн-өзi iздеуге аттанады. Таппай өтуi де кәмiл. Бiрақ, ненi, кiмдi iздеп жүргенi белгiсiздер мол. Қорқыттың көрін кiмдер қазды екен? Менiң ертегiм - менiң өзiмдi iздегенiм. Жоқпын. Күнекейге, Қар кызына айналып, өткен күннiң қойнауына мәңгiлiк жұтылған шығармын? Бiр тамшы жас боп, кеңiстiкке сiңiп кеткен болармын. Сезiмнiң терезесiн ондаған бозжiгiт келiп қаққанымен, сығалағанымен сәуле түспек емес, сезiмiмнiң терезесi әлдеқашан күлпарша болып қираған. Мүмкiн, әу бастан-ақ бiтеу болған шығар. Адам өзiн-өзi iздеп жүрiп сағынышқа айналып немесе жалғанның қарашығына жұтылып өмiрден ағып өтедi. Адамдардыкi секiлдi махаббаттың да тағдыры болады. Шалажансар сүюдiң ақыры болмайтындай, оспадар кеудеге махаббат жебесiн мың жерден боратқанымен бәрiбiр мұң iшкен қалпынан танбай әлден соң төмпешiкке айналады. Махаббаттан өзiн тауып алар пенделер аз. Жарақатты махаббатты жүрекке көктеп сансырағаннан гөрi қатыгез перi қыздың жанына жаныңды ауыстырып ал: Өйткенi махаббатта өзiм деген ұғым жоқ. Сәукелелi армандар адамды бiраз шаршатады. Кейде артық ақыл да жүйкеге үлкен соққы. Өзiндi-өзiң тапқың келсе - жалғыздыққа жанынды жаралат. Құдайға жетеқабыл жалғыздықпен ашына бол - тобырға

кектенгенде өзiңдi тауып алуға мүмкiндiгің ашылады. Бiз өзiмiздi iздеп, мұң аралдарында сабылып жүрмiз. ӨЗIМIЗДI IЗДЕП. Жансая күле қарсы алды. - Арман келдi. Сұраулы жүзбен қарадым. - Күтiп, күтіп кеттi. Бұл туралы не айтпақ болғанын аңғарып қойдым ба деймiн. Оның мінезіне сыралғы болғалы көп уақыт. - Оған деген сезiмдерiмнiң ұйқысы бұзылған,-дедім. - Сен қайыршы өмiрдi жек көресiң,-деді Жансая. - Байлығы үшiн оны жақсы көре алмаймын,-дедім. - Аянның ақшасы көп пе? - Сезiмi көп сыяқты. Әңгiменi одан әрi созғым келмеген болуым керек: шамның тетiгiн бастым. Таңертеңгiсiн үнемi лекция немесе кiтапхана күтiп тұрғандықтан жиналу бақытына сирек ие болатын төсегiмдi сипалап тауып алдым.

Қасiреттiң де, қасиеттің де барлығы да МАНДАЙЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛҒАН. Көз жасы - қақтың суы. Күлу бақыт емес, көз жасыңды өзiңше қымтау. Махаббатты серiк еткен жан - өмiрдiң малайы ғана. Ақымақты мазақтағаның - өзiңнiң де ақымақтығыңды көрсеткенiң. Пенде ғұмырдың басты алданышы - махаббат. Әркiмдi арманым деп алдап, алдамшы қыялына арқау етуге арланбай, сайтани нәпсiнi де, сорты сан түрлi құмарлықты да махаббат деп түсiнетiн қауым - үмiтi ұрланғандар. Бастысы махаббаттың орындалмас кыял ғана екенi ұтымды ақиқат. Бұл өмiрде бақытты адам бәрiбiр жоқ. Бақытты табу мiндеттi де емес. Бақыт өзiнiң адамға керек екенiн бiледi. Сонысымен де өзiмшiл. Армаңдардың алапес болып сорлайтыны да содан. Бiр сәтке бақыт жайлы ойлаудан қашайықшы. Тереземнен түн төнiп тұрды. Сейсенбi: Ол өзiнiң құнын бiлетiн болуы керек. Бұл күнi хабарсыз болды. Едiл келдi. - Қолы тимеген шығар...-дедi күмiлжiп. - Сахнаға шығып, жарты сағат маймыл болғанда тұрған қандай күрделiлiк бар? (Соншалық дүмдiлездiкпен сөз саптағаныма өзiм де таңмын.) - ... - Телефон номерiн қалдыр,-дедiм.

Баяндады. Едiлдiң әр кезде қазанның тұп күйесiндей жалғаннан аққудың қанатындай сезiмдер iздеп жүретiнi - ерлiк. Өзiмнiң де дәл қазiр сезiм мен сәттiлiк iздегенiмдi мойындағым келмеген. Қарақан басын сүйетiн адам ешқашан да кiрiптарлыққа мойынсұнып, оған қадам жасау турасында ойланбайды. Сол ғана... Телефон нүктелерiн жылдам бастым. Кешегi қыңыр дауыс естiлген. - Сiздi күттiм. - Жүрегiндегi маған деген ғашықтық отын лаулатып жаға бер! Трубканы қоя салды. Зiл сөзiн әдеттегiше қабылдағам. Қырсықтығымды ол туралы тентек ойлар тұмшалап тастаған. Жастықтың мың бiр түнi қызықты һәм қайғылы. Жоқ бақытты iздеп қайғының бетiндегi қарақотыр жараны тырнаймыз. Бәлкiм, әдемi сезiмдер жайлы ақымақтау аңыз тудырғым келген шығар? - Лаура. Жансая бiрдеме демекке батылы жетпей тұр. Өндi киiнген. Көңiлдi. - Ренжiмешi...

Өмiрдiң тәттiлiгiне тоймай жүрген құрбымның жұмбағын әлдеқашан шешiп алғам. Сезiмнiң және есептiң гүлiн кеудесiне қатар таққан бойжеткенге күле қарадым: - Жолың болсын! Бетiмнен шөп еткiзiп сүйдi де, есiктен жүгiре басып шығып кеттi. Санаулы күн бұрын маған көрсеткен iлтипатының бәрiн айна қатесiз қайта сомдап, Арман Жансаяның жаныңда аяғының ұшымен басып жүр. Жiгiт жайлы титiмдей тәттi ойы болмаса да, байғұс қыз өзiнше жымиған болады. Пенделердiң құдайдан айырмашылығы - пенделiгiнде. Бiрiн-бiрi алдауға ұмтылуында. Құдай бәсекелесi болмағаны үшiн - ұлы. Адамдар ардың құнын бiлмейдi. Жалпы оны ешкiм де бiлмейдi. Арманның тәкаббар қара мерседесi керiле ызғып, жатақхана маңынан қара жасырды. Әйнектен назар алмасам Жансаяның жасанды бақытына қызғанышпен қадалған қанжар көздердi көптеп көрiп қалуым мүмкiн едi. Едiл есiктен ақтарыла кiрдi. - Сені сыртта күтіп тұр,-деді. Кездесуге асықпадым. Бiрақ, ол шыдамын тауысып бiтiптi. - Қызды күтуге арланатын едiм,-дедi ол сәлемдеспестен. - Мен кеше Еділ шабарман емес деген жоқпын ба?

- Осыдан басқа айтар сөзiң қалмаған ба? - Мен кетемін!-дедім. - Кете бер! Әрiрек тұрып, кеткенiн күттiм. Бiрiншi ол кеттi. Екiншi мен. Бөлмеге тұнжырап келгенiммен бұл жайлы ойламадым. Үнсiз көтергем. Өз бақытымды тұншықтырып алмау жайлы ойлана бастағам. Оны жоғалтқым келмеді. Шаңыт жолға көз тiгiп, отыра беру де қателiк. Бедiрейген тағдыр белсенбесең қашан да бедеу Жансая түнделетіп оралды. - Арман екеумiз қыдырдық!-дедi салған жерден. - Өзiңдi солай да алдауға болады. - Маған алтын алқа сыйламақшы! - Қуанышты қолдан жасауға ұмтылып көру керек. - Оған қыздардың қалай боянғаны ұнайтынын бiлесiң бе? - Өзiмнiң жiгiт көрсем жағына алмайтынымды ғана бiлем. Бақай есептен аса алмаған онымен сөйлесуге арланған шығармын. Жансая - қамсыз бейне.

- Аян келдi ме? - Келдi. - Жер бетiндегi тәңiрiң бола алатын тұлға ма? - Бақытыма онсыз-ақ бара аламын. Ол төсегiн сала бастады. Тәртiптiлiктi тым - тым жақсы көретiн сағат та мезгiлдiң әтеш шақыратын кезi болып қалғанын қатыгездеу таяқшалары арқылы белгiлеп тұр. Демек, көз iлген ләзiм. Жастыққа басым тигенмен ойым ақшамда кешкен оқиғалардың ортасынан қайта табылды. Түн - азап отауы. Қасiретке толғатқың келмегенiмен түн барлық қасiреттердi арқалап келiп жаныңды дуалайды. Түн - жендет. Әдемi ойлардан айырады. Тәттi қыялдар түннiң қорқынышты ай балтасының жүзiнде марқұм болады. Түн - арсыз. Ұяттар үдере ұяларына тығылады. Пенде өз болмысынан сусып шығып тағы кейiпке айналады. Жанарына жалт-жұлт еткен нәпсiнiң сонары тұнып, перi көңiлдермен алабұртады. Түн - сезiмсiз. Жыламайды. Күлмейдi. Үмiтi үркiген пенденiң пешенесiне қарап, сорға шыланған ай ғана шарасыз монтаяды. Жұлдыздар да шерлi. Жарыса жерге құлайды. Бетiңдi сипа - әр жұлдыз өмiрден опа таппаған жер ғаламшары тұрғындарының жаны. Түн әжуалайды. Әлдекiмдi есiңе түсiрiп, жылатқысы келедi. Қай-кайдағыны қозғап, өз өксiгiңнен өзiңе қаралы романс жасап тындатады. Түн - қаралы

ару. Қап-қара көздерiнен тiршiлiк сырғанайды. Қара көйлегiн жел тартқылаған түн арудың етегiне жармасып қаралы ойлар қосыла боздайды. Бақыттысы түнде көлеңке жоқ. Мен бозаң сезiмдерiмдi аялап, бозала танды күтемiн. Сәрсенбi: Сәске мезгілінде бөлмеге Еділ келді. Стол үстiне көз жүгiрттi. Әдеттегiдей қағаз бен қалам емес, әжемнің суретiн, Крейг Дэвидтың жаңа ұнтаспаларын ғана көрді. - Неге жазбай жүрсiң?-деді. - Жоғалып кеткен сезiмдердi iздеп сабыла берген жақсы емес. - Саят кетті ме?-деді. -... Саяттың мөлдiр маңайын естен шығарыппын: Өмiрiмнiң әдемi сәтiнiң кей үздiгi ретiнде есiме алып отырудың да ырымын жасамағам. Оның армаңдары кесiлдi. Менде арман өрiлмеген еді. Сезiм шынайы болмаған соң жiгiттi босқа азаптау - күнә. Қайғыммен қайғысы деңгейлес еместiгi шығар, махаббат сапарын дұрыс бастамаған соң, асау мiнез көре алмаған соң болар: оны ұмытып кетiппiн...

Едiл екеумiздi Аянға ердік. Одан өзiмдi бiрiншi қоя алмадым. - Сiз қасқырға ұқсайсыз-дедім. - Мықты теңеу деп ойлайсың ба? - Бұл өзiңiзге күдiк келтiргенiңiз бе? - Қыялыңмен ойнағым келген,-деді. - Сезiмдерiммен де ойнап жүрсiз. - Айтпақшы, сезiмдерiңдi маған аманаттайтын болдың ба? - Ойланған жоқпын. - Бақытты басқа жақтан iздеп жүрмiн дегендей әсер қалдырады екен-деді. «Rio» - шымқаладағы ең әдемi кафе. Әлемнiң ойлана алатынын мүлдем жоққа шығарып береді. Қызыл, жасыл шамдар мен даңғаза музыка жаныңмен ерегiске түседi. Аянның көңiлсiздiгi маған да жұқты-ау, ел-сел отырдық та қойдық. Едiл бейтаныс қызбен билеп жүрген. - Сені жұрт жақсы жазады дегенге оқып едім, соншалықты тартпады, кейіпкерлеріңнің барлығы не көкте емес, не жерде емес...-деді Аян. - Нағыз сыншы жанымнан табылып, жақсы болды! Егер бiздiң осы жүрісімізді қағазға түсірсем, тағы бiр оқырманның: Бiр-бiрiнен ғашық екенiн

жасыратын қыз бен жiгiт кафеде отырып, әдебиет туралы сөздi әсте қозғамақ емес деп дау шығармайтынына кепiлдiк бере аласыз ба? Дауысымды көтердім бе, ызалана жымидым ба... әйтеуір сын көтере алмас осалдығымды әйгiлеп қойдым. Едiл әйдiк билейдi. Би - үлкен ақымақкершiлiк және үлкен алданыш. Бидiң сезiмдерi өте ажарлы болып келедi. Әдемi қыздың жанында Едiл музыкадан да бұрын жүрегiнiң ырғағына тербелiп жүрген болуы керек. Берi беттедi. Құшағында манағы қыз. Таныстырған жоқ. - Бiз сендердi күттiк,-дедi Аян. - Бiз кеттiк,-дедi Едiл. Олар шығып кеттi. Қылығыммен ұнап қалуды жоспарлайтын қыз пайымы менде жоқ едi, көңiлсiздiк арта түстi. Үнсіз отырдық. Бiлегiне көзiм түскен. Көк - ала. Ине iздерi өрнек салыпты. - Өмiр қызық емес,-дедi күрсiнiп. Солай болуы да мүмкін. Мен де, ол да шеттiк әуен тасып төгiлген кафенi де, мұндағы әумесерлеу топты да кешiре алмадық. Кешпей қойдық. Стол үстiндегi көздi арбаған шарап iшiлмей қалып кеттi...

Түс қайта Жансая екеумiз кiтап дүкенiне келгенбiз. Журнал қарап тұрып бөгде ағылшын жiгiтпен таныстық (Жүзi жып-жылы, шегiр көздерi қулана күлiмсiреген жұқалтаң сары жiгiт). Дұрысы... танысқан Жансая. Саят келдi. Ере шықтым. Бұл жігіт төңкерiс жасауға да, ерлік жасауға да дәрменсіз. Кiнәнi өзiнен iздеу керек: Онда тұяғы бүтiн тұлпардың мiнезi аз. - Сүйгенiм үшiн кiнәлi емес едiм,-дедi. - (Сезiмдерiмдi меңгерiп кетуге құдiретiң жетпеген өзiң кiнәлi.) - Кетемiн. - (Ұнату ешқандай ұлы дерт емес.) - Баста алдамау керек едiң. - (Көп жұмбақты шеше алмайтын өзiңнен көр.) - Бәрiнiн бұрын аяқасты болған армандарымды аяймын. - (Арманның бәрi орындала берсе құнсыз болады.) Қыялына тым-тым ерiк берген ол түнердi. Мен де жаз болып жымиған жоқпын. - Сау бол! Келе қалған таксидi тоқтатып, мiнiп кеттiм. Жансая ымыртта оралды.

- Купер - нағыз джентельмен екен. Шыққан соң ресторанға бардық, ол бай жiгiт,-деді. - Арманнан да ма? Жансаяныкі дұрыс деді бір ойым, мұңға шыланған тағдырға қарап өшiгу пайдасыз. Адамдар өтiрiк күлкiмен жандарын жұбатады, сондықтан мұңға берілмейді. Бірақ, жатырдан шыға сала бақыт iздеп жаныққанымен бақытты ешкiм жоқ. Бейсенбi: Оянсам, күн тас төбеде тұр. Кiнәлi сағат емес, қара басып сиыр сәскеге дейiн ұйықтай берген өзiмiз. Лекция өтiп кеттi. Әйтсе де төсектен тұрмақ керек. Жансая көрпенi тас бүркенiп, тәттi ұйқыда. Оның арғы жағында үнемi бос тұратын кереуеттен Едiлдiң басы көрiнедi. Ояу. Бөлмелес серiгi тағы да қыз ертiп келген. Едiлге құс ұйқы Жансая есiк ашқан. - Сен махаббат туралы не білесің?-дедi. - Қарнымның ашып тұрғанын ғана бiлемiн,-дедім. Үнсiз темекiсiн тұтатты. Ол да, мен де ойландық. Не ойладық екен? Мүмкiн, есiмiзге ештеңе түсiрген жоқ шығармыз. Бөлме көк түтiн. Жансая жөтеле

бастады. Терезенi ашқам. Даладан таза ауа ағыны келiп, көкшулан бозаңды қуалай бастағанымен Едiлдiң көзiндегi қасқа мұңды сырғаната алмаған. - Сезiмдер менi өлтiрiп тынатын шығар,-дедi ол. Оған әлдене деп жекіп беруге оқталдым да, ойымды сабырмен ұқтыруға тырыстым, бірақ мұным да аса мәдениетті шықпады: - Осы мінезіңді қашан қоясың? Махаббат туралы мыжып әңгiмелей беру жiгiтке жақсы әдет емес!-дедім. - Жасың нешеде?- дедi ол. Сезiмнiң жанын шабақтайтын жастығымның барына сене алмай отырған шығар. - Сүйе алмайтындардың қатарын толтыруға әлi ертерек саған. Орнынан тұрып терезенi жапты. Махаббат пен геометрияның тендеулерiн қатар нәрсе деп қарайтын мен және сезiмдi перiште қылып көңiлiне ендiрiп алған ол екеумiздiң сөз жарастыра алғанымызға таңмын. - Ұйқы бересiңдер ме, жоқ па?! Басын бүркеген Жансаяның шағымы орынды.

Телефон безек қақты. Бұл - Аян. Аз кем әңгімеден соң тұтқаны орнына сүйкедiм. - Аянға есiрткiнi тастау керек,-дедi Едiл. - … - Терiстеудi терiстегенде де өлшем болуы керек! Орнынан тұрды. Үстел арқалығына бос тастаған күртесiн қарына iлген. Есiкке тақау айна алдына барып үнсiз ойланды. Көзiне түсе сусылдаған жылтыр қара шашын керi серпiдi. Сағатына қараған. - Қайтамын. Едiлді еш кінәламаймын, махаббатты іздеуден гөрі жоқ деп болжам жасай салу әлдеқайда жақсы. Асқан ақылдылық махаббаттың жауы емес. Ақылдылық - өкiнiштiлеу өмiрдегi өз бейнеңдi сыртыңнан көре алуың ғана болса, махаббат - жаныңды алдай бiлудiң ең үлкен формуласы. Киіне бастадым. Сыртта Аян күтіп тұрған. Көлігі оның үйіне бастап келді. Кең сарай. Бірінші қабаттың кіре бересінде жас әйелдің портреті ілініпті. Анасы. Өмірден ерте қайтқан. Бейнесі Аянның есінде жоқ. Жоғарыға көтеріліп, өзінің бала кезінде түскен бір сөмке суреттерін алып келді.

- Анау әйел...-дедім: - Бөпесінің бір кездері азамат болатынына сенген шығар, бірақ, есірткіге салынады деп ешқашан ойлаған жоқ шығар? Оған осындай бір ескерту айтуды жоспарлағаныммен, дәл осы уақытта, дәл осындай сөйлеммен жеткіземін деп ойламап ем, сәтсіз шықты деп күбірледім. - Жердiң бетiнде жылылық өлген. Ренжiмешi, өмiрге өшiгiп алыппын,-деді ол. - Қайыршы армандармен ауыра алмағаным үшiн айыптымын ба?-деді сосын. - Өмiрдi сүйе алмау дарынсыздық емес,-деп көсемсідім мен де. - Мақтаныш та емес! Шекісіп қалғандай болдық. Ендігісін ақ жейде киіп, мойынына қызыл галстук байлаған сүйкімді балақай бейнеленген сарғайған фотоларға қарау қызықсыз болды. Ысырып тастадым. - Мен қайтамын!-дедім. - Мен туралы бiлгiң келмейдi. Табалдырықтан керi аттай бердiм. Барлығын бүге-шiгесiне дейiн бiлуiм мiндеттi ме? Өзiмнiң ештеме бiлмейтiнiмдi бiлемiн және өзгенiң бiлетiнiне де

күмәнiм бар. Бұл ойды мен ойлап тапқан жоқпын, санама әлдебір кітаптан ауысыпты. Бірақ, кім болса да дұрыс айтқан екен дедім. ...Кешкiсiн жауын жауды. Ымырт үйiрiлген тұс едi. Баданадай iрi тамшылардың жер бетiнде өшi бардай сабалай бастағанына бiраз уақыт болған. Алқара бұлттың күңгiрт тұсы маңайға қаракөлеңке рең берiп, ауыр мұң терезеден бөлмеге қарай төгiледi. Тұнжырыңның мүлдем арылтпайды. Ентiгiп Едiл келдi. Реңi өрт сөндiргендей. - Тыныштық па?-дедім. - Кафеде танысқан қыздан ауру жұқтырып алыппын. Жанынан әрмен ысырылып отырдым. Орын берген мезіретім еді, ол қиынға жорыды. - Ауруы жұғады деп қорықтың ба?-деді көзі шатынап. - Жарайды кетем! Не айтарымды жұптап үлгермедім, атып тұрып бөлмеден шығып кеттi. Пенденi түсiнуге тырысқан емеспін: ақыл - адамның ұлы оққағары, сезiмталдық - құрсаулы тозаққа жанынды иiрiп әкеп, еркiңмен қапастау, ал... адалдық - ақымақтығың. Өзiңдi қаралағаныңмен өзгенi ондай жамандыққа қимағаның - адалдығың. Өзiңдi ақтап, өзгенi қаралағаның - аярлығың...

Жұма: Мендiк тағдыр махаббат жайлы романын өте азалы күйде жазып жатты. Көгiлдiр көздi қыздың қаракөз мұңын өмiр тыңдамаймын, тыңдағым да келмейді депті. Бақытсыздығым - алғашқы сезiмдерiмдерiнiң иесi адам емес, кентавр болуы, әр түн сайын түсімде оның мойынынан, ұйысқан ұзын шашынан қапсырған қалпымда аспан жақты бетке алып самғап бара жатушы едік. Жартылай тұлпар, жартылай жiгiтпен бiрге жұлдыздарға қарай ағып аттанған әдемi түстерiмнiң жалғасын жер бетiнен iздедім. Емшекте жатып уыз емес, қыял емдім бе, әлде, кентавр-бейне ықылымдардан осы заманға орала алмай ма екен? Ешкімді алдамадым, өзімді тәтті өтірікпен жұбаттым, он тоғыздың әлегiн көрмеу бақытсыздық демедім, ақшамда арғымақ арманды ағытып, арындап өлең оқитын, шарап iшпей-ақ масаң күйге түсетiн аяулы жастық менде болмады-ау деп күрсінбедім. Жансая бүгін қызық сөз айтты. Бақыттың анықтамасын ұғындырды. - Бақыт деген - менiң Куперiм,-деді. Жер бетiнiң бар тұрғыны таласа-тармаса iздеп жүрген бақыт – бар қыялын саясат кешiп-пiшiп тұратын жiгiтпен өлшенер болса сол бақыттан бас тартарақ едiм.

Аян туралы ойладым. Аңғарып қойғандай телефон соқты. «Rioның» алдында күтетiнiн айтты. Такси ұстап ентігіп жеткенімде ол кафе сыртында маңайға менсiнбей қарап тұрды. Темекінің исі кетпестей болып сіңген кафенің ішінде жан жоқ. Ән салып тұрған дарынсыз, талапсыз жас қыз қалаға танымал актердi көрiп, өз өнерiнен ұялған болуы керек, тасаға қашты. - Шаршадым,-дедi Аян жайғаса салысымен. - Өзiнiң жабырқағанын жиі жариялайтын жiгiттердi ұната бермеймiн,-деп мен-дағы талғампаз бойжеткеннің кейіпімен сөз саптадым. - Жексенбi күнi театрға келшi. Жаңа қойылым бар,-деді шығар мезетте. Аян, сен үшiн емес, саған деген әдемi сезiмдерiм үшiн барамын деп күбірледім. Сенбi: Бөлмеге келіп тұнжырап отырды да қойды. - Әлеммен ұрсып қалғандаймын,-дедi. Кіммен керісіп жүрсің деп, не жазып қойып едің деп қазбаламадым. Осы бөлмеде сән үшін ғана тұрған, әрегідік мектепте оқып жүргенде әнші болуды армандаған біреу келіп, қол тигізбесе шаңы да сүртілмейтін домбыраны алып келдi.

- Дауыс өзгерiптi,-деді бірер даңғырлатып. Көңiлсiз шертiп-шертiп тастай салды. - Едiлдің жағдайы қиын,-деді. - Оған не болыпты? - Кеше дәрiгер оның қанынан жазылмайтын аурудың инфекциясын тауыпты. - Бағаналы берi домбыра сабалап әуейiленгенше жылдам айтпайсыз ба?- дедім де аңтарылып қалдым: - Ол өле ме?-дедім сосын. Сұрағыма жауап ала алмадым. Аян домбыра шертіп отыра берді. Өзі іздеген бақыты Еділге бақытсыздық болып оралды ма? Бақыт жайлы алғашқы ой қалай еді? Ең соңғы ой қалай? Жердiң ең көне тұрғыны да бақыт iздеп жанталасты ма? Адам өзi толық жаралып бiттi ме? Қобыз дүние үнемi бiрдеменi жоқтап тұрады. Бақыттың кезбе керуенi де қайғының қаралы көшi секiлдi тұрақтап қалмай көшiп қонып жүредi. Егер шынайы болса сезiм туралы ойларың – адалдығың, бақыт – төзiмге бағынып сарсыла күту. махаббат – шыңына жету үшiн өлiмдi талап ететiн ақиқат, еркiндiк – құр ғана жалғыздық, өмiрдiң тәттiлiгi – түсiнiң суықтығында, кербездiгi – уақытын бұлдайтынында, опасыздығы – өзiмбiлемдiгiнде, санаспайтынында... Жексенбi:

Кітап дүкенін кездім, ақыл үйретпейтін, қит етсе тәртіптілік жайлы ұғындыруға дайын тұрмайтын бір кітап табылар ма дедім, профессорлар маған бiлмейтiнiмдi үйретуi керек. Жатақханаға келгенде Жансая жастыққа бетiн басып жылап қарсы алды. - Сынақ тапсыра алмадың ба?-дедім. Басын көтермеген. Өксiгiн үдете түстi. - Жансая, жауап бершi. Боздасынан үрейлендім. - Американдық сұмырай... Қайта құлай кеттi де жылады. - Оған не бопты?-дедім. Екеуінің кеше таңды бірге қарсы алмақ болғанын ойыма түсірдім. - Кеттi. Бүгiн,-деді Жансая. - Елiне ме? - Бiржола. - Жолы болсын.

- Ал, мен... алданып қалдым! Көз алдым тұманданып сала бердi. Әдемi қыялдардың ешқашан жолы болмайды, үнемi жаназалары шығумен аяқталады. Ал, армандар ылғи да сәтсiз күнi жолға шығатын болуы керек. Түс қайта жинала бастадым. Театрға. Жансая басын көтерместен әлi жылауда. Қалдырып кеткенiм адамгершiлiгiме сын. Алайда... күтедi. Аян. Гүл сатып алдым. Жолай. Бiрақ, менi сахна төрiндегi Аян емес, тағдырдың тосын сыйы күтiп тұрған екен. Ол бұл әлемдi менсiнбептi, менсінбеймін депті. Театрдың кең дәлiзiндегi хабарландыру тақтасында тұрған суретi мандайымды тасқа соққандай әсерде қалдырды. Қара бояулы қалың сызықтармен қоршалған бейнесi әдеттегiдей суық езу артып тұра берген. Әлдекiмдердiң көзi суреттi оқыс шалып бет сипаған. - Ел түбiне есiрткi жетiптi дейдi,-деді бір дауыс. - Оған ғашық кыздар көп едi,-дедi бiрi. Сол ғашық қыздың бiрi желкесiнде өксiп тұрғанын аңғармады. Қолымдағы гүлдi тақтаның алдына тастадым. Кiрген есiктен сүйретiлiп керi шықтым.

Бетiме сайқалси қарайтын сұм жалғаннан iлiп алар нақтылық таппай сансырағанда тек оны жоғалтып алмау үшiн жанталасқанымды ұқтым. Жыламадым. Мен қашаннан қайғыға берiк едім ғой дедім. Қас пен көздiң арасында бағамдап үлгердiм: Аянның өлмейтiнiн, ешқашан да жаназасы шықпайтынын, тек өмiрге өкпелеп, әппақ құсқа айналып, арман елiн бетке алып ұшып кеткендігін. Жатақханаға келгем. Жансая естіп үлгерiптi. Оның өлiмiн. - Роман аяқталды,-дедiм. - … - Жансая, махаббаттың да моласы болады екен,-дедім. - Сен ешқашан да тұрмысқа шықпа,-дедi Жансая. - Ешқашан да,-дедiм мен.

АЖАЛ ҚАШАН АЙНАЛЫП СОҒАР ЕКЕН..? Сары қыз сол күні жыңғыл мен жиде гүлдегенде жұпары әр көшесінен есетін алыс құмдағы ауылын, сол ескі қыстақта өткен сұмдық бір оқиғаны есіне

түсірді, сосын менің жанымды алуға ажал екінші мәрте қашан келмек екен деп күбірледі. Сол күні сары қызды сырқат меңдеп жатқан. Үйге кіріп шығып жүрген көп таныстың бірі дәрі ішуін ескертті, мұның сауығуын тілеп емес, ауырып басымызға бәле болар деген оймен айтқанын сары қыз сезіп қойды, тағы бірі бала неме, жеңіл киініп жүріп суық тигізіп алған-ау деп өтірік жаны ашыған болды. Бұл екеуінен басқалары бас қатырмады, әжесінің жаназасына қырық күн де толмады, сағыныштан ішікті деп түйген шығар, үлкен орыс пешінің түбінде, мақтасы түйдектелген ескі атлас көрпені жамылып бүк түскен сары қызға ешкім назар аудармады. Қоңыртөбел ауылда өткен жұпыны балалық шағын есіне түсіріп отырған сары қыз қызуым көтеріліп, сай-сүйегім сырқырағанда жанымның жай табуынан да бұрын әжемнің өбектеуін аңсаймын деп күбірледі. Айран көжесін деміл-деміл дайындап, түнімен төсегімнің басын күзетер қара кемпірді өлердей сағынамын. Науқасыңды желеу етіп, біреуден жылы сөз күту мүсіркеуді тілегенге тән қылық болар, бірақ, сенің сауыққаныңды шын ниетімен қамдап, әлпештейтін жан болса ауырғанға да не жетсін деді. Сары қыз сол түні түс көрді. Бұрын-соңды байқамаған, ешбір кітаптан суретін ұшыратпаған бір құс өзін іліп алып, зеңгір көкке қарай самғап кеткен.

Бұл ажал деп жорыды сандырақтап жатып, әжем қу жетімін келінкепшіктеріне көзтүрткі болады деп уайымдап, жанына алмақ па? Мұны ойлағаны мұң екен, қос шекесі шыңылдады, басы айналды, башпайларының жансызданғанын сезді, расында өліп қалар ма екенмін деп торықты, әжесін өлердей сағынса да, көктем көзінен жас айырмаған көкайыл өмірден қол үзгісі келмеді, өз денесін тастап, ағзасындағы күллі сырқаты ізім-қайым жоғалып, әппақ буға айналды да, терезенің әйнегінен де, темір құрсауынан да кедергісіз өтіп, аспан жаққа қарай тартылды. Біреу білегінен тас қылып ұстап, жетелейді, бірақ, көмескіленіп, реңі анық көрінбеді. Үлкен көгілдір таудың етегінен өмірден өткен туыстарының қарасын көріп орталарына кеп жетті. Көзіне алғаш түскені әлдебір лашықтың босағасында байлаулы тұрған алып қоңыз. Бажайлап зер салғанда мына қоңыз біздің ауылдағы Сәлима шешейге ұқсайды екен деп күбірлеген. Мәуелі бағынан көрші-қолаға дәм татыру тұрмақ, шіріген өрік пен құрттаған алманы қимайтын, өзі де жеп тауыса алмай, ең соңында нәрлі жеміс сол үйдегі ала сиырдың ырысына айналушы еді. Алып қоңыз расында сол сараң кемпірдің нақ өзі боп шыққан. - Пәнидегі ғұмырымда үйге екі адамның басын қосып қонақ шақырып, бір шәугім шәй беруге жарамап ем, мейман күтуді қаламайтын ем, сол әдетімнің жазасын тартқаным...-деп жыларман болды.

Үйдей тастың астында бастырылып тағы бір жүзі таныс кісі қиналып жатты. Ойбай-ау, мынау біздің Қайыр көкеміз ғой деп күбірлеген сары қыз. Кішігірім қазақы үйдей алып тас желкесіне мінген бейбақ көп те өмір сүрмеген, үйленіп, екі балалы болған уақытта жол апатынан көз жұмған, артында зар жылап кәрі шешесі қалды, келіншегі әу баста жастықтан бетін алмай сықсыңдаған ет, аз уақыттан соң кішкентайларын жетектеп төркініне тайып тұрған. - Зинақорлық жасағанымның зауалын тартудамын,-деді ол сұмдық қиналысты бастан кешіп. Бұтақтары нарттай қызыл алмаларын көтере алмай төмен иілген алма ағашының саясында төрт-бес жасар бала жеміс жеп отырды. Бұл біздің көршінің ұлы, бұдан бес-алты жыл бұрын суға кетіп демі үзілген деді - Мен қайда жүрмін?-деді сосын. - Сенің қайтуың керек, пәнидегі күндерің әлі түгесілмепті, талқаның таусылғанда қайта ораларсың,-деді әлдебір дауыс. Сықырлаған шынжырдың сылдыры естіліп, сары қызды өзіне қаратты, аяққолы бұғаулы мына адам біздің әулеттегі ақсақалдың бірі, мен есімді білер, білмес кезде қан қысымынан қайтқан деп өткеніне көз жүгіртті. Әлдекіммен

жаға ұстасқаны мен дауыс көтерген кезі жоқ комбайыншы Рәпілбек шал бұл сұмдыққа неге арандап қалды деді қыз. - Менің айтарлықтай күнәм жоқ еді,-деді матаулы қария: - Тек өлерімнің алдында көрші ауылдағы диірменшіден бір қап ұнды қарызға алып едім, соның ақысы төленбей мойынымда кетті, сол иесіне қайтарылса болғаны, мына азаптан құтылатын көрінем, сондықтан, менің балама барып, беререшегімді өтеуін тапсыр. - Жарайды,-деді сары қыз. Әжемді көре алмадым-ау деген өкініші ішінде кетті. - Ойбай, денесі суық,-деді әлдекім. - Дәрігер шақырайық па, әлде молданы әкелгеніміз дұрыс па?-деді біреу. - Жаңа басы күйіп тұрғанда басылар деп ек, өліп қаларын қайдан білейік,- деді бір әйел. - Мен тірімін,-деп күбірледі сары қыз. Іле Алатауының баурайындағы жасыл шахарда, үшінші қабаттағы тас үйінің терезесінен үңілген сары қыз адыраспан мен кеуіл басқан алыстағы ауылында өткен мұңлы балалық шағын ойлап күлімсіреді. Ол есін жиғанмен, о дүние сапары жайлы сөз қозғамаған, күлкіге айналдырады деді ме, әлде

науқастанғанда аузына су тамызбағандарға өкпелі ме, тіс жармады, бірер күн сұлқ түсіп жатты да, оң жағымен орынынан тұрды. Айтпақшы, Рәпілбектің ұлы көрші ауылдағы диірменші орыстан әкесінің он жыл бұрын бір қап ұнды қарызға алғанын естіді, содан соң ақысын қайтарды, қазақ тілін кей қазақтан артық білетін қауға сақалды мұжық расында да, Рәпілбекте кеткен қарызын ұмытпапты, қайтқан малда қайыр бар деп, ақшасын қуанақуана қалтасына салыпты. ...Ажал маған қашан айналып соғар екен деп күбірледі қыз.

ҚОШ, КҮНЕКЕЙ! ...Қоңыраулы сағат бебеу қақты. Сенбінің таңы атқанын безілдеп жеткізді. Ұйқымды қимадым-дағы, күшік бейнесінде жасалған сағаттың желке тұсындағы қара түймесін баса қап үнін өшіріп, көрпені жылдам бүркендім. Соқыр шалдың соңынан қайта еремін бе деген дәмем іске аспады. Күн терезеден шақырайып, құлағымда әлгі уақыт көрсеткішінің шарылдаған үні жаңғырып тұрса кірпік қайдан айқассын, тұрмаққа жөн дедім. Оянғанымды күтіп отырғандай сымы шұбатылып жатқан қара телефон ойбай салды. Тұтқаны көтергенімде сымтетіктің арғы бетінде әртіс болуды армандаған, тіпті соның оқуын тамамдап, табақтай диплом иеленсе де бола

алмай қалған құрбым отырған. Көп сөйлеспеуіме оның ренжігені себеп, өкпесі бүгін ешқайда барғым келмейтінім туралы ашық мәлімдегенімнен туындады ма деймін. Сөзін тым қысқа тұжырды: Жақсы,-деді бар болғаны. Мен қоштасу сөзі секілді әлденені айтып та үлгермедім. Бүгін қызмет мекемелерінің есігінде қара құлып мелшиіп тұратын күн, яки, демалыс дейміз мұны. Қаланың танымсыз шуылы мен көлігі тудырған көк түтіннен тауға қарай қашуға тамаша мүмкіндік еді, бірақ, мезгіл қарашаның ортасы, ертеңгісін шайдай ашық аспан, ұлы сәскенің кезінде алатайдай айнып, әпсәтте көкті бұлт қаптап нөсерлететіні бар. Ал, әуені жаңғырған түнгі клуб пен кафелерді әсте демалыс деп тұжырған емеспін, қызылды-жасылды жарық, парықсыздау жастар ортасы, мағынасыз шулы әуен жүйкенің әр талшығымен ойнайды. Одан да үй ішін ретке келтірейін деп түйдім. Расында мына пәтердің ішінде шаңсорғыштың жағымсыздау үні барқырамағанына көп болып еді. Ең жақсы көретін заттарым ретінде ең бірінші кітаптарымды атаймын. Бұл ақшаны кітаптан артық көруімнен емес, бірақ, кітап сатып алуға ақша шығарғанды қаламаймын. Өзімде жоқ кітапты кітапханадан немесе достарымнан сұрап оқысам не қылыпты деп өзімді жұбататыным бар. Сондықтан да мендегі кітаптар әкемнің кітапханасынан келген, қолтаңбасын қойып авторлар сыйлаған, қартайғаны мен көп оқығаны қосыла келе

ұмытшақтық ауруы дендеген ғылыми жетекшім маған беріп, соңынан есінен шығарып алған және кешіріңіз... әлдекімнің көзін ала беріп жымқырған көркем дүниелер болып келетін. Сөрені шаң басыпты, кітаптарым да соңды, солды шашылып, бей-берекетке түсіпті. Бұл тұсқа тазалық салтанат құрған соң ғашығыма асқан махабатпен қарағандай көз салғанымда кітап сөрелерінен сұмдық сұлулықты байқадым. Кітаптарым маған парасатпен, ақылдылықпен және асқан нәзіктікпен назар салып тұр екен. Басы артық жихазды жаратпаймын, оны жинау, сүрту... ұсақ тірлікпен уақытымды шығындағым келмеуі себепті мен мекен ететін жалғыз бөлмелі пәтер тым жұпыны. Бұл үйдегі екінші жақсы көретін дүнием – шыныдан, ағаштан жасалған ертегі кейіпкерлері. Аптадағы жеті күн атын иеленген жеті гномды шаң басыпты, Андерсен туындысының кейіпкері, қолына сиқырлы таяқша ұстаған, әсем қанаты бар періштені еденнен таптым, ұшатын кілемге малдас құрып отырған Алладин мен француз жұртының мэтрі Перроның кітабынан ауысқан етік киген мысық терезе тиегінің үстінде жатты. Бұларды кірден арылтып, орын-орынына қойғанымда көзім Күнекейге түсті. Ол да қалың шаңға шомып тұр екен. Бұл бала кезімнің куәгері. Өңі жасыл, ұзын көйлекті, басында шибарқыт қалпағы бар бойжеткен бейнесіндегі қуыршақ. Мектепке баратын жылы ма, оған дейін бе, есімнен шығып қалыпты, әжем сыйлап еді. Жалпы, қуыршақ атаулыны суқаным сүймейді, мен иеленген

қуыршақтар ең бақытсыз ойыншықтар, әлдекімге қайта сыйланып кетіп немесе ойыншық салатын қорапта жатып ескіретін, бірақ, Күнекейге деген ықыласым алабөтен болды. Балаға ойыншық сыйлау әдетінде жоқ әжем мұны Қара теңіздің жағасына демалуға барғанда сатып әкелді, ауылға жеткенше зеңгір көкпен әуелеп ұшты. Бұл мен ойнаған жалғыз қуыршақ. Күнекей кәдімгі қуыршақтардан бөлек, әдеттегі шикізаттардан емес, түрлі шөптердің сығындысынан жасалды. Бұл денсаулыққа пайдалы дейтін әжем. Сенің денсаулығың үшін бір сиырдың құнына сатып алдым, жұрттың қыздарына ұстатпай, көшеге көп шығара бермей, күтіп ойна! Бұл қуыршақтың сондай тарихы бар. Ал, есімі... «Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісінің кейіпкеріне алынды. Еденді жуып болғанымда есік қағылды. Өзінің де, өзгенің де уақытын аямас шақырылмаған қонақты жаратпаймын. Есік ашқанымда кеудесінде жаңғақ мүжіп отырған қызыл тиын кестеленген көңілдір түсті көйлегі бар кішкене қыз күлімсіреп тұрды. - Не керек?-дедім. - Сәлеметсіз бе? - Сәлем...

Қыз рұхсатымды күтпестен ішке өтті. Аяқ киімін босағаға тастады. Төргі бөлменің қақ ортасында үнсіз тұрды. - Сен кімсің?-дедім. Оның көгілдір көйлегі маған таныс секілді. Өзін бір жерден көргенім анық, бірақ, есіме түсіре алмадым. - Менің атым – Лаура. - Менің де атым Лаура,-дедім: - Сен қайдан келдің? Қыз иығын көтерді: - Білмеймін. Ұмытып қалдым. Мен Күнекейді алып кетуге келдім,-деді. Сөйтті де бөлме ішіне көз жүгіртіп, өзінің бойымен бірдей Күнекейді бас салды. - Мұны ешкімге бере алмаймын,-дедім: - Барлық ойыншықтарымды таратып жібергем, бірақ, мұны өзіме қалдырдым. Бір сиырдың құнына... иә, әжем сыйлаған...-дедім сасқалақтап. - Жоқ!-деді қыз. Көк көзі шатынап қадалып тұрды. Мына көздер маған таныс, қайдан көргенім есіме түспеді. - Мұны маған әжем сыйлаған. Өткен жылы атам екеуі Қара теңізге демалуға барғанда әкелген. Күнекей шөптен жасалған. Денеме бөріткен, қызамық көп шығады, ем болсын деп әкелді. - Немене...?

Қыз ойлануға мұрша бермей, тақылдап, тықсырып барады. - Құдай-ау, сен кімсің? Өзің қайдан кеп қалдың? Сылқ етіп кілемге отыра кеттім. Тілімді кәлимаға келтірдім, күткенімдей болмады, қуыршақты құшақтаған, көгілдір көйлекті қыз көз алдымда әлі тұрды. - Кешіріңіз, маған әжем ұрсады, қуыршағымды әкетуім керек, менің әжем жақсы адам. Мені жақсы көреді, бірақ, түсініңіз, Күнекейді бір сиырдың құнына сатып әкелген. Ол өте көп ақша. Біздің ауылда құны бір сиырдың құнына сәйкес келетін қуыршақпен ойнаған қыз жоқ. Тіпті, ұстап та көрмеген. Қуыршағым жоғалса әжем маған ренжиді, беріңіз,-деді осын жалынышпен. ...Менің де әжем сөйткен... Маған да әжем Қара теңіздің жағалауынан... ...бір сиырдың құны... ауылда ешбір қызда жоқ, мұны жоғалтпа... маған да кішкене күнімде қызамық, бөріткен үйір еді... маған да, маған да... - Сенің әжеңнің аты кім?-дедім жұлып алғандай. Даусым тым қатты шықты. - Маржан. - Иттеріңнің аты кім? - Лесси.

- Мысықтарыңның аты... Сүтқұмар ма? - Иә. - Төрттөбеде тұрасыңдар, атаң, әжең, сен... тоқал тамда... - Иә. Қыз не қорыққаны, не абдырағаны белгісіз күмілжіп жауап беріп отырды. Ал, мен ше... Менің де әжемнің аты Маржан тұғын. Менің де әлгі бір шетелдік сериалдағы иттің құрметіне қойылған Лесси деген итім болатын. Сүт ұрлап ішетін болған соң Сүтқұмар деп атаған мысығымыз бар еді, Төрттөбедегі тоқал тамда тұратынбыз. Мен... Мен де... Жылағым келді. Шынашақтай қыздың алдында жылауға намыстанбадым. Оның кім екенін білемін бе деймін. - Жыламаңыз,-деді қыз: - Мен Күнекейді аламын да кетемін. Жоғалтып алдым десем әжем түсінеді. Бірақ, ренжіп қалады. Ренжігенін қаламаймын. Сол үшін беріңіз. Беріңізші... Мен де Күнекейді әжемнің көңілі үшін жақсы көрдім, көңілі үшін күтіп ұстадым... Жылап отырдым. Қыз иығымнан тартқылады. - Не? Не керек саған?

- Жыламаңыз, құрт жейсіз бе?-деді: - Мұны әжем жасаған. Көйлегінің қалтасынан бармақтай құрт шығарды. Сықпа құрт. Әжем ылғи осылай жасайтын. Мұны елес деп түйдім. Мұны балалық шағымды, әжемді сағынып жүргендіктен бастан кешудемін деп пайымдадым. Қуып шыққаным дұрыс дедім де, сыртқы есікті айқара ашып қойдым. Көгілдір көйлекті қызға асқан жеккөрініштілікпен қарадым. - Кәне, көзіме көрінбей, табаныңды жалтырат! - Қайда барамын? - Қайдан келсең, сонда бар! Қабырғалас көршім үшін әлдекімдердің ұрысы, тіпті жұлысып, төбелескені аса қызықты саналады. Мұндайды қалт жібермес ол есіктен бой көрсетті. - Не болды? Бұл кім? Тыныштық па?-деп сұрады орта жастағы орыс әйелі бет-бейнесін жасанды жаны ашыған кейіпке түсіріп. - Жәй, әншейін!-әдетте жасын сыйлап сыпайылық танытарым жайына қап, жекіп бердім. Ол мұныма ренжитін сыңай танытпады. - Мынау қыз кім? Өзі сенен аумайды екен!-деді сосын.

Жауап берместен есікті іштен жаптым. Мұның кім екенін сезетін сыяқтымын. - Сен қайдан келдің?-дедім қуыршақты әлі де тастамаған қызға қарап. - Білмеймін. Ұмытып қалдым,-деді ол. Жыламсырап тұрды. Жаным ашыды ма деймін, ас үйге өтіп бір шыны суық су ұсындым. - Менің бала кезіме тап сенікіндей көйлегім болған, атам әперген-дедім. - Мұны атам маған өткен жазда сатып әкелді,-қыз. - Алдына құлпынай тосабын төгіп былғап алып, әжемнен ұрыс естігенмін,- дедім. - Мен де құлпынай тосабын төгіп ап, әжемнен сөз естідім,-деді қыз: - Қараңыз, әжем қанша жуса да дағы қалып қойды. Көйлектің өңірінде қызғылт дақ сақталыпты. - Ойнап жүріп етегін жыртып алғанымда әжем тігіп берген,-дедім. - Өткен аптада құлап көйлегімнің етегін жырттым. Әжем тез тігіп берді,-деді қыз.

Күдігім расқа айнала бастады. Қыздың үстін тінте қарадым. Мойынында ноқаттай мең болды. Менде де. Оң жақ тобығының үстінде үлкен тыртық жаңадан түсіпті. Бұл менде адасқан оқтың сүйкеп өткенінен қалған. - Тобығыңдағы не тыртық? - Үш ай бұрын адасқан оқ тиді. Жанап өтіп аман қалдың, құдай қақты дейді әжем. Әжем мұны маған да айтқан. Балалық шағымды, әжемді, Күнекейді қызғанып тұрып, көк көзді, көгілдір көйлекті мынау қыздың кім екенін мойындамасқа амалым қалмады. - Сен менің алты жасар кезімсің,-дедім оны да, өзімді де таң-ташама қалдырып. Әжем туралы сұрауға батылым жетпеді. Жүрегімнің түкпірінде әжем екеуміз әйтеуір бір күні кездесеміз деген үмітім бар. - Сарытостақ, қуыршағыңды іздеп қайдан келдің, менен ізде деп оны саған кім айтты?-дедім. - Қалай келгенімді ұмытып қалдым,-деді қыз: - Ал, сіз мені достарымның сарытостақ деп мазақтайтынын қайдан білдіңіз? - Білем, өйткені, өзім соған ренжіп талай жылағам. - Күнекейді ала беруіме бола ма?-деді.

- Иә... Ал, сен әжеңді жақсы көресің бе?-дедім. - Иә, әжем әлемдегі ең жақсы адам,-деп жауап берді ол. Оған әжемнің мен он беске толғанда көз жұмғанын айтқым келмеді. - Мен саған Күнекейді беремін,-дедім. - Сау болыңыз,-деді ол. - Сау бол,-дедім. Оның әжеме баратынын, әжемнің қасында жүргенін қызғандым ба..? ...Сағаттың шар еткен үні барлық тәтті елестерімді үркітіп жіберді. Көзімді ашқанда әлі төсекте жатқанымды көргем. Тозыңқы кілем, бояуы оңған перделер, ретсіз үйме-жүйме боп шашылып жатқан кітаптарым мен жетеуі жеті жақта жатқан, әрбірі аптаның бір күнінің атын иеленген гном бейнесіндегі ағаш мүсіндер әдеттегісінше мүлгіп тұрды. Жылдам көз салғанымда бала кезімнің тәтті елестерін есіме сағынышпен салып тұратын Күнекейдің орынында жоқ екенін көрдім. Ал, жастығымның үстінде әжем жасаған екі түйір сықпа құрт тұр екен.

ҚҰЛПЫНАЙ ҚОСЫЛҒАН БАЛМҰЗДАҚ 2

Далаға шыққанымда сам жамырап қалып еді, бағаналар басындағы сансыз жарық көшені күндізге бергісіз жарқыратып тұрды. Ары-бері зулаған мыңдаған көліктің шуылын менсінбес, тымық кеш қаланы баурапты. Бүгін қыдыратын күн екен дедім, дәл мынадай ымыртта есімі жүректі дүрсілдететін адаммен ғана емес, көп таныстың, аз достың бірімен қыдыру да керемет. Дәл қазір кімнің қолы бос екен, кімге хабарласқаным дұрыс деп ойладым. Тек Мәскеу ғана емес, Алматы да көз жасыңа сенбейді, тіпті, өліміңе де селк етпейді. Мұнда ылғи қарбалас, қарбалас деген жалған сөз, бұл өмір сүру үшін жанталасу, ажалдың аранына онай жұтылып кетпеймін деп женсебілдік көрсету. Сондай ортада жаныққан жұртты қараңдаршы, әдемі ақшам түсіпті, менімен бірге жұлдыз санауға қалай қарайсың деп қалай шақырармын..? Бірақ, қалай да қыдырған дұрыс еді деп күбірледім. Кенет соңымнан әлдекімнің асыға басып келе жатқанын сездім. Ол таяп келді де жөкірінді. Ұзын бойлы, қара түсті киім киген жігіт. Бір қарағанда байқағаным осы ғана. - Бүгінгі кеш тамаша екен!-деді. - Иә, мен де соны ойладым,-дедім. - Онда бірге қыдырайық,-деді бейтаныс.

Көше бойлап әңгіме шертетін біреу іздеген мен қарсылықсыз адымдай бердім. Донцова мен Абдуллаев орыс әдебиетіне қосылған алаяқтар деп айтармын дедім, мүмкін, Лениннің швед банктеріндегі миллиондары туралы сөйлеген қызық шығар. - Журналист болып қызмет етесіз бе?-деді жігіт. - Иә,-дедім. Мұны қайдан білесің деп елп ете қалғым келмеді. Сұңғыла біреу болды деп түйдім. - Шығармашылық қызмет қиын ба?-деді. - Журналистика ешқандай да шығармашылық жұмыс емес,-дедім: - Кім, қайда, қашан деген сұрақтарға нақты жауап бере білсе болғаны. - Қарамұрынның қалы қалай?-деді. - Мысығым үйде жүр. Өмірімде бірінші адам мысығымның жағдайын сұрап тұрғандықтан жауап беруге төселмеппін, айтқаным сол ғана болды. Біз таныспыз деп түйдім, мысығымның атына дейін білетін адам мені де танитын болар, жүзіне үңілгенімде шырамыта алмадым. - Ауылға бармағаныңызға үш жыл болды ма?-деді.

- Үш жылдан асты,-дедім жайбырақат. - Гүл сатушы қыз туралы романыңызды қашан аяқтайсыз?-деді сосын таңқалдырған үстіне таңдандырып. Гүл сыяқты жұпары аңқып тұрмаған соң жазғандарымды ылғи жыртып тастаумен келе жатқаныма жылға таяп еді. - Адамның емес, гүлдің тілінде жаза алған күні аяқтаймын,-дедім. - Сөмкеңіздегі кітап... Лолитаны маған оқуға беріңіз,-деді үстемелетіп. Шыдамым тап осы жерде шегіне жетті: - Осы ойнағаныңыз да жетер!-деп жекідім: - Набоков мені соншалықты тартпайды. Алыңыз! Сөмкемнен жылдам шығарған кітапты қолына ұстаттым да, көзіне тіке қарадым: - Ал, енді кім екеніңізді айтыңыз? - Сіз мені, мен сізді танымаймыз...-деп ақталды ол: - Жаңа көшеде ұшырасып қалдық емес пе? Тымық кеште серуендеу туралы тәтті ой әдіре қалды, қоштаспастан қайтқаным дұрыс дедім. - Тоқтаңыз, тоқтай тұрыңыз,-деді бейтаныс: - Расында мен сізді танымаймын, бар болғаны көріпкелдік қасиетім бар! Мына тұрған кафеге кіріп, балмұздақ

жесек пе екен? Сіздің құлпынай қосылған балмұздақты қалайтыныңызды білемін. Жарасымды ақшаммен үйлескен тыныш кафеге жайғасқан соң бейтанысқа назар салдым. Ол қара түсті, жылтыр матадан тігілген киім киіпті, тіпті шұлығы мен сүйретпесінің де түсі де қара. Күрек тісінен кейінгі тістерін тамашалап егесе бұл жігітті Ст. Майердің «Сумерик» романындағы кейіпкерлердің бірі десе адам сенетіндей. Аққұба реңді, жүдеу өңді жігіт пен бұл түстің арасынан үйлесім көре алмадым. Вампирлік стиль ең жағымсыз стиль екен деп күбірледім. - Сізге қандай жігіттер ұнайды?-деп сыбырлады бейтаныс. - Плейбойлық образдағы жігітті ұнатамын,-дедім. Мұнан соң кәріс киноларынан танылып, кейін Голлевудқа кетіп қалған келбетті актерді есіме түсірдім. Даяшы үстел үстіне бәдені сымбатты бөтелкедегі ақ шарап пен қос көзені қалдырып кетті. - Бұған мен тапсырыс бердім,-деді бейтаныс. - Мен шарап құйылған ыдысты ұстамаймын,-дедім. - Бұл харам ішімдік,-дедім.

- Ақыретте мұның әр тамшысы үшін жауап беремін,-дедім. Бұ дүниенің жұмбағын шеше алмай жүргенде, о дүние туралы ойлап, табан асты тақуаланып, данышпансып кеткенім несі деп таңырқадым. Жігіт екі ыдысқа орталай құйды. Даяшы балмұздақ әкелді. - Құлпынай қосылған балмұздақтан бала күнімнің елесін көремін,-дедім. - Біздің ауылда балмұздақ сататын дүңгіршек жоқ еді, балалық шағымда балмұздаққа тоймай қалдым,-дедім. - Қазір кітап жазып жатырмын, балалық шағымның құрметіне атын құлпынай қосылған балмұздақ деп қоймақшымын,-дедім. Бейтаныс шарап құйылған кәрленді қос алақанымен қаусырып үнсіз тыңдады. - Ішіңіз,-деді көз қиығымен алдымдағы шарап толы тостағанды нұсқап. - Құлпынай қосылған балмұздақ тұрғанда ешбір асқа қарамаймын,-дедім. Титімдей қасықты қолыма алып, балмұздаққа қададым да, аузыма жаратқан иемнің атын алдым: Алланың атымен деп күбірледім. Бұл әжем үйреткен дағды еді. Ал... тап осы мезетте қарсы алдымдағы орындыққа жайғасып, шарап ішпекке оқталған жігіт жоғалып кетті. Әлдебір жаққа қарай жүрмеді,

ұшпады да. Көз алдымда ғайып болды. Орындығы бос, шынының ішіндегі шарап шайқалып тұрды. - Сіз қайдасыз?-деп қобалжи дауыстадым. Әріректе отырған екі қыз әңгіменің қызығына батыпты, бардың қожасы тырна сирақ бокалдарды қолындағы шүберекпен ысылап әуре. Жатқа білетін сүрелерді ішімнен қайталап шықтым. Бейтаныстың кім екенін жобаладым. Жылдам сыртқа беттедім. Құлпынай қосылған балмұздақ үстел үстінде қалып кетті.

УАҚЫТ «Esperanza» түнгі клубының табалдырығынан аттап, ішіне енгенімде мұндағы топтың би көрігін қыздырғанын көрдім. Қызылды-жасылды киімдер, қызылды-жасылды шамдарға қарап біздің ғалам тұтастай әлемжәлем күйден тұрады екен деп тұжыруға болар. We go the refugees up in here No fighting, no fighting Shakira, Shakira,-деген әннің ырғағы төпелеп жатқан. Жер шарын жаулаймын деп жанталасқан Шакира бойжеткен мен оны қостаушы зәңгінің еңбегі еш кетпеген, колумбиядан жеткен үнге алыстағы Алматы аласұрып билеген.

Әннің даңғазасымен жарысып, түрлі аяқ киім өкшелерінің де тарсылып естіліп тұрды. Маңайға көз жүгірткенімде мұндағы шуылдың ішінен өзім іздеген адамды таба алар ма екенмін деп бас қатырмадым, алуан түсті матадан тігілген шалбарлар мен қысқа, жырық, кейбірі еденнің шаңын сүртуге жарарлық сәусілдей тігілген етектердің арасынан тек ақ түстен тұратын киім киген қызды іздедім. Жарық аз түсетін, тіпті мүлдем күңгірт деуге саятын бұрыштағы үстел басында ақ көйлекті бойжеткен отырды. Бұл сол болар дедім. Таяп келгенімде өмір бойы тек ақ түсті көйлек киіп келе жатқан танысым көзін бір нүктеге қадап, темекі шегіп отырған. Есіріктене билеп жатқан топ пен ақ көйлекті бойжеткеннің арасы бірнеше қадам болса да, екеуі екі әлем тұғырынан көрінеді. Ақ көйлекті қызды адам емес, мынау шулы әлемді мүсіркей бақылып отырған періште десе кез-келген адам сенетіндей еді. Оны көрмегеніме жеті жыл болса да қобалжымадым. Университеттің алғашқы курсында бірге оқып, одан соң жазылмайтын жүйке ауруына байланысты оқудан шығып кеткен көп таныстың бірі. Тек қана ақ түсті киім киетін, баяндауы шұбалаңқы болғанымен, пәлсапалық ойы тәптәуір әңгіме жазатын, көзіме жын-жыбыр елестеді деп жатақханадағы қыздарды ара-тұра қорқытып қоятын, бұған қоса айкезбелік ауруы тағы бар, менің новеллаларыма кейіпкер болуға сұранып тұрған қыз еді. Оның досы

жоқ, ақ көйлегінің етегі желбіреп үнемі жалғыз жүретін. Кітапханадан, асханадан, аялдамадан үнемі жалғыз қайтып келе жатты. Жүйке ауруы оның қасына құрбы тұрақтатпады. Таныс-тамырлығым кітап алмасу дәрежесінде ғана болса да, оның мені өзіне жақын тұтатынын көзінен аңғарсам да байқамаған болдым. Өзімді одан мейлінше қашық ұстадым, сол уақытта санамда өзімшілдік ауруы тым басым еді, жалқы өскен балалық қалыптастырған өзімшілдік оған оқи тұруға кітаптарымды қимады, жылы сөзімді қимады, кейде оған кекесінмен жауап беруге жеткізді, әдеби білімім тақұл-тұқыл болса да, оны әдеби әңгіме шертісуге тұрмайды деп шештім. Нәтижесінде өзімді қара тұтқан, көп адамдар арасында өзінің тосындығымен ерекшеленетін, сол тосындығынан да азап шегетін бәйкүнә жанды жоғалтып алдым. – Сенен кітап алуға келетін ақ көйлегі бар қыз ше... сол оқудан шығып, бүгін ауылына қайтыпты,-деді бөлмелес бойжеткен. - Сенен алған кітаптарын тастап кетті,-деді сосын. - Түнде ұстамасы қысып құлаған екен... жатақханадағы жұртты шошытқаны мен қайта-қайта дәрігер шақыртқанына намыстанып жүр еді, бүгін деканатқа барыпты та, оқудан шығам деп арыз беріпті, жаңа ғана жүгін арқалап кетіп қалды,-деді аздан соң.

Студенттік шақтағы көп таныстың қайсысы есте сақталады дейсіз, бұл қыздың есімде қалғаны – оның мұңды, жалғыздықты жанына серік еткен қызықсыздау әлемі жайлы бірдеме шимақтағаныма байланысты еді. Бұл шығарма ол біздің ортамыздан алыстаған соң туды. Мұны новелла деп атап, есейген уақытта қайта қарап, көлемі шағын кітабымның біріне қостым. Бұл дүние жарыққа шығып, жұрттан жақсы пікір естідім-дағы, бірақ, ондағы кейіпкер турасында еш ойланбаппын. Өмірде болмаған, бейне қиялдан алынған персонаж секілді танып, қояншық ауруынан азап шегіп, армандарының барлығын жерлеп, оқудан шығып, жүгін арқалап, ауылына қайтқан ақ көйлекті бойжеткенді мүлдем естен шығарыппын. Таңертең қалта телефоным безек қақты. Тұтқаның арғы бетінде ақ көйлекті қыз тұрды. Өзінің кім екенін қайта-қайта айтты. Мен танымайтынымды қайта-қайта айттым. Санам өткен уақытқа сапарлап қайтқан соң ғана мен ақ көйлекті қыз деп күбірледім. Ол болса иә, ұмытпапсың деді. «Esperanza» түнгі клубының босағасынан аттағанымда осы ақ көйлекті қыздың аты кім еді дедім. - Сәлем,-дедім жақындап кеп. - Сәлем,-деді ол.

Жеті жыл көріспеген таныстардай емес, бүгін екінтіде осында кездесуге уағдаласқан құрбыларша салқын есендестік. Ол өзінің стилінен таймапты: Биік өкшелі ақ туфли, бауы жасанды інжуден жасалған ақ түсті шүберек сөмке және кең етекті ақ көйлегі болды. Көйлегінің етегінде немесе кеудесіне гүл кестеленгенде оны неке сарайына бара жатқан қалыңдық деп тұжыруға жарайтын. - Сен жақсы сақталыпсың.-дедім. Бұл әйтеуір сөз болсын емес, оның он сегіздегі қалпынан өзгермегеніне деген таңданысым еді. - Мен оқуды бітіре алмадым,-деді ол. Жауап қатпадым. Бірақ, ол мені таң-тамаша етіп: - Бірақ бұл менің емес, сенің кемшілігің,-деп салды. - ..? Көзіне қарағанымда қой көздерінің ызадан шатынап тұрғанын көрдім. Осылай қарай келе жатқанда қызығы мол студенттік шақ туралы сағынышқа толы әңгіме айтармыз деп ойладым, әңгіме шертуге шулы түнгі клуб емес, тыныштау күңгірт кафенің бірін таңдамағанына қынжылып-ақ едім, ақ көйлекті қыздың сөзі тәтті қиялымды күйретіп түсірді.

- Маған шарап алып бер,-деді қыз. - Жарайды,-дедім. Мұны ішпейтінімді, тіпті, талай жыл сақталған француз шарабы мен бахустың сасық сұйықтығының дәмін ажырата алмайтынымды айтпадым. Бұл кезде испандық мащо Енрикенің әдеттегі тақырыбы – баянсыз махаббат туралы жылаңқы әндерінің бірі түнгі клубтың ішін кернеп тұрды. - Қазір сен не жазып жүрсің?-деді. Шынтуайтында қолжазбамның бүйірі шығып қалған, әйтсе де мұны уақыт шығындап түсіндіруді қажетсіз деп тауып: - Соншалықты дәнеңе де жоқ,-дедім. - Жасырасың,-деді ол: - Нан ұстап тұрып ант етемін, сол баяғы өзімшіл және қызғаншақ мінезің! Оның өмірімнің әйтеуір бір күні алдымнан шығып, осылай деп айтарын біліппін, өзім сезбесем де санам бұл ұрысқа дайын екен, кәдуілгіше, қалжағдай сұрасқандай қабылдап, күлімсіреп отырдым. - Сен мен туралы дұрыс жазбадың,-деді. - ..?

- Менің анда-санда қысатын қояншық ауруымды жынды деп жаздың. Андасанда шарап ішетінімді маскүнем деп жаздың. Ал, ең сұмдығы, сен мені сүт түсті киімді таңдайды депсің, бұл менің өмірлік көзқарасымды жоққа шығару, мұнымен мүлдем келіспеймін, мен тек ақ түсті киім киемін емес пе?! Жауап беруді артық деп тауып, үнсіз таңдап отырдым. - Сен менің орынымды иеленіп кеттің! Сені жақсы көргенімді пайдаланып, мені оқудан шығуға мәжбүрледің,-деді сосын. Сабырлы қалпымды сақтадым. - Менің білімімді, менің үйімді, мен жазған кітаптарды қайтар!-деді сосын. Ендігісін ашуланудың орынына таңданайын дедім. Мен кездесуге келген қыз басқа жақта болар, бөтен адаммен шатастырып алдым ба деп абдырадым. Сасқалақтағанымды пайдаланып, ол үстін-үстін сөйлеп отырды: - Мен сенен осыларды алуға келдім! - Мені біреумен шатастырып отырсың,-дедім сосын. - Жоқ,-деді ол: - Сені жақсы білемін, басқаны танымасам да сені шатастырған емеспін, сен үшін Алматыға келдім. Сенен өзімдікін қайтару үшін келдім! Білімім, жұмысым, баспанам... қайтар бәрін!

- Қалай?-дедім тілім күрмеліп. - Сенің туылған жылың мен күнің қашан? Күннің қай уақытында дүниеге келдің?-деді ақ көйлекті қыз. Тауық жылы, шілденің бірінші жұлдызында таңғы сағат бес жарымда дүниеге келдің дейтін әжем. Мұны баяндағанымда ақ көйлекті қыз алақанын соқты: - Дұрыс! Білемін! Он жыл бұрын, екеуміз танысқан уақытта айтқансың. Менікі де сол. Тауық жылы, шілденің бірінде, таңғы сағат бес жарымда. Енді менен не тартып алғаныңды түсінген шығарсың?-деді көзі шатынап. Бізді сыртымыздан бақылаған жан күйеуге таласқан әйелі мен нақсүйер деп пайымдар еді. - ... - Көрдің бе? Екеумізді бір жұлдыз байланыстырады. Бір уақытта дүниеге келдік, екеуміз де бір мамандықты, бір университетті, бір жатақхананы таңдадық, екеуміз де бір жанрдағы романдарды жақсы көрдік, екеуміз де тарақаннан өлердей қорықтық, екеуміз де ретро әндерді сүйіп тыңдадық, екеуміз де ұялы телефонды ұнатпай одан мүлдем бас тарттық, екеуміз де

сарымсақ, жуа жемейтін едік, есесіне екеуміз бірдей құлпынай қосылған балмұздақты жақсы көрдік. Ақ көйлекті қыз жылап отырды. - Бұл ұқсастық екеуміз бір-бірімізді тапқанға дейін болды. Содан кейін тағдырымыз бөлініп, сен өз дегеніңе жеттің, мен... орындалмай қалған арман, ауру, тағы да ауру, сосын жалғыз қалдым. Оны не деп жұбату керегін білмедім. Өмірімде қайғы да, қуаныш та, сан түрлі келеңсіздіктерге де орын барын сезем, бұларға біршама дайынмын, бірақ, мынадай оқиға болады-ау деген оймен әсте толғанбаппын. - Менің бағымды сен иеленіп кеттің,-деді ақ көйлекті қыз: - Көп кітап оқыдым, бір жұлдыздың аясында туғандар бір-бірінің бағын иеленіп кетеді дегенді көп оқыдым, ғалымдармен сөйлестім. Біз де сөйтіппіз, ауылдан Алматыға сол үшін келдім, сен үшін келдім, бағымды сұрауға келдім, олар әу баста менікі еді ғой, маған қайтарып берші. Ол жүзіме жалбарынып қарап отырды. - Тым болмаса жартысын берші.

Бұл науқас адам деп түйдім. Қайтқаным жөн дедім. Түсіндірмекке әуреленгенімнен түк шықпас дедім. Орынымнан тұрып, сөмкемді иығыма астым. - Сау бол,-дедім сап-салқын. Ақ көйлекті қыз еңкілдеп жылаған. Құдайдың өзіме берген бағын да, қайғысын да онымен бөлісерлік құдыретімнің жоқтығын түсіндіре алмадым. Жаратылыстың ағысына қарсы жүзе алмасымызды ол да ұғатын хәлде емес еді. Жұлқына билеген топты жарып есікке қарай беттедім. Делебесі қозған жұрт манағы әуенді қайта сұратқан-ау, буынсыз мықынды сұлудың әні клуб ішін жаулап алыпты: - Cаmo se llama, bonita, mi casa, su casa Shakira, Shakira..,-дейтін зәңгі мен өз бақытына мас бойжеткеннің жыры соңымнан жаңғырып жатты.

УАҚЫТ 2 Бұл уақытта сары қыз әлденелерді шимайлап отырды. Бұл күнделік пе, әлде ой романстары ма екен, әйтеуір қара сиялы қаламмен ақ қағаз бетіне былай деп жазды: «Махаббаттың талабы өте биiк: Құзар шыңнан құлап өлу туралы

салтын орындай алмасаң бағынбайды. Махабаттың талабына уақыт қашан да керағар. Оның шаштарын салалап, өзiңдi сүйетiнi туралы әз әңгiмесiн тыңдап отыра бергiң келгенiмен санаспайды: Ағысы қатты. Бұл үшiн уақытты қарғау, тiптi, лағнет айту да қатыгездiк емес. Уақыт - сәукеле киген сезiмдерiңе опасыздық жасайды. Қара шашының арасынан ақ тал көрiп аласұрған кәрi қыздың болмысына да, бозбаланың бiр жәудiркөздi сағаттап күткенi мен жұп-жұқа бәтеңкесiнiң табанынан өткен ызғырыққа да уақыт кiнәлi, Уақыт!» Кенет телефон безек қақты. Тұтқаны алғанда арғы беттен өзіне әбден таныс болған дауыс иесін таныған. Сәлемдесуге уақыт бөлгенді қаламады. - Әр минутым қымбат. Мазаламашы,-деді. Қыз тұтқаны жайғастырды. Өмiр сүру үшiн жұмыс iстеймiн бе, жұмыс iстеу үшiн өмiр сүремiн бе деп ойлады. Безілдеуік тағы да өзіне қаратты. Тұтқаны көтермей-ақ оның кім екенін таныған. - Сен жұмыста емессiң бе?-деп қынжылды. - Бүгiнге бастығым босатқан. - Ал, менi бастығым еркелетпейдi!

Қыз тұтқаны қауыштырып, қағазға үңiлді. Қарсы алдындағы зейнеткерлiкке шығуын асыға күтiп жүрген мосқал профессор есiнедi: - Осы жетiде ағамның жалғыз ұлының үйлену тойы бар едi,-дедi жан-жағына қарап. - Барып қайтасыз ба? - бұл қорғай алмай жүрген кәрi аспиранттың сөзi. - Соған уақыт қайда? - Иә, менiң де бажамның әкесi қайтыс болып еді, көңіл айта баруға уақыт жетпей жүр... Мұнан соң қайта тыныштық орнады. Уақыттың мырс-мырс еткен күлкiсi ғана естiлген. Телефон шыр-пыр болды. Қыз ентігіп тұрған тұтқаны көтерді. - Бүгiн маған тыныштық бересiң бе, жоқ па? - Сенi күтiп отырмыз. Тұтқаны тастай салды, сөйтті де қағаз бетіне «Уақыт - әрдайым такаббар. Сағынышыңнан өнiп жатқан сары гүлдердi менсiнбейдi» деп жазды. - Бүгiн қыркүйектің қай жұлдызы?-дедi мосқал профессор. - Тоғызы. Қағаздан бас алмаған жас ғалым жауап бердi.

- Өтiп бара жатқан өмiр-ай, мiне, бұл жыл да таусылуға тақады. Қыз елең етті. Бiлетiнi, бұл ол үшiн қымбат күндердің бірі сыңайлы. Жадындағы таңбаларды санадан өткiзе бастады. Саусақтары телефонға жылдам жеттi де, тере бердi. Тұтқаны іздеген адамы емес, сол отбасының бір мүшесі алса керек, қыз өзін қинап күлген болды: - Сәлеметсiз бе? Аян үйде ме? - Жаңа бiрдемеге ренжiп жатып қалды. Достары кеп еді, ол қабақ шытып жүрген соң бәрі үнсiз тарқап кеттi. - Шақырасыз ба? - Қазiр. Демiн iшiне тартып, не айтсам болады деп ойланды. - Әлеу. - Иә. - Келмейді, уақ балаға ұқсап терiс қарап жатыр. - Жақсы.

Сiрә, бүгін сұр телефонға тыныштық болмайтын шығар деді қыз. Қайта қоңырау шалды. Күткен адам тұтқаны өзі көтергенімен құс тістеп тұрғандай үнсіз сазарған. - Мен саған барамын,-деді қыз. Мұнан соң алдындағы папкiлердi суырмаларға тоғыта бастады. - Бiр жаққа жиналдың ба?-дедi жас ғалым. - Иә,-дедi: - Уақытқа құл болудан жалығып кеттiм! Ғимараттың текпешектерiмен түсiп келе жатып, уақытты жек көрiнiшпен есiне алды. Бүгiн оның жиырма екіге толған туылған күнi екенiн есімнен шығарып алыппын деп күбірледі сосын.

СУ ПЕРІСІНІҢ ЗИРАТЫ Жүніс жәкемнің астында шие түсті кеңестік жигули. Бұл осы ауылдың барлық бала-шағасына жақсы таныс, аяқ артпаған жан тіпті де аз, мүмкін жоқ та шығар. Шие түсті көліктің үлкен тарихы бар. Қазір ғой, сан түрлі шеттік мәшиненің көлеңкесінде елеусіз қалғаны, бұдан жиырма бес жылдай уақыт бұрын осы ауылдағы жалғыз төрт дөңгелекті өзі болған. Аңқылдаған мінезі бар жәкеме мұны құдайдың өзі сыяға тартқан.

Сол күні шөпшілерге жалақы таратып, егіс басына ауылдан есепші келе қалыпты. Ешкім ақша ұстағанына қуанбаған, өйткені, әлгі неме бағасы удай қымбат, атап айтсақ, бір сом тұратын ұтыс билетін таратыпты. Бұған дейін талай бағын сынағанмен, тесік шұлық та ұтпай, қарсылық білдірген шөпшілердің шағымымен ешкім санаспаған. Бір жағында жыпырлаған сандар бейнеленген, екінші жағында әлгі бір Мәскеу олимпиадасының белгісі саналатын үлкен қоңыр қонжықтың суреті бар қағазды, үйіндегі балашағасының нәпақасын жырып кеп тұрған, сіріңке де ұтпайтын жексұрын қағазды алмаймын, ала алмаймын деп байлам салғандар болған. Бір үйлі жанды жалғыз асырап отырған жігіт Жүністің дауысы тіпті қатты шыққан. Тіпті, төбелеспек те болған екен, егіс алқабын аралап жүрген бригадирдің төбесі көрініп қап басылыпты-мыс. Ішіңіз сезіп отыр-ау, жәкемнің тақымында осынша жыл заулаған, шие түсті жигулиді құдайдың өзі мінгізді демегенде не дейін, жұрт көлік алсам деп ақша жинаған уақытта ол көлік жайын тіпті армандаған да жоқ еді. Бұрын әдемі үмітпен талай рет сатып алған лотереясы оттық та ұтпаған, мұны сатқанға дәп көрсетіп, жаға ұстасуға дейін барған жан сол кезде, өзінің сөзімен айтсақ, бір қуаныш пен бір қайғы басқан күні – Мәскеудегі олимпиаданың бітіп, қоңыр қонжықты аспанға ұшырған және сүйікті әншісі Высоцкий өмірден қайтқан күні – мынау айқайдан, төбелестен және

кешіріңіз, боқтық сөзден соң да тұрақтап қалмай, қолдан сусып шығып бара жатқан бір сом – шие түсті жигули болып қайтып оралады дегенге сенген жоқ қой. Құдай берді, Жүніс қабыл алды. Жәкемнің айтуынша мұнан соң ұлан-асыр той болған, қарсылығына қарамай билет сататын есепші сол тойдың төрінде отырып бас мүжіпті. Жүдеу жігіттің жұлдызы жарқырады мұнан соң, шие түсті көліктің қуанышы – Мәскеу олимипадасының жеңісін де, Высоцкийдің қайғысын да ұмыттырған. Содан бері зымырап тұр, бұл жигулиді ауыл тұрмақ, көрші мекендердің баршасы, құда-жегжаты да жақсы таниды, осы ауылдың біраз келінін ұзатып алып келген де осы шие түсті көлік. Жәкемнің үйіне келгеніме бір жетідей уақыт. Қатарлас қонған қыстақта жәкемнің туған әпекесі бар. Ұзатылғанына жарты ғасырдан асса да бұл қоныстың жұрты оны қыз деп атағанымен жасы жетпіске жақындаған кемпір. Осы Жүніс жәкеммен жасты бір ұлы бозбала уағында Сырдың суына ағып өлді-дейді. Сол мұңы болмаса етегінен өрген оншақты ұл-қыз, отыз-қырық немере, жиырма қаралы шөберенің ортасында отырған, құдайға өкпе айтуға ұялатын кемпір. Жүніске әпеке болғанда бұл кемпір менің-дағы әпкем, сондықтан бұл өңірге келген күні-ақ сәлем бере шығуды ойлап ем, соның сәті бүгін ғана түскен. Біз жолға жиналғанда мезгіл бесін еді, жәкем шие түсті көлігін қорадан шығарып, шаңын сүртті, тұмсығындағы бір темірін

ауыстырған соң ғана көлік орынынан қозғалды. Высоцкийдің қарлығыңқы дауысы басылған үнтаспаны әуелетіп, қақпадан шыққанда күн біраз еңкейіп, өрістен мал қайтып, бұл ауылдың күн сайынғы қайталанатын дәстүрлі дүрбелеңі басталып кеткен. - «Светло-серый лимузин Позабыл нажать на тормоз»,-деп жәкемнің сүйікті әншісі өзі шығарған балдыр-батпақтау сөзі бар, әлдебір қымбат төрт дөңгелекті туралы әнін шырқап барқырады. - Высоцкийдің де сіздікіндей көлігі болған ба?-дедім. Бұл жәкемді сынауым еді, мүдірмеді. - Оныкі «Волга», өлер алдында ең соңғы әнін соның рөлінде келе жатып жазды,-деді. Ендігі кезекте «Қасқыр аулауға барғанда» дейтін есерлеу әуен есті. - Тірісінде сыйламай, өлген соң қабіріне гүл қоятын әдет орыстарда да бар екен, Мәскеу оған ең мықты сыйлығын өлген соң берді,-деп баяндады. Қызығушылығым болмағандықтан, ол жайлы еш мәлімет білмейді екем, әйтеуір жердің бір бұрышында оның мұражайы ашылған болар деп топшыладым да, әңгімені доғарып:

- Құдай қаласа, оқуымды бітіріп, жұмысқа орналасып көп ақша тапсам, сізді Владимир бауырыңыздың мұражайына апармасам ба!-деп айқұлақтандым. - Біз біраз кешігіп баратын болдық,-деді жәкем: - Біз жеткенше әпкемнің еті пісіп, сүйегінен сыдырылып түсіп қалатын шығар. Ол қыз маған ұрсады-ау. - Төте жолмен тартпасақ жете алмаймыз,-деді сосын. Сөйтті-дағы, таяуда салынған даңғыл жолдан бұрылып, сайға түсті де, қазір ат, есек арба ғана жүріп, сүрлеуі көміле бастаған шаңдауыт жолмен тартты. Жүніс ауылы әпекем жұртына көрші аймақ дегенмен, зымырап тұрған көліктің өзі екі ортада ет пісірім уақытсыз жете алмайды. Мына сүрлем жолды біршама азайтады, Сыр тасып, сай тұстың бәрін су басар кей көктемде жабылып қалатыны болмаса ұтымды төте тұс еді, айналма даңғыл түскелі көлік атаулы сонымен тартып, көне сүрлеу біртіндеп із жасырып келе жатқан. Сыр баяғысынша мөлт-мөлт, жалт-жұлт етіп ағып жатыр екен, батар күннің қызылымен сарыжалқын түске малынып, толқып, басылып жосылады. Кей тұс қылтанақсыз, кей тұстың қамысы қалың, қарқаралы басын қайшылап, үп еткен самалмен жүргіншіге әлденені ескертпек пе, бірдемені баяндамақ па, шулайды келіп, шулайды. Бөксесі мен жауырын күн сәулесі сүйіп бір топ қыз су бетінде асыр салады. Мәссаған дерсің, мына ауылдың

қыз-қырқынының бұл не жүрісі дерсің, бетіңді шымшып үлгермей, әлгілердің бойжеткен емес, су перизаты екенін көріп жағаңды ұстайсың. Тіліңді кәлимаға келтірем дегенше бәрі жоғалып, өзен бетінен әппақ көбіктерді ғана көресің. Бұл өңірде осындай бір тамаша әңгіме бар, сол әпсана санамды ымырттың тымық кешінде өз әлеміне қарай шақырған. Қиялымды түрлендіргеніммен дария тымық та, тұнық қалпы ағысын жалғай берді. - Жәке, осы біздің Сырдың бойында су перісі бар деген рас па екен?-дедім. Жәкем үнсіз тыңдады. Бұл шал тымырайғанмен, өңірді су перісі жайлы аңыз кезгелі талай жыл. - Жоға,-деді әлден уақыттан соң: - Мұхиттар мен үлкен теңіздерде болмаса шалшықтан сәл көлемді дарияда ол атың өшкір қайдан жүрсін? Әңгіме осымен доғарылғандай еді, әлгі даңқынан дақпырты зор орыс әншісінің мәтіні қойыртпақ әні барқырап тұрды. Көзімді іліп алсам ба дедім. Кенет жәкем жөкірінді, айналасын барлады. - Әлі алдымызда екен, оған дейін біраз жүреміз-ау,-деді сосын. - Нені айтасыз?-дедім.

- Жақындағанда көрсетемін. Оған да біраз уақ, бұрынырақта, отыз жыл боп қалды-ау, төрт кісі дариядан шыққан су перілерін көміп тастап едік,- деді таңқалдырған үстіне естен айырардай етіп. Жаратылысынан байсалды жан жайбырақат баяндап отырған: - Ел шуламасын деген ақсақалдардың сөзінен соң ешбіріміз тіс жармадық, жабулы қазан жабулы қалпы қалды, біз бетін топырақпен жапқандары ең соңғылары-ау, одан кейін мен Сырдың суынан су перісін ұшыраттым деген жан баласын естімедім. Тумысынан сырбаз, асықпайды, аптықпайды, әңгімені жырымдамай, жұлмаламай, сәнімен, жүйесімен жеткізгенді тәуір көреді. Мәніне қаныққанша тыпыршығаныммен, сырмінез кісінің аузын бақтым. Көкбурыл тартып толқыған суға қарадым: мұнда тек шабақ пен бақа қалған, жағалауынан су тышқан мен құндыз, аққұтан мен жетім үйрек ілуде бір көзге түседі. - Бала кезімізде су перісін кезіктірдік дегендер ұшырасатын,-деді жәкем: - Жұрт ондайда шулап, дабырлап басылатын да, ұмытып кететін. Ал, өзім он тоғыз жасымда көрдім. Бізді күткен әпекеңнің менімен жасты ұлы болды, екеуміз түйдей құрдас едік, бейшара пері соғып өмірден өтті.

Бүгінде бала-шағасының арқасында мейманасы тасып отырған кемпірдің бір ұлы бозбала күнінде қайтқанын әңгіме басында айтып кеттік, оқырман. - Құдайға да тәуір адам керек деген рас-ау, жігіттің керімі еді бейбақ. Жатқан жері жайлы болсын, мектеп бітірген соң білім іздеймін деген баласының балағына жармасып әпкем мен жездем ауылдан шығармады. Ауылдан шықсам, үлкен қалаларда оқысам деп армандап еді, қадам ары аттамайтынын, ауылда мәңгі қаларын білді ме... Зираты сол кішкене қыстақта, қара жердің қойнын томпайтып жатыр. Сендер бізді осылай мыжырайып, май сіңген шләпі, керзі етікпен туыла салды деп ойлайсыңдар, біз де жастықты өткердік, тойға бардық, ойнадықкүлдік. Екеуміз қатар жүрдік, мен тумысымнан томаға мінездімін, ол ашықжарқын, жарқылдап жүрді, сөйтті де өмірден өтіп кете барды. Келер жылы ауылда байлап қойсаң да қалмаймын, оқу іздеймінге бекінген. Сондықтан да қыз-келіншекпен басын қатырмай кітап ақтарғыш еді. Бір күні қарадай бүлінді, оңашада маған бір қыз туралы айтты. Жүрегін махаббат билепті, әлгі қызды ұнатыпты. Қай ауылдың қызы екенін айтпады, көп құдашаның біріне де жори алмадым. Екеулеп колхоздың мақтасын суғарамыз, әтеш шақырмай егістікке кеткеннен аспанға жұлдыз шыққанда үйге кеп сілелеп құлаймыз. Қалжырамайды, шаршамайды, онсыздағы

жаратылысынан жігерлі, ашық жігіт қосағын тапқан соң тіпті құлшынды ма деймін. Мызғып алады-дағы, қарғып тұрып жұмысқа кетеді... Күн өтті, апта өтті, жиенімнің жүрегін ауыртқан жанның кім екені анықталмады, дос-жұрағаттың, таныс-тамырдың қыздарын түгел шолдық, ізі жоқ, ұстатпады. Күн өтті, апта өтті жиеннің мінезі тұйықталды, жарытып ас ішпеді, күлмеді, бір жері ауыра ма деп едік, тепсе темір үзетін жаста сырқатқа алдыра ма, бір мұңы бары анық. Сол сырын маған ашты. Жүрегін ауыртқан ашығының кім екенін білгенімде қалай талып қалмадым екен деп осы күнге дейін таңырқаймын. Әпекем, жеңгелерім және мен ауыл-аймақтың әр бойжеткенінің ізін бекерге бағыппыз, жаратылысы өзге жан өзі секілді ерекшені таңдайды екен, теңін тауып ұнатады екен. Жиенімнің сүйгені су перизаты боп шықты, Сырдың суында су перісінің бар екені де рас боп шықты. Бейбақ жүрегін ұстап аласұрды, ах ұрды. Шілденің қапырықты түнінде салқындамаққа суға түсіп, екеуі содан танысып-білісіпті. Перінің адамзатқа, адамзаттың періге сезімі ояныпты. Су сұлуы жаннан асқан келбетті дейді, адамша тіл қатысады дейді, оның да жүрегі болады дейді. Ойын-тойда шырқап жүрген әнін айтып бетін беті қаратыпты, оның жүрегі жылығанын қайтейін, бетінің бері қарағанын қайтейін, жүзі әйелге ұқсайды демесең, тұла бойы жалт-жұлт еткен қабыршақты балық қой ол шіркін, сондықтан оған қолы жетпесін біліп мұңданған жігіттің ішіне ғашықтық оты

түсіп, жазылмас сырқатқа айналды. Өзінің жаратылысына күйініп ол сорлы да еңіреп жылайды дейді. Астан тартынды, сөзден тартынды, адамша еңсе көтеруден қалды, ақыл-есі дұрыс-ақ, жер ауыстырса ұмытылар деп алыс ағайындарға жібергенмен де махаббатын есіне ап, қашып кеп жүрді. Дембіл-дембіл Сырға қарай жүгіруді шығарды. Сүйгенім жағалауда қол бұлғап шақырып тұр, сүйгенім мені сағынып, жағалауда сыңсып жылап отыр деген әңгімелермен бауырларын шошытты. Күз түсе дерті белең алды, ақыры суға кетіп өлер деген қауіппен әпекем мен жездекем жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға байлап әкетті. Санасы ояу, бірақ, жүрегінде жазылмас жарасы бар сорлыны әкетіп бара жатқанда ара түсуге дәрменім жетпеді. Арманшыл жаны махаббаттың азабы мен атаанасының қаталдығы қатар келгенде шыдамады-ау, алғашқы қар жауғанда сүйегін әкеліп жерледік. Жылап-сықтап қойдық, өлгеннің артынан өлмек жоқ, боздақтың қалған жасын бауырларына берсін деп тарастық. Жиенім ғашықтықтан жынданып өлгенін көре тұра Сырдың суында су перизаты бар дегенге сенбеп едім, арада бір ай өткен соң соларды өз көзіммен көрдім...-деді жәкем. - Қандай екен?-деп елең еттім.

- Қараша келісімен-ақ егістік етек-жеңін жиып, жұмысшыларды колхоз басқа жұмысқа жібереді. Желтоқсанның аяғында бізді Сырдың бүйірінен кішігірім бір арна тартуға жұмылдырды. Әлгілер... өздері үшеу екен, арнаны жыру үшін қолданған жарғыш-қопарғыштар су асты ініне жақын орнатылды ма, ертесіне күйреген жағалаудан өлі денелерін таптық. Төрт-бес жасар баладай бойлары бар, кеудеден төмен балық, басы мен жүзі адамға ұқсайтын үш мақұлықты дабыра қылмай сол маңға терең қазып көмдік. Одан кейін бұл өлкеде су перісін көрдік деген жан болмады,-деп тоқтады. Мен жаны жаннатта шалқығыр жиенді емес, су сұлуы туралы ойладым. - Жоғалып, құрып кеткен балықтың бір түрі ме деп топшыладым,-деді жәкем аз-кем үнсіздіктен соң: - Табиғатта неше түрлі мақұлық бар, соның бірі шығар. Ал, біздің жиеннің көзіне әлдене елестеді ме, шалықтады ма, кім білсін, өзі де қиялшыл еді ғой..! Тоғыз сыныптық қана білімім болса да айтайын, сиқырына, тылсымына сенбеймін, су перісі деген – адамзаттың қолымен тұқымы тұздай құрыған табиғаттың бір ғажап жаратылысы! Шие түсті көлік шаңдауыт жолдың топырағын аспанға боратып жорғалай берді. Күн ұясына қонып, маңайды қараңғылық жапты. - Әнеу көпірге жақын маңайға көмгенбіз,-деді жәкем саусағын шошайтып. Тас-түнек бүркеген даладан ештеме көрмесем де, сол жолы біздің

желкемізден сұқсұрдай қадалған су перизаттарының қарғысқа толы жанарын жоныммен сезгенмін. Титімдей алақандарын көкке жайып, өздерін түптамырымен жойып, тек аңыздарда ғана айтылар кейіпкерлерге айналдырып жіберген адамдарға лағлет айтып жатқанын түйсігіммен естігенмін,-деп жазып әңгімесін бітірген сары қыз терең күрсінді.

МАХАББАТ ТУРАЛЫ РОМАН Кітапхананың құрылысы екі қабатты, қызыл кірпіштен өрілген, еңселі де, сәулетті. Бұрыңғысы тозып, құлап қалды ма, әлде өртеніп кетті ме, мүмкін кітап молайған соң үлкеніне көшкен шығар, ол жағы маған беймәлім. Білерім, кірпіші кепкеніне бірер жыл ғана, оған дейін бұл маңай жазық дала болған. Өзімді студент кезімде кітапқұмарлардың қатарына қосқан емеспін, бірақ бөгде жұрт мені солай таныды, білім үшін емес, қызмет үшін аспирантураның қабырғасында қалғандарды қойшы, ғылым кандидаттары әдебиет туралы тәжіркелесуден қашқақтайтын, тіпті, профессорлармен тайталасуға да бар едім, бірақ олар бұл талпынысыма ерте деп қарады ма, әлде менсінбеді ме екен, бірде-бірі менімен сөз жарастырмады. Сөйтсе-дағы, мен өзімді кітап атты таңсықпен ауыратындардың санатында жоқпын деп білдім, шын мәнінде кітап менің жеңсігім болған жоқ, көз майымды тауысып

парақтаған дүниелер менің ішкі әлемім үшін емес, сырт жамылғым сипатындағы көзбояушылық қызмет атқарды. Сол уақытта өзімді тым сұрықсыз санадым ба, мүмкін, айналамның барлығы кілең әдемі бикештер ме еді, әйтеуір олардан қалайда озық тұруды ойлағаным анық. Атын әлем білетін авторларды елемедім, шын мәнінде олардың жан тебірентер шығармашылық әлеміне түкіргенім бар еді, тек олардың томдықтарын әлдекімдерді сүріндіру үшін парақтадым ба деймін, білімімнің көптігімен әлдекімдердің төбесінен қарау үшін оқи бердім бе деймін, нәтижесінде көзі қарақаттай арулар жерге қарап, сол мөлдір жанардан мөлдір тамшылар үзіліп түскенде айызымның қанатынын түсіндім. Лексия аяқтала салысымен келіп кіремін, күн ауа береді, маңайды күңгірт тартады, кей уақытта қараңғылық тұтас бүркейді. Сол уақытта бір кісі келіп иығымнан түртеді. Бұл есіктің жабылатынын ескертетін соңғы қызметші не қарауыл. Бірталай тұсын парақтап, таусылуға жақындатқан кітабымды қынжыла өткізіп, жатақханаға қарай бет аламын. Төрт жылым осылайша, беті жылтыраған құрбыларыммен өштесіп өте берер еді, өмір тосыннан пайда болған бір қыз арқылы өзімен ерегісудің мүлде қажет емесін ескертті. Аптаның жұма күні болатын, тағы да күн ұясына қонып, терезелер қараға боялғанда әлдекім жеңімнен түртті. Бұл маған шығуым керектігін жеткізуші ғой дедім.

- Иә, қазір қайтамын,-дедім оған бұрылып қарамастан. Ол және түртті. Саусағының ұшы қолыма тигенде әлдебір суық сезіндім, бойым тоңазып, діріл қақтым. Еріксіз көз салғанымда кітапхана қызметшісі емес, ақ көйлекті қара торы қыз күлімсіреп тұрды. - Сәлем,-деді ол. Сыбырлап сөйлейді екен. Неге сасқалақтағаным өзіме беймәлім, оған абдырап қарай бердім. - Сен не оқып отырсың?-деді қыз. - Бұл Дэн Браун ғой, Винчидің құпиясы... Атшаптырым залда екеуміз өзге тірі жан жоқ. Ол кітап туралы сұрамаса да сөйлеп кеттім. - Бейшара шалды бүгінде еуропа аңызға айналдырып алды, асып бара жатқан түгі де жоқ, өз діндерін насихаттаушылардың еңбегі,-дедім. Бұл пікір менікі емес, жапондық бір әдебиеттанушының зерттеуінен ауысқан. - ... - Ал, Павич жасы жүзге келсе де жазуын тоқтатар емес,-дедім күйінішпен. Бұл сөйлем арқылы мен өтірік айттым, Милорадтың жасы небәрі жетпіс төртте еді және оның шығармашылық қарымын өлердей қызғанатынымды әйгілеп қойдым.

- ... Ақ көйлекті қараторы қыз бетіме тесірейіп үнсіз тұра берді. - Fleur-de-lis... Мона Лизаның гүлі,-деп күбірледім сосын. - Менің кітап оқығым келді,-деді төмен қарап. - Күзетші қуып жібереді,-дедім. - Махаббат туралы романдар қай сөреде?-деді қыз. - Бовари ханымды оқы,-дедім: Каренинаның сезімі соншалықты шынайы емес еді, соны білген Толстой ақиқаттан қашып, оны қатыгездікпен отарбаның астына итеріп жіберді деп ойлайтындарға Флоберді сынап көр деп кеңес беремін. Күзетшінің жөкірінгені естілді, іле қарасы көрінді. - Сіз қайтпайсыз ба?-деді. - Қайтамын,-дедім. Кері бұрылғанымда жанымда отырған қызды таппай қалдым. Ақ көйлекті бойжеткен ертесіне де, одан кейінгі күндері де кітапханадан ұшыраспады. Сондай-ақ, бұл мекемеде Бовари ханымның жалғыз данасы

болушы еді, ол-дағы жоғалды. Апта аға берді, аяңдап жұма келіп жетті. Ымырт үйіріліп, жинала бастағанымда ұшыраттым, жаныма кеп тізе бүкті. - Махаббат туралы роман оқуға келіп едім, қандай кітапқа кеңес бересің?- деді ол. - Мен махаббаттан шаршағанмын, жасанды сезімдерді оқуға кеткен уақытымды аяймын,-дедім. Өзім бір апта бойы іштей іздеген қызға сонша шүйліккенім не дедім сосын. Сірә, сәлемсіз келіп, состиып тұрғаны ұнамады: - Махаббат туралы романдардан жүрегім айниды, мен тек пәлсапалық романдар оқимын!-деп айқайладым. Өткен жолғыдай хан сарайындай залда екеуміз ғана едік. - Пәлсапа жиырма бірінші ғасырға ілесе алмады, ол қағазға қаламмен жазатын күнмен бірге өткенде қалды, пәлсапа мен технологияның дамуы еш үйлеспейді,-деді қыз. Бұл жауап аспандаған көңілімді жерге ұрды, қарамды тез батырғым келіп хоррор, аккултизмдік еңбектер жинақталған сөреге саусағымды шошайтып: - Әнеу жерде, күллі әлемнің сүйіктісіне айналған бір автор бар. Кинг! «Ай жартысынан ауғанда» деген романын тауып ал!-дедім. Жұлқынып шығып бара жатып, күзетшіге іште біреу барын ескерттім.

- Ешкім жоқ,-деді әскерден жаңа оралған сымбатты жігіт. - Жаңа ғана маған бір қыз келіп, махаббат туралы роман тауып бер деді,- деген жауабымнан соң реңді жігіт маған аянышпен сүзіле қарады да: - Сен кітап оқуды азайтсайшы, есіңнен адасарсың,-деді. Ақ көйлекті, қара торы қызды кітапханадан бірнеше күн бойы кезіктірмедім, айтпақшы, сұмдық жазғыш Стивеннің әлгі романы да таптырмады. Көзді ашып жұмғанша жұма табалдырықтан аттады, ақшам айналаны жапқанда ақ көйлегі сүметілген оны қарсы алдымнан көрдім. Саулық сұрасу мен есімін айтып танысу оның салтында жоқ көрінеді. - Сен мені шошыттың,-деді қыз. - Кинг пе? Ол солай жазады,-дедім қырсығып, өзге тақырыпқа сілтегеніме бетім қызармады: - Оған мұндай машықты өмірдің өзі сыйлады. Байқұс баланың бес жасында әкесі жоғалып кетті. Құбыжыққа жем болды ма, көктен періште түсіп қанатымен іліп әкетті ме, әлде уақыттың ағынына ілесіп, тас дәуірінен бір-ақ шыққан шығар, оны ешкімде білмейді! Есесіне, әкесін өлердей сағынған сәбиді қиялы шексіз мистикке айналдырды,-дедім. Ол үнсіз басын изеді. Кинг туралы ақпараттың түкке керегі жоқ еді деп күбірледім. - Мұнда махаббат туралы қандай романдар бар?-деді тағы.

Оның байсалды қалпын сақтағаны мамыражайлыққа жетеледі. - Сен менімен біре жүрсейші,-дедім: Үйде біраз кітаптарым бар және өзім де махаббат туралы әлденелерді шимайлаймын. - Менің уақытым жоқ,-деп қынжылды қыз: - Маған рұқсат етпейді, тек жұма күні ғана кітап оқуға келемін. Қыздың жарқылы жоқ жанары мен мөлиіп тұрысы мені шаршатты. Қайтуға жиналдым-дағы, кетіп бара жатып: - Сен Мағауиннің «Көкмұнарын» оқып көрші, махаббат сезімі шарпып, есалаға айналдырған кейіпкерлерді әлі күнге жамандыққа қимаймын,-деген сөз қыстырдым. - Жарайды,-деді қыз. Күзетшінің алабажақ киімі сымбатын жасыратын жігіт менімен қатарласып шығып, үлкен залдың есігін кілттеді. - Іште бір қыз бар,-дедім абдырап. - Ешкім жоқ,-деді жігіт. - Ойбай, жаңа ғана менің қасымда отырған қызды көрмедің бе?-дедім бетіне бағжиып: - Әлде таң атқанша қамап қоймақсың ба?

Жігіт есікті қайта ашып, бірге көз жүгірткенімізде әлгі ақ көйлегі бар қыздың көлеңкесін де көре алмадық. Ал, ертесі күні мен зиратқа бардым. Мәдениеттануға қатысты көп пәннің бірінен дәріс оқитын кәрі профессор тоқсан төртке толған туылған күнін тойлапты да, төсегіне жатып, қайта оянбапты. Жаназада кісі мол болғанын қалай ма, әлде дәрісінен үнемі қашып кететін шәкірттері ұстазы үшін қайғырды деп ойлады ма екен, табытта жатқан қарт профессорды деканаттың тапсырмасы бойынша көп студент үнсіз қоршап тұрды. Мен жаттанды көріністен шаршадым дедім. Әріптестері жылы лебізбен өкініш білдіргенсіді, қария жасына жеткен ұлы, орда бұзардан асқан немересі, қызға қырындауға жараған шөбересінің жүзінен қайғының ізін байқамадым, жалпы, мына тұрған жұрттың ішінен белі бүгіліп қайғырған бір ғана адам болды, оның кемпірі шын көңілмен жоқтау айтты. Желкемнен әлдекімнің көз салғанын сездім, жотама бұрылғанда тірі пендені көрмедім, кісі белуарынан келетін құлпытас сезімсіз, көңілсіз күйде шошайып тұрды. Құлпытастың бетіне ойып салған кісі бейнесі санамды тепкенде, бәрін тастай салып, сонадайдағы қабірге жүгірдім. Одан әр жұма сайын кітапханаға келетін қыздың жүзін шырамыттым. - Қараңдар! Мынау қызды танимын!-деп айқай салдым. Бірақ, әріректегі қайғылы топқа үнім жетпеді, бірі де назар аудармады.

- Сенің үйің осы жерде ме еді? - Атыңды да, жасыңды да айтпап едің, енді өзім-ақ оқып алдым. - Мен сенен қорықпаймын, тағдырдың мені қалай тәлкектейтінін сен білмейсің, бұл-дағы соның бірі,-дедім. Ақ көйлекті, қараторы қызы тіл қатпады, жер бесігінде тербеліп ұйықтай берді. Қара жерді томпайтқанына бірнеше жыл болған қабірге қарап тұрдым-да: - «Көкмұнар» расында тамаша дүние,-деп күбірледім. Мұнан кейін жұма күні кітапханаға баруды доғардым, тіпті солай қарай жолым сирек түсетін болу керек, ол мекеменің есігін күзететін реңді жігіт келмей кеттің деп өкпесін айтты. Құрбыларыма қосылып, кафелер мен мейрамханалардың табалдырығын тоздырдым. Жұлдызды түндерде аспанға қарап тұрып, әруаққа махаббат не үшін керек деп бас қатырдым. Жаңбырлы кештерде нөсерге малынып келе жатып көрдегі жандар да махаббат туралы ойлай ма деген сұрақтың жауабын іздедім. Махаббат сұлулықтан да жоғары тұратын құдірет шығар-ау деген пайымды санама жүктедім.

Жұма сайын кітапханаға келіп, махаббат туралы роман оқитын әруақ қыздың елесінен кейін мен «Бовари ханымды» да, «Ай жартысынан ауғанданы» да талай рет қайтара парақтағаныммен, «Көкмұнарды» қолға ала алмадым, өзімнің сезім жайлы шимайларыма көңілім толмағанда өзі туындымды өзім соттап, шығарма деген тізімнен сызып тастап, салым суға кеткенде «Көкмұнар» расында тамаша дүние» күбірлеуді әдетіме айналдырдым.

СӘКӨ, СУ ЖӘНЕ АНДЕРСЕННІҢ ЕРТЕГІСІ Сары қыз айна алдында ұзақ отырып, өзіне, өзіне емес-ау, көзіне үңілетін. Шарасы үлкен, көктем көз. Өзгермегені осы ғана. Талай күнгі кірбіңді, өксікті өткерсе де біржола сөніп қалмаған, талай түнгі жылаудан соң да ағып түсіп қалмаған жанкешті жанар. Бұл әлемнен қыз өткенін көреді, керуен артып, шөл даланы кезіп, маң-маң басқан түйелердің керуеніндей, осы жанардың бетінде барлық басынан кешкені тізбектеліп, тарқатылып жатады, өзінің белуарынан ғана келетін балаларға қосылып, сөреден құрт ұрлап жүрген Сәкөні көреді, өзгенің бақшасына түсіп, әңгелек жымқырып, оны шешесі тіккен гүлді көйлегінің етегіне сап зымырап бара жатқан Сәкөні көреді, ауылдың сыртындағы айтақырда есек жарыстырған балалардың алды болып, тақымына басқан әңгіні сабалаған Сәкөні көреді, әлдекімге өкпелесе

судың ішінде өмір сүретін жігітіме кетіп қаламын, сөйтіп, Андерсеннің ертегісіндегі перінің сұлу қызына айналамын деп қорқытатын Сәкөні көреді, өзінен әлгі ертегішінің кітабын сұрап оқитын Сәкөні көреді, қызыл сақасын ұттырып қойып, үйіне жылап қайтатын Сәкөні көреді... Оны біздің ауыл жұрты түгел Сөкө деп атайтын. Шын есімін білмейтіндер өте көп те, білетіндер мүлдем жоққа тән. Ең арғысы, нағыз есімін анасы екеш, анасының өзі ұмытып қап, дүйімге ортақ дағды бойынша әр кеш сайын ауылдың қара домалақтарымен қырда ләңгі ойнап немесе алысып, күресіп жүрген қызын: - Әй, Сәкө! Ойбай, Сәкө, қайдасың? Қайт деймін, үйге! Енді келмесең сирағыңды сындырамын!- деп бажылдап кеп, жетектеп кететін. Сары қыз Жазираны – Жазок, Қанатты – Кано дейтіндерді жаратқан емес, кісі есімін жұлмаламай, дұрыстап айтқан жөн деген пайымда. Бірақ, Сәкөге азан шақырып қойған Айсәуле деген есімі әсте жараспайтынын біледі. Айсәуле деген ат Сәкөге он сегізге толғанша ғана жарасты. Толған айдың сәулесіндей сұлудың атына заты сай деп таңдай қаққандар аз болмады. Сөйткен тағдыр Айсәулені бір күнде Сәкөға айналдырды. Толған ай таусылып, өлірара орнады, біржола орнады. Содан бері Сәкө. Осы біздің Сәкө қанша жаста еді, жиырма тоғызда ма еді, отызда ма еді деді қыз.

- Айсәуле десе Айсәуле еді-ау,-деп өткенін білетіндер ол туралы айта бастағанда алдымен тамсанып алар еді. Иә, ыңғайсыздау күліп, ерсілеу сөз саптап, ұлдармен асыққа таласатын мынау Сәкө бір кездері қандай ару еді? Оны ымырт үйіріліп, сам жамыраған шақта, ойынның ең қызған тұсында сүйрегендей етіп үйіне алып қайтатын еңкіш қара кемпір бір кездерде тап осы сықпытта ма еді? Жо-жоқ! Бұл әлгі бір, ешкім жеңе алмайтын уақыт деген қатыгез патшаның салған лаңы... - Бейбаққа көз тиді,-дейді әжесі. - Бәлекет соқты,-дейтін тағы біреулер. - Айдай сұлу Айсәуле мектеп бітіргесін ауылда қалып еді,-дейді жұрт. - Үлкен оқу іздеймін деп алысқа ұзамай, ауданға барып, комбайнның тілін үйреніп кеп еді, албасты сол дәу темірден жабысты,-дейді білетіндер. - Қарашы, мынау мен екем,-дейтін үйінен көнерген суреттерді ала кеп: - Апама бұл менің сіңлім бе десем, жоқ, бұл сенсің дейді. Есімде ештеме жоқ,-дейді таңырқап. Ақ жейделі, тап-тұйнақтай оқушы қыз Сәкөға еміс-еміс ұқсайды. Суреттегі қыздың бұрымы болса, Сәкө шашын ылғи тақырлап алып тастайды.

Суреттегі қыздың көзінде ақыл, сабыр болса, Сәкөнің көзінде орасан шаттық пен дарақылық бар. Жалғызын қалаға жібере алмай қынжылған анасының өкінішін қызының ерен еңбегі үшін алған марапаттары ұмыттыра бастаған уақыт. Су жаңа көк комбайнның да, еңбекке жаңа араласқан су жаңа жұмысшының да қарқыны ерекше. Қызының еңбегін елеп, күн көсемнің басы бейнеленген бір парақ құрмет қағазы үйіне келген күні анасы қорадағы ісектің бірін сойып думандатты. Думан жалғаса береді деп ойлаған сонда дастархан басындағы жұрт. Жүрегі арманға толы, қиялшыл бойжеткен осылайша алып комбайнды шыр айналдырып, ауылдың алыс алқабындағы егістікте жүре береді дегенге кім нанады? Сұлу аңдыған бозбаланың аяғы егістікке жете алмады дегенге кім сенеді? Айсәуле теңін сол егін даласында тапқан көрінеді, жүрегіне қайта өшпестей қылып махаббаттың мәңгі алауын жаққан көрінеді. Белсенді қыз білек сыбанып еңбек етіп қана қоймапты, сабағы майысқан бидай өскен даладан, басы сопайған жүгері өскен даладан, айдаладан өз теңін де тауыпты. Таптым депті әлдекімді. Әлдекімі күн сайын сұлуды торыпты. Тапқыр қалжыңын арнапты, әдемі жымиып күліпті, жанына жағыпты. Ауылға қарай аттап бастапты, көшесімен аяңдап, қақпасының тұсынан

ысқырмапты, жастардың ортасына, би мен киноға да шақырмапты, айдаладан кездесіп, айдаладан жөніне кетіпті. Кәдімгі екі аяқты, екі қолды жігіт дейді, көрші ауылда тұрамын, түгенше деген шалдың ұлы едім депті. Мен сені сүйіп қалдым депті біраз күннен соң. Екеуміз үйленейік, мен сені алып қашамын депті тағы бірер жеті өткеріп. Қыз апама айтайын, ол кісінің білгені дұрыс депті. Анау азар да, безер боп ешкім сезбесін депті. Күн ұясына дөңгеленіп батып, күлімсіреп шыға беріпті. Сондай шаттыққа толы, кісінің күлімсірегісі, жымиып күле бергісі келетін әдемі күннің бірінде қызы шешесіне тұрмысқа шыққысы келетінін айтады. - Апа, мен күйеуге кетсем қайтеді?-депті. Шегіртке шырылдаған кешқұрымда қақпасының сыртынан жігіт ысқырығын естімеген шеше қызы жуғарамда жат жұрттық бола қояр деп ойламаса керек-ті, әлдене деуге аузына сөз түспей, аңтарылыпты. Қыз баланың түбі бір өзге ошақты түтетерін білсе де анасы қазір кетеді деп ойламады ма, шошып кетіп: - Ойбай, кімге?-депті. - Көрші ауылдағы түгенше деген шал бар ғой... Соның пәленше деген ұлына... Қыз төмен қарап, сұқ саусағымен өзі жайғасқан киіздің өрнегін сызғылап кетіпті.

Өз ауылдасының итінен, көрші ауылдың тайлы-тайлағына дейін танитын шешесі құда болып, төрінде бас мүжіп отыратын шалды жедел есіне алыпты да: - Ол қақпастың үйленетін ұлы жоқ!-деп кесіп айтыпты. - Бар, апа! Бар,-депті қызы. - Айналдырған екі ұлы болды, оның бірі он жыл бұрын үйленген, қазір тоғыз бала-шағасы бар, екіншісінің суға ағып өлгеніне бес жыл...-депті шеше. - Аты кім еді?-депті қызы. Бес жыл бұрын жаназасы шыққан жігіттің аты шешенің тіліне орала кетіпті: - Пәленше,- деген еді. - Екеуі аттас екен-ау,-депті қызы. Сол күні бақытты бойжеткен тып-тыныш ұйықтап шығыпты. Сол күні шеше сорлы әлденеден секем алып, таңды көзімен атырыпты. - Ондай жігіт бұл ауылда тұрмайды,-депті кейін көшіп келген жұрт. - Ондай жігіт бұрын болған, қазір ана ауылда тұрады, бес жыл бұрын жылап, сықтап, сол ауылға аттандырғанбыз,-депті тұрғылықты халық ауыл

сыртындағы күмбезді, көктасты, кесенелі, басына ай қадаған қыратты меңзеп. Жұмысын аяқтап оралған қызынан шешесі жігіт бір аяғын сылтып баса ма деп сұрапты, иә, аздап солай-ау, бірақ, еш аңғарылмайды депті қызы. Әкесіне тартқан қазанның түп күйесіндей қара жігіт қой иә депті шешесі, қараторы екені рас депті қызы. Оң жақ иегінде кішкене қалы бар ма депті шешесі, қызы басын изепті. Сол түні бойжеткенді болашақ жайлы тәтті түстер әлдилепті. Сол түні сорлы шешенің шашының жартысы ағарыпты. Ал, ертесі күні ақшамда айдай сұлу Айсәулені бір топ жұмысшы үйіне байлап, матап жеткізіпті. Айдалада, өзімен өзі шыр көбелек айналып билеп жүр дейді, менің тойым өтіп жатыр, сендер де биге келіңдер деп айтады дейді. Сол кеште әлгі елес жігіт Айсәулені өзімен бірге алып қашты да, мына әлемге Сәкөні қалдырып кетті. Күйеу жігітім оралады дегенмен ол Сөкө жүрегінің есігін қайта қақпапты. Бақсы кеп зікір салыпты, молда келіп шүкіріпті, елті қара қойдың өкпесімен қақтапты. Баяғы Айсәуле келмеске кетіп, орынын беталды сөйлеп, беталды күлетін, кісіні бірде танып, бірде танымайтын жынды сүрей бір бейшара басыпты.

Сары қыз Айсәулені көрмеді, Сөкөні жақсы танушы еді. Сәкө ересектерден алшақтап, балалармен ғана дос болды. Сары қыз екеуі киноға баратын. Басты кейіпкер мейірімді, сұлу қыз болса Сәкө анау қыз мен ғой дейтін. Бұл мақұлдайтын. Екі ешкі сүзілісіп, қайсысы басымдылық танытып бара жатса, Сәкө соны көрсетіп, анау мен ғой, мен дейтін. Қыз тағы да басын изейтін. Аптабы бетті шарпыған шаңқай түсте ентігіп келіп, жүр, Нартайлақ атайдың бақшасынан шабдалы ұрлайық, өздері сондай тәтті дейтін. Сараң Нартайлақтың қолына түссе оңбайтынын білсе де Сәкөнің көңілі үшін еріп жөнелетін. Сәкөнің көрші ауылдың балалары түсқайта ит таластырмақшы екен, барайық, аспанға батпырауық ұшырайық, түгеншенің мысығы балалаған екен, бір мәуленін ұрлап алсақ па дейтін ұсыныстары аса мол болушы еді. Ұмытып барамыз, Сәкө ауыл балалары және өзінен жиырма жастай кішілігі бар сары қызбен ғана достаспады, осы құрбысы екеуіне ортақ тағы бір досы болды. Оның тегі – Андерсен еді. Бәкене бойлы, езуінде тамаша күлкісі бар, көзінде мейірім ұя салған ертегіші шал. Үшіншінің тұрағы екеуге ортақ парақтала-парақтала көнерген үлкен кітапта.

- Мен Андерсеннің ертегісіндегі су перісінің кенже қызымын. - Мен анау ертегідегі балерина бикешпін,- дейтін делқұлылау әңгімелер де аз емес болатын. - Кеше ше, үйге келсем, Андерсеннің ертегісіндегі ханзада бар ғой, су перісінің сұлу қызы ғашық болатын. Сол маған құда түсе келіпті. - Сен келістің бе?-дейді кішкентай қыз. Сенбесе де сенгендей қалып таныту Сәкөні аяғаннан туған. - Жоға, өзімнің жігітім бар емес пе? Шылжырап аққан су көрсе саусағымен нұсқап көрсетеді: - Әне, қара, менің жігітім судың ішінде отыр. Иегінде ноқаттай қалы бар, келбетті... Он жыл ма екен, одан да көп пе екен, ешкімге зыяны жоқ, тентек шалыс бейбақтың әр күні осылай өтіп жатқан. Осы біздің Сәкө қанша жаста еді, жиырма тоғызда ма еді, әлде отызға шығып па еді деді қыз. Оны ең соңғы рет көргенде қанша жаста болғанын есептеп шығара алмады. Сәкө бір күйден жиі жалығатын адам болыпты-ау деді сосын. Бала шақтан бойжеткен өмірге ауысты, одан жеріп, адамдардың қалыпты өміріне қарама-қарсы өмір сүрді. Сары қыз өзінің Сәкөні ешқашан жындысүрей деп танымағанын ұқты.

Сөйтті-дағы, күллі адамдарша өмір сүргісі келмегені Сәкөнің ақылсыздығы емес еді ғой деп күрсінді. Ал, сол күні Сәкөнің тағы да жаңаша өмір бастағы келіпті: - Апа, мен жақында Андерсеннің ертегісіндегі перінің сұлу қызына айналып кетемін-ау, судың ішінде өмір сүретін жігітімді сағынып жүрмін,-депті. Солған гүлінің күйігін тартқан шешенің қызына жаман көзімен қарап далбасалай бермей әрі жоғалшы немесе бар, далаға барып ойнап кел дегеніне сенімдімін. Сол күні Сәкө туған табалдырығын қайта аттамады. Сол күннен кейін Сәкөні көрдім деген жан болған жоқ. Бесін мезгілінде өзенді бетке алып, жөнеп бара жатқанын байқағандар ғана бар. Сәкөнің денесін су қайтармады, тұңғиық мәңгілікке бауырына тартты, іздеушілер де күдерін үзіп, асай-мүсейлерін арқалап қалаға қайтты, бұл кесімге ауыл жұрты да көндікті, анасына көңіл айтып, жаназасын шығарды. Расында Сәкө қайда кетті екен? Ол туралы жұрт әр түрлі жорамал жаудырды. - Балыққа жем болды-ау,- деп бір жанашыр ағайыны күрсініп алды.

- Ағыспен тым алысқа ұзап кеткен, біз өзге облыстың аймағынан да іздеуіміз керек еді,-деді тағы біреу. - Арманда кеткен құлыным, бойжеткен болып бұлғақтай да алмадың, басыңа ақ салып, босаға да аттамадың, ең құрығанда шер тарқатып қайтар ем, қабірсіз де жоғалдың!-деп шешесі қызының асы өткенше дауыс салды. Өзен бірде толқып, бірде басылып аға берді, уақыт та өте берді, Сөкөсіз ауыл көшелері де елегзіп тұрды, сары қыздың көзінен бір тамшы жас шықпады, ауыл балалары оны өзеннің бір тұсынан сылаң қағып шыға келетіндей алаңдап біршама күн күтті де, өз қалыптарын тапты. Ал, күн су суып, сүмбіле түскенде өзен бетінде ұсақ ақ гүлдер жүзіп жүрді, олар өте нәзік болды, тап біреу қолдан арнайы шашқандай тамырсыз, әр таңда гүл жарып, сәскеге жетпей су бетінің көркін арттырып қалқып жүретін де жоғалатын, күн арқан бойы көтерілгенше ғана өмір сүретін. Әлгі, Андерсен ертегісіндегі ханзадаға ғашық сұлу су перісі демі үзілгенде теңіздің әппақ көбігіне айналып кетпеуші ме еді? Сары қыз Сәкө мен су сұлуына тән ұқсастықты осы тұстан көрді: Ол екеуі тағдырлас екен, екеуінің де жүректері махаббатқа толы болыпты, екеуінің де түбіне сезім жетіпті, екеуі де өмірлерімен су бетінде қоштасыпты. Солай болыпты...

Ғажапқа дүйім ауыл қызыға қарады. Мұндай әсем гүлді бұрын соңды байқамаған сары қыз аңтарылып, жасы сексеннің төріне шыққан қарт атасынан сұрағанда, оның өзі таңдай қағып, өмірінде мұндай өсімдікпен ұшыраспағанын, бірақ, табиғат жомарт емес пе, тұқымын жел айдап, әлдебір жақтан келген болар деген жорамал айтып, сақалын сипап тұра берген. Сонда сары қыздың жо-жоқ, ата, олай емес, тіпті де олай емес деуге тілі бармады, өз болжамымен үнсіз алысты. Қыз бала шындықты білді, бірақ, сол уақытта жан баласына тіс жарып айтпады, ақиқатын ақ қағазға енді ғана ақтармақ: су суып, сүмбіле келгенде өзеннің бетін жабатын, үш сағат қана өмір сүріп жоғалатын, әппақ, ұсақ та, нәзік гүлдерге қарап тұрып, оның жалпы болмысынан Сәкөні көрген. Андерсеннің ертегісінде су перісінің сұлу қызы су бетіндегі әппақ көбіктерге айналса, таңғажайып ертегінің құмары болған Сәкөге де тәңірім сондай тағдыр сыйлапты. Құшағынан босатпай қойған су оның сүйегін әппақ гүлдерге айналдырған екен,-деп жазды да, шығармасын бітірді.

ОТЫЗ ҮШ ТАЛ РАУШАН Сол күні азан шақырған уақытта мен төсектен тұра алмадым, жауырымнан әлдебір күш жаншып, жастықтан бас алдырмады, зорықтым-ау деп түйдім:

кітапханаға баруды азайтқаным жөн, жазуды да сиретсем бе екен. Бұл сөзді жүрегім емес, жалқаулығым айтты. Өйткені, соңғы уақытта қарық қып жүргенім де шамалы, құлпынай қосылған балмұздақ туралы роман әлі түгесілмеп еді. Сүйретіліп кереуеттен түскен соң да бойымды езген халден арылмадым, әлденеге көз жүгіртуге құштарлығым болмады, ал, Қарамұрын тынымсыздықпен мияулап, бөлменің бұрыш-бұрышына жүгіріп жүрді. Ағаштан жонылған терезеден Иса мен Төле би көшелерімен ызғыған көліктердің үні сумаңдай өтіп, жүйкемді түртпектеді. Мына мысықты жерге түсіріп серуендетпесем болмас дедім. Қарамұрын ойымды оқып алғандай босағаны күзетіп шоқиып отырды да койды. Кенет есік қоңырауы сылдыр етті. Бұл үйдің төленбеген жарығының ақшасын даулай келген әлеуметтік қызметкер дедім. Қарауыл тесіктен ұрланып қарағанымда мүлдем олай емесін ұқтым. Үлкен себетке салған раушандарды көтере алмай бір жігіт тұрды. Бұл маған деп марқайдым, шығармашылық қарымымды елеп, ескерген оқырмандарымнан жеткен. Тиекті ағытып, басымды шығарғанда тағдыр маған қашан қуаныш сыйлап еді деп есекдәмем үшін өзімді-өзім мысқылдадым. - Елена Цветаева деген кісі менің үйімде тұрмайды,-дедім. - Бұл сіздің мекен-жайға жіберілген,-деп безек қақты тасымалдаушы. Ақ түсті раушандарға қарап оны жолдаушының талғамы тамаша деді ішкі ойым.

Өйткені, раушан гүлі есіме әрдайым классикалық романдарды түсіреді, логикалық жағынан қисынды, парасатты және кербез де керім. Жалпы, гүлді гүл деп, оның тегі шөп деп қарастыру қиянат. Тіпті бұл оны қорлау да болар. Мен гүлді бірінен бірі өткен ай қабақты, күн дидарды сұлулар ма деп түйемін. Шетіне қыстырылған қағазда әлдекім Еленаны туылған күнімен құттықтапты. Шабарман Еленаның кім екенін ойлап бас қатырмады, табалдырығыма тастады-дағы қарасын батырды. Есіктің ашылғанын пайдаланып Қарамұрын да далаға зытты. Келіні мен баласы пәтер жалдайтын, ал өзі бақандай үш бөлмеде артқы сирағының бірін көлік жаншыған шойнақ итімен күнелтетін кірпияз көршімнің есігін қақтым. Кемпір көп күттірмей есіктен көршісін емес, ұры көріп тұрғандай тіміскіленіп сығалады. - Елена Цветаева деген кісі сіздікінде тұрмай ма, бүгін туған күні екен, үйіме оның атына арнап гүл жіберіпті,-дедім. Реңі жылдам өзгерді. Көзін кең ашып тосырқап қарады да: - Танымаймын,-деді. Сөйтті де қоштаспастан есігін жылдам жапты. Біреудің аманатына қиянат жасамайын деген ой мені жоғарыдағы көршілерді де, төмендегі қоңсыларды да мазалауға мәжбүр едім. Бірі есігін ашпады, бірі танымайтынын айтты. Баспалдақтармен әрі-бері сабылып жүргенімде отыз үш тал ақ раушан босағамның көзінде мұңайып тұрды. Жұрттан жөн сұрай, сұрай шаршадым-дағы шаңырағыма қайттым.

- Ақ раушандар, сірә сендердің иелерің енді мен боламын-ау,-дедім. Гүл толы себетті сүйрелеп ішке кіргіздім де, Қарамұрынды іздедім. Белағаштарының жартысын түн жамылып әлдекім жымқырған жарымжан сәкіде жоғарыдағы көрші кемпір кемсиген иегімен алмұрт мүжіп отырды. Онымен ет пісірім уақыт сөйлескен жан мына бес қабатты мекенде кімнің тұратынын, қандай киім киетінін, иттері мен мысықтарының сортына дейін біліп, өзін бұл ауланың тұрғыны секілді қабылдап қалары даусыз. Еленаның кім екенін осы кемпір біліп қалады-ау деді ішкі ойым. Жанына жайғасқанымда түнде әлдебір жүгермектердің ішіп ап аулада төбелескенін, тәртіп сақшысына бес рет телефон шалса да қызыл жағалылардың бірде-бір рет төбе көрсетпегенін айтып, зығырданы қайнады. Бұған жайбырақат қарайтын мен емес, сотқа арызданамын деп бұрқылдады. Отыз үш тал раушан гүлдерінің хикаясын баяндағанымда жүзі құбылды. Қатарынан екі рет шоқынып алды. Сойдиған күрек тісімен ерінін тістелеп, ерекше бір күйге түсті. - Бұл гүлді кім жіберді?-деді жұлып алғандай. Хабарым жоғын айттым. - Еленаны білемін,-деді ойланып отырып: - Менен екі жас үлкен әйел болатын, ол сенің үйіңде тұрды, саған өткенше ол пәтерді кімдер сатып алмады, кімдер тұрмады, сірә оншақты қожайын ауысқан болар... - Бүгін өзінің туылған күні екен, оны қайдан табамын?-дедім.

Кемпір қолымен аспан жақты нұсқады: - Оны көктен табасын, көктен!-деді: - Ол бейшара отыз үш жасында осыдан отыз жыл бұрын өліп қалған! Сөйтті де қақшиған қолдарын жылдам-жылдам қимылдатып шоқына бастады. Одан ары қарайғы әңгімені тыңдағым келмеді. Қай шаруаны да мистикаға әкеп тірейтін түйсік маған қайдан жұқты деп өзімді жазаладым, бұл бар болғаны сәйкестік деген жұбатуыма санам бой бермеді, ойымды елестер ауылына алып қашты. Пенделердің көзіне көрінбейтін өзге әлемнің тұрғындары жиналып, менің жүдеу пәтерімде Еленаның туылған күнін тойлап жатты деп шексіз қиялым күшіне мінді. Қорқынышымды құрбыма барып басайын деп түйдім. Ол жазып жатқан кітабы барын ескертсе де түсінбеген түр танытып, жанынан шықпай, кешке дейін өзіме көңіл білдірген асабадан естіген әзілдерімді самбырлап айтып отырып алдым. Оның шығармашылық құштарлығы шамалы еді, ақшам түскенде жазып жатқан кітабының мазмұны айқындалды: түнді өткеруге есімін күнделігіне жазып қойған жігіт келді. Бұрын-соңды кезікпеген бейтаныс жігітті қорған көрдім. Осында қонамын дедім арсыздықпен: бүгін баспанамда қисаятын жер жоқ, туылған күн кеші өтіп жатыр. Сол түні Қарамұрын алғаш рет далада түнеді, мен өзімді жақтырмаған құрбымның төсегін паналадым. Ағарып атқан таңды көргенде бойымдағы қорқыныштар ұясына тығылып, батылдық, жігермен достастым. Аулаға

ентіге еніп, мысығымды іздегенімде ол долана ағашының бұтағынан төмен ырғыды. - Қарамұрын, Елена тәтей енді бізге риза шығар, жүр, үйге қайтайық,-дедім. Серігім майдалап басып алдыма түсті. Бақандай он екі жерінен құлыптанатын темір есікті ашып, екеуміз ішке енгенде жұпыны мекенім сол қалпы мүлгіп тұрды. Бірақ, үлкен себетке салынған отыз үш тал раушан гүлі ұшты-күйлі жоғалып кетіпті.

МАМЫР АЙЫНЫҢ ТОҒЫЗЫ Сары қыз бүгін мамыр айының тоғызы деп күбірледі. Бұл күні атам соғыста жеңіске жеткен және Жеңісбектің туылған тәулігі еді деп күрсінді. Бұл күнді ең соңғы қалай тойлағанын есіне алды, жұқана дастарханмен, жұпыны сыйлықтармен он бес жасында соңғы рет думандатыпты, одан кейін әжесі өліп атасынан күй қашты, әжесінің аяғын ала Жеңісбек те әнеу бір бұлдыр әлемге аттанды. Сол шаттыққа толы соңғы күні, көктем көркін арттырған кезеңдегі қуанышты күні екінші дүниежүзілік соғыстан Берлинді азат етіп болған соң ғана елге оралған атасы мен Жеңісбекке деп сыйлық іздеумен аяғы талған. Бұл бір ауылдан күй қашқан кезең еді, ауыл ғана емес, аудан орталығынан да кісіге ұсынарлық заттың қарасы шалынбады. Әжесі іздейтін

шәй мен қант келмеске кеткен дүкенде тіпті ер адамдар иығына ілетін жейде жоқ, атшаптырым сауда үйінде небәрі екі-ақ зат болды. Біріншісі, үш литрлік банкіде бұқтырылған қияр да, екіншісі қырық бесінші нөмерлі керзі етік. Шымқалаға кеткен ағасы да құр қол оралған: Кітап дүкені жұмыс істеуін біржола тоқтатқан көрінеді. Мамыр айынының тоғызыншы таңы көкжиектен күліп атқанда әжесі сандығын ақтарды, елу жыл бұрын от кешіп қайтқан атасы ештеме дәметпес, ал, Жеңісбек туылған күнінде сыйлық алғанды жақсы көретін. Қара кемпірдің үлкен сандығының қомпайған сырты ғана екен. Оның ішінде гүлдері көз жауын алатын бірнеше жаулық ғана жатқан. Бірақ, шашағы сәусілдеген орамалды дап-дардай жігітке қалай ұсынарсың? - Әй, мынау ше?! Әжесі сандыққа қайта үңіле берді де, жалтыраған парша матадан тігілген қошқар мүйіз оюлары бар, қара масаты шапанды шығарды: - Осы жарап қалады-ау, Жеңісбектің туылған күніне осыны кигізіңдер. Бұл шапанның мынау қынамен боялған сандыққа тап болу себебін сары қыз жақсы біледі. Былтырғы жеңіс мерекесі қарсаңында мектеп ұжымы атасына сыйламап па еді..? Мұндай дағдарыстың талайынан әжесі алып шыққан. Сандығын ұзақ қопарыстырып отырып, шыт мата тауып алды. Ол ақ түсті

екен және онда үлкендігі ноқаттай жасыл гүлдер болды. Аңғаруынша қара кемпір мұны Жеңісбекке арнап жейде тігіп беруге жарайды деп тапқан. - Құдайға шүкір, гүлінің түсі қызыл болмағаны қандай жақсы!-деп қуанды сары қыз. Үй шаруасы қашан түгесіліп еді, әжесі сиыр сауды, сүт пісірді. Бұл әрекеттер Жеңісбекке сыйлық болар жейдені тігер уақытты түгесіп жатты. Шыдамы таусылып ескертпекке барғанда қара кемпірдің бір табақ сүзбені алдына алып, құрт жаймаққа жайланып отырғанын көрді. Мұнан соң мерекенің жанды куәсі ретінде мектептегі кешке соғыстың сұрапылы турасында әңгіме шертпекке кеткен атасы құшағын гүлге толтырып оралды. Сары қыз бұл гүлдердің ала бұзауға жемі боларын жақсы білетін. Әжесі шалын қарсы алған соң екі иінінен дем алып бұрқылдап тұрған ақ самаурынды ортаға ап шәй ішті. Дастархан үстінде екінші дүние жүзілік соғыстың жеңімпазы үнсіз-ақ отырған. - Көке, бүгін жеңіс күні ғой, соғыстағы кейбір есте қалған нәрселерді әңгімелеп берсеңіз қайтеді,-деген көрші үйдегі келін бәрін бүлдірді. Жолын кескестемес келіннің сөзін жерге тастағысы келмеді ме, әншейінде соғыстағы күндері жайлы сараң сөйлейтін от кешіп қайтқан жауынгер көсіліп ала жөнелген. Бұл Жеңісбекке арналған жейденің тігілуін кешуілдеткен. Өйткені,

әжесі отағасы әңгіме айтқанда әсте жерге тастамайды. Бұл хикаяны сары қыз жүзінші, бәлкім жүз елуінші рет тыңдаған шығар, ал, қара кемпір бірінші рет есітіп отырғандай назар салған. - Әскери мектептен шыққан соң бірден майданға алып барды. Көктем кірген, құс қанатының жеткен уағы, қасат қардың көбесі сөгіле бастаған. Қысты күні ұрыс болған дала екен, немістің әскері де, біздің әскер де аппақ болып киініпті. Өлмегені қайтқан, өлгені жатқан жерінде қалған. Үстін қар басқан. Біздің көргеніміз сол қардың ерігені екен. Ауылда жүріп не көрдік, сондағы пырдай боп шашылып қалған өлікті көргенде тұңғыш рет шошындым,-деді атам. - Сұмдық,-деді көрші келін. Қара кемпір жағасын ұстады. Бір жақсысы, атасы одан арғы әңгімелерді қысқа тамамдады да, бетіне газет жауып ұйқтамаққа оқталды. Бұл шаңқай түс әлеті еді, әжесі манағы ноқаттай жасыл гүлі бар матаны сонда ғана қолына алды. Жеңісбектің күн аралатпай үйге келетіні мұндай жақсы болар ма, кейуана оның дене бітімін жақсы біледі екен. Кесіп, пішкенде де бірталай уақыт шығын болды. Құмырсқа тірлікке салса, бұл жейденің жыры өрістен мал келгенше бітпейтіні анық. Сондықтан мата бөлшектерін алып, тігін машинаға сары қыздың өзі қол артты.

Асығыс болсадағы оған арналған сыйлық ымырт түскенге дейін дайын болған. Бір жеңі бір жеңінен аздап ұзындығы болмаса өзге киімдерден еш міні жоқ сол бір ноқаттай жасыл гүлдері бар ақ көйлекті Жеңісбек ала жаздай үстінен тастамады. Бүгін оның туған күні еді деп күбірледі сары қыз. Ол бар болғаны жиырма рет қана туылған күнін тойлап еді деп мұңайды. ...Алматыда жыл мезгілдері өз міндетін мүлтіксіз атқарады: қысы – аязды, қарлы, көктемі – жауынды, күзі - күрең ызбарлы, жазы – аптапты. Көшеде тынысты тарылтып алқыммен ойнаған ыстық, тас үйдің іші де жетісіп тұрған жоқ, мұндайда әлдебір іске де зауық та шамалы, ендеше кітап оқысам ба деді. Қай кітапты парақтауды ойланып үлгергенінше болмады, келіп тоқтаған көліктің бірінен барқырай шыққан радионың үні ауланы жаңғыра жөнелді. Онда әкесінің жастық шағын ылғи есіне салып тұратын топ ән айтып жатқан. «Жан досым, үстем болсын мерейің» Ретро әндерді жаны қалайды. Бірақ, құлақ түріп үлгергенше болмады, саз түгесіліп, арнаның жүргізушісі сайрай жөнелді. - Иә, достар, бүгін мен сендерді құттықтаймын, бейресми болсадағы дүниежүзілік достық күнімен. Достық үшін бокал көтерейік! Дос деген

жақсы, қуанышта да, қайғыда да жаныңда болады, сондықтан да достар достықты, достарымызды аялай білейік! Қазақ тілінің көркем сөйлеу арнасынан мүлдем басқа жылғамен аққан жүргізуші өзінің жүгенсіз сөз саптасы үшін еш қысылып, қымтырылар емес, емін-еркін көсіліп отырған, ендігісін Ливерпульдық төртеудің жазатайым көз жұмған боздағы турасында сөйлеп жатты: - Сонымен, жас достар, оның әйелі, иә, әлемдік жұлдыз Джон Леннонның әйелі, жан жары, күйеуінің туылған күнін дүниежүзілік достастық күні етіп тағайындалуын өтініп, жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымына хат жолдауда. Бірақ, өтініші қабыл бола ма, болмай ма, бұл жағы әлі белгісіз. Иә, әйелінің бұл тілегіне әншінің жер шарындағы мың-мыңдаған табынушылары да қосылады. Иә, достар, сендер қуанышта да, қиындықта да достықты құрметтеңдер. Ендеше достық күші мәңгі болсын дейік те, керемет бір ән тыңдайық! Бірақ, жүргізушінің сөзінен кейін ешқандай да керемет саз әуелемеді. Өткен ғасырдың орта шенінде америкалық бейбіт қауымды шулатқан Елу тиын дейтін лақап атқа ие қарақшының есімін иеленген топтың дікс, дікс деген ырғаққа құрылған латынамерикандық стильдегі жойдасыз музыкасы төпелей

бастады. Іле радионың иесі тапа-тал түсте ауланы азан-қазан қылғанына қысылды ма, әлде көлігін әлдебір жаққа айдап әкетті ме, әуен сап тиылды. Сары қыздың есіне өмірінің әр қилы кезеңінде достық шеңберінде болған сан түрлі таныстары түсті. Бұл оларды жақсы көргенімен (мүмкін жақсы көргені жалған шығар), олар мұны жақсы көрмеді ме (мүмкін олардың ниетін өзі бағаламады ма екен), әйтеуір байланысты үзіп алған сан түрлі бейнелер көз алдын көлбеді. Достық деген әдемі атаумен өзін алдайтындарды аяды ма, алданғанына өзі де қорланды ма: - Бейшара Джон Леннонның әруағын босқа мазаламаңдар, өмірде достық деген нәрсе жоқ!-деді айқайлап. Ұйықтаймын деді. Дұрысы ұйқы. Сары қыздың жүйкесімен ойнау әлдекімге ләззат сыйласа керек, көз ілгенін күтіп тұрғандай есік қоңырауы безек қақты. Атып тұрып есікке жетті. Ашпас бұрын түймедей ұры әйнектен көз салғанында арғы бетте Жеңісбек тұрған. Есікті айқара ашқанда ол үнсіз болды. Бұл келісі таңдандырмай қоймады. - Жеңісбек, сен қайдан жүрсің?-деді абдырап: - Ойбай-ау, Алматыға адасып қалмай қалай жеттің? Ауылдағылар бір өзіңді қалай жіберді? Мені қайдан таптың?-деп көзін төмен салып тұрған оны құшақтамаққа ұмтыла берді де, оның бұдан он жыл бұрын көз жұмғаны есіне түсіп сілейіп қалды.

- Мен қорқып кеттім,-деді Жеңісбек: - Мені ұмытпайды деп ем, мені ұмытып кеткенбісің? Мен сенен осыны сұрамаққа келдім. Тілі байланды ма, көзі қарауытты ма... жанарын кең ашқанда мұның түсі екенін бажайлады. Босағадан Жеңісбектің сұлбасы көрінбеді. Түсім болсадағы бұл жүрісі тегін бе деді. Бұл келісінің мәнін ұғамын деді. - Жеңісбек!-деді айқайлап: - Жеңісбек, сен мені естіп тұрсың ба, мен сені ұмытқан жоқпын. Мен сені ұмытпаймын!-деді. Терезеге жақындап келгенінде әйнектің арғы тиегінде бір әппақ көгершіннің отырғанын көрді. Оның моншақтай көздері сары қызға бағытталыпты. Жеңісбекті адам санатында ескерген емеспін, ол маған ғарыштан келген әлдебір жаратылыс секілді танылатын және оны өлді дегенге де сенбегем, жер бетінен жалыққанда ұшып кетті ме деп ойлаймын деп күбірледі. - Ақ көгершін, мен Жеңісбекті ешқашан ұмтытпаймын,-деді. Ол үнсіз тыңдады. - Оны жаннат бақшасында мені күтіп жүр деп білемін,-деді. Көгершін құрқұрлап, қанатымен қомдап-қомдап алды да, самғап кетті.

Сары қыздың жазғысы келді. Жеңісбек туралы жазғысы келді. Жазайын деп түйді-дағы жазу үстеліне жайғасып, ақ қағазға: «ДОС» деп жазды. Сары қыздың отбасы мен Жеңісбек үйінің арасында алыс аталастық байланыс қана болды, сөйтсе-дағы бір ауылдың ауасын жұтты, бір ауылдың қисық, бұралаңды көшелерінде жүріп ер жетті, тыныштық, ымыра орнаған ауылда бір-бірін дос, бауырдай көрді. Көкірегі арманға толы он бес жасар қыз бен есі кіресілі-шығасылы жиырмадан асқан жігіттің арасында достық болуы мүмкін бе дер бір оқырман. Мүмкін дейміз біз, жанының әппақ қардай тазалығы, әлемді жарымжан болмысымен-ақ сүйе алатын пейілі, қуаныштан дүрсілдеп тұратын жүрегі бар Жеңісбекпен дос болмау, дос болмаймын деу мүмкін бе? Осы ауылдың ұсақ малына иелік етеді. Күн көкжиекке көтеріле бір отарға жуық қой, ешкіні айдап жөнеледі. Өріске. Қолында сабын қайыңнан жонып, үш өрім кендірден ескен салақұлаш қамшысы болады. Қайсыбір жүгермектер секілді малды теппейді, кесек, таспен ұрмайды. Құлаштан астам қамшысын әуелетіп әкеп жерге сарт еткізеді. Малды үркітуге, жөнге салуға сол да жеткілікті. Басына милықтан түсіре кигені - өрнегі әлдеқашан жоғалып, киізінің өзі жұқара бастаған қырғыз ағайынның айыр қалпағы, иығына артары - қысы-

жазы бір жамылғы: көнетоз қара жадағай, жалаң денесіне киген бұл шоқпыттың белін ала жіппен қынай буады. Бұтында қара шибарқыт шалбар, аяғында керзі етік. Шалбардың тізе тұсынан сан алуан жамауды кезіктіруге болады. Иесінде түстер мен маталардың үйлесімі, жымдасуы деген түсінік жоқ болуы керек, сондықтан қара шалбардың тізе тұсынан қызыл қиықты барқытты да, дөңгелек ақ түсті шытты да, тіпті кейде жалтыр паршаның алақандай бөлшегін де кезіктіруге болады. Бойы ортадан жоғары, екі иығына екі жігіт мінгендей әлеуетті. Бидай өңді терісін өрістің шақырайған күні одан әрмен тотықтырып, қою қара түске малған. Шаш қойғанды жаны сүйе ме, әлде оны қысқартуға еріне ме екен, ұйысқан қара шашы желкесін жауып тұрады. Мұнысы бақташының жасын анықтауда кедергі тудырады. Жас шамасын өзін танымайтын, алғаш көрген екі адамның бірі жиырма бесте десе, екіншісі оған қой, қайдағы жиырма бес, бұл тұп-тура елуді орталаған адам деп дау айтуы мүмкін. Бұл елуде де, жиырма бесте де емес, өзінің айтуына құлақ салсақ: Құдай қаласа, мамыр айының тоғызыншы жұлдызында жиырма бірге келемін немесе құдай оңдап, өткен мамыр айының тоғызыншы жұлдызында жиырмаға толдым. Қазір марқұм боп кеткен, ол күнде таяққа сүйеніп жүрген бабасы жеңіс күні туған немересіне қандай ат қойып, азан шақырсам деп көп ойланбаған. Осы ауылдың алма бағына бастар шеткері көшесінде тұрады. Әке-шешесі,

бауырларымен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір кешуде. Бірақ, Жеңісбек әке-шешесінен де, бауырларынан да өзгеше. Барлық адамдардан өзгеше. Киімі өзгеше, сөзі өзгеше, кейіпі өзгеше. Бастапқыда, атап айтсақ, он жасына дейін өзгешеліктен ада, кәдуілгі адамдарша өсіп келе жатқан. Бұл ауылдың сыртында қылаң қара өспейтін айтақыр бар. Нендей себебі барын кім білген, соңына түсіп зерттеген біреу болса жаңалығын аша жатар, атшаптырым жерге қылтанақ шөп өспесіне қарап ауыл тұрғындары әр түрлі аңыз қалдырған. Шыңғысханның әскері Отырарды жаулауға бара жатқанда түнепті, бір түнде көк атаулы солып қалып, содан айтақырға айналыпты деп соғады. Бұрын да, қазір де ауыл балалары осы айтақырға есек жарыстырып ойнайды. Кәдімгі ұзын құлақты, тері адал, өзі харам сұр есектер бәйгесі. Мәшкі мінген, қодық мінген, тайқар мінген топ бала тақырдың шаңын аспанға әуелетіп жарысады. Сондай жарыстың бірінде он жасар Жеңісбек те бір сұрдың үстіне мініп, жөнеп келе жатқанда... аңдаусызда құлап қалыптымыс. Ата-анасының көрсетпеген дәрігері жоқ, содан бері өзгеше. Кәдуілгі адамдардан сөзі өзгеше, пайымы өзгеше. Сары қыздың үйінің төрт-бес аша тұяқтысы да Жеңісбектің алдында. Күн мойынын созғанда көше бойынан шаң көтеріледі. Бұл ауыл малының өріске аттанғанының белгісі. Күн төмен иіліп, сам жамырағанда ертеңгілік орын алған шаң тағы ауыл үстін басады. Маңыраған қой, бақылдаған теке,

сыртылдаған тұяқ үнімен кішігірім базар орнап басылады. Малдың қоңы оңды, күйлі. Бұл-дағы көгалды жерге жайып, шопан ата мен сексек ата баласының бабын келтіре білер Жеңісбектің арқасы. Бірақ, мұндай мамыражай, біріне-бірі ұқсайтын тәуліктердің арасында ауыл жұрты үшін қиын, малы үшін азапты күндер де боп тұрады. Наурыз айының сәуірмен жалғасар оншақты жұлдызы мен қазанның бастапқы екі аптасында ауыл малы өріске өрмей, қорада қамаулы қалады. Құстың келуі мен кетуі әлдекімдер үшін романтикалы, өткен-кеткен тәтті елестерін сағынышпен еске түсірер әдемі шақ болса, көктен моншақтай тізіліп тырналардың тізбегі көрінуі немесе жылы жаққа сыңсып ұшуы қорасында қой, ешкісі бар ауыл жұрты үшін түк те қуаныш емес. Кезекпен мал бағуды ұйымдастырғанымен, бала-шаға бағып қарық қылмайды, ұры алады, ит-құсқа жем болады, әйтеуір отардан күй кетеді. Ал, бұл уақыт Жеңісбектің өзгешелігі тым басым күш алып, алдындағы малын ұмытып көшеде жүретін кезі. Ол мұндай кезде үй бетін көрмейді, жуынып, шайынуды өмірлік әдетінен сызып тастайды. Таныс-тамырмен амандасуды да есінен шығарып алады. Қалай аталатынын, қандай материядан тұратынын, көлемінің қаншалықты екенін, онда тағы да кімдердің өмір сүретінін ешкім білмейтін өзінің дара әлемінде болады. Сол ауылдың тұрғындарымен тілдеседі, сөйлеседі, билейді...

- О, леди, амансыз ба?-дейді Жеңісбек. Сөйтеді-дағы екінші дауыспен өзі жауап береді. - Рахмет, мырза, мархаббат етіңіз. - Аса қымбатты леди, мен сізді осы аптаның бейсенбісінде театрға шақырмақпын! Онда біздің сүйікті Калдерон де Ла Барканың трагедиялық пьесасы қойылмақ!-дейді. Сірә, ханым келіспей тұрса керек, Жеңісбек ендігісін екінші дауыспен сөйлейді: - Мырза, мен одан гөрі өз заманымызға жақын Пристли, О’ Кейсилардың туындысын тамашалағанды ұнатамын! Сары қыз жер шарының екінші бір қиырында сондай драматургтардың өткенін жиырмадан асқан соң ғана білді ғой, ал, сол күндері бұлардың кім екенін мектеп директорының өзі де түсінбейтін. Жеңісбектің өзгешелігі аяқталмай, ауылдан маза кеткен күндердің бірінде шыдамсыз қарияның бірі үйінің есігін қағады: - Әй, Жеңісбек, күллі малдың шулап тұрғаны анау, қорада бірінің жүнін бірі жұлып жеп! Сенің жатысың мынау!

- О, мырза! Сіз дұрыс айтасыз, ағылшын лорттары отыратын орындық қой жүнімен толтырылған!-дейді Жеңісбек. - Көп сөйлей бермей, анау малға ие бол, бет, бетімен кетіп барады! - Иә, бұл тақырыпты біз кеше ғана талқылаған болатынбыз,-дейді Жеңісбек. - Мен кеттім! Ертең қалайда өріске мал айдайтын бол, ертең Жеңісбек малға өзі шығады деп қорасында қой бар үйге айтып қоямын! - Қызметші, біздің құрметті сэр қайтқалы жатыр, пәуескені әкеліңіз!-деп айқайлап Жеңісбек қалады. Қария үйіне қайтқан соң Жеңісбек ойланады-ау, жұрттың жағдайын, күтімсіз қалған ауыл малының аухалы үшін есін жияды-ау, бақташылығы үшін табатын азын-аулақ пұлдың қалтасын теспесін біле ме, ертеңгісін таң атып, қияға күн ілінген мезгілде қайың сапты қамшысын алып көшеге шығады. Сары қыз сол бір мөлдірлігі жоғалмаған бала кезінде Жеңісбекті жел сөзден қалай қорғаса қазір де тап солай қорғайды: Барлық адамға тән ұғымнан алшақ өмір сүру ақылдың аздығын білдіре ме? Адамның өзі қалаған нәрсесі бойынша ғұмыр кешуін күлкіге айналдыру қиянат емес пе? Сары қыздың бұл пікірін атасы да қуаттайтын.

- Жеңісбектің кісіге қиянаты жоқ, еңбекқор, кішіпейіл, кітап оқып өзін дамытып жүретіні де бар, мен оны шалықтаған дегенге тіпті де сенбеймін,- дейтін қара шал. - Жеңісбектің бір ғана кемшілігі – көктем мен құс қайтқанда аздап ауырып қалатыны. Немесе, бұл ауылда одан иманды адам жоқ! Бұл әжесінің сөзі. Ауырса несі бар дейді сары қыз: жұрттың бәрі де ауырады емес пе? Өзгелер секілді ауырдым деп дәрігерді әурелеп, дәріге ақша шығындамайды, Жеңісбек ауырса бар болғаны бірер жеті өзімен-өзі сөйлесіп жүреді де айығады. Тіпті, өкімет оның ауырғаны үшін ақша да төлейді! Жеңісбек жаратылыс атаулыны бақытты деп танитын. Үйінен шыққанда қып-қызыл алтын табақтың бір шеті Қаратаудың ең биік шыңына ілінеді, маңайға қызғылт рай себезгілейді. Көшедегі тал-дарақ сыбдыр қағады. Қайыңның жапырағы оған сыбырлап «сәлем» дейді екен. - Қалың қалай, жапырақ сұлу!-дейді оған қолын бұлғап. Алма ағаш теңселіп есендеседі. - Армысың, алма апай!-дейді бар дауысымен.

Ал, қаратал болса... үнсіз тұра береді. Назар салмағаны қалай деп өкпелеуші Жеңісбек пе, мұның өсіп тұрғанына жүз жыл, бәлкім жүз елу жыл болған шығар, өзі менен үлкен шығар деп түйеді, сондықтан бірінші амандасады: - Қайырлы күн, қара тал атай! Ол сонда ғана жымиғандай болады, басын изегендей болады, әйтеуір бір ілтипатын жасағанын іші сезіп алға қарай жүре береді. Бұралаңды көшедегі жасыл атаулы бақытты екен деп пайымдайды. Ойнақ салып жүрген иттер арсалаңдап жетіп, сүйек дәмете қарағанда құр қол екенін айтуға арланбайды. Иттер де бақытты деп ойлайды. Кішкене базарды жанай жүреді үлкен сабадағы сүт тәкаббарсып тұрады, орташа тегенедегі қаймақ маңайға тоқмейілсіп қарайды. Біз бақыттымыз дейді олар. Картоп сататын тәтейді көреді, реңсіз, сұрықсыз болса да оның алдындағы картоптар өзін бақыттты сезінетінін аңғарады, бақыттымыз, бақыттымыз деп айтып жатқандай болып тұрады. Сары қыз жұрттың бәрі есалаң көрген Жеңісбекті ешқашан жарымжан қатарына қосқан емес. Ол сол кезде өзгелерге ұқсамайтындығымен ерекшеленді, өзін жалпыға ортақ әдет пен дәстүрлерден тыс ұстай білгені үшін жынды саналды.

Қаратаудан азынай соққан арыстандының өкпегіндегі қоңыртөбел ауылын Іле Алатауының баурайындағы паң қалада отырып есіне алған сары қыз Жеңісбекті әлі де өлімге қимаймын деп күбірледі. Жеңісбекпен ең соңғы рет кездескен кеш ойына оралғанда көктем көзінен мөлдір тамшы ыршып түсті. Тап сол сағатта Жеңісбекті соңғы рет көріп тұрмын деп ойламаған, осы кездесуден кейін оны өмір бойы сағынатыны да білмеген, ауылға қайта оралғанында өзі жақсы көретін жандарының бірі алдынан күліп шықпайтынын сезбеген. Мектепті бітіріп, әкесі өскен қарашаңырақтан біржола аттанып бара жатқан күні еді. Кешқұрым уақытта Жеңісбек келді. Олар жазғы сәкіге тізе бүкті. - Мен ертең оқуға кетемін,- сары қыз. - Жақсы,-деді Жеңісбек: - Сен мен үшін де оқы! - Мақұл,-деді бұл. Сосын екеуі де төмен қарап үнсіз тұрды. - Бүгін ешкілер мені қатты шаршатты. - Егінге түсті ме? - Иә, сендердің қызылауыз боз ешкілерің бірде егінге түсіп, бірде ауылға қарай қашып әбден тұралатты. - Кебенек келгірді ұрмадың ба?-деді сары қыз: Ол таяқтан қатты қорқады.

- Мен малға қол көтермеймін. Малдың киесі болады,-деді Жеңісбек. - ... - Онда мен кетейін. - Жақсы. Сол кезде сары қыз қазір Жеңісбек екеуміз жылап айрылысармыз деп түйген, күткендей болмады, сап-салқын қоштасты. Сол кеткеннен ауылға бір жылдан соң ғана ат ізін салған. Әжесі қайтыс болғалы бұл ауылда сары қыз сағынарлық адамның саны тым азайып кетіп еді. Ауыл туралы ойласа тек Жеңісбек ойына оралып жүрген. Анда-санда телефон шалғанында оны сұрап тұрды: - Жүр ғой,-дейтін немере ағатайы. Бар болғаны бір ғана сөз. Әжесінен қалған түтінге ертеңгілік уақытта кеп жеткен. Жеңісбек кешкісін келер, қазір малдан шыға алмас деп түйді. Көлеңке басы ұзара берді, жөпелдеме жөнелді, ақшам әбден орнықты. Жеңісбектің қарасы шалынбады. Тым-тырыс. Ендігісін үйдегілерге шүйлікті: - Жеңісбекке не болған? Көңіліне келер бірдеме айтып па едіңдер?-деді: - Өрістегі мал бағана жетті ғой. Осы уақытқа дейін менімен көрісуге неге келмей отыр?

Жеңешесі төмен қарады. Ағасы жөкірінді: - Жеңісбек жазған... үш ай бұрын суға кетіп... Көктемгі қара су тасыған уақта шомылмақ боп... Қайта сүйегі бір күнде табыла кетті. Табылмай қала ма деп қорқып ек, ағайын, туыс арулап қойды,-деген. Сары қыз сол түні түс көрді. Түсінде Жеңісбекті көрді. Ол қара жадағай мен құрым шалбарды әппақ шапанға айырбастапты. - Сабағың жақсы ма?-деді ол. - Иә, бірақ, мен маған айтпай кетіп қапсың,-деп өкпесін айтты сары қыз. - Мен жұмақтамын,-деді ол. - Мен мынау жерді таңдап алдым,-деп үлкен ақ қақпаны көрсетті. - Бұл не?-деді сары қыз. - Бұл жаннатқа кірер қақпа,-деді: Осы жерде отырып, сені күту үшін рұхсат алдым,-деді. - Сен қалайда кел, мен оған дейін тапжылмай күтемін,-деді. Сосын шапанының етектері әлдебір аппақ гүлдер үстінде жайылып, сары қыз өмір сүретін әлем жаққа күлімсіреп ұза-а-ақ қараған.

АУЫЛДА Екі тәулік жол жүріп, ауылдағы қара шаңыраққа таң қылаң бере жеттім. Қаланың сызданған пенделері мен тас үйінен безінген сорлы көңілім кенен мейірімге масайып, мәз: Ала сиырдың үш-төрт апталық қара бұзауын жалапжұқтауы мен екі күн бұрын балапан жарған қызыл мекиеннің шөжелерін қорғауына қараудың өзі рахат, бес-алты тоқты-торымның күзетшісі өзі екенін аңғарып, бақылауынан жаңылмайтын төрткөз төбеттің жауапкершілігі сүйсінбесіңе қоймайды, қау пәлектің ішінен көлемі кішігірім қазандай қарбыз өзіне шақырады, оқушы қыздың қолшатырындай басын иген күнбағысты маған сәлем салып тұр деп түсінемін, төбемнен қалықтай ұшқан қос қарылғашқа қарап жүрегім дүрсіл қақты, менің бала кезімде мынау жұпыны үйдің босағасына жыл сайын ұя салатын екеу осылардың нақ өзі ме, әлде есейген балапандары ма екен, жеңгем ағаштан шапқан тостаған толы айран әкеп ұсынды. Ал, мен жылап жібердім. - Қаланың қара түтініне қақталған шығарсың, кеткенше ағарған іш,-деді. Мен себепсіз жылауға ұялмадым. Ол да ботадай боздап отырғаның не деп сұрамады, бұрыла берді.

- Әжесін әлі сағына ма екен, осы үйге келсе көзінен жас құрғамайды, ана көшедегі молда шалға барып үшкіртіп қайтамын-ау, оған баруға көнсе жақсы...-деп өзіне өзі сөйлеген қалпы шаруасына беттеді. Құлағымның түбінен есек ақырды, бұл шаңырақ жылқыны арбаға жеккен емес, осы үйдің күллі ауыр тірлігі мына сұр әңгінің арқасында бітеді. Мен ауылдан кетер жылы туылып еді, құлақтары тіп-тік, сүйкімді сұрбедеу қодық болатын, тері адал, өзі арам неменің күшімен келген маяның үстіне шығып жантайдым, биіктен көрші-қолаңның бақшасы мен ауласы тегіс көрінді, осы уақытқа дейін данышпандарымыз бен ғұламаларымыз бақыт деген ұғымды сан түрлі сипатпен түсіндірді, бірақ, сол теориялардың барлығына қолын бір сілтеген, әлемдік ақпарға еш қызықпай, қойының күйлі, бақшасының жемісті, баласының қарыны тоқ, тәрбиесі оң болуын ғана қалайтын мына ауыл тұрғындарының пәлсапасында шындық бар, құлағымның түбінен шегіртке ән салды, мұндай әуезді, көңілді және еркін әуенді ешқашан естімеппін дедім. Кенет, көрші үйдің қақпасы сықырлай ашылды да, көшеге кербез жүрісімен ырғала басып Таңсұлу кемпір шықты. Бұл кейуана әжеммен түйдей құрдас еді, сырлас, мұңдас еді. Содан ба екен, осы кемпірді ұшыратсам әжемді көргендей арсалаңдаймын. Қау маядан сырғанап түстім де, көшеге жүгірдім. Ақ түсті паршадан кең көйлек киіп, қара барқыттан жамылғы ілген сырбаз кемпірдің соңынан қуып жеттім.

- Әже, мені танымай қалмадыңыз ба, ауылға ат ізін салмағаныма үш жылдан асты, мен баяғы өздеріңіз асырап, баққан сары қызбын,-деп бастырмалаттым. Кемпір сексенге жақындаса да санадан жаңылмапты деп қуандым, жағдайымды сұрап, құшағына басты. Қарының аш емес пе деген сұрағына көңілім босады, жүре бермей күйеуге шық деген кеңесіне күлкім келді. - Мынау көрші ауылда шілдехана өтіп жатыр еді, соған бара жатырмын,-деді кемпір. - Онда жолыңыздан қалмаңыз, ауылда әлі біраз боламын,-дедім. Шайқала басып адымдай берді де, артына кілт бұрылып, маған айқай салды: - Әй, сенің әжең қайда? Мені ертіп кетпедің деп кейін ренжіп жүрер, мына көлеңкеде күте тұрайын, барып шақырып келе қойшы,-деді. Манағы алжымапты деген болжамым алдапты-ау дедім. Жеті жыл бұрын қара кемпірдің мейрам суын өз қолыңызбен татырып, өз қолыңызбен ақ шытыраға орап, жөнелтпеп пе едіңіз деуге оқтала бердім де, айнып қалдым. - Әже, сіз естімеген екенсіз-ау... Менің әжем атамды қартайды деп менсінбей, кеше түнде өзі жас, өзінің ақшасы көп бір шалмен қашып кетіпті,-дедім күлімсіреп. Таңсұлу кемпір аңтарылып қарады: - Сөйтті ме..? Атаңа тиерде қу кедей деп менсінбей, өзін сұлумын деп, болыстың қызымын деп біраз бұлғақтап еді...-деген қалпы алға адымдай берді.

Әлі пісе қоймаған, томпақ бетіне қызыл шырай енді жүгіре бастаған жемістерінен бұтағы иілген алма ағашының аясына барып шалқалай жаттым, бұл бір тамаша демалыс болды деп қуандым. Таңсұлу кемпірдің әлгі сөздері күлмесіме қоймады, туған ауылдың табиғатына жан-жүйкем босап, айқайлағым келді, көк шалғында аунап жатып, сақылдап күлдім. - Әй, жемісі әлі піспеген алма ағаш, қалың қалай?-деп айқай салдым: - Сен білесің бе, мен құлпынай қосылған балмұздақ деген роман жазып жүрмін. Біткен соң өзіңе оқып берермін,-дедім. - Қып-қызыл қызанақ, сені қазір жеймін!-деп есіріктене күлдім. - Көк терек, жемісің болмаса да, өмір бақи сорайған күйіңде тұра берсең де, бәрібір сен сұлусың, сымбаттысың,-дедім. Құлағымның түбінен айдары жалын қызыл қораз бар дауысымен шақырды. - Қап бәлем, сені ме?! Бүгін кешке сенен сорпа жасап бер десем қайтесің?! Өзің тіл үйірерлік дәмді шығарсың!-деп бейне қансорғыштың кейпімен қыр көрсеттім. Мен өскен қарашаңырақтың бақшасының бір бұрышынан сылдырап ағатын кішкене бұлақ бар, айнала жазық құла болса-дағы, бұл тәңірінің мейірімімен пайда болған су көзі, қысы-жазы шабысынан танбайды, жылғалай ағып, жасанды тоғанды толтырады, біраз үйдің бақшасы осы титімдей жетім

бұлақтан шөл қандырып, аша тұяқтысы таңдай жібітеді. Тоған іші балдыр, түбі көкшуалан тартқанымен, суы тұнық. Киімшең қойып кеттім-де, еркін көсілуге аядай болса-дағы, әрі-бері жүзгілеп, діріл қағып және бой, басыма балдыр іліп, сыртқа шықтым. Мұнан кейін де тоқтамадым, есекке міну бойжеткен қызға лайықсыз дедім, соғымға сақталған құнанға аяқ артпақ ем, ер-тоқымын таппай, жайдақ мінуді ұят санап, ақыры көк белесебетке отырып, көшені бойлап жүйткіп келем. Ойлы-шұқырлы, тастақты-құмды даңғыл көзге жылы ұшырайды, жасыл, көк түсті қақпалар да баяғыдан таныс. Сонадайдан Таңсұлу кемпір көзіме шалынды. Еңсесін тік ұстап, қадамын сәнді басып келеді. Темір көлігімнен түсіп, ноқтасынан жетелеп алдынан шықтым. Еркелегім келді, үйіне барып құрт, жент жегім келді, бұл кемпірдің сандығында тәтті-дәмділер көп еді. - Әже, қалай демалып қайттыңыз,-дедім. - Шүкір, үйге барып шәй ішпесем болмас, басымның сақинасы ұстағалы тұр, құдайдың күні де жанып кетті-ау...-деді кемпір: - Айтпақшы, әжең қайда? Мен самаурын қоя берейін, әжеңді шәйға шақыр, ойнап кетіп есіңнен шығарып алма, ол әдейілеп шақырмасаң біреудің босағасынан аттамайды.

Мына кемпірге не айтсам екен деп дағдардым. Өзі алжығанымен қоймай, мені де естен айыратын түрі бар. Абысыныңыз жеті жыл бұрын бәрімізді зар жылатып о дүниеге кетіп қалғанынды айтпақты ойладым да, кәрі кісіні жабырқатпайын деп тағы да алдарқатуға жүгіндім: - Ол кісі үйде жоқ... жиендерімді сағындым деп кеше ғана Шымқаладағы қызының үйіне кетті. - Қап, мен де балама бармақ ем, маған айта салмады ма, бірге баратын. Мейлі, мен де осы жұмада Шымқалаға барам, сонда кездесермін,-деген кемпір жөніне кетті. Кешкі ас үстінде де тыным таппадым, бала күнімде бастан кешкен оқиғаларды айтып, самбырлап отырдым. - Саған арнап жемдеген тоқтыны ертең соямын, бүгін дәу қызыл қоразды сойып сорпа істедім,-деді жеңешем. - Мен бағана ол байғұсты етіңді жеймін деп қорқытқанмын,-деп күлдім. - Бүгін шаршаулы келді деп ештеме айтпадым, үш жылдан бері осы ауылда біраз кісі көз жұмды, ертен бәрінің үйіне кіріп көңіл айтып шық,-деді жеңешем. - Жарайды, мына қызыл әтештің еті дамді екен,-дедім.

- Таңсұлу әжеңді ұмытпаған шығарсың, сол кісінің де қайтқанына екі жылдан асты. - Немене?! - Иә, көктемнің күнінде қан қысымы көтеріліп... Қай зауалды да көтеруге болады, бірақ, ой ауытқуына шыдай алмаспын, құдайдан санамды сақтай гөр, жынданып кетпейінші деп тіледім. Жеңешем дәм-тұзы түгесілгендерді түгендеп, әңгімесін жалғағанымен, құлағыма бірі де енбеді. Көз алдымда ақ паршадан кең көйлек киіп, қара барқыттан жамылғы ілген Таңсұлу кейуана ғана тұрды.

ЭПИЛОГ Сары қыз балалық шағын көз алдында көлбеткен туған ауылында өткен соңғы әңгімені қағаз бетіне түсірген соң мәңгілік қимасым - әжем мен балмұздақ құмар балалығым туралы жазып біткен болармын деп депті. Сол мезетте, аса мәртебелі прозаның өзіне разы жанармен қарағанын сезіпті, оның нәзік те, әлсіз қолдарымен шашынан сипағанын байқапты. Осы сәттен бастап ғұмырым басқа арнамен жосылады, жоғалтқан жақындарымды осы

роман арқылы жоқтап шерімді тарқаттым, енді жағасына жармасып тағдырмен бақталасамын, басқаша өмір сүремін депті. Содан соң Байзақтың Исасының атын иеленген көшені бойлап адымдай беріпті, сол сағатта Алматының ақ жауын да төпеп тұрыпты, соңғы рет жылағаным болсын, мынау нөсер көз жасымды білдірмей жуып кетсін деп ойлапты. Ер жігітке бір тамшысын да қимаймын, бірақ, көз жасы әйелге сөзсіз жарасады. Үйлесімді екен деп көзеңді арзымаспен, арзанмен жуғанды да қаламаймын. Жанарыңнан үзілген мөлдір тамшыларға татитын жан болса тайынба, еңсегей бойлың қасыңда тұрса, иығына басын сүйеп еңіреуде бір керемет деп күбірлепті. Өзінің бойымен бірдей Күнекейді құшақтап, көйлегінің өңіріне жаңғақ мүжіген тиын бейнеленген, бес жасар қыз алдынан қара көрсетіпті. - Қайда бара жатырсың?-депті біздің кейіпкер оған суық қарап. Жалпы оның бағыты өзіне аян болса да әйтеуір сөзге тарту үшін сұрай салды ма екен..? - Құлпынай қосылған балмұздақ сататын дүңгіршекке,-депті бүлдіршін. Мұны естіген сары қыз ызалана күлімсірепті.

- Бірақ, өмір тап сол бір құлпынай қосылған балмұздақ секілді тәтті емес екен. Құлпынай қосылған балмұздақтың бағасындай арзан да емес көрінеді,- депті. Күшті дауыл көтерілгенде әжесінің етегіне тығылатын оны қызғанып тұрып, өмірдің сұрапылдарында бас сауғалайтын қарасы жоқ өзін аяған да болар. Біраз жүрген соң құлағына таныс бір үн жетіпті. - Қаймақ қосылған, құлпынай қосылған балмұздақ! Вера тәтейдің жар салған дауысына тұңғыш рет сүлесоқ қарапты. Линдгрен ертегісінің кейіпкері тәттіқұмар Карлсонның суретін сауырына жапсырған балмұздақ сатушы көпестер мінген ақ мәшиненің елесі жолын бөгегенде жайбырақат қадам басыпты. - Вера тәтей, менің жаным енді құлпынай қосылған балмұздаққа жұбанбайтын секілді,-депті оған мойын бұрып. Енді ешқашан да құлпынай қосылған балмұздақтың жүрегінде бұғып жатқан сәбиді оята алмасын түсініпті де, өмір жолымен батыл адымдап кете беріпті. *** *** Проза күле қарады да, көгілдір көзінде көл-көсір мұңы бар сары қыз бен құлпынай қосылған балмұздақ құмар балалықтың базары жайлы әңгіме

осылайша жазылып бітті. Кейіпкеріміз туралы білгіңіз келсе айтайын, аманесен жер басып жүр, сол баяғы Төле би мен Иса көшелерінің қиылысындағы жұпыны үйде, имандылық қашып, құдайы әлдеқашан тастап кеткен алмалы шахарда тұрады, әжесін кезіктірмеді, шамасының жеткенінше пәнидің арбасын сүйреуде. Күйкі тірліктің жәрмеңкесі туралы оқырманға арнаған біраз дүниесі тартпасында жатыр. Бірақ, Сіздерге келесі жолы ұсынары мүлдем басқа әңгіме... Соңы.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙