Мұрат Мөңкеұлының өлеңдері мен жырлары
Мұрат Мөңкеұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Мұрат Мөңкеұлы – зар заман ақындарының ішіндегі аса белді өкілі. Тәуелсіздікті аңсап, бодандыққа қарсы жыр толғады. Өмірдің өтпелі кезеңі жайлы айтып, елдік, ерлік жайын назарда ұстаған. Білімді болу арқылы елін көркейте алатынын негізгі ұстаным ретінде жеткізеді.
Үш қиян
1
Заманнан заман оралған,
Дүние шіркін соны алған –
Адыра қалғыр бұ қоныс
Қайырсыз екен озалдан.
2
Қайырсыз неге десеніз,
Асанқайғы, Қазтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс —
Қалған екен солардан.
Біз де бір сондай болармыз,
Артық па едік олардан?!
3
Еділдің бойы — қанды қиян,
Жайықтың бойы – майлы қиян,
Маңғыстау бойы — шанды қиян,
Адыра қалғыр үш қиян!
Үш қиянның ара бойынан
Жеті жұрт кетіп жол салған.
Жеті жұрттың кеткен жер,
Қайырсыз болған неткен жер?!
Адыра қалғыр көк Жайык,
Көпір салып өткен жер,
Асанкайғы, Казтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс,
Шораның шұбап кеткен жер.
4
Тұлпар мініп, ту алған,
Дұшпаның көріп қуанған,
Алмасын қанға суарған,
Аруақты ерлердің
Абыройын төққен жер,
Керегесін кескен жер,
Кесіп, бұршақ еткен жер,
Ердің соны — Исатай
Бармағын тістеп өткен жер!
5
Жеті жұрт көшіп кеткен соң,
Атамыз қазақ баласы
Конып, мекен еткен жер.
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Жүзден-жүзден нар байлап,
Дәулеті қалың біткен жер.
Аузы түкті кәуірдің,
Басы шошақ қалмақтың
Қанын судай төққен жер.
Алма мойын аруын
Ерлерім олжа еткен жер.
Күндердің күні болғанда,
Таршылыққа қалынды,
Қайырсыз болған неткен жер?!
6
Адыра қалғыр көк Жайық,
Садағын сала байланып,
Астана жұртын айналып,
Ерлерім енсеп желген жер.
Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,
Ақтылы қойдың өрген жер.
Шалқыған дәулет мол бітіп,
Қызығын жұртым көрген жер.
Емендей белін бүгілтіп,
Жібектей жалын төгілтіп,
Еріні төмен салынған,
Құйрығы күлте малынған,
Күдері бел, күпшек сан
Бедеу атқа мінген жер.
Аузы түкті кәуірді
Ерлерім айдап келген жер,
Қысырақтай бөлген жер.
Күндердін күні болғанда,
Таршылыққа іліндің,
Жеті жұрт кетіп бұлген жер!
7
Шаңдаттырып даласын,
Талқан етіп қаласын,
Атамыз қазақ болғанда
Әлденеше шапқан жер.
Қоралап айдап дұшпанды,
Үргеніш пен Бұхарға
Сарыала алтын, ақ күміс
Қарық олжаға батқан жер,
Алтыннан тұмар таққан жер.
Қырғауылдай қызыл нар,
Қыз-келіншек жиылып,
Қызықпенен артқан жер.
Айыр өркеш сары інген,
Кілем жауып үстіне,
Қыл арқанмен тартқан жер.
Мыңнан жылқы айдаған,
Жүзден нарды байлаған,
Салтанат түзеп мырзалар,
Тамашаға батқан жер.
Қайырсыз болып барады-ау,
Атамыз өткен Асан би
Мұны да құтсыз деп айтқан жер!
8
Мұның құтсыздығының белгісі:
Алтыатаның ар жағы,
Талөкпенің бер жағы,
Сақмардың бойын жайлаған,
Сарғая бие байлаған,
Ақсуда тайы ойнаған,
Еңсемді кәуір басар деп,
Едіге бидің көшкен жер.
9
Қойды мыңнан өсірген,
Жылқыны санға жеткізген,
Арпа, қауын төктірген,
Жеріне жеміс ектірген,
Тоғыз жылдай сарғайып,
Қойына қошқар салмаған,
Еркегі қатын алмаған,
Қабыршақты, Қарасу,
Қанатымды залым қияр деп,
Қарға бойлы Қазтуған
Қайғыланып көшкен жер.
10
Табаны жерге тимеген,
Мандайы күнге күймеген,
Тұлпардан өзге мінбеген,
Салқындыққа алқара күс тон киген,
Салтанатқа салпы ерінді нар артып,
Салқамдыққа жорғадан өзге мінбеген,
Жаскұстың арғы тұмсығы
Жәнгірдің қала салдырған,
Негіз етіп қалдырған,
Нәріктің ұлы ер Шора
Айқайласып, шуласып,
Баланы кәуір сұрар деп,
Мұңайып ханның көшкен жер!
11
Садағын сала байланған,
Астана жұртын айналған,
Жауды көрсе — жайнаған,
Жай тасындай қайнаған,
Мың қалмақты, кез келсе,
Айдарынан байлаған,
Көгендеп койдай айдаған,
Қараша, Құбан – қанды су,
Ақтөбе, Бозан — данды су,
Үшөзен, Самар – жанды су,
Бестерек, Еділ бетінен,
Бұлдырған мен Бадашы
Көп қалмақтың ішінен,
Бесешкі таудың шетінен,
Билікті кәуір алар деп,
Қараның ұлы Сидақтың
Кайғыланып көшкен жер!
12
Алты жыл балшык бастырып,
Тоғыз жыл керіш соқтырып,
Сусынын шайға қандырып,
Хандығына жұртын нандырып,
Адыра қалғыр Аштархан,
Әз Жәнібек хан салдырып,
Ақылын кәуірге алдырып,
Айласы құрып, кеткен жер!
13
Бірсіндеп садақ асынған,
Біріндеп жауды қашырған,
Адырнасын атқа алған,
Атар оғын тайға алған,
Қорамсаққа кол салған,
Қозы жауырын ок алған,
Атқан оғы зырқырап,
Еділден өтіп жоғалған,
Еділде тұрып оқ атса,
Жайықта оғын жоғалтқан,
Жайықта тұрып ырғаса,
Еділде оғын жоғалтқан,
Бір атқанда он атқан,
Атқанын қардай боратқан,
Бір өзінің белінен
Елу алмас тоздырған,
Атағын жұрттан оздырған,
Ерегесіп келгенде,
Ескі ауруды қоздырған,
Тұла бойы қалталы,
Қарыс қара балталы,
Үсті толған күймелі,
Құнан бұқа шүйделі,
Жараған айғыр шекелі,
Күжірейген бура келбетті,
Көн жамылған көр бетті,
Айдаса, жөнге жүрмеген,
Адамның тілін алмаған,
Айдаһардың тынысын
Қолыменен барлаған,
Аштарханнан ақырса,
Атаңа нәлет қалмақтың
Алтын туы жығылған,
Өгізтауда өкіртіп,
Он екі ханды өлтірген,
Дегеніне келтірген,
Адыра қалғыр ит Нарын,
Орақ пенен Мамай да,
Ойдағы дәурен болмас деп,
Ойран салып көрген жер!
14
Табаны жерге тимеген,
Мандайы күнге күймеген,
Тұлпардан өзге мінбеген,
Дұшпанга оғын кезеген,
Заманында өзінің
Аз бен көпті теңеген,
Құрмаласқан құдада,
Құдайласқан доста да
Артығым кетті демеген,
Жорық жортып жүргенде,
Жылқы еті болмаса,
Өзге азық жемеген –
Боқсақтың бойы боз қамыс,
Жаңбыршының ұлы Телағыс,
Елімді кәуір алар деп,
Заманы қалай болар деп,
Тынши алмай, көшкен жер!
15
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Жайық пенен Еділден,
Сағыз бенен Жеміңнен
Тастан көпір салдырып,
Тайсойған мен Қарабау
Мекен еткен жерлерің,
Шалқып жатқан көлдерің —
Дендерден бергі бауырайдан
Қазтуған шұбап өткен жер!
16
Ақтөбе менен Қорғанша —
Асанқайғы бабаның
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып,
Әңгіме құрып кеткен жер!
17
Қарақұтан мен Қалдыбай,
Жаңғызағаш, Жақсыбай —
Күлектің ұлы қарт Қожақ,
Естерек ұлы Тарғынның
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер.
18
Қалдығайты, Бұлдырты,
Жер реңкін қарасаң,
Көдесінің тұбі сайын бір жылқы,–
Қарақыпшақ Қобыланды
Тұлпар мініп желген жер.
Аузы түкті кәуірді,
Басы шоқты қалмақты
Ерлерім айдап келген жер,
Қысырақтай бөлген жер!
19
Өлеңтінің аяғы,
Шідертінің қоспасы,
Аңқатының басы — Тасоба,
Он сегіз жыл атысып,
Орманбет бидің өлген жер,
Он сан ноғай бүлген жер,
Орта бойын сырлаған
Оқ жаңбырдай жауған жер,
Мұсылманның басынан
Дәреже тайып, ауған жер!
20
Қырық таңбалы Қырымның,
Он таңбалы Ұрымның,
Сегіз санды Сейілхан,
Он екі баулы Өзбектің,
Бұрынғы он сан Ноғайдың,
Кетейін десе, жөн таппай,
Адыра қалғыр үш қиян,
Қол ұстасып жүрген жер!
21
Байеке мешіт салдырған
Шыңғырлаудың сағасы,
Елек пенен Жайықтың —
Екеуінің арасы,
Бесобаның даласы
Айсаның ұлы Әнеттің
Дұшпанды қырып алған жер,
Қылышын қанға малған жер!
22
Аққұмдының сағасы,
Есенбайдын құмасы,
Қос Қобданың арасы,
Ақсудан бергі маң дала —
Қазақтағы Қалқаман,
Ноғайдағы Мүлкәман,
Естектегі Еламан деген биінен,
Енді қалай болар деп,
Тарыққанда ақыл сұрай барған жер.
23
Темірде қырқып күземін,
Тепсеңнен ноғай асқан жер,
Астаусалды, Шытырлы,
Көлденең шыңның басынан,
Қарақұм, Борсық қасынан
Мал суарып асқан жер,
Маңғыстаудың үш түбек,
Үш жүз алпыс әулие,
Бес намаздың жайы үшін,
Қадамдап аяқ басқан жер!
24
Үргеніш пен Бұхардан,
Қоңырат, Ташкент, Қоқаннан
Орнықты қоныс ала алмай,
Адыра қалғыр бұ қоныс
Асан би шұбап өткен жер,
Ноғай да шулап босқан жер!
25
Еділді тартып алғаны —
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.
Маңғыстаудың үш түбек
Оны дағы алғаны.
Үргеніш пен Бұхарға
Арбасын сүйреп барғаны,
Қоныстың бар ма қалғаны?!
Мал менен басты есептеп,
Баланың санын алғаны —
Аңғарсаңыз, жігіттер,
Замананы тағы да
Бір қырсықтың шалғаны!
26
Бәйіт еттім бұл сөзді,
Қайғы шегіп заманнан.
Заман азып не қылсын,
Ай орнынан туады,
Күн орнынан шығады,
Бұның бәрі адамнан.
Адамның азған белгісі —
Екі кісі дауласса,
Тату бол деп айтпайды.
Екі айырып арасын,
Арасынан пара алған!
Мұсылманның баласы
Қашуды қойды арамнан.
Шапағат, қайыр қалмады
Жақын-жуық жараннан.
Атқа мінген жігітте
Қалмады нәрсе қарардан —
Қайыр кетіп қазаннан,
Қуат кетіп азаннан.
27
Киім кисе, жеңі жоқ,
Етегі бар да, белі жоқ,
Бармақ сияр жері жоқ —
Қатпа болған түйедей,
Киеңкі болған биедей
Ел биледі бір сымпыс
Екі бұты таралған.
28
Дұшпан — тазы, біз — түлкі,
Қашсақ, ерікке қоймайды,
Інге кірсек, суырып,
Бір пәлеге жолықтық
Құлғанадай қадалған.
Бұл не деген ғаламат,
Қазынасы кең Құдайым,
Сақтағайсың саламат!
29
Саламат қайтіп сақтасын:
Берсең, түгел келмейді
Базарға қосқан аманат.
Болмаса едік масқара,
Байдан кетіп сақауат,
Пақырдан кетіп қанағат.
Діні басқа біреулер
Ел биледі аралап.
Бір пәледен мың пәле
Өсіп кетті балалап.
30
Замана қайтіп түзелсін:
Қоңсыдан туған би болды,
Бұ сықылды күй болды,
Көрген жұртқа таң болды.
Азамат ердің баласы
Айдарына малы жоқ,
Топ көрерге зар болды.
Қара кісі хан болды,
Қоспақтан туған қортықша
Қатарға шығып нар болды.
Асылзада баласы,
Дәулеті кетіп қолынан,
Қоңсысына құл болды.
Асылсыздың баласы,
Ақшасына сүйеніп,
Айтқан сөзі пұл болды.
Замананың адамы,
Заманың мұндай сұм болды!
31
Мен қауіп еткеннен айтамын:
Ақ борықтай иілген,
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін,
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін.
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін!..
САРЫАРҚА
Біз көштік Сарыарқадан бермен асып,
Көлденең Сағыз бенен Жемді басып.
Ат мініп, киім киіп, тұқым алдық
Сүйектес жақын жұрт деп араласып.
Сыртымнан бір қыстамай мін тағыпсыз,
Қонаққа сүйте ме екен келген сасып.
Қонаққа сүйте ме екен сасып келген,
Алыстан жақын жұрт деп асып келген.
Тәңір айдап Маңғыстауға еріксіз қуды,
Ісім жоқ кісі өлтіріп қашып келген.
Жиенді-нағашылы сүйектес жұрт,
Күн көрдік, көшіп–қонып кәсіппенен.
Сөз айтқан өздеріңе сын емес пе,
Ел едік Беріш, Адай бірге жүрген.
Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс,
Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.
Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай,
Біз түгіл солардан да қалған қоныс.
Бұл қоныс жеті жұрттың кеткен қоныс,
Ноғайдың көшіп талақ еткен қоныс,
Кәмелсіз қонған елін көп тоздырған,
Қайырсыз сол секілді неткен қоныс?!
Әуелде құтты болса неге кетті,
Еңіреп Қазтуғанның көшкен қоныс.
Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,
Сарытау, Аштарханның жерін де алды.
Артынан Еділден соң Нарынды алды,
Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды.
Аржақтан Қайыбалды, Науша қашып,
Тарлықтың сонан бері қабынғаны.
Тәмәмі су мен нуды орыс ұстап,
Қазақтың содан жұтап шалынғаны.
Қуалап Исатайды өлтірген соң
Заманның сонан бері тарылғаны.
Ойды алды – үш Оймауыт, тоғыз Торғай
Кең қоныс мұсылманға қалынбады.
Үш қиян – жеті жұртты тоздырған жер,
Жер үшін қайыры жоқ тарылмалы.
Шекшекей, Құтым қашып, Әбенді ұстап,
Ерлерге ерегескен не қылмады?!
Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей
Оны да аңсыз жерде жазымдады.
Замана қауіп етем қырланғаннан,
Қазақты айналдырды Сырды алғаннан.
Ақырып асау тайдай Орал суын
Кешегі Бекқожа мен Тұрланды алған.
Ерлігі бір жігіттің Өтендей-ақ
Оны да жазым қылды бұлғаңдаған.
Бұрынғы кеткен жұрттың әдетінше,
Адыра құтсыз қоныс кімді алмаған?!
Бұл сөзді бәйіт еттім мұңданғаннан,
Заманға тура билік тыңдалмаған.
Қажы қашты Жалмұхамбет, Беркінменен,
Өзінің кетем деген сертіменен.
Кіндігін, кірін жуып кескен жерден,
Қысылмай ер кете ме еркіменен?!
Бұрын да адыра қалғыр құтсыз еді,
Егескен ердің бәрі жер тіреген.
Қонысқа таласасыз бұл заманда,
Біз түгіл Асан Қайғы тентіреген.
Бұл сөзді бәйіт еттім мұңданғаннан,
Заманға тура билік тыңдалмаған.
Шұбырып сексен үймен Алдаш кетті,
Кәуірдің қорлығына тұлданғаннан.
Шұбырып сексен үймен Алдаш кетті,
Тоздырды Сырда шауып Қаныбекті.
Ерлігі бір жігіттің Дәуіттей-ақ,
Өлтіртті ол да орысқа ер Бөлекті.
Мақтанса үш Алшынның салмағындай,
Сырттағы Тілеу, Қабақ, қалың Шекті.
Артынан көп әскермен Мәмбет қуып,
Әкелді Орынборға ер Есетті.
Бұл сөзді біреу айтса нанбас едік,
Көзіміз көріп туды сол өсекті.
Әуелі Әлім менен Табынды алды,
Тоздырып ақсүйектің тағын да алды.
Әленді Күсеппенен Сібірге айдап,
Бұл жұрттың қара түгіл ханын да алды.
Қазақтың хан – шегесі, жер – мұрасы,
Тағынан хан тайған соң бақыры қалды.
Ұршықты, Қарашоқы, Бәкі, Балқы,
Машырық, Теке, Сарық, Мәрі халқын да алды.
Баласы мұсылманның нашарланды
Кең қоныс қайдан іздеп таптырады.
Бұл жерден дін мұсылман жеті кетті,
Біреуі екі келіп, екі кетті.
Кеткен жұрт жетеу емес алтау екен,
Біреуін екі санап жеті депті.
Әуелі осы жерден ноғай кетті,
Баласы мұсылманның нобай кетті.
Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ, Мамай
Әрі өтіп Тесіктаудан солай кетті.
Артынан Телағыс пен Нәрік кетті,
Өзіне ерген жұртын алып кетті.
Жер қарап он екі жыл желмаямен
Асан би жердің үстін танып кетті.
Ақыр да қыл жалаулы қалмақ кетті,
Қуалап Дәулеткерей солдат кетті.
Су қарап он екі жыл қайықпенен
Асан би жердің үстін барлап кетті.
Жылады көшерінде шайқыларым,
Қайғының сонда білдім айтыларын.
Қонысты жұрттан қалған менікі деп
Бұл күнде ие болған қайсыларың?!
Артынан қазақ жұрты кетем деген,
Соңынан Асан бидің жетем деген.
Айтса да кетем деп ол кете алмаған,
Соңынан Асан бидің жете алмаған.
Саураннан Тезен тауға қайта көшіп,
Әрілеп Тесіктаудан өте алмаған.
Бұл жерге сонан қайтып қазақ қонған,
Әдірә талай жұртқа азап болған.
Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы
Бойына үш қиянның қарап қонған.
Екі адам қарай шыққан ауылынан,
Кеңесіп Әлімұлы, Байұлынан.
Көзіммен көргенім жоқ еш біреуін
Естимін бұрынғының дабылынан.
Есболай, Кете Әжібай қарай келген,
Қасына батыр Жары Шотан ерген.
Әжібай Сарыарқада қыстап қалып,
Керелді Есболай бай белгілеген.
Қонысқа таласасыз бұл заманда
Жер еді анайы кімнің құлыны емген?
Біздің ел қайтушы еді Сағыз жайлап,
Тепсеңге суы шыққан бие байлап.
Қызыл шай, жез самаурын, саздың суы,
Сәскеде пісуші еді әзер қайнап.
Шынаяқ, алтын кесе, күміс қасық
Қылаңдар құюшы еді көзі жайнап.
Шақырып бір-біріне бие сойып,
Ақсақал тарқаушы еді кеңес ойлап.
Ат мініп алма мойын жібек жауып,
Мырзалар шығушы еді бұлағайлап.
Сыйласқан төре-хандай бір-бірімен,
Жүруші ек ағайынмен күліп ойнап.
Халқымның салтанаты еске түссе,
Жүрегім өртенеді оттай жайнап.
Құдайдың құлы болсаң бізге күлме,
Боларсың сенде біздей сорың қайнап.
Ел едік жеті баулы Беріш деген,
Аузымнан сөз шықпайды келіспеген.
Ақтылы қой, қылаң жылқы, қып–қызыл нар,
Тең түсіп төрт түлік мал тегістелген.
Ел едік біз де өзіңдей шалықтаған,
Мал бітіп қалың қара қалыптаған.
Ақты қой, қылаң жылқы, қып–қызыл нар,
Тең бітіп төрт түлік мал шауыттаған.
Жиенді-нағашылы сүйектес жұрт,
Қалдым ба келемежге зауықтаған.
Сарыарқа қоныс еді көптен жүрген,
Толықсып мал мен дәулет кетпей жүрген.
«Таяқ жер – саяқ жүрген» дегендей-ақ,
Осындай сөзге ілінер шеттеп жүрген.
Наршөккен, Топырақшашты жылқыға жай,
Саралжын, Маңғытпенен бәрі де сай.
Сыймаған маң далаға сонша малдан
Құдайым тастамады бір торы тай.
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Боларсың құдай қылса сен де сондай.
Бар еді тәуір қоныс Тайсойғандай,
Ақ шөбі семіртеді жайған малды-ай.
Шақырып бір-біріне бие сойып,
Ақсақал тарқаушы еді жанаралдай.
Нәл етік, зер буынған, мырзаларым,
Тәкәппар ен дәулетті көтере алмай.
Жаққан жоқ біздің елге асып-тасқан
Ойласаң мұның түбі әлдеқандай.
Күз болса қонушы едік Қаракөлге,
Ащылы екі жағы жайлы жерге.
Көкпегін іргесінен сүйреп жағып,
Мол дәулет бітіп еді біздің елге.
Шалқыған шалқар көлдей, қайран жұртым,
Бытырап қоңсы болды әркімдерге.
Нарқозы – құдығы еді Есболайдың,
Отырған күнін көріп жарлы-байдың.
Жылқыны Түзбұлаққа айдап тастап,
Суы еді жалдандырған құлын-тайдың.
Су ішіп Нарқозыдан шыққан жылқы
Бәйгел мен басушы еді Жездібайдың.
Сыймаған ен далаға сонша малдан
Тұяғын қалдырмады жалғыз тайдың.
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Билігі Адайда емес бір құдайдың.
Базарбай, Қабыршақты, Кенен, Құрмас,
Адыра құдық еді суы сырлас.
Ат мініп алма мойын, ақ үй тігіп,
Демеңіз әлі де бізді кеңес құрмас.
Байұлы он екі ата жұтаса да
Сартылдып бұл секілді біздей қылмас.
Сөзіме жаман кісі түсінбейді
Анайы ер түсінер сөзге мұңдас.
Қабанбай, Қарақалпақ, Малайсары,
Кенжеден көрінеді елдің бәрі.
Су ішіп Көтібайдан өрген жылқы
Асушы ед басып өтіп Мәтеш байды.
Бұл күнде айтқанменен нанамысың,
Кешегі өтіп кеткен біздің жәйді.
Тайсойған, Орал бойы өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.
Құрбымен жағаласып бірге жатып,
Жарты құрт татулыққа жескен жерім.
Тайсойған, Орал бойы жүрген жерім,
Қызығын дәулетінің көрген жерім.
Ат мініп мырзалардан, нар жетектеп,
Қызылын әуестікке киген жерім.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, бал тамақты
Күнінде асаулықтың сүйген жерім.
Қой сойып, үй басына ойын қылып,
Жиылып жүруші еді қыз бен келін.
Шалқыған тасқан судай көңілін басып,
Әркімге қоңсы атанды-ау кербездерім.
Тайсойған, Ойыл, Қиыл, Дендеріміз,
Қарабау мекен еткен жерлеріміз.
Жайық пен Қарабаудың тең ортасы
Тепсеңге мал жайылар кең жеріміз.
Нарға артып толы саба, кілем жауып,
Жиын-той, қызық еді көргеніміз.
Ат мініп арғымақтан бүгілдіріп,
Бір озды Байұлыңда өрнегіміз.
Кең маңдай, кебеже қарын игі жақсы
Бар еді артық туған бегілеріміз.
Ту ұстап, қараңғыда жау жайлаған,
Көп еді аруақты ерлеріміз.
Тыңдасаң құлақ салып, жақсыларым,
Әр түрлі мұшақатты сөйлеріміз.
Сағызды, Топырақшашты баса жайлап,
Күздіктен қайтушы еді елдеріміз.
Адыра мал кеткен соң иесіз қалды,
Қаз қонған баттауықты көлдеріміз.
Төртқұдық, Тұзжағасы, Алдаберген,
Қайран ел қонушы еді көлденеңнен.
Беріштің әр үйіне түскен қонақ
Жылқыдай болушы еді көлге келген.
Бұл күнде елімді айтып зарығамын,
Сағынып қайран жұртты шөлдегеннен.
Шыңырау құдығы еді Жақсыбайдың,
Төрт түлік айналасы малға жайлы.
Жылқыны көк алалы шатырлатып,
Мәңкөт пен өргізетін Қуанбайдың.
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Билігі Адайда емес бір құдайдың.
Жоқ еді тәуір қоныс Қурайлыдай,
Боз тепсең жері жақсы, суы шайдай.
Алланың құдіретіне шараң нешік,
Құдайым жалғыз жылда қылды мұндай.
Жоқ еді тәуір құдық Балталыдан,
Шарт өріс айналасы алты алуан.
Мол дәулет қарағаштай елден кетіп,
Кісімен бірдей болдық жаңа туған.
Сегізбай, Қаратал мен Көшен, Тымық,
Алқада сөз сөйледім базар қылып.
Қырмызы қызыл гүлдей сан құбылып,
Дос жандар тұрушы еді үйден шығып.
Алланың құдіретіне шара нешік
Болад деп ойлап па едік мұндай қылық?!
Баймөңке – жер сауырысы, Тілеу, Құлан,
Қайран ел көшуші еді толықсыған.
Шай ішіп самаурыннан сәске түсте,
Көп еді тәкәппарсып мырзасынған.
Алланың құлы болсаң бізге күлме,
Тап болар тасқан елге мұндай ылаң.
Дүйсе мен Тоқпақ жайлайды Жездібайды,
Төрт түлік айналасы малға жайлы.
Тай сойып екі кісіге талай берген
Сараң деп кетуші едік Мәтеш байды.
Адайды сегіз арыс араладым,
Көрмедім сіздің елден әлі ондайды.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру