Ұлттық және жаһандық
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Георгий Федотов — «Ұлттық және жаһандық». /uploads/e155d22c-ee22-5209-b91f-6ea8fa9c55df/cover.png
ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА
Г.П. ФЕДОТОВ
(Аударған Б.М. Сатершинов)
"Өз жеріңнен, өз туыстарыңнан және өз әкеңнің үйінен Мен көрсеткен жерге қарай жүр" (Быт. 12,1). Өздерінің әкелерінің үйімен қоса отандарын тастап, құтылу үшін алыс елдерге — Палестинаға, Мысырға... кеткен көптеген христиан кезбелері Жаратушының Ыбырайымға айтқан осы сөзін іштей талай қайталаған болар. Отанмен айрылысу аскеттік ерлік ретінде қарастырылды. Мысыр монастырлерінде мына мәселені мұқият талқылайтын: Тән сүйіспеншілігінің үнемі еліктіретін туған елде иноктық өмір мүмкін бола ма? (Римдік әулие Кассиан).
Отанның осылайша монахтық тұрғыда терістелуі, отбасы мен мәдениеттің терістелуі сияқты, аскеттік идеяның көрінісі болып табылады. Бұл идея христиандықта маңызды болғанымен, ол дегенмен жеке және бағыныңқы болып саналады, мысалы, әдістің идеясы, жолдың идеясы, және кейде өзінің радикалды формаларында тек санаулы адамдардың жолының идеясы. Бірақ христиандықта ұлттық бастауды да теріске шығара алатындай құдіретті басқа да ұлы бастау бар және ол, шындығында, тарихи өмірінің жолында оны талай теріске шығарды да. Христиандық Шіркеу жердегі өз болмысының алғашқы күндерінен бастап ғаламдық шіркеу ретінде айқарылды. Өзі пайда болған еврей әлемінен байланысын бұзбай тұрып-ақ ол былай деп жариялайды: "Христос Шіркеуінде эллин де жоқ, яһудей де жоқ". Адамзаттың тайпалар мен халықтарға табиғи бөлінуіне оның Христостағы тұтастығы қарама-қарсы қойылады. Ысырайыл үшін де, Шіркеудің бұрынғы әкейлері үшін де халықтық (біз "ұлттық" деп айтар едік) − пұтқа табынушылықтың рәмізі. Пұтқа табынушылар (орысша "язычники" − языки, аударғанда тілдерді білдіреді) деп аталу себебі, олардың көп құдайға табынушылық белгісі бойынша емес, ұлтық-халықтық өмірінің белгісі бойынша айқындалады. Тілдер − бұл халықтар (ethne, gentes).
Римдік католиктік дін өзінің мәндік анықтамасы − өзінің "аты" ретінде қашанда осы әмбебаптықты (ғаламдық) сақтады. Жаңа еуропалық халықтардың дамуы үнемі Риммен қақтығыс пен күресте ағып келді және солай ағып келеді де. Реформацияның қасіретті шешімі солтүстік (герман) халықтарының ұлттық өмірінің сұраныстарына деген Римнің құлақ түрмеуімен де түсіндіріледі.
Алайда православиелік Византия да тек ғаламдық санамен өмір сүрді. Ол үшін православиелік әлемнің шекаралары ғаламдық шекарамен, өзінің мәніне сәйкес, империяның шекарасымен сай келді. Алыстағы орыс княздары, олар православтар болғандықтан, василевстің, жер бетіндегі жалғыз христиан патшасының бағыныштылары ("сольниктері") деп есептелді. Бұл жерде Батыстағыдан да айқын алмастырушылық болды. Ұлттық − нақтылық, гректік − талғамдық деп жарияланды. Христиандықты қабылдау − демек, грек иерархиясын (тілді айтпағанның өзінде), гректік, императорлық заңдарды қабылдау. Русьтің тағдыры осындай болды. Римдегі сияқты Византияның да осы галамдық дәмесінде ұлы ақиқаттың бұрмалануы болды. Христиандық адамзат тек рухында ғана тұтастыққа ие болып қоймай, тарихи өмірдің толықтығымен де тұтас болуы керек. Алайда Шіркеудің бұл жер бетіндегі тұтастығын сыртқы мемлекеттік бірлікпен теңестіру грек патшалығының күйреуінде провиденциалды (көрегенді) түрде жасырылған ұлы жалғандық еді.
Православиедегі ұлттық идеяның мәнін ашу грек Шіркеуінің емес, орыс Шіркеуінің маңдайына жазылды. Ежелгі Русь діни уағызға бейім болмады. Бірақ барлық оның өмірі, оның бар тарихы ұлттық жан мен тәннің Шіркеудің ең түкпір қойнауына, оның қасиеттілігіне қабылданғанын дәлелдейді. Русьтегі христиандықтың алғашқы ескерткіштері, князь Владимирге арналған мадақ сөз /1/ әулие Борис пен Глебтің өмірі /2/ бастапқы жылнамалар да сол туралы айтады: жаңа ғана шоқынған жас халық әлден өзінің діни мақсаты туралы ойлана бастайды, өздерін құдайдың қалаулысы ретінде бекіте бастайды. Көне, Ежелгі Русь кейінгі, Мәскеу Русіне (Киев-Печер патеригі) /3/ беймәлім күшпен және өткірлікпен аскеттік ерлік жасады. Және мұнымен қатар, орыс Шіркеуі тұтас ондаған княздарды, яғни аскеттік ерліктері туралы ештеңе де белгісіз болып келген халықтық өмірдің көсемдерін канонға айналдырып, әулиелер санатына кіргізді. Олардың бірі дін үшін азапқа түссе, басқалары ұлттық мұрат үшін құрбан болды: "өз досы үшін өз жанын қиды". Грек шіркеуі болса, әулие пенделерді мүлдем дерлік білмеді, Русьтегі әулие княздармен ұлттық өмірдің қасиетімен тығыз байланысты жаңа әулиелік гүлденеді. Бұл әулиеліктің қасында аскеттік ерліктің әулиелігінің өзі теңдессіз батылдықпен құрбанға шалынады, мысалы әулие Сергий Куликово даласында иноктарды қылыш көтеруге шақырады.
Русьтегі бұл ұлттық діни сана өзінің шырқау шыңына әулие Иосиф Волоцкийде жетеді /4/. Бірақ XV ғасырдың соңына қарай ол көлеңкелене бастайды да, жаңа әмбебаптылықтың салмағымен ауырлай бастайды. Византия, өліп бара жатып, нақты мемлекет-ұлтпен тұтастықтағы өзінің ғаламдық идеясын Мәскеуге мұраға қалдырып кетті. Мәскеу − үшінші Рим өзін енді тек әлемнің кіндігі ретінде ғана емес, православиелік ғалам ретінде сезіне бастады. XV-XVII ғасырлардағы қарапайым адамдардың санасында Мәскеудегі Успенск соборы "қасиетті, соборлық және апостолдық Шіркеу" ретінде бейнеленді. Бірақ бұл ұлттық ғаламдық Шіркеудің ғаламдық сезімінен айырылу қаупін тудырады. Орыстың жігі (раскол) соның жазасы болды. Мәскеудің ғаламдық санасы ұлттың ежелгі орыстық санасының көрінуіне бөгет болды. XIX ғасырдың ойы − зайырлы дінтанушылар мен философтардың, славянофилдердің, Вл. Соловьевтің ойы − ежелгі Рустің немен өмір сүргенін оймен қорытып, жеткізіп берді. Ұлттың христиандық мәні неде, оның өмірді ақтауы неде?
Орыстың кітапқұмарлары (книжниктері) өздерінің жаңа мұраттарына тіреуді грек дәстүрлерінен іздей отырып, өздерінің ұлттық әулиелерін, әсіресе княздарды туған қаласын қорғаған көне кейіпкерлермен, азапқа түсушілермен салыстырғанды ұнататын. Александр Невский туралы баянның құрастырушысы бекерден-бекер мынаны еске түсірмейді: "Христостың нұрлы отан сүйгіш азаптанушысы Димитрий өзінің Солуньград отаны туралы айтып еді: "Тәңірім, бұл қаланы қиратар болсаң, мен де сонымен қоса өлемін""/5/... Ежелгі грек қаласы − кіші отан (polls) грек патшалығында қандай да бір органикалық тұтастық ретінде өмір сүреді. Бірақ бұл тұтастық, тұрмыстық, өмірқамдық ұлттық тұтастық болып саналмайды. Ол бар болғаны Шіркеудің галамдық тәнінде Аспан Шіркеуінің оларды бұзбай, керісінше жарылқайтын денеге лайық махаббаттың жергілікті клетка-одақтарының болатынынан ғана куәлік береді. Адамзаттың әлжуаз тәніне дейін төмен түсу жарасымды ма? Әзірге біз қала немесе азаматтық қауым сияқты рухани айқындалмаған, діни бояуы жоқ бірлікпен істес болғанда мұндай ойдың желік тудыратыны рас. Отанға бас июдің соңғы мәні тек ұлттық отанға бас июде тана ашылады.
Аз танымал және әдеби тұрғыда әлжуаз орыстың бір баяны орыс жерінің мынадай керемет бейнесін беруден басталады: "О алуан түрлі құстармен және андармен және сан алуан жәндіктермен, көптеген өзендермен безендірілген жарқын да жарық орыс жері, Құдай адамды, оны жұбата отырып, осының барлығын оның жұбанышы мен адам табиғатына тән әрқилы желіктерін өтеу үшін жаратты және сосын Құдай сәнді қалалар мен үйлерді шіркеулермен толтырып және оларға құдайсүйер кітаптарды сеуіп және оларға барлық әулиелердің қуанышы мен құтқарылу жолдарын көрсете отырып, православиелік сенімді, қасиетті шоқынуды сыйға тартты". Бұл баянның беймәлім айтушысы ұлттық өмірдің діни мәніне кілт тауып береді. Оның сөздерінде үш жоспар айқын белгіленген. Төменде Құдайдың жарылқауымен болған табиғи, әсем тіршілік өмір, халықтық өмірдің физикалық субстраты. Жоғарыда "барлық әулиелердің қуанышы мен жарығы", барлық жерге тән шектерге жанасып, үстіде орналасқан Аспан патшалығы. Ортасында "құтқарылу жолы" − жеке бастың емес, жалпыхалықтық жол, ол мынадай сөздермен белгіленеді: "қалалар мен үйлер... және кітаптар". Қалалар мен кітаптар бүл мәдениеттің жолы: қоғамдық мінәжаттың, ой мен көркем шығармашылықтың, шаруашылық пен саяси ұйымдасудың − ұлттың терең ішкі және сыртқы, рухани және материалдық өмірінің барлығын құрайтындардың жолы.
Ұлттық идеяның діни мәнін мойындау үшін екі алғышарт қажет. Біріншісі − мәдениеттің, яғни храмдық мистериялар тарайтын сәулелердің шоғырын құрайтын сол "қалалардың, үйлердің және кітаптардың" діни мағынасы. Екіншісі − мәдени "құтқарылу жолдарының" алуан түрлілігі. Жеке ұмтылыстардың, әулиеліктің жеке жолдарының сан алуандығын байқау қиын емес. Әулие епископтың ерлігі мен еріккеннің ерлігінен айырмашылығы көп − сыртқы көрінісімен оған мүлдем ұқсамайды. Және тек соңғы тереңдігінде ғана − Киелі Рухтың тартылысында ғана әулиеліктің тұтастығы аңғарылады. Жеке ерлік үшін әлемге берілген нәрсе апостол Павлдың рухани дарындардың көптігі туралы ілімінде мәңгіге таңбаланып қалса, ол "пұтқа табынушылар" (тілдер) үшін жалған талғамдық грек-рим мәдениетінің иірімінің астында жасырынып қалды. Ал дегенмен, Шіркеудің туған отты күндерінде Құдай Патшалығының жерге тән жолдарының тарамдарын көрсететін белгілер көрініп еді. Киелі Рухтың біртұтас күштері апостолдарға жекелеген от тілдері түрінде түсті. Және тілдерді сыйға тарту жаңа туылған Шіркеудің жасаған алғашқы сыйы болатын. Елу күндік мерекесінің /6/ адамзаттың жаңа өмірінің басталуының өзінің тілдік тұрғыда таралуының басталуы туралы, Бабыл мұнарасы туралы мифті қайталайтыны қызық құбылыс. Ондағы сияқты, мұнда да сыртқы хаос − "шу", "араласу" (Деяние. 2,6). Сөздердің өр алуан тілдердегі уағызы "тәтті шараппен" мас қылғандай, босаңсытады. Бірақ бұл жаңа "тілдердің араласуы" қорқынышты емес. Өйткені бұл араласу емес, бұл жіктелу, бұл ажырату емес, бұл шоқынған жердің "үлестерге" бөлінуі. Жаңа туған Шіркеудің көп тілділігі өз бойында әлемнің табиғи тілдік сан алуандығын пайымдауды және ақтауды тасымалдайды. Бұдан былай "тілдер" (пұтқа табынушылар) Құдай патшалығына кіре алады.
Тілдер қарапайым құрал ғана емес, ой алмасудың құралы болып табылады. Тіл − өзінің жаратылысынан ажырамайтын ойдың нәзік тәні. Тек ойдың ғана емес, бүтіндей рухтың тәні. Сондықтан тіл өз мәдениетін, яғни өз идеалды құндылықтарының патшалығын құрайтын ерекше рухани-қандық бірлік ретіндегі ұлттың атауы болып саналады. Шіркеудің қайталанбас, салтанатты күніндегі тілдерді сыйға тарту христиандық миссия үшін сыртқы органды сыйға тарту (Інжілдік Қоғамның аудармалары сияқты) /7/ түсінілмеуі керек. Бұл сыйлық Құдайға мадақ айтатын періштелер сияқты тілдердің өздерін жарылқау болып табылады.
Мәдениеттің асқақ мәні − ғибадатханадағы мінәжатты ғарыштың шектеріне дейін жеткізетін құдайтану мен Құдайға арналған әнұран. Өнердің бөтен формаларының ұғынылмайтындығы (немесе таяз ұғынылатыны) сияқты тілдің ең тұңғиық әрі нәзік реңдерінің аударылмайтындығындай танымал құбылыс ұлттық ұмтылыстардың төлтумалығына сілтейді. Олар тілдер сияқты, аударылмайды және рухани өлі күйінде оларды алмастыру қорқынышты − барлығында эсперанто. Олардың абсолютті түрде оқшау еместігі жұбандырады; олар жартылай мөлдір, өздері және қандастарына арналған құпияның шетін олар тысқарыға да ашып көрсете алады. Христос Патшалығында күндердің күнінде түсінбестіктің барлық кедергілері құлап түсіп, халықтардың рухани келбеттерінің бір бірі үшін ашық болатынына сенейік.
Бірақ жерге тән өмірде де тұлғалардыкі сияқты, халықтардың ұмтылыстары да әртүрлі жолмен жүреді. Кез келген бөтен дауысқа жеңілтек күйде еліктейтін эклектизмнің жемісі болмайды және біреудің ерлігін өзіңе иелену пәлеге ұрындырады. Өзінің қызмет етуін "ұмытқан" халық өз талантын жерге көмген құлдыққа бет бұрады.
Біздің отанымыз, Ресей, бізге қауіпті жол айрықта тұрғандай көрінеді. Оның ұлттық жолы осыдан екі ғасыр бұрын қасіретті түрде үзілді және содан бері оның ғұламаларының барлық ұлы күш-жігері тұрақты рухани отанын табуға жұмсалды. Рухани эсперантоның, әлемдік жәрмеңкенің желігі біз үшін бүгінгі күні ерекше күшті болып түр. Бірақ біз де ақиқат жолды тауып қойдық деп масаттанбаймыз. Біздің арамызда "православиелік" және "орыстық" ұғымдарын араластырып алудан артық кең таралған шатасушылық жоқ. Православиелік бұл ғаламдық, бұл барлығына арналған. Орыстық − бұл тек біз үшін. Біз өзге православиелік шіркеулер мен мәдениеттерді нашар білеміз, өзіміздің жеке мәдениетімізді де нашар білеміз. Осыдан барып, біз кейде шығыстық христиандықтың ұстанымы орыстық болып табылады деп түйіндеуге дайынбыз, ал кейде тек өзіміздің тарихи өзгешеліктерімізді, орыстық жолды православиелік, жалпыға міндетті деп есептейміз. Православиенің ұлттық түсінігі де, ғаламдық түсінігі де осы араластырудан жапа шегеді. Сондықтан біздің басты парызымыз − өзіндік танымның парызы − өзіміздің өткенімізді пайымдау мен зерттеу жолында табанды еңбектену. Бабалардың қалдырған ауыр да бай мұрасынан бізге ғасырлық қасиет ретінде не қалады, өлі жүк ретінде қайсысын лақтырып тастаймыз? Біздің шөлімізді қандыратын таза бастаулар қайда? Біздің өткеніміздің қасіреттілігі, оның сызығының үздіктігі, сынықтығы оны іздестіруді қиындатады, бірақ оның қажеттілігін барлыгы үшін айқын етеді. Ресейдің шынайы келбетін қайта қалпына келтірудің бұл жұмысы қиын, шексіз қиын. Бұл жолда қаншама алдау, өз-өзіңді алдау болды. Ресейді біреулер монастырдан көреді, кейбіреулері Шыңғысханның ордасынан, ал үшіншілері соңғы Романовтардың Петербургінен көреді. Арзан ұрандар мен тар көзқарастардан сақ болу керек. Ресей бұл осынысы да, анаусы да, басқасы да. Бірақ ол қайсысына айналса да, көптеген тарихи күнәлар жасады, кез келген халық сияқты өзінің қызметінен айниды. Осы сатқындық пен құлдыраудан да бізге жақын Ресейдің белгілері байқалғанымен, сатқындықты оң ерліктен ажырата білу керек.
Ал сонда, православиенің галамдық мұраты қайда қалды деп бізден сұрауы мүмкін. Менің ойымша, аса маңызды ғаламдық міндет ретінде Ресейдің нұрлы келбетін қайта қалпына келтіруді біздің заманымыз қойып отырған тәрізді. Қайта тірілген Ресей әлемге жарығын түсіретін болады. Ол қазір де біздің тат басқан шамдарымыз арқылы да жарық төгіп тұр. Бірақ қазіргі міндет осы жарық беруді ұйымдастыру емес, осы отты өшіріп алмаумен, шырағданның майының сарқылып қалмауымен, желдің лебімен осы отты қайтадан таза жалынмен жандырумен түсіндіріледі. Әлемді тәкаппарлықпен құтқару емес, өз ұстанымыңа қызмет ету "мессиандық" (құтқарушылық) емес, миссия, шығармашылық тәубеге келу жолы, еңбексүйгіш салауаттылық жолы, қайта бағалау, барлық өмірді қайта құру − міне, Ресейдің жолы, біздің ортақ жолымыз осы.
Түсініктемелер
Ең алғаш рет 1928 жылы "Ресейлік студенттік христиандық қозғалыс жаршысы" деп аталатын париждік журналда жарық көрді.
1. Князь Владимирге арналған мадақ "Заң мен игілік туралы сөздің" авторы киевтік митрополит Илларионның қаламына тиесілі (XI ғасырдың бірінші жартысы). Бұл шығарма Русьте христиандықтың қабылдануы сияқты дәуірлік маңызы бар оқиғаны философиялық-тарихи тұрғыда пайымдайды. Соңғы жылдары бұл шығарманы зерттеушілер орыстың философиялық ойының ең алғашқы шығармасы ретінде анықтап жүр. Қараңыз: Идейно-философское наследие Иллариона Киевского. М., 1986. 1 бөлім. 54-59 беттер.
2. Қараңыз: Жития св. мучеников Бориса и Глеба и службы им // Памятники древнерусской литературы. Пг., 1916. Вып. 2.
3. Қараңыз: Памятники славяно-русской письменности, изданные императорскою Археографическою комиссею: Патерик Киево-Печерского монастыря / Под ред. Д.И. Абрамовича. СПб., 1911.
4. Иосиф Волоцкий (өз аты-жөні Иван Санин) (шамамен 1439-1515) − шіркеу кайраткері, Иосифо-Волоколамский монастырінің негізін қалаушы (1479). Оның ізбасарлары иосифляндар деп аталды. Мәскеу Русінің орталықтандырылуын белсенді қолдады. 1589 - 1591 жылдары канондалды.
5. Қараңыз: Мансикка В. Житие Александра Невского: разбор редакции и текстов. СПб., 1913.
6. Елукүндік (үштік) − Ауыз бекітуден кейінгі елуінші күнде, мамыр-маусымда аталып өтетін христиан мерекесі. Киелі рухтың апостолдарға түсуімен байланыстырылады.
7. Діни-ағартушы Інжілдік Қоғам "Британдық және шетелдік інжілдік қоғамның" үлгісімен Ресейде 1812 жылы құрылды. Толығырақ мына кітаптан қараңыз: История философии в СССР. М., 1968. Т. 2. С. 152-153.
Г. Федотов. Национальное и вселенское // О России и русской философской культуре. М., "Наука". 1990., С. 444 - 449.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру