TELEGEI

Home

Мүсәпір

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Мүсәпір

Төлеу-Мұхаммед Орашбаев - «Мүсәпір» шығармасы.

Новелла

Әсем дорбасын иығынан әсте жылжытып жіберді. Ауыр жүк тұла бойын езіп тастаған екен: еңсесін көтерді, айналасына көз жүгіртті. Ұсақ саудагерлер де келе бастапты. Майда-шүйде тауарларын қатарластыра тізіп, жайнатып жіберген. Жаутаң-жаутаң қарап, көздерін сатып отыр. Әсем асыққан жоқ: уқаланып қалған тұла бойын ретке түсірді, мойынын әсте сипалады. Көк желкесіне саусағы тиюден-ақ көзінің оты жарқ ете қалды: Әшір соққысынан езіліп қалған мойын еті әлі сырқырап тұр. Удай ашыды. Ауырсынды. Сыр алдырмастан, айналасына ұрлана көз жүгіртті. Белі сіресіп, бірден иіле қоймады. Төртаяқтап тізесін ұстады. Қапшықтың аузын ашты да қолын жүгіртіп, стакандарын іздей бастады. Кішкентайы ілікті. Суырып алып, қаптың аузына қоя салды. Со аралықта Ызмұхшир - Ташауыз бағытынан автобус келді: жолаушылар түйдектеле түсе бастады. Әсем қадалып қарап қалды. Қаланың майда сатармандары ауыл адамдарын қоршап алды: қолдарындағы сүт-қатық ыдыстары мен қапшықтарына жармасып жүр. Әсем жолаушыларға қадала қарап, жеке-жеке түстеп тұр. Айнала жүргіншілерге толып кетті. Әсем жалғыз есікке көзі талғанша кірпік қақпастан қарай берді. Түсушілер сирекси бастады. "Жоқ па?" Әсем қобылжи түсті. Кейінгі түсушінің ар жағынан ақ ши қалпақ көрінді. Әсемнің жүрегі атқып қатты соғып кетті. Көзі дөңгелене қалды. Сол. Өнербай!... Күткен адамы. Әсем шын састы: көпке араласып кетсе, көз жазып қалады. Қаптың аузын қағып жібергенде стаканы ұшып түсті. Тас еденге соғылды да быт-шыты шықты. Әсем шошып кетті. Шөлмектің сынықтарына көзін сәл қадады да жалма-жан жанарын тартып алды. Жолаушылар арасынан Өнербайды іздеді. Тұсына таяп қалған екен - жүрегі зірк ете түсті. Енді біршама қадам атса, тұсынан өте шығады. Әсем абдырады.

— Ағай, әй, ағай!.. - Әсем қапшықты тастады да алға ұмтылды. Екі-ақ аттап Өнербайдың қасына жетіп барды. Өзіне төніп келген келіншекке Өнербай үрке қарады. Кәстөмінің қос өңірін желпи көтеріп қойды. Кірпікті көздерін ежірейте қарады. "Мен бе?" дегендей жан-жағына жалтаң-жалтаң қарады. Әсем таяла келген-ді.

— Ақшамды ірілетіп алайын деп едім. Майда сомдықтар... көбейіп кетті - Әсем аузына түскен сөзді айта салды. - Сәл іркіліңізші...

Өнербай кідірді. Әсемге тіке қарады. Кірпік қақпастан қадалып тұрған қой көзге жанары түсуден-ақ тұла бойы шым ете қалды. "Рас, сол ма? Әсем ғой. Не деді?" Өнербай қалшиып қатып қалды: жолаушылар жан-жағынан сүйкене өтсе де, қағып кетсе де түк сезбеді. Әсемнен жанарын ала алмады. "Қайдан жүр? Осы маған тіл қатты ма?" деп ойланды. Әсем жақындасты.

— Таныс іздеп тұр едім. Шаруам болып... - Әсем Өнербайды іріккен соң көңілі орнықты. Бұрылып, меншікті орнына келді. Өнербай да ере жүрді. Әсемнің қасындағы жайрап сынып жатқан шөлмектің сынықтарын Өнербай жиып алды да қапталдағы қиқымсалғышқа тастап жіберді. Жігітті көз қиығымен қадағалап тұрған Әсем "Қарапайым қасқасың-ау" деп ойлап қалды. Олар семішкі қаптың төр жағына шыққан соң аман-түгел сұрасты. Әсем Өнербайға бұрыла қарап, бастан-аяқ сүзіп шықты: сылыңғыр қара жігіт, қырынған, үсті-басында қылау жоқ. Жұтынып тұр. Әсем күрсінді. Төмен қарады. Араға үнсіздік орнады.

— Елден қайттың ба? - Әсем сөз бастады. - Қасыңда кім бар. Өзің бе?

Өнербай аузы ашылып, сәл іркілді. Әсем сұрағын салмақтап аз тұрды да жөнін айтты.

— Пойызға шықпақшымын. - Жеңіне үңіліп, сағатына көз тастады. - Астанаға барамын: жай алдым. Балалар алып берді. Оқып жатқан немерелерге бас-көз болмақшымын. Жаңа ақша дедің бе?!

— Дегем. Тұсымнан өтіп бара жатқан соң қайтейін.

Өнербай қойын қалтасына қолын жүгіртті де бір бума белі сынбаған екі жүздіктерді суырып алды. Әсемге ұсынды.

— Керегіңді ал.

Әсемнің беті дуылдап кетті. Ақшаға қолын соза түсіп, тартып алды. Көзі жапақтап, бір Өнербайға, бір ақшаға қарай берді. Әсем оған тақалды. Аузын құлақ түбіне таяп барып:

— Қалтаңа сал. Қасыма отыр, - деп ұсыныс жасады. Өнербай Әсемнің ыңғайына көнді. Екеуі де үнсіз қалды.

— Саудаға шықтың ба? - деп Өнербай тіл қатты. Ойға беріліп кеткен Әсем селк ете қалды.

— А-ә, шығарды ғой, залым. Жеген нанымды ауырлайды... сүт-қатық, шұбат сатамын. Күн батқанша семішкі...

Өнербай ауыр күрсінді. Басын шайқады. Әсем қадалып, көзін алмай отыра берді. Өнербай көлемді көк тұқыл иегін бір сипап өтті де Әсемге тігілді. Ерні жыбырлап, іштей күбірледі. Биязы дауыспен:

— Қолқа салғанда тіпті санымнан жарылып бара жатқан түгім жоқ еді. Жалғыздыққа шыдай алмағам. Қаңғыр-күңгір сыр шертісіп отыратын қара іздеп едім. Тағдыр қоспаса амал жоқ екен. Осы еркін заманда да қосыла алмайтын мұңдастар бар екен ғой, - деді. Өнербай орамалын алды. Көз аясын сүртті. - Жар қадірін уақытында бағаламадым. Есірік екенмін: мемлекеттік қызмет деп, ата-ана көңіліне қарап шаба беріппін. Бәрі де жалғаншы екен: өте шықты. Зейнеткер болдың - ұмытылдың, жан пенде іздемейді. Ата-ана өмірден өтті - шын тілекшің жоқ. Жалғызсың. Ұлдың да, қыздың да ұпайлары түгел - бауырлары бүтін. Өз тілектері өздерімен. Ылайым солай болсын. Жалғыздық - абақты, тас қоршау. -Өнербай шешіле сөйлеп кеткенін сезді де кілт тоқтады. Әсемге анықтап қарады. -Бәйбішесі қайтыс болған соң Темірбай 176 әйелге сөз салып еді. Мен жалғыз-ақ саған тілек білдірдім. Маңдайым тасқа соғылды. Ыңғай көрсете тұрып, сызға отырғызып кеттің. Не таптың. Түрің адам шошырлық. Көкжал саудагер болыпсың-ау...

Әсем көз қиығын Өнербайға қадап жымиды, аяғының ұшымен тас еденді сызғылады. Ойланды. Ернін қанын шығара тістеді. Өнербай да тіл қатпады: қос қолын тізісінің үстіне қойып, тұнжырай қарап, ойға берілді. Екеуінің де көз алдынан сол соңғы кездескендері елес-елес өтіп жатты... Батырдың жыл асының аяқ-табағы жиналып болмай-ақ Әсемге сөз салушылар өріп кетті: тәмегөйлер де, ортада жүрушілер де ертелі-кеш есікті құрғатпады. Әсемнің бұл үйде тұрақтай алмайтыны айқын-ды: шалғайына оралып, етегіне жабысқан тіркемесі жоқ -жалғыз тұяқ оқып жүр. Студент. Әсем - көп аңшының қоршауындағы жез киікке айналды: немере ағасын сағалап, жан сақтады. Өнербай да құрық тастаушылардың бірі болды. Көктемнің балбыраған шуақты күндерінің бірі-ді. Әсем қызын сағынды. Көріп келгісі кеп кетті. Қаражат құрастырды. Айналасынан оңды-солды сұрастырды - алақанына түк түспеді. Одақ тарқап, аласапыран кез туған-ды; адамдарда ес те жоқ - базар саудасы үстемдік алып бара жатқан. Әсем мең-зең халде кештете баспанасына келді. Есік көзінде Өнербайға тап болды: ерін ұштарымен амандасты. Өнербай үй сұрады - ағасының үйі. Әсем үйге мірәт жасады. Өнербай қарсыласқан жоқ - иіле кетті. Лезде шай дайын болды. Әсем кесе ұсына отырып, Өнербайға жиі-жиі көз салды: қалың қара қасқа көзі түскен сайын тұла бойын ыстық леп көктей өтіп, денесінде діріл пайда болды. Әбіш төрде отырғандай сезілді: қадала қараса, қара жігіт. Әбіш - аққұба-ды, екеуінің де көзі қара. Әсем қара көзге қарағанды ұнататады: бауыр басып алған-ды, Әбіш - иі жұмсақ, сабырлы-ды. Әсем шалғайына оралып жүріп, қармағына ілдіріп еді. Мақта теретін. Сол күні Рәзия көлемге екеуі түскен еді: іңірге шейін бас көтерместен толық ашылған мақтаны тере берді, көз байлана барып бел жазысты. Үйілген мақтаның екі шетіне екеуі ғана отырды. Әсем жалтақ-жалтақ қараса да Әбіштің ісі болмады: төмен қарап, балағына жабысқан мысыққұйрықтың басын шұқылап, тазалай бастады. Бір уыс мақтаны домалақтап алды да Әсем Әбішке қарай атып жіберді. Мақта шоғыры енді қабақ көтере берген Әбіштің бетіне қонды. Көзінің оты жарқ ете түсті. Әбіш абдырап қалды. Көзін қолымен басып, шыр айналды. Әсем де үрейленіп, қасына жетіп барды. Бетін басқан қолын қыз ұстай бергенде Әбіш жабыса кетті: алыс-жұлыс солай басталды. Жұмсақ мақта құс төсектей солқылдады: қыз не болғанын аңдамай да қалды. Әбіш ала көлеңкеде бетіне үңіліп отыр екен. Әсем қыз тапты - Сәуле. Жарасықты-ақ еді. Әбіш тоққа түсіп өліп кетті. Сәуле әкесінің аузынан түскендей ажарлы болып өсе берді. Соң... Батыр - тұйық еді: басын бағатын, еңбек десе жанып кететін. Ұзақ ауырмастан-ақ көз жұмды... Әсем Әбішке шай құйып отырғандай сезінді: өткен өмірін ойлап іркіліп қалғанын аңдады да қонағына тігіле қарады. Қара жігіт шай кесені қыса ұстап ой үстінде отыр екен.

— Ішіңіз. Мен де ұзақты күн сенделіп осы келгенім. Шаршадым да. - Әсем мұңая тіл қатты. - Қыздан хабар алмақшы едім. Миым қатты.

— Оқуда ма? - деп Өнербай сөзге қосылды.

— Оқиды. Бір жыл қалды. Батыр барын жолына шашып кіргізіп еді. Жанынан артық көретін. Акушерлік. Біздерде кіру қиын. Орысиетке апарды. Бітірсе, өз нанын табады ғой.

Өнербай Әсемнің торығып отырғанын сезді. Аяп кетті. "Ақша керек-ау. Алдына тастай салсам ба? - Өнербай ойланып қалды. - Бірден ақша ұсынып шошытып алармын. "Ақшаңмен қоса көтеріл" десе. Өлім ғой. Ағасынан да ұят. Берейін бе?!" Өнербай батылдыққа бара алмады. Кештете үйден шығып кетті. Сол аралықта Әшір сап ете қалды: домбыра тартты, ыңылдай ән салды, қонып шықты. "Балаңа базарлық ал!" деп 50000 сом-купонды отырған жеріне тастап кетті. Әсем Әшірге ауып шыға келді. Бәрі де көз алдында: кішігірім той өтті. Арақ су болып ақты. Әшір бөшке екен: ықылық атқанша ішті. Іңір аралығында көз іліндіріп алды. Бөлмеге Әсем кіргенде Әшір түргеліп отыр еді. Бас салды. Айналада ұл-қыздары өріп жүрсе де еті жиырылар емес. Өліп барады. Шегір көздері қанталап кеткен. Әсем "Алла бәрекелде, неге тап болдым" деп шошынды. Үн қатпады. Икеміне иіле берді. Ит сүйреген теріге айналды: ірі кеуде қанша алас ұрып өршелене мыжғыласа да шаруа бітпеді. Таң ата екеуі де қалжырап барып тынышталды. Тұяқ серппестен қатып қалды. Әсем өмірінің азапты кезеңі осылай басталып еді. Әшір қорасы малға толы екен: ұсақ жандық та, сиыр мен түйе де, ат та бар. Үйдегі жанталас таңғы сағат 4-тен өте басталады: қыз да, келіндер де қораға ұмтылады. Әсем шошынды: көзін ашқалы жылы-жұмсақ жеп, аялы алақанда тербетіліп келе жатқан келіншек бір нәубеттің келгенін сезді. Сескенді. Абыржыды. Әшірдің мысық ойнынан тұла бойы ал-сал болып қалған екен, әзер көтеріліп, жуынып шайынды. Сол аралақта Әшір сап ете қалды.

— Сыланып сипанып әлі отырсың ба - Сырттан тиісе келді. Шегір көзі қып-қызыл болып, шоқтай жанып тұр екен. Әсем шошып кетті. - Сауынның уақыты кетті. Қораға кір. Тездетің.

Әсем ұзақ уақыттан бері сауынға араласқан жоқ-ты: тосырқап, икемдене алмай қалды. Сол аралықта зіркілдеп Әшір де келе кетті. Қыз ұсынған сиырдан шелек түбіне үш елідей сүт сауған-ды: арбаңдап жетіп келген еркектен сиыр ығысты да артқы тірсегі шелекті қағып жіберді - сүт жерге ақтарылды. Әшірдің көзі тас төбесіне шықты: ақтарылған сүтке бір, Әсемге екі қарады. Салпылдаған қарны іркілдеп от басқан тауықтай секектеді: өртенді, жанды, аузына келген сөзді құсты. Әсем сілейіп қатып қалды: жанарын күйіп-жанып жүрген күйеуінен алмады, қадалып тұра берді.

— Әкеңнің... қақшиып не тұрсың.

Тақап келген Әшір былапыт сөздерді құса берді. Әсем селт етпеді. Көзі шатынап, ұясынан атылып шығуға таянған Әшір Әсемнің көк желкесінен қойып қалды. Келіншек ұшып түсті. Шелек домалап кетті. Сүйретіліп енді бас көтере бергенде Әсемді бүйірден тепті. Әсем сұлап түсті: тіпті соңғы тепкілерді сезген де жоқ. Әсем есін жиғанда қорада сиырдан өңге жан жоқ-ты: есеңгіреп аң-таңы шығып отырды, қайда жатқанын сезген соң кенет өзін қолға алды да ұшып тұрды. "Қарғысқа ұшырадың, Әсем, - деп ойлады ол. - Әбіш пен Батыр қабағыңа қарап, күлсең - жаз, қабақ шытсаң - қыс болған кезең өтті. Сөз бере тұрып, табанда тайқып, Өнербайдың назасына қалдың. Енді оңбайсың. Бекет атамның аруағы атынан айтайын - енді оңбайсың: астың жер, үстің тепкі болғаны осы, өзіңе сол керек. Қойыныңа пері ұя салған: лебіз жұттың, ібілістің айтқанына көндің"... Әсем жүнжіп сала берді. Әшір түлен түртіп қағына түсті: күн-күннен жүнін жұлып жей берді, тиыннан тиын тудырып, аңсары ақшаға әбден ауып алды. Сауын малдар үй адамдарына бөлінген. Әсем көмектесіп жүрген-ді. Енді Әсем сауатын арнайы сиыр, түйе алып келді. Алынатын сүт мөлшері, сауын уақыты белгілі: сүт, қатық, қаймақ, шұбаттан түскен тиындар кешке Әшір алақанына құйылады. Теке сасып келсе де ақшаны көргенде Әшірдің шегір көзі самаладай жанады: қағаздардың бүктелген бұрыштарын жазып, бірыңғайға түсіріп, мың-мыңнан домалақтайды. Күледі. Кетік тістерінің арасынан қызыл тілі жылт-жылт көрінеді. Әсем көзіне кәрі байғыздың жемтік үстіндегі қуанышты сәті елестеп кетеді: қыртыс-қыртыс мойны, салбыраған қарны, сыртын ақ түк қаптаған мыртық қолы тұтас жыбырлап, алас ұрып жатқаны жанына батады; жүрегі шаншып, тұла бойын суық сезім иелеп алады. Әсем көзіне Әбіш елестейді: сыпайы ақ жігіт қалтасына тиын түссе, көш жерден қара көзі мөлдіреп, бетінен нұры төгіліп асығып келе жататын. Әсем жанарын алмастан қадалып қалатын: уысы толған қағазды Әсемнің алақанына салады; ол ақшаға көз қиығын да салмастан Әбіштің мойнына асыла кетеді; алтын буын арқалаған қағаздар табан астында тапталып жататын; жар дидары, жар ықыласы, жар жылылығы әмір жүргізетұғын-ды. Батыр да сол: жымиып күліп, солқ еткізіп алдына тастай салатын... Әсем таң қалады: адам аласы іште екен-ау, тағдыр тоқайластырса ат қасқасындай айқын болады; Әшірдің түнгі тіршілігін сынай отырып, күлкісі келді. "Мүсәпір, ақшаның көк ешегі, дүние рақатынан бос қалған миғұла, - деп ойлады. - Өз жанына рақымы жоқ адамнан еш игілік күтпеген жөн. Ақша, байлық адамгершілігін жұтып жіберген. Енді сүт өнімдерін ашық сата да алмайсың: Жарлық шықты - дүниеқоңыз, өрісің тарылды. Ауырлағаның қыз еді, құтылдың. Менің де керегім жоқ - қойын қалтасында ақша, аузында арақ болса - қызығы сол." Әсем мұңайып шөгіп қалды. Көзінің аясына жиналған жасты сүрткен де жоқ: мөлдір моншақтар бырт-бырт төгіліп жатты. Сол отырған жерінде ұйықтап кетті... Әсем бүйірінен тиген жеңіл соққыдан көзін ашты: Әшір үстіне төніп түр екен, жедел аяқ-қолын жиып алды да, келесі соққы жасаймын дегенше ұшып тұрды. Әшір опынды: аяқ қолының тарамысын жазып, әйелді тепкілеп аламын ба деген ойы іске аспады - көзін бір сипап, қолында шелек Әсем безіп бара жатқан-ды. Малға араласып та кетті. Бозала таңнан қалаға жетіп, көше бойлап, үйме-үй есік қағып жүру Әсем жанына тиді: өлексесін сүйретіп кешке келсе, теке сасып алдында Әшір отырады. Әсемнің ет жақын арқасүйері жоқ екеніне көзі жеткен соң Әшір әбден құтырып кетті: ішіп-жеміне де, киіміне де, отырыс-тұрысына да қатал қадағалау жасалды. Әсем күңге айналып бара жатқанын анық сезді: төсектен де безінген-ді. Соңғы кездері көз алдынан Әбіш, Батыр кетпейтін халге жетті: күндіз де ойлайды, түнде де ойлап жатып көз шырымын алады. Иығына су кетіп мүсәпірі шығып жүргенінде миының бір түкпірінен Өнербай тұлғасы ұп-ұзын болып көзіне елестей кететінді шығарды. Алаңдап, ұдайы жан-жағына жалтақтайтын әдет шығарып алды. Сол ұстамасы жаңа басталғанда Ызмұхшир - Ташауыз бағытындағы автобус келіп еді... Ой иіріміне түсіп кеткен Әсем басын көтеріп алды: көзі жарқ-жұрқ етіп, жан-жағына шаншыла жіті қарап алды. Майда саудагерлер жалтақтап қоян көзденіп болымсыз тауарларын ұсынысып жәутеңдесіп тұр. Әсем ұсақ кәсіптестерінің тас төбесінен асыра қарады: көптен бері суық тартып, өше бастаған сәуле қой көздерінде жана түсті. Өнербайға тіке тесіле қарады. Жалбыраған ұзын қою қастың астындағы қос жанар әлі отты екен: Әсем көзін алып қашты.

— Кінә артсаң да, өкпе айтсаң да орынды: айыптымын. Қате менен. Жолкер әзәзіл қағып кетті: көретін бейнетім бар екен. Өмірдің ащысы мен тұшысын таттым: кемі қалған жоқ. -Әсем көзінің жасын сүртіп, мұрнын қысты да жұмырығымен бір сипап өтті. - Дозақ бұл өмірде бар болса, Алла кешірсін, қуырылып шықтым. Жанымнан тойған күндерім көп болды. Әй, өмірдің өзін...

— Өзімсініп айтып ем, кешіре гөр, исінгенім рас. Жазмышта солай да, оқасы жоқ. Ал, енді пойызым келеді. - Өнербай сағатына қарады да түргеле берді. - Жақсы күндерде кездесейік. Әлгі, бұйымтайың...

Егіл-тегіл жылап тұрған Әсемге көзі түсуден-ақ Өнербай абдырай бастады: сөзі аузында жұтылып, қатып қалды, сілейіп аз кідірді, келіп тоқтаған қалааралық жолаушылар пойызына бір қарады, жылап тұрған Әсемге де жапақ-жапақ қарады. Сағатына көз тастады да пойызға қарай бұрылды. Әсем шошып оянғандай селк ете қалды: қаптың аузын шиыршықтап, бұрап-бұрап арқасына қағып салды да, дүңгір-қалбырларын қолына ұстап Өнербайды өкшелей қуа жөнелді...

Қәтеп ауылы
1998 барыс жылы, тамыз - қыркүйек

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙