Ақиқаттың рухы
Ахмет Өмірзақов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Нағыз поэзия – адам жанының нұрлы да ғажайып əуені. Бол мысын бір қалыпты тыныш тіршілік емес, буырқанған толғаныстар билейтін жыр əлемі – барынша дара, барынша сара жаратылысты əспеттеуге жаралған текті өнер. Оған еркіндік, батылдық жəне те реңдік тəн. Ол – адам жаны мен қоғам тынысындағы сан түрлі қайшылықтардың себебін іздеп, сырын ашады. Мəңгілік жараты лыс заңына ғана бойсынып, ақиқатқа ғана арқа сүйейді. Төлеге
УДК 82175127122
ББК 84 (5Қаз)-5
Ө 44
Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі
«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін
басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді
Өмірзақов Ахмет.
Ө 44 Ақиқаттың рухы: Өлеңдер мен поэма./Өмірзақов
Ахмет. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, – 2014. – 136
бет.
ІSBN 978-9965-22-479-9
Нағыз поэзия – адам жанының нұрлы да ғажайып əуені. Бол-
мысын бір қалыпты тыныш тіршілік емес, буырқанған толғаныстар
билейтін жыр əлемі – барынша дара, барынша сара жаратылысты
əспеттеуге жаралған текті өнер. Оған еркіндік, батылдық жəне те-
реңдік тəн. Ол – адам жаны мен қоғам тынысындағы сан түрлі
қайшылықтардың себебін іздеп, сырын ашады. Мəңгілік жараты-
лыс заңына ғана бойсынып, ақиқатқа ғана арқа сүйейді.
Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Ах-
мет Өмірзақовтың бұл кітабына да дəл осы қасиет тəн жəне біз-
дің пікірімізді – осы жинаққа енген шығармалар дəлелдейді деп
сенеміз.
УДК 82175127122
ББК 84 (5Қаз)-5
ІSBN 978-9965-22-479-9
© Өмірзақов А., 2014
© «Қазығұрт» баспасы», 2014
ӨРЛІК ТОЛҒАУЫ.
1986 ЖЫЛҒЫ ЖЕЛТОҚСАН ҚАҺАРМАНДАРЫНА
Өсер елдің қай кезде де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Мұхтар Шаханов
Ел жоқ, сірə, қасіреттің тұғырына қонбаған,
Халық та жоқ қайғы-мұңның қаңтарында тоңбаған.
Бірақ…
АДАМ мен ХАУАның ұрпағының ішінде
ҚАЗАҚ ұлты шеккен азап – басқасында болмаған!..
Иə, БІЗДЕР –
Тəңірі – Көк, Күннен – Гүннен таралған,
Ұрпақтармыз – Жер жүзіне Нұр шашуға жаралған!
Күркіреген сонау Гүн мен бұл Қазақтың арасы –
Зұлымдық пен Əділдіктің қан майданы – əр алуан!...
…Əлі күнге шықпай жатқан Тарих атты қатпардан,
Сан мыңдаған сыз – жылдардың құшағында таттанған;
Ерліктері – ЕуроАзия есінде əлі сақталған,
Өрліктері – Геродоттың жазбасында хатталған,
Дандайсыған Кирдің басын Өз жерінде ап қалған,
«Жеңілмейтін Ескендірдің» жынын қағып шаттанған,
Біз – Асылдың сынығымыз, қалған Ұлы Сақтардан!!!
Мəңгі мекен – ен Далада жасау үшін жүріп кең,
Талай – талай қан майданда арпалысқан бүлікпен,
БҮТІНДІГІН сақтау үшін тастүйін боп біріккен,
Жер сілкінткен қаһарынан сансыз Шүршіт үріккен,
Біз – Ұшқынбыз өшпей қалған, Ұлы қаған Түріктен!
Қатыгез ой айдап салған дию – сынды жын құсқан,
Уақыт, Заман – əділетсіз үкім айтып мың тұстан;
Гүн, Сақ жəне Түріктердің шақта – айбары құм құшқан,
Қыпшақ болып қайта туып – бабам жаумен қырқысқан.
Сол Қыпшақты қапылыста қиратқанмен Шыңғыс хан,
Асқақ Рухын жоғалтқан жоқ Ата жұртым – Түркістан!
…Гүн, Сақ,Түрік, Қыпшақ – бəрі, о бастан-ақ азат боп,
Туылған-ды – Зұлымдықты қирататын жасақ боп.
Дəл солардың Ер Ұрпағы – Он Бесінші Ғасырда –
Шықты тарих сахнасына қайсар халық ҚАЗАҚ боп!
Ол да алайда, тірлік кешті бабалардай бұрынғы,
Оның-дағы дұшпандары болып шықты жырынды:
Қытай, Жоңғар, Ресейдің соққысына ұрынды,
Кең даласын қорғаймын деп «мың өліп, мың тірілді»…
Бірақ, асқақ болашаққа бастап барар жолдарда,
Дауа бар ма мəрт халықтың жолын құдай оңғарса?!
Сонау Түрік дəуірінде Жужандардай – жер жұтқан,
Жоқ боп кетті қазақтың ең қас дұшпаны Жоңғар да!
Дегенменен, «дауыл соқса емен басы иілген»,
Шарасыз ел жұдырығы жең ішінде түйілген...
Əбілқайыр, Абылайлар кетті арманда өмірден,
Елін көріп – бодандықтың қамыты нық киілген...
Жат жұрттықтан тазартам деп əрбір сүйем-қарысты,
Кенесары, Наурызбайлар арыстандай алысты.
Сырымға ерген қалың қауым оққа қарсы барыс-ты;
Еркіндікке ұмтылған ел Өздеріне Бас қылды –
Исатайдай, Махамбеттей, Жанқожадай арысты!
Сүйегіміз шашылса да бір, он емес Жүз белде,
Бабалардың ерлік салтын ұмытпадық Біздер де.
Жауынгерлік рухымыз желбіреді биікте,
Дəуір – Кеме сан дауылды теңіздермен жүзгенде!
…Көкіректі күйдіргенде шемен болған күй налып,
Жатқан кезде ел – Патшаның езгісінде қиналып;
«Ұлы Қазан Төңкерісі» тумай жатып,
қиратқан –
Россия тас бұғауын Аманкелді Иманов!
Дəл содан соң Жетпіс Жылдай уақыт салып араға,
Ерлік туын қайта тігіп ұланғайыр Далаға, –
ЭС-ЭС-ЭС-ЭР-дің –
Əлемдегі империяның ең соңғы,
Жаназасын шығардыңдар Алматыдай қалада!
– Жаназасын шығардыңдар, Желтоқсаншыл Ерлерім!
Əрбірі – бір Қаһарман боп жаратылған Өрлерім!
Ату, асу, азаптауға Рухыңды бермедің,
Отқа жағып, мұзға салып қатырса да өлмедің,
Жаны – жалын, тəні – құрыш, Желтоқсаншыл Ерлерім!
Əрбірі – бір Қаһарман боп жаратылған Өрлерім!
Жасап өткен ай-жылдарда, бізден бұрын – мыңдаған,
Саған риза – Тəңірі – Көк, Рухы – От Гүн бабаң!
Асқақтығын иығынан бас кетсе де сақтаған,
Саған риза – сұрапылдың сұрапылы – Сақ бабаң!
Ұрпағының жанын, тəнін шыңдап кеткен Өр қылып,
Саған риза – Ақын бабаң, Батыр бабаң – Ер Түрік!
Сескенбеген сан ажалдың қақпанынан құрулы,
Саған риза — Қыпшақ атты Қайсар бабаң рухы!
Жасымаған тартса да сан тəуелділік азабын,
Саған риза – Желтоқсанмен қайта туған Қазағың!
Жаса!
Жаса! –
Желтоқсанның Батыр Қаһармандары,
Ақиқаттың, Əділеттің батыл шабармандары!
Жаса!
Жаса! –
Азаттықтың туын көкке көтеріп,
Қазағымның адамзаттан адал бата алғандары!
Сендерсіңдер –
Дүлейліктің топан суын тоқтатқан,
Зұлымдыққа қақ маңдайдан жарып өтер оқты атқан!
Сендерсіңдер –
Күдіктердің Тас Қамалын қиратып,
Өз ұлтының жүрегіне мəңгі сөнбес От жаққан!
Сол жанған От өшпейді енді – Зұлым заман келмейді,
Сол жанған От өшпейді енді – төбемнен бұлт төнбейді!
Сол жанған От өшпейді енді – езілмейді жан-тəнім,
Ерлік, Елдік қасиетім – Құдіретім өлмейді!!!
Желтоқсан, 1996 жыл
ҚАЗАҚ МЕРЕЙІ
Сана жеткен өлшемнен де биік біздің өреміз,
Қайғы менен қуанышты көптен бұрын көреміз.
Таудың биік, Судың терең, Жердің жазық екенін,
Тылсым Қазақ Болмысында танытумен келеміз.
Ұлы Ақиқат ақыр бір күн ту тігеді – сенеміз,
Сонда – əлемдік даналықтың қасиетті жемісін –
АРИСТОТЕЛЬ, ƏЛ-ФАРАБИ деп екіге бөлеміз!
Сөз патшасы Абай болып дүр сілкінттім санамды,
Жыр тəңірі Жамбыл болып бір сілкінттім ғаламды.
Күй атасы Құрманғазы саз тудырып теңдессіз,
Күш атасы Қажымұқан беттетпей бір адамды,
Асқақ сөзім Əуезов боп алты əлемге таралды.
Қайсар тұлғам Бауыржан боп биіктетті даламды,
Ғалым бейнем Қаныш болып күн қасына бара алды,
Əсем əнім Əміре боп көкте қалқып жүр мəңгі,
Осыларға қарап дүние өзі берсін бағамды!
Ақиқатты айбынбастан Ақын ғана айта алар,
Айта алғанда, бүкіл Адам – Заттың жаны жай табар.
Сонда – зұлым замандарда қасиетті Тарихтың
Жоғалтқанын Сүлейменов, Шахановтар қайтарар!
Кезі келіп жалғандықтың жолы – дағы байланар,
Байланар да – АДАМ менен ҚАЗАҚ сөзі ӨЗАРА
МƏНДЕС СӨЗге айналар!!!
Желтоқсан, 1996 жыл
АБАЙ-МҰХТАР БИІГІ
(Қазақ туралы жыр)
«Абай-Мұхтар!» –
деп жыр бастау – міне, сын!
Олар жайлы қалам тербеу үшін, Дос,
Болсаң да шын дарынды,
Тежеп қызу арынды,
Оң – солыңа қарап Қыран көзбенен,
Жүрекпенен – алдамшыға төзбеген,
Тілекпенен – ақ үміттен безбеген, –
Тəуекелдің қайығына мінесің!
Өміріне үңіле алсаң
Абай менен Мұхтардың,
ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДАНАЛЫҒЫ –
Қанша жыл –
ҚАСІРЕТТІҢ ТОРЫНА
ҚАМАЛҒАНЫН білесің!..
Олар – сенің Арың шын,
Ар туралы адал, асқақ сөйлемей
Күдіктерден көңілің қалай арылсын?
АБАЙ-МҰХТАР
Белгісі –
ГЕГЕМОНДЫҚ БИІГІНДЕ барыңның!
Рас болса мəңгілігі Өнердің,
АБАЙ-МҰХТАР ОЯТҚАН
ДАНАЛЫҒЫҢ
Сенің қалай көнерсін?!
Біз халықпыз,
О бастан –
Маңдайына жазылмаған сөнер күн!
Сондықтан БІЗ –
Қара күшке ерік берген заманда,
Өзімізді өрлеткенбіз –
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен!
Ал, бүгінде –
Парасаттың
Ұлы Көші шеру тартқан заманда,
Сөзімізді төрлетерміз –
Ақ Жүректің күшімен,
Ақ Қаламның ұшымен!
Алды-артыңа қарасаң –
Үмітсіздік жанды қажап, өкініп,
Себебің жоқ азып-тозып, аритын.
Өлең болып төгіліп тұр, төгіліп,
Тасқа жазған Тарихың!
Жалғандықтан шегініп,
Ақиқатқа бекініп,
Енді, міне, Əлемнің
Келді кезі Өрлігіңді танитын!
О, қайсар, ер Қазағым,
О, жайсаң төр, Қазағым! –
Дəуір, Қоғам саған қанша
Қиындығын артса да,
Тексіз тобыр кейде саған
Теріс қарап жатса да, –
АБАЙ БАРДА
АЛҚЫНБА,
МҰХТАР БАРДА
МҰҢАЙМА!
ДƏЛ ҚАЗАҚЫ ҚАЛПЫҢДА,
ЖАҚЫНСЫҢ СЕН ҚҰДАЙҒА!!!
Далаң сенің киелі,
Күмбірлеген күй елі.
Бұрқып аққан дарияң
Білмейді ешбір жүйені.
Тауларыңның өр басы,
Бұлттың төсін сүйеді.
Ормандарың – шулаған –
Тəңір тартқан сый еді!!!
Соның бəрін сақтаған –
Һақ сенімін ақтаған:
Арыстанын патша ғып,
Жолбарысын сатпаған;
Қырандарын самғатып,
Аққуға оқ атпаған,–
Бабалардың асыл текті сүйегі!!!
Сол қасиет Арға аманат десең Сен,
Лайық Ұл бол ұлтыңа,
Лайық Қыз бол ұлтыңа!
Елім! – деген пəк жүрек,
Елім! – деген кеудеңде
Ыстық қаны бұлқына,
Соғып тұрсын жұлқына!
Асқақ та Сен, Азат та,
Құдірет те Сен, Ғажап та!
Тек Мəрттік пен Батырлық,
Қайсарлық пен Батылдық
Мекендейтін
Анау Асқақ Кеудеңе, –
Жасықтықтықты,
пасықтықты,
ездікті,
Жалғыз сəт те жасатпа!
Қазақ болып дүниеге келгесін,
Қазақтыққа көну керек,
Қазақ болып өлу керек қазаққа!!!
…Жан-Жүрегін тербегенде
ЖҰРТЫМ деген Күй – Ұлы,
Ел жүгінен талмайды ешбір
Ер жігіттің иығы!
Тəрк етпегей кеудемізді ешқашан,
Мəңгілікке бастаған –
АБАЙ-МҰХТАР БИІГІ!!!
Мамыр, 1997 жыл
МАХАМБЕТКЕ НЕМЕСЕ
ӨЛМЕЙТІН ДАҢҚТЫҢ ӨЛЕҢІ
Жон сыртына Шындық – қамшы батқасын,
Сый мен Құрмет саған бұрды ат басын.
Қайсар ғұмыр –
Қырық Үш Жыл жұлқынған –
Ғұмыр емес,
Көкті тілген От – Жасын!
Дулығалы басты сүйсе құлай Бақ,
Жұрт жанын ол өткен емес лайлап.
Татымады-ау «Бір-ақ туған қараға»,
Ханнан Қырық туғанымен «құдайлап».
– Бекерге «Ер!» деп танымады Ел сені,
Сөздеріңнің көтерді өзі еңсені,–
Қарашаның шыдамымен шыңдалған,
Ақиқаттың алмас жүзді семсері!
Құрғанымен Ажал қанша қақпанын,
Есепке алып, елеп те оны жатпадың.
Тағдырдан Сен бəрін күтіп,
Күтпеп ең –
Өз итіңнің құтырып кеп қапқанын!..
Жұлдыз – жұлдыз! –
Өшкенімен уақытсыз,
Шамырқана білген емес шабытсыз!
Дəл Өзіңдей «Кескекті ердің сойлары» –
Маңдайына бітпейді елдің – бақытсыз!
Алшаң басып өткенімен жалғанды,
Асқақ шыңға шырқатқан аз арманды.
Саған қарап Ел таниды «АҚЫН!» деп, –
Басын беріп – Арын сақтап қалғанды!
Шыққан күндей сескенбестен «батам» деп,
Өр боп туып, отқа түстің «ОТАН!» деп.
Елдің Дерті, Ердің Серті дейтұғын,
Шың басында көзіңді ілдің, МАХАМБЕТ!
Жалғаншымен арбасқанда Жарық Күн,
Тура сөзде Сендей болар анық кім?!
…Қасіретінің өзінде асқақ Даңқ бар,
Махамбеттей Ақын туған Халықтың!!!
Қаңтар, 2003 жыл
ЖАНҚОЖА БАТЫР ДАСТАНЫ
(Ұлт батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлына ескерткіш)
ЕЙ, ЖАНҚОЖА БАТЫРЫМ!1
Айырмай қолды Ақиқат деген Ақ Тудан,
Еренім едің –
«Ел үшін келдім өмірге, Ел үшін өлем!» деп туған.
Сен батыр болсаң намыстың құлы,
Мен – ақын,
Жалғандықтардан жай таппай жаны – жоқ қуған!
Тағдыр-талайың, еске алған шақта, тұрса да жанға
мұң құйып,
Жаралы мынау тарихымдағы орының сенің тым биік!
ЖАМПОЗЫМ МЕНІҢ,
Нар тұлғаң жайлы айта алсам егер айтудай,
Жоқ жерден «батыр жасағыштардың» аузына –
Кетер едім-ау құм құйып!
Тарихта аты танылмаса да «рулы елге ұран» боп,
Əр ауыл бір-бір Жанқожа тапса – туысына оның күмəн көп.
Қабанбайлар мен Бөгенбайлардай дəріптелмей жатса
есімің,
АРДАҒЫМ,
Сенің ондайға титтей кінəң жоқ!
Сен ешбір ханға басыңды имей емен боп өткен батырсың,
Халқының мұңы көкірегіне шемен боп өткен батырсың!
Азуын айға білеген анау Ақ Патшадан да қаймықпай,
Алланың берген мəрт мінезіне кенен боп өткен батырсың!
Аруақты ер ең – алдыңа келген кісіні сұсың басатын,
Майданға шықсаң – жасанып келген жауыңның құты
қашатын.
Көргенде сені – лəшкері сарттың тығылатұғын жер таппай,
Казак-орыстар қамалдарынан шыға алмай сыртқа, сасатын!
Ерлігің Сенің тұратын дəйім жігерін елдің жасытпай,
Өрлігің Сенің ақын біткеннің жырына мəңгі азықтай!
Қазақтың кегі қайтқан күн сірə бар ма екен,
Бабажан сарттың құйрығына сенің бұйрығың қаққан
қазықтай!!?2
Қара халықты құтқарамын деп қорлықтарынан жат елдің,
Басыңды талай ойланбастан-ақ отына тіктің қатердің.
Күл-талқан қылып Кенесарының күші келмеген Созақты,
Абылай ханның ұрпағын қырған Қоқаннан кекті əпердің!3
Батырлық түгіл билік айтқанда орының сенің төр еді,
Жазықты жанға жаза кескенде өнегең еді – өрелі.
Пасықтығы үшін айбалта сілтеп Қылышбай ханның
басына,4
Жасықтығы үшін жаяу айдадың Жанғазы сынды төрені.5
Ескертер едің би-шешендерге: «Кісі ақысынан қорық!» деп,
«Би қарау болса – басқаларға не жорық?» деп.
Өзгелер еккен арпа-бидайдан түйір дəн салмай аузыңа,
Өзегіңді ылғи жалғаушы едің құмаршақ дəнін теріп кеп.
Жаужүректікті берсе де құдай басыңнан ұшпас бақ қылып,
Жаныңа сенің тəн емес еді аяуды білмес қаттылық.
Қандасыңның кегін қайтарғаныңда – қанынан ұрттап
жауыңның,
«Кектесемін деп қас дұшпаныма, жасадым, – депсің, –
жат қылық...»
Адалдық сынға түскен бір шақта ашудың баспай көрігін,
Жалған намысқа желіккендердің қағатын едің желігін:
Ақылыңды алмай арандатқанда ел менен елдің арасын,
Теріс бата беріп Туысыңа да,
Өңгеріліп атқа келгенде Ол,
Ара ағайынға,
Үш Жүздің Пірі Мүсірəлінің ұрпағы –
Сəйеке ишан келгенше,
Көмдірмей қойдың өлігін!..
Осының бəрі өзіңе əттең… жақсылық болып қайтпады,
Қайтсын деп те оны тасбауыр тағдыр айтпады.
Не деген қиын,
Бір кезде өзің қорғаны болған қандастың,
Өзегіңе теуіп, өзіңді келіп атқаны…
Аңғал ерім-ай, бойыңа неге күдікті сонша жат қылдың,
Ақ көңіл ең-ау, десең де қанша опасыздарға қатқылмын.
Сонау бір шақта кəллəсін қағып тастағаныңда, шіркін-ай,
Бассыз кеудесі нетер ед саған Елікей атты сатқынның?! 6
«Жазмыш-парақта не жазылса да мен соған анық бейілмін»,
Дегеніңменен құрбаны болдың тексіз бір тобыр-пейілдің.
…Қатындықтан басқа не келуші қолынан,
Тумысы бастан арамзалыққа табынып өскен, бейшара,
Ақсақал менен Сейілдің?..7
Сарбаздарыңның салған ұраны «Бақтыбай!» болып,
«Дөйт!» боп,
Селт етпей жүрек қан майдандарға кеткенде талай
қойып кеп, –
Сескенбеуші едің өзіңе қарай тура сілтеген семсерден:
– Арманым жоқ, – деп, – Соғыста кетсем шейіт боп!..
Амал не, бірақ, тілекті құдай бермеді,
Шараң бар қандай ажалды пенде жалғанның болса ермегі?!
…Ту сыртынан кеп қадалар қанжар өз отанында қайралып,
Қапыда кету – Хас Батырлардың тағдырдан татар кермегі.
…Тар кезең туып, қалғанда жалғыз – қол салғанда ажал
алқымға,
Батырлығыңның түсірмей құнын, бұзбадың сынын,
нарқын да.
Құранға балқып отырған кезде –
Қазасы жеткен Хазіреті Ғали сияқты,
Қарсы алдың сен де ажалды,
Намазыңды үзбей,
Жүзіңді,
Құбылаға берген қалпыңда!..
Жақын келе алмай, нəмəртікпенен алыстан атып дұшпаның,
Қорланды қатты көре алмай сенің кеудеңнің құмды
құшқанын.
Жаныңа сауға сұрамай,
Қорғасын оқтан құламай –
Пəниден өтіп бара жатып та сонда Сен,
Еңсеңді биік ұстадың!
Рухына елдің Екіжүзділер етпеуі үшін Иелік,
Соңғы рет шыққан Биігіңді де ұрпақтарыңа Кие ғып, –
Теңселтпей бір сəт нарларға бітер тұлғаны,
Арманға толы асқақ кеудені керіп бір,
Ең соңғы демді алдың да,
Туған далаңа қимай бір көзді салдың да,
«Ел аман аман болсын,
Жер аман болсын…» деп іштей,
Ақырын ғана қыран қабағың жанарыңды жапқан қалпыңда,
Дауқара шөлде – құмды төбенің басында –
Мəңгілік қалдың Шолақ найзаңа сүйеніп!..
Тоқтадың солай,
Өзіңмен бірге тарихтың жауып бір бетін,
Бейдауа дүние айналса теріс – күш бар ма оны іркетін?!
Қысқа бір күнде қырық құбылған жалғанда мынау, бірақта
Өзіңдей жан аз риясыз көрген Һақ Жаратқанның үрметін!
Қасіретті сол шақ қалғанда артта, атқанда қайта Таң Ізгі,
Өнегең жырға айналды–дағы таңдайға нəрін тамызды:
«Жұртым» деп аттан түспеген анау арпалыс толы
шақтарың,
Жүрегінде елдің жырлатып жатты Шындықтан биік
Аңызды!
«Жанқожа!» десе құйындай соғып толғаныс келді жырауға,
Күңіренді күйлер, домбыра түссе «Жанқожа!» деген
бұрауға.
«Жанқожа!» деген ұранмен жауға ұмтылған ердің бəрі де:
«Хақым жоқ, – деді, – құлауға!»
«Жанқожа!» десе қуатты бір үн дүр сілкіндіріп сан қырды,
«Жанқожа!» десе селт етіп бір сəт жасыққа тіпті жан кірді.
«Ер Жəкем!» деген тайсалмас елдің Ер Ұландарын
көргенде,
Дұшпанның басы қаңғырды!
Жан-тəніменен, жүрек қанымен, маңдайдан аққан терімен,
Біртұтас болып, ажырамастай бірігіп кеткен елімен;
Кім көрген, сірə, Өзіңдей Ерді –
Өлгеннен соң да қол бастап,
Есімінің өзі түспеген тұлпар белінен!!!
«Тірі күнінде қастасқан жауға жайрата сілтеп жарақты,
Дауылдап өткен даланың соңғы батыры» деген, қанатты
Сөздермен өріп, сен жайлы ойын, тебіренгенде Аничков,9
Еуроазияның аспанында атың қырандай самғап баратты!
Сол шақтан бері –
Рух боп Асқақ, ұрпаққа талай үн қатқан,
Сен тігіп кеткен Мəрттіктің Туын көреміз дəйім
Шың жақтан.
Ұлтының нұрлы Жан-Бесігінде тербелген мəңгі Алыпсың,
Даңқыңды енді ешкім де келіп қозғалта алмас бұл Тақтан!
P.S.
…Заманда небір көтере біліп Дəуірдің жүгін – зіл батпан,
Тарих Патшаға жасқанбай қарап, аспандай қарап тіл
қатқан,
Қазақтай мынау ғажайып елден айналып кетсең болмай ма,
ЖАНҚОЖА сынды ұл тапқан!!!
1 Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (1774 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Арықбалық ауылында дүниеге келіп, 1860 жылы Қызылқұмда дүниеден өткен) батыр, Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне жəне Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. 2 Хиуа хандығының жергілікті халықтан салық жинаушы өкілі Бабажанның қамалы, сол кезде 72 жастағы қаракесек Ақтан батыр мен 68 жастағы Жанқожа батыр бастаған қазақ жасақтарының қолымен 1842 жылдың қарашасында тал қан далып, Бабажанның өзі өлім жазасына кесілген. 3 1830 жылдың күзінде Кенесары бастаған біріккен қазақ əскері Қоқан жасауылдары тұрған Созақ бекінісін қоршауға алып, оған үш жүздің жауынгерлері кезектесіп шабуыл жасаған. Алдыңғы екі шабуыл нəтижесіз аяқталып, өз кезегінде адамы шағын Жанқожа батыр бастаған кіші жүз сарбаздары алдымен қоқандықтарға көмекке келе жатқан Тағанның лəшкерін талқандап, өзін тұтқындайды. Соң Созаққа шабуыл жасап, бекіністі алады. 4 Алғаш 17 жасында жорыққа қатысып, жекпе-жекте Тықы батырды жеңген Жанқожа жорықтан қайтып келе жатқанда Қылышбай ханның бір əділетсіздігіне шыдамай оған айбалтасын сілтеп, ауыр жарадар етеді. Бірақ, хан болған жағдайға өзін кінəлі санап, жас батырға кешірім жасайды. Соңынан өзі сол жарақаттан дүние салған. 5 Хиуа хандығы тарапынан сайланған Сыр бойы қазақтарының ханы Жанғазы сұлтанды Жанқожа батыр Бабажан қамалын қиратқан соң еліне қорған бола алмағаны үшін жазалап, қырдан жаяу айдап қайтқан. 6 Сұлтан Елікей Қасымов – Жанқожаны өлтіруге əскер бастап барған, Хиуа хандығына жəне орыс патшалығына қызмет еткен сатқын төре. 7 1844 жылы қаза тапқан табын Байқадам батырдың ажалын Жанқожадан көріп, оған кектенген Ақсақал мен Сейіл Елікей Қасымовпен бірге барып, 86 жастағы қарт батырды, жекпе-жекке шықпай, алыстан мылтықпен атып өлтіреді. 8 Жанқожа көтерілісінің ізін суытпай зерттеген орыс офицері И.Аничков бұл туралы арнайы очерк жазып, 1894 жылы Қазан қаласында «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедов» деген кітапша шығарады. Автор өз кітабында батыр туралы нақты да əділ көзқарасын көрсеткен. (Сілтемелердің барлығы да батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлының өмірі мен тарихи еңбегін жарты ғасырдан аса уақыт зерттеп келе жатқан көрнекті жазушы Молдахмет Қаназдың «Ел қорғаны – Ер Жəкем» (Алматы, Денсаулық. 2012 ж.) атты кітабы негізінде беріліп отыр.
КӨТІБАРДЫ1 ОЯТУ
Көкірекке бір запыран ұялап,
Сезімдерім таппай қойды тиянақ.
Қаншама жыл жанымды жеп келеді,
Босағада байсыз туған Қиянат!…
Сөзін айтты демеңіздер күпірдің,
Тіл сыйлаған Жаратқанға шүкірмін!
Мен –
Тек қана жалғаншыға жағынған
Шайырлардың шатпағына түкірдім!
Қалдырсаң да дауыл-даудың өтіне,
Тура айтамын һəм қоймаймын өкіне:
«Айман-Шолпан»2 –
Жұрт тамсантқан жыр емес,
Жаққан күйе ол – батырлықтың бетіне!..
Тəрк еткенде көкіректі асқақ Ар,
Қиянаттың жолы осылай басталар:
Əл бермеген аруақты ерге өшігіп,
Əлібекті3 ойлап тапты «қасқалар»!…
Болғанымен басқалардан бағы асқан,
Батыр жайлы жырдың көбі шатасқан.
Айыра алмай ақ-қарасын аңыздың,
Əуезов4 те жоққа сеніп адасқан…
Əлі күнге жалған жырдың атағы,
Тақтан түспей
Жаныма дерт батады:
Қазақ сорлы егіз қызды болғанда –
Айман, Шолпан деп ат қойып жатады!…
Қаперге алмай асыл сөзді – аталы,
Кеуде керіп, Елміз! – дейсің баталы.
– Ей, ағайын,
Қашан биік болып ед, Батырлардан қатындардың атағы?! Арға шабу – əділдікке жатпаса, Батыр біткен беруші ме ед от баса? Тумай туа шөгер еді Көтібар, Басынғанды тура бастан шаппаса! Аялауға Ақиқаттың Ақ Таңы Асыққанда – Арыңды емдер тап дəрі! Тасырлыққа төр бергеннен емес пе, Жігерліңнің жолы болмай жатқаны?! – Ай, Көтеке, Аңғал ерім Көтібар, Тұлпарсың Сен – бұқа емессің өті бар! КӨТІБАР деп есім берген атаңның, Жүрегінде жанартаудай Оты бар! Аңыз қылған Аспан – Жердің арасын, Атыңмен де, Затыңмен де дарасың! Көті жоқтар от басында омалса, КӨТІ БАР! – боп көз жетпеске барасың! Асып туған, асыл затты – Өр, Текті, Бабаң сенің – еңкеймеген Ер Шекті! Тұр қанеки, тұлпарыңа қайта мін, Жыртып-жыртып жұрт тоқыған «ертекті»!!! 1 Көтібар Бəсенұлы – (1757 – 1833). Кіші Жүз, Əлім тайпасы, Шекті руынан шыққан халық батыры. Орыс отаршыларына қарсы күрескен. Көпке мəлім «АйманШолпан» жырында батырдың шындыққа жанаспайтын бейнесі жырланады. 2 «Айман–Шолпан» – қазақтың елге кең тарған лиро-эпостық жырларының бірі. 3 Əлібек – «Айман-Шолпан» жырында «Айманның ғашық жары əрі Көтібардан құтқарушы» ретінде көрінетін, бірақ, тарихта аты беймəлім, ойдан шығарылған кейіпкер. 4 Əуезов те жоққа сеніп... – Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Əуезов «АйманШолпан» жырының сюжеті негізінде комедия жазып, Көтібардың жағымсыз, мазақ образын жасаған...
БЕКЕЖАННЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
Керек емес мына жырға «сөз басы».
«Ақиқаттың,– десек те, – анық тозбасы»,
Бақи жаққа бетін бұрып кеткелі,
Тиылмай тұр Бекежанның1 көз жасы…
Əр күн сайын «жасампаздар» мақталып,
Əр күн сайын шындық отқа қақталып;
Əр күн сайын жатыр Ұлттың намысы,
Тексіздіктің табанында тапталып.
Шыңыраудан ұмтылғандай жарыққа,
Ұмтылсақ та жүректегі Аныққа, –
Шамырқанған бір шындықтың дауысы,
Əлі күнге жетпей жатыр халыққа!
...Кинозалда «гəккулесе» Қыз Жібек,
Жас пен кəрі көзін алмай үздігед!
Білмейді елім,
Өлі аруағын біреудің
Бір Қиянат жатқандығын сүзгілеп!…
«Төлегеннің кімнен келді ажалы?»
Жауабы оның талай көрді қазады:
«Кескентерек2 – қарақшының күнəсін,
Бекежанға аударғандар – жазалы!»
Деп жүрмеңіз «өлгендерге кектенді»,
Шынның шаңын сүртетін шақ жетті енді!
Жан шошиды мұрағатты ақтарсаң,
Білгің келіп сыры жұмбақ өткенді.
Опазыздық, нəмəрттіктің жаңасы –
Қағаздағы таңбалардың жаласы!
Бекежанды оққа байлап жіберген –
Шайқыіслəмнің кітап сатқан баласы!
Жүсіпбек-дүр3 сол нəлеттің есімі,
Біл, ағайын,
Ұғып дұрыс, осыны:
Əлі күнге əлек салып келеді,
Түбі шикі кесапаттың кесімі!
Сол Жүсіпбек – көріп тұрып «көрмеген»,
Босағаны ауыстырған төрменен.
Сол Жүсіпбек –
Безбүйрегі бүлк етпей,
Жыр – «Жібекті» қалауынша өңдеген.
Сол Жүсіпбек –
Жалғандықтан қашпаған,
Ақ қағазға ақиқатты баспаған.
Отқа тығып Бекежанның аруағын,
Руласын жырдан сызып тастаған!
Жүргендерге – қарғыс атқан сол ізбен,
Тағдырлары Қайғы емшегің емізген!
Талайлардың жаңқа болды ғұмыры,
Кемелердей қирап қайтқан теңізден…
Ақиқатты айт жүрегіңде түк болса,
Бақыт па екен – елге есерлік құп болса?
Жеңіл ме екен жүрексіздің кесірі,
«Қырық есек, бір қашырға жүк» болса?!
Жаратқанның ескерткені аз ба əлі?
Қиын… бұны оқталғанда жазғалы:
Бекежанды «сомдаймын» деп Асекең4,
Бұл дүниеден безіп кете жаздады…
Қостаймын деп өлеңшіні – ұятсыз,
Қобыздайын қурап сынған, қияқсыз;
Біле тұра бүгіп қалып шындықты,
Мүсірепов5 қала жаздад… тұяқсыз.
Нақақ күйген Ар – қала ма тектен тек,
Көгертпейді Ол көзсіздерді көктем боп!
Жазықсызды зұлым қылған Сұлтекең6,
Арманының ширегіне жеткен жоқ!..
Шындық шындап алар болса қыспаққа,
Құның қалмас өзің туған қыстаққа!..
Бекежанды құзғындарға жем қылған,
Атабаев7 шықты қандай ұшпаққа?…
Міне, осылай бір-бірімен алмасып,
Залым пікір келе жатыр жалғасып.
– Қашанғы енді көмілеміз құдыққа,
Ей, Ақиқат,
Жетер енді, алға шық!
Патша да ұстап тұра алмайтын уыста,
Шындықты кім тығып жүрген қуысқа?
Қалай ғана көз салады Бекежан,
Бес атадан қосылатын туысқа?8
Мына жалған дүниеде – аз-ақ күн,
Тіпті, шегі болмаушы ма ед мазақтың?
Қандас, жандас үйірлеске шаппаған,
Жылқысы да текті еді ғой қазақтың!
Əттең… оны ескеріп жүр кім бүгін,
Қиянат тұр ішке бүгіп сұмдығын.
Жалғандықтан шəрбат ішкен ұрпаққа,
Зəрдей – менің шырық бұзар шындығым!
Кейбіреуге көрінгенмен тосын жай,
Біз аңғарған бір қасірет осындай.
Өмір бойы өтпеу үшін өкініп,
Айтар кезде айту керек тосылмай!
Шежіреңді шайтан алса иелеп,
Қалды дей бер Атан-Шындық үйелеп!
…Домбырадан қалам тартып алған жыр, Келеді əлі елдің жадын күйелеп!.. Қанша дəмін татсақ-дағы бұл удың, Реті жоқ енді үнсіз тұрудың! Қара жерге көму, сірə, мүмкін бе, Һақтың Нұры – Ақиқаттың Рухын???! Болған істі біле-білсек байыптай, Бұл бір тарих – ескегі жоқ қайықтай. – Елдің ары арылмайды дақтардан, Бекежандар көз жасынан айықпай!.. 1 Бекежан – Бекежан Айбекұлы. Тарихи деректер бойынша 1667 – 1730 жылдар аралығында өмір сүрген. Кіші Жүздің Əлім тайпасы, Қабақ Шекті руынан шыққан батыр. «Қыз Жібек» көркем фильмінде Жібектің ғашығы Төлегенді өлтірген зұлым кісі ретінде сомдалған көркем бейне. 2 Кескентерек – белгілі фольклоршы Сейтқали Қарамендиннің (1912 – 1997) дəлелдеуінше Төлегенді өлтірген қарақшы. (Сейтқали Қарамендин, «Бекежан да – бір арыс», «Қазақ əдебиеті» газеті, 19. 07. 1991 ж). 3 Жүсіпбек – Жүсіпбек Шайқыіслəмов, кейбір деректерде Шейхулисламов (1857 – 1936). Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде Қазан қаласындағы баспалардан халық дастандарын кітап қып бастыру, тарату ісімен айналысқан өлеңші кісі. «Қыз Жібек» жырын кітап қып баспадан шығарғанда жырдың мазмұнын бұрмалап, жырды өзгертіп шығарған. Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағанда Қытайға қашып кетіп, өмірінің соңғы жылдары сол жақта өткен. 4 Асекең – қазақтың белгілі актері Асанəлі Əшімов. «Қыз Жібек» фильмінде Бекежанның жиіркенішті бейнесін сомдаған... 5 Мүсірепов – қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов. «Қыз Жібек» көркем фильмінің сценариін Жүсіпбек Шайқыіслəмов варианты бойынша жазған. 6 Сұлтекең – «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтан (Сұлтан Ахмет) Қожықов (1923 – 1988). 7 Атабаев – режиссер Болат Атабаев. Ол «Қыз Жібекті» сахналағанда, пьеса соңын – қазақ табиғатына жат қылық – Бекежанды көмусіз қалдырумен аяқтаған… 8 …туысқа – Тарихи деректер бойынша Бекежан мен Жібек бесінші аталары туысқан боп келетін қандас ағайындар. Қазақ салтында 7 атаға дейін қыз алыспайтын дəстүр барын ескерсек, бұлар бір-біріне ағалықарындасты саналатын, яғни, неке түспейтін адамдар боп саналады. Сондықтан, «Қыз Жібек» жырындағы Бекежан бейнесі – тарихи ақиқатты білімсіздікпен мансұқтау ғана емес, ұлтымыздың моральдық заңына, қайшы, əрі ар намысқа тиетін зымияндық деп саналуы тиіс.
БЕКЕТТЕН ҚАЛҒАН БЕС ӨЛЕҢ
Бір асыл – ардақ тұтар атам Бекет1,
Ол жайлы сөз болғанда жатам ба тек?!
Жүректі бір күдіктен аршымасам,
Қорқамын зор күнəға батам ба деп!..
Шыққасын шындық іздеп жолға мына,
«Тапқыштың» таң қалмаймын «толғамына»2.
Бекеттей құдіреттен қалған өлең –
Кім кепіл – дəл осындай болғанына?!
Жазбайды қасиеттілер құнсыз жырды,
Əулием қай ісін де мінсіз білді!..
Қол созса – қор болады,
Асылықпен
Ашам деп əулекілер Үнсіз Сырды!..
Жайқалтып орман қылған бұтақты алуан,
Кезі жоқ Ұлы Өнердің жұтап қалған.
Бекеттен Қазақ деген жамағатқа,
«АҚИҚАТ – АЛЛА» деген кітап қалған!..
Бейнесі орын алар қақ төріңнен,
Бес Жыр бар сол кітапта ҺАҚ көрінген:
Ақмешіт, Ескі Бейнеу һəм Байшағыр,
Тобықты, Оғыланды3 деп ат берілген!
Білмеймін бұл Бесеуден басқаңды мен,
Атамның құдіретін Аспан білем!
Бастарда бəйітімді
«Я, Бекет!» деп –
Парақты дəптеріме тастан тілем!
Шындыққа жыр көрігін үрлетемін,
Бақиға ақиқатпен бір кетемін!
Қор қылмай ит сарыған қағазыңа, Толғауын тасқа жазған Пір Бекетім!!! 1 Бекет Мырзағұлұлы (1750 – 1813) – Маңғыстауда өмір сүрген əулие адам, Пір дəрежесіне көтерілген сұпы. Бірнеше жерден мешіт-медіресе тұрғызып, өмірін Ислам діні жолына арнап, еліне рухани ағартушылықпен қызмет етіп өткен қасиетті кісі. 2 ...толғамына – Атыраулық қаламгер Аманқос Ершуов «Бекет Ата жазып қалдырған» деп, «Пірдің толғаулары» деген атпен баспасөз беттерінде бірнеше өлең жариялаған еді. Бірақ, ол шығармалардың нақты Бекет Атаға тиесілі екендігі əлі күнге дейін ресми түрде дəлелденген жоқ... 3 Ақмешіт, Ескі Бейнеу, Байшағыр, Тобықты, Оғыланды – Атырау, Маңғыстау өлкелерінде Бекет Ата мешіт салған жерлердің аттары. Халық бұл мешіттерді орналасқан жерлерінің атымен атаған. Бұл мешіттерден қазірге дейін сақталғаны: Маңғыстау өлкесінде – Ескі Бейнеудегі жəне Оғыландыдағы мешіттер. Ал, Атыраудың Жылой өңірінде, Жем өзенінің жағасындағы Бекет Ата салған алғашқы мешіт, Кеңестік дəуірде жойылып кеткен Ақмешіт – ХХ ғасырдың соңында қайта қалпына келтірілді.
БАРАҚТЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ
Кеудеде бүгін шырқатып Намыс, Ар əнін,
Тұтастығыңды, Елім, танытып тағы жарадың!
Көтеріп көкке жатырсың Ұлттың Ұлы деп,
Сатыбалдының Барағын.1
Байтақты мынау «мызғымас мəңгі ірге» деп,
Құрбандық соған жаным мен тəнім бірге» деп, –
Кəуірге қарсы қаймықпай шапқан жұрты үшін,
Барақтың орны бір бөлек!
Жанынан жұлып алам деп елдің Алласын,
Жеткенде дұшпан – аттандап шаппау Арға сын.
Батыр ол – Елге басынып келген дұшпанның
Доп қылып тепкен кəллəсін!2
Ойрат пен Орыс Барақ бар елге бата алмай,
Қалтырап қолы, ту сыртынан да ата алмай, –
Ішінен іріп, ішқұса болды қанша жыл,
Үстірттен аттап өте алмай!3
Қарасақ бір сəт көркіне сонау жылдардың,
Сезеді жүрек өрлігін қайсар ұлдардың.
Мына далада басылмапты əлі шаңы да,
Ер Барақ мінген тұлпардың!
Басылсын неге?
Сейілер қалай ол шаңдар?
Шықпаса шаңың – арамза жауың алшаңдар.
Өрлігіңді ешкім өте алмас аттап, бабаңның
Рухына адал болсаңдар!
Бақ қонған кезде тұғырын анық тауып кеп,
Жармаса алмас жағаңа ешбір қауіп кеп.
Кееремет қандай, Барақтың өркен жайғаны
Асау боп жəне Дəуіт боп! 4
Сөйлескен шақта тілімен алмас қылыштың, Ғұмырдың соңын алады болжай дұрыс кім? Қос батырға мəңгілік бесік болған жер, Киелісін-ай Тұрыштың! 5 Батырдың дəуірі кетсе де бізден жырақтап, Сағынған кезде жетеміз оған бір аттап! Бақыттымыз біз, Атадан жеткен Өнеге Жүректе қалса тұрақтап! Маңғыстау маңғаз бұлғаса қолын қиырдан, Үстірттің үсті жолдаса сəлем құйыннан, – Есінен елдің Барақтың аты өшпейді, Ұрпағы тұрса аман-сау Аруағына сиынған! 1 Барақ Сатыбалдыұлы (1743 – 1840) – табын руынан шыққан батыр, Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі. 2 Барақ Сатыбалдыұлының батыр атағы алғаш, 18 жасында (1761) жекпе-жекте торғауыт қалмақтарының батыры Алакөбікті жеңгеннен кейін шықты. 3 1785 – 1792 жылдары Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күресте көтеріліс басшыларының қатарында болды. Сырымның жақын серігі Барақ Сатыбалдыұлы 3 мыңдық жасағымен Орынбор шебіндегі қамал-бекіністер бойында жəне қазақ даласына жіберілген патша үкіметінің жазалаушы отрядтарымен шайқасқан. Орал əскери кеңесінің рапортында (1785 жылы наурыз) Барақ Сатыбалдыұлының екімыңдық жасағымен үкімет əскеріне қарсы тұрғаны жазылған. 4 Барақтың ұлы Асау (1763-1846) мен немересі Дəуіт те атақты батырлар болған. Дəуіт Асауұлының Қарақалпақстанның Қоңырат ауданы аймағында. 5 Əкелі-балалы Барақ пен Асау батырлар Маңғыстаудағы Сам құмында Тұрыш ауылының оңтүстік-шығысында, 15 шақырым жерде жерленген. 1993 жылы Барақтың бейітіне күмбезді кесене тұрғызылды.
ДОМБЫРАНЫҢ САНАСЫ
(Күй-толғау)
Күйші-сазгер – Шəміл Əбілтайдың «Бекет Ата»
күйін оның өз орындауында тыңдағанда.
…Күмбір етті домбыра, дір-дір етті жүректер,
Кеуделерден ышқынып безіп кетті түнек-шер.
Пернеден үн суырған құдіретті қос ішек,
Алып ұшты сезімді аспанға анау – төсі көк!
Əуен деген тылсымның ұясы – күй-шанақта:
Дүрсілдейді тұяқтар, сусылдайды қанаттар.
Қара тасты қақ бөліп – шақылдайды құрыштар,
Қара түнді қақ жарып – жарқылдайды қылыштар;
Ұлы күшке үн қосып – ұрандайды ұландар,
Шыңнан төмен шаншылып – сорғалайды қырандар.
Сонда жынды жел болып – тау-тасыңды сілкілеп,
Құйындатып, біресе, ақ жаңбыр боп дүркіреп, –
Дүбірлеткен кең төсін ен Даланың – Киелі,
Баба-саздан бас алған бұл ғаламат Күй еді!
Бұл ғаламат Күй еді – Домбыраның тиегі –
АҚИҚАТ деп жырлаған Һақ Жаратқан Иені!
Сол Ақиқат самал боп Жан мен Тəнді өпкенде,
Бір жүректен ұшқан күй мың жүрекке жеткенде, –
Шаттық болып, Мұң болып – қуандырып, қорқытып,
Сол Сырлы Саз əркімді жатты əрқалай толқытып…
…Күрең тартты Қария – жанарға мұң түнетіп,
Сезді ме екен кеткенін небір қимас күні өтіп?!
Жаулығымен бір Əже көз аясын сыпырды,
Немересін бір иіскеп, айтты ішінен «шүкірді».
Қозғалақтап қояды Отағасы – жас кісі,
Делебесі қозғанмен келмейді аузын ашқысы.
Жанарында нұр тұнған ана қаздай Кейуана, –
Қалт жібермей күй сазын отыр үнсіз ойлана.
Алма беті алаулап, толқиды Ару нұрлана,
Жүрегінде жанғандай лапылдап От – бір, жаңа!
Қыран келбет Жігіт те жұдырығын тас түйіп,
Əлдеқайда – қиянға қарап қапты қасқиып…
Бейне құтты шақтай бір – Бал елгенде У қашқан,
Бала біткен тым-тырыс – күн таңдамай шуласқан.
– Қайталанбас бұл сəтке тимеген жөн, тимеген,
Тыныстасын Дүние тылсым тілді Күйменен!
Əмірімен Тəңірдің Нұрды – Көктен құйылған,
Өз тілінде сөйлету – Домбыраға бұйырған!
Домбыраға бұйырған – Һақты көру қиырдан,
Сыр болмайды сондықтан сазында оның – сұйылған!
Жерге қағып желікті – күлдірмейді Домбыра,
От демімен шау тартқан күнді үрлейді Домбыра!
Жұмбағына сүңгітіп – күмбірлейді Домбыра,
Уақытыңды – жылжыған – білдірмейді Домбыра!
Дерт біткеннің дауасын тақтан түспей нұсқаған,
Падишасы Өнердің – басынан Бақ ұшпаған! –
Неткен биік, неткен кең Домбыраның Санасы, –
Демін алмай мүлгіп тұр Аспан – Жердің арасы!
…Дала – жым-жырт.
Жел – үнсіз.
Үнсіз ғана тыңдай ма?
Бар тіршілік қимылдан тиыла ма мұндайда?
Дыбыстамай аңдар да,
Ұшпайды құс қалықтай,
Қасиетті үн-сазды тыңдай ма олар жалықпай?
…Таулар жұтып қойғандай жаңғырығын – дауысын,
Су біткенде сылдыр жоқ – тоқтатқандай ағысын.
Толқындарын тұтқын ғып – мөлдірейді тəмам көл,
Ұйықтап кеткен сияқты сабырсыздау самал жел…
Əлем – қазір бейне бір үнсіз, жансыз сүгірет,
Өңінде оның тек қана Қан болып Күй жүгіред!
Жөн десең де жалғанда күн кешуді тұсалмай,
Тоқтар болса мына Саз – көзден бір-бір ұшардай!
Неткен бұл бір қимас сəт – өте шыққан жаңғырық,
Уақыт-сəті – қас қағым,
Қуат-күші – мəңгілік!!!
Отырғанда осылай – ойдың шамын жағып мың,
Амалсыздан «аһ» ұрып дəргейіне Уақыттың, –
Сəлден кейін шиыршық атып барып күй тынды,
Ғайып болды ғажап сəт,
Елес қалды сиқырлы…
Ғайып болды – қыс күні – түске кірген көктемдей,
Ғаламат Саз Жер – Көкті күймен жуып өткендей!..
Босатты да уыстан құдіретті Күй – Құран,
«Ү – уһі» деді ғаламшар оянғандай ұйқыдан.
Қайта соққан қан тамыр қозғағандай Əлемді,
Бастады айта əр Жанды – өзіне тəн Өлеңді!
– Таулар кетті жаңғырып, сулар ақты шуылдап,
Аңдар шықты ақырып, құстар ұшты суылдап.
Сергігендей селт етіп – Жел де соқты уілдеп,
Əркім қостап өз сөзін, жиын кетті гуілдеп.
Біреу жатты жымиып, біреу жатты күрсініп,
Біреу қағып таңдайын, біреу шықты құлшынып.
Үлкен Жолға үздіккен Үмітіне нұр сіңіп,
Қалыбына бұрынғы қайта келді Тіршілік!
…Орман – ойда мен қалдым орынымнан қозғалмай,
Буырқанған бір тылсым бұлттан қолын созғандай!
Бұлттан қолын созғандай – əкетердей аспанға,
Ап қалардай ұйқымды жерге қайта тастарда!..
…Құлағымда – Саз-Кие,
Көзімде – үнсіз Дүние,
Жанның жібін жалғадым Ұлы Рухтың күйіне!..
Күй – құдірет күмбірін кім құлаққа ілмеген? –
Сыбырлайды Ол маған кеп Өзіне Тəн Тілменен:
«Ібілістің ізіне У берсе де ермеген,
Адамдығын алтынға айырбастап көрмеген;
Кеудесінде Жан барда бүтіндікті бөлмеген,
АҚ КҮЙІҢДЕ қал мəңгі – Ақиқатқа шөлдеген!
Таңда – Мақшар таңында тасқа тимес табаны,
Аласармай алса кім адалдықтан бағаны!…»
Қаңқу құмар құлаққа естілсе де бұл ағат,
Күйдің сазы басқаша бере алмайды ұлағат.
«Ардан басқа асылға ғазиз басты име!» – деп,
Сарайына жүректің кірді осылай Күй – «Бекет».
1994-95 ж.
ОТЫРАРДЫ ЕСКЕ АЛУ
НЕМЕСЕ ШЫННЫҢ ЖҮЗІ
Жан-жүрегін өртер болса мəңгілік бір өкініш,
Қан жылатып кеткен күнге кім жасайды шегініс?
Отырарым еске түссе,
Тағдырына налалы
Көз алдымда күл болады Берілмеген Бекініс!..
Тағылыққа бас игеннен жоқ болуды жөн көрген,
Қайран Шаһар,
Қандай ауыр қасіреттер – Сен көрген?!
Деректерің – керектерің өзіңмен бір жоғалды,
Не сұраймын үнсіз мынау обалар мен дөңдерден?
Көріп тұрып тағдырдың бұл тоқтау білмес құйынын,
Мен білемін елестерден сыр табудың қиынын.
От жалмаған қайталанбас Кітапханаңмен бірге
Үштен бірі кетті өртеніп Адамзаттың Миының!…
«Жазылмайтын жан жарасы, көзде тұрған күйік бұл»,
Сенің сырың – жалғыз ауыз осы сөзге сиып тұр.
Тəнің жермен жексен болды,
Бірақ қайсар Рухың –
Сені өртеген Шыңғыс ханнан əлдеқайда биік тұр!
Ел деп соққан жүрек еді – Қайырханның наласы,
Қалай ғана ұмытты оны Ұлы Өлкенің баласы?!
Кешіре гөр ұрпағыңды, Ардай Биік Асылым,
Лап еткені үшін тағы Тексіздіктің жаласы!
Темужчинді тəңір тұтқан парасаты пəс қауым,
Біле ме екен өз негізі қайдан алды бастауын?
Қайдан пайда болады екен өшпенділік сезімі –
Өз тарихын мансұқ ету – мұқатқандай қас жауын?!
Қанша қала бұл далада көз қуантып, көрім боп,
Гүлдеп тұрып кетті ақыры қиянаттан қорым боп...
Отырардың қан тамырын қиғаны үшін
Ешқашан –
Адамдықтың құрметінен Шыңғыс ханға орын жоқ!
Тағдырының алдында сəл болғанымен жазалы,
Солғын тартып көрген емес Ұлылықтың ажары!
Ел мен Жердің киесіндей Отырардың өрлігі –
Тирандарға ғашық болған атақ-даңқтың ажалы!
Қайғың кейде саналғанмен ерлігіңнің нарқы боп,
Өз Жадыңды сыйламаудың – айуандықтан парқы жоқ!
Ұлы Дала перзенті үшін Отырарын ұмыту –
Арсыздықтың кеткені бұл ақыл-ойды тəркілеп!..
АНА ТІЛДІ ҚОРҒАУ
Жыр қамалым қирағанда Сел жүріп,
Өртегенде өр кеудемді Шер-Бүлік;
«Менің Ана Тілім – Қазақ Тілі!!!» – деп,
Атойлап ем басып тұрып жерді нық. –
Құлағына ілмей бірақ онымды,
Талай дүлей таптап өтті жолымды.
Дауа таппай мына сұмдыққа сонда,
Жүрек-Намыс жарылардай қорынды.
Аяқ асты… жатса асыл сөз күйреп,
Болмай қайтем морт сынардай, тез күйреп?
О, Тіл-Ана,
Қалай таптың ұл-қызды,
Өз Анасын көзге ілмейтін безбүйрек???
Ана Тілім,
Күнім – алтын арайлы,
Сен емес пе ең жырдан өрген сарайды?!
Сен емес пе ең ұлы өмірге сыйлаған,
Дүлдүл Жамбыл, Махамбетті, Абайды?!
Жерде тұрып жазған анау Айға атын,
Сен емес пе ең аспандайын айбатым?!
Сен емес пе ең,
Танытқан шын өзінің
Əуезов боп алты əлемге қайратын?!
Семсер сөз боп – серпіп бұлтын қайғының,
Жарқыратып Ақиқаттың Ай-Күнін, –
Арпалысып небір зұлмат заманмен,
Бір халықты сақтап ең ғой, Айбыным!
Енді мынау қатал тарих тезінде,
Айтылып тек шер-мұң болып сөзімде;
Миллиондаған ұрпағыңа қарайлап,
Қамқор таппай қамығатын кезің бе?
ЖОҚ! –
Басыңнан кетпес жарқын жылдарың,
Кетірмес те Сен туған сан Жыр-Дарын!
Сенің мəңгі екендігің айғағы –
Менің оққа кеуде тосып тұрғаным!!!
Наурыз, 1993 жыл
БІЗДІҢ СЫР
(Бегабат Ұзақовқа)
Сен де шəйір,
Мен де шəйір – панасыз,
Бізді о бастан солай туған Анамыз.
Арманға да қол созамыз сондықтан,
Арға пенде ғұмырменен ғана Біз!..
«Ойлы адамға қызық жоқ» та, көп «атақ»,
Сыртымыздан сөзбен атып бағады-ақ.
Бірақ, ешкім жанши алмас,
Өйткені –
Рухымыз көкте біздің, Бегабат!
Қағылсақ та дулы ортадан шетке көп,
Бір Нар талап жебеп Бізді – көктеп ек.
Көлеңкеден тайсалғанда талайлар,
Біз тажалмен жүздескенбіз бетпе-бет!
Тəңір сыйы – От Жүрек пен Тіл барда,
Кіріптар боп күн кешпейміз Құлдарға!
Əлі-ақ əркім күрсінеді көз салып,
Бізден қалған дəптердегі мұңдарға…
Табыстырған Біздерді бір қиырдан,
Тағдырда да мейірім бар жиылған.
Бір-біріне сүйеу болу бақыты –
Қашанда тек қайсарларға бұйырған!
Аман тұрса мынау Дала, мына Көк,
Біздің арман таста гүлдер қына боп!
Біз – Қазақтың дəл өзіндей Бүтінбіз,
Кірмейді ешкім ортамызға сына боп!
Асқақ арын саздарынан күй ұққан,
Намыс тұрса жүрекке бұл құйып қан, –
ТУҒАН ЕЛ деп,
Тура сөйлеп өтерміз,
Сертті күні бас кеткенше иықтан!
Найзасының ұшындай боп Халықтың,
Туылып ек,
Оған куə – Жарық Күн!
Жырдың Туы сақтар ма екен киесін,
Бізге көзі түскен кезде Даңқтың?!.
…Темір етікті жұқартып сан теңгеше,
Темір таяқты тебен қылдым мен неше?
Ұмытпапты – өлсең ғана іздеуді Ел,
Бұл ғасырдан баға күтпе ендеше!
Шілде, 1994 жыл
МҰСТАФА ӨЗТҮРІК
ҚАЗАСЫН ЕСТІГЕНДЕ
(Реквием)
Найзағайдай тіліп өткен түнекті,
Сұм хабардан
Бүкіл Əлем дір етті.
«Енді бізге Мұстафа жоқ…» деген ой,
Жаншып өтті жүректі.
Жаңылысып уілінен жай күнгі,
Жел жылап тұр
Ұққандай бұл қайғымды.
Тағы да бір Арысынан қайран ел
Абайсызда айрылды…
Бір ырғақпен тұрғанымен зырғып күн,
Тартқызары таусылған ба тірліктің!..
Бүгін соған көзі жетіп тағы да,
Көкірегі қарс айрылған мұңлықпын…
– Бейнең – көзде, үнің қалды құлақта,
Жырымдасың – жүрек егер жыр атса!
…Көкжалдары аз емес-ау Қазақтың,
Арыстанның орны бөлек бірақта!
Өрлік отын лапылдатқан кеуденің,
Бір асқар тау еді-ау тұлғаң, беу, Сенің!
Арқаланып Айбарыңды шет жерде,
«Мұстафадай нар ағам бар!» деуші едім.
Бұл қайғыдан енді нені аңдайын,
Көкірегімнен шығады енді қандай Үн?
Бұл қайғыдан көрдім бүгін,
Халқымның
Шері жалын, соры қалың маңдайын!..
Тағдыр тағы кермек дəмін татырды,
Жүрегімнен Жанартау-мұң атылды.
Сенің қазаң – Мендей талай ініңді,
Айықпайтын қасіретке батырды…
Ағатай-ау, мынау неткен зіл еді,
Қандай қатал Ажал иттің күрегі?
Ол неліктен Сендей жанның тынысын,
Өзі шешіп, өзі ғана біледі?..
Дос–жолдасқа бола отқа қақталып,
Жəне жанның көл мейірімін ақтарып;
Жүрген сертшіл ел емес пе ек, ал, сонда –
Қай қылықпен бұл Құдайға жақпадық?!
Қаламымнан шықпай қалды жыр күліп,
Лайланды мəңгілікке бір тұнық…
Адамдарға деген Сенімнің орнын,
Қалды иелеп омырауда бір Күдік.
Солай, Аға,
Сен де, Мен де арманда,
Қалдық енді көніп басқа салғанға.
…Пəк Дүниеде кездесерміз Біз енді,
Бір түкіріп бұл Опасыз жалғанға!!! 18. 03. 1995 ж.
ЖЫР -АРУАҚ
(Мақсат Əлсейітовке)
«Бəйгіден мүмкін емес құр келері» –
Деп,
Өзің – Бесқаланың бір сенері.
Семсердей қында тұрмас, Мақсат досым,
Сен десем – көкірегімді жыр кереді.
Қорғап ең ел намысын талай тұста,
Таңданды ел: «Мынау сөзге қалай ұста?!»
Қазақтың жасын атқан жыр-айбынын,
Лаулата дауылдадың сан айтыста!
Жаныңды өртегесін қан-жоса мұң,
Даусыңды жыр-бəйгеге сан қосасың.
Ойыңда – екпіні бар Ерімбеттің,
Бойыңда – от күні бар Жаңғожаның!
Сөз таппай құр кектеніп – кектенбеске,
Қиқарлау қарсыласың «өктем» келсе;
Сонда мен Сені көрдім,
Буырқана –
Тыңдатқан жырын бірдей Көк пен Жерге!
Тұлпардай болып сонда таң асырған,
«Уай, пəлі!» дегенді естіп жанашырдан;
Шанағын дауылдата домбыраның,
Саусағы оң қолыңның аласұрған!
Боларын бір дүмпудің біліп халық;
Демін де іштен алды тынып қалып.
Ақындық құдіретке қаншама адам,
Қалғандай еді бір сəт құрықталып!
Кеудеде күмбірлеген күйді көріп,
Шідерді Шабыт-Қанжар қиды келіп.
Жарқылдап шындық-сөздің найзағайы,
Өлеңнің ақ жаңбыры құйды келіп!
Отыр ем сен «əу» демей – төзім қалмай,
Қалдым мен сонда сенен көзімді алмай.
Ақынның аруағы қозбайды екен,
Намыстың алауында Сезім жанбай!
Күшімен жанға түскен жарық нұрдың,
Бір жұмбақ шешкендеймін анық бұл күн.
Шындықты шыңыраудан тартып алған,
Досымның кім екенін танып білдім!
Құдірет тудыратын ел сенбеген
Өнерге –
Өрлік қана өлшем бе екен?
Кім білсін…
Бар деуші ед бір Жыр-Аруақ,
Мен бүгін сездім Соны,
Ол – Сенде екен!!!
Көкек, 1995 жыл
АҚЫНҒА ХАТ
(Қалбай Əбдірамановқа)
Армандарың Ай Нұрында жүзгесін,
Қасиетіңе Бізде емес, Түзде – сын.
Ақынсың Сен,
Іздемейсің ерлікті,
Керек болса ерлік Сені іздесін!
Сілкіндірсе сұрапыл бір Сағыныш,
Жұлдыздардай түнді тіліп – ағып ұш!
Жасын боп кір Жалғыздардың жанына,
Бетін жерге басып жатсын Нақұрыс!
Жанарыңды Жанартау-Мұң талдырса,
Жүрегіңде айтылмай Сөз қалсын ба?!
Арашашың Ұлы Ақиқат болса егер,
Асқақсың Сен – Ар Сотының алдында!
Саңылау таппай Шындық дерті асқынса,
Ақын ғана жол ашатын Тасқынға!
Біреулердің ғұмыр бойғы арманы –
Эвересттер –
Аяғының астында!
Бетін бұрмай пəнидің тау тасына,
Қыран Тағдыр ұшады ылғи асыға.
Ол – тəкəппар амандасып жалғанмен –
Саңғып тұрар құзғындардың басына!
Нар тұлғалар – арғы, бергі Сөздегі,
Жалғандықтың жарлығына төзбеді.
Соған қарап –
Қарғап-сілеп тағдырын,
Қанталайды құзғындардың көздері!..
Күндемпаздың көктен келмес ажалы,
Күннен қашқан – Жаһаннамда жазалы!
Қиянаты бумеранг боп соғар –
Батса кімнің Ақындарға азары!
Егескенге жібермей бір есені,
Таң қалдырған Тағдыр ғой бұл нешені:
Арсыздыққа Ажал Оқ боп туылар –
Асқақтық мен Қайсарлықтың Көсемі!
Қалса да артта жасын күнің, от күнің,
Жырларыңды кернемесін кекті мұң!
Өзің емес,
Дəлелдесін сөздерің
Аярлыққа ақындықтың жоқтығын!
Сондықтанда –
Дақ түсірмей қарқынға,
Жүрек барда ұмтыл шыңға, алқынба!
Сені шексіз жек көргеннің өзінің,
Ойында қал – өлсең – ақын қалпыңда!
10.12.1999 ж.
АҚЫНДЫҚТЫҢ БАҚЫТЫ — АСҚАҚ БАҚЫТ (Жас дарынға дем беру) І Күлден жасап даңқының мұнарасын Жүргендерде – Бар Сенің мың аласың! Айтарыңнан тосылма, аңғал жұртқа Еркіңде емес ұнарың, ұнамасың. Арыл деп ара-тұра мұң-шеріңнен, Сендейлерге семсердей тіл берілген. Отқа кетіп қалсаң да өкінбессің, Найзағайдай көзді алып бір көрінсең! Білегіңді буғанмен «шатпақ» бүгін, Тас жарады бір күні шақпақ тілің! Қолыңды соз, Таулардың кеудесіне, Ақиқаттың ілуге аппақ гүлін! Барған сайын бұл соқпақ шиырласар, Жақынға емес, көзіңді қиырға сал! Тайсақтамай тұлғаңды тік ұстасаң, Кесе алмайды жолыңды Құйын-Тажал! Өткел іздеп жүргенде өткелектен, Алтын сөзі талайдың текке кеткен. Өзін қаза еткенмен, сөзін таза Ұстағандар қашанда Сертке жеткен! Ақын болсаң жоқ бұдан басқа амалың, Арың ғана – жалғыз-ақ жасқанарың!
Шыңға қолың жетпейді, Кеудеңдегі Күдіктердің қиратпай тас қамалын! Біз бар жерде қайғы мен қапалық бар, Қапалықтың өзінен От алып қал! Тілеп тұрса Тағдырың, Құларыңда – Қыран болып құз тасқа қадалып қал!!! ІІ Солай, інім, шындығы солай, інім, Болат болу – арманы қалайының! Жыр деген Қан майданның қазанында, Басы қалған біздейдің талайының! Қайсарлықтан бас тартпай бəрібір де, Жасықтықтан тым аулақ салып ірге, – Жан қалауын табатын жалғыздықтан, Ақынның Ақиқатпен жаны бірге! Ақын сөзі – тіл безер дəріс емес, Ақ сөйлеуде болмайды жарыс, егес! Арамдықтан, қулықтан ада Болмыс – Жаратқаннан басқаға қарыз емес! …Тағдыр кешіп – талқысы тиылмаған, Арпалысқан күндермен – құйындаған; Ақындықтың бақыты – Асқақ бақыт, – Пайғамбардың өзіне бұйырмаған! Ібілістің шыға алмай иірімінен, Шындық қалса жалғанның жүйрігінен, –
Ақын -дағы оянған бір Жанартау,
СӨЙЛЕ! –
деген, АЛЛАНЫН БҰЙРЫҒЫМЕН!
Тірілердің санамай күшін кемге,
Ірілерді ұққан жөн – ісінгенше.
Көр -лақатқа құлайды «құдай -қоғам»,
Айтқандарын Ақынның түсінгенше!
Тар жалғанның болса да тажалы көп,
Безбейді Ақын бəйіттен жазалы боп!
Жану үшін туғандар сөнген емес,
Сөнбеу үшін туғанның Ажалы жоқ!!!
МƏҢГІ ӨЛМЕСТЕ СӨЗІҢ ҚАЛДЫ І Өрлік жайлы əнімді айтып, Жалғыздардың жанын жай ғып, Қайта оралған Рухымды Лаулатайын жалындай қып! Үнсіздікті қаламайтын, Мəрттігіңді бағалаймын. Сенің қайсар жан -дүниеңнің Сардарлығы маған айқын. Көзімді алмас асқарымсың, Тебірендірген дастанымсың. Тасты жарып, тауда өскенсің, Жұрт білгеннен басқа гүлсің. Жасын құйып жас дарынға, Жанғанда жыр аспанында, Тағдырыңа тамсанған ды, Дұшпаның да, достарың да! Жанартаулы кескінсің бе, Таудан көшкен көшкінсің бе? Өзіңе де, сөзіңе де, Келмеді əлі ешкімнің де! Құшағында ақпандардың, Жүріпақ сен шаттанғансың. У құйылды ұйқысына, Саған күйе жаққандардың! Сен өйткені дерттенгенсің, Тайсалмауға серт бергенсің.
Пасықтардың Қурап тұрған Орманына от бергенсің! Оңбастай қып жуыр маңда, Тозақ демі қуырғанда, Ішмерездер отанының Сен ең күлін суырған да! Амал қанша, төзімдіге Тіс қайрап мұң көз ілді ме? Сен суырған Жеңіс күлі Тұншықтырды өзіңді де... Қайткенде де табам шынын, Түсінем деп ағам мұңын, Су сеуіп сол жауыз күлге, Қол созды інің саған бүгін!.. ІІ Мақтаулыны мақтамаймын, Сөзді бөзбен қаптамаймын. Сенің бағаң Еншісінде Басыңдағы бақталайдың. Жанғандықтан жастан бағың, Ұштың көкке, аспандадың. Өзің соқтың, Даңққа толы Ақындықтың баспалдағын. Үнсіз жүрген тұйық тұлға, Айналмайды сүйікті ұлға. Жырдың туын тіктің барып Эвересттен биік шыңға!
Сенгенде ел жас періге,
Сендей саңлақ аш бөріге,
Жалғыз қарсы шаптың барып,
Құзғындардың əскеріне!
Құдай беріп саған күшті,
Құдай берген саған сұсты.
Қайран ақын,
Тексіздермен
Табақтас боп бағаң түсті...
Жұрт көңлінің сансыз қарын,
Күреймін деп аңсыз қалдың...
Бірақ бəрі сен жағында,
Мен сияқты Жалғыздардың!
Тұсау салмай төзімге енді,
Шатырлайтын кезің келді.
Ар Семсерін сілтер болсаң,
Жалқы емессің, көзің көрді!
Буды бекем белін жырың,
Тағы көктен көрін, күнім!
Қайта оралды Ақыным, деп
Қол соғып тұр елің бүгін!
Ардың сүрткен көзін қанды,
Мəңгі өлместе сөзің қалды.
Бұл ғасырда таппайды ешкім,
Сендей сыры тосын жанды!!!
ЖОЛДАНБАЙ ЖҮРГЕН ЖЫР -ХАТТАР
* * *
Көз жазба деп ақындықтың ауылынан,
Құлама деп күдіктердің дауылынан;
Қадамымды əр қадағалап Сен жүрсің,
Құсбегідей қыран құсын баулыған.
Орындаймын деп Сенімнің Жарлығын,
Ширығумен өтіп жатыр əр күнім.
Қай биікке жеткізе алам,кім білсін,
Иығыма мəңгі мінген Нар жүгін…
Қандай тұлпар күн туғанда мінерім,
Қандай семсер білегіме ілерім?!
Шын білерім –
Шамырқанған шағымда
Көкке төбе, жерге табан тіредім!
Бұл жалғанда мен көрмеген Жарық көп,
Көру үшін жасау керек жанып көп!
Ақын болған кім бар дейсің жалғанда,
Періштелер мекеніне барып кеп?!
…Жебегенде Меніменен Сендейді,
Сұрапыл жыр шамырқана селдейді.
Қазақ қылып жаратқан соң о баста,
Қанға сіңген Поэзия өлмейді !!!
* * *
Жүректегі – сөнбеу үшін – лапылың,
Тас болады тұлпар мінсең тақымың.
Ғұмыр бойы
Аламанның алдында
Өту деген – Ұлы Арман ғой, Ақыным!
Тұрса бойдан Намыс кетпей, Ар кетпей,
Өлерміз Біз мəрттік жолын тəрк етпей!
Бұл Пəниге келгеніңнен не пайда,
Өте шықсаң жалғыз сəт те жарқ етпей?!
Самғау үшін ең алдымен Көкті біл,
Маздау үшін ең алдымен Шоқты біл!
Сөз Шыңына тікпегенге өз туын,
Жотасында жалғаншының жоқ тұғыр!..
Сор болса да Сұңқар болар – сұңқарлық,
Қор болса да Тұлпар болар – тұлпарлық.
Ат жалынан қолын үзбей жан берер,
Батырлыққа басын тіккен Іңкəрлік!
Серт не керек сергелдеңде сыналған,
Дерт не керек дүбір көрген мың алуан?!
Тар кеудені тəрк етпесе болғаны,
Болсам! – деген,
Толсам! – деген Ұлы Арман!
* * *
Кіріптар қылмаса да «қантөгіске»,
«Еңбекті сіңдіретін» сан сөгіске;
Іштен шықан жау – Мінез кесірінен,
Сыймаймыз:
Сен – Тəшкенге,
Мен – Нөкіске!..
Шалқыса көңіл шіркін Атырау боп,
Бұзады бəрін тосын «шатынау» кеп.
Содан соң айналамыз «күнəһарға»,
«Қай жерден мүлт жібердім, япырау?» деп.
Қалғанда пенделіктен тұяқ талып,
Мінез ғой сездіретін ұятты анық.
Мінезсіз ақын жазған жыр –
Тұрмай ма,
Некесіз туған бала сияқтанып?!
Мінезі тірлігіне сына қағып,
Мезгілсіз іштен талай тынады алып...
Жүректің жарлығымен күн кешетін
Біздерді қашан ұғад мына халық?
…Сан ақыл, сан ғайбатты тыңдап болып,
Қалдырып орнымызға мұңды ап келіп;
Сіңеміз мейірімді топыраққа,
Бəріне жүрексіздің жұмбақ болып!...
* * *
Атпай қалар болсын мейлі таң тіптен,
Таңданбайды ақындарға жан біткен.
Жан біткенге іңкəр емес Ақын да,
Мерген-сынды Ол – иесіз тауда аң күткен…
Пенде ғұмыр – жұрт не десе бас тартпау,
Жүрегіңнің тілегінен қашқақтау.
Көптің көңіл-қалыбына сияр ма ек,
Қайран, біздің тағдырымыз асқақтау!..
Біз бір тұтқын – қашып шығып қапастан,
Шет-шегі жоқ көк теңізде адасқан.
Қарай-қарай көз талғасын бекерге,
Қуантпайды бұлт қалқыған ақ аспан...
Жыр оқыса біреу мінбе басында,
Жұрт балайды əрбір сөзін жасынға.
Байқай алмай кетеді, əттең, аңқау ел,
Шын ақынның жүргендігін қасында!…
Жырдан бəйге ап – болар шақта көз құрты,
Ғұмырымыздың тимей қолға өз кілті;
Тағдыр бізді туған жерге байлапты-ау,
Ең алдымен танысын деп өз жұрты!..
* * *
Бар еді айтар сөзім тыңдағанға,
Айналдым құлақ таппай жынды адамға.
Сандығы көңілімнің толған құса,
Жүргем жоқ себеп таппай мұңданарға.
Ессізді ермек қылып, еліктіріп,
Жеңілге жүгіргенді желіктіріп;
Беймезгіл біздің сорға келген Кезді,
Тұрсың ғой, апатай-ау, көріп-біліп!
Біздейге Дарақы Əлем өш қашанда,
Көңілі қиянатпен «хош» қашанда.
Содан ба,
Жек көргенін ол Əбілет –
Бөлмейді Ұл деп, Қыз деп ешқашанда!..
Білсе де биіктерде хақың барын,
Жақсыға жанастырып жақындарын,
«Заманға күйлегендер»
Жүреді ылғи
Шындықтан шетке қағып Ақын жанын!
Тұрса да шамырқанып шер іштегі,
Бармаспын бассыздармен керіскелі.
Сөздерім желбіретіп жүрсе болды,
Жыр деген жүректегі Періштені!
1995-96 жылдар
МАХАББАТНАМА
* * *
О, ғажап,
Жырға гүлін тағып қырдың,
Балқып бір қызуында шабыт-нұрдың, –
Жүргенде
Енді қашан жолығар деп,
Аңсатқан қыз бейнелі Бақыт шіркін, –
Жайғандай бір шұғыла алдан құшақ,
Аймаңдай арайы мол арманға ұсап,
Сен маған кездестің-ау,
Тек мен үшін
Етердей бүкіл мынау жалғанды шат!
Сонда күй
Кеудемдегі шанақтан сан
Самғады,
Сияқты бір қанаттанған.
Дəл сол кез кетердей ед өртеп мені,
Жанарың – жалт етіп бір қарап қалған!
Мұңлы жанның жазатын мол жарасын,
Жүректен, өлсем қалар, сол қарасың!
...Жүректен, өлсем қалар, сол қарасың.
* * *
Жігітті –
Ұқсайтұғын сай тасына
Кез қылып От пен Судың шайқасына,
Қанжарын жанарыңның қададың да,
Кеттің сен дүниенің қай жағына?
Жүректің ұялатып төріне мұң,
Жоғалдың,
Енді емессің көрінетін.
Нұрына бірақ-ақ рет балқытатын,
Сен, əлде, періште емес, пері ме едің?
Жолыңа болсын деп өз басы құрбан,
Кеудемен тосқауылдың тасын ұрған,
Ғашықтан
қашып жүрсің, айтшы, неге
Ай-сынды түнгі бұлтқа жасырынған?!
Өртер деп, қорқасың ба, жақындасам,
Өртемей қалдырушы ед ақын қашан?!
...Мойныңа жырдан алқа тағар ем ғой,
Ешбір қыз, ешқашанда тағынбаған.
* * *
Сəулешім менің,
Түсіме кіріп сен бүгін,
Сездірдің тұңғыш дүниенің мынау кеңдігін.
Тағдырым маған қырындау қарап тұрғанда,
Сен келіп, жаным, үмітім мүңды жеңді шын.
Зар-тілектерім жаратқанға жеткен бе,
Жеткен бе оны, еріксіз, ессіз еткен бе?
Əйтеуір, сені түсімде көрдім мен бүгін,
Селдеген сезім сабырды білмей кеткенде.
Түсімде сенің ақ дидарыңды айдан ақ,
Естанды күйде тұр екем, жаным, аймалап.
Жұмулы көздер...
Көңілдер талықсып кетіп,
Жүректер ғана қағып тұр екен жəй қанат...
Аттаппыз аттан «ұяң қыз» дейтін, «ер» дейтін,
Бұл үшін бірақ алады бізді жерлей кім?
Өйткені, ол жаным, сəттер еді ғой тым қымбат –
Бүкіл ғұмырға бір минутын да бермейтін!
...Енді сол шақтың үмітін сайтан арбаса,
Махаббат болып гүл-өмір жайқала алмаса,
Білмеймін қандай тозақта ғұмыр кешуді,
Түстегі сол сəт өңімде қайталанбаса.
* * *
Айналайын, қаракөз, жадыратар жарығым,
Сен дегенде жанымның жары шаттық, жары мұң.
Жақындағым келгенде жеткізбейтін сағымсың,
Қимасымсың,
Қайтсем де қолым жетпей арыдым.
Жүрегімді жалындай келсе-дағы ұсынғым,
Қорқам қаяу түсер деп көңліне аппақ құсымның.
Жалғыз медет жаныма,
Сенің бір сəт болса да
Толқытқаның таңы боп түн сыйлаған түсімнің.
Талай ару, өр қыздар албыраушы ед алдымда,
Сонда да бір селт етпей қалушы ем тас қалпымда.
Сен дегенде бұл жүрек неге тілсіз?
Білмеймін.
Əлде сенің сəулеңе мəңгі арбалып қалдым ба?!.
* * *
Жүрегімді ұсынып ем,
Ұқпадың.
Тілегімді түсініп ең,
Ұқпадың.
Жаным жылап налынып ем,
Ұқпадың,
Арым шыдап... жалынып ем,
Ұқпадың...
Батыр едім – сезіп тұрдың,
Сүймедің,
Ақын едім – төзіп тұрдың,
Сүймедің.
Жан сырыма күйіп тұрдың –
Сүймедің,
Əн-жырыма иіп тұрдың –
Сүймедің...
Əнің сенің алдамшы ма?
Білмедім.
Сəнің сенің жалғаншы ма?
Білмедім.
Қаның тасқан залалдан ба?
Білмедім.
Жаның тастан жаралған ба?
Білмедім.
Адал жүрек,
Рухы өр,
Кең мінез,
Ақын саған бола қоймас енді кез.
Кеуде-тауды жарып шыққан жанартау –
Мынау, қалқам, саған айтар соңғы сөз:
Өзің ең ғой құдіреті киемнің,
Енді сен боп көкірегімде күйер мұң.
Кездесе алсақ таңдамақшар таңында,
Маңдайыңнан жалғыз рет сүйермін!..
«СЫРЛЫ САРЫН» жыр желісінен
ӨЛІМ ТУРАЛЫ ӨЛЕҢ
Біреулерді бағындырса құлқыны,
Біреулерді сағындырса сылқымы;
Мен пəнидің көлеңкесін көп көріп,
Өлім жайлы өлең жазам бұл күні:
«Тасыр тірлік кезде бізге тас атқан,
Ол – құтқарар құдірет қой азаптан.
Өлімді ұлы сыйы деп мен танимын,
Бір Алланың – бізді жерде жасатқан.
Ел айтады, өліп жатқан көп дейді,
Біреу зауал, біреу оны кек дейді.
Ал, шынында –
Азап шеккен жандардың
Керек кезде Оған қолы жетпейді.
Бермейді оны кейде кекшіл жаулар да,
Таба алмайсың кейде құлап таудан да», –
Деп жүргенде Əзірейілмен кездескем,
Ұйықтап жатып, түн ортасы ауғанда.
Ағат болса қоярсыңдар кешіре,
Күлбілтелеп, күмілжиін несіне?
Көргенде Оны,
Жалған дүние тарқызған
Азап, бейнет түсті бірден есіме…
Сезіп жиі оралмасын бұл шақтың,
Көре сала оған бірден мұң шақтым:
– О, Əзеке, – дедім сонда,
– Аясаң,
Қане, алмас қылышыңмен бір шапқын!
Иығымда зіл жүгі бар түйенің,
Əр күн сайын қиянаттан күйемін.
Енді қайта сен келгенше бұл елге,
Күнге аяусыз қақталмай ма сүйегім?!…
Ел кезетін – күндіз демей, түн демей,
Қайран сабаз, қалды бір сəт үндемей.
Деді ол сонсоң:
– Жаратқанның əмірі,
Əлі біраз жасай тұрад кіл кедей!
Одан кейін ұғынып ал мынаны,
Мың жыл тұрған шөлмек бір күн сынады.
Бақи бетке ынтықпасын пенделер,
Жаспен жумай мойнындағы күнəні!..
Соны айтты да Ол кете барды бұрылып,
(Ал, ендеше айтқанының сырын ұқ!)
Жаналғыштай емес,
Маған бейне бір
Атам сынды ақыл айтқан тіріліп.
Демек, ұқпай мойындағы парызды,
Қасиеттен айрылғасын бар ізгі, —
Пенделерді бұл күндері Ажал да,
Таңдап қана құшатұғын тəрізді!..
«ҚАБІРСТАН» ЖАЙЛЫ ЖЫР
– Кенен ақын: «Ақынға қара сөзден өлең оңай» десе-дағы
жазылуы қиын, сырын сипаттауға тіл бара бермейтін
жайлар да аз емес сияқты ғой! Мысалы, «қабірстан»… Жа-
за алар ма едің осы туралы?
– Егер Ақиқат үшін жазылуы қажет болса, неге жаз-
басқа?!
(Досым – Бекен Қожақұлымен əңгімеден)
…Құтылған қапалық пен жабығыстан,
Құтылған аңсау менен сағыныштан, –
Пенденің
Ғазиз жаны жай табатын,
Мəңгі үнсіз қала мынау Қабірстан.
Жер түгіл білетұғын атын аспан,
Қала бұл – Пəни, Бақи қатынасқан.
Біліп ал,
Үнсіз ғана қарсы алатын,
Гүлі бар – мұңды жасыл Адыраспан.
Ойланбау – кім де болсаң – күшіңе сын,
Көңіліңді сабасына түсіресің.
Өмірдің қысқалығын, нұсқалығын,
Қабірге қарап тұрып түсінесің!
Бұл жердің ойға берер нəрі бөтен,
Шипасы – айықтырғыш дəріге тең.
Пəниде – теңсіздіктің алуан түрі,
Бұл жерде бала, дана – бəрі де тең!
Бұл қала тапал менен иықтыны
Теңгеред, жадыңа қой түйіп мұны.
Бұл жерге Сауап пенен Иман керек,
Түк емес кесенеңнің биіктігі!
Бұл жерге –
Бітіре алмай ештеңені –
Біреу ерте, ал, біреу кеш келеді...
Қастығын тірі жанға көп қылғандар,
Қарауға бұл Қалаға сескенеді!..
Бойсынып бұрынғыдан жеткен сөзге,
«Дүние – жалғандығын» шерткен сөзге;
Жақсылар басын иіп, дұға қылар,
Тұсынан бұл Қаланың өткен кезде!
Бір тылсым айбат беріп тұл далаға,
Бұл Қала – мызғымайды зілзалаға!
Байлық жоқ,
Қызғаныш жоқ,
Дау-дамай жоқ,
Тек қана Ақиқат бар бұл Қалада!
Жеткенде соған көзім толғанамын,
Селт етіп өзімді өзім қолға аламын:
– Ақиқат бізді қалай қарсы алады,
Қақпасын қаққан күні сол Қаланың?!.
АЖАЛҒА АРЫЗ
(Інім Бауыржан қайтыс болғанда)
«Кəріні ал, жасты əрқашан саламат қыл»,
Сөз емес, жүректегі жарақат бұл…
Үш Жанды Он Бес жылда алып тындың,
Ал, Ажал, осыған да қанағат қыл!
Үш рет құйыныңды айдап келдің,
Үш рет қылышыңды қайрап келдің.
Көл болып көздің жасы,
Жетегіңе
Екі Ана, бір Бауырды байлап бердім!..
Тағдырдың тас құшағын сезген басым,
Үш рет көл ғып төкті көзден жасын.
Неліктен қайта-қайта ауырлаттың,
Бақидың біз дегенде безбен тасын?!
Еткенмен болған іске шүкіршілік,
Барады қайғы – шайтан күпір қылып.
Екі рет келгеніңде үнсіз көндім,
Көрсеттім Үшіншіңде – бүгін қылық...
Заңына Жаратқанның шара бар ма,
Бұйрықты күні жерде пана бар ма?
Өртеніп өлең жазбай мен қайтейін,
Жанымда жазмыш салған жара барда?!
«Тілегім – деп жүргенде, – Тапты көкті!»
Қара түн шаңқай түсте жапты көкті.
Тосыннан, ту сыртымнан берген соққың,
Шынында, мына жолы қатты соқты!
Қаңқамды қаңбақ қылып лақтырдың,
Қаңтарда қара жерге құлап, тұрдым.
Тұрдым да,
Бағасы жоқ асылымның,
Мəңгіге жоғалғанын бір-ақ білдім…
Амал не, тағы қайта түргелермін,
Қайғыны көтерем деп жүрген ермін.
Алайда, осы жолы сан арманды,
Бейітке бауырыммен бірге көмдім…
Жатқанмен анасынан туып бүгін,
Талайға төрден көрі жуықтығын;
Сезіндім, ұқтым шындап,
Көрген кезде
Сұсыңның жан шошытар суықтығын!..
Тіріге төлеп болсам қарызымды,
Өтермін мен де бір күн парызымды.
Ей, Ажал, бір оқып көр,
есігіңе
Шерменен жазып кеткен арызымды!
Жалғаншы жымиғанмен «жарықпын» деп,
Шаттықтан, келіп тұрмын, «тарықтым» деп.
– Елу Жыл есігімді ашпай кетші,
Маңайын əулетімнің баспай кетші;
Тірліктің талқысынан қажып болып,
Темірдей отқа түскен жасып болып;
Барайын өз еркіммен араныңа,
«Баянсыз бұл пəниден жалықтым» деп!
21.01.2002 ж.
ҚАН ҚЫСЫМЫМ
КӨТЕРІЛГЕН ТҮНГІ ЖЫР
(Жарымды жұбату)
Жүрек жалғыз,
Қайғы – мың,
Қуаныш – мың,
Қан майданның отына туа түстім.
Қан көбейіп барады – У көбейіп,
Екпініндей есерсоқ, бұла күштің!
Көрінбейді ешбір зат көзіме сау,
Қызыл бəрі – лаулатқан сезім-алау.
Бір тамшысын төкпеп ем босқа мұның,
Енді міне, өз қаным – өзіме жау!
Жоқ, жау емес,
Бұл, бəлкім, алжасқаным,
Қаным менің – қаһарлы алдаспаным!
Мен түгілі,
Күннің де кей кездері –
Көрмеп пе едің қабағын қан басқанын?!
Жан жарым,
Бұл үшін Сен мұңға батпа,
Қайтер ең тағдыр Мені шындап атса?
...Ақиқаттың бейнесі ҚАНдай қызыл,
Көрінеді Ол тек қана сын сағатта!..
Тұрса болды жалғыз-ақ жүрек аман,
Дертіммен де жанымды түлете алам.
Лирикамды қан қызыл түске бояп,
Шақтарымды – шуақты – жыр ете алам!
Қаным менің – қайсар да қасіретті,
Ол туласа жанымды жасын етті.
Қан жетпеген жандарға Əн жеткізіп,
Түнек-мұңның төбесін басып өтті!
Қорықпа,
Менің қаным – Шындық қаны,
Шындықтан қорқады əлем сұмдықтары!
Қайсарлықтың ұстап тұр асқақ туын,
Көп төгілген Ақынның мұңлық қаны!..
Серт сақтаудан сол үшін бұлжытпаймыз,
Табанды сəл де кейін жылжытпаймыз.
Қапыда қанға, бəлкім, боялармыз,
Қанға бірақ ешқашан тұншықпаймыз!
Жалғанның ыстық қаны Біз болғанда,
Айналмайды тіршілік Мұз-қорғанға!
Қаннан шығып,
Қан қызыл жалын шашқан –
Ақындықтың рухы – Ізгі арманда!
Ақпан, 2000 ж.
ҚҰЛПЫТАСТАН ҚАШУ
НЕМЕСЕ
ЭПИТАФИЯНЫҢ АЗАБЫ
Айғақ кеп жата ала ма тереңде тек,
Ақ сөзді ұқпағанды керең дер ек.
Санамыз сөз сырына сарсылмаса,
Табамыз бұл дүниеде неден көмек?!
Жүрекке жылу берген Жыр – Періште,
Неліктен көрінгенге көгенделед?
Неліктен Ақынды адам демейтіннің,
Өлген соң «көк тасына» өлең керек???
Жазам деп итке де жыр өтінгесін,
Жыр сыйын ақын қалай кетірмесін?
Ойлайды ол:
«Марқұм да бір жетім ғой» деп,
«Жалғанда жүруші ме ед жетімге сын?»
Бермесін тəңір сəлем қайдан білсін,
Ұрпағы сол «жетімнің» жетілгесін.
…Тағдыр да ақынды аяп жатырған жоқ,
Біреуге бекер жасы төгілгесін!
Болғанмен қаншалықты тіл батыры,
Кетеді кесірліге жыр қадірі.
Тұлпармен су тасуға арланбайтын,
Елдегі ессіздіктің бұл да бірі.
Əлі де көп – ақ шығар көреріміз,
Надандық біз кеткенше тұрса тірі!
…Қалада Ханға сəлем бермейтұғын,
Далада қирап жатыр Жыр Шатыры!
Жандаймыз кей кезде біз жазалы бір,
Кеудеде ыңырсиды назалы сыр.
Əспеттеп қайдағы бір қадірсізді,
Қаламға бермедік-ау мазаны бір!
Қараны аққа балап «ақ пейіл» деу –
Шабыттың – шамырқанған – ажалы бұл!
…Ақынның аласұрған жүрегіндей,
Көк тасқа көнбей тұрған азалы жыр.
«Жалғанның іші басқа, сырты басқа,
Қыранның құзғындардан тұрқы басқа.
Ұғымдар – асыл деген, жасық деген
Ешқашан туыспайды – ұлты басқа!» –
Десек те шындық сүйген жүрекпенен,
Қондырмай жатыр заман кімді тасқа?!
«…Ақынның күнəсін кеш, Аллам!» деймін,
Қашалған өлең көрсем құлпытасқа!..
КУРСТАС ДОСПЕН ҚОШТАСУ
(Жанахмет Əлмұратовқа)
…Білдім бүгін жалғанның жалғандығын,
Бір тілектің қиылып қалғандығын.
Ажал сенің қолыңа кісен салды-ау,
Өз еркімен тəрк етер жалғанды кім?..
Жаннан кетер қайғының мұзы қайтіп,
Жан жарыңның жылиды жүзі қайтіп?
…Енді екеуміз Пəниде сырласпаймыз,
Студенттік күндерден «қызық айтып».
Үлгі етсе де тағдырдың үйреткенін,
Жыр жылайды – шаттығын күйретсе мұң.
«Бір кезде мен жаныңда бар ем ғой…» деп,
Альбомымнан қарайды суреттерің.
Ол күндерден енді тек елес қалды,
Артымызда біз басқан белес қалды.
Өткен жағын өмірдің қайтару жоқ,
Жұлқысаң да жүз рет жер, аспанды!..
Өмір құнын білмейді аңсыз, надан,
Жігіт ең – жанды мұңға алғызбаған.
Тумай жатып тағдырдың соққысын жеп,
Жылап қалды-ау артыңда жалғыз балаң!..
Көзді жансыз бейнеңе тіреп тұрып,
Соны ойласам қалады жүрек тынып.
Əкесі бар балаға қараймын мен,
Ұзақ өмір ұлыңа тілеп тұрып…
Жүрген шақта «бағы енді жанады» деп,
Сені қалай ап кетті ана түнек?
…Қара жердің сұп-суық құшағына,
Қимай тұрмын өзіңді, Жанахмет!..
Еліткенмен арманың жарық Ай боп,
Бітпей қалды ертегің «бəрі бай…» боп.
…Мен де нүкте қояйын мына жырға,
«Досшыл жаның ұлыңа дарығай!» деп.
2002 жыл
МЕН ҮШІН БАҚЫТ ДЕГЕН –
КӨНЕ ЕРТЕГІ
(Досқа жазған хаттардан)
* * *
Деу үшін асқақ үнмен «Ахметпін!» –
Жүректі жазаладым – ақын еттім.
Пасықтың ғұмыр бойы қолы жетпес –
Келді бір – зеңгір көкте ағып өткім.
Көгіне көз тіккелі Жыр-Шындықтың,
Көргендей едім шетін бір сұмдықтың.
Алайда, ақиықша күн кешем деп,
Ақыры кидім кебін құр мұңдықтың…
Көкжалға айдалада ұлу – қорлық,
Жігітке орта жолда сыну – қорлық.
…Бір ағам мені Сынақ Алаң қылса,
Бір ағам талап етті рупорлық!
Дарыным – дарын емес, пəле болды,
Арыным – мінез емес, жала болды.
Қарымым – біреулерге қорқыныш боп,
Жалыным күйдірді ылғи алақолды.
Жайымды ұғып жатқан Ірілер жоқ,
Ұққанда сүрінбеске сүрінер ме ек?!
Тұсымнан өтеді жұрт қырын қарап:
«Əуелі – ақын емес… тірі бол…» деп!..
Заманда – ақ-қараны таңдатпайтын,
Қанжарын қайтады əр күн қандап қайғым.
Тек қана сорлы жүрек жан серігім,
Кірбіңін қабағымнан аңдатпайтын…
Аспанның аруларын құшып келіп,
Ақын боп жүргенімше ұшып-қонып;
Қалмадым түсіп неге сонау шақта,
Анамның құрсағынан түсік болып?!…
Өлең деп өз ортама жат болдым мен,
Болат ем жарқыраған, тат болдым мен.
Жылуын сыйлаймын деп жырдың жұртқа,
Айрылдым алау шақта шат көркімнен!
Түсем деп енді бүгін орға қашан,
Дүрсілін жүрегімнің зорға басам.
– Ей, Тағдыр, қайтер еді, бір қайсарды
Мезгілсіз меңіреулікпен қорламасаң?
…Сырым осы – оранған жарқылға бір,
Түсінсең, ей, бауырым, талпынба құр!
Азуын айға білеп арам қатқан,
Бір Көкжал, жөндеп қара, алдыңда тұр!..
* * *
Ісінгенмен көкірек аяққаптай,
Ісімнен мен жүрмін-ау тоят таппай.
Жүрегімді жүз қайғы жұлмалайды,
Алғашқысын соңғысы аяқтатпай.
Білгің келсе бұл күнде қандайымды,
Оюмен жүр тұзды су таңдайымды.
Иығым сыйғанымен басым сыймай,
Қапыға күнде ұрамын маңдайымды…
Жырымды ұққан жайымнан аңдар дерек,
Мына жұртқа күлкі емес, жанжал керек.
Жүдеген жүрегімді көрсетер ем,
Ол сыртқа шығу үшін қанжар керек!..
Жүргендей айналысып жорта мұңмен,
Жұртқа жыр оқуға да қорқамын мен.
Көңлінен қамсыздардың қалай шығам,
Ұғылмас қайғысызға сортаң үнмен?!
Апыр-ай, аңдағанға ақын ем ғой,
Мойныма жырдан дұға тағып ем ғой!
Өлеңім өз ортамнан аластады,
Бар екен көрмегенім тағы нендей?
Жоқ, əлде…
Қайғы деген сауысқан да
Жемтігін менен басқа тауысқан ба?
Яки… мен туылғанда ұйықтап құдай,
Біреудің соры маған ауысқан ба?
Ұқпаймын, ұға алмаймын осы арасын,
Жүйкем жүн – бір шегесі босағасын.
Күл қылған тас тұғырын төзімінің,
Жаббар-Һақ біздейді енді жасамасын!
Сөз айтсам көрді көрген адамдай-ақ,
Болғаны маған əрбір қадам – таяқ.
Жалғанның запыраны өртер бір күн,
Төкпесем Жүрек деген Отанды аяп!…
* * *
Ұрғандай ұждансыздың қақ басына,
Шарам жоқ шын сырымды айтпасыма.
Оңбай тұр гүлдей қурап жас ғұмырым,
Болмай тұр тірлік уын татпасыма…
Назарын салмағасын тектілерім,
Мазақ – үн түбіме ақыр жетті менің.
Бастаған ісім жанбай, бықсып жатыр,
Мен қашан найзағай боп көк тілемін?
Түйрелмеу үшін тексіз тебеніне,
Ырза едім атаукере жегеніме!
Іргемді аулақ салып реңсізден,
Көнбеп ем Ит-Тірліктің дегеніне…
Шынымен сұрбет күннің жеткені ме,
Қамсыз шақ қас қағымда өткені ме?
Қайғысы мүлде бөлек мылқаулардың,
Аяусыз айналдым-ау теппегіне!
Жанымда жақыным жоқ шын берілген,
Аңқиды тозақ исі үн – демімнен.
Бармақтай – жүрегімде – шоқ бар еді,
Сындырды-ау соған дəрет кім көрінген!
Төгілген жүрегінен жыр нөсері,
Бұл досың – бүгін күлдің бір кесегі.
Маңдайлы болып туған жігіт болса,
Иттер жеп сыбағасын жүрмес еді…
Бұлт басқан күннен қалай нұр жетеді,
Құт қашқан жерден түтін бұрқ етеді.
Жүрегі жұртқа бұрып соғатындар,
Қалайша бұл пəниден құр кетеді?
Жандай-ақ «өмірі – жаз» сайрап жүрмін,
Басымды неге болсын байлап жүрмін.
Сақтанбай, саспай, қашпай, сескенбей де,
Ажалмен аударыспақ ойнап жүрмін.
Мың іс бар шешілмеген бір басымда,
Періштем үрейленіп жүр қасымда.
«Бақиға сендей қайсар қажетсіз» деп,
Менімен қоштасты Ажал бір ғасырға!
Жан едім жұлдыз шашқан өнердегі,
Мен үшін Бақыт деген – көне ертегі.
Мың «қазақ» табытымнан теріс айналса,
БІР ҚАЗАҚ іздеп келіп көмер мені!!!
ЖАРАЛЫ КИІК (Поэма) Жастық шақтың серігі, жарқын шақтың куəсі; Сырлас іні, сырбаз дос – Əзім Тұрсынбайұлына арнадым. І Арқаны бетке ап барады жаралы киік, Жаралы киік – жан-тəні қаралы киік. Жанына түскен түскен жарасы жазылмастай ма, Бірақ та басын тік ұстап – барады Биік. Артына сірə бұрылып қарамайды бір, (Болмысы, бəлкім, өзі өскен даладай қыңыр?!) Тірліктен мүлдем торыққан түрін көргенде, Жүректі – қанмен жазатын – аралайды жыр… Басылып қалды көп ойлар – желіккен сансыз, Қимылы неге ажарсыз – деміккен, əлсіз? Шет–шексіз мынау даланың еркесі – еркін, Арқаны бетке ап барады неліктен жалғыз? ІІ …Сол күні аспан түнеріп тұрды күн батпай, Сол күні аспан түнеріп тұрды тіл қатпай. Сол күні аспан қабағын үйді, ескертіп – Табиғаты ертең қоймайтындығын жын қақпай… Ұғынып сырын ерте жабылған түндіктің, Кешерін ертең панасыз күнін мұңлықтың; Сезгендей, шетте жайылмай тұрды бір Киік – Алдын орауды ойлап бұл сойқан сұмдықтың.
Бұл киік – мына топ киіктегі Теке еді, Оларды небір қырғыннан сақтап кеп еді. Таба ма айла келе жатқан бұл дүлейге? Қиналып тұр Ол сөгіліп тырнақ көбесі… Кірпігін қақса төгілгелі тұр жастары, Хабарлап мұңды тұрысы анау аспаны! Жетпейді көзі, күтетін бақ па, сор ма алдан. …Ақыры ол бəрін Құбылаға қарай бастады. ІІІ Кең дүниені ең алғаш рет тар көріп, Келеді бəрі Құбылаға қарай сар желіп. Жонарқалары суықтан тоңдап қалса да, Кібіртіктеуді келеді олар ар көріп. Барады алда текірек қағып Текесі, Текесі – бір топ киіктің қорған – көкесі. Түн бойы тынбай зуылдап келе жатса да, Көрінбейді əлі бір елдің сірə төбесі… Табиғат, неткен қатал едің сен соншама, Қысың да келді-ау бейбіт өмірге қол сала! Даламның жүйрік перзентін жүдетпесеңші, Көрсетер басқа қылығың құрып қалса да! Қарашы оларға, сүйегін суық сыздатты, Тебініп жейтін шөптеріне де мұз қатты. Көзін ашқалы бұл сорлылардың тағдырын Аңшылар, аңдар, борандар талай тұздапты… …Тұрғандай бейне алдынан күтіп арайлы ел, Келеді жүйткіп, қалдырып артта талай бел. – Сендерден пана іздеп келеді топ киік, Адамдар, оны, аяй көріңдер, аяй көр!
ІV …Сол күні қалың – тізеден келер қар жауды, Біреуге – шаттық, біреуге – батпан сор жауды. Сол күні түнде түс көрді ұзақ қарт аңшы, Қансонар күні білмейтін ешбір шаршауды. Түсінде аңға шығыпты дейді жақынға, Кез бопты дейді мыңдаған киік-ағынға. Тиеді дейді мылтығы ешбір мүлтіксіз, Көздемей жəй-ақ кезеніп атқан шағында. Дəл солай мың сан киіктер қанға батқанда, Саулаған қаны арықта мұз боп қатқанда; Көріпті дейді аңшы бір Теке киікті. Мылтыққа тағы қос оқты салып жатқанда. Қашпайды дейді ажалдан басын қорғалап, Көзінен жасы тұр екен судай сорғалап. …Мылтықтың барлық темірі еріп кетіпті, Киікке аң-таң қалғанда ұзақ ол қарап. Сезгенде соны аңшының көңілі түнерді, Қозғала алмай қалыпты аттай шідерлі. Кəрі жүрегі талықсып кетіп сол сəтте, Бар даусыменен айқайлап келіп жіберді! Сол айқайынан оянып кетті ол табанда, (Тұрғандай жақын бір құлама құз тап алда.) Көңіл-сарайы құлазып қалды біртүрлі, Қалғандай жалғыз бейнебір елсіз жапанда. Аң атса бұрын жүрегі бір сел етпейтін, Көзіне түскен аңды атып алмай кетпейтін. Неліктен бүгін қобалжып отыр таң атпай, Келді ме кезі бұл істе өзін шектейтін?…
V …Қалдырардай боп артына барлық бүлікті, Табардай алдан пана боларлық бір ықты; Қиянан қажып келатқан бір топ киіктің, Таң саз бергенде тұяғы елге ілікті. Қақаған қыста сорғалап тері сауырдан, Безіп жеткесін қаһарлы, қарлы дауылдан; Қораларға кеп сүйеніп тұра қалысты, Еш қауіп күтпей тым-тырыс мына ауылдан… VІ …Таң атты. Аңшы болды да тез-тез жуынып, Қамданды аңға алды да белін буынып. Түн бойы өзін сан түрегелткен сескентіп, Əсерінен де қалыпты түстің суынып. «Кім білсін, бұған мүмкін бұл соңғы қан сонар, Кім білсін, мүмкін соңғы рет бүгін аң соғар. Бір түс көрдім деп тұра алмай қалса төсектен, Соңынан, бəлкім, өкініп мəңгі сан соғар…» Осы ойлар оны сергітіп біраз санада, Шыққанда аңшы «бісміллə» деп далаға, – Көзіне сенбей таң қалды бір сəт, о,тоба, Қос киік келіп ықтап тұр екен қораға! «Апыр-ай», – деді ол, – Түсім бе, əлде, өңім бе, Олжа ғой мынау түсінген жанға, тегінде! Жоқ, əлде, менің ана бір жылы абайсыз, Ата алмай қалып киікте кеткен кегім бе? Қайратым кеміп, жеткенде тақтан құларға, Есеңді қайтар деп жіберді ме екен бір Алла?»
Сан ойлар келіп соққылағанда, қанды қол Қос оқты салды қандыауыз – қатал құралға… Атайы аңшы мылтыққа оқты салмасын, Мүлт кету сирек – мылтыққа оқты салғасын! …Қос киіктің де қақ жүрегінен қадалды, Қандыауыздардан қайнап атылған қорғасын! Жүрсе де небір қуғын-сүргінді көп көріп, Көрмеген ешбір тірі жандыға кектеніп; Адамнан пана, мейірім күткен қос мұңлық Кірпіктерін бір қаға да алмай кетті өліп… VІІ …Гүрс-гүрс дауыс – жаңғыртып дала, тауыңды, Гүрс-гүрс дауыс – оятты бүкіл ауылды. Гүрс-гүрс дауыс – мылтықты барлық оқтатып, Гүрс-гүрс дауыс – тұрғызды қырғын-дауылды. Мылтығы бардың барлығы тысқа жүгірді, Сорлы киіктер қуыс-қуысқа тығылды. От шыққан сайын қандыауыздардан оқ бүркіп, Киіктер бір-бір дəрменсіз жерге бүгілді… Олай қашса да тозақтың даусы естілді, Былай қашса да тозақтың даусы естілді. Аяусыз ажал қолдарына кеп, өздерін Байлап бергенін қайран жүйріктер кеш білді!… Араша тілеп адамға олар құр келді... (Жаңа шыққан күн бұлт-көрпесін бүркенді…) …Қырғынға себеп – қан жұтқан Теке, Сенделіп Жанынан безіп өлімге қарсы жүрді енді!
Ғұмыры өткен аңдарға ылғи өш болып,
Қарт аңшы бұл кез қырғынан тұрған сескеніп.
Мылтығының да оқтарын алып тастап ед,
Көкірегіне мейірім сезім кеш келіп.
Сондықтанда ол Текені көріп сел етті,
Еркіне тұрмай қалтырап екі қол кетті.
Көк тұман болып, бұлдырап алды көрінбей,
Еріксіз көзі өкініш жасын мөлдетті…
Сілкілеп басын өзіне зорға келгенше,
Маңайын шолып Киікті қайта көргенше, –
Шүріппесін де басып қалыпты бір ойсыз,
Қарт аңшы енді атпауға əмір бергенше…
VІІІ
Тарс етті мылтық – бір сілкіп Ажал дауылын,
Киікке арнап өшпенділіктің ауырын.
Кеудеге беттеп ұшқан оқ бірақ… кенеттен
Бұрылып кетіп Киіктің тапты сауырын!
Атқан-ақ еді жүректен көздеп жас бала,
Жас бала – мылтық ұстағанына мас бала!
…Көк түтін тарап, қолдағысына қараса,
Қандауыз құрал… қисайып қапты… Масқара!
Сол кезде оның жанында тұрған Қарт аңшы,
Жүректе қолы, көзінде жасы бір тамшы;
– Əттең-ай, – деді, кеудесін кере аһ ұрып, –
Түсімде ғана көргенімде ғой бұл таңды…
Айтты да Ол соны құлады жерге сылқ етіп,
(Туған жерінің топырағы бір сəт бүлк етіп…)
Түсінбей түкке аңырып қалды бозбала,
Шошынды қатты – балауса жүрек зырқ етіп…
Шошынды қатты – беталды қаша жөнелді,
(Есіңді, сірə, жия алармысың сен енді…)
Ал, Киік болса, ақырғы демін тақалған
Аңшыға келіп айтып тұр мына өлеңді:
– Жатсың ба, Аңшым, жұмғалы мəңгі көзіңді,
Азырақ шыда, айтайын соңғы сөзімді!
Есіңе алып жатқан да, бəлкім, боларсың,
Аң біткенге анау – қырғидай тиген кезіңді.
«Мергендік – ердің маңдайындағы бағы» деп,
Жаратқан саған беріп ед ерек қабілет.
Жыртқышқа жұмсар оғыңды бізге жұмсадың,
Кеудеңді билеп, күнəға сүйреп Əбілет!
Жаратқан бізді қылғанын азық адамға,
Біледі тіпті, бейсана пақыр, надан да.
Алайда, тағдыр сорлатқан түздің тағысын,
Мұншама қырып, шаттанатындар – Адам ба?
Панасыздарға өктемдік етіп жалғанда,
Зауалдан оңай құтылып кету болған ба?
Ойландыңдар ма,
Жəудіреп тұрған киіктің
Қан-жоса қылып мүйізін шауып алғанда?
Соңдарыңа бір жүргендей бейне Жын еріп,
Шетіңнен бəрің алыпсыңдар-ау түнеріп.
Шыбын құрлы да көрмедіңдер-ау,
Біздерді
Тік түрған күйде тамақтан орып жіберіп!
Аңына түздің қарардай мұнша кекпенен,
Мейірімдеріңді не болды сонша шектеген?
Санасы бар деп – панасы бар деп жеткенде,
Ата дұшпандай қарсы алдыңдар-ау оқпенен!
Деген тілекпен «қиналған шақта сүйеңіз», Адамға келдік – бір болғандықтан Иеміз! …Қорғансыз едік… қорладыңдар ғой… Ендеше – Көрлеріңде де қоймайды тыныш Киеміз!… Жан жарасына табарсың қайдан дауаны? Бұл – Ақиқаттың мəңгілік жалғыз сауалы! «Асқанға – тосқан…» демейтін бе еңдер, Шын болса, Бір соқпай кетпес төгілген қанның зауалы!… ІХ ...Зуылдап уақыт, сырғыса жылдар тізбегі, Өзгереді екен үйдегі түгіл түздегі. Дəл қазір менің есіме де алғым келмейді, Сонау бір кезді – бұлдырап қалған іздегі. Жүрегің жақын болғаныменен шындықпен, Кейбір жайларды əңгіме қылу – мұң тіптен. …Киік қырылған сол оқиғаның ақыры, Аяқталған-ды естуге қиын сұмдықпен. Жүрекке түсіп қарғыстың ауыр салмағы, Аңшыны сол күн Айдаһар Ажал жалмады. Онымен бітпей, аз ғана жылдың ішінде, Артында Қарттың жер басқан ұрпақ қалмады… Ал, анау Бала – Текені атқан бозбала… (Тірлігін оның тірлік деу – жай бір сөз ғана!) Еліріп ылғи ауылдан қаша беретін, «Шақырып тұр, – деп, – құшағына анау боз дала…» Пəниден безіп, асыққан жанды көріне, Шығарушы ма ед бақыттың тағдыр төріне?
Боранды түнде бел асып кеткен сол Бала, Жем болды ақыры құтырған бір топ бөріге... Х Тағдырдың сыны болады кейде тым қатал... (Тым қатал тағдыр үкімін шындап тыңдатар). Жанайқайға да салмайтын көздің қиығын, Жалғаншы кейде миллионға кең де, мыңға тар!.. ...Қарайып көңлі, жүректе болса оты кем, Еліргендердің – ет кесер Зауал – етінен! Панасыздарды қан-қасап қылса кім де кім, Жоғалып тынар біржола жердің бетінен. Жойылмас қалай: заманы кетсе құбылып, Зұлымдық жеңіп, мейірім туы жығылып. Үміт пен Сенім жатқанда бордай үгіліп, Дəуірдің сыры тұрушы ма еді ұғылып?! Жамандық соңы бітуші ме еді жақсымен? (Жазмыш та араз болжампаздармен, бақсымен.) Адамдық сезім қала ма құздан құламай, Жала мен Пəле қол ұстасқанда Нəпсімен?!.. «Адал бол» деген кірмесе де ақыл құлаққа, Аз ғана ғұмыр – берілген бізге сынаққа. Жол ортасына жете алмаc, жетпес талайлар, Жетуі тиіс болса да талмай жыраққа. Табиғат заңы – біз білген заңнан басқарақ, Басқарақ заңның болмайды көзі ашқарақ! Қанағат, Ынсап патшалық құрар кеудеге, Қажеті қанша ертеңі бұлдыр басқа Бақ?! Өтеді күндер тар кезеңдерде тарыққан, Өтеді түндер жақсылықты аңсап зарыққан.
Ілгері күннен үмітің болса, бауырым, Көз жазып қалма көкіректегі Жарықтан! ХІ ...Арқаны бетке ап барады жаралы киік, Жаралы киік – жан, тəні қаралы киік. Пана іздеп жеткен жерінен қарсы алып тозақ, Жүрегі жанып, бауыры – барады күйіп. Елестей болды басында бақ тұрған күні, Күткен жоқ еді ешқашан тағдырдан мұны. Өртейді ішін, үзбеген үміттерінің Құлама құздан аяусыз лақтырғандығы... Тамырда қаны сенімді ағады шектеп. Қан қатып қалған жүрегі соғады кек боп, ...Мəңгілік енді ол өтеді кінəлап Өзін, «Даласын тастап кеткеннің обалы жоқ!» деп. ХІІ Қол салып отқа – күйсе де білегі шоқтан, Зұлымдықтарға сала алмай тілегі тоқтам, – Адами қоғам келеді қасірет шегіп, Қасірет шегіп келеді жүрегі жоқтан. Ішер суыңның, жұтатын ауаңның мəні, «Арналған кімге?» дейтұғын сауалдың жаны. Ұқпайтын соны дүние-малдың құлдарын, Аяған емес ешқашан Зауалдың заңы! Саналы болу – басқадан асқаның емес, Тар болса көңіл биіктік – аспаның емес! Шапағаттарға бөленіп, арманға жету – Өзіңнің ғана қолыңда, басқаның емес!
СӨЗДЕРІМ ƏЛІ ТӨРЛЕЙДІ!
* * *
Заман – дауыл,
Мен – қайық,
Уақыт қатал болғасын.
Алдымдағы жол ғайып,
Бақыт қатал болғасын.
Көкіректе өлең-жыр,
Тумай жатып тұншығар.
Пана таппай менен бір,
Тулай барып тыншығар.
Ерте келем, кеш келем,
Тынбайды бір азалы үн.
Танығандай сескенем,
Ақындықтың ажалын…
* * *
Түзге кетсем – үйім жоқ,
Үйге жетсем – түзім жоқ.
Анда барсам – күйім жоқ,
Мында келсем – ізім жоқ.
Өрге жетсем – бір қайғы,
Елге кетсем – бір қайғы.
Қайда барсаң, сұр ғұмыр
Мұңды қолын бұлғайды.
Күнің де бір қасірет,
Түнің де бір қасірет.
Тартып алды тыншымды
Тағдыр деген хазірет!…
* * *
Бұлдырады-ау жанарым,
Шын жылады-ау қаламым, –
Айтқанына көнем деп,
Құлдыраған сананың.
Жырым шерге ұласып,
Көңіл кетті-ау құлазып.
Оңай тамды деймісің,
Көздерімнен мына шық?
Үркітем деп тажалды,
Қайыс-иық қажалды.
Шуақ шашқан дидарым
Шүберектей бозарды.
Ой – жоғалған оқтай бір,
Жұртта қалған шоқтай – жыр.
Өмір үнсіз өксиді,
Жүрек – жиі соқпай тұр…
Сезіміммен алысқан,
Жырақтады таныс маң.
Жарқылдайды
тек қана,
Найзағайлар алыстан.
Ада болса көктемі,
Өмірдің жөн өткені.
Түк бітірмей күл болдым,
Сол қинайды тек мені...
Тыншу беріп құлаққа,
Жоғалар ем жыраққа, –
Ер сала алсам, шіркін-ай,
Тəуекел деген Пыраққа!..
* * *
…Уақыт – балға,
Ақын – төс,
Соққы жеуде тынымсыз.
Жырым – жалғыз жақын дос,
Ертеңі бар – Бүгінсіз!…
Мен алайда шаттықтан,
Үмітімді үзбедім.
Аласұрған, аптыққан
Шақтарымды іздедім:
Алаңдама, Көңілім,
Аласармас жоқ пенде.
Шашылмасын сенімің,
Басқа қайғы тепкенде!
Аласұрма, Жан сезім,
Күнің алыс тыншығар.
Басқанымен қан көзін,
Үміт саған ұмсынар!
Өрекпіме, Жүрегім,
Өрісің тар – асықсаң.
Тарпаңдардың тілегін,
Іздегейсің қашықтан!
Жолын кескен Өлеңнің
Сұрқиялар сорлайды!
Əділетсіз əлемнің
Жолы мəңгі болмайды!
Төс Тіршілік
Балғаның
Сабын бір күн сындырып, –
Қайтарады алғанын,
Шындықты атқа міндіріп!
* * *
…Қолыма тиді қара май,
Мың жусам да кетпеді.
Күледі маған қарап Ай,
Мың қусам да кетпеді.
Жүрегімнің төрінде,
Қасірет жатыр жамбастап.
Көңілімнің көгінде,
Шаттық жоқ тұрған əн бастап.
Созылады сіңірім,
Керегенің көгіндей.
Көзімде кепті ғұмырым,
Моншақ боп жерге төгілмей.
Қан орнына у ішіп,
Мүше біткен мұздайды.
Беріктікпен суысып,
Сүйек біткен сыздайды…
Қолдан келсе, Жүйкені
Жасар ем-ау темірден!
…Көңілге сыр түйгелі,
Пенделікке телінген –
Түңілгенмін – өмірден!..
ІЗМҰРАТ ҚҰРБАНБАЙҰЛЫНА
Ақ бұлақтайын ағылып,
Жүрегіндегі дүрсілмен, –
Келгенде інің сағынып,
Жабығып неге тұрсың сен?
Жүректің отты алауын,
Жүрсем де жырға құйып мен, –
Көрінбей ме əлі жалауым,
Өздерің күткен биіктен?!
Мұңая қарап соншама,
Жүзіме неге үңілдің?
…Жырдағы менің олжама,
Көз салып жатыр бүгін кім?
Іздеп пе ең мендей ініңді,
Қасынан, Аға, жұлдыздың?
…Қанатсыздығым білінді,
Шарқ ұрар кезде үнсізбін!..
Ақындық даңқы – төрім боп,
Самғармын деп ем көкте мен.
Аспанда қазір орын жоқ,
Жылжумен жерде өтпесем!..
Кеудемде жатыр көп арман,
Қар астындағы құрақтай.
Жылдарым – текке жоғалған,
Барады жанды шыдатпай…
Емес бұл бірақ Əн соңы,
Сөздерім əлі төрлейді.
Жалғыздың – Мендей – Жан шоғы
Ғаламды бір күн тербейді!!!
«МОНОЛОГТАР» дəптерінен
ШЫНДЫҚ, СЕНІ...
Көкірегімде тербелсін деп Ар – Тұнық,
Намысымды жүрегіме Дар қылып;
Жанды түйіп шүберекке
Талай Мен –
Шындық, Сені іздеп едім шарқ ұрып!
Ал, Сен болсаң – Гүл екенсің шеттеген,
Күштілердің бақшасында көктеген.
Сондықтанда,
Сылаңдаған сайқалдай –
Дəл бүгінгі қалпыңды Мен жек көрем!
Шеңгел болсаң жемісі жоқ жеуге де,
Жарай ма олар сені «қайда» деуге де?
Біз емес пе ек құшаққа алып Өзіңді,
Тікеніңді кірш еткізген кеудеге?!
Шынымды айтсам, назам да жоқ, өкпем де,
Саған қояр бір сұрақ бар тек Менде:
Кімге қарап жаутаңдайсың
Күштілер
Бір күн Сені керек қылмай кеткенде???
* * *
Мұрттан күліп, мысқыл шашып қу шаһар,
Ұрттап ал деп ұсынады у – заһар.
Несіне енді елеңдейсің ел іздеп,
Тар лақатқа түспей тұрып тулап ал!
Қамығардай көзіңе не көрінді,
Тулақ төсеп көркейтіп ал төріңді.
Ойға батып ор таба алмай қалар деп,
Сен келмей -ақ қазып қойған көріңді!
Маңғаздардың мақұл көрмей мысқылын,
Көктем іздеп көкке кеткен Құс күнің.
Өртке айналмай өкіндірді- ау ақыры,
Ұлылардан ұрлап алған ұшқының!
Үрейі мол үлкен жердің үстінің,
Қайғысына қол созу да күш бүгін.
Ендігісі – қағазыңа көшіру,
Улап шулап жатқандардың ұсқынын!
Заулап кеп ең зауқың болмай басқаға,
Қалай екен, арай ма екен астана?
Бұл қалада бəлкім сен боп қаларсың,
Арам жемей Айға жеткен аш бала!..
ЖІГЕРЛЕНДІРУ
(Өміріне өкпелі жігітке)
«Мұздар кілең – жатып алған жолымда,
Құздар кілең – оңымда да, солымда.
Өтіп бара жатқан сын-ды бұл ғұмыр,
Аттың жалы менен атан қомында?..»
Дейсің неге өзіңе өзің налынып,
Өмір кімге серік болды жалынып?
Сергектердің санасынан бұл сауал,
Қалған, досым, əлдеқашан алынып!
Үздік-создық мынау пəни көшінде,
Келу қиын өзің жайлы шешімге.
Уайымға тізгін берген жандардың,
Қиналғаны қалады көп есінде.
Тани біл сен «анау» менен «мынауды»,
Айыра біл Бықсық пенен Алауды.
Болғандықтан Қайғы демі тым ұзақ,
Қуаныштың сағаттары санаулы!..
Шыңға қарап Қырандардың көзімен,
Биіктіктің не екендігін сезінем! –
Дей білгендер –
Мəңгілік боп жайнайды,
Қас қағымдық қуаныштың өзінен!
АҚЫН ДОСТЫҢ МҰҢЫ
Қасиетіңді шын бағалап отыр кім,
Алдаспан ем – тасқа шауып кетілдім.
Айнала – кең,
Адамдар – көп,
Күн – жарық,
Бірақ, бірақ... мен тұлдырсыз жетіммін!..
Туысқан көп,
Жора-жолдас аз емес,
Сонда-дағы көңілім менің мəз емес.
Ұғысарлық жан таба алмай жалғаннан,
Қысқа ғұмыр гүл тербеген Жаз емес...
Көңілім бүгін бір сұмдықты аңдады,
Сырт айналса бұл өмірдің Əн бағы, –
Жетімдікке бойсынғаның,
Немесе
Тас маңдайға тағдыр Оны таңғаны!..
Қансыз-сөлсіз тағдырдың бұл құлқынан
Құтылам деп мен күн сайын бұлқынам.
Бұлқынам да
Ес жиямын тірліктің,
Сұп-сұр болған күл кейіпті сұрқынан...
Содан ба екен, менің жазған ғазалым –
Махаббаттың шуағы емес, таза мұң!..
Айтшы, бірақ,
Ақын бар ма тартпаған
Рухани Жетімдіктің азабын?!..
ШƏКƏРІМ
Басына қонғанда бақ шебер ұлдың,
Айықпас сел нөсерін төгерін мұң, –
Көрдім мен,
Жасты көзбен қарап тұрып,
Тас маңдай тағдырына Шəкəрімнің.
Болмаса – болған қайғы – сол, бекерден,
Жырымды қасіретке шөлдетер ме ем?
Не шара...
Ол өкініш өшпейді енді,
Қандасы – қайсарына қол көтерген...
Жауыздақта халқым аз күйремепті ау,
Қайда барсаң ызалы, күйгелек жау...
Тірісінде жағадан алса ақынды,
Өлгеннен соң мүрдесін сүйрелепті ау!
...Зұлымдық биігімді аласартып,
Кетсе де иығыма наланы артып;
Мен бүгін жендеттерге дұға арнадым,
Қайтадан тумауы үшін Қарасартов!
СҮРБОЙДАҚТЫҢ СЕКЕМІ
Тірлік дəмі талғамсызға балдай-ды,
Бағы барлар дəмнің өзін талғайды.
Əйел де бір өлмегенге татар дəм,
Əттең көбі... күлкісімен алдайды.
Қатты жазсам қаламсабым сынады,
Ұғу қиын еріктіге мұны əлі.
Қайсарларға қол бұлғаса қабірлер,
Көбіне оның...
Əйел ғана кінəлі!..
Гүл емес ол өсіп шыққан тақырдан,
Өз дауысың – өзіңді іздеп аһ ұрған.
Сəл бұлқынсаң қуырады апшыңды,
Бір кездегі сынып кеткен Қабырғаң!..
Өмір заңы осы – бастан сорлаған,
Несіне енді нала жұтып арланам?
...Жазмышыма жазатайым шоқ түссе,
Мен де түбі бір қатынға қор болам!..
ІЗДЕМЕ
Көңілімнің көгіндегі Ерке едің,
Өзің боп ең домбырамда шертерім.
Бүгін болса
Сезімімді «сен» деген,
Жүрегіме тұрмастай ғып жерледім.
Қыздың жаны –
Жаны екен ғой қасқырдың,
Қарамайтын көзде мейлі жас тұрсын.
Қалай ғана Үмітімнің Ақ Гүлін,
Көзің қиып аямастан тасқа ұрдың?…
Жыр арнасам мен ағымнан жарыла,
«Жағынба…» деп қорладың сен тағы да.
Неткен жан ең танымаған, білмеген,
Ер жігітті – жырдың туған бағына?!
Саған қарай талпынып ед қыр гүлі,
Қыршын кетті көктей жұлып жыр мұңы.
Осы əндегі жан сырымды кеш ұғып,
«Бақытсызбын…» деп жылама бір күні.
Өмір деген өткелі тұр, өткелі,
Бізді айырып екі жаққа кеткелі.
Енді саған оралмаймын,
Іздеме,
Кешірместей қып жібердің өйткені!..
* * *
Ғайыптан келген бақыттан Із қалады, болғаны,
Ғайыптан келген қайғыдан Сыз қалады, болғаны.
Алғашқысы – өмірде болмайды көп баянды,
Ал, соңғысы – көңілде көп жасайды аялды.
Бақыт келсе ұқсап қал аз да болса сəндіге,
Қайғы келсе мұздақтар тайғанатар мəңгіге.
Бақыт деген бостау ғой жаншылатын деп -демде,
Қайғы деген қатты ғой көп қинайтын кеткенше.
Баяны жоқ бақыттың өкінтері көп болар,
Аялы көп қайғының қасіреті шоқ болар...
Құстай ұшып кетеді – құстай ұшып келген бақ,
Аяқ асты қайғы да ала қоймас төрден тақ!
Өткіншінің зардабы өткінші ғой дегенмен,
Мұнда сұмдық тылсым бар босатпайтын көгеннен:
Ғайыптан келген бақытты алақайлап қарсы алма,
Ғайыптан келер қайғы тұр «асықпа...» деп арқаңда!..
ҚЫС Қарауытып мен келем. Аппақ əлем – айналам. Неге екені белгісіз, көңілде жоқ жайдары əн. Болғанымен кіршіксіз көргенге бір қыс мынау, Тұрысында бір қатал өң бар сынды сұстылау... Тоқтаған бір сəтімде оған лайық жырды іздеп, Құлағымды аяусыз тістеп алды тілсіз леп. Бұнысына мəн бермей шығар деп ем бір сыны, Байқаусызда тағы да мұрынымды шымшыды. Жүріп кеттім содан соң – жазып «аяқ жазуын», Табаныма бір нəрсе салып жатты азуын! Қорланғандай бейне бір жатқанға аяқ асты боп, Қарш-қарш етті əлгі азу, ызалы ма басты деп? ...Қарағанда абайлап – жасын өтті шекемнен, Сұлаған ақ қасқырды таптап келеді екем мен!..
ҚҰЛАЗЫҒАН КҮНДЕРІМ
* * *
Айрылғасын қуат берер құнардан,
Тумай жатып тұншықпақшы мың арман.
Қайран, менің қалжыраған көңілім,
Қаңырап тұр жол таба алмай мұнардан.
Уайым да аулақ салмай іргені,
Көзден таса болды ақыры Жыр кені.
...Көктем-Рух мезгілінен кешігіп,
Көңілімнің терезесі кірледі.
Бір қайшылық жан-жүректі езгелі,
Дірілдейді тағдырымның безбені.
Наразы үнін кім ұғушы ед Нарлардың,
Өз бойына дұшпан болған өз белі?!...
* * *
Мен – тұтқын тіршілікке – қалыптасқан,
Сезім жоқ баяғыдай алып қашқан.
Əуірі дауылды өрттей қайран жырды,
Қойдым-ау уызында жарытпастан.
Шақтардан – шұғылалы – қашық тұрмын,
Еңсемді тұрады ылғи басып бір мұң.
Қайран жан мойынсынбай бұлқынса да,
Тəн екен – тəннің аты,
Жасық шіркін!..
Жоғалтқан мен бір бейбақ өрісімді,
Əр күнім Қорқыт баба көрі-сынды.
Кеудемді соққылайды сорлы жүрек,
Көкпарға тəлкек болған бөрі-сынды.
Болғасын алай-дүлей Дауыл кетіп,
Кеткенге тон пішуге Қауым жетік!
Шындығың сөз бастаса,
Қыршаңқылар
Қанденін қоя беред шəуілдетіп!
Тектінің мəрттік болса сүйенері,
Тексіздер ит-пиғылдан жиі өледі.
Бөріде Тəңір барын білмей ме екен,
Күпсінген Көпектердің иелері?!
* * *
Қолыма тимей бүтін оңашалық,
Алдым-ау арманымды аласа қып.
Мен өлең бастар кезде, омыраулап
Төнеді тереземе таласа бұлт.
Күзде осылай, көктемде тағы осылай,
Уақыттың удай қымбат бағасын-ай!
...Жолын кесіп тұманның жонарқасы,
Аһ ұрады ақынға жанашыр Ай.
Қайсарлыққа бел буып анық бастан,
Көп қараушы ем шыңдарға жалықпастан.
Қашан мені қияға қондырады,
Уақыттарым –
Дырдудан алып қашқан?..
«ЖАЛҒЫЗДЫҒЫМ – СЫРЛАСЫМ» жыр желісінен
АПАЛАРЫМ
(Мəрияш пен Раяға)
…Бағым ба екен бұл менің,
Сорым ба екен бұл менің,–
Жыр үшін жырақ сендерден,
Ұмытып шаттық, күлкіні,
Бұл күні сыртта жүргенім?!
Алыстағаны іргенің –
Жүрегім жырмен бір менің.
Сағынып бүгін сендерді,
Көзімнің жасы көлкілдеп,
Мөлтілдеп келіп тұр менің…
Қан берсем деп ем қансызға,
Жан берсем деп ем жансызға,
Жүректе оттың барында!
Ренжімеңдер сондықтан,
Мұң жұтқан мендей Жалғызға!..
Арасында бес туыстың,
Мен ғана үймен суыстым…
Қайтейін, Апаларым-ай,
Қонған соң өлең басыма,
Жасыма жетпей у іштім…
Жанымда жігер көп қайнап,
Алысқа мені кетті айдап,
…Жындыдай кейде, көшеде,
Келе ме деп қос арайлым,
Қараймын артқа тоқтай қап…
Сый болып талай қауымға,
Күй болып талай дауылға,
Жүргенмен алақандарда, –
Жетпейді екен ғой бірі,
Мейрімі туған бауырға!..
Қимастық сезім – қоңырау,
Көз жастың көлі – омырау…
Тағдырдың толқындарында
Осынша бізді сағынтып,
Сабылтып қойған өмір-ау!?
Қоздатқан талай түнек-мұң,
Жан сыры осы жүректің.
– Сіңбеспін сірə құмға мен,
Екпінім барда сеңдердей,
Сендердей барда тілекшім!
ЭЛЕГИЯ
Тынбай тұр мынау жылап күн,
Көктемнің сиқы – былғаныш!..
…Қалтырап тұрған құрақтың,
Болмапты-ау бойы бір қарыс.
Жел бұлтқа –
«Шүу, шүу, шүулейді»,
Шығысты бетке ап үдеріп.
Көкектің күні гулейді,
Қабағын ашпай түнеріп…
…Найзағай-қылыш жарқ етіп,
Тігісі көктің сөгілді.
Бұтақ-бесігін тəрк етіп,
Өріктің гүлі төгілді…
Жаңбырдан үстім малмандай…
Мұңайған жалғыз бір мен бе?
…Тапталып қалған армандай,
Қараймын аппақ гүлдерге.
Жандының бəрі у-шумыз,
Жауратқан күннен түңіліп.
Жер ғана жатқан үн-түнсіз,
Көз жасын көктің сіміріп…
* * *
Бауырын тас парша-парша ғып,
Жылауық мына көктемде;
Аяныштарды шаршатып,
Алқына бұлақ жеткенде;
Қақпасын жанның таң қағып,
Шақырғанда анау көк белге, –
Жүзіне мұңның қан жағып,
Қараймын үнсіз өткенге…
Арқамда орман тұрғанмен,
Бет алдым құла дүз менің;
Көзімді көктем бұрғанмен,
Көңілім толы күз менің.
Аяусыз жұлып кетсең де,
Тəтті шақтардың тізбегін;
Көрместей мені етсең де,
Көбелек, Сені іздедім!..
Сəулесі күңгірт арманға,
Қарашы, қалқам, алармай!
Бұл дəурен – бұлбұл болғанға,
Беймезгіл өшкен жанардай.
Көнем деп басқа салғанға,
Үміттен сенім жаралмай, –
Қатыгез мына жалғанда,
Кетем-ау, саған бара алмай!..
ЖҮРЕК
(Ақ өлең)
Дүрсілдейсің, Жүрегім,
Күлсін дейсің қуанып.
Жүрсін дейсің жəй басып,
Білсін дейсің қайғыра.
Сезсін дейсің қатерді,
Безсін дейсің тобырдан.
Кезсін дейсің тау-тасты,
Төзсін дейсің азапқа.
Шоқтайсың-ау маздаған,
Оттайсың-ау дүлей бір.
Соттайсың-ау арымды,
Жоқтайсың-ау жоғалсам!
...Сөйтіп жүріп,
Бір күні
Тоқтайсың-ау, Жүрегім!..
* * *
Көзімдегі жасымды
күн нұрынан жасырып,
Тасқа тиген басымды
сипай салып асығып;
Ұлы Көшке қараймын
ұстын іздеп сөзіме,
Ойдың шашын тараймын
түскім кеп сын тезіне.
Қол бұлғайтын сияқты
орын сайлап мөлдір көк.
Мен білмейтін ұятты
жатқан сынды Жол бүркеп.
Ойланармын барған соң,
Өмір шіркін үлгірсін.
Көкке шығып алған соң
Кімнен Қорқам?
Кім білсін...
* * *
Еңсесін езіп көп күннің,
Өткесін бастан қиын Ай, –
Сəлемге саған кеп тұрмын,
Шапағаты мол, Дүние-ай!
Ұғыса алмадым жалғанмен,
Асыл бір сөзім тапшыдай, –
Жүрекке бастар жолдармен,
Қан болып ыстық шапшымай;
Ақылшым болып кереңдер,
Арпалыс шақты аңсадым.
Дүние, маған Өлең бер,
Өлеңсіз күннен шаршадым!..
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫ
ТУҒАН КҮНІНДЕ ЕСКЕ АЛУ
Қойғанмен тағдыр көкіректен жырды ағылтып,
Сергелдең сезім сыйдырмай жерге сабылтып;
Əрбір жүректі өз уыменен улайтын,
Қайталанбайтын қасірет қой бұл Ақындық!..
Əр күні жолын кес-кестей беріп арсыздық,
Тірлігін кейде жіберетұғын нəрсіз ғып;
Ақындық ғұмыр – түбі жоқ терең тылсым ғой,
Кеудеңде мəңгі қоздатып тұрар Жалғыздық...
Ақындар жайлы айта алмас пенде асыра,
Айта алар бəлкім, нұрының құтын қашыра.
Дүние əр кез қарайды кештеу
Олардың
Шындықты іздеп тау-тасқа соққан басына.
Аты өшкір Тірлік...
Еді бұл неткен шырғалаң?
Шырғалаң тірлік – ынсапты білмес бір харам.
Қалғанмен талай тарландарынан көз жазып,
Өкінуді шын білмей жүр əлі бұл ғалам...
Жасағанымен ойымыз еркін – көгенсіз,
Ащылау біздің татар тұзымыз – бөтен тұз!
...Ұлы Ақиқаттың жалғыз минуттық демінің
Құрбандығы үшін жаралған жандар екенбіз!
09.02.1992 ж.
ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ
ҚАБІРІ БАСЫНДА
ҮНСІЗ ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Тағдыр баста жаратқасын қамсыз ғып,
Тар соқпақта түпке жетер аңсыздық.
Қайда барсаң қыр соңыңнан қалмайды,
Рухыңның көлеңкесі – Жалғыздық.
Миллиондармен сапта бірге тұрсаң да,
Құлазиды Ой…
Қинайды əлі бұл қанша?…
Миллиондардың біреуі де көрмейді,
Жанарыңнан қып -қызыл қан бір тамса…
Сен, өйткені, Жалғыз- ақ тал Қауырсын,
Жалғыз-ақ тал болғандықтан ауырсың!
…Дерті бір де, серті бөлек бұл жұрттың,
Дар алдында жаны кімге ауырсын?
Жанарымнан тамған қанды құм жұтты,
Өзім көрдім осы аяусыз сұмдықты!
Білдім сонда,
Алмайды екем жібіте,
Жүректерде мұз боп қатқан Шындықты…
Тас Құдайға ұқсағанмен тақтағы,
Құлақ түріп бұлбұл үнге бақтағы;
Таңдайымыз қақ жарылып өтерміз,
Шексіз билеп Жалғыздықтың Аптабы!
ТАБЫЛҒА ХАТ
Сезімім құламай сенделіп,
Қиялым барады жерге еніп.
Қараңғы тып-тымық бөлмеде,
Жарқырап шам тұр тербеліп.
...Біреу келсе екен!
Табыл Досымов
Шақырғанда түсі суық, ұйқыдағы басқа ауыл,
Қарамайды-ау бір жан сірə, жанардағы жасқа – ауыр.
Мойыныңа Жалғыздықтың киген кезде қамытын,
Бүкіл дүние – тасбауыр!
Ал, Сен сол сəт күтесің-ақ «біреу келсе екен» деп,
«Жалғыздықтың түрмесінде қалай мəңгі өтем» дем.
Дарақы əлем сонда сенің өте шығар қасыңнан,
Күлкі деген көк дөненмен тепеңдеп.
Жалғыздықтан құтқармайды хас шешеннің таңдайы,
Селт етпейді Ол – Қайсарлықтың болсын мейлі қандайы.
Қағып-қағып Жалғыздықтың міз бақпайтын қақпасын,
Қайтар кейін қуаныштың тасқа тиіп маңдайы.
Жалғызсың ба?
Мақұрымсың көңіл желі – шаттықтан.
Жалғызсың ба?
Баса беру жөн жүректі – аптыққан.
Бұл жалғанда селт етпейтін суық сөзге осынау,
Біздің ғана жүрегіміз – Жалғыздыққа жаттыққан!
Ақынбыз ғой екеуміз де – еңкеюді ар санар,
«Құрбым – Қасірет,
Ал, Жалғыздық – Серігім!» деп жар салар.
Илана бер,
Тəкаппар мен Қайсарларды қашанда
Даңқ пен Ажал Ақиқаттың алаңында қарсы алар!..
ЖҰБАТУ
(Қайрат Шахановқа)
...Қорқа күтіп жүргеніңде
Айтылып –
Тағдыр деген қаталдыққа тəн кесім;
Ұлы АНА-МЕЙІРІМНЕН айрылып,
Ет жүрегің езілді ме, жан досым?..
Əбден қажап жалғыздықтың мол мұңы,
Жылап тұрсын, төгіп көздің сор жасын.
Кім Анадан айырылса,
Сол күні –
Ол төккен жас – көз жас емес, қорғасын!
Өксі, бауырым, өксу керек мұндайда,
Өзге жолы жоқ жалғанға налудың.
Келмеген соң өмір біздің ыңғайға,
Жөні болмас сірə үнсіз қалудың...
Ұмтылар ем жеңілтуге қайғыңды,
Дертіңе егер дауа болар сөз тапсам.
Дəрменсізбін,
Мынау ажал – айбынды,
Біздей талай боздақтарды боздатқан.
Не көрмеген, не білмеген адам бұл,
Тірлік – оның өкінішті жарқылы.
Бұл жалғанның пасықтығын содан біл,
Жұбатады Елші-Уақыт арқылы!
Жанымызға Пəни салар жара көп,
Еңсе көтер, бұрыл, Досым, сен бері.
Өмір деген –
(Өкінбеуге шара жоқ...)
Жоғалу мен Жоғалтудың Шеңбері!
Ұқсаң соны мұңайма, Дос,
Күштіден –
Күтеді өмір Асқақ болмыс – Ұлы Серт!
Керек бізге –
Бұл Дүниенің үстінен
Аяй қарап, күле білер Құдірет!
30.01.1998 ж.
ҚАЛАДАН ҚАЙТЫП БАРАМЫН
(Сұлтанбай Мұратұлына)
Өлеңім үшін селігіп жауынға талай,
Шыдап-ақ едім ызғарлы дауылға талай.
Ал, бүгін болса айрылдым тежегішімнен,
Асықтыруда бір сезім ауылға қарай...
Келгенде алғаш қалаға жақыным көп-ті,
Сан құбылысқа енді-енді ақылым жетті.
Кім көрінгенге ашам деп көңіл-сарайды,
Сенен өзгенің көбіне қадірім кетті...
Достарым қанша көп еді осы қалада,
Салқындық кірді көбімен тосын араға.
Басынан шайыр жігіттің бағы таярда,
Досын дұшпаны қатарға қосып ала ма?...
Тоңдырар суық сезгесін шабыт желіңнен,
Жыр жазу да азап – бір кезде бақыт көрінген.
...Ұстаздығымды құрметтеп – қуантқан алғаш,
Қоштаса да алмай барамын шəкірттеріммен.
Қалайша өткен уақыттың тізбегі жалған?
Қалайша бақыт күткенбіз біз тегін алдан?
Амал жоқ енді, ұзаймын қаладан үнсіз –
Махаббат толы шақтардың іздері қалған...
Осыдан егер есімді жия алмай кетсем,
Арманға ренжіп – жүретін қия алмай көптен;
Сағынғаныңда жетерсің ініңді іздеп –
Пейілі тарлау ортаға сия алмай кеткен!
Жырымда менің, бейне бір, дау-жалын бардай,
Тіксінер бəлкім, біреулер «жау-сарынды» аңдай.
Бірақ кім ұғар, қаладан
Қараулықпенен
Кеткендігімді күресер қауқарым қалмай?!
Қаладан қайтып барамын шатасқасын көп,
Уығын мұңлы ғұмырдың қадасқасын көп.
Арманшыл жасқа ісімді үлгі қып барам,
Мезгілсіз кезде мендей боп адаспасын деп.
Қалаға қырдан, деп едім, əкелем гүлді,
Бұл ойды басқа арманым бекер ендірді.
Қаладан қайтып барамын,
Бос қалаға еніп
Россияда қираған Наполеон сынды!
Тасбауырлығы тұғырдан тайдырып нарды,
Аңсызда шаһар ақыннан айрылып қалды.
Қоштасқым келмей қасынан үнсіз өткенде,
Мен жүрген көше талдары қайғырып қалды.
ЖАЛҒЫЗДЫҚ ДЕРТІНЕ КӨНЕРМІН
* * *
Шыққанда өнердің жолына,
Армандап едім мен нақ төрді.
Тағдырым жынданып,
Сорыма
Бұлыңғыр бір заман тап келді.
Қараймын түкке де түсінбей,
Түнекке
Жанды жеп күні-түн.
Сонда да келеді үзілмей,
Сағыздай созылған Үмітім.
...Көкжалмын тобынан бөлінген,
Жалғыздық дертіне көнермін.
Қалпымда өлеңге берілген,
Мен сірə, жалғыз боп өлермін!
Ұқпайсың қалайша, досым-ау,
Ақын ғой – қайсар да, сахи да!
...Пəнидің мұңдарын осынау,
Арқалап кетеміз Бақиға.
* * *
Кең барлап қарасаң
Тірліктің
Арнасы – кернеген запыран.
Жасанды тойында Бірліктің,
Шырқалмай, шырқырап жатыр Əн.
Өйткені уланған дүние,
Шалдығып арсыздық дертіне.
Біз соған күйіне, күйіне,
Жанамыз шараптың өртіне.
Кімің бар бұл зарды ұға алған,
Айта алар қасірет жайлы кім?
Ақынсыз қозғалса
Бұ жалған –
Тербелген мұхиты қайғының!..
Дүние сұрлана, сыздана,
Еңсені езгенде уақытсыз;
Қасірет тойына біз ғана
Жететін
Жүрекке тағып мұз...
* * *
Алға асыққаныңмен шыдамай,
Жанарды жаулайтын мұнар көп.
Жалқы боп келгенмен ұлы Абай,
Қайғы оған таңылды сыңар боп.
Алысып қайғымен – мыңдармен,
Абай да көкке ұшты ақыры.
Мен дағы бəстес ем жылдармен,
Шаршатты шаттықтың шағымы.
Жеңем деп жүк артқан төзімге,
О, Достар, біз неткен тасыр ек?
Бізге соз бере ме,
Кезінеде
Абайды сорлатқан Қасірет?!
Осынау жалмауыз жалғанға
Бас имей өтеміз демесек, –
Кетеміз бəріміз арманда,
Артта қап Біз күткен келешек.
* * *
Тəрк етіп Сезім мен Төзімді,
Қашқанда бойдан күш – бүгінгі:
Алартып шарасыз көзімді,
Ажал кеп оқиды-ау үкімді.
Жеңілсем өзімнің үйімде,
Не істеймін, не етемін оған мен?
...Бой мұздап, тістенген күйімда,
Бақидың есігін қағам мен.
Мен кетем қайрылмай, сұстанып,
Ал, Қайғы есікті жабады.
ƏМЕҢГЕРЛІК салтын ұстанып,
Тағы бір ақынды табады...
КІМ КЕТТІ ЕКЕН
СҮЙІНШІМЕ ДЕРТ БЕРІП?..
* * *
Желкесін жауыр қылған дұғалықпен,
Сұрайсың қандай өлең бұ ғаріптен?
Болғанда:
Қайғым – қайрақ, жаным – пышақ,
Бір күні таусылам ба жұқарып мен?…
Су төгіп соқпағыма – қайғы басқан,
Күледі тірлігіме Айсыз Аспан.
Қайта алмай алған беттен Мен барамын,
Көрем де көрерімді тайқымастан!…
Жалғанның кетіре алмай Сайқал дағын,
Кемесін тыныштықтың шайқалтамын!
Алдында Ар туының тік тұрғалы,
Жүректің жариясы – айта алғаным.
Батырды, жаяу қалған, мақтамайды Ел,
Сертті Күн, сенімімді таптамай кел!
Сөзімнің жүрегіңде қалсын мəні,
Сарынын – ала қашқан – жаттамай кел!
Өткенде өткіншіні көз көрместен,
Кеткенде кесірліге сөз берместен, –
Айтылған «Ақиқат!» деп соңғы сөзім,
Қалады Һақ нұрында өзгерместен!
* * *
Сезіміне шындықтың қозғау салып,
Аруаналар ботасыз боздауда анық.
Мына дымқыл тұманның қалыңын-ай,
Шаңқай түсте барады көз байланып!…
«Өтті… кетті…» дейтұғын уақыт па бұл,
Дарымай тұр Шындықтан шабытқа сыр.
«Менен қашып қай жаққа барасың» деп,
Күншуаққа қақталып табыт жатыр...
Ештеңеге мына жұрт селт етпейді,
Жүк берер ем, атына теңдетпейді.
Тілегінің күлін Жел көкке шашса,
Енді неге көз жасын көлдетпейді?!
…Сенікі емес, бұл дала – басқа дала,
Шаң бергенше бір Шаттық,саспа бала!
Сертті күні шертіліп Шыдам біткен,
Қаһар таққа мінеді. Жоқ санама!
* * *
Біз оқитын жырдың дені – Сарабдал,
Ажарына қол созымнан қарап қал.
Жапырақтай желге өкпелеп жоғалған,
Бір күндері таптырмас бұл Парақтар!
Тағдыр-Бидің заңы қатал – бір кесім,
Алдырмайды алдыңды орап Білмесің.
Өкініштен өршіген от өшпейді,
Сынған қалам – Алтын болып жүрмесін!
Ишарамен сыр айтады құсқа құс,,
Үміт, Күдік жолға шығар тұспа-тұс.
Күн батқанша барлап Оң мен Солыңды,
Көкке қарай бір Ізгілік ұстап ұш!
Артты былғап, тазалықты тоспа алдан,
Ақиқатың Аққа ғана дос болған.
Кім боласың
Сатып, сатып Сауапты
Таңда-Мақшар дəргейіне бос барсаң???
* * *
Қиянаттың жоқ Ұрғашы, Еркегі,
Ғайбат сөйлеу – ғаріптердің келтегі.
Кектің дағын кешіріммен өшіру –
Айналайын,
Бізден қалған Ертегі!
Тірлігіңде қиялда да, арманда,
Таусылмайсың көп беріп, аз алғанға!
Көрге ғашық көзсіздікке су себер –
Үміт деген Феникс бар жалғанда!…
Жүрегің – Тақ,
Өзің Ие бол Таққа,
Сеніміңе Күдік болып қол қатпа!
Аспан алыс көрінбейді,
Кеудеңде
Ақиқатқа бастап барар жол жатса.
Бұ жалғанды Жанды менен Жансызға,
Мен бөлмедім,
Ол күнəға барғызба!
...Буралардың бақ таярда басынан,
Бұйдаларын қимас Біздей Жалғызға!…
* * *
Жан нұрымның қоймалары босады,
Отсыз қалды өлеңімнің ошағы!
Есім ауып айқай салсам, Біреулер,
Əн салды ма деп құлағын тосады!…
Бір теуіп ем – жердің шаңы бұрқ етті,
Үнсіз кешкен күндеріме жыр кекті…
Жұлқынып ем,
Өкінішім өрекпіп,
Омырауымнан үзіп алды ілгекті!
Тобығымнан келмейтіндер, апырмай,
Мінезімнің ащы айранын сапырды-ай!
Көк түтіннен көзім шығып жүргенде,
Шақпағымның қойғанын-ай табылмай!…
Соңы емеспін дүниеге келгеннің,
Жатыр сөзім шұқырында желкемнің.
Қара жер де бір тоғайып қалады,
Ырза қылып біздей ақын өлген күн!
Аз күнімді өзіме өзім көп көріп,
Жүрем ылғи жел сөзбенен шектеліп.
Пəни дүние бөлегенде бесікке,
Кім кетті екен сүйіншіме ДЕРТ беріп???
2002 жыл
ЖАЛҒЫЗ АЙ
Ширықтырған шаттығыммен –
Қайғыммен,
Аласұрып көкке қолды жайдым мен.
Сонда –
Тұман арасынан серледім,
Қылаңдаған қансыз жүзін Айдың мен…
Ол тірі еді,
Мен де, рас, тірі едім,
Түннен қашып құз басында тұр едім.
Көңілімде көл шайқалды,
Көргенде
Жалғыз Айдың жан жылатқан реңін.
Мезгілсіз кеп мұңымды айтып бұ маңға,
Кеудемде орын бермеп ем ғой күмəнға!
Аймен бірге
Аялаған арманым,
Қалай сіңіп бара жатыр тұманға?!.
Дүрсіліне құлақ аспай жүректің,
Тұрғанын -ай жанымды езіп Түнек- Мұң!
Тұтқын қылып мына тұман мəңгіге,
Іште өле ме буырқанған бір екпін?!.
Ай – шарасыз,
Ақын -жүрек шарасыз,
Жыр – шарасыз,
Шабыт- тілек шарасыз…
Көзің салмай қасіреттің кейпіне,
Қамсыз Дүние, қайда кетіп барасыз???
...Сыймайтұғын сырына ешбір ұғымның,
Мен тоналдым – қалмай бірі түгімнің.
Бақсыз басым тартпақ па енді зардабын,
Жүз ғасырда орны толмас шығынның?!.
Таразыда –
Мың қасірет, Бір арман
Тартысқанда кім шығады құмардан?
Сергелдеңнің сыры қалай сезбессің,
Жанарыңды жаулап алған Мұнардан?..
…Зарықтырған Жалғыз Айдың сəулесі,
Айтсаңшы, ей, Армандының əуресі, –
Көкке қарап телміргеннің бəрінің
Тірі ме екен көкірегінде тəубесі???
1997 ж.
... КЕЛГЕНДЕ
Бек Сенімнің бурасы еді мінгенім,
Жетпей күні күйретті екен кім белін?
…Мəңгі елеске барады енді айналып,
Блок болып бəйіт жазған түндерім.
Ділсіз пенде демесін деп «мін тағам»,
Жанарыма Жан Сырымды қымтағам:
Жеті Қат Көк жарқылынан жасырып,
Жеті Қат Жер тылсымынан тыңдаған.
Жаумай бірақ тынар ма Қар – жауасы,
Қайда көшкен Дерт сорлының дауасы?
Тау басына жетіп едім теңселіп,
Қалпында тұр – тазармаған ауасы…
Таң қақпасын ашқан шақта күн керіп,
Бір сұмдықты қалды ау деймін Шың көріп!
…Бара жатты
Мың жыл бойы су сүйген –
Жігерімнің жақпар тасы құм болып…
24.07.2009 ж.
ӨЛЕҢ ІЗДЕУ НЕМЕСЕ
ӨҢ МЕН ТҮСТІҢ АРАСЫ
…Əрең тапқан Ардағымды баға алмай,
Жанарына Үміт Шырақ жаға алмай;
Жер бетінен Жынсыз Мекен таба алмай,
Бəйітстан қақпасынан қағам жəй.
Төбелердің жаныма жат дауылын,
Тастай қашып,
Іздеген ем Тау Үнін.
БƏЙІТСТАН деп жеткенім қашан -ақ,
БЕЙІТСТАН боп кетіпті, бауырым!..
БƏЙІТ пенен БЕЙІТ қалай теңеспек,
Жаралғанда ЖАНДЫ, ЖАНСЫЗ емес пе ек?
…Қаптаған кіл қаңқалардың ішінде,
Төлегендер бұлдырайды елес боп.
Оятпақ боп ұйықтап кеткен Діл Көшін,
Жұлқылаудан шығып кетті мүлде есім.
Ақыр соңы… тілдеспекке шақырдым,
Дидар ғайып қыршындардың Сүлдесін!..
(Шынында мен Елестерді ес көріп,
«Ұғыс» деген ішкі үніме дес беріп;
Шақпақ едім жан қажаған мұңымды,
Ал Олар тұр… сол мұңымнан сескеніп.)
«Үрейленсе Үкі болмыс Ақын Бақ,
Ібілістің алғаны ма тақымдап?!»
Кенет осы ойымды оқып қойғандай,
Маған бірі келді асығыс жақындап.
Таныды ма маңдай сорын – бес елі,
Ақ жейдесін алдыма əкеп төседі.
Төседі де
Қойды үстіне, ішінде
Ұрттам су… бар шеті сынған кесені.
(Құлағанда сұр аспаннан баяу қар,
Жоғала ма жердегі бар бояулар?
Əлгі елестің көздерінде неліктен,
Маған деген шексіз, шетсіз аяу бар?..)
«Қарашы өзің қан бар ма екен сұрқымда,
Жайымды ұққың келсе менен жыр тыңда!»
Деуге оқталсам…
Отыр екем…
Баяғы –
Бейітстан қақпасының сыртында…
…Жүрегімді бір Жанартау У қысып,
Жанарымды таңда туған жуды Шық.
Жетім көңіл шөлін басты,
Амалсыз,
Елестерден қалған Ұрттам Суды ішіп.
ОРАЛУ
Өлең – Менен,
Мен – Өлеңнен алыстап,
Біраз болды кеткелі.
Өйткені –
Тағдырына Ол да, Мен де өкпелі…
Неліктен?
Бұл бір сұрақ ауыр тіпті өліктен.
Соны ойласам сырқырайды сүйегім,
Қарғыс айтып күндеріме – желіккен.
Уақыт тұрса «Өмір – əлі алда…» деп,
Шабыт тұрған «Серме қанат, талма!» деп.
Қалай ғана көштен қалдым көз жазып,
Бастап ем ғой, «Я, бере көр, Алла!» деп.
Қалай ғана өзімді өзім таптадым,
Көрмей күннің үнсіз бара жатқанын?!
...Жанұшырам,
Жүрегімнің жадынан,
Өшіре алмай сайқал тағдыр дақтарын.
Арма! – деуге Ақиқатқа бата алмай,
Тұншыққам мен тас төсекте жата алмай.
Түн қойнында дөңбекшігем,
«Кіммін?» деп,
Көлеңкесі ғайып болған адамдай...
Ардың қаны жүріп тұрса денемнен,
Қалай ғана бұл қорлыққа көнем мен?
Қалай ғана серлемегем сорымды,
Мен ажырап баратқанда Өлеңнен?
Айтпасам да Ардың сөзін кесімді,
Жырсыз бетке бұрғам талай көшімді.
Енді міне,
Есем кеткен шақтарым,
Жары ортада жинатып тұр есімді.
Қош бол! – дейін күндерге енді жалыққан,
Қалсын қайғы ізден қалмай жаныққан.
Сан аңсатып,
Атты міне, ақыры,
Сатқындықты сүймейтұғын Жарық таң!
Өксі, Өлең,
Көңіл кірін жасырма,
Бір шер тарқат аяу білмес Ғасырда!
Жырдың жаны, Ардың қаны болып жет,
Көр кеудесін түн жайлаған басырға!
* * *
Жалғыздықтың атауында сенделдім,
Қайда барсам – қарсы алдымнан көрем мұң.
Тұстастарым ту тіккенде
Мен болдым –
Робинзон Крузосы өлеңнің!
Бəйгі алаңын таппай Тұлпар-Шабытым,
Ермегі боп күн кешуде азаптың.
АХМЕТ –
Бұл, шыңға бұрып бағытын
Шамырқанған шерлі ақыны Қазақтың!
Армандары –
Елсіздегі балбалдай
Болашаққа үнсіз көзін тігеді.
Жүрегінде жалғыз тамшы қан қалмай,
Кекті сөзі қараспанды тіледі.
Беріктігі – Пирамида тасындай,
Темір емес қалатұғын тот босып.
Рухы Оның –
Жүреді əлі жасындай
Қалғып кеткен қара өлеңге шоқ тасып!
МАЗМҰНЫ Бірінші бөлім АЯУЛЫ, АРДАЙ АСЫЛЫМ Өрлік толғауы. 1986 жылғы Желтоқсан қаһармандарына ...............4 Қазақ мерейі ........................................................................................8 Абай-Мұхтар биігі ..............................................................................9 Махамбетке немесе өлмейтін даңқ өлеңі ........................................13 Жанқожа батыр дастаны ..................................................................15 Көтібарды ояту ..................................................................................21 Бекежанның көз жасы .......................................................................23 Бекеттен қалған бес өлең ..................................................................27 Барақтың аты өшпейді ......................................................................29 Домбыраның санасы .........................................................................31 Отырарды еске алу немесе шынның жүзі .......................................36 Ана тілді қорғау ................................................................................38 Біздің сыр ...........................................................................................40 Мұстафа Өзтүрік қазасын естігенде ................................................42 Жыр-аруақ .........................................................................................44 Ақынға хат .........................................................................................46 Ақындықтың бақыты – асқақ бақыт ................................................48 Мəңгі өлместе сөзің қалды ...............................................................51 Жолданбай жүрген жыр-хаттар .......................................................54 Махаббатнама ...................................................................................58 «Сырлы сарын» жыр желісінен Өлім туралы өлең ..............................................................................62 «Қабірстан» жайлы жыр ...................................................................64 Ажалға арыз ......................................................................................66 Қан қысымым көтерілген түнгі жыр ...............................................68 Құлпытастын қашу немесе эпитафияның азабы ............................70 Курстас доспен қоштасу ...................................................................72 Мен үшін бақыт деген – көне ертегі ................................................74 Жаралы киік (поэма) .........................................................................78 Сөздерім əлі төрлейді .......................................................................88 Ізмұрат Құрбанбайұлына .................................................................92
Екінші бөлім ЖҮРЕКТЕ СЫР ЖОҚ ЖАСЫРЫН «Монологтар» дəптерінен Шындық, сені ....................................................................................94 «Мұрттан күліп...» ............................................................................95 Жігерлендеру ....................................................................................96 Ақын достың мұңы ...........................................................................97 Шəкəрім .............................................................................................98 Сүрбойдақтың секемі .......................................................................99 Іздеме ...............................................................................................100 «Ғайыптан келген...» ......................................................................101 Қыс ...................................................................................................102 Құлазыған күндерім ........................................................................103 «Жалғыздығым – сырласым» жыр желісінен Апаларым ........................................................................................105 Элегия ..............................................................................................107 «Бауырын тас...» .............................................................................108 Жүрек ...............................................................................................109 «Көзімдегі жасымды...» ..................................................................110 «Еңсесін езіп...» ...............................................................................111 Мұқағали Мақатаевты туған күнінде еске алу .............................112 Төлеген Айбергенов қабірі басында үнсіз оқылған өлең ...........113 Табылға хат .....................................................................................114 Жұбату .............................................................................................115 Қаладан қайтып барамын ...............................................................117 Жалғыздық дертіне көнермін ........................................................119 Кім кетті екен сүйіншіме дерт беріп .............................................122 Жалғыз ай ........................................................................................126 ...келгенде ........................................................................................128 Өлең іздеу немесе өң мен түстің арасы .........................................129 Оралу ...............................................................................................131 Жалғыздықтың атауында сенделдім .............................................133
Кітапты шығаруға жауапты –
«Қазығұрт» баспасының директоры
Темірғали КӨПБАЕВ
Ахмет ӨМІРЗАҚОВ
Өлеңдер мен поэма
Редакторы Əділхан КҮЛІМБЕТОВ
Суретшісі Нұран АЙЫМБЕТ
Техникалық редакторы Дарико ОМАРҒАЛИЕВА
Беттеген Ниязбай ОРАЗЫМБЕТОВ
ИБ № 421
Басуға 28.07.2014 ж. қол қойылды.
Қалыбы 84×1081/32. Офсеттік басылым.
Қаріп түрі Tіmes New Roman.
Шартты баспа табағы 7,0.
Таралымы: мемлекеттік тапсырыс бойынша 2000 дана +
баспаның тапсырысы бойынша 200 дана. Тапсырыс №
«Қазығұрт» баспасының компьютер орталығында теріліп, беттелді.
«Қазығұрт» баспасы, 050009, Алматы қаласы,
Абай даңғылы 143, 405-офис.
Телефон (факс): 8(727) 394-42-86
e-maіl: kazygurt@lіst.ru
ЖШС РПБК «Дəуір», 050009, Алматы қаласы,
Гагарин даңғылы, 93. Тел.: 8(727) 394-39-22, 394-39-34, 394-39-42
e-maіl: rpіk-dauіr81@maіl.ru, rpіk-dauіr2@maіl.ru
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру