Ақылбай шығармалары туралы
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Ақылбайдың шығармалық еңбектеріне көшуден бұрын, оның өмірі туралы қысқаша деректер айта кетейік. Ақылбай — Абайдың өзінің баласы. Абайдың алғашқы әйелі — Ділдәдан, әкесінің он алты жасында туған. Алғашқы балалық шағын және жігіттікке жеткен кезін Ақылбай өз әкесінің үйіңде өткізбейді. Үлкен әкесі — Құнанбайдың кенже баласы атанып, оның төртінші әйелі, ең соңғы тоқалы — Нұрғанымның қолында өседі. Осындай тәрбиелік жағдайының есебінен Ақылбай Абайға көбінше іні есебінде қарап өскен. Абайдың анық ұлғайып, үлкен білім иесі, атақты ақын болған кезінде ғана Ақылбай оның өз тәрбиесіне ауысады. Бірақ жас кезі, жігіттік шағы Абайдай әкеден аулақта өткендіктен, Ақылбай орысша оқи алмай қалған. Оның оқу-білімі ауылда оқыған мұсылманша, ескіше оқудың орташа дәрежесі болады. Бертінде Абайдың ақындығын танып, оның мәжілісі, өсиеті көп әсер еткен соң Ақылбай өз бойындағы ақындық күшін жарыққа шығара бастайды. Әуелгі кездерде қысқа өлеңдермен ез өнерін байқатып жүріп, кейін бірнеше үлкен поэма жазады. Ақылбай Абайдың ортасына араласқан соң, ән-күй, музыка өнеріне көп ден қояды. Ол ірі домбырашы және скрипкашы болған. Соның үстіне композиторлық талантын танытқандай, әдемі бір ән шығарғаны да бар. Әнді Әлмағамбет деген жас әншінің сұрауы бойынша шығарады. Әлмағамбет Ақылбайдың ерекше талантты адам екенін танытарлық белгі болғандықтан, біз сол әннің өлеңін келтірейік:
Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,
Матай алыс, бірталай жер деген соң.
Он минутта ойыма осы ән түсті,
Қапаш-құпаш қолымды сермеген соң.
Ішік кидім бұлғыннан құндыз жаға,
Жас дәуренді өткіздім бермей баға.
"Ақылжан" деп талай қыз тұрушы еді,
Сұмдық шықты дейтұғын "Ақыл аға", —
деген.
Бұл мысалы Ақылбайдың әнші ақын болғандай өнерін көрсетсе, біз оның поэмалар шығарарлық өнері болғандығын да айттық. Ақылбайдың жазып шығарған үш поэмасы болған. Алғашқысы — "Жаррах" деген поэма, бұның тақырыбын шығыс әңгімесі — "Жеті үй" дейтін ұзақ ертегіден алған.
Екінші поэмасы — "Дағыстан".
Үшіншісі — Африкадағы зұлыстар тірлігінен алынған үлкен поэма "Зұлыс" еді. Бірақ "Жаррах" поэмасы мүлде жоғалып кеткен. "Зұлыстың" бас жағы ғана сақталып қалып, барлық поэма және де жалғыз сақталған қолжазба өртенумен жоғалып кетті. Біздің қолымызда енді қалған Ақылбайдың жалғыз поэмасы — белгілі "Дағыстан". Поэмаларын Ақылбай өз өмірінің соңғы кездерінде шығарған. Ақындық талантын ірі үлгілермен кесек еңбек тудырып, таныта бастаған Ақылбай өзінің ақындық өнерінің жаңа өрлеп келе жатқан кезінде қайтыс болады. Ол 1904 жылы, әкесі Абай қаза болғаннан кейін, соның қырқын Семей қаласына жұрт жиып беріп болған түні, әкесінен соң қырық күн ғана өмір сүріп, өзі де қайтыс болады.
Енді біз Ақылбайдың "Дағыстан" атты поэмасын тексеріп өтейік. Бұл поэма Кавказдағы Дағыстанда болған бір тартыс әрекеттерді баян етеді. Ақылбай осы шығармада өзі қазақ ақыны бола тұрып, тақырыпты қазақ тіршілігінен ұзап барып, өзге ел тұрмысынан алып жазады. Абайдың антик дәуірінен "Ескендір" тақырыбын, араб ескілігінен "Масғұт" тақырыбын алып, ұлттық шеңберден кеңірек өріс іздеген дәстүрін танытады. Ақылбай өз поэмасының басында Кавказ тауын баян етеді. Лермонтовтан Абай жасаған аудармада "Арыстанның жалындай бұйра толқын бар" Терек аталған еді.
Қазақтың Каф дегені Кавказ серек,
Құдайым сұлу биік еткен ерек.
Ақырын айдаһардай, жүз толғанып,
Тасты ағызып, тау жарған долы Терек, —
деп бастайды.
Солайша, өз поэмасының оқиғасы жүретін географиялық ортаны атап алған соң, дәл Дағыстанның елін мінездеп жырлайды. Олар қатал ерлігі бар, ашушаң, суық мінезді жұрт болып сипатталады. Ызада кекшіл, қатал, қанжар жұмсағыш мінездерімен Дағыстан елінің қазақтан басқаша екені айтылады.
...Сөйлейін сол таудағы Дағыстаннан,
Жауыменен жалығу жоқ шабысқаннан.
Күні бүгін іркіліп көрген емес,
Бір сөзге қанжар алып қағысқаннан...
Содан кейін ақын Кавказдың таң атып келе жатқан көрінісін суреттейді. Оянған табиғаттың алғашқы үнші- жаршысы құмыр бұлбұл сайрап, скрипканың квинтасындай жіңішке нәзік күй толғантқанын сипаттайды. Динамикалық суретпен өндімелі күйде баян етілген көрініс ішінде атыраптың әр алуан суретін атайды. Сол қатарда Дағыстанның жарымы ойран болған таулық қалалары ақынның көзіне түседі. Осы арада Ақылбай өз шығармасында алып отырған әдебиеттік үлгісін тамаша қымбат бағалы жолдармен таныта кетеді.
...Сөкпе қалса сөзімнің шалалары,
Кітапта жазған орыс даналары.
Бұрын неше соғыста ойран болған,
Көрінді Дағыстанның қалалары, —
дейді.
Бұл жолдар Ақылбайдың әдебиетте қадірлеген ұстаздары кім екенін аңғартады. Ақылбай да, Абайдың өзінше, орыс жазушыларын ерекше қадірлеп сүйеді. Заманындағы оқушыларға орыстан дәстүр, үлгі алып отырғанын әдейі батыл әңгімелейді. Оларды және тек адамдар демей, "даналары" деп, өзгеше қадір тұтынғанын жариялай келеді. Ақылбайдың суретшілігінде өзгеше бір өндімелі кендік пен үйлескен, анық дәлдік бар. Әуелі таңды, одан тауды, содан ары қалаларды оқушы кезіне біртіндеп көрсетіп кеп, ақыры бір қаланың ішінде, бір "хананың" есік алдына көз тоқтатады. Оқиға да осы арадан туып, дамып кете барады. Сюжет құрылысында Ақылбайдың бұл поэмасы орыс классик поэзиясындағы қызықты оқиға туғызу түрін шебер түрде жалғастырған. Поэманың басында қайғылы Жүсіп қарт көрінеді. Оның жүзінде жас:
...Жуан, қалың білектей бұрыл Мұртқа,
Домалап улы жасы барып жеткен...
Қарттың жүзі жасқа, жүрегі қазалы өкінішке толған. Болашақ геройының осы халін сәл баяндап, ақын әңгімені бұл арадан үзеді де, енді осы қарт Жүсіптің дәл жаңағы қайғыға неден түскенін баяндауға ауысады. Содан ары поэманың барлық оқиға тартыстары дағдылы жолмен өрбиді де, ең ақырында барып, кезегімен дамып келген оқиға жаңағы поэманың басында қайғылы жаспен отырған Жүсіптің өзіне оралып кеп аяқтайды. "Дағыстан" поэмасы адам образын көрсетуде, қызық оқиғалы тартыс түйіндерін туғызуда өте шебер қалыптанған. Бұнда Жүсіптің жас жігіт кезінен басталатын бір тартыс бар. Оның есебі қызғаныш болатын. Жүсіп қызғаныштың үстінде жазықсыз жақсы жігіт, ер, мерген Ыбырайымды қапыда өлтірген. Ыбырайымның шешесі де баласының қазасынан қиналумен өледі. Бірақ Жүсіпті қарғап өледі. Содан кейін ұзақ мезгіл өтеді. Жүсіп үйленіп, одан бес ұл туады. Және сол бес ұлдың ортасындағы жалғыз гүлі — Зайра сұлу өседі. Осылайша, Жүсіп тірлігі толықсып, бағына жеткен шағында баяғы өлген кемпірдің қарғысы енді келе бастайды. Содан поэманың ішінде қызық әңгімеленген тартыстар арқылы Жүсіптің бес ұлы қаза болады. Ең соңында Жүсіптің қан кегін қуған қызғанышы арқылы қызы Зайра және өлімші боп жатады. Сол ең соңғы қалған жалғыз нәсілінің өлім шағында, Жүсіп кешірім сұраған. Бірақ махаббаты үшін шерленіп, өлім халіне жеткен Зайра әкесіне кешпей жатыр. Поэманың басында қайғылы Жүсіптің өкінішпен жылап отырған себебі осы еді. Бұл шығарма — анық өмірлік романтика үлгісінде жазылған. Бұрын қазақ поэзиясында үлгісі болмаған, өзгеше шығарма. Романтика тартыс оқиғаларға араласқан адамдардың мінездерінен, іс-әрекеттерінен айқын көрінеді. Ол стильдің ерекшелігі — адамдағы белгілі бір сезімді, мысалы, қызғаныш, кек, махаббат сияқты күйлерді алады да, соларды аса зорайтып жырлайды. Байронның шығыстық поэмаларында, Пушкин мен Лермонтовтың оңтүстік елдерінің аңыздары мен тарихтарынан тақырып алған поэмаларында жиі ұшырайтын қызық оқиғалы тартыс сол жаңағыдай жеке бір-бір ғана сезімге түгел құлап, беріліп кеткен геройларды көрсетеді. Ақылбай поэмасында қызғаныш пен кекке бар жаратылысын бағындырған мінез-әрекетін тек сол сезімдер арқылы ғана көрсеткен Жүсіп бар. Махаббатқа бар өмір тілегін табындырған, бағыштаған Зайра мен Жәбірейіл бар. Сюжеттік құрылыс пен суреттік идеяларының өзгешеліктері "Дағыстан" поэмасында анық мәдениетті романтикалық поэмалардың қалпынан аумай, бар талабына сай шыққан. Бірақ, осымен қатар ақынның санасында шығыстық немесе жалпы дінге нанған адамдардың бәрінде болатын бұлдырға нанғыштық, суевериеге бой ұрғандық айқын көрінеді. Поэманың құрылыс заңы бойынша, әрбір, жоғарыда аталған, сезімдерді кейде шындыққа сай келген-келмегеніне қарамай, әсірелеп, өсіріп, романтизмге түгел беріліп отырған ақын осы қатарда жаңағы бұлдыр нанымға да барынша көп орын береді. Ол наным бойынша, қарғыс адамды құтқармайды, анық орынды қарғыс қылмысты адамды бір таппай қоймайды, тағдыры оны тосады деген ұғымды берген. Сөйтіп, нанымның идеясында адамдағы қызғаныш, кекшілдік, әділетсіз сотқарлық сияқты бұзық мінездерді сынаумен қатар және айыпсыз таза сұлу махаббатты барынша қостаумен қатар, жаңағыдай қарғыс деген наным жүреді. Жаңа үлгілі поэмасын Ақылбай өз заманының діндік суевериелік ұғым, нанымдарымен әсірелеп алған. Жалпы стиль мен түр өзгешеліктеріне қарағанда, бұл поэма турасында айтыла кететін бір ерекшелік, жоғарыда айтылған, романтикалық мазмұнына өте қонымды, қабысып жатқан теңеулер, сөздіктер, ақындық сипаттаулар бар. Ол жағынан да реальдық Кавказды алып, сондағы нақтылы елдің арнаулы жер мекенін, адам бейнелерін алып отырса да, теңеулер, сипаттаулар ішінде көтере көріктеу, асыра сипаттау мысалдары көп кездеседі. Осымен "Дағыстан" поэмасы ұлы ақын Абайдың өзі жазбаған үлгідегі шығарма болады. Басталу негізінде, үлгі алуда, орыс классик әдебиетіне Абайдың барғанындай, Ақылбай да барады. Бірақ Абай орыстың анық классиктік қасиет пен сананы танытқан реалистік әдебиеттің ұлы дәстүрін өзіне үлгі етіп алса, бұның жолын қуған және де ізденгіш жас ақын орыстың романтикалық стиліне көбірек еліктеген болады.
Ақылбайдың үшінші поэмасы — "Зұлыс" еді.
Ол поэма түгел сақталмай, жоғалып кетті дедік. Бірақ алғашқы кіріспе бөлімі Ақылбайдың талантына сай көркемдіктерді танытып, біраз адамдардың жадында сақталып қалған екен. Солардың ауызша айтуынан жаңағы кіріспе бөлімі 1921-1922 жылдарда қайтадан хатқа түсіріліп, 1924 жылы "Сана" журналының екінші санында жарияланды. Жоғалып кеткен поэманың ол жарияланғаны тек кіріспе жағы болған соң, бар поэманың тым құрыса сюжеті де білінбей, мәлімсіз кетіп барады. Мен поэманы түгел оқымасам да, жас шәкірт шағымда "Зұлыстың" әңгімесін естіген едім. Ақылбай шығармасына арналған осы жолғы алғашқы бір еңбекте сол "Зұлыстың" оқиғасын қысқаша айтып өтуім қажет деп білемін. "Зұлыс" әңгімесі Генри дейтін адамның әңгімесінен басталады. Ол өзінің жалғыз інісімен өкпелескен де, сол өкпе арқылы інісінен айрылған адам. Еміс хабар бойынша, інісі Зұлыстарға өтіп кетіпті деген сыбыс есітіпті. Енді сол інісін іздеп табу үшін Зұлыс тауын асып, ақжұрттың адамдары бұрын бармаған зәңгілердің арасына сапар шекпекші. Қасына жолдас етіп, Зұлыс тауында мергендікпен өмір кешкен Гвартерман дейтін атақты аңшыны жалдап алады. Гут деген бір жолдасы тағы болады. Бұлар жүргелі тұрғанда, "Зұлыс еліне мен де барушы ем", — деп, бір жас зәңгі, батыр денелі Омпапа деген жігіт келеді. Ол жігіт бұрын бала күнінде зәңгілерден зорлықпен ақ жұрттың адамдары кепілге алып кеткен жан болады. Қазір ақжұрт ішінде өсіп, ержетіп болған соң, өзінің елі-жұртын, атамекенін таппақшы. Үшеуі жолдас боп жүруге беттеген соң, қастарына таулық қыстақтан бір пысық, өжет баланы ертіп алады. Бірақ жолшыбай төртеуі пілдердің ойнағына кездеседі. Бір үлкен пілмен төртеуі амалсыз алысады. Сонда жаңағы бала қатты ерлік көрсетіп жүріп, пілдің тұмсығына ілініп қалады да, қаза табады. Қалған үшеуі қалың бейнетпен ұзақжол кешіп, Зұлыстың адам баласы баспаған, қарлы биік асқарынан асады. Зұлыстың сол қарлы, мәңгілі бір асқарын Ақылбай былай сипаттайды:
...Зор Зұлыс, зодыр Зұлыс түсі суық,
Басына жан бармаған оның жуық.
Күн ашықта көрінер жалтыр тасы,
Ақ боран көкала бас басын жуып...
Осындай ерекше көркем күшті сурет береді.
Ақыры, бірталай мезгіл өткен соң, жолаушылар Зұлыстың жабайы еліне жетеді. Ол ел дәрімен атылатын мылтық дегенді көрмеген болады. Бірақ ақжұрттың адамдарын жат көріп, жаулық ойлайды. Бұларды өлтірмек ниетке де бекінеді. Сонда Гут "мен қарғаймын, қарғағаным өледі", — дейді. Бір топ зәңгінің біреуін атып өлтіреді. Өздерін жер адамы емес, айдан түскен етіп танытады. Зәңгілер бұлардың сиқыр күші бар деп сескене бастайды. Бірақ зәңгінің әміршісі жауыз Твала әкім екен. Ол — халқын қан қақсатып, қысып тұрған адам. Омпапа біртіндеп сөйлесіп, өз халқының кейбір адамдарымен ұғыса бастайды. Бұның өзін білетін қарттар табылады. Анығында, Омпапа осы зұлыстың бұрынғы жақсы әкімінің баласы екен. Қазіргі әкім Твала сол Омпапаның әкесін өлтіріп, орнын тартып алған, тұқымын құртып жіберген дұспаны екен. Осы Тваланың ақылшысы, аяр кемпір Гаула деген бар. Жолаушылардың сырын, жайын Твала мен Гаула естігенде, бұларға қарсы қатты жауығады. Бар зәңгілерді жиып алып, солардың көзінше Генрилерді сынамақ, әшкерелемек болады. Мезгіл кеш. Қалың ел жолаушыларды қоршап тұрғанда, зәңгінің әкімі "әулиелікті көрсетіндер" деп, бұларға шарт қояды. Сонда Гут "әулиелігім сол, қазір аспандағы айды ұрлаймын", — дейді. Календарь бойынша, сол кеш айдың тұтылатын кезі екен. Гуттің айтқанындай, біразда ай тұтылып, барлық зәңгі сәжде ғып, мыналарға табына бастайды. Бірақ Гаула кемпір жұртты қайта толқытады. "Ай тұтылу әр кезде болатын. Ол адам ұрлайтын зат емес", — деп, бұларға қайта сын қояды. Әкімі менен Гаула: "Шын қасиеттерің болса, анау тұрған өгізді қарғап өлтір", — деп, бір үлкен өгізді нұсқайды. Гут өгізді атып өлтіреді. Осыдан кейін зәңгілердің көпшілігі бұларға мүлде табынады. Омпапа сол халмен пайдаланып, жауыз әкімді өлтіреді де, өзінің кім екенін жариялайды.
Сөйтіп, Омпапа әкім болады.
Гауланы дұспан санап, өлтірмекші болғанда, Генри одан інісінің жөнін сұрайды. Қарт зәңгілер мен Гаула бұрын бір адамның келіп, бір үңгірдегі тылсыммен бекітілген қазы-наны іздеп кеткенін айтады. Басқа дерек білмейді. Сонда Генри мен Гвартерман Гауланы ертіп, сол тылсым бұған қазыналы үңгірге сапар шегеді. Онда барғанда, Гаула бұларды бір тесіктен үлкен үңгірге түсіріп жіберіп, өзі тас қамауды таре жауып, қашып кетеді. Генрилер үңгір ішінде көп бейнет көріп жүріп, зорға дегенде бір жол тауып шығады. Үңгір ішінде бастарына күн туған шақта бұлар асыл тастар қазынасына кездесіп, бірер кесектерін ғана алған болады. Олары таза гауһар екен дейді. Інісін таба алмай, қайта оралып, Омпапаға Генрилер жеткен соң, бұлар еліне қайтуды мақсат етеді. Омпапа "ақ жұрт зорлықшыл, біздің елімізге қастан ойы көп, жол таба алмағандықтан ғана мұнда жете алмай жүр. Сендерді жолдастық қарызым үшін жерлеріңе жеткізіп саламын. Бірақ басшы берем, олар көздеріңді таңып ертеді де, асудан асырады", — дейді. Сөйтіп, айтқандай, Генри мен Гвартерманды Зұлыстан асырып, етекке түсіріп қоя береді. "Зұлыс" поэмасының оқиғасы осымен бітеді. Тақырып, сюжет жақтарынан қарағанда, бұндағы әңгіме XІX ғасырда, Батыс Европа әдебиетінде көп үлгілер туғызған жиһанкездік және отарлық тақырыптың романдарына (колониальный роман) ұқсайды. Соларда кездесетін жабайы елдер болмысына байланысты шындықтар бұл поэмада да айқын танылады. Және сол шығармаларға тиісті болған фантастикалық, жарым ертегілік элементтер де "Зұлыстың" ішінде араласып отырады. Ақылбай ол мотивтерді қызық детектив сюжет құру үшін шебер пайдаланады. Негізгі әңгімелік желісіне қарағанда, бұл поэманың ең жақындасатын романы Хаттарттың "Копи царя Соломона" деген шығармасы. Ол ағылшынның отаршыл санадағы жазушысы болатын. Бірақ Ақылбай сол тақырыпты көп өзгертіп, өзінше жаңғыртып алған болу керек. Бұның айқын белгісі ақ жұрттан да әлдеқайда қасиетті және адамшылығы зор етіп сипатталған Омпападан көрінеді. Ақылбай шығармасындағы ең артық образ — сол Омпапа образы. Ол Европа отаршыларына ашық, програмдық қарсылық көрсетуші, өз отанының басшы қайраткері боп кейіптеледі. Мұнымен Ақылбай Хаттарттың отаршылдық санадағы романын материал жағынан ғана пайдаланып, салт-саналық жағынан өзгеше жазғанын көрсетеді. "Зұлыс" — Ақылбайдың аса қою оқиғалы роман-поэма түрінде жазылған үлкен көлемді шығармасы еді. Сол ұзақтық себебінен алғаш жазылып шыққан жылында ұқыпты көшірушінің қолына кездеспеген. Жас оқушы, Ақылбай қасындағы жігіттер ақынның қолжазбасын біреуінен біреуі ауыстырып, қыдыртып жүріп, көшіріп алуға еңбек етпеген. Қарындашпен жазылған жалғыз қолжазбасын Ақылбай өзі де қайтадан көшіруге үлгірмей қалады. Бұл поэма оның өзі қайтыс болардың алдында, соңғы жылдарында ғана жазылса керек. Ол кезде інісі Мағаштың қатты науқасы, оның қаза болуы және әкесі Абайдың қайтыс болуы — барлығы қат-қабаттап, Ақылбай өз поэмасын тарата алмай кетеді. Жалғыз қолжазбаның өзі де кейін, 1918 жылы өртеніп, өкінішті түрде із-тозсыз жоқ болады.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру