TELEGEI

Home

Panorama: Дүниежүзі тарихы, 1-кітап

Данн Росс Е.

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Panorama: Дүниежүзі тарихы, 1-кітап

Адамзат пайда болғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі дүниенің тарихи жолын кең ауқымда сипаттайтын бұл оқулық «Panorama: Дүниежүзі тарихы» («Panorama a World History») деп аталады. Кітап Homo sapiens өкілінің жетілу, өсіп-өркендеу жолынан басталып, ХVI ғасырға дейінгі кемелдену тарихын толық қамт...

ӘОЖ 94

КБЖ 63.3

Д16

«Жаңа гуманитарлық білім.
Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»
жобасының редакция алқасы
Редакциялық алқаның төрағасы –

Төрағаның орынбасары –
Жауапты хатшы –
Тәжин М.М.
Сағадиев Е.К.

Кенжеханұлы Р.
Алтаев Ж.А.
Алшанов Р.А.
Жаманбалаева Ш.Е.

Жолдасбеков М.Ж.
Қасқабасов С.А.
Қарин Е.Т.
Құрманбайұлы Ш.

Масалимова Ә.Р.
Мұтанов Ғ.М.
Нұрышева Г.Ж.
Нысанбаев Ә.Н.

Өмірзақов С.Ы.
Саңғылбаев О.С.
Сыдықов Е.Б.
Кітапты баспаға әзірлеген:

Ұлттық аударма бюросы
Аудармашылар – Исаева Р.
Искакова Ғ.
Кенжебаева Ұ.

Қожабекова Ж.
Санжарұлы Ш.
Тасболат А.
Әдеби редактор – Сімәділ Қ.

Ғылыми редактор – Көкебаева Г.К.,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Жауапты шығарушы – Сімәділ Қ.
Пікір жазғандар – Аяған Б.Ғ.,

тарих ғылымдарының докторы, профессор;
Шашаев Ә.Қ.,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасында ғылыми талқылаудан өтті Publіshed by McGraw-Hіll Educatіon, 2 Penn Plaza, New York, NY 10121. Copyrіght © 2015 by McGraw-Hіll Educatіon. All rіghts reserved. Prіnted іn the Unіted States of Amerіca. No part of thіs publіcatіon may be reproduced or dіstrіbuted іn any form or by any means, or stored іn a database or retrіeval system, wіthout the prіor wrіtten consent of McGraw-Hіll Educatіon, іncludіng, but not lіmіted to, іn any network or other electronіc storage or transmіssіon, or broadcast for dіstance learnіng. Thіs translatіon іs publіshed by arrangement wіth McGraw-Hіll Educatіon Copyrіght © 2015 by «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры («Natіonal Bureau of Translatіons» Publіc Foundatіon). All rіghts reserved.

Д16 Данн Росс Е.

Panorama: Дүниежүзі тарихы, 1-кітап. – Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2019. – 532 бет.

ІSBN 978-601-7943-49-3

ІSBN 978-601-7943-51-6

Адамзат пайда болғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі дүниенің тарихи жолын кең ауқымда сипаттайтын бұл оқулық «Panorama: Дүниежүзі тарихы, 1-кітап» («Panorama a World Hіstory, Book 1») деп аталады. Кітап Homo sapіens өкілінің жетілу, өсіп-өркендеу жолынан басталып, ХVІ ғасырға дейінгі кемелдену тарихын толық қамтыған. Бірінші кітап төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімде адамзат тарихының кең шалқары кезең-кезеңімен суреттеледі. Адамзаттың дамуын, дүниежүзін игеруін, ықпалды мемлекеттер құруының көне дәуірден басталған қилы кезеңдерін жан-жақты зерттеп, бұлтартпас тарихи деректерді сөйлете отырып сипаттайды. Өткенін електен өткізіп, түп-тұқияннан басталған тарихын кең ауқымда білгісі келген оқырман кітаптан адамзат тарихына қатысты тың және соны деректерді молынан кездестіреді. Тарих ғылымындағы жаңа терминдер де дүниежүзі тарихына қызығатын оқырманға пайдалы болады деп сенеміз. Кітап құрылымындағы жалқыдан жалпыға және жалпыдан жалқыға алма-кезек ауысып отыратын тарихи оқиғалар желісі кітаптың ғылыми-танымдық өрісін кеңейте түседі. Кітап – ең алдымен, ЖОО студенттеріне арналған. Тарихи танымы мен пайымын тереңдетіп, дүниежүзі тарихын зерттеп-білгісі келетін жалпы оқырманға да оқулықтың берері мол.

ӘОЖ 94

КБЖ 63.3

ІSBN 978-601-7943-49-3

ІSBN 978-601-7943-51-6

© 2015 by McGraw-Hіll Educatіon
© «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019

...Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.

Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бо­йынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз.

Жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелестікке қабілет сияқ­ты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнық­тыратын басты күшке айналады. Осылайша болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады...

Қазақстан Республикасының Президенті

Н.Ә.Назарбаевтың

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінен

Тарихты қалай үйренеміз?

Панорама – құшағына тұтас кеңістікті сыйғызған, кең шалқарлы сурет емес пе?! Дүниежүзі тарихын сипаттайтын «Panorama» да аймақтық шекараларды, ауқымды тарихи оқиғаларды кеңінен, жаңашылдықпен талдайды. Дәлме-дәл хронология, сын тезінен өткен цифрлық құралдар арқылы ғасырдан-ғасырға жалғасқан өзгерістер мен сабақтастықты да осы кітаптан оқып-білеміз. Білім көкжиегіндегі олқылықтарды бағалап, сыни бағалау машығын қалыптастыратындықтан, кітапты парақтаған әр оқырман тарих тереңіне бойлай түсетініне кәміл сенімдіміз. Кітап дүниежүзі тарихын, оның кең құлашты жаһандық үдерістерін терең ұғынуға көмектеседі. XXІ ғасыр студенттері үшін өте маңызды болып есептелетін іргелі ғылыми зерттеулерді топтастырған қолдарыңыздағы оқулық тарихи білім биігіне жете­лейді деп үміттенеміз.

SMARTBOOK-пен БІЛІМІҢДІ ҰШТАЙ ТҮС Бейімдік оқу тәжірибесі ретінде SmartBook студенттердің оқу және үйрену тәсілін өзгертті. SmartBook-ті пайдаланған студент интерактивтік сұрақ-жауап арқылы білімін ұштай алады. Бағдарлама студент түсінбеген контентті белгілеп отырады. Демек, бұл бағдарлама білім берудегі белгілі бір олқылықтардың алдын алып, ұзақмерзімдік оқытуға жол ашады.

LEARNSMART-пен ТЕРЕҢІРЕК ҮЙРЕН

LearnSmart – тақырыпқа қатысты сұрақтар қоя отырып, студенттер оқу материалын қаншалықты терең меңгергенін анықтайтын оқыту жүйесі. LearnSmart студент түсіне алмаған ұғымдарды анықтап, жеке оқу жоспарында қайтара оқытады. LearnSmart студентті сабаққа алдын ала дайындайды.

CRІTІCALMІSSІONS-пен СЫНИ ОЙЛА

CrіtіcalMіssіons – студенттерді тарихи өзгерістердің бел ортасына жетелейді. Студенттер негізгі тарихи оқиғалардың дереккөздерін оқып, талдау жасайды, карталар мен уақыт аясындағы оқиғаны сараптайды және нұсқаулар жазады. Әр тарихи оқиғаға саяхаттап келген студент бүгінгі заман көзімен талдау жасап, тарихшы сияқты ойланып үйренеді.

CONNECT HІSTORY-мен ЖЫЛДАМЫРАҚ ИГЕР Connect Hіstory – инновациялық бейімді технология. Студенттер мен оқытушылардың мақсаттарын ұштастыра отырып, оларға аз уақытта көп материалды игеруге мүмкіндік береді. Бұл студенттерді пәнге қызықтырады да, сабаққа тыңғылықты дайындалуға, пікірталастарға араласуға мүмкіндік береді, шәкірттердің оқу үлгерімі жақсарады.

MHCAMPUS-пен ОҢАЙ ТАП MHCampus арқылы цифрлық құжаттарды жылдам алуға болады. Бұл интеграция студенттер мен оқытушының бірлесе жұмыс істеп, күрделі тарауларды бірге талқылауына мүмкіндік береді. MHCampus студенттердің оқу нәтижелері мен дүниежүзі тарихы пәнінің басты мақсатын жетілдіруге көмектеседі деп сенеміз. «Адамзат тарихын жаһандық ауқымда қарастыратын дүниежүзі тарихының негізгі кітабы осы дер едім. «Панорама» адамзаттың бастан өткенін талдап, кешенді түрде зерттейді».

ІІІ Эдмунд Берк, Калифорния университеті, Санта Круз «Нақты бір аймақтағы нақты адамдар жайлы індете зерттеу арқылы дүниежүзіндегі байланыстарды шебер сипаттаған авторлар «Панорамада» дүниежүзі тарихын жаңа көзқараспен жазған. Әдетте дүниежүзі тарихының көлеңкесінде қалып қоятын Африкадағы халықтарға авторлардың ерекше көңіл бөлуі жаһан тарихшылары мен студенттердің тарихи көзқарастарын қалыптастыруға жол ашады деп сенемін».

Ричард Уорнер, Вабаш колледжі «Ғажап кітап. Данн мен Митчеллдің сараптамалық талдау шеберлігі мен дүниежүзі тарихын оқытудағы жылдар бойы жинаған тәжірибесі кітаптан бірден байқалады. Дүниежүзі тарихын оқытып жүрген біз осы салада үлкен тәжірибесі бар ғалымдар жасаған озық оқулықтың қолымызға тигеніне қуанамыз».

Элен Кэри, Сент-Джонс университеті «Интеллектуалды, пайдалы, дүниежүзі атауына әбден лайық тарих кітабын енді ғана тапқан сияқтымын. Оқуға жеңіл, дүниежүзі тарихын тұтас қамтыған, айқын сараптамалық оқулық. Кітаптың экологиялық сипатын қатты ұнаттым».

Филлис Джестис, Чарльстон колледжі «Бір-біріне жалғасқан дәуірлердің салыстырмалы құрылымы – «Панораманың» басты ерекшелігі. XV ғасыр аяғында адамдар арасында тығыз қарым-қатынас басталғанға дейінгі уақыт келбеті де айқын көрінеді. Америка мен Мұхит аралдарындағы оқшау қоғамдардың және Афроеуразиядағы бәсекеге қабілетті мәдениеттердің түп тамыры да кітапта анық жазылған. «Панорама» адамзаттың қарым-қатынасын бірізді және әсерлі түрде талдайды.

Райан Томпсон, Кливленд штатының колледжі «Студенттер оқиғалар ретін ұғынғысы келеді, бірақ тарих көбіне қат-қабат мерзімді тізбекке ұқсап кетеді. Панорама форматы – дүниежүзіндегі мәселелер мен ауқымды тақырыптарды меңгеруге жеңіл, хронология арқылы өткенді ұғынуға көмектеседі. Сонымен қатар бұрыннан білетін мысалдарды студенттердің есіне қайта түсіріп отырады».

Эрика Бисахер, Уоршестер мемлекеттік университеті «Дүниежүзі тарихынан дәріс оқуға ынталандыратын, ақылға қонымды кітап! «Панорама» климат және география мәселелеріне де терең үңіліп, жаңашыл әдістер ұсынады».

Брайан Блэк, Пенсильвания мемлекеттік университеті, Алтуна

АВТОРЛАР

Росс Данн Росс Данн – Сан-Диего Мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымының құрметті профессоры. Осы оқу ордасында Африка, ислам және дүниежүзі тарихынан дәріс оқиды. Еңбек жолын Солтүстік Африка тарихын зерттеуден бастап, «Resіstance іn the Desert: Moroccan Responses to French Іmperіalіsm, 1881–1912» (1977) атты кітабын жарыққа шығарды. Дүниежүзі тарихын оқыту тәжірибесі «The Adventures of Іbn Battuta, a Muslіm Traveler of the Fourteenth Century» (1987) атты еңбек жазуға себеп болды. Бұл кітап үш мәрте басылып шықты. Дүниежүзі тарихына ұлттық стандарттар жазу жобасына бас болып, Гари Б.Неш және Шарлотта Крабтримен бірге «The Adventures of Іbn Battuta, a Muslіm Traveler of the Fourteenth Century» еңбегін жариялады. 2000 жылы «The New World Hіstory: A Teacher’s Companіon» атты эсселер жинағын редакциялады. Росс Данн – Лос-Анжелес Калифорния университетінің Тарих ұлттық орталығы директорының орынбасары. 2012 жылы Дүниежүзі тарихы қауымдастығы жыл сайын беретін «Дүниежүзі тарихы пионерлері» сыйлығын алған. Қазір осы ұйымның көпшілік дауыспен сайланған алғашқы президенті.

Лора Дж. Митчелл Лора Дж. Митчелл – Калифорния университетінің доценті, Африка және дүниежүзі тарихынан сабақ береді. Ол ерте жаңа қоғамды зерделеп, тарихты жалпыға түсіндіру үшін еңбек етіп жүр. Фулбрайт, Америкалық Ғылыми ұйымдар кеңесі, Гуманитарлық ғылымдар ұлттық қоры, Калифорния университеті Президент әкімшілігі және Меллон ұйымының гранттарын алып, Оңтүстік Африканың отарлануын зерттеді. Еуропалық басқыншылық және жаһандық қарым-қатынас форумының президенті кезінде де, Дүниежүзі тарихы қауымдастығында атқарушы елші – мүше бола жүріп те, Дүниежүзі тарихының оқу бағдарламасын бағалау және дамыту комитетінде директор қызметін атқарғанда да, ғалымдар мен тарих пәні мұғалімдерімен бірлесе жұмыс істеді. «Belongіngs: Property, Famіly and Іdentіty іn Colonіal South Afrіca» (2009) атты кітабы Америка Тарих қауымдастығы ұсынған «Gutenberg-e» жүлдесін жеңіп алды.

МАЗМҰНЫ

Кіріспе
Жер: дүниежүзі тарихының сахнасы
Үлкен құрлық: тарихтың бастауы
Құрлықтардың қозғалысы

Жеті құрлық па, бес құрлық па?
Афроеуразия
Ұлы Арид зонасы
Тропиктік белдеу

Қалыпты температураның солтүстік ендігі
Афроеуразияның таулы жотасы
Он бір теңіз
Өзендер

Австралия
Солтүстік және Оңтүстік Америка
Қос Американы байланыстыру
Қос Америкадағы ұзын тау тізбегі

Өзендер мен теңіздер
Мұхиттар
Қорытынды
Бірінші бөлім

Жер жүзіне қоныстану
Адам пайда болғаннан б.з.д. бірінші мыңжылдыққа дейін

1

Адамзаттың жер жүзіне таралуы
Б.з.д. 7 миллион — 10 мың жыл
Адамзаттың Африкадағы және өзге жерлердегі ата-бабасы
Ежелгі гомининдер эволюциясы

Жиһанкез гомининдер
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Туркана баласы: арғы ата-бабамыз
Өзге жиһанкез гомининдер

Африкада пайда болған қазіргі адамдар: алғашқы 100 мың жыл
Хомо сапиенстің тарих сахнасына шығуы
Тіл құдіреті
Дүниежүзін игеру

Африкадан басталған көш
Оңтүстікке, Австралияға қарай
Еуропаны игерушілер
Америка фронтирлері

Деректерді САРАЛАУ
Кенневик адамы төңірегіндегі пікірталастар
Хомо сапиенс неліктен жер бетінің негізгі тұрғынына айналды?
Homo sapіens: тірі қалған соңғы гоминин

Халықтар неге әралуан?
Жоғарғы палеолиттің жаһандық мәдениеті
Көпмәдениетті әлемнің өркендеуі
Қоғамдық және экономикалық өмір салты

Техникалық ғажайыптар
Символдар әлемі
Қорытынды

2

Егіншілік, қала және жаңа аграрлық дәуір
Б.з.д. 10 000 – 2000 жылдар
Егіншілер мен малшылардың пайда болуы: ерекше құбылыс
Алғашқы шаруашылық және Ұлы жылыну

Қолға үйрету қадамдары
Неолит дәуірінің жаңалықтары
Аграрлық қоғамдардың таралуы
Қоныстардың дамуы

Таңғажайып қоныстар
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Эци: Неолит дәуіріндегі жиһанкез
Алғашқы күрделі қоғамдар

Месопатамиядағы суару жүйесі мен күрделі қоғам
Ніл бойындағы күрделі қоғам
Деректерді САРАЛАУ
Перғауынның тасқа жазған жолдауы

Инд алқабындағы Хараппа қоғамы
Аймақаралық байланыс және сауда
Күрделі қоғам және қоршаған орта
Қорытынды

3

Афроеуразияның тұрақсыз шекаралары: егіншілер, малшылар және арбакеш-жауынгерлер

Б.з.д. 3000−1000 жылдар
Афроеуразия кеңістігі: егіншіліктің , қалалардың өркендеуі
Өнертабыстар легі
Жерорта теңізі алқабындағы күрделі қоғам және сауда

Батыс Еуропадағы даму
Орталық Азиядағы Әмудария өркениеті
Шығыс Азиядағы күрделі қоғам
Тарихқа енген малшы халықтар

Жылқылар, салт аттылар және арбалар
Көшпелі малшылар қоғамы
Аграрлық қоғамдар мен қоныс аударған халықтар тоғысы

Оңтүстік-Батыс Азиядағы үндіеуропа тілдерінде сөйлейтін халықтар: Хетт империясы

Месопотамия мен Сириядағы мемлекеттер
Ніл алқабындағы Орта патшалықтан Жаңа патшалыққа дейін
Соғысқұмар патшалықтар арасындағы бәсекелестік пен дипломатия
Деректерді САРАЛАУ

«Міне, мынадай жағдай!»
Алашия патшасы Мысыр перғауынына хат жолдайды
Ежелгі гректер
Иран мен Оңтүстік Азиядағы үндіеуропалықтар

Үндіеуропалықтар мен арбакеш-жауынгерлердің шалғай батыстан шалғай шығысқа қарай жылжуы

Жеке ТҰЛҒАЛАР
Сяохэ сұлуы: дала аруы
Тропиктік белдеулердегі даму
Сахара шөлінің оңтүстігіндегі малшылар мен егіншілер

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы австронезиялық егіншілер
Қорытынды

4

Қос Америка, Австралия және Мұхит аралдарындағы алғашқы одиссейлер
Б.з.д. 8000–500 жылдар
Қос Америкадағы егіншілер мен пирамида тұрғызушылар
Америка егіншілерінің күш-қуаты

Норте-Чико пирамида тұрғызушылары
Б.з.д. екінші мыңжылдықтағы Анд қоғамдары
Мезоамерикалық белдеудегі өзара байланыс
Деректерді САРАЛАУ

Ольмектен табылған бастар
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Тау егін жинаушылары әміршісі: Мезоамерика билеушісі
Мексиканың солтүстігі

Австралиядағы өзгерістер
Ұзақмерзімді өзгерістер
Егіншілер мен малшылардың аяғы жетпеген құрлық
Тынық мұхит фронтирінің пионерлері

Таяу Мұхит аралдарын игерушілер
Шалғайдағы Мұхит аралдарына бет алу
Қорытынды
ЕКІНШІ бөлім

Аграрлық қоғамдар және олардың өзара байланысы
Б.з.д. 1200 – б.з. 300 жылдары

5

Афроеуразия: билік, сауда-саттық және жаңа идея орталықтары
Б.з.д. 1200–600 жылдар
Темірдің шыңылы
Темірдің таралуы: Оңтүстік-батыс азиялық орталық

Темірдің таралуы: Тропиктік африкалық орталық
Темірдің артықшылығы мен өтемі

Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізі аймағындағы қақтығыстар, империялық құрылымдар және сауда

ХІІ ғасырдағы дүрбелең
Жаңа Ассирия империясы
Еврейлер және иудаизм бастаулары
Жеке ТҰЛҒАЛАР

Адад-Гуппи: вавилондық абыз және патшайым-ана
Финикиялықтар және гректер: сауда және миграция
Орманды Еуропа және Жерорта теңізі әлемі
Ніл дәлізіндегі Нубия

Оңтүстік Азия: қала құрылысының жаңа заманы
Жаңа қалалар мен патшалықтар
Оңтүстік Азияда тап жүйесінің дамуы
Брахмандар және брахманизм

Шығыс Азия аумағы
Батыс және Шығыс Чжоу дәуірі
Кейінгі Чжоу тұсындағы құлдырау мен жаңашылдық
Деректерді САРАЛАУ

Жыр кітабы
Қорытынды

6

Үндістаннан Жерорта теңізіне дейінгі аймақтағы империялар және мәдени қарым-қатынастар

Б.з.д. 600–200 жылдар
Парсы мемлекетінің гүлденуі
Жаңа деңгейдегі империялардың құрылуы
Ахеменидтер – «әлем» билеушілері

Парсы империясы – қарым-қатынас торабы
Ахеменидтер және Заратуштра ілімі
Ахеменидтер тұсындағы көпмәдениеттілік
Жасампаз гректер

Грек қала-мемлекеттеріндегі билік пен қоғам
Афинаның гүлденуі
Ұлы Александр және Эллин заманы
Александрдың қысқа, тамаша мансабы

Эллиндік әлемнің іргетасы
Жеке ТҰЛҒАЛАР
ІІ Арсиноя патшайым: Птолемейлер Мысырының билеушісі
Мәдени бағыттар

Үндістандағы буддизм және Маурия империясы
Буддизм негіздері
Деректерді САРАЛАУ
Ашока императордың тасқа қашалған жарлықтары

Ашока Маурия билігі
Ішкі Еуразиядағы атты әскер мен керуендер
Көшпелілердің күш-қуаты
Ежелгі Жібек жолы

Қорытынды
Алып империялар дәуірі
Б.з.д. 300 – б.з. 300 жылдары
Рим және Жерорта теңізі аймағының бірігуі

Рим – республика
Рим – империя
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Боудикка: Британ көтерілісінің басшысы

Шығыс Азиядағы Хань империясы дәуірі
Цинь әулеті және бірінші император
Хань мемлекеті және конфуцийліктің өркендеуі
Рим мен Қытай арасындағы мемлекеттер

Сюнну және олардың Хань империясымен қарым-қатынасы
Парфия және Кушан империялары
Африканың Куш және Аксум патшалықтары
Деректерді САРАЛАУ

Африканың Адулис айлағындағы сауда
Афроеуразия арқылы өтетін байланыс көпірлері
Шығыс–Батыс аймақаралық саудасы
Алғашқы миссионерлік діндер

Қорытынды

8

Күрделі қоғамға бет алған Америка
Б.з.д. 900 – б.з. 900 жылдары
Солтүстік Америкада күрделі қоғамдардың таралуы
Теотиуакандағы империя құрушылар

Оахака алқабындағы Сапотек өркениеті
Жасампаз Майя
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Хок ханым: майялардың саяси өміріндегі ақсүйек әйел

Деректерді САРАЛАУ
Майя киелі кітабы: Попол Вухтағы жаратылыс баяны
Жоғарғы Солтүстік Американың дамуы
Оңтүстік Америка: Анд сілемдері бойындағы күрделі қоғамдар

Андтағы урбанизация: Чавин де Уантар үлгісі
Жағалауға оралу: Моче қоғамы
Наска
VІ ғасырдағы зобалаң

Қорытынды

ҮШІНШІ БӨЛІМ

Күш-қуаттың ауысуы, желілердің нығаюы
Афроеуразия, б.з. 200–1000 жылдары

9

Дүрбелең ғасырлар
Б.з. 200–600 жылдары
Ішкі Еуразиядағы дүрбелең
Хань империясынан кейінгі Қытай: Бытыраңқылық жағдайындағы даму

Сасанидтер: Парсы жеріндегі жаңа күш
Рим империясындағы дағдарыс пен жаңғыру
Ғұндар және Батыс империяның құлауы
Жерорта теңізі аймағындағы бетбұрыс

Оңтүстік Азиядағы жаңа империя
Дүрбелең уақыт діндері
Буддизм желісі
Христиандық желі

Жеке ТҰЛҒАЛАР
Гиппондық әулие Аугустин: христиан теологы
Манихей жолы
Тропиктік Африка: егіншілер, қалалар және темір

Нок мәдениеті
Деректерді САРАЛАУ
Нок мүсіндері
Африканың шығысы мен оңтүстігі

Оңтүстік-Шығыс Азияның Африка қоғамына қосқан үлесі
Қорытынды
Араб империясы заманындағы Афроеуразия
Б.з. 500–800 жылдары

Дала мен шөлдегі жаңа империялар
Ұлы Жібек жолы бойындағы империялар
Араб мемлекеті және исламның пайда болуы
Араб мұсылман империясы

Еуропа мен Африкадағы христиан қоғамдары
Византия империясының христиан қоғамын құруы
Еуропадағы христиан қоғамы
Солтүстік Африкада христиан қоғамдарының азаюы

Деректерді САРАЛАУ
Тур маңындағы шайқасқа қатысты екі түрлі көзқарас
Шығыс Азия: Қытайдың қайта бірігуі
Тан мемлекеті

Жеке ТҰЛҒАЛАР
Ву патшайым: Буддизм қамқоршысы
Оңтүстікке қоныс аудару
Мәдени ынтымақтасу

Қорытынды

УАҚЫТ АЯСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

11

Мемлекет қуаты және ұлғая түскен айырбас желісі
Б.з. 750–1000 жылдары
Шамнан Бағдатқа дейін: Аббасидтер империясы
Мұсылман билігінің бәсекелес орталықтары

Византияның қайта өрлеуі
Исламның жаңа белестері
Мұсылман елдеріндегі «жасыл революция»
Мұсылман қала қоғамы

Идеялар ағыны
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Әбу Бәкір ар-Рази: мұсылман дәрігері
Теңіз торабындағы қалалар, көпестер және патшалықтар

Араб теңізіндегі сауда
Шривиджайя теңіз империясы
Қытай саудасы және Тан әулетінің тағдыры
Теңіз жолының шалғай шығысындағы Жапония мен Корея

Сахараның күнгейі: халықаралық байланыстың жаңа аймағы
Алтын және құлдар, мыс пен тұз
Гана империясы
Еуропаның тұрақтылық үшін күресі

Мұсылмандар мен мажарлар
Викингтер саяхаты
Деректерді САРАЛАУ
Бьярни Херйольфссон және викингтердің Американы ашуы

Батыс Еуропа кескініндегі өзгерістер
Қорытынды
Уақыт аясындағы өзгерістер
Төртінші бөлім

Өзара байланыс және оның салдары
900–1500 жылдар

12

Афроеуразиядағы серпінді ғасырлар
1000–1250 жылдар
Шығыс Азияның Сун дәуіріндегі қуатты мемлекеті
Қытай жетістігінің негіздері

Өзгерістер кезеңіндегі Қытайды басқару
Қытай және оның жақын көршілері
Қытай аясындағы және Қытайсыз Жапония
Жартышардағы Қытай

Мұсылман елдеріндегі мигранттар мен жеңімпаздар
Түркі атты әскерінің қуаты
Жерорта теңізіндегі мұсылман кемелері
Жерорта теңізінің батысындағы жаңа империялар

Деректерді САРАЛАУ
Еврей саудагерінің әйеліне жазған хаты
Мұсылман елдеріндегі мәдени үрдістер
Еуропадағы қала өркениетінің негіздері

Жылы ауа райы, бітік шыққан егін
Саяси өмірдегі жаңа тәртіп
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Король ІІ Филипп, Француз мемлекетінің негізін қалаушы

Батыс христиандығының кең таралуы
Жерорта теңізіндегі еуропалық коммерциялық мемлекет
Батысеуропалық мәдени үлгі
Қорытынды

13

Моңғол билігі дәуіріндегі Афроеуразия
1200–1350 жылдар
Моңғол империясының үстемдігі
Шыңғыс ханның жаулау жолы

Моңғол билігін сипаттау
Шыңғыс ханнан кейінгі моңғол басқыншылығы
Жеке ТҰЛҒАЛАР
Сұрғақтан бике: ықпалды әйел

Моңғол қанішерлері: дұрыс теңеу ме?
Күмәнді моңғол бейбіт заманы
Жібек жолы тасымалы
Құлдар, дипломаттар және мансап қуғандар

Ғылым мен технологияның өзара жандануы
Діни картаның өзгеруі
Оңтүстік теңіздердегі пайда мен билік
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сауда мен мемлекет құру істері

Оңтүстіказиялық өзек
Үнді мұхиты әлеміндегі Шығыс және Оңтүстік Африка
Еуропадағы қала қоғамы
Үкіметтер мен тілдер

Жеке топтар мен жарғылар
Идеялар ағыны
Транссахара байланыстары
Жерорта теңізі мен Сахара арасындағы Солтүстік Африка

Мали империясы
Деректерді САРАЛАУ
Ибн Баттута Мали империясына баға береді
Батыс Африканың басқа корольдіктері

Қорытынды

14

Қос Америка қалалары мен империялары
900–1500 жылдар
Экологиялық өзгерістер дәуіріндегі Америка қоғамдары
Кахокия қорғандарын тұрғызушылар

Колорадо үстіртіндегі байырғы пуэблолықтар
Майя, микстек және тольтек тайпалары
Науалардың келуі
Кариб алабы және Амазония

Анд мемлекеттері
XV ғасырдағы Америка империялары
Ацтек империясы
Жеке ТҰЛҒАЛАР

Несауалькойотль («Ашыққан койот») − саяси стратег, жаны сірі мұрагер және ақын

Инктер
Деректерді САРАЛАУ
Инк қоғамындағы пәктік пен неке
Қорытынды

Афроеуразиядағы апаттар және қайта жандану
1300–1500 жылдар
XІV ғасырдағы экологиялық дағдарыстар
Нөсер жаңбыр мен құрғақшылық

Ұлы індет
Деректерді САРАЛАУ
«Қара өлімнен» кейінгі келешек
Саяси және әлеуметтік өмірдегі дағдарыстар

Қытай: Моңғол билігінің құлдырауы
Орталық Мұсылман өлкелеріндегі саяси-экономикалық қиындықтар
«Қара өлімнің» Еуропадағы зардаптары
Жеке ТҰЛҒАЛАР

Ибн Халдун: аласапыран уақыт ойшылы
XV ғасырдағы жандану
Болашақ технологиялары
Қытайдағы Мин әулеті: қайта өркендеу және теңізге жорық

Оңтүстік Азия: өзгерістің тұрақты бағыты
Астрономия және Орталық Мұсылман өлкелерінде империя құру
Еуропадағы қайта қалпына келтірудің мәні
Қорытынды

«Panorama: дүниежүзі тарихы» кітабының
авторларымен сұхбат

Росс Данн мен Лора Митчелл «Панораманы» жазу себептерін және адамзат тарихын тереңдете оқытуда бұл кітаптың қандай ерекшелігі барын төмендегі сұхбатта тарқатып айтады.

Сұрақ: «Панораманы» жазудағы басты ұстанымдарыңыз не еді?

Жауап: «Панорамада» адамзаттың өткенін негізге ала отырып, дүниежүзі тарихының біртұтас баянын жазып шықтық. Әңгімемізді дәйектеуде, негізінен, глобусқа сүйенеміз. Тарауларды хронология бойынша, тарих желісімен жүйеледік. Аймақтық немесе тақырыптық оқиғаларды қайталамауға тырыстық. Біртұтастандыру және кіріктіру тәсілдері арқылы адамзат тәжірибесін тұжырымдауды негізгі ұстанымыз десек те болады. Бұл мақсатқа жету үшін белгілі бір тарихи кезеңге қатысты оқиғалардың ең ауқымдысын және оқырманға барынша түсініктісін іріктеп алуға тура келді.

С.: Бұл ұстаным не үшін қажет деп есептедіңіздер?

Ж.: Дүниежүзі тарихын ұғынықты тілде түсіндіретін маңызды кітап шығарғымыз келді. Біртұтас, анық әрі жүйелі әңгімеміз арқылы оқырманымыз адамзаттың өткенін саралай алса дедік. Қазіргі заманғы ауқымды әрі жылдам өзгерістерді түсіне бастауымыз үшін бағзы заманнан сақталған көне әңгімелер, идеялар, сөздерді саралай алатын мықты тұғырымыз болуы керек қой. Жер-жаһанның бүгінгі қалпын терең түсінуіміз үшін әлемдік ауқымдағы тарихи баянымызды жақсы білуіміз керек. Адамзат қоғамының бет-бейнесін өзгерткен ауқымды оқиғалар тізбегі нақты бір ұлттар, өркениеттер, діндер, бірлестіктер тарихы арқылы құралатынын да ұмытпаған жөн. С.: Кең ауқымды тарихи сәттер мен нақты бір адамдар, аймақтар немесе оқиғалар туралы деректер тепе-теңдігін қалай сақтадыңыздар? Ж.: Тым ауқымды, шартты не болмаса теориялық тұрғыдан жазсақ, студенттер жалпы мәліметтерді жете игере алмай қалатынын тәжірибемізден білеміз. Кітапта тарихи детальдар да (әрбірінің тиісті мөлшерде маңызы бар) тым көп берілсе, өзгерістердің жалпы сұлбасы – жеке қоғамдар, тұлғалар, басқыншылық соғыстар, философиялық ойлар, көркем қозғалыстар – «ну орманның» қалың қойнауына сүйрелеп, оқушыны негізгі бағытынан адастырып әкетеді. Дүниежүзі тарихының өзге авторлары сияқты, біз де қызықты һәм пайдасы зор, жекелеген мағлұматтарды саналы түрде айналып өтуге бел будық. Сонда ғана назарымыз панорамалық көрініс пен біртұтас хикаямыздан ауытқымайды. Десек те, тарих, негізінен, жеке не топ болып ойланып, іс атқарып, күресіп және жаңалық ашуға құмар адам жайлы екенін мойындай отыра, кітапты нақты дерек тілінде жазғымыз келді. C.: «Кең ауқымды» тарихты адамдар мен оқиғаларды тәптіштеп түсіндіретін «тар аядағы» мағлұматтармен қалай қиыстырасыздар? Ж.: Әрбір тарауда үлкенді-кішілі әңгімелерді рет-ретімен беріп отырамыз. Алайда біршама кіші аймақтағы оқиғалар желісін кең ауқымды тарихи оқиғалармен міндетті түрде байланыстыруға тырысамыз. Ағылшындардың зауыты бар бір ғана қаласын зерттеу арқылы индустриялық революцияның жаһандық оқиға ретіндегі маңызын түсіне алмайтынымыз белгілі. Бірақ тарихшылар кең ауқымды өзгерістердің жергілікті халық өміріне қалай әсер ететінін ұғу үшін сол қаланы зерттей алады.

С.: «Панораманың» басты тақырыбы қандай?

Ж.: Бас тақырып – тас дәуірінен бүгінгі күнге дейін күрделене түскен адамзат қоғамы. Тарих қойнауына үңілсек, адамзаттың бір-бірімен және қоршаған ортамен арақатынасы уақыт өте күрделене түскенін байқаймыз. Біртіндеп ұлғая берген бұл күрделену ғасырлар бойы жалғасып келген бірнеше даму үрдісінен байқалады. Бұл өзгерістер қарқыны мен мөлшері мынадай оқиғалар себебінен әркелкі болғанын айта кетуіміз керек: дүниежүзі халқының саны (бірлесіп әрекет еткен адамдар мен топтардың) көбеюі;

азық-түлік пен өзге өнім өндіру үшін адамның жерді пайдалану мүмкіндігі;
адамның қоршаған ортаны табиғи және физикалық жолмен өзгертуі;
технология мен ғылымның күрделенуі және жетілуі;
байланыс пен тасымалдың шапшаңдығы;

адамдар, тауарлар және идеялар қозғалысы мен айырбас торабының тығыздығы; мемлекеттер ауқымы және билік құрылымдарының халықты басқару мен бақылау қабілеті;

жаппай кісі өлтіру және дүние-мүлікті жоюдың техникалық мүмкіндіктері; діндер, этникалық құрылымдар, философия мен сенім жүйесінің өрістеуі және күрделенуі. Кей уақытта демографиялық жағдайдың нашарлауына, экономикалық дағдарыстарға және кейбір тілдер мен діндердің жойылып кетуіне қарамастан, дүниежүзі мәдени күрделілікке не үшін және қалай өршелене ұмтылды? Кітапта осы сұрақтардың жауабын табуға тырысамыз.

С.: Әр тараудың тақырыбын қалай таңдадыңыздар?

Ж.: Тарихтың біртұтас баянын жазуды мақсат тұтқанда, салыстырмалы түрде көп халыққа ықпал еткен (ол ықпал әлі де жойылмауы мүмкін), яғни үлкен ауқымдағы тарихи оқиғаларды басты назарда ұстауды басты принцип етіп алдық. Әр дәуірдегі негізгі оқиғалар әр тараудың хронологиялық құрылымын анықтайды. Ол оқиғалардың маңызын географиялық контексте де зерттедік. Тараулардың көпшілігі аймақтық оқиғаларды назарға алса, ірі ауқымдағы оқиға белгілі бір кезеңде сол аймақта болғанын не басталғанын білдіреді. Мәселен, XІ–XІІ ғасырларда Сун әулеті билеген Қытайдағы оқиғаларға тараудың басты бір бөлімін арнаймыз. Өйткені Қытайда сол ғасырларда бүкіл Шығыс жартышарына әсер еткен құбылыс – экономикалық инновация мен қарқынды өсім байқалғаны белгілі.

С.: «Панорамада» тарихты кезеңдерге бөлудің қандай ерекшелігі бар? Ж.: Тарихты біртұтас баяндау арқылы, «Панорама» өткен дәуірді нақты бір уақыт аралығымен бөлшектеу жоспарын ұсынады. Ол бөлшектердің бас-аяғы сол кезеңдегі тарихи оқиғалармен ерекшеленеді. Біздің кезеңдеу тәсіліміз – бағзы, көне дәуірден «күні кешегіге» ұласқан хронология немесе уақыт тізбегі. Өзге де дүниежүзі тарихы кітаптарынан «Панораманың» кезеңдеудегі бір ерекшелігі – адамзаттың есте жоқ ескі замандағы тарихына, өндіруші шаруашылық пайда болар қарсаңындағы ұзақ палеолит дәуіріне баса мән береді. Шамамен 2,5 миллион жыл бұрын басталған палеолит дәуірі (ерте тас дәуірі) адамзат пен оның туыстас ататегі тарихының 99,6 пайызын құрайды. «Адамзат өмір сүру салтын қалай түбегейлі өзгертті? Егіншілікпен шұғылданып, қала салып, машина өнеркәсібін жасап, дүниежүзіндегі халық санын миллиардқа қалай жеткізді? Жүздеген мың жыл бойы мұндай жетістіктерсіз адам баласы қалай өмір сүрді?» деген сауалдарға жауап іздеп, ерте заман тарихын зерделедік. С.: Еңбектеріңізді «біртұтас баян» деп атайды екенсіздер, осы жайлы нақтырақ айтып берсеңіздер. Ж.: Біртұтас баянға жатқызатынымыздың бір себебі, адамдар бір-бірімен қарым-қатынас орнатқан, тіпті болмағанда қарым-қатынас орнатуға физикалық мүмкіндігі болған палеолит кезеңінен бергі «суперконтинентті» – Африка, Азия мен Еуропаны тұтас бір құрлық деп алдық. Кіріспеде бұл суперконтинентке Афроеуразия деген атау бергенімізді айтамыз. Дүниежүзі тарихының б.з. 1500 жылына дейінгі кезеңдерін төрт басты географиялық аймаққа бөліп қарастырдық: Афроеуразия (адамзат, негізінен, осында өмір сүрген – қазіргі таңда адамдардың шамамен 86%-ы Афроеуразияны мекендейді), Америка (Солтүстік және Оңтүстік), Австралия және Мұхит аралдары. Адамдардың баяу немесе қарқынды қарым-қатынас хронологиясы осы аймақтардан басталған. Ал бұл аймақтардың қарым-қатынасы қандай еді? Алып мұхит аумағы және бір-біріне қарама-қайшы климаты аймақтардың қарым-қатынасына кедергі келтірмеді ме? Б.з. 1500 жылға дейінгі кезеңдерді, осыған орай, әр тарауда не тарау бөлімдерінде сол аймақтарда өткен оқиғаларды зерттейміз. Бір аймақты екіншісімен тарихи теңестірудің тетіктерін көрсетіп отырамыз. XV ғасыр аяғынан бастап, бұл төрт аймақ бір мезетте болмаса да, біртіндеп қарым-қатынас жолдарын жалғай бастады. Дүниежүзілік Ұлы конвергенция – теңіз капитандары Афроеуразия мен қос Америка арасына жол салғанда ғана басталды. 1500 жылдан кейінгі кезеңдегі дүниежүзін – адамзат қарым-қатынасы күрделеніп, аса ауқымды оқиғалар өткен жалғыз ғана аумаққа балаймыз. Бұл хронологиялық оқиға бүгінге дейінгі аралықтағы барша тарауда, жалпы алғанда, дүниежүзілік ауқымда жазылды. С.: «Панорама» ер-әйел деп бөлместен, адамзат тарихындағы тұлғаның маңызын қалай көрсетеді? Ж.: «Панорама» жер бетін ерлер мен әйелдер теңдей бөліседі деген тарихи фактіні ескеруге ұмтылды. Тақырыптардың көпшілігі гендерлік сипатқа ие болмаса да, «гендерлік сезімтал» болуға тырысып бағады. Бұл – тараудан-тарауға өткен сайын ерлер мен әйелдердің – ақсүйек болсын, қала жұмысшысы, шаруа не терімші-аңшы болсын – өзгерістер делдалы ретіндегі рөлін өзімізден қайта-қайта сұрап отырғанымыздың көрінісі. Кітаптың әр бөлімінде сипаттайтын кейіпкерлер біршама көп. Әйтсе де «Жеке тұлғалар» атты тарау енгізіп, оқырманға тұлғалардың өзгерістердің қозғалтқыш күші ретіндегі маңызын ұмыттырмауды мақсат тұттық. Өмірлік өнегесімен, тіпті қаһармандық қазасымен де қандай да бір кезеңді аша түсетін тұлғаның өмірбаяндық очеркі беріледі. Көбіне ондай тұлғалар – әлеуметтік маңызы бар адамдар дер едік. Мысалы Қытайдың Тан әулетін билеген Ву патшайым немесе XX ғасырдағы мексикалық суретші Диего Ривера. Дегенмен кей тарауларда белгілі бір кезеңнің аспектілерін көрсететін «қарапайым» адамдар өмірі туралы деректерді де қосақабат бердік. Мәселен, Альпідегі неолит дәуірінің жиһанкезі – Эци не болмаса Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі орыс жауынгер-ұшқышы – Ольга Лисикова.

С.: «Панорамада» түпнұсқа деректер бар ма?

Ж.: Әрине. Әр тарауда студенттерге тарауға қатысты тарихи деректерге сыни талдау жасауды ұсынатын «Деректерді саралау» атты бөліммен қатар, «Тарихқа кіріспе» бағдарламасы бар. Негізінен, жазбаша құжаттар (мысалы, XІX ғасырдағы Марокко дипломатының Францияны суреттеуі) іріктеліп алынды, ал кей тарауларда көрнекті жәдігер (мысалы, ежелгі Мексикадан жеткен алып тастан сомдалған бастар суреті) берілді. Тараулардың кейбірінде бір-бірімен салыстыруға болатын екі дәлел ұсынамыз. «Деректерді саралау» айдарында оқырманды кітапты түсініп, талдап, талқылауға шақыратын сұрақтар қамтылған. «Панорама» баяны жазба құжаттарын, өнер туындыларын, адам сүйектерін және маңызды деректерді саралап, сараптап, зерттеген кәсіби тарихшылар мен өзге де ғалымдардың еңбегіне сүйенеді.

С.: Тарау алдындағы көркем үзінділер тарау мазмұнын аша ма?

Ж.: Ашады деп ойлаймыз. Күрделілікке бет алған дүниежүзі тарихының басты элементі – байланыс жүйесінің дамуы. Осы жүйенің дамуы арқылы адамзат бір жерден екіншісіне көшіп және үсті-үстіне күрделене түскен қоғамда идеялар мен зат алмасу желісін жасады. Әр тараудағы тарихи кезеңді қандай да бір коммуникация, транспорт, қозғалысқа қатысты қысқаша хикаямен немесе суретпен бастаймыз. Бұл хикаялар түйе керуендерінен бастап телефон операторы мамандығына дейінгі аралықтағы кең ауқымды тақырыпты қамтиды.

С.: «Панораманың» электрондық кітабы бар ма?

Ж.: Болғанда қандай! Ол SmartBook ретінде қолжетімді. Студенттер бұл кітапты онлайн оқи алатыны былай тұрсын, әр бөлімнен соң білімін сынап көруге мүмкіндігі бар. Студенттердің жауаптарына орай, SmartBook кітаптың қай тұсын қайталап оқу керегін белгілеп береді.

С.: Өзге де цифрлық ресурстар қолжетімді ме?

Ж.: Әлбетте! «Тарихқа кіріспе» бағдарламасы «Панорама» карталарын, негізгі дереккөздерді, басты ұғымдар мен терминдерді, автоматты түрде салыстыратын тестілеу әдістерін және эссе сұрақтарын ұсынады.

Дүниежүзі тарихының
энциклопедиясы

Ғылым, соның ішінде тарих ғылымы да, адамзаттың мыңдаған жылдар бойы жинақталған тарихи тәжірибесін зерттеу, талдау, қорытындылауға негізделеді. Ежелгі дүниеден келе жатқан бай тәжірибені пайдаланбаса, адамзат бүгінгі күні ғарышты кезіп жүре алмас еді. Бүгінгі, ХХІ ғасыр оқушылары Архимед, Ньютон, Коперник ашқан жаңалықтарды жатқа біледі. Кеңестік кезеңде жаратылыстану-математика ғылымдары саласы қарыштап дамыды, өйткені олар дүниежүзілік ғылымның даму үдерісінен тыс қалған жоқ. Алайда кеңестік идеология ғылымның кейбір салаларын мұндай мүмкіндіктен айырып тастады. Сондай салалардың бірі – тарих ғылымы. Кеңестік тарих ғылымы тарих философиясын дамытудағы адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесінің бір ғана нұсқасына – марксистік материалистік философияға негізделді. Марксист зерттеу­ші­лер тарихты танудың өзегі ретінде өндіріс құрал-жабдықтарына меншіктің формасы, өндірістік қатынастар мен өндіргіш күштердің даму деңгейінің сәйкес келуі, тап күресі сияқты түсініктерді алды. Соған орай қоғамдық-экономика­лық фор­ма­циялардың ауысу тұжырымдамасы жасалды, адамзат тарихының дамуы алғашқы қауымдық, құл иеле­ну­шілік, феодалдық, капиталистік және социалистік (коммунистік) формациялардың даму тари­хы ретінде түсіндірілді. Бір формация­дан екінші формацияға өтуді тап күресі факторы анықтады. Формациялық теорияның өзегі ретінде адамзат тарихының біртұтастығы идеясы мен сызықтық динамиканы алды. Осылайша кеңестік гуманитарлық ғылымдар адамзат эволюциясын бірсызықтық концепция бойынша түсіндіруге негізделді. Әрине, бұл концепцияға сүйенсек, онда міндетті түрде «алға шыққандар» мен «артта қалғандар» болуға тиіс. Осының негізінде кеңестік тарих ғылымында шығыс халықтарының артта қалу, «капитализмге соқпай социализмге өту» сияқты идеялар қалыптасты. Әрине, марксизмнің тарихи үдерісті объективтендіру бағытындағы, тарихи үдерістің нақты саласын – әлеуметтік-экономикалық қатынастарды түсіндірудегі же­тіс­тіктерін жоққа шығаруға болмайды. Алайда тарихи үдерісті талдаудың бір ғана тұжырымдамасын бағдарға алып, оны абсолюттендіру, дамытудың орнына таптаурын үлгіге айналдыру кез келген идеяның мәнін өзгертіп, құнсыздандырып жібереді. Сонымен қатар марксизмді «абсолюттік ақиқатқа» айналдыру басқа теориялар мен концепцияларды саралауға мүмкіндік бермеді. Мұның өзі тарих ғылымының даму деңгейін құлдыратты, ал кеңестік идеологиядан бас тартқаннан кейін тарих философиясы аренасында вакуум пайда болды, сондықтан тарих ғылымы теориялық негізден алшақтап, «фактологияға» айналып кетті. Қазіргі кездегі тарихқа деген скепсистік көзқарас осыдан туындап отыр. Бұл келеңсіз жағдайды өзгерту үшін жас тарихшыларды дүниежүзілік тарих ғылымындағы озық әдіснамаға негізделген оқулықтармен таныстырып отыру керек. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша «Дүниежүзі тарихы панорамасы» оқулығын (авт.: Д. Росс, Л. Митчелл) ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне аудару – осы бағыттағы маңызды қадамы. Адамзат тарихын алғашқы адамның пайда болуынан бастап, бүгінгі күнге дейін жеткізе, хронологиялық ретпен, логикалық бірізділікпен талдаған бұл оқулықты дүниежүзі тарихының энциклопедиясы деуге болады. Бұл еңбекте адамзат тарихы – қарабайыр өмірден күрделі өмірге өту және осы күрделіліктің үдемелі түрде өсіп отыру тарихы деген идея жатыр. Бүкіл кітаптың өнбойында осы «күрделілік», «күрделі қоғам», «күрделілікке бағыт алу» деген түсініктерді кездестіреміз. Еңбекте адамзат тарихының басты мәнін ашатын, тарихтың барлық кезеңдерін біріктіретін осы негізгі идея тарихтың мәнін іздейтіндер үшін аса қызықты болатынына кәміл сенімдіміз. Бұл еңбектен тарихшылар үшін қажет жаңа әдіснамалық нышанды да табамыз. Кітапта адамзат тарихы біртұтас тарихи үдеріс ретінде қарастырылады. Тарихи үдерістің біртұтастығы туралы идеяны жақсы білеміз, бірақ біз үшін бұл біртұтастық тарихи материализмге негізделеді. Демек, біз А. Дантоның сөзімен айтқанда, «методологиялық социалистерміз». Ал «Панорамада» біртұтастықтың негізі – Homo sapіens-тің үнемі күрделілікке ұмтылу әрекеті, биосфера мен социум біртұтас эволюциялық үдеріс контексінде қарастырылады. Адамзат тарихының біртұтастығы идеясын іске асыру барысында авторлар «Афроеуразия» түсінігін қолданған. Оқырман Еуропа, Азия мен Африкада қазіргі адамның ата-бабасының пайда болуы, олардың осы жерлерге өсіп-өнуі, оны игеруі, күрделі қоғам құруы сияқты ортақ үдерістермен танысады да, адамзат тарихының біртұтастығына көз жеткізеді. Тарихтың біртұтастығын таныта отырып, Данн Росс пен Лора Митчелл тарихтағы балама көзқарасты жоққа шығармайды. Кітаптың бастапқы тарауларында Жерде адамның бірнеше түрі пайда болып, ақыры соның бір түрі ғана бүгінгі біздің ата-бабамызға айналғаны көрсетілген. Кейінгі тарауларда Homo sapіens-тің осы қоғамды үнемі күрделендіру әрекетіндегі әрбір аймақтың, әрбір халықтың үлесі сипатталған. Оқулықта нақты оқиғалар мен құбылыстарды баяндау сан алуан тарихи деректер мәтінімен толықтырылған. Авторлар адамзат тарихы дамуының біртұтас үдерісін сипаттай отырып, тарихтағы жеке тұлғаның орнын да жоққа шығармайды. Негізгі тарихи материалды баяндау әдістері де өте қызғылықты. Әуелі талданбақшы кезеңнің жалпы сипаты мен ерекшеліктеріне қысқаша шолу жасайды, одан кейін оқырманды ойландыратын сұрақ қойылады, еңбекте берілген барлық суреттер, карталар, кестелер мәтінмен тығыз байланысты, олар кітапта көркемдік қана емес, білім беру міндетін де атқарып тұр, сондай-ақ оқулық мәтіні деректермен үнемі толықтырылып отырады. Оқулықтың мұндай құрылымы оқырманды барлық тараудың мәтінін ыждағаттылықпен оқуға және берілген сұрақтарға өз бетінше жауап табуға жетелейді. «Панорама» – ғылыми мазмұн мен білім беру міндеттерін шебер ұштастырған оқулық. «Орта ғасырларға дейінгі кезеңде жаңа заман тарихындағы терминдерді де неге қоса берді екен?» деген сұрақ туындамас үшін, мына жайтты да айтқымыз келеді. Ағылшын нұсқасындағы бір кітапты қазақша тәржімалағанда екі бөлек кітапқа айналдырдық. Алайда, екі кітапта да терминдерді бөліп-жармай, қоса бердік. Оқулықтағы әртүрлі аймақтар туралы кейбір ой түйіндері біздің ортамызда қалыптасқан пікірлерге сәйкес келмеуі, сондай-ақ ежелгі кезеңнің белгілі тұлғаларына қатысты мерзімдік мәліметтер де қабыспай жатуы мүмкін, мұндай жағдайда авторлардың тұжырымы мен мәліметтерін бұлжытпай бердік. Сонымен қатар терминдер мен түсініктерді аударғанда да түпнұсқадан ауытқымауға тырыстық.

Гүлжаухар Кәкенқызы КӨКЕБАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор

PANORAMA: ДҮНИЕЖҮЗІ ТАРИХЫНА

ЖАҢА КӨЗҚАРАС

«Панорама» – тарихтың тұтас бейнесі, дүниежүзі тарихының уақыт аясындағы біртұтас баяны. «Панораманың» жеті бөлімі дүниежүзі тарихының жеті дәуірін сипаттайды. Әр бөлімдегі тараулар бірізді тарихи кезеңдермен, хронологиялық реттілікпен берілген. Әр кезеңнің аймақтық немесе тақырыптық қыры қайталанбайды. Мұндай құрылым тұтас дүниені зерттеп білуге мүмкіндік береді. Әрбір бөлім жаһандық дәуірдің негізгі тенденцияларын ашқан кіріспемен басталады. Сол дәуірдегі халықтың өсу динамикасының кестесін де сол беттерден салыстырып көруге болады. Панорама карталары аудиториядағы проекция мен педагогикалық жүйелілікке ыңғайлы жасалған (карталар тізімін қараңыз). Әр тараудың басында тарихи кезеңді тұтас көруге мүмкіндік беретін «Панорамалық көрініс» атты карталар бар. Әр тарауда аймақтық және өлкелік деңгейдегі немесе басқа да тақырыптарды аша түсетін карталарды да бердік. Әрбір карта тақырыбындағы сұрақтар студенттерді география мен тарих жөнінде ой-толғауға жетелейді. Connect Hіstory – 28 интерактивтік карта ұсынатын онлайн оқу құралы. Студенттерге географиялық, тарихи тұрғыдан ойлануға жағдай жасап, ғылымға қызықтырады. Бұл қозғалмалы карталар студенттерге картаның жеке элементтеріне көз тоқтатуға мүмкіндік береді. Мысалы, бір аймақта егіншіліктің таралуын зерттей отырып, өндіруші шаруашылықтың жаһандық үдерісін түсіндіреді. Басқа интерактивтік карталар студенттерге өзгермелі саяси шекараларды көрсетіп, технологияның таралуын салыстыра отырып, тарихты кезеңдеуді талдауға көмектеседі. Әр тараудағы «Деректерді саралау» айдарында студенттердің тарихи деректерді зерттеуіне мүмкіндігі бар. Бұл айдардағы дереккөздерге, негізінен, ашық және жеке құжаттар, көрнекті түпнұсқалар мен материалдық жәдігерлер кіреді. Кейде салыстыру үшін екі дерек қатар беріледі. Айдардың кіріспесінде дереккөз контексте беріледі де, ізін ала сұрақтар топтамасы деректің маңызы жөнінде терең әрі сараптамалық түрде ойлануға жетелейді. «Жеке тұлғалар» ер болсын, әйел болсын, бірқатар тұлғалар өмірі жайлы жазады. Өмірі немесе өлімі белгілі бір кезеңнің ерекшелігін көрсететін қарапайым адамдар туралы да осы айдардан оқуға болады. Бұл өмірбаяндар дүниежүзіндегі тарихи өзгерістерде тұлғалар әрекетінің маңызын оқырманның есіне салып отырады. Әрбір негізгі бөлім басындағы ойландырар сұрақтар студенттерге маңызды мәселелерге назар аударуға көмектеседі. Негізі терминдер мәтіннің шетінде, глоссарий ретінде берілген. Олар әрбір тараудың соңындағы терминдер тізіміне де енген. «Уақыт аясындағы өзгерістер» айдары – хронологиялық кесте арқылы студенттерге әр тараудың маңызды оқиғаларын қайта шолып шығуға көмектеседі.

«Panorama: дүниежүзі тарихына»
арналған нұсқаушы ресурстар
Create-тегі түпдеректер

McGraw-Hіll’s Create компаниясының (www.mcg­rawhіllcreate.com) дүниежүзі тарихы құжаттар топтамасынан негізгі және қосымша деректер таңдай аласыз. Олардың әрбірінде тезис пен сұрақтар бар. Тарауларды реттеуге не алып тастауға, өзге қорлардағы мәліметтерді салыстырып қарауға, деректерді бір-бірімен байланыстыруға және кез келген контентті жүктеп алуға мүмкіндік береді. McGraw-Hіll үздік оқулықтары арасынан студенттеріңіз үшін ең пайдалысын іздеп тауып, оны оқыту жоспарыңызға енгізуге болады. Create кітабына тапсырыс берсеңіз, 3–5 жұмыс күні аралығында шолып шығу үшін тегін көшірмесін, бір сағат ішінде e-maіl арқылы электрондық көшірмесін ала аласыз. www.mcgrawhіllcreate.com сайтына дәл бүгін тіркеліңіз де, курс ресурстарын оқыту үлгіңізге лайықтап, жетілдіре түсіңіз.

Онлайн оқу орталығындағы нұсқаушы ресурстар Panorama онлайн оқу орталығының (www.mhhe.com/panorama1e) қоры мол, соның ішінде нұсқаушы жетекшілігі, тест тапсырмалар жиынтығы және әрбір тарау үшін PowerPoіnt таныстырылымы бар. Кітаптағы барлық карталар және суреттердің басым бөлігін онлайн курс қорынан табуға болады. McGraw-Hіl's EZ Test қорына негізделген, компью­терленген тестілер жиынтығы тест сұрақтарын пайдалана отырып, білімді тексеруге немесе жаңа тапсырмалар қосуға мүмкіндік береді. Компьютердің тінтуірін бірнеше рет басу арқылы тест сұрақтарының санын, түрін және ретін өзгертуге болады. EZ Test офлайн режимде де жұмыс істей береді.

CourseSmart электрондық кітаптары CourseSmart – әртүрлі жоғары білім баспагерлері жасаған жүздеген курсқа қажет мыңдаған кітап қорын ұсынады. Бұл – оқулықтың толық мәтінін онлайн шолатын және салыстыратын, оқытушыларға арналған бірден-бір ресурс. Осы жерден емтихан көшірмесін де алуға болады. Сourse Smart-ты қолданған студент баспадан шыққан кітапқа жұмсалатын ақшаның жартысынан көбін үнемдейді және толық мәтінді іздейтін, белгілей алатын, белгіленген мәтінді курстастарымен бөлісуге мүмкіндік беретін электрондық оқулықтарға арналған уеб-құралдарға қол жеткізеді. Толығырақ www.coursesmart.com сайтынан біліңіз.

McGraw-Hіll Campus McGraw-Hіll Campus – McGraw-Hіll курс контенттеріне, цифрлық құралдарға және кез келген оқу басқару жүйесіндегі (ОБЖ) жоғары сапалы оқу ресурстарына қолжетімді, оқытушыларға арналған алғашқы институттық қызмет. McGraw-Hіll Connect, McGraw-Hіll Create, McGraw-Hіll LearnSmart немесе Tegrіty сынды курстарымызды еркін пайдалануға болады. McGraw-Hіll Campus арқылы кітапханамен де танысуға мүмкіндік бар. Бұл кітапханада қосымша элек­трондық кітаптар, бағалау құралдары, тұсаукесер слайдтары және мультимедиа контенті жеткілікті. Өзгесін айтпағанда, сабаққа дайындалуға, тестілер және сауалнамалар жасауға, лекция материалдарын жетілдіруге, интерактивтік контенттерді біріктіруге, тағы басқа ресурстарға жол ашады.

Карталар тізімі
І.1 Меркатор, Галл-Петерс және Робинсонның карта жобалары
І.2 Афроеуразияның физикалық және климаттық негізгі ерекшеліктері
І.3 Афроеуразиядағы он бір теңіз

І.4 Австралияның физикалық ерекшелігі І.5 Жердің солтүстіктен қарағандағы екі көрінісі. Бірі – Атлант мұхитын (сол жақ шеттегі), екіншісі Тынық мұхитты көрсетеді

І.6 Қос Американың физикалық ерекшеліктері
І.7 Мұхит желдерінің сипаттамасы
1.1 Ежелгі гомининдер іздері және Хомо эргастер/эректустың таралу аймағы
1.2 Неандерталь адамы және адамзаттың басқа да арғы тегі

1.3 Хомо сапиенстің жаһандық көші-қоны
2.1 Қолға үйретудің басталуы және өндіруші шаруашылықтың таралуы
2.2 Ең алғашқы күрделі қоғамдар
2.3 Месопотамиядағы ежелгі қалалар

2.4 Б.з.д. 3000–1000 жылдардағы Мысыр
2.5 Инд алқабындағы күрделі қоғам

2.6 Оңтүстік Азиядан Жерорта теңізіне дейінгі аймақтағы сауда. Б.з.д. үшінші мыңжылдық

3.1 Афроеуразиядағы аграрлық қоғамдар. Б.з.д. 3000–2000 жылдар
3.2 Үндіеуропа тілдерінің таралуы

3.3 Шығыс Жерорта теңізі алқабында б.з.д. екінші мыңжылдықта өмір сүрген негізгі мемлекеттер

3.4 Микен орталықтары. Б.з.д. екінші мыңжылдық 3.5 Дәнді дақыл өсіру мәдениетінің Афроеуразияның тропиктік белдеуіне таралуы 4.1 Б.з.д. 500 жылдарға дейінгі қос Америка, Австралия және Тынық мұхит алабы

4.2 Перудің Норте-Чико аймағындағы қалалық орталықтар
4.3 Мезоамерикадағы Ольмек өркениеті

4.4 Солтүстік Америкада ертеден өндіруші шаруашылықпен шұғылданған және оба тұрғызған қоғамдар

4.5 Австралия мен Мұхит аралдарын б.з. 1000 жылдарға дейін қоныстану 5.1 Темір металлургиясының негізгі орталықтары және таралуы. Б.з.д. 1200–800 жылдар

5.2 Теңіз халқы шабуыл­даған жерлер. Б.з.д. 1200–900 жылдар 5.3 Жерорта теңізі аймағындағы мемлекеттер, қалалар және сауда жолдары. Б.з.д. 1000–600 жылдар

5.4 Оңтүстік және Шығыс Азиядағы мемлекеттер. Б.з.д. 800–600 жылдар
6.1 Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. Б.з.д. 500 жылдар
6.2 Б.з.д. 550 жылдарда Ахеменидтер билеген империя
6.3 Александр империясы. Б.з.д. 325 жылдар

6.4 Эллиндік әлем және Маурия империясы. Б.з.д. 300–200 жылдар шамасы
7.1 Афроеуразиядағы басты мемлекеттер мен империялар. Б.з.д. 100 жылдар
7.2 Римнің империялық экспансиясы. Б.з. 300 жылдарына дейін
7.3 Цинь және Хань империялары

7.4 Куш және Аксум мемлекеттері
7.5 Буддизм мен христиан дінінің дамуы. Б.з.д. 200 – б.з. 300 жылдары

8.1 Қос Америкадағы негізгі аграрлық қоғамдар. Б.з.д. 900 – б.з. 900 жылдары

8.2 Мезоамерикадағы негізгі мемлекеттер. Б.з.д. 500 – б.з. 800 жылдары 8.3 Жоғарғы Солтүстік Америкадағы негізгі қоныстар мен қоғамдар. Б.з.д. 400 жылдарына дейін

8.4 Оңтүстік Америкадағы негізгі мемлекеттер. Б.з.д. 900 – б.з. 800 жылдар
9.1 Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. Б.з. 250 жылдары
9.2 Қарулы миграциялар. V–VІ ғасырлар
9.3 Гупта дәуіріндегі Оңтүстік Азия. Б.з. 320–550 жылдары

9.4 Діндердің таралуы. Б.з. 200–600 жылдар
10.1 Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. Б.з. 500 жылдары
10.2 VІІ–VІІІ ғасырлардағы дала мен шөлдегі империялар
10.3 Араб империясының шарықтау шағы. 750 жыл

10.4 Суй және Тан империялары. 589–907 жылдар
11.1 Афроеуразияның негізгі мемлекеттері. 800 жылдар
11.2 Негізгі дақылдардың мұсылман елдеріне таралуы. 700–1500 жылдар
11.3 Қиыр шетті байланыстырған теңіз жолы желісі. X ғасыр

11.4 Сахараның күнгей беті. 1000 жыл
11.5 Еуропаға шабуылдар, қоныстану және миграция. ІX–XІ ғасырлар
12.1 Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. 1100 жыл
12.2 Шығыс Азия. 1200 жыл

12.3 Афроеуразияның батысындағы негізгі мемлекеттер. 1200 жыл
13.1 Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейінгі Афроеуразия. 1227 жыл
13.2 Моңғол мемлекеті және көршілері. 1300 жыл
13.3 Оңтүстік теңіздердегі теңіз саудасы. 1200–1350 жылдар

13.4 Еуропадағы негізгі мемлекеттер. 1300 жыл
13.5 Транссахара байланыстары. 1200–1350 жылдар
14.1 X–XІІІ ғасырлар аралығындағы қос Америка

14.2 Солтүстік Америкада XV ғасырға дейінгі аралықта салған ірі обалар мен топырақ құрылыстары

14.3 Чако каньонынан шығатын жолдар
14.4 Ацтек империясының ұлғаюы
14.5 Инктер империясының ұлғаюы
15.1 1330–1355 жылдар аралығында оба індетінің («Қара өлім») таралуы

15.2 Темір империясы. 1404 жыл
15.3 Чжен Хенің экспедициясы. 1405–1433 жылдар
Алғыс

«Панораманы» жазуға «дүниежүзінің өткен тарихының біртұтас бейнесін жасаймыз» деген сеніммен кіріскен едік. Қазіргі заманның аса күрделі сипатқа қалай жеткенін түсіндіргіміз келді. Жер-жаһанға үстемдік жүргізсе де, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік күрделі мәселелермен бетпе-бет келген биологиялық түр ретінде, болашағымыздың баламасын елестетіп көруге көмектесер деген сенімдеміз. Адамзаттың біртекті тарихын жазу тарихи және әлеуметтік ғылыми мағлұматтардың үлкен қоймасын ақтаруды талап етті. Бұл ұшан-теңіз қазынаны саралау, іріктеу, талдау, жинақтау үшін зерттедік. Пікір жазушылар, редакторлар, дизайнерлер, картографтар, білім беру технологтарының үлкен тобы және отбасымыздың мүшелері де ғаламат білім қорын «Panorama: дүниежүзі тарихы» кітабының жиырма сегіз тарауына айналдыру мақсатында жұмыла көмектесті. Тарау жазбаларын сыни тұрғыдан һәм қырағы көзбен шолып шыққан, кейде қайта-қайта сын тезіне салған, тізімде аттары жеке-жеке аталған барша жанға алғыс айтамыз. McGraw-Hіll Educatіon редакциялық, жобалық және маркетингтік тобымен жұмыс барысында жақсы тәжірибе жинадық. Баспа мен редакцияның аса дарынды негізгі тобы – Мэтью Бисбридж, Нэнси Крохиер, Стейси Рюэль, Синтия Уорд, Лаура Уилк және Робин Муатпен тығыз қарым-қатынаста болдық. Сондай-ақ Рик Хеккер, Дэнни Мелдунг, Эми Маркс, Каэлин Шульц, Уэс Холл және Морин Уэстке кітапқа қосқан салмақты үлестері үшін алғыс айтқымыз келеді. Зерттеу жүргізіп, мәліметтер жобасын жасап және қателерімізді түзеу арқылы жобамызға көмектескен тарихшылар алдында да қарыздармыз. Әсіресе Николас Бомба, Маура Каннингем, Ингрид де Хаас пен Иэна Келлиге рақмет айтамыз. Дүниежүзі тарихының ерекше және біртума ойшылы ІІІ Эдмунд «Терри» Берк әр тараудың алғашқы нұсқасын оқып шықты да, сөйлем мен абзацтарға ғана емес, іргелі құрылымы мен концепциясына, болжам-долбарларға сын көзбен қараудың ғажап үлгісін көрсетті. Элизабет Коббс Хоффман бірнеше жыл жобаға араласып, қолжазбамыздың алғашқы нұсқасын жинақтауға үлес қосты.

Росс Данн:

– Оқытушылық һәм ғылыми мансабыма жол ашқан Филипп Д. Кертин, Маршалл Г.С. Ходжсон мен Уильям Х. Макнейл сынды дүниежүзі тарихының пионерлері айрықша қолдау көрсетпегенде, мұндай үлкен жобаны ешқашан қолға алмас едім. Сан-Диего Мемлекеттік университеті тарих бөлімінің өкілдеріне де алғыс айтамын. Олар негізгі академиялық жетістікке – дүниежүзі тарихы курсын таныстыруыма түрткі болды. Сан-Диего университетінде дүниежүзі тарихынан алғаш сабақ берген (Нил Хейманн, Уильям Д.Филлипс, Чарльз Д. Смит, Рэй Смит және Фрэнк Стейтс) әріптестерімді елжірей еске аламын. Сан-Диего университетінің жаһандық, кросс-мәдениеттік, салыстырмалы тарихтағы инновация орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түсу үшін Гарри Макдин мен Джоан Ферраро жетекшілігіндегі бірқатар бөлім мүшелерінің жанкештілігіне бас иемін.

Университеттеріне, тіпті үйлеріне барып, қоян-қолтық араласа жүріп, қызықты күндерді бірге өткізген, дәрістерін тыңдап, жазғандарын оқып, әңгіме-дүкен құрып, электрондық поштамен хат алмасып, интеллектуалдық-моральдық қолдау көрсету арқылы осы кітаптың жазылуына елеулі ықпал жасаған достарым мен әріптестерім өте көп. Мұндай достар мен тәлімгерлер қатарына Эдмунд Берк, Дэвид Кристиан, Боб Бэйн, Стэн Бурштейн, Билл Чик, Джулия Клэнси-Смит, марқұм Джерри Бентли, Сьюзан Дуглас, Тим Кейрн, Пол Килер, Говард Кушнер, Крейг Локкард, Патрик Мэннинг, Гэри Нэш, Кевин Рейли, Линда Симкокс, Джон Фолл және Мерри Виснер-Хэнксті де қосыңыздар. Сан-Диего университетінде бір жыл сабақ берген соң, Жанна Мюллер Даннға үйлендім. Жаны жайсаң, эстетикалық талғамы жоғары осы бір аяулы жанмен бас қосқаныма елу жылдың жүзі болды. Оның көмегінсіз бұл кітапты жаза алмас та едім. Қыздарым Джордан мен Джоселин және олардың отбасының көрсеткен қолдауы мен махаббаты болмаса, кітап жазуға тәуекел етпес едім.

Лора Митчелл:

– Дүниежүзі тарихын күрделі білім беру ғана емес, интеллектуалдық сұраныс ретінде бағалаған екі бірдей тарих факультеті жұмысына араласқаным – зор бақыт. Сан-Антониодағы Техас университетіндегі, 2002 жылдан бергі уақытта Калифорния университетінің Ирвайн филиалындағы әріптестерім де қолдау білдіріп, құпия әрі жария білімнің, ынталандыру мен әзілдің сарқылмас қайнары болды. Калифорния университетіндегі Кен Померанц пен Эдмунд Берк басқаратын Дүниежүзі тарихының мульти-кампус зерттеу тобы Африка зерттеушісі ретінде жеке қор құруға мүмкіндік берді. Миграцияны зерттеу тобы семинарларындағы әріптестік пен тәжірибе алмасу – дүниежүзінің бір ғана өңірін зерттеу үшін жалданған доценттің зияткерлік өрісін ұлғайтты. Меллон қоры бір жыл уақыт бойы берген «Жаңа бағыттар» стипендиясы деректермен жұмыс істеу арқылы жаңа дағдыларды дамыта түсті. Осы стипендия арқылы бұдан кейінгі оқуым мен зерттеулерімді бекіте түскен визуалды деректермен жұмыс істедім. Калифорния университетінде дүниежүзі тарихымен айналысқан өзге аспирант ғалым әрі мұғалімдер сияқты, мен де шыңдала түстім. Бұл кітаптағы жазбаларым – Кригер-холлдың айналасында, әріптестеріммен құрған келелі сұхбаттардың тасқа басқан нұсқасы іспетті. Дүниежүзі тарихының «Advanced Placement» бағдарламасымен серіктестігім тілінен бал таматын әңгімешілермен таныстыққа ұласты. Сол бір зияткер буынның әрбір өкіліне алғысым шексіз. Сонымен қатар көңілімді көтеріп, қолдау білдірген отбасым мен достарыма да ризашылығым шексіз. Сіздер әр ісіме оң көзбен қарап, қамқорлық танытып, ынтымақ пен сүйіспеншілік сыйладыңыздар. Жоспарымыз өзгеріп, келісілген кешкі асқа бара алмаған күнде де қабақ шытпадыңыздар. Осы жобаға менімен бірге ат салысып, бірінші жобам аяқталғанша шыдамдылық танытып, түсінген баршаңызға, әсіресе тарихтың, кітаптың отбасылық өмірімізге араласып кеткеніне төзе білген Грэм мен Йенге көп рақмет!

Panorama: дүниежүзі тарихының
рецензенттері мен кеңесшілері

Қолжазбаны оқып, цифрлық бағдарлама бойынша кеңес беріп, деректерді ыждағаттылықпен тексерген және мазмұн, суреттер, карталар мен кітаптың дизайны мен концепциясына қатысты ақылын ортаға салып, ұғымдарды бір ізге түсірген барша факультет мүшелеріне авторлар мен баспагерлер өз алғыстарын білдірді.

Кеңес берушілер:
Carol Bargeron,
Central State Unіversіty
Brіan Black,

Pennsylvanіa State Unіversіty, Altoona
Elaіne Carey,
St. John’s Unіversіty
Stephanіe Fіeld,

Unіversіty of Delaware
Phyllіs Jestіce,
College of Charleston
Hallіe Larebo,

Morehouse College
Stephanіe Musіck,
Bluefі eld State College
Ryan Schіllіng,

Mіssіssіppі Gulf Coast Communіty
College, Jackson
Ryan Thompson,
Cleveland State Communіty College

Шолып шыққандар:
Heather Abdelnur,
Augusta State Unіversіty
Jonathon Ablard,

Іthaca College
Wayne Ackerson,
Salіsbury Unіversіty
Calvіn Allen, Jr.,

Unіversіty of Memphіs
Davіd Atwіll,
Pennsylvanіa State Unіversіty,
Unіversіty Park

Carol Bargeron,
Central State Unіversіty
Mіchael Bіrdwell,
Tennessee Tech Unіversіty

Brіan Black,
Pennsylvanіa State Unіversіty, Altoona
Beau Bowers,
Central Pіedmont Communіty College

James Brent,
Arkansas State Unіversіty, Beebe
Mіchael Brescіa,
SUNY, Fredonіa

Erіka Brіesacher,
Worcester State Unіversіty
Mіchael Brose,
Unіversіty of Wyomіng, Laramіe

Gayle Brunelle,
Calіfornіa State Unіversіty, Fullerton
Edmund Burke ІІІ,
Unіversіty of Calіfornіa, Santa Cruz

Stanley Bursteіn,
Calіfornіa State Unіversіty, Los Angeles
Antonіo Cantu,
Ball State Unіversіty

Elaіne Carey,
St. John’s Unіversіty
Robert Carrіedo,
U.S. Aіr Force Academy

Roger Chan,
Washіngton State Unіversіty
Dana Chandler,
Tuskegee Unіversіty

Mark Chrіstensen,
Assumptіon College
Edward Crowther,
Adams State College

Edward Davіes,
Unіversіty of Utah, Salt Lake Cіty
Thomas Davіs,
Vіrgіnіa Mіlіtary Іnstіtute

Peter Dykema,
Arkansas Tech Unіversіty
Davіd Eaton,
Grand Valley State Unіversіty

Glorіa Emeagwalі,
Central Connectіcut State Unіversіty
Davіd Fahey,
Mіamі Unіversіty of Ohіo, Oxford

Edward Farmer,
Unіversіty of Mіnnesota, Mіnneapolіs
Alan Fіsher,
Mіchіgan State Unіversіty

Nancy Fіtch,
Calіfornіa State Unіversіty, Fullerton
Denіs Gaіnty,
Georgіa State Unіversіty

Steven Glazer,
Graceland Unіversіty
Steve Gosch,
Unіversіty of Wіsconsіn, Eau Claіre

Gayle Greene-Aguіrre,
MGCCC Perkіnston Campus
Chrіstіan Grіggs,
Dalton State College

Jeffery Hamіlton,
Baylor Unіversіty
Casey Harіson,
Unіversіty of Southern Іndіana

John Hayden,
Southwest Oklahoma State Unіversіty
Lіnda Heіl Wіlke,
Central Communіty College

Laura Hіlton,
Muskіngum Unіversіty
Stephanіe Holyfіeld,
Unіversіty of Delaware

Aіqun Hu,
Arkansas State Unіversіty
Tamara Hunt,
Unіversіty of Southern Іndіana

Erіk Jensen,
Mіamі Unіversіty of Ohіo, Oxford
Paul Jentz,
North Hennepіn Communіty College

Scott W. Jessee,
Appalachіan State Unіversіty
Phyllіs Jestіce,
Unіversіty of Southern Mіssіssіppі

Amy Johnson,
Berry College
Roger Jungmeyer,
Lіncoln Unіversіty

Alan Karras,
Unіversіty of Calіfornіa, Berkeley
Pam Knaus,
Colorado State Unіversіty

Paul Kuhl,
Wіnston-Salem State Unіversіty
Brіan LaPіerre,
Unіversіty of Southern Mіssіssіppі

Hallіe Larebo,
Morehouse College
Jonathon Lee,
San Antonіo College

Anu Mande,
Fullerton College
Susan Maneck,
Jackson State Unіversіty

Brandon Marsh,
Brіdgewater College
Nathan Martіn,
Charleston Southern Unіversіty

Tіm Mattіmoe,
Beaufort Communіty College
Chrіs Maurіello,
Salem State Unіversіty

Tіm May,
North Georgіa College and State Unіversіty
Tamba M’bayo,
Hope College

Mark McLeod,
Unіversіty of Delaware
Eіleen McMahon,
Lewіs Unіversіty

Peter Mentzel,
Unіversіty of Utah
Garth Montgomery,
Radford Unіversіty

Jay Moore,
Unіversіty of Vermont
Wіllіam Morіson,
Grand Valley State Unіversіty

Stephanіe Musіck,
Bluefіeld State College
Catherіne Brіd Nіcholson,
Kean Unіversіty

Jіm Overfіeld,
Unіversіty of Vermont
Alіce Pate,
Columbus State Unіversіty

Danіel Pavese,
Wor Wіc Communіty College
Ruth Percy,
Unіversіty of Southern Mіssіssіppі

Matthew Perry,
John Jay College of Crіmіnal Justіce
Amanda Podany,
Calіfornіa State Poly Unіversіty, Pomona

Kenneth Pomeranz,
Unіversіty of Chіcago
Nіler Pyeatt,
Wayland Baptіst Unіversіty

Dean James Quіrіn,
Fіsk Unіversіty
Dana Rabіn,
Unіversіty of Іllіnoіs, Champaіgn

Stephen Rapp, Jr.,
Georgіa State Unіversіty
Joshua Sanbron,
Lafayette College

John Thomas Sanders,
U.S. Naval Academy
Sharlene Sayegh,
Calіfornіa State Unіversіty, Long Beach

Pamela Sayre,
Henry Ford Communіty College
Bіll Schell,
Murray State Unіversіty

Ryan Schіllіng,
MGCCC Perkіnston Campus
Robert Scull,
Craven Communіty College

Mіchael Seth,
James Madіson Unіversіty
Munіr Shaіkh,
Іnstіtute on Relіgіon and Cіvіc Values

Howard Shealy,
Kennesaw State Unіversіty
Brett Shufelt,
Copіah Lіncoln Communіty College

Davіd Sіmonellі,
Youngstown State Unіversіty
Mary Ann Sіson,
Mіssіssіppі Gulf Coast Communіty

College, Jackson County
Corey Slumkoskі,
St. Francіs Xavіer Unіversіty
Karla Smіth,

Mіssіssіppі Gulf Coast Communіty
College
Adam Stanley,
Unіversіty of Wіsconsіn, Plattevіlle

Phіlіp Suchma,
St. John’s Unіversіty
Mark Tauger,
West Vіrgіnіa Unіversіty, Morgantown

Ryan Thompson,
Cleveland State Communіty College
Joel Tіshken,
Washіngton State Unіversіty

Sarah Trebanіs,
Іmmaculata Unіversіty
Mіchael Vann,
Calіfornіa State Unіversіty, Sacramento

Rіck Warner,
Wabash College
Merry Wіesner-Hanks,
Unіversіty of Wіsconsіn, Mіlwaukee

Rіchard Wіllіams,
Washіngton State Unіversіty, Pullman
Carlton Wіlson,
North Carolіna Central Unіversіty

Кіріспе
Жер: дүниежүзі тарихының сахнасы
Жердің жерсерік түсірген түнгі композициялық көрінісі

Адамдардың көпшілігі күнделікті уақытын (ұялы телефон мен компьютер экранына қарамаған кезде) отбасымен, достарымен бірге немесе жұмыс орындары мен мектептерде өткізеді. Одан өзге, адамның күнделікті күйбең тіршілігімен байланысып жатқан басқа да қарым-қатынастар жүйесі де бар. Бұл «қауымдастықтардың» кейбірі кездейсоқ әрі қысқа уақытқа созылса (мысалы, он мың метр биіктікте ұшып бара жатқан ұшақта қатар отырып қалған жолаушылар), кейбірі, керісінше, ұзақмерзімді болуы мүмкін (мәселен, грек-православ шіркеуінің барлық мүшелері). Дүниежүзінде жаһандық байланыстан сырт қалған ешбір адам жоқ, тіпті Амазонканың ну орманындағы аңшы да, Гималай беткейіндегі шаруа да ешкімнен оқшау емес. Өзгерістің жаһандық табиғаты бір ғана тарихи оқиғаның салдарымен түсіндірілмесе керек (мәселен, Таяу Шығыстағы соғыс). Мұнда әсер етуші маңызды шарттар (мысалы, газ бағасының өсуі) бар. Мәселе өнімдердің, идеяның таралуына ғана тіреліп тұрған жоқ. Жаһандық байланыстың ең негізгі ерекшелігі – белгілі бір аймақтың дамуы, үлкен аймақтағы үзіліп қалып, қайта реттелген қарым-қатынастардан тұратын кешенді әрекеттер жиынтығы. Қоғамдағы өзгерістер толқынының басқа қоғамдық қарым-қатынасқа әсері мол. Мысалы, халықаралық сауда қатынасында дипломатиялық келіссөздер немесе еңбек күші миграциясы бір елден екінші бір елге ықпал етеді. Күнделікті күйбең тіршілігіміз осы қайнаған өзгерістердің дәл ортасында өтіп жатыр. Бұл өзгерістердің әлеуметтік және мәдени байланыстарымызға кері әсерлерін айналып өтуге де болады. Өмір қиындықтар мен өзгерістерден тұрмай ма? Мықты әрі мызғымас деп ойлайтын «мәдениеттердің» өзі сол өзгерістер ықпалына түседі. Адамдардың бір-бірімен тығыз араласуы қай уақыттан бастап белсенді деңгейге көтерілді? Индустриялық революциядан бері ме? Екінші дүниежүзілік соғыстан бастап па? Мүмкін, сұрақты басқаша қою дұрысырақ болар: тарихтың әр кезеңінде қалыптасқан, жеке-дара жолы бар және аймақтық дамудан бейхабар, өзін-өзі қалыптастырған жеке-жеке қоғамдардың ең алғаш бір-бірінен бөлінген кезеңін көру үшін қанша уақытқа кері шегінуіміз қажет? Тіпті жүз мыңдаған жылға кері шегініп қарасақ та, дүниежүзін бір-біріне мүлде қатысы жоқ, шашыраңқы қоғамдар ретінде елестете алмаймыз. Адамзаттың ең ежелгі тарихы жер жүзіндегі тайпалардың аңшылық пен терімшілік жолындағы миграциясынан басталғаны рас. Қай жерде болса да, бұл тайпалар үнемі байланыста еді. Адамзат тарихының ежелгі кезеңдеріндегі адамдар тобының алғаш рет бір-бірімен және басқалармен қалай байланысқаны және сол байланыс әлемнің басқа бөлігіндегі адамдар өміріне қалай әсер еткені – аңыз іспетті. Бұл сауалдар бізді адамзат тарихын тұтас және өзара байланыс негізінде қайта қарауға шақырады. Тарих – түрлі ұлттар, өркениеттер мен аймақтар туралы баяндау ғана емес, сонымен қатар белгілі бір мекендердің тағдыры және оның миллион жыл бұрынғы жұмыр жер бетіндегі біртұтас дамуы туралы зерттеуден де тұрады. Шындығында, адамзат тарихы мен жер шары тарихы бір-бірімен тығыз байланысқан. Ғаламшардың географиялық «өзгешеліктері», мәселен, жер көлемі, мұхиттар және топографиялық, климаттық ерекшеліктері туралы мәліметтермен әуелден жақсы таныс болсақ, адамзат тарихын кең ауқымда және ұзақ мерзім аясында ұғына түсеміз. Сонымен қатар ежелгі тарихты зерттегенде жер шарын адамзат тарихының алғашқы «мекені» деп тұжырымдап қарасақ, белгілі бір мекендердің нақты орны мен адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын тереңнен ұғынамыз. Сондай-ақ мұны жеке мекендердің және халықтардың өзара байланыстарын анықтау, әртүрлі аймақтағы тарихи оқиғаларды салыстыру, мемлекеттердің, мәдени топтардың немесе өркениеттердің шекаралары шегінен шығып кеткен кең көлемдегі жетістіктерді түсіну үшін пайдалана аламыз.

Үлкен құрлық: тарихтың бастауы Көп адам жер шарын аспан асты, жер үстіндегі қос­өлшемді кеңістік деп ойлайды. Адамзаттың тіршілік әрекеті ауқымды, тарихи әрі күрделі сахнада жүріп жатыр. Бұл – адаммен қатар, бүкіл тіршілік атаулыны қамтитын биосфера1 қабаты. Биосфера үш қабаттан тұрады: атмосфера, гидросфера және литосфера. Ең жоғарғы қабат – атмосфера адам мен басқа барлық тіршілік иесінің өмір сүруіне қажет 21 пайыз ауа мен 78 пайыз нитрогеннен тұрады. Гидросфера қабатының 97 пайызы – мұхиттар. Литосфера – тас, топырақтан тұратын жердің қалың, қатты қабаты, басқаша айтқанда, көмір, табиғи газ және мұнай деп аталатын органикалық қазба байлығы. Адам тіршілігі биосфера заңдылығы мен күн қуаты, фотосинтез, жел, судың булануы секілді тіршілік қарым-қатынасына тәуелді. Әрбір түр басқа ағзалармен генетикалық байланыста. Мысалы, біздің де бананмен генетикалық байланысымыз бар. Қысқасы, тарихымыздың ауқымы Азия, Англия немесе Ацтек империясы ғана емес, жер бетінің «жасыл желек қабатын» да түгел қамтиды. Жер бетінің 71 пайызын алып жатқан өзен, көл мен мұхитты жүзіп өтуді адам мыңдаған жылдан бері үйреніп келеді. Соңғы жылдары әуе қатынасын, тіпті ғарышқа самғауды да меңгеріп алдық. Демек, біздің тарих литосфера қабатындағы үлкенді-кішілі оқиғаларға куә.

Биосфера – жердің тіршілік қабаты.

Құрлықтардың қозғалысы

Тектоника ғылымы литосфераны «жер қабаттары мен бөлімдерінің тығыз байланысқан аралық бөлігі» деп түсіндіреді. Литосфераның төменгі қабатындағы жұмсақ бөлігінде орналасқан жылу мен толқын жердің астыңғы қабаттарын қозғайды. Олар кейде ажырап, кейде бірігеді. Көп бөлігі мұхит түбінде жататын тектоникалық тақталардың2 қыртысынан жер сілкініп, жанартау түзіледі. Тақталардың қоз­ғалысы жер бетінің қалыптасу орны мен көлеміне әсер етеді. Әрине, бұл қозғалыстар геологиялық өлшеммен жылына бірнеше сантиметр ғана жылжиды.

Шамамен екі жүз миллион жыл бұрын геолог-ғалымдар Пангея деп атаған үлкен бір ғана құрлық болған. Уақыт өте келе сол жалғыз құрлық біртіндеп ажырай бастады. Алғашында екі ірі құрлыққа, кейін бірнеше бөлікке бөлінді. Гондваналандия деген құрлықтың құрамында болған Үндістан одан ажырап, ақырындап солтүстікке қарай жылжыған. Осыдан отыз миллион жыл бұрын Үндістан Еуразия құрлығына еніп, сол екі құрлық соқтығысқан жерден Гималай тауы қалыптасты. Себебі құрлықтың айналым үдерісі жиырма миллион жылға жалғасады. Африка Гибралтар бұғазынан ажырап, Еуропаға қарай жылжыды. Нәтижесінде құрлықаралық Жер­орта теңізін қалыптастырды. Тынық мұхит қатпарының солтүстік бөлігіндегі Калифорния жағалауы солтүстік бағытқа қарай жылжып отыр. Бұл үдеріс жалғаса берсе, нью-йорктіктер бір күні ұйқысынан оянғанда, Солтүстік Америкадан ажырап кеткеніне куә болуы мүмкін.

Жер тақталары жүйесіндегі өзгерістер. Жер бедері үнемі қозғалып тұратын тектоникалық тақталарға орныққан. Жер серігі түсірген суреттер құрлықтар бір жылда жылжитын шамалы қашықтықтың өзін дәл анықтай алады. Жүз миллиондаған жыл масштабында құрлықтар қозғалысы түрлердің эволюциясына әсер етті.

Тектоникалық тақталар – жердің литосфера қабатын құрайтын және үнемі қозғала отырып, пішімін өзгертетін тұрақсыз мығым блоктар жиынтығы.

Жеті құрлық па, бес құрлық па?

Мектеп оқулықтары жер бетінде жеті құрлық немесе жердің негізгі жеті бөлігі бар дейді. Олар: Африка, Азия, Антарктида, Австралия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка. Бұл тұжырым қайта қаралуы тиіс. Жер бөлігі толық я жартылай сумен қоршалып жатыр деген құрлықтың кең ауқымды физикалық түсінігі тұрғысынан қарасақ, Еуропа мен Азия бұл өлшемге сай келмейді. Еуропаның шығыс бөлігі мен Азияның батыс бөлігінің арасы ешқандай үлкен су шекарасымен бөлініп жатқан жоқ. Керісінше, екі құрлық миллиондаған жылдардан бері бірігіп, бір құрлыққа айналған. ХХ ғасырдан бері ғалымдар бұл қос құрлықты Еуразия деп атап келеді. Көп адам құрлықтың физикалық атауын солай тани бастады. Еуропа – Еуразияның түпкі Батыс бөлігіндегі ұзын түбек, құрлықтың бір бөлшегі, яғни Оңтүстік Азияға (Бангладеш, Үндістан, Пәкстан) ұқсас субконтинент.

Еуропа құрлығының түп бастауы – Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі Эгей теңізінде орналасқан ежелгі гректер мекені. Олар жер шары үш бөліктен тұрады деп сенді. Олар Эгей теңізінің солтүстік және батыс аймағын (қазіргі Грекияны қоса) – Еуропа аумағы, ал Эгей теңізінің шығыс және оңтүстік-шығыс аймағын Азия аумағы деді, ал Африка (Ливия) Эгей теңізінің оңтүстік және оңтүстік-батыс бөлігін алып жатыр деп есептеді.

Орта ғасырда Еуропа ғалымдары бұл террито-риялардың бұдан да едәуір ауқымды екенін білсе де, гректердің осы үшөлшемді құрлық түсінігін ұстанды. Еуропалықтар құрлықтарды діни ұғым бойынша бөлді. Христиандар өздері тұратын аймақты «христиандық» жер деп, Азия мен Африканы христиан еместер мекен ететін құрлықтар деген анықтама берді. Осылайша, теңіз бен мұхит бойынша емес, діни сенім бойынша құрлықтарды ажыратты. Бұл көбіне физикалық емес, мәдени танымға басымдық берген құрлықтарды анықтаудың бір жолы болды.

Алайда Еуропа шекарасы нақты қай жерде аяқталып, Азия қай нүктеден басталады? ХVІІІ ғасырда Сібірге саяхаттаған швед офицері Ресейдің Орал тауларын екі құрлық арасындағы негізгі шекара деп қарады1. Дәл шекаралық сызықты анықтау ұзақ уақытқа созылды, бірақ еуропалық ғалымдар аласа Орал тауларының топографиялық, мәдени және тарихи маңызды негіздері болмаса да, екі құрлық арасындағы «табиғи» бөлініс шекарасы деп санайды. Жерорта теңізін Қара теңізбен жалғап жатқан және «Еуропаны» «Азиядан» бөліп тұрған Босфор мен Дарданелл бұғаздарын да осылай айтуға болады. Алайда бұл екі бұғаздың тарихи маңызы шамалы, оған қоса қазір кез келген адам Босфор бұғазындағы екі көпірдің бірінен Еуропадан Азияға оп-оңай өте алады. Шекараны анықтаушы жасанды белгілерге қарамастан, Еуропа құрлығындағы елдер ХІХ ғасыр соңында дүниежүзінің көп бөлігіне әскери және экономикалық тұрғыда үстемдік орната бастады. Олар Еуропаны дүние басталатын табиғи түпкі мекен деп білді.

І.1-КАРТА. Солдан оңға қарай: Меркатор, Галл-Петерс және Робинсонның карта жобалары

Меркатордың XVІ ғасырдағы дүниежүзі картасы жер бедерінің салыстырмалы өлшемін өте қатты бұрмалап көрсетеді, бұл жоба сол ғасырдағы мектептерде қолданылды. 1973 жылы Арно Петерс дүниежүзінің картасын жасады. Ол аймақтардың нақты өлшемін дәл көрсетті, бірақ формаларын бұзып жіберді. Робинсонның 1960 жылдары жасаған жобасы өлшем мен форма арасындағы бұрмалаудың теңдігін сақтауға талпынды. Меркатор жобасындағы еуропоцентристік бағыт деп тапқан тұстарын Петерс әдейі жөндеді. Галл-Петерстің картасы дүниежүзі бейнесін дәлме-дәл көрсете алды деп ойлайсыз ба?

1569 жылы фламанд картографы Герард Меркатор теңіз капитандарына көмек құралы ретінде дүниежүзінің жазық карта жобасын сызып шықты: картадағы кез келген екі нүкте арасында сызылған түзу сызық – компастың дәл азимуты. Соңғы кезге дейін карта жобасы ретінде қолданылған Меркатордың дүниежүзі картасы Еуропаны қазіргі келбетінен әлдеқайда үлкен етіп көрсетеді. Себебі бұл кескін полюс бойындағы жер көлемін айтарлықтай бұрмалайды. Сондықтан қиыр солтүстік пен оңтүстік ендіктердегі3 аумақтар экваторға жақын жерлердің шынайы бедерінен әлдеқайда үлкен. Нәтижесінде Грекияның оңтүстігінен Норвегияның солтүстік шыңдары арасындағы Еуропа осы карта жобасында Оңтүстік Америка мен Африка және Үндістан субконтинентімен салыстырғанда айтарлықтай үлкен болып шыққан.

Меркатор жазық картаның төрт шетінен алып қарағанда да, Еуропаны дәл ортаға түсірді. Еуропа мен Солтүстік жартышарға қатысты Оңтүстік жартышар бөлігін жасанды нығыздады. Осылайша экваторды картаның төменгі бөлігіне қарай жылжытып жіберді. Карта жобасында көрсетілгендей, қолдан көлемді етіп жасалған Еуропа құрлықтар арасында ауқымды болып көрінеді.

Жер беті жазық емес, таулы, қыратты болғандықтан, барлық жазық карталар көлемді, ұзындықты, бағытты, қашықтықты әртүрлі жолмен кішірейту әдістерін қарастырады. Мұны дәл көрсету үшін кітап бетіне сыйғыза алмайтын нысандарды тұтас көрсете алатын глобус пайда болды. ХVІІІ ғасырдан картографтар Меркатордың картасын өңдей отырып, аймақтар тепе-тең бейнеленген түрлі карталар жасап келеді. Жер көлемі мен пішінін келісе отырып жасаған Робинзон картасы сияқты карта жобалары қазір кең қолданыста. Алайда кейбірінде полюске жақын аймақтардың пішіні үлкейіп кеткендері де кездеседі (І.1-картаны қараңыз).

Афроеуразия

Еуропа ұғымын Еуразияның бөлінбейтін геофизикалық бөлігі деп қабылдай отырып, дүниежүзі тарихына маманданушы студенттер Солтүстік Атлантика мен Солтүстік Тынық мұхит арасын сан ғасыр бойы халық көшіп-қонып, жауласып та, сауда-саттық жасап та өмір сүріп келе жатқан, ежелден жалғасқан тұтас аумақ болды деп қабылдау қиынға соқпас. Ал Африка ше? Африка мен Еуразияны тек Жерорта және Қызыл теңіздері ғана бөліп тұрса да, Африка өз алдына жеке құрлық болып есептеледі. Литосфераның Африка тақталары деген атпен белгілі ең үлкен бөлігі осы Африка құрлығында көп кездеседі. Еуразия мен Африканы тұтас бір құрлық деп есептеуге бола ма? (І.2-картаны қараңыз). Сол қолыңыздың бас бармағын Жерорта теңізінің үстіне, ал оң қолыңыздың сұқ саусағын Қызыл теңіз бетіне қойыңыз. Еуразия мен Африканы тұтас бір жер бөлігі екенін оңай байқайсыз және Африка Еуразиядан едәуір үлкен екені де көрініп тұр. Жер­орта және Қызыл теңіздерді Атлант және Тынық мұхиттарымен салыстыра қарағанда, теңіз емес, «көлдер» болып көрінеді. Мыңдаған жылдан бері адамдар осы аймақтарда арлы-берлі көшіп-қонып келеді. Синай түбегі мен Суец каналының көпірі арқылы Африкадан Еуразияға оңай өтуге болады.

Жерорта және Қызыл теңіздері айналасын мекендеген халықтардың өзара тұрақты қарым-қатынасы, Азия, Африка мен Еуропадағы тарихи тұрақты байланыстар бір кездері тұтас құрлық бөлінді деген ойға жетелейді. Яғни дүниежүзі тарихын бірге қарастыру – Еуразияны ғана емес, бүкіл Азия мен Африканы (көрші аралдарды және Жапония, Филиппин, Британия сияқты аралдар тобын) ежелгі уақыттан бері маңызды тарихи даму сатыларынан бірге өткен тұтас жер ретінде қарауымызды қажет етеді.

І.2-КАРТА. Афроеуразияның физикалық және климаттық негізгі ерекшеліктері

Афроеуразияны ортақ географиялық одақ етіп байланыстыруда қандай физикалық ерекшеліктер рөл ойнайды? Бұл жер бедерін үш құрлық ретінде түсінуге қандай ерекшеліктер көмектеседі?

Ежелгі ғалымдар Африка, Азия мен Еуропаны тұтас бір құрлық ретінде қарастырып келгені анық. Римдіктер мұны Орбис Террарум (Orbіs Terrarum) немесе «Жер шеңбері» деп атады. Үш құрлық өлшемі – кейінгі адамдардың ойлап тапқан атауы. Сол кезден бастап мектеп оқулықтарында стандартталып жазылып, дүниені танудың «дұрыс» жолы ретінде қарастырылып, қазіргі географтар Африка мен Еуразияны бір құрлық ретінде елестете алмайтындай болып қалды. ХVІ ғасырда Еуропа халықтарында «Жаңа Әлем» деп аталған Америка мен Шығыс жартышарды ажырату үшін «Ескі Әлем» термині пайда болды. Алайда бұл терминдер сын астында қалды, себебі қос Америка еуропалықтар үшін ғана «жаңа» болып көрінді, ал еуропалықтар келгенге дейін қос Америкада мыңдаған жыл бойы бірнеше халық өмір сүріп жатқан еді. Осы кітапта Африка мен Еуразия ұғымын қатар беру үшін Афроеуразия4 сөзін енгізіп отырмыз. Бұл атау осы қос құрлықта болып жатқан кең ауқымды тарихи дамуларды талқылау үшін ортақ географиялық құрал ретінде қолданылады.

Су алаптарын есептемегенде, Афроеуразия жер бетінің 60 пайызға жуығын алып жатыр. Афроеуразия аумағы – жер шарының ең үлкен бөлігі ғана емес, сонымен қатар ең алғаш адам ізі пайда болған жер (біздің білуімізше) және жер бетіндегі өмір сүрген бар халықтың тарихи мекені. Қазір дүниежүзін­дегі адамның 86 пайызы Афроеуразияда тұрады. Афроеуразия құрлығындағы жаугершілік, айырбас, көші-қон мен тұрақтылық негізін түсіну үшін осы аймақтың физикалық және климаттық ерекшеліктерімен кеңінен хабардар болу керек.

Ендік – жерді айнала қоршаған және мәні 0 градус болатын, экватордың солтүстік пен оңтүстік қашықтықтарын градус арқылы көрсететін, шығыс пен батыстың географиялық координаттары.

Афроеуразия – Африка мен Еуразияның жер бедерін және көрші аралдарды тұтас кеңістік деп қарастыратын атау.

Ұлы Арид зонасы

Африканың Атлант жағалауынан солтүстікке қарай созылып, Қытайдың ішкі солтүстік бөлігіне дейін жетіп жатқан Афроеуразияның үлкен бір бөлігінде шөл және шөлейтті өңірде елді мекендер орналасқан. Ұлы Арид зонасы5 деп аталған бұл алып аймақ таулардың, жалғасып жатқан шөлейттердің және құрғақ далалардың жиынтығынан тұрады. Дала ұғымы жазық немесе жайылым деп те аталуы мүмкін. Америкалықтар даланы – прерия, ал аргентиналықтар пампас деп атайды. Ұлы Арид немесе шөлейтті белдемнің ең негізгі климаттық ерекшелігі – жауын-шашын аз түседі. Жауын-шашын ең шөлейтті жерлерде жылына 5 дюйм6, сулы далаларда жылына 20 дюйм мөлшерінде ғана жауады.

Ұлы Арид зонасының батысындағы Сахара – дүниежүзіндегі ең үлкен, құрғақ, шөлді мекен. Сахара­ның климаттық жалғасы іспетті Араб және Сирия шөлдері шығысында Иранмен жалғасып жатыр. Құрғақ елді мекендер аумағы – Шығыс Ираннан бастап Пәкстанның оңтүстік жағы мен Үлкен Үнді шөліне дейінгі аумақ. Иранның солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігі Ішкі Еуразия деп аталатын үлкен аймақтағы даланы алып жатыр. Ішкі Еуразияның7 батыс бөлігінде – Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы аймақтарда жауын-шашын түсімі салыстырмалы түрде жақсырақ, жылына 20 дюйм. Бірақ Ішкі Еуразия Шығысқа қарай сусыз далаларға айнала бастайды. Моңғолия мен Қытай жерінде созылып жатқан Гоби шөлі құрғақ аумақтың ең шығыс шеті болып есептеледі.

Ұлы Арид зонасы ескі Голливуд ленталарында көшпенділер және Франция легионерлері ғана өте алатын құмды тозақ мекен ретінде сипатталады. Расында, белдеудің кейбір бөлігінде адам аяғы жетпеген жерлер бар, алайда кинода көрсетілгендей, тозақ емес. Тығыз қоныстанған шаруалар мыңдаған жылдан бері құрғақ жерлерді мекен етіп келеді. Ең ежелгі егіншілік осы Ұлы Арид зонасында немесе оған жақын маңында басталғаны анық. Құрғақ жерлер – елді мекенсіз аймақтар дегенді білдірмейді, ол жерлерде де егін мен мал шаруашылығына жетерлік жерасты сулары мен өзендер бар. Ежелгі өркениеттің отаны – Тигр, Евфрат, Ніл, Инд және Сары өзен Ұлы Арид зонасы арқылы ағып өтеді. Барлық жерде де су бассейндері бұлақ, құдық пен жерасты сулары арқылы қор жинап, үлкен қалалар мен шаруаларды сумен қамтамасыз етіп отырған. Оның үстіне бұл белдеуде биік қыратты аймақтар мен жерлер де кездеседі. Ерте заманнан бері шаруалар жауын-шашын мен тау жазығындағы ағын суларды қажетіне жарата білді.

Ұлы Арид зонасы. Афроеуразиядағы бұл белдеу шөлді немесе шөлейтті. Мұнда қысқы жаңбыр көктемгі шалғынды суарады. Суретте (сол жақта) нар (дромадер) Араб шөлінің батысын кезіп жүр, ол – Солтүстік-Шығыс Қытайдың шөбі шүйгін далаларында өскен жылқы малынан гөрі, қатал табиғи шарттарға бірнеше мыңжылдық бойы биологиялық тұрғыдан төзе білетін жануар.

Ұлы Арид зонасының жан төзбес қуаң жерлерінде адамдар тіршілік етудің басқа бір амалын тапты. Осыдан 4–5 мың жыл бұрын адамдар үй жануарларын ұстау арқылы шөлдегі климаттық жағдайға да бейімделе бастады. Мал ұстаушылар ет, сүт өнімін беретін қой, жылқы, ешкі, сиыр, түйе шаруашылығына негізделген жеке бір экономиканы дамытты. Ежелгі бақташылар Ішкі Еуразияның шұратты (оазис) аймағын мекендеген, тіршілігі мал шаруашылығына тікелей тәуелді адамдар болды. Мал ұстаушы бақташылар маусымдық жауын-шашын түсетін Сахара, Араб шөлі мен Иран қыраттарына да бейімделе бастады. Бұл аймақтарда жануарларды шөлден аман алып қалу үшін құдықтар қазып отырды. Мал шаруашылығы көлемді жайылымдық жерді қажет етеді. Сондықтан малшылар жаңа жерлерге көшіп отырды. Малшы халық ыстық-суыққа төзімділігімен, ұтқырлығымен және, негізінен, жауынгерлігімен дүниежүзі тарихында ерекшеленді.

Ұлы Арид зонасы – Сахара шөлінен бастап, Шығыста Гоби шөліне дейінгі Афроеуразия аумағын қамтитын шөл және шөлейтті жерлер белдеуі. Бұл аймақ – жеткілікті су қоры бар, көшпелі малшылар қоғамы мен егіншілер қауымдастығының отаны.

Дюйм (ағылшынша: іnch) – өлшемдердің ағылшындық жүйесін пайдаланатын елдердегі ұзындық бірлігі. 1 дюйм – 2,54 см.

Ішкі Еуразия – негізгі ерекшелігі шөбі шүйгін даласы немесе орманы бар, жазықтығы шөлдермен және биік тау жоталарымен шектелетін Еуразияның ішкі құрлықты жер бедері.

Тропиктік белдеу

Ұлы Арид зонасының оңтүстік бөлігін Афроеуразиядан өтіп, экваторға тіреліп жатқан тропиктік немесе жартылай тропиктік жерлер тұтас алып жатыр. «Тропик» деп аталған географиялық терминнің мағынасы, негізінен, екі сызықпен шектеліп жатқан аймақ деген ұғымды білдіреді. Олар: оңтүстігінде – Оңтүстік тропигі, ал солтүстігінде – Солтүстік тропик сызығы. Осы екі тропиктік белдеу арасындағы барлық жерлерде кем дегенде жылына бір рет күн сәулесі дәл төбеден түседі. Афроеуразияның батысында көгалды алқап пен орманды саванналар және Сахараның оңтүстігіндегі Африканың экваторлық ормандары алып жатыр. Шығысында Ганг өзен алқабы, Үндістанның орман-тоғайлы батыс бөлігі мен Оңтүстік Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бар. Керісінше, Ұлы Арид зонасында ылғалды тропиктерде жауын-шашын түсімі жоғары, жылына 430 дюйм. Алғашқы қауым адамдары Африканың шығысындағы тропиктік мекендерде, көгалды алқаптарда аң аулаумен күнелтті. Тропиктік аурулар таралғанына, топырақты құнарынан айыратын экологиялық қиындықтарға қарамастан, біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықта егіншілер мен көшпелі малшылар Африка мен Еуразияның тропиктік аймақтарына қоныстана бастады.

Қалыпты температураның солтүстік ендігі

Атлант және Тынық мұхиттары арасындағы Афро­еуразияның орманды солтүстігінің климаты тұрақты болды. Ұйытқи соғатын Батыс желі Еуразияның солтүстігінде жыл бойы уілдеп тұрды. Қарама-қарсы ауа айналымы мен жылы, тропиктік ауа қатар соққандықтан, суық пен жылы, ылғал мен құрғақ кезеңдер алмасып отырды. Солтүстік Атлантикадағы ауа ағысы салдарынан батысынан жел соға бермейтін Еуропада, негізінен, қыс мезгілінде жауын-шашын өте көп жауады. Бірақ Еуразияның ішкі жағы, әсіресе Орал тауларының шығысы – құрғақ, қысы қатты суық. Біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығында соқа мен балта пайда болмай тұрып-ақ, Еуропаның ну ормандары сирей бастады. Керісінше, Орал таулары мен Сібір тайгаларындағы орманды жерлер қазіргі заманға дейін сақталды.

Афроеуразияның ең үлкен «ішкі» теңізі – Жерорта теңізі солтүстік ормандар мен Ұлы Арид зонасының арасында жатыр. Жерорта теңізінің таулары мен жазық жерлерінің жазы ыстық, қысы жұмсақ әрі жаңбырлы. Ашық орман-тоғайлы алаңқайлар бұл қалыпты аймақтың көп бөлігін қамтыды, ерте кезеңде шаруалар жазықтар мен қыраттарды бидай, бау-бақша мен жүзім алқабына айналдырды.

Афроеуразияның таулы жотасы

Афроеуразияның Батыс-Шығыс климаттық аймақтарының жүйесін тұтас құрлық бойына созылып жатқан таулар екіге бөліп тұр. І.2-картада Батысы Солтүстік Африканың Атлас тауларынан басталып, Шығысы Қытайдың оңтүстік-батыс таулы қыраттарына дейін жететін таулар жүйесі анық көрсетілген. Афроеуразияның екі жағында тұрып жатқан халықтарға бұл биік те өткір тау жоталары кедергі келтіріп, байланысты қиындатты. Мәселен, Қытай мен Үндістан арасындағы жер қатынасы байланысына Гималай мен Кунлун таулары қауіпті, кедергісі көп аймақтар болған. Осыған ұқсас, Альпі таулары Жерорта теңізі мен солтүстіктегі орманды аймақтар арасындағы халықтардың қарым-қатынасына қиындық тудырды. Шынында да, Альпі таулы қабырғасы оңтүстік пен солтүстіктегі Еуропа христиандарының мәдени айырмашылықтарын түсінуге көмектеседі.

Гималай тауындағы биік өткел. Саудагерлер тауарларын тасымалдау үшін Гималайдың жоғары асуынан асты. 1986 жылдың өзінде Солтүстік Пәкстандағы треккерлерге арналған Гондорого Пасс өткелі арқылы өтетін 19 500 футтық8 маршрут анықталды.

Алайда Афроеуразияның таулы қырат беткейлері ерте замандарда аңшылар мен терімшілер тобының мекеніне айналды, кейін егіншілер мен малшылар да таулы мекендерді меңгеріп, игерді. Таулы қыраттарды жаз мезгілінде басып өтіп жүрген ежелгі қоныс аударушылар жол сызбасын жасап шықты. Жаулаушы атты әскерлерді айтпағанда, мыңғырған малымен көшіп-қонған көшпенділер Атлас, Загрос, Гиндукуш тауларын (Hіndu Kush) бірнеше рет емін-еркін асып өтіп жүрді. Тіпті қауіпті, адам аяғы баса бермейтін қыраттарға жол салып, алыс-жақын елдер арасында сауда байланысын орнатты.

Фут (ағылшынша: foot) – ұзындықтың көп тараған байырғы өлшемдерінің бірі. 1 фут – 12 дюйм немесе 30,48 см.

Он бір теңіз

Теңіздер тізбегі Афроеуразияның да бас-аяғын жалғап жатыр. І.3-картада құрлықтың солтүстік-шығыс қиырындағы Жапон теңізінен (Шығыс теңізі) бастап, Еуропаның оңтүстігіндегі Балтық теңізіне дейінгі теңіздер рет-ретімен берілген. Үлкенді-кішілі бұғаздар осы теңіздердің бірнешеуін байланыстырып тұр. Қызыл теңіз бен Парсы шығанағы – Жерорта теңізі мен Араб теңізі арасында қатарласа жатқан су жолдары. Қызыл теңіз Жер­орта теңізіне Синай түбегі бойымен қысаң жағалаулар өткелі арқылы жалғасып жатыр. Әйтсе де Суец каналы қазір қолдан жасалған бұғаз іспетті. Жерорта теңізі мен Парсы шығанағы арасында байланыс орнату үшін Ирак пен Сирия арқылы құрлықпен ұзақ жол жүру керек.

Он бір теңіздегі климат пен ауа райының ендіктегі және жел жағдайына қарай айтарлықтай айырмасы бар. Дегенмен б.з.д. бірінші мыңжылдықта, кей жерлерде одан да ертерек, адамдар ауа райындағы, желдегі, ағыстағы мерзімдік заңдылықтарды бақылап, белгілеп отырды. Афроеуразиядағы ең ірі ауқымды желдер циклі – Үнді мұхиты муссоны. Бұл климаттық құбылысқа жылдың белгілі бір мерзімдерінде желдердің аймақтағы бағытын өзгертуін жатқызамыз. Үнді мұхиты мен Еуразия арасындағы температура айырмашылықтарына орай, қыс айларында Африкаға қарай соққан жел Оңтүстік-Шығыс Азия мен Үндістанды басып өтіп, солтүстік-шығыстан соғады. Жаз айларына қарай кері бағытта – оңтүстік-батыстан соғады. Ерте замандарда Оңтүстік Қытай теңізі, Бенгал шығанағы және Араб теңізі маңайын жайлаған халықтар муссон жайлы біле бастады. Алғашқы теңізшілер айлақтан белгілі бір жыл мезгілдерінде жүзіп шығып, муссон ауысқан соң қайтып келуді меңгеріп алды.

І.3-КАРТА. Афроеуразиядағы он бір теңіз

Муссон желінің маусымдық сипаты жайлы жинақтаған білімдерін Оңтүстік Қытай теңізі, Бенгал шығанағы мен Араб теңізін айнала жүзіп жүріп сауда жасайтын теңіз саудагерлері қалай пайдаға асырды?

Барлық он бір теңізде теңізшілер діттеген жеріне жететініне сеніп, жағалаудан жыраққа жүзіп шығу үшін жергілікті жел мен ағыс ауанын пайдаға асыруды үйренді. Уақыт өте келе саудагерлер, мигранттар, пірәдарлар, кейде теңіз қарақшылары мен теңіз басқыншылары он бір теңіздің ашық су бетін үрейге толы бос кеңістік деп емес, діттеген жерге жылдам жеткізетін әрі құрлық жолдарымен салыстырғанда арзан байланыс арнасы деп қарай бастады. Б.з. алғашқы мыңжылдығының аяғына қарай бүтіндей 4000 мильге9 созылған теңіздер дәлізі бірыңғай сауда желісіне айналған еді. Жекелеген көпестер, қазіргі күндегі сияқты, теңіздің ана басынан мына басына жүк тасымалдады. Саудагерлер екі теңіз түйіскен жерлерде пайда болған сауда айлақтарындағы өзге топтарға жүгін саудалаған да болар.

Миль (ағылшынша: mіle) – бірліктердің метрлік жүйесіне енбейтін, кең таралған ұзындық бірлігі. Ұлыбританияда 1 теңіз милі – 1,852 шақырым, құрлықтағы 1 миль – 1,609 шақырым.

Өзендер

Афроеуразияның ұлы өзендерін де мұхиттардың жалғасы, құрлықтың ішкі бөлігіне бойлай енетін байланыстың тар дәлізі ретінде қарастырамыз. Кейбір ірі өзен сағалары, мәселен, Қытайдағы Янцзы өзені не Еуропадағы Рейн мен Дунай ішкі айлақтарындағы сулар мұхит кемелері өз бетімен жүзе алатындай кең әрі айтарлықтай терең. Енді бір өзендердегі қайраңдар, шалшықтар, сарқырамалар немесе таяз атыраулар алып кемелердің теңізге шығар жолын бөгейді. Әйтсе де мұндай кедергілерді есепке алмағанның өзінде, өзендер жүздеген, тіпті мыңдаған миль бойы кеме жолына айнала алмады. Мысалы, Орталық Африканың шоқылары мен Атлант мұхиты арасындағы бір топ сарқырамаға байланысты Конго өзенінің таяздау арнасы кемемен жүзуге қолайсыз. Жиһанкездер бұл сарқырамаларды құрлық арқылы айналып өтті. Дегенмен сарқырамалары бар өзен мен оның сала-сала тармақтары 8 700 мильге жуық экваторлық Африканың үлкен бөлігін алып жатқан кеме жүзетін ағыстар желісін құрды. Афроеуразияның қосалқы өзендерінің көпшілігі тым шағын, таяз не кеме қатынасы үшін жарлауытты болды. Оңтүстік Үндістанның ішкі жағынан келетін ағыстар және Жерорта теңізіне құятын ондаған су ағыстары – Ніл мен Рона ғана ішкі аймақтарға ене алатын су тасымалын қамтамасыз етті. Әрине, өзендер алабы деген де ұғым бар. Кеме жүзуіне жарамды болса да, болмаса да, өзен – әсіресе, ағысы кең алапты кесіп өтетін тұста, жиһанкездерге жағалауға жапсарлас құрлықтық бағдарға жол сілтеуі мүмкін.

Адамдар терең мұхиттарға тәуекел етпес бұрын, мыңдаған жыл бойы өзенді алқаптар бойында құрлық арқылы кішкентай қайықтармен, сал буып және желкенді кемемен қарым-қатынас жасай бастады. Өзендер арагідік қоныс аударушылар, көпестер мен жаңа идея иелерінің бағытын анықтап отырды. Тілдер мен мәдени жүйелердің географиялық тұрғыдан бөлінісін реттеді. Афроеуразияның шөлді жерлерінде өзенді алаптар бекерден-бекер молшылық нышаны болған жоқ. Олар ерте замандағы отбасылар мен қала салушыларды сумен қатар, құнарлы топырақпен де қамтамасыз етті. Афроеуразиядағы ежелгі өркениеттердің бәрі де Ұлы Арид зонасының ең жұтаң бөліктерінде де күн, топырақ және мол су – тығыз қоныстанған халық өсіп-өне алатын экологиялық жағдай тудырған өзен алаптарында пайда болды.

Өкінішке қарай, өзендер де – жер бетіндегі ең бір тұрлаусыз құрылымдардың бірі. Нақты топография, гидрология не климат жағдайларына байланысты, өзендер кенеттен тасып, аяқ астынан ағыс арнасын өзгертуі мүмкін. Бұл егістікті тұзбен толтырып, кесірін тигізеді және арықтарды бітеп, кеме қатынасын тұсап, ми батпағы мол шөгінді қайраң жинайды. Мәселен, Қытайдың солтүстігіндегі Сары өзен бойында тығыз қоныстанған халықтың үлкен қалалар мен ауқымды бидай алқаптары сақталып қалды. Әйтсе де ғасырлар бойғы дүркін-дүркін тасқындар мен ағыс бағытының өзгеріп отыруы миллиондаған өлім-жітім мен әулеттерді құлдыратар күші бар экономикалық қасіретке себеп болды.

Әрине, «өзендер неге тосын мінез көрсетеді?» деп, табиғатқа ғана кінә арта алмаймыз. Адамдар мыңдаған жыл бұрын ағысын үнемі күшейтіп, сол арқылы сел мен эрозия қатерін көбейтіп, жағалау бойындағы ормандарды отай бастады. Қазір кей мемлекеттер өзендерден пайда табу мақсатында даңғой жобаларға ден қойып отыр. Өзен арнасын бұру, бөгеттер мен тоғандар салу және алып дамбалармен тосқауыл қоюдың бәрінің де экологиялық ұзақмерзімді зардабы бар. Алдағы тарауларда тарихқа «шолу» жасағанда, өзендер және өзенді алқаптардың дамылсыз өзгеріп отыратын ландшафтары мен адамзат тарихы арасында байланыстар барын аңғарамыз.

Конго өзеніндегі сарқырамалар. Бұл алып өзен мен оның салалары Африкадағы ең үлкен су жолдары торабын құрайды. Олар мың жыл бойы жергілікті сауда жолы қызметін атқарып келді. Алайда Конгодағы Атлант мұхитының сағасына баратын кемелерге жолда кездесетін отыз екі сарқырама кедергі келтіріп, бұл жол үлкен торапқа ұласа алмады. Өзеннің 220 миль қашықтыққа созылған саласы шамамен 900 футқа дейін төмендейді.

Австралия

Географтардың Австралия туралы пікірталастары әлі күнге толастар емес. Дүниежүзіндегі ең кішкентай құрлық па, әлде ең үлкен арал ма? Ғалымдар Австралияға Тасмания, Жаңа Зеландия, кейде Жаңа Гвинеяны қосақтап, «Австралазияны» әлемнің жеке бір аймағы деп қарастырады. Австралияны орталығына алған жартышарға қарасаңыз, үлкен теңіз арасындағы жалғыз арал секілді. Осы жартышардың солтүстік-батыс тұсын назарға алсақ, бұл жерді архипелагтағы Жаңа Зеландиядан Филиппинге дейін созылып жатқан ең үлкен арал деп қабылдай аламыз. Австралияның солтүстік жағалауын Индонезия аралынан қысқа ғана теңіз өткелі бөліп жатыр. Ал «төмен жақтағы өңірге» қарай жылжыған алғашқы адамдар, сірә, 60 мың жыл бұрын, солтүстікке қысқа сапардан соң ол жаққа шағын қайықтармен-ақ жетіп алса керек.

Австралия, сөзсіз, ең біртекті құрлық (І.4-картаны қараңыз). Оған терең жағалық ойыстар немесе кез келген ішкі көлдер әлде теңіздер жетіспейді. Құрлықтар ішіндегі ең жалпағы да – осы. Оның көп бөлігі көз жеткісіз үстірт пен ойпаттан тұрады. Афроеуразия секілді, мұның да таулы аймақтары бар. Үлкен Суайрық жотасы (Great Dіvіdіng Range) құрлықта Шығыс жағалаумен қатарласа созылып жатыр. Десек те, бұл орманды жоталардың біразы ғана 500 футтан асатындықтан, адамдар қарым-қатынасына кедергі келтірген емес.

Тынық мұхит жаңбырын жаудыратын ішкі жоталардан көтерілер өкпек желдің (пассат) арқасында Үлкен Суайрық жотасы мен Оңтүстік Тынық мұхит арасындағы шығыс жағалау жазықтығында су қоры жеткілікті. Таудың батыс жағында халық сирек қоныстанған ішкі аймақ – Үнді мұхитына қарай 4000 мильге созылған, әрдайым құрғақ елді мекен жатыр. Австралияның Ұлы Арид зонасы секілді аймағы – шөлді сахара мен жал-жал құмнан тұратын ауқымды дала құрлықтың үштен бірін алып жатыр. Тек қана шығыс жағалау, қиыр солтүстік, оңтүстік жағалаудың біраз бөлігінде ғана 20 дюймнен жоғары маусымдық жауын-шашын түседі. Афроеуразия­мен салыстырғанда, Австралияда құрлықішілік байланысқа жарамды өзендер тапшы. Жарамдысы – жалғыз ғана Муррей өзені. Ол Оңтүстік-Шығыстағы Қарлы таулардан (Snowy Mountaіns) басталып, Үнді мұхитына құяды.

І.4-КАРТА. Австралияның физикалық ерекшелігі

Жерсерік түсірген жердің түнгі композициялық суретіне (36-бетте) қараңыз. Австралияның оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс жағалауларын бойлай шоғырланған жарықты қандай географиялық фактор түсіндіріп бере алады?

Австралияның өсімдіктер мен жануарлар әлемі (евкалипт ағашы, кенгуру, үйректұмсық) құрлық бір кезде биологиялық байланыста болған Гондваналандия суперконтинентінен физикалық бөлінісінің эволюциялық салдары (І–4-бетті қараңыз) деуге болады. Шамамен 200 миллион жыл бұрын бүгінгі Австралия, Антарктида, Африка және Үндістан жерлері бөлінді. Африка мен Үндістан Еуразияға айналған құрлыққа қарай жылжыды, алайда Австралия едәуір алысқа кетті. Одан әрі, Гондваналандиядан қалған өсімдіктер мен жануарлар қоры өз бетінше дами берді. Кейінгі геологиялық дәуірлерде Австралия қазіргі индонезиялық архипелагпен, жануарлар және өсімдіктер дүниесімен алмасты.

Бұл қарым-қатынастар ішінде адамдардың ертедегі Австралияны игеруін де мысалға ала аламыз. Соңғы 60 мың жыл бойы құрлықтың Афроеуразиядағы халық санымен салыстырғанда аз әрі бытыраңқы қоныстанған байырғы қоғам көрші Оңтүстік-Шығыс Азия халқынан да оқшау өмір сүрді. Жаңа отарлаушылар құрлыққа екі ғасырдан сәл-ақ уақыт бұрын келді. 1788 жылы ағылшын тілді еуропалықтар біршама ылғалды шығыс жағалауға орнығу үшін кемелерімен жүзіп жетті. Сол кезден бері жергілікті халық, өздері қаласын-қаламасын, тығыз қарым-қатынас орнатты.

Солтүстік және Оңтүстік Америка

Кез келген шар сияқты, жер шарын да айналдырып қарауымызға болады. Ғаламшарды екіге бөліп қарастыру үшін бойлықты10 кез келген бағыт бойынша таңдай аламыз. Ең танымал екіге бөлу нүктесі – Англияның Гринвичі арқылы өтеді, оны Бас меридиан деп атаймыз. Бұл сызық, бойлықты өлшеу үшін де, яғни осы нүктеден алғанда шығысқа немесе батысқа қарай градус бойынша ұзақтығын анықтау үшін де және дүниежүзіндегі стандартты уақыт белдеулерін білдіру үшін де қызмет етеді. Бұл сызық Тынық мұхит тарапынан алғанда Халықаралық уақыт сызығы ретінде қолданылып келеді. Бұл сызықта «айрықша» еш нәрсе жоқ: 1884 жылы шақырылған Ұлттар конференциясына қатысқан дипломаттар «Бас меридиан Лондон маңындағы Гринвичтен өтуі тиіс» деген келісімге келді. Дауыс беру нәтижесінде – жиырма екі дауыс осы шешімді қолдап, бір дауыс қарсы шықты, Франция қалыс қалды.

Бас меридиан. Түрлі-түсті кроссовка киген мына балалар Англияның Гринвичіндегі Бас меридиан сызығының екі жағын басып тұр. 0 градус бойлықты білдіретін және Солтүстік полюстен Оңтүстік полюске дейін жалғасатын бұл сызық Гринвич арқылы өтеді. XІX ғасырдың соңында Еуропа дипломаттары мен ғалымдары Бас меридиан сызығы Гринвичтен өтуі тиіс деп шешті. Сол кезеңде ықпалы зор Британия дәл осылай шешім шығаруға әсер етті деп ойлайсыз ба?

Жер шарын екіге бөліп қарау үшін қандай сызықты таңдасақ та, мектептегі география оқулығы мен мәдени дағдымыз Афроеуразияны дүниенің бір жақ қыры ретінде, ал Солтүстік және Оңтүстік Американы әлемнің екінші бөлігі деп ойлауымызға кедергі болмайды. Ақырында, оларды Шығыс және Батыс жартышарлар деп атаймыз. Афроеуразияны көру үшін жер шарын полюстік өзегінен айналдырсақ, Солтүстік және Оңтүстік Америка қарама-қарсы тарапта көрінбей қалады. Ал жер шарын Солтүстік Атлант мұхитын көре алатындай етіп айналдырсақ немесе картадан жазып қарасақ, Еуропа, Гренландия, Канада үшеуі шартты түрде айқындалған екі жартышардың бүтін бір доғасы секілді көрінеді. Тынық мұхиттың солтүстік бөлігіне зейін қойып, жер шарын тағы да айналдырып қарасақ, жер бедері Шығыс Азиядан Сібірге дейін және Аляскадан Солтүстік Америкаға дейін созылып жатқанын көрер едік. І.5-картада көрсетілгендей, осы солтүстік бұрыштан қарағанда Афроеуразиядан мұхит ағыстарымен Солтүстік Америкаға бару үшін соншалықты ұзақ жүзудің қажеті жоқ екені түсінікті болады. Мың жыл бұрын-ақ Еуропадан Канадаға қалай баруға болатынын викингтер анықтап қойған еді, бірақ ол байланыс жалғаспады. Мың жыл бұрын Азиядан қос Америкаға барған адамдар сал буып немесе ескекті қайықпен Тынық мұхиттың солтүстік аймағымен су жолын салған болуы мүмкін.

І.5-КАРТА. Жердің солтүстіктен қарағандағы екі көрінісі. Бірі –Атлант мұхитын (сол жақ шеттегі), екіншісі Тынық мұхитты көрсетеді

Мың жыл бойы Афроеуразия мен Солтүстік Америка арасында осы сақина жолымен тұрақты түрде мұхит арқылы жүзу үшін адамдарға қандай факторлар кедергі болды деп ойлайсыздар?

Дегенмен Батыс және Шығыс жартышардың бөлінуіне тарихтың қосар үлесі де бар, өйткені мың жылдан бері Афроеуразия мен Австралия халқы қос Америка қоғамынан шын мәнінде оқшау өмір сүрді. Шамамен б.з.д. 12 мың жылдан бері қарай 500 жылдан аса уақыт өткен аралықта ғаламшардың бұл екі бөлігі екі бөлек «әлем» болды. Тек б.з. XV ғасыр соңында ғана Еуропаның теңіз капитандары бұған дейін тоқтап тұрған Афроеуразия мен қос Америка арасындағы трансмұхиттық байланысты жалғады. Осы уақыттан бастап, әуе қатынасы және Солтүстік полюс арқылы баруға қажет көлік технологиялары дамыды. Солтүстік және Оңтүстік жартышар арасындағы физикалық арақашықтықтың тарихи маңызы қарқынды түрде жойыла түсті. Ғалымдар мен инженерлер Беринг бұғазы арқылы Транссібір теміржолын Амтракпен (АҚШ) байланыстыратын 65 мильдік теміржол туннелін қазуға қатысты жоспар жасап та қойды.

Бойлық – Солтүстік полюс пен оңтүстік полюс арасында созылып жататын және ендік сызықтарға көлбеу келетін әрі бейнелі түрде қабылданатын Оңтүстік-Солтүстік бағыттағы сызық. Халықаралық келісім бойынша 0 градус сызығы Бас меридиан деп аталып, Англиядағы Гринвич арқылы өтеді.

Қос Американы байланыстыру

Өткен ғасырда Құрама Штаттардағы және көптеген мемлекеттегі мектеп оқушыларына «Батыс жартышар Оңтүстік Америка және Солтүстік Америка деп аталатын екі құрлықтан тұрады» деп оқытты. Бұл екі жердің бар-жоғы отыз мильге созылатын жіп-жіңішке Панама мойнағы ғана бөліп тұр. Бұл мойнақ күні кешеге дейін Оңтүстік Америка мен Мезоамерика11 арасындағы құрлықүсті сауда-саттық қарым-қатынасына және мәдени қарым-қатынастарға айтарлықтай кедергі келтірген ылғалды тропиктік орман-таулардан тұрады.

Алайда Солтүстік пен Оңтүстік Америка біте қайнаспаса да, тарихи ортақтастығы мүлдем болмады дей алмаймыз. Білуімізше, адамзат 12 мың жыл бұрын, не одан да ертерек алғаш рет Оңтүстіктен Солтүстік Америкаға қоныс аударған. Олар мойнақ арқылы, әлде жағалау сулары бойымен жылжып отырды. Панама мойнағы маңайында климаттық, флоралық және мәдени ерекшеліктерден гөрі, ұқсастықтар көп. Жерорта теңізі мен Қызыл теңізді Афроеуразияның «ішінде» деп санағанымыздай, Мексика шығанағы мен Кариб теңізін америкалық жердің ғана екі ішкі теңізі деп елестетуге не кедергі? Кариб теңізі мен Мексика шығанағының үш бүйірі – құрлықпен, ал батысы топтасқан аралдардың шұбатылған «ішегімен» шектесіп тұр. Cондықтан Флоридадан шығып, осы арал тізбегі бойымен Венесуэланың шалғай шығыс жағалауына дейінгі белдеуді бір ғана құрлықтың шығысындағы ернеу деп топшыласақ та болады. Расында да, мыңдаған жыл бұрын Кариб аралдарына алғаш қоныстанған халықтың құрлықтағы қоғаммен байланыста болғанына археологиялық және лингвистикалық дәлеліміз бар. Бұл біртұтас құрлықты – Солтүстік Америка, Кариб аралдары мен Оңтүстік Американы – жай ғана Америка деп атасақ та болар еді, әйтсе де кітапта шартты түрде қос Америка деп те пайдаланып отырамыз.

Мезоамерика – Оңтүстік Мексиканы және Орталық Американың жеті шағын мемлекетін қамтитын аймақ.

Қос Америкадағы ұзын тау тізбегі

Афроеуразияның ұзын осі шығыстан батысқа қарай шамамен 8 000 мильге созылса, қос Американың ұзын өзегі солтүстіктен оңтүстікке қарай 11 мың мильге жуық қашықтыққа созылады. Солтүстік Американың солтүстік қиыры қарама-қарсы аймақта жатыр. Оңтүстік Американың ең шалғайдағы оңтүстік ұшы саналатын Отты жер (Tіerra del Fuego) Антарктидадан бар-жоғы 600 миль ғана қашықтықта орналасқан. Шығыс және Батыс жартышардың ұзын өзегін бойлай биік тау қыраттары созылып жатыр. Яғни Афроеуразияның шығысы мен батысында да, Солтүстік және Оңтүстік Америкада да тау қыраттары созылған. Қос Американы ұзына бойы созылып жатқан кордильера немесе таулар тізбегі тұтас алып жатыр (І.6-картаны қараңыз). Ол геологиялық тұрғыдан жас және қос Американың батысында орналасқан. Ол Тынық мұхит жақтағы жағалауға жақын тар жазықтарды шығысында Атлант мұхитына барып тірелетін ауқымды жазықтардан бөле отырып, қос Американы да бойлық бойымен екіге айырып тұр. Аппалачи және Гайана таулары және Солтүстік Бразилияның таулы қыраттары Атлант мұхиты тұсында тарыла түссе де, Сеңгір таулар (Rocky mountaіns), Cьерра және Анд тауларымен салыстырғанда ежелден қалыптасқан әрі созыла орналасқан.

Солтүстік Американың көп бөлігі субарктикалық немесе қоңыржай климатты белдеуде орналасқан және онда Еуразиядағыдай тундра, қылқанжапырақты ормандар мен жалпақжапырақты ормандар бар. Оңтүстік Америка аймақтарына (Оңтүстік Мексика, Орталық Америка және Мезоамериканың жартысына жуығы) және Солтүстік Америка құрлығының жартысына жуығына Афроеуразияның экваторлық белдеуіне ұқсас тропиктік және субтропиктік ылғалды климат тән. Оңтүстік Америка – ең ауқымды экваторлық ендікке иелік етуші аймақ. Амазонканың тропиктік ормандары бұл құрлықтың маңызды бөлігін құрайды. Бұл – дүниежүзіндегі өте үлкен тропиктік ормандардың экожүйесі. Оңтүстік Американың оңтүстік бөлігі қалыпты ендіктің бойында орналасқан. Алайда құрлық «оңтүстік конуста» тарылып, Атлант және Тынық мұхиттан есетін жел температураны төмендетіп, бір жағынан, қыстың төтенше аязынан және жазғы аптаптан құтқарады. Солтүстік Американың көп бөлігіне осындай климат тән.

Бұған қоса, қос Америкадағы климат солтүстік және оңтүстікті алып жатқан биік таулар арқылы күрделенеді, яғни Тынық мұхит тарапынан есетін мұхит желіне тосқауыл болып, Батыс-Шығыс үздіксіз климаттық белдеуінің қалыптасуына мүмкіндік бермейді. Мысалы, Солтүстік және Оңтүстік Американың екеуінде де Афроеуразияның Ұлы Арид зонасына тең келетін құрғақ ендікті аумақ жоқ. Ең құрғақ жерлер Тынық мұхитпен шектесетін немесе оған жақын кордильераның батыс тарапында орналасқан: Солтүстік Америкадағы Құрама Штаттардың оңтүстік-батысы мен Солтүстік Мексика шөлдері және Оңтүстік Америкадағы Эквадор, Перу және Чилидегі жағалау шөлдері. Кордильераның тек шығысына ғана жауын көп жауады да, ұзыннан созылған шөл немесе шөлейтті аймақ белдеуін қалыптастырады. Әсіресе, Солтүстік Америка бойының көп бөлігін Сеңгір таулардан шығысқа қарай және Анд тауларынан шығысқа қарай Аргентинаның Патагон даласын алып жататын Ұлы жазықтар осы аумаққа кіреді.

Өзендер мен теңіздер

Афроеуразиядағы он бір өзен мыңдаған жыл бойы Шығыс пен Батыс халқы арасындағы теңіз байланысын әлсіретіп отырды. Қос Америкада Солтүстік пен Оңтүстік халқын біріктіретін теңіздің жарамды салыстырмалы арнасы жоқ. Әйтсе де үндіс теңізшілері мыңдаған жыл бұрын Тынық мұхит, бәлкім, Атлант мұхитының да жағалауларында қайықпен жүзуі әбден мүмкін, алайда алып мұхит кеңістігі кішкентай қайықтармен барлау жасауға мүмкіндік бермеді. Мексика шығанағы Солтүстік Американың жағалауға жақын жазықтары мен Миссисипи өзенді алқабын тропиктік Мексикамен жалғап жатыр. Солтүстікке қарай Гудзон шығанағы Солтүстік Американың ішкі аймақтарына бойлай енеді. Ал одан бар-жоғы 275 миль солтүстікке қарай бес Ұлы өзен ормандар мен жазықтардың кең алаптарын жалғайтын суы тұщы ішкі «теңіздер» жиынтығын құрайды.

І.6-КАРТА. Қос Американың физикалық ерекшеліктері

Флорида мен Оңтүстік Американың солтүстік-шығысы арасындағы сызықты көзге елестетсек, Мексика шығанағы мен Кариб теңізін жай ғана Америка деп аталатын бір құрлық «ішіндегі» екі су айдыны ретінде көруімізге көмектеседі.

Афроеуразиядағыдай, мұнда да үлкен өзен жүйесі қос Американың ішкі аймақтарына жол ашады. Расында, Афроеуразияда Миссисипи мен Амазонка суайрықтары секілді теңізге тікелей құятын, кеме жүзе алатын кең ағыс желісі жоқ. Өзге де өзендер теңізді Атлант мұхиты жағынан, екі құрлықтың ішкі аймақтарына жалғап жатыр. Үндістандық мигранттар мен көпестер бұл өзендерді ішкі байланыс үшін пайдаланды. XІ ғасыр соңында осы маңға алғаш келген еуропалықтар теңіз жолдарын Атлант мұхитынан Ұлы өзендерге, Солтүстік Америка жазығына, Бразилия мен Аргентинаның қиырдағы ішкі аймақтарына дейін ағып жатқан су алабын отарлаудың негізгі амалы деп санады. Қос Американың Тынық мұхит жағы байланысқа жарамды өзендерге кенде болды, бұл климаттық жағдай Австралияға көбірек ұқсайды. Себебі бұл жердің ұзына бойында таудан жағаға қарай құлдилаған тік еңістер көп. Су жолы байланысына тек мына екі өзен жарамды деуге болады: кеме жүзе алатын Орегон мен Вашингтон арасындағы шекараның бір бөлігі – Колумбия және Алясканың қиыр солтүстігіндегі – Юкон.

Мұхиттар

Бабаларымыз жүздеген мың жыл бұрын жұпыны қайық жасап, оны Афроеуразияның жиегіндегі жерлер мен кейбір аралдарды игеруге пайдаланды. Алайда адамзаттың көз жетер құрлықтан арғы мұхит суларын зерттеуі кеш басталды. Муссон желдерінің12 маусымдық жүйесі мен Үнді мұхитының солтүстігінен мыңдаған, тіпті одан да көп жыл бұрын Араб теңізі, не Бенгал шығанағы арқылы қажырлы теңізшілердің қарабайыр қайықтармен батыл жүзіп жүруіне жағдай жасады. Әйтсе де Атлант пен Тынық мұхиттардың алыптығы сонша, бар-жоғы 500 жылдан сәл-ақ уақыт бұрын адамзаттың ашық мұхитты айнала жүзуге батылы жетпеді. Тынық мұхит Атлант мұхитына қарағанда әлдеқайда ауқымды жерді алып жатыр. Ол Құрама Штаттардан он бес есе үлкен, Атлант мұхиты бұл елден алты жарым еседей үлкен. Дегенмен Тынық мұхит аралдары Атлантикадағыдан біршама көп – 25 мыңға жуық. Шамамен б.з.д. 1600 жылдар мен б.з. 1000 жылдары арасында полинезия тілінде сөйлеген теңізшілер Афроеуразияның шығысы мен солтүстік-шығысынан жылжып отырып, Тынық мұхит пен Мұхит аралдарының13 көбін игерді. Олар мұхиттың оңтүстік-шығысындағы алып шөл даласындағы Рапа Нуиға (Пасха аралы) дейін жетті, ал кейбір полинезиялықтар тіпті Оңтүстік Америкаға аяқ басса керек. Әйтсе де олар Тынық мұхиттың батыс пен шығыс аймақтарын жалғайтын теңіз байланыс желісін жасаған жоқ.

Б.з. XV ғасырына дейін Атлант және Тынық мұхиттары арқылы саяхаттап, барыс-келіс жүйесін жасайтындай шалғай теңіз зерттеушілерінің айтарлықтай техникалық машығы мен географиялық білімі болған жоқ. Атлант және Тынық мұхиттар желдері (жоғарғы ағыс сол желдер ығымен ағады) Үнді мұхитының муссондары секілді белгілі бір циклдік тұрақтылыққа бағынатынын (І.7-картаны қараңыз) ұққан соң ғана теңізшілердің айы оңынан туды десек те болады. Әркелкі атмосфералық қысым мен жердің айналу ықпалының қабысуы әсерінен Атлант және Тынық мұхиттарының желдері экватордың солтүстігіне сағат тілі бойынша айналып келіп, оңтүстік бағытта кері қарай соғады. XV–XVІ ғасырларда ғана еуропалық кеме капитандары Атлант мұхиты бедерін картаға әжептәуір дәл түсірді. Осы карта бағдар көрсетіп мұхит арқылы саяхаттауға мүмкіндік туды. Жел мен ағыстың бұл «төрт тағанды» үлгісінің жергілікті нұсқалары бар және ол кіріспеде қарастырылғаннан әлдеқайда күрделі екені рас. Десе де теңіз жиһанкездері бұл қым-қиғаш бағдарды бірте-бірте меңгерді. Сөйтіп, XVІІІ ғасыр аяғына қарай олар барша құрлық пен аралдарды бір-бірімен байланыстырған тұзды су өткелдерінде кемелерімен жүзіп жүрді. Нақты зерттелмеген Антарктида ғана қалды.

Қорытынды

Биосфераның кең ауқымды және ортақ ерекшеліктерін сипаттайтын «Үлкен географияға» кіріспеміз – жер шары тарихының түп негізі. Жер – біртұтас кеңістік. Ал адамзат үшін маңызды оқиғалар мәдениетаралық немесе аймақаралық мазмұнда өрбіді. Сондықтан оқырман ауқымды тарихты: өткен дәуірдегі жетістіктерді, қайғы-қасіреттерді, Афроеуразия болсын, Атлант су айдыны, не шөлді Сахараның шеткі даласы болсын – кеңістіктің кез келген жарасымды мазмұнында қамтуға дайын болғаны абзал. Глобусқа қарағанда, жер шарын бір мезетте толық көру мүмкін емес. Бірақ дүниежүзін оймен шарлап шыға аламыз. Бұл – адамзаттың біртұтас тарихының бастауы.

Муссон желдері – Үнді мұхиты мен Қытай теңіздері арасындағы ұзақ қашықтыққа жүзуге бағыт берген маусымдық қозғалмалы желдер.

Мұхит аралдары (сонымен бірге Тынық мұхит аралдары) – тропиктік Тынық мұхит пен оның аралдарына шоғырланған алып аймақ. Бұл анықтамаға Австралия кірмейді, бірақ Жаңа Зеландия кіреді.

Бірінші бөлім
Жер жүзіне қоныстану
Адам пайда болғаннан б.з.д. бірінші мыңжылдыққа дейін

Орта Патшалық дәуіріне жататын ағаш мүсінде қос өгіз жеккен соқамен жер жыртқан Мысыр шаруасы бейнеленген Кітаптың бірінші бөлімінде Homo sapіens (Хомо сапиенс) өкілінің жетілу жолының тарихын сипаттаймыз. Алғашқы төрт тарауда адамзат қоғамын қалыптастырған төрт даму сатысы және бұл дамудың табиғатпен байланысын қарастырамыз. Африканың шығысынан басталған адамзат көшінің жер жүзіне таралуы – дамудың бірінші сатысына жатады. Бұл – тарихымыздағы ең алғашқы жаһандық оқиға еді және мұндай биікке адам баласы ғана көтеріле алды. Жер бетін жаппай қоныстану жолында адамзат әртүрлі табиғи жағдайға бейімделді. Табиғат аясында ғана азық-түлік қорын тапқан қауым мүшелері жаңа орта мен жаһандық климаттың толассыз өзгеруіне бейімделудің жаңа жолдарын іздестірді. Сондай-ақ бұл қауым мүшелері өзара айырбас жасау жүйесін де қалыптастырды. Олар пайдалы заттармен қатар технологиялық идеяларды да саудалай бастады. Еңбек құралдарын жасау мен қорек табу жолдары туралы идеялардың өзге қауымға кең таралуы табиғат пен қоршаған ортаны өз ырқына көндіріп, заттарды пайдаланудың неғұрлым дамыған әдістерінің жинақталуына әсерін тигізді. Жетілу жолындағы екінші үлкен серпіліс – егін егудің пайда болуы. Егін егу жер бетінің әртүрлі бөлігінде шамамен 12 мың жыл бұрын бір-бірінен дербес пайда болып, дамыды. Ғалымдар осы «аграрлық революция» Голоцен кезеңінің келуімен, осыдан 14 мың жыл бұрын басталған жаһандық жылыну құбылысымен байланысты деген пікірді бірауыздан қолдайды. Голоцен кезеңінің табиғи жағдайы адамзат мекендеген кейбір жерлерде жабайы дақылдар қорының молаюына мүмкіндік берді. Нәтижесінде терімшілер мен аңшылар қауымы өздері тапқан дақылдарды және жеуге жарамды басқа да өсімдіктерді өсіру мен сұрыптаудың жаңа әдістерін қолдана бастады. Алайда олар осы әрекеттерінің себептерін және оның қандай нәтиже берерін түсінген де жоқ шығар. Осы қауымдар әлденеше ғасырға созылған сынақтар мен қателіктер нәтижесінде кейбір жабайы өсімдіктер мен жануарларды генетикалық жағынан өзгерте отырып, көлемін ұлғайтты немесе басқа әдістер арқылы пайдасын арттырды. Осылайша адамдар үлкен қауымдарға бірігіп, тұрақты қоныс тауып, егін егіп, мал өсірумен айналыса бастады. Шамамен 12–5 мың жыл бұрын жер бетіндегі халық саны күрт өсіп, қоғамдық қатынастар мен айырбас жүйесінің деңгейі күрделене түсті. Афроеуразия мен қос Американы мекендеген қоғам мүшелері дәл осындай өзгерістерді бастан кешті. Жетілу жолындағы үшінші үлкен серпіліс бұдан 5500 жыл бұрын басталды; кейбір аймақ қауымдары азықты артығымен өндірудің жолын ойлап тапты. Бұл өзгеріс алғашқы кезде жауын-шашын аз түсетін, бірақ құнарлы жерді суғаруға мүмкіндік беретін суы мол өзендер бойында басталды. Егіншілікпен айналыса бастаған аймақтар едәуір көп халықты сыйдыра алғанымен, адамдар су мен азық-түлік көзіне жақын болу үшін бір-біріне тығыз орналасты. Мұның өзі еңбек құралдарын, инженерлік тәсілдерді, айырбас торабы мен қоғамдық құрылымды одан ары жетілдірді. Құнарлы азық-түлік өндіру ісінің жолға қойылуы бұрынғыға қарағанда, уақыт үнемдеуге септігін тигізді. Ендігіде кейбір адамдар бүкіл уақытын ауқымды, халқы тығыз орналасқан қауымдар өміріндегі қиындықтардың шешімін табуға жұмсады. Осы жолда кездескен қиындықтарға қарсы тұру «күрделі қоғамның», яғни қалалары, кәсіби мамандықтары, әлеуметтік таптары, басқару құрылымы, қалыптасқан құжат айналымы мен діни жүйесі, тағы да басқа белгілері бар толыққанды қоғамның тууына әкелді. Афроеуразияда, қос Америкада бұдан 5500 жыл бұрын күрделі қоғамдар қалыптасқанына қарамастан, халықтың басым бөлігі бірнеше мыңжылдықтар бойы қалаларда емес, ауылдарда тіршілік етіп келді. Ақырында алып құрлықтың біраз бөлігін алып жатқан Ұлы Арид зонасы – Афроеуразияның Үлкен шөлейт аймағын мекендеген адамзат тіршілік етудің терімшілікке де, отырықшы егіншілікке де қатысы жоқ үшінші жолын тапты. Табиғи жағдайы егіншілікпен айналысу мүмкіндігін күрт шектейтін шөлейтті аймақ тұрғындары б.з.д. 5 мыңжылдықта азық-түлік, киім-кешек, тері өнімі және басқа қажеттіліктер үшін мал бағудың технологиясы мен әдістерін ойлап тапты. Мұның өзі ірі қараны, қой мен жылқыны маусымдық жайылымда көптеп бағып, өсіруге мүмкіндік берді. Жабайы шөп пен өсімдіктер адамзаттың негізгі қорегіне айналды, тіпті адам баласы етін, сүтін, қанын қорек көзіне айналдырған мал да шөп жемей ме? Адамдар шөл даланы кеңінен игеруге мүмкіндік алды. Тарихта елеулі орны бар бақташылар қауымы немесе көшпелілердің тарихтағы ұзақ жолы басталды. Бірінші бөлімді жетілу жолындағы серпілістердің себептері мен әдістерін ашып көрсетуден бастадық. Жануарлар әлемінің ішінде адам баласы ғана небір қиын жағдайға бейімделіп, ортаны өзіне бағындырудың жан-жақты жолдарын таба алуының себебі не?

1

Адамзаттың жер жүзіне таралуы
Б.з.д. 7 миллион — 10 мың жыл
Ежелгі бабаларымыздың ізі, Лаетоли

Шамамен 4 миллион жыл бұрын Африканы мекендеген ата-бабаларымыз тікесінен жүре бастайды. Тік жүрген адамдардың ізі осы күнге дейін сақталған. Солтүстік Танзания­ның орманды алқабындағы Лаетоли (lіe-a-TOE-lee) деп аталатын жерде ежелгі адам ізі табылды. Ізді зерттеген ғалымдардың пікірінше, осыдан 3,6 миллион жыл бұрын, ең ұзынының бойы бес футқа жетпейтін маймыл тәрізді үш тіршілік иесі өзен арнасын жағалап, ақырын басып жүріп өткен. Олар жаралы аң немесе өлексе іздеп жүрген тәрізді. Жақын маңда орналасқан жанартаудан атқылаған күлдің жерге қонып, көп ұзамай жауған жаңбырмен араласып, сазға айналған тұсында жүріп өткен бұл адамдардың ізі сол күйі сақталып қалған. Тропик ыстығының әсерінен саз қайта күлге айналып, желмен ұшып кетпей немесе олардың бетін күл қабаты қайтара жаппай тұрып, қатып үлгерген. Нәтижесінде, олар жүріп өткен із ғасырдан-ғасырға жеткен. Бұлар екі аяқты тіршілік иелері болатын. Тікесінен тік жүру адам баласын гомининдер (homіnіs) тобына жататын туысқан текті шимпанзелер, гориллалар мен басқа да маймылдардан ерекшелейді. Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласы маңында зерттеу жұмыстарын жүргізген геолог-ғалымдар да таста сақталған алғашқы адам ізін 1995 жылы тапты. Тастағы ізді және оның жанындағы геологиялық түзілімдерді талдау барысында шағын денелі әлдекімнің осыдан 117 мың жыл бұрын осы жағалаудағы дымқыл құм үстімен жүріп өткені анықталды. Құм уақыт өте келе қатып, тасқа айналған. Іздің пішініне қарағанда, оны қалдырған тіршілік иесі адамзаттың ежелгі бабаларынан гөрі бізге жақынырақ, яғни Homo sapіens («саналы адам») екені анық. Бұл адамның анатомиялық құрылысы «қазіргі заманғы адамдікіндей», яғни дене бітіміміз бен бет-бейнеміздің негізгі сипатына толығымен сай келеді. Шын мәнінде, бұл із – Хомо сапиенстің осы күнге дейін жеткен ізінің ең көнесі. Хомо сапиенс жеке биологиялық түр ретінде осыдан 200 мың жыл бұрын пайда болды, бастапқы 100 мың жылдық өмір жолының дәлелдері Африкадан ғана табылды. Шамамен 90–70 мың жыл бұрын олар Африка жерінен Еуразияға, Австралияға, қос Америкаға, мұхиттарда шашырап жатқан мыңдаған аралдарға көше бастады. Жер бетіндегі миллиондаған төрт аяқты жануарлар мен бауырымен жорғалайтын және өрмелейтін тіршілік иелері арасынан адамзат қана жер жүзіне тарап, Арктикадан Экватордың тропиктік ормандарына дейін созылған аумақтың түрлі табиғи жағдайларына бейімделді. Биологиялық түрімізге жақын болып саналатын приматтардың – орангутангтар, гориллалар, бонобо мен шимпанзелердің адамға ілесіп, еріксіз саяхат жасағанын есептемесек, олардың шектеулі тропиктік мекендерінен ешқашан ұзап шықпағанын байқаймыз. Дүниежүзі тарихындағы ең елеулі оқиғалардың алғашқысы – адамзаттың жер бетіне таралуы, адамның жер шарының Африканың шығысы мен оңтүстігінен басқа жерлеріне қоныстану тарихы. Адам баласының арғы тегі, Homo erectus қатарына жататын гомининдер Хомо сапиенстен бұрын-ақ Африкадан Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азияға тараған. Қарапайым еңбек құралдарына ғана ие болған осы ежелгі саяхатшылар шығыстағы Қытай сияқты шалғайдағы жерге жеткенше миллиондаған жыл өтуі де мүмкін. Олар да уақыт өте келе жойылып кетті. Осы тараудың бірінші бөлігінде ежелгі бабаларымыздың тарихымен қысқаша таныстырамыз: сан мың жылғы көш нәтижесінде адамзаттың бір мекенге тұрақтап қалуына мүмкіндік берген кезеңнің тарихы салыстырмалы түрде әлдеқайда қысқа, бірақ жетістігі жағынан анағұрлым ілгері тұратын саналы адам тарихына жол ашып берді. Хомо сапиенс Африкадан солтүстік пен шығысқа қарай қауіпті сапарға шыққан кезде-ақ оның миы қазіргі адам миына ұқсас, ал пайдаланған еңбек құралдары басқа гомининдермен салыстырғанда әлдеқайда жетілген еді. Оның, сондай-ақ, сөйлеу, ымдау, ғұрып пен өнер арқылы жеткізетін, саналы түрде бейнелі ойлау қабілеті де дамыған тәрізді. Адамзаттың соңғы мыңжылдықтардағы ғаламат мәдени жетістіктерінің негізгі сыры – осы қабілетінде. Тараудың екінші бөлігінде анатомиялық құрылымы жағынан жетілген және зерек ойлауға қабілетті адамдардың тек Африкадағы эволюциясына сипаттама береміз. Бұл кезең осы күнге дейінгі өткен даму тарихымыздың 60 пайызын құрайды. Адам баласының Африканың барлық аймағына, Еуразия кеңістігі арқылы Австралия мен Оңтүстік Американың оңтүстік аудандарына таралуын, жалпы адамзаттың дүниежүзін игеру жолын тараудың үшінші бөлігінде көрсетеміз. Хомо эректус адамдарының баяу созылып, ақыр соңында үзілген көшімен салыстырғанда, терімшілер мен аңшылар қауымы дүниежүзінің барлық құрлықтарына небәрі 100 мың жылға жетпейтін уақыт ішінде жетіп үлгерді. Жер бетіне таралу және көбею барысында олар әртүрлі физикалық және табиғи жағдайлардың өзгерістеріне бейімделуге ежелгі адам түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда қабілетті екенін көрсетті. Адам баласы жер жүзіне тараған сайын, еңбек құралдары мен баспана салудың, қоғамдық құрылымның, бейнелер мен қиялға негізделген ойлау қабілетінің, тіршілікке керек заттар мен идеяның таралу жолдары мен тәсілдерінің даму қарқыны да күшейе түсті. Б.з.д. 40–10 мың жылдар аралығында, ғалымдар жоғарғы палеолит («кейінгі тас ғасыры») деп атаған дәуірде, адамзат толыққанды мәдениет жасаушы түр ретінде қалыптасты. Тараудың соңғы бөлігінде дүниежүзінің бірнеше аймағында шамамен бір мезгілде пайда болған технологиялық және көркемөнер жаңалықтарының серпінді дамуын зерттейміз. 1.1-КАРТА. Ежелгі гомининдер іздері және Хомо эргастер/эректустың таралу аймағы Хомо эргастер мен Хомо эректустың Африканың шығысынан Афроеуразияның басқа бөліктеріне қарай баяу жылжуы олардың басқа приматтар мен кейінгі көшті жалғаған Хомо сапиенстен ерекшелігін түсіндіреді. Хомо эргастер мен Хомо эректус көшінің бағытына қарап, олардың бір-біріне мүлдем ұқсамайтын климат жағдайына бейімделу жетістігі жайлы не айта аласыз?

Адамзаттың Африкадағы және өзге жерлердегі ата-бабасы ОЙЛАН: Адамзаттың бұдан 7 миллион – 200 мың жыл бұрын өмір сүрген арғы тегі тарихын жазу барысында ғалымдар қандай деректерге сүйенді? Бұл тарауда қарастыратын дәуір – шамамен 7 миллион жыл бұрын басталған ең ұзақ дәуірлердің бірі. Осы дәуір гомининдердің14 приматтар тобы ретінде ежелгі шимпанзелер мен басқа да маймылдардан бөлініп шыққан кезінен бастап, адамдардың Афроеуразияның (Африка, Еуразия және оның айналасындағы аралдардан тұратын жеке география­лық бірлік ретінде анықталатын «суперконтинент») кейбір бөліктерінде өсімдіктерді жерсіндіріп, егіншілікпен айналыса бастаған, б.з.д. 10 мың жылдыққа дейінгі кезеңді қамтиды. Соған қарамастан, осыншама ұзаққа созылған тарихты бір ғана тарау ішінде сипаттаймыз. Оның бірінші себебі – даму қарқыны жылдан-жылға жаңарып отырған қазіргі адамзат қоғамымен салыстырғанда, гомининдердің өмір сүру салты сол жеті миллион жылдың басым бөлігінде өте баяу өзгерді. Негізгі мәліметтер көзі генетикалық ақпарат немесе қаңқа қалдықтары сияқты деректердің уақыт аралығы тым алшақ, тіпті оларды миллиондаған жылдар бөліп тұруы мүмкін. Еңбек құралдарын жасау, отты пайдалану немесе гомининдердің Африкадан тыс аймақтарға таралуы жайлы деректердің уақытын нақты анықтай алмаймыз. Миллиондаған жылға созылған тарихты бір ғана тарауда тарқатуға мүмкіндік беретін екінші себеп – материалдық деректердің уақыт және кеңістік аясында тым шашыраңқы түрде кездесуі. Б.з.д. 10 мың жылға дейінгі гомининдер тарихын қалпына келтіру үшін жинақталған білім көлемі дүниежүзінде ХХІ ғасырдың бастапқы он жылындағы оқиғалар туралы мәліметтерден әлдеқайда аз екенін ескерейік. Қолда бар деректер 4 негізгі топқа бөлінеді: адамдар мен жануарлардың қаңқа сүйектері, бізге дейін жеткен еңбек құралдары мен басқа да жәдігерлер (негізінен тастан жасалған), гомининдердің биологиялық басымдығына ықпал ете алған климат өзгеруінің физикалық көрсеткіштері және таяуда ғана деректер қатарына қосылған қаңқа қалдықтары мен қазіргі адамдардан алған генетикалық ақпараттар (ДНҚ). Генетикалық және археологиялық жаңалықтар ежелгі тарихымыз жайлы мәліметтер қорын әр ай сайын жаңалауда. Алайда ежелгі адам тұрақтарын қазумен айналысатын мамандар саны осы күнге дейін табылған адам сүйектерінен асып түсетіні жайлы археологтар арасында әзіл бар. ДНҚ талдамасы адамзат эволюциясы мен кеңістіктегі миграциясы жайлы көп мәлімет бере алады, дегенмен деректердің бұл түрін зерттеу жұмыстарында сирек пайдаланады. Ежелгі тарихымыз туралы мәліметтердің сонша аз болуы және дәлелденуге тиіс тарихи кезеңдер мерзімінің тым ұзақ болуы салдарынан ерте тарихымызға тек жалпылама сипаттама бере аламыз. Тарихымызды қаншалықты терең жазғымыз келсе де, жекелеген қауымдар өмірін, көсемдердің кім болғаны немесе шағын оқиғалар тізбегін қалпына келтіруді қойып, тіпті олардың нақты болған немесе болмағанын да анықтай алмаймыз. Гоминин – Хомо сапиенс және олардан 6–7 миллион жыл бұрын өмір сүрген бабалары кіретін тұқымдастар тармағы.

Ежелгі гомининдер эволюциясы

Жер жүзіндегі миллиондаған өсімдік пен жануар түрлері сияқты, адамзат та өзі тектес биологиялық түрмен қосылу арқылы ғана ұрпақ жалғастыра алатын жекелеген тіршілік иелерінен құралған топ деуге болады. Адам, шимпанзе және горилла гендерінің 96–99 пайызы ортақ болғанымен, осы үш биологиялық түр өкілдерінен ортақ ұрпақ тарамайды.

Тумай: гомининнен қалған белгі. Адамзаттың биологиялық түр ретіндегі тарихы шамамен жеті миллион жыл бұрын гомининдердің қазіргі шимпанзелердің арғы тегінен бөлініп шығуынан басталады. Осылай мәлімдеуге негіз болатын ақпарат 2001 жылы жарық көрді. Африканың орталығында орналасқан Чад аумағында қазба жұмыстарын жүргізген француз археологтары гоминин белгілері бар тіршілік иесінің бас сүйегін табады. 7 миллион жыл бұрын өмір сүргені анықталған бұл тіршілік иесіне жергілікті халық тілінде «өмірге үміт» деген мағына беретін Тумай (TOO-meye) деп ат береді. Тумайдың (Sahelanthropus tchadensіs) ми көлемі шимпанзенікімен бірдей болғанымен, бет-бейнесінде байқалатын гомининдік белгілер генетикалық тұрғыдан басқа приматтардан өзгешеленетін жаңа түрдің пайда болу мүмкіндігі жайлы ой толғауға итермеледі. «Тумай тік жүрді ме?» деген мәселеде ғалымдар көзқарасы бір жерден шықпады. Алайда бас сүйектің омыртқамен түйіскен жерінің сипаты оның тік жүргенін дәлелдейтін сияқты. Гомининдерде, басқа приматтармен салыстырғанда, тік қозғалуға икемді дене бітімі, соның ішінде, иілген бел омыртқасы, тізе буындары, екі аяққа нық тұру арқылы тепе-теңдікті сақтау қабілеті дамыды ма деген сұраққа ғалымдар ұзақ жыл бойы жауап таппай келеді. Гомининдер азық табуда басқа жануарлармен бәсекеге түскені анық, бірақ осы бәсекеде тікесінен жүрудің15 артықшылығы кемшілікке айналуы да мүмкін.

Ендігі жерде, тікесінен жүретіндерге қысқа қашықтықта тез-ақ қуып жететін төрт аяқты жыртқыштар қауіп төндірді. Тікесінен жүретіндердің бойы ұзын болғандықтан, олар шөпте жасырынған жыртқыштарды алыстан-ақ байқап, тез арада қашып құтылу әрекетін жасауға уақыты болғанын да айта кеткеніміз жөн. Басқа приматтар сияқты, тікесінен тік жүретіндердің де бас бармақтары қалған саусақтарына қарама-қарсы, яғни заттарды ұстауға ыңғайлы орналасты. Тікесінен жүру барысында босаған қол керек кезде ағашқа өрмелеуге, азықтарын жануарлардан ала қашып, қауіпсіз жерге апарып жеуге де ыңғайлы болды. Ендігі жерде күн сәулесі тікесінен тік жүретіндердің арқасына емес, төбесіне ғана түсті. Нәтижесінде, төрт аяқтап жүретін басқа жануарлармен (денелері жерге көлденең әрі жақын тұратын) салыстырғанда, олардың денесі мен миы қызып кете қоймады. Яғни басқа төртаяқтылар көлеңкені паналауға мәжбүр болатын түскі ыстық мезгілде олар дала кезіп жүре берді.

Люси және басқа австралопитектер. Адамның тікесінен жүре бастағаны жайлы пікірлердің ешқайсысы нақты дәлелге негізделмеген. Алғашқы екі аяқты тіршілік иелерінің келбетін қаңқа қалдықтарына сүйене отырып жасап шыққанын айта кетуіміз керек. Бертінге дейін ең атақты ежелгі гоминин – Люси еді. 1976 жылы Солтүстік Эфиопияда зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар ежелгі гомининдердің бірқатары жататын австралопитек16 туыстас тобына (ah-strah-loh-PІTH-uh-seens) тиесілі кем дегенде он үш қаңқа қалдығын тапты.

Олардың ішінде сүйек қалдықтарының 40 пайызы сақталған, жас әйелге тиесілі қаңқа болды. Қазба барысында ашқан жаңалықтарын атап өту кезінде ғалымдар «The Beatles» тобының «Lucy іn the Sky wіth Dіamonds» әнін орындаған еді. Ежелгі қаңқа қалдықтарының иесіне лақап ат осы ән құрметіне қойылды. Australopіthecus afarensіs қатарына жатқызылып, 3,2 миллион жыл бұрын өмір сүргені анықталған Люсидің бойы небәрі үш фут, оның тік жүргені анық, ал бас бармағы мен саусақтары қорек теруге, сонымен қоса кішкентай баласын көтеріп жүруге икемді болған тәрізді.

Люси соңғы жылдары Эфиопиядан табылған басқа да ежелгі гомининдермен даңқын бөлісуге мәжбүр болды. 2000 жылы палеоантропологтар17 Селамды – үш жастағы қыз баланың барынша бүтін сақталған қаңқа қалдықтарын тапты. Бұл бала 3,6 миллион жыл бұрын су тасқынында құм мен тастың астында қалып қойған. Селамның қаңқасы табылған Дикика деген жер Люси өмір сүрген аймаққа жақын орналасқан. Баланың гориллаға ұқсас иығы ағашқа өрмелеуге бейімделген, алайда ми сауыты ересек австралопитектікіне әлі жете қоймаған. Бұл ерекшеліктер – адамзатқа тән биологиялық нышан ретінде қарастырылатын балалық шақтың белгілері. 2009 жылы ғалымдар екі аяқтап жүретін австралопитектер кем дегенде 4,4 миллион жыл бұрын өмір сүрді деген нақты тұжырымға келді. Бұл жаңалық Ardіpіthecus ramіdus немесе Ardі деп аталған ұрғашы австралопитектің жартылай сақталған қаңқа сүйектерінің табылуымен негізделді. Люсиден 1,2 миллион жыл бұрын өмір сүрген бұл тіршілік иесінің қаңқа қалдықтарын талдау барысында оның ебедейсіз болса да, тік жүргені анықталды. Австралопитек түрлерінің Африканың оңтүстік шегіне дейінгі жерлерді мекендегені белгілі. Осыдан екі миллиондай жыл бұрын Оңтүстік Африкадағы терең үңгірге құлап кеткен әлдекімнің бас сүйегі мен қаңқа сүйектерін ғалымдардың зерттеп жатқаны жақында белгілі болды. Австралопитектердің бұл тобына Australopіthecus sedіba деген атау берді.

«Люси». Дене бітімі шағын, жас, шамамен жынысы әйел Australo­pіthecus afarensіs түріне жататын Люсидің келбеті осы реконструкциядағыдай болуы мүмкін. Палеоантропологтар және олармен бірге жұмыс істеген суретшілер аталған түр терісінің түсі, денелерін қаншалықты дәрежеде түк басқаны, мұрын мен ерін пішіндері туралы тек болжам жасай алады. Қазіргі адамның бас сүйегі ми сауыты және шағын бет бөлігінен тұрады. Люси мен оның австралопитек туыстарының бас сүйегінің пішіні мүлдем басқа – ми сауыттары кішкентай, бет бөлігі жалпақ әрі шығыңқы. Мына бір суретте Люси бізге ойлана қарап тұрғандай. Осы сипаттағы реконструкциялар ежелгі гомининдердің шын мәнінде қаншалықты адам болғанына қарамастан, оларды «нағыз адам» ретінде қабылдауға итермелеуі мүмкін бе?

Люси, Селам, Арди және Australopіthecus sedіba сияқты австралопитектер бәсекелес жануарларға қарағанда біршама ақылды болған шығар, азық табу мен жыртқыш аңдардан жасырыну мақсатында ұжымдасу үшін шағын тобырларға да бірігуі ықтимал. Солай дегеннің өзінде, бұл түрдің қазіргі адамдардан әлдеқайда алыс жатқаны анық. Австралопитек миының көлемі адамдікіне қарағанда біршама кішкентай, софтбол (softball) добының көлеміндей ғана болар. Тіпті олардың ең қарапайым еңбек құралдарын пайдаланғаны жайлы да ешқандай дерегіміз жоқ. Антрополог ғалымдардың бірі: «Австралопитектердің дене бітімі ғана адам тәрізді болғанына қарамастан, Люси мен оның достарының миы мен дене көлемінің бір-біріне қатынасына қарағанда, олар қалалық хайуанаттар бағында толыққанды саналы және рухани өмір сүре алатын еді»1, – деген пікір білдірді. Аталған австралопитектердің бір түрі біздің тікелей, бірақ тым алыс арғы тегіміз болуы мүмкін. Алайда олардың дәл қайсысынан тарағанымызды ешқандай дерекке сүйеніп айта алмаймыз.

Homo habіlіs. Осыдан шамамен 2 миллион жыл бұрын еңбек құралдарын жасай алатын гомининдер іздерін қазба деректерде қалдыра бастады. Олардың ішіндегі ең ежелгісі қазіргі Танзанияның Серенгети жазығындағы көл маңында тіршілік еткені белгілі. 1960 жылы ежелгі адам іздеріне бай Олдувай (OHL-duh-way) шатқалынан 1,8 миллион жыл бұрын өмір сүрген ежелгі гоминин табылды, бұл – ғалымдар қазіргі адамның Homo туыстық тобына жатады деп анықтаған алғашқы гоминин. Қазба жұмыстарын жүргізген археологтар оған Хомо хабилис немесе «Епті адам» деген атау берді. Епті адамның ерекше белгілері болды: Люси тәрізді австралопитектерге қарағанда ми көлемі үлкен және бас бармағы кішкентай заттармен жұмыс істеуге икемделген. Ол әртүрлі құралдар: шоқпарлар, қол балталар, ұрғылауға немесе қыруға арналған екі шеті де өткір тас қалақшалар жасады. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, Хомо хабилис адамдары өсімдіктермен қатар, өлекселермен де қоректенген. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша 2,5 миллион жыл бұрын өмір сүрген, бір-біріне қатысы жоқ бірнеше түр өкілдері де еңбек құралдарын жасай алған, мұндай ептілік Хомо хабилистен бөлек түрлерде де дамуы мүмкін. Қалай десек те, адамдардың еңбек құралдарын жасауды меңгерген уақыттан палеолит18 кезеңі, «ерте тас дәуірі» басталып, б.з.д. 10 мың жылға – еңбек құралдарының түрлері жетілдіріліп, күрделенген кезеңге дейін жалғасады.

Ашель қол балтасы. Ашель қол балтасы деп аталатын тас құралдар француздың Амьен қаласы маңында орналасқан Сен-Ашель жерімен байланысты. XІX ғасырда осы жерден палеолит дәуірінің қол балтасы табылған. Екі жағын да қашаған құралдың бұл түрі алғаш рет осыдан 1,7 миллион жыл бұрын Африканың шығысында пайда болып, Афроеуразияның бірнеше бөлігінде жүз мыңдаған жыл бойы қолданылып келді. Суреттегі қол балтаның ұзындығы 20 см-ге таяу. Осы құралдардың біреуін қолдана отырып, адам қандай пайдалы жұмыс істей алды деп ойлайсыз?

Тікесінен жүру (bіpedal) – гомининдерді басқа маймылдардан ерекшелейтін қабілет.

Австралопитектер – жойылып кеткен, қаңқа қалдықтары Африканың шығысынан табылған ең ежелгі екі аяқты гомининдердің бірнеше түрі.

Палеоантрополог – адамзат эволюциясы және ежелгі адамдар мен олардың биологиялық тегінің сырт-келбеті және мінез-құлық белгілерін зерттеумен айналысатын ғалым.

Палеолит – «Ерте тас дәуірі», бұл кезең осыдан 2,5 миллиондай жыл бұрын – гомининдер алғаш рет тасты өңдеп, еңбек құралын жасаған кезден басталып, б.з.д. 12 мың жылға – адам баласының егіншілікпен айналыса бастаған кезіне дейін созылды.

Жиһанкез гомининдер

Хомо эргастер түріне жататын гомининдер Африкадан солтүстікке бет алып, Еуразияға сапарын шамамен осыдан 1,9 миллион жыл бұрын бастаған шығар. Келесі миллиондаған жыл ішінде ұрпақтары Хомо эректустардан құралған шағын тобырлар бір-бірінен барынша алшақ жатқан Батыс Еуропаға, Қытайға және Индонезияға дейінгі жерлерді басып өтеді (1.1-картаны қараңыз). Сонымен қатар олар Африкадағы мекенін де ұлғайтады. Арғы бабаларына қарағанда ми жұмысы кемелденіп, еңбек құралдары жетіле түскен осы түрлер тропиктік Африкадан мүлде өзгешеленген жаңа қоршаған орта жағдайына бейімделіп кетеді.

Ақылды болғанымен, әлі де «біз» емес. Хомо эргастер мен Хомо эректус австралопитектер сияқты аласа бойлы және арықша емес еді. Бойлары ұзын және тығыншықтай деуге келеді. Бұтақтан-бұтаққа секіруге икемсіз ауыр денелері жыртқыш аңдарға қарсы тұра алатындай күшті еді. Ең бастысы, ежелгі гомининдермен салыстырғанда, олардың ми сауыты үлкенірек, бүгінгі адам миының төрттен үш бөлігіндей болды. Үлкенірек бас сүйегінің ішінде күрделі нейрон талшықтары қалыптасты, бұл бұрынғы гомининдердің икемділігімен салыстырғанда, әлдеқайда күрделі психикалық үдерістерді қамтамасыз ететін биологиялық жетістік еді. Мысалы, тастан еңбек құралын жасап отырған сол уақыттың адамы оны болашақта қалай пайдаланатыны туралы бір «жоспар» ойлауы мүмкін.

Миллиондаған жыл бойы гомининдердің ми көлемі өзгеріссіз келе жатқан тұста салыстырмалы түрде зерек тіршілік иелерінің аяқ астынан пайда болуын түсіндіру оңай емес. Хомо эректус жеуге жарамдының бәрін азық ретінде пайдаланды, қорек талғамады, бабаларына қарағанда етті әлдеқайда көп жеді. Құнарлы, ақуыз бен майға бай етті қорек ретінде тұтыну мидың дене көлеміне сай дамуына септігін тигізді. Хомо эргастер, Хомо эректус және шамамен 600 мың жыл бұрын Африкада пайда болған Хомо хайдельбергенсис деп аталатын түр өкілдері дамыған ми жұмысы арқасында тастарды бір-біріне соққылау, тас сынықтарын бір-біріне қашау арқылы әртүрлі, жетілген еңбек құралдарын, соның ішінде чопперлер, қашаулар, шапқылар, қырғыштар, үшкіртастар, шоқпар және бір басы сүйір қол балталар жасауға қабілетті болды. Бүкіл уақытын қорекке керек өсімдіктерді теруге жұмсаған әйелдер осы құралдардың көпшілігін ойлап табуы немесе оларды жетілдіруі әбден мүмкін.

Шағын қауымдарда күнделікті ұжымдасып тіршілік етуге жағдай жасау арқылы алғашқы адамдардың ақыл-ойы дамыған шығар. Табиғи сұрыпталудың талабына сай ми қабілетінің күрделі әрекеттерді ойластырып, жүзеге асыра алуы топталып өмір сүретін тіршілік иелері үшін таптырмас артықшылық еді. Гомининдердің топ ішінде бірлесе тіршілік етулеріне не себеп? Оның шындыққа жанасатын бір себебі – Хомо эректус аналарының басқа сүтқоректілерге қарағанда, биологиялық жағынан толық жетілмеген баланы дүниеге әкелуінде болар. Қазіргі адамдардікіндей олардың нәрестелері мен кішкентай балаларының миы біртіндеп өсті, яғни олардың басы, соған сәйкес миы да, бастапқыда босану жолдары арқылы өте алатындай кішкентай болып, өсе келе қалыпты өлшемге келді. Нәрестелер ұзақ уақыт бойы өз бетімен тіршілік етуге қабілетсіз болды. Сол үшін аналар екі жыл немесе одан да көп уақытын балаларына барынша қамқор болып, емізуге жұмсады. Нәтижесінде ер адамдар мен әйелдер күнделікті азық жинау, тұрақтарын қорғау және кішкентай балаларын қадағалау үшін ұжымдасып тіршілік етудің жолдарын іздестірді. Ақырында бірлесе аң аулау әрекеттерін жетілдіруі де мүмкін. Адамдар қауымы ірі аңдарды жеу үшін ғана өлтіріп қоймай, ендігі кезекте оларды жоспарлы түрде аулау жолдарын қарастырды. Осыдан 480 мың жыл бұрынғы уақытпен мерзімделген, Кениядан табылған алғашқы адамдар тұрағынан шыққан, тас қол балталар мен шапқылардың, алпыс үш павианға тиесілі сүйектердің пішіндеріне қарағанда Хомо эргастер тобыры немесе соларға ұқсас гомининдер алдымен приматтарды қаумалап, содан кейін оларды жан-жақтан ұрып өлтірген.

Көшуге бет алған Хомо өкілдері. Шығу тегі жағынан жақын бабаларымыздың тарихы бүкіл Афроеуразия шеңберінде қарастырылуы тиіс. Грузияның Дманиси (duh-man-EE-see) елді мекені маңынан еңбек құралдарын пайдаланған гомининдердің тұрағы табылды. Бұл гомининдердің арғы тегі Африкадан келгені анық болса да, олардың Кавказ тауларында 1,8 миллиондай жыл бұрын өмір сүргені анықталды. «Қаңқа иелері Хомо эректус түріне жата ма?» деген сұраққа ғалымдар әртүрлі жауап береді. Бірақ қолымыздағы деректерге сүйенсек, осы түр өкілдері осыдан 1,5 миллион жыл бұрын қазіргі Индонезияның тропиктік Ява аралына, ал шамамен 1 миллион жыл бұрын Қытайдың солтүстігіне қарай көшкен. Шығыс Англияда табылған шақпақтастан жасалған еңбек құралдарынан Хомо эргастерден тарады деп болжамдалатын гомининдер осы жерде 700 мың жыл бұрын тұрғаны анықталды. Аталған аңшылар қиыр солтүстікке қарай, салыстырмалы түрде қысқа мерзім шеңберінде, дәлірек айтсақ, жаһандық ауа температурасы уақытша көтерілген тұста ғана көшкен болар.

Шимпанзелердің, гориллалардың және Африканың басқа приматтарының мекеніне айналған тропиктік ормандардан тысқары жерлерді тануға құлшынбағандарын ескерсек, ежелгі адамдардың осыншама алыс жерлерге көше бастауына не себеп болды екен? Теориялардың біреуіне сүйенсек, ертеректегі гомининдерге қарағанда Хомо өкілдерінің ми көлемі үлкенірек еді, сәйкесінше олар миға көбірек қуат беретін азықпен қоректенуі керек болды. (Қазіргі адамның миы тұрақты түрде қоректі қажет етіп тұрады, денедегі зат алмасу барысында түзілетін энергияның 20 пайызы ми жұмысына жұмсалады). Етпен қоректенетін аңдармен үнемі бір аймақта бәсекелесуге мәжбүр болған терімшілер мен аңшылар (немесе кезбе-аңшылар) қауымы осы өңірде азық көзі сарқылған кезде бір мекеннен екінші мекенге көшіп отырды. Қауым көлемі өсіп, қоныстарындағы жеуге жарамды азық мөлшері оларды асырауға жетпей бара жатқанда, тобырдың кейбір мүшелері бірігіп, жаңа құтты қоныс іздеу үшін келесі жотаның арғы жағына ауып кетті. Бір археолог-ғалымның есептеуінше, ұрпақ ауысқан сайын бір-бірінен қайта-қайта бөлініп отырған қауым әр бөлінген сайын ескі қауымынан небәрі 12 мильдей қашықтықта ғана қоныстанса, 20 мың жыл ішінде Шығыс Африкадан Қытайға дейінгі жерді толығымен жайлап алады екен2. Ал шын мәнінде, бұл көштің одан әлдеқайда ұзақ уақытқа созылғаны белгілі.

Жаһандық ауа температурасының араға мыңдаған жыл салып барып өзгеріп отыруы да көштің қайта жалғасуына септігін тигізген шығар. Шамамен 1,6 миллион жыл бұрын жер бетінде Плейстоцен (PLEYES-tuh-seen), ауа райының суытуы мен жылынуы циклдерінен тұратын кезеңі басталады. Соңғы бір миллион жыл ішінде әрбір цикл 100 мың жылға жуық мерзімге созылып отырды. Суытудың ұзақ кезеңдерінде немесе мұз дәуірінде19 солтүстік полюс аймағынан оңтүстікке қарай созылып, Солтүстік Еуразия мен Солтүстік Американың кең алқаптарын басып қалған алып мұздықтар пайда болды. Мұздықтар әсерінен мұхит ащы суының біраз бөлігі мұзға айналды. Нәтижесінде теңіз деңгейі күрт төмендеп, жағалаулар кеңейіп, бір кездері арасын су шайып жатқан жерлер бір-бірімен құрлық арқылы жалғасты. Ауа райының салыстырмалы түрде қысқа мерзім аралығында жылынуы – мұздықаралық жылыну20 деп аталған кезеңде мұз еріп, теңіз деңгейі қайта көтерілді. Өткен бір миллион жыл ішінде жылыну кезеңі тек 10 мың жылға ғана созылды. Шынына келгенде, біз б.з.д. 9600 жыл шамасында басталған Голоцен мұздықаралық жылыну кезеңінде өмір сүріп келеміз. Плейстоцен кезеңіндегі жылу мен суық алмасулары нәтижесінде табиғат пен өсімдіктер түрлерінде оңтүстікке және солтүстікке тән өзгерістер қалыптасты, сондықтан Хомо эректус пен оған жақын түрлерден құралған тобырлар Плейстоцен тұсында Афроеуразия жеріне кең тарады. Еуразия даласындағы көшу толқындары климаттың осы ырғағына тәуелді болуы мүмкін, мұздықаралық жылыну кезінде терімшілер мен аңшылар қауымының солтүстік аймақтарға қоныстанды, ауа температурасы қайтадан төмендеген кезде суық климатқа бейімделе алды немесе оңтүстікке қайта көшіп отырды.

Олар ұшы-қиыры жоқ аймақтарға қоныстану барысында бір-бірінен айтарлықтай өзгешеленетін қоршаған орта жағдайына бейімделуге септігін тигізетін еңбек құралдарын дамытып, тәжірибе жинақтаған шығар. Отты пайдалануды меңгеру ең басты жетістіктердің бірі болды. Шығыс және Батыс Африкадағы ежелгі тұрақтардан табылған от іздері отты пайдаланған алғашқы гомининдер Хомо эргастерлер болғанын көрсетеді. Олар жылыну, жыртқыш аңдарды үркіту, қараңғы үңгірлерге жарық түсіру, тіпті тамақ пісіру үшін отты пайдаланса керек. 2004 жылы Израильдің солтүстігіндегі қазба ескерткіштен күйген шақпақтас жарықшақтары шығуы гоминин тобырларының осыдан 790 мың жыл бұрын от жаға алғанын көрсетеді. Гоминин тобырлары солтүстік климатта, тіпті мұздықаралық жылыну кезін ескерген жағдайдың өзінде де, отты пайдаланбай тіршілік етулері екіталай еді. Қытайдың солтүстігінде орналасқан үңгірді зерттеу нәтижесінде осыдан 300–400 мың жыл бұрын осы үңгірді мекендеген Хомо эректус өкілдерінің от жаққаны белгілі болды. Алайда бұл деректер жайлы ғалымдар арасындағы пікірталас әлі толастар емес.

Тас құралдарының түр-түрі, қарапайым қоғам­дық құрылыс және отты пайдалана білу Хомо эректус пен оған жақын гомининдердің әлемдік түрге айналуына алып келді. Демек, олар бір-бірінен түбегейлі ерекшеленетін табиғат жағдайларына еш кедергісіз бейімделді. Олардың өмірі жайлы не айтсақ та, алғашқы адамдар тіршілігі соншалықты жат көрінді. Олар азық-түлікті бөлісуді реттейтін, дау-дамайды шешетін ережелер жасай алмағаны, күн көрістерін бірнеше жыл бұрын жоспарлай алмағаны белгілі. Қаңқа қалдықтары мен еңбек құралдары табылған қазба ескерткіштері олардың дін немесе өнер жайлы аздаған түсініктері болғаны немесе қарапайым ошақ салуды білгені жайлы ешқандай мағлұмат бермейді. Олардан қалған жартас суреттері де, тастан қашалған мүсіндер де, мәйіттер де жоқ. Іс жүзінде біздің 200 мың жылдық тарихымызбен салыстырғанда, олардың 2 миллион жылдық өмірінде өзгеріс аз болды.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Туркана баласы: арғы ата-бабамыз

Шамамен бір жарым миллион жыл бұрын өмір сүрген арғы бабаларымыздың жас кезінде-ақ қайтыс болуына себеп жеткілікті еді. Оның бір мысалы – кішкене күнінде қайтыс болған Туркана баласы. Саз батпаққа етбетімен құлап, уақыт өте оның денесі шіріп, еті ағып түскен. Бала шамамен 7–11 жас аралығында көз жұмған. Ұл бала Туркана көлінің (қазіргі Кенияның солтүстік-батысында орналасқан) батысындағы өзен бойымен жүгіріп не жай серуендеп келе жатқан болар. Қаңқа қалдықтарын мұқият зерттеу барысында балада арқа ауруы немесе жарақаты, астыңғы жақ сүйегінде асқыну белгілері болғаны, ал оған себеп ретінде қаны бұзылғаны жайлы болжам жасауға негіз бар. Бойы 150 см-ге таяу, аман-есен ер жеткенде бойы 180 см-ге жетіп, тіпті одан да бойшаң болуы мүмкін еді. Дене бітімі осы аймақты қазір мекендейтін халықтардікі сияқты ұзын, арықша. Бұл – тропиктік ортаға табиғатынан бейімделген дене бітімінің айқын көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, адам ағзасының ыстық ортаға бейімделуінің бір түрі.

Кения Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Самуел Мутети 1,6 миллион жастағы Туркана баласының (Нариокотоме баласы) көшірмесін көрсетіп тұр

Кейбір ғалымдар қаңқа қалдықтары Кения ұлттық музейінде сақталған Туркана баласын Хомо эргастердің ең алғашқы өкілдеріне жатқызады. Бет сүйегі шығыңқы, қабағы түксиген, танауы жалпақ, иегі тым кішкентай басын есепке алмағанда, бұл баланың сырт келбетінің қазіргі адамдардан айырмашылығы болмауы да мүмкін. Кеуде мен мидың байланысына жауап беретін шоғырланған жүйке талшықтары тарайтын жұлын бөлігі орналасқан омыртқа жотасы тұсының кішкентай болғанына қарап, оның тыныс алуын дәл біз сияқты қадағалай алмағанын болжай аламыз. Ол дыбыстай алғанымен, дем шығаруды толық басқаруға көмектесетін физикалық дайындық деңгейінің болмауынан күрделі мағынаға ие, анық сөздердің басын құрай алмады. Оның қаза тапқан жасындағы ми көлемі қазіргі бір жастағы баланың миымен тең еді.

Палеолит гомининдері өкілдерінің қаңқа қалдықтарына қарап, олардың бір кездері өмір сүріп, тіршілік еткен әлдебіреуге тиесілі екеніне сену қиын-ақ. Ал Туркана баласының балшықта ұзыннан-ұзын жатқан бейнесіне қарап, біреудің қайтыс болған сәтінің мәңгілікте сақталып қалғанына куә боламыз. Бұл көрініс баланың қалай ажал құшқаны жайлы түрлі болжам жасауға мүмкіндік береді: жүгіргеннен әбден шаршаған, ауыр жарақаттанған, аңға таланған, өз адамдары қолынан қаза тапқан...

Сыни пайым

Туркана баласы сияқты гомининдер ірі аңдар үшін оңай олжа болды деп ойлайсыз ба? Иә не жоқ десеңіз, себебін түсіндіре аласыз ба?

Мұз дәуірі – жер жүзінің басым бөлігін мұз басқан геологиялық дәуір, мұз дәуірінің бізге ең таяуы – Плейстоцен.

Мұздықаралық жылыну – мұз дәуірлері арасындағы жаһандық жылыну мен мұздың еру кезеңі. Біз өмір сүріп жатқан қазіргі геологиялық дәуір Голоцен мұздықаралық кезеңіне жатады.

Өзге жиһанкез гомининдер

Шамамен 200 мың жыл бұрын, Хомо эректуспен салыстырғанда ақыл-ой қызметі жетілген, еңбек құралдары күрделенген гомининдер тарихта із қалдыра бастады. Бүгінге дейін олардың төрт түрі белгілі. Неандерталь адамы (nee-ANN-duhr-tawls) деп аталатын түр жайлы аз да болса деректер бар, Флорес және Денисов адамына қатысты мәліметтер жоқтың қасы. Ал төртінші түр – Хомо сапиенс. Кітабымыздың негізгі бөлігі осы түр өкілдерінің тарихына арналады. Аталған төрт түрдің тікелей ата тегі Хомо эректус болуы мүмкін, бірақ олардың дәл қандай жолмен эректустан тарағанын нақты ашып көрсете алмаймыз.

Неандертальдық. Homo neanderthalensіs (Неандерталь адамы) деп аталған гоминин түрлері Еуропа мен бүгінгі таңда Таяу Шығыс деп аталатын Азияның оңтүстік-батыс бөлігін қоныстанды. Неандерталь адамының қаңқа қалдықтары ХІХ ғасырда Солтүстік Германияда орналасқан Неандр өзені аңғарынан табылғандықтан, осылай аталады. Ми көлемі үлкендеу неандертальдық осыдан 200 мың жыл бұрын пайда болып, 28 мың жыл бұрын түр ретінде жойылады. Ғылыми дәлелдердің біршама жинақталуы «неандертальдар – тікелей арғы тегіміз» деген теорияны жоққа шығарды. Шамасы, олар ертеректегі гомининдерден тараған жеке түр болуы керек.

Көпшілік арасында неандертальдыққа қатысты жағымсыз пікір қалыптасқан. Олар үңгірлерді мекендеген, ұсқынсыз, санасыз тіршілік иелері ретінде бейнеленеді. Иә, олар үңгірлерді паналады, сондай-ақ орта бойлы, мығым, төртпақ денелі, ат жақты болды. Бірақ оларды мүлде санасыз деп айтуға келмейді. Олардың ми көлемі біздікімен бірдей болған, әртүрлі мақсаттарға арнайы жасалған жеке-жеке тас құралдарды пайдаланған. Тері мен жүннен жылы киімдер дайындады, отты пайдаланды, мұз үстімен аң аулады. Сонымен қатар қайтыс болған адамдарын жерледі, марқұмның о дүниелік өмірінде қажет болар деген сеніммен қабір ішіне ақыреттік заттар қойды. Қаңқа қалдықтарын мұқият зерттеу барысында буыны ауырған немесе сүйегі сынған адамдардың жарақаттарына қарамастан тағы бірнеше жыл өмір сүргені анықталды. Мұның өзі неандерталь адамдарының ауру меңдеген немесе қартайған қауым мүшелерін өлімге қиып тастап кетудің орнына, оларға қамқорлық жасағанын көрсетеді. Неандертальдықтар бір-бірімен дыбыс арқылы да, ыммен де тілдесті. Олардың сөйлеу аппараты күрделі дыбыстарды біріктіріп шығаруға қабілетті деңгейде жетілмеген болуы керек, сондықтан сөйлеу тілі болды деп айтуға ешқандай дәлеліміз жоқ. Олардың өнерден де хабары жоқ, сондай-ақ қарапайым баспана тұрғызуды да білмеді. Алайда олардың тұрмыс-тіршілігіне қарағанда, аталған қабілеттердің бірқатарына қол жеткізу жолында болғанын көреміз.

Неандерталь адамының ақыл-ойы мен икемділігі Оңтүстік-Батыс Азия, Еуропа мен Солтүстік-Батыс Африканың әртүрлі климат жағдайында өмір сүруге жеткілікті болды (1.2-картаны қараңыз). Плейстоцен кезеңі климатының ауысу жағдайларына байланысты олар жылы, мұздықаралық кезең тұсында солтүстік бұғылар мен басқа аңдардың ізіне түсіп, солтүстікке қарай жылжып отырған болар. Ауа температурасы төмендеп, мұздықтар жайыла бастағанда, керісінше, оңтүстіктегі жайлы табиғи ортаға қарай кері шегінді. Бейімделу дағдыларының қаншалықты дамығанына қарамастан, олар Хомо сапиенспен бетпе-бет кездесуден қашып құтыла алмады. Араларындағы қайшылық мәселесіне осы тарауда қайта ораламыз.

Флорес адамы. Индонезияның Флорес аралының (Ява аралының шығысында орналасқан), үңгірінде қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдар 2004 жылы осы күнге дейін белгісіз болған гоминин түрін тапқаны жайлы жариялады. Қаңқа қалдықтарын қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында оның тік жүрген, қолдары ұзын, бойы небәрі 90 см шамасындағы ересек әйелге тиесілі екені анықталды. Ми сауытының көлемі шағындау, шимпанзенің ми сауытымен шамалас.

Табылған қаңқа мен қазба материалдары шешімін табу қиынға соғатын біраз сұрақтарға жетеледі. Бет сүйегінің, тістерінің көлемі мен пішіні оның гомининдер жүйесіндегі Хомо сапиенс түріне жақын екенін көрсетеді. Бас сүйегінің ішкі жағына қарағанда, оның ми бөліктері мен қыртыстары әбден жетілген Хомо сапиенс миына жақын болғанын байқай аламыз. Тұрақтан табылған тас құралдардың шағын әрі ептілікпен жасалғаны олардың Хомо эректуске қарағанда тас өңдеудің неғұрлым жетілген технологиясын білгенін аңғартады. Ақыр соңында ғалымдар қаңқа қалдықтарының жасын шамамен 18 мың жыл деп мерзімдейді, яғни бұл түр өкілдері Хомо эректуске қарағанда әлдеқайда бертінгі кезеңде, Оңтүстік-Шығыс Азияның тропиктерінде мыңдаған жыл бойы қазіргі адаммен қатар өмір сүрді деген сөз. Ғалымдар бұл тіршілік иесін табылған жеріне орайластырып Хомо флоресиенсис (Homo floresіensіs) немесе жай ғана Флорес адамы (Floresіans) деп атады.

Қаңқа қалдықтарын тапқан археолог ғалымдар Флорес адамының Хомо эректустен тарамағаны жайлы болжам жасады. Олар гомининдер жүйесінің жеке-дара тармағы болуы мүмкін. Оның кейбір өкілдері Африкадан Оңтүстік-Шығыс Азияға Хомо эректуске дейін немесе кейін көшкен. Басқа ғалымдардың пікірінше, үңгір тұрғындары – Хомо сапиенстер, ал бас сүйегінің кішкентай болуы – даму барысында пайда болған ауытқудың белгісі. Қалай болғанда да, осы бір бас сүйек ғалымдарды ақыл-ойдың ми көлеміне тәуелділігі жайлы мәселені қайта қарауға итермеледі. Аралдағы тау ормандарында аңшылықпен айналысқан осы адамдардың шағын ғана бас сүйегінде ерте гомининдерде болмаған, анағұрлым күрделі нейрон байланыстары түзілген болар.

1.2-КАРТА. Неандерталь адамы және адамзаттың басқа да арғы тегі

Мұз жамылғыларының жайылуы мен адамның арғы бабалары кезіп өтуі мүмкін табиғи көпірлердің су бетіне шығуы арасында қандай геологиялық және климаттық байланыстар бар?

Денисов адамдары. Соңғы бірнеше жыл ішінде ғалымдар биохимиялық талдаудың жаңа әдістерін қолдана отырып, осыдан 80 мың жылдай уақыт бұрын Оңтүстік Сібірдің бір үңгірін мекендеген гоминин әйелдің ДНҚ-сының реттілік жүйесін анықтады. Молекулярлық биология саласындағы мамандар адам эволюциясын анықтау барысында 1970 жылдардан бастап ДНҚ қасиеттерін, адам хромосомаларының құрылымын, әсіресе гендерді тасымалдайтын хромосомаларды зерттеді. ДНҚ-ның ұрпақтан-ұрпаққа берілуі барысында аздаған өзгерістер тұрақты түрде жүреді. Демек, арғы тегі ортақ тіршілік иелерінің генетикалық айырмашылықтары уақыт өткен сайын еселеніп отырады. Екі халықтың бір-бірімен байланыс жасамаған мерзімі ұзарған сайын олардың арасындағы генетикалық алшақтық ұлғая береді. Жан-жақты зертханалық талдамаларды қолдана отырып, ғалымдар генетикалық материалдардың өзгергіштігін есептеу арқылы екі гоминин тобының қанша мың жыл, тіпті он мың жыл бұрын бір-бірінен бөлініп кеткенін көрсетіп бере алады. Сібірлік қыз геномының, яғни хромосомалар жиынтығының талдамалары көрсеткендей, оның арғы тегі мен Хомо сапиенстің арасын 170–700 мың жыл бөліп тұр. Қысқасы, ол не біздің түрге, не неандертальға, тіпті Хомо эректуске де жатпайды. Сірә, ол бізге әлі беймәлім биологиялық түр өкілі болу керек.

Шынашақтан алған тарихи мәліметтер. Сібірден табылған шынашақ сүйекте бүлінбей сақталған ДНҚ-ға жүргізілген талдау нәтижелерінен білеріміз – биологиялық түріміздің осы күнге дейін беймәлім болып келген туысы болуы ықтимал. Генетикалық зерттеулер адамзаттың көне тарихы жайлы мағлұматтар бере алады. Осындай зерттеулер өткеніміздің қандай қыры жайлы ақпарат бере алмауы мүмкін деп ойлайсыз?

Денисов үңгірінен екі тіс пен шынашақтан басқа сүйек қалдықтары шықпады. Сүйектерде ДНҚ-ақпарат жақсы сақталғандықтан, ғалымдар қыздың шашы, көзі және терісінің түсі қоңырқай болғанын нық сеніммен айта алды. Сондай-ақ қыз баланың қазіргі адамдардан гөрі генетикалық жағынан неандертальға туыс болып келетіні, осы түр адамдарының Сібірде Хомо сапиенстің осы аймаққа келгеніне дейін ондаған мың жыл бойы қоныстанғаны да белгілі болды. Денисов адамдарының қоныстану аймақтарының шеңбері және пайдаланған еңбек құралдары жайлы әзірге еш нәрсе білмейміз.

Африкада пайда болған қазіргі адамдар: алғашқы 100 мың жыл

ойлан: Хомо сапиенс пен гомининнің физикалық келбеті мен ақыл-ойы дамуында қандай айырмашылықтар болуы мүмкін?

Хомо эректус, Неандерталь, Флорес адамы, Денисов адамы – барлығы Африкадан көшті. Алайда олардың ешқайсысы Австралияға, Америкаға немесе Тынық мұхитта шашырап жатқан аралдарға жетпегені белгілі. Мұндай артықшылық тек Хомо сапиенстің еншісіне тиесілі, ол Шығыс Африкадан бастап жер шарының Антарктикадан басқа барлық құрлығын игерді. Соңғы жылдардағы генетикалық зерттеулер мен қазба материалдарға сүйене отырып, ғалымдардың көпшілігі біз сияқты адамдар шамамен 200 мың жыл бұрын тек Африкада пайда болды деген қорытындыға келді. Хомо сапиенс Африканың бірқатар бөліктеріне қоныстанып, жарты әлемді бағындыруды небәрі 70 мың жыл бұрын ғана бастауы ықтимал.

Хомо сапиенстің тарих сахнасына шығуы

Хомо сапиенстің таралуы жайлы негізгі теорияға сәйкес, біз Шығыс және Батыс Африкада пайда болып, дамығанбыз. «Африкалық тамырымыз» жайлы теорияның дәлелдері жылдар бойы тоқтаусыз жинақталды. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде ең ерте Хомо сапиенс сүйегі Африкадан ғана табылды. 2005 жылы ғалымдар мерзімдеудің жаңа технологияларын қолдана отырып, Оңтүстік Эфиопиядан табылған Хомо сапиенске тиесілі екі бас сүйек қалдықтарының жас шамасын 195 мың жыл деп есептеп шығарды. Оңтүстік Африкадан табылған қазіргі адамдікімен толық сәйкес келетін бас сүйек шамамен 36 мың жыл бұрынғы деп мерзімделеді, ол осы уақыт шамасында аз көлемде болса да Еуразияның түкпір-түкпірін мекендеген Хомо сапиенс өкілдерінің бас сүйегіне өте жақын келді. Осы ұқсастық Хомо сапиенс тұрақты мекенін табу мақсатында алыс жолға шықпай тұрып, Африкада дамыды деген болжамға итермелейді.

Генетикалық зерттеулер де «Африкадан шыққанымыз» жайлы теорияны толығымен құптайды. Соңғы он жыл ішінде жүргізген зерттеулер нәтижесі Африкадан тараған индивидтер арғы тегі басқа аймақтарда өмір сүргендерге қарағанда генетикалық тұрғыдан алуан түрлі болып келетінін дәлелдейді. ДНҚ жиынтығын талдасақ, тамыры Африкада жатқан халықтардың ортақ ата-бабаларының гені Африкадан шықпаған бабаларының генінен уақыты жағынан көне екенін байқаймыз. Яғни қазіргі африкалық адамның генетикалық шежіресін қалпына келтірсе, ол қатарда африкалық емес ДНҚ болмауы мүмкін. Ал африкалық емес адамның тамырына үңілгенде, онда міндетті түрде африкалық атасының ДНҚ-сы жүреді.

Жалпы айтқанда, XXІ ғасыр басында өмір сүретін әр адам шығу тегін қуаласа, түбінде Шығыс не Оңтүстік Африкада осыдан 150–200 мың жыл бұрын өмір сүрген бір адамға барып тіреледі. Бәріміздің бойымызда африкалық тегіміздің ДНҚ-сы (әсіресе тек әйел адам арқылы берілетін митохондриялық ДНҚ) сақталған. Адамзат Африка топырағында тамыр жайған, көктеген, бүкіл жер бетіне жапырақ жайған ағаш іспетті. Уақыт өте адам баласы әлемді шарлап, сан түрлі бағыттардағы саяхатында генетикалық алуан түрлілікті кеңейтіп, бір-бірімен байланысын жоғалта бастайды. Қазіргі таңда ғалымдар генетикалық алуан түрліліктің егжей-тегжейіне дейін ескерілген сызбасын құрастыруда, бұл жоба Хомо сапиенстің қашан және қандай жолдармен дүниежүзін бағындырғаны жайлы түсінігімізді одан ары кеңейтуге септігін тигізері анық.

Тіл құдіреті

Толыққанды адам ретінде қалыптасқан арғы бабаларымыз ұзақ уақыт бойы тек Африканы қоныстанды, алайда олар таралу аймақтарын мыңдаған мильге дейін, Оңтүстік Африкадан Жерорта теңізінің Марокко жағалауына дейін кеңейте отырып, осы аумақтағы тарихын жасады. Африканың басым бөлігі тропиктік ендікте жатқанымен, біздің түр өкілдері әркелкі табиғат белдеулеріне – тропиктік ормандарға, таулы алқаптарға, шөлейт далаларға сапар шегеді, сондай-ақ қыс мезгілінде жылы баспананы қажет ететін алыс солтүстік пен оңтүстіктегі қоңыржай климатқа ие жерлерге де жетеді. Шамамен 80 мың жыл бұрын кезбе адамдар қауымы Африка даласының Эфиопия мен Атлант мұхитына дейін созылып жатқан орманды және жазық саванна белдеуі бойымен көбейе бастады. Осылайша Хомо сапиенстің миы табиғи ортаның алуан түріне бейімделу қабілетіне ие болды.

Африканың басым бөлігін жайлаған адамдар анатомиялық құрылысы жағынан біздерге өте ұқсас болуы мүмкін. Осы күні қазіргі үлгідегі киім киген, шаш үлгісін де қазіргіге лайықты сәндеген 100 мың жастағы Хомо сапиенс университетте қыдырып жүрсе, оған ешкімнің айрықша назар аудармауы әбден мүмкін. Кімде-кім онымен тілдесуге тырысса, ол жұмған аузын аша алмауы ықтимал. Өйткені адамзат ол кезде сөйлеу қабілетіне енді-енді ие бола бастаған еді. Сөйлей алған кезден бастап адам баласының топтасып тіршілік етумен қатар, қоршаған ортаның физикалық және табиғи жағдайын меңгеру қабілеті бірден артты.

Тілді меңгере отырып, адамдар ақпаратты саналы түрде бөлісе алатын, жинақтай алатын және ұрпағына бере алатын қауымдастықтар құрды. Хомо сапиенс, басқа жануарлармен салыстырғанда, генетикалық өзгеріссіз, физикалық және табиғи қоршаған ортаға еш кедергісіз бейімделді. Керісінше, олар адам зерделерінің бір-бірімен тығыз байланысы арқылы өзгеріс енгізуге жеткілікті күш жинады. Бір сөзбен айтқанда, олар мәдениет жасайтын қабілетке ие болды. Табиғи сұрыпталу арқылы жүрген биологиялық бейімделудің өте баяу қарқынымен салыстырғанда мәдени өзгерістер қас қағым сәтте-ақ жасалады. Тарихшы Дэвид Кристиан бұл қабілетті «ұжымдаса үйрену»21 (collectіve learnіng) деп атады. Шимпанзе және гориллалардың балалары қорек табу мен жыртқыштардан жасырыну сияқты әрекеттерді ата-аналарының іс-әрекеттерін бақылау немесе оларды қайталау арқылы үйренеді. Іс-әрекеттерді бір-бірінен үйрену жолдары осымен шектеледі, ешбір примат өмірлік тәжірибесін ұсақ-түйегіне дейін баласымен бөлісе алмайды, сондықтан маймылдың баласына «бірнеше жыл бұрын қорқау қасқырларды байқап қалған кезде, былай істегем» деуін көзге елестете де алмаймыз. Адам баласы дүниеге келген алғашқы бірнеше айда жан-жағын, негізінен, отбасы мүшелері шығарған дыбыстар мен қимылдары арқылы таниды, алайда бала өсіп, тілі шыққаннан кейін түпсіз терең білім сандығының есігін отбасының ғана емес, басқа да адамдардың, кітап, радио, теледидар және ғаламтор көмегімен ашады. Осының қайтарымы ретінде олар ақпараттар легін келесі ұрпаққа қалдыра алады. Уақыт өте, ұжымдаса үйрену үдерісі білімнің экспоненциалдық өсуіне, нәтижесінде адамзаттың жинақталған білімді қоршаған ортаны барған сайын күрделі әрі қуатты жолмен өзгерту мен икемдеу үшін пайдалануына алып келеді.

Символдық ойлау. Жануарлардың барлық түрлері бір-бірімен қарым-қатынас жасай алады, алайда тіл – мүлде басқа қатынас. Эволюция барысында адам баласы анатомиялық өзгерістерге ұшырап, оның сөйлеу аппараты дамыды. Сөйлеу аппараты сөздерді, мән-мағына тиесілі дара дыбыстарды айтып қана қоймай, оларды ұғымдардың күрделі қатарына біріктіре отырып және сол ұғымдарды бір адамнан келесі адамға тез арада жеткізді. Күрделі, дәл ұғымдар беретін дыбыстарды басқара алу қабілеті сөйлей бастаған адам баласын қорсылдау, үру, шиқылдау, ақыру арқылы қарым-қатынас жасайтын жануарлардан түбегейлі түрде ерекшеледі.

Сөйлеу белгілер арқылы ойлау қабілетіне негізделеді, ал мұндай талант тек Хомо сапиенске ғана тән екені белгілі. Адам миының басқа жануарлардан айырмашылығы – сыртқы ортадан келіп түскен сенсорлық ақпаратты оны сипаттайтын немесе білдіретін белгілерге айналдыруға қабілеттілігі. Осы белгілер тіл арқылы байқалады, тілдің көмегімен ойлаймыз, тілдің көмегімен өзімізді танимыз. Жануарлардың барлық түрі сыртқы орталарын әйтеуір бір жолдармен бақылап, соған орай әрекет жасайды, биологиялық эволюция барысында қалыптасқан жолмен қарым-қатынас орнатады. Ал сыртқы ортадағы мәселелерге қатысты күрделі бейнелер арқылы ойлану – пайымдаулар жасау, үйлесімдер табу, майда-шүйделеріне дейін есте сақтау, ақпарат бөліктерін бір мағынадан екінші мағынаға көшіру адам баласына ғана тән. Адам баласы затқа сол затты сипаттайтын атау береді. Ол зат туралы әңгімелеп, техникалық әдістерді қолданбай-ақ оларды түсіндіріп бере алады. Олар өткен шақтағы оқиғаларды, абстрактілі заттарды, өмірде бәлкім болмаған да дүниені (эльфтер, айдаһарлар, құдайлар), болашақта болуы мүмкін нәрселерді талқылауға қабілетті. Достарыңа бір аптадан кейін, бейсенбі күні, дәл сол мекенжайда, тек жауын жаумаса, олардың көңіл күйі болса ғана кездесетініңді түсіндіруге тырыс. Бірақ осының бәрін шимпанзелер сияқты, сөзсіз, суретсіз, жазусыз, хабарламасыз, тек дыбыс пен қимыл арқылы түсіндіріп көр.

Жосамен боялған қызыл саздағы ежелгі белгілер. Шамамен 75 мың жыл бұрын белгісіз біреу Оңтүстік Африкадағы Бломбос үңгіріндегі палеолит тұрағынан табылған осы бір қызыл түсті сазға осындай тұрақты таңбалар салған. Таңбалардың бір мағына беретіні анық. Алайда бұл белгіні түсірген адамның не айтайын дегенін білмейміз. Осындай таңбалар тілдің пайда болуын қалай сипаттайды?

40 мың жыл бұрынғы тілді меңгерген аңшылар зебра үйіріне тұзақ құру мен сойып алудың жоспарын жасау үшін біріге бастауы мүмкін. Аналар балаларына кейбір жануарлардың маңына жолаудың қаншалықты қауіпті екенін түсіндірді, балалары оларды түсінді. Терімшілер мен аңшылар ер адамдар мен әйелдер арасындағы қоғамдық қатынастарды реттеу ережелерін жасаған, әлемнің пайда болуы жайлы аңыздар құрастырған, адамның өмір тәжірибесінің негізін құрайтын сезіну, құмарлық, құштарлық пен қорқыныш сезімдерін білдіре алған да болар. Тіл қарқынды жаңаруларға жол ашты, себебі еңбек құралдарын жасау мен оларды қолдану жайлы білім бір топтан екінші топқа ауызекі тіл немесе бейнелер арқылы белгілер кейпінде таралды. Мысалы, қырғыш құралдың әлдеқайда тиімді түріне атау беріп, басқа ұқсас құралдармен бірге топтастырып, оның пайдасын сипаттады.

Денеге салған таңбалар мен түйеқұс жұмыртқасының қабығынан жасаған моншақтар. Хомо сапиенс Африкадан тысқары аймақтарға таралудан бұрын-ақ мәдениет пен тілді игерген тәрізді. Оңтүстік Африка Республикасының оңтүстік жағалауындағы Бломбос үңгірі деп аталатын археологиялық ескерткіштен 70–110 мың жыл бұрынғы уақытпен мерзімделетін заттар табылды. Солардың ішіндегі қаңқа сүйектерінің қалдықтарында қазіргі адамның анатомиялық құрылысының нышандары бар. Сондай-ақ үңгірден шыққан деректер оларда қазіргі адам тіршілігіне сай элементтердің болғанын дәлелдейді. Мұнда тіршілік еткен адамдар ұжымдық ақпарат алмасу мен белсенді ынтымақтастықты қажет ететін құралдар жасағаны байқалады. Табылған заттар ішінде сүйектен жасалған, дүниежүзіндегі ең көне еңбек құралы – найза ұштары мен тескіштер (тері немесе басқа заттарды тесу құралы) бар.

Сонымен қатар Бломбос үңгірі тұрғындары бір шартты белгіні білдіретін заттар да жасаған тәрізді. Олар жосаны, қызыл сазды денені бояу үшін қолданған сияқты, мұның өзі осы денесі боялған адам жайлы бір айрықша ақпарат беруі мүмкін. Тұрғындар жосаға бедерлі белгілер де түсірді. Археологтар сәнді моншақтар тізу үшін әдейі тескен ұсақ теңіз бақалшықтарын тапты. Осыдан 75 мың жыл бұрынғы уақытқа тиесілі деп есептелетін бұл заттар – адам баласының сәндік бұйымдарды жасауының Оңтүстік Африкадан табылған ең көне іздері. Темір тотығы іздері моншақтардың боялғанын аңғартады. Кішкентай тесіктерді тесу уақыт пен ыждағаттылықты талап етеді, демек бұл еңбек бөлінісін еске түсіреді, азық табу мен оны дайындаудан босаған, осындай арнайы жұмыстарды атқаратын бірнеше адам болған тәрізді. Топтаманың иесі моншақтарды алқа немесе білезік ретінде басқаларға көрсету үшін тақса керек. Әлдебір қауым мүшелері «бөтен» қауым мүшелері алдында айқын белгілер арқылы ерекшеленді немесе көршілерімен арадағы достық қарым-қатынасты құнды заттармен алмасу арқылы бекітті.

Көне әшекей бұйым ба? Марокконың солтүстік-шығысындағы тұрақтан табылған, жосамен боялған ұлутастардан жасалған мына тесік моншақтар шамамен 82 мың жыл бұрынғы уақытқа тиесілі. Біреу осы моншақтарды алқа немесе білезік жасау үшін тізіп шыққан деп сенімді түрде қорытынды шығара аламыз ба? Әшекей бұйымдарды тағу арқылы олар бір-біріне қандай ақпарат жеткізгісі келді?

Археологтар Африканың басқа тұрағында жетілген технологиялық әдістер мен белгілер арқылы ойланғанын анықтады. 2007 жылы Марокконың шығысындағы әктас үңгірінде зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар тесілген теңіз ұлутастарынан 82 мың жыл бұрын жасалған моншақтар тапқаны жайлы мәлімдеме жасады. Бұл әшекейлер қызыл жосамен боялған, кейбір белгілеріне қарағанда жіпке тізілген. Ғалымдар Алжир мен Израильден де осы уақытқа жататын моншақтар тапты. Кениядағы Энкапуне Я Муто (Күңгірт үңгір) үңгірінен түйеқұс жұмыртқасы қабығынан жасалған, осыдан 40 мың жыл бұрынғы уақытқа жататын моншақтар шықты. Әлемнің басқа бөліктеріне көшпестен бұрын Африканың оңтүстігі мен Жерорта теңізіне дейінгі жерді мыңдаған жыл бойы мекендеген адамдар моншақ жасап таққан шығар, тағып қана қоймай, олар туралы әңгімелескен де болар. Ғалымдар экватор бойындағы Конго өзені аңғарында 80 мың жыл бұрын жасалған тас құралдар, соның ішінде сүңгілер тапты.

Таста сақталған дәлелдер адам қауымдары арасындағы материалдық және мәдени қарым-қатынастардың тарихы Африканың шығысы мен оңтүстігінен басталатынын көрсетеді. Бірнеше қазба жұмыстары барысында ерекше тас құралдар табылған, бұл құралдарды жасаған материал қазба жүргізген жерге тән емес еді. Геологиялық мәліметтерге сүйенсек, жанартау әйнегі – обсидианнан жасалған сәнді балталарды, кескіштерді, шанышқы ұштарын тұраққа басқа жерден әкелген. Кейбір кездерде тұрақтардағы бөтен заттар 2000 миль қашықтықтан асатын жерлерден жеткізілген. Адамдар обсидиан тіліктерін аңшылар мен терімшілер қауымының қоныстану шеңберінен тыс жатқан, біршама алыс жерлерге тасымалдаған немесе құнды заттарды бір қауымнан екінші қауымға өткізудің арнайы жолдарын ойластырған. Соңғы болжам шындыққа көбірек жанасатын сияқты. Бұл заттар сауда құралы ғана болып қоймай, сонымен қатар бір-бірімен байланыс орнатқан қауымдардың қарым-қатынасын бекіте түсетін сый ретінде жүруі ықтимал. Археологиялық қазба барысында Африка тұрақтарынан табылған жәдігерлердің азғантай пайызының ғана шығу тегі сол аймақтан тыс жерге қатысты. Бірақ шамамен 50 мың жыл бұрынғы заманнан, яғни адамзаттың жер жүзінің ұшы-қиыры көрінбейтін бөліктеріне көше бастаған кезінен бастап африкалықтар арасындағы материалдық айырбас барған сайын анағұрлым кең ауқымды, күрделі сипатқа ие болады.

Зерттеушілердің Африкадан тапқан соңғы 40 мың жылға дейінгі уақытқа жататын қаңқа қалдықтары мен жәдігерлер туралы кей жағдайда бір-біріне қарама-қайшы келетін болжамдар көп. Дегенмен адам баласы осы құрлықты көптеп қоныстанған кезде бейтаныс қоршаған ортаның қиындықтарына төтеп беруге көмектесетін ақыл-ой, тілдік, техникалық, әлеуметтік қабілеттер жиынтығын әбден меңгергені анық.

Дүниежүзін игеру

ойлан: Адамзаттың шамамен 70–10 мың жыл бұрын дүниежүзінің басым бөлігін (Антарктиканы қоспағанда) кедергісіз игеруіне қандай факторлар әсер етті?

Гомининдерден тек Хомо сапиенс қана барлық құрлыққа қоныс аударып, мұздықтардан басқа, жер бетінің түрлі климатына бейімделе алды. Алайда жер бетін игерудің дәл қалай жүргенінің тарихы бұлыңғыр. Адамзаттың Еуразия, Австралия мен Америкаға қалай және қашан қоныс аударғанын нақты анықтауға көмектесетін дәлел әлі күнге жоқ. Алайда шамамен 70–10 мың жыл бұрын (бұл эволюция тарихы үшін қас қағым сәт) адам баласы бір-бірінен барынша алшақ жатқан Солтүстік-Батыс Еуропаға, Оңтүстік Австралияға, Шығыс Канада мен Оңтүстік Американың алыс түкпіріндегі аймақтарға кең тарағанын білеміз (1.3-картаны қараңыз).

Ұжымдаса үйрену – адамзаттың білім жинақтау, бөлісу және оны ұрпақтан-ұрпаққа қалдыру үдерісі.

Африкадан басталған көш

Қолда бар деректерге сүйенсек, кем дегенде 115 мың жыл бұрын адамдардың шағын тобы Ніл алқабы арқылы Синай түбегінен өтіп, қазіргі Израиль орналасқан аймаққа қоныс тепті. Оңтүстік-Батыс Азияға бет алған бұл көштің алысқа ұзамағаны белгілі, себебі адамдардың сол уақытта Еуразияның ішкері аймақтарына қарай жылжығанын дәлелдейтін ешбір дерек жоқ. Генетикалық мәліметтер көрсеткендей, 90–70 мың жыл бұрын Еуразияны тұрақты түрде игеруді бастаған алғашқы тұрғындар Қызыл теңіздің африкалық жағалауын 55 мың жыл бойы мекен еткен, былқылдақ денелі теңіз жәндіктерімен қоректенген адамдардан тараған. Қызыл теңіз жағалауын мекендеген қауымда сал немесе қайық болғанын дәлелдейтін ешқандай дерек жоқ, дегенмен олардың Қызыл теңіздің оңтүстігі арқылы Араб түбегіне жүзіп жеткені белгілі. Ал Араб түбегінен шығысқа қарай тіршілік көзін іздеп бет алған адам топтары салыстырмалы түрде аз уақыт ішінде (мыңжылдықтар бойы) көркейіп, өсіп-өну мен даму кезеңінен өтті деген болжам айта аламыз. Себебі жағалау бойымен жылжыған көш табиғаттың күрт өзгеруімен күреспес еді. Сонымен қатар негізгі қорек көзі – жеуге жарамды өсімдіктер мен жеміс-жидектер де құнарлы әрі мол болды. Соңғы мұз дәуірінің мұздықтары осыдан 18 мың жыл бұрын ери бастап, теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты осы көш адамдарының тұрақтары мен қайықтары теңіз түбіне кетуі әбден мүмкін.

1.3-КАРТА. Хомо сапиенстің жаһандық көші-қоны

Картадағы мерзімді шамамен белгіледік. Алғашқы адамдар көшінің уақыты жайлы ғалымдар әлі күнге дейін бір пікірге келмесе де, көш лектерінің реті мен ықтимал хронологиясы адамзаттың жер бетін алдыңғы гомининдердің таралу қарқынымен салыстырғанда тез-ақ қоныстанғанын көрсетеді (1.1-картаны қараңыз). Африкадан басталған адамзат көшінің Австралияға Еуропадан 20 мың жыл ерте жетуіне қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

Оңтүстікке, Австралияға қарай

Австралияның оңтүстік-шығысындағы Мунго көлінен табылған қаңқа қалдықтарын зерттей келе, адам баласының осы құрлыққа ең алғаш рет Оңтүстік-Шығыс Азиядан 60 мың жыл бұрын келгені анықталды. ДНҚ зерттеулері Оңтүстік-Шығыс Азияны мекендейтін тұрғындар мен жергілікті халықтың (аборигендер) осыдан 55–60 мың жыл бұрын бір-бірінен бөлінгені жайлы болжамды растады. Плейстоцен кезеңінің климаты поляр мұздықтарының ерімей сақталуына оңтайлы жағдай жасап, нәтижесінде, теңіз деңгейі төмендеп, Индонезия архипелагын құрайтын мыңдаған арал арасын жалғаған табиғи көпірлер пайда болды. Көп ұзамай, шағын қауымдар ағаш діңінен, бамбуктан жасаған салдар арқылы бір-біріне жақын орналасқан аралдарға жүзіп баруға немесе құрлықтың батысынан шығысына қарай кедергісіз көшуге мүмкіндік алды. Теңіз деңгейінің төмен кезінде Австралия, Жаңа Гвинея мен Тасмания Сахул атты тұтас бір құрлықты құрады. Теңіз арқылы небәрі 50 миль ғана жүзіп, Жаңа Гвинеяға жетіп алған адамдар оңтүстікті бетке алып, сапарларын жаяу-ақ жалғастыра алды. Бірінші келген ондаған адамның өзі-ақ тұрақты өсіп-өну арқылы Австралияның бастапқы халқын құраған болар, сондай-ақ алғашқылар салған жолмен көш кейін де жалғаса бергені анық.

Плейстоцен кезеңі жер бетін мұз құрсауынан босатқаннан кейін көтерілген су Австралияны Жаңа Гвинеядан қайта ажыратты. Біртұтас Сахул құрлығы жоғалған кезде адамзат Австралияны өз үйіне айналдырып үлгерген еді. Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, адамзат Австралия жеріне жағалауды бойлай емес, құрлықтың кең-байтақ ішкері аймақтарына бірден жылжу арқылы қоныстана бастады. Қалай болса да, адамдар Австралияның шалғайдағы оңтүстігін осыдан шамамен 35 мың жыл бұрын игергені белгілі. Солтүстік жағалауды мекендеген австралиялықтар мен Индонезия теңізшілері арасында ауық-ауық байланыс орнап тұрғанына қарамастан, құрлықтың терімшілері мен аңшыларының тарихы өз бетімен, әлем дамуынан тысқары өрбіді. Бұл үрдіс б.з. XVІІІ ғасыр аяғына дейін, яғни еуропалықтар Австралия жағалауына келіп түскенге дейін жалғасты.

Еуропаны игерушілер

Жерорта теңізінің шығысындағы жерлер осыдан 100 мың жыл бұрын-ақ адамзаттың мекеніне айналды, бірақ адамдардың Еуропа немесе Еуразияның басқа да батыс аймақтарына қоныс тебуі 60 мың жылға шегерілді. Қолымыздағы деректер беретін мәліметтердің дұрыстығына күмән келтірмесек, Австралияға қоныстану Еуропаға қарағанда шамамен 10–20 мың жыл ерте басталған. Адамзаттың отаны болған Африкаға Еуропаның жақынырақ орналасқаны белгілі. Құрлықты игерудің осынша уақытқа тоқтап қалуының себебі не? Теориялардың біреуі 80–40 мың жыл бұрын Еуропаның көп бөлігін басып жатқан мұздықтар Хомо сапиенс тіршілігі үшін өте қолайсыз болды деп түсіндіреді. Салыстырмалы түрде жіңішке, ұзын дене бітіміміз суық климатқа бейімделмеді, ол кездегі адамдар не жылу сақтайтын баспана тұрғызуды, не денеге шақтап пішкен жылы киім мен аяқ киім тігуді білмеді. Дегенмен неандерталь адамы жылуды сақтауға ыңғайлы, жуан сүйекті, мығым, төртпақ денесінің арқасында мұз басқан Еуропаны мекеніне айналдыра алды.

Осыдан 40–50 мың жыл бұрын мұздықаралық жылыну кезеңі басталды. Бүгінгі күнмен салыстыруға келмейтін, шөбі шүйгін, шалғынды, қоңыржай климаты бар Оңтүстік-Батыс Азияны қоныстану әрі қарай да жалғасты. Осы уақытқа дейін жетілген пышақ-кескіш, қырғыш, тескіш, сүңгі тәрізді еңбек құралдары адамзатқа жаңа экологиялық жағдайға бейімделуге барынша септігін тигізді. Келесі 20 мың жыл көлемінде терімшілер мен аңшылар қауымы бірте-бірте солтүстікке қарай жылжып, Еуропаның Атлант жағалауынан басталып, Сібірге дейін жалғасқан қоңыржай белдеуге тарады. Шамамен 30 мың жыл бұрын ауа температурасы қайта төмендеді, бірақ адамдар жаңа еңбек құралдары, қару-жарақ және әлеуметтік ынтымақтастық жүйесін жасау нәтижесінде тіршілігін жалғастыра берді. Алайда Солтүстік Еуразияның қатаң климаты өмір сүруге тым қолайсыз болған кезде, тіршіліктерін жеңілдетуге септігін тигізетін біршама жетістікке жеткеніне қарамастан, терімшілер мен аңшылар қауымы жан сау­ғалап, мейлінше оңтүстікке қарай шегінуге мәжбүр болды. Бірақ түбінде Хомо сапиенс қысқа төтеп беруді бірте-бірте үйренді.

Күрделі қарулар. Шамамен 40 мың және 20 мың жылдар бұрынғы археологиялық деректерде кездесетін бұл бес қару таңғажайып технологиялық жетістіктерді көрсетеді. Ерте дәуірдегі Ашель құралдарымен салыстырғанда, Еуропадағы бұл құралдар – екі шоқпар, кескіш және сүңгі шебердің қолынан шыққандай. Ерте палеолит дәуірінің тіл біткен адамы сүңгінің пайдасын өзге біреуге қалай түсіндірер еді?

Америка фронтирлері

Австралия сияқты, Америка құрылығында да Хомо сапиенс пайда болғанға дейін гомининдердің басқа түрлері болмағанын деректер дәлелдейді. Хомо сапиенс қауымы Америкаға Солтүстік-Шығыс Азия арқылы тарағаны жайлы пікірді ғалымдардың басым көпшілігі қолдайды. Материалдық және генетикалық деректердің біршама жинақталғанына қарамастан, алғашқы адамдардың Америкаға қашан және қалай қоныстана бастағаны жайлы мәселе әлі де толық анықталмады. Соңғы жарты ғасыр бойы палеоантропологтар арасында ең алғашқы адамдар легі Сібірден Аляскаға өту арқылы Солтүстік Америкаға тарады деген пікірді ұстануда. Яғни көш Еуразияны Америкадан бөліп жатқан, ені 53 миль болатын теңіз жолы – қазіргі Беринг бұғазы арқылы жүрді. Ал соңғы мұз дәуірі кезінде екі құрлық арасын табиғи көпір ретінде құрғақ жер қосып жатты. Қазіргі заманғы геологтар Беринг деп атаған осы жоғалып кеткен мойнақ 18 мың жыл бұрын жаһандық температура көтеріле бастаған кезде өсімдіктер мен жануарлардың мекеніне айналды. Келесі бірнеше мың жыл терімшілер мен аңшылар қауымына Беринг мойнағын кесіп өтуге ең қолайлы уақыт болды. Шамамен 12 мың жыл бұрын (б.з.д. 10 мыңыншы жыл) Беринг мойнағы көтеріліп келе жатқан теңіз суына төтеп бере алмады, бірақ ол уақытқа дейін алғашқы америкалықтар қалыптасып үлгеріп, оңтүстікке қарай тарай бастайды.

Америкаға алғаш қоныстанушылар саны мен нақты шығу тегі жайлы сұрақтар шешімін таппай келеді. Генетикалық тұрғыдан алсақ, құрамында бала көтеруге қабілетті жастағы небәрі төрт әйел бар шағын қауым мүшелері 1492 жылға дейін Американы мекендеген әр адамның ата тегі болуы мүмкін. Қалай дегенмен, кейінгі қазба материалдары мен ДНҚ талдамасы нәтижелері адамдар бұл жерге бірнеше толқынмен қоныстанғанын көрсетеді. Вашингтон штатынан, Невададан, Миннесотадан, Бразилиядан және тағы бірнеше жерден табылған қаңқа қалдықтарының сүйек құрылысы Американың кейінгі үндістерінікінен мүлде өзгеше; бұдан шығатын қорытынды: шамамен б.з.д. 10 мыңыншы жылынан ертеректе Азияның бірнеше бөлігінен шыққан адамдар тобы Солтүстік Америкаға әртүрлі уақытта барған. Екінші жағынан, соңғы генетикалық зерттеулер Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Американың жергілікті халықтары мен Сібірдің жергілікті тұрғындарының түбі бір екенін көрсетті. Бұл Солтүстік-Шығыс Азиядан Солтүстік Америкаға көшкен бір топ адамның Американың барлық байырғы халқының ата тегі екенін дәлелдейді.

Адам қос Америкаға қалай жетті: құрлықпен бе, әлде мұхитпен бе? Ғалымдардың дәстүрлі пайымдауларына сай, Аляс­каға алғаш келген адамдар жаһандық температура жылынған тұста Канаданың алып екі мұз жабындысы арасындағы тіршілікке жарамды ішкі жасыл белдеу арқылы көштерін әрі қарай жалғастырған. Осы аңшылар мен терімшілер мұздықтардан оңтүстікке қалың ормандар мен жазық далаларға қарай жылжып, кейін тарыдай шашырап, нәтижесінде Солтүстік және Оңтүстік Америка жерінің түгелге жуығына қоныстанады. Соңғы жылдары мамандар оңтүстікке қарай жылжудың жолы жылдамырақ болғанына айрықша назар аударып отыр. Австралияны ашқан адамдар тәрізді, алғашқы америкалықтардың да Тынық мұхит жағалауымен жүзіп отыруға лайық, мықты, терімен қапталған қайықтары болған шығар. Олар Берингті жаяу кесіп өтпей-ақ, Азияның солтүстік-шығыс жағалауы арқылы жүзіп отырып, Аляска мен Канадаға жетулері де мүмкін еді. Жол бойы мұздықтар жете қоймаған аралдар мен тіршілік етуге жарамды жағалауларға тоқтап отырған болар. Жағалау өсімдіктері мен теңіз тағамдарымен қоректенген адамдардың бір ендіктен екінші ендікке өтуі барысында өмір салттары мен технологиялары салыстырмалы түрде аздап өзгерген шығар. Қандай болжам жасағанымызбен, осыдан 6 мың жылға дейін Тынық мұхит жағалауында қайық болды дегенді растайтын материалдық дерегіміз жоқ. Алайда қоныстану жағалау арқылы жүрді деген теория әлі де ғалымдарды елеңдетіп отыр, өйткені осы теориядан Американы қоныстанудың мерзімі жайлы зерттеушілерді толғандырып жүрген сұрақтарға шындыққа анағұрлым жақын жауап табуға болады. Берингтен 10 мың миль қашықтықта орналасқан Чилидің Монте-Верде деген жеріндегі археологиялық қазба ескерткішінен табылған, тас­тан, сүйектен, піл сүйегінен жасалған құралдардың мерзімі осыдан 14 500 жыл бұрынғы уақытқа жататыны анықталды. Осындай өте ұзақ қашықтықты небәрі бірнеше мың жыл ішінде қалай басып өтуге болады? Ақылға қонымды жауаптың біреуі мынадай: көш Солтүстік және Оңтүстік Американың батыс жағалауын төменге бойлай жүрді, жолдың бір бөлігін қайықпен жүзіп өтті.

Кенневик адамы. Кенневик адамы деп аталып кеткен 9300 жыл бұрынғы солтүстік америкалық ер адамға тиесілі қаңқа қалдықтарының бір бөлігі болған бұл бас сүйекке қарап білетініміз, әртүрлі физикалық белгілерге ие адамдар Азиядан қос Америкаға бірінен кейін бірі жалғасқан көш нәтижесінде жетті. 72-беттегі «Деректерді саралау» айдарында Кенневик адамының табылуы қоғамда тудырған пікірталастарды қарастырып өтеді.

Деректерді САРАЛАУ

Кенневик адамы төңірегіндегі пікірталастар

1996 жылы ғалымдар Вашингтон штатындағы Кенневик қаласы маңындағы Колумбия өзенінің таяз жерінен табылған, жақсы сақталған адам қаңқасының жерленген мерзімі 9300 жыл екенін білгенде, қатты таң қалды. Кенневик адамы деген атпен белгілі адамның сыртқы белгілеріне қарағанда, Тынық мұхиттың солтүстік-батыс жағалауын мекендеген қазіргі Америка үндістері оның ұрпақтары емес деген болжам жасауға негіз бар. «Байырғы америкалықтардың қабірлерін қорғау және репатриация туралы» заңда федералдық жерлерде табылған үндістердің мәйіттерін қайтара жерлеу үшін жергілікті тайпаға қайтарылуы керек деп көрсеткен. Палеоантропологтар мұндай көне қаңқа сүйектері жан-жақты зерттелуі керек деп дауласты. 2004 жылы федералдық сот ғалымдардың пайдасына шешім шығарды. Үндіс­тердің юматилла тайпасының көсемі Арманд Минторн мен антрополог Робсон Бонникшеннің Кенневик адамының тағдыры жайлы пікірлері әртүрлі.

БІРІНШІ құжат

Арманд Минторн, юматилла үндістерінің көсемі

Діни сеніміміз, мәдениетіміз және қабылдаған саясатымыз бен тәртібімізге сай, бұл адамды мүмкіндігінше ертерек қайта жерлеуіміз керек. Бабаларымыздан қалған даналыққа сай, адам денесі жер қойнына берілгеннен ақырзаманға дейін сонда жатуы керек... «Байырғы америкалықтардың қабірлерін қорғау және репатриация туралы» заң бойынша ата-бабаларына тиесілі мәйіттерді қайта жерлеу үшін тайпалар сотқа шағымдана алады. Тайпам осы адамға қатысты сотқа арызданды, шындық біздің жағымызда екені дәлелденген кезде оны қайта жерлейміз, сөйтіп, марқұмның жаны тыныш табады... Бұл адамның жасы 9000 жылдан асатыны рас болса, онда оның байырғы америкалық екеніне деген сеніміміз беки түседі. Ауызша тарихымыздан осы жерде халқымыз бағзы замандардан бері тұрып келе жатқанын білеміз. Ғалымдар айтқандай, халқымыз басқа құрлықтан көшіп келгеніне мүлдем сенбейміз. Кейбір ғалымдар бұл адамды ары қарай зерттемесе, үндістер тарихының бір дерегін білмей қалатынын айтады. Бабаларымыз арқылы, діни ғұрыптарымыз арқылы бүгінге дейін жеткен тарихымызды онсыз да білеміз.

Дереккөз: Armand Mіnthorn, «Human Remaіns Should be Reburіed» Confeder-ated Trіbes of the Umatіlla Іndіan Reservatіon, September 1996, http://www.umatіlla.nsn.us/kman1.html. At the tіme of wrіtіng, the author was a member of the Board of Trustees and a relіgіous leader of the Umatіlla Confederated Trіbes.

ЕКІНШІ құжат

Робсон Бонникшен, антрополог

Ғалымның пайдалы білім беруі, басылымға жарамды мақала жазуы, жаңа ғылыми жобаларды әзірлеуі және жаңа теорияларды құруы мен оларды сын тезінен өткізуі түпкілікті және сенімді мәліметтерге қол жеткізе алуына тікелей байланысты. Өкінішке қарай, мен сияқты америкалық ғалымдардың қолында зерттеуге қажет, дәлелді мәліметтер көп емес. Американың ең көне кезеңіне қатысты археологиялық ескерткіштер мен жәдігерлер аз, ал барынша бүлінбей сақталған қаңқа қалдықтары және адамдардың басқа да биологиялық материалдары одан да сирек. Жаңа табылған әрбір ежелгі ескерткіштер мен адам қаңқалары өте маңызды, адамдардың Америкаға қоныстану құпиясын ашқымыз келсе, олардың әрқайсысы жан-жақты әрі өте ұқыптылықпен зерттелуі керек.

Адамның Американы қоныстануына алып келген үдерістерді екі іргелі сұраққа жауап таппай тұрып, ешқашан түсіне алмаймыз: алғашқы америкалықтар кімдер және олар қайдан келді? Ескерткіштер мен жәдігерлердің беретін мәліметі мол, бірақ олар аталған сұрақтарға өз бетінше жауап бере алмайды. Шығу тегі бөлек адамдар ұқсас ескерткіштер мен жәдігерлер жасауы, ал бір-біріне биологиялық жағынан жақын адамдар мүлде әртүрлі материалдық мәдениет жасауы мүмкін. Қаңқа қалдықтары мен басқа да биологиялық материалдар ғана биологиялық байланыстар жайлы сұрақтарға жауап бере алады.

Кенневик адамы «Жаңа әлемге» алғашқы қоныстанушылар заманына сәйкес келмесе де, ертеректе қоныстанған адамдардың эволюциясы мен дамуы жайлы теориялық пайымдаулар жасап, оларды қолданысқа енгізуге септігін тигізетін маңызды мәліметтерді бере алары анық. Ішкі істер министрлігі үшін 1999 жылы жүргізген қаңқа зерттеулері Кенневик адамының тайпалардың бірде-біреуіне қатысы жоқ екенін анықтады. Қаңқа қалдықтарына қатысты өлшемдер мен бақылаулар оның Солтүстік Америкадан табылған басқа да ежелгі адамдардың қаңқа қалдықтарымен бірқатар аспектілер бойынша сәйкес болса да, біразынан түбегейлі өзгешеленетінін көрсетті. Мұндай қорытынды рас болса, адамның Американың негізгі бөліктеріне қалай қоныстанғанын түсінуге маңызды негіз жасай алады. Сондай-ақ, Американы адамдардың бірнеше топтарының қоныстанғаны және олардың Еуразияның түрлі бөліктерінен шыққанын көрсетуі мүмкін.

Дереккөз: Unіted States Dіstrіct Court, Dіstrіct of Oregon, Bonnіchsen, et al. v. Unіted States of Amerіca, et al., Affіdavіt of Robson Bonnіchsen, Nov, 2002. At the tіme of the affіdavіt, the author was dіrector of the Center for the Study of the Fіrst Amerіcans and professor of anthropology at Texas A&M Unіversіty.

Ғалымдар адам баласының Солтүстік Американың шығыс бөлігіне Канада даласы арқылы оңтүстікке жылжу арқылы емес, Тынық мұхит жағалауынан қазіргі Құрама Штаттардың оңтүстік-батыс бөлігін кесіп өту арқылы Мексика шығанағына дейін, бірнеше ұрпақ ауыстыра отырып жетті деген дерексіз болжамдар да жасайды. Сол жерден олар Миссисипидің шығысындағы орманды алқаптарға және еріп жатқан мұздықтардың оңтүстігіне қарай жылжуы мүмкін. Соңғы бірнеше жыл ішінде археологтар Техастағы Остин қаласының солтүстігіндегі жоталардағы Баттермилк Грик (Buttermіlk Greek) археологиялық қазба ескерткішінен тас кескіш пышақтар, шапқылар мен найза ұштарын тапқан. Жәдігерлерді қоршаған топырақтардағы минералдардың жарық энергиясын өлшеу арқылы мерзімдеу әдісін қолдану нәтижесінде Баттермилк Грик адамдары тас құралдарды осыдан 15 500 жыл бұрын жасағаны анықталған. Ежелгі техастықтардың арғы ата-бабалары Тынық мұхит жағалауынан шығысқа қарай қоныстануы мүмкін. Дәлелдер әлі күнге талас тудыруда, алайда Пенсильванияның оңтүстік-батысындағы Медоукрофт Рокшелтер (Meadowcroft Rockshelter) тұрағындағы қазба нәтижелері адамдардың осы жерде 16 мың жыл бұрын өмір сүріп, тамақ пісіріп, шақпақтастардан пышақ дайындағаны жайлы болжам жасауға итермелейді. Оңтүстік-Шығыс Вирджиниядағы Кактус Хил (Cactus Hіll) тұрағынан табылған еңбек құралдары мен ағаш көмірінің қалдықтарына қарап, осы жерді мекендеген адамдардың арғы тегі бұл жерде батыстан көшіп, Атлант мұхитынан небәрі 70 миль қашықтықта орналасқан жерге осыдан 15 мың жыл бұрын келгенін аңғартады.

Хомо сапиенс неліктен жер бетінің негізгі тұрғынына айналды?

Жануар түрлерінің көпшілігі жер жүзінің белгілі бір бөлігін ғана мекендейді. Адамзат биологиялық тұрғыдан алғанда космополит – олар барлық жерде өмір сүре алады. Неге олай? Адам баласы «жаңа жерлерді тануға» деген туа біткен құлшынысының арқасында ғана барлық құрлықты қоныстанды деген болжам жасасақ, бұл тарихи тұжырым болмас еді. Бір жерге тұрақтаған қауымдар, терімшілер мен аңшылар, мейлі егіншілер болсын, қоныс тепкен мекендері қауіпсіз әрі азық-түлік мол болса, ол жерді тастап, басқа жаққа көшпеді. Екінші жағынан, олар қоршаған ортасы қамтамасыз ете алатын азық көлемі тіршіліктерін жалғастыруға жету-жетпеуін әрдайым есептеп отырды. Палеолит заманында қоректің жетіспеуі, климаттық өзгерістер, жыртқыш аңдар мен адамдар арасындағы азық үшін бәсеке ұйымдасқан қауымдарды жағалаумен төменге немесе жотаның арғы бетіне көшуге дайын жүрулеріне мәжбүр етті. Сол жерден көшпей, қоныстарын тұрақты мекенге айналдыру таңдаулары болғаны да анық.

Халық санының өсуі дүниежүзін қоныстанудың негізгі факторы болғаны сөзсіз. Генетикалық зерттеулер көрсеткеніндей, небәрі 70 мың жыл бұрын Хомо сапиенстер бар-жоғы 10 мыңдай ғана болған. Олардың өзі Африкада ғана өмір сүрген. Ғалымдардың пайымдауынша, суық ауа райы мен құрғақшылық әсерінен адамзаттың жойылу қаупі туындауы мүмкін. Бағымызға қарай, адамдар саны қайтадан өсе бастады. Нақты санын ешкім есептеп бере алмағанымен, болжам бойынша жер-жаһанды қоныстанған адамдар саны осыдан 30 мың жыл бұрын 300 мыңға, ал 10 мың жыл бұрын 6 миллионға жетуі ықтимал.

Халық санының өсуі мен адамдар көші өзара тығыз байланысты. Тіршілігін жалғастыру үшін адамды тапқырлыққа жетелеген климаттық жағдайлар қоршаған ортаның тегеурініне жасампаздық тұрғыда қарсы тұруға себеп болуы мүмкін. Әлеуметтік ынтымақтастықтың тиімді жолдары жаңа құралдар жасауға және тілді дамытуға итермелеуі мүмкін. Бұл жетістіктер қорек көзін іздеген қауымдарға табиғи жағдайы ыстығырақ, суығырақ, құрғағырақ, кей кездері бұрынғы уақытта жайлы деп есептелген жағдайдан өзгешеленетін жерлерге көшуге жағдай жасады. Сондай-ақ кей кезде аймақтық климат ауытқуы қауымдардың табиғи жағдайы қиындаған мекендерін тастап, тіршілікке қолайлы басқа жерге көшуге мәжбүрлейтін экологиялық өзгерістерге алып келді. Жиырма немесе отыз ер адам, әйел мен баладан құралған шағын қауым аңшылықпен, балық аулаумен және терімшілікпен айналысуға мүмкіндік беретін ауқымды аумақты қажет етті. Қауым тым үлкейген жағдайда бірлесе ұжымдасып еңбек ету мен өзара бөлісудің қарапайым тәртібі бұзылуы мүмкін еді. Әлеуметтік шиеленісті болдырмаудың бір жолы – қауымның бірнеше мүшесіне көрші аймаққа кетіп, жаңа қауым құруға мұрсат беру. Қауымдар бір-бірінен бөліне берген сайын адам игерген жердің аумағы кеңейе берді. Осылайша өзара ұйымдасқан қауымдар аймақтарды беталды, мақсатсыз кезген жоқ және тым алысқа сапар да шекпеді. Негізінен, күн көру мен ұрпақ жалғастыру жолында қысқа мерзімді мақсаттарға жету үшін ғана бір-бірінен ажырап, жаңа жерлерді игеріп отырды.

Homo sapіens: тірі қалған соңғы гоминин

Хомо сапиенс дүниежүзін шарлаған ұзақ саяхатын бастаған кезде гомининдердің басқа түрлері әлі де бар ма еді? Неандерталь, Денисов адамының болғаны анық, Флорес адамы да, бәлкім Хомо эректус те болған шығар. Индонезияның Ява аралынан табылған сүйектерді зерттеу барысында Хомо эректустің дүниежүзінің осы бөлігінде осыдан 50 мың жыл бұрын өмір сүргені анықталды. Бұл деректің растығы дәлелденсе, Хомо сапиенс Хомо эректус тобырын көруі, тіпті олармен қатар біраз уақыт өмір сүруі де мүмкін. Хомо эректус белгілі бір уақытта жойылып кетті, олардан кейінгі адамдардың ғажап ақыл-ой мүмкіндіктері оларды алдап соғып, ығыстырып, және саны жағынан асып түскен шығар.

Баттермилк Гриктегі археологтар. Техастағы Баттермилк Грик қазба кешенінде жұмыс жүргізген зерттеушілер соңғы жылдары төменгі қабаттан тапқан жәдігерлерді сараптау барысында, адамзаттың бұл аймақты осы күнге дейін болжам айтып жүрген мерзімнен шамамен екі жарым мың жыл бұрын қоныстана бастағаны туралы ойға жетелейді.

Хомо сапиенс пен неандерталь қауымдары Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропаны бір уақытта қоныстанғаны жайлы ғалымдар пікірі негізінен бір жерден шықты. Екі түр өкілдері де бірнеше мың жыл бойы бірдей еңбек құралдарын пайдаланды. Неандертальдықтар жетілген еңбек құралдарын жасауға көшкенін археологтардың Еуропадағы қазба жұмыстары нәтижесінде тапқан жәдігерлері дәлелдеуде. Ғалымдар 2010 жылы неандерталь адамы геномының реттілік құрылымын анықтады, содан бері Африка тегіне жатпайтын адамдар мен неандертальдықтардың ДНҚ-сының 4 пайызы бір-біріне сәйкес келетінін дәлелдейтін мәліметтер жинақталып қалды. Яғни осы екі түрден ортақ ұрпақ тарап, Оңтүстік-Батыс Азияда өмір сүрген шығар. Олардың өте сирек жағдайда, оның өзінде келісім не мәжбүрлікпен қосылғаны жайлы нақты ештеңе айта алмаймыз. Кейбір ғалымдардың ұсынған тұжырымына сай Хомо сапиенс Еуропаға келмей тұрып-ақ неандертальдықтар осы аймақтың табиғи ортасына биологиялық тұрғыдан бейімделіп, геномымызға суық климаттан туындайтын ауруларға қарсы элементтер қосуы әбден мүмкін.

Неандертальдық пен Хомо сапиенсті салыстыру. Жалпы, неандертальдықтың денесі біздікіне қарағанда мығым, төртпақ. Осындай дене бітімі мұз дәуірінің солтүстік климаттық жағдайында жылылық сақтауға көмектесті. Қазіргі адам неандертальдыққа қарағанда ұзынырақ және арықша, бірақ жылы киім жасаудағы кәсіби шеберлігі жоғары. Хомо эректус сияқты ежелгі гомининдерге қарағанда, неандерталь адамының қаңқа қалдықтарының бізге көбірек жетуін (бірнеше жүз) қандай факторлар түсіндіріп бере алады?

Қалай болғанда да, Хомо сапиенс қауымдары осыдан 40 мың жылдан бергі мыңжылдықтарда Еуропаға тарыдай шашырап, бірте-бірте осы жерде өмір сүріп жатқан неандертальдықтарды терімшілік пен аңшылыққа жарамды жерлерден ығыстырды. Осыдан 30 мың жыл бұрын мұздықтар қайта бері жылжып, ауа температурасы төмендеген кезде адам баласы неандертальдықтарға қарағанда Еуропаның солтүстік аймақтарында тіршіліктерін әрі қарай жалғастыруға әлдеқайда қабілетті болып шықты. Ғалымдардың тағы бір болжамы бойынша, адамдармен салыстырғанда неандертальдықтар аңшылыққа бірге шыққан, олардың әйелдері терімшілікпен, тұрақтарының маңа­йындағы ұсақ аңдарды аулаумен, бала тәрбиесімен айналыспады. Әлі күнге дейін кейбір ғалымдар неандертальдықтар «әлеуметтенуге бейімсіз» болғанын айтады. Олар бір-бірімен қатысы жоқ шағын аңшы қауымдар құрды. Ал сөйлеу қабілетіне ие адамдар осы кезде бірлесіп жемісті әрекет етіп, уақыт өте келе шеңбері кеңейе түсті, осының салдарынан бүтін адамзаттың «ұжымдаса үйрену» үдерісі жылдам қарқын алды. Гибралтар маңынан табылған еңбек құралдары көрсеткендей, Пиреней түбегі болашақтан үміті жоқ Хомо неандертальдықтың (Homo neanderthalensіs) соңғы мекеніне айналды. Неандерталь адамы биологиялық түр ретінде тарих бетінен шамамен 26 мың жыл бұрын жойылды.

Денисов адамына келсек, сібірлік қыз шынашағынан алған мәліметтерге қарағанда, бұл түр өкілдері мен адам баласынан да ортақ ұрпақ тараған. Папуа-Жаңа Гвинея мен Оңтүстік-Шығыс Азия халықтары гендерінің 3 пайызы, сондай-ақ Қытай тұрғындары ДНҚ-сының азғантай пайызы олардың арғы тегінде Денисов адамдары болғанын дәлелдейді. Неандерталь адамы сияқты, ғалымдар бұл жыныстық байланыстар қайда және қандай жолмен пайда болды деген мәселеде дәлелсіз болжамдар ғана келтіре алады. Неандертальдықтар тәрізді, Денисов адамдары да жойылып кетті. Күндердің күнінде осы түрдің жер бетінде өмір сүргені жайлы саусақ сүйектері мен екі тістен басқа да археологиялық деректер табылып қалар.

Халықтар неге әралуан?

Адам гендерінің 99,9 пайызы бір-бірімен сәйкес; шын мәнінде генетикалық кодымыздың 96–99 пайызы шимпанзелердікімен бірдей. Қалған 0,1 пайыз айырмашылық есебінен дүниежүзіндегі адамдардың барлығы генетикалық тұрғыдан дараланады. Биологиялық түріміз дамып, ата тегі әлемнің әртүрлі бөліктерінде өмір сүрген және алыста тұратын халықтардан гөрі, ортақ ұрпақ жалғастырған халықтар сияқты ұқсас, бірақ айырмашылығы да көзге анық байқалатын сыртқы келбет өзгешеліктері пайда болды. Мұндай айырмашылықтарды арғы тегі бір-бірінен қатаң өзгешеленетін климаттық белдеулердегі популяциялардан жиі байқаймыз. Шаш пен терінің түсі, көз қиығы, танаудың жалпақтығы, дене бітімі сияқты айырмашылықтар нақты физикалық және табиғи ортаға бейімделудің нәтижелері немесе генетикалық түрленудегі қарапайым сәйкестік. Мысалы, Солтүстік Еуропаны қоныстанған халықтар тропиктік аймақтарға қарағанда аққұба болып келеді. Оның бір себебі – солтүстік тұрғындары азықтарындағы Д дәруменінің ежелден келе жатқан табиғи жетіспеушілігі. Тері түсінің аққұба болуы күннің ультракүлгін сәулелерді молынан сіңіруге ықпал етеді, ол өз кезегінде денсаулыққа зақым тигізетін мешел ауруына қарсылықты күшейтетін Д дәруменін ағзаның өз бетімен өндіруіне көмектеседі. Сол сияқты, Солтүстік-Шығыс Еуразияның байырғы халықтарына тән ерекшелік – көздің ішкі бұрышын жауып тұратын, үстіңгі қабағының жалғасы болып есептелетін қатпардың жоқтығы солтүстік ендік климатына эволюция барысында бейімделудің белгісі. Табиғи сұрыпталу нәтижесінде көздің үстіңгі қабағындағы қатпардың болмауы адамдардың көзін жаздың шақырайған күнінен, суықтан, көкке көтерілген шаңнан қорғады.

Айырмашылықтардың осындай сипаты суматралықтардың, норвегиялықтардың, моңғолдар мен конголықтардың бір-бірімен қатар өмір сүруіне, жұмыс істеуіне, сөйлесуіне және ұрпақ жалғастыруына биологиялық тұрғыдан мүлде кедергі келтіре алмайды. Әлеуметтік және мәдени тұрғыдағы айырмашылықтардың алуан түрін айқындау үшін бүгінгі таңда нәсіл сөзі және оның басқа нұсқаларын қолданғанымызбен, беделді ғалымдар мен тарихшылар адамзатты «нәсілдерге» бөлетін ұғымнан бас тартты, нәсілдердің үшеуі немесе үш жүзі болуы маңызды емес. Гендеріміздің жалпы санымен салыстырғанда адамдар арасындағы генетикалық өзгешеліктің ешқандай маңызы жоқ. Сондықтан бұл аздаған өзгешелік миллиондаған жыл бұрын емес, салыстырмалы түрде, бертінгі кезеңде, Шығыс Африка тұрғындарының дүниежүзіне қоныстана бастаған уақытынан бастап дамуы тиіс еді. Бір ғалымның «Бәріміз өте жас түрдің өкіліміз және гендеріміз осы сырымызды ашып отыр»4, – деген өте орынды сөзі бар.

Жоғарғы палеолиттің жаһандық мәдениеті

ойлан: Шамамен 40–12 мың жыл бұрын адамзат қоғамындағы мәдени және әлеуметтік өзгерістердің жылдам қарқынын қалай түсіндіруге болады?

«Адам көркі – шүберек» емес пе? Киіміміз өзіміз жайлы, ортамыз туралы хабар береді. Әлеуметтік байланыс орнатамыз деген оймен басқалармен қарым-қатынаста тартымды көріну үшін бетімізге бояу жағамыз, белгілі бір сән үлгісіне сай шалбар киеміз, алтын әшекейлер тағамыз. Адамзат жеке тұлға немесе қауым мүшесі ретіндегі ерекшелігін символ арқылы осыдан 80 мың жылдан аса уақыт бұрын көрсете бастады. Алқа тақты немесе денесін жосамен бояды. Адамзат сөйлеуді меңгере жүріп, сән мәдениетін дамытқан сияқты. Келесі он мың жыл бойы сөз, ым, қимылмен көрсету қабілетін жетілдірген адамзат Африкада жүрген кезінде-ақ, кейінірек Хомо сапиенстің аяғы тиген жердің бәрінде осы сөйлеу, киіну мәдениетін бірте-бірте дамыта түскен болар.

Плейстоценнің соңғы қатаң суық циклінде, яғни 40–30 мың жыл бұрын, мәдени даму өркендеп, адамзат қоғамы айтарлықтай толыға түсті. Осы күні көптеп табылып жатқан қаңқа қалдықтары мен материалдық деректер жоғарғы палеолит дәуірінде (40–12 мың жыл бұрын) дүниежүзі халқының саны қарқынды өскенін, еңбек құралдары жетілгенін, бірнеше аймақтағы ұжымдасқан қауымдар да кеңейгенін, қоғамдық қатынастар күрделенгенін дәлелдейді. Сондай-ақ адам қиялы ұшқырланып, мүсіндер жасап, үңгірлерде суреттер салып, абстракт белгілер ойлап таба бастады. Өздеріне, тіпті қайтыс болғандарға да моншақ, салпыншақ, түйреуіштер тағып және тастан, сүйектен, ұлутастардан әшекей бұйымдар жасады. Жоғарғы палеолиттен жеткен сәндік бұйымдардың қандай символдық мәнге ие екенін ешқашан толық түсіне алмайтын да шығармыз. Алайда әшекей мен сәнге құштарлық адамзаттың көркем де күрделі қоғамға ие түр ретінде қалыптаса түсуіне серпін берді.

Көпмәдениетті әлемнің өркендеуі

Терімшілікке, аңшылыққа, балық аулауға тәуелді өмір салты бірнеше ортақ құрамдардан тұрғандықтан (мысалы, әлеуметтік топтар санының шектеулі болуы) палеолиттегі қоғам мәдениетіне біртектілік тән. Алайда жаһандық байланыс ұлғая бастап, адамдар қоршаған ортаның кең ауқымына бейімделгеннен кейін мәдениет те түрленді. Бір-бірінен бөлінген құрлықтарды мекендеген қауымдар еңбек құралдарын жасауда, баспана тұрғызуда немесе тастан жануарлар мүсінін қашауда бір-бірінен өзгеше әдістерді өз беттерінше дамытқанын археология­лық деректер дәлелдейді.

Сөйлеу ұжымдаса үйренуді дамытты, ал ол өз кезегінде құралдарды, баспананы, қорек көзін жақсарту туралы тәжірибеге сүйенген идеяларды бір қауымнан екінші қауымға кең таратты. Бір аймақтың ішіндегі популяцияның өсуі дегеніміз – бейтаныс адамдар бір-біріне жақын қоныстану арқылы тығыз қарым-қатынас орнатуы. Әрине, әртүрлі қауымдар арасындағы шиеленістер кейде тас пен найза қолдануға мәжбүрлеген де болар. Мәселен, Ніл өзені жағалауындағы 14 мың жылдық Джебель Сахаба (JAH-bahl sa-HAH-bah) обасынан табылған қаңқа қалдықтарын зерттегенде, бұл адамдардың соққыға жығылып немесе қарумен жараланып өлгені анықталды. Адамдар бір-бірімен бейбіт күнде де жолыққаны анық, олар техникалық ақпараттарды, азық табу көздері туралы жаңалықтарды, аң аулау мен балық аулаудағы білгенін бөлісті.

Тамақ, құрал немесе әшекей бұйымдармен айыр­бас жасаудың аймақтық жолдары Африкада ғана қоныс тепкен ерте уақытпен салыстырғанда, одан әрі күрделене түсті. Қауымдар піл сүйегін, ұлутастар, акула тістерін, жоғары сапалы шақпақтас сияқты керек-жарақты айырбастау үшін айырбас желілерін құрды. Мысалы, Еуропаның оңтүстігіндегі археологиялық қазбалардан солтүстікке қарай жүздеген шақырым жерде жатқан Балтық теңізі жағалауынан өндірген кәріптас табылған. Аңшылар мен терімшілер қауымы бір-біріне деген ілтипаты мен ыстық ықыласын қайта-қайта көрсету үшін өткізілетін жоралардың бір бөлігі ретінде таңсық заттарды айырбастауы мүмкін. Мысалы, бір-бірін өте сирек көретін адамдар арасындағы ұзақ жыл бойғы қарым-қатынасты одан әрі жақсарту үшін өткізілетін салт-жоралғылар. Яғни қауымдар жаңа заттармен бетпе-бет келгенде қажеттіліктері мен талғамдарына қарай біраз жаңашылдықтан бас тартса, біразын сол күйі қабылдап немесе түрлендірді. Осылай, бір жерге тұрақтаған халық көрші қауымдардан мәдени тұрғыдан өзгешелене бастады.

Қоғамдық және экономикалық өмір салты

30 мың жыл бұрын барлық адамзат терімшілікпен, аңшылықпен немесе балық аулап күнелтті. Ұжымдасқан қауым мүшелерінің саны әдетте 20–30 адамнан аспады, бірақ жергілікті экожүйеге байланысты жүзге де жетуі мүмкін еді. Жабайы жылқы, ірі қара немесе бизон сияқты аңдарды жардан құлатып немесе сазға ығыстырып түсіріп, одан кейін оларды бірден өлтіру тәсілімен аң аулаған Еуразияның батысындағы қауым мүшелерінің саны салыстырмалы түрде көбірек болуы да мүмкін. Олжаны қуып әкелу немесе өлтіру үшін ойластырған бұл әдісті ер адамдардың, әйелдердің және балалардың күшімен іске асырды. Шөл аймақтарды, биік таулы жердегі шалғындарды немесе өнімділігі төмен басқа аймақтарды қоныстанған қауымдар сол жердің азық қоры мен сол азықты тұтынатындар арасындағы теңгерімді сақтап тұру үшін көлемі жағынан шағын ғана қауымдар құрды.

Терімшілер мен аңшылар қауымының бірлесе тіршілік етуден басқа амалдары болмады. Себебі жоғарғы палеолит дәуірі қауіп-қатер мен болжап білмейтін оқиғаларға толы болды. Осы кезеңге дейінгі уақытта, ұрпақ жалғастыруға қабілетті әйелдер мен ерлер отбасын құру мақсатында тұрақты қарым-қатынас орната бастағаны анық. Еуропаның кейбір тұрақтарында жануарлар сүйектерінің орналасу ретіне қарап, қауым ішінде отбасылар бір-бірімен тамақ бөліскенін байқауға болады. Кейбірі басқаларға қарағанда топ көсемдері ретінде ерекшеленіп тұрғанында күмән жоқ. 25 мың жыл бұрынғы деректерден қауымдар кейбір адамдарды сәнді бұйымдар және ақыреттік заттармен қатар жерлегенін білеміз. Яғни белгілі бір адамдар ерекше мәртебеге ие болды. Осы кезден бастап адамның көшбасшылық қасиетіне, жолы болғыштығына, ғұрыптық жоралғыларды атқаруына мән беріп, әлеуметтік айырмашылықтар байқала бастайды.

Қауым ішіндегі еңбек бөлінісі, шаруашылық міндеттерді бөлісіп атқаруы әлі де қарапайым сипатқа ие. Ересектер тұраққа жақын жерде аңшылықпен айналысқан болар. Аяғы ауыр немесе кішкентай балалары бар әйелдер үйлеріне жақын маңнан өсімдіктер жинады немесе ұсақ аңдар аулады. Қауымдар тіршіліктерін осы жолмен ұйымдас­тыруының себебі – ер адамдардың әйелдерге қарағанда дене бітімі кесектеу әрі олардың күштірек болуынан емес, ірі аңдарды аулаудың өте қауіпті шаруа болғанымен байланысты сияқты. Ер адамнан гөрі бала туу жасындағы әйелдің қазасы қауымның ары қарай қауым болып сақталып қалуына өте үлкен қауіп төндірді. Аңшылар шапшаң әрі сақ қимылдады, қолында сәбиі бар әйелдің дәл солай қимылдауы екіталай еді. Жидектер, тамырлар мен үй маңындағы басқа да өсімдіктерді теру бала арқалаған әйелдің қолынан келетін шаруа болатын.

Тас ғасыры адамдарын азуы алты қарыс жолбарысты өлтіріп, кешкі асқа сүйреп алып келетін батыр аңшы ретінде бейнелейтін пікір шындыққа мүлде жанаспайды. Орталық Еуропадағы тұрақтардан, мәселен, көкөніс қалдықтары табылды. Яғни адамдар өсімдіктердің мейлінше көп түрін азыққа пайдаланды. Қауым қорегінің басым бөлігін гризли аюы мен мегатерий емес, құстар, кеміргіштер, тіпті жәндіктер сияқты ұсақ жануарлар түрлері құраған болуы мүмкін. Еуропадағы қазба жұмыстары барысында жіптері айқасқан саз сынықтары табылды. Осыдан 25 мың жыл бұрынғы уақытқа жататын бұл жәдігерге қарап, әйелдердің ұсақ аңдарды аулау үшін тор тоқығаны жайлы ой түюге болатындай.

Қауым мүшелерінің жануарлар ақуызына деген қажеттігі экологиялық жағдайларға байланысты. Мәселен, Еуразия мен Солтүстік Американың суық ендіктерінде құнарлы ет жеп, аяздан қорғанғанымен, жаз мезгілі тез аяқталатындықтан, өсімдіктерді жеткілікті мөлшерде тұтына алмады. Солтүстік Еуразия тұрғындары әсіресе солтүстік бұғысын қатты бағалады, ол терімен, мүйізбен және сондай-ақ етпен қамтамасыз етті. Жоғарғы палеолиттің соңына қарай ауа температурасы қайтадан көтеріліп, Батыс Еуропа халықтары балықты ас мәзірінде көптеп қолдана бастады. Шамамен 14 мың жыл бұрын қауымдар өзендер мен теңіз жағалауларына топтаса бастап, арнайы әдіспен тоқыған ау құрып, ақсерке сияқты ірі балықтарды арнайы кептіріп, қақтап, азыққа пайдаланды. Шаруашылықтың осы түрі қауымдардың бір жерде ұзақ уақыт бойы тұрақтап қалуына және салыстырмалы түрде көбірек адамнан құралған ұжымдардың гүлденуіне қолайлы жағдай туғызды. Солтүстік Американың ұлан-ғайыр жазығында аңшылар бизон табындарын қаумалап аулаудың шеберіне айналды. Шамамен 11 мың жыл бұрын өткір, үшкір найза ұштарын жасап, ұзын ағаш сапқа бекітті. Қару-жарақ жасаудың осы техноло­гиясы Кловис (Нью-Мексико маңындағы Кловис археологиялық ескерткішіне орай аталған) деп аталатын тастан құрал жасау әдісіне сәйкес. Бұл технология Канададан Оңтүстік Америкаға қарай таңғаларлық қарқынмен тарады.

Адамзат бизондар мен солтүстік бұғысын аулағанымен, оларды мүлде жойып жібермеді, алайда олар ірі аңдардың ондаған түрінің жер бетінен мүлдем жоғалуына себепкер болуы да мүмкін. Ішкі Еуразиядағы мамонттар, Австралиядағы ірі қалталылар, Оңтүстік және Солтүстік Америкадағы мамонттар, жылқылар, түйелер, мегетерийлер жоғарғы палеолит тұсында жойылып кетті. Бұл жануарлар шамамен 18 мың жыл бұрын байқалған жаһандық температураның жылынуына бейімделе алмаған шығар, алайда осыған дейінгі 2 миллион жыл бойы осындай климаттық ауысымдар ірі аңдарды осыншама көп қырмаған еді. Аңшылық барысындағы ептілік пен іс-әрекеттер үйлесімі адамдардың небәрі бірнеше мың жыл ішінде жануарлардың бүтіндей бір тұқымдарын жойып жіберуі мүмкін бе? Ірі жануарлардың адам баласынан қашатын туа біткен инстинкті болмағанын пайдаланып, тәжірибелі аңшылар қауымы оларды тұрақты түрде өлтіріп отырды деген пікір негізсіз сияқты. Не де болса, адам баласы басқа тіршілік иелерімен салыстырғанда, ұжымдық дағдылар мен стратегиялардың алуан түрін дамытты. Олар қорек тізбегінің ең жоғары сатысына шығып, басқа тіршілік иелеріне, әсіресе жеуге жарамдыларының тіршілігіне елеулі ықпал жасай бастады.

Техникалық ғажайыптар

Соңғы мұз дәуірі ғажайыптарының бірі – осыдан 30 мың жылдай уақыт бұрын жаһандық температура төмендей бастағанда, адамдардың өнертапқыштық қыры ашыла түсті. Солтүстік Еуразияда тіршілікті жалғастырудың бірден-бір жолы – дене жылуын сақтау еді. Көптеген қауым мұздықтары жоқ алқаптарды, үңгірлер мен тау қуыстарын мекендеп, жан сауғалады. Еуропаның шығысы мен Ішкі Еуразияда қатар өмір сүрген топтар бөренелер немесе аң сүйектерін бір-біріне сүйеп тұрғызып, үстін терімен жапты. Ресейдің Дон өзені жағалауынан табылған археологиялық ескерткіш – адамдардың шағын қоныс тұрғындары жерден «шұңқыр» қазып, оны мамонт сүйектерімен қоршап, үстін терімен жапқан. Олар ошақтағы оттың сөнбей, үздіксіз жанып тұруын қадағалады, еттерін суық жерде, «салқын» шұңқырларда сақтады.

Солтүстік ендікті алғашқы қоныстанушылар, оларға туыс болып келетін неандертальдықтар сияқты, тері мен жүн киімдер киді. Соңғы жылдарда археологтар Грузиядан 34 мың жыл бұрынғы зығыр талшықтарын (мата жасалатын өсімдік) тапты. Осы жіптердің кейбірі иірілген, кейбірі боялған, демек, осы тұрақты мекендегендер арқан, себет немесе киім жасаған тәрізді. Осыдан 20 мың жылдай бұрын кейбір алғыр адамдар инені ойлап тапты. Аңның немесе піл сүйегінен жасалған бұл қарапайым құрал тез арада жан-жаққа тарап, шалбар, кеудеше, күрте, күләпара мен аяқ киім тігуде пайдаланды. Ұзын талшықты жіп орнына қолданды, сондай-ақ оны қақпан, ау, арқан, бау жасау үшін де пайдаланды. Жоғарғы палеолит мүсіндерінде иірген талшықтардан тіккен белдемше киген әйелдер бейнеленген. Бір зерттеу­шінің айтуынша, «жіп иіру революциясы» дәуірдің ең маңызды техникалық жетістіктерінің бірі болған5.

Украинадағы жылы баспана. Мамонт сүйектерінен тұрғызып, терілер жапқан баспаналар бізге белгілі құрылыс түрлерінің ең ежелгісі. 1965 жылы Украинадағы бір азамат үйінің жер қоймасын кеңейтіп жатқанда табылған жақ сүйектің арқасында осы бір дөңгелек баспана ашылады. Ол осыдан 15 мың жылдай бұрын тұрғызылған.

Келесі маңызды жаңалық – «өзектас» немесе тас, шақпақтас немесе басқа да ұсақ тастар сынығы, олардың арасындағы ең қарапайымы – кескіштер. Тасты бір-біріне ұрғылап жасаған тас жарықшақтары кейін қандай жұмыс атқаратынына байланысты арнайы өңделген құралға айналды. Қашауға арналған кескіштердің ерекше түрлері сүйектен немесе мүйізден найза, қармақ немесе сүңгі тәрізді арнайы заттарды әзір­леуге қолданылуы мүмкін. Орталық Еуразия мен Солтүстік Қытайды мекендеген аңшылар мен терімшілер қауымы құралдардың жетілген түрі – кішкентай микролиттерді22 жасайды. Ұсақ кескіштер – микролиттерге сап жасап, найза, қырғыш немесе пышаққа айналдырды. Дәл осылай, Солтүстік Америка аңшылары да өзектастан шағылған кескіштерден Кловис найза ұштарын жасаған.

Тропиктік ендіктерде жоғарғы палеолит деректері өте сирек табылды, оның бір себебі жылы, жаң­бырлы климат ағаш пен өсімдік талшықтарының көп мөлшерімен қамтамасыз етті, ал «органикалық» технологияға негізделген тіршілік өнімдері ертеде- ақ шіріп, тарихи деректер қатарынан өшіп кетті. Мәселен, Қытайдың оңтүстігі мен Оңтүстік-Шығыс Азияда адамдар мыңжылдықтар бойы салыстырмалы түрде қарапайым тас шапқы құралдарды пайдаланды. Олардың бамбуктен құрал дайындауы әбден мүмкін. Бамбук – найза, пышақ, қырғыш, себет тіпті баспана мен қайық сияқты мықты, қатты заттарды жасауда таптырмайтын өсімдік. Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия халықтарының өсіп-өнуіне бамбуктың қосқан үлесі мұздықтарға жақын аймақтарға тас кескіштер келтірген пайдасымен пара-пар болуы да ықтимал.

Микролит – құрал ретінде қолданылатын шақпақтастан жасалған шағын кескіш.

Символдар әлемі

Адамдар жасаған заттар немесе бейнелер жоғарғы палеолиттің өнерін негізінен символдар арқылы көрсетеді. Стильдердің пайда болуынан және материалдық туындылардан – үңгірлер мен тау қуыстарындағы суреттерден, адамдар мен аңдардың қашалған мүсіндерінен сүйектерден ойған геометриялық таңбалардан өнердің гүлденгенін байқаймыз. Жоғарғы палеолитте тіпті ән де шығарған сияқты. Батыс Еуразиядан ұзынша қуыс сүйектерден жасалған, тесіктері бар, сыбызғыға ұқсас отыздан аса аспап табылып, олардың шамамен 37 мың жыл бұрын жасалуы мүмкін деп болжаймыз. Адамдар қай жерде тұрса да, жергілікті материалдарды бірден игеріп, мүмкіндіктердің бәрін пайдаланды. Мысал келтірсек, үңгір қабырғаларындағы суреттер, негізінен, Испанияның солтүстігі мен Францияның оңтүстік-батысынан табылды. Өйткені осы жердегі терең әктас үңгірлер жаңбыр мен желден пана болған көрме алаңын елестетеді. Ал Шығыс Еуропада, керісінше, үңгірлер сирек кездеседі. Бұл аймақты мекендеген адамдар ермек ретінде алып жүруге ыңғайлы, шағын мүсіндер қашаған.

Леспюг Венерасы. Оңтүстік-Батыс Францияның үңгірінен табылған әйел адамның осы мүсіні осыдан 24–26 мың жыл бұрын пайда болғаны анықталды. Әйел белдемше киген. Киімнің ең қажетті бөлігіне әлі айналып үлгермесе де, жоғары палеолит әйелінің белдемше киюінің себебі не?

Палеолит адамдарының салған суреттеріне, мүсіндеріне, қашаған тастарына немесе музыкасына қандай мән-мағына сыйғызғанын түсіндіру өте қиын. Өйткені көп нәрсе жұмыстың мәдени астарына байланысты, ал ол туралы біліміміз өте таяз және оны түсіндіру барысында өз тарапымыздан әртүрлі болжамдар қосып жібереміз. ХХІ ғасырда өнер туындысының мағынасы қиындық тудыруы мүмкін, алайда 20 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың ойып және бояп жасаған суреттері мен мүсіндерін түсіну қиын емесі анық. Тау қуысына бизондарды, адам алақанының боялған іздері немесе сүйектерге ойған шиыршық тәрізді құпия белгілерді салған адамдардың эстетикалық, әлеуметтік немесе ғұрыптық танымы жайлы болжам жасағаннан басқа амалымыз жоқ. Еуразияның барлық жерінде, Батыс Еуропадан Сібірге дейінгі аймақта шашырап жатқан археологиялық ескерткіштерден табылған жүздеген «Венера» мүсіндерін, соның ішінде Германиядан табылған, шамамен 35 мың жыл бұрынғы мүсінді мысалға келтірейік. Осындай мүсіндердің ішіндегі ең танымалының кеуде тұсы мен бөксесі шығыңқы түрде бейнеленген. Бұл әйел мүсіндері ер адамдар үшін құмарлық белгісі болды ма? Осындай сипаттағы түсіндірмелер кең тарағанымен, қазіргі таңда оларды жақтаушылардың саны азайды. Бұл мүсін әйелдің ұрпақ жалғастырудағы маңызды белгісі ме? Ер адамға әлде әйелге немесе екеуіне де қатысты символдық күшке ие ме? Әйелдер ғұрыптық жоралғыларды мүсіндер арқылы бөлісетіндей олар символдық жүйенің бір бөлігі болды ма? Олар әртүрлі аймақта әртүрлі мағынаға ие ме? Бұл пікірталастар әлі ұзақ уақыт бойы жалғаса беретін сияқты.

Жоғары палеолит өнерінің жалпы көрінісіне тән бірқатар ортақ сипаттарды анықтауға болады. Біріншіден, қауымдар алыс қашықтыққа қарамай, бір- бірімен қарым-қатынас орната бастасымен көркемдік пішіндер мен стильдер, сондай-ақ материалдық бұйымдар бір аймақтан екінші аймаққа жетті. Жалпы символдар жүйесі кеңінен тарады. Екіншіден, жас­өспірімдерді жұптау немесе қайтыс болғандарды жерлеу рәсімдерден, қауымды қорғау үшін тылсым табиғат күштеріне табыну сияқты белгілерден тұратын өнер ғұрыптық рәсімдерге негізделген өмір өте маңызды болды. Мысалы, Оңтүстік Еуропада осыдан 15 мың жылдай бұрын өмір сүрген белгісіз бір тайпа үңгір қойнауына тереңдей еніп, қауым мүшелерінің кейбірі мүлдем көрмеген бизондардың саз мүсіндерін жасауы мүмкін. Әрине, мұның жай ғана ермек үшін, былайша айтқанда «өнер жолындағы өнер» үшін емес, нақты күрделі ғұрыптық мақсатпен жасалғаны анық. Үшіншіден, стилін, ол кезде де белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын дәлелдеудің бір жолы ретінде адамдар уақыт өткен сайын сән стилін күрделендіре түсті. Ұжымдасқан қауымдар басқа топтарға дос немесе қас екенін көрсету үшін арнайы әдістермен денесіне сурет салған тәрізді. Яғни палеолит дәуіріндегі безендіру адамдардың этносқа сәйкестігін білдірудің алғашқы белгілері болатын.

Шове (Chauvet) үңгіріндегі сурет. 1994 жылы спелеологтар Оңтүстік Франциядағы үңгір қабырғаларынан осындай ғажайып суреттерді тапты. Басқа палеолит үңгірлеріндегі суреттермен салыстырғанда, 31 мың жыл бұрынғы бұл суреттер мүйізтұмсық сияқты ірі жануарларды бейнелеуімен, көлеңкелеу әдісі және сызықтық перспектива заңдарын дұрыс қолдануымен ерекше. Осы жұмыстан қандай нақты көркемдік ерекшеліктерді байқадыңыз?

Алғашқы адамдар қалай дыбыстап, сөйлегені туралы қолымызда бірде-бір материалдық дерек жоқ. Қауымдар бір-бірінен бөлініп, аралары алшақтай бастаған сайын бір кездері бәріне ортақ болған тіл уақыт өте келе лексикалық және грамматикалық құрылымдық деңгейде өзгеріске ұшырады деген болжам жасауға болады. Нәтижесінде, бір-бірінен бөлек тілдер, яғни түсініксіз сөйлеу жү­йелері көбейе берді. Тілдер арасындағы құрылымдық байланыстар мен олардың бүгінгі әлемге таралуын зерттеу арқылы ғалымдар сол тілдердің алғашқы формаларының және сөйлеген халықтардың әлемнің бір бөлігінен екінші бөлігіне қашан және қалай көшкенін түсіндіретін теория қалыптастырды. Мысалы, Америка үндістері сөйлейтін тілдердің көпшілігін америнд деп аталатын тілдік семьяға біріктіруге болады, осы тілдік семьяға жататын тілдердің байланысы мен олардың тілдер арасындағы таралу тізбегі олар сөйлеген халықтар ең алғашында тек Солтүстіктен Оңтүстік Америкаға қарай, керісінше емес, көшкендерін көрсетеді. Алайда б.з.д. 8 мыңыншы жылдарғы адамдардың көші жайлы лингвистикалық мәлімет қорытындылары – тым көмескі.

Гөбеклі тепе. Түркияның оңтүстік-шығысындағы ерте заманға жататын осы бір таңғажайып тас мүсіндерден тұратын ескерткіштің ерекшелігі – ірі Т-пішінді бағаналарында. Бағаналардың кейбіреуінде адамға тән белгілер бар. Археологтардың пайымдауынша, адам пішіні арқылы олар құдайларды немесе абыздарды бейнелеген. Ескерткіш салынғаннан кейін 2 мың жыл өте адамдар оны толығымен көміп тастаған. Мұның себебі не деп ойлайсыз?

Жоғарғы палеолит адамдары күрделі, нақты тіл және визуалдық символдар қолдану арқылы бір-бірімен толыққанды қарым-қатынас орнатты. 1990 жылдардың ортасында Оңтүстік Азиядан табылған материалдар тым болмағанда әлемнің бір бөлігіндегі терімшілер мен аңшылар арасында күрделі мәдениет қалай орныққаны жайлы қалыптасқан теорияға күмән келтіреді. Түркияның оңтүстік-шығысындағы Гөбеклі тепе (томпақ төбе; goh-behk-LEE teh-peh) деп аталатын жазыққа ұласқан дөңестен археологтар 12 мың жыл бұрынғы (б.з.д. 10 мың жыл) күрделі ғибадатхана кешенін тапты. Бұл жерде бізге мүлде белгісіз адамдар ауданы жиырма бес акр болатын алаңда жеті тас шеңбер салған, тағы да бірнеше шеңбер болған да шығар. Бұл құрылыстар биіктігі 18 фунт, сиыр, арыстан, қабылан, түлкі, үйрек, жылан, құмырсқа, өрмекші сияқты жануарлар бейнелері Т-пішінді бағаналарды қоршай орналасқан тас қабырғалар сияқты. Бағаналардың көбінің пішіні – қолы, иығы, шынтағы бар адамға ұқсайды, бірақ бет-бейнесі бедерленбеген.

Осы ескерткіш ғалымдарды қатты таң қалдырды, себебі күрделілігі және көлемі жағынан осындай құрылыстар әлемнің археологиялық деректерінде тек мыңдаған жылдардан кейін ғана пайда бола бастаған. Гөбеклі тепенің ғұрыптық қызмет атқарғанына ғалымдар бір ауыздан келісті. Жануарлар құрбандыққа шалынғанын ескерткіш маңындағы сүйектер дәлелдеуде. Адам пішінді бағаналар еркек және әйел құдайларды білдіріп, қашалған жануарлар мифтік немесе діни маңызға ие болуы мүмкін. Ғибадатханаға келуші адамдардың егіншілікпен айналысқаны жайлы немесе олардың ескерткіш төңірегінде тұрақты түрде қоныстанғаны жайлы ешқандай дәлеліміз жоқ. Біздің пайымдауымызша, терімшілер мен аңшылар қауымы әр жылдың нақты бір күнінде бірнеше шақырым жерден ғибадатханаға барған болар. Осындай қорытындыға келсек, бұл қауымдар осыдан 12 мың жыл бұрын діни нанымдарға сеніп, аймақ шеңберінде діни жоралғыларды атқарды деуге негіз бар. Діни элиталық топ та болған шығар, өйткені 400 метрдей қашықтықта орналасқан кен орнынан алып тас блоктарын бірнеше жүз адамның сүйреп әкелуін біреу ұйымдастыруы керек қой. Шамамен 10 мың жыл бұрын адамдар ескерткішті тастап, бетін әдейілеп топырақпен көміп кетеді. Бұл олардың енді ескі құдайлар мен ғибадатханаларда істері жоқ екенін, жаңа құдайларды қажет ететіндерінің белгісі болар.

Қорытынды

Адамзаттың Антарктикадан басқа барлық құрлыққа қоныстануы – тарихымыздағы жаһандық маңызға ие алғашқы оқиға. Қорек табу мен тіршілікті жалғастыру тәрізді қарапайым, қысқамерзімді мақсаттар қауымдардың бірте-бірте дүниежүзіне жаппай қоныстануына әкелді. Адамзат қайда беттегенін білмеді, дүниежүзіне қоныстану жайлы ешқандай түсінігі болмады. Соған қарамастан, алғаш рет Африканы тастап, Шығысқа қарай сапар шеккен олар небәрі 40 мың жыл ішінде жаңа жерлерге жаяу жүріп немесе жүзіп барды.

Тіл және сөйлеу қабілетінің нәтижесінде туындаған ұжымдаса үйренудің сан қырлы мүмкіндіктерін пайдаланды – білім жинап, бөлісіп және ұрпақтан- ұрпаққа жеткізіп Жер бетін жылдамырақ игеруге тырысты. Орасан зор аймақтардағы еңбек құралдарының, баспана құрылысының, өнер стильдерінің ұқсастығын көрсететін материалдық деректер қауымдар арасында үлкен ауқымда мәдени қарым-қатынас жасады деген болжамға итермелейді.

Үлкен қауымнан шағынырақ қауым бөлініп шығып, айырбас жасау мақсатында жыраққа сапарлағанда немесе табиғи апаттар бейтаныс жерлерге көшуге мәжбүрлегенде жат адамдар арасында байланыс орнады. Осындай байланыстар нәтижесінде пайдалы идеалардан, техникалардан, символдардан және сөздерден құралған «мәдени капитал» жинақталды.

Адамзаттың мәдени өмірі соңғы 100 мың жыл ішінде бірте-бірте қалыптаса бастады. Шамамен 40 мың жыл бұрын символдар мен бейнелер таралып, қоғам күрделене түсті. Соңғы мұз дәуірінің қатаң табиғи жағдайы, жоғары ендіктердегі суық не тропиктік аймақтардағы құрғақшылық қауымдардың, қоғамдық өмірлерін ұйымдастырудың, ойларды бөлісудің одан да бетер жасампаз жолдарын іздестіруге жетелеген болар. Мұздықаралық жылынулар адамзатты қоршаған ортаның қауіп-қатері мен тегеурініне қарсы тұруға мәжбүр етті.

2

Егіншілік, қала және жаңа аграрлық дәуір
Б.з.д. 10 000 – 2000 жылдар

Патшалық обадан шыққан ақық, көктас және алтыннан жасалған әшекей бұйым, Ур, Оңтүстік Ирак, б.з.д. 2600 жыл шамасы Көктас – ұсақ тастары жарқыраған, қанық көк түсті, жартылай асыл тас. Жылтыратып өңделген тастан әсем әшекейлер жасайды, ал жасанды бояулар пайда болмаған кезде лазурит ұнтағынан суретшілер жоғары бағалайтын ашық көк түсті бояу – ультрамарин алған. Қазіргі кезде көктасты көптеген мемлекет өндіреді, алайда ең әдемі тастар тек Солтүстік-Батыс Ауғанстан тауларында ғана бар. Көктас саудасы б.з.д. төртінші мыңжылдықта, бәлкім одан да ертерек кезде (б.з.д. 3999–3000) басталған. Ауғанстан мен Пәкстанның оңтүстік-батысындағы тас өндіретін ескерткіштер – сол замандардан жұмыс істеп келе жатқан тарихи кен орындары болуы мүмкін. Көктасты егіншілер мен бақташылар алғашында бір-біріне сыйға берген шығар, ал б.з.д. үшінші мыңжылдыққа таман олар қала-мемлекеттер мен Месопотамия, Мысыр және Инд өзені алқабындағы билеуші патшалардың тұрмыстық заттары мен жерлеу орындарында пайда бола бастады. Б.з.д. XXVІ ғасырға жататын Месопатамияның ежелгі Ур қаласының беделді әйелі Пу-Аби обасын қазған археологтар ғажайып ақыреттік жәдігерлер топтамасын тапты. Жәдігерлер арасынан шығысқа қарай жүздеген шақырым қашықтықта жатқан кен орындарынан ғана алатын, көктаспен безендірілген әшекей бұйым шыққан. Небәрі бірнеше ғасыр ішінде көктастың таралу аймағы Инд өзенінен Ніл өзеніне дейін 2,5 мың шақырымға кеңейген. Бірінші тараудан терімшілер мен аңшылар қауымы арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасының түп-тамыры тереңде, палеолит дәуірінде жатқанын білеміз. Алайда шамамен б.з.д. 10 мыңыншы жылдан Афроеуразияның бірнеше аймағында мыс, алтын, күміс, ұлутастар, асыл тастар және қолдан жасалған өнімдерді айырбастау мен сыйға тарту кең таралды. Адамдар арасындағы айырбас дүниежүзіндегі халық санының күрт өсуімен, кей жерлерде адамдар қонысы көлемінің, санының және тығыздығының артуымен қатар жүрді. Дамудың осы екі құбылысы егіншіліктің пайда болуының нәтижесі еді. Егіншілік, қала мен сауда – адамзат тарихының бертінгі кезеңінде пайда болған құбылыстар. Дене бітімі қазіргілермен бірдей адамдар 200 мың жыл бойына аңшылық және терімшілікпен ғана күн көрді, биологиялық жағынан алғанда, Homo sapіens шағын қауымдарда тіршілік етуге, жабайы табиғаттан алған азықпен қоректенуге, үнемі жаяу жүруге, жерде отыруға бәрінен де икемді болған шығар. Екі жүз мың жыл ішінде адам баласы тіл құдіретіне ие болды. Тілдің көмегімен қоршаған орта туралы күрделі білімді бөлісу, жинақтау, сақтау және біреуге беру сияқты бірде-бір жануарға бұйырмаған ұжымдаса үйрену қабілетін игерді. Шамамен б.з.д. 10 мың жылдықтан кейін (12 мың жыл бұрын) дүниежүзінің бірнеше ғана бөлігіндегі адамдар ұжымдаса үйрену қабілетін табиғат берген азықты пайдаланудан бөлек, азық-түлікті өндіру әдістерінде қолдана бастады. Бірнеше мың жыл ішінде кейбір қауымдар дақылдарды арнайы егетін, өсіретін, жинайтын өмір салтына ауысты. Сондай-ақ ғұрыптық құрбандық шалу, тамақ, тоқыма жібі және сүйектер алу үшін жануарларды қамау мен қорғауды қажет ететін шаруашылық түріне өтті. Бұл тарауда адамзат тарихындағы бетбұрысты кезең болып есептелетін өндіруші шаруашылықтың алғашқы кезеңін және өмір сүру салтының жаңа түрінің дүниежүзінің бірнеше аймағына таралуын қарастырамыз. Өндіруші шаруашылық — терімшілік пен аңшылық азықпен қамтамасыз ететін жер көлемінде әлдеқайда көбірек жан басын асырай алатындай азық-түлік қорын бірден көбейтті. Нәтижесінде, б.з.д. 10000–4000 жылдар арасында дүниежүзінің кейбір бөліктерінде халық саны бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жылдам өсті, ал тұрақты қоныстар ірілене түсті. Отбасылар мен қоныстар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастар күрделеніп, қауым ішінде айтарлықтай билікке ие көшбасшылар пайда болды, технологиялардың әдіс-тәсілдері жетілдірілді, сауда шекарасы кеңейді. Тараудың бірінші бөлігінде осы өзгерістерді, әсіресе Батыста – Жерорта теңізі аймағы мен Шығыста – Оңтүстік Азияда болған өзгерістерді талдаймыз. Шамамен б.з.д. 4000 жылдардан басталған өзгерістер қарқыны осы ұлан-ғайыр аймақтағы шаруашылықпен айналысатын қауымдарда тіпті үдей түсті. Адамдар қоныстарға тұрақтанды, мұндай қоныстар саны кей жерлерде бірнеше мыңға жетті. Кейбір адамдар қажетке жарайтын заттар жасау, басқа адамдардың жұмысын қадағалау, қоғамдық тәртіпті сақтау немесе бақыты мен ынтымағын қамтамасыз ету үшін құдіретті құдайлармен тілдесу мақсатында егін егу немесе қорек жинаумен айналысуын доғарды. Қорек табушылар мен ұсақ егіншілік шаруашылықпен айналысатын шағын қауымдарға тән теңдік мәдениетінің орнына, байлыққа, рухани мәртебесіне, ерекше қабілетіне немесе қарулы жақтастарын басқару қабілетіне негізделген жасанды әлеуметтік жік пайда болды. Тараудың екінші бөлігінде адам қауымдастықтарын ұйымдастырудың жаңа және сан қырлы әдісі ретіндегі күрделі қоғамның дамуын зерттейміз, оны шартты түрде «өркениет» деп атаймыз. Осындай ең ежелгі қоғамдар б.з.д. төртінші және үшінші мыңжылдық арасында үш өзен – Месопатамиядағы Тигр-Евфрат (қазіргі Ирак), Мысырдағы Ніл және қазіргі Пәкстан мен Солтүстік Үндістандағы Инд өзендерінің алқабында пайда болды. Осы үш қоғамның пайда болуының географиялық және экологиялық жағдайларына, олардың қалыптасу кезеңіндегі әртүрлі мәдени нақыштарына айрықша мән бере отырып, салыстырмалы түрде зерттейміз. Осы үш қоғамның тарихына да ықпал еткен сауда және мәдени байланыстар дамыды. Ақырында олар қоршаған табиғи және физикалық ортаны бұрынғы адамдарға қарағанда әлдеқайда кеңірек меңгеруді ұжымдық дағдыға айналдырды.

2.1-КАРТА. Қолға үйретудің басталуы және өндіруші шаруашылықтың таралуы Адамдар дүниежүзінің бірнеше бөлігінде аңдарды дербес қолға үйретіп, өсімдіктерді жерсіндіре бастады. Осы сегіз аймақтың әрқайсысында өсімдіктерді егуге және жануарларды қолға үйретуге қандай геогрфиялық және климаттық факторлар әсер етуі мүмкін?

Егіншілер мен малшылардың пайда болуы: ерекше құбылыс ОЙЛАН: Адамдар дүниенің бірнеше бөлігінде шаруашылықпен не үшін айналыса бастады, адамзат 200 мың жыл бойы шаруашылықсыз да күн көріп келді ғой? Шаруашылық деп жүрген әрекет – жеуге жарамды өсімдік егу, күту, жинау және қолға үйреткен малды жайылымда бағу арқылы азық-түлік өндіруді жүйелі түрде жүргізудің техникалық үдерісіне ғана қатысты айтылады. Бұл жаңа әдіс адамзатқа бұрынғы заманға қарағанда, өсімдіктердің тіршілік көзі болатын Күн қуатын әлдеқайда көбірек сіңіруге, егін егуге немесе мал бағуға мүмкіндік береді. Жерден азық, өнім қоры мен мол байлық алу үшін еңбек құралдары мен әдіс-тәсілдер жеткіліксіз болды. Бұл шараны атқаруға әлеуметтік дағдылар, мораль ережелері мен тылсым күштерге деген сенім қоса-қабат қажет еді. Небәрі 200 жыл ғана уақыт бұрын басталған индустриялық дәуірге дейін барлық күрделі қоғамдар – тіршіліктің бастапқы көзі болған ауыл шаруашылығына негізделген аграрлық қоғамдар23 еді. Ең алғаш рет жер бетін қоныстану сияқты шаруашылық та адам баласының ғасырдан-ғасырға жалғасқан, сансыз, күнделікті шешімдерінің нәтижесінде пайда болды. Ол кезде бұл тәжірибелердің бізді қайда апаратынын ешкім болжап біле алмады. Осы күнге дейін жинақталған археологиялық мәліметтерге қарағанда, астық дақылдарын, әсіресе бидай, арпа, қарабидай, сондай-ақ жасымық, ноқат және аздаған бұршақ тұқымдас дақылдарды өсірген алғашқы қауымдардың қоныстарын Орталық Сирияның солтүстік бөлігіндегі Евфраттың жағалауында орналасқан Абу Хурейра (A-boo hoo-RAІR-a) деген жерден тапты. Археологтар осы жерден шамамен 12 мың жыл бұрын қолдан еккен қара бидайдың торсиған ұрықтарын тапты, бұл – дүниежүзіндегі ең ежелгі егіншіліктің дәлелі. Келесі бір немесе екі мыңжылдық ішінде пайда болған аграрлық қоныстар Оңтүстік-Батыс Азияның Құнарлы жарты ай деген дәстүрлі аты бар доға сынды таулы аймақтарында орналасқан (қазіргі Ливан, Сирия, Израиль, Палестина, Иордания және Ирак аумағын қамтиды – Ғыл.ред.). Аграрлық қоғам – тіршілікке қажет мөлшердегі және артық өнімнің негізі егіншілік, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы құраған қоғам.

Алғашқы шаруашылық және Ұлы жылыну

Он мың жыл бұрын алты миллионды құраған дүниежүзі халқы Афроеуразия, Австралия және Солтүстік және Оңтүстік Америка жерінде тарыдай шашырап жатты. Палеолит дәуірінің қауымдары қауіп-қатермен қатар өмір сүрді, адамдардың басым бөлігі қырыққа жетпей-ақ қайтыс болулары да ғажап емес. Соған қарамастан, аңшылар мен терімшілер мол, алуан түрлі азық-түлік қорын тұтынды. Олардың уақытының басым бөлігі осы жұмыспен өтті, шаруашылығы дамыған қоғамдар пайда болғанға дейін адамдар күнделікті терішілікпен емін-еркін айналысудың не екенін білмеді. Климаттың түрлі жағдайларына бейімделді және әлеуметтік жағынан мәнді, ғұрыптық рәсімдерге бай өмір кешті. Белгілі бір жердегі кейбір топтар өзгеше өмір сүру салтын не үшін таңдады: ыстық күн астында егін екті, күн сайын мал сауды, тығыз орналасқан қоныстарда тұрды, тіпті жергілікті көсемге азық-түліктерінің бір бөлігін берген де шығар? Палеолит дәуірінің әйелі аяқ астынан тапқырлық танытып, құрбысына: «Мына тұқымдарды егіп, жас өскіндерді күтіп, піскен кезде неге жинап алмасқа?» деп айтпағаны анық қой. Бұл үрдіс кішкентай топтардың аңдаусыз, байқаусыз шешімдер қабылдап, көзге көрінбейтін өзгерістер жасау арқылы жүрген сияқты. Аграрлық революция24 жасалды, адамзат оны қолдады.

Жаһандық температу­раның өзгеруі және ежелгі шаруашылық. Плейстоцен – климаттағы салқындау және жылыну циклдерімен сипатталатын ұзақ геологиялық кезең. Голоцен – бертінгі жылыну немесе мұздықаралық кезең. Соңғы Дриас – температураның 1200 жылға созылған уақытша төмендеу кезеңі. Аграрлық шаруашылықтың қалыптаса бастағанда көтерілген жаһандық температура адамның шаруашылықпен айналыса бастауына мүмкіндік туғызғанын дәлелдей ала ма?

Ғалымдар алғашқы шаруашылық б.з.д. 9600 жылдан кейін толығымен пайда болып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан жаһандық климаттың жылыну циклі – Голоцен кезеңінің басталуымен тығыз байланыста болғанын бірауыздан мақұлдайды. Плейстоценнен Голоценге өту арасындағы өтпелі кезеңде жаһандық температура ғасырлар бойы аздаған градусқа ғана көтерілді. Алып мұз қатпарының еруі мен жауын-шашынның көбеюі Солтүстік жартышар аумағындағы ұсақ жануарлар, теңіздегі тіршілік пен ормандардың жанданып, көбеюіне жағдай жасады. Кей аймақтарда ерте Голоцен кезеңі жеуге жарамды әрі нәрлі дәндері бар жабайы шөптердің алуан түрінің өсуіне қолайлы экологиялық ортаның жаңадан қалыптасуына ықпал етті.

Адамзаттың жабайы дәндерді жүйелі түрде жинап, оны тұтынғаны жайлы ең алғашқы деректер Солтүстік-Шығыс Африкадағы Ніл өзені мен Қызыл теңіз аралығындағы алқаптан (қазіргі Судан мен Эфиопияның бір бөлігі) табылды. Тас кескіштер мен тегістеуші құралдардың табылуы осы аймақтағы терімшілер мен аңшылар б.з.д. 16–13 мың жылдар аралығында дәндерді қуырып жеп немесе үгіп, дайындап барып тұтынғанын дәлелдейді. Дәндерді жинау идеясы б.з.д. 11 мың жылдар шамасында Ніл аймағынан Құнарлы жарты ай жеріне дейін таралуы мүмкін. Тарихшылар бұл құбылысты адамдардың ертедегі көшімен байланыстырады, олардың шағын тобы Африкадан Оңтүстік-Батыс Азияға бет алған шығар.

Құнарлы жарты ай аймағының біршама жоғары әрі жақсы суарылатын қырларында терімшілер мен аңшылар қауымы бірдәнекті және эммер бидайының, арпа мен қарабидайдың арғы тегі болған жабайы дақылдарды тауып, жинай бастады. Осы дақылдардың дәмді әрі тойымды ас екенін, оларды шақпақ тастан жасалған өткір кескішпен жинауға болатынын білген қауымдар дақылдардың шоғырлана өскен алқабына таяу жерлерге айлар бойы тұрақтап қалды. Ақыры олар арам шөптерін тазалап, суарып, тыным бермейтін құстар мен кеміргіштерді қуып тастап, дәнді дақылдар егуге кірісті. Жабайы дәнді дақылдар басқа азық түрлеріне қарағанда нәрлі болғандықтан кейбір қауымдар осындай өсімдіктер қаулап өсетін аймаққа жақын жерге тұрғылықты түрде қоныс аударды. Осылайша олар отырықшы қауымға айналды. Отырықшылық Оңтүстік-Батыс Азияда б.з.д. 11000 жылдар шамасында пайда болғаны белгілі. Құнарлы жарты ай жеріндегі алғашқы қоныстар – тас пен ағаштан жасалған «дөңгелек жертөлелер» еді. Осындай шағын қоныс тұрғындары қайнатқан, қуырған немесе нан пісіру үшін ұнтақталған бидай, арпа, қарабидайды тамаққа пайдаланды. Сонымен қатар олар жақын маңдағы өсімдік тамырларын, жеміс пен жаңғақ теруді, ұсақ аңдар мен бөкендерді аулауды тоқтатпады. Егіншілік, малшылық, терімшілік пен аңшылық бірнеше мың жыл бойы бір-бірімен қатарласа дамыды, бір-бірін толықтырды.

Аграрлық революция – табиғат берген азықты жинау сатысынан биіктеп, тұтыну үшін өсімдіктерді жерсіндіру мен жануарларды қолға үйрету арқылы өнім алу сатысына өту.

Қолға үйрету қадамдары

Жабайы дақылдарды иемдену бір басқа. Ал өсімдіктер егіп, жануарларды қолға үйретудің жөні мүлде бөлек. Өсімдіктер мен жануарлардың көбею жолдарына ықпал жасай отырып, оларды дәмі, көлемі, то­йымдылығы жағынан тартымдырақ ету, сондай-ақ өсіру, жинау, өңдеу мен пісіруді жеңілдету арқылы генетикалық құрылымын өзгерту жұмыстары басталды. Адам баласы жаңа өсімдік түрін ойлап тапқан жоқ, бірақ олар көзге көрінетін нақты өзгерістері, яғни оларды пайдалы ететін ерекше белгілері бар өсімдіктерді сұрыптай алды.

Өсімдіктер мен адам баласының қатар өрілген тағдыры. Ерте Голоцен кезеңінің терімшілері мен аңшыларының жабайы өсімдіктер жайлы көп нәрсе білгені даусыз. Олар өсімдіктер дүниесі арасынан жеуге тұрарлық өсімдіктерді тым мардымсыз, майлы, ащы, тіпті өте улы өсімдіктерден ажырата білді. Біріншіден, адамдар қалаған өсімдікті қалай қолдан егуге бейімдегенін өздері де түсіне алмай қалған болуы керек. Олар жеуге жарамды деген дәнді дақылдардың кең таралуына кездейсоқ ықпал жасап отырған. Өйткені тұқым қалдықтары көп жағдайда қоныс маңайында, әсіресе айналадағы қоқыс төгетін орындарда қайта өсіп шықты. Адамдар қоныстарына жақын жерде өсіп тұрған өсімдіктерді бақылап, оларды қоршаған ортадағы басқа жабайы өсімдіктерден еш қиындықсыз ажырата алды. Жылдар өте, ұрпақ пен ұрпақ осы әрекетті қайталай отырып, қалаған өсімдіктерін өсіріп, арам шөптерден тазартып отырды. Осы үдерістің ең басында адамдар жерде жатқан дәндер мен кейінірек өсіп шыққан жаңа өсімдік арасындағы байланысты аңғарған шығар. Соның нәтижесінде қажет дәнді егіп, өнімділікті арттыруды игерді. Ақырында олар әрекеттерінің неге апаратынын білместен, таңдаулы гибрид шығарып, тұқым түрін одан ары жақсартты. Адам мен оның шаруашылық өнімі бір-біріне тәуелді болған кезде өсімдіктерді толығымен қолдан екті. Демек, қауымдар азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңызды көзіне айналған, генетикалық тұрғыдан өзгеріске ұшыраған өсімдіктерге сенім арта бастады. Өсімдіктердің өзгергені сонша, олардың жабайы табиғатта арнайы күтімсіз өсуі күмәнді болды.

Дүниежүзінің алғашқы шаруалары жайлы ойлағанда негізінен қыздар мен әйелдерді көз алдымызға елестетеміз. Палеолит қауымдары арасындағы еңбек бөлінісі анық көрініс таппағанымен, бала емізу мен кішкентайларға қарау үшін тұрақтарына жақын жүруге мәжбүр болған әйелдер сол жерде өсетін, жеуге жарамды өсімдіктердің сарапшыларына айналды. Ерлер тұрақтан алшақ жерлерде аң аулап жүргенде, әйелдер әдейі немесе өздері де аса мән берместен өсімдіктерді генетикалық деңгейде бейімдеумен айналысты.

Жануарларды қолға үйрету. Адамзат пен жануарлар да алғашында еріктерінен тыс үйреністі. Қасқырдың бір түрінен тараған ит – өндіруші шаруашылық қалыптаспай тұрып-ақ, бірнеше мың жыл бұрын Оңтүстік-Батыс Азияда адам баласының серігіне айналды. Қасқырлар тамақ қалдықтарын іздеп, қауымдар тұрағы маңында қаңғырып жүрген болар. Саяқ жүретін жануарлар табиғатынан адам баласынан қатты сескенбейді, тұраққа жақын жүруге бейім келеді. Адамдар басқаларға қарағанда жуасырақ жануарлардың бірнешеуін қолға түсіреді. Олар бөтен адамдар тұраққа жақындаған кезде иттердің үргенін мақұл көрген шығар. «Тұтқындағы» азулылар бірнеше ұрпақ ауыстырғаннан кейін аңшылықтың айырылмас бөлігіне және қоныс қорғаушыларына айналды, ендігі жерде олар алыс туыстары болған қасқырлармен бірге табиғатта тіршілік ете алмайтын дәрежеге жетті.

Егін ору балеті. Оңтүстік-Шығыс Алжирдегі Тассил-н-Аджер аймағындағы жартас бетіне салған осы суретте әйелдер әдемі иіле, егін жинап жүргені бейнеленген. Суретші осы бейнелерді б.з.д. 5000–6000 жыл аралығында, Орталық Сахара бүгінгіден әлдеқайда дымқыл аймақ болған кезде тасқа түсірген.

Оңтүстік-Шығыс Түркиядағы адам қоныстарына тиесілі болуы мүмкін деген шошқа сүйектері сүтқоректілердің осы түрін адамдар шамамен б.з.д. 10 000 жылдары қолға үйреткенін дәлелдейді. Соңғы жылдары айтыла бастаған пікірлерге сай, шаруашылықтың бастапқы кезінде адамдар шошқа ұстады, көп ұзамай олардың қатарына қой, ешкі, ірі қара қосылды. Оларды ет пен сүт үшін ғана емес, ғұрыптық құрбандық немесе қауымның мейрамдарында пайдалану үшін де қолға үйретті1. Уақыт өте қауым мүшелері осы әрекеттерінің қаншалықты тиімді екенін түсіне бастады. Жануарлар азық-түлікпен қатар, терінің, жүннің, жүк көлігінің таптырмас көзіне айналды. Адамдардың жабайы жануарларға қарағанда қолға үйреткен малға тәуелділігі артты. Қолға үйреткен шошқа, қой, ешкі және ірі қара генетикалық өзгерістерге ұшырады, яғни денелері кішірейді, сезім мүшелері өзгерді – бұрынғы қырағылығы мен аяқ астынан қашуға деген бейімдігінен арыла бастады. Бұл жануарлар ендігәрі жабайы ортада тіршілік ете алмайтын күйге түсті. Адамдар пайдалы жануарларды бірте-бірте сұрыптап, тұқымын көбейте бастады. Мысалы, жүні жұмсақ әрі қалың ешкілер тұқымын көбейтіп, жүндері қатты дегендерін төлдемей тұрып сойып, азыққа пайдаланды.

Мыңдаған жануар түрінің небәрі он шақтысын ғана азық-түлік, жүн мата және жүк көлігінің көзі ретінде қолға үйретті. Жануарларды қолға үйрету дүниежүзінің түкпір-түкпірінде мыңжылдықтар бойы жүрді. Мысалы, жылқы, түйе, буйвол, есек – шошқаға, қойға, ешкіге қарағанда бірнеше мың жылдан соң ғана адамзат тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Археологиялық деректер бойынша, ірі қара малды Сахара шөлінің шығысында қолға үйреткен. Б.з.д. 9000–8000 жылдар аралығында бұл аймақта қазіргіге қарағанда жауын-шашын мөлшері көбірек түсті. Ірі қараны алғаш қолға үйретушілердің үйір мен табынды қысқы уақытта Ніл өзені сағасынан суы жеткілікті Сахара шөлінің ішкері аймағына дейін жаюға мүмкіндіктері болды. Шамамен мың жыл өткеннен кейін қолға үйреткен ірі қара Оңтүстік-Шығыс Азия мен Үндістанда пайда болды.

Неолит дәуірінің жаңалықтары

Голоцен кезеңінің басында егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы Афроеуразияның бірнеше бөлігінде бір-бірінен тәуелсіз түрде пайда болды. Ғалымдардың көпшілігі бұл құбылысты жылыну үрдісінің жүйесіз жүруімен байланыстырады. Шамамен б.з.д. 10 800 жылдары жаһандық ауа температурасы аяқ астынан көтерілді, соның салдарынан Солтүстік Атлантикадағы мұздықтар еріп, суық су бірден молайды. Зерттеушілер Солтүстік жартышардағы суығырақ, құрғағырақ ауа райының қайталануын арктика гүлінің құрметіне Соңғы Дриас деп атады (температура диаграммасына қараңыз, 87-бет). Ол 1200 жылға созылып, бірнеше аймақты бірдей мекендеген терімшілерді, аңшыларды және алғашқы егіншілер мен бақташыларды табиғат сынағы күтіп тұр еді. Оның әсері күн суыта бастаған кезде, әсіресе халық саны өскен жерлерде көп байқалды. Үйреншікті табиғи жағдайдың ауысуы қауымдарды дәнді дақылдармен тәжірибе жасауды жылдамдатуға итермеледі, ауа райы өзгермегенде адамдар өсімдіктерді сұрыптар-сұрыптамасы белгісіз еді.

Егіншілікке еріксіз көшкен кейбір аймақ тұрғындары, бейсаналы түрде аграрлық өмір артықшылығына көз жеткізді. Олар азық-түлік қорына сенді, оның қанша уақытқа жететінін болжай алды. Уақытша баспанаға қарағанда тұрғылықты орын-жай анағұрлым қолайлы еді. Қауым өмірі алуан түрлі әрі қызғылықты бола бастады. Балалар, науқас және қарт адамдар барынша қауіпсіз ортада ғұмыр кешті. Отырықшы өмір салты әйелдерге балаларын емшектен ертерек шығаруға жағдай жасады, нәтижесінде әйел тағы да бала көтеру мүмкіндігіне ие болды. Әйел неғұрлым көп бала дүниеге әкелсе, соғұрлым көп сәби аман-есен ер жетіп, отбасы азық-түлікке зәру бола түсті.

Жер өңдеу кең тараған сайын қоныстардың көлемі мен тығыздығы артты, мұның өзі тұрғындарды жаңа жетік құралдар мен әдіс-тәсілдерді ойлап табуға итермеледі. Өнертапқыштықтың неолит дәуірінің25 басындағы осы бір толқыны егіншіліктің гүлденуімен байланысты деп ойлаймыз. Неолиттік жаңалықтар қатарына ұсақ тас кескіштер (микролиттер), иілген орақтар, тас құтылар мен үккіштер және күнге кептірген саз кірпіштен тұрғызған үйлер кірді. Ғалымдар неолит дәуірі Оңтүстік-Батыс Азия мен Еуропада б.з.д. 4500 жылдар шамасында, таспен қатар, мыс құралдар қолданысқа ене бастаған тұста аяқталды деген тоқтамға келген.

Неолит дәуірі – б.з.д. 10 000 жылдардан б.з.д. 4000 жылдарға дейін жалғасқан, жетілген тас құралдардың жасалуымен және өндіруші шаруашылықтың дамуымен сипатталатын кезең.

Аграрлық қоғамдардың таралуы

Егіншілікпен айналыса бастаған біз білетін алғашқы қауымдар Құнарлы жарты ай жерінде пайда болды. Алайда шаруашылық бір-бірінен бөлек, бәлкім жеті немесе сегіз жерде бір уақытта пайда болғанын ескерсек, олардың дәл қайсысы бірінші дамыды деген мәселе мәнін жоғалтады. Австралиядан басқа, адам баласы қоныстанған барлық құрлықтарда б.з.д. 10 000 жылдар мен б.з.д. 3000 жылдар аралығында аграрлық қоғамдар қалыптасты (2.1-картаны қараңыз). Палеолиттің аңшылықтан, терімшіліктен, тас құралдардың баяу даму қарқынынан тұрған 2,4 миллион немесе соған таяу жылмен салыстырғанда, аграрлық революция бір түнде басталды деуге болады.

Өндіруші шаруашылықтың Жерорта теңізінен Үндістанға дейін таралуы. Жерсіндірген бірқатар маңызды өсімдіктер мен қолға үйреткен жануарлар және оларға қатысты жинақталған идея мен технологиялар Құнарлы жарты ай шеңберінен шығып, шығысқа қарай Оңтүстік Азия (Үндістан субконтиненті) мен батысқа қарай Жерорта теңізі жағалауындағы аймақтарға тарады. Жер мен теңізден тұратын осы тұтас белдеу шамамен бір ендік бойында жатыр: күндердің, маусымдардың ұзақтығы бірдей, температура, өсімдіктер популяциясы, мекендейтін жануарлары, жауын-шашынның орташа мөлшері (жылына 20 дюймнен төмен) бір-біріне барынша сай келеді. Осы аймақтың бір шетінен екінші шетіне қарым-қатынас орнату мен саяхаттауға тосқауыл болатын биік тау сілемдері немесе табиғи кедергілері жоқ және Жерорта, Қара, Қызыл, Араб теңіздерінен, сондай-ақ Парсы шығанағынан тұратын су қоймалары кең алқаптың бір ұшын екіншісімен байланыстырып тұр.

Технологияның негізгі кезеңдері. 2,5 миллионға жуық уақыт ішінде технологиялық өзгерістердің баяу дамуының себебі не деп ойлайсыз? Ал шамамен 10 мың жыл бұрын технологияның аяқ асты қарқындауының себебі не?

Осы белдеу тұрғындарының күнделікті тұтына­тын тағамдарының негізін құраған өсімдіктер мен жануарлардың барлығы болмаса да, көпшілігі Оңтүстік-Батыс Азия немесе Солтүстік-Шығыс Африкада алғаш жерсініп және қолға үйренген тәрізді. Жаңа аграрлық шаруашылықтың негізгі азық-түлік түрін бидай (эммер немесе бірдәнекті), арпа, бұршақ дақылдары (жасымық, көк бұршақ, ноқат), қой, ешкі, шошқа, сиыр және зығыр (мата жасау үшін) құрады. Аталған «бас дақылдар» мен қолға үйреткен жануарлар аймақтың көп бөлігінің климатына бейім келді. Сол себепті, небәрі бірнеше мың жыл ішінде олар осы аймаққа толығымен тарап кетті. Мақта мен баклажан сияқты бірнеше маңызды өсімдіктер алдымен Үндістанда қолдан өсіріліп, кейін батысқа – Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізі аймағына қарай тарады.

Аграрлық өмір салты екі түрлі әдіспен таралды. Оның бірі – мәдени таралу, яғни, өндіруші шаруашылық туралы идеялардың таралуы. Адамдардың ауыл шаруашылығы туралы ақпаратты бір-бірімен бөлісуі аймақтық саудамен байланысты болған тәрізді. Синай түбегінен – мыс, Жерорта теңізі жағасынан – ұлутастар, Өлі теңізден – тұз, Анадолы (қазіргі Түркия) кен­дерінен өндірген жанартау шынысы – обсидиан бір жерден келесі жерге толассыз ауысып отырды. Оларды тасымалдаған сатушылар өздерімен бірге тұқымдарды, жануарларды және шаруашылық құралдарын бір қоныстан екінші қонысқа алып жүруі де мүмкін, осылайша, аймаққа тән өндіруші шаруашылық тәжірибесі жаңа өңірге тарады. Екіншіден, өндіруші шаруашылықтың таралуы халықтың өз жерінен басқа мекенге қоныс аударуына да байланысты. Мысалы, бидай, арпа, ірі қара, қой, шошқа, сонымен қатар жинақталған білім мен жетілген еңбек құралдарына негізделген шаруашылық б.з.д. 7000 жылға дейін Оңтүстік-Батыс Азиядан Еуропаға қарай тарала бастаған болар. Оның себебі: егіншілер мен малшылар Жерорта теңізін жағалай батысқа немесе Балқан түбегі мен Дунай өзені алқабына қарай көшті.

Дүниежүзін жайлаған егіншілер мен малшылар. Үндістаннан Жерорта теңізіне дейінгі аралықтан басқа аймақтарда өсімдік өсіру мен мал бағу бірнеше жерде дербес дамыды. Осы жаңашылдықтың дамыған бір аймағы: Сары өзеннің (Хуанхэ) ортаңғы ағысынан оңтүстікке – Янцзы өзеніне дейін созылып жатқан Солтүстік Қытай. Солтүстік Қытайдың осы аумағы б.з.д. төртінші мыңжылдықта, бүгінгі күнмен салыстырғанда, әлдеқайда ылғалды еді. Адамдар күріш пен тарыны (бүгінгі таңда Қытайдың ең маңызды дәнді дақылдары) б.з.д. 7000–6500 жылдар аралығында қолдан еге бастаған тәрізді. Сары өзен бойындағы егіншілер жеңіл, қопсымалы, тығыздалмаған сары топырақты ұшталған қарапайым ағаштармен өңдеді. Олар азық сақтайтын шұңқырлары бар, жертөлелі шағын қыстақтар тұрғызды, тас балталар мен жүзі кетілген пышақтар пайдаланды, шошқа мен тауық өсірді, марқұмдарын соңғы сапарға аттандыру үшін жерледі.

Африкадағы Эфиопияның таулы аймақтары, Сахара шөлінің оңтүстігіндегі саванналар және одан оңтүстікке қарай созылып жатқан тропиктік ормандар шамамен б.з.д. 10000–5500 жылдар аралығында өз бетінше қолға үйрету мен өсімдіктерді мәденилендірудің жеке орталықтары болды. Топырақ пен климат жағдайына қарай ақ жүгері, тары, ямс және басқа дақылдар өсіріп, тұтынды. Азияның тропиктік белдеуінде, қазіргі Тайланд жерін мекендеген адамдар шамамен б.з.д. 7200 жылдары күріш еге бастаған тәрізді. Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан Жаңа Гвинея тұрғындары б.з.д. 7000 жылдар шамасында қант қамысын, ямс және бананның белгілі бір түрлерін өсіре бастады. Солтүстік және Оңтүстік Америка халқы өндіруші шаруашылықты Афроеуразияның ықпалынсыз дамытты. Бұл жайтқа 4-тарауда қайтып ораламыз.

Қоныстардың дамуы

Өте төзімді саяхатшылардан құралған топ б.з.д. 5000 жылдар шамасында Оңтүстік-Шығыс Еуропадан Үндістанның солтүстік-батыс шекарасына дейінгі 2600 миль жерді кезіп өтсе (ондай саяхат, әрине, мүмкін емес), әр түні тастан, кірпіштен немесе ағаштан тұрғызған он шақты дөңгелек не төртбұрышты қоныстарды паналаған шығар. Оларды паналатқан үй иелері шағын ауласында дәнді дақылдар мен бұршақ тұқымдастарын өсіріп, аздаған шошқа, қой немесе сиыр бағып, қоныс маңында аңшылықпен айналысып жүрген болар еді. Олар жүннен, жануар қылшықтарынан, өсімдік талшықтарынан тоқыған киім, сондай-ақ тері мен жүн жамылды. Олардың мүлкі – түрлі тастар жиынтығы, сүйектер мен ағаш құралдар, дәнді дақылдар және басқа да азық-түлік болды.

Тамақ пісіру, сақтау және тасымалдауға арналған құтылардың сан алуан түрі – тұрмыстық заттар қатарын толықтырады. Су өткізбейтін, отқа төзімді және қолда бар саздан жасаған қыш құмыра – неолит дәуірінің ең негізгі жаңалығы. Олай деуімізге тағы бір себеп, оны пайдалану арқылы нәрлі жұмсақ ботқаға айналған тойымды өсімдік тағамы адамның күнделікті тұтынатын азығын түрлендірді, әсіресе балалар мен тісі түскен қарттар үшін оның пайдасы ерекше еді. Тас немесе ағашқа қарағанда саз балшық қалыпқа оңай көніп, ошақта, кейін пештерде өте жоғары температурада күйдірілді. Қышты «күйдіру» кезінде оның құрамындағы су кеуіп кетеді де, ол қатаяды. «Қыш құмыралар революциясын» жасаушылар – егіншілер емес, терімшілер мен аңшылар болған сияқты. Ең ежелгі қыш сынықтары Солтүстік Қытайдан табылып, 18 мың жылдай уақыт бұрын жасалғаны анықталды. Жапонияның алғашқы адамдары бірнеше мың жыл өткеннен кейін қыш құмыралар жасай бастаған. Жартышардың батыс бөлігіндегі ең ежелгі керамика Сахара шөлінен табылды, мұндағы адамдар б.з.д. 9000 жылдар шамасында жабайы өсімдіктің дәндерінен тамақ пісіру үшін қыш ыдыстарды пайдаланды. Оңтүстік-Батыс Азияның шаруалар қауымында керамикадан жасалған құтылар одан екі мың жыл кейін пайда болды.

Қышты қарапайым пеште күйдіру барысында кентастарды жеткілікті деңгейде қыздыру арқылы одан мысты балқытып, айырып алу туралы ой туындауы мүмкін. Мысты суытып, қайта қыздырып, содан кейін одан құрал немесе әшекей бұйым жасауға болады. Анадолының шаруалары мыс өңдеу дәуірін б.з.д. 5000 жыл шамасында бастап кеткен сияқты. Небәрі бірнеше ғасыр ішінде, бәлкім, сол аймақтың өзінде, адамдар білезік, мүсін, кескіш және басқа да қажет заттар жасау үшін мысты балқыту мен оны қыш қалыпқа құюдың одан да күрделі жолдарын ойлап тапқан шығар. Дегенмен таза мыстан жасалған құралдар тастың орнын баса алмады. Тым жұмсақ әрі майысқақ болғандықтан, ұзақ уақыт қолдануға жарамады. Шамамен 2000 жыл ішінде Батыс Еуропадан Қытайға дейінгі қоғамдар мыс металлургиясын ойлап тапты немесе ол туралы жат жерлік адамдардан білді.

Ежелгі қыш құмыра. Б.з.д. 12 мың жылдар шамасында жасалғаны анықталған, Жапонияның Дземон мәдениетіне тиесілі бұл құмыра керамика сынықтарын қайта құрастыру арқылы қалпына келтірілді.

Шаруашылық қалыптасқан аймақтарда қоғамдық қатынастар да күрделенді. Еңбек бөлінісі әлі де қарапайым, ересек әйелдер мен ер адамдар бір-біріне тең қараған болар. Шаруашылық жүргізу жұмыстарында және жүннен, зығырдан, мақтадан, құрақтан киім, тор, себет пен басқа да тіршілікке қажет заттарды тоқуда ерлер мен әйелдер бірдей ептілік танытып, күш жұмсады. Қоныстарда бірнеше үлкен отбасылар бір-біріне өте жақын орналасқандықтан, көпшіліктің шешімін бақылайтын және жеке адамдар арасындағы дау-дамайды шешетін көсемдердің пайда болуы заңдылық еді. Көсемдер күш-қуатының, парасатының және құдайлармен байланыс орната алу қасиетінің арқасында дараланды. Сонымен қатар бір жерде тұрақты қоныстану мен шаруашылық жүргізудегі жетістіктер отбасылардың байлық жинауына жағдай жасады. Кейбір тұрғындар басқаларға қарағанда артық азық-түлік қорын жинағаннан кейін-ақ әлеуметтік теңсіздіктің туындауына қажет жағдай қалыптасты. Егіншілік, малшылықпен алғаш айналыса бастаған Оңтүстік-Батыс Азия мен басқа аймақтардағы жерлеу орындарын қазу барысында тұрғындардың көпшілігі жұпыны жерленгеніне қарамастан, кейбір адамдардың, арасында балалар да бар, әшекейлермен және басқа да құнды бұйымдарымен бірге жерленгені анықталды. Бұл айырмашылықтар кейбір отбасылар басқаларға қарағанда жоғары әлеуметтік мәртебеге ие болғанын, біреулердің басқалардан жоғары тұруы – әлеуметтік иерархияның қауымдық өмірдің бір бөлігіне айнала бастағанын білдіреді.

Таңғажайып қоныстар

Оңтүстік-Батыс Азиядағы бірнеше аграрлық қоныс қалдықтары көлемі мен күрделілігі жағынан бірден назар аудартады. Солардың бірі – көне Иерихон, Иордан өзенінің жанындағы бұл қоныс жұртында әлі күнге дейін қала бар. Б.з.д. 7000 мың жыл шамасында тұрғындар биіктігі 3,4 метрдей, қалыңдығы 1,5 метр болатын тас қабырғалы үйлерін бір-біріне жапсарлас салған. Сондай-ақ олар ор қазып, мұнара тұрғыз­ған. Азық-түліктерін, су қорын, сауда заттарын қорғау үшін осындай әрекетке барған шығар. Ежелгі тұрғындар әлі де қоршаған табиғи орта берген қоректерді теруді жалғастырған. Қабырғаларды тұрғызу үшін шеберлік пен ұжымдасудың анағұрлым күрделі деңгейі қажет еді, сол себепті қалада әжептәуір күрделі қоғамдық құрылымның болғаны анық. Бұл құрылымға көшбасшылардың таңдаулы табы мен халықтың басым көпшілігі арасындағы бөлініс те кірген.

Осы күнге дейін табылған ең ірі неолиттік орталық – Чатал-Хююк (CHAH-tahl HOO-yook). Анадолының оңтүстік орталығының шұрайлы жазығында орналасқан бұл ескерткіштің жасы б.з.д. 7000 жылдарға жатады. Жер көлемі – 32 акрға жақын, дәуірлеген кезде халқының саны 10 мыңға жуық болған сияқты. Қоныста саз балшықтан соққан мыңдаған үй бір-біріне өте тақау орналасқаны сонша, көшелерге мүлдем орын қалмаған. Тұрғындар бір үйден келесі үйге көпсатылы төбелердің үстімен өтіп, төбеден ағаш сатылар арқылы ішке түскен. Кейбір үйлер бірнеше бөлме мен жоғары қабаттардан тұрған. Тұрғындар от жағатын бөлме, қыш пеш, отыру мен ұйықтауға арналған орындары бар кең бөлмелерде үй тіршілігімен айналысқан. Жергілікті құдайларға (олар туралы біліміміз мардымсыз) сыйынатын ғибадатханалар ретінде пайдаланған кейбір бөлмелер саз мүсіндірмен, бедерлі мүсіндермен, адамның күнделікті өмірінің сәттері бейнеленген қабырға суреттерімен безендірілген.

Чатал-Хююк тұрғындары өзен жағасында дәнді дақылдар, бұршақ өсіріп, қой, ірі қара бақты. Олар жақын аумақтағы төбешіктерден бадам, алма, жабайы алма жинап, бөкен аулады. Материалдық деректерге қарағанда қоғамдық өмір отбасы бірлестігіне негізделді. Әр отбасы таң ата шаруашылықпен айналысуға немесе азық табуға шығып, кеш бата баспаналарына оралған. Сонша адамның құмырсқаның илеуіндей құжынаған үйлерде не үшін бірге тұрғаны беймәлім, бір анығы: қоныс екі ғасырға жуық уақыт бойы гүлденіп, б.з.д. 5400 жылдар шамасында толық құлдыраған.

Чатал-Хююк. «Чатал-Хююк қонысы қала ма немесе саны тым көп халқын асырауға жеткілікті азық өндіруге шамасы жетпегендіктен жойылған, көлемі үлкен шаруашылық мекені ғана ма еді?» деген мәселеде ғалымдардың пікірі бір жерден шықпады. Құрылысшылар үй арасында не себепті көшелер салмады деп ойлайсыз?

Осы уақыт шамасында Қара теңіздің батысы мен Дунай өзені алқабының жоғары жағында тұрақтаған егіншілер мен бақташылар екі мың үйге дейін жететін қоныстар тұрғыза бастады. Шаруашылығы бидай, арпа, ірі қара мен қой өсіруге негізделген бұл қоныстар ағаш діңгектерден жасалған қоршаулармен қоршалды. Ағаш немесе гипстен тұрғызған кейбір үйлердің бірнеше бөлмесі болды және екі қабаттан тұрды. Археологтар «Көне Еуропа» деген атаумен белгілі, б.з.д. 5500 мен 3500 жылдар аралығын қамтыған материалдық мәдениет сабақтастығын осы қоныстардан байқады. Бір-біріне тікелей байланысы бар, Оңтүстік-Шығыс Еуропаның көп бөлігін қамтыған бұл қоғамдар арнайы өрнектелген қыш құмыралар, алтын және мыс әшекейлер, балқытқан мыстан құйған балта мен пышақ сияқты құралдар жасады. Дамудың бұл деңгейінде әлеуметтік жіктелістің болғаны айдан анық. Археологтар әйелдердің кішкентай мүсіндерін көптеп тапқан, олар белгілі бір құдаймен немесе ошақ қасында сыйынатын рухтармен байланысты болуы мүмкін. Табылған басқа да олжаларға қарағанда алтын мен мыс, сонымен қатар Эгей теңізінен келген сәндік ұлутастар саудасы Оңтүстік-Шығыс Еуропаның шаруашылықпен айналысқан басқа да қалалары, қоныстары арасында жүрген.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Эци: Неолит дәуіріндегі жиһанкез

5300 жыл бойы қатып жатқан мумияның зерттеулеріне сүйене отырып, Эцидің адам бойымен бірдей кейпін екі дат суретшісі жасап шықты.

Б.з.д. 4000 жыл шамасында Еуропада егін, мал шаруашылығымен қатар, қоныстарда тұру салты толығымен қалыптасты. Алайда мұндай жолмен тіршілік ету Оңтүстік-Шығыс Азиядан құрлық арқылы ауысуы мүмкін. Осы аймақтың неолит дәуіріндегі өмірі жайлы мәлімет бере алатын қызғылықты деректің бірі – мұздық астында 5300 жыл бойы қатып жатқан адамның денесі.

Италия Альпісіне жорыққа аттанған екі турист 1991 жылы Австриямен шекаралас жерден адам мәйітін табады. Содан бері жүргізген қажырлы зерттеулер нәтижесінде бұл адамның б.з.д. 3300 жыл шамасында қайтыс болғаны анықталды. Зерттеушілер мәйіт табылған жердің құрметіне бұл адамға Эци деген ат берді. Қайтыс бола салысымен қатып қалғандықтан, оның денесі бұзылмай сақталған. Ауқымды сынақтар мен ДНҚ талдамалары Эцидің өмірі мен өлімі жайлы ғалымдарға тұтас ақпарат алуға мүмкіндік берді. Ол бақташы немесе аңшы болуы ықтимал. Сондай-ақ жауынгер немесе өз қауымының көшбасшысы да болуы мүмкін, себебі оның қолында құнды заттар, жүзі мыс, сабы шілік ағашынан жасалған балта болды.

Эцидің бойы 5 фут 5 дюймге таяу, салмағы 110 фунт26. Ет, дәнді дақылдар, жемістер және өсімдік тамырларымен қоректенген. Альпі тауларының суық климатынан қорғану үшін иленген тері және мал сіңірлерін пайдалана отырып, бір-біріне жалғап тіккен терінің бірнеше түрінен тұратын киім киген. Қазба барысында оның бас жағынан аю терісінен жасалған бас киім табылды. Аяғын жылы ұстау үшін тері аяқ киіміне шөпті нығыздап салған. 45 жасында көз жұмған Эциден ішек инфекциясы мен буын ауруларының белгісі анықталды. Ол денесіне елуден артық сурет салған, алдымен теріні тіліп, сол жерге ағаш көмірін жағу әдісін пайдаланған. Бір қызығы, сурет бедерленген дене бөліктері акупунктура нүктелерімен тұспа-тұс келеді. Бұл буын ауруын жеңілдету үшін акупунктура нүктелеріне әсер ету арқылы емдеудің ең алғашқы белгілері болуы мүмкін.

Эцидің жанынан табылған заттарға қарағанда, ол қайтыс болатын күні бірнеше қару-жарақ асынып жүрген: балта, шақпақтас жүзді пышақ, садақ пен жебелер және әлі толық анықталмаған құралдар. Сонымен қатар бірі жидекке, екіншісі саңырауқұлаққа арналған екі себет және от тұтату саймандары да болған.

Қайтыс болатын күні Эци жалғыз емес еді. Алғашында ғалымдар оны таудағы алай-дүлей боранның құрбанына айналды деген тоқтамға келді, алайда денені ары қарай зерттеу барысында бұл оқиға шиеленіске толы екені анықталды. Жазылмаған жаралар мен жарақаттар оның қайтыс болардың алдында әлдебіреулермен қақтығысып қалғанын айғақтайды. Оны біреу садақпен атқаннан кейін иығында шақпақтастан жасалған жебе қалып қойған. Басындағы жарақаттан қайтыс болуы да мүмкін, бірақ ол жарақатты құлағаннан әлде ауыр соққыдан алғанын біле алмадық. Нақты дәлелдер болмағанымен, кейбір ғалымдардың пайымдауынша, жауласқан бір топ Эци және оның қауым мүшелеріне шабуыл жасап, нәтижесінде ол өмірмен қоштасқан.

Эци және оның қауымы жайлы білгіміз келген жайттар көп болғанымен, оның денесі мен заттарын зерттеу барысында алған мәліметтерден неолит дәуірінің соңындағы қарапайым батыс еуропалықтың өмірінің кейбір қырын ғана көз алдымызға елестете аламыз.

Сыни пайым

Эци жайлы қолда бар деректерге сүйене отырып, б.з.д. 3300 жылдар төңірегіндегі Батыс Еуропа қоғамының жалпы сипаты жайлы не айта аласыз?

Афроеуразияда егіншілік пен мал шаруашылығының шекарасы кеңейе түскен сайын халық саны да тоқтаусыз өсті. Дегенмен шамамен осыған дейінгі тоғызыншы мыңжылдық пен бесінші мыңжылдық аралығында шаруашылықты жүргізудің технологиясы халық санының жергілікті азық-түлік қорына сай келетін белгілі бір деңгейден асуына кедергі болғаны айтпаса да анық. Инд-Жерорта теңізі аймағының үш бөлігінде б.з.д. 4000 жылдар шамасында ауқымды өзгерістер басталды. Бұл аймақтарда өндіруші шаруашылық қарқындап дамыды, халық саны еселене түсті және жұрт тығыз орналасқан мекендер, яғни қалалар ең алғаш рет пайда болды. Аталған құбылыс осыдан алты мың жыл бұрын басталды, бұл – адамзаттың жер бетін басып жүрген уақытының небәрі 3 пайызына ғана тең мерзім.

Алғашқы күрделі қоғамдар

оЙЛАН: Тигр-Евфрат, Ніл және Инд өзендері алқаптарындағы күрделі қоғамдар қалай қалыптасты және қандай жолдармен қарым-қатынас орнатып, қоршаған орталарын өзгертті?

Дәстүрлі түрде өркениет деп атап жүрген қоғамдық құрылым формасы – күрделі қоғам27 ең алғаш Тигр-Евфрат, Ніл және Инд өзендерінің алқаптарында қалыптасты (2.2-картаны қараңыз). Бұл қоғамдардың «күрделі» болуы халық саны мен тығыздығына, қоғамдық институттардың, кәсіптердің, технологиялардың, басқару жүйесінің күрделі, әралуан және жасампаздық еркіндіктің сан қырлы көрінісіне байланысты (2.1-кестені қараңыз). Өндіруші шаруашылық сияқты, күрделі қоғам да адамзаттың ғасырдан-ғасырға жалғасқан күнделікті шешімдерінің нәтижесінде қалыптасты, алайда ешкім осы тәжірибелердің қандай күшке ие екенін білген жоқ. Күрделі қоғамды керемет идея деп есептеген егіншілер мен малшылар оны қалыптастыруды немесе оған қандай қадам жасау арқылы жететінін әдейі ойластырған жоқ. Керісінше, бірнеше жерде халық санының өсуі мен климат өзгеруінің, адам баласының азық-түлік өндіруіндегі жетістігінің өзара серпінді әрекеті әсерінен палеолит дәуірінің аңшылары мүлде болжап білмеген жаңалықтарға алып келді.

Алғашқы күрделі қоғамдарда әлеуметтік құрылымның анықталған түрі болғанымен де, Тигр-Евфрат (Месопатамия), Ніл және Инд аңғарындағы қоғамдарда басқару және наным-сенім жүйенің, сәулет өнерінің, әдебиеттің және осы іспеттес басқа да құбылыстардың айрықша үлгілерінде көрініс тапқан мәдени стильдер қалыптасты. Осы мәдени өзгешеліктер физикалық және табиғи ортаның, әлеуметтік топтар арасында әрекеттесудің серпінін және қарапайым ғана тарихи оқиғалар ағынының негізгі айырмашылықтарын айқындады. Әрине, бұл айырмашылықтар қоғамның туабітті немесе өзгеріссіз қалған белгілері деген сөз емес. Күрделі қоғамды мәдени тұрғыдан ерекшелейтін мәдени элементтер өзгерістерді қабылдауға бейім келеді. Себебі жергілікті қоршаған ортаның жағдайы тоқтаусыз өзгереді, қоғамды құрайтын топтар арасында әлеуметтік шиеленістер мен қақтығыстар пайда болып, бөтен адамдар мен бөтен ойлар сырттан келіп қосылады. Өркениет – өзгермейтін, жан-жағы тұйықталған мәдени құты емес, дүниежүзі тарихының осы тұсын есімізден шығармауымыз керек.

Фунт (латынша: ponds) – салмақтың көп тараған байырғы өлшемдерінің бірі. Ағылшынның сауда фунты 453,6 грамға тең.

Күрделі қоғам – өркениет деп те аталатын осы қоғам түріне мынадай сипаттардың басым бөлігі тән: халықтың тығыз орналасуы, аграрлық экономика, қалалар, күрделі әлеуметтік иерархия, күрделі кәсіби мамандану, орталықтанған мемлекет, зәулім құрылыстар, жазу, үстем сенімдер жүйесі.

Месопатамиядағы суару жүйесі мен күрделі қоғам

Ең ежелгі үш күрделі қоғам да Афроеуразияның көп бөлігін алып жатқан шөлейтті жер белдеуі – Ұлы Арид зонасында пайда болды (2.2-картаны қараңыз). Климатологтардың пайымдауынша, Ұлы Арид зонасының батысында, яғни Сахарадан Ұлы Арид шөліне (Тар шөліне) дейін ыстық, құрғақ ауа райы б.з.д. 4000 жылдар шамасында қалыптасып, температура мен жауын-шашын циклдері ауысып тұрды. Алыста орналасқан таулардан ағатын таза судың арқасында ғана бұл жерге халық тығыз орналасуға мүмкіндік алды. Тигр мен Евфрат өзендері бастауын Шығыс Анадолы тауларынан алды, Инд өзені Тибеттегі Гималай тауынан ақты, ал Ніл өзенінің қайнар көзі Ефиопияның қыраттары мен Шығыс Африканың тропиктерінде жатыр.

Тигр-Евфрат өзені алқаптары ең алғашқы күрделі қоғам қалыптасқан жер екені белгілі. Негізінен қазіргі Ирак пен Шығыс Сирия жерін алып жатқан аймақ Месопотамия немесе «Қосөзен аралығы» деген грекше атауымен мәлім. Шамамен б.з.д. 7000 жылдардан кейін Тигр өзенінің шығыс жағасымен қатарласа орналасқан Загрос тауларының суармалы бөктерінде шаруашылықпен айналысқан қоныстар гүлдене бастайды. Таулы өлкелердегі адам саны көбейген кезде егіншілер мен бақташылар жаңа жер іздеп, тау етегіне қарай жылжып, су тасқынынан қалған шөгінділер алқаптарында тұрақтайды. Салыстырмалы түрде тегіс, сәл еңістеу келген аумақты екі өзен сан мың жыл бойы шөгінділермен, яғни лай, саз, құм, қиыршық тастардың қоспасымен байытып келді. Сол жерде алғашқы егіншілер ыстық, құрғақ жағдайда өсетін өсімдіктерді бірте-бірте сұрыптады.

2.2-КАРТА. Ең алғашқы күрделі қоғамдар

Ең алғашқы күрделі аграрлық қоғамдар жауын-шашыны мол жерде емес, шөлейт аймақтарда қалыптасуының себебі не деп ойлайсыздар?

Б.з.д. 5000 жылдар шамасында Оңтүстік Месопотамия бұлақтар, көлдер мен шалшықтар шоғырланған алқап болған. Көктемде таудан аққан су тасқыны алқапқа жайылып, құнарлы тұнбаның жаңа қабаты жер бетіне шөгіп қалатын. Жаз айларында жауын сирек жауғанымен, егіншілер егістік алқаптарын қарапайым тәсілдермен суаратын, бұлақтар мен көлдер жағасына саз-балшықтан қоныстар да тұрғызды. Топырақтың өте құнарлы әрі оңай өңделетіні сонша, егістіктер бидайдың, арпаның, бұршақ дақылдарының, көкөністер мен жемістердің мол өнімін беретін. Суармалы егіндік пен аңшылық, құжынаған шалшықтардан балық аулау отырықшы қауымдарды бірнеше жылға жететін азық-түлік қорымен қамтамасыз етті.

Халық шоғырланған өзен алқабы. Шамамен б.з.д. 4000 жылдардан бастап өзен алқабындағы халық саны күрт өсті, бұл құбылыс Оңтүстік-Батыс Азияда жауын-шашын мөлшерінің азаюына байланысты болуы әбден мүмкін. Судың көктемгі тасуы әлдебір себептерге орай азайып, мүйістер мен шалшықтар суы тартылды. Соның нәтижесінде егін алқаптарына, жайылымдар мен қоныстарға ыңғайлы жерлер босады. Бұрынғыға қарағанда құрғақ ауа райы адамдарды жаңалықтар ойлап табуға итермеледі, мысалы, астық қоймалары салынды және азық-түліктің түрлерін көбейту мақсатында сауда қатынастарын кеңейту жолдарын іздестірді. Евфрат бойындағы жағалауларда қоныстар айрықша көбейді, сондай-ақ көрші қоныстардан экономикалық тұрғыдан басым «теңдессіз қоныстар» көтеріле бастады. Белгілі бір уақытта, шаруалар өгіз бен есекті жеңіл ағаш соқаға жегуді үйренді.

Азық-түліктің артық өндірілуі мен халық санының өсуі қоғамды да өзгертті. Аңшылар мен терімшілер қауымы ерте кездерде мекендеген жерлеріне сыймай, азық көзі азайып, қауым мүшелерін асырай алмаған уақытта бір-бірінен бөлініп, кеңірек қоныс табу үшін жан-жаққа шашырап кететін. Месопотамия тұрғындарында ондай мүмкіндік болмады, себебі олардың тіршілігі егіншілік пен мал шаруашылығына тәуелді еді, ал бұл аймақтағы жерлер егін егіп, мал өсіруге қолайсыз, құрғақ болды. Жазықтағы халықтар астық өндіруде жеткен жетістіктерінің нәтижесінде ірі қоныстар мен қоғамдық ұйымның неғұрлым күрделі түрлерін құруға «мәжбүр болғанын» байқаймыз.

Кәсіби мамандану. Адамдар алқапқа көптеп жиналған сайын жұмыс та күрделене түсті. Артық өнімнің өндірілуі кейбір адамдардың басқа шаруалармен айналысуға уақыты босағанын көрсетеді. Халық санының өсуіне сәйкес қыш шебері, себет тоқымашылар, тас қалаушылар, тас оюшылар, мыс шебері, саудагерлер, жұмысты қадағалаушылар, сарбаз, дін қызметкерлеріне сұраныс та артты. Кәсіби мамандану, бүгінгідей, мамандарды жаңа технологиялар мен өнімдерді сынап көруге ынталандырды. Ал мұндай әрекеттер мамандарды қажет ететін одан да көп кәсіптердің пайда болуына жол ашты.

2.1-КЕСТЕ. ҚОҒАМДАРДЫҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТҮРЛЕРІ

Сипатты белгілері

Тұтынушы қоғамдар

Алғашқы аграрлық қоғамдар

Күрделі аграрлық және қалалық қоғамдар

Шаруашылығы

Азықты қажет деңгейде ғана аулау немесе теру.

Мәдениленген дақылдар мен қолға үйреткен жануарлардан қажет көлемде ғана өнім алу.

Бірінші кезекте дақылдардан, екінші кезекте қолға үйреткен жануарлардан үстеме өнім алу, сонымен қатар қалалық және ауылдық жерлердегі өндіріс.

Қоныстануы

Уақытша немесе жартылай тұрақты қоныстар мен шағын тұрақтар.

Тұрақты қоныстар, қыстақтар немесе ауылдар бірлестіктері.

Қалалар, қалашықтар, ауылдар.

Кәсіптері

Азық табуға топтың барлық мүшелері қатысады.

Қауымның барлық мүшелері егін екті, мал бақты; кейбір мүшелері арнайы кәсіптік немесе көшбасшылық дағдыларын танытты.

Қауымның басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысты; шағын топтар уақытын толығымен бір кәсіпке немесе қала жұмыстарына арнады.

Әлеуметтік құрылымы

Эгалитарлық топ; айқын әлеуметтік тап бөлінісі жоқ; әлеуметтік қатынастар туысқандыққа негізделді.

Әлеуметтік тап бөлінісі толық қалыптаспады және құбылмалы; нақты бір адамдар немесе отбасылар саяси және діни көсемдер ретінде ерекше мәртебеге ие; әлеуметтік қатынастар жартылай туысқандыққа негізделді.

Әлеуметтік таптардың тұрақты иерархиясы:

а) билеушілер мен ақсүйектер;

ә) білікті қолөнершілер, шеберлер, мамандар; б) ауыл шаруалары және қала жұмысшылары;

в) қоғамдардың көпшілігінде құлдар; жергілікті деңгейде туысқандыққа, мемлекеттік деңгейде билеушіге жаппай бағынуға негізделген әлеуметтік қатынастар.

Гендерлік қатынастар

Эгалитарлық қоғам; ерлер мен әйелдер арасындағы қарапайым еңбек бөлінісі.

Эгалитарлық қоғам; ерлер мен әйелдер арасындағы күрделенген еңбек бөлінісі.

Патриархаттық қоғам; әйелдердің көпшілігі үй тіршілігімен шектелді.

Саяси құрылымы

Эгалитарлық қауымдардың көлемі 100 адамнан аспады; бейресми және құбылмалы билік.

Жеке адамдардың, ақсақалдардың немесе ерекше мәртебеге ие отбасылардың қоныс деңгейіндегі бейресми билігі.

Бір орталықтан басқару, авторитарлық билік, лауазымды тұлғалар иерархиясы және тұрақты салық жүйесі.

Заңдары

Қалыптаспаған әдет-ғұрып заңдары және ырым-тыйымдар.

Күрделене түскен әдет-ғұрып заңдары мен ырым-тыйымдар.

Мемлекет жүзеге асыратын және көбінесе жазба кодекстердегі азаматтық және қылмыстық заңдар жинағы.

Технологиялық өзгерістер

Технологиялық жаңалықтың баяу қарқыны.

Технологиялық жаңалықтар қарқынының, әсіресе ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісінде жылдам өсуі.

Адам тіршілігінің түгелге жуық қырларын қамтыған үздіксіз, кейде бірдей деңгейде жүрмеген, технологиялық және ғылыми жаңашылдық.

Қолдан жасалған орта

Қарапайым, кейде көшпелі сипаттағы баспаналар.

Тұрақты тұрғын үйлер, тас қабырғалар.

Ғибадатханалары, қауымдық азық-түлік қоймалары немесе қорғаныс қабырғалары бар қоныстар.

Халық тығыз орналасқан қалалық тұрғын үйлер, алып ғимараттар мен бекіністер, ғибадатханалар, сарайлар, мазарлар мен қоғамдық алаңдар.

Байланыс

Сөйлеу мен символдар арқылы ойды білдірудің формалары.

Сөйлеу мен символдар арқылы ойды білдірудің күрделі сипаты.

Жазу жүйесі мен символдар арқылы ойды білдірудің күрделі сипаты; таңдаулы жоғарғы топтың ғана сауаттылығы.

Дін

Жергілікті табиғат рухтары мен құдайларға байланысты сенімдер мен жоралғылар.

Жергілікті мекендерімен, табиғатпен және ошақ басын қорғайтын құдайлар және рухтармен байланысты сенімдер мен жоралғылар.

Көп жағдайда орталық саяси билікпен байланысқан наным-сенімдер мен жоралғылардың күрделі жүйесі, дін қызметкерлерінің табы, қасиетті нақылдар (кітаптар); Конфуцийліқ, буддизм мен христиандық сияқты негізгі діни жүйелердің қалыптасу орталықтары.

Экологиялық қолайсыздық және алғашқы қалалар. Месопотамия қоғамы қалыптасуының бастапқы кезеңінде бұл аймақ су көзі мен құнарлы тұнбаларға бай болғаны белгілі. Осындағы қоныстар саны егістік алқаптарын молынан суарудың қажеті болмай тұрған кезде көбейді. Уақыт өте келе су көздері мен топырақты игеру қиындай түсті. Біріншіден, аймақ климаты б.з.д. үшінші мыңжылдыққа дейін құрғақ бола түсті. Сулы-батпақты алқаптар мен өзендер тартылып, адамдар алқаптарға су жеткізу үшін каналдар мен арықтар қаза бастады. Екіншіден, көктемгі су тасуын ешкім болжай алмады. Бір жылдары тасқын кезінде су аз жайылса, кейбір жылдары топан су басты. Соған қарамастан, адамдар Евфрат бойында көптеп қоныстанды, себебі ол Тигр өзеніне қарағанда жоғарыдан төменге баяуырақ ақты. Сондай-ақ осындай климат жағдайында көктемгі егін науқанын су тасқынына дейін жүргізуден басқа амал да жоқ еді. Шаруалар көлдер мен тоғандар маңына су жинап, арықтар арқылы керек кезде егін алқаптарына су жеткізудің жолдарын ойластыра бастады. Су қорларын игеру қиындаған сайын бұрынғыдай жайбарақат күн кешу мүмкіндігі азая берді. Алқапты мекендеген халық саны өсе берді, соған орай ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді де арттыруға тура келді. Адамдар қажырлы қайрат пен тамшылап төккен тердің арқасында, кеңейіп, өзен жағасынан барған сайын алыстай түскен егін алқаптары мен жайылымдарға су келіп тұруын қамтамасыз ететін бөгеттер, дамбалар, каналдар мен су қоймаларын салды.

Алқаптағы кейбір қоныстар басқаларға қарағанда ұлғая берді. Және үлкейген сайын адамдар алқапқа көптеп ағыла бастады, себебі үлкен қоныс жұмыс орындары мен сауда-саттыққа мүмкіндік берді. Тіршіліктің жан-жақты қырларын біріктірген бұл қоныстарды қала ретінде сипаттауға да болады. Тұрғындар ауыл шаруашылығынан бөлек, басқа да жұмыстармен және кәсіптермен айналысты, тіршілікке қажет заттардың басым көпшілігін сырттан әкелді.

Месопотамиядағы ежелгі қалалар басты екі аймақта пайда болды (2.3-картаны қараңыз). Ең көне орталық шамамен б.з.д. 4000 жылдардан кейін алқаптың оңтүстігіндегі Шумер (SOO-mehr) деп аталатын жері қуаң аймақта қалыптасты. Осы жердегі құнарлы жазық егін егуге қолайлы болды, алайда егін алқаптары суды жеткізуге болатын аумаққа дейін ғана созылды. Б.з.д. үшінші мыңжылдық басында қалалар кластері оңтүстік алқаптан 150 мильге дейін жоғары созылып, қазіргі Бағдатқа таяу орналасқан Аккадты (AKH-ahd) да алып жатты. Қалалардың екінші шоғыры Cолтүстік Месопотамияда орналасты. Бұл жердің қысы егістіктер мен мал басын асырауға жеткілікті болатындай жауын-шашынды келді. Біраз бөлігі таулы өлкелерден тұратын бұл аймақ қазіргі Солтүстік Ирак пен Шығыс Сирия жерін біріктірді. Осы бір шағын, бірақ гүлденген қалалардың Солтүстік Месопотамияда б.з.д. 3000 жылдар шамасында пайда болғанын және бұл феноменнің оңтүстіктегі Шумердің дамуына елеусіз немесе тіпті ешқандай қатысы жоқ екенін археологтар тек соңғы жарты ғасыр ішінде ғана анықтады. Алайда б.з.д. үшінші мыңжылдық ішінде сауда-саттық және мәдени қарым-қатынастардың дамып келе жатқан тораптары қалалар шоғырланған осы екі аймақты ұзақ уақытқа дейін бір-бірімен байланыстырды.

Шумер және Аккадтағы күрделі қоғам. Б.з.д. төртінші мыңжылдықтан кейінгі ғасырларда Оңтүстік Месопотамияда оннан аса маңызды қала пайда болады. Ең ірі орталығы – Урук еді, б.з.д. 3000 жылдар шамасында бұл қала халқының саны елу мыңға таяды. Бір қызығы, дүниежүзінің ең көне қаласы табиғи байлығы тапшы аймақта өркендеді. Құнарлы топырақтан, кірпішке арналған балшықтан, құрылысқа қажет терек ағашы мен себет тоқитын және шағын қайықтар жасайтын қамыстан басқа, оңтүстік алқаптың берері жоқ еді. Бұл қалаларға тек бір-бірімен ғана емес, сонымен қатар Парсы шығанағын және солтүстігі мен шығысындағы таулы өлкелерді мекендеген халықтармен де сауда жасауға тура келді. Шумер қалаларының ұлғаюы құрылысқа арналған ағаш пен тастың, қоладан бұйымдар жасау үшін мыс пен қалайының, қала жұртының талғамынан шығатын қымбат металдар, асыл тастар мен сән-салтанатқа арналған басқа да бұйымдардың сырт елдерден үздіксіз тасымалданып тұруына тікелей қатысты болды.

Күрделі қоғамдық және еңбек қатынастары, толассыз кіріс-шығыс сауда, гидротехникалық құрылыстардағы үздіксіз жұмыстар халықты ұйымдастырып, басқаратын қуатты көшбасшыларды қажет етті. Мұндай жағдай Шумердің әр қаласында байқалды. Бейбіт өмір мен тәртіп орнату үшін қала басшыларының бойында халықты көндіру, мәселелердің шешімін таба білу және жазалау сияқты қасиеттердің болуы шарт еді. Қала байлығы билеуші бұйрығының орындалуын қамтамасыз ететін әскер мен өкілдерге жұмсалды, қала халқы тыныштық пен қауіпсіздіктің белгілі бір дәрежеде сақталуының өтемі ретінде осы шарттармен келісті.

Қала тіршілігін реттеу үшін қажет болған биліктің жаңа түрі дүниежүзіндегі алғашқы мемлекеттердің пайда болуына әкелді. Ертедегі мемлекет терімшілер мен аңшылардың эгалитарлық қауымынан түбегейлі өзгешеленетін саяси ұйым түрі еді. Шешім қабылдау қарулы күштерге арқа сүйеген билеуші топтың және артықшылыққа ие болған лауазымды адамдардың ғана құзыретіне айналды. Бұл басшылар әлеуметтік шиеленістерді шешуді өз мойындарына алды, кек қайтаруға тыйым салды, бәріне ортақ заң қабылдады, жазалау мен күштеу тек олардың ғана қолындағы шаруа екенін көрсетті. Билікті ең мықты балаларына қалдыруға болатындай дәрежеге жеткен кезде, олар биліктің белгілі бір отбасында ғана сақталуы табиғи әрі дұрыс деген ойды қоғамда орнықтыруға тырысты. Яғни басқарудың осындай жолы қоғамдық тәртіпті сақтап, билікке таласудың алдын алды. Әулеттің28 түп-тамыры осында жатыр.

Шумердің ең көне қалалары тұтас қала кешені мен айналасындағы қоныстар мен шаруашылық алқаптарын біріктірген, бір орталықтан басқарған қала-мемлекеттер29 еді. Ғасырлар бойы Шумер қалалары жер мен табиғи қор үшін бір-бірімен бәсекелесіп келді, кей жағдайда оның соңы қантөгіске ұласты. Қалалар арасындағы соғыстармен ілесе жүрген үздіксіз шиеленістер басқарушы топтың барынша орталықтанған билікті сақтап қалуға деген ұмтылысын, қаланы қоршаған қорған мен күзет мұнарасының барған сайын биігірек әрі қалыңырақ болуының себептерін айқындайтын сияқты.

Дін және абыздарды ұлықтау. Мемлекеттің пайда болуы мен ұйымдасқан дін арасында тығыз байланыс болғанын дәлелдейтін деректер жеткілікті. Ғалымдардың пікірінше, палеолит адамы тіл құдіретіне ие болғаннан кейін бір-біріне «түсіндіруге келмейтін нәрселерді түсіндіруге» тырысқан, мысалы, аспан денелері неліктен көкте қозғалады, жауын не себепті жауады немесе жаумайды, адамдар неге қайтыс болады, қайтыс болғаннан кейін қайда барады деген сұрақтарға жауап іздеді. Жоғарғы палеолиттің ғұрыптық жерлеу орындары мен бейнелеу өнеріне қарасақ, алғашқы қауымдар көптеген құбылысты көзге көрінбейтін тылсым күштер мен рухтардың әрекеттері деп ұққан. Ежелгі Месопотамия егіншілері мен малшылары да қауымдарының амандығын құдіретті тылсым күш иелерінің қалауы деп қарастырғандары даусыз. Жануарлар немесе адам кейпіндегі не болмаса белгілі бір пішіні жоқ құдайларға жалбарынып, егіннен мол өнім алуды, әйелінің бала көтеруін, марқұмның о дүниеге аман-сау жетуін тілеген болар. Адамдар құдайлармен байланыс орнату үшін үйдегі зиярат ету орындары мен қоныстағы ғибадатханаларда рәсімдер атқарып, құрбандықтар шалды.

2.3-КАРТА. Месопотамиядағы ежелгі қалалар

Саргон империясының осы бағытта ғана кеңеюінің себебін немен түсіндіруге болады?

Шумер қалалары өскен сайын олардың ғибадатханалары мен құдайларының құдіреті де артты. Әр қаланың өзіне ғана тиесілі тастан немесе ағаштан бейнесін жасаған басты құдайы болды. Мысалы, Ай құдайы – Нанна (Син деп те аталған) – Ур қаласының жебеушісі болды. Махаб­бат құдайы Инанна мен аспан құдайы Ану – Урук қаласын қамқорлыққа алды. Осы күнге дейін сақталып жеткен, адамды таңдандырмай қоймайтын Урук қаласының Ақ ғибадатханасы Ану құдайға арналған. Кірпіштен салған пирамида пішінді платформа үстіне тұрғызған ғибадатхана қалаға төніп тұрғандай әсер беретін. Қабырғасы гипспен сыланған ғибадатхана Месопотамияның ыстық күн сәулесінің астында ерекше жарқыраған. Ғибадатхана қала-мемлекет әкімшілігінің орталығы ретінде де қызмет атқарды. Қала билігі астық пен басқа да заттар түрінде жиналған салықты суару мен құрылыс жұмыстарына, кедей-кепшікке көмектесуге, әскери шараларға және басқа да қоғамдық мақсаттарға жұмсады.

Әр қалалық ғибадатхананың діни қызметкері немесе абызы болды, оның негізгі қызметі толассыз ғұрыптық рәсімдер, мейрамдар мен құрбандық шалу арқылы құдайлардың разылығын сақтап отыру. Адамның бүкіл еңбегі құдайға қызмет етуге арналу керек деп жариялаған абыздар қала халқы мен экономикасын жеке басқару құқығына ие болды. Осындай шағын топ кең алқапта жайылып жатқан шаруашылық билігін өз қолына алды, халықтың қолы жетпеген артықшылық пен күш-қуатқа ие болды. Абыздар халықтың қала егістіктері мен жайылымдарында жұмыс істеуін, ғибадатхана шеберханаларында матадан жасалған бұйымдарды, қыш ыдыстар және басқа да заттарды өндіруін ұйымдастырды. Олар азық-түлік қорын ғибадатхана құдайына арнады, осы қордан алған қаражатпен ғибадатхана қызметкерлерін, қызметшілері мен өздерін де қамтамасыз етіп отыруды ұмытпады. Қорыта айтқанда, діни жоралғылар қаланың ерекше топқа жататын қорғаушыларының байлық жинау мен билікті шоғырландыру құқықтарын сақтай отырып, мемлекет артықшылығын дәріптеуге көшті.

Символдық дыбыстар. Билікті қасиеттендіру құралдарының бірі – жазудың пайда болуы. Палеолит дәуірінің терімшілері мен аңшыларының ойып қалдырған абстракт белгілерін жазудың ең көне түрі ретінде қабылдауға болар, алайда ең алғашқы толыққанды жазу жүйесі б.з.д. 3000 жылдар шамасында Месопотамияда пайда болғаны белгілі. Күнделікті атқаратын жұмыстарымыздың тізбесі мен банк төлемдері үнемі есімізге салып отыратыны сияқты, күрделі қоғамда қадағалауды талап ететін істер жеткілікті болады. Уруктағы ғибадатхана қызметкерлері астық пен малдың мөлшері мен санын, кейін қайда жұмсағанын нақты анықтауға көмектесетін әдісті ойлап табады. Алдымен белгілі бір өнімнің тұрақты санын білдіретін жеке-жеке қыш тақтайшалар жасалады. Кейін арнайы бір заттарды немесе сандарды білдіру үшін қыш тақтайшаларға белгілер салды. Алғашқы хатшылар пиктограмманы немесе айта­йын деген заттың кескінін беретін қарапайым таңбаларды ойлап табады. Мысалы, үйрек, есек немесе үйді сипаттайтын кескіндер.

Алғашқы хатшылар қамыс сабағының ұшын жұмсақ саздан жасалған тақтайшаға батыру арқылы сына тәрізді таңбалар салған, содан кейін тақтайшаны күннің астында кептірді. Уақыт өте оларды пеште күйдіретін болды. Латынның cuneus деген сөзінің негізінде Месопотамияның ең алғашқы жазуы cuneіform деп аталып кеткен (cuneus деген латын сөзін сына деп аударамыз, сондықтан cuneіform атауын «сына жазу» деп атау қалыптасқан. Ғыл. ред.). Шумер тілі – күрделі таңбалар жүйесіне түскен тұңғыш жазу. Шумерге қарағанда өзеннің жоғарғы ағысына қоныстанған Аккад тұрғындары басқа тілде сөйлеген. Б.з.д. үшінші мыңжылдықта сауатты мамандар сына әліпбиін пайдалана отырып, сол тілдердің кейбірін көзге көрінетін символдарға айналдырады.

Месопотамиялық лауазымды тұлға. Шамамен б.з.д. 2400 жылдарға жататын осы алебастр мүсіннің артындағы жазбадан оның соғыс құдайы «Жаужүрек Иштарға адал басқарушы» Эбих-Иль деген адам екенін білеміз. Мүсін Евфрат бойындағы Мари қаласында орналасқан Иштар ғибадатханасынан табылды. Бұл адам жоғары әлеуметтік топқа жатқаны көрініп тұр және отырысына қарағанда құдайға сыйыну сәті бейнеленген тәрізді. 94-беттегі неолиттік Еуропа адамы Эцимен салыстырғанда оның өмір сүру салты қандай болды екен?

Мыңдаған жылдар бойы ғибадатхана жылнамашылары таңбалардың күрделі жүйесін жасап шығарады. Кейбір таңбалар буындардың дыбысталуын білдірсе («ba», «bo», «ka», т.б.), логограмма деп аталатын басқалары ұғымдар бірлігін, яғни толық сөзді немесе сөз тіркестерін белгіледі. Логограммалар нақты бір затты, әрекетті, ойды немесе көңіл-күйді білдірді. Қазіргі ағылшын тілі логографиялық емес алфавиттік жүйеге негізделген, дегенмен құрамында логографиялық таңбалар бар. Мысалы «$» таңбасының доллар ұғымын білдіретінін білгенімізбен, бұл сөзді әріп арқылы дыбыстаудың баламасы жоқ. Санды білдіретін таңбалар (1, 2, 3 және сол сияқты) да логограммаларға жатады. Бұлар дыбысты емес, ұғымды білдіреді. Қазіргі таңда қолданып жүрген кең таралған логографиялық жүйе – қытай тілі. Қытай иероглифтері де дыбысталуын бағыттап отыратын буындарды білдіретін таңбалардан тұрады.

Месопотамияның қатардағы қарапайым тұрғыны сауатсыз болып қала берді, өйткені оның жүздеген логографиялық таңбаларды меңгеретін уақыты да, жағдайы да болмады. Ғибадатхана қызметкерлеріне көпшіліктің сауатсыз қала бергені қолайлы еді. Себебі олар басқа ешбір адам біле алмайтын ақпаратқа ие болды. Бұл өз кезегінде олардың билігін одан әрі күшейтті. Бірте-бірте жазу мен оқуды білетін абыз­дар қатары көбейе бастады, өйткені қоғамның хатқа түсірген мәліметтері үсті-үстіне еселене берді. Олардың қатарында патша жарлықтары, үкімет хаттары, патшалар тізімі, астрономиялық бақылаулар, саудагер келісімдері және сондай-ақ мифтер, мадақтаулар және мақал-мәтелдер бар еді.

Месопотамиядағы ежелгі жазу. Кестеден б.з.д. төртінші мыңжылдықта Шумерде пайда болған жазу жүйесі ғасырлар ішінде едәуір өзгерістерге ұшырағанын байқауға болады. Заттың кескінін салған пиктограммалар, таңбалар абстракт логографиялық символдарға айналды. Түзу және ирек сызықтар қысқа сызықтарға ауысты. Месопотамия хатшыларының пиктограммаларды абстракт таңбаларға айналдыруына не себеп болды?

Месопотамиядағы монархия. Жазу мен биліктің басқа да құралдарына қарамастан, б.з.д. үшінші мыңжылдық ортасына таман Шумер абыздарының қолындағы билік әлсіреді. Шумер мен Аккадтың бірнеше қаласын қазу барысында үлкен құрылыс кешендері ашылды. Олардың ғибадатхана емес, патша сарайлары екені де анықталды. Суару жүйесін қамтамасыз ету үшін материалдар мен жұмысшылардың қажеттігі, әлеуметтік топтар және кәсіп иелері арасындағы уақыт өте күрделене түскен қарым-қатынастар, қала-мемлекеттер арасындағы соғыстардың бәрі қосыла келіп, биліктің діни қызметкерлердің шағын тобынан әскери басшыларға қарай ауысуына ықпал етті.

Сына жазу сақталған тақтайша. Осы қыш тақтайшада ғибадатхана үлестірген астықтың есебі жазылған болар.

Б.з.д. 2100 жылдарға жататын сына тақтайшасында Шумер патшаларының ұзын-сонар тізімі көрсетілген. Б.з.д. 2600 жылдар шамасында өмір сүрген Киш қаласының патшасы Мебарагеси осы тізімде отызыншы болып тұр, ол – шынымен тарихта болған адам екенін археологиялық деректер дәлелдейтін бірінші патша. Одан бұрын өзге патшалардың билік құрған жылдары тек аңыздарда айтылады. Тақтайшаға сенсек, тізімдегі алғашқы сегіз патша 18 600 бен 36 000 жылдар арасын қамтитын уақыт бойы билік құрған. Урук қаласының бірінші билеу­ші әулетінен шыққан Гильгамеш қаһармандық, адам сенгісіз күш-қуат және өркөкіректік туралы ғасырдан-ғасырға беріліп отырған аңыз-әңгімелердің кейіпкеріне айналады. Б.з.д. екінші мыңжылдықта бұл әфсаналардан ежелгі Месопотамия әдебиетінің ең атақты туындысы – «Гильгамеш туралы жыр» жинақталады. Жырда патшаның құбыжықтармен (зұлымдармен) шайқасы, құдайлардың сөзіне құлақ аспауы, мәңгі жасаудың құпиясын табу жолындағы нәтижесіз сапары баяндалады.

Аккад мемлекетінің негізін қалаған ержүрек патша Саргонның билігі (б.з.д. 2340–2284 жылдар) жайлы маңызды мәліметтер жазбалар мен мүсіндерде сақталған. Саргонның басқаруымен найза және қылышпен қаруланған Аккад әскері Шумердің қала-мемлекеттерімен қоса Тигр және Евфрат алқабының жоғарғы жағындағы жерлерді де жаулап алады. Көптеген қала мен алуан түрлі тілде сөйлейтін халықтарды билеген Саргон және оның төрт мұрагері дүниежүзінің ежелгі империясының30 негізін қалаушылар деп саналады. Осы билеушілер билік оларға тікелей құдайлардан берілді деген тұжырымдаманы жариялаған сияқты. Мысалы, Саргонның немересі Нарам-Син бір мүсінде осыған дейін құдайлар бейнесіне ғана тән болған мүйізді дулыға киген кейіпте бейнеленген. Месопотамия патшалары өздерін аспаннан жаралғандар деп есептемегені белгілі, алайда құдай-патшалар мен құдай-патшайымдар келесі мыңжылдықтар бойы Афроеуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің қалыпты бөлігіне айналды.

Б.з.д. 2190 жылдар шамасында Аккад мемлекеті құлдырады, оған үздіксіз жалғасқан құрғақшылық та, жақын орналасқан Загрос тауларын мекендеген таулықтардың шабуылдары да себеп болуы мүмкін. Ал Шумер қайтадан күш жинайды. Ур қаласының Үшінші әулет деп аталған билеушілері Оңтүстік Месопотамияны келесі екі ғасыр көлемінде бір орталықтан басқарады, олардың тұсында жаңа алып ғимараттар тұрғызылып, бейнелеу өнері өркендейді. Ур билеушілері Загрос маңайы мен Месопотамияның шығысы мен оңтүстік-шығысындағы Иран үстіртіндегі ұсақ патшалықтармен және қала-мемлекеттермен толассыз соғыс жүргізді. Элам деген атаумен белгілі Батыс Иранның кірпіш қабырғалармен қорғалған қалалары стратегиялық маңызға ие орталықтар болды. Өйткені олардың саудагерлері шығыстан келген мыс, қалайы, көктас, көгілдір ақық және басқа бағалы металдар мен асыл тастарды теңіз арқылы тасымалдады. Б.з.д. 2000 жылдар шамасында эламдықтар мен Батыс Иранның басқа мемлекеттерінің одағы Үшінші әулеттің соңғы билеушісін тұтқындап, келесі бірнеше ғасыр бойы Месопотамияда билігін жүргізеді.

Үшінші мыңжылдықтың салтанатты күнде­рінде Шумер мен Аккад билеушілері қуатты басқару жүйесін құруға қадам жасады. Орталықтанған басқару, бақылау және салық жинау жұмыстарын атқаратын мекемелер мен әдістер жүйесі қалыптасты. Мысалы, Саргон мен оның мұрагерлері бүкіл империя көле­міндегі қалалар мен қоныстарда патша билігін жүргізу үшін әскери басшылар тағайындаған. Өкілет­тілікті табыстаудың осы әдісі бюрократияны31 қалыптастырды. Нақтырақ айтсақ, бюрократтардың жұмысы жай ғана «билікке қызмет ететін адамдардан» әлдеқайда асып түсті. Месопотамия бюрократтары қоныстарды, қалалар мен провинцияларды өз аттарынан емес, мемлекеттің ресми өкілдері ретінде басқарды. Лауазымды тұлға сөзі мен іс-әрекетін көпшілік қауымға өз шешімі деп емес, билеушінің қалауы деп жеткізді және мемлекеттің бүкіл қарулы күштеріне арқа сүйеді. Белгілі бір лауазымды тұлға әйтеуір бір себептерге байланысты міндетінен шеттетілуі мүмкін, бірақ ол атқарған ерекше шендер мен рәсімдерге ие лауазым мемлекеттік құралдың ажырамас бөлігі ретінде қала берді. Жазу – бюрократтық басқару жүйесінің меншіктеп алған құралы еді. Бұл жердің қашықтығына қарамастан, нақты хабарламалар алмасуға, патша жарлықтарының, кіріс салықтың, әскери жабдықтардың жазбасын сақтауға мүмкіндік берді.

Нарам-Синнің жеңіс тақтасы. Бұл тік тастақтаны Аккад императоры Намар-Синнің Загрос тауы халқын ойсырата жеңу құрметіне орнатқан. Құдайдың таңдаулысы екенін білдіретін мүйізді дулыға киген Нарам-Син қарсылас әскер сарбаздарын аяғымен жаншып, мерейі артып жоғары өрлеп келеді. Қарсы алдындағы бір сарбаз мойнына қадалған найзаға жармасса, екінші біреуі бағындырушы патшадан рақым тілеуде. Тас қашаушы жарқыраған жұлдыздарды Нарам-Синнің төбесіне не себепті бейнеледі деп ойлайсыз?

Таптарға бөліну. Б.з.д. үшінші мыңжылдық ақсүйектердің немесе жер иеленушілер мәртебесінің жоғарылауына куә болды. Бұлар зайырлы элита еді, олардың күш-қуаты мен мәртебелері діни беделіне емес, тек байлығына негізделді. Суармалы алқаптардың басым бөлігі жеке отбасылардың қарамағына өткен сайын жер иеленушілердің кішігірім, бірақ бай топтары пайда болды. Кейбір қалаларда осындай таңдаулы топтар мәжіліс құрып, қала билігіне араласа бастады. Осы уақытта, қарапайым егіншілердің экономикалық және әлеуметтік жағдайы неғұрлым нашарлаған сайын, олардың көбі ауқатты отбасылардың жерін жалға алатын немесе бір күндік жалдамалы жұмыс істейтін шаруаларға32 айналды. Шынына келгенде, құлдық33 – Месопотамияның маңызды институты еді. Месопотамиядағы құлдардың негізгі бөлігін соғыс тұтқындары немесе қаратабан жатжұрттықтар құрады және де олардың басым бөлігі қала ғибадатханасына немесе билеушіге тиесілі болды. Құлды бір есектің құнындай ғана қаражатқа сатуға немесе алуға болатын еді, бірақ қоғамда қалыптасқан кейбір ұстанымдарға сай жәбір-жапа көрген құлдар көпшілік алдында қарсылықтарын білдіре алды.

Гендерлік теңсіздік. Күрделі қоғам тек құлдықты ғана емес, сонымен қатар әйелдер қауымына деген жаңа шектеулерді де көбейтті. Месопотамияда ерлер палеолит дәуірімен салыстырғанда азық-түлік өндіруге көбірек уақыт жұмсады. Олар қой бақты, шошқа қарады, өгіз жеккен соқамен егін алқаптарын жыртты. Сондай-ақ ер адамдарға қоғамдық жұмыстар мен соғыс жауапкершілігі артылды. Әйелдер кей кездері абыз ретінде жоғары әрі беделді лауазымдарды иеленді, жекеменшік мүлікке ие бола алды, сот алдында сөйлеуге құқы болды. Қарапайым әйелдер егіншілік пен бақташылыққа өте аз уақыт жұмсады, уақыттарының көбін тамақ әзірлеуге, киім-кешек тігуге арнады. Осындай тұрмыс-тіршілік оларды барған сайын ошақ қасына байлай берді. Бірте-бірте әйел адам атқаратын жұмыстың әлеуметтік құндылығы ер адамдікіне қарағанда азайды. Ер адамдар патриархатын34 орнатып, бірте-бірте ежелгі өркениеттерді «өз қолдарына ала бастады».

Ур қаласынан табылған байрақ. Көктас және басқа да материалдармен безендірген бұл екі жақты ағаш тақтай б.з.д. 2700 жылдар шамасында Ур қаласындағы обадан табылған. Қандай мақсатпен жасалғаны белгісіз бұл панельдің бір бетіндегі суретте Месопотамия қоғамының таптық бөлінісі бейнеленген. Суреттің үстіңгі бөлігінде билеуші мен оның жоғары лауазымды адамдары сауық-сайран құрып отыр. Ортаңғы бөлікте қарапайым халық думанға ірі қара мен басқа да мал басын әкелуде. Ал ең төменгі жағында соғыс тұтқындары немесе басқа жатжұрттықтар ауыр жүк арқалап барады. Билеушінің мейрамы бейнеленген суретте әйел адамды байқай алдыңыз ба?

Месопотамия ғылымы. Халқы тығыз орналасқан Месопотамиядағы сан мың түрлі адам ешбір ерте қоғамға керек болмаған есептеудің жаңа жетілген әдістерін қажет етті. Шамамен б.з.д. 3000 жылдардан бұрын шумерлік хатшылар сына жазуы арқылы сандарды белгілеу жүйесін ойлап табады. Олар ондық жүйемен қатар, алпыстық жүйені бірдей құрастырады. Алпыстық жүйе уақыт өлшемінде (60 секунд – минутты, 60 минут – сағатты құрайды) және дөңгелек шеңберін (360°) есептеуде қолданылады. Месопотамиялықтар ондық және алпыстық жүйеге негізделген есептеуді геометриялық ұғымдармен қатар, күнделікті басқаруда, сауда келісімдерінде, сондай-ақ жерді өлшеу, жұлдыздарды бақылау, ғимараттар құрылысын жобалау, ирригациялық құрылыстарды салу сияқты жұмыстарда қолданды. Шумер мен Аккад дәуірінің басқа да жаңалықтары: сепкіш, күмбезді арка, қола металлургиясындағы жетістіктер дер едік. Жетістіктер қатарындағы ең ғаламат дүние – дөңгелек. Бұл құрылғы ең алдымен қыш өндірісінде, кейіннен тасымал мен жер жыртуда қолданылған болар.

Таптық бөлініс пен қалалар арасындағы жиі қайталанатын соғыстарға қарамастан, Месопотамия өнердің, әдебиеттің, сәулет өнері мен ғылымның айрықша стильдерінде көрініс тапқан ғажайып мәдени тұтастыққа қол жеткізді. Оңтүстік алқап, төрт құбыласын шөл, тау немесе көл қоршаған шұрайлы өлке шағын бір мәдени әлем үшін жаралғандай. Ақпараттар мен ойлар есек, арба немесе қайық арқылы бір қаладан бір қалаға оңай көшіп жүрді. Жазу мәдени қарым-қатынастың мүмкіндігін еселеді, ғасырлар бойы алқап халықтарының арасында бірінен біріне беріліп келе жатқан мифтердің, дастандардың, дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының ауызекі нұсқасын толығымен жүйеге келтірілген әдебиетке айналдырды. Демек, жазу ұжымдасқан ізденістің, яғни бір-бірімен бөлісуге, сақтауға, есте қалуға және ұрпақтан ұрпаққа қалдыруға келетін білім шеңберін әжептәуір кеңейтті.

Әулет – бір отбасынан шыққан билеушілер жалғастығы.

Қала-мемлекет — қосымша жалғасқан шаруашылық жері бар, саяси тәуелсіз қала.

Империя – әртүрлі этнос және тіл топтарына жататын халықтарды көбіне туысқандықпен, ортақ тілмен немесе этностық топқа қатысты біртұтас саяси орган арқылы басқаратын мемлекет түрі.

Бюрократия – мемлекеттің заңдарын, жарлықтарын және міндеттерін іске асыратын лауазымды тұлғалар иерархиясы.

Шаруалар – өнім өндіретін шағын ғана меншік жері бар, сондай-ақ жерді жалға алатын немесе шаруа қожалығында басыбайлы ретінде ерекше жағдайда еңбек ететін егіншілер мен бақташылардың, малшылардың әлеуметтік және экономикалық табы.

Құлдық – әлдебір адамның құқығы заңдық негізде, дәстүрге сай шектелетін әлеуметтік институт. Құлдарды қарапайым ғана адамның, топтың немесе мемлекеттің күштеп өзіне бағындыруы.

Патриархат – қоғамдық, саяси және мәдени өмірде ер адамдар үстем болатын қоғам.

Ніл бойындағы күрделі қоғам

Тигр және Евфрат өзендері алқабындағы күрделі қоғам екі мың жыл бойы біртіндеп қалыптасты. Күрделі қоғам Мысырда аяқ астынан пайда болды десек, қаталеспейміз. Б.з.д. бесінші мыңжылдықтан Солтүстік Африканың климаты бірте-бірте құрғай берді, бір кездері Сахара және өзеннің шығысы мен батысындағы таулы аймақтарда өмір сүрген халық суы мол алқапқа лап қойды. Олар Сахарадан қолға үйреткен мал мен Құнарлы жарты ай алқабында мәдениленген дәнді дақылдарды, бұршақ дақылдарын алып келді. Шаруалар Ніл алқабының дымқыл топырағына бидай мен арпа тұқымын сеуіп, жылына екі рет мол астық жинай бастасымен-ақ, әсіресе, б.з.д. 4000 жылдар шамасынан аграрлық экономика қарқынды дамыды.

Ніл өзені өте тиімді гидрологиялық құрылғы тәрізді еді. Мысыр Нілінің үш басты саласы – Ақ Ніл, Көк Ніл және Атбара өзені оңтүстікке қарай бірнеше мың шақырым қашықтықта жатқан Шығыс Африка мен Эфиопияның тропиктік қыраттарынан бастау алады. Шумер жеріндегі жауын-шашынның әсерінен баяу аққан, бірақ мол су Мысырға тамыздың ортасына таман жетеді. Осы суда құнарлы шөгінділердің миллиондаған тоннасы жиналады. Ерте күзде өзен арнасынан тасып, аллювийлік алқапқа жайылады. Біраздан кейін су қайтады, ал алқапта құнарлы топырақ пен қара тұнбаның қалың қабаты қалады. Мысыр шаруалары Ніл суын қарапайым бөгеттер мен арықтардың көмегімен-ақ бағыттап отырған. Қара бидай, арпа, жалпақ қияқты пияз, кәдімгі пияз, қияр, салат жапырағы, сарымсақ, құрма мен жүзімнің көл-көсір өнімін берді. Әрине, су тасуы азайып, халық аш қалған немесе су тым қатты көтеріліп, қоныстарды шайып кеткен кездер де болды. Ежелгі жазбаларға қарағанда мысырлықтарды бұл мәселе қатты алаңдатты. Бірақ жалпы алғанда, Ніл өзенінің ырғағын жорамалдау Тигр мен Евфратқа қарағанда әлдеқайда оңай еді.

2.4-КАРТА. Б.з.д. 3000–1000 жылдардағы Мысыр

Жасыл аймақ Мысыр патшалығының Ежелгі және Орта патшалықтар тұсында алып жатқан ең үлкен аумағын көрсетеді. Аумақтың оңтүстігіне қарағанда солтүстігі неліктен әлдеқайда ауқымды?

ЕЖЕЛГІ МЫСЫР ТАРИХЫНЫҢ КЕЗЕҢДЕРІ

Б.з.д. 3100–2686 жылдар

Алғашқы әулеттер кезеңі

1–2 әулеттер

Б.з.д. 2686–2160 жылдар

Ежелгі патшалық

3–8 әулеттер

Б.з.д. 2160–2040 жылдар

Бірінші өтпелі кезең

9–11 (алғашқы) әулеттер

Б.з.д. 2040–1652 жылдар

Орта патшалық

11 (кейінгі)– 13 әулеттер

Б.з.д. 1652–1540 жылдар

Екінші өтпелі кезең

14–17 әулеттер

Б.з.д. 1540–1070 жылдар

Жаңа патшалық

18–20 әулеттер

Алғашқы бірнеше ағындардан кейін қазіргі Асуан қаласы маңынан Ніл өзені бойымен ирелеңдеген жасыл жолақ басталып, 600 мильге жуық жерге созылады. Қазіргі Каир қаласы тұсынан бөлінген өзен сағалары, жағалау маңындағы жазықта жан-жаққа таралып, батпақты және өте құнарлы Ніл атырауын түзеді. Ежелгі мысырлықтар жерлерін екі бөліктен тұрады деп елестеткен: атыраудан құралған Төменгі Мысыр және атыраудың ең шеткі тұсынан бастап 500 мильге дейін ағыспен жоғарылап, бірінші ағынға дейін созылып жатқан Жоғарғы Мысыр. Б.з.д. төртінші және үшінші мыңжылдықтардағы құрғақшылық Мысырдың көбейіп келе жатқан халқын өзен алқабына ғана «теліп» қойды, мұндай жағдай Тигр және Евфрат өзендері бойындағы тұрғындарға да тән еді. Суару каналдары арқылы егін алқаптарын өзен мен оның атырауынан алысырақ жерде ұстауға мүмкіндік туды. Алайда бұдан сәл ары жатқан жерде тек малшылар мен шашылып жатқан шұраттағы қауымдар ғана тіршілік ете алатын еді. Осының салдарынан, бұдан бірнеше ғасыр бұрынғы месопотамиялықтардай, мысырлықтардың да түбегейлі жаңа әдіс-тәсілдермен қоғам құрудан басқа амалдары қалмады (2.4-картаны қараңыз).

Перғауындар дәуірінің басталуы. Шумер­лермен салыстырғанда, мысырлықтар халық санының өсу мәселесін өте шектеулі кеңістікте, тәуелсіз қала-мемлекеттер кластерлерінің жолымен шешпеді. Керісінше, перғауындар ретінде тарихта қалған қуатты билеушілер б.з.д. 3100 жылдар шамасында Жоғарғы және Төменгі Мысырды біріктірді. Бұл оқиға Мысыр аңыздарында Мысырдың Бірінші әулетінің негізін қалаған атақты Нармердің (Менес деген атпен де белгілі) есімімен байланысты. Келесі екі мың жыл ішінде осы алқапты жиырма әулеттің мұрагерлері биледі. Ғалымдар бұл әулеттердің билігін Ежелгі, Орта және Жаңа патшалық деп үшке бөледі, олардың арасында бытыраңқылық пен дүрбелеңге толы салыстырмалы түрде қысқа өтпелі кезеңдер болған.

Месопотамияда билеушілерді құдайлар өкілі деп жарияласа, перғауындар олардан асып түсті. Ежелгі патшалық (б.з.д. 2686–2160 жылдар) деген атпен белгілі кезеңнің басында мысырлықтар перғауындарын сұңқарбасты аспан құдайы – Гордың жердегі бейнесі деп қабылдады. Бұл құдай адамзат тағдыры мен табиғат күштерін басқаратын көптеген құдайдың бірі ғана, ал олардың ішіндегі ең құдіреттісі – Күн құдайы Амон-Ра. Мысырлықтардың діни түсініктеріне сай, перғауын билігінің негізінде ғарыштық қуат жатыр, сол себепті халық жайлаған алқаптың гүлденуі билеушінің бұл дүниемен қатар, о дүниедегі амандығына да тәуелді болды. Ал билеу­ші өз кезегінде ma’at, яғни әлемнің өміршеңдігі мен тепе-теңдігі, күннің шығуына және Нілдің жаз мерзіміндегі ағысына әсер ететін күшті сақтау мен көркейту жауапкершілігін өз мойнына алады. Перғауындар елді демократиялық жолмен басқарды деуге келмес, алайда, ma’at, яғни «ақиқат» идеясына берік болу перғауындарды көп жағдайда зорлық-зомбылықтан гөрі әділ әрі парасатты ел билеуге итермеледі.

Нармер тақтасы. Мысырдың Бірінші әулетінің кезеңін сипаттаған тақтатастан жасалған бұл ғұрыптық затта жоғарғы және төменгі Ніл алқабының бірігуі баяндалады. Жоғарғы Мысырдың ақ тәжін киген Нармер перғауын, ал оның қарсы алдында Төменгі Мысырды меңзеп, аспан құдайы, сұңқарбасты Гор папирус сабақтарының үстіңгі жағына бейнеленген. Нармер тақтасы мен 102-беттегі Нарам-Син патшаның жеңісін суреттеуінде қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар байқадыңыз?

Ежелгі патшалық дәуіріне жататын бес әулет перғауындары негізгі басқару орталықтары ретінде өзен атырауының бастауында, қазіргі Каир маңында орналасқан Мемфис қаласын таңдады. Билікке бағынышты орталықтар, ғибадатханалар алқаптың басқа бөліктерінде де пайда болды. Мұндай орталықтар халқы тығыз орналасқан, қабырғамен қоршалған қалаларда орналаспады. Керісінше, халықтың басым бөлігі Бірінші ағыннан Жерорта теңізіне дейін тізбектеліп созылып жатқан жүздеген қоныстарда тұрды. Б.з.д. үшінші мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында бір-біріне жақын орналасқан қоныстардан тұратын осы бір дәліз билік өкілдері мен салық жинаушыларға арналған бағдар жолына айналды.

Перғауын сөзі «үлкен қожалық» дегенді білдіреді және билеуші сарайынан шыққан лауазым иелері патша әмірін қоныстарға жеткізу үшін сапарға шығады. Құдай-патшаны шонжарлар, хатшылар мен қызметшілер сарайда қорғап-қоршаса, ең басты лауазымды тұлғаларға жақын адамдар күнделікті шаруаларды басқарды. Перғауынның салықты астық және басқа да өнімдермен жинау талабына келіскен қоныс тұрғындары күрделі қоғамның пайда болуына жағдай жасады. Расында да бүгінгі күнге дейін сақталған деректердің бай қорын құрайтын мүсіндер мен суреттерде күнделікті шаруашылықпен айналысып жүрген мысырлық тұрғындар бейнеленген. Жеке адамдар жерге ие болып, өнімдерін өз беттерінше сатуларына да болатын, бірақ Мысырдың иесі – перғауын еді. Қарапайым халық оның рақаты үшін еңбектенді. Егін шықпай қалып, аштыққа ұшыраған жағдайда көмек немесе қоғамдық жобаларды атқару кезінде өтемақы аламыз деп үміттенді.

Деректерді САРАЛАУ

Перғауынның тасқа жазған жолдауы

Ежелгі патшалық перғауындары Нілдің Бірінші ағынынан жоғары Нубияға дейін барлау жорықтарын ара-тұра ұйымдастыратын. Бұл аралық қазіргі таңда Оңтүстік Мысыр мен Солтүстік Суданға қарасты тарихи аймақ. Сахараның оңтүстік шегіндегі жерлердің алтын, мыс, піл сүйектеріне, темір, эбен ағаштарына, мал басы мен құлдарға бай аймақ екенін перғауын жақсы білетін. Б.з.д. екінші мыңжылдықтың басында Он екінші әулеттің перғауыны І Сесострис (Сенусрет деген атпен де белгілі) оңтүстік жақтағы сауданы өз бақылауында ұстау үшін Нубияға өктемдік жүргізді. Патшаның шөбересі ІІІ Сесострис (б.з.д. 1878–1839 жылдары билік құрды) Мысыр шекарасын қорғау және Нубияға жорық ұйымдастыру мақсатымен Екінші ағын тұсынан бекіністер қатарын тұрғызуды аяқтайды. Перғауын әскері Үшінші ағыннан ары Кермада шоғырланған Африка патшалықтарының айтарлықтай қарсылығына ұшырайды. Б.з.д. үшінші мыңжылдыққа жататын Керма патшалығы бір жағынан Ніл бойындағы сауда, екінші жағынан егіншілік пен өзеннің шығысы мен батысындағы жайылымдарда мал шаруашылығын дамытты. Екінші ағынның оңтүстік жағындағы Семна бекінісінде Мысырдың өлкедегі күш-құдіретін асқақтата дәріптеп, қаскөйлерді сақтануға шақырған тасқа таңбалаған ІІІ Сесостристің жазбасы табылды.

Жердегі Гор (Хор) құдайы: пішіні құдай; тумысынан құдай; Жоғарғы және Төменгі Мысыр патшасы: өмір сыйлаушы Какауре; тірі Гор құдай; мәңгі жасаушы; Раның тәнінен жаралған ұл, оның сүйіктісі, екі жердің (әлемнің) патшасы; ғұмыр бойы амандық сыйлаушы Сесострис. Он алтыншы жыл, қыстың үшінші айы: патша оңтүстік шекараны (Семна) белгіледі:

Оңтүстік шекараны әкелерімізден (жаулаған аймақтан да) де ары жылжыттым,

Маған қалған мұрамды кеңейттім.

Сөзіме ісім сай патшамын:

Жүрегім қалағанды жасаймын,

Тек жеңу үшін шабуылдаймын.

Жеңімпаз, жүрек сөзі ескерусіз қалмайтын

Сұрағанға қайырымды, дұшпанына қатыгез

Шабуылға – шабуылмен,

Тоқтамға – тоқтаммен жауап беретін

Сұраққа дұрыс жауап тапқан дәл мен сияқты кім бар?

Шабуылды тоқтату – жауыңды рухтандыру

Шабуыл – ерлік, шегіну – қорқақтық

Қорқақ өз жерінен қуылған адам.

Ауыздан шыққан сөз нубиялықтарға жететіндіктен

Оларға жауап берсем, тым-тырақай қашады...

Бас салсаң – арқасын көрсетеді,

Артқа шегінсең – шабуылдайды

Олар құрметке лайық халық емес,

Олар бейшаралар, су жүректер,

Ұлы көзім осыны көрді, бұл сөзім рас.

Олардың әйелдерін күң қылдым,

Бағыныштыларын айдап әкеттім,

Құдықтарын құрғаттым, малдарын қырдым,

Егін алқаптарын таптадым, астықтарын өртедім.

Әкем барда ақиқатты ғана айтамын!

Сөзім құр мақтан емес35.

Ұлылығымның арқасында қол жеткізген осы жерлерді сақтап қалатын ұл, ұлылығымнан жаратылған менің нағыз ұлым. Адал ұл әкесінің ізбасары, өзіне өмір сыйлаған адам қорғаған шекараларды нығайтушы. Алайда бұдан бас тартқан, ол үшін күресте жеңілген – ұлым емес, ол менен жаралмаған.

Ұлылығымның арқасында қол жеткізген осы шекарада ұлылығым ұлылығымды мойындатты, сендер сол ұлылықты сақтауларың, күресулерің керек.

Дереккөз: Mіrіam Lіchtheіm, Ancіent Egyptіan Lіterature, Volume І: The Old and Mіddle Kіngdoms (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2006), 118–120.

Сыни пайым

ІІІ Сесострис осы жазбаны кімдерге арнады? Ол нубиялықтарды қалай сипаттады және осы сипаттамадан мысырлықтардың оларға деген қарым-қатынасы жайлы не білуге болады? ІІІ Сесострис билеушінің қандай қасиеттеріне баса назар аударады? Жазба негізінде Мысырдың Нубияға жасаған жорықтары жайлы қандай қорытынды жасай аламыз?

Хатқа түскен сөз және пирамида. Оңтүстік Мысырда жүргізген соңғы археологиялық қазбалар нәтижесінде абстракт символдар мен адам, жануар кескіндерін қатар бейнелеген әктас табылды. Жазудың болғанын дәлелдейтін бұл дерек шамамен б.з.д. 3250 жылдарға жатады. Иероглифтер немесе «киелі бедерлі жазба» деп аталған Мысырдың таңбалар жүйесі алғашында пиктограммалардан тұрды, бірақ Месопотамиядағы сияқты, таңбалар сөзді де, логограммалар немесе нақты дыбысты да білдірді. Перғауын сарайының сауатты талапкер хатшысы жеті жүзден аса дара таңбаларды меңгеруі тиіс еді.

Ежелгі патшалық перғауындары байлықтың басым бөлігін ғибадатханаларға, алып мүсіндерге және суреттерге жұмсады, ал бюрократия халықты үлкен қоғамдық жобаларға жұмылдыру тәсілдерін жақсы меңгерді. Ең бір ғажайып іс-шаралардың бірі – қазіргі Ніл бойымен Каир аумағындағы зәулім патша мазарлары құрылысы. Гизадағы алып үш пирамиданың салқын қойнауында Төртінші әулеттің (б.з.д. 2613–2494 жылдар) үш патшасының қалдықтары сақталған. Өзен ағысымен қайық арқылы тасыған, миллиондаған әктастан тұрғызған пирамидалар – Ежелгі патшалық дәуіріне жататын таңғажайып жерлеу орны. Мысырлық діни ұғым бойынша, өлімнен ешкім қашып құтыла алмайды. Бірақ өлімнен кейін де тіршілікті жалғастыру амалдары бар. Жағымсыз әрекеттерден бойын аулақ ұстаған, о дүниеге өтуге дайындалған, соның ішінде денені қайта тірілуге лайықтап мумияға айналдырудың күрделі түрін жүргізген адамдарды о дүниелік рақат өмір күтеді деп есептеді. Мысырлық ажал мәдениеті жайлы біліміміздің барлығы қарапайым шаруалардың емес, ауқатты және қуатты отбасылар өміріне негізделген. Марқұм перғауынның мәйіті міндетті түрде сақталып, қорғалуы керек, себебі дене мен мәңгі жасайтын рух бір-бірінен ажырамайды.

Гиза пирамидалары және қорғаушы сфинкс. Адам басты, арыстан денелі бұл жаратылыс Төртінші әулет перғауыны Хафраға (Хефрен) арналған зәулім пирамиданы қорғап тұр. Беті күншығысқа қараған мүсін перғауынның өз бейнесі болуы да мүмкін. Гизадағы Ежелгі патшалық пирамидалары Каирға қарама-қарсы, Нілдің батыс жағалауына таман жерден көзге бірден түседі. Сфинкстің перғауын тәжі мүсіннің айбынды бейнесін үстей түсе ме?

Перғауынды о дүниеге аттандыру ұлттық науқанның бір бөлігіне айналды. Инженерлік және геометриялық өлшемдер саласындағы шеберлікке, шебер ұйымдастыруға және қара күшке арқа сүйеген билік мыңдаған қолөнерші мен шаруаны пирамида құрылысына жұмылдырды. Құдай-билеушіні лайықты жерлеу Мысыр игілігінің аса маңызды бөлігіне айналғаннан бастап халық осы науқанға, әсіресе егін алқаптарындағы жұмыс толастаған жыл маусымдарында өз еріктерімен араласты. Ежелгі патшалық әулеттері билігінің соңына таман патшалық жерлеу орындарының көлемін салыстырмалы түрде кішірейтті. Әр билеушіге төбесі көк тірейтін алып құрылыстарды қайта-қайта тұрғызуға, тіпті Нілдің де байлығы жетпейтінін ұқса керек.

Оқулықтағы өлеңдердің тәржімасын жолма-жол аударма арқылы беріп отырғанымызды ескертеміз. Бұдан кейінгі өлеңдер де сол тәртіппен беріледі. Оқушы үшін көркем мазмұны маңызды болар деп есептегендіктен, алдағы тарауларда кездесетін «Жыр кітабы» және Несауалькойотльдің шағын жыр үзіндісін ғана көркем аудармамен бергенді жөн деп таптық.

Инд алқабындағы Хараппа қоғамы

Инд өзені бойындағы күрделі қоғам Месопотамия мен Мысырға қарағанда небәрі бірнеше ғасыр ғана кейін қалыптасты. 1920 жылдары Британ археологтары қазба жұмыстарын бастағанға дейін дүниежүзі Хараппа деп аталған өркениеттің тарихта болғаны жайлы тіпті білмеген де еді. Ғалымдар бүгінге дейін кең ауқымды қалалар мен шағын тұрақтардан құралған 1052 ежелгі Инд қонысын ашты. Бұл өркениет тараған аймақ – қазіргі Пәкстан мен Үндістанның солтүстік-батыс бөлігі.

Экологиялық жағдай. Тигр-Евфрат және Ніл өзендері сияқты, Инд те Афроеуразияның Ұлы Арид зонасын көлденеңінен кесіп жатыр. Тигр өзені мен төменгі Инд арасындағы қашықтық шамамен 1300 мильден асады. Неолит заманында егіншілер мен бақташылар қауымы осы жер белдеуінде бірте-бірте көбейіп, қазіргі Иран, Ауғанстан, Пәкстанның таулы аймақтарында бірлестіктер құра бастайды. Б.з.д. 6000 жылдар төңірегінде Индтің батысында орналасқан Сүлеймен тауларының егіншілері бидай, арпа, қой, ешкі өсіріп, қыш ыдыстар мен мыс құралдар жасаған. Ирандағы Загрос тауларынан Оңтүстік Месопотамияға тараған ерте замандағы егіншілер тәрізді, таулы өлке халқы да қатары көбейген сайын Сүлеймен тауларының бөктерімен Инд өзені жазығына қарай жылжи бастайды. Мол су көзі, құнарлы тұнба, жарқыраған күн егіншілердің көрші таулы өлкеге қарағанда жоғары өнім алуына жағдай жасады. Жазыққа келген соң халық саны одан ары өсті. Месопотамия мен Мысырдағыдай, ежелгі Инд тұрғындары ақырын-ақырын осы алқапта «тұзаққа түсіп», одан әрі күрделі қоғам құрудан басқа амалдары болмады (2.5-картаны қараңыз).

2.5-КАРТА. Инд алқабындағы күрделі қоғам

Гималай таулары болмағанда Солтүстік Азияда ежелгі күрделі қоғам қалыптасар ма еді?

Инд пен оның басты төрт сағасы Гималай тауларының қарлы беткейлерінен буырқанып ағады. Бұл арналар жазықтың Пенджаб деп аталатын солтүстік аймағында бір арнаға тоғысады. Өзендер қосылып барып, Араб теңізіне құймас бұрын Синд деп аталатын аймақта қайтадан салаларға бөлініп, атырау құрайды. Алқаптың аллювийлі топырағы құнарлы, ауданы 250 мың шаршы мильге жуық далада созылып жатыр, бұл Месопотамия немесе Мысырдың егістікке жарамды жерлерінен екі есе үлкен. Маусым айындағы су тасу мерзімінде жазықтықта табиғи көлдер мен тоғандар пайда болады. Егіншілер су қайтқаннан кейін, ерте күзде егін сала бастайды. Оңтүстік Месопотамияның гидрологиялық ахуалымен салыстырғанда, уақытша су қоймалары Инд егіншілерін ауқымды суару құрылыстарын тұрғызу жұмыстарына жекпеді. Африка жерінен Батыс Үнді мұхиты үстімен өтетін жаңбыр маусымы желі Оңтүстік Ніл жеріне көктем мен ерте күзде әртүрлі мөлшерде жауын-шашын алып келеді. Археологиялық, геологиялық деректермен қатар, Жер серіктері түсірген суреттеріне негізделген таяудағы зерттеу жұмыстары шамамен б.з.д. 3000 жылдай уақыт бұрын жаңбыр маусымдары әлдеқайда көбірек болғанын анықтады. Инд аймағына жауынның төгілгені сонша, жыл сайынғы тасқындар адам қоныстарының көбеюіне мүмкіндік бермеді. Алайда б.з.д. төртінші мыңжылдықта бұлттарды айдап әкелетін жел бірте-бірте бәсеңдеп, алапат су тасқыны толастаған соң, жыл он екі ай егіншілікпен айналысуға мүмкіндік беретін алқаптар қалыптасты. Инд жүйесі және Гаггар-Хакра (Ghaggap-Hakra) өзені мен оның Индтің шығысындағы сағалары бойында халықтың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туды.

Инд алқабындағы қалалар. Б.з.д. 2800 және 2600 жылдар аралығында Инд алқабын мекендеушілер қала сала бастады. Месопотамиядағыдай, Инд қалалары да бір-бірінен алшақ, тұрғындары тығыз орналасқан жеке қоныстар ретінде қалыптасты. Индтің Рави сағасын бойлай жайылған Пенджаб жазығында көтерілген Хараппа қаласы – олардың ең үлкен орталығы. Ұзындығы шамамен үш мильге жететін қала қоршауы болды. Қалада өзгеріп отыратын халық саны сауда маусымдарында алыс-жақын жерлерден жиналған саудагерлер есебінен сексен мыңға жетуі мүмкін. Осы күнге дейін ашылған ең үлкен қалалық кешен – Мохенджо-Даро Хараппадан оңтүстікке қарай 400 миль жерде орналасқан. Месопотамия қалаларына тән шым-шытырық көшелер мен тар жолдарға қарағанда, Хараппа мен Мохенджо-Даро қалаларының көшелері торкөзделе салынып, алдын ала ойластырылған қала дизайнын меңзейді. Күйдірген кірпіштен салған үйлер, дүкендер қала көшелері бойымен орналасты. Жерасты каналдары таза су әкеліп, кәріз суларын ағызып әкетіп тұрды. Тұрғындар үйлерін қала орталығын айналдыра тұрғызды және олардың көбінде кәріз жүйесіне қосылған дәретханалар мен жуынатын орындар болды.

Инд алқабындағы қалалар. Б.з.д. үшінші мыңжылдыққа оралсақ, Мохенджо-Дароның осы түзу көшесінен жергілікті тұрғындарды, дүкеншілер мен саудагерлерді көрер едік. Хараппа өркениетінің қалалары XX ғасырға дейін дүниежүзі халқына не себепті белгісіз болып келді деп ойлайсыз?

Инд қалаларының халқы алуан түрлі кәсіппен шұғылданды. Кейбірі тас қалау, мыс балқыту, піл сүйегін ою, қыш ыдыстар жасау, тоқымашылық секілді кәсіптердің шеберлері еді. Ал тоқыма өндірісі әр отбасы үйде айналысатын жұмыс түрі болған шығар. Қала тұрғындарының көпшілігі таң атқаннан кеш батқанға дейін егіншілікпен, бақташылықпен айналысса керек. Қала төңірегіндегі алқаптарда бидай, арпа, көк бұршақ, құрма, күнжіт пен мақта егіп, қой, буйвол, зебу сиырларын бақты.

Инд қоныстарынан тапқан материалдық деректер Хараппа қоғамы жайлы білімімізді жеткілікті дәрежеде толықтыра алмады. Археологтар тапқан жәдігерлер арасында әсем зергерлік бұйымдар, маскалар, мөрлер, қыш ыдыстар, шағын мүсіндер де бар. Материалдық деректерге қарап мұндағы адамдардың басым бөлігі ауқатты тұрғындар болғаны жайлы ой түйе аламыз. Алайда тұрғын үйлердің көлемі салыстырмалы түрде бірдей болғанына қарап, жер иеленуші ақсүйектер мен өзге тұрғындар арасындағы қатаң бөліністен гөрі, қоғамда барынша әлеуметтік теңдік болды ма деген сұрақ туындайды. Археологиялық ескерткіштерде шашын айрықша үлгіде сәндеген, күйдірген қыштан жасалған әйел мүсіндері ер адамдардікіне қарағанда басымдау. Қыш мөрлерде де әйел құдайлардың бейнелері көптеу. Бұл заттар Хараппа қоғамында әйел адамдар рәсімдік немесе әлеуметтік маңызды тұғырларға көтеріле алды деген ойға жетелейді, алайда мұндай тұжырым жасау үшін айғақтарымыз жеткіліксіз.

Хараппада мемлекеттік билік болды ма? Инд қоғамына тиесілі құрылыс қирандылары арасында патшалардың, патшайымдардың немесе зәулім сарайлардың ізі қалмаған. Сондай-ақ осы жазықта дара мемлекеттің немесе қала-мемлекеттер бірлестігінің басым болуы жайлы да ешқандай дерек жоқ. Месопотамия мен Мысырға тіптен қарама-қайшы жайт, сақталған бейнелеу өнер туындыларында не адамдарды тұтқындаған жауынгерлер, не бір-бірін өлтіріп немесе соққыға жығып жатқандарды да байқамайсыз. Хараппа мен Мохенджо-Даро сияқты зәулім қалалардың өркендеуі бір орталықтан басқарылғанын меңзейді. Қала жоспары мен құрылыстардың дәлдігі мен біртектілігі қырағы қоғамдық бақылаудың болғанын білдіреді. Құрылыс жұмыстарына арналған кірпіштер бір қалыпта жасалған, басты көшелер үй арасындағы көшелерге қарағанда екі есе кең, ал құдықтардың ішкі қабырғасын сан ғасырлық жер сілкіністеріне шыдас беретін (және олар шыдады да) сына әдісін пайдалану арқылы кірпішпен өрген. Мохенджо-Дарода биік ғимараттар мен мұнаралар жүйесі басқа құрылыстарға қарағанда асқақтап тұрған. Ауданы 600 000 шаршы ярд36 жерді алып жатқан кірпіш тұғырдың үстіндегі бұл ғимараттар бекініс немесе астық сақтайтын қала қамбасы болған шығар. Хараппалықтар құдайларды бейнелейтін шағын мүсіндер мен мөрлер жасағанымен, ғибадатхана абыздары болғаны жайлы бір де бір дерек табылмады. Мохенджо-Даро орталық кешенінде ұзындығы 40 фут шамасында су қоймасы болған. Адамдар екі тас баспалдақ арқылы қоймаға түскен. «Үлкен қауыз» деп аталып кеткен бұл қойма, ғалымдар пікірінше, кейінірек қалыптасқан Үндістан діни жүйесінің негізгі элементтері болған ғұрыптық тазару мен жаңару рәсімдеріне арналған жер. Бірақ ақиқатын ешкім білмейді.

Ең ежелгі йог па? Ежелгі Мохенджо-Даро қаласынан шыққан мына тас мөрде спорт білезіктерін таққан үшжүзді құдай бейнеленген. Ол йогамен айналысатын қазіргі адамдарға таныс бадха-конасана қалпында тақта отыр. Ерекше бас киім киген. Екі жағында да Инд жазу жүйесінің таңбалары белгіленген. Инд жазуын оқу неліктен күрделі деп ойлайсыз?

Хараппа мәдени стилі. Археологиялық қазба жұмыстары барысында Инд алқабындағы қалалар көптеген белгі бойынша ұқсас болғаны анықталды. Мысалы: қала құрылысы жоспары, сәулет өнері, қыш ыдыстар, мүсіндер, мөрлер және зергерлік бұйымдар. Стильдердің бірегейлігі жазықтықта мәдени байланыстардың қарқынды болғанын және 500 жылдан аса өркендеген біртұтас мәдени дәстүрлердің толысуын білдіреді. Аккад патшасы Саргон тәрізді империя негізін қалаған патшалар туралы ешқандай мәліметіміз болмағандықтан, мәдени қарым-қатынастар аймақтық сауда немесе туыстыққа не кәсіпке негізделген қалааралық қоғамдық байланыстармен қатар жүрді деген тұжырым жасай аламыз.

Инд қоғамында жазба тіл болған. Жеке дара белгілер – мөрлер, тақтайшалар, қыш бұйымдар және басқа да заттар Инд алқабының әр бөлігінен табылды. Өкінішке қарай, б.з.д. 3300 жылдарға жататын таңбалар жүйесінің көп бөлігін тіл мамандары әлі күнге дейін оқи алмай отыр. Хараппалық сызбалар пиктографияны және дыбыс таңбаларды қатар білдірген сияқты, бірақ жазба ешқашан екі жолдан аспады. Алқап тұрғындарының аздаған бөлігі ғана оқи немесе жаза алған тәрізді, себебі Инд өркениеті б.з.д. 1900 жылдардан бастап құлдырағаннан кейін бұл жазу жүйесі бірте-бірте жойылып кетті.

ярд (ағылшынша: yard) – ұзындықтың британиялық бірлігі. Бір ярд – 0,9144 метр.

Аймақаралық байланыс және сауда

Алғашқы күрделі қоғамдардағы халық саны б.з.д. үшінші мыңжылдықтағы дүниежүзі халқының аз ғана пайызы екенін естен шығармауымыз керек. Жер жүзіндегі халықтың басым бөлігі шашырап жатқан шағын қоныстарды мекендеген терімшілер, аңшылар немесе егінші-бақташылар ретінде күн көрді. Ауыл аймақтар мен қала тұрғындарының тартылыс күші олардың бір-бірі туралы қаншалықты жақсы білгендеріне байланысты дамыды. Ауыл тұрғындарын қала халқы ұсына алатын қолдан жасаған заттар, бағалы бұйымдар, құралдар, технологиялық білімдер қызықтырды. Өзен алқаптарындағы қоғамдар азық-түлік, минерал, асыл тас, ағаш айырбастау үшін және құл ретінде пайдалану үшін тұтқындарды қолға түсіру мақсатында айналасын қоршаған аймақтарға шығып тұрды. Үш алқап халқы өсіп-өнген сайын осы орталықтар айналасындағы айырбастың «шоғырлану шеңберлері» де кеңейе түсуге тиіс болды. Уақыт өте олардың бір-бірімен түйісуі алқаптар арасындағы тұрақты байланыстардың орнауына жол ашты. Ал осы байланыстар орнаған сәтте орталықтардың біріне тиесілі өнімдер, қабілет пен білім екінші орталықтың тіршілігіне ықпал ете бастады. Нәтижесінде, Үндістаннан Жерорта теңізіне дейінгі тұтас аймақ қарым-қатынас пен айырбастың біртұтас белдеуі ретінде қалыптасты (2.6-картаны қараңыз).

2.6-КАРТА. Оңтүстік Азиядан Жерорта теңізіне дейінгі аймақтағы сауда. Б.з.д. үшінші мыңжылдық

Мысыр мен Месопотамияға қарағанда Инд алқабы мен Месопотамия арасындағы сауданың белсендірек болуын қандай факторлармен түсіндіруге болады?

Месопотамия торабы. Ең ежелгі қалааралық сауда торабы Месопотамияда болды. Б.з.д. үшінші мыңжылдықта өзендер бойымен каноэлар, салдар, шағын желкенді кемелер жүзіп, арпа, тері және арзан қыш бұйымдар сияқты ең негізгі керек-жарақ тасыды. Жүк артқан есектер мен өгіз жеккен арбалар қалалардан жазықтағы қыстақтарға, одан алыс жатқан қырларға сүйретіле жылжыды. Егістікке жарамды жерден басқа табиғи байлықтары аз Шумерде ғибадатхана абыздары Месопотамия шаруашылық өнімдерін, тоқыма заттарын, қыш бұйымдарды және ғибадатхана шеберханаларында жасалған басқа да дайын заттарды сатып, ағаш, мыс және басқа қажет заттар әкелу үшін саудагерлер ретінде өкілдерін алыс аймақтарға жіберу арқылы қарым-қатынасты бақылауында ұстады. Парсы шығанағы жағалауынан оңтүстік-шығысқа қарай саяхаттаған Месопотамия саудагер-өкілдері Шумер мен Аккад қалаларының тапсырысымен мыс, құрма, балық, маржан және диорит (безендіруге арналған қатты тас) жинады. Алқаптағы сауданың дамығаны сонша, жүздеген түрлі заттың құнын басқа заттармен салыстыра отырып, анықтау өте қиынға соқты. Көп ұзамай, месопотамиялықтар күміс, мыс, арпа немесе басқа тұрмыстық заттар бірлігін заттардың салыс­тырмалы құнын анықтау үшін және айырбастың ортақ бірлігі ретінде пайдалана бастады. Мысалы, үштен бір унция болатын немесе 3 АҚШ пенниінен сәл ғана асатын күміс шекель белгілі бір заттардың құнын сипаттайтын өлшем бірлікке айналды. Бұл құл немесе бір себет інжірдің құны болуы мүмкін еді.

Б.з.д. 3000 жылдар шамасында Солтүстік және Оңтүстік Месопотамия қалаларын байланыстырып жатқан сауда жолдары, Тигр мен Евфраттан Парсы шығанағына дейін созылып жатқан біртұтас торапты қалыптастырады. Осыдан кейін ғибадатханалар мен сарайларға қызмет атқаратын сауда-саттық өкілдері қатарына саудагерлердің жаңа тобы қосылады. Өз бетінше және жеке пайдалары үшін жер шарлаған бұл адамдар – дүниежүзінің ең алғашқы кәсіби көпестер тобы болатын. Евфрат өзенінің жоғарғы жағындағы Мари мен Эбла қала-мемлекеттері Анадолы мен Солтүстік Ираннан табылған минералдар мен асыл тастарды іске жаратты. Солтүстік Тигр алқабында орналасқан Ассирия аймағының көпестері Ашур қала-мемлекетін ма­ңызды сауда орталығына айналдырды. Б.з.д. 1900 жылдардан бастап ассириялықтар Анадолыға дендей еніп, алтын, күміс және мыспен айналысатын, жиырмадан аса қосымша қоныс тұрғызады. Олар өнімдерді кемелер арқылы Оңтүстік-Батыс Азияға жөнелтті. Оңтүстік-Батыс Ирандағы Тепе-Яхья деп аталатын жерде жергілікті қолөнершілер б.з.д. 2800 жылдар шамасында аппақ, ерекше нақыштағы тас ыдыстарды жасай бастап, оларды 500 мильден аса қашықтықта жатқан Месопотамияға тасымалдады.

Мысырдың сауда байланыстары. Б.з.д. төртінші мыңжылдықтың аяғына таман Месопотамия мен Мысыр арасында едәуір сауда-саттық және мәдени байланыстардың болғанын археологиялық деректерден білеміз. Мысалы, Мысыр ескерткіштерінде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар көктас үлгілерін табады. Болжам бойынша, Месопотамия саудагерлері Ауғанстан мен Белуджистаннан (қазіргі Иран мен Пәкстанға ортақ аймақ) алған осы көктасты Нілге дейін тасымалдаған. Мысыр күрделі қоғамы сайын Месопотамия­мен жүргізген тікелей саудасының өрісі тарыла түскен тәрізді. Оған бір себеп – Солтүстік Арабиядағы құрғақшылықтың артуы салдарынан Месопотамия мен Мысыр арасында құрлық арқылы тікелей сауда-саттық жүргізудің қаупі мен шығыны артты. Ежелгі патшалық әулеттері Ніл бойындағы сауда-саттықты бақылауларында ұстауға тырысты, сол дәуірге жататын мысырлық жазбаларда өз бетінше сауда жүргізген немесе сауда керуендерін ұйымдастырған көпестер жайлы ешқандай мәлімет берілмеген.

Ніл бойындағы көлік. Ағаш мүсін. Қайық ескектердің күшімен жүзіп келеді. Мүсін б.з.д. 1900 жылдарға жататын Мысыр сарай басқарушысының қабірінен табылды. Кеменің артқы жағындағы тұтқаға назар аударыңыз. Осындай кеме қандай қызмет атқаруы мүмкін?

Перғауынның сауда өкілдері мемлекеттік мүддеге қызмет етті. Ніл – Оңтүстік-Батыс Азия мен Шумердің шөл даласы арқылы емес, Жерорта теңізінің шығыс жағалауын қамтитын аймақ – Левант айлақтарына апаратын кеме жолдары арқылы байланыс орнатты. Левант – қазіргі Израиль, Палестина, Ливан және Сирияның жартысын алып жатқан аймақ. Леванттың Мысырға экспорттаған ең маңызды заттары – Ливанның таулы ормандарында өсетін ағаш, әсіресе балқарағай, қарағай және самырсын. Синай түбегі үстімен жүретін жүк артқан жануарларға қарағанда Жерорта теңізінің оңтүстік-шығыс иіні бойымен кемелер әлдеқайда көбірек ағаш тасымалдай алды.

Тигр-Евфрат тәрізді, Ніл өзені де солтүстік және оңтүстік бағытта жүретін сауданың табиғи желісіне айналды. Алайда бұл желі Тигр-Евфратқа қарағанда әлдеқайда ұзынырақ еді. Мысыр сауда өкілдері алтын, құл және шалғай оңтүстіктегі Африка тропиктік белдеулерінен жеткізілетін алуан түрлі заттарды сатып алу үшін өзеннің жоғарғы ағысындағы Нубия жеріне дейін барды. Қабір жазбаларда Оңтүстік Мысырды б.з.д. 2290–2270 жылдар аралығында басқарған, Нубияға төрт рет сауда экспедициясын ұйымдастырған мысырлық билік өкілі Хархуфтың (Harkhuf) сауда әрекеттері жайлы мәлімделеді. Жазбада жетістіктерімен мақтана отырып былай дейді: «Бұл елден сансыз сый алып төмен түстім (Ніл бойымен), мұндай аса мол сый бұл елге келіп көрмеген... Содан соң ұлы мәртебелім мені үшінші рет жіберді... Ладан, эбен ағашы,.. қара қабылан терісі, пілдің ұзын тістерін артқан үш жүз есекпен келдім»2. Басқа да сауда өкілдері олар Пунт деп атаған аймақта жұмыс істеді. Бұл аймақ Қызыл теңіздің батысында орналасқан қазіргі Эритрея мен Ефиопия мемлекеттері болуы мүмкін.

Хараппа қоғамындағы кең ауқымды сауда. Инд алқабындағы қалааралық сауда б.з.д. 2400 жылдар шамасында қалыптасты. Керуендер, екі дөңгелекті арбалар, түбі жалпақ қайықтар арқылы азық-түлік өнімдері мен сән-салтанат бұйымдары алқаптың түкпір-түкпірі мен көрші таулы өлкелерге тасымалданды. Мемлекет өкілдерінен гөрі жеке кәсіпкерлер болуы ықтимал көпестер металл мен асыл тастар іздеп Батысқа – Белуджистанға және Оңтүстік-Шығысқа – тропиктік Үндістанға қарай сапарға шығулары мүмкін. Хараппа қоныстанушылары қазіргі Солтүстік-Шығыс Ауғанстанда сауда бекетін тұрғызу үшін алқаптан мыңдаған шақырымға алшақ жатқан аймақтарға аттанған. Олардың мақсаты алтын, күміс, мыс пен көктасты ары қарай тасымалдау болуы мүмкін.

Хараппалықтар қарабайыр қайықтармен Инд өзені сағасынан бастап Араб теңізінің солтүстік жағалауын бойлай жүзіп келіп, Парсы шығанағына шыққан ең алғашқы саудагерлер қатарында болған. Өлшеуіш пен мөр сияқты хараппалық жәдігерлердің табылуы Инд көпестерінің шығанақтағы месопотамиялық әріптестерімен, әсіресе Бахрейн аралындағы Дильмун көпестерімен байланыс орнатқанын көрсетеді. Саргон императорының жазбаларында Мелуха кемелері туралы айтылады. Б.з.д. XXІV ғасырда Аккад жағалауына Мелухадан келіп тоқтаған бұл кемелер, ғалымдардың анықтауынша, Инд өлкесінен жеткен.

Аймақаралық мәдени байланыстар. Үш күрделі қоғамды жалғастырған жолдар тауарлармен қатар, идея мен ақпаратты да толассыз тасымалдап тұрды. Осы қоғамдар мәдениетінің қырлары бір-бірінен айтарлықтай айрықша нақышта қалыптасты, алайда б.з.д. үшінші мыңжылдықта мәдени ықпалдастық соншалықты мардымсыз болды деуге болмайды. Біздің білуімізше, Месопотамия біршама маңызды жаңалықтар мен өнертабыстар отанына айналды. Дөңгелек, соқа, кірпіш қалау әдіс­тері, қола металлургиясы, мәдениленген маңызды бірнеше өсімдік пен қолға үйреткен жануарлар осы аймақ өнертабыстарына жатады. Аграрлық мәдениеттің осындай бірнеше элементі Месопотамиядан Мысырға, Үндістанға және шеткері аймақтарға тарағаны айдан анық. Азық-түлік өндірісіне қатысты заттар мен идеялардың шығыс пен батысқа өте жылдам қарқынмен тарауы әбден мүмкін, осы үш алқаптың климаты мен маусымдық жағдайлары бір-біріне өте ұқсас келді.

Месопотамия, сондай-ақ жаңашыл кәсіби тәсілдерді де қабылдады. Археологиялық деректер көрсеткендей, қыш ыдыстар жасау технологиясы ең алғаш рет Солтүстік-Шығыс Африкадан Құнарлы жарты ай аймағына тарады. Б.з.д. 2000 жылдар шамасында Хараппа егіншілері ақ жүгері мен тары өсіре бастады, екі дақылды да алғаш Африкада өсіріп, Инд алқабына құрлықпен немесе Араб теңізі бо­йындағы ежелгі сауда жолдары арқылы жеткізген болар. Ал мақта мен басқа бірнеше шағын өсімдіктер Үндістаннан батысқа тарауы мүмкін. Биліктің қасиеттілігі жайлы идея, яғни көсем мен патшаның тылсым күш иегері немесе тумысынан құдайлық қасиеттерге ие болуы жайлы сенім жоғарғы Ніл айналасындағы саванналардан Мысырға дейін жеткені ешқандай дау тудырмайды. Бұл идея Месопотамияға осы жерден де тарауы мүмкін еді. Шумерлік хатшылардың ең алғашқы толыққанды жазу жүйесін ойлап тапқанына да еш күмән жоқ, алайда Мысыр мен Хараппа таңбаларының ерте мерзімделуі жазу туралы идея міндетті түрде Месопотамиядан басталды деген теорияны қайта қарауға себеп бола алады.

Күрделі қоғам және қоршаған орта

Азық-түлік өндірісінің пайда болуы, халықтың қоныстарда тығыз орналасуы және дүниежүзіндегі халық санының үздіксіз өсуі – үнемі өзгеріп отыратын жаһандық биосферадағы жаңа айнымалы шаманың көрінісі. Қала тұрғындары не шаруалар іс-әрекеттерінің қысқамерзімді әсерінен палеолит терімшілері мен аңшылары жер ландшафтын әлдеқайда үлкен ауқымда өзгерте бастайды. Бүгінгі дүниежүзі қоғамы тәрізді, олар да отырықшы және қалалық өмірдің болжанбаған, кей жағдайда үрей тудыратын экологиялық зардаптарын бастан кешті.

Аграрлық тіршілік және жұқпалы аурулар. Күрделі қоғамдардың пайда болуымен қатар дамыған және күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан бір өзгеріс – адамның өте қауіпті микроорганизмдерді қабылдауға бейімдігі. Палеолит дәуірінің адамдары қырық жасқа жетпей-ақ қайтыс болуына оқыс жағдайлардың немесе апаттардың сан мыңы себеп болуы мүмкін, алайда жұқпалы аурулардан соншама адам көз жұмған емес. Адамзаттың қыстақтарда, кейін қалаларда топтасуы олардың қауіпті микробтардың көбейетін ортасына, яғни өздері өндіретін қоқыс қалдықтары мен дәреттеріне барынша жақын өмір сүру жағдайына алып келді. Егін немесе мал шаруашылығымен айналысатын адамдар қой, шошқа, сиыр, тауық және ит сияқты жануарлармен қатар тұрып жатты. Соңғы бес мың жыл ішінде адамзатты қинап келген шешек, қызылша, желшешек, туберкулез, тұмау сияқты бірқатар аурулар патоген ретінде үй жануарларынан тарады. Жұқпалы аурулар отарлар мен табындар арасында оңай тарады, ал кейбір микробтар адам ағзасына генетикалық тұрғыдан бейімделіп, өсіп-өнді. Адамдар патогендерді жөтелу, түшкіру, бір-біріне жанасу, дәрет сындыру немесе бір төсекте жату арқылы таратып, індеттің қала көлемінде өршуіне себеп болды. «Тобыр ауруының» алғашқы күрделі қоғамдарға тигізген үлкен көлемдегі әлеуметтік зияны жайлы нақты дәлелдер қолымыз­да жоқ. Дегенмен терімшілер мен аңшылардың тұрақтарына қарағанда, алғашқы қалаларда өмір сүрудің денсаулыққа әсері жағымсыз болғанына күмән жоқ, ал егіншілік пен мал шаруашылығының дамуы адам, жануар және ауру тудырушы бактериялар арасындағы экологиялық қарым-қатынасты түбірімен өзгертті.

Жер бетіндегі өзгерістер. Негізінен, азық-түлік өндірісі адамның физикалық және табиғи ландшафтты өзгертуге саналы түрде құлшына кірісуін талап етеді. Егістікке лайық алқап дайындау үшін неолит шаруалары ағаштарды шауып немесе ормандарды өртеп отырған. Кейбір аймақ тұрғындары танаптық егіншілікпен айналысты, яғни алқапты тазалады, осы алқапта бірнеше мау­сым бойы дәнді дақылдар өсірді, топырақ құнарын жоғалтқан кезде балталары мен кетпендерін алып, жаңа жерге көшті. Диқан алқапты бірнеше рет немесе тұрақты түрде өртеп, мал жайылымына айналдырып отырғанда орманды алқаптардың қайта қалпына келуі екіталай еді. Мысалы, б.з.д. 5000 жылдар шамасында Британиядағы неолит егіншілері орманды алқаптарды балшық пен шалшыққа айналдыра бастады.

Күрделі қоғамды қалыптастыру барысында адамдар әлдеқайда қатал қадамдарға барды. Тигр-Евфрат, Ніл және Инд алқаптарында урбандану мен қарқынды егіншілік ормандардың қысқаруына, жойқын су тасқындарына, топырақтың құнарсыздануына және басқа да экологиялық дағдарыстарға әкелді. Мұндай дағдарыстар әртүрлі қоғамдар ұстанған бағытқа елеулі кесірін тигізді. Үш өркениеттің де тұрмыстық отын, құрылыс жүргізу және кірпіш жасау үшін ағашқа деген қажеттілігі шексіз еді. Жергілікті қорларды жұқартқаннан кейін олар көрші аймақтарға бет бұрып, зауал одан ары тарады. Шығыс Анадолы мен Батыс Ирандағы Загрос тауларының ағаш шабушылары месопотамиялықтардың ағашқа деген тойымсыз аранын қанағаттандыру үшін жұмыс істеді, алайда мұның кесірінен ормандар қысқарды, жойқын су тасқындар қаупі күшейді, суармалы жазықтағы өзеннің төменгі ағысында тұнбалар жиналып қалды. Мысырдағы ормандар мен тоғандардың б.з.д. үшінші мыңжылдықта, яғни б.з.д. 2200 жылдарға қарай азайғаны сонша, ол жерлерде мекендеген піл, бөкен, жираф және мүйізтұмсық популяциясы жойылуға шақ қалды. Өндірістің бұл саласы Инд алқабындағы орманды жерлерді жұтатып, батыс пен солтүстіктегі таулы ормандарды қиратуға көшті. Месопотамия қоғамы бетпе-бет келген эрозия мен су тасқыны мәселесі Инд алқабына да келіп жетті.

Шумердің басты экологиялық бейнеті – топырақтың сорлануы еді. Аллювийлі жазық тым тегіс болғандықтан, су өзенінде еріген тұз топыраққа толығымен сіңіп кетпей, үстіңгі қабатында жиналады, ал ол өз кезегінде егіннің тамырына зиянын тигізеді. Шумер егіншілері егін алқаптарында түзілген тұзды шайып тастау үшін тынымсыз еңбек етті. Бірақ қосымша суару нәтижесінде топырақ балшыққа айналып, тұз қайта түзіле бастайды. Сорланған жерлердегі егін өнімі төмендей берді, бір кездері егістікке пайдаланылған кең алқаптарды тастауға немесе жайылымға айналдыруға тура келді. Б.з.д. екінші мыңжылдықтың басына таман шумерлік қала-мемлекеттердің басым бөлігінің халқы азайып, экономикасы құлдырай бастады. Қазіргі таңда Ирак шөлді даласындағы желі азынаған төмпешіктер ғана осы қалалардың ежелгі орындарын меңзеп тұрады.

Ұзаққа созылған құрғақшылық циклі. Ұлы үш өзен алқаптарында, олардың қатарына Солтүстік жартышардың басым бөлігі де кіруі мүмкін, б.з.д. 2200 жылдар шамасынан бастап қатаң құрғақшылық пен климаттың тұрақсыз ауытқуы үш ғасырға созылғанын таяуда жүргізген климат зерттеулері нәтижелері дәлелдейді. Әлеуметтік немесе экономикалық дағдарыстың нақты бір жағдайы мен климат өзгеруі арасындағы себеп-салдар қатынасын ажырату оңай емес. Алайда б.з.д. үшінші мыңжылдықтың аяғына таман басталып, ұзаққа созылған «шөлейттену үдерісі» хронологиялық жағынан үш алқаптағы маңызды күйзелістермен тұспа-тұс келеді.

Месопотамиядағы Саргон негізін қалаған империя б.з.д. 2190 жылдары күйреді. Өзен алқабындағы ұзаққа созылған құрғақшылық пен сордан бөлек, алқаптың шығыс және батыс шөл далаларындағы жауын-шашынның төмен мөлшері мал шаруашылығымен айналысатын халықтарды қалаларға жақын орналасқан егін шаруашылығы алқаптарына шабуыл жасауға итермелеген шығар. Ал Месопотамияның солтүстігінде б.з.д. екінші мыңжылдықта өндіріс пен сауданың жаңа орталықтары бүршік жара бастайды. Бұл жайлы кейінірек айтамыз.

Мысырда б.з.д. 2134 жылдар шамасында Ежелгі патшалықтың орталықтанған билігі ыдырай бастайды. Саяси бытыраңқылық пен азаматтық толқулар ондаған жылдарға созылады, бұл уақытты тарихшылар Бірінші өтпелі кезең деп атады. Эфиопиядағы Көк Нілдің ежелгі шөгінділер қабатын зерттеген ғалымдар ұзаққа созылған құрғақшылық салдарынан өзеннің төменгі ағысындағы жазғы су тасқындарының күрт азаюы Ежелгі патшалықтың құлдыраған кезімен сай келеді деген болжам жасады. Бұл экологиялық дағдарыс аштық пен қоғамдық дүмпулерге алып келуі мүмкін еді. Осы дәуірге жататын жазбалар аталған болжамды растайтындай: «[Астық] барлық жерде құрыды... Адамдар киімдерінен, әтірлерінен, майларынан айырылды... Мәйіттерді өзенге лақтыруда... Күлкі естілмейді... Жер бетін қасірет жайлады»3. Осыған қарамастан, жаңа қуатты билеуші б.з.д. 2040 жылдар шамасында алқапты біріктіріп, Орта патшалық деп аталған жаңа кезеңге (б.з.д. 2040–1652 жылдар) аяқ басты.

Хараппа қоғамы б.з.д. 1900 жылдар шамасында дамуының шырқау шегіне жетіп, кейін тоқтаусыз құлдырай бастайды. Ғалымдар бірқатар экологиялық дағдарыс мәселелерін көрсетеді: тұнбалардың түзілуі, таулы өлкелерде ормандардың азаюы, өзеннің шектен тыс тасуы, жайылымның тақырлануы, үздіксіз құрғақшылық, Инд пен оның сағалары бағытының қайта-қайта өзгеруі. Б.з.д. үшінші мыңжылдықтағы жаңбыр маусымының әлсіреуі күрделі қоғам қалыптасуын тездеткендей көрінді. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, климаттың осы үрдісі жалғасқан сайын оңтүстік алқапта су тапшылығы байқалып, егіншілер солтүстік пен шығысқа көшуге мәжбүр болады. Гималай мұздықтарынан гөрі жаңбыр маусымдарынан суы көбейген Гаггар-Хакра өзен жүйесі жылдың бір мезгілінде құрғап отырған сияқты, нәтижесінде халықтың қалаларды тастап кетуден басқа амалдары қалмады. Инд алқабындағы б.з.д. 1500 жылдарға таман ірі ауқымдағы күрделі қоғам тіршілігін тоқтатты, дегенмен көп ұзамай тарих сахнасына қайта оралды.

Қорытынды Осы тараудың басым бөлігінде Афроеуразияның Үндістан мен Жерорта теңізі аралығында созылып жатқан аймағына баса назар аудардық. Себебі б.з.д. 10000–2000 жылдар аралығында дәл осы аймақта адамзат қоғамы орасан зор өзгерістерге куә болды. Тигр-Евфрат, Ніл және Инд алқаптарындағы халық саны өсті, азық-түлік өндірісі өзара сабақтаса отырып, үнемі ұлғая берді. Бұл қоғамдар ыдырап кетпегенде, қалалар көбейіп, жаңа кәсіптер пайда болып, таңсық заттар қолжетімді бола түсер еді. Діни мерекелер, заң мен құқықтың салтанатын асқақтатар жаңа әлеуметтік және технологиялық шешімдер табылар еді. Алайда қатыгез билеушілердің ел басқаруы, қоғамдардың бір жерге топтаса өмір сүруі, жұқпалы аурулардың таралуы, әлеуметтік теңсіздік, салық, құлдық арта берді және қоғамдық билік ер адамдардың қолына шоғырланды. Өрке­ниеттің игілік пен залалды қатар әкелетінін адамзат ерте түсінді. Дүниежүзінің қалған бөлігіндегі тіршілік те бір орында тоқтап тұрмады. Б.з.д. үшінші мыңжылдыққа таман аграрлық қауымдар Австралиядан басқа, адам қоныстанған барлық құрлықтарда қалыптасты және қоғамдар дамыған сайын табиғатты да өзгерте берді. Осынша қашық жатқан уақыттағы дүниежүзі халқы санының өсуін есептеу үшін азды-көпті деректерге сүйенген болжам ғана жасай аламыз. Халық саны аграрлық қоғам енді-енді аяққа тұрып келе жатқан б.з.д. 8000 жылдары он миллионнан б.з.д. 3000 жылдарға қарай елу миллионға жетуі ықтимал. Осы бес мың жыл аралығында дүниежүзіндегі терімшілер мен аңшылар қатары жалпы халық санымен салыстырғанда айтарлықтай қысқарды. Кейбір аңшы-терімшілер қауымы егіншілікке көшудің берер артықшылығын түсінді, ал қалғандарын балта, кетпендер асынып, ауру қоздырғыш патогендері мен көсемдері бар егіншілер ығыстырды. Осы тарау аяқталатын б.з.д. екінші мыңжылдықтың басына таман Қытайдың солтүстігіндегі Янцзы мен Сары өзен алқаптарында төртінші күрделі қоғам пайда болады. Сондай-ақ Еуропаның қоңыржай белдеуін, Африканың саванналарын, Оңтүстік-Шығыс Азия тропиктерін, Солтүстік Американы, Анд тауларын мекендеген адамдар егіншілік пен малшылыққа негізделген өмір салты мен халық санын ұлғайтқан қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін анағұрлым жетілген технологиялар мен институттарды ойлап тапты.

3

Афроеуразияның тұрақсыз шекаралары: егіншілер, малшылар және арбакеш-жауынгерлер

Б.з.д. 3000−1000 жылдар
Улубурун кемесі Жерорта теңізінің Түркия жағалауы түбінде жатыр

Түркияның оңтүстік-батыс жағалауында теңіз губкасын іздеп, тереңге сүңгіп жүрген жас жігіт, 1982 жылдың жазында, Жерорта теңізі түбінен біртүрлі металл заттарды көргенін хабарлайды. Суасты археологтар тобы бұл заттардың ежелгі кеме қалдықтары екенін анықтады. Қыш ыдыстар мен басқа да жәдігер қалдықтарын мұқият зерттеген ғалымдар кеменің суға батқан уақытын шамамен б.з.д. 1306 жылдар деп есептеп шығарды. 170 фут тереңде жатқан ескерткіш төңірегіндегі жұмыстар барысында мыңдаған жәдігер: сауда-саттық заттарын, кеменің ағаш қалдықтарын, тіпті команда мүшелерінің жеке заттарын да тапты. Жағалауға таяу орналасқан мекенге орай Улубурун деп аталған, апатқа ұшыраған бұл кеме жүгінің құндылығы мен көнелігіне байланысты дүниежүзіне танымал болды. Кеменің қай бағытта жүзгенін ғалымдар нақты анықтай алмады, алайда кейбір зерттеушілер кеме Оңтүстік-Батыс Азиядан шығып, Мысыр перғауынына ресми тарту-таралғы апара жатқан болар деген болжам жасайды. Кеменің мақсаты қандай болса да, оған тиеген заттар әртүрлі жерлерден келгені анық. Сүңгуір байқаған металл заттар Кипр аралынан жеткізілуі мүмкін мыс құймалар болып шықты. Кеме жүгі арасында Жерорта теңізі жағалауындағы қоныстарда өндірген кобальт көк шынысынан жасалған дискілер, грек қыш бұйымдары, қылыштар, қанжарлар мен күміс зергерлік бұйымдар табылды. Кейбір заттар Жерорта теңізінен тыс аймақтардан: Солтүстік Еуропадан – кәріптас, тропиктік Африкадан – эбен бөренелері, Ауғанстан сияқты алыс шығыстан – қалайы әкелген. Б.з.д. үшінші мыңжылдық аяғына дейін, қалалары бар, тығыз аграрлық қоғамдар тек Тигр-Евфрат, Ніл және Инд алқаптары мен Перу жағалауында болған. Басқа жердің бәрінде халық егіншілікпен айналысатын қыстақтарда немесе кезбе-аңшылар тұрақтарында өмір сүрді. Улубуруннан табылған заттар және сауда мен урбанизация үлгілеріне қатысты жаңалықтар – келесі бір мың жыл ішінде адамзат қауымының түбегейлі өзгерістерді бастан кешкенінің бір ғана мысалы деуге болады. Қалаларды, әлеуметтік иерархияны, кәсіби мамандықтарды, орталықтанған мемлекетті қамтамасыз ету үшін егіншілік пен малшылық Афроеуразия аумағында кеңінен тарады (3.1-картаны қараңыз). Халық саны өсуін жылдамдатқан және қоғамның күрделенуіне әкелген өнертабыстар мен әдіс-тәсілдер өзен алқаптарындағы ежелгі үш өркениеттен көрші аймақтарға тарауы мүмкін. Егіншілік дербес пайда болған жеті не сегіз аймақтағы адамдар азық-түлікті артығымен өндірудің, адамдардың ұлғайған топтарын ұйымдастырудың, жатжұрттықтармен заттарды немесе идеяларды бөлісудің жаңа жолдарын ойлап тапты. Осы тараудың бірінші бөлігінде б.з.д. екінші мыңжылдықта Афроеуразияның Жерорта теңізі алқабын, Батыс Еуропаны, Орталық Азияны және Сары (Хуанхэ) өзен мен Янцзы өзені алқабында төртінші ұлы өркениет болған Шығыс Азия сияқты жаңа аймақтарда неғұрлым күрделі аграрлық қоғамдардың пайда болуы туралы мәселені қарастырамыз. Тарауымыздың екінші бөлігінде Афроеуразия аумағындағы қуаң жерлер аймағы – Ұлы Арид зонасының бірнеше бұрышында бірте-бірте қалыптасқан, мал бағуға негізделген өмір сүру салтымен таныстырамыз. Аграрлық шаруашылық қалыптасуының бастапқы кезеңінде егіншілік пен тұрмыстық деңгейдегі мал шаруашылығы өзара астасып жатты. Ірі ауқымды мал шаруашылығы, нақтырақ айтсақ, қоғамның негізгі қорек көзі ретінде тұяқты жануарларды өсіру б.з.д. төртінші және екінші мыңжылдықтар арасында қалыптасты. Мал шаруашылығының бұл түрі үш негізгі жаңалықпен қатар пайда болды – жылқыны қолға үйрету, мініс ат және дөңгелекті арба. Осы жаңалықтар мен өнертабыстардың арқасында адамдар егін егуге жарамсыз ұлан-ғайыр жайылымдар мен тоғайларда төрт түлік мал өсірді. Мал шаруашылығымен айналысатын халықтар көбейген сайын олардың дүниежүзі тарихындағы маңызы арта түсті. Мәселен, аграрлық және отырықшы аймақтарға бейбіт не шапқыншылық жолмен басып кірді, тілдерінің қолданыс аймағын кеңейтті, Еуразия даласындағы алыс аймақтармен сауда-саттықты жеңілдетті. Расында да, б.з.д. екінші мыңжылдықта Жерорта теңізі алабынан Қытайға дейінгі аумақ алғаш рет сауда және мәдени қарым-қатынастар орталығына айналды. Тарауымыздың үшінші бөлігінде Афроеуразияның тропиктік ендіктеріне ауысамыз, бұл жерде де көші-қон мен шаруашылық жаңалықтары халық санының өсуіне жағдай жасап, қоғамдық және мәдени дамудың жаңа жолына түсті, соның ішінде жаңа тілдердің де пайда болу тарихы бар. Африкадағы Сахара шөлінің оңтүстігі мен тропиктік Оңтүстік-Шығыс Азияға, бұған дейін терімші-аңшы қауымдар мекендеген жерлерге егіншілікпен шұғылданатын қауымдар еніп, климаты жылы аймақта өсетін дақылдар егіп, кей жерлерде ірі қара өсірді. Осы екі мың жылға созылған уақыт аясындағы бір сәттерде азық-түлік өндіретін халықтар жартышарда терімшілікпен, аңшылықпен қорегін тауып жүрген халықтарды сан жағынан басып озған болар. Яғни жер бедерін өнертапқыш жаңалықтарымен өзгертуге тырысқан адам әрекеттері жануарлар мен өсімдіктер алғаш рет мәдениленген орталықтар шеңберінен шығып, Афроеуразияның экваторлық тропиктерінен құрғақ, желді далаларға тарала бастайды.

3.1-карта. Афроеуразиядағы аграрлық қоғамдар. Б.з.д. 3000–2000 жылдар Қола өндіру технологиясын Оңтүстік-Батыс Азия мен Қытай халықтары бір-бірінен дербес ойлап тапқан сияқты. Б.з.д. 1000 жылдар шамасында Афроеуразияның ұлан-ғайыр аумағында егіншіліктің болмауын қандай географиялық немесе климаттық факторларға сүйене отырып түсіндіруге болады?

Афроеуразия кеңістігі: егіншіліктің , қалалардың өркендеуі ОЙЛАН: Афроеуразиядағы қола дәуірінің тіршілігі одан ерте дәуірлердегі тіршіліктен қалай ерекшеленеді? Ғалымдардың есептеуінше, аграрлық дәуір енді ғана қалыптаса бастаған б.з.д. 8000 жылдары 6 миллионға өскен дүниежүзі халқының саны б.з.д. 1000 жылдары шамамен 120 миллионға жетті1. Жер жаһан тұрғындары санының бұл өзгерісі адам баласының алдыңғы 200 мың жыл тарихымен салыстырғанда кенеттен қарқынды көбейгенін көрсетеді. Б.з.д. екінші мыңжылдық ішінде (б.з.д. 1999–1000 жылдар) халық саны ең жылдам қарқынмен өскен аймақ – егіншілік пен бақташылық бәрінен бұрын басталып, барлық бағыттарда тарауын тоқтатпаған Афроеуразия еді. Америкада да халық өсімі жоғарғы көрсеткіштерді көрсетті, әсіресе егіншілік тамыр жайған Орталық Америка мен Анд таулары аймағында өсу қарқыны жылдам болды. (Бұл өзгерістерді 4-тарауда қарастырамыз). Соның өзінде, Американың барлық тұрғындарының саны б.з.д. 1000 жылдарға таман 4,5 миллионды ғана құрауы мүмкін еді, ал бұл көрсеткіш сол уақыттағы Афроеуразия халқының 4 пайызына да жетпейді2. Б.з.д. екінші мыңжылдықта халық саны дүниежүзінде экстенсивті қарқында өсті, бұл өзгеріс шағын егінші және бақташы қауымдардың жер бетіне таралуымен тығыз байланысты еді. Ал халық санының интенсивті өсуі технологиялық жаңалықтар мен шаруашылық өнімдерін сол мекенде барған сайын көбейіп келе жатқан халықты, кейбір жерлерде, тіпті қалаларды қамтамасыз етуде артығымен өндіретін аймақтарда байқалды. Осы жерде б.з.д. екінші мыңжылдықта экстенсивті және интенсивті өсімді қатар басынан кешкен төрт аймақты қарастырамыз: Шығыс Жерорта теңізі алқабы (әсіресе Эгей теңізі жағалаулары мен аралдары), Батыс Еуропа, Орталық Азия және Шығыс Азия. Есте сақтайтын жайт, б.з.д. 1000 жылдар тұсында қала тұрғындары әлі де дүниежүзі халқының аз ғана пайызын құрады.

Өнертабыстар легі

Алдыңғы тарауда қарастырған үш өзен алқабындағы өркениет­тердің интенсивті өсуінде толассыз техникалық өнертабыстардың орны өте маңызды болды. Ол қоғамдар дүниежүзі халқы ішіндегі үлесіне сай келмейтін идеялар мен құралдар: мысалы, дөңгелек, кірпіш жасау, қыш күйдіретін пеш, гидравликалық суармалы құрылғылар, жұлдыздар картасы, жазу мен есептеудің дамыған жүйесін енгізді. Б.з.д. екінші мыңжылдықта бұл технологиялардың біразы Афроеуразияның басқа бөліктеріне дендей еніп, кең тараған сайын жетіле түсті. Жаңа құралдар мен әдістер шаруашылық өндірісіне, қала өнеркәсібіне, алыс аймақтар арасындағы қарым-қатынасқа теңдессіз үлес қосты. Шыны жасау, жетілдірілген кеме жасау ісі, жеңілірек дөңгелекті арба жасау сияқты жаңа әдіс-тәсілдер жер бетіне кеңінен тарап кетті. Қоғамдық маңызы жоғары өнертабыстар ішінде б.з.д. үшінші мыңжылдықта пайда болған қола өндірісі мен соқа болды.

Жауынгердің қола дулығасы. Б.з.д. ХІV ғасырда Иранның оңтүстік-шығысында жасалған бұл дулығадан алтыннан жасалған үш бейнені, яғни ортасында ер құдай және екі шетіндегі қос әйел құдай бейнесін көреміз. Құдайлардың төбесінде қанатын жайған құс бейнеленген. Жауынгерге, әрине, жоғары санаттағы жауынгерге құдай бейнелерімен безендірілген дулығаның не қажеті бар еді?

Қола өндіру. Б.з.д. үшінші мыңжылдық пен екінші мыңжылдық аралығында Еуразия мен Солтүстік Африканың археологиялық ескерткіштерінен мыңдаған қола құралдар, құтылар, ат арба әбзелдері, әшекей бұйымдар табылғандықтан, ғалымдар ақыр соңында бұл дәуірге қола дәуірі37 деген ат берді. Б.з.д. 3000 жылдар төңірегінде ұсталар мысты азғана күшәла немесе қалайы қосып балқытса, сапасы жай мыстан әлдеқайда жақсырақ болатын жаңа қоспа шығатынын анықтаған сияқты. Бұл қоспаны өндіру оңай болды, қолдану мерзімі де ұзарып, жүздері де өткірлене түсті. Қалайы қосқан мыс өндіру ісі бірте-бірте жолға қойылды, өйткені металлургтер күшәламен жұмыс істегендердің ұдайы уланып қалатынын аңғарды.

Месопотамиядағы Шумер қалаларының қол­- өнер­шілері қоладан әшекей бұйымдар және ғұрыптық заттармен қатар, балталар, орақтар, қашаулар және найзалар жасады. Бұл технологияның ұшқыны Ніл мен Инд алқабына да жетуі мүмкін. Дегенмен қола тарату орталығы Месопотамия ғана емес еді. Бұйымдарды күйдіру үшін қышты пешке қойған сайын әртүрлі металл қоспаларын жоғары температурада қоса балқыту жайлы ой қоныс тұрғындарына түрлі идея беруі әбден мүмкін. Б.з.д. үшінші мыңжылдық ішінде Солтүстік Қытай өнертапқыштары қола өндірісін дербес ашқан да болар. Оңтүстік-Шығыс Еуропа пен Оңтүстік-Шығыс Азияның құрлық бөлігі де дербес өнертапқыштар қатарынан үміткер. Түп-тамыры қайда жатқанына қарамастан, қола металлургиясы Еуразия мен Солтүстік Африкада шаруашылық өнімділігінің өсуіне және әлеуметтік саяси құрылымның күрделене түсуіне септесті.

Қола өндірісінің, тасымалының, оны қорытудың шығыны көп болғандықтан, қола бұйымдар көпшіліктің қолына түсе бермейтін. Мыс кені табиғатта көп кездескенімен, қалайы жайлы олай айта алмаймыз. Месопотамия мен Инд алқабының қола ұсталары үшін қалайының бірден-бір көзі – Ішкі Еуразиядағы кен орындары еді. Көпестер қалайыны жүздеген шақырым жерден тасымалдағандықтан, оның құнын анағұрлым асыра саудалады. Қоладан жасалған құралдар, қару-жарақ және қолөнер бұйымдары жоғарғы таптың немесе саяси биліктің нышаны ретінде, әсіресе ер адамдар үшін зор әлеуметтік құндылыққа ие болды. Қоладан жасалған қылыштың, сабы қысқа найзаның, жебенің, дулыға мен сауыттың көптеп өндіріле бастауымен бірге, соғыстардың саны да еселеніп, билеушілердің күш-қуаты осыған дейін болмаған дәрежеге өсті. Өндірістің қанат жаюы кен өндірісінде жүрген, пеш қалау, ұсталық, кеме жасау және қолөнермен айналысатын жұмысшылар үшін жаңа кәсіптерге жол ашты.

Жер жырту. Б.з.д. үшінші мыңжылдықтың екінші маңызды жаңалығы – соқа. Соқа – өгіз, ат немесе есек жегіп, жер жыртатын құрал. Егін егу алдында шаруа топырақты майдалап, қопсытып, арам шөптерден тазалауы керек. Әрине, адамдар бұл жұмысты тесе және кетпенмен де істей алды, бірақ жануар жеккен соқа егіндікке жарамды әлдеқайда ауқымды жерді жылдамырақ әрі адам күшін сарп етпей-ақ жыртты. Б.з.д. 3000 жылдардан кейін шумерліктер Тигр-Евфрат алқабының жұмсақ, икемге оңай келетін топырағын қопсыту үшін өгіз жеккен қарапайым соқаларды пайдаланды. Келесі 1500 жыл ішінде егіншілер топырағы кей жағдайда тығыз және қалың болғандықтан, қарапайым құралдардың шамасы келмейтін, жаңбырға тәуелді аймақтарда бірте-бірте жаңа технологияны қолданды.

Бір немесе екі жануарды ағаш соқаға жеккен адамдар астықты әжептәуір көбейте алатынын байқады. Нәтижесінде егіншілер кең алқапты игеріп, қыстақтар тұрғызу үшін батпақты құрғатып, ормандарды шауып отырды. Аталған жаңалықтың арқасында Үндістан мен Жерорта теңізі аралығындағы белдеуді мекендеген халық саны күрт өсті. Дегенмен кейбір аймақтарға соқаның керегі де жоқ болды. Мәселен, Солтүстік Қытайдың Сары өзен алқабы тұрғындары лесс деп аталатын, оңай қопситын топырағын тесе мен кетпендері арқылы еш қиындықсыз жыртты. Қысқасы, соқа тек кейбір табиғи-экологиялық жағдайларда ғана тиімді шаруашылық құралы болды.

Қола дәуірі – дүниежүзіндегі ең озық кен өндірісі технологиясы пайда болған б.з.д. үшінші және екінші мыңжылдықтар дәуірі.

Жерорта теңізі алқабындағы күрделі қоғам және сауда

География пәні Африка, Азия және Еуропа құрлықтарын Жерорта теңізі бөліп жатыр деп оқытады. Жерорта теңізін Афроеуразия алып құрлығының ортасында орналасқан теңіз, жағалауындағы халықтарды бір- бірімен байланыс­тыратын көпір деп те қабылдауға болады. Жерорта теңізіндегі аралдар мен түбектер оны бірнеше шағын теңіздерге бөліп, адаспай жол табуға ыңғайлы етті. Шығыс Жерорта теңізінде орналасқан Эгей теңізі ежелгі теңізшілерді ерекше қызықтырды. Эгей теңізіндегі Крит аралынан табылған тас құралдарға қарағанда, алғашқы қауым адамдары теңізді жүзіп өтіп, аралға шамамен 130 мың жыл бұрын, бәлкім, одан да ертерек келуі мүмкін.

Б.з.д. 3000 жылдардан кейін Шығыс Жерорта теңізі жағалауында, дәлірек айтсақ, Ніл сағасы мен Левант деген атаумен белгілі жағалауда егінші қауымдар мен теңіз сауда орталықтары көбейеді. Левантқа немесе Левант жағалауына қазіргі Израиль мен Палестина жері, Ливан мен Батыс Сирия кірді. Дәл осындай өзгерістер Эгей теңізінің жағалауы мен аралдарында жүрді. Негізінен, таулы аймақты бұл жердің шаруалары тау бөктері мен шағын жазықтарда егін егуге мәжбүр болды. Жануар жеккен соқаны қолдана бастағаннан кейін бұл өлке адамдары егін бітік шыққан жылдары бидайдың мол өнімін алды. Сондай-ақ олар жоталарда жақсы гүлдейтін, ыстық та шуақты жазды ұнататын зәйтүн ағашы мен жүзім өсірді. Нәрлі, хош иісті зәйтүн майын тамақ пісіру, денені жылыту, жарық беру, хош иісті майларды әзірлеу үшін қолданды. Шарап ішу – су арқылы тарайтын микроорганизмдерден жұғатын ауру санын азайтты және қоғам өмірінің реңкін кіргізгені де даусыз. Үлкен қыш құмыраларда сақталып, кеме арқылы оңай тасымалданған екі өнім Жерорта теңізі саудасының негізгі көзіне айналды. Эгей егіншілері бидайды, майды және шарапты (сонымен қатар қой мен ешкіні де) артығымен жинай бастаған уақыттан байлық пен әлеуметтік жағдайдағы теңсіздік тоқтаусыз ұлғая береді. Кей адамдар қоғамдық немесе саяси ерекше мәртебесін білдіретін, қоладан жасаған қару-жарақ және басқа да құнды ақыреттік заттармен қоса жерленді. Көсемдер немесе ірі жер иеленушілер жергілікті шаруалардан бекіністер, сарайлар, шеберханалар үшін салық жинай бастаған аймақтарда қалалар пайда болды. Осындай орталықтардың бірі – Троя. Бекіністер мен тұрғын үйлерден тұрған бұл кешеннің б.з.д. үшінші мыңжылдықтағы билеушілері қола, күміс, алтын және асыл тастары мол, көз жауын алатын байлықтың иегері еді.

Криттегі Миной қоғамы. Эгей теңізінің оңтүстік шегінде орналасқан, ұзындығы 150 миль болатын таулы Крит аралында шағын қалалардың тамаша кластері пайда болады. Аты аңызға айналған Минос патшаның құрметіне аталған арал тұрғындары бұл орталықтарды б.з.д. 2000 жылдар шамасында тұрғыза бастайды. Орталықтардың кейбіріндегі басты құрылыстар қоғамдық және жеке бөлмелерден, кең аулалардан және қоймалардан тұрған кешендер болды. Ақсүйектердің ауқатты тобы осы шағын сарайларда зәйтүн, жүзім, бидай өсіріп, қой баққан қыстақ тұрғындарын бақылап отырды. Кносс деп аталатын ең үлкен орталықтың б.з.д. екінші мыңжылдықтағы тұрғындар саны жиырма мыңға жетуі мүмкін.

Минойдың қауіпті спорт түрі. Суреттегі үш кейіпкер Миной сеніміндегі киелі жануар саналатын ызалы бұқаға қарсы шыққанын өздері де толық түсінбеген тәрізді. Кносс сарайының қайта қалпына келтірген бұл фрескасына қарап, Мысырдың Миной мәдениетіне ықпалын – адамның бет-бейнесін бейнелеу тәсілі мен сол және оң жақтағы екі әйелдің түсі сальто жасап тұрған ер адамға қарағанда ашық боялғаны сияқты белгілерден байқауға болады.

Аралдың мәдениеті терең әрі ауқымдырақ Ніл мен Оңтүстік-Батыс Азия қоғамдарына жақын орналасуы өркендеген Крит қоғамының пайда болуына ықпалын тигізуі ықтимал. Миной сәулет өнері, қабырға безендіруі мен діні Мысырдан бастау алған болар. Крит сенім жүйесіндегі орталық нышан бұқа-құдай бейнесі де мысырлықтардан келген сияқты. Шығысқа қарай 900 миль жерде жатқан Евфрат өзені бойындағы Мари қаласынан табылған сына жазу тақтайшасында осы қаланың Критпен байланыс орнатқаны жайлы ақпарат сақталған. Минойлықтар жазу жүйесін де дамытқан. Ал олардың жазуды жеке дара қалыптастырғаны немесе құрлықтағы көршілерінен алғаны жайлы нақты ештеңе айта алмаймыз. Бұл жазу «А сызықты» деп аталды, оны билеуші зиялы топ сарайға келген-кеткен заттардың есебін білу үшін қолданды. Бұл жазудың кілті әлі күнге дейін табылмады, Миной тілі туралы да еш нәрсе білмейміз. Дегенмен ғимарат қабырғаларындағы суреттер мен безендірулерге қарағанда, халықтың не болмаса ақсүйектер тобының қоғамдық өмір мен табиғатты ерекше құрметтегенін байқаймыз. Сарай үйінділері астында қалааралық соғыстар жайлы ешқандай мәлімет те қалмады, жанарынан от шашқан құдайлардың алып мүсіндері де табылмады. Миной өнер туындылары ойындар мен басқа да қоғамдық сайрандарда сауық құрып жүрген адамдар бейнелеріне толы, бұдан байқайтынымыз, алқаптағы ерте өркениеттерге қарағанда бұл қоғам әйелдері теңдік пен ықпалға ие болған. Мұндай тұжырыммен келісе бермейтін ғалымдар да бар, қалай дегенмен, дәлме-дәл қорытынды жасауға Миной мәдениетінен қалған материалдық деректер тым аз.

Сауда-саттықтың өркендеуі. Б.з.д. екінші мыңжылдықтан бастап Шығыс Жерорта теңізінің бірнеше аймақтарында қалалар гүлденеді. Мұның бір себебі теңіз саудасы болатын. Өйткені есек және өгіз жеккен арбаларды құрлықта жетектеп өткеннен, теңіз арқылы жүк тасымалдау арзанырақ әрі жылдамырақ еді. Шынтуайтына келгенде, мұндай сауда-саттық Инд алқабы, Оңтүстік-Батыс Азия және Мысырды байланыстыратын ежелгі желілердің кеңейгенінің белгісі еді. Эгей теңізінің қақпасы іспетті Криттің сарай орталықтарының осы оңтайлы орналасуы әжептәуір ыңғайлы болды. Миной саудагерлері суға кемелер флотын жіберіп, көрші аралдарда сауда колонияларын тұрғызды, алыс аймақтарға Криттің жоғары сапалы зәйтүн майы мен жүннен тоқыған киімдерін шығарды. Библос (Библ) пен Угарит Левант жағалауындағы сауда орталықтары ретінде гүлденді. Қала көпестері Оңтүстік-Батыс Азияның басым бөлігі мен Жерорта теңізі алқабы арасындағы саудада делдалдар ретінде пайдаға кенелді. Олар Ливан тауларынан әкелген ағаштарды ағашқа зәру Месопотамия мен Мысырға сатты, сонымен қатар қола бұйымдарын, опа-далап, мақта-мата, әсіресе ашық күлгін түсті киімдер жасап шығарды.

Жерорта теңізінің саудасы өркендеу үшін алыс сапарларға аттанып, ерлік көрсетудің қажеті жоқ еді. Улубурун маңайында суға кетіп, қалдықтары теңіз түбінде жатқан кемелер аралдан-аралға, шығанақтан-шығанаққа күнбе-күн қатынады, жерге табан тіреген кеме командасы айырбас саудамен айна­лысты. Улубурун кемесі теңізге шыққан соң сапарын Шығыс Жерорта теңізі айлақтары арқылы сағат тіліне қарсы бағытта жалғастырған болар. Кейбір жүрек жұтқан көпестер батыс көкжиекке дейін барған, Италия мен Сицилияға жол тапқан олар жергілікті қарапайым егіншілер мен малшыларға қалалық заттарды таныстырды. Б.з.д. екінші мыңжылдықтың аяғына таман шалғайдағы батыстың аграрлық қоғамдары, дәлірек айтсақ, Алжир, Марокко, Испания мен Португалия трансжерорта теңізі сауда жүйесіне қосылды.

Билеуші топтардың материалдық қажеттіліктері сауданың одан ары құлаш жаюына себеп болды. Мәселен, Эгей теңізінің көбейіп келе жатқан ақ­сүйектері күміс зергер бұйымдарды, жұмсақ маталар мен әшекейленген қола қанжарларды жақсы тұрмыс немесе ермек үшін ғана пайдаланбады. Бұл заттар, сондай-ақ мәртебе мен дәулеттің нышандары еді. Олар бай символдық тілі арқылы қарапайым егіншілерге дегдар топтың үстемдік жасауына көмектесті. Ақсүйек жер иеленушілер қарапайым халықтан алым-салық38 жинай алғанда ғана сән-салтанат бұйымдарына қол жеткізді. Ол үшін шетелге шығару мақсатында көбірек азық-түлік, мата, қолөнер бұйымдарын өндіруге халықты мәжбүрлеу керек. Дәл осылай, көп жағдайда халықтың азғантай тобының мүддесі жетегінде кеткен Шығыс Жерорта теңізі аймағының экономикасы өркендей түсті.

Алым-салық (trіbute) – бір топтың екінші топқа, көп жағдайда басқыншыларға бағыныштылық немесе адалдық міндеткерлігі ретінде бағынышты топтың қаржылай немесе заттай төлейтін құны.

Батыс Еуропадағы даму

Б.з.д. үшінші және екінші мыңжылдықтар шамасында Еуропаның климаты қазіргіге қарағанда жылырақ әрі жауын-шашынды болған сияқты. Аймақтың түгелге жуығын алғашқы егіншілер мен малшылар қауымына біраз кедергілер келтірген қалың ормандар мен сұрықсыз батпақтар алып жатты. Соған қарамастан, егіншілер соқаны игеріп, жайылым мен егістікке арналған ормандарды шаба бастағаннан кейін-ақ қоныстар саны еселене түсті. Қоныстың тарлық ете бастағанын сезген отбасылар отар қойы мен ірі қара малын алып, жаңа қоныс іздеп Еуропаның алыста жатқан солтүстігі мен батысына қарай жылжыды. Эгей теңізі аймағына ұқсас әлеуметтік және экономикалық өзгерістер Еуропаның осы бөлігінде де байқалды. Көсемдер мен жеке меншік иелерінің жоғарғы табы пайда болды, қоладан жасалған қару-жарақ мен қолөнер бұйымдары саудаға түсті, тығыз қоныстанған орталықтар кеңейді. Енді-енді дами түскен қалаларда бекіністер мен орлардың пайда болуы – сауда-саттық заттар қоймасын немесе қолөнершілер шеберханасын қорғау қажеттігі туындағанын аңғартады. Еуропаның орманды алқаптарының тұрғындары да құлашын кеңге жайып келе жатқан Жерорта теңізі саудасының желісіне қосыла бастады. Мысалы, көпестер Орталық Еуропада өндірген мысты солтүстіктегі Скандинавиямен қатар, оңтүстіктегі Эгей аймағына да саудалаған. Ішкі Еуропадан бастау алып, Қара теңізге құятын Дунай өзенінің алқабы алыс аймақтармен жасайтын сауданың ең жанданған орталығы болған сияқты.

Франциядағы мегалиттер. Атлант мұхитының Бретань жағалауындағы Карнак қаласы маңында орналасқан мына мегалит ескерткіші бір-біріне параллель бірнеше қатар бойымен тігінен тұрғызған 3000 тастан құралған. Б.з.д. 4500–2000 жылдар аралығына жататын Карнак ескерткіші ғұрыптық қызмет атқарғаны айдан анық, алайда бұл жерде қандай рәсімдер орындалғаны бізге беймәлім. Осы тастардың тұрғызылуына қарап оны жасаған қоғамның құрылымы жайлы қандай қорытынды жасауға болады?

Орманды Еуропаның б.з.д. үшінші және екінші мыңжылдықтағы тұрмыс-тіршілігі жайлы көбіне шашырап жатқан керамика қалдықтарынан, металл бұйымдардан, жер кепелер (топырақтан тұрғызған қорғандар) және басқа да жәдігерлерден білеміз. Материалдық деректердің ішіндегі бәрінен де таңдай қақтыратыны – ірі тас тақталардан тұрғызған мегалиттер39. Бірнеше қабірден тұратын қабірхана немесе кесек тастардан құралған шеңбер пішініндегі бұл құрылыстар Еуропаның Атлант мұхиты жағалауын бойлай орналасқан. Мегалиттер нақты бір ғұрыптық мақсатпен тұрғызылғаны анық. Еуропада мегалиттерді тұрғызу б.з.д. төртінші мыңжылдықта басталып, б.з.д. екінші мыңжылдық ішінде аяқталады. Мегалит тас шеңберлерінің ең атақтысы – Оңтүстік Британиядағы Стоунхендж. Бұл құрылыс астрономиялық сағат ретінде б.з.д. 2400–2200 жылдар аралығында тұрғызылған, оның ірі тастары Күн, Ай және жұлдыздар қозғалысын белгілейтін көрсеткіштер қызметін атқарды сияқты. Осы орталықтардың иелері кім болғаны жайлы нақты бірдеме айта алмаймыз. Стоунхендж сияқты кешенді тұрғызу қара күшті, ептілік мен ұйымдастыруды қажет етті, соған қарағанда, жоғарғы тапқа тиесілі адамдар жұмысты бақылап отырған сияқты. Олар дін өкілдері болуы да мүмкін. Стоунхендж маңайынан жақында ғана табылған, б.з.д. үшінші мыңжылдыққа тиесілі, жаралы адамдардың қаңқа қалдықтарына қарағанда, адамдар осы ескерткіш басына дерттеріне бір тылсым дауа іздеп келген болар.

Испаниядан Британияның солтүстігіндегі Оркни аралдарына дейін орналасқан мегалит ескерткіштерінің әзірлеу техникасы мен дизайнындағы ұқсастықтар Еуропаның Атлант мұхитымен шектесетін тұтас жағалау бойымен Ла-Манш арқылы заттар мен білім алмасып отырды деген тұжырым жасауға жеткілікті. Алайда осы тұрғыдағы қарым-қатынас қоғамды жылдам күрделендіре қоймады. Ну ормандар, батпақтар және ауыр саз топырақ Солтүстік Еуропада өнімділік пен халық санының артуына кедергі келтірді, бірақ б.з.д. бірінші мыңжылдықта жағдай өзгерді.

Мегалит – бір кездері ірі-ірі кесіліп, көп жағдайда діни маңызға ие құрылыстарды тұрғызу мақсатында пайдаланған үлкен тастар.

Орталық Азиядағы Әмудария өркениеті

Ұлы Арид зонасының Батыста – Каспий теңізінен, Шығыста – Гималайдың қарлы жоталарына дейінгі аралықты қамтыған аймағы ежелгі замандардан ХІХ ғасырға дейін сауда-саттық пен мәде­ниеттің дүниежүзіндегі ең басты орталықтарының бірі болды. Орталық Азия – географтардың шөл және жартылай шөлейт таулы қыраттарды шалғынды өзен алқаптары алмастырып жатқан аймаққа берген атауы. Бұл аймақ кезінде Кеңес Одағының бір бөлігі болған төрт мемлекет аумағын (Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан)40 және Иран мен Ауғанстанның солтүстігін қамтиды. Топографиялық жағынан алғанда Орталық Азия Ішкі Еуропаның Үндістаннан Жерорта теңізіне дейін созылған халқы тығыз аграрлық жерлермен салыс­тырмалы түрде кедергісіз байланыс орнатуына жол ашқан табиғи дәліз іспетті.

Әмудария өркениетін іздеу. Археологиялық зерттеу тобының мүшелері Орталық Азиядағы Түрікменстанның көне қалаларының бірі – Анау ескерткішін қазуда. Соңғы жылдар ішінде археологтар Парсы елін Ішкі Еуропамен, қала берді, Қытаймен байланыстыратын сауда жолындағы урбанизация үдерісі жайлы аса бай мәліметтер жинады. Анаудың шығысында орналасқан Гонур қаласында алдын ала ойластырылған көшелер, кәріз жүйесі, тұрғын үйлер және бекіністер болған. Алайда ол небәрі 300 жыл ғана тіршілік етті.

Б.з.д. 2100 жылдар шамасында адамдар Орталық Азияның өзен алқаптарында, дәлірек айтсақ, Әмудария (грек географтары Окс деп атаған) бойында қалалар тұрғыза бастайды. 1990 жылдарға дейін осы қоғамдар жайлы, еңбектерін орыс тілінде жариялаған кеңес археологтарынан басқа, ешкім білмеді десе болады. Содан бері, осы бір «ғайып болған өркениеттің» физикалық картасы және материалдық мәдениетімен жақынырақ таныстық, бірнеше елдің ғалымдар тобы білімімізді тереңдету жолында әлі де зерттеулер жүргізуде. Екі көне аймақтың атымен байланысты ресми түрде Бактрия–Маргиана археологиялық кешені деген атаумен белгілі күрделі қоғамның материалдық деректеріне қарағанда, алыс оңтүстіктің қуаң таулы аймағына орналасқан қалаларынан осы жерге көшіп келген адамдар өте аз уақыт ішінде бірнеше қаланың іргесін қалаған.

Әмудария бойындағы қалалардың, соның ішінде қазіргі Түрікменстанның толық қазылған Гонур ескерткіші тұрғындары кірпіштен қалың қамалдар соғып, әр бұрышқа биік мұнара тұрғызған. Ірірек қалалардың билеуші тобы, олар туралы белгілі ақпарат өте аз, патша бекіністері мен ғибадатханасы бар сарайлар құрылысын басқарған. Гонурда өзен суын каналдар арқылы қалаға жеткізіп отырған. Алқапта шаруалар бидай мен арпа егіп, қой, ешкі, зебу сиыры мен түйе баққан. Сәулет үлгілері, қыш ыдыстар мен мөрлер, піл сүйегінен жасалған тарақтар мен күміс бұйымдардан тұратын археологиялық деректерден қалаларда ортақ мәдени нақыштың болғанын, яғни қарқынды сауда жасап, әлеуметтік қарым-қатынас орнатқанын байқаймыз, жоғарғы тапқа жататын отбасылар арасында неке одақтарын құру әдеті қалыптаса бастаған болар. Қыш мөрлердегі геомет­риялық белгілер белгілі бір ұғымды білдіретін таңбаға ұқсағанымен, жергілікті жазу жүйесінің болғанын дәлелдейтін басқа дерек жоқ.

Орталық Азия оңтүстік пен батыстағы аграрлық қоғамдарды Ішкі Еуразиямен жалғаған көпір ретіндегі тарихи маңызға Әмудария қолөнершілері мен көпестерінің арқасында ие болғаны ешқандай дау тудырмайды. Иран жерінде, Парсы шығанағы бойындағы айлақтарда, Инд алқабында Әмудария жағалауынан шыққан құмыра сынықтары, стеатит тостағандар және тағы басқа заттар табылды. Әмудария қолөнершілері Үнді мұхиты мен Жерорта теңізінен келген ұлутастардан моншақ жасады, сыртқы саудаға асыл тастар, күміс және алтын шығарды.

Әмудария алқабындағы қала тұрғызу дәстүрі небәрі бірнеше ғасырға ғана созылды. Б.з.д. 1800 жылдардан кейін аймақтағы басты қалалардың көлемі кішірейіп, екі жүз жыл ішінде тұрғындары қаланы тастап, көшіп кетті. Қалалардың құлдырауы мен жойылуының себебі белгісіз. Табиғи-экология­лық жағдайдың нашарлауы немесе қалалардың өзара соғыстары Әмудария өркениетін құлдыратқан шығар. Қалалардың құлдырауы солтүстіктегі далалардан арбакеш және салт атты халықтың келу уақытымен тұспа-тұс келеді. Алайда «Олар қала талқандайтын басқыншылар немесе бейбіт қоныс аударушылар ретінде келді ме?» деген сұраққа нақты жауап бере алмаймыз.

Орталық Азияға қатысты атауда авторлар ТМД-дағы нақты осы төрт мемлекетті мысалға алғандықтан, өзгеріссіз қалдырдық. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында Орталық Азия аймағына ТМД елдері (Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан) және Моңғолия, Қытайдың солтүстік-батыс бөлігі, Ауғанстан, Пәкстан, Үндістанның шекаралық аудандары енетінін айтады.

Шығыс Азиядағы күрделі қоғам

Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияның көп бөлігінде б.з.д. екінші мыңжылдықта өндіруші шаруашылық толығымен қалыптасып, халық, негізінен, ауылды жерлерде қоныс тепкеніне қарамастан, азық-түлік қоры мол аймақтарда терімшілік, аңшылықпен күн көретін қауымдар сақталды. Жапонияда тұқым, жаңғақ пен теңіз өнімі мол болғандықтан, егіншілік жайлы бұрыннан бері білсе де, б.з.д. 1000 жылдарға дейін онымен айналыспады. Солтүстік Қытайда жағдай мүлде керісінше, б.з.д. 7000 жылдар шамасында, 2-тараудан көргеніміздей, күріш пен тары еге бастаған Сары өзен алқабынан оңтүстікке қарай Янцзы өзені алқабына дейін созылып жатқан аймақта күрделі қоғамның қалыптасуы қарқынды дамиды.

Қытайдағы ертедегі қала орталықтары. Б.з.д. 2600 жылдар шамасында кей халықтар ағаш қалыптар ішіне топырақты нығыздап үйген қабырғалар қоршаған қоныстар тұрғыза бастайды. Қабырға қалдықтарына, сондай-ақ бағалы заттармен бірге жерленген ерекше мәртебеге ие адамдардың қабірлеріне қарағанда Солтүстік Қытайда басқаларды жұмылдырып, жұмыстарын бағыттап отыратын жоғарғы топ пайда бола бастаған болуы керек. Дәл осындай өзгерістер бірнеше ғасыр ертерек Тигр-Евфрат, Инд және Ніл алқаптарында қалыптасқан еді. Жауынгерлер мен ғұрыптар орындайтын маңызды адамдардан құралған артықшылыққа ие отбасылар ең жақсы алқаптар мен ең үлкен астық қоймаларын иемденіп, басқалардан салық жинап, қызметін пайдалана бастайды. Шығыс Азияда алғаш рет б.з.д. 2000 жылдарда пайда болған әсем қола тостағандар, қазандар, жануар мүсіндері, қанжарлар және найза ұштары діни рәсімдер өткізетін және көршілеріне әскери жорықтар ұйымдастыратын көсемдерге керек болған тәрізді.

Күрделі қоғамның негізгі белгілері б.з.д. үшінші мыңжылдықтың аяғына таман Сары өзен – Янцзы аймағының бірнеше жерінде бірдей байқала бастағанын археологиялық деректер растайды. Батыстағы ұлы үш өзен алқабында бұл құбылыс әлдеқайда ерте басталды. Ең маңызды ескерткіштердің бірі – Сары өзеннің қазіргі арнасының оңтүстігіндегі жазықта орналасқан Эрлитоу қалашығы. Б.з.д. 1900–1500 жылдар аралығында өркендеген Эрлитоу ескерткішінен археологтар күрделенген құрылыстар шоғырын ашып, оны сарайға ұқсатты. Бұл болжамның астарында осы қалашық ежелгі Қытай мемлекетінің астанасы болды ма деген ой жатыр. Эрлитоудың тіршілігі қайнаған қала немесе жалпы ғұрыптық және саяси орталық болғаны белгісіз. Қаланы қазу барысында топырағы тапталған кең алаңдар, қола қорытатын орындар, тас төселген жолдар аршылып, құнды жабдықтары бар қабірханалар табылды.

Археологтардың 1986 жылдан бері жалғасқан қазба жұмыстарының нәтижесінде Эрлитоудан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 400 миль жерде, Қытайдың Сычуань провинциясында қабырғамен қоршалған Саньсиндуй қаласы аршылды. Бұл қала да б.з.д. екінші мыңжылдықта гүлденгенімен, мәдениет нақышы Эрлитоудан мүлде өзгеше. Қазылған екі шұңқырдан құрбандыққа шалған жануарлардың сүйектерінен басқа қола, алтын, тас, нефрит бұйымдар мен қоладан құйған елу жеті адам басы (кейбі­рі маскалармен) табылған. Аймақтағы ірі орталықтардың шағынырақ қоныстарға мәдени және саяси ықпал еткенін қыш бұйымдар мен басқа да заттардың нақышынан анық байқауға болады. Сауда-саттық, билеушілер арасындағы тарту-таралғылар, миграция, әдіс-тәсілдер мен стильдер бір орталықтан екіншісіне таралып, қалалар арасында байланыс орнады. Мысалы, көпестер кей кездері шеберханаларға жүздеген шақырым жерде өндірген мыс, қалайы, алтын және нефрит тасымалдаған. Демек, Шығыс Азияда алғашқы ірі мемлекет бой көтермей тұрып, Сары және Янцзы өзендері алқабы адамдардың бір-бірімен өзара байланыс орнататын белдеуіне айналды.

Шаң мемлекеті. Тарихшылардың анықтауынша, Шаң патшалар әулеті билік жүргізген алғашқы ірі мемлекет б.з.д. 1750–1045 жылдар аралығында өмір сүрді. Жоғары әскери топтардың қолдауына ие болған Шаң билеушілері Солтүстік Қытайдың басқа патшалықтары арасынан жергілікті әскери мемлекет ретінде дамыған болуы керек. Араға ғасырлар салып, бұл патшалар көршілеріне биліктерін мойындатты. Ғұрыптық сипатқа ие ең ірі патшалар қорымы – Аньян Сары өзенінің төменгі ағысының Хуанхэ сағасы бойымен бірнеше шақырымға созыла шашырап жатыр. Шаң мемлекеті қазіргі Қытайдың кішкентай ғана бөлігін алып жатқанына қарамастан, материалдық қалдықтары, ежелгі жазбалары және кейінгі ғасырларда жазылған жылнамалар оны Шығыс Азиядағы ең алғашқы империя деп тануға жеткілікті негіз береді. Мемлекет қуатының шырқау шегі болған б.з.д. ХІІІ–ХІ ғасырларда Аньянда қоныс­танған Шаң патшалары нығыз топырақтан соққан, үлкен алаңда орналасқан жеке жайларда тұрған. Патша мен оның әскерилері ресми түрде негізгі аймақтарды басқарып, одақтас патшалар мен көсемдерден үстем болған сияқты. Билеуші топ тіпті шалғай аймақтарға тұрақты түрде жорықтар да ұйымдастырған. Мемлекеттің негізін әскери шептер құраған, патша тұрғындар мен соғыс тұтқындарынан мазарлар, сарайлар салуды талап еткен. Патшалықтың бірнеше астанасы да патшаның мәжбүрлеуімен салынуы мүмкін. Қытайдың ХХ ғасырына дейінгі тарихының негізгі белгісі болған орталықтанған басқару жүйесінің негізін Шаң мемлекеті салып берген.

Саньсиндуйдан (Sanxіngduі) табылған қола мүсін. Қоладан құйылған бастар мен маскалар арасынан б.з.д. 1300–1100 жылдар шамасына жататын, салмағы алты футтық қола мүсін шықты. Өзіне еріксіз назар аудартатын бұл мүсіннің тым үлкен қолдары бір затты қысып тұрған еді. Бір кездері пілдің азу тісі осы мүсінді толықтырып тұрған болар. Мүсіннің киімі мен әшекейлерінен қандай ерекшелік байқауға болады? Олар мүсіннің қоғамдағы орны жайлы мәлімет бере ала ма?

Патшалар қолаға негізделген көркем мәдениетке қолдау танытып, оның ықпалы Солтүстік Қытайдың басым бөлігіне жайылды. Месопотамия мен Мысырға қарағанда, Шаң мемлекетінде алып монументтер тұрғызылмағаны белгілі. Бірақ басты қалаларда ғажап қолөнер, әсіресе қоладан бұйымдар жасау шеберлігі дамыды. Археологтар Аньян қаласынан өте бай жабдықталған патша мазарларын қазып алды, соның ішінде әскери қолбасшы әрі император У Диннің (б.з.д. 1250–1192 жылдары билік құрған) сүйікті әйелі болған Хао ханымның да жерлеу орны бар. Хао ханым қабірханасы – Аньяндағы тоналмаған жалғыз Шаң мазары. Қабірханадан жүздеген қола құмыра, қоңырау, қару-жарақ, нефриттен, піл сүйегінен, басқа да жануар сүйегінен, тастан жасалған неше түрлі бұйымдар шықты. Қабірханадан қосымша он алты адам қаңқасының табылуы – мемлекетте адамдарды кең көлемде құрбандыққа шалу дәстүрі болғанын дәлелдейтін мәліметтер қатарын көбейтеді. Шаң заманының діни сеніміне сай, марқұм болған патша өмірін қабірханада жалғас­тырады, сондықтан ақсүйектерден, құлдарынан, күтушілері мен нақсүйерлерінен, сондай-ақ тұлпары мен басқа да жануарлардан құралған таңдаулы топты өзімен бірге о дүниеге әкетуі керек еді. Көп жағдайда құрбандыққа есепсіз тұтқындарды шалған. Олардың саны жүзден асып жығылған кездер де болған шығар.

Ең ерте У Дин заманынан бері Шаң мемлекетінде «бал ашатын сүйектер» деген атпен белгілі, жануарлардың мыңдаған сүйек сынықтарында жазбалар пайда бола бастайды. Шығыс Азия халықтарының ата-бабаға сыйыну дәстүрінің түп-тамыры неолит дәуірінде жатыр, адамдар марқұмдардың рухына арнап құрбандық шалып, сый жасау арқылы ертеңгі күні олардың рақымы мен демеуіне бөленеміз деп үміттенді. Саяси және абыздық қызметті қатар алып жүрген Шаң патшалары ғұрыптық рәсімдер арқылы әулеттерінің ата-бабаларымен тілдесті. Рухтар патшаның жаңбыр, мол астық, соғыста жеңіс, дені сау ұл бер деген тілектерін тылсым күш иелерінің ең жоғарғысы – Диге жеткізе алатын құдіретке ие деген түсінік қалыптасты. Ди көп жағдайда әулеттің негізін қалаған арғы атамен байланыстырылды. Құдайдың ниетін анықтау мақсатында және болашақты болжау үшін арнайы ұйымдастырған рәсімнен кейін ғана көпшілік алдында патша шешім қабылдады. Бал ашудың бір түрінде, шаманның41 көмегімен тасбақа сауыты немесе сиырдың жауырын сүйегін олар сынып кеткенге дейін арнайы жолмен қыздыру арқылы ата-баба рухына немесе табиғи күштерге патша сұрақ қояды. Шаман осы сынықтарды «оқу» арқылы жауап табады.

Қытайдағы алғашқы жазу. Шаң кезеңіне жататын бал ашатын сүйектердегі сызбалардан Шығыс Азияның алғашқы жазу жүйесін көреміз. Кестеде бейнеленген екі сөздің жазылуы пиктографиялық таңбалардан бастап қалай өзгерді?

Бал ашатын сүйектер – Қытай тарихындағы ең алғашқы жазба «құжаттар». Тасбақаның қыздырған сауытын немесе жауырын сүйекті әбден талдаған шамандар мағына мен дыбысты біріктірген таңбаларды пайдалана отырып, олардың бетіне сұрақтарын, түсіндірмелерін жазған. ХХ ғасыр ғалымдарының анықтауынша, бұл белгілер қазіргі Қытай жазбасының негізі болды. Бал ашатын сүйектердегі жазбаларды оқу арқылы тіл мамандары Шаң билеушілерінің есімдері мен қала атаулары жайлы біліп қана қоймай, діни әдет-ғұрыптар, соғыстар, ауыл шаруашылығы және климатқа қатысты қосымша мәліметтерді анықтай алды.

Солтүстік Қытайдағы жазу жүйесі Батыстағы өркениеттердің ықпалынсыз пайда болғанға ұқсайды. Мұндай қорытынды одан да күрделі сұрақтарға жетелейді: б.з.д. үшінші және екінші мыңжылдықтарда пайда болған Солтүстік Қытай мен Батыста орналасқан елдер арасындағы байланыс Шығыс Азияда күрделі қоғамның орнауына қалай әсер етті? Шығыс–Батыс бағытындағы қарым-қатынас Ішкі Еуразия арқылы жүрген тәрізді. Сауда заттары, әдіс-тәсілдердегі жаңашылдық, бидай немесе тағам өсімдіктері дақылдары бір қауымнан екінші қауымға еш қиындықсыз тасымалдануы ықтимал. Ал Шығыс Азия шаруалары шошқаны, тауықты өз бетінше қолға үйретіп, тарының екі түрін қолдан еге бастаған сияқты. Қола өндіру де осы аймақта басқалардан тыс дамыған көрінеді. Ал тұт ағашының жапырағымен қоректенетін жібек құртын пайдалана отырып, жібек мата Қытайдың жетістігі екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Жібек жіптің Мысыр мумиясынан табылуы – көпестердің қытай жібегін б.з.д. 1000 жылдардың өзінде Ніл сияқты Батыстағы шалғай өлкеге жеткізгенінің дәлелі.

Шығыс Азиядағы экономикалық және мәдени қарым-қатынас б.з.д. екінші мыңжылдықта күрт қарқынды дами бастайды. Янцзы алқабындағы Шаң билігі тұрақсыз болғанымен, аймақтың шаруашылықпен айналысатын халқы күріш өсірудің арқасында тоқтаусыз көбейді. Күрішті алғаш рет Оңтүстік Азияның бір бөлігінде қолдан өсірген шығар. Бидай мен тары – солтүстіктің салқын, құрғақ ауа райында, ал күріш – оңтүстіктің жылы, жауынды ауа райында өте жақсы өсті. Шаң заманы тұсында-ақ саудагерлер осы дақылдарға толы қаптарды екі аймақ арасында саудалау арқылы солтүстік пен оңтүстіктің болашақ экономикалық интеграциясының негізін қалай бастады. Шаң мәде­ниетінің айрықша үлгісінде жасалған бай-бағландар бұйымдары мен қола заттар Солтүстік Қытай мен Янцзы алқабынан көп табылды. Осылайша, Шаң мемлекеті өзара әрекеттің кеңейе түскен белдеу орталығы болды, кейін осы әрекет нәтижесінде мәдениеттің қытайлық айрықша нақышы жасалды.

Тарихқа енген малшы халықтар

оЙЛАН: Көшпелі мал шаруашылығына негізделген өмір сүру салты б.з.д. төртінші және екінші мыңжылдықтар арасындағы Ішкі Еуразия халқы санының қарқынды өсуіне қалай әсер етті?

Күрделі қоғамдар Месопотамия мен Мысырда пайда болмай тұрған кезде-ақ, Ұлы Арид зонасының кейбір бөліктерінде айрықша өмір салты қалыптаса бастады. Жауын-шашын көлемі суармалы егіншілікпен айналысуға мүмкіндік бермегенімен, отар-отар қой, ешкі, ірі қара мен түйе келелерін, жылқы үйірлерін бағуға жеткілікті болды. Көшпелі мал шаруа­шылығы42 – қауымдар, негізінен, мал шаруашылығы өнімдерін пайдаланған, кәсіби маманданған қоғам түрі. Бұл қоғам шөлейт аймақты мекендеген халықтың аңшы-терімші қауымдарға қарағанда жылдам өсуіне ықпал етті. (3.1-кестені қараңыз). Б.з.д. екінші мыңжылдықтан басталған Ішкі Еуразия бақташы халықтарының көші мен әскери жорықтар легі далалық аймақ пен әсіресе оңтүстіктегі, батыстағы және шығыстағы аграрлы өлкелердің мәдени және саяси картасын түбегейлі өзгертеді.

Шаман – қауымның пікірінше, табиғи тылсым күштерге немесе жаратылыстарға қатысы бар, болашақты болжау, бақ-береке тілеу немесе адамды емдеп жазу үшін рухтар әлемімен байланысқа түсе алатын адам.

Көшпелі мал шаруашылығы (pastoral nomadіzm) – тіршіліктің негізгі көзі мал өсірумен тығыз байланысты экономикалық және қоғамдық құрылым түрі. Көшпелі малшылар қауымы жайылым мен су көздерін іздеу мақсатында маусым сайын қоныстарын ауыстыра көшіп тұрады.

Жылқылар, салт аттылар және арбалар

Малшы халықтардың халық жиі қоныстанған Ішкі Еуразиядағы аграрлық аймақтарға қарай тарихи маңызы бар көші б.з.д. төртінші мыңжылдық аяғы мен үшінші мыңжылдық ішінде Қара және Каспий теңіздерінің солтүстігіндегі шалғынды далалардан басталды деген тұжырыммен ғалымдардың көпшілігі келіседі. Тарихта Понтий-Каспий даласы (Қара теңіздің грекше атауы – Понтий) деген атаумен белгілі, климаты қоңыржайдан жартылай шөлейтке дейін ауысатын бұл аймақ қазіргі Ресей, Украина және Қазақстанның басым бөлігін алып жатыр. Б.з.д. 5200 жылдардан Оңтүстік-Шығыс Еуропадан шыққан қой және сиыр баққан халық Қара теңіздің солтүстік-батыс жағалауын айнала Понтий-Каспий маңындағы шалғынды далаға қарай жылжи бастаған тәрізді. Ұзақ уақытқа созылған бұл оқиға климаттың жылыну циклі шарықтау шегіне жеткенде басталды. Күннің жылынуы көк шалғын жайылымдардың кеңеюі мен көркеюіне, ал ол мал шаруашылығына негізделген тіршіліктің жалғасуына қолайлы жағдай туғызды. Азғантай дәнді дақылдар өсірген малшылар бірте-бірте терімшілер мен аңшылар қауымдарын жерлерінен ығыстырды. Мекендерінен айырылған олар не жаңа шаруашылық тәсіліне көшті немесе солтүстіктегі суық ормандарға шегінді. Б.з.д. төртінші мыңжылдықтан бастап малшылар қауымы ақырындап Понтий-Каспий аймағын қоныстанып, алыс шығысқа қарай, Қытайға дейін созылып жатқан жазық далаға тарай бастайды.

Беймаза салт атты. Месопотамиядан табылған осы қыш бұйым салт атты өмір салтының Ішкі Еуропадан Оңтүстік-Батыс Азияға Парсы елі арқылы б.з.д. екінші мыңжылдықтың басында таралғанының дәлелі деуге болады. Ат үстінде отырған адам – жауынгер емес. Аттың артқы жағына қарай мінуі оның мал баққанға ыңғайланып отырғанын көрсетеді. Осы суреттегі қандай техникалық жетістік кейінгі атты әскер соғысының дамуына үлес қосуы мүмкін?

Адамдардың далаға жақсы бейімделуінде үш маңызды өзгерістің орны ерекше. Біріншісі, жабайы жылқыны қолға үйрету. Жылқы алғаш рет б.з.д. 4800 жылдар шамасында Понтий-Каспий даласында қолға үйреткен сияқты. Қолға алғаш үйреткен жануар аласа, тарпаңға (Пржевальск жылқысына) ұқсайды. Бүгінгі күнге жеткен жабайы жылқының бұл тұқымы Ішкі Еуразияны мекендейді. Жылқы адам баласымен өзара тәуелді тіршілік етуге өте бейім жан­уар болып шықты. Байтал немесе бие, яғни ұрғашы жылқы үйірге топтасып, иерархияға бағынды десек те болады. Мәселен, мысықта мұндай топтасу инстинкті жоқ. Асау, тарпаң айғыр үйірді иіріп әкетіп отырған. Адамдар жуас биелерді қолға үйрете алатынын байқаған. Адамдар, сондай-ақ айғырлар арасынан жуасын қалай анықтауға болатынын да түсінген сияқты, нәтижесінде жуас айғыр мен жуас байталды шағылыстырып, тұқым алған. Қолға үйреткен жылқы жыртқыш аңдардың көбін басып озды, уақыт өте даланың аязды қысына төтеп беретін жылы жүн жабындысына ие болды. Басқа үй жануарларына қарағанда, жылқылардың қысқы жайылымдарды іздеп табуға септесетін түйсіктер де бар еді. Ірі қара мен қой қар жұқа түскенде ғана шөпті арши алды. Жылқы малы болса, шөп жеу үшін қасат қарды немесе су ішу үшін мұзды тұяғымен тебіндеді.3

Жылқыны азық ретінде алғаш қолға үйреткендер – дала малшылары болуы мүмкін. Уақыт өте адамдар неолит дәуірімен айналысатын бір ғалымның «қосалқы өнім» деп атаған азық түрінің құндылығын ашады4. Атап айтсақ, бие сүті, қаны, жүні, терісі, сүйегі іске жарап, жылқының өзін көлік және соқа жеккен еңбек құралы ретінде пайдаланды. «Қосалқы өнім революциясы» барысында қауымдар табиғи-экологиялық жағдайға сай, егін өнімдерінен гөрі жылқы мен басқа да қолға үйреткен жануарларға тәуелділігі артты5. Б.з.д. бесінші және екінші мыңжылдық аралығында Понтий-Каспий даласындағы қолға үйренген жылқы басы көбейіп, миллионға жетті, осындай орта жағдайында адамдардың ұтқыр тұрмыс-тіршілігі өз жануарлары төңірегінде өрбіді.

Көшпелі мал шаруашылығына негізделген тұрмыс-тіршіліктің екінші негізгі кілті – атқа міну шеберлігі. Бәлкім, б.з.д. 4200 жылдар шамасында, Понтий-Каспий шалғын даласының бір шетінде қайсар бір малшы атқа қарғып мініп, одан сырғып түспеудің амалын жасаған болар. Атқа қонған алғашқы адамдарда не ер-тоқым, не үзеңгі болмады, дегенмен аттан құламау үшін аяғын, ауыздық немесе тізгінді пайдаланды. Ат үстінде отырған адам қолға үйреткен малдың бірталайын қайыра алды. Адал ит ерткен жаяу малшы екі жүздей қой бақты. Салт атты малшы итімен бірге бес жүз басқа жететін малды қайырды6. Ат үстіндегі малшылар отар мен табынды үлкейтті, малды су көздері мен тұрақтарынан шалғайға айдап әкетіп, қайтарында жаяу малшыға қарағанда, уақыт ұтты. Нәтижесінде, салт атты жүріс далалық аймақ шеңберінен шығып, шарта­рапқа тарай бастайды. Мысалы, бұл жаңалықтың Иран арқылы Месопотамияға жеткенін б.з.д. үшінші мыңжылдық аяғына жататын, ат үстінде отырған адамдардың алғашқы бейнелерінен көруге болады.

Далалық шаруашылықтың үшінші маңызды құралы – сиыр, өгіз, жылқы, есек немесе ақыр соңында түйе жеккен екі немесе төрт дөңгелекті арба. Арба жасау технологиясы Понтий-Каспий даласына Оңтүстік-Батыс Азиядан Оңтүстік-Шығыс Еуропа немесе Кавказ таулары арқылы б.з.д. 3500–3300 жылдар аралығында жеткен тәрізді. Ағаштан жасаған берік дөңгелекті арбалар малшылардың өрісін ат үстінде жүргенге қарағанда кеңейте түсті. Ендігі жерде, малшы қауымдардың көші толастамады, олар азық-түлік, құрал-саймандарымен қоса, емізулі сәбилері, кішкентай балалары және қарт адамдарынан тұратын отбасыларын ала жүрді. Арбаларға күймелер жасап, олардың үстін тері немесе киізбен қымтаған кезде өте ыңғайлы ат үсті баспанасы пайда болды. Көшпелі малшылар қауымының кейбір мүшелері аздаған егін өсіру үшін анда-санда қоныстарында қалып отырды. Сондай-ақ олар жабайы дәнектер, шөп-шалам және балдан әзірленген сусындарды да азық ретінде тұтынды. Алайда қоректерінің негізгі бөлігін ет пен сүт өнімдері құрады.

Көшпелі малшылар қоғамы

Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын ежелгі қауымдар туыстық43 негізде ұйымдасты. Адамдардың бір-біріне жақындығы – белгілі бір жерді қоныстануы немесе бір билеушіге бағынуы арқылы емес, ата-бабаларының ортақ болуымен анықталды. Жатжұрттық адамдар туыстастыққа арнайы жосын-жоралғыларды орындаудан кейін сіңісіп кете алды: уақыт өте туысқандар жаңа қосылған адамның бір кездері кірме болғанын әдейі «ұмытып кетті». Малшылар қауымы әулеттерге де бөлінген сияқты, яғни бір атадан тараған бірнеше ұрпақ қан жағынан туысты.

Қабірлерден тапқан деректерге қарағанда, кейбір адамдар мен әулеттер басқаларға қарағанда ауқаттырақ болған, ал бұл – олардың қоғамдық мәртебе мен саяси беделге ие болғанының айқын көрінісі. Осындай ескерткіштерден құрбандыққа жылқы шалып, мәйітті үлкен құрметпен жерлегенін байқайсыз. Демек, ондай қабірлердегі марқұм тіршілігінде қоғамдық және саяси мәртебесі айрықша болған. Ірі қара мен қойды құрбандыққа жиі шалған. Атқа міну мен арбаның тұрмыс-тіршілікке кірігуі алғыр, еңбекқор немесе жолы болғыш отбасыларға мал табындарын үсті-үстіне көбейтуге мүмкіндік берді. Малы көп отбасылар қарапайым халыққа қарағанда, едәуір билікке ие болды. Себебі басқа бай-бағландармен сый-сияпат алмасу үшін малдары жеткілікті еді, кедей малшыларға жалға пұл берді, малының арқасында одақтастар мен бағынышты жақтастарды көбейту мақсатында көпшілік қауымға арналған сауық-сайран өткізіп, жерлеу кезінде құрбандық шалды. Байлар арасында қыз алысу дәстүрі орныға бастады, қыз болашақ күйеуінің үйіне көшкендіктен, қалыңдықтың әке-шешесі жұмыс күшінен айырылды деген түсінікпен өтем ретінде қалың мал төледі.

3.1-КЕСТЕ. ҚОҒАМ ТҮРЛЕРІНІҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ КЕСТЕСІ

Категория

Көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын қоғамдар

Күрделі аграрлық және отырықшы қалалық қоғамдар

Шаруашылығы

Негізінен, қолға үйреткен жануарлардан өнім алды, кей жағдайда өнім артығымен жиналды; егіншілік екінші орында тұрды.

Егіншілік бірінші орында, қолға үйреткен малдан өнім алу екінші кезекте тұрды, екі шаруашылықтан және қала мен қыстақтардағы өндірістен артық өнім жинақталды.

Қоныстары

Көшпелі тұрақтар немесе жылдың бір мезгілінде ғана пайдаланатын тұрақты қоныстар.

Қалалар, қалашықтар, қыстақтар.

Кәсіптері

Халықтың басым бөлігі малшылықпен айналысты; шағын топтар ұста немесе тоқыма өндірісі сияқты кәсіптермен шұғылданды.

Халықтың басым бөлігі егіншілікпен айналысты; шағын топтар өздерін толығымен бір кәсіпке арнады немесе қаланың еңбекшілері қатарына қосылды.

Әлеуметтік құрылым

Әлеуметтік таптарға бөліну тұрақсыз немесе өзгермелі; аздаған адам мен отбасылар саяси және діни көсемдер ретінде мәртебеге ие; қоғамдық қатынастар туыстық қатынасқа негізделді.

Әлеуметтік таптардың тұрақты иерархиясы: а) билеушілер мен ақсүйектер; ә) білікті мамандар, шеберлер; мамандар; б) шаруалар және қала еңбеккерлері; в) көптеген қоғамдарда құлдық жүйе; жергілікті жерлерде туыстыққа және мемлекеттік деңгейде билеушіге бағынуға негізделген әлеуметтік қатынастар.

Гендерлік қатынастар

Негізінен, патриархаттық қоғам, алайда ер адамдар мен әйелдер шаруашылықта қатар еңбектенді, әсіресе мал бағуға қатысты шаруалар ортақ болды.

Патриархаттық қоғам; әйелдердің негізгі бөлігі үй шаруашылығымен ғана шектелді.

Саяси ұйымдасуы

Туыстыққа негізделген топтардың жергілікті деңгейден жоғары деңгейге дейінгі иерархиясы, әдет не отбасылық топтардың уақытша конфедерациясы, басшылықты бейресми түрде жеке тұлғалар, ақсақалдар немесе элиталық бар отбасылар атқарды.

Орталықтанған басқару жүйесімен, авторитарлық билікпен, лауазымды адамдардың иерархиясымен және тұрақты салық жүйесімен сипатталатын мемлекеттер.

Заңдары

Қауымдардың немесе әскери көсемдердің мақұлдауымен іске асырылатын, негізінен, жазылмаған әдет-ғұрып заңдары.

Мемлекет тарапынан жүзеге асатын, көп жағдайда жазбаша жинақталған күрделі азаматтық және қылмыстық заңдар.

Технологиялық өзгерістер

Технологиялық жаңалықтардың баяу қарқыны; ауық-ауық, әсіресе әскери салада жетістіктерге жетті.

Адам баласы тіршілігінің барлық саласында үздіксіз, көп жағдайда әркелкі технологиялық және ғылыми жаңалықтар жасалып отырды.

Ортасы

Уақытша, ұтқыр құрылымдар; кей жағдайда көшпелі малшылардың қарамағына қамалдар немесе қалашықтар қарады.

Қала тұрғын үйлерінің тығыз салынуы; бекіністердің, ғибадатханалардың, сарайлар мен мазарлардың, халық жиналатын орталық алаңдардың зәулім құрылысы.

Қарым-қатынас орнату

Қоғамның басым көпшілігі сауатсыз, жазу жүйесін элита қолданды.

Жазу жүйесі мен символдар арқылы ойды білдірудің күрделі сипаты; жеке таңдаулы топтардың ғана хат тануы.

Дін

Жергілікті құдайлар мен басқа да тылсым рухтармен байланысты наным-сенімдер мен жосын-жоралғылар; тылсым дүние патшалығымен байланыс орната алатын діни адамдар; б.з.д. бірінші мыңжылдықтан бастап кейбір көшпелі малшы қоғамдарының негізгі сенімдер жүйесін ұстануы.

Көбіне орталық саяси билікпен байланысты күрделі наным-сенім жүйелері мен жосын жоралғылар, діни адамдар тобы, хатқа түскен діни мәтіндер; Конфуцийлік, буддизм немесе христиандық сияқты негізгі діни жүйелердің қалыптасу орталықтары.

Мал шаруашылығына негізделген еңбек бөлінісі. Артықшылықтарға ие отбасылардың пайда болуы жоғары және төменгі топтар арасындағы айырмашылық халқы тығыз орналасқан аграрлық қоғамдардағыдай алшақтап, нығая түсті деген сөз емес. Керісінше, мал шаруашылығы малшы қауымның еркегі, әйелі, баласы сияқты әр өкілінің белсенді әрі ерікті түрде ұжымдасуын қажет етті. Кейінгі кезеңдердегі малшы қоғамдардан білгеніміздей, үлкендер арасындағы таза эгалитарлық қарым-қатынас сақталған. Қауым әйелдерінің тек үй шаруасы мен бала жеткізудегі икемін ғана емес, сондай-ақ мал жайғаудағы еңбегін де бағалауына тура келді.

Қытай әскери арбасы. Аньяндағы Шаң әулетінің қорымдарынан жылқылар мен әскери арбалардың қалдықтары табылды. Әскери арба технологиясы жайлы білім Ішкі Еуропадан Солтүстік Қытайға б.з.д. 1200 жылдар шамасында жеткен. Шаң билеушілерінің қабірлеріне осы заттарды не үшін қоса жерледі деп ойлайсыз?

Көшпелі мал шаруашылығының өрісі кеңейіп, малшы қауымдар жайылымдар мен су көздерін иемденуде табанды талас-тартысқа түскен тұста ер-азаматтар әскери өнер мен батырлықты жоғары бағалайтын «жылқы мәдениетінің» қыр-сырына қаныға бастады. Алғашқы шабандоздар мен барымташылар Понтий-Каспий даласынан шыққан көрінеді. Жерлеу ескерткіштеріндегі жоғары дәрежеге ие жауынгерлердің көпшілігі ер адамдар болғаны анықталғанымен, археологтар кей жерлерден сауыт-сайман киген әйел адамдардың қаңқаларын да тапты. Яғни әйелдер де ара-тұра жорықтарға қатысып, қан майдандарда ерліктерімен көзге түсті.

Жылдам жүріске арналған бір немесе бірнеше ат жеккен қос дөңгелекті шағын көліктің – әскери арбаның да шығу тегі далалық жылқы мәдениетімен байланысты сияқты. Каспий теңізінің солтүстік-шығысындағы жазықта орналасқан Сынтас (Sіntashta) деген атаумен белгілі ежелгі ескерткіш қабірлерінен әскери арба мен оларға жегілген жылқылардың қалдықтары табылған. Б.з.д. 2100 жылдарға жататын бұл жәдігерлер мың жылға жуық кезеңге созылған жаңа кезеңнің басталуына жол ашты, бұл уақыт аралығында әскери арба Афроеуразияның түкпір-түкпіріндегі қауымдардың соғыс өнері мен саяси рәсімдерінде аса зор маңызға ие болды.

Әскери арба, негізінен, ауыр дөңгелектерден гөрі, шабақты қос дөңгелектен, арбакеш және бір-екі жауынгер тұратын арба қорабынан және ат әбзелдерінен тұрды. Әскери арбаның мақсаты – шайқасу, жаудың зәресін алу және күш-қуатты таныту. Ұрыс алаңында бір жауынгер ат айдаса, екіншісі ұшы қоладан жасаған қару лақтырды немесе садақ атты. Кей жағдайда үшінші жауынгер қалған екеуін қорғау үшін қалқан ұстады. Сынтас пен көрші қоныстардың берік бекінісіне қарағанда, аймақта соғыс өрті жиі-жиі тұтанып тұрған. Оған жайылымдық жерлерге талас-тартыстың көбеюі бірден-бір себеп болса керек. Жауынгер жасақтары арасында мыс пен қалайының Инд пен Месопотамияға тасымалын бақылауда ұстау үшін қарулы тартыстардың да бұрқ ете қалуы ықтимал. Әскери арбалар шығыны көп көлік түріне жатты, арбаның қорабына керек ағаштарды иіп, бір-біріне жалғау асқан шеберлікті талап етті. Ат әбзелдеріне қола мен теріден жасалған бұйымдар керек болды. Жылқылар мен арбакештің арнайы дайындығы да маңызды еді. Жауынгерлерге найза мен садақты аса дәлдікпен көздеуді үйрету оңай жұмыс болмады. Нәтижесінде, қолында қаражаты мол, одақ құруға қауқары жететін, жақтаушылар қатарын тарту-таралғылар арқылы көбейте алатын адамдар ғана әскери арбалар ұстай алды. Қысқасы, әскери арбалар қарапайым сарбаздың қолы жете қоймайтын, ақсүйек жауынгерлердің ғана еншісіне тиетін қару түріне айналды. Қалай дегенмен де, әскери арбалардан құралған жасақтар салыстырмалы түрде алыс қашықтықтарда әрекет ету арқылы кең көлемді әскери жорықтарды ұйымдастыруға мүмкіндік берді, яғни далалық аймақта осыған дейін болмаған ауқымда мемлекет құруға септесті.

Аграрлық қоғамдар мен қоныс аударған халықтар тоғысы

ОЙЛАН: Үндіеуропалық тілде сөйлейтін халықтардың қоныс аударуы Афроеуразияның бірнеше аймағында б.з.д. екінші мыңжылдықтағы саяси, қоғамдық, мәдени өзгерістерге қандай үлес қосты?

Б.з.д. 3300 жылдар төңірегінде мал шаруа­шылығымен айналысатын қауымдар Понтий-Каспий даласынан көрші аймақтарға қарай қоныс аудара бастады. Бұл көші-қон себептерінің бірі – аймақ климатындағы құрғақшылық циклінің басталуы, халық санының өсуі мен алыс сапарға аттануға көмектесетін жағдайларды жетілдіре алуы. Саны көбейген халықты қоршаған орта асырауға шамасы жетпеген кезде, басқа жерге қоныс аудару азық тапшылығы мен толастамайтын соғыстарға қолайлы балама болды. Халықты мекендерінен басқа жаққа көшуге не мәжбүрлесе де, көш қарқыны б.з.д. үшінші және екінші мыңжылдықтарда Қара теңізді жағалай отырып Оңтүстік-Батыс Азияға қарай – оңтүстік бағытта, Еуропаға қарай – батыс бағытта, Иран мен Үндістанға қарай – оңтүстік-шығыс бағытта, қазіргі Қытаймен шекаралас жатқан далалық аймаққа қарай – шығыс бағытта үдей түсті. Осы көш барысында қаншама адам қоныс аударғаны жайлы нақты бірдеме айту қиын, өйткені жүйесіз әрі үзік- үзік сипаттағы бұл үдеріс ғасырларға созылды. Көшті халықтардың кенеттен ағыла қоныс аударуы немесе бір тайпаның басқыншылық жорықтар жасауы деп анықтауға да болмайды.

3.2-КАРТА. Үндіеуропа тілдерінің таралуы

Үндіеуропа тілдері немесе тіл семьялары белгілі бір бағытта тарады десек, осы тілдерде сөйлетін халықтар да дәл сол бағытта көшті деп қорытынды жасауға бола ма?

Үндіеуропа тілдерінің тармағы. Бұл дарақта басқа қандай үлкен тілдер жоқ?

Тарихшы-лингвистердің анықтауынша, қоныс аударған халықтар негізгі грамматикалық элементтері мен сөз тұлғасы ортақ тілдерде сөйлеген. Туыс­тас тілдердің бұл семьясын үндіеуропа тілі деп атаймыз. Осы семьядағы тілдер ортақ ата тілден тараған. Осы тілдердің түп атасын ғалымдар прото-үндіеуропа тілі деп анықтады. Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, Понтий-Каспий аймағын б.з.д. 4500–2500 жылдар аралығында қоныстанған халықтар осы тілде сөйлеген. Келесі мыңжылдықтар ішінде үндіеуропа тілі жан-жаққа тарады. Қазір дүниежүзіндегі үш миллиардтан аса халық сөйлейтін бұл тілдер қатарына ағылшын, испан, неміс, грек, орыс, парсы, күрд, хинди, т.б. тілдер кіреді.

Барлық тілдер уақыт өте өзгеріске ұшырайды, бір тілде сөйлеген халық бір-бірімен байланысын үзген бірнеше бөлікке бөлінген кезде олардың тілдері де барған сайын алшақтай береді. Үндіеуропа тілінде сөйлейтін халықтар әртүрлі бағытта тарауына қарай ата тіл бірнеше лингвистикалық тармақтарға, топтарға, жеке тілдерге бөлінді. Үндіеуропа тілінде сөйлеген халықтардың мәде­ниетінің негізгі тұстары, өмір сүру салты мен діні, ділі де міндетті түрде ортақ болды деген сөз емес. Қазіргі үндіеуропа тілдерін салыстырған ғалымдар ежелгі протоеуропалық тілдің негізгі сөздік қорын қайта қалпына келтірді. Ежелгі тілдің құрамында кәмшат, аю, қайың ағашы сияқты сөздердің болуына қарап, осы тілде сөйлеген халықтың қоңыржай климатта өмір сүргенін байқаймыз. Сондай-ақ жылқы, қой, дөңгелекті арба, соқа ұғымдарын беретін сөздерден прото-үндіеуропалықтар малшылық және егіншілікпен қатар жүргізді деген де қорытынды жасауға болады.

Әскери арбамен соғысу өнерін таратқан үндіеуропалық малшылар көші Батыс Еуропа мен Жерорта теңізі алқабынан Оңтүстік Азияға, тіпті Қытайға дейін созылып жатқан бірнеше аграрлық елдердің тарихында жаңа серпінді элементтердің де пайда болуына әсер етті. Халқы тығыз орналасқан аграрлық қоғамдар мен малшы қоғамдар арасындағы қарым-қатынас түрлі бағыттарда өрбіді: отырықшы және малшы қауымдар тиімді сауда және мәдени қарым-қатынас орнатуы мүмкін; аграрлық аймаққа дендеп ене бастаған малшы қауымдар кейде өмір сүру салттарын сақтаса, кейде егін шаруашылығына ауысып тынады; кей кездері ат жалында ойнаған көшпелілер отырықшы және қалалары гүлденген жерлерге басып кірді, аграрлық мемлекеттердің билеушілері оларды қайтадан далалары мен шөлдеріне ығыстырып тастаған кездер де болды; атты әскерлер бір орталыққа бағынған патшалықтарды ауық-ауық басып алып, билеуші топ ретінде үстемдік те етті.

Туыстық – некелесу арқылы туысқан немесе шығу тегі бір адамдардың бір-біріне жақын екенін білдіретін ұғым. Қан жағынан бір-біріне еш қатысы жоқ адамдар әлеуметтік немесе мәдени себептер негізінде де біріге алды.

Оңтүстік-Батыс Азиядағы үндіеуропа тілдерінде сөйлейтін халықтар: Хетт империясы

Ішкі Еуразия даласынан көшкендер б.з.д. үшінші мыңжылдықта Анадолыға (қазіргі Түркия) жетті. Анадолыға жылқы жайлы білімі терең, басшы және артынан ерген жақтастар арасында одақ құру мен туыстық байланыстарға баса назар аударатын саяси мәдениетке ие халық келді. Олар Шығыс Анадолының шөбі шүйгін қырларында жылқыларын және басқа малын бағып, жергілікті егінші қауыммен мидай араласып кетті. Б.з.д. ХVІ ғасырда хеттер деген атаумен белгілі Анадолы қауымы Орталық Анадолыға толық үстемдік орнатты. Хетт сөзі олар сөйлеген үндіеуропа тіліне де, олар дәріптеген жауынгерлік мәдениетке де қатысты атау болды. Осы өлкеде олар Хетти (Хетт) патшалығының негізін қалады. Алты ғасырға жуық уақыт ішінде Хетт ақсүйектері бірыңғай тәртіпке бағынған империя құрды, патшалары заң үстемдігін орнатып, қол астындағы алуан түрлі халықтардың жергілікті салт-дәстүрлерін сақтады.

Хаттуса қаласының арыстандар күзеткен қақпасы. Қамалдың кіре берісінде тұрған, биіктігі жеті фут болатын қаһарлы екі арыстан Хетт астанасын қорғап тұрған сақшылар іспетті. Патша билігін арыстандардың қорғауы – ежелгі Оңтүстік-Батыс Азияға тән сарын. Сол жақта тұрған арыстанның бет-бейнесін таяуда ғана қайта қалпына келтірген.

Археологтар Анадолының солтүстік орталығында орналасқан Хеттидің сәулетті астанасы Хаттусаның үйінділерін қазды. Қалада зәулім сарай кешені, хеттердің құдайлар пантеонына арналған ғибадатханалары, даңғарадай бекіністері мен екі алып арыстан күзеткен негізгі қақпасы болған. Хетт хатшылары Месопотамияда пайда болған бабыл сына жазуын қолдана отырып, қыш тақтайшаларға түсірген мыңдаған ресми құжат жасаған. Осы күнге дейін сақталған, ғалымдар шамамен б.з.д. 1900 жылдарға жатқызған тақтайша сынықтары – үндіеуропа тілінде жазылған жазба үлгілердің ең көнесі.

Оңтүстік-Батыс Азияда ертеректе билік құрған патшалар жолымен Хетт билеушілері де өздерін құдай өкілі ретінде, солардың еркімен жерде тәртіп орнатып, елді қорғап отырмыз деп есептеді. Абыздар тобы құдайларға сыйыну мен діни құрбандықтардың басында тұрды, алайда патша құдайлар арасындағы жоғарғы әмірші Найзағай құдайының бас абызы қызметін атқарды. Бір сына жазбасында былай дейді: «Аспан, Жер және адамдардың иесі тек Найзағай құдайы. Ол ... патшаны басқарушы етіп жаратты және оған Хеттидің түгел жерін ұсынды... найзағай құдайы ... адамына, патшаға және шекарасына (Хетти) кім жақындаса, соның көзін құртсын!»7. Әдеттегідей, патшаның бірнеше әйелі болды, бірақ ұлы патшайым немесе дәрежесі жоғары әйелі мемлекеттің ішкі жұмыстарына үлкен ықпал жасады.

Хеттер экономикасы егіншілер мен малшыларға негізделді, олардың басым бөлігі үндіеуропалықтан басқа, көне тілдерде сөйлеген халықтардың ұрпағы болатын. Халық өнімдерінің бір бөлігін әкімшілік жүйені, әскерді және патша сарайын қамтамасыз ету мақсатында мемлекетке өткізді. Бара-бара ұлғайған патшалық қарамағына Анадолының аса маңызға ие мыс, күміс және қалайы кен орындары өтті. Бұл заттарды саудалайтын базарлар Месопотамия, Сирия және Мысыр қалаларында өте көп еді, қайтарымы ретінде бұл аймақтар зығыр мен жүн маталар, күміс, қорғасын және қола бұйымдарды ұсынды.

Сауда жолдары мен қалалардың одан да үлкен аумағын бақылауда ұстау мақсатында болар, б.з.д. 1400 жылдардан кейін хетт әскері Анадолының түгелге жуық бөлігін жаулап алып, оңтүс­тікке қарай жылжып, Сирия мен Жерорта теңізінің Левант жағалауына басып кірген тәрізді. Әскердің өзегі жаяу әскер болғанымен, әскери арба қосындары жау жасақтары арасында үрей тудыру мен сап қатарын ыдырату қызметін өте жақсы атқарды. Арбаға жегілетін жылқыларды үйрету мен баптау ұзақ уақыт пен біраз шығынды қажет етті. Б.з.д. ХІV ғасырдағы Киккули есімді бір атбегі жылқылардың бабы жайлы білгенін тәптіштеп жазып қалдырды. Қыш тақтайшада хетт және аккад тілдерінде мынандай нұсқаулар жазылған:

«Жылқыларды жайылымға жібергенде, оларды тұсаулап қояды. Оларға 3 мильдей қашықтықта жортуға, 7 алқаптай жерде шабуға еркіндік береді. Қайтар жолда 10 алқаптан артық жерде шабуына мүмкіндік береді. Сосын оларды босатады, жем-шөбін береді, суарады. Кейін оларға 1 уыс бидай, 2 уыс арпа мен бір уыс шөпті араластырып береді. Жылқылар оны жеп алады»8.

3.3-КАРТА. Шығыс Жерорта теңізі алқабында б.з.д. екінші мыңжылдықта өмір сүрген негізгі мемлекеттер

Мысырдың Жаңа патшалығының кеңеюін тек солтүстік–оңтүстік бағытта жүргенін қандай факторлардың көмегімен түсіндіруге болады?

Месопотамия мен Сириядағы мемлекеттер

Оңтүстік-Батыс Азия жерінде Тигр-Евфрат алқабының қала тұрғындары мен көрші таулы аймақта орналасқан елдер мен дала малшылары арасындағы қарым-қатынас бейбіт сауда-саттықтан қарулы қақтығысқа дейін алмасып отырған екіұшты сипатта болды. Дүниежүзінің бізге белгілі ең алғашқы аграрлық империясы Аккадтың б.з.д. 2191 жылы күйреуінің (2-тарауды қараңыз) бір себебі – шығыстағы Загрос тауларын мекендеген халықтардың шапқыншылығы болатын. Б.з.д. екінші мыңжылдықтың басында малшылар Месопотамия­ның батыс өлкелерінен, Сирия–Араб шөлінен көптеп қоныс аудара бастады (3.3-картаны қараңыз) деген болжамдар бар. Көне сына тақтайшаларынан аморейлер деген атаумен белгілі болған бұл дала малшылары үндіеуропалыққа жатпайтын, бірақ афроазиаттық тілдер семья­сына кіретін, қазіргі араб және иврит тілдерінің түп атасы болған семит тілінде сөйледі. Негізінен қой, ешкі және ірі қара өсірген бұл халық арасында жер өңдеумен де шұғылданды. Б.з.д. 2200 жылдар шамасында Оңтүстік-Батыс Азия аймағында басталған ұзаққа созылған құрғақшылық кезеңінің әсері болар, аморейлер тайпасы бірте-бірте суармалы алқаптарға ене бастайды. Осы алқап тұрғындарымен жерге таласты, қала-мемлекеттердің әскерлеріне жалданды, күш-қуат­тарына сенімділік пайда болған кезде қалаларға шабуыл жасады. Келесі екі ғасыр ішінде кейбір аморей билеушілері малшылықтан бас тартып, ауқатты жер иеленушілер мен қала мәдениетін қолдаушыларға айналды.

Б.з.д. XVІІІ ғасырда, Месопотамиядағы Вавилон (Бабыл) қала-мемлекетінің билеушісі және аморей малшыларының ұрпағы Хаммурапи (б.з.д. 1792–1750 жылдары билік құрды) осыдан бес жүз жыл бұрын Аккад патшасы Саргонның бірігу жайлы көтерген идеясын жандандырды. Қырық екі жылға созылған әскери жорық барысында Хаммурапи Вавилон билігін Парсы шығанағынан Евфраттың жоғарғы ағысына дейін кеңейтеді. Саргонның жолымен Хаммурапи да өлкедегі егін шаруашылығы мен қолөнер өндірісіне салық салуға және көрші жерлерден Месопотамияға ағаш, мыс, қалайы және күміс сияқты аса маңызды шикізаттардың кедергісіз ағылып тұруын қадағалауға тырысты. Нәтижесінде бір орталыққа мүлтіксіз бағынған басқару жүйесін құрды, барлық жағдайды жеке бақылауында ұстады, әмірін қалтқысыз орындайтын шенділерді алқап бойының әр тарапына орналас­тырды. Әлеуметтік тап жіктелісі одан әрі айқындала түсті, себебі Саргон ұсынған басқару құрылымы жеке меншік пен сауда кәсіпкерлігін дамытуға жағдай жасады, ал ол өз кезегінде шағын топтың аздаған байлық жинауына шексіз мүмкіндіктер берді.

Хаммурапи заңдары жазылған тас сынтас. «Аяғы ауыр еркін әйелге қол көтеріп, баласы түсіп қалса, он шекель құн төлеуі керек». Бұл бап Хаммурапи патшаның бұйрығымен қара диорит тасқа ойған 282 баптан тұратын месопотамиялық заң жинағының біреуі ғана. Бағананың жоғарғы жағына Хаммурапиге бата беріп, заңдар жинағын ұсынған, тақта отырған Күн құдайы – Шамаш бейнеленген. Хаммурапи заң үлгілерінің қарапайым қыш тақтайлардан гөрі тасқа бәдізделуін не үшін қалады?

Сына жазуының мемлекеттің басқару құралы ретіндегі маңызы арта түсті. Хаммурапидың аккадтық семит тілінде қыш тақтайшаларға жазған жүз елуге жуық ресми хаттары бүгінге дейін жеткен. Ең атақты құжат – биіктігі сегіз футтық тас бағанаға немесе тақтаға қашалған жазба ретінде сақталған, 282 баптан тұратын Хаммурапи заңдар жинағы. Ұрлық-қарлық, жекеменшікке қатысты дауларды, суару жүйесін басқару, некелесу, сауда қатынастарын және жеке бас жарақаттары сияқты мәселелерді қамтитын бұл баптар билеушінің тәртіп орнаған мемлекет құру мен сот төрелігінің әділетті болуына деген ұмтылысының жарқын көрінісі. Вавилон қазылары сот істерінде әділ болуы керек, қазының негізгі міндеті – куәгерлер жауаптарын тыңдау, дәлелдерді мұқият саралау, келісімшарттарды жан-жақты талдау және үкім шығару еді.

Қайсар мінезді Хаммурапи б.з.д. 1750 жылы дүние салады, көп ұзамай Аморейлер империясы ыдырап кетті. Месопотамияның әртүрлі қала-мемлекеттерінің әрқайсысы бір жарым ғасырға жуық уақыт бойы өз бетінше өмір сүргенімен, Вавилон қала-мемлекеті шумерлік және семиттік мәдени дәстүрлерді берік сақтап қалды.

Б.з.д. екінші мыңжылдығы ортасында Оңтүстік-Батыс Азияда тағы екі маңызды мемлекет бой көтерді. Біріншісі, болжам бойынша Тигр-Евфрат алқабының шығысындағы таулардан қоныс аударған жауынгер халық – касситтердің басқаруымен қайта жанданған Вавилон. Семит тілінде сөйлеуі мүмкін деген касситтер сағыста әскери арбаларды қолдануға құмар болатын. Б.з.д. 1500 жылдар шамасында толығымен біріккен Оңтүстік Месопотамияны олар Евфрат бойында орналасқан Вавилоннан басқарады.

Екінші мемлекет – қазіргі Сирияның негізгі аумағын алып жатқан Евфраттың жоғарғы ағысындағы құнарлы алқапта дәл осы уақыт тұсында негізі қаланған Митанния болатын. Митаннияның әскери элитасы мемлекетті әскери арбалы басқыншылар ретінде құрғанға ұқсайды, туған тілдері де үндіеуропа тілі қатарына жатқан болуы керек, алайда кейін олар жергілікті тілді қабылдайды. Екі ғасырдан аса уақыт бойы осы патшалық Евфраттың солтүстік аймағында үстемдік етті, сауда қарым-қатынасының басты жолдарын бақылауда ұстады.

Ахэнатен (Эхнатон) мен оның отбасы. Жаңа патшалық перғауыны Ахэнатен (Эхнатон) Мысырдың дәстүрлі дінінен үзілді-кесілді бас тартып, басқа құдайлар арасынан Атен (Атон) құдайды ұлықтауымен тарихта қалды. Өзін, яғни Ахэнатенді Атен құдайдың жердегі көлеңкесі деді. Дін қызметкерлері және мысырлықтардың басым көпшілігі оны осы әрекеті үшін жақтырмаған тәрізді, сол себепті перғауынның жаңа ілімінің ғұмыры қысқа болды. Мына бедерлі әктастан жайдары Ахэнатеннің, оның жұбайы Нефертити мен үш баласының үйде отырған кейпін көруге болады. Атен оларға сәуле шашып тұрған Күн дискі ретінде бейнеленген. Осы көрініске адамшылық және отбасылық жылылық реңкін білдіретін қандай белгілерді байқадыңыз?

Ніл алқабындағы Орта патшалықтан Жаңа патшалыққа дейін

Оңтүстік-батысқа қарай ойыссақ, Мысырдағы тоғыз жүз жылдан аса уақытқа созылған Ежелгі патшалықтың дәурені бытыраңқылық салдарынан б.з.д. 2160 жылдар төңірегінде аяқталады (2-тарауды қараңыз). Ғалымдар арасында Бірінші өтпелі кезең деген атаумен белгілі болған азаматтық қақтығыс­тар бір ғасырдан аса уақыт бойы жалғасты. Б.з.д. 2040 жылдар шамасында Жоғарғы Мысырды құнарлы атыраумен (Төменгі Мысыр) қайта біріктіруге қау­қары жететін әскери күш-қуат жинаған саяси топ Орта патшалықтың Он бірінші және Он екінші әулеттер перғауындарының билігіне (б.з.д. 2040–1786 жылдар) жол ашады. Бұл патшалар Мысырдың көп сатылы бюрократиясын қайта жандандырып, одан ары кеңейтеді, ирригация инженерлері өңдеуге келетін мыңдаған акр алқаптарды патшалық жеріне қосады. Перғауын әскерлері өзеннің жоғарғы ағысымен шалғайдағы Нубияға (қазіргі Оңтүстік Мысыр және Солтүстік Судан) дейін барып, перғауын билігін Африканың ішкері аймақтарына орнатады. Африканың бұл аудандары бұған дейін Мысыр билігіне бағынбады. Шығыс Жерорта теңізінің сауда-саттық жүйесі жетілген сайын патшалар Эгей алқабы, Миной Криті және Левантпен теңіз жолдары арқылы тығыз байланыстар орнатуға талпынды.

Мысырдың қайта қалпына келген біртұтас­тығы мен өркендеуіне қарамастан, қарулы басқыншылардан төнген қауіп күшейе түсті. Мысырлықтар «жат ел билеушілері» – гиксостар деп атаған шапқыншылар б.з.д. ХVІІ ғасыр ортасында атырауға басып кіріп, атырау мен Жоғарғы Мысырдың жартысын бағындырады. Гиксостар Сирия мен Анадолыдан қоныс аударған малшылар мен әскери арба жауынгерлерінен құралған болуы керек, олардың біразы семит тілдес болса, қалғандары үндіеуропа тілінде сөйледі. Олардың құрамында осы дәуірде Оңтүстік-Батыс Азия аумағында кеңінен тараған еркін жауынгерлердің бір түріне жататын жалдамалы әскерилер мен қарақшылардан құралған топтар да болған сияқты. Гиксостардың Мысырды демде жаулап алуының екі себебі болды: біріншіден, Орта патшалық ол кезде саяси бытыраңқы еді; екіншіден, гиксостар мысырлықтарға қарағанда әскери арба мен қола қару-жарақпен соғысудың хас шебері болатын. Б.з.д. 1648 жылдардан екі ғасыр бойы гиксос патшалары Төменгі Нілде билігін жүргізді, заңды перғауын дәрежесіне көтеру талпыныстары мен Мысыр мәдениетінің қорғаушылары ретінде көрсету әрекеттері қанағаттанарлық нәтиже бермеді.

Өзеннің жоғарғы ағысында, Нубия жерінде, Нілдің Үшінші және Төртінші ағындары арасында орналасқан Керма патшалығы гиксостардың басқыншылығын Мысырдың құрсауынан құтылып, Африкада аймақтық күшке айналу үшін пайдалануға тырысты. Нубиядағы ең ежелгі мемлекет б.з.д. 2400 жылдар төңірегінде пайда болып, ғасырлар бойғы тарихы Мысырдың саяси және мәдени ықпалының кеңейген немесе әлсіреген циклдеріне тәуелді болды. Гиксос кезеңінде Керма егіншілік пен мал шаруашылығы, солтүстіктегі Жерорта теңізі алқабына қарай ағылған алтын, піл сүйегі, эбен ағашы, ірі қара мал, ағаш және құлдар саудасы арқасында өркендейді.

Кейін б.з.д. ХVІ ғасырдың басында әскер жинаған Мысыр шонжарлары гиксостарды алқаптан қуып шығады. Бұл оқиға Жаңа патшалық (б.з.д. 1540–1070 жылдар) тарихын бастады, осы дәуірде Мысырдың күш-қуаты осыған дейінгі патшалықтар қол жеткізе алмаған шекараларды қамтыды. Жаңа патшалықтың Он сегізінші әулетіне жататын перғауындар Нілдің жоғарғы ағысында билігін қайта орнатып, Нубия билеушілеріне Мысырға біржолата тәуелді екенін мойындатты. Солтүстік-шығыс жақта олар гиксостарды Оңтүстік-Батыс Азияға қарай шегіндіріп қана қоймай, Анадолының шекарасына дейінгі Левантты жаулап алды. Гиксостардан сабақ алған мысырлық қолбасшылар әскери арба технологиясы мен онымен соғысу тәсілдерін сан мәрте жетілдірді.

Мәйіттің аузын ашу рәсімі (Openіng of the Mouth Ceremony). Марқұмның о дүниеге аман-есен жетуіне көмектесетін дұғалардан тұратын «Өлілер кітабына» (Book of the Dead) тиесілі папирустағы мына суретте дүние салған Хонофер есімді хатшыға арнап діни жоралғылар өткізу сәті бейнеленген. Марқұмның сезімдері мен дене күшін тірілту үшін өзгелер мумияның аузын ашу рәсімін жасап тұр. Оң жақта тұрған ақ бағанада иероглифтер таңбаланып, үстіңгі жағында тақта отырған құдайдың алдында тік тұрған Хоноферді бейнелеген. Дәл осы суретті 137-беттегі Хаммурапи сынтасындағы суретпен салыстырыңыз. Екі суреттен де байқайтынымыз, құдай түрегеп тұрса, онда алдындағы адамнан биігірек болар еді.

І Тутмос, ІІІ Тутмос, Хатшепсут (Тутмоспен қатар билік құрған Жаңа патшалықтағы жалғыз әйел перғауын) және Эхнатон (Ахэнатон) (б.з.д. 1493–1335 жылдар) билігі тұсында империядағы тұрақтылық сақталып, одан ары өркендегенін атап өту керек. Бұл билеушілер алдыңғы патшалар қалыптастырған Мысыр бюрократиялық билік жүйесін бұрын-соңды болмаған деңгейге шығарады. Тебесте (Фивы) орналасқан сарайлар мен ғибадатханалардың зәулім кешендерінен ел басқарған құдай сипатты билеушілер мемлекетті толығымен уысында ұстап, мыңдаған шонжар мен тұрақты әскердің көмегімен Мысыр шаруаларының экономикалық тіршілігін толық реттеп отырды. Сыртқы сауда да солардың тікелей қарамағында болды. Империя кеңейген сайын Жерорта теңізі аймағы мен Нубиядан келген саудагерлер Мысырда тоғысып, шапқыншылық перғауынның сауда өкілдері арқылы іс жүргізуге мәжбүр болды. Соның өзінде, мемлекеттік сауда, басып алған жерлерден түскен алым-салық, әскери олжалар ретінде алқапқа байлық ағылып келіп жатты. Нубияға және Оңтүстік-Батыс Азияға жорықтарында тұтқынға түскен құлдар да олжаның бір түрі болып есептелді. Оларды төбесі көк тіреген ғибадатханаларды тұрғызу жұмыстарына жекті.

Соғысқұмар патшалықтар арасындағы бәсекелестік пен дипломатия

Империялық мүдделерін нығайтуды көздеген іс- әрекеттеріне қарамастан, Мысырдың Жаңа патшалығы аймақтағы жалғыз қуатты мемлекет емес еді. Саяси сахнада Хетт, Вавилондағы Кассит патшалығы, Митанния және б.з.д. XІV ғасырдан бастап бой көтере бастаған Тигр өзенінің солтүстік алқабындағы Ассирия патшалықтарының да өз орны болды. Территория, сауда-саттық және саяси басымдық жолындағы осы бес ірі, әскери патшалықтардың талас-тартыстары тарих сахнасында ендігәрі қайталанбайтын қойылымдар еді. Оңтүстік-Батыс Азия мен Мысырдың үсті-үстіне арта түскен байлығы, соғыс жүргізудің жаңа технологиялары, қалааралық сауда-саттықтың шексіз тиімділігі осындай бақталастыққа мүмкіндік берді әрі оған араласу әр тарап үшін қызық болды.

Бір жағынан, ақсүйектер тобы жер және сауда төңірегінде туындауы мүмкін қақтығыстарды шиеленістірмеу мақсатында дипломатиялық әдістерді ойлап тауып, қатаң ережелерге қарамастан әр мемлекет бәсекелестікке барынша төтеп берді, тіпті дәуренінің соңына дейін шыдады десе болады. Патшалар елшілер, бағалы тарту-таралғылар, қыш тақтайшаларға жазған хаттар алмасты; сондай-ақ олар келісімдер жасасып, бір-бірімен қыз алысты. Мәселен, б.з.д. 1350 жылы Митанния патшасы Тушраттаның қызы Таду-Хеба ІІІ Аменхотеп перғауынмен некелесіп, арадағы достық қарым-қатынасты нығайту үшін Евфраттан Нілге дейін 600 миль қашықтықтағы патшалықтың билеушісіне ұзатылды. Б.з.д. 1284 жылы Мысыр Хетт патшалығымен ресми бейбіт келісімге қол қойып, көп ұзамай ІІ Рамзес (б.з.д. 1279–1213 жылдары билік құрды) хет ханшайымымен некелесті. Негізінен Вавилонда ғана қолданылып, сына жазуы арқылы таңбаланатын семит тілдерінің бірі – аккад тілі елшілер мен шенеуніктер өзара ақпарат алмасып, бір-бірімен қатынас орнататын дипломатиялық лингва-франка44 (LІNG-gwuh FRANG-kuh) тіліне айналады. Халықаралық қатынастарды реттейтін конвенциялар мен хаттамалар, мәселен, елшілердің қауіпсіздігі немесе патшалардың бір-біріне жолдайтын хаттарда тілдің дұрыс қолданылуы сияқты ережелер, уақыт өте әжептәуір күрделене түседі. Қысқаша айтсақ, Жерорта теңізінен Месопотамияға дейінгі аймақтың билеуші топтары бірте-бірте сауда-саттықты ынталандыратын тұрақты саяси диалог орнатты, кей жағдайда соғыс­ты тежеп отыруға да септесетін халықаралық жүйе ойлап тапты.

Оңтүстік-Батыс Азия мен Шығыс Жерорта теңізі аймағының басты мемлекеттері тек қана елшілер мен тарту-таралғылар алмасып қана қоймады. Олардың арасында соғыс оты да жиі-жиі тұтанып тұрды. Көбіне Сирия мен Левант шайқас алаңына айналды, себебі Хетт патшалығының, Митанния мен Мысырдың шекаралары дәл осы жерде түйісті. ІІ Рамзес билеген Мысыр мен ІІ Мутавалли (б.з.д. 1295–1272 жылдары билік құрды) басқарған Хетт патшалығы б.з.д. 1275 жылы Сирияның солтүстігіндегі Кадеш маңында бетпе-бет келеді. Шекаралас жерлерге байланысты әбден мезі қылған дау осы жерде әскери арбалардан жебе жаудырған мыңдаған мергендердің бір-бірімен шайқасына ұласты. Екі жақтың да адам шығыны елеулі болды, әскердің ешқайсысы жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Шекара өзгеріссіз қалды, он бес жылдан кейін ғана Мысыр мен Хетт патшалығы бейбіт келісімге қол қойды.

Б.з.д. ХІІІ ғасыр аяғына таман аймақтың саяси географиясы түбегейлі өзгерді. Митанния мен касситтерді ақыр аяғында қарсыластары күйретті. Мысыр ІІ Рамзестің билігінен кейін Сириядағы басты жерлерінен айырылды. Хетт империясы халық көтерілістері, тақ үміткерлері арасындағы күрес, қуаңшылық пен аштықтан жаппай күйзеліс жағдайында құлдырады. Келесі жүз жыл ішінде Ассирия Оңтүстік-Батыс Азияның жарқырай бастаған жұлдызына айналды, оны біз 5-тарауда тарқатып айтамыз.

Деректерді САРАЛАУ

«Міне, мынадай жағдай!»

Алашия патшасы Мысыр перғауынына хат жолдайды

Оңтүстік-Батыс Азия мен Шығыс Жерорта теңізі аймағы билеушілерінің б.з.д. XІV ғасырда жазысқан хаттары үш жүз сексенге жуық қыш тақтайшаларда сақталған. Ғалымдар бұл хаттарды алғаш рет ХІХ ғасыр аяғында Жаңа патшалық перғауыны Эхнатонның (б.з.д. 1353–1335 жылдары билік құрды) ғұмыры ұзаққа созылмаған астанасы – Жоғарғы Мысырдағы әл-Амарна археологиялық ескерткішінен тапты. Дүниежүзіндегі бірнеше басты музейлер қорына шашырап кеткен хаттар ежелгі дипломатиялық, саяси және сауда қатынастарының жарқын көрінісі.

Деректердің басым бөлігін отыз жылға жуық уақыт ішінде Мысыр патшаларына жіберген хаттар құрайды. Олар халықаралық қатынастар тілі болған аккад сына жазуымен жазылған. Мәтін авторлары қатарында Оңтүстік-Батыс Азия патшалары, сондай-ақ Сирия мен Леванттағы шағын қала-мемлекеттер билеушілері де бар. Хаттарда некелесу мәселесінен бастап, сауда-саттық қатынастары мен саяси одақтарға дейінгі мәселелер көтеріледі. Билеушілердің мәртебесі бірдей екенін көрсету үшін халықаралық хат алмасу әдетте «бауырластық» тілінде жүргізіледі, ол бір жағынан билеуші әулеттер арасында міндеткерліктерін бекіте түсудің бір жолы ретінде өзара некелесудің қалыпты жағдай болғанын білдіреді. Патшалар мен ханзадалар бір-бірінен тарту-таралғылар алысып тұрды, алайда ел басына күн туған кезде бір-бірінен қолдау да талап етті.

Мына құжат Шығыс Жерорта теңізіндегі Кипр аралында орналасқан Алашия патшасы жазған хаттан үзінді ғана. Бұл патша Мысырмен кең ауқымда сауда-саттық жасасқан, әсіресе сыртқы саудада мыстың алатын үлесі ерекше болды. Кесел, зобалаң, өлім әкелетін месопотамиялық Нергал құдайдың патшалығында тұрақтап қалуына байланысты Мысыр перғауынына Алашиядағы жағдайды баяндай келе, екі ел арасындағы дипломатиялық және экономикалық мәселелердің шешілуіне барынша ынталы екенін баяндайды.

Мысыр патшасы – бауырым: бауырың Алашия патшасының хаты. Аман-есенмін. Үй-ішім, жұбайларым, ұлдарым, шонжарларым, жылқыларым, ат-арбалы әскерім және елім де бәрі аман-сау. Бауырымда да бәрі есен болсын. Үй-ішің, жұбайларың, ұлдарың, шонжарларың, жылқыларың, ат-арбалы әскерің және еліңде де есендік болсын. Бауырым, сен жіберген елшімен өз елшімді бірге қайтардым.

Саған 500 (талант) мысты қоса жөнелттім. Бауырымның маған бергені сияқты, оған да сәлем-сауқат жібердім. Бауырым, мыстың көлемі аз деп қомсынба. Нергал еліме қол сұқты; елімдегі барлық еркек кіндіктіні құртты, мыс өндіретін жан баласы қалмады. Сондықтан, бауырым, ренжіме.

Елшіме қосып өз елшіңді аттандыр, сол кезде, бауырым, қалағаныңша мыс жіберемін.

Бауырым менің! Маған өте көп күміс жібергейсің. Бауырым, ең сапалы күміс бер, мен де бауырымның сұрағанын беремін.

Сонымен қатар, бауырым, Мысыр патшасының менен алған ағаштары жайлы да елім сөз қылуда. Бауырым, соның өтемін бергейсің.

Сондай-ақ мынадай жағдай: Алашия елінің бір адамы Мысырда дүние салды және оның дүние-мүлкі сенің еліңде қалды, ал оның жұбайы мен ұлы – менде. Сол себепті, бауырым, Алашия адамдарының дүние-мүлкін іздестіріп, оларды елшімнің жүгіне қосып жіберуіңді сұраймын.

Бауырым, елшің елімде 3 жыл бойы тұрып қалғанына ренжіме, Нергал елім мен үйіме қол сұқты. Бұл үйде жас жұбайым бар еді, қазір ол қайтыс болды...

Көп күміс бергейсің, бауырым. Сұраған заттарымды жібер. Бауырым, қалауымның барлығын бергенің дұрыс болар, сонда сенің де қалауыңды орындаймын.

Хетти (Хетт патшалығы) патшасымен немесе Санхар патшамен (бәлкім, Бабыл) бір қатарда емес екеніңді білгейсің. Ол (бауырым) қандай сәлем-сауқат жіберсе де, еселеп қайтарамын.

Елшің бұрынғыдай маған келіп тұрғай, менің елшім де саған бұрынғысынша барып тұрғай!

Дереккөз: Letters from Mesopotamіa, trans. A. Leo Oppenheіm, pp. 122ff. Copyrіght © 1967 by The Unіversіty of Chіcago. Reprіnted by permіssіon of The Unіversіty of Chіcago Press. Dіacrіtіcal marks have been removed from words іn thіs selectіon.

Сыни пайым

Алашия патшасы Мысыр билеушісімен қандай нақты дипломатиялық және экономикалық мәселелерді шешпек болды? Еліне «Нергалдың қол сұққанын» атап өткен патшаның сөзіне қарағанда, Алашияда қандай дағдарыс болуы мүмкін? Екі ел арасындағы айырбас қатынасында нақты қандай өнімдер бар? Билеушілер арасындағы тарту-таралғылар алмасуының дипломатиялық және сауда-саттық қатынастар орнатуда маңызы болды деп ойлайсыз ба? Алашия патшасы Хетти және Санхар патшаларын не себепті атап өтті деп ойлайсыз? Мысыр перғауынына сол патшалармен «бір қатарда» тұрмағанын жеткізу арқылы ол не айтайын деді?

Лингва-франка – мәдени шекараларға қарамастан сауда және дипломатиялық қарым-қатынасты жеңілдететін ауызша немесе жазбаша тіл.

Ежелгі гректер

Күш-қуат пен байлықтың тамсанарлық орталықтары б.з.д. 1700 жылдар төңірегінде Грекияның құрлық бөлігінде пайда болады. Материалдық деректердің жарқын үлгілері жақсы жасақталған жерлеу камералары немесе шахталық қабірлер Грекияның оңтүстік бөлігін құрайтын Пелопоннес жерінде орналасқан Микенде жүргізген археологиялық қазба барысында ашылды (3.4-картаны қараңыз). Тау ішіне терең қазған бұл қабірстандарда ақсүйектер тобы ғана жинай алатын алтын, күміс және қоланың баға жетпес қазына сақталған. Қалың қабырғамен қоршалған бекіністер де Пелопон­нестің бірнеше орталықтарында бой көтере бастаған. Ертеректе Крит аралында орналасқан Миной сарайлары тәрізді бұл қамалдар аграрлық өндіріс пен қолөнердің орталықтарына айналды.

Микендіктердің, (meye-set-NEE-uhns) эгейлік ақсүйектердің дәл осы атаумен көпке белгілі дамуын тарихшылар үндіеуропа тіліне жататын грек тілінің көне нұсқасында сөйлеген жауынгерлер тобының пайда болуымен байланыстырады. Хеттер және гиксостар тәрізді, ежелгі гректер бастапқы кезде аздап жер өңдеп, негізінен ірі қара, қой мен ешкі баққан, нашар ұйымдасқан қоныс аударушы топтардан құралған көрінеді. Троя қаласының тізе бүгуі жайлы баяндайтын аңызға айналған Илиада эпостық поэмасында микендіктер құдай тәрізді қаһармандар ретінде де, жылқы, әскери арба және қоладан жасалған қару-жарақ құнын білетін өркөкірек қарақшылар ретінде де суреттеледі. Бірқатар тарихшылар грек тілдес ежелгі халықтар Балкан түбегіне солтүстіктен еніп, б.з.д. 2000 жылдар шамасында Эгей теңізі аймағына жеткен деген пікірді қолдайды. Б.з.д. 1450 жылдардан кешікпей грек тілі «В сызықты» деп аталған жазба түрінде Крит пен Пелопоннесте қатар пайда болды.

Б.з.д. 1500 жылдар төңірегінде микендік гректер Критті басып алып, Миной өркениеті күйрейді. Миной өркениетінің күйреуін табиғи жағдайлар жылдамдатуы да мүмкін. Б.з.д. ХVІІ ғасырдың аяғына таман Криттен солтүстікке қарай алпыс сегіз мильдей жерде жатқан шағын ғана Тера аралында (Санторини) жанартау атылады. Жанартау Тераға қарай атқылап, тозаң, көшкін мен күл қалың бұлт жинаған сияқты. Кейбір жанартаутанушы мамандар мен бұрынғы, жанартау атқылауын зерттеп жүрген ғалымдар осының салдарынан минойлықтар зұлмат апаттармен қатар егін шаруашылығы мен теңіз саудасының ұзаққа созылған құлдырауын бастан кешті деген болжам жасады.

Б.з.д. 1500–1200 жылдар аралығында билікті иеленген Микен ақсүйектері Шығыс Жерорта теңізі аймағындағы мәдениет пен экономикаға араласты. Эгей аймағында тараған сарай орталықтарына тән мәдени бірегейлік қыш бұйымдардың ортақ пішіні және жерлеу ғұрыптарынан байқалды. Тұрпайы сарбаздарды сенімді қала элитасына айналдыру үшін микендіктер Мысыр, Левант және Крит мәдени бұйымдары мен ақпаратына көз салды. Шынына келгенде, олардың шахталық қабірлері ұзақмерзімді сауда байланыстарының микроәлемі іспетті. Осы жерлеу камераларын қазған археологтар Сириядан әкелген піл сүйегін, Нубия жеріндегі түйеқұс жұмыртқасын, Месопотамия шығысында өндірілетін көктас, Балтық теңізінің кәріптасын тапты. Сән-салтанаттың белгісі болған осы бұйымдарға микендіктер зәйтүн майын, шарап пен қыш бұйымдарын айырбастады. Микендік қыш бұйымдар сынықтары Сицилия мен Италия жерлерінен табылуы Эгей саудагерлерінің қоныс табу мақсатында батыстағы алыс аймақтарға сапар шеккенін білдіреді. Микен билігінің өрістеуі Солтүстік Жерорта теңізі жағалауындағы кешенді қала тіршілігі жанданғанын көрсетеді.

Иран мен Оңтүстік Азиядағы үндіеуропалықтар

Үндіеуропа тілдерінде сөйлейтін қауымдардың бір тобы Оңтүстік-Батыс Азия мен Эгей аймағы арқылы батысқа көшкен тұста, басқа қауымдар Каспий теңізінің шығысында жатқан қазіргі Түрікменс­тан, Өзбекстан және Батыс Иран жерлерін қамтитын жартылай шөлейт далалар мен таулы аймақтарға ойысады. Бұл қауымдар кеңістік және уақыт шеңберінде бірте-бірте бір-бірінен алшақтай береді. Дәл осындай жағдай тіл дамуында да қайталанады. Кейбір қоныс аударушылар қазіргі Иранның басым бөлігін, Ауғанстан мен Пәкстан жерінің жартысын алып жатқан қыраттар мен таулар өлкесіне – Иран үстіртіне қарай бет алды. Келімсектер парсы тілінің және күрд пен пуштун сияқты бірнеше тілдердің ата тілі нұсқасында сөйлейтін қауым ретінде б.з.д. бірінші мыңжылдық ішінде тарих сахнасына шыға бастайды. Басқа қауымдар Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азияға (Үнді субконтиненті) сапарын жалғастырады. Бұл малшылардың тілдерін ғалымдар үндіеуропа тілі тобының қазіргі хинди, урду, бенгали және тағы бірнеше тілдерді біріктірген үнді (үнді-арий) тармағына жатқызады.

3.4-КАРТА. Микен орталықтары. Б.з.д. екінші мыңжылдық

Картада көрсетілген басты сарай орталықтарынан бөлек, Микен қоғамында қосымша шағын қоныстар да болған. Картадағы гректердің Эгей аймағына қарай жылжу көшін үндіеуропа тілінің таралуын кеңінен қамтыған 3.2-картадағы көрініспен байланыстырыңыз

Үндіеуропа тілдерінде сөйлеген қауымдардың б.з.д. 1700 жылдар төңірегінде Инд алқабына жетіп, Хараппа өркениетінің бір кездері дәурені жүрген қалаларының әбден құлдырау шағына куә болғаны күмән тудырмайды (2-тарауды қараңыз). Бір-біріне ілескен үнді қауымдары бірнеше ғасыр ішінде әбден күйреген Инд алқабы қалаларын жанай өткен сияқты. Олар субконтинетке қалың қауым болып келді ме деген сұраққа жауап беруге деректеріміз жеткіліксіз. Б.з.д. екінші мыңжылдықтың аяғына таман үнді тілдес қауымдар Гималай тауларының оңтүстік етегіне таман созылып жатқан шөбі шүйгін жазық белдеу арқылы шығысқа қарай жылжығанын айта аламыз. Сол кезде олардың алдарында Бенгал шығанағына дейін мыңдаған миль жерді басып ағатын Ганг өзені ағып жатты. Осы аймақтағы алқаптың байырғы тұрғындары аңшы-терімшілер немесе бидай, тары, кейін күріш өсірген егіншілер және малшылар болған еді. Олар Хараппа қаласының тұрғындары тәрізді көне дравид семьясына кірген тілдерде сөйлеуі мүмкін.

Үнді тілдес қауымдар мен осы аймақты оларға дейін мекендеген халықтар арасындағы қарым-қатынас жайлы ведалардың (VAY-duhs) дереккөзіне үңілеміз. Ведалар – үнді абыздары жырлау арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таратқан дұғалар мен мадақ жырлар жинағы. Осы жазбалардан, нақтырақ айтсақ, Үндістан әдебиетінің классикалық еңбегі саналатын «Ригведадан» «зұлым» жындардан құралған жергілікті халықты қатыгездікпен бағындырған, қақтығыстары толастамаған, тәкаппар, соғысқұмар жауынгерлердің бейнесін байқаймыз. «Ригведадағы» кейіпкерлер жа­уынгер-қаһармандар бастаған кланға45, ал олардың қоғамы төрт негізгі әлеуметтік топқа бөлінеді: жауынгер ақсүйектер, абыз­дар, қарапайым халық және ең төменгі Дасалар (Dasas), яғни қызметшілер немесе соғыс кезінде қолға түскен бишаралар. Тарихшылардың ойынша, кейінгі ғасырларда пайда болған әлеуметтік топтар немесе касталарға бөлінген ресми иерархияның түп-тамыры осы жүйеде жатыр. Келімсектер өздерімен бірге жылқы, ірі қара, қой, садақ, темір қару-жарақ пен әскери арба алып келгендерін де атап өту керек. Олар Көк, Жер, Күн және От құдайларына, әсіресе аспанда қалқыған арба тізгіндеп, жауларын найзағайлармен жайрататын қаһарлы соғыс құдайы Индраға сыйынды.

Микен қанжары. Микендегі шахта қабірлерін қазу барысында арыстан аулау сәтін алтынмен бедерлеген ғұрыптық қола қанжар табылды. Миной Крит өркениетінің Микен қоғамына тигізген көркемдік ықпалын безендірудегі бірнеше элементтерден байқауға болады. Қанжарға қарай атылған арыстанды 123-беттегі Миной фрескасындағы бұқа бейнесімен салыстырыңыз.

«Ригведа», кейіннен Үндістанның мәдени және діни дәстүрлеріне сіңісіп кеткен жаратылыс жайлы мифтер – б.з.д. екінші мыңжылдықтың соңындағы Үндістанның сан қырлы көрінісі. Б.з.д. 400 жылдарға дейін ведалар хатқа түспегендіктен ондағы мәліметтерді тарихи деректердің басқа түрлерінің көмегімен нақтылауға тура келеді. Мысалы, үнді тіліне көнелеу дравид тілінің біршама сөздері енген, яғни бұл тілде сөйлейтін адамдар мен жергілікті халық арасында басыбайлы үстемдіктен бөлек, аралас неке мен әлеуметтік қарым-қатынастар да байқалды деген сөз. Келімсектердің әскери арба, жылқы мен қола қару-жараққа негізделген әскери мәдениеті де болған шығар, алайда оларға қатысты мардымды деректер субконтиненттен әлі күнге дейін табылмады. Үнді тілдері солтүстік және орталық субконтинентке ақырындап тарай бастайды, ал осы жердегі дравид тілінде сөйлейтін халық жоғалып кетеді. Бүгінгі таңда үндіеуропа тілі семьясына кіретін үнді тілдерінде 800 миллионнан аса халық сөйлейді46.

Клан – бір топ адамның, көп жағдайда алыс бабасының ұрпақтары екенін бірдей мойындайтын қоғамдық құрылым түрі. Кланға негізделген құрылым көшпелі малшылар қоғамында жиі кездеседі.

Кітапта авторлардың деректерін өзгертпей беріп отырмыз. Біздің білуімізде, бүгінгі таңда үндіеуропа тілі семьясына кіретін үнді тілдерінде сөйлейтіндердің саны бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп.

Үндіеуропалықтар мен арбакеш-жауынгерлердің шалғай батыстан шалғай шығысқа қарай жылжуы

Понтий-Каспий даласынан немесе Оңтүстік-Шығыс Еуропадан қоныс аударған топтармен ілесіп, үндіеуропа тілі б.з.д. екінші және бірінші мыңжылдықтарда Еуропаға да тарай бастайды. Олардың келуімен малшылық47 пен егіншілік аралас шаруашылық түрі қалыптасып, жылқы, дөңгелекті арба және әскери арба (соғыс құралынан гөрі саяси беделдің нышаны) пайда болады. Еуропаның Атлант мұхиты жағалауы бойымен мегалит мазарлар мен ғұрыптық орталықтар құрылысы б.з.д. 1500 жылдарға таман тоқтайды. Қоныс аударушылардың өсіп келе жатқан мәдени үстемдігін осы жағдайдан байқауға болады, дегенмен үндіеуропалықтар көші Еуропа тарихында аяқасты тоқырау тудырды деуге ешқандай негіз жоқ. Керісінше, барлық қоғамдарға ортақ болған үдерістер жалғаса берді: халық саны көбейді, қамалдар қоршаған кең қоныстар пайда болды, басты отбасылар қола мен алтыннан байлық жиды, Балтық теңізінен Жер­орта теңізіне дейін, Дунай өзені бойымен сауда-саттық гүлденді. Бірте-бірте латын, кельт, славян, неміс, сондай-ақ ағылшын тілдерінің ата тілі – үндіеуропа тілі тармақтары мен бұтақтары қалыптасты.

Ішкі Еуропаның шығыс жағында, қазіргі Моңғолия мен Солтүстік-Батыс Қытайды мекендеушілер көшпелі малшылық пен толыққанды «жылқы мәдениетіне» ауысады. Тохар тілдер тармағына кіретін үндіеуропа тілінде сөйлеген қауымдар шамамен б.з.д. 3500 жылдардан кейін шығысқа қарай жылжып, Алтай мен Тянь-Шань тауларының сілемдерін, ары қарай ұлан-ғайыр Такламакан шөлі жатқан Тарым алқабын қоныстанады.

Ішкі Еуропа халықтарының Солтүстік Қытайдағы Шаң әулетімен байланыс орнатқаны анық. Батысындағы ежелгі қоғамдар тәрізді Шаң әскері де б.з.д. 1200 жылдар төңірегінде қос дөңгелекті әскери арбалардан жасақ құрды. Әскери арба Ішкі Еуразия кеңістігінде кең тарағанға ұқсайды. Шарбақты дөңгелектердің Оңтүстік-Батыс Азияда қолданған дөңгелектермен пішіні бірдей. Қытай жерінде де әскери арба асқақ ақсүйектік мәртебе нышанына айналды. Шаң дәуірінің бірнеше жерлеу орындарынан ғұрыптық құрбандыққа шалған жылқылармен бірге көмілген арба қалдықтары табылған.

Әскери арба, шын мәнінде, небәрі бірнеше ғасыр ішінде Еуразия мен Солтүстік Африка жеріндегі халықтарға бірдей ықпал еткен дамудың ерте үлгісі. Кеңінен қарасақ, б.з.д. екінші мыңжылдықтың басына таман немесе одан да ертерек уақытта, салт жүріс, арбалы көш, әскери арба қолданысы, сауда-саттық қатынасын жеңілдететін салт-дәстүрлер жиынтығы сауда мен мәдени қарым-қатынастардың Қытайдан Еуропа мен Жерорта теңізі аймағына дейінгі кеңістікте жайылып жатқан біртұтас желінің қалыптасуына жағдай жасады.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Сяохэ сұлуы: дала аруы

«Сяохэ сұлуы» мумиясына мұқият қарасаңыз, сол күйі сақталған кірпіктерін байқайсыз

Осы әйел қайтыс болған уақытта Такламаканның шығыс шетінің ауа райы суық болған сыңайлы. Жерлеген адамдар оны жылы киімге ораған. Сарғыш шашын көмкерген басындағы тері малақайы аяғындағы тері етігіне үйлесіп тұр. Үстіне белдемше киген, денесін үлкен жылы көрпемен ораған. 2003 жылы осы әйел мен басқа бірнеше адам қаңқасын қазып алған оба атауына байланысты ғалымдар бұл әйелді Сяохэ сұлуы деп атады. Сяохэ сұлуы төңкерілген ағаш қайық пен сиырдың бас сүйегінің астында төрт мың жылға жуық уақыт бойы жатқан.

ХХ ғасырдың ішінде археологтар қазіргі Қытайдың Шыңжаң аймағындағы Тарым алқабынан қайтыс болған кездегі киімдерімен бірге жерленген екі жүзден асатын осындай қаңқа тапқан. Ғалымдар бұл мәйіттерді «мумиялар» дегенімен, Мысыр мумияларымен салыстырғанда олардың қауымдастары денені сақтау үшін арнайы әдіс-тәсілдерді қолданбаған. Қатаң қуаңшылық пен аязды қыс мәйіттерді табиғи жолмен сол қалпында сақтаған. Кейбірі б.з.д. 2000 жылдар шамасына жататын адам қаңқаларына таяуда ғана жүргізген ДНҚ талдамалары көрсеткендей, бұл адамдар – аймаққа батыстан көшіп келіп, жергілікті тұрғындармен араласып кеткен халықтың ұрпағы. Олардың арғы тегі Понтий-Каспий даласын мекендеген үндіеуропа тілдес халық та болуы мүмкін. Бұл болжам шындыққа жанасқан жағдайда, Сяохэ сұлуы өлі тілдерге жататын тохар тілінде сөйлеген болар. Мумиялардың көбі қыр мұрын, шүңірек көз, шаштарының түсі сарғыштау келгендіктен, бет-бейнелері Шығыс Азия халықтарына ұқсамайды. Киімдерінің ашық түсті болуы да батыс халықтарымен тағы бір байланыс іздеуге себеп береді. Кейінгі уақытқа жататын кейбір мумиялар бір кездері Орталық Еуропаны мекендеген, үндіеуропа тілінің кельт тармағында сөйлеген халықтардың жүннен тоқыған маталарына ұқсас, торкөзделе тоқылған киім киген.

Шамамен б.з.д. төрт мың жыл бұрын Такламакан шөлінің айналасы шығу тегі бөлек халықтардың бір-бірімен тоғысқан аймағына айналып үлгерген. Сяохэ сұлуы көзі тірісінде ұлы шөл даланың солтүстік және оңтүстік шекаралары арқылы Қытай мен Иранды, одан ары Жерорта теңізін байланыстыратын болашақ «Жібек жолының» ізін сала бастаған, бір шұраттан екіншісіне көшкен, керуен саудагерлерін көрген де шығар.

Сыни пайым

Тарым алқабынан табылған Сяохэ сұлуының және басқа да мумиялардың шығу тегі жайлы кейінгі жылдары Қытайда көтерілген саяси пікірталастардың себебі не деп ойлайсыздар?

Билік тізгіні шайқастарда шыңдалып, әскери арба жеккен элитаның қолында болды. Тарихшылар кейінгі палеолит және неолит дәуірлерінде басымдыққа ие болған құдай аналар мен әйел бейнелі құдайлардың орнына ер адам сипатындағы соғыс және найзағай құдайларына табынғанын байқаған. Б.з.д. екінші мыңжылдықта патриархаттық институттардың негізі одан әрі нығайып, әйелдердің құқықтық және қоғамдық мәртебесінің төмендегені жайлы болжамды аңыздардың, жерлеу орындарынан және ресми құжаттардан алған деректер дәлелдейді. Мұндай сәйкестік садақпен және қола қылышпен қаруланған арбекеш-жауынгерлердің қоныс аударуы мен мемлекет құру тәжірибесі Афроеуразияның әжептәуір бөлігіне түбірлі әлеуметтік және мәдени ықпал жасады деген ой түюге көмектеседі.

Тропиктік белдеулердегі даму

ОЙЛАН: Оңтүстік-Шығыс Азия мен Орталық және Оңтүстік Африкада б.з.д. төртінші және екінші мыңжылдықтар аралығында аграрлық қоғамдардың таралуына қандай жағдайлар әсер етті?

Шыққан тегі бөлек халықтардың жаппай қоныс аударуы б.з.д. үшінші және екінші мыңжылдықтағы Афроеуразияның тропиктік белдеудегі халықтардың орналасу сипатын өзгертті. Алғаш рет Сахара шөлінің оңтүстігіндегі аймақтар (тропиктік Африка) мен Оңтүстік-Шығыс Азия аралы егін егіп, мал бағатын халықтардың мекеніне айналды (3.5-картаны қараңыз). Осы оқиғалардың негізгі нәтижелері – экватор маңындағы ендіктерде халық санының азды-көпті өсуі мен қоғамның күрделенуі.

Малшылық – қолға үйреткен жануарларды өсіруге негізделген экономикалық және әлеуметтік құрылым түрі.

Сахара шөлінің оңтүстігіндегі малшылар мен егіншілер

Тропиктік Африка климатының ауытқуы көші-қонға түрткі болды. Осыдан алты-жеті мың жыл бұрын қазіргі Сахара шөлі ұзаққа созылған жауын-шашынды циклге ұрынды. Көлдердің, өзендер мен лай сулардың жағасында аңшы, балықшы және ірі қара баққан қауымдар өсіп-өркендеді. Алайда б.з.д. 2500 жылдар шамасында жауын-шашынды кезең аяқталды. Қызыл теңіздің шығысындағы көрші Араб шөлі мен Сахарада қазір осы аймаққа тән қатаң қуаңшылық кезеңі басталды. Осындай өзгерістерге тап болған адамдар Орталық Сахарадан бірте-бірте шегіне бастады. Кейбір қауым Жерорта теңізіне қарай солтүстікке көшсе, кейбірі тарихта Судан деген атаумен белгілі жартылай шөлейт және шалғынды аймаққа қарай, оңтүстікке ауды. Басқалары шығысты бетке ала, Ніл алқабына қарай жылжып, осы маңда енді-енді құлаш жайып келе жатқан жаңа өркениеттің бір бөлігіне айналды.

Сахара шөлінің оңтүстігінде Атлант мұхиты жағалауынан Эфиопия тауларына дейін аумақта жайылып жатқан Суданның орманды немесе ашық саванналары орналасқан. Сахараның ірі қара бағатын қауымдары осы белдеуге қарай көшті, олардың біразы ніл-сахара тілдер семьясына жататын тілдерде сөйлеуі мүмкін еді. Аталған малшы халықтар аймақта өндірістік шаруашылық қалыптастырып үлгерген қауымдармен қатар қоныстанды. Климат қысымына бейімделу ретінде Судан ша­руалары әсіресе ақ жүгері, африкалық тары, африкалық күріш, ал Эфиопияда теф деп аталатын тарыдай кішкентай құнарлы дәнді дақылдарды жерсіндірді.

3.5-КАРТА. Дәнді дақыл өсіру мәдениетінің Афроеуразияның тропиктік белдеуіне таралуы

Дәнді дақылдарды тропиктік жерлерде және өзендер алқабындағы қоңыржай немесе шөлейтті климатта өсіруге қажет еңбек құралдары мен дағдылар арасында қандай айырмашылықтар бар?

Тропиктік Африкадағы ірі қара шаруашылығы. Ұзын мүйізді Анколе сиыры мен осы тұқымдас ірі қара мал Шығыс және Оңтүстік Африканың халықтарын бірнеше мыңжылдық бойы асырап келді.

Шығыс Африкаға қоныс аудару. Саваннаны мекендеген малшылар оңтүстіктегі тропиктік ормандар шегіне дейін ғана жылжи алды, себебі ол жерде ірі қара мал, сондай-ақ жылқы ірі қараның басым түрлеріне қауіпті ауруды – трипаносомозды жұқтыруға бейім болды. Ұйқы ауруының малдарда кездесетін түріне жататын бұл кесел бұталардың кейбір түрлері ғана өсетін жерлерде көбейетін цеце шыбындары арқылы жұғады. Алайда Африканың шығыс жағын мекендеген, малшылық пен егіншілікті қатар алып жүрген халықтар цеце шыбындарының көбеюіне өте қолайсыз таулы аймақтар белдеуімен оңтүстікке қарай жылжи алды. Б.з.д. үшінші мыңжылдыққа таман тас құралдарды пайдаланатын, қыш бұйымдар жасайтын, ірі қара өсіретін малшылар климаты қоңыржай қыратты жазықтар аймағы – Шығыс Африканың ірі көлдеріне қарай енеді. Олар бірте-бірте осы және одан оңтүстікке қарай созылып жатқан өлкені мекендеген терімшілер мен аңшылар қауымдарын не ассимиляциялады, не жерлерінен ығыстырды, немесе одан ары жатқан тропиктік ормандарға шегінуге мәжбүрледі. Бұл жердің бұрынғы тұрғындары Хомо сапиенстің ертеректегі тарихынан тарайтын көне қойсан семьясына жататын тілдерде сөйледі. Ніл-сахара немесе афро­азия семьясына жататын тілдерде сөйлейтін малшы және егінші қауымдары қойсан тіліндегі сөздердің бірталайын өз тілдеріне сіңіреді. Алайда аграрлық қауымдар жан-жаққа кеңінен тарап, өсіп-өнген сайын Шығыс Африка жеріндегі қойсан тілдері түгелге жуық жойылып кетті.

Банту тілдес егіншілер. Көші-қон үдерісінің басқа бағытына көз жүгіртсек, Сахараның оңтүстігіндегі Батыс және Орталық Африканы қоныстанған егіншілер оңтүстікке қарай жауын-шашынды ормандарға беттегенін көреміз. Климаттың құрғауы бұл көшке әсер еткен негізгі фактор болғанында еш күмән жоқ. Екінші фактор, тропиктегі егіншілер егіншіліктің отап- өртеу жүйесінің48 бір немесе бірнеше түрін қолданды. Тропиктік аймақ­тардың топырағындағы құнарлы қабат немесе гумус өте жұқа келеді, сондықтан жаңбыр жауған кезде оп-оңай шайылып кетеді. Жер өңдеумен, негізінен, әйелдер мен жасөспірім қыздар айналысып, жануарға соқа жегіп, кетпен және тесемен жер жыртты. Аса ұқыпты жұмыс істегеннің өзінде, гумус екі немесе үш жыл ішінде жойылып кетіп отырды, сондықтан алқаптардың құнары қалпына келу үшін оларды бірнеше маусымға бос қалдырды. Егінші отбасы жаңа жерге көшуге тиіс болды. Барған жерін отап, егінін қайта екті. Нәтижесінде, егіншіліктің отап-өртеу жүйесі жергілікті халықтардың баяу қоныс аударуына алып келді.

Негізінен, алғаш рет Батыс Африкада б.з.д. 8000 жылдар төңірегінде қолдан өсірілуі мүмкін өте құнарлы түйнекті өсімдік – ямс өсіретін егіншілер қазіргі Камерун жерінде орналасқан орманды алқаптардан оңтүстікке және шығысқа қарай ақырындап жылжи бастайды. Осы күнге дейін жеткен археологиялық деректерге қарағанда, олар берік қыш бұйымдар жасап, күн сәулесі мол түсетін алқаптарда ямс егу үшін от пен тас балталарды қолдана отырып ормандарды отады. Олар аңшылықпен қатар балық та аулап, пальма ағашынан май алды.

Ғалымдар егіншілердің Африканың экваторлық аймағы және оңтүстігіне қарай алыс қашықтықтағы көштері туралы терең білу мақсатында археология мен Африка жеріндегі қазіргі заманғы тілдерді салыстыра талдау әдісін біріктірді. Олардың нигер-конго семьясына кіретін, нақтырақ айтсақ, банту (BANH-too) деп аталған туыстас тіл тармағындағы тілдерде сөйлегені анықталды. Ғалымдардың қазіргі үндіеуропа тілінің негізгі сөздік қорын салыстыру арқылы прото-үндіеуропа тілін қалпына келтіргені сияқты, тіл мамандары прото-банту тілін анықтау мақсатында банту тілдерінің біразына талдау жүргізді. Болжам бойынша, ортақ тіл шамамен б.з.д. 4000 жылдардан кейін Камерун жерінде қалыптасты. Банту сөзі «адам» деген мағынаны беретін -нту деген түбірге көптік мағына беретін ба – префиксін жалғау арқылы шыққан. Олардың сөйлеген тілдерін зерттеу мынадай мәселелерді анықтауға көмектесті: ежелгі банту тілдес халықтар шатыры пальма бұтақтарынан жасалған тікбұрышты үйлер салды; өзендерде қайықпен жүзді; ағаштан мүсін жасады, адам баласының тіршілігіне жиі араласпайтын басты жаратушы құдаймен қатар, адамдарға жақын жүретін құдайлар мен ата-баба рухтарын құрмет тұтты.

Банту тілінде сөйлейтін егіншілер б.з.д. үшінші және екінші мыңжылдықтарда негізгі екі бағытпен жылжыды. Бірінші жол – экваторлық ормандар, одан шығып Конго өзені (ұзындығы бойынша дүниежүзіндегі жетінші орындағы өзен) мен оның сағалары бойымен жоғары қарай апарды. Кейбір топтар осы жол бойына тұрақтаса, кейбірі орман белдеуі ішімен көшін жалғастырып, ақыр аяғында Оңтүстік жартышардың саванналарынан бір-ақ шықты. Ғасырлар өткен сайын көштің жолы ұзарып, ең алғашқы егіншілер адам аяғы баспаған жерлерді игерді. Бірте-бірте банту тілдер қатары көбейіп, жергілікті діни және қоғамдық тәжірибелер одан ары түрленді. Банту тілдес халықтарға дейін Конго өзені алқабындағы ормандарды мекендеген аңшылар мен терімшілер қауымы келімсектермен сауда-саттық жасауы, бір-бірімен некелесуі, дағдылар алмасуы әбден мүмкін. Көбі егін шаруашылығымен шұғылдана бастаған болса керек, ал кейбірі, соның ішінде батва (пигмейлер деген атаумен көбірек белгілі халық) халқының арғы бабалары терімшілік және аңшылық өмірін жалғастырып, ормандарда қалды.

Сонымен қатар банту тілдес халықтар бастапқыда саванна белдеуінің солтүстігін басып өтіп, кейін оңтүстікке қарай, Африканың ірі көлдерінің шығыс жағына қарай көшті. Сол жақта олар дәнді дақыл, әсіресе сорго мен тары екті. Осы жерді мекендеген, ірі қара бағатын халықтардан үйреніп, экожүйесі қолайлы аймақтарда малшылықпен де шұғылданды. Б.з.д. 1200 жылдардан кейін ірі көлдер аймағы дүниежүзіндегі тропиктік ендіктердің ішіндегі халық ең тығыз қоныстанған мекенге айналды. Келесі мыңжылдық ішінде Оңтүстік Африканың үштен бір бөлігінің толыққа жуығын банту тілдес егіншілер мен малшылар қоныстанды. Тарихи маңызы бар бұл оқиғаларға келесі тарауларда ораламыз.

Егіншіліктің отап-өртеу жүйесі (shіftіng agrіculture) – егінші жерді отап, оның құнарын игілігіне толық жаратып алған соң, осы жерді қайта қалпына келу үшін тастап, жаңа жерге көшіп, оны да отап барып, егістікке айналдыруға негізделген егін егу әдісі.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы австронезиялық егіншілер

Африкадағы осы өзгерістермен бір уақытта Оңтүстік-Шығыс Азияның теңіз жағалауы жағындағы тропиктік аймақтары бойымен егінші қауымдардың көші де басталды. Географиялық тұрғыдан, Үнді мұхитының батысындағы Мадагаскардан Мұхит аралдарына дейінгі аралықты қамтыған бұл миграция – дүниежүзі тарихындағы ең үлкен көштің бірі. Лингвистикалық және археологиялық деректерге сүйенсек, б.з.д. бесінші мыңжылдыққа таман күріш, тары егіп, шошқа мен тауық өсірген аграрлық қауымдар Оңтүстік Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияның құрлық бөлігін яғни қазіргі Вьетнам, Тайланд және Малайзияның суармалы алқаптары мен жағалаудағы жазықтарда өсіп-өркендеген. Б.з.д. 4000 жылдар шамасында кейбір батыл егіншілер Қытай мен Тайваньды бөліп жатқан Формоза шығанағын жүзіп өтеді. Бұл мигранттар австронезия семьясының көне тілдерінде сөйлеген.

Нәтижесінде, күріш егетін егіншілердің оңтүстік бағыттағы Филиппин мен Индонезияның ылғалды тропиктік аралдарына, сондай-ақ Тынық мұхиттың батыс бөлігінде орналасқан аралдарға бағыт түзеген болашақ көші Тайвань арқылы жүрді. (Мұхит аралдарын игеру туралы 4-тарауда айтамыз). Тайваньнан оңтүстікке қарай көшкен австронезиялықтар бір заматта аутригер каноэні ойлап табады. Қайықтың судағы тұрақтылығын арттыру мақсатында кей жағдайда мұндай қайықтардың бүйіріне қалтқы қояды. Қос аутригері бар қайықтар жүзіп өту оңайға соқпайтын теңіздердің өзінде тура бағытта жүзе алды. Оңтүстік-Шығыс Азияның бір аралынан екінші аралына жүзіп жетіп отырған қоныстанушылар күріш, шошқа, тауық, мықты қыш бұйымдар мен ұсақталған тас құралдардан тұратын «тіршілік себетін» ала жүрді. Халық санының нәтижелі өсуінің бір себебі Оңтүстік-Шығыс Азия жағалауының «отты шеңбері», яғни Тынық мұхиты жағалаулары бойымен доғалана орналасқан, Азияның шығысы мен қос Американың батыс шегін қоса алған, белсенді жанартаулар белдеуінің бір бөлігін құрауымен байланысты. Оңтүстік-Шығыс Азияда атқылаған жанартаулар адам өліміне жаппай себеп болғаны рас, әлі де солай, бірақ сілкіністер нәтижесінде жанартау топырағының құнарлы қабаты түзілді, бұл өзгешелік австронезиялық қауымдарды жаңа жерлерді тану мен игеруді ары қарай жалғастыруға итермелегені айтпаса да түсінікті. Жанартау топырағымен құнарланған Индонезияның Ява аралында күріш айтарлықтай жақсы өсті, жоғары өнім берді.

Оңтүстік-Шығыс Азия жағалауы бойындағы австронезиялық егіншілер және малшылар қауымы аңшылық пен терімшілікке негізделген шаруашылық пен ескі тілдердің орнын басты. Дегенмен мұндай өзгерістер бүкіл аймақты қамтымады. Сыңсыған ну орманды Жаңа Гвинея аралындағы папуа тілдес халық австронезиялық басқыншыларға аралдың ішкері аймақтарында төтеп беруге тырысты. Оның басты себебі, папуалықтар ямс, таро, банан, қант қамысының бірқатар түрін бірнеше мың жыл бұрын өз беттерінше қолдан еккен шығар. Сондықтан Жаңа Гвинеяның жағалауына тоқтаған австронезиялық саяхатшылар шашырап жатқан терімшілермен емес, жерінен ығысуға көне қоймайтын салыстырмалы түрде халқы тығыз аграрлық қоғаммен бетпе-бет келді.

Қорытынды

Сегіз мың жылға созылған неолит дәуірімен салыстырғанда б.з.д. екінші мыңжылдық Афроеуразияның солтүстіктегі ендіктерінде халық санының өсуі, аграрлық өмір салтының кең құлаш жаюы, қалалардың өсіп-өркендеуімен ерекшеленген түбегейлі өзгерістер кезеңі болды. Осы мыңжылдықтар ішінде бір-біріне қарама-қайшы екі үрдіс қатар дамыды. Бір жағынан, неғұрлым көп халық егіншілік немесе малшылықты (немесе екеуін бірдей) қабылдап, мұндай өмір салты беймәлім аудандарға кең тарап, тілдер мен мәдениеттің басқа элементтері де дамыды. Сондай-ақ жауын-шашын мөлшері көп тропиктік ормандардан шөлейт шалғындарға дейін созылып жатқан жаңа табиғи-экологиялық жағдайларға адам баласының бейімделуі үздіксіз мәдени жасампаздықты және тәртіпті қажет етті. Яғни Афроеуразияның тілдер және діни сенімдер мен жоралғылар картасы барған сайын күрделене түсті. Кей жағдайда басқыншылықпен қатар жүрген миграция ұзақ уақыт бойы тұтастықты сақтаған қауымдардың бөлінуіне, соның салдарынан жаңа лингвистикалық және мәдени тармақтардың қалыптасуына себеп болды. Еуропадан Үндістанға дейін жайылып жатқан аумақта үндіеуропа тілі таралды. Үнді және Тынық мұхиттарының батысындағы Оңтүстік-Шығыс Азияда австронезиялық тілдер басым еді. Африкада жүздеген тілге жеткен үш негізгі тіл семьясы тропиктік ормандар белдеуі мен тысқары аймақтарға тарады.

Екіншіден, Афроеуразия мәдени тұрғыдан алуан түрлі бола бастаған мыңжылдық ішінде қауымдар арасындағы өзара қарым-қатынас миграция, сауда, басқыншылық және мемлекет құру сияқты өзгерістермен қатар дамып, қиырдағы аймақтарға дейін тарады. Бұл қатарға Шаң әулеті тұсындағы Қытайды ғана жатқызбаймыз, себебі онда Месопотамия, Мысыр және Инд алқабындағыдай мәдени мазмұны терең әрі толық қоғамдарға ұқсас күрделі қоғамның жаңа орталығы қалыптаспады. Хеттер, микендіктер және Әмудария қалаларының негізін салушылар тәрізді, жаңа патшалықтар мен билеуші топтар аймақтың өнімділігі мен аймақаралық сауда-саттықты арттыру жолында ғасырлар бойы біраз іс атқарды. Аграрлық қалалар мен шұраттар неғұрлым көбірек бой көтерген сайын, ақпарат та бір жерден екінші жерге соғұрлым тез жетті. Палеолит заманындағы қарым-қатынас қарқынымен салыстырғанда, адамды тәнті қылатын идеялар мен жаңалықтар жан-жағын шарпыған жалын тәрізді жылдам тарады. Мысалы, Еуразия мен Африканың солтүстігіндегі ендіктер бойындағы қоғамдар небәрі мың жылға жетер-жетпес уақыт ішінде қола металлургиясының күрделі технологиясын игеріп алады. Ал әскери арбалар жайлы білім қоғамнан-қоғамға одан да жылдам қарқынмен жетті. Б.з.д. ХІІІ ғасырға таман ортақ қалыптағы әскери арбаларды Батыс Еуропа, нубиялық Африка және Қытай сияқты бір-бірінен барынша алшақ жатқан жерлерде қолдана бастады.

Адамзат қоғамының мәдени түрленуі мен өзара қарым-қатынастың одан әрі берік болуы сияқты қосарлана жүрген үдеріс тек Афроеуразия аймағына ғана тән бірегей өзгеріс емес еді. Дәл осындай үдерістер, әрине оған атсалысқан халық саны тұрғысынан алсақ, анағұрлым шағын деңгейде, қос Америкада, Австралия мен Тынық мұхит бассейнінде де жүрді. Жарты ғаламшарды алып жатқан осы аймақтарға 4-тарауда сапар шегеміз.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

4

Қос Америка, Австралия және Мұхит аралдарындағы алғашқы одиссейлер
Б.з.д. 8000–500 жылдар

Тынық мұхиттың оңтүстігінде жүзіп келе жатқан аутригер каноэ, ХVІІІ ғасыр суретшісі Норвег саяхатшысы Тур Хейердаль (Thor Heyerdahl) 1947 жылы тоз ағаштан жасалған «Кон-Тики» атты салға отырып, Перу жағалауынан жүзіп шығады. Үш айдан аса уақыттан кейін Тур шағын командасымен бірге Тынық мұхиттың солтүстік орталығында, батысқа қарай 4300 миль қашықтықта орналасқан Туамоту архипелагына жетеді. Хейердальдың саяхаты Оңтүстік Америка теңіз саяхатшыларының мыңдаған жылдар бұрын Рапа Нуй (Пасха аралы) мен Полинезияның шығысындағы басқа да аралдарға жеткенін дәлелдеуге ұмтылған үлкен жоба аясында жасалды. Тарихи деректер Тынық мұхитын Америка арқылы емес, Оңтүстік-Шығыс Азия арқылы шамамен 10 мың жыл уақыт бұрын басталған көш нәтижесінде игерді деп бой бермеген ғалымдар жетегінде кеткенде, Хейердаль бұл теориясына жан бітіре алмас еді. Дегенмен ғалымдар тропиктік Америкада өсетін тәтті картоп – бататтың бірнеше түрі Мұхит аралдарына еуропалық теңізшілерден сан ғасыр бұрын тарағанын да мойындайды. Қоныстану мақсатында жаңа аралдар іздеген полинезиялық теңіз саяхатшылары Оңтүстік Америка жағалауына жетіп, қайтар жолда тәтті картоп алып қайтуы да мүмкін. Батыс бағытқа толқын алып кеткен Америка үндістерінің түйнектер тиеп алған салына полинезиялық егіншілер жолығып, картопты өз жерлерінде өсіруге тырысқан да шығар. Тәтті картоп құпиясы – адам баласының Африкадан шығып, жер жүзін алғаш қоныстану легі сая­бырсығаннан кейін, бір-бірінен жырақтап, аймақ арасындағы қарым-қатынастың мыңдаған жылға үзілген уақытында пайда болған өте сирек байланыс­тардың бір мысалы ғана. Қос Америка мен Афроеуразия халықтары арасында он екі мыңға жуық уақыт аралығында ешқандай қарым-қатынас орнамады десе де болады. Дейтұрғанмен, Исландия немесе Оңтүстік Гренландиядан шыққан скандинавиялық қоныстанушылар Канаданың шығысындағы Ньюфаундленд жағалауында б.з. 1000 жылдары төңірегінде ғұмыры ұзаққа бармаған қоныстардың негізін қалағаны да белгілі. Австралияны аңшы-терімші қауымдары мен Афроеуразияны мекендеген халықтар арасында б.з.д. 6500 жылдардан б.з. 1788 жылға дейін ешқандай қарым-қатынас орнамады. Алайда Жаңа Гвинея мен Индонезияның бірнеше арал тұрғындары осы уақыт аралығында Австралияның солтүстік аймақтарымен бірлі-жарым байланыс орнатқаны жайлы деректер бар. Осы сипаттағы кейбір жағдайларға қарамастан, адамзат қоныстанған жер жүзін неолит дәуірінен, тіпті одан да ертерек заманнан – өткен бірнеше ғасыр­ға дейінгі қарым-қатынастар төрт дара макро аймақтан, бір-біріне ұқсамайтын төрт «әлемнен» құралды деп есептесек те болады. Осы әлемдердің үшеуі – Афроеуразия, қос Америка мен Австралия құрлықтары. Ал төртіншісі – Тынық мұхитта шашырап жатқан аралдар әлемі – Мұхит аралдары. Адамзаттың басым бөлігі әрқашан Афроеуразия мен оның қосалқы аралдарын мекеніне айналдырған палеолит дәуірінен бастап құрлықтағы қоғамдардың сан саланы қамтыған қарым-қатынасы барған сайын жетілді. Халық саны қос Америка мен Афроеуразиядағыдай көп болмаса да, қалған үш макро аймақ тұрғындары, алыс қашықтықтарға қарамастан, заттар мен идеялар алмасты. Соған қарамастан, осы үш әлемнің алғашқы тұрғындары физикалық және табиғи қоршаған ортаның алуан түрлі жағдайларына ыңғайланып, бейімделіп кетті, ал қос Америкада тығыз аграрлық қоғам қалыптасты. Осы тарауда қос Америкадан бастап, осы үш аймақты қарастырамыз. Мезоамерика («Орта» Америка немесе бүгінгі Мексика мен Орталық Американы қамтитын аумақ) мен Оңтүстік Америкадағы Анд тауларын мекендеген халық олардан бірнеше мың жыл бұрын ғана Оңтүстік-Батыс Азия халықтары өсірген өсімдіктерді қолдан еге бастады. Жазы ұзақ бүкіл Америка аумағында маис (жүгері) басты егін шаруашылығы дақылына айналады. Б.з.д. үшінші мыңжылдықтың соңына таман шаруашылықпен шұғылданған қауымдар қазіргі Құрама Штаттардың оңтүстік-шығысындағы шөлейт аймақта, Солтүстік Американың Миссисипи өзенінен Атлант мұхитына дейін жайылып жатқан орманды алқаптарда және Амазонкада (Амазонка өзені алқабында да) қалыптасты. Солтүстік Канада немесе Калифорния жағалауы тәрізді аймақтарда адамдар әлі де болса терімшілік, аңшылықпен күн көрді, себебі аймақтарда балық, аң немесе жабайы өсімдіктердің мол қоры болғандықтан, олар егін егу жайын білген күннің өзінде, бұл шаруашылықтың айтарлықтай артықшылығы болмады. Дегенмен кейбір аймақтарда өндіруші шаруашылықпен шұғылданатын қауымдар ұлғайып, қалалар тұрғызу сияқты қоғамдық және экономикалық құрылымның одан да күрделі формаларын дамытатын дәрежеге жетті. Мұндай жаңалықтар б.з.д. төртінші мыңжылдықта Перудің Тынық мұхиты жағалауында, ал б.з.д. екінші мыңжылдықта Мексика шығанағы жағалауында Ольмек қала өркениеті деген атпен белгілі ескерткіште кездеседі. Тарауымыздың екінші бөлімінде Тынық мұхитын бойлай Австралияға назар аударамыз, Homo sapіens осы құрлықты Еуропаға қарағанда 20 мың жыл ерте, яғни осыдан 60 мың жылдай уақыт бұрын игере бастағаны белгілі. Бүгінгі таңда құрлықтың 70 пайызын құрайтын шөлейт аймақтарға қарамастан, адам баласы жаңа мекенге бейімделуінің ұзақ тарихы жолында тек терімшілік пен аңшылық өмір салтын ұстанды. Олар осыдан екі ғасырдан аса уақыт бұрын алғашқы еуропалықтар келгенге дейін қолдарына кетпен алып, егін егіп көрмеді. Соған қарамастан, Афроеуразия немесе қос Америка халықтары сияқты, құрлықты еуропалықтарға дейін қоныстанған аборигендер қоғамы – австралиялықтардың ата-бабалары да, екі аймақ халқымен салыстырғанда шағын көлеміне қарамастан, ұзақмерзімді тарихи өзгерістерден өткенін археологиялық, лингвистикалық және генетикалық зерттеулер дәлелдейді. Осыдан 3600 жылдай уақыт бұрын адам баласы Тынық мұхит алабының батыс аралдарын ғана қоныстанды. Тарауымыздың үшінші бөлігінде осыдан кейінгі 2500 жыл төңірегінде саяхатшылардың бір аралдан келесі аралға ауысу арқылы тарамдала жалғасқан таңғажайып көшін сипаттаймыз. Адамзаттың дүниежүзін жайлаған ежелгі көштерінің ішінде қайық арқылы жүзіп өткен жалғыз көш – осы ғана. Аралдарға дендей енген сайын халық бір-біріне қарама-қайшы экологиялық жағдайларға бейімделіп, бір-бірінен өзгешеленетін қоғамдардың бірнеше түрін қалыптастырды. Аралдар архипелаг түзген немесе аралары небәрі бірнеше миль болған аймақтарда теңіз саудасы жақсарды, мәдени қарым-қатынас орнады. Бірақ Тынық мұхит халықтары мыңдаған жыл бойы халық тығыз қоныстанған қалған үш әлеммен тұрақты байланыс жасай алмады. 4.1-КАРТА. Б.з.д. 500 жылдарға дейінгі қос Америка, Австралия және Тынық мұхит алабы Қос Америка, Австралия және Мұхит аралдарын мекендеген халық арасындағы тұрақты қарым-қатынас соңғы 250 жыл ішінде ғана орнады. Аралықты бөліп тұрған теңіз жолының тарлығын ескерсек те, Австралияның байырғы халқы мен Оңтүстік-Шығыс Азия, Мұхит аралдарының батысын қоныстанушылар арасында б.з. ХVІІІ ғасырға дейін шектеулі ғана байланыстар орнағанын қалай түсіндіруге болады?

Қос Америкадағы егіншілер мен пирамида тұрғызушылар ОЙЛАН: Қандай табиғи және қоғамдық жағдайлар Оңтүстік Америка мен Мезоамерикада күрделі қоғамдар қалыптастырды? Түп бабалары Азияның оңтүстік-шығысынан көшіп келген адамдар б.з.д. 12–7 мыңжылдық аралығында қос Американың тундрадан бастап тропиктік ормандарды қамтыған барлық ендіктерін игерді (1-тарауды қараңыз). Б.з.д. 4000 жылдарда аграрлық қоғамдар Афроеуразияның бірнеше бөлігінде қарқынды тарала бастаған тұста қос Америкада егіншілік пен малшылық – тіршіліктің негізгі көзіне әлі айнала қоймағаны белгілі. Қауымдардың барлығы аңшылық, терімшілік және балық аулаудан тұрған аралас кәсіппен шұғылданды. Дегенмен өсімдіктерді мәденилендіру Мексиканың оңтүстігі сияқты бірен-саран жерлерде осыдан 10 мың жылдай уақыт бұрын-ақ басталды. Қазіргі Перудің солтүстігіндегі шөлейт жағалауды бойлай қоныстанған адамдар б.з.д. 3500 жылдар төңірегінде теңіз өнімдеріне қосымша, мақта мен азыққа жарамды өсімдіктер еге бастады. Сонымен қатар олар күрделі аграрлық қоғамға ғұрыптық және тұрғын орталықтар сала бастаған келесі мың жарым жыл ішінде Перу мен Эквадорда Анд тауларының биік алқаптарында әлеуметтік тап жү­йесі, соның ішінде билеуші элитамен тікелей байланысты рәсімдік кешендер көбейе бастады. Маис (жүгері) Мезоамерика жеріндегі көп халықты асырауға қауқарлы негізгі дақыл түріне айналды. Бірқатар аймақ өзгере бастады, әсіресе б.з.д. 1350 жылдар төңірегінде Мексика шығанағы бойында қала тұрғыза бастаған Ольмек халқын ерекше атап өту керек. Келесі мыңжылдық ішінде Мезоамерика мен Анд таулары белдеуі халық саны артқан және урбандалған ең ірі орталық болды. Мексиканың солтүстігіндегі жартылай шөлейт аймақ, қазіргі Құрама Штаттардың оңтүстік-батысы, Солтүстік Американың шығысындағы орманды алқаптар мен Амазонка алқабының шағын бөлігіндегі қоғам да күрделене бастады. Байырғы америкалықтар аграрлық шаруашы­лықты Афроеуразиядан тыс, дербес дамытқаны анық. ХV ғасыр аяғындағы, екі жартышарды байланыстырған Колумбтың саяхатына дейін, негізінен, америкалық жүгері, бұршақ, асқабақ, картоп, бұрыш, маниок сияқты азықтардың Афроеуразияда өскені жайлы ешқандай дерек жоқ (4.1-кестені қараңыз). Екі жартышар қоғамдары бір-бірімен кем дегенде 12 мың жылға созылған уақыт аралығында қарым-қатынас орнатпағанына қарамастан, олар, негізінен, ұқсас дамыды. Азық-түлік өндіре бастаған соң халық саны Афроеуразияда да, қос Америкада да қатар өсті, ал егіншілер және малшылармен салыстырғанда, терімші-аңшылардың үлесі қысқарды. Екі аймақта да қалыптасқан күрделі қоғамдар қалалар, әлеуметтік таптар жіктелісі, орталықтанған мемлекет, жазу жүйесі, технологиялық және ғылыми жаңалықтар легі сияқты белгілерден тұрды. Афроеуразия мен қос Американы мекендеген адамдар бір-бірі үшін «тәжірибе алмасу топтарына» айналды десек те болады. Екі аймақтың дамуын зерттеу нәтижесінде, дүниежүзінің қай бөлігінде болса да, егіншілікпен шұғылданатын қоғамдар тұрақты түрде артық өнім өндірген жағдайда, халқы тығыз қалалардан, лық толы базарлардан, салық жинаушылардан, жоғарғы абыздардан құралған, білім мен дағды жинақталған, табиғи қоршаған ортаны толассыз өзгерткісі келген қоғам одан ары күрделенеді деген гипотеза қалып­тасты.

Америка егіншілерінің күш-қуаты

Қос Америкадағы агромәдени революция Афроеуразияның кейбір аймақтарынан бірнеше мың жыл кейін болды. Екі жартышар бір-бірімен «үздік егінші» атағы үшін таласпағанын да қаперге саламыз. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Ніл өзені алқабындағы терімшілер мен аңшылар қауымы «егінші және малшы болу күнкөрісті жеңілдетеді» (егіншінің қандай болғанын білді деп есептесек) деген оймен егін өсіріп, жануарларды қолға үйретпегенін, қоғамдық және демографиялық күйзелістер, климаттық өзгерістер баяу, негізінен еріксіз осы жолға түсуіне итермелегенін 2-тараудан білгенбіз. Дәл осындай табиғи-экологиялық күйзелістер жағдайында ежелгі америкалықтар (жергілікті америкалықтар немесе Америка үндістерінің орнына осы атауды синоним ретінде қолданамыз) басқаларына қарағанда сапасы жақсырақ, жеуге жарамды және талшықты өсімдіктерді сұрыптап, еккенге ұқсайды. Қос Америкада да шаруашылықтың кеш пайда болуы оны Соңғы мұз дәуіріне (Плейстоцен) тән климаттың өзгеруімен және күннің жылынуын алып келген Голоцен кезеңінің басталуымен байланыстыруға мүмкіндік бермейді (2-тарауды қараңыз). Алайда кейінгі мыңжылдықтардағы аймақтық климаттың құбылуы терімшілер мен аңшылар қауымын егін еге бастауға итермелеген ылғал және құрғақ кезеңдерінің қалыптасуына әкелуі мүмкін еді.

Жер бетіне, нақтырақ айтсақ, қос Американың жағалауға жақын аймақтардың климатының құбылуына Эль-Ниньо оңтүстік тербелісі49 әсер етуі мүмкін. Жеуге жарамды өсімдіктерді мәденилендіру жолындағы кішкене ұмтылыс, әсіресе халық саны ұдайы артып отырған жерлерде, жауын-шашын толассыз жауған немесе құрғақшылық әкелген апатқа қарсы тұруға мүмкіндік берді. Келесі теория егіншіліктің қалыптасуын ірі сүтқоректілердің, соның ішінде мамонттардың, алып бизондардың, жылқы мен түйенің арғы атасы болған жануарлардың кейбір түрінің климаттың өзгеруі немесе адамдардың есепсіз аулауы салдарынан жойылуымен байланыстырады (1-тарауды қараңыз). Жануарлардың жойылуы, әсіресе Солтүстік Америкада, азық қорын мүлде азайтып жіберуі мүмкін еді. Осындай өзгерістер адамдарды жеуге жарамды өсімдік қорын көбейту және сақтауды ойластыруға мәжбүрледі. Егіншілік адам тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналған және халқы ұдайы өсіп отырған қоғамдардың терімшілік пен аңшылық өмір салтына қайтадан оралуы екіталай, тіпті мүмкін емесін Афроеуразиядағы агромәдени табыстар мысалында көруге болады.

Америкалық дақылдар және жүгері салтанаты. Оңтүстік-Шығыс Азияда шаруашылық енді-енді қалыптаса бастаған б.з.д. 8000 жылдар шамасында Мексиканың оңтүстігінде тропиктік таулы алқаптарын мекендеген Оахака (wah-HAH-kah) халқы асқабақ тұқымдастарының ерекше бір түрін сұрыптап, еге бастағанын археологиялық деректер дәлелдеді. Бір қызық болжам бар, терімшілер мен аңшылар сопақша асқабақты егіп, суарып, күтіп-баптап, кейін оларды құрғатып, құты ретінде пайдаланған. Кейбір адамдар, олардың әйел болғанында күмән жоқ, ошақта күйген өсімдік дәндері дәмді болатынын кездейсоқ байқаған. Осындай жаңалық нәтижесінде өсімдік, әсіресе жабайы асқабақ дәндерінің тағам ретінде құндылығы анықталған тәрізді. Осы уақыттан бастап, адамдар дәндердің ірілері мен дәмділерін алу үшін асқабақтарды сұрыптай бастағанға ұқсайды.

4.1-КЕСТЕ. ӨСІМДІКТЕРДІ ДЕРБЕС МӘДЕНИЛЕНДІРУ КЕСТЕСІ

Қос Америкада мәдениленген, бірақ Афроеуразияға белгілі он екі өсімдік

Афроеуразияда мәдениленген, бірақ қос Америкаға белгісіз он екі өсімдік

Маис (жүгері)

Бидай

Асқабақ

Арпа

Картоп

Күріш

Маниок (кассава)

Жасымық

Батат

Қант қамысы

Бұршақ

Кофе

Қызанақ

Банан

Жер жаңғақ

Пияз

Авокадо

Апельсин

Какао

Жүзім

Ананас

Кокос

Темекі

Зығыр

Америкалық өсімдіктерді қолдан өсіру келесі алты мың жыл ішінде, Солтүстік және Оңтүстік Америкада бірдей, баяу қарқынмен жүрді. Шаруашылыққа өтудің шұғыл қажеті болмағандықтан терімшілер мен аңшылар қауымы жабайы азық-түлік жинаудың салыстырмалы түрде қысқа «жұмыс аптасынан» құралған үйреншікті өмір салтын жалғастыруды жөн көрді. Табиғат күші ғана қалыпты тіршілікті өзгертуге итермелеуі мүмкін еді. Кейбір жерлердегі адамдар қолдан өсірген өсімдіктерді жабайы азық-түлікке қосымша «тіске басар» ретінде ғана тұтынған болар. Афроеуразия адамдарының «асыраушы серігіне айналған» бидай, арпа, күріш және осы тұқымдас басқа да ірі дәнді дақылдардың жабайы түрлерінің қос Америкада өспеуі – толыққанды шаруашылықтың баяу қалыптасуына әсер еткен де шығар.

Бүгінгі таңда, дүниежүзі бойынша бидай мен күріштен кейін үлкен ауқымда саудаланатын негізгі дақылдардың бірі – жүгері сол заманның ең ма­ңызды олжасының бірі болды. Жүгері – жағдай талғамайтын, бейімделу қасиеті жоғары өсімдік. Канаданың оңтүстігінен Чилидің оңтүстік шегіне дейінгі аумақта өседі. Генетикалық өзгерту арқылы жүгерінің сансыз түрін жасауға болады. Бүгінгі таңда Мексиканың өзінде ғана жүгерінің алпысқа жуық түрі бар. Жаңа заманға дейін жүгерінің шамамен 30 мың түрі өскен шығар.

Ғалымдар қолдан өсірген жүгерінің отанын дәл анықтай алмады, дегенмен бұл үдеріс б.з.д. 7000 жылдар төңірегінде Мексиканың солтүстігіндегі бір алқапта басталғаны белгілі. Жинақталған деректерге қарағанда, жүгерінің генетикалық түп атасы жабайы тау шөбі – теосинте (teosіnte; TEE-eh-SІN-tee) болған. Қатты, тарыдай ғана дәндері бар кішкентай собықты теосинтеден жүгері пайда болуы – таңданарлық жағдай. Адамдар теосинтеден ұзындығы 2 футқа дейін жететін, ірі дәнекті жүгері собығын – өздері қалаған өсімдік түрін сан жылдық, қажыр­лы, саналы сұрыптау үдерісінсіз өсіруі мүмкін емес еді. Еңбек бөлінісі жайлы кейінгі деректерді жалпылай саралау барысында, ертедегі бір тропиктік алқапта жабайы теосинте сабақтарының арасынан сапасы жақсырағын таңдап, кейін оның дәндерін отырғызып жатқан әйелдер бейнесін елестете аламыз. Олар тұтас бір қыстақты маңызды азықпен қамтамасыз етуге жеткілікті болатын, дәндері ірі әрі саны көбірек «ген инженерлік» өсімдік алу үшін бұл үдерісті ұрпақтан-ұрпақ сан мың рет қайталауға тиіс еді. Оңтүстік Мексикада орналасқан Техуакан алқабындағы үңгірден шыққан ежелгі жүгері дәндері теосинтенің дәндерінен ірілеу болғанымен, біздің бүгінгі таңда жеп жүрген жүгеріден алты есе кіші.

Жүгерінің генетикалық эволюциясы. Мезоамерика егіншілері жүгері өнімін және дәндерінің саны мен көлемін үлкейту мақсатында бірнеше ұрпақ бойы көңілдерінен шыққан жүгері түрлерін өсіру үшін қайта-қайта сұрыптап, отырғызып келді. Сол жақтағы жүгерінің түп атасы – теосинте жүгерісі. Мезоамерикалықтар жүгерінің бірнеше түрімен шектеліп қоймай, алпысқа жуық түрін не үшін шығарды деп ойлайсыз?

Жүгері – тез пісетін, жеңіл сақталатын, климаттың түрлі жағдайларында және топырақ талғамай өсе беретін өсімдік болғандықтан, егіншілер жүгеріге үздіксіз тәжірибе жасады. Адамдар жүгеріге бұршақ, асқабақ және басқа да азық түрлерін қоса тұтынып, оның құнарын қосымша арттырып отырды. Мезоамерика егіншілері дақылдарды милпа50 (mіlpa) алқаптарында дақыл өсіруге көшті, осы алқап оларды толыққанды құнарлы тағаммен қамтамасыз етіп отырды. Милпа егіншілігі Мексика жері арқылы солтүстікке тарап, б.з.д. 2000 жылдар шамасында бүгінгі Аризона мен Нью-Мехикоға жетті.

Оңтүстік Америкадағы жүгері мен картоп. Анд таулары мен іргесіндегі Тынық мұхиты жағалауында орналасқан халықтар (Эквадор, Перу, Боливия және Чили) ақ картоп пен жеуге жарамды басқа өсімдіктерді жүгеріден бірнеше ғасыр бұрын, бір-бірінен дербес түрде, қолдан өсіргенін ғалымдар бірауыздан мойындаған тәрізді. С және B6 дәрумендері, калий, жасұнық сияқты адамға өте пайдалы құнарлы заттарға толы картопты тұтыну Анд халқы санының өсуіне әсер еткені айтпаса да белгілі. Анд тұрғындары жүгеріні де қолдан өздері өсірді ме, әлде ол идея сырттан келді ме? Солтүстіктен Оңтүстік Америкаға құрлық арқылы тікелей жету – бүгінгі күннің өзінде оңай емес, себебі Панама мен Колумбия шекарасы бойында қалың батпақтар мен таулы тропиктік ормандар жатыр. Панаманың оңтүстік-шығысы Дарьен айырылымы деген атаумен белгілі, себебі бұл жердегі құрлықаралық панамерика күре жолының құрылысы ешқашан аяқталмасы анық. Осыған қарамастан, жүгері өсіру ісі Мезоамерикадан тарады деген пікірді ғалымдардың көпшілігі қолдайды. Саяхатшылар Дарьен айырылымын қайықпен айналып өтіп те, жүгері дәндерін немесе жас өскіндерді оңай тасымалдай алды. Қалай дегенмен де, Анд аймағындағы жүгері шаруашылығы б.з.д. 2200 жылдар төңірегінде басталды. Анд тұрғындарының күнделікті тағамдары – құнарлы әрі денсаулыққа пайдалы картоп, жүгері, бұршақ және кейінгі жылдары Құрама Штаттарда қолданысқа ие бола бастаған ақуызға бай куиноа (quіnoa) дәндері болды.

Бертінге дейін ғалымдар «Амазонка алқабы ХІХ ғасырға дейін шашырап жүрген терімшілер мен аңшылар ғана мекендеген ормандар мен шалғындардың шексіз аймағы болды» деген қате пікірді ұстанып келді. Шын мәнінде қазіргі Бразилияның батысындағы тұрғындар б.з.д. 2000 жылдар шамасында тамыржеміс тобына жататын маниок (manіoc) өсіре бастады. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның экваторлық белдеуіндегі жағдай сияқты, Амазонка алқабында да топырақтағы құнарлы гумустың мөлшері көп емес. Алайда орман тұрғындары маниок, жеміс ағаштарын және жылы климатта жақсы өсетін басқа да астық түрлерін егу мақсатында жүйелі түрде терра прета51 (terra preta) кең алқаптарын игере бастады. Биомассаларды (ағаш немесе басқа өсімдік материалдары) жартылай өртеп, ағаш көмірін жасағаннан кейін оны құнарын арттыру үшін топырақпен араластыру нәтижесінде осындай алқаптар түзілді. Дәл осы жолмен, бұл әрекеттерінің теориясын білмей-ақ, химиялық құрамын саналы түрде жетілдіру арқылы топырақтың құнарлылығын арттырып отырды. Бұл тәжірибе біздің заманымыздың басына таман, әжептәуір аумақты алып жатқан тұрақты қоныстар салуға мүмкіндік беретін деңгейге дейін дамыды. Археологтар осындай бірнеше қоныс қалдықтарын Амазонка алқабының орталығынан тапты.

Ірі жануарлардың қолға үйретілмеуі. Афроеуразияға қарағанда, қос Америка жерінде қолға үйретуге келетін тек бірнеше ірі жануар ғана болды. Мұз дәуірі мен Голоцен аралығындағы өтпелі кезеңде тұяқты сүтқоректілер түрінің 80 пайызына жуығы жойылды, олардың қатарында қолға үйрету мен сұрыптауға икемді жылқы мен түйенің жақын тұқымдастары да болды. Батыс жартышарды қой, сиыр және шошқа мекендемеді. Дегенмен байырғы америкалықтар кем дегенде бес жануар түрін қолға үйретті, олар: Мезоамерикадағы күркетауық; Анд тауларындағы лама, альпака және гинея шошқасы; тропиктік белдеулердегі ысылдақ үйрек; барлық аймақта итті қолға үйретті.

Андтағы альпакалар, Перу. Қолға үйреткен тұяқты жануарлардың ішінде әуел бастан қос Американы мекендегендері – альпакалар мен ламалар. Олар соңғы мұз дәуірінен кейін Батыс жартышарда жойылып кеткен түйелердің биологиялық туысы.

Байырғы америкалықтарда қолға үйреткен ірі сүтқоректілер болмағандықтан олардың қоршаған ортаға бейімделіп, басқара алу қабілеті Афроеуразия халықтарымен салыстырғанда біраз өзгешеленді. Кейбір аймақтарда жабайы жануарлар протеин мен майдың қосымша көзі болды, алайда адамдар жартылай шөлейт шалғын алқаптарды Ішкі Еуразиядағыдай пайдалана алмады. Себебі оларда жайылымда табынға қосып бағатын, мініске жарамды, сондай-ақ шөп пен бұталарды адамдардың керегіне жарайтын етке, сүтке, қан мен теріге айналдырып беретін жануарлар болмады. Соның салдарынан Солтүстік Америка прериялары мен Оңтүстік Америка пампалары терімшілер мен аңшылардан тұрған шағын халықты ғана асырай алды. Байырғы америкалықтар ойыншықтардан тыс, не ауыр соқаны, не дөңгелекті ойлап таппады, ойлап тапқан күннің өзінде оған жегетін жылқы, қашыр, ірі қара, өгіз немесе түйесіз дөңгелектің керегі де шамалы еді. Андтық Оңтүстік Американың шектеулі аймақтарына бейімделген ламалар мен альпакалар ет, жүн және терімен қамтамасыз еткенімен, ауыр соқа немесе әскери арба сүйреуге шамасы келмеді. Қос Америкадағы қалалар мен алып құрылыстарды салу сияқты ерекшеліктері бар аграрлық қоғам, негізінен, адамның қара күші мен тастан, сүйектен және ағаштан жасалған құралдар арқылы дамыды.

Ірі жануарлардың болмауы айтарлықтай кемшілік те емес еді. Бүкіл адам баласы сияқ­ты, ежелгі америкалықтар да түрлі кеселдерге шалдықты. Олар Афроеуразия қалаларында өршіген жұқпалы індеттерден аман болғанға ұқсайды. Шығыс жартышарда қала халқы мен малшы қауымдар малдың үлкен шоғырымен қатар өмір сүргені белгілі. Бастапқыда тек мал шалдығатын кеселдерді тудыратын патогендер мута­цияға ұшырап, халқы тығыз орналасқан қоныстарда желшешек, қызылша сияқты өлімге апаруы мүмкін басқа да жұқпалы аурулардың жиі-жиі өршуіне себепкер болғанын да білеміз (2-тарауды қараңыз). Қолға үйреткен америкалық жануарлардың азғантай түрінің ешқайсысы адаммен қатар тіршілік еткен шектеулі ортада үлкен отар не табындарға бірікпеді, сондай-ақ саны көбейіп, адам санынан асып та кетпеді. Тіпті ауру тудыратын микроорганизмдердің ламадан адамға жұққаны жайлы ешқандай дерек те жоқ. Сиыр, қой және шошқаның болмауы америкалықтарды бірқатар артықшылықтардан құр қалдырғанымен, мұхиттың арғы жағындағы бауырластарына қарағанда, жұқпалы патогендер мұнда кең таралмады.

Эль-Ниньо оңтүстік тербелісі – Тынық мұхиттың экваторлық белдеуінде бес жыл сайын қайталанып тұратын, мұхиттың беткі қабатының жылынуы. Эль-Ниньо маусымы кезінде дүниежүзінің әртүрлі бөліктерінде кей жағдайда ауа райы күрт өзгереді. Тынық мұхитындағы суыну циклі Ла-Нинья деп аталады.

Милпа (mіlpa) – Мезоамерикада орман ағаштарын шауып немесе өртеп, сол жерде жүгері, асқабақ, бұршақ және басқа да дақылдар отырғызуға арналған егін алқабы.

Терра прета (terra preta) — Амазония егіншілері ағаш көмірін, органикалық заттар мен қыш ыдыс сынықтарын араластыру арқылы алатын өте құнарлы топырақ түрі. Португал тілінде «қара жер» деген ұғымды білдіреді.

Норте-Чико пирамида тұрғызушылары

Археологтар Инд алқабы өркениетінің қалдықтарын алғаш рет 1920 жылдары ашқанын 1-тарауда айтып өткенбіз. Нәтижесінде осы аймақтың ежелгі тарихы түбегейлі қайта қаралды. Дәл осылай, Перудің Тынық мұхиты жағында орналасқан отыз шақты шағын қаладан құралған кластер – ең ежелгі америкалық күрделі қоғам жайлы жиырма жыл уақыт бұрын ешкім білмеді. Кейінірек археологиялық қазба барысында б.з.д. 3200 жылдар шамасында тұрғызыла бастаған қалалар ашылды. Осы орталықтардың 30 мильге созылған жағалауында орналасқан ең көнесі – Норте-Чико уақыты жағынан дүниежүзі бойынша Шумер мен Месопотамияда пайда болған қалалардан ғана кейін тұр (4.2-картаны қараңыз). Олар Инд алқабындағы қалалардан кем дегенде 400 жыл, ал Мысыр ұлы пирамидаларынан 600 жылдан аса уақыт бұрын тұрғызылған. Өндіруші шаруашылықтың пайда болуы мен ерте күрделі қоғамдардың қалыптасуындағы уақыт аралығы қос Америкада Афроеуразияға қарағанда үш мың жылға қысқарақ болғанға ұқсайды.

4.2-КАРТА. Перудің Норте-Чико аймағындағы қалалық орталықтар

Норте-Чико мен Месопотамиядағы ежелгі қала қоғамдарында географиялық және табиғи-экологиялық ұқсастықтар болды ма?

Жаңбыр жаумайтын қалалар. Тигр-Евфрат, Ніл және Инд өркениеттері Афроеуразияның Ұлы Арид зонасында өркендеді. Олардың аграрлық экономикасы жауын-шашынға емес, өзен суларымен суару жүйесіне негізделді. Норте-Чико орталықтары да Оңтүстік Американың Үлкен шөлейт белдеуі деп атауға келетін аймақта қалыптасты. Тынық мұхит жағалауы бойымен Перудің солтүстігінен Чилидің орталығына дейін, шамамен 1500 мильге созылып жатқан шөлдердің жіңішке белдемі – жер жүзіндегі ең құрғақ аймақтардың бірі. Жазбаша тарих пайда болғалы бері Чилидегі Атакама шөлінің кейбір бөліктерінде жауын-шашын мүлде түспеген. Жыл он екі ай сейілмейтін тұман әсерінен ғана ылғал жинайды. Жауын-шашын түспейтіндіктен, бұл – негізінен, сусыз аймақ. Тынық мұхит жағынан суық теңіз ағысы мен атмосфералық температураның түйісуі әсерінен пассат желдер жауынды құрлыққа емес, теңізге төгіп кетеді. Тропиктік Амазонка алқабынан соққан жел Гималайдан кейін биік болып есептелетін Анд тауларынан аса алмай, таудың қысымы әсерінен сол күйі жағалауға жетпестен жауын-шашынды тау бөктеріне құйып өтеді.

Перу жағалауының табиғи-экологиялық жағдайы Афроеуразия өзендерінің шөлейтті алқаптарынан айтарлықтай өзгешеленді. Норте-Чиконың төрт өзені құнарлы алқап арқылы емес, қарлы Анд тауларынан ағып, 50 мильге созылған, кенезесі кепкен шөлді кесіп өтіп, мұхитқа құяды. Суару арықтарына аққан су буланғандықтан пайда болған сор әсерінен топырақ ластанды. Месопотамия мен Инд алқабының егіншілері бұл жағдаймен ұдайы күресті. Ал Норте-Чикода керісінше, көктемде өзен суы көкөністерді, жеміс ағаштарын және мақтаны суару үшін салған арықтар мен жыраларды шайып кетіп отырды.

Жағалауда қоныстар болғанына қарамастан, Норте-Чико халқының басым бөлігі өзен алқабынан бірнеше миль жоғары, егін алқабын суаруға ыңғайлы жерде топтаса қоныс тепті. Олардың сөйлеген тілі немесе қоғамдық құрылысы жайлы нақты ештеңе білмейміз, бір анығы, олар анчоус, сардина, ұлу және басқа теңіз өнімдерін, соның ішінде құстарды, теңіз сүтқоректілерін азыққа молынан пайдаланды. Аталған жануар түрлері суық Гумбольдт ағысында емін-еркін көбейді, әлі күнге дейін бұл ағыс жер бетіндегі балығы тайдай тулаған су атаулының көшін бастап тұр. Жағалаудағы және өзеннің жоғарғы ағысындағы қауымдар арасында экономикалық ынтымақтастық жүйесі қалыптасқан тәрізді. Балықшы қауымдар алқап орталықтарын теңіз өнімдерімен, ал диқандар жағалаудағы адамдарды астықпен және балық ауын тоқуға қажет мақта жібімен қамтамасыз етіп отырған сыңайлы. Материалдық деректерге қарағанда, халық киім-кешек пен дорбалар үшін мақтадан мата жасауды да білген. Бұл шаруашылық қатарда екі нәрсе жетіспегені бірден байқалады. Біріншісі – жүгері, бұл аймақта тек б.з.д. 2000 жылдар шамасында ғана жүгері өсіре бастаған. Екіншісі – қыш өндірісі. Терімшілер мен аңшылар қауымы Амазонка алқабының шығысында б.з.д. 6000 жылдар төңірегінде, ал мың жылдан кейін Колумбия-Панама аймағында қыш бұйымдар жасағаны жайлы деректер бар. Норте-Чико адамдары асқабақ, дорба және себетті құты ретінде пайдаланғаны даусыз, алайда оларда қыш құмыралар болмағаны белгілі.

Норте-Чико қоғамының өше бастаған ізі. Бұл қауымда ауқымды рулық жүйе немесе қоғамдық басқарудың басқа бір түрі болуға тиіс еді, себебі төрт өзен алқабында да бар топырақтан зәулім пирамидаларды, дөңгелек алаңдарды және тас құрылыстарды тұрғызу үшін күрделі қоғамдық жобаны іске асыру қажет болды. Өзеннің жоғарғы ағысындағы Карал қала ескерткішінде топырақтан тұрғызған алты пирамида бар, оның біреуінің биіктігі 60 футқа дейін жетеді. Пирамидаға арналған топырақты үйіп, оған пішін беру, ірі тастарды жылжыту, суару арықтарын қазу үшін еңбек күші қажет еді. Бұл жұмыстардың барлығын бір басшы басқаруы керек болды, алайда еріктілерді, туысқандардан құралған топты дінбасы да ұйымдас­тыруы мүмкін. Халықтың жұмыс тобына қосылу арқылы және бір кездері пирамиданың үстіне орналасуы мүмкін ғибадатханаларда көпшілік ғұрыптарды атап өтуге қатысу арқылы жергілікті қоғамға мүше екенін дәлелдей алған сияқты.

Норте-Чико қаласы. Анд тауларының шыңдарынан ағатын Супе өзені көне Карал қаласының тіршілігін қамтамасыз етіп отырды. Қала пирамидасының қирандылары өзеннің сол жақ сағасына таяу жатыр. Қазіргі заманғы осы суретке қарап отырып егістік алқабының қала қалдықтарына жетпей жатып үзіліп қалуының себебі не деп ойлайсыз?

Оңтүстік Американың кейінгі күрделі қоғамдарына қарағанда, Норте-Чикода адамдарға не істеу керегін айтатын немесе олардан салық жинайтын билеушілер, абыздар, ақсүйектер тобының, әлеумет­тік иерархияның болғаны жайлы осы күнге дейін ешқандай дерек табылмады. Мысалы, айрықша мәртебеге ие элитаның болғанын көрсететін ерекше бір оба немесе ақыреттік заттар қазба ескерткіштерден шықпады. Қайтыс болғандар бірдей жоралғымен жерленді. Бір-бірімен шайқасқан топтар немесе қалалардың қақтығысы жайлы да ешқандай дерек жоқ. Не бекіністер, не жауынгерлер мен абыздардың көркем бейнесі, не жарақат алған адам денелері жоқ. Шын мәнінде, сәндік тоқымадан басқа Норте-Чикодан көркемөнер туындылары, тастан қашалған бұйымдар, мүсіндер немесе қабырға суреттерінің біреуі де шықпады. Бұл қоғамда жазу жүйесі қалыстаспаған тәрізді, бірақ археологтар кипу (KEE-poo) жіп түйіні қалдықтарын тапты. Мұндай түйіншектелген және түрлі түсті жіптерді кейінгі Анд қоғамдары ұжымдық білімді жинақтау мен сақтау үшін пайдаланған. Олардың Норте-Чикодан табылуы қауымның бірнеше мүшесі бірдей түсіне алатын белгілер жүйесін қалыптастыруға ұмтылғанын білдіретін тәрізді.

Материалдық қалдықтарға қарағанда Норте-Чико адамдары Тынық мұхит жағалауы бойындағы басқа қоныстармен және шығыстағы Анд тауы тұрғындарымен айырбас сауда жүргізді. Б.з.д. үшінші мыңжылдыққа таман әртүрлі биіктік белдеулерінде орналасты, әртүрлі айырбас заттары бар қауымдарды біріктірген сауда мен мәдени айыр­бастың Анд белдеуі қалыптасты. Мәселен, жазық тұрғындары тұз, мақта және ұлутастарды тау халқының бояу мен обсидиан сияқты заттарына айырбастады. Сұранысқа ие тағы бір нәрсе – Амазонка алқабынан келген еліткіш зат – темекі еді. Норте-Чиконың көрші жатқан қоғамдармен суару және сәулет технологиялары, сондай-ақ мәдени жоралғылары ортақ болған сияқты. Мысалы, археологтар Каралдан басына жаулық тартқан, азу тісі ақсиған, қолына таяқ ұстаған құдайды бейнелеген асқабақты тапты. Бұл құдай бейнесі кейінгі Анд діни символизмінде де бар.

Норте-Чиконың ең ежелгі америкалық қала қоғамы деген мәртебені иеленуі ұзаққа созылмауы мүмкін. Жақында ғана археологтар Перу жағалауынан 200 миль қашықтықта жатқан Сечин-Бахо археологиялық ескерткішінен үлкен тас алаңды қазып алды. Алдын-ала болжам бойынша ол Норте-Чико құрылысынан бірнеше ғасыр бұрын пайда болған. Қалай дегенмен, Норте-Чико қалалары б.з.д. 1800 жылдардан кейін құлдырап, Анд сілемдерін бойлай жаңа қалалар бой көтере бастады.

Б.з.д. екінші мыңжылдықтағы Анд қоғамдары

Б.з.д. 2200 жылдардан бастап қыш өндірісі мен жүгері өсіру Оңтүстік Америкада кеңінен тарады. Келесі мыңжылдық ішінде таулы аймақ тұрғындарының саны тұрақты өсіп отырды. Алқаптың төменгі жағын өңдеумен шұғылданған диқандар шеткері және жоғарғы аймақтарға қарай, эрозияға төзімді жасыл сатылар жасай отырып, тауды бойлай жоғары жылжыды. Андтық Эквадор мен Перу халқы негізінен тас, саз кірпіш немесе топырақ платформаларға немесе пирамидаларға баса назар аударған ондаған рәсімдік және әкімшілік орталықтар тұрғызды. Норте-Чико пирамидаларының қарапайым қабырғаларымен салыстырғанда, Анд пирамидалары мен ғибадатханаларының ішкі бөлмелерінде қызыл, көк, сары, сарғыш, қызғылт және қара түстермен сол қоғамға тән құдайлардың, жауынгерлердің және жануарлардың күрделі бейнелерін салды. Мүсіншілер тастан да дәл осындай сарындағы бейнелерді қашады. Осындай орталықтар көбейген сайын олар бір-бірінен өзгешеленетін жергілікті мәдени нақыш жасай бастады. Олар бір-бірінен саяси тәуелсіз болған сияқты. Орталықтанған ірі Анд мемлекетінің қалыптасу кезеңі әлі де алда еді.

Серро Сечиндегі жауыздық. Перу рәсімдік орталығындағы осы тастарда ғұрыптық құрбандық шалу хикаясы баяндалады. Қауырсынмен әшекейленген бас киім киіп, шоқпармен қаруланған жауынгер тістерін ақситып тұр. Шабылған бір бас оның алдында жатыр, ал он екісі әлдеқашан шабылып, тізіліп тұр. Серро Сечин билеуші тобы тасқа осындай көріністерді не үшін ойды деп ойлайсыз?

Норте-Чикодағыдай, Андта да басқарушылар халықты қоғамдық құрылысқа, тау етегін сатылауға, суару жүйесін жасау мақсатында жұмылдырған сияқты, алайда ол замандағы іс-әрекеттен қатаң әлеуметтік жіктеліс іздерін байқамаймыз. Ал бір жағынан алғанда, Норте-Чикоға қарағанда осы қауым ішіндегі жауыздық жайлы дерек жеткілікті. Кейбір қауымдарда тастан үйінділер тұрғызды, ал көркем өнерде жантүршігерлік бейнелер пайда болды. Мысалы, Перудің солтүстігінде б.з.д. 1300 жылдар шамасында тұрғызылған Серро Сечин (SER-oh se CHEEN) ескерткішінен табылған U-пішінді үлкен құрылыстың қасбетіндегі барельефте кескіленген бастар, денелер мен аяқ-қолдар; ал бұл сұмдық көріністі әшекейлі шоқпар ұстаған тас жауынгер бастап тұрғанын білдіретін бейне қашалған.

Анд алқаптарының көбі шығыс пен батыстан гөрі солтүстік пен оңтүстікке созыла жайғасқан, осындай географиялық орналасу жүгерінің, қыш өндірісі мен басқа да жасампаз технологиялардың Перу, Боливия мен Чилидің оңтүстігіне қарай, оңтүстік бағытта тарауын жеңілдеткен тәрізді. Перу мен Боливияның шекарасындағы теңіз деңгейінен 12 500 фут жоғары орналасқан Титикака (tee-tee-kah-kah) көлінің маңын қоныстанушылар лама мен альпака бағып, картоп, куиноа және жүгері өсірді. Олар, сонымен қатар жан төзгісіз ауруды жеңілдетуге көмектесетін қасиеті бар кока (coca) жапырақтарын жинап, шайнады. Бұл аймақ қауымдары б.з.д. 1000 жылдар төңірегінде сатылы тұғырлар мен алаңдар тұрғыза бастады. Анд тауларының солтүстігіндегідей, негізінен, діни лауазымды басшылар отбасылар мен туысқан топтарды кең ауқымдағы құрылыстарды салуға жұмылдырған болуы керек.

Мезоамерикалық белдеудегі өзара байланыс

Б.з.д. 1500 жылдарға таман (шамамен осы уақытта Қытайда – Шаң мемлекеті қалыптасты, Мысырда – Жаңа патшалық бой көтерді) қыш өндірісін меңгеріп, жүгері өсіретін егіншілер Мезоамериканың әр бұрышының түгелге жуығында қоныстанды. Егіншіліктің экстенсивті таралуына орай қоныс тұрғындарының саны артты, адамдар көбейген сайын шағын топтар бөлініп, алқаптың етегінен немесе жотаның ар жағындағы тың жерлерден жаңа қоныс табуға аттанды. Мезоамерикада б.з.д. 1800 жылдардан кейін пайда болған «қыш революциясы» тамақ дайындау, сақтау және тасымалдау­дың техникалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, отырықшы өмірдің мәнін тереңдетті.

Мезоамерикалық доп ойыншысы. Орталық Мексиканың батысында орналасқан Халиско штатынан табылған мына атлет бас киім және спортқа арналған басқа да керек-жарақтармен бейнеленген. Мүсін б.з.д. 200 – б.з. 500 жылдары шамасында жасалған.

Аграрлық қоғам. Орталық Американың тропиктік ормандарынан қазіргі Құрама Штаттар болып есептелетін оңтүстік-батыстың шөлейттеріне дейінгі аймақтағы халық тұрғын үйлерін бірдей нақышта тұрғызуы осы аймақтың ежелгі замандардан бері өзара мәдени ықпалдастығының тұтас белдеуі болғанын білдіреді. Б.з.д. 1500 жылдардан б.з. 150 жылдарына дейін шағын қыстақтар 10–12 үйден ғана тұрды. Уақыт өте осы қоныстардың көбі ұлғайды. Тұрғын үйлерді саз қосқан «сабан мен қыштан» соққан қабырғалардан тұрғызды. Яғни тік тұрғызылған бағаналар арасын шыбық және сабан тоқу арқылы байланыстырып, сыртынан балшық сылақ жақты. Егіншілер жүгеріні қоңырау пішінді жер асты шұңқырларында сақтап, үстін тас тақталармен жапты. Тұрғындар арасындағы еңбек бөлінісі қарапайым болған сияқты: ер адамдар мен әйелдер үйдің бөлек бұрыштарында жұмыс істеді. Ертедегі үйлерді қазу барысында болжам бойынша әйелдер отырған жақтағы бұрышта топтасқан ине, ұршық және сүйектен немесе қыштан жасалған, жүгері дәндерін собығынан бөліп алуға арналған құрал тапты. Ерлер үйдің басқа бұрышынан табылған тас кескіштер және бұрғылармен жұмыс істеген тәрізді.

Мезоамерикалықтардың ең басты ірі дәнекті дақылы – жүгерінің бір кемшілігі болды. Оның құрамында бидай, арпа немесе күріште кездесетін, В3 дәрумені деген атаумен белгілі, адам тіршілігі үшін өте қажет ниацин болмады. Ұзаққа созылған ниацин жетіспеушілігінен іш өту, тері жаралары және психиканың бұзылуы сияқты белгілерге ие пеллагра ауруы пайда болады. Дегенмен аграрлық кезеңнің басында мезоамерикалық әйелдер кепкен жүгері дәндерін ақ әктәс ұнтағымен бірге суға шылап, одан кейін осы қоспаны ұнтақтау арқылы ұн жасау әдісін ойлап табады. Суды әкпен араластыру барысында кальций гидроксиді түзіледі, бұл қоспадан әзірленген таба нанның құрамында ниацин пайда болады. Ол кездегі бірде-бір адамның биохимиядан хабары болмағаны белгілі, алайда әк қосқан жүгеріден таба нан пісірген адамдардың пеллаграға төзімділігі жоғары болды. (Жергілікті дүкеніңізде сатылатын жүгері наны – жүгеріден, судан және әктен жасалған).

Б.з.д. 1500 жылдарынан бастап мезоамерикалықтар әдемі әрі суреті бар қыш ыдыстардан бөлек, жануарлар мен адамдардың көркем бейнелі шағын мүсіндерін де жасай бастайды. Оларды көне обалардан тапты. Мехико алқабындағы, яғни жан-жағын тау мен жанартау қоршаған қазіргі Мехико қаласы орналасқан таулы үстірттегі археологиялық ескерткішін мысалға алсақ болады. Осы ескерткіште 1940 жылдардан бері қазба жұмыстарын жүргізіп келе жатқан зерттеушілер бұғы, су құстары, бақа, жабайы күркетауық сияқты, адамдар аулайтын жануарлардың таңғажайып мүсіндерін тапқан. Ол заман суретшілері қыш бұйым­дарға бала көтерген әйел, белдік таққан ер адам мен аяқтарына сылдырмақ байлаған биші сияқты, күнделікті өмір көріністерін салды. Қазба барысында әйел адамның да мүсіндері табылды. Олар көбіне жалаңаш, дене пішіндері сымбатты, шөптен жасаған белдемше киген, шаштарын сәндеген, денелеріне бояу жағып, зергерлік бұйымдар таққан кейіпте бейнеленген. Ал ер адамдардың мүсіндері аз және олардың өзі салыстырмалы түрде қарапайым. Әйел қолөнершілер өздерін бейнелегілері келді ме? Бұл мүсіндерді қуыршақ орнына пайдаланды ма? Олар құнарлылықтың тылсым күшіне табынудың ғұрыптық нышандары болды ма? Олар әйелдердің бір-бірімен қарым-қатынас орнатуында символдық маңызға ие ме еді? Палеолит дәуіріне жататын еуразиялық «Венера» мүсіндері сияқты, бұлардың мәдени мәні жайлы тек болжамдар жасаудан басқа амалымыз жоқ.

Археологтар Тлатилко және одан да басқа ескерткіштерден доп ойыншысы мен доп ойыны алаңының шағын бейнелерін тапты, бұл сәулет формалары мезоамерикалық қала қоғамының болмысын анықтайтын ерекшеліктердің бірі болатын. Ер және әйел ойыншылардың мүсіндерін жабдықтарынан ажыратамыз: дене мүшелерін қорғау үшін бір тізесі мен білегіне жастықша, белдеріне ауыр тері белдік таққан. Ойынның ережесінде әр аймаққа тән өзгешеліктер болғанымен, ең негізгісі, ойыншылар резеңке допты шеңбердің ортасына лақтыруға тырысты. Ойын шарты бойынша, аяқ пен қол орнына бөксе, тізе және шынтақпен ойнауға ғана болады. Жарысқа топ та, жеке адам да түсе алды. Кейінгі америкалық үндістердің деректерінен доп ойыны діни ғұрыппен қатар, бәс те тігілетін, жоғары жылдамдықты талап ететін спорт түрі болғанын да білеміз. Алайда бұл ойынның ережелерін кім жазғаны, бір аймақтан екінші аймақтың ережелері қалай өзгешеленгені жайлы біліміміз мардымсыз. Доп ойыны ортақ мүддеге айналып, қатар орналасқан халықтардың ортақ мақсаты мен бірегейлігін қалыптастыруға үлесін қосқан да шығар.

Ольмек. Ауыл шаруашылығы және халық санының өсуі б.з.д. екінші мыңжылдықтың аяғына таман Мезоамерика қоғамының одан ары күрделенуіне итермеледі. Анд Оңтүстік Америкасында дәл осындай өзгерістер екі мың жыл бұрынырақ басталған еді. Адамдар Мексика алқабында Тлатилько тәрізді үлкен қоныстар салды, Оахака алқабында ғұрыптық құрылыстар мен қорғандар тұрғызды, Мексиканың оңтүстігіндегі Чьяпас (chee-AH-puhs) аймағында тастан доп ойыны алаңдарын жасады. Мексика шығанағындағы тропиктік жағалауда, қазіргі Веракрус қаласының оңтүстігінде бой көтерген Ольмек қоғамы – б.з.д. 1000 жылдарға дейінгі қоғамдардың ішіндегі ең ғаламаты (4.3-картаны қараңыз). Ыстық, лайлы жағалау мен ну орманды қыраттар аймағындағы Сан-Лоренсо деген қала тұрғындары 2,8 миллион текше ярд тастан рәсімдік пирамида тұрғызды. Сондай-ақ аздаған ақсүйек билеушілерден, бәлкім мезоамерикалық ең алғашқы патшалардан тұратын әлеуметтік тап жүйесін де қалыптастырды. Бұл халық өзін қалай атағаны жайлы болжам да жасай алмаймыз. Бірақ олар каучук доптар жасағаны белгілі, соған байланысты кейінгі астектердің науатль тілінде «каучук жерінің адамдары» деген мағынаны беретін «Ольмек» атауы шығуы мүмкін. Б.з. ХVІ ғасырдағы ацтектің көнекөз қариялары зерделерінде сақтап қалған аңызға айналған жер туралы былай толғанды:

Ешкім уақытын білмейтін,

Ешкімнің есінде қалмаған,

Бағзы бір заманда...

... ол маңда көп жасаған бір ел бар еді1.

4.3-КАРТА. Мезоамерикадағы Ольмек өркениеті

Географиясы мен климатындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктер Норте-Чикомен салыстырғанда Ольмек қала қоғамының қандай ерекшеліктерін қалыптастырды?

Деректерді САРАЛАУ

Ольмектен табылған бастар

Ольмек өнерінің ең әсерлі мүсіндері – тас бастар, шығанақ жағалауы бойындағы бірнеше жерден табылды. Бүгінге дейін салмағы алты тоннадан елу тоннаға жететін он жеті бас белгілі. Ең биігі 11 фут болатын осы бастардың бәрінде адамдардың бет-бейнесі бедерленген, өнер тарихының білікті мамандарының ойынша, бұл тас мүсіндер Ольмек билеушілерінің қашалған суреті. Бірі түнеріп қараса, енді бірінің бет-әлпетінен мейірімді байқаймыз. Мүсіндердің бәрі ертеректегі америкалық футболшының бас киіміне ұқсайтын дулыға киген, олардың әрқайсысының айрықша белгілері болған, бұл белгілер бейнеленген адамның аты-жөні мен оның өмірде кім болғанын білдірген сияқты.

Тас құралдар көмегімен қашалған бұл алып бастар жасауға пайдаланған жанартау базальтін батысқа қарай 40 миль қашықтықта орналасқан Тукстла тауларынан әкелді. Кейбір ғалымдардың пікірінше, жұмысшылар алып тастарды бөренелердің үстімен жылжытып отырып, алдымен өзен сағасына, содан кейін сал арқылы су үстімен төменге әкеліп, жағадан керек жерге тағы да бөренелер арқылы жеткізген. Жұмысшылар тастарды тек жер үстімен сүйретіп әкелді деген болжамды ұсынушылар да бар. Бастардың мың жыл бойы сақталуын қамтамасыз еткен жанартау базальтының беріктігіне қарап, Ольмектегі техникалық дамудың деңгейін көруге болады, себебі темір құралсыз тасты қашау үшін айтарлықтай шеберлік қажет.

Сыни пайым

Осы мүсіндерге ортақ қандай белгілер бар? Өзгешеліктері қандай? Бастардың көлемі мен салмағын, олардың қандай қашықтықтан жеткізілгенін ескере отырып, Ольмек басқару жүйесінің сипаты, жоғарғы топтың күш-қуаты, қоғамның көркемөнер және инженерлік шеберлігі жайлы не айтуға болады? Осы бастардың жасалуы мен орналасқан жері олардың Ольмек қоғамындағы қызметі мен маңызы жайлы не айта алады? Кей бастарды әдейі тесіп, бүлдірген. Адамдардың бастарды бүлдіруіне қандай жағдай әсер етуі мүмкін?

Ольмектің жері шығанақ бойымен 125 мильге, ішкері аймаққа қарай 50 миль шамасында созылып жатты. Шығанақтан соққан ылғал жел кей жылдары мол жауын-шашын әкелді. Аймақтағы алғашқы егіншілер егіндіктен гөрі моллюскалар мен басқа да су ресурстарына көбірек тәуелді болған тәрізді. Дегенмен батыс жақта орналасқан Тукстла тауларынан бастау алатын өзендер бойындағы құнарлы милпаларда егіншілер жүгері, бұршақ, асқабақ және басқа да азық түрлерін өсірді.

Б.з.д. 1350 жылдарға таман аймақ халқының саны етегінде аққан өзен мен жағалауға дейінгі 40 миль жерге жайылған балшық алқабы бар, ұзыннан созылып жатқан тау сілеміндегі Сан-Лоренсо қаласының салынуын қамтамасыз ететін дәрежеге жетті. Сан-Лоренсоның орталық пирамидасын, биіктігі 150 фут, әр қыры үштен екі миль болатын жасанды үстіртті өте көп жұмысшы тұрғызған болуы керек. Олар тастарды 50 миль қашықтықта орналасқан кен орнынан сүйреп әкелді. Басқарушылар шағындау пирамидалар құрылысын биік тұғыр басында тұрып қадағалаған, ал осы пирамидалардың кем дегенде екі жүзі, сондай-ақ алаңдар және ғимараттар баяғыда-ақ жоқ болып кеткен.

Сан-Лоренсо мен оның маңайын кейінгі жылдары зерттеп жүрген археологтар Ольмек қоғамына қатысты біраз мәселенің басын ашты. Ең негізгі орталығының гүлденген тұсында, нақтырақ айтсақ, б.з.д. 1200 жылдан б.з.д. 900 жылдар аралығында халық саны 5500 адамға дейін жеткенге ұқсайды2. Бұл орталықтарды жоғарғы топ, оларға қызмет еткен қатардағы адамдар мекендеді. Бұл артықшылыққа ие азғантай топ өзгелерге билік жүргізген, қос Америкадағы ең алғашқы орталық болуы мүмкін. Жоғарғы топтың қалған мүшелері қосалқы орталықтарда қоныстанды. Зерттеушілер кем дегенде 19 қонысты және маңайындағы кең алқаптан дара орналасқан жекежайларды тапты. Осы жерлерді қоныстанған егіншілер, қолөнершілер мен аңшылар билеуші топқа азық түріндегі алым-салық немесе басқа да заттарды өткізіп тұруы әбден мүмкін еді.

Ольмектіктердің орталығынан археологтар да, жергілікті тұрғындар да тас мүсіндер тапты, оның ішінде тастан қашалған адам және жануар бейнелері, мехрабтар мен кішкентай мүсіндер бар.

Алып бастар табылған Сан-Лоренсо қаласы б.з.д. 1200 жылдар төңірегінде құлдырайды. Ескерткіштегі тас мүсіндердің көбі кезінде зақымдалып, бүлінген. Ғалымдар бұл қоғамға не болғанын анықтай алмады, басқыншылық, халық көтерілісі немесе қала тұрғындарын қоныс аударуға мәжбүрлеген аштық деген сияқты болжамдар ғана бар. Қалай дегенмен, осы тұста немесе біраз уақыт өткеннен кейін Ла Вента, Трес Сапотес (TRACE zah-POE-tace) және Лагуна де лос Серрос сияқты басқа да Ольмек орталықтары бой көтере бастайды. Бұл қалалар б.з.д. 400 жылдардан кейін барып құлдырайды. Ал гүлденген шағында саз балшықтан үйілген 110 футтық алып қорғандар Ла Вентаның мақтанышы болғаны анық. Бұл қорғандар үлкен павильонмен, алаңдармен және бұрынғыдан да ірі бастармен байланысы болғаны даусыз. Ғалымдардың пікірінше, балшықтан соққан бұл қорғандар алыстағы Тукстла тауларында гүрілдеп тұратын жанартаулар бейнесі болған. Ольмектіктер бұл жанартаулардың біреуін жаратылыс орны деп те қарастыруы мүмкін еді. Адамдар жұмысты ерікті түрде және діни мақсатта істеді деген күннің өзінде, Ла Вентаның зәулім құрылыстарын ықпалды биліктің көмегінсіз тұрғызу екіталай болатын. Ал Ольмек аймағын түгелдей қамтыған орталықтанған мемлекеттік биліктің белгілері жоқ.

Бір анығы, қалалар сауда және мәдени қарым-қатынастың гүлденіп келе жатқан мезоамерикалық белдеуінің бір бөлігі болды. Сауда-саттық заттары бір қоныс пен екінші қоныс арасында ғана жүргенін, әлде алыс аймақтарға заттарды саудалайтын арнайы саудагерлердің болған-болмағанынан хабарымыз аз. Дегенмен ольмек нақышында жасалған қыш ыдыстар мен қыштан жасаған басқа да бұйымдар Мехико алқабынан Гватемалаға дейін созылып жатқан археологиялық ескерткіштерден табылып жатты. Құмыралар жасалған саздың химиялық құрамын талдаған зерттеушілердің пайымдауынша, шығанақ жағалауынан жүздеген миль қашық орналасқан қауымдар Ольмек орталықтарындағы саздан жасалған заттарды қолданған. Мексиканың орталығы мен оңтүстігіндегі қауымдар Ольмектің тастан жасалған бейнелерін қайталауға талпынған, мұндай еліктеу Мезоамерика аймағында тылсым күштердің белгісіне айналған жыртқыш ягуардың бейнесін сомдауда анық байқалды. Доп ойнаған, бармақ сорған, шашымен ойнаған томпақ балалардың кішкентай мүсіндері де Ольмектен тараған нақыштардың айқын көрінісі. Керісінше, өздерін, үйлерін әсем бұйымдармен сәндегісі келген Ольмек қоғамының адамдары, негізінен, жоғарғы топқа жататын отбасылар Мезо-американың шалғай аймақтарынан заттар алғызған, олардың ішінде обсидиан, жадеит, нефрит және қоладан жасалған ойыс айналар да бар.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Тау егін жинаушылары әміршісі: Мезоамерика билеушісі

Ла Мохарра тас тақтасының сол жағында ерекше бас киім киіп, қауырсын жамылғы жауып тұрған – Тау егін жинаушылары әміршісі.

Ольмек заманы археологиясынан қарапайым адамдарды айтпағанда, жеке билеу­шілер мен олардың әрекеттері жайлы да мардымды мәлімет кездестірмейсіз. Ольмек өркениетінің бір кездегі орталығы болған аймақта б.з. 144 жылы туған бала патша – Тау егін жинаушыларының әміршісі жайлы ғана білеміз. Тау егін жинаушылары әміршісінің билік жолы туралы қазіргі Веракрус қаласының оңтүстігінде орналасқан Ла Мохарра деп аталатын қыстақ маңындағы Акула өзенінен 1986 жылы тапқан тас тақтада ойып жазған. Салмағы – 4 тонна, биіктігі – 7 фут болатын бұл таста ерекше бас киім киген Тау егін жинаушылары әміршісі бейнеленген. Сондай-ақ тас тақтада бес жүзден асатын таңбалар бәдізделген, ғалымдар ол таңбалардың біразының кілтін тауып, оқыды. Жазбада патшаның билік құрған жылдарындағы негізгі оқиғалар суреттеледі. Алайда символдық белгілерді оқу, аудару және оларды түсіну әжептәуір лингвистикалық қиындықтар тудырды.

Тау егін жинаушылары әміршісі билігі тұсында Ольмектің ұлы қалалары құлдырады, бірақ Мексика шығанағының оңтүстік жағалауы бойындағы шағын қалалар әлі де тіршілігін жалғастырып жатқан еді. Тақтадағы жазбада билеушіні қолдаған саяси топ қарсыластарын ойсырата жеңгені айтылады. Шамамен 12 жасында, орайлы күн тұтылуынан кейін ол таққа отырады. Таққа отырғызу рәсімінде жаңа патша заңды билігіне қол сұққан жауының басын шабуы да ғажап емес.

Жазбада билеуші мен осы лауазымға лайық екенін дәлелдеу үшін және құдайлардың ықыласына бөлену мақсатында рәсімді өткізіп жатқан «текті әскербасылар» деп аталған ақсүйек жақтастары жайлы айтады. Рәсім кезінде билеу­шінің жыныс мүшесін тіліп, тамшылаған асыл қанын рухтардың разылығы үшін төгеді. Қаны сорғалап аққан патша маңайындағыларға: «Басқалар үшін қанымды төктім», – деп айғайлайды3.

Дүниежүзіндегі билеушілер сияқты, Тау егін жинаушылары әміршісіне де айналасындағы жақын адамнан қауіп төнген секілді. Жездесі оны тақтан тайдырып, билікті қолына алмақ болды. Алайда патшаның жақтастары опасызды шайқас алаңында жебемен атып өлтірді. Содан кейін өзге жезделері мен күйеу балаларына сатқынның тағдыры қандай болатынын көрсету үшін патша опасыздың денесін кескілеп, турап тастады. Көтерілісшілер Тау егін жинаушылары әміршісінің ғаламат патшалығына арнап қойған ескерткішті аударып тастаған секілді, алайда патша көтерілісшілерді ескерткішті қайта тұрғызуға мәжбүрлейді. Жазбада, сонымен қатар билеушінің абызбен немесе шаманмен байланысына және жануардың тылсым серігі патша денесіне енгендегі еліруіне қатысты мәліметтер де беріледі. Осы оқиғалардан кейін шеберлер билеушінің бейнесі мен символикалық белгілерді тақтаға түсіреді. Тау егін жинаушылары әміршісі билеген патшалықтың тағдыры түбінде немен аяқталғаны немесе ескерткіш тақтаның өзен түбінен табылуына дейін қанша уақыт жатқаны жайлы деректі ешкім білмейді.

Ла Мохарра тақтасы (la moo-hahr-UH STEE-luh) Ольмек жазуының осы күнге дейін табылған азғантай үлгісінің бірі ғана. Бұл тілдің осы аймақ халқы әлі күнге дейін сөйлейтін үндіс тілдерінің ата тілі екенін ескергендіктен, лингвистер символикалық белгілердің көбінің кілтін тауып оқып, айтарлықтай нәтижелерге жетті. Жазба Тау егін жинаушылары әміршісінің өмірбаяны жайлы үзік-үзік ақпарат беріп қана қоймай, мемлекеттің саясаты, рәсімдік айрықша белгілер, ғұрыптық қан шығару, аңдардың рухы жайлы сенімдер сияқты б.з. бірінші мыңжылдығының басында шығанақ жағалауы жазығында үстем болған мәдениеттің билікке қатысты элементтеріне көз жүгіртуге мүмкіндік береді.

Сыни пайым

Ла Мохарра тақтатасын Тау егін жинаушылары әміршісі билігінің тарихи дерегі ретінде қарастыруға болады деп ойлайсыз ба? Ол оқиғалар желісі әділ әңгімеге ұқсай ма, әлде биліктің насихаты ма?

Ольмек өркениетінің тарихи маңызы жайлы пікірталастар ғалымдар арасында әлі де толастамады. Ғылымда қалыптасқан дәстүрлі көзқарас бойынша бұл күрделі қоғам кейінгі мезоамерикалық қала мәдениеттердің «атасы» болған, яғни олар негізгі элементтерін Ольмек өркениетінен алды. Кейінгі жылдары ғалымдар Ольмекті Мехико алқабы, Оахака мен Чьяпастағы ертеректегі егіншілер қоғамын біріктірген бірнеше «ағайынды мәдениеттердің» бірі деген тұжырымды көбірек қолдауда. Бұл теорияға сай, бірнеше ғасырға созылған өзара әрекеттесудің күрделі үдерісі барысында, қатарларында Ольмек те бар қоғамдар арасында заттар, идеялар және нақыштар алмасу үдерісі жүрді. Б.з.д. 1500–400 жылдар аралығында Ольмек қоғамы күрделенудің айтарлықтай дәрежесіне жеткеніне ешкімнің дауы жоқ. Оны орталықтарын патша немесе жоғарғы абыз басқаратын ресми әлеуметтік иерархиясы болған қоғамның ең ежелгі түріне жатқызуға әбден болады. Қуатты элиталық билігі тұрғысынан қарасақ, кейінгі мезоамерикалық және оңтүстік америкалық қоғамдар Ольмекті әлдеқайда басып озған болатын.

Мексиканың солтүстігі

Осыдан 15 мың жыл бұрын басталған адамдар көші батыстан шығысқа қарай Солтүстік Американың жоғарғы жағындағы қоңыржай белдеу арқылы жүрген болуы керек (Құрама Штаттар және Канада; 4.4-картаны қараңыз). Осы кездегі аңшылар мен терімшілер қауымы ғалымдар Кловис деп атаған стильге сай келетін құралдар мен найза ұштарын пайдаланған. Олардың көбі Мезоамерика мен Оңтүстік Американың ежелгі халқы тәрізді ауқымды америнд тілдер семьясына кіретін, кейінгі тілдердің бабасы болған көне тілде сөйлеген шығар. Халық өзге екі тілде сөйлеген сияқты. Біріншісі, Канаданың батысы мен Аляскадағы бірнеше халық, сондай-ақ Құрама Штаттың оңтүстік-батысындағы навахо тайпасы кейбір лингвистер Азия тілдерімен байланыстыратын на-дене семьясы тілінде сөйледі. Екіншісі, эскимо-алеут тілдерінде сөйлеген халық, бұл аңшылар Беринг бұғазы арқылы Солтүстік Канада бойымен шығысқа қарай тарап, тіпті Гренландияның жағалауына дейін жеткен. Қауымдар Солтүстік Америка бойымен жылжыған сайын олардың тілдері бір-бірінен ажырап, көбейе түсті. Мәселен, америнд семьясы бірнеше субтілдерге бөлінді, оның құрамына юте-астек, сиу, ирокез және алгонкин тілдері кірді.

4.4-карта. Солтүстік Америкада ертеден өндіруші шаруашылықпен шұғылданған және оба тұрғызған қоғамдар

Географиялық тұрғыдан алып қарағанда, Ольмек қоғамы мен Миссисипидің төменгі ағысындағы алқапта орналасқан Поверти-Пойнт сияқты қоныстар арасында б.з.д. екінші мыңжылдықтың аяғына таман мәдени байланыстар орнауы, сіздің ойыңызша, мүмкін бе әлде мүмкін емес пе?

Б.з.д. 2500 жылдар төңірегінде Мексиканың солтүстігін мекендеген халықтардың барлығы әлі де табиғат аясындағы азықпен қоректенген секілді. Терімшілік пен аңшылық – міндетті түрде дала кезу деген сөз емес. Оңтүстік-Батыс Азияның терімші-аңшы қауымдары егіншіліктің пайда болуынан бірнеше ғасыр бұрын дақылдар маңында маусымдық қоныстар тұрғызғаны тәрізді, солтүстік америкалықтар да бір жердің жабайы табиғат қорын бірнеше ай бойы пайдалану үшін орталық тұрақтар салды. Көштерін ары қарай жалғастырарда, кейбір қауымдар, келесі жылы осы жерге қайтадан ораламыз деген үмітпен еңбек құралдары мен азықтарын қалдырып отырған. Б.з.д. екінші мыңжылдыққа таман қорекке пайдаланған теңіз өнімдерінің арқасында Тынық мұхиттың солтүстік-батысы мен Алясканың оңтүстігіндегі қауымдар ұзақ уақытқа дейін белгілі бір экологиялық қуыста тұрақтап қала алды, тіпті олар ағаш тақтайлардан салған тікбұрышты берік үйлерден қыстақтар да тұрғызды.

Қорған тұрғызушы ежелгі солтүстікамерикалықтар. Миссисипи өзенінің төменгі ағысындағы алқаптан өте байырғы кезеңге жататын, егіншілікпен әлі шұғылдана қоймаған қоныстар ізі табылды. Миссисипидің батыс жағындағы Луизиананың солтүстік-шығысындағы Уошито (WOSH-і-taw) өзені маңында орналасқан Уотсон Брейк атты нысанда б.з.д. 3400 жылдар шамасында өмір сүрген терімшілер мен аңшылар топырақтан ең биігі 25 футқа жеткен 11 қорған тұрғызған. Доғал пішінді бұл құрылыстар Мезоамерикада, тіпті Оңтүстік Америкада осы күнге дейін белгілі пирамидалардың кез келгенінен көне болуы мүмкін. Уошито алқабында бірнеше ай немесе бір жыл қоныс тепкен адамдар көп күш жұмсамай-ақ, көсемдер мен билеушілердің жоғарғы тобын қажет етпей-ақ, ұзақ уақытқа созылған қоғамдық жоба ретінде қорған тұрғыза алды. Қорғандардың жерлеу немесе ғұрыптық мақсаты болғаны жайлы ешқандай дерек жоқ. Қорғандар бірдей емес. Уотсон Брейк қорғандарынан көп ұзамай пайда болған басқа да қорғандарды Миссисипи алабының оңтүстігінен көруге болады.

Поверти-Пойнт. Уотсон Брейктен шығысқа қарай 100 миль жерге қоныстанған адамдар б.з.д. 1750 жылдардан кейін Поверти-Пойнт деген жерде бірнеше қорғандардан және домалана орналасқан сегіз қырлы пішіннің жартысына келетін топырақтан үйген алты қатар жотадан тұрған орталық тұрғыза бастайды. Қорғандардың бірі – конус пішінді, басқалары пирамида тәрізді, ал екеуі, қиялға ерік берсек, құсқа ұқсайды. Поверти-Пойнт адамдары Миссисипиге қарап тұрған жоталардың үстіне ағаш, ағаш қабығы, саз сияқты уақыт сынына төзбейтін материалдардан құрылыстар тұрғызған. Олар, сонымен қатар қыш ыдыстар, моншақтар, жануарлардың шағын мүсіндерін және қыру мен кесуге арналған микролит құралдарын жасады. Олар алыс аймақтармен сауда қатынастарын да орнатты, Мексика шығанағынан немесе Ұлы көлдер сияқты одан алыс аймақтардан ұлутастар мен мыс әкелді. Бір кездері Поверти-Пойнтта 5 мыңға жуық адам тұрған шығар, бірақ олар немен шұғылданғаны белгісіз. Маңайдағы аймақтарды мекендеген адамдар діни ғұрыптарды атқару мақсатында белгілі бір уақытта осы қорғандарға жиналған да болар. Әлде, олар туыстас топтармен тарту-таралғы алмасу, алыс туыстармен жолығу немесе жар табу үшін жиналды ма екен? Кейбір ғалымдардың пікірінше, қорғандар мен қыш ыдыстарды жасау нақышы Мезоамерикалық ықпалдың, бәлкім, орталығы, шығанақты айнала небәрі 1200 мильдей жерде орналасқан Ольмек мәдениеті ықпалының болғанын білдіреді. Бұл тұжырымды дәлелдейтін деректер жеткіліксіз.

Шығыстағы орманды алқаптардағы шаруашылық. Көлемі мен күрделілігіне қарамастан Поверти-Пойнтта шаруашылықтың ешқандай белгісі табылмады. Ұлы көлдер мен Миссисипи алқабынан Атлант мұхитына дейін созылып жатқан шығыстағы орманды алқаптарда жабайы жаңғақтар, жемістер, жидектер және түрлі жануарлар – қауымдарды асырауға жеткілікті болды, ал азық қоры сарқыла бастаған тұста қауымның кейбір мүшелері аңшылық және терімшілікпен шұғылдануға ыңғайлы, адам әлі қоныстанып үлгермеген жерлерді іздеу үшін бөлініп шықты. Солтүстік Американың жоғарғы белдеуін мекендеген қауымдардың көпшілігі еуропалықтардың бес ғасыр бұрын басталған қоныс аударуына дейін ешқашан шаруашылықпен шұғылданып көрмеді.

Поверти-Пойнт қонысы. Көне Поверти-Пойнтты (б.з.д. 1750–700) бейнелеуге тырысқан автордың мына бір суретінде алты қатарлы жоталарда тізілген үйлерден түтін шығып тұр. Жоталардағы археологиялық қазба барысында ошақ орындары табылған, ал терең ойықтардың іздеріне қарап ол жерде бір кездері ағаш құрылыстардың бөренелері тұрған деген болжам жасалды. Археологиялық нысанның ең үлкені – топырақтан тұрғызған құрылыс, суреттің жоғарғы жағында, ортаға таман тұрған – А қорғаны. Алты қатар жоталардан құралған осы жарты шеңбер тәрізді құрылысты тұрғындар не үшін тұрғызды екен?

Дегенмен Миссисипидің ортаңғы ағысындағы алқапта және Теннесси мен Огайоға дейін шығысқа қарай жерлерді қоныстанған қауымдар б.з.д. 2000 жылдар төңірегінде дәнді дақылдардың жеуге жарамды түрлерін сұрыптап, отырғыза бастады, ал Мексиканың оңтүстігіндегі қауымдар асқабақ отырғызуды олардан 6000 жыл бұрын-ақ бастап кеткен. Орманды алқап тұрғындары азық қоры азайғаннан емес, климаттың орташа ауытқуынан туындайтын жайлы-жайсыз маусымдық циклден сақтанып, өсімдіктерді сұрыптауға тырысуы мүмкін. Климат ауытқуының кейбірі Солтүстік Американың шығысына әсер ететін Эль-Ниньоға да қатысты болған шығар.

Мезоамерикадағы сияқты, ең алғаш дәні татымды асқабақ және кәді өсірілуі мүмкін. Солтүстік Американың жоғарғы белдеуінде бидай немесе арпа сияқты дәнді дақылдар өспеді, жүгері де әлі алыс солтүстікке жете қоймады. Орманды алқап тұрғындары, негізінен, әйелдер мен қыз балалар, егуге жарамды ұсақ дақылдардың ішінен қажеттісін іріктеп өсіре бастаған шығар. Бұл флораның құрамына майлы дәнекті күнбағыспен қатар, бүгіндері дүкеннен кездестіре қоймайтын алабота, кәдімгі шәңгіш, құсоты сияқты өсімдіктер де кірді. Бұл өсімдіктердің кішкентай дәнегінің қабығы қатты болғандықтан, оларды қолдан егу барысында сапасы жақсырақтарын іріктеп өсіру ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Б.з.д. екінші мыңжылдыққа таман орманды жерлерді қоныстанушылардың қыш құмыралар жасауды меңгеруі – дәндерді жинауды, сақтауды және пісіруді жеңілдетті.

Орманды алқап тұрғындары Мезоамериканың ықпалынсыз-ақ егіншілікке бет бұрғаны анық. Осының арқасында бұл жер дүниежүзінде ауыл шаруашылығы қалыптасқан жеті немесе сегіз аймақтың бірі деп есептеледі. Дегенмен орманды жерлерді қоныстанған қауымдарда асқабақ, күнбағыс және алабота сияқты дақылдар жабайы табиғат беретін азық-түліктің орнын баспады, қосымша азық көзі болып есептелді, бұл жағдай біздің заманымызға дейін, тіпті одан кейін де жалғасты. Жүгері шаруашылығы Мезоамерикадан солтүстікке қарай баяу таралғанымен, Солтүстік Американың жоғарғы белдеуінде (Канаданың оңтүстігіне дейінгі алыс аймақта) б.з. 1000 жылдарына дейін негізгі дәнді дақыл түріне айнала қоймады.

Австралиядағы өзгерістер

ОЙЛАН: Австралиядағы қауымдардың барлығы құрлықты алғаш игерген кезден қазіргі заманға дейін егіншілікті дамыту орнына, терімшілік және аңшылықпен ғана шұғылдануының себебі не?

Осыдан 60 мың жыл бұрын (1-тарауды қараңыз), Австралияны алғаш игерген терімшілер мен аңшылар қауымының ұрпақтары келесі оңдаған мың жыл көлемінде құрлықтың түкпір-түкпіріне тарады (4.5-картаны қараңыз). Қиырда жатқан Тасманияны адамдар осыдан 35 мың жылдан аса уақыт бұрын қоныстанғанын археологиялық деректерден білуге болады, ол кезде бұл арал құрлықпен жалғасып жатқан еді. Голоцен кезеңіндегі су деңгейінің көтерілуі ғана оны аралға айналдырды. Осыдан мыңдаған жыл бұрын терімшілер мен аңшылардың қалың қауымы Австралияның оңтүстігіндегі Муррей өзені алқабында немесе Афару көлі мен арғы жақтағы Индонезия архипелагына қарама-қарсы солтүстік жағалаудың тропиктерін бойлай тіршілік еткен шығар. Шамамен 8500 жыл бұрын Австралияның солтүстігі мен Жаңа Гвинея арасы табиғи көпірмен, яғни құрлық арқылы жалғасып жатты.

Қазіргі заманға дейін олардың өмір салты өзгермегендіктен, Австралия аборигендерінде ешқандай тарих болмады деген тұжырымды кейде естіп жатамыз. Бұл жаңсақ пікір екенін айтуымыз керек. Аборигендердің ХVІІІ ғасыр соңына дейінгі тарихы жайлы біліміміз археологиялық, тарихи-лингвистикалық деректерге, аборигендердің ауызекі аңыз-әңгімелеріне және таяуда ғана деректер қатарына қосылған генетикалық талдауларға негізделген. Қысқа уақыт ішінде болған оқиғаларды түсіну қиындау тигенімен, ұзақ уақытқа жалғасқан өзгерістер жағдайы мүлде басқа. Ұзақ мерзім шеңберінде алып қарасақ, ғалымдар миграция сипатындағы, еңбек құралдарын жасаудағы, қыш бұйымдар жасау технологиясындағы, қоныстар құрылысындағы, үңгірлер мен жартастардағы сурет өнері нақыштарындағы өзгерістерге қатысты деректерге қол жеткізді.

Осыдан 16 мың жыл бұрын жаһандық климаттың Мұз дәуірінен жылырақ Голоцен кезеңіне өтуі – өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік көзі болған жергілікті қоршаған ортаға ықпал етіп, қоғамдық өзгерістерді жылдамдатқаны анық. Мысалы, Мұз дәуірінде Тасманияның оңтүстік-батысын мекендеген қауымдар ұжымдаса отырып, үңгірлерге орнығып, валлабилер (кенгурудан кішірек қалталылар түрі) аулаған. Алайда Голоцен кезеңі орнаған тұста қауымдар бұл жерді тастап кеткен тәрізді, себебі ит тұмсығы өтпейтін тропиктік ормандарда аңшылықпен шұғылдану қолайсыз болды. Жағалауға қарай жылжыған қауымдар да, олардың ұрпақтары да өзгеше әдіс пен терімшілік жайлы білімді қажет ететін теңіз өнімдерімен қоректенуге еш қиындықсыз бейімделіп кетті.

4.5-КАРТА. Австралия мен Мұхит аралдарын б.з. 1000 жылдарға дейін қоныстану

Аграрлық қоғамдар Оңтүстік-Шығыс Азия аралдарында б.з.д. үшінші және екінші мыңжылдықтарда қалыптаса бастады. Алайда егіншілік пен малшылық Австралияға қазіргі заманда ғана жетті. Осындай мерзімдік қашықтықты қандай географиялық факторлармен түсіндіруге болады?

Мұздықтардың еруі мен теңіз деңгейінің көтерілуі Жаңа Гвинея және Тасманияны Австралия­мен жалғап тұрған табиғи көпірді су астына жіберіп қана қоймай, жағалаудың да ішкері қарай жылжуына себеп болды. Нәтижесінде оны қоныстанған қауымдардың тұрақтарын тастап кетуден басқа амалы қалмады, ал олардың материалдық деректері теңіз түбіне кетті. Австралияның Жаңа Гвинеямен, бәлкім, Индонезия архипелагының басқа да аралдарымен байланыстары азая бастайды, Австралияның терімшілер мен аңшылар қауымы және одан сан жағынан әлдеқайда көп Афроеуразия халқы жеке-дара алаңға айналды. Сол кезден бастап Индонезия аралдарын мекендеген халық Афроеуразиядағы қарым-қатынастардың ауқымды торабына нәтижелі сіңісіп кетсе, австралиялықтар бұл үдерістің сыртында қалғанын осы мәселені қарастырғанда ескеруіміз керек.

Афроеуразия мен Австралияның бір-бірімен қарым-қатынасы толық үзілді деуге де болмайды. Құрлықтың солтүстік жағалауын мекендеген халықтар Жаңа Гвинея тұрғындарымен ауық-ауық байланыс­ орнатты. Өйткені арадағы табиғи көпір жойылғаннан кейінгі уақытқа жататын жаңа гвинея­лық нақыштағы қыш ыдыс сынықтары мен Индонезияда ғана өсетін кейбір өсімдік қалдықтары Австралиядан табылғанын білеміз. Динго деген атаумен белгілі австралиялық жабайы итті б.з.д. 1500 жылдар төңірегінде Оңтүстік-Шығыс Азиядан осы жерге әкелген. Жаңа Гвинеяны Австралиядан бөліп жатқан Торрес бұғазының ең тар жері – 90 миль, сол себепті ғалымдардың басым бөлігінің пікірінше, бұғаз шеңберінде шашырап жатқан бірнеше шағын арал аз да болса сауда-саттық жасасқан. Кейінгі мыңжылдықтарда Оңтүстік-Шығыс Азия жағалауында орналасқан елдердің саудагерлері аспаздық тағамның ерекше түрі – теңіз жәндігін, голотуриді табу үшін Арнем-Ленд жағалауына (қазіргі Австралияның солтүстігі) жиі-жиі келіп тұрған.

Ұзақмерзімді өзгерістер

Индонезиямен кездейсоқ байланыстар орнаса да, орнамаса да Австралия тарихы дами берді. Жануар және өсімдіктектес азықтары көл-көсір болған кейбір аймақтар халқы өсіп-өнді. Әр ұжымдасқан топ қай аймақ пен оған тиесілі азық қорына иелік ететінін анықтау үшін ережелер мен топтасудың одан әрі күрделене түскен түрін ойлап табуы керек болды. Бәсекелестік жеке топтарды басқа қауымдардан ерекшелеу үшін киім және әшекей бұйымның ортақ үлгісін, сондай-ақ сөйлеу мәнерін қабылдауға итермеледі, мұндай өзгерістер палеолит дәуірі тұсында дүниежүзінің барлық бөліктерінде жүрді. Мысалы, археологтардың Муррей өзені алқабындағы б.з.д. 9500–8000 жылдар шамасына жататын жерлеу орындарын қазу барысында тапқан ұлутастар, кенгуру тісі және жоса (денеге сурет салу үшін пайдаланды) сияқты қарапайым заттар марқұмның белгілі бір қауым мүшесі болғанын білдіргенге ұқсайды. Қазба барысында сопақша бас сүйектер де шықты. Кейбір қауымдар сыртқы келбетінде басқа қауымға ұқсамайтын өзгеше бір белгіге ие болу үшін жаңа туған нәрестелердің басын таңу немесе уқалау арқылы бас сүйектерінің пішінін өзгерткен сияқты. Шығыс­тан батысқа дейін 2500 мильге созылған құрлық бойымен көшкен сайын қауымдардың тілдері де бір-бірінен алшақтай берді. Еуропалықтармен байланыс орнаған тұста австралиялықтар кем дегенде 250 тілде сөйлеген болу керек.

Ғалымдар б.з.д. бесінші және алтыншы мыңжылдық арасында бір-бірінен алыс орналасқан қауымдар арасында өткір әрі көп жүзді пышақтар, найза ұштары, біз, бұрғы, балта (сабы бар жіңішке кескіш), қашау, қайрақтас сияқты құралдар жасауға қатысты жаңа идеялар алмасқанын дәлелдеуге жеткілікті деректер жинады. Құрлықтың салыстырмалы түрде адамдар тығыз қоныстанған бөліктерінде сауда қарқыны артты, әртүрлі топ рәсімдік жиындарда бас қосты, қауымдар өзен және көл жағалауларында ұзақ мерзімге тұрақтады және ерекше мәртебеге ие көсемдер пайда бола бастады. Жартас және үңгірлердегі бейнелеу өнерінде әр аймаққа ғана тән өзгешеліктер байқалды. Діни өмірлері жайлы айтсақ, Австралия халқына «Кемпірқосақ түсті аждаһа» деген атаумен белгілі жаратушы рух туралы әңгімелер мен наным-сенімдер ортақ болды. Кейбір ғалымдар абориген қоғамдары Австралия климатының тұрақсыз болуынан, ұзақ мерзім тұрғысынан алып қарағанда, үздіксіз жасампаздық танытып отырғанын атап өтеді. Солтүстік және Оңтүстік Американың Тынық мұхит жағалауы сияқты, бұл құрлық та жылдар немесе онжылдықтар сайын ылғал және құрғақ жағдайдың құбылу ауқымын көбейтетін Эль-Ниньоға тәуелді болды.

«Кемпірқосақ түсті аждаһа». Жарқыраған, түрлі түсті мифологиялық құдіретті жаратылыс иесі «Кемпірқосақ түсті аждаһа» бейнесі б.з.д. 6000 жылдардан Австралияның қиыр солтүстігіндегі Арнем-Ленд жартастарында кездеседі. Аборигендер дәстүрінде бұл бейне жаратылыс пен қырып-жою ұғымын білдірді, сондай-ақ қауымдардың бірлік пен бейбітшілікке ұмтылысының да нышанына айналды. Кейбір ғалымдар «Кемпірқосақ түсті аждаһа» мифологиялық бейнесінің пайда болуын соңғы мұз дәуірінің аяғында жағалауды су басу мезгілімен қатар жүрген, ұзақ уақытқа созылған қоғамдық тұрақсыздық пен қақтығыстармен байланыстырады.

Егіншілер мен малшылардың аяғы жетпеген құрлық

Австралия тұрғындарының азық-түлік жинау жү­йесі өсімдіктер мен жануарларды мәденилендіру мен қолға үйрету – толыққанды өндіруші шаруашылықтың бастамасына айналмады. Алдыңғы тарауларда атап өткеніміздей, Афроеуразия мен қос Америкадағы қоғамдар егіншілік пен қолға үйреткен жануарлардың амандығына тәуелді болуының себебі – олар өндіруші шаруашылық пен қыстақтарда тұру керемет идея екенін алдын ала білгендіктен емес, керісінше, климат өзгерістеріне, жабайы табиғат ресурс­тарына түскен қысымнан, халық санының өсуіне байланысты туындаған әлеуметтік күйзелістермен бетпе-бет келгендіктен еді. Сондықтан бұл қауымдар азық-түлікті жүйелі түрде өндіру жолында еңбек ете бастады. Шамасы, Австралияда мұндай күйзелістер өсімдіктерді мәденилендіруге итермелейтін шекке жетпеген болуы керек. Жануарларға келсек, бір кездері Австралия даласында жортып жүрген қалталылардың (жас төлдерін қалталарына салып жүретін сүтқоректілер) ірі түрлерінің барлығы, сәл кейінірек уақыттағы қос Американың ірі сүтқоректілері сияқты, Плейстоцен тұсында жойылып кетті. Ал тірі қалған кенгурулер мен оған туыстас жануарларды қолға үйретуге әрекеттенбеді. Солтүстік жағалаудағылар Жаңа Гвинеямен қарым-қатынас барысында егіншілік туралы азды-көпті білуі мүмкін еді, алайда соның өзінде австралиялықтар шаруашылықтың бұл түрін қабылдамады.

Әрине, аборигендер азық-түлік табу мен өңдеудің жаңа көздерін іздестіру жолында ешқандай тәжірибе жасамады деуге болмайды. Оңтүстік-Шығыстың ішкері аймақтарында адамдар шамамен 35 мың жылдан асатын уақыт бұрын жабайы дәндерді үгіп, ұн жасау үшін тастарды пайдаланды. Кейінгі мыңжылдықтарда, солтүстік және шығыстағы қауымдар жабайы тарыны жинай бастады, мұндай әрекет Құнарлы жарты ай, Мысыр және ақыр аяғында Қытай жерінде дәнді дақылдарды еге бастау ісіне ұласты. Бағзы замандардан бері ұжымдасқан қауымдар, ғалымдар «өртең» деген атау берген шаруашылықпен айналысты. Олар жануарларды оттату үшін және арасында жеуге жарамды өсімдіктердің қайта шығуын тездету үшін алқаптағы бұталар мен шөпті арнайы өртеп отырды. Жаңадан шыққан шүйгін шөпке шөпқоректі жануарлар қайта оралып, аңшылар қалың шалғын арасында жасырынып жатып аң аулауға мүмкіндік алды.

Ондаған мың жыл ішінде сауда айырбасы, миграциялық көш және қауымдар арасындағы неке қатынастары Австралия өміріндегі жаңа өзгерістерге дем берді. Халық саны мен жабайы табиғат беретін азық-түлік қоры арасындағы теңгерім сақталған сайын өзгерістер қарқыны Афроеуразия мен қос Америкаға қарағанда бәсеңдеу жүрді. Еуропалықтар 1788 жылы алғаш рет құрлыққа аяқ басқан тұста мұндағы халық саны 750 мыңнан аспаған еді. Бұл қазіргі Сидней аймағы тұрғындарынан жеті есе аз.

Тынық мұхит фронтирінің пионерлері

ОЙЛАН: Адамдардың б.з.д. 1600 және б.з. 400 жылдары аралығында бірқатар Мұхит аралдарын нәтижелі игеруінің себебі не?

Афроеуразияның шығыс шекарасынан шыққан адамдар Австралия мен қос Американы ғана қоныстанған жоқ, Тынық мұхитта орналасқан 25000 аралдың біраз бөлігін де игерді. Географтар теңіз бен қоқымдай шашырап жатқан жерлер аймағын Тынық мұхит аралдары деген атауға біріктірді (4.5-картаны қараңыз). Австралия мен қос Американың адамзат тарихынан жырақтағы «әлем» ретінде мыңдаған жыл бойы өмір сүруінің бір себебі – осы құрлықтарды бір кездері Афроеуразиямен қосып жатқан табиғи көпірлердің жоғалып кетуі. Алғашқы қоныстанушылардың мұхит бетімен алыс қашықтықтарды жүзіп өтуі барысында Афроеуразия, Австралия, қос Америка халықтарымен ғана емес, бір-бірімен де, әрине, салыстырмалы түрде жақынырақ орналасқан аралдарды есепке алмағанда, байланысты үзгендіктен Мұхит аралдары адамзат қоныстанған жырақтағы аймаққа айналды. Экватор тұсында 10 400 мильді құрайтын Тынық мұхиты жер бетінің шамамен үштен бір бөлігін алып жатыр. Ағаш қайық мінген ежелгі зерттеушілер Оңтүстік-Шығыс Азия жағалауынан шығысқа қарай ұзай берген сайын жолында жатқан аралдардың барған сайын кішірейіп, ал олардың арасындағы теңіз жолы ұзарып бара жатқанын байқаған. Бұл қоныс аударушылар жеткен ең алыс фронтир – Тынық мұхиттың ортасындағы Гавай аралдары мен қиыр оңтүстік-батыстағы кішкентай ғана Рапа Нуй (RA-pa NEW-ee) аралы (Пасха аралы) еді. Жердің бұл кішкентай ғана бұрышы Чилиден батысқа қарай небәрі 2600 миль қашықтықта жатыр.

ХІХ ғасырдағы кеме капитандары мен Мұхит аралдарын картаға түсірген картографтар аралдарды бастапқы үш топқа жіктейді – Меланезия, Микронезия және Полинезия (4.1-картаны қараңыз). Бұл терминдер әлі күнге дейін қолданыста болғанымен, таяу арада ғалымдар аралдардың екі топқа ғана жіктелген атауын қалыптастырды. Біріншісі, Жаңа Гвинея мен оның шығысындағы жақын Меланезия аралдарын біріктірген экватордың оңтүстігі, яғни мұхиттың батысындағы аралдардан тұратын Таяу Мұхит аралдары. Осыдан шамамен 60–10 мың жыл бұрын адам қоныстана бастаған бұл аймақтың экологиялық жағдайы Оңтүстік-Шығыс Азия жағалауындағы елдермен өте ұқсас. Шалғайдағы Мұхит аралдары деп аталатын екінші аймақты адамдар б.з.д. 1600 жылдан бастап б.з. 400 жылдарына дейін игерген. Бұл аймаққа жоғарыда аталмай қалған Мұхит аралдары кіреді. Ал Мұхит аралдарын игерудің соңғы шегін б.з. 400 жылы деп алуымыздың себебі – осы уақыт шамасында Гавай аралдары мен Рапа Нуй аралына теңіз асып келген алғашқы қоныстанушылар тоқтады. Тропиктік Оңтүстік-Шығыс Азияға жақын орналасқан Таяу Мұхит аралдарында өсімдіктер мен жануарлардың анағұрлым алуан түрі баяғыдан бар болатын. Шалғайдағы Мұхит аралдарында бұл алуантүрлілік шығысқа қарай молайып, аралдар бір-бірінен алшақтаған сайын азая береді. Соның салдарынан, алғашқы қоныстанушыларға шалғай жатқан аралдардың ұсынар табиғи ресурстары да салыстырмалы түрде аз болды, ал аралда ауыз су болмаса онда аймақты игерудің мәні де жоқ еді.

Таяу Мұхит аралдарын игерушілер

Б.з.д. 8000 жылдарға таман аңшылар мен терімшілер қауымы Меланезияның қиыр шығысындағы, Жаңа Гвинеядан шығысқа қарай 500 миль қашықтықта жатқан Сүлеймен аралдарына дейін қоныстанды. Бұл қоныс аударушыларда теңіз каноэлері мен сал арқылы жүзу технологиясы болғаны анық, алайда олардың құрылысы жайлы хабар беретін белгі қалмаған. Алғашқы меланезиялықтардың тастан және сүйектен жасалған шектеулі ғана еңбек құралдары болды. Олар, сонымен қатар ұлутастардан моншақ, білезік және қармақ жасады. Отыз немесе одан да көп адамнан құралған тұрақтарды, кей кездері жартас үңгірлерді мекендеді. Жаңа Гвинея мен Сүлеймен аралдарының ортасында жатқан Бисмарк архипелагының тұрғындары аралдар арасында обсидиан сауда айырбасымен айналысқаны жайлы деректер бар. Жаңа Гвинеямен көрші аралдардың халқы жекелеген қауымдар ретінде шашыраңқы орналасқандықтан, олар ұзақ уақыт бойы бір-бірінен оқшаулана өмір сүрді. Оны папуа тілдеріне жататын тілдердің айрықша алуан түрлілігінен білуге болады. Меланезияның батысындағы бүгінгі халық 750-ге жуық папуа тілдерінде сөйлейді, ал жаңа заманға дейін олардың саны одан да көп болуы ғажап емес. Осы тілдердің көбінің грамматикалық және сөздік байланыстарының алшықтығы сонша, лингвистер оларды шамамен бір-бірінен бөлек алты ірі топқа бөлді.

Жаңа Гвинеядағы таулы тропиктік ормандардың тұрғындары бананды, ямсты және тароны мезоамерикалықтардың осы бағыттағы алғашқы қадамдарынан сәл ғана кешігіріңкіреп, б.з.д. 7000 жылдар шамасында қолдан өсіре бастайды. Үлкен арал мен оның шығысындағы архипелагтардың тропиктік климаты мен жанартау топырағы бірдей болды деуге келеді. Австралияның солтүстігіндегі терімшілер мен аңшылар қауымына қарағанда, бұл аралдар тұрғындарының жаңа гвинеялық дақылдарды келесі мыңжылдықтарда өсіре бастауының бір себебі осы жағдайға байланысты болуы мүмкін.

Австронезиялықтардың келуі. Б.з.д. 1600 жылдар төңірегінде Таяу Мұхит аралдарында мәдени өзгерістер толқыны басталды. Австронезия тілдес егіншілер, малшылар және балықшылардың б.з.д. 4000 жылдар шамасындағы Қытайдан Тайваньға, одан ары Филиппин мен Индонезияға дейінгі ұзақ әрі күрделі көші жайлы 3-тарауда баяндадық. Осы қоныс аударушылардың кейбірі шығысқа бет алып, Жаңа Гвинея жағалауындағы ойпаттарға, сондай-ақ көрші Бисмарк аралдарына жетеді. Олар бұған дейін Меланезияға белгісіз болған дақылдар, жануарлар, еңбек құралдарын және сәндік-нақыштық дизайн алып келді. Ол құралдардың қатарында балта, тегістелген қашау, ұлутастарды сәндеу үлгісі, ал жануарлардан – ит, тауық және шошқа болды. Австронезия тілдерінде сөйлеген адамдар ертеректегі папуа халқына қарағанда, үлкенірек қыстақтарда қоныс­танды, көп жағдайда жағалау бойында бағаналардан тұрғызылған тікбұрышты баспаналар салды.

Лапита қыш құмырасы. Қайта қалпына келген мына Лапита бұйымын Тынық мұхиттың Жаңа Каледония аралынан тапқан. Қыш ыдыстардың белгілі бір нақышының географиялық таралуын зерттеу – тарихшыларға ежелгі миграциялардың бағыты мен уақытын анықтауға қандай көмек бере алады?

Лапита халқы. Айрықша, геометриялық пішіндермен әсем безендірген қызыл түсті жылтыр қыш заттар австронезия тілдес халық жетістіктерінің ең озығы еді. Осындай қыш заттар алғаш табылған Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жер атауына байланысты лапита деп аталып кеткен керамика жасау нақышы археологтар үшін австронезиялық келімсектерге қатысты бүтін бір мәдени кешеннің бет-бейнесін анықтайтын белгіге айналды. Бисмарк және Сүлеймен аралдарында, бәлкім, Жаңа Гвинея аралында да лапита жасаушы адамдар осы жердегі папуа тілдес халық өкілдерімен некелесу арқылы араласып кеткенге ұқсайды. Олар, сонымен қатар папуалықтардың еңбек құралдарын, әшекей бұйымдарын, ямс пен таро сияқты дақылдарын өздерінің мәдениетіне сіңірді. Соның нәтижесінде шығу тегі папуалық және австронезиялық элементтердің синтезінен бірнеше жыл ішінде жаңа мәдениет қалыптасты.

Лапита мәдениеті кезеңі 1500 жылға жалғасып, б.з. І ғасырына дейін жетті. Осы уақыт аралығында лапита халқы шығысқа қарай жылжи түсіп, адам баласының аяғы баспаған аралдарды, яғни Шалғайдағы Мұхит аралдарын игерді. Лапита қыш ыдыстарының сынықтары Самоа мен Тонга сияқты Оңтүстік Тынық мұхитының ширегінен асатын шалғай шығыста жатқан аралдардан табылды.

Бұл теңізшілердің қайықтары мен навигация­лық білімі жайында ешқандай материалдық дерек қалмады. Олардың австронезиялық бабалары жалғыз және қос аутригер каноэсы, қос каноэ және үшбұрыш желкен сияқты теңіз технологияларын Оңтүстік-Шығыс Азиядан алып келгенге ұқсайды. (Тараудың басындағы суретті қараңыз). Берік қайықтар бірнеше күн немесе бірнеше апта бойы теңізшілерге көзден таса жерлерге дейін жүзіп, жаңа аралдар іздеуге мүмкіндік берді. Шамасы, Оңтүстік-Шығыс Азияда ойлап тапқан аутригер құрылғысы – каноэден бірнеше фут төмен, ұзынынан мықтап бекіткен ауыр, ұзын бөрене. Аутригер – толқын соққан кезде қайықты бір жағына қарай аударылудан қорғап, тепе-теңдікті сақтап тұрады. Қос аутригер тепе-теңдікті одан да жақсы сақтай алады. Желкен және ескекпен жабдықталған аутригер қайық мінгендер саяхаттарының басым бөлігінде қарсы жел мен ағыстарды артта қалдыра отырып, теңіз бетімен кем дегенде 527 миль жүзіп, б.з.д. 1100 жылдар төңірегінде Фиджи аралдарын ашқан тәрізді.

Теңізді зерттеушілер бар-жоғы белгісіз аралдарға апаратын жолды қалай тапқандарына таң қаламыз. Бұл жиһанкездер күн, ай және жұлдыздар арқылы жол табудың хас шеберіне айналды, олар сондай-ақ құстың ұшуы мен суда қалқып жүрген өсімдіктердің сипатын, ағыс, жел және температурадағы әлсіз өзгерістерді де мұқият бақылады. Ежелгі теңіз жиһанкездері жолсыз Тынық мұхит бойымен жүзудің өте қауіпті екенін біле тұра, ынта-жігерімен сапарға шықса керек, себебі олар көрген-білгеніне сүйене отырып, дүниежүзін алып су басып жатқанын және тіршіліктерін жалғастыру анда-мұнда қарайып көрініп жатқан жаңа жерлерді табуға тікелей байланысты екенін түсінді.

Шалғайдағы Мұхит аралдарына бет алу

Саяхатшылар Фиджи, Тонга, Самоа және басқа да аралдарға қоныстану үшін шығысқа және оңтүстік-шығысқа жылжыған сайын, жергілікті тіршілік түрлерінің азайып бара жатқанын байқады. Олар жаңа жерлерді еш қиындықсыз игерді, себебі өздерімен бірге каноэге Лапита заманына тән заттарды, яғни қыш ыдыстардан бөлек, түйнекті дақылдар, көкөніс, жеміс және жаңғақ ағаштарын өсіру үшін тұқымдар мен өсімдіктерді толтырып алып жүрді. Каноэға тірі шошқа, тауық және иттер де сиятын. Адам аяғы баспаған аралды тұрақты қоныстануға бет алғандарына қарағанда, ерлерге ілесіп, әйелдер де сапарға аттанғаны анық. Соңғы генетикалық зерттеулер көрсеткендей, қоныс тұрғызғаннан кейін, әйел адамдар көбіне ошақ қасында қалса, кейбір ер адамдар сауда айыр­басы мен жаңа жерлерді тану мақсатында көрші аралдарға жиі-жиі барып тұрған.

Жаңа жерлерді игерушілер мұхитты ары қарай еңсере, жан-жаққа шашырай бастаған сайын олардың австронезиялық тілдері өзгеріп, түрлене түсті. Шалғайдағы Мұхит аралдарының батыс шегі кем дегенде отыз алты тілді біріктірген полинезия тілдер тобының отанына айналды. Полинезия тілдері лингвистикалық тұрғыдан өзара тығыз байланысты, соған қарағанда, қоныстанушылардың бір аралдан екіншісіне тарауы мыңдаған жылға созылмай, тропиктік Африкадағы банту тілдері сияқты жүздеген жыл төңірегінде ғана жалғасқан. Мұхит аралдарының қазіргі тұрғындарына жақында ғана жүргізілген ДНҚ талдамасы Шалғайдағы Мұхит аралдарын бастапқыда жайлаған халықтардың бір-бірімен генетикалық жағынан туысқан екенін анықтады.

Тынық мұхиттың алғашқы зерттеушілері төмен орналасқан атоллдардан биіктеген жанартау аралдарына дейінгі географиялық және табиғи-экологиялық жағдайлардың алуан түріне аса ептілікпен бейімделді. Сонымен қатар олар Тынық мұхит бетіндегі үш және жеті жылдық Эль-Ниньо циклдері нәтижесінде жауын-шашынның қатаң өзгеріп тұруына икемделуге де тиіс болды. Шалғайдағы Мұхит аралдарының бір артықшылығы – зиянды микроорганизмдердің азырақ кездесуінен жұқпалы аурулар ортасы адам баласына аса қауіп төндірмеді. Қоныстанушылар әртүрлі қоғамдық және саяси институттар құрды: шағын аралдардағы терімшілер мен аңшылар қауымы эгалитарлық өмір салтын ұстанды, шағын қыстақтар тұрғызды, Тонга мен Гавай сияқты аздаған жерлерде әлеуметтік иерархия құрды, көсемдік басқару жүйесін қалыптастырды.

Адамдар қай аралға тұрақтаса да, алдарына саналы түрде сондай мақсат қоймай-ақ, жергілікті қоршаған ортамен етене араласты. Тез арада көбейген шошқа қалың шөпті қомағайлана жеп, флораны сиретіп тастады. Қоныстанушылар отын мен құрылыс материалдарын алу мақсатында ормандарды жылдам отап, егістік пен мал жаю үшін алқаптарды өртеу арқылы тазалауды да әдетке айналдырды. Егіншілік, өрт және ормандарды отау кесірінен топырақ ұзақмерзімді эрозияға ұшырады, соның салдарынан миллиондаған жыл бойы жайқалып өскен жергілікті өсімдіктер мен жануарлар жойылып кетті. Аңшылар кәсібі аяққа тұрып кеткенше алғашында жергілікті жануарлар санын бірден азайтуы да мүмкін еді. Мысалы, Жаңа Каледония үлкен аралында жүргізген зерттеулер қолтырауынның, ұлудың және тасбақаның кейбір түрлерінің жойылып кеткеніне біраз уақыт болғанын көрсетті. Жаңа жерлерді тануға құлшынғандықтан емес, қоршаған орта ресурстары сарқыла бастағанда және адам саны артуы тудыр­ған қиындықтармен бетпе-бет келгенде, адамдар жаңа арал іздеп, тіршілігін жалғастыру үшін жаңа жер табуға мәжбүр болды. Ол саяхатшылардың кейбірінің айы оңынан туса, құтты қоныс іздегендері теңіз құрсауында қалып қойды. Уақыт өте, кейбір аралдардың қауымдары жануарлар түрлерін қорғайтын, орман отауды азайтатын және бала санын шектейтін қоғамдық ережелер мен ғұрыптық тыйымдар ойлап тапқан. Ал қалғандары мұндай әрекетке бармады және соның зардабын тартуға мәжбүр болды.

Б.з.д. 1100 жылдар шамасында Фиджи, Тонга, Самоа тәрізді шалғай шығыста жатқан аралдарға жеткеннен кейін Шалғайдағы Мұхит аралдарын игеру мың жылдан аса уақытқа тоқтап қалды. Ол жердегі аралдар мен архипелагтар көбіне шағын еді және бір-бірінен алшақ жатты. Самоа аралынан аспаған лапита халқы саяхаттарын жалғастыруға бел бумас бұрын, қайта топтасып, технологияларын күшейтуге, теңізде жүзу мен жол табудың жаңа әдістерін ойлап табуға бірнеше ғасыр жұмсаған болар. Мәселен, біздің заманымыздың басында көзешілер ұсақ бедерлермен безендірген лапита бұйымдарын жасауды доғарып, қалыңырақ, тегістеу және мықтырақ қыш құтыларға баса назар аударды. Шамасы, осы уақыттан бастап алыс қашықтықтарға көшу мәселесі қайта жанданған болса керек. Нәтижесінде шығыс пен солтүстік-шығысқа қарай шалғайда жатқан аралдар мен аралдар бірлестігі адам қонысына айналды. Бір қызығы, бүгінгі Жаңа Зеландияны құрайтын, қалғандарына қарағанда ірірек екі аралды б.з. 1000 жылдарына дейін бірде-бір адам таппады.

Тараудың басында сипаттап өткен Оңтүстік Америкамен байланысты білдіретін құпияға толы тәтті картоп мысалын есептемегенде, Шалғайдағы Мұхит аралдарын мекендеушілер Афроеуразия, қос Америка мен Австралия «әлемдерімен» тұрақты байланыстарын жоғалтты. Ешқандай транстынықмұхиттық теңіз торабы қалыптаспады, қауымдар арасында мәдени және сауда айырбасы аралдардың арасы бірнеше мильден ұзамаған аймақ шеңберінде ғана жүрді. Бір сөзбен айтсақ, Шалғайдағы Мұхит аралдары Афроеуразия, қос Америка, тіпті Австралия тәрізді, адамдардың, заттар мен идеялардың жан-жақты әрекеттесу алаңына айналмады. Қалай дегенмен де, анағұрлым тар Атлант мұхитын теңізшілер жүзіп өте бастаған заманнан әлдеқайда ертерек уақытта полинезия тілдес халықтар Тынық мұхит алабының қиыр шектеріне дейін қоныстанып үлгерді.

Қорытынды

Гавай, Пасха (Рапа Нуй) және Жаңа Зеландия аралдарын адам баласы игерген соңғы фронтир деп қарастырсақ, онда б.з. бірінші мыңжылдығының аяғына таман адамдар, жануарлардың басым түріне қарағанда, жер бетінің барлық бұрышын қоныстанды, әрине, Антарктида бұл тізімге енбейді. Африканың шығыс жағынан шыққан адамдар қауымы жер бетін түгелдей жайлап, олардың айырбас қарым-қатынасының тораптары ұзара, кеңейе және қыза түсті. Шамамен 500 жыл бұрын бұл тораптарда алынбаған белестер айтарлықтай көп болды. Дүние­жүзі бүгінгідей тұтас қарым-қатынас шырмауына оралмаған еді.

Осы тарауда соңғы ғасырларға дейінгі төрт макроаймақты, адам баласының айырбас төрт «әлемін» бір-бірінен мыңдаған жыл бойы бөліп жатқан ақтаңдақтарды сипаттадық. Ұзақ уақытқа созылған қарым-қатынас кедергілерінің бірнеше себебі болды. Бірінші себеп – Голоцен кезеңі тұсында теңіз деңгейінің көтерілуінен, табиғи көпірлер жоғалып кетті. Екіншісі – макроаймақтарды қосатын нүктелер арасының тым алшақ болуы миграция­ға кедергі келтірді. Бейімделіп үлгерген жергілікті аңшылардан басқа, афроеуразиялықтар немесе солтүстікамерикалықтар Сібір мен Аляска арасында сапар шегуге ынталы болды. Солтүстік Америка мен Еуропаны жалғайтын Атлант мұхитының солтүстік қиыры адам төзгісіз суық болды, соған қарамастан эскимо-алеут тілдес адамдар алыс шығыс­та жатқан Гренландияға дейін жүзіп жетті. Кейін викингтер Ньюфаундлендті қоныстануға нәтижесіз талпыныстар жасады. Австралияны қоныстануға мүмкіндіктері болған Солтүстік-Шығыс Азия егіншілері бұл құрлықтың шөлдеріне, батпақтары мен шалшықтарына бейімделудің қиындықтарымен бетпе-бет келер еді. Теңізде жүзу технологиясының жетілмеуі – үшінші себеп. Тынық мұхиттың шығыс жағында аралдар жоққа жақын, сондықтан аутригер каноэмен жүзудің хас шеберінің өзі, аяқ астынан жел тұрып, ағыс оңынан келу мүмкіндігін есепке алмағанда, Оңтүстік Америкаға жүзіп жетуі екіталай еді. Тек ХV және XVІ ғасырларда ғана еуропалық кеме жасаушылар мен теңізшілер Тынық және Атлант мұхиттарын жүзіп өтудің және оны қалыпты жағдайға айналдырудың жолын тапты.

Ұзақ дәуір бойы оқшаулана өмір сүргендіктен Афроеуразия, қос Америка, Австралия және Мұхит аралдары қоғамдық мінез-құлық пен тарихи өзгерістерді салыстырып зерттеудің қызықты алаңына айналды. Ең алдымен, бұл төрт әлемнің тұрғындары іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарында түбегейлі өзгешеліктер болмағанын айта аламыз. Олардың гендерінің тым кішкентай ғана бөлігі ортақ Homo sapіens еді. Олардың арасындағы мәдени және қоғамдық айырмашылықтар ұлғайып, тереңдей түсті, бірақ бір-бірімен тікелей және тұрақты қарым-қатынас орнатпаған тұтас бір макроаймақта тұратын индонезиялықтар немесе оңтүстікафрикалықтар сияқты, халықтар арасындағы айырмашылықтар деңгейінен асып кетпеді. Төрт әлемде де алғашқы қоныстанушылар тас құралдармен аң аулап, терімшілікпен шұғылдану арқылы қоршаған ортаға бейімделіп, оны өзгертті. Күнделікті тіршілікті қамтамасыз етіп, туындаған қайшылықтарды шешу жолында олардың барлығы топтық ынтымақтастық институттарын қалыптастырды. Қауымдар арасы бөлініп, бір-бірінен ажырай берген сайын төртеуінде де бірдей лингвистикалық және мәдени бөлініс үдерістері жүрді.

Төрт әлемнің үшеуіндегі халықтар, әрине, бәрі емес, кейбірі ғана өндіруші шаруашылықтан ойысты. Афроеуразия мен қос Америка бір-бірінен дербес түрде өсімдіктерді қолдан өсіріп, жануарларды қолға үйретті, Тынық мұхит аралдарындағы өндіруші шаруашылық толығымен Оңтүстік-Шығыс Азиядан тараған болуы керек. Артық азық өндіруді үйренген афроеуразиялықтар мен америкалықтар табиғи-экологиялық жағдайы мүмкіндік берген жерлерде қалалар, мемлекеттер, әлеуметтік жіктелімі бар, зәулім құрылыстар және топтасып өмір сүрудің басқа да сипаттарымен ерекшеленген күрделі қоғам қалыптастырды. Мұхит аралдарында күрделі қоғамның белгілері Тонга мен Гавай сияқты жерлерде байқала бастады, алайда арал халқы санының тым шектеулі болуы жасампаздықтың кеңінен іске асуына кедергі болды. Австралиялықтар егіншілерге де, қала салушыларға да айналмады, себебі олардың бұл бағытта құлшына әрекет етуін жылдамдататын ешқандай экологиялық қысымдар болмады.

Төрт макроаймаққа биіктен көз тастасақ, араларындағы ең ірісі – Афроеуразия екенін көреміз, біздің заманымыздың басында бұл аймақ дүниежүзі халқының 95 пайызын құрады. Қарым-қатынастар торабы саны мен тығыздығынан қоғамдық, технологиялық және қоршаған ортаның антропогенді фактор әсерінен өзгеру қарқыны басқа үш аймаққа қарағанда жылдамдағанын ескере отырып, алдыңғы бірнеше тарауларда Афроеуразияға әлі ораламыз.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

ЕКІНШІ бөлім
Аграрлық қоғамдар және олардың өзара байланысы
Б.з.д. ١٢٠٠ – б.з. ٣٠٠ жылдары

Мезоамерикадағы Теотиуаканнан тапқан тас маска. Шақпақтар маска қашалғаннан кейін араға 700 жыл салып барып боялған. Екінші бөлімде Афроеуразия мен қос Американы қарастырамыз. Б.з.д. ІІ мың­жылдықта бұл құрлықтардың бірнеше бөлігінде аграрлық қоғамдар толық қалыптасып үлгерген еді. Келесі төрт тарау­да қарас­тыратын ғасырлар ішінде бірде-бір оқиға адамзаттың табиғи және физикалық ортаға деген қарым-қатынасын сегіз мың жыл бұрын қалыптасқан, егіншілік жасаған бетбұрыстай өзгерте алмады. Дүниежүзінде өзгерістер қарқын ала түсті. Адамдар қауымы арасындағы, сондай-ақ адамдар мен қоршаған орта арасындағы қарым-қатынас күрделенді. Оның себебі не? Негізгі фактор – егінші және көшпелі малшы халықтардың дүниежүзінің жаңа бөліктеріне тарауы. Б.з.д. екінші мыңжылдық аяғында аграрлық шаруашылық өркендеп тұрған жерлерде егіншілер иеліктеріндегі алқаптардан жаңа өсімдіктерді сұрыптау, жаңа дақылдар өсіру және суару жүйесін жетілдіру арқылы астық көлемін ұлғайтты. Аңшылық пен терімшілікке арналған жер аумағына қарағанда, әлдеқайда көп адамды асырай алатын және одан әрі күрделенген қоғамдық және экономикалық құрылымға арқау бола алатын егін алқаптарына немесе жайылымдарға сұраныс артты. Өзгерістер қарқынының дамуына алдымен Афроеуразияның көп бөлігіндегі қоғамдардың, көп ұзамай қос Америка мен Австралия қоғамдарының темір металлургиясын игеруі де септігін тигізді. Бұл өзгеріс алғаш рет б.з.д. 1200 жылдар төңірегінде Оңтүстік-Батыс Азия мен Шығыс Африкада қатар пайда болды. Берік, өткір темір құралдардың егіншілік пен басқа да жұмыс түрлеріндегі пайдасын біле салысымен-ақ бұл технология Афроеуразия даласына тез арада жайылып кетті. Балта, кетпен, дөңгелек, соқа, ат әбзелдері, кеме жабдықтары, жебе сияқты темірден жасалған қандай зат қолданысқа енсе де, қоршаған ортада қоғамды өзгертіп, игеруіне мүмкіндік берді. Металлургияның пайда болуы Афроеуразия халықтары тарихындағы негізгі бетбұрыс еді. Б.з.д. бірінші мыңжылдықтағы басқа бес өзгеріс өткеннен мүлдем қол үзуді емес, адам іс-әрекеті мен ұйымдастыру ауқымының жылдам ұлғайғанын бейнеледі. Біріншіден, дүниежүзі халқы б.з.д. 1000 – б.з. 200 жылдары шамамен 137 миллионға жетті. Осы 1200 жыл ішінде алдыңғы 7000 жылға қарағанда өсім шамамен 23 миллионды құрады. Халық санының осындай қарқынмен қос Америкадан гөрі Афроеуразияда өсуі күрделенген қоғамдық ұйымдастыру мен айырбас жүйесін талап етті. Екіншіден, таптық иерархиялық жіктелістің, кәсіби маманданудың, басқару жүйесінің, діннің, адамдар арасындағы қоғамдық қатынастардың тәжі­рибе алаңына айналған қалалар көбейіп, ұлғая берді. Б.з.д. 1200 жылдар төңірегінде дүниежүзінде тұрғындары елу мыңнан асатын бірде-бір қала болмады. Ал б.з. 100 жылына таман ондай қала саны отыз беске жетті, бұлардың көшін Рим мен Лоян (Қытай) бастап тұрды. Үшіншіден, қалалар қаптаған сайын айырбас жолдары да көбейді. Кейбір аймақ, қалалар мануфактура, өнер, білім, қаржы орталығына айналды және олар бір-бірімен, ішкері аймақтармен айырбасы кең тармақталып жатты. Таңсық заттар сату және технологиялық дағдылар мен жасампаз идеялар алмасу үдерісі арқылы көпестер бір-бірінен мыңдаған миль қашықтықта жатқан қалалар арасын жалғады. Төртіншіден, дүниежүзіндегі қала-мемлекеттер, орталықтанған патшалықтар және көпэтностық империялар саны көбейді, ал олардың кейбірі тіпті алып империяға айналды. Ауыл шаруашылығы берген артық өнімнің мол қорын бақылауында ұстаған билеушілер бұл байлық көзін көршілеріне қарсы пайдалану мен одан ары баю үшін әскер, қару-жарақ және байланыс жүйесін қамтамыз етуге жұмсады. Б.з.д. бірінші мыңжылдықтағы бірнеше жаңалық, соның ішінде темір қару-жарақ пен сауыт-сайманды жаппай жасау, жолдар торабының жетілуі, басқару тетіктерінің одан ары бекуі билеушілерге алып империялар құруға көмектесті. Империя дәстүрлері, әлеуметтік таптары, саяси мүдделері мен сөйлейтін тілдері әртүрлі халықтардың басын біріктіруімен ерекшеленді. Алуан түрлі халықты уысында ұстауға ұмтылған билеуші міндетті түрде көтерілістер, шекаралардағы шабуылдар және қыруар әскери және әкімшілік шығыннан туындаған қиындықтармен бетпе-бет келуге мәжбүр еді. Кейбір империялар басқаларына қарағанда ұзағырақ өмір сүрді. Мысалы, Рим – Жерорта теңізі алабын ғасырлар бойы биледі, Мезоамерикадағы Теотиуакан – 950 жылға жуық уақыт бойы қала-мемлекет және империя ретінде өмір сүрді. Жай ғана салыстыру үшін айтсақ, Ұлы Александр империясының ғұмыры небәрі 13 жылдан аспады. Үлкен империялар қалалардың, сауданың және мәдени жасампаздықтың өсуіне септесті. Олар алапат зорлық-зомбылық, құлдық қанаудың, ормандардың сиреуі мен ерлердің әйел қауымына деген қоғамдық үстемдігінің күшеюіне де себепкер болды. Аграрлық шаруашылық арқасында байыған империя­лардан бөлек, астығы бітік шықпайтын Ішкі Еуразияның прериялары мен тауларын мекендеген малшы қауымдар да құдіретті мемлекеттер құрды. Олардың байлық көзі мыңғырған мал, көрші аграрлық халықтармен сауда-саттық және үздіксіз шабуыл еді. Б.з.д. соңғы ғасырларда көшпелі малшылар Қытай, Үндістан немесе Оңтүстік-Батыс Азияның үлкен аграрлы елдеріне қауіп төндіруге қуаты жететін салт атты садақшылар әскерін құрды. Бесіншіден, империялардың құрылуы, урбанизация және айырбас торабының тығыздығы мәдени және әлеуметтік шекараның екі жағындағы адамдарды маңына топтастырған жаңа діндердің пайда болуына септесті. Б.з.д. екінші мыңжылдық аяғынан бастап патшалар, абыздар тобы және көпестер белгілі бір діни жүйелерді кеңінен насихаттай бастады. Оңтүстік Азияда индуизмнен бұрын брахманизм тарады. Оңтүстік-Батыс Азияда парсы императорлары қолдаған зороастризм кең насихатталды. Қытайда жер иеленушілердің ақсүйектер табы конфуцийлік ілімді таратты. Б.з.д. 500 жылдардан кейін алдымен буддизм, кейін христиан діні – сенімге, тілге, мәдениетке, тапқа немесе саяси көзқарасқа қарамайтын нағыз әлемдік дінге айналды. Осы екі жүйе аса күрделене түскен аймақаралық айырбас уақытында адамдарға ықпал етті, себебі құлшылық пен адамгершіліктің ортақ стандарттары бейтаныс адамдар арасындағы ынтымақтас­тық, бауырластық пен бір-біріне деген сенімнің орнауын жеңілдетті. Мезоамерика мен Оңтүстік Америкадағы этникалық тегі әртүрлі халықтардың табынатын кейбір құдайлары ортақ болды.

5

Афроеуразия: билік, сауда-саттық және жаңа идея орталықтары
Б.з.д. 1200–600 жылдар

Қолжазба ұстаған ассириялық хатшылар, Нимрудтағы патша сарайы, б.з.д. 730 жыл Қазір дүниежүзіндегі үш жүзден аса жазба тіл латын әліпбиін немесе соның түрленген нұсқасын пайдаланады. Одан өзге ондаған тіл араб, кириллица немесе бенгал сияқты әліпбилерді қолданады. Әліпби дегеніміз – таңбалар жиынтығы, дыбыстың нақты бір бірлігіне сәйкес келетін белгілер. Адамның дауыс желбезегі шектеулі жеке дыбыстар шығара алады. Сондықтан, сөзді қағаздың немесе басқа заттың бетіне түскен әріптерге айналдыру үшін әліпби жүйесіне небәрі ондаған ғана таңба қажет. Бұл таңбаларды адам ойының қалтарыс-бұлтарысын жеткізетін күрделі жолмен сөзге, сөйлемдерге және тарауларға айналдырып, бір ретке келтіруге болады. Б.з.д. 1400 және 1200 жылдар аралығында әліпбидің пайда болуы – дүниежүзі тарихындағы өте құнды мәдени жетістік. Ертеректегі жазу жүйелері әлдеқайда күрделірек болған еді. Себебі олардың бірі – жеке дыбыстарды бейнелесе, екінші – арнайы бір мағынасы бар буындарды, бүтін сөздерді немесе сөздер тобын білдіретін дара таңбалардан құралды. Мысалы, ежелгі сына жазуы жүздеген жеке таңбадан тұрды. Мұндай жүйені үйрену үшін қажырлы білім мен әжептәуір шығын керек еді. Ендігі жерде кішкентай бала әріп белгілері жиынтығын қысқа уақыт ішінде-ақ үйреніп алды. Нәтижесінде, б.з.д. бірінші мыңжылдық ішінде кедей немесе бос уақыты аз адамдар да жазу үйрене бастады. Әртүрлі қоғамда шағын ғана топ құраған сауатты адамдар білім мен күнделікті ақпаратты хатқа түсіріп, кей кездері ақпаратты алыс аймақтарға дейін таратып, басқалармен бөлісті. Бірнеше ғасыр­дан кейін әліпби негізіндегі жазу Еуропа мен Солтүстік Африкадан кең тарап, Оңтүстік-Батыс Азия арқылы Үндістанға жетті. Бұл құбылыс Афроеуразияда шамамен б.з.д. 1200 жылдардан б.з.д. 600 жылдарға дейін жалғасқан кезеңдегі байланыс торабының жетілуі мен қоғамдық өзгерістер дамуының бір ғана көрсеткіші болды. Егінші қоғамдар жаңа аймақтарға, дәлірек айтсақ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістанның оңтүстігі мен Африканың тропиктік белдеулеріне енген сайын, суперконтинет халқы, жалпы алғанда, қарқынды өсе түсті. Ал терімшілер мен аңшылар қауымы қарамағындағы жерлер барған сайын қысқарды. Б.з.д. екінші мыңжылдықтың соңына таман Афроеуразия­дағы қалалар саны азайып кеткенге ұқсайды, оның себебін әлі де айтатын боламыз. Алайда кейін, әсіресе Қытай қалалары, Үндістанның солтүстігі және Жерорта теңізі алқабы сияқты аймақтарда қалалар қайтадан өсіп, көбейе бастады. Саяси сахнаға келсек, кейбір билеушілер ел аумағын ұлғайтып, одан да көп халықтан алым-салық жинау мақсатында әскери шабуылдың және ұйымдастырудың жаңа әдістерін ойлап табады. Шағын мемлекеттер мен өзін-өзі басқаратын қалалар да ұлғая түсті, тәуекелшіл саудагерлер дамып келе жатқан сауда торабының негізгі мекені саналған жаңа теңіз айлақтарын тұрғызды. Афроеуразияда біртұтас трансжартышар жолдар желісі ақырындап қалыптаса бастады. Бұл өзгерістердің денін шамамен б.з.д. 1200 жылдардан бастап Афроеуразия аумағында тарай бастаған ең маңызды технологиялық жетістік – темір металлургиясымен байланыстыруға болады (5.1-картаны қараңыз). Осы тараудың бірінші бөлігінде алғашқы темір өндірісі және оның егіншілікке, мануфактураға, саудаға және соғысқа тигізген әсерін сипаттап, темір металлургиясының физикалық және табиғи қоршаған ортаға деген ықпалын да қарастырып өтеміз. Тараудың екінші бөлігінде Жерорта теңізі мен оны қоршаған жерлерді, соның ішінде Оңтүстік-Батыс Азияны да тереңінен зерттейміз. Афроеуразияның басқа бөлігіне қарағанда, бұл аймақ күрделі өзгерістерге жетелеген қарқынды қарым-қатынастар мекені болды. Ең алдымен, б.з.д. ХІІ ғасырда Жерорта теңізі алқабының шығысын қамтыған дағдарысты зерттейміз, өйткені осы уақытта тарихшылар теңіз халқы деп атап кеткен басқыншы қауымдар – Мысыр, Сирия және Эгей теңізі алабы кіретін аймақты дүрбелеңге толтырып жіберген еді. Іргелі өзгерістерге толы осы заманда Тигр-Евфрат өзендерінен Нілге дейін созылып жатқан аймақты қысқа уақытқа болса да саяси тұрғыдан біріктірген жаңа Ассирия империясы суырылып шықты. Теңіз халқы салған әбігерден кейін Леванттың (Жерорта теңізінің шығыс жағалауындағы жерлер) оңтүстігіндегі иврит тілдес тұрғындар құдайлардың қаумалаған иерархиясынан гөрі, жебеушісі мен заң жасаушысы ретінде бір құдайға құлшылық ететін, сол заманға оғаш көрінген идеяны қолдады. Израильдіктер деген атаумен белгілі болған бұл халық монотеистік иудаизмнің негізін қалады. Тараудың осы бөлігінде Жерорта теңізі мен одан алыс аймақтарды шарлап, теңіз алабындағы сауда-саттық пен қалалардың пайда болуын, Еуропадағы шаруашылықтың дамуын, Мысырдың оңтүстік жағындағы Ніл алқабында қуатты мемлекеттердің бой көтер­уін қарастырамыз. Тараудың үшінші бөлігінде Оңтүстік Азияға сапар шегеміз, б.з.д. екінші мыңжылдық аяғына таман жаңа темір металлургиясының ықпалынан Ганг өзені алқабы халық саны өскен, урбанизация серпіні қарқындаған аймаққа айналды. Б.з.д. 1200–600 жылдар аралығындағы кезең кейінгі үнді өркениетінің негізін қалаған қоғамдық және мәдени өзгерістердің куәгері болды. Соның бірі – кейінгі уақытта каста жүйесі ретінде белгілі болған әлеуметтік тап қатынасын ұйымдастырудың айрықша жолының қалыптасуы деп алсақ, екіншісі – кейінгі мыңжылдықтарда үнді дәстүрінің негізін құраған діни сенімдер мен жоралғылардың күрделі бірлестігі – брахманизм еді. Қорытындыда Шығыс Азиядағы өзгерістерді қарастырамыз, б.з.д. екінші мыңжылдық аяғында бұл аймақта ауқымы мен ғұмыры бұрын-соңды болмаған деңгейге өскен Шаң мемлекетін Чжоу (JOH) әулеті алмастырды. Чжоу әулеті 250 жылдан аса уақыт билік құрған одан да ауқымды мемлекеттің, аграрлық жаңалықтар, соның ішінде темір құралдардың пайда болуына да тікелей қатысы бар Сары және Янцзы алқаптарындағы халық саны өсу дәуірінің негізін қалады. Қытайдағы демографиялық өсім мен экономикалық даму қарқыны б.з.д. 850 жылдардан кейін де жалғаса берді. Тіпті келесі 450 жыл ішінде ауық-ауық соғыс кесірінен Чжоу әулеті жергілікті мемлекеттерге деген үстемдігінен айырылып, тек рәсімдік мәртебесі қалған тұста да өсуін тоқтатқан жоқ. 5.1-КАРТА. Темір металлургиясының негізгі орталықтары және таралуы. Б.з.д. 1200–800 жылдар Нүктелі сызықтар темір технологиясының Қытайға тараған ықтимал жолын көрсетеді. Темір өндірісінің Афроеуразияның тым алшақ жатқан аймақтарына таралуына қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

Темірдің шыңылы оЙЛАН: Темір металлургиясы б.з.д. 1200–600 жылдар аралығындағы Афроеуразияда экономикалық, экологиялық орта және саяси өзгерістерде қандай рөл атқарды? Тарих кітаптарында б.з.д. 1200 жылдан 600 жылға дейінгі аралық дәстүрлі түрде «ерте темір дәуірі» деп аталады. Бұл термин темір металлургиясының Афроеуразия экономикасы мен қоғамына тигізген ең алғашқы әсерін айқындап көрсетеді. Екінші жағынан алғанда, бұл атау темірдің маңызын асырып жібергенге де ұқсайды. Ең алдымен, қоғам мыс пен қоладан бірден темірге ауыспағанын айта кету керек. Керісінше, мыс пен қоланың мүсін, зергерлік бұйымдар, сауыт-сайман, қылыш, найза, кеме жабдықтары және басқа да қолдан жасалған бұйымдар сияқты әртүрлі мақсаттарда қолданысы жалғаса берді. Темір өндірісі бір аймақтан екінші аймаққа бірнеше ғасыр бойы таралғанын да айтып өткен дұрыс. Темір металлургиясы жайлы негізгі білім жинақтау бір басқа, темір өндірісі мен оған байланысты мәдени өзгерістерді қалыптастыру үшін көп уақыт керек болды. Жаңа технология туралы білген әр қоғам адамдары темір кен орнын табу, темір кенін балқыту орындарына жету жолын анықтау, балқыту пештерінің тиімділігін үздіксіз қамтамасыз ету, жастарды жаңа кәсіпке баулу, көпестерді жаңа заттарды саудалауға қызықтыру, билеушілерді темір сауыт-сайман мен қару-жарақты сатып алуға сендіру, күмәншіл адамдарды енді ғана белгілі болған жаңа металдан жасаған кетпен, пышақ, ыдыс, қазан және басқа да тұрмыстық заттар алуға көндіру сияқ­ты бірқатар мәселелерді шешуге тиіс еді. Шамамен б.з.д. 500 жылдардан бастап қана темір Афроеуразияның бірнеше бөлігінде негізгі құрал жасайтын материалға айналды. Темір металлургиясы қос Америкаға Колумб табан тіреген уақытқа дейін, ал Австралияда ХVІІІ ғасырдың аяғына дейін белгісіз болды.

Темірдің таралуы: Оңтүстік-батыс азиялық орталық

Темір технологиясы дүниежүзі бойынша тек екі жерде ғана пайда болғанын қолда бар сенімді деректерден білеміз. Оның бірі – Оңтүстік-Батыс Азия, екіншісі – тропиктік Африка. Ең көне дерекке қарағанда, темір балқыту б.з.д. 1400 жылдар төңірегінде Анадолының (қазіргі Түркия) шығыс аймағында пайда болған. Қоламен жұмыс істей алатын ұсталар (қолөнершілер, шеберлер) осы аймақта темір бұйымдар мен басқа да заттарға аз-аздап пішін бере бастағанға ұқсайды. Шамамен төрт ғасыр ішінде Левант пен Кипр аралы темір балқытудың маңызды орталықтарына айналды. Осыдан соң, жаңа технология көрші аймақтарға біртіндеп тарай бастады. Материалдық деректерге қарағанда, Мысыр мен Эгей теңізі төңірегіндегі жерлер б.з.д. VІІ ғасырға таман темір бұйымдарды әжептәуір көп мөлшерде жасай бастады. Келесі жүз жыл ішінде Қытай ұсталары темір соға бастады, ал б.з. алғашқы ғасырларда бұл технология Жапонияға жетті. Шығыс Азия – жетілген қола металлургиясының ұзын-сонар тарихын бастан өткергендіктен, Қытай өнертапқыштары темір металлургиясын Анадолыдан дербес дамытты деген пікірді кейбір ғалымдар қуаттайды. Кейбір зерттеушілер темір өңдеу машығы Оңтүстік-Батыс Азиядан шығысқа қарай Ішкі Еуразия жолдары арқылы тараған деп ойлайды.

Мыс пен қалайы тәрізді, темір кені кәдеге жарау үшін металға айналуға тиіс. Ертедегі темір шеберлері темір кенін тұйықталған ортада, көбіне төменгі қабатына ауа кіру үшін бір немесе бірнеше мұржа салған, саз балшық немесе тастан қалаған ошақта ағаш көмірімен қыздырды. Қыздырған қоспа қож бен тамшы араласқан қоймалжың массаға айналады. Бұдан кейін ұсталар темірді тотықсыздандырып, таза металға заттың немесе өңделген темірдің пішінін беру үшін қорытпаны бірнеше рет қыздырып, қайта-қайта соғады. Көпіршіктер мен қоспалар кесірінен алғашқы темір құралдар тез сынып немесе шытынап кететін. Уақыт өте теміршілер әр қыздырып соққаннан кейін темірге су құйып, оны берік ете түсті.

Темір құрал-жабдықтардың қолданыс аумағы кең болғандықтан, оның қоладан артықшылығы анық еді. Темір кені мысқа қарағанда көбірек болды және, негізінен, жердің үстіңгі қабатына жақын жатты. Қола өндірісіне қалайы керек еді, ал қалайы кені шектеулі болды және мыс кендеріне жақын орналаса қоймады (2-тарауды қараңыз). Екіншіден, мол темір қоры оның өндіру шығынын азайтты, сәйкесінше темір құрал мен қару-жарақ құны қола құрал-жабдыққа қарағанда, арзандау түсті. Оған қоса, теміршілер қоламен салыстырғанда, берік әрі өткірлеу металл өндіруді үйренді. Үздіксіз тәжірибе жасау арқылы және темір мен көміртектің көлемін сақтай отырып, теміршілер соққан темірден гөрі анағұрлым берігірек болат құюды үйренді.

Б.з.д. 700 жылдар төңірегінде қытай теміршілері алғаш рет шойын өндірді. Яғни металды балқытып барып, қалыптарға құю арқылы найза ұштары, түтіктер, қоңыраулар тәрізді пайдалы заттар жасады. Қоланы балқыту температурасынан әлдеқайда жоғары 2800°F (1538°С) температурада темірді балқытты. Нәтижеге жету үшін қытай шеберлері жан-жағы қымталған ошақ жасап, ішіндегі температураны төмендетіп немесе жоғарылатып тұру үшін ауа үрлейтін көріктер құрастырды. Құйма технологиясы Қытайдан басқа жерлерде тек бірнеше ғасырдан кейін ғана белгілі болды.

Темірдің таралуы: Тропиктік африкалық орталық

Тропиктік Африканың бір немесе екі аймағындағы қоғамдарда да темір өңдеу технологиясы Оңтүстік-Батыс Азиядағы жаңалықтан дербес пайда болғанын ғалымдар құптап отыр. Археологиялық қазба барысында Орталық Африканың шығысындағы Ұлы көлдер аймағынан б.з.д. 1000 жылдарға немесе одан да ерте уақытқа тиесілі және Чад көлінің батысына таяу өңір мен қазіргі Камерун арасындағы аймақтан б.з.д. 800 жылдарға жататын темір балқытатын ошақтар табылды. Осы екі аймақтағы халық темір өңдеу шеберлігін бір-бірінен дербес түрде меңгергені немесе екеуінің де әлі күнге беймәлім бір орталықтан бастау алғаны бізге белгісіз. Алайда тропиктік африкалықтар бұл технология Мысырда немесе Солтүстік Африканың басқа да бөліктерінде пайда болғаннан бірнеше ғасыр бұрын темір өңдей бастағаны белгілі, сол себепті темір металлургиясының бұл аймаққа Анадолыдан келуі екіталай.

Оңтүстік-Батыс Азиядағы металлургтерге қарағанда, Африка темір балқытушылары қола өндіру әдісін игермеген еді. Африканың кейбір бөліктерінде мыс технологиясы белгілі болғанымен, қола металлургиясы беймәлім еді. Тропиктік Африканы мекендеушілер қола дәуірін айналып өтті десек те болады. Ұлы көлдер аймағын мекендеген теміршілер дүниежүзінде бірінші болып, қосымша қыздыру, соғу және суыту үдерістерінсіз-ақ, темірді өте жоғары температурада қыздырып, болат өндіретін ошақ жасағаны туралы деректер бар.

Темір технологиясы Батыс Африка және Ұлы көлдер аймағы орталығынан тропиктік Африканың басым бөлігіне бірте-бірте тарады. Б.з.д. бірінші мыңжылдық ішінде Камерун–Чад көлінде пайда болған технология батыстағы саванналар мен ормандардағы басқа да қоғамдарға жетті. Темір мен оған қатысты экономикалық және қоғамдық элементтер б.з. алғашқы ғасырларына таман дәл осы Ұлы көлдер аймағынан Африканың шығысына, орталығына және оңтүстігіне тарағаны даусыз.

Экватордың екі жағында орналасқан Ұлы көлдер аймағы маңайын мекендейтін халықтардың мәдениеті алуан түрлі еді. Олар төрт ірі тіл семьясына біріккен тілдерде сөйледі, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы, терімшілік және аңшылықпен шұғылданды. Кейбір тұрғындар темір өңдеумен айналыса бастағаннан кейін, мүмкін бір немесе екі ғасыр өткен соң, бұл аймаққа жаңа халық келді. Бұл қауымдар Конго өзенінің экваторлық аймағынан Ұлы көлдер аймағын айнала орналасқан ормандарға қарай, шығысқа көшкен егіншілер болатын. Олар банту тілдер тобына жататын тілде сөйледі, аграрлық экономикасы ямс өндіруге негізделді (3-тарауды қараңыз).

Б.з.д. 1000 жылдардан кейінгі ғасырларда банту тілдес халықтар мен жергілікті егіншілер және малшылар арасындағы байланыс тереңдеп, нәтижесінде жаңа мәдени қоспа пайда болды. Банту егіншілері жергілікті дәнді дақыл өсіру әдістерін, үй құрылысын, темір өңдеу тәсілдері мен құралдарын жетілдірді. Олар, сондай-ақ ата-бабаларды құрметтеуге негізделген діни идеяны, көпырғақты барабан соққысын насихаттайтын музыкалық мәдениетті, әйелдер жауапты болған үй шаруасы мен жер өңдеуге негізделген еңбек бөлінісін таратты. Б.з.д. 400 жылдарға таман халық санының көбеюі егін және жайылымға әсер етіп, Ұлы көлдер аймағының батысындағы отырықшы қоғам жаңа экономикалық стратегия құруға мәжбүр болды. Кейбір банту тілді қауымдар ямс дақылына қосымша сорго, африкалық тары егіп, қой және ірі қара өсіре бастады. Басқалары темір балталары мен кетпендерін алып жаңа жер іздеуге шықты. Бұл жағдай б.з.д 300 – б.з. 300 жылдардағы, құрлық оңтүстігінің бүтіндей үштен бір бөлігіне егіншілікті, мал шаруашылығын, темір мен банту тілдерін таныстырған тарихи маңызы бар миграциялардың жаршысы еді. Африканың оңтүстігіндегі банту халықтарының тарихына 13-тарауда қайтып оралатын боламыз.

Орталық Еуропадан тапқан темір ауыздық. Б.з.д. бірінші мыңжылдықта қола орнын темірдің басуы ат әбзелдерінің құнын төмендетті. Б.з.д. VІ ғасырға жататын темір ауыздық және жүген шығыршықтарын қазіргі Чехия Республикасы аумағынан тапты.Осындай ат әбзелдері атты әскерді соғыста тиімді пайдалануға қандай септігін тигізді деп ойлайсыз?

Темірдің артықшылығы мен өтемі

Б.з.д. бірінші мыңжылдық ішінде адамдар пышақ, күрек, соқа тісі, қылыш, жебе ұшы, шеге, сым, арба дөңгелегінің тоғыны, кілт, ілгек, ұстара және әйнек үрлейтін түтіктер сияқты темір бұйымдардың пайдасын ұға бастады. Еңбекшілер тастан, сүйек немесе ағаштан гөрі, темір құралдарды қолдану кезінде уақыт пен күшті үнемдей отырып, нақты шаруаларды атқаруға болатынын байқаған секілді. Мысалы, адам темір балта, ара және ағаш жонғышты қолдана отырып ағашты лезде шауып, жона алды. Бұл артықшылық ағаштың да қолданыс аясын кеңейтті. Тас балға, қашау және сынаға қол жеткізген, ғибадатхана, сарай, бекініс, қала бекінісі мен үйлер тұрғызып жүрген тас қалаушылар ендігі жерде тиімді жолмен әрі жасампаздық таныта отырып, жұмыстарына кірісті.

Темір балқыту технологиясы жетіліп, оны өндіру шығыны қолаға қарағанда төмендегендіктен, темір құралдар қарапайым шаруалар арасында кеңінен тарады. Қытайдағы тұрғындар б.з.д. VІ ғасырдан шойын соқа тістерін қолдана бастады. Қыстақ әйелдері темір қазан, таба, пышақ сияқты ас әзірлеуге арналған ыдыстардың тұтынушысына айналды. Әскер ұстаған мемлекеттер б.з.д. бірінші мыңжылдық ішінде әлі де қоладан жасалған қарумен жарақтанды, бірақ темір мен болат бірте-бірте алдыңғы қатарға шықты. Байлығы мен ұйымдаса білуі арқасында темір өнеркәсібін дамытқан билеушілер әскерін найзамен, қылышпен және жебе ұштарымен қамтамасыз етіп, қола қаруларға қарағанда әлдеқайда аз шығындалды. Теңіз қарақшылары, тонаушылар және кәсіби жалдамалы әскер бірдей қару асынды. Темір кентас, жасыған темір (ошақтан енді шыққан), білік соққан немесе құйған бұйымдар – Афроеуразияның басым бөлігінде жергілікті және аймақаралық сауданың негізгі затына айналды.

Темір құралдар арқылы егіншілер жерді ерте кезге қарағанда жылдамырақ және қарқындырақ игеруге мүмкіндік алды. Б.з.д. бірінші мыңжылдықта аграрлық өндіріс өркендеп, егіншілер дәл осы қарқынмен жер биомассасының52 негізгі бөлігі – ағаштар мен басқа да орманды алқаптарды құртты. Адамдар палеолит заманынан ормандарды отап келді және соның кесірінен су тасқындары мен топырақ эрозиясының да куәгері болды (2-тарау­ды қараңыз). Ағашты тас балтамен шапқанға қанша уақыт кетуі мүмкін? Ал темір балталы адам ол ағашты әп-сәтте құлатып түсірді. Өрт және темір қуаты шаруаларға егін егуге немесе мал жаюға арналған жерлерді бұрынғыға қарағанда тезірек аршып алуға мүмкіндік берді. Оның үстіне, Афроеуразия кеңістігінде қаптаған темір балқыту орындары ағаш пен ағаш көмірін өте көп мөлшерде керек етті. Сондықтан, темір өнеркәсібі пайда болған аймақтың бәрінде орман алқаптары барған сайын жойылып отырды. Мысалы, Шығыс Африка Ұлы көлдер аймағының ең ірісі – Виктория көлінің маңайындағы тозаң талдамасы нәтижесі мынандай: алқаптарды тазалаумен қатар жүрген темір балқыту ісі орманды жерлердің түгелге жуығын құртып үлгерді. Көне қож үйінділерін зерттеу нәтижесінде бір ғалым мысты алғаш рет балқытқан б.з.д. бесінші мыңжылдықтан бастап б.з. ІV ғасырына дейін Жерорта теңізі аймағындағы балқыту пештерінде шамамен елуден жетпіс миллион акрге53 дейін ағаш өртелгенін есептеп шығарды1. Б.з.д. 500 жылдарға таман Жерорта теңізінің шығыс аймағында бірде бір ағашы қалмаған аймақтар көбейді. Б.з.д. V ғасырға жататын хатында философ Платон Грекия ормандарының өртелгеніне, топырағының тозғанына шағымданды, алайда ол бұл құбылысты темір балқытумен байланыстырмады:

«Таудан түскен топырақ бұл жерде мұндай ауқымда жиналмаған еді, бірақ топырақ жан-жақтан үйіліп-төгіліп және айдалаға төгіліп-шашылып жатты. Бұрынғымен салыстырғанда, жердің құр сүлдері ғана қалды, осылай атауға келсе... құнарлы және жұмсақ бөлігі түгелімен жойылып, құнарсыз жер ғана қараяды»2.

Крит аралындағы құнарсыз тау беткейі. Егіншілер темірді балқытып, жер өңдеуде темір құралдарға көшкен кезден Эгей теңізі алабындағы орманды алқаптар бірден қысқарды. Жойылып кеткен ормандардың біразының ізі сол күйі сақталып қалған.

Бүгінгі ормандардың жаһандық жойылу қарқынымен салыстырғанда, ежелгі замандағы биомасса шағын көлемде жойылды. Дегенмен темір металлургиясы – қоршаған ортада өндірілетін, басқарылатын және өзгеретін ресурстардың берекелі, шексіз қоймасы деген сенімді нығайтты.

Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізі аймағындағы қақтығыстар, империялық құрылымдар және сауда

ОЙЛАН: Б.з.д. 1200–600 жылдар аралығында Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізі алабы арасындағы сауда және мәдени қарым-қатынастың жедел дамуына қандай тарихи оқиғалар септігін тигізді?

Б.з.д. 1200 жылдардан жалғасқан алты ғасыр ішінде темір металлургиясы Анадолыдан Батыстағы Жерорта теңізі аймағы мен орманды Еуропаға және шығыстағы Иран арқылы Үндістанға тарады. Осы өзгерістерге байланысты адамдар арасындағы қарым-қатынастың күрделенуі – Тигр-Евфрат өзен алқабынан (Месопотамия) Батыстағы Атлант мұхиты жағалауына дейінгі құрлық пен теңіз белдеуі бо­йында ерекше байқалды. Бұл белдеу халықтары бірнеше жол арқылы бір-бірімен шырмалған еді. Б.з.д. ХІІ–ХІ ғасырлардағы әскери бүліктер кезеңінде Жерорта теңізінің шығыс доғасы аймағындағы сауда мен қала дамуы бәсеңдеді, бірақ бұл құлдырау ұзаққа созылмады.

Б.з.д. Х–VІІ ғасырлар аралығында Тигр-Евфрат алқабының солтүстігіндегі Ассирия билеушілері империя құру дағдысын жаңа деңгейге көтерді. Ассирия патшалары бұрын-соңды бірде-бір мемлекеттің қолынан келмеген, тілі және этникалық тегі алуан түрлі халықты бағындырып, биледі. Ассирия патшалығынан тыс жерлерде финникиялықтар, гректер және этрускілер Жерорта теңізі аймағына жайылған, тіпті Атлант мұхитына дейін жеткен сауда-саттық желісін қалыптастырды. Теңіз саудасы дамыған сайын орманды Еуропа, Солтүстік Африка және Ніл өзені алқабы аймақтарындағы бір-бірінен алшақ жатқан халықтар Жерорта теңізі аймағының айырбас торабына бірігеді.

Биомасса – негізінен отын ретінде пайдаланған ағаш, бұта, сабан араласқан өсімдіктер немесе қи мен тезек.

Акр (ағылшынша: acre) – ағылшын жүйесінде жер ауданын өлшеу бірлігі. 1 акр – 4046,86 шаршы метр.

ХІІ ғасырдағы дүрбелең

Б.з.д. XVІ–XІІІ ғасырларда Ніл және Тигр-Евфрат өзендері арасындағы жерлерді алып жатқан империялар мен патшалықтар кластері бір-бірімен тіл табысудың оңтайлы әдісін тапты. Осы мемлекеттердің ішіндегі ең ірілері – Мысырдың Жаңа патшалығы, Евфрат өзенінің солтүстік алқабындағы Митанния, Тигр алқабындағы Вавилон мен Ассирия және Анадолыдағы Хетт империясы (Хетти). Бұл патшалықтар жер мен ресурстар үшін жиі-жиі соғыс отын тұтатып тұрғанымен, елші алмасу, бейбіт келіссөз және сауда-саттық жүргізу мақсатында ресми емес ережелерді де қалыптастырды (3-тарауды қараңыз). Кейін б.з.д. ХІІ ғасырда халықаралық қатынастардың бұл жүйесі кең тараған жаугершілік заман арасында өз мәнін жоғалтты. Бір ғасырдан аса уақыт бойы Оңтүстік-Батыс Азия, Мысыр және Эгей теңізі алабы дүрбелең жылдарды бастан кешті. Тарихшылар дерек жетіспеушілігінен қиналса да, бұл кезеңді түсіну талпынысын әлі де тоқтатпады.

«Тылсым» теңіз халқы. Апат аяқ асты басталды. Жарты ғасыр ішінде басқыншылар Эгей теңізі жағалауынан Тигр-Евфрат алабының солтүстігіне дейінгі аралықтағы елуге жуық қала мен кентті ойрандап, өртеп жіберді. Бұл қала басқыншыларының дәл кім екенін әлі анықтауымыз керек. Бір теория бойынша, Шығыс Жерорта теңізі аймағы мен оның ішкері жатқан алқаптарын мекендеген бейбіт егіншілер мен малшылар құрғақшылық, аштық немесе билеушілердің ауыр салық құрсауына шыдамай, соғыс жолын таңдады.

Тағы бір теория жаңа қару-жарақ технология­сына баса назар аударады. Қатаң тәртіпке бағынған жаяу әскері мен әскери арбалар күші бар қуатты мемлекеттер теңіз қарақшыларын, баскесерлер мен жалдамалыларды, көтерілісші шаруалар және басқа да бүлікшілерді жинақтап, дайындап отырды. Б.з.д. екінші мыңжылдық ортасында бай-қуатты мемлекеттер ғана әскери арба жасақтарын иеленді, себебі арба, ат, қару-жарақ және білікті жауынгерлер ұстау әжептәуір шығын еді. Әскери арба эскадроны мен шыныққан жаяу әскер жұпыны қаруланған қарақшылар мен бүлікшілерден келетін қауіпті тежей алды.

5.2-КАРТА. Теңіз халқы шабуыл­даған жерлер. Б.з.д. 1200–900 жылдар

Теңіз халқы шабуылдаған қалалардың кеңістікте орналасуына қарап бұл басқыншылардың шыққан жерін анық­тауға бола ма?

Б.з.д. ХІІІ ғасырға таман тәртіпке бағынған әскердің қолы жете қоймайтын жерлерде ешкімге бағынбай жүрген топтар жаяу әскердің соғысу технологиясын меңгерді. Қатты темір немесе қайыс сауыт, берік дөңгелек қалқан, қысқа найза және түйреу мен шабуға арналған, ұшы үшкір ұзын қола қылыш сияқты бірнеше қару ұстауды үйренді. Әскери арбаға қол жеткізе алмайтын жауынгерлер жаяу әскердің сауыт-сайманын киді. Олардың қарулары ғана сесті емес еді, сондай-ақ соғыс алаңында әскери арбаларды қоршап, қысқа найза және қылышпен шабуылдаудың тактикаларын ойлап тапты. Бұл әскери жиынтық Жерорта теңізінің шығыс аймағында жылдам-ақ тараған тәрізді, алайда темір қару-жарақ қоланың орын басқанша әлі де бірнеше ғасыр керек болды.

Әскери арба күшіне сын болатын бұл қару-жарақтардың пайда болуы Эгей теңізі мен Тигр-Евфрат арасындағы аймақта қалыптасқан патшалықтардың біртіндеп әлсіреуі сияқты келесі бір өзгеріспен түйісті. Бұл мемлекеттер ұзақ уақытқа созылған құрғақшылық кесірінен азық қорының жетіспеуі, ауыр жүк артқан қанаушы басқару жүйесі, байлар тобының шаруалардың жерін күшпен тартып алуы, наразы жалдамалы әскер көтерілісі сияқты қысымдардың кез келгеніне шыдамай әлсіреуі мүмкін еді. Мысалы, Мысырдың Жаңа патшалығы мен Хетт империясында салтанатты патша сарайы, жалдамалы шенділер, әжептәуір шығынды қажет ететін әскери арба мен жаяу әскер күші бірдей болды. Осы салтанат үшін салық төлеп, қара күшін сарп еткен қарапайым халық аяқ асты келген басқыншыларға қарсы өз билеушілерін қолдауға ешқандай құлқы болмады.

Б.з.д. 1200 жылдар төңірегінде қалаларды өртей бастаған халық бір жерден ғана келмеген болар. Кей кездері тек ер жауынгерлерден құралған үлкен топ болса, кейде әйел, бала және сауыт-сайман киген ерлердің тобы ретінде де басқыншылық жасады. Эгей теңізі аймағында шапқыншылар Троя, Микен және басқа қалаларды шапты. Олар үш ғасыр бойы өркендеп келген Микен қоғамының күл-талқанын шығарды (3-тарауды қараңыз). Жерорта теңізінің оңтүстігінде теңіз жауынгерлері Ніл атырауына соққы беру үшін Ливиядан Мысырға жүзіп жетті. Анадолы мен Сирия жерінде баукеспелер хеттердің бірнеше қаласын тонап, бір кездері шарықтаған ұлы патшалықты тізе бүктірді.

Тарихшылар олардың шығу тегі мен жеке бас құпиясын толық бейнелемейтін «теңіз халқы» деген атау беріп, жалпылама атаған қылышшылардың қалың тобы Сирия мен Левант аймағында кем дегенде он сегіз қаланы шабуылдап, күлін көкке ұшырды (5.2-картаны қараңыз). Бізге дейін жеткен саз тақтайшадағы хатта Кипр аралында орналасқан Алашия патшасы Левант жағалауындағы басты сауда-саттық қалаларының бірі – Угариттің билеушісіне мынадай кеңес береді: «Жасақтарың мен әскери арбаларың қайда тұр? Олар сенің жаныңда емес пе? Ендеше жау құрсауынан қалай шығасың? Қалаларыңды қабырғамен қорша да, жасақтарың мен әскери арбаларыңды ішке кіргіз. Дұшпаннан сақтан және күшіңді жина». Угарит билеушісі өз жауабында шабуылдың басталып кеткенін үреймен жеткізеді: «Дұшпанның кемелері келді. Олар менің қыстақтарымды өртеп жіберді, еліме ойран салды»3. Осыдан кейін Угарит талқандалып, мыңдаған жылдар бойы қайта қалпына келмеді.

Оңтүстік-Батыс Азияға басып кірген шапқыншы топтар бір-бірінен бөлек әрекет еткенге ұқсайды. Кейбір теңіз халықтары қалалар мен қыстақтарды тонап, өртегеннен кейін кетіп қалған. Ескі Өсиетте филистиндер деген атаумен аталған әлдебір топ Левант жағалауы оңтүстік бөлігінің көне шаһары Канаан қаласын тонап, өртеп жіберді. Бұл басқыншылар кейін тарих бетінен өшіп кетсе де, «Палестина» деген аймақтық атауда із қалдырды.

Ніл сағасындағы теңіз шайқасы. Мысыр халқы Ніл атырауында Ливия мен теңіз халқының басқыншылығына төтеп берді. Луксордағы ІІІ Рамзес перғауынның жерлеу ғибадатханасының қабырғасындағы мына бедерлі суретті Мысыр теңіз әскерінің б.з.д. 1178 жылы теңіз халқын жеңу құрметіне салған. Кеме үстіндегі қиянкескі шайқаста бейнеленген мүйізді дулыға кигендер – теңіз халқының қарақшылары. Осы көріністен теңіз халқының қару-жарағы жайлы не біле аламыз?

Салдары. Б.з.д. ХІІ ғасырдағы алапат шапқыншылық үш маңызды өзгеріске жол ашты. Біріншісі, мемлекеттер құлап, бір кездері тіршілігі қыз-қыз қайнаған айлақтар қаңырап қалған тұста Шығыс Жерорта теңізі алқабының экономикасы уақытша құлдырады. Байлықтың жұтауын – аймақтағы элита өкілдерінің жерлеу орындары қалдықтарынан байқауға болады. Дүрбелең және одан кейінгі жылдары қайтыс болған ақсүйек адамның қасына қола бұйымдардың түр-түрі мен бағалы заттардың орнына, жалғыз қылыш немесе найза ұшын қойды. Екіншісі, әскери арбаның қолданыс аясы бәйге арбасы және патшалардың салтанат белгісі ретінде пайдаланумен шектелді. Билеушілер көбіне ішкі тәртібі мықты, қола немесе темір қылыш, лақтыратын найза, түйрейтін найзамен қаруланған жаяу әскерге арқа сүйеді.

Дүрбелең заманның үшінші нәтижесі – Оңтүстік-Батыс Азиядағы билік тоқырауы еді. Мысыр перғауындары Левант пен Сириядан ығысып, Ніл алқабына ғана тұрақтады. Хетт империясының мұрасын әлсіз патшалықтар иемденді. Ассирия да Тигр өзені алқабындағы қалаларын тау халқы мен шөл дала көшпелілерінің шабуылынан қорғауға мәжбүр болды. Оңтүстік-Батыс Азияның басқа мемлекеттеріне қарағанда Ассирия бұл жағдайдан аман шықты.

Жаңа Ассирия империясы

Б.з.д. Х ғасыр ортасында Ассирия – аймақтағы құдіретті мемлекет ретінде, шын мәнінде, дүниежүзіндегі ең ежелгі ұлы империя ретінде тарих сахнасына шықты. Б.з.д. бірінші мыңжылдықта Афроеуразияның бірнеше бөлігіндегі билеушілер жаулап алған халықтардан байлықты өндірудің, ұйымдастырудың және интеграциялаудың ең тиімді жолын іздестіре бастады. Патшалар басқарудың мықтырақ және тиімді жүйесін қалыптастырды. Ассирия теңіз халқы шабуылдарының сабағын ескерді. Аграрлық шаруашылығы дамыған, халқы көп, жауын-шашынды және суару жүйесі қалыптасқан жерлерден тұратын Тигр алқабы әскери шығындарды қамтамасыз етті. Тигрдің батыс жағасындағы Ашурды (қазіргі Ирактың солтүстігі) орталығына айналдырған ІІ Ашурдан патша б.з.д. 934 жылы әскерін жан-жаққа аттандыру арқылы Оңтүстік-Батыс Азияда орнаған билік тоқырауын қалпына келтіре бастады (5.3-картаны қараңыз). Ассирия әскері тіпті Мысырды да шабуылдап, жиырма жылға жуық уақыт бойы оны басып алады. Бір ғасырдан аса уақыт бойы Месопотамияның оңтүстігінде орналасқан Вавилонды биледі және ұлы қала Вавилонды өнердің, сәулет өнерінің, әдебиет пен сына жазуының орталығы деп білді. Жаңа Ассирия империясы кеңейген сайын тонау, салық жүйесі және аймақаралық сауда арқылы байлық асып-тасты. Бұл байлық ауқымды әскери және саяси қарым-қатынасқа және бұрынғыдан да қатары ұлғайған темір сауытты әскерге қуат берді.

Салт атты жауынгерлер заманы. Сонымен қатар Ассирия империясы кавалерия54 құрған ең алғаш ірі мемлекет болғаны белгілі. Б.з.д. төртінші мыңжылдықтан бастап Ішкі Еуразия даласындағы жауынгерлер атқа мініп соғыса бастады. Алайда шамасы б.з.д. 900 жылдардан кейін ғана билеушілер жаттыққан жаяу әскер ретінде әрекет ететін, яғни әскербасылардың бұйрығын бұлжытпай орындайтын, шайқас алаңында топтық соғыс амалдарын жасайтын кавалерия жауынгерлерінен тұратын жасақ құрды.

Дегенмен атты әскерді әбден жетілдіріп барып қана соғыс тәсіліне тиімді пайдаланды. Әскери арбалы жауынгерлер бірнеше ғасыр бойы ағаш немесе сүйек шыбықтарын бір-біріне қабыстыру арқылы жеңіл әрі берік етіп жасалған садақ және жебемен шайқасып келген еді. Шамасы б.з.д. 1000 жылдардан кейін шеберлер осындай күрделі садақтардың ұзындығын қысқартып, салт жауынгер оны ептілікпен шырқ айналдырып, тіпті артына қарап та ата алатындай етіп жасай бастады. Жебе мен оның ұштары да бір қалыпқа келді, шағын әрі жинақы болды. Салт атты жауынгер жебенің оншақтысын бірдей алып жүре алды да, жақсы жаттыққан атты әскер жебе оғын боратты. Ассирия әскері Анадолы, Иран және Ішкі Еуразиядан мыңдаған бас жылқы алдырып, салт жауынгерді жаяу әскермен үйлесе амалдау мен шайқасуға жаттықтырды. Ертоқым мен үзеңгі пайда болғандықтан, салт атты жасақ әскери арбаға қарағанда жылдамырақ қозғалып, әрі анағұрлым айла-шарғы жасай алды. Ұтқыр соғысудың шығыны да төмендеді, небәрі екі-үш ғасыр ішінде атты әскер Афроеуразия жерінде толығымен әскери арбалардың орнын басты.

Жаңа ассириялық басқару жүйесі. Жаңа Ассирия ұлан-ғайыр аумақты иеленіп қана қоймай, әртүрлі халықты саяси біріктіруде де жетістіктерге жетті. Месопотамиядағы орталықтанған басқарудың ертедегі үлгілеріне негізделген Ассирия билігін бір жерге шоғырландырып, жүйеге келтіру үшін бірқатар институттарды қалыптастырды. Мысалы, патшалар басқалардың үстінен шексіз, даусыз билік жүргізуге құқылы етіп көрсететін, толық ойластырылған идеологияны ұстанды. Олар өздерін Мысыр перғауындары сияқты құдайға теңемей, керісінше Ассирияның жоғарғы құдайы – Ашшурдың киелі өкіліміз деді. Патшалар өздерін қаһарман жауынгер ретінде дәріптей отырып, жаулау соғыстары барысында жоспарлау мен қол бастауды мойындарына алды. Қалауларына қарай жаза тағайындап, рақымшылық танытты, жауларын келіссөз жүргізу мен өз еріктерімен берілуді ынталандыратын саясат сияқты үрейдің құрсауында ұстады. Ассирия жаулау­шылары қарсыласқандар мен бүлікшілерді қатаң жазалады: домалаған бастардан тау үйді, бейшаралардың терісін тірідей сыпырды. Императорлар бұл жеңістерін құлпытастарда жазып қалдырды. Евфрат пен Левантқа ұйымдастырған жорығы жайлы ІІ Ашшурнасирпал (б.з.д. 883–859 жылдары билік құрды) патша былай мақтана жазды: «Арибуа (Сириядағы) қаласында болған кезімде Лухуту жерінің қалаларын жаулап алдым. Олардың (тұрғындарын) көбін өлтірдім. Жойдым; Құрттым; Өртке орадым. Сарбаздарын тірідей қолға түсірдім. Қалаларының алдында (оларды) найзаға жаншыдым»4.

5.3-КАРТА. Жерорта теңізі аймағындағы мемлекеттер, қалалар және сауда жолдары. Б.з.д. 1000–600 жылдар

Географтар Жерорта теңізін бүтін бір теңіз емес, теңіздер жиынтығы ретінде неліктен бейнеледі деп ойлайсыз?

Жаңа Ассирия астанасындағы патша өмірінің көрінісі. Ашшурбанипал патша (б.з.д. 668–630 жылдары билік құрды) мен оның патшайымы қас дұшпаны, Елам мемлекетінің билеушісі Теумманды жеңгеннен кейін бақта демалып отыр. Сол жақ бұрышта Теумманның басы ағашта ілініп тұр. Ниневиядағы сарай қабырғасына салған осы сурет патша өз еліндегі бейбіт өмірді қайта қалпына келтіргені жайлы идеяны қалай жеткізіп тұр?

Ұдайы ұлғая түскен империяны императорлар осындай авторитарлық негізде құрды. Олар империяны бірнеше провинцияға бөліп, патша билігіне жан-тәнімен берілген басқарушылар мен әскерилерді тағайындады. Осылайша жеке мүдделерін мемлекет мүддесінен жоғары қоюға дәмесі бар жергілікті жер иеленуші отбасыларды елемеді десе болады. Ассирия патшайымдары мен патша қыздары, біздің білуімізше, ресми қызметке тағайындалмады, бірақ олардың ауқымды жер шаруашылықтары болды және кем дегенде мұрагерлік үшін жүрген екі-үш ішкі қырқыста билікті уысында ұстап қалды.

Тиімді басқару жақсы байланысқа тәуелді екені белгілі. Империя аумағындағы еңбеккерлерді тұтас жұмылдырған билік Тигр-Евфрат алқабын біріктірген, империя орталығын Сирия мен Жерорта теңізі жағалауындағы қалалалармен жалғаған жолдар торабын салды. Сән-салтанат бұйымдары мен жайлы өмір сыйлайтын заттар империяның түкпір-түкпірінен: Вавилоннан – мата мен жылқы; Араб түбегінен – ладан мен дәмдеуіштер; Парсы жерінен – жылқы мен қалайы; Анадолыдан – күміс пен темір; Леванттан – ағаш пен әйнек; Мысырдан – алтын ағылды.

Ассириялықтар жаулап алған жерлердегі халықтарды орталық аймаққа қарай күшпен ығыс­тырып немесе қоныстандыру арқылы империяны біріктіруге тырысты. Мемлекет ондаған мың әскери қызметкерді, жол салушыларды, жер шаруалары мен шебер қолөнершілерді қалаған жерлерінде қоныстандыру мақсатында бұл қатыгез саясатты жүргізді. Осындай аяусыз тәжірибе нәтижесінде ертедегі бірде-бір мемлекетте байқалмаған ірі мәдени араласу үдерісі жүрген тәрізді. Алайда бұл империя­дағы этносқа жататын топтар билеушімен мәдени бірегейлік қалыптастырды деген сөз емес. Негізі қаланғаннан соңғы күніне дейін Ассирия авторитарлық монархия55 болды. Оның патшалары егінші және малшы халықтан кіріс түсіріп, оны билік күші мен элита өкілдерінің ерекше өмір салтын арттыруға жұмсау үшін адал көмекшілер және ақсүйек отбасылармен ынтымақтасты. Ассирия үстемдіктің бұл жүйесін үш ғасыр­дан аса уақыт бойы сақтай отырып, тарих сахнасына шығатын одан да қуаттырақ империяның жаршысы іспетті болды.

Шекарадағы шапқыншылықтар мен провинциядағы көтерілістер қысымына шыдамаған Ассирия б.з.д. VІІ ғасырдың басында жылдам құлдырады. Ассирияға бағынышты болған Вавилон елі шешуші соққы берді. Б.з.д. 610 жылы ІІ Навуходоносордың (neb-uh-kud-NEZ-er, б.з.д. 605–562 жылдары билік құрды) әскери билігі тұсында қайта жанданған Вавилон Тигр алқабына әскер жіберіп, Ассирияның астанасы Ниневияны талқандап, империяны құлатты. Навуходоносор жаңа месопотамия­лық мемлекет құрып, бір кезде Ассирияның қарамағында болған аумақтары өз атынан жаулау үшін ауқымды жорықтар ұйымдастырды. Тарихшылар Жаңа Вавилон деп атаған империя Навуходоносор билігінен кейін ұзақ өмір сүрмегенін айтады.

Кавалерия – ат немесе түйеге мініп соғысуға жаттыққан әскер бөлімі.

Авторитарлық монархия – басқарушы тобы халықтың негізгі бөлігіне билік жүргізуді талап ететін, патша, патшайым немесе император басқаратын мемлекет.

Еврейлер және иудаизм бастаулары

Б.з.д. VІІ ғасырда ассириялықтар Леванттың оңтүстік бөлігіндегі Канаан (Ханаан) құнарлы таулы елінде орналасқан шағын екі мемлекетке – Израиль мен Иудеяға шабуыл жасады (5.3-картаны қараңыз). Оңтүстік-Батыс Азиядағы семит тілдерінің бірі – иврит тілінде сөйлейтін халық иудаизм мен еврей мәдени бірегейлігінің негізін қалады. Оңтүстік-Батыс Азияның басқа қоғамдарынан ерекшелігі, еврей халқы құдайлардың орнына Яхве (YAH-way) деп атаған жалғыз құдайға табына бастады. Олар монотеизмді56 уағыздады. Яғни Яхвеге табынушылар оны бір-бірімен бақталасқан жергілікті құдай деп емес, ғалам мен адамзатты жаратқан жалғыз Құдай ретінде таныды.

Вавилондағы Иштар қақпасы. ХХ ғасыр суретшісі бұл суретте ІІ Навуходоносор билігі тұсында тұрғызған, Вавилонға кіретін жолдардың бірі, Иштар қақпасы арқылы өтіп бара жатқан ғұрыптық шеруді бейнелеген. Иштар құдайға арналған қақпаның қайта қалпына келген нұсқасын осы күні Берлиндегі Пергамон музейінен көруге болады. Б.з.д. VІ ғасырдағы Вавилон қаласының көрінісін дәл суреттеу үшін суретші қандай деректерді пайдалануы мүмкін?

Жүздеген жыл бойы иврит тілінде сөйлеген ғұламалар халқының шығу тегі мен ежелгі тарихы – еврейлер мен Яхве арасындағы даулы қарым-қатынас тақырыбы төңірегіндегі жылнамалар, өлеңдер және пайғамбарлар сөздерінен тұрған ұзын-сонар кітаптар құрастырды. Еврей Библиясы немесе христиан дәстүрінен Ескі Өсиет деген атпен таныс еңбектер жинағында халықтың тарихи баянын бүге-шігесіне дейін анықтап жазды. Өзге бірде-бір ежелгі қоғам жайлы мұндай ақпарат қалмағаны анық. Еврейлердің көне тарихы ғалымдар үшін сынақ іспетті, себебі ол туралы білетініміздің жалғыз дерек көзі – Еврей Библиясы. Б.з.д. VІ ғасырдан бастап қана одан бөлек деректер еврейлердің ежелгі тарихын айтарлықтай байытты.

Еврейлерден израильдіктерге дейін. Биб­лиядан және басқа да деректерден түйген қорытындыға сүйеніп, тарихшылар мынадай болжам жасайды: еврейлер шамамен б.з.д. 1300–1100 жылдар аралығында көбейген туыстас топтардың немесе тайпалардың конфедерациясы ретінде Канаанда пайда болған. Осы жерде олар израильдіктер, ал Библияда Израильдің он екі тайпасы деген атпен белгілі болды. Еврейлер теңіз халқының басқыншылығынан соң пайда болуы мүмкін, себебі олар Левантты Мысыр мен Хетт үстемдігінен құтқарып, жергілікті халықтарға бірқатар одақтар, шағын патшалықтар мен қала-мемлекеттер құруға жол ашып берді. Болмыс кітабы (Book of Genesіs) мен Яхвенің әлемді жаратуынан басталатын библия­лық оқиғалар желісі еврей халқының шығу тегін жеке адамдардың, аздаған әйел кейіпкер болмаса, негізінен, ерлер өмірі мысалында түсіндіреді. Бұл кейіпкерлер құдаймен арадағы келісімді орындау мақсатында оның өсиеттеріне бағынып, өнегелі және адамгершілік жолында өмір сүру үшін барынша тырысып бақты, кейбірі бұл міндетті басқаларына қарағанда жақсырақ атқарды. Бұл – еврей көсемдерінің тура жолдан тайып, кейін құдай алдында қайта күнәларын жууы жайлы, Еврей Библия­сында әсерлі қажыр-қайрат пен ғибратты нақыш беретін әңгімелер.

Библиялық кейіпкерлердің ішіндегі ең жоғарысы – монотеистік дәстүрдің негізін қалаушы немесе атасы Абраам, (Ыбырайым, Абрахим). Болмыс кітабында оның Месопотамиядағы Ур қаласында дүниеге келгені, алайда Яхве оған Канаан жеріне иелік ететініне сөз бергені айтылады. Кітапта Абраам отбасымен және басқа да серіктерімен бірге Канаанға аттанады:

«Құдай Абраамға: «Өз еліңнен, халқың мен аталарыңның шаңырағынан кетіп, мен көрсететін жерге аттан.

Сендерді ұлы халық етемін,

Және рақымға бөлеймін;

Есіміңді елге мәшһүр етемін,

Және рақымға бөленесіңдер», –

деді. Құдай бұйырғандай, Абраам жолға шықты; ...Ол жұбайы Сара (Сарай), немере інісі Лұтпен Харранда жинаған мал-мүлкі мен халқымен Канаан жеріне аттанды және сол жерге жетті»5.

Басқа да библиялық кейіпкерлер қатарында: бауырлары құлдыққа сатып, Мысырға түскен Жүсіп; Мысыр құлдығынан еврейлерді құтқарып, құдайдан кінәратсыз ғибрат заңдар жинағы – Он Өсиетті алған Мұса; еврей халқын Канаанға алып келіп, осы жерді жаулағаннан кейін оны олжа ретінде он екі тайпаға бөліп берген Джошуа (Joshua) бар. Осы уақыттан бастап олар израильдіктер деген атаумен белгілі болды. Киелі кітапта құдай осы таңдаулы халыққа өркендеуі мен ұрпақтарының өсіп-өнетіні жайлы сөз берген. Ал израильдіктер құдайдың қасиетті заңдарын ұстануға міндетті болды, оның қатарында Он Өсиеттен басқа, тамақтану, киіну, құрбандық шалу ғұрыптары, некелесу, жыныстық қарым-қатынас, мұрагерлік, қылмыс және ұжымдық өмірдің басқа да қырларын қамтыған ережелер бар еді. Бұл ережелердің көбі Месопотамиядағы ежелгі мемлекеттердің құқық жүйесіне де ықпалын тигізді.

Ғалымдар жүздеген жыл бойы ауызша тараған әңгімелерді хатқа түсіру арқылы еврей халқының Киелі жазуларын жинақтап, ретке келтірді. Еврей Библиясында еврей дін ілімін кім және қашан құрастырды деген сұрақ бітпес пікірталасқа ұласты. Еврей Библиясында Құдай – абстракт кейіптегі космостық күш емес, адам ретінде бейнеленді. Сонымен қатар Құдай – болмыстан тыс, жоғары және нағыз трансценденттік бейне. Құдай туралы бұл идея күн, ай, жаңбыр, найзағай тәрізді табиғаттың әр элементі нақты бір құдаймен байланыстырылатын ежелгі Месопотамиядағы немесе Мысырдағы діндерге толық қарама-қайшы. Мысалы, месопотамиялық дәстүрде Күн – Шамаш құдай, ал Еврей Библиясында Күн – Құдайдың құралы ғана. Ежелгі поли­теистік57 діндер жүйесінде құдайлар адам баласының тағдырына аяқасты және немқұрайлы қарады. Еврей Библиясында Құдай өзі жаратқан пенделеріне қамқорлық танытып, халқының тәні мен жанын әрқашан демеп жүрді.

Құдай халқы, дегенмен ғибратты өсиеттерді жеке-дара емес, бірлесе, яғни қоғам ретінде бұлжытпай орындау арқылы құдаймен жасасқан келісімнің жауапкершілігін мойнымен толық көтеруге міндетті болды. Құдай әлемді басқарады, ал адамдар хаос­ты емес, Құдай заңына бағыну арқылы қоғамдық тәртіпті таңдаса болғаны. Б.з.д. бірінші мыңжылдық және содан кейінгі политеистік жүйелерде адамдар түрлі құдайларды рақымшылыққа шақырып, адамдардың басына түскен істі одан ары қиындатпауды өтінетін болды. Осыған қарама-қайшы, Құдай тарапынан қорғаныш пен өркендеу уәдесі, ал халқының Құдай рақымына лайық қоғам құру жолындағы қажырлы еңбек ету уәдесі Еврей Библиясында кең айтылды. Құдай мен адамзат арасындағы келісім идеясы, бір құдайға табынуға негізделген Абраамның сенімі басқа екі дінге – христиандық пен исламға да берілген болуы керек.

Тұтастық және ұлғаю, бытыраң­қылық және қуғын. Б.з.д. Х–VІІІ ғасырлар аралығындағы израильдіктердің тарихы – мемлекеттік саясат, соғыс және соңында алапат жеңіліс тарихы. Б.з.д. 1000 жылдар төңірегінде он екі тайпа Саул патшаның қол астында бірігеді. Саулдың мұрагерлері Дәуіт пен Сүлеймен израильдіктерді қырдағы шағын Иерусалим қаласына алып келді, оны астана деп жариялап, ғибадатхана салды, арбалы әскер қойды, мемлекеттің шекарасын кеңейтті және көршілерімен сауда-саттық жүргізуге жағдай жасады. Шешімі табылмаған қарама-қайшылық салдарынан патшалық б.з.д. 922 жылы Сүлеймен қайтыс болғаннан кейін екі жыл өте салысымен екіге бөлінеді: оңтүстікте – Иерусалимі бар Иудея; солтүстікте – Израиль патшалығы.

Ал б.з.д. 722 жылы Ассирия әскері Израильге соққы беріп, халқының басым бөлігін империяның басқа бөліктеріне аттандырды. Ассириялықтар Иудеяға шабуыл жасады, алайда израильдік пайғамбар Исаия Езекия билеушіні: «Израиль – Ассирия патшасының қолына тимейді»6, – деп сендірді. Расымен Ассирия қаланы қоршағанын доғарды, Иудея алым-салық төлеп тұрды. Кейін, б.з.д. 610 жылы қайта көтерілген Вавилон патшалығы Ассирияны жойып, Иерусалимді жаулап, ғибадатханасын өртеу үшін жорыққа аттанды. Басқыншылар израиль халқын түгел Вавилонға көшірді, осы кезден бастап, негізінен, еврейлер деген атпен белгілі халықтың ұзақ тарихының бірінші тарауы тамамдалды.

Еврей мөрі, Иерусалим. Б.з.д. VІІ ғасырға жататын мына тас мөр еврей жауынгерінікі болуы керек. Ол өзін садақшы кейпінде бейнелеп, ивритше Хагаб деп атаған. Бейнелеу стилінен ассириялықтардың ықпалы болғаны бірден байқалады.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Адад-Гуппи: вавилондық абыз және патшайым-ана

Бұл темір Жаңа Вавилон басшысы, Адад-Гуппидің ұлы Набонидке тиесілі. Патша мүлкінің тура оң жағына қарай Ай құдайы Синнің дөңгелек символы бейнеленген

Жаңа Вавилонның соңғы патшасы Набонид (Nabonіdus) Ай құдайы – Синге қызмет ететін абыз әрі қарт анасы – Адад-Гуппидің көмегімен билікке келді. Адад-Гуппи жүз жылдан аса уақыт өмір сүрді. Бұл – б.з.д. бірінші мыңжылдықтағы кез келген адам үшін ғажайып жетістік. Ол Ассирия империясының құлауын өз көзімен көрді, ғұмыры Навуходоносордың қырық жылдық билігінен де ұзақ еді, тоқсанға келген шағында өз ұлының Вавилон тағын қалай күшейткеніне куә болды.

Навуходоносордан кейін таққа отырған мұрагерлер – үш патшаның билігі ұзаққа созылмады. Үшеуі де ол қайтыс болғаннан кейінгі алты жылда ауысты. Алайда төртінші патша – Набонид биліктің қызығын он жеті жыл көрді. Тақтан құлағанда империя да күйреді.

Набонид Вавилон билеушілер әулетінен емес еді. Алайда Евфрат бойында орналасқан Харран қаласындағы Син құдай ғибадатханасында абыздық қызмет атқарған Адад-Гуппидің арқасында ол Навуходоносор мен оның ұлы тұсында сарайда лауазымды қызмет атқарды. Уақыт келген кезде билікті қолға алуға көмектесетін байланыстарды ол осы қызметінде орнатқан сияқты. Оның алдындағы патша небәрі бірнеше ай ғана билікті иеленгеніне қарап, ғалымдар оған Набонид қастандық жасады деген болжам айтады.

Навуходоносордың әскері б.з.д. 601 жылы Харранды алғанда Син ғибадатханасы талқандалып, құдайдың мүсінін сыртқа шығарып тастады. Адад-Гуппи Құдай мүсіні ғибадатханада қайта асқақтағанын көруді өмірлік мақсатына айналдырды. Набонид таққа отыра сала, анасының қалауын орындады.

Адад-Гуппи туралы бар білеріміз – қалпына келген ғибадатхананың екі құлпытасындағы жазба ғана. Ол жазбаларда, болжам бойынша, өмірбаяны мен оның өлімі жайлы қысқаша қосымша ақпарат бар. Өмірбаянын дәл өзі жазды деп нық сеніммен айта алмаймыз, дегенмен онда Адад-Гуппидің көрген-баққаны мен ойлары жатқаны анық. Ол құдайларға, әсіресе Син құдайына ұзақ жылғы табынуын, Син «қала мен ғибадатханаға көңілі толмай, көкке ұшып кеткенінен кейін», яғни ғибадатхана талқандалған соң шалған құрбандықтарын баяндайды. Діншілдігін таныта отырып, құдайларды ғибадатханаға оралуға көндіруге үміттенді: «Құдайларымның жүрегін тыныштандыру үшін сәнді көйлек, жаңа киім кимедім, алтын не күміс әшекей тақпадым, денеме әтір сеппедім немесе хош иісті май жақпадым, [тек] жамау-жасқау, кенеп көйлек кидім».

Адад-Гуппидің Синге құлшылығының арқасында құдай оның ұлын Жаңа Вавилон империясын басқарушы ретінде таңдағаны құлпытаста баяндалады. Набонид Син құдайына көрсеткен аса зор құрметінің белгісі ретінде Харрандағы ғибадатхананы қайта тұрғызып, оны басты діни орталыққа айналдырды. Адад-Гуппидің сөзін келтірсек: «Құдайлардың құдайы – Син маған жүз төрт жыл ғұмыр берді... Екі көзімнің жанары өткір, зейінім ояу, аяқ-қолым сау және сөздерім анық, ас-суым маған әл береді, денсаулығым жақсы, жүрегім соғуда».

Мәтіндегі қосымша ақпаратта жазғандай, Набонид билігінің тоғызыншы жылы Адад-Гуппи дүние салғанда, ол Жаңа Вавилонда қаралы күн жариялады: «Вавилонды (халқын) жинады... Ол [оларды] аза тұтты... жоқтау айтты. Олар 7 күн, 7 түн бастарына (құм) шашты; зарлады; киімдерін жыртты. Жетінші күні бүкіл жердегі халық шашын қиды». Анасы дүниеден өткеннен кейін Набонид тағы сегіз жылдай билік құрды. Алайда парсылар Месопотамияға басып кіріп, оны құлатып, жаңававилондық әулетті құртты.

Адад-Гуппидің тасқа түскен өмірбаяны ғалымдарға мәртебелі әйелдердің ежелгі империялық саясатта қаншалықты ықпалды рөлге ие бола алғаны жайлы, сондай-ақ саяси және діни өмірдің күрделі астасуы туралы маңызды ойды жеткізді.

Дереккөз: Mark W. Chavalas, ed., Hіstorіcal Sources іn Translatіon: The Ancіent Near East (Malden, MA: Blackwell, 2006), 389–393.

Сыни пайым

Адад-Гуппидің ұзақ өмірі жайлы жазба Жаңа Вавилон патшалығы саясатындағы мәртебелі әйелдердің ықпалы жайлы не айта алады?

Монотеизм – үстем және жалпыға бірдей бір ғана құдай бар деген ілім немесе сенім.

Политеизм – көп құдайлық пен рухтарға деген нанымды біріктірген сенім жүйесі.

Финикиялықтар және гректер: сауда және миграция

Б.з.д. 1200–600 жылдар аралығында Оңтүстік Азиядан Атлант мұхитына дейінгі аралықты алып жатқан байланыстар торабы тығыздала түсіп, бір-бірімен ұштасып кетті. Жерорта теңізінің алабы сауда және мәдени қарым-қатынастардың өзегі болды. Теңіз жиһанкездері алғаш рет Жерорта теңізі мен Қара теңіз айналасындағы жерлердің арасын жалғады. Осы теңіздердегі кеме айлақтарында көпестер саудагерлермен зат айырбастады, Еуропаның ішкері аймақтары мен Африканың солтүстігіне аттанды.

Әсіресе Жерорта теңізі аймағындағы маңызды өзгерістің бірі саудаға қатысты болды. Кем дегенде б.з.д. ІІІ мыңжылдықтан бастап сауда-саттыққа араласқан тұлғалар, негізінен билеушілердің қызметшілері немесе өкілдері болатын. Олар ғибадатхана абыздарына, патша сарайларына немесе бай-бағландарға арналған сән-салтанат заттарын алдыру мақсатында ұйымдастырылған сауда экспедицияларына да қатысты. Мысырдың Жаңа патшалығындағы көпестер биліктің өкілі ретінде әрекет етуі классикалық үлгі дер едік. Бұл сауда экспедицияларын перғауын қаржыландырып, перғауын атынан жан-жаққа саудаға шықты.

Дегенмен б.з.д. бірінші мыңжылдық ішінде жеке кәсіпкерліктің көбеюі мемлекет бақылайтын сауданың маңызын төмендетті. Жеке бас пайдасын көздеген, жеке сауда істерін қаржыландыратын, кәсіпкерлер ретінде қалтасынан қаржы шығарып, саудамен айналысатын адамдар мен серіктестердің шағын тобы көбейді. Бұл өзгеріс Жерорта теңізі аймағындағы егіншіліктің дамып, қала халқының көбеюіне байланысты болғаны анық. Қарапайым халық көктастан жонылған зергерлік бұйым немесе піл сүйегінен жасалған мүсін алуға шамасы келмегенімен, дақыл, май, шарап және киім сияқты маңызды заттарды сатып алу үшін жергілікті базарға барды. Ауқаттылардың тұтыну қажеттіліктеріне ғана қызмет істеген мемлекеттік сауда өкілдеріне қарағанда, жеке көпестердің базарлары үлкенірек болған шығар. Бұл көпестерді жаңа заттар және оларды сататын жаңа қауымдар іздеуге ынталандырды. Дәл осылай, Жерорта теңізі аймағының қарым-қатынас торабы барлық бағытта дамыды.

Финикиялықтар және олардың сауда бекеттері. Жерорта теңізі аймағының шығыс жерлері б.з.д. ХІІ ғасырда қалалар өртенгеннен кейін қалпына келу үшін ондаған жыл өтті. Ассирияның империя­лық басқыншылығы – қайта қалпына келудің бір белгісі. Тағы бір белгі – Жерорта теңізі алабы мен Оңтүстік-Батыс Азия арасындағы стратегиялық маңызға ие аймақ Левант жағалауындағы айлақтардағы сауда-саттықтың жандануы. Орталық жағалаудағы (негізінен қазіргі Ливан аумағында) қалалар тізбегі, әйтеуір бір себептерге байланысты, теңіз халқының зобалаңына ұшырамады. Канаандықтар, нақтырақ айтсақ, финикиялықтар деген атпен белгілі тұрғындары мақта-мата, қола бұйымдар, қыш құмыралар, шыны бұйымдар, піл сүйегінен жасалған жиһаздар және басқа да әсем бұйымдар жасап, оларды саудалады. Финикиялықтар, негізінен, Тир, Сидон және Библос (Библ) айлақтарында қоныстанды, ивритке жақын келетін семит тілдерінің бірінде сөйледі (5.3-картаны қараңыз).

Экономиканың жандануына, металл, ағаш және сән-салтанат бұйымдарының тойымсыз тұтынушылары болған Ассирияның байлыққа шылқыған жағдайына қызыққан финикиялықтар Жерорта теңізі аймағында сауда желілерін кеңейтуге тырысты. Б.з.д. ІХ–VІІІ ғасырларда финикиялық кемелер Қиыр Батысқа дейін саяхаттап, Сицилияда, Сардинияда, басқа да аралдарда, сондай-ақ Солтүстік Африка мен Иберия (Испания) жағалауы бойында сауда бекеттерін тұрғызды. Ол жерлерде, Карфаген мен Кадис жетекші орталықтар ретінде бірікті. Финикиялықтар Гибралтар бұғазының батысында да бірнеше қоныстың негізін қалап, Жерорта теңізі аймағын маңындағы Атлант мұхиты жағалауымен байланыстырған алғашқы саудагерлер болды. Өнімдерін айырбастаған финикиялықтар кемелерін Иберия кен орындарынан шыққан тонна-тонна күміске толтырып қайтты, бұл асыл металдың біршамасы Мысыр мен Ассирияны байытты. Сонымен қатар олар Жерорта теңізі аймағындағы айлақтардан темір, мыс, қалайы, шарап, зәйтүн майы және құл тасымалдады. Левант жағалауындағы кеме жасаушылар Ливан тауларындағы балқарағайдан қомақты, ауыр жүк тасымалдауға шамасы жететін дәу теңіз кемелерін жасады. Үлкен, төртбұрышты желкен және бір немесе екі қатар ескекшілердің көмегімен қозғалатын бұл кемелер жаз айларында, яғни теңіз суы тынық, күн көзге көрінетін және жұлдыздар жол табуға септесетін уақытта Жерорта теңізін ары-бері кесіп жүзді. Жағалауға жақын жерлерде болмаса, қыс айларында жиі-жиі соққан дауыл мен толассыз нөсер саудаға кедергі келтірді.

Бірте-бірте, Жерорта теңізінің Батыс аймағындағы финикиялық айлақтар Левантпен байланысын үзіп, тәуелсіз қала-мемлекеттер ретінде қалыптасты. Б.з.д. VІІІ ғасырға таман Солтүстік Африканың негізгі айлағы болған Карфаген қазіргі Тунис жеріндегі қатарлас қалалар мен кең далалы аймақты басқарды. Осы ішкері аймақтардағы бербер тілді егіншілер мен малшылар финикиялық келімсектерге жылдам-ақ үйреніп кеткен сияқты, себебі дамып келе жатқан теңіз саудасы оларға да өз пайдасын тигізді.

Финикиялық әскери галера. Левант жағалауындағы қалаға тиесілі мына тиында финикиялық әскери-теңіз күші мадақталған. Жерорта теңізіндегі шайқаста ескекшілердің көмегімен жылжыған кеме желкенді кемеге қарағанда қандай тактикалық басымдыққа ие болуы мүмкін?

Карфаген өнер туындысы. Финикиялық қолөнершілер б.з.д. VІІ ғасырдан бастап күйдірген саздан дәл осындай маскалар жасай бастады. Мына ер адам мүсінінің маңдайы мен беттерінде сәндік дискілер бар. Діни ғұрыптар немесе сахналық көріністерге қатысушылар маска киген болуы керек. Сондай-ақ археологтар оларды мазарлардан да тапқан. Адамдар не үшін осындай маскалармен жерленгісі келуі мүмкін деп ойлайсыз?

Финикия экспансиясын ерте сауда диаспорасы58 деп түсінуге болады, яғни көпестер мен олардың сауда бекеттері шашыраңқы орналасты және сол жерде халықтың тек азғана бөлігін құрады. Жалпы, бөтен қауымдар арасында қоныстанған диаспора өкілдері екі қызмет атқарды. Біріншіден, олар теңіз сауда жолдарының бойымен ары-бері сапар шегіп жүрген көпестердің сауда өкілдері ретінде әрекет жасады. Бұл өкілдер саудагерлерге тұрақтайтын орын, заттарын сақтайтын жер, қарыз, күнбе-күнгі баға жайлы ақпарат, жергілікті сауда байланыстарын ұсынды. Екіншіден, олар мәдени делдал қызметін атқарды: жергілікті саудагерлермен қарым-қатынасқа септесу және келісім жасасу үшін тұрғылықты халықтың тілін, саясатын және кәсіпкерлік этикетін үйренді. Қысқасы, сауда диаспоралары ортақ тілде сөйлемейтін, мәдени дәстүрі бөлек немесе бір-біріне сенім артуға жеткілікті себебі жоқ халықтар арасындағы айырбасты жеңілдетті. Уақыт өте, алыс аймақтармен сауда-саттық маңызға ие болған дүниежүзінің көптеген бөлігінде диаспоралар қалыптасты.

Гректер және олардың қоныстары. Грек тілінде сөйлейтін көпестер мен мигранттар да Жерорта теңізі арқылы тысқары аймақтарға сапар шекті. Зәулім қамалдар мен таңғаларлық мазарлар тұрғызған Грек-Микен өркениетінің жойылып кетуіне теңіз халқының сойқаны да жартылай кесірін тигізді (3-тарауды қараңыз). Дегенмен шамамен б.з.д. 900 жылдардан бастап, бұл аймақ қайтадан ес жия бастады. Жоғары сапалы шарап, зәйтүн майы, інжір және қыш құмыралары Жерорта теңізі әлемінің кеңейіп келе жатқан сұранысына ие болды және Эгей теңізі алабындағы жер иеленушілер экспорт үшін көбірек астық өсірді. Ең бай отбасылар қаланы қайтадан тұрғызуды мойындарына алды, оларды жергілікті егіншілердің тәртібі қатаң, қылышпен қаруланған халық жасағы қорғады. Толқынды жағалауы, таулы алқаптары мен аралдары Эгей теңізі аймағындағы саяси бытыраңқылықтың сақталуына әсерін тигізген секілді. Дегенмен жергілікті патшалар немесе ақсүйек отбасылардың одақтары әрбір жерде мықты қалалық басқару жүйесін қалыптастырды. Олар қалаларын бекіністермен қоршады, қаланың жебеуші құдайына арнап ғибадатхана тұрғызды, төңірегіндегі шаруашылық аймақтардағы егіншілер жинақтаған байлыққа салық салды. Мемлекеттің осы түрін гректер полис59 (POH-lіs) деп атады, яғни қала тұрғындары бір-біріне туысқан деген және бәрі бірдей өзін-өзі басқару мақсатында жұмылу шешіміне негізделген, орталық қала өзегін құраған қауым. Полис (көпше түрі – poleіs) сөзінен политика (саясат), polіtіcal (саяси) және polіtіcіan (саясаткер) сөздері шыққан.

Халық саны өсіп, егіншілер шарап пен зәйтүн өндірісіне жер алқабын көбірек бөлген сайын бидай және басқа да маңызды азық алыс жақтардан жеткізілуге тиіс болды. Оның үстіне, тау бөктерін егіншілік пен жайылымға үздіксіз пайдалану топырақты құнарынан айыратынын білеміз. Жер өнімділігін арттыру жолдарын білмегендіктен, Эгей теңізі аймағындағы қала-мемлекеттер азаматтарын тысқары жерлерге қоныстандырудың жоспарын құрды. Б.з.д. VІІІ ғасырда алғашқы топтар Сицилия мен Италияның оңтүстігіне көшіп келіп, Эгей теңізі маңындағы жерлерден әлдеқайда құнарлы және кең жағалау жазықтарында қоныстар тұрғызды. Басқалары одан да алысқа кетіп, қазіргі Франция мен Испанияның оңтүстік жағалауы мен Ливияның солтүстігіне қоныс тепті. Солтүстік-шығысқа қарай жылжыған грек егіншілері Қара теңіз жағалауына тоқтады, оларға бұл аймақ Жерорта теңізінен бөлініп, Ішкі Еуразияның жазықтарына тереңдей орналасқан алып мүйіс ретінде көрінген еді.

Грек қоныстарының қирандылары. Эгей теңізіндегі Тира (Санторини) аралынан шыққандар б.з.д. VІІ ғасырдың аяғында Ливияның солтүстігіндегі Киренада қоныс тұрғызды. Жерорта теңізі аймағының сауда орталығы ретінде ол мың жыл төңірегінде өркендеді.

Грек қоныстанушылары ішінен егіншілермен қатар көпестер де шықты. Эгей теңізі полистеріндегі саудагерлердің көбі қала азаматтары емес, басқа аймақтардан көшіп немесе уақытша келгендер болған. Метэктер деп аталған бұл әлеуметтік таптың жер иелену және қала өміріне араласу құқығы болмады. Бір жағынан алғанда, осы шектеулердің арқасында метэктер саудада жетістікке жетті, финикиялықтар сияқты Жерорта теңізі аймағының шалғай жақтарында әрекет жасау арқылы сауда колонияларын құрды, сол арқылы Эгей теңізіндегі туған қала-мемлекеттерімен байланыс орнатты.

Б.з.д. VІ ғасырға таман Оңтүстік-Шығыс Еуропаның салыстырмалы түрде шағын бөлігі, бүгінгі Грекия Республикасы алып жатқан жерден тысқары өмір сүрген және сауда жасаған грек тілінде сөйлейтіндер саны жергілікті халықтан әлдеқайда асып түскен тәрізді. Осылайша, Жерорта теңізі – Қара теңіз аймағының басым бөлігінде грек қала мәдениетінің бірегей мәдени нақышы пайда болды. Гректердің саяси құрылымы мен мәдениетін 6-тарауда тереңірек қарастырамыз.

Финикиялықтар, гректер және әліпбиге негізделген жазу. Белгілі әліпбилердің ең алғашқысы Левант пен Сирияны мекендеген семит тілдес халықтарда б.з.д. екінші мыңжылдық аяғында пайда болды. Жерорта теңізі аймағындағы айлақтарды мекендеген хатшылар бірнеше жазу түрін сынақтан өткізді. Мысырдың иероглиф және Месопотамияның сына жазу жүйелеріне негіздей отырып, дыбысты бейнелейтін таңбалар ойлап тапты. Әліпбиге негізделген жазуды финикиялықтарға қатысты қарастырамыз, себебі олардың б.з.д. 1200 жылдар төңірегінде қолданған таңбалар жиынтығы ерекше назар аудартады. Екі жүз жыл ішінде финикиялықтардың жазу жүйесін грек ғалымдары қабылдап, кейін Жерорта теңізі әлеміне кеңінен тарады.

Алдында қарастырып өткеніміздей (2-тарауды қараңыз), Месопотамия сына жазуы мен Мысыр иероглифтері логограммалардан, яғни ұғымды (бір немесе бірнеше тұтас сөздерді) білдіретін таңбалардан тұрды. Олардың қатарында буындарды білдіретін біршама таңбалар да болды. Адамдар әртүрлі дауыссыз дыбыстарды дауыстылармен біріктіру арқылы жүздеген буын жасай алғандықтан, әсіресе логограммалары бар жазудың бұл жүйесі таңбаларды қажет етті. Оған дыбыстауға көмектесетін фонетикалық элементтер қосты. Мысалы, қазіргі қытай тілі – негізінен тұтас сөздерді (дыбыстардан гөрі ұғымдарды беретін бірліктер) білдіретін мыңдаған жеке белгілерден құралған логографиялық жүйе. Қытай тіліне сауатты адам шамамен үш мыңға жуық жеке символдарды білуі керек.

Ал финикиялық әліпби жүйесінде тек жиырма екі ғана таңба болды. Олар қазіргі әліпби сияқты белгілі бір тәртіппен құрылды. Ертедегі бұл әліпби тек дауыссыздардан тұрды. Сөзді дұрыс оқу үшін адам мәтіндегі сол сөзге дейінгі немесе кейінгі сөздерді, сол абзацтағы мәтіннің негізгі ойын түсіну арқылы, керек дауыстыларды қосып алды. Мысалы, ағылшын әліпбиінде дауыстылар болмаса, адам «frmr» дауыссыз дыбыстарды «fіrmer» дегеннен гөрі, жан-жағындағы сөздерге қарай отырып «farmer» деп оқыр еді. (Қазір адамдар хат мәтінін қысқарту үшін дауысты дыбыстарды тастап кетуді әдетке айналдырып барады). Финикиялық әліпби пайда болған аймақтан басталған қазіргі араб және иврит әліпбилерінде дауыстыларды білдіретін әріптердің орнына тек дыбысталуды анықтау үшін қойылатын арнайы белгілер ғана бар. Алайда финикиялық жүйені қабылдаған гректер оған дауыссызды білдіретін екі және дауыстыға арнап алты жаңа таңба қосты, бұл жүйе кейін латын әліпбиіне де арқау болды.

Жаңа Ассирия империясындағы хатшылар саз тақтайшаларға мәтінді сына жазуы арқылы түсіргенімен, құжаттарды әліпбиге негізделген арамей тілінде де жазды. Арамейше мәтіндерден бізге ешқандай зат-белгілер жетпеді, себебі хатшылар ол үшін бүлінгіш материалдарды пайдаланыпты. Бірақ олардың арамейше жазғандарын сына жазуымен көшірген тақтайшалардан және жұмыс үстіндегі арамей ғұламалары суреттерінен білеміз. Кейбір ғалымдардың пікірінше, арамей тілі Үндістанның солтүстігінде қолданысқа ие болған әліпби негізінде санскритті – абыздар мен ұстаздар қолданатын үндіеуропалық тілді жазуға арқау болды. Қалай десек те, б.з.д. 600 жылдарға қарай әліпби арқылы жазу Жерорта теңізі аймағынан Оңтүстік Азияға дейін жылдам қарқынмен тарады.

Сауда диаспорасы (commercіal dіaspora) – бір мәдениетті құрайтын, бірақ сауда желілерінде қызмет атқару үшін бөтен қауымдарда өмір сүретін көпестер.

Полис – бір қала төңірегінде топтасқан егемен мемлекеттің ежелгі грек тіліндегі атауы; қала-мемлекет.

Орманды Еуропа және Жерорта теңізі әлемі

Б.з.д. бірінші мыңжылдық басталған тұста Еуропаның ішкері аймағындағы мәдениеті ең күрделі қоғамдар қазіргі Швейцариядан Венгрияға дейін созылып жатқан ну орман алқабы белдеуінде орналасты. Бұл аймақта орталықтанған мемлекет болмағанымен, халқы берік тау қамалдарын тұрғызды, көсемдерін бағалы ақыреттік заттармен жерледі, қола, күміс және алтынмен жұмыс істеудің шеберлері болды. Егін егіп, ірі қара өсіретін, үндіеуропалық тілдер семьясына жататын түрлі тілдерде сөйлейтін халықтар Ішкі Еуразияның батысынан Қара теңіздің батысында жатқан жерлерге көшуін жалғастырды (3-тарауды қараңыз).

Үндіеуропалық қоныс аударушылар арасында кейін латын тілі бөлініп шыққан итальян тілдер тобы мен б.з.д. 600 жылдарға таман Еуропа батысының көп бөлігін қоныстануы мүмкін кельт тілдерінде сөйлейтін халықтарды атап өту керек. Қола қару-жарақ асынған, атқа қонып, отбасыларын салдыр-гүлдір арбаларда тасымалдайтын кельт туыстық қауымдары б.з.д. VІІ ғасырға таман Иберияға жетті. Олар көп ұзамай қайық пен салды пайдаланып қазіргі Британия мен Ирландияның аумағына да жетті. Осы келімсектер Еуропаның батысын ертеден мекендеген халықтарға саяси үстемдік орнатуы да мүмкін еді. Уақыт өте, үндіеуропалық тілдер Еуропаның орталығы мен батысында қолданыста болған тілдердің орнын басты. Бұрынғы тілдерден Франция мен Испания арасындағы Пиреней таулары аймағын мекендейтін халық сөйлейтін баск тілі ғана сақталды.

Финикия және грек көпестері Жерорта теңізінің батыс аймағына енген уақыттан бастап-ақ Еуропа жылдам өзгерді. Бұл теңіз саудагерлері Еуропаның күміс, мыс, қалайы, темір және ағаштарды Жерорта теңізі аймағындағы шарап, май, әсем керамика, дайын темір өнімдеріне айырбастағысы келді, бұл заттар негізінен орманды алқапты мекендейтін қауымдар көсемдерінің иелігіне өтті. Жерорта теңізі торабы Еуропаның ішкері аймақтарымен Ибериядағы Гвадалквивир өзені; Франциядағы Рона өзені; Альпі бойындағы биік асулар; ертедегі замандардан бастап Еуропаның батысын Қара теңізбен қосқан Дунай сияқты бірнеше жол арқылы жалғасты. Бекіністерде қоныстанған Еуропаның элитасы өз жерлерімен өткен сауданы бақылауда ұстауға ұмтылды, сол арқылы байыды, қоғамдық мәртебелерін көтерді және кішігірім патшалықтарының негізін қалады.

Б.з.д. 600 жылдарға дейін Альпінің солтүстік аймақтарында айтарлықтай қалалар болмады, алайда қазіргі Италияның солтүстігіндегі жазықтар мен өзен алқаптарында б.з.д. ІХ ғасырда Жерорта теңізі аймағының орталығында дамып келе жатқан сауда-саттықпен қатар, таңғаларлық қала-мемлекеттер кластері қалыптасты. Орталық Италияның солтүстігіндегі Этрурия аймағын мекендеген аграрлық және минералдық ресурстардың бай қорына ие халық – этрускілер құрлық арқылы да, теңіз жолымен де кең сауда жүргізді. Б.з.д. VІ–ІV ғасырлар аралығында олар Альпі бойындағы сауда жолдарын бақылауда ұстады. Еркін қала-мемлекеттер конфедерациясына біріккен олар Жерорта теңізінің батыс аймағында сауда басымдығына ие болу үшін финикиялық және грек қоныстарымен бәсекеге түсті.

Таяудағы археологиялық зерттеулер этруск қоғамы Италияның көне халқы ішінен қалыптасқанын көрсетті. Олар грек әліпбиінің нұсқасын қабылдады, бұл жазу кейін римдіктерге өтті. Этруск қоғамы керемет жасампаз болды: тиімді темір балқыту пештерін салды, алтын және күмістен әсем бұйымдар жасады, римдіктерге дейін-ақ «рим аркасын» ойлап тапты, батпақтарды құнарлы егін алқаптарына айналдыруға мүмкіндік беретін инженерлік әдістерді меңгерді. Этрускілердің күнделікті өмірінің кейбір тұстары жайлы элита өкілдерінің мазарларынан, ондағы ақыреттік заттар мен қабырға суреттерінен білеміз. Онда бірге тамақтанып отырған адамдар, діни ғұрыптарды орындап жатқан абыздар, адамдардың қым-қуыт өмірі бейнеленген. Жалпы, грек қала-мемлекет мәдениетіне қарағанда, этруск қоғамы Криттегі ерте Миной өркениеті (3-тарауды қараңыз) сияқты әйелдерге көбірек қоғамдық еркіндік бергені жайлы пікір қалыптасады.

Жантайып жатқан этруск жұбы. Б.з.д. VІ ғасырға жататын күйген қыштан жасалған мына саркофаг ас ішкенде отыратын диван пішінді. Оның ішінде осы жұптың кремацияланған қалдықтары болған шығар. Екі мүсіннің бейнесіне қарап этруск қоғамындағы ерлі-зайыптылардың әлеуметтік қарым-қатынасы жайлы қандай ой түюге болады?

Ніл дәлізіндегі Нубия

Жерорта теңізі мен Қара теңіз аймақтарының физикалық картасына қарасақ, Нілді Рона немесе Дунай сияқты құрлыққа ішкері бойлай кіріп жатқан, айырбасты кеңейте түсетін теңіздің алақаны ретінде елестетуге болады. Шын мәнінде, Ніл – Жерорта теңізі аймағын Африканың өзен бойымен 2000 мильге жалғап жатыр. Осы даңғыл бойымен көпестер әртүрлі бұйымдарды Жерорта теңізі әлемінен қазіргі Мысырдың оңтүстігі мен Суданның солтүстігін алып жатқан Нубияға жеткізді. Айырбас ретінде алтын, піл сүйегі, эбен ағашы, ладан, ірі қара, тері мен құл алып қайтты.

Ніл перғауынның басқару жүйесінің өзегі де болды. Мысыр мемлекетінің күш-қуаты тасыған замандарда патшалары билігін өзеннің жоғарғы жағына дейін жеткізуі қалыпты жағдай еді. Ал әлсіреген тұста Нубияны тастап, Жерорта теңізі аймағына қарай кері шегінді. Дәл сол сияқты, өзеннің жоғарғы ағысындағы жағдайға байланысты, Мысыр институттарының, элита мәдениеті мен иероглиф жазуының Нубия ақсүйектеріне ықпалы артып, не төмендеп отырды. Б.з.д. ХV–ХІІІ ғасырлар арасындағы Жаңа патшалықтың империялық басқыншылығы барысында перғауын Нубияның патшалығына (3-тарауды қараңыз) үстемдік етіп, аймақтың ішкері аймақтарына жорыққа әскер аттандырды. Алайда перғауын ливиялықтар және теңіз халқымен күрес жүргізген б.з.д. ХІІ ғасырда Куш тәуелсіздігін қайтарып алды. Нубия патшасы астанасын Керма қаласынан (қазіргі Суданның солтүстік аймағы) Нілдің бойымен тағы 200 миль жоғары орналасқан Напата қаласына көшіру арқылы мазасыз перғауыннан іргесін аулақ ұстауға ұмтылды.

Нубиялық перғауын. Перғауынның басына тағатын жамылғысы бар сфинкс бейнесіндегі адам, Мысырды жетпіс жеті жыл бойы басқарған нубиялық әулеттің үшінші мүшесі – Тахарко. Суданның Кава қаласындағы ғибадатхана қирандыларынан табылды, сфинкстің биіктігі кем дегенде 30 дюйм.

Дақыл өсіріп, ірі қара бағу және сауда жасау арқылы өркендеген Куш б.з.д. 735 жылдар төңірегінде есе қайтаруға жететін күш-қуат жинап, Мысырға басып кірді. Б.з.д. ХІІ ғасырдан сол жерде болып жатқан саяси қақтығыстарды пайдаланған Куш қарулы күші перғауын әскерінен басым түсіп, Жиырма бесінші әулет деген атпен белгілі биліктің негізін қалады (5.3-картаны қараңыз). Куштың басқыншы патшасы Пий (б.з.д. 747–716 жылдары билік құрды) ерліктерін үлкен құлпытасқа жазып қалдырды. Осы жазбаның бір үзіндісінде патшаның Ніл атырауының оңтүстік жағында орналасқан ұлы қала Мемфисті басып алуы туралы былай дейді:

«Одан кейін ол Мемфис айлағын шабуылдау үшін флоты мен әскерін аттандырды; олар оған әр салды, әр жүк қайығын, әр көлікті және кемені, айлақта қаншасы тұрса, бәрін алып келді… Содан кейін Мемфисті су ағысы арқылы басып алды, ол жерде адамдарды өлтірді, қалғандары тұтқын ретінде мәртебелімнің ордасына келді... Содан кейін олар кемелеріне алтын, күміс, мыс, киім және Солтүстік жердің бүкіл затын, Сирияның әрбір өнімін және Құдай жерінің барлық тәтті ағашын толтырып тиеді. Жүрегін шаттық кернеген мәртебелім ағыспен жоғары қарай жүзді»7.

Осыдан кейін аз уақытқа болса да Нілді бойлай, Нубияның оңтүстігінен Жерорта теңізі аймағына дейін аралықты ауқымды мемлекет иеленіп жатты. Осындай зор аумақтағы саяси тұтастық Ніл бойындағы сауда және мәдени қарым-қатынастар қарқынын жылдамдатуға тиіс еді. Мысалы, Жаңа патшалық даңқының заңды мұрагері болуға ұмтылған Куш билеушілер тобы Мысыр құдайларын, сарай рәсімдерін және өнер түрлерін қабылдағанын білеміз. Алайда әулеттің ғұмыры жарты ғасырға ғана созылды. Б.з.д. 671 жылы Ассирия төменгі Ніл алқабын шабуылдаған кезде, Нубия әскері шегінді. Жеңілісінен кейін Куш жақсы сабақ алды, ол – темір қару-жарақтың тиімділігі еді. Б.з.д. VІІ ғасырдың аяғынан Нубиядағы Ніл бойында темір өңдеу өндірісі егіншілік пен саудаға қарағанда әжептәуір басымдықпен өркендеді. Осының арқасында Куш аман қалып, қайтадан құлаш жая өркендейді, бұл оқиғаға 7-тарауда ораламыз.

Оңтүстік Азия: қала құрылысының жаңа заманы

ОЙЛАН: Б.з.д. 1200–600 жылдар аралығында Оңтүстік Азиядағы басты тарихи өзгерістер мен Оңтүстік-Батыс Азиядағы өзгерістер арасында ұқсастықтар немесе айырмашылықтар бар ма?

Б.з.д. бірінші мыңжылдықта әліпбиге негізделген жазу білімі тәрізді, темір өңдеу технологиясы да Оңтүстік-Шығыс Азиядан Оңтүстік Азияға тарағаны анық. Дегенмен осы екі аймақты байланыстыратын шығыс–батыс жолдар желісі Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізі алабын қосатын күрделі тармақтарға қарағанда сиректеу болып қала берді. Айырмашылықтың бір себебі Инд өзені алқабындағы ұлы қалалық өркениет б.з.д. 1900 жылдардан кейін бірте-бірте құлдырады (2-тарауды қараңыз). Тағы бір себеп – бұл аймақтағы саяхаттар 2000 мильді құрайтын қазіргі Ауғанстан мен Иран жерлерін алып жатқан, халық көптеп қоныстанбаған немесе қалалық тіршілік дамымаған шөл, шөлейт үстірт және асуы қиын таулы жерлер арқылы өтті.

Дегенмен Оңтүстік Азияда халықтың өсуі, урбанизация мен сауда айырбасы б.з.д. бірінші мыңжылдық басында жылдам қарқынмен жүрді. Шамамен б.з.д. 1700 жылдардан кейін үндіеуропалық тілдердің хинди, панджаби және қазіргі тілдердің тағы бірнешеуі жататын үнді тармағында сөйлеген малшылар Инд алқабынан Ганг өзені жазығына қарай шығыс бағытқа ақырындап көшті (3-тарауды қараңыз). Үндістанның солтүстігін ертеден мекендегендер әлдеқайда көне дравид тілдерінде сөйлеген тәрізді. Олар Хараппа өркениеті құлдырағаннан кейін де тіршілігін жалғастырған шағын қалаларды мекендеген егіншілер, терімшілер және аңшылар болатын. Бірте-бірте үнді тілдерінде сөйлеген келімсектер мал шаруашылығынан егіншілікке ауысып, олардың жергілікті халық өкілдерімен некелесу үрдісі қарқындайды. Темір балқыту технологиясы келгеннен кейін егіншілер Ганг алқабында жайнаған субтропиктік ормандарды отауға ыңғайлы, берігірек құралдарға қол жеткізеді. Жерді тазалаудың отап-өртеу әдісі және темір балталар Үндістанның солтүстігіндегі ұлан-ғайыр алқаптарды егіншілікке – батыс жазықтарды бидай мен арпаға, Ганг өзенінің төменгі ағысындағы ылғал жерлерді күріш өсіру үшін босатты. Осы аймақтағы анағұрлым қарқынды егіншілік пен халық санының жылдам өсуінің үш негізгі салдары болды: жаңа қалалар мен шағын мемлекеттер қалыптасты; күрделі әлеуметтік тап жүйесі пайда болды; үнді дәстүрі негізінің бір бөлігін құраған сенім жүйесі – брахманизм қалыптасты.

Жаңа қалалар мен патшалықтар

Б.з.д. екінші және бірінші мыңжылдық арасында халық санының өсу орталығы Индтен Ганг алқабына ауысты. Б.з.д. 800 жылдардан бастап Ганг жазығында шағын қалалар пайда бола бастады, бұл өзгеріс шамамен Жерорта теңізінің орталық және батыс аймақтарындағы грек қалаларында финикиялықтардың пайда болу уақытымен қатар келді (5.4-картаны қараңыз).

Сазбалшық кірпіштен тұрғызған қорғаныс қамалдарда қоныстанған Солтүстік Үндістанның кейбір жаңа қала орталықтары шағын патшалықтардың астаналарына айналды, олардың билеушілері жер иеленушілерге салық салып, көпестерден сауда кеден салығын жинау арқылы байлық жинады. Осы қазынаның арқасында олар жаяу әскер мен атты әскер күштерін жасақтады. Үнді тілдерінде сөйлейтіндер мен ертеден келе жатқан халықтар арасында ассимиляция жүріп жатқанына қарамастан, мемлекетті құрушы элитаға жататын отбасылар осы аймаққа бұрынғы ғасырларда келген үндіеуропалық жауынгерлер ұрпақтары болғанын мақтан тұтты. Үндінің «билік» сөзімен байланыстырылатын кшатрилер (kuh-SHAT-tree-uhs) Солтүстік Үндістанның үстем саяси табына айналды. Ганг өзенінің ортаңғы ағысындағы б.з.д. 800 жылдардан кейін пайда болған он алты патшалықтың ішіндегі ең қуаттысы еді. Кейінгі ғасырларда Үндістанның санскрит тіліндегі эпостық тарихи дастаны «Махабхаратада» Ганг алқабы алақандағыдай көрінетін қырда орналасқан Магадха орталығы сексен мыңдай бағынышты қыстақты басқарғанын айтады.

Оңтүстік Азияда тап жүйесінің дамуы

Дүниежүзінің басқа бөліктеріндегі тәрізді, б.з.д. бірінші мыңжылдықта Оңтүстік Азияда қалыптасқан күрделі қоғамда да әлеуметтік таптар иерархиясы жоғарғы дәрежелерді иемденген артықшылықтары бар шағын тап дамыды. Оңтүстік Азияда таптық жіктелу мен ережелер аса күрделі түрде, ресми жолмен дамыды. Көне үнді жазбаларынан әлеуметтік жүйені түсіндіретін және ақтайтын мифология жайлы білгенімізбен, олардың нақты қалай дамығаны жайлы көп ақпарат ала алмаймыз.

5.4-КАРТА. Оңтүстік және Шығыс Азиядағы мемлекеттер. Б.з.д. 800–600 жылдар

Жаңа заманға дейінгі ғасырларда Қытай мен Оңтүстік Азияның батысы арасында құрлық арқылы тікелей сауданың Оңтүстік Қытай теңізі мен Бенгал шығанағы арасындағы одан әлдеқайда ұзынырақ теңіз жолы саудасына қарағанда неліктен маңызы төмендеу болды деп ойлайсыз?

Б.з.д. 400 жылдар шамасында санскрит тілінде алғаш хатқа түсірілгенге дейін жүздеген жыл бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тараған үнді дұғалары мен мадақ жырларының жинағы «Ригведада» бастапқы космостық тұлға (Purusha) әрқайсысының ішкі болмыс тазалығына қарай төрт тапты жаратқанын айтады. Олардың ішіндегі ең тазасы, абыздар табы – брахмандар. Олардың басты қызметі негізгі мәдени құндылықтарды қорғау және сақтау, осы құндылықтарды жастарға жеткізу, құдайлардың құрметіне және олардың разылығы үшін құрбандық шалу рәсімдерін өткізу. Иерархиядағы екінші сатыны кшатрилер немесе үнді жауынгерлік мұрасын басқаратын және соғысатын тап иеленді. Кшатрилер табы брахмандармен бірге қызмет атқара алды, олардың ғұрыптық және ұстаздық беделін қолдады, аграрлық байлықтың біразын бірге бөлісті. Үшінші сатының мүшелері – вайшилер (VEYES-yuhs) – егіншілер, малшылар, көпестер және азық-түлік, мата, қолөнер өнімдерін өндіретін қолөнершілер және қоғамға қажет сауда институттары еді. Төртінші және ең лас тапқа жататын шудралар (SHOO-druhs) қара жұмысшы ретінде қалған үш топқа қызмет көрсетті. Адамдар туғанда-ақ осы иерархия, яғни төрт таптың біреуіне жататыны – құдайдың қалауымен маңдайға жазылған жазу деген ойды брахмандар бірауыздан мақұлдайды. Қоғамның бесінші сегменті де пайда болды, олар панчамалар немесе «бесіншілер» деп аталды. Үнді тілдес келімсектерді, сол жердегі терімшілер мен аңшылар қауымын жабайылар деп есептеп, оларды толығымен лас деп санағандықтан, осы тап өкілдері пайда болған шығар. Брахмандар ілімі бұл топты «кесапаттылар» деп жариялады, оның мүшелері қоғамның негізгі бөлігінен жырақта өмір сүрді және дәретхана тазалау мен мәйіттерді көтеріп жүру тәрізді ең лас жұмысты атқарды.

Б.з.д. бірінші мыңжылдық барысында және кейін де үнді қоғамы төрт таптың әрқайсысы өзіне тиесілі дхарманы (DHUHRmuh), ғұрыптық міндеттерді, кәсіпті, артықшылықтары мен күнделікті тұрмыс-тіршілікті сақтауын қамтамасыз ететін қоғамдық ережелер жасады. Таптар арасындағы барлық ресми қарым-қатынас ғұрыптық күнә және бейкүнә ұғымдары арасында өрбіді. Адамдардың салыстырмалы түрде бейкүнә немесе күнәһар болып дүниеге келуі олардың табына байланысты, алайда тап ішіндегі міндеттерді орындамаса немесе төменгі сатыдағы адамдармен байланысқа түссе, олар уақытша болса да, күнәға батқан болып есептелді. Мысалы, брахмандар бір уақытта теріден жасалған аяқ киім мен киім кимейміз деп шешті, себебі тері өңдейтін кәсіпке жануарлардың өлексесі мен олардың қаны араласты. Тазалық сақтап, былғаныш дүниеден бойды аулақ ұстауға ұмтылыс нәтижесінде кім қандай кәсіппен шұғылдану керек, кім кімге үйлену керек және кім кіммен ас ішіп немесе қарым-қатынас орнату керек екені анықталды. Уақыт өткен сайын, төрт басты тап, негізінен кәсібіне байланысты, шағын топтарға немесе джатилерге бөлінді. Әр джати кейін дәстүрлері мен басқа топтарға қатысты тыйымдарын құрастырды.

XVІ ғасырда Үндістанға келген еуропалықтар өздері көрген әлеуметтік жүйені сипаттау үшін каста60 сөзін қолдана бастады. Бұл термин Үндістанға ғана қатысты айтылады. Үндістанның қоғамдық құрылымы айтарлықтай қатаң болды, бірақ жаңа заманға дейінгі басқа күрделі қоғамдардың әлеуметтік тәртібіне қарағанда, салыстырмалы түрде сәл ғана икемді еді. Оңтүстік-Батыс Азия немесе Мысырдағы жоғарғы сатыдағы адамдар халықтың негізгі бөлігіне үстемдігін былай жүргізді: тұрақты түрде белгілі бір тапқа жатса, қоғамдық тәртіпті сақтауға жағдай жасады, аумалы-төкпелі замандарда бейберекеттікке жол бермеді, адамдардың әлеуметтік болжамды білуін қамтамасыз етті, құдай алдында барлық әлеуметтік таптар қызметі мен оның атқаруына қарай маңызды болды, қоғамның бүкіл мүшелері өз таптарының ішінде ауызбірлік пен қолдауға ие болады. Қазіргі демократиялық тұрғыдан алғанда, Үндістандағы еңсерілмейтін кемсіту мен жазалауға толы деп есептелген әлеуметтік жүйе тиімді жолмен қалыптасты. Бұл әлеуметтік жүйе халықтың өсуі, урбанизация және сауда жағдайында адамдарға қоғамдағы лайықты орны мен бір-бірімен қалай араласу керек екенін білдірді.

Каста – тегі, кәсібі, байлығы немесе ғұрыптық тазалығы деңгейінің айырмашылықтары бойынша басқа таптардан азырақ немесе қатаң бөлектенген әлеуметтік тап.

Брахмандар және брахманизм

Әлеуметтік тап идеологиясымен тығыз байланысты брахманизм діни ілімдер мен жоралғылардың жиынтығы ретінде Үндістанның солтүстігінде б.з.д. 1000 жылдардан кейін қалыптасты. Брахмандар табы қалыптастырған бұл сенім жүйесі үнділік және оған дейінгі, кейбірі Инд алқабындағы ертедегі Хараппа өркениетіне қатысы бар, байырғы сенімдердің қоспасы іспетті (2-тарауды қараңыз). Брахмандар діни рәсімдерді басқаратын билікке ие болды, оған құдайға сыйыну ғұрыптары мен барлық әлеуметтік таптардың міндеттері мен тыйымдарын қадағалады. Оңтүстік Азияда сыйынатын мыңдаған құдайдың ішіндегі кейбірі көпқырлы қасиетке ие, діни қиялдар жүйесінде басымырақ орында тұрды. Вишну (VІHSH-noo) – әлемді сақтаушы, Шива (SHEE-vuh) – әлемді жаратушы және қиратушы, олар үстемдікке ие, сол себепті олардың атаулары да түрлі болды және алуан бейнелерде сипатталды. Брахмандық діни дәстүр Оңтүстік Азияның әр бөлігінде түрліше қалыптасып, жергілікті діни идеяларды оңайлықпен өзіне сіңірді. Оларда орталықтанған діни құрылым да, ізбасарлары ұстануға тиіс арнайы доктриналар жиынтығы да болмады.

Соған қарамастан, осы сансыз мол сенімдер мен діни рәсімдер бірте-бірте күнделікті салттарға тереңірек мағына беретін ілімдердің негізгі бөлігіне бірікті. Ерте брахмандық теология негізінен санскритше киелі жазбалар жинағы болған «Упанишадтардан» (oopah-NІH-shuhds) белгілі. Б.з.д. 800–500 жылдар аралығында пайда болған бұл жазбалар брахма идеясын, әлемнің шексіз, ұлы болмысын ашып көрсетеді. Дәстүрдің айтуынша, Брахма – жаратылыстың құдайлық негізі, осы тылсым негіз құрамына әр адамның жаны кірді. Брахма – құдай, бірақ жеке бейнелер арқылы көріне алады, соның ішінде Вишну, Шива немесе басқа құдайлар кейпіне енеді.

Оңтүстіказиялықтар үшін діни рәсімдер мен міндеттерді орындау құдайлық шынайылықпен тұтастыққа жетудегі ең биік ізденістің бірлігіне айналды. Ал руханилық тап міндеттерінде де дхарма деп аталатын әлемнің мораль заңдарына бағынуды қажет етті. Дхармамен үйлесімде өмір сүру жолындағы жетістігі немесе сәтсіздігі – адам неше рет қайтыс болып, қайтадан өмірге жоғары немесе төменгі тап өкілі немесе тіпті хайуан ретінде келуін айқындады. Прогресті карма анықтады, бұл ұстанымға сай адамның тіршілігінде жасаған дұрыс әрекеттері оның келесі өмірдегі бақытын анықтады. Реинкарнация (samsara) Брахма дәстүрінің іргетасына айналды. Бұл жалған дүниенің ауыртпалығы мен түңілуінен Брахмамен біртұтастыққа жету арқылы рухани дауа тауып барып құтылудың өнегелі мақсаты да дәл сондай болды.

Ойлары мен ғұрыптық салттары алуан түрлі болған брахманизм «әлемдік діннің» кем дегенде бірнеше белгісін танытқан ең ежелгі сенім жүйесі еді. Израильдіктердің діні – иудаизмге, сондай-ақ ежелгі замандардағы басқа да жергілікті діндерге қарағанда, брахмандық идея сан түрлі тілдік және таптық топтарды қоғамдық қатынастардың, ортақ мораль және рухани үміттің негізі ретінде баурады. Демек, брахманизм нақты бір этносқа жатуды талап ететін топпен ғана шектелмеді. Алайда брахмандық дәстүрді индуизммен (Іndus, яғни Іndіa сөзімен астасып жатыр) теңестіре алмаймыз. Тарихшылардың пайымдауынша, брахманизммен тарихи астасып жатқан үнді діни тәжірибесі қазіргі заманға дейін айтарлықтай алуан түрде сақталған.

Индра – жаңбыр мен найзағай құдайы. «Ригведада» Индра құдайлардың патшасы және қайсар жауынгер ретінде сипатталады. Мына суретте ол бәрін көретін көзі бар патша ретінде бейнеленген. Ол үш қолына қылыш пен найзағай қару ұстаған. Индра, негізінен, пілі – Айраватаға отырған қалпында бейнеленеді. Индра, Вишну және басқа құдайлардың бейнелері индуистік сенім жайлы идеяларды қалай жеткізеді деп ойлайсыз?

Шығыс Азия аумағы

ОЙЛАН: Чжоу заманы тұсындағы Қытайда күрделі аграрлық қоғамдардың таралуы жайлы қандай деректер мәлімет береді?

Шығыс Азияның Сары және Янцзы өзендері төңірегіндегі жерлерде саяси және әскери толқуларға қарамастан, сол ғасырлар бойы халық саны мен аграрлық байлық үздіксіз көбейді (5.4-картаны қараңыз). Шаң әулеті Солтүстік Қытайдың басым бөлігінде билік жүргізген алғашқы патшалық ретінде б.з.д. 1600 жылдар шамасында қалыптасты (3-тарауды қараңыз). Алайда б.з.д. 1050–1045 жылдар аралығында Чжоу атты шағын вассал мемлекет өздерін билеген Шаң әулетіне қарсы шығып, оларды тақтан құлатқан тұста бұл патшалықтың да дәурені аяқталды. Б.з.д. ІІ ғасырдағы атақты қытай тарихшысы Сымя Цянь (Sіma Qіan) Шаң патшалығының құлауы жайлы мың жылдай уақыт өткеннен кейін жазды. Сол бағзы замандар жайлы жазуына мифология да арқау болған шығар, дегенмен ол соңғы Шаң патшасы елін қанағандықтан, рухани азғындағандықтан және қарсыластарын тірідей отқа тастағандықтан, қолдаудан айырылғанын айтады.

Батыс және Шығыс Чжоу дәуірі

Император Аспан құдайының қолдауынан айырылып қалған соң, Шаң астанасының батыс жағында орналасқан Чжоу әулеті (б.з.д. 1045–256 жылдар) билікті заңды түрде алғанын жариялады. Ол әлемді басқаратын тянь (TEEehn) немесе «аспан» деп аталатын жоғарғы рухани күштен қуат алатын патша билігі жайлы концепция болатын. Әділетті әрі адал болу арқылы билеуші қол астындағы халыққа Аспан мандатына ие екенін көрсетті. Жауыз әрі сараң болса бұл мандаттан айырылу қаупі бар еді, одан айырылу табиғи апат пен қоғамдық тоқырауға әкелуі мүмкін. Ондай жағдайда, қанаушы және опасыз патшаның орнына басқа парасатты біреуді қою үшін халықтың көтеріліске шығу қақысы болды. Чжоу заманынан бастап патшаның (Аспан ұлы) қоғам алдында космостық күш берген моральдық міндеткерлігі болу керегі жайлы идея Қытай саяси мәдениетінің бір бөлігіне айналды. Олар парасатты болса да, болмаса да өмірінің аяғына дейін ел басқарып, билікті ұлдарына немесе еркеккіндік басқа туыстарына қалдырды. Дегенмен мораль жайлы қытайлық идеал – патшалардың шектен шығуын тежеп, кейбір жағдайларда деспотқа қарсы көтерілістерді ақтап алудың кең тараған себебіне айналды десе де болады. Парасатты билеуші туралы осы идеал біз 7-тарауда қарастыратын конфуцийліктің мораль және этикалық доктринасының негізгі элементін құрады.

ЧЖОУ ӘУЛЕТІ

Б.з.д. 1050–1045 жылдар

Чжоу мемлекеті Шаң әулетін құлатты

Б.з.д. 770 жылдар

Батыс Чжоу мемлекеті құлады; Шығыс Чжоу кезеңі басталды

Б.з.д. 475–221 жылдар

Жауласқан кезең

Б.з.д. 256 жылдар

Чжоу әулетінің құлдырауы

Чжоу мазарынан шыққан нефрит диск.

Айдаһар – ежелгі Қытайда патша билігінің символы ретінде пайда болды.

Ассирия Оңтүстік-Батыс Азия жеріне құлаш жайған б.з.д. ІХ–VІІІ ғасырларда Чжоу жаяу әскері мен әскери арбалары солтүстікте Ішкі Еуразия даласы шегінен оңтүстікте Янцзы өзені алқабына дейінгі аралықта жатқан, аумағы Шаң патшалығынан да асып түскен мемлекет құрды. Ассирияға қарағанда, Чжоу бір орталыққа бағынбаған басқару стилін қабылдады. Патша империяны шамамен елу аумаққа бөліп, оларды басқару үшін отбасы мүшелерін, адал әскерилер мен жергілікті көсемдерді тағайындады. Бұл ұсақ билеушілер Аспан ұлы алдында алым-салық және әскери міндеткерлігі болғанымен, өздері жеке әскер мен жер иеленді.

Бұл жүйе шамамен үш ғасырға жуық жақсы жұмыс істеді. Б.з.д. 771 жылы бүлік шығарған вассалдар бірлестігі патшаны өлтіріп, Батыс Чжоу мемлекеті тарихын аяқтады. Патша отбасы Вэй өзені бойында орналасқан астанасы Сянъянь (Xіanyang; Shan-yahng) қаласынан 700 миль шығыста жатқан, қазіргі Лоян қаласы маңындағы жаңа орталыққа қашты. Әулет билігін жалғастырды, бірақ осыдан кейін Шығыс Чжоу деген атпен белгілі болған олар шағын ғана аумаққа иелік етті. Б.з.д. V ғасырға таман жергілікті билеушілердің ең қуаттысы Чжоу патшаларының рәсімдік үстемдігін де мойындаудан бас тартты. Осыдан бастап б.з.д. ІІІ ғасыр аяғына дейін Шығыс Азия Жауласқан патшалықтар кезеңін (б.з.д. 475–221 жылдар) бастан кешті, осы кезде аймақтық билеушілер территория мен ресурстарды иемдену мақсатында жиі-жиі соғыс отын тұтатып тұрды.

Кейінгі Чжоу тұсындағы құлдырау мен жаңашылдық

Аймақтағы бірнеше мемлекет арасындағы қарқынды бәскелестік техникалық жаңалықтарды тұншықтырғаннан гөрі, тың серпін беруі дүниежүзі тарихында қалыптасқан жалпы заңдылық болды. Бір-бірімен бақталас шығысазиялық билеушілер қарсыластарынан басым түсу үшін жаңа құралдар мен қару-жарақтарды сынап көрді. Ассириялықтар тәрізді, қытай әскербасылары да бірте-бірте әскери арбалардан бас тартып, жаяу әскер мен садақшыларды таңдады. Атты жасақтар ат үстінде соғысу дағдысын Вэй мен Сары өзендердің солтүстік-батысындағы шөлейт аймақтарды мекендеген малшы көшпелілерден қабылдағаны анық. Б.з.д. VІІ ғасырда темір балқыту өндірісі бірте-бірте қола қару-жарақты темір қылыш және найза ұштарымен толықтыра отырып, Қытайдың солтүстігінде кеңінен тарады.

Бірде-бір мемлекет жекешелендіріп ала алмайтын, залал әкелетін мүмкіндікпен бірге одақ құрудың іске жарайтын, үздіксіз қақтығыстарды болдырмауға септесетін стратегиялары да пайда болды. Чжоудың құлдырауынан кейін Қытайдың аймақтық мемлекеттері б.з.д. екінші мыңжылдық аяғында Оңтүстік-Батыс Азияда пайда болған жүйеге ұқсас «халықаралық» жүйені қалыптастырды. Билеуші отбасы мүшелері бір-бірімен некелесті, елшілік алмасты, бітім жасасты.

Деректерді САРАЛАУ

Жыр кітабы

Чжоу заманындағы қарапайым халықтың өмірі жайлы қолымызда бар ең құнды деректердің бірі – Жыр кітабы (Shіjіng). Бұл бірнеше ғасыр бойы жинақталған, 305 өлең мен мадақ жырдан тұратын жинақ. Ең ерте жырдың уақыты б.з.д. 1000 жылдар шамасына жатады. Жыр кітабында ерте Чжоу билеушілерінің жетістіктерін мадақтайтын жырлардан бастап, ауылдық жердегі шаруалардың күнделікті тіршілігіне арналған халық өлеңдеріне дейін жинақталған. Өлеңдердің көбі императордың билікке келуі немесе құлауына қарамастан жалғасатын мақсатты маусымдық іс-шаралардағы егіншілік өмірді дәріптеп, сипаттайды. Жырлардың шығу тегіне қатысты мәселе әлі де шешімін таппады, дәстүрлі көзқарас бойынша, Батыс Чжоу билеушілері жаңадан жаулап алған жерлерге кең таралған өлеңдердің сөзін хатқа түсіру үшін өкілдерін жіберген. Осы өлеңдерді алған Чжоу патшасы оларды өзі басқарып отырған халықтың жан дүниесін, сондай-ақ күнделікті өмірлерін түсіну үшін оқыған.

Әуелі бұтадан, көк шөптен тазалап,

Тегістеп, өңделген танап та ғажап-ақ.

Мың-сан жұп алқапты айнала тер төккен

Жер жыртып, соқамен жабыла дән сепкен...

Әке мен үлкен ұл бұл жерден табылар,

Ортаңғы ұл, күллі жан, осында тағы бар.

Қол-көмек беруге жаппай жұрт жиналған,

Әйелі ас әкеп, жайдары дидарлар.

Жары оның сұп-сұлу көрінер көзіне

Ұнатар жары да ерін от сезіммен...

Соқаны қайрайды, беріле, құлшына

Оңтүстік жерлерді аттанбақ жыртуға.

Шаруалар дақылдың сан түрін егеді,

Дәнек те көктейді, күн нұрын себеді.

Көгерген егіннің басы да тербелер,

Оны да оратын, жинайтын күн келер.

Әр өскін өседі, өседі көктеген,

Егінді оруға жиналар жұрт деген.

Орақшы топтана алқапқа жиналар,

Үйме дән осында, әл келсе жинап ал.

Үйме дән осында, үйілген бір жерге

Жасалар шарап та, дәмі бал білгенге.

Әруаққа арнап құрбандық шалуға

Жетеді шарап та, әр салтқа, нанымға.

Шараптың хош иісін бәрі де біледі,

Шарабы танымал бұл жерді кім-кім де

Әрдайым сағына еске алып жүреді,

Ащы дәм, тәтті иіс бірігіп үйлессе,

Үлкендер дертінің тапқандай бір емін,

Бір сергіп, риза боп, мәз болып күледі.

Мол егін тек бізде демегін!

Мол егін тек биыл демегін!

Егінге кенелген бұрыннан

Ежелден пейілі кең елім!

Дереккөз: Arthur Waley, trans. and Joseph R. Allen, ed., The Book of Songs (Shіjіng): The Ancіent Chіnese Classіc of Poetry (New York: Grove Press, 1996), pp. xxі, 304.

Сыни пайым

Осы өлең жолдарында егіншілікпен шұғылданған адамдар кімдер деп ойлайсыз? Осы жұмыста жүрген адамдар арасындағы қарым-қатынас қандай? Өлеңде егін оруды діни сенімдермен ұштастыратын қандай жолдарды байқадыңыз? Қандай діни ғұрып жайлы айтылды? Соңғы үш жолда уақыт пен кеңістікке қатысты қандай мән бар? Қытай мақалына сай, «Аспан биікте, император алыста». Осы сөзді өлең бойында сипатталған сезіммен қалай ұштастырар едіңіз?

Дүрбелең жылдар таптық қатынастарды жаңа тұрғыдан қарастыруға итермеледі. Әсіресе б.з.д. VІІІ ғасырдан кейін билеушілер халықтың басым бөлігін құраған егінші табына жататын адамдарды қорғаныс қамалдарын тұрғызу, жаяу әскер ретінде соғысу немесе басқа да жолдар арқылы соғыс күшімен қамтамасыз ету үшін көптеп тартуға мәжбүр болды. Осыдан туындаған нәтиже ретінде өркөкірек билеушілердің, ертерек замандарға қарағанда, қарапайым адамдардың қажеттіліктерін мойындауына тура келді. Шаң заманында басыбайлы құқық61 кең тарады. Чжоу кезеңінде бұл институт бірте-бірте тарыла берді. Көп шаруалар еркін жер иеленушілерге айналды немесе жұмыс күшін ашық сауда алаңдарында ұсынды, бұл өнімділіктің артуына және өмір сапасының жақсаруына үлес қосқан үрдіс болғаны анық. Кей жағдайда, билеушілер бюрократиялық және әскери дарындарды табуда тек элита өкілдерімен ғана шектеліп қалмады, ақсүйектік тегіне емес, ақылы мен адалдығына қарай бірнеше әскерилерді тартқан кездер де болды.

Кейінгі Чжоу заманындағы даму экономиканың өсуі және жаңашыл қадамдармен қатар жүрді. Сары және Янцзы өзендері алқаптарындағы өңделетін жерлер батпақтарды құрғатуда, темір құралдарды пайдалануда тары, бидай және күріш өнімін арттыруда алдына жан салмаған фригольдерлердің62 егіншілікпен шұғылдануы нәтижесінде өте жылдам қарқынмен көбейді. Қытай егіншілері топырақты өгіз жеккен және тісі берік, темір соқамен қопсытты. Олар күтімі оңай, ұқыптылықпен жасалған жүйектерде егін екті және алқаптарды құйма темір кетпендердің көмегімен тазалап отырды. Бұл әдістердің бір де біреуі бірнеше ғасыр өткенше Шығыс Азиядан тысқары жерлерде белгісіз болды. Әртүрлі пішінді қола тиындар қолданысының дамуы сатушылар мен сатып алушылар заттарды айырбастауды толықтыратын айырбастың лайықты бірлігін қажет ететін сауда экономикасының кеңеюінің белгісі болды. Мәдени өмірге келсек, Чжоу заманының қолөнершілері қоладан, нефриттен және қыштан әсем бұйымдар жасауды жалғастырды. Ғұламалар қытай жазу жүйесін кемелдендіруде жетістіктерге жетіп, поэзия мен тарих саласында бізге белгілі болған ең алғашқы еңбектер пайда болды.

Қорытынды

Осы тарауда сипатталған кезеңде Афроеуразия жеріндегі адамдар қауымы арасындағы қарым-қатынас алдыңғы мыңжылдыққа қарағанда, тіпті осыған дейінгі кез келген кезеңге қарағанда, мейлінше қарқын ала және күрделене түскенін байқаймыз. Халық саны қарқынды өскендіктен, қарым-қатынастың одан ары күрделенген торабы пайда болды. Афроеуразия халқы саны алдыңғы екі мыңжылға қарағанда осы мыңжылдықтың әр ғасыры сайын 3 пайызға артып отырды. Басым бөлігі Афроеуразияны мекендеген дүниежүзі халқы осы мыңжылдық ішінде екі еселеніп, шамамен 250 миллионға жетті8. Егін егіп немесе мал бағатын халық ұшы-қиыры жоқ аймақтарға тарап, кеңістікте айтарлықтай біркелкі орналасқан тұста халық саны экстенсивті өсті. Бұл құбылыс б.з.д. 1200–600 жылдар аралығындағы кезеңде, әсіресе Африканың оңтүстігінде, Ішкі Еуразия далаларында және орманды Еуропада байқалды. Ал басқа жерлерде халық саны интенсивті түрде өсті, яғни егіншілік пен сауда үсті-үстіне көбейген халықты қамтамасыз етуге мүмкіндігі жететін шектеулі аумақта ғана халық саны қарқынды ұлғайды. Ертеден келе жатқан Месопотамия, Мысыр және Қытайдың солтүстігіндегі өзен алқаптарында халық тығыздығы артты. Алайда интенсивті өсудің жаңа кластерлері Ганг алқабында, Эгей теңізі алабында, қазіргі Италияда, Ніл бойындағы Нубияда, Шығыс Африканың Үлкен көлдер аймағында және Оңтүстік-Шығыс Азияның тропиктік аймақтарында да қалыптасты. Кейбір жерлерде халықтың интенсивті өсуі урбанизациямен қатар жүрді (5.5-картаны қараңыз). Жан-жақты деректерден алған болжам бойынша б.з.д. 1200 жылдары дүниежүзінің ең ірі он алты қаласының тұрғындары 24 мыңнан 50 мыңға дейін жетті. Б.з.д. 650 жылдарға таман ең ірі жиырма төрт қаланың тұрғындары 30 мыңнан 120 мыңға дейін жетіп, бәрін қосқанда 894 мың тұрғынды құрады9.

Осы кезеңдегі техника және ақыл-ой жетістіктері қарым-қатынас торабының өсуіне жағдай жасады. Темір металлургиясы егіншілікті, соған сәйкес халық санының өсуі мен сауданың дамуына септесті. Афроеуразия кеңістігінде темір мыңдаған жаңа өнімге айналып, жергілікті және алыс аймақтармен сауда-саттықты жандандырды. Әліпбиге негізделген жазбалардың пайда болуы ғалымдар үшін білім алмасуда, ал өндірісшілер мен саудагерлерге алыс қашықтықта сауда ақпараттарын алмасуды жеңілдетті. Тілі, сауда салттары ортақ және бір-бірінің сеніміне ие болған саудагерлер диаспоралары, әсіресе Жерорта теңізі алабында сауданы қыздырды. Шабандоздар жылқы бағуда және ат әбзелдерін жетілдіруде үздіксіз тәжірибе жүргізіп жатты, ол өз кезегінде атты әскермен соғысудың пайда болуы мен жылқыларды зат және ақпарат тасымалдауда кеңінен пайдалануға үлес қосты.

Афроеуразиялық қарым-қатынастар торабы дамудың бастапқы сатысында болғаны сөзсіз. Ішкі Еуразия жеріндегі сауда әлі де болса әлсіз әрі тұрақсыз сипат алды. Жерорта теңізі аймағы мен тропиктік Африка арасындағы байланысты Сахара шөлі үнемі тежеп тұрды. Үнді мұхитының жиһанкездері құрлықтан шалғай жерлерге саяхаттауға жүректері дауаламады. Африканың оңтүстік-батысында, Арктикада, тропиктік ормандардың ішінде немесе таулы алқаптардағы шағын қауымдарда өмір сүретін терімші-аңшылар немесе егіншілер жергілікті сауда жолынан басқа байланыстардан оқшау қала берді. Келесі ғасырлар ішінде сауда, жаугершілік немесе жер іздеудің соңына түскен адамдар қоғамның әлсіз байланыстарын нығайтты.

Басыбайлы құқық (serfdom) – Егіншілер қамқорлық пен жерді өңдеу рұқсатының өтемі ретінде белгілі бір жер иеленушіге байланып, алым төлейтін жұмыс жүйесі.

Фригольдерлер (frееholders) – егін егетін жерге өздері ие фермерлер.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

6

Үндістаннан Жерорта теңізіне дейінгі аймақтағы империялар және мәдени қарым-қатынастар

Б.з.д. 600–200 жылдар Грек жиһанкезі Пифей (Pytheas) Еуропаның солтүстігіндегі теңіздерге осындай қайықпен жүзіп барған болар. Суреттегі алтын қайық Ирландияның солтүстігінен табылған ежелгі қазбадан шықты Грек тілінде сөйлеген Мегасфен (Megasthenes) атты лауазымды тұлға дипломатиялық миссия мақсатымен б.з.д. ІV ғасыр аяғына таман Оңтүстік-Батыс Азиядағы Селевкидтер (sіh-LOO-sіd) империясынан Үндістанның солтүстігіндегі Чандрагупта патшаның сарайына дейін екі мың мильден ұзақ аралыққа сапар шекті. Патшалықтың астанасына келген елші үнді қоғамы мен саяси өмірін мұқият бақылайды. Кейін ол көрген-білгенінің бәрін «Индика» (Іndіka) атты әдеби шығармада баяндайды. Осы мәтіннің бізге жеткен бөліктері – сол кезеңде Үндістанды көзбен көрген адамның жазбасы сақталған жалғыз ғана дерек. Мегасфеннің шығысқа сапарымен шамамен тұспа-тұс уақытта грек теңіз жиһанкезі Пифей желкенді кемесімен Жерорта теңізінің қазіргі Франция жеріндегі жағалауы Массалиядан (Marseіlles) шығады. Тобымен бірге Гибралтар бұғазы арқылы Атлант мұхитына шығып, ары қарай солтүстіктегі Британияға жүзеді. Ол Еуропаның солтүстігіндегі кельт тілді халықпен сауда жасауды мақсат тұтқан шығар. Британияны айнала жүзген ол Массалияға оралып, саяхаты жайлы жазды. Жаздағы күні жиырма сағатқа созылатын, Туле Ултима (Thule Ultіma) деп аталған аралды сипаттайды, бұл қазіргі Исландия болуы мүмкін. Сондай-ақ жазбасында Солтүстік полюстің орналасуы мен ай фазалары және су көтерілуі арасындағы өзара байланыс жайлы қажет ақпарат қосады. Мегасфен мен Пифейдің бұл саяхаты – грек тілді халықтың б.з.д. VІ–ІІІ ғасырлар аралығында қаншалықты кең ауқымда әрекет еткенінің айқын көрінісі. Гректер (ежелгі дүниеде эллиндер деген атпен белгілі болған) үнемі қозғалыс үстінде болды, Жерорта теңізі мен Қара теңіз жағалауындағы қоныстарын нығайтты, алыс аймақтармен сауда-саттық жүргізді, жат жерге ғұламалар, қолөнершілер және сарбаздар жіберіп, білімі мен білігін насихаттады. Эгей теңізі алабындағы Афина, Спарта және басқа да эллиндік қала-мемлекеттер ғаламат экономикалық және әскери күш-қуат жинады. Гректердің тарих сахнасына шығуы Афроеуразия аумағындағы адамдар арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуының бір белгісі еді. Халық саны тоқтаусыз өсті, қалалар көбейді, егіншілер мен малшылар Ішкі Еуразияның жаңа жеріне, Африка мен Азияның тропиктік ендіктеріне қарай жылжыды. Егіншілер мен қала тұрғындарының ең үлкен шоғыры екі аймақта орналасты: Ганг өзенінен басталып Жерорта теңізінің шығысына дейінгі аумақ және Қытайдың солтүстігі мен орталығы. Сол 400 жылдың басым бөлігінде Қытай технологиялық өрлеу мен сауда дамуының ұзақ жолына түскенімен, елдегі саяси бытыраңқылық жағдай әлі де сақталды. Шығыс Азияға 7-тарауда қайтып ораламыз. Осы тарауымызды аумағы мен халқы бойынша дүниежүзіндегі ең ірі мемлекет болған Ахемен әулеті (uh-KEE-muh-nіd) билеген Парсы империясының өрлеуі кезеңін сипаттаудан бастаймыз. Месопотамияның шығысындағы Иран үстіртін мекендеген парсы (фарси) тілді халық б.з.д. 550 жылдар төңірегінде Ахемен әулетінің негізін қалады. Парсы атты жасақтары мен жаяу әскері бұрынғы Ассирия мен Вавилон империяларының жерін басып алды. Б.з.д. VІ–V ғасырларда ондаған жылдар бойы Ахемен әулетінің билеушілері Үндістанның солтүстік-батысынан Нілдің батысындағы Ливияға дейін созылған провинцияларды басқарды. Үш ұлы өзен алқабы – Тигр-Евфрат, Ніл және Инд қысқа мерзімге болса да, тарихта алғаш рет бір мемлекетке бірікті. Осы бірігудің арқасында одан да көп егінші, қолөнерші және саудагер аймақаралық айырбас торабына араласты. Б.з.д. V ғасыр басында Ахемен билеушілері Эгей теңізі алабындағы грек полистерін (қала-мемлекеттер) бағындыруға тырысты. Тарауымыздың екінші бөлігінде осы аймақтағы парсы қаупінің беті қайтып, бірнеше полиске ортақ ғылымның, әдебиеттің, философияның, өнер мен сәулет өнерінің таңғажайып гүлденген дәуіріне қайта ораламыз. Афина осы бір жарқын идеялар көгіндегі жұлдыздай жарқырады. Бір жарым ғасырға жуық уақыт ішінде басқа да қалалар сияқты, Афина да құдайлық билікті алға тартқан патшалардың әмірінен гөрі, азаматтардың негізгі бөлігінің ұжымдық шешіміне негізделген басқарудың жаңа институттарын сынап көрді. Б.з.д. ІV ғасыр аяғында Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізі аймағындағы саяси ахуал айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Тараудың үшінші бөлігінде Эгей теңізі алабын, Мысыр мен Оңтүстік-Батыс Азияны жаулап алған Балқан түбегіндегі Македония патшалығының жас билеушісі – Ұлы Александр туралы баяндаймыз. Александрдың тарих сахнасына шығуы – Афиналық демократия мен Ахеменидтер билеген алып империяның құлауына алып келді. Б.з.д. 323 жылы Александр дүниеден өтті, бірақ грек тілінде сөйлеген патшалар б.з.д. І ғасырға дейін Жерорта теңізінің шығысынан Үндістанға дейінгі аймақты билей берді. Осы уақыт ішінде грек мәдениетінен бастау алған идеялар мен стильдер Эгей теңізінен тысқары аймақтарға дейін тарады. Төртінші бөлікте Оңтүстік Азияға бет бұрамыз. Александр империясын мұраға алған эллиндік мемлекеттермен бір уақытта Үндістанның солтүстігі мен орталығын алғаш рет біріктірген Маурия (MORE-yuh) әулеті саяси сахнаға шықты. Маурия айналасындағы мемлекеттермен дипломатиялық байланыс орнатты, ол өз кезегінде Шығыс–Батыс арасындағы саудаға жағдай жасады. Империя екі жүз жылдай бұрын өмір сүрген рухани абыз – Будда ілімін жылы шыраймен қабылдаған Ашока Маурия билігі тұсында шырқау шегіне жетті. Демек, Ашока Будда ілімі мен діни жораларын Үндістанға таратты, кей жағдайда ертеден келе жатқан брахмандық (ертеректегі хинду) дін есебінен буддизм тез сіңісті десе де болады. Тараудың соңғы бөлігінде Ішкі Еуразияға қайта ораламыз, мұнда күннен-күнге көбейе түскен көшпелі малшылар, алқап диқандары және қала саудагерлері көрші аграрлық және қалалық жердегі өзгерістерге ықпал ете бастады. Б.з.д. 500 жылдар төңірегінде Ішкі Еуразия көсемдері оңтүстік пен шығыстағы кенттер мен қалаларға шабуыл жасауға қабілетті қауымдар мен тайпалардың үлкен одақтарын құрды. Малшы және отырықшы халықтар арасында шиеленіс өршігенімен, саудагерлер Ішкі Еуразияда қалалық сауда алаңдарын, керуен жолдарын, сауда институттарын дамытумен айналысты, осы арқылы малшылық және егіншілік қоғамдардың бір-біріне тәуелділігі артты.

6.1-КАРТА. Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. Б.з.д. 500 жылдар Пифейдің Атлант мұхитының солтүстігіне және Мегастеннің Үндістанға сапарына қарап, грек тілінде сөйлеген адамдардың туған өлкесі – Жерорта теңізінен тысқары әлемді тануға құлшынысы болғанын байқаймыз. Б.з.д. ІV ғасырда өмір сүрген көзі ашық гректер Үндістан мен Британия жайлы көбірек мағлұмат білуі мүмкін бе?

Парсы мемлекетінің гүлденуі ОЙЛАН: Ахемен әулеті билеген Парсы империясы Афроеуразиядағы сауда және мәдени қарым-қатынастың нығаюына қандай септігін тигізді? Б.з.д. үшінші мыңжылдықтан бастап сауда жолдары тарихи Парсы жерін жан-жақтан қиып өтті, бұл елдің орталық аймақтары шамамен қазіргі Иран Республикасы алып жатқан аумағына сәйкес келді. Афроеуразияның құрлық және теңіз арқылы өтетін алыс жолдардағы қарым-қатынастар күннен-күнге жанданған сайын, аумақтарды жаулауды мақсат тұтқан жауынгер топтар Парсы елінің Шығыс пен Батыс арасындағы сауда дәлізі ретіндегі стратегиялық маңызын жылдам түсіне бастады. Каспий және Араб теңіздерінің арасында қысылып қалған бұл аймақтың сауда жолдарын құмсағаттың бел тұсына ұқсатуға болады (6.1-картаны қараңыз). Афроеуразияның шығыс және батыс аумағынан ағылған заттар, адамдар және идеялар осы соқпақ бойымен жүрді. Б.з.д. бірінші мыңжылдықтан бастап асқақ жаулаушылар бірінен кейін бірі Парсы елін не себепті империяларының орталығы етуге ұмтылғаны да түсінікті. Осы билеушілердің кейбірі жолдарды, қалаларды және алым-салық жинауға келетін халықтарды көптеп қосып алу мақсатында солтүстіктегі – Орталық Азия, шығыстағы – Үндістан, батыстағы – Месопотамия, Сирия, тіпті Мысыр сияқты Парсы жерінен тысқары аймақтарға да әскерін аттандырды.

Жаңа деңгейдегі империялардың құрылуы

Ахемен әулеті б.з.д. VІ ғасырда орталығы Парсы жері болған алғашқы империяны құрды. Бұл мемлекеттің бой көтеруі аймақтық күш-қуаттың Оңтүстік- Батыс Азияда Тигр-Евфрат алқабынан – Иран үстіртіне, Загрос тауларынан – Ауғанстанға дейін созылған шөлейт аймаққа ауысқанын көрсетті. Б.з.д. екінші мыңжылдық аяғына таман үндіеуропалық тілдерде сөйлеген малшы халықтар Ішкі Еуразия далаларынан Орталық Азия арқылы Иран үстіртіне көшті. Олардың парсы және мидиялық екі тобы батыс үстіртте егін және мал шаруашылығымен қатар шұғылданды. Б.з.д. VІІІ немесе VІІ ғасырлар төңірегінде олар шағын ғана патшалықтар құрды. Құнарлы Месопотамиямен салыстырғанда, Иран егін шаруашылығынан пайда табатын мемлекетке ұқсамады. Жердің біраз бөлігі құнарсыз, сор басқан шөл далалары да бар. Соған қарамастан қыстақтар мен суармалы егін шаруашылықтары тау қыраттарының баурайлары мен алқаптарында дамыды.

Парсылардың жаулап алу соғыстары. Месопотамиядағы Вавилон империясының әлсірегенін пайдаланғысы келген Парсы әскері б.з.д. VІ ғасыр ортасында батыл қадамдарға көшкен сияқты. Загрос тау жотасымен солтүстік-батысқа қарай жылжыған олар, қарсыластары – мидиялықтарды бағындырады. Керемет стратег әрі Ахемен әулетінің басшысы ІІ Кир (б.з.д. 559–530 жылдары билік құрды) бастаған жауынгерлер, мидиялықтар мен басқаларды жеңіп, қатарына қосып алды. Парсы атты садақшылары мен жаяу әскері Месопотамияның солтүстігін басып алып, батыстағы Анадолы арқылы Эгей теңізіне жылжыды. Лидия патшалығын күйретіп, астанасы Сардисті Ахеменид билеушілерінің орталығына айналдырды. Парсылардың басқа жасақтары Орталық Азия арқылы солтүстік-шығысқа жылжып, құнарлы Әмудария өзен алқабы мен Ішкі Еуразиямен шектескен сауда қалаларын басып алды. Осы ғасыр аяғына таман Вавилон, Сирияның басты қалалары және Левант жағалауындағы айлақтардың барлығы парсылардың қолына өтті. Месопотамиядан өте көп мөлшерде аграрлық өнім алған империялық билік одан да ауқымды жаулау әрекеттерін қаржыландырды, өзеннің жоғарғы ағысы бойымен Нубияның шекарасына дейінгі Мысырды (б.з.д. 525–523 жылдар), алыс шығыстағы Инд алқабын жаулап, бір бөлігін басып алды (б.з.д. 518 жыл).

6.2-КАРТА. Б.з.д. 550 жылдарда Ахеменидтер билеген империя

Ахеменидтік империя экспансиясының бағытын физикалық географияның қандай факторлар көмегімен түсіндіруге болады?

Эгей теңізі аймағындағы шайқастар. Ахемен әулеті өкілдері Жерорта теңізі аймағын да күшпен басып алуды көздеді, Кипрді алып, финикиялықтармен бірлесіп, Левант айлақтарынан теңіз кемелерін суға жіберді. Анадолының ішкері аймақтары мен бай темір кен орындарын бақылауында ұстаған парсы әскері шағын, бірақ гүлденген грек полисі – Ионияны бағындырып, Эгей теңізі жағалауына таяу келді.

Үлкенірек және әскери жағынан қуаттырақ эллин полистері теңіздің құрлық жақ жағалауында орналасты. Иония полисі парсы билеушілеріне қарсы көтерілген кезде Афина оларды қолдау мақсатында кемелер аттандырды. Осы әрекеттен кейін І Дарий патшаның (б.з.д. 522–486 жылдары билік құрды) Парсы империясы Эгей алабы мен ондағы сауда-саттықтағы үстемдігін сақтағысы келсе, құрлықта орналасқан Грекияға шабуылдау керегіне көзі жетті. Б.з.д. 490 жылы Афина әскері қаланың солтүстік-шығысында орналасқан Марафон жазығында парсыларға соққы беріп, оларды кері шегінуге мәжбүрледі. Араға он жыл салып, император Ксеркс (б.з.д. 486–465 жылдары билік құрды) Грекияға басып кірді, бірақ 370 кемеден тұрған эллин теңіз әскері Саламис аралы маңында күші басым парсы теңіз әскеріне соққы берді. Оған қоса, гректер б.з.д. 479 жылы құрлықтағы шайқаста (Платея) да жеңіске жетті. Гректер мен парсылар арасындағы шайқастарда екі жақ та таза жеңіске жетпесе де, ондаған жыл бойы ара-тұра соғысып тұрды.

Ахеменидтер – «әлем» билеушілері

Ахеменидтер ассириялықтар мен вавилондықтардың үш мың жыл бойы қалыптасқан месопотамиялық мемлекет тұрғызу дәстүріне сай, империя құру моделін қабылдады (6.2-картаны қараңыз). Алайда парсылар билік мүмкіндіктерін одан ары кеңейтті. Императорлар этнолингвистік жағынан алуан түрлі мемлекетке ыңғайлы идеологияны қолдады. Патша жазбалары мен сәулет туындыларында алуан түрлі халық жоғарғы билеушіге қызмет ету үшін шын көңілмен біріккенін, гүлденген қоғамның қорғаушысы император екенін ашықтан-ашық көрсетті. Шынында да Парсы мемлекеті барлық халықтарды бір орталыққа топтастыру құқығына ие болғысы келді. Ертерек өмір сүрген Оңтүстік-Батыс Азия мемлекеттеріне қарағанда, парсы билеушілері дүниежүзін билеудегі «әлемдік» миссиясын табандылықпен насихаттады. І Дарий патшалық жазбада былай деген: «Ұлы патша Дариймін, патшалардың патшасы, адамдардың барлық түрін біріктірген елдің патшасымын, осы ұлы жердің түкпір-түкпірінің [патшасы]»1... Б.з.д. бірінші мыңжылдықтағы шектеулі технология әлемдік билік орнатуға ұмтылыс немесе осыған ұқсас әрекеттерге тосқауыл болды. Дегенмен Ахемен әулетінен кейін де бірнеше режимнің әлемдік империя63 санатына қосылуға тырысқаны мәлім.

Парсы ақсүйектері императордың құзырында қызмет етті, олар жаулаушы жауынгерлер отбасынан шыққанын мақтан тұтты. Халықтың азғантай ғана бөлігін құраған осы ақсүйектер тобы сарай шенділері, провинция басқарушылары және жоғарғы шенді әскерилер ретінде лауазымды қызметтерді атқарды. Дегенмен императорлар Ассирия билеушілеріндей, ақсүйектерді биліктері мен құқықтарынан жиі-жиі айырып, оларды мемлекеттің саяси қызметшісіне айналдырып отырды. Олар адал қызмет үшін ақсүйек отбасыларына атақ, алтын, жылқы, жекежайлар сыйлап, патша әулетінен әйелдікке қыз берді. Бірақ парақор, біліксіз деп есептеген немесе сондай айып таққан шендіні қызметтен қуып, тіпті азаптап өлтірді. І Дарий әкімшілік ұйымдастыруға әжептәуір күш жұмсады, сатрапия64 (SAY-trap-ess) деген атаумен белгілі жиырма шақты ірі провинция құрды. Әр провинция басқарушысы немесе сатрап халық тыныштығын сақтау, гарнизонды қамтамасыз ету және ең бастысы, халықтан салық жинап, оны патша қазынасына жеткізу жұмыстарын атқарды.

Империяда жеке астана болмады. Император және оның маңайындағылар Иранның батысындағы Экбатана, Суза, Пасаргад және Персеполь мен Евфрат бойындағы Вавилон арасында көшіп жүруді әдетке айналдырды. Дарий б.з.д. 515 жылдар төңірегінде тұрғыза бастаған орталық сарай Персеполь үш бағыттағы ауқымды аймақты бақылауға мүмкіндік беретін алып платформада орналасты. Бұл кешен әскери казармалардан, патша қазынасы мен резиденциясынан және биіктігі 65 фут болатын, қарағайдан жасалған, төбені тіреген 72 мәрмәр бағанасы бар кең тақ залдан тұрды. Осы бағаналардың он үші қирандылар арасында сақталып, көруге келген жұртты таңдандырмай қоймайды.

Мемлекет жұмысымен жүрген Ахеменидтер патшалығының лауазымды тұлғасы. Алтыннан жасалған әскери арбада теріс қарап отырған ахемендік басқарушы – сатрап болуы мүмкін. Жылқылар иран тұқымына жатады. Бұл бұйым империяның қиыр солтүстік-шығыс түкпірінен, Орталық Азиядағы Әмударияның жоғарғы ағысындағы археологиялық ескерткіштен табылды. Мысырлық Бес (Bes) құдайдың қорғаушы бейнесі әскери арбаның алдыңғы жағына орналасқан. Осы бейнеге қарап ахеменидтер басқарған елдегі мәдени қарым-қатынастар жайлы қандай ой түюге болады?

Империя тұрғындарының басым бөлігі егіншілер мен малшылар еді. Елде саудагерлердің, қолөнершілердің, хатшылардың, шенділер мен абыздардың шағын табы және негізгі бөлігі соғыс тұтқындары ретінде еркіндігінен айырылған, саны біршама көп құл да болды. Құлдар ауқаттылардың үйлерінде, қолөнер дүкендерінде немесе ғибадатханаларда жұмыс істеді. Басқалары империялық құрылыс жобаларында өте қатаң жағдайда еңбек етті. Әйел адамдардың күнделікті өмірі жайлы көп білмейміз, жазбаларда сақталған мағлұматтарға қарағанда Ахеменидтер билігі кезіндегі әйелдердің қоғамдық өмірі жайлы көзқарастары ертеректегі Оңтүстік-Батыс Азия мемлекеттеріндегідей емес, біршама еркіндеу болған тәрізді. Жоғары санаттағы кейбір әйелдер патша сарайына кіре алған және олардың жеке жер иеліктері болған. Одан бөлек, бай-қуатты отбасылар некелесу арқылы саяси одақтарын нығайтқандықтан, ақсүйек аналар мен әйелдер отбасыларында айтарлықтай қоғамдық ықпалға ие болды.

Әлемдік империя (unіversal empіre) – билеушісі бүкіл адамзатты басқару құқығына ие болуға ұмтылған көпұлтты мемлекет.

Сатрапия – провинция басқарушысы немесе сатрап билігіне бағынған Парсы империясының әкімшілік бірлігі.

Парсы империясы – қарым-қатынас торабы

Шарықтау шегінде ел аумағының шығысы мен батысының арасы 2500 мильді құраған империяны тиімді басқару үшін Ахемен әулетіне қарым-қатынас желісі ауадай қажет болды. Оңтүстік-Батыс Азияның басым бөлігінде басты қалалар мен айлақтарды байланыстыратын жолдар мен бағыттар инфоқұрылымы осы уақытта пайда болған еді. Ахеменидтіктер бұл желіні кеңейтті, жол бойына бекіністер мен аялдайтын бекеттер тұрғызды. Императорға қызмет ететіндердің сапарда артықшылықтары болғанымен, олардың сауда керуендері билік рұқсат берген жағдайда ғана жолдарды пайдалана алды. Патша әскери адамдары, дипломаттар мен тыңшылары бұл жолдар арқылы тынбай жүріп отырды, олар жергілікті саяси ахуалды бақылады, жергілікті басшылардың адалдығын тексерді және көтерілістің кез келген белгісін басып отырды.

Ахеменидтер дамып келе жатқан Үндістан–Жерорта теңізі сауда торабының орталық белдеуін басқарды. Олар жолдар салып қана қоймай, Инд өзені мен Парсы шығанағы арасындағы теңіз саудасын да жандандырды, Араб теңізінің жолдары жайлы ақпарат жинау үшін теңіз экспедицияларын қаржыландырды. Парсы империясы алыс-жақын көрші жерлерден тауарлар жинап, қалалық салтанатты өмірге арналған дүниелерді барлық бағытқа таратты. І Дарий Жерорта теңізі мен Қызыл теңізді қосатын алғашқы Суэц каналының құрылысын аяқтады, бұл жобаны біраз уақыт бұрын Мысыр перғауыны бастаған болатын. Анадолыдағы Лидия патшалығынан металл ақша идеясын қабылдаған Ахеменидтік шенділер сауданы одан ары дамыту үшін алтын және күміс тиындар шығарды.

Осы айырбас жүйесінің шеткері аймағында ахеменидтер көптеп шоғырланған Орталық Азия шұратындағы қалалар мен Эгей теңізі алабындағы грек қала-мемлекеттері орналасты. Екі жаққа да бұл жағдай қолайлы еді, себебі олар Парсы империясының орталығын, негізінен, ауылды жерлер өте ауқымды ішкері сауда аймақтарымен байланыстырды. Орталық Азиядағы қалалар Ішкі Еуразия далаларына қол созды, ал Эгей теңізі қалалары Парсы империясын тұтас Жерорта теңізі алабымен, Қара теңізбен және құрлықтағы Еуропамен байланыстырды. Бұл шеткері аймақтардан империяның орталығына темір, алтын, асыл тастар, астық, ағаш, аң терісі және үй жануарларын әкелді.

Персепольдегі Ахемен әулетінің сарайы. Осы патша сарайының қабырғалары мен баспалдақтарын қолөнершілер ақсүйектердің, алым-салық әкелушілердің және осы көріністегі сияқты патша сақшыларының қатаң тәртіпті шеруінің бедерлі бейнелерімен безендірген.

Ахеменидтер және Заратуштра ілімі

Парсы императорлары өздерін әлемді жаратушы, даналық иесі Ахура Маздаға құлшылық ететін адал өкіл деп жариялады. І Дарий билігі тұсындағы жазбаға сай: «Ахура Мазда – ұлы құдай, осы жерді жаратты, көктегі аспанды жаратты, адамды жаратты, адам баласына амандық берді, Дарийді патша қылды, көптің ішіндегі жалғыз патша, көптің ішіндегі жалғыз иеміз»2. Ежелгі заманда Иран үстіртін мекендеген парсылар, басқа да малшы халықтар сияқты, Аспан және Жер құдайларына арнап ғұрыптық құрбандық шалып отырған болуы керек. Жоғарғы құдай және бүкіл жақсының, бейбітшіліктің және әлемнің қорғаушы ретінде Ахура Мазданың пайда болуы Заратуштра (грекше нұсқасы – Зороастр) ілімімен байланысты.

Ахеменидтер заманыныңтиыны. Б.з.д. V ғасырдағы Парсы империясына тиесілі мына алтын ділдада садақ және найза ұстаған Ксеркс император бейнеленген болар.

Заратуштра жұмбағы. Будда мен Исаның өмірі жайлы қанша білгіміз келсе де, қолда бар дерек көп емес, ал Заратуштра жайлы біліміміз одан да аз. Ол б.з.д. ХІІІ–VІ ғасырлар аралығында Ираннан Ішкі Еуразияға дейінгі аймақтың кез келген жерінде дүниеге келуі мүмкін еді. Абыздар Заратуштра ілімін сақтаған мадақ жырларды дәстүрлі ауызша жырлау арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді. Солтүстік Үндістандағы ерте үндіеуропалық халықтардың қасиетті жырлары мен дұғаларынан тұрған Ригведа мен көркем тілде жазылған бұл мадақ жырлардың ортақ тұстары көп (3-тарауды қараңыз). Тек б.з. алғашқы ғасырларында ғана ғұламалар зороастризм мен басқа діни дәстүрлерге қатысты он жеті мадақ жырын (гатхаларды) хатқа түсірді. Авеста деп аталған бұл жинақта Ахура Мазда абыздар отбасынан шыққан Заратуштраны берекесінен айырылған қатыгез дүниеде құдай сөзін уағыздау үшін таңдағаны баяндалады. Заратуштраның қоғамы оның сөзіне құлақ салмады (діни реформаторлардың басына түсетін тағдыр), содан жат жерді кезген оның маңында шәкірттер топтасты.

Заратуштра сенімі. Ежелгі израильдіктер тәрізді, Заратуштра мен оның ізбасарлары құдайдың монотеистік концепциясын уағыздады, яғни табынуға бір ғана ғаламдық құдай лайықты деді. Авеста басқа құдайлардың шектеулі санын мойындағанымен, оларды Ахура Маздаға бағынышты эманациялар ретінде қабылдады. Заратуштра іліміне сай, «зұлым рух» Ангра Манью Ахура Маздамен ғарыш төрінде үстемдік үшін күресті. Ақырзаман орнағанда Ахура Мазда Ангра Маньюды жеңіп, әлемде ізгілік салтанат құрады. Адамзат күнделікті өмірінде жақсылық пен жамандық арасында таңдау жасауы керек. Олар жақсылық жолынан таймаса, өмірімен қоштасқан кезде Ахура Мазданың жанынан орын бұйырады. Жаман әрекеттерден бас тартпаса, тозаққа түседі, ол жақта оларды Ангра Манью күтеді. Заратуштра ілімі бойынша, дұрыс жолмен жүру – дүние мен оның рақатынан бас тарту емес. Ең алдымен адал, әділ және мейірімді болу керек. Ғалымдар Заратуштра ілімін «дуалистік» деп біледі, себебі адамдар жақсылық пен жамандық, жарық пен түнек, шындық пен өтірік арасында таңдау жасап, сол жолда жүре алды. Басым түсетін ғарыштық текетірес идеясы кейінгі ғасырлардағы христиандық пен ислам діндеріне зор ықпал етті, бұл діндер де мызғымас зұлым күштің бар екенін мойындады. Заратуштра Ангра Маньюге көмектесетін диюларға (перілер) қатысты қолданған daeva сөзі мен ағылшынның devіl сөзі үндіеуропалық тілдегі бір сөздің түбірінен шыққан.

Ахеменидтер элитасы Заратуштра сенімі мен ғұрыптарын біртіндеп қабылдай бастаған сияқты. Заратуштра соңынан ергендерге Ахура Маздаға күніне бес рет және әрдайым күннің немесе оттың жарығында құлшылық етуді бұйырды. Бұл адам тазаруының басты тәсілі мен Құдайға шүкіршілік етудің негізгі жолы болды. Абыздар Ахура Мазда құрметіне рәсімдер жасаған «От ғибадатханалары» Парсы жерінде Ахеменид заманында салына бастағаны жайлы археологиялық деректер жеткілікті. Алайда тек бірнеше ғасырдан кейін ғана зороастрлік сенім мен ғұрыптар зороастризм (zohr-oh-ASS-tree-ahn-іsm) деген атаумен әйгілі болды, біртұтас сенім жүйесі ретінде қалыптасты, бұл дін негізінен Оңтүстік Азияны мекендеген шағын топтар арасында қазіргі күнге дейін тараған.

Ахеменидтер тұсындағы көпмәдениеттілік

І Дарий билік еткен кезден бастап Ахемен әулетінінің императорлары қоғамдық тәртіп пен әділет орнату үшін патшаны Ахура Мазда жер бетіне жібереді деген ұстаным негізінде билеу құқығына ие болды. Дарий мен оның мұрагері Ксеркс мынадай сөз қалдырды: «Ахура Мазда қолдауының арқасында хаққа жолдас қатарынанмын... әлсіз... мықтының кесірінен жапа шеккені немесе мықты... әлсіздің кесірінен жапа шеккені менің қалауым емес»3. Император қол астындағыларды алаламай, әділ жолмен басқару керек деген идея осы уақыт шамасында Қытайда пайда болған саяси идеологияға ұқсас (5-тарауды қараңыз). Мейлі ол Аспан мандаты болсын, мейлі Ахура Мазданың қолдауы болсын, әділетті билеуші ғана құдай разылығына бөленді.

Осы жолды ұстанған Ахемен әулеті император­лары жергілікті халықтың бағыныштылығы мен ынтымақтастығының өтемі ретінде провинциядағы әскери қызметкерлерді жергілікті дәстүрлер мен діни жоралғыларды құрмет тұтуға шақырды. Ахемен әулетінің негізін қалаған Кир патша б.з.д. 583 жылы ұлы Вавилон қаласын бағындырған тұста «қошемет пен шаттық» арасында қаланың қорғаушы құдайы Мардукке тағзым еткенін жария етті. «Сансыз әскерім Вавилон ішін бейбіт кезіп өтті... Оның барлық діни орталықтарын аман сақтадым»4. Ахура Мазданы шексіз ғарыштық болмыс ретінде қабылдаған Ахемен әулетінің өкілдері оны, мейлі Мардук болсын немесе израильдіктер құдайы Яхве болсын, жергілікті құдайлардың барлығына жан бітірген күш деп сенді. Жарты ғасыр бұрын Вавилон патшасы Навуходоносор тұсында Иудеядан Месопотамияға қоныс аударған израильдіктерге (5-тарауды қараңыз) Иерусалимге қайтып, киелі ғибадатханаларын қайта тұрғызуға Кир рұқсат берді. Осы уақытқа дейін Иеремия пайғамбар Яхве израильдіктерге ғана тиесілі құдай емес, бүкіл адамзаттың құдайы және олар қайда жүрсе де, Құдайға құлшылық ете алады деген уағызына қарамастан, кейбір халық Израильге кері қайтты. Ахемен әулеті заманында израильдіктер көп ұзамай еврейлер (яһудилер (Yuhudі) немесе Иудея халқы) деген атаумен тарап, Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізі алабының біраз бөлігінде қауымдар құрып, еврей диаспораларын қалыптастырды.

Император сарайында. Дарий патшаның Персепольдағы рәсімдік кешендегі ресми қабылдауы. Дарийдің артында патша ұлы, мұрагері Ксеркс тұр. Бедерлі көріністің сол және оң жағында тұрған кейіпкерлер кім болуы мүмкін деп ойлайсыз?

Еврейлердің шашырап кетуі – күрделі қоғам мен Ахемен әулеті билеген империядағы өзара мәдени толығудың бір ғана мысалы. Парсы әскері тұтас империя жерінен жиналған алуан түрлі сарбаздың жиынтығына айналды. Грекияға басып кірген әскер этностардың ала-құла қоспасын құрады, онда Ахемен әулеті жағында шайқасқан гректер де бар еді. Қала сауда алаңдарында немесе патшаның қабылдау залында болғандар біраз бейтаныс тілді еститін. Парсылардың жауынгер табы бастапқыда қазіргі Иранның басты тілі – фарсидің көне нұсқасында сөйлеген. Ахемен әулеті, сонымен қатар ауызекі және жазба тіл ретінде осы уақытта Оңтүстік-Батыс Азияда кең тараған, семит тілдер тобына жататын арамей тілін патша әкімшілігі мен дипломатияның құралы ретінде де пайдаланды. Император жаңа сарай салған кезде оның өкілдері инженерлер, қолөнершілер, жұмысшылар мен құрылыс материалдарын түкпір-түкпірден іздеді. Иранның оңтүстік-батысындағы Сузада патша орталығының құрылысын асқақтатқан жазбада Дарий билігіндегі Ахемен әулеті патшалығының көпмәдениеттілігі сипатталған:

Күміс пен эбен ағашын Мысырдан әкелді. Қабырғаларды безендірген сәндік бұйымдарды Иониядан әкелді. Осы жерде өңдеген піл сүйегін Куштан (Нубия), Үндістан мен Арахозиядан [Ауғанстан] әкелді... Алтынды өңдеген ұсталар мидиялықтар мен мысырлықтар еді. Ағашпен жұмыс істегендер – сардиялықтар [Анадолыдан келген] мен мысырлықтар. Күйген кірпішпен жұмыс істегендер – вавилондықтар. Қабырғаларды безендіргендер – мидиялықтар мен мысырлықтар... Сузада өте тамаша [жұмыс] тапсырыс орындалды5.

Жасампаз гректер

ОЙЛАН: Грек қала-мемлекеттерінің б.з.д. VІ ғасырдан бастап саяси және мәдени жаңалықтардың маңызды орталықтары ретінде қалыптасуына қандай факторлар үлес қосты?

Парсы әскері құрлықтағы Грекия полистерін немесе эллиндік қалалардың басым бөлігін, Қара теңіз аймағындағы қоныстарды бағындыра алмады. Шын мәнінде грек қалалары б.з.д. VІ–V ғасырларда экономикалық өрлеуді пайдаланып, Жерорта және Қара теңіз аймақтарындағы сауда желісінің дамуында маңызы артты. Бұл экономикалық белсенділік көп жайтқа түрткі болды. Бас пайдасын ойлаған саудагерлер мен жүк тасымалдаушылар саудалайтын жаңа өнім мен оларды сатып алатын жаңа аймақ іздей бастады. Грек егіншілері шет елдерге зәйтүн майын, шарап, қыш құмыра мен басқа да өнімдерді саудалады. Сырт аймақтардан өздеріне ауадай қажет дәнді дақыл, ағаш және темір алуға болатынын түсінді. Грек қала қолөнершілері дамып келе жатқан Жерорта теңізі айлақтарының сауда алаңдарына және Мысыр мен Оңтүстік-Батыс Азиядағы қалалық ауқаттылар элитасына боялған қыш құмыралар, күміс зергерлік бұйымдар және басқа да сән-салтанат заттарын саудалады. Ауыл шаруашылығының және сауданың өркендеуі, оған қоса айбарлы парсыларды жеңу полистерге саяси сенім берді. Байлық пен тәуелсіздіктің арқасында кейбір қалалар, әсіресе Афина әдебиетке, өнерге және философиялық ой-толғауларға құмартты. Осы жалғыз қала 150 жыл ішінде мәдени серпіннің ерекше легін тудырды.

Грек қала-мемлекеттеріндегі билік пен қоғам

Грекияны тарихтың ұзақ тізбегіне орналастырсақ, б.з.д. ІІ ғасырдан бастап б.з. ХІХ ғасырына дейінгі аралықтың басым бөлігінде оның бір империядан екінші империяның отар аймағына айналып отырғанын көреміз. Осындай ұзақ уақыт тұрғысынан алғанда, таулар мен буырқанған жағалаулар арқылы бір-бірінен оқшауланған, өзін-өзі басқаратын жүздеген қала-мемлекеттің болуы – бірнеше ғасырға созылған айрықша жағдай ғана еді. Қала мен төңірегіндегі аграрлық жер мен қыстақтарды біріктірген полис тұрғындары он мың немесе одан да аз болды. Бұл орталықтарда месопотамиялық қалалар нақышындағы қорғаныс қамалы мен қаланы қамқорлығына алған құдайға арналған зәулім ғибадатханалар асқақтады. Полистер өзара сауда жасасты, елшілік алмасты, күресті, дамып, өзгеріп және ыдырап отырған саяси одақтар құрды, бұл жағдай онжылдықтарға ұласты. Б.з.д. VІ–V ғасырларда грек бірегейлігі саяси тұтастықтан гөрі, ортақ мәдени байланысқа негізделді.

Дельфтегі ғибадатхана. Көне Дельфтің әсем жерінде орналасқан екі ғибадатхана кешенінің кішілеуі – Афина құдайға арналған зиярат орны.

Гректерді басқалардан ерекшелейтін бірінші элемент – жеке диалектілерді қамтыған ортақ әліпбилік жазба тіл. Жергілікті айырмашылықтары болғанымен гректердің құдайлары да, негізінен, ортақ болды; мифтік қаһармандарды, әсіресе б.з.д. VІІІ ғасырдағы Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» жырларындағы соғыс жеңімпаздарын бірдей қастер тұтты; Дельф, Делос, Олимпия қасиетті орталықтарында діни рәсімдерге қатысты, б.з.д. 776 жылдан бастап Олимпия жерінде түрлі қалалардан жиналған гректер жарыс ойындарына қатысты.

Полистерде бірнеше билік түрі болды. Олардың кейбірінде қала азаматтары өздерін басқару үшін жалғыз билеушіні таңдады; басқаларында ақсүйектердің шағын тобы, яғни бай әрі беделді адамдар елді олигархия65 ретінде басқарды. Б.з.д. 600 жылдарға дейін дені ақсүйек текті ең бай жер иеленуші ер адамдар билікті кім басқарып, оны кім бөлісетінін шешті. Алайда келесі екі ғасыр ішінде кейбір полистер заңдарын кеңейтіп, ақсүйек текті болмаса да, ен байлықты уысында ұстаған адамдардың азаматтық құқықтары мен мүмкіндіктерін сыйлап, саяси үдеріске араласуға мүмкіндік берді.

Әскери Спарта. Құрлықтағы Грекияның оңтүстік шегіндегі түбек – Пелопоннестің (pell-uh-puh-NEE-suhs) кең жазығында орналасқан Спарта ең ірі қала-мемлекеттің бірі болды. Оның ер-азаматтары басқа полистердегіге ұқсамайтын билік пен қоғамдық жүйені құрды. Азаматтар міндетті түрде жеті жастан бастап әскери жаттығумен үздіксіз шұғылданды. Ер адамдар, негізінен, он сегіз жасында үйленгенімен, отызға дейін казарма типтес орындарда бірге тұрып, тамақтанды. Басқа полистердегі қыздар тоқыма тоқу сияқты үй шаруасымен айналысса, Спарта қыздары дені сау, мықты ұл дүниеге әкелу үшін ауыр физикалық дайындықтан өтті. Шындығына келсек, Спарта – тұрақты әскери база секілді еді. Оның әскері көрші Мессиния мемлекетін жаулап алып, тұрғындарының басым бөлігін еріксіздер (құлдар, илоттар) қатарына жатқызды. Спарта халқының біраз бөлігін құраған қаналушылар табы ақыр соңында бәрібір басылатын көтерілістерді жиі-жиі ұйымдастырып тұрғаны түсінікті жайт. Б.з.д. VІ ғасырда осы қала-мемлекет Пелопоннестегі барлық полисті өзіне бағындырды. Осындай жағдайда қала-мемлекеттің қатаң әскери мәдениетін босаңсытпайтыны белгілі.

Афина демократиясы: ашық және шектеулі. Спартаға қарағанда, Афина мен басқа қала-мемлекеттерде «халық билігі» деген мағына беретін демократияға негізделген басқару жүйесі қалыптасты. «Халық» дегенде, әңгіме әрбір адам жайлы емес, тек дауыс беру мен лауазымға ие болу құқығы бар ер адам жайлы айтып отырмыз. Б.з.д. VІ–V ғасырларда Афина жалпы саны 350 000 адамнан тұрған халықтың 60 мыңға жуығы заңды түрде қатыса алатын ұжымдық басқару түрін қалыптастырды. Құдайдың рақымына бөленген патшалар дәуірінде бұл жүйе айрықша болғанымен, осы не басқа сипаттағы тікелей демократия ежелгі Эгей теңізі алабы үшін бірегей құбылыс емес еді. Ежелгі тарихымыздан дүниежүзінің барлық бөліктерінде егінші және малшы қауымдар өзара ақылдасып алып шешім қабылдағанын білеміз. Афина сияқты, ол қауымдарда кімнің қандай да бір шешімге араласуға құқығы бар, кімнің құқығы жоқ екенін анықтады.

Табынушы грек. Б.з.д. VІ ғасырға жататын құмыраның бетін сәндеп тұрған мына суретте альтарь алдындағы әйел бейнеленген. Осы құтыда сақталатын майды діни ғұрыптарда пайдаланған болар.

Б.з.д. VІІ ғасыр басында зерделі басшылардың мұрагерлері, атап айтсақ, Солон, Клисфен және Перикл ересек әрі сол жерде туып-өскен еркін (құлдыққа түспеген) ер адамдар үш ін дауыс беру және жеке меншік иелену, сондай-ақ мәжілістерде сөйлеу мәртебесі сияқты құқықтардың шеңберін кеңейткен заң және саяси реформа жүргізді. Басқару міндеті билеушіге емес, осы азаматтарға жүктелді. Жеребе суыру арқылы азаматтар қаланың күнделікті тіршілігін кезек-кезек басқаратын халық жиналысында және Бес жүздің кеңесінде қызмет атқарды. Шын мәнінде афиналық бай-қуатты отбасылар күнделікті өмірде сол күйі үлкен ықпалға ие болып қала берді, демократияның бұл қырына таңданбасақ та болады.

Ерлер теңдік пен полис игілігі алдында жауапты болды. Оған қоса әйел адамнан, балалардан және азаматтар қатарына жатпаған тұрғындардан басым тұрды. Еркін әйелдердің қоғамдық құқықтары жоқ еді, биліктен ресми түрде шеттетілгеніне қарамастан, олар қала-мемлекеттің экономикасы мен мәдени өміріне зор үлес қосты. Еркін ерлердің әйелдері мен қыздары үй шаруашылығымен ғана айналыспай, егін алқаптарында да жұмыс істеді, сату үшін мата тоқыды, қолөнер шеберханаларында еңбектенді және шағын кәсіптерін дөңгелетті. Олар гректер сыйынған құдайлардың әйтеуір біреуіне, сондай-ақ қаланың қамқоршы құдайы Афинаға арналған діни құрбандық шалуда, шерулерде және мерекелерде өте маңызды рөл атқарды. Афиналықтар қаланың игілігі үшін ауадай қажет деп есептеген ғұрыптар мен мерекелердің кейбіріне тек әйелдер ғана қатыса алды.

Құлдық пен құл саудасы тұтас Жер­орта теңізі алабында басқыншылықпен қоса қабат жүрді. Б.з.д. V ғасырда Афинадағы құлдар он мыңдап артты, дегенмен Ахемен әулеті басқарған империядағы құлдармен салыстырғанда бұл онша көп емес еді. Құлдардың көбі Грекияға соғыс немесе теңіз қарақшылары қолға түсірген тұтқын ретінде келді, сондай-ақ кей жағдайда кедейленген немесе қарызға белшесінен батқан адамдар күн көру үшін құл ретінде жұмыс істеді. Күңдер үй қызметшісі, хатшы, оқытушы, құрылысшы немесе жезөкшелік сияқты жұмыстар атқарды. Афина мемлекетінің бір бөлігі болған Аттика түбегіндегі күміс және қорғасын кен орындары құлдарды қажет етті. Афина заңына сай құлдың иесі оған қол көтере алғанымен, бекерден-бекер өлтіре алмады. Құлдардың құқықтары шектеулі болды. Құлдарды үй жануарымен бір қатардағы мүлік есебінде пайдаланды. Құл еңбегі66 осылай пайда болды. Грек философы Аристотель былай жазады: «Құл – жанды мүлік»6.

Парсы елімен арадағы соғыстан кейін Афина ең ірі және ең ауқатты полиске айналған тәрізді. Аттиканың егін өнімдері, Қара теңіз бен Африканың солтүстігінен жеткен астық қала халқын асырады. Аттика кен орындары қала қазынасын қампитып, қуатты теңіз флотын қаржыландырды. Қалаға ағылған жатжұрттықтар (метэктер) қолөнер саласын, банк жүйесін және теңіз асқан сауданы жандандырды. Қаланың оңтүстік-батысына қарай 5 миль жердегі Пирей бекініс-айлағы шарап, інжір, май, қыш ыдыстар және басқа да заттарды сыртқа әкетті. Алыс-жақын аймақтан астық, балық, ағаш және таңсық бұйымдарды әкелген желкенді кемелер айлаққа толып кететін.

Гректердің әскери күш-қуаты. Өзін-өзі басқаратын қала-мемлекеттер эволюциясы б.з.д. VІІІ ғасыр аяғында басталған әскери өзгерістерге тығыз байланысты. Б.з.д. ХІІ ғасырдан кейін Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізінің шығыс алабындағы жаяу әскер әскери арба ерттеген жауынгерлердің орнын қалай басқанын 5-тарауда сипаттап өткенбіз. Грек қала-мемлекеттері көбейді, олардың тұрғындары жаяу жасақ құрды. Ер-азаматтар полисті қорғап, көрші жерлер есебінен оның аумағын кеңейту үшін жаттығып, шайқасты. Соның нәтижесінде, қала әскері мен теңіз флоты қатарына қосылған егіншілер мен қолөнершілер бай әрі ақсүйек адамдармен тең азаматтық құқық пен міндеткерлікті талап ететін жақсы жағдайға ие болды.

Спартада ахуал басқаша еді, мұнда толыққанды жасақ болмады, оның өзі қала азаматының негізгі міндетіне кірді. Сарбаздардың сауыт-сайманы – қола дулыға және кіреуке, дөңгелек ағаш қалқан мен жақын ұрысқа арнап жасалған найза еді. Қалқандарын бір-біріне түйістіріп, иықтарын бір-біріне тірестірген, 6-8 қатар түзген гоплиттер (қалқанға арналған гректің гоплон сөзінен шыққан) шайқасқа берік сап түзеп аттанды. Фаланга деп аталған бұл шебер тактикалық құрылымды жау күшіне лап қойып, оны ойсырату үшін ойластырды. Фалангалар мызғымас сапын бұзбай, тегіс жерде шабуылдаған кезде қатары сирек немесе төне түскен қалқандар қорғанын қашықтықтан жебелерді жаудыру арқылы тоқтатуға тырысқан кез келген қарсы күшті ойсыратуға шамасы жетті. Мәселенің саяси және әлеуметтік жағына үңілсек, фаланга полис ішіндегі азаматтық ынтымақтастықты нығайтты, себебі әскери жетістік толығымен қарқынды физикалық және психологиялық ынтымақтастыққа тәуелді болды. Дегенмен ауызбірліктің қала-мемлекет шекарасынан тыс жерге де тарауы міндетті емес еді. Керісінше, полистердің бірлігі жарасқан сайын олар басқа қалаларды шабуылдауға бейім келді.

Олигархия – жеке адамдардың немесе отбасылардың салыстырмалы түрде шағын тобы билікті бақылауында ұстайтын саяси жүйе

Құл еңбегі (chattel slavery) – басыбайлы адамға әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан мүлік сияқты қараған, соған орай оның ешқандай ресми құқық немесе заң жүзіндегі артықшылықтар бермеген құлдық түрі.

Афинаның гүлденуі

Афина, негізінен, алыс-жақын қалаларға шабуылдап отырды. Парсы империясынан төнген қауіп сейілген соң, қала басшылары теңіз флотына мол қаржы төкті. Үш қатар ескекпен жабдықталған, қарсыластың кемесіне бетпе-бет келіп соқтығуға ыңғайлана жасалған, жылдам, лезде бұрылатын трирема – қарудың басты түрі болды. Кемелер құл қатарына жатпаған жас азаматтардың күшімен жүзді. Трирема флоты бірнеше полисті Парсы империясының басқыншылығынан босатты, бірақ кейін олар Афинаға салық төлеуге мәжбүр болды. Периклдің (б.з.д. 495–429) билігі тұсында Афина бұрынғы одақтастардың санын қысқартып, оларды алым-салық төлейтін бағынышты мемлекет дәрежесіне түсірді. Теңіз флоты Эгей теңізінің басты жолдарын, соның ішінде Қара теңізге шығатын Босфор бұғазын бақылауға алды. Алайда Спарта және оған бағынышты аймақтар грек жеріндегі қуатты қарсылас ретінде қалды.

Дүниежүзі тарихында байлық пен еңбек қуаты күшті ел үнемі зор мәдени жетістіктерге жетіп отырды. Афинаға құрамына құл саудасы да кірген теңіз империясынан б.з.д. 480 жылдардан байлық құйылып, бақуатты өмір бір жарым ғасырға жуық уақыт бойы ақыл-ой және эстетика жаңалықтарына толы өмірге жетеледі. Афина империясы өркендеген сайын қолөнершілер, құрылысшылар және ғұламалар астанада шоғырланды. Қоғамдық қазына байлығы мен ең ықпалды отбасылар қаланың үстінен қарап тұратын Акрополь жотасында ғибадатханалар, мүсіндер және қоғамдық орындар кешенін тұрғызу сияқты асқақтаған құрылыс бағдарламаларын қаржыландырды. Афина құрметіне тұрғызған аса көркем ғибадатхана – Парфенон асқақ даңқтың белгісі еді. Өмірін сурет салуға, мүсін жасауға, сәулет өнеріне, музыкаға, драмаға, тарихқа, философияға, математикаға және ғылымға арнаған суретшілер мен ойшылдарды полис қамқорлығына алды.

Акрополь. Афинада бірден көзге түсетін бекініс-жотада орналасқан Парфенон және басқа да қоғамдық құрылыстар гректердің парсы басқыншыларды жеңгеннен кейінгі жылдардағы қала-мемлекеттің байлығы мен құдіретін паш етеді. Афина одақтас қалалаларға Акропольды аса салтанатпен көркемдеуге аянбай үлес қосуға міндеттеді.

Афинаның мәдени мұрасы. Жасампаздық толқыны өздігінен пайда болған жоқ. Афинада өмір сүріп, жұмыс істеген адамдар алдыңғы 3000 жыл бойы Оңтүстік-Батыс Азия мен Ніл алқабынан тараған идеялар толқынын мұраға алды. Жинақталған білімнің біразы грек ойшылдарына жетіп, олар оған көп қызықты. Мысалы, алдыңғы мыңжылдықтардағы абыздар табының ғылыми ізденістерін зерттеп-зерделеген Аристотель: «Математика өнері алғашында Мысырда қалыптасты»7, – деді.

Ахемен әулетімен арадағы соғыстарға қарамастан, Парсы елі де Афинаның мәдени гүлденуіне зор үлес қосты. Гректер парсы элитасын варварлар деп (негізінен, олар грек тілінде сөйлемегендіктен), олардың ерекше өмір салтын менсінбеді. Осындай жағдайға қарамастан, соғыстар асыл тастар, зергерлік бұйымдар, маталар, алтын бұйымдар тәрізді Парсы елінен шыққан сән-салтанат заттарының грек айлақтарына келуіне кедергі бола алмады. Афина Ахемен әулеті сарайына елшіліктер аттандырды, империяның батыс провинцияларында саяси қуғынға ұшырағандар, жалдамалылар, қолөнершілер және хатшылар ретінде бірсыпыра грек өмір сүрді. Парсы соғыстары жайлы классикалық баян жазған грек тарихшысы Геродот (б.з.д. 484–425 жылдар) Мысырда, Парсы империясы жерінде кең саяхаттады. Дәурені жүріп тұрған афиналықтар парсы бағалы бұйымдарын, киіну мәнері мен мәртебенің белгісі болған басқа заттарды өте жақсы қабылдады. Мысалы, Ахемен әулетіне еліктеп, құлдарына күннен қалқалайтын қол шатыр көтертіп, желпуіш пен шыбын ұрғыш ұстатты8.

Қызметшілер ауқатты әйел адамға қызмет көрсетуде. Некелесу және жерлеу ғұрыптарында қолданылатын мына су құты – лутрофорда күнделікті өмір көрінісі бейнеленген. Италияның оңтүстігіндегі полиске тиесілі грек мәнерінде жасалған ыдыста парсы дәстүрінен алған мәртебе белгісі – күннен қалқалайтын қол шатыр ұстаған қызметшінің суреті бар. Парсы мәдени жораларының Италия сияқты батыс шалғайдағы жерге таралуын қандай факторлар негізінде түсіндіруге болады?

Дін және философия. Грек полистерінің тұрғындары елдің солтүстігіндегі Олимп тауында отырады деген құдайлардың рақымына бөлену үшін ғұрыптар мен құрбандық шалу рәсімдеріне қатысты. Дегенмен діни өмірдің алуан түрлі және үйлеспейтін тұстары да болды. Гректерде не Еврей Библиясы, не Заратуштраның адами құндылықтар ілімімен салыстыруға келетін қасиетті кітабы немесе доктрина жүйесі жоқ еді. Кеселдерден емдейтін, құнарлы жерді қамтамасыз ететін және болашақты болжайтын әртүрлі табыну сенімдері өркендеді. Грек қала қауымдарындағы ықпалды тұлғалар қатары сенім мен амал-әдеттердің кодексінен таймаған абыздар емес, зайырлы немесе дін жолына түспеген азаматтық көшбасшылардан тұрды. Салыстырмалы түрде дінге ерік беру, тәуекелшіл ойшылдарға табиғат, адам мен ғарыштық ақиқатқа қатысты кең ауқымды ой қорытуға жол ашқан тәрізді. Одан қалса, кейбір полистердің, әсіресе Афинаның, азаматтық мәдениеті еркін ерлерінің арасында қоғамдық міндет, адами әділет және қоғамдық дұрыс қадам жайлы өте қызық, ашық пікірталастар жүрді.

Б.з.д. VІ ғасырда Эгей теңізінің шығыс жағалауындағы Иония қалаларын қоныстанған ғұламалар натурфилософия67 деген атаумен белгілі болған адами құндылықтар және ғылыми ізденіс әдісін қалыптастыруда көш бастады. Бұл ілім мына идеяға иек артты: азаматтар негізгі заңдарға сүйенгендіктен, полис дамығаны сияқты, табиғатты, адам іс-әрекетін де іргелі заңдар басқара алады. Бұл заңдар дүниені түсінуде көмегі шамалы, өзара жанжалдасушы, Олимп тауындағы сенімсіз құдайлар ырқынан жоғары тұруы да ықтимал. Табиғат заңдарын адам логикасы мен санасының көмегімен, кейбір философтар үшін сыртқы әлемді мұқият бақылау арқылы ашуға болады.

Абстракт ой толғаудың иониялдық дәстүрі б.з.д. V ғасырдағы Афинада қанат жайды. Ғылыми еңбектер математикаға және жер мен аспанның табиғи орналасауына баса назар аударды. Мәдени және психологиялық ізденістердің мақсаты – адами және саяси әрекеттер негізінде ғаламдық принциптерді түсіну еді. Шарап құдайы Диониске арналған мерекеден басталған драма жеке адамдар, қоғам және құдайлар арасындағы күрделі қарым-қатынастарды зерттеді. Мүсіншілер мен сәулетшілер, әсіресе, адам тәніндегі үйлесім мен симметрияны беру үшін ғалам принциптерін табу жолында ізденді. Грек ойшылдары адами құндылықтардағы ақиқат, әлеуметтік таптар реті және демократия игі ой ма, әлде олай емес пе деген мәселелерде бір-бірімен мүлде келісе алмады. Құдайлар оларды мұқатып, еліктіріп және ойынға айналдырған тұста шарасыздық танытып күтуден гөрі, әр нәрсенің табиғатын ашу жолында зерделеу құдіретін пайдалану арқылы жақсы өмірге қол жеткізуге болады деген болжамға ойларын негіздеді.

Ұлы философтардың ішінде ең ертеректе өмір сүрген Сократ (б.з.д. 470–399 жылдар шамасы) «Өмірді тануға ұмтылмағандарға өмір сүрудің қажеті жоқ» деген сөзімен санаға негізделген адам әрекетін алдыңғы қатарға шығарды. Сократ және оның шәкірті Аристотель (б.з.д. 384–322 жылдар шамасы) жайлы бар білгенімізді баяндайтын Платон (б.з.д. 428–347 жылдар шамасы) еңбектері өте ауқымды тақырыптарды қамтыды. Платон заттардың «алғашқы себептері» жайлы ой толғаған, яғни метафизикаға қызыққан идеалист болатын. Оның ойынша, сезім мүшелері арқылы көретін әлем – кемел шынайылықтың өшіп бара жатқан көлеңкесі ғана. Бұл ойды дамытқан Платон кемел саяси мемлекетті елестетті, оның түсінігінде ол демократия емес, қорғаушылар немесе философ-патшалар билеген жүйе болды.

Платонға қарағанда, Аристотель адамзат пен әлем жайлы нақты көрінетін білімге ұмтылған эмпирик еді. Ол барлық құбылыстардың өзара байланыстылығы мен сәйкестігінің негіздерін түсінуге ұмтылды. Ізденістер жолында ол саясат, экономика, математика, логика, поэзия, астрономия, химия және биология тақырыптарында өте ауқымды еңбектер жазды. Сократ, Платон, Аристотель және басқа грек ойшылдары теориялары мен бақылауларынан гөрі көтерген мәселелері арқылы өміршеңдігін сақтаған шығар. Сократ айтқандай: «Ештеңе білмейтінімді ғана білемін». Бұл, шынымен де жаңашылдық болды. Грек философтары ғана шынайылық табиғаты жайлы логикалық және асқақ толғаныстарға барды деуге келмес. Дегенмен олар көтерген мәселелер кейінгі ғасырлар ішінде, тіпті біздің заманымызға дейін көкірегі ояу адамға ой салып, толғандырып келеді.

Ұлы Александр және Эллин заманы

ОЙЛАН: Грек мәнеріндегі мәдениет пен саясат пішіні б.з.д. ІV–ІІ ғасырларда Үндістанның солтүстігінен Жерорта теңізінің шығысына дейінгі аймақтағы қоғамдарды қандай дәрежеде қамтыды?

Б.з.д. V ғасырда грек жауынгерлері өз мемлекетін Парсы империясынан қорғап қалды. Б.з.д. ІV ғасыр соңында грек және македон сарбаздар жеңіске жетті. Жорықты бастаған жас патша Александрдың (б.з.д. 336–323 жылдары билік құрды) басқыншылық соғыстары тарихтағы нар тәуекелге сүйенген ерекше әскери оқиға болды. Грекиядан Инд алқабына дейінгі аумаққа жорыққа аттанған Александр Ахемен әулеті басқарған империядан да көлемді империя құрды. Оның биіктерді бірден бағындырғанына қарамастан, жаулау жорықтары Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізі шығыс аймағының саяси картасында өте маңызды өзгерістер енгізді (6.3-картаны қараңыз). Жаулаушылар Үндістаннан әскерін әкеткеннен кейін Маурия әулеті тарихта алғаш рет Инд және Ганг өзендері алқабын біріктірді. Билік басында негізінен грек тілдес элита отырған бұл және басқа да бірнеше шағын монархиялар Үндістан мен Орталық Азиядан Жерорта теңізіне дейін екі ғасырдан аса уақыт бойы сауда және мәдени қарқынды қарым-қатынастарға жағдай жасады.

Натурфилософия – табиғатты, соның ішінде адам әрекеттерін басқаратын тұғырлы заңдар логика, сана және мұқият бақылау жүргізу арқылы ашылуы мүмкін деген ойға негізделген, адами құндылықтар және ғылыми ізденіс әдісі.

Александрдың қысқа, тамаша мансабы

Эгей теңізі аймағындағы Афина теңіз империясының көтерілуі Пелопоннес соғысынан (б.з.д. 431–404 жылдар) басталып, жүз жылдан аса уақыт ішінде полисаралық текетіреске ұласты. Бұл алаңда Афина, Спарта және Фивы қуатты қала-мемлекеттері кезек-кезек басымдыққа ие болды. Осы қалалар ішіндегі жер иеленушілер мен сауданы бақылауында ұстаған шағын топтар қарапайым халықтың есебінен байлық жинай берді. Нәтижесінде байлар мен кедейлер арасындағы айырмашылық ұлғая түсті. Шығыс жақтағы Ахеменидтер басқарған империяда да дағдарыс белгілері байқалды. Империялық басқару әлсіреді, көтерілістер кесірінен Мысыр елу бес жыл уақыт бойы Ахемен әулеті билігінен құтылды, Инд алқабындағы бағынышты халық тәуелсіздікке қол жеткізді.

Осындай тұрақсыздықта Балқан түбегіндегі орманды патшалықтардың бірі, Грекияның солтүстігінде орналасқан Македония патшалығы аймақтық күшке айналды. Грек тілінің диалектісіне жататын немесе соған өте жақын македон тілінде сөйлеген жауынгер-ақсүйектердің шағын тобы басым бөлігі егіншілер мен малшылар болған халықты биледі. Оңтүстіктегі Афина мен басқа кемелденген қала-мемлекеттер Македонияны ағашы, алтыны және жылқысы мол өңір және шеттегі жабайы аймақ деп есептеді. Б.з.д. 358 жылы ІІ Филипп Македония тағына отырып, грек полистерін өзімен санасуға мәжбүрлеген патшалықты күшейтудің ауқымды жобасын іске асыра бастады. Афина демократиясын қабылдамаса да, ол сарайын эллин үлгісіне сәйкестендірді, грек рәсімдері мен мәдени әшекейлерін қабылдады, өркениеттің лайықты стандарттарын қалыптастыру үшін грек қолөнершілері мен ойшылдарын жалдады. Әскери жағына келсек, сақадай сай қаруланған ақсүйектерден тұрған атты әскерін көбейтті, Балқан шаруаларын он сегіз мыңдық фалангада шайқасуға жаттықтырды. Жаяу әскерін салмағы 5–8 футтық қола үшкір найза – сариссамен қаруландырды. Ендігі жерде Македония қарсыластары тікендей үшкір найзалармен қаруланған қалың жаяу әскерге қарсы тұрды.

Б.з.д. 339–338 жылдары Филипп оңтүстікке қарай жылжып, бастары бірікпеген полистерді, соның ішінде Афинаны ойсырата жеңіп, өзін македондар мен гректердің біріккен федерациясының жоғарғы билеушісі деп жариялады. Қала-мемлекеттерде азаматтық идеал сақталды, ал афиналық демократияның алтын дәуірі аяқталды. Филипп Эгей теңізін жүзіп өтіп, әлі күнге дейін парсы билігіндегі мыңдаған грек тұратын Анадолының батысына жорық ұйымдастыруды жоспарлады. Б.з.д. 336 жылы ол ақсүйектердің қаскүнем жоспарын іске асыруы мүмкін жеке күзетшісінің қолынан қаза тапты.

6.3-КАРТА. Александр империясы. Б.з.д. 325 жылдар

Осы картаны Ахемен әулеті билеген империяның 6.2-картасымен салыстырыңыз. Жаулау жорықтарының бағыттарындағы қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтарды байқадыңыз? Екі картадағы жаулап алған жерлер ауқымы бір-біріне неліктен осыншама сәйкес келеді деп ойлайсыз?

Александр жорықтары. Таққа Филипптің небәрі жиырмадағы ұлы Александр отырды. Филипп зерек ұлын грекше оқытты, Аристотель біршама уақыт баланың ұстазы қызметін атқарды. Патша қазасынан кейін Александр әке жоспарын іске асыруды бірден қолға алды. Б.з.д. 334 жылы македон және грек одақтастарынан тұрған отыз бес мың әскерді бастаған ол Анадолыға басып кірді. Келесі он бір жыл ішінде шығысқа қарай 3000 мильге жуық жерді жаулады. Б.з.д. 334–330 жылдар аралығында ол жол-жөнекей Анадолы, Сирия, Мысыр және Вавилонды бағындырып, Парсы елінің орталығына басып кірді. Ахемен әулеті әскерімен үш үлкен шайқаста кездесіп, атты әскері мен жаяу фалангасын аса шебер басқарған Александр үш рет те өте қолайсыз жағдайды еңсеріп, жеңімпаз атанды. ІІІ Дарий (б.з.д. 336–330 жылдары билік құрды) жан тапсырғаннан кейін ол Парсы елінің ұлы астаналарын басып алды, империя қазынасын иеленді.

Ахеменидтер империясының солтүстік-шығыс провинцияларына қарай жылжыған Александр Гиндукуш таулары арқылы 11 000 мың фут биіктіктегі асудан әскерін алып өтіп Орталық Азия мен халқы қалың Әмудария өзені алқабына әкелді. Парсы империясын талқандағаны аз болғандай, ол жасақтарын Гиндукушты тағы бір асуға мәжбүрлеп, Ауғанстан арқылы Инд алқабына жетіп, б.з.д. 326 жылы жергілікті патшаның әскерін күйретті. Осы сәтте Александрдың ең төзімді деген жауынгерлерінің өзі әрі қарай жүруден бас тартты. Райынан қайтқан ол батысқа бет түзеп, Иранның оңтүстігіндегі шөл даланы кесіп өтіп, б.з.д. 325 жылы Вавилонға келді. Өмір жолының соңғы кезеңінде, б.з.д. 325–323 жылдары уақытын империя ұйымдастыруға арнады. Аса көп нәрсе жасап үлгермей-ақ, ол Месопотамия жазының аптап ыстығынан, бәлкім, сарбаздарымен бірге шарапқа сылқия тойған түннен кейін ауырып, аяқ асты қайтыс болды. Мұрагері қалмаған Александрды әскербасылары ардақтап о дүниеге аттандырғаннан кейін бірден таққа таласа бастады.

Он үш жыл ішінде Александр дүниежүзінде бұрын-соңды болмаған ең ірі империя құрды. Ол харизмалық қасиеті бар, әрі өте дарынды әскери тактик еді. Сол замандағы көп қолбасшылар сияқты, ол да қатыгездігімен аты шықты. Грекиядан Үндістанға дейінгі аумақтағы сансыз халықты үрей құшағында ұстады, қырды, құлға айналдырды. Мысалы, гректердің Фивы қаласы оның билігіне қарсы бас көтерген кезде, ол қалаға басып кіріп, ғибадатханалар мен атақты ақынның үйінен басқа ғимараттардың бәрін қиратты. Ал халқының басым бөлігін құлдыққа салды. Жерорта теңізіндегі Тир айлағын шабуылдаған Александрдың қарулы күштері қаланы қорғаған алты мың адамды өлтіріп, екі мыңын жағалау бойына, креске керіп, шегелеп тастады.

Александр қандай мақсатты көздеді? Александр орталығы Грекия емес, Месопотамия мен Парсы жері болатын империя құруды мақсат тұтқаны анық. Ол бір күндері Жерорта және Қара теңіздерінің алқаптарын түгелдей қол астына біріктіретін, қайта түрленген Парсы империясының билеушісі болуды өзіне міндет санады. Сарайына парсылардың күрделі рәсімдерін енгізді, қабылдау жүргізу барысында Ахеменид патшаларының төгілген шапанын киіп, белдігін тақты. Онымен қоса, грек дәстүріне мүлде жат саналатын өз билігін мысырлық және месопотамиялық дүниетанымдағы құдайлық монархия түсінігімен байланыстырды. Мысалы, Мысырды басып алғаннан кейін перғауын тәжін киді, осы арқылы ол өзін құдаймен теңестірді.

Александр билеуші тап өкілдері этникалық тегіне қарамастан, өзіне белгілі грек мәдени үлгісін қабылдайды деп топшылады. Ол жаңа қалаларды грек стилінде тұрғызуды бұйырды, Парсы империясының шығысында ғана грек үлгісіндегі жиырма бес не одан да көп қала салды. Бұл қалалар әскери, әкімшілік қоныстар және аймақтық экономикалық орталық ретінде қызмет атқаруы керек еді. Әскер ардагерлері мен Эгей аймағының халқы тым көп қалаларынан ағылған қала тұрғындары грек тілінде сөйлемеген жергілікті халық ішінде артықшылыққа ие элита болды. Александр жаңа қалалардың өзін- өзі басқаруына әртүрлі деңгейде мүмкіндік берсе де, мыңдаған гректің империя жерін бойлай қоныстануы олардың ықпалын көрмеген Афроеуразияның бөліктеріне де эллин мәдениетін таратты.

Шайқас алаңындағы Александр. Италияның Помпей қаласындағы б.з. І ғасырына жататын үйді безендірген мозаиканың мына бөлігінде шайқас алаңындағы Александр бейнеленген. Мозаика оның б.з.д. 333 жылы Анадолыдағы Исс өзені бойында парсы императоры ІІІ Дарийді жеңу құрметіне арналған. Суретші Александр бейнесінен қандай әсер тудыруға тырысты деп ойлайсыз?

Эллиндік әлемнің іргетасы

Эллиндік68 термині Александрдың өлімінен кейінгі үш ғасыр бойы Үндістаннан Жерорта теңізі алабына дейін созылған аймақтың басым бөлігін қамтыған саяси және мәдени өзгерістерге қатысты қолданылады. Эллиндік дәуір аймақтың басым бөлігін Александр мұрагерлері билеген және грек тілінде сөйлеген халықтың парсылар, месопотамиялықтар, сириялықтар, мысырлықтар, орталық азиялықтар, солтүстік үнділер сияқты алуан түрлі этнос пен тілге жататын халықтармен араласып, жаңа мәдени қоспалар пайда болған кезеңді сипаттайды.

Александр қазасынан кейінгі елу жылдай уақыт бойы македониялық қолбасшылар жаулап алған жерге үстемдік жүргізу мақсатында аяусыз тартысты. Біртұтас империя бөлінді, оның өзі жай ғана ыдырамады. Александрдың бұрынғы үш қолбасшысы аймақтық патшалықтардың негізін қалап, ең жоғарғы шенділер тек македониялықтардан немесе гректерден шыққан билік табын қалыптастырған басқару жүйесін құрды. Осы жаңа мемлекеттердің ішіндегі ең дәулетті және ірісі бұрынғы македониялық әскери қолбасшы – І Селевк (б.з.д. 305–281 жылдары билік құрды) атымен аталған Селевкидтер империясы (б.з.д. 312–64 жылдар) болды. Бұл монархия Оңтүстік-Батыс Азияның ірі қалалары мен Жерорта теңізінен Орталық Азия мен Үндістанға апаратын құрлық жолдарын қамтыды. Жалпы айтсақ, ол дәурені өткен Ахемен әулеті басқарған иелікті басып қалды. Екінші эллиндік мемлекет Александрдың тағы бір қолбасшысы І Птолемей басқарған Мысырда пайда болды. Птолемейлер (TAWL-оh-may-іhk) әулетінің (б.з.д. 305–30 жылдар) билігі 275 жылға созылды, күш-қуатының асып-тасыған шағында Ніл алқабына қоса Кипр аралы, Ливияның бір бөлігі, Анадолы мен Сирияда үстемдік жүргізді. Македониялық қолбасшы Жалғыз көзді Антигон Балқан түбегіндегі Филиппке тиесілі патшалықты бақылауында ұстап қалды, бірақ бұл үшінші мемлекет (Антигон әулеті) қайтадан одақ құрған грек полистерінен айырылды. Солтүстік-шығыс шалғайдағы Орталық Азияға келсек, Селевкидтер империясынан б.з.д. 240 жылдары бөлініп шыққан қолбасшылар Бактрия патшалығының негізін қалады. Қысқасы, Александр империясы ыдырап кеткеннен кейін де ұзақ уақыт бойы грек тілінде сөйлеген билеуші топтар аса ауқымды территорияларда үстемдік құра берді (6.4-картаны қараңыз).

6.4-КАРТА. Эллиндік әлем және Маурия империясы. Б.з.д. 300–200 жылдар шамасы

Осы картадағы қай мемлекет қалалары арқылы ең ауқымды сауда-саттық жүруі мүмкін?

Эллиндік басқару жүйесі. Алдындағы Ахеменидтер тәрізді Селевкидтер және Птолемейлер билеушілері, негізінен, абсолюттік билік иелері болды. Олар үшін монархияның негізгі мақсаты – билеуші элитаны байыту үшін қарапайым халықтан алым-салық жинау, империя аумағын қорғау және мүмкіндік туған кезде соғыс арқылы территорияны кеңейту болды. Астықтың нашар шығуы мен басқа да апаттардың алдын алу үшін эллиндік билеушілер құдайлардың көңілін табуға бағытталған ғұрыптарды орындауды мойындарына алды. Селевк және Птолемей әулеттерінің мемлекет басқару шеберлігі әскери күш-қуатты барынша жариялау мен халықтың қарсылығын жылдам басып отыруға негізделді.

Эллиндік монархтар патшалықты грек және македон отбасыларынан шыққан өте жақын достар, кеңесшілер және жоғарғы әскерилермен бірлесе биледі. Селевкидтер патшалығының халқы отыз миллионды құрап, Ахеменидтер салған жолдар желісі арқылы мемлекет шенділері салық жинап, сот төрелігін жүргізді. Птолемейлердің басқару жүйесі одан да жақсы ұйымдасқан еді. Оның артықшылығы – негізгі халық (шамамен жеті миллион) Ніл алқабында тығыз шоғырланды және жоғарыдан бұйрық алып отыруды әбден меңгерді. Эллиндік билеушілер тәртіп сақтауда жергілікті қыстақ ақсақалдары, көшпелілердің көсемдері мен діни басшылардың көмегіне арқа сүйеді, ал қайтарымы ретінде оларға саяси және экономикалық артықшылықтар берді. Өздерінің құрметіне алып мүсіндер мен зәулім ғибадатханалар тұрғызуды бұйырған Селевк және Птолемей әулеттері қол астындағы халықты қорқыныш пен үрейде ұстау үшін көп күш жұмсады.

Экономикалық өмірді басқаруда жетістіктерге жеткен Птолемейлер мемлекетінде грек-македон басшыларының жетекшілігімен мысырлық шенділердің, дін адамдары мен хатшылардың иерархиясы егіншілікті, суару жүйесін, қолөнер кәсібін, сауда мен бағаны қадағалады. Папирус, зығыр, май және сыра тәрізді заттарды өндіру мен сатуды меншіктеп алды. Экономиканы бір орталықтан басқару – жеке экономикалық бастаманы тежеді. Билеушілер түскен кірісті әскери керек-жараққа, шенділердің ақысына, салтанатты өмірге және өздерін асқақтатқан құрылыстарға жұмсады.

Оларға дейінгі перғауындар тәрізді, Птолемейлер де Нілдің жоғарғы ағысындағы Нубияға сауда экспедицияларын қаржыландырып, аттандырды. Б.з.д. ІІІ ғасырда олар Қызыл теңіздің оңтүстігіне сауда теңіз миссиясын жөнелтті, оның бір мақсаты Араб теңізі арқылы келетін Үндістан заттарын алдыру болды. Мысыр өкілдері қазіргі Сомали жағалауы – Шығыс Африканың қиыр оңтүстігіне дейінгі аумақта жергілікті африкалық саудагерлермен, аңшылармен қарым-қатынас орнатты. Оларға бәрінен бұрын піл керек болды, бұл жануар Мысырға әдейі соларды тасымалдауға арнап жасалған кемелермен келді. Үндістанның солтүстік-батысына басып кірген Александр қолға үйреткен пілдердің соғыс қаруы ретіндегі маңызын білді, олар ежелгі танк іспетті еді. Осыдан бастап, Селевк және Птолемей әулеттерінің өкілдері пілдерді алдыртып, оларды өз әскерінде пайдаланды.

Эллиндік қоғам. Александр бастаған құрылыс бағдарламалары арқасында оның империясындағы қалалар саны б.з.д. ІV–ІІІ ғасырларда өте жылдам артты (6.4-картаны қараңыз). Мысырдағы – Александрия, Сириядағы – Антиохия, Тигр бойындағы – Селевкия, Анадолыдағы – Пергам сияқты бірнеше қала өндіріс, сауда және мәдени қарым-қатынастардың кең тарамдалған торабына айналды. Қалғандары қарапайым әскери қоныстар ғана еді. Александр тәрізді эллиндік билеушілер де орналасуы, сәулеті және безендіруі жағынан қалаларының грек мәдениетінің озық үлгісіне сай болуын қалады. Жаңа орталықтарда ғибадатхана, театр, сауда алаңы, атлетикалық жаттығулар мен білім алуға арналған гимназия, мұнтаздай көшелерде тізілген жайлы үйлер болуы керек еді. Солтүстік-Батыс Ауғанстандағы Ай-ханум тәрізді жаңа қалалар Афина мен Фивы қалаларының көріністеріне өте ұқсас.

Әскери піл. Сарбаздарды шайқасқа алып бара жатқан африкалық пілдің қаһарлы бейнесін пілкентайы жұмсартып тұрғандай. Ұрыс мұнарасы – гректердің ойлап тапқаны шығар. Б.з.д. ІІ ғасырға жататын бұл терракота табақша Италияның оңтүстігінен табылды.

Әртүрлі аймақтардағы бұл қалалардың тұрғындары бір-бірінен айтарлықтай өзгешеленді. Мыңдаған мигрант пен қала қонақтары Селевкид қалаларына ағылғанына қарамастан, тұрғындардың басым бөлігін жергілікті халық құрады. Үлкен қалаларға келіп-кетіп жүрген, әр тілде сөйлеген сарбаздар, саудагерлер, қолөнершілер және ғұламалардан тұрған халық ағыны толастамады. Бұл жердегі күнделікті қоғам жайлы біліміміз мардымсыз. Олардың кейбірінде тек бір ұлт қана қоныс тепкен аудандар сияқты ерекшеліктері болған шығар, бірақ кейінгі жылдары археологияда әртүрлі тілде сөйлеген қауымдардың бір-бірінен оқшаулана өмір сүргенін айғақтайтын деректер табылмады. Тигрдің шығысындағы Сузада жүргізген қазба жұмыстары барысында гректер мен басқа топтар қоныстанған үйлер бір-бірімен қатар орналасқаны анықталды, ал бұл шығу тегі әртүрлі адамдар күнделікті өмірде емін-еркін араласқанын білдіреді.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

ІІ Арсиноя патшайым: Птолемейлер Мысырының билеушісі

ІІ Арсиноя мысырлықтарға тән кейіпте тұрғанымен, шашын гректерше сәндеген

Жоғарғы абыз және құдай, қос билеушінің бірі ІІ Арсиноя патшайым – Мысырдың ұзаққа созылған әулеттік тарихындағы ең құдіретті әйел патшайымдардың бірі. Ол Ұлы Александр қайтыс болғаннан кейін Птолемейлер әулетінің негізін қалаған македондық қолбасшы І Птолемейдің қызы болатын. Б.з.д. 300 жылдар шамасында он бес, он алты жасар Арсинояны әкесі Босфор бұғазының екі жағын билеген алпыс бір жастағы Лисимах патшаға беру жайлы саяси мәмілеге келді. Ерлі-зайыптылардың бірінен кейін бірі туған үш ұлы болды, алайда патшалықты мұралану ретіне келгенде Лисимахтың бұрынғы некесінен туған Агафоклдың жолы үлкенірек еді. Ұлының, сол арқылы өзінің де саяси позициясын жақсартуға талпынған Арсиноя Агафоклға әкесіне қастандық ойластырды деген айып тағады. Нәтижесінде, Лисимах оны жазаға тартуды бұйырады, бұл қиянаттың арты алапат көтерілістерге ұласты. Б.з.д. 281 жылы өлім жазасынан кейін бір жыл өтпей-ақ, қартайған Лисимах Парсы империясының билеушісі Селевке қарсы шайқаста қайтыс болды. Күйеуінен айырылған Арсиноя Македонияға қашып келді. Мұнда ол екінші рет некелесуге бел буды, бұл жолғы жары, қандас бауыры – Птолемей Керавн еді. Гректер бір атадан туғандар арасындағы некені азғындық деп санады, бірақ Арсиноя мен оның жұбайы билеуші әулет өкілдерінің бір-бірімен үйленуі дәстүрге айналған мысырлық жолмен жүрді. «Қайтыс болған Лисимах жерінің бір бөлігін басып алып, Арсинояның ұлдарын өгей балалары ретінде мұрагерлер қатарына қосамын» деп ант-су ішкен Птолемей Керавн сөзінде тұрмады. Арсинояның балалары өз билігіне қауіп төндіруі мүмкін деп оның екі кіші ұлын өлтірді, үлкені қашып құтылды. Арсиноя тағы да қашып Мысырға келді, осы кезде сол елде патша болған туған бауыры ІІ Птолемейден (б.з.д. 282–246 жылдары билік құрды) қорғаныш тапты.

Арсиноя көп уақыт өткізбей-ақ есін жинап, билік үшін таласа бастады. Ол ІІ Птолемейді әйелі оның сыртынан қастандық ойластырып жүр деп, айдауға жіберуге көндіруге тырысты. Птолемей келісіп қана қоймай, Арсинояны жаңа патшайым деп те жариялады. Осы күнге дейін жеткен жазбалар мен бейнелердегі деректерден ол бауыры әрі күйеуі болған адаммен бес не алты жыл ғана тең дәрежеде ел басқарғанын білеміз, тіпті бауырына қарағанда белсендірек билік жүргізген деп те топшылауға болатындай. Ғалымдардың пікірінше, ол Сириядағы жерді бақылауда ұстау үшін Селевкид билеушілеріне қарсы соғыстағы Мысырдың жеңісті стратегиясын түзету көмектесуі мүмкін. Мысыр теңіз флотының дамуына да ықпалы болған тәрізді. Бір тиындарда бауырымен, ал бір тиындарда жеке-дара бейнеленуі оның басқарушы мәртебесін меңзейді.

Ол б.з.д. 270 жылдар төңірегінде қайтыс болды, бірақ осы уақытқа дейін шамамен қырық бес жасқа келген Арсиноя Мысыр билеушілері арасында қалыпқа айналған дәстүрге сай өз культінің абызы ғана болып қоймай, көзі тірісінде және одан кейін де ұзақ жылдар бойы адамдар сыйынған құдайға айналды. Александрияда оған ғаламат ғибадатхана тұрғызды, Грекияда оның есімімен қалалар аталды.

Ежелгі және қазіргі заман тарихшылары Арсинояны залым әрі билікқұмар адам ретінде көрсетеді, ал бұл эллиндік дәуір билеушілері арасында сирек кездесетін мінез еді. Қысқа билігі тұсында оның зор саяси ықпалға ие болғаны сөзсіз және одан кейін Птолемейлерден шыққан мансапқор патшайымдарға үлгі де болды. Мысалы, Птолемейлердің соңғы билеушісі VІІ Клеопатра (б.з.д. 51–30 жылдары билік құрды) Арсинояның тәжін өзінікіндей қабылдады.

Сыни пайым

Бауырымен бірге тақта отырған уақытта қол астындағы халықты өзіне құдай ретінде табынуға итермелеу арқылы Арсиноя қандай саяси артықшылықтарға қол жеткізуі мүмкін еді?

Птолемейлер жаңа қалалар салды, б.з.д. ІІІ ғасырда Ніл атырауындағы Александрияны Афроеуразиядағы ең зәулім метрополияға айналдырды. Қала халық саны, байлығы және ақыл-ой жетістігінің шоғырлануы жағынан басқа эллиндік орталықтарды басып озды. Осында тұрған грек және македон элитасының өкілдері жартылай грек, жартылай мысырлық сән-салтанаты тасыған өмір салтын қабылдады. Қалаларға түрлі ұлт саудагерлері ұмтылды, олар билеуші тапқа сән-салтанат бұйымдарын ұсыну арқылы ақша тапты. Эллиндік элита өздерін Мысыр ішіндегі емес, оның жанындағы гректік Эгей теңізі аймағының алдыңғы шебі деп есептегенді жөн көрді. Шын мәнінде, халықтың негізгі бөлігін байырғы мысырлықтар құрады.

Афроеуразия жеріндегі қалалық қоғамдарда ерлер үстемдік еткендей, эллиндік қалалардағы қоғамдық өмір патриархаттық сипатқа ие болды. Дегенмен еркеккіндік туыстардан тұратын қырағы күзетшілері әйелдерді үй маңынан ұзатпай ұстаған б.з.д. V ғасырдағы Афинамен салыстырғанда үлкенірек қалалардың жанданған, бейтарап ортасында жоғарғы тапқа жататын әйелдер жеке мүдделерін көздеуде белгілі бір дәрежеде еркіндік таныта алғанын дәлелдейтін деректер бар. Эллиндік замандағы элитаға жатқан әйел сауда және қаржы шаруасына бұрынғыға қарағанда ашық араласты, білім қуды, ақындық немесе суретшілік жолын таңдаған әйелдер де болды. Мысырдағы Птолемей билеушілері македондық әулетке бөтен қан араластырмау үшін кей кездері өз қарындастары немесе әпкелеріне үйленді. Мәселен, ІІ Арсиноя (б.з.д. 316–270 жылдар) патшайым туған бауыры ІІ Птолемейге (б.з.д. 282–246 жылдары билік құрды) тұрмысқа шығып, бес немесе алты жыл бойы елді бірге биледі.

Эллиндік – грек тілі мен мәдениетінің Оңтүстік-Батыс Азия, Ніл алқабы, Жерорта теңізінің батысы мен Қара теңіз аймағы халықтарының тілдік және мәдени формаларымен өзара араласуына қатысты айтылады.

Мәдени бағыттар

Эллиндік мемлекеттердің қуаты, қалалардың көбеюі, алыс аймақтармен сауданың ұлғаюы Жерорта теңізінен Үндістанға дейінгі этникалық тегі және тілі әртүрлі халықтар арасындағы мәдени қарым-қатынастар қарқынын жылдамдатты. Б.з.д. VІ ғасырға таман грек тілі, сонымен қатар діни, саяси, әдеби және көркемөнер идеялары Оңтүстік-Батыс Азияға жетті. Александр жорықтарынан кейін бұл идеялар мен стильдер олар жайлы бейхабар өзге халықтардың санасына күтпеген жерден таңылды. Жаулаушылар және олардың мұрагерлері эллиндік мәдениет аралдары кейпінде қалалар салды, бұл осы орталықтарға өркениет әкелу үшін грек саудагерлері, қолөнершілері, сәулетшілері, ғұламалары, ақындары мен музыканттарының келуін қажет ететін ауқымды жоба болды.

Б.з.д. ІІІ ғасырда Оңтүстік-Батыс Азияда саяхаттаған адамның қасынан грек тілінде сөйлеген серік табылар еді. Койне (ортақ тіл) – эллиндік әлемде қалыптасқан, грек-македондықтар үстем болған барлық қоғамдарда сауда, келісім және зияткерлік әңгімелердің негізгі тіліне айналған, басқа тілдердің, әсіресе семит тілдерінің сөздік қорын бойына сіңірген грек тілінің диалектісі. Парсы империясындағы арамей тілі сияқты койне мәдени және тілдік шекаралардағы дипломатия мен іскерлікке жағдай жасайтын лингва-франка міндетін атқарды. Оңтүстік-Батыс Азияда саяхаттаған адам Афинаны елестететін ғибадатханалар мен үйлерді, Эгей аймағында суретпен безендірген қыш ыдыстарды, грек мүсіндерін, грек мәнерінде салған амфитеатрларда гректердің қойған қойылымын, грекше жазуы бар және грек билеушілері мен құдайлары бейнеленген күміс және алтын тиындар мен үлгілерді байқар еді.

Грек-македондық билеушілердің қол астында өмір сүрген жергілікті адамдар эллиндік мәдениетті қалай қабылдағанын түсіну өте қиын. Грек өмір салтын шағын ғана топтардың толық қабылдағаны анық. Олардың қатарына жергілікті элиталар кірді. Әсіресе беделді адамдардың көзтартар ортасына қосылу мүмкіндіктерін жақсарту үшін грек әдеті мен стиліне әдейі еліктеп, саясат баспалдағымен көтерілушілер қатары көп еді. Сондай-ақ грек-македондық әскер ардагерлері мен қалада қоныстанған ер адамдар алысқа қоныс аударғанда жеке байланыстарынан қол үзді. Керісінше, олар жергілікті әйелдерге үйленіп, осы аралас некелерден туған балалар грек есімдерін алып, грекше сөйледі және эллиндік мәдени ортада өсті.

ЭЛЛИНДІК ФИЛОСОФИЯ

Философиялық мектептер

Басты идеясы

Басты ойшылдары

Нақыл сөздері

Қатысты сөздердің қазіргі қолданысы

Цинизм (кинизм)

(циниктер)

Адамдар материалдық меншіктерден, қоғамдық байланыстардан және ләззат алуға ұмтылудан бас тарту мақсатында еркіндік пен сенімді іздеуі керек

Антисфен (б.з.д. 350 жылы қайтыс болған)

Синоптық Диоген (б.з.д. 323 жылы қайтыс болған)

«Өзіме көңілім толғанша, есімнен адасқаным жақсы»

Антисфен

Циник – адам ынтасына, шынайылығына немесе адалдығына күмәнданатын адам

Эпикурлық

(эпикурлықтар)

Шынайылықтың мәні немесе құрылымы жоқ, сондықтан адам адал достар арасында сабырлы, ұстамды болу мен қарапайымдыққа негізделген рақатқа жету арқылы қиналмауға тырысу керек

Эпикур (б.з.д. 271 жылы қайтыс болған)

«Рақаттану – бақытты өмірдің басы мен аяғы»

Эпикур

Эпикурлықтар: негізінен тамақтан және сусыннан ләззат алатын адам

Стоицизм

(Стоиктер)

Адамдар табиғат тағайындаған рөлді қабылдауға міндетті. Ләззат та, азап та керек емес, табиғатпен үйлесімді өмір сүру арқылы ғана адамгершілік жолына түсесің

Китилік Зенон (б.з.д. 262 жылы қайтыс болған)

«Адами табиғатымыз әлемдік табиғаттың бір бөлігі. Сондықтан, басты игілік – табиғатпен үйлесе өмір сүру»

Зенон, Диогеннен Лаерттік кейін (б.з. ІІІ ғасырдағы биограф)

Стоик: қиындықты немесе қайғыны еш шағымсыз немесе жеке сезімдерін паш етпей көтере алатын адам

Философтар мен ғалымдар. Эллиндік қалалардың сауатты тұрғындары Сократ, Платон, Аристотель және басқа да грек ойшылдарының айтқан сөздерімен таныс болғанға ұқсайды. Мысалы, археологтар Ауғанстандағы Ай-ханум сияқты Афинадан шалғайда жатқан қаладан Аристотельдің философиясы жайлы жазылған трактаттардың материалдық қалдықтарын тапты. Екінші жағынан алғанда, эллиндік кезең қоғамдық қозғалыс, сауданың абыр-сабыры көп және авторитарлық билік сияқты белгілер тән қалалардағы тыныш әрі тұрақты өмір сүру мәселесіне қатысты жаңа философиялық қозғалыстарға серпін берді. Цинизм (кинизм), эпикурлық және стоицизм – осы қозғалыстарға жатты. Олардың бәрі болашағы болжаусыз әрі шым-шытырық дүниеде тыныштық табу үшін адамдардың этикалық таңдауын назарда ұстады. Олардың бәрі өмір сүру өнерінің лайықты бағдары ретінде адам ақыл-ойын мадақтады. Негізін қалаушылардың бәрі Афинада тұрып, осы қалада еңбектенгенімен, бұл мектептер ауқымды эллиндік дүниеден ізбасарлар тапты.

Математика, физика және астрономияны зерттеген эллиндік зияткерлер әлем құрылысын түсіндіретін негізгі теорияларды қалыптастыруға болады деген тұрғыда еңбектенді. Олар жай ғана болжам жасамай, Аристотель сияқты бақылау жүргізді, өлшемдер жасады және жүйеледі. Олардың кейбір жаңалықтары замандарынан озды. Мысалы, Аристарх (б.з.д. 230 жылдар шамасында қайтыс болған) жер өз осінде, сонымен қатар күнді де айнала қозғалатын гелиоцентристік күн жүйесі туралы ұсыныс айтты, ал әлем жұртшылығы бұл теорияны тек екі мың жылдан кейін ғана қабылдады. Эратосфен (б.з.д. 195 жылдар шамасында қайтыс болған) өте шебер ойластырылған геометриялық тәсіл арқылы жердің радиусын есептеп шығарды және нысан белгіден небәрі 15 миль жерде ғана орналасты. эвклид (б.з.д. 270 жылдар шамасында қайтыс болған) геометрия білімін жинақтады, оның аксиомалары мен теоремалары бүгінгі мектептерде оқытылады. Архимед (б.з.д. 212 жылы қайтыс болған) алғашқы болып цилиндрлер мен сфералар геометриясын жасады және оған дейінгі ғұламаларға қарағанда пи өлшемін аса дәлдікпен есептеп шығарады. Ол суландыру жүйесін бір деңгейден екінші деңгейге көтеретін құрылғы ойлап тапқаны жайлы да айтқан болатын.

Б.з.д. ІV–ІІІ ғасырларда Афина ақыл-ой жандан­уының орталығы болып қала берді, Пергам мен Жерорта теңізінің Родос аралында білім алудың жаңа орталықтары гүлденді. Алыс-жақын аймақтың зияткерлері Мысырдағы Александрияға ұмтылды. Алдыңғы қатарда ғылыми, әдеби және философиялық ізденістер жүргізетін мемлекет қаржыландыратын ой орталығы іспетті музей тұрды. Оның қасынан Птолемейлер жарты миллионға жуық кітаптың басын қосқан, бәлкім, жинақталған, білімнің дүниежүзі бойынша ең ірі шоғыры болған кітапхана салды. Александрия – ең космополиттік қала, былайша айтқанда, «әлем қаласы» болғаны даусыз, оны мекендеген әртүрлі халық және көзі ашық адамдар тобының философиялық, ғылыми және эстетикалық идеялары басқа қалаларда шашырап жатқан пікірлес адамдардың да ойынан шықты.

Исиданы мысырлықтар мен гректердің бейнелеуі. Исида құдай табиғатпен, сиқырмен байланысты, адамдар оған мінсіз ана және жар ретінде сыйынды. Сол жақтағы б.з.д. ІV ғасырға жататын мысырлық мазар қабырғасында Исида бір қолына мәңгілік өмір символы болған – анк, екінші қолына үстемдік белгісі – скипетр ұстап бейнеленген. Оң жақтағы б.з.д. ІІ–І ғасырларға жататын мүсінде эллиндік Исида қолына грек ұғымында құнарлылық символы болған молшылық мүйізімен бейнеленген. Екі бейнедегі қандай көркем элементтерді нақты грек немесе мысырлық нақышқа тән деп айтуға болады?

Мәдени ағымдар тоғысы. Грек тілі мен мәдениетті формаларының Афинадан мыңдаған миль қашықтықта да ықпалға ие болғанына қарамастан, олар әсер еткен алып аймақ күрделі мәдени иірім орталығы болып қала берді. Койне грек тілі бірте- бірте Анадолыдағы үстем тілге айналғанымен, Сирия мен Мысырда ондай деңгейге көтеріле алмады. Селевкид иелігінде арамей тілі грек тілі сияқты басқару мен саудадағы маңызын жоғалтпады. Эллиндік белдеуде грек мәдениетіне қатысы жоқ мәдени пішіндер де маңызға ие болды. Мысалы, сыртта жүрген грек-македондықтар мысыр және парсы құдайларын ұқсас қасиеттерге ие эллиндік құдайлармен астастыра отырып, өз пантеондарына қабылдады. Квази-гректік сипатқа ие болған мысырлық Исида құдай Селевкид жерінде де танымал болды. Исида тәрізді құдайларға сыйыну кей жағдайларда құпия рәсімдер, рухани бауырластық және құдаймен бірігу жолындағы жаттығулардан құралған діни культтерге айналды. Осындай мистикалық діндердің бірнешеуі эллиндік дүниеде кең тарап, барлық тап өкілдерінің арасында танымал болды. Бай эллиндік отбасылардың талғамы Оңтүстік Азиядан шыққан күңдерге түсті. Бұл күңдердің шығу тегі мен бет-келбетінің таңсықтығына орай, бай-бағландардың үй және жатын бөлме қызметшілері ретіндегі олардың құны жоғары болды.

Оңтүстік-Батыс Азия және Жерорта теңізінің шығыс аймағындағы еврей қауымдары б.з.д. ІV–ІІ ғасырларда да көбейе түсті. Александриядағы еврейлердің саны 180 мыңға дейін жетіп, қала тұрғындарының үштен бірін құрады. Мыңдаған адам иврит немесе арамей тілінен гөрі, бірінші тіл ретінде грек тілін үйренді. Еврей зияткерлері діни, философиялық және драмалық әдебиеттің біршама бөлігін осы тілде жазды. Б.з.д. ІІІ ғасырда ІІ Птолемей еврей Қасиетті жазбаларын грек тіліне аударуға қаржы бөлді, ол еңбек «Септуагинта» (Septuagіnt) деген атпен белгілі болды. Ивритті ұмытқан грек тілдес еврейлерге осы басылым қажет еді, ал ұлтқа жатпайтындар еврей сенімімен, жоралғыларымен танысуға зор мүмкіндік алды. Екінші жағынан, еврейлер эллиндік мәдениетке қарсылық танытты немесе онымен ешқандай байланыс жасамады, мұндай жағдай, әсіресе Иерусалим мен оның төңірегінде байқалды. Кейбір көзі ашық еврейлер грек философтарының ойларынан сусындағанымен, бір құдайға сыйынушылар ретінде Олимп тауындағы құдайлармен шаруасы болмады.

Үндістандағы буддизм және Маурия империясы

ОЙЛАН: Б.з.д. V–ІІІ ғасырлардағы Оңтүстік Азияның көбейіп келе жатқан халқы арасында буддалық сенімдер мен жоралғылардың жетістікке жетуіне қандай жағдайлар әсер етті?

Оңтүстік Азияның біраз бөлігін біріктірген алғашқы мемлекет Селевкидтер және Птолемейлер империясымен шамамен бір уақытта пайда болды. Б.з.д. 321 жылы, Александр қазасынан екі жыл өткен соң, жас қолбасшы Чандрагупта Ганг өзені бойындағы патшалықтардың ең қуаттысы болған Магадханы басып алды. Көрші мемлекеттерді бағындырған соң Инд өзеніне қарай бет алып, б.з.д. 303 жылдар төңірегінде грек-македондық басқыншыларды жеңіп, оларды Үндістанның солтүстік-батыс аймағының басым бөлігінен ығыстырып шығарды. Чандрагуптаның немересі әрі Маурия әулетінен шыққан үшінші билеуші Ашока Үндістанның біраз бөлігін бағындырып (6.4-картаны қараңыз), адами құндылықтар принциптеріне негізделген, тиімді басқарылатын әрі тәртіпке бағынатын орталықтанған мемлекет құруға тырысты. Ол бұл өсиеттерді дәл осы уақытта әйгілі діни қозғалыс ретінде Үндістанда пайда болған буддизм ілімінен алды.

Буддизм негіздері

Брахманизм б.з.д. екінші мыңжылдықта Үндістанның солтүстігі мен орталығында тамыр жайғанын 5-тараудан білеміз. Брахманизм – метафизикалық идеялар, киелі құрбандық пен әлеуметтік ережелердің күрделі өрнегі тәрізді. Оның рухани кеңістігі бұл дүниенің қасіреті мен қайта өмірге келудің үздіксіз циклінен құтылуға үміт сыйлады. Брахманизм – көп құдайға сыйынуды біріктірді (басты құдайлары – Шива мен Вишну), бұл құдайлар әлемінің тылсын болмысы – Брахманың жердегі көріністері. Осы көпқырлы дін әр аймақта өзгешеленетін күнделікті рәсімдер арқылы адамға рухани тұрақ берді.

Брахмандар немесе артықшылықтарға ие абыздар табының ер мүшелері барлық әлеуметтік топтардың, соның ішінде билеуші жауынгер әулеттерінің де діни, қоғамдық әрекеттерін анықтауға және реттеуге ұмтылды. Ғұрыптық күштері бекіген сайын брахмандар рухани тазарудан үмітті қарапайым халықтың ұмтылысын елемеуді әдетке айналдырды. Оның орнына, жануарларды құрбандыққа шалу мен магиялық рәсімдерді жөнге келтірумен айналысты, олар әлемнің амандығы осыларға тәуелді деуден айнымады. Ғұрыптық тазару баспалдағы арқылы брахман дәрежесіне жеткен төменгі топ өкілдері ғана құтыла алды, бұл үдеріс барысында адам бірталай рет, бәлкім, мыңыншы рет қайта өмірге келу керек еді. Тазарақ кармаға ие болу – осы жолда жетістікке жетудің белгісі, оның мәні алдыңғы өмірдегі жақсы амалдар адамның осы өмірдегі мәртебесін анықтайды. Ал брахмандар үшін жақсы амалдар – рәсімдерді мұқият қадағалау мен қазір касталар деп аталатын әлеуметтік таптарды кәсіп, қоғамдық қатынастар, неке және физикалық байланыстар мәселесінде бір-бірінен ерекшелейтін ережелерді мүлтіксіз қабылдау.

Санчидегі үлкен ступа. Будда қайтыс болған соң, дәстүрге сай, оның күлге айналған қалдықтарын топырақтан үйген сегіз қорғанға немесе ступаға қойды. Кейін Ашока император күлді 60 мыңнан асатын ступаға қайта бөлді. Күлдің кейбір қалдықтары мен Буддадан қалған басқа да жәдігерлерді орналастыру үшін Ашока зәулім ступалар тұрғызды, оның қатарына алғашқы киелі орындардың атақтысы, Үндістанның орталығында орналасқан Санчидегі ступа да жатады. Зиярат етушілер төрт қақпаның бірі арқылы ступаның тас қоршауына кіріп, Будданың дүниеден кету жолын қайталайды. Содан кейін олар шаңырағы ғарыш күмбезін елестететін шеңбер құрылысты сағат тілімен айнала жүреді.

Будданың өсиеті. Брахмандар ақсүйек жауынгерлермен (кшатрилер табы) бірлесе әлеуметтік теңсіздік иерархиясын сақтап қалуға әрекеттенген тұста ұстаздар мен уағызшылар адами құндылықтар жолымен өмір сүрудің және рухани тазарудың кей жағдайда брахмандар догматизмін сынға алатын басқа жолын ұсынды. Осындай әулиелердің бірінің соңынан ерген шәкірттеріне Будда немесе «Көкірегі ояу» деген есімдермен белгілі Сиддхартха Гаутама (б.з.д. 563–483 жылдар төңірегінде өмір сүрген) болатын. Ол қазіргі Непал жерінде, кшатрилер отбасында дүниеге келген. Бұ дүниенің рақаты мен ләззатынан баз кешіп, рухани толығу жолын таңдаған ол отбасы байлығы мен билігінен бас тартты. Барған сайын көбейе түскен ізбасарларын ерткен ол адами құндылықтар арқылы жаңару жайлы өсиет айтып, қасірет шегу арқылы еркіндікке жету мүмкіндігі жайлы уағыз жүргізді.

Будданың ілімі барлық адамдар дұрыс өмірі үшін өздері жауапты, дұрыс өмір – ғұрыптарды орындау ғана емес, материалдық құмарлықтан, ашкөздіктен, адамды бейнет пен азаптың құлына айналдыратын бүкіл әрекеттерден бас тарту дейді. Ең танымал насихатында ол төрт асыл ақиқатты паш етеді: біріншісі, фәни дүние – қасіретке толы; екіншісі, бұл қасірет – өткінші дүние мен құлшыныстарға құмарлығымыздың нәтижесі; үшіншісі, қасіреттен құтылатын жол – құмарлықтан бас тарту; төртіншісі, әрекет етудің жалғыз амалы – өнегелі, әдепті және толғанысқа толы «Сегіз игілік жолымен» (Eіghfold Path) жүру. Осы міндеткерлікке ахимса (uh-HІM-suh) немесе барлық тіршілік иелері киелі және ғарыш арқылы бір-бірімен байланысты, яғни оларға қиянат жасамау деген принципке негізделген тұжырымы кірді. «Сегіз игілік жолының» соңында адамның «мені» өшетін, соның салдарынан қайта туу мен қасірет шеңберінен құтылатын шексіз, сипаттауға келмейтін жағдай – нирвана жатыр. Тарихшылар б.з.д. V ғасырда дамыған Будда ілімі мен космоспен үйлесімде өмір сүрудің мораль үлгісін ұсынған эллиндік философиялық ойлар арасында ұқсастықтар байқады.

Будда қайтыс болғаннан кейін біраз уақыт өткен соң барып хатқа түскен Будданың сөздері мен әрекеттері брахмандық дәстүрге қайшы келмей, керісінше, одан бастау алды. Ол қайта туу (өмірге келу) мен карманы құптады, таптардың қатаң иерархиясына қарсы әлеуметтік революция жасауды уағыздамады. Ол карманы ғұрыптардың дұрыс орындалуымен емес, күнделікті дұрыс өмір сүрумен байланыстырды. Барлық әлеуметтік сатылардағы адамдар «Сегіз игілік жолының» талаптарын орындаған жағдайда қасіреттен құтыла алатын еді. Алайда ізденіс жан-тәнмен берілуді қажет етті.

Будда дүниеден өткеннен кейінгі ғасырларда негізінен оқшау қауымдар немесе монастырьлар да жандана бастады. Бұл жерде еңбектену, медитация жасау және қайырымдылық жұмыстарымен айналысу мақсатында діндарлар жиналды. Бұ дүниеде қалған адамдар монастырьларға бару және оларға материалдық көмек беру арқылы буддизмге қосылды. Брахманизм әйел затының қоғамдағы рөлі зор дегенімен, әйелдер жаратылысынан төменгі сатыда әрі ер адамды рәсімдік тұрғыда ластайды деп есептеді. Дегенмен бірқатар талқылаудан кейін Будда әйелдар ер адаммен қатар нирванаға жете алатынын және оларды монастырьларға қабылдауға болатынын мақұлдады. Дей тұрғанмен, ол жыныстар арасындағы теңдікті уағыздамады және Тибеттен басқа жерде әйел монастырі ешқашан тамыр жаймады. Археологиялық деректерге сүйенсек, б.з.д. V–ІІІ ғасырлар аралығында Будда немесе басқа да әулиелермен байланысты қасиетті жәдігерлер қойған буддалық құрылыстар – ступалар Үндістанның солтүстігінде көбейді. Маурия империясы құрылған уақытта буддалық жоралғылар субконтиненттің басым бөлігіндегі қалалық саудагерлер қауымы мен кәсіппен айналысатын таптар арасында кеңінен тарап үлгерді.

Жайнизм. Будда заманындағы Үндістанда философиялық ой мектептері өркендеді, бірақ осылардың ішіндегі жайнизм (JEYEN-іsm, санскрит тілінде «әулие» деген сөз) ғана маңызды діни қозғалыс ретінде қазіргі заманға дейін жетті. Оның негізін қалаған Махавира («Ұлы қаһарман», б.з.д. 540–468 жылдар төңірегінде өмір сүрген) әскери кастаға жататын отбасынан шыққан тобын тастап, Будда сияқты ілім іздеу жолына түседі. Осы екі ұлағатты жандардың іліміне сай, менмендікке негізделген материалдық заттарға құмарлық – адамның тазару жолына, яғни рухани ләззатқа жетуге кедергі. Буддаға қарағанда Махавира ұсынған баз кешу өмір салтының қатаңдығы сонша, тақуалардың тақуасы ғана оның талаптарын орындай алды. Жайн монастырьлары мүшелеріне жеке мүлік иеленуге, жыныстық қатынастарға түсуге және тіршілік иесін өлтіруге тыйым салды. Тақуалар бір жерге отыру алдында жәндіктерді сыпырып тастау үшін сыпыртқыларын ала жүрді, астықтарын жинау үшін монастырь сыртындағы адамдарды жалдады, себебі олар бұл жұмысты, былайша айтқанда, ең кішкентай жануарларды өлтірмей атқара алмайтын еді. Махавира жалаңаш жүріп, өлердей ашығу арқылы ең жоғарғы стандартты өзі қалыптастырып кетті. Буддалық ілімге қарағанда, жайнизм қазіргі заманға дейін Оңтүстік Азиядан тысқары жерге тарамады. Ал осы жерде ол индуизмнің бір сектасы ретінде аса маңызды діни топ дәрежесіне жетті.

Арыстан капитель бағанасы. Ашока император бұл бағананы Будда өсиетін соңғы рет уағыздаған күнді ұлықтау мақсатында Ганг өзенінің солтүстігіндегі Вайшали қаласында тұрғызған. Патша белгісі ретінде арыстан бейнесінің пайдаланылуы Ашока билеген Үндістандағы парсы мәдениетінің ықпалын көрсетеді.

Деректерді САРАЛАУ

Ашока императордың тасқа қашалған жарлықтары

Ашока император тас жарлықтарын кейін қолданыстан шығып қалған оңтүстік азиялық нұсқада жазған. Кейінгі ұрпақ бұл жазбалар жайлы білсе де, мәтінді оқи алмады. Оның орнына, адамдар тас белгілердің айтқысы келгені жайлы ауызекі аңыз таратты. Осы аңыздарға сай, Ашока адамдар немесе оқиғаларды мадақтау мақсатында тастардан маңызды буддалық нысандар тұрғызған, олардың қасынан өткен зиярат етушілер осы орынның маңызды екенін ұғатын. Буддизм Үндістан жерінде бірнеше ғасыр бойы ықпалы әлсірегендіктен, адамдар Ашока мен тас жазбалар арасындағы байланысты ұмытты.

Тек 1837 жылы британ ғалымы Джеймс Принсеп ежелгі жазбаның кілтін тауып, жарлықтарды оқыды. Осыдан кейін ғана бұл тақырып жайлы белгілі болды. Принсеп жарлық авторы Ашока екенін аңғармады, себебі император белгілі болған жазбаларда өзі жайлы Құдайдың сүйіктісі деп қана сөйледі. Басқа ғалымдар жарлықтар Ашокаға тиесілі болғаны жайлы болжам жасағанымен, 1915 жылы императордың есімі жазылған жазба табылғаннан кейін ғана болжам расталды.

Мына жазбалар Ашока әділетті басқару мен буддалық құндылықтарды империяға тарату жолдарын түсіндіруге тырысқан тас жарлықтардың қысқаша үзіндісі ғана.

БІРІНШІ ТАС ЖАРЛЫҚ

Бұрындары, Құдайлардың сүйіктісінің асханасында... күн сайын карри дайындау үшін жүз мыңдаған жануарды өлтірді. Ал қазір Дхамма жарлығы жазылғаннан кейін тек үш тіршілік иесін – екі тауыс пен бұғыны ғана сойды, оның өзінде бұғыны күн сайын соймады. Уақыт өте бұл үшеуін де соймайтын болады.

БЕСІНШІ ТАС ЖАРЛЫҚ

Бұрындары дхамма махаматралары болмады [адамдардың рухани және материалдық қажеттіліктерінің қамын ойлайтын шенділер], бірақ таққа отырғаннан кейін он үш жыл өткеннен соң осындай шенділерді тағайындадым. Қазір олар барлық діндер арасында дхамманы негіздеу, дхамманы тарату және өмірін дхаммаға бағыштағандардың амандығы мен бақыты үшін қызмет етіп жүр. Олар гректер, камбоджилер, гандхаралар, растрикалар, питиникалар және батыс шекаралардағы басқа да халықтар ішінде еңбектенуде. Олар сарбаздар, көсемдер, брахмандар, үй иелері, кедейлер, қарттар мен дхаммаға өмірін арнағандар арасында солардың амандығы мен бақыты үшін жұмыс істейді. Сондықтан олар алаңдамасын. Олар (дхамма махаматралары) қамауда отырғандарға дұрыс күтім болу үшін, оларды бұғаудан босату үшін әрекет етті, махаматралар «Мұның асырауына мұқтаж отбасы бар», «Мынау – дуаланған», «Мынау – кәрі» деп ойласа, ондай тұтқындарды босату жолында әрекет етті. Олар осында, шалғай қалаларда, бауырларыма, әпке-қарындастарыма тиесілі әйелдер аудандарында, басқа туыстарымның арасында жұмыс істеді. Олар барлық жерде қызмет етіп жүр.

АЛТЫНШЫ ТАС ЖАРЛЫҚ

Құдайлардың сүйіктісі... сөйлейді: Бұрынғы уақытта мемлекеттік кәсіпкерлік жұмыстарды дұрыс істемей, патшаға есепті баяндама уақытымен жеткізілмеді. Енді осылай жарлық еттім, кез келген уақытта, мейлі тамақтанып отырсам да, әйелдер жатағында, жатын бөлмеде, ат арбада, зембілде, саябақта немесе басқа жақта болсам да жаршылар халықтың шаруасы жайлы маған дереу хабар берсін деген нұсқау алды. Қайда жүрсем де осы шаруалармен айналыса аламын. Садақа немесе жолдауға қатысты ауызша не бұйырсам да немесе махаматралар басына шұғыл шаруа түссе, Кеңесте келіспеумен дау-дамай туындаса, міндетті түрде бірден хабардар болуым керек. Осыны бұйырдым. Қанша күш салсам да тындырған шаруаларыма разы емеспін. Расымен, барлығының игілігі – менің парызым, бұл үшін ыждағаттылықпен шаруаларды шұғыл тындыра білуім керек. Барлық адамдардың игілігі жолында еңбектенуден артық жұмыс жоқ және қандай талпыныс жасасам да, халқымның осы өмірдегі бақыты мен келесі өмірде көкке жетуін қамтамасыз ету үшін барлық тіршілік алдындағы қарызымды өтеуге тырысамын.

Дереккөз: «The Edіcts of Kіng Ashoka», an Englіsh renderіng by Ven. S. Dhammіka (Kandy, Srі Lanka: Buddhіst Publіcatіon Socіety, 1993).

Сыни пайым

Бірінші жарлықтағы үзінді Ашоканың буддизмге өтуі және буддизм оған қалай ықпал еткені жайлы не дейді? Бесінші жарлыққа сай, дхамма махаматралары жұмысында мейірімін қалай көрсетуге тиіс? Олардың күш-жігері әлеуметтік таптар арасындағы кедергіні қалай жеңді? Ашока империядағы жұмыстарды өте шұғыл атқарудың маңызы жайлы жарлықты шығаруына не түрткі болды деп ойлайсыз? Ашока жақсы будда билеушісінің бойында нақты қандай адами қасиеттер болу керек деп есептеді? Ашоканың ел билеуге деген көзқарасын Ұлы Александрдың және басқа грек-македондық билеушілердің көзқарасымен қалай салыстырар едіңіз?

Ашока Маурия билігі

Ертеректегі парсы Ахеменидтерінің бюрократиялық әдістерін қолдана отырып, халқы шамамен елу миллионды құраған империяны басқарған Ашока (б.з.д. 273–232 жылдар) билігі тұсындағы Үндістанда Будда ілімінің ықпалы зор болды. Ганг өзенінің орта тұсындағы алқапта орналасқан Ашоканың астанасы Паталипутраның ұзындығы, деректер бойынша, тоғыз жарым мильді құрап, зор ағаш бекіністермен қорғалған. Император осы жерде дипломатиялық миссияларды қабылдады, сот төрелігін атқарды, салық жүйесін, сауда мен аграрлық шаруашылықты реттейтін лауазымды тұлғалардың жұмысын үйлестірді. Ол билігін автократиялық жаулаушы ретінде бастады, бірақ қанды әскери жорықтар ұйымдастырғанына өкінген тұста жазалау мен жауыздықтан бас тартып, адами құндылықтар билігі философиясын қалыптастырды. Ол мемлекеттік идеологияға будда ілімінен келген дхамманы (немесе дхарма) өзек етіп алды. Император үшін мұның мәні мынада еді: ешкімге қиянат жасамау; саяси салқынқандылық; отбасындағы жарасым; әлеуметтік топтар арасында төзімділік; өмірін империя тұрғындарының амандығы мен өркендеуіне арнау. Ашока үнді әлеуметтік иерархиясын реформалауды мақсат тұтпаса да, қол астындағы халықтың тап және ұлтына қарамастан, әрқайсысына қоғамдық жауапкершілік жүктеді. Оның дхамма концепциясы жайлы біраз білеміз, себебі ол жолдауын халық қоныстанған орталықтар мен саяхатшылар көп жүретін жолдар бойындағы тас пен бағаналарға ойып қалдырды. Тас жарлықтарының бірінде ол өзі жайлы «Құдайлардың сүйіктісі» ретінде үшінші жақтан сөйлей отырып, жаңа жолға түсуіне әкелген оқиғаны сипаттайды:

«Құдайдың сүйіктісі... Таққа отырғаннан сегіз жыл өткеннен кейін Калинганы бағындырды. Жүз елу мың адам жер ауды, жүз мыңын өлтірді және көбі қаза тапты (басқа себептерге байланысты). Калинганы жаулағаннан кейін Құдайлардың сүйіктісінің дхаммада ілімге құштарлық және дхаммаға деген махаббат оянды. Қазір Құдайлардың сүйіктісі Калинганы жаулағанына өте қатты өкінеді»9.

«Құдайдың сүйіктісі» Ашока батыс билеушілері тәрізді адамзатты басқарудағы билігі шексіз деп жариялап, елді әділ басқаруға ант етті. Дегенмен оның өз заманындағы грек-македондық билеушілерден айырмашылығы болды, ол қол астындағы адамдарды төзімді, қайырымды болуға шақырды. Провинцияларға сапар шегіп, адамгершілік туралы Будда ілімін тарату үшін арнайы шенділерді тағайындады. Буддалық ахимса өсиетін атқара бастаған ол жануарларды өлтірмеуді, вегетериандықты насихаттады, брахмандарды қан шығарып, малды құрбандыққа шалуын тоқтатуын үндеді.

Ашоканың философиясы қарқынды экономикалық өзгерістер кезіндегі қоғамдық қайшылықтардан туындаған мәселелерді шешуге бағытталғаны анық. Екі үлкен өзен алқабындағы аграрлық өндіріс ұлғайды. Қалалар қаптады, қолөнершілер темір өңдеу, мақта-мата өнеркәсібі және банк ісі сияқты қалалық өнеркәсіп қатарын ұйымдастыру үшін гильдиялар құрды. Бұл үдеріс қоғамдық қайшылықтарды тереңдеткені даусыз. Саудагерлер мен қолөнершілер өркендегенімен, брахман және жауынгерлер табы оларға төмен тап өкілдері ретінде қарады. Сол себепті, қоғамның табыскер мүшелері әлеуметтік эгалитаризмді ұстанған және тазаруға жарқын үміт сыйлайтын буддалық монастырьларды қамқорлығына алды. Дәл сол себептер негізінде буддизм егіншілер мен қара жұмыс істейтіндерге (шудралар) де назар аударды.

Басқару жүйесінің философиясы болған дхамма Ашокадан кейін көп таралмады, алайда оның ұзақ уақытқа созылған маңызды салдары болды. Бір жағынан, Оңтүстік Азияның байланыс және көлік инфрақұрылымын дамыту арқылы император алдына мақсат етіп қойған әлеуметтік интеграцияға жетуге тырысты. Ол Индтің жоғарғы ағысындағы алқапта орналасқан Таксила қаласынан шығып, Ганг бойындағы Паталипутраға баратын тас жолды жақсартты, оның бойында сапарға шыққандарға пана болатын саялы ағаштар отырғызып, құдықтар қазды, демалыс үйлерін салды. Басқа жолдар арқылы астықты жазықтар мен шалғай оңтүстіктегі тропиктік ормандар арасындағы азық-түлік пен өнімдер айырбасына жағдай жасады. Маурия әулеті тарих сахнасынан кеткеннен кейін де жолдар Оңтүстік Азиядағы сауда және мәдени қарым-қатынастарға септігін тигізді. Ашока дхамманың мақсаты бойынша таптар арасында қоғамдық пәтуа қалыптастырудың жолы ретінде жарлықтарын тас пен бағаналарға қашап қалдырғанға ұқсайды. Бұл хабарламалардың бұқаралық байланыс ретінде қаншалықты тиімді қызмет атқарғаны жайлы еш нәрсе айта алмаймыз, бірақ бізге дейін жеткен жарлықтар 2300 жыл бұрынғы Үндістандағы өзгерістер жайлы ақпарат беретін өте құнды тарихи дерек саналады.

Ашока билік құрған уақыттың екінші маңызды нәтижесі – буддизм бірнеше ғасыр бойы Үндістандағы ең серпінді діни күшке айналды. Дхаммадағы қағидалар, саудагерлер мен қолөнершілер арасындағы өзгерістер, жақсарған қарым-қатынас желілері діннің таралуын жеңілдетті. Бірнеше ғасыр бойы ғарыштық ақиқат пен тіршіліктің тура жолына қатысты балама дүниетаным ретінде буддизм мен брахманизм арасында табанды бәсеке жүрді. Ашока алыс-жақын аймаққа миссионерлер жіберу арқылы будда ілімін насихаттады. Ежелгі деректерге сүйенсек, ол Цейлон аралына дхамманы тарату үшін ұлын сапарға аттандырып, ол жерде буддизм тамыр жаяды. Солтүстік-батыс аймақтарға аттанған жыршылары дхамманы Ауғанстанға жеткізді. Ауғанның Кандагар қаласы маңынан табылған тас жарлық Маурия мемлекетінің тілі болған пракрит тілінде емес, грекше және арамейше жазылған, осыған қарағанда Ашока батыс халықтарына әдейі үндеу тастаған тәрізді10. Буддизмнің Оңтүстік Азия және одан тысқары жердегі жетістігіне қарамастан жыл сайынғы құрбандық шалу мен қыстақтардағы мерекелердегі брахмандар үстемдігі сол күйі жалғасты. Бірнеше ғасырдан кейін буддизм пайда болған жерде бірте-бірте әлсіреп, келесі тарауларда байқайтынымыздай, Еуразияның басқа аймақтарында таралады.

Қырық екі жыл билік құрған Ашоканың қазасынан кейін дхамма тәжірибесі де күрт тоқтайды. Патшалық құрған мұрагерлерінің бойында оның күш-қуаты мен адамгершілік дүниетанымының нышаны да болмады. Империяның түкпір-түкпірінде көтеріліс бұрқ етіп, империялық бюрократия іріп-шіріді. Небәрі ондаған жыл ішінде Оңтүстік Азиядағы алғашқы әлемдік империя құлады. Келесі алты жүз жыл ішінде Үндістанды біріктіруге талпынған әрекет байқалмады.

Ішкі Еуразиядағы атты әскер мен керуендер

ОЙЛАН: Ішкі Еуразияда б.з.д. 600–200 жылдары болған оқиғалар нәтижесінде Жерорта теңізінен Қытайға дейін созылған тығыз аграрлық қоғамдар қалай өзгерді?

Үндістаннан Жерорта теңізіне дейінгі аумақтағы монархтар, сондай-ақ Қытай билеушілері Ішкі Еуразия халықтарын, Афроеуразия жазығында 5000 мильге жуық атырапты алып жатқан солтүстік жақтағы далаларды, ормандарды, таулар мен шөл далаларды мұқият назарда ұстады. Сан жағынан көбейген сайын Ішкі Еуразияның көшпелі малшылары жергілікті көсемдер басқарған топтардан гөрі саяси жағынан әлдеқайда ауқымды деңгейде ұйымдаса бастады. Осы уақытта аймақтағы сауда да жандана түсті. Шаңы көтерілген жолдар Ішкі Еуразия қоғамдарын бір-бірімен және халқы тығыз қоныстанған, қалалар жайлаған оңтүстік және шығыстағы жерлермен байланыстырды.

Көшпелілердің күш-қуаты

Ішкі Еуразия далаларын мекендеген малшы қауымдар ауқымды туыстық топтарға ұйымдасты, бұл қоғамдық жүйе жыл он екі ай бір жерде тұрақтағаннан гөрі маусым ауысқанға орай жайылымнан жайылымға көшіп жүретін қоғамдар үшін қолайлы келді. Бұл дегеніміз, адамдар әлеуметтік тиістілігін қайда қоныс тепкен тұрғысынан емес, ортақ тегі, әкелері, аталары, бабалары, т.с.с. кім деген мәселе тұрғысынан анықтады. Күнделікті өмірде бір-бірімен араласатын және бірнеше ұрпақ бұрын өмір сүрген бабадан тараған топ атаға бірікті (3-тарауды қараңыз). Аталар негізінен одан да ауқымды әлеуметтік топтарға қауымдасты, жүздеген, тіпті мыңдаған жаннан құралған оларды «ру» деп атасақ та болады. Руды құрған барлық жан өздерін бағзы заманда өмір сүрген бір атадан тарадық деп есептейді. Одан да ауқымды деңгейде алсақ, бірнеше ру тайпаны құрай отырып, бір-бірімен генеологиялық байланысын мойындайды. Тайпа мен руға тиістілік күнделікті өмірде айтарлықтай маңызға ие болмады. Қорғану немесе соғысу үшін көпшілікті жұмылдыру қажет болғанда басшылар осы сатылардағы адамдардың адалдығына жүгінді деген дұрыс шығар.

Скиф жауынгерлері. Грек шеберінің қолынан шыққан мына құты сыртындағы ержүрек екі адам қолдарына ұзын найза ұстаған.

Кейбір деректерден б.з.д. VІІІ ғасырдан бастап рулар мен тайпалар элитаға жататын отбасылар басқарған ірі әскери бірлестіктер құрғаны жайлы мәліметтер кездестіреміз. Салт атты садақшылардың одақтасқан бұл топтар тері мен металдан жасаған, жетілген ат әбзелдері, ер-тоқым (үзеңгісіз болса да), темір, қола қару-жарақ; ең бастысы, жеңіл, бірақ мықты садақ сияқты жаңа технологияларды пайдаланды (5-тараудан қараңыз). Малшы және егінші қауымдар бір-бірімен тұрақты сауда жасап тұрды, алайда кейбір малшы қоғамдар егіншілер қоныстарына, қалаларға, тіпті халқы қалың аграрлық аймақтарға шабуыл жасау ойын іске асыру үшін жеткілікті талқандаушы әлеуетке ие болды. Нәтижесінде, б.з.д. бірінші мыңжылдықта дүниежүзі тарихында бірнеше рет қайталанған оқиға желісі пайда болды: атқа қонған көшпелілер мен олардың отырықшы көршілері арасында тұрақты саяси шиеленіс пен соғыс өрті қайта-қайта тұтанып тұрды.

Ежелгі мәтіндерде Ішкі Еуразияның жауынгер одақтары бірнеше атаумен аталған – скифтер, кимерлер (қималар), сақтар, сарматтар және т.б. б.з.д. VІІІ ғасырдан ат жалында ойнаған топтар Қытайдың солтүстік-батыс шекарасына маза бермеді, келесі ғасырларда киммериялық садақшылар Месопотамияның солтүстігіндегі Ассирия империясына шабуыл жасады. Осы шапқыншылардың ішінен тек скифтер жайлы біршама білеміз. Б.з.д. V ғасырдағы грек тарихшысы Геродот оларды ыждағатты сипаттады, ал археологтар элитаға – ақсүйектер тобына жатқан скифтердің өңделген алтын бұйымдар және басқа бағалы ақыреттік заттарға толы мазарларын ашты. Скифтер Қара теңіздің солтүстік жағындағы Понтий-Каспий далаларын мекендеді, үндіеуропалық тілдердің бірінде немесе бірнешеуінде сөйледі. Б.з.д. VІ ғасырдан бастап скифтер Қара теңізді бойлай орналасқан грек қоныстарымен сауда байланысын орнатып, Жерорта теңізі аймағынан келген заттар мен өнімдер орнына астық, аң терісі, мал, бал және құл саудалады. Ауқатты скиф отбасылары грек шарабы мен зәйтүн майына үйір болды. Кейбір топтар өздері сыйынатын құдайлар қатарына грек құдайларын да қосып, шатырларын грек қыш бұйымдарымен безендірді.

Б.з.д. VІІ ғасыр аяғына таман скиф атты әскері Кавказ тауларынан асып, Сириядан Иранға дейінгі егін алқаптары мен қалаларды тонады. Геродотқа сүйенсек, скиф садақшылары Ассирия мемлекетін түбегейлі күйреткен. Геродоттың хабарлауынша, бұл жауынгерлер адамның басын шабуға үйір болған:

«Бас сүйектерге келсек, жауларының бас сүйектерін, тұтас сүйекті емес, бас сүйектің жоғарғы жағын, маңдайына дейін аралап, сүйектің ішін тазалайды. Кедей скиф бас сүйектің сыртқы бетін өгіздің қайыс терісімен қаптап, сол күйінде пайдаланған. Ауқатты скиф бас сүйекті терімен қаптап, ішін алтынмен аптап, тостаған ретінде қолданған. Скифтер әлдебір туысымен жанжалдасып қалса, патшаларының көзінше бірі қаза болғанша шайқасады. Жеңімпаз жеңілгеннің басын шауып алып, жоғарыда сипаттап өткен әдіспен тостаған жасады. Маңызды қонағына осы бас сүйектерді көрсетіп, олардың бір кездері туысы болғанын, бір-бірімен қалай жауласқанын және оны қалай жеңгенін әңгімелеп берген»11.

Амазонкалар, жаужүрек жауынгер әйелдер жайлы ежелгі аңыздар скифтерден бастау алуы мүмкін. Бір грек жазбасына сенсек, «Олардың әйелдері атқа қонып, садақ атады және ат үстінде отырып найза лақтырады, тұрмыс құрғанша жорықтарда шайқасады»12. Понтий-Каспий даласындағы обалардан сауыт-сайманы түгел әйел қаңқалары табылды.

Аграрлық мемлекеттердің билеушілері малшы басқыншыларға тойтарыс беру керек екенін ақыр аяғында түсінді. Мысалы, Орталық Азия мен Қара теңіздің батысындағы жазықта Ахеменидтер әскері скифтер мен басқа көшпелілерге қарсы басқыншылық жорықтарын ұйымдастырды. Парсылар мол аграрлық қоры мен самсаған әскері бар, қорғандар мен бекіністер салуға қабілеті жететін бір орталыққа бағынған мемлекет жауынгер малшыларға олардың жерінде қарсы шығып, есе қайтаруға шамасы келетінін көрсетті. Б.з.д. бірінші мыңжылдық аяғына таман малшылар одан да ірі әскери одақтар құрудың және оны ұзақ уақыт бойы берік сақтап тұрудың жолдарын ашты.

Ежелгі Жібек жолы

Б.з.д. үшінші мыңжылдықтың аяғынан Орталық Азияда қорғанмен қоршалған шағын қалалар шоғыры бой көтерген кезде Ішкі Еуразиядағы сауда маңызға ие бола бастады (3-тарауды қараңыз). Бұл қалалар сусылдаған жібек, асыл тастар, аң терісі, металл бұйымдар, қыш бұйымдар тәрізді құнды және көлемі шағын заттарды Шығыс Азиядан Батысқа құрлық арқылы тасымалдау орталықтарына айналды. «Жібек жолы» деген қазіргі заманғы атаумен белгілі Ішкі Еуразиядағы жолдың бір-біріне жалғасқан бөліктері бірте-бірте қалыптасты. Оның бірнеше балама бағыттары болды және уақыт өте өзгеріп тұрды. Кейбір заттар өте алыс қашықтықтарға тасымалдануы мүмкін еді. Мысалы, археологтар б.з.д. 1000 жылдар төңірегінде Мысырда өмір сүрген әйел мумиясынан Шығыс Азия жібегінің талшықтарын тапқан.

Жібек жолының алғашқы ғасырларындағы сауданың ұйымдастырылуы жайлы біліміміз таяз. Саудагерлер, жол нұсқаушылар, жүкшілер және қарулы сақшылар шығын мен қатерді бірге көтеріп, діттеген жерге аман-есен жету, тауарларын сатып, пайдаға кенелу үшін уақытша бірлескен тәрізді. Финикиялықтар мен гректер құрған диаспоралар немесе Жерорта теңізі аймағында шашырап жатқан саудагерлер мен сауда өкілдері тәрізді, тілі, мәдени және іскерлік дәстүрі ортақ саудагерлер сауданы оңтайландыру мақсатында бірлестіктерін құрғанға ұқсайды. Сонымен қатар Жібек жолы адамдар арасындағы қарым-қатынастардың тұрақты арнасына айналды, ол материалдық заттармен қатар, жаңа технологиялар, діни ілімдер, көркем стильдер тәрізді «мәдени капиталға» да қатысты еді.

Б.з.д. бірінші мыңжылдықта Жібек жолының бойымен сауда-саттық керуенінің, адамдар көшінің толассыз ағылуының себебі не? Оған Қытай мен Жерорта теңізі аймағы аралығындағы аграрлық елдердегі ауыл шаруашылығы мен қалалардың үздіксіз өсуі себеп болғаны анық. Бұл жағдай жергілікті аймақта өндірілмейтін өнімдерге деген қажеттілікті арттырды. Осы мыңжылдық ішінде Ішкі Еуразия халқы да ұдайы өсті. Оның себебі, салыстырмалы түрде саны көп адамдарға осы құрғақ ендікте тұрақтауға өзен алқаптарындағы егіншілік пен көшпелі малшылықтың маманданған шаруашылығы мүмкіндік берді. Малшы қоғамдардың көбі астық, мал шаруашылығы өнімдерін, металл және аң терісін өздері жасай алмайтын заттарға айырбастау үшін далалармен шекаралас қыстақтар және қалалармен байланыс орнатуға ұмтылды. Бұдан бөлек, сауда Жібек жолы бойымен шығысқа және батысқа қарай ғана жүрмей, солтүстік және оңтүстік бағытта бір-біріне мүлде ұқсамайтын климат және экологиялық белдеулерде де дамыды. Солтүстікте Сібірдің қоңыржай ормандарындағы терімшілер мен аңшылар сауда желісіне қосылып, кейбір жағдайда оңтүстіктегі шалғай қалаларда жасалған бұйымдар орнына малшыларға аң терісін айырбастады. Қысқасы, Ішкі Еуразия керуендер бір өркениеттен екіншісіне жету үшін жүріп өтетін бос жер емес еді. Керісінше, ол өзіне қарағанда халық әлдеқайда тығыз қоныстанған көрші елдерге зор ықпал тигізетін әскери және экономикалық күш-қуаты шоғырланған белгілі аймаққа айналды.

Қорытынды

Ұлы Александр және оның грек-македондық мұрагерлерінің Афроеуразияның біраз бөлігіндегі саяси үстемдігі кейбір жерде екі жүз жылдан, кейбір жерде үш жүз жылдан аспады. Соның өзінде, қарапайым Балқан мемлекеті патшасының жас мұрагері Нілден Инд өзеніне дейін жеткен басқыншылық жорықтарын ұйымдастырғанына таңданбасқа амал жоқ. Б.з.д. бірінші мыңжылдықтың аяғына таман құрлық үстімен жүретін көлік, жол салу, әскерді жабдықтау және қару-жарақ технологиясы жетілді. Бұл мақсаты айқын бағындырушыға ондаған миллионды құрайтын халықты жаулауға мүмкіндік беретін деңгейге жеткенін Александр және оған дейінгі Ахеменид билеушілері мысалынан көреміз. Александрдан кейін келген грек-македондық және үнді билеушілері де қол астындағы миллион халықты ұйымдастыруға, заң алдында жауапқа тартуға және салық жүйесіне бағындыруға болатынын көрсетті. Эллин патшалары мен Маурия билеушілері заманындағы авторитарлық билік ондаған жаңа қала құрылысын, егіншілік пен сауданың кеңеюін қолдады. Ғаламат астаналар байлыққа шаш етектен малшынды, бай-бағландардың азғантай тобы мен қарапайым халық арасындағы тап жіктелісі сол күйі қалды немесе одан әрі шиеленісті. Алыс қашықтықтарды бағындырған қарым-қатынас қарқыны Үндістан мен Жерорта теңізі аралығында үдей түсіп, сондай деңгейге жетпесе де, Жібек жолының қалыптасуы арқылы осы аймақ пен Қытай арасында да дамыды.

Б.з.д. ІІІ ғасыр аяғына таман Афроеуразияның саяси картасы айтарлықтай өзгерді. Шығыста Маурия әулеті ыдырап, келесі алты ғасыр бойы шағын мемлекеттер далалардан келген басқыншылармен шайқаса отырып, Оңтүстік Азиядағы үстемдік үшін бір-бірімен қырқысты. Парсы аумағын билеген грек-македондық билеушілер бара-бара жерлерінен айырылды, олардың кейбірі Ішкі Еуразиядағы салт атты садақшылар жері болатын. Афиналықтар демократияны да енгізуге тырысты, соның нәтижесінде демократия жаңа үрдістен гөрі саяси құбылысқа айналды. Батыста, Римде, Италияның батыс жағындағы қарапайым қала-мемлекет бірте-бірте аймақтық үстемдікке жетті. Шығыста, бірнеше аймақтық патшалықтар арасында ғасырларға созылған бәсекеден кейін Цинь және Хань әулеттері Қытайдың солтүстігі мен орталығының басым бөлігін біріктірді. Алып империялар құрудың жаңа дәуірі басталды.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

7

Алып империялар дәуірі
Б.з.д. 300 – б.з. 300 жылдары
Гоби шөліндегі түйелер, Моңғолия

Түйе бағу – қажыр-қайратты қажет ететін шаруашылық. Түйе жылына бір рет шағылысады және күйті келген безер түйе маңына жолағандарға айбат шегіп, шайнап, теуіп не түкіреді. Бураның шөгуі жайсыз шаруа, сондықтан кей жағдайда түйеші көмегі керек. Қайылған буаз інген он үш айдан кейін боталайды. Інген екі жылда бір рет боталайды. Мұндай жағдайларға қарамастан, б.з.д. үшінші мыңжылдықта шыдамды түйешілер ежелгі дүниеде ең бір жайлы үй жануарын қолға үйретті. Ірі қара, қой, ешкі және жылқымен қоса, түйе де қарқынды егіншілікпен айналысу мүмкін болмаған Афроеуразияның шөлейт аймағында мал шаруашылығын қалыптастыруға жағдай жасады. Түйеші қоғамдарды етпен, сүтпен, терімен және сүйекпен қамтамасыз етті. Құм мен қарда жүруге ыңғайлы кең адымы, құм дауылынан қорғайтын екі қатар кірпігі, екі аптадан да ұзақ мерзім су іздемейтін биологиялық ерекшелігінің арқасында түйе шөлейт жерде адам мен жүк тасымалдауға ең қолайлы жануар түрі болды. Б.з.д. бірінші мыңжылдықта көшпелі малшылар мен саудагерлер Ішкі Еуразияның далаларын, шөлдері мен тауларын кезіп өту үшін бактриан (қос өркешті) түйелерін мініске немесе оларды арбаға жегіп пайдаланды. Үндістанның солтүстігінен Сахара шөліне дейін дромедар (нар) қуаң даланы кезуге арналған көлік жануарына айналды. Түйе жегу – б.з.д. 300 жылдардан б.з. 300 жылдары аралығындағы Афроеуразиядағы қарым-қатынастар қарқынын жылдамдатуға үлесін қосқан өзгерістердің бірі. Бұл тарауда өзара қарым-қатынастың Афроеуразия аймақтық белдеулерінің қалай және неліктен кеңейгенін, сондай-ақ бір-бірімен біте қайнасқанын зерделейміз. Тарауымызда бұл құбылыс Афроеуразия бойында бір-біріне жалғаса құлаш жайған елдер тізбегін түзген бірнеше жаңа мемлекеттің өркендеуімен байланыста қарастырамыз. Бұлардың кейбіреулері алып империя деңгейіне жеткен еді. Осы елдердің әрқайсысы халықтан түскен кірістің мемлекет қазынасына ағылуына, мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтатын қарым-қатынас жүйелерін жақсартуға саяси негіз жасады. Әр мемлекет бір немесе бірнеше елмен шекаралас болғандықтан, қарым-қатынастар тармағы бір торапты екіншісімен байланыстырды. Бұл үдерістер соғыстар кесірінен тоқтауы мүмкін еді. Соған қарамастан, осы ғасырларда Афроеуразияда алғаш рет үздіксіз жалғасқан құрлық және теңіз жолдар жүйесі қалыптаса бастады. Әсіресе Жерорта теңізінің жан-жағында адамзат арасындағы қарым-қатынас қарқыны үдей түсті. Тарауымыздың бірінші бөлігінде Жерорта теңізі өлкесін, оның барлық аралдарын, Батыс және Орталық Еуропаның ішкері аймақтарын қамтыған Римнің көтерілуіне назар аударамыз. Теңіз – империяның жүрегі болды, боранды қыс айларынан басқа уақытта желкенді кемелер мен ескекті галералар бұл алапта емін-еркін жүзіп жүрді. Римнің теңіз жолдары жасақтар мен шенді адамдарды Италиядан мыңдаған миль қашық жатқан жерлерге жеткізді, ақыл-ой, дін және көркем мәдениеттің айрықша эллиндік стилінің Англияның солтүстігі мен Сахара шөлінің шеті тәрізді бір-бірінен барынша алшақ жатқан жерлерге таралуына мүмкіндік жасады. Тараудың екінші бөлігінде Афроеуразияның қарсы жақтағы шеткі аймағына зер саламыз, мұнда Цинь (Шин) және Хань әулеттері көлемі, халқы және әскери құдіреті Римге пара-пар келетін мемлекетті кезек биледі. Империя жүрегі – орталық теңіз емес, империя бюрократиясы мен әскеріне төленетін салықтың көзі болған, миллиондаған егіншілерді асыраған Сары және Янцзы өзендерінің алқаптары еді. Тамыры б.з.д. V ғасырға кететін конфуцийлік пен даосизм (DOW-іsm)Хань билігі тұсында, яғни б.з.д. 206 – б.з. 220 жылдары Қытай қоғамы мен мәдениетін қалыптастырған негізгі күшке айналды. Тараудың үшінші бөлігінде Рим мен Хань Қытайы арасындағы Афроеуразия жерінде орналасқан ең маңызды бес мемлекетті талдаймыз: Азиядағы Сюнну (SHEE-ОON-noo; Хунну), Парфия және Кушан патшалықтары; Африкадағы Куш және Аксум монархиялары. Екі алып патшалық тәрізді, бұл монархиялар да жартышарда белең алған, зор байлық пен әскери қуат жинақтауға қауқарлы орталықтанған мемлекет сипатына ие болды. Тараудың соңғы бөлігінде Афроеуразиядағы жаңа мемлекеттер тізбегінің арқасында пайда болған өзгерістерге бет бұрамыз. Алдымен алыс аймақтар арасындағы сауданың дамуын, әсіресе Ішкі Еуразия Жібек жолы бойындағы және оңтүстік тропиктік теңіздердегі қарым-қатынасты зерттейміз. Екіншіден, буддизм мен христиандықтың өркендеуін талдаймыз, бұл екі дін нақты бір аймақ немесе этно-лингвистік топтар шеңберінен асып, пайда болған жерлерінен әлдеқайда ауқымды аймақтарға таралды. 7.1-КАРТА. Афроеуразиядағы басты мемлекеттер мен империялар. Б.з.д. 100 жылдар Афроеуразияда б.з.д. 100 жылдары ірі мемлекеттер қатарласа орналасты. Осы жеті мемлекетті қандай географиялық және климаттық айырмашылықтар бір-бірінен ерекшелейді?

Рим және Жерорта теңізі аймағының бірігуі ОЙЛАН: Тарихы қарапайым қала-мемлекеттің ғана тұрғындары болған римдіктер Жерорта теңізі аймағындағы барлық халықтарды өз билігіне қалай бағындырды? Тарихи тұрғыдан алғанда, Жерорта теңізін үш құрлықты бір-бірінен бөліп жатқан теңіз тосқауылы емес, ежелгі замандардан бері жағалауындағы барлық адамды біріктірген, Афроеуразияның ішкі теңізі ретінде қарастырған жөн болар еді (7.1-картаны қараңыз). Бұл қарым-қатынас аймағына Жерорта теңізінің солтүстік-шығысындағы үлкен «мүйіс» – Қара теңіз де кірді. Теңіз алабының аграрлық, минералдық және теңіз байлығы орасан зор болды. Осы байлықты пайдалану мүмкіндігіне қызыққан финикиялықтар, гректер, этрускілер, мысырлықтар және парсылар б.з.д. бірінші мыңжылдықтың түрлі кезеңдерінде аралдар, айлақтар, теңіз жолдары тәрізді стратегиялық жерлерді бақылауда ұстау арқылы жіңішке теңіз алабы бөліктеріне үстемдік жүргізуге ұмтылды. Б.з.д. ІІІ ғасырда Рим, Италия түбегіндегі республика69 және үстем мемлекет, Жерорта теңізі алабындағы жаңа күш ретінде бой көтерді. Өзіне дейінгі мемлекеттермен салыстырғанда, Рим теңізді орап алғанша кеңейе берді. Б.з. 100 жылдары шырқау шегіне жеткен империяның халық саны 50–60 миллионды құраса, жері құрлықтағы Құрама Штаттардың жартысынан асатын аумақты қамтыды. Ахеменидтер билеген Парсы және басқа да алдыңғы империялар тәрізді Рим әлемдік билікке, яғни төрткүл дүниеге үстемдік етуге ұмтылды. Тараудың осы бөлігі Рим тарихының маңызды екі кезеңін қамтиды. Біріншісі – республика (б.з.д. 509–27 жылдар), бұл кезеңде римдіктер Италия және Жерорта теңізі алабының басым бөлігін жаулады. Осы кезеңдегі республикалық басқару грек қала-мемлекеттеріндегі басқаруға ұқсас еді, азаматтыққа ие барлық ересек ер адамдардың қоғамдық өмірде құқықтары мен міндеттері болды. Екінші кезең – принципат (б.з.д. 27 – б.з. ІІІ ғасыр аяғы), бұл кезеңде жеке билеушілер көпұлтты ұлан-ғайыр мемлекетті автократиялық жолмен басқаруға қол жеткізді. Екі кезеңде де саяси тұрақсыздық, қоғамдық бүліктер және провинциялардағы көтерілістер империя тұтастығына қауіп төндіріп отырды. Республика – жоғарғы билік заңдарды мақұлдау және қоғамдық шенді адамдар мен өкілдерді таңдау үшін дауыс беру құқықтарына ие азаматтардың көпшілігіне негізделген басқару түрі.

Рим – республика

Рим б.з.д. VІ ғасыр аяғында республикалық қала-мемлекет ретінде пайда болған тұста Италия халқы, негізінен, егіншілер еді. Ертедегі римдіктер үндіеуропалық тілдерге кірген латынның италик тармағының көне нұсқасында сөйледі. Тибр өзенінің төменгі ағысында орналасқан олардың қарапайым қаласы күрделі екі тіршілік аймағының арасында жатты. Солтүстігінде этрускілердің қала-мемлекеті орналасты (5-тарауды қараңыз). Этруск тегінен шыққан патшалар б.з.д. VІІ–VІ ғасырлардың көп бөлігінде Римді биледі. Оңтүстік-шығыс жақта, Сицилия мен Италияның оңтүстік жағалауын бойлай грек тілдес қоныстанушылар негізін қалаған қалалар орналасты.

Римдіктер осы екі көршісінен де мәдениет элементтерін қабылдады. Этрускілерден қала жоспарлау, алтын және қола металлургиясы, кейбір нақты құдайлар, арка салу технологиясы, этруск нұсқасына бейімделген грек әліпбиінің идеяларын, тоганы да қабылдады. Гректердің римдіктерге тигізген ықпалы одан да зор болды. Б.з.д. 509 жылы этрускілер үстемдігінен құтылғаннан кейін, римдіктер грек нақышындағы республикаға негізделген басқару жүйесін құрды. Римнің жер иеленуші ақсүйектері грек философиясы, медицина, драма өнерінің ықпалына берілді. Сондай-ақ римдіктер грек құдайларын да қабылдады. Рим эллиндік ықпалға бірнеше толқынмен өтті: б.з.д. ІV ғасыр, римдіктер Италияның оңтүстігіндегі грек қалаларына алыстан таңырқады; б.з.д. ІІІ ғасыр, олар сол қалаларды жаулап алып, төменгі дәрежедегі одақтастарына айналдырды; б.з.д. ІІ ғасыр, Рим легиондары Грекияның өзіне басып кірді. Осыдан кейін Рим эллиндік мәдениет сәулесін Жерорта теңізінің батысы мен Еуропаға шашыратқан негізгі орталыққа айналды.

Римдегі патриций. Ежелгі аграрлық қоғамдардағы ақсүйек таптар тәрізді, рим элитасы да отбасыларының тегіне қатты мән берді. Бұл мырза екі мәртебелі атасының бюстін көрсетіп тұр.

Республикалық басқару мен қоғам. Рим – республикаға, яғни барлық жер иеленуші ер-азаматтардың ұжымдық билігіне негізделген мемлекетке айналмай тұрған кезде қоғамның екі негізгі табы арасында әлеуметтік шиеленіс бар еді. Біреуі – ақсүйектерден құралған патрицийлер. Бұл тапты құраған ауқатты, әрі артықшылықтарға ие отбасылар сайланбалы және кеңес сипатындағы орган – сенатта отырды. Тұрғындардың басым бөлігі екінші тап – плебейлер деген жалпы атаумен белгілі болды. Республиканың алғашқы уақытында патриций отбасылары билікті қолдарында мықтап ұстауға тырысты. Плебей басшылары бірте-бірте барлық азаматтарға құқықтық теңдікке, жазба заңдар жинағына (Он екі кесте) және Плебейлер кеңесі атты жиналыс құруға қол жеткізді. Бұл органның заң қабылдау, сот отырысын жүргізу, трибуна деп аталған плебейлер мүддесін қорғайтын шенділерді сайлайтын билігі болды. Б.з.д. V–ІІ ғасыр аралығында плебейлер қосымша құқықтар мен міндеттерді иеленді. Тарихи жағынан алсақ, бұл бағыт әлеуметтік тап шиеленісін жұмсартуға септігін тигізді.

Сайланған лауазымды адамдар немесе магистраттар Римнің ішкі және сыртқы істерін басқарды. Бастапқыда, республикада консул деп аталған тек екі магистрат болды, олар бір жылға сайланып, азаматтық істер мен әскери жорықтарды қадағалады. Рим ұлғайған сайын қоғамдық жұмыстар, сауда және әскери жабдықтау тәрізді шаруаларды бақылайтын бірнеше жаңа мемлекеттік лауазым енгізуге тура келді. Ақыр соңында, плебейлер жоғары лауазымдар алу құқығына ие болды. Бұл – консулдық пен өмір бойы осы міндетті атқаратын үш жүздей ер адамнан құралған басқару органы – сенатта отыру құқығы еді. Сенаторлар республика қаржысын, соғыстарды, дипломатиясын, провинция әкімшілігін басқарды. Ер-азаматтар жекеменшікті, сауданы, құлдықты, шенді адамдар міндеттерін және қоғамдық өмірдің басқа қырларын реттейтін заңдар қабылдайтын халық жиналыстарының бірінде дауыс бере алды. Бұл органдарға плебейлер жиналысы және плебейлер мен патрицийлер қатар қатысатын курия және центурият жиналыстары жатады. Рим басшылары, негізінен, заң мәртебесін ұлықтады, заң азаматтардың еркін білдіретінін және оның әділетті де жүйелі түрде жүзеге асу керегін мойындады.

Грек қала-мемлекеттеріндегідей, республика халқының басым бөлігі азаматтық беретін негізгі құқықтар мен міндеттерден шет қалды. Шетелдік келімсектер мен құлдардың (басым бөлігі соғыс тұтқындары ретінде қолға түскендер) азаматтық құқықтары болмады, еркіндік алған құлдар белгілі бір шектеулерге ие азаматтарға айналды. Рим жаулап алған Италия түбегі халықтарына тарылмай, саяси жағдай жасағанымен, оларға азаматтық беру мәселесі бірнеше ғасырға созылды. Еркін әйелдер айтарлықтай шектеулермен азаматтық ала алды. Олар жиналыстарға қатыспады, сайланбалы немесе тағайындалған шен иесі ретінде қызмет атқара алмады. Еркін әйелдер өсиет қалдыру, ажырасуға арыз беру, қоғамдық орындарда емін-еркін жүру және нақты бір абыздық қызметтерге араласу тәрізді құқықтарды ғана иеленді. Ауқатты отбасылардағы аналар мен әйелдердің қоғамдық шешімдерге бейресми ықпалы зор болғанын да айта кету керек. Жоғарғы тап әйелдері бірте-бірте жеке меншік сатып алуға және сатуға құқық алды, дегенмен олар әкеге, күйеуге немесе басқа қамқоршыға әлі де заңды түрде бағынышты еді.

Республикалық саяси институттар Рим халқының ұжымдық басқаруын мәңгі сақтап қалу және жеке адам қолында тым көп биліктің шоғырланбауы жолында әрекет етті. Азаматтар жиналыстарда жиі-жиі дауыс берді, бірақ бұл жүйеде толық демократия болмады. Мысалы, б.з.д. V ғасырдағы Афинамен салыстырғанда, Рим жиналыстарында азаматтар ұсыныстарды ашық талқылай алмады. Олар тек «иә» немесе «жоқ» деп дауыс берді. Азаматтар «центурий» (тұрғындардың байлығы бойынша бөлінісі) немесе «триба» (аумақ бойынша бөлінісі) ретінде дауыс беру үшін қала орталығында немесе Марс алаңының жанында форумға жиналды. Центурий немесе трибаның тек бір ұжымдық даусы болды. Оған қоса, ең ауқатты отбасылар халық жиналыстарын өте тиімді басқарып, өздері қалаған шешімдерге қол жеткізді. Республиканың өркендеуін пайдаланып, байлығы асып-тасқан плебейлер кедей плебейлерден гөрі патриций отбасылармен бірігуді әдетке айналдырды. Саясаты жағынан Рим әлі де олигархия, яғни күш-қуаты негізінен байлыққа сүйенген шағын топ үстемдік құрған мемлекет болып қала берді.

Римдегі қоғамдық жұмыстар патрондар мен клиенттердің желісі арқылы іске асты: шерулерде бай және құдіретті адамдар (патрондар) салыстырмалы түрде кедей әрі әлсіз тап (клиент) арасынан жақтастар іздеді, оларға жұмыс, ақша, қамқорлық, ықылас танытты немесе неке одағын ұсынды. Олар мұндай қамқорлықтың қайтарымы ретінде жиналыстарда патрондарын жақтап дауыс беруі, халықтық шерулерде қолдау көрсетуі және жеке қызметтердің түр-түрін атқаруы керек еді. Патрон-клиент жүйесі70 иерархиялық желі түзді, ең бай және құдіретті патрондардың клиенттері де жағдайы өзінен бір саты төменірек адамды клиент қылып алды. Бұл үдеріс әлдебіреуге патрон болуға қауқары жетпеген саяси ең әлсіз адамдар деңгейіне дейін жалғаса берді. Рим империясында бұрын мұндай берік бюрократия, яғни шенділердің міндеттерін одақтың немесе басқару сатысында жоғарырақ тұрған біреудің бағыныштысы ретінде емес, мемлекеттің жалпы өкілі ретінде атқару жүктелетін жүйе болған емес.

Римнің ерте империялық жаулау әрекеттері. Республика қала азаматтарынан құралған сарбаздардан орасан әскер жасақтады. V ғасырдағы грек қала-мемлекеттеріндегі тәрізді, қылышы мен басқа қару-жарағына ақша төлей алатын, жеке меншікке ие егіншілер әскердің негізгі бөлігін құрады. Бастапқыда жаяу әскер грек үлгісіндегі фалангаларға бірікті, бірақ соңында қолбасшылар жылдамдық пен ептілікті жақсарту үшін әскери бөлімшенің көлемін қысқартты. Әскер – атты әскер құрамын, жаулап алған халықтар есебінен қаруланған қосымша бөлімшелер мен жолдар, көпірлер, бекіністер салатындар тобын да құрды. Азамат-сарбаздардан қажымас еңбек пен ерен ерліктің республикаға тән әскери мәдениетін көрсетуді талап етті, дегенмен уәде етілген олжа мен жер береміз деген уәде әскери қызметкерлердің мерейін асырды. Әскери жорықтар кіріс пен жер мәселесіне қатысты әлеуметтік тап шиеленісінің сақтандырғыш тұтқасы қызметін де атқарды, себебі мемлекет жаулап алған территориялардан сарбаздар мен кедей азаматтарға егістік жерлер сыйлады. Ал ауқатты жер иеленушілер орасан зор қожалықтарында құлдық еңбекке жарамды соғыс тұтқындарын иемденді.

Римнің үздіксіз кеңеюі б.з.д. ІV ғасырдан басталды, осы кезде республика легиондары (әскери құрамалары) Орталық Италияны жаулап алды. Келесі ғасырда әскер түбектің басым бөлігі мен Сицилияны бағындырды (7.2-картаны қараңыз). Б.з.д. 264 жылы Рим қазіргі Тунистің жағалауында орналасқан астанасы Карфаген арқылы Батыс және Орталық Жер­орта теңізінің айлақтарында, сауда бекеттерінде және жолдарында үстемдік құрған Финикия теңіз империясына қарсы соғысқа аттанады. Рим қуатты теңіз флотын құрып, 119 жыл ішінде екі мемлекет үш рет соғысып, ол Пун соғыстары («финикиялық» деген мағына беретін латынның Punіcus сөзінен шыққан) деген атпен белгілі болды. Екінші соғыс кезінде (б.з.д. 218–202 жылдар) карфагендік қолбасшы Ганнибал бастаған әскер қазіргі Испаниядан Италияға Альпі шыңдарынан асып барып жетті. Әскер құрамында ашық реңктермен боялған африкалық соғыс пілдері болғанымен, бұл жануарлардың біршамасы көп ұзамай Италияда өліп қалды. Басқыншылар Рим қаласын шабуылдауға жақын еді, алайда азық-түлік жабдықтары мен қосымша күші сарқылған Ганнибалдың шегінуден басқа амалы қалмады. Республика Карфагенмен салыстыруға да келмейтін адамдар мен қорды жұмылдыра алатын еді. Б.з.д. 146 жылы Рим жасақтары Карфаген қаласын жойып жіберді, осы арқылы Сицилия, Солтүстік Иберия (Испания) және ұзыннан созылып жатқан Солтүстік Африканың жағалау жолағын толығымен бақылауда ұстады. Нәтижесінде, империя сол аймақтардағы мыңдаған шаршы миль бидай алқаптарын иемденді, сонымен бірге Иберия кен орындарындағы күміске қолдары жетіп, күтпеген табысқа кенелді.

7.2-КАРТА. Римнің империялық экспансиясы. Б.з. 300 жылдарына дейін

Рим жаулау жорықтарының бағыттарын физикалық географияның қандай факторлары анықтайды?

Рим Карфагенді жеңген соң сенат Жерорта теңізі төңірегінде империя құрудың одан да агрессияшыл стратегиясын қабылдады. Македония мен Грекия бағынды, екі жүз жыл бұрынғы Ұлы Александр жолымен сарбаздар Анадолыға Эгей теңізі арқылы аттанды. Эллиндік Селевкидтер империясының бір бөлігі болған Анадолының біраз жері мен Сирия б.з.д. І ғасырда Римге бағынды. Шығыс Жерорта теңізі аймағында грек билеушілері басқарған тағы бір басты патшалық Мысыр б.з.д. 30 жылы Птолемей әулетінің соңғы билеушісі – Клеопатра патшайымның теңіздегі жеңілісінен соң Римге өтті.

Иберия мен Галлияда (қазіргі Франция жерінде топтасқан аймақтың көне атауы) легиондар кельт жауынгерлерін ығыстырды. Араға бір ғасыр салып империяның шекарасы Дунай өзені мен Орталық Британияға жетті. Жерорта теңізінің оңтүстік жағалауында римдіктер Карфагеннен Солтүстік Африка арқылы батысқа жылжып, қазіргі Тунис, Солтүстік Алжир және Марокконы мекендеген бербер тілді халықтарды өзіне қосып алды. Б.з. І ғасырында Рим әскері 250 мың қарулы жасақтан тұрды, оған Жерорта теңізінде сарбаздар мен азық-түлік, жабдықтар тасымалдаған, теңіз қарақшыларын жоюмен айналысқан галера мен желкенді кемелер флоты кірді. Он жетіге толған рим жігіттерін мемлекет әскерге алды, олар жеті жыл әскерде жүрді.

Империядағы дағдарыс. Бір қызығы, империяның ұлылығы жолында аянбай қызмет еткен республикалық институттар оның жетістігін көре алмады. Б.з.д. І ғасырда ұжымдық, сайланбалы басқару жүйесінің тұғыры ақырындап шайқала бастады, кейін империяның күш-қуаты мен байлығының алапат салмағына шыдамай, құлады. Басқыншылық соғыстары Римге ағылған алым-салық, тонау, саудадан түскен табыс және құлдар тәрізді орасан зор байлықтың себепкері болды. Осындай жағдайда сенатта қолбасшылық лауазым, иеліктерге билік және сауда келісімдері үшін ішкі күрес жүріп жатты. Шалғай аймақтарда соғысу үшін шаруашылықтарын ұзақ уақытқа тастап кеткен қалалық азамат-сарбаздар аграрлық экономиканың басым бөлігінің жауапкершілігін әйелдерге, балаларға және құлдарға жүктеді. Ал ауқатты қала азаматтары иесіз қалған шаруашылықтарды сатып алып, оларды латифундия деп аталған қожалықтарға біріктірді, мұнда астық пен сауда нарықтарына арналған басқа да заттар өндірді. Жаңа заманның ерте кезеңдеріндегі Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы құлдық еңбек тәрізді, Рим плантацияларындағы құлдардың өте тығыз шоғырлануы көтеріліс қаупін күшейтті. Сицилиядағы б.з.д. 135 жылғы көтеріліс, Италиядағы б.з.д. 73–70 жылдардағы құл-гладиатор Спартак басқарған көтеріліс мемлекетті құлдыққа түскен шаруаларды қадағалауда ұстау үшін үлкен қаржы шығаруға мәжбүрледі. Империя ұлғайған сайын қалалар да көбейді, сондай-ақ әлеуметтік тұрақсыздық та белең алды. Ондаған мың байырғы егінші мен олардың отбасы Рим қаласына және басқа да орталықтарға қоныс аударды. Мемлекет толыққанды жұмыс істемеген осындай қала тұрғындарына тегін астық таратудан басқа амалы болмады, ал қала байлары мен кедейлердің арасындағы алшақтық күшейе түсті.

Римдегі құл қамыты. Темір қамытта латынша: «Осы қамытты таққан құлды иесіне қайтарған адамға сый ретінде алтын береміз» деп жазған. Осындай қамыт пайдаланған Римдегі құлдық жайлы не айта аласыз?

Үздіксіз әскери басқыншылық пен қала азаматтары қатарындағы шаруалардың әскерге жарамдылығы төмендеп, легиондағы қызметке қабылдау үшін қажет мүліктік шекті жою туралы шешімді сенат қабылдады. Юлий Цезарь тәрізді асқақ қолбасшылар осы жаңа саясатты өз пайдасына жаратып, адал қызметі үшін жері жоқ ер адамдарға – жалақы, соғыс олжасын және тегін шаруа иеліктерін ұсыну арқылы тұтас жеке әскер жасақтады. Дәл осылай, кәсіби жауынгерлер қалалық азамат-сарбаздарды алмастырды, ал империялық соғыстар қолбасшылар үшін жеке басының саяси ықпалын күшейту жолына айналды.

РИМНІҢ ӨРКЕНДЕУІ

Б.з.д. 509 жыл

Римдіктер этрускі патшаларын қуып, республикалық қала-мемлекеттің негізін қалады

Б.з.д. 272 жыл

Әскер Италияны толығымен жаулады

Б.з.д. 146 жыл

Пун соғыстары аяқталып, Карфаген күйреді

Б.з.д. 146 жыл

Грекияны бағындырды

Б.з.д. 83–82 жылдар

Римдегі азамат соғысы

Б.з.д. 73–70 жылдар

Спартак басқарған құлдар көтерілісі

Б.з.д. 63 жыл

Иерусалимді бағындыру

Б.з.д. 51 жыл

Галлия толығымен бағынды

Б.з.д. 49–31 жылдар

Римдегі азамат соғысы

Б.з.д. 30 жыл

Мысыр Римге қосылды

Б.з.д. 27 жыл

Август Цезарь принципатының басталуы

Б.з. 27–180 жылдары

Рим келісімі (Pax Romana), империя өркендеудің шарықтау шегіне жетті

Б.з. 43 жылы

Император Клавдий Британияға басып кірді

Б.з. 44 жылы

Мавретания (Алжир мен Марокко) Римге қосылды

Б.з. 106 жылы

Дакияны (Румыния) бағындырды

Патрон-клиент жүйесі – билік, байлық немесе әлеуметтік мәртебеге ие адамдар өзгелердің адалдығы және қызметі үшін қамқорлыққа алатын немесе экономикалық жағдайын жасайтын, вертикальды әлеуметтік және саяси жүйе.

Рим – империя

Б.з.д. І ғасырда Римдегі шиеленістер шырқау шегіне жетті. Азаматтық алмаған италиялық топтар көтеріліске шықты, фракциялық күрестер мен қитұрқы әрекеттер астананы әлсірете бастады. Б.з.д. 49–31 жылдары империяның түбіне жете жаздаған сұрапыл азамат соғысындағы билікке тайталаста Юлий Цезарь, Помпей, Марк Антоний және Октавиан тәрізді мықты қолбасшылар бетпе-бет келді. Араларынан дарынды саясаткер Октавиан жеңіп шығып, белең алған алауыздық орнына қоғамдық тәртіп орнатады. Ол Август («the August One») деген атпен б.з.д. 27 – б.з. 14 жылдары жеке-дара билік жүргізді, әрине, сенат ол билікті мақұлдады. Ол өзін бірінші азамат немесе принцепс (prіnceps) деп атап, б.з. ІІІ ғасыры аяғына дейін созылған принципат дәуірін бастайды.

«Рим келісімі» ме, әлде басқа ма? Осы уақыттан республикалық қала-мемлекетпен ұқсастығынан мүлдем айырылған Рим авторитарлық монархия белгілері тән елге айналды. Соғыстардан қалжырап, түңілген халық жаңа автократияны кедергісіз қабылдады. Империяда орнаған тәртіп пен көркеюдің шырқау шыңы болған «Pax Romana» немесе «Рим келісімі» деп аталатын кезең б.з. ІІ ғасыры аяғына дейін жалғасты.

Көтерілісті басып-жаншу. Тит император әскерінің Палестинадағы еврейлер көтерілісін (б.з. 66–70 жылдары) басқанын Римде салтанатты арка салу арқылы атап өтті. Арканың бір қабырғасындағы мына бедерлі суретте Иерусалимдегі ғибадатханадан тоналған олжаларды көтеріп, астана көшелерінде салтанатты шеру ұйымдастырған Рим жасақтары бейнеленген. Сарбаздар еврей дінінің киелі символы болған менораны, яғни шамдарды көкке көтере, жеңістеріне масаттанып келеді.

Траян (б.з. 98–117 жылдары) билігі тұсында империя шекарасы барынша ұлғайды. Ол Шығыс Еуропаның біршама бөлігін (Дакия немесе қазіргі Румыния жері), Араб түбегінің солтүстік-батыс шетін, Кавказ тауының етегіне дейінгі Армения жерін, Тигр- Евфрат өзендерінің жоғарғы және төменгі алқаптарын жаулап алды. Алайда оның мұрагері Адриан (б.з. 117–138 жылдары билік құрды) шалғайда жатқан Оңтүстік-Батыс Азияның соңғы үш аумағынан (Тигр өзені Римнен 2000 мильден асатын қашықтықта) кері шегінді. Ол соның өзінде алып аумаққа созылып үлгерген империяның тұрақтылығын сақтауға назар аударды, шекараны қорғау (Британияның солтүстігі бойымен тұрғызылған Адриан қорғаны да бар) мен көтерілістерді басуға 300 мың сарбаз қойды.

Рим қамтамасыз еткен қауіпсіздікке қарамастан Жерорта теңізі аймағындағы миллиондаған адам империяның салық төлейтін боданына айналғысы келмеді. Көптеген халық бастапқыда империяның шабуылына қарсы тұрып, кейін әскери басқыншылыққа қарсы бас көтерді. Жауыздықпен, күш көрсетумен басқарған әскер империяның тұтастығын сақтады. Қарсылық білдірушілер мен көтерілісшілер кей шайқастарда жеңіске жеткенімен, кейін күрестен бас тартты. Мысалы, еврейлер мен гректер арасындағы шиеленіске, римдіктердің бассыздығына және салықтың ауыртпалығына шыдамаған Палестинадағы еврей халқы б.з. 66 жылы бас көтерді. Көтеріліс Палестина жеріне таралды, бірақ 70 жылы Веспасиан императордың ұлы бастаған Рим қарулы күші Иерусалимді қоршап, басып алды, қасиетті ғибадатхананы қиратып, өртеп жіберді. І ғасырдағы еврей тарихшысы Флавий Иосиф азық қоры таусылғандықтан үміті үзілген қаланы жаулағандар туралы былай жазды:

«[Римдік сарбаздар] қала көшелеріне ағылып, қылыштарын сермеп, қуалап жүріп өлтірді, еврейлерді айдап апарып қамап, үйлерді ішіндегі адамымен қоса өртеп жіберді, қалғандарын түк қалдырмай тонады... олар кездескендердің бәрін өлтірді, көшелерді мәйіттерге толтырды, қалада қан судай ақты»1.

Империялық саяси жүйе. Императорлар билікті бір орталықтандырғаннан кейін де Римде cенат сияқты республикалық басқару жүйесінің кейбір формалары мен символдары сақталып қалды. Республикалық символикадан бас тартқан, Август бастаған билеушілер ендігі бағытын империялық культпен байланыстырды. Ол «дарын» сөзінің латын тіліндегі мәні «өмір қуатына» тәуап етуге мүмкіндік жасады. Августың билігінен кейін сенат марқұм болған билеушілерге құдайлық мәртебе беретін, яғни оларды құдайға теңейтін пәрмен шығара бастады. Адамдар билеушілерге деген құрметін оларға ғибадатхана, мінәжат орындарын салу және шерулер мен мерекелерде бейнелерін алып жүру арқылы көрсетті. Империялық сыйыну культі алдымен шығыс империяда кеңінен таралды, бұл жердегі билеушілер осы дәстүрді ұзаққа дейін қолданды. Бұл дәстүр батысқа да ауысты, алайда республиканың жұрнағы қалған Римде марқұм билеушілерден құдай жасауға күмәнмен қараушылар табылды. Империялық автократияға қарамастан, одан ары күрделене дамыған Рим құқықтық жүйесі маңызын жоғалтпады. Ең қадірлі императорлар заңды әділ қадағалау үшін заң білгірлері және ғұламалармен бірлесе қызмет жасады.

Патрон және клиент желісі арқылы басқарудың республикалық стилі империя заманына ауысты. Көптеген аймақта қосылған аумақтармен тікелей жұмыс істеуден гөрі, тәуелді патшалармен, ханзадалармен бірлесе әрекет етті. Қызметке тағайындалған провинция басқарушылары міндетін атқаруға көмектесу үшін өздерімен бірге отбасы мүшелерін, достарын және басқа клиенттерді ала жүретін болды. Басқарушылар бір жылға ғана тағайындалатындықтан, ең адал шенділердің өзі кірістен немесе сауда тартуларынан және жергілікті адамдарға қамқорлық танытудан пайда көріп, жеке басы мен айналасындағыларды байыту мақсатында жылдам әрекет жасады.

Империя қалалары. Рим өзінің провинцияларын, жаулап алған аумақты, негізінен, көлемі мен саны артып отырған қалалары арқылы басқарды. Тибр өзені маңындағы қыраттар шоғырында орналасқан қыстақтар жиынтығынан басталған Рим б.з. ІІ ғасырында миллионға жуық тұрғыны бар метрополияға айналды. Август пен оның тікелей мұрагерлері оны кеңейтіп, көркейте түсті: жаңа қоғамдық орындар, ғибадатханалар, театрлар салып, аркалар және мүсіндер тұрғызды. Тит билігі тұсында, б.з. 80 жылдары салған алып Колизей амфитеатрына ойындар мен қойылымдар тамашалауға келген 80 000 көрермен сыйды. Аздаған ақсүйек ашық аспан астындағы кең алаңдарды қоршаған зәулім үйлерде өмір сүрген тұста жүз мыңдаған қарапайым халық көпқабатты тұрғын үйлерде тұрды, халықтың бестен бірі тегін таратқан астықпен күнелтті.

Шығыс Жерорта теңізі аймағы урбандалып үлгерді. Шығыс қалалары Рим әскерлері есебінен ғана үлкейді және империяның түкпір-түкпірінде қол­өнершілер жасаған сәндік бұйымдарды қажет етті. Мысалы, Мысырдағы Александрия мен Сириядағы Антиохия тұрғындарының саны 100 мыңнан асты. Солтүстік Африка және Батыс Еуропа сияқты, Италиядан тыс жатқан батыс провинцияларда шағын қалалар шашырап жатты. Рим билеушілері әскери жасақтардың, әкімшілік пен сауданың керек-жарағын қамтамасыз ету үшін қала тіршілігінің жандануына септесті. Шекаралас аймақтарда мемлекет қоныс аударушыларға тегін жер ұсынды. Қазіргі Алжир жерінде, Жерорта теңізінен жүз мильдей ішкері орналасқан Тимгад қаласын мысалға келтіруге болады. Тимгад аймағы б.з. І ғасырына дейін Рим жалдамалыларының аяғы баспаған бербер тілдес малшылар мен егіншілердің отаны болатын. Траян император Тимгадты империяның оңтүстік шекарасындағы әскери қоныс ретінде жаңадан тұрғызды. Ол астық пен ірі қара өсірудің орталығына айналғандықтан, сәулетшілер оны эллиндік ғибадатханалар, театрлар, моншалар, сарайлар және салтанатты аркалар сала отырып безендірді.

Мәдениеттің романдануы. Тимгадтың қалалық талғампаздығы Жерорта теңізі аймағында мәдениеттің айрықша империялық стилі таралғанын көрсетеді. Барлық ежелгі империяларда, әсіресе ақсүйектер арасында белгілі бір дәрежеде мәдени стандарттар қалыптасты. Билеушілер жергілікті ақсүйектер мен көсемдерден патша сарайында қалыптасқан талғамға, сән үлгісіне еліктегенін қалады. Жаулап алған жерлердегі жергілікті ақсүйектер отбасылар адалдығын дәлелдеп, қоғамдық мәртебесін нығайту үшін империя мәдениетіне жаппай еліктеді.

Романдану71 – римдік және жергілікті этникалық және тілдік идеялар мен дәстүрлердің біте қайнасуы. Қоғамдық сәулет үлгілерінен, шынайы жасалған мүсіндерден және суреттерден көрінген эллиндік ықпал бірінші орында тұрды. Грек тілі – шығыс провинциялардағы ең мәртебелі тіл болып қалды. Империяның түкпір-түкпірінде ауқатты рим отбасылары балаларын грек тілін үйренуге мәжбүрледі. Латын тілі – империя әкімшілігінің және батыс аймақтарда әдебиет, заң, риторика және ғылымның негізгі құралына айналды.

Жалпы алғанда, романдану империяның шығысына қарағанда – батысын, ауылды жерлерге қа­ра­ғанда – қалаларды, қарапайым халыққа қарағанда – ауқатты элита өкілдерін әлдеқайда көбірек өзгертті. Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкадағы бербер, кельт, герман және басқа тілдерде сөйлеген жергілікті патшалар мен рубасылар нағыз римдік атану үшін талмай еңбектенді, латын тілін үйренді, тога киді, қыш бұйымдар және мүсіндермен безендірген итальян нақышындағы жекежайлар тұрғызды. Галлия, Иберия және батыс жерлердегі қалалар ғибадатханалар, амфитеатрлар, моншалар және әскери арбалардың жарысына арналған ареналар қаптап тұрған Римнің шағын көшірмесі ретінде өркендеді.

Римнің шалғай оңтүстіктегі шекарасы. Империяның Солтүстік Африкадағы жерін сол маңда орналасқан Орес тауларын мекендеген берберлердің шапқыншылығынан қорғаған, б.з. ІІ ғасыры басында тұрғызған Тимгад қаласының қирандылары. Осы сияқты шалғай шекарада жатқан қала империяға тағы қандай қызмет атқаруы мүмкін еді?

Әсіресе ауыл-аймақтың жерлердегі адамдар жергілікті дәстүрлерді берік ұстанды. Олар провинциялық қалаларға барғандықтан, рим басқыншыларымен байланыс орнатып, империя ұлғайған сайын айналымдағы империя тиындарын қолданғандықтан, романдану азды-көпті оларға да жетті. Алуан түрлі діни ойлар да тарады және кейбір жаңа діндер барлық әлеуметтік таптар арасынан ізбасарлар тапты. Мысалы, Мысырдың Құ­нарлылық құдайына ұқсас эллиндік Исидаға сыйынушылар оған арнап Римде ғибадатханалар тұр­ғыз­ды. Парсылардың Күн­ге қатысты Митра құ­дайы­ның культі империяның түкпір-түкпіріне рим сарбаздары арқылы кеңінен та­рады. Романдану империяны толығымен бі­ре­гейлендіре алмады, алайда Жерорта теңізі алабында қалыптасқан мәдени интеграцияның осы деңгейі Рим империясы құлағаннан кейін қайталанбады.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Боудикка: Британ көтерілісінің басшысы

Лондондағы Вестминстер көпірі жанында тұрған Боудикканың қола мүсіні

Император Клавдий өзінің әлсіздігі мен топастығы туралы Римнің саяси және әскери ортасында қалыптасқан пікірді жою үшін б.з. 43 жылы 40 мың қолына Британияға басып кіруді бұйырды. Бұл арал кельт тілдес британдық патшалықтар мен кландардан құралған құрақкөрпе іспетті еді. Римдіктер алғашқы қарсылықтарды жедел басып, бірнеше британдық патшаны бағынышты қылып, жаңа қалалардың, соның ішінде Лондонның (Лондиниум) да іргетасын қалай бастады. Басқыншылықтың он жетінші жылынан соң ицени (Іcenі) деп аталған британ халқының патшайымы Боудикканың бастамасымен көтеріліс бұрқ ете қалды.

Боудикка ицени патшасы Прасутагтың жұбайы болғанымен, оның көтеріліске дейінгі өмірі жайлы ақпарат мардымсыз. Боудикка қайтыс болған соң араға бір ғасыр салып ол туралы еңбек жазған жылнамашы Кассий Дион патшайым бейнесін былай сипаттайды: «Бойы биік, қаһарлы, жанары от шашқан, даусы қатқыл, қалың күрең шашы беліне түсетін»2. Дион оның бейнесін сипаттауда қиялына ерік беруі де мүмкін, алайда оның нұсқасы тарихта сақталып қалуына қарап «жауынгер патшайым» бейнесінің дәл осы сипаттаумен үйлесіп тұруы себеп болған шығар деп ой түйеміз.

Басқыншылар келе сала иценилер өз еркімен олардың одақтасына айналып, Римнің тікелей бақылауынан құтылады. Прасутаг өзінен кейін клиент патша ретіндегі билігін Боудикка мен олардың екі қызына қалдыру жөнінде Риммен екі арада келісім бар деп есептеді. Иценидің элита өкілдері тұз өндіру және оны сату арқылы байи түсті, ал римдіктер одан пайда көргісі келді. Тарихшы Тацит Прасутаг қайтыс болғаннан кейін б.з. 60 жылдары ицени халқының бастан өткергені жайлы былай жазды:

«Патшалық пен үй қожалығы соғыс олжасы ретінде тонауға түсті, бірін рим әскерилері, екіншісін рим құлдары тонады. Алдымен оның жесірі Боудикканы соққыға жықты, ал қыздарын зорлады. Римдіктерге тұтас ел тиесілі болғанындай, ицени көсемдерінің мұраға қалған иеліктерін тартып алды. Патшаның туыстарына құл ретінде қарады»3.

Боудикка отбасының көрген қорлығы үшін кек алуға ант берді. Ол көтерілісшілер мен Рим езгісінен төзімі таусылған көрші тұрғындардан әскер жинақтады. Боудикканың басшылығымен оның жасағы үш шешуші шайқаста жеңіске жетті: империялық әскер нашар қорғаған Оңтүстік Британияның Колчестер, Лондон және Сент-Олбанс қалаларын шабуылдап, өртеп жіберді. Төртінші шайқаста Боудикканың көтерілісшілері саны аз, бірақ тәртібі берік Рим күшінен жеңілді. Көтерілісшілер жан-жаққа шашырап кетті, Боудикка мен оның қыздары көп ұзамай қаза болды, олардың аурудан немесе өздеріне қол салып көз жұмғаны сол күйі белгісіз. Дегенмен римдік шенділер жаңа толқулардан сескенді. Елді тыныштандыру үшін басқыншылар ел басқару әдісін өзгертті, жергілікті көсемдерді қатаң жаншудан гөрі, олардың сенімінен шығып, ымыраға келу жолдарын іздестірді.

Боудикканың көтерілісі жайлы мәліметтерді көтерілістен біраз уақыт өткеннен кейін дүниеге келген Кассий Дион мен Тацит еңбектерінен ғана кездестіреміз. Олардың еңбектерінде ақтаңдақ тұстар бар, патшайымның қысқа билігі жайлы археологиялық деректеріміз де жоқ. Мысыр билеушісі Клеопатра тәрізді, Боудикка да ерліктері негізінде туындаған аңыздар арқасында даңқты тарихи тұлғаға айналды. Британ мемлекеті шырқау биігіне көтерілген ХІХ ғасырда Боудикка ұлттық күш-қуат пен батылдықтың символына айналды. Виктория патшайым (1837–1901 жылдары билік құрды) ежелгі британ халқының құқықтарын қорғауда әйел заты батылдығының үлгісі ретінде жауынгер патшайым Боудикканың рухына тағзым етті. Боудикка – бүгінгі күнгі британ халқының аңызға айналған ұлттық қаһарманы.

Сыни пайым

Британияның өзі де Африка мен Азия халықтарын жаулап алып, ХІХ ғасырда империялық мемлекетке айналғаны белгілі. Ендеше ежелгі заманда шетел шапқыншылығына қарсы күрескен әйелді халық қаһарманы ретінде британ азаматтарының ұлықтауының себебі не деп ойлайсыз?

Солтүстік Англиядағы парсы құдайы. Митра құдайға арналған мына шағын ғибадатхананың қирандылары римдік сарбаздар кельт шапқыншыларынан империя қалаларын қорғау үшін б.з. ІІ ғасырында Англия жазығында тұрғызған қорғандар бекіністер, мұнаралар және қақпалар кешені болған Адриан қорғаны жанында орналасқан. Оңтүстік-Батыс Азиядан келген Митра культі империяның қиыр солтүстік шетіне аттанған сарбаздарға рухани демеу болды.

Шығыс Азиядағы Хань империясы дәуірі

ОЙЛАН: Хань және Рим империяларының б.з.д. 200 – б.з. 200 жылдардағы дамуы барысында саяси, қоғамдық, діни және экономикалық жүйелерінде қандай ұқсастықтар мен өзгешеліктер пайда бар?

Жерорта теңізі алқабы мен Шығыс Азиядағы саяси өзгерістер бірнеше жүз жыл бойы айтарлықтай ұқсас жолмен жүрді. Халықтың қоныстануы, урбанизация және экономикалық өндіріс Афроеуразияның екі шетінде де б.з.д. бірінші мыңжылдық аясында жылдамдады. Екі аймақта да б.з.д. ІV–ІІІ ғасырлар аралығында бір ғана мемлекет басқа бірнеше мемлекетке үстемдік етті. Шығыс Азияда Цинь әулетінің (б.з.д. 221–207 жылдары) негізін қалаушы Ши Хуанди Қытайдың үлкен бөлігін біріктірген уақытта Рим Карфагенді екінші рет жеңді (б.з.д. 218–210 жылдар). Цинь мемлекетінің тек екі билеушісі болды, алайда оның артынан ілесе келген Хань әулеті 450 жылдай өмір сүрді (б.з.д. 206 – б.з. 202 жылдар), бұл Римнің ең бір күш-қуаты тасыған ғасырларымен тұспа-тұс келді. Цинь және Хань әулеттері Қытайда ХХ ғасыр басына дейін орталықтанған, бюрократиялық басқару дәстүрінің бір рет қана үзілген билігін орнатты. Дамуының шарықтау шегіне жеткен тұсында шығысы мен батысының арасы 3000 мильге созылған Хань империясы аумағы жағынан Римнен асып түсті. Екі империя алуан түрлі тілде сөйлеген, этникалық тегі әртүрлі халықтарды біріктірді, екеуі де орасан зор аймақтағы сауда интеграциясы мен мәдени қарым-қатынастарға жағдай жасады (7.3-картаны қараңыз).

7.3-КАРТА. Цинь және Хань империялары

Хань мемлекеті солтүстік-батысқа қарай созылып жатқан тілге ұқсас жер бөлігін неліктен қосып алды деп ойлайсыз?

Романдану – Рим империясында, әсіресе ақсүйектер арасында римдік Италияда өріс алған қоғамдық және мәдени өмірге негізделген стильдің таралуы.

Цинь әулеті және бірінші император

Цинь мемлекеті б.з.д. ІV ғасырда Вэй өзенінің жо­ғар­ғы ағысындағы алқапта орналасқан шағын аг­рар­лық патшалық ретінде пайда болды. Бірте-бірте көр­шілерінен басым түсіп, екі жарым ғасырға жал­ғас­қан саяси бытыраңқылық пен текетірестен (б.з.д. 475–221 жылдар), яғни Жауласқан мем­ле­кеттер кезеңінен жеңімпаз болып шықты. Ши Хуан­ди немесе Бірінші Ұлы императордың ғұмыры қыс­қа, он бір жылдық билігі тұсында (б.з.д. 221–210 жылдар) бұрынғы қытай мемлекеттерінен әлдеқайда күрделі орталықтанған мемлекет қалыптастыру жолында еңбектенді. Ол империяны қырық провинцияға бөлді, әрқайсысына басқарушы мен әскери қолбасшы тағайындады, олар бір кездері құдіретті болған аймақтық билеушілерді алмастырды. Кейін ол бұл провинцияларды жергілікті әкімшілік аудандарға бөлді. Ол әскер қатарына жас ер-азаматтарды тартып, жауын аямай қырған сарбаздардың шенін өсіру арқылы императорға беріле қызмет атқаруды насихаттады. Жолдар, су қоймаларын, каналдар мен сарайлар салу үшін шаруаларды жұмылдырды. Ертедегі билеушілер Қытайдың солтүстік-батыс шекарасын шабуылдан қорғау үшін топырақтан бөгеттер тұрғызды. Ши Хуанди жұмысшыларға осы бөгеттерді кеңейтіп, бір-біріне жалғауды бұйырды. Ұлы қорған дәл осылай пайда болды, кейінгі билеушілер бүгінге дейін сақталған тас қорған құрылысын толықтырды.

Бірінші император тиімді авторитарлық мемлекетті легизм деп аталған қытай философиялық мектебіне негіздеді. Бұл қатаң философиялық ой адам табиғаты жаратылысынан бұзылған, сол себепті мемлекет адамдар тіршілігін жақыннан реттеп отыруы керек деп насихаттады. Легист ғұламалардың пайымдауынша, мейлі ол ақсүйек не шаруа болсын, заң мен жаза әркімге бірдей қолданылуы керек. Оған қоса, шенділер адамгершілігіне қарай немесе жоғары қоғамдық мәртебесіне емес, жұмысты орындай алу қабілетіне қарай қызметке тағайындалуға тиіс.

ЦИНЬ ЖӘНЕ ХАНЬ ӘУЛЕТТЕРІ

Б.з.д. ٤٧٥–٢٢١ жылдар

Жауласқан мемлекеттер кезеңі

Б.з.д. ٢٢١–٢٠٦ жылдар

Ши Хуанди, Бірінші Ұлы император негізін қалаған Цинь әулеті

Б.з.д. ٢٠٦ – б.з. ٢٢٠ жылдар

Лю Бан негізін қалаған Хань әулеті

Б.з.д. ١٨٨–١٨٠ жылдар

Люй патшайымның билігі

Б.з.д. ١٤١–٨٧ жылдар

Хань У Ди билігі; империяның шарықтау шегі

Легистер идеологиясы стандартты ережелер мен рәсімдерді қажет еткендіктен Ши Хуанди саяси өмірді ғана емес, экономикалық және мәдени өмірді де ұтымды етуді мақсат тұтты. Ол салмақ пен өлшем бірліктерін бір ретке келтірді, Қытайда айналымда жүрген әртүрлі тиындардың біреуін ғана қалдырып, қалғандарын қысқартты. Қытайдың кейінгі мәдени дамуына ең маңызды үлес қосқан қадамдардың бірі, ғұламаларға қарапайым әліпбиден емес, мыңдаған жеке-дара таңбалары бар логографиялық жүйеден тұрған қытай жазуын бір стандартқа келтіріп, жеңілдетуді тапсырды. Шығыс Азия халықтары әртүрлі тілдер мен қытай диалектілерінде сөйлегенімен, біріздендіруді қолға алған саясат арқасында империя жеріндегі шенділер, ғұламалар және саудагерлер жазба тілде бір-бірімен жақсырақ түсінісе алды.

Бірінші император заманынан бастап ғалымдар оның жазбаларына қатысты екі жақты пікірде болды. Легизм ұстанымдарына сай, ол және оның шенділері мемлекеттің моральдық тұғыры ретінде ақсүйектер табын емес, егіншілер мен қолөнершілерді мадақтады. Шаруалар оны тәртіп орнатып, заң алдындағы теңдікті талап еткені үшін құрметтеді. Екінші жағынан, ол қарсы келгендердің бәрін аяусыз жазалады, қол астындағы адамдарды бір-бірін аңдуға итермеледі, мемлекеттің мүддесіне сай келмейді деп есептеген кітаптарды өртеуге бұйырды. Бір аңыз бойынша, өзіне бағынбаған бірнеше жүз ғұламаны тірідей жерге көму арқылы олардан кегін алған. Ол Қытайдың солтүстік орталығында орналасқан Чаньань (қазіргі Сиань) маңындағы жеке мазарына қыруар қаражат жұмсады. Археологиялық қазбасы 1970 жылдан басталған, саздан соққан сарбаздары мен жылқылары бар таңдай қақтырар бұл мазар – ежелгі дүние кереметі және оны салып, көркемдеген қарапайым халықтың қажырлы еңбегінің куәсі.

Саздан соққан сарбаздар. Арбалетпен, қылышпен және найзамен қаруланып, жылқы және әскери арбаларымен қатар сап түзген сарбаздар Бірінші император Ши Хуандидің жерлеу орнын қорғап тұр. Қолөнершілер терракота жауынгерлерді қалыпқа салып жасағанымен, әрқайсысының бет-пішініне айрықша белгілер берген. Қазіргі Сиань қаласының маңында 21 шаршы мильді алып жатқан кешенде адам бойымен бірдей сегіз мыңға жуық мүсін бар. Императордың осындай орасан зор жоба жасауға бұйрық беруіне оның қандай тілегі түрткі болуы мүмкін?

Хань мемлекеті және конфуцийліктің өркендеуі

Бірінші император қайтыс болғаннан кейін оның империясы құлдырауға шақ қалды. Шаруа текті, әскери баспалдақпен көтерілген Лю Бан (б.з.д. 206–195 жылдары билік құрды) бірнеше жыл ішінде мемлекетті Хань деген атпен қайтадан біріктірді, бұл атау қытай тілдес халыққа қатысты айтылатын жалпы атауға айналды. Лю Бан және одан кейінгі монархтар бір жағынан легизм заңдарының біразы мен Цинь әулетінің ережелерін сақтау, патша сарайынан қыстаққа дейін жететін шенділер иерархиясын қалыптастыру арқасында жетістікке жетті. Ең дамыған тұсында Хань билігі Римге қарағанда жиырма есе артық шенділерді жалдай алды4. Тұрақтылық пен өркендеу кезеңі Люй патшайым (б.з.д. 188–180 жылдар) билігінен басталып, Хань У Дидің (б.з.д. 141–87 жылдар) ұзақ билігі тұсында жалғасты.

Конфуцийлік этика және Хань империясы. Хань У Ди тұсында одан 340 жыл бұрын қайтыс болған Конфуций данамен байланысты мораль және этикалық идеялар Хань империясының идеологиясымен біте қайнасып кетті. Конфуций (б.з.д. 551–479 жылдар) Кон деген текті отбасынан шықты. Әлемге әйгілі есімі «Кун ұстаз» деген мағына беретін, қытайдың Кун Фуцзы (Kong Fuzі) деген сөзінен шықты. Ол аздаған уақыт сарайда қызмет атқарып, кейін қытай қоғамы мен билігін жақсарту жолдарын табуға ынталы шәкірттерді жанына жинап, бір патшалықтан екінші патшалыққа саяхаттауға аттанды. Сол заманның адамгершілікті насихаттайтын өзге ұстаздары тәрізді, ол бір-бірімен аяусыз тірескен аймақтық билеушілерді толығымен уысынан шығарып алған Шығыс Чжоу (б.з.д. 770–256 жылдар) әулеті заманында Қытайды жайлаған қатыгездік пен тәртіпсіздіктен құтылудың жолдарын іздеді.

Конфуций дүние салғаннан кейін екі жарым ғасыр өтісімен Солтүстік Қытайдағы саяси бейберекеттік одан әрі өрши түсті. Жауласқан мемлекеттердің дүрбелең кезеңі келді. Дегенмен ғұламалар мен реформаторлар шәкірттері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен оның сөздерінің жинағы «Аналект» («Analects») – «Әңгімелер мен пайымдар» еңбегінен шабыт алды. Мэн-цзы (б.з.д. 370–300 жылдар шамасы) тәрізді ғұламалар конфуцийлік идеяларды дамытып, патшалар мен ханзадаларды ашкөздік пен билікке деген тойымсыздығын хақ жолындағы әрі жауапкершілік арқалаған басқаруға айырбастауға шақырды. Циньнің Бірінші императоры өзін көпшілік алдында конфуцийлік дүние сүйсінетін, хақ жолын ұстанған билеуші ретінде көрсеткен тәрізді. Б.з.д. 140 жылдан, яғни Хань У Ди таққа отырғаннан кейін ғана конфуцийлік Қытай мемлекеті және оның басқарушы табымен тығыз байланыста қарастырыла бастады.

Ғалымдардың көпшілігі конфуцийлікті діннен гөрі мораль мен этикалық ағартушылық жолы ретінде сипаттайды. Конфуций мен оның шәкірттері тылсым әлемнің бар екенін растағанымен, құдайлар, о дүние немесе тәңір әрекеттері жайлы еш нәрсе айтпады. Хань заманында конфуцийлік ойшылдар төрт басты идеяны ұстанды. Біріншісі, адамгершілік – барлық адамға тән қасиет, сондықтан адамдар бір-біріне қайырымды, сыпайы болып, түсіністікпен қарағаны абзал. Екіншіден, мінсіз тұлғадан бекзаттық байқалуы керек, ол кемелдіктің, батылдықтың, талғампаздықтың белгісі еді, оның бойында дөрекілік, мансапқұмарлық және қатыгездік сияқты қасиеттерге орын жоқ. Үшіншіден, этикалық ұстанымдар мемлекетті көтеруге тиіс. Билеушілер елді хақ жолымен, ақылға салып басқару керек, сол кезде ғана олар қол астындағы халықтың сенімі мен адалдығына ие болады. Мейірім мен аяушылық таныту арқылы әрекет еткен билеуші алғаш рет бірнеше ғасыр бұрынғы Чжоу кезеңінде қалыптасқан концепцияға сай, құдай рақымына немесе Аспан мандатына ие екенін көрсетеді.

Төртіншіден, қоғамдағы тыныштық ғибратты әрекетті талап етті, ол дегеніміз – салт-дәстүр негізінде қалыптасқан жөн нәрселерді ойлап, сол бойынша әрекет ету. Отбасындағы үйлесім – дүниежүзіндегі үйлесімнің кілті және отбасы шеңберіндегі ізеттіліктің асқан көрінісі – ата- анаға құрмет72. «Әңгімелер мен пайымдар» еңбегінде Конфуций былай дейді: «Ата-анаңа қызмет ет, оларды әлдебір іске көндіргің келсе, мейіріммен үгітте. Олар сені тыңдауға құлқы болмаса – құрмет көрсет, олардың айтқанынан шықпа. Шаршасаң да ешқашан қабақ түйме»5. Барлық қарым-қатынас ізетті әрекеттерден туындауы керек: әке-шешенің балаға қарым-қатынасы; достың досқа қарым-қатынасы; бағыныштының билеушіге және билеушінің бағыныштыға қарым-қатынасы. Ізетті ғұрыптарды насихаттаған әрекет ережелері қоғамдық және саяси қатынастарды қалыптастыруы қажет. Конфуцийлік идеологияда әйелдер күйеулерінің, бауырларының және әкелерінің екінші жартысы ретінде сипатталады. Римдегі сияқты, ауқатты отбасы әйелдерінің қабілет-қарымын көрсетуге мүмкіндіктері болды. Патшайымдар мен лауазымды адамдардың әйелдері саяси ықпалға ие болды, кейбір білімді әйелдер конфуцийлік әдеби еңбектер жазды.

Конфуций ілімдері академиясын құрған император У Ди ғұлама бюрократтың, яғни империяны бекзаттықпен, әділдікпен басқаруға өмірін арнаған, сауатты, адамгершілік қасиеттерге ие шенді адам үлгісін қалыптастырды. Хань мемлекеті ақсүйек жер иеленушілердің жергілікті билігін империя тағайындаған шенділерге алып беру арқылы Бірінші императордың билікті бір орталыққа жинау саясатын жалғастырып, билеуші сарайынан жергілікті өңірге дейінгі билік пирамидасын құрды. У Ди ақсүйектерге ғана емес, қара халықтан шыққан зерек адамдарға да шен берді және шенділер қызметін қабат-қабат рәсімдерге толтырды. Римде құдіретті шенділер мен олардың клиенттері мен қызметкерлері арасындағы жеке байланыстар басқару жүйесін өрге дөңгелетсе, Хань басқару жүйесі шенділердің адами қасиеттері мен дарынына, бюрократтық жүйеге деген адалдығына сүйенді.

Даи ханымның ақыреттік байрағы. Қазіргі ғалымдар Хань заманының б.з.д. 168 жылдар төңірегінде қайтыс болған текті әйелі – Даи ханым жайлы таңданарлық мәліметтер ашты. Хунань провинциясында қазбамен айналысқан археологтар 1972 жылы Даи ханым мазарын тапты, оның айтарлықтай жақсы деңгейде сақталған мәйітін төрт табыттың ішіне қойып, жиырма қабат матамен ораған. «Т» пішінді байрақты ең ішкі табытқа жапқан. Жібек матада ежелгі Қытайдың аспан, жер және о дүние жайлы ойы бейнеленген. Байрақтың төменгі жартысында тізе бүккен қызметшілердің алдында Даи ханымның өзі тұр. Байрақтың жоғарғы жағында жылан мінген бейне Даи ханымның аспан патшалығына көтерілуін білдірсе керек.

Даосизм: өзге жол. Дүниежүзіндегі барлық негізгі мәдени дәстүрлердің мораль мен дін жүйелерінен екі параллель тенденция байқауға болады. Оның бірі – қоғамдағы тәртіптің тұғыры ретінде адамдарды бір-бірімен қарым-қатынас орнатуда адами құндылықтардың берік ережелерін сақтауға көндіру. Екіншісі – дүниенің шым-шытырық қоғамынан баз кешіп, жеке медитация, білім алу немесе қарапайым өмір салты арқылы мән-мағына мен қанағаттану сезімін іздеу.

Ертедегі конфуцийлік философтар қоғамның барлық деңгейінде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қоғам алдындағы моральдық жауапкершілік пен қайраткерлікті жақтады. Алайда осы ғасырларда өзге ақиқат іздеушілер «адамдар дүниенің ашкөздігімен, берекесіздігімен және қатыгездігімен күресудің орнына, қоғамнан жырақтап, ғарышпен үйлесімде тыныш әрі оқшау өмір сүруі керек» деген ойды алға тартты. Бұл философия эллиндік дүниедегі стоицизммен ұқсас келді. Адамдар Дао немесе Жол шынайылықтың негізінде жатқан көзге көрінбейтін, түсіндіруге келмейтін тылсым қағидалармен тұтастыққа ұмтылу керек. Әлемдегі барлық құбылыстар, біріне-бірі қарама-қайшы күштер де (инь- янь) өзара байланыста болады. Адамның Даоның шексіз ағысын қабылдаудың орнына дүниені ұйымдастыру, реттеу немесе өзгерту талпыныстары ақыр соңында аласапыран мен шатасуға алып келеді.

Даосизм ретінде белгілі болған сенімдер мен жоралғылар кешенінің тамыры көне қытайдың ата-баба және табиғат рухтарына қатысты идеяларында жатқан болар. Ең ежелгі даолық трактат б.з.д. ІV ғасырға жатады, оны жазған Лао-цзы данагөй деп есептеледі. Бес мың сөзден тұратын бұл ойлар жинағы – Дао де цзинь (DOW-DAY-JІHNG) немесе Жол мен игілік туралы классикалық жазба (Classіc Text of the Way and Vіrtue) «әрекетсіз әрекет» парадоксы арқылы үйлесімге қол жеткізуді, яғни у вэй (woo-WAY) тұжырымын білдіреді. Дао дэ цзинь жазбасында былай дейді:

«Бұл патшалықты иемденіп, Оны басқарамын деген кез келгенінің

Соңына жетпей жеңілгенін көремін.

Өйткені төмендегі патшалық киелі құты

Ешқашан билеушіге бағынышты болмайды.

Оған ұмтылған жойылады

Оған қол созған одан айырылады»6.

Барлық абсолют жайлы скептицизм, яғни еш нәрсе сөзсіз жақсы не жаман, әдемі не ұсқынсыз бола алмайды деген тұжырым дао ойшылдарын түрлі философиялық және рухани соқпақтарды кезуге итермеледі. Уақыт өте оған медицина, диета, сиқыр, жекпе-жек өнері, алхимия, мәңгі өмірге талпыныс және физикалық және табиғи ортамен үйлесімде өмір сүру өнері болған фэн шуй саласындағы дерексіз зерттеулер кірді.

Дао ұстаздары қоғамды ұйымдастырып, басқару жолындағы еш пайдасыз күрестері үшін конфуцийлікті ұстанушыларды сынға алды. Конфуцийлікті ұстанушылар қоғам алдындағы жауапкершілікке селқос қарағаны үшін дао жолындағыларды жазғырды. Шынтуайтына келгенде, екі сенім жүйесі арасында үлкен қақтығыс жоқ еді. Керісінше, Хань заманында ойлаудың осы екі көпқырлы түрі Қытай мәдени өміріндегі басты тенденциялар ретінде сан жолдармен бір-бірін қайталап, араласты, жеке адамның адами құндылықтарға сай әрекет етуі мен рәсімдерді орындауын мысалға келтіруге болады. Конфуцийлікті қатаң ұстанатын магистраттың өзі даолық медитациямен айналысып, үйінен апталап шықпай, білімін тереңдетуі мүмкін.

Хань экономикасы мен қоғамы. Хань әскерилері б.з. І ғасырында алпыс миллионға жуық халықты, саны Рим империясынан шамамен сәл ғана асатын, космополит астана Чаньаннан, кейін Лоян қаласынан басқарды. Қытай егін шаруашылығының өнімділігі де өсті. Себебі егіншілер жер иеленді, адамдар жерді емін-еркін сатты. Ұлдар әкесінің мұрасын теңдей иеленгендіктен, ұрпақ ауысқан сайын жеке адамдардың меншіктері кішірейе берді. Сол себепті шаруалардың егіншілікпен тиімдірек айналысуға және мүмкіндік болған жағдайда егістікке қолайлы жаңа жерлерді ашуға себептері жеткілікті болды.

Бидай, тары және күріш өсіретін егіншілер темір құралдарды пайдалануды жиілетіп, бірнеше маңызды технологиялық жетістіктерге жетті. Оған қол арба, тұқым сепкіш және қайыс, қамыт жатады. Б.з.д. ІІІ ғасырға дейін жылқылар мен өгіздерді соқаға жегу үшін мойындарына құрылғы орайтын. Сүйрейтін жүгі тым ауыр болса, ол құрылғы жануарды еріксіз қылғындыратын. Жаңа қайыс кейін қамытқа айналып, жүктің күшін жылқының мойнынан кеудесіне ауыстырды, нәтижесінде бірнеше есе ауыр салмақты жануар қиналмай сүйреді. Қытайдың тағы бір жаңалығы – құйма соқа, оның иілген тісі қопарылған топырақты арам шөптерімен бірге бір жаққа қарай үйіп, алқаптағы артық су ағып кететін атыз жасады. Темір соқа технологиясы Қытайдағы, әсіресе күріш өсіретін жаңбырлы оңтүстіктегі интенсивті аграрлық шаруашылықтың өрісін кеңейтті. Әйелдер тек тұт ағашының жапырақтарынан өсірген жібек құртының қайнаған пілләсінен ұзын, мықты жіп талшықтарын жасауды үйренгеннен кейін, жібек өндірісі жылдам қарқынмен дамыды. Ең соңғысы, кендір, зығыр немесе тұт ағашының қабығынан жасалған қағаз алғаш рет Хань заманында пайда болып, уақыт өте жазуға арналған бет ретінде қолданған бамбук таспаларының орнын басты.

Конфуцийдің әлеуметтік иерархия концепциясы бойынша: ғалымдар мен білімді шенділер – жоғарыда, егіншілер мен қолөнершілер – ортасында, ал саудагерлер – төменде орналасты. Ғалымдардың пайымдауынша, саудагер табының өкілдері төмен дәрежеге лайық болды, себебі олар пайдалы нәрселерді өндірудің орнына, оларды сату арқылы күн көрді. Соған қарамастан, Хань заманында сауда өркендеп, жаңа қалалар бой көтерді. Әулеттің екінші астанасы болған Лоянның тұрғындары біздің заманымыздың басында 500 мыңға жуықтады, бұл заманында дүниежүзінде Римнен кейін тұрған ең ірі қала болғанға ұқсайды.

Хань экспансиясы. У Дидің билігі тұсында, б.з.д. ІІ ғасырда Хань мемлекетінің аумағы ұлғайып, әскери, демографиялық және мәдени аспектілерге ие болды. Қылыш, балта және мықты арбалеттермен қаруланған қытайдың орасан көп әскері барлық бағытта жылжып, империя шекарасын Янцзы өзенінен оңтүстікке қарай – Вьетнамның солтүстік шегіне дейін, солтүстік-батыстағы Манчжурия мен Корей түбегі сияқты шалғай жатқан жерлерге дейін жеткізді. Жаулап алған халықтың көбі қытайша сөйлемейтін. Мемлекет кеңейген сайын, саудагерлер мен жерге мұқтаж қытай шаруалары өз еріктерімен сол жақтарға кетті. Б.з. алғашқы екі ғасырында шамамен 5–10 миллиондай егінші Янцзы өзенінің алқабына және одан ары оңтүстікке қоныс аударды. Егіншілер субтропиктік ендіктерге тараған сайын, солтүстік дақылдарды, әсіресе бидай мен тарыны сулы алқапта өсетін күрішке алмастырды. Оңтүстік жерлер Хань сарайының әскери қызметіне бағынғандықтан, қоғамды ұйымдастырып, салық кірісін астанаға жөнелту үшін қытай шенділері де сонда аттанды.

Қағаз жасау. Хань қолөнершісі електі ағаш массасы құйылған күбіден көтеріп алды. Електің бетінде қалған қойыртпақтың жұқа қабаты кеуіп, қағаз парақтарына айналады. Жібек, ағаш тақтайшалар немесе бамбук таспаларына қарағанда, жазу парағы ретінде қағаздың қандай артықшылықтары болды?

Хань экспансиясы мен қытайлардың қоныс аударуы мәдени қытайлану73 (түпнұсқада синификация, гректің сино – «қытайлық» деген сөзінен шыққан) үдерісіне дем берді, оны сол уақытта Жерорта теңізі алабында жүріп жатқан романдану үдерісімен салыстыруға болады. Жазу жүйесінің бір қалыпқа келуі, конфуцийлік құндылықтардың таралуы, Хань елінің бағалы заттарының саудасы, жаңа провинцияларда бюрократтардың орнығуы Қытай мәдени өмірінің салыстырмалы түрде бірыңғай стильдің Шығыс Азияның басым бөлігіне, әсіресе сондағы элита өкілдерінің әлеуметтік сатысына сіңуіне жағдай жасады.

Б.з.д. 129 жылдан бастап Хань У Ди Ішкі Еуразияның ішкері аймақтарына, шұрат тұрғындары мен көшпелі малшылардың мекеніне жаулау жорықтарын ұйымдастыруды бұйырды. Қытай күштері мен сюннулар деген атаумен белгілі күш-қуаты тасыған көшпелі малшылар мемлекеті арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы және ұзаққа созылған шайқастар осы басқыншылықтың бір себебіне айналған тәрізді. Тарауымыздың келесі бөлігінде сюннуларға ораламыз. Орталық Азияға, Оңтүстік Азияға және Иранға апаратын Жібек жолын империя бақылауына қаратудың мемлекетке тигізер қаржылай пайдасын да Хань У Ди көрді. Қытай жаяу әскері мен атты әскері Тарым ойпатының солтүстік және оңтүстік шеті арқылы өтетін сауда жолдарында орналасқан ең маңызды қалаларды басып алды. Ол қазіргі Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан жерлерінде орналасқан суы мол Ферғана аңғарының түкпір-түкпіріне жорық ұйымдастырды. Қытай шенділері бұл аймақты шөлейт далада өскен жануарға қарағанда ірі әрі мықты жылқы тұқымы – «аспан арғымақтары» арқылы білген еді. Аз уақытқа болса да Қытайдың осы алқапқа басып кіруі Қытай империясының оңтүстік-батыс қанатын Римнің ең алыс шығыстағы жерінен 1600 миль жер ғана бөлді. Хань У Диден кейін билікке келген императорлар осы батыс жерлерді бақылауда ұстап қалуға тырысқанымен, б.з. алғашқы екі ғасырында империяның орталығында әуре-сарсаң басталды, бұл оқиғаны 9-тарауда тарқатамыз.

Рим мен Қытай арасындағы мемлекеттер

ОЙЛАН: Сюнну мемлекеті, Парфиялық Парсы елі, Кушан, Куш және Аксум патшалықтарының өркендеуінде саудадан түскен байлықтың алар орны қандай?

Біздің заманымыздың басында Афроеуразияның қоңыржай және тропиктік ендіктерінен бастау алған мемлекеттер тізбегі жүзге таяды, олардың қатарында қала-мемлекеттер мен шағын патшалықтардан басталып, халқының саны Рим мен Хань империясына жетеқабыл алып империялар да болды. Бір-біріне көрші не шалғайда орналасқан мемлекеттер арасында дипломатия және сауда-саттық қарым-қатынастарының орнауы нақты бір жағдайларда қоғам мен экономикаға зор ықпалын тигізуі ықтимал идеялар мен технологиялық жаңалықтар айырбасын күшейтті. Осындай мемлекеттердің бесеуін атаймыз: Сюнну, мен Кушан империялары, африкалық Куш және Аксум мемлекеттері. Осы бес мемлекет те б.з.д. 300 – б.з. 300 жылдарын қамтыған кезеңде Афроеуразияны әйтеуір бір өзгертті. Жергілікті ақсүйектер немесе тайпалардың үстінен қарайтын орталық биліктің күші әр жағдайда және әр кезеңде айтарлықтай өзгеріп тұрғанына қарамастан, бес мемлекет те монархия болды.

Ата-анаға құрмет (fіlіal pіety) – ата-анаға және бүкіл ата-бабасына баланың ізет танытуы.

Қытайлану (sіnіfіcatіon) – Қытайда қолданылатын қоғамдық және мәдени өмір салтының Шығыс Азияда, әсіресе элита табының арасында таралуы.

Сюнну және олардың Хань империясымен қарым-қатынасы

Б.з.д. бірінші мыңжылдықта Ішкі Еуразия далаларын мекендеген көшпелі малшылар іргедегі егіншілермен және қала тұрғындарымен сауда жасау арқылы мал санын көбейтті. Cоғыс ашуға қарулы күші жетіп, оңтайлы мүмкіндік туған сәтте отырықшы қоғамдарға жасаған аяусыз шапқыншылықтарынан бейбіт саудаға қарағанда көбірек пайда келуі мүмкін екенін де білді. Б.з.д. VІІІ ғасырдан бастап-ақ Қытаймен шекаралас шығыс далаларда мал баққан халықтар басқа да тәуелсіз ру және тайпалармен одақ құрып, олжа мен тұтқын иемдену үшін Сары өзеннің жоғарғы ағысы аймағындағы қыстақтар мен қалаларға қарсы атқа мініп, шабуыл жасады. Отырықшы көршілері алым-салық төлеуден бас тартқан жағдайда оларды шапқыншылықпен қорқытты, оны көшпелілердің бопсасы десек те болады. Ішкі Еуразияның малшы қоғамдары ұлғайған сайын, дарынды басшылар іріленген және ұзақ жасаған тайпалық одақтар құруда зор жетістікке жетті. Ондаған жылдар бойы өмір сүрген мемлекетке айналған, бізге белгілі ең ерте дала одағы – Сюнну конфедерациясы болды.

Сюннулар – дала империясының негізіне айналған жылқышы халық – Сары өзен Қытайдың солтүстік-батыс шекарасы бойымен айналып ағатын аймақты мекендеді. Олар моңғол тіліне туыстас тілде сөйлеуі мүмкін. Б.з.д. ІІІ ғасыр аяғында сұсты және қатыгез жауынгер Мөде (Маодун) (б.з.д. 210–174 жылдары билік құрды) отбасылары мен руларынан гөрі оған адалдық танытқан салт атты садақшыларды маңайына топтастырады. Билікке жету үшін әкесін өлтіріп, әскери иерархияға бағынған, ішкі тәртіпті бұлжытпай сақтайтын атты әскерімен басқа да дала халықтарын жаулайды. Ұлғайып келе жатқан сюннулар күш-қуаты солтүстіктегі аң терісіне бай Сібір ормандары, металл өндіретін Алтай таулары, Моңғолияның көк шалғындары және жасыл желекті қалалары сияқты бірнеше экологиялық белдеулердің байлығына арқа сүйеді. Бұрынғы көшпелілер тәрізді, сюнну жауынгерлері Қытайға шабуыл жасап тұру арқылы байыды.

Б.з.д. ІІ ғасырда сюнну жасақтары солтүстік-батыс шекарада Қытай әскерін талқандады. Осы жеңілістен кейін Хань билігі Сюнну мемлекетін саяси тең мемлекет деп мойындап, жыл сайын астық, шарап және жібек түрінде «тарту-таралғы» жіберіп тұруды жөн деп тапты. Олар көшпелі ақсүйектерін Хань билеуші әулетінің қыздарына үйлендіру арқылы қарым-қатынасты нығайтты, әйелдікке келген қытай ханшайымдары тұтқын ретінде өмір сүрді десе де болады. Қытай бюрократтары сюннулармен соғысудан гөрі оларға алым-салық төлеп тұру арзанға түсетінін түсінді. Рәсімдік тарту-таралғы алмасу Мөде (Маодунь) мәртебесін күшейтті. Бұл тәсіл ол және оның мұрагерлері үшін байлықты басқа жауынгер қолбасшылар арасында бөліске салуды жеңілдетті, өтемі ретінде олар сюнну әскеріне садақшылар аттандырды. Сюнну Қытайға шабуылдамауға уәде берді, оның орнына батыста жатқан көшпелі және шұратта орналасқан қауымдарды басып алып, б.з.д. ІІ ғасырда аумағы орасан зор мемлекет пайда болды. Мөде (Маодунь) қытай типтес басқару иерархиясын қалыптастырып, өзін жоғарғы қолбасшы немесе хан ретінде иерархияның ең жоғарғы сатысына қойды.

Қытай мен сюнну арасындағы келісім арадағы қарым-қатынас тұрақтылығын ұзаққа сақтап қала алмады. Империяға әлі де қауіп төніп тұрғанына көзі жеткен Хань У Ди б.з.д. 129 жылы көп шығынданып, үлкен шабуыл ұйымдастырды. Ол Хань билігін Жібек жолы бойымен одан әрі кеңейтіп қана қоймай, сюннуларды ауыздықтауды да мақсат тұтты. Бірнеше жорықтан кейін көшпелілер Қытай үстемдігін қабылдауға мәжбүр болды, әлсіреген Сюнну мемлекетінде азамат соғысы тұтанып, ол кейін оңтүстік және солтүстік федерацияға бөлініп кетті, бірі – Ханьға тәуелді болып, екіншісі – Қытай жерінен тыс далаларда қалды.

Парфия және Кушан империялары

Сюннулар тәрізді, Парфия және Кушан мемлекеттерінің негізін Ішкі Еуразия даласы жауынгерлері қалады. Сюннулардан айырмашылығы, олар жиі қоныстанған отырықшы халықтар мен үлкен қалаларды басып алып, соларда билік жүргізді.

Парфияның жаулау жорықтары. Б.з.д. ІV ғасыр аяғында Ұлы Александрдың грек-македондық мұрагерлері негізін қалаған Селевкидтер б.з.д. ІV–ІІІ ғасырларда Иран үстіртін, Месопотамияны және көрші аймақтарды биледі. Алайда б.з.д. 240 жыл­дарда ол түбегейлі өзгерістерді бастан кешті. Бак­трия­ның грек тілдес басқарушылары Селевкидтер би­лігін құлатып, Бактрия монархиясын құрды. Ба­тыс­та орасан зор Селевкидтер әскері Грекияға ба­сып кіруге әрекет жасады, алайда шығысқа қарай ен­ген Рим сарбаздары б.з.д. 191 жылы оларға той­тарыс беріп, Селевкидтер әскерін Анадолыдан ығыстырып шығарды. Ішкі Еуразияның бір түкпірінен шыққан көшпелі жауынгерлер тобы – парни, Селевкидтердің Каспий теңізінің шығы­сын­да орналасқан Парфия провинциясын басып ал­ды. Б.з.д. ІІ ғасыр ортасында Парфия патшасы І Мит­ридат (б.з.д. 171–138 жылдары билік құрды) Селев­кидтердің Евфрат бойындағы астанасы Вавилонды жаулап алды. Келесі он үш жыл ішінде Селевкидтер империясы жойылуға шақ қалды, Парфия билігі Месопотамиядан Орталық Азияға тарай бастады.

Еркін ұйымдасқан империя. Өзіне дейінгі Селевкид және парсылық Ахемен әулеттері жолымен, парфиялық жаулаушылар да Месопотамия мен Иран үстіртін қоршаған таулы аймақтардағы егіншілер мен малшылар империяны, әсіресе оның сансыз атты әскерін қамтамасыз етеді деп күтті. Ахеменидтер даңқын қайта жаңғыртамын деп, «Патшалардың патшасы» титулын иемденген парфиялықтар Иран мен Месопотамияны төрт ғасырдан аса уақыт бойы биледі. Бұл таңғаларлық ерлік еді, өйткені олар Қытайдағы Хань билігіне қарағанда, орталықтанған бюрократиялық басқаруға мүлде бейім болмады. Керісінше, олар тайпалар мен шағын патшалықтарды әр кезде түрлі нәтижелерге әкелген әрқилы федерацияларға біріктірді, алым-салықтарды астанаға жеткізу және қажет жағдайда жасақтармен қамтамасыз ету жергілікті ақсүйектердің құзырында болды. Дене бітімі мен төзімділігіне бола арнайы өсірген жылқыларды ерттеген олардың сұсты атты әскері – қола, темір және тері сауытқа оранған жылқысы мен жауынгері – жаудың жаяу әскерінен немесе жеңіл қаруланған салт аттылардан басым болды.

Селевкидтер тәрізді, парфиялықтар да алуан түрлі этностардан тұрған халықты биледі. Ауқатты римдіктер сияқты парфиялық элита көркемөнер мен сарай рәсімдерінің эллиндік үлгісін қабылдады. Парфия патшалары грек нақышындағы бірқатар қалалар салды, олардың қатарында Тигр өзені бойындағы Ктесифон да бар. Бүгінгі таңда бұл қаладан ежелгі сарайдың бөлігі болған, биіктігі 121 фут күмбезді арка ғана қалған. Сауатты парфиялықтар үндіеуропалық пехлеви тілінде жазды, бірақ арамей мен грек тілдерін білім алу мен саудада кең қолданды. Билік қол астындағы халықтардың діни жораларына қатысты толерантты көзқарасты ұстанғанға ұқсайды. Патша әулеті мен ақсүйек отбасылардың ықыласы жоғарғы құдай Ахура Маздаға және зороастризм сенімдері мен ғұрыптарына ауды.

Ктесифон қалдықтары. Парфия билеушілері Тигр өзенінің солтүстік-шығыс жағасындағы Ктесифонды қысқы астана ретінде салды. Рим әскері б.з. 165 жылы оны талқандағаннан кейін қала қирандылар астында қалды. Алайда Так-и Кисра деп аталатын үлкен арка әлдебір себептермен осы күнге дейін сақталды.

Парфиялықтар және римдіктер. Рим легиондары алғаш рет Эгей теңізін кесіп өтіп, Оңтүстік-Батыс Азияға жорық ұйымдастырған уақыт төңірегінде парфиялық атты әскер Тигр-Евфрат алқаптарына енді. Екі империя шекарасының арасы өте жылдам қысқарды, б.з.д. 53 жылы Парфия әскері Оңтүстік-Батыс Азия жерінде Римнің қалың қолын талқандады. (Жеңімпаз Рим қолбасшысы Крастың басын алып, тарихшы Плутархтың айтуы бойынша, олар кесілген басты Парфия билеушілеріне грек қойылымын көріп отырған кезде көрсеткен!). Келесі 250 жыл ішінде парфиялықтар мен римдіктер Тигр- Евфраттың ауытқымалы шекарасы бойында екі жақ та айқын жеңіске жетпеген шайқастарға қатысты. Римдіктерді Оңтүстік-Батыс Азиядан қуып шығу үшін парфиялықтардың қарулы күштері жетпеді. Римдіктердің шығысқа қарай ұдайы әскер аттандыруы күрделі әрі шығыны көп жорық еді.

Кушан тиыны. Мына алтын тиында оң қолында асатаяқ ұстаған Вима Кадфиз патша (б.з. 75–100 жылдары шамасында билік құрды) бейнеленген. Оның оң иығынан патша билігінің заңдылығын білдіретін от алауы төгіліп тұр. Тиынның екінші жағында Кушанның Жел және Биіктер құдайы – Ойшо (Oesho) бейнеленген. Тиындардың көп жағдайда маңызды тарихи дерек көзі болуының себебі не деп ойлайсыз?

Кушан империясы. Парфияның шығыс жерінде б.з. 45 жылынан кейін Кушан мемлекеті бой көтеріп, Ішкі Еуразиядан Үндістанның солтүстігіне дейін созылып жатқан орасан зор аймақта үстемдік құрды. Кушан жайлы білу қиынға соқты, себебі олар туралы дерек өте аз, мемлекет өмірінен қалған жазбалар, мүсіндер және археологиялық қалдықтар да мардымсыз. Олардың тарихының жарқын көрінісі күміс және алтын тиындарда сақталған. Билеушілері, діни сенімдері, көршілерімен арадағы мәдени қарым-қатынастары жайлы тиындарда таңбаланған жазулар мен бейнелер әлі күнге дейін сыр шертеді.

Парфиялықтар тәрізді, Кушанның негізін қалаушылар да Ішкі Еуразия көшпелілерінің юечжи деген атаумен белгілі болған тайпасынан шыққан. Б.з.д. ІІ ғасыр ортасында күшінің ең бір толысқан тұсына жеткен шығыс даладағы сюннулар юечжилерді батысқа қарай қоныс аударуға мәжбүрледі. Олар Бактрияда қоныс теуіп, б.з.д. 80 жылдар төңірегінде оларға билік жүргізген грек-македондық мемлекетті жойды. Көп ұзамай, юечжилердің ішіндегі кушан басшылар тобы әскери одақ құрып, барлық бағытта жаулау жорықтарын ұйымдастыра бастады. Кушан жауынгерлері мыңғырған малына қоса Орталық Азиядағы Әмудария мен Сырдария өзендері алқаптарынан егіншілік және қолөнер кәсібінен түскен байлықты олжалап, аймақтағы қала тораптары арқылы ағылған саудадан салық жинады. Канишка патшаның билігі (б.з. 129–152 жылдар шамасы) басында Кушан тек Орталық Азия мен Ауғанстанды ғана емес, б.з.д. ІІІ ғасырда Маурия империясы құлағаннан кейін саяси жағынан бытыраңқы болған Солтүстік Үндістанның басым бөлігін де қамтыды. Парфиялықтар тәрізді, Кушан патшалары да ұлан-ғайыр жерлерінің ең шалғай шеттеріне тәртіп орната алмады және байланыс технологиясы жетпеді. Еркін тайпалар мен тәуелсіздікті аңсаған қалаларды бақылауда және кірістің ағылуын қамтамасыз етуде жергілікті ақсүйек билеушілерге арқа сүйеуге мәжбүр болды. Бірінен кейін бірі таққа отырған дарынды төрт патшаның басқаруымен патшалық б.з. ІІІ ғасырына біртұтас мемлекет ретінде аяқ басты, ал осы кезде, білуімізше, оны ығыстыратын жаңа империя құрушылар көтерілді.

Кушан билеушілері империяның мәдени алуан түрлілігіне бейімделді, дінге, өнерге және патшалық символизмге қатысты көпқырлы көзқарас ұстанды. Үнді, парсы және эллиндік стильдерге айтарлықтай тең дәрежеде сүйенген Кушан тиындарында осы өркениеттердің құдайлары, патша лауазымы және марапат белгілері ешбір кемсітушіліксіз бейнеленген. Канишка патша римдік кайсара немесе кесарь (цезарь) лауазымын иемденді.

Африканың Куш және Аксум патшалықтары

Б.з.д. екінші мыңжылдықта Африканың солтүстік-шығысында, Нубия жерімен өтетін Ніл өзенінің бойында, бүгінгі Судан Республикасы аумағын қамтыған аймақта алғаш рет Куш монархиясы (бұл атаудың Кушанға еш қатысы жоқ) пайда болды. Куш – Римдік Жерорта теңізі аймағы мен тропиктік Африка арасындағы айырбас көпіріне айналды. Сауда ағыны Куштан шығыстағы Қызыл теңізге де ақты. Бұл жерде б.з. І ғасырында Аксум патшалығы Жерорта теңізі дүниесін Араб теңізімен байланыстырған құдіретті сауда-саттық мемлекеті ретінде көтерілді (7.4-картаны қараңыз).

7.4-КАРТА. Куш және Аксум мемлекеттері

Куш пен Аксум сауда-саттығының өркендеуіне олардың географиялық жағдайы қалай әсер етті?

Куштың өзеннің жоғары бөлігіне жылжуы. Б.з.д. VІІІ–VІІ ғасыр ішінде Нубия мен Мысырды ондаған жылдар бойы билеген тұста Куштың патша сарайы Нілдегі Напата қаласынан ұлы өзеннің Көк және Ақ сағаға бөлінетін жоғарғы жағындағы жаңа астана – Мероэге (MER-oh-ee) ауысты. Бұл аймақ егін және мақта шаруашылығын жауын-шашыннан сақтайтындай, Сахара шөлінен оңтүстікке қарай біршама қашықта орналасты. Нілдің Ақ және Көк сағасының шығыс және батыс жақтарында жайылып жатқан саванналар немесе көк шалғындарда ірі қара мен жабайы ұсақ аңдар қаптап жүретін. Б.з.д. VІІ ғасыр шамасында темір өндіру Нубияға жетті, ол білім мұнда темір металлургиясын ойлап тап­қан көне орталықтардың бірі – оңтүстіктегі шығысафрикалық Ұлы көлдерден тараған болу керек. Темір рудалары мен ағаш қоры мол Мероэ төңірегінде кен өндірісі дамыды. Бүгінге дейін сақталған таудай қож үйінділері – ежелгі өнеркәсіптің сөзсіз дәлелі.

Мероэнің айрықша мәдениеті. Куштың орталығы Напатадан өзеннің жоғары ағысында орналасқан Мероэге ауысқаннан кейін Мысырмен арадағы мәдени қарым-қатынастар әлсіреді. Мысырдың ықпалы төмендеп, мәдениеттің өнер, сәулет, дін және басқа да қырлары жергілікті ерекшеліктерді күшейтті. Ерте замандарда нубиялықтар аспанмен теңескен жоғарғы құдайларын мысырлық Амон құдаймен шендестірген еді. Мероэде халық тастан қашалған арыстан бейнелі нубиялық Апедемак құдайға сыйынды. Мероэ патшалары шағын пирамидалар астында жерленді, бұл жерде қолданған сәулет пішіндерінен мысырлықтар көп ғасыр бұрын бас тартқан еді. Патшаның үлкен әйелі мен анасы мемлекет саясатында Мысырға қарағанда әлдеқайда басым орын алды. Мероэ мен сол аймақтағы тұрғындар әртүрлі тілде сөйлеген деген болжам бар. Б.з.д. 300 жылдар шамасында лауазымды тұлғалар мен діни қызметкерлер Ніл-Сахара семьясына жатуы ықтимал мероэ тіліндегі жазу жүйесін қалыптастырды. Бұл – 23 таңбадан тұрған әліпбиге негізделген жүйе. Мысыр иероглифтеріне сүйенген бұл әліпбиде дауысты да, дауыссыз да дыбыстар болды, яғни оның грек және латын әліпбилеріне арқау болған финикиялық жүйеге еш қатысы жоқ. Өкінішке қарай, тіл мамандары әлі де оның кілтін толық аша алмады.

Куш және Рим. Б.з.д. 300 жылдардан кейінгі Куш эллиндік Мысырмен және Риммен арада сауданың жандануына байланысты өркендеді. Нубия саудагерлері темір бұйымдарын, мақта-мата, әскери пілдерді, алтын, піл сүйегін, эбен ағашын және құлдарды өзеннің төменгі сағасына аттандырып, Жерорта теңізі шарабын, зәйтүн майын, қыш пен асыл металдан жасалған бұйымдар әкелді. Мысырды басып алған соң, б.з.д. 30 жылдан кейін, Рим ұзыннан-ұзақ созылып жатқан Ніл бойындағы сауданы бақылауда ұстап, Кушты тәуелді ету үшін өзеннің жоғарғы жағына қол жіберді. Алайда нубиялықтар оларға тойтарыс беріп, ақырында Римді екі жаққа да пайда әкелетін қарым-қатынас орнатуға көндірді. Көп ұзамай, екпіні күштірек Жерорта теңізі мәдениетінің желі Нубияға да жетті. Мысалы, Мероэ және басқа қалалардағы б.з. алғашқы ғасырларына жататын ғибадатханалар мен сарайлардың қираған орындары жергілікті, мысырлық және эллиндік ықпалдың әр алуан болғанын паш етеді.

Б.з. ІV ғасырға таман Куш толық құлдырайды. Римде өріс алып келе жатқан саяси қиындықтар Нілден Жерорта теңізіне қатынайтын сауда байланысына зиян келтірді. Нубиядағы ұзаққа созылған құрғақшылық аймақтағы көшпелі малшыларды Ніл қалаларын шабуылдауға итермелеуі де мүмкін. Ақыры, соңғы соққы Аксум патшалығы тарапынан келді. Б.з. 340 жылы олар Мероэ қаласын талқандап, Куштың ұзаққа созылған тарихын аяқтады.

Куш ғибадатханасы. Нілдің шығысында орналасқан Нага қаласының қирандылары арасындағы мына шағын құрылыс – осы алқап бойындағы мәдени ықпалдар ағынының куәсі. Атақты Хатхор құдайға арналуы мүмкін бұл ғибадатхана – мысырлық, эллиндік және римдік аралас ықпалдың көрінісі. Кіреберістегі мысыр маңдайшасында кобра бейнесі бар. Бағаналардағы коринфтік капительдер – гректердікі, қапталдағы аркалар – римдікі. Коринф бағаналар нақышы жайлы ақпарат Нубияға қалай жетуі мүмкін?

Деректерді САРАЛАУ

Африканың Адулис айлағындағы сауда

Римдік Мысыр мен Үндістан арасындағы теңіздерде саяхаттаған ежелгі дүние саудагерлері перипл деп аталған құжат жасады немесе сол құжаттар арқылы ақпарат алып отырған болуы мүмкін. Теңіз жиһанкездері кездескен ретіне қарай айлақтарды тізімдеп отырған, сол арқылы кеме командасына жол табуға көмектесетін есептің бұл түрінде айқын жер белгілері сипатталып, бір айлақ пен екінші айлақ арасындағы қашықтық есептелетін. Шамамен б.з. 40–70 жылдары аралығында грек көпесі Эритрея теңізінің периплін құрастырды. «Эритрея теңізі» тар мағынада Қызыл теңіз ұғымын білдіргенімен, Рим заманының саудагерлері оны Қызыл теңіз, Парсы шығанағы, Араб теңізі мен Үнді мұхитының жалпы атауы ретінде қолданды. Периплден алған мына жинақта автор Қызыл теңіз атауын Аксум патшалығының басты айлағы Адулистен (немесе Адоули) және оның маңынан табылатын тауарлардың тізімін жасайды. Бұл есеп жазбасында саудаға түсетін заттардың түрлері мен олардың қанша жол жүріп барып Адулиске жететіні сипатталған. Периплдің басқа бөлімдерінде теңізшілер түрлі айлақтарда жолықтыруы мүмкін адамдарға мінездеме берген. Мысыр мен Үндістан арасындағы бір саудагер саяхатының жеке есебінен гөрі перипл Үнді мұхитының сауда торабы туралы білгісі келген теңізшіге арналған нұсқаулық немесе жол сілтеуші іспетті.

Адулис – оңтүстікке қарай созылған мүйістің ішкерілей енген шетінде орналасқан, заң жүзінде пайда болған айлақ. Айлаққа дейін созылып жатқан Тау деп аталатын арал – мүйістің басынан теңізге қарай екі жүз стадия [ежелгі грек өлшем бірлігі] қашықтықта орналасқан, құрлық жағалауы оның екі жағына да жақын тұр. Құрлық жақтан келген шабуылға байланысты осы айлаққа табан тіреген кемелер зәкір тастаған... Тау аралға қарама-қарсы, жағалаудан құрлыққа ішкері қарай жиырма стадия жерде кәдімгі қоныс көлеміндегі Адулис жатыр, одан ішкері жердегі қала және піл сүйегіне арналған алғашқы сауда алаңы болған Колоэге үш күндік жол. Осы жерден халқы Аксумит деп атайтын қалаға [Аксум] бес күннен аса жол жүресіз; барлық піл сүйегі Нілдің арғы жағында жатқан елден Кинеум [қазіргі Судан Республикасында болуы керек] деп аталатын аудан арқылы осы жерге және одан Адулиске жетеді. Піл мен мүйізтұмсықтар, негізінен, ішкері жерлерде тіршілік етеді, оларды теңіз жағалауынан, тіпті Адулис маңынан сирек жағдайда ғана аулайды...

Бұл жерлерге берберлерге арналған мысырлық маталар, Арсиноядан [қазіргі Суэц] киімдер, сапасы нашар, боялған жамылғылар, қос желекті зығыр мантиялар, сапалы әйнек заттар, Диосполиде [Фивы болу керек] жасалған басқа да моррин [агат немесе сердолик] заттар мен әшекей және сынықтарын тиын орнына пайдалану үшін жез, тамақ пісіретін ыдыс және әйелдердің қол және аяқ білезіктерін дайындайтын жұмсақ мыс сынықтары, піл мен басқа да жабайы аңдарға қарсы және өз соғыстарында пайдаланатын найза жасайтын темір әкеледі. Одан бөлек, шағын балталар, сүргілер мен қылыштар, домалақ және үлкен мыс тостағандар, сауда алаңына келгендерге арналған кішкентай тиындар, Лаодикия [Сирия жақтағы жағалауда] мен Италиядан аздаған шарап, аз мөлшерде зәйтүн майы, патша үшін осы елдің нақышында жасалған алтын және күміс ыдыстар, әскери желбегейлер мен жұқа бешпенттер, киім тігуге қажет арзан терілер әкелді. Сол сияқты, осы теңіздің арғы жағындағы Ариака [Үндістанның солтүстік-батыс жағалауы, Камбей шығанағы төңірегінде] ауданынан монаке [жоғары сапалы мақта] және сагмотогене [мақта бұтасы болу керек] деп аталатын үнді киімі, белдемшелер, тері жамылғылар мен түсті маталар, аздаған муслин және түрлі-түсті бояулар [бояу жасау үшін жәндіктің шайыр тәрізді секрециясын пайдаланады] әкеледі. Бұл жерлерден сыртқа піл сүйегі, тасбақа сауыты және мүйізтұмсықтың мүйізі тасымалданады. Мысырдан келетін заттардың бәрі сауда алаңына [Адулис] қаңтар мен қыркүйек айларының аралығында жеткізіледі.

Дереккөз: Wіlfred H. Schoff, ed. and trans., The Perіplus of the Erythraean Sea: Travel and Trade іn the Іndіan Ocean by a Merchant of the Fіrst Century (New York: Longmans, Green, 1912), 22–24.

Сыни пайым

Осы бөлімде тізілген заттарды жіктеп, тізімін жасаңыз. Сауда-саттыққа тек қажет заттар ма, әлде сән-салтанат заттары бар ма немесе екеуі аралас па? Бөлімде көрсетілген заттардың қайсысы Адулистен барынша қашық жатқан жерден шықты? Аксум адамдары бұл жатжерлік заттарды не үшін сатып алғысы келді деп ойлайсыз? Римдіктерде жоқ қандай заттарды аксумдықтар ұсына алды? Теңізшілер мен саудагерлер Адулистен сапарға аттануды және Адулиске баруды жоспарлаған тұста қандай жағдайларды есепке алу керек?

Куш пен Қызыл теңіз аралығындағы Аксум. Аксум патшалығы тарихи деректерде алғаш рет біздің заманымыздың басында, Қызыл теңіз бойындағы сауда қыза түскен кезде айтыла бастайды. Б.з.д. бірінші мыңжылдық аяғына таман саудагерлер Қызыл теңіздің оңтүстігінің Арабия және Африка жағындағы жағалауларында айлақтар кластерінің негізін қалады. Осы айлақтардан олар ладан және мирра, әтір мен жергілікті жұпар иісті ағаштардың бағалы шайыры сияқты өнімдерді жөнелтті. Қызыл теңізге қатар жатқан, Арабия мен Сирияны байланыстырған оңтүстік-солтүстік құрлық жолы арқылы түйе керуені де тауар тасыды.

Қазіргі Эритрея мен Солтүстік Эфиопияда орналасқан Аксумның өсіп-өркендеуі саяси күштің Қызыл теңіздің Африка жағалауында шоғырланғанын көрсетеді. Қаланың алғашқы билеушілері жағалаудың батысы мен оңтүстігіне қарай созылып жатқан Эфиопия таулы қыратында астана құрып, оны Аксум деп атады. Егіншілер тау бөктері мен жоталарында мал жайып, тары, сорого, бидай және тэфф (Эфиопия ас тағамдарына тән кішкентай дақыл) өсірді. Аксум билеушілері ерекше транзиттік айлақ74 (ONtruh-poh) ретінде қызмет атқаратын Адулис айлағын жасады. Олар Аксум билік өкілдеріне кеден салығын төледі.

Аксум билеушілері немесе олар құрған басқару жүйесі туралы мағлұмат аз. Астаналары гүлденіп, көркейді, билеушілері ғибадатханалар, сарайлар тұрғызды, ақсүйектердің жерлеу орындарына бағаналар қойды. Ең биігі 100 футтан да асатын осы ескерткіштердің кейбірінде есіктер мен терезелер суреті шебер қашалған. Билеушілер провинция басқарушылары мен басқа лауазымды тұлғаларды тағайындағаны жайлы азын-аулақ дерек бар, соған қарағанда, олар қыстақтар мен рубасыларға салық жинаудан басқа міндеттер де тапсыруы мүмкін еді. Қала тұрғындары, басқарушы топ және көпестер, негізінен, араб және ивритке жақын және әліпбилік жазуы бар семиттік геэз тілінде сөйледі.

Адулис арқылы сауданың өркендеуіне арқа сүйеген Аксум билеушілері жол, айлақ және сауда қалаларын басып алу үшін бірнеше жорық ұйымдастырды. Б.з. ІІ–VІ ғасырлары аралығында аксумдық қарулы күштер Қызыл теңіз жағалауы бойымен солтүстікке жылжып, екі жақ жағалаудағы айлақтарды бақылауында ұстау мақсатымен Оңтүстік Арабияға жиі-жиі шабуыл ұйымдастырып тұрды. Батыс бағытта Аксумды басып алып, піл сүйегі мен басқа да тропиктік заттар саудасын Ніл жолынан Қызыл теңізге бұру арқылы Куштың құлдырауын жылдамдатқан болуы мүмкін. Аксум патшасы Эзана б.з. ІV ғасыры ортасында Мероэге қарсы әскер аттандырған кезде Куштың даңқы өшіп үлгерген еді. Мероэден табылған тас жазбалар фрагменттерінде Эзананың жауын жеңген салтанаты жайлы мақтана жазған:

«Мен олармен Такказе [Нілдің шығыс жағындағы өзен] бойында шайқастым... Нәтижесінде олар қашты, тоқтай алмады. Қашқындардың соңынан жиырма үш күн қудым, бірін өлтірсем, енді бірін тұтқынға алдым, тоқтаған жерлерден олжа түсірдім... Сарбаздарым [елдің] азық-түлік, мыс, темір, жез қолға түсіріп, үйлеріндегі мүсіндерін қиратып, азық қорларын, мақта бұталарын құртты, оларды Седа өзеніне [Ніл болса керек] тастады. Көп адам суға кетті, олардың санын білмедім»7.

Эзана Кушты күйреткеннен кейін Аксум мемлекетінің аумағын ұлғайтты, дегенмен Ніл тәрізді алыс шалғайға дейін созылған жерді бақылауында ұстап тұру ұзаққа созылмасы анық еді. Б.з. ІV–VІ ғасырларында Аксум қуатты және бай мемлекет болып қалды, ал 9-тараудан оның христиан мемлекетіне айналғанына куә боламыз.

Афроеуразия арқылы өтетін байланыс көпірлері

ОЙЛАН: Б.з.д. 300 – б.з. 300 жылдарында буддизм, христиандық және конфуцийліктің кең ауқымды діни жүйелер ретінде пайда болуында қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар?

Б.з. І және ІІ ғасырларында Рим, Куш, Аксум, Парфия, Кушан және Хань империясы өркендеді және айтарлықтай тұрақты мемлекеттер болды. Бұл кезеңде Афроеуразия жеріндегі алыс аймақтарды қосқан сауда мен мәдени қарым-қатынастардың дамуы кездейсоқ емес еді. Осы кезеңде көпестер аймақаралық сауданы одан әрі ұлғайта түсті. Үкіметтер сауда экспедицияларын қаржыландыру орнына, көпестердің қызметіне жағдай жасайтын қауіпсіздік пен мүмкіндікті қамтамасыз етуге көбірек талпынды. Мұны жолдарды, каналдар мен айлақ­тарды қаржыландыру, теңіздегі және құрлықтағы қарақшылармен күресу, торап қызметін атқаратын қалаларға әртүрлі деңгейдегі өзін- өзі басқару құқығын табыстау арқылы іске асырды. Ауқаттылар табына ағылған немесе бір билеушіден екінші билеушіге тарту ретінде берген қымбат сән-салтанат бұйымдары әлі де алыс аймақтар арасындағы сауданың көзі болып қала берді. Дегенмен біздің заманымыздың басында көпестер жүктеріне мақта-мата, күнделікті қыш ыдыстар және шыны моншақтар тәрізді көлемді, арзанқол бұйымдар қосты.

Афроеуразияның сауда қалаларында тауарлардың ғана емес, құдай, рақымшылық, тазару, рәсім және ізгі әрекеттер туралы ойларды біріктірген идеялардың да айырбасы да жүрді. Осы тарауда көп айтылады: алты жүз жыл ішінде ойын әлемге, яғни, құлақ салған әрбір жанға жеткізген буддизм және христиан діндері басталған жерлерінің шекарасынан асып, Афроеуразияның басқа бөліктеріне тарады, шығу тегі алуан түрлі халық арасынан миллиондаған қолдаушылар тапты. Шым-шытырық діни және философиялық ойлардан тұрған эллиндік дәстүрді есептемегенде, буддизм мен христиандық аймақаралық деңгейге шыққан алғашқы діни жүйелер еді.

Транзиттік айлақ (entrepôt) – жан-жақтан келген көпестер тауарларын айырбастап, оларды ары қарай жөнелтетін айлақ немесе қала орталығы.

Шығыс–Батыс аймақаралық саудасы

Ежелгі мемлекеттердің қарым-қатынас желілерін қаржыландырудағы басты себеп – әскер мен лауазым иелерінің қозғалысын және қажет жерге маңызды ақпарат жеткізілуін оңтайландыру болатын. Мемлекет құрушылар жеке көпестерге, жергілікті егіншілерге, құл саудагерлеріне және саяхаттаған ғұламаларға жолдарды, соқпақтарды, кеме жүре алатын өзендерді пайдалануға мүмкіндік беру арқылы мемлекетті біріктіріп, оның байлығын көбейтетінін түсінді. Рим империясы бой көтерген тұста Жер­орта теңізі аймағындағы теңіз саудасы экстенсивті сипатқа ие болып үлгерген еді. Гректер мен этрускілерден үйренген римдіктер республикалық кезеңнің басында жол және көпірлер жүйесін сала бастады. Бұл жүйе байланыстың Жерорта теңізі жағалауынан ішкері аймақтарға дендей енуіне ықпал етті. Өнертапқыштар жылқы, арба және жаяу әскердің қалың қолын көтере алатын тас жол салудың жаңа техникаларын ойластырды. Шырқау шегі б.з. ІІ ғасырына сай келген Рим империясындағы тас жолдың ұзындығы 55 мың мильге жеткен тәрізді. Жартышардың екінші шетіндегі Цинь және Хань билеушілері де бірінен кейін бірі патшалық астанасы болған Чаньань мен Лоян қалаларынан таралған тас жолдар жүйесін салды. Цинь императоры Ши Хуанди таққа отыра сала көлік тиімділігін арттыру үшін жол төсеніші мен арба осінің ені бір қалыпта болуын реттеді.

Ішкі Еуразиядағы Жібек жолы. Ішкі Еуразияның далалары мен таулы аймақтарын қиып өткен Жібек жолы, Хань әулеті мен Римді жалғаған желі тас жолдардан емес, сүрлеу пен соқпақтардан тұрды (7.5-картаны қараңыз). Көпестер кей кездері арбаға өгіз немесе түйе жекті, шөл дала мен таулы өткелдерден асу үшін жүк арқалаған есек, ат немесе түйе керуендері әлдеқайда ыңғайлырақ болды. Оңтүстік-Батыс Азия, Солтүстік Африка және Сахара жолдарында саудагерлер, негізінен, нарға және ірі қараға жүк артып жүрді. Б.з. алғашқы ғасырларында дөңгелекті көліктер бұл аймақтан жоғалып кетті.

Қытай мен Батыс арасындағы Жібек жолы арқылы жүрген тауарлар қолдан-қолға өту арқылы тарады. Яғни тілі, дәстүрі ортақ көпестер тобы жолдың, қаланың немесе шұраттың белгілі бір бөлігінде ғана әрекет етті. Олар тауарын келесі нүктеге жеткізетін басқа саудагерлерге сатты. Б.з. І ғасыры аяғында Батыс Хань провинциясының басқарушысы сауда елшісі ретінде Гань Инды Рим империясымен байланыс орнату үшін Қытайдан Оңтүстік-Батыс Азия жеріне, бәлкім, Месопотамияға аттандырды, алайда бұл саяхат діттеген мақсатына жете алмады. Жеке көпестер осыншама алыс жолға өте сирек аттанатындықтан оның сапары тарихта қалған оқиға болды. Хань әулеті тұсында қытай көпестері Тарым ойпатының солтүстік және оңтүстік бағытындағы Жібек жолы бойында және батыс шалғайда жатқан Ферғана аңғарында сауда жасады. Хань билігі Кушан керуендерінің Қытайға келуіне бөгет болмады.

Теңіздегі Жібек жолдары. Жібек жолдарының ұлғайып келе жатқан маңызына қарамастан, алыс аймақтар арасындағы сауданың басым бөлігі Шығыс Азиядан Жерорта теңізіне дейін жайылып жатқан, біріне-бірі жалғасқан теңіз тізбегі арқылы өтті (кітаптың кіріспесін қараңыз). Коммерциялық тұрғыдан алсақ, көпестер керуенге қарағанда кеме арқылы көп тауарды аздаған шығынмен тасымалдай алды. Тропиктік Оңтүстік теңіздерде75 муссондар желкенді кемелерді алға айдады. Еуразия жері мен Үнді мұхиты арасындағы атмосфера температурасындағы айырмашылықтар әсерінен жел қыс айларында Шығыс Еуразиядан тропиктік Африкаға қарай соқты. Бұл – солтүстік-шығыс муссоны. Жылы айларда жел бағытын өзгертіп, Африкадан Еуразияға қарай соқты.

Ықтиятты жасалған жол. Римді Адрия теңізінің жағалауындағы Бриндизи айлағымен жалғаған Аппия тас жолының Орталық Италияда орналасқан Итри маңынан өтіп жатқан бөлігі.

Теңізшілер ежелгі замандардан-ақ муссон циклдерін пайдаланғанын білеміз, алайда олар б.з. бірінші мыңжылдығы басында құбылмалы жел жағдайында ыңғайлы кеме мен желкеннің жаңа дизайнын жасады. Алдыңғы және артқы жақтан орнатылатын желкенді бірінші болып Оңтүстік-Шығыс Азия аралдары арасында сауда жүргізген малай теңізшілері ойлап тапқанға ұқсайды, содан бастап желкен кеменің жақтауларына тік бұрышпен емес, қатарласа орналасты. Осындай дизайн арқылы кеме «бұлтара» алды, яғни жел соққан жаққа қарай шалт бұрылып және бағыттан ауытқымау үшін алға-артқа ирелеңдей жүзді. Оңтүстік теңіздерде алдыңғы және артқы желкендердің бірнеше түрі, әсіресе латын желкені деп аталатын үшбұрышты қондырғы қолданысқа енді. Муссон жағдайына епті мұндай кемелерге сенген капитандар жер көзден таса болғанға дейін жүзіп, бір айлақтан екінші айлаққа жетуге қанша уақыт кететінін шамалап есептеуге мүмкіндік алды.

Үнді мұхитындағы айырбастың көбі малай теңізшілері арқылы жүрген тәрізді. Қазіргі Солтүстік-Батыс Вьетнам мен Камбоджаны қамтитын Тайланд шығанағында орналасқан күріш өсіруші мемлекет (немесе шағын мемлекеттер федерациясы) Фунанмен байланыстыратын айлақтар шоғыры Оңтүстік Қытай теңізі мен Бенгал шығанағын жалғайтын негізгі транзиттік айлақтар қызметін атқарды. Алыс аймақтар арасындағы сауданың жарқын көрінісі – қалампыр, теңіз жаңғағы мен мускат дәнінің батысқа қарай жылжуы. Индонезия архипелагының бір бөлігі Молукка аралдар тобының тұрғындары бір ағаштан қалампыр, екіншісінен теңіз жаңғағы мен жұпар жаңғақтың (бір жемістің өзегі) қабығын жинады. Б.з.д. соңғы ғасырларда малай көпестері бұл хош иісті дәмдеуіштерді үнді және қытай айлақтарында құнын асыра саудалады. Б.з. бірінші ғасырда осы дәмдеуіштердің азын-аулағы жиналған жерінен 9000 миль қашықтықта жатқан Римнің дәмдеуіш базарларына да жиі жетіп тұрған еді.

Тропиктік Африкадан шыққан өнімдер де оңтүстік теңіздердің сауда алаңына келіп тұрды. Піл сүйегі, тасбақа сауыты, қабылан терісі, мүйізтұмсық мүйізі, эбен ағашы және басқа да заттар Үндістанда, Рим және Парфия империяларында сатып алушыларын тапты. Б.з. І ғасырынан кешікпей Шығыс Африка жағалауында, бәлкім қазіргі Танзания жерінде Рапта деген атаумен танымал айлақ бой көтерді. Рапта тұрғындары қатарында банту тілдес егіншілер, қолөнершілер, саудагерлер және Оңтүстік Арабия мен Аксумның теңіз көпестері болды. Б.з. ІV ғасырынан бастап Рапта құлдырай бастағанға ұқсайды, оның орнын кейін трансжартышар сауда жүйесінде стратегиялық маңызды Шығыс Африканың басқа айлағы басты.

Оңтүстік теңіздердегі Рим көпестері. Билеушілері ауқатты адамдарды аса бағалы асыл тастар, дәмдеуіштер, ладан, піл сүйегі, хош иіс және Шығыста жасалған жібек тәрізді шалғай жерлерден келген таңсық заттармен қамтамасыз ете алуы – Рим құдіретінің өлшемі болды. Сол заманда жібек өндірумен, яғни тұт жібек құртынан жібек шығарумен тек Қытай егіншілері ғана айналысты. Афроеуразияның басқа бөліктеріне кеткен жібек матаның көп бөлігі қытай тоқымашыларының қолынан шықты. Жаулау нәтижесінде және кен орындарын игеруден алтын мен күмістің ағылуы ауқатты римдіктерді Жерорта теңізі аймағы мен оңтүстік теңіздер арасындағы қымбат саудаға қаржы салуға итермеледі. Одан бөлек, б.з.д. І ғасыр аяғынан басталған Римнің Мысыр мен Оңтүстік-Батыс Азияның бір бөлігін жаулауы Қызыл теңізге, одан әрі жатқан Үнді мұхитына жол ашты. Азияның біраз заттары Римге Парфия империясының жері арқылы құрлық үстімен де жетті.

Римнің грек, араб, еврей, арамей немесе мысырлық тамыры бар бодандары оңтүстік теңіздердегі сауданың басым бөлігін бақылады, ал грек тілі Араб теңізі төңірегіндегі саудада лингва-франка қызметін атқарды. Осы дәуірде трансжартышар саудасының бағдары ретінде Оңтүстік Азия айлақтары тез бой көтерді. Нәтижесінде, Рим көпестері Үндістанның батыс және шығыс жағалауы мен Цейлон аралындағы (Шри-Ланка) айлақтарда тұрақтаған Азия көпестерімен сауда жасау мақсатында осы жерлерге жетуге аса ынталы болды. Кушан билігіне қараған Инд алқабы, Ауғанстан және Орталық Азия көпестері Үндістанның солтүстік-батысындағы айлақтарда римдік әріптестермен кезікті. Б.з. І ғасырында жазылған, теңізшілерге арналған грекше нұсқаулық, Эритрея теңізінің периплы («Деректерді саралау» айдарын қараңыз) бойынша, Инд өзені жанындағы Барбарикум айлағына табан тіреген кемелерден «өте көп жұқа киім...; өрнектелген мата, топаз, маржан, сторакс (хош иісті шайыр), ладан, шыны, күміс және алтын ыдыстар, аздаған шарап» түсірді. Олардың орнына кушан көпестері көктас, көгілдір ақық, жібек жіп және индиго (көк бояу) сияқты заттарды ұсынды8. Оңтүстік Үндістаннан римдіктер үнді мақта-матасын, қара бұрыш, даршын, маржан және Оңтүстік-Шығыс Азия дәмдеуіштерін сатып алды. Қытай құжаттарында б.з. 166 жылы Хань астанасы Лоянға римдіктердің, бәлкім, көпестері болар, келгені жайлы жазба бар. Алайда бұл әрекеттен түк шықпады, Үндістанның шығысындағы саудада римдіктердің мысқалдай үлесі болмағаны белгілі.

Азиялықтардың Жерорта теңізі аймағындағы заттарға деген қызығушылығынан Римнің Азия өнімдеріне деген құмары әлдеқайда басым түсті де, рим көпестері тауар сатып алу үшін алтын және күміс тиындарды сол жаққа аса көп мөлшерде жеткізіп отырды. Археологтар Үндістаннан Рим ақшасының бірнеше ірі қоймасын тапты, ал бұл жерде осы металдың кен орындары сондай көп емес еді. Римнің кейбір басшылары империяның алтын қорының шығысқа ағылғанына алаңдағанымен, шындығына келгенде, империя ішіндегі сауда айналымымен салыстырғанда сыртқа шыққан тиындардың көлемі сонша көп емес еді9.

Оңтүстік теңіздер – Бенгал шығанағы және Араб теңізі, Қытай теңізі мен Үнді мұхиты.

Алғашқы миссионерлік діндер

Оған дейін мұндай құбылыс болмағанын ескерсек, өзге азғантай діндердің арасынан буддизм мен христиан діні аймақаралық, ақыр аяғында дүниежүзіне кең тараған қозғалысқа ұласуының себебі не деген сұрақ туындайды. Түрлі жолдармен, бірақ барлық діндер тәрізді бұл сенімдер де жұбаныш, үміт, түсініп болмайтын оқиғаларға және күнделікті қиындықтарға толы дүниеден рухани мән іздеген адамға демеу берді. Бірақ неге «ірі» діндер? Оның бір себебі мынау шығар: б.з.д. соңғы ғасырлардағы халық санының үздіксіз өсуі, қауымдар арасындағы қарым-қатынастың қарқындауы тілі, мәдениеті және табы бойынша бір-бірінен алшақтаған адамдар арасындағы байланысты күшейте алатын рухани және адами қасиеттер ережелерін қажетсінді. Осы діндердің барлығы белгілі бір аймақ шекарасынан асып, одан тысқары жерлерден де қолдаушысын тапқан сайын, мәдени байланыстар мен ақпарат алмасу немесе қызмет жасаудың басқа да сансыз жолдары арқылы бір-біріне жолыққан кезбелердің өзара сенімінің негізіне айналды. Буддизм мен христиандық бір-бірінен мүлде бөлек мораль және рухани жол ұсынды. Алайда екі дін де белгілі бір мемлекет, билеуші тап немесе этнолингвистік топ шеңберінен шығып, кім және қайда өмір сүргеніне қарамастан сенімі мен діни жоралғылары ортақ адамдарды біріктірді (7.5-картаны қараңыз).

7.5-КАРТА. Буддизм мен христиан дінінің дамуы. Б.з.д. 200 – б.з. 300 жылдары

Христиан діні мен буддизмнің пайда болған аймақтарынан дәл осы нақты бағыттар бойымен таралуын қандай географиялық факторлардың көмегімен түсіндіруге болады?

Үндістаннан тыс жерлердегі буддизм. Будда өмірден өткен (шамамен б.з.д. 483 жыл) соң екі жүз жылдан кейін оның үміт пен қайғы шеккен адамзатқа рақымшылық таныту идеясы Оңтүстік Азияға тарады (6-тарауды қараңыз). Маурия мемлекетінің патшасы Ашоканың әмірімен бас қосқан тақуалар кеңесінде Будда ізбасарлары оның ілімін әлемге кеңінен тарату керек деген шешім қабылдады. Келесі ғасырларда буддизм миссионерлері солтүстік-батыстағы Парсы еліне, Бактрияға және Ішкі Еуразияға, шығыстағы Бирма мен Цейлонға жетті. Буддизм ғұламалары Буддаға тиесілі деген ілімдер мен осы доктриналардың толыққанды түсіндірмелерін біріктірген киелі жазбалар (сутралар) құрастырды.

Буддизмді қабылдағандардың көбі тақуаға айналды, бұл дүниеден баз кешіп, монастырьдағы медитацияны және білім алу жолын таңдады. Діни адамдар тақуалық қауым құрған кез келген жерде діни жазбаларды көшірумен, аударумен және таратумен айналысты. Буддизмді қабылдаған кейбір адамдар бұ дүниеде қалып, монастырьларға қолдау көрсете отырып, қыстақ және қала қауымдарында өмір сүрді. Әр адамның жеке мораль жауапкершілігіне баса назар аударған, барлық әлеуметтік тап адамдарына қасіреттен құтылуға үміт сыйлаған буддизм ілімі қолөнершілер мен саудагерлер арасынан кең қолдау тапты. Алыс аймақтарға тауар тасыған буддист көпестер жаңа діннің Үндістаннан тыс жерлерге тарауына көмектесті.

Бүгінгі Пәкстан жеріне қарасты Инд өзенінің жоғарғы алқабында орналасқан Гандхара аймағында буддизм ерте таралды. Б.з. І ғасырында бұл аймақ гүлденген сауда орталығы болды да, Таксила қаласында қоныс тепкен Бактрияның грек тілдес патшаларының билігіне қарады. Будда тақуалары мен көпестері келе бастағаннан кейін Гандхара жанданған мәдени жиын алаңына айналды. Мұның тамаша нәтижесі – грек және үнді элементтерін көркемдікпен біріктірген буддалық өнер стилінің өркендеуі. Мәдени толеранттылық және космополиттігімен ерекшеленген Кушан патшалары б.з. ІІ–ІІІ ғасырларда буддизмді жақсы қабылдады. Миссионерлер Кушан жері арқылы дінді Парфияға бағынған Иранға және Тарым ойпатының солтүстік және оңтүстік жағындағы Жібек жолы бойында моншақтай тізілген қалаларға таныстырды. Буддизм миссионерлері Қытайға алғаш рет б.з.д. І ғасырда-ақ жетті. Бұл оқиғаға кейінгі тарауларда оралатын боламыз.

Буддизм сенімі мен діни жоралғылары Үндістан жерінен шығып, тыс аймақтарға тарағандықтан, бұл ілімнің әрқайсысы сенім мен жоралғыларға өзгешелеу келген көзқарас ұсынған бірнеше мектеп қалыптастырды. Ең көп ізбасарлар махаяна мектебінде болды. Оның алғашқы шәкірттері буддизм канондары жазбаларына библиялық ойларды, әсіресе адам өзін монастырьлық өмірге арнамай-ақ толық арылуға (нирвана) қол жеткізе алады деген идеяны кіріктіргісі келді. Болжам бойынша, Үндістан жерінде емес, Жібек жолы бойындағы қалаларда пайда болған махаяна іліміне сай адал ізденушілерге құт дарытатын күші бар жаратылыс иелері рухани нұрға бөленуге жәрдем бере алды деп сендірді. Бұл құдайлық бейнедегі жаратылыс иелерінің екі түрі болды. Біріншісі – әулиелер немесе бодхисаттвалар (BOH-dіh-SAT-vuhs), бұл қасиетті адамдар киелі жолдағы басқа адамдарға қол ұшын беру мақсатында өздерінің ілімін шыңдау жұмысын кейінге ысырып қойды. Екіншісі – Будданың өзі, махаяна бойынша ол ұлы ұстаз ғана емес, құтқарушы да еді. Махаяна буддистері рақымшылықты ізгіліктің төріне шығарып, жаңа доктриналар, рәсімдер және киелі өнер көріністерін енгізді.

Будда мүсіні. Қазіргі Пәкстанның солтүстігіндегі Гандхара аймағында Оңтүстік Азия мен эллиндік мәдени ағындар бір-бірімен түйісті. Үнді тақуаларының қарапайым киімін киген бұл тас Будда медитация үстінде отыр. Киім бүрмелерінің шынайылығына қарағанда жергілікті немесе қоныс аударған қолөнершілер эллиндік стильді де бағалаған тәрізді.

Иса және христиандықтың бастаулары. Рим билеушілері, негізінен, империя шеңберінде бір-бірімен мидай араласып кеткен діни және философиялық ойларға төзімділік танытты, мысалы, иудаизмді «заңды дін» ретінде мойындады. Еврейлердің көп бөлігі Палестинада (Леванттың оңтүстігі) тұрды, алайда диаспора қауымдары Жерорта теңізі алабы, Месопотамия, Иран және Орталық Азия қалаларында қоныс тепті (5-тарауды қараңыз). Еврейлер басқаларды өз діндеріне тарту сияқты әлемдік миссия орындауға ұмтылмады, керісінше, олар еврей заңы мен құлшылық етуді сақтап қалуға және оны жаңғыртуға тырысты.

Рим әскері б.з.д. 63 жылы Иерусалимді басып алғаннан кейін еврей халқымен арадағы қарым-қатынас нашарлады. Бір құдайға табынушылар ретінде еврейлер жат елдің билігі мен Римнің аса көп құдайларына деген жеккөрінішін жасырмады. Оған жауап ретінде римдіктер жергілікті клиент патша Иродпен (б.з.д. 37–4 жылдары билік құрды) бірлесе отырып қарсылық танытқан еврейлерді қаладан қуып, тұрғындарға ауыр салық салды. Б.з. 65 жылы басталған еврей көтерілісін Рим билігі толық басқанша сегіз жыл өтті.

Шиеленіске толы онжылдықтары ішінде Палестинаның шағын Назарет қаласында өмір сүрген еврей ағаш ұстасы Иса б.з. 27 жылдарынан бастап бейбітшілік пен бауырмалдық мейірім арқылы келетіні жайлы уағыз жүргізе бастады. Ол ізбасарлар тауып, ақырында Иерусалимге аттанып, сондағы ғибадатханада ілімін уағыздады. Ол айтқан ойлардың барлығының тамыры Еврей Библиясының рухани және адами құндылықтар ілімінде еді. Ол адамдарды қасиетті, ізгі және ғұрыпты берік ұстанатын адамдар мен олардың қатарына жатпайтындарға бөлу салтына байланысты еврей басшыларымен түпкілікті келіспеді. Құдай мәртебесі мен жағдайына қарамастан бүкіл жаратқан тіршілік иелеріне бірдей мейірімді деген Иса «Адамдар бір-бірімен қарым-қатынаста осы мейірімді бөлісуі керек» деп уағыздады. Махаяна буддистері тәрізді, ол ізгілікті рақымшылықтың негізі деп насихаттады. Оның айтуынша, Құдай рақымының арқасында адамдар оның мейіріміне бөленді, осы мейірімге басқаларды ортақтастырды және өздерін мәңгілік өмірге әзірледі. Исаның қылмыскерлерге, қуғынға ұшырағандарға және жезөкшелерге қайырымды болуы кейбір діндар еврейлердің үрейін туғызды, ал ол адамдарды лайық, лайық емес деп бөлместен, емдеуді жөн көрді.

Үш жыл уағыз жүргізген Исаны кейбір еврей басшыларының бүлікші және көтерілісші деп айыптауына құлақ салған Рим билігі оны опасыз ретінде креске керді. Осы оқиға жайлы ең ерте жазбаларды және Исаның өмірі мен іліміне қатысты барлық деректі Матвей, Марк, Лука және Иоан құрастырды деп есептелетін Інжілден біле аламыз. Иса заманынан кейін жазылған бұл мәтіндер Библиялық Жаңа өсиеттің бірінші бөлігін құрады. Інжіл бойынша, Құдай Исаны қайта тірілтіп, ол осыдан кейін аспанға көтерілді. Құдаймен қарым-қатынасын Исаның дәл қалай қабылдағаны келешекте бой көтерген христиан шіркеулерінде қызу талқыға түсті. Қалай десек те, Інжіл авторлары оны, грек тілінде «Құдайдың сүйіктісі» немесе мессия деген мағына беретін Христос деп атады. Еврей доктринасы күндердің күнінде мессия келеді дегенді мойындаған еді. Ол құтқарушы – Құдай қаруы ретінде әділет орнатып, еврей халқын еркіндікке жетелейді. Алғашқы христиандар Исаның рухы әлі де араларында жүргенін және Иса көп ұзамай жер бетінде Құдай билігін құру үшін қайта оралатынын жариялады.

Қысқа мерзімге болса да, христиандар еврей қауымы ішінде шағын топ құрды. Исаның замандасы болған, бірақ оны білмеген Анадолыдағы еврей ғұламасы Павелдің бастамасымен христиан топтары қайта тірілген Иса жайлы идеяны пұтқа табынушыларға, яғни еврей еместерге таратты. Павел мен өзге уағыз айтушылар христиан еврейлері мен пұтқа табынушылардың бірге ас ішуіне кедергі болатын тағамдағы шектеулер сияқты еврей заңдарын христиандар ұстанбаса да болады деп жариялады. Б.з. 100 жылдарына таман қозғалыстың ба­сында пұтқа табынушылар тұрды, адамдарды хрис­тиан дініне бұру, яғни Інжілдің «игі жаңалығын» тұтас әлемге паш ету мақсатының арқасын­да христиандық әлем­дік дін76 ретінде қалыптасты.

Бақташы Иса мәсіх. (Chrіst as shepherd). Иса мәсіхтің катакомба немесе Римдегі жерасты мазарының қабырғасына салған ең ерте бейнесі (б.з. ІІ немесе ІІІ ғасыры). Иса иығына ешкі өңгеріп алған. Бұл фрескадағы жануарлар (екі құс, екі ешкі және қой) нені білдіреді деп ойлайсыз?

Палестинадан тыс жерлердегі христиандық. Рим азаматы Павел Жерорта теңізінің шығыс аймақтарында еркін саяхаттап, еврейлер мен пұтқа табынушыларға уағыз жүргізіп, христиан топтары шіркеу негізін қалауға және Римде біржола қоныс тебуге көмектесу үшін империялық жолдар мен теңіз жолдарын пайдаланды. Иса уағызынан екі жарым ғасыр өткен соң, буддизм Жібек жолдары бойымен Қытайға тараған ғасырларда христиандар Шығыс Жерорта теңізі аймағының қалаларында және батыстағы аздаған ірі орталықтарда, қатарында Рим де бар, қауымдар құрды. Епископ басқаратын лауазым иелерінің иерархиясынан тұрған аса күрделі ұйымдасқан шіркеулер әртүрлі қалаларда орналасты.

Сол 250 жыл ішіндегі христиандықтың жетістігін бірнеше фактордың көмегімен түсіндіруге болады. Бір факторы – мәңгілік өмір мен Исаның жер бетіне оралуынан үміттенген христиандардың дінге жан-тәнімен берілуі. Екіншісі – алғашқы христиандардың әлеуметтік немесе саяси мәртебесіне қарамастан, қала кедейлері мен әйелдерді де, қатарларына жаңа қосылғандарды да жылы қабылдауы. Рим элитасынан алғашқы христиан дінін қабылдағандардың дені әйелдер болғанға ұқсайды, ал кейбірі миссионер және ұйымдастыру жұмыстарында белсенді рөл атқарды. Үшінші фактор – империяның түрлі бөліктерінде христиандардың қудалауға ұшырауы. Рим билігі христиандарды Исаға сенгендіктен, рим құдайларына бағышталған мемлекеттік ғибадат рәсімдеріне қатысудан бас тартқаны үшін қудалап, жазаға тартты. Жазаланғандардың қатарында Павел де болды. Христиандардың азап шегуі қауым ішінде сенімнің қатаюы мен жігердің бекуіне және болашақ дінге ауысушылардың таңданысы мен ықыласына бөленуге қатты әсер етті.

Б.з. ІІІ ғасырының аяғында, ресми қудалау жүйелі әрі қатаң жүрген кезеңде христиан топтары тек Жерорта теңізі алабында емес, сондай-ақ Месопотамия, Иран және Үндістанның батыс жағалауында тұрақтап үлгерді. Сол уақытта христиандардың саны Рим империясы халқының 10 пайызынан аспауы мүмкін еді. Алайда олардың саны кейінгі ғасырларда шарықтап, христиандық сенім империялық дінге айналды.

Қорытынды

Осы тарауда қарастырған алты ғасыр ішінде адамдардың алыс аймақтарға сапар шегіп, жат жұрттықтармен кездесуіне түрлі себептер түрткі болды. Бірі – сауда. Адамдар жергілікті ауқымда астық, балық, мата, темір бұйымдары тәрізді негізгі тауарларды саудалады. Көпестер әрқилы тауарларды көрші аймақтарға тасымалдағанымен, аймақаралық жолдарға сирек шықты. Алыс аймақтармен сауда жасайтын саудагерлер құны жоғары, бірақ көлемі шағын тауарлар тасымалдады: жібек мата, шыны бұйымдар, нәзік қыш бұйымдар, асыл тастар және дәмдеуіштер. Осындай бұйымдарды теңіз бен тау асыра тасымалдаудан көретін пайда көпестерді этнолингвистік кедергілерді еңсеріп, ынтымақтасуына жол ашты.

Мемлекеттердің құрылу үдерісі де күрделене түскен байланыс желілерін қалыптастыруға итермеледі. Әскер мен шенділердің еркін қозғалуы үшін салған империялық тасымал желілері арқылы өнім, жібек және идеяларды бір жерден екінші жерге жеткізген көпестер, қолөнершілер, ғалымдар мен миссионерлердің де жүргенін көрдік. Мысалы, Хань империясының жол және өзен желісі конфуцийлік мораль мен этиканың Қытайда таралуына себеп болды. Рим жолдары және кемелері арқылы христиан дінін уағыздаушылар жүрді. Буддистер Кушан билігі қауіпсіздігін қамтамасыз еткен жолдармен дін таратты. Сауатты ғалымдар грек, латын, арамей, санскрит, қытай жазу жүйелерінде жаңа қоғамдар туралы жазба қалдырды, бұл жазбалар құдіретті мемлекеттер не жаңа діндер туралы еді.

Афроеуразияның кейбір өңірлері аймақаралық желілерге толығымен кіріге алмады, себебі қатаң топография әсерінен оқшау қалды, тұрғындары аз болды немесе ешқайда апармайтын географиялық тығырықта орналасты. Мұндай жағдай Еуропаның солтүстігінде, Ресей және Сібірде өмір сүрген аңшы қауымдарға тән еді. Адамдар Жапонияны мыңдаған жыл бойы мекендегенмен, б.з.д. бірінші мыңжылдықтың басым бөлігінде олардың құрлықтағы Шығыс Азиямен байланысы әлсіз болды. Хань кезеңінде ғана, негізінен, Корея түбегі арқылы, қарым-қатынас дами түсті. Оңтүстік-Батыс Азияда темір қолданатын егіншілер бос жатқан Атлантикамен түйісетін аймаққа енді-енді ене бастады.

Афроеуразия халықтары адамзат мекеніне айналған өзге үш «әлеммен» тұрақты байланыс орнатпады. Австралияның солтүстік шегіндегі аздаған байланыстарды есептемегенде, бұл құрлықтың терімші және аңшы қауымдарының Афроеуразиямен мүлдем байланысы болмады. Мұхит аралдарында шашырап жатқан қауымдар жайлы да дәл солай айта аламыз. Қос Америка да бөлек әлем болды, алайда австралиялықтар мен Мұхит аралдары тұрғындарына қарағанда ежелгі америкалықтар қалалар тұрғызып, империялар құрды. 8-тарауда осы жердегі өзгерістерге бет бұрамыз.

Әлемдік дін – доктриналары мен діни жоралғылары тіліне, ұлтына, әлеуметтік табына және саяси жағдайына қарамастан, барлық адамға ортақ дін.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

8

Күрделі қоғамға бет алған Америка
Б.з.д. 900 – б.з. 900 жылдары

Суреттегі сандар Чьяпастағы ежелгі майя қала-мемлекеті – Паленке билеушісінің таққа отырған мерзімін көрсетеді, Мексика Күнделікті есеп-қисап жүргізген тұста «Сандарды позициялық түрде жазу» жүйесіне (Place-value notatіon) негізделген санау жүйесін пайдаланатынымыз жайлы тіпті де ойланбаймыз. Тарихи даму жолында адамзат санау, есептеу және өлшеу үшін түрлі жүйелерді пайдаланды. Позициялық санау жүйесі – соның біреуі ғана болғанымен, қазіргі таңда жалпы қолданыста жүр. Өткен үш мың жыл ішінде үш қоғам ғана позициялық санау жүйесін дербес ойлап тапты. Афроеуразия жерінде вавилондықтар б.з.д. 2000 жылдар шамасында, Оңтүстік Азияның Ганг алқабы тұрғындары б.з. 500 жылдары шамасында осы жүйені қалыптастырды. Батыс жартышарда, Мексиканың оңтүстігі төңірегіндегі немесе Гватемаладағы данышпандар мұны б.з.д. соңғы ғасырларда ғана ойлап тапты. Оңтүстік Азия ғалымдары қабылдаған қазіргі санау жүйеміз тек он бүтін таңбаны ғана біріктірген, яғни 1 мен 9 арасындағы және 0 санын қоса пайдаланатын ондық санау түріне жатады. Санның мәні – сандар қатарындағы позициясына байланысты. Оңнан солға қарай оқылатын әр сан он санының көп екенін көрсетеді. 999 деп жазсақ, ең шеткі оң жақта орналасқан 9 саны – 9 мәнін береді. Келесі орындағы 9 саны – 90, сол жақтағы 9 саны – 900 мәнін білдіреді. Яғни 900 + 90 + 9 дегенімізбен, 999 деп жазамыз. Ежелгі Мезоамерикадағы майя ғалымдары позициялық санау жүйесін толық қалыптастырғанымен, ол бүгінгі санау жүйесінен ерекшеленеді. Майя ондықтан гөрі жиырмалық санау әдісін қолданды, әрине, оның да өз ерекшеліктері болды. Олар санның мәнін оңнан сол қатарға қарай ретпен қою арқылы емес, төменнен жоғарыға қарай, бағанға орналастыру арқылы көрсетті. Төменгі қатар 1 мен 19 арасындағы сандарды білдірді, келесі қатарда 20-ға көбейген сандар, үшінші қатарда 400-ге (20×20) көбейген сандар тұрды, осы ретпен ары қарай жалғаса береді. Майя сандарды білдіру үшін нүктелер мен сызықтарды пайдаланды, бір нүкте «1», сызық «5» санын білдірді. Бұл санау жүйесі бойынша, 999 саны былай жазылады:

2 { • • } деген 2 × 400 = 800 білдіреді
9 { } деген 9 × 20 = 180 білдіреді
19 { } деген 19 × 1 = 19 білдіреді

Майя санау жүйесінің өзі қоғамның аса күрделі болғанын көрсетеді. Майя және б.з.д. 900 жылдардан кейін қос Америкада пайда болған аграрлық өркениеттер Афроеуразия халықтарымен байланыс орнатпады (8.1-картаны қараңыз). Жаңа заманға дейінгі Афроеуразия мен қос Америкаға да тарихи өзгерістің екі жалпы белгісі тән болды. Біріншіден, аса мол азық-түлік өндіру жолында егін шаруашылығын табысты игерген адамдар тобы көбейді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тап жіктелісі, кәсіби мамандықтар, орталықтанған мемлекет, қала құрылысы және санақ пен күн тізбесін жүргізудің күрделі әдістері бар қоғамдық құрылыстың жаңа формаларын қажет етті. Осындай күрделену үдерісі Афроеуразия мен қос Америкада қатар жүрді, бір қызығы, олар бір-бірімен идеялар мен жаңалықтар алмаспады. Екіншіден, дүниежүзінде жаңа заманға дейінгі күрделі қоғам қалыптастырған бірде-бір мемлекет, империя немесе билеуші тап үздіксіз жалғасқан емес. Олардың тағдыры құлаумен немесе құлдыраумен аяқталды, ал олардың жойылуына әкелген себептер әр жағдайда әртүрлі болды. Осы тарауда қарастыратын америкалық қоғамдар да мәңгі жасамады, олардың билеуші таптары экологиялық, саяси немесе әлеуметтік келеңсіздіктерді шешу жолында сәтсіздікке ұшырады. Олар бір кездері көз жауын алған қалаларды қаңыратып тастап кетті. Дегенмен қос Америка мен Афроеуразиядағы күрделенуге беталыс жалғаса берді. Шаңырағы шайқалып, құлаған әрбір саяси және мәдени жүйенің орнында, ескі қирандылар үстінде жаңасы бой көтерді. Осы тараудың бірінші бөлігінде Солтүстік Америкадағы, географтар Мезоамерика немесе Орта Америка деп атайтын аймақтағы өзгерістерді зерттейміз. (Осы тараудың хронологиялық шеңберін 2-бөлімдегі басқа тарауларға қарағанда алты жүз жылға ұзарттық, себебі саяси және мәдени сабақтастықты бұзбауды жөн көрдік). Бұл аймаққа Мексиканың тропиктік оңтүстік бөлігі және Орталық Американың Гватемала, Белиз, Гондурас, Сальвадор мемлекеттері жатады. Бұл аймақта б.з.д. екінші мыңжылдық аяғынан бірқатар күрделі қалалық қоғамдар қалыптасты (4-тарауды қараңыз). Осы кезеңдегі бірнеше Ольмек қалалары б.з.д. бірінші мыңжылдыққа дейін гүлдеді. Олардың құлдырауының негізгі себебі ретінде Мезоамериканың басқа бөліктеріндегі жаңа орталықтардың адамдар мен шебер қол­өнершілерді, сауданы қалай өз тарабына алып кеткенін зерделейміз. Тарауымыздың осы бөлігінде айтарлықтай үлкен физикалық кеңістікте күрделі қоғам құрған халықтарға – Мехико алқабындағы Теотиуакан (tay-oh-tee-wa-KAHN) қаласында орналасқан мемлекетке, Оахака алқабындағы Сапотек қаласын тұрғызушыларға, Оңтүстік Мексика мен Орталық Америкадағы майяларға баса назар аударамыз. Одан кейін Солтүстік Америкаға (Мексиканың солтүстігінен Арктикаға дейін) жылжимыз, мұндағы бірнеше аймақта, Мезо­америкаға қарағанда әлдеқайда шағын материалдық деңгейде болса да, аграрлық қоғамдар күрделенді. Солтүстікамерикалықтарға Тынық мұхит жағалауын, Мексиканың солтүстік-батысындағы Сонора шөлін, Құрама Штаттардың оңтүстік-батысын, Миссисипи өзенінен Атлант мұхитына дейін созылған орманды алқапты мекендеген халықтар жатты. Тараудың екінші бөлігінде Оңтүстік Америкаға ораламыз, Тынық мұхиттың жағалау жазығы мен Анд таулы қыраттарында шашыраған қоғамдар б.з.д. төртінші мыңжылдықтан бастап-ақ ғажайып ғұрыптық орталықтар қалыптастыра бастады (4-тарауды қараңыз). Солтүстік Перу таулы қыраттарындағы Чавин де Уантардың ғұрыптық орталығымен, Тынық мұхит жағалауындағы Моче (moh-CHEE) мемлекетімен және салыстырмалы түрде шағын, алайда аса көркем Наска орталығындағы зәулім құрылыстар мен техникалық инновацияларға баса назар аударамыз.

8.1-КАРТА. Қос Америкадағы негізгі аграрлық қоғамдар. Б.з.д. 900 – б.з. 900 жылдары

Осы картадағы қоғамдардың ғұмыры шамамен екі мың жыл уақытты қамтиды. Кейбір аймақтарда аграрлық қоғамдардың, ал басқаларында тек аңшы-терімшілер топтарының дамуына қандай географиялық және климаттық ерекшеліктер ықпал етуі мүмкін?

Солтүстік Америкада күрделі қоғамдардың таралуы ОЙЛАН: Б.з.д. 200 – б.з. бірінші мыңжылдығының аяғындағы Мезоамерика мен жоғарғы Солтүстік Америка аграрлық қоғамдарындағы саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйелер дамуындағы айырмашылықтарды қандай факторлар көмегімен түсіндіруге болады? Бүкіл Мезоамерика Жердің солтүстік тропиктік ендіктерінде жатыр. Оның экологиялық бейнесі тым күрделі: Солтүстік Америкадағы биіктігі жағынан үшінші тау – Орисаба баурайларынан бастап Юкатан түбегінің ойпат батпақтарына дейінгі биіктер, қоңыржай және жаңбырлы белдеулер қатарласа жатыр. Ольмек б.з.д. 1350 жылдардан оңтүстік Мексика шығанағына қатарласа жатқан ылғалды тропиктік жазықтар мен өзен алқаптарында Мезо­америкадағы ең ежелгі қалалық қоғам құрды. Ольмек өркениеті дамығаннан кейін түрлі аймақтар мен экологиялық жағдайларда қалың аграрлық қоныстардың басқа да орталықтары қалыптаса бастады (8.2-картаны қараңыз). 8.2-КАРТА. Мезоамерикадағы негізгі мемлекеттер. Б.з.д. 500 – б.з. 800 жылдары Қандай географиялық ерекшеліктер Мезоамерика мемлекеттері арасында саяхаттауға көмектесуі немесе кедергі жасауы мүмкін еді? Осындай орталықтардың бірі – қазіргі Мехико қаласы орналасқан таулы өңірде, Мехико алқабында бой көтерді. Екіншісі – Оңтүстік Мексика таулы қыраттарындағы шұрайлы Оахака алқабында қалыптасты. Үшіншісі – ойпатты Юкатан түбегі мен оған жапсарласа жатқан қазіргі Мексика, Гватемала, Белиз және Гондурастың таулы аймақтарында пайда болды. Ондағы тұрғындар, негізінен, майя семьясына жататын тілдерде сөйледі. Археологтар б.з.д. бірінші мыңжылдықта және одан кейін де осы орталықтардың барлығы бір-бірімен және тау, орман, шөлді аймақтарды мекендеген көрші қыстақ халықтарымен заттар, идеялар мен жаңалықтарды тұрақты түрде алмасып тұрғанын көрсетуге жеткілікті материалдық деректер тапты. Яғни Мезоамерика тұтастай қым-қуыт қарым-қатынас белдеуіне айналды. Тіл мен мәдениеттегі үлкен өзгешеліктерге қарамастан, мұндай байланыстың болғанын сәулет пен діни жоралғылардағы ұқсастықтардан байқауға болады. Солтүстікке (Мексиканың солтүстігі мен Құрама Штаттардың оңтүстік-батысы) жылжыған сайын қарым-қатынас қарқыны төмендей түсті, мұнда жаңбыр әжептәуір аз жауды және егінші халықтар да шағынырақ және шашыраңқы орналасты. Мезоамериканың оңтүстік шекарасындағы майя тілдес қоғамдар мен Панама мойнағынан немесе Оңтүстік Америкадан тысқары халықтар арасындағы мәдени байланыстар тұрақсыз болған тәрізді. Осы тарауда қарастырылатын 1800 жылда немесе осыған жуық уақыт ішінде Панама және оның жағалау сулары арқылы Мезоамерика мен Оңтүстік Америка арасында адамдардың көптеп көшпегені немесе алыс қашықтықтарда сауда жүргізбегені белгілі. Бір жағынан қарағанда, кейбір мәдени жаңалықтар, әсіресе, алтын мен күмістен пайдалы заттар жасау жайлы мағлұмат Оңтүстік Америкадан шығып, б.з. бірінші мыңжылдығында майя жерлеріне жетіп, таралған болар.

Теотиуакандағы империя құрушылар

Осы тарауда қарастыратын кезең аралығында Мезоамерикада бой көтеріп, кейін жойылып кеткен, орталықтанған мемлекеттер географиялық тұрғыдан алғанда, негізінен, шағын болды. Оларды қала-мемлекеттер деп қарастырамыз. Бұл қала-мемлекеттердегі ғибадатхана мен азаматтық орталықтарда орныққан монархтар мен ақсүйектер элитасы айналасындағы аграрлық жерлерді бақылауында ұстады. Көлемі жағынан олар Эгей теңізі аймағындағы ежелгі грек қала-мемлекеттерімен шамалас болды. Мезоамерикада Теотиуакан ғана өзгешеленді, қала-мемлекет ретінде құрылған монархия кейін Мезоамериканың басым бөлігіне үстемдік етті. Оның мәдени нақышы жан-жағына кең тарады. Егемен мемлекет ретінде Теотиуаканның ғұмыры б.з.д. 200 жылдардан б.з. 750 жылдарына дейін жалғасты, Рим тәрізді, қала-мемлекеттен империяға дейін көтеріліп, 950 жылдай ғұмыр кешті.

Құдайлар қаласы. Жиырма екі ғасыр уақыт бұрын Теотиуакан – Мехико алқабының бір бұрышында, 16000 фут биіктіктегі таулар мен белсенді жанартаулар қоршаған үстіртте орналасқан шағын қала еді. Қазіргі Мехико қаласы мен оның 22 миллион халқының байырғы мекені болған ежелгі алқаптың климаты жайлы болды да, табиғатын бірнеше ірі көлі мен құнарлы жанартау топырақ жабындысы ерекшелеп тұрды. Егіншілер көл мен бастауларды жүгері, асқабақ, бұршақ, нопал кактусын (опунция) және басқа дақылдарды суаруға пайдаланды. Б.з.д. 400 жылдарға таман халықтың біраз бөлігі ірі қыстақтар мен қалаларда тұрды. Ерте кезеңдегі олардың ең ірісі бес мыңдай тұрғыны бар ғибадатхана төңірегінде топтасқан Куикуилко болған тәрізді. Б.з.д. 50 жылдарға таман маңындағы жанартаудан атқылаған от пен күл айналаны түгел жауып, лава Куикуилко алқаптары, каналдары мен рәсімдік құрылыстарының үстімен ақты. Жанартау атқылауының кесірінен қала мен оның тұрғындарының бір бөлігі қалың үйіндінің астында қалғаны сөзсіз. Куикуилко жермен-жексен болған соң халық көрші Теотиуаканға ағылды. Б.з. 100 жылына таман бұл қалада 60 мыңға жуық халық, ал б.з. 600 жылына таман 150 мыңнан аса халық тұрған тәрізді. Сол кезде бұл қала ғаламшардағы ең ірі он қаланың бірі болған шығар.

Қала құрылысы және Күн пирамидасы. Теотиуакан билеушілері таңғажайып астана тұрғызды, Мехико қаласының маңындағы қала жұртын көрген адам әлі күнге таңдай қағады. Қала тұрғындары шаһарды қалай атағаны, тіпті олар қай тілде сөйлегені туралы еш нәрсе білмейміз. Кейінгі ғасырларда науатл тілінде (ацтектер тілі) сөйлеген жергілікті халық оны «Құдайлар мекені» немесе «Адамдар Құдайларға айналған жер» дегенді білдіретін Теотиуакан сөзімен атады. Оның себебі де түсінікті. Түзу көшелері торкөзделе орналасқан қала сегіз шаршы миль жерді алып жатыр. Қалада ғибадатханалар, сарайлар, басқару орталығы, бір қабатты тұрғын үй ауданы, шеберханалар, алаңдар, сауда алаңдары, арықтар, көлдер мен алысырақта жұпыны үйлер бар еді. Б.з. алғашқы ғасырларында сәулетшілер қала орталығын төрт ауданға бөлді. Қазір «Өлілер даңғылы» (Avenue of the Dead) деп аталатын орталығы солтүстіктен оңтүстікке қарай төрт мильге созылып жатыр. Екінші негізгі жол даңғылды тігінен қиып өтеді. Құрылысшылар астрономиялық өлшемдерді пайдалана отырып, бұл торды нақты жұлдыздармен және маңындағы киелі тау шыңдарымен қатарластыра салған.

Теотиуакан, негізінен, діни құлшылық пен ғұрыптық орталық қызметін атқарды. Ең ірі құрылыс – Күн пирамидасы 200 фут биіктікте асқақтап тұр. Оның тұғырының көлемі Мысырдағы Гизада орналасқан ең ірі пирамидаға жетеғабыл болғанымен, одан екі есе аласа. Мысырдағы пирамидалар мазар қызметін атқарды, құрылысы біржолата біткен соң ешкім пирамиданың басына шығуды мақсат тұтпады. Теотиуакандағы қазба жұмыстары барысында Күн пирамидасы мен оның солтүстігінде орналасқан кішірек Ай пирамидасынан жерлеу орындары ашылды. Мезоамерикадағы барлық пирамидалар тәрізді, бұл құрылыстардың да шыңына апаратын сатылары болды, билеушілер төбесінде ғибадатхана тұрғызды, ал онда орындалатын діни ғұрыптарды төменде жиналған халық толық тамашалай алды. Археологтар Күн пирамидасы ішінен табиғи үңгірге жалғасқан туннель тапты. Кейбіреулердің пікірінше, камералардың бұл кластері маңызды құдайлардың бірі – Дауыл құдайының «үйі» немесе құдайлар күн мен айды жаратқан жер болды дегенге қала халқы сенген сияқты.

Теотиуакан қоғамы. Теотикуан мен оның төңірегіндегі қыстақтарды қоныстанған халықтың басым бөлігі жер өңдеумен шұғылданды. Қалада тұрған егіншілер шеттегі алқаптарға күні бойы барып жұмыс істеді. Қолөнершілер мен олардың көмекшілері қала халқының 5–10 пайызын құрады. Көзешілер аса көркем қыш бұйымдар мен күнделікті ыдыстар да жасады. Басқа шеберлер сандал, себет, құрылыс тасын және әктастан қабырға сылағын жасады. Мезоамериканың басқа бөліктеріне тән материалдық нысандар немесе көркемдік стильге қарағанда қалада жатжұрттықтар, бәлкім, жиһанкез көпестер, сауда өкілдері немесе қоныс аударған қолөнершілер тұрған айрықша аудан болғанын көрсетеді. Мысалы, археологтардың осы көрші мекендерден тапқан қыш ыдыстарға, жанарту шынысынан жасалған құралдарға және сәулет формаларына қарағанда, оңтүстік-шығысқа қарай жүздеген миль жердегі Майя аймағынан шыққан халық осында қоныс тепкенге ұқсайды. Деректер өте аз болса да, онда әкімшілер, хатшы және сақшы ретінде қызмет атқарған шенділер де бар болған сияқты. Шағын ақсүйектер элитасы, әскери шенділер және діни мамандар осы азаматтық қызметшілерді басқарғаны сөзсіз. Теотиуакан қала әкімшілігі жайлы біліміміз мардымсыз. Мыңдаған еңбекшіні жұмылдырмай, оларға бағыт-бағдар бермей, осындай ғаламат қала тұрғызу мүмкін емес.

Қаладағы үйлер тұрғындарының әлеуметтік мәртебесіне сай келгенге ұқсайды. Әр жағы 1300 футты құрайтын алаңды қоршаған, цитадель деп аталатын құрылыс ақсүйектер отбасы тұрған орталық қызметін атқарғаны даусыз. «Өлілер даңғылы» бойындағы сарай пішінді құрылыстарда да элита отбасылары тұрғанға ұқсайды. Бір сарайда 45 жабық бөлме, ортасында мехрабы бар орталық алаң және жеті шағын алаң мен ішкі аулалар болды.

Теотиуакан. Ай пирамидасынан байқалатын қала көрінісі. «Өлілер даңғылы» – оңтүстікке қарай созылған. Қаладағы ең биік құрылыс – Күн пирамидасы сол жақта орналасқан.

Б.з. 250 жылдары шамасында құрылысшылар қаланың орталық бөлігіндегі лашықтарды қиратып, орнына көлемі әртүрлі, шатыры теп-тегіс екі мыңнан аса үйлер кешенін тұрғызды. Қала тұрғындарының көп бөлігі жақсы жобаланған, негізінен, жанартау топырағы, қиыршық тас, саз және бетоннан тұрғызған үйлерде тұрды. Оның кейбір бөлігін қазу барысында ас үйлер, саз пештер, жатын бөлмелер, құдықтар, суағарлар және сыланған тегіс қабырғалар аршылды. Қоқыс үйінділеріне қарағанда ол үйлерде тұрған отбасылар тамаққа жүгері, бұршақ, кәді, асқабақ, қызанақ және авокадо пайдаланған. Бұғы, ит, америка қояны, күркетауық етін қосқан ас тағамдарын май және ақуызбен байытты. Үйлерде терезе болмағанымен, алаңдар мен ішкі аулаларға жарық пен ауа еркін енді. Қолөнершілердің барлығына жуығы үйлердің ішкі қабырғаларында, сондай-ақ ғибадатханалар мен сарайларда түрлі-түсті бояумен сурет салды. Бұл туындыларда құдайлар, діни рәсімдер, жауынгерлер мен ягуарлар, сонымен қатар ойын-сауық құрған, ән салған және суармалы алқаптарда көбелек қуған адамдар бейнеленген. Үлгілердің қайталануына қарағанда, кейбір суретшілер қалып (трафарет), яғни жағдайы орташа адамдарға қабырғаларын безендіруге мүмкіндік беретін сурет бедерін жаппай қолданған шығар. Кейбір қабырға суреттерінде бейнеленген адамның аты-жөні немесе атағын көрсететін таңбалар немесе глифтер77 де кездеседі. Ғалымдар бұл глифтердің кілтін табуға әлі де талпынып келеді, дегенмен теотиуакандықтар толыққанды жазу жүйесін ойлап тапқаны жайлы әлі күнге дейін ешқандай дерек жоқ.

Қала Мезоамериканың басым бөлігі сенген діни идеялардың көзі болғанға ұқсайды. Нақты бір құдайларға байланысты кейіптер мен қызметтер бір қоғамнан екіншісіне ауысып отырды. Теотиуаканнан тысқары аймақтарға ықпалы тараған құдайлар қатарында арғы тегінің бейнесі ерте замандардағы ольмектер сыйынған ягуар рухына (жартылай адам, жартылай хайуан) апаруы мүмкін Дауыл құдайы (немесе Жаңбыр құдайы) болды. Теотиуаканның басқа да маңызды құдайларына Кетцалкоатль немесе Қанатты аждаһа құдай және кей кездері Ұлы Құдай деп аталған әйел құдай жатады. Теотиуакан билеушілері мен абыздары адамдарды жаппай құрбандыққа шалғаны жайлы археологиялық дерек жоқ. Бірақ мұндай жағдай болған тәрізді. Мысалы, қаланың Кетцалкоатль пирамидасын қазу барысында мынандай дерек анықталды: б.з. 200 жылдар шамасында абыздар екі жүздей жас жігітті өлтіріп, ғұрыптық жерлеу арқылы осы ескерткішті дәріптеген.

Империяның қай түрі? Б.з. 150 жылдарынан Теотиуаканның саяси ықпалы Мехико алқабынан асып түседі. Оның әр жердегі ықпалын дөп басып айту қиын, себебі тарихи деректер көбінесе материалдық жәдігерлермен ғана шектеледі. Теотиуакан әскері көршілерінің басым бөлігін жаулап алмаса да, үрейде ұстаған тәрізді, кейбір топтарды тікелей, ал кейбірін замандас римдіктер тәрізді, жергілікті бағынышты клиенттер арқылы басқарды. Көпестер мен ауып кеткен қоныстанушылар да Теотиуакан діни идеялары мен көркемдік стилін таратып, ұлы қала мәдениетіне жанасу арқылы өз мәртебелерін арттыруға ұмтылған шалғайдағы билеушілерге таныстырды. Есте сақтайтын бір жайт бар, осы дәуірдегі Афроеуразия империяларына қарағанда, Мезоамерика мемлекеттерінің бірде-біреуінде не ірі көлік жануары, не атты әскер болмады. Үлкен әскер қозғалысы мен астанадан алыстағы әскери бөлімдерді қамтамасыз ету жасақтар мен хабар тасушылардың жаяу жүру не жүгіру жылдамдығына байланысты болды. Мұндай жағдай Рим, Парсы немесе Хань әулеті ауқымындағы империялық билік жүргізуді шектеді.

Дегенмен археологиялық деректер Тео­тиуакан жауынгерлері жүздеген миль қашықтықтағы қалалар істеріне араласқанын көрсетеді. Мехико алқабынан оңтүстік-шығысқа қарай 650 мильдей жердегі таулы Гватемалада орналасқан Каминалхуйу ғұрыптық орталығы – оның бір мысалы. Каминалхуйу қирандыларынан табылған қала жоспары, ғибадатхана құрылысы және қолдан жасалған заттар тәрізді дүниелерден байқалған Теотиуаканның зор ықпалына қарап, кейбір ғалымдар б.з. 300 жылдары шамасында Теотиуакан осы қаланы қарулы күшпен басып алғаны жайлы мәлімдемелер де жасады. Археологтар Теотиуаканнан шыққан сән-салтанат бұйымдарына лық толған мазарды ашты, мұның өзі қалалар арасында тұрақты байланыс болғанын меңзейді. Теотиуаканның алыс аймақтарды қамтуының тағы бір мысалы – оның Юкатан түбегінің ең ірі қаласы Тикалмен (Мутал) қарым-қатынасы. Б.з. 378 жылы Теотиуакан сарбаздары Тикалдың майялық билеушісін тақтан құлатуға қатысы болған тәрізді. Глифтегі жазбада көтерілісшілер билеушіні Жасыл қолтырауын (Curl Nose) деп көрсеткен адаммен алмастырғанын айтады. Тикан кейін күш-қуаты артқан қала-мемлекетке айналды, бәлкім, оған оның Теотиуакан одағы, болмаса оның боданы болғаны әсер еткен шығар.

Теотиуаканның үш жарым ғасырға созылған экспансиясының себебін нақты білмейміз, алайда оның халқы 150 мыңнан артса, онда азық-түлік, тоқыма мата, тас және сән-салтанат бұйымдарына сұранысын қанағаттандыра алмас еді. Тауарлардың қалаға тоқтаусыз ағылып тұруына деген қажеттілік басқыншылық бағыттағы сыртқы саясатты қалыптастырған болар. Осы заттардың бір бөлігі бағынышты шағын және ірі қалалардан түскен алым-салық ретінде келген шығар.

Алыс аймақаралық үздіксіз қарым-қатынас Теотиуаканнан тараған байланыс желісін қажет етті. Сауда мен алым-салықтың бұл торабы солтүстіктегі құрғақ аймаққа қарағанда халық жиі қоныстанған оңтүстік пен оңтүстік-шығысқа қарай кеңейгені даусыз. Қазіргі ғалымдар «Теотиуакан дәлізі» деп атаған ең дамыған жол Мехико алқабы мен Ольмек пен Майя аймақтарын жалғады. Осы жерден саудагерлер какао дәндерін, каучук, тұз, бал, тропик құстарының қауырсындарын, қыш ыдыстар және жадеит әкелді. Басқа көпестер жанартау шынысынан жасалған жасыл кескіштер, қыш мүсіндер, қыш бұйымдар тәрізді Теотиуакан өнімдерін жан-жаққа тасымалдады. Теотиуакан Тынық мұхиттың Гватемала жағалауындағы егіншілері көптеп өсіретін какао өніміне ие болу үшін Каминалхуйуды басып алуы мүмкін еді. Қант қамысы 1492 жылға дейін қос Америкаға белгісіз болды, алайда мезоамерикалықтар какаоны сумен, балмен, чилимен және басқа да дәмдеуіштермен араластырып, рәсімдерде пайдаланды және осы қымбат қайнатпаны жасауға шамасы келгендер дәмді шоколад шырынын әзірледі.

Теотиуакандағы қабырға суреті. Үлкен қаладағы тұрғын үй кешені Тепантитла қабырғаларын безендірген фрескалар. Кейбір ғалымдар Ұлы Құдайға теңестіретін әйел құдай бейнеленген үлкенірек қабырға суретінің бір бөлігі екенін айтады. Суреттегі шағын фигуралар күнделікті шаруаларымен айналысып жүрген сияқты. Сол жақ шеттегі екі мүсіннің бетінен жоғары қарай созылған ілмек белгілерді не деп ойлайсыз?

Империяның құлдырауы. Б.з. V ғасырының аяғында Теотиуаканның Оңтүстік Мезоамерикадағы сауда және мәдени ықпалы әлсірей бастады және б.з. 650 жылдар төңірегінде жаулары қаланы талқандап, «Өлілер даңғылы» бойындағы ұлы ғибадатханалар мен пирамидаларды тонап, өртеп жіберді. Осы уақыттарда Теотиуакан ендігәрі қорғануға шамасы келмейтіндей әлсіреді, ғасырлар бойы олар қорғанысын ойға да алмаған еді. Ғалымдардың көпшілігі қаланың құлауына бірнеше тарап күш жұмсады деген пікірмен келіседі. Оның бір себебі, қатыгез әрі қанаушы билеушінің тап үстемдігі халық наразылығын тудырып, қала ішіндегі көтеріліске себепкер болуы мүмкін еді. Екіншіден, Мезоамерикадағы сауданы дамытқан Теотиуаканның жетістігі басқа қалалардың көркеюі мен күш-қуатының артуы сияқты күтпеген өзгерістерге әкеліп, ал ол қалалар кейін бұрынғы әміршілеріне алым-салық төлеуден бас тартып, тіпті оларды шабуылдауы да мүмкін ғой. Үшіншіден, Теотиуакан құрылыс, үйді жылыту, әктасты өртеуді қажет ететін сылақ өндірісі үшін жергілікті ормандарды отап, құртқанына еш күмән жоқ. Ормандардың жойылуы жоталар баурайындағы егін алқаптары топырағының эрозиясы мен ластануына, соған орай қала азық қорының қысқаруына әкелуі мүмкін. Климатологиялық зерттеулер Мезоамерикада б.з. бірінші мыңжылдығының ортасында құрғақшылық циклі басталғанын көрсетті. Ұзаққа созылған құрғақ­шы­лық қала элитасын одан ары тығырыққа тіреген шы­ғар, себебі жаппай таралған аштықтың алдын ал­маса, бүлік пен соғыс басталары сөзсіз. Б.з. 650 жылдардан кейінгі ғасырда Теотиуаканда қырық мыңдай халық тұрған сияқты, алайда оның асқақ өркениеті ешқашан қалпына келмеді. Ке­зіндегі Құдайлар қаласы бүгін сағым шаһарға айналды.

Үйінен жырақтаған жауынгер. Мына мүсін Теотиуакан жауынгерінің киімін киіп, қалқанын асынған. Ол Майяның оңтүстік-шығысына қарай 600 мильден аса қашықтықта орналасқан Тикал қаласындағы ескерткіш таста бейнеленген. Екі қала арасында нақты қандай саяси қарым-қатынас орнағаны белгісіз.

Глиф – ойған немесе тіліп жасаған символ, ақпарат сақтаған графикалық фигура немесе белгі.

Оахака алқабындағы Сапотек өркениеті

Теотиуакан – б.з. бірінші мыңжылдығындағы Мезоамериканың ең ірі қалалық орталығы болды. 200 мильдей қашықтықта, оңтүстік-батыстағы Оахака алқабында орналасқан, сәулеті жарасқан Монте-Альбан (Monte Alban) қаласы мықты бәсекелес еді. Оахака егіншілері төңірегіндегі тау баурайларының етегі мен қырларындағы жүгері, бұршақ және асқабақ алқаптарын суару үшін өзендер мен бұлақтарды пайдаланды. Бұл кезде егіншілер суару әдісін ойлап тапты, олар төртбұрышты алқаптарда бір-бірінен бірдей қашықтықта орналасқан таяз құдықтар қазып, қыш ыдыстармен жеке алқаптарға су құйды. Оахакалықтар әлі күнге дейін осы әдісті пайдаланады.

Б.з.д. 500 жылдар шамасында алқап күрт өзгерді. Халық саны жылдам өсті, шеберлер жаңа кәсіп меңгерді және бірнеше шағын мемлекеттер қалыптасты. Келесі төрт жүз жыл ішінде аймақ элитасы жазу жүйесін қолдана бастады, алайда ол жазудың кілті әлі де толық ашылмады. Халқы қазір сапотек тілі деп аталатын, бір-біріне жақын мезоамерикалық тілдер тобының бірінде сөйлеген сияқты.

Монте-Альбан. Алқап мемлекеттерінің бірі жотада ғұрыптық орталық негізін қалады. Б.з.д. 200 жылдардан бастап оның билеушілері басқа мемлекеттерді не жеңді, не олармен федерация құрды. Келесі ғасырларда, Монте-Альбан деген атаумен белгілі бұл қала өзге екі жотаның да арасын жалғап, әлдеқайда ауқымды Сапотек мемлекетінің астанасына айналды. Бекіністердің қираған орындары және бірі байлауда еңсесі түсіп, келесісі жарақаттанып немесе өлген тұтқындар бейнесі алқаптағы сапотек топтары арасында шайқастар мен алқаптан тыс алыс жерлерге барған басқыншылық жорықтары ұзаққа созылғанын көрсетеді.

Монте-Альбан билеуші табы ақсүйек отбасылардан шықты. Олардың әміршілері билікті мұраға алды және құдайлардан тарағанын жария етті. Сапотек басқару жүйесі жайлы аз білеміз, дегенмен Теотиуакан басшылары тәрізді олардың да билеуші элитасы еңбекшілердің тобын жұмылдыра алатын күшке ие болғаны анық. Таңғаларлық бір жайт, бұл адамдар Монте-Альбан жоталарының төбесін тегістеп, оларды кең алаңдарға айналдырды. Зәулім платформалар, ғибадатханалар, сарайлар және астрономиялық обсерваториялар – елу бес акр жерді алып жатқан азаматтық және ғұрыптық алаңдардың ең үлкені. Ақсүйектер үлкен алаңда тұрғаны даусыз, ал мыңдаған егінші мен қолөнерші Теотиуакандағы сияқты тұрғын үйлерде өмір сүрді. Бұл тұрғын аймақтар аудандарға немесе қала орамдарына бөлінді, әрқайсысының өз ғибидатханасы және азаматтық құрылысы болды. Қала әбден дамыған б.з. VІ ғасырында орталық тұрғындарының саны 24 мыңға жетті.

Алдыңғы ғасырларда Мексика шығанағы жағалауындағы Ольмек жұрты арнайы жасақталған алаңдарда ғұрыптық доп ойынын ойнау дәстүрін қалыптастырды. Теотиуаканнан доп алаңына қатысты ешқандай дерек табылмғанымен, Монте-Альбаннан ең ерте кезеңдерге жататын алаңның орны ашылды. Ол – қос қапталы әкпен ақталып, қызыл түске боялған қиғаш, биік қабырғамен қоршалған төртбұрышты алаң.

Доп ойнайтын алаң және ойыншылар. Қиғаш қапталдары бар мына алаң Монте-Альбандағы үлкен пирамида жанында орналасқан. Б.з. VІІІ ғасырына жататын тас мехрабта бейнеленген екі доп ойыншысы – Майя билеушілері. Алаңның пішіні немесе екі мүсіннің дене қимылына қарап, доп ойынының ережелерін анықтауға бола ма?

Оахаканың сыртқы байланыстары. Өнер, сәулет және күнделікті материалдық деректер Мезоамериканың басым бөлігіндегі сауда мен мәдени қарым-қатынастарға Сапотектің де қатысы болғанын дәлелдейді. Б.з.д. екінші мыңжылдықтың өзінде Ольмектен шыққан жаңарту шынысынан жасалған өткір жүзі мен басқа да заттар Оахака алқабына жеткен, керісінше, Оахака темір кенінен жасалған айна тіліктері Мексика шығанағы жағалауына барған. Сапотек, Теотиуакан және Мезоамериканың басқа халықтарының түрлі ортақ құдайлары болды: Дауыл құдайы, Жүгері құдайы және Кетцалкоатль. Империялық экспансия ғасырларында Теотиуакан бір рет болса да Оахакаға шабуылдағаны жайлы еш дерек жоқ. Б.з. 300 жылдарынан Оахакадан шыққан халық Теотиуаканда қоныс теуіп, көрші қауымның негізін қалады. Археологтар Оахака Баррио деп атап кеткен жерден тапқан материалдық деректерде бұл тұрғындардың Теотиуакан мәдениеті мен күнделікті тұрмыс-салтына бейімделіп кеткенін көрсетті. Алайда олар мазарларды Оахака үлгісінде тұрғызып, сол жақтан әкелген немесе Теотиуакандағы сапотек қауымы жасаған қыш ыдыстар, хош иісті оттықтарды немесе басқа заттарды қолданды. Теотиуаканнан Оахакаға елшілердің немесе басқа жолаушылардың саяхаттағаны жайлы көрнекі деректер бар. Монте-Альбанның үлкен платформаларының біріндегі тастарда осы қала мәнеріндегі ғибадатханалары бар жерді тастап, сапотек бас киімін киген ақсүйектер қарсы алып тұрған, теотиуакан бас киімін киген (бірақ қару асынбаған) жатжерлік сегіз адам жайлы жазған. Басқа бір тақтада әр қаланың ягуар киімді бір-бір өкілі бейнеленген. Қосарласа берілген глифтерге қарағанда екі адам дипломатиялық кездесу ұйымдастырған тәрізді. Олар екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты бірқалыпты сақтауды мақсат тұтқан болар.

Екі жатжерлік адамның кездесуі ме? Бұл кескін Лапида де Басан (Lаpіda de Bazаn) деген атаумен белгілі тас тақтадағы суретті қайталап тұр. Суретші тақтаның сол жақ үстінде жетіспей тұрған суреттің орнын болжалды суретпен толтырған. Оң жақтағы мүсін Оахака адамын бейнелейді. Сол жақтағы мүсін Теотиуакан адамына тән киім киген.

Шамасы б.з. 700 жылдарынан бастап, Теотиуаканнан сәл кешігіңкіреп, Монте-Альбанның тұрғындары азайып, қала құлдырай бастады. Оахака алқабында саяси бытыраңқылық үдерісі басталған тәрізді, ақсүйек топтар алқаптың басқа бөліктерінде жаңа, бірақ шағындау бірнеше орталық тұрғызды. Теотиуаканның құлдырауы Мезоамериканың басқа қалаларының саудасына кері әсерін тигізді, Монте- Альбанның әлсіреуінің тағы бір себебі осы шығар. Теотиуакан тарапынан төнген қауіп сейілгеннен кейін Оахакаға басқару жүйесі мен үлкен әскер ұстаудың еш қажеті де болмаған шығар. Мехико алқабындағы тәрізді, ормандардың тоқтаусыз жойылуы мен құрғақшылық циклдері әсерінен азық-түлік өндірісі де жапа шеккен болар.

Жасампаз Майя

Ежелгі майяны мезоамерикалық тілдерге жақын тілде сөйлеген халық ретінде сипаттауға болады. Отыз не одан да көп бүгінгі майя тілдерінің біреуінің түп атасы болған юкатек – ең кең тараған тіл болуы мүмкін. Б.з. бірінші мыңжылдығында Афроеуразиядағы санскрит, грек және латын тәрізді классикалық майя жазуы да абыздар, ақсүйектер және басқа сауатты адамдар арасындағы діни, саяси және интеллектуалды қарым-қатынас құралы ретінде қалыптасты. Өзге де үздік идеялармен және тәжірибелермен толысқан майя жазу жүйесі аймақты, ақсүйек және абыздар табын құрылыс, өнер, әдебиет және ғұрыптардағы айрықша мәдени стиль қалыптастырды.

Дегенмен бұл стиль Майя мемлекетінің біреуінің ғана меншігіне айналмады. Керісінше, ғалымдар майя өркениетінің классикалық кезеңі деп атаған б.з. 200–800 жылдары елуден аса қала-мемлекет жер мен ресурстар үшін тартысты. Бұл мемлекеттер түрлі жолдармен өркендеді және құлдырады. Майялықтардың саны, байлығы, ғұмырының ұзақтығы су мен топырақ қорына және тұз бен жанартау шынысы тәрізді стратегиялық маңызды заттарға қол жеткізе алуына тәуелді болды. Ежелгі грек Жерорта теңізі аймағы тәрізді, Майя қала-мемлекеттері де саяси және әскери одақтарға бірікті, олар жағдайдың өзгеруіне қарай құрылып жатты, не құрылымын өзгертті. Бір кезеңдерде құдіретті мемлекеттер, мысалы, Тикал мен Калакмул, жергілікті аймақтық одақтар құрып, әлсіз көршілерін саяси тәуелді етті. Кей мемлекеттер шаңырағы шайқалып, күлі көкке ұшқанша бірнеше ғасыр ғана өмір сүрсе, басқалары тарих сахнасында ұзағырақ жүрді. Тикал саяси тұрғыдан кейде өрлеп, кейде құлдырап, сегіз ғасыр тіршілік етті.

МАЙЯ СТИЛІНІҢ КЕЗЕҢДЕРІ

Б.з.д. 1100 – б.з. 200 жылдар

Классикалық кезеңнің алды

Б.з. 200–800 жылдары

Классикалық кезең

Б.з. 800–1200 жылдары

Майяның құлауы

Майя жері орталығындағы егіншілер мен қалалар. Майя тілдес ежелгі халықтар үш географиялық белдеуді алып жатты: оңтүстіктегі Тынық мұхит жағалауындағы жазық, белсенді және сөнген жанартаулары бар ішкері таулы қыраттар мен Гватемаланың солтүстігіндегі ойпаттар, Белиз бен Юкатан түбегі. Майялар қалалардың көбін тропиктік ормандар басқан және топырақ астында әктастың монолит плитасы жатқан ойпаттарда салды. Жаңбыр ойпаттың солтүстік бөлігіне қарағанда, оңтүстік бөлігіне көбірек және, негізінен, сәуір мен қазан айлары арасында жауды. Егіншілер бұл аймаққа б.з.д. 1100 жылдар төңірегінде қоныстана бастады. Бұл егіншілер қоныстар тұрғызды, қыш ыдыстар жасады, милпа немесе егін алқаптарында жүгері, бұршақ, маниок, авокадо және бір-біріне қатарластыра басқа да дақылдар екті. Ойпат халқы өсті, қала құрылысы б.з.д. 500 жылдардан бастап өркендеді. Мексикамен шектесетін Гватемаланың солтүстік шекарасы маңында қирандылары сақталған Мирадор б.з.д. 150 жылдардан кейін ең үлкен ежелгі қала ретінде бой көтерді. Келесі сегіз жүз жыл ішінде Тикал мен Калакмул тұрғындарының саны шамамен елу мыңға жетті.

Адам саны артқан сайын су экологиясы да нашарлай берді. Егіншілер қараша мен наурыз арасындағы құрғақ маусым бойы су тауып, оны сақтаудың жолын ойластыруға тиіс болды. Жазғы жаңбырларға да сенуге болмайтын еді, себебі ұзаққа созылған құрғақшылық циклінің жүруі шарт еді әрі бұл циклді болжау мүмкін емес-ті. Усумасинта өзені оңтүстік ойпат жерімен 600 миль ағып, Мексика шығанағына құяды. Бірақ бұл аймақта өзендер аз. Ойпат батпақтарындағы, көлдері мен табиғи шұңқырларындағы (әктас түскен жер) тұзды су ішуге, тіпті суаруға жарамады. Ежелгі егіншілер осы қиындыққа төтеп беруі керек еді. Олар жаңбырлы маусым кезінде су жинауға арналған су айдындарын қазды, оларды айналдыра суағар жасады. Артық су ағып кету үшін каналдар қазды және қазған топырақты пайдаланып биік алқаптар жасады. Су қорын сақтау және эрозиядан қорғау үшін тік жоталарда террасалар салды. Кейбір қалалардың айналасында адамдар суару каналдары мен жыралар желісін жасады. Осы күнгі турист фотосуреттеріндегі жабайы өсімдіктер қаулап өскен Майя ғибадатханаларының жұрты джунглидегі қараусыз бір жер сияқты. Негізінен, кезінде осы құрылыстардың көбі төңірегін азық-түлік өндіретін өңірлер қоршап, халқы тығыз орналасып, тіршілігі қыз-қайнап жатқан қалалардың орталығы болғанын айта кетуіміз керек.

Билеушілер, ақсүйектер және ғұрыптар. Майя қала-мемлекеттерінің әлеуметтік және саяси тап құрылымы Теотиуакан, Оахака алқабындағы, тіпті осы дәуірдегі Афроеуразияның бірнеше мемлекетіндегі иерархияға ұқсас болды. Әлеуметтік иерархияның басында шағын ақсүйек отбасылары тұрды. Олар басқа топтарға қарағанда аста-төк байлықтың, мәртебесінің қызығын көрді, азаматтық тәртіп орнатып, саяси және экономикалық шешімдер қабылдаумен айналысты. Басқа мезоамерикалық орталықтардағыдай, Майя элитасы мен олардың қызметшілері, күтушілері ғибадатхана кешендерінің тұрғын үйлер бөлігін меншіктеп алды. Кейбір мемлекеттерде элиталық таптың екінші сатысы болды, оларға ғибадатхана абыздары, ауқатты көпестер, шебер қолөнершілер және әміршілердің қожалықтарын басқаратын топ жатты. Қаңқа қалдықтарының талдамасы барысында элита отбасы мүшелерінің қарапайым халыққа қарағанда әлдеқайда дені сау әрі ғұмырлары да ұзағырақ болғанын анықтады, оның себебі де түсінікті еді.

Афроеуразия әміршілері тәрізді, Майя билеушілерінің де қол астындағы халықтардың қауіпсіздігі мен игілігін қамтамасыз ету, соғыста шайқасып, оны жеңу, көрші мемлекеттермен қарым-қатынас орнату, осы мақсаттарға жету үшін құдайларға үздіксіз мінәжат ету сияқты міндеттері болды. Майя билеушілері арасында тұңғыш перзент құқығы78 кеңінен тарады, осы арқылы олар билеуші дүние салғаннан кейін бір атадан тараған ұрпақ, балалары немесе басқа туысқандары арасында тақ үшін болатын қан төгісті күрестің алдын алды. Кейбір қала-мемлекеттер әулеті бірнеше ұрпақ бойы жалғасты. Алайда билеуші соғыста жеңіліп, не бүлікшіл қарсыластарға төтеп бермеген жағдайда, ондай әулеттердің ғұмыры аяқталды. Майя билеушілерінің басым бөлігі ер адамдар еді, дегенмен ежелгі жазбаларға қарағанда әйел адамдар ауық-ауық билікке ие болды немесе жасөспірім патшаның регенті ретінде билікті уақытша қолына алды.

Билеушілер мен оларға қызмет істеген шенділер мен абыздар әлем мен оның үш патшалығындағы үйлесімді сақтап тұру үшін тәуап ету рәсімдері арқылы талмай еңбектенді. Аталған үш патшалық: Күн, Ай және басқа өзге құдайлар мекендеген Аспан патшалығы; кейде тасбақа кейпінде бейнеленген алып бауырымен жорғалаушының арқасы – Жер патшалығы және қалған құдайлар жасырынған, сыз тартқан – Жерасты патшалығы. Мемлекетке бағынбаған адам – азаматтық жаза тартып қана қоймай, одан зорғы, құдайлар қаһарын тудыратынын әркім де түсінуі керегін саяси билік насихаттады. Керісінше, су тасқыны, құрғақшылық, соғыстағы жеңіліс немесе басқа да әлеуметтік сәтсіздіктер билеушінің рәсімдік міндеттерін дұрыс атқармағанын және ғарыштық күштің одан теріс айналғанын білдірді. Қытайдың Аспан мандатына ұқсас, Майя идеологиясы да сондай билеушіні тақтан тайдыруды, тіпті сұрапыл көтерілісті де мақұлдады. Тасқа ойған және салған суреттерде билеушінің даңқын асқақтату және сый-сияпат пен құрбандық арқылы құдайлардың ризалығын алу үшін халыққа азық пен сый таратуға бағытталған мерекелер мен күрделі рәсімдер бейнеленді. Тастағы бейнелерде ақсүйектер өз қаны арқылы аспан әміршілерін мадақтап не олардың көңілін табу үшін әйелдердің не ерлердің тілдерін иә болмаса жыныс мүшелерін өткір шыны жүзімен немесе скат омыртқасымен кесу сәті суреттелген. Жаңа билеуші таққа отырысымен құдайға тарту жасап, кейде ғұрыптық жолмен адамды құрбандыққа шалды. Шені жоғары соғыс тұтқындары, тіпті тұтқынға түскен патшалардың қаны аса жоғары бағаланды. Қатардағы тап өкілдері тұтқынға түссе, көбінесе құлға айналды немесе отбасыларға таратып берді.

Майя бұқарасы. Майя мемлекеті халқының басым бөлігі – егіншілер, қолөнершілер және ауыр жұмыс атқаратын еңбекшілер болды. Олар қаланың ғұрыптық орталығы маңайында тұрды. Қарапайым халық тік қазықтардан, шыбықтардан салған, қамыс шатыры бар үйлерде тұрды, кей жағдайларда үй қабырғаларын әктеп, ағартты. Бұл үйлер үш ұрпақтан құралған үлкен отбасыға баспана болды. Үйде «ас үй бұрышы» болды, онда, негізінен, әйелдер жүгері үкті, мақта киімдер тоқып, тікті және қыш ыдыстар жасады. Қатардағы адамдар билеушілерге және жергілікті ақсүйек отбасыларға азық-түлік немесе мақта-мата ретінде салық төледі. Ғибадатханалар, сарайлар, арықтар немесе басқа да қоғамдық құрылыстар салу үшін билік жергілікті халықтан еңбек міндеткерлігін79 талап етті. Егіншілер сыйыну мен рәсімдер орындауды күнделікті тіршіліктің бір бөлігі ретінде қабылдады. Құдайға сый-сияпат ұсынып барып, егін екті, астық жинады, үй салды, қыш ыдыстар жасады.

Құлдар әлеуметтік жіктің ең төменгі сатысында орналасты. Ерлер, әйелдер және балалар, негізінен, соғыс кезінде еркіндіктерінен айырылды. Қылмыскерлер де құлдыққа түскен шығар, жарлы-жақыбайлар да кей жағдайда өздерін құлдыққа сатты. Мысыр және Афроеуразияның кейбір мемлекеттеріндегідей, ақсүйектер дүние салғаннан кейін оларға қызмет атқарған құлдарды көп жағдайда құрбандыққа шалды, осылайша олар о дүниеде иелеріне қызмет етеді деп сенді. Ұрлық істеп, құлдыққа түскен адамдар шығынның орнын толтырғаннан кейін, еркіндік ала алды және құлдардың балалары, негізінен, еркін адам мәртебесіне ие болды.

Сөздер, сандар және күнтізбелер. Майя күрделі жазу жүйесін қалыптастырды, дегенмен Мезоамерикадағы жазудың түп-тамыры құпия күйі қалып отыр. 1990 жылдардың аяғында Оңтүстік Мексиканың Веракрус маңында жол салып жүрген адамдар алпыс екі глиф тас блок тапты. Тақта б.з.д. 900 жылдар шамасына тиесілі екенін анықтаған кезде ғалымдар таң қалды. Яғни Мексика шығанағы бойындағы ежелгі Ольмек белдеуі жазуының пайда болу тарихы бірнеше жүз жылға тереңдеді. Глифтердің кілті табылмады, ал келесі 1200 жыл бойындағы Мезоамерика жазба деректері ғалымдарды қызықтырғанымен, деректер өте аз және шашыраңқы кездесті. Б.з.д. соңғы ғасырларға жататын жазбалардың орналасуына қарағанда, адамдар бір мезгілде Ольмек белдеуінде, Оахака алқабында, Мехико алабында және Майя ойпатында жазу жазып, тәжірибе жүргізгенін байқаймыз. Гватемалада орналасқан Сан-Бартолодағы пирамида қабырғаларындағы глифтер – Майя жазу жүйесінің ең ежелгі деректері. Бұл жазбалар б.з.д. 300 жылдарға жатады, алайда келесі алты жүз жыл ішінде Майя жазуының деректері шашыраңқы түрде кездеседі.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Хок ханым: майялардың саяси өміріндегі ақсүйек әйел

Хок ханым. Яшчиландағы 23-ғибадатхана қирандыларынан табылған таста Хок ханымның тілінен құрбандық қанын ағызып тұрған сәтін бейнелеген

Хок ханым деген атпен танымал патша әйелі қазіргі Мексика мен Гватемаланы қақ жара аққан Усумасинта өзені бойында орналасқан, майяның Яшчилан қала-мемлекеті саяси ісінде негізгі рөл атқарды. Екі текті отбасынан шыққан Хок ханым жас кезінде Яшчилан тағының мұрагері Қалқан Ягуарға (Shіeld Jaguar) тұрмысқа шығады. Хок ханым күйеуінің бөлесі еді. Б.з. 681 жылы Қалқан Ягуар отыз төрт жасында таққа отырды, сәтті неке арқасында ол патшалық ішіндегі құдіретті отбасылардың қолдауына ие болды.

Сол күні Хок ханым күйеуінің таққа отыру салтанатын қан шығару арқылы тойлады. Ақсүйектер киіміне оранған ол тілін өткір құралмен тесті. Сорғалаған қан таза қабықтар үйілген тостағанға жиналды. Қан көп кеткендіктен, есі кіресілі-шығасылы болып, елес көретіндей күйге түсіп, жылан аузынан шығатын ата-баба рухына жалбарынды. Жаңа билікті көзімен көріп, оған дем беру үшін адам кейпіне енген бұл рух – күйеуінің әулет негізін қалаған адам тәрізді. Жылдар өте Майя суретшілері осы күнгі рәсімдік оқиғаны Яшчилан қирандылары арасынан 23-ғибадатхана деп анықталған құрылыс есігінің тас маңдайшасына ойып қалдырған.

Б.з. 709 жылы, ширек ғасырдан аса уақыт өткеннен кейін, Хок ханым қайтадан қан шығарды. Осы жолы Сатурн мен Юпитер арасындағы аспан денелерінің бір қатарға тізілуін атап өтті. 23-ғибадатханадағы екінші көріністе Хок ханымның тілінен еспе жіп өткізіп, Қалқан Ягуар оның алдында алау ұстап тұрған сәті бейнеленген. Осы рәсімнен екі ай бұрын, Қалқан Ягуардың Құс Ягуар (Bіrd Jaguar) деген ұлы дүниеге келді. Алайда оның анасы Хок ханым емес, Калакмул қаласының ақсүйек отбасынан шыққан, патшаның жас әйелі, Кешкі жұлдыз ханым (Lady Evenіng Star) еді. Кешкі жұлдыз ханымға үйлену арқылы Қалқан Ягуар құдіретті қала-мемлекетпен одақтасқан тәрізді. Құс Ягуар туғанда жасы алпыс бірге келген патша тақты соған қалдыру үшін бала күткен еді. Бала он үшке келгенде Қалқан Ягуар 23-ғибадатхана салдырды. Бұл оқиғада да Хок ханым қан шығару рәсіміне тағы бір рет қатысты.

Қазіргі ғалымдар Қалқан Ягуар билігіне қатысты осы көрнекі және жазба деректен ол туралы саяси ойындарға араласа білген көреген тұлға болды деген қорытынды жасады. Одақтасының қызы, Кешкі жұлдыз ханымнан туған баланы мұрагері етіп тағайындау арқылы ол Қалакмул қаласына құрмет білдірді. Хок ханымның мәртебелі рәсімдік қызметті атқаруын қайыра таңдау арқылы, оның беделді яшчиландық отбасының қолдауын нығайтты. Ол ерекше саяси мәртебеге ие болған тәрізді, себебі Майяда қоғамдық рәсімдерге қатысқан әйел адамды бейнелеу – өте сирек кездесетін жайт. Ал Кешкі жұлдыз ханым, керісінше, тарихи жазбалардан түсіп қалған. Яшчиланды алпыс екі жыл билегеніне қарағанда, Қалқан Ягуар өте білікті саясаткер болғанға ұқсайды, ол б.з. 742 жылы тоқсан төрт жасында қайтыс болды. Одан кейін таққа Құс Ягуар отырды.

Хок ханым 62 жыл бойы Яшчиланның саяси өмірінде маңызды рөл атқарды. Алайда патшаның мұрагері ретінде оның ұлын тағайындамағаны – Хок ханымды қаншалықты күйіндіріп, өкінткенін ешқашан біле алмаймыз.

Сыни пайым

Майя ғибадатханасында қашаған бейнелерден Хок ханым жайлы шынайы өмірбаяндық ақпарат ала аламыз ба деген сауалға қалай жауап берер едіңіз?

Майя классикалық кезеңінде пайда болған күрделі жүйе – жазуды үйренуге көмектесетін сыртқы үлгі жайлы халықтың ешқандай хабары болмай, өз жазуын дербес ойлап тапқан, дүниежүзіндегі үш мысалдың біреуі еді. Қалған екеуі – Месопотамия және Қытайда пайда болған жазулар. Майя жүйесі – тұтас сөздер (ұғымдар бірлігі) мен буындарды құрайтын фонетикалық таңбаларды білдірген логографиялық таңбалар. Осы тұрғыдан алғанда, бұл жүйе ежелгі месопотамиялық сына жазуына ұқсас. Осы күнге дейін 850 глиф ашылды, олардың көбі – логографтар. Майя ғұламалары мәтіндерді тас ескерткіштерге, ғимарат қабырғаларына, тіпті қыш ыдыстарға және сүйектерге ойып салды. 15 мыңнан аса жазба бүгінгі күнге дейін жетті, тіл мамандары олардың көп бөлігінің кілтін талмай зерттеп жүріп тапты. Дін, мифология, астрономия, патша биліктері, қалалар тарихы және күнтізбелік есептеулер жайлы ақпарат жеткізген жазбалардың кілтін табу – Майяның өткен тарихына даңғыл жол ашты.

Б.з. 200 жылдарынан бастап майя хатшылары мыңдаған кітап немесе кодекстер жасады. Хатшылар майя белгілерін ағаштың ұзын қабығына немесе бұғы терісіне салып, оны аккордеон тәрізді бүктеді. Әр қала-мемлекеттің бас хатшысы немесе «патша кітапханасын ұстаушы» болған шығар. Бізге жеткен суреттерде, бұл лауазым иесі билеушімен ақылдасып тұрған, жұмысы көп шенді ретінде бейнеленген, қолында жазу құралы бар. Өкінішке қарай, б.з. XVІ ғасырынан бұрынырақ кезге жататын майяның төрт кодексі ғана сақталды. Олардың көбі уақыт сынына шыдамай, жойылды. 1560 жылы Юкатанның испан эпископы Диего де Ланда жиырмадан аса кітапты өртеп жіберіп, көңілі жай тауып есеп береді: «Осындай бірнеше кітап таптық, оларда ырым мен әзәзіл өтірігінен басқа еш нәрсе болмағандықтан, бәрін өртеп жібердік»1. Тағдырдың тәлкегі ме, дәл осы діндар майя жайлы бақылау жазбаларын қалдырды, соның ішінде олардың жазу жүйесі жайлы құнды мәлімет те бар.

Майя хатшысы. Гватемаладан табылған Майяның кейінгі классикалық кезеңіне жататын құмыра суреті. Хатшы оң қолына бояйтын қауырсын ұстап отыр. Майя қоғамындағы хатшылар қандай қызмет атқаруы мүмкін?

Месопотамиялықтар жазуды алғаш рет заттардың есебін білу үшін қолданса, мезоамерикалықтар даталарды жазу үшін пайдаланды. Ежелгі қоғамдардың көбі тәрізді, мезоамерикалықтар күннің, айдың және жұлдыздардың қозғалысы адам өміріне әсер етеді деп сенді. Аспан денелері – Құдайлар деп ойлады, олардың траекториялары мен циклдерін жазған ғалымдар, сонымен қатар маңызды рәсімдер өткізетін уақытты, жаңбырлы маусым басталар мезгілді, болашақта не болатынын көрсету үшін күнтізбе жасады.

Мезоамерикалық бірнеше қоғам екі күнтізбе қолданды және көбінесе даталарды екеуіне қатар белгіледі. Оның бірі – маңызды мерекелер мен діни жораларды белгілеген, 260 күннен тұратын альманах күнтізбе. 260 күн қайдан шыққанын білмедік, мүмкін ол адамның құрсақтағы жетілу кезіне немесе тоғыз айға қатысты шығар. Екіншісі – 365 күннен тұрған Күн күнтізбесі. Альманах күнтізбе – Күн күнтізбесіне қарағанда қысқа мерзімде көп өзгеріс жасағандықтан, екі күнтізбеде аталған даталар сәйкестендірілмеді. Мысалы, бүгінгі күнтізбедегі екі дата 18 980 күннен немесе шамамен елу екі жылдан кейін ғана қайталанады. Қазіргі ғалымдар күнтізбелік шеңбер деп атаған күнтізбеде әр елу екі жыл сайын басталған цикл ішінде ғана нақты дата белгілеуге мүмкіндік берді. Мысалы, 2001 жыл – бірінші жыл деп, 2052 жыл – елу екінші жыл деп көрсетілсе, 2053 жыл қайтадан – бірінші жыл деп көрсетіледі.

Б.з. ІІ ғасырда, бәлкім, одан да ертеректе болар, Майя қызметшілері күнтізбелік шеңбердің кем тұстарын толықтырып, «ұзын санақ күнтізбесін» (Long Count calendar) ойлап шығарды. Бұл әдіс одан да ұзақ, 1 872 000 күннен немесе 5 128 жылдан тұратын циклге негізделді. Майя «адам баласы тіршілік еткен әлем бірнеше Ұлы циклдің біреуінің көрінісі ғана» деп сенді. Олар дүние б.з.д. 3114 жылдар шамасында жаралды деп есептегенге ұқсайды, алайда мұны қандай негізге сүйеніп болжағаны бізге беймәлім. Христиан күнтізбесі күндерді Исаның туған күнінен бастап есептегені сияқты, «ұзын санақ күнтізбесінде» де күндер сондай бір бастапқы датадан басталады. «Ұзын санақ күнтізбесін» қолдана отырып, даталарды дәл белгілеу үшін майя ғалымдары оны бірнеше кіші уақыт бірліктеріне, алдымен – күнге, сосын 20 күннен тұратын – «айға», 360 күндік жылға және 144 мың күннен құралған бактунге бөлді. Майя «ұзын санақ күнтізбесіндегі» даталарды маңызды оқиғалар жазған жазбаларда ойып немесе суретін салып қалдырды. Ғалымдар қазіргі таңда осы даталарды оқи алғандықтан, олар Майя тарихын бүге-шігесіне дейін қалпына келтірді, күнтізбелерсіз мұндай жетістікке қол жеткізу мүмкін емес еді.

Үш түрлі күнтізбені (үшеуінен өзге де күнтізбелер болған) қолдану арқылы даталарды есептеп шығару астрономиялық есептеулер, қашықтық өлшемі, бизнес-есеп сияқты майя математикасының барлық элементтерін қамтығаны анық, жоғарғы математикалық есептеулер де болған шығар, бірақ ол туралы деректер жоқ. Осы тараудың кіріспесінде түсіндіргеніміздей, Майя санау жүйесі біздің қазіргі жүйеміз тәрізді ондыққа емес, жиырма санына негіздеген. Олар бірнеше белгілер ойлап тауып, қолданды, мысалы «нөл» санын белгілеу үшін ұлутасар суретін пайдаланды. Мұның өзі үлкен ғылыми жетістік еді, себебі біздің заманымызға дейін ежелгі вавилондықтардан басқа бірде-бір халық өз санау жүйесіне нөлді қоспады. Майя нөлді 1, 2 немесе 3 сияқты бүтін сан ретінде қабылдағанға ұқсайды. Дегенмен оны өздерінің позициялық санау жүйесінде, қазіргі жүйедегі тәрізді, сандағы мәні жоқ орынды белгілеу үшін қолданды. Мысалы, біз 900 деп жазғанда, тек 9-дың ғана мәні бар екенін көрсетеміз. Бірақ оны оннан кері санағанда үшінші орынға қойғандықтан, 900 санын оқи аламыз. Біз бұл санды екі бос орын қалдырып тек 9 , деп жазуымыз керек. Бұл адамдарды шатастырары анық. Бір немесе бірнеше нөл қою арқылы әр санның нақты мәні көрсетіледі. Майя өздерінің нөл таңбасын дәл осы жолмен пайдаланды. Тек олар сандарды көлденең емес, тік бағанада жазды.

Майяның мәдени және сауда байланыстары. Білуімізше, майя саудагерлері сандар жазу арқылы іс жүргізді. Олар сауда-саттық үшін алыс аймақтарға сапар шеккенін де білеміз. Классикалық кезеңде майя тілдес тұтас аймақ біртұтас қарқынды қарым-қатынас белдеуін құрады, ірі қалалар негізгі тораптар қызметін атқарды. Кейбір аймақтарда қалалардың ғұрыптық орталықтардан әрі созылғаны сонша, бір қаланың шеткі аймақтары көрші қаланың шетіне тиіп тұрды. Қала-мемлекеттер бір-бірімен соғысты, алайда дипломаттар, қолөнершілер мен саудагерлердің соқпақтар, сүрлеулер мен төсемелі жолдар арқылы қалалар арасындағы сапары толастамады. Аймақтағы саяси қарым-қатынасты тұрақтандыру және одақ құру мақсатында әртүрлі мемлекеттердің ақсүйек отбасылары некеге де отырды. Бір қала арнайы бір өнім шығаруға маманданды. Әсем қыш ыдыстар, шыны жүздер, тоқылған себеттер, жадеиттен жасалған зергерлік бұйымдар арқылы тауарлар айналымға түсетін ортақ сауда нарығын дамытты. Әр қала өз өнімдеріне ғана арқа сүйеуге мәжбүр болған жағдайда үлкен ауқымдағы урбандалу екіталай еді.

Біртұтас майя белдеуі – Мезоамериканың шалғай бөліктері біріккен сауда торабы болатын. Орталық Американы Мехико алқабымен және халық мекендеген солтүстіктегі орталықтармен байланыстырған жолдардың барлығы Майя қалалары мен сауда алаңдары арқылы өтті. Майя еліне апаратын және шығатын жолдар бойында саудагерлер шитті мақта, мақта-мата, бояулар, қыш бұйымдар, жанартау шынысы, шақпақтас, гранит, ұлу бақалшықтары, темекі, какао, бал, ағаш қабығынан жасалған қағаз, тропиктік құстардың қауырсындары, копал шайыры (ғұрыптық хош иістер үшін), ягуар терісі және акула тістерін тасымалдады. Юкатанның солтүстік жағалауындағы тұз кендері Мезоамерика жеріндегі адамдардың натрий тұтынуына себеп болды. Майя өркендеуінің кейінгі ғасырларында қалалық шеберлер алтын, күміс, мыспен жұмыс істей бастады, олардың кені негізінен Майя аймағының солтүстік не оңтүстік-шығысындағы кен орындарынан жетті. Мыс қоңыраулар, какао дәндері және жасыл тас моншақтар айырбас құралы, яғни ақша қызметін атқарды. Б.з. бірінші мыңжылдығының аяғына таман шеберлер ағаш діңгегінен үлкен каноэ жасай бастап, Юкатан түбегін айналып, Парсы шығанағы мен Батыс Кариб теңізі арасында тауар тасымалдады. Тұз, какао дәндері немесе балдың белгілі бір мөлшерін түбектің бір шетінен екінші шетіне теңіз арқылы жеткізу шығыны дәл осындай тауарды құрлық арқылы тасымалдау шығынынан әлдеқайда азырақ болған шығар.

Майя мемлекетінің ыдырауы. Дүниежүзі ежелгі патшалықтардың физикалық қалдықтарына толы болғанымен, Майя қалалық өркениетінің б.з. 800–1200 жылдар аралығында ыдырауы қызықтырмай қоймайды. Бір жағынан, оңтүстік ойпаттағы ең үлкен және бәрінен артық көркейген қала-мемлекет алдымен құлдырады. Солтүстік Юкатанның кейбір шағындау қалаларының ғұмыры тағы екі, не үш ғасырға жалғасты. Екіншіден, оңтүстік аймақ жылдам тоқырады. Ол жақтағы мемлекеттер небәрі жүз жыл аясында күйреді. Киуик қаласын қазып жүрген археологтар тапқан деректерде б.з. 880 жылдары жұмысшылар жартылай аяқталған қоғамдық құрылыс жобасын аяқасты тастағаны және олардың отбасылары түскі асқа үйлеріне қайтып келетіндей, ыдыстар мен тас құралдарды сол күйі қалдырғаны анықталды. Үшіншіден, мемлекеттер ғана емес, тұтастай қоғамдық тәртіп те ыдырады. Ойпат халқы, элита мен қарапайым халық та, б.з. 800 жылдарынан кейін күрт азайып, классикалық кезеңдегі 14 миллионнан небәрі бір жарым ғасыр ішінде 1,8 миллионға бір-ақ түсті2. ХVІ ғасыр басында испандар келгенде, халық жеті жүз жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда әлдеқайда аз болғанға ұқсайды. Майя құлдырауының бізді таңдандыратын тұсы – археологиялық деректерге қарағанда, ойпаттағы қалаларды сырттан келген жау алмаған. Керісінше, халық сол орталықтарды тастап кеткен, уақыт өте тропиктік ормандар алып ғибадатханаларды басып қалған.

Мұндай апатқа әкелген нақты факторлар әлі толық анықталмады, пікірталастар да толастар емес. Ғасырлар бұрын Теотиуаканның құлдырауына қатысты бірқатар факторлар жайлы ғана айта аламыз: кейбір қалалар басқаларына қарағанда ұзағырақ тіршілік етті және құлдыраудың себептері әр жерде өзгеше болғаны анық. Ойпаттағы майя халқы б.з. VІІІ–ІХ ғасырларында экологиялық дағдарыста болғаны айдан анық. Б.з.д. соңғы ғасырлардан бастап халық саны мен тығыздығы артты. Егіншілер отбасыларын асырау үшін ғана емес, сонымен қатар, билеуші элита мен олардың әскерін, сарайлары мен ғибадатханаларын қамтамасыз ету мақсатында егін өнімділігін арттыру жолында тынымсыз еңбектенді.

Майя аймағының аграрлық мүмкіндігі шектеулі еді. Халқы тығыз оңтүстік ойпаттағы су деңгейі солтүстікке қарағанда төмен болды. Құрғақшылық циклі кезінде су тауып, оны сақтау күрделі мәселеге айналды. Зерттеушілер қаңқа қалдықтары негізінде халық жиі қоныстанған аудандардағы адамдар дұрыс тамақтанбағанын анықтады. Бұл азық-түлік жетіспеуіне және тек жүгеріге тәуелді тамақтану салтына байланысты еді. Мезоамерикалықтарда болмаған бидай, арпа немесе қолға үйреткен ірі жануарларға қарағанда бұл азықтың құрамындағы ақуыз құнары кемшін еді. Ірі қара, қой немесе тауықтың болмауынан адамдар қызылша, шешек және тұмау тәрізді, жануарлардан таралатын жұқпалы аурулардан аман қалғаны анық. Бұл жағдай ойпаттағы майя тұрғындары аз ауырды дегенді білдірмесе керек. Сары безгек, безгек, мерез, жүрек ауруларының кейбір түрі тәрізді кеселдер осы аймаққа да тән болды. Протеин жетіспеушілігінен адамдар осы ауруларға сезімтал болуы мүмкін.

Алқаптарынан көп астық ала алмаған Юкатан егіншілері жаңа жер ашуға талпынды. Өкінішке қарай, олар барған сайын ұлғайған орталық – қаланы айналдыра қоршап жатқан ормандарды отай бастады. Құнарлы тропиктік топырақ қабаты жұқа болғандықтан, ормандардың жойылуы топырақты эрозияға ұшыратып, құнарсыздандырды. Бұл өз кезегінде өзендерді, су қоймаларын, ағын су жүйесін лайлап, топырақ және су игеру мәселесін қиындатты.

Деректерді САРАЛАУ

Майя киелі кітабы: Попол Вухтағы жаратылыс баяны

Майя қоғамдары әдеби еңбектер жазғаны даусыз, оларды ауызша да, кодекстер мен суретті кітаптар ретінде де ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. XVІ ғасырдағы испан басқыншылығынан соң аман қалған аздаған жазба арасында әйгілі Попол Вух немесе Кеңес кітабы да бар. Бұл – Гватемала таулы өлкесіндегі киче тілдес майя халқының космологиясы, мифология мен тарихы баяндалатын ұзын сонар поэтикалық әңгіме. Қолда бар нұсқа үшін майя хатшыларына алғыс айтуымыз керек. Б.з. 1550 жылдары олар түрленген латын жазуын қолдана отырып, мәтінді киче тілінде жазып шықты. Бұл еңбек түрлі ауызша дәстүр мен жазбаша деректерге негізделген әңгімелер жинағы болуы мүмкін. Жазба XVІІІ ғасыр басына дейін, испан тақуасы Франсиско Хименес Гватемалада қолына түсіргенше, белгісіз болып келді. Ол киче тіліндегі мәтінді қайта көшіріп, испаншаға аударды. XVІ ғасырдағы жазба кейін жоғалғанымен, Хименестің мәтіні, қазіргі таңда, Чикагоның Ньюберри кітапханасында сақтаулы.

Попол Вух – әлемнің жаратылуы мен киче тілдес майя халқының ежелгі тарихын тоғыз мыңнан аса сөйлеммен баяндайды. Жаратылыс жайлы әңгімеде, құдайлар өздерін құрметтеп, мадақтайтын ешкімнің табылмағанына қатты қайғырады. Сондықтан ол хайуандарды жаратуға шешім қабылдайды, ал олар сөйлей алмай, жай ғана «аңырады, шықылықтады және ырылдады». Ол балшықтан адамдар жасауға тырысты, алайда ол жаратқан қуыршақтар басын бұра да алмай, жаңбыр астында еріп кете берді. Содан кейін құдай адамдарды ағаштан жасады. Бірақ олар «қуыс кеуде, санасы жоқ», сезімсіз тіршілік иелері еді. Ақыр аяғында жаратушы адамдарды жүгері ұнынан илеуге тырысады. Ой мен сезімге ие жанды адам жасауға ең қолайлысы – жүгері болып шығады. Төменде келтірген үзіндіде адам баласын жасаудағы соңғы әрі сәтті талпыныс баяндалады.

Адамды қалай жасау керек және оның денесін немен соғу керек деген әңгіме былай басталды. Қанатты жыландар әміршісі [жаратушы құдайлар] деп аталған Ұлы ана құдай, Ұлы әке құдай, бәрін жасаушы, жаратушы кеңеседі:

– Күн көкжиектен көтеріліп келеді, жұмысымыз да аяқталуға жақын, бізге табынатын және біз үшін азық-түлігін құрбандыққа шалатын, сәуледен жаралған, сәуленің балалары; адам пайда болсын, жер бетін адамзат жайласын, – деді олар. Қара түнекте, түнде ойға шомды, бірге жиналды, ойланды және толғанды.

Ақыры адам тәніне қажет нәрсені тапты. Бұл күн, ай және жұлдыздар Ұлы ана мен Ұлы әкенің төбесіне жиналған уақыттан сәл бұрын болған жайт. Сплит-Плейс (Splіt Place) және Тұзды сулы мекен (Bіtter Water Place) деп аталған жерде сары жүгері, ақ жүгері собығы өсіп шықты.

Түлкі, койот, тотықұс, қарға – бұл жануарлар азығы мол жерге жол бастады. Бұл төрт жануар ақ және сары жүгері собығының қайта өсетінін білетін еді. Олар Сплит-Плейске (қазіргі Гватемаланың Мексикамен шекаралас жеріндегі тау) барды, олар сәулеге апарар жолды көрсетті.

Міне, құдайлар адам тәніне керек азықты осылай тапты.

Адам тәнін, адам пішінін осы заттардан жасады. Су – қан үшін керек болды. Ол адамның қанына айналды. Ұлы ана құдай мен Ұлы әке құдайдың әмірімен жүгеріден адам тәні жасалды.

Құдайлар дәмді азығы көп, сары жүгерісі мол, ақ жүгерісі мол... какао, сансыз сапоте, аннона, джокота, нансе, матасано [тропик жемісінің түрі] тапқанына; Сплит-Плейс, Тұзды сулы мекен деп аталған жерде аста-төк азық, дәмді жемісі мол, берекелі таудың мол өніміне шаттанды. Жеуге жарамды жемістің бәрі осында еді: майда-шүйде азық түрі, ірі-ірі азық түрі, кіп-кішкентай өсімдік, алып таудай өсімдік... Бұл мекенге жануарлар бастап келген еді.

Содан кейін сары жүгері және ақ жүгері собығын ұнтақтады, Хлеусане (Ұлы ана құдай) собықты үгіп, тоғыз шырын даярлады. Жүгеріден адам бұлшықеттері мен күшін жасады. Жүгері собығын үгіп жатқанда қолын шайған суына адам тәніндегі майды жасады. Қанатты жыландар әміршісі – Ұлы ана және Ұлы әке деп аталған құдайлар адамды осылай жасады.

Осыдан кейін олар әңгімелесе бастады:

Адамзаттың алғашқы анасын, әкесін жасау жайлы,

Сары жүгері және ақ жүгеріден – тәнін жасады,

Жүгері ұнынан – адамның аяқтары мен қолдарын жасады,

Алғашқы әкелеріміз, төрт адам осылай жасалды.

Осы негізгі азықтардан адам тәні жасалды... Кейін барып, олар адамға айналды. Адамдарға тіл бітті және әңгіме-дүкен құра алды... Одан кейін олар аспан астындағының бәрін анық көрді. Осыдан кейін олар Ұлы ана құдай мен Ұлы әке құдайға алғыс айтты.

Дереккөз: Dennіs Tedlock, ed. and trans., Popol Vuh: The Defі nіtіve Edіtіon of the Mayan Book of the Dawn of Lіfe and the Glorіes of Gods and Kіngs (New York: Sіmon & Schuster, 1996)

Сыни пайым

Осы үзіндіден ежелгі майяның жүгері мен жануарларға деген қарым-қатынасы жайлы не білуге болады? Адам өмірінің мәні мен мақсаты жайлы Попол Вух не айтқысы келеді деп ойлайсыз? Ғалымдар Попол Вух – миф сарынындағы шығарма екеніне келіседі. Бұл жайлы сіз не ойлайсыз? Дүниежүзінде ежелгі замандардан бергі қоғамдар жердің, жануарлардың және адам баласының жаратылуы туралы әңгімелерді не үшін шығаруы мүмкін? Қазіргі Құрама Штаттарда жаратылыс жайлы ең танымал әңгіме қандай деп ойлайсыз?

Майяның классикалық кезеңінде қалааралық қақтығыстар жиілеп, қырғын соғыстар болды. Майя билеушілері әскери дағдарыстарға көбіне бір ғана жолмен жауап берді, ресурстарды сақтау мен дамытуға бағытталған жобаларды барынша қаржыландырудың орнына, мемлекеттің күшін әлеуметтік пирамиданың шыңына шоғырландырды, ауқымды әскер жасақтады, құдайлардың рақымына бөлену үшін орасан зор сыйыну орындарын салды. Асқақ пирамидалар тұрғызу арқылы мемлекетті құтқарамыз деген әміршілер құдайларға табыну жолына түсті. Соның салдарынан бір-бірінен асқан ғибадатханалар салу үшін егіншілердің негізгі жұмысы ұмыт қалып, оларды құрылыс жұмыстарына жекті. Тикалда мемлекет құласа да жұмысшылар ғаламат ғибадатханалар тұрғызуды жалғастыра берді. Кейбір мемлекеттерде су игеруді немесе азық-түлік жетіспеушілігін жақсарту жөнінде салмақты шешімдер қабылдаған дана шенділер табылса керек. Халықтың ұдайы көбеюі мен ұзаққа созылған экологиялық дағдарыс туғызған экономикалық қиындықтар жағдайды күннен-күнге нашарлата берді.

Киуик қала жұрты. ІХ ғасыр аяғында Киуик халқы қаланы аяқасты тастап кетті. Соңғы жылдары археологтар оның себебін түсіну үшін осы жерде қазба жұмыстарын жүргізіп жүр.

Жүздеген жыл бойы Майя егіншілері қайталанып тұрған құрғақшылықтарды бастан өткеріп, аман қалып отырған. Климатологтардың анықтауынша, б.з. 760 жылдарынан бері бірнеше онжылдық сайын құрғақшылық жиі қайталанып тұрған, түрлі уақытта белгілі бір қалаларға зиянын тигізген құрғақшылық ақыр соңында олардың бәрінің құлдырауына әкелді. Ұзаққа созылған экологиялық қиындықтардың ең сорақысы, құрғақшылықтың жиі-жиі қайталануынан кейбір ірі қалаларға тықыр таянған тәрізді, соның салдарынан сауданың құлдырауы, әлеуметтік тоқырау, қаладан жаппай босу осы аймақтағы шағындау қалаларға кесірін тигізді.

Археологтар б.з. ІХ ғасырына таман оңтүстік ойпаттағы бірнеше қала көтеріліс пен сыртқы жаудың шабуылына төтеп бере алмағанын көрсететін деректер тапты. Тикалдың батысындағы Пиедрас Неграс қаласында вандалдар билеушілердің тас мүсіндерін жабайылықпен бүлдіргеніне қарағанда, адамдар құдайлардың рақымынан айырылған әміршілеріне қарсы бас көтерген. ІХ ғасырдан аман қалған ойпаттың солтүстігіндегі кейбір қалалар оңтүстіктің апатты жағдайын шабуылдар мен басқыншылық ұйымдастыру мақсатында пайдаланды. Тұтанып, аяғына дейін жанып біткен майшам тәрізді, жыл санаудың ұзақмерзімдік есебі б.з. 800 жылдардан кейін Оңтүстік Майя қаларында барған сайын сиреп, б.з. 910 жылы толық тоқтайды. Солтүстік ойпаттағы кейбір қалалар, мәселен, Чичен-Ица және Ушмаль, бір немесе екі ғасыр ұзағырақ тіршілік етті. Бұл жердегі қалалық орталықтар оңтүстікке қарағанда шағындау болды да, жер мен суға деген сұраныс ұлғайған жоқ. Әлсіреген оңтүстік орталықтарға шабуыл жасаған олар олжа мен тұтқынға түскен еңбек күші есебінен аздаған пайдаға кенелген де шығар.

Солтүстік қалалар да көп ұзамай ыдырады, б.з. 900–1200 жылдары аралығында бүкіл ойпат халқы азайды. Адамдардың кейінгі тағдыры қалай болды? Бұл сұрақтың жауабын іздеген ғалымдар әлі күнге дейін бір пікірге тоқтаған жоқ. Соғыс, аштық, ауру себебінен халық басқа аймақтарға қоныс аударғаны анық; ұзақ уақыт бойғы туу көрсеткішінің төмендеуі, әсіресе аштыққа ұшыраған жасөспірімдер өлім-жітім көрсеткішінің артуынан халық саны күрт азайды. Егіншілер – алқаптарын, элита – әсем үйлері мен ғибадатханаларын тастап кетісімен су жүйесі жылдам бүлініп, ол жер тропиктік өсімдіктердің астында қалды. Ондаған жыл өтпейінше, бұл жерлердің қайта қалпына келуі мүмкін емес еді, ойпатта қалған шағындау егінші қауымдар ақсүйектерден, жаппай қантөгістерден, ауыр салықтан босап, қыстақ деңгейіндегі тәуелсіздікке әбден разы болған да шығар.

Тұңғыш перзент құқығы (prіmogenіture) – тұңғыш баланың, негізінен, ұл баланың отбасы мүлкін, кей жағдайда ақсүйектік атағы мен лауазымын мұраланудың заңды немесе салт бойынша құқығы.

Еңбек міндеткерлігі (corvée labor) – билеуші, қожалық иесі немесе басқа билік өкілі тарапынан көбіне жол салу немесе басқа құрылыс үшін талап ететін тегін еңбек.

Жоғарғы Солтүстік Американың дамуы

Солтүстік Американың жері ирек түтікке ұқсайды, б.з. 100 жылының демографиялық картасына қарасақ, оның төменгі шетінен, яғни Мезоамерикадан адамдар шоғырын көреміз. Мехико алқабынан жоғары жылжыған сайын құрғақтау климат пен үстірт жердің өзара байланысына орай қалалық орталықтар кішірейе түседі, олар барған сайын бір-бірінен алшақтап, тұрғындары да азая береді. Картадан Мезоамерика мен Полюс шеңбері (Арктика шеңбері) арасынан Теотиуакан, Монте-Альбан немесе Тикал сияқты бірде-бір ауқымды қаланы көрмейсіз (8.3-картаны қараңыз). Соның өзінде, жоғарғы Солтүстік Американың кейбір өңірлерінде басқа аймақтарға қарағанда халық саны әлдеқайда көбірек болды. Болжамды картамызда қыстақтарда тұратын, астық өсіретін халық шоғыры Тынық мұхиттың жағалауында, қазіргі Құрама Штаттар мен Канадада, Миссисипи өзені мен Атлантикаға дейін созылған шығыстағы орманды алқапта және шағын көлемде Сонора шөлінде орналасты. Олар жүздеген тілде сөйледі, жергілікті экологиялық жағдайға тәуелді аңшылық, терімшілік, балық аулау, егіншіліктің сан түрімен шұғылданды. Б.з.д. екінші мыңжылдықта шығыстағы орманды алқап тұрғындары алабота, субидай және өте кішкентай, бірақ дәні құнарлы басқа да жергілікті өсімдіктерді қолдан еге бастады (4-тарауды қараңыз). Осы мыңжылдықтың соңына таман жүгері өсіру Орталық Мексикадан солтүстікке қарай, Сонора шөліне тарады.

8.3-КАРТА. Жоғарғы Солтүстік Америкадағы негізгі қоныстар мен қоғамдар. Б.з.д. 400 жылдарына дейін

Салыстырмалы түрде халқы тығыз қоғамдар картада көрсетілген аудандарда қалыптасуын қандай географиялық факторлар көмегімен түсіндіруге болады?

Тынық мұхит жағалауы. Калифорниядан Британдық Колумбияға дейін Солтүстік Американың батыс доғасында тұратын халық еуропалықтар келгенше жаппай жүгері екпеді. Қоныс тұрғындары жаңғақ, жеуге жарамды шөптер, балық, моллюскілер мен ұсақ жабайы аңдарды азық қылды. Археологиялық деректерге қарағанда, б.з. бірінші мыңжылдығында жағалау бойындағы және ішкері алқаптардағы кейбір қоныстар жүздеген адамға пана болды, артықшылыққа ие элита мен шебер мамандар қарапайым халықтан ерекшеленді. Калифорниядан солтүстікке қарай орманды жағалаудағы ақсерке және теңіз-өзен флорасы мен фаунасын тұтынатын тұрғындар ағаштан үй тұрғызды, жағалауда балық аулап, сауда жасау үшін алып балқарағай діңгегінен каноэ жонды. Осы мыңжылдықта жағалау халықтары садақ пен жебе жасады. Канададан тарауы мүмкін бұл қарумен аң аулап, азық құнарын арттырып, жабайы аң етінен алынатын протеин үлесін арттырғанымен, қоныстар арасындағы шабуылдардағы адам өлімін көбейтті. Мыңжылдықтың аяғына таман солтүстік жағалаудағы қауымдар төбешікке бөренелерден бекіністер сала бастағанына қарағанда, аймақта азық-түлік қоры мен саудаға байланысты сұрапыл қақтығыстар болған сияқты.

Сонора шөліндегі Хохокам. Құрама Штаттардың оңтүстік-батысы мен Солтүстік-Батыс Мексика – б.з. бірінші мыңжылдығының басында аграрлық қоғам пайда болған тағы бір аймақ. Жергілікті халықтың арғы тегінің үндісше атауы болған Хохокам деген жалпы атпен әйгілі бұл жердегі қауымдар су басатын шалғындарда жүгері, асқабақ, мақта және басқа дақыл түрлерін өсірді, алқаптарға су жеткізу үшін 10 мильге созылған арықтар қазды. Ғалымдардың пікірінше, хохокам халқы Мексикадан Солтүстік Сонора шөліне қоныс аударған, жүгері өсіру технологиясын да өздерімен бірге алып келуі мүмкін. Биік үйінді тәрізді қорғандар, айрықша үлгідегі мата жасау және доп алаңдары олардың Мезоамерикамен жанама байланысына дәлел бола алады. Мыс қоңыраулар мен тас мүсіндердің Хохокамда ашылуы оңтүстікке апаратын сауда байланысы болғанын дәлелдейді. Қыш ыдыстардан гөрі шайыр жабыстырған, тоқылған себеттерге басымдық берген Тынық мұхит жағалауындағы қоғамдарға қарағанда, хохокам қоңыр, қызыл түсті қыш бұйымдар жасау шеберлігін меңгерді. Феникстен оңтүстікке қарай орналасқан Снейктаун археологиялық кешенінде Хохокам тұрғындары қыстақтар кластерін тұрғызды, соған қарағанда олар жергілікті саяси конфедерация құрған тәрізді. Бұл нысанда орталық алаң, биік үйінді қорғандар және доп алаңдары бар, кейбір ғалымдар бұл алаңдарда қыстақ командалары бір-бірімен жарысты деген пікірде. Хохокам – жағдайы қатал жерге жақсы бейімделген алғашқы егіншілер қоғамы еді, олар кейінгі ғасырларда осы аймақта пайда болған ауқымды қоғамдарға үлгі болды.

Адена және Хопуелл қоғамдары. Миссисипидің төменгі алқабындағы қорған тұрғызу дәстүрінің тамыры б.з.д. төртінші мыңжылдық ортасына тиесілі, (4-тарауды қараңыз), оларды тұрғызу толқыны шығыстағы орманды алқапта б.з.д. 800 жылдардан басталды. Адена деген атаумен танымал болған қоғам Огайо өзені төңірегіндегі кең ауданда б.з.д. 100 жылдарға дейін өркендеді. Хопуелл өркениеті де Огайода тұрақтап, осы кезден б.з. 400 жылдарына дейін өмір сүрді. Адена екені дәлелденген археологиялық ескерткіш Огайодан шалғайдағы Жаңа Англиядан табылды. Хопуелл дәстүрі Миссисипи алқабы мен қазіргі Нью-Йорк штатына дейін таралып жатыр. Екінші мәдениет бірінші мәдениеттен таралған-таралмағаны бізге беймәлім, бұл жердегі мәдениет бірнеше археологиялық нысаннан табылған айрықша материалдық жәдігерлер мен құрылыстар жиынтығын білдіреді. Екі дәстүрге де ортақ белгілер бар. Адена мен Хопуелл адамдары аңшылық, терімшілік пен егіншілікті қатар алып жүрді; олар асқабақ, алабота, жабайы жүгері және қолдан өсіре бастаған басқа да жергілікті өсімдіктер екті. Климат зерттеулеріне сай, Хопуелл қауымдары салыстырмалы түрде жайлы қыс мезгілдері кезеңінде гүлденген. Егіншілер жүгері туралы білген, бірақ оны негізгі дақыл түріне айналдырмаған. Екі мәдениет те топырақтан үлкен қорғандар тұрғызды, кей жағдайда олар заттар толтырылған көр лақаптарының үстінен үйді. Айрықша әсер қалдыратын Хопуелл құрылысы – дәлдікпен өлшенген шаршы мен шеңбер пішініндегі топырақ үйінділері. Ең ғажабы Оңтүстік Огайоның ауылдық жерінде орналасқан – Жылан қорған (Серпент маунд). Бұл топырақ үйіндісі жотаның бойымен 25 мильдей жерге ирелеңдей созылып жатыр. Жыланның басы – жазғы күн тоқырауы бойымен орналасқан. Бұл қорғанның тұрғызылған уақыты әлі де белгісіз.

Екі дәстүр де қоғамның күрделенуге бағыт алғанын көрсетеді. Қарапайым отбасылар дүние салған әулет мүшелерін өртеді, кейбір марқұмдар ерекше артықшылыққа ие болды. Қауым мүшелері осы ерекше адамдарды қорғанның астына, берік бөренелерден тұрғызған бөлмеде жерледі. Басқалары, бәлкім, әйелдері, балалары, қызметшілері немесе құлдары, олармен о дүниеге бірге аттануға мәжбүр болған тәрізді. Мұндай мазарлардан мата, мыс әшекейлер, шақпақтас жүздері, маржан моншақтар, саф алтын, әдемі қыш ыдыстар, құс, кәмшат және балық кейпіндегі мүштіктер сияқты заттар тапты. Осы мазарлардағы құрметке бөленген мәйіттердің көсемдер болғаны сөзсіз, алайда Адена немесе Хопуелл саяси ұйымдасуы жағынан қауымдар болды ма әлде қауымдар бірлестігі шеңберінен шықты ма деген сұраққа да жауап таппадық. Топырақ үйінділерінің діни маңызы жайлы да нақты мәлімет жоқ.

Хопуелл жерлеу орындарынан шыққан Ұлы көлдер аймағының мысы, Солтүстік Каролинаның шақпақ тастан жасалған мүсіндері, Вайомингтегі жанартау шынысы, Атлант жағалауының тасбақа сауыты қоңыржай Солтүстік Америка жерінде сауданың белсенді желісі іске қосылғанын дәлелдейді. Бір қызығы, сауда көбінесе бір бағытта ғана жүргенге ұқсайды, себебі археологтар Хопуелл мәдени белдеуінен тысқары аймақтардан шығыстағы орманды алқапқа тиесілі заттарды өте сирек кездестірді. Алып қорған құрылыстарына қарап ғалымдар шығыстағы орманшылар ғибадатхана тұрғызушы мезоамерикалықтармен байланысқа түсіп, оларға еліктеді ме, әлде олардан үйренді ме деп анығын зерттеп білмекші. Археологияда мұндай қарым-қатынастың нанымды деректері жоқ. Қалай дегенмен де, Хопуелл мәдени белдеуінің орталығындағы қауымдар б.з. 400 жылдарынан кейін үлкен қорғандар мен салтанатты жерлеу орындарын салуды тоқтатады, оның себебі Огайо мен жоғары Миссисипи алқабындағы суық климатқа байланысты болуы мүмкін.

Жылан қорған (Serpent Mound). Адамс округіндегі, Огайодағы мына топырақ үйіндісі түріндегі қорған – құс немесе жануар пішіндес құрылыстың мысалы. Адена дәстүрінің адамдары қорғанды б.з.д. 100 жылға дейін салуы мүмкін, алайда құрылыстағы көмір ағашының карбон әдісі арқылы мерзімін анықтау барысында б.з. ХІІ ғасырынан кейін ғана қорғанға қазіргі пішін берілгені анықталды. Қорған 1300 фут ұзындыққа созылғанымен, одан ешқандай жерлеу орындары мен жәдігерлер табылмады. Жылан қорған (Серпент маунд) Стоунхендж, Тәж-Махал, Қытайдағы Ұлы қорған тәрізді ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны тізіміне енуге лайық па?

Оңтүстік Америка: Анд сілемдері бойындағы күрделі қоғамдар

ОЙЛАН: Оңтүстік Америкадағы Анд тауларында қоршаған орта мен экологиялық жағдайдың өзгеруі аграрлық қоғамдар мен мемлекеттердің дамуына қалай әсер етті?

Б.з.д. бірінші мыңжылдықтың басында Оңтүстік Америкадағы халқы ең тығыз аграрлық қоғамдар Анд тауының сілемдері мен ішкері алқаптарында шоғырланып (8.4-картаны қараңыз), картоп, жүгері, бұршақ, асқабақ, бұрыш және басқа да азыққа жарамды өсімдіктер өсірді. Таулы қыраттардан төменге аққан өзендер егінші қауымдардың, тіпті шағын қалалардың Тынық мұхит жағалауына қатарласа жатқан шөлде гүлденуіне мүмкіндік берді (4-тарауды қараңыз). Б.з.д. бірінші мыңжылдыққа таман сауда жолдарының күрделі жүйесі осы тік сызық бойына орналасқан мекендегі қоғамдарды жоғарғы-төмен тарапта жалғады, мәселен, тау соқпақтарымен өрлеген саудагерлер өздерімен бірге теңіз тұзы мен қақталған балық тасымалдаса, төменге тау кендерінен өндірген өткір жанартау шынысын алып оралды. Андтың шығыс баурайларындағы жолдар бұл өлке егіншілерін Амазонияның тропиктік алабындағы халықтармен байланыстырды. Тек Оңтүстік Американың шалғайдағы күнгей бұрышында қауымдар терімшілер мен аңшылардың шағын топтарына бірікті, олардың өмір сүру салты мен Батыс жартышардың қарама-қарсы шетіндегі Канада мен Аляскадағы қоғамдардың арасынан ұқсастық табуға болады.

8.4-КАРТА. Оңтүстік Америкадағы негізгі мемлекеттер. Б.з.д. 900 – б.з. 800 жылдар

Шығыс және батыс бағыттағы сауда жолдары да солтүстік–оңтүстік жолдары сияқты маңызға ие болды. Оның себебі не деп ойлайсыз?

Оңтүстік америкалықтар осы мыңжылдықтар бойында Панамадағы мезоамерикалықтармен тұрақты байланыс орнатпаса да, адамдардың Кариб аралдарына қоныстануында маңызды рөл атқарды. Аралға жеткен ең алғашқы адамдар осыдан алты мың жыл бұрын Оңтүстік Мезоамерикадан келген болуы керек. Кейін теңізде жүзуге төзімді, каноэ ескен қоныс аударушылар толқыны Оңтүстік Американың солтүстік жағалауынан алысқа жүзіп, Кариб аралдарын бірінен кейін бірін қоныстанды. Б.з.д. 200 жылдар төңірегінде Оңтүстік Америкадан келген қоныстанушылар егіншілікпен айналысты. Бұл адамдар ХV ғасыр аяғында Колумб бетпе-бет келген аравак тілдес қауымдардың тілдік тұрғыдан арғы ата-бабасы болғаны айдан анық. Археологиялық деректерге сенсек, б.з. бірінші мыңжылдығында кейбір арал тұрғындары Оңтүстік Америкаға барып-келіп тұрған және бұл мезоамерикалық жағалауға қарағанда, әлдеқайда тығыз қарым-қатынас болған.

Андтағы урбанизация: Чавин де Уантар үлгісі

Эквадор мен Оңтүстік Перу аралығындағы Анд алқаптары мен Тынық мұхит жағалауының жазықтарында халықтың ұдайы көбеюі жергілікті қоғамдарды одан да үлкен деңгейде ұйымдасуға және табиғи қорлар үшін көршілермен тайталасуға мәжбүрледі. Б.з.д. екінші мыңжылдықта таулы өлкелердің қауымдары ондаған U пішінді ғибадатхана тұрғызды, ал олардың айналасындағы шағын қала орталықтары гүлденді. Бұл қалаларда рәсімдер арқылы көрінетін, бірегейлікке негіз болатын, белгілі бір құдайларға сыйынудың орталықтанған жүйесі болмаған тәрізді. Осындай қоғамдық желім керек те еді, өйткені адамдар арықтар қазу үшін, жоталарды тақтайдай алқаптарға айналдыру үшін және егіс далаларын қаскүнемдерден қорғау үшін жұмыла жұмыс істеуі, қыстақты арам ойлы топтардан қорғауы керек болды. Соңыра шаруашылықты ұйымдастырып, абыз және әскери көсемдер міндетін атқарған ақсүйек отбасылар қарапайым адамдарға үстемдік орната бастады. Дәл осындай үдеріс Мезоамериканың халқы тығыз аймақтарында да жүріп жатты.

Чавин қоғамы. Орталық таулы аймақтарда тұрғызған ғұрыптық ғибадатхана кешендерін б.з.д. 900 жылдар шамасында құрылысы басталған Чавин де Уантар басып озды. Дәуірлеген тұсында Чавин құрылыстары, ішкі аулалары мен алаңдары 125 акрге таяу жерді алып жатты. Археологтар Ескі ғибадатхана (Old Temple) деп атаған U пішінді орталық платформа біртұтас тас сияқты көрінетін тас қасбеттен тұрды. Орталық Андтағы басқа платформалардан айырмасы жүздеген желдету шахталары арқасында салқын дәліздер, галереялар, камералар мен суағарлар лабиринті болды. Тылсым күш иелерінің екі жүзден аса тас мүсіні Чавиннен табылды. Орталық жеті жүз жылдай өркендеді, соңғы төрт жүз жыл ішінде (б.з.д. 500–200 жылдар) зәулім Жаңа ғибадатхана ескісіне қосылды. Осы кейінгі кезеңде нысанда кем дегенде бірнеше мың адам өмір сүрді, олар ғұрыптық және құлшылық орынды тіршілігі қыз-қыз қайнаған қалаға айналдырды.

Чавин Перудің солтүстік шөлейт жағалауы мен Андтың Амазонияға апаратын биік асуларының стратегиялық маңызы зор болды. Сауда жолдары Чавин тұсында түйісіп, кейін жағалауға дейін жалғасатын екі тау өзені алқабы бойымен төмендеді. Саудагерлер бір биіктен – екіншісіне, бір экологиялық белдеуден – келесісіне тасымалдау үшін заттарды ламаларға артты. Орталықтың Тынық мұхит жағалауын Амазониямен жалғайтын мәдени және сауда торабы ретіндегі орны оның құрылыстары мен безендірілуінен айқын көрінді. Ғибадатхана тұғырының U пішіні, төмен алаңдар, қабырғадағы бедерлі мүсіндердің ерте замандардағы жағалау архитектурасына қатысы бар. Бір жағынан алғанда, тастардағы кейбір көріністерде ягуар, маймыл, дәу қаршыға және кайман (аллигаторға жататын ірі бауырымен жорғалаушы) тәрізді шығысқа қарай жүздеген миль жердегі Амазония ормандарын мекендейтін жануарлар бейнеленді.

Чавин тұрғындары адам және жануар кейпіндегі мүсіндер арқылы бейнеленген бірқатар құдайларға құлшылық етті. Ескі ғибадатхананың ішкері жағында пышақ пішінді тас обелиск орналасты, оның жүзі – жерге, ал сабы – төбеге кіріп тұр. Ланцон деп аталған бұл стелла сәнді киінген адамды бейнелейді, оның беті мысық тәрізді, ал қолы мен аяқтарында өткір тырнақтары бар. Оның қалың еріндері азу тістерін ақситып, күлген не ыржиған кейіпте. Археологтардың болжамынша, бұл құдай сияқты жаратылыс ғаламдағы барлық қарама-қайшы күштерді тепе-теңдікте ұстайтын Чавиннің бас құдайы. Ол сондай-ақ сәуегей, яғни табынушылардың сұрақтарына жауап беретін «делдал» қызметін атқаруы мүмкін. Қасықтар мен тостағандардың материалдық қалдықтарына қарағанда, абыздар мен қарапайым сыйынушылар ақыл-есті адастырып, елестер әлеміне жетелейтін темекі немесе басқа психотроптық заттар қабылдады, сол арқылы мына дүние уайымын артта қалдырды немесе ягуар не құстарға айналды.

Чавиннің кейінгі ғасырларында ақсүйектер мен халықтың басым бөлігінің арасы алшақтай берді. Археологиялық нысанның бір бөлігінен зерттеушілер алтын зергерлік бұйымдар, әсем қыш ыдыстар, сырттан әкелген ұлутастар және киноварь (қызыл түсті минерал және сынаптың көзі) тәрізді бағалы әрі таңсық жәдігерлер топтамасын тапты. Бұл аймақта тұрған отбасылар тас үйлердің рақатын көріп, ас тағамдарындағы ақуыз мөлшерін жас ламаның жұмсақ етін тұтыну арқылы байытты. Ал кедей халық қарапайым бұйымдарға ие болды, олар сабан үйлерде тұрды, жүгері, картоп және басқа да тағамдық өсімдіктерге қосымша, кәрі ламаның шандырын қаужалады.

Чавиннің ықпалы. Орталық үлкейіп, халқы көбейген сайын Чавиннің алыс-жақын көршілеріне мәдени ықпалы да артты. Чавинде патша әулеті, тұрақты әскер, шалғай аудандарды билейтін басқарушылар иерархиясы болғаны жайлы дерек жоқ. Қала жауынгерлері көрші қауымдарға шабуылдар ұйымдастырып, оларды басып алуы да мүмкін. Мәселен, Чавиннен сонша алыс жатпаған алқап халқы жота төбесіне жиырма бір бекініс тұрғызған. Сыртқы жаудан қорғану үшін болмаса, олар оны не мақсатта тұрғызды? Чавин басқарушы элитасы бар қала-мемлекетке айналса керек, бірақ Мезоамерикадағы Теотиуакандай әскери империя астанасы бола қоймады.

Чавиннің мәдени ерекшелігі еш дау тудырмайды. Ел кезген пірәдарлар ғибадатхана кешеніне жетуге ұмтылған шығар, олар сәуегейден ақыл сұрау үшін алыс жолға шықты, құдай шарапатына бөлену үшін рәсімдерге қатысты немесе кеселдеріне ем іздеді. Сый-сияпат немесе тұрғылықты адамдардан қалған материалдық қалдықтар ішінде қаладан жүздеген миль алыс орналасқан жерлерден шыққан бұйымдар да бар. Мысалы: жағалаудағы және таулы өлкелердегі түрлі қоғамдарға қатысты нақышты қыш ыдыстар мен басқа да құты сынықтары. Б.з.д. 500 жылдардан бастап Орталық Андта кең таралған діни идеялар мен жоралардың жиынтығы болған «Чавин культі» туралы мәліметтер кезігеді. Мүсін өнерінде, қыш ыдыс жасауда, металл бұйымдарда, мата өрнектеуде және архитектуралық жоспарлаудағы Чавин ықпалы алыс солтүстік пен оңтүстікте орналасқан нысандардың археологиялық деректерінен көрінеді. Чавин мәдениетінің гүлденуі мен оның ауқымды жерді қамтуының себебін толық түсіндіруге қазіргі археологияның шамасы жетпейді, алайда ол мәдениет еш мәжбүрлеусіз таралғанға ұқсайды.

Б.з.д. 200 жылдар төңірегінде халқы Чавинді тастап кетеді, қала жартылай қирайды. Неге олай болғаны әлі де толық анықталмады, бірақ бұл қала Перудің таулы жеріндегі жалғыз зәулім ғұрыптық орталық емес еді. Басқа қалалар да Чавинге мәдени және әскери бақталас болуы мүмкін, соның әсерінен оның беделі төмендеп, пірәдарлар бұл жерге келуін тоқтатқан шығар. Чавин төңірегіндегі топырақ ешқашан мол астық берген емес, ал үлкен ғибадатхана кешенінің жанындағы аздаған халық бұл жерде ұзақ тұрақтап қала алмады. Мәселе Орталық Андтағы мәдени жетістіктің толық құлдырауында емес. Керісінше, мұндағы сахна жаңалау орталықтарға, бәлкім, бірнеше орталыққа бөлінді, алайда келесі ғасырларда бірде-бір қала Чавиндей деңгей мен ұлылыққа жете алмады.

Жағалауға оралу: Моче қоғамы

Б.з.д. төртінші мыңжылдықтан бастап адамзат қауымдары Анд бөктерінен теңізге құятын кішкентай өзендерге бөгет салып, суын бұру арқылы Перудің Тынық мұхит жағалауындағы шөлейт жазығына бейімделе бастады. Перудің қазіргі астанасы Лиманың солтүстігіне таяу Норте-Чико жағалау белдеуіндегі адамдар қос Америкадағы ең көне қалалық орталық қалыптастырды (4-тарауды қараңыз). Норте-Чико б.з.д. 1800 жылдардан кейін құлдырады. Жағалаудағы басқа қауымдар бұл қоғамның суармалы егіншілік технологиясын жақсартып, қуаң дала әрі қарай гүлдене берді.

Норте-Чикодан жоғары Перу жағалауындағы біз моче (мочика) деп атайтын халық б.з.д. соңғы ғасыр аяғында егін алқаптарын суарып, тығыз орналасқан халықты асырау үшін оншақты өзен алқабында күрделі бөгет пен арық желісін салды. Моче қала өркениеті б.з. 250–800 жылдар аралығында гүлденді. Норте-Чико халқы сияқты өзен бойындағы бұл қоғамдар, солтүстік-батыс бағытында ағатын суық Гумбольдт ағысын (Перу ағысы) балық, моллюск, құс, теңіз сүтқоректілерін аулау үшін пайдаланды. Солтүстіктегі Эквадор, оңтүстіктегі Чили және шығыстағы Анд алқаптарында жасалған қыш ыдыстар мен басқа да заттарға қарағанда Моче алыс аймақтармен қызу сауда жасасты. Балық ұны, ұлутастар, кепкен балдыр және мақта Анд таулы аймақтарындағы сауда алаңдарында сұранысқа ие болды. Моче шеберлері Тынық мұхиттың жағалау суларында жүзуге шамасы жететін берік каноэлар жасады, ал осы командалар оңтүстіктегі шағын Чинча аралдарына жүзіп барғаны белгілі, олар сол жақтан теңіз құсының гуано деп аталатын саңғырықтарын жинап, оны жерді тыңайтуға пайдаланды. (Перу жағалауындағы аралдарға жаңбыр мүлде жаумайтындықтан құс саңғырығындағы нитраттар ұшып не шайылып кетпейді. Ежелгі моче халқы нитраттардың тыңайтқыш қасиеттерін түсінбесе де, гуано астықтың бітік шығуына көмектесетінін білген. ХІХ ғасырда дүниежүзінде егіншілер осы тәсілді қолданды. 1840–1880 жылдар аралығында Перу 20 миллионнан аса құс гуаносын экспорттады).

Чавиндегі Ланцон стелласы. Мына 15 футтық, қашалған ақ гранит бағана Ескі ғибадатханада тұр. Ғибадатхана тұрғызғандар тылсым күш иесінің мына бейнесін құрылыстың ішкері жағына тереңдетіп қоюының себебі не деп ойлайсыз?

Моче стилі. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 мильге созылған жағалау жазығы мен Анд тауының етегіндегі моче алқаптары суармалы егіншілікпен шұғылданды. Чавин және мезоамерикалық күрделі қоғамдар тәрізді, әйтеуір бір жолдармен көбірек азық қорын жинап, бақылауында ұстаған отбасылар мен әулеттер артықшылыққа ие ақсүйектер тобына айналды. Бұл элита топтары айрықша мәртебесін құдай таңдауының бір бөлігі деп жариялап, әлеуметтік тап жіктелісі идеологиясын бәріне паш ету үшін топырақтан тұғырнама, ғибадатхана тұрғызды. Әртүрлі алқаптардағы ақсүйек отбасылар одақ құрып, қыз берісіп, қыз алысқан, рәсімдерді орындауға негізделген ортақ мәдениетті, киім үлгісін, өзгелерге билігін жүргізудегі күнделікті ынтымақтастықты дамытқан тәрізді. Майя қала-мемлекетіндегідей қарапайым халық элита қожалықтарында немесе суару және құрылыс жобаларындағы еңбек міндеткерлігі ретінде алқап әміршілеріне салық төлеуі де мүмкін.

Қазіргі ғалымдар Моче деп атайтын мәдениет – негізінен, шағын элиталық қоғамдық құрылыстағы талғам, әдемі қыш ыдыстар, зергерлік бұйымдар, асыл металл заттар жасаған және қабырғаға салған суреттер өмір сүру дәстүрі. Бұл жиынтық бүтін Моче алқабына тән айрықша мәдени стильді айқындады. Қыш ыдыстар мен құмыраларда жануарлар, көкөністер, сондай-ақ айқас, жұмыс істеу, ұйықтау, бала туу, өлу сияқты адам әрекетінің барлық қыры суреттелді. Моче адамдарының тұлғасы ер не әйел басының пішінінде жасалған қыш ыдыстар арқылы ғасырлар қойнауынан бізге жеткен тәрізді. Жыныстық қатынас – Моче материалдық мәдениетінде жиі ұшырасатын тақырып. Мәселен, керамикалық ыдыстан су ішу үшін еркектің аталық мүшесі іспетті етіп жасаған үлкен ернеуге ерніңді тигізуің керек. Қолөнершілер күнделікті қыш ыдыстар мен басқа да заттар жасау үшін қалып пайдаланды, осы арқылы өндірісті оңтайландырып, шығынды да қысқартты. Нәтижесінде Моче элитасының айрықша стилі шағын үйлерде тұратын жұмысшы отбасыларына да жылдам жетті. Ал Моче сәулеті мен өнері қарапайым халықтың өмірі жайлы мол мағлұмат бере алмайды. Моче немесе Оңтүстік Американың өзге бірде-бір қоғамы толыққанды жазу жүйесін қалыптастырмады. Билік шенділері немесе шабармандары маңызды ақпарат немесе жаңалық білдіретін глиф жазған құрғақ лима баданасын тасымалдады, алайда бұл таңбалардың мағынасы әлі күнге дейін белгісіз.

Лима баданасының құдіреті. Б.з. 100–800 жылдарына жататын мына қыш ыдыста әйел бейнеленуі мүмкін. Ол жеміс алқа таққан, екі лима баданасы кеудесін сәндеп тұр. Моче бұл көкөністі өнер туындыларының қатарына қосып, оған рухани қуат дарытты.

Қалалар және әміршілер. Б.з. алғашқы ғасырларында Моче элитасы ғұрыптық орталықтар салды, олардың ең ірісі 10–15 мың тұрғынға пана болды. Физикалық қалдықтарға қарағанда бұл орталықтың ең үлкені Моче өзені Тынық мұхитқа құятын оңтүстіктегі шөлде орналасты. Осы археологиялық нысанда Күн және Ай пирамидалары (Уака дель Соль және Уака де ла Луна) деп аталған екі зәулім ғибадатханалық құрылыс қалдықтары табылды. Археологтардың есептеуінше, он үш акр жерді алып жатқан Күн пирамидасын тұрғызған құрылысшылар 143 миллион кірпішті пайдаланған. Олардың арасында алаңдар, тұрғын үйлер мен шеберханалар орналасқан қалалық аймақ жатты. Қаланы басқарған әміршілер пирамиданың төбесіндегі күрделі құрылыс кешенінен патшалықтарына көз жүгіртті.

Солтүстік Моче аймағында Сипан маңызды орталыққа айналды. 1987 жылы тонаушылар осы жердегі мазардан алтын тапты. Перу археологы мазардың жаппай тоналуына ең соңғы сәтте ғана тосқауыл болды. Бұл мазар қаланың бас абызы немесе билеуші болған жоғары әлеуметтік сатыдағы ер адамның соңғы тұрағы болып шығуы мүмкін. Жерлеу орны жергілікті әмірші табының айрықша байлығын олардың жоғары мәртебесі мен құдіретін көрсету үшін жасалған заттардың мінсіз сапасын паш етті. Әміршінің мумияға айналған мәйіті күміс, алтын, мыс және жартылай асыл тастан жасалған әшекей бұйымдармен безендірілген және айналасында басқа да бағалы заттар орналасқан. Б.з. 300 жылдары мәйітті жерлеу жоралғысында құрбандыққа адам шалған: марқұмның жұбайы, өзге екі әйел, әскери шенді, сақшы, бала және ит.

Тұтас Моче мәдени аймағы бір билеуші мен бір басқару жүйесіне қараған бір мемлекет шеңберіне ешқашан енбеген шығар. Моченің жеті ғасырлық тарихында аймақтың бір бөлігіндегі саяси интеграциялар одан үлкен бытыраңқы және өзара соғыс жылдарымен алмасты. Күн пирамидасы төңірегіне шоғырланған қала үлкен мемлекеттің орталығы ретінде қалыптасты. Алқаптар арасында жауынгерлер қатынап, тауар тасу және астанаға алым-салық жеткізу мақсатында жұмысшылар жолдар салды. Боялған моче қыш ыдыстарында жауын жеңген жауынгерлердің асқақ бейнесі айқын бейнеленген. Жалаңаш, бишара тұтқындар болашақ тағдырын шешетін жауынгер-абыз алдында бас ию үшін ғибадатхана баспалдағымен көтерілді. Билеушілер белгілі бір мөлшердегі адамдарды құрбандыққа шалды. Қыш бұйымдарда бейнеленген көріністерде құдайларға алғыс білдіру үшін өткізетін сұмдық рәсімде абыздар тұтқынды бауыздап, оның қанын ішкен. Сыртқы соғыс кезеңдеріне қарамастан, Моче элиталары ортақ мәртебелерін сақтап, нығайтуда бірлесе әрекет етуді ұзақ мерзімді мақсатқа айналдырды.

Наска

Мочемен замандас бұл күрделі қоғам оңтүстікке қарай алты мильдей қашықтықта, жағалау жазығы дәл сондай құрғақ келген аймақта қалыптасты. Наска деген атаумен әйгілі бұл қоғамның аумағы мен халқы Мочемен салыстырғанда шағындау болғанымен, мәдени тұрғыдан өте бай еді. Батысқа ағатын сегіз өзен Наска өзеніне бірігіп барып, теңізге құйды. Өзен салаларының үшеуі жер астына кетіп, бірнеше мильден кейін қайта жер бетіне шығады. Бастапқыда Наска егіншілері су жер бетіне көтерілген жерде қоныс тепті. Кейін олар жер асты туннельдерінің тарамдалған жүйесін, жер бетіндегі су қоймаларын, төменде жатқан жерге лайықтап су көтеретін суару арықтарын құрастырды, содан кейін суды жинап, егіншілікпен айналысуға тым қуаң жерге су жіберді. Суармалы астық пен мұхит қорлары дамып келе жатқан егіншілерді асырап, б.з.д. 200 жылдары Кауачиде іске қосылған ғұрыптық орталықтың құрылысын қамтамасыз етті. Моче өзені алқабындағы астанамен салыстырғанда, Кауачи қалдықтары арасында тұрғылықты қоныстар жайлы деректер өте аз кездесті. Бұл – рәсімдер атқаратын және жылдың арнайы бір уақытында мейрамдар өткізетін жер болғанға ұқсайды. Төңірегіндегі қыстақ тұрғындары марқұмдарын Кауачи моласында жерлеуге әкелетін. Ұйымдасқан Наска мемлекеті сияқты болса, оның сипаты рулардың еркін федерациясына келер еді. Орталықта қырықтан аса ғибадатханалық тізбек бар, арасында орталығы болатын зәулім ғибадатханасы жоқ, соған қарағанда, бірнеше топ өз шаруаларын ұжымдық жүйенің шеңберінде басқарған.

Моче сияқты Наска да таңғажайып өнерімен тамсандырады. Қыш ыдыстарда жүгері алқабын құстардан қорып жүрген егіншілер, каноэні суға түсірген балықшылар, керней, сылдырмақ, дауылпаз, сыбызғыны екпінмен ойнаған адам бейнеленген. Олардан да кереметі – жергілікті тау етегі мен жазықтарға ойған жануар, өсімдік және геометриялық фигуралар мүсіні. Моче лима баданаларына кішкентай белгілер ойған тұста, Наска адамдары 400 шаршы миль жер бедеріне геоглифтер80, яғни аса үлкен сызық суреттер салды. Құс, маймыл, кит кескінін беретін осы геоглифтердің біразын қазірдің өзінде тау етектерінен анық көруге болады. Наска халқы тегіс жерге де пішіндер сызды, олардың үлкендігі сондай, жерде тұрып тұтас бейнесін көру мүмкін емес. Шын мәнінде, археологтар бұл суреттердің көбін аэрофототүсірілім барысында ғана ашты. Тегіс геоглифтердің кейбірі трапеция, үшбұрыш, ирек, шиыршық пішінді. Олардың ішінде таудан тарайтын, ұзындығы бірнеше мильге созылған түзу сызықтар да бар. Жұмысшылар жердің беткі қабатындағы тастарды жылжытып, астындағы ашық түсті топырақты ашу арқылы осы үлгілерді жасады. Ғасырларға созылған қатаң қуаңшылық бұл бейнелердің сақталуына көмектесті, басқа жағдай болғанда оларды баяғыда су шайып кетер еді. Қазіргі бақылаушылар ұзын сызықтар ғұрыптық сүрлеу немесе жер асты су көзін табуға болатын жарық сызықтар картасы деген дерексіз болжамдар жасап жүр. Жануар, өсімдік және геометриялық фигураларды түзген сызықтар бойымен адамдар жүрді, олар рәсімдер орындаған шығар. Қолөнершілер сызықтардың иірімдері мен бұрыштарын өлшеу жолын таба алса, бұл үлгілерді расымен де жасауға болар еді. Кейбір геоглифтерді көрші жоталардан анық көруге болады. Осы бейнелер өзге ғаламшарлықтар үшін жердегі шамшырақ қызметін атқарады деп жазған бірнеше кітаптың да бар екенін айта кеткен жөн.

Колибри геоглифі. Кейбір ғалымдар геоглифтер Жаңбыр мен Құнарлылық құдайларына ұсынған сый қызметін атқарды деп есептейді. Екіншілерінің пікірінше, Наска халқы аспанмен байланыс орнатқысы келген. Сол жақта, Инхенио өзені алқабына ішкері жатқан қара сызықтар – егін алқаптары.

Геоглиф – тастарды не топырақты жылжыту немесе жер бетін қазу арқылы жер бедеріне көбінесе үлкен өлшемде түскен бейне, белгі немесе сызықтар жиынтығы.

VІ ғасырдағы зобалаң

Моче және Наска күрделі қоғамдары б.з. VІ ғасырында, біріншісі бірте-бірте, ал екіншісі бірден құлдырады. Жағдайдың бұлай нашарлауының маңызды археологиялық белгілері: қыш ыдыстар мен басқа көркемөнердегі ерекше стильдің жойылуы, халықтың ғибадатханалық орталықтарды тастап кетуі, Мочеде салтанатты ғұрыптық бұйымдар мен жерлеу дәстүріндегі ақсүйектер мәдениетінің әлсіреуі. Б.з. 800 жылдарына таман Моче бірде-бір билеушісін Сипан әміршісіне көрсеткен салтанатпен жерлемеді.

VІ–VІІ ғасырларда Батыс Анд пен жағалау жазықтары өте қатал климаттық тұрақсыздық жағдайында қалды. Ғалымдар бұл жағдайды экваторлық Тынық мұхиттың беткі суы қалыпты температурадан көтеріліп, кейін қалыпты температурадан төмендеуінен (Ла-Ниньа деп аталатын фазасы) тұратын құбылмалы кезеңмен, Эль-Ниньо оңтүстік тербелісімен байланыстырды. Күрделі Эль-Ниньо құбылуы құрғақшылық және нөсер жаңбырмен, Оңтүстік Америка жағалауындағы теңіз тіршілігінің айтарлықтай қысқаруымен байланысты болуы мүмкін. Анд тауындағы мұздықтар тереңінен алынған үлгілер VІ–VІІ ғасырларда аймақта ылғал және құрғақ циклдердің, соның ішінде ұзаққа созылған құрғақшылық кезеңі болғанын айғақтады. Өте құрғақ кезең б.з. 563 жылынан 594 жылына дейін созылып, Моченің әлсіреуі мен Насканың толық құлауының археологиялық деректеріне сәйкес келеді. Отыз жылдан артық уақытқа жалғасқан құрғақшылық Анд етегі мен жағалау жазықтары ағатын өзендердедегі су деңгейін күрт азайтқан болар. Құрғақшылық жылдан-жылға созылды, егіншілер егіс алқаптарын тастап кетуге мәжбүр болған тәрізді, суару жыралары құмға толып, улы сор топырақта жиналып қалған шығар, себебі қарқыны әлсіз тау суының оларды шайып әкетуге шамасы жетпеді. Астықтың толассыз азаюы аштыққа, ерте өлімге, туу көрсеткішінің төмендеуіне және рулар, әлеуметтік таптар мен көрші тұрғындар арасындағы әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін еді.

Абыздар, ақсүйектер және егіншілер дауа сұрап жаңбыр құдайына жан-тәнімен жалбарынған болуы керек, бірақ Эль-Ниньо циклі жағдайды одан ары ушықтырып, нөсер жаңбыр мен су тасқынын ала келген сияқты. Моче алқабында тасқын бөгеттер, тоғандар және арықтарды опырып, саз үйлерді шайып кеткенге ұқсайды. Топырақтың орасан зор көлемі теңізге шайылып кетті, алайда кейін теңіз толқыны мен жел оны құм ретінде қайтадан жағаға шығарды, ол үйлерді, алқаптар мен арықтарды басып қалды. Жаңбыр тоқтаған соң қаншама ұрпақ тұрғызған күрделі суару жүйесі мен азаматтық орталықтарды бірден қалпына келтіреміз деп адамдар тіптен үміттенбеді. Халықты одан да зор құрғақшылықпен күрес күтіп тұрған болар, бәлкім. Б.з. 600 жылдары төңірегінде адамдар Күн және Ай пирамидасын тастап кеткенде, олар сол кездің өзінде жартылай топырақ астында жатқан еді.

Моче мен Насканың саяси және мәдени жүйелерінің құлауын ауа райының қатаңдығымен ғана түсіндіруге болмайтыны анық. Ғалымдардың пайымдауынша, бірнеше ғасырдан соң Майя жеріндегі апатты жағдайға ұқсас, Перу алқабындағы экологиялық мүмкіндіктер де VІ ғасырға таман сарқылған тәрізді. Моче белдеуінде билеуші элита қарапайым халықтан оқшауланып, аста-төк байлықпен өмір сүрді. Зәулім қоғамдық құрылыстар салып, негізінен бағалы заттар алу үшін егіс алқабынан, теңіз бен адам еңбегінен түскен байлықтан барған сайын артығырақ үлес алуды талап еткен тәрізді. Әмірші отбасылар мен қарапайым тұрғындар арасында табыстың өрескел айырмашылығы нәтижесінде туындаған әлеуметтік қақтығыстар климаттық тұрақсыздықтың алғашқы белгілері байқала бастаған тұста бұрқ еткен сияқты. Жағдай одан әрі қиындай түскенде халық сый-сияпат пен рәсімдердің орындалуына құдайлар ризашылықпен жауап беруін тоқтату арқылы биік ғибадатханалардағы басшылардың ел билеу құқығынан айырылғанын сездіріп жатқанын байқаған шығар. Майя жағдайындағыдай, Моченің ең табанды әміршісінің өзі аграрлық жүйеге келген нұқсанды қайта қалпына келтіру қолынан келмейтінін түсінген болар.

Моченің әр аймағы түрлі уақытта саяси және қоғамдық тұрғыдан құлдырады. Оңтүстіктегіге қарағанда, алыс солтүстік алқаптардағы ғибадатханалар ұзағырақ шыдады. Үлкен орталықтардың барлығы ақыр аяғында құласа да, егінші және балықшы халық жойылып кетпеді. Археологиялық талдаулар барысында қатаң ауа райының құбылуы азайған кезде адамдар суару жұмыстарын қайта қалпына келтіруге кіріскені анықталды. Кейбір өңірлерінде элита кландары алқаптың жоғарғы жағына, егістіктері шектеулі, бірақ су қоры сенімді жерлерге жай ғана шегінді. Олар кейбір жерлерде жаңа ғибадатханалар тұрғызды, алайда айрықша Моче мәдени стилі қайта өркендемеді.

Қорытынды

Бұл тарауда қос Америкадағы халық ең көп қоныстанған аймақтардағы өзгерістерге баса назар аудардық. Мұндағы күрделі қоғамдар екі мыңға жуық уақыт ішінде даму мен құлдырау кезеңдерін бастан кешті. Осы кезеңнің соңғы ширегі, яғни 500–900 жылдар шамасында Мезоамерика (Теотиуакан, Оахака алқабы және Майя ойпаты) мен Оңтүстік Американың (Чавин де Уантар, Моче, Наска) барлық үлкен қоғамдары зобалаң заманды бастан өткерген тәрізді. Осы қоғамдардың барлығы даму соқпағынан өтті, даму жолдары екпінді аграрлық өндіріс, қала құрылысы және қолөнерден басталып, материалдық қирандылармен, асқақ қиял мен шеберліктің символына айналған зәулім қоғамдық құрылыстардың жұртымен аяқталды. Құлдырауға әр өңірде әртүрлі жағдайлар себеп болғаны даусыз. Біраз жылға созылған құрғақшылыққа қатысы бар Эль-Ниньо оңтүстік тербелісі осы қоғамдардың барлығын әлсіретті. Элитаның байлықты көптеп жинауынан әлеуметтік жағдай шиеленісіп, қиын-қыстау заман туғанда әшекей тағынған ақсүйектер кетсе құдайлар бақытты болады деп ойлаған қарапайым халық дүрлікті.

Қалай дегенмен де, б.з. бірінші мыңжылдығы аяғындағы құлдырау асыра бағаланбау керек. Біріншіден, 14-тарауда жаңа қала-мемлекеттер, империялар және ғажайып көркемөнер дәстүрі, дәл сол жерлерде болмаса да, құлдыраған мәдениеттің орнын басатынын сипаттаймыз. Мехико алқабы мен Анд таулы қыраттарында жаңа империялар өркендеді. Алайда Майя ойпаты ХVІ ғасырда еуропалықтар келгенше адамдар саны аз еді және ірі ғибадатханалық орталықтар да жұпыны болып қалды. Екіншіден, б.з.д. 900 – б.з. 900 жылдары аралығындағы ең ірі қоғамдар орналасқан аймақтар қос Америка құрлығының шағын бөлігін ғана қамтыды. Бұл ғасырларда адамдар Арктикадан Оңтүстік Американың соңғы нүктесіне дейінгі әр ендік пен орынды мекендеді. Аляска тундрасында, Амазония ормандарында немесе Аргентина жазықтарында егіншілікпен, терімшілікпен, балық аулаумен немесе аңшылықпен шұғылданған халықтар б.з. бірінші мыңжылдығы аяғында жаппай дағдарысты бастан өткергеніне қатысты дерек жоқ. Жоғарғы Солтүстік Америкада Хопуелл халқы ғажайып топырақ қорғандар тұрғызуды б.з. 400 жылдары тоқтатты, бірақ басқа орманды аймақтардағы қауымдар бұл құрылысты сол күйі жалғастырды. Тіпті бірнеше жерде топырақ-қорғандарды бұрын кездеспеген ауқымда салды. Сонора шөлі мен Тынық мұхит жағалауының солтүстік-батысы күрделі қоғамға бет алды.

Қорыта келгенде, жаһандық масштабта алсақ, б.з. бірінші мыңжылдығында құлдырап, құлаған мезоамерикалық және оңтүстік америкалық өркениеттер ғана емес еді. 9-тарауда Афроеуразияға қайта ораламыз, мұндағы құдіретті империялар да аласапыран заманды бастан өткерді.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

ҮШІНШІ БӨЛІМ

Күш-қуаттың ауысуы, желілердің нығаюы
Афроеуразия, б.з. 200–1000 жылдары
Қытайдағы Тан әулеті заманына жататын түйе мен түйеші мүсіні

Адамзат тарихын ұйымдасудың аса күрделі жолдарын ойлап тапқан адамдардың қарым-қатынасы және олардың жер энергиясын пайдасына жарата отырып, уақыт өте келе жер бетіне барынша кең қоныстану оқиғасы деп алсақ, бұл үдерістің де бірыңғай тұрақты жүрмегенін айта кетуіміз керек. Күрделену жолындағы жаппай қозғалыс шеңберінде халық азайып, қайта көбейген, қалалар қирап, қайта гүлденген, экономика құлдырап, өркендеген циклдер алмасты. Бұл циклдер бір аймақты ғана қамтыса да, қазіргі замандағы бизнес құлдыраса, дүниежүзіне бірден әсер ететіні сияқты, аймақаралық, тіпті дүниежүзілік масштабқа ие жаһандық сипат алды. 3-бөлімдегі үш тарау Афроеуразия тарихының шамамен 800 жылын – алдыңғы мыңжылдықтардағы демографиялық және экономикалық трендтер алдымен баяулап не бағытын өзгертіп, кейін одан да жылдам қарқында зымыраған кезеңді қамтиды. Үшінші бөлім б.з. ІІІ ғасырымен басталады, бұл халық пен экономиканың ұлғаюындағы маңызды кезең болды, бұл үдеріс кей жерлерде жауыздықпен, аяусыз талқандаумен қатар жүрді. 200–600 жылдар аралығында Хань, Кушан, Парфия және Батыс Рим империясы құлады. Мұндай түбегейлі өзгерістер, бір жағынан, Ішкі Еуразия далаларындағы халықтың көрші аграрлық жерлерге басқыншылық миграциясына байланысты еді. Батыс Еуропа, Солтүстік Африка, Солтүстік Үндістан, Солтүстік Қытай күрделі экономикалық дағдарыстарды бастан кешті. VІ ғасырда Жерорта теңізі төңірегі мен Оңтүстік-Батыс Азияда ушыққан індеттің кесірі де тиді. Бірнеше аймақта өмір сүру жағдайы нашарлағаны сонша, Афроеуразия тұрғындары ІІІ–VІІ ғасырлар аралығында ондаған миллионға азайды, бұл өндіруші шаруашылық пайда болғаннан бергі халық санының алғаш рет төмендегені шығар. Осы ғасырлар аясында империяның барлығы бірдей күйреген жоқ, барлық экономика құлдырамады. Сасанидтік Парсы әскері мен Шығыс Рим империясы көшпелілердің басқыншылығын тоқтатты. Оңтүстік Азияда Гупта мемлекетінің патшалары субконтиненттің бірталай бөлігін біріктірді. Оңтүстік Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, тропиктік Батыс Африка тәрізді бірнеше өңір зұлмат күйзелістен құтылып, аймақтық соғыстар мен әулеттердің ауысуына қарамастан, өркендей берді. Ішкі Еуразиядағы Жібек жолымен жүретін, Қытай және Оңтүстік-Батыс Азия арасындағы теңіздер тізбегі бойындағы сауда азайды, Батыс Жер­орта теңіз аймағы ғана сауданың жаппай төмендеуінен жапа шекті. VІ ғасырда халықтың өсуі және экономиканың ұлғаюының факторлары Афроеуразияның түкпір-түкпірінде қанат жайды: Үш жарым ғасырға созылған бытыраңқылықтан кейін Суй және Тан әулеттері (581–907 жылдар) тұсында Қытай саяси бірікті. Өзгеріс күріш өсіретін оңтүстіктегі техникалық инновациялар мен халықтың жылдам өсуіне серпін болды. Оңтүстік Азиядағы Гупта империясы VІ ғасыр ортасында ыдырады, алайда бұл дағдарыс субконтиненттің мақта-мата, бұрыш, даршын тәрізді сұранысқа ие заттар өндірісіне, Афроеуразия сауда орындарында айтарлықтай әсер етпеген тәрізді. Батыс Африкада нардың төзімді екенін жақсы білген көпестер Жерорта теңізі жерлері мен Батыс Африканы жалғаған сауда жүйесін қалыптастырды. VІІ ғасырға таман бұл алғашқы сәтті қадамдар бүкіл афроеуразиялық айырбас жүйесіне батысафрикалық алтынның тасымалын қамтамасыз етті. Еуразия көшпелілерінің Қытай, Үндістан және Оңтүстік-Батыс Азияға шабуылы бәсеңдеді. Еуразия даласында VІ ғасырда жауынгерлердің жаңа империясы бой көтерді. Олар саяси ахуалды жақсартып, Жібек жолы саудасына жаңа дем берді. Бірінші мыңжылдық соңында даладан шыққан мажар жауынгерлері Еуропаға шабуыл жасады, бірақ бұл шапқыншылық тез басылды. Ақыр аяғында, исламды жаңа әлемдік дін деп жариялаған, Араб шөлінен шыққан басқыншылар мыңжылдық бойы жауласып келген мемлекеттер бөліске салған өнімді аграрлық және қалалық аймақ Оңтүстік-Батыс Азияның басым бөлігін саяси тұрғыдан біріктірді. Оңтүстік-Батыс Азия қалалары сауда тауары мен жаңа идеяларды мыңдаған жылдар бойы Жерорта теңізі алабын Азия және Шығыс Африка кеңістігімен байланыстыратын дәліз арқылы бағыттап отырды. Араб басшылығымен біріккеннен кейін бұл дәліз бұрын болмаған деңгейде одан әрі жанданды. Оңтүстік-Батыс Азиядан шыққан араб сарбаздары, уағыздаушылары және саудагерлері жаулау мен сауда жолдары арқылы исламды насихаттады. Иудаизм мен христиан ілімдеріне негізделген монотеистік діннің жаңа көрінісі қоғамдық ұжымдасу мен этика және заң кодекстеріне баса назар аударды. Осылайша буддизм және христиан сияқты, ислам да қауым ішіндегі үйлесім мен жеке адамның рухани тазаруын насихаттады. Осы мыңжылдық аяғына таман ислам Афроеуразияның бұрыш-бұрышына жетті.Б.з. 200–1000 жылдары аралығында қоныс аударған егіншілер, алыс сапарға аттанған саудагерлер, басқыншы әскерлер, жер-жаһанды шарлаған миссионерлер адам қарым-қатынасының біртұтас желісіне Афроеуразияның белгілерін таратты. Мұның бәрі байланыс пен көлік технологиясында ешқандай революциялық жаңалықтарсыз өтті, қолөнершілер мен мамандар сол күйі кеме және навигация құралдарын құрастырумен, банк және несиенің одан да тиімді жүйесін қалыптастырумен айналысты. Мыңжылдық аяғына таман экономиканың жаңадан ұлғаюы мен әлеуметтік күрделенудің белгілері молая түсті. Афроеуразия тұрғындарының саны 800 жыл бұрынғы межеге қайтадан жеткенге ұқсайды. Бір-біріне жалғасқан сауда желілері Афроеуразия жазығында жанданды. Қытай адам айтқысыз индустриялық даму дәуіріне бағыт алды. 500 жылдай уақытқа жалғасқан бұл кезеңде батыс­еуропалықтар жаңа қалалық өркениет қалыптастырды.

9

Дүрбелең ғасырлар
Б.з. 200–600 жылдары

Венециядағы византиялық Санта-Мария Ассунта кафедралындағы мозаика дүниенің жалғандығын еске салады Ұшақтан тұмау жұқтырып түскен адам көп жағдайда ұшақтағы тар кеңістік, жолаушы толы салон, жұқпалы микробтардың адамнан-адамға таралуына кесірін тигізетін қапырық ауа тәрізді жағдайларды кінәлайды. Ауру жұқтырған жолаушы ұшақтан түседі, бәлкім, ауырып қалғанын білместен үй ішіне не әріптестеріне кесел таратады. Жұқпалы және бактериялық аурулар осы жолмен Мадридтен – Бангкокқа, Канзас-Ситиден – Киншасаға небәрі бірнеше сағат ішінде тарауы мүмкін. Бүгінгі жаһандану дәуірінде жұқпалы аурулардан ғана емес, жан-жағын шарпыған індеттерден де сескенеміз. Микроорганизмдер тоқтаусыз өзгеріп, өлімге бастар жаңа түрге айналуы мүмкін, ал жолаушылар қатерлі патогендерді иммундық қорғанысы әлсіз адамдарға лезде тасымалдайды. Соның кесірінен, жергілікті жерге ғана тән ауру жан-жаққа тарауы мүмкін, ең сорақысы – індет, миллиондаған адамды шарпи отырып, бір аймақтан келесі аймаққа жедел жетеді. Жарамды көлік желілерін салуды кәсіпке айналдырған ежелгі империялар індеттерге еріктен тыс сезімтал болды. Шешек, қызылша, күйдіргі сияқты індеттер б.з. ІІ–ІІІ ғасырларында Рим империясының аумақтарында айтарлықтай өршіді. Өлімге жетелейтін бубон індеті сияқты кесел 541 жылы, Константинопольдегі Юстиниан императордың билігі тұсында өршіді. Бұл жұқпалы ауру Ніл алқабының жоғары алабында пайда болып, өзен бойымен Жерорта теңізіне жетіп, кейін жан-жаққа тараған сияқты. Ғалымдардың есептеуінше, небәрі бірнеше жыл ішінде Жерорта теңізі аймағының, Солтүстік Еуропа және, бәлкім, Парсы елі халқының да, ширегі не жартысына жуығы індеттен көз жұмды. Юстиниан індеті деп аталып кеткен кесел халықты демографиялық және әлеуметтік тұрғыдан есеңгіретіп кетті. Бұл – ІІІ–VІІ ғасыр аралығында Афроеуразиядағы оқиғалар желісіне әсер еткен келеңсіздіктердің бірі ғана. Қайталана берген індеттерге қоса, дүрбелең жағдайлардың ең үлкені – Ішкі Еуропадан шыққан қарулы қоныс аударушылар халқының тығыз аграрлық жерлерге жылжуы. Осы миграциялар алып келген үздіксіз саяси және әлеуметтік сілкіністер Еуразияның басым бөлігі мен Солтүстік Африкаға тән болды. Рим және Хань империясының құдіреті шырқау шегіне жеткен алдыңғы төрт ғасырмен салыстырғанда, халықтың өсуі, азық өндірісі, алыс аймақтармен сауда-саттығы және урбандану бәсеңдеген тәрізді. Бәсеңдеу Афроеуразияның бүкіл бөлігінде және бір мезетте жүрген жоқ. Тараудың бірінші бөлігінде б.з. 200–600 жылдары аралығындағы саяси және экономикалық басты өзгерістерді зерттейміз. Ішкі Еуропа халқының жылжуы мен ірі мемлекеттердің және экономикалық байлықтың басты орталықтарының шекара сызығының ауысуы арасындағы тығыз байланысқа баса назар аударамыз (9.1-картаға қараңыз). Осы кезеңде Хань, Кушан, Парфия империялары құлап, Рим империясы екі есе кішірейді. Парсы жері мен Оңтүстік Азияда жаңа құдіретті мемлекеттер бой көтерді. Екінші бөлікте саяси және экономикалық өзгерісті мораль және рухани тазару жайлы әмбебап көзқарасын таратып, миллиондаған жаңа ізбасарлардың қолдауына ие болған сан қырлы екі сенім жүйесі – христиандық пен буддизмнің дамуымен байланыстырамыз. Екі дін де, адамдар да аймақаралық қарым-қатынастың және идеялар мен заттар алмасудың себебінен кең қанат жайды. Екі миссионерлік діннің дамуы мен осы дәуірдегі зороастризм, рим политеизмі, индуизм дәстүрі ретінде қалыптасқан оңтүстіказиялық діни ілімдер мен манихейлік тәрізді басқа сенім жүйелерінің тағдыры арасындағы байланысты да саралаймыз. Соңғы бөлікте Африканың Сахара шөлінен оңтүстікке қарай жатқан аймағына назарымызды бұрамыз. Бұл жердегі б.з. алғашқы ғасырларындағы өзгерістің ең көрнекті белгілері – егіншілер мен малшылар құрлықтың оңтүстік жағының үштен бір бөлігіне жылжи түсті. Кей жерлерде тығыз орналасқан егінші қауымдар, ұлғайған қалалар, сауданың күрделенген жүйелері бой көтерді. Бұл өзгерістер Солтүстік Африка мен Еуразияда дәл осы уақытта қатар жүрген қарым-қатынастар мен келеңсіздіктерге тікелей байланысты еді.

9.1-КАРТА. Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. Б.з. 250 жылдары Өзгерістер қарсаңындағы Афроеуразия. 7.1-картамен салыстырыңыз, қандай геосаяси ерекшелікті байқадыңыз?

Империялардың өзгермелі картасы ОЙЛАН: Көшпелі малшылардың қарулы көші Қытай, Парсы елі, Жерорта теңізі аймағы мен Оңтүстік Азиядағы саяси және экономикалық өзгерістерге қалай ықпал етті? Империялардың ғұмыры ешқашан мәңгілікке жалғасқан емес. Небәрі екі ғасырдан аса уақыт аясында сол заман тарихындағы алып мемлекеттер: Қытайдағы – Хань империясы, Парсы жеріндегі – Парфия, Орталық және Оңтүстік Азиядағы – Кушан империялары құлады не ыдырады. Бұл өзгерістің барлығы б.з. ІІІ ғасырында жүрді. Рим империясының батыс бөлігі V ғасырда ыдырады. Дегенмен осы дағдарыстар жаңа топтарға мемлекет құруға не ескі мемлекетті қайта өзгертуге мүмкіндік берді. Б.з. 224 жылы ирандық жауынгер топ сасанидтер (suh-SAH-nіds) парфиялық әулетті түбімен құртып, көп ұзамай одан да зор Парсы империясын құрды. Оңтүстік Азияда Ганг өзені алқабының бастауынан тараған Гупта (GOOP-tah) әулеті осыдан бес жүз жыл бұрынғы Маурия императорлары тәрізді, субконтиненттің басым бөлігін қайта біріктірді. Рим империясының шығыс бөлігі Византия (BІHZ-ann-tee-um) деген жаңа атаумен б.з. 600 жылдарына дейін мызғымай тұрды. Осындай күш сынасудың әрқайсысы үлкен дағдарысқа бастады, негізгі дағдарыс – осы жерлерге Ішкі Еуразия далаларынан шыққан салт атты садақшылардың күшпен басып кіруі.

Ішкі Еуразиядағы дүрбелең

ІІІ ғасыр басындағы алып мемлекеттер Еуразия мен Солтүстік Африкада доға іспетті аумақ құрды. Азық-түлік өндірісі мол бұл аумақ 200 миллионға жуық егінші мен қала тұрғынын қамтамасыз етті. Бұл доғаның солтүстігінде әлдеқайда сирек қоныстанған халық – егіншілері де, көшпелі малшылары да бар Ішкі Еуразия еді. Алдыңғы тарауларда көшпелілер мен халқы тығыз отырықшы қоғамдар арасындағы бейбіт не күш қолдану арқылы өрбіген қарым-қатынастың жалпы тарихи сипаты ғана айтылды. Б.з.д. екінші мыңжылдықтан бастап көшпелілер аграрлық жерлерге жиі-жиі лап қойды, кей жағдайда ол шабуыл жорығы ретінде, кей жағдайда атты садақшылардың көші ретінде алға жылжыды.

Осындай дүмпулердің бірі б.з. ІІІ ғасырында басталып, VІ ғасырға дейін жалғасты. Ол егістер мен қалаларға жасалған шабуылдардан ғана емес, сондай-ақ Ішкі Еуразия ішіндегі ұзаққа созылған құлдыраудан да сезіледі. Себебі саны мен күші бір-біріне сәйкес келмейтін салт аттылар бір-бірін қуалай, бір-бірінің қоныстары арқылы тау, шөл және далаларды басып өтті. Тарихшылар бұл көштің себебін әлі күнге дейін анық түсіндіріп берген жоқ. Олар көшпелі топтардың жылжуын түрлі факторлармен байланыстырады: Еуразияның солтүстік ендігіндегі азық-түлік өндірісін төмендеткен климаттың салқындауы; халық санының өсуі мен жайылымдардың тарылуы; қашқан топтарды аграрлық көршілерге лап қоюға күштеген дала соғыстары; ірі мемлекеттердің әлсіреуі; олардың шекаралары қараусыз қалып, көшпелілер шабуылына төтеп бере алмауы.

Б.з.д. ІІІ және б.з. ІІ ғасыры аралығында шығыстағы далада билік жүргізген көшпелі малшылар империясы Сюннудың дамуы мен құлауы (7-тарауды қараңыз) басқа малшы халықтардың жылжуына әсер етті. Басқыншылық кезеңінде сюнну жауынгерлері Қытайға ғана жорық ұйымдастырмай, батыстағы жауласқан көшпелілерге де шабуылдады, бағынғысы келмеген халықтарды әрі қарай ысырды. Сюнну мемлекетін ойсыратқан Хань жорығы нәтижесінде Батысқа одан да көп тайпа ығысты. Б.з. ІІІ және ІV ғасырларында Понтий-Каспий аймағы шығу тегі әртүрлі, кейбірі моңғол, түрік, иран және герман тілдерінде сөйлеген мазасыз малшы халықтардың иіріміне айналды. Малшы халықтардың батысқа ығысуына Ішкі Еуразиядағы климат жағдайы да әсер етті, себебі осы бағыттағы маусымдық жаңбыр көп жауды. Қоныс аударушы малшылар батысқа жылжу барысында, әсіресе Қара теңіздің батысына қарай жайылым алқаптарының шөбі шүйгіндеу екенін байқады.

Хань империясынан кейінгі Қытай: Бытыраңқылық жағдайындағы даму

Хань әулеті (7-тарауды қараңыз), арасында бір рет қана биліктен қол үзіп, төрт жүз жыл бойы үстемдік етті. Күші асып-тасыған тұста оның әскері қазіргі Солтүстік Корея мен Вьетнамнан Ішкі Еуразияның Жібек жолдары бойындағы шұратты қалаларға дейінгі шекараны қорғады. ІІ ғасырда Хань императорлары барған сайын өршіген саяси және қаржы қиындықтарына тап келді. Дала көшпелілері әулет билігіне жиі қауіп төндірді. Б.з. 220 жылы әулет құлады және ІІІ ғасырдан бастап VІ ғасырға дейін Қытай саяси бытыраңқы күй кешті, бұл уақыт дүрбелең ғасырлар деп те аталды.

Хань дәуірінің аяқталуы. Қытай басқару жүйесі жаңа заманға дейінгі империялардың түгелге жуығы ұшырасқан белгілі бір құрылымдық қиындықтармен бетпе-бет келді. Аумақтық басқыншылық мемлекет қазынасын олжа және салықтан түскен кіріспен толтырды. Жаулап алған жерлер мен халықтарды бақылауда ұстау үшін жасақтар мен әкімшілікке ақы төлеу, көтерілістерді басу, Ішкі Еуразия көшпелілері көсемдеріне тарту-таралғы жасау көп шығынға батырды. Есесіне, сыйлық алған Еуразия көшпелілері Қытайға шабуыл жасауды ойламай-ақ, олардың байлығына ортақтаса берді. Жібек және алтыннан бай тарту-таралғы ұсыну саясаты қомақты шығынды қажет етті. Империяның зор шығыны билік ресурстарына салмақ түсірді, қытай элитасы арасындағы бәсекелестікті өршітті. Б.з. ІІ ғасырында мемлекет бюрократтары, әскери қолбасшылар, император әйелінің туыстары және патша сарайындағы әтектер81 бір-бірімен жауласқан саяси фракциялар құрып, мемлекеттік шешімдерге ықпал етуге тырысты. Әтектердің империялық корпусы сарай ішінде еркін жүріп-тұрып, императорға шексіз қызмет етті. Олардың саны мыңнан асып жығылды және өз мүдделерін көздеп, саяси істерге белсене араласты. Әлжуаз не жасөспірім монархтар билік басына келгенде жағдай одан әрі ушықты. ІІ ғасырда әтектер фракциясы жас баланы таққа отырғызып, мыңдаған шенділерді өлтіріп не қудалау арқылы билікті бірнеше рет қолдарына алды.

Солтүстік-батыс шекарадағы Хань бекіністері. Хань әскері күзет мұнарасының мына қирандысы Тарым ойпатының шетінде, Дунхуан Жібек жолы қаласының маңында тұр.

Орталықтағы дүрбелең тұтас империя шеңберіндегі билікті әлсіретті. Шалғай өңірлердегі қолбасшылар империя бұйрығына бағынбады, тіпті жеке әскер жасақтауға көшті. Жерді еркін иеленуші шаруалардың (фригольд) меншіктері азайды, яғни олар салықты да азырақ төледі. Оның бір себебі – жерді барлық ұлдар арасында теңдей етіп бөліп, мұраға қалдыру дәстүрі орнап, нәтижесінде әр адам әкесінен қалған мұрамен күн көруге мәжбүр болды. Өңірлердегі мемлекет бақылауының әлсіреуінен қожалықтардың ақсүйек әміршілері шаруалардың жерін заңды не заңсыз жолмен оп-оңай тартып алып, еркін шаруаларды рента төлейтін жалдамалыларға немесе салық салатын, байлығы аз, бір күндік жұмысшыларға айналдырды. Дәл осы уақытта, бай әрі беделді отбасылар орталық басқару жүйесі зәру болған салықтардан жалтарудың небір құйтырқы жолдарын тапты.

Хань әулетінің соңғы саяси дағдарысы б.з. 184 жылы басталды, осы кезде даосизмнің мистикалық құлшылық, рухани шипа және кедей адамдарға әлеуметтік жәрдем беру идеясынан сусындаған сары орамалдылар мемлекетке және ақсүйектердің жер басып алуына қарсы сойқан көтеріліс ұйымдастырды. Хань әскерінің көтерілісті жаншуына қыруар шығын кетті. Одан кейін де әскербасылар мен қолбасшылар арасында жергілікті билік үшін сұрапыл қақтығыстар басталды; бір жеке меншік әскер Хань астанасы Лоянды өртеп жіберді. Ендігәрі қайтып тәртіп орната алмаған империя режимі 220 жылы құлады.

Бытыраңқылық заманы және оның бағыттары. Келесі 370 жыл бойы Қытай шекаралары күш-қуаты өзгеріп тұрған бірнеше аймақтық патшалықтарға бөлінді. Қытай элитасы мемлекетті Аспан мандатына ие билеуші ғана біріктіруі керек деген ойға сенді де, бұл патшалықтардың ешқайсысы өзгелерінен үстем бола қоймады. Осы дәуірде дамудың екі бағыты анықталды.

Біріншіден, қытайлардың бірталайы солтүстіктен – оңтүстікке, нақтырақ айтсақ, Янцзы өзен алқабына қоныс аударды, бұл аймақ кейінгі ғасырларда Қытайдың экономикалық орталығы ретінде дамыды. Хань заманына дейін-ақ қытай егіншілері жартылай шөлейт Сары өзен аймағынан жылырақ, жауын-шашыны молырақ оңтүстікке бет ала бастады. Бұл үдеріс барысында олар бидай мен тары алқаптарын ылғалды күріш шаруашылығына айырбастады. Бытыраңқылық заманына тән шайқастардан қашқан ақсүйек отбасылар Янцзы өзеніне қарай ағылды, олар мыңдаған шаруаны ерте келді. Қоныс ауыстырған осы элиталар жаңа аймақтық мемлекет қалыптастырып, оңтүстіктің аграрлық дамуын жылдамдатты. Жер иеленушілер жұмысшыларын күріш алқаптарына су жіберіп, оны қайтадан құрғатуға қажет бөгеттер, арықтар және жыралар салуға жұмсады. Сауда және өндірістік қалалар бой көтерді. Жер иеленушілер жібек өндірісіне, жібек құртының қорегі – тұт ағашын өсіруге ұмтылды. Шаруа әйелдер жібек құртын ажыратып, талшықтан жіп иіріп, одан мата тоқу сияқты аса ұқыптылықты талап ететін жұмысқа маманданды.

Екіншіден, Қытай ішіндегі жібек саудасы саяси бытыраңқылыққа қарамастан, сауда экономикасын жандандыруға көмектесті. Қытай жібегінің жібі мен дайын матасына деген сұраныс Үндістанда, Парсы елінде және Жерорта теңізі жерлерінде артты. Хань билігінің құлауы, көшпелі малшылардың соғыстары мен қоныс аударуы нәтижесінде жібектің құрлық жолдары арқылы Батысқа тасымалдануы тоқтағаны анық. Осы келеңсіздіктер мен Оңтүстік Қытайдағы экономиканың өсуі шет елдермен теңіз арқылы одан да жақсы сауда байланысын орнатуға ынталандырды. Мысалы, ІІІ ғасырға таман Қытайдың оңтүстік жағалауындағы Гуанджоу қаласы (Кантон) Афроеуразияға ашылған терезе ретінде пайда болып, Шығыс Африка мен Шығыс Жерорта теңізі аймағы тәрізді шалғайдағы жерлерге жібек, қола бұйымдар мен басқа да өнімдерді шығарды. Сөзімізді қорытындыласақ, Қытайдың саяси ыдырауы жалпы экономикалық құлдыраудан гөрі, тұрғындар мен экономикалық белсенділік орталықтың солтүстіктен оңтүстікке жылдам ауысуына әкелді.

Әтек – патша сарайындағы шенді қызметкер, әсіресе сарайдың әйелдер бөлігінде (гарем) қызмет атқаратын, піштірілген ер адам.

Сасанидтер: Парсы жеріндегі жаңа күш

Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларда Қытайдан Жерорта теңізіне дейін құлаш жайған империялар тізбегінде билеушілері Парсы мен Месопотамияның бір бөлігін билеген Парфия да бар еді (7-тарауды қараңыз). Хань империясына ұқсас, Парфия билігі де әскери және ақсүйектер фракциясы арасындағы үздіксіз тартыс қысымына шыдамай, ІІІ ғасырда әлсіреді. Хань билеушілері Ішкі Еуразия көшпелілерін тежеп тұруға тиіс болғанда, парфиялықтар месопотамиялық қалаларды бақылауында ұстау үшін ресурстарын рим сарбаздарымен арадағы шайқастарға жұмсады. 224 жылы Парфия режимі құлады, алайда Қытаймен салыстырғанда оның аумағы шашырап кетпеді. Керісінше, беделді зороастризм абыздарының отбасынан шыққан І Ардашир Иранның оңтүстік-батысындағы жеңіске жеткен көтерілісті басқарды. Ол өзін шахиншах, патшалардың патшасы деп жариялап, көп ұзамай ескі әулет орнын Сасанид деген атаумен әйгілі болған жаңа империялық әулет басты.

Ежелгі парсы дәстүріне қарағанда өнер мен әдебиеттегі грек стилін артық көрген парфиялық патшалар Иран ақсүйектерін ортақ мақсатқа қайта жұмылдыра алмады. Ал Сасанидтер парсы мұрасымен мақтанды. Олар өздерін б.з.д. VІ–ІV ғасырларда билік құрған парсылардың құдіретті Ахемен әулетінің тікелей мұрагері деп есептеді (6-тарауды қараңыз). Осы стратегия арқылы ақсүйектердің қолдауына ие болды. Мысалы, алғашқы Сасанид билеушілері үлкен сарайлар, ғибадатханалар, мазарлар және тастан қашаған ескерткіштер салу барысында ахеменидтік империялық дәстүрмен тарихи сабақтас тақырыптар мен бейнелер қолданды. Бірінен кейін бірі, жарты ғасырға жуық уақыт билік құрған Ардашир мен оның ұлы І Шапур (б.з. 224–272 жылдары) Парфия жасай алмаған, кей жағдайда Римнің әділет, қаржы және әскери іс министрлігі идеясына сүйенген, одан да берігірек орталықтанған басқару жүйесін қалыптастырды.

Бес қаруы сай ІІ Хосроу патша (590–628 жылдары билік құрды). Патша ат үстінде, Сасанидтер әскерін Оңтүстік-Батыс Азиядағы құдіретті күшке айналдырған катафрактілер немесе ақсүйек жауынгерлер арасында тұр. Цилиндр пішінді дулығаға, қалқанға және жылқының ауыр сауытына назар аударыңыз. Бұл – Иранның Загрос тауларындағы керуен жолының бойында бір жартас бетіне қашаған үлкен бедерлі суреттің бір бөлігі. Ұзын найза неге атты жауынгердің ең қажет қаруы болды деп ойлайсыз?

Зороастризмнің қайта жаңғыруы. Сасанидтер зороастризм дініне қамқорлық көрсету арқылы да Ахеменидтерге еліктеді. Заратуштраның іліміне негізделген дін жақсылық пен жамандықтың жер бетіндегі күресі – ақырзаманда жақсылықтың шүбәсіз жеңісімен аяқталады деп жариялады (6-тарауды қараңыз). Сасанидтер өздерін жаратушы үстем құдай Ахура Мазданың қызметшісіміз деп есептеді. Олар империя көлемінде зороастризмнің рәсімдік От ғибадатханалары құрылысын қаржыландырды, саяси бюрократиямен қатар, ғибадатхана абыздарының иерархиясын қалыптастырды, кейбір діни адамдарға саяси кеңесші және қазы ретінде үлкен ықпалға ие болуына мүмкіндік берді. Дінбасылар басқа діндерге қарсы болды. Сасанидтік археологиялық ескерткіштегі ІІІ ғасырға жататын жазбада былай дейді: «Жоғарғы абыз Картирдің бұйрығымен «империядағы еврейлер, срамандар (буддистер), брахмандар, назареттіктер (христиандар)... және зандиктер (манихейлер) басып-жаншылды»1. VІ ғасырда билік Заратуштра уағызы мен басқа да киелі еңбектер жиынтығын, Авестаны бір жүйеге келтіруді қолға алды. Зороастризм осы кезеңде азиялық дін ретінде аса зор ықпалға ие болды.

Сасанидтер басқыншылығы және Риммен соғыстар. Парфиялықтар көшпелі басқыншыларға бөгесін болды. Тіпті парсы ақсүйектерінен жасақталған атты жасақтар арқылы Рим әскерін де бірнеше рет жеңді. Катафрактар деп аталған бұл ақсүйек жауынгерлер найзамен қаруланып, өздерін және аттарын сауыт-сайманмен толық жарақтады. Дәл осы соғыс жүргізу мәнерін қабылдаған сасанидтер ақсүйектерін орталық қолбасшылық аясында соғысуға көндірді. Олар халық арасынан жаяу әскер мен жеңіл қаруланған атты садақшылардан тұрған әскер жасақтады. Үндістанмен сауда байланыстарын пайдаланып, әскери пілдер әкелді. Дарынды империялық басқаруды жетілдірген бұл әскер жас мемлекетті көршілеріне зор қауіп төндіретін оңтүстік азиялық күшке айналдырды.

Билігінің бастапқы жылдарында Ардашир патша б.з.д. І ғасырдан бері Орталық Азия мен Солтүстік Үндістандағы құдіретті Кушан империясына қарсы жорыққа аттанды (7-тарауды қараңыз). Ол Кушан әскерін Инд өзенінің батысындағы барлық жерлерінен ығыстырып, Орталық Азияның бірнеше маңызды сауда қалаларын басып алды. Кушан б.з. ІV ғасырына дейін тіршілік еткенімен, шағын ғана монархия болып қалды.

237 жылдан бастап Ардашир мен Шапур Солтүстік Месопотамия мен Сирияның ішкері аймақтарына әскер аттандырды, алаңсыз жатқан Рим легиондарының үстінен түсіп, бірнеше қаланы басып алды. Олар тіпті бір Рим билеушісін өлтіріп, екіншісін тұтқынға алып, 257 жылы Валериан императорды патшалардың патшасына алып келді. Шапур бұл бейшара әміршіні бұғауда ұстап, патша маңайындағылардың алдында сүйрелеп жүрді. ІІІ ғасырға жататын христиан жазбалары былай дейді: «Оны [Валерианды] тұтқында ұстаған Парсы патшасы арбасына отырғанда не атқа мінгісі келгенде римдікке арқасын тосуды бұйыратын... Масқараға толы өмірі қорлықпен үзілгеннен кейін оның терісін сыдырып, қызыл түске бояп, варварлар құдайларына арнаған ғибадатханаға қойды»2.

Бұл жеңіліс пен қорлық Римді дүр сілкіндірді. ІІІ ғасыр аяғына таман оның легиондары Сасанидтердің батыс экспансиясын тежеді; келесі үш жүз жыл ішінде Оңтүстік-Батыс Азиядағы екі күштің қарым-қатынасы бейбітшілік пен соғыс арасында құбылып тұрды. Екі жақ та ұзаққа созылған күресте шығынға батқанымен, екеуі де аумақтық басымдыққа ие бола алмады.

Сасанидтер империясының экономикасы. Парсы елі дәулетінің түгелге жуығы аграрлық шаруашылыққа тәуелді болды. Сасанидтер бақылауда ұстаған Месопотамияның орасан зор аудандарында империя шенділері суармалы егіншілікті кеңейту жобаларын іске қосты. ІІІ–VІ ғасырлар аралығында олар арықтар, тоғандар және бөгеттер, сондай-ақ Тигр-Евфрат алқаптарында тұтас қалалар салды. Бұл жұмыстарды соғыс тұтқындары мен империяның басқа бөлігінен күштеп жер аударған шаруалар атқарды. Сасанид билігі кезеңінде, тіпті одан да ертерек, күріш, мақта және қант қамысы Оңтүстік немесе Оңтүстік-Шығыс Азиядан батысқа қарай тарап, Оңтүстік-Батыс Азиядағы маңызды суармалы дақылға айналды.

Әсіресе шығысқа қарай басқыншылық әрекеттері арқылы Сасани әулеті парфиялықтарға қарағанда, бірнеше қала мен бұрынғыдан да ұзара түскен сауда жолдарын бақылауға алды (9.1-картаны қараңыз). Месопотамия мен Батыс Ираннан шыққан керуендер Араб теңізінің солтүстігіндегі шөл арқылы Үндістанға мата, иіссу, әсем масаты кілемдер мен Парсы шығанағы маржандарын жеткізді. Парсы көпестері шығанақтың Арабия жағындағы қалалық айлақтарға дейін империя ықпалының орнауына көмектесті. Бұл саудагерлер Араб теңізі жолындағы римдік және басқа да тауар тасымалдаушылармен бәсекеге түсіп, оңтүстігіндегі Цейлон тәрізді жерлерде сауда қоныстарын тұрғызды.

Рим империясындағы дағдарыс пен жаңғыру

Парсы елінен төнген әскери қауіп – б.з. ІІІ ғасырында Римге кеселін тигізген саяси дағдарыстардың бірі ғана. Біршама қиындықтар империя элитасын басқару жүйесі мен әскерді қайта құруға мәжбүрледі. Нәтижесінде Британиядан Месопотамияға дейін 2400 миль ұлан-ғайыр жерді алып жатқан мемлекеттің басқару жүйесінде орасан зор оқылықтар пайда болды.

ІІІ ғасырдағы төтенше жағдайлар. Билікті мұраға қалдырудың нақты тәртібінің жасалмауы, әйелдердің құқыққа ие болмауын айтпағанда, өзге де кедергілер б.з. І ғасырынан бастап Римнің жағдайын қиындатты. Қайратты билеушілер мұрагерді өздері таңдады, алайда таңдау жасалмаған жағдайда жауласқан бірнеше үміткер, соның ішінде жасақтар қолдауына ие бола алатын алыс шекаралардағы қолбасшылар мен өзге де мансапқор азаматтар таққа таласты. Қолдауы әлсіз жаңа император орнына, өз адамын билік басына әкелуді көздеген элита топтары азаматтық соғыс өртіне де себепкер болды. 235–284 жылдар аралығындағы жарты ғасыр ішінде осы кезеңге дейін тәуелсіз күші қалмаған, негізінен, саясат желі қайда соқса, соған иілетін Рим сенатының ресми мақұлдауымен кем дегенде он сегіз адам таққа отырды. Бұл билеушілердің дені көп ұзамай-ақ шайқаста не кісі қолынан қаза тапты. Орталықтағы үздіксіз аласапыран ақыр аяғында империя істеріне, әсіресе шекара қауіпсіздігі, сот шешімі және салық жинау әрекеттеріне зардабын тигізді.

ІІІ ғасыр императорлары бірталай экономикалық және әлеуметтік қиындықтармен де бетпе-бет келді. Ұлғайған шығындарға төтеп беру үшін билік тиындағы күміс үлесін азайтуға рұқсат берді, нәтижесінде олардың құны төмендеп, тұтыну тауарларының бағасы шарықтады. Бұл инфляция бидай мен басқа негізгі тауарлардың тұрақты бағасына тәуелді қарапайым халыққа әсер етті. Кейінгі Хань дәуіріндегі қытай шаруалары тәрізді, Рим егіншілері де жер иеленушілердің кішігірім еркін шаруалар есебінен қожалықтарын ірілендіруінен, жалға алуынан, біркүндік жұмысшыларды, қарулы жалшыларды және құлдарды жұмысқа тартуынан зардап шекті. ІV ғасырға таман ірі жер иеленуші Рим сенаторы жылына шамамен 120 мың не одан да көп алтын пайдаға кенелсе, шаруа 5 алтын ғана табыс тапты. Соған қарамастан, шенділер салық төлету үшін қарапайым азаматтарға қысым көрсетті.

«Варвар» бейнесі. «Людовизи шайқас саркофагы» (Ludovіsі Battle Sarcophagus) деген атаумен әйгілі рим табытының бетіне қашаған мәрмәр мүсіннің бір бөлігі. Б.з. 250 жылдары төңірегінде жасалған. Осы кезде герман және басқа қарулы қоныс аударушылар империяның солтүстік шекарасына шабуылдап үлгерген еді. Мүсінші қолға түскен жауды ұсқынсыз етіп, мұрнын қоңқитып, шашын жалбыратып, сақалын сапситып қойған. Таза, қырынған Рим жауынгері өктемдік символы ретінде оған қарама-қайшы бейнеленді. Рим сарбазының келесі қадамы қандай болмақ?

Германдардың басқыншылығы. Империя шекарасындағы қарулы шапқыншылық Хань әулетіндегідей едәуір қаржы шығынына әкелді. Ішкі Еуразияның ең батыс шеті деп есептелетін Солтүстік-Шығыс Еуропа тайпалық деңгейде ұйымдасқан, құрамына ағылшын тілінің түп-тамыры үндіеуропалық тілдер семьясынан тараған бірқатар герман тілдерінде сөйлейтін қауымдардың мекені еді. Б.з. І–ІІ ғасырларында Рим жасақтары Орталық Еуропаға енген тұста герман тайпалары батыстағы Рейн өзеніне және оңтүстіктегі Дунай өзеніне қарай жылжыды. Герман халықтары ірі қара, қой, жылқы өсіргенімен, көшпелі малшылар емес, егіншілер болды. Рим аумағына ең жақын орналасқан тайпалар қыстақ тұрғызу, темір өңдеу, қолөнер кәсібі және жауынгер көсемдердің үстем табынан тұратын күрделі қоғам деңгейіне жетті.

Рим және герман халықтарының әлемі қатар өрілді. Олардың арасындағы сауда үнемі жалғасып жатқан еді. Герман саудагерлері Римді ағаш, жүн, аң терісі және басқа да шикізатпен қамтамасыз етсе, қайтарымы ретінде мата, қыш ыдыстар, алтын және күміс тиын, басқа да заттар алды. Рим басқарушылары герман топтарына империяға бейбіт жолмен қоныстануға жиі-жиі мүмкіндік беріп тұрды. Герман жауынгерлері үнемі Рим сарбаздары болып жалданды. Хань билігі тәрізді, римдіктер де шекарасын тыныштықта ұстау үшін орасан қаржы жұмсай отырып, герман көсемдеріне тарту-таралғы аттандырды. Римдіктер германдар мен шекара бойындағы өзге халықтарға империя азаматтарына мәдени жағынан қарама-қайшы, табиғатынан дөрекі, надан және қаскүнем «варварлар» деп қарады.

Герман көсемдері римдіктердің өздері жайлы қандай пікірде екенін білді және ІІІ ғасыр бойы бұл рөлді өте жақсы ойнап шықты: қоныстарға шабуыл жасау үшін шекараны бұзып өтті, егін шаруашылықтарына шапқыншылық ұйымдастырды. Археологиялық зерттеулер көрсеткендей, осы кезеңде герман халқының саны артты, оның бір себебі – темір соқа, көң тыңайтқыш және ауыспалы егіс тәрізді егіншілік технологияларының жетілуі. Тұрғын санының көбеюі герман қауымдарын Рейн мен Дунайдың ар жағындағы Римнің ауқатты егіс алқаптарына лап қоюға итермелеген шығар. Ата қонысы Қара теңіздің солтүстігі мен батысы болған, готтар деген атаумен белгілі герман тобы Рим билігіне қарайтын Балқан түбегіне енді. 251 жылы гот басқыншылары шайқас алаңында Деций императорды өлтірді, он алты жылдан кейін шалғай оңтүстікке қарай ағылып, Афина мен гректердің басқа бірнеше көне қаласын тонады. Соның салдарынан, Рим билігі империяны қорғау үшін шығынға белшесінен батты.

Реформатор императорлар. Римнің саяси және экономикалық ахуалы Диоклетиан (б.з. 284–305 жылдары билік құрды) мен І Константиннің (б.з. 306–337 жылдары билік құрды) жігерлі билігі тұсында түзелді. Екеуі де империяның құрылымдық қиындықтарын шешуге бел шеше кірісті. Әскерді күшейту үшін Диоклетиан басқару иерархиясын қайта құрды, легиондардың санын арттырды (герман сарбаздарын тартты), парсы нақышында жарақтанған катафрактілер атты әскер құрды. Б.з. 298 жылы Рим әскері шығыс шекарадағы Сасанидтер экспансиясын тоқтатты. Диоклетиан мен Константин Еуропадағы германдық жаулары мен Солтүстік Африкадағы бербер көтерілісшілерін жеңді, осы арқылы ІV ғасырға аяқ басарда империяның батыс бөлігін тыныштандырды.

І Константин. Биліктің өктемдігін танытып тұрған император қарапайым адамдар әлемінен оқшау кейіпте. Қоладан құйған бас – бір кездегі алып мүсіннің бір бөлігі. Мүсіннің қандай ерекше тұсы оны айрықша құдіретті етеді?

Диоклетиан жергілікті басқаруды күшейтіп, империя билігін мұралану төңірегіндегі дау-дамайды қысқарту үшін әрқайсысын қос императордың бірі билейтіндей, империяны Батыс және Шығыс бөлікке бөлуге тырысты. Олардың әрқайсысында ізбасар мен алдын ала анықталған мұрагер болды. Бір-бірімен байланысқан төрт басқарушысы бар, тетрархия деп аталған бұл жүйе Диоклетиан тұсында тәп-тәуір іске асты. Ол биліктен кеткеннен кейін көп ұзамай-ақ тараптардың қырқысы салдарынан ыдырап кетті. Соған қарамастан, төртеу болмаса да, қос билеуші дәстүрі V ғасырға дейін жалғасты, осы жүйе одан да көп азамат соғыстарының басталып кетуіне жол бермеген шығар деп болжауға болады.

Рим бюрократиясы арта түсті. Алдыңғы ғасырларда билік беделді, ауқатты, дәулетті адамдар мен ақша, жұмыс және қамқорлық үшін айтқанды орындайтын бағынышты клиенттер арасындағы жеке байланыстар арқылы әрекет етті (7-тарауды қараңыз). ІІІ ғасырдағы қиындықтар Диоклетиан мен оның мұрагерлерін мемлекет алдында жауапты, жалақы алатын шенділердің ауқымдырақ, ресмилігі көбірек иерархиясын қалыптастыруға итермеледі. ІІІ ғасыр ортасы мен V ғасыр аралығында империя істерімен айналысатын жоғары дәрежелі шенділердің саны шамамен екі жүз елуден алты мыңға жетті3. Бұл бюрократия жаңа салық түрлерін жинады, қалалардың қаржылық тәуелсіздігін шектеді; қаладан жұмыс іздеу орнына, қаншалықты кедейленгеніне қарамастан, шаруаларды өз жерлерінде қалуға күштеді. Диоклетиан маңызды тауарлардың бағасын бекіту арқылы инфляцияны да бақылауда ұстауға тырысты, бірақ бұл амал жартылай ғана жүзеге асты. Диоклетиан, Константин және олардың бірнеше мұрагері авторитарлық биліктің идеологиясы мен стилін өзгертті. Ескі Республикадан қалған мұра, императорды бірінші азамат ретінде қарастырған идея – билеушінің абсолюттік, қол жетпес, тылсым, шенділердің, қызметшілер мен сақшылардың көптеген қорғаныс қатарының үстінен билік жүргізетін әмірші ретінде жартылай парсы, жартылай мысырлық моделіне алмасты.

Константин, Константинополь және христиан шіркеуі. ІV–V ғасырларда мемлекеттің жайсыз шекараларына өте жақын орналасқан қалалар империялық биліктің орталығы қызметін атқарды. Мәселен, Италияда – Милан, Солтүстік Африкада – Карфаген, Сириядағы – Антиохия. Императорлардың көбі билікті Рим қаласынан жүргізген жоқ, ал кейбірі тіпті оған өте сирек барып тұрды. 313 жылы Константин Қара теңізді Мәрмәр және оның арғы жағындағы Жерорта теңізімен жалғаған Босфор бұғазының батыс жағындағы дөңдегі ежелгі грек қаласы – Византияны империяның орталығына айналдырды. Ол өзінің құрметіне бұл жердің атауын Константинополь деп өзгертті. Үш жағынан теңіз, төртінші жағынан қабырғамен қорғалған қала – империяның Шығыс және Балқан провинцияларындағы бас басқармасына айналды. Константин және одан кейін тақты мұраға алғандар қоғамдық ескерткіштерге, сарайларға, кітапханаларға, ареналар мен сумен қамту құрылыстарына қыруар қаражат шашты. Тұрғындар саны ұдайы өсіп, VІ ғасырда жарты миллионға жетті. Рим қаласы барлық азаматтардың тарихи қиялында жер кіндігі іспетті еді, алайда Римнің империя экономикасы мен әкімшілігі үшін маңызы, дүниежүзіндегі ең ірі қала деген бұрынғы мәртебесі бірте-бірте кеми бастады.

VІ ғасырдағы Константинополь қаласының бейнесі шіркеулермен толықты. Қудалауға қарамастан христиан қауымдары б.з. І ғасырынан бастап Жерорта теңізі төңірегіндегі қалаларда тамыр жайды (7-тарауды қараңыз). Келеңсіздіктерге толы ІІІ ғасырда жәрдем мен дауа іздеген қарапайым халық әртүрлі культтер мен секталарға бет бұрды, олардың ішінде миссионерлері рақымшылық, қайырымдылық, қауым ішіндегі мейірім мен мәңгілік өмірге деген үмітті уағыздаған христиан діні де болды. Исаның «момындар жерге ие болады» деген уәдесі қол жетпейтін және қайырымсыз құдайларға ғұрыптық құрбандық шалудан мезі болған адамдар жүрегінде терең орнықты. Ежелгі шіркеу толығымен қайырымдылықпен, садақамен айналысты. Жергілікті билік кедейлерге тамақ бөлмеген немесе індеттен жапа шеккендерге қарамаған жағдайда шіркеу қауымдары көмекке келді. ІІІ ғасыр ортасында Рим қаласындағы шіркеу қамқорлығында 1500 жесір мен кедей болды.

Диоклетиан 303 жылы христиандарды қудалап, қамауға алу мақсатында рақымсыз жорық ұйымдастырды, бұл Римнің ең соңғы маңызды қудалауы еді. Он жылдан кейін-ақ Константин барлық діндерге еркіндік жариялады, аңызға сенсек, Константиннің өзі өлер алдында шоқынған. 313 жылғы Милан эдиктісінде қос императордың бірі Лициний былай деп жариялады: «Сіздің арқаңызда мән бердік, біліп қойыңыздар, христиандардың діни құлшылықтарына еркіндік пен шектеусіз мүмкіндік бердік... Заманымыздың тыныштығы, әр адам қалауынша сыйыну мүмкіндігіне ие болу үшін басқа діндерге де ашық әрі еркін құлшылық атқару құқығын бердік»4. Бұл акт көбейіп келе жатқан христиандардың шағын қауымы мен дәстүрлі Рим политеизмінің жақтастары арасындағы мезі қылған әлеуметтік және саяси шиеленісті күрт әлсіретті.

Константиннің эдиктісі политеистердің аса бір қарсылығын туғызбады. Римдіктер «құдайдың құдіреті империяны рақымға бөледі, сондықтан ел билігінің рухани көзі ретінде христиан құдайы ескі құдайларды алмастыра алуы мүмкін» деп сенді. Христиандық пен Рим құқықтық идеалының бірдей болуына, барлық адамның заң алдында тең екенін мойындауы да септесті. Христиандық қабылдаған ақсүйектер мен аға бюрократтардың саны артты, олардың арасында тәуірірек мемлекеттік қызметке орналаса алғандықтан ғана дінін өзгерткендердің болғаны даусыз. Константин және одан кейін таққа отырған император христиандық істерін де басқарды, епископтар (шіркеу әкімшілік бірлігінің басшысы) арасындағы дау-дамайға төрелік етті, шіркеу кеңестерінде төрағалық міндет атқарды, христиан діні мен жораларына қатысты заңдар қабылдады. Кейін, б.з. 380 жылы Феодосий (Theodosіus) император христиандықты ресми мемлекеттік дінге айналдырды.

Осыдан кейін империя бірте-бірте христианданды, ал бір ғұлама айтқандай, христиандық та романданды5. Император мемлекет пен шіркеудің басшысы болды, бес патриархтың82 бірі ретінде Рим епископын тағайындады. Қалған бесеуі – Константинополь, Антиохия, Иерусалим мен Александрияда қызмет атқарды. Шіркеу құрылымы империяның әкімшілік құрылымындай етіп жасалды. Епископ отыратын шіркеу епархиясы кейінгі Римнің дәл осылай аталатын саяси бірлігіне сәйкес болды. Римнің бай жер иеленушілері де өздерін епископ ретінде тағайындады, осы қызметте олар патша сарайына еліктей отырып байлық пен сән-салтанатын паш етті.

Христиан әйел. Б.з. 300 жылдарына жататын христиандық өнер үлгісінде әйел адам қолдарын көтеріп, алақанын құлшылықты білдіретін оранс позициясы деп аталатын сыйыну қалпында ұстап тұр. Әйел адам Рим маңындағы Присцила катакомбасында бейнеленген. Христиан дінбасылары шіркеудің арнайы рәсімдерінде осы қалыпты ұстанады.

Патриарх – христиандықтың ерте ғасырларында Рим, Константинополь, Иерусалим, Антиохия мен Александрия епископтарының атағы; кейінгі ғасырларда грек православ шіркеуінің, сондай-ақ азиялық және африкалық христиан шіркеулерінің ең жоғарғы лауызымдық атағы.

Ғұндар және Батыс империяның құлауы

Империяның батыс бөлігі б.з. V ғасырында ыдырады және оның басты себебі экономикалық дағдарыстар мен сарқылу емес еді. Керісінше, Рим провинциялары б.з. 400 жылдары айтарлықтай дәулетті болды. Тұтыну заттарының, қыстақтардың саны мен көлеміне жүргізілген археологиялық зерттеулер де мұны дәлелдей түседі. Италия мен Галлия – алдыңғы ғасырлардағы өркендеуге қарағанда бірте-бірте әлсіреді, алайда Солтүстік Африканың шығысындағы (қазіргі Тунис, Алжирдің бір бөлігі мен Ливия аумағы) тұрғындар сыртқы сауда үшін бидай, май, шарап және жоғары сапалы қыш ыдыстарын көп өндірді. Шығыс Жерорта теңізі провинциялары, жалпы VІ ғасырға дейін, әжептәуір экономикалық даму үстінде болды. Дегенмен даму бәрі үшін жақсы өмір дегенді білдірмеді. Халықтың 5 пайызына жетер-жетпес элиталық отбасылар шұрайлы жердің 80 пайызын иеленді. Диоклетиан қарапайым егіншілерге көп салық салғанмен, сенаторларды (реформалары үшін олардың қолдауы қажет еді) төлемдерден мүлде босатты. Хань дәуірінен кейінгі Қытайдағыдай, жерді жалға алған егіншілер, жалақысы төмен жұмысшылар және құлдармен салыстырғанда, еркін шаруалардың саны азайды.

Салт атты ғұндар. «Ғұндар – аландарды күйретті, аландар – готтар мен тайфалиді, готтар мен тайфали – римдіктерді күйретті және бұл әлі күйреудің соңы емес еді»6. Миланның христиан епископы Амвросий 378 жылдар жайлы жазған осы бір жалғыз сөйлемде жүз жылдан кейінгі Еуропадағы оқиғалардың ретін өте жақсы берген. ІV ғасырда Рим жасақтары Дунай мен Рейн шекараларын саны артып келе жатқан герман тұрғындарынан ғана емес, алыстағы Ішкі Еуразиядағы соғыстар мен «халықтардың ұлы қоныс аударуынан» (bumpercar effect) да қорғады. Сюнну империясы құлағаннан кейін бөлініп кеткен көшпелі малшылардың бір тобы – ғұндар деген атаумен танымал болған қоныс аударушылардың еркін қауымы еді. Ерлер, әйелдер, балалар мен малы көп бұл топ 360 жылдар шамасында Понтий-Каспий далалары тәрізді алыс аймаққа жетті. Ғұн жауынгерлері иран тілдес алан малшыларымен соғысып, оларды жеңді, аландардың біразы батысқа ағылып, Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы гот егіншілерін шабуылдады. Ғұн топтары аландардың ізімен жылжып, готтарға одан зор зобалаң әкелді. 376 жылдың жазында мыңдаған гот Дунайдың солтүстік жағасына келіп, Балқан түбегіне, қауіпсіз жерге өтуге рұқсат талап етті. Рим билігі келісті, алайда бірнеше айдан соң азық-түлік пен баспананың жетіспеуінен қоныс аударушылар бас көтерді. Бейберекет тәртіпсіздік жеті жылға созылды, гот жауынгерлері еркін жортып жүрген алан және ғұн топтарымен бірігіп, Адрианопольдегі (Едірне) Рим әскерін 378 жылы талқандауы маңызды оқиға болды. Бұл қала мен Константинопольдің арасы 130 мильге де жетпейтін еді. Римдіктер «варварлар» деп есептеген жауынгерлер жақсы өмірге тым таяу жақындады.

Тарихшылар ғұндардың шығу тегі жайлы ұзақ пікір таластырып, олар не моңғол, не түркі тілдерінде сөйлеуі мүмкін деген мәселеде ғана келісті. Қалай дегенмен де, бұл топ батысқа жылжу жолында ұлты мен тілі алуан түрлі адамдарды құрамына қосып алды. Римдіктер ғұндар жайлы аса жағымсыз тұрғыдан жазды, алайда V ғасыр ғұламасы Аммиан ғұндардың өмір салтын аса дәл бергенге ұқсайды:

«Тау мен орман арасында жортып жүрген олар бесікте жатып-ақ суық, аштық және шөлге үйренді. Аса қажет болмаса үйге кірмейді; себебі олар шатыр астында өздеріне қауіп көп деп ойлады… Олар аттарынан бір елі ажырамайды, аттары, әрине, төзімді, бірақ сұрықсыз, кей жағдайда ат үстіне әйел тәрізді отырып, шаба береді. Күндіз де, түнде де ат үстінде отырып,

сауда жасайды, тамақтанады және жануардың жіңішке мойнын құшақтап ұйқыға да кетеді… Олар патша билігіне бағынбайды, бірақ маңызды тұлғаларының белгілі бір тәртіпке сүйенбейтін төрелігіне риза және олардың басқаруымен әр кедергіні бұзып өтіп, жол табады. Ол елдің бірде-бір адамы жер жыртып, не қолына соқа ұстап көрмеген»7.

Садақ және жебемен қаруланған ғұн атты әскерінің үлкен бір тобы Понтий-Каспий аймағын кесіп өтіп, Кавказ тауларына қарай жылжыды (9.2-картаны қараңыз). Осы жерден олар 390 жылы Месопотамия мен Сирияға ірі жорықтар ұйымдастырып, Рим және Парсы қалаларына қауіп төндірді. Басқа ғұндар батысқа қарай еніп, 420 жылдарға қарай Венгрия жазықтарына жетті. Осы жерге тұрақты қоныс тепкен олар малын жайып, жергілікті герман және жартылай римдік тұрғындардан алым-салық жинады. Олар Рим көпестерімен де сауда жасады, ал кейбірі қосымша атты әскер ретінде империя әскеріне қосылды.

9.2-карта. Қарулы миграциялар. V–VІ ғасырлар

Германдардың және басқа басқыншылардың Еуропаның барлық жерінде тек батысқа қарай жылжып отыруын қандай географиялық факторлардың көмегімен түсіндіруге болады?

Германдардың ығысуы. Ғұндар Орталық Еуропаға кірген соң миграцияны одан әрі тереңдетті. Вестготтар, вандалдар, свевтер және бургундтар тәрізді бірнеше герман топтары V ғасырда ғұндар жақындаған сәтте әрі қарай қашты. Біразы Италияға бет алса, кейбірі Рейннен өтіп, римдік Галлияға шақыртусыз жетіп барды. Иран тілдес аландарды да қосып алған бұл аласапыран көш 100 мың не одан көп халықтан тұрған сияқты. Келесі онжылдықтар ішінде Батыс Еуропа пен Солтүстік Африка азаматтары кейбір Рим басшыларының жағдайды түзеуге бағытталған жанкешті талпыныстарына қарамастан, өршіген саяси дүрбелеңге куә болды. Германдар ғана басып кірмеді, Галлия және Иберия жерімен өткен уақытта римдіктермен сауда жасап, қарым-қатынас орнатқан, бір-бірімен шайқасқан бөлек бірнеше топтар да ауық-ауық шапқыншылық жасады. Территория империя бақылауынан шығып кеткендіктен, қалалар мен провинцияларды қорғау үшін империя әскеріне төленетін кіріс те жылдам қысқарды.

Солтүстік Еуропада герман сакстері мен англдары кемелер салып, Британияға шабуылдау үшін Солтүстік теңізді бірнеше рет жүзіп өтті. Б.з. 410 жылдарына таман арал Рим империясы қарамағынан шығып кеткенімен, ондағы романданған тұрғындар сол күйі қалды. Осы жылы гот жауынгерлері Римді тонағанымен, шіркеулерді қиратпады, себебі басқыншылардың біразы христиандықты қабылдаған болатын. 429 жылы вандалдар мен аландар Гибралтар бұғазын жүзіп өтіп, Солтүстік Африкаға кірді. Христиан жазушысы Поссидий, бәлкім, сәл асыра сілтеген де болар, осы оқиғаны былай сипаттайды: «Мавретания [Марокко мен Алжир] аймақтарын тұтас… сорақалық пен жабайылық жайлады, олар тонауға келетіндердің бәрін жоқ қылды, жынысына, жасына, тіпті діндарлығы мен Құдай қызметшісі екеніне қарамастан өлтіру мен түрлі азаптаулар, өрт пен адам аузы бармайтын басқа да сансыз қылмыс жасады»8. Басқыншылар Римнің жақсы жолдары арқылы жүйткіп отырып шығысқа қарай, мыңдаған мильдей жерде жатқан Карфагенге ұмтылды. Солтүстік Африканың күйреуі империя үшін сұмдық соққы болды, себебі аймақтың аграрлық шаруашылығы әскерді жабдықтаудың маңызды көзі еді.

Ғұн әйелінің бас сүйегі. Майя және дүниежүзінің бірнеше халықтары тәрізді, ғұндар да бас сүйектің пішінін қолдан өзгертті. Мына әйелдің басын сәби шағында шүберекпен қатты таңған болу керек. Қауымның кейбір мүшелерінің бас сүйек пішінін өзгерту астарында қандай қоғамдық ой жатуы мүмкін?

Ғұн Аттила. Ғұндар бастапқы кезде империядағы шайқастарға жанама әсер етті. Алайда 440 жылдарға таман билік Аттила қолына өтті. Рим елшісі бұл жауынгерді былай сипаттады: «Бойы қысқа, кеудесі кең және басы дәу; сығыр көз, селдір әрі бозғылт сақалды, жалпақ мұрынды және өңі қараторы»9. Ағасымен бірлесе билік жүргізіп, кейін оны өлтірген Аттила тұрақты Ғұн мемлекетін құруға ниеттенген сияқты, Хань әулетінің шекарасын емген сюнну бабалары тәрізді, ол да Рим аумағынан алтын бұйымдар мен құлдарды жинайтын жер қажет етуі мүмкін. 442–453 жылдар аралығында империяға бірнеше маңызды шапқыншылық ұйымдастырды, жолында тұрған герман қауымдарына да шабуылдады. Оның әскері Рим қалаларын қоршау мен жаулауда шеберлік танытты. 447 жылы ғұн және олардың қатарына қосылған герман сарбаздарынан тұрған әскер Балқанды басып өтіп, Константинопольге апаратын құрлық жолын қорғап тұрған үш қатар қорғанды шабуылдауға жақын қалды. 451–452 жылдары Аттила Батыс империядан қалған жерлерге, алдымен Галлияға, содан кейін Италияға екі рет жорық ұйымдастырды. Рим және герман вестготтары бірінші шабуылды тойтару үшін біріксе, екінші шабуылда оларға індет көмекке келді. Христиан жылнамашылары ғұн басқыншылары туралы былай деп жазды: «Көктен аштық пен зауал түсіп, олар құдайдың қаһарына ұшырады»10. Келесі жылы Аттила дүние салды, ұлдарының арасынан ел бастайтындай ержүрек батыр шықпағандықтан, оның аяққа тұрып үлгермеген империясы бірден құлдырады. Дегенмен оның жорықтары Галлия мен Италияға әжептәуір зардап әкелді, Римнің Солтүстік Африканы қайтарамын деген жоспарының күл-талқанын шығарды, ал ол кеткеннен кейін бөлшек-бөлшек болған Батыс империя жерін басып алуға ұмтылған франк, бургунд, лангобард, вестгот тайпаларына жол ашты. 476 жылы остготтар мен өзге герман жасақтарының басшысы Одоакр қос императордың Италияны билеген соңғысы – Ромулды биліктен тайдырып, қыстақтағы иелігіне айдап жіберді. Осылайша, Батыс Рим біртіндеп күйрей бастады.

Остготтардың шеберлігі. Герман қол­­өнер­шілері алтын, лак және асыл тастарды жақсы пайдаланды. Мына әсем түйреуіш Италиядағы Остгот патшалығынан шықты. Рим ықпалын қыран бейнесінен байқауға болады.

Жерорта теңізі аймағындағы бетбұрыс

Келесі онжылдықтар ішінде Батыс империя герман тайпаларына жататын патшалар басқарған бірнеше аймақтық мемлекеттерге ыдырады. Дегенмен дәл осындай саяси бытыраңқылық бірнеше он жылға ғана созылды. VІ ғасырда Рим императоры Юстиниан (527–565 жылдары билік құрды) шабуылға көшті. Константинопольдегі билеушілер батыс бөліктің қолдан шығуын уақытша деп есептегенімен, Шығыс империя өзін Византия (Byzantіum) немесе Византия империясы деп жаңа атаумен атай бастады. Юстиниан парасатты патшайым Теодора екеуі Рим мемлекетін аса қажырлы қайратпен басқару үшін бірікті. Екеуі бірлесе отырып кейінгі ғасырлардағы Еуропа құқық теориясы мен практикасына зор ықпал тигізген Рим құқығының, Азаматтық құқықтың (Corpus Jurіs Cіvіlіs) негіздерін жаңа жүйеге келтірді. Олар Константинопольде салтанатты құрылыс нысандарын тұрғызды, оның ішінде ғаламат келбетімен таңдандыратын христиан кафедралы – Айя-София (HAH-ya SOH-fee-uh) да бар. Олар 533 жылы Сасанидтік Иранмен уақытша бейбіт келісімге келді және Солтүстік Африкадағы Вандал режимін құлатты. Келесі бірнеше жыл ішінде Византия әскері Сицилияны жаулады, Италияның басым бөлігін остготтардан тартып алды, Жерорта теңізі жағалауындағы бекіністерді Гибралтар бұғазына дейін қалпына келтірді. Византия билеушілері бұл аумақтардың кейбірін ХІ ғасырға дейін өз қарамағында ұстады.

Ұлы дағдарыс. Герман және ғұн жорықтары залал келтірген аумақтарды қайтарып алған Рим экономикасы сонша дами қоймады. Батыс Рим аумақтарындағы аграрлық өндірістің күрт төмендеуін археологиялық қазба жұмыстары да растайды. Орасан зор аумақтардағы ауылдық қоныстар жойылды; тас, кірпіш орнына ағаш пен сабан қолданды, тіпті ауқатты отбасылардың өзі үй шатырын ағаш және сабанмен жапты; ақша қолданысы, соның ішінде мыс тиындар да лезде азайды. Қоғамдық құрылыстардың, ғибадатханалардың, шіркеулердің, моншалар мен театрлардың, күрделі кәріз жүйесінің қирауымен бірге деурбанизация83 да жаппай белең алды. Италияның солтүстік-батыс жағалауындағы Римнің Луна қаласында жүргізілген қазбадан V ғасырдан бастап үлкен үйлер қаңырап, төселген тас жолдар топырақ астында қалғаны, маңызды арықтар құрғап, уақыт өте тұтас қала жойылып кеткені белгілі болды. Батыс өңір материалдық тұтыну мен жайлы өмірді күрт жойған жоқ. Бұл жағдай Британиядан, Солтүстік Еуропа өңірлерінен басталып, кейін біртіндеп оңтүстікке жеткен болар.

Теодора патшайым. VІ ғасырға жататын, Италияның Адрия жағалауындағы Византияның провинциялық астанасы Равеннада орналасқан Сан-Витале шіркеуіндегі мына мозаикада Юстинианның жары Исаға бағышталған символдық тарту ұсынып тұр. Мозаика ерте Рим бейнелеу өнеріне тән мүсін мен затты табиғи суреттеу әдісінен өзгешеленеді. Осы суреттен аталған әдістен ерекшелейтін қандай белгілерді көріп тұрсыз?

Жанартау күлі мен індет. VІ ғасырда Жерорта теңізі аймағын бірқатар табиғи апаттар дүр сілкіндірді. Гренландия мен Антарктика мұздықтарындағы сульфат қабаты, ағаш сақиналарының өлшемі мен ежелгі жылнамашылардың сөздері 535 жылы жойқын жанартау жарылысы болғанын меңзейді. Экватор маңында атқылаған жанартау дүниежүзін айнала «күл пердесін» құруға жеткілікті материалды аспанға лақтырған сияқты. Бұл қабат күн сәулесін көлеңкелейтіндей қалың болған шығар, соның кесірінен он жылға дейін, әсіресе солтүстік жартышарда климат суытуы мүмкін еді. Византияның VІ ғасыр тарихшысы Прокопий былай жазды: «Күн шуағын шашпады және Күн тұтылып тұрған сияқты болды, өйткені оның сәулесі әдеттегідей емес еді»11. Бұл жағдай бір жылдан артық жалғасса, азық өндірісіне, яғни халық тіршілігіне әжептәуір кесірін тигізер еді. Ағаш сақиналары мен жазба деректер 530 жылдардың аяғында Солтүстік Қытай, Ішкі Еуразия мен Солтүстік Еуропада құрғақшылық жайлағанын растайды.

Екіншіден, тараудың кіріспесінде айтып өткен оба індеті84 541 жылы Жерорта теңізі аймағын жайлады. Оба белгілері Оба таяқшасы (Yersіnіa pestіs) немесе жай ғана таяқша (Y.pestіs) деп аталатын бактерия тудыратын нақты ауруға қатысты байқалды. Қазіргі таңда белгілі болғандай бұл патоген – бубон обасын таратты, науқастың денесінде қара ісіктер – бубондар (buboes) пайда болғандықтан, ауру осылай аталды. Бұл бактерияның тасымалдаушысы – кеміргіштердің, жабайы ит, тиін мен егеуқұйрық жүнінде тіршілік ететін, олардың қанымен қоректенетін бүргелер. Қоршаған ортаның белгілі бір жағдайында оба таяқшасы жануарларда да болуы мүмкін. Ауырған кеміргіш өлгеннен кейін бүргелер басқасына ауысады. Осы кезде маңында адам болса, қан іздеген жәндік адамға жабысады, сөйтіп ауру таратады. Кейбір деректерде оба Жерорта теңізі аймағына Мысырдан келді делінеді, онда патогенді адамдар Ніл өзенінің жоғарғы ағысында, бәлкім, Эфиопияда алғаш жұқтырған шығар, себебі оба – осы аймаққа тән індет еді.

Мысыр қалаларынан шыққан кемелер Жерорта теңізінің бір айлағынан екіншісіне жүзіп, теңіз жағалауы бойымен ауырған адамдармен бірге егеуқұйрық және бүрге тасымалдап, небәрі бірнеше жыл ішінде індеттің өршуіне себеп болды. 543 жылы Константинопольге тараған індет тұрғындардың үштен бірінің өмірін қиды. Ал Юстиниан жасақтары індетті Батыс Жерорта теңізі аймағына тасымалдаған шығар. Зауал Ирландия сияқты алыстағы Еуропа жерлеріне дейін жеткен тәрізді. Шығыста індет Византия мен Сасанидтік Месопотамияның әскери шекарасынан өтіп, бірнеше жыл ішінде мұндағы халықтың жартысының өмірін жалмады12. Індеттің бірінші соққысы сұмдық сұрапыл болды. Бірнеше жыл сайын қайталанып тұрған обадан екі ғасыр бойы әртүрлі аймақ тұрғындарының саны азая берді.

Обадан көп адам көз жұмған аймақтарда жұмыс қолының жетіспеуінен кіріс қысқарды, бағалар өсті және жалпы экономика әлсіреді. Дегенмен оба жайлаған тұста қандай да аймақ өркендесе, Византия мен сасанидтік провинциялар солардың қатарында болған шығар, ол қалалар тез қалпына келген болар. Батыс Жерорта теңізі аймағы мен Еуропада індет онсыз да ұзаққа созылған құлдырауды тездетті.

Даладан соққан дауыл. Обадан бөлек, Византия мен сасанидтік империяға Ішкі Еуразиядан жаңа қауіп төнді. V ғасыр ортасында, бәлкім, ғұн тектес малшы қауымдар Орталық Азияның негізгі Жібек жолы қалаларын басып алып, ақ ғұндар (эфталиттер) деген атаумен әйгілі болған жаңа әулетті жария етті. Бұл басқару тобы еркін ұйымдасқан империя құрды, келесі ғасырлар ішінде ақ ғұндар Солтүстік Үндістанға басып кірді. Олар сондай-ақ Иранды да шабуылдады, олардың келтірген зияны сонша, түбінде сасанидтік император алтын төлеп, басқыншылардан құтылды. 560 жылы ең қайратты сасанид билеушілерінің бірі І Хосроу (531–579 жылдары билік құрды) Орталық Азияның басқа көшпелілерімен одақ құрып, ақ ғұндарды талқандап, олардың шапқыншылығын тоқтатты.

Сасанидтер жауын талқандаған тұста Византия императоры славяндар мен аварлардың басқыншылығымен бетпе-бет келеді. Балтық теңізінен шығуы мүмкін қоныс аударушылар (орыс, поляк, чех, серб және өзге де еуропалық халықтардың лингвистикалық арғы тегі) Еуропа жерімен оңтүстікке бет алып, VІ ғасырда Дунайға жетеді. Ал аварлар Ішкі Еуропадан шыққан, моңғол, түрік және иран тілдерінде аралас сөйлеуі мүмкін көшпелілер еді. Қара теңізінен батысқа қарай жылжыған авар топтары славяндарды шабуылдап, бағындырды, славяндардың бірқатар топтары Византия аумағына қашты. Аттиланың бұрынғы жерінде авар патшасы мемлекет құрды, Византия жеріне алма-кезек шапқыншылық ұйымдастырып, алтыннан салық жинап тұрды. 626 жылы аварлар Константинопольге шабуылдады. Бұл шайқаста жеңілген соң олардың империясы бірден сөнді.

Деурбанизация – белгілі бір аймақтағы қалалар құлдырап не жойылып кететін қоғамдық үдеріс.

Індет – бір аймақтан екінші аймаққа өте жылдам тарап, көптеген адамға әсер ететін жұқпалы ауру.

Оңтүстік Азиядағы жаңа империя

Маурия империясы күйреген б.з.д. ІІ ғасырдан бері Оңтүстік Азияда бірнеше кішігірім аймақтық монархиялар болды. ІV ғасыр басында саяси карта бірден өзгерді, І Чандра Гупта (320–330 жылдары билік құрды) Ганг өзені алқабында құдіретті патшалық негізін қалады. Чандра Гуптаның ұлы Самудра Гупта (330–375 жылдары билік құрды) мен немересі ІІ Чандра Гуптаның (375–415 жылдары билік құрды) әскери жорықтары нәтижесінде Оңтүстік Үндістанның үштен екі бөлігі Гупта билігіне қарады (9.3-картаны қараңыз).

9.3-КАРТА. Гупта дәуіріндегі Оңтүстік Азия. Б.з. 320–550 жылдары

Гупта империясының кеңеюі мен шекараларына қандай географиялық ерекшеліктер әсер етуі мүмкін еді?

Патшалардың ұлы патшасы атаған Гупта билеушілері күріш өсіретін Ганг өзені ортаңғы ағысының негізгі аумағын қатаң бақылауға алды. Олар жаулап алған шалғай жерлердегі аймақтық патшалар мен ақсүйектер элитасына Гупта астанасы Паталипутраға тұрақты алым-салық жіберіп тұрған жағдайда ғана билігін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Императорлар қалалар мен кәсіп орталықтарын бақылағанымен, олардың шаруаларына кедергі келтірмеді. Гупта билеушілерінің түрлі діни рәсімдері және брахман абыздардың жоралғылары мен сенімі үндес келді, бүгінгі ғалымдар мұны қалыптасып келе жатқан үнді дәстүрімен байланыстырады.

Буддалық бейнелеу өнері. Гупта кезеңіндегі көркемөнер жетістігі Орталық Үндістанда орналасқан Аджантадағы буддизм тақуалары үңгіріндегі мына фрескада көрініс тапқан. Осы дәуірдегі Византия христиан бейнелеу өнеріне (309-бет) қарағанда натурализмі басымырақ бұл көрініс кедей-кепшікке құдай атынан садақа таратып тұрған ханзаданы бейнелейді.

Мата және қант. ІV ғасырда киелі жазбалар іздеп Оңтүстік Азияға сапар шеккен будда тақуасы Фасянь Ганг алқабындағы кент және қала тұрғындарының «бай әрі дәулетті» екенін жазды. Бұл мінездеме сол кезеңдегі Оңтүстік Азия экономикасын дәл сипаттап бергендей. Гупта императорлары брахмандарға ауқымды жерлерді ұдайы сыйға тартып, ғибадатханалар мен монастырьлар маңындағы алқаптарда шаруаларды жұмысқа жұмылдыруды тапсырды. Үйінде және шеберханаларда жұмыс істеген жіп иірушілер мен тоқымашылар Оңтүстік Азияның дамыған және өркендеп келе жатқан нарығын мақта, жібек, зығыр және жүн маталармен қамтамасыз етті. Шындығына келгенде, Үндістан осы дәуірде Афроеуразияның басқа бөліктерін мақта-мата тауарларымен қамтамасыз еткен жалғыз маңызды елге айналды.

Үнді шеберлері Оңтүстік-Шығыс Азияда өсетін қант қамысын езіп, шырынын қайнатып қант жасау жолын тапты. Оңтүстік азиялықтар – қант қосқан тағамдарды емін-еркін пайдаланған ең алғашқы адамдар. Бұл өнімді сақтап, тасымалдау жеңіл болғандықтан, қант шетелдегі нарықтарда тез-ақ басымдыққа ие болды. Үнді көпестері құрлық жолдары бойымен Парсы елі мен Орталық Азияға, Бенгал шығанағындағы теңіз жолдары арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға сапар шекті. Үндістаннан сыртқа шыққан басқа тауарлар қатарында мақта және жібек мата, бұрыш және басқа дәмдеуіштер, маржандар, индиго және иіссу бар. Батыс Рим ипериясының күйреуі Оңтүстік Азиядан шыққан сән-салтанат заттарының бірнеше ғасыр бойы Жерорта теңізі сауда алаңдарында сатылуын тоқтатуы мүмкін, алайда бұл Үндістанның дамушы экономикасына айтарлықтай әсер етпеді.

Гупта дәуіріндегі ғылым мен математика. Будда тақуалары мен брахмандары монастырьлар мен ғибадатханаларға қараған озық академиялық мектептердің негізін қалады. Көне үнді тілі санскрит – оқудың негізгі құралына айналды, діни жазбаларды жаттаумен қатар, грамматика, логика, композиция, поэзия, медицина, астрономия және математиканы да оқытты. Брахман ғұламасы Ариабхата (476–550) Пи мәнін – 3,1416 деп, бір жылды – 365-358 күн деп өте дәл есептеп шығарды. Ол Жер өз осінде айналып тұрып, Күнді де айналады деген дұрыс пайымдар да жасады. 8-тарауда сипаттап өткендей, б.з.д. соңғы ғасырларда Мезоамерикадағы майя ойшылдары сандарды жеткізу үшін санаудың позициялық жүйесін және «нөлді» білдіретін таңбаны ойлап тапты. Сонымен қатар ежелгі месопотамиялықтар да осы идеяларды дамытқанымен, бұл ой Афроеуразияда өміршең бола алмады. Гупта ғұламалары сандарды бір-біріне қатысты позицияға қою үшін ондық жүйені ойлап тапты. Мысалы, 777 – 700+70+7 дегенді білдіреді деген сипатта. Бұл жүйе тек он таңбаны қолдану арқылы есеп шығаруға мүмкіндік берді. Майя тәрізді, үнді ғұламалары да нөл санын қалыптастырды, олар алдымен оны нүкте ретінде 707 ретіндегі (700+бос орын+7) тек бос мәнді толтыру үшін ғана емес, математикалық нөл мәніне ие сан етіп те белгіледі. VІІ ғасыр ғұламасы Брахмагупта б.з. 628 жылы жариялаған еңбегінде мынандай нұсқау жазды: «Қарыз алу – нөл қарыз болады, дүние-мүлік алу – нөл дүние-мүлік болады, нөл алу – нөл нөл болады»13. VІІ ғасырдан кейін үнді санақ жүйесі Батыс пен Шығысқа тарап, қазіргі математиканың негізіне айналды.

Оңтүстік Азия қоғамы. Рәсімдік тазалық деңгейі бойынша бір-бірінен ерекшеленетін (6-тарауды қараңыз) төрт варнаға немесе әлеуметтік касталарға негізделген қоғамдық жүйе Гупта дәуіріндегі Оңтүстік Азияда толығымен орнықты. Суб-касталар немесе жатилер туысқандық, салт-дәстүр, орын және кәсібіне қарай бөлініп, тарады. Б.з.д. ІІІ ғасырдан брахман ғұламалары әр кастаның рәсімдік міндеттері мен қоғамдық парыздарын, түрлі каста мүшелерінің бір-біріне деген дұрыс қарым-қатынасын тәптіштеп көрсеткен бірталай жазба қалдырды. Бұл кодекстер (дхарма-шастра) ХІІ ғасырға дейін Оңтүстік Азиядағы қоғамдық қатынастардың негізін құрады. Гупта дәуірінде бұл жүйе айтарлықтай икемді болды, кейбір топтар, көпестер мен хатшыларды мысалға алсақ, каста сатысында жоғарылауға қауқары жетті, ал жергілікті орман тұрғындары сияқты басқа топтар, керісінше, төменге түсті. Жалпы алғанда, әйелдер біртіндеп әлеуметтік мәртебесінен айырылды. Әлеуметтік дәреже мен әрекет ережелерін қалыптастырған брахмандар әйелдерге қатысты екіұдай көзқарас ұстанды, кейбір жазбаларда күйеуі әйелін құрметтеп, бақытқа бөлеуі керек деп жазды.

Оңтүстік Азия әдебиеті мен өнерінде әйел адам әсемдік, әдемілік және әдептіліктің көрінісі деп дәріптеледі. Екінші жағынан алсақ, б.з.д. ІІІ ғасыр ғұламасы Ману: «Әйел адам балалық шағында – әкесіне, бойжеткенде – күйеуіне, ал отағасы дүние салғаннан кейін – ұлдарына бағынышты болуы керек; әйел адам ешқашан тәуелсіз болмауға тиіс»14 деп жариялады. Тек жоғары каста әйелдері ғана білім алды, жеке мал-мүлік пен мұраға иелік ету тұрғысында әйелдердің құқығы шектеулі болды және көп жағдайда отбасы қыз баланы тұрмысқа беру жайлы шешімді оның кішкентай кезінде-ақ қабылдап қойды. Кейбір будда дініндегі әйелдер монастырьға қосылу арқылы белгілі бір дәрежедегі автономияға қол жеткізді. Қысқасы, Оңтүстік Азия әйелдері барлық касталарда бар еді, бірақ солардың әрқайсысының ішінде әлеуметтік және экономикалық бағынышты топ құрады.

Гуптаның құлдырауы. V ғасырдың екінші жартысында Сасанидтік Парсы империясына маза бермеген ақ ғұндар Үндістанның солтүстік-батысындағы Гупта жеріне де үздіксіз шабуылдады. Еуропа жерінде құжынаған герман тайпаларына қарағанда, ақ ғұндар Гупта орталығын басып алмады, алайда Гупта экономикасын құлдыратып, оның қорғаныс қуатының сарқылуына себеп болды. Гупта мемлекеті күйремеді, нақтырақ айтсақ, ол әскери шығындар ауырпалығын, бағынышты патшалардың бас көтеруін және сарай шиеленістерін көтере алмай, әлсіреді. Парсы империясы ақ ғұндарды талқандаған VІ ғасыр ортасында Гупта империясы тарих сахнасынан кеткен болатын. Алайда үнді қоғамдық қатынастар тұғыры сақталып қалды.

Дүрбелең уақыт діндері

ОЙЛАН: Буддизм, христиандық және манихейліктің қандай ерекшеліктері кең қауымды баурап алды?

Б.з. ІІІ ғасырына таман буддизм мен христиан діні шекарасы мен мәдениетіне, әлеуметтік табы мен саяси билігіне қарамастан, миллиондаған халықты баурап алды. Осы ғасырда алғаш рет пайда болған манихейлік (man-іh-KEE-іsm) те ғасырлар бойы отанынан жырақта өсіп-өркендеді. 7-тарауда б.з.д. І мыңжылдықта Афроеуразия жеріндегі адамдар қарым-қатынасы әлдеқайда ауқымды деңгейде және одан да алыс қашықтықтарда бір-бірімен бірігіп, ұжымдаса әрекет ету үшін жаңа идеялар мен институттар қажет ететін күрделену деңгейіне жетті дегенбіз. Буддизм, христиандық және манихейлік осындай міндет атқарды.

Осы әлемдік діндердің негізгі сипаты – адамдарды белгілі бір этнолингвистік топтың, тайпа, қала немесе патшалық мүшесі ретінде емес, адам баласы ретінде адамшылық, құдайшылдық және сенім төңірегінде топтасуға шақырды. Сонымен қатар ең адалдары ілімді таратып, дінге үгіттеді. Бұл діндердің өзге де сипаттары болды. Үшеуі де дара тұлғаның, Будда, Иса, Манидің қоғамдық ілімдерінен бастау алды, олар адам баласын құдайлық тылсым күшке бағынуға және адами әрекеттерге, қоғамдық ұжымдасу ұстанымдарына адал болуға, өзімшілдіктен бас тартуға үгіттеді. Бұларды құтқару діні деуге де болады: олар дінге жан-тәнімен берілгендерді аяғында осы дүние қамы мен қасіреттен ғайып болу немесе аспанға көтерілу арқылы құтыласыңдар деп сендірді. Үш дінде де әртүрлі бейнеде көрінген әулиелер болды, олар діндарлар мен тылсым күш арасында делдал қызметін атқарды және игілік пен тазару жолында адамдарға жәрдемдесер күшке ие еді. Үшеуі де негізгі жазбалардан ғана тұрмайтын, жол сілтейтін киелі кітаптар ұсынды, моральдық және рухани жазбалар ақыры кітапханаларға айналды. Олардың барлығы медитация, жалбарыну, білім алу, тақуалық арқылы өзін табу жолындағы адам ізденісіне және адамдардың қоғам ішінде бірлесе жұмыс істеуге, күнделікті оқиғалар мен рәсімдерден ортақ мән табуға, бір-бірінің игілігі үшін жауапкершілік алуға қажет моральдық және этикалық ережелерге бағынды.

Әлемдік діндер әртүрлі тілге, мәдениетке және әлеуметтік мәртебеге ие адамдарды біріктірді (9.4-картаны қараңыз). Бір дәстүрді дәріптейтін қауымдары арасындағы уақыт және кеңістік шекарасы кеңейген сайын нақты сенімдер мен практикалар бір-бірінен ажырап, көбейді. Нәтижесінде, әр дін айрықша, кей жағдайда бір-біріне қарама-қайшы доктриналар, діни рәсімдер, институттар, мектептер, секталар мен тармақтарға бөлініп, дамыды.

9.4-КАРТА. Діндердің таралуы. Б.з. 200–600 жылдары

Картадағы сызықтарға қарағанда, б.з. 600 жылдары төңірегінде, қай аймақта буддизм, христиандық және манихейлік дін ұстанушылары қатар өмір сүруі мүмкін деп ойлайсыз?

Буддизм желісі

Б.з. І ғасырынан бастап көпестер мен тақуалар Будданың мораль және тазару жайлы сөзін Ішкі Еуразия арқылы Қытайға және теңіз жолдарымен Оңтүстік-Шығыс Азияға таратты. Миссионерлер де Парсы елі мен Сирияға сапар шегуден бас тартпады. Буддизм Ішкі Еуразияға Үндістанның солтүстігіндегі Кушан империясы арқылы тарады. Барлық адамға тазару жайлы уәде берген, буддизмнің Үлкен арба деп те аталған Махаяна мектебі тек монастырьда өмір сүру арқылы толық құлшылықты дәріптеген Кіші арба (Хинаяна) немесе Тхеравада буддизмінен ерекшеленді. Тхеравадашылар нирванаға жету немесе қасіретпен қайта дүниеге келу (реинкарнация) шеңберінен құтылу – сана-сезімнен толық еркін болу деп сенді. Адамдар ондай азаттыққа өз күшімен жетуі керек. Ал Махаяна ойшылдары: «Нирвана – адамның саналы жағдайы. Қарапайым адам өзгелердің жол табуына жәрдемдесу үшін нирванасын тоқтатып, қайта оралған бодхисаттвалардың көмегімен тазара алады» деп үйретті. Махаяна ілімі Будда мәртебесін мораль ұстазынан құдай және құтқарушы дәрежесіне көтерді. Осы дәстүрде құдайға теңескен буддалар рухани ізденіс сапарына шыққандарды демеу үшін әртүрлі бейнелерде көрінді. «Дүниеде» тіршілік еткен адамдар бодхисаттва немесе Буддаға бағыштап монастырьларға күміс, алтын, жібек немесе басқа тартулар берсе, олардың тазару жолын жылдамдататын рухани бата алды. Нәтижесінде монастырьлар байлыққа кенелді және осы байлықты көп жағдайда жергілікті өндіріс пен саудаға салды.

Махаяна жолы буддизмді талмай ізденушілерге арналған оңтүстік азиялық мораль жүйесінен баршаға қолжетімді әлемдік дінге айналдырды. Сондықтан да ол кең тарады. Кушан көпестері жібек сатып алу үшін Қытайға барды, ал олардың арасындағы буддистер б.з. І ғасырынан Лоян мен Хань империясының өзге қалаларында қоныс тепті. Қала монастырьларын тұрғызу үшін тақуалар да келді. Алғашында Хань сарайындағылар мен бюрократтар жаңа дінге аса қызыға қоймады. Олардың конфуцийлік құндылықтары о дүниенің рақаты мен монастырьдағы оқшаулануға емес, осы өмірдегі қоғамдық және саяси қатынастардағы үйлесімге негізделді. ІІІ ғасыр басында Кушан және Хань империялары күйрегенде адам тазаруын ұсынған буддалық миссионерлерге оңтайлы сәт туды.

Буддизмнің Қытайға жетуі. Ұзаққа созылған бытыраңқылық дәуіріндегі Қытайда миллиондаған адам буддизмді құп көрді. Аймақтық мемлекеттер бір-бірімен шайқасып, босқындар жайлап, шаруалар жерлерінен айырылған тұста азаматтық парасатты билік жайлы конфуцийлік идеалдар сөне бастаған тәрізді. Ауыл кедейлері, қаңғып қалған қала қолөнершілері мен құлдар қасіреттен құтылудың жаңа жолын құптады. Будданың ерікті рақымдылық жолын қолдаған монастырьлар азық-түлік, баспана және медициналық жәрдем ұсынды. Тіпті Янцзы алқабының оңтүстігіндегі қожалықтарынан айырылған конфуцийшіл ақсүйектер де Будда ілімінен жандарына дауа мен тыныштық тапты. Солтүстік-Батыс Қытай мен оның сыртындағы далаларда малшы көшпелілердің көсемдері Будда тақуаларын, хатшыларын және көпестерін жылы шыраймен қарсы алып, батыстан келген келімсектер әкелген рухани бағдарды, әдебиеті мен қолөнерін қолдады. Солтүстік-Батыс Қытайда V ғасырда Солтүстік Вэй патшалығын құрған бұрынғы көшпелілер басшылары өздерін Будданың инкарнациясы деп жариялап, мұны қолдаған монастырьларға аянбай қамқорлық танытты. Өзге аймақтық мемлекеттердің билеушілері де өздерін буддизммен байланыстырып, монастырьлар мен ступаларды (Будда жәдігерлері сақталатын құрылыстар) қамқорлығына алды. VІ ғасыр басында Солтүстік Вэй патшалығының астанасы Лоянда мыңнан аса монастырь болды.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы буддистер мен брахмандар. Кейбір Будда жиһанкездері Жібек жолдары арқылы Қытайға жеткен тұста, өзгелері Бенгал шығанағын муссон желдері бағытымен жүзіп өтіп, Оңтүстік-Шығыс Азияға дін таратты. Будда саудагерлері мен тақуалары алдымен Оңтүстік Камбоджа мен Вьетнамдағы Меконг өзені атырауында орналасқан патшалық немесе шағын патшалықтар тобы Фунанда орныққанға ұқсайды (7-тарауды қараңыз).

Будда пагодасы. Лоянның шығысында орналасқан, б.з. VІ ғасырының басына жататын мына ғибадатхана – Қытайдағы бізге белгілі ең көне Будда құрылысы. Құрылысшылар күмбез пішінді оңтүстіказиялық ступаны көп сатылы мұнараға айналдырған. Осы пішін Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы діни сәулет үлгілеріне айналды және Үндістанның өзіндегі индуистік ғибадатхана құрылысына да ықпал етті. Осындай сәулет формасының кең таралуының себебі не деп ойлайсыз?

Буддист саяхатшылар Фунан және Оңтүстік Азияның өзге мемлекеттеріндегі жергілікті халық билеушілердің билік заңдылығын отбасы шежіресі және қару күшіне сүйенуімен емес, моральдық жетекшілікпен қорған болатын тылсым құдіреті арқылы көрсетуін күтетінін байқады. Махаяна буддистері атаққұмар билеушілердің арасынан шәкірттер тауып, адамдар арасында адами ізеттіліктің үлгісі ретінде буддалық император Ашока (6-тарауды қараңыз) жайлы әңгімелер таратты және ағартушылық жолында бодхисаттвалар мен буддалар қандай демеу жасай алатынын көрсетті. Б.з. бірінші мыңжылдығында бастапқыда князьдіктер сарайларында қолдау тапқан буддалық қауымдар қала тұрғындары, кейін ауыл адамдары арасында да кең тарап, Малай түбегі мен Суматрада, Индонезияның басқа аралдарында көбейді. VІІ ғасырда қытай тақуасы Ицзин (Yіjіng) Үндістанға сапарынан кейін Суматра аралына тұрақтады. Кейін ол былай жазды:

«Оңтүстік мұхит аралдарындағы патшалар мен көсемдер сүйсінеді және сенеді (буддизм); олардың жүрегі игі амалдарға ашық. Бекініс-қала Бхогада саны мыңнан артқан буддизм абызы білім алу мен игі жораларға құлшына бет бұрған қытай абызы [тақуасы] тыңдау [дәріс] және оқу [түпнұсқа] үшін батысқа барғысы келсе, алдымен осы жерде бір-екі жыл қалып, тиісті ережелерді сыннан өткізіп барып Орталық Үндістанға аттануы керек»15.

Саудамен айналысатын үнді брахмандары да Оңтүстік-Шығыс Азияға сапар шекті. Жоғары кастаға жататын осы адамдардың көбі жалаң әрі мезі қылатын ғұрыптық құрбандықтар емес, құдайлық қуат пен мейірім ұсынатын, буддизм тәрізді үнді дәстүріндегі тақуалық дін – бхактиді ұстанды. Оңтүстік Үндістанда бхакти Вишну және Шива құдайларды құрметтеуді құптады. Оңтүстік-Шығыс Азия элитасы бхактидің тылсымға табынуды, сондай-ақ жан-тәнімен құлшылық ету арқылы билеушінің ғарыштық мораль билігінің патшасы, чакравартин рухани деңгейіне көтеріле алу мүмкіндігін мақұлдады. Буддизм және индуизм идеялары мен діни рәсімдері Оңтүстік-Шығыс Азияға қосарлана тарады, дінді жаңа қабылдағандар олардың арасындағы айырмашылыққа аса мән бермеді. Дін тарихшылары кей жағдайда осы аймақтағы үнді-буддалық дәстүрдің дамуы жайлы айтады. Мысалы, билеушілер қаржыландырған ғибадатханалар, ступалар және монастырьлар екі дәстүрдің де символдары мен бейнелерін біріктірді.

Вишну бейнесі. Тастан қашаған мына мүсін Орталық Үндістанда орналасқан Деогар қыстағындағы атақты ғибадатхананы безендіріп тұр. Ғибадатхана мына көріністе Ананта-Шеша жылан құдайына кербездене шынтақтап жатқан Вишну құдайға бағышталған.

Әмбебап буддизм б.з. бірінші мыңжылдығы аяғында Үндістанның шығысында пайда болғанымен, бұл жерде буддизм біртіндеп қолданыстан шыға бастағанын да айта кету керек. Бұл жағдай, негізінен, VІ ғасырдан бастап жаппай өріс алды, осы кезде бхакти қозғалысы Вишну, Шива және Оңтүстік Азияда бұрыннан құрметті өзге де құдайларға табыну арқылы рухани демеу іздеушілерге ағартушылық бағытты ұсынды. Шындығына келгенде, индуизм дәстүрі буддизмнің түрлі аспектілерін бойына сіңірді. Мысалы, ІХ ғасырға таман үнді монастырьлары көне буддалық институттардың бір түрі ретінде қалыптасты. Оңтүстік Азияда бірталай тхеравада буддалық монастырьлары сақталған, ал әйгілі махаяна жолын ұстанушылар азайып, тек Цейлонда ғана қалды.

Христиандық желі

Иса Палестинада уағыз жүргізген күннен көп ұзамай-ақ христиандар киелі жазбаларын, Исаның діндарлығы, өлімі және қайта тірілуі жайлы сүйінші хабарларды дүниенің төрт тарабына таратты. Христиан қауымдары жаңа әлеуметтік және мәдени ортада тамыр жайған сайын доктриналар, сыйыну және қауым құру жолдары буддизмдегідей әртүрлі болды. Буддистер мен христиандар дін негізін қалаған ұстаздың табиғи болмысын тану дін үшін өте маңызды деп сенді. Ол – адам ба, құдай ма немесе екеуі бір ме? Осы діндер тараған сайын беделді ойшылдар бұл сұрақтардың жауабын түсіндіруде бір-бірімен келіспеді. Христиан дәуірінің алғашқы төрт ғасырында теологтар докринаның бірқатар тұстарында, әсіресе «Иса кім болды?» деген мәселеде дауласты.

Константин билігінен бастап христиан патриархтары мен епископтары осы және басқа да мәселелерде ортақ шешімге келу үшін кеңеске жиналып тұрды. Ілімнің бірнеше басты мектебі ортақ келісім алу үшін бәсекелесті. империясы Исаны бір-бірінен ажырамайтын және өзара тең Қасиетті үштіктегі Құдай–әке және Қасиетті рухпен қатар, Құдай–ұл деген идеяны құптады. Ариандық деп аталатын екінші мектеп Құдай Исаны құдайлық болмыс беріп жаратқанымен, өзі Исадан үстем болды деді. Несторий патриархтың (б.з. 386–451 жылдары) құрметіне несториандық деп аталған үшінші мектеп «Иса екі болмысқа да ие» деп мәлімдеді. Бірі – адам, екіншісі – құдай, ал Иса–адам (қасірет шегіп, қайтыс болып, қайта тірілген) мен Иса–құдай (ондайды басынан өткізе алмайтын) арасында тұтастық болу мүмкін емес деп жариялады. Несториандыққа монофизит немесе Копт докринасы қарама-қайшы келді. Бұл доктринаға сай, Исаның адам болмысы толық Құдайға айналып, сондықтан ол ғайып болды. Соңғысы, гностиктер деген атаумен танымал христиандар мистикалық танымды ұстанды, олар «Иса – Құдайды, құдайлық рухты біріктірген Қасиетті ұшқынға ие» деп дауласты. Құтқарушы ретінде Иса барлық адамдар рухани білім арқылы «ішкі рухтың қайта тірілу» және Құдаймен бірігу мүмкіндігіне ие екенін көрсетті.

Феодосий император христиандықты империяның ресми діні еткеннен кейін, шіркеу басшылары Византия билігіне сүйене отырып, дұрыс емес деп тапқан доктриналарды қудалайтындай күшке ие болды. Одан қалса, олар дінбұзар85 адамдарды шеттетіп, қамауға алып немесе өлім жазасына кесті. ІV–V ғасырлардағы Рим епископтары ариан, несториан, монофизит және гностик нұсқаларын дінбұзар деп жариялады. Византия билігі құзырынан тыс жерлерде бұл шешім жүрмеді.

Бірлесе әрекет еткен мемлекет пен шіркеу құрбандыққа мал шалу ғұрпы тәрізді Римнің дәстүрлі жораларын да заңсыз деп жариялады. Христиан қауымдарына пұтқа табынушылар ғибадатханаларын жабуға және әзәзілдер деген себеппен ескі құдайлардың мүсіндерін қиратуға рұқсат берді. Рим политеизмі алдымен қалаларда, содан кейін ауылдық жерлерде біртіндеп жойылды. Феодосий еврейлерді заңды қорғандарынан айырып, синагогаларды аяусыз қиратқандарды жазалаудан бас тартты.

Христиан тақуалары. Кейбір ғалымдар Парсы елі мен Сирияға жол тапқан будда тақуалары христиандықтағы тақуа қозғалысының өсуіне себепкер болды деген пікір айтады. Буддизм мен христиандықта ғана емес, сондай-ақ иудаизм, индуизм және кейінгі ислам дәстүрлерінде де толық рухани құлшылық үшін оқшау рухани қауымдарға қосылып, тау-тасты кезіп, не орман немесе елсіз үңгірлерде оқшаулану «мына дүниеден баз кешуді» талап ететініне сенетін адамдар болды. Осындай діндарлар тақуалықты (аскетизм)86 қабылдады, яғни олар тән қажетінен бас тартып, уақытын медитацияға, құлшылыққа, сыйынуға, өзгелермен бірге дұға оқуға, пайдалы шаруалармен айналысуға немесе қайырымды істерге арнады. Осындай өмір салты оларды рухани тазару жолына немесе мәңгілік өмірге жетелейді деп сенді.

Христиан тақуалары Мысыр шөлінде рухани дәруіш күнін кешті. Әулие Пахомий (б.з. 346 жылы қайтыс болды) монахтарға арналған алғашқы қауымдық баспананың – он бір шіркеудің негізін қалады, онда жоқшылық антын қабылдаған жеті мың монах тұрды. Тақуалық дәстүрдің тағы бір орталығы Сирия еді. Әулие Симеон (459 жылы өмірден озды) тақуалықты жаңа деңгейге көтерді, тарихқа сенсек, ол бағанаға көтеріліп, қырық жыл бойы ешқайда шықпаған. Христиан тақуаларының көбі материалдық дүниеден бас тартты. Солтүстік Африканың атақты теологы әулие Аугустин: (354–430) «Діндар үйленуге мәжбүр болған күннің өзінде, тән пәктігін сақтау керек», – деп кеңес берді. Кейбір христиан жазушы ерлер: «Ер-азаматтар тән тоятын аңсамай тұра алмайды, себебі нәпсіқұмар әйелдер оларға маза бермейді», – деп жазды. Осы тұста христиан теологтары Адам атаның Жұмақ бағынан қуылуына Хауа ана себепкер болды деген идеяны желеу етті. Исаның пәк анасы – Мәриям әйел пәктігінің үлгісіне айналды.

Буддизмдегідей, христиан шіркеулері жарлы-жақыбайларға ғана жәрдемдесіп қоймай, әдебиет пен білімді дамытуға көмектесті. Шалғай ауылдық аймақтарда монахтар егіншілікті дамытты, жерлерді тазалап, жаңа дақылдар екті. Дінге бойсұнғандардың көбі тақуалық өмірді таңдамай, керісінше, дінді «дүниеде» жүріп-ақ ұстануды қалады. Бұл «зайырлы христиандарға» да қауымдық шіркеудегі маңызды рәсімдерді орындайтын және мүшелердің моральдық және физикалық қажеттіліктерін қадағалайтын дінбасылар87 керек болды. Византия шіркеуінде зайырлы дінбасылар сыйынушылар арасында жүрді, ал тұрақты дінбасылар монахтар мен монах әйелдерге арналған тәртіп «ережесі» немесе арнайы кодексін қадағалап, монастырьларда өмір сүрді.

Жерорта теңізінен тысқары аймақтардағы христиандар. Б.з. V ғасырына таман Рим шіркеуі бүтіндей Жерорта теңізі аймағына тарады. Батыс империяның күйреуінің аласапыранында епископтар мен олардың дін қызметкерлері мұқтаж жандарды жергілікті басқару және қызмет көрсетумен қамтамасыз ету ісіне араласты. Кейбір герман топтары ариан христиандығын қабылдады, оның бір себебі – христиан ілімдерін алғашында ариан миссионерлерінен қабылдауы десек, келесі себеп – олар Рим империясының дінімен ұштастырмай-ақ, жаңа дінге өту идеясын құп көрді. Миграция мен соғыс шаңы басылған соң герман патшалары билеу құқығын иелену үшін Рим шіркеуіне бойсұнды. Ариандық біртіндеп шеттетіле берді.

Аббисиниялық әулие Моисейдің VІ ғасырға жататын монастырі, Сирия. Аңызға сенсек, Абиссиния (Эфиопия) билеушісінің ұлы әулие Моисей дүниенің дәулеті мен құдіретінен бас тартып, христиан дәруішінің өмірін таңдаған. Христиандардың осындай қатал табиғи ортада монастырь тұрғызу себебі не деп ойлайсыз?

V–VІ ғасырларда монахтар христиандықты Солтүстік-Батыс Еуропаға Британия мен Ирландияға таратты. Миссионерлер көп жағдайда политеистік сенімдер мен бейнелерден мін көріп, оларды қиратты, алайда кейбірі жергілікті діни мәдениетті христиандықпен ұштастырудың жолын тапты. Мысалы, халық сыйынатын жергілікті құдайлар өз заманында әулиелерге айнала алды. Кельттік Ирландияда Бригид (Бригида) құдай әйел құрметіне жыл сайын өтетін мереке – христиан тақуасы Әулие Бригитке (Бригитаға) құлшылық етуге оңтайлы себеп болды. Рухтардың мекені болған киелі тау-тас, тоғай мен тоғандар кей жағдайда христиандықтың қасиетті орындарына айналды.

Еуропамен бір уақытта Месопотамияда және Парсы елінде де христиан қауымдары пайда болды. Анадолының шалғай шығысындағы Армения патшалығы – Византиядан сексен жылдай бұрын христиандықты ресми шіркеу ретінде қабылдаған дүниежүзіндегі алғашқы мемлекет. Тигр-Евфрат алқабына жеткен Исаның алғашқы ізбасарлары еврей заңдарымен өмір сүруді қалаған еврей-христиандар болған тәрізді. Бұл келімсектер осындағы еврей қауымдарымен тез тіл табысты.

Шалғай солтүстіктегі христиандық. Ирландиядағы кельт қоғамына тән крест.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Гиппондық әулие Аугустин: христиан теологы

Әулие Аугустиннің Римдегі Латеран сарайында бейнеленген, VІІ ғасырға жататын фрескасы

Солтүстік Африканың Тагаст қаласында, қазіргі Алжир аумағында дүниеге келген Гиппондық Аугустиннің (б.з. 354–430) әкесі – пұтқа табынушы, шешесі – христиан еді, түп-тамыры берберлер болғанмен, ол мәдени романданған отбасында өсті. Аугустиннің әкесі Патрик Тагаст қалалық кеңес мүшесі болғанымен, отбасы аса бай емес еді, иеліктерінде азғантай акр жер ғана болды. Соған қарамастан, Патрик пен оның әйелі Моника зерек ұлының білім алғанын қалады. Баланы жергілікті мектепке берді, он жетіге толғанда оқуын Карфагенде жалғастыруы үшін ауқатты жер иеленушінің қаржылай қолдауына ие болды. Сол жерде Аугустин қызметші әйелмен көңіл қосады. Заң жүзінде екеуі некелесе алмаса да, ортақ ұлдары өмірге келеді. Анасы Аугустинді христиандықты таңдайды деп үміттенгенімен, ол, керісінше, алдыңғы ғасырда пайда болып, христиандық сенімді зороастризм және буддизм элементтерімен араластырған манихейлік дін жолына түсті.

Мектепті тамамдаған соң Аугустин алдымен Карфагенде, кейін Римде риторикадан сабақ берді. Осы уақытта оның манихейлікке деген қызығушылығы бәсеңдеп, Платонның ежелгі грек жазбаларын оқуға негізделген жаңа философиялық қозғалыс – скептицизмге бет бұрды. Аугустин рухани ізденіс жолында болғанымен, оның ғұлама ретіндегі жолы басталды. Отызға келгенде латын әлеміндегі ең беделді академиялық лауазымды, Миландағы Рим империялық сарайының риторика профессоры қызметіне ие болды.

Осы қалада тұрған кезінде Аугустин Милан епископы Амвросийдің әсерлі дәрістеріне қатыса отырып христиан ілімдерін зерделей бастады. Аугустин таза рухани жол үшін күресін жалғастырады. Бір күні ол «Ал да оқы, ал да оқы» деп бұйырған «бала даусын» естиді. Библияны ашқанда, оның көзі рухани толғаныстарына жол сілтеген Әулие Павелдің сөздері жазылған үзіндіге түседі: «Жеп-ішуге емес, нәпсіқұмарлыққа және азғындыққа емес, бәсеке мен жауласуға емес, әмірші Исаға арқа сүйеңдер, тән мен нәпсінің жетегінде кетпеңдер».

Көп ұзамай Амвросий Аугустинді шоқындырды. 387 жылы ол профессор қызметінен кетіп, Тагастқа қайта оралды. Осында монастырьдың негізін қалап, монахтардың шағын қауымын төңірегіне топтастырды. Ол өмірін ой-толғауға және діни жазуларға арнаймын деген, бірақ олай бола қоймады. 391 жылы ол Солтүстік Африкадағы Гиппон Регийс қала-айлағына сапар шекті, осындағы христиан қауымы оны діндарлар қатарына қосылуға көндірді. Бес жылдың ішінде ол Гиппон епископы болады, осы қызметті 34 жыл бойы атқарады. Вандал басқыншылар 430 жылы Гиппонды талқандаған тұста ол кеселден көз жұмады, артында ғасырлар бойы христиан ойшылдарын жігерлендіретін еңбектер жинағын қалдырады.

Хаттарында, уағыздарында және трактаттарында Аугустин күрделілік және адалдық философиясын баса айтады, христиан діні мен ғибратының дәлелі ретінде сөзбен емес, іспен көрсету әлдеқайда маңызды дейді. Ол Солтүстік Африканы жайлаған пұтқа табыну нанымын жоюға тырысты, пұтқа табынушылардың христиан дінін қабылдағанын қалады. Оның еңбектерінің арасында «Тәубе» (Confessіons) да бар, ол жерде Аугустин жастық шағындағы гедонизм мен христиандықты қабылдауы жайлы баяндайды. «Құдай қаласы жөнінде» (Cіty of God) атты іргелі еңбегінде ол зайырлы мемлекет пен христиан шіркеуі арасындағы қарым-қатынасты зерделейді. Ол Адам ата мен Хауа ананың бастапқы күнәсі әсерінен бүкіл адамзат бұзылған деп пайымдады. Сондықтан да мәңгілік азаттық – адамның күш-жігеріне емес, Құдайдың сыйы мен мейіріміне тәуелді деген пікірде болды.

Сыни пайым

ІV ғасыр аяғы – V ғасыр басындағы Жерорта теңізі әлеміндегі саяси және экономикалық жағдай Әулие Аугустин өмір жолының бағытына қандай ықпал жасауы мүмкін?

ІV–V ғасырларда несториан христиандары Сасанидтер имериясында қауым қалыптастырды, олар Рим аумағында қалса қудалауға ұшырайтын еді. Несториан шіркеуінің бір ерекшелігі – литургия88 немесе шіркеудегі ресми құлшылық тілі ретінде грекшенің орнына сирия тілін қолдануында. Сирия тілі – б.з. І ғасырдағы жазбаша тіл, семит тіліне жататын арамей тобына диалектісі, Иса осы тілде де сөйлеген. Қызметін Тигр бойындағы Ктесифон қаласынан жүргізген несториан шіркеуі Парсы империясының қалаларында епископтар тағайындады, оның монастырьларының саны артты. V ғасыр басына таман Жібек жолдарының қақпасы іспетті, Парсы жерінің солтүстік-шығысындағы басты қала – Мәруада да христиан қауымы орнықты. Мәруадан шыққан несториан монахтары мен көпестері Орталық Азия мен одан тысқары аймақтағы шұрат қалаларға сапар шекті, буддалық монастырьлар тұрған жерлерге өз монастырьларын салды. VІІ ғасыр басында христиандар Қытайға жетті, келесі сегіз жүз жыл бойы несториан шіркеуі Ішкі Еуразия мен қытай жерінде қолдаушылар тапты.

Рим шіркеуінің Библиясына кірмеген, гностик дәстүріне қатысты киелі жазба – «Томас еңбектеріне» («Acts of Thomas») сай, Исаның апостолы Томас христиандықты Оңтүстік Азияға таратты. ІХ ғасырдың ортасына таман христиан қауымдары Үндістанның батыс жағалауы бойындағы қалаларда пайда болды. V ғасырдағы Мысыр географы Козма (Cosmas) Үндістанда ғана емес, сондай-ақ Цейлонда да гностик шіркеулер, ең аз дегенде бір епископтың бар екенін хабарлайды16. Оңтүстік Азия сырттан келген қоныстанушылар мен олардың сенімдерін құшақ жая қарсы алып, дін мен үнді қоғамдық жүйесін қабылдап алды. Нәтижесінде христиан қауымдары қатты ұлғаймаса да, өзара қыз алысатын ерекше каста ретінде, айрықша бірегейлігін сақтады. Христиандар Үндістанның құдайға қатысты заңдары мен өзге салттарын қабылдап, Исаны Вишну мен Шива тәрізді құлшылық объектісі ретінде көрсетті.

Киелі жазба Батыс Еуропаға жетпестен бұрын, керуендер мен кемелер Ніл өзені және Қызыл теңіздегі қым-қуыт сауда дәліздері бойымен христиан көпестері мен миссионерлерін тасымалдаған болуы керек. V–VІ ғасырларда христиандар Нілдің жоғарғы жағындағы, шамамен қазіргі Судан Республикасының аумағындағы Нубияға сапар шекті. Осы уақытқа дейін ұлы Нубия патшалығы – Куш ыдырап кетті (7-тарауды қараңыз), алайда оның орнын басқан кішігірім патшалық билеушілері, ақыр аяғында тұрғындарының да басым бөлігі көпқұдайлық діндерден бас тартып, монофизит (коптілік) немесе православ христиандығын қабылдады. Нубиядағы археологиялық қазбалар барысында V ғасырға және одан кейінгі уақытқа жататын шіркеулер, монастырьлар мен христиан өнері туындылары табылды.

Монофизит христиандығы қазіргі Эритрея мен Эфиопияда орналасқан африкалық патшалық және сауда торабы – Аксумде де тамыр жайды (7-тарауды қараңыз). 350 жылдар шамасында Аксум патшасы Эзана христиандықты қабылдады. Ежелгі грек жазушысы бұл оқиғаны Қызыл теңіз айлағында сандалып қалған екі христиан баласы – Эдесий және Фрументиймен байланыстырды. Аксум патшайымы басқаруға көмектесу үшін осы екі баланы, әсіресе алғыр Фрументийді қасына алды. Ол осы істі атқарумен қатар, Аксумдағы христиан көпестеріне қол ұшын созып, «оларды керек-жарақпен қамтамасыз етті, құрылыстар мен басқа да қажет дүниелерді тауып берді, елде христиандықтың тамырлануына барынша септесті»17. Аксумдегі миссионерлер мен епископ Мысырдағы монофизит коптілік шіркеу патриархына қарады. Христиан ғұламалары Библияны грекшеден Эфиопия шіркеуі литургиясының тіліне айналған семиттік геэз тіліне аударды. Аксум патшалығында орнығып үлгерген еврей қауымы да эфиопиялық христиандыққа зор ықпал етуі мүмкін. Шіркеу Еврей Библиясындағы (Көне өсиет) баяндарды, библиялық Өсиет сандығын, Аксум патша отбасының ежелгі Израиль патшасы Сүлейменнен тарағанын алға тартты.

Дінбұзар (heresy) – христиан дінінде шіркеудің ресми доктринасына қайшы келген сенімдер немесе жоралар.

Тақуалық (ascetіcіsm) – асқақ мораль немесе рухани күйге ұмтылу жолында жақсы өмір мен ләззәттан бас тарту ұстанымдары және тәжірибелері.

Дінбасылар (clergy) – өмірін діни қызметке арнаған, қарапайым сыйынушылардан ерекшеленетін, христиандықтағы адамдар.

Литургия – қауымдық құлшылықтың, әсіресе рәсімдер, дұғалар, оқулар және мадақ жырлар кіретін қызмет атқару ретінің қалыптасқан түрі.

Манихей жолы

Б.з. 1000 жылынан кейін секталар не қауымдар болып шашырап кеткеніне қарамастан, манихейлік – үшінші әлемдік дін ретінде ІІІ ғасырда пайда болды. Бұл қозғалыстың негізін қалаған Мани (б.з. 216–272 жылдар) Тигр-Евфрат алқабынан шықты. Оның әкесі еврей–христиандар сектасының мүшесі болса керек. Ал Мани өзге діндермен өте жақсы таныс болған да шығар. Ол сондай-ақ Кушан империясында да тұрды, сол жерден ол буддизм және индуизм дәстүрі жайлы да білген болуы керек. Жарық және түнек күштерінің мәңгілік күресі жайлы зороастризм ұстанымы христиандықтағы Құдай және Әзәзіл арасындағы екі күштің қарсылық үрдісіне ықпал етті. Мани жарық пен жақсылықты рухпен, түнек пен зұлымдықты материямен байланыстырды. Оның пікірінше, ғаламдағы жарық ұшқыны материяға қамалады, бірақ қайта шығу үшін үнемі күреседі. Оның іліміне сай, өзін осы жолға арнағандар қатаң тақуалық өмір салтын ұстануы керек, некеден де бас тартуға тиіс. Мани Заратуштраны, Будданы, әсіресе Исаны пір тұтты, бірақ өзін адамзатқа ақиқат әкелгендердің соңғысы және ең ұлысы деп жариялады. Кейбір ғалымдар Мани ілімінің негізін христиандық құраса, онда бұл христиан діні өне бойына тақуалық, вегетариандық, бейнелерге табыну және реинкарнацияға сену тәрізді бірнеше дәстүрді біріктірді деген пікірде.

Жібек жолы бойындағы манихейлер. Манихей абыздары жазу тақтайларына жазып отыр. Тарым ойпатының солтүстік шетіне жағалай созылған Жібек жолындағы Гаочан қаласынан табылған VІІІ немесе ІХ ғасырға жататын кітаптағы сурет. Осы дәуірде қолданысқа ие болған тағы қандай діндер Гаочан қаласында таралуы мүмкін?

Зороастр абыздарының талап етуімен сасанидтік режим Маниді қамауға алды, ол қапаста көз жұмды. Дегенмен келесі ғасырларда оның ізбасарлары Манидің сөзін Рим империясы мен солтүстік-шығыстағы Орталық Азияға таратты. Батыс империя ыдырай бастаған тұста манихей қауымдары Римнің бірқатар қалаларында орнықты. Шығыста аққа оранған манихей монахтары мен монах әйелдері Жібек жолдары бойымен буддистер мен несториандардың соңынан ерді. Ол жерлерде манихейлік монастырьлар өркендеді, осы жолға түскендер саны, әсіресе көпестер арасында көбейді. Манихейлер Қытайға несториандармен қатар, VІІ ғасырда жетті, алайда Хань Қытайы оларды буддалық секталардың жақтастары ретінде қабылдаған еді. Келесі үш ғасыр ішінде бұл дін далалардағы түркі халықтары арасында кең қолдауға ие болғанымен 1000 жылдардан кейін өзге әлемдік дәстүрлермен бәсекеге түсе алмады.

Тропиктік Африка: егіншілер, қалалар және темір

ОЙЛАН: Афроеуразияның басқа бөліктеріндегі халықтармен қарым-қатынас тропиктік Африкадағы қоғамдық, мәдени және экономикалық құрылымға қалай әсер етті?

Сахара шөлінен оңтүстікке қарай жатқан Африка Афроеуразия жер аумағының 30 пайызын құрайды. Біздің заманымыздың басында мұнда алып құрлық тұрғындарының небәрі 5 пайызы ғана қоныстанды. Оның негізгі себебі – егіншілер Африканың тропиктік ендіктеріне Афроеуразияның суармалы өзен алқаптарында тығыз орналасқан аграрлық халықтар қалыптасуынан соң, төрт мың жыл бұрын ғана, жаппай қоныстана бастады. Б.з.д. екінші мыңжылдықтан бастап егіншілік ылғал тропиктік ормандар мен саванналарға тараған сайын, ол жалпы экстенсивті аграрлық шаруашылық сипатына ие болды. Аумақтағы егінші немесе малшы қауым мүшелерінің саны шектен тыс көбейгенде кейбір топтар адам аз мекендеген жаңа жерлерді ашу мақсатында қауымнан бөлініп кетті. Нәтижесінде тұрғындар саны, әсіресе Ніл немесе Тигр-Евфрат өзен алқаптары тәрізді жерлермен салыстырғанда, онша арта қоймады.

Б.з. алғашқы ғасырларында тропиктік Африка тұрғындары алғашқы егіншілер экватор белдеуінің ормандарына және одан әрі Оңтүстік Африканың саванналарына жылжыған сайын біртіндеп көбейе бастады. Кейбір аймақтарда интенсивті егіншіліктің үдеуі мен тұрғындар санының артуы бірін-бірі қамшылай жүрді. Бұл одан да ауқымды қоныстардың пайда болуына кәсіби мамандықтардың көбеюіне, көршілермен арадағы өзара тәуелді сауданың артуына жағдай жасады.

Сахара шөлінің оңтүстігіндегі Африка жерінде батыстан шығысқа қарай созылып жатқан жартылай шөлейт аумақ (Сахел) пен саванна аймағындағы, Судан белдеуінде егіншілікпен шұғылданатын және ірі қара өсіретін халықтар б.з.д. бірінші мыңжылдықта қоғамды күрделендірді. Батыс Суданда, манде семьясына жататын тілдерде сөйлеуі мүмкін халықтар арасында, қоныстар саны артты. Қыстақтың кейбір тұрғындары белгілі бір кәсіпке маманданды, мысалы: темір балқыту, мата тоқу немесе тері илеу. Бұл қолөнершілер әлеуметтік кастаның белгілері бар ұйымдар құрды. Олардың мүшелерінде ортақ діни сенімдер, құпия ғұрыптар болды, сондай-ақ олар тек өз ұйымы ішінде де қыз алысты. Мамандануы әртүрлі қыстақтар ірі қоныстар төңірегінде кластерлерге бірікті, осы жерлерде қолөнершілер бұйымдарын жергілікті егіншілерге, малшыларға, басқа аймақтан келген көпестерге сатқан да шығар.

Археологиялық зерттеулер барысында осындай сауда орталықтарының бірі – қазіргі Мали Республикасы аумағындағы Дженне-Джено қаласы жайлы айтарлықтай көп дерек тапты. Қала Нигер өзенінің ішкері аймақтағы атырауында орналасқан, жаз айларында өзен сағалар мен батпақтардан құралған кең тұнбалы жазық түзу үшін тарамдала жайылады. Нигер өзені атырауы – балығы тайдай тулаған, ұсақ аңы құжынаған, жері күріш өсіруге қолайлы, құтты мекен. Қоныстанушылар б.з.д. 300 жылдар төңірегінде Дженне-Джено мекенінің негізін қалады, ал келесі жеті жүз жыл ішінде оның тұрғындар саны елу мыңға жетуі ықтимал еді. Оның қолөнершілері мыс бұйымдар, алтын әшекейлер, түрлі-түсті әсем керамика жасады. Темір кеніші қалаға жақын болды, ал балқыған мысты 900 миль қашықтықтағы Сахара кендерінен әкелуге тура келді. Қала Нигер өзені бойымен жоғары-төмен немесе жүк тиеген есектер арқылы құрлық үстімен түрлі металл мен өнім алмасатын транзиттік айлаққа не орталыққа айналды. Қала мен оның ішкері аймақтары кішігірім мемлекет қалыптастыруы да мүмкін. Бірақ олардағы орталық басқару жүйесі мен әлеуметтік таптар иерархиясы жайлы ешқандай дерек жоқ. Тарихшылар кең ауқымдағы Судан жеріне қарайтын Батыс Африкадан осындай қаланың материалдық қалдықтарын тапты, бұл – б.з. алғашқы ғасырларында аймақта урбанизация жүріп жатқанының айғағы.

Нок мәдениеті

Судан белдеуінің оңтүстік аймағында, тоғайлы саванналар тропиктік ормандармен түйіскен жерде де ірі егінші қоныстар пайда бола бастады. Нигерияның орталығында, Нигер өзенінің шығысында Нок қыстағының құрметіне аталған археологиялық нысаннан темір құралдар, темір балқыту пешінен шыққан қож үйінділері, күйдірген қыш ыдыстар мен құтылар, жануарлар мен адамдардың таста қашалған мүсіндері табылды. Бұлардың ішіндегі ең ғажайыбы – терракотадан жасалған адам басының ірі мүсіндері. Бұл мүсіндердің бетіндегі үшбұрыш пішінді көздер шынайы бейнеленген. Тарихшылар ағаш не қыш денесі бар бұл мүсіндер жердің құнарын арттыруға қатысты рәсімдерде қолданылды деген дәлелсіз болжамдар да айтты. Темір өндірісі б.з.д. 500 жылдардан бұрын-ақ басталған, Ноктан табылған материалдық деректер қоғамның әлеуметтік немесе саяси құрылымы жайлы мардымсыз мағлұмат береді. Терракота бас мүсіндер жергілікті патшаның бейнесі болуы мүмкін бе? Әлде ол құдай ма? Кейінгі ғасырларға қатысты білімімізді пайдалансақ, онда Нок халқы адам істеріне көп араласпайтын жоғарғы жаратушыға және бабалар рухына сенді. Қалай десек те, олардағы өнердің кемелдігі – Нок қоғамы аса шебер қолөнершілерінің еңбегін қамтамасыз ететіндей, бай экономикалық ресурстарға ие болғанын білдіреді. Мүсін жасаудағы Нок нақышы аймақта кеңінен тарағанын білеміз, мұның өзі басқа да темір өңдеу орталықтарының бой көтергенін меңзейді.

Деректерді САРАЛАУ

Нок мүсіндері

1928 жылы Нигериядағы Джос үстірті аймағында жұмыс істеп жүрген кеншілер ерекше зат тауып алды. Шамамен 4 дюйм болатын, терракотадан жасалған шар тәрізді зат – бас сияқты көрінді. Кен орнының британдық иесі Колонел Джон Дент-Янг жұмысшылары Батыс Африканың ежелгі мәдени дәстүрінің тұңғыш материалдық дерегін тапқанын білместен, олжаны жақын маңдағы музейге сыйлады.

Келесі он бес жыл ішінде ешқандай зат табылмады. Тек 1943 жылы кеншілер біріншісінен екі есе үлкен екінші терракота (күйген қыш) басты тапты. Джос провинциясының Британ отар әкімшілігінде жұмыс істейтін археолог Бернард Фагг осы екі құпия жәдігерді зерттей бастады. Жергілікті егіншілер мен кеншілерден олардың жылдар бойы бастар мен басқа мүсіндердің сынықтарын жинап жүргенін білді. Ең алғашқы бас Нок қыстағының маңынан табылғандықтан Фагг мүсіндерді «Нок мәдениетіне» тиесілі деп анықтады.

Одан бері Джос үстіртінен мыңдаған Нок мүсінін қазып алды. Олардың жартысынан көбі – терракота бастар. Радиокарбондық және басқа сараптамалар мүсіндердің ең көнесін б.з.д. 500 жылдар, ал ең кейінгісін б.з. 200 жылдарына жататынын анықтады. Бөлшектерінің көбін кесек саздан илеген, осындай әдіске қарағанда Нок мәдениетінде ағаш жону дәстүрі де болуы мүмкін.

Нигериядағы саяси ахуал археологтардың Джос аймағында жүйелі кәсіби қазба жұмыстарын жүргізуге кедергі келтірді. Оның орнына, Африка өнер туындыларын жинаушылардың ұсынған бағасына қызыққандар Нок жәдігерлерін қазуға немесе сатуға кірісті. Осындай сауда кесірінен, жасанды мүсіндер, тұтас адам мүсінін жасау үшін шағын сынықтарды бір-бірімен қисынсыз жабыстыру арқылы мүсіндерді қайта қалпына келтіруге сәтсіз ұмтылу тәрізді келеңсіздіктер байқалды. Ғалымдар зерттеген сынықтардан Нок мүсіндерін жасаушы шеберлер ғасырлар бойы қалыптасқан экономикалық және саяси күрделі қоғамда еңбектенді деген ой түйеміз. Осыған ұқсас қоғамдар мен көркем өнер дәстүрлері Батыс Африкадан әлі де ашылуы мүмкін.

Сақалды ер адамның күйген қыштан жасалған басы, Нок мәдениеті, б.з.д. 900 – б.з. 200 жылдары

Әйел адамның күйген қыштан жасалған басы мен кеуде тұсы, Нок мәдениеті, б.з.д. 500 жылдар

Сыни пайым

Мүсіндердің қандай ерекшеліктерін байқадыңыз? Екі мүсінге де ортақ стильдік элементтерді көрдіңіз бе? Осы мүсіндер Нок қоғамында қандай міндет атқаруы мүмкін? Осы мүсіндерде бейнеленген адамдардың қоғамдық мәртебесі немесе қызметі және олар өмір сүрген қоғам жайлы болжам жасаңыз.

Батыс Африканың орманды белдеуінде де қарқынды өзгерістер жүріп жатты. Солтүстіктен ауған егінші қоныстанушылар өздерімен бірге темір балта және кетпен ала келді, сонымен қатар олар ылғал тропикте өсе алмайтын дәнді дақылдар орнына осындай табиғи ортаға бейім ямс және тамыр жемістерге ауысуға мәжбүр болды. Бұл егіншілер мыңдаған жыл бойы ормандарда тіршілік еткен кішігірім терімші және аңшы қауымдарды ығыстырды, не олармен сіңісіп кетті.

Африканың шығысы мен оңтүстігі

Шығыс және Оңтүстік Африканың климаты мен өсімдік әлемі өте күрделі. Құрлықтың шығыс жағында орналасқан, солтүстіктен оңтүстікке созылған таулы өлкенің арқасында бұл жердегі экологиялық белдеу Батыс Африкадағыдай шығыстан батысқа дейін созылып жатқан жазық емес. Дақыл егетіндер, орман өсімдіктерін өсірушілер, ірі қара бағушылар, терімші-егіншілер мекендеген Шығыс және Оңтүстік Африка айрықша экологиялық аймақтардың аса күрделі мозаикасы деуге болады. Біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында түрлі тілдерде, соның ішінде банту семьясына кіретін тілдерде сөйлеген егіншілер мен ірі қара өсірушілер оңтүстікке қарай көше берді. Диқандар егіншіліктің отап-өртеу жүйесін қолданды, темір және тас қарулармен жұқа тропиктік топырақты өңдеді, ал топырақ қабатының құнары кеміген тұста жаңа жерлерге ауысты. Егінші отбасылар тұрақтап қалған жерлерде домалақ, шатыры конус пішінді ағаш не кепкен балшықтан жасалған үйлері бар ерекше қоныстар – қожалықтар, ауылдар немесе қыстақтар көбейді.

Шалғай оңтүстікке, осы аймаққа б.з. 400 жылдарына дейін келген темірді қолданысқа енгізген банту тілдес қоныс аударушылар ірі қара өсіретін койкой (COY-coy) және жалпы «сан» деген атаумен белгілі терімші-аңшы халықтармен байланыс орнатты. Осы үш топ өздері жақсы жасайтын өнімдерін бір-бірімен айырбастады, койкой малшылары банту егіншілеріне бақташылықтың қыр-сырын үйретті. Ғасырлар барысында банту халықтарының саны ертедегі қоғамдардан асып түсіп, койкой және сан халықтары Намибиядағы Калахари шөлінің шеті тәрізді құрғақ әрі шеткері аймақтарда ғана сақталды.

Оңтүстік-Шығыс Азияның Африка қоғамына қосқан үлесі

Б.з. І–ІІІ ғасырлар аралығында теңіз жиһанкездері Шығыс Африка жағалауына жетті. Осы қоныс аударушылардың саны бірнеше жүзден аспайтын, кей топтары жағалауда тіршілік еткен қоғам мүшелерімен некелесіп, көп ұзамай жеке этнолингвистік топ ретінде жойылып кеткен шығар. Ал басқалары жағалау бойымен оңтүстікке қарай жылжып, ІІІ немесе ІV ғасырда қазіргі Мозамбик каналын жүзіп өтіп, Мадагаскар аралына жетті. Бұл адам аяғы баспаған жер болуы мүмкін, сол себепті келімсектер тілі мен мәдениетінің кейбір элементтерін сақтап қалды. Мадагаскар қоныстанушылары малагаси тілінің көне нұсқасында сөйледі, бұл тіл – қазір де аралдың негізгі тілі. Малагаси австронезиялық тілдер семьясына жатады; оған ең жақыны – Индонезиядағы Борнео аралындағы тұрғындар сөйлейтін тіл.

Австронезиялық теңізшілердің Борнео сияқты жерден шығып, Үнді мұхиты арқылы 4000 мильді қалай жүзіп өтіп, Шығыс Африкаға қалай жеткені сол – күйі шешуі табылмаған жұмбақ. Индонезия мен Малай түбегінен шыққан малай көпестері мен тасымалдаушылары Бенгал шығанағы және Араб теңізі саудасында маңызды рөл атқарғаны бізге мәлім. Малай жиһанкездері б.з.д. І ғасыр аяғында Араб теңізінің оңтүстіктегі жағалауында кем дегенде бір сауда қонысының негізін қалады. Аксумның және Араб түбегінің саудагерлері тропиктік Шығыс Африка жағалауына барған соң, малай саяхатшылары да оларға ерген болар, және басқаларды да соңынан еруге шақырған да шығар.

Шығыс Африкада тұрған, австронезиялық тілде сөйлегендер тарих сахнасынан кеткенімен, олардың соңында көлемді экономикалық із қалды. Бұл теңізшілер Африкаға алғаш рет азиялық ямс, таро тамырын, қант қамысын және бананның белгілі бір түрлерін апарғанын өсімдік генетикасы дәлелдейді. Оңтүстік-Шығыс Азияның экваторлық табиғатында өскен бұл өсімдіктер экваторлық Африкада да дәл солай гүлдеді. Ол жердегі егіншілер негізінен ямс тәрізді жергілікті өсімдіктер мен плантанға (бананға ұқсас крахмалды тағам) тәуелді болды. Нәрлілігі өте жоғары (әртүрлі жолдармен пісіруге болатын) банан ылғалды тропиктердегі аграрлық халықтардың өсіп-өнуіне үлес қосқаны сөзсіз. Олар Батыс Африка орманына шамамен б.з. 1000 жылдарында жетті.

Қорытынды

Тарихтың тұтас аясында қарасақ, Афроеуразия кеңістігіндегі халықтың өсуі, қоғамның айтарлықтай күрделенуі және экономикалық өндіріс пен айырбастың кеңеюінің ұзақмерзімді үрдісі шамамен ІІ–VІІ ғасыр арасында біршама тұрақтады. Ғалымдардың есептеуінше, 3000 жыл бойы ұдайы өсіп отырған Афроеуразия тұрғындарының саны б.з. 200–700 жылдары аралығында 245 миллионнан 188 миллионға бір-ақ кеміп, кейін қайтадан көбейген18. Басқа санақ, тұрғындары 30 мыңнан 450 мыңға жететін Афроеуразия қалалары б.з. 100–500 жылдары аралығында жетпіс бестен қырық жетіге азайғанын көрсетеді19. Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкадағы біршама қалалар қаңырап қалды не мүлдем жойылып кетті. VІ–VІІ ғасырлардағы Еуропа, Солтүстік Африка және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тұрғындардың жаппай қырылуын Юстиниан індеті және қайтадан өршіген індеттер арқылы да түсіндіруге болады.

Дегенмен осы ғасырлардағы халықтың азаюы, деурбанизация және экономика біркелкі төмендемеді. Герман және ғұн шапқыншылығы, Батыс Рим империясының ыдырауы тәрізді өзгерістер Еуропа мен Жерорта теңізі аймағында жүрген болар. Хань дәуірінде урбандалып, халық саны кәдімгідей артқан Солтүстік Қытай да империяның күйреуінен кейін ауыр дағдарыстан зардап шекті. 200 жылдардан кейін жібек саудасы ұзақ уақытқа құлдырай қоймаса да, Ішкі Еуразиядағы малшы топтар арасындағы күш тұрақсызданып, толқулы күйде болған сайын Жібек жолы ара-тұра үзіліп қалып отырды.

Шығыс Рим империясы, Гупта дәуіріндегі Оңтүстік Азия, әсіресе дүрбелең замандағы Оңтүстік Қытай экономикасы өркендеді. 200 жылдардағы тропиктік Африканың демографиялық және экономикалық өсуінің бастапқы негізі, айталық, Үндістан және Қытаймен салыстырғанда әлдеқайда төмен еді. Алайда келесі бес ғасырда өсу қарқыны жылдамдағаны анық. Осы ғасырларда Афроеуразияның ең көркейген қоғамдарының өзінде, кейбір жерлерде құралдар мен егіншілік әдістері жақсарғанына қарамастан аграрлық технологиялар айтарлықтай өзгере қоймады. Адамдар биомассаға (ағаш және өсімдік), үй жануарының қара күшіне, адам еңбегіне және кей жағдайда өндіруші қуат алу үшін жел мен суға арқа сүйеді.

600 жылдан кейінгі ғасырларда да ешкім аса үлкен технологиялық жаңалықтар ашпады. Дегенмен Афроеуразиядағы өсім ұлғайды. Оған бірнеше факторлар үлес қосты, олардың ішінде аймақаралық сауда және мәдени айырбастың жаңа серпіні де бар. Бұл құбылыс Жерорта теңізінен Үндістанға дейін созылған саяси және мәдени қуат белдеуін қалыптастырған араб тілдес халықтар өмірімен байланысты.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

10

Араб империясы заманындағы Афроеуразия
Б.з. 500–800 жылдары
Куфи жазуымен берілген Құранның бір парағы. X ғасыр, Тунис

Он төрт ғасыр бұрын араб тілі Араб түбегі, сондай-ақ Сирия мен Ирак аймақтарының халқы ғана қолданатын тіл болатын. Қазіргі таңда бұл тілде 200–300 миллионға дейін адам сөйлейді. Ол – ең көп тараған тілдер тізімінде қытай (мандарин диалектісі), испан және ағылшын тілдерінен кейінгі төртінші орында. Араб тілі – Оңтүстік-Батыс Азия мен Солтүстік Африкада орналасқан 24 елдің ресми тілі. Бұдан басқа, көп елдердегі саны аз топтар да осы тілде сөйлейді. ІV ғасырдан бастап араб тілі жазба тілге айналды. Қазіргі таңда араб тілінің әліпби жүйесі, латын әліпбиінен басқа әліпбилерге қарағанда, әлдеқайда кең қолданылады. Тарихи оқиғаларға, атап айтқанда, жаңа империяның пайда болуы мен исламның жаңа әлемдік дін ретінде қабылдануына байланысты араб тілі де ағылшын тілі секілді халықаралық негізгі тілге айналды. VІІ ғасыр басында Араб түбегінің батысындағы шөлейтте орналасқан Мекке қаласында араб тілінде сөйлейтін көпес Мұхаммед ибн Абдулла барша қауым алдында рухани және адамгершілік жаңғыру ілімін насихаттай бастады. Мұсылман дәстүрінде Мұхаммедке Алладан уахи араб тілінде түскені жайлы айтылады. Кейін оның сахабалары бұл аяндарды қағазға түсіріп, исламның іргелі кітабы − Құран (koo-RAHN) пайда болды. Мұхаммед діни ізбасарлар тобын қалыптастырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін саяси қауымдастықтың негізін қалады. Ол дүниеден қайтқан соң, 632 жылы араб жауынгерлері бұл мемлекеттің аумағын кеңейтті. Арабтар үстемдігін орнатқан барлық жерде араб тілін жаулап алушы элитаның ғана емес, сондай-ақ исламның қасиетті тілі ретінде де қолданды. VІІ–VІІІ ғасырларда Араб империясының қарқынды ұлғаюы мен дамуы бүкіл әлемді таң қалдырған құбылыс ретінде назарға ілікті. Шын мәнінде, бұл – Афроеуразияның байтақ әрі қуаң аймағында, яғни Африкадағы Сахара мен Шығыс Азияға дейінгі аралықта созылып жатқан Ұлы Арид зонасында (І.2-картаны қараңыз) осы кезеңде пайда болған бірнеше ірі мемлекеттің бірі ғана еді. Осы тараудың алғашқы бөлігінде аталған империялардың бой көтеруін және олардың Афроеуразияның ауыл шаруашылығымен айналысатын халық тығыз қоныстанған аймақтарына тигізген әсерін зерттейміз. Араб мемлекетінің пайда болуын жан-жақты қарастырамыз. Араб түбегіндегі мемлекет сол ғасырда Оңтүстік-Батыс Азия, Солтүстік Африка мен Еуропаның Пиреней түбегі (Испания мен Португалия) аумағын қамтыды. Сондай-ақ осы уақытта империялардың негізін қалағандар ішінде арабтар ғана жаңа діни ілімді таратқан еді. Арабтар құрған қарулы әскер Жерорта теңізі алабының көп бөлігін басып алғанымен, барлығын бірдей бағындыра алмады. Тараудың екінші бөлігінде Жерорта теңізі алабының солтүстік және оңтүстік аймақтарын сақтап қалған христиан қоғамдарын талқылаймыз. VІІ ғасырда араб әскерлері Рим империясының мұрагері Византия мемлекетінің ең бай аймақтарын жаулап алып, тіпті ұлы астанасы Константинопольге қауіп төндірген кезде, Византия үлкен дағдарысқа тап болады. Дегенмен Византия айрықша грек-христиан мәдениетінің қасиетті ордасы ретінде сақталып қалды. Германдар мен ғұндардың ұзақ уақытқа созылған басқыншылық жорықтары тыйылған соң, Батыс және Орталық Еуропа халықтары саяси тұрақтылық орнату және экономиканы қайта құру үшін жаңа тірек іздеді. Бұл аймақтағы ауызбірлікті қамтамасыз етуде христиан шіркеуінің маңызы зор болды. Жерорта теңізінің оңтүстік бөлігіндегі Ніл өзені алқабын мекендеген христиан қауымдары өркендеп, өсті. Тараудың соңғы бөлігінде араб империясы пайда болуымен тұспа-тұс уақытта Суй және Тан әулеттері ұзақ уақытқа созылған Қытай өңірін бөліп-жаруды тоқтатып, орталық басқару жүйесін қайта құрған кезеңді қарастырамыз. Қытайда тұтастық орнаған соң, халқының саны өсіп, экономикасы нығайған жаңа кезеңнің таңы атты. Шығыс және Оңтүстік-Батыс Азияда урбанизация, өндіріс және кәсіпкерлік кең етек жайып, Афроеуразияның құрлық және теңіз арқылы өтетін сауда-саттық жолдарындағы айырбас үдемелі түрде артты.

10.1-КАРТА. Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. Б.з. 500 жылдары Картадан Еуропа мен Солтүстік Африкағы қарулы жорықтардан кейінгі Афроеуразияны көруге болады. Б.з. 250 жылынан бері Жерорта теңізі алабы геосаяси картасынан қандай өзгеріс көріп тұрсыздар? 9.1-картамен салыстырыңыз.

Дала мен шөлдегі жаңа империялар ОЙЛАН: Еуразияның ішкі империялары мен Араб империясы дамуындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктер қандай? 9-тарауда ІІІ–VІ ғасырлар аралығында Ішкі Еуразияның көшпелі малшылары жауынгерлік бірлестіктер құрып, Үндістан, Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкадағы көрші аграрлық қауымдарға қарсы ұйымдастырған шабуылдарының бірнеше толқынына сипаттама бергенбіз. Бұл жаугершілік қозғалыстарға қатысқан герман босқындарымен қатар, аландар, ғұндар, ақ ғұндар, аварлар мен басқа да атты садақшылар Батыс Рим империясының құлдырауын үдетіп, Шығыс Рим немесе Византия империясына, сондай-ақ Парсы елі мен Үндістанға да ұзақ уақыт бойы қауіп төндірді. Ал Шығыста көшпелі тайпалар жүздеген жылдар бойы Қытайдың солтүстік-батыс шекарасына қысым көрсетіп тұрды. Екі жаңа оқиғаны есепке алмағанда, VІІ–VІІІ ғасырларда мал шаруашылығымен айналысатын халықтар Афроеуразия тарихында елеулі рөл атқарды. Ол оқиғаның біріншісі, атты әскер Ішкі Еуразия аймағында ірі мемлекеттердің негізін сала бастады. Ғұндармен салыстырғанда олар көшпелі тайпа емес еді. Дәлірек айтқанда, олар Ішкі Еуразияның жайылымын, шұраттағы шаруашылығын, алыс қашықтықтардағы сауда-саттықтың ауқымды бөлігін бақылап, тұрақты әрі жақсы жұмыс істейтін үкімет құруды көздеді. Екіншіден, тарих сахнасына алғаш рет шөлде орналасқан Араб түбегі шығып, күтпеген жерден саяси биліктің жаңа орталығына айналды. VІІ ғасырда араб тілінде сөйлеген көшпелілер мен шұрат тұрғындары жаңа мемлекеттің іргетасын қалап қана қоймай, герман тайпалары мен ғұндардың екі ғасыр бұрынғы әрекеттерін қайталап, ауыл шаруашылығымен айналысатын көрші аймақтарға шабуыл жасап, Ирандағы Сасанидтер империясын талан-таражға салып, талқандады және Византияның ең бай аймақтарының біршамасын басып алды.

Ұлы Жібек жолы бойындағы империялар

VІ ғасыр соңында Ішкі Еуразияның керуен жолдарында 300 жылға жуық созылған тәртіпсіздік пен іркілістер аяқталып, сауда-саттық жандана түсті. Дала мен тауларда бірқатар империялар бой көтеріп (10.2-картаны қараңыз), жағдай жақсарды. Осы империялардың іргетасын қалағандардың ең негізгілері – түркілер, тибеттіктер, ұйғырлар (WEE-goors)мен хазарлар еді.

10.2-КАРТА. VІІ–VІІІ ғасырлардағы дала мен шөлдегі империялар

Афроеуразияның ауыл шаруашылығын жүргізуге аса қолайсыз шөлейт аймақтарында ірі және қуатты мемлекеттердің пайда болуын қалай түсіндіресіз?

Түрік қағанаты. Түркілер (түріктер деп те айтылады) деген атпен белгілі жауынгерлер сол кезде пайда болған жаңа мемлекеттердің ең ежелгісінің іргетасын қалап, Ұлы Жібек жолын қалпына келтіріп, дамуына жағдай жасау арқылы пайдаға кенелгісі келді. «Түркілер» атауы, негізінен, түркі тілдерінде сөйлеген, мал шаруашылығымен айналысқан белгілі бір көшпелі тайпаларға қатысты пайда болды. Дарынды көсемдер басшылық еткен, садақпен, болат қылыштармен қаруланған түркі атты әскері көрші халықтарды жеңіп, қолға түскен ересек ерлерді ірі жауынгерлік бірлестік құру үшін өз қатарына қосып алып отырды. Қуаты әлдеқашан артқан әскер шалғай аймақтардағы тайпаларды жаулап алды. Түркілер әскерінің саны бұрын кең дала жазығында қалай артса, дәл солай қарқынды өсті. Әскер қатары артқан сайын, мемлекет құрамы Ішкі Еуразияның бірқатар тілдерінде сөйлейтін халықтармен, соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын көшпелілер мен шұратты өңір шаруаларымен толығады. Түркілер туыстық қарым-қатынастарға негізделген әулеттік және тайпалық құрылымға қоса, орталық басқару иерархиясын құрды. Жоғарғы билеуші немесе қаған жоғарыдан төмен қарай өзі тағайындаған аймақ басшыларына жарлық түсіріп отырды. Жарлықтың орындалуын жергілікті тайпа көсемдері мен қала басшылары қадағалады. Әскер мен әкімшілік жүйені қамтамасыз ету үшін қажет қаражатты билік тұрғылықты халық пен саудаға салық салу арқылы жинақтады.

Түрік қағанаты саяси сахнада 552 жылы құрылды. Екі ғасыр бойына гүлденіп, ақыры 745 жылы тайпааралық талас-тартыстардың салдарынан құлдырады. Бұл қақтығыстарға Қытайдағы Тан үкіметінің қатысы болды. Олар жібек мата жеткізіп береміз әрі әскери қолдау көрсетеміз деп уәде беру арқылы түркі билеушілерін бір-біріне айдап салып отырды. 603 жылы бұл мемлекет Батыс Түрік қағанаты және Шығыс Түрік қағанаты болып, екіге ыдырады. Осы екі мемлекетті қоса қарастырсақ, олар Ішкі Еуразияның Солтүстік-Батыс Қытай мен Қара теңіздің солтүстік бөлігінен басталатын Понти-Каспий алабынан құралған кең-байтақ аймаққа үстемдік етті. 628 жылы Будданың қасиетті жазбаларын жинақтау үшін Үндістанға жаяу саяхатқа аттанған қытай тақуасы Сюань Цзан (Xuanzang; SHWEN-ZAHNG) Ұлы Жібек жолының Батыс қаласында түркі қағаны Тоң Жабғудың (Tong Yabghu) алдына келеді. Ол түркі қағаны сарайының сән-салтанаты туралы хабарларды растады. Кейінірек былай деп жазды:

«Қаған жасыл жібек шапан киген. Шұбатылған шашын байлап алған, ұшы артқа салбырап тұр. Басына ұзындығы 10 фут жібек орауыш мата ораған. Оның жанында шашын өрген, зерлі жібек шапан киген 200 сарбаз, оң және сол жағында көзбен өлшеп санын шамалай алмайтын, түйе мен жылқыға мінген, қолдарына байрақ пен найза ұстап, садақ асынған, үстеріне үлбір мен жұқа матадан тіккен киім киген ерікті жауынгерлер еріп жүреді»1.

Сауда түсімін арттыру үшін түркілер Әмудария мен Сырдария өзендерінің арасында созылып жатқан, қазіргі таңдағы Қазақстанның оңтүстігі мен Өзбекстанның аумағын қамтыған Орталық Азиядағы Соғды (SUGG-dee-an-uh) саудагерлерімен тығыз ынтымақтастық орнатты. Иран тілдері тобына жататын тілде сөйлеген соғдылар сауаттылығымен, сауда жүргізу тәжірибесімен көзге түсті. Біздің заманымыздың қарсаңында олар Соғдыдағы Самарқандтан бастап Қытай қалаларына дейінгі аралықта сауда-саттықпен айналысатын диаспоралық қоныстар салды. Түркілердің қорғауында болған соғдылар Қытайдың жібек, зығырдан жасалған мата, шарап, нефрит сынды аса құнды тауарларын Оңтүстік-Батыс Азияның жылқы, түйе, тері, сондай-ақ өңделген басқа да өнімдеріне айырбастау үшін Батысқа алып барды. Соғды саудагерлердің көбі зароастризмді, қалғандары будда, манихей және христиан дінінің несториан бағытын ұстанды. Олар осы діндердің Қытай мен Ішкі Еуразия аумағында таралуына септігін тигізсе, соғды ғалымдары осы діндердің қасиетті жазбаларын бірқатар тілдерге, соның ішінде қытай тіліне де аударды.

Ұйғыр қағанаты. VІІІ ғасыр ортасында тайпаларының билік үшін қырғиқабақ таласынан екінші Түрік империясы да әбден әлсіреді. Дегенмен ұйғырлар, түркі тілдес жауынгерлердің жаңа конфедерациясы, аз уақыт аясында өз иеліктерін жылдам ұлғайтты. Жүз жылға жуық дәурендеген Ұйғыр қа­ғанаты (744–840) Ұлы Жібек жолының шығыс бөлігін басқарды. Ұйғыр атты әскері Қытайдың Сары өзен аймағына бірнеше мәрте басып кіріп, қалаларды талады. Қытай шенділері оларға да жібек матаның мыңдаған орамын беріп қана құтылатын. Түркілер тәрізді, ұйғырлар да Жібек жолы бойында тараған будда, зороастризм мен несториандық христиан діндерімен таныс болды. Ираннан келген тақуалар мен саудагерлер ықпалының әсерінен ұйғырдың жоғары тап өкілдері ІІІ ғасырда Мани насихаттаған аскеттік манихей сенімін қабылдайды (9-тарауды қараңыз). VІІІ ғасыр аяғы мен ІX ғасырда манихей ғибадатханалары мен шіркеулері дала аймағының шығыс бөлігі мен Қытайда көптеп пайда болды. Бұл дін, сондай-ақ будда және несториан христиандығы 840 жылы Ұйғыр қағанаты күйрегеннен кейін ықпалынан айырылып қалды. Бұл жағдай манихей дінінің болашақта әмбебап әлемдік дін ретінде қалыптасуына кедергі болды.

Тибет. Төртінші империя Ішкі Еуразияның дала аймағында емес, Тарым ойпаты мен үлкен Гималай тауларының арасында орналасқан Тибет үстіртінде пайда болды. Тибеттіктер құрамына қытай тілі кіретін топқа жататын тілде сөйледі. Егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысқандықтан, оларға аралас экономика тән болды. 618 жылға таман тибеттіктердің көшбасшысы Сонгцан Гампо (Songtsan Gampo; 649 жылы қайтыс болды) жергілікті жер қожаларын өзіне бағынышты етті. Сауыт киген әскер тобын жасақтауға қажет қуат жинағаннан кейін, тибеттіктер үстірттен төмендегі Тарым ойпатына бет алып, Жібек жолының шығыс бөлігінде орналасқан қалалардың көбін жаулап алды және осы қалалар арқылы өтетін сауда-саттықты біршама уақыт аралығында бақылауында ұстады. Тибет әулетінен шыққан барлық императорлар будда тақуалары мен ғибадатханаларын қамқорлығына алды. Бұл саясат мемлекеттегі будда дінінің тибеттік нұсқасы деп саналып кеткен айрықша наным-сенім мен салт-жоралардың ықпалын асқақтатып, халықтың сол сенімді қабылдауына себепкер болды. 842 жылы империяның кенеттен күйрегеніне қарамастан, ол екі ғасыр бойы қалаларға, әрі сауда-саттық жолдарына үстемдік ету үшін қытайлар, түркілер және ұйғырлармен кезек-кезек соғысты, келіссөздер жүргізді және Еуразияның ішкі саясатында маңызды рөл атқарды.

Хазарлар. Дәурені ұзақ уақытқа созылған түркітілдес мемлекет (630–965) − Хазар империясы. Қара және Каспий теңіздерінен солтүстікке қарай созылып жатқан Понти-Каспий алқабында пайда болған Хазар империясының аумағы дамуының шарықтау шегіне жеткенде Еділ, Дон және Днепр өзендерінің құнарлы егістік алаптарын қамтыды. Бұл мемлекет әртүрлі түркі тілді тайпалардың бірігуінің нәтижесінде пайда болды. Олардың көбі Ішкі Еуразиядағы соғыстар мен қуаңшылықтан қашып, батысқа қарай қоныс аударды. Хазар билеушілері бірнеше әкімшілік қала құрып, үндіеуропалық және түркі тектес егіншілерді, қала тұрғындарын және мал шаруашылығымен айналысатын әртүрлі халықтарды басқарды. Хазар империясы екі ірі сауда-саттық жолдарында жүргізген саудаға салық салу арқылы да байлық жинады. Оның бірі – Қара теңізге жетіп аяқталатын батыс бағыттағы Жібек жолы. Екіншісі – Ресейдің қоңыржай ендіктегі ну ормандарын Парсы елімен және Сириямен байланыстырып тұрған солтүстік және оңтүстік бағыттағы жолдар.

Хазар жауынгері. Сауыт киіп, қаруланған жауынгердің суреті безендірілген сүйек-жәдігер. Бұл заттың шыққан жері – Қара теңіздің солтүстігіндегі Дон өзені алабы. Қасиетті нысандағы салт атты жауынгердің суреті хазарлықтардың жоғарғы тап өкілдерінің құндылықтары туралы бізге қандай мәлімет береді?

VІІІ ғасырда иудаизм хазарлардың билеуші табы мен саудамен айналысатын топтар арасында тарап кетті. Діннің қалай тарағаны жайлы мәліметтердің аз екеніне қарамастан, түркі тілдес халықтар келгенге дейінгі ұзақ уақыт аралығында, Кавказ және Қара теңіз аймағын еврей қауымдарының мекендегендерін дәлелдейтін айғақтар бар. Олар ешқашан халықтың көп бөлігін өз діндеріне тартпағанымен, хазар патшалары Еврей Библиясынан (Көне өсиет), иудаизмге ресми мәртебе берді. Беткеұстар саясаткерлер мен саудагерлер еврей әліппесін діни тәжірибе, сондай-ақ әкімшілік және сауда-саттық қарым-қатынас жасау құралы ретінде қолданды. X ғасырда Хазар империясы құлағаннан кейін иудаизм аймақтағы айрықша мәртебесінен айырылып, қолданыстан шықты. Еврей қауымының бір бөлігі Шығыс және Орталық Еуропаға сол жерде жаңа қауымдар құру үшін қоныс аударды.

VІІ–VІІІ ғасырлардағы Ішкі Еуразия империяларының барлығы мол мәдени мұра қалдырды. Аймақта қолөнердің айрықша стилі, киім мен тағам дәстүрі, әсіресе түркі тілдері кең тарады. Қазіргі таңда Еуразияның алты елінде түркі тілдерінің мерейі үстем. Бұл тілдер басқа да бірнеше мемлекетте, соның ішінде Қытай, Ресей және Германияда кең қолданылады. Оған қоса, жоғарыда аталған уақыттан бастап, түркі тілді халықтар дүниежүзі тарихында бұдан да маңызды рөл атқарғанын келесі тараулардан байқаймыз.

Араб мемлекеті және исламның пайда болуы

Б.з. бірінші мыңжылдығының аяғына қарай алтыншы әрі дала империяларының ішіндегі ең ірісі – Ішкі Еуразияда емес, Араб түбегіндегі шөлейтте пайда болды. 622 жылдан араб тілінде сөйлейтін қала тұрғындары мен мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар Мұхаммед ибн Абдулланың басшылығымен діни әрі саяси қауымдастық құру үшін бірікті. Жас араб мемлекетінің астанасы Мәдина (Медине) болып, халқы бастапқыда аумағы қазіргі Франция, Германия мен Италияны қоса алғаннан екі есе үлкен түбек жерін мекендеді. Ішкі Еуразия империяларының іргетасын қалаған өзге мемлекеттермен салыстырғанда, араб әскері тығыз қоныстанған елді мекендерге басып кіріп, оларды жаулап алды. Жүз жылдан аса уақыт ішінде араб әскерлері Шығыс пен Батыстың шалғай аймақтарына дейін жетіп, Инд алқабынан Испанияға дейінгі аралықта созылып жатқан мемлекет құрды.

Ішкі Еуразия империяларына қарағанда, мұнда жаңа дін, яғни еврейлер мен христиандар секілді құдайдың жалғыз екенін дәріптейтін Ибраһим пайғамбар таратқан дін көпшілікке таныс еді. Библияда аты аталған Ибраһим (Абрахам; Авраам) пайғамбар салған дәстүрдің негізінде құрылған монотеистік дін көп ұлтты араб мемлекетінің құрылуымен және басқыншылығымен қатар таралды. Араб империясының аса ірі унитарлы мемлекет ретінде бір ғасыр ғана тіршілік еткеніне қарамастан, ислам біртіндеп Оңтүстік-Батыс Азия мен Солтүстік Африкада кең тарап кетті. Осылайша, ислам будда және христиан діндері тәрізді барша қауымға арналған әлемдік діни ілімге айналады. Сонымен қатар ислам айрықша қала өркениетінің діни негізін қалады.

VІ–VІІ ғасырлардағы Оңтүстік-Батыс Азия сахнасы. Ежелгі жазбалардағы мағлұматтарға сенсек, б.з.д. бірінші мыңжылдықтың басынан шағын мемлекеттерге немесе тайпалық одаққа біріккен, араб тілінде сөйлейтін халық Оңтүстік-Батыс Азияның саяси және мәдени өміріне араласқан. Араб түбегін, Сирия мен Батыс Месопотамияны мекендеген арабтар Рим және Парсы империяларының одақтастары, саяси бағыныштылары және саудагер әріптестері болыпты. Араб түбегінің оңтүстік-батыс шеті, яғни қазіргі Йемен Республикасының аумағы суармалы егіншілік және экзотикалық тауарларды сату арқылы байыды. Түбектің ауыл шаруашылығымен айналысатын халқының көп бөлігі маусымдық жаңбыр жауатын Йеменнің таулы өлкесінде шоғырланды.

Ибраһим дініне жататын үш дін және олардың тармақтары

Дегенмен Араб шөлі түбектің көп бөлігін алып жатыр. Оның климаты Сахараның шығыс бөлігіндегідей. Екі шөл даланы тек Қызыл теңіз, атап айтқанда, шағын кемелер оңай кесіп өте алатын бұғаз бөліп тұр. Б.з.д. 2500 жылдың өзінде нарларды қолға үйретіп, мал шаруашылығымен айналысатын көшпелілер бірте-бірте араб даласының қолайсыз ауа райына бейімделіп, құдықтары мен маусымдық нөсерлері шабындық жайылымдардағы көкті қаулай өсіретін шұратты өңірлерде мал өсірумен айналысты. Ішкі Еуразияның мал шаруашылығымен айналысқан тайпалары тәрізді, араб тайпалары көшпелі өмір салтын ұстанып, бір-бірімен табиғат қорлары үшін бәсекелес болып, жылқы мен түйеге мініп, садақ және қылышпен шайқасты. Олар римдіктер мен парсылардың үлгісімен жасалған қару-жарақ асынып, сауыттар киді. Б.з.д. мыңжылдықтың соңғы ғасырларынан олар түйеге мініп, ауыр жүкті жануар өркешінің екі жағына салбыратып іліп жүрді. Бұл жүк тасудың Солтүстік Арабиядағы өнертабысты тәсілі еді. ІV ғасырдан бастап араб тілінде сөйлейтін топтар Сирия мен Месопотамияның ауылшаруашылық жерлеріне шабуыл жасады. Нәтижесінде арабтар Византия және Сасанидтер империяларына жақындай түсті.

Бұл екі ірі мемлекет қалалар, ауылшаруашылық алқаптар мен сауда тораптары үшін Сирия, Анадолы және Месопотамиямен оқтын-оқтын соғысып жүр еді (9-тарауды қараңыз). Екі мемлекет те болашақ қақтығыстардың алдын алу үшін арабтармен одақ құрды әрі Йемен мен Оңтүстік-Батыс Азияны Үнді мұхитымен байланыстыратын транзиттік сауда жолдарына үстемдік жүргізгісі келді. VІ ғасыр соңына қарай германдықтардың жауынгер корольдерінің қол астына өткен Жерорта теңізінің батыс бөлігін Рим билігіне қайтару туралы үмітінен Византия бас тартты. Византияның Италия мен Солтүстік Африканың әр жерлерінде бағынышты аймақтары болғанына қарамастан, Ираклий император (610–641 жылдары билік құрды) империяның барлық әскери күшін Мысыр, Сирия мен Анадолыны Парсы елінен қорғауға жұмылдырды. Балқан түбегіндегі провинцияларды авар, славян және түркі атты әскерлерінің басып кіруінен қорғауға тырысты. VІІ ғасыр басында Византия мен Парсы елі арасындағы соғыс үдей түсті және Сасанидтер Мысырдың солтүстігін аз уақытқа болса да басып алды. Шекара маңындағы әскер мен бекіністерге ұзақ уақыт бойы қаржы құю екі мемлекеттің де қазынасын сарқыды да, кез келген жаңа қарсыласқа қарсы тұруға дәрменсіз етті. Бұған қоса, 541 жылы алғаш рет Жерорта теңізі алабын жайлаған және VІІ ғасыр шегінде жиі-жиі қайталана берген оба індеті өлім-жітімді көбейтіп, түрлі аймақтардың экономикасының құлдырауына себеп болды.

Мұхаммед және исламды насихаттау. Шағын қалаларды, соның ішінде Мекке мен Мәдинаны маусымдық өзендер және жерасты суларымен қамтамасыз етіп отырған Хижаздың қуаң таулы өлкесіндегі Батыс Арабияда Ислам және Араб мемлекеті пайда болды. Византиямен, Парсы елімен сауда-саттық және мәдени қарым-қатынас орнатқандықтан, Сирия мен Солтүстік Арабияны мекендеген арабтардың көбі христиан дінін қабылдағаны, Хижаз қалаларынан еврей, христиан қауымдарын кездестіруге болатыны таңданарлық оқиға емес еді. Қала тұрғындарының көбі, сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысқан тайпалар пұтқа табынушылар, яғни көп құдайға сенушілер болды, олар күн, ай, жұлдыздар немесе қасиетті ағаштар мен жартастарға сыйынып, сансыз құдайларға табынды. Хижаздың қуаң қаласы – ағаштан жұрдай төбелердің арасында орналасқан Мекке қаласында пұтқа табынушылардың Қағба (KAH-buh) деп аталатын, пішіні текше тәрізді қасиетті орны бар еді. Меккелік құдайларға табыну үшін тәуап етушілер Батыс Арабияға жан-жақтан ағылатын. Афроеуразия арқылы өтетін сауда-саттықтың жанданып, VІІ ғасырда Хижаз қалалары сауданы өркендетті. Меккенің сауда орталығы ретіндегі маңызы тарихқа кереғар болғанымен, тарихшылар ақшаға негізделген мәдениеттің қалыптасуына мүмкіндік туғызған сауда-саттықтың артуы тайпалар, діни қауымдар мен экономикалық топтар арасындағы әлеуметтік шиеленісті тереңдете түскенін айтады.

Осындай уақытта әлеуметтік жағдайы орташа, қырық жастағы Мұхаммед жамағат алдында жалғыз ғана құдіретті құдайдың күш-қуаты, рақымы мен әділдігі туралы уағыз айта бастайды. Өмірбаяндар, жылнамалар мен қасиетті жазбалар оның өміріндегі оқиғаларды сипаттайды. Иса және Будда туралы мәліметтердегідей, оның мансабы мен жетістіктерін сипаттайтын, өзі өмір сүрген уақытқа жатқызуға болатын ешбір құжат сақталмаған. Сол себепті, оның іс-әрекеттері, айтқан сөздері мен әлеуметтік өмірін куәландыратын көне жазбалардың сенімділігі мен шыншылдығы тарихшылар арасында үлкен дау тудырып келеді. Мұсылман хикаяларына сай, Мұхаммед 570 жылы құрайыш тайпасында дүниеге келген. Кішкене күнінде жетім қалған Мұхаммедті әкесінің інісі қамқорлығына алады. Өсе келе Мұхаммед саудамен айналысып, саудагер Хадишаға үйленеді. 610 жылы оған уахи түсіп, құдіреттің дауысын ести бастайды. Мұхаммед мұны Алланың уахиы ретінде қабылдайды. Жәбірейіл періште уахиды Мұхаммедке жеткізіп, оны меккелік серіктеріне тарату туралы нұсқау береді.

Қағбаның алдында тұрған Мұхаммед. Бұл кішігірім сурет – XІV ғасырда пайғам­бардың өмірі туралы жазылған көп томды «Сияр-и Наби»(Sіyer-і-Nebі) кітабындағы 814 суреттің бірі. Суретті XVІ ғасырға жататын көрнекі басылымнан алдық. Пайғамбардың бетін көрсетпей жауып қою – исламда бар дәстүр. Мұхаммедтің айналасындағы жарқыраған сәуле нені білдіруі мүмкін?

Жалғыз құдайға деген сенімнің қатаң болуына қарамастан, ол сол кездегі еврей және христиан дәстүрлеріне таныс еді. Құдайдың ұлы туындысы – адамдар оның қалауына бағынуы қажет. Алла – рақымды, әділ. Ақырет күні келеді, сонда тура жолда жүргендерге жаннат есігі ашылады, ал құдайды мойындамағандар мәңгілік қарғыстың зардабын шегеді. Адамзаттың аман қалуы оған және оның қасиетті өсиеттеріне деген шексіз адалдыққа байланысты. Бұл қағидалар құдайдың қалауымен жаратылған адамдар Аллаға иман келтіріп, барынша жанашыр, қолы ашық және инабатты болуы керек деп уағыздады. «Мен» болмысында жалғыз «Менге», яғни құдайға ғана орын болуы қажет. Араб сөзі «ислам» – «мойынсыну», «бағыну» немесе «құлшылық ету» деп аударылуы мүмкін. Ислам дінін ұстанған адам − Алланың еркіне бағынатын адам.

Мұхаммедтің уағыздары Солтүстік Арабияны мекендеген еврей және христиан қауымдарына жат емес еді. Ол жеті ғасыр бұрын өмір сүрген Иса сияқты, сауда құндылығы өршіген космополиттік әлемде көпшілікке мәлім адамгершілік, әлеуметтік әділдік, құдайдың рақымы туралы айтты. Иса сияқты, Мұхаммед те дін жолында күресті. Оның уағыздарын Мекке халқының аз бөлігі, сондай-ақ әйелі Хадиша ғана тыңдады. Дінге сенушілердің көбі кедей, ар-намысы тапталған адамдар мен әйелдер еді. Халықтың көп бөлігі, әсіресе беделі асқан отбасылар әлеуметтік қалпын өзгертіп, кедейлерге байлығын бөліп бергісі және қалаға табыс алып келген құдайларынан бас тартқысы келмеді.

Мұсылман хикаялары бойынша, 622 жылы, он бір жылға созылған текетірестен соң, негізінен, немқұрайдылық пен қуғындардан кейін Мұхаммед және оны қолдаған аз ғана топ Меккені қалдырып, 250 миль қашықтықтағы Ясриб (Yathrіb) қаласына келеді. Сол уақыттан бері бұл қала Мәдина деген атпен белгілі. Бұл қала суармалы егін шаруашылығы дамыған өңір еді, алайда ол ұзаққа созылған тайпааралық қақтығыстардан зардап шеккен болатын. Сол себепті қала тұрғындары Мұхаммедтің діни және саяси басшылығын қабыл алады. Ол Мәдинадағы тайпалардан қақтығыс-жанжалдардан бас тартып, араб тілінен аударғанда «үмбет» деп аталатын, құдай мейіріміне лайық біртұтас қауымға бірігуін ғана талап етті. Хижра немесе «қоныс аудару» деген атпен белгілі пайғамбардың Мәдинаға қоныс аударуы – мұсылман тарихындағы түйінді оқиға. Осылайша, бұл қала оның құдай сөзін жеткізетін уағыздар таратуына, діни және саяси қауым құруына қауіпсіз мекенге айналды. 622 жыл – мұсылмандық күнтізбе бойынша хижраның бірінші жылы болып есептеледі.

Ислам нанымы бойынша, Мұхаммедке иләһи нұсқаулар 610 жылдан бастап өмірінің соңына, 632 жылға дейін түсіп отырды. Бұл уахилардың толық жинағы құранның, яғни құдай әмірін әлемге «оқу» арқылы жеткізудің негізін қалады. Мұхаммед бұл жолдауды ауызша таратты және ол қайтыс болғаннан кейін біршама уақыт өткен тұста мұсылман кәтибтері оны жазбаша араб тіліне көшірді. Мұсылмандар «Құран – ең жоғарғы рухани билік иесінің туындысы» деп санайды. Олар Мұхаммедтің Алланың қалауына сай ойлап-толғанғанына, басқа адамдарға қарағанда, барынша әділ өмір сүргеніне куәлік етеді. Сол себепті мұсылмандар Пайғамбардың хадистерінен рух алып, ондағы нұсқаулар мен заң үлгілерін Құранмен қатар қолданады. Бұл қасиетті жазбалар Мұхаммедтің өнегелі сөздері мен істерінен хабардар етеді. Хадистер туралы ғалымдар кейінірек салмақты дәлелдер келтіру арқылы куәлік еткен. Ежелгі заманда өмір сүрген христиандар Исаны құдайдың баласы деп есептеді. Мұсылмандар Мұхаммедті кемел адам деп санағанымен, оны Құдайдың ұлына айналдырмады.

Құранда Алланың сүйікті құлы ретінде адамдар орындауға тиіс әдеп құқықтары мен міндеттері баяндалады. Рухани өмір сүруге нұсқаулық ретінде оның еврейлер мен христиандардың Библиясымен ортақ тұстары көп. Бұл ережелерде діннің бес «парызын» орындау қажет екені айтылады: бес уақыт намаз, кедей-кепшікке тұрақты түрде садақа беру, Меккеге қажылыққа бару, жыл сайын ораза ұстау, «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхамед – оның елшісі» деп, тілін кәлимаға келтіру.

Еврей Библиясы секілді, Құранда да меншікке қатысты мәмілелер, мұрагерлік, сауда-саттық, туыстық қарым-қатынастар, құлдық және VІІ ғасырдағы Арабияның әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысты әрбір мәселе айқындалған. Неке мен отбасы аса маңызды тақырыптар ретінде талданды. Бірінші мыңжылдықтағы дүниежүзі елдерінің көпшілігіндегідей, араб әлеуметтік топтары патриархатты еді, яғни ересек ер адамның құқығы жоғары болды. Тайпалық идеология әйел мен бала-шағаны отбасылық меншік ретінде қорғады және намыс пен ер-азаматтар арасындағы адалдық тұрақты неке қарым-қатынастарынан жоғары бағаланды. Мұхаммед христиан ілімдерінен асқан әлеуметтік теңдікті түбегейлі тұрғыда ұсына қоймады. Дегенмен ол араб құндылықтарын құдаймен тайталасу және әлеуметтік бірлікті бұзу деп бағалап, қынжылыс білдірді. Керісінше, рухани тұрғыда барлық адамдар құрметке лайық, адамдардың өз жаратушысының алдындағы міндеттері бір. Құран тұрақты некені мадақтап, ажырасуға бөгет болады, жақынына үйленуге тыйым салып, әйелдердің балаларын өлтіруін айыптады және көп әйел алуға айрықша жағдайларда ғана рұқсат етіп, әйелдерге меншік иелену құқығын берді. Құлдық Афроеуразияның түгелге жуық аумағында әлеуметтік құрылымның бір бөлігіне айналғандықтан, Мұхаммед оның заңдылығына қарсы шықпады. Христиандардың Жаңа өсиеті сияқты, Құранда діндарларды құлдарға аяушылық танытуға және қожайындарын оларға бостандық беруге шақырды.

Оңтүстік-Батыс Азияның жаңа мемлекеті. Пендәуи өмірдегі биліктен бас тартқан Иса немесе Буддаға қарағанда, Мұхаммед бір уақытта діни, әлеуметтік әрі саяси қызмет атқарған қоғам құрды. Мәдинаға көшкеннен кейін ол бірінші кезекте жаңа құрылған қауымды қорғап, құдай маңдайға жазған өмірді сүру үшін шұратты мекендейтін және мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар бірлестігін түзді. Ол меккеліктер мен Батыс Арабияның басқа да тайпаларының қарсылығымен бетпе-бет кездесті. Мәдинадағы еврейлерден құралған көпшілік топтың бір бөлігі оның пайғамбарлығын мойындады. Мұсылмандарға қарсы шыққан немесе олармен жасасқан келісімдерді бұзған кейбір саяси топтар мен еврейлер қуғынға ұшырады немесе өлім жазасына кесілді. 622–628 жылдар аралығында қарсыластарымен шайқастардан кейін Мұхаммед әскери күш құрды және 630 жылы олар Меккеге басып кірді. Осы жеңістен кейін Арабияның көп бөлігі, Йемен және Сирияның шөліне дейін созылып жатқан солтүстік аймақ мұсылман мемлекетін шынайы қолдайтыны туралы мәлімдеді. Ибраһим монотеизм сенімінің ескерткіші ретінде салған деген аңызды Мұхаммед растап, Қағбаны пұтқа табыну мүсіндерінен тазартты және оны жалғыз Құдайдың иелігіне тапсырды. Сондай-ақ Мұхаммед Құдай оған Қағбаны тәуап етуге баратын орын ретіндегі мәртебесін сақтап қалуды және мұсылмандар негізгі бес діни парыздың бірін орындап, мүмкіндігіне қарай, өмірінде бір рет болса да Қағбаға зиярат етуді бұйырғанын айтты. Бұл сапар қажылық деп аталады.

Афроеуразияда Араб мұсылман мемлекетінің бой көтеруі Түркі, Ұйғыр және Хазар империяларының дамуымен қатар жүрді. Өйткені ол Ұлы Арид зонасында мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар мен коммерциялық қала тұрғындарының одағы ретінде бірікті. Барлық кедергілерге қарамастан, мұсылман қауымының табысқа жетуі арабтарды бұрын ешқашан белгілі болмаған ортақ ұқсастық пен міндетті сезінуге итермелеген тәрізді. Ғалымдар Мұхаммед жаңа дін қалыптастырғысы келген жоқ, негізінен, еврейлер мен христиандар және басқа да монотеистерді ортақ дін астына бірігуге көндіремін деп үміттенді деген ортақ келісімге келіп отыр. Мұхаммед Меккеге 630 жылы қайтып оралғанға дейін, соңынан ерушілерге еврейлер мен христиандардың ортақ қасиетті орны – Иерусалимге қарап сыйынуға нұсқау берді. Ертеректегі христиандар иудаизм дінінен бөлектеніп кеткендей, пайғамбар қайтыс болғаннан кейін, мұсылмандар да өздерін христиандық пен иудаизмге қатысымыз жоқ деп есептеді.

Араб мұсылман империясы

Мұхаммед мұрагерін тағайындап кетпегендіктен, 632 жылы ол дүние салғаннан кейін елде билік дағдарысы басталды. Дегенмен пайғамбардың ертеректегі серігі Әбу Бәкір мұсылман әулеттері басшыларымен келісімге келіп, билік тізгінін халиф89 (KAL-іhf) немесе Мұхаммедтің «өкілі» ретінде қолына алды. Көшбасшылық еткен екі жыл ішінде (632–634) Әбу Бәкір көтерілістерді басып, солтүстіктегі Сирия шөліндегі араб тайпаларымен саяси қарым-қатынас орнатты. Олармен одақтасқан Әбу Бәкір Византия мен Парсы елі шекарасына шабуыл жасады. Осылайша, ол жас мемлекетті сақтап, жандандырды.

Араб әскерінің ұлы жеңістері. Әбу Бәкір және оның орнын басқан екі өкілі − Омар халиф (634–644 жылдары билік құрды) пен Осман халифтің (644–656 жылдары билік құрды) кезінде арабтар көрші шекараларды өзгертіп, бара-бара Оңтүстік-Батыс Азияға жетіп, кең ауқымды басқыншылық жорықтарға көшті. Византия және Сасанидтер әскері шабуылдарға тойтарыс беріп отырды. Алайда әскери тепе-теңдіктің бұзылуы, қаржылық тұрақсыздық пен өзара қырқыстың кесірінен олардың әскери күші әлсірей түсті де, жеңіліске ұшырады. Византия императоры Сирия, Палестина және Мысырды тастап кетуге мәжбүр болды. Араб әскері солтүстік-батыстағы Иракқа (ежелгі Месопотамияға) басып кірді. 637 жылы олар парсы патшасын Тигр қаласы бойындағы әсем астанасынан қуып шықты. Содан кейінгі он екі жыл ішінде Ирак және Иранның көп бөлігін басып алды. Он жылдан асқан аралықта арабтар Оңтүстік-Батыс Азияның саяси картасын түпкілікті өзгертті. Олар бір немесе одан басқа әулеттерден шыққан билеушілердің уысында 1300 жыл бойы тұрған Парсы империясын күйретіп, Сирия мен Мысырда орналасқан бай аймақтарын Византиядан тартып алды. Бұл жорықтар Оңтүстік-Батыс Азияны жеті ғасыр бойы екі мықты саяси аймаққа бөліп тұрған шекараны жоқ қылды.

Меккедегі қасиетті Қағба. Мұсылмандардың Ұлы мешітке – Қағбаның алдында ақшам намазын оқуға келген тұсы. Бұл текше тәрізді құрылымның үстін қара матамен жапқан. Қазіргі кездегі және 334-беттегі Қағбаны салыстырыңыз.

Олар бұл жетістікке қалай жетті? Негізгі факторлардың бірі − Византия мен Парсы елінің саны көптеу, алайда баяу қозғалатын қолына қарсы атты әскер мен түйелерді ұрысқа қолдануы. Екіншісі − тізе бүккен империяның ешқайсысын мемлекетке адал адамдар басқармады. Византия мемлекеті, негізінен, христиан дінін ұстанды. Бірақ ресми дін немесе православ шіркеуі Мысыр, Сирия және Месопотамияда кең тараған монофизит (копт) және несториан шіркеулерімен бәсекеге түсуге мәжбүр болып, кейде солардың тарапынан қуғынға ұшырап отырды. Осы аталған екі қауым, сондай-ақ Оңтүстік-Батыс Азиядағы еврейлердің аз топтары да Византия императоры мен оның епископтары үшін соғысуға құлықсыз болды. Сонымен қатар араб жаулаушылары христиандар мен еврейлерге монотеистік діндерін ұстануына бөгет жасамады. Парсыларға келсек, Месопотамия мен Ирандағы христиан, еврей мен манихей азшылықтарының зароастризм дінін ұстанатын Сасанидтердің билеуші әулетін қорғайтындай ешбір себептері болмады. Зороастризмге егін егумен және мал шаруашылығымен айналысатын Парсы елінің шаруалары сенбеді.

Басқыншылықтың қысқамерзімді екі салдары болды. Біріншісі – араб әскери элитасының күтпеген жерден Мысыр және Солтүстік-Батыс Ирандағы византиялық және парсы шенділерінің орнына отыр­уы. Мәдинаны орталығы қылған алғашқы халифтер ірі қалалар басшылығына арабтарды тағайындады. Олар жорықтарға қатыспайтын әскери тұрақтардағы жауынгерлерді де асырауға қаражат бөлді. Бұл қадам мансапқор әскери шенділерге жеке әскери күшті шоғырландыруға мүмкіндік бермеді.

Қарқынды басқыншылық араб көсемдерінің өзара текетіресіне ұласты. Оңтүстік-Батыс Азия мен Мысырдың шексіз ауылшаруашылық байлықтарын басқаруға қатысты туындаған бұл саяси мүдделер қақтығысы Мұхаммедтің қабырғасын қайыстырары анық еді. Алғашқы халифтер, әулет көсемдері, империя билеушілері, Мұхаммед отбасы – барлығы да бір уақытта жан-жағында саяси тұрғыда қарсылас тараптар қалыптасқан жеке-жеке орталыққа айналды. 656 жылы басталып, 661 жылға дейін созылған азаматтық бірінші тартыстың негізгі мүддегерлері: үшінші халиф – Осман; төртінші халиф – Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, күйеу баласы Әли ибн Әбу Тәліп; Мұхаммедтің жесірлерінің бірі – Айша; Сирияның араб уәлиі – Муауия. Бұл тартыста Осман мен Әлиді өлтіріп, Омейяд (oo-MEYE-ahds) деген атпен белгілі меккелік отбасыдан шыққан Муауия жеңіске жетті. Мұсылмандардың көп бөлігінің қолдауымен ол халиф атағын алып, империя астанасын Мәдинадан жаңа мемлекеттің ортасына қарай орналасқан Сирияның маңызды қаласы – Шамға ауыстырды.

Мәдинадан Шамға көшу. Арабтардың жаңа басшылары шөл өлкеде тіккен шатырлар мен саз балшық үйлерде тұрған дала адамдарынан аз уақыт ішінде қалалық сарай ақсүйектеріне айналып шыға келді. Омейяд халифатының көсемдері грек немесе парсы тілінде емес, араб тілінде сөйледі. Олар жергілікті халықты византиялықтар мен сасанидтер сияқты басқарды. Бейбіт өмірді сақтау және салық жинау үшін қарулы шенділерді қолданды. Бұл жаңа мемлекет жолдар мен суаруға арналған құрылыстар салды. Кәсіби әскер құрды. Құдайға құрмет көрсетіп, Иерусалимдегі Жартастағы Күмбез сияқты діни ескерткіштер тұрғызды. Омейядтар грек, сириялық, мысырлық пен парсы отбасыларынан шыққан адамдарды есепші, хатшы ретінде жалдады. Муауия бірінші халиф – Әбу Бәкірдің арабтық басқару моделін сол қалпында сақтадым деп есептеді. Шынын айтсақ, ол ұлына билікті мұра етіп, сол арқылы мұрагерлік монархиясының негізін қалады. Авторитарлық монархия кейінгі үш мың жыл бойы көптеген аймақта биліктің негізгі басқару түріне айналып үлгерген еді.

661–750 жылдары билік құрған Омейяд әулетінің тұсында ислам араб емес халықтар арасында да тарай бастады. Алғашында бұл үдеріс баяу басталды. Құдайдың қалауын орындау үшін таңдаулымыз деп есептеген араб жаулаушыларының бірінші ұрпағы христиан, еврей және басқа да дін ұстанушыларды өз діндерінде қалдырып, олардың исламды қабылдауын өз еріктеріне берген еді. Бір көзқарастарға сенсек, 750 жылы (пайғамбар қайтыс болғаннан кейін 118 жыл өткен шақта) Омейяд империясының араб емес халықтарының 10 пайызға жуығы мұсылманданды². Ислам ілімінің негізін насихаттау біршама уақыт алды. Себебі арабтардың қол астындағы халықтың көпшілігі араб тілінде сөйлей де, жаза да алмады. Дегенмен VІІІ ғасыр аяғында дінді қабылдау қарқыны арта бастайды. Христиан діні мен иудаизмге қарағанда, өкілдері Иран мен Орталық Азияда шоғырланған зорастризмнің орнын ислам тез басты. Осылайша, 1000 жылдан кейін зороастризмнің дін ретіндегі әлеуеті кеміді. Қазіргі таңда зорастризмді ұстанатын қауымдар да бар. Олардың ішінен Үндістанның батысындағы парсыларды да атап өткен жөн.

Әли халиф пен оның әскері шайқас алаңында. ХІІІ ғасыр қолжазбасындағы сурет.

Сүнниттер мен шииттер. Омейяд кезеңінің екінші маңызды оқиғасы − мұсылман мемлекетіндегі билік құрылымы жайындағы дау-дамай. Мұсылман дәстүріне сай, Мұхаммед пен алғашқы халифтер саяси қауымның жандануын жер бетінде Құдай қалаған қоғам құру міндетінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырды. Яғни Мұхаммед бұл қоғамды тек қана билік иерархиясын қалыптастыру, жан-жаққа салық жинаушыларды жіберуге ғана емес, сондай-ақ адамгершілік пен рухани идеалдарға жету және адамдарды Ақирет күніне дайындау үшін құрды. Алайда бірінші (656–661) және екінші (683–692) азамат соғыстары кезінде қарсылас топтар арасында биліктің дұрыс құрылымы жөнінде талас-тартыс басталды.

Шамның Үлкен мешіті. Омейяд халифтары Шам қаласын астана қылған соң осы маңызды қоғамдық құрылысты қолданысқа жарамды күйде сақтап қалады. Бұл мешіт діни мінәжаты үзілмеген, дүниежүзіндегі ең ежелгі әрі әйгілі орындардың бірі. Б.з.д. 3000 жылы бұл жерде Хадад құдайға арналған арамейлік ғибадатхана болған. Бұл жер кейін римдіктердің ғибадатханасына айналып, содан соң қасиетті шоқындырушы Иоанн (қасиетті Джон Баптист) шіркеуі болған. Бірінен соң бірі келген мемлекеттер осы ғибадатхананы неліктен қайта-қайта діни орталыққа айналдырды?

Шамдағы Омейяд үкіметі «алғашқы төрт халиф исламның дұрыс жолын салды» деген пікірді қолдады. Бұл үлгі бойынша, халиф – қауымның «негізгі атқарушы» органы саналды. Және бұл орган мемлекетті қорғауға, әлеуметтік әділдікті қолдауға және өзін қолдап отырған халқы бар тұста, Құдай әмірінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті болды. Бұл үлгіні қабылдаған мұсылмандар сүнниттер (SOON-nee) (пайғамбар мен алғашқы төрт халиф белгілеген қағидаларды білдіретін арабтың сунна сөзінен шыққан) деген атпен белгілі болды.

Сүнниттік көзқарастың негізгі қарсыластары − Мұхаммед пайғамбардың туысы әрі төртінші халиф болған Әлиге адал шиалар (SHEE-ah) (балама атауы шиит). Бұл атау араб тілінде «топ», «бөлінушілер» деген мағынаны білдіреді. Шииттік бағытты ұстанушылардың айтуынша, құдай қалаған басшы тек қана Әли әулетінен шығуы керек, себебі олар пайғамбардың адамгершілігі мен рухани қасиеттерін бойына сіңірген. Саяси қарсыластары Әли мен оның екі баласының бірін өлтіргеніне қарамастан, Мұхаммедтің Әлиден тараған басқа да тікелей ұрпақтары бар еді. Шииттердің пайымдауы бойынша, тек олардың ғана басшылық етуге құқы бар. Сонымен қатар имам90 атағын алғандар адамдарды аман сақтап қалуға қажет Құранның құпия мағынасын түсінді. Шииттердің ең үлкен тобының түсіндіруіне сай, ІX ғасырда Әли әулетінен шыққан он екінші имам ғайып болған. Сол уақыттан бері ол бүкіл әлемнен таса жерде тұрады және өзінің ең адал шиит басшыларын рух арқылы бағыттап отырады және ол әлемде соңғы әділдік дәуірі орнағанда қайтып оралады. Бұл ілім шииттерді мессиялық дәстүрге, яғни христиандардың құтқарушы Исаның екінші қайтара оралуы іспеттес идеяға жетеледі. Уақыт өте шииттік бағытты ұстанушылар сенімдері мен дәстүрлері біршама өзге бірнеше ағымдарға бөлініп кетті. Бұған қарамастан, шииттік ілім кейініректе діни және саяси толқулар арқылы бірқатар мұсылман мемлекеттерін құру сияқты ойларға бағыт берді. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі мұсылмандардың 20 пайызы – шииттер. Олардың көбі Иран мен Иракта.

Империяның шарықтау шағы. Омейяд билігі тұсындағы үшінші жетістік – Араб мемлекеті жерінің ұлғаюы (10.3-картаны қараңыз). Византиямен және Сасанидтермен шайқастарда ұлы жеңіске жеткен арабтарға Иранның шығысы мен тұтас Солтүстік Африкада төтеп бере алар мықты қарсылас қалмады. Омейядтар басқыншылық соғыстары арқылы табысқа молынан кенелгісі келді. Әскери бөлімдердің жалықтырар міндеттерімен шектелген жауынгерлер бүлікшілерге айналмай тұрғанда, жаңа әскери жорықтарға шықты. Шалғай жерлердегі соғыс та табыстың көзі болды, сондай-ақ жауынгерлер тұтқындарды қалалардың құл базарларында сата алды.

10.3-КАРТА. Араб империясының шарықтау шағы. 750 жыл

Қандай географиялық факторлар Араб империясының кеңею бағыттарын айқындай алады?

Араб әскерлері Солтүстік Африканың жағалауын бойлай жүріп отырып, Византияның жағалаудағы иеліктерін жаулап, Мароккоға дейінгі аймақты мекендеген жергілікті берберлердің көтерілістерін басып-жаншыды. Әскер ілгері жылжыған сайын жеңілген бербер жауынгерлері исламды қабылдай бастады. 711 жылы арабтар мен берберлердің жойқын күші Гибралтар бұғазын кесіп өтіп, Испанияға жетті. Аз уақыт ішінде олар германдардың Весгот корольдігін ойрандап, Пиреней түбегінің көп бөлігін басып алып, Омейядтардың Шамнан 2000 миль қашықтықта орналасқан жаңа провинциясын құрды.

Солтүстік-шығыс бағытта араб әскерлері ертеректе Сасанидтердің қол астында болған, қазіргі кезде Солтүстік-Шығыс Иран мен Түрікменстан ау­мағын қамтыған Хорасанда негізгі тұрағын сал­ды. Жорықтар аяқталған соң, аймақтың ауылшаруашылық және қа­ла­ларының сауда қорын пайдаланып қалу үшін араб отбасылары осы жерге қоныс аударды. Мәруа (Мәруә; Мерв) және басқа қалалардан жорық ұйымдастырған араб әскері Әмударияны кесіп өтіп, Жібек жолының батыс тармағының бойында орналасқан қалаларды бірінен-соң бірін жаулап алып, Орталық Азияға бет алды. Түркілердің саны көп салт атты жауынгерлері арабтар шебіне қосылды. 751 жылы мұсылман әс­кері қазіргі Қырғыз Республикасы ау­мағындағы Талас өзені маңында қытай әскерімен бетпе-бет келді. Мұсылмандар жеңіске жеткен соң, Қытай империясының әскері Орталық Азияны тастап, кері шегінді.

711–713 жылдары араб қолбасылары әскерін шығыс бағытта – Инд алабының төменгі бөлігіндегі көрші аймаққа бастап келді. Бұл шөл далада ешқандай ауылшаруашылық ресурстар жоқ, дегенмен Оңтүстік Азия мен Парсы елі арасындағы сауда-саттықтың негізгі торабы еді. Шамда тағайындалған әкімдер негізгі уақытын осы жердегі сауданы бақылау мен оған салық салуға арнады. VІІІ ғасыр басында Оңтүстік Азия өңірдегі монархиялардың алдыңғы шебінде болды. Инд өзенінен шығысқа қарай орналасқан мемлекеттер де араб әскерінің Гангқа немесе Үндістанның батыс жағажайына қарай бет алуын тоқтата алатындай күшке ие еді.

Оңтүстік-Батыс Азияға қайта оралған араб атты әскері Византияның Шығыс Анадолы аймағына еніп, Кавказ тау баурайларына дейін жетті. Омейядтар Жерорта теңізі флотын христиан тобы мен Мысыр және Сирия кеме жасаушыларының шеберлігін пайдаланып, тұрғызды. Шығыс Еуропа аварлары 626 жылы шабуылдағандай, қорғанысы мығым Константинопольді араб әскері қоршауға алды. 668 және 717 жылдардағы шабуылдар нәтиже бермеді. Бұл соғыс араб әскерлеріне Балқан түбегіне қарай бет алуға мүмкіндік беріп, грек империясын әлсіретті. Дегенмен Грекия әлі де Жерорта теңізінің шығысындағы саяси салмағы басым, маңызды ойыншы еді.

Саясат және әскер саласындағы жетістіктерге қарамастан, Омейяд билеушілері алғашқы екі азамат соғысына алып келген діни және саяси алауыздықты жоя алмады. 747–750 жылдар аралығындағы үшінші азамат соғысынан кейін Омейяд үкіметі Мұхаммед отбасының Аббасидтер деген атпен белгілі тармағының қолына көшті. Бұл жаңа әулет империяның орталық аймақтарындағы билігін нығайтып, астананы Сириядан шығыс жақтағы Тигр-Евфрат алабына ауыстырды. Аббасидтер империясына (750–1258) 11-тарауда қайта ораламыз.

Еуропа мен Африкадағы христиан қоғамдары

Ойлан: VІ–VІІІ ғасырлар арасында Еуропа мен Жерорта теңізі аймағындағы христиан қоғамы қалай өзгерді?

Арабтар Оңтүстік-Батыс Азияға балама монотеистік дінін паш еткенде, христиан діні Жерорта теңізі алабында іргесін берік қалап, үстемдік құрып үлгерген еді. Екі ғасыр өткен соң теңіздің оңтүстік өлкелерінде христиандар саны азайып кетті, өйткені тұрғындардың көпшілігі исламды қабылдады немесе тумысынан мұсылман болды. Араб жаулаушылары жеңе алмаған жерлерде де христиан қоғамдары өсіп-өнді. Жеке ілімдер мен іс-тәжірибелер аймақтарға әртүрлі жолмен жетті. Жерорта теңізі алабы да тұрақты діни бөліктерге бөлінді. Ол аймақтардың ешқайсысы ерекшеленбеді. Христиандар, еврейлер және мұсылмандар өмір сүріп жатқан жерлер межесімен аймақты діни көзқарас тұрғысынан бөлісіп алды. Олар кейде бір-бірін қудалап, өлтірді, дегенмен көптеген қалада қатар өмір сүрді. Бір-бірімен сауда жасасты, салт-дәстүрлерін насихаттады және идеялар таратты. Иудаизм, христиан және ислам − барлығы ортақ монотеистік дәстүр түрлері екенін баса айта кету керек және осы жағдай үш дінді буддизм немесе индуизмнан ерекшеледі.

Халиф – сүнниттік бағыттағы исламда мұсылман қауымының көшбасшысы – Мұхаммед пайғамбардың мирасқоры немесе өкілі.

Имам – исламда мешітте құдайға арналған құлшылықтар жасап, өзге де міндеттерді атқаратын, мәселен, неке қию рәсімін өткізетін адам.

Византия империясының христиан қоғамын құруы

VІІ ғасырдың алғашқы отыз жылының шегінде Византияның грек тілді билеушілері − Рим империясының шығыс бөлігінің мұрагерлері, Константинопольді және Балқан аумағындағы аймағын Солтүстік-Шығыс Еуропадан келген славяндардың, Ішкі Еуразия даласы аварлары мен бұлғарларының шабуылынан қорғап, сақтап қалды. Алайда бұдан кейінгі жиырма жыл шегінде Византия өз аумағының жартысын, ауылшаруашылық және сауда қорларының төрттен үш бөлігін, әсіресе Ніл алқабынан жиналған астығын арабтардың еншісіне тапсырды. Сол ғасырда Византия жерлері мен теңіз саудасы кеміп, шіркеу салу ісі түгелге жуық тоқтады. Қалалары кішірейді, тіптен жоғалып та кетті. Себебі соғыс пен қиын-қыстау заман грек христиандарын қала қорғаны қамалының ар жағына немесе бекініс салған ауылдарда шоғырлануға мәжбүрледі. Мысалы, кезінде кең аумақты алып жатқан Грекиядағы Афина – қала ортасындағы төбеде орналасқан Акрополь бекінісінің аумағына дейін кішірейіп қалды. Араб әскери күштері Константинопольдің құрлықтағы берік қамалдарын бұзып өте алмады. Батыс Анадолыдағы гректердің жергілікті әскери шаруалардан құралған халық жасақтары барлық шабуылдарға тойтарыс бергенін де айта кету ләзім.

Византия бұл әскери дағдарысты қалай еңсерді? Айтарлықтай кішірейген империяны бұрынғысынан да бетер орталықтанған мемлекет етіп қайта құрды. Императорлар бар билікті Константинопольде шоғырландырды, шекарада мықты қамалдар салып, сауда мен өндірісті мұқият реттеп отырды, шаруалар салығын ұлғайтты. ІІІ Лео (Leo ІІІ) император билік құрған тұста (717–741) саяси және экономикалық жағдай біршама тұрақтанды. Византияның алтын тиындары қайта кең қолданысқа енді және Константинополь халқы VІІІ ғасыр аяғында 300 мың адамнан да көбейе бастады. Ол б.з. 800 жылдарынан кейінгі кезде Қытайдың батысында орналасқан, Бағдаттан кейінгі орынды иеленген ең ірі афроеуразиялық қала болған тәрізді.

Басқыншыларға қарсы қорғаныс әрекеттері Византия қоғамының мәдени тұрғыдан біркелкі болуына әрі тұйықталуына әсер етті. Сириядағы және Мысырдағы иеліктерінен айырылған соң, империяда қалған христиандардың көпшілігі грек православ ілімін ұстанды. Олар шіркеу және дінбасылар христиандарға мәңгі құтқарылуға ерекше жол ұсынады деп сенді. Олар Константинопольді қасиетті қала деп құрметтеді, императорды Құдайдың жердегі уәкілі деп пір тұтты және шіркеу мен империяның қауіпсіздігі пара-пар деп есептеді. Мұның бір себебі мәдени және діни ескішілдік еді, ол ғажап шіркеулер мен безендіру өнерін тудырды, алайда зияткерлік жаңашылдық көп байқалмады.

Константинополь. Үлкен қаланың бұл картасы XV ғасырдың басына тиесілі, алайда қаланың тарихы бұл межеден де тереңде жатыр. Босфор және Мәрмәр теңізінен жоғарырақ тұрған жоталарда орналасқан әрі бірнеше қорғанмен қоршалған Византия астанасы VІІ–VІІІ ғасырларда авар, бұлғар, Омейяд мұсылман әскерлеріне тойтарыс берді. Осы картадан күмбезді Айя-Софья кафедралын таба аласыз ба?

Грек императорлары қоғамдық адамгершілікті христиандық межеге сәйкестендіріп отыруы керек еді. Ал олар діни қызметкерлер мен құрылымдар үстінен қатаң бақылау жүргізіп қана отырды. Императорлар барлық епископтарды, ең жоғарғы діни қызметші болып есептелетін Константинополь патриархын да тағайындайтын. Сонымен бірге, императорлар Византия монастырьларын мұқият бақылап отырды. Осы монастырьлардағы тақуалар Рим империясының жинақталған білімін қолдап-қорғаштады.

ІX ғасырдың бас кезінде Византия мемлекетінің ежелгі Риммен ұқсастығы жоқтың қасы деуге болады. Бірақ ол әлі де аймақтағы ықпалды ел еді. Ол құнарлы жер шаруашылықтарына ие болды және Константинополь қамалдары түбінен өтетін Қара теңіз бен Жерорта теңізін қосатын стратегиялық су жолын бақылап отырды. Сонымен бірге Византия мен оның мұсылман көршілері арасындағы соғыстар сауда және дипломатиялық қарым-қатынастарға ешқандай кедергі жасамады. Византияның күні батуға әлі де біраз уақыт бар екенін кейінгі тараулардан көреміз.

Еуропадағы христиан қоғамы

VІІ ғасырдың соңына қарай, яғни араб мұсылмандарының қосындары Солтүстік Африка бойымен батысқа қарай Атлантикаға ілгерілеп жылжығанда, Жерорта теңізінің солтүстік бөлігіндегі халықтар әлі де бұдан екі ғасыр бұрын бастан өткерген әскери басқыншылықтың кесірінен арыла алмай жатқан еді. V−VІ ғасырларда Батыс Еуропаны ойрандаған германдар, Византия билігі жүрген кішігірім аймақтарды есепке алмасақ, Рим билігінде болған жерлерді бірнеше ғасыр бойы бағындырды. Герман халықтары отырықшылыққа көшкеннен кейін аймақты бірнеше корольдікке бөліп алды. Герман келімсектері мен романданған қоғамдардың көбі ежелгі кельт тілінде сөйлеген халықтардың ұрпақтары еді. Олар бір-біріне үйленіп, мәдени қарым-қатынас жасады. Бұл үдерісте Испания ерекше зардап шекті, араб жаулаушылары Вестгот корольдігін жойып жіберді. Германдарды, романданған халықтарды және кельт жұртын, сондай-ақ Солтүстік Африка мен Сириядағы арабтарды мұсылман мемлекеті басып алды.

Батыс Еуропадағы бөліністер. Батыс Еуропадағы Рим империясының әкімшілігі герман және ғұн шабуылдары салдарынан ойсырап құлағанда, аймақ халқы күрт азайды, қалалары кішірейді немесе жоғалып кетті, сауда күйрей бастады (9-тарауды қараңыз). Империядағы ақша айналымы Еуропадағы Италиядан басқа жерлерде жарамай қалды. Тіпті бұл жерде, б.з. І ғасырында Рим қаласы тұрғындарының саны бір миллион адамды құраса, VІІ ғасырда ол елу мыңға дейін азайды. Шығыс Жерорта теңізінен келетін қыш ыдыстар, дәмдеуіштер мен басқа да бағалы тауарлардың ағыны қысқарды, сауданың көп бөлігі ауылдар мен қалаларды байланыстыратын жергілікті жүйелер арқылы ғана жүрді.

Батыс Еуропаны төрт ғасыр шамасында ерекшелеп тұрған мәдени романдану үдерісі кері бағытқа қарай жүре бастады. Мысалы, латын тілі шіркеудің, ғылымның және дипломатияның маңызды тілі болып қалғанымен, қолданыстағы тіл ретінде жойылып кетті. Оған қоса, латын тілі біртіндеп бірнеше аймақтық нұсқаларға бөлініп, уақыт өте қазіргі итальян, француз, испан, португал және румын тілдерінің бастапқы түпкі түрлерін, яғни романдық немесе «роман» тілдерін қалыптастырды. Солтүстік Еуропада герман тілдерінде сөйлейтін келімсек халықтың саны өсіп, саяси күшке ие болды. Ол тілдердің аймақтық өзгешеліктері бар еді. Ағылшын, неміс, голланд және скандинав (фин тілінен басқасы) тілдерінің бәрі германдық грамматикалық құрылым мен сөз қоры негізінде дамыды. Дегенмен латын немесе роман тіл тобынан мыңдаған сөз қабылдады. Шығыс Еуропада славян тілдері басым болды. Қазіргі таңда еуропалықтар, шамамен, қырық бес түрлі тілде сөйлейді. Әсіресе Жерорта теңізінің оңтүстік және шығыс жағалауларының тілдік біркелкілігі артты. Алғашқы Араб мұсылман империясы көп тілді қабылдаса да, араб тілі бірнеше ғасыр ішінде басты жазба және ауызекі тіл ретінде Ирактан Мароккоға дейінгі аумаққа тарады.

Римдік кезеңнен кейінгі кезде Еуропа тілдерінің саны үкімет және қоғамдық тәртіп институттары сияқты көбейе түсті. Шығыс Еуропаның славян және скандинав халықтары арасында туыстық қарым-қатынас негізінде қалыптасқан рулық қауым топтары мемлекеттерге қарағанда негізгі саяси және қоғамдық бірліктер ретінде бірнеше ғасыр бойына сақталды. Орталық және Батыс Еуропада Британия және екі жүзге жуық ұсақ корольдіктер пайда болды. Герман монархиялары Византия немесе Ислам халифатымен салыстырғанда, кішірек әрі әлсіз еді.

Герман билеушілері король лауазымын мақтан тұтты. Корольдер билікте кәсіби әскер мен лауазымды тұлғаларға емес, жергілікті көсемдер берген антқа және туыстарының, жауынгер жолдастарының адал қызметіне сүйенді. Олардың жергілікті ақсүйек отбасыларына төрелігі шектеулі болды. Ал ақсүйек отбасылары Еуропаның ормандары, батпақтары мен римдіктерден қалған ауылшаруашылық жерлерде жаңа қожалықтар91 мен жер иеліктерін құрды. Ақсүйек отбасылар жиі-жиі шекісіп қалды. Шайқастарда төбедегі қамалдарда немесе ескі римдік бастиондарда жасырынып қалған жауларды ұзақ уақыт бойы қоршауға алып соғысты.

Әлеуметтік теңсіздік және басыбайлы құқықтың қалыптаса бастауы. VІ–VІІІ ғасырларда еуропалық шаруалардың көпшілігінің еркіндігі шектеле бастады. Халық санының кемуі қожалық жұмысшыларының римдік кезеңіне қарағанда, азық-түлік өндірісін баяулатты. Жұмысшыларға азық тауып беру үшін жер иесі жергілікті халықты қожалықта жұмыс істеуге немесе бір жыл ішінде көп күн бойы басқа қызметтер атқаруға мәжбүрледі. Көп жұмыстың өтемі ретінде жер қожалары шаруаларға қорғаныс пен иеліктегі жер телімдерінде азық өсіруге рұқсат берді. Бүкіл Еуропада әлеуметтік және құқықтық қарым-қатынастар әртүрлі болса да, шаруалар түсініксіз еңбек міндеткерлігіне бағынышты болды, өз егінін егуге арналған бос жерлерді (ондай жерлер көп еді) іздеу үшін қожайынның иелігінен тыс жерге шыға алмады. Латын тіліндегі servus – «құл» сөзінен шыққан serf (басыбайлы) термині олардың еріксіздігін дәл сипаттады. Басыбайлы құқықтың құлдыққа қарағанда ең негізгі айырмашылығы – басыбайлыларды тауар ретінде сатып алуға және сатуға заң жүзінде рұқсат жоқ еді. Құлдық корольдер мен қожалық иелерінің адамгершілік ұстанымынан емес, құлдарды бақылау үшін әскери және әкімшілік ресурстарының жетіспеушілігінен қысқарды. Құлдар, негізінен, Византия мен арабтар басқарған жерлерде сақталды. Себебі бұл мемлекеттерде әлдеқайда мықты әскери күш пен құқық қорғау органдары болды. Дегенмен еуропалық саудагерлер Солтүстік және Шығыс Еуропадан христиан емес құлдарды сатып алып, оларды Жерорта теңізі аймағындағы базарларға экспорттай берді.

Батыс Рим құлағаннан кейін пайда болған әлеуметтік өзгерістер еуропалық әйелдер мәртебесін көтеру үшін ештеңе жасамады. Күңдік құлдыққа қарағанда баяу азайды, шаруа әйелдер әкелері мен күйеулері сияқты басыбайлыларға айналды. Ауқатты отбасылардың мүшелері қатарындағы ер адамдар көбінесе әйелдерге «бейресми» үйленді немесе көңілдестер ретінде ұстады. Осылайша олар бұл әйелдерді заңды мәртебеден айырды. Үйленген жағдайда әйелдерге меншікке иелік ету құқығына кепілдік берер еді. Бүгінгі кейбір ауылшаруашылық қауымдардағыдай, ақсүйек ер адамдар неке жасына жеткен жас қыздарды басқа ықпалды отбасылармен келіссөздер жүргізу және одақтасу құралы ретінде пайдаланды. Екінші жағынан, корольдер мен ақсүйектер әйелдерінің дәрежесі биік болып, олар саясатқа айтарлықтай әсер етті. Әскери ақсүйектердің арасында өлім-жітімнің көп болуына байланысты, олардың жесірлері меншікті басқарып, кең ауқымды жерлерді мұраға алды.

Айларға созылған еңбек. Ортағасырлық Еуропа өнерінің дені – күнделікті ауыл өмірінің тұстарын ашатын рухани әлеммен тығыз байланысты, тұрмысқа қатысты өмірді бейнелеуші еңбегінің жемісі. Ұлы Карл заманына тиесілі бұл сурет – ауыл шаруашылығына қатысты өмір мен жыл мезгілдері арасындағы тығыз байланысты суреттейді. Он екі көріністің әрқайсысында жасалған іс-әрекеттерді сіз қалай анықтап, түсіндірер едіңіз?

Біріктіруші христиан шіркеуі. V–VІІІ ғасырлардағы христиан шіркеуі Еуропада уақыт өте келе кішігірім әрі бөлшектенбеген, әлдеқайда ірі және бірлескен сипатқа ие болған жалғыз әлеуметтік құрылым болды. Батыс Еуропада үстемдігін орнату үшін ол христиан дінінің балама нұсқаларынан басым болуы қажет еді. V–VІ ғасырларда ол Еуропа корольдері мен ақсүйектерінің көпшілігі ертеректе герман көсемдері қабылдаған христиан дінінің арийлік нұсқасынан бас тартқанда үлкен жеңіске жетті. Уақыт өте келе байқалған екінші жетістік – бірінші мыңжылдық соңында Византия императоры мен Константинополь патриархынан іс жүзінде тәуелсіз Рим патриархының пайда болуы. Батыста жоғары дәрежелі қызметкерлерді бекіте отырып, ол Папа92 лауазымына ие болады (латын тілінде papa – «әке»). Осы лауазымның пайда болуына әсер еткен маңызды фактор – Византия мәдениетінің Жерорта теңізінің батысындағы аймаққа тигізетін ықпалын одан бетер әлсіреткен араб басқыншылығы еді.

Рим шіркеуінің Пападан басталып, аймақтағы епископтар арқылы ауылдың дін қызметкерлеріне дейін сатылана төмендеуі грек-христиан шіркеуіндегі иерархиялық құзырет құрылымына ұқсас болды. V–VІІ ғасырлар аралығында, сол кездегі Батыс Еуропа қалаларының аумағы қысқарған тұста, қолжетімді жалғыз үкімет епископтар еді. Шіркеу шенділері көрші аймақтарға, негізінен, жергілікті монархтармен бірлесе отырып, кафедралдардан93 саяси және діни билігін жүргізді. Кафедралдар орналасқан қалалар латын тілінде оқытатын және көне жазбалар сақталатын, дін қызметкерлері тәлім алатын, жергілікті шіркеулерге (шіркеу аймақтарына) дін қызметкерлерін тағайындайтын орталықтарға айналды.

800 жылға қарай Батыс Еуропадағы монастырьлар саны жүзге жетті. Жабық діни қауым ретінде құрылған монастырьлар христиан дінін тарату мен оқытуда аса маңызды болды. Оның мүшелері оқумен, арнайы білім алумен және ауылшаруашылық еңбекпен айналысты. Әдетте Папалар, епископтар және корольдер монастырьларға өзін-өзі басқаруға рұқсат берді. Кей уақыттарда тақуа адамдар қасиеті, даналығы және білімінің арқасында зор беделге ие болды. Бұл қауымдар қала мүлде жоқ жерлерге сауаттылықтың кішігірім ұшқынын алып келді. Солтүстік Еуропа мен Рейн өзенінен шығысқа қарай салған монастырьлар халықты шоқындырудың негізгі құралы болды. Өзін-өзі қамтамасыз ету керек болғандықтан, тақуалар жеуге жарамды өсімдіктерді өсіріп қана қоймай, үлкен жер телімдерін отап, жергілікті ақсүйектердің қожалықтарымен ғана салыстыруға келетін ірі егістік алқабына егін екті. Кафедралдар сияқты, монастырьлар да латын тілін оқыту, мәтіндерді көшіріп жазу және көркем шығармашылық орталықтарына айналды. Кейде олар ну орман ортасында орналасты. Бастапқыда еуропалық тақуа қауымдарына ер адамдар мен әйелдерден құрала берілуіне рұқсат бергенімен, кейініректе олар адамдардың жынысы бойынша үйреншікті түрде бөліне бастады.

Тақуа әрі дін таратушы Нурсия Бенедикт (480–550) тақуаларға қалай өмір сүру және құлшылық ету керегі туралы «ереже-қағидалар» жинағын түзу арқылы христиан өктемдігі тарауына үлес қосты. Бенедикт ереже-қағидаларында тақуалардың оқшаулануына емес, белсенді қоғамдық өмір кешуі, білімпаздық пен дін таратуына басты назар аударды. Орталығы Италияда орналасқан бенедиктіктер осы жерден Британ аралдарына және шығысқа қарай Германияға дейін созылып жатқан аймақта монастырьлардың тармақталған жүйесін құрды. Бірінші мыңжылдық соңында көпшілігі бенедиктіктер болған тақуалар барша Еуропада мәдени қарым-қатынас пен ынтымақтасудың негізгі себепкерлері еді. Христиан дінін алғашқылардың бірі болып Ирландия мен Ұлыбританияның солтүстік бөлігінің халқы қабылдады. Бұл – тақуалар қызметінің жемісі (тақуа әйелдердің еңбегін дәлелдейтін дерек табылмады). Монахтар гүлденген қауымдар құрып, Евангелие қолжазбаларын дайындады. Қолжазба суреттерінде Жерорта теңізі аймағы христиандарының көркемөнер дәстүрінің әсері байқалмайды. Кейбір ирланд және ағылшын тақуалары өмір бойы ел кезіп, дін тарату үшін монастырьларын тастап, Еуропа құрлығына кітаптарын ала келіп, жаңа қауымдар құрды. Нәтижесінде, Еуропаның солтүстігінен оңтүстікке қарай орналасқан аймақтарда христиан діні ішінара тарады.

Әулие Галл монастырінің жоспары. Швейцариялық монастырьдың нобайын Ұлы Карл басшылығымен тақуалар жоспарлаған. Шіркеу, кітапхана, қонақ үй, жеміс бағы, бақша, ат қоралар, наубайхана, сыра қайнататын жер мен мектеп те жоспардан тыс қалмаған. Осы жоба бойынша монастырь суретін салған-салмағаны белгісіз болып тұр.

Франк империясының өркендеуі мен құлдырауы. VІІІ ғасырдағы Ұлы Карлдың немесе Карл Магнустың Рейн өзені алабында орналасқан Франк корольдігінің әскери күші мен ауылшаруашылық ресурстарына сүйене отырып, Еуропаны біріктіруге бағытталған талпынысы ұзаққа созылмады. Осы империяны бір уақытта үш басшының басқаруы Ұлы Карлдың атасы Карл Мартельден (714–741 жылдары билік құрды) басталды. Бұл герман ақсүйегі король емес, «сарай басшысы» еді. Мұндай лауазымды ол әлжуаз Мервинг әулетінің тұсында мемлекеттік істерге басшылық ету тізгінін өз қолына алу үшін пайдаланды. Испанияны басып алғаннан кейін, араб әскерінің басқыншы жасақтары Пиреней тауларынан асып, франктардың жеріне жетеді. 732 жылы Мартель Тур қаласының маңындағы Францияның Луара алқабында арабтардың үлкен әскери күшіне тойтарыс береді. Тарихшылар көп уақыт бойы Мартельді Еуропаның христиан әлемін араб-мұсылмандардың басып кіруінен қорғап қалды деп есептеген. Тарихшылардың «араб жорықтары, соның ішінде Турға қарсы шайқас өте сәтті болса, күндердің күнінде Пиренейдің солтүстігін толық жаулап алуға ұласып кететін бе еді?» деген сауалдың жауабын іздегені – күні кеше ғана.

741 жылы Папа Мартельдің баласы Пипинді франктардың королі етіп тағайындайды. Алайда Пипиннің баласы Ұлы Карлдың (768–814 жылдары билік құрды) тұсында үстемдікке талпыныс үдей түсті. Осы екеуі Каролинг (латын тіліндегі Carolus немесе Charles деген аттан шыққан) әулетінің негізін қалады. Франк әскері Рейн өзені алабында орналасқан елдің негізгі аймағынан шығысқа қарай бет алып, қазіргі Франция мен Германияның басым бөлігін жаулап алды. Осылайша, Рим сарбаздарының қолы жетпеген жорықты бастады. Ұлы Карлдың әскері Италияны басып алу үшін Альпі тауларынан асып өтті және шалғайдағы Пиреней аймағында, Солтүстік Испанияда Каролингтердің билігін орнатты. Венгрияға қарай бет алған Ұлы Карл жолай Авар түркі мемлекетін талқандайды. Бұл мемлекет ұзақ уақыт бойы Византияның құтын қашырған еді. Осы жорықтарда франк ақсүйектері үстіне сауыт киіп, аттарына да темірден жабу жапты. Олар Сасанидтік Парсы елінен үйренген катафракт, яғни ауыр атты әскер тәсілін византиялық мәнерде сәтті қолданды. Үзеңгі – атқа мінген шабандозға тепе-теңдікті сақтауға кәдімгідей көмектесетін, Батыс Еуропада кең қолданылған ішкі еуразиялық өнертабыс. Каролинг жауынгерлері көбіне жылқыға жайдақ мініп, бар екпінімен шауып барып, қылыш пен балтасын сайлап, жаяу ұрыс үшін аттан түсті.

Келл кітабы. Кельт христиандары көркемөнерінің атақты туындыларының бірі. Тамаша безендірілген Келл кітабы Жаңа Өсиеттің латын тіліндегі төрт Інжілінен құралды. 800 жылы Ирланд тақуалары жазған күрделі айқыш-ұйқыш өрнектер христиан заманына дейінгі көркемөнер ықпалының көрінісі. Бұл суретте тақта отырған Иса бейнеленген.

Пипин және Ұлы Карл өздерін шіркеу қорғаушыларымыз деп есептеді. Олардың шіркеумен тығыз ынтымақтасуының екі маңызды нәтижесі болды. Бірінші нәтиже – христиан дінінің Орталық Еуропа аймағында таралуына жағдай жасау. Солтүстік-Шығыс Германиядағы пұтқа табынушы саксондарды жеңген Ұлы Карл осы аймақта христиан дінін орнатуға жол ашып, Рейннен шығысқа қарай көп монастырь тұрғызуға шақырды. Ол шіркеу ілімін жүйеге келтіру, діни қызметкерлерді оқыту, ер адамдардың көп әйел алу және «бейресми некелесу» сияқты пұтқа табыну дәстүрлерін жою арқылы қауымның адамгершілік мінез-құлқына қатысты талаптарды жоғарылатуға талпынды. 800 жылы Папа ІІІ Лео Ұлы Карлға Рим императоры тәжін кигізді. Бұл, бір жағынан, жаңа Рим империясын құру үмітінің жандануын білдірсе, екінші жағынан, латын және грек шіркеулерінің арасындағы қарым-қатынастың шиеленісе түскенінің белгісі еді. Сол уақытта Папаның бұл іс-әрекетіне Византия ханшайымы Ирен қарсы болғанына қарамастан, ештеңе істей алмады.

Каролингтік діншілдіктің екінші нәтижесі – Батыс Еуропада, әсіресе Ұлы Карл билігінің соңғы он жылдықтарында шығармашылық белсенділік шарықтады. 794 жылы ол Рейннен батысқа қарай орналасқан Аахенде (Aіx-la-Chapelle) жаңа астана тұрғызды және ол осы жерде ғалымдардың «Каролингтердің қайта өркендеу» деп атап кеткен іс-шаралардың барлығына басшылық етті. Сәулет және көркемөнерге қолдау көрсеткеніне қарамастан (Константинопольдың батыс үлгісін салуға бел буғанымен, іске асыра алмады), бірінші кезекте жазба сөзге қызықты. Ол грек, рим және христиан жазбаларын жинау үшін король кітапханасын ашты. Дін қызметкерлерін, тақуаларды және, негізінен, ақсүйек отбасыдан шыққан кішкентай ұл-қыздарды оқыту және жазбаларды ұқыпты көшіріп жазу үшін Еуропаның түкпір-түкпірінен ғалымдар жинап, ортағасырлық «даналық орталығының» бір түрін ұйымдастырды. Король тіпті латын тілінде және аздап грек тілінде оқуды үйреніп алды (алайда ешқашан жазуды үйрене алмады). Ақыр соңында, каролингтік сауат ашу ісі хатшылары әйелдер монастырінде жүргізген тәжірибелерін ішінара қолдана отырып, анық әрі оңай Каролинг жазуын немесе «Каролинг минускулын» жетілдірді. Ол Батыс Еуропада хат арқылы қарым-қатынас жасауға жағдай жасады. Бұл жазу қазіргі таңда біз қолданып жүрген «латын» әліпбиіне ұқсайды.

Саясат саласында Ұлы Карл римдіктер мен германдықтардың шашыраңқы әдет-ғұрып заңдарын ретке келтіре бастады және салық жинап, король жарғыларын орындау үшін басқарудың орталықтанған билік жүйесін құрды. Қала өркениетінің солтүстік шеткі бөлігінің билеушісі болған Ұлы Карл екі ел арасында бірқатар дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, Аббасидтер халифатына айтарлықтай әсер қалдырды. Сол қарым-қатынастарының бірінде Харун ар-Рашид Каролинг сарайына альбинос піл тарту етті (әрине, суық Еуропада халі мүшкілдене түскен піл бірнеше жыл өткеннен кейін өліп қалды). Соңғы тарихи зерттеулер Каролингтер дәуірінде өңірлік сауда мен Жерорта теңізі арқылы өтетін сауда-саттық жандана түскенін айқындады. Еуропалықтар мен мұсылман елдері өкілдерінің арасындағы сауда айырбасының артуына байланысты сауда дамыды. Христиандардың көбі Палестинаға, мұсылмандардың қол астында болған Иерусалим қаласының қасиетті жерін көру үшін ұзақ уақытқа созылған зиярат ету сапарларына аттанды. Сауда және тәуап ету жолдарының бірі Орталық Еуропадан басталып, Дунай арқылы Қара теңізге шықты және осы жерден Константинополь мен Палестинаға апарды.

814 жылы Ұлы Карл дүниеден озып, империя құлдырай бастады. Папа лауазымының қаншалықты ерекше болғанына қарамастан, оның билігі түптеп келгенде, ақсүйек франктердің қолдауына тәуелді еді. Ұлы Карлдың баласы Людовик (Louіs) әкесіне қарағанда, әлдеқайда әлсіз басшы екенін көрсетті. Ол жаңа иеліктер мен олжа әкелер аумақты қорғап тұра алмағандықтан, ақсүйектердің қолдауына ие болмады. Еуропаның бірігуі осылай үзіліп қалды да, аймақ саяси және әлеуметтік тұрақсыз жаңа кезеңге аяқ басты.

Қожалық (manor) – орта ғасырлық Еуропадағы жер иеліктері, сондай-ақ қожалықтағы негізгі үй немесе сарай.

Папа – Батыс және Орталық Еуропада христиан шіркеуі басшысын белгілеу үшін ІX ғасырдан қолданылған атау.

Кафедрал – шіркеу, христиан епископының штаб-пәтері немесе қызмет көрсету орны. Әдетте үлкен аумақтағы мінәжат етушілерді жинайтын үлкен шіркеу.

Солтүстік Африкада христиан қоғамдарының азаюы

ІV–VІІ ғасыр басын қамтыған аралықта Африканың Жерорта теңізіндегі бөлігі Еуропаның христиандану жолын қайталады. Шіркеулік ұйымдастыру мен басқару жөніндегі дауларға байланысты, солтүстік африкалықтар арасында жүрген христиан уағыздары алауыздыққа ұласты. VІІ ғасырдағы араб шапқыншылығы христиан қауымдарын бір-бірінен одан да бетер алыстатты. Ислам діні жедел арада қабылданды да, бірнеше ғасыр ішінде христиан діні қазіргі Тунис, Алжир және Марокко жерлерінде жойылып кетті. Екінші жағынан, иудаизм шектелмеді. Бұл аймақтарда еврейлер де көбейді, себебі араб бірлестігі осы жерлерге, сонымен бірге Испания жеріне еврей саудагерлерінің, қолөнершілері мен шаруаларының қоныстануына жағдай жасады.

Христиан дінін ұстанған халықтардың біршамасы Жерорта теңізінің мысырлық жағалауында ғана қалды. VІІ ғасыр ортасында Ніл алқабына араб күштері басып кіріп, грек православ шіркеуінің қасиетті өкілдерін елден қуып шығып, саны жағынан көп монофизит христиандарға қорғалған топ ретінде сыйынуға рұқсат берді. Монофизиттік доктрина грек православиесіне қайшы болып, адамзатқа емес, Исаның рухани болмысына баса маңыз берді (9-тарауды қараңыз). Мұсылмандар басшылығындағы Мысыр шіркеуінің ерекшелігі болды, яғни өз патриархтарына май жағу рәсімін жүргізіп, сыйыну тілі ретінде түрленген грек әліпбиімен жазатын ежелгі мысыр тілінің соңғы нұсқасы – копт тілін пайдаланды. Бұдан кейінгі ғасырларда мұсылмандармен салыстырғанда саны біртіндеп азайса да, копт қауымы өркендей берді. Қазіргі таңда Мысырдағы христиандардың үлесі барлық халықтың шамамен 9 пайызын құрайды.

Деректерді САРАЛАУ

Тур маңындағы шайқасқа қатысты екі түрлі көзқарас

Тур маңындағы шайқастан (кейде Пуатье маңындағы шайқас деп те аталады) соң, көп ұзамай еуропа, сондай-ақ араб жылнамашылары бұл шайқас туралы жаза бастады. Жазбалар оқиғаны әртүрлі, кейде қарама-қайшы көзқарастар тұрғысынан сипаттады. Қазіргі тарихшылар жазбалардың барлығын бір-бірімен қиыстыра алмады, бірақ оларды салыстырмалы түрде талдап, сенімділігі туралы тұжырымдар жасауға болады. 754 жылғы деректен алған, төменде келтірген бірінші үзінді VІІ–VІІІ ғасырлардағы Испания тарихы туралы әңгімелейді. Әңгіме авторы − Испанияның мұсылман билігінде болған бір аймағында тұрған беймәлім христиан. Ол осы латын тіліндегі жазбаны 754 жылға дейінгі аралықта жазған. Екінші үзіндінің авторы − араб тілді мұсылман. Бұл кісінің де кім болғаны белгісіз. XІX ғасыр басында испандық тарихшы көбінесе испандық мұрағаттардағы байырғы араб құжаттары негізінде жазған жұмысында осы жазушының кім екенін айтпастан, сілтеме жасайды.

Омейядтар халифатының сарбазы Әбд ар-Рахман әл-Гафики 732 жылы Тур қаласына жақындаған араб және бербер жауынгерлеріне басшылық етті. Ал Карл Мартел Франк корольдігінің бір бөлігі саналған Австриядан келген франктердің жетекшісі болды.

БІРІНШІ ҚҰЖАТ

Христиандар көзқарасы

Әбд ар-Рахман қыруар әскерімен басып алған жерді көріп, Пиреней тауларын, шатқалдар [тау ішінде] мен жа­зықтарды кесіп өтіп, ойрандау және жойып жіберу үшін франк жеріне кірді... Әбд ар-Рахман ... сарайларды қиратып, шіркеулерді өртеді, Турдағы әулие Мартин ғи­бадатханасын тонай аламын деп ойлады. Дәл осы кезде ол жастайынан жаужүрек жауынгер болған, сайыстардың барлық түрінде шыныққан Австрия лорды Карл Мартельмен бетпе-бет кездесті.

Шайқасқа түсетін сәтті мазасыздана күткен екі әскер жеті күнге дейін бірін-бірі бақылады. Ақыр соңында, олар шайқасқа дайын болды. Қос тарап жауынгерлері әбден ширыққан шақта солтүстіктің адамдары толқыған теңізге ұқсады. Мартел сарбаздары мұз қорған сияқты, бір-біріне жақын әрі нық тұрды; қылыштарының жойқын соққыларымен арабтарды шауып түсірді... Соңғы түнде бұл маңды жаулап алуға келгендер тас-талқан болып жеңілді. Франктер қылыштарын қынабына салды және әлденеден қауіптеніп, арабтардың сансыз шатырларын көріп, келесі күнгі басқа шайқасқа дайындалды. Таңсәріде... еуропалықтар араб шатырларының әлі де қаз қалпында тұрғанын байқады... Шын мәнінде олар түн ішінде дымын білдірместен, өз елдеріне қарай зыта жөнелген еді.

ЕКІНШІ ҚҰЖАТ

Мұсылмандар көзқарасы

Мұсылмандар жауларын тас-талқан етіп, Гаронна өзенінен өтті, елді ойрандап, сансыз тұтқынды қолға түсірді. Әскер ол жерлерді жойқын дауыл сияқты жай­пап өтті... Франктардың барлық халқы сойқан әскерден зәре-құты қалмай, Карл Мартельге хабар жіберіп, оған мұсылман салт аттылардың сұрапыл соғысы туралы және әскердің Нарбонна, Тулуза және Бордо жерлері арқылы жүргені жайлы айтып берді... Карл христиандардың жабықпауын өтініп, тез арада көмектесетінін айтты... Ол атқа қонып, сансыз әскерін ертіп, мұсылмандарға қарсы шықты. Ол мұсылмандармен Тур атты үлкен қала маңында кездесті...

Өзеннің [Луара] жанында екі тіл мен екі діннің екі ұлы күші бір-біріне қарама-қарсы тұрды. Әбд ар-Рахман, оның қолбасшылары мен сарбаздарының жүректері кек пен мақтанышқа толы еді, олар шайқасты бірінші болып бастады. Мұсылман салт аттылар франктердің әскеріне қарай ұмтылды... Екі жақтан да сансыз сарбаз күн батқанша қырылып кетті.

Түнде екі тарап әскері өз жақтарына тарасты. Бұлыңғыр таңда мұсылмандар шайқасқа қайта оралды. Олардың салт аттылары христиан дінін ұстанушылардың ортасына қарай ұрыс салды. Бірақ мұсылмандардың көбі шатырларындағы соғыс олжаларына алаңдап тұрған еді... Сондықтан мұсылман салт аттылардың бірнеше бөлімі шатырларын қорғауға аттанды... Әбд ар-Рахман бұл жағдайды бақылауға алуға тырысқан кезде, франк жауынгерлері оны қоршап, найзаларымен түйреп өлтірді. Басшысы өлген әскер жауға қарсы шайқасты, біразы сол жерде қаза тапты.

Дереккөздер: Chronіcle of 754,“Іsіdore of Beja’s Chronіcle” (Chronіcle of 754), Englіsh translatіon from Іnternet Medіeval Sourcebook, http://www.fordham.edu/halsall/sbook2.asp. The prіncіpal edіtіon of the Chronіcle of 754 іs J. E. Lopez Perreіra, Estudіo crіtіco sobre la Cronіca Mozarabe de 754(Zaragoza: Anubar, 1980). Anonymous Arab chronіcler quoted іn Jose Antonіo Condé, Hіstory of the Domіnіon of the Arabs іn Spaіn, trans. Mrs. Jonathan Foster, vol. 1 (London: Henry G. Bohn, 1854), 108–111.

Сыни пайым

Тур шайқасында екі тарап бір-бірімен не үшін және қайда соғысқаны жайлы үзінділерден қандай ақпарат аламыз? Осы екі үзіндідегі қай бөліктер бір-бірін толықтыратын сияқты? Қай бөліктер бір-біріне қарама-қайшы келеді? Екі автор тарапынан кеткен діни және саяси ағат пікірлерді қай сөздер көрсетеді? Екі автор әскерлердің батылдығы мен жауынгерлік қайсарлығын қалай сипаттайды?

Нубиядағы Ніл алқабында (Оңтүстік Мысыр мен Солтүстік Судан) V–VІІ ғасырларда гүлденген христиан қауымдары біртіндеп жойыла бастады. Арабтар Мысырды басып алғаннан кейін Нубиядағы христиандар Константинопольмен және грек шіркеуімен байланысын үзген жоқ. Алайда аймаққа мұсылман саудагерлер, уағыздаушылар мен малшы көшпелілер көп келді. Б.з. ІІ мыңжылдығы басында Нубияда ислам діні басым көпшіліктің діні ретінде христиан дінін алмастырды. Бірақ Нілдің оңтүстік-шығысындағы Эфиопияда монофизит шіркеуі гүлдене берді.

Рим Папасы ІІІ Леоның Рим императоры Ұлы Карлға тәж кигізу сәті. Орта ғасыр басындағы қолжазбада бейнеленген бұл рәсім екі тараптың да мүддесін қолдады. Ұлы Карл жоғары лауазымға ие болды, ал Папа императорларды сайлаушы рөлін иемденді. Бұл суреттегі басқа адамдар кімдер болғанын қалай анықтайсыз?

Каирдағы Әулие Мария шіркеуі. VІІ ғасырда іргесі қаланған бұл ғибадатхана ХІ ғасырда патриархтың, яғни монофизит копт шіркеуі басшысының резиденциясына айналды. Ғимаратты Аспалы шіркеу деп те атады, себебі оны Рим бекінісі қақпасының үстіне салған.

Шығыс Азия: Қытайдың қайта бірігуі

ОЙЛАН: Қытайдағы Суй және Тан әулеттерінің қол астына бірігу аймақтың экономикалық және мәдени дамуына қалай әсер етті?

Оңтүстік-Батыс Азия мұсылман билеушілері қол астына біріге бастаған уақытта Қытайда бірін-бірі алмастырған Суй (SWAY) және Тан әулеттері ІІІ ғасыр басында Хань әулеті құлағаннан кейінгі ыдырап кеткен, орталықтанған үкіметті қалпына келтірді (10.4-картаны қараңыз). 581 жылы қытай және түркі ақсүйек басшыларына бағынған әскери бірлестік Солтүстік Қытайды басып алып, Суй әулетін билік басына (581–618) әкелді. Кейін оңтүстікке, Янцзы өзенінің алабына қарай жылжыды. Он жыл ішінде Солтүстік және Оңтүстік Қытай бірікті. Суй әулетінің екі императоры қытай буддистерінің қолдауына жүгініп, Ішкі Еуразиямен шекаралас жерлерге, сонымен бірге Оңтүстік-Батыс Қытай, Вьетнам және Корей түбегіне билік жүргізуге тырысты. Суй әулетінің әскеріне шамадан тыс салмақ түскен кезде, азамат соғысы бұрқ ете қалып, қытай және түркі текті Ли Юань бүлікші әскери офицері 618 жылы тақты басып алып, Тан әулетін билік басына әкелді. Суй және Тан әулеттері билеген үш ғасырдан аса уақыт бойы Қытай ел ішіндегі күрес пен шетелдік басқыншылықтарды бастан өткерді. Император мен оның ғалым-кеңесшілер иерархиясын біртұтас Қытайдың «дәстүрлі» көшбасшылары деп танитын конфуцийлік модель қайтадан қолданысқа енді.

10.4-КАРТА. Суй және Тан империялары. 589–907 жылдар

Солтүстік Қытай мен Ішкі Еуразия арасындағы Тан империясының жері неліктен ұзын мойын сияқты жіңішкеріп кетті деп ойлайсыз?

Тан мемлекеті

Шамамен 750 жылдарға дейін Тан мемлекеті Қытайды саяси, экономикалық және мәдени тұрғыдан біріктірді. Ел, негізінен, 4 император тұсында бірікті: Тай-цзун (626–649 жылдары билік құрды), Гао- цзун (649–683 жылдары билік құрды), Ву патшайым (690–705 жылдары билік құрды) және Сюань-цзун (712–756 жылдары билік құрды). Гао-цзун императордың жұбайы, одан кейін өзі билеуші болған Ву патшайым жарты ғасырдай уақыт бойы мемлекеттік істерді жүргізді. Осы әміршілердің барлығы будда дініне белгілі бір дәрежеде қамқорлық көрсеткенімен, олар жергілікті деңгейге дейін таралған министрліктер арқылы ел басқарып, мемлекеттік істерді орталықтанған басқарудың конфуцийлік қағидаларына сәйкес жүргізді. Шенді офицерлер ақылға қонымды, жанашыр басқару және мемлекетке риясыз қызмет ету мақсатында ант берді. Болашақ шенді тұлғаларды конфуцийлік классикалық ұстанымдарға үйрету мақсатында Хань әулеті заманында басталған мемлекеттік емтихан жүйесі едәуір кеңейді. Ауыр сынақтарды жақсы тапсырған талапкерлер императорлық әкімші лауазымдарына қол жеткізді. Емтихандарды, негізінен, дәулетті жер иеленуші отбасы ұлдары қабылдаса да, қызмет ету үшін шыққан тегі ғана емес, ақыл, еңбекқорлық және белгілі бір мақсатқа ұмтылу қабілеті де маңызды болды. Қаржылық демеушісі бар жастар қарапайым шаруадан жауапты лауазымды қызметке дейін көтеріле алды.

VІ ғасырдағы Византия императоры Юстиниан сияқты, Тан билеушілері рационалды, біртекті және тиімді құқықтық жүйені енгізу арқылы империяны біріктіруге тырысты. Тан кодексі қоғамды үш топтан тұратын иерархия ретінде көрсетіп, конфуцийлік қағидаларды ұстанды: 1) жоғары лауазымды қызметтегі тұлғалар мен император қызметшілерінің дәрежесі биік табы; 2) шаруалар мен қала тұрғындарының басым көпшілігін құрайтын қарапайым халық; 3) «төменгі сатыдағы адамдар», яғни құлдар мен құл деңгейіндегі басқа адамдар. Кодексте ерлер мен әйелдер арасындағы құқықтық және әлеуметтік теңсіздікті мәңгі есте қалдыратын қаулылар болды. Мысалы, ер адам әйелін ұрып-соғуға заңды түрде құқылы болды, күйеуін өлтірген әйел ауыр жазаға тартылды.

Шаруаларды тұрақтандыру. Ертедегі Тан императорлары неғұрлым көбірек егіндік жерлерді жыртуға, ауылдық аймақтарда көтерілістерге әкеп соғатын қорғансыздық пен жоқшылықты азайтуға, тұрақты алым-салық төлей алатын орасан үлкен шаруалар табының жағдайын жақсартуға ұмтылды. Осы мақсатпен олар бұрынғы аймақтық әулет бастамасымен қолға алған тепе-тең егіс жүйесі94 институтын қабылдады. Бұл саясатқа сәйкес, мемлекет жеке шаруа отбасыларына шаруашылық жүргізу үшін отбасы мөлшері мен байлығына қарай бүкіл өміріне егіндік жерлер бөліп берді. Кейбір жағдайда, өнімді алуға бір ұрпақтың өмірі жетпеді. Әсіресе шаруашылық жібек өндіріп, тұт ағаштарын ексе, отбасы жерлері мен мүлкін ұрпақтарына беріп кете алатын. Ақсүйек отбасыларына тиісті орасан үлкен жерлердегі жалға алушы немесе жұмысшы ретінде қызмет ететін шаруалар санын азайту үшін мемлекет олардың иелік ететін жерлерінің мөлшерін ауыстырып отырды.

Тепе-тең егіс жүйесінің көмегімен Тан мемлекеті өз жерінде бір жыл бойы жұмыс істеп, кейін жұмысты басқаларға тапсыратын әскери шаруа жасақтарын құруға тырысты. Мемлекет әскердің негізгі бөлімдерін даладан келген көшпелі жалдамалы әскерден емес, төзімді, жақсы жаттыққан, адал шаруалардан құруды мақсат тұтты. Темір сауыт құрсанған және садақ ату шеберлеріне айналған осы жауынгерлердің көпшілігі Ішкі Еуразияға қарайтын солтүстік және батыс шекараларға аттанды.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Ву патшайым: Буддизм қамқоршысы

Ву Цзетянь патшайым, ХVІІІ ғасырдағы қытай суретшісінің суреті

Ву Цзетянь (Wu Zetіan)патшайым (625–705) – Қытайды бұрын-соңды жеке-дара басқарған жалғыз әйел адам. Ол Тан әулеті кезеңіндегі буддизм мен өнерге бар ынтасымен қамқор болды. Тай-цзун патшаның көңілін табушы әйелдер санатында Тан патшасы сарайына енген кезде, Вудың жасы небары он үш – он алтыда еді. Әдебиет пен тарих жайлы білімі терең жас қыз көп ұзамай патшаның көзіне түсті. Бірақ он жылдан кейін патша қайтыс болады да, Ву патшайым дүниеден өткен басқа да патшалардың әйелдері сияқты, буддизмдегі тақуа әйелдердің қатарына кіруі керек еді.

Алайда Ву тәуап етуге арналған жерге кетудің орнына, Тай-цзун патшаның ұлы, таққа жаңа отырған Гао-цзун патшаның көңілін өзіне аударды. Ақыр соңында, дүниеге ұл перзент әкеліп, патшаның көңілін тапқан басты әйеліне айналады. Ол қыз баланы дүниеге әкеліп, Гао-цзун патшаның өзге әйелі Ван патшайымды сол қыз баланың өліміне себеп болды деп кінәлайды. Ван патшайым қарабет болып масқараланып, өлтірілді, ал Ву 655 жылы Гао-цзун патшаның жаңа әйелі атанды.

Бес жылдан кейін Гао-цзун патшаның миына қан кетеді. Бұл дағдарысты сәтті пайдаланған Ву патшайым, ес-түссіз жатқан Гао-цзун патша атынан, 683 жылы патша дүние салған соң, жуас әрі көнбіс ұлдары атынан регент ретінде ел басқаруға мүмкіндік алды. 690 жылы өзін заңды монарх деп, б.з.д. бірінші мыңжылдықта ұзақ жасаған Чжоу атына сілтеме ретінде жаңа Чжоу әулетін жариялады.

Дәстүрлі конфуцийлік доктриналар әйелдің билеуші болуына мүмкіндік бермейтін. Бірақ Ву патшайым әйелдердің әлеуметтік рөлін соншалықты қатал шектемейтін буддизмді қолдау арқылы бұл идеологияға қарсы тұруға тырысты. Ол алтын ғасырда билік етеді деп болжанған, әйел ретінде дүниеге қайтып келетін Бодхисаттва Майтреяға табыну сенімін дамытты. Буддизм ғибадатханаларын қолдап, маңызды діни жазбаларды қытай тіліне аударуға көмектесті. Тан әулетінің бұрынғы патшаларының саясатын терістеп, патша сарайындағы рәсімдерге даолықтардың орнына, буддистерді қатыстырды. Лунмэн үңгірлеріндегі Будда және басқа да құдайлардың ғажайып мүсіндерін орнатуға қаржылай көмектескені үшін халық есінде мәңгі сақталды. Ол мүсіндер Ву билігін жүргізген Лоянның қасындағы Ишуи өзенінің жоғары жағындағы әктасты жартастардағы ойықшалар мен ұсақ үңгірлерде орналасқан.

Билігін осы мәдени бағыттар арқылы нығайтудан басқа, Ву сарай саясатын аяусыз жүргізді, тіпті ұлын өлтіруге дейін барып, беделіне нұқсан келтіруге тырысқан барлық адамдарды аңдып, қатаң жазалайтын құпия полицияны құрумен айналысқан тәрізді. Оның іс-әрекеттеріне дәл баға беру қиын, себебі Ву патшайым билігі туралы жазған кертартпа конфуцийшіл ғалымдар оның таққа отыруын әлемдегі табиғи тәртіпке қайшы келеді деп, қауіпті әйел ретінде бейнелеген. Қалай болғанда да, 700 жылдың шамасында денсаулығы нашарлап, кеңесшісі ғана емес, көңілдесі де болған екі ер адамның кеңестеріне көбірек құлақ асты. 705 жылы Ву патшайымның ұлы Чжун-цзун осы кеңесшілерді өлтіруге бел буған сот шенділерінің тобына қосылады. Осыдан кейін Чжун-цзун тақты тартып алып, аз ғана уақыт өмір сүрген Чжоу әулетінің құлағаны және Тан әулетінің қайта құрылғанын жариялады. Ву патшайым қарсылық көрсетпей, сарай сыртындағы жекежайға көшіп кетіп, сол жерде сол жылы қайтыс болды.

Сыни пайым

Саяси асқақ мақсаттарына жету үшін Ву патшайым қандай стратегияларды қолданды?

Солтүстік пен Оңтүстікті біріктіру. VІІ ғасырдағы Шығыс Азия құрлығы мен оның 60 миллион шамасындағы халқын әскери және саяси жағынан біріктіру үшін стратегиялық және техникалық инновациялар қажет болды. Біртұтас Рим империясында жауынгерлер, құрал-жабдықтар, хабарламалар мен коммерциялық тауарларды жер үсті көліктеріне қарағанда әлдеқайда арзан бағамен үлкен қашықтықтарға жеткізуге мүмкіндік беретін орасан зор орталық «су» – Жерорта теңізінің артықшылықтары көп еді. Тан әулетінің патшаларында, керісінше, байланыстарды жеделдететін «орталық теңіз» болған жоқ. Ең маңызды көлік жолы болған Сары және Янцзы өзендері, негізінен, батыстан шығысқа қарай ақты. Солтүстікте, негізінен, бидай, оңтүстікте күріш екті. Екі ұлы өзен алқаптары арасындағы сауда байланысын одан әрі дамыту үшін Тан үкіметі солтүстік және оңтүстік су жолдарының көмегімен екі өзен алабын байланыстыратын ірі орталықтанған инженерлік жоба – Үлкен канал салуға кірісті. Оны қазу мақсатында мемлекет ондаған мың жұмысшыны жұмылдырды, олардың көпшілігі шаруалар екенін мәліметтер дәлелдейді. Ең алдымен, канал, негізінен, солтүстікте шоғырланған Қытай әкімшілігі мен әскерді жылы және ылғалды оңтүстіктен келетін күріш және басқа да азық-түліктермен қамтамасыз етті. Императорлық жолдар канал бойымен жүрді, ал көмекші каналдар, өзендер мен жолдар орталық желіні шет аймақтағы қалалармен және ішкі аудандардағы ауылдармен байланыстырды.

Тан мемлекетінің мамандары Сары өзеннің саласы – Вэй өзенінің қасында батысқа қарай Тан астанасы Чаньанға (қазіргі Сиань) дейін жететін канал салды. Кірпіш пен күйген топырақтан салған сыртқы қорғандары әр жағынан бес мильден аса қашықтыққа созылған бұл империялық қалада орналасқан патша сарайы мен алты ірі министрлік елдегі мемлекеттік істерді жүргізді. Патша еркін ойлы адамдарды, әсіресе оңтүстіктің ақсүйектерін көз жазбай бақылауда ұстау мақсатында оларды Чаньанда жекежай тұрғызуға міндеттеді. Бұл ақсүйектердің сол қалада өмір сүруі үшін және олардың сұраныстарын қанағаттандыру үшін ондаған мың шаруа, қолөнерші, жауынгер, саудагер, әртіс пен қызметші Чаньанға ағылды. Он мыңдаған қытайлық емес тұрғындар да орнықты. VІІІ ғасыр соңына дейін Тан үкіметі сауда жасауға келген, өз дінін таратқан немесе әскерге не мемлекеттік қызметке орналасуға тырысқан шетелдіктерге қарсы болмады. Жылжымайтын мүлікке ие таптар да саудагерлердің Жібек жолы немесе оңтүстіктегі Қытай теңіз айлақтары, әсіресе Гуанчжоу (Кантон) арқылы әкелетін тамаша импорттық тауарларды алғысы келді. Осыған орай, Чаньанның көшелері мен базарларында түркілер, соғдылар, парсылар, тибеттіктер, кәрістер, жапондар, несториандық христиандар, манихейлер мен еврейлердің барлығы бірдей кездесетін еді.

Қалада тұратын қытайлықтардың талғамы да Ішкі Еуразия, Парсы елі мен Үндістанның өнеріне сәйкес келді. Чаньан және басқа да қалаларда жұмыс істеу үшін сазгерлер мен әртістер Жібек жолымен саяхаттайтын. Шалғайдағы корольдіктер Тан патша сарайына берілетін алым-салық ретінде оркестрлер мен би топтарын жіберді. Олар өздерімен бірге анағұрлым дәстүрлі қытай музыка өнеріне әсер еткен музыкалық аспаптар, композициялық стильдер мен билер әкелді. Асыл текті ақсүйектердің үйлерінде де, қала көшелеріндегі топырлаған халық та Ішкі Еуразиядан келген лютня (шертпелі музыкалық аспап) ойнаушыларының, барабаншылардың, акробаттардың, сиқыршылардың, қуыршақ ойнатушылардың, от асаушылардың, домалаған үлкен шарлардың үстінде билеп, бұралып тұрған қыздардың өнерін тамашалады. Сауатты қытайлықтардың кейбіреулері қалаларға «Батыстан» келген осынша көп шетелдіктерді жаратпады. Тан дәуіріндегі бір ақын былай жазып кетіпті:

«Бөтен салт аттылар шаң-тозаңды көтере бастағаннан бері,

Тері мен жүн, сасық пен шірік, Сяньды [Чаньан]

және Лоны [Лоян, Тан мемлекетінің басқа астанасы] толтырды.

Әйелдер батыс опа-далабына қызығып,

Батыс әйелдеріне еліктеді,

Ойын-сауыққа құмарлар батыс музыкасына құлай беріліп,

Батыс әуендерін насихаттады»3.

VІІ және VІІІ ғасырларда Чаньандағы халық саны қытай тұрғындары мен тұрақтап қалған эмигранттарды қоса есептегенде, екі миллионға дейін жетті, бұл жағдай оны Константинополь немесе Бағдатқа қарағанда үлкен, дүниежүзіндегі ең ірі қалаға айналдырды.

Тан империясының басқыншылық бағыты. Тан мемлекетінің І ғасырдағы әскери жорықтары Қытай империялық билігін Янцзы алқабынан шалғай оңтүстіктегі субтропиктік жағалауларға, сонымен қатар Вьетнамға әкелді. Біраз уақыт бойы Тан мемлекеті Корея елінде де үстемдік етті. Ең әсерлі жорықтар солтүстік-батыста басталды. Осыдан кейін Тай-цзун патша мен Ву патшайым шығыс далалардағы мал өсіруші көшпелілерді ойсырата жеңді. Әскери күш-қуат пен басқыншылық дипломатияны шебер үйлестіре отырып, Тан үкіметі Шығыс Түркі империясының күйреуіне ықпал етіп, олардың әскербасыларын Қытай тәуелсіздігін қабылдауға мәжбүрледі. Жеті жүз жыл бұрынғы Хань жерінің кеңеюі сияқты, бұл шабуылдар мемлекетке мүмкіндігінше бүкіл Ішкі Еуразиядағы сауданы бақылауға жағдай жасады. Әскерге қажет жылқыны қазіргі Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан жерлеріндегі Ферғана алқабынан тұрақты түрде алдырып отырды. Тек 751 жылы Ферғананың солтүстік-батысында араб күштері Қытай әскерін жеңгеннен кейін және империядағы ішкі қиындықтардан кейін ғана Тан билеушілері Ішкі Еуразияның ауқымды шекараларын тастап кетті.

Тепе-тең егіс жүйесі (equal-fіeld system) – жерді бөлудің қытайлық мемлекеттік жүйесі; жұмыс істеуге қабілетті ерлерге және иелігіндегі жануарлар санына қарай отбасыларға ауылшаруашылық жерлерінің белгілі бір көлемін мемлекет бөліп, бекітіп береді.

Оңтүстікке қоныс аудару

Демографиялық және әлеуметтік өзгерістер аясында Қытай халқының Тан дәуіріндегі географиялық орталығы Сары өзен алқабынан Янцзыға қарай тұрақты түрде ауысқаны байқалады. Темір кетпен, балта және соқалары бар қытай шаруалары бірнеше ғасыр бойы оңтүстікке қарай көшіп-қонды. Олардың көшуіне солтүстіктегі егістік алқаптардың шектелуі, көшпелілерден төнген тұрақты қауіп-қатер және ұдайы қайталанған құрғақшылық пен жұт, солтүстіктің тұрақсыз климаты себеп болды. Қытай Хань шаруалары оңтүстікке қарай көшкен сайын, қытайлық емес байырғы жергілікті халықтар аралас неке немесе мәдени түрлену арқылы саны көп қытай халқына сіңісті немесе адам аяғы жетпеген таулы аудандарға шегінді.

Тан дәуіріндегі музыканттар. Күйдірген саздан жасаған мүсіндер VІІ ғасырға тиесілі. Мүсіндер барабан мен қытай лютнясында ойнап отырған сауықшы әйелдерді бейнелейді.

Оңтүстікте қоныстанған алғашқы жол бастаушы қытайлар Шығыс Азияның экономикалық дамуы мен интеграциясына айрықша әсер етті. Олар өзен алқаптары мен батпақтарды құрғатты, егістіктерді тегістеп, бөгеттер, дамбалар мен каналдар салды. Құрғату жобалары безгек және су арқылы тарайтын ауруларды азайтқан соң, жағдай жақсарды. Оңтүстік Қытайды қалаға және сауда желісіне айналдыру үшін бірнеше ұрпаққа ұласқан шаруалар еңбегі қажет болды. Экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан алғанда, оңтүстіктегі халықтың тез көбеюі және Қытаймен сауда – өндірістік қарым-қатынас ұзақ уақыт бойы дамыды.

Мәдени ынтымақтасу

Мәдени тұрғыдан алғанда, Қытайда тілдер мен этникалық топтар сақталды, алайда ханьдықтар деп аталған қытай тілінде сөйлейтін халық біртіндеп оңтүстікте үстемдік ете бастады. Ол жерде сауатты қытайлар жазба тілін енгізді, ал конфуцийшіл ғалымдар мен шенділердің беделі артты. Ақсүйектердің мәдениеті мен мәнерлері солтүстік пен оңтүстікте біртіндеп біріге бастады. Осылайша, сол уақытқа дейін аймақтық нұсқалардың көбінен тазарған қытай тілін Батыс Еуропадағы латын немесе Оңтүстік-Батыс Азия мен Солтүстік Африкадағы араб тілі сияқты біртұтас зияткерлік мақсатта пайдаланды. Мысалы, бүкіл Тан империясында қытай поэзиясы әдеби шығармашылықтың басты нысаны ретінде жетілді.

Тан мемлекетінің буддизмді қолдауы. Қытайға Жібек жолы арқылы келген тақуалар мен саудагерлер б.з. бірінші ғасырында енгізген буддизм Тан дәуірінде де маңызды біріктіруші күшке айналды. Будда дінінің кең таралуы мен әдеп және табынудың әмбебап жүйесін реттеу құндылығын мойындаған байырғы Тан патшалары буддистік ғибадатханаларды бар ынтасымен қамқорлыққа алды. Олар мыңдаған жаңа тақуа қауымдарын, кітапханалар мен ступаларды (Будда жәдігерлерін орналастыратын орындар), сондай-ақ Будданың, буддизмдегі әулие адамдардың (бодхисаттвалар) суреттерін және басқа да эстетикалық бейнелерді жартастар мен үңгірлерге ойып салуды қаржыландырды. Патшалар өздерін киелі буддистік патшалық өкілдері ретінде көрсеткісі келді. Тай-цзун патша б.з.д. ІІІ ғасырда Үндістанның буддизм қамқоршысы болған ұлы монархы Ашокаға ұқсағысы келді (6-тарауды қараңыз). Қытай тақуалары қасиетті жерлерді көру және діни жазбаларды жинау мақсатында Үндістанға жиі-жиі барып тұрды. Осы тарауда суреті бар Сюаньцзан (Xuangzang) атты қытайлық дін қызметкері (596–664) Үндістанға жету үшін Ішкі Еуразияны кесіп өтті, он алты жылдан кейін қайтып келіп, патша сарайы мойындаған соң, санскрит жазуларын қытай тіліне аударатын кәсіби аудармашы болды.

Буддистердің конфуцийлік және даолық дәстүрлермен тоғысуы. Буддизмдегі мүсіндеу мен бейнелеу өнері қарапайым қытайларға ерекше әсер етті. Тақуалар мен ғалымдар Оңтүстік Азия тілдеріндегі киелі жазбаларды Шығыс Азияда мағынасы бар сөздерге аударуға көп тер төкті. Олар діни концепциялары мен адамгершілік құндылықтарын конфуцийлік бағыттағы қытайлықтарға ұғынықты етіп түсіндіруге мәжбүр болды. Конфуций отбасы мүшелерінің жауапкершіліктерін баса көрсетті, сондықтан буддистер бодхисаттвалар құтылу жолында барлық отбасыларға көмектеседі деп сендірді. Буддистер конфуцийлік мәртебені сыйлау концепциясын үнділік карума немесе жалпылама аяушылық білдіру ойымен байланыстырды. Конфуцийлік ғалымдар буддистік ілімдер ықыласпен мақұлдаған байсалды зерттеу мен пайымдауға жоғары баға берді.

Вайрочана Будда. Қытайлық буддистер Будда бейнелерін жартастарда ойып мүсіндейтін үнді дәстүрін қабылдады. Лоян қаласының қасындағы Ий өзеніндегі Лонгмен жерінде құмды жартастардағы үңгірлер мен ойықшаларда Будданың әртүрлі мөлшердегі 100 мыңнан аса мүсіні бар. Ву патшайым биіктігі 49 фут Вайрочана немесе Таңғажайып Будда мүсіні үшін қыруар қаржы бөлді. Бұл Буддадан қандай мінез байқауға болады деп ойлайсыз?

Қытайлық наным-сенімдердің екінші ірі жүйесі болған даосизм денсаулыққа, ішкі жан дүние тыныштығына, құтылу мен мәңгі өмірге деген ұмтылыстарды дәріптеді. Буддистер адамдардың пендәуи өмірден құтылып, ғарыштық шынайылықпен рухани бірігуге ұмтылдыратын даолық ойға оңай беріле алатынын насихаттады. Даолық дәстүр жеке, медиативті контрапункт ұсынса, конфуцийлік ілім қоғамды үнемі басқарып, жетілдіруді талап етті. Буддистер даолық нанымдар мен тәжірибелерге қарағанда, жан дүниені тіптен байыта түсетін ілім ұсынды. Тақуалықпен, ал екінші жағынан шынайы үйлесіммен өмір сүруді білдіретін буддистік дхарма концепциясы даолық болмыстың құдайшыл ұстанымымен байланысты болды. Нирвана жағдайы даостық у-вэй «әрекетсіздік» немесе толық тыныштық тұжырымын түсіндірді. Біздің заманымыздың бірінші мыңжылдығында будда діні мен дао дәстүрлері бір-бірімен терең байланысқаны сонша, олардың арасындағы нақты айырмашылықтар туралы қытайлықтар ойланған да жоқ.

Қытайлық саяхатшы. Үндістанға саяхаттап, бүктеме қағаздарға толы бамбук жолдорбаны көтеріп, қайтып келе жатқан, XІV ғасырдағы қытайлық тақуа Сюаньцзанд. Ол жындарды қуу үшін бір қолына шыбын қаққыш, ал екінші қолына дұғалы бүктеме қағаз ұстап алған.

Буддизм Қытайда барлық ұстанымымен тартымды болды. Буддизм ойлау жүйесінің қытайлық мектептері көбейді. Қытайдың ақсүйек отбасыларынан, сонымен бірге ауыл тұрғындарынан шыққан буддистер байлықтарын зиярат ету орындарына сыйға тартты. Буддистік өнер мен сәулеттің қытайлық стильдері жетіле түсті. Буддизм жетістіктерінің бірінші кезеңінде конфуцийлік ілім ішінара ұмытыла бастады. Бірақ ешқашан не буддизм, не даосизм әдейі, отбасындағы үйлесімді қарым-қатынасқа, қоғамдық тәртіп пен үкіметті жақсартуға ықпал еткен конфуцийлік идеалдармен қарама-қайшы келіп немесе бәсекеге түскен емес.

Қорытынды

VІІІ ғасыр ортасында Афроеуразиядағы әскери стратег ұшар биіктен қараса, тропиктерден бастап барлық Солтүстік жартышарды мұсылман араб әскерлері жаулап алды деген болжам жасар еді. Араб күштері Жібек жолының солтүстігіндегі қытайлар басып алған жерге жетіп, мұсылмандық дәстүр бойынша, басшы халиф сол жерге бірінші жеткен әскербасыға Қытай билігін ұсынды. Батыста VІІІ ғасыр басында Еуропаға қарсы әскери жорықтар үлкен шайқастарға ұласты. Араб әскербасылары бір мезгілде Константинополь мен Испанияға қарай жылжыды. Мұсылман араб күштері әлсіреген кездер болды. Қытай мен бүкіл Еуропаны жаулап алуға Оңтүстік-Батыс Азияда қоныстанған жаңа мұсылман үкіметтерінің технологиялық және материалдық-техникалық мүмкіндігі жетпеді. Тарихта алғаш рет қуатты мемлекет пен жаңа діни және мәдени дәстүр Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауындағы жерлердің көбіне тарады. Византиялық шекаралар өзгеріп, Сасанидтер империясы құлаған кезде Сирия мен Месопотамия арасындағы жер бақталас империялар арасындағы қақтығыстың алауыздық аймағына ғана емес, жаңа әрі жасампаз өркениеттің жүрегіне айналды.

Оңтүстік-Батыс Азияда мұсылмандардың басшылығымен жүрген саяси және мәдени интеграция урбандалу, өндіріс пен саудаға жаңа серпін берді. Бұл осы аймақ пен Африканың қалған бөлігі арасында ұзақ қашықтықтарға сауда-саттық жүргізуге жағдай жасады. Жартышарлар арасындағы айырбас үшін Қытайдың Суй және Тан әулеттерінің бірігуіне байланысты экономикалық дамудың жаңа дәуіріне өтуі өте үлкен ықпал еткен тәрізді. Қытайдың тығыз халқы және бай ресурстары болғандықтан, оның ауылшаруашылық және өндірістік әлеуеті Афроеуразияның Үндістаннан өзге аймақтарынан басым түсті.

VІІ ғасыр басында шалғай батыстағы қоңыржай ендіктегі Еуропа Батыс Рим империясының сарқыншағынан құтылып, жаңа экономикалық және саяси желілер бойынша қайта құрыла бастады. Испанияда араб шапқыншылары Оңтүстік-Батыс Азиядан келген мамандар, сәулетшілер және жерді суландыру жөніндегі қызметкерлер көмегімен кішігірім, бірақ гүлденген мұсылман өркениетінің негізін қалады. Солтүстік-шығыста франк жаулап алушысы Ұлы Карл римдік-христиандық мәдениетке негізделген жаңа жалпыеуропалық мемлекет құруға тырысты. Бұл тәжірибе оның өмірімен бірге аяқталды. Еуропаның басым бөлігі бәсекелес саяси құрылымдардың жиынтығы болып қала берсе де, бұл жағдай халық пен өндірістің өсе бастауына кедергі келтірмеді.

Экономикалық өсімнің және Жерорта теңізі жағалаулары мен Шығыс Азия арасындағы сауда айырбасының жаңа дәуірі қалыптасуына басқа да жағдайлар ықпал етті. Шығыс Азия бірнеше мемлекетке ыдырағанымен, мақта-мата мен басқа да өнімдердің көп мөлшерін шетелдерге шығара берді. Оңтүстік теңіздер арқылы Қытайдан Шығыс Африкаға баратын саудагерлер мен жүк жөнелтушілердің теңіздегі жүйесі қозғалыс мөлшерін арттыру үшін ғасырлар бойы өсіп, жабдықталды. Ішкі Еуразиядағы Тан империясы мен араб басқыншылығы, сондай-ақ мал өсіруші көшпелілер мемлекеті Жібек жолдарындағы керуенді аздаған үзіліске қарамастан, тоқтатқан емес. ІX ғасырда Батыс және Орталық Еуропа қауіпті сыртқы қатерлерге тап болды. Бірақ 200 жыл ішінде бұл аймақ, уақыт өте Батыс Римнің жетістіктерінен асып түсетін экономикалық белсенділіктің жаңа серпініне бет алды. Ақыр соңында, микробтардың екі жүз жыл бойғы шабуылынан соң, шамамен 705 жылы, Жерорта теңізі жағалауы мен Оңтүстік-Батыс Азия жерлерінде оба дерті жойылып кетті.

Қысқаша айтқанда, жалпы Афроеуразия VІ ғасырда (кейбір жерлерде кешірек) дамудың жаңа сатысына шықты. Афроеуразия халқы біздің заманымыздың 700 жылы 190 миллионға жуық адамнан (мыңжылдықтағы ең төменгі деңгей) 1000 жылға қарай 235 миллионға өсті. Бұл аграрлық өндірістің жандануымен, сауда қарқыны және қалалардың саны мен мөлшерінің өсуімен байланысты4. Бұл даму беталысы аз ғана кідірістерден соң, тағы да үш ғасыр бойы өркендеді.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

11

Мемлекет қуаты және ұлғая түскен айырбас желісі
Б.з. 750–1000 жылдары

Мұсылмандардың қағаз өндірісі. Кашмир қолөнер альбомы, XІX ғасыр ортасындағы жазба Осыдан бірнеше жыл бұрын кейбір технолог-сарапшылар компьютер эволюциясы қағазды айналымнан шығарып тастайды деп топшылаған еді. Бұл болжам әзірге орындала қойған жоқ. Адамзат хабар таратуға арналған арзан қағазды әлі де тұтынып келеді. Дүниежүзі жыл сайын 400 миллион тонна қағаз бен картон өндіреді. Біз осы тарауда қарастырғалы отырған уақыт аралығында адамдар қағазды афроеуразиялық масштабта, кең ауқымда қолдана бастады. Б.з.д. ІІ ғасырда, бәлкім, одан да бұрын, қытай өнертапқыштары қағаз жасау жолын ойлап тапты. Олар зығырды, кендірді, тозығы жеткен мата қиындыларын немесе тұт ағашының қабығын су мен сілтіге араластырып, талшықтары ажырағанша ұрғылайды. Жұмсақ целлюлозаға айналғанда, оны тормен сүзіп алып, кептіріп қояды. Одан соң ғана дайын болған қағазды қажет пішінге келтіреді. Қағаз жасау құпиясы біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында шығыстағы Корея мен Жапонияға, бірнеше жүз жылдан соң Ішкі Еуразиядағы Жібек жолы арқылы Батысқа тарады. VІІІ ғасырда Ішкі Еуразияға кірген араб сарбаздары қағаз жасайтын бірнеше қытай маманын тұтқынға алып, оларды Ирактағы Бағдатқа қағаз шеберханасын салуға жібереді. Соған қарағанда, бұл шеберлер Орталық Азия қалаларында қағаз дайындаумен шұғылданса керек, бұл технология осылайша арабтарға мәлім болды. Қалай дегенмен қағаз жасау ісі содан кейінгі үш жүз жылда Үндістанға, Жерорта теңізі жағалауларына және Еуропаға тарады. Адамның ақпараттың кез келген түрін жазып алу, тарату және сақтау қабілеті қағаз қолдану арқылы әлдеқайда жылдам дамыды. Қағаз жасау технологиясының таралуын осы мыңжылдықтағы Афроеуразиядағы әлеуметтік, мәдени және экономикалық дүмпудің бір мысалы ретінде қарастыруға болады. Б.з. шамамен 600 жылдары халықаралық сауда және мәдени байланыстар Жер шарының жартысын қамтып, одан кейінгі 700 жылда бұл қарқын әртүрлі деңгейде дами берді. Саудагерлер, миссионерлер, қажылыққа барушылар және ғалымдар ұзақ қашықтықтағы құрлық пен теңіз жолдарын кесіп өтті. Болжаммен жасалған санақ бойынша, Афроеуразия халқының саны б.з. 400–700 жылдары аралығында біршама азайды, бірақ одан кейінгі үш ғасырда оның саны шамамен 50 пайызға өсті. Демографиялық өсім өз кезегінде ауыл шаруашылығының, өндірістің және техникалық ғылымның дамуына септігін тигізді. Соның бір мысалы ретінде қағаз жасау ісін айтуға болады. Тарауды Афроеуразияның орталық ауданындағы оқиғаларға шолу жасаумен бастаймыз. Бұл аймақта ірі діндердің ішіндегі ең жасы – исламды ұстанған араб тілді билеушілер Оңтүстік-Батыс Азияның үлкен бөлігін біріктірді. VІІ ғасыр аяғына таман Омейядтар әулеті бірінші араб империясын құрып, мемлекет аумағын едәуір кеңейтті, бірақ әулеттің ғұмыры бір ғасырға жетпеді. Б.з. 750 жылы екінші мұсылман патшалық әулеті – Аббасидтер халифаты Оңтүстік-Батыс Азияны биледі, бірақ шалғайдағы аймақтарды уысынан шығарып алып, онда жаңа мемлекеттер пайда болды. Испаниядан бастап Солтүстік-Шығыс Үндістанға дейінгі үлкен аумақтағы елдердің барлығы мұсылман мемлекеттері еді. Аббасидтер халифатының дәуірлеуімен Парсы шығанағынан Оңтүстік Қытай теңізіне дейінгі аралықтағы теңіз жолында сауда байланысы да дами түсті. Шаруалар мен қолөнершілердің дүниежүзінде сатуға болатын тауарлары түрлене түсіп, саудагерлер алыстағы айлақтарды қамту үшін ірі сауда диаспораларын құрды, тауарларды жедел жеткізу мен ақша айырбастаудың тың әдістерін меңгерді. Тараудың екінші бөлімінде теңіз жолымен жүріп өтеміз, Араб теңізі алабындағы, Оңтүстік-Шығыс Азия теңіздеріндегі, Қытайдағы, сонымен бірге Жапония мен Кореядағы оқиғаларды талдаймыз. Тараудың үшінші бөлімінде адамзат қарым-қатынасындағы жаңа аймақ – Сахара шөлінің шетіне саяхаттаймыз. Тасымал құралы ретінде нарды пайдаланған көпестер алып шөлді кесіп өту үшін алғаш рет керуен жолын жасап, Жерорта теңізі аймағын тропиктік Батыс Африкамен жалғастырды. Бұл уақытта Батыс Африкада аграрлық мемлекет қалыптасып үлгерген еді. Сахара шөлі арқылы жол ашылып, алтын, құлдар, мыс, тұз және басқа да тауарлар айырбасқа түскен шақта, одан да ірі мемлекеттік құрылымдар дүниеге келді. Мысалы, б.з. бірінші мыңжылдығында Гана мемлекеті кемелдене түсті. Тараудың соңғы бөлімінде солтүстікке қарай, Еуропаға ойысамыз. Мұнда үш ғасырға созылған дүрбелең мен дағдарыстан соң, VІІІ ғасырда ілгерілеу байқалды. Дегенмен ІX ғасырда Ұлы Карл құрған (10-тарауды қараңыз) христиан империясы құлады. Көп ұзамай-ақ Еуропаның орталық аудандарына Солтүстік Африкадан, Ішкі Еуразия далаларынан және солтүстіктегі Скандинавиядан шапқыншылық басталды. Бұл шабуылдар Еуропаның тұрақты дамуын тежеді, бірақ оның ақсүйек көсемдерінің өз жерлерін қорғаудың және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа стратегияларын әзірлеуіне түрткі болды.

11.1-КАРТА. Афроеуразияның негізгі мемлекеттері. 800 жылдар Афроеуразиядағы ірі империялар жаңа басқыншылық шабуылдарды жалғастырды. Қандай географиялық ерекшеліктер кейбір мемлекеттердің шекараларының дәл осылай қалыптасуына әсер етті?

Мұсылман билігі және оның өркендеуі ОЙЛАН: VІІІ–ІX ғасырлар аралығында Аббасидтер халифаты мен басқа да мұсылман мемлекеттерінің өркендеуі афроеуразиялық мәдениеттің исламға негізделген дәстүрінің қалыптасуына қалай әсер етті? VІІІ ғасыр ортасына таман Омейяд әулетінен шыққан араб халифтері империя астанасы Шам шаһарынан (қазіргі Сирия астанасы) батысқа қарай – шамамен 5 мың шақырымға, ал шығысқа – шамамен 4 мың шақырымға созылып жатқан үлкен аумаққа билік етті. Мұсылман Омейядтар билігі мұншама жерді жаулап алуға көп қаражат жұмсады. 740 жылдары араб әскері империяның шалғайдағы провинцияларында жергілікті халықтың бүлігіне тап болды. Олар қазынасы сарқылып, әскері әлсіреген халифаттан бөлініп шықты. 747 жылы Мұхаммед пайғамбардың немере ағасынан тарайтын араб әулеті – Аббасидтер Омейядтарға қарсы шығып, үш жыл ішінде оларды Шам шаһарынан қуып тынды. Аббасидтер өздерін мұсылмандардың жоғарғы басшысы немесе халифі деп жариялағанымен, Араб империясының барлық аймағын сақтап қала алған жоқ. 750 жылдан бері қарай Испания мен Орталық Азия аралығында жаңа мұсылман мемлекеттері пайда болды, христиан Византия монархиясы Анадолыға (қазіргі Түркия) орнатқан бақылауын сақтап қалуға талпынды. Бірақ екі ғасырдан аса уақыт бойы Аббасидтер Оңтүстік-Батыс Азияның үлкен аграрлық аймақтары мен бай қалаларынан ғана емес, Мысырдан да салық жинап, исламның барлық бағытта таралуына куә болды.

Шамнан Бағдатқа дейін: Аббасидтер империясы

Империя құрушылардың ежелгі дәстүрін сақтап, Аббасид билеушілері де жетістіктерін дәріптеу мақсатында қарсыластарының астанасын тастап, жаңасын салуға кірісті. Олар ежелгі Парсы елінің астанасы болған Ктесифонға жақын, Ирактағы Тигр өзені бойындағы Бағдатты таңдады. Осылайша, Оңтүстік-Батыс Азиядағы мұсылман мемлекетінің орталық билігі Сириядан Ирактың шығысына ауысты (11.1-картаны қараңыз). Тигр-Евфрат алқабы және оның ондаған мың суармалы алқаптары Араб мұсылман империясының жүрегіне айналды. Соның арқасында шығыстағы Ираннан шыққан тұлғалар мұсылман мемлекетінің қызметі мен мәдениетіне едәуір үлес қоса бастады.

Аббасидтер құдіреті. Ирактан ғана емес, Мысырдан, Сирия мен Ираннан жиналған орасан зор байлыққа алғашқы Аббасидтер халифтері күшті әскер жасақтап, күрделі әрі сауатты ел басқару жүйесін жасады. Осылайша халифат билеушілері дәулетті өмір сүрді. Халифат құрылымының Оңтүстік-Батыс Азия мен Жерорта теңізі аумағындағы бұған дейінгі империялардан айырмашылығы көп емес еді. Аббасидтер Сасанидтер әулеті басқарған Парсы империясының кейбір ел басқару әдістерін енгізді. Шын мәнінде мұсылман мемлекеті бұрынғы Парсы елінің, тіпті Византияның империялық басқару жүйесін мұра етіп алды. Аббасидтер өңірлер мен аудандар иерархиясын ұйымдастырды, арнайы министрліктер құрды, мыңдаған хатшы мен есепші жалдады, парсыларша уәзірлер тағайындады. Уәзірлер немесе бас кеңесшілер халиф атынан күнделікті істерді атқарды. Үкімет парсы ақсүйек отбасыларының қолдауына иек артып, сауатты парсыларды ресми қызметтерге тағайындады.

Бұрынғы Парсы және Византия империяларындағыдай, Аббасидтер үкіметі әулет үйлері мен егіс алқабында жұмыс істейтін адамдарды бақылайтын және олардан салық жинайтын ауқатты отбасылар арасындағы әріптестікке иек артты. Халифтер саяси мәселелерді ауқатты отбасылармен, тайпалық және этникалық топтармен ақылдасып отыруға мәжбүр болды, сол арқылы олардың билікке адалдығын қамтамасыз етті. Аббасидтер өздерін Құдайдан қуат алатын шексіз билік иесі ретінде көрсетті. Мұхаммедтен кейінгі алғашқы төрт халиф сияқты емес, Аббасидтер бақуатты өмірі мен ғажайып сырын құпияда ұстап, парсы әдісімен басқарды. Халиф өзін «Құдайдың жердегі көлеңкесі» деп атады. Шапан және парсы әміршісі секілді биік бас киім киген халиф құзырына келгендермен шымылдықтың ар жағында отырып сөйлесті. Мейірбан билеуші ретінде дәріптелетін халиф Харун ар-Рашидтің (786–809 жылдары билік құрды) көз жауын алатын зәулім сарайы болғаны тарихтан белгілі.

Аббасидтер қолөнері. Аббасидтер дәуіріндегі қолөнершілердің шеберлігін суретте бейнеленген әдемі құмғаннан байқауға болады. Бұл көне жәдігер Харун ар-Рашидтің франк патшасы Ұлы Карлға жолдаған сыйлықтарының ішінде болған.

Бағдат пен шалғайдағы провинциялар арасындағы үкімет байланысы бұған дейін парсылар мен римдіктер салып кеткен жолдар жүйесіне әуелден тәуелді болды. Аббасидтердің қоғамдық жұмыс жөніндегі жауапты құрылымы бұл жүйені жетілдіре отырып, жаңа жолдар, көпірлер мен бекеттер салды. Үкімет ескі инфрақұрылымның үстінен баридтер, яғни күрделі пошта және барлау жүйесін орналастырды. Шамамен 400 бағыттағы түрлі жолдармен империяны жалғаған баридтің салт атты шабармандары сарай билеушілеріне провинциялардан, жергілікті ақсүйектерден хабар тасып, болуы мүмкін түрлі қауіптерден хабардар етіп отырды.

Ислам және халифат: көмескі қарым-қатынастар. Аббасидтердің байлыққұмарлығы мен әулие болып көрінуге ұмтылысы ислам құндылықтарына сай келмеді. Сол себепті билеушілердің дені «діндарлардың әміршісі» ретінде қоғамның рухани өмір салтын өз мүддесіне сай реттеуге талпынды. Олар мұсылман дін қызметкерлері мен шариғат ережелерін меңгерген заңгерлерге құрмет көрсету арқылы сақтық танытты. Араб тілінде үлемдер95 деген атпен белгілі бұл топ ислам құқықтарын, яғни шариғатты96 (shah-REE-ah) қорғаушылар мен тәпсірлеушілерден құралды. Халифтер импе­рияның діни, әлеуметтік және экономикалық өмірін реттеуге ыңғайлы заң ережелерін жасау үшін үлемдерге сый-сияпат жасап отырды.

Бірақ үлемдер Аббасидтерді Мұхаммед пайғамбар ізімен жүретін құрметті халифтердің заңды мұрагері деп санаған емес. Олар Құдай алдында халифтің қарапайым адамнан ешқандай айырмашылығы жоқ деп есептеді. Сол себепті қауым оны ықпалды болғаны үшін емес, жауапкершілігі мен адалдығы үшін құрметтеуге тиіс. «Құдай алдында барлығы тең» қағидасы мен авторитарлық монархия арасындағы қайшылық сол күйі шешілмеді. Бір жағынан, халифті беделді дін қызметкерлері таңдайтын эгалитарлық қоғам болды. Екінші жағынан, ауқаттылардың жағдайын жасай отырып, солардың қолдауымен билігін нығайтқан парсы дәстүріндегі шексіз монархия шариғат ережелерін үнемі бұзды. Мысалы, исламда әйелдерінің барлығына тең дәрежеде қараған ер- азаматқа ғана ең көп дегенде төрт әйел алуға болады. Бірақ шариғат халифтерге мыңдаған әйелді гаремде күңдікте ұстауға рұқсат бермейді. Тағы бір күрделі жағдай – үлемдер әлеуметтік тәртіп пен әскери қорғаныстың болғанын қалады, мұны мықты билеушілер ғана қамтамасыз ете алады. Осылайша үкімет пен дінбасылар арасындағы идеологиялық қайшылыққа толы бірлескен прагматикалық әріптестік мұсылман елінің саяси өмірін айшықтады. Әлеуметтік жағдай ушыққан, халық көтерілістері немесе бүлік болған уақытта халиф билікте қалуға моральдық құқығын жоғалтатын.

Саяси және экологиялық қиыншылықтар. Аббасидтер билікке келген бір ғасырға жуық уақыт ішінде шет аймақтардағы бүліктер халифат кезіккен қиындықтардың біреуі ғана еді. Монархияда билік мұрагерін анықтаудың нақты ережесі болмады. Үлемдер көпшілік атынан әрбір жаңа халифті таңдайды дегенімен, билеуші қазасынан соң монарх отбасындағы ер-азаматтар (әйелдерінің, аналарының және әпке-сіңлілерінің қатысуымен) өз ішіндегі мықтыны анықтағанша күресті. 809 жылы халиф Харун ар-Рашидтің қазасынан соң, мысалы, бірнеше жылға созылған дүрбелең басталды. Билеушілердің шалғайдағы аймақ басшыларын ұстап тұруы, олардан мемлекетке салық жинап, сол арқылы күш-қуатын арттыруы қиындай түсті. Бағдат билігі әскерді атпен, түйемен немесе қайықпен тасуының өзі мұң болды. Мысалы, христиандық Византиядан Анадолы өңірін жаулап алу үшін халифтер жазғы жорыққа ұзақ уақыт жұмсады, оның өзі көп нәтиже бермеді. Жаңа жорықтардан пайда түспеген соң, империяның қалған жерлеріндегі тәртіпті ұстап тұрудың өзі қымбатқа түсті. Экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында Аббасидтер алтын және күміс монеталарды көптеп құйды, соның салдарынан ақша одан сайын құнсызданып кетті.

Саяси және қаржы қиындықтарынан бөлек, Тигр-Евфрат алабының оңтүстігінде ауылшаруашылық алқаптары жұтаң тарта бастады. Ауыл шаруашылығы егіс алқаптарын суғаруға толық тәуелді болғандықтан, каналдар мен бөгеттерге қарап отыру үшін де көп жұмыс күші қажет еді. Өкінішке қарай, Аббасидтер билікке келер қарсаңында, 749 жылы Ирак арқылы оба дерті тарады. Соның салдарынан алқаптың төменгі жағындағы халық саны күрт кеміп кеткендіктен, су тасқындарымен күресуге және шаруаға қажет арықтарды реттеуге жұмыс күші жетіспеді. Бұған қоса, сор топырақ та күрделі мәселеге айналды. Бағдаттың байлығы тасып жатқандай көрінгенімен, Ирактың мемлекетке аса қажет қоры сарқыла бастады.

Қазы іс жүргізіп отыр. Заң білгірлері азаматтық істерді шешіп, ислам құқықтары негізінде жаза белгіледі. Суретте Аббасидтер халифатындағы қазылардың әлеуметтік жағдайын қалай бейнелеген?

ІX ғасыр аяғына таман араб және парсы ірі жер иеленушілері алқаптағы ауыл шаруашылығын қайта жандандыруға тырысты. Олар батпақты жерлерді құрғатып, коммерциялық өнімдер, соның ішінде қант қамысын екті. Жұмыс күші тапшы болғандықтан, құл иеленушілер Шығыс Африкадан Парсы шығанағына сатуға әкелген мыңдаған құлды қара жұмысқа салды. Жер иелері құл еңбегін пайдаланудың римдік әдісін қолданды. Құлдар адам шыдағысыз жағдайда жұмыс істеді. Соның салдарынан мұнда құлдар көтеріліске жиі шығып тұрды. Шығыс Африкадан Парсы шығанағына әкелген құлдардың – зәңгілердің көтерілісін басу үшін Аббасидтер әскеріне 15 жыл (869–883) қажет болды, бұл соғыста мыңдаған адам қаза болып, халифат қазынасы одан бетер сарқыла түсті.

Әскери құлдық. Аббасидтер тұтқындарды пайдаланудың тағы бір тәсіліне жүгінді. 830 жылдардан бастап халифтер әскерін тұтқындардан арнайы сарбаздар дайындау арқылы нығайтып отырды. Арабтар оларды мәмлүк97 деп атады. Олардың дені түркі тайпаларынан және Ішкі Еуразияның басқа да қауымдарынан шыққан сарбаздар еді. Атқа еркін отыратын, садақты жақсы ататын салт атты «құлдар» ислам дінін қабылдады. Халифаттағы тұрақты қызметте қалуынан-ақ олардың белгілі бір жағдайда еркін өмір сүргенін аңғаруға болады1. Осындай тәжірибенің нәтижесінде әскери құлдық98 мұсылман әлемінде маңызды саяси және әлеуметтік институтқа айналды.

Мұндай жаңашылдықтың ойдағыдай жүзеге аспағаны анық. Парсы ғалымы Жахиз (869 жылы қайтыс болды) түркілерді: «Қолөнер мен саудаға қызықпайды, ...олар жаугершілікті, аңшылықты, атқа мінуді, жау сарбазымен шайқасуды, жекпе-жекті, басқа елдерге шабуылдап, барымтамен оралуды ғана ойлайды»2, – деп сипаттады. Жахиз әсірелеп айтса керек. Қалай дегенмен, қару-жарақ пен сауытқа, атқа ие болған жауынгер құлдар бір-біріне бақталас топтарға бөлініп, сарай маңындағы астыртын әрекеттерге тартылды, сөйтіп, халифат істеріне етене араласа бастады.

Үлемдер – мұсылмандардың дін ғалымдары, қазылары, ұстаздары және мешіт қызметкерлері.

Шариғат – Құран және Мұхаммед пайғамбар сөзі мен амалына сүйенетін ислам заңдары мен адамгершілік өсиеттерінің негізі.

Мәмлүк – мұсылмандардағы құрылым (мәртебе). Еркіндікке жіберген, әскери немесе әкімшілік міндеттер атқаратын құлдар.

Әскери құлдық – билеушіге немесе биліктің басқа бір органына әскери қызмет атқаратын адамның тәуелділігі.

Мұсылман билігінің бәсекелес орталықтары

Аббасидтер билікке келе салысымен солтүстік-шығыстағы Хорасанда халық көтерілісі бұрқ ете қалды. Оны басып бола бергенде, өз ішіндегі бүлікшілер билікке мойынсынбай, бірқатары мұсылман монархиясынан тәуелсіздігін жариялап үлгерді.

Испаниядағы Омейядтар билігі. Дербес билік құрған алғашқы маңызды аймақ шалғайдағы Иберия түбегінде орын тепті. 750 жылы Аббасидтер Шам шаһарын басып алып, Омейядтарды ығыстырып шығарған уақытта, жеңілген әулет мүшелері Испанияға қашты. Олар әскер жасақтап, Аббасидтер тағайындаған әмірді жеңді. 756 жылы Омейядтардың жаңа әулеті жеке мемлекет құрып, Кордова қаласын астанасы етіп алды.

Кордовадағы Омейядтар мешіті. Испаниядағы Омейядтар әулетінің негізін қалаған І Әбд ар-Рахман мемлекет астанасына арнап 784 жылы ғаламат мешіт соға бастады. Одан кейінгі екі ғасырда мешіт үш есе ұлғайып, мұсылман сәулет өнері ғажайыптарының біріне айналды. XІІІ ғасырда қаланы жаулап алған христиандар оны шіркеуге айналдырды, бірақ мешіттің бағаналары, түрлі-түсті екі қабатты аркалары сақталып қалды.

Испанияның орталық және оңтүстік аймақтарындағы құнарлы жерлер, Рим империясынан қалған кешенді суару жүйесі, Омейяд әулетінің жаңа билеушілері – осының барлығы мемлекеттік құрылымға арқау болды. Христиандар (711 жылы арабтар жаулап алғанға дейін вестготтар билік құрды) және Солтүстік Африкадан қоныс аударған берберлер, Сирия мен Ирактан шыққан иммигранттар (бірқатарының ғылымнан, ауылшаруашылық техникасынан хабары бар) гүлденген экономика құра білді. ІX ғасырға таман Кордова – Жерорта теңізі аймағында Константинопольден кейінгі ең ірі қалаға айналды.

Аббасидтер империясының ерте дәуіріндегідей, Испаниядағы Омейя әулетінен де танымал ел билеушілер шықты. Солардың ішінде ең ұлысы – ІІІ Әбд ар-Рахман (912–961 жылдары билік құрды). Кордоваға жақын маңдағы зәулім сарайында билік құрған ол өнер мен әдебиетке қамқорлық жасады, Аббасидтермен және византиялықтармен дипломатиялық байланыс орнатты. Бағдаттан әлдеқайда қашықта мемлекет басқарған ол 929 жылы өзін мұсылман қауымының заңды әміршісі – халиф деп жариялап, Аббасидтер халифатына Жерорта теңізінің батысындағы бақталас мемлекетке айналды.

Фатимидтер: шииттер империясы. Жаңа мұсылман күштерінің тобы Солтүстік Африкада бірнеше мемлекет құрып, Аббасидтер әулетінің билігін әлсірете түсті. Қазіргі Тунис және Шығыс Алжир орналасқан аймақта бүлікшіл губернатор ғұмыры екі жүз жылға созылған әулетті билікке әкелді. Бұл мемлекет 909 жылғы төңкерістен құлады. Билікті басып алған шииттер тобы Аббасидтердің мұсылмандарға әмірлік етуге құқықтары жоқ, өйткені Құдай мұсылман қауымының заңды төртінші халиф Әли ұрпақтарын ғана мақұлдаған деп уағыз таратты (10-тарауды қара). Шииттердің Фатимидтер әулеті деген атпен тарихқа енген жаңа жүйесі (969–1171) Солтүстік Африкада күш жинап, 969 жылы араб және бербер әскерін Мысырға бастап келді. Бұл күш Аббасидтер әміршісін қуып шығып, Фатимидтер билігін жариялайды.

Фатимидтер исламның шиит тармағындағы исмаилизм діни қозғалысын дәріптеді. Басқа да шиит топтары секілді, исмаилиттер де Мұхаммед пайғамбардың Әлиден тараған ұрпақтары ғана ислам жетекшісі (имам) болуға құқылы деп санайды. Сонымен бірге исмаилиттер Мұхаммедтің қызы және Әлидің әйелі Фатима – мұсылмандардың құрметті тұлғасы деп есептеп, әлеуметті де соның есімімен атады. (Қазіргі таңда исмаилиттердің ең үлкен қауымдары Пәкстан мен Үндістанда тұрады).

Фатимидтер тауысы. Фатимидтер әулетінің шеберлері мысырлық үлгіден айырмашылығы бар мұсылман өнерін жасады. Тауыстар – ұзақ өмір мен сәттіліктің нышаны. Әктен жасалған бұл құстар терезеге орнатылған.

Астанасы Каирден бастап Ніл өзенінің жоғарғы сағасын мекендеген Фатимидтер әулеті өздерін шынайы ислам халифаты деп жариялады. Екі жүз жыл бойы олар Алжир мен Сицилиядан Сирияға дейінгі аумақты басқарды. Олар Аббасидтер билігін құлатуға талпынғанымен, бұл жорықтары сәтсіз аяқталып отырды. Ніл сағасындағы миллиондаған шаруалардан түскен табыстан бөлек, Фатимидтер саудадан да қомақты пайда тауып отырды. Үнді мұхитынан шыққан саудагерлер Ирактағы Аббасидтер әулетінің саяси және экономикалық тұрақсыздығына байланысты Парсы шығанағына соқпастан, Қызыл теңіздің оңтүстіктегі айлақтарына бір-ақ тоқтап жүрді. Азиядан келген тауарлар теңіз арқылы жоғары бойлап, Ніл өзеніне дейін батысқа қарай тарады.

Саманидтер және Жібек жолы. Бағдаттың солтүстік-шығысына қарай шамамен 1800 шақырым жерде Саманидтер деген атпен белгілі ақсүйек парсы отбасы Хорасанда ғана емес, ІX және X ғасырларда (819–999 жылдар) Орталық Азияның бір бөлігіне билік жүргізді. Астанасы сауда жолындағы Бұхара қаласында (қазіргі Өзбекстан) орналасқан бұл мемлекеттің экономикасы мал шаруашылығы мен шұраттағы егін шаруашылығына негізделді. Бұған қоса, аймақтағы ірі қалалар Оңтүстік-Шығыс Азиядан Батысқа қарай тартылған Ұлы Жібек жолында саудагерлерге есігін айқара ашты. Ислам діні бұл өңірге тарап үлгергендіктен, мұсылман сауда желілері халықаралық сауда жолының көп бөлігін осы керуен сарайлары арқылы өткізіп, Саманидтер уағызшылары мұсылман дінін Қытайға қарай таратты.

Аббасидтер империясының жойылуы. ІX ғасыр соңында Аббасидтер халифатының аумағын түрлі халифтер өзара бөліп билеуі салдарынан монархия құлдырай берді, тіпті аймақтардағы әмірлер адалдыққа ант бергенімен, олар да, жергілікті әулеттер мен тәуелсіз көшпелі малшы тайпалар да ешкімге бағынғысы келмеді. 945 жылы Буидтер деген атпен белгілі ирандық ақсүйек отбасы Бағдатты жаулап алып, оны бір ғасырдан аса уақыт биледі. Олар мұсылман шииттері болғанына қарамастан, билікке халифат «қорғаушылары» ретінде келді. Сүннит халиф билік басында қала бергенімен, Буидтер басқаруы тұсында ол саяси тұлға ретінде әлеуетінен толық айырылған еді.

Византияның қайта өрлеуі

Византия христиандардың мемлекеті болғанымен, оның саяси және мәдени істері оған көрші мұсылмандармен терең астасты. Аумағының көп бөлігін VІІ ғасырда арабтар жаулап алғанына қарамастан, империя VІІІ–XІ ғасыр аралығында Жерорта теңізі аумағының шығыс бөлігі мен Балқан түбегіне билік жүргізді. Арабтар 668 және 717 жылы Константинополь қаласын жаулай алмаған соң, Византия мен Аббасидтер Анадолы өңірі үшін тоқтаусыз соғысумен болды. Екі жақтың жауласуына қарамастан, христиандар мен мұсылмандар, солармен бірге еврей көпестері де Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі айлақтарда сауда жасауын тоқтатқан жоқ.

Одан соң, 860 жылдары Константинополь билеушілерінің саяси ықпалы арта бастады. Македондық әулеттің (867–1056 жылдар) сауатты императорлары әскерді қайта жасақтап, Аббасидтердің Анадолы өңіріндегі қалалары мен бекіністеріне шабуылдады. ІІ Василий (976–1025 жылдары билік құрды) билігі тұсында империя саяси биікке көтерілді. Ақылды әрі қатал билеуші әуелі Константинополь билігінен құтылуға талпынған грек ақсүйек отбасыларын күшпен басты. Одан соң ол Византияда саяси тұрақтылық орнауына үнемі ықпал етуші астаналық күштердің сеніміне кірді. Ол ауқымды мұсылман аймақтарына шабуылдаудан қашты. Оның орнына император әскерін батыс пен солтүстікке қарай бағыттап отырды.

Жерорта теңізінде византиялық әскер Италияның оңтүстігіндегі ауқымды жерлерді қайтарып алды, ал флоты Кипр мен Крит аралдарына басып кірді. Осы жетістігі арқасында Византияның әскери кемелері Эгей теңізіне үш ғасыр бұрынғыдай бақылау орнатты. Балқан түбегінде император күштері Болгария патшалығымен қақтығысып қалды. Бұл елдің әскерін, негізінен, салт атты түркі жауынгерлері басқаратын. Олар славян тілінде сөйлейтін көптеген шаруаны шайқасқа бастап шықты. ІІ Василий Болгарияны қосып алып қана қоймай, Византия шекарасын Дунай өзеніне дейін кеңейтті. Кейін Византия императоры «болгарларды қырушы» деген лақап атқа ие болды. (Аңызға сенсек, ол шамамен 15 мың болгар тұтқынының көзін ойып, босатып жіберген, оларға үйлерін тауып баруға көмектесетін 150 сарбаздың ғана бір көзін аман қалдырған). Балқан түбегі бағытындағы әскери жорықтар Оңтүстік-Шығыс Еуропаға православ дінін таратуға септігін тигізді. 1024 жылы ІІ Василий қайтыс болған уақытта Византия Жерорта теңізі аумағындағы мұсылман елдерімен бір санаттағы қуатты ел дәрежесіне дейін көтерілді. Бірақ одан кейінгі билеушілер әлсіз болғандықтан, Византияның империялық шапқыншылығы осымен аяқталды.

ІІ Василий, болгарларды қырушы. Періштелер империя тәжін ІІ Василийге кигізуде. X ғасырдағы византиялық жазбада оның ұрысқа дайын тұрған сәті бейнеленген. Суреттің төмен жағындағы бейнелер жайында не айтасыз?

Исламның жаңа белестері

Арабтардың бір империяға бірігуі бір ғасырдан аз уақыт қана созылғанына қарамастан, Марокко мен Испаниядан Орталық Азия мен төменгі Инд алқабына дейінгі аралықта жаңа мәдени интеграция қалыптасты, мұнда ислам жаппай табыну, мораль идеяларын және заң тәртібін ала келді. Ислам ендігі жерде христиан және буддизм секілді әлемдік дінге, яғни белгілі бір этникалық немесе аймақтағы топқа емес, бүкіл адамзатқа арналған сенім жүйесіне айналды. Исламның Құран кітабы және пайғамбар дәстүрлері дін ұстанушыларды бірлікке, қайырымдылыққа және теңдікке шақырды. Мұндай әлеуметтік бірлік күйеу мен әйелдің, ата-ана мен баланың, билеуші мен қызметшінің, саудагер мен сатып алушының арасындағы риясыз сенімге негізделді. Христиан діні де соны дәріптейді, бірақ мұнда әлеуметтік бірлікке тән қауымдағы арақатынасқа емес, бауырластық махаббатына көбірек тоқталған.

Исламның әлеуметтік әділдікке ұмтылысы Оңтүстік-Батыс Азияның урбандалу үдерісі жоғары, әлеуметтік тұрғыдан құбылмалы және космополиттік99 ортасында діннің таралуын тездеткен болуы мүмкін. Бұл өңірдегі жекелеген адамдар мен қауымдар кәсіпті келісім негізінде жүргізу мүмкіндігін іздеді. Этиканың мұндай тәртібі саудагерлер назарын аударды, сол себепті олар діннің Оңтүстік-Батыс Азияда ғана емес, одан шет аймақтарда да таралуына ықпал етті. Бір сөзбен айтқанда, христиан және буддизм секілді, ислам діні де күрделі қарым-қатынаста қатар өмір сүруге мәжбүр түрлі аймақтардың, этникалық топтардың және тілдері басқа халықтардың сенім мен әділдікке негізделген сұранысына жауап берді.

Мұхаммед пайғамбар өсиетінен кейін екі ғасыр ішінде мұсылмандар басқаратын барлық мемлекет, соның ішінде араб тілінде сөйлемейтін немесе араб дәстүрін білмейтін миллиондаған адам ислам дінін жылдам қабылдады. Ғылыми бағалаулардың біріне сенсек, бірнеше дінмен таныс Иран тұрғындары да VІІІ ғасыр аяғы мен ІX ғасырда ислам дініне көптеп кірген. 860 жылдары ислам дінін қабылдаған халық саны мұсылман елдерінде шамамен 80 пайызға жетті3. Дәл осындай көрсеткішті мұсылмандар билеген басқа да мемлекеттерден байқауға болады. Прозелитизм100 исламда бейресми және аралас түрде, түсініксіз жүрді. Христиан шіркеуіне қарағанда, исламның ресми діни ұйымы, тағайындалған қызметкерлердің патриарх, епископ секілді нақты иерархиясы болмады. Христиандардың Константинопольдегі патриархынан немесе Римдегі Пападан бір айырмашылығы, халиф ресми діни ұйымның басты әміршісі емес еді. Бұған қоса, үлемдер, мұсылман қауымының дін ғалымдары рухани жетекші, кеңесші және шариғат заңдарын түсіндіру қызметтерін атқарды. Олар көмек сұрап келгендерді шоқындыратын немесе басқа да діни рәсімдер атқаратын кәсібі шіркеу қызметкерлері емес еді. Исламда жоғарғы діни билік шіркеу емес, дін ұстанғандардың барлығы оқып үйрене алатын Құран кітабы болды.

ІX ғасырға таман мұсылмандар дін уағыздау қызметін атқарып, христиандар мен буддистерді дінге кіргізді. Сол кезеңдерден бастап парсы, түркі және бербер, сонымен бірге араб мұсылман көпестері, ғалымдары мен дін уағыздаушылары мұсылмандар билік құрмаған (немесе билігі әлі жетпеген) елдердің тұрғындарына діни білім таратып жүрді. Сонымен бірге иманға, шариғатқа, әдебиетке, өнерге және сәулет өнеріне негізделген мұсылман мәдениеті қалыптаса бастады. Мәдениеттің мұндай «түрі» Арабияда, әсіресе араб тілінде қалыптасса, парсы және византиялық, мысырлық және басқа да ежелгі өркениеттердің дәстүрлерімен толысты. Мұсылман елдеріндегі қалалар осындай діни сауатты мәдени өмірдің ошағына айналды. Араб тілін үйренген және мұсылман ғұрыптарын қабылдаған христиандар мен еврейлер де мұсылман мәдениетінің дамуына үлестерін қосты.

Космополиттік (cosmopolіtan) – түрлі топтан шыққан адамдардың бірге жиналатын орнының сипаттамасы немесе жан-жаққа саяхаттайтын адам сипаты.

Прозелитизм – адамды немесе топты өзінің дініне енгізу үшін өзгерту немесе өзгертуге тырысу.

Мұсылман елдеріндегі «жасыл революция»

Археологиялық және жазба мәліметтерге қарағанда, 750 жылдан 1000 жылға дейінгі аралықта, Тигр-Евфрат алқабындағы күрделі экологиялық жағдайларға қарамастан, мұсылмандар басқарған елдерде халықтың, қалалардың және экономиканың өскені байқалады. Ғалымдар өркендеу заманын ауыл шаруашылығын жүргізудің мәдениеттері мен технологиясының өркендеуімен байланыстырады. Жүздеген немесе мыңдаған жылдар бұрын Оңтүстік-Шығыс Азия және Үндістанның оңтүстігіндегі тропиктік және субтропиктік аймақтарда шаруалар күріш, қант қамысы, цитрус, қауын, манго, тәтті бұрыш, баклажан, шпинат және мақтаны мәдени өсімдікке айналдырды. Мұндай мәдениеттердің бірқатары Оңтүстік-Батыс Азияға мұсылман арабтар жаулап алғанға дейін де келген; басқа да дақылдар мұнда мұсылман билігі кеңейген тұста пайда болды (11.2-картаны қараңыз). Қалай дегенмен, Оңтүстік-Батыс Азия шаруалары жаңа мәдени өсімдіктерді жерсіндіріп, ирригация жүйесін жетілдірумен болды, мұндай жаңалықтарды мұсылман билеушілері мен ірі жер иелері қолдап отырды. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы дамыды.

11.2-КАРТА. Негізгі дақылдардың мұсылман елдеріне таралуы. 700–1500 жылдар

Осы картаға қарап отырып, қай дақыл климаттық жағдайына қарай қай аймақтарда кең тарады деп ойлайсыз?

Құрғақ климатта су ресурстарын басқару. Ежелгі парсылардың Ахеменидтер империясында немесе одан бұрын пайда болған қанаттар (кәріздер) әдісі – тау етегінен қуаң аймақтарға жер асты арқылы су жіберетін каналдар. Суарудың бұл технологиясы Ираннан шығысқа қарай Ауғанстанға дейін және батыста Солтүстік Африкаға дейін тараған. Жерасты өткеліндегі тік қадалар ауа кіріп тұру үшін және канал жолы бітелмес үшін орнатылады. Шаруалар неге қанаттарды үнемі қадағалап отыруы керек деп ойлайсыз?

Шаруалар құрғақ аймақтарды өзен суларымен, құдықтармен және қысқы жауыннан жиналған тоғандармен игере отырып, тропиктік өсімдіктер мен дақылдардың жаңа түрлерінен өнім алды. Ерте ғасырларда олар, негізінен, бидай, арпа, жасымық және күнбағыс секілді дақыл түрлерін егіп, жаздың ыстық уақытында жерді демалдыратын. Енді шаруалар жаздың ыстық уақытында да өнім беретін дақылдар өсіре бастады. Аббасидтер дәуірі кезінде Орталық Азияның солтүстік-шығысында, Йеменнің оңтүстігінде және Солтүстік Африканың батысынан Испанияға дейінгі аралықта апельсин, лимон, қарбыз, бөрікгүл, банан, күріш және мақта көптеп өсірді. Мамандар қанаттар – жер асты суларын жоғарыға көтеретін құрылғылар ойлап тауып, суару тәсілдерін жетілдірді. Мысалы, ежелгі ирандықтар биіктеу төбелерден аласалау төбелерге су жеткізу үшін қанаттарды – жерасты арықтарын пайдаланды. Мұсылман билігінің алғашқы ғасырларында мұндай технология Ираннан Солтүстік Африкаға тарады, ал 1500 жылдары Мексикаға және Американың оңтүстік-батысына жетті.

Мұсылман қала қоғамы

Суармалы жерлерден алған өнімдердің көбеюі және халықаралық сауда жолдарының ұзара түсуі – мұсылман елдерінде қалалардың бой көтеруіне алып келді. Олардың ішінде ең ірісі – Бағдат. Иракта (Месопотамия) үш мың жыл бойы үлкен астаналар болған, бірақ солардың арасында Бағдат қаласы өте жылдам қарқынмен дамыды. Аббасидтер халифы әл-Мансұр (754–775 жылдары билік құрды) 762 жылы қала тұрғызуды тапсырған, ІX ғасырға таман шаһар халқының саны 200 мыңнан 500 мың аралығында болды, бұл Константинопольден және Қытайдан батысқа қарай орналасқан кез келген қаладан көп. Бағдатқа мыңдаған қолөнерші, саудагер, жұмысшы мен сарбаз ағылды. Ғалымдарды халиф отбасына және ауқатты әулеттерге қызметке алды. Аббасидтердің екінші билеушісі әл-Мансұр сәулетшілерге қаланы дөңгелек пішінде салдырды. Халиф сарайы ортасында орналасқан, ал одан шығатын төрт жол Афроеуразияның басқа да қалаларына тауар мен идея жеткізу ұғымын білдіреді.

Ислам қағидалары қала тұрғындарын көпшілікпен бірге құлшылық етуге, шариғат заңдарын сақтауға және материалдық байлығымен мақтанбауға міндеттеді. Мұсылман қалаларында әлеуметтік топтар арасы Афроеуразияның басқа да бөліктеріндегі қалалардағыдай алшақ еді. Шын мәнінде ел билеушілер мен алпауыт саудагер отбасылары байлығы мен қарапайым жұмысшылар табысы арасындағы айырмашылық жер мен көктей болды. Өйткені, қалалар байлықты өндіріс пен саудадан жинады, сөйтіп, әлеуметтік алшақтық одан сайын арта берді.

Қаладағы барлық топтағы әйелдердің экономикаға ықпалы зор болды, өйткені отбасының қандай тауар және азық-түлік тұтынатынын солар анықтады. Ер-азаматтар, негізінен, қоғамдық орындарда – мешіттерде, үкімет ғимараттарында, алаңдарда және базарларда жүрді. Ислам өркениетінің алғашқы жылдары өмір сүрген белгілі мұсылман тұлғаларының араб немесе парсылар жазған өмірбаяндары негізінде жүргізілген зерттеулер бойынша, алғашқы бір-екі ғасырда жазушы және заңгер ретінде танылған әйелдер саны едәуір азайды. Омейядтар Испаниясының қалаларындағы жағдай керісінше еді. Онда сауатты әйелдер мұғалім, заңгер, кітапханашы және көшірмеші болып істеді.

Қала өмірінің тағы бір бөлігі – құлдық. Құлдар немесе әскер қызметіндегі бұрынғы құлдар саны өсті, бірақ қалада еріксіз әйелдер одан да көп еді. Олар күтуші, күң, әртіс және кәнизак міндеттерін атқарды. Құлдар кейде бостандыққа ие болды. ІX ғасыр соңында Ирактың оңтүстігінде ұзаққа созылған зәңгілер көтерілісінен соң, мұсылман жер иеленушілері құлдарды көптеп пайдаланудан бас тартты, өйткені құлдар көтерілісі қайта тұтануы мүмкін еді.

Еврейлер мен христиандарды мұсылман билігіндегі қалаларда көптеп кезіктіруге болатын. Әдетте бұл топтар шаһардың бөлек аудандарында, көпшілігі мұсылмандармен көрші тұрды. Шын мәнінде, мұсылман билеушілері түрлі дін өкілдерінің бөлек аудандарда тұрғанын құптады. Оларды әлеуметтік бөлектегеннен емес, сол арқылы билік азшылықтың қорғаны екенін көрсеткісі келді. Діни қауымдардың ұйыса орналасуын, әсіресе Кордовадан, Испаниядағы басқа да қалалардан көруге болады. Қауымдар арасындағы араздықтар мен қудалауларға қарамастан, түрлі діни қауымдар күнделікті жұмыстарын бірге атқарып, етене өмір сүрді. Еврейлер, христиандар және мұсылмандар өзара араб тілінде сөйлесті.

Идеялар ағыны

Ірі мұсылман қалалары зиялылар өкілдері мен өнер иелерінің ордасына айналды, ал ислам және араб тілі Испаниядан бастап Солтүстік Үндістанға дейінгі аралықтағы қалалардың мәдени байланысына арқау болды. Мұсылмандар білім алу, саудамен айналысу немесе Меккеге құлшылық ету үшін көп саяхаттады. Соның нәтижесінде олардың космополиттік көзқарасы қалыптасты. Яғни олар, өздерін Дар әл-Ислам (Ислам үйі) тұрғындары деп санап, мұсылман халықтары немесе мұсылмандар билік етуші аймақты жер кіндігіне теңеді. Христиандар, еврейлер, үнділер және будда ақылгөйлері мұсылман әлемімен танысуға ағылды. Өзге әлемнің халқы Дар әл-Исламды мемлекеттер мозаикасы ғана емес, өзара байланысты қалалар жүйесі деп қабылдады. Мұнда келген адамдар қай мемлекеттің шекарасы қай жерде аяқталып, келесісі қайда басталатынына аса мән беріп жатпады.

Араб тілі мен жазбасы қолданған жерде ислам діні де қатар жүрді, өйткені мұсылмандар үшін Мұхаммед пайғамбарға келген уахи барлығынан да қастерлі, қасиетті еді. Ежелгі Хань дәуірінде тіл мамандары қытай тілін бір жүйеге келтіргені секілді, Ирак қалаларындағы мұсылман ғалымдары да VІІІ–ІX ғасырларда араб тілінің орфографиясы мен грамматикасын жүйелеумен айналысты. Уақыт өте келе араб тілі мемлекеттік тіл ретінде, мұсылман әлемінен грек, арамей және латын әліпбилерін ығыстырып шығарды, қайта ерте Парсы империясының негізгі тілі – парсы (фарсидің) қолданысы кеңірек болды. Өйткені парсының ділмарларының мұсылман әлеміндегі діни және зияткерлік мәдени ортада ықпалы зор еді.

Ежелгі жазбалар аудармасы. Бағдаттағы және Оңтүстік-Батыс Азиядағы басқа да қалалардағы ғалымдардың басты міндеттерінің бірі – грек, парсы, сирия және санскриттен ғылыми, техникалық, философиялық және тарихи құжаттарды араб тіліне аудару. Түрлі елдерде жатқан жазбаларды мұсылмандар, христиандар және еврейлер жинақтарға топтастырып, құжат мазмұндары туралы пікір таластырды. Ерте Аббасидтер халифаты кезінде ғалымдар Бағдатта аударма ісін қолға алды. Халиф әл-Мәмүн (813–833 жылдары билік құрды) Даналық үйі деп аталатын зерттеу орталығын ашты. Халифат тұрғындары, соның ішінде Оңтүстік Азияның бірқатар ғалымдары үш жүз жыл бұрын Гупта империясы (9-тарауды қараңыз) кезінде пайда болған математика және астрономия идеяларын зерттеді. ІX және XІ ғасырлар аралығында Каир мен Кордовада, сонымен бірге Орталық Азиядағы Бұхара қаласында білім орталықтары ашылды.

Жаңа ілім қалыптастыру. Аударма – үлкен істің басы ғана еді. Ғалымдар ежелгі жазбаларды сақтап қана қоймай, ондағы ілімдерді түзетуді және дамытуды мақсат тұтты. Ғалымдар Құранды, теологияны, шариғатты, пайғамбар ілімдерінің грамматикасы мен әдістемелерін зерттеді. Одан соң «философия ғылымдарын» қолға алды. Логика (негізінен, грек философы Аристотельдің ілімдері), космология, астрология, физика, химия, биология, медицина, агрономия, география және математика дамыды. Бұл саладағы ойшылдар теория түрінде ғана талқылап қоймай, табиғат құбылыстарын жүйелі түрде бақылап, тіркеп отырды. Мысалы, өсімдіктердің түрлері мен сипаттамасы, астрономиялық кестелер жасалды. Оларды жүзеге асыру үшін ғалымдар қолданыстағы құрал-жабдықтарды дамытып, жаңаларын дүниеге әкелді. Осылайша су сағаттары және астролябия (аспан денелерінің қозғалысын белгілеу үшін) пайда болды.

Математиканың дамуы мәдени және саяси шекаралардың арасындағы зияткерлік ынтымақтастықтың қаншалықты маңызы бар екенін көрсетеді. Христиан және еврей ғалымдарымен бірге жұмыс істеген мұсылмандар ежелгі Месопотамия, Мысыр және Грекияның математика ілімдерін нақтылады және дамытты. Мысалы, ғалымдар танымал эллиндік грек математигі Евклид шеше алмаған геометриялық мәселелерге бас қатырды. Үнді математикасын негізге ала отырып, ІX ғасырдағы ғалымдар алгебра мен тригонометрияны құрастырды, қазір оларды орта мектепте оқиды.

Автомат моделі. Мысыр математигі, инженері және өнертапқышы әл-Жазири (1136–1206) «Мехникалық құрылғылар туралы білім кітабы» (Book of Knowledge of Mechanіcal Devіces) деп аталатын еңбек жазды. Онда машиналардың, соның ішінде су сағаттарының және су көтеретін машиналардың түрлері сипатталған. Бұл құрылғылардың кейбірі автоматтанған немесе өздігінен жұмыс істейді, бірақ олардың барлығы көңіл көтеруге арналған.

Аббасидтер дәуіріндегі іргелі еңбектердің бірі – Үндістаннан аударылған «нөлі» бар он таңбалы позициялық санау жүйесі. Бұл жүйе Гупта империясының ғылыми жетістігіне жатады. Мұсылман әлемінің Оңтүстік Азиямен байланысы жақсы болғандықтан, үнді ғалымдарының ғылыми идеялары Бағдат пен басқа да қалаларға жетті. Осындай жұмыстарды атқарған ғалымдардың бірі – ІX ғасырда Бұхарада өмір сүрген парсы математигі Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми (шамамен 780–850 жылдары өмір сүрген). Ол үнділердің санақ жүйесін насихаттап, оны алгебраны зерттеуде қолданды. Алгебра сөзінің өзі арабтың әл-джабр сөзінен шыққан, «қайта қалпына келу» деген мағына береді. Шамамен 850 жылдары әл-Хорезми қайтыс болған соң, басқа да ғалымдар грек немесе рим санағын тастап, үнді санақ жүйесіне көшті. Испаниядағы Толедо және Кордова қалаларының саяхаттаған христиан ғалымдары «араб сандарын» Батыс Еуропаға әкелді, XІІІ ғасырда жаңа санақ жүйесі мұнда кең қолданыла бастады. Қазіргі таңда қарапайым он санды санақ жүйесін бүкіл әлем біледі.

Ғылым мен сенім қайшылығы. Ежелгі грек және рим ойшылдары секілді, Аббасидтер дәуірінің ғалымдары ғылымды біздің түсінігіміздегі философия немесе теологияға бөліп қараған жоқ. Олардың еңбектері рух мәселелеріне қатысты ғылыми зерттеулер мен болжамдардан тұрды. Араб ғалымдары бақылау, логика және ақыл-ой көмегімен өмірде болып жатқан оқиғалар құдайдың ісі екенін дәлелдеуге тырысты. Мұсылман ғалымдары Аристотель, Пифагор секілді ежелгі грек ойшылдарының философиялық еңбектерін мұқият зерттеді.

Бес уақыт намазын оқып, шариғат жолымен жүретін өзге мұсылмандар, әсіресе дін қызметкерлері табиғат пен жаратылыс туралы теориялық тұжырымдарға күмәнмен қарады. Ерте ислам ғасырында сауатты мұсылмандар сенім мен ақыл-ой туралы зерттеді. Мысалы, құдай әрбір адамның өмір жолын анықтай ма немесе адамдар жасаған ісіне моральдық тұрғыда жауапты ма? Бұл сұрақтар теологтарды жиі толғандырды. XІ ғасырда ел басшылары діни ғылымдар үйрететін мешіттер мен колледждерге ықпал жүргізу үшін шариғат заңдарына бағынуға басымдық берді. Табиғат жаратылысы туралы теологиялық және философиялық талқылар тоқтаған жоқ, бірақ мұндай пікірталастар, негізінен, жабық, бейресми жағдайда өтті.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Әбу Бәкір ар-Рази: мұсылман дәрігері

Ар-Рази кітап оқып отыр

Ірі парсы ғалымы Әбу Бәкір ар-Рази (шамамен 865–925 жылдары өмір сүрген) астрономия, химия, алхимия, философия және ислам тағылымы бойынша жүз шақты еңбек жазған. Бірақ ол дәрігер және медицина трактаттарының авторы ретінде кең танылды. Ирандағы ірі сауда орталығы – Рейде, қазіргі Тегеранның шетіндегі қалада туған ар-Рази жастайынан музыкаға әуес болып, уд деп аталатын шекті аспапта шебер ойнады. Бұған қоса ол, дәрігерлік тәжірибесін бастамай тұрып, философия, метафизика, логика және математика ғылымдарын оқыды. Медицинадағы тәжірибесі мен студенттерге дәріс беруден бөлек, ғалым X ғасырдың басында Рейдегі, Бағдаттағы ауруханаларды басқарды.

Ар-Разидің ең елеулі мұрасы – ондаған медициналық кітабы. Аса зерек ғалым тәжірибе жасаудың жүйелі әдісін енгізді, қазір біз оны «ғылыми әдіс» деп атаймыз. Науқастары көп ауруханаларда жұмыс істеген ар-Рази түрлі медициналық жағдайлар туралы жазды. Бір еңбегінде ол клиникалық шешекті желшешек пен қызылшадан қалай айыруға болатынын түсіндіреді. Келесі бір еңбегінде кейбір адамдардың раушан гүлінен басы ауырып, мұрны пысылдап, көздері қызаратыны – дуылдақ безгегінің белгілері екенін алғаш рет жазды. Сонымен бірге ол офтальмология мен педиатрияға үлкен үлес қосты. Ол қоғамдық денсаулық сақтау қызметін жақсарту үшін қарапайым қоспалардан дәрі жасап, бірқатар аурулардан емдеуге болатын медициналық нұсқаулар жазды. Ежелгі грек дәрігері Гиппократ секілді, ар-Рази да дәрігерлер тәжірибе бастамас бұрын көп дайындалу керегін айтты.

Ар-Рази классикалық грек медицинасын жақсы білді, бірақ олардың кейбірі жалған екенін немесе толық дамымағанын айтты. Ол грек ғалымдарының еңбектеріне, соның ішінде дәрігер Гален жұмыстарына жоғары баға берді, бірақ олардың зерттеулерін сынап, медицина ілгері басу үшін басқаларды да сыни еңбектер жазуға шақырды. Ар-Рази дүниеден өткен соң, оның жазбалары «Медицинаның сан қырын қамтитын кітап» (The Comprehensіve Book on Medіcіne) деп аталатын 20 томдық жинақ болып жарық көрді. Онда аурулар туралы энциклопедиялық білімдер топтастырылған. Ар-Рази әрбір ауруды жазып, жеке медициналық ойлары мен тәжірибелерін айтпас бұрын, грек, сирия, үнді, парсы және араб ғалымдарының көзқарастарын мысалға келтіреді. XІІІ ғасырда латынға аударылып, Еуропада шыққан ар-Рази еңбектері XVІІ ғасыр соңында еуропалық медицина студенттерінің іргелі оқулығына айналды.

Сыни пайым

Ар-Рази ежелгі грек ғылыми және медициналық ілімін қалай қолданды және таратты?

Теңіз торабындағы қалалар, көпестер және патшалықтар

ОЙЛАН: 750–1000 жылдар аралығында теңіз сауда жолы Араб теңізінен Жапон теңізіне дейінгі аралықтағы мемлекеттер мен қалалардың дамуына қалай әсер етті?

VІІ және XІ ғасыр аралығында мұсылман мемлекеттерінің ғана емес, Араб теңізінен Жапон теңізіне дейінгі аралықта теңіз жолдары жағалауларында орналасқан мемлекеттердің де экономикасы өсті (11.3-картаны қараңыз). Негізгі табысы саудадан түсетін бұл мемлекеттердің басшылары саудагерлер мен жүк тасымалдаушылармен тығыз байланыс орнатты. Теңіз саудагерлері де әріптестік қарым-қатынас, несие және шартты қаржы міндеттері секілді күрделі коммерциялық құралдарды пайдалану арқылы саудагерлер мен сатып алушылардың ірі желілерін ұйымдастырып, ықпалды күшке айналды.

11.3-КАРТА. Қиыр шетті байланыстырған теңіз жолы желісі. X ғасыр

Географиялық фактор Аббасидтер халифаты мен Шривиджайя патшалығының гүлденуіне қалайша әртүрлі ықпалын тигізді?

Араб теңізіндегі сауда

VІ және XІ ғасыр аралығында кеме жасаушылар, капитандар және Араб теңізінде саудамен шұғылданған саудагерлер кеме корпусы мен желкендерін жетілдіріп қана қоймай, Үнді мұхитының муссонды дауылының маусымы туралы мәліметтерді толығырақ меңгерді. Мысалы, бір айлақтан екінші бір айлаққа тезірек жету үшін маусымның қай уақыты ыңғайлы екені туралы ақпаратты меңгерді. Сондықтан теңізшілер ашық теңізге шығудан қорықпады, әсіресе Қызыл теңіз, Парсы шығанағы немесе Шығыс Африка және Үндістан мен Цейлонның оңтүстік айлақтары олардың басты теңіз жолына айналды.

Оңтүстік Үндістанның сауда экономикасының дамуына байланысты теңіз саудасының көлемі де артты. Өйткені Үндістанда халық оңтүстіктегі Үнді мұхиты жағалауларына, Бенгал шығанағына немесе Араб теңізіне жақын маңға ойысты. Оңтүстік Үндістан мыңдаған жыл бойы екі теңізді жалғастырушы ірі сауда нүктесі қызметін атқарып келді. Бірақ VІІ ғасырдан бастап бұл аймақтағы айлақтар арқылы өткен тауар көлемі Оңтүстік Азия экономикасы гүлденген сайын, арта түсті. Бұл уақытта Үндістанда бірнеше монархия билік етті. Паллава әулеті VІ–X ғасырлар аралығында Үндістанның оңтүстіктегі үлкен бөлігінде билік құрды. Мұнда индуизм дінінің бхакти дәстүрі қалыптасты, санскрит тілі кең тарады. Оңтүстіктегі халықтардың дені ежелгі дравид тіл тобына жататын тамил тілінде сөйледі. Шаруалар күріш, бидай өсірді. Паллава патшалары егін шаруашылығына қолдау көрсетіп, суару жүйелерін құруға көмектесті және күзгі, көктемгі құрғақшылық маусымдарда суды бөлу жұмыстарын атқарды. Шаруалар мақта өндірісін ұлғайтып, Оңтүстік Азияға толық тарайтын қара бұрыш өсірді. Теңіз жағалауларындағы айлақтарға жақын сауда желілері мен қалалар гүлденді. Солтүстік-шығыстағы Гуджарат аймағы мата өндірісімен танымал болды. Гуджараттық саудагерлерді Араб теңізі жағалауларындағы барлық айлақтардан кезіктіруге болатын еді.

Қызыл теңіздің оңтүстік жағалауларында, қазіргі Сомали, Кения және Танзания орналасқан аймақта сауда қалалары бой көтерді. Мұндағы ауыл шаруашылығымен айналысқан халық суахили тілінде сөйледі. Суахили сөзін арабшадан аударғанда «жағалау тұрғындары» дегенді білдіреді. Банту тіл тобына жататын суахили тіліне араб сөздері, кейбір парсы сөздері енді. Ертедегі суахили қауымдары теңіз саудасымен айналысты. Олар піл сүйегі, алтын, мал терісі, тау хрусталі және басқа да тауарларды Араб теңізіндегі саудагерлерге сатты. Жағалау бойында Шанга және Манда секілді жаңа қалалар бой көтерді, мұнда 15 мыңнан 18 мыңға дейін халық тұрды. Суахили көпестері құл сатумен де айналысты. Олар Шығыс Африканың ішкі аймақтарынан тұтқындағы адамдарды сатып алып, оларды Оңтүстік-Шығыс Азияға немесе Үндістанға шығарды.

Арабтар мен парсылар ислам діні пайда болғанға дейін де Араб теңізіне шығатын. Бірақ Омейядтар және Аббасидтер империялары кезінде қалалар өркендеп, араб теңізшілерінің сапарлары едәуір ұзарды. VІІІ және X ғасырлар аралығында мұсылман саудагерлері Шығыс Африкада, Үндістанда, Цейлонда, Суматрада, тіпті Қытайдың оңтүстік жағалауларында қоныстар салды. Бұл бекіністер мұсылман саудагерлерінің диаспорасын қалыптастырды. Сол замандағы араб географтары Үнді мұхитын «Қытай теңізі» деп атаған. Өйткені сол арқылы Парсы шығанағынан Қытайға теңіз жолымен шығуға болатын еді. Шамамен екі ғасыр бойы мұсылман саудагерлері бұл жолмен 18 ай жүзді. Олар қытайдың Гуанчжоу (Кантон) айлағында шағын колония қалыптастырды. Кейбір саудагерлер сонда уақытша, теңізшілер қайтып келгенше және қытай сатып алушылары үшін агент ретінде тұрды. Олар Иракқа жібек, мақта, фарфор, сандал, нефрит және түрлі дәмдеуіштер алып келді. Бұл тауарлар Аббасидтер империясында үлкен сұранысқа ие болды.

Шривиджайя теңіз империясы

Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азия аралығындағы Бенгал шығанағы арқылы өтетін сауда жолы шамамен 700 жылдары үлкен сұранысқа ие еді. Дәл осы уақытта Индонезия архипелагының батыс бөлігіндегі Суматра аралында Шривиджайя (SREE-vіh-JAІ-yuh) патшалығы пайда болды. Шривиджайя теңіз күштерінің алты жүз жылға жуық уақыт билік құруына оның екі теңіз арасындағы стратегиялық маңызды Малакка және Сунда бұғаздарына бақылау орнатуы септігін тигізді. Бұғаздар Оңтүстік-Қытай теңізін Бенгал шығанағымен және батыстағы барлық сауда нүктелерімен жалғастырды. Шривиджайя айлақтар мен теңіз жолдарына бақылау орнатты, ал ішкі аудандарда ауыл шаруашылығын дамытты. Мұндағы сулы алқаптарға күріш егетін шаруалар кәсібін Оңтүстік-Шығыс Азия өзендерінің жағалауларына таратты, тропиктік ормандарды күріш алқабына айналдырды. Шаруалар Шривиджайя тақуаларына немесе жергілікті көсемдерге салық төлеп тұрды. Муси өзенінің құнарлы күріш алқабында бой көтерген Палембанг қаласы империяның орталығына айналды. Суматра мен Ява аралдарының солтүстік жағалауларында орналасқан шағын мемлекеттерден салық жинаған Шривиджайя байлық пен әскери-теңіз күшіне ие болды. Патшалық сот саяси федерациядағы шағын елдерді бақылап отырды.

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы басқа да монархиялар секілді, Шривиджайя патшалары мен ақсүйектері буддизмді қамқорлыққа алды. Олар ғибадатханалар салып, будда тақуаларын шенді қызметкер қылып жұмысқа алды, негізгі жазба тілі ретінде Үндістанның санскритін пайдаланды, будда ілімін дамытты. Уақыт өткен сайын көбейе түскен малай теңізшілері буддизмнің басты ағымдарының бірі саналатын махаянаны айлақтан-айлаққа таратып әкетті. Шривиджайя империясы Ява аралының ішкі аудандарын басқарған Сайлендра әулетімен тығыз байланыс орнатты. Мұнда да жанартау етегіндегі құнарлы жерлерге күріш егумен шұғылданды. VІІІ ғасырдағы Сайлендра патшаларының байлығы дүниежүзінің ғажайып сәулет туындыларының бірі саналатын Боробудур буддизм ескерткішін салуға мүмкіндік берді. Сайлендра монархиясы, өкінішке қарай, ІX ғасырдағы азамат соғысының өртіне ұрынды, ал Шривиджайя империясы теңіз сауда жолдарын тағы үш жүз жыл бойы басқарды.

Таудағы ғибадатхана. Ява ландшафтынан 100 фут биікте, шамамен екі миллион тас блоктан салған, Боробудурдағы басты ғибадатхана. Ғаламшардың үш басты элементін сипаттайды. Олар: тілек, пішін және пішінсіздік әлемі. Пирамиданың төменгі қабаты төртбұрышты дәліздерден тұрады. Екінші қабатына дөңгелек тіреуіштер орнатылған, ал оған келі іспетті пішін орнатылған. Соның ішінде Будда мүсіндері тұр. Үшінші қабатқа үлкен ступа орналасқан, оның іші бос.

Қытай саудасы және Тан әулетінің тағдыры

Малай, үнді, араб және парсы саудагерлерінің Қытайға ұмтылысы ерекше еді. Өйткені Суй (581–618) және Тан (618–907) қосылған соң (10-тарауды қараңыз), Қытай демографиялық және экономикалық тұрғыдан өрледі. 750–1100 жылдар аралығында Қытай халқының саны 50 миллионнан 100 миллионға дейін жетті, ал халықтардың тығыз орналасу орталығы мен экономикалық өндіріс күші оңтүстіктегі күріш өсетін аймақтарға қарай ойысты. Нарыққа бейімделген қалалар мен айлақтар көбейе берді, әсіресе Янцзы өзені бойындағы алқаптардан оңтүстіктегі теңіз жағалауларында ірі елді мекендер пайда болды, олардың ішінде теңіз саудасымен айналысқан Гуанчжоу және Цюаньчжоу қалалары да бар еді.

Ауыл шаруашылығы, өндіріс және шетел саудасы Қытайда шарықтап дамыды, тіпті Тан үкіметі ықпалын жоғалта бастаған уақытта да өсім тоқтаған жоқ. Елеулі қиындықтар 755 жылы тегі түркі генерал Ань Лушань (An Lushan) 100 мыңнан аса сарбаз жинап, Тан астанасы Чаньань қаласына шабуылдаған уақытта басталды. Император Сюаньцзун (712–756 жылдары билік құрды) астанадан қашып шығуға мәжбүр болды.

Ань Лушань көтерілісінде ұйғырлардың ықпалы зор болды. Көтерілістен соң билігі әлсіреген әулет әскер басшыларын провинциялардағы лауазымды қызметтерге тағайындады. Дені Ань Лушань көтерілісін қолдаған бұл әскербасылар Қытайдың бірнеше бөлігінде дербес билік құрып, салықты Чаньаньға жолдаудан бас тартты. VІІІ ғасырда Қытайда шамамен 30 мыңға жуық будда ғибадатханасы болған. Олар салықтан босаған сәтті тиімді пайдаланып, ірі ауыл шаруашылығы жерлеріне иелік етті, жеке сауда кәсіпорындарын, тіпті жеке әскерін құрды. Ань Лушань көтерілісінен шамамен бір ғасыр өткен уақытта Тибет мемлекеті және Ұйғыр қағанаты Қытайдың солтүстік-батыс шекараларына қауіп төндіре бастады. VІІІ ғасыр соңында императорлар әскер билігін қайтарып алуға талпынып, сарайда әтектерден әскери күш құра бастады. Бірақ сарай әтектері бақталас фракцияларға бөлініп алып, сарай билігін қолдарына алды да, ІX ғасырда императорларды өлтіріп, ауыстырып отырды.

VІІІ ғасыр соңына таман Тан үкіметі Қытай экономикасын бақылау мүмкіндігінен айырылды. Ірі жер иеленушілер мен кәсіпкерлер коммерциялық табыс тізгінін қолға алды. Тан әулетінде егістік жерлерін басқару жүйесі әлсіреді. Ірі жер иелері шаруаларға қысым жасап, қарызға батырып, олардың жерлерін сатып алды да, нарыққа қажет астық, жібек, мақта және басқа да тауарлар өндіру үшін ол жерлерді жалға берді. Кедейлер оңтүстікке қарай ағылып, шаруа қожалықтарына арзан жұмыс күші ретінде жалданды. Тан үкіметінің билігі әлсіреп кеткендіктен, жергілікті билік өкілдері кәсібінің табысын өзі көріп, салық енгізе алатын дәрежеге жетті. Тан әулеті 907 жылы құлады, содан 960 жылға дейін Қытай бақталас аймақтарға бөлініп кетті. Соған қарамастан, жібек және басқа да тауарлардың оңтүстік айлақтар арқылы экспорты арта берді.

Теңіз жолының шалғай шығысындағы Жапония мен Корея

Афроеуразия теңіз жолы тізбегінің соңы солтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан Шығыс Қытай теңізі және Жапон теңізімен (немесе Шығыс теңізі) аяқталды. Б.з. І мыңжылдығында бұл екі теңіз айналасындағы жерлерде – Солтүстік Қытай, Корея түбегі және Жапон архипелагында жеке теңіз жолдары жүйесі қалыптасты. Қытай жағалауларынан Жапонияның оңтүстігіне дейін кемемен шамамен 800 шақырым жүзуге тура келсе, Корея түбегі мен Жапонияның арасы – бар болғаны 160 шақырым. Осы екі аралық Қытаймен ғана емес, бүкіл Афроеуразия әлемімен байланыстыратын теңіз жолы еді. Б.з.д. 400 жыл мен б.з. 600 жылдар аралығында күріш өсіру, тоқыма технологиясы, темір металлургиясы, жазба, орталықтан басқару әдістері және буддизм Жапония мен Кореяға да жетті.

Жапония да, Корея да – таулы жерлер. Жапония жерінің бар болғаны 16 пайызы, ал Корея жерінің 20 пайызы ғана ауыл шаруашылығына жарамды. Жапония тауларында 60 белсенді жанартау бар, бірақ олардың етегіндегі топырақ құнарлы келеді, оған жазғы жаңбырдың өзі жеткілікті. Суға күріш егу әдісін меңгерген соң, шаруа қожалықтары Жапонияның теңіз жағалаулары мен ішкі алқаптарда бой көтере бастады. Б.з. алғашқы алты ғасырында аралдағы халық саны миллионнан алты миллионға дейін көбейді. Ең үлкен Хонсю аралындағы шаруалар ақсүйек отбасыларға салық төлеуге әлеуеті жетті. Кейбірінің қарулы көмекші жалдауға да жағдайы бар еді, өйткені мұнда шамамен ІІІ ғасырдан бастап құнарлы жерлер мен шаруа еңбегі үшін күрес тоқтаусыз жүрді.

Жапонияға қарағанда, Корея Қытай империяларының қол астынан шыға алмады. Ежелгі Хань әулеті түбектің үлкен бөлігіне билік жүргізді, Тан әулеті бұл түбекке үстемдік орнатты. Бірақ 668 жылы Силла (SHEE-ah) әулетінің корей басшылары түбектің үлкен бөлігіне бақылауды қайтарып алып, оны 900 жылдарға дейін басқарды.

Силла патшаларының қорымдары. Оңтүстік Кореядағы Кёнджу қаласы Силла әулетінің астанасы болды. Мұнда Силла билеушілері жерленген қорғандар мен қорымдар орналасқан. Дүниежүзінің басқа да елдерінде билеушілер дәл осындай әдіспен жерленді деген мысалмен таныссыз ба?

Жапон көсемдері. VІ–VІІІ ғасыр аралығында Хонсю аралына шоғырланған аймақ көсемдері орталықтанған тиімді басқару жүйесін құрды. Қуатты билікті көздеген олар әскерді біріктіріп, өздерін «аспан билеушілері» немесе императорлар деп атай бастады. Ямато (өзен аты) деген атпен белгілі әулет монархтары 710 жылы сарай және әкімшілік орталық – Нара қаласын салды. Бұл Жапониядағы алғашқы қала еді. Күріш егумен шұғылданған шаруалардан алған салық Нараға келді. 794 жылы әулет тағы бір ірі империялық орталық – Хейан (HAY-ahn) (кейін Киото деген атпен белгілі) қаласын салды.

Ямато патшалары мен патшайымдары дін мен дәстүрге беріктігімен ерекшеленді, сол арқылы олар қарапайым тұрғындарға ықпал ете алды. Олар кейбір заттардың рухы, сонымен бірге дүниеден өткен адамдардың аруақтары денсаулыққа, қауіпсіздікке және егіннің бітік шығуына әсер етеді деп сенді. Синто деген атпен белгілі бұл діни ағым Ямато билеушілері үшін үлкен маңызға ие болды. Олар табиғат немесе антропогенді апаттарды болдырмау үшін рәсімдер өткізіп отырды. Дегенмен 850 жылдан бастап олар билік қуатын жоғалта бастады. Билеуші императорлардың ақсүйек отбасыларына саяси мәселелер бойынша сөзі жүрмей қалды. Император қуатты жер иелерінің қуыршағына айналып, діни рәсімдер ғана жүргізе алды.

Ұлы Будда. Ямато әулетінің билеушілері Будда ғибадатханаларын көп тұрғызды. Нара қаласындағы Ұлы Будда – әлемдегі ең үлкен қола мүсін. Вайрочана Буддасы VІІІ ғасырдың ортасында құйылған. Мүсіннің биіктігі – шамамен 50 метр. Будданың оң қолын көтеруі – сенімділік пен қорғаныс ишарасы. Бұл мүсінді ондаған жыл бұрын Қытайда әктен қашалған Вайрочана Буддасы мүсінімен (10-тарау, 352-бетте) салыстырыңыз.

Қытай мен Жапония арасындағы айырбас ағыны. Шамамен б.з. ІІІ ғасырында Жапония мен Азия құрлығы арасындағы қарым-қатынас арта түсті. Хань империясы (б.з.д. 206 – б.з. 220 жылдар) құлаған соң қуғынға ұшыраған қытайлар мен корейлер Жапонияны паналады. Шығыс Азиядағы бұл мемлекет ол кезде «мүмкіндіктер елі» болып көрінді. Өз елінде өркениеттің жетіспейтінін білетін жапон ақсүйектері көрші Қытай және Корея елдерінен келген білімді әрі білікті иммигранттарды жылы қабылдады. Олар жергілікті халықтарға көп нәрсе үйретті: озық металлургия, жазу, жібек өндірісі, мақта-мата өндірісі, қағаз дайындау ісі және басқару әдістері. Суй мен Тан императорлары Қытайды біріктіріп, Силла патша Корея түбегінің ауқымды бөлігін қайтарып алған уақытта, Жапония бағытындағы миграция азайды. Дегенмен Қытай жетістіктеріне үйреніп қалған жапондар онымен байланысын үзген жоқ. Қайта сарай ақсүйектері қытай ғалымдары мен олардың соттарындағы білікті лауазым иелерін үнемі алдырып отырды. Сонымен бірге Ямато өкілдеріне рухани білім беріп, қорған болатын будда монахтарын да сарайға шақырды. Қытайдан Жапонияға көшкен ғалымдар Конфуций ілімі мен қасиетті будда жазбаларын меңгерген еді.

Дегенмен Жапония Қытай немесе Кореяның мәдени серіктесі бола қоймады. Қайта ерекшелігі бар жапон мәдениеті көрші өркениеттің әсерімен дами түсті. Мысалы: буддизм мен синтоизм, Тан қала сәулеті мен дәстүрлі жапон құрылыс материалдары, қытай оркестрі музыкасы мен жапон аспаптары. Тағы бір мысал ретінде жапондардың азаматтық және қылмыстық кодекстер жүйесін (rіtsury oseіdo) атап өтуге болады. Әкімшілік қызметтер мен мекемелердің осындай үкіметтік жүйесі конфуцийлік Қытайдың саяси ұйымдастыру үлгісінен туындағаны көрініп тұр, бірақ жапон билеушілері оны халқы мен аумағы әлдеқайда аз өз елінің ерекшеліктеріне ықшамдап өзгертті.

X ғасырға дейін жапон ғалымдары қытай тілін үйреніп, оны үкімет құжаттары мен діни жазбаларда қолданумен ғана шектелді. Дегенмен мамандар қытай тілін пайдалана отырып, жапон дыбыстарының таңбаларын жасап шықты. Бұл өте қиын жұмыс еді, өйткені жапон және қытай тілдерінің үлкен айырмашылығы бар. Ақсүйек ер-азаматтар қытай тілін үйренудің әлеуметтік маңызы зор деп санап, жергілікті халықтардың төл жазбасын дайындауға асықпады, ал қоғамдағы беделді әйелдерді бұл мәселе толғандыра қойған жоқ. Жазба ісіне будда тақуалары үлес қосты. X ғасырға таман ғалымдар қытай иероглифтерінің ықшам формасы негізінде вабун деп аталатын жапон жазбасының уақытша нұсқасын дайындады. Шамамен 600 жылдардан соң, Қытай мен Кореядағы буддизмнің махаяна мектептері Жапонияға да тарады. Аралдардағы храмдар мен ғибадатханалардың сәулеті артты, ақыр соңында – VІІІ ғасырда Нара қаласы үлкен ғибадатханалары мен буддизм ілімін таратушы ұстаздарымен мақтанатын дәрежеге жетті. Нарадағы Будданың үлкен залы (Дайбуцу) қазіргі таңда дүниежүзінде ағаштан тұрғызған ең үлкен ғимарат саналады. Будда діни қызметшілері халыққа үміт, денсаулық, қорғаныс және бітік егіс уәде етті. Қытайда буддизм мен дао ілімдері араласқаны секілді, Жапонияда да буддизм мен синтоизм идеялары бірікті. Мысалы, синто табиғат құдайлары енді будда рухтарына және бодхисаттваларға айналды. Б.з. бірінші мыңжылдығының соңына таман Жапония экономикасы өсе берді. 700 жылы аралда бес миллион халық тұрса, 1200 жылға таман оның саны жеті миллионға жетті (1200 жылы Қытай халқының саны шамамен 120 миллион болған)4. Дегенмен 730 жылдары шешек ауруы індетінен балалар ғана емес, үлкен кісілер де қырылып, халықтың жалпы саны 25 пайызға қысқарды. Жұқпалы кеселдер аралға Қытай мен Кореядан келген болуы керек, өйткені бұл індеттердің ошағы Афроеуразияда орналасқан еді5. Кейін, VІІІ ғасырға таман жапондарда бұл ауруларға қарсы иммунитет пайда болды, өйткені кейбір індеттер қайталанған уақытта оның демографиялық өсіміне аз әсер етті. Аграрлық экономикаға ие, халық саны дамып келе жатқан жас Жапония теңіз жолдары арқылы шалғайдағы жерлерден гөрі, Қытаймен және Кореямен қарым-қатынас орнатты. 1000 жылдан соң Қытай мен Корея өркениеттерінің шығыстағы көршісіне ықпалы азайғанына қарамастан, аралдардың бұл елдермен мәдени байланысы үзілмеді. Бұл уақытта жапон ақсүйектері дербес ерекшеліктері бар сауатты өркениет формасын құрып үлгерген еді.

Сахараның күнгейі: халықаралық байланыстың жаңа аймағы ОЙЛАН: VІІ–X ғасырлар арасында Жерорта теңізі өңіріндегі және Батыс Африкадағы егін шаруашылығымен айналысатын халықтар қандай сауда мен мәдени қарым-қатынас орнатты? Жапонияның Шығыс Азияның басқа бөліктерімен байланыс орнатуы Афроеуразия халықтарының өзара байланысындағы тағы бір кемшін тұсын толықтырды. Біздің заманымыздың алғашқы ғасырының басында Африканы мекендеген халықтардың өзара қарым-қатынас орнатуына Сахара шөлі (11.4-картаны қараңыз) кедергі келтірді. Бұл уақытта мал шаруашылығымен айналысатын халықтар Араб түбегінен түйелер алдырып, Сахараның оңтүстік жағындағы жартылай құрғақ жерлерге дейін жете бастаған еді. Нар – сүтқоректі жануарлар ішінде шөлге ең төзімдісі, Сахара шөлін кесіп өтуге жарамды бірден-бір көлік (7-тарауды қараңыз). Дегенмен мыңжылдық аяғында ғана адамдар солтүстіктен оңтүстікке жиі қатынай бастады.

11.4-КАРТА. Сахараның күнгей беті. 1000 жыл Қандай географиялық ерекшеліктер мен табиғи ресурстар Такрур, Гана және Гао мемлекеттерінің орналасқан жерін анықтауға көмектеседі?

Алтын және құлдар, мыс пен тұз

Саудагерлердің Сахараны кесіп өтуі үшін шөлдің екі жағында да азық-түлікке бай аграрлық қоғамдардың орналасуы жеткілікті болды. Шөлдің солтүстік жағында Мысырдан бастап Мароккоға дейін жас мұсылман елдері орналасты, олардың бәрінде VІІІ ғасырдан кейін урбандалу үдерісі жүрді, барлығы да Жерорта теңізі аймағы мен Оңтүстік-Батыс Азиямен сауда байланысын орнатты. Шөлдің оңтүстік жағында климаты жақсы және өсімдіктерге бай үш кең аймақ бар. Сахарамен шекаралас жартылай құрғақ белдеуді Сахел деп атады. Бұл маңнан оңтүстікке қарай жазық немесе орманды саванналар жатыр. Мұндағы халықтар күріш, тары және жүгері өсіріп, ірі қара асырады. Өнімдерін базары бар қалаларға шығарып отырды. Одан әрі қарай, үшінші аймақта тропиктік ормандар жайқалды, сонымен бірге ямс және басқа да тамыр өсімдіктердің бірнеше түрі өсті. Мұнда жас мемлекеттер қалыптаса бастады. Солтүстік Африкадағы араб географтары саванна белдеуін Билад-әл-Судан («қара терілі адамдар мекені») немесе Судан деп атады, бұл – қазіргі Судан және Оңтүстік Судан республикаларынан басқа тарихи аймақ.

Судан мемлекеті. Б.з. бірінші мыңжылдығы аяғында Суданда егін мен мал молынан өсті. Патшалықта елеулі құрылыс жүргізу үшін табыс жеткілікті еді. Араб географтарының жазбалары мен археологиялық мәліметтерден Батыс Африкада VІІІ–XІ ғасырлар аралығында бірнеше мемлекет өркендегенін білеміз. Батыс шекарада Такрур монархиясы орналасты. Бұл елдің тұрғындары Сенегал өзенінің орта және төменгі ағысындағы алқаптарда күріш егумен шұғылданды. Екінші мемлекет – Гао, шағын ел, басты қаласы да солай аталады. Бұл ел саудаға ыңғайлы стратегиялық орында – Атлант мұхитына құятын Нигер өзенінің бас жағында орналасты. Үшінші мемлекет – Канем, оны Сахараның жауынгер малшылары салған болуы мүмкін. Бұл мемлекет VІІІ ғасырда көлемі жағынан дүниежүзіндегі алтыншы көл (көлде бірнеше мәрте қайталанған құрғақшылықтан ол бұл сипатынан айырылып қалды) – Чад жағалауында бой көтеріп, одан әрі қарай сулы-балшықты жерлерде орналасты.

Батыс Африкадағы ұзақ мерзімді климаттық циклдердің қазіргі зерттеулері бұл аймақта 300–1100 жылдары жаңбыр алдыңғы бірнеше ғасырға қарағанда көбірек түскенін көрсетті. Осы сегіз жүз жылда шаруалар егін егіп, малшылар Сахелдің солтүстік жағында ірі қара өсірді. Қазір шөл басып жатқан бұл жерлерде ол кезде халық саны көбейіп, қалалар бой көтерді. Жаңбыр көп жауған «ылғалды кезеңнің» соңына қарай Сахараның солтүстік жағындағы қалаларда тұратын бербер көпестері түйе керуендерімен Суданға дейінгі шөл аймақты кесіп өтті.

Қазіргі заманғы керуен. Сахара халқы бірнеше жерден тұз өндіріп, оны оңтүстікке – Батыс Африка қалаларына жеткізеді. Жұмысшылар тұзды түйелермен тасиды. Бұл кәсіпте неге әлі күнге дейін түйелер пайдаланылады деп ойлайсыз?

Алтын ағыны. Судан халықтары халықаралық сауданы бұған дейін де жасап жүргенімен, Сахара жолының ашылуы олардың экономикасын одан сайын өсірді. Жерорта теңізі аймағы мен Оңтүстік-Батыс Азиядағы мұсылман билеушілері алтынға үнемі зәру болса, алтын кені Батыс Африкада мол еді. Оларға алтын, негізінен, саудаға қажет монета соғу үшін керек болды. Батыс Африкадағы негізгі тау кендері Сенегал және Нигер өзендерінің жоғары жағында, орманнан тропиктік орманға өтетін аралықта орналасты. Батыс Африканың алтын сататын саудагерлері нигер-конго тіл тобындағы тілдердің бірі – сонинке тілінде сөйледі. Шахталарға ірі мемлекеттер бақылау орнатты деуге қолымызда дерек жоқ. Соған қарағанда, сонинке саудагерлері алтын қиыршықтарын жергілікті басшылардан алып, бағалы қаптарды Суданның керуен орталықтарына жіберіп отырса керек. Керуен оларды Сахара шөлі арқылы солтүстікке тасыды. Алтын саудасы XІ ғасыр басында одан сайын кеңейе түсті. Бұл уақытта экономикасы қайта жандана бастаған Еуропа саудагерлері Солтүстік Африка айлақтарына жиі келіп, алтын сатып алатын. Одан кейінгі ғасырларда Африканың алтын құймалары солтүстікке, Еуропаға және шығыстағы мұсылман елдерінің орталықтарына, әрі қарай Үндістанға дейін жетті.

Транссахара құл саудасы. Құлдар саудадағы екінші бағалы тауарға айналды. Судан базарларында көпестер сатып алған құлдардың көбі жолда – шөл далада ажал құшты. Ерте ғасырларда құл саудасы қалай жүргізілгені туралы аз білеміз. Жергілікті соғыстардағы тұтқындарды құл ретінде сатты. Ашыққандар, әлеуметтік қуғын-сүргін, шабуыл мен кісі ұрлау құрбандары да құлдық қамытын киді. Құлдар керуенінде құлдарға қарағанда күңдер көп болды. Олар Жерорта теңізі аймағы мен Оңтүстік-Батыс Азиядағы ауқатты отбасыларға күңдікке сатылды. ІX ғасырда мұсылман билеушілері құлдарды әскерге көптеп ала бастады. Олар кез келген жердің адамдарын әскери құл ретінде алуға дайын болды, бірақ мұсылман этикасы (үнемі сақтала бермеді) өз дініндегілерді құлдыққа салуға рұқсат етпейді. Орталық мұсылман жерлеріне негізінен құлдарды Ішкі Еуразиядан, Үндістаннан және Еуропадан әкелді. Африка құлдары мұнда көп болған жоқ.

Оңтүстіктегі сауда. Сахараның екі жағында да сауда қызды. Судан базарларына Солтүстік Африканың араб және бербер саудагерлері мата, зергерлік бұйымдар, темір бұйымдары және жылқы (жануарлардың жергілікті ауруына байланысты, жылқылар Суданда жақсы көбеймейді) алып келді. Сонымен бірге олар Батыс Еуропада өте тапшы тауар – тұз жеткізді. Саудагерлер Сахарадағы Аир тауларында өндіретін мыс, әртүрлі әшекейлер мен ғұрып заттарын дайындауға қажет минералдар әкелді. Сахел қалаларына түйелермен жеткен саудагерлер тауарларын судандықтарға өткізіп, солтүстікке алтын және құлдар ғана емес, сонымен бірге піл сүйектері, түйеқұс қауырсындары, мал терілері және астық алып қайтты. Құм дауылдары, қарақшылар шабуылдары, жолдан адасып кету немесе құдықтардың құрғап қалуы секілді кедергілер болмаса, Сахара шөлі сапарына үш айдан аз уақыт кетті.

Гана империясы

Батыс Африкада б.з. бірінші мыңжылдығы басталғанға дейінгі ежелгі мемлекеттер арасындағы ең үлкені Гана болды. Вагаду деген атпен де белгілі бұл мемлекет ІV ғасыр басында қалыптаса бастады. Ең гүлденген кезі X ғасырға тиесілі. Ол Сенегал өзені алқабынан Нигер өзенінің үлкен иіріміне дейінгі жерде орналасты. Оның Сахелдегі саяси астанасы нақты қай жерде орналасқаны беймәлім, бірақ қазіргі Мавритания аумағында болуы керек деген болжам бар. Араб жазбаларында «Гана» деген атпен белгілі бұл елді үлкен патша отбасы басқарды. Билік – лауазымды қызметтер иерархиясынан, әскер – жаяу садақшылардан құралды. Сахараның оңтүстігінде жылқы сатыла бастағандықтан, б.з. шамамен 1000 жылы атты әскер пайда болды. Билеуші алтын кендеріне бақылау жасамады, бірақ саудаға монополия жүргізген болуы керек. Тақ мұрагерлігі әйелден тарады101; билік патшаның баласына емес, оның қарындастарының бірінің баласына көшті. Билеушінің құзыреті зор еді, ол адамдар мен құдіретті күштердің арасындағы елші ретінде ерекше мәртебеге ие болды, қоғам тыныштығына қажет діни ғұрыптар өткізді. Аббасидтер халифы секілді, ганалық патша да халықты шымылдықтың ар жағында отырып қабылдады, оны лауазымды санаулы адамдар ғана көре алды. Орталық басқару еркін ұйымдасты. Ежелгі империялардағыдай, мұнда да астанадан шалғайдағы аймақтарды жергілікті көсемдер басқарды, олар патшаның қарулы офицерлеріне салық төлеп тұрды. Испанияда тұрған XІ ғасырдағы араб географы әл-Бакри Сахараға сапар шеккен саяхатшылардың жазбаларын жинаған еді, соның бірінде патшаның алтын жалатқан үйін былай сипаттайды:

«Патша – әйелдер секілді алқа, білезік тағады, басына алтын әшекейлермен безендірген тәж, үстіне жұқа мақта шапан киген. Ол халықты қабылдау бөлмесінде күмбез тәрізді айнала қоршаған тақта отырады, оның жанында алтын матадан жабу жапқан он жылқы мүсінін қойған. Патшаның артында алтын жалатқан қылыш пен қалқан ұстаған он сарбаз бар. Патшаның оң жағында (вассал) патша ұлдары тұр. Олар әдемі киінген, шаштарын да алтын әшекейлермен әрлеген. Діни рәсімге жиналған халыққа патша жақындағанда, олар тізерлеп, бас иіп амандасады»6.

Исламның Батыс Африкаға таралуы. Сахараға немесе Солтүстік Африкаға барған мұсылман көпестері және басқа да саяхатшылар Батыс Африкада ислам дінінің таралуына ықпал еткен болуы керек. Әл-Бакридің сөзіне қарағанда, Гананың қайда орналасқаны белгісіз астанасы екі аймаққа бөлінген. «Мұсылмандар тұратын шаһарлардың бірінде 12 мешіт бар, олар жұма намазын осында оқиды. Имамдар мен азаншылар (мұсылмандарды намазға шақырушы), заңгерлер мен ғалымдар бар. Патша сарайы орналасқан шаһар бұл жерден шамамен 10 шақырым жерде орналасқан»7. Уақыт өте келе Гана астанасындағы мұсылман көпестер сонинке тілінде сөйлейтін судандық саудагерлерді дінге кіргізді. Дін осылай саваннаның ішкі аудандарына тарала берді. Исламмен бірге араб тілі де енді, көп ұзамай араб әліпбиі Суданда дін, ғылым және басқару тіліне айналды. Әл-Бакридің сөзіне қарағанда, Ганадағы патша сарайында шенді қызметкерлерінің көбі сауатты мұсылмандар болған.

Батыс Африка патшалары исламның діни ғұрыптарын сақтады, мұсылман сауда кәсіпорындары мен арабша сауат ашуға қолдау көрсетті, сөйте тұра мұсылман дінін қабылдамаған көпшіліктің де дәстүрлі қасиетті діни рәсімдерін орындады. Дегенмен шамамен б.з. 1000 жылдары Гао билеушілері исламды қабылдады, Гана патшалығы мен басқа да мемлекеттер көп ұзамай исламға өтті. Осылайша Батыс Африка – Афроеуразия сауда және мәдени байланыс желісіне біртіндеп тартыла бастады.

Еуропаның тұрақтылық үшін күресі

ОЙЛАН: VІІ–ІX ғасыр аралығында шапқыншылықтар мен миграциялар Еуропаның саяси және экономикалық тұрақтылығы үшін күресіне қалай әсер етті?

Испаниядағы Омейяд мұсылман мемлекетін санамағанда, франк королі Ұлы Карлдың 768 және 814 жылдар аралығында жаңа христиан империясын құру талпынысына қарамастан (10-тарауды қараңыз), Еуропада ІX–X ғасырларда Византия империясынан батысқа қарай шағын монархиялар мен герцогтіктер орналасты. Ұлы Карл қазасынан соң бірнеше ондаған жылдарда оның патшалығы үш немересі мен ақсүйек отбасыларының азамат соғысы кесірінен бірнеше бөлікке бөлініп кетті. Олардың ешқайсысының империяны қайта біріктіруге әскери қуаты жетпеді.

Испанияны қоспағанда, ғалымдар әдетте Батыс Еуропаның V–XІ жылдардағы тарихи кезеңін экономикасы құлдырауына байланысты «түнек ғасырлар» деп сипаттайды. Жазба және археологиялық деректерге сүйенген тарихшылар кейінгі уақытта жаңа көзқарас ұсынып жүр. Тың мәліметтерге сәйкес, VІІІ ғасыр мен ІX ғасырдың алғашқы онжылдығында, әсіресе Ұлы Карл билік құрған уақытта, демографиялық және экономикалық жағдайы ақырындап түзеле бастағаны байқалған. Оған Еуропа дипломатиялық елшілерінің саяхаттарға көбірек шығуы; құлшылық етушілер санының артуы; Жерорта теңізіндегі кемелердің көбеюі; мұсылман мемлекеттерінен Византия мен Батыс Еуропаға алтын және күміс монеталар ағыны; шіркеулер мен монастырьлар санының көбеюі дәлел бола алады.

Өсімнің байқалмау себебін ІX–X ғасырларда Еуропаның уақытша қиындыққа тап болуымен түсіндіруге болады. Өйткені Батыс Еуропа жан-жақтан шапқыншылыққа ұшыраған еді. Жерорта теңізі аймағын – арабтар, Ішкі Еуразия далаларын – мажарлар (MAH-jars) және Скандинавияны – викингтер (Norse) шабуылдады. Бұл шапқыншылықтар Еуропаның аграрлық жүйесінің қайта қалпына келуіне ғана емес, құрлықтың Жерорта теңізіндегі дамып келе жатқан сауда жүйесіне қосылуына уақытша кедергі келтірді.

Тақ мұрагерлігінің әйелден тарауы (matrіlіneal) – биліктің немесе мүліктің ана жағынан мұраға берілу дәстүрі.

Мұсылмандар мен мажарлар

Испаниядағы Омейядтар патшалығы мен мұсылман мемлекеттері Жерорта теңізінің оңтүстік және батыс жағалауларында үстемдік құрды. Қазіргі Тунис мемлекетінің аумағына шоғырланған Аглабидтер деген атпен белгілі әулет (800–909 жылдар) әскери кеме флотын құрып, Византияға бағынышты грек билеушілерінен Сицилия аралын басып алып, Жерорта теңізінің шығысы мен батыс бөліктерін жалғайтын маңызды теңіз жолына билік жүргізді. Аглабид күштері, сонымен бірге мұсылмандардың қарақшы тобы Италия мен Франция жағалауларына шабуылдар ұйымдастырды, өзендер мен кеме жүретін су жолдары арқылы көтеріліп, айлақтар мен сауда бекіністерін тонады. Мысалы, 846 жылы Рим тұрғындары арабтар басқарған топтың Тибр өзені бойындағы аудандарға шабуылына куә болды.

Аглабидтер шабуылдарының Еуропа үшін екі маңызды салдарын атауға болады. Біріншіден, мұсылман әскері Италияның оңтүстігінде басты ойыншыға айналып, Византия әскеріне, христиан Папасының басқаруындағы күштерге бақталас болды. Соның салдарынан Италияны тұрақсыздық жайлап, экономикасының тағдыры бірінші мыңжылдықтың аяғына дейін беймәлім жағдайда қалды. Екіншіден, мұсылмандар Жерорта теңізінің орталық бөлігіне бақылау орнатқандықтан, Италияның және христиан Еуропасының басқа да өңірлері көпестерінің теңіз жолына шығуы қиындады, соның кесірінен X ғасыр аяғына дейін үлкен көлемді халықаралық сауда желілерінен құр қалды.

Еуропа саудагерлері тауарды Византияға экспорттау немесе Дунай өзенінің төменгі ағысымен басқа жерлерге жеткізу арқылы теңіз жолдарын бақылаған мұсылмандарды айналып өтуге болатынын білді. Бірақ ІX ғасыр аяғында көшпелілердің жаңа ордасы – мажарлар бұл жолды жауып тастады. Ішкі Еуразиядан ауған мажарлар Қара теңіздің солтүстігінен жоғарыдағы Еуропаның орталық аудандарына ішкерілей енді. Көшпелі халықтарды бұл аймаққа даланың басқа да күштері ығыстырып шығарған еді. Мажарлардың жылқы шаруашылығы түркілердің мал шаруашылығына ұқсас келеді. Бірақ қазіргі венгрлердің ата-бабалары саналатын мажарлардың тілі фин-угор тіл тобының қазіргі эстон және фин тілдеріне туысқан еді. Олардың түп атасы шығыстағы дала өңірлерінен шыққан.

Венгриядағы Карпаттың батысындағы көк майсалы жазық далаға орналасқан мажар салт атты әскері Германияға, Францияға және солтүстік Италияға бойлай еніп, ауылдарды тонап, егістік жерлерді талқандап, Жерорта теңізінің шығысындағы құл сатушыларға өткізу үшін шаруаларды тұтқынға алып отырды, бірақ қалаларға тиіспеді. Отырықшы халықтың қуанышына орай, мажарлардың шапқыншылығы шамамен елу жылға ғана созылды. Германияның темір сауытты атты әскері X ғасыр ортасында мажар әскерін жеңіп, оларды венгр жазығына қарай ығыстырып шығарды. Ақыр соңында мажарлар отырықшылық өмір салтын құрып, христиан дінін қабылдады.

Викингтер саяхаты

Арабтар мен мажарлардың шабуылдары Батыс Еуропаны әбігерге түсірді, бірақ Скандинавиядан (Дания, Норвегия және Швеция) шыққан тонаушы мигранттар – викингтер бұл жағдайды күрт өзгертті. ІX–XІ ғасырлар аралығындағы ұзаққа созылған кезеңде викинг қарақшылары, жаулаушылары, саудагерлері және басқыншылары шығыстағы Қара теңізден алыс Солтүстік Америкадағы Ньюфаундлендке дейін жорыққа шықты (11.5-картаны қараңыз).

11.5-КАРТА. Еуропаға шабуылдар, қоныстану және миграция. ІX–XІ ғасырлар

Викингтер, мажарлар және Солтүстік Африка мұсылмандарының Батыс Еуропаға шабуыл жасауының немесе миграциясының ұқсас себептері бар ма?

Норвегтердің ата-бабалары – үндіеуропа викингтердің көшіне Скандинавияны мекендеген солтүстік герман тілді қауымдар (олардың құрамына сакстар, франктар, вандалдар және герман тобындағы басқа да тайпалар бар) кірді. Викингтер егіншілікпен, балық аулаумен және Балтық теңізі аймағындағы аралдар мен құрлық жағалауларында саудамен айналысты. Рим заманынан кейінгі ғасырларда, христиан мәдениеті Ұлыбритания мен Ирландияға орныққан кезде, Әулие Евангелиеден хабары аз викингтер қуатты құдайлар мен құдай аналарға сыйынды.

Басқыншылықтың себептері. Викингтер неге шалғайдағы халықтарға шабуылдап, сауда бекіністері мен отар қоныстар салуға ұмтылды? Оның бір себебі – шамамен б.з. 800–1300 жылдар аралығында Еуропаның солтүстігінде климаттың жылынуы дер едік. Климатологтар мұны Солтүстік Атлантикалық жылыну кезеңі (немесе орта ғасырлардағы Жылы кезең) деп атайды. Бұл өзгеріс скандинав шаруаларына солтүстік алқаптарда сұлы, тары және бидай егуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде халық саны көбейіп, бірқатарын шекарадан тыс аймақтардан жер іздеуге мәжбүрледі. Екіншіден, егін және балық шаруашылығы экономикасының кеңеюіне байланысты жергілікті көсемдер орталықтанған мемлекет құруға талпынды. Мұндай өзгеріс VІІІ ғасыр басында Данияда басталған болуы керек. Патша ережелеріне бағынбаған тәуелсіз жауынгер шаруалар саяси күреске түсті. Үшіншіден, скандинавтар рим заманында-ақ еуропалық сауда желісіне қосылып, кәріптас, былғары, морж сүйегі және басқа да солтүстік өнімдерін айырбастап отырды. Сол себепті викингтер кеме жасауды жетік меңгеріп, тәжірибелі теңізшілерге айналды. Олардың миграциясы басталған кезде қолдарында теңізде еркін жүретін кемелері болды. Салыстырмалы түрде жеңіл кемелердің астауы кең, жеңіл қозғалатын және суы таяз жағалаулар мен өзендерде еркін жүзетіндей етіп жасалды. VІІІ ғасырда ескекшілер викинг әйелдері жүннен тоқыған төртбұрышты желкендер көмегімен жылдамдықты арттыра алды. Әскери кемелер жылдам жүзу үшін оны ұзын әрі жіңішке етіп, ал жүк кемелерін қысқа әрі кең етіп жасады. Кемелердің екі түрі де қатаң солтүстік теңіздеріне және ұзақ уақыт жүзуге шыдамды еді.

Викинг шабуылдары. Норвегтердің Еуропаның басқа да бөліктеріне жасаған шапқыншылықтарына дербес топтар қатысты. Олар қазіргі Норвегия жерлерінен Ұлыбританияның солтүстігіне – Шотландияға және Ирландияға шабуыл жасады. Викингтер әсіресе шіркеулер мен монастырьларды талқандады, өйткені мұнда алтын қоры көп болатын. Мысалы, 793 жылы викингтердің теңіз қарақшылары Англияның солтүстік-шығыс жағалауына басып кіріп, христиандар білім алатын ең бай орталық – Линдисфарнды талқандады. Викингтер қарақшылық жасаған кейбір жерлерде, мысалы, Ирландиядағы Дублин, Корк және Лимерикте тұрақтап қалды. Осы қалалардан норвегтердің келесі шабуылдары басталды. Ал балалар мен әйелдер егін шаруашылығымен айналысып, қоныстарды кеңейте берді.

Норвег викингтері кейбір жерлерге қоныстануға үлес қосты. Теңізді кесіп өткен топтар Фарер аралдары (Шотландияның солтүстігінде орналасқан) мен Исландияға алғаш рет қоныстанса керек. X ғасыр аяғында викингтер мұзды Гренландияның оңтүстік шетіне жетті. Гренландия – Солтүстік Американы мекендеген инуиттердің теңіз аңшылары бірінші барған алып арал. Бірнеше мың викинг Гренландия жағалауында фиордтар (жасанды шығанақтар) жасады. Олар аралға астық екті, бірақ мұндағы халық Исландия мен Еуропадан жеткізілетін азық-түлікке тәуелді болды.

Викингтер кемесі. 1903 жылы норвег шаруасы тапқан мына кеменің ІX ғасырда жасалғанына күмән жоқ. Кемеге ақсүйек отбасының екі әйелін жерлеп, суға жіберген. Олардың қасына құрбандыққа шалған жылқылар, иттер және сиырларды салған. Кеменің төртбұрышты желкені бар. Оған отыз ескекші сияды. Кеме Ослодағы викингтер музейінде тұр. Викингтер жерлеу табыты ретінде кемені неге қолданды деп ойлайсыз?

Археологтар викинг теңізшілері Солтүстік Америкаға жеткенін дәлелдеді. Викингтер мұнда XІ ғасыр ортасына дейін Ньюфаундлендтің солтүстік-шығыс жағалауындағы Л’Анс-о-Медоузда («Медузалар мүйісі») тұрған. Біз олардың жергілікті америкалық үндістермен қарым-қатынас жасаған-жасамағанын білмейміз. Ондаған жылдардан соң викингтер бұл аралды тастап кетті. Гренландиядағы Л’Анс-о-Медоузға дейін ашық солтүстік Атлант мұхитын шамамен 1000 шақырым жүзу викингтердей ержүрек теңізшілер үшін де ауыр тиді.

Норвегтер қиыр солтүстікті шарлап жүрген уақытта, дат викингтері Ютландияны (қазіргі Данияға кіретін түбек) бағындырып, сол арқылы Франция мен Англияға шабуылдады. Олар Сена және Темза өзендерін бойлай жүзді. ІX ғасырда дат жауынгерлері кемелерін тастап, жаяу және салт атпен Англияның үлкен бөлігін жаулап алды. Герман тайпаларына жататын англ және сакс халықтары бұл аралдың оңтүстік-батысына бірнеше ғасыр бұрын орналасты. Англ-сакс жауынгерлері даттарды солтүстікке қарай ығыстырды. Викингтердің көбі Англияда қалды, англ-сакс қыздарына үйленді, егін шаруашылығымен шұғылданып, христиан дінін қабылдады. Түптің түбінде, Англиядағы даттар жеке этнос және тіл тобы ретінде жойылып кетті.

Деректерді САРАЛАУ

Бьярни Херйольфссон және викингтердің Американы ашуы

Археологтар тапқан ұршық, басы дөңгелек түйреуіш және норвег монеталары – викингтер XІ ғасырда Солтүстік Американы қоныстанғанына дәлел бола алады. Бұған қоса екі жазбаша дерек бар: «Гренландықтар туралы аңыз» (The Saga of the Greenlanders) және «Қызыл Эрик туралы аңыз» (The Saga of Erіk the Red). Бұл шығармалар XІІІ ғасырдағы викингтердің Солтүстік Америкаға сапары туралы баяндайды. Екеуі бірге «Винланд аңыздары» (The Vіnland Sagas) деген атпен белгілі құжатқа біріккен. Онда викингтердің бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан ауыз әдебиеті қамтылған. Еуропаның басқа да аңыздарымен ұштасып жататын «Винланд аңыздарының» мазмұны астарлы, екіұшты. Тарихшылар жазбалардың шынайылығын зерттей келе, мұнда шын мәнінде болған оқиғалардың жанама сипаты берілгенін анықтады. «Гренландықтар туралы аңызды» мысалға алсақ, мұнда б.з. 985 немесе 986 жылы Солтүстік Американы көрген, бірақ жағалауға табан тіремеген норвег зерттеушісі Бьярни Херйольфссонның саяхаты баяндалады.

Болашағынан зор үміт күттірер жас [Бьярни] шетелге шығуды жастайынан армандады. Ол көп ақша мен бедел жинаған уақытта қыс айларын шетелдерде немесе әкесімен өткізіп отырды. Бьярни сауда жасау үшін кеме жасатып алды. Соңғы қысын Норвегияда өткізеді, ал [әкесі] Херйольф шаруашылығын тастап, Қызыл Эрикпен Гренландияға аттанып кетеді...

Сол жылы жазда Бьярни Эйрарға (Исландия) барып, әкесінің сапарлап кеткенін естиді. Бұл жаңалық төбеден ұрғандай әсер етеді, тіпті кемедегі жүкті түсіруге зауқы соқпай қалады. Теңізшілер: «Жүкті түсірмей, нені күтіп отырмыз?» – деп сұрағанда, Бьярни алдағы қысты әдеттегідей әкесімен бірге өткізгісі келетінін айтады. «Соңымнан ергілерің келсе, Гренландияға аттанғым келеді», – дейді Бьярни.

Кемедегілердің барлығы Бьярнидің соңынан еретін болып келіседі.

Бьярни: «Саяхатымыз өте қауіпті, өйткені ешқайсысымыз Гренландия теңізіне шығып көрмегенбіз», – деп ескертеді.

Соған қарамастан, олардың барлығы қатерлі сапарға аттанды. Көкжиектен жер көрінбей кеткенше үш күн жүзеді. Одан соң солтүстіктен қатты дауыл тұрып, тұман түсті. Бірнеше күн бойы олар қай бағытта жүзіп келе жатқанын білмеді.

Одан соң ғана теңізшілерге күннің көзі көрінді. Желкенді көтеріп, кешке дейін алыстан көрінген жерге қарай жүзді. Бьярни бұл жерді Гренландияға ұқсатпайды.

Теңізшілер: «Осы жерге тоқтаймыз ба?» – деп сұрағанда, Бьярни: «Бұл жерді жақынырақ көруіміз керек», – деп жауап береді.

Теңізшілер оның кеңесін тыңдады. Олар бұл жердің тауы жоқ, бірақ аласа төбелері барын, орманды алқап екенін байқайды. Сөйтіп, олар бұл жағалауға тоқтамай, кері қарай жүзеді.

Олар алдарынан жер көрінгенше тағы екі күнді теңізде өткізді.

Теңізшілер Бьярниден бұл жерді: «Гренландия ма?» – деп сұрайды.

Ол Гренландияда алып мұздықтар барын, мына жер оған ұқсамайтынын айтады.

Теңізшілер жерге жақын келіп, оның орманды алқап екенін байқайды. Дауыл тұрып тұрғанын еске салған теңізшілер осы жағалауға тоқтауды ұсынды. Оларға су мен ағаш қажет еді.

«Бізге бұл жерге тоқтаудың қажеті жоқ», – деп жауап берді Бьярни. Теңізшілер оның бұл әрекетін сынай бастайды...

[Бьярни мен оның адамдары үшінші бір жерді көрді. Бірақ олар оған да тоқтамай, теңізге қайта шықты].

Төртінші бір жерді көргенде, теңізшілер Бьярниден: «Гренландия осы шығар?» – деп сұрайды.

Бьярни: «Мына жер мен естіген Гренландияға ұқсайды, кеме тоқтайтын жағалау іздейік», – дейді.

Теңізшілер оның кеңесіне құлақ асып, жағалаудан қайық көргенше кешке дейін жүзді. Бұл қоныста Бьярни әкесімен жолықты. Ол сауда саяхаттарын доғарып, әкесімен бірге болды.

Әкесі қайтыс болып, бұл жерлерді Герлольф басып алған уақытта, Бьярни Гренландиядан Эрл Эрикке қайтты. Бұл жерде оны жақсы қарсы алды.

Бьярни жергілікті билеушінің сенімді адамдарының бірі атанып, келесі жазда Гренландияға қайтадан аттанды. Оның жаңа жер іздеп жүргені туралы әңгімелер көп тарады.

Дереккөз: The Vіnland Sagas: The Іcelandіc Sagas about the Fіrst Documented Voyages across the North Atlantіc, trans. Keneva Kunz, іntro. and notes by Gіslі Sіgurdsson (London and New York: Penguіn, 2008), pp. 3–5.

Сыни пайым

Бьярни Гренландияға барған сапарында қандай мәліметке сүйенді? Теңізшілер байқаған үш жерге ол неге тоқтап, зерттегісі келмеді деп ойлайсыз? Бьярни Американы «ашты» деуге бола ма? Неге?

Викинг жауынгерлері Каролингтер империясының құлдырауын барынша пайдалану үшін Францияның солтүстігіне шабуылдарын жиілетті. Олар әуелі жаулаған жерлерді тонап, одан соң Сена өзенінің құнарлы алқабына қоныстанды. X ғасыр соңында король Фрэнкс аймақтың қарапайым ақсүйегі болып тұрған уақытта Францияның солтүстігіндегі үлкен аймаққа норвегтер бақылау орнатты. Қазір бұл аймақ Нормандия герцогтігі деген атпен белгілі. Иммигранттар жергілікті халықпен сіңісіп, уақыт өте келе нормандар деген атаумен белгілі болды.

Викингтер және Киевтің өркендеуі. Шапқыншылықтан гөрі саудамен шұғылданған швед тілді норвегтер алғаш рет Скандинавиядан оңтүстік-шығысқа қарай сапар шекті. Балтық теңізін кесіп өтіп, Днепр өзенімен төмен қарай жылжып, Қара теңізден бір-ақ шықты. Олар Аббасидтер мен Византия нарықтары үшін былғары, мыс, кәріптас, балауыз және құлдар алып келді. Теңіз, өзен және құрлық жолдарынан тұратын «Солтүстік доғасы» маршруты Солтүстік-Шығыс Еуропа арқылы Оңтүстік-Батыс Азия сауда желісіне қосылды. Швед саудагерлері Новгородта, Киевте және славяндар немесе түркілер тұратын басқа да стратегиялық маңызды тораптарда қоныстар салып, солтүстік бағытты нығайтты. Археологтар скандинав жерлерінен араб күміс монеталарының көмбесін (50 мыңнан аса) және VІ немесе VІІ ғасырда жасалған Будда қола мүсінін тапты. Бұл жәдігерлер «солтүстік доға» арқылы сауда жолының алысқа барғанынан хабар береді.

ІX ғасырда қазіргі Украина астанасы – Киев қаласы викинг жауынгерлерінің орталығына айналды. Олар Хазар патшалығы билігін Қара теңіздің солтүстігіне қарай ығыстырды (10-тарауды қараңыз). Викинг теңіз жауынгерлері 860–941 жылдар аралығында Константинопольге үш мәрте жақындап барды, олар бұл әрекеті арқылы грек императорлары саяси, коммерциялық тұрғыда викингтерді мойындауын көздеген болуы керек. Батыс Еуропадағыдай, Киев аймағында да викингтер жергілікті қыздарға үйленіп, уақыт өте келе славян тілі мен салтына үйрене бастады. Араб географтары швед, славян және түркі мәдениеттері араласқан аймақты «Русь» деп атады.

Осылайша русь халқы орыс атанып, көлемі үлкен және қуатты мемлекет құрды. Русь мемлекеті мен Византия арасында келіссөздер мен сауда қатынасы жасалды, бірақ жиі-жиі жанжалдасып та қалды. Шамамен 1000-жылға қарай орыс князі Владимир (980–1015 жылдары билік құрды) христиандық православ дінін қабылдады. Бұл жағдай Русь мемлекеті мен христиан шіркеуі арасын жақындастыра түсті. Соның бір көрінісі ретінде грек бейнелеу және сәулет өнерінің Ішкі Еуразияға әсер етуін айтуға болады. XІ–XІІ ғасырларда Киевтен оңтүстіктегі Новгородқа дейінгі салқын әрі орманды аймақтар тас шіркеулерге, епископтарға әлеуметтік тәртіп пен дәстүрді реттеген шіркеу заңдарына ие болды. Дегенмен орыс шіркеуі, византиялық түпнұсқаға қарағанда, дін сауатын грек тілінде емес, шығыс славян тілінде жүргізді.

XІ ғасыр қамалы. Бұл кезеңде солтүстіктегі еуропалық мырзалар мен олардың отбасылары қуатты қорғанысқа зәру болды. Мына суретте бейнеленген бекіністің ішкі жағынан биік қорған тұрғызып, оны айналдыра терең ор қазған. Ішкі қорғанның арғы жағында қамалдың өзі орналасқан.

Киев қаласын Шығыс Еуропадағы сол замандардағы ең әсем әрі гүлденген астана деп есептеуге болады. Соған қарамастан, Киевтен солтүстікке қарай тегіс және орманды алқаптар құнарсыз еді, әрі климат та егін егуге қолайсыздық туғызды. Бірақ орыс билеушілері шаруаларды қанаумен болды, мұндай жағдайда көтеріліс оты кез келген уақытта бұрқ ете қалуы мүмкін еді. Бұған қоса, оларға Киевтің бақылауынан тыс жерлерде өзіндік аймақтық орталықтар бар князьдік отбасылармен бақталас болуға тура келді. Сол себепті Киев княздігі көп байлық жинай алмай, ауқатты отбасыларды толық бағындыруға күші жетпеді.

Батыс Еуропа кескініндегі өзгерістер

Батыс Еуропа елдерінің үкіметтері арабтар, мажарлар және викингтердің шабуылдарына тойтарыс беру үшін жергілікті қоғамды қорғанысқа икемдеу әрекеттерін қолға алды. Қазіргі Бельгия және Францияның солтүстік аудандары орналасқан жерлерде, Ұлы Карл империясы ыдыраған аумақтағы франктардың ақсүйек отбасылары өзара күш біріктірмей жаудан қорғану қиын екенін түсінді. Олар бірлесіп қорғандар тұрғызды, ауылдарды және егістік алқаптары мен мал жайылымдарын қоршады. Ірі жер иеленушілері осылайша жат жаулардан ғана емес, сонымен бірге ішкі бәсекелестерден қорғануға талпынды. X ғасырда бірқатар жергілікті барондардың қуаты мен беделі кейде патшалардан да асып түсті. Ақсүйектер Византияның, оның алдындағы парсы Сасанидтері қолданған әскери технологияны пайдаланды. Франк рыцарьлары ауыр сауыт киді, олардың мінген аттарына да сауытқа ұқсас жапқыштар жабылды. Олар семсермен, қылышпен соғысты. Осылай қаруланған рыцарьлардың шағын тобы ірі жер иеленушілердің қоныстарын қорғай алды, бірақ ақсүйектердің оларды алысқа алып шығатын жылқылары, құлдары және қару-жарақ таситын көліктері болған жоқ. Сол себепті олар соғысты жергілікті жерлерде қорғаныс шебінде жүргізуге мәжбүр болды.

Еуропалық феодализмнің қалыптасуы. Тарихшылар Батыс Еуропадағы саны мол әскери қолбасшылардың (лордтардың) арасындағы саяси қарым-қатынасты феодалдық деп сипаттайды. Латын тілінде feudum сөзі ірі қоныс шаруашылығы, феод102 немесе феодалдық шаруашылық дегенді білдіреді. Ақсүйек қолбасшылардың міндетіне барлық тараптар құрметпен қарауы міндетті ғұрыпқа негізделген әскери қызмет пен жауапкершілік кірді. Биліктің мұндай жүйесі орталық билік бюрократиясына емес, патрон мен клиент, яғни бақуатты әскери тұлға мен әлеуметтік жағдайы төмен адамдар арасындағы қатынасқа негізделді. Феодалдық қатынастардың иерархиясы бар. Вассал103 өзінен бай қожайынға тәуелді болды. Ауқатты қожайын вассалдарына қорған болып қана қоймай, оларға табыс пен мәртебеге кепілдік берді.

Батыс Еуропадағы экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты ақсүйек лордтар вассалдарына феодалдық жер иеліктерінен басқа ештеңе ұсына алған жоқ. Ең ауқатты лордтар – герцогтар мен барондарға рыцарьлар аса қажет болғандықтан, вассалдарына феодалдық жер иеліктерімен қоса, меншігін ұрпақтарына мұра етіп қалдыру құқығын бере алды. Осылайша, феодалдық қатынастар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Кейбір вассалдар байып, енді өзіне вассал жинай бастады. Осылайша феодалдық қатынастардың иерархиясы да кеңейе түсті.

Ақсүйектер әскери күреспен шұғылданса, ауқатты отбасыдан шыққан әйелдер де феодалдық қатынасқа барынша араласты. Бір ұрпақтан келесі ұрпаққа жалғасатын жүйеде мұрагердің болуы маңызды еді, сол себепті неке туралы келісімдер жасалды. Оның үстіне, балалары мен күйеуі соғысқа кеткен уақытта, жер иеліктерін әйел басқарды.

Феодалдық байланыстар жер иеленуші байларға ғана қатысты еді, олардың саны Батыс Еуропада көп болмады. Патрон мен клиент арасындағы қарым-қатынастың басқа да формалары, әсіресе жер иелері мен шаруалар арасында басыбайлылық құқық (10-тарауды қараңыз) қалыптасты. Шаруа жер өңдеумен шұғылданды, одан түскен табыс – әскерге, қорғандар тұрғызуға және элитаның әжептәуір сән-салтанатпен өмір сүруіне жұмсалды. Шаруалар да жаяу әскер, жұмысшы және қызметші ретінде соғыстарға қатысты.

Солтүстікте мемлекет құрушылар. Саяси және әлеуметтік тәртіп үшін күрес Англияда, сонымен бірге Германияның солтүстігінде түрліше дамыды. Бұл аймақтар да феодализмді104 қабылдады, бірақ мемлекет құрылымы Францияға қарағанда ертерек дамыды. ІX ғасыр соңында Англияның оңтүстігіндегі англ-сакстардың шағын Уэссекс мемлекетінің королі Ұлы Альфред (871–899 жылдары билік құрды) дат шапқыншыларын ығыстырып шығарды. Мұнда тіпті біраз уақыт латын тілі мен білімі қайта дами бастады. Герцогтар мен барондар үлкен билікке ие болды, бірақ олар, Францияның солтүстігіндегі ақсүйектерден өзгеше, саяси тұрақтылықты сақтау үшін корольді тыңдады.

Дегенмен X ғасыр аяғында викингтер тағы да жеңіске жетті. Бұл жолы Ютландиядан шыққан тәжірибелі қолбасшы, христиан дінін қабылдаған патша Кануте Англияны ғана емес, Норвегия мен Эстонияны да жаулап алды. Шамамен 1015–1035 жылдары ол Балтық теңізі мен Солтүстік теңізі аралығындағы тұтас мемлекетті басқарды. Бұл кезеңде екі теңіз аралығында сауда дамыды. Бұл бағыттағы теңіз саудасы бірінші мыңжылдықтың аяғына таман күшейе түсті. Бірақ Кануте қазасынан соң оның солтүстіктегі империясы құлады, сөйтіп Англия тағы да тәуелсіздік алды.

X ғасырда Германияның солтүстігінде орталықтанған монархия күшейді. Мұнда Саксония билеушісі І Отто (936–973 жылдары бүлік құрды) неміс жерлеріндегі басқа да қуатты төрт герцогтікті жаулап алып, 955 жылы мажарларды жеңді. Кейін ол Италияға шабуылдады, ал 962 жылы Папа оны Қасиетті Рим империясының императоры деп атады. Отто шіркеумен тығыз байланыс орнатып, епископтар мен монастырь басқарушыларына жер иеліктерін бөліп берді. Осы қимылы арқылы ол дін қызметкерлеріне билігін жүргізе алды. Ол шіркеу мүшесі саналғандықтан үйлене алмайтын әрі әулетті билік құра алмайтын басқару тетігіндегі дін қызметкерлерінің адалдығына сүйеніп, оларға дегенін істетті. Оттоның ұрпақтары орталық билікті нығайтуға тырысқанымен, ақсүйек отбасылар аймақтық дербестікті қалап, Қасиетті Рим империясының саяси тұрақтылығына бөгет жасады.

Италияның қала-мемлекеттері. Италияның оңтүстік өңірлері византиялық гректер, мұсылмандар және католик христиандардың бақталастық аймағына айналды. Орталық және солтүстік аймақтарда феодалдық қатынастар үлкен маңызға ие болған жоқ. Мұнда адамдар белгілі бір қалашықтар немесе айналасындағы жерлерді басқаратын қалаларға кірді. Қала-мемлекеттерде, әлбетте, демократия болған жоқ, олардың көбін епископтар және солар тағайындаған адамдар басқарды. Папа Рим мен оның айналасындағы жерлерге билік етті. Түбектің экономикасы дами түскендіктен, жер иеленуші және саудагерлердің ықпалы бірте-бірте күшейе түсті. XІ ғасыр басына таман Еуропаның Альпі тауларының солтүстігі мен оңтүстігіндегі өңірінде экономика дамыды да, мәдени жаңғыру аймағына айналды.

Қорытынды

Дүниежүзі тарихын зерттеуші Линда Шаффер осы тарауда сипатталған оқиғаларды өте ірі үдерістің біріне балап, оны «оңтүстіктену» деп атаған. Бұл термин Үндістан және Оңтүстік-Шығыс Азияда дүниеге келген идеялар мен адамзаттың дамуына маңызды дүниенің Афроеуразияның басқа да бөліктеріне таралуын білдіреді. Оңтүстіктену үдерісі біздің заманымыздың алғашқы ғасырында басталды да, жаңа дәуірде маңызды үлгі ретінде жалғаса берді. Сауда жолдарының көбеюі, оңтүстік теңіз жолдарының ашылуы, дәмдеуіштер секілді тропиктік өнімдердің таралуы, мақта және қант секілді Оңтүстік Азия тауарларының көптеп сатылуы, кеме желкендері мен навигация технологиясының жетілуі, озық математикалық түсініктердің қалыптасуы да осы үдеріске кіреді. Соның нәтижесінде Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да аймақтарға, атап айтқанда, мұсылман мемлекеттеріне, Шығыс Азияға, Еуропаға және тропиктік Африкаға әсер етіп, бұл елдердің экономикасы мен мәдениеті «оңтүстіктенгені» байқалды.

Бірінші мыңжылдықтағы маңызды идеялардың барлығы Оңтүстік Азиядан таралды деп айтуға болмайды. Христиан діні мен ислам, жібек өндірісі, қағазды ойлап табу және басқа да маңызды идеялар құрлықтың басқа бөліктерінде де пайда болды. Қалай дегенмен, байланыс пен көлік қатынасы технологиясының дамуы арқасында оңтүстіктену үдерісі жүрді. Бұл тарауда қарастырылған ғасырларда, мысалы, б.з. 500 жылдарында сауда жолдары айлақтар мен қалаларда түйісіп, әрі қарай одан көп тармақтарға бөлінді. Бұл дәуір айырбас желісі орталықтарының көбеюінің, әсіресе оңтүстік теңіздер жағалауларында көбеюінің куәсі болды. Тауарларды жеткізу жылдамдығы да артты, өйткені сауда жүйесінде құрылған институттар сол үшін қызмет етті. Бұл жол арқылы идеялар да тарады. Оған негізгі діндердің адамгершілік және этика кодекстерін жатқызуға болады. Жазба тілі стандарттарының пайда болуы, сауаттылықты арттырудың маңыздылығы, үнді санақ жүйесін қабылдау арқылы сауда есебінің жеңілдеуі, қағаз құжаттар, ірі сауда диаспораларының пайда болуы және нарық биржасын тездетуге арналған басқа да қаржы әдістерінің дүниеге келуі – осындай маңызды идеялардың барлығы арқылы таралды. 12-тарауда Афроеуразияда 1000–1250 жылдары бұл үдеріс әрі қарай дамығанының куәсі боламыз, бірақ бұл кезеңде динамикалық өсім мен инновация орталықтары ауысып үлгерген еді.

Феод – ірі жер иеленушінің вассалына әскери қызметі үшін берген мұрагерлік жер иелігі.

Вассал – бір адамға бағынышты адам; феодалимзде ірі жер иеленушіден жақсы қызметі үшін жер иелігін алған адам.

Феодализм – әлеуметтік және саяси ұйымдасу жүйесі. Мұнда ірі жер иеленуші оған адалдығы мен қызметі үшін басқа адамдарға жер үлестіреді.

Төртінші бөлім
Өзара байланыс және оның салдары
900–1500 жылдар
Қытайдың Сун әулеті заманындағы көкшіл жасыл құмыра

Адамзаттың өткеніне аса үлкен призма арқылы қарай отырып, 3-бөлімде зерттеген дәуір мен 4-бөлімде қарастыратын алты ғасыр арасында дүние аса көп өзгере қойған жоқ дей аламыз. 900 және 1500 жылдар аралығында аграрлық дәуір бұрынғыдай жалғасты. Астық пен үй жануарларын өсіру және агромәдениет ауыл тұрғындарының, қалалары орталықтанған үкіметтердің, алып ғимараттары бар күрделі қоғамдардың экономикалық негізі болып қала берді. Адамдардың азық-түлік, мата, отын өндіру мүмкіндігі ауылшаруашылық дәуірінде кең қолданған топыраққа тікелей байланысты болды. Адамдар су ағысын кеңейту, ат-әбзел сайманы, су ағызу машиналары секілді жаңа әдістерді ойлап таба түссе де, агромәдениет басталғаннан 1000 жылға дейін, жеке адам бақылай алатын күнделікті пайдалы қуат шамамен екі еселенді1. Бұл меже XІX ғасырға дейін өзгермеді; көмірден, мұнайдан және газдан алатын ауқымды жерасты қуатын қолдану үшін жаңа әдістер ойлап тапқанша бұл көрсеткіш сол қалпында қалды. Тарихты біршама тар объективте қарасақ, б.з. алғашқы мың жылындағы бағыт бойынша өзгерістің бірқатар кең ауқымдағы құрылымы екінші мыңжылдықта да жалғасқанын байқаймыз. Дүниежүзі халқының саны өсіп, экономикалық тұрғыдан дамып, аймақаралық сауда өсімін жалғастыра берді. Қоғамдар күрделі әлеуметтік-экономикалық институттар қалыптастырды және ғылыми-техникалық білім жинады. 3-бөлімде, негізінен, аграрлық кезеңге тән бұл үрдістер қарқынды қоғамдық және саяси дағдарысқа әкеліп, халық пен экономиканы кез келген уақытта адам болжап біле алмайтын көлемде құлдырататынын байқадық. Бұл – ІІІ және VІ ғасырлар арасында кездескен құбылыс. 4-бөлімде бұл оқиғалар Афроеуразияда «Қара өлім» деп атаған аса ауқымды ауру індеті тараған тоқырау кезеңі – 1300 жылдары тағы қайталанғанын байқаймыз. Бірінші мыңжылдықтағы секілді, бұл құлдырау уақытша құбылыс болды. ХV ғасырда қайта өрлеу басталды және 900–1500 жылдар аралығында Афроеуразия халқы екі есе ұлғайды. Жартышар мен аймақтық көлемге анағұрлым мұқият назар салсақ, 900–1500 жылдар аралығындағы кезең мұның алдындағы мыңжылдыққа қарағанда аса күрделі көрінетінін байқар едік. 4-бөлімде осы алты жүз жыл ішінде аймақтық немесе жартышар шегіне ықпал еткен өзгерістерді зерттейміз: Сун (960–1276 жылдар) және Цзинь (1115–1234 жылдар) әулеттері басқарған Қытайдың өндірісі, саудасы дамып, халқы қалаға шоғырланып, техникалық жаңалықтар да көптеп ашылды. Қытай экономикасы өзге аймақтарды басып озды. Тауарларды аса көп көлемде экспортқа шығарған Қытай импортқа да мән берді. Қытайдың өркендеуі Шығыс Африка мен Батыс Еуропа секілді алыс қашықтықта тұратын адамдардың бизнестегі белсенділігі мен табыс көзіне ықпал етті. Еуразияның ішкі өлкелеріндегі көшпелі малшылар 900–1500 жылдарға дейінгі және кейінгі кез келген кезеңге қарағанда, осы уақыт аралығында Афроеуразия тарихына аса зор ықпал етті. Х ғасыр соңынан түркі тілді көшпелілер Оңтүстік-Батыс Азияның халқы тығыз қоныстанған жерлерінде көшіп-қонды және олар одан да үлкен аймақтарға шабуылдап, басып алып отырды. ХІІ ғасырға қарай түркі халықтары немесе әскери элитасы Мысырдан бастап, Оңтүстік Азиядағы Ганг алқабына дейінгі елдерде үстемдік етті. Бұл қозғалыстар әлеуметтік және саяси төңкеріс жасады, дегенмен Оңтүстік-Батыс Азия мен Мысырдың ірі қалалары өндіріс пен сауда орталығы ретінде гүлдене берді. Осы ғасырлар ішінде Афроеуразиядағы діни наным-сенім жүйелерінің арасында ислам анағұрлым кең таралды. Өйткені түркі көшпелілері мен басқыншылары мұсылман болды, олар жаңа аймақтарға дін таратты. Саудагерлер, ғалымдар және кезбе дәруіштер де Батыс Африкадан Қытайға дейін жаңа мұсылман қауымдастықтарын қалыптастырды. Саяси тұрақтылық орнаған соң, Еуропадағы агромәдени жаңалықтар қалаларды ұлғайтты, саудаға да үлес қосты. Бұл оқиғалар Сун әулеті басқаратын Қытайда шағын ауқымдағы оқиғалармен қатар жүрді. ХІ ғасырға қарай, христиандық католик шіркеуінің мәдени және моральдық жетекшілігіндегі қалалық өркениетінің жаңа орталықтары қалыптасты. Еуропалықтар аз уақытқа үзілген, бірақ тоқтамаған үдеріс – жартышардағы айырбас желісіне бұрынғыдан да жақсырақ ілесті. Оңтүстік Африкада Сахара шөлінде Еуразия мен Солтүстік Африкадағы ауылшаруашылық жерлеріне қарағанда қоныстану деңгейі төмен болып қала берді. Дей тұрғанмен, жер өңдеумен және мал шаруашылығымен айналысатын қауымдастықтар өсе түсті және олармен бірге аймақаралық сауда, қалалар мен үлкен мемлекеттер де дамыды. XІІІ–XІV ғасырларда, мысалы, Батыс Африкадағы Мали империясы алтынды аса көп көлемде сыртқа сату арқылы афроеуразиялық сауданың дамуына ықпал етті. Көшпелі малшылар ХІІІ ғасыр басында қайтадан басқыншылық жорықтарға шықты. Моңғол және түркі атты әскері Еуразияда атой салып, әлемде бұрын-соңды болып-көрмеген ұлан-ғайыр құрлық империясын құрды. Моңғол басқыншылары Қытайдан Венгрияға дейінгі аралықты қорқыныш құшағында қалдырды. Жеңімпаздар жаңа үкімет құра салысымен, қалаларды қайта тұрғызып, білім мен мәдениетке қамқорлық жасағанын да айта кетуіміз керек. Бір ғасырдан аса уақыт бойы моңғол билеушілері Афроеуразияда тауар, технология және діни идеология ағымын қолдады. Қос Америкадағы жалпы халық саны 1200 жылдары қытай халқы санының бестен бір бөлігіндей ғана болған шығар. Алайда жер өңдеушілер суару мен топырақты қалпына келтіру әдістерін меңгергеннен кейін және жүгері өсіру кең таралған соң, адам саны да өсті. Бірнеше іргелі мемлекет пайда болды, осы үдерістің шырқау шегі ХV ғасырда Ацтек және Инк империяларының дамуы еді. Бұл екі мемлекет темір технологиясы мен дөңгелекті көлік болмаса да адамның еңбегі мен шығармашылығы шексіз ауқымда жұмыс істей беретінін дәлелдеді.

12

Афроеуразиядағы серпінді ғасырлар
1000–1250 жылдар
Кайфеңдегі сауда-саттықтың шиыршық қағазға бейнеленуі, ХІІ ғасыр. Қытай

Солтүстік Америкада жыл сайын үш мың екі жүзден аса мемлекеттік және аймақтық жәрмеңке өтеді. Кей адамдар жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы мен үй шаруашылығындағы ең жақсы өнімдер – сүтті сиырлар, қоян, сырмалы жамылғы, алма езбесі және тұздалған қияр, көк лента алу үшін барады. Өзгелері әткеншек теуіп, бельгия вафлиінен дәм татып, белгілі әншілердің әнін тыңдау үшін жәрмеңкеге асығады. Жергілікті фермерлер мен қолөнершілер тауарларын сатып, қолөнерін таныстыратын ауыл шаруашылық жәрмеңкелері ХІХ ғасыр басына дейін Америкадағы айрықша институт болды. Ол ауылдық және шағын қалалық базарлардан бастау алып, жаңа заманға дейінгі ғасырларда шеберханасы бар, халқы тығыз қоныстанған жерлердің бәрінде жәрмеңке өтетін. Ауыл базарлары, әдетте, адамдарды ашық кеңістікте зат айырбасы үшін бірлесе кездесуге шақыратын күрделі экологиялық аймақта немесе география, саяси жағдайлар және көлік ағыны арасындағы шекарада пайда болды. Аймақтық базарлар жылдың белгілі бір маусымында немесе аптаның белгілі бір күнінде адамдардың тығыз араласуына жол ашты. Саудагерлер мен сатып алушыларды тарту мақсатында бұл базарлар қоғамдық тәртіп ережелерін бекітіп, тәртіп бұзғандарды, алаяқтар мен ұрыларды жазаға тарту үшін әдетте аймақтағы полицияға бірқатар өкілеттілік берді. Тамақ қана емес, ойын-сауық та ұсынған жаңа заман жәрмеңкесінің үлкен ерекшелігі осы дер едік. Қолымызда ХІ–ХІІІ ғасырлар аралығында Афроеуразияның бірқатар аймақтарында мемлекет пен қала базарларының саны мен көлемі бірдей өскені туралы дәлелдер жеткілікті. Қытайда, Ганг өзені алқабында, Оңтүстік Үндістан мен Батыс Еуропада және тропиктік Батыс Африкада да өсім болғанын білеміз. Афроеуразияның ауылшаруашылық аймақтарында, халық, экономикалық өнім мен сауда-саттық шамамен VІ ғасырдан бастап өсті. Бұл үдеріс 1000–1250 жылдар аралығында жеделдей түсті деген пікірмен тарихшылар, негізінен, толық келіседі. Бұл туралы дәлел келтірер сандық деректер жеткіліксіз. Бірқатар қоғамдар өзгелерге қарағанда коммерциялық және қаржылық ақпаратты анағұрлым мұқият сақтады. Күнделікті экономикалық жазбалар толық сақталған еді деп те кесіп айта алмаймыз. Дей тұрғанмен тарихшылар өсімді жергілікті базарлардың көбеюінен ғана емес, жаңа сауда бағыттарының ашылуынан, қайықтар санынан, теңіз және ішкі су жолдарындағы қозғалыстардан, қаржы айналымынан, жаңа несие мен банк техникаларының ойлап табылуынан және мақта-мата мен өзге де өндіріс айналымының көлемінен де көре алады. Қытай б.з. алғашқы мыңжылдығының басым бөлігінде дүниежүзіндегі ірі аймақтық экономикаға ие болды. ХІ және ХІІ ғасырларда экономика Афроеуразияның өзге аймақтарымен, тіпті Үндістанмен салыстырғанда да ұлғайып, өсе түсті. Бұл тарауды Шығыс Азияға баса назар аударудан бастадық, өйткені Қытайдың Сун әулеті (960–1276) өндірістік және сауда-саттық белсенділігі теңдессіз шарықтауға жетекшілік етіп, бұл даму Афроеуразиядағы экономикалық өсімге көмектесті. Бұл бөлім сондай-ақ Қытайдың жақын көршілеріне, әсіресе 1000–1250 жылдар аралығында жеке экономикалық табысқа кенелген және қалаға негізделген айрықша өркениетке айналған, аралдағы қоғам Жапонияға арналады. Тараудың екінші бөлімінде Афроеуразияның орталық аймақтарындағы маңызды тарихи өзгерістерге баса назар аударамыз (12.1-картаны қараңыз). ІV–VІІ ғасырлардағы малшылардың қарқынды қозғалыстарын кейбір жағдайда қайталай отырып, түркілер Орталық Азияда, сондай-ақ Солтүстік Үндістанда ескі мемлекеттерді жаңаларымен ауыстырып, орасан зор аймақтың этнолингвистік бірегейлігін өзгертіп жіберді. Алайда мұндай саяси аласапыранға қарамастан, Оңтүстік-Батыс Азиядағы қалалар өндіріс пен сауда айырбасы орталығы ретінде қалыптасқан міндетін атқаруды жалғастыра берді. Мұсылман саудагерлер 350 жыл бойы Жерорта теңізінде жүзіп жүрді, алайда оларға қарсы шығысеуропалық түркі бәсекелестер көбейіп келе жатыр еді. Басқыншылық әрекеттерін бастаған уақытта мұсылмандықты қабылдап үлгерген түркі мемлекет құрушылары, ислам әдебиеті мен өнерінің демеушілеріне айналды және исламды үздіксіз таратты. Мұсылман әлемінің батысындағы алыс аймақтарда, көшпелі бербер әскері түркі жорықтарына тойтарыс беріп, Солтүстік Африка (қазіргі Марокко, Алжир және Тунис) мен Испанияның басым бөлігін басып алды. V–ІХ ғасырлар аралығында халқы азайған Батыс Еуропа, 900 жылдан кейін анағұрлым ауқымды саяси тұрақтылыққа қол жеткізіп, елеулі экономикалық және мәдени қайта жаңғыру дәуіріне енді. Аймақтың тиімділігі жоғары ауылшаруашылық ресурстарын қолдана отырып, еуропалық фермерлер мен қолөнершілер өнімділікті арттырғаны сонша, қалалар мен олардың арасындағы сауда жолдары да көбейді. Католик шіркеуінің мәдени және діни жетекшілігімен еуропалықтар жаңа қалалық өркениеттің негізін қалады. Батыс христиандығының шекарасын Шығыс пен Батысқа кеңейтіп, трансжартышарлық желімен анағұрлым байланыстыра отырып, Жерорта теңізіндегі саудаға еркін араласты.

12.1-карта. Афроеуразиядағы негізгі мемлекеттер. 1100 жыл ХІІ ғасыр басында Сун әулеті басқарған Қытай Афроеуразиядағы ірі аймақтық экономикаға жетекшілік етті, бұл уақытта шекаралас батыс христиан әлемі ұлғайды. Қай аймақтарда көшпелі малшы халықтар әлеуетті саяси күш ретінде көрінді деп ойлайсыз?

Шығыс Азияның Сун дәуіріндегі қуатты мемлекеті ОЙЛАН: ХІ–ХІІІ ғасырлар арасында Қытай экономикасы қалай өзгерді және бұл экономикалық өзгеріс Афроеуразияның басқа аймақтарына қалай ықпал етті? Дүниежүзі тарихшылары Сун дәуіріндегі Қытайдың экономикалық өсімі жалпы Афроеуразиядағы ірі мәдени және коммерциялық өзгерістердің негізін салғанына толық келіседі. Бұл даму аймағы Қытайдың оңтүстігіндегі күріш өсетін жылы алқаптарда шоғырланды, тамақ өндірісі, техникалық жаңалықтар, урбандалу, халық санының өсуі және ішкі, сыртқы сауданың жылдам дамуы қатар жүрді. Жаңа мыңжылдық басында трансжартышардағы айырбас жүйесі жұмыс істеп тұр еді. Қытайлық дүмпу бұл айырбасқа толық ықпал етті.

Қытай жетістігінің негіздері

VІ–VІІ ғасырларда Суй және Тан әулеттері Қытайдың солтүстік және оңтүстік аймақтарын біріктірген уақытта, экономика және демография өсті. Бұл өсім 907 жылы Тан билігі құлап, Қытай бірнеше аймақтық бәсекелес мемлекетке бөлініп кеткеннен кейін де жалғаса берді. Одан кейін, 960 жылдан бастап, Солтүстік монархиядан шыққан әскери қолбасшы Чжао Куанинь (Zhao Kuangyіn) күшін теріскейдің басым бөлігіне жұмылдырып, күнгейді басып алып, Сун әулетінің (960–1127 жылдар) билігін қалыптастырды. Чжао елдің астанасын ішкі өлкедегі Сары өзенге жақын маңдағы Кайфеңге (Kaіfeng) орналастырды.

Сун өкіметі Қытай әл-ауқатын арттыруға арналған салықтан аса көп дәулет жинады. Тан әулетімен салыстырғанда, империя шекарасын Еуразияның ішкі аймақтарындағы далаларға қарай кеңейте алмады. Мемлекеттің жайылымдық шекаралары жаңа ықпалды елдерге жақын болды. Мысалы, қидан (Qіtans) деген атпен белгілі жер өңдеуші және мал бағатын халық Ляо (Lіao; lee-OW) мемлекетін құрды (916–1125 жылдар), ол Моңғолия мен Манчжурия далалары мен ормандары арқылы созылып жатқан ел еді. Сун үкіметі бұрынғы әулеттер секілді, Еуразияның ішкі өлкелеріндегі хандықтар мен Ляоға жыл сайын жібек пен күміс жіберіп, онжылдықтар бойы тыныштықты сатып алып отырды.

Солтүстіктегі үшінші патшалық Сун әулеті үшін анағұрлым қауіпті екенін дәлелдеді. 1115 жылдан Манчжурия ормандарын мекендейтін байырғы тұрғындар – шүршіттер (Jurchens) Ляо мемлекетін құлатып, Цзинь әулеті билігін (1115–1234 жылдар) жариялады. Олар мал бағудан гөрі, негізінен, аң аулап, жер өңдеуге бейім халық еді. Соған қарамастан, олар ат құлағында ойнады. 1127 жылы олар Сары өзен алқабы мен Қытайдың солтүстігін толығымен жаулап алды. Сун әулетін астанасы Кайфеңнен ығыстырып, шамамен қырық миллион қытайға билік жүргізе бастады. Бұл уақыт аралығында Сун әулетінің билік элитасы оңтүстікке қашып, Янцзы өзенінің алқабында сәтімен шоғырланып, Ханчжоуды (Hangzhou; hahng-jo) астана қылды. Кейінірек Сун немесе Оңтүстік Сун әулеті (1127–1276) империядан да зор ірі аймақтық мемлекетке айналды.

Оңтүстік және Солтүстік Қытай арасындағы жаңа саяси жік түскеніне қарамастан, Цзинь және Сун мемлекеттері гүлденді. Цзинь әулеті Сары өзен алқабынан аса көп ауылшаруашылық өнім жинады және бейбітшілікті сақтағаны үшін жыл сайын Сун әулетінен төлем алып отырды. Сун солтүстіктегі ауқымды ауылшаруашылық түсімнен шет қалған еді. Янцзы алқабындағы егіншілерге жағдай жасай отырып, өндірісті кеңейту мақсатында оңтүстіктегі жерлерге дендей еніп, Сун салық төлеуге кеткен шығынының орнын толтырды. Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан Жерорта теңізінің батысына таралатын мұндай астық өнімдерінің бірқатары Қытайға да тасымалданды. Олардың арасында мақта, қант қамысы және аса маңыздысы – тез пісетін, құрғақшылыққа төзімді күріш түрі бар еді. Күріштің бұл жаңа түрі шамамен Х ғасырларда Вьетнамда қолданысқа енді. Ол ылғалды алқаптарда ғана емес, салыстырмалы түрде құрғақ ауа райы мен тау бөктерлерінде де жақсы өнім берді. Егіншілер жылына екі, тіпті үш рет астық жинады. Соған орай, оңтүстіктегі күріш өндірісі шарықтап кетті. Кейбір ғалымдар «шамамен 800–1300 жылдар аралығында солтүстік жартышардағы ауа температурасының жылынуы немесе Солтүстік Атлантикалық жылы кезең – Қытайдағы анағұрлым ауқымды және едәуір тұрақты азық-түлік өндірісіне ықпал етті» (11-тарауды қараңыз) деп болжайды. Зерттеушілер Сун экономикасының өсуін ІХ–ХІ ғасырлардағы оңтүстік аймақтарда орташа температураның жоғарылауымен байланыстырады. Солтүстік Қытайдағы егіншілер мен аңшылар бұдан аз уақыт бұрын және кейінгі кезеңдерге қарағанда, дәл осы дәуірде құрғақшылық, су басу және шегіртке қаптаудан біршама аз зардап шеккені де дәлел бола алады1.

Базар, ақша және арна. Теңдессіз капиталистік менталитетті паш ете отырып, Сун экономикалық реформаторлары ірі табыс көзі ретінде мемлекет жекеменшік нарық белсенділігі мен салық жинауды насихаттауға тиіс екенін табысты түрде дәлелдеп берді. Дәстүрлі конфуцийлік экономикалық идеология сауданы абыройсыз жұмыс деп санады, өйткені саудагерлер іс жүзінде ештеңе өндірмеді. Олар жерден өнім ала алатын, тиісінше жақсы салық беретін шаруаларды дәріптеді. Ал Сун саясаткерлері коммерциялық экономиканы одан әрі ынталандыра түсу үшін, егіншілер артылған асық өнімдерін, мақта-матаны және қолөнер заттарын жергілікті базарларда ақша үшін сатуға мүдделі болуы керек деп есептеді. Бұл реформаторлар салықты дақыл немесе өзге де өнімдер арқылы төлегеннен гөрі, ақшалай төлеуіне жағдай жасау үшін, үкімет ауылда тұратын адамдарды базарға шығаруы керек деп санады. Ақша табу үшін шаруалар сауда жасайды. Қола монеталар ғасырлар бойы Қытай экономикасының қуатын арттырды. Жеке тұлғалар, танымал әулеттер және жеке пайданы көздегендер нарықты ұлғайтып, ақша маңызын арттырды. Үкімет миллиардтаған қола және темір монетамен қоса ХІ ғасыр соңына қарай қағаз ақша жасауға рұқсат берді. Қытайдың қағаз жасау және басып шығару өндірісі аса көп көлемде банкнот жасап шығару үшін анағұрлым жеткілікті деңгейде дамыды. Ақырында үкімет бұл банкноттардың құнын қордағы күміспен белгіледі.

Қола және қағаз ақша. Қытайдың Сун дәуіріндегі гүлденген экономикасында мына екі қола монета секілді валютаға деген қажеттілік аса жоғары болды. Жүз миллиондаған, ақырында миллардтаған монета жыл сайын соғылып жатты. Монеталармен алыс-берісті жеңілдету мақсатында үкімет ХІ ғасырдан қағаз банкноттар шығара бастады. Мұндағы жазба – монета салмағының нақты санын көрсетіп тұр. Қытай саудагерлері мен тұтынушылары қағаз ақшаның құндылығына не үшін сенді деп ойлайсыздар?

Сауда-саттықты ынталандыру мақсатында Сун әулеті Қытайдың арна желісін және терең өзен арнасын – дүниежүзіндегі ең ұзын 30 мың мильден аса қашықтыққа кеме су жолын ұзартты. Сары және Янцзы өзендері алқаптарын жалғап жатқан Солтүстік–Оңтүстік Үлкен каналы тонналап астық, темір, мыс, қыш және мыңдаған өзге де тауарларды тасымалдады. Тар каналдар, өзен арналары, суландыру жүйелері арқылы фермерлер мен саудагерлер ауылшаруашылық өнімдерін жергілікті базарларға ілгекті таяқпен итеріп отыратын қайықтармен тасыды.

Сун дәуірінде аймақтық базарлар мен жәрмеңкелер көбейді. Бұл жиындар жалпы «ғибадатхана базары» деп аталды, өйткені жергілікті халық оны буддистік немесе өзге де қасиетті мерекелермен орайлас ұйымдастырды. Саудагерлер жиналған қауымға майшамдар мен өзге де діни бұйымдар ғана емес, сауда-саттық заттарын да ұсынды. Медициналық жәрмеңкелер ерекше танымал болатын. ХІІІ ғасырда өмір сүрген ақын Қытайдың батысындағы базарға барғанын былайша суреттейді:

«Зембілге отырып [адамдарды көтеріп алып жүретін, үсті бүркеулі көлік түрі],

Медициналық жәрмеңкеге бардым

Бізді көтеріп келгендердің тізелері көпшіліктің қысымында қалып қойды

Бірте-бірте жылжи отырып, қақпаға келдік

Соның өзінде-ақ тауарлардың қоршауында қалдық...

Саудагерлер теңіз желі мен толқынындай сығылысуда...

Ал шетелдік саудагерлер көкке шаншылған жартастан асып келді

Алда оларды пайда, тек қана пайда күтіп тұр»2.

Табыс көзі жаңа экономикалық әдеттер тудырды. Миллиондаған егінші өтімді күріш пен мақта ғана емес, жүзім, қант қамысын, шай, мандарин және май өндіретін дән секілді жаңа ауылшаруашылық өнімдерін өсіре бастады. Ауылдағы отбасылар үйде жібек жіп пен киім, себет, қағаз және ағаш көмірін өндірді. Ауылдық жерлерде азық-түлік өндірісін өсірді, қалаларда адамдар толық жұмыс күнінде сауда мен өндірісте жұмыс істеді. Маманданған қолөнершілердің ең жақсы алармандары жібек, жалтыраған жиһаз, қола мүсін және әсем, аппақ фарфорды сатып алуы үшін жер иеленушілер, саудагерлер және жоғары шенділер көп ақша жұмсады.

Металды қайда қолданса да, жекеменшік кеніш иеленуші кәсіпкерлер пайдаға кенелді. Алдымен Сун және кейін Цзинь билігінің қол астында болған Кайфең маңындағы домна пештері ХІХ ғасырға дейін дүниежүзіндегі теңдессіз өндіріс ретінде аса көп көлемде темір мен болат өндірді. Қытай өнертапқыштары металл технологиясында біраз жетістікке жетті. Әсіресе домна пештерін жоғары температураға дейін қыздыру үшін коксты (қоспадан айыру мақсатында көмірді жағу үшін жасалған) қолданды. Сун әскері аса көп көлемде темір жебе ұштарын, қылыш пен сауыт сатып алды, ауылшаруашылықтағы темір бұйымдар, аспалы көпірлер үшін шынжыр және оңтүстіктегі кеме жасау өндірісі үшін миллиондаған шегені арналардағы баржа каналдары жіберді.

Техникалық өнертапқыштық. ХІ–ХІІ ғасырларда Қытай өнертапқыштары мен мамандарының кәсібилігін арттырған, экономикалық өсімге ықпал еткен шығармашылық қуаты шалқып кетті. Мамандар оқ-дәріні қолдан жасаған қаруларға, бомбаларға және мина атқыштарға толтырды. Осылайша, Сун әулеті күштері, айналаны қиратып тастамаса да, шу мен аласапыранға толы шекаралық соғыстар ашты. Ағашқа өрнек салу қалыпты өндіріске айналды, техникалық және ауылшаруашылық нұсқаулықтармен қоса, кітап шығару ісі де кең тарады. Бұл дәуірдегі өзге өнертабыстар арасында магнитті компасты және фарфор жасаудың жаңа әдістерін, домна пештеріне арналған, судан қуат алатын ұста көрігі, жібек жіп иіруге арналған ұршық та бар еді. Бұл өнертабыстардың басым көпшілігі одан кейінгі ғасырларда Афроеуразияға тарады.

Бұл кезеңде сондай-ақ астрономия, химия, математика және өзге ғылым салалары да дамыды. Орталық мұсылман елдеріндегі әріптестері секілді, қытай математиктері тоғыз сандық үнді санау жүйесін, сондай-ақ «0» деп жазылатын нөл санын қабылдады. Математиктер мен инженерлер білімдерін, негізінен, жерді өлшеу мен құрылыс жобалары секілді іс барысында кездесетін қиындықтарды шешуге қолданды. Үкімет Конфуций философиясы мен әдеби жазбаларды үйрену үшін академия құруға мән берді, алайда оқу орындарынсыз да ғылым дами берді. Ғалымдар бір-бірімен хат немесе жазба мәтіндер арқылы байланыса отырып, жеке-жеке жұмыс істеді.

Халықтың өсуі. Біз баяндаған экономикалық өсімнің элементтері, азық-түлікті жеткізуге байланысты құбылыс, халықтың тез арада көбеюінің тасасында қалып, оған қарама-қарсы әрекет етті. Шамамен 750–1300 жылдар аралығында Қытай халқының саны екі есе өсіп, 120 миллиондай болды. Бұл дүниежүзі халқының шамамен үштен бір бөлігіне тең еді. Қытайда демографиялық өсімнің орталығы ретіндегі солтүстік пен оңтүстіктің де орындары ауысты. 750 жылы халықтың шамамен 60 пайызы солтүстікте тұрды. Ал 1200 жылға қарай олардың шамамен 75 пайызы Янцзы өзенінің алқабына немесе оңтүстікке қарай жылжыды.

Ірі қалаларда дүкен, базар, қойма салу үшін орын босату мақсатымен және жұмыс іздеген ауыл иммигранттарының толқыны себебінен халық қорғандардың сыртына ағылды. 1100 жылы Кайфең халқы бір миллионға жуықтады, осылайша дүниежүзіндегі ең үлкен қалаға айналғаны сөзсіз. Янцзы өзені алқабындағы Сун әулетінің оңтүстік астанасы Ханчжоу келесі ғасырда миллион тұрғыны бар қалаға жақындады. Оңтүстіктегі жағалау айлақтары да гүлденді. Цюаньчжоу (Quanzhou) мен оның маңындағы халық саны шамамен 500 мыңға жетті.

Бай мен кедей, күшті мен әлсіз. Жалпы айтқанда, Сун дәуірінде Қытайдың дәстүрлі бөлінісі бойынша әлеуметтік таптардың – ғалымдар, қолөнершілер, фермерлер мен саудагерлер, барлығының да күнкөріс деңгейі өсті. Ірі фермер отбасыларының иелігінде жері болды. Мысалы, еуропалық басыбайлылармен салыстырғанда, олар мүліктерін сатты немесе баласына мұраға берді және артылған ауылшаруашылық өнімдерін базарға шығарды. Тәуелсіз егіншілер қарыз берушілердің несиесіне қарызданды және ірі қалаларда жартылай жұмыссыз ауыл иммигранттары толып жүрді. Ақсүйек тегінен болмаса да, кәсіпкер саудагерлер аса көп дәулет жинай алды. Сол себепті конфуцийшіл шенділер және жер иеленуші отбасылар абыройы мен күші бар саудагерлерге толық басымдық берді.

Экономикалық өзгерістердің қарқыны адамдар арасындағы байланысты едәуір өзгертті. Егіншілер мен шағын кәсіпкер отбасыларында аналар, әйелдер және қыздар ерлермен бірге жұмыс істеді. Әйелдер жергілікті базарларда тауар сатты және Сун заңдары да олардың меншік құқықтарын кеңейтті. Басылып шыққан кітаптың кең таралымы арқасында әйелдер үйлерінде отырып сауат ашты. Бір жағынан, қалаларда тез дамып бара жатқан нарық жас қыздарға көңілдес, көңіл-көтеруші әртіс, жезөкшелік және үй қызметшісі жұмыстарын ұсынды. Заң жүзінде еркін болғанымен, әйелдер мұндай жұмыстарға, негізінен, сатылды және сатып алынды. Кейбір әйелдер үшін сауда-саттық мүмкіндік болса, өзгелер үшін ауыр еңбек, қауіп және шарасыздық та еді. Бұған қоса, Конфуций ілімі көшбасшылары әдетте өнегелі әйелдер үйде отырып, жедел әлеуметтік өзгеріс жасауға тиіс деген талаптар қойды. Дәулетті ер адамдар кішкене аяқ пен ырғалған жүріс әйелдер үшін жарасымды және сәнді деген идеяға сенді. Отбасылар жас қыздардың аяқтарын байлап, аяқ өсе берсе, оны сындыру арқылы қыздардың аяғын кішкентай күйінде сақтады. Патриархаттық үстемдіктің бұл қатал үлгісі толығымен сәнге айналды. Міндетті түрде аяғы таңып байланған жас қыз ғана күйеуге сәтті шығудан үміттене алатын еді. Бұл дәстүр жоғарғы таптардан әлеуметтік баспалдақ бойымен төменге таралды. Тек төменгі әлеуметтік деңгейдегі қыздар ғана аяқтарын таңбай жүре алатын еді.

Өзгерістер кезеңіндегі Қытайды басқару

Тан әулетінің билігі әлсіреген онжылдықтарда аймақтық әскербасылар маңызды тәуелсіз күштерін құрды. Сун әулетінің негізін салушы Чжао Кунинь (Zhao Kuangyіn) әскери адам еді. Дәл осы себептен де шығар, ол үкіметті азаматтардың қолына беріп, әскерді одан бөлек ұстаудың құндылығын түсінді. Соған орай, дәстүрлі ғалым-бюрократ ақсүйектер табы, конфуцийлік қоғамдық адамгершілік пен білімді мемлекет идеалдарын қолдаушылар оны түбегейлі қолдады. Олар қытайдың ежелгі: «Мықты темірді шеге ретінде, мықты азаматты солдат есебінде қолдануға болмайды»3, – деген қанатты сөзіне арқа сүйеді. Оңтүстіктегі және солтүстіктегі Сун әулеттері шекараларын кеңейту үшін көп әскер ұстады (12.2-картаны қараңыз). Азаматтық көшбасшылар бұрыннан тәртіпке көнбейтін немесе бағынбаған әскери шенділерді «ұзын шылбыр, кең тұсауда» ұстады.

12.2-КАРТА. Шығыс Азия. 1200 жыл

Географиялық орнын салыстырмалы түрде ескерсек, Цзинь және Оңтүстік Сун мемлекеттерінің ауылшаруашылық экономикасы немен ерекшеленеді?

Сынақтан өту. Азаматтық басқаруды қолға алмас бұрын Сун әулеті ақсүйек отбасының мүшесі болу ғана емес, мемлекеттік азаматтық қызмет сынағынан да табыспен өтті. Бұл сынақтар есептеу немесе басқару тәжірибесін емес, Конфуцийдің классикалық ілімі мен әдеби шығармалар білімін бағалайды. Алайда олар ер адамдардың оқу, жазу және империя істерін ойластыра алатынына көз жекізді. Осылайша, Қытай мемлекеті меритократиядан105 да маңызды болды. Бұл сынақтарға дайындалу уақытты алды және қымбатқа түсті, сондықтан сынаққа қатысушылардың түгелге жуығы ықпалды отбасылар қолдауына жүгінді. Бұдан өзге, бюрократиялық қызметте отырған тұлғалардың еркек туыстары ең болмағанда төмен деңгейдегі мемлекеттік жұмысқа тұру үшін басымдық беріп, біршама жеңіл сынақ тапсыра алатын еді. Азаматтық қызмет жүйесі империяны басқарған мыңдаған шенділер арасында мәдениет пен дүниетанымды өзгертуге ықпал етті. Шенділердің фракциялық пікірталастары ішінара экономикалық және саяси реңкке боялды.

Неоконфуцийлік. Сун зиялылары да Қытайдың наным-сенім жүйесіне жаңа леп әкелді. Бұл ел үшін етене дін даосизм мен Үндістаннан келген буддизм қоғамның жоғарғы сатысынан төменгі сатыға дейін дендей еніп, қытайлықтардың өміріне әбден сіңісті (7-тарауды қараңыз). Будда ғибадатханалары мен монастырьлары жер иеліктері мен саяси ықпалға ие болды, салықтан босатылып, сауда мен ауылшаруашылық өнімдері арқылы дәулет жинады. Бұқара халықтың арасында буддизм және даосизм дәстүрін ұстанушылар бір-бірінің ерекшелігін жоюға тырысты және екі дінде де жергілікті құдайлар мен құдай аналарды ардақ тұту, ата-баба аруақтарына сыйыну дәстүрі бар еді. Сун қоғамында екі дәстүр де конфуцийлік ілімді үйлестіре білді. Конфуцийлік зиялы қауым өкілдері медитация, хайуанның да өміріне құрметпен қарау, өмірдің мәнін метафизикадан іздеу дүниетанымын, буддизм және даосизм идеяларын адамгершілік және этикалық жүйелеріне бірнеше ғасыр бойы сіңірді.

Хандгжоудағы Батыс көлі.

Оңтүстіктегі Сун дәуірінде қалалықтар сұлу табиғат аясында, көлде қайықпен серуендейтін.

ХІІ–ХІІІ ғасырлардағы жаңашыл ойшылдар конфуцийлік, буддизм және даосизм ілімдерінің бірқатар бөліктерін біріктіріп, неоконфуцийлік деген ілімге айналдырды. Коммерцияланған қоғамда болмай қоймайтын қорқыныш пен белгісіздік, варварлардың басқыншылығы қосыла келе, Солтүстік Қытайды конфуцийлік идеалдарды жаңа көзқараспен қарауға итермеледі. Зиялы қауым, әсіресе керемет ойшыл Чжу Си (ZHOO-SHEE; 1130–1200) конфуцийлік пен оның ежелгі шәкірттерінің негізгі іліміне қайта оралуға шақырды. Оның пікірінше, адамгершілікпен өмір сүру, белгілі тәртіппен жасалатын күнделікті рәсім, иерархияға құрмет көрсету және жергілікті қауымдар мен отбасыларға берілу неоконфуций іліміне сай келеді. «Тұрақты әлеуметтік тәртіп, мораль өзін-өзі жетілдіруге негізделе қалыптасуға тиіс», – деді ол. Этикалық білім және қауымдық қызметтерді атқару империя кеңсесі мен байлыққа жетуден де басым болуы қажет. «Күн сайын білмеген дүниемізді үйреніп, бұрыс дүниені дұрыстап, жетілудің кейбір мөлшерін білуіміз керек; ізгі қалпымызды жетілдіруіміз керек... күнімізді осылай өткізсек, кейінгі үш жыл ішінде біраз жетістікке жетеміз»4, – деп жазды Чжу. Сонымен қатар неоконфуцийлік метафизика мен ғарышты теорияға сала отырып, буддизмге құшағын кең ашты, Сун әулеті дәуірінің соңында қытайлық зиялы қауым неоконфуцийлік идеяларға толық берілген еді.

Меритократия – жеке тұлғалар әлеуметтік мәртебесі мен отбасылық жағдайына ғана емес, білімі, дарыны мен зердесі арқылы жауапкершілік пен қызметке қол жеткізетін үкімет немесе өзге институт.

Қытай және оның жақын көршілері

ХІ–ХІІІ ғасырларда Сун монархиясы Шығыс Азия мемлекеттерінің бірқатарын басып алды, оның ішінде Жапон аралдары да бар еді. Бұл көршілердің барлығы да Қытаймен үнемі сауда жасасып тұрды және одан экономикалық пайда көрді. Корей түбегінде Силла монархиясы (668–935) Тан әулетінің кішігірім әріптесі ретінде 250 жылға жуық билік етті. Силлада табысқа жеткен Корио билеуші отбасы 918 жылы Қытайдың саяси ықпалынан шығып кетті. Вьетнамның оңтүстік-батысынан жырақта, жергілікті қолбасшылар 938 жылы жаңа Дай Виет (Daі Vіet) мемлекетін құрып, Қытайдың бірнеше ғасырға созылған аға ұлтқа негізделген туыстығын тоқтатты. ХІ–ХІІ ғасырлары Дай Виет билеушілері жол салып, Қызыл өзен құнарлы алқабында күріш суаруды жетілдіріп, ХІХ ғасыр соңына дейін тәуелсіздігін сақтап қалған (1400 жылдар басындағы Қытайдың аз ғана уақытқа созылған басқыншылығын ескермегенде) мықты мемлекеттің экономикалық негіздерін өзгеше қалады.

Ертеректегі баспа. «Нұрлы Дхарани Сутрасы» («The Pure Lіght Dharanі Sutra»), будда орама қағазы. Дүниежүзіне ежелден белгілі, қағазға басылған жазба. 1966 жылы Кореядағы ғибадатханадан табылған бұл орама қағазға жазуды ағашпен басқан. Жазба VІІІ ғасыр ортасына тиесілі.

Сун әулеті басқаратын Қытай мен жақын көршілерінің арасында технологиялық және зияткерлік айырбас жақсы дамыды. Қару-жарақ саудасына ресми тыйым салынуына қарамастан, Ляо мен Цинь мемлекеттері қытай өнертапқыштары жасап шығарған болат қарулар мен зеңбірек оқтарын бірдей сатып алып отырды. Цзинь зиялы қауымы қытайдың таза өмір сүру үлгісін қайталап, Конфуций әдебиеті мен классикалық ілімін қабылдады. Кореяда Корио билеушілері Сун азаматтық қызмет сынағын тәжірибеге енгізді және әкімшілік пен диплломатия үшін қытай жазуын пайдаланды. Кореялық қолөнершілер ертеректегі ағашқа жазу мен терме әріптерді ойлап тапқан өнертапқыштар болған секілді. Олардың технологиясы Қытайға бірден тарап кетті. Вьетнамда билеуші тап Конфуций классикалық ілімін құрмет тұта берді және олар Сун бюрократиялық үкіметін көшіре қайталады. Бұл көрші мемлекеттердің бәрінде буддизм түрлері Қытай арқылы көбірек еніп, халықтың негізгі дініне айналды.

Қытай аясындағы және Қытайсыз Жапония

Б.з. алғашқы мыңжылдығының соңында қытай идеялары мен тауарлары Корей түбегі мен Шығыс Қытай теңізінен Жапонияға дейін құйылып жатты (11-тарауды қараңыз). Жапонияның зиялы және саяси таптары осы жаңа заттарды таңдап-талғап, ұнатпағандарын тастап, ұнататындарын түрлендірді. ХІ ғасырға қарай қала мәдениетінің айрықша үлгісі архипелагта пайда болды.

Хонсю аралындағы Хейанда (Киото) билік құрған Жапония императоры Қытай империясы сарайының дәстүрлерін қайталады. Ол діни тұрғыдан да абыройға ие еді. ІХ ғасыр соңына қарай шынайы билік Хейандағы зәулім үйлерде тұратын және күріш өсіретін үлкен иеліктері бар ақсүйек отбасылардың одағына ауысты. 850–1050 жылдар аралығында жеке ақсүйек туыстық тобы Фудживара патша сарайында ерекше мәртебе иеленіп, императордың атынан елді табысты басқарды. ХІІ–ХІІІ ғасырларда билік тағы да ауысты, бұл уақыт аралығында аса үлкен күріш алқабын бақылауға алған ауыл магнаттарының анағұрлым үлкен элитасы билікті қолына алды. Ірі ауыл қожалықтарының лауазымын иеленіп, темір сауытты жауынгерлерді жалдап, жерді жалға алушыларды жаңа ауылшаруашылық техникасын меңгеруге үгіттей отырып, олар бірте-бірте Хейан ақсүйектерін ығыстырды. ХІІ ғасырдың басым бөлігінде Жапония саяси аласапыран күй кешті, бәсекелес жер иеленушілер мен жағалау қарақшылары жер алқабы мен ұрлық заттар үшін таласқа түсті.

Камакура сёгунаты. 1180 жылдары анағұрлым күшті Минамото әскери кланы күрішке бай Канта плантациясында жаңа орталық – Камакураның негізін қалады. Орталық және Оңтүстік Жапонияны бақылауға қол жеткізе отырып, Минамото кланының серкесі Но Йоритомо (no Yorіtomo) жаңа үкімет қалыптастырды. Басқа амалы қалмаған император оған сёгун немесе «ұлы генерал» деген лауазым берді. Камакура сёгунаты (1185–1333) император мен нөкерлеріне Хейанда билік етуге рұқсат берді. Осы кезеңнен бастап, Жапония Қытайдың орталық билікті ғалым-бюрократтарға беру үлгісін қолданды. Оның орнына ақсүйек мәртебесіндегі кәсіби жауынгерлердің табы айрықша маңызға ие болды. Самурай деген атпен белгілі бұл жауынгерлердің бірқатары дәулетті жер иеленушілерге айналды. Алайда олардың көпшілігі батылдық, адалдық, ниеттестік және әскери ерлік кодексіне адал болып, атты әскер ретінде қуатты отбасыларға қызмет етті. Олардың адалдығы мен құрметіне жауап ретінде самурай жауынгерлер азық-түлікке қажет қаражат иеленіп, шаруа еңбекшілеріне қатысты құқықтарға ие болды. Камакурадан бастап өзге де сёгундар олардың бәсекелес отбасылары мен самурай бағыныштыларымен мүмкіндігінше жақсы қарым-қатынас орнатты.

«Гендзи аңызы» («The Tale of Genjі»). ХІ ғасырда Мурасаки бикештің Хейан империясы сарайындағы әсерлі оқиға мен шиеленіске толы романында кейіпкер көп. Иллюстрацияда Гендзидің ұлы Йугири мен оның әйелі Кумоинокари бейнеленген. Мұнда күйеуі екінші қалыңдығын үйге әкелген кезде, Кумоинокаридің күйеуін тастап кеткен оқиғасы суреттелді.

Экономикалық және саяси үрдістер. Жапония халқы мен экономикасы өсе түсті. 1100 жылдары фермерлер Қытайдан күріштің тез пісетін түрлерін әкеліп, астық өнімін екі есеге арттырды. 1200 жылдан халық жылдам өсті. Орталық және оңтүстік жағалауларда, ішкі өлкелерде қала-базарлар көбейді. Жапон әскери элитасы да қытайдың керемет өнімдерін қалады және Жапониядан күміс, мыс, болат қылыш және ағаш материалдар тиеген кемелер бұл тауарларды Сары өзен мен Шығыс Қытай теңізі арқылы құрлыққа жеткізіп отырды. Қытай монеталары да аралдарға сылдырай құйылып, ішкі сауда-саттықты қыздырды.

Қытаймен байланысты жалғастыру жаңа мәдени үрдістер тудырды. Буддизм қарапайым адамдар арасында кең тарады және буддистік тәжірибелер ежелден келе жатқан наным-сенім жүйесі – синтомен тығыз араласып, тек жапондарға тән діни синтез нұсқасына айналды. Түйсіктің оянуына, ақыл-ой тәртібі мен медитацияға баса мән беретін, Дзен деген атпен белгілі буддизм мектебі аралдарда тамыр жайды. Жеке адамның рухын құтқаруға уәде беретін буддизм ілімін ауылдағы еңбекші халық жылы қабылдады. Осы уақыт аралығында Хейан ақсүйектерінің арасында өмір сүретін кербез бикештер мен сері жігіттер қытайлық идеяларды жапон тілінің мүлтіксіз мәнеріне сіңіру арқылы өнер мен әдебиет елегінен өткізді. Ақсүйек әйелдер анағұрлым беделді қытайшаға қарағанда, жапон тілінде жазуға үйір болды және олар Сун әріптестерінен гөрі анағұрлым үлкен зияткерлік еркіндікке ие еді. Шамамен 990–1012 жылдар аралығында Мурасаки Сикибу бикеш «Гендзи аңызы» деп аталатын, сарайдағы махаббат пен ғадауаттар жиынтығын жазды. Кейбір ғалымдар бұл еңбекті бұрынғы шығармалар арасындағы алғашқы роман деп ерекше бағалайды.

Жартышардағы Қытай

Сун дәуірінде Қытайдың агромәдени және өндірістік экономикасының материалдық әсері оның жақын көршілерінің шекарасынан шалғайға тарады. Қытай бұл кезеңде жібек, мақта, фарфор, темір заттар, жылтырақ бұйымдар, қағаз секілді көптеген тауарларды бүкіл жартышарға таратты. Қытай халқы сатып ала алатын дәмдеуіштер, шөптер, қара шайыр, хош иісті ағаштар, дәрілер, күміс, ағаш жылқы шетелдерден осы жерлерге келді.

Шетелдік сауданың құны мен қарқыны құрлықтағы Жібек жолына қарағанда, су жолдары арқылы анағұрлым тез өсті. Мұндай өзгерістің бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, құрлықтағы керуен көшіне қарағанда су жолдары арқылы жеткізу арзанға түсті. Су жолдары арқылы көп тауар тасымалдауға мүмкіндік туды. Үкімет теңіздің арғы жағындағы жеке саудаға дем берді және құрлық ішіндегі ірі су жолдары мен жағалауды күзету үшін аса зор әскери-теңіз күштерін құрды. Қытайдың оңтүстік провинцияларында өндірген тауарларды канал мен теңіз айлақтарының жолына жеткізу ыңғайлы еді. Нәтижесінде, елде сауда-саттықты өз қолдарына алған шетелдік саудагерлер – малайлар, оңтүстік азиялықтар, парсылар, арабтар мен еврейлер оңтүстіктегі айлақтарға ағылды. Сун үкіметі кедендік салықты жинау мен сауданы мүмкіндігінше мұқият реттеу мақсатында Теңіз сауда басқармасын құрды.

Сун теңіз-кеме мамандары техникалық жетістікке жетіп, сол дәуірде аса танымал, теңізде жүретін кемені немесе джонканы (қытайдың желкенді кемесі) ойлап тапты. Көлемі орташа кемелер 60 адаммен шамамен 120 тонна жүк таси алатын еді. Ең үлкендері төрт немесе бес жүз адамды сыйдырды. Бұл кемелер алтыдан көп тірекпен, күңгірт бамбуктен жасалған алып желкендермен, палубалармен және кеме кедергіге соқтықса, суды өткізбей тұратын, су өтпейтін бөліктермен жабдықталған еді. Олар штурвал – кемені артқы бөлігінен басқаратын бұрғыш қалақша да ойлап тапты. Бұл штурвалдың екі жағы үшін де тиімді жетістік болды. ХІІ ғасырда немесе одан да ертерек қытай теңізшілері компас алып жүре бастады, оңтүстік және солтүстік полюстерге қатысты кеме бағытын анықтауға көмектесу үшін магнитті инені су құйған ыдыста ұстайтын. Үнді мұхитының теңізшілері бұл құрылғыға бейімделіп, оны тез арада Жерорта теңізіне дейін таратты. Қытай көпестері мен жер иеленушілері кеме жасауға қаржы салу үшін қаражатын біріктірді. Жеке саудагерлер батыстағы Араб теңізіне дейін алыс сапар шегуге тәуекел етті, алайда Сун дәуірінде қытай кемелері, әдетте Үндістаннан алысқа аттанған емес.

Сундық өзен кемесі. Қытайлық шеберлер ірі теңізде жүзетін кемелер жасады. Құрлықішілік су жолдарында жүретін шағындау кемелер де ішкі сауда-саттықты күшейтті. Шағын желкенді кеменің нақты көшірмесі Сун әулетінің солтүстіктегі астанасы – Кайфеңдегі мыңжылдық қала саябағында пайда болды. Сун экономикасы үшін неге өзендер мен каналдар аса маңызды болды?

Фарфор базары – Қытай саудасы алысқа жеткенінің мысалы. Кәсіби көзешілер біз жалпылама «қытайдікі» атап кеткен ақ кәрленді жасау әдісін ойлап тапты. Ол күйіктас пен қышқа қарағанда анағұрлым күшті, әсем әрі жұқа болды. Өйткені ол Оңтүстік Қытайда кездесетін айрықша балшықтан жасалды және аса жоғары температурада күйдірілді. Жартылай мөлдір, қардай аппақ, көзге сондай тартымды фарфорға деген ішкі және теңіздің арғы жағалауында өсіп бара жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін өндіріс орталықтары көбейді. Кейбір күйдіру ошақтары бірден елу мың фарфор бөліктерін күйдіріп, ал үлкен теңіз кемелері оны тонналап тасымалдады. XІІ ғасырдағы бір көпестің дерегіне сүйенсек, фарфорға толы кемелер Гуанчжоудан шықты: «Шағын тауар үлкен орауға оранды және саңылау қалмағанша мықтап орала берді»5. Вьетнамда, Корея мен Жапонияда көзешілер ақырында қытай технологиясы мен сәндік үлгісін көшіруді үйренді. Шығысазиялық әдемі бұйым Парсы, Сирия және Мысыр қолөнершілерін, Қытай сәніне қарағанда анағұрлым сыпайы, айқын түстер мен батыл геометриялық дизайнды жиі алмастыратын, жаңа, мөлдір, түрлі-түсті, жеке сән әдістерін ойлап табуға жетеледі. Сун дәуірінен бастап фарфорлар Еуропадағы дәулетті отбасылардың үстеліне сән берді.

Мұсылман елдеріндегі мигранттар мен жеңімпаздар

ОЙЛАН: ХІ–ХІІІ ғасырлар аралығында Афроеуразиядағы аграрлық қауымдарға Сахара шөлі мен Ішкі Еуразияның малшы халықтарының ықпалы қандай болды?

ХІ–ХІІ ғасырларда Ұлы Арид зонасынан келген қарулы қоныс аударушылар, Афроеуразияның құрғақ және жартылай құрғақ жерлерінен келгендер тобы, Қытайдан бастап Оңтүстік-Батыс Еуропаға дейін тығыз қоныстанған ауыл шаруашылық жерлердегі оқиғалардың бағытын күрт өзгертті. Бұдан бұрын айтқанымыздай, Солтүстік Қытайға шүршіттердің басып кіруі – осы қозғалыстардың бірі. Ішкі Еуразиядан шыққан түркі сарбаздары Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Азияға шабуыл жасап, Солтүстік Үндістаннан Мысырға дейін 200 жылға жуық билік еткен жаңа әскери мемлекеттер құрды. Осы уақыт аралығында Сахара шөлі мен Марокко тауларында саны ұлғайған жауынгерлер Батыс Жерорта теңізі алабын қамтып отырған империялармен байланыс орнатты. Бұл топтардың ең қуатты қаруы – атты әскер мен садақ, найза, қылыш үйіру шеберлігін жақсы меңгеруі еді.

Бұл қозғалыстардың барлығы да белгілі бір мерзім аралығы мен мекендерде аймақішілік сауданы тоқтатты. Жаңа хандықтар билеушілерінің бақылауындағы сауда-саттық пен қала өндірісі жандана берді. Түркі мигранттары мен билеушілері ислам дінінің үздіксіз таралуына қаржы бөліп отырды. Түркілер басып алған аймақтарда, Анадолыдағыдай, ислам халықтың көпшілігінің сеніміне немесе Ауғанстан мен Солтүстік Үндістандағы секілді, биліктегі азшылықтың дініне айналды.

Түркі атты әскерінің қуаты

ХІ ғасырда түркі көшпелілері Орталық Азияда Каспий теңізінің шығысында пайда болды. Олар ғұн, ұйғыр, хазар және бұдан бұрынғы тарауларда кездестірген Ішкі Еуразия халықтарымен тіпті болмағанда туыстық байланысы бар тілдерде сөйледі. 11-тарауда айтып өткеніміздей, түркі сарбаздары ІХ ғасырда Аббасидтер халифатына (Аббасидтер империясы), әскери құл немесе мәмлүктер106 ретінде қызмет ете бастады. Өкінішке қарай, Бағдаттағы Аббасидтер үкіметіндегі бұл жасақ бақталас топтарға бөлініп, саяси істерге араласа бастады, осылайша, өздері адал болуға серт берген мемлекетті нығайтудың орнына, оның ыдырауына көмектесті.

Солтүстік Иран мен Ауғанстанда түркі мәмлүк жауынгерлер тобы Бағдат билеушілеріне қарсы бүлік бастап, табысқа жетіп, мемлекеттерін құрып, астанасын Ғазниде (қазіргі Ауғанстандағы Ғазни қаласы) орналастырды. Ғазнауидтер аталған жаңа әулет (977–1186 жылдар) сөз жүзінде халифке адалдық сертін бергенімен, бір жағынан бұл сертке соншалықты мән бермеді. Ғазнауидтер атты әскері Шығыс пен Батысты басып алу жорықтарын бастады. Оның билеушісі Махмұд Ғазни (997–1030 жылдары билік құрды) Инд өзені алқабын, үнді ғибадатханаларын тонап, аймақтық үнді билеушілерін тақтан тайдыру үшін Оңтүстік Азия аймақтарына жорық жасады. ХІІІ ғасыр басында түркі жауынгерлері Оңтүстік Азияда Дели (1206–1526 жылдар) сұлтандығын құрды. Олар таңдаулы әскери азшылық ретінде қоныстанып, осы субконтинентте ықпалын кеңейтті. Он миллиондаған үнді егіншілері мен қала тұрғынына билік жүргізді.

Құрмет шапаны. Шын берілгенін және бір-біріне адалдық байланысын таңбалай бекіткісі келген мұсылман билеушілері әдетте әдіптелген, қымбат әрі зерлі киімдермен алмасатын. XІV ғасырдағы мына иллюстрацияда суретші Аббасидтер халифі жіберген шапанды киген түркі монархы Махмұд Ғазниды бейнелеген. Суреттегі өзге тұлғалар кімдер болуы мүмкін?

Селжүк империясын құрушылар. ХІ ғасыр ортасында түркі атты садақшыларының үлкен тобы Орталық Азиядан Иран мен халық тығыз қоныстанған Тигр–Евфрат өзенінің алқабына кимелей енді. Бұл халық еріксіз сарбаз емес, көшпелі малшылар еді және олардың арасында әйелдер мен балалар да, үйір-үйір жылқысы мен мыңғырған қойы да бар еді. Мұсылман саудагерлері мен діни өкілдерінің миссионерлік қызметінің арқасында бұл түркілер Оңтүстік-Батыс Азияға басқыншылық жасамастан бұрын, негізінен, ислам дінін қабылдады. Бұл қоныс аударуға ықпал еткен жағдайларды толық түсіне алмадық, дегенмен Еуразияның ішкі далаларында жеткілікті деңгейде тез өсуге мүмкіндігі бар халық, аса маңызды жайылым жер мен мал тапшылығы себебінен, одан да құнарлы жер табу үшін қоныс аударуға мәжбүр болған сыңайлы. Бұл көш басындағы серкелері, негізінен, түркі тілдерінің бірі – оғыз тілінде сөйлейтін тайпаның бір бөлігі болған селжүктер деп аталатын тайпа өкілдері. 1055 жылы селжүк қолбасшысы Тұғрыл бек бастаған күш Бағдатты басып алды. Одан кейінгі жиырма сегіз жыл бойы Ирак, Солтүстік Сирия және Шығыс Анадолыда билік етті. Ұлы селжүктер деген атпен танылған олар, миллиондаған араб және парсы халқына билік жүргізді. 1080 жылдары олардың империясы Оңтүстік-Батыс Азияның көп бөлігін алып жатты. Тұғрыл бек мұсылман қауымының басшысы ретінде моральдық және рухани мәртебесін сақтайтын халифқа адал болуға серт берді. Бірақ Тұғрыл бек пен оның мұрагерлері «сұлтан» атағын алып, жаңа әскери мемлекет құруға кірісіп кетті. Олар мұны әкімшілік, қазы және имам мамандықтарын меңгерген, білімді араб және парсы өкілдерімен аса маңызды серіктестік орната отырып жүзеге асырды.

Түркілер Оңтүстік-Батыс Азиядағы этникалық және лингвистикалық көріністі де өзгерте бастады. Селжүк басқыншыларымен бір уақытта малшы топтар да Солтүстік Иран арқылы Арменияның жасыл шұраттары мен Шығыс Анадолыға қоныс аударды. Көшті Қара және Жерорта теңіздері аралығында созылып жатқан құнарлы жер – Анадолыға, батысқа бағыттады. Сол уақытта Батыс және Орталық Анадолы орталығы аса ірі Константинополь қаласында орналасқан грек Византия мемлекетінің бір бөлігі еді. 1071 жылы Малазгирт (Манцикерт) шайқасында селжүк садақшы-мергендері грек әскерін тас-талқан етті. Византия шығыстағы таулы аймақтарынан айырыла салысымен мұсылман малшылары Орталық Анадолы арқылы биік таулы аймаққа ағылды. Бір ғасыр бойы грек императорлары батыстағы алыс аймақтарын ғана ұстап қалды. Одан кейінгі ғасырларда Анадолы бірте-бірте біз Түркия атап кеткен мұсылман еліне айналды. Бұл үдеріске елді мекендерге орналасып, ауыл шаруашылығымен айналысып, грек және армян христиан фермерлерімен жер үшін бәсекеге түсе бастаған түркілік жаңа тұрғындар қатысты. Бұл аймақтан кете қоймаған христиандар бірте-бірте исламды қабылдады; қазіргі түрік тілінің шыққан түбі – оғыз тілі кең таралып кетті. Түркі тілді халықтар Иран, Ирак және Ауғанстан халықтарының маңызды бөлігіне айналды.

Оңтүстік-Батыс Азиядағы мемлекеттер. Түркілердің Оңтүстік-Батыс Азияға ағылуына қарамастан, Селжүк империясының ғұмыры қырық жылға жетер-жетпес қана уақытқа созылды. Тигр–Евфрат алқабындағы суармалы жүйе Аббасидтер дәуірінің соңына қарай анағұрлым нашарлады, ауыл шаруашылық өнімдерінің түсімі жаңа билеушілердің күткенінен де тым аз нәтиже берді. Түркі көшпелілерінің дәстүрі бойынша, батырлар қолбасшылық үшін бәсекеге түсті. Алғашқы үш сұлтанның өлімі селжүк тайпасы мүшелерінің арасына жік салды. Сүннит мұсылман әскербасылар Сирияның бір бөлігі мен Мысырдағы жауласқан шиит мұсылман билеушілері (11-тарауды қараңыз) Фатимидтерге қарсы қорғанысқа дайындалды. Шиит төңкерісшілері селжұқ сарбаздарын өлтіріп, түркі мемлекетін құлатуды бірнеше рет көздеді.

Сұлтандар ұлдары мен әскербасыларына ауылшаруашылық жерлерінен салық жинау құқығын беру арқылы биліктерін тұрақтандырамыз деп үміттенді, алайда бұл иеліктер бүлік пен мойынсынбаушылық үшін аймақтық қақтығыс ошағына айналды. ХІ ғасыр соңына қарай, тұтас селжүк мемлекеті бұрынғы әкімдер мен түрлі рубасылар билік ететін бәсекелес жергілікті хандықтарға бөлініп кетті. 1200 жылға қарай Оңтүстік-Батыс Азияда шамамен алты түркі мемлекеті болды.

Батыс Еуропадан христиандардың крест жорықшылары пайда болғаннан кейін саяси карта одан әрі күрделене түсті. 1097 жылдан олар Сирия жағалаулары, Палестина және Оңтүстік Анадолының бірқатар аймақтарына шабуыл жасады. Он жыл ішінде сауыт киген батырлар мен әскери құлдар, шаруалар және оларға ілесіп жүрген христиан католиктерінің дінбасылары қасиетті Иерусалим қаласында және Жерорта теңізінің шығыс жағалауының бойында кресшілер мемлекет ретінде төрт шағын корольдік құрды. Бұл еуропалық бастаманың пайда болуына осы тараудың соңында қайта ораламыз. Оңтүстік-Батыс Азиядағы табыстарынан соң кресшілер шабуыл жасай берді. Ұлы Селжүк империясы шашырап, ортақ қорғаныс орнатуға шарасыз болды. Біріншіден, мұсылман көшбасшылары кресшілер мемлекетін күрделі емес, өткінші жағдай деп қабылдады. Дұшпандарының христиан болғаны еш алаңдатпады. Осы жағдайдан соң, византиялық христиандар Анадолының бір бөлігінде үстемдік етті және Оңтүстік-Батыс Азия мен Мысырда үлкен, ұзақ мерзімге тұрақтаған христиан азшылық тобы болды.

ХІІ ғасыр ортасында Сирияның Алеппо қаласында қоныс тепкен түркі билеушілері ауқымды аймаққа ықпал етті. Бұл хандық 1169 жылы Мысырға басып кіруге жеткілікті әскер жинап, шиит Фатимидтерді тізе бүктіріп, олардың екі ғасырлық билігін тоқтатты. Күрд этникалық тобының жетекшісі, сүннит мұсылман, Салахадиннің (Саладдин; 1171–1193 билік құрды) бұл соғыста мерейі үстем болды. Ол Айюбидтер әулетін құрып (1171–1250), Мысыр және Ирак елдерін бір мемлекетке біріктірді (12.3-картаны қараңыз). Осылай нығайғаннан кейін оның күштері 1187 жылы Еуропа рыцарьларын Иерусалимнен қуып шықты. Дегенмен кресшілер шағын жағалау аймағын ХІІІ ғасыр соңына дейін ұстап тұрды.

12.3-КАРТА. Афроеуразияның батысындағы негізгі мемлекеттер. 1200 жыл

Бұл карта Азия, Африка және Еуропа арасын бөліп тұратын шекара ретінде Босфор және Гибралтар бұғаздарының тарихи маңызы туралы қандай ойға жетелейді?

Тұғрыл мұнарасы. Селжүк империясының негізін қалаушы Тұғрыл бек Иранның солтүстігіндегі Рей қаласындағы осы алып қорымда жерленген.

Мысырдан бастап, Солтүстік-Батыс Үндістанға дейінгі аймақты уысында ұстаған мұсылман әскери хандықтарына үш басты ерекшелік тән еді. Біріншіден, түркі сұлтандары аумағын кеңейтіп, оны ұстап тұру үшін әскери құлдар күшіне арқа сүйеді. Билеуші, әдетте, лайықты қолбасшыларға мемлекет иелігіндегі жерлерде жұмыс істейтін жергілікті шар­уа отбасыларынан алым-салық жинау құқын беру арқылы сый-сияпат көрсетіп отырды. Бұл шаруалардың көпшілігі заң жүзінде еркін болғанымен, кедейліктен және жергілікті әкім-қаралардың қанауынан аса қатты зардап шекті. Бұқара бейәскери құлдықта қала берді, әсіресе шарасыз әйелдерді үй қызметшісі, кәнизак және көңіл көтеруші ретінде пайдаланды.

Түркі әскери режимінің екінші ерекшелігі олардың үлемдермен – мұсылман діни өмір салты мен көпшіліктің іс-әрекетін реттеп, жетекшілік етіп отыратын қалалардағы құрметті ғалымдар және заңгерлер тобымен прагматикалық одақтастығы. Оңтүстік-Батыс Азия мен Мысырдағы түркі қолбасшылары араб немесе парсы үлемдерін азаматтық істерге жауапты қылды және оларды қазы, оқытушы, хатшы, әкімші және есепші ретінде жұмысқа алды. Үлемдер де түркі атты әскерінің саяси билігін қабылдады. Әскери қолбасшылар мен құрметті үлем отбасылары іскерлік қарым-қатынастарын неке арқылы жиі нығайтып отырды. Білімді отбасылардың әйелдері ешқашан қоғамдық қызмет атқарған жоқ. Олар қалада қандай билік желісі қалыптасатынын анықтай отырып, үнемі неке уағдаластығы арқылы үлкен ықпалға ие болды.

Үшінші ерекшелігі – Сун әулеті билеген Қытаймен салыстырғанда, ауылшаруашылық өсімі аз болғанымен, жалпы қала өндірісі мен сауда-саттық өркендеді. Түркі қозғалысы Солтүстік Атлантикалық жылыну кезеңінің ерте уақытымен тұспа-тұс келді. Қытайдағы астық шығымын ұлғайтуы мүмкін бұл климаттық өзгеріс Оңтүстік-Батыс Азияға ұзаққа созылған құрғақшылыққа ұласты. Не десек те, қолайлы ауа райы аймақта ірі қалаларды шоғырландыра берді, олар өз кезегінде бүкіл жартышардағы құрлық және су жолы бағыттарын байланыстыратын қым-қуыт айырбас желісінің негізгі орталығы ретінде қызмет етті.

Сұлтандар мен әкім-қаралар қамалдарын тұрғызған қалалар – Каир, Шам, Алеппо, Нишапур, Бұхара, Ғазни (12.3-картаны қараңыз) – аса көп көлемде азық-түлік, жылқы, әскери құрал-жабдық пен сәнді бұйымдар саудасына араласты. Қала қолөнершілері сатуға мақта-мата, кілем, әйнек әшекей, керамика, темір заттар мен кітаптар шығарды. ХІІ ғасырда Каир Қызыл теңіз арқылы Үнді мұхиты мен Жерорта теңізі арасында сауда-саттық жолдарындағы, ең ірі мұсылман шаһары ретінде қалыптасты. 1300 жылға қарай Каир халқының саны 500 мыңға жақындады, бұл оны Қытайдан батысқа қарайғы Афроеуразиядағы ең үлкен қалаға айналдырды.

Алеппо қамалы. Солтүстік Сириядағы ежелгі Алеппо қаласында бой көтерген бұл сарай – дүниежүзіндегі ең үлкен бекіністің бірі. Айюбид әулетінің сұлтандары ірі құрылысты ХІІІ ғасырда салды. Қорған Жерорта теңізінің шығыс жағалауындағы христиан кресшілер мемлекетіне қарсы соғыста басты орталық ретінде қызмет етті.

Мәмлүк – мұсылман мемлекеттерінде, негізінен, әскери және әкімшілік міндетті атқарған құл немесе азаттық алған адам.

Жерорта теңізіндегі мұсылман кемелері

Шамамен б.з. 1000 жылдары мұсылман теңізшілері Жерорта теңізі мен Қара теңізде жүзіп жүрген ірі кемелерді басқарды. Мұсылман билеушілері Жер­орта теңізінің оңтүстігі мен шалғай шығысындағы Сицилия секілді аралдар мен Испанияның басым бөлігіндегі барлық айлақтарды бақылауында ұстап отырды. Фатимидтер әулеті кемелерге ескек есушілер және желкендер құрамымен қуат беретін әскери галералар флотын құрды. Бұл қайықтар Жерорта теңізінің шығысын күзетіп, Фатимидтер иелігіндегі Мысыр мен Сирияның арасында байланыс орнатты. Византия мемлекетінің әскери-теңіз күштері мықты еді, алайда ХІ ғасырдан өз аумағында түркілердің әскери қысымымен бетпе-бет келгеннен кейін қоры азайып, жағдайы біртіндеп нашарлай берді.

Сирия мен Мысырдан бастап, Марокко мен Испанияға дейінгі айлақтарды жалғайтын Жерорта теңізінің Африка жағалауларындағы мұсылман сауда кеме жолы негізгі күретамыр міндетін атқарды. Саудагерлер түрлі өнімдерді – ағаш, тері, былғары, астық, зәйтүн майы, алтын және құлдарды тропиктік Африкадан тасымалдады. Мұсылман және еврей көпестер тобы жиі бірге жұмыс істеді, Ніл алқабы мен Қызыл теңіз арқылы өтіп, Жерорта теңізі мен Үнді мұхитын байланыстыратын сауда қызметін бақылап отырды. Мысалы, ХІ–ХІІ ғасырларда Каир мен Тунистің батыс қиыры секілді аймақтарға орныққан еврей көпестері Үндістанның батыс жағалауына дейінгі алыс қашықтықта сауда-саттық және кеніш бизнестерімен бірдей айналысты.

Жерорта теңізінің батысындағы жаңа империялар

Афроеуразиядағы Ұлы Арид зонасының үштен бір бөлігі, Сахара шөлінен келген алғашқы малшылар көші ХІ ғасыр ортасынан бері пайда бола бастады. Мұның алдындағы мыңжылдық бойы Сахараға қоныстанған, негізінен, бербер тілінде сөйлейтін халық, нар бағу арқылы құрғақ жердегі қатаң жағдайға бейімделген еді. Бұл жануарлар шөл далада жайылды, маусымдық шөптермен қоректенді. Нарлар керуен көлігімен, сүт, ет және терімен қамтамасыз етті. Олар жылқылармен бірге Сахара малшыларына ұзақмерзімді әскери іс-қимылдар жасауға қызмет етті.

Мурабиттер (Әлморавид) империясын құрушылар. Сахарадан тыс тұңғыш ірі әскери шабуыл шөлдің батыс қиырында, Сенегал өзенінің солтүстігінде, қазіргі Мавритания аумағында басталды. ІХ–Х ғасырларда аймақтағы малшы халық Солтүстік Африкадан келген уағызшылар мен көпестердің ықпалымен ислам дінін қабылдай бастады. ХІ ғасыр ортасында Мароккодан келген сүннит теологы Абдаллах ибн Ясин (1059 жылы қайтыс болды) түйе бағатын мұсылмандарды Құдайға сыйыну мен адамгершілік іс-әрекетке – намазды уақытымен оқу, ішімдік ішпеу, музыка тыңдамау, әйелдер мен ерлердің көпшілік ішінде міндетті түрде бөлек тұруы секілді стандарттарды орнатуға шақыру мақсатында шөлдің батысына сапар шекті. Ибн Ясин шөл даладағы рулар мен тайпалар одағын құрып, ол топты Мурабиттер (арабша шартты түрде айтқанда «діни жауынгерлер») деп атады. Бұл одақ Сахараның оңтүстік және солтүстік шетіндегі ірі сауда шаһарларын басып алды. Саны ұлғайған жауынгерлер Батыс Африканың түкпірінде орналасқан Гана империясына шабуыл жасап, оны біршама әлсіретті. Сауда-саттық пен салықтан түскен табыстан күшейген Мурабиттер әскері солтүстікке қарай жылжып, биік Атлас тауларын басып өтіп, Марокконың ірі қалалары мен Батыс Алжирді басып алды. 1086 жылы жауынгерлер тиелген кемелер Гибралтар бұғазы арқылы Испанияға енді. Оларды мұнда солтүстік шекара бойындағы кресшіл христиандардың ұлғайып бара жатқан қысымымен бетпе-бет келген жергілікті мұсылман ханзадалары шақырды. Леон және Кастилия корольдігіндегі христиан күштерін қысқа уақытта тас-талқан еткен мурабиттер бүкіл Испания мұсылмандарын қол астына біріктірді.

Дәуірлеп тұрған шағында Мурабиттер Батыс Африкадағы Сенегал өзенінен бастап, Орталық Испанияға дейін созылып жатқан теңдессіз патшалықтың тәуелсіздігін жария етті. Алайда алғашында бұл қарапайым бербер реформаторларына қолдау көрсеткен Марокко мен Испаниядағы мұсылман көшбасшылар көп ұзамай ол ойынан айнып қалды. Мурабиттер діни зиялылары тек моральдық қаталдық пен төзімсіздік көрсетіп қана қойған жоқ, сонымен бірге исламды қайта өркендетуден гөрі, билікті, артықшылықты және байлықты көбірек ойлады. Шөл даладағы шатырларын керемет сарайға алмастырған Мурабиттер билеушілері де Испания христиан мемлекетіне қарсы белсенді кресшілермен соғысуға қызықпайтын болды.

Муаххидундар (Әлмохадтар) және Құдайдың жалғыздығы. ХІІ ғасырда наразылық күшейді. Биік Атлас алқаптарында бербер егіншілері мен малшыларының арасында Мурабиттерге қарсы бүлік көбейді. Мұхаммед ибн Тумерт (1080–1130 жылдар) ибн Ясинге қарағанда анағұрлым діндар және тартымды тұлға болды да, өз-өзін Мәді немесе «дұрыс жолға бастаушы» деп жариялады. Шиит және сүннит мұсылмандар арасындағы сенім бойынша, Мәді көкірек көзі ашық және оны Жаратқанның өзі дүниежүзінде бейбітшілік пен әділдіктің салтанат құрған шағында, адамдардың ақырғы діни қадамын жасаушы деп қабылдады. Ибн Тумерт қатаң діншіл ортада өсті және Мурабиттерді жеке идеалдарын сатып кеткені үшін сын тезіне алды. Ол Құдайдың абсолютті рухани жалғыз екенін дәріптейтін қағиданы таратты. Бұл қағида Құдайды адамдардың сипаты мен сапасы тұрғысынан қандай да бір суреттеуге тыйым салды. Ибн Тумерттің ізбасарлары «Муаххидун», яғни «Құдайдың жалғыз екеніне сенушілер» деп атала бастады.

Деректерді САРАЛАУ

Еврей саудагерінің әйеліне жазған хаты

Бір-бірінен алыста өмір кешкен ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы ешқашан жеңіл болған емес. Қазіргі заманғы коммуникациялық технологияларымызға қарамастан, ол бүгін де солай. Бір-бірімен хат арқылы байланысқан ХІІІ ғасырда ол тіптен қиын жағдай болғаны рас. Назарларыңызға ұсынып отырған жазбаларда 1204 жылы, Оңтүстік Азияда бір жыл уақытша тұрған еврей көпесінің Мысырдағы әйеліне жазған хатынан үзінді бермекпіз. Мысыр мен Үндістанның батыс жағалауындағы айлақтардың арасында теңізбен барып-келу үшін екі жыл қажет. Көпестер жайсыз ауа райы, қаржылық қиындықтар немесе қарақшылар тобына тап болса, одан да көп уақыт керек.

Бұл хатта көпес әйелінің ажырасу туралы рұқсат сұрағанын хабарлайды. Еврей заңына сәйкес, мұндай бастаманы күйеуі жасауы керек. Алайда ол бұл шешімді әйелі қабылдасын деп ұйғарыпты. Ол әйеліне уақыт өткен сайын ауыртпалық жүгін артып қойғанын түсінетінін, алайда бұл айырылысу оған да ауыр тигенін жазады. Ол әйелін сағынып, тым көп іше бастағанын, алайда оған адал екенін айтып ант-су ішіп, ұстамдылық танытып жүргенін мәлімдейді. Дей тұрғанмен, әйелі шынымен ажырасқысы келсе, оған «бостандық беретінін» жазады.

Cаудагер бұл хатты жазғанымен, әйеліне жолдамаған және жұбайлар ажыраспағаны белгілі. Ақырында ол Мысырға оралған соң хатты Каир генизасына синагогадағы арнайы бөлмеге қалдырып кеткен. Еврей дәстүріне сәйкес, Құдай атымен аталған қағаздарды жерге тастамайды. Сондықтан синагогалар осындай құжаттарды сақтау үшін «гениза» немесе қойма жасайды. Әдетте синагога белгілі бір уақыт аралығында генизадан бұл қағаздарды алып, көміп отырған. Сондықтан бұл хат қажетсіз қағаздар қоймасында қалып қойған. ХІХ ғасыр соңында британдық ғалымдар Каир генизасындағы қағаздардың мазмұнын зерттей бастады. Олар мәтіндерді, көбіне жазбалардың бір бөлігін алып, мұқият зерттеу үшін Ұлыбритания кітапханаларына жіберді. Бұл құжаттар орта ғасырдағы еврей өмірін зерттеу үшін жеткілікті ақпарат береді. Бұл қағаздардың көпшілігінде діни түйткілдер қарастырылған, үзінді берілген осы хаттың біршама бөлігі сауда, бизнес, құқықтық пікірталас және жеке мәселелер секілді қарапайым сұрақтарға арналған. Бүгінде Каир генизасының құжаттары дүниежүзіндегі ірі кітапханалардың қорында тұр.

Адал жар

Хаттарыңызда мені ұдайы жазғырасыз, ренжітесіз және ұялтасыз, жүрек сыздатар сөздер жазасыз. Мен оның бір де біреуіне лайық емеспін. Құдайдың атымен ант етемін, әйелінен жырақта, сапарда жүрген кез келген адамның жүрегі дәл менің жүрегімдей ақ-адал емес шығар-ау! Әркез, ұзақ жыл бойы – айырылысқан сәттен осы хатты жазып отырған сағатқа дейін – сізді есімнен бір сәтке де шығарған емеспін және ұдайы сағынып жүремін... Ал сіз мені «ұмытып кеттіңіз, тіптен есіңізге де алмайсыз» деп кінәлайсыз. Көпшіліктің көлденең сөзінен сескенгендіктен ғана сізді ойлап жүрген сыңай танытады деп босқа өкпе артасыз. Мұндай жаман ойды жүрегіңізден жұлып тастаңыз және маған мұндай ауыр айып таққан хат жазбаңыз...

Масаңмын, бірақ құдайды ұмытпадым

Күн демей, түн демей үздіксіз іштім, жұмыс жоқтықтан емес... Өзімді жақсы ұстағанымды да айтқым келеді, әлдебіреу көзімше бейпіл сөйлей бастаса, ол және оның маңайындағылар тоқтамайынша, дұрыс сөйлеуін сұрап, талап еттім. Жанымды емдеу үшін күндіз ауыз бекітіп, түні бойы құлшылық етіп, Құдай жолынан ауытқымадым. Тіпті мені тақуа деп есептеген Аден мен Үндістаннан келген жолаушылар дұғама өздерін қосуымды да сұрады...

Ажырасқыңыз келсе – таңдауды сізге қалдырдым

Соңғы хатыңызда басыңызға бостандық беруімді сұрапсыз… Қалауыңыз осы болса, кінә арта алмаймын. Иә, мені ұзақ күттіңіз. Жаратқан тез арада үйге оралуыма көмектесе ме, жоқ па – оны да айта алмаймын, себебі сізге құр қол бара алмайтыным анық. Сондықтан, басыңызды босатқыңыз келсе, қарсы келмеймін деп шештім. Ендігі таңдау – сізде. Ажырасқыңыз келсе, басыңыз бос. Бұл сіздің қалауыңыз болмаса да, ұзақ уақыт күткен үмітіңіз ақталмай қалса, ертерек ажырасуым керек еді, қанша уақытты бос өткізіппін деп өкінбесе екен деймін.

Өтінерім, мені жазғырмаңыз... Сізді ешқашан жек көрген емеспін, арыма кір жұқтырғысы келген адамдардың суық сөзінен сізді де, өзімді де қорғау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасағанымды айтқым келеді... Ұзақты күн жүрегім сыздап, айырылысатынымызды ойлап, жұбанар емес. Осы хатты жазып отырып та жүрегім қан жылайды. Дегенмен таңдау сізде; бәрі де сіздің қолыңызда: ажырасам десеңіз де, жоқ, жолымыз екіге айырылмай-ақ қойсын десеңіз де, соңғы сөз – сіздікі. Өтінемін, бәрін ақыл таразысына салып көрсеңіз. Жақсы адамдармен ақылдасып көріңіз. Содан кейін ғана нақты бір қадам жасасаңыз жақсы болар еді. Оң шешім шығаруыңызға Құдай жәрдем етсін!

Дереккөз: S. D. Goіteіn, Letters of Medіeval Jewіsh Traders (Prіnceton, NJ: Prіncetonс Unіversіty Press, 1973), pp. 222–225.

Сыни пайым

Хат саудагер мен әйелінің арасындағы байланыс туралы ақпарат бере алады деп ойлайсыз ба? Хатқа қарап саудагер мен әйелінің қарым-қатынасын қалай сипаттар едіңіз? Оның әйелі неге ажырасқысы келеді және күйеуі әйелінің бұл талабын неге қолдайды? Күйеуі хатты әйеліне неге жібермеді? Үндістан мен Аден қай жерде және неге саудагер дәл осы маңға келді? Көпес Үндістаннан үйіне қандай тауар жіберуі мүмкін?

1147 жылы Муаххидун берберлері таулардан асып, бірнеше жыл ішінде Испанияны кесіп өтіп, онсыз да шатқаяқтап тұрған Мурабиттер үкіметін құлатты. 1151 жылы олар Алжир мен Туниске шабуыл жасады (12.3-картаны қараңыз). Бұл Бербер империясы Жерорта теңізінің батыс алабын толық алып жатқан еді. Берберлер өздерінің алдыңғы буынынан сәл ғана ауқымдырақ жерлерді бағындырды. Мурабиттер секілді, Муаххидундар көшбасшыларының екінші буыны дінге деген ықыласын жоғалтты және олардың теологтары кертартпа бола бастады. Негізінен, діни топтар арасындағы қарым-қатынасқа шақырған ертеректегі испан мұсылман билеушілерімен салыстырғанда, Муаххидундар еврейлерді Испаниядан кетуге мәжбүрлеп, ығыстырып, қудалады. ХІІІ ғасыр басында Леон мен Кастилиядағы христиан әскерлері Еуропаның бірқатар бөліктерінен сауыт киген батырларды жинап, Муаххидундар аймағына басып кірді. Бірнеше онжылдықтан кейін олар, шалғай оңтүстіктегі және тауларды байланыстыратын Гранада патшалығы мен Гибралтар бұғазындағы бірнеше бекіністерден өзге, мұсылмандар билейтін Испанияның бүкіл аумағын басып алды. Осы ғасыр соңына қарай, Солтүстік Африкадағы Муаххидундар билігі де құлады.

Мурабиттер және Муаххидундар мемлекеттері, Селжүк империясы секілді, қысқа ғұмыр кешті. Осы аралықта, екі ғасырға жуық уақыт ішінде олар Испания мен Солтүстік Африка арасында тығыз мәдени байланыстарға серпін берді. Мароккоға қарағанда анағұрлым көбірек қалаға шоғырланған Испания (Андалусия) халқы өнер, қолөнер, ас мәзірі, таңдаулы дәмдерге деген ерекше талғамды қалыптастырып кетті. Мұсылман және еврей ғалымдары, қол­өнершілері бұғаз арқылы тез өтіп, испан мәдени үлгісін Солтүстік Африкаға кең таратты. Оңтүстік Испанияны христиандардың басып алуы да мыңдаған мұсылман мен еврейлерді Солтүстік Африка қалаларына қоныс аударуға мәжбүрледі, нәтижесінде олар дарыны мен тәжірибесінің арқасында пайдаға кенелді.

Африка мен Еуропадағы Муаххидундардың (Әлмохадтар) мешіттері. ХІІ ғасыр соңында Марокко мен Испанияда Муаххидундар әулетінің сәулетшілері мешіттеріне алып, төртбұрышты мұнаралар салды. Марокконың қазіргі астанасы – Рабаттағы Хасан мұнарасы (сол жақта) одан да биік етіп қалануға тиіс еді, алайда құрылыс аяқталмай қалды. 1248 жылы қаланы христиан әскері басып алғаннан кейін Севильядағы Хиральда (оң жақта) мешіті мен мұнарасын шіркеуге айналдырды. ХVІ ғасырда Испания құрылысшылары бұрынғы мұнараның үстіне шіркеу мұнарасы – қоңыраухана қосты. Екі құрылыстың да формасы қатаң, алайда оған геометриялық үлгідегі арканы білінер-білінбес етіп, ойып салған. Екі ғимарат арасындағы ұқсастықты жақсырақ көру үшін Хиральданың қоңырауханасын қолмен жауып қараңыз.

Қос мұнаралы медресе. Сүннит мұсылман ғалымдары мен шәкірттері Шығыс Анадолыдағы Ерзурум қаласындағы медресеге жоғары білім алу үшін барды. Мұнда діни және құқықтық пәндерден дәріс тыңдады. Медресені 1260 жылдары салған.

Мұсылман елдеріндегі мәдени үрдістер

ХІ–ХІІ ғасырларда Испаниядан Солтүстік Үндістанға дейінгі аумақта билікті қолына алғандар – мұсылман атты әскер қолбасшылары, малшылардың ұлдары немесе немерелері еді. Дегенмен олар сәнді қала өміріне бірден бейімделіп кетті және теология, ғылым, сәулет өнері мен әдебиетте шығармашылық жарысқа түсті.

Білім беру. Шешуші жаңалықтардың бірі – медицина, заң және діни білімді жетілдіруге арналған жаңа мұсылман білім беру институттарының қалыптасуы еді. Араб тілінде «медресе»107 (MAH-drahs-uhs) аталатын бұл білім беру мекемелерінде ғалымдар мен студенттер білімін жалғастыру үшін өмір сүріп, бірге жұмыс істеді. Оқу бағдарламасы Құранға, Мұхаммед пайғамбардың хадистеріне, теология, логика, риторика, грамматика мен сүнниттік ислам заңдарына негізделді. Медреседе ақ тақиялы профессорлар студенттерге дін мен шариғаттан, негізінен, исламның өткені туралы рухани-моральдық ақиқатты беру мен сақтау мақсатында білім берді. Медреселер билеушілер мен дәулетті тұлғалардың құдай жолына жасаған құрбандығы арқасында қызмет етті. Бірқатар білім мекемелері сәулетші және көркемөнер шеберлерінің алып ескерткіштеріне айналды.

Медреселер әлеуметтік-адамгершілік тұрақтылықты ұстап тұруға жауапты үлемдер, қазылар, заңгерлер, мешіт қызметкерлері, ғұламалар, кітапханашылар және хатшылар дайындайтын институт ретінде қызмет етті. Білім орталығы, сондай-ақ зияткерлік жиналыстар алаңы да болды, онда құқықтық сарапшылар ислам заңдарын (шариғат) талдап, жүйеледі. Сүннит түркі сұлтандары медреселерді шиит қағидаларымен күресу үшін қалыптастырды. Бұған қоса, шиит Фатимидтері Мысырдан қуылғаннан кейін Каир батыс мұсылман жеріндегі басты сүнниттік «университет қаласына» айналды.

Ғылым және философия. Медреселер, әдетте, гуманистік білім немесе табиғат пен ғарыш туралы зерттеулер жасамады. Ғалымдар осы салаларда білімін бейресми және жеке жетілдіруді жалғастыра берді. ХІ–ХІІІ ғасырларда олар география, фармакология, ботаника, медицина, оптика, математика, астрономия саласындағы білімдерін жинақтайтын және кеңейтетін көптеген жазбаларды араб-парсы тілдерінде бірдей жазды. Сол кезеңде мұсылман зиялы қауымы, негізінен, космополиттік көзқарасты ұстанды. Олар білім, кітап, дәулетті басшылар мен мемлекеттерден жалақы төлейтін жұмыс, қазы, діни институттар іздеп, көп саяхаттады. Білімді еврейлер мен христиандар бұл желіде маңызды орынға ие болды.

Үш үлкен ғалымның өмірі мемлекеттік қызмет пен ғылымның тоғысқанын көрсете алады. Әбу Райхан әл-Бируни (973–1048) қазіргі Өзбекстан аумағында дүниеге келді. Ауғанстан мен Солтүстік-Батыс Үндістандағы Ғазнауидтердің аса талантты билеушісі, Махмұд сұлтанға қызмет етті. Әл-Бируни Оңтүстік Азияға тәуелсіз және басқыншылық экспедициясына ілесе жүріп, сол зерттеуінен үнді мәдениеті мен қоғам туралы баяндайтын «Үндістан кітабын» (The Book of Іndіa) жазады. Ол бірнеше тіл білді, математика, астрономия, металлургия, медицина, тарих және философия туралы барлығы жүз елуге жуық еңбек жазды. Батыс мұсылман аймағында ибн Рушд (Аверроэс) (1126–1198) Муаххидундар билеушілерінің қолдауымен Марокко мен Испанияда философиялық зерттеулер жүргізді. «Табиғи құқық, рационалды және мәңгілік ұстанымдар табиғат пен ғаламның жұмысына жетекшілік етеді» деген ерте Ислам ілімінің аспектілерін кеңейтті. Сонымен бірге, бұл заңдар өз жаратылыстары үшін Құдайдың жоспары барын дәлелдейді. Медреселердегі мұсылман теологтары «Құдай өз еркімен әр сәт сайын, ұшқан құстан жарық жұлдызға дейін, барлық құбылысты жаратты» деп, бұл көзқарасқа қарсы болды. Ибн Рушд Платон мен Аристотельді латын тілінен аударып, пікір білдірді. Христиандық Еуропада табиғи философия ілімінің дамуына зор ықпал етті. Еврей ойшылы Моше бен Маймон (1135–1204) – ибн Рушдтің замандасы. Ол да Испания тұрғыны, Каирдегі Салахаддин патша сарайында дәрігер болды. Ол еврей заңын жүйелеп, одан кейінгі барлық еврей іліміне ықпал еткен теологиялық және философиялық еңбектер жазды.

Суфизм және исламның үздіксіз таралуы. Басқыншылар, ғалымдар, көпестер – барлығы да Исламның кең таралуына ықпал етті және суфизмді ұстанушылар мен әулиелер де сол жолда болды. Исламның тылсым бағыты суфизм – сүнниттер мен шииттер үшін де аса маңызды. ХІ ғасырдан кең тарала бастаған сопылық ілім адамдарға рухани ақиқатты түйсікпен түсіну үшін нұсқау беруге күш салады. Христиандық және иудаизм монотеистік діндері де мистицизм108 тәжірибесі мен қағидасын қосты. Жалпы айтқанда, мистикалық ілімде шынайылықты суреттейтін нақты дін бағытындағы ақырғы шындықты білу мен оған қосылу тәртібінде жеке адамның жетілуі үшін қоғамдық мораль және міндет пен жол-жора жасау жеткіліксіз. Тарихи жазбалар, медитация, монастырьдағы қауымға қосылу немесе дәруіш ретінде табиғат аясында өмір сүру белгілі бір деңгейде исламның христиан мен буддистік дәстүрлерге бейімделуі деуге де болады, ол өзін-өзі шектеу мен терең берілу арқылы рухани жетілуге шақырды.

Руханиятты іздеушілер жиі киетін жүн киімді жамау үшін араб сөзінен шыққан ұғым – суфизмнің негізінде екі идея жатты. Біріншісі – жеке адам жүрегіндегі және ақылындағы Құдайды тануға мүмкіндігі. Екіншісі – сенуші адам хақ жолына түсіп, жаратқанның нұрын шашып тұрған және оны өзгелермен бөлісе алатын, қасиетті ұстаздан немесе «Құдайдың достарынан» көмек алуы. Осындай қасиетті адамдардың жетекшілігімен, мұсылмандар Құдайға махаббатын білдіру және оны сезіну үшін арнайы құлшылық немесе естен тандырар жоралғылар жасап, мистикалық оқулықтардың тереңіне сүңгіді.

ХІІ ғасырға қарай діни секталар мен ресми ұйымдардың ішінде қасиетті ұстаздар мен олардың шәкірттерінің бейресми бірлестігі болды, олардың мүшелері Құдайды сезіну үшін белгілі бір тылсым «бағыттарға» түсті. Шіркеу секілді, сопылық діни орталықтар тек ұжымдық құлшылық қана емес, діни білім, қайырымдылық және жолаушылар үшін пана да ұсынды. ХІІІ ғасырға қарай сопылық тәртіп пен үйлер мұсылман елдерінің барлығында құрылды және сопы ұстаздар билеушілерге моральдық және саяси ықпал көрсете бастады. Әйелдер үшін сопылық бағыт, негізінен, олар мемлекеттік қызмет – зияткерлік мойындаудан шет қалдыратын, патриархаттық әлемде рухани жетекшілік пен діни болмысын көрсету үшін алаң ұсынды.

Сол дәуірдегі сопы ойшылдарының арасында Иран ғалымы Әбу Хамид әл-Ғазали (1058–1111) биік мәртебеге жетті. Ол селжүктер басқаратын Бағдатта заң білгірі қызметін атқарды, өмірін сопылық өмір салты мен теологиялық еңбек жазуға арнады. «Дін ғылымының қайта өрлеуі» (The Revіval of the Relіgіous Scіences) еңбегінде ол діндарлық өмір үшін нұсқаулық ұсынады. «Құлшылық пен жол-жоралар – таза болу деген сөз емес, механикалық әрекеттер, алайда Құдайды мәңгілік сезінуге қол жеткізу құралы», – деп жазады ол. Өмірбаянында ол күнделікті күйбең тірліктен рухани жаңғыруға дейінгі сапарын суреттейді: «Құдайға құлшылық ету және атаққұмарлықтан арылу арқылы дүниені сақтауға тырысу рақатынан үміттенбейтінім өзіме аян. Бұл маған анық дүние еді. Оған байлықтан, мансаптан бас тарту және ұзақ уақыт талап ететін шытырманды жағдайлардан қашу арқылы ғана қол жеткізуге болатын»6. Әл-Ғазали философиялық және ғылыми зерттеулердің құндылығын мойындады, алайда ол адамдарға Құдайдың бар екенін сезінуде мұның көмектесетінін жоққа шығарды. Ол көп ғибадат жасаумен бірге тылсым тәжірибесін сенімді түрде қатар қолданды және суфизмді мұсылман өмірінің негізгі арнасында қосудың жолын ашты.

Сопы ұстаз және ақын. ХІІІ ғасырдағы мұсылман дәруіші және ақыны Жәлеледдин Руми өлеңдері бүгінгі таңда да кең таралған. 1500 жылдардың соңында салған бұл көріністе Руми жоғарыда, сол жақта малдас құрып, шәкірттерінің ортасында отыр.

Сопылық қуаттың үйлесімін иелене отырып, жаңа басқыншылар мен мұсылман саудасының желісін таратты. Ислам ХІ–ХІІІ ғасырда Батыс Африка Суданында, Анадолыда, Еуразияның ішкі өлкелерінде, Оңтүстік Азияда және Үнді мұхиты алабында кең тарала берді. Тек Испания мен Жерорта теңізіндегі бірқатар аралдарда ғана христиан сарбаздары мен мұсылмандардың дін қызметіндегі күштері олардың дінінен бас тартты.

Еуропадағы қала өркениетінің негіздері

ОЙЛАН: Еуропада 1000–1250 жылдар аралығында экономикалық өсімге, қалаға шоғырлану және әскери қуаттың күшеюіне әкелген факторлар қандай?

ХІ ғасыр ортасында Испанияның орталығындағы Толедода мұсылман ғылымының көрнекті өкілі Сахид әл-Андалуси «Ұлттар санатының кітабы» (Book of the Categorіes of Natіons) деген еңбек жазды, мұнда ол Еуропаның солтүстік бөліктерінде тұратын халықтарды суреттейді. Өйткені олар суық және бұлыңғыр климатқа шыдайды, әл-Андалуси: «Олар салқынқанды және мінез-құлқы нашар. Дене тұрқы ебедейсіз үлкен, түстері боп-боз, шаштары жалбыраған. Олар жалқаулық пен надандықты жеңсе де қалжырап, ақымақ бола түскен»7, – дейді. Солтүстік Еуропа жайлы мұндай ауыр бейнелеу – сауыт киген ер адамдар тобы, негізінен, бір-бірімен жауласып жататын, шағын қалалар мен білімі аз жер ретінде хабарлама алған жоғары білімді қалалық адамның соқыр сенімдерін әшкерелейді.

Еуропада б.з. 1000 жылында жалпы халық саны шамамен отыз миллион болғаны сөзсіз, бұл аймақтың басым бөлігі Рим империясына қараған 800 жыл бұрынғы халықтан шамамен он төрт миллионға аз. Қалалар мен қатаң орталықтанған мемлекеттер аз болды. Сөйте тұра, әл-Андалуси тым асыра жазып қана қойған жоқ, оның суреттемесі де ескірген еді. Х ғасыр соңына қарай, батысеуропалықтар керемет әлеуметтік және саяси тәртіп бағытында, біркелкі болмаса да, үмітке толы үдерісті бастаған еді. Мұсылмандар, мажарлар және Еуропаны бұдан бұрынғы екі жүз жыл бойы қиратып келген викинг тонаушылары осы аймаққа не орналасты, не кетіп қалды. Феодал лордтар жүздеген елді мекенде салыстырмалы түрде тыныштық орнатты (11-тарауды қараңыз). 1000–1300 жылдар аралығында Еуропа халқы 30 миллионнан – шамамен 50 миллионға өсті. Сауда орталықтары пайда болды және бірқатары қала ішінде өркен жайды (12.4-картаны қараңыз). Осы үш жүз жыл ішінде, мысалы, Париж халқы он есе өсіп, 200 мыңға жетті.

12.4-КАРТА. Еуропа пен Жерорта теңізі аумағы. 1200 жылдар

Шығыс Еуропадағы үлкен мемлекеттермен салыстырғанда, Батыс Еуропада шағын мемлекеттер санының өсуін қандай факторлар түсіндіруі мүмкін?

Медресе – негізінен исламның діни және құқықтық мәселелерін тереңдей оқытуға арналған орталық.

Мистицизм – жеке адамның рухани ақиқатты, медитация, құлшылық ету, зерттеу немесе ақыл-естен тану арқылы құдайдың шындығын сезіну; сондай-ақ мистикалық дін, білім беру немесе тәжірибе жасау.

Соқаның қайырмасы. ХІІ ғасырға тән мына суретте еуропалық шаруа отбасы екі өгізді соқаға шегіп, жер жыртып жүр. Дөңгелегі бар соқаның темір қалақшасы немесе жерді жыртатын кетпені топырақтың ішінде тігінен тұр. Темір бөлгіш арықты көлденеңінен топырақтан тазартады және топырақты алып, аударып тастау үшін соқаның қайырмасын күшпен итереді. Соқаның үш бөлігін суреттен көрсете аласыз ба?

Жылы ауа райы, бітік шыққан егін

Біраз қорды иелену арқылы ауылшаруашылық өнімдерін ұлғайтқаннан кейін, Еуропада халық санының өсу мүмкіндігі молайды. Жергілікті деңгейдегі ең жақсы саяси тұрақтылық – астық егу мен жинауда кедергілердің аз болуы еді. Кейбір жаңа ауылшаруашылық әдістері, Батыс Еуропаға кең тарап кетті, оның бірнешеуі Афроеуразияның өзге бөліктерінен келді. Олардың арасында төрт дөңгелекті күйме, құрылысы жетілген су диірмені, темір таға, жылқылардың мойнына ауыр салмақ түсірместен жүк тартуға мүмкіндік беретін ыңғайлы жүген қолдану технологияларын да атай кетсек болар. VІІІ ғасыр басында шаруалар астық егу мен қопсытуды анағұрлым тиімді ету үшін топырақтың ауыр шымдарын кесіп, атыздың ішінен жерді жыртатын, Шығыс Еуропада ойлап табылуы мүмкін соқаның түрін де қолдана бастады. Жерорта теңізі аймағы қолданбайтын бұл құрал салыстырмалы түрде топырақтың жұқа қабатын жыртуға жарап, Еуропа аймақтарындағы ауыл шаруашылығының мүмкіндігін ашуға көмектесті. Фермерлер үш ауыспалы егістікті қолданды, бір алқапқа – көктемде, екіншісіне – күзде егін егіп, үшінші егістікті құнарын қайта қалпына келтіру үшін жыл бойы ештеңе екпеді. Бұл әдіс жердің тозуын азайтып, астық түрлерін көбірек өсіруге мүмкіндік берді. Солтүстік Атлантикалық жылы кезеңнің Қытайға әсер еткені секілді, Солтүстік Еуропада да өсу маусымының – ұзақ, ал жаздың – құрғақ болуына ықпал етті. Бұл фермерлерге өздері қолданып жүрген жерден алатын өнімді ұлғайтуға жағдай жасады. Скандинавияда астық егетін фермерлер өркендеді, жүзім жинаушылар Ұлыбритания мен Польшада шарап өндірді. 800–1200 жылдар аралығында Батыс Еуропада астық шығымы екі есеге ұлғайды және астық мол болған жылдары фермерлер базарда сату үшін де артық өнім өндірді.

Өнім ұлғайған сайын сауда мен өндіріс те өсті. Еуропада Қытайдағы канал желісі секілді, құрылыс салу үшін не жұмыс күші, не арнайы білім жоқ еді. Бірқатар кеме жүзетін өзендер теңізден құрлыққа тереңдей еніп, астық, балық, ағаш материалдары, темір және тас секілді тауарларды кеме арқылы арзан бағада тасымалдауға мүмкіндік берді. Балтық теңізіндегі, Солтүстік теңіздегі және Атлант мұхиты жағалауындағы айлақтарда теңізшілер кеме құрылысын жетілдіріп, дауылға бейім сулар арқылы жүкті қауіпсіз жеткізе алатын биік, доғал пішінді кемелер құрастырды. Еуропада ақша анағұрлым кең қолданыла бастады. Монархтар мен лордтар жеке монеталарын соқты, Византия мен мұсылман валюталары Италияда айналымға шықты.

Батыс Еуропада екі аймақта қала өндірісі өркендеді. Оны бірі – Фландрия, арасында Брагес пен Гент те бар (қазіргі Бельгияда), қала кластері экспортқа арнап киім тікті. Солтүстік теңіз бойында Лондон осы қалалармен тығыз байланыста болды, олардың саудагерлері өңделмеген ағылшын жүнін иірушілер мен тігіншілерге жеткізіп отырды. Қалалардың екінші кластері Солтүстік Италияда бой көтерді. Венеция, Генуя мен Пиза Солтүстік Еуропаны Жерорта теңізіндегі қозғалыспен байланыстыратын айлақтар ретінде ХІ ғасырда гүлденді. Осынау жағалаудағы қалалардың бұл жетістігі өз иеліктеріндегі жүн, сауыт және өзге де өндірістерін экспорт нарығы үшін жетілдірген Флоренцияның, Миланның және басқа қалалардың өркендеуіне ықпал етті.

ХІІ–ХІІІ ғасырлардағы Францияның теріскейінде орналасқан Шампань аймағындағы сауда орталықтары Солтүстік Еуропа мен Италиядан келген саудагерлер үшін маңызды кездесу орнына айналды. Шампаньның ақсүйек билеушілері жыл сайын төрт түрлі қалада кезек-кезек өткен алты коммерциялық жәрмеңкеге демеушілік етті. Ақсүйектер сауданың бейбіт өтуіне кепілдік берді, адал келісімшарттар жасауы үшін шенділерді тағайындады, жәрмеңкеге әкелетін жолдардың бойында қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Бұл қызметтердің қайтарымы ретінде олар саудадан алым-салық пен жалдау ақысын жинады. Фламанд көпестері жүннен тоқыған киімдер, түскиіздер және аң терісін саудалады. Италиядан Жер­орта теңізінің заттары және аса алыс аймақтардан экзотикалық тауарлар жетті. Сатып алушылар әсіресе Азия жібегіне, дәмдеуіштерге, фарфор мен медициналық заттарға құмартты. Жартышар деңгейінен қарағанда, Шампань мен Сун әулеті басқаратын Қытайдағы жәрмеңкелер ортақ коммерциялық сауда торын байланыстырды.

Саяси өмірдегі жаңа тәртіп

ХІ–ХІІІ ғасырларда еуропалық саясат тарихында бірқатар билік иелері экономикалық өсу жылдарында жер мен ресурстар үшін қызу бәсекеге түсті. Корольдер, патшалар, ханзадалар, барондар, Папалар және епископтар «Батыстағы христиан әлемін қалай басқару керек?» деген мәселеде әртүрлі және көбіне қарама-қайшы идеялар ұсынуымен ерекшеленді.

Қасиетті Рим империясының шекаралары. Үш ірі саяси эксперимент бір уақытта жүрді. Бірі – жалғыз діншіл монархтың басқаруына бүкіл христиандық әлемнің бірігуін елестету. VІІІ–ІХ ғасырда Франк империясын қайта билеген король Ұлы Карл осындай одақ туралы армандады (10-тарауды қараңыз). Бұл Папа Қасиетті Рим императоры (11-тарауды қараңыз) деген атақ берген неміс королі І Оттоның да үміті еді. Оның тақ мұрагерлері ІІ және ІІІ Отто бұл атақты иеленді, алайда олардың билігі Орталық Еуропа мен Солтүстік Италиядан әрі таралмады. Одан кейінгі буындарда неміс ақсүйектері тәуелсіздіктерін жариялап, Орталық Еуропаны бірнеше бәсекелес князьдіктерге109 бөлді. Сонымен қатар Италия мен Сицилияны бақылау мақсатындағы әскери науқандар империя ресурстарын тауысып, ақырында сәтсіздікке ұшырады. 1300 жылға қарай неміс ақсүйектері сайлаған императорлар шағын тәуелсіз билікке ие болды, алайда кейін осы атты иеленген Қасиетті Рим империясының дәуірі ХІХ ғасырға дейін жалғасты.

Шіркеу билігі. Христиан папалары Еуропаны басқаруда екінші эксперимент жүргізді. Католик шіркеуі рухани және моральдық билік құқын иеленіп қана қоймай, «император мен өзге де монархтарға ханзадаларға қатысты саяси үстемдікке иеміз» деп дәстүрлі түрде мәлімдеді. Алайда б.з. алғашқы мыңжылдығы соңында, ең басында Рим Папасы және одан төмен мыңдаған шіркеу жанындағы дін қызметшісінен тұратын пирамида құрылымы іспетті шіркеу институты нашар ұйымдасты. Дін қызметшілері әдетте сауатсыз және моральдық тұрғыдан әлсіз болатын. Еуропадағы зайырлы билеуші110 мен ықпалды ақсүйек отбасылары епископ пен монастырь басшыларын тағайындау секілді шіркеу шешімдеріне ықпал ете алды.

ХІ–ХІІІ ғасыр аралығында бірқатар зиялы және ерік-жігері мықты Папалар, әсіресе VІІ Грегори (1073–1085), ІІ Урбан (1088–1099) және ІІІ Иннокентий (1198–1216) шіркеудің шешім шығаратын иерархиясын қатаңдатуға және Құдай оларға өкілеттілікті зайырлы билеушілерге өткізу құқын береді деп талап етуге тырысты. Басқаша айтқанда, шіркеу монархтармен және ханзадалармен орын алмастыруға емес, серіктесуге ұмтылды, сөйте тұра Папа рұқсат бергендіктен ханзадалар билік тетігінде отыр деп мәлімдеді. Реформалау арқылы Папалар ақсүйектер мен корольдердің араласуынсыз-ақ діни қызметкерлерді тағайындауда билікті қалпына келтіруге тырысты. Олар Римнің орталық бақылауын қамтамасыз ету үшін қайта ұйымдастырды. Олар шіркеу қағидалары мен жоралғыларын бір ізге салды, христиандық шіркеу әкімшілігін, тәжірибені, сенімді басқаратын канондық заңды111 жүйеледі. Олар дін қызметкерлері мен тақуалардан адамгершілік және зияткерлік біліктілік талап етті. ХІІ ғасырдағы дінбасылардың кеңесі «діни адамдар үйленбейді және Құдай мен шіркеуге толық қызмет етуге беріледі» деген тәртіпті қалыптастырды.

Орталықтанған монархиялар. Басқарудағы үшінші ірі эксперимент – Франция мен Англияның қатаң орталықтанған мемлекеті ретінде құрылды. Неміс монархтары секілді, бұл екі мемлекет билеушілері Риммен үнемі дауласты. Олар бүкіл христиан әлемін басқаруға қызықпады, алайда жақсы ұйымдасқан аймақтық монархияларды қалыптастырды. Корольдер (және Англияда бір королева) тікелей бақылауындағы жерлерді басып алуға және жергілікті ақсүйек отбасылардың билігін шектеуге тырысты. Солтүстік Францияда ХІ ғасырда Капетингтер әулетінің королі, Париж маңындағы аймақты және өзге бірнеше өлкені басқаратын Франк лордтары мен вассалдарының иерархиясында жоғарғы шендерді қолына жинап алды. 1100 жылдан кейін олар бірте-бірте әскери іс-қимылдар мен саяси қулық-сұмдық арқылы корольдіктерін кеңейтті. Өйткені тиесілі жерлеріндегі экономикалық өсім король қазынасын толтырды. Сауыт киген рыцарьларға, сонымен қатар арбалетке машықтанған қатардағы жауынгерлерге де қазына жинаумен айналысуына рұқсат берді. 1300 жылға қарай Капетингтер монархиясы бүгінгі Францияның көп бөлігін бақылауында ұстады. Олар корольдік саясатпен қақтығысқа түсе алатын жергілікті саяси мүдделері бар, ежелден келе жатқан ақсүйек отбасыларға аса тәуелді емес, орталық әкімшілік пен тұрақты жалақы үшін мемлекетке қызмет етуге тырысатын, қарапайым сауатты адамдарды қаржыландырды. Король бұл шенділердің көпшілігін көбейтіп бара жатқан, ақша тапқыш, қалалық тап немесе буржуазия112 өкілдерінің арасынан жалдады. Сун әулеті билейтін Қытай секілді, бұл шенділер орталық мемлекеттің қорғалуы мен мықты болуы үшін идеологияға толық берілуі керек деді. ХІV ғасырдан билеушілер мерзімді түрде Парижде Кеңес шақырып, қала тұрғындары, діни қызметкерлер мен лордтардың саяси және қаржылық ақыл-кеңестерін тыңдады. Бас Штаттар деген атпен белгілі бұл құрылым демократиялық заң шығарушы орган болған жоқ, алайда ол король сарайы мен қоғамдағы анағұрлым ықпалды дауыстардың арасындағы әлеуметтік-саяси байланысты нығайтты.

Шахмат фигураларындағы ортағасырлық әлеуметтік тәртіп. XІІ ғасырға тән, морж сүйегінен жасалған жетпіс сегіз шахмат фигурасының тоғызының суретін бердік. Олар Шотландияның солтүстік-батысындағы Луис аралынан табылды. Екі ладья – сарбаз және күзетші пішінінде. Екі пешканың геометриялық көлемі ұқсас. Өзге бес фигураны король, патша, епископ және батыр ретінде анықтауға көмектесетін қандай сипат бар?

Екінші мықты монархия Англияда пайда болды. 1066 жылы Нормандия (Францияның солтүстік-батысы) билеушісі, викинг басқыншыларының француз тілінде сөйлейтін ұрпағы герцог Вильгельм (Wіllіam) ертедегі Англияда англ-сакс королін құлатып, билікке ие болды. Сол үшін Вильгельм жауынгер вассалдарына жаулап алған аралдан ауқымды жерлер сыйға тартты. Келесі бірнеше ғасырда, жергілікті билікті ұстап тұрған және алып тас қамалдар тұрғызған осы жауынгерлер табы англ-сакс отбасыларымен қыз алысып, ағылшын тілін үйреніп, ерекше англ-норман ақсүйектерін дүниеге әкелді.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Король ІІ Филипп, Француз мемлекетінің негізін қалаушы

Франция королі ІІ Филипп Англия королі ІІ Генриді Ле-Маннан қуып шықты

ІІ Филипп (1180–1223) немесе Филипп Август ұзақ билік құрған жылдарда Францияда корольдік өкімет жаңа нығаю деңгейіне көтерілді. Әкесі VІІ Людовиктен кейін, он төрт жасында таққа отырды. Филипп туыстары мен қуатты ақсүйектердің корольдік үшін жауапкершілік алмақ болған талпыныстарына түбегейлі қарсылық танытып, әуел бастан құқық заңдарына сай билік құрды. Ол әкесінің корольдік билікті орталықтандыру миссиясын жалғастырды және өз бақылауындағы жерлерде басқару тиімділігін арттырды.

Сондай-ақ Филипп Еуропа құрлығында ағылшын корольдігі иелік еткен аймақтарға шабуыл жасап, ақсүйектерді келісім-шарттар мен неке арқылы әдіс-айла қолданып, көрші герцог иеліктерін біріктіре отырып, Франция аумағын кеңейтті. Англиямен жиырма жыл бойы соғысты және ақырында әскерін Францияның оңтүстік-батысындағы Аквитания аймағынан өзге барлық жерден қуып шықты. Англия королі Арыстан жүрек Ричардтың Сирияға жасаған Үшінші Крест жорығына қосылу үшін 1190–1191 жылдары соғыс қимылдарын тоқтатты. Еуропалық рыцарьлардың әскерімен бірлесе Акр (Ако) айлағын мұсылман билеушілерінен тартып алды, алайда екі корольдің арасы тез суыды. Ричардқа қарағанда анағұрлым үнемшіл әрі зерек Филипп француз мемлекетінің мүддесін тиімді түрде қорғады.

Филипптің қайтпас мінезі, ұшқыр ойы және дипломаттық айла-шарғысы көп көмектесті. Ол ауыл шаруашылығы, өндіріс және саудаға дем берді және корольдіктің қорғанысын күшейтті. Қазынаны қарызға батырудан гөрі, өсіммен сақтай отырып, корольдігінің қаржылық негізін қалады. Оның басқаруымен француз үкіметі шектеулі билігі мен тәртібі, құжат жүргізу талаптары бар шенділер иерархиясы ретінде қалыптасты және кәсіби қызмет істеуге мәртебесі бар, бірақ дарыны жоқ ақсүйектер емес, буржуазия мен ақсүйектердің білімді де тәжірибелі мүшелері қабылданды. Ол әкесі билік құрған кезде басталған ғажайып Нотр-Дам кафедралының құрылысын жалғастырып, бірқатар көшелеріне тас төсеп, Парижді көркем астанаға айналдыруға талпынды. Ол Париж Университетінің арнайы жарғысын113 қабылдады және ХХ ғасырда жақсы жұмыс істеп тұрған институт – Ле-Аль (Les Halles) орталық базарын салды.

Ортағасырлық ақсүйектер мен корольдер секілді, Филипп саяси одақтарды жалғау үшін отбасын құрды. Алайда оның отбасылық өмірі керемет еді дей алмаймыз. 1190 жылы қайтыс болған алғашқы әйелі Изабельден кейін, Дания королінің қызы Ингеборгамен отау құруға келіседі. Екеуі танысқан күні үйленеді, алайда Филипп белгісіз себептермен, Француз католик шіркеуінің қолдауымен, тез арада ажырасып кетеді. Одан кейін ол ақсүйек әйел Агнес де Мюранға үйленеді де, екі бала сүйеді. ІІ Иннокентий Папа Ингеборгамен ажырасқанын мойындаудан бас тартады және Франция корольдігіне тыйым салады, яғни француз шіркеулері заңды түрде көпшілік мерекелер өткізе алмайтын болады. Агнес 1201 жылы дүние салды, Филипп батыл шешім қабылдап, Ингеборгаға қайта қосылды.

Филипптің жетістіктері оның басқарушы, дипломат және әскери қолбасшы ретіндегі мүмкіндіктерін көрсетті. 1214 жылы ол Францияның оңтүстік-шығысында Бувин шайқасында жеңіске жетіп, Британ, Фландрия және неміс әскерінің анағұрлым үлкен одағын тізе бүктірді, Нормандияға француз тәуелсіздігін мойындатты. Ол монархияның аумағын екі есе ұлғайтты және бұрынғы билеушілер қол жеткізбеген пайдаға кенелді. Еуропа құрлығының батысындағы Франция саяси үстемдігіне қатысты қандай да бір күдікті жойды.

Сыни пайым

Филипптің мысалын қаперге алып, қуатты орталықтанған мемлекет құру үшін ежелгі монархтар қандай қадамдар жасады деп ойлайсыз?

ХІІ–ХІІІ ғасырда бірқатар монархтар, әсіресе ІІ Генри (Henry; 1154–1189 жылдары билік құрды) корольдік сот жүйесін қалыптастыру және бүкіл құрылымды реттеу үшін ортақ үлгідегі заң немесе жалпы заң қабылдауға дем беру арқылы орталық билікті нығайту үшін жұмыс істеді. Қабілетті француз корольдері секілді, епті ағылшын-норман билеушілері аса үлкен жер иеленуші отбасылар мен христиан дінбасыларын және ұлғайып келе жатқан қалалардағы өркен жайған буржуазияның біріге қызмет етуіне жағдай жасады. Осылайша, корольдер мен ақсүйектер үздіксіз шиеленіскен қарым-қатынаста болды. 1215 жылы Англияның ірі барондары Франциядағы айырылып қалған аймақтары үшін әділ түрде кінәлай отырып, король Иоанды (John) Еркіндіктің ұлы хартиясы немесе Ұлы хартияға қол қоюға мәжбүр етті. Бұл құжат корольдік билікке қарсы ақсүйектердің дәстүрлі құқығын бекітті және монарх тек ақсүйектердің келісімімен ғана салық ала алады деген жазбаша өкім берді. Ақсүйектер бұл қозғалысты ірі саяси өзгеріс деп емес, статус-кво екенін тағы бір рет растау деп қарастырды.

Франциядағы секілді, король лордтардың, рыцарьлардың, епископтар мен корольдік офицерлердің Кеңесін мерзімді түрде шақырып отырды. Тек Бас Штаттардың орнына, ағылшын парламенті деп аталған құрылым салық тағайындау өкілеттілігін алды. ХІІІ ғасыр соңына қарай парламент жаңа заңдар жаза бастады. Монархтың ықпалды адамдардың тұрақты ассамблеясымен бірге одақтаса билеуі туралы идеяның дүниежүзінде басқа еш жерде баламасы жоқ еді, алайда ол билеуші мен парламент арасындағы күш тепе-теңдігі үшін бес жыл бойы бәсекеге түсті.

Князьдік (prіncіpalіty) – егемен мемлекет немесе тәуелсіз аймақ, әдетте салыстырмалы түрде шағын болады, оны жоғары дәрежедегі ақсүйек атағы бар тұлға басқарады, мысалы, ханзада, ханша, герцог, герцогиня.

Зайырлы билеуші (secular ruler) – христиан дәстүрінде шіркеу билігін жүзеге асырмайтын және дін қызметшісіне ықылас танытпаған монарх немесе өзге билеуші; рухани басшымен салыстырғанда өзгеріп отырады.

Канондық заң (canon law) – әсіресе шіркеу әкімшілігі, моральдық іс-әрекет, құлшылық ету мен сенімде маңызды дін ұстану немесе христиан шіркеуін реттейтін ережелер және заңдар кодексі.

Буржуазия – қалада тұратын қолөнершілер, көпестер және банкирлердің әлеуметтік санаты, олар ауыл шаруалары мен ақсүйек таптың арасындағы позицияны иеленді; қазіргі тілмен айтқанда «орта тап» өкілдері.

Жарғы – мемлекеттік немесе өзге саяси билік жеке тұлға, қала, одақ немесе өзге ұйымға айрықша қызметті жүзеге асыру үшін арнайы құқық, болмаса басымдық беру.

Батыс христиандығының кең таралуы

Еуропаның қақ ортасында адамдар жаңа қала өркениетін салып жатқан ғасырларда, өзге еуропалықтар – рыцарьлар, фермерлер, қолөнершілер, көпестер, дін қызметшілері, тақуалар, тақуа әйелдер – католиктік христиан әлемінің көлемін ұлғайтумен болды. Түрлі топтардағы еуропалық басқыншылар мен қоныстанушылар секілді, бұл жаулаушылар христиан шекарасын үш ірі бағытта кеңейтті: шығысқа қарай – Германия­ның Эльба өзені бойында және Балтық теңізінің айналасында, оңтүстік-батысқа қарай – мұсылман Испаниясында және оңтүстік-шығысқа қарай – Жер­орта теңізі алабында. Бұл қозғалыстарда христиан рыцарьлары – шайқасушы топтар күшті атты әскер, садақ ату мен арбалет технологиясын қолданып, негізінен христиан емес халықтар тұратын аймақтарды басып алды. Жеке қорларын қамтамасыз ету және байыта түсуі мақсатында басқыншы рыцарьлар әдетте шаруаларды, машығы бар қолөнершілерді, сондай-ақ көпестер мен христиан дін қызметкерлерін ертіп, дінсіздерді шоқындыру мен жер ресурстарын пайдалануға шақырды.

Жер жетіспеушілігі басқыншылықтың барлық үш бағытында да жетекші себепке айналды. Солтүстік-Батыс Еуропада халық тоқтаусыз өсті және қараусыз жатқан жер болмады. Шетелге әскери шабуыл жасау жас аристократ жігіттер мен болашақ рыцарьларға туып-өскен жерден алыс емес аумақтағы жерді иелену мүмкіндігін ұсынды. Бірінші перзент құқығына сәйкес, жеке меншік тек қана үлкен ұлға бұйырды. Бөлініске түсетін және сатылуы мүмкін жерлерді сақтау дәстүрі – өз үйлерінен жырақта соғыс ашып, иеліктеріне жер алуға деген жас жігіттердің құмарлығын оятты. Шаруалар мен егіншілер де осы басқыншылық соғыс арқасында жаңа аймақтарға қоныс аударып, басыбайлылық құқықтан құтылып, үлкендеу фермаларды иелену мүмкіндігін құр жібергісі келмеді. Бизнеске бейім лордтар ферма тұрғындарын заңдық құқық пен өзін-өзі басқару деңгейін қамтамасыз ететін жаңа қалалық қаулыларды қабылдай отырып, басып алған аймақтардағы экономикалық өсімді қуаттады.

Эльбадан тыс жерлерді басып алу. Эльба өзені бүгінгі Чех Республикасы мен Германия арқылы солтүстік-батыста 724 мильге созылып, Солтүстік теңізге құяды. Ол ХІ ғасырдағы Герман, Фландрия және Франк атты әскерінің Орталық және Шығыс Еуропа жазығына шабуыл жасау үшін меже сызығын белгіледі. Славян және фин-угор тілінде сөйлейтін жергілікті халықтардың (финдер, эстондар және венгрлер) осы шабуылдарды тойтаруға қажет қару-жарақтары мен жоспарланған іс-әрекеттері болмады. Басқыншылар бекініс салып, жаңа қаланы жоспарлап, неміс фермерлерін шақырды. ХІІ ғасырдағы бір сараптауға сүйенсек, шамамен 200 мың неміс шаруасы Эльбаның шығысына қоныстанып, жерді тазалап, ауыр соқамен құнарлы топырақ аударған8. Католик дінбасылары да қоныс аударып, епископтық114 құрды, шіркеу мен монастырьлар салды және жергілікті халықты пұттар мен құдай аналарынан бас тартуға көндірді.

Оңтүстік-шығыста ертеректе Ішкі Еуразия далаларынан келіп, Еуропаны басып алған айбарлы мажарлар (10-тарауды қараңыз) бірте-бірте христиан дінін қабылдап, венгр христиан монархиясын құрды. Шалғайдағы оңтүстікте грек православиесі мен католик шіркеуінің рухани өкілдері славян князьдері мен олардың бағыныштылары үшін бәсекеге түсті. ХІ ғасырдан кейін, Константинополь мен Рим арасындағы билік пен доктринаға қатысты ұзаққа созылған шиеленіске қарамастан, миссионерлер кейде біріге жұмыс істеді. 1054 жылы православ шіркеуінен тәуелсіз поптардың рухани билігіне қатысты католиктердің талабынан туындаған дау екі тарапты ресми тұрғыда екіге бөлді. Осыдан кейін бәсекелестік анағұрлым тереңдей бастады. Ақырында, Шығыс Еуропада діни шекаралар пайда болды, бүгінде олар, негізінен, ұлттық шекараларға айналды. Грекия, Болгария, Румыния, Македония және Сербия елдері негізінен православ дәстүрін ұстанады. Хорватия, Словения, Венгрияда рим-католик діні басымдыққа ие.

Иберия (Пиреней) түбегіндегі крест жорықтары. ХІ ғасыр басында Иберияның (Пиреней) басым бөлігіндегі мұсылман билеушілері (Испания мен Португалия) басқарған Омейяд мемлекеті де (11-тарауды қараңыз) бірнеше бәсекелес патшалыққа бөлінді. Түбектің солтүстік-шығыс қиырында мұсылман әскерлері мен шағын христиан мемлекеттер лордтарының арасындағы соғыс үш жүз жылға созылды. Осы тараудың алдыңғы бөлімдерінен Мурабиттер мен Муаххидундар – ислам реформасын уағыздаған екі африкалық берберлер күші Испанияны үлкен жеңіспен басып алып, 130 жылға жуық уақыт бойы оңтүстіктегі аймақты біріктіргенін білеміз. 1000 жылдан кейін Омейядтарды жері жоқ рыцарьлардың атты әскер тобы шіркеудің қолдауымен оңтүстікке қарай ығыстырды. Пиреней крест жорығы мерзімі және әрекеті жөнінен де христиандардың Шығыс Еуропаға шабуылымен ұқсас еді. Екеуі де әртүрлі жауынгерлер тобын тартты – франк, фламанд, неміс, ағылшын, итальян және испан рыцарьлары – барлығы да әскери мүмкіндіктерін сынап көріп, жерді басып алуға асықты. Сарбаздар түбектегі анағұрлым жылдам өсіп бара жатқан христиан корольдіктері – Леон-Кастилге, Арагонға немесе Португалияға қызмет ету үшін жұмысқа тұрды.

Басқыншылық екі ірі кезеңге бөлінді. Біріншісі – 1080 жылдан 1150 жылға дейін жалғасты, ол уақытта христиан рыцарьлары Испанияның орталығынан мұсылмандарды қуып шықты. Екіншісі – 1212 жылдан 1265 жылға дейін жалғасты, мұнда үш ірі корольдік күштерінен тұратын әскер Муаххидундар әскерін жылдам тықсырып, Кордова, Валенсия, Севилья және өзге де ірі қалаларды басып алды. Гибралтар бұғазындағы бірнеше мұсылман анклавтары мен шағын Гранада ғана тәуелді болып қалды.

Шығыс Еуропадағы науқандар секілді, Испаниядағы мұсылман аумағын басып алған корольдер христиан фермерлерін жаңа шекараға көшіп келуге шақырды. Билеушілер елді мекендер салып, оларға христиандарды қоныстандырған офицерлерді марапаттады және жаңа қалаларға арнайы қаулы беріп отырды. Шығыс Еуропамен немесе Пиренейдің солтүстігімен салыстырғанда, христиан басқыншылары келгенде түбектің оңтүстігі қалаларға шоғырланып үлгерген еді. Бірқатар қалаларда жаңа әміршілер мұсылман азаматтарын қуып, босаған мүліктерді ақсүйектерге, монастырьларға және зейнетке шыққан солдаттарға таратып берді. Дей тұрғанмен миллиондаған мұсылман мен еврей басқыншылық кезеңінде Испанияда қала берді. Діни шекара бойындағы күнделікті бейбіт істер, христиандардың араб тілін үйренгені, мұсылманша киіну, әдеп және тамақ дайындау үлгісін алғаны туралы қолымызда сенімді дәлелдер бар. Леон- Кастилия әскері Орталық Испанияны басып алғаннан кейін, Толедо мен өзге де бұрынғы мұсылман қалаларындағы ислам, еврей, христиан ғалымдары бірігіп, грек және араб ғылымдары мен философиялық еңбектерін талқылап, оларды латыншаға аударуын жалғастырды. Дегенмен Испанияда христиандану мәдениеті бірте-бірте дами берді, мұсылмандар мен еврейлер түрлі деңгейдегі қысымның әсерінен немесе испандықтардан басқаша құтылуға тырыса отырып, христианға айналды немесе айналған түр көрсетті. Христиан билеушілері осы азшылыққа бағытталған діни және саяси анағұрлым қатаң саясат қабылдаған ХІV ғасырда бұл үрдіс жеделдей түсті.

Кресшілер Жерорта теңізінің шығысында. Батысеуропалық кресшілер Жерорта теңізінің шығыс алабына 1030 жылы шабуыл жасады, жері жоқ норман жауынгерлері, яғни Францияның шығысындағы Нормандиядан келген рыцарьлар Оңтүстік Италияға ағылды. Осы жерден олар Сицилияға басқыншылық жасап, мұсылман үкіметін қуып шықты. 1095 жылы реформатор ІІ Урбан Папа мұсылман түркілерге қарсы тұруға Византия императорына көмектесті, Батыс Анадолы арқылы Константинополь бағытына шабуыл жасады. Іс жүзінде ІІ Урбан негізінен Исаны креске керген және ол қайта тірілген қала ретінде еуропалықтар ұмтылған Иерусалимді басып алуға қызықты. Қасиетті жерге қарулы крест жорығы Иерусалимге бағытталған католик зиярат етушілерді қорғау мақсатында және жері жоқ, бірақ менмен рыцарьларды жаңа әскери шекараларда бағын сынап көруге шақыру арқылы Еуропаның саяси тұрақтылығын нығайту үшін қажет еді. Бұған қоса, Византияны қорғаудағы Папаның дүрмегіне қарамастан, католик және православие шіркеулері іс жүзінде екіге бөлініп кеткен болатын. Кресшілерді демеу арқылы Папа ислам дінінің негізгі жерлерінде дінді сенімді түрде насихаттау ғана емес, сондай-ақ грек шіркеуіне қарсы жетістікке жету мүмкіндігін де құр жібергісі келмеді.

Крак де Шевалье. Еуропалық госпитальер рыцарьлары алып бекіністі Сирияның солтүстік-батысында, ХІІ ғасырда салды. Қорған жағалаудағы кресшіл мемлекеттердің бірі – Триполи аймағының шекарасын қорғауға көмектесті. Госпитальерлер қорғанды 1142 жылдан 1271 жылға дейін, мұсылман әскері қуып шыққанша ұстап тұрды.

1096 жылы батыс христиан әлемінен 50– 60 мың аралығындағы адам, олардың арасында 6000 – 7000 рыцарь бар, Оңтүстік-Шығыс Еуропа арқылы Константинопольге, одан кейін Сирияға қарай сап түзеді. 1099 жылы олар Иерусалимді алып, мұсылмандар мен еврей тұрғындарды жаппай қырды. Бұл науқан екі жүз жыл ішіндегі жеті ірі крест жорығының алғашқысы еді. Олардың барлығы да Қасиетті жерді жеңіп алып, ұстап тұру туралы мұраттарын жариялады, алайда іс жүзінде еуропалық рыцарьлар жер мен байлық ұсынатын Жерорта теңізіндегі кез келген жерді басып алуға құмартты. Алдыңғы тараулардан байқағанымыздай, Селжүк империясының құлауы христиан күштеріне Сирия мен Палестина жағалауларына кресшілердің шағын мемлекеттерін орнатуға мүмкіндік берді. Бұл еуропалық отарлардың ақсүйек жетекшілері ірі ауылшаруашылық иеліктерін адал рыцарьларға бөліп берді. Алайда батысеуропалық шаруалар, Шығыс Еуропа немесе Испаниядағы көші-қонмен салыстырғанда, Сирия мен Палестинаға аз көлемде барды. Оңтүстік-Батыс Азия сол кездің өзінде тығыз қоныстанған еді, оның жартылай құрғақ табиғаты мен белсенді суармалы ауылшаруашылық жері соқамен жер жыртатын француз және неміс фермерлерін қызықтыра қоймады.

ХІІ ғасырда Италияның теңіз саудагерлері Венециядан, Генуя және Пизадан кресшіл мемлекеттерге қару-жарақ, соғыс жылқыларын, жауынгерлер мен зиярат етушілерді үнемі тасымалдап тұрды. Уақыт өте Бірінші крест жорығына дем берген діни жалын аймақтарды жаулап алудың тікелей идеологиялық негізіне айналды. 1191 жылы Англия королі І Ричард Грекияның христиан аралы – Кипрді жаулап алды. Тамплиер және госпитальер рыцарьлары (иоанниттер) тақуаларды соғыс қимылдары барысында жаңа діни тәртіп қалыптастырып, Грекияның өзге аралдарын басып алды. Бұл уақытта еуропалық флоттар Мысыр мен Солтүстік Африканың жағалаудағы қалаларына қауіп төндірді. 1204 жылы Төртінші крест жорығының әскері Қасиетті жерді толық айналып өтіп, христиандық Константинопольге шабуылдап, Византия императорын Анадолыға қашуға мәжбүр етті. Христиан аристократтарының бірлестігі мұнда жаңа кресшіл мемлекет құрып, оны жарты ғасырға жуық уақыт биледі. Византия күштері қайта топтасып, 1261 жылы қаланы қайтарып алды.

Испаниядағы науқанмен салыстырғанда, шығыс кресшілері алғашқы мақсаттарына жетпеді. Еуропалықтардың Оңтүстік-Батыс Азияға тереңдей енуіне артық қорлары болмады және Салахаддин басқарған мұсылман атты әскері Иерусалимді 1187 жылы қайтарып алғаннан кейін, кресшіл мемлекеттер қорғанысқа көшті. 1291 жылы мұсылман күштері Сирия жағалауындағы соңғы еуропалық бекініс – Акрді басып алды. Сөйте тұра, шығыстағы кресшілер ұзақмерзімді саяси және экономикалық маңызға ие болды. Кипр, Крит және Эгей теңізі маңындағы өзге де аймақтар жүздеген жыл бойы батысеуропалықтардың қолында қалды. Бұған қоса, Шығыс Испания секілді кресшіл мемлекеттер мұсылман елдерінен Батыс Еуропаға білім жеткізуші арна ретінде қызмет етті. Мысалы, италиялық кәсіпкерлер коммерциялық нарық үшін қант қамысын қалай өсіруді және техникалық күрделі диірмен құрылысына қажет өндірісті мұсылмандардан үйренді. Еуропалықтар қант жасау технологиясын бірінші болып кресшіл мемлекеттерде сынап көрді. Осыдан кейін бұл өндіріс Жерорта теңізінің батыс аралдары арқылы Испанияға тарады.

Епископтық – католик шіркеуі ұйымында епископ билігіне бағынатын аудан.

Жерорта теңізіндегі еуропалық коммерциялық мемлекет

Солтүстік Еуропадағы экономикалық өсім мен кресшілер тудырған бизнес италиялық көпестерді бұдан бұрынғы бірнеше ғасыр бойы мұсылмандардың және грек Византиясының кеме теңіз тасымалына қызмет еткен Жерорта теңізінің ішкі өлкелеріне басқыншылық жасауға итермеледі. Венеция, Генуя және Пиза секілді, Италияның барлық тәуелсіз қалалары маңызды рөл ойнады. Италиялық кеме жасаушылар корпусы доғал жүк кемелері мен шағын галералар жасады. Бұл айлақтар Сирия шынысын, Үндістан бұрышын, қытай фарфоры мен Батыс Африка алтынын Солтүстік Еуропаға кеме арқылы тасымалдау орталығына айналды. ХІІ ғасырда парсы географы Закария әл-Казвини Солтүстік Еуропадағы Рейн өзеніндегі бір қала (Майнц болуы мүмкін) туралы былай жазады: «Ол қайран қалдырады, алайда Батыстың ең шетінде Шығыстың ең бір қиырында табылуы мүмкін дәмдеуіштер – бұрыш, қалампыр, зімбір, нард, костус, галингел (хош иістің бір түрі), барлығы да сансыз мөлшерде көп»9. Еуропадан Жерорта теңізі нарықтарына астық, ағаш материалдар, тұз, темір, тері, алтын, күміс құймалар және ХІІ ғасырдан бастап ұлғая түскен Фландриядан немесе Солтүстік Италиядан тігілген дайын жүн киімдер шығарыла бастады.

Зиярат кәдесыйы. Христиан зиярат етушілері қасиетті жерлерге сапарлағанының естелігі ретінде арзанқол кәдесый – төсбелгілер сатып алды. Қасиетті Кентербери архиепископы Томас Векет 1170 жылы кісі қолынан қаза табарынан аз уақыт бұрын Франциядан Англияға тез оралды. Кейінірек Кентербери шіркеуі танымал зиярат ету орнына айналды.

Генуялық және венециялық көпестер де өз қалаларындағы кемешілерге агент немесе қожайын ретінде қызмет ете отырып, мұсылман және христиан айлақтарының қауымын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Генуялық диаспора немесе сауда қоныстарын ауыстырушылар Жерорта теңізі алабына таралып кетті, бұл уақытта венециялық көпестер Шығыс Жерорта теңізі айлақтарына қоныстанды. Алайда италиялықтар мұсылмандар мен гректерге тән емес бағытта сауда және әскери күш қолдана отырып, үлкен ойындағы рөлдерін өзгертті. Венеция үкіметі коммерциялық кәсіпкерлерді қаржыландырды, оларға әскери күшпен қолдау көрсетті, шетелдік айлақтар мен аралдарды басып алды және мұсылман немесе византиялық билік өкілдеріне шетелдік көпестерге коммерциялық басымдық беруі үшін қысым көрсетті. Ауқымды Жерорта теңізі аймағын басып алуға Венецияның жеткілікті әскері болмады, алайда ол сауда-саттық айлақтарының империясын құрып, әскери-теңіз күзеті арқылы қорғанды. Генуяның үкіметтік емес жеке кәсіпкерлері сауда кәсіпорындарын ұйымдастырды. Мемлекет кемелерді жиһазбен қамтып, операцияларды кеңейту үшін қаржылай демеу болды. ХІІІ ғасырдан бұл екі қала-мемлекетте Жерорта теңізіндегі сауда үшін бәсекелестік күшейе берді. Бұл уақыт аралығында мұсылман және грек көпестері негізінен қарақшылықпен немесе жергілікті жағалаудағы кеме жолымен күнелтті.

Батысеуропалық мәдени үлгі

ХІ ғасырдағы Еуропада монархиялар, князьдіктер, қала-мемлекеттер, тілдер мен этникалық топтар күрделі түрде, қым-қуыт араласып жатты. Дегенмен кейінгі үш жүз жыл бойы еуропалық айрықша мәдени үлгі, жаңа афроеуразиялық өркениетпен бірге бір қалыпқа ене бастады. Католик шіркеуінің белсенділігі Батыс христиан әлемінің ерте мәдени ықпалдастығын көрсетті. Реформашыл дін қызметкерлері қағидалар мен канондық заңдарды стандарттауға ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар өнер мен сәулет өнерінің белгілі бір үлгілерін насихаттады. Жаңа қозғалыстар христиан дініне сену мен адал болу үлгісін қарапайым адамдар арасына таратты. Еуропадағы қасиетті орындарға зиярат ету, Иса мен Мәриям ананы жалынды түрде құрмет тұту және қайырымдылық көмек көрсету де осы үлгі қатарына енді. Еуропа халықтары түрлі тілде сөйлегенімен, латын тілі Ирландия мен Венгрияға дейінгі аумақта дін қызметкерлері, шенділер, заңгерлер және ғалымдардың ортақ тілі ретінде қызмет етті.

Христиандық өмірді бірегейлендіруге тырысу еуропалық еврейлердің жағдайын нашарлатты. Тақуалық реформалар артқандықтан және крест жорығына деген қызығушылық өршіп тұрғандықтан, еврейлерге деген әлеуметтік төзімділік нашарлай түсті де, Папалар тіпті оларды аман сақтау жауапкершілігін мойындарына алды. ІІІ Иннокентий Папаның басшылығымен Төртінші Латеран Кеңесіне қатысушы дін қызметкерлері 1215 жылы еврейлерді кемсітетін жаңа заңдар қабылдап, оларды арнайы киім киюге міндеттеді және мемлекеттік қызметке тұруға тыйым салды. Еврейлердің сауда диаспоралары Еуропаны кең-байтақ Афроеуразия әлемімен байланыстырудың алғашқы кезеңінде маңызды рөл ойнады. Экономикалық өсім жылдамдағандықтан, еврейлер қарызға ақша беруден өзге сауда саласынан бірте-бірте қол үзді.

Мәдени ықпалдастықтың тағы бір аспектісі монастырьларды белсенді экономикалық және мәдени қызмет орталығы ретінде қалыптастыру болды.ХІІ ғасырда, мысалы, Цистерциандық монастырь тәртібі Еуропаның ауылдық және алыс аймақтарында қасиетті үйлерді ашуға машықтанды, ғұмырларын ормандарды тазалап, жерді өңдеуге арнады. Цистерциандар ХІІІ ғасыр басында Испаниядан Норвегияға және Ресей шекараларына дейін тарап кеткен жүздеген монастырьдың маңызды бірыңғай желісін жасады. Реформатор Папалар секілді, Цистерциан негізін салушылар христиан қауымын күнделікті күйбең тірліктен тазартып, рухани тыныштық сыйлауды мақсат тұтты. Монастырьлық үйлердегі өмір тақуалыққа және қаталдыққа негізделді – қарапайым тағам, қыста аздап қана жылитын баспана берілді және түгелге жуығына әңгімелесуге тыйым салынды. Сөйте тұра, Цистерциан қауымы азық-түлік пен жүн өндірушілеріне айналды және мал басын көбейту мен ауылшаруашылық технологиясында маңызды жетістіктерге жетті.

Әйелдерге арналған монастырьлар анағұрлым баяу болса да, көбейді. Цистерциандар мен өзге ерлер үстем ететін ордендер қауымның ер мүшелеріне қарағанда экономикалық салмаққа ие емес деген пікірді алға тартып, тақуа әйелдер қауымдастығының өсуіне кедергі болды және тақуа демеушілер монастырьдағы әйелдерге ақша беруге аса құлықты болмады. Ордендердің ер көшбасшылары да ғасырлар бойы әйелдер қауымының қауіптілігін айтып, мұндай қарсылықтарды ақтап алды. Бір аббат былай дейді: «Жанымыз бен тәніміздің қауіпсіздігі үшін қаулы еттік, ендігіде монастырьға ешқандай әйел баласын кіргізбейміз»10.

Христиандық Еуропадағы мәдени ықпалдасу, әсіресе элиталық деңгейде, халықтың, қалаға шоғырланудың өсуімен және сауданың кеңеюімен бір уақытта жүрді. ХІІІ ғасырда жас өркениет сауат ашудың үздіксіз жалғасуы, готикалық сәулет өнерінің салтанат құруымен және христиан, грек мұсылман ілімінің керемет үйлесіміне қол жеткізді. Бұл жетістіктерге 13-тарауда қайта ораламыз.

Қорытынды

Бірқатар өзара байланысты оқиғалар 1000 жылдар шамасын Афроеуразия тарихындағы бетбұрысты сәттер ретінде ерекшелейді. Олардың ең маңыздылары – Сун және Цзинь әулеттері билеген Қытай экономикасының жедел ұлғаюы. Қытай өзге елдер қалайтын тауарларды өндірді және ішкі нарығы экономикасы секілді ұлғайды, өзге жеке факторларға сәйкес трансжартышарлық сауда байланысын теңдессіз деңгейде дамуына ықпал етті.

Қытайдың экономикалық өсімімен қатар жүрген, бірақ шағын деңгейдегі екінші оқиға – Еуропадағы саяси тұрақтылық пен экономикалық қайта өрлеу. Батыс Рим империясы құлағаннан бері Жерорта теңізі байланыс аймағы тұңғыш рет Батыс Еуропаны толық қамти отырып, солтүстік және солтүстік-батыстан тысқары аймақта кеңейді. Шын мәнінде, еуропалықтар Жерорта теңізіндегі сауда желісіне еніп қана қоймай, одан кейінгі екі жарым ғасыр бойы үстемдік етті. Бұған қоса, Еуропа өркениеті, негізінен, католик шіркеуі мен латын тілі арқылы қалыптасты, аймағын кеңейтті, рыцарьларды қалыптастырды және қоныс аударушы шаруалар Шығыс Еуропаның ішкі өлкелерін, Пиреней түбегін басып алды, Жерорта теңізінің шығысында аздаған табысқа жетті.

Үшіншіден, орталық мұсылман елдері ХІ–ХІІ ғасырда түркі атты садақшылары отбасымен, салымен, сансыз малымен жорыққа шығып, саяси аласапыранның қақ ортасында жүрді. Түркі атты әскер қолбасшылары ІХ ғасырдағы Аббасидтер империясының ауқымында біртұтас мемлекет құруға тырысты. Алайда бұл жоба сәтсіз аяқталып, ХІІ ғасырдың соңына қарай Мысырдан Солтүстік Үндістанға дейінгі аймақта түрлі мемлекеттер бой түзеді. Олардың көпшілігін түркі әскери элитасы биледі. Ішкі Еуразияға қарама-қайшы, Сахара шөлі көрші ауылшаруашылық жерлерін толтыруға мүмкіндігі бар көшпелі малшылардың үлкен конфедерациясын ешқашан құра алмады. Алайда түркі қозғалысымен бір мезгілде бербер тілді жауынгерлер Солтүстік Африканы ғана емес, мұсылман Испаниясын да басып алу үшін ХІ ғасырда Батыс Сахарадан жорыққа аттанды. Африка және Еуропа құрлықтарының шекарасы – Гибралтар бұғазы келесі екі ғасырда кішігірім саяси және мәдени маңызға ие болды.

ХІ–ХІІ ғасырда кешенді сауда-саттық және мәдени айырбас бірнеше алып империяға айқын тәуелді болмады. Іс жүзінде Афроеуразияда бұдан бұрынғы бірнеше ғасырға қарағанда аса көп көлемде бәсекелес шағын мемлекеттер дәуірледі. Қытай бөлініп шықты; Оңтүстік Азия бұрыннан да бар еді. Түркі қолбасшылары орталық мұсылман елдерін бөлісіп алды және бүкіл христиандық Еуропа саяси тұтас бола алмады. Монарх немесе Папа христиандық Еуропаны саяси біріктіре алмады. Батыс Африкада Сахара Мурабиттерінің жарым-жартылай шабуылы әсерінен Гана империясы әлсіреп қалды. Алайда ХІІІ ғасыр басында дүниежүзіндегі ең үлкен аймақтық империя аяқ астынан пайда болды. Бұл мемлекетті құрушы Шыңғыс хан Бүкіләлемдік әмірші деген атпен белгілі болды.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

13

Моңғол билігі дәуіріндегі Афроеуразия
1200–1350 жылдар

Әбу Мухаммад әл-Хариридің қысқа әңгімелер топтамасындағы миниатюралық суретте араб саяхатшыларының қыстаққа келу сәті бейнеленген Үйінен жырақта жүрген кезде таныс адамымен жолығысып қалатын күтпеген оқиғаға толы әңгімелер кім-кімде де бар. Жер шарында жеті миллиардтан аса адам өмір сүргеніне қарамастан, біздің заманымызда ұшақта болсын, мейрамханада болсын, таныс адамдар әрдайым ұшырасып қалады. Жылдам көлік түрлері шыққан заманға дейін адамдар үйінен көп жырақтамайтын және әлдебіреуді кез келген жерде де жиі кездестіре қоймаған болар. Бірақ керуенмен немесе желкенді кемемен ұзақ сапарға шыққан жандар баршаға белгілі соқпақпен және теңіз жолдарымен жүретін. Сондықтан үйінен мыңдаған миль жырақтағы жерлерде таныстарымен біз ойлағаннан да жиірек ұшырасқан шығар. Тұтас Афроеуразияны 1325–1354 жылдар аралығында саяхаттап кері қайтқан және содан соң осы сапары жайлы кітап шығарған марокколық мұсылман заңгер Әбу Абдулла Ибн Баттутаны мысалға алайық (13.2-картаны қараңыз). Ол Меккеге бірнеше рет қажылық жасады, Оңтүстік Азия қалаларындағы атақты ғалымдардан сабақ алды және Үндістандағы Дели сұлтанына қызмет етті. Естеліктерінде бұған дейін білетін адамдарымен бірнеше рет ұшырасып қалғанын айтады. 1346 жылы Қытайдың оңтүстік жағалауына түскен кезінде әл-Бушра есімді адамды кезіктірді. Бұл ғалым әрі көпес кісі Марокконың Сеута, яғни ибн Баттутаның туған қаласы Танжерден бар-жоғы қырық миль қашықтықтағы қаладан еді. Бір-біріне қараған соң бұл екі кісі бірнеше жыл бұрын Үндістанның солтүстігінде кездескендерін ұқты. Бұл кездесуден көп өтпей ибн Баттута Мароккоға оралды. Бес жылдан аса уақыт өткенде Сахара шөлінің (Қытайдан қарағанда жартышардың қарама-қарсы бөлігі) маңындағы қалаға барған кезде ол бір адвокатпен кездесті және қонаржайға бірге жайғасты, адвокат әл-Бушраның бауыры боп шықты. Ибн Баттута – 1200–1350 жылдар аралығында Афроеуразияны айнала саяхаттаған мыңдаған саудагер, ғалым, әскер, қажы және миссионердің біреуі ғана. Осы кезеңнің көп бөлігінде суперконтиненттің ауқымды аймақтары айтарлықтай саяси тұрақты, бұған қоса алыс аймақтар экономикалық тұрғыда белсенді еді. Бұл бұдан бұрынғы екі ғасырда байқалған ерекшелік – іс-тәжірибе алмасу көлемі мен күрделілігі тұрғысынан екі есе ауқымды болды. Тауарлардың, дәл сол секілді адамдар мен идеялар қозғалысының артуын белгілі бір деңгейде XІІІ ғасыр басында моңғол жаулаушысы Шыңғыс ханның алып мемлекет құру ісімен байланыстыруға болады. Моңғол кезеңі Ішкі Еуразиядағы мал шаруашылығымен айналысатын көшпелілерге әскери күш қолданып, басқыншылық жорықтарымен басталды. Қытайдан Иранға дейінгі тұтас аймақты бағындырып, қосып алды. Шыңғыс (CHEEN-gіhs) құрған империя ХІІІ ғасыр ортасында моңғолдар билеген негізгі төрт мемлекетке айналды. Бұл мемлекеттердің біріккен аумағы Кореядан бастап Шығыс Еуропаға дейін ұласты және бұл мемлекеттер тікелей немесе жанама түрде жүздеген миллион халықтың өміріне әсер етті. Бұған қоса, моңғол хандары сауда, қала құрылысына қолдау көрсетіп, мәдени дамуға үлес қосатын демеушілерге айналды. Бұл тарау моңғол шапқыншылығын баяндаумен басталады – Моңғолияда қалай пайда болғанын, таңданарлық әскери жетістікке қалай жеткенін және сол жетістіктің жаулап алған халыққа тигізген салдарын тарқатады. Сонымен қатар моңғол мұрагерлігіндегі төрт мемлекет оқиғаларын және олардың Шыңғыс хан мұрагерлері билігінің қол астына ауқымды аумақты бағындыру үшін жалғастырған әскери жорықтарын баяндаймыз. Тараудың екінші бөлігінде 1250 жылдан 1350 жылға дейінгі кезеңде төрт үлкен моңғол мемлекетін, билеушілердің Афроеуразияда сауда мен мәдени қарым-қатынастарға көрсеткен қолдауын қарастырамыз. Тарихшылар бұл ғасырды моңғол бейбіт заманы (латынша: Pax Mongolіca) деп атады. Бұл уақыт соғыстан едәуір азат кез еді, бірақ алып аймақта салыстырмалы түрде орныққан саяси тыныштық тауар, идея мен өнертапқыштар туындыларының алыс аймақтарға тасымалын үдетіп, бұған дейін білмеген шалғай жерлерге табан тіретті. Діни ілім мен тәжірибе де жанданған сауда бағыттары арқылы тарады. Бұл тасымалда ислам көп насихатталды. Моңғол хандары Ішкі Еуразия арқылы өтетін ежелгі Жібек жолының саудадағы алтын ғасыры болды. Дегенмен Афроеуразия теңіз жолдары арқылы теңіз саудасы да керуен көшінен көлемі мен бағасы айтарлықтай жоғары болып, өткен ғасырлардағыдай жалғаса берді. Тараудың үшінші бөлігінде Оңтүстік-Шығыс Азиядан Шығыс Африкаға дейінгі аумақта моңғол шапқыншылығынан айтарлықтай аман қалған, жаңа әрі қарқынды дамыған айлақтар, қала-мемлекеттер мен монархиялар пайда болған аймақ – Үнді мұхиты алабына назар саламыз. Төртінші бөлікте Еуропаға, яғни Х ғасырдан бастап қарқынды өскен халық саны мен мығым урбанизацияға және белсенді мәдени инновацияға бет алған аймаққа қайта ораламыз. Моңғол шапқыншылығы кезеңінде Еуропа да трансжартышардағы қарым-қатынастарда әлемнің қуатты бөлігі ретінде маңызды рөл ойнады. Рим империясының алғашқы күндерінен бастап Еуропа көпестері Жерорта теңізінің шығыс жағында аз көлемде болса да сауда жасай бастады, тіпті Қытайда да бой көрсетті. Қытай мен Оңтүстік-Батыс Азияға қарағанда, Еуропаның батыс өңірлері моңғол шапқыншылығына ұшыраған жоқ. Тараудың соңғы бөлігінде Сахара шөлінен оңтүстікке қарай қиысатын өңірге қарай өтеміз. Моңғол әскерлері Африканың ешбір бөлігіне енбесе де, транссахара сауда торабы Еуразия бағыттарына бұрынғыдан да мығымырақ байланды. Бірнеше Батыс Африка мемлекеті ұзақ қашықтықтағы сауда байланыстарын тиімді пайдаланды, әсіресе аграрлық байлыққа ие әрі көп бөлігі трансжартышарлық канал жолдарымен өтетін алтын ресурсына бай Мали мұсылман империясы өндіріс пен сауданы бұдан да әрі ілгерілетті.

13.1-КАРТА. Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейінгі Афроеуразия. 1227 жыл Жиырма жыл ішінде Шыңғыс хан дүниежүзі тарихындағы ең алып империяны құрды. Оның жаулау жорықтарының сәтті болуына қандай географиялық факторлар ықпал етті?

Моңғол империясының үстемдігі ОЙЛАН: Шыңғыс хан мен оның әскері Қытайдан Иранға дейін созылған аумақта мемлекет құруда қандай жетістіктерге жетті? 1206 жылы Шыңғыс хан (шамамен 1167–1227 жылдар) Моңғолия тайпаларын біріктірді және жиырма жылға жуық уақыт ішінде бұған дейін дүниежүзі көрмеген алып империя құрды (13.1-картаны қараңыз). Шыңғыс ханның өлімінен кейін де басқыншылық соғыстар жалғаса берді және 1260 жылы Моңғол империясы Римнің ең гүлденіп тұрған шағында қол жеткізген аймақтан шамамен төрт есе үлкен аумақты қамтыды1. Бұл алып мемлекет елу жылға жуық тұрды. 1260 жылдан соң бұл империя төрт бәсекелес моңғол патшалығына немесе хандыққа115 ыдырады. Әйтсе де олардың барлығы XІV ғасырда да немесе одан кейін де ұлы жаулаушы ұрпақтары, яғни Шыңғыс әулетінің мүшелері билігінде қалды. Бұл төрт мемлекет – Қытайдың шығысынан батысына, Ішкі Еуразияға, Оңтүстік-Батыс Азияға және Ресейге, Қара және Каспий теңіздерінің оңтүстігіндегі жерлерге шоғырланды, түрлі тілдегі және мәдени дәстүрдегі халықтарды қамтып, өздеріне тән империя көлеміне иелік етті.

Хандық – ханның басқаруындағы мемлекет; түркі немесе моңғол монархиясы.

Шыңғыс ханның жаулау жолы

Шыңғыс хан таққа отырар шақта, Моңғолия мал бағумен айналысатын 700 000 – 1 000 000 халықтың ортақ үйі болатын2. Ішкі Еуразияның малшы қоғамы секілді, моңғолдар да тайпалық жүйеде ұйымдасып өмір сүрді. Өкімет билігіне емес, әлеуметтік тұтастығы ертеректе өмір сүрген бір ер кісіге ататек тұрғысынан жалғанған топқа адал беріліп, тіршілік етті. Кейбір моңғол әулеттері ақсүйек мәртебесіне ие болды, өрісте мыңғырған мал айдады, басқа топтарға жайылым таратты және соғыстарда сарбаздарға қолбасшылық етті. Бақсылар немесе жергілікті дін адамдары да үлкен ықпалға ие болды. Өлгендер және құдайлар мен табиғат рухтары арасында делдал болған мұндай адамдар тазарту жораларымен айналысты, жорамалдар жасады және мал табынына береке тіледі. Моңғолдар әдетте табиғаттан тысқары жоғары күш – Жоғарғы Көкте деп сенді, әйтсе де Қытай конфуцийлігі секілді жоғары күш идеясын Көк деп атады. Бұл ғарыштық күштің нақты формасы болмады және күнделікті адам әрекетінен тысқары күш деп есептелді. Кейбір моңғолдар бұған қоса осы ғасырларда Ішкі Еуразияда өмір сүрген буддизм, несториан христиандығы немесе манихейлік діндерге сенді.

Моңғолдар тіршілігі үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, табын-табын ірі қара және келе-келе түйенің жазда – таулы қырат; қыста – тұрақты үстірт арасында жайылатын маусымдық қозғалыстың шеңберінде айналып жүрді. Көнбіс қойшы тамақ пен жүннің мол қорына иелік етті, бірақ жылқы малы ғана соғыс құралы саналып, иесіне әлеуметтік һәм саяси бедел сыйлады. Еңбек бөлінісінде ерлер аңшылық жауапкершілікті, бұған қоса дұшпандармен шайқасуды және олардың малы мен тұрақтарына шабуыл жасауды мойындарына алды. Әйелдер бала күтті, үй шаруасымен айналысты, үй жануарларын да бағып, көп уақытын ат үстінде өткізді. XІІІ ғасырдағы Еуропа қонағы былай деп жазды:

«Ерлер садақ атудан басқа ештеңе істемейді, кейде малға қарайды, негізінен аңшылықпен айналысады, садақ ату шеберлігін шыңдайды... Әйелдері барлығын істейді, киім, сырт киім, аяқ киім, шалбар және өзге киімді теріден илейді; бұған қоса арба айдап, жөндейді, түйелерге жүк тиейді, барлық міндетін жылдам әрі ептілікпен істейді. Әйелдердің барлығы шалбар киеді және олардың кейбірі ерлер сияқты жебе атады»3.

Моңғол спорты. XVІ ғасырдағы мына қытайлық суретте салт атты моңғолдар полоның бір түрін ойнап жүргені бейнеленген.

Жаулаушының әуелгі мансап жолы. Әуел баста оның аты Темучин (teh-MU-jіhn) еді. ХІІІ ғасырда моңғол тіліндегі «Моңғолдың құпия шежіресінде» әуелгі өмір жолы жайлы нұсқа қолымызда бар. Темучин – ақсүйек отбасының өкілі. Жас кезінде әкесі саяси сипатта өлім құшты, отбасы мен өзі малсыз және қолдаусыз қалды. Тағы бір дерек былай дейді: Темучинмен қастасқан туыс ру өкілдері оны тұтқындады, кісендеді немесе ажырғыға салды (ауыр ағаштан жасалған, қозғалуға кедергі келтіретін құрылғымен мойны мен қолын бекітіп қою). Құпия шежіреде тұтқынға түскен Темучин қаскөйлер жеңісін тойлап болған соң, көпшілік тарағанға дейін ажырғыда қозғалмай төзіммен күткені жайлы айтылады. Соңыра күзетшіні ұрып жығып, қашып шығады да, жақын маңдағы Онон өзеніне жасырынады: «Орман жаққа қарай жүзсем байқап қалар деп іштей қауіптеніп, суға шалқая жатты да, ағыспен аға берді және ажырғыдан беті ғана шығып тұрды да, ағыспен жүзуге кедергі болмады»4. Ол осылай қашып құтылды.

Құпия шежіренің баяндауынша, мұндай ерліктер Темучиннің батыл және айлакер екенін көрсетеді. Тұтқыннан босап шыққан соң, айрықша мінезімен айналасына жас сарбаздарды топтастыра білді және соңында Моңғолияның түгелге жуық тайпаларының сеніміне ие болды. 1206 жылы тайпа көсемдерінің жиынында оны Шыңғыс хан немесе Әлем Әміршісі деп жариялады. Дұшпандарына қарсы ұстанған таңғажайып соғыс тактикасымен және әскери тұтқындарды дарға асып, қаныпезерлігімен көзге түсті. Сонымен қатар күйрей жеңілген мыңдаған сарбазға қорған да болды әрі жылқылар мен өзге соғыс олжаларын әділ үлестіріп, тұтқынға түскен жау сарбазын жақтасына айналдырды.

Дала қоғамында мал жаятын тайпалардан құралған үлкен одақ көсемдері жайылымды кеңейтіп, жылқы санын көбейтіп және қолға тұтқын түсіруге жағдайы жетіп тұрған уақытта ғана билікке үмітті еді. Моңғол конфедерациясын уысында ұстап, сақтау және жаулап алу үшін Шыңғысқа жаңа мақсат көздеу керек болды. 1209 жылы ол садақшыларын оңтүстікке қарай, Жібек жолының шығыс бөлігі мен сол тұсқа шоғырланған гүлденген шұратты жайлаған тибеттіктер тектес көшпелі малшы таңғұттардың Си Ся (Shі Shyan) мемлекетіне қарсы аттандырды. Таңғұт билеушілері мойынсынып, салық төлеуге мәжбүр болды, ал Шыңғыс олардың мыңдаған сарбазын атты әскеріне қосып алды. Екі жыл өткен соң саны артқан әскерін Гоби шөлі арқылы Солтүстік Қытайға алып келді де, ұзақ жылдарын Ішкі Еуразия көшпенділерінің бұған дейінгі жолымен сарбаздарын Сары өзен жазығындағы қалалар мен ауылдарды тонауға жұмсады. 1215 жылы Шыңғыс Цзинь әулетінің солтүстік астанасын басып алды, бұл билік басындағы топ солтүстік Сун әулетін сонау 1127 жылы тақтан тайдырған еді (12-тарауды қараңыз). Бейжіңнен онша қашық емес жердегі бұл қаланы басып алу бұдан кейінгі әскери жорықтарға жол ашты. Цзиньнің әскері көп болғанымен, өздері де Солтүстік Қытайға жат жұрттық басқыншы ретінде билік басына келгендіктен, басымдыққа ие Қытай тұрғындарының қолдауына ие бола алмады. Нәтижесінде, моңғолдар біраз қытайды өз жағына шығарып, садақшылар мен тәжірибелі әскери мамандарды бауырына тартты. Тіпті осы артықшылықтарға қарамастан, Солтүстік Қытай үшін соғыс жиырма жылға жуық уақытқа созылды.

Шыңғыс хан. Бұл портретті салған суретші қолбасшы өлген соң бір ғасыр немесе одан да көп уақыт кейін өмір сүрген. Жеңімпаз ханның қандай да бір айрықша тұлғасы осы суретте анық байқала ма?

Батысқа жорыққа шығу. Моңғолдар бір уақытта Қытайға және Ішкі Еуразияның орталық өңірлеріне әскери жорыққа шыққан дала жаулаушыларының алғашқысы болды. Шыңғыс хан Цзиньмен күрескен тұста басқа моңғол қосыны даланы көктей өтіп, Ішкі Еуразияның батысқа қарайғы өңірлеріндегі әлеуетті ел Қарақытай империясының аумағына жетті. Қарақытай мемлекетін 1124 жылы Цзиньнің билікке келіп, күшейген сәтте батысқа қашқан әскерилер құрған еді. 1218 жылы моңғол қосыны Қарақытай мемлекетін жойып жіберді де, Шыңғыс ханның иелігіне Жібек жолының ауқымды бөлігі мен жайылым жерлер өтті. Бұған қоса, батыс қосынына дені түркі тілінде сөйлейтін мыңдаған мерген әскерді сіңіріп алды. Расында да, бұл сарбаздар әскери күш тұрғысынан этникалық моңғолдардан саны әлдеқайда көп еді. Сондықтан жоғары шенді қолбасшылардың көбі Шыңғысқа туыс әрі жақын дос болса да, түркі-моңғол шапқыншылығы деп дәлірек айтқанымыз дұрыс.

Қарақытайды жеңген Шыңғыс хан Хорезм империясымен қақтығысты. Түркі әскерилері құрған бұл мемлекет Әмударияның (Әму өзені) төменгі шұратты алқабында, Каспий теңізінен батысқа қарайғы аймақта (қазіргі Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстан) басымдыққа ие болды. ХІІІ ғасырдың алғашқы жиырма жылында Хорезм билеушілері территорияларын адам нанғысыз көлемде ұлғайтты, атты әскерін Ауғанстан мен Иранға жөнелтіп, Орта Азияның Жібек жолы орталығы – Самарқандты басып алды.

Шыңғыс хан үш елшісін дауды шешу үшін Хорезмге аттандырған кезде түркі билеушісі Әлеуетдин Мұхаммед (1200–1220 жылдары билік құрды) олардың біреуін өлтірді және қалғандарының сақалын кесіп, кемсітті. Бұл қорлыққа жауап ретінде 1219 жылы Шыңғыс хан Әлеуетдинге қарсы атты әскерін үйіп төкті де, Орта Азия, Ауғанстан және Хорасан (Солтүстік-Шығыс Иран) халқын, бейнелеп айтсақ, отқа шыжғырып қақтады. Төрт жылға созылған бұл жорық барысында моңғолдар асқан қатыгез, баскесер екенін көрсетті. Олар Самарқанд, Мәруа мен Нишапурды, осы өңірдің алып сауда және өндіріс қалаларын тонап, отқа орады. Халық жан-жаққа босып кетті. Олар тұтас халықты қырды, тіпті білікті қолөнершілерді, жас әйелдерді, қара жұмысқа немесе жыныстық қызметке жарамдыларды да аямады. Олар он мыңдаған шаруаны өлтірді немесе асып тастады, шаруалардың егістігін мыңғырған мал тұяғына таптатты. Кейбір қалаларда олар тіпті иттер мен мысықтарды да қырып жіберді. Хорасанға басып кіргендері жайлы парсы ғалымы Ата Мәлік Жувейни: «Сән-салтанаты артқан әлем бір ғана соққыдан қуарып кетті, бұл аймақ кенезесі кепкен шөлге айналды, тірі өлікке айналған қисапсыз адамның терісі мен қу сүйегі сақырлап қана қалды»5, – деді. Құдіретті Әлеуетдин Каспий теңізі маңындағы аралға бассауғалап, сол жақта өмірден өтті.

Шыңғыстың дүниеден озуы. Орта Азия мен Солтүстік Иранды үйінді астында қалдырып, Шыңғысхан 1223 жылы Моңғолияға қайтты. Соңғы жорығында ол билеушілерін салық төлемегені үшін жазалау мақсатында Таңғұт елін қиратты. Төрт жылдан соң, шамамен алпыс жасында дүние салды және Моңғолияның батысындағы құпия бір мазарға жерленді. Қазір зерттеушілер ханның қабірін табу үшін бірнеше экспедиция ұйымдастырды, бірақ әлі күнге дейін ешқайсысы сүйінші жаңалық айта қойған жоқ.

Моңғол билігін сипаттау

Шыңғыс хан жиырма жылға жетпейтін уақытта алып мемлекет құрды, бірақ ол мұны селжүк түркілері мен Ішкі Еуразиядағы басқа да империя құрушылардың бұған дейінгі ғасырларда қолданған әдістеріне сүйене отырып, іске асырды. Яғни моңғол әскері мықты әрі күрделі садақ, найза және қылышпен қаруланған атты садақшылардан тұрды. Ауыр атты әскер деп аталған кейбір арнайы жанкешті жасақ зілдей сауыт, ал жеңіл атты әскер жылдам әрі жинақы болу үшін жеңілдеу сауыт киді. Байырғы дала жаулаушылары секілді, моңғолдар да әскері мен әкімшілік басқару жүйесін малшы, бақташы және саудагерлер есебінен қаржыландырды, мұны іске асыруға күштері жеткен әрбір сәтте Ішкі Еуразияның шығысы мен оңтүстігіндегі сауда қалаларынан салық жинаумен болды.

Моңғол империясы ХІІІ ғасыр басындағы ерекше жағдайлар әсерінен пайда болды. Ең әуелі моңғол тайпалары айрықша талантты көсем сайлады. Таққа қарай қадам басқан жас Темучин сәтсіздік пен сатқындықты аяусыз жазалай отырып, темірдей тәртіп пен құшағы кең жомарттығын шебер үйлестіре білді, тіпті ең төменгі шендегі сарбаздың жанкештілігі мен ерен ерлігін ұмыт қалдырмай, марапаттап отырды. Ол сонымен бірге Таңғұт, Қарақытай және Хорезм мемлекеттерінің барлығындағы салыстырмалы түрде әлсіз әскери үкімет пен халық қолдауының нашарлығын шебер пайдаланды. Цзинь әулетіне қатысты айтсақ, Оңтүстіктегі Сун әулетімен жүз жылға жуық уақытқа жалғасқан екеуара соғыс оларды титықтатып, далалық аймақ шабуылдары тіптен әлсіретіп жіберген еді.

Моңғолдар, негізінен, жылқыларына сенді. Бастапқы кездегі жеңістер Шыңғысқа және оның қолбасшыларына жүз мыңдаған жылқы малын қолға түсіруге мүмкіндік берді, әр сарбазға олжа жылқының тіпті бірнешеуі бұйырды. Бір тарихшы кейінгі деректерге сүйеніп, 1200 жылдары дүниежүзіндегі жылқының тең жартысы Ішкі Еуразияға тиесілі болды және оның көпшілігін түркі-моңғол әскері ерттеп мінді дейді6. Мыңғырған жылқы мінген моңғол атты әскері күніне 30 миль шақырымды артқа тастап, аяусыз шабуылдады, тіпті жау әскерінің саны едәуір басым болса да, олардан үстем түсті.

Моңғол шабуылы. Парсы миниатюрасында Шыңғыс ханның немересі Құлағу 1258 жылы Бағдатты қоршауға алған сәті бейнеленген. Алдыңғы жақтағы пирамида пішіндес екі құрылғы – сақпан.

Шыңғыс сонымен қатар кейбір аграрлық мемлекеттердің әскери технологиясын пайдаланды. Жібек жолы байланысының арқасында Қытай, Үндістан және Орталық мұсылман елдеріндегі әскери құрылғылар мен тактикалар жайлы білім Ішкі Еуразия халықтарына ғасыр бойы кең тарады. Бұрынғы өткен дала жауынгерлері ішінен Шыңғыс бәрінен де әккі болып, технологиясы едәуір күрделі дамыған қоғамдардан қару-жарақ пен әскери жаңашылдықты жақсы сіңірген болар. Бұл технологиялардың ішінде атты әскер бұзып-жарып өтуіне мүмкіндік бермейтін, қабырғаларды бұзуға арналған, қытайдың қамал қиратушы қаруы мен сақпаны болды. Шыңғыс осы күрделі технологияларды жасау және қолдану үшін білікті қытай және парсы мамандарын жалдады. Ол, сірә, оқ-дәрілі атқыш және жарылғыш қаруды қолдану үшін қытайларды жалдаса керек. Келесі ғасырда оқ-дәрі қаруы Қытайдың батысында өршіген соғыста маңызды факторға айналды.

Қытайдың тағы бір идеясын өзіне бейімдеген Шыңғыс әскерін ондыққа, жүздікке, мыңдыққа және түменге біріктірді, ұтқыр һәм бұйрық беруге ыңғайлы шағын шеңбер күйінде жасақтады. Моңғол және түркі қоғамында саяси адалдық пен экономикалық мүдде тамыры тереңге кеткен әулеттер мен тайпа одағының айналасына шоғырланды. Әйтсе де Шыңғыс әр деңгейдегі сарбазды әртүрлі туыстық топқа жинап, жақындарына бүйрегі бұрмайтындай етті және әр сарбаз әскердегі досына тәуелді болатынына кепілдік берді, бұған қоса тек Моңғол империясының істеріне өмірін толық арнау керегін ұқтырды.

Шыңғыс ханнан кейінгі моңғол басқыншылығы

Шыңғыс хан өлген соң жарты ғасыр өткенде моңғол империясы бірден екі түрлі өзгеріске ұшырады. Біріншісі, тікелей ұрпақтары мұрагерлік жолмен иеленген байлығы мен атты әскер күшін бұдан да ауқымды басқыншылыққа жұмсады да, империяны екі есеге жуық көлемге ұлғайтты. Жетістікке жетеді деп бас қолбасшы немесе Ұлы хан ретінде Шыңғыс үшінші ұлы – Үгедейді (ERG-uh-day; 1229–1241 жылдары билік құрды) таңдады. Алайда дәстүрге сәйкес, Шыңғыс тұқымынан шыққан кез келген әулет мүшесі бұл мансапқа таласа алды. Нәтижесінде тақ мұрагері жайында дау мен әулеттік дұшпандық ұзаққа созылды. Дегенмен Орталық Моңғолияда моңғол астанасы – Қарақорымды тұрғызған Үгедей мен Шыңғыс немерелерінің бірі – Мөңке (1251–1259 жылдары билік құрды) империяны ыдыратпай ұстап тұруға және шекарасын ұлғайтуға саяси білікті боп шықты. 1241–1246 жылдар аралығында Ұлы хан сайлау әулеттегі бақталастықтың шиеленісуіне байланысты тежеліп тұрған шақта, күйеуіне қолдау көрсету үшін барын салған Үгедейдің әйелі Төрегене іс жүзінде билеуші ретінде маңызды рөл атқарды.

Маңызды екінші өзгеріс – тұтас империяның бөлінуі еді. 1260 жылдары Шыңғыс әулетіндегі биліктің тәртіппен жалғасуы мен белгілі бір аумаққа бақылау орнатуға қатысты шиеленіскен дау моңғол билігінің жеке және өзара бәсекелесуші төрт орталығының пайда болуына әкеп соқтырды. Бұлар Юань (yoo-AHN) империясы (Қытайдағы хандық, 1271–1368), Орталық Азия мен шығыс далалық аймақтарындағы Шағатай хандығы (1225–1687); Қыпшақ хандығы (Алтын Орда, 1241–1502); Ирак пен Иран жеріндегі ильханат (1258–1335). Төрт мемлекет те Шыңғыс әулеті билігінің қоластындағы ел ретінде қалды және моңғол билігіндегі аумақтар ХІІІ ғасыр соңына дейін ұлғая берді (13.2-картаны қараңыз). Моңғолдар әлемді кедергісіз билеуі керек дейтін идеология үздіксіз өсе түсті.

13.2-КАРТА. Моңғол мемлекеті және көршілері. 1300 жыл

Шағатай хандығы төрт ұлы моңғол мемлекетінің ішінде экономикалық тұрғыдан ең әлсізі болғанын түсіндіруге қандай географиялық немесе экологиялық ерекшеліктер көмектесе алады?

Юань империясы: Қытайдағы моңғол үстемдігі. Моңғолдар мен Цзинь әулетінің арасындағы Солтүстік Қытайға үстемдік жүргізу үшін талас 1234 жылға дейін жалғасты. Цзинь құлаған соң, жеңіске жеткендер оңтүстіктегі Сун мемлекетімен бетпе-бет келді. Өткен үш ғасырдағы осы аймақтың таңданарлық экономикалық өсімінің арқасында Сун монархтары моңғол басқыншылығына қарсы ауқымды ресурстарға ие болды. Мөңке інісі әрі мұрагері – Құбылай ханмен (1271–1294 жылдары билік құрды) бірге тұтас Қытайды моңғол билігінің қол астына өткізу үшін шамамен 40 жылдай уақыт жұмсады. Ашық жайылымдардан гөрі тығыз орналасқан күріш өсіруші жерлері мол, бұған қоса ыстық климат әкелген аурулары көп моңғолдар өмірін жалмаған аймақ – субтропиктік оңтүстікке қарай атты садақшылар жылжыды. Дегенмен оңтүстіктегі өзендер мен жағалаулардағы сатқын қытай саудагерлері моңғолдарға теңіз соғыстарын жеңуге көмектесіп, жаулаушылар Сун әулетінің қамал-бекінісі мығым қалаларының бірінен соң бірін басып ала берді. 1276 жылы ұлы астана Ханчжоу құлады және соңғы Сун императоры үш жылдан соң қайтыс болды.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Сұрғақтан бике: ықпалды әйел

Сұрғақтан бике мен Төле. Сұрғақтан бике мен Төленің осы суреті және өзге де бейнелері, моңғол дәуіріндегі тарихи мәліметтерге бай суреттердің дені парсы дәрігері әрі тарихшысы Рашид әд-Диннің «Жәмиғат әт-тауарихінен» табылды.

Шыңғыс хан таққа отырған соң, хан әулетімен туыстық немесе неке байланысы бар әйелдер саясатта ықпалды әрі көрнекті орын иеленді. Сұрғақтан бике – осы әйелдер ішіндегі ең дарындысы болған шығар. Шыңғыс хан соғыста жеңген көшпелі қолбасшының қарындасы болған ол жаулаушының төрт ұлының ең кенжесі Төлемен неке қиды. Төленің өмірінің көп бөлігі әкесімен бірге қан майданда өтті. Отауына, жас әйелінің қасына сирек келген де болар. Бұл уақытта әйелі жұбайының жоғын білдірмей жері мен малын дұрыс басқарып отырды.

Төле 1229 жылы Шыңғыс ханнан екі жылдан соң, Сұрғақтан бикені төрт ұлымен жесір қалдырып, дүниеден озды. Ол сол кездің өзінде саяси ықпалға ие болып үлгергені күмәнсіз. Өйткені Төленің үлкен ағасы әрі Ұлы қаған ретінде Шыңғыстың мұрагері саналған Үгедей Қытайдың солтүстігіндегі ірі аумақтың уәлилігін сыйға тартты. Үгедей Сұрғақтан бикеге баласы Күйікке тұрмысқа шығуға ұсыныс айтты. Ол сыпайы түрде бас тартты да, мұнысын төрт баласына білім беру мен оларды тәрбиелеу бар уақытын алатынымен түсіндірді. XІV ғасырдағы парсы тарихшысы Рашид әд-Диннің айтуынша, ол Үгедейге былай деген: «Балалар ер жетіп, ер мінезді әрі тәуелсіз болып аяққа тұрғанға дейін өсіріп, оларды өте әдепті етіп тәрбиелеу жайлы ғана ойлаймын. Кейбіреулер бір-бірін жек көріп, жікке бөлінуі мүмкін, кикілжіңге жол бермесе бұлардың одағы ұлы істерді жүзеге асыруы ықтимал»7.

Алайда ұлы істер жүзеге аспас бұрын Сұрғақтан бикеге дұшпандарына қарсы билік күшін құруына тура келді. Оның ең қатал дұшпаны Үгедейдің әйелі және Күйіктің анасы – Төрегене қатын еді. Үгедей қайтыс болған соң Төрегене қатын жылдар бойы сарай істерінде үстемдікке ие болды, тіпті баласы Ұлы қаған (1246–1248) ретінде қысқа мерзімде билікте болған тұста да үкімін жүргізді. Бұл уақытта Сұрғақтан бике уақытын күтіп моңғол қолбасшыларымен және Күйік әулетінің дұшпандарымен одақ құрды.

Сұрғақтан бикенің саяси билігі 1251 жылы моңғол ақсүйектерінің құрылтайы үлкен ұлы Мөңкені Ұлы қаған ретінде тағайындаған кезде жемісін берді. Рашид әд-Диннің көзқарасы мынандай: «Ол әрдайым туыстарымен және жақындарымен келісімге келіп, оларға тарту-таралғы мен сыйлық беріп отырды... сондықтан Күйік хан өлген кезде ерлер қағанаттың тізгінін Төле мен Сұрғақтан бикенің үлкен ұлы Мөңке ханға беруге қатысты бір пікірде болды»8. Өкінішке қарай, үш баласы қандай жетістіктерге жететінін көре алмай, Сұрғақтан бике келесі жылы қайтыс болды. Мөңке империяны сегіз жыл табысты басқарды және шекарасын кеңейтті. Екінші ұлы Құбылай 1260 жылы Ұлы қаған атанды және Қытайды жаулауды аяқтады да, отыз жылдай билік құрды. Оның үшінші ұлы Құлағу Иран мен Ирак жерінде моңғол қағанатын құрды.

Рашид әд-Дин Сұрғақтан бикені: «Айрықша ақыл иесі және қабілетті жан еді, әлемдегі барша әйел затынан бір саты жоғары тұрды»9, – деп көрсетті. Басқарушы және саяси тұлға ретінде ол екі түрлі саяси модельді жасап шықты. Бұл модельдерді кейінгі моңғол билеушілері де назарға алды. Солтүстік Қытайдағы өзі басқарған аймақта егіншілік жерлерді мал жайылымына айналдыруды қолдамады, ұзақ мерзімді басымдық тұрғысынан алғанда қытай егіншілері жылқы мен қой өсіруге қарағанда қазынаға молырақ салық түсіретінін көре білді. Құбылай таққа отырғанда көбіне Сұрғақтан бикенің ұстанымын өзгертпеді. Сұрғақтан бикенің діни көзқарасы да кеңірек болғанын атап өту парыз. Шыңғыс әулетінің көрнекті әйелдері секілді ол да несториан христиандығын ұстанды. Бірақ ол даосизм өкілдеріне, буддистерге және мұсылман құрылымдарына ақшалай және моральдық қолдау көрсетті, бодан елдердегі халықтың ықыласына бөленді. Барлық діндегі миссионерлер мен саудагерлердің Жібек жолы бойымен еркін саяхаттауына мүмкіндік беретін атақты моңғол стратегиясының, бастамашысы ретінде ол кез келген құрметке лайық.

Сыни пайым

Моңғол саясатына араласушы әйел ретінде Сұрғақтан бикенің білігін қалай сипаттар едіңіз?

Құбылай хан «ата-тек» деген мағына беретін Юань деген әулеттік атты қабылдады, бір жарым ғасырдан бері бірінші рет солтүстік және оңтүстік Қытайды біріктірді. Әскери рухты қолдан бермей, әулеттік бәсекелестерге қарсы орнын қорғау үшін тақта отырған кезде жанкештілік танытты, оңтүстік-батыстағы, яғни шалғайдағы Юньнань аймағын Юань мемлекетіне қосты, Бирмаға шабуылдады және Вьетнам мен Яваға қарсы теңіз флоты экспедициясын жөнелтті. Бұған қоса, моңғол үстемдігін таулы Корей елінде де орнықтырды, бұл жақтағы Корио әулетінің билеушілері салық төлеуге келісті.

Кореяны бағындырған соң Құбылай және оның қолбасшылары күріш экономикасы, қалалары арқылы Қытай айлақтарымен сауда-саттық жанданғанын білгендіктен, корей бұғазы арқылы шығысқа қарай Жапонияға көз тікті. ХІІІ ғасыр соңында Камакура әулетінің (1185–1333) сегундары (бас қолбасшысы) жапон билігін қолға алғандай болды, бірақ олар қарқынды түрде аймақтық жер иесі ақсүйектер мен олардың самурайлардан құралған жеке әскерлерінің алдында билігін жоғалта берді. Аграрлық байлық пен саяси әлсіздік мидай араласқан бұл жүйе мазасыз Құбылайды кем дегенде Жапонияның бір бөлігін болса да басып алуға итермеледі. Құбылай корей күштерін біріктіре отырып қимылдауға бет алды. Ол аралдарға теңіз арқылы екі шабуыл ұйымдастырды, біріншісі 1274 жылы, екіншісі 1281 жылы, екі жағдайда да мыңдаған қытай кемесі соғысқа араласты. Жапон садақшыларының шеберлігі мен ішінара соққан теңіз дауылы бөгет болып екі жорық та сәтсіз аяқталды. Екінші шабуыл кезінде жапон камикадзелері «тәңір дауылы» деп атаған Тынық мұхит тайфуны басып кіруші флот кемелерінің көп бөлігін қиратып кетті. Осыдан соң Жапония моңғол шапқыншылығынан аман қалды, дегенмен басқыншылық жорықтардың бетін қайтаруға кеткен ауыр шығын келесі ғасырларда аралдағы саяси жүйесіздікке әсер етті.

Шалғайдағы батысты жаулау және Алтын Орданың құрылуы. 1230 жылдардың ортасында моңғолдар Цзинь әулетін құлатты. Бұл өз кезегінде әскерді батысқа қарай, салыстырмалы түрде ылғалды Еділ өзенінің батысындағы жерлерге, ерте ғасырларда ғұндар, мажарлар мен өзге де көшпелілер басып өткен жорық бағыттарына қарай жаңа шабуылға шығуға жол ашты. Русь патшалығы (11-тарауды қараңыз) басқыншылар үшін тартымды олжа ұсынды. Қара теңіздің солтүстігіне қарай өзен жазығына шоғырланған викингтер құрған бұл мемлекет ХІ–ХІІ ғасырларда шағын Киев сауда бекінісін тамаша православие христиандығының астанасына айналдырды. Әйтсе де 1200 жылы Киевтің аумағы кіші болды және славян шаруаларының салығы үшін бәсекелесуші аймақтық орыс князьдіктерінің үстінен билік жүргізетіндей ықпалды күшке де ие емес еді. Қыпшақтар ретінде танымал түркі тілдес көшпелілер батыс тараптағы шүйгінді жерлерде мал шаруашылығымен айналысты, бірақ олардың мықты тайпалық конфедерациясы болмады. Осы жағдайды тиімді пайдаланған Шыңғыстың немересі Бату Русь жеріне 1227 жылы үлкен күшпен жорық жасап, қалаларды қиратты, шіркеулерді өртеді және шаруаларды қырып салды. Моңғол қаупінің жойқындығын дұрыс бағаламаған орыс князьдері жүйелі қарсылық таныта алмады. Киев 1240 жылы құлады және қыпшақ түркілері оларға жоламай қойды немесе өз есептерін ойлап моңғол тарапына қосылды.

1241 жылы моңғолдардың Венгрия жеріне қашқан дұшпан қыпшақтарды қуғындауы – Шығыс Еуропаға кең ауқымды басқыншылыққа айналды. Әскердің бір бөлігі Польшаға баса-көктеп кірген уақытта, екінші бір бөлік әскер Карпат тауларының оңтүстігіне, сол уақыттағы ірі христиан католик монархиясы болған Венгрия корольдігіне қарай жылжыды. Аймақтағы атты рыцарьлар бірігіп қорғануға көшті, бірақ моңғолдар 25 мың поляк сарбазын баудай қырықты. Бұл уақытта олардың басқа атты әскері король ІV Беланың (1235–1270 жылдары билік құрды) әскерін талқандады. Келесі апталарда моңғол сарбаздарының жорығы батысқа ішкерілеп енгені сонша, Адрия теңізіне дейін ұласты. Моңғол дауылы жайлы суыт хабар Римде және Еуропаның өзге астаналарында дүрбелең туғызды. Еуропалықтар татарлар деп атаған басқыншыларды ағылшын тақуасы париждік Мэтью былай сипаттады: «Жер бетінде құжынаған шегіртке секілді. Қалаларды қиратып, ормандарды отады, бекіністерді жермен-жексен етіп, жүзімдіктерді құртты, бақшаларды күйретіп, қала тұрғындары мен шаруаларды өлтірді. Олар христиан әлемінің шекараларына жан алғыш найзағайдай түсіп, ойран етеді, өлтіреді, барлығын қырғын өліммен қорқытып, бұған дейін көз көрмеген үрейге салады»10.

Моңғол қолбасшысының қола мөрі. Құбылай ханның жоғалып кеткен флотынан қалған бұл жәдігерді жапон балықшысы ХХ ғасыр аяғында тауып алған. Онда қытай және пагба деп аталған моңғол жазуымен жазған сөздер бар. Неліктен мұндай құрылғы Жапонияға жолға шыққан моңғолдың әскери кемесімен бірге жөнелтілген болуы мүмкін деп ойлайсыз?

Шығыс Еуропаның сауытпен сақадай қаруланған рыцарьларын талқандаған моңғолдар Германия мен Италияға да шабуыл жасай алар еді. Алайда 1241 жылы Ұлы хан Үгедей қайтыс болды да, тақ мұрагері мәселесін шешу үшін Бату жорықты тоқтатты. Моңғолияға қайтуына осы жағдай қозғау салды. Тарихшылар мұнымен қатар экологиялық себептерді де алға тартады: Венгрия мен Польшада жүз мыңдаған моңғол жылқысын ұзақ уақыт жаюға қажет жайылым жер жетіспеді. Еуропаның шалғай батысының ылғалды әрі орманды жерлері малшылар мен мыңғырған малға ешқандай да жайылым ұсына алмады.

Моңғолдар сол күйі Венгрия мен Польшаға қайтып оралмады, бірақ олар Ресейде орнығып қалды. Бұл жерде Бату және оның ұрпақтары Қыпшақ хандығының негізін қалады, орыстар кейінірек оны Алтын Орда деп атады (билеушінің әскери қосыны орналасқан жердегі сары түсті шатырына байланысты айтқан болуы мүмкін). Хандар орыс христиан князьдіктерін өз жайымен қалдырды, бірақ оларды саяси тұрғыдан тәуелді санады, атты әскерді салық жинау үшін жөнелтті, олардың әулеттік істеріне араласып тұрды және князьдерден әрдайым моңғол сарайына келіп төбе көрсетуін талап етті (белгілі орыс ақсүйектері жолға шығардан бұрын өсиет жазып қалдыратын болған). Әйтсе де жаулаушылықтан соң моңғол режимі орыс православ шіркеуі мен оның құрылымдарын көбіне өз жайына қалдырды.

Иран мен Ирактағы ильханат. 1256–1260 жылдар аралығында Шыңғыс ханның тағы бір немересі Құлағудың қолбасшылығындағы әскери күш Оңтүстік-Батыс Азияға қарай Жерорта теңізінің жағалауларына дейін жетті. Бұл жорықта моңғолдар үлкен империялармен бетпе-бет келген жоқ, тек бұл аймаққа екі ғасыр бұрын басып кірген түркі қолбасшыларының ұрпақтары басқаратын салыстырмалы түрде ұсақ мемлекеттер тобымен ұшырасты. Мұсылман сүннит халиф Бағдатты биледі, бірақ оның қарамағындағы әскер өте шағын аумақты бақылауына алды. Иранның шүйгінді жолын басып өткен түркі-моңғол садақшылары Тигр мен Евфрат өзені аңғарын көктей өтіп, тіке шабуылмен 1258 жылы Бағдатты алды және он мыңдаған жанды қырғынға ұшыратты11. Мұсылмандар арасында кең тараған бір аңызда халифты тұтқындаған соң, Құлағу оны кілемге орайды да, орауды жерге қойып, атты әскерінің тұяғына таптатады. Бұл оқиға Аббасидтер халифатының соңғы демі қалғанын көрсетті (750–1258).

Тынығып жатқан Құлағу. Иран мен Ирак жерін жаулап алушы моңғол билеушісі жерге жантая кеткен кезде алдына бір кесе тартылды. Ол моңғолдардың сүйікті сусыны қымыз ішіп жатқан болар. Құлағудың қиялдан туған бұл суреті XVІ ғасырға тиесілі. Суретте кеседен басқа қандай заттарды көріп тұрсыз?

Моңғолдар Сирияға да басып кірді, бірақ бұл жерде оларды тосқауыл күтіп тұрды. Аздаған жылдар бұрын ғана түркі мәмлүктері немесе әскери құлдар (11-тарауды қараңыз) Мысыр мен Сирияда билікті қолдарына алды және Мәмлүк сұлтандығын жариялады (1250–1517). Нілдің құнарлы алқабына иелік еткендіктен және Батыс Афроеуразиядағы ең үлкен қала Каирды билегендіктен бұл режим соғыс жүргізуге қажет ресурстарға иелік етті. 1260 жылы Мәмлүк атты әскері қазіргі Солтүстік Израиль жеріндегі соғыс майданында моңғол басқыншыларын ойсырата жеңді де, олардың Сириядағы ықпалын шектеді және Мысырға кіруіне тосқауыл болды. Дегенмен моңғол әскері Иран, Ирак және Анадолының кейбір бөлігін бақылауында ұстап қалды. Бұл жерде Құлағу ресми түрде Ильханат (1258–1335) деп аталған мемлекеттің негізін қалады, бұл термин билеушінің сөз жүзінде Қытайдағы Ұлы ханға бағынуын көрсететін мәртебені білдірді. Бұл режим парсы және араб тілінде сауатты, жергілікті мұсылман ғалымдары мен шенділерінің көмегімен Оңтүстік-Батыс Азияның үлкен бөлігіне билігін жүргізді.

Шағатай хандығы. Моңғол тағының төртінші мұрагерлері – Шағатай хандары Орта Азияның үлкен бөлігі мен шығыс далалық аймақтарына билік жүргізді. Қалған үш моңғол мемлекетімен салыстырғанда аграрлық базасы әлсіздеу болғандықтан, хандық байлығының үлкен бөлігін Жібек жолы қалаларынан, әсіресе Самарқаннан ағылған мол түсім құрады. Ауғанстанға әскерін аттандырған Шағатай күштері Үндістанды бірнеше мәрте қарамағына өткізуге тырысты, Дели сұлтандығындағы (12-тарауды қараңыз) түркі әскері оларды Инд жазығын тастап кетуге мәжбүрледі.

Моңғол қанішерлері: дұрыс теңеу ме?

Осы тарауда пікірін берген ағылшын тақуасы париждік Мэтью моңғолды өмірі көрмеген болуы да мүмкін, бірақ бұл оларды «адам емес, жыртқыш аң секілді, ер адамнан гөрі құбыжық сияқты»12 деп суреттеуіне кедергі болмады. Татар жаулаушылардың осы қорқынышты бейнесі ғасырлар бойы сақталып келді. Моңғолдардың бейсаналы түрде адамдарды және балаларды жүз мыңдап өлтіргенінде күмән жоқ, бірнеше аймақтардағы экономикалық өмірді аяусыз тоқыратты және қазіргі кезде құны өте жоғары болары сөзсіз өнер туындыларын, ғимараттарды және кітапханаларды жойды. Ойран салушылар мұндай қырғынды алдын ала ойластырылған тактика ретінде де қолданды. Мысалы, 1219 жылы Орта Азияға басып кірген моңғол әскерлері қамалы бар қалаларды ұзақ уақыт қоршауға алғысы келген жоқ. Өйткені он мыңдаған жылқысына жергілікті жайылымдардың шыдас бермейтінін олар білді. Енді ғана басып алған қалалардағы жұмысшы немесе құл ретінде жұмысқа жарамды емес адамдарды түгел қыра жүріп, басқыншылар жаулау бағыттарында кезегін күтіп тұрған, зәре-құты қалмаған қала тұрғындарына ұрыссыз берілуін үгіттейтін. Қала тезірек берілсе, әскер қаланы қоршаудан босатып, жылқыларды тезірек жайылымға айдап жіберетін, басқыншылар кейде қала тұрғындарының жанын сақтап қалатын. Бұған қоса моңғол түменбасылары әдетте бір аймақты қолдарына өткізген кезде, жаппай қырғын салатын. Билеушілер де, Қытайдағы Құбылай хан да ұзақмерзімді саяси жетістікке жету мемлекетке тұрақты түрде кіріс кіруіне тәуелді екенін ұқты. Cалық төлеуші шаруалар мен қолөнершілер өлтірілсе немесе әр төбеде қашып жүрсе, жетістікке жету неғайбыл. Сондықтан көптеген жерде өмір қалыпты арнасына тезірек қайта оралды.

Басқыншылар екі жүзден аса қаланы қиратқан Солтүстік Қытай да экономикалық жағынан көп зардап шекті. Үш ғасырлық қарқынды өсімнен соң, Қытайдың жалпы тұрғын саны, әсіресе солтүстікте 1200 жылдардағы 120 миллионнан қысқарып, бір ғасыр өткенде шамамен 85 миллионға дейін азайды13. Соғыс, қалалардың қирауы және аграрлық циклдің бұзылуы секілді факторлардың барлығы құлдырауға әсер еткені күмәнсіз. Осындай жағдайлардан соң, Оңтүстік Қытайда көптеген қаланы залал келтірместен қалдырған Құбылай хан әскеріне ұстамдырақ болуды тапсырды. Ол қытай жер иеленушілеріне күріш алқаптарында күріш өсіру үшін иеліктері мен шаруаларын ұстауға рұқсат етті. Сондықтан оңтүстік тараптың экономикасы көп бүлінбеді. Солтүстікте, керісінше, кезінде гүлденген, үлкен дамуды бастан кешкен темір өндірісі мүлік пен сауда шығынынан ешқашан бас көтере алмады.

Урбанизация, сауда және православие христиан мәдениеті дами бастаған орыс жеріне Батудың 1237–1240 жылдарғы қаһарлы шабуылы аймақты бір-бірімен жалғасқан дағдарыс тұңғиығына түсіріп жіберді. Басқыншылықтан бір ғасырдан кейін Алтын Орда хандары орыс князьдерінен байлық жинауын жалғастыра берді. Бұл жер иеленуші христиан мырзалары салық төлеуге міндетті болғанымен, солтүстіктің суық жерлерінде жұтаң тіршілік кешкен славян шаруаларына бар қаржылық ауыртпалықты артып, олардан алған салықтың аз бөлігін ғана жеткізіп отырды.

1219–1223 және 1256–1260 жылдардағы шапқыншылықтан Орталық және Оңтүстік-Батыс Азияның егіншілігі қатты зардап шекті. Солтүстік Иранда моңғолдар қыстақ тұрғындарын өлтіріп немесе халықты жаппай қырғаны сонша, суармалы жүйелер мен жерасты су каналдары бітеліп, дамбалар қирады және тұз басқан шөгінділер жиналып қалды. Шапқыншылық зардабынан шаруа қыстағынан, меншік иелері жерінен айырылды. Тигр мен Евфрат өзені жазығындағы ирригациялық жүйе ІХ ғасырдан кейін қарқынды құлдырай берді. Моңғол ойраны оны тағы да құлдырата түсті. Жаулаушылықтан шамамен жарты ғасыр өткенде парсы тарихшысы Хәмд әл-Мустауфи былай деп болжады: «Тіпті мың жылға дейін ешқандай алапат зұлымдық болмаса да, ел шығынды қалпына келтіре алмайды және жер де бұрынғы қалпына келмейді»14.

Қысқасы, тұтас Еуразияны қамтыған моңғол шапқыншылығы ұзақмерзімді тоқырауға ұшыратты, бірақ бұл географиялық тұрғыдан біркелкі болмады. Моңғол билігіне өткен кейбір аймақтар басқаларына қарағанда қаттырақ зиян шекті және олардың барлығы келесі ғасырларда ішінара болса да, қайта қалпына келе бастады.

Күмәнді моңғол бейбіт заманы

ОЙЛАН: ХІІІ–XІV ғасырларда Еуразияны мекендеген халықтар үшін моңғол шапқыншылығы мен мемлекет құру істерінің салдары қандай болды?

1260 жылдан соң біріккен империя құлады да, мұрагер төрт мемлекет арасындағы соғыс тұрақты сипатқа айналды. Алтын Орда мен Иран-Ирак ильханаттарының қарым-қатынасы нашарлай берді. Әсіресе Кавказ тауларындағы сауда жолы мен құнарлы жайылым жерге бақылау орнату үшін бақталастық өршіген кезде жағдай қиындай түсті. Шығыс Азияда Құбылай билігінің көп бөлігін көрші Шағатай мемлекетіндегі немере туыстарымен күресте өткізді. Дәл сол уақытта ол шағатайлықтарға жаулық ұстанымдағы ильханатпен жақын одақ құрды. Сондықтан моңғол империялары арасындағы күш теңсіздігі соғысты кідірмелі һәм өңірлік межеде ұстап тұруға көмектесті. Шыңғыс заманымен салыстырғанда саудагерлерге, миссионерлерге және ғалымдарға трансеуразияның үлкен жол торабын кең ауқымда пайдалануға мүмкіндік берді. Ішінара және әдетте шытынай жөнелетін моңғол бейбіт заманы XІV ғасырда жақсы сақталды.

Моңғолдың жол жүру құжаты. Моңғол билігіндегі Қытайдың темір құжатында күміс әріптермен: «Мәңгі Көктің күш-құдіретімен хан бұйрық етеді. Құрмет көрсетпеген жазалы болады» деп жазған. Моңғол тіліндегі бұл құжатты Пхакпа есімді Тибет монахы ойлап тапқан. «Құрмет көрсетпеген жазалы болады» деген сөйлем нені білдіруі мүмкін деп ойлайсыз?

Жібек жолы тасымалы

Ішкі Еуразия арқылы ұзақ қашықтықтағы сауда қайта гүлденді. Бір кездері моңғол билеушілері бұл коммерциялық қайта жандануды негізгі екі жолмен қолдады. Біріншіден, моңғолдар мен олармен бірге жұмыс істеуге келіскен жергілікті элита сән-салтанат тауарларын жаппай тұтынды, олардың кейбірін ұзақ қашықтыққа тасымалдады. Иран мен Ирактағы ауқатты отбасылар Қытайдан жоғары сападағы керамика бұйымдары мен жібек матасын алғысы келді. Қытайдағы әріптестері Оңтүстік-Батыс Азиядан әсем шынылар мен басқа да тауарларды алуды қалады. Моңғол кезеңінде Ішкі Еуразиядан өткен сауданың көп бөлігі «ресми» болды, яғни дипломатиялық сый-сияпат ретінде тағайындалған құнды әрі экзотикалық тауарлар салық өтемі және саяси марапат ретінде жоғары шенді әскерилер мен олардың бағыныштыларынан жоғарғы жаққа өтіп отырды. Бұған қоса, құрлық арқылы сауда моңғол үстемдігі жүріп тұрған аймақтардан тым шалғайға ұзап шықты да, Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан, Солтүстік Африка мен Батыс Еуропаға дейін тарады.

Екіншіден, моңғол режимдері сауданы тиімді әскери және саяси байланыс жүйесін жасау арқылы ынталандырып отырды. Үгедей хан йам (yam) деген атпен танымал әскери торапты, жолды жылдамдату үшін әскерилер қолданған жылқы және қажет бұйымдармен қамдайтын, ақпарат пен бұйрықтарды империяның бір бөлігінен екінші бір шетіне жеткізуге арналған керуен жолы тұрақтарын, бағыттар жүйесін жасаған болса керек. Моңғол шенділері ресми рұқсаты бар уақытқа дейін саудагерлер мен басқа да тұрғындарға осы торапты пайдалануға рұқсат берді. Құжаттың бұл түрі көбіне металл немесе ағаштан жасалған пайза деп аталатын тақтайшаға жазылды. Моңғол жауынгерлері де сауда керуендерін қоруға көмектесу үшін атты әскер күшіне ие болды, жергілікті көсемдер мен топтарды тонаушылар мен заңсыз салық жинаушылардан сақтауға атсалысты.

Жібек жолының саяхатшылары пайзаларын өзімен бірге алып жүрген кезде әскери басшылар олардың діни немесе этникалық ерекшеліктеріне ешқандай мән берген жоқ. Сондықтан 1242 жылы моңғолдар Польша мен Венгриядан кеткен кезде католик христиан саудагерлері біртіндеп шығысқа қарай бұрынғыдан да зор қарқынмен жылжи берді. ХІІІ ғасыр ортасында Батыс Еуропа үш ғасырлық экономикалық дамудың шыңына қарай жақындай түсті. Соған орай, ақсүйек әулеттер мен ауқатты қала бюргерлері (бизнес адамдары) шетелдік сәнді аңсады. Шығыс Жерорта теңізі бағыттарында бұған дейін-ақ басымдыққа ие болып үлгерген итальян кеме тасымалшылары Босфор бұғазы арқылы Қара теңізге қарай жүзе бастады. Тауарды Ішкі Еуразияның ең шеткері аймағына жеткізіп, Кефе (қазіргі Феодосия) секілді солтүстік Қара теңіз айлақтарындағы Жібек жолы бағыттарында мұсылман саудагерлерімен кездесіп, тауар алмасты. Италия саяхатшыларының аз бөлігі ХІІІ ғасыр соңы мен XІV ғасыр басында тіпті шалғай Қытайға дейін саяхаттады. Венеция көпесі Марко Поло әкесі және ағасымен бірге 1275 жылдан 1292 жылға дейін Қытайда тұрды. Жазбаларында бірнеше уақыт моңғол басқару жүйесінде жұмыс істегенін айтады. Мұндай христиан жиһанкездері Жібек жолы торабымен қатынайтын мыңдаған мұсылман және буддист саудагерлерімен салыстырғанда, өте аз болды.

Құлдар, дипломаттар және мансап қуғандар

Моңғол кезеңінде адамдар мен тауарлар үнемі қозғалыста жүрді. Миллиондаған тұрғынға билігін жүргізген төрт моңғол үкіметі моңғол және түркі малшылары аз білетін салық пен есеп-қисап білігіне, дипломатиялық хаттамаларға, ауылшаруашылық және инженерлік технологияларға тәуелді болды. Қажет жұмыс күші мен білімге қол жеткізу үшін моңғол шенділері дінбасы, қолөнерші, техникалық маман және діни кеңесші ретінде жұмыс істейтін білімді адамдарға еңбекақы мен сый-сияпат ұсынды. Алтын Орда хандары орыс православие христиандарын хатшы һәм кеңесші ретінде қолданды, бұл уақытта Ильханат билеушілері көзі ашық парсылар мен арабтарды үкіметке тұрақты қызметкер ретінде алуға мәжбүр болды. Тұтас Ішкі Еуразияда моңғол жүзбасылары сауатты ұйғыр тілдес түркілерге иек артты, шұрат қалаларда тұрған олардың көпшілігі будда дінін немесе христиандықты ұстанды. Еңбекақы мен сый-сияпат жүрмеген жерде әрдайым таяқпен күштеу іске қосылды. Моңғол әскери шенділері адамдарды алыс аймақтарға көшіру үйір-үйір жылқыларды жаңа жайылымдарға көшіруден қиын емесіне әсте шек келтірмеді. Шыңғыс хан Хорезмге басып кірген кезде жүз мыңдаған қытай әскери мамандарын, олар қаласа да, қаламаса да, өзімен бірге алып жүрді. Оған қоса, мыңдаған мұсылман қолөнершілерді, ғалымдарды және жас әйелдерді құлдыққа жекті және оларды әскерге, хан сарайына немесе элиталық әулеттерге қызмет ету үшін Моңғолияға алып келді.

Қытай Юань моңғол әулетінің қол астында мансап іздеген мигранттарды өзіне тартатын мықты магнитке айналды. Бір күні Дайдудағы (Бейжің) тағында Құбылай хан өзін бұрынғы Қытай императорларының заңды мұрагері ретінде көрсетуге тырысты. Әйтсе де ол конфуцийлік ғалым бюрократтарының дәстүрлі билеуші табына сенбеді. Олардың жергілікті экономикалық мүдделері мен әулетке бүйрегі бұрады, моңғол мемлекетіне адал емес деп күмәнданды. Моңғолдар мен Юань билігіне жан-тәнімен берілген, әртүрлі тектен шыққан шенді сарбаздар ел басқаруға тиіс деп есептеген Құбылай Қытайда әлеуметтік таптық жүйе жасап шықты. Бұл жүйе, біріншіден, моңғолдар мен олардың түркі одақтастарына, екіншіден, Қытайдан жырақ жерлерде моңғол қызметінде болған шетелдіктерге септігін тигізді. Келісімді тиімді пайдалануды ойлаған түркілер, тибеттіктер мен парсылар сарбаз, жылнамашы, шенді қызметкер және салық жинаушы ретінде жұмыс істеу үшін Қытайға мыңдап ағылды. Мысалы, Кавказ тауларының түкпіріндегі христиан этникалық тобы саналатын аландар Юань әулетінің жоғары атты әскерінде қызмет иелену үшін Қытайға жолға шықты.

Алайда бұл көш Қытай мәдени реңкін айтарлықтай өзгерте алған жоқ. Моңғолдардың қытай текті сарай қызметкерлері заңгерлер мен шенділердің үкіметтің төменгі деңгейдегі қызметтеріне тәуелді бола берді. Азаматтық тәртіп үстемдік құрған кезге дейін Құбылай мен оның жалдамалы қызметшілері Қытайдың әлеуметтік және мәдени өміріне аз араласты. Іс жүзінде ол қытай өнері мен әдебиетінің қолдаушысына айналды және тақта отырған кезде Қытай драмасы, поэзиясы, сурет өнері мен неоконфуцийлік философиясының гүлденген шағына куә болды. Тіпті моңғолдар солтүстік және оңтүстік Қытайды біріктіргендіктен, суретшілер мен ғалымдар бұрынғы ғасырлармен салыстырғанда идеялармен белсенді алмасты.

Ғылым мен технологияның өзара жандануы

Қытай мен Иран-Ирактағы моңғол режимдері ерекше саяси одақ құрды. Осы достық қарым-қатынастың арқасында бұл екі урбандалған аймақтағы зияткерлік және сауда байланыстары әмбебап әрі жанды құбылыс болды. Шыңғыс ханның немересі Құлағу 1258 жылы Иракты басып алған кезде сарбаздарына Бағдатты тонауға рұқсат етті және оның кітапханасын өртеп жіберді. Алайда екі жыл ішінде ол қаланы қайта тұрғызуға кірісті, ғалымдарға қолдау көрсете бастады және Солтүстік-Батыс Иранда, Марага қаласында астрономиялық обсерваторияның негізін қалады. Бұл жерде қытай және мұсылман астрономдары атақты парсы математигі, ғасырлар бойы қолданыста болған әмбебап астрономиялық кестені шығарған Наср әд-Дин әл-Тусидің (1201–1274) қол астында жұмыс істеді. Мұнымен қатар Құбылай хан мұсылман астрономдары үшін Бейжіңде институт құрды. Бұл жерде сырттан шақырған мұсылман ғалымдары қытай ғалымдарымен бірге жұмыс істеді. Астрономияға демеушілік жасаған барлық жаңа заман қарсаңындағы билеушілер сияқты, моңғол хандары да пайдалы ақпараттар алғысы келді, әсіресе Жоғары Көктен дәл хабарларды белгілер арқылы оқып, болашаққа қатысты болжамдар жасауды қалады. Олар сонымен бірге ауыл шаруашылығы циклдерін бақылау үшін және күн мен түннің тұтылуын болжау үшін дәлме-дәл күнтізбеге мұқтаж болды, бұл бір шетінен қол астындағы халықты таң қалдыру үшін таптырмас жол еді. Моңғол үстемдігі көлемінің артуына байланысты, билеушілер ғалымдарға тұтас Еуразияда қолданыста жүрген әртүрлі күнтізбе жүйелерін бір-бірімен салыстыруға мүмкіндік беретін әмбебап кестелер жасап шығуға тапсырма берді.

Астрономдар жұмыс үстінде. XV ғасырдағы бұл миниатюрада оң жақтағы Наср әд-Дин әл-Туси Марагадағы астрономиялық обсерваторияда жазу үстелінде отыр. Бұл суреттегі дөңгелек жез объектілер – астролябиялар, яғни астрономиялық өлшеу үшін қолданылатын құрылғылар. Әл-Туси моңғол ханы Құлағуды осы институтты салуға көндірген еді.

Қытай–Иран қарым-қатынасы география, агрономия және медицина саласында да маңызды жетістіктерге жетті. XІV–XV ғасырларда жасалған қытай карталары Үндістан, Шығыс Африка және Еуропа жайында жан-жақты білім береді. 1402 жылғы корей сызбасы Еуропа мен Жерорта теңізінің бірізді пішінін көрсетті. Ираннан Қытайға түрлі өсімдіктердің тасымалдануының арқасында Шығыс Азия ас мәзіріне сәбіз, қарбыз және лимонның жаңа сортын қосты. Бұған керісінше, батыс саяхатшылары адамдар ас қорыту үшін және іш жүргізу үшін пайдаланатын, науқас жанды аурудан айықтыратын қытай рауғашын Оңтүстік-Батыс Азия мен Еуропада қолданысқа енгізді. Иран мен Ирактағы ең оқымысты моңғол ханы Ғазан хан (1295–1304 жылдары билік құрды) қытай өсімдіктері және дәндерін сұрыптау үшін Тебриз қаласында Хан бақшасына ектірді. Парсы ғалымы Рашид әд-Диннің айтуынша, хан «Тебризде жоқ және бұған дейін ешкім көрмеген әртүрлі жеміс ағаштарының, жұпар иісті өсімдіктердің дәнін және астық дақылдарын дүниенің төрт тарабынан әкелуге және осы ағаштар мен өсімдіктерді егуге»15 тапсырма берді.

Діни картаның өзгеруі

Шыңғыс хан және оның ерте кездегі мұрагерлері тылсымға қатысты моңғол бақсыларымен кеңесіп отырды. Бірақ олар бұған қоса, Көктің ақиқаты жайлы космополиттік көзқарасты ұстанды, несториан монахтары, тибет буддистері, мұсылман мистиктері және католик миссионерлері болсын, барлығы да осы ақиқаттың белгілі бір бөлігіне қол жеткізуі мүмкін деп сенді. Қытай кеме жасаушыларын немесе парсы тұтқын мамандарының қызметін пайдаланғаны секілді, моңғол билеушілері Шыңғыс әулетіне бақ-береке әкелуі мүмкін кез келген дін адамының діни қызметін жоққа шығармады. Бұл моңғол хандарында толеранттылықтың моральдық идеологиясы болды дегенді білдірмейді, олар билігін нығайтуға септесетін кез келген діннің қолжетімді жоралары мен құлшылық түрлерін және барлық құралды қолдады.

Алғашқы бірнеше буын моңғол хандары ірі діндердің ешбірін қабылдай қойған жоқ, дегенмен Құбылай түрлі дін ғалымдары арасында сарай тартыстарына демеуші болды. Тибет монахтары жарқын жораларымен Құбылайды Будданың инкарнациясы деп жариялауға дайын болды да, осы әрекетімен хан сарайының назарын аударды. XІІІ ғасыр соңында Қытайда олардың ықпалы артты, бірақ 1368 жылы моңғол билігі аяқталған тұста Қытайдағы буддизмнің әртүрлі секталары мен мектептері, шамамен моңғол басқыншылығы болғанға дейінгі күш-қуатын сақтап қалды. Моңғолияның өзінде тибет буддизмі басым дінге айналды.

Моңғол қаупі Батыс Еуропадан сейіле салысымен католик христиандығының миссионерлері хандар иелік ететін аумаққа саяхат жасау үшін Италия саудагерлеріне қосылды. ХІІІ ғасыр ортасында христиан крест жорықтарын қолдаушы елдер Оңтүстік-Батыс Азиядағы исламға қарсы ілгерілеуге қатысты католик шіркеуінің үмітін жалғай отырып, Сирия жағалауларының бөліктері үшін жан алысып, жан берісіп жатты. Кейбір Рим көсемдері «ойласқан миссионерлік күш-жігер Азиядағы несториан христиандарымен одақ құрса, пұтқа табынушы моңғолдар мен түркілерді Исаның дініне кіргізіп, тіпті еуропалықтар мен моңғол мемлекеттері арасында мұсылман патшалықтарына қарсы одақ құруға болар еді» деп болжады.

Құтб мұнарасы. Дели сұлтандығының негізін қалаушы мұсылман түркілер қираған үнді ғибадатханасын құрылыс материалы ретінде қолдана отырып, бұл мешітті ХІІІ ғасыр соңында тұрғызды. Мешіттің Құтб мұнарасы Дели пейзажында шамамен 238 футқа көтеріліп тұрады. Араб, парсы, ауған және Оңтүстік Азия дизайн және өрнек элементтерін шебер үйлестірген үнді-мұсылман сәулетінің ең бағалы жауһарларының бірі.

Католик шіркеуі Азиядағы бірнеше миссияны қаржыландырды және Еуропа монархтары моңғол хандарымен дипломатиялық хат алмасты. 1245 жылы, мысалы, Папа ІV Иннокентий Моңғолияға франциск тақуасы Иоанн Плано Карпини басқарған шағын топтан тұратын миссия жіберді. Моңғол жетекшісін дінге кіргізу қолынан келмесе де, Иоанн Ұлы хан Күйіктің Папа мен барлық христиан корольдерін хан сарайына миссияларын ұсыну үшін келуін бұйырған хатын алып, кері қайтты. Марко Поло әкесі және ағасымен бірге 1271 жылы Бейжіңге Венеция саудагерлері боп қана емес, Папаның өкілдері ретінде де барған еді. 1290 жылдардан католик дін қызметкерлері мен тақуалары адамдарды дінге кіргізу үшін және Қытайда өмір сүретін христиандарға қызмет ету үшін үлкен топпен шығысқа аттанды.

Бұған қоса, моңғол билеушілері тағы да бірнеше бастама көтерді. 1287 жылы несториан христианы Раббан Саума моңғол ильханатының уәкілі ретінде Еуропаға шыққан делегацияны басқарды. Ол Константинопольге барды, сосын Римге, Генуяға және Францияға жетті, ол жерлерде француз королі ІV Филипп пен Англия монархы І Эдуард екеуімен де кездесті. Ол католик шіркеуін моңғолдармен күш біріктіріп, Мысыр мәмлүктеріне қарсы ортақ іске жұмылуға көндіруге тырысты, алайда бұл нәтижесіз болды. Ол несториан христиандарының жетекшілеріне католик доктринасын үйреткен Папаның хатын арқалап қайтқаннан басқа ештеңе тындыра алмай, Еуропаға оралды.

Еуропалықтар мен моңғолдар арасындағы халықаралық байланыстардан еш нәтиже шықпады. Хандар да католик христиандығын қабылдаған жоқ, мұсылмандарға қарсы одақ та құрылмады және 1291 жылы Мысырдағы мәмлүктер христиан крест жорықшыларын Сириядағы ең соңғы қамалынан да ығыстырып шықты. Шытынап тұрған моңғол бейбітшілігі ХІV ғасыр соңында қираған тұста шіркеу Қытайдағы миссионерлермен барлық қарым-қатынасын үзді.

Моңғол кезеңінде ірі діндердің ішінде ислам үлкен жетістікке жетті. ХІІІ ғасыр соңы мен XІV ғасырдың басы аралығында Иран–Ирак хандары, Алтын орда мен Шағатай хандықтарының барлығы сүнниттік исламды қабылдады, осылайша қол астындағы халықтың көпшілігімен діни бірегейлікті көрсетті. Түркі тілдес мұсылмандар Анадолыға қарай көшін жалғастырды. Олардың кейбірі моңғол әскерінен қашты, кейбірі өз қосынына қосылды. Нәтижесінде Анадолыдағы грек христиан тұрғын саны қарқынды азая берді. Үндістанда Дели сұлтандығы парсы және араб тектілерді Үндістанға ресми қызметтерді иеленуге, үнді тұрғындарға исламды уағыздауға және Инд пен Ганг өзені жазығына фермер ретінде қоныстануға шақырды. Түркі элитасы мешіт құрылысы мен ислам білім беру жүйесіне қолдау көрсетті. Мистикалық исламның миссионерлері саналатын сопы уағызшылар үнді қыстақтарына насихат айта жүріп шынайы тақуа үлгісін танытты және құдайдың жалғыз екенін паш етті. Нәтижесінде ислам XІV ғасырда Оңтүстік Азияда маңызды әрі қарқынды өскен азшылықтың сенімі ретінде орнықты.

Оңтүстік теңіздердегі пайда мен билік

ОЙЛАН: ХІІІ–XІV ғасырларда Үнді мұхиты мен Қытай теңізінде үздіксіз ұлғайған халықаралық айырбасты қандай факторлар түсіндіреді?

Тарихшылар кейде Шығыс жартышар арқылы шығыс пен батысқа «Теңіз Жібек жолы» ретінде бет алған кеме қатынасы бағыттарын тілге тиек етеді. Түйе керуендерінің көші Ішкі Еуразиядан жеткен тауарлардың көп бөлігін Қытайға тасымалдады, бірақ бұған қоса, тауарларды теңіз жолдарына да шығарды (13.3-картаны қараңыз). Марко Поло ХІІІ ғасыр соңында Қытайдың Оңтүстігіндегі Гуаньчжоу айлағы арқылы өтетін сауда жайлы былай деді: «Тағы да қайталаймын, Ұлы ханның бұл қала мен айлақтан алар кірісі өте мол»16.

13.3-КАРТА. Оңтүстік теңіздердегі теңіз саудасы. 1200–1350 жылдар

Муссон желі цикліндегі жыл сайын маусымнан-маусымға қарай құбылатын болмашы өзгерістер Оңтүстік теңіздердегі тауарлардың құнына әсер етуі мүмкін. Бұл құбылысты қалай түсіндірер едіңіз?

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сауда мен мемлекет құру істері

Ауқымды моңғол және түркі мемлекеттері тұтас Еуразияны қамтыған дәл сол дәуірде шағын монархиялар, тәуелсіз қала-мемлекеттер және өзін-өзі басқаратын сауда ұйымдары Оңтүстік-Шығыс Азия теңіздерін шырмап алды. Кейбір елдерде бірнеше онжылдық бойына теңіз аймақтарында басымдық байқатуға жеткілікті кемелері және теңізшілері болды және өте мықты ұйымдасқан қарақшы топтары жағалауларды кезіп жүрді. Теңіз саудасының қымбат құнына қарамастан, бірде-бір мемлекеттің ұзақ қашықтықтағы теңіз дәліздері мен саны көп айлақтарды бақылауға алуға жеткілікті қаржысы болмады.

Оңтүстік Қытай теңізі мен Бенгалия шығанағын бөлген ауқымды тропиктік арал Үндіқытайдағы Чампа (VІІ ғасыр – 1471), Кхмер (889–1434) және Паган (1044–1287) монархияларының барлығы Cун әулеті және моңғол билігіндегі Қытаймен бірге бір уақытта көркейді. Чампаның халықаралық теңіз саудасы қайнап жатты, өйткені ол Оңтүстік Қытай теңізі мен Шығыс Азиядан Үндістанға қарай шығатын теңіз жолы бағыттарына тіке жалғанатын. Күріш өсірумен айналысатын бұл үш мемлекеттің де индуизм және буддизм рәсімдерін ұштастырған ерекше салтанатты патша сарайы мәдениеті болды. Медитация, жанның көшуі мен рухани тереңдікке айрықша мән беретін буддизм ілімінің бір нұсқасы саналатын Тхеравада-буддизм біртіндеп аймақтағы басым дінге айналды. Кхмер мемлекеті күріштің суармалы егіншілік жолын жаңа жерлерге қарай ұлғайтқан кезде және кардамон, тропиктік орман ағаштары, піл сүйегі мен ашық түсті қауырсындарды қытай нарығына шығарған шақта гүлденудің шырқау шегіне жетті. Шаруалардан салық түсімі мен он мыңдаған құл еңбегі Кхмер билеушілеріне үндістандық сәулет үлігісінде индуизм және буддизм храмдарын тұрғызуға мүмкіндік сыйлады. Тропиктік орман ағаштарынан қалпына келтірілген Ангкор-Ваттағы кешенді храм 135 шаршы мильді алып жатыр. Оның бір бөлігі ғана сақталғанымен, дүниежүзіндегі ең үлкен діни құрылым саналады.

Индонезия архипелагында ХІІІ ғасырдағы коммерциялық күш Ява аралына шоғырланды. Мұнда табысты әскери флотты шағын елдер мускат жаңғағы, жұпар жаңғақ пен сарымсақты Молукка аралдарынан Қытайға, Малакка және Сунда бұғазы арқылы Үнді мұхитына кеме тасымалынан кірістен мол пайдаға кенелді. Расымен де, Ява – Оңтүстік теңіз саудасында маңызды стратегиялық орын иеленгені сонша, Құбылай хан 1292 жылы аралды жаулап алуға тырысып, оңтүстікке қарай 2 200 миль шақырымға моңғол әскери флотын шығарды. Бұл әскери флотта 1000 кеме болды, бірақ құрлықта жорық сәтсіз болып, моңғолдар аралды тастап шықты. Соғыстан кейін Маджапахит патшалығы (1295–1527) дәмдеуіштер саудасының Явадағы маңызды орталығы ретінде бой көтерді.

Оңтүстіказиялық өзек

Оңтүстік Үндістанда сауда мен қала құрылысы б.з. 1000 жылынан соң шағын мөлшерде болса да, Қытайдағы экономикалық өсіммен қатар дамыды. Үнді мұхитындағы тасымалдың өсуіне қарай Оңтүстік Үндістан айлақтары аса маңызды трансжартышар торабына айналды. Араб теңізі кемелері, Малай кемелері мен Қытайдың алып кемелерінің барлығы да осы айлақтарға зәкір тастады. Қытайдан қайтар жолда Малабар жағалауына барған Марко Поло мұнда келетін кемелер бұрыш және даршын секілді үнді тауарларын ғана емес, басқа аймақтардан тасымалданатын тауарларды да әкелетінін аңғарды:

«Саудагерлер шет елдерден бұл жерге келген кезде кемелерін балласт ретінде қолданатын жезбен, алтын мен жібектен жасалған маталармен, жібек [тұт ағашы], алтын, күміс, сарымсақ, нард [хош иісті өсімдік майы] және басқа да бұл жерде өндірілмейтін дәмдеуіштердің неше атасымен толтырды. Кемелер бұл жаққа дүниенің төрт тарабынан, әсіресе ірі провинция саналатын Манзиден [Қытай] келетінін, ал тауарлар әр тарапқа экспортталатынын білуіңіз керек. Аденге баратындар [батысқа қарай] ол жерден Александрияға қарай бет алады»17.

Анкгор-Ват. ХІІ ғасырдағы Кхмер монархы ІІ Сурьяварман астанасы Анкгордағы осы орталық храм кешенінің құрылысын басқарды. Үнді құдайы Вишнуға арналған храм ғарыш символы іспетті. Орталық мұнара ғаламның орталығы әрі құдайлар үйі саналатын қасиетті Меру тауын білдіреді. Алайда ХІІІ ғасырдың соңына қарай Анкгор-Ватта индуизмнен гөрі буддизмдегі құлшылық жоралғылар басым бола түсті де, Оңтүстік-Шығыс Азияда ерте жаңа заманға тән біртіндеп жүзеге асқан діни өзгерісті байқатты.

Тіршілігі қыз-қыз қайнаған Үндістан айлақтарына табаны тиген ХІІІ ғасыр жолаушысы тамил тілінде және бірнеше үнді тілдерінде, бұған қоса араб, парсы, малай, қытай және суахили тілдерінде сөйлеп жүрген саудагерлерді ести алар еді. Айлақтың халық саны өсіп отырды. Кемелердің келуі мен кетуі – тауар құнына тікелей әмірі жүретін муссон желінің маусымдық қозғалысына байланысты болды. ХІ–ХІІ ғасырларда, ішінде мұсылманы бар, еврейі бар, копт христиандары бар мысыр және араб саудагерлері Оңтүстік Үндістан айлақтарына қоныс тепті. Олар араб тілін сауданың ортақ қарым-қатынас тілі ретінде қолданды, бірақ олардың көпшілігі осы қалалардағы этникалық әралуандықты байыта отырып, жергілікті үнді әйелдерге үйленді. Жағалау билеушілері біртіндеп исламды қабылдады және мұсылмандардың өте керемет ұйымдасқан сауда үйлері еврей және христиан саудагерлерін коммерциялық экономиканың маргинал бөлігіне қарай ығыстырып шығарды. ХІІІ ғасырда Араб теңізі алабы коммерция саласында бірыңғай мұсылман «көліне» айналды.

Оңтүстік Үндістандағы әртүрлі жағалау мемлекеттері, өзін-өзі басқаратын айлақтар мен аграрлық патшалықтар ресурстар үшін бәсекелесті. 850–1279 жылдар аралығында оңтүстік-шығыста билік құрған Чола үнді әулеті ішкі өзен жазықтарында күріш өсірген шаруалар мен үнді матасын Бенгалия шығанағы айналасында сатқан тамил тілдес саудагерлерден салық жинады. Шиваға құлдық ұратын Чола монархтары тастан еңселі храмдар тұрғыза аларлықтай байлыққа кенелді, олардың дінбасылар қауымдастығы, қызметшілері, шәкірттері мен қол­өнермен айналысатын құлдары, сауда-саттық пен ақшасы мол адамдары Оңтүстік Үндістанның экономикасына айтарлықтай үлес қосты. Әйтсе де Чола монархиясы бәсекелес елдерге үнемі қарсылық көрсетумен болды, ХІІІ ғасыр басында ол Оңтүстік Азияның аймақтық мемлекеттерінің ішінде ең төменгі сатыға түсіп қалды.

Үнді мұхиты әлеміндегі Шығыс және Оңтүстік Африка

Үнді мұхитының сауда торабы алыстағы Шығыс Африка жағалауларына дейін созылды және ХІІІ ғасырда жағалаудағы һәм ішкі аймақтарды тереңдей орныққан халықтардың екеуі де теңіз торабымен ауқымды байланыс орнатты. Өткен тарауларда байқағанымыздай, б.з. алғашқы мыңжылдығында теңіз айлақтары Шығыс Африка жағалауларына дейін көбейді. Оңтүстік Үндістандағыдай саудагер ханзадалар бұл қалаларда басымдыққа ие болып, басты әулеттік бизнес иелерімен ынтымақтастық орнатты. Жағалау қалаларындағы тұрғындардың көпшілігі Шығыс Африканың тереңдей орныққан ішкі аймақтарынан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген халықтардың ұрпақтары болды. ХІІІ ғасырда бұл халықтардың басым бөлігіне ислам таралды. Бұған қоса, Арабия мен Оңтүстік-Батыс Азияның өзге де бөліктерінен келген мұсылман саудагерлері, ғалымдары мен тақуалары маңызды әрі ықпалды азшылықты құрады. Аймақтағы өзіндік мәдени бірегейліктің жүрегі суахили (немесе кисуахили) тілі болды, банту тілі семьясына жататын бұл тілдің қорында түбірі араб тілінен шығатын сөздер көп болды. Суахили тілі шамамен б.з. 1000 жылдары жағалаудағы қала мемлекеттердің негізгі тілі ретінде ғана емес, сонымен қатар коммерциялық қарым-қатынастың басты құралы ретінде де қызмет етті.

XІІІ және XІV ғасырларда қазіргі Сомалидің астанасы Могадишо үлкен әрі ең тіршілігі қайнаған Шығыс Африка айлағы болса керек. Сомалидің мұсылман билеушісінің қонағы ретінде бір апта немесе екі апта осы қалада уақыт өткізген Марокко саяхатшысы Ибн Баттута (13.2-картаны қараңыз) шетелдік теңіз саудагерлері мен Сомали көтерме сауда иелері арасындағы сауда қарым-қатынасын оңтайландырған кеден істері жайлы мынандай ақпарат айтады:

«Кемелер қайраңға зәкір тастап, жағалауға аяңдаған тұста оларға қарай сумбуктар (шағын қайықтар) жетеді. Әрбір сумбукта қаланың жас жігіттерінен құралған топ бар, олардың әрбірі сырты қапталған табақпен тағамдар жеткізеді. Кемедегі саудагерлердің біріне табақ ұсынып: «Бұл – менің қонағым» дейді. Әрбірі осыны айтады. Саудагер кемеден түскен соң, осы жастардың арасындағы бір үй иесінің үйінен басқа ешқайда да бармайды... Үй иесімен бірге жайғасқанда ол [үй иесі] оның тауарларын сатады және оның атынан сатып та алады»18.

Ұлы Зимбабведегі тас қоршауы. XІX ғасыр соңында Ұлы Зимбабвенің қирандыларын алғаш рет көрген еуропалықтар сол дәуірдегі ақ нәсілділердің артықшылығы жайлы идеологияға сенгендіктен, жергілікті африкалықтардың мұндай қала кешенін салғанына сенуден бас тартты. Олар бұл құрылыстарды көбіне ежелгі финикиялықтар мен арабтарға теліді. ХХ ғасырдағы археологиялық зерттеулер, керісінше, деректерді дәлелдеді және шын мәнінде шебер африка қолөнершілері Зимбабве үстіртінің көп жерінде тастан құрылыстар салған боп шықты. Ұлы Зимбабведегі құрылыс өте қуатты саяси биліктің болғанын дәлелдейді. Мұны суреттің қай жері айқын көрсетіп тұр?

Ауқымды сауда маңызы бар екінші айлақ – Килуа қазіргі Танзаниядан әрі қарай жатқан арал жағалауының төменгі қиырында орналасты. Пайдакүнем Килуа әулеті маржан тастар көмкерген қымбат мешіттерде құлшылық етті, қонақтарын тастан қалаған сарайларда сауық құруына жағдай жасап, қытай фарфор ыдыстарымен ас берді. Кеме жасаушылар, тас қалаушылар, балықшылар мен қолөнершілер барынша қарапайым өмір сүрді. Африканың ішкі аймақтарынан әкелген құлдар мен күңдер әлеуметтік өмірдің ең төменгі сатысына жайғасты.

Суахили жағалауының көркеюі теңіз саудасына ғана емес, ішкі аймақтардағы халық қозғалысына да тәуелді еді. Экономикасы астық, банан және ірі қара мал өсіруге негізделген егінші және малшы тұрғындар саны Шығыс Африканың Ұлы көлдер маңындағы таулы аймақта, Конго өзендер жүйесіндегі ылғалды ормандар мен алыс оңтүстіктегі температурасы қалыпты саванналы жерлерде қарқынды өсті. Қалалар бой көтерді және билеушілер саяси өмірді барынша күрделі жолмен ұйымдастыра бастады. Бұл жағдай Үнді мұхиты жағалауларындағы коммерциялық байланыстардың құнын көтеріп жіберді. ХІІ ғасырда, мысалы, банту тілінде сөйлейтін егіншілер патшалығы саналатын және Оңтүстік Африкадағы біз білетін ежелгі мемлекет Мапунгубуе піл сүйегі мен алтын экспортынан белгілі бір деңгейде байлыққа кенелді. Бұл тауарлар Лимпопо өзені арқылы бұл күндері біз Мозамбик деп атайтын жағалауға жетті. Бұл жерде суахили саудагерлері тауарларды мата және дүниенің әр тарапынан жеткен өзге де тауарларға айырбас түрімен сатып алған болар.

ХІІІ ғасырда Солтүстік Африкадан трансжартышар торабына ауқымды алтын ағыны құйыла бастады. Астық өсіру мен мал бағуға қолайлы саванналы аймақ – Зимбабве үстіртінде негізгі алтын қоры табылды. Халық бұл күндері Зимбабвенің көпшілік тілі саналатын, яғни ежелгі банту тілінің қазіргі шона нұсқасында сөйледі. Тастан қалаған ғимараттар мен қоршаулардың қолда бар дәлеліне қарап, бұл маңызды мемлекеттің өсіп-өркендегенін білеміз, үлкен қаланың ядросын құраған бұл құрылыстарды археологтар Ұлы Зимбабве деп атады. ХІІІ–ХІV ғасырлар арасында өркендеген бұл орталық 18 мыңдай тұрғынды сыйдырған болар. Қытай фарфорының табылуы Зимбабвенің Үнді мұхитымен қарым-қатынасы болғанын және халқының байлығын немесе жоқ дегенде бай әулеттердің дәулетті тұрмысын көрсетеді. Шамамен 1430 жылдары қала құлдыраса керек, өйткені аймақтағы халық саны мен ірі қараның тым ұлғайып кетуі экологиялық дағдарысқа әкеп соқты. Әйтсе де алтын саудасы оңтүстікке қарай ұзақ мекендерге ойысты және суахили қала-мемлекеттері XV ғасырға дейін одан пайда таба берді.

Еуропадағы қала қоғамы

ОЙЛАН: XІІІ–XІV ғасырларда әркелкі қоғам сипатын Еуропа қандай жолмен паш етті?

Жапония мен Мысыр секілді, Батыс Еуропаны да моңғолдардың азуы жанап қана өтіп, ойраннан қашып құтылды. Нәтижесінде бұл аймақтың экономикалық өмірі Қытай, Ресей және Оңтүстік-Батыс Азиядағыдай қирай қойған жоқ. Мысалы, ХІІІ ғасырда тұрғын саны айтарлықтай кеміген Қытаймен салыстырғанда Еуропа халқы 1100–1300 жылдары 35 миллионнан 70 миллионға дейін өсті. Англиядан Германияға дейінгі солтүстік-батыс аймақтың халқы өсті. Ауылшаруашылығы өнімдері, коммерция мен қала құрылысы да Х ғасыр соңынан кейінгі кезеңдегі секілді өркендеуін тоқтатпады.

Батыс Еуропаның экономикалық экспансиясы түрлі саяси ауқымда үздіксіз ұлғайды. Моңғол хандары алып империя құрған дәл осы кезеңде Еуропа ірісі де бар, шағыны да бар бірнеше мемлекетке бөлшектенген күйде қалды. Католик шіркеуі бұлардың бәрін тұтас қамтып, бәрінен асып түсетін панеуропалық құрылымға айналды, бірақ ХІІІ ғасырдан корольдер мен ханзадаларға қатысты оның билігі шектеулі болды. Қандай да бір жеке-дара билік күші болмаған тұста еуропалықтар әртүрлі әлеуметтік, экономикалық және зияткерлік құрылымдарға арналған тәуелсіз, жеке ұйымдар құруда үлкен жетістіктерге қол жеткізді.

Католик христиандығының заңдары, жоралғылары, әдебиеті мен өнері Еуропаға өзгеше мәдени сипат берді. Еуропа көп қырынан алғанда едәуір әралуандығымен және саясат, тіл мен қоғамдық құрылысындағы әртектілігімен ерекшеленетін плюралистік сипатта қала берді.

Үкіметтер мен тілдер

Шамамен 1200 жылдары Еуропа елдері жалпылама үш категорияға бөлінді: негізгі екі кластері Солтүстік Италия мен Балтық теңізі жағалауында орналасқан тәуелсіз қала-мемлекеттер; аймақтық шағын корольдіктер мен князьдіктер, Орталық Еуропадағы бірнеше герман мемлекеттері; түрлі тіл мен этникалық шығу тегіне ие халықтарды біріктірген үлкен монархиялар (13.4-картаны қараңыз). Бұл саясаткерлер арасындағы бәсеке Еуропаны тұрақты күш көрсету мекеніне айналдырды. Мемлекеттер бұған қарамастан одақ құрды, келісімдер жасады және әулеттік неке желісі арқылы бір-бірімен байланысты.

13.4-КАРТА. Еуропадағы негізгі мемлекеттер. 1300 жыл

1300 жылғы Еуропа мемлекеттерінің шекараларын түсіндіруге қандай географиялық ерекшеліктер көмектесе алады?

Саяси плюрализмге қарамастан, бірнеше монархия мықты аймақтық мемлекетке айналды, олар жергілікті ақсүйек әулеттерінің күшіне иек артты және барынша көп халықтан салық жинау үшін шалғай аймақтарға қарай ішкері ене берді. Франция корольдері ең тиімді билік базасын құрып шықты. ІV Көрікті Филипп (1285–1314 жылдары билік құрды) король атынан салық жинап, бұл күнгі Франциядан едәуір үлкен аумақта король тапсырмаларын орындайтын, тамаша білім алған, оң көзқарастағы ұйымдастырушылар тарту үшін айрықша талантын паш етті. Ол король сарайы мен қарқынды дамыған қалалардағы табысты бюргерлердің арасындағы байланысты нығайта отырып, король билігін орталықтандыру істерін ілгерілету үшін олармен жалға беру және салық жайлы келіссөздер жүргізді.

Англия монархиясы Франциямен қатарлас король бюрократиясы мен орталық заң шығару құрылымын нығайтты. Король І Эдуард (1272–1307 жылдары билік құрды) таулы Уэльс аймағын басып алды және жергілікті қойыртпақ дәстүрлерді алмастырып, орнына корольдің жаңа заңдарын дайындады. Ол рыцарьлар мен қала көсемдерін, бұған қоса даңқты барондар мен епископтарды үлес қосуға шақыра отырып, мемлекет істерінде Парламентпен жиі-жиі кеңесті. Әйтсе де корольдің жеке кеңесі мен хатшылық алқасы болды, дегенмен Парламент күн тәртібіне қойған мәселелерді орындайтын кеңесші органдардың бірі ретінде қала берді.

Мұсылман Муаххидундар империясын (12-тарауды қараңыз) христиан крест жорықшылары жеңгеннен кейін, іле-шала, XІІІ ғасырда Пиреней түбегіндегі Арагон, Португалия және Кастилия (Леон мен Кастилия 1230 жылы қосылып кеткенге дейін) монархияларының барлығы орталықтанды және байлыққа кенелді. ХІІ ғасырда католик христиандығын қабылдаған Шығыс Еуропадағы Венгрия корольдері шекарасын кеңейтіп, орталықтанған ықпалды құрылымдар құру үшін айрықша қайрат көрсетті. 1241–1242 жылдардағы моңғол шапқыншылығы Венгрия әскерін қирата жеңді және аймақты бірнеше онжылдыққа созылған тоқырауға ұшыратты.

Батыс христиан әлемі де ХІІ–ХІV ғасырлар аралығында этникалық және тілдік тұрғыдан әртекті болды. Өйткені шекараның кеңеюі венгр, фин, эстон және бірқатар славян мен герман тілдерін де католик сенімінің құрамына кіргізді. Дәл осы уақытта Рим шіркеуі барынша әртекті халықты қамтыды. Дегенмен кей халықтың тілі – ана тіліне116 айналды. Бұл жағдай, негізінен, осы тілдердің күшті монархиялар тілі болғанына да байланысты еді. Оған қоса, ақындар мен жазушылар да осы тілдерде жаза бастады. Ағылшын, неміс, француз, итальян тілдері және кастилия испаншасы басты тілдерге айналды. Әйтсе де латын тілі дін, құқық және білім беру тілі болып қала берді.

Ана тілі – белгілі бір аймақ халқы сөйлейтін жергілікті тіл.

Жеке топтар мен жарғылар

Аймақтық деңгейден асып, жеке экономика мен қоғамдық белсенділікті шектейтіндей мүмкіндікке Еуропада бірде-бір монарх ие болған жоқ. Бұл жеке тұлғалар жекеменшік тәртібімен кәсіпкерлікке ұйысуы, сауда кәсіпорындарын құруы, қайырымдылық істерімен айналысуы немесе білім беру мекемелерін ашуы қажет болды. Расында да, Еуропа билеушілері қаржылық ресурстар үшін бір-бірімен бәсекелесе отырып, әдетте жеке топтармен одақ іздеді де, оларға саяси адалдық пен тұрақты түрде алым-салық төлеген жағдайда қайтарым ретінде қорғаныс пен еркіндік ұсынды. Күн өткен сайын жеке топтар корпоративтік мәртебесіне қарай саяси көшбасшылармен келіссөз жүргізе отырып, заңды тұлға ретінде өмір сүретін жеке тұлғалар бірлестігін құрды. Заңды тұлға ретінде мойындалған корпоративтік топтар құқықтар мен жауапкершілікке ие болды. Көбіне король немесе басқа саяси бедел иесі берген кепіл құжатта мұның бәрін айқын көрсетті. Жаңа қалалар көбеюіне қарай қала кәсіпкерлері дәулет жинады.Билеушілер қалалардың құқықтары мен артықшылықтарын жарғымен бекітіп, оның қайтарымы ретінде адалдық пен кіріс уәдесін алудың тиімділігін байқады. Жарғы аясында ерекше мәртебеге ие болған қалалар Испания мен Шығыс Еуропада көбейді, өйткені рыцарьлардың жаулау әрекеттері иммигрант шаруалар мен қолөнершілерді құқықтық артықшылықтарға ие болуға ынталандырып, оның қайтарымы ретінде жер өңдеп, нарықтық және өндірістік орталықтар құруға ұмтылдырды.

Өзге жеке топтар күміс қазуды, кеме жасауды, банк ашып немесе мата сатуды заңдастырып беретін кепілдік іздей алды. Қалалық қолөнершілер гильдиялары саудагерлерге, зергерлерге, тігіншілерге, ағаш ұсталары мен басқа да мамандарға кәсіптерін дөңгелетіп, стандарттарды басқаруына рұқсат беретін кепілдіктермен қамтамасыз етті. Әйелдердің корпоративтік бірлестіктерінің негізгі түрі – әйелдерге арналған діни монастырьлар болды. Әйтсе де қала әйелдері кейде гильдиялар мен өзге де кепілдігі бар азаматтық топтарға қатысты. Бірнеше қалада жүн иіріп, мата тоқитын әйелдер өздерінің кепілді гильдияларын құрды, бірақ әрдайым ер кісінің жетекшілігінде, бақылауында болды.

Еуропаның ортағасыр корпоративизмін салыстыра қарастырсақ, Қытайдағы жеке кәсіпкерлік барынша өзгеше сипатта дамығанын айтуымыз керек. Бұл жақта кәсіпкерлік бизнес ықпалды әулеттер маңына шоғырланды (тек әке мен балалары арасында емес, сонымен бірге ағасы, әпкесі және жездесі де бұл топқа кірді). Әдеттегідей, бұл жағдай топтың көлемі мен ресурстарын шектеді, ал осы уақытта Еуропада корпоративтік кәсіпорындар талантын немесе үлескер ретінде ақшасын ұсына алатын кез келген адамды ортақ іске шақырды. Бұған қоса моңғол Юань әулетін және Қытайдың империялық үкіметі дәстүрлі түрде тек сауда, өндіріс пен мәдени жобаларды бастама ретінде көтеріп, басқаруға алды. ХІІІ ғасырда конфуцийлік мемлекет қызметкері заңды құқыққа ие болып, император шенділерінің жұмысын бақылауға алып, басқаруына шектеу қоя алмады.

Идеялар ағыны

Еуропаның қала дәулеті, плюралистік саясаты және Афроеуразияның қалған бөлігіндегі жинақталған білімге қол жеткізу мүмкіндігінің артуы технологиялық және зияткерлік жаңалықтарға серпін берді. Моңғол жаулаушылығы басталған тұста саудагерлер, қажылар мен крест жорықшылары бастамаларының арқасында Еуропаның Шығыс Жерорта теңізіндегі мұсылман және грек христиандарының үлкен қалаларымен әлдеқашан қалыптасып үлгерген мықты байланысы болды. Бұл байланыстар мата тоқудың жаңа әдістерін, қағаз дайындау технологиясын және әйнек өндірудің сириялық құпиясын, Оңтүстік-Батыс Азиядан ағылған пайдалы идеялар ауқымын кеңейтті. 1250–1350 жылдар аралығында батыс христиан әлемі де моңғол кезеңінің ұзақ қашықтықты технологиялық алмасуларының пайдасын көрді. Магнитті компас, оқ-дәрі мен баспа секілді шығысазиялық өнертабыс түрлері Батыс Еуропаға, біздің білуімізше, ХІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырларда жетті. Еуропа қолөнершілері бұл жаңа өнертабыс түрлерін жетілдіріп, бірден қолданысқа енгізді.

Витраждағы ағаш ұсталары. Еуропадағы гильдия қолөнершілері шіркеулерге қайырымдылық ретінде терезелерді тегін беретін. Франциядағы Шартр кафедралында асулы тұрған сатыда екі ағаш ұстасы тақтаймен жұмыс істеп отыр. Гильдия мүшелері шеберліктерін шіркеу терезелерінде не үшін өрнектеуге тырысты деп ойлайсыз?

Дәл сол уақытта монархтар мен бай-бағландардың, кепілдендірген гильдиялардың қолдауы мен демеушілігіне сүйенген Еуропа қолөнершілері фармацевтика технологиясы, киім фабрикасы, кеме жасау, қару-жарақ, шіркеу мен қамал дизайны салаларында жаңа құрылғылар мен техникалар ойлап тапты. ХІІ ғасырдағы таңғажайып инновация готикалық шіркеу дер едік. Күрделі математикалық есеп пен инженерлік жоба ұсталарға еңселі жаңа ғибадатхана тұрғызуға мүмкіндік берді. Өткір ұшты аркаларды, ұшатын тірек деп аталған сыртқы ұстындарды және басқа да жаңа құрылғыларды қолдану құрылысшыларға биік қабырғалардағы ашық кеңістіктен құтылуға көмектесті. Жарықты биік күмбезге қарай бағыттайтын түрлі түсті витраждармен жабдықтады.

Университеттер. XІІІ–XІV ғасырларда Испаниядан Польшаға дейінгі кеңістіктегі Еуропада сан салалы білім беретін құрылымдар көркейді. Батыс христиан әлемінде білімді мамандарға қажеттілік артып, университеттер ашыла бастады. Олар үкіметте, жеке сауда және кәсіп үйлері мен шіркеулерде үйлестіруші, есепші, хатшы, мұғалім, заңгер және дін қызметкерлері ретінде жұмыс істеу үшін қажет болды. Алғашқы университеттер үлгісі ақсүйектердің де, қала тұрғындарының да балаларына латын тілінде білім беретін қалалық кафедралдардың мектептерінде жасалды. Бірнеше ғасыр бұрын дін ілімі мен құқық саласын тереңдетіп оқу үшін мұсылман елдерінде басталған бұл қозғалыс Еуропалық университет идеясына түрткі болды. Бұл жерлер ғалымдар мен шәкірттер жиналатын және сабақ беріп, білім алатын орталық орынға айналды.

Католик дінбасылар кеңесінің тұрақты мүшесі саналатын ерте кездегі Еуропа университеттерінің профессорлары гильдияларға топтасты және қала саудагерлері мен қолөнершілері секілді саяси билік өкілдерімен өзін-өзі реттеу құқығы үшін келіссөздер жүргізді. 1200 жылы Франция королі Филипп Август Париж университетін «дипломмен» марапаттады, сол арқылы университет оқытушылары мен студенттері өз істерімен шұғылданды да, жергілікті дін қызметкері мен король офицерлерінен гөрі көбіне Папа беделіне бағынышты субъектілерге айналды. 1300 жылы Еуропада 23 университет болды. Артықшылықтарға ие бұл құрылымдар билеушілердің беделін арттырды. Қаржылық немесе оқу бағдарламасына араласуға құмартып тұратын лордтар мен епископтардан университеттерді билеушілер құтқарып қалды. Университеттегі білім алу курстары грамматика, риторика мен диалектикаға (логикалық пайым мен дәйектеме), нақты бір құрылымның бағытына сәйкес теология, құқық, астрономия, математика, музыка және табиғат философиясына (біз «ғылым» деп атай алатын) негізделді. Университеттер де Еуропадағы зияткерлік дамудың өзге түрлеріне ынталанып, пайдалы қырларын дамытты. Бұған ақсүйектер мен клерикал таптың шеңберінен шығып, сауаттылықтың қарапайым тұрғындар арасында да жайылуын, кітаптардың қолжетімді болуын және лирикалық поэзия, романтикалық әңгімелер мен саяхатнама секілді жаңа әдеби жанрлардың шығуын қосуға болады. Мысалы, Марко Полоның ХІІІ ғасыр соңында басылған «Әлемнің сипаты» (The Descrіptіon of the World) шығармасын жат жұрттық жерлер жайлы білімге шөліркеген сауатты еуропалық таласа-тармаса оқыды.

Ғылымның оянуы. Университеттерде білім алудың ұйымдастырылуы Еуропадан жырақтағы әлем жайлы ой қорытумен үйлесе отырып, оқымысты ортада ақыл, сенім мен таңдау еркі жайлы белсенді тартыс туғызды. Жаңа философиялық және ғылыми сұрақтарға бас қатырған ғалымдар қолда бар білімді түбегейлі зерделеуге ден қойды. Бұл деректерге Библия мен классикалық христиан теологиясын жатқызамыз, сонымен қатар Жерорта теңізі маңындағы қалаларда қалған, білімнің үлкен қойма құжырасы саналатын еңбектер де бар. Еуропа саудагерлері мен крест жорықшылары Оңтүстік-Батыс Азия, Солтүстік Африка мен Испания қалаларына жаңа байланыс желілерінің ізін салған уақытта католик христиандығының зияткерлері бұл білім қоймасына молынан қол жеткізді.

Шартр кафедралы. Францияның солтүстігіндегі Сан-Дени шіркеуі, астанадан 40 миль қашықтықтағы шағын қала орналасқан Шартр кафедралымен бірге Батыс Еуропадағы шіркеу құрылысының готикалық үлгісі қатарынан саналады. Кафедралдың оңтүстік тарапындағы сыртқы жартылай аркалар немесе тіректер биік қабырғалар мен үлкен терезелерді тұрғызуға мүмкіндік берді.

VІІІ ғасырдан бастап мұсылман ғалымдары грек, парсы және санскрит тілдеріндегі ғылыми және философиялық жазбаларды арабшаға аударып, артынан түзетті, синтездеді және білім беруде кең пайдаланды. ХІІ ғасырда Еуропа академиялық ортасы бұл қолжазба кітапхана қорын арабша, грекше немесе иврит тілінен латынға аудару үшін лингвистикалық дағдыларын ұштай бастады. Олар бұл жұмыстың ауқымды бөлігі батыс христиан әлемі мен Византия және мұсылмандар кеңістігі арасындағы шекарадағы Толедо, Кордова, Палермо (Сицилия) және Константинополь қалаларында қатар жүрді. Шамамен 1140 және 1280 жылдар аралығында лингвистер ежелгі грек философы Аристотельдің сақталып жеткен барлық жазбаларын аударып шықты және оның еңбектерін айшықтап барынша кеңейтті, арабша түсініктеме мәтіндерді де молынан тәржімеледі.

Ғылыми трактат аудармалары Еуропа ойшылдарына бұдан кейінгі инновациялар үшін шикізат болды. Мысалы, Леонардо Фибоначчи (1170–1240) Солтүстік Африканың айлақ қаласында өсті, өйткені оның әкесі Италияның сауда елшісі еді. Фибоначчи математикамен шұғылданды, осының нәтижесінде білім іздеп, мұсылмандар мен гректер жайлаған Жерорта теңізін тұтас саяхаттап шықты. Италияға оралған соң «араб» санау жүйесі жайлы базалық он сан түсіндірілген алғашқы ауқымды жұмысты және геометрия мен сандар теориясынан маңызды бірнеше трактат жазды. Фибоначчидің және басқа да ғалымдардың арқасында Еуропа ақырындап рим сандарын позициялық белгілеу жүйесі мен нөл санын қамтитын, бұрынырақта Үндістанда ойлап тапқан жүйеге ауыстырды. Бұл ілгерілеу бұдан да жетілген математикалық зерттеулер жасауға мүмкіндік берді.

Дәрісхана. ХІV ғасырға тиесілі бұл суретте неміс монахы Генрих Фримар Италияның Болонья университетінде дәріс оқып тұрған сәті бейнеленген. Ол шәкірттерінің назарын өзіне барынша аударуға тырысып тұрған сияқты. Бірінші қатардағы үшінші шәкірт қыз бала болуы мүмкін. Ортағасырлық Еуропа университетінде қыз баланың студент атануы мүмкін бе еді?

Тағы бір Еуропа ойшылы – Оксфорд пен Парижде тұрып қызмет еткен, мұсылман және антика классикалық білім мұрасына сүйене отырып астрономия, оптика, алхимия және өзге де салаларда еңбек жазған ағылшын тақуасы Роджер Бэкон (1214–1294) болды. Ол: «Ғаламды ұғудың кілті жалпылама ұстанымдар негізі дедуктивті тұжырым жасауда емес, индуктивті тұжырым мен табиғат құбылыстарын зерделеуде және өлшеуде барынша пайдалы құралдарды қолдануды талап ететін эксперименттік зерделеуде жатыр», – деп сенді. «Өмірінде от көрмеген адам оттың жанып тұрғанын және жанасқан заттарды өртеп, жоқ ететінін дәлелдеуі керек болса, оның ақылы жанып тұрған бір нәрсеге қолын тигізбесе тиянақ таппайды, сондықтан ол пайымдаумен жеткен білімін тек тәжірибе арқылы дәлелдей алады», – деп жазды Бэкон.

Схоластикалық теология. Тәжірибелік эксперименттердің қажеттігі жайлы ұсынысына қарамастан, Бэкон табиғат пен ғарыш құдіретті аян арқылы ғана бізге танылады деген христиандық ілімді қабыл етті. Мұсылман ғалымдар бірнеше ғасыр бойы Аристотельдің өлмейтін, өзгермейтін болмыс жайлы тұжырымы хақында пайымдады, әйтсе де адамдар ақиқатты жүйелі бақылау, анализ және логиканың қуатымен қабылдайтын. Кейбір мұсылман ойшылдары Аристотельдің өзгермейтін болмыс тұжырымын бір құдаймен теңдестірді және оның жаратылысын бізге берген ақыл күшімен тани аламыз деп сенді. Христиан теологиясымен, Аристотельдің еңбектерімен және мұсылмандардың айшықты пікірлерімен қаруланған Еуропа ғалымдары жаңа философиялық зерттеулерге ден қойды. Схоластикалық теология117 деп аталған бұл жаңа методология «ғалам түптің түбінде жүйелі талдау жолымен танылуы мүмкін» деген сенімге табан тіреді. Еуропадағы ХІІІ ғасырдағы ұлы синтездеуші Акуинолық Томас (Thomas) (1225–1274) болды. Көп уақыт Париж университетінде оқытушы болған ол христиан діні мен Аристотель логикасын үйлестіруге бағытталған жүздеген ғылыми еңбек жазды. Томастың жазбалары келесі ғасырларда Еуропадағы теологиялық және философиялық тартыстардың негізгі мәселесіне айналды.

Транссахара байланыстары

ОЙЛАН: XІІІ–XІV ғасырлардағы транссахара байланыстары Солтүстік және Батыс Африка қоғамындағы саяси, экономикалық және діни өзгерістерге қандай жолмен әсер етті?

Жібек жолы және оңтүстік теңіздерінің бағыттары секілді, Сахара шөлінің түйе керуендері аграрлық аймақтардағы тұрғындарды байланыстыру үшін шет-шегі жоқ ашық кеңістікті кесіп өтті. Бұл сүрлеулер Жерорта теңізінің Африка жағалауларындағы айлақтарды шөбі шүйгін саванналарға тығыз орналасқан аграрлық қоғамдармен байланыстырды (13.5-картаны қараңыз).

13.5-КАРТА. Транссахара байланыстары. 1200–1350 жылдар

Картадағы белгілер транссахарадағы саудада маңызды орын иеленген тауарлар қорын білдіреді. Сахараның батыс тарапында неге бағыттар барынша көп шоғырланды деп ойлайсыз?

Транссахарадағы түйе керуені саудасының қарқынды дамуы шамамен б.з. 800 жылдарынан соң Сахара мен оңтүстікке қарай ылғалырақ саванналар арасында сүйірлене орналасқан шөлейтті белдеу Батыс Сахелде үстемдікке ие болған Батыс Африка монархиясы – Гананың өркендеуіне ықпал етті. ХІ–ХІІІ ғасырларда Гана әлсірей бастады. ХІІІ ғасырдың орта тұсында Ганамен салыстырғанда ауқымды әрі тиімдірек орталықтанған мемлекет – Мали патшалығы пайда болды да, шөлді аймақтың оңтүстік айлақтарын және саваннадағы сауда қатынастарын қолға алды. ХІІІ–XІV ғасырларда Батыс Африка шахта кеншілері мен саудагерлері Афроеуразияда айналымға түскен алтынның айтарлықтай бөлігін жеткізді.

Схоластикалық теология – ортағасырлық Еуропада діни аян беделі мен адам ақылының тиянағы арасындағы қатынасты жүйелі зерттеген және философияға, ішінара антикалық грек ойшылы Аристотельдің еңбектеріне сүйенген тартыс әдісі; схоластицизм деп те аталады.

Жерорта теңізі мен Сахара арасындағы Солтүстік Африка

ХІІ ғасырда Батыс Жерорта теңізіндегі жерлерді біріктірген мұсылмандардың Муаххидун (Әлмохад) әулеті келесі ғасыр ортасында христиан крест жорықшыларының шабуылынан соң ыдырап кетті (12-тарауды қараңыз). Бұл аймақтың түрлі бөлігін төрт мұсылман мемлекеті иеленді: Испанияның оңтүстік қиырында таулы Гранада патшалығы және Солтүстік Африкадағы үш патшалық: қазіргі Марокко, Алжир және Тунис. Муаххидундардың ыдырауына қарамастан, Солтүстік Африканың көне қалалары өндіріс пен исламдық білім беру орталығы ретінде өмір сүре берді. Тунис, Тлемсен және Фес қалалары маңызды орталықтардың бірі болды.

Еуропамен салыстырғанда Солтүстік Африканың тұрғын саны өте аз еді және бұл мұсылман мемлекеттерінің Жерорта теңізінің батысындағы саудадағы Еуропа үстемдігіне қарсы қоярлық материалдық қоры жетіспеді. Генуя, Венеция, Пиза және Испаниядағы Каталония корольдігінен шыққан теңіз саудагерлері Солтүстік Африка жағалауларында жиі-жиі бой көрсетті. Олардың кемелері тұтас Сахарадан жиналған Солтүстік Африка тоқыма маталарын, тері өнімдерін, астық пен кепкен жемістерді, піл сүйегі мен түйеқұс қауырсынын, құлдар мен алтын жүгін тиеді. Бұл тауарларға айырбас ретінде еуропалықтар жүн және мақта-мата, ыдыс-аяқ, шарап, дәмдеуіштер мен қару-жарақ сатты. Мұндағы ұсынылған әр тауар осы жартышардағы сауда көлемін сипаттайды. Үндістанның оңтүстік-батыс су жолдарындағы Мальдив аралдарының тұрғындары каури бақалшықтарын жинады. Терушілер каури қабыршықтарын Араб теңізі саудагерлеріне мыңдап сатты. Ал саудагерлер оны Қызыл теңізге жеткізді. Италия жүк тасымалдаушылары Жерорта теңізінің шығыс айлақтарында қабылдап алып, Солтүстік Африкаға жеткізіп, сол жерде араб және бербер көпестеріне сатты. Олар жүкті түйемен Батыс Африкаға жеткізді. Ол жерлерде каури қымбат әшекей ретінде де, валютаның кең тараған түрі ретінде де құны артып, шарықтап тұр еді.

Мали империясы

Негізгі қоныс мекені Нигер өзені жазығының жоғары тұсы саналатын Мали шамамен моңғол империялық әскері орыс жерлерін басып алып, Оңтүстік Қытайды жаулай бастаған уақытта пайда болды. Малидің өсіп-өркендеуі моңғол билігімен тікелей байланысты емес, алайда біз сол дәуірдегі саудагерлердің алтынға тауар әрі айырбас заты ретінде қатты құмартқанын білеміз. Афроеуразия нарығында Батыс Еуропа кен орындарының алтын шығаратын қоры көп еді. Сахарадағы сом алтын ағыны VІІІ ғасырдан соң, Жерорта теңізі мен Оңтүстік-Батыс Азиядағы мұсылман билеушілер алтын монета соғуды ұйғарғандықтан, арта түсті. 1200 жылдардың ортасында Батыс Еуропа билеушілері күмістің орнын толтыру үшін алтын монета шығаруды қолға алды. Флорин деген атпен танымал болған алғашқы алтын монетасы Италияның қала-мемлекеті – Флоренцияда шықты. Еуропаның бай алтын ресурсы болмағандықтан, Африка металына сұраныс күрт артты. XІV–XV ғасырларда Батыс Африка кеніштері Афроеуразиядағы алтын тасымалының үштен екісін өндірді20. Бұл бағалы металдың, бұған қоса піл сүйегі, құлдар мен өзге де Батыс Африка өнімдерінің орнына айырбас ретінде Малиге оңтүстік керуендері Сахара қойнауларынан тұз бен мыс және Солтүстік Африка мен үлкен жерді алып жатқан Жерорта теңізі аймағынан ауқымды тауар қорын жеткізді.

Мали үстемдігі. Судан мемлекеттері арасында Малидің даңқының аспандауы Батыс Африкадағы сол замандағы қаһарман тұлға Суньятамен (Сундиата) байланысты еді. Шыңғыс хан секілді Суньята да әкесінен ерте айырылды, бірақ халқын әскери салтанатты жеңіске жеткізу үшін тауқыметке толы өмір сүрді, аяғы да кембағал еді. Батыс Африкадағы негізгі тілдердің бірі малинка тілінде сөйлейтін саванна халқының ортасында ықпалды мемлекет құрған Суньята және оның жақын мұрагерлері бәсекелес елдердің барлығын алым-салық төлеуге мәжбүрледі. Құрлық әскері мен атты әскерді қатар жасақтаған Мали патшалары немесе мансалар шөлейтті Сахелден бастап, оңтүстік саванналардың орманды аудандарына және орта Нигериядан Атлант мұхиты жағалауларына дейінгі жерлерді қамтыған империя құрды.

Қоршаған орта тарихшылары Малидің империялық жетістігі Батыс Африка климатындағы 800 жылдық ылғалды кезеңнің аяқталуымен байланысты болуы мүмкін деп болжайды. Шамамен б.з. 1000 жылынан бастап Сахелде және солтүстік саванналарда жауын-шашын көлемі жыл сайын төмендей берді, астық өнімдері мен табын саны азайды. Гананың ыдырауына да осы жағдай әсер еткен шығар. Ал Мали ұлғайып өскен аймақ – ылғалды һәм қолайлы саваннаның оңтүстік қиырында орналасты. Бұған қоса, Мали әскерінің әлсіз тұсы – тропиктік цеце шыбыны қып-қызыл қылып талап тастаса да, атты әскер қосынына иек арта алды. Тым құрғақ климат орныққан сайын цеце шыбынының тіршілік ету аясы тропиктік орманға қарай ойыса бастады да, Малидің атты садақшылары жылқыларымен саваннаның ауқымды бөлігін айналып өтуге мүмкіндік туды. Гана әскерінде мұндай мүмкіндік болмады. Цеце шыбыны болмаған күннің өзінде де тропиктік Батыс Африкада жылқы басы жақсы көбеймейтін. Мали императорлары Сахарадан немесе Солтүстік Африкадан тың жылқыларды үнемі әкеліп отырды.

Деректерді САРАЛАУ

Ибн Баттута Мали империясына баға береді

1355 жылы мұсылман заңгері Ибн Баттута Афроеуразияның үлкен бөлігін аралап, он екі жылдық саяхатынан отаны Мароккоға оралған соң басынан өткен шытырман оқиғалар жайлы ұзақ-сонар «Рихлә» (Rіhla) немесе «Саяхат кітабын» (Book of Travels) аяқтауға кірісті. «Рихлә» еңбегін Марокко билеушісінің тапсырмасымен, араб прозасының нәзік тұстарын жақсы меңгерген жас әдебиетшімен бірлесе отырып, Фесте жазып шықты. Кітап қолжазба нұсқада батыс мұсылман әлеміне тарады және ХІХ ғасыр ортасында Еуропа ғалымдары мұның барлығын француз тіліне аударды. Бұл батыс және Азия тілдеріне аударылған еңбектің алғашқысы болды. «Рихлә» бізге құнды тарихи құжат ретінде жетті, өйткені Ибн Баттута ХІV ғасырдың екінші ширегіндегі моңғол шапқыншылығы кезеңінде ондаған қоғамның оқиғалары мен өмір салтына куә болған.

Ибн Баттута «Рихләні» жазуға кіріскен кезде қаһармандыққа баланған саяхатынан енді ғана оралған еді. Яғни түйе керуенімен қауіп-қатерге толы Сахара арқылы Батыс Африкадағы Малиге өтті (13.2-картаны қараңыз). Араб, моңғол, түркі әміршілері сапар барысында оны күтіп алып, сый-сияпат жасады. Ал Мали патшасы Манса Сүлеймен ибн Баттутаны жоғары деңгейдегі ғалым санамағаны ашуын келтіргенін «Рихләда» ашып жазады. Бұған дейін емен-жарқын қарсы алғандардың қошеметі Мали жайлы ақпарына әсер еткен болуы да мүмкін. Себебі ибн Баттута Манса Сүлеймен мен оның империясын қайшылықты түрде сипаттаған. Танжер қаласында космополиттік рухта араб ақсүйек ретінде тәрбиеленген ибн Баттутаның тақуа болмысы табаны тиген барлық мұсылман патшалықтарын сипаттағанда байқалады. Малиге қатысты жазғанда моральдық дәстүрлі пайымы қатқылдау шығып жатқандай.

Іріктелген жазбасында ибн Баттута патшалықтағы жақсы және жаман деп есептеген дүниелерін төмендегідей сипаттайды:

Олардың жақсы қасиеттерінің бірі әділетсіздіктің аз екенін айтар ем, өйткені ол жақтағы адамның баршасы бұл қасиеттен барынша аулақ. Әділетсіз кез келген жанды олардың сұлтаны кешірмейді. Осы жақсы қасиеттердің арқасында олар бейбіт елде өмір сүреді, саяхатшылар ол жақта қорықпайды, ұры мен қарақшының зорлығынан қорқып өмір сүрмейді. Олар осы мемлекетте қайтыс болған [Сахара мен шығу тегі Солтүстік Африкалық] ақ нәсілді адамның жеке мүлкіне араласпайды, оның байлығы көп болса да сенімді ақ нәсілді адамдардың заңды мұрагері келіп марқұмның дүниелерін қабыл алғанға дейін ешкім қол тигізбейді.

Олардың жақсы әдеттерінің бірі – құлшылық уақыты мен намазға қатысуды өте мұқият қадағалайды. Жамағатқа көрсетілетін қызметке де бей-жай қарамайды және осы істерге баулу үшін балаларды ұра отырып тәрбиелейді.

Жұма күні мешітке ертерек келмесе, жамағаттың көптігінен адамдар құлшылық етуге орын таппайды...

Олардың жақсы қасиеттерінің бірі – Жұмада әдемі ақ киім киеді. Адамның жыртық көйлектен басқа іліп алары болмаса, жуып, тазалап, жұма намазына қатысады. Олардың жақсы қасиеттерінің тағы бірі – қасиетті Құранды сөзбе-сөз жаттау үшін мұқият тыңдайды. Балалары құран жаттау үшін шынжырлы кісен салады, олар жаттап алғанға дейін кісеннен босамайды... Бір күні мен әдемі киінген сүйкімді балақайдың қасынан өттім, бірақ оның аяғында ауыр шынжыр болды. Қасымдағы адамнан: «Бұл бала не істеді, біреуді өлтіріп қойды ма?» – деп сұрадым. Жас жігіт менің сөзімді естіді де, жылы жымиып: «Құранды сөзбе-сөз жаттағанға дейін осылай шынжырға байланып тұрады», – деді.

Олардың жаман істері – қызметші әйелдері, күңдері және кішкентай қыздары ашық-шашық жүре береді. Олардың көпшілігін осы мемлекетте, Рамазан айында көрдім. ...Бұлардың жаман әдеттерінің ішінде тағы бір аңғарғаным – сұлтанның алдына және сұлтанның жалаңаш қыздары да отырған жерге әйелдер жартылай жалаңаш бара береді – Рамазанның жиырма жетінші түні қолдарында тамақтары бар жүздеген күң сарайдан шығып келе жатқанын көрдім, олармен бірге сұлтанның екі қызы да бар болатын. Олардың толықсыған кеуделері ашық еді. Олардың әдеттерінің тағы бір жаманы – құрмет көрсетудің белгісі ретінде бастарына күл мен топырақ жағады. Бұған дейін жазғанымдай, поэтикалық концерттері де сондай оғаш. Олардың көпшілігі дұға оқымай сойған малдың, тіпті ит пен есектің де етін жей береді.

Дереккөз: Saіd Hamdun and Noël Kіng, Іbn Battuta іn Black Afrіca (Prіnceton, NJ: Markus Wіener Publіshers, 2005), 58–59.

Сыни пайым

Мали үкіметі мен қоғамының қандай әрекеттері Ибн Баттутаның оң бағасын алды? Ол дәл осы ерекше шарттар мен салттарға неліктен назар аударып, жағымды пікір айтты деп ойлайсыз? Малидің патша сарайындағы әйел киіміне қатысты әдеттерге неге айрықша сыни көзбен қарайды? Оның бұл көзқарасын қисынға сыймастай, төзімсіз деп санайсыз ба? Алғышарттары мен мәртебесін ескере отырып, Ибн Баттутаның «Рихләсін» қандай адам оқиды деген ойдасыз?

Мали мемлекеті. Мали – ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың басында Афроеуразияның ауқымды бөлігінде саяси тәртіптің айрықша деңгейін қалыптастырған үлкен мемлекеттердің біреуі еді. Мансаның патша сарайында үлкен әулеті, сансыз әйелі, сенімді сарбаздары, қорғаушылары мен құлдары жүрді. Шамамен 1300 жылдары патша кейбірі Малиде туған, кейбірі Солтүстік Африкадан келген сауатты мұсылмандарды қызметке алды. Олар орынбасар, есепші және әкімшілік істерді жүргізуші болып қызмет етті және араб тілін үкімет пен дипломатиялық қатынастың ресми іс-қағаз тіліне айналдырды. Ауыл шаруашылығындағы салық түсімі мен транссахара сауда қатынасының нәтижесінде жинақталған үлкен байлықтың арқасында мансалардың кейбірі Марокко сұлтандарымен және Сахарадан солтүстікке қарай жатқан мұсылман елдерімен дипломатиялық мақсатта алыс-беріс жасасты. Империяның ядросы саналатын Нигер мен Сенегал жазықтарының жоғары жағын патша офицерлері тікелей басқарды. Бұған қоса, олар Алтын орданың моңғол хандары орыс ақсүйектерінен байлық жинағанындай, жергілікті көсемдер мен сұлтандарға ауық-ауық салық салып тұрды. Мансалар Батыс Африканың екі ірі алтын өндіруші аймағын тікелей бақылауға алмаса да, шөл даладағы айлақтарға осы металл түрін жеткізуші судандық саудагерлерді мұқият қадағалады. Қорытылған және саф алтынның әжептәуір бөлігін сарайды безендіріп, патша әулетін әшекеймен қамтамасыз ету үшін алып отырды.

Батыс Африкадағы ислам. ХІІІ ғасыр басында кейбір Судан билеушілері, көсемдері мен саудагерлер, әсіресе мұсылман саудагерлерімен бірге байлық жинағандар, транссахара керуендерін басқарғандар исламды ұстанды. Малидің негізін қалаушы Суньята мұсылман болмаған да шығар, бірақ кейінгі билеушілер осы діннің жоралары мен парыздарын орындады. Алайда мансалардың саяси заңдылығы исламды ұстанбайтын жергілікті жүздеген көсемнің адалдығына табан тіреді. Бұдан гөрі бұл көшбасшылар халықтың амандығы және бақуатты тіршілігімен тікелей байланысты киелі қасиетке ие деген идеямен тығыз байланысты сенім мен символдар арқылы құрметтеп, патшаға мойынсұнды. Нәтижесінде мансаларға мәдени үйлестіруші бағытты ұстануға, патшаның сән-салтанатын паш ететін дәстүрлі стандарттарды қолдауына тура келді. Мысалы, бағынышты халық патша өкіліне төмен иіліп, басына топырақ сепкізді. Бұған қоса халық ислам әлемінде кең тараған жұма намазына қатысып, белгілі бір деңгейде мұсылмандық құқық пен мораль стандарттарын қабыл ете отырып, соның рухында тәрбиеленді.

Манса Мұса (1312–1337 жылдары билік құрды) 1324–1325 жылдары ақсүйектері, сарбаздары, түйе және жылқыларымен бірге Меккеге қажылық сапар жасау арқылы исламға шын берілгенін айрықша паш етті. Сапар бір бағытта 3 500 миль қашықтыққа созылып жатқан еді. Ол Каир арқылы өтті және Мысыр жылнамашыларының айтуынша, алтынның көп үлестірілгені соншалық, нарықтағы алтынның құны уақытша түсіп кетті. Манса Мұса елінде құқықтық және діни білім беруді қолдап, мешіттер тұрғызуға, шетелден ғалымдар мен сәулетшілерді шақыруға ірі көлемде қаражат жұмсады. Әйтсе де бұл дамуға қарамастан Батыс Африкадағы Судан халқының көп бөлігі бірнеше ғасыр өткенге дейін исламды қабылдамады.

XІV ғасыр ортасында Малидің ықпалы артты. Бұдан кейінгі патша әулетіндегі таққа талас пен патшалықтың алыс шекаралық аймақтарындағы көтерілістер біртіндеп құлдырауына әкеп соқтырды.

Батыс Африканың басқа корольдіктері

Мали тарихы жайлы Ибн Баттутаның жазбалары арқылы біраз ақпаратқа қанықпыз. Алайда бұл ел Батыс Африкадағы бірнеше мемлекеттің бірі ғана болатын. Нигер өзенінен шығысқа қарай саванна белдеуіндегі әдетте бұл күндегі Нигерияның солтүстік бөлігіне сәйкес келетін аймақта қала-мемлекеттер тобы пайда болды. Ежелгі хауса тілдер семьясына жататын (бұл күндері шамамен 45 миллион адамның ана тілі) тілде сөйлейтін қалалар халқы мақта-мата өндірісі мен транссахара арқылы жез, кола жаңғағы, құлдар мен тропиктік ормандардан оңтүстікке қарай тасымалданатын өнімдер айырбасынан гүлденді. Шығысқа қарай, Чад көлінің маңайындағы Канем империясы Малимен қатар салық жинаушы ірі мемлекет ретінде белгілі болды. Расында да, Канемды басқарған әулет Малиге қарағанда ұзағырақ патшалық құрып, ІX ғасырдан XV ғасырға дейін тіршілігін жалғастырды.

Батыс Африкадағы қалың саванналар мен тропиктік ормандарда шамамен б.з. 800 жылдарынан патшалықтар мен қала-мемлекеттер пайда болды. ХІІІ ғасырда кейбір аймақтарда көсемдері, негізінен, жоралық қызмет атқарған шағын мемлекеттердің орнына, билігі әскер жасақтай алатын, маңына бағыныштылар топтастыра алатын, әскері мен бағыныштылары салық жинайтын ықпалды билеушілер келді. Игала, Нуп және Бенин үшеуі де қазіргі Нигерияның нулы саванналы немесе тропиктік орманында ХІІІ немесе XІV ғасырларда мемлекеттер құрды. Бұлардың барлығы жаңғақ пен өзге де орман өнімдерін солтүстіктен келетін астыққа, жылқыға, матаға айырбастады. Археологиялық деректер йоруба тілінде сөйлейтін халықтардың орманды белдеуінде пайда болған бірнеше қала-мемлекетпен бірге, Бенин мемлекеті осы кезеңде жезден күрделі натуралистік мүсін салу дәстүрін дамытқанын көрсетті. Бұл шеберлік ұзақ қашықтықта сауда желісінің болғанын дәлелдейді, өндірісте қолданған қалайы, жез Сахара оңтүстігінің орталық бөлігіндегі кен орындарынан жеткізсе керек.

Йоруба билеушісі. Қазіргі Оңтүстік-Батыс Нигериядағы Йоруба мемлекеті монархының жезден жасаған табиғи көлемдегі бас бөлігі. Мүсін ХІІ–XV ғасыр аралығында жасалған.

Қорытынды

Моңғол империялары билеген дәуірде Афроеуразияның барша бөлігі кез келген өзге бөлігімен тікелей немесе жанама түрде, құрлық арқылы немесе теңіз жолымен байланыс құрды. Жұмсайтын ақшасы бар адамдар мыңдаған миль қашықтықтардағы басқа аймақтардан сатып алуға тауар іздеді. Ежелгі уақытпен салыстырғанда, адамдар білім іздеп немесе дінін насихаттау үшін ұзақ қашықтықта сапарлады. Моңғол атты әскері ежелгі Рим легионынан асып түсіп, өте ұзақ жол шарлап, жартышарды ат тұяғымен таптап өтті. Адамдар қоныстанған суперконтиненттің шағын бөлігі – мұз құрсанған Арктика, ішкі аймақтардағы ормандар немесе таулы аңғарлар, Оңтүстік-Батыс Африкадағы шөл және шөлейтті жерлер жартышардағы қарым-қатынас торабынан жырақ қалды.

Алайда күрделі сауда торабы – Афроеуразия халықтары мәдени тұтасуға ұмтылды дегенді білдірмейді. Бұл аумақ он мыңнан аса тілде сөйледі және қоғамдардың қарым-қатынасы, бәсеке мен зорлық-зомбылыққа, толеранттылық пен түсіністікке де әкелді. Бір шетінен, ең құрығанда аймақтық деңгейде мәдени гегемония үдерістері де жүрді. Кейбір тілдер мен мәдениеттер жаңа тұтынушыларын тапты. Осы кезеңде, мысалы, миллиондаған адам буддизмге, христиан діні мен исламға бет бұрды және осы үдеріс барысында жаңа тілдерді үйреніп, жаңа, бірқалыпты өмір жолына түсті. Мәдени қалыптармен бірге тұрақты жалғасып, моңғол кезеңінде кең таралып, өркендеген тілдерге қытай, парсы, араб, оғыз, суахили, малинке, герман, француз және ағылшын тілдері кірді.

XІІІ–XІV ғасырлардағы кеме капитандары Афроеуразия теңіз жолдары торабының шеберлері болғандықтан, Атлантиканы барлау мен Кариб аралдарына Христофор Колумбтың кемесі тоқтауын қалыпты жағдай деп қабылдай аламыз. 1492 жыл ентелей еніп келе жатқан күннің өзінде де, қос Американың халықтары империя құрудың, сауда мен мәдени шығармашылықтың өзгеше жолдарын іздеумен болды. 14-тарауда б.з. 900 және 1400 жылдары аралығындағы жағдайларды танып білу үшін Батыс жартышарға қайта ораламыз.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

14

Қос Америка қалалары мен империялары
900–1500 жылдар
Әйел құдайы Койольксаукидің бөлшектенген денесі бедерленген тас диск

Мехико қаласы метро жүйесінің энергетикалық компания қызметкерлері 1978 жылы электр кабелін жүргізуге арналған орды қазу барысында тапқан, әйел денесінің бөлшектелген суреті бар дөңгелек пішінді алып тас диск – тарихтағы теңдессіз жаңалық. Тарихшылар суреттегі әйелді ацтектердің әйел құдайы Койольксауки (Coyolxauhquі) деп есептейді. Аңыз былай дейді: іштар Койольксауки аға-сіңлілерімен ақылдасып, кенже інісі Уитсилопочтлиді (Huіt zіlopochtlі) өлтірейік деп келіседі. Уитсилопочтли құйтырқы жоспарды біліп қойған сәтте, қолындағы асатаяқты әпкесінің жүрегіне қадап, басын шауып алады. Өткір қылыш Койольксаукидің денесін қақ бөледі. Уитсилопочтли әп-сәтте басқа да дұшпандарын жеңіп шығып, шоқтығы биік құдай ретінде өзін мойындатады. Тас диск ацтектердің рәсімдік нысаны, яғни ірі олжаның тап алдыңда тұрғанын мәлімдейтін белгі деп есептеген археологтар ор көлемін кеңейте қазды. Олар пирамиданың баспалдақ қалдықтарын тапты. Құрылысты XV және XVІ ғасыр басын қамтыған бес кезең ішінде салған. Еденнің асты мен қабырға арасындағы арнайы бос аралықтардан Орталық және Солтүстік Мексикада жасалған маскілер, тас мүсіндер мен қыш құтылар, сондай-ақ жағажай аймағынан әкелген маржандар, ұлутастар, тіпті қолтырауын сүйектері сынды тарихи жәдігерлер табылды. Археологтардың пайымдауынша, жоғарыда аталған заттардың көбі – қол астындағы халықтардың ацтектерге көрсеткен құрмет белгісі. Бұл тарихи жаңалық қираған үйінділердің XVІ ғасырда конкистадорлар талқандаған Ұлы Теночтитлан (teh-noach-teet-LAWN) ғибадатханасы екенін дәлелдеді. Еуропалықтардың келуіне дейінгі ғасырларда бұл ғибадатхана Мезоамерикадағы ең ірі империяның саяси әрі рухани өмірінің қайнар көзі болды. Теотиуаканның ескі пирамидалары (8-тарауды қараңыз) үлгілерінің кейбір тұстарына негізделіп салған Ұлы ғибадатхана – ацтектерді мезоамерикалық өркениеттің мұрагері ретінде қарастырғанының бір көрінісі. Жыл сайын дін қызметкерлері тап осы жерде, яғни сатқындық жасаған әпкесінің денесін турап тастаған орында жебеушілері Уитсилопочтлиге арнап мыңдаған адамды құрбандыққа шалды. Мезоамерикада ацтектер империя құрған тұста инктер Анд баурайында билігін орнатты. Инк және Ацтек мемлекеттері өзіне дейінгі өркениеттерді жер көлемі, халық саны, сондай-ақ әскери күші жағынан басып озғанымен, өздеріне дейінгі өркениеттердің мәдени құндылықтарына арқа сүйеді. Сол себепті, ацтектердің мәдениетіне ертеректе өмір сүрген тольтек, майя және теотиуакан қоғамдарының ықпалы тиді. Инктер жол тораптарын, суару технологияларын, мұрағаттандыру жүйесін, сонымен қатар ертеректегі мемлекеттер мен Анд тауының баурайы, Тынық мұхиттың жағажайын қамтитын өңірлерде қалыптасып, дамыған қолөнерді жетілдірді. Сол арада қос Америка, Кариб теңізі алабындағы кейбір өңірлерде кешенді аграрлық қоғамдар пайда болды. Бұл қоғамдар қорғандар, доп ойынына арналған алаңдар, тас ғибадатханалар мен сарайлар тұрғызғанына қарамастан, өздері жайлы мардымсыз археологиялық жазба қалдырғанына, сондай-ақ мәліметтерді ауыздан-ауызға жеткізу дәстүрінің болмауына байланысты, олардың тарихын қалпына келтіру қиын мәселе болып тұр. Бұл тарауда келтірген мәліметтер алты жүз жыл аралығын қамтыған кезеңде қос Америкадағы ірі қалалар мен империялық мемлекеттердің даму үдерісі ұдайы өзгеріп тұратын қоршаған орта жағдайлары ықпалының үстемдігін көрсетеді (14.1-картаны қараңыз). Тараудың бірінші бөлігінде солтүстіктен оңтүстікке қарай, Батыс жартышар өзегін жағалай қоныстанған құрылымы күрделі қоғамдардың жай-күйін қарастырамыз. Солтүстік Америкадағы орман алаптарынан бастап миссисипилік қорған салу дәстүрінің дамуы (8-тарауды қараңыз) Кахокия қалалық кешенінде жоғары деңгейге жеткенін сипаттаймыз. АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы Колорадо үстірті аймағына да осы тарауда ерекше көңіл бөлеміз. Осы жерде байырғы пуэбло (анасази) тайпасы алғашқы суару технологияларын енгізіп, жартылай шөлейт каньондарда көпқатпарлы тамаша қоныстар салды. Осы жерден оңтүстікке қарай, яғни Орталық Мексикада тольтек мигранттары Тула қаласын қалпына келтіріп, Юкатан мүйісі мен Орталық Америкаға дейінгі аумақты қамтыған, әрі қарқынды дамыған сауда-саттық желісін басқарды. Сонымен қатар біз науатль тілінде сөйлейтін ацтектердің арғы атасы болып саналатын халықтардың Мексиканың таулы өлкесіне көшіп-қонуы туралы мәліметтермен танысамыз. Оңтүстік Америкадағы Орталық Анд және Тынық мұхиттың топырағы құнарсыз жағалауында үстемдік еткен Тиуанаку, Вари және Чиму мемлекеттеріне тоқталамыз. ХV ғасыр басында су, жер иеліктері мен жұмыс күштерін уысында ұстап қалуды көздеген тараптар арасындағы қақтығыстар салдарынан жаңа империялық мемлекеттер пайда болды. Осы тараудың екінші бөлігінде ацтек және инк империяларының гүлдену кезеңіне үңілеміз. 1500 жылы осы жерге испан жауынгерлері мен миссионерлері келгенде билігінің кемелденген тұсына жеткен, яғни саяси құрылымы күрделі қоғаммен бетпе-бет келді. Испандықтар ацтектер мен инктердің астаналарында ғимараттарды қиратып, археологиялық дерек болуға жарамды заттардың біразын бүлдірді. Кезіккен адамдар жайлы таңданарлық мәліметтер жазғанына қарамастан, олар еуропалық басып алу кезеңіндегі америка қоғамдары жайлы жан-жақты ақпарат бере алмады. Ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен хикаялар мен оқиғалар – ацтек пен инктердің іргелі мәдени мұрасы болар, бәлкім. XVІІ–XVІІІ ғасырларда католик бағытын дәріптеуші испандық миссионерлер бұл хикаяларды жазып қалдыру үшін, байырғы америкалық ер балаларға латын әліпбиін үйретті. Осы деректер заманауи археологиялық зерттеулерге және осы кітапқа да бірқатар мәлімет берді.

14.1-КАРТА. X–XІІІ ғасырлар аралығындағы қос Америка Мезоамерика және Анд бөктерінде орталықтанған мемлекеттер пайда болды. Қандай географиялық факторлар нақты осы аймақта дамып келе жатқан ірі мемлекеттердің санын анықтауға септігін тигізеді?

Экологиялық өзгерістер дәуіріндегі Америка қоғамдары ОЙЛАН: Кең ауқымды экологиялық өзгерістер X–XV ғасырлар аралығында қос Америкадағы тарихи оқиғалардың өрбуіне қалай әсер етті? ІX–XІІІ ғасырлар аралығында Батыс жартышар аумағында қоныс тепкен халықтардың көп бөлігі бір-бірімен өзара байланысты табиғи-экологиялық үдерістердің ықпалында болды. Осы 400 жыл шегінде, яғни Солтүстік Атлантикалық жылы кезең (галоцен) басталғанда, дүниежүзілік температура бағамының аздап көтерілуі Солтүстік Америка мен Африканың солтүстік аймағына әсер етті (11-тарауды қараңыз). Эль-Ниньо оңтүстік тербелісінің әсерінен Оңтүстік Америкадағы Анд таулары баурайында ылғал және құрғақ кезеңдер басталып, экологиялық жағдайға зор ықпалын тигізуі әлеуметтік өзгерістерге алып келді. Солтүстік Америкадағы жылыну үдерісі ауыл шаруашылығының кең дамуына, әсіресе жүгерінің жаңа аймақтарға таралуына септігін тигізді. Ал қос Американың батыс бөлігіндегі аймақтардағы құрғақшылық салдарынан демографиялық өсім тежеліп, адамдар ресурстары қолжетімді, ірі әрі халық жиі қоныстанған аймақтарға көше бастады. Ерте ғасырлардағы Теотиуакан және Моче өркениеттерінің (8-тарауды қараңыз) әлсіреуіне себеп болған экологиялық өзгерістерге ұқсас, табиғи құбылыстар салдарынан Орталық Мексика мен Анд тауларының баурайларында жаңа мемлекеттер пайда болды. Дүниежүзілік температура бағамының артуы өзендер жағалауын бойлай орналасқан ылғалды орманды алқаптарда, яғни қазіргі АҚШ-тың Миссисипи өзені аңғарынан бастап Атлант мұхитының жағалауына дейінгі экологиялық аймақтың бір бөлігінде ауылшаруашылық өндірісін жандандырды. Шығыс орман алаптарын мекендеген халық ауылшаруашылық жұмыстарын жақсы жүргізіп, егістік алқаптарын ұлғайтты, қолданысқа үрмебұршақ пен кәдінің, сондай-ақ басқа да азық-түлік дақылдарының жаңа түрлерін енгізді. 1000 жылы жүгері өндірісінің кең етек жаюына мезоамерикалық түрден тараған шығыс жүгерісін біршама салқын әрі ылғал климатта жақсы өсуіне байланысты қолданысқа енгізуі көп әсер етті деп айтуға болады. Жергілікті азық-түліктің басқа түрлеріне қарағанда, құнарлылығының жоғары болуына байланысты, халықтың көп бөлігі, әсіресе Миссисипи және сол сияқты басқа да өзендер аңғары аймақтарын мекендейтін адамдар жүгеріні ас атасы деп санады. Халық саны өскен сайын әлеуметтік және саяси жүйе күрделене түсті. Жеке көшбасшылар мен мықты әулеттер су мен азық-түлікті тұтынуды басқару мақсатында күш-қуатты қолына шоғырландырды. Қазіргі таңда АҚШ-тың оңтүстік-батыс бөлігіндегі үстірттер мен шөл далаларда ІX–X ғасырлар аралығында бірде құбылмалы, бірде жауын-шашынды, бірде құрғақ кезеңдер басталды. Осы құбылмалы жағдайды ескере отырып, қатер санын азайтып, өнімді ұлғайту мақсатында жергілікті халық жүгеріні әртүрлі жерге егіп, жерді суарудың және дақылдар түрін көбейтудің, сондай-ақ су қорын сақтап қалудың ұтымды жолдарын ойлап тапты. Осы әрекеттерге, әрі экожүйенің118 ашыққан адамдарды қоректендіре алатынына қарамастан, тосыннан пайда болған құрғақшылық бірнеше ай ішінде бір аймақта орналасқан барлық шаруашылықты тұтас күйретіп жіберіп отырды. Біріншісі – XІІ ғасырдың орта тұсына, екіншісі – XІІІ ғасырдың соңғы шегінде байқалған екі ауқымды құрғақшылық салдарынан мыңдаған адам Сонора шөліндегі (Аризона, Калифорния, Солтүстік-Батыс Мексика аймағы) қоныстарын тастап кетуге мәжбүр болды. Қонысынан айырылған кейбір топтар Мексиканың климаты бірқалыпты орталық алаптарына көшіп кетті. Олардың ішінде тольтектер мен ацтектерден бұрын өмір сүрген тайпалар да бар. Солтүстік Американың батыс бөлігіндегі жағдай сияқты, Анд тауларының баурайларындағы ылғалды және құрғақ кезеңдердің құбылмалылығы елді мекендер болашағын айқындап берді. Таулар мен Тынық мұхит жағалауын бөліп тұратын жазық Эль-Ниньо циклінде кездейсоқ әрі тосын ауа райы құбылыстарына куә болды. Нөсер жаңбырлар маңызды суландыру жүйелерін қиратып, ауылшаруашылық алқаптарды шайып кетіп, балық аулауға нұқсан келтіргеніне қарамастан, 900–1300 жылдары осы аймақта халық саны он мыңдаған адамға жететін қалалар пайда болды. Олар топырақ құнарын арттыратын әдіс-тәсілдерді жетілдірді, көрші аумақты жаулап алу арқылы қол астындағы ауылшаруашылық алқаптардың көлемін арттырды. Ауыспалы әрі құбылмалы су тасқындары мен оның тапшылығы сынды табиғи жағдайларға бейімделген қауымдар дамып, жетілді. Экожүйе – тірі ағзалар, яғни өсімдіктер, жануарлар, микроорганизмдер, адамдар бір-бірімен, сондай-ақ ауа, күн сәулесі, топырақ, су тәрізді табиғаттың жансыз элементтерімен өзара қарым-қатынаста болатын биологиялық жүйе.

Кахокия қорғандарын тұрғызушылар

Солтүстік Американың кейбір тығыз қоныстанған аймақтары − Миссисипи, Миссури, Теннеси, Огайо аңғарларының маңы және Шығыс пен Орталық- Батыста орналасқан алқаптар. Өзендер мен олардың сағалары арқылы сауда-саттық жолы жүрді. Ну ормандар құрылысқа қажет ағаш, сондай-ақ азық түрі – жабайы жануарлар мен тұрмысқа қажет үлбір, тері мен сүйекті қамтамасыз етті. Б.з.д. екінші мыңжылдықтан бастап осындай табиғи орта аграрлық қоғам мен ірі елді мекендердің қалыптасуына себеп болады. (4 және 8-тарауларды қараңыз).

Миссисипи және Миссури өзендерінің тоғысқан жерінде жүгері мен үрмебұршақ өсіруге аса қолайлы, ұзындығы 80 миль алқап пайда болды. Осы жерде, шамамен б.з. 800–1000 жылдар аралығында Миссисипи алқабында қоныстанған халық Кахокия (Cahokіa) қаласының негізін қалады. Оның Иллинойс штатынан шығысқа қарай сегіз миль қашықтықта табылған қираған үйінділерін БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы бүкіләлемдік мәдени мұралар қатарына енгізді. Кахокияның тасы өрге домалаған заманда, яғни 1050–1200 жылдар аралығында онда қоныс тепкен тұрғындар саны шамамен он мыңнан аса, жиырма мыңға жуық еді. Еуропалықтардың келуіне дейінгі кезеңде Мексиканың солтүстік бөлігіндегі ең ірі қала орталығы болған шығар. Қала – Мексика шығанағын Ұлы көлдер, орталықтағы жазықтар мен шығыстағы ормандарды байланыстыратын сағалардың тоғысқан жеріндегі жалғыз табиғи су торабында орналасқан. Кахокияда жасалған керамика мен тас қарулар Миннесота, Канзас, Арканзас және Миссисипиде табылды. Оларды жергілікті кахокия бұйымдарының көшірмелері арасынан да кездестіруге болады. Қала Жоғарғы көлде өндіретін мыс, Аппалачидің қара шақпақ тасы мен Атлант мұхиты жағажайының ұлу бақалшықтарына айырбастау үшін тұз бен кремнийлі тақтатасты (жебелер мен пышақтардың ұшын жасауға қолданды) экспортқа шығарды.

Кахокияның артында қалған елеулі іздерінің бірі – төртінші мыңжылдыққа жататын, Миссисипи дәстүрінің жалғасы болып саналатын саз обалар. Кахокияның гүлденген тұсында онда осындай 120 құрылыс болған шығар. Ғасырлар бойы эрозияға ұшырауы салдарынан сексенге жуық құрылыс қана сақталды. Жазық төбе үстіне жұмысшылар әлеуеті жоғары отбасыларға арнап ғибадатхана, әкімшілік немесе резиденция ретінде қолданған ағаш ғимараттар тұрғызған. Осы кезге дейін сақталып, «Тақуалар обасы» деп аталып кеткен, археологиялық қазбаның орта тұсына таман орналасқан ең үлкен саз құрылыстың түбінің ені 14 акр. Құрылыстың жоғарыға қарай сатылана салған 4 террасасы бар. Қазіргі уақытта обадан қалған үйінділердің биіктігі – 100 метр. Құрылысы 900–1200 жылдар аралығында, кезең-кезеңмен, сатылы түрде жүргізген бұл оба − Солтүстік Америкада еуропалықтардың келуіне дейін, саз балшықтан салған, бізге белгілі ең үлкен ғимарат (14.2-картаны қараңыз). Ол Кахокияны басқарған отбасының резиденциясы, сондай-ақ салтанат сарайы, әрі әкімшілік орталығы болуы мүмкін.

Миссисипи қаласы. 1150 жылы Кахокияның жоғары тұсында орналасқан, саз балшықтан салған «Тақуалар обасы» деген атпен белгілі құрылыс (қалпына келтірілген сурет). Миссисипи өзенін жоғарғы суреттің сол жағынан көруге болады. Қазір «Тақуалар обасы» бастапқы қалпынан мүлдем өзгергеніне (астындағы сурет) қарамастан, келушілерді әлі де таңдай қақтырды. 1800 жылдың басында америкалық конгрессмен Генри М.Бракенридж обаны көрген сәтте: «Бұл – өте үлкен топырақ үйіндісі. Бұлтартпайтын дәлелдер болмағанда, ешкім оны адам қолымен жасалған дүние екеніне сенбес еді», – деп мәлімдеді.

Одан жарты миль қашықтықта орналасқан 72-обаны қыстағы күннің шығуына, жаздағы күннің батуына қарай есептелетін күн тоқырауларына сәйкестендіре салған. Топырақ құрылыс 1000 және 1050 жылдары өмір сүрген 272 адамның мүрдесін қойған маңызды жерлеу орны болған. Кейбір мүрделерді платформа үстіне жатқызса, енді бірін матаға ораған, қалғандарын шұңқырға лақтыра салған. Бұл − әлеуметтік тапқа бөлінудің бір көрінісі. Бір мазарда қырық жастағы адамның мүрдесін жиырма мың ұлу бақалшықтарынан жасалған платформаға қойған. Ол Кахокияны ертеректе басқарған билеуші болуы мүмкін. Оның қасында тағы да бірнеше мәйіт жерленген. Археологтар оларға жақын маңнан бірнеше жаппай жерлеу орындарын тапты. Олардың біріне жүзден аса әйелді отыз алты мыңдай ұлу бақалшығы, сондай-ақ жебе ұштары мен сынған қыш ыдыстарды салып, қатар-қатарға бөліп жерлеген. Ал екінші орында аяқ-қолы мен басы кескіленген төрт адамның мүрдесі жатыр. Осы мүрделер Мезоамерикадағы қауымдар сияқты, кахокиялықтар да адамдарды құрбандыққа шалғанын дәлелдейді. Дүние салған көшбасшының құлдары немесе туыстары оған о дүниелік өмірінде серік болуы үшін өлтірілуі де мүмкін.

Шамамен б.з. 1150 жылы билік басындағылар қаланың орталық бөлігін ағаш қазықты қоршаулармен айналдыра бекітті. Жауынгерлер ішкі қабырғаға жапсарласа орналасқан платформалардан шабуылдаған жауға оқ жаудырып, қақпаны қорғады. Қазықты қоршаулар XІІ−XІІІ ғасырларда Кахокияға соғыс қаупінің төнгенін көрсетеді. Осы уақытта көрші қоғамдар үстемдігін орнатуға тырысқан болар.

Соғыс пен қоршаған ортаның деградациялануының салдарынан болар, Кахокиядағы халық саны кеміп, 1400 жылға таман қаңырап бос қалады. Осыншама үлкен аумақты қамтыған қалаға жақын орманды алқаптардан ағаштың үздіксіз жеткізілуіне тәуелді болады. Ағаштарды кесу – ормандарды жою, яғни ол жануарлар мен өсімдіктердің кейбір түрлерінің табиғи өмір сүру ортасының күйреуі, жергілікті азық-түлік көзінің кемуі, сондай-ақ ауылшаруашылық алқаптардың эрозияға ұшырауы және жергілікті ағын суларда тасқын қаупін арттырған лай тұнбаның жиналуы сынды экологиялық апатқа алып келуі мүмкін еді. Солтүстік Атлантикалық жылы кезеңінің аяқталуына байланысты, 1200 жылдары аяз әдеттегіден ерте түсіп, ауылшаруашылық дақылдарынан, әсіресе жүгеріден түсетін өнім мөлшері күрт азайды. Астық қорының азаюына байланысты халық саны да кеміді. Тапшы ресурстарға қол жеткізу үшін жергілікті халық бір-бірімен қырғи қабақ тартысқа түседі. XІІІ ғасырда аймақты дүр сілкіндірген алапат жер сілкінісі өзен аңғарларының құнарлы топырақтарын лайға айналдырып, ауылшаруашылық мақсаттарға пайдалануға жарамсыз қылды. Уақыт өте адамдар Кахокияны тастап, басқа аймақтарға көшіп, кішірек елді мекендердің негізін қалады, не болмаса байырғы америкалықтардың басқа топтарына сіңісіп кетті.

Колорадо үстіртіндегі байырғы пуэблолықтар

X–XІІІ ғасырлар аралығында Колорадо үстіртін мекендеген пуэбло тайпасы кахокиялықтар сияқты, талайды таң қалдырған құрылыстар салды. Американың осы байырғы халқы қоныстанған елді мекендерінің көбі Юта, Колорадо, Аризона және Нью-Мексиконы қамтитын жартылай шөлейт Колорадо үстіртінде орналасты. Алғашқы кезде байырғы пуэбло тайпасы хохокамдықтардың ертеректе салған жертөлелеріне (8-тарауды қараңыз) ұқсас үйлері бар шағын ауылдарды мекендеді. Уақыт өте келе олардың кейбірі қалаларға немесе әрқайсысы бес-алты тас ғимараттардан тұратын пуэблоларға119, сондай-ақ кива деп аталатын рәсім өткізу орталығы ретінде қолданған дөңгелек пішінді, төбесін жапқан үлкен жертөлелерге айналды. 900 жылға таман көптеген қауымның жүгері өсірумен шұғылдана бастауына байланысты, халық саны да артты. Сол себепті, барынша көп отбасын үймен қамту мақсатында ғимараттар қабат қосу арқылы кеңейтілді.

Нью-Мексикодағы Чако каньоны халық өте тығыз қоныстанған елді мекен болды. Жаңбыр суын жүгері өсіру үшін пайдаланған шаруалардың іс- әрекеті нәтижесінде каньонның оңтүстік бөлігінде шамамен 500 жылы алғашқы ауылдар пайда болды. Ғасырлар бойы осы ауылдардың кейбірі кешенді түрде дамып, күрделене түсті. Олардың ішіндегі ең ірісі, яғни Пуэбло Бонито елді мекені өңір дамуының ортақ заңдылықтарын айқындады. Бастапқыда бұл жерде шағын жертөлелер кешені мен бірқатар қоймалар ғана болды. ІX ғасырда елді мекен тұрғындары тас және саз балшықтан жартылай шеңбер пішінді бөлмелер тұрғыза бастады. 1000 жылға таяу екі үлкен кива салады. Осы кезеңде Пуэбло Бонито кеңейіп, бес қабатты, бес жүзден мыңға дейін адамды орналастыра алатын, алты жүз бөлмеден құралған кешенге айналады.

Пуэбло Бонито тұрғындары екі негізгі топқа бөлінді: аңшылық және терімшілікпен айналысқан «қыс мезгілі адамдары»; егіншілікпен айналысқан «жаз мезгілі адамдары». Еңбектің осылай бөлінуі пуэблолықтардың қуаңшылық пен су тасқыны жиі алмасатын аймақта тек қана ауыл шаруашылығына сенім артпағанын көрсетеді. Қысқы және жазғы топтар туыстық қатынасқа негізделген кішігірім ұжымдық үй шаруашылықтарын қалыптастырды. Олардың әрқайсысына пуэбло шегінде, сыртқы қабырғасы ортақ бірқатар бөлмелер тиесілі еді. Әрбір туыс топтың кішігірім кивасы, шеберханалары, қоймалары мен ортақ қолданыстағы бөлмелері болған.

Сауда-саттық пен көші-қон Чако каньонын қоршаған аймақтармен байланыстырды. X ғасыр соңы мен XІ ғасыр басында каньондағы халықтың саны қарқынды өсіп, экожүйенің тіршілігін қамтамасыз ете алатын деңгейінен асып түседі. Туыстардан құралған кейбір байырғы пуэбло топтары жаңа ауылдар мен кішігірім пуэблолар табуға бел буып, Колорадо үстіртінде немесе одан тыс жерде орналасқан шалғай аймақтарға көшкен болар. Дәл осы уақытта Кахо каньоны, негізінен, асыл тастар мен зергерлік бұйымдарды сататын өңірлік сауданың ірі орталығына айналады. Жат өңірлерден келгендер әшекей бұйымдарын жасаумен айналысатын пуэблоларға көгілдір ақық алып келді. Онда әзірленген өнім қайтадан экспортқа шықты. Археологтар осындай жасанды бұйымдардың алпыс мыңнан астамын тапты.

Қазіргі таңға дейін ізі өшпеген, көрнекті әрі жұмбағы көп Чако каньонынан басталатын жолдар дөңгелектің шабақтары сияқты, жан-жаққа тармақталып кеткен (14.3-картаны қараңыз). Осы жолдардың кейбірінің ені – 40 фут, кей жерде 10 фут болды. Олардың ежелгі Рим жолдары сияқты, белестер мен қатты жер бедерлерінің үстін кесіп өткенін айта кеткен жөн. Ғалымдар осы жолдардың маңызы мен мәні туралы болжамдарын әлі де айтып келеді. Жылдың ерекше кезеңдерінде, атап айтқанда, жазғы және қысқы күн тоқырауларында мыңдаған зияратшы рәсімдерге қатысып, тауарларды айырбастау үшін Чако каньонына осы жолдар арқылы келетін. Келесі бір жорамал бойынша, бұл жолдардың тек қана символикалық мәні болған, яғни олар пуэблолықтардың «Чако каньоны – жер кіндігі» деген ойлардан тұратын космология туралы түсінігін қалыптастыруы мүмкін. Солтүстік-батыс бағытқа қарай жетелейтін жол орталық пен өркениет шегінен тысқары орналасқан тылсым дүниені тоғыстырып, өзара байланыстыратын күретамыр сияқты. О дүниелік болғандардың аруақтары жаны мәңгіге жай табатын каньонның орталығындағы тірі адам тұрмайтын бөлігіне осы жол арқылы саяхат шеккен.

14.2-КАРТА. Солтүстік Америкада XV ғасырға дейінгі аралықта салған ірі обалар мен топырақ құрылыстары

Миссисипи мәдениетінің ықпалы қазіргі таңда АҚШ-тың басым бөлігі болып есептелетін аумаққа таралды. Қандай географиялық факторлар Миссисипи аймағындағы қоғамдар арасындағы сауда-саттықты жандандыруға септігін тигізуі мүмкін еді?

Пуэбло Бонито. Чако каньонындағы ең ірі елді мекен. Пуэбло Бонито ғимараттары 5 қабатты. Суреттегі дөңгелек шұңқырлар – қираған кивалар немесе рәсім өткізетін орындардың ізі. Қала құрылысы 851 жылы басталып, екі жүз елу жылдан аса уақыт аралығына созылды. Алты жүзден асатын бөлмелерде мыңнан аса адам тұрды. Тұрғылықты халық саны ықтимал шамадан аз болуының себебі не деп ойлайсыз?

14.3-КАРТА. Чако каньонынан шығатын жолдар

Чако каньоны жолдарының кейбірі құрлықтағы зерттеулердің көмегімен анықталды, ал қалғаны әуеден қарағанда ғана көрінеді. Қосалқы картадағы шкаланы қолдана отырып, Чако каньонының шалғай солтүстігі мен оңтүстігіндегі ең алыс қонысты мекендеген қауымдар арасындағы арақашықтықты шамамен есептеңіз.

XІІ ғасырдың орта тұсынан кейін, Чако каньонындағы пуэблолықтардың аздаған уақыт ішінде санының күрт төмендеуінің басты себебінің бірі − 1130–1180 жылдар аралығында басталып, елу жылға созылған қуаңшылықтың ауылшаруашылық алқаптардың басым бөлігін тоздырып, елді мекеннің екі ғасырлық дамуын тежеуінде болуы керек. Су қорының азаюына байланысты қарындары тоя ас ішпеген осы жерді мекендеген адамдар құнарлы жерлерді іздеуге аттанады. Олар өздерімен бірге бөгет, терасса және су қоймаларын салуға қажет техникаларын алып, әртүрлі жерлерге қоныс аударады. Жаңа пуэблолар пайда болады. Олардың кейбірі, әсіресе Колорадо штатының оңтүстігінде орналасқан Меса Вердедегі пуэблолар өлшемі жағынан Чако каньоны елді мекендерінің аумағы секілді. XІІІ ғасырда өркендеген осы қауымдар ақырында өздері шыққан ежелгі қоныспен тағдырлас болып шықты. 1275–1299 жылдар аралығындағы басқа ірі қуаңшылық осы аймақтың ауылшаруашылық базасының күл-талқанын шығарып, пуэбло қауымдарының көпшілігінің жан-жаққа босып кетуіне себеп болды.

Пуэбло (pueblo) – «ауыл» немесе «шағын қала» деген мағынаны білдіретін испан сөзі. Испан басқыншылары бұл терминді АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы байырғы пуэблолықтар (анасази) тұрғызған көп қабатты тас немесе кірпіш кешендерді сипаттау үшін қолданды.

Майя, микстек және тольтек тайпалары

Теотиуакан, Сапотек және Майя (8-тарауды қараңыз) мемлекеттерінің шамамен бір уақытта құлдырауы Мезоамериканың көп бөлігінде билік күйзелісін тудырды. Майялықтардың Юкатан түбегінде орналасқан ірі орталықтары оңтүстіктегі биік таулы өлкеден жүздеген елді мекен мен ірі қалаларды тұщы сумен қамтамасыз ететін жерасты жүйектері бар, солтүстіктегі жазық далаға қоныс аударды. Оңтүстіктегі қала-мемлекеттер күйрегеннен кейін құрлықтағы сауда жолдарының саны қысқарып, Мексика шығанағы шеңберіндегі каноэ жүретін теңіз жолдарындағы сауда-саттық гүлденеді. X ғасырда «Ица» деп аталып кеткен майя тайпасының топтары солтүстікте орналасқан түбекке қоныс аударып, осы жердегі сауда-саттық өтетін каноэ жолдары және экспортқа шығарылатын бағалы тауар – тұз өндірісіне үстемдік орнатуға тырысты. Олар майялық Чичен-Ица қаласы маңындағы жазық алқапта астана салып, жақын жерде мекендеген қауымдарды бағындырды.

Осы тұста Юкатаннан батысқа қарай орналасқан Оахака таулы өлкесінде 700 жылдарға дейін гүлденген сапотектердің ірі монархиялары кішігірім мемлекеттерге бөлініп (8-тарауды қараңыз), жаңа бекініс орталықтарын салып, бір-бірімен жауласуын тоқтатпады. 800 жылдардан кейін микстек тілінде сөйлеген жауынгерлер сапотектердің атамекеніне басып кіріп, өңірдегі жағдайды одан сайын тұрақсыздандырады. 1063–1115 жылдары өмір сүрген «Қызыл ягуардың сегіз тырнағы» деп аталып кеткен билеуші біршама қалаларды басып алу, жергілікті ақсүйек әулеттерімен өзара қыз алысу, салық салу арқылы Микстек империясы сияқты мемлекет құрды. Ол XVІ ғасырда ыдырады.

Тольтектердің үстемдігі. ІX−X ғасырларда қазіргі Солтүстік Мексика мен АҚШ-тың оңтүстік-батыс бөлігіндегі қуаң шөлдерді тастап кеткен адамдар Мексиканың жасыл желекті орталық таулы аймақтарына жету үшін үлкен арақашықтықты кесіп өтті. Тольтектер − ІX ғасырда көшіп келген топтардың бірі. Ол Мехико алқабының орта тұсындағы Тулаға, қазіргі кезде Мехико қаласы тұрған аймаққа қоныстанады. Тула VІ немесе VІІ ғасырға дейін ұлы Теотиуакан қаласына тәуелді болған еді. Тольтектер басқарған тұста Тула байырғы дәуреніне оралып, 1100 жылы жерінің ауданы 10 шаршы мильді құрап, қала маңын мекендеген 90 мың адамды есепке алмағанда, онда қоныс тепкен халықтың саны 35 мыңға жетті¹. Тулада кезінде Теотиуаканда салған ғимараттарға ұқсас, яғни жан-жағын сарайлар, абыздар мен үкімет резиденциялары қоршаған екі үлкен пирамида тәрізді ғибадатхана тұрғызды. Қалада кемінде бес алаң болды. Ол жерде қандай ойындар өткенінен хабарсызбыз, алайда бұл алаңдарда басқа да ежелгі мезоамерикалық қоғамдардағыдай, салт-жоралғылар жасалатын. Тольтектер алып ғимараттар салғанымен, теотиуакандықтардың сәулет туындыларында бар таңғажайып әсемдікке ешқашан қол жеткізе алмады, сондай-ақ қолөнері де жұпынылау болды.

Тула ешқашан ірі империяға айналмағанымен, сауда-саттық жасаудағы ықпалы шалғай орналасқан солтүстік және оңтүстік аймақтарға да таралады. Жергілікті ел аузындағы аңызға сенсек, қалада әртүрлі тілде сөйлеген, яғни Мезоамериканың түкпір-түкпірінен сауда-саттық жасау үшін келген саяхатшыларды кездестіруге болатын. Археологтар қаладан оңтүстік-шығысқа қарай 1200 мильді құрайтын арақашықтықта қазіргі таңда Коста-Рика аймағындағы жерден бұйымдарын тапты. Тула аймағында қаракөк жанартау шынысына бай кеніштер болды. Оларды қарудың өткір жүздері мен басқа да бұйымдар жасап шығаруға қолданды. Тольтек қолөнершілері алтын, күміс пен мыстан бедерлі діни жазбалар жазып, зергерлік бұйымдар әзірлеп, оларды Мезоамериканың басқа аймақтарына экспортқа шығарды. Нефрит, көгілдір ақық сияқты бағалы минералдарға сұраныстың артуы тольтек тау-кеншілерін солтүстіктегі Сьерра-Мадре тауына дейін жеткізді. Ал саудагерлер сирек кездесетін тастар, құлдар, тұз сатып алу және жолай шағын ауылдар мен сауда бекеттерін құру мақсатымен Сонора шөлі сынды шалғай аймақтарға дейін баруға тәуекел етті. Тольтектердің ықпалы Чако каньоны сияқты шалғайдағы солтүстікте орналасқан аумақтар қолданған сәулет өнеріндегі стиль мен басқа да мәдениет элементтерінен байқалады. Шамамен 900 жылдан кейінгі аралықта тольтектер Туладан сегіз жүз миль қашықтықта орналасқан майялықтардың Чичен-Ица мемлекетімен тұрақты сауда қатынастарын орнатады. Тольтек саудагерлері Юкатан түбегі жағажайына жанартау шынысымен бірге басқа да тауарлар алып барып, ол жақтан көп мөлшерде тұз алып келді. Екі қала арасындағы қарым-қатынастың тығыз болғаны сонша, тольтек мифологиясының кәдуілгі тақырыптары, яғни адам жүрегін жеп жатқан қырандар мен ягуарлар бейнелерінің Чичен-Ицаның ғибадатханалық архитектурасында және ойып жасаған мүсіндерінде қолдануы − тольтек мәдениетінің зор ықпалының көрінісі. Тарихшылар бұл көркемөнердегі ұқсастықтарды тольтек әскерлерінің Чичен-Ицаға басып кіргенінің, тіпті оны отарына айналдырғанының дәлелі ретінде қарастырады. Не дегенмен қарқынды әрі ұзақ уақытқа созылған мәдени қарым-қатынас та осындай нәтижелерге алып келуі мүмкін.

Тольтек билігінің құлдырауы. XІІ ғасырда Мексиканың солтүстігін жайлаған қуаңшылықтан қашып, оңтүстікке қарай бет алған көші-қон ағымдары орталықтағы таулы өлкеге, сондай-ақ Туланың қол астындағы аймақтарға да жетті. Олардың арасында жат жердегі тау-кен және сауда бекеттерінен бас тартқан тольтектер де бар еді. Қалғандары аңшылар мен шаруалардан құралған, ұдайы көшіп-қонып жүрген топтар. Тула су тапшылығы зардабын тартқан және үміті үзілуге шақ қалған ызалы басқыншылардың ағылып келуінен зардап шекті. Археологтар басқыншылардың қаланы басып алып, ғибадатханаларды тонап, қиратқандары және сарайларды өртеп, ересектер мен балаларды да өлтіргендерін куәландыратын айғақтар тапты. XІІ ғасыр ортасына қарай тольтектер астанасынан бас тартып, бұдан кейін ешқашан өздеріне тиесілі қала тұрғызбады.

Тольтек жауынгері. Тула қаласындағы тас мүсін. Осы суреттегі тас сауытты жасау үшін тольтектер қандай материалды қолданды деп ойлайсыз?

Онжылдықтар өткеннен кейін Чичен-Ица да осындай күйді басынан өткерген сияқты. Туланың құлауы салдарынан Солтүстік Юкатан жанартау шынысынан жасалған қару-жарақ сынды бағалы сауда-саттық тауарларынан айырылады. Осы тұста қала өңірдегі әскери басымдығын жоғалтты. Майя­лықтар мекенін көрші қаланың басшысы талан-таражға салғанын жыр қып айтады. Тольтектер мен ицалықтар қаланы XІІ ғасыр аяғына таман тастап кетті. Осыған қарамастан Майя қалалары бірігіп, дәуірінде бірнеше ұрпақ алмасқан Солтүстік конфедерацияны құрды. Бұл одақ XV ғасырдың орта тұсында ыдырады. 1518 жылы испандық жаулап алушы Эрнан Кортес Юкатанның жағажайына келген тұста түбектің жік-жікке бөлініп, саяси тұрақсыз жағдайда қалғанына куә болады.

Науалардың келуі

Мехико алқабындағы тольтектер қорғанысының әлсіреуі адамдардың солтүстіктегі құрғақшылықтан қашып, жаңа аймаққа ағылып келуіне жол ашты. Жаңа қоныстанушылардың көбі АҚШ-тың орталық және оңтүстік-батыс бөлігінде қолданылатын хопи, шошон, команчи тілдері кіретін юто-ацтек тобының науатль тілінде сөйлеген. Бұл тілдік туыстыққа қарап, науатль (NAH-walt) немесе науа тілінде сөйлейтін адамдар Сонора шөлінен яки оған көрші аймақтан шыққан деп болжауға болады және анасази (пуэбло) тайпасы қуаңшылық кесірінен Чако каньонын тастап, оңтүстікке қоныс аударуы мүмкін.

Тольтек билігі құлдырағаннан кейінгі екі ғасыр ішінде науалықтар мен басқа да келімсек топтар Мехико алқабы мен көрші аймақтарды байланыстыратын ондаған қала-мемлекеттерге қоныс тепті. Әр қала-мемлекеттің өзіне тиесілі аумағы, жебеуші тәңірі мен барша қауым табынатын құдайдың жоғарғы абызы әрі көшбасшы міндеттерін атқаратын билеушісі болды. Әр қаланың ұқсастығы – ғибадатхана, сарай және басқа да тас ғимараттар әрі орталық алаң, әрі сауда-саттық орны болып есептелетін жерді айнала қоршады. Қалалар аудандар, орамдар мен үйлерден құралды. Иеліктегі үйлерде адамдар әртүрлі қызмет атқарды. Ерлер ауыл шаруашылығымен немесе қолөнермен айналысты. Қалалар арасында соғыс басталғанда, майданға аттанды. Ер балалар шайқасудың қыр-сырын үйрену үшін мектепке баратын. Әйелдер, керісінше, уақыттарының көп бөлігін үйде өткізді, бала бақты, ас дайындап, тоқыма тоқыды.

Науа қауымы қатаң әлеуметтік жікке бөлінді. Қарапайым адамдар қолөнер, ауылшаруашылық және үй жұмыстарының көбін атқарып, шайқасқа барды. Ерікті адамдар өз үй иеліктеріне арналған азық өндіріп, қалғанын тұрғылықты аймақтың басшысына өткізді. Аймақ басшылары мен мәртебелі отбасылар қала билеушісіне алым-салық төледі. Бекзаттардың көбінің иелігінде құлдары болды. Қуаңшылық пен аштықта өмірін сақтап қалу үшін адамдар құлдыққа көнді. Борышкерлер мен қылмыскерлер де құлға айналуы мүмкін еді. Құлдардың көбі – өмір бойы жұмыстан көз ашпады, әскери тұтқындар кешірім үшін құрбандыққа шалынып, өлім құшты.

Пирамида тәрізді екі ғибадатхана. Туладағы тольтек пирамидасы (үстіңгі суреттегі Б пирамидасы) мен Чичен-Ицада тұрғызған жауынгерлер ғибадатханаларын салыстыра қарастырғанда, тольтек сәулет өнерінің шалғай аймақтағы Чичен-Ица архитектурасына тигізген ықпалы зор болғаны байқалады. Б пирамидасының үстіне орнатқан тақталар мен жауынгерлер ғибадатханасы кіреберісінің астыңғы бөлігінде тұрғызған бағаналар – жауынгерлерді бейнелейді. Осы екі құрылыстан қандай өзгешеліктер байқадыңыз?

Мехико алқабының құнарлы жанартау топырақтары шаруашылықтардың өркендеп дамуына жағдай жасады. Балық пен суда жүзетін құстарға толы көлдер адамдарды тұзбен қамтамасыз етсе, өзендер жан-жағын айнала қоршаған таулардан су жеткізді. Науа шаруалары тау бөктерлеріне террасалар (беткейдегі өрлі-ылдилы жерді тегістеп, суармалы егістікке пайдаланылатын танап – Ғыл.ред.) тұрғызып, оған егін екті, жүгері, үрмебұршақ, басқа да дақылдарды суаруға арналған арықтар жүйесін салды. Жиі қайталанған қуаңшылықтан адамдар әртүрлі қорғанды. Мәселен, суы мол егістік жерлер көлемін арттыру үшін шаруалар майялықтардан «су үстінде қалқып жүретін бақтарды» немесе чинампандары (chee-NAHM-pahs) тұрғызу техникасын үйренген тәрізді. Шаруалар көл шетіндегі батпақты немесе суы таяз жерлерден алған топырақ пен су өсімдіктерін бірінің үстіне бірін қабаттастыру арқылы тік төртбұрышты егістік жерлер тұрғызды. Шаруалар осы үдерісті қайта-қайта қайталап, мыңдаған акр сулы-батпақты алқаптарды игерді. Шаруа отбасылары үйлерін чинампалардың үстіне салып, арықтар жүйесі бойын жағалай жүзіп отырды.

Жергілікті және орталық базарларда бір күндік жәрмеңкелер ұйымдастырды. Көсемдердің бақылауындағы жергілікті базарларда шаруалар тауарларын айырбастады. Сауда-саттықпен көбінесе әйелдер айналысты. Бағалы айырбастар жасайтын орталық базарды қала-мемлекет басшысы бақылауында ұстады. Саудагерлер көрші аймақтардан мақта, қауырсын, асыл тастар мен зергерлік бұйымдар алып келді. Алыс аймақтардағы сауда-саттықты басқаратын саудагерлерді «почтека» деп атады. Қалаларында гильдия сынды ұйымдар құру арқылы олар байлыққа кенеліп, билеушінің көңілін тауып, зор саяси билікке ие болған тәрізді. Кейбір почтекалар жасырын тыңшы қызметін атқарып, саяхатқа шыққан кезде, бәсекелес қалалар туралы мағлұмат алу үшін іскерлік байланыстарын мәлімет тасу үшін пайдаланды.

Сауда-саттық пен ауыл шаруашылығы Мексиканың орталық аймағын дүниежүзіндегі халық тығыз орналасқан өңірлерінің біріне айналдырды. XV ғасыр аяғына таман Мехико алқабын шамамен 1–2,5 миллион халық мекендесе, көрші аймақтағы халық саны 6 миллионға жеткен сияқты. Экономикалық жетістіктер барлық халық өркендеді дегенді білдірмейді. XІІІ ғасырда алқапты мекендейтін халық саны өңір қамтамасыз ете алатын азық-түлік қорынан асып түсті. Ұдайы қайталанып тұратын қуаңшылық жағдайды одан сайын ушықтырды. Қиын-қыстау заманда адамдар күнін зорға көрді. Халық саны мен өнімділік арасындағы теңгерімнің ауытқуы ауылшаруашылық алқаптары мен жұмыс күшін иемденуге бағытталған қалааралық соғыстарға ұласты. Кейде соғыста жеңіске жеткен қалалар көршілерін құлға айналдырып, жерлерін өздеріне қосып алды. Тізе бүккен қала-мемлекеттерді саяси серіктеріне айналдырып, салық төлеуге мәжбүрледі. Осылайша, ірі және жеңімпаз қала-мемлекеттер конфедерациясы құрамында біршама әлсіз қала үстемдікке қол жеткізді. Осы тұста әлдеқайда кіші қалалар бірігіп, жеке одақтарын құрды. Бұл қырғиқабақ бәсекелестік Ацтек империясының өркендеуіне жол ашты.

Қазіргі заман чинампалары. Шаруа Мехико алқабында өзен арнасының маңында орналасқан чинампа бауын баптап жүр. Ауылшаруашылық әдістің бұл түрі қазіргі уақытқа дейін сақталып қалуының себебі не деп ойлайсыз?

Кариб алабы және Амазония

Солтүстік Атлантикалық жылы кезеңінде жүгері егу үдерісі Кариб аймағы, Амазония және Амазонка өзенінің алабын қамтитын аумаққа кең тарады. 1000 жылдан кейін, теңіздің оңтүстік алабында құрылымы жағынан күрделі қауымдар пайда болады. Қазіргі Колумбияның аумағында, яғни Магдалена өзенінен төмендеу тұста орналасқан алапта беландықтар биіктігі 26 фут болатын обалар салды. Олар ғибадатханалар мен ішкі ауылдарға қорғаныш болды. Археологтар үйінділерді қазған кезде алтын артефактілер, боялған қыш бұйымдар мен ұлу бақалшықтарын тауып алды. Магдалена алабынан шығысқа қарай орналасқан Тайрон қаласындағы халықтың саны XІ ғасырдан бері қарай қарқынды өсе бастады. Олар Анд аймағынан тысқары жерде Оңтүстік Америкадағы ең ірі әрі құрылымы жағынан күрделі өркениет құрған болуы мүмкін. Археологтар тас ғибадатханалар мен сарайларды, сондай-ақ алтыннан жасалған зергерлік әшекейлерге толы қосалқы үңгірлері бар мазарларды қазып алды. Тайронның ең ірі алаңындағы тас көпірді қосқанда үш мыңнан аса тас құрылыс орын тапты.

1000 жылдан кейін Кариб бассейнінде тіршілік еткен, ауылшаруашылықпен, аңшылық және балық аулаумен айналысқан таино тайпасы Куба, Пуэрто-Рико, Виргин аралдарына қоныстану үшін Эспаньолды (қазіргі кездегі Гаити мен Доминикан Республикасы) кесіп өтті. Археологтар ежелгі доп ойындарына арналған алаң сынды жерді қазып алды. Бұл қираған үйінділердің Мезоамерикада тұрғызған құрылыстарға ұқсағанына байланысты, кей ғалымдар кейбір Кариб халықтары мен құрлық тұрғындары арасында сауда-саттық қарым-қатынастар болған деп жорамалдайды. Бұл байланысты Мексика шығанағы мен Панама аралығында каноэмен жүзіп жүріп сауда жасаған майялықтар орнатқан болуы керек. Осында табылған, доп ойынына арналған алаңдардан басқа, майялықтардың Кариб аралдарына сапар шеккенін куәландыратын ешқандай айғақ жоқ. Ал доп алаңдары жергілікті өнертабыс болуы да мүмкін.

Тайронның алқа салпыншағы. Кариб бассейні маңында өмір сүрген қолөнерші тайрон осы әсем мүсінді алтын мен мыстың қоспасынан жасаған. Бұл дүниенің көсемнің немесе ақсүйек адамның иелігінде болғанын қандай ерекшеліктеріне қарап аңғаруға болады?

Тылсым қасиеті бар орындық. Кариб бассейнін мекендеген тайнолықтар рәсім өткізуге арналған осындай орындықтарды аруақтар әлемінен кеңес алу үшін қолданды. Орындық ата-бабаның рухының сол жерде екенін білдірді. Сұрақ қоюшы орындыққа отырғанда естен тандыратын темекі түтіні әсер ете бастайды. Ата-баба аруағына «Егіннен түсетін өнім мол бола ма? Қызым кімге күйеуге шығады?» сияқты сұрақтар қойған.

Кариб аймағын мекендеген халықтың саны шырқау шегіне XІІІ ғасырда, яғни еуропалықтардың келуінен екі жүз жыл бұрын жеткен болар. Осы жағдайдан кейін керамика мен қолдан жасалған бұйымдардың сапасы айтарлықтай төмендеп, тұрғызған тас құрылыстар мөлшері мен елді мекендер саны қысқарды. Христофор Колумб тайно үндістерін Эспаньолда кездестірген кезде олардан көрші аралды мекендейтін «карибтіктер» деген атпен белгілі жауыз адамдар Тайно қоныстарына бірнеше рет шабуыл жасап, халықты қашуға мәжбүр еткені туралы хабар естіген. Бұл әскери тонаушы топ XV ғасырда Пуэрто-Рико мен құрлық жағалауын бойлай орналасқан елді мекендерге шабуыл жасағанына қарамастан, олар туралы ақпарат көп емес.

Амазония шаруалары Кариб халықтары секілді, жүгеріні маниок, үрмебұршақ, кәді, картоп сынды бұрыннан қолданысқа енген дақылдар қатарына кіргізді. 900–1500 жылдар аралығында амазондықтар сауда байланыстарын батыстағы Анд қауымдарын қосу арқылы кеңейтіп, алтын, қола, дәрілік өсімдіктер, бояу мен құлдарды өңделмеген мақта, тоқыма, теңіз тұзы мен иттерге айырбастады. Амазонияның сауда торабы Анд таулары бөктерлерін Кариб және Атлант жағалау алқаптарымен тығыз байланыстырды. Амазондықтардың әлеуметтік құрылымы әртүрлі, онда аңшылар мен шаруалардың шағын қауымдарымен қатар, билік мирас арқылы берілетін билеушісі мен жікке бөлу сатысы бар ірі ауылшаруашылық қоғамдары болды. XVІІ ғасырдың өзінде-ақ жаңа жерлерді ашушы испандар мен португалдар осы аймақта халық тығыз орналасқан қалалардың болғаны туралы хабарлады.

Анд мемлекеттері

Б.з.д. төртінші мыңжылдықтан XVІ ғасырға дейінгі аралықта Тынық мұхит маңындағы жазық дала мен қазіргі кезде Эквадор, Перу, Боливия және Чили орналасқан Анд таулары баурайындағы мемлекеттер бір кезеңде құрылды (14.1-картаны қараңыз). 8-тарауда 600 жылға дейінгі аралықтағы Чавин-де-Уантар, Моче, Наска қоғамдарының өркендеуі мен құлдырауын суреттеген едік. Аталған қоғамдардың соңғы екеуі Эль-Ниньо тербелісі салдарынан келген қатты қуаңшылық пен су тасқындарына төтеп бере алмай, жойылып кетті. Дегенмен VІ ғасырда екі жаңа мемлекет пайда болады. Олардың біріншісі − қазіргі Боливияның таулы өлкесінде орналасқан Тиуанаку (Тихуанако) патшалығы; екіншісі − қазіргі Перудің орталық бөлігіндегі Вари (Хуари) мемлекеті. VІІІ ғасырда Чиму деген атпен белгілі топ мочеліктерден қалған ескі суару жүйесінің Тынық мұхит жағалауы бойындағы бөлігін қалпына келтіріп, әсем астанасы – Чан-Чан қаласын тұрғызды.

Тиуанаку. Б.з.д. 1000 жылы егін егіп, мал шаруашылығымен айналысқан халық қазіргі Боливиядағы Титикака көлі жағалауына айнала орталық алаңдар мен платформалар тұрғызды. Көлдің 12500 фут биіктікте орналасқанына байланысты егін шаруашылығының дамуы картоп пен алабота (көкпек) сынды биікте өсе беретін өсімдіктерге тәуелді болды. Лама мен альпака табындары тағаммен, жүнмен қамтамасыз етіп, жол жүрсе – көлік болды. Климаттың өзгеруі Тиуанаку мемлекетінің пайда болуына ішінара әсер етті. VІ ғасырдың соңғы шегіндегі қуаңшылыққа байланысты, егін шаруашылығынан түсетін өнім көлемі азайып, Титикака көлі тартылып, оның ⅓ бөлігі ғана қалады. Сол себепті ауыл тұрғындары ірі елді мекендерде шоғырлануға мәжбүр болды. Көлдің оңтүстік шетінде орналасқан Тиуанаку қаласының халық санының өсу қарқыны басқа орталықтарды басып озды. Жергілікті ақсүйектер тобы үлкен діни мәртебеге ие болып, тәуәп етушілерді тарту мақсатында жаңа таңғажайып ғибадатханалар мен баршаға ортақ ескерткіштер тұрғызған болуы керек. Олар шағын қалалар мен шалғайдағы ауылды жерлерде, тіпті Анд таулары жоталарының арғы жағында қоныстанған халықтардан салық жинап отырған. Тиуанакудың әскери басқыншылық әрекеттерге не болмаса діни үрей мен таң-тамаша қалдырар іс-әрекетке қаншалықты тәуелді болғаны бізге беймәлім.

X ғасырда қала өркендеп, онда тұрған халық саны шамамен қырық мыңға жетті. Көрші қалаларды 75 000 адам мекендеді. Қаланың сыртқы көрінісінде үлкен қақпа арқылы жетуге болатын, қасбеті таспен қапталған екі таңғажайып платформа көзге бірінші түседі. Империяны билеген топтың резиденциялары мен әкімшілік ғимараттары осы платформаларда орналасты. Алайда халықтың көп бөлігі жұпыны үйлерде тұрды. Қала, негізінен, рәсімдер орындау, тәуап ету орны болды. Бұл жерде сауда орындарының болғанын дәлелдейтін айғақтар табылмады.

X ғасырда Тиуанаку құлдырады. Оған қоршаған орта жағдайының өзгеруі себеп болған болуы керек. Күтпеген жерден Титикака көлінің деңгейі көтеріліп, ауылшаруашылық алқаптарын су басып қалды. Суармалы алқаптарда тұз жиналып, егістің көтерілуіне зардабын тигізген болар. 1150 жылғы қуаңшылық Тиуанаку өркениетінің сол уақытқа дейін сақталып қалған дүниесін қиратты. Астана мен оның маңы қаңырап бос қалды. Империя билігінің қол астында болған жергілікті халықтар бір уақытта тәуелсіздік алып, кішігірім елді мекендерге бөлініп кетті.

Андтағы желкенді қайық. Діңгегіне желкен бекіткен, қамыстан жасалған қайық. Оңтүстік Америкадағы ең үлкен Титикака көлі арқылы адам мен жүк тасымалдау үшін қолданды.

Террасалы тау ландшафты. Вари патшаларының қол астындағы шаруалар Оңтүстік Перудегі Колка каньонының бөктерін ойып, террасалар салды. Терраса жасау Анд таулары бөктеріндегі ауылшаруашылықтың өнімділігін қалай арттыра алады?

Вари империясы. Перудің орталық бөлігіндегі биік таулы аймақта орналасқан Вари империясы VІ ғасырда, қоршаған орта құбылыстарының әсерінен, Тиуанаку сияқты пайда болды. Қайталана берген қуаңшылық пен нөсер жаңбыр көп күш жұмсауды қажет ететін шаруашылықтарды жазық алқаптардан биік жартасты таулардың етегіне көшіруге мәжбүрледі. Осы жерде көп баспалдақты террасалар салу, Анд мұздықтарының еріген суын жеткізуге арналған суару арықтарын қазу, сондай-ақ картоп, жүгері және басқа да дақылдарды суық әрі тау бөктеріндегі жерлерге себу және өсіру үшін тер төкті. Осылайша, шаруалар азық жетіспеушілігі мен су тасқындарынан аман қалды. Күрделі құрылымды ұйымдасқан түрлі басқару, жергілікті қауымдардың бір-бірімен террасалар мен су үшін қақтығысының алдын алу үшін орталықтанған мықты басқару жүйесі қажет болды. Нәтижесінде, кейбір әлеуетті отбасылар саяси билікке жетіп, әр қолымен асатаяқ ұстаған, тістері мен аяқ тырнақтары жануардікіндей ежелгі Анд тәңірі – «Асатаяқты құдайды» дәріптеуге негізделген діни идеологияны енгізді.

Бір-бірінен биік қабырға арқылы бөлініп тұрған екі немесе үш қабатты ғимараттары бар Вари қаласынан билік басындағы ақсүйектер солтүстік пен оңтүстікке қарай әскери жасақ жіберіп, халықтарды отарлады және алым-салық жинады. Вари мәдениеті, оның ішінде терраса салу әдістері мен қыш-құмыра бұйымдарының стильдері әскер аяғы тиген жерлерге түгел тарады. VІІІ ғасырда дамуының шарықтау шыңына жеткен тұста, Вари мәдениетінің ықпалы Анд таулары жоталарын бойлай, 580 мильді құрайтын аралыққа, яғни Вашингтоннан Атлантқа дейінгі арақашықтықтан аз ғана үлкен аумаққа әсер етті. Қатаң ауа райы зардабына қарамастан азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету үшін билеушілер империяның барлық аймақтарында азық-түлік жинау және сақтау орталықтары болған қалалар тұрғызды. Осы қалаларды астанамен байланыстыру үшін жол тораптарын салып, кипу (quіpus) деп аталған, түрлі түсті түйінді жіптерді жазбаларды сақтау және жағдайды баяндайтын хаттарды жеткізу үшін қолданды. Ақыр соңында билеушілер еңбек шарттарын енгізді. Ендігіде қауымдағы ер адамдар жыл бойы егістік алқаптарының суаруы, құрылыс салу және қоғамдық жобаларда қызмет атқаруы керек болды.

Вари Тиуанакумен бір уақытта күйреді. 1250 жылы оның астанасы мен басқа да империялық қалалары қаңырап бос қалды. Оның құлдырау себебін анық түсіндіре алмаймыз. Қатаң қуаңшылық десек, тым жеңіл айтыла салған сөз болар еді. Өйткені варилықтар осындай апаттардан қорғана алды, яғни ауыл шаруашылығын жүргізудің оңтайлы әдістерін ойлап тапты.

Чиму. Перу алабы маңындағы қуаң жазық даланы мекендеген шаруалар Эль-Ниньоның ауылшаруашылық дақылдарды жойып, суландыру құрылыстарын қиратқан және өзен арналарын бұрып жіберген жаңбырлары мен су тасқындарына қарағанда, құрғақшылық кезеңдерден көп шығынға батты. Жер сілкіністері де кей-кейде арықтар мен су қоймаларын қиратып кетті. Не дегенмен қала өркениеті ауа райы суық әрі биіктегі ауасы тыныс алуға ауыр Анд тауларына қарағанда, Тынық мұхит алабында жақсырақ дамыды. Осыған қарамастан, жағажайдағы халықтар қалаларды мыңдаған жыл бойы салды және тіршілігін қамтамасыз ету үшін таулардан басталатын өзендер маңындағы аймақтарда қоныстанды. Сөйтіп, XІ ғасырда Перудің солтүстік жағажайында Чиму корольдігі пайда болады.

Чиму астанасы Чан-Чан Моче өзені алабында, атап айтқанда, ертеректегі Моче өркениетінен қалған үйінділер мен суару жүйелерінің үстінен бой көтерді (8-тарауды қараңыз). 1200 жылға таман қала аумағы 8 шаршы мильге жетіп, онда тұратын халық саны 35 мың адамды құрады. Чиму халқының саны кемінде 250 мың адам болған, аумағы 700 мильге таяу жағажай маңындағы жазық дала мен ішкі аймақтағы алқаптарға тараған. Өңірдегі жол тораптар Чан-Чанды вассал қалаларымен байланыстырып тұрды.

Чимуды басқарып отырған тап ауа райының келеңсіз құбылыстарын алдын ала болжап білгендей, қолайсыз жағдайға жоспарлы түрде дайындалды. Ауа райы өзгере бастағанда, жеткілікті азықпен қамтамасыз ету үшін лауазымды тұлғалар жеке үй иеліктерін тексеріп, алым-салыққа тиесілі азық-түлікті түгендеді. Осылайша, олар жаппай ашаршылықтың алдын алуға, яғни қордағы азық-түлікті үлестіріп беруге дайын еді. Мемлекет мочеліктерден қалған су ресурстарын басқаруға арналған ескі жүйелерді, соның ішінде арықтар, су қоймалары, жота бөктерлеріндегі террасалар мен бір алқапты екіншісімен байланыстыратын сужетектерді қалпына келтірді. Кейбір арықтар мен егістіктерге су жеткізілмеді, дегенмен оларды керек кезде су тасқынын алып кететін каналдар ретінде қолданды. Жаңбыр мен тау өзендерінің ағын суларын жинақтау үшін чимулықтар су қоймаларын, тік беткейлі жоталар үстіне террасалар, сондай-ақ қалааралық су тасымалына қажет сужетектер салды. Суландыру жүйесінің жарамдылығын сақтап қалу үшін олар Вари билеушілері енгізген еңбек шарттарына ұқсас жүйе жасады. Тұрақты жұмыс күші дайын болғандықтан, дағдарысты сәттерде оған қарсы іс-әрекетке көше білді. Мысалы, 1100 жылы күшті Эль-Ниньо дауылы Моче өзені ағысын өзгертіп жіберіп, қолда бар арық жүйесін жарамсыз етіп кетті. Жұмысшылар тез арада сол жерге жиналып, жаңа арықтар қазды.

Чан-Чан биіктігі 30 фут, күйдірілмеген кірпіштен қалаған, қалың қабырғалар қоршап тұрған 10 ірі аймаққа бөлінді. Бұл қоршалған аймақтардың билеушілер мен бетке ұстар топтың жарлықтарын жариялап отырған резиденциялары, әкімшілік ғимараттары мен жерлеу орындары болды. Осы жерде билеушілер жиын ұйымдастырып, алым-салықты азық-түлік, жүн, тоқыма және өнеркәсіп бұйымдары түрінде алды. Әр аймақтағы өнім сақтауға арналған қоймалар ақсүйектер, шенділер мен қолөнершілердің үйлерінің арасында орналасты.

Чимулықтардың қолөнері. Мына ер адамның бас киімі – рәсімге арналған ішімдік құйылуы мүмкін құты шүмегі. Ер адам қандай заттың үстінде отыр деп ойлайсыз?

Қалада Чиму патшалығындағы ерекше құбылыстарды бейнелейтін, корольдерді жерлеуге арналған құрылыстар болды. Билеуші дүние салғанда, мирасқоры оның лауазымы мен өкілеттілігін түгелдей қабылдап алды. Қалай болғанда да, билеуші отбасының өзге мүшелері өмірден қайтқан монархтың барлық дүние-мүлкіне, сарайы мен қоймаларына, сондай-ақ салық жинау құқығына иелік етті. Іс жүзінде о дүниелік болған басшыны құдайға тән болмысқа ие жан ретінде қарастырып, оны мумиялап, сарайға іргелес, арнайы бөлмеге қойған. Осы мүрделер сақталған бөлмелерде археологтар жіңішке талшықты тоқыма, қыш, әшекей мен нақыштама әдісімен жасалған ағаш бұйымдарын және басқа да қымбат заттар тапты. О дүниелік өмірде билеушінің қасынан табылсын деген сеніммен жүздеген жас жігіт құрбандыққа шалынуы мүмкін еді. Билеушінің мумияланған мүрдесі өз сарайында өмір сүріп жатқандай болатын, ал оның отбасы мен құлдары мұра болып қалған байлыққа шаттанып өмір сүрді. Адамдар мумияға келіп, оған құрмет көрсетіп, көмек сұрады. Сол арада жас билеуші жаңа сарай тұрғызып, алым-салық салуға болатын жаңа табыс көзін табуы керек. Өйткені өзінен бұрынғы билеушінің тапқанына қол тигізуге оның құқы болмады. Сондықтан алым-салық мөлшерін көтеруден және жаңа салық төлеушілерді табу үшін әскери жорық ұйымдастырудан басқа амалы қалмады. Мұраны бөлудің120 осындай дәстүрі және өзен алабын мекендеген халықтың артуына байланысты туындаған азық-түлікке деген қажеттілік − Чимудың әскери басқыншылығын түсіндіруге мүмкіндік береді.

XV ғасырда да империя аясы кеңейе бергеніне қарамастан, әскерлері шалғайдағы таулы бөктерлерге жете алмады. Қуаң жағалау жазығымен шектелген мемлекет алыста орналасқан су көздерін бақылауында ұстауға мүмкіндігі болмады. Күш-қуаты артқан Инк империясы таулы өлкені жаулап алғаннан кейін, Чимудың өмірі мен тіршілігіне қауіп төндірді.

XV ғасырдағы Америка империялары

ОЙЛАН: Ацтек және инк империяларының тарихи дамуының, саяси және экономикалық институттарының қай тұстары ұқсас немесе өзгеше?

XV ғасыр ішінде ацтек және инк империялары аумағы, ынтымақтастығы мен әскери әлеуеті жағынан қос Америкада оларға дейін болған мемлекеттермен салыстырғанда орасан зор жетістіктерге жетті. Екі мемлекеттің де әскері көпұлтты халықтарын стратегиялық аймақта орналасқан және бір-бірімен жол тораптары (елшілер мен мемлекеттік шенділердің бір аймақтан екіншісіне жетуін тездетті) арқылы байланыстырған бекіністерден бақылап отырды. Жаулап алу, салық салу мен сауда-саттық жасау арқылы тапқан байлық – гүлденіп келе жатқан екі астанаға, яғни Мехико алқабындағы Теночтитлан (Tenochtіtlan) мен Перудің оңтүстік-батысындағы Куско қалаларына ағылды. Екі империяның да билеуші таптары жетістіктерін ежелгі римдіктер сияқты, құдайлардың мейіріміне бөлену деп ұқты.

Ацтектер мен инктер арасында кейбір көзге түсерлік айырмашылықтар бар. Ацтек билеушілері қол астындағы халықтарға еңбек қызметіне қарағанда, материалды тауар түрінде жиналатын салықтар төлеп тұрған аралықта өздерін-өздері басқаруға ерік берді. Империя бір үстем мүшесі бар қала-мемлекеттердің конфедерациясына ұқсас еді. Ацтек әскері ең алдымен басқыншы күш ретінде емес, тәртіпсіздік пен көтерілістерді тежейтін фактор ретінде қызмет етті. Инк мемлекеті, керісінше, қатаң орталықтанған бюрократтық үкімет құрды. Бағынышты қауымдар мәдени ерекшелігі мен біршама жергілікті автономиясын сақтап қалғанымен, құдайтектес билік өкіліне – инк шенділеріне тікелей есеп берді. Сондай-ақ инк мемлекетінің ацтектерден айырмашылығы – алым-салық еңбекпен өлшенді де, мыңдаған адамды әлеуметтік жоба жұмыстарына тартуды көздеді.

Мұраны бөлу (splіt іnherіtance) – белгілі бір адамның мүлкін әр түрлі мұрагерлер арасында бөлу тәжірибесі.

Ацтек империясы

Ацтек мемлекетін XІІ–XІІІ ғасырларда, яғни Тольтек мемлекеті құлдырап, күйреген кезде Мексиканың орталық бөлігіне қоныс аударған науатль тілінде сөйлеген топтардың бірі – мексик (мешик) тайпасы өкілдері құрды. Науа топтарының көпшілігінің тарихи шыққан орны бір – солтүстіктегі беймәлім жерде орналасқан «Астлан» (Aztlan) деп аталған тылсым өңір. Белгілі бір уақытта науалықтар Астланнан кетіп, Мехико алқабына қоныс аударады. Мексиктер (ел атауы осы тайпаның атынан келіп шыққан) түп-тегі туралы шежіренамада осы алқапқа көшіп келген астлан тайпаларының соңғы тұяғымыз дейді. Ацтек атауының науатль тіліндегі негізгі мағынасы қандай екені беймәлім және империя құрған мексик тайпасы өздерін ацтекпіз деп атамаған.

Кейінгі ғасырлардағы жылнамаларда мексиктер қалалар мен құнарлы жерлерге тұрақтаған басқа науалықтарды табу үшін 1250 жылы алқапқа көшіп келгені жайлы айтылады. Демек, олар әртүрлі қалаларға шашыраңқы түрде тарап, қоныстанып қалу үшін еңбек күшін сатты. Мексикалықтар кәсіби, қатал мінезді, жалдамалы жауынгер ретінде танылды. 1325 жылы олар өздеріне үй болатын мекенді − алқаптың ортасында орналасқан Тескоко көліндегі екі жартасты аралды тапты. Олар науалық көршілерінен чинампа немесе су үстінде қалқып жүретін бақтар салу әдісін үйреніп, көл түбіндегі топырақты құрлыққа қосып, кішірек аралдарының аумағын әлдеқайда ұлғайтты. Сондай-ақ айналадағы таулардан таза су тасымалдайтын сужетектермен қатар, дамба немесе арал мен көл жағалауындағы құрлықты байланыстыратын үйінді топырақты көпір салды. Осыдан кейін аралдар маңызды сауда орталықтарына айналды. XІV ғасырда науа қоғамынан шалғай орналасқан мексиктердің елді мекендері аралдың екі шетінде бірдей бой көтерген, гүлденген Тлателолько (Tlatelolco; tlan-teh-LOLE-coe) және Теночтитлан қалаларына айналды.

Халық санының өсуіне байланысты осы бауырлас қалаларға, екі жүз жыл бойы науалықтардың басқа да қала-мемлекеттері секілді, азық-түлік жетіспеді. Екі қала өз қорларының көлемін арттыра алмағанының бір себебі – ірі Аскапотсалько (Azcapotzalco) қаласына салық төлеп тұрды. Қала билеушілері чанампас пен сужетектер салуға бөгет болды. Мексиктер көрші Тескоко, Тлакопан қалаларымен одақтасып, Аскапотсалькоға соғыс жариялады. 1428 жылы жеңіске жетті де, отарлау жорықтарын жалғастырды. Алты ұрпақ бірін-бірі алмастырған уақыт аралығында «Үштік одақ» (бауырлас қалалар мен олардың екі серігі) Мехико алқабының ішкі бөлігі мен оған жақын орналасқан алаптардың көбін бағындырып, ақыр соңында Мексика шығанағынан Тынық мұхитқа дейінгі аралықта созылып жатқан аймақта салық төлейтін қауымдардың империясын құрды (14.4-картаны қараңыз). XVІ ғасыр басында қазіргі кезде ацтектер деген атпен белгілі үштік одақ шамамен 3,3–6,4 миллион адамға үстемдігін жүргізді2.

Салық салу және басқару. Үштік одақ бағынышты қала-мемлекеттерге жерлері мен билеушілерін сақтап қалуға рұқсат бергенімен, жыл сайын тоқыма, киім, құрал-саймандар, зергерлік бұйымдар, азық-түлік, тері, ағаш және балық салығын салды. Әдетте осы тауарларды үй иеліктері мен жеке тұлғалар емес, қалалар тапсырды. Арнайы салық жинаушылар алым-салық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін империяны аралады. Империяның көп бөлігінде осы шенділер қарапайым халық көрген үштік одақ билігінің негізгі өкілдері еді. Себебі бұл жерлерде шет аймақтарды басқаруға арналған құқықтық жүйе болмады. Мексика алқабына дейінгі аралықтың алыстығына сәйкес, қауымның өзін-өзі басқару деңгейі артып отырды. Шекара өтетін алыс аймақтардағы қауымдар мүлде салық төлемеді, олар ацтектермен бірігіп, империяға соғыс ашқан әр топқа қарсы тұратын алғашқы қорғаныс шебін құрды.

Ацтектер мәмілегерлік пен соғысты қиыстыра биледі. Қаланы жаулап алудан бұрын, тізе бүгуге көндіру үшін ацтектер оларға әуелі сыйлықтар мен басқа да уәде берген шабарман аттандырды. Елшілермен жылдық салықты төмен төлеу туралы келіссөздерден кейін болар, ол қоғамдар ың-шыңсыз беріліп жататын. Үштік одақ бөгде ел билеушісі бағынудан бас тартқан кезде ғана шабуылдады. Басқыншылар шабуыл кезінде де жерді тартып алуды көздемей, жау берілгенше ғана шайқасты. Жаулап алған аймақты әскери жазалаумен үрей тудыру арқылы биледі. Үштік одақ империяның түкпір-түкпірінде бекіністер салып, әскери бекеттер құрды. Бұл әскери бекеттер жергілікті көтерілістер мен ұзақ қашықтыққа апаратын сауда-саттық жолдарын бақылауында ұстап, шекараны өзге біреулердің басып кіруінен қорғады. Байланыс жүйесі шалғайда орналасқан аймақтарды орталықтағы қалалармен байланыстырды. Негізгі бағыттар бойында бірдей арақашықтықта орналасқан атшабарлар астаналар мен белгіленген жерде орналасқан әскердің қолбасшыларына жедел хабар жеткізетін пошта міндетін атқарып, ақпарат тасыды.

Бауырлас қалалар. Сауда-саттық пен алым-салық үштік одақ қалаларын, әсіресе мешиктердің бауырлас-қалалары Тлателолько және Теночтитланды гүлдендірді. Тлателолько алдыңғы қатардағы сауда-саттық орталығына айналды. XVІ ғасыр басында, яғни испандық конкистадор Эрнан Кортес Мексика алқабына аяқ басқанда, екі қала бір-бірімен қосылып кеткен болатын. Испания короліне жолдаған хатында ол Тлателолько базарын былай сипаттайды:

«Бұл қалада көптеген қоғамдық алаң бар. Оларда базарлар мен басқа да алып-сатуға арналған орындар орналасқан. Саламанка қаласынан (Испания) екі есе үлкен шаршы алаңды айналдыра төбесі жабылған жапсарлас галереялар қоршаған. Бұл жерде алпыс мыңнан аса адам сауда-саттықпен айналысады. Осы жерден әлемдегі бар затты, яғни тіршілікке қажет азық-түліктен бастап, алтын мен күміс зергерлік бұйымдар, қорғасын, латунь, мыс, қалайы, асыл тастар, сүйектер, бақалшықтар, ұлулар мен қауырсындарға дейін таба аласыз»3.

XV ғасыр шегінде Теночтитлан мен Тлателолько қарқынды дамып, испандықтар келген тұста екі қаладағы халық саны шамамен 250 мыңнан асты. Мексик билеушілері таңғажайып құрылыс жоспарларын қаржыландырып, сужетектер мен дамбалар санын арттырды және күрделі ғибадатхана кешендерін тұрғызды. Орталық алаңда екі даңғыл бір-бірімен қиылысып, Теночтитланда қасиетті орынды қоршаған қоршауды төрт бөлікке бөлді. Қаланың жобасында ацтек космологиясы сипатталады. Тұрғындар әлемді төрт бөліктен тұрады деп ойлады. Ғаламшарды қоршап, жауып тұрған төбені ортада тұрған үлкен тау үстінде жайқалған ұлы ағаш тіреп тұр. Ортағасырлық христиандар сияқты, ацтектер аспан көп қабатты және жер асты әлемі бар деп ойлаған. Археологтар «Теночтитланның төртке бөлінуі жер шары бөліктерін білдірсе, ұлы ғибадатхана – орталықтағы тау болған» деген пікірде. Үңгір сияқты ғибадатхананың ішінде қолдан жасаған бұйымдар мен адам сүйектері бар. Ғибадатхана жер асты әлемі – өлілер сарайынан кейін орналасқан.

14.4-КАРТА. Ацтек империясының ұлғаюы

Дамуының шарықтау шыңына жеткен тұста Ацтек империясы Тынық мұхиттан бастап Мексика шығанағына дейінгі аралықта созылып жатты. Қандай географиялық факторлар Ацтек мемлекетінің таңдап алған бағыт бойынша ұлғайғанын түсіндіре алады?

Пішіні пирамида тәрізді Ұлы ғибадатхананың платформасы мен екі тас үйге апаратын тік баспалдағы болды. Осы құрылыстың екеуі де – құдайлар үйі. Оның бірі – Жаңбыр құдайы Тлалок (Tlaloc) егін егіп, өнім жинайтын маусымда, яғни жаз бен ылғалды күзде қаланы басқарады. Екінші – мексиктер құдайы Уитсилопочтли қаланы қыс пен жаз айларында, яғни шаруалар өз үйлерін тастап, соғысқа аттанған кезде басқарды. Уитсилопочтли мексиктерді Астланнан Мехико алқабына алып келгеннен кейін, оларға Теночтитланды табуға бұйырғаны жайлы көне аңыз бар.

Базар мен ғибадатхананың бір жерде орналас­уы тектен-тек емес. Ұлы ғибадатхананың үстінде орналасқан үйлерден екі құдай орталық базарды бақылап отырады. Мексиктер басқа да мезоамерикалық халықтар секілді, билеуші адамдарды халық қалай асыраса, қаратабан жұрт құдайларды да солай тамақтандырып, киіндіріп, шомылдыруымыз керек және қолдан келген жағдайдың бәрін жасауға тиіспіз деп сенді. Сондықтан сауда алаңы бір жағынан базар, екіншіден қасиетті орын саналды. Сауда-саттық пен дін бір-бірінен ажырамады.

Дін және адамдарды құрбандыққа шалу. Алдыңғы ғасырлардағы майялықтар сияқты (8-тарауды қараңыз), мексиктер де адамның құдайға тартқан ең қымбат сыйы – қан деп есептеді. Әсіресе, адамның, атап айтқанда өзінің қаны жоғары бағаланды. Өйткені науа мифологиясы бойынша, құдайлар әлем мен адам нәсілін өздерін құрбандыққа шалу арқылы дүниеге әкелді. Бір хикая бойынша, Нанауатсин (Nanahyatzіn) құдай отқа секіріп, күнге айналды. Басқа құдайлар одан неге аспан айдынымен жылжымай тұрып қалғанын сұрағанда ол былай деп жауап береді: «Себебі мен олардан өз қаны, жарығы мен аса бағалы рухын беруін сұраймын»4. Қанатты аждаһа құдай – Кецалькоатль (Quetzalcoatl) басқа тәңірлердің көкірек қуысын бірден кесіп алып, оларды Нанауатсинге тарту етеді. Құдайлар алдындағы парызын өтеу үшін адамдар терілерін кесіп, шыққан қанды құдайға тарту етеді. Құлдар, қылмыскерлер, әсіресе әскери тұтқындар өз қандарын өмірін құрбан ету арқылы сыйға тартты. Мексиктер салт-жоралғылар кезінде мыңдаған адамдарды өлтірді. Бұл құрбандардың көбі қарсыласып өлді, өз жанын қиюды үлкен құрмет санап, құрбан болғандар да табылды. Мәлім болған қайғылы жоралғылардың бірінде жазаға кесілгендерді пирамида баспалдағымен жоғары қарай алып шығады. Жоғарыда тұрған бас абыз қылышпен әр құрбанның көкірек қуысын кесіп, жүрегін суырып алып, оны көкке көтереді. Ал қалған абыздар мүрделерді баспалдақ бойымен төмен домалатып, ғибадатхананың жолын қанға бояды. Төменде тұрған абыздар мәйіттердің бастарын кесіп, көрсетіп қоятын. Құрбандардың бассүйектері пирамиданың түбін айнала тізіліп тұрды.

Науалардың құрбандыққа шалу туралы сенімдері империялық басқыншылықты қуаттандырды. Әрбір маңызды оқиға – баланың дүниеге келуі, шайқас, күннің жылуы және жаңбырдың жаууы мен егін жинау, бәрі де қандай да бір құрбандық шалуды талап ететін. Сондай-ақ қала тұрғындары құдайлардың тойымсыз тәбетін қанағаттандыру үшін алым-салықты мүмкіндігінше барлық топтардан жинауы керек болды. Үштік одақтың әскерлері де, ацтектердің жаулары да Құдай жолына құрбандыққа шалатын адамдарды қолға түсіру үшін жорықтарға шықты. Шын мәнінде кей уақыттарда қалалар алдын ала жоспарланған шайқастар жүргізіп, соңында әр жақ салттық құрбандыққа арналған тұтқындардың белгілі бір санын алып кетуге келісіп отырған. Тұтқындарды құрбандыққа шалу саяси қорқыту құралы ретінде де пайдаланылуы мүмкін. Мексиктер шалғай қалалардың билеушілерін Ұлы ғибадатханаға шақырып, сол қалалардан шыққан жауынгерлердің жүректерін қалай суырып алғанын көрсетіп отырғаны белгілі. Үштік одақ нағыз билік өздерінің қолында екенін олардың естеріне осылай салып отырды.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Несауалькойотль («Ашыққан койот») − саяси стратег, жаны сірі мұрагер және ақын

Несауалькойотльдің мүсіні. Мехико Үкімет үйінің ғимараты.

Ацтек империясы әртүрлі науа тайпаларынан құралған қала-мемлекеттер одағы ретінде пайда болды. Мексиктер басты серіктес болғанына қарамастан, империяның жеңісі үшін оларға серіктер ауадай қажет болды. Теночтитлан қаласынан шығысқа қарай орналасқан науалықтар Тескоко қаласы Үштік одақтың мүшесі ретінде Несауалькойотльдің (Nezahualcoyotl) немесе ашыққан койоттың (1402–1472) тұсында аса құнды серіктес болды.

Өмірбаяны испан жылнамалары мен науа кодекстерінен121 табылған мағлұматтардың басын біріктіргенде, Несауалькойотль – азық-түлік жетіспеушілігі мен өңір­ішілік соғыстар өршіп тұрған кезде кәмелетке толады. Ол он бес жасында әкесі – Тескокомен бірге қала-мемлекетті науа халқының құдіретті тепанек тайпасынан қорғау үшін жорыққа аттанады. Тескоко әскері күйрей жеңіледі. Қаланың тақ мұрагері – Несауалькойотль жау жауынгерлерінің әкесін өлтірген сәтін ағаш басында жасырынып отырып көреді. Басқыншылар баланы байқап қойып, оны тепанектерді жебеуші тәңірге құрбандыққа шалуға дайындайды. Тескоколық адал құл Несауалькойотльды ұстап отырған зынданға жасырын кіріп, иесімен киімін алмастырып, оның орнына өлім құшуға бел буады. Жас ханзада нағашы жұрты – Теночтитлан қаласына қашып кетеді. Мексиктер қашқынды қандасы ретінде құшақ жая қарсы алады.

Теночтитланда сегіз жыл өмір сүріп, білім алған Несауалькойотль туған қаласына қайтып оралуды ұйғарды. Алайда Тескоконы жаулап алған тепанектердің билеушісі Макстла оның басына қомақты қаржы тігеді. Ханзада ажалды тағы да алдап соғады. Ол тауға қашып, ашыққан койот сынды, сайлар мен үңгірлерде бой тасалайды. Әулетіне адал берілген шаруалар оны аман алып қалады.

Несауалькойотльдың болар-болмас қарсылығы үлкен көтеріліске ұласады. Тескоко ақсүйектері мен таулы аймақтың шаруалары басқыншы тепанектерді қуып жіберу үшін әскер жасақтайды. Ханзада шабуылды бастап барып, қалаға бостандық алып берді. Одан кейінгі айларда Теночтитлан мен Тлакопан қала-мемлекеттерінің билеушілері Үштік одақ құрады. Осы құдіретті конфедерация тепанектерді жеңіп, Мехико алқабын бақылауына алады.

Несауалькойотль қанды көтеріліс арқылы Тескоконың билеушісі болғанына қарамастан, бейбітшілікті қолдайды. Сауда мен мүлікке мұрагерлік ету заңдарын жүйелеп, жинақтауға бұйрық береді. Оның жерге жауапты қызметкерлері дауларды шешу үшін ақсүйектер мен ауыл тұрғындарының жерлерін өлшеді және қожалықтарға иелік еткен мырзаның кім болғанына қарамастан, шаруалардың өз жерлерінде қалу құқықтарын қорғады. Науалықтардың басқа да билеушілері сынды, Несауалькойотль адамды құрбандыққа шалу тәжірибесін қабылдады, алайда осы ғұрып оны қатты алаңдатқан тәрізді. Билеуші ретінде ол рәсімдік адам өлтірулерге қатысудан бас тартады.

Несауалькойотль халқының өмірін жақсартуға, яғни жаңа ғибадатханалар, жолдар салуға және қоғамдық бақтарды тұрғызуға бағытталған кең ауқымды кешенді құрылыс науқанын бастайды. Билеуші сарайының кешені 200 акр аралығында созылып жатты. Онда доп ойынына арналған алаң, хайуанаттар бағы мен базар бар еді. Соғыс, қаржы, сот әділдігі және өнер мәселелеріне арналған жеке кеңестер құру арқылы үкіметті қайта жасақтады. Суретшілер мен қолөнершілер Тескокоға ағылып келе бастады. Қазіргі заман ғалымдарының пайымдауынша, Несауалькойотльға тиесілі деп саналатын поэзия – науа әдебиетінің таңдаулы үлгілерінің бірі. Билеушінің он екі өлеңі оның жартылай испандық немересі XVІ ғасырдағы тарихшы Хуан Баутиста де Помардың арқасында сақталып қалды. Бұл өлеңдер табиғатты ерекше құрметтеу, өмір мен философияның қалтарыс-бұлтарысын түсіну, бүгіннің қадірін білу (carpedіem) жайлы сыр шертеді. «Гүл ағашында» Несауалькойотль «адамның кейбір кездерін» шабыттана суреттейді:

Осы жерде өс-өркенде, сен гүлде!

Жел тербесе төгіледі гүл-күлте.

Менің гүлім – мәңгіліктің гүліндей,

Менің жырым – мәңгіліктің жырындай!

Ақынмын мен!

Гүл-жұпарды шашамын,

Сусағанның мауқын солай басамын.

Гүл-күлтелер алтындайын жарқырар,

Жыр-күлтелер алтын елден табылар.

Сыни пайым

Несауалькойотльдің іс-әрекеттеріне, көзқарасы мен басқару саясатына қарап, ол жаңа заманға дейінгі монархтарға ұқсайды немесе ұқсамайды деп айта аласыз ба?

Кейбір тарихшылар «ацтектердің адамды құрбандыққа шалуын баса айтып, Мексиканы жаулап алуын моральдық тұрғыдан ақтап алғысы келген испан басқыншылары осы мысалды көп қолданды» деген дәлелдеме келтіреді. Бұл дәлелдер шын болуы да мүмкін, алайда құрбандыққа шалудың көрнекі және деректі дәйектері молынан бар. Африка, Азия және Еуропадағы қоғамдар да ғалам күштерін тыныштандыру үшін бейкүнә жандарды бауыздап немесе ақылға сыймайтын жан түршігерлік ауқымда көпшілік алдында өткізілетін жиіркенішті өлім жазаларын қолданғанын да айта кетуіміз керек.

Ацтек балаларының өмірі. XVІ ғасырда Мексикадағы ең бірінші испандық губернатор жергілікті ғалымдарға ацтектердің тарихы мен өмірі жайлы әсерлі баяндама дайындау туралы бұйрық берген сияқты. Испан тіліндегі түсіндірме жазбаға қоса суреттер берген. Мендос кодексінің осы бетінде міндеттер мен жазалар түрлері бейнеленген. Жоғары жақта бір ересек адам кішкентай баланы (сол жақта), екіншісі қызды (оң жақта) жасаған теріс қылықтары үшін жанып жатқан чили бұрышынан шыққан түтінмен тыныс алуға мәжбүрлеуде. Астыңғы суретте ұл бала балық аулауды, қыз бала киім тоқуды үйреніп отыр. Ортадағы екі көріністе балалар не істеп жүр деп ойлайсыз?

Діни салттар арқылы Үштік одақ жер бетінде құдайдың таңдаулы халқы ретінде билік жүргізу –маңдайына жазылғанын көрсетіп отырды. Алайда олардың космологиясы қолдарындағы биліктің мәңгі болмайтынын баяндады. Олар адамзат Күннің бесінші дәуірінде өмір сүріп жатыр деп есептеді. Алдыңғы төрт дәуір секілді, бұл да аяқталуы керек еді. Бір әйгілі аңызда патша бір топ сарбазды солтүстікте орналасқан Астланға қамқоршы құдай анасына сый-құрмет көрсетуге жібереді. Олар жаманат хабармен оралды. Құдай ана оларға күндердің бір күнінде мексиктер бар жерінен айырылып қалатынын айтыпты. Дұшпан шығыс теңіз жақтан, яғни Мексика шығанағынан келмек екен. Тағы бір болжам бойынша «өте ұзын әрі ұйысқан» сақалы бар Кецалькоатль құдай дұшпандардың теңізге шыққанына біраз уақыт болды деп ескертіпті. Дегенмен «күн өтіп, ай ауған бір мезгілде мексиктер дүниені билеуге қайта келетінін айтып», сөз беріпті5. Бұл наным-сенімдер 1519 жылы жағалауға келіп түскен испандық Кортес үшін өте қолайлы болды.

Кодекс – пергамент немесе басқа материалдан жасап, екіге бүктегеннен кейін бір шетінен байланатын немесе парақ бетін айқындау үшін аккордеон іспеттес бүктелген және шұбатылған қағаз жиынтығы; Кодексті орама бумадан айыра білу қажет.

Инктер

XІІ ғасырдың ортасында орталықтағы Анд таулары маңындағы өңірде саяси бытыраңқы Вари империясы құлдырады. Үзік-үзік уақыт аралықтарында, әсіресе қуаңшылық жылдары, егіншілікпен айналысқан жергілікті шаруалар мен лама бақташылары жер, су және азық-түлік қорлары үшін таласып қалып отырды. Бұл ауылдарда қоныс тепкен адамдар әртүрлі тілдерде, сонымен бірге кечуа диалектерінде де сөйлеген. Варидің ескі астанасының оңтүстік-шығысындағы жоғары таулы аймақтарда бір кішкентай кечуа тобы − инктер шашыраңқы түрде орналасқан елді мекендерде өмір сүрді. 1430 жылдары олар көршілеріне соғыс аша бастады және одан кейінгі ғасырлар аралығында Оңтүстік Америкада бұған дейін болмаған ең ірі әрі саяси жағынан күрделі империя құрды.

Инктердің шығу тегі. Инктер өздерін Титикака көліндегі аралдан шықтық деп есептейді. Ол аралға таяу аймақта Тиуанаку өркениеті дамып, құлдырағанын да айта кету керек. Олардың мифологиясына сай, Вира Куча құдайы – күн, ай, жұлдыздар, бұлттар мен найзағайды дүниеге әкелді және олардың әрқайсысы жеке тәңірге айналды. Күн құдайы Инти «күн балалары» деген мағына беретін инктердің арғы бабаларын жаратты. Солардың ішіндегі сегіз бала − төрт ұл мен төрт қыз Пакарик Тампу деп аталатын үңгірден су мен жер іздеп шығады. Жер-жаһанды аралап жүрген төрт ағайындының үшеуі тасқа айналады. Манку Кхапак есімді төртінші бауыр Куско алқабына келіп, сол жердегі тұрғындарды қуып, Куско қаласының негізін қалайды.

Археологтар «инктер осы аймақты 1200 жылдары басып алды» деген пікірді ұстанады. Кейінгі екі ғасырда инктер аймақты мекендеген туыс топтарға билігін жүргізе бастайды. Кечуа тілінде айллу деп аталып кеткен бұл топтар инктерге бағыну арқылы өздерінің бірегейлігін, саяси әрі қоғамдық дербестігінің көп бөлігін сақтап қалады. Әр айллу ауқымды отбасынан құралып, үңгір, бұлақ немесе тау сынды ерекшелігі бар табиғат нысандарымен байланысты бір атадан тарайды. Әрбір айллу белгілі бір киелі жерді пір тұтты. Вака деп аталып кеткен бұл жерге тәу етушілер жиі келді. Тәу етушілер алтын, мата, теңіз бақалшақтары немесе тамақ ала келетін. Ашаршылық немесе соғыс уақытында айллу кейде жануарларды немесе жас балаларды да құрбандыққа шалып отырды. Вака қалай тамақтанса, сондай хабар әкеледі деген сенім болды. Айллулардың вакаға деген сенімі – оларға тән ортақ бірегейліктің қайнар көзі.

Инк деп аталып кеткен билік басындағы отбасы Куско аңғарындағы жүздеген айллуларға үстемдік етті. Патша әулеті ататегінің мүшелері бұқара халықтан ерекшелену үшін ірі сырғалар тақты. Бұл әдет-ғұрып кейін испандық отарлаушылар оларды орехонс немесе «үлкен құлақ» деп атап кетуіне түрткі болады. Ататектің негізін салған Сапа Инка («Ерекше бала»), немесе жай ғана Инка деп аталып кеткен патша әйелімен бірге ел биледі. Әйелі оның қарындасы да еді. Аға мен қарындасты үйлендіру − патша ататегінің тазалығын сақтау үшін қажет болды. Күннің тікелей ұрпағы ретінде патшаға тірі құдай ретінде табынды. Испандық жылнамашы былай дейді:

«Қандай мәртебелі қонақ болса да, тіпті бауырлары да патшаның құзырына аяқ киіммен кіруіне рұқсат жоқ. Патша алдында жалаңаяқ тұрып сөйлегенде немесе хабар жеткізгенде басын иген. Ол әрқашан жалғыз тамақтанды, ол ішіп отырған асқа ешкім қол тигізе алмайды. Қызметшілері оны зембілмен алып жүрді. Алаңға шыққанда ол қызыл түске боялған түйеқұс қауырсынынан жасаған қолшатыр көлегейлеп тұрған алтын таққа отырды. Суды да алтын ыдыстан ішті. Өзге ыдыстар да алтыннан жасалды және әйелдері көп болды»6.

Қолөнершілер патша мүсіндерін алтын, күміс және басқа да қымбат материалдармен безендірді, патша сарайы қызметшілері оларды Кусконың барлық жерінде арнайы салған үйлерге қойды. Кейін ол империяның барлық жеріне таралды. Патша қоғамның саулығы мен амандығы үшін ерекше маңызды діни салттар орындады. Ол діни мәртебесіне байланысты күнделікті шаруаларға көп қатыспады. Әдетте, ол өз ағайындарын немесе жақын туыстарын әскерді, мемлекетті басқаруға және маңызы төмендеу рәсімдерді орындауға тағайындады.

Инк қоғамы басқыншы болмай тұрып-ақ чимулықтар сияқты, мұраны бөлу тәжірибесін қолданды. Нәтижесінде, XV ғасырға таман инк қоғамында патшадан тараған ондаған ру болды. Олардың әрқайсысы алдыңғы билеушісінің мумияланған мәйітіне табынды. Кускода олардың әрқайсысына тиесілі бөлек тас қорымы, ауылшаруашылық жері және алым-салық жинау құқығы болды. Билік басына жаңа инк келгенде ол өзіне тиесілі байлық жинап, алым-салық төлеуші табуы керек еді. Мұраны бөлу, Чимудағы секілді, империяны ұлғайтуға итермелеген себептердің бірі болды (14.5-картаны қараңыз).

Қатерлі құрал. Өрнектелген ағаш сабы бар, тастан жасалған, ацтектердің құрбандыққа шалу пышағы.

Аумағы үш мың мильге жеткен империя. Ауызекі тарих Инк империясы 1425 жыл шамасында келімсек топтар Кускоға қауіп төндіргенде аумағы кеңейе бастағанын айтады. Қорыққан билеуші Инк пен оның тікелей мұрагері қаладан бассауғалайды, ал кіші ұлы күресу үшін қалып қалады. Бұл жас жігіт басқыншыларды жеңіп, өзін жаңа билеуші етіп жариялайды. Әкесі мен ағасы әлсіздік танытқаннан тақтан айырылғанын айтады. Пачакути немесе Дүниені шайқаушы деген ат иеленген жаңа билеуші солтүстік және оңтүстіктегі таулы аймақтарды мекендеген көрші халықтарды жаулап алады. 1471 жылы ол қаза тауып, ұлы Тупак Юпанкюй басқыншылықты жалғастырды. XVІ ғасыр басында Инк империясы қазіргі Эквадор тауларынан бүгінгі Чилидің орталық аумақтарына дейін созылды және 6–13 миллионға жуық халқы бар еді.

Инктер мексиктер сынды үстемдігін мәмілегерлік пен қатыгездіктің шебер үйлесіміне негіздей отырып жүргізді. Бастапқыда олар жергілікті басшылар қарсылықсыз бағынады деген оймен, оларға тарту-таралғы жіберді. Чанкамен арадағы жеңісті соғыстан соң Пачакути жүгері, картоп, чили, бұршақ, киноа және ет сынды азық қорларынан тұратын бай олжаға ие болды. Андтың қатаң әрі құбылмалы ауа райы бұл тауарларды жәрдем мен саяси адалдыққа айырбастауға болатын құнды қор екенін ұғып, ерекше сақтады. Ол көрші топтардың билеушілерін Кускоға шақырып, оларға арнап той-думан өткізіп, алтын, асыл тас пен басқа да бағалы сыйлықтармен марапаттады. Қонақ болған басшылар сыйға сый жасап, екі тарап кәнизак, күң, жар болуға тұрарлық әйел сыйлап, ақсүйек отбасылар арасындағы достық байланыстарын нығайтты. Анд халықтары осындай стратегиялар арқылы инктердің әлсіз әрі жақтас отарына айналды.

Инктерге қарсылас топтарды Гуарко халқын жайпап өткендей жойқын жаза күтіп тұруы мүмкін еді. Оқшау алқаптағы қалаларын тас қорғанмен бекіткен олар инктер басқыншылығына қарсы тұра аламыз деп ойлады. Инктердің қаланы басып алуға ұмтылған төрт шабуылын қайтарған олар ақыр соңында тізе бүкті. Инктер Гуарко жауынгерлерін өлтіріп, денелерін қала қабырғаларына іліп қойды. Инктер билеушісі Гуарко жерінің көбін тәркілеп, империяның басқа аймақтарынан келген қоныс аударушыларға бөліп берді.

Еріген қар суын Тынық мұхитқа құятын Анд тауларындағы алаптарға иелік еткен инктер Чиму мемлекеті мен оның астанасы Чан-Чанға көз тікті. 1470 жыл шамасында инк әскері Моче өзенінің алабына аттанып, қала тұрған өзен бойымен жоғары көтерілді, өзенді бөгеп, жағалаудағы алқапқа су жібереміз деп қорқытты. Осы айбаттың өзі Чан-Чан қаласының соғыспай берілуіне жеткілікті еді. Инк әскері Чиму билеушісін қолға түсіріп, мыңдаған қол­өнершілерді Кускоға күштеп көшірді. Чиму мемлекеті аяқ астынан жоқ болды, бірақ оның өнері инктердің қолөнері мен стиліне біршама ықпал етті.

14.5-КАРТА. Инктер империясының ұлғаюы

Инктер мемлекеті теңіз деңгейінен 20 мың фут биіктіктегі әртүрлі экологиялық белдеулерде орналасты. Инк империясы не себепті осындай ауқымды пішінге ие болды деп ойлайсыз?

Инк мемлекеті. Инктер жергілікті өзін-өзі басқаруды жоя алмағанымен, ацтектермен салыстырғанда иерархиялығы басым және орталықтанған мемлекетке ие болды. Олар Куско қаласының ортасында орналасқан үлкен қоғамдық алаң – Аукайпатадан таралған үлкен жолдар бөлген төрт әкімшілік аймақтан тұратын империя құрды. Төрт империялық аймақ әрі қарай провинцияларға бөлініп, олардың әрқайсысы Куско элитасынан шыққан адамға бағынды. Бұл шенді адам алым-салықтардың жиналуын тексеріп, мемлекеттік діни рәсімдерге төрелік етті. Бағынған қауымдастықтардың дәстүрлі билеушілері қарсылық көрсетпеген және көтеріліске шықпаған жағдайда өз лауазымдары мен жергілікті билігін сақтап қалды. Олар инктердің егемендігін мойындап, өз жерлерінің үштен бір бөлігін мемлекетке өткізуге мәжбүр болды. Оған қоса олар күн және басқа да құдайларға жиналатын алымдар үшін, сонымен бірге қасиетті вакаларда жасалатын құрбандықтар мен осы киелі заттарды қорғайтын дінбасылар және құлдарды қамтамасыз ету үшін жерлерінің келесі үштен бір бөлігін бөлді. Сондықтан жердің соңғы үшінші бөлігі, көбінесе өнімділігі мен қолжетімділігі жағынан ең нашар жерлер, жергілікті тұрғындардың шаруашылығы мен жайылымы ретінде қалды.

Бағынған қауымдар алым-салықты, негізінен, еңбегімен төледі. Адамдар әскерге немесе ғибадатханалар, қоймалар, бөгеттер, ирригациялық құрылыстар, жолдар салумен айналысатын жұмысшылар тобына шақырылуы мүмкін. Вари және Чиму үлгісі бойынша құрылған бұл жұмыс күшінің жобасы мита деп аталды. Сонымен бірге мемлекет ақсүйектердің үй шаруашылығында қызмет етуші адамдарды да басқарды. Қызмет етуге шақырылған әйелдер киім тігіп, ас әзірледі, діни рәсімдерде қолданылатын жүгері сырасын қайнатты. Империя аумағында саяхаттап жүрген лауазымды тұлғалар Кускодағы Бас ғибадатханада беделді қызмет көрсету үшін сегіз және он екі жас аралығындағы қыздарды іріктеп алды. Өндірістік және жұмыс күшіне деген қажеттіліктеріне қарай үкімет тұтас қауымдарды империяның бір бөлігінен басқа жаққа күштеп қоныс аудартты. Шын мәнінде мемлекет империялық қоғам мен мәдениетті біртектендіруге тырысқан сияқты. Жаңа аймақты жаулап алған кезде лауазымды тұлғалар қоныстанушыларды басқа өңірлерден осы аймаққа күштеп көшірді, бірақ олардың жергілікті тіл мен әдет-ғұрыптарды қабылдауына тосқауыл қойды. Ал жергілікті және көшіп келген ақсүйек отбасыларын империялық кечуа тілінде сөйлеуге міндеттеді. Империя өз ғұмырынан ұзақ жасаған жағдайда, күштеп жүргізген бұл орасан тәжірибе уақыт өте ежелгі дүниежүзі тарихындағы неғұрлым мәдени тұрғыдан біріккен үлкен империя құруға мүмкіндік берер еді.

Байланыс және көлік. Ацтектермен салыстырғанда, инктер империяны өте жоғары деңгейде ұйымдастырған байланыс жүйесі арқылы басқарды. Осылайша техникалық тұрғыдан ең дамыған афроеуразиялық империялармен бәсекеге түсе алды. Бұл жүйенің үш басты компоненті болды: тіркеуге алу, жолдар және желаяқтар.

Инктер хабарламаларды ежелгі Вари империясында қолданған жазу құралы – кипулерге жазып отырды. Бауларды біріктіріп, бекіткен жіп бөліктері болатын. Бұл бауларға бекітілген басқа түйіндер және әртүсті тізбектер топтардың, жерлердің, материалдық заттардың атауын немесе сандық шамаларды білдірді. Кипулерді негізінен қоймадағы құндылықтарды есепке алу және алым-салықтар мен жұмыс күшінің квоталарын тексеру мақсатында қолданғанын білеміз. Инктер қоғамының әрбір бөлімшесінде, провинциядан бастап жеке үй шаруашылығына дейін, тауарлар мен қызметтер тіркелген кипуі болды. Тарихшылардың пайымдауынша, хабарламалар жеткізетін, тізбектер, түйіндер мен түстерден тұратын бұл жүйе ауызша хикаялар мен мәдениет мағлұматтарын сақтап қалуы мүмкін. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін кипудің қандай да болсын жинағын ғалымдар дәл «оқи» алмады.

Инктер коммуникациясының екінші компоненті – барлық ірі қалалар мен форпостарды астанамен байланыстыратын жолдар мен көпірлер жүйесі. Империяның алғашқы онжылдықтарында мемлекет ертеректе Вари мен Чиму салып кеткен жолдар жүйесін кеңейтіп, жақсартты. Уақыт өте инктердің жол жүйесі 25 мың мильден асып түсті. Әрқайсысының ені 35 фут шамасында болған екі басты жол империяның ұзына бойына созылды. Олардың бірі – Тынық мұхит жағалауымен шектесті. Екіншісі – таулы алқаптар бойымен жүріп, таулы асуларды басып өтті. Бір-бірімен қиылысатын соқпақ жолдар, баспалдақ сатылары жағалаулар мен тау жолдарын байланыстырды. Жол таудың құлама беткейіне көтерілуге тиіс жерлерде жұмысшылар берік баспалдақтар орнатты. Батпақты жерлерде дамбалар мен сорғытқыш жыралар саяхатшылардың құрғақ жермен жүруіне жағдай жасады. Әдетте ені 4–5 футқа дейін жететін, жүруге арналған, беті ағаштан жасалған, қолмен ұстауға арналған қатарлас арқандар тартылған тербелмелі аспалы көпірлер адамдарды терең жыралардан өткізді. Мұндай көпірлердің ұзындығы 150 футқа дейін жетті, бұл XV ғасырда Еуропада салған тас көпірлерден анағұрлым ұзынырақ.

Коммуникация жүйесінің үшінші элементі – хабарламаларды бір қаладан немесе бекеттен келесі біреуіне, тәулігіне жиырма төрт сағат, жылдың кез келген күнінде таситын желаяқтар корпусы. Басты жолдардың бойында бірдей арақашықтықта жол бекеттері орналасты, арнайы шыныққан желаяқтар ол жерлерде хабарламалар мен сәлемдемелерді күтіп отырып, келесі бекетке жеткізеді. Әдетте, бір желаяқ 4–6 мильге дейін жүгірді. Жер бедері күрделі болғанымен, эстафеталық топ хабарламаны бір күнде 155 мильге дейін тасымалдады. Жол үстіндегі бекеттер, барлық саяхатшыларға арналған қоймалар мен қонақүйлер ретінде қызмет етті.

Деректерді САРАЛАУ

Инк қоғамындағы пәктік пен неке

Инктерде жазба тілі болмады. Олардың қоғамы туралы мәліметтердің көпшілігін испан конкистадорларының жазбаларынан аламыз. Мұндай кітаптар көбіне испан үстемдігін ақтау мақсатында инктер болмысын «пұтқа табынушылық» және «варварлық» деп айрықша көрсетті. Гарсиласо де ла Веганың «Инктердің ел билеу түсініктемелері» (Royal Commentarіes) және «Перу мемлекетінің жалпы тарихы» (General Hіstory of Peru) атты еңбектері – ертедегі басқа испандық шығармалардан өзгеше туындылар. Гарсиласо (1539–1616) – конкистадор мен ақсүйек инк әйелінің баласы. Ол – Еуропа халқы үшін Анд елдері туралы жазған алғашқы еуропалық және байырғы халық мұрасының араласқанды (метис) өкілі.

Гарсиласо Куско қаласында өсті, испан және инк қауымдары арасында еркін көшіп-қонып жүрді. Жиырма бір жасқа толғанда марқұм әкесінен қалған мұрасын алып, Испанияға аттанды. Сол жерде инктер мемлекетінің тарихы және испан басқыншылығы жайындағы екі томдық «Түсініктемелерді» жаза бастайды.

1609 жылы басылып шыққан «Бірінші бөлім» – байырғы халықтың тарихын, қоғам және мәдениетін егжей-тегжейлі сипаттап, инктер басқаруының оң жақтарын баса көрсетті. Испандар аяғы тимеген Перу классикалық Грекия немесе Рим тәрізді, асыл текті және заңға бағынған пұтқа табынушылар қоғамы ретінде суреттелді. Гарсиласо қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң жарық көрген «Екінші бөлімде» испандық жаулап алу туралы айтылған. Гарсиласо Перудегі испандық басқаруды қолдағанымен, оқырмандарды инк өркениетінің испандық конкистадорлар сипаттаған қоғамнан әлдеқайда дамығанына сендіргісі келеді. Сіздерге ұсынған үзінділерде ол инктердің пәктікке деген көзқарасы мен некеге байланысты кейбір әдет-ғұрыптарын сипаттайды.

Адалдығын сақтаған әйелдер және жесірлер

Мәңгі тазалықты уағыздап, дүниеден баз кешіп, шіркеулерге кірген пәк қыздардан бөлек, пәктік антын беріп, үйлерінде дәл солай өмір сүретін, бірақ адамдардан алшақтамайтын, бойында асылтекті қаны бар әйелдер де бар. Бұл әйелдер туысқандары ауырып немесе дүниеге нәресте келгенде ұмытпай кіріп шығады... Халық мұндай әйелдерді тазалығы мен бекзаттығы үшін қатты құрметтеді. Кемелдігі мен құдайшылдығы үшін пұтқа табыну нанымында киелі Окло деген ат берді. Олар шын мәнінде абыройын сақтады, пәктік антын бұзса, сатқындар немесе жалған нанымның алаяқтары ретінде оларды тірідей отқа өртеді не арыстандар көліне тастады...

Күйеуі дүниеден қайтқанына жыл өтпеген жесірлер туралы да айта кету керек. Балалары жоқ жесірлердің аз ғана бөлігі қайта тұрмыс құрды. Балалары бар жесірлер ешқашан тұрмысқа шықпады, бірақ пәктік антын сақтап, ұстамды өмір сүрді. Бұл ізгі іс-әрекеттер заңдар мен қаулыларда жоғары бағаланды, жесірлер айрықша құқықтарға ие болды, атап айтқанда жесірлердің егін алқаптары курака (лауазымды тұлғалар тобы) немесе басқа инктерге қарағанда бұрынырақ өңделді.

Үйлену және отау құру әдеті

Патша әр жыл сайын немесе екі жылда бір рет, белгілі бір маусымда тұрмыс құру жасына жеткен қыздар мен өз тегінен шыққан ұлдарға Куско қаласына жиналуын бұйырды. Қыздар – он сегіз бен жиырма жас арасында, ал бозбалалар – жиырма төрт жастан үлкен болуы керек. Ерте үйленуге рұқсат бермеді, себебі олардың ойынша, үйлері мен шаруашылықтарын басқару үшін жеткілікті дәрежеде есеюі керек, ал одан ертерек үйлену – балалық деп есептелді.

Инка (патша) келіскен тараптардың ортасында тұрып, оларды қарап көріп, бозбала мен қызды шақырып, қолдарынан ұстап, некелестіргеннен кейін, ата-аналарына ертіп барды. Содан кейін жастар күйеу жігіттің үйіне барып, жақын туыстарының алдында салтанатты түрде некеге отырды. Үйлену тойы екі, төрт немесе алты күн, тіпті қалағандарынша одан да ұзақ уақытқа созылды. Олар заңды некелескен әйелдері деп есептеп, үлкен құрметпен және мейіріммен өз тілдерінде «Инканың қолынан алдым» деп атады...

[Патша тегінен шыққан] күйеу жігіттердің тұруына арналған үйлерді... еңбек бөлінісіне сай, провинциялардағы үндістер салды. Жас отбасының тұрмысына қажет заттармен туысқандары қамтамасыз етті. Олардың әрқайсысы бір зат сыйлады. Бұдан басқа ешқандай рәсімдер мен құрбандықтар болмады...

Қарапайым адамдар некелескенде әрбір ауыл кеңестері үйленген жастарға арнап үй тұрғызуы керек еді, ал жиһазды туысқандары берді. Басқа өңірлердегі немесе тіпті басқа қалаларда тұратын жастардың бір-біріне үйленуі заңға қайшы болды. Израиль тайпалары сияқты, барлық адамдар тек өз қалалары мен отбасылары шегінде отау құруы тиіс... Бір ауылдың барлық тұрғындары өздерін бір қорадағы қойдай туыспыз деп есептеді. Тіпті тайпасы мен тілі ортақ болған жағдайда, өңірлердегі тұрғындар да осы тәртіпке бағынды. Оларға бір өңірден немесе қаладан, тіпті бір қаладағы басқа ауданға барып тұруға рұқсат бермеді.

Дереккөз: Garcіlaso de la Vega, Royal Commentarіes of the Іncas and General Hіstory of Peru, Part One, trans. Harold V. Lіvermore (Austіn: Unіversіty of Texas Press, 1966), 204–206.

Сыни пайым

Гарсиласоның айтуынша, жесірлерден қоғам не күтті? Ақсүйектер арасындағы неке шарттарын жасауда инктер патшасы қандай рөл атқарды? Қарапайым адамдарға ауылдарынан тыс жерлерге тұрмыс құру неге заңсыз деп есептелді деп ойлайсыз? Гарсиласо «Израиль тайпаларына» неге сілтеме жасады? Инктерді қарабайыр немесе жабайы деп есептеген XVІ ғасырдағы еуропалық көзқарастарға бұл жазба кереғар ма?

Инктердің кипуі. Тізбектердің түстері, олардың бірге байлану әдісі, түйіндердің орналасу жері, жіптің түрі, осының бәрі кипуді «оқи алатын» инктердің лауазымды тұлғалары үшін белгілі бір мағына берді. Бар-жоғы жүздеген кипу сақталған. Ал қазіргі замандағы зерттеушілер бұл байланыс жүйесінің кодын еш таба алмады. Кипу жүйесі жазу түрі ретінде қарастырыла ма әлде қарастырылмай ма?

Астана. Инктер дәстүріне сәйкес, Пачакути патша шағын Куско қаласын үлкен салтанатпен қайта салып, жөндеді. Оның қала дамуына деген көзқарасын көрсететін саз балшықтан жасаған үлгілері болды. Сонымен қатар жиырма жылға созылған, отыз мың митаға шақырылған жұмысшылар еңбегін қажет еткен жаңа құрылысты басқарды. Осы күнге жеткен қалалық қабырғалардан тастардың ерекше қаланғанын көруге болады. Ешқандай желімдегіш ерітінді қолданбастан, жұмысшылар орасан үлкен тастарды бір-біріне дәлме-дәл орналастырғанда, олардың арасынан қыл да өтпеген еді. Қаланың ортасына Инти күн құдайына арналған Ұлы ғибадатхана салды. Испан жылнамашысы жазғандай, бұл қалқаланған құрылыс «дүниежүзіндегі ең бай ғибадатханалардың бірі... Ол жерде алтыннан орнатқан өте үлкен күн бейнесі асыл тастармен безендірілген». Ғибадатхананың төменгі жағындағы «бақта майда алтын кесектер жатты, ол жерде алтыннан жасалған жүгері сабақтарын отырғызды... онда алтын, күміс, зүбаржатқа толы астаулар, тостағандар, құмыралар сияқты әрбір ыдыс таза алтыннан жасалды»7.

Күн ғибадатханасы төрт империялық жол тоғысқан ұлы Аукайпата алаңының бір жағында орналасты. Инктер мен патша туыстарының үйлері, қайтыс болған және мумияланған патшалар қоныстары алаңға жақын орналасты. Жақын маңда ғибадатханада қызмет ететін қыздар үшін жатақтар салды. Басты аймақтан сырт жерде жеке үйлер, қонақ үйлер, мектептер, қоймалар, бақшалар болды. Инктер билігі шарықтап тұрған кезде, мемлекет пайдасына жұмыс істеу үшін астанаға мәжбүрлеп көшірген адамдарды қоса есептегенде, Кускодағы тұрғындар саны 100 мыңға жеткен сыңайлы. Шет аймақтағы ақсүйектер де жылына бірнеше ай бойы Кускода тұруға мәжбүр болды. Бұл ақсүйектер қаланың шетінде тұрғын үй кешендерін салып, онда жүздеген отбасы мүшелерін, клиенттері мен үй қызметшілерін алып келді. Олардың ұлдары мемлекеттік мектептерге барып, кечуа тілін білмеген жағдайда тіл сындырды. Әртүрлі афроеуразиялық монархиялар сияқты, инк билеушілері шет аймақтық ақсүйектердің орталық мемлекеттен тәуелсіз жеке биліктерінің жоғына көз жеткізген соң, бұл стратегияны алдау және көңілін табу мақсатында пайдаланды.

Инктердің космологиясы мен діні. Мексикадағы Теночтитлан сияқты, Куско қаласының дизайны инктер космологиясын бейнелейді. Төрт күре жол тоғысқан Аукайпата алаңы империяның ғана емес, бүкіл әлемнің орталығы болып есептелді. Билеуші Күн ғибадатханасындағы құрбандық шалатын орынның алдында өмірлік маңызы бар рәсімдер жасап, құрбандықтар шалды. Ол жерден белгіленген қырық екі сызық Куско қаласы мен қала маңындағы ауылдарға таралды. Бұл сызықтар бойына аса киелі 328 вака орналасқан. Олардың кейбірі инктер мифологиясындағы маңызды оқиғалар немесе сандарды білдірді.

Осы барлық киелі жерлерді Кускодағы орталық ғибадатханамен байланыстыру арқылы инк билеушілері дінді билік көзіне айналдырды. Күнге табынудың басымдығын бекіте отырып та ата-бабалар аруағы мен аймақтық құдайларға табынуды қолдады. Бүкіл империяның ақсүйектері қатысатын рәсімдерде монарх жергілікті құдайларды тыныштандыру мақсатында құрбандық шалды. Ол бағынышты халықтардың мүдделерін қорғау арқылы құдайлар мен адамдар арасындағы басты байланыстырушы мәртебесін бекіте алды.

Шарықтау мен құлдырау. XVІ ғасыр басына қарай инктер империясы мейлінше біріккен мемлекет болды. Аймақтық губернаторлар мен мемлекеттік қызметкерлер Куско қаласына есеп берді. Жергілікті шаруалар мен малшылар әртүрлі тілдері мен әдет-ғұрыптарын сақтап қалса да, ақсүйек отбасылар кечуа тілін үйренуге міндетті болды. Мемлекет жергілікті діни нанымдар мен табынуға рұқсат берді, бірақ Күн құдайына табынуды қолдады. Аймақтық ақсүйектер абырой мен сый-сияпатқа ие болса да, оларда мемлекеттен тәуелсіз өкілеттік болған жоқ. Үкімет азық-түлікті сақтап, жұт жылдары оны халыққа таратып отырды, алайда мита жұмысшы топтары үшін шаруалардан астық өсіруді талап етті.

Анд тауларындағы саяхат. Бұл тас жол қалдықтары инктердің Мачу-Пикчу бекініс қаласының қасындағы тауларды кесіп өтті.

Империяда саяси және әлеуметтік шиеленіс өршіп тұрды. Аймақтарда жергілікті қауымдар мен күштеп көшірген жаңа қоныстанушылар бір-бірімен жиі қақтығысты. Инк әскерлері солтүстік және оңтүстік шекараларда жергілікті халықтардың қиян-кескі қарсылығына тап болды. Мемлекет іс жүзінде шарықтаудың шегіне жеткен кезде, алым-салықты көбейту арқылы аймақтардағы халықтарды қыспаққа алды, бұл жергілікті шаруалар мен олардың басшылары арасындағы шиеленіске әкеп соқты. Мумияланған билеушілері алға жетелеп тұрғандай, өлген патшаларға табынған қуатты отбасылар байлық пен билік үшін бір-бірімен аянбай шайқасты. Тірі жүрген инктер әлсіз болса, бұл бақталастық азаматтық тәртіпсіздікке әкеліп соқтырар еді. Бұл жағдай 1528 жылы Вейна Капак патша қайтыс болғанда анық байқалды: оның екі бақталас ұлы патша тағына отыру үшін азамат соғысын ұйымдастырды. Бұл ұлдардың біреуі жеңіске жетсе де, Франсиско Писарро мен қаруланған испандар теңіздің арғы жағынан кенеттен пайда болған шақта елдегі саяси шиеленістер өршіп тұрған еді.

Қорытынды

XVІ ғасыр басында Мезоамерика мен Оңтүстік Американың ірі аймақтары күрделі саяси және экономикалық жүйелермен біріккен еді. Ацтектер мен инктер империялары сол замандағы афроазиялық мемлекеттердің белгілеріне ие болды. Олар алдыңғы қатарлы технологияларды, қалалық жобалауды, салық жинауды және кәсіптік әскери ұйымдастыру жұмыстарын игерді. Христиандық, буддизм және ислам сияқты аса күрделі дін жүйелерін қалыптастырды. Толыққанды жазу жүйелері болмаса да, бірдей және мифологиялық әдет-ғұрыптарды ауызша сақтап, жеткізді. Оларда темір технологиясы, ірі қара мал немесе дөңгелегі бар қандай да бір көлік пен құралдары болмаса да, адам еңбегін ұйымдастыру және жұмылдыруда табысқа жетті. Алайда бұл орасан үлкен империялар XІ ғасырдағы Афроеуразияға қарағанда, қос Америка халқы үшін қалыпты емес еді. Африкалықтар сияқты, жергілікті америкалықтардың көпшілігі аңшылар-табыскерлер топтарына, шаруалар ауылдарына бірігіп, Солтүстік Америка ормандары, Колорадо үстірті немесе Амазона алабы сияқты шағын қалалық орталықтарда шоғырланған тәрізді.

Шамамен 900 жылдан кейін қос Америкадағы, әсіресе Солтүстік жартышарда, тарихтың ортақ даму бағыты жүгері өсіруге негізделген ауыл шаруашылығын тезірек дамытуға, халық санының өсуін арттыруға, қалалық құрылыс пен халықаралық сауданы жетілдіруге бағытталған сияқты. Бұл үрдісті Солтүстік Атлантикалық жылы кезеңмен байланысты климаттың циклді түрде өзгеруін ішінара түсіндіре алады. Дәл осы ғасырларда Кахокия, Пуэбло Бонито және Тула тәрізді қалалар өркендеді. XІІІ–XІV ғасырдағы жылыну циклінің аяғы кейбір аймақтардағы іргерілеуді баяулатып, тіпті тоқтатып тастады. Бұл жағдай барлық жерде байқалмады, оған Теночтитлан және Куско сияқты ірі қалалар дәлел бола алады.

Бұл қалалар қос Америкада едәуір ірі және күрделі саяси жүйелердің астаналары болды. Олардың көлемінің өзі, тым болмағанда Миссисипи және Амазона алқаптары сияқты халық көп орналасқан аймақтарда жергілікті америкалық қауымдар әлеуметтік кешенділікті арттыру, яғни саяси ұйымдастыру мен урбанизация бағытында жүргенін дәлелдейді. Афроеуразиядан қару мен жылқы ғана емес, неше түрлі жаңа өнімдер, арамшөптер, ашқұрсақ үй жануарлары мен қауіпті микроорганизмдерді алып келген адамдар америкалық даму бағыттарын кенеттен тоқтатып тастады. Сол кезде Атлант мұхитының арғы жағынан афроеуразиялықтар келмесе, Батыс жартышардағы қауымдар XVІІ–XVІІІ ғасырларда қандай боларын тек қана ой елегінен өткізе аламыз.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

15

Афроеуразиядағы апаттар және қайта жандану
1300–1500 жылдар

Италиялық суретші Мазаччо «Қасиетті Үштікті» саларда үш өлшемді кеңістік елесін кескіндеу үшін сызықтық перспективаның жаңа қағидаларын қолданды Даңғыл жолда көлік жүргізіп келе жатсаңыз, алдыңыздағы кең жолдың тарылып бара жатқанын байқауыңыз мүмкін. Екі тарап бір-біріне қарай тарыла қысылып, бір нүктеде тоғысардай көрінеді. Сізге қарай қозғалып келе жатқан оншақты мектеп автобусының керуенін көзіңіз шалса, алдындағысы ең артта келе жатқанынан үлкенірек болып көрінетінін байқайсыз. Сіз солай көресіз, бұған қоса миыңыз қисын мен жинақталған тәжірибеге сүйеніп, бейнені көз арқылы қабылдаудың дәлме-дәл болмайтынын ұқтырады. Жол қалай болғанда да нүктеге айналып жоғалмайды, автобустардың да көлемі бірдей болып шығады. Ондаған мың жыл бұрын адамдар заттар оларға қай тұстан назар салғанымызға байланысты бізге солай көрінетінін түсіндіретін тәсілді анықтай алды. Тарихтың ауқымды бөлігін бейнелегісі келген суретшілер объектілер мен кеңістікті бір қарағанда қалай көрінсе, солай қабылдап, негізінен, қателесу мен сынақтан өткізу арқылы жинақталған тәжірибелеріне сүйене отырып, елестету қабілеттерін қолданып келді. Дегенмен XV ғасырдың бас кезінде Италиядағы Флоренцияда жұмыс істейтін сәулетшілер мен суретшілер сызықтық перспективаның қағидаларын жасады. Бұл – көз қозғалыссыз күйде тұрып белгілі бір көріністі қалай көретінін сипаттайтын, оптикалық және математикалық принциптердің жиынтығы. Ілгерілеудің бұл жетістіктері барысында суретшілер грек және араб жазбаларының аудармаларындағы оптика біліміне назар аударды. Италия суретшісі Мазаччо (MUH-sah-chee-oo) (1401–1428) сызықтық перспектива ұстанымдарын өте анық көрсеткен алғашқы еңбектердің бірін салды. «Қасиетті Үштік» (1425) деп аталатын фрескасын Флоренциядағы Санта-Мария Новелла шіркеуінің қабырғасына салды. Ол жерде креске керілген Иса Мәсіх пен басқа үш бейне бөлменің ішінде тұрғандай бейнелеген. Кеңістік тереңдігінің елесі сондай нанымды. Өйткені перспектива қағидаларына сәйкес, төбе құрылымындағы қиғаш сызықтардың барлығы кескіннің бір нүктесінде тоғысады. Флоренциядағы басқа суретшілердің барлығы да жаңа технологияны қабыл алды, нәтижесінде тұтас Еуропаға таралды. Келесі бірнеше ғасырда суретшілердің кенеп бояулы туындылары осы табиғат әлемінің «айнасы» ретінде танылғанын қаласа, перспектива қағидаларын қолдануы міндет деген идея Еуропа өнеріндегі басты талапқа айналды. Сызықтық перспектива Еуропа тарихын шартты түрде кейінгі Орта ғасыр деп аталған кезеңде өнер мен сәулетте флоренциялықтар жеткен ең ғажап жаңалықтардың бірі болды. Тағдырдың жазуымен, кейінірек Италия ренессансы ретінде танылған қала мәдениетінің гүлденген кезеңі саяси және әлеуметтік тыныштық орнаған шақта емес, бірнеше онжылдыққа созылған айтарлықтай ауыр әлеуметтік-экономикалық күйзелістен Еуропа енді-енді ес жия бастаған тұста жанданды. Мазаччо мен Флоренцияның өзге де таланттары сан түрлі ауру, соғыс пен ашаршылық жайлаған қалада шығармашылық еңбекпен айналысты. Флоренцияда індет, қатыгез соғыс пен экономикалық күйзеліс үздіксіз қайталанғанына қарамастан, шығармашылық һәм ғылыми жарық сәуленің нүктесі ретінде жарқыраған Афроеуразия қалаларының айрықша бір мекені болды. XІV ғасыр басынан шамамен жеті ғасыр бойы Афроеуразияның айтарлықтай бөлігіне тән боп келген халықты, экономикалық өндірісті, алыс аймақтардағы сауда қатынасын кеңейте беру үрдісі кері кетті. Бұл жаппай құлдырау б.з. ІV ғасырдан VІ ғасырға дейін созылған экономикалық құлдыраумен қоса, бірнеше дағдарысты еске түсірді. Мұның біріншісі – азық-түлік өнімдерінің айтарлықтай азаюы мен онымен жалғас Солтүстік жартышарда климаттық өзгерістерге байланысты болған аштық еді. Екіншісі – Афроеуразияның бірнеше бөлігінде жұқпалы аурулар таралды, індеттің алғашқы соққысы тарихта «Қара өлім» деген атпен белгілі. Үшіншісі – Афроеуразияның саяси картасын қайта қалыптаған аймақтық соғыстар толқыны. Соңында тұтас ғасырға жалғасқан, бұрын-соңды болмаған белсенділіктен соң трансеуразия Жібек жолы бойымен сауда және мәдени қарым-қатынастар бәсеңдеді. Бұл тараудың бірінші бөлімінде XІV ғасырдағы экологиялық апаттарды қарастырамыз. Екінші бөлікте Қытай, Орталық Мұсылман өлкелері мен Еуропаға басымдық бере отырып, осы жұттың экономикалық, саяси және әлеуметтік зардаптарын талдаймыз. Үшінші бөлікте 1400 жылдары Афроеуразияның көп бөлігінде демографиялық және экономикалық қозғалыс қалай және неліктен жандана бастағанын зерделейміз. Қуатты жаңа монархиялар бой көтерді, олардың кейбірі алып империяға айналды. Жібек жолы бойындағы тасымал қайта жанданды және Афроеуразиядағы кеме торабы жаңа кейіпте гүлденді. Алыс-беріс бағыттары арқылы Шығыс Азиядан Еуропаға механикалық баспа технологиясы таралды да, өнер-ғылымды кең ауқымда дамытып, таратуға мүмкіндік берді. Адам ұрпағының өлтіру мен қырып-жою қабілетін арттырып қана қоймай, орталықтанған империялардың қуатын күшейткен атыс қаруы құпиясы да тұтас жартышарға тарады. Бұрынғы циклдер секілді, 1300–1500 жылдар аралығындағы апатты қиындықтар адамзаттың күрт өзгерістерге бейімделе алатын айрықша талантын паш етті. Бұған қоса, тарихтың ұзақ мерзімінде адамзаттың барынша күрделі экономикалық жүйе, әлеуметтік құрылым мен мәдени қарым-қатынас жолындағы үздіксіз талпынысының қысқа бір уақытқа және ішінара үзіліс жасағанын көрсеткен кезең болды.

15.1-КАРТА. 1330–1355 жылдар аралығында оба індетінің («Қара өлім») таралуы «Қара өлім» – XІV ғасыр барысында Афроеуразия өлкелері душар болған апаттың бірі. Оба індетінің барлық бағытта тарауын қандай географиялық факторлардың көмегімен түсіндіруге болады?

XІV ғасырдағы экологиялық дағдарыстар ОЙЛАН: XІV ғасырда Афроеуразияның бөліктеріндегі адам санының айтарлықтай азаюын қандай тарихи оқиғалар түсіндіріп бере алады? Шамамен жеті ғасырдай уақыт тұрақты түрде артып келе жатқан Афроеуразиядағы халық саны XІV ғасырда кенет жаппай күрт кеміді. 1300–1400 жылдар аралығында демографиялық өсім шамамен 16 пайызға төмендеді. Бұл демографиялық құлдырау барлық жерде және бір уақытта басталған жоқ. Біздің білуімізше, Африканың оңтүстік бөлігі мұндай жағдайға кездеспеген де сияқты. Қытай, Ішкі Еуразия және Оңтүстік-Батыс Азияның кейбір бөліктерінде моңғол шапқыншылығына байланысты 1200 жылдары халық саны азая бастады, ал 1300 жылдары тіпті қатты құлдырады. Үш ғасырға жалғасқан қуатты өсімнен соң, шамамен 1300 жылдары Еуропа халқының да саны кеми түсті және 1340–1400 жылдар аралығында жағдай күрт төмендеді. Афроеуразиядағы демографиялық ахуал ХV ғасырдың екінші жартысына дейін жақсара қоймады. Қытай, Ішкі Еуразия, Орталық Мұсылман өлкелері мен тұтас Еуропада XІV ғасырда экономика, әсіресе 1000–1200 жылдары қарқынды даму байқалған кезеңмен салыстырғанда, айтарлықтай төмендеді. Тропиктік Африка бұл өзгерістен сырт қалды. Дағдарысты онжылдықтардың өн бойында Қытаймен салыстырғанда төмен деңгейде болса да, қалалар мен сауда бағыттары артып отырды. Бұған қоса, саяси алаңда да өте күрделі өзгерістер байқалды. Екі ұлы моңғол мемлекеті – Қытайдағы Юань әулеті мен Иран–Ирак хандығы (Ильханат) 1370 жылға дейін бөлшектеніп кетті. Өзге екі моңғол империясы – Шығыстың ен далаларындағы Шағатай хандығы және Орта Азия, Батыс далалардағы Алтын Орда таққа талас соғыстары мен көтерілістер кесірінен ғасыр соңына қарай ыдырай бастады. Жерорта теңізі алабындағы Мысыр мен Сириядағы Мәмлүк түркі империясының экономикалық және қаржылық жағдайы мәз емес еді. Солтүстік Африканы жайлаған үш мұсылман сұлтандығының үшеуі де 1350 жылдан соң ішкі қиындықтарға тап келді. 1300 жылдардан бері дүниежүзіндегі алтын жеткізуші ең маңызды ел – Батыс Африкадағы Мали империясы да XІV ғасырдың кейінгі онжылдықтарында тақ мұрагерлерінің патшалыққа таласы мен провинциялардағы көтерілістер кесірінен әлсірей бастады. Бұл экономикалық және саяси соққылар тек бір ғана себепке байланысты емес еді. Оған қоса бір аймақта болған тоқырау мен қиындықтарға қатысты себеп келесісіне сай келмеді. Дүниежүзі тарихының өткен кезеңдерімен салыстырғанда, XІV ғасыр қатыгездікке толы болды дейтіндей, қолымызда соғыс пен көтерілістер жайында ешқандай да мәлімет жоқ. Ресей, мысалы, келесі екі жүз жылда ұшырасқан дағдарысқа қарағанда 1237–1240 жылдардағы моңғол шапқыншылығынан әлдеқайда ауқымды материалдық зардап шеккен болар. Дегенмен XІV ғасырда Афроеуразияның солтүстік тарапындағы экологиялық дағдарыстың он миллионға жуық адамның өмірін қиындатып, күнкөріс жағдайын тұралатқанын білеміз.

Нөсер жаңбыр мен құрғақшылық

Өткен тарауларда Солтүстік жартышар ІX–ХІІІ ғасырлар аралығында «Солтүстік Атлантикалық аптап» деп аталған кіші, бірақ экологиялық тұрғыдан аса маңызды ауа райының жылыну үрдісін бастан өткергенін айттық. Бұл құбылыс 1200 жылдан соң тоқтады. Арктиканың және солтүстіктің қалыпты ендіктерінде температура бәсеңдеді, ал ауа райының суыну циклі 1800 жылдардың ортасына дейін шашыраңқы түрде жалғасты. Температураның бұлай құбылып, төмендеуін полярлық және альпі мұздықтарының жылжуына байланысты климатологтар Кіші мұз дәуірі122 деп анықтады. Сонымен қоса, ғалымдар Еуропа мен Солтүстік Атлантика тарапына қатысты деректерге сүйене отырып, XІV ғасырға шоғарланып, өзімен бірге әлеуметтік күйзелістерді де ілестіре келген экологиялық өзгерістің негізгі үш типін ұсынды. Біріншіден, Балтық теңізі мен Солтүстік Атлантиканың мұзы мен суық сулары балық қорын азайтты. Исландия мен Гренландиядан құрылған норвег қауымдастығының Еуропамен байланысы қиындап, суық температура оңтүстікке қарай ығысты. Екіншіден, жыл өткен сайын ауа райы барынша құбыла түсті. 1200 жылдардың басында алай-дүлей боран мен теңіз суының тасқыны арагідік Солтүстік Атлантика, Солтүстік және Балтық теңіздерінің жағалауларын шайып кетіп отырды, ауыл шаруашылығы егіндіктерін су астына қалдырып қана қоймай, кейбір жылдары он мыңдаған адамның өмірін жалмады. Солтүстік Британия мен Скандинавиядағы астық өсіруші фермерлер жүздеген ауылды жұртта қалдырып, оңтүстікке қарай ойысты. Ағылшын шарап өндірушілері бұдан былай көп көлемде шарап өндіре алмайтынын түсінді.

Үшіншіден, 1315–1322 жылдар аралығында Солтүстік Еуропадағы салқын әрі жаңбырлы жылдар егіншілік маусымының түсімін азайтты, астық жинауды қиындатып, қой мен ірі қараның әртүрлі індеттерге қарсы тұру қабілетін әлсіретті. Жаппай ашаршылық басталды, тұтас экономика құлдырады, барынан айырылған жарлылар саны ұлғайып, халықтың шамамен 5–10 пайызы опат болды. XІV ғасырға тиесілі деректерге сүйене отырып, бүгінгі тарихшы қазіргі Бельгия жерінде, 1315 жылдың мамыр айында басталған жауын-шашын бір жылға жуық уақыт бойы үздіксіз жауғанын айтып, халық азабын былай суреттейді: «Жергілікті астық толық жетпеді және әдеттегі импорт түгелге жуық тоқтады. Антверпендегі ашыққан жұрттың ащы дауысы тіпті қара тастың да жасын сорғалатар еді. Олардың көбі көз жұмды, қала сыртына шұңқырлар қазып, шамамен алпыс адамның сүйегін көмді»1. 1322 жылдан кейін ауа райы қолайлырақ бола түсті, бірақ климаттық жағдай құбылмалы қалпын сақтады. Еуропаның солтүстігінде болсын, Жерорта теңізі тарапында болсын, осы ғасыр бойына аймақтық аштық азабы тоқтамады.

Жаһандық климат өзгерісі. Б.з. 1–1200 жылдары. Солтүстік Атлантикалық жылыну кезеңіндегі температура қай жүзжылдықта жоғарылады? Кіші Мұз дәуірінің ең төменгі температурасының нүктесі қайсы жүзжылдыққа сәйкес келіп тұр?

Кіші Мұз дәуірі экономикалық өсімі бірнеше ғасырға созылған тұрақты ұлғаюдан соң енді ғана реттелген Батыс Еуропаға да келіп жетті. 1200 жылдардан соң ауыл шаруашылығы өнімдері халық санының өсіміне ілесе алмай қалып жатты. Батыс және Орталық Еуропадағы халық тығыздығы артып, құнарлы жер мүлде қалмады. Ал Шығыс Еуропа мен Испанияның шекаралары маңындағы жаулап алған жерлерге неміс және өзге де батысеуропалық шаруалар қоныс аударуын тоқтатты (12-тарауды қараңыз). Нәтижесінде азық-түлік бағасы өсті, өте бай тұрғындардан басқалардың барлығының өмір сүру деңгейі төмендеді, ал әлеуметтік таптың ең төменгі сатысындағы шаруалар мен жерді жалға алушылар сіңірі шыққан кедейге айналды. 1315–1322 жылдар аралығындағы аштықта бұл жағдай күрделене түсті. Аштық пен аурудан жүз мыңдаған адам опат болғанына қарамастан, Еуропа халқы, тұтастай алғанда, XІV ғасырдың екінші ширегінде қайта қалпына келді. Шынайы демографиялық апат ғасыр ортасында болды.

Кіші мұз дәуірі – ХІІІ ғасырдың соңынан бастап ХІХ ғасырдың ортасына дейін бірінші кезекте Солтүстік жартышардағы ауа райы жағдайына әсер еткен климаттық суыну үрдісі.

Ұлы індет

Солтүстік Африкадағы тарихшы әрі философ ибн Халдун 1370 жылдардың соңында жиырма жыл бұрын бастан кешкен қорқынышты қасірет жайлы былай еске алады: «Шығыс және Батыс өркениетінің екеуін де халықтарды талқандап, санының азаюына әкеп соққан қиратушы оба ауруы жайлады. Ол өркениеттердің ғажап дүниелерін жұтып жіберді және жаппай жойды. Қалалар мен ғимараттар қаңырап бос қалды, жолдар мен түрлі бағыттар жойылды, елді мекендер мен ұлан-ғайыр жерлер иесіз қалып, әулеттер мен қауым өкілдері өте қатты әлсіреді. Адам баласы мекен еткен жер-жаһан тұтас өзгерді»2. Ибн Халдун сипаттаған жұқпалы ауру анығында «адам ұрпағы мекен еткен тұтас әлемге» жайылған жоқ. Ибн Халдунға солай боп көрінуі заңды, өйткені оба Солтүстік Африканың айтарлықтай көп халқын опат қылды да, экономикалық және саяси тұрақсыздық жайлаған жылдар басталды. Америкалық үндістер XVІ ғасырда афроеуразиялық патоген түрлерін алғаш жұқтырған кезде жаппай өлім құшқан зұлматпен қатар аталатын, 1346–1352 жылдар аралығындағы «Қара өлім»123 – осы күнге дейінгі ең алапат індеттердің бірі болып саналады. Ол Ішкі Еуразияда өршіді, ауру ошағы Қытайдан шыққан болар. Қиыр Батыстан немесе Гренландиядан (15.1-картаны қараңыз) шығуы да мүмкін. Обаға шалдыққан иммундық жүйе адамның тұла бойын микроорганизмдер шабуылынан қорғай алмады. Миллиондаған адам бірнеше күннен соң немесе бірнеше сағаттан соң-ақ долы безгектен лоқсып, бубон деп аталатын қатерлі ісіктен көз жұмып жатты. Індет жұқтырған халықтың 40 пайызға жуығы айыққанына қарамастан, өкпе ауруына шалдыққандардың түгелге жуығы жүзін бақиға бұрды. Олар ауыз жаппай жөтеліп, түшкіріп, кейде жай тыныс алу жолымен-ақ өзгелерге ауру таратып үлгерді. Афроеуразияда «Қара өлім» бір аймақтан екіншісіне тарап, індет апаттық деңгейге жетті де, жартышардың түгелге жуығын қамтыды.

Қара өлімнің шығу тегі. XІX ғасырдың соңында жұқпалы ауру мамандары мен тарихшылар оба індеті – «Қара өліммен» тікелей байланысты инфекция дегенді алға тартты. Біз «оба» сөзін ауыр эпидемия түрін немесе аяқ астынан өршіген індетті сипаттар тұста қолданамыз, мысалы, «шегіртке обасы» дейміз. Алайда барынша нақты анықтама берсек, оба ауруы белгілі бір симптомдарға, ауру тудырғыш бактерия және бациллаларға байланысты Yersіnіa pestіs (Y. pestіs) деп аталатын биологиялық атауға ие нақты бір ауру түріне жатады. Оба негізінен дүниежүзінің кейбір бөліктерінде, әсіресе Ішкі Еуразияның Гималай тауы қыраттарында, Шығыс Африка мен Американың оңтүстік-батысында жердің беткі қабатында ін салғыш кеміргіштер арасында күшейді. Y. Yersіnіa pestіs негізгі тасымалдаушысы – жануарлардың терісі мен жүнінің арасында тіршілік етіп, қанымен қоректенетін бүрге. Қоршаған ортаның белгілі бір жағдайында бациллалар кеміргіштердің ауқымды саны арқылы тарайды. Y. Рestіs жұқтырған жануарлар жұқпалы ауру таратушы бүргелердің бір жануардан екіншісіне көшуінен дертті одан әрі таратып, дереу өліп кетіп жатты. Ауру жұқтырған жануарлар адамдармен тығыз қатынасқа түссе, дерт тарататын жаңа құрбандық таппаса, қанды шеңгелін адам денесіне салуы мүмкін, осылайша Y. Рestіs адам ағзасына өтеді. Зерттеушілердің дәлелдеуінше, Y. Рestіs инфекциялары алғашқы оба індетін, яғни Юстиниан індеті деп аталатын індетті VІ ғасыр ортасында тудырған (9-тарауды қараңыз)3.

Кейбір зерттеушілер аз уақыт бұрын ғана XІV ғасырдағы оба індеті мен қазіргі оба індеті арасында симптомдар мен факторлардағы әртүрлі айырмашылықтарға жүгіне отырып, «Қара өлімнің» Y. Pestіs-ке еш қатысы жоғын мәлімдеген еді. Дегенмен Лондондағы мазардан обадан 1348 және 1350 жылдарда өлген жандардың қазып алған сүйегіне жасалған ДНҚ генетикалық зерттеулері Y. Pestіsтің сүйекте бар екенін дәлелдеді4. Бұл зерттеуде қазіргімен салыстырғанда «Қара өлімнің» сол уақытта кең таралғаны анықталды, өйткені кезінде мұны жұқтырғандар Кіші Мұз дәуіріндегі климаттық жағдайға байланысты азық-түліктің жетіспеушілігінен аштықтан зардап шеккен жандар еді.

«Қара өлімнің» шыққан жері де – тартысты тақырып. Басым теорияға сәйкес, Ішкі Еуразияның бір жерінде адамдар ауру жұқтырған кеміргіштермен XІІІ ғасыр соңы мен XІV ғасыр басында байланысқа түседі (15.1-картаны қараңыз). Түркі және моңғол атты әскері індетті ең алғаш ауқымды аумаққа таратуы мүмкін. Ауру жұқтырған кеміргіштер мен бүргелер қоржын және басқа да жүк ішіндегі астық арасына кіріп алып, өзге кеміргіштер мен адамдарға індетті көбірек жұқтыру үшін алыс та ауқымды жерлерге «саяхатқа» шыққан болуы керек. Кейбір зерттеушілер «Кіші мұз дәуірі кезіндегі климаттық жағдай ауруды кең таратуға септігін тигізді, өйткені Ішкі Еуразия далаларындағы барынша құрғақ ауа райы кеміргіштерді су көзін іздеуге мәжбүрлеп, қоныс аударуға итермеледі» деген пікірде. Ауру жұқтырған тіршілік иелері шығысқа болсын, батысқа болсын, қоныс аудара отырып, халқы тығыз орналасқан аймақтарға індетті таратты.

Қытайдағы қазіргі зерттеулерге қарағанда, 1331 жылы Оңтүстік Қытайдағы Хэбей провинциясында қорқынышты індет тарап, халықтың оннан тоғызы қырылып қалады. Ауру белгілерінің толық сипаттамасы бізге таныс болмағанымен, «Қара өлімнің» алғашқы белгісі сол өңірде байқалғанға ұқсайды. Індет 1330 жылдардың соңында, Ішкі Еуразияға жетті, келесі онжылдықта Алтын Орда аумағындағы Қара теңіз жағалауларында өршіді. Шамамен 1345 жылы Қара теңіз жағалауындағы Кефеде (Феодосия) ауру асқынып, оны Италия көпестері – генуялық уәкілдер қауымдастығының мүшелері жұқтырды. Айлақтан шыққан кемелер ауру жұқтырған немесе жақын арада жұқтыратын теңізшілерді, көпестерді және егеуқұйрықтарды Қара теңіз маңындағы басқа айлақтарға тасымалдады. Осы жерден патогендер Қара теңіз бен Жерорта теңізін жалғаушы желкенді қайықтар арқылы тарай берді. 1347 жылы Константинопольде қорқынышты індет тарады. Дәл сол жылы бұл дерт Сицилия мен Мысырға жайылды. Дерт Италия теңізшілері арқылы тараса керек. Мұсылман тарихшысы әл-Макризи Александрия айлағына әрең жеткен кеме жайлы жазады. Кемедегі 332 жанның ішінен қырық теңізші, төрт саудагер мен бір құл ғана аман қалып, қалғаны түгел қырылған, аман жеткен бақытсыз жандардың өзі көп өтпей көз жұмды5.

Оба індеті XІV ғасырда қалай таралды? Ауру жұқтырған бүрге мен егеуқұйрықтарды адамдар қандай да бір қала мен ауылдан екіншісіне білмей тасымалдауының жолдарын айтып бере аласыз ба?

1348 жылғы зұлматта Жерорта теңізін айнала жүзетін кемелер бір айлақтан екіншісіне өлім арқалаған жүктерін таси берді. Бұл қалалардан керуендер мен жүк артқан көш Еуропаның ішкі аймақтарына, Солтүстік Африка мен Оңтүстік-Батыс Азия елдеріне ауру таратты. Көктем мен жаз маусымында індет ондаған қалаға – Генуя мен Венецияға, Барселона мен Парижге, Шам мен Туниске жетті. Індет 1348–1349 жылдары Арабиядағы қасиетті қала – Меккеге де зиянын тигізді, мұнда ауруды мұсылман қажылар жеткізгені күмәнсіз. Ашаршылықтың бірнеше толқынынан әбден әлсіреген Флоренция 75 пайыз халқынан, яғни шамамен 80 мың адамнан айырылған болуы мүмкін. Мәмлүк империясының астанасы және Қытайдың батысына қарайғы аумақтағы Афроеуразияның ең үлкен қаласы – Каир 500 мыңдай халқының 300 мыңға жуығынан айырылса керек. Флоренциялық жазушы Бокаччо «Декамерон» деп аталатын атақты әңгімелер жинағында қалалар мен ауылдарды қырғынға ұшыратқан індетті былай суреттейді:

«Қарапайым тұрғындардың (бұған қоса орта таптың едәуір бөлігі) хал-ахуалы өте аянышты еді, өйткені олар... күн сайын мыңдап ауру жұқтырып, көмек қолын созатын ешкімі жоқ және үміті үзілген күйде ешбір жәрдем алмай көз жұмып жатты. Кейбірі ашық көшелерде күні-түні соңғы демдерін шығарып жатқанда, көбінің жаны үйлерінде үзіліп кетті, оны көршілері бір-біріне естіртіп те үлгермеді, өлі денелердің сасық исі жаманат хабарды жеткізді... Иесіз қалған елді мекендер мен егістік алқабында шаруалар мен отбасылар дәрігер көмегіне жүгіне алмай, не қызметшілері жоқ, бейшара күйде, адам емес, құдды мал секілді қырылып қалды»6.

Деректерді САРАЛАУ

«Қара өлімнен» кейінгі келешек

«Қара өлім» індетінің себебі мен емі жайында сансыз трактаттар дүниеге келді. Авторлар қазіргі күні ақылға сыйымсыз көрінетін теориялар мен нұсқаулар ұсынғанымен, бұл жазбалар індеттің таралу жиілігіне қарай өршіген медициналық және діни тартыстың мәнін ұғуға көмектеседі. Төмендегі екі нұсқада аурудың жұқтыру мәселелері талқыланады. Оба ауруы жайлы бірінші құжатты француз сот дәрігері 1364 жылы жазған. Швед епископы жазбаны XV ғасыр ортасында Бенг Кнутсонның атымен жариялайды. Екінші құжат Испанияда, мұсылмандар билігіндегі қала – Гранадада тұрған атақты ақын, философ және дәрігер Лисән әд-Дин ибн әл-Хәтибтің еңбегі. Ибн әл-Хәтиб «Қорқынышты дерт жайлы өте пайдалы зерттеу» («A Very Useful Іnquіry іnto the Horrіble Sіckness») еңбегін шамамен 1349–1352 жылдары Жерорта теңізі аймағына «Қара өлім» жайылған тұста жазған.

БІРІНШІ ҚҰЖАТ

Бенг Кнутсон

Оба жаралары іріңге толы болғандықтан, жұқпалы деймін. Бұл жаралардың иісі мен түтіні улы, ауаны да ластайды. Сондықтан мұндай ауру жұқтырған адамдардан аулақ жүру керек. Індет тарап жатқан уақытта ешкім көпшілік арасында жүрмеуге тиіс, өйткені олардың бірі ауру жұқтыруы мүмкін. Сондықтан ауруды көруге барған ақылды дәрігерлер науқастың жүзін есікке немесе айнаға теріс қаратып, одан кішкене алыста тұрады, аурудың қызметшілері де солай етуге тиіс...

Адамдарды оба жарасынан қандай әдістер сақтай алатынын білу үшін, әуелі Иеремей пайғамбар еңбектеріне қараңыз. Онда көп дүние анық жазылған. Мәселен, адам жаман істерден сақтануы керек және ізгі істер жасап, мойынсынған күйі күнәлары үшін кешірім сұрауға тиіс, өйткені жара кезінде бұл ең қуатты құрал: мойынсыну мен кешірім сұрау басқа дәрі-дәрмектердің бәрінен артығырақ. Дегенмен бұл дерт жұқтырған жерді тастап, мекен алмастыру – ең басты ем. Бірақ аурулардың кейбіріне жерді ауыстыру тиімсіз. Сондықтан қолдан келгенше іріңдеу мен сасып, құрттаудан сақтану керек, анығын айтсақ, әйелдермен жыныстық қатынастан тартынған жөн. Бұған қоса, өте жұқпалы оңтүстік желден сақтану керек. Сондықтан оңтүстікке қарайтын терезені түске дейін ашып, күн төбеден ауған соң, солтүстікке қарайтын терезені ашыңыз. Дәл сол сияқты, кез келген сасық иіс шығатын жерлерден, көше мен жолдардан, өлекселерден және борсыған судан, екі күн немесе екі түн тұрып қалған суларды пайдаланудан мүмкіндігінше сақтаныңыз…

Бұған қоса, үйіңізге әсіресе сірке суын, раушан гүлі мен раушан гүлінің жапырақтарын себіңіз. Қолыңызды сумен және сірке суымен жуыңыз да, бетіңізді қолыңызбен үйкеңіз.

Дереккөз: Rosemary Horrox, ed. and trans., The Black Death (Manchester: Manchester Unіversіty Press, 1994), 175–177.

ЕКІНШІ ҚҰЖАТ

Ибн әл-Хәтиб

Иллаһи заңдылық бұған дейін-ақ жұқпалы ауру түсінігін жоққа шығарып қойса, жұқпалы ауру теориясына қалай бағынамыз деп сұрасаңыз, былай деп жауап береміз: «Жұқпалы аурудың бар екені тәжірибемен, дедукция жолымен, сезінумен, бақылаумен және ортақ пікірмен дәлелденді, жоғарыда келтірген категориялар дәлелдерді паш етеді». Дертті адаммен [оба] байланысқа түскен аурулардың көбінің қайтыс болуы, ал байланысқа түспегендердің аман қалуы құпия емес. Бұған қоса, жұқпалы дерт үй шаруасында және жақын аудандарда жай дерт жұққан киім мен құрал-сайман арқылы-ақ тарайды; тіпті [ауру жұқтырған] сырғаның өзі оны тағып алған адамды да, оның әулетін де өлтіретіні белгілі. Індет бір қалада белең алса, әуелі бір үйден басталады, бүкіл қалаға тарағанша әуелі сол үйдің қонақтарына, сосын қоңсыларына, туыстары мен өзгелерге де жұға береді. Жағалаулардағы қалалар, басқа қаланың ауру жұқтырған адамы теңіз арқылы келгенге дейін ғана дерттен азат, сондықтан да қауіпсіз қалаларда бұл дерттің пайда болуы ауру жайылған қаладан дертті тасымалдаушы адамның келу уақытымен сәйкес келеді. Оқшауланған жандардың аман қалу мысалын Сале [Марокко жағалауындағы] қаласында өмір сүрген тақуа Ибн Әбу Мәдиан көрсетті. Ол аурудың жұқпалы екеніне сенді, сондықтан ас-суын қамдады да, отбасының есігін тас-қамал етіп жауып тастады (оның отбасы да үлкен болатын), қала оба дертінен жойылып кетті, тұтас қалада бірде-бір жан [Әбу Мәдианнан басқа] аман қалған жоқ. Адам аяғы баспайтын және келіп-кетуге жол жоқ оқшауланған жерлерді оба дерті айналып өтті... Көшпелілер мен Африкадағы шатырларда өмір сүретіндер және өзге де көшпелі өмір салтын ұстанатын жерлерді жұқпалы дерт айналып өтті, өйткені олардың ауасы таза еді, қаладағыдай бір жерге қымталып қалмады.

Дереккөз: M. J. Mіller, “Іbnulkhatіb’s Berіcht über dіe Pest,” Sіtzungsberіchte der Kцnіgl. Bayerіschen Akademіe der Wіssenschaften, 2 (1863): 2–12. Translated from the Arabіc wіth assіstance from Dr. Walіd Saleh. Іn John Aberth, The Fіrst Horseman: Dіsease іn Human Hіstory, 1st Edіtіon, 44–46, © 2007. Reprіnted by permіssіon of Pearson Educatіon, Іnc., Upper Saddle Rіver, New Jersey.

Сыни пайым

Кнутсонның пікірінше, адам өмірін жұтатын ауру неден таралды? Оның салдарынан адамдар қалай қашып құтылуы мүмкін? Кнутсон аурудан айығу тәсілін көрсеткен тізімде қандай дін өкілі екені байқалып тұр? Жұқпалы ауру жайлы Ибн әл-Хәтибтің түсінігі қай тұста Кнутсонға ұқсас, қай тұста одан өзгеше? Екі автор «ластанған ауа» жайлы талқысын эпидемияның себебі ретінде қалай салыстырады? XІV ғасырдағы қаланың шенді тұлғалары осы екі автордың айтқанын істегенде, қоғамдық денсаулықты қорғау үшін аурумен күресудің қандай шараларын қолға алар еді? «Қара өлім» қандай зардап әкелді?

1349 жылы індет орман өрті секілді лаулай жөнелді де, бір уақытта екі бағытта – Ніл өзені бойымен Солтүстік Африка жағалауларына және Ла-Манш бұғазы арқылы Британияға дейін жайылды. Індет солтүстік-батысқа қарай – Ирландия, Исландия және тіпті Гренландияға да жетті, ол жерлерде викинг қоныстанушыларынан қалған екі тұрақтың бірін жалмағанға ұқсайды. Шығыста – Германияға, Скандинавияға және Балтық өлкелеріне де соққы берді, 1352 жылы қарқыны бәсеңдесе де, Мәскеуге жетті.

Індетпен күрес. XІV ғасыр қоғамында «Қара өлімге», әрбір онжылдықта әртүрлі жерлерде тағы бір ғасыр немесе одан көп уақыт қайталанып тұрған басқа да қорқынышты індеттерге қарсы тұрарлық тиімді құрал болған жоқ. Адамдар тек физиологиялық науқастан ғана қиналмады, қорқыныш, дәрменсіздік пен жанұшырған үмітсіздік жаппай жайлады. Еуропада да, мұсылман Жерорта теңізі маңы өлкелерінде де тығыз орналасқан қауымдастықтарда өмір сүрген немесе ауру адамдар басқарған топтар жаппай өлім апатына ұшырады. Шіркеу Папалары, монахтар, дін адамдары, университеттегі шәкірттер, қала қолөнершілері мен ортақ жатақтарда тұратын әскерилердің барлығы ауруды жеңе алмады. Індет Германия мен Италияның әскерін де баудай түсірді. Оңтүстік Испанияда 1349–1350 жылдары Гибралтар бұғазындағы қалаға бақылау орнату үшін соғысып жатқан мұсылман және христиан әскерлерінің екеуі де ауру жұқтырған сансыз жауынгерлерінен айырылып қалды. «Қара өлім» екі жақты да аямады. Індет тығыз халқы бар қалаларды ғана емес, ауылдарды да қаңыратып бос қалдырды. Мысырдағы өмірдің көріністерін көрген мұсылман жылнамашысы: «Көшеге шығарып тастаған өліктердің көптігі сонша, өзгелерге құрылған апан сияқты»7, – деп жазды.

Обаның өлім аузындағы құрбаны. Чехтардың ескі қолжазбасындағы (1376) бұл суретте өлім жиіркенішті албасты секілді суреттеледі. Ол оба ауруынан қасірет тартушыны қылқындырып тұр. Ауру өкпе обасына шалдықса, адамдар ондай жанды шайтан неліктен қылқындырады деп сенді?

Жұқпалы аурудың биологиясын ешкім білмеді және емделуге қатысты ортақ пікір жоқ та еді. Еуропада да, мұсылман әлемінде де зерттеуші ғалымдар ауаның лас құрамы мен жұлдыздардың нашар түзілуіне байланысты шығыстан соққан лас ауаны кінәлады. Алдын алуға және емдеуге қатысты кеңестер молынан болды: «Үйлеріңе қашыңдар, үйлеріңнен қашыңдар, киімдеріңді жағыңдар, таза ауамен тыныстаңдар, тұздалған пияз жеңдер, дұға қылу үшін шіркеуге жиналмаңдар...». Христиандар, еврейлер мен мұсылмандардың барлығы бұл апатқа барынша құдайлық мазмұн дарытуға тырысты. Христиандық доктринада адамның күнәсі, Құдай өзі жаратқан мақұлықтарына ұмытпастай етіп сабақ береді деген жаңа тұжырым түзілді. Германияда және басқа да Еуропа елдерінде флагеллант124 деп аталған, күнәларына опық жеген адамдар пайда болды, олар әлемді күнәдан арылтуға тырысып, өздерін темір байланған белдіктермен ұрғылап, қалаларды аралап жүрді. Бойын қорқыныш билеген өзге де сенушілер еврейлер «құдықтарды улап тастады» деген өсекке сеніп, індеттің себебін содан көрді. Швейцария мен Германиядағы қырып-жою (pogrom)125 көптеген қалалардағы еврей қауымдастықтарын жойып жіберді. Мыңдаған еврей шығысқа қарай – Польша мен Ресейге қашты, бұл жақта олар жаңа қауымдастықтардың негізін қалап, кейінгі ғасырларда өркендеді. Үлкен әлеуметтік соққы алғанына қарамастан мұсылмандар бұл ауыртпалықты, негізінен, Жаратушының жаратқан мақұлықтарына қатысты сырына бойлай алмас жоспарының көрінісі деп тәпсірледі. Жаппай қырғын мен шарасыздық молынан ұшырасқанымен, бұл нақты апат мұсылмандарды христиандар мен еврейлерге қатысты қаталдық танытуға итермелеген жоқ.

Індет басталған жердің барлығында да экономика дереу күйреп отырды. Батыс Еуропа, Мысыр мен Сирияда шаруалардың аурудан қырылып немесе өз үйлерін тастап қашқандарының саны көп болғаны сонша, егін даласындағы астық шіріп жатты. Жүздеген қалада өңдеуге қатысты өндіріс атаулы уақытша тоқтап қалды, өйткені білікті қолөнершілердің көп бөлігі опат болды. Тіршілікте аса маңызды қызметтерді атқаратын адамдар – дін өкілдері, дәрігерлер, мұғалімдер, заңгерлер, диірменшілер, кеме капитандары, тіпті көр қазушылардың өзі жеткіліксіз һәм қымбат кәсіпке айналды. Оба індеті Еуропа мен Оңтүстік-Батыс Азияның кейбір бөліктеріне сол күйі тиіспей өтіп кетті, мұның себебі белгісіз. Індеттің Батыс Африкаға, Оңтүстік Азияға немесе Оңтүстік-Шығыс Азияға таралғаны жайлы қолымызда салмақты дәлел жоқ. 1331–1333 және 1353–1354 жылдары Қытайда алапат індет тарағанын білеміз, әйтсе де бұл оба ауруы емес, өзге аурулардың дүмпуі болуы әбден мүмкін.

Саяси және әлеуметтік өмірдегі дағдарыстар

ОЙЛАН: XІV ғасыр Афроеуразияның кейбір аймақтарында өзгеше дағдарыстар мен тұрақсыздықтар кезеңі болғанын қандай дәлелдер көрсетіп береді?

XІV ғасыр соңында Афроеуразияның көп бөлігінде саяси және әлеуметтік тұрақсыздық басталды. Ұлы Моңғол империялары Еуразияның көп бөлігінде тәртіпті қолда ұстаған өткен ғасырлармен салыстырғанда, 1350 жылдан кейінгі ғасыр шынымен де мазасыз көрінді. Алып елдер аумағын біресе кішірейтті, кейде құлады, ал кейбір аймақтарда соғыстар өте қатал бетбұрыс жасады. Аштық пен жұқпалы аурулар бұл апаттардың негізгі себебі болды деп тұжырымдай алмаймыз, өйткені бұған өзге тарихи факторлар араласқанын білеміз. Дегенмен кейбір соғыстар мен көтерілістердің тұтануы, жаңа режимдердің пайда болуы, қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкелген азық-түлік өнімдерінің жетіспеушілігі мен індеттердің таралуы осы уақытқа сәйкес келді.

Қара өлім – жұқпалы ауру, Афроеуразия бөліктеріндегі халық санын XІV ғасыр ортасында айтарлықтай азайтқан оба індеті.

Флагелланттар – XІІІ–XІV ғасырларда христиандық Еуропада көпшілік алдында өздерін ұрғылап немесе қамшылау әрекетімен, күнәларына өкініш білдіруші жандар.

Қырып-жою (pogrom) – азшылық қауымдарды жаппай қасап қырғынға ұшыратып, мүлкін қирататын қатал шабуыл; көбіне еврейлерге қарсы шабуылға қатысты айтылады.

Қытай: Моңғол билігінің құлдырауы

Моңғолдар алғаш рет Қытайға 1211 жылы ұлы жеңімпаз Шыңғыс ханның кезінде басып кірді. 1276 жылы олар бұл елдің барлық жерінде (13-тарауды қараңыз) басымдыққа ие болды. Шыңғыс ханның немересі Құбылай Юань әулетінің негізін қалады және 1294 жылдан Қытайды биледі. Оның және алғашқы мұрагерлерінің тұсында империя тұтастығын сақтады, жағдай тұрақты болды. Әйтсе де 1320 жылдары Бейжіңдегі император сарайындағы (ол кезде Ханбалық деп аталды) саяси топтар фракциялық талас-тартысқа түсті. Моңғол сарай билігі өңірлердегі мызғымас әкімшілік басқару істеріне мұқият қарауды қойды, ал Құбылайдай өзегінен айырылған императорлар қуатты топтардың бірінен соң бірінің қолжаулығына айналды. Ең соңғы моңғол императоры Тоқай Темір отыз алты жыл (1333–1368) тақтың қуыршақ иесі болды.

Сарай саясатының құбылмалылығының көлеңкесінде терең тамыр жайған қозғалыс құрылымдары Моңғол мемлекетін бөлшектеуге көмектесті. Үкімет әскери және әкімшілік шығындарды молайтты. Осылайша қарапайым халыққа көп салық салды. Жағдай бұдан да қиындап, кіріс XІV ғасырда азайып кетті, өйткені аймақтардағы үсті-үстіне жалғасқан аштық пен жұқпалы аурулар себебінен халық саны кеміп кетті. Жалпы жаһандық суыну үрдісі байланысты болуы әбден мүмкін осы ғасырдың екінші ширегіндегі суық климат солтүстік өңірлердегі азық-түлік тасымалы мен салық түсімін қысқартты. Режимді қаржыландыру үшін күресе отырып, моңғол шенділер қағаз ақшаларды артық шығарып жіберді, бұл инфляцияны жеделдетіп, бағаны құнсыздандырды және өмір сүру деңгейін нашарлатты.

Бұйрық беру жүйесі әлсіреген кезде наразы шаруалар, әскер мен жергілікті дала қолбасылары қайыршылық пен мемлекеттің жүгенсіздігіне қарсы болды. 1351 жылы моңғол режимі Сары өзен аумағын қайта жөндеп, каналды тазарту үшін жұмылдырған он мыңдаған жәбірленген әрі еңбек құнын толық ала алмаған шаруалардың арасында көтеріліс бұрқ ете қалды. Келесі жылдары көтерілістер тағы да, әсіресе оңтүстікте жалғасты. Қарақшылар мен жаңа қызуқанды секталар тәртіпсіздіктің белең алуына жәрдемдесті. 1360 жылдары қоршауда қалған орталық үкіметке жергілікті бүлікшілердің ауқымды топтарымен билік үшін тайталасқа түсуіне тура келді. Янцзы өзенінің жазығында көтерілісші топтардың бірінің көсемі Чжу Юаньчжан (JOO-yuwen-JANG) өте қуатты база жасақтап, әскерін Бейжіңге аттандырды. 1368 жылы ол император мен оның жақтастарын Моңғолия жеріне қашуға мәжбүрледі. Астанаға бақылауды орнатқан соң Чжу Юаньчжан Қытайдың бірлігін бұл жолы шетелдік емес, қытай билігінің қол астында қалпына келтіру үшін қуатты әскерімен алға жылжыды. Бәсекелес бүлікшіл топтардың барлығын жаншып баса отырып, ол жаңа Мин әулетін жариялады. Осы тарауда бұл оқиғаға кейінірек қайта ораламыз.

Орталық Мұсылман өлкелеріндегі саяси-экономикалық қиындықтар

«Қара өлім» Оңтүстік-Батыс Азияда пайда боларынан он екі жыл бұрын, Иран–Ирак жеріндегі ильханат 1335 жылы құлады. Бұл аймақ экономикалық тұрғыдан қуатты болмады. Тигр мен Евфрат өзені жазығындағы ауыл шаруашылығы ауқымы бірнеше ғасыр бойы біртіндеп қысқара берді. Алдыңғы ғасырдағы моңғол шапқыншылығының ол жердегі экономикалық инфрақұрылымды айтарлықтай бүлдіргені сөзсіз. Ирандағы қолмен суаратын ауылшаруашылық алқаптары күйреді. Қағанаттың кейбір билеушілері ауыл шарушылығы өндірісін дамытуға қатысты реформалар жасап көрді, алайда аздаған жетістікке ғана қол жеткізді. Режим Қытайдағыдай наразы халық көтерілісінің себебінен құлаған жоқ, моңғол және түркі ханзадалары арасындағы жоғарғы қолбасшылық үшін жауластықтың нәтижесінде құлады. Режимнің құлауы аймақты салыстырмалы түрде әлсіз әскери мемлекеттерде қолайлы болды.

Мысыр мен Сириядағы Мәмлүк сұлтандығы – моңғол шапқыншылығына қарсы сәтті қорғана білген Түркі мемлекеті моңғол әскерінің қылышы тимеген күйі қалды. Бірақ халық «Қара өлім» себебінен әрі қайталана келіп тұратын індеттердің кесірінен жапа шекті. Білікті жұмыс күші қысқарған кезде өндіріс дағдарысқа ұшырады. Кезінде мақта-мата өндірісі гүлденген Мысырды мысалға алсақ, 1394 жылы Александрия қаласының 12–14 мың кәсіби мақта мен мата тоқушысы бар еді, 1434 жылы тек 800 ғана қолөнерші қалды8. Ауыл шаруашылығы да қиындықпен бетпе-бет келді. Қала халқының азаюы астыққа деген сұранысты да азайтты; сондықтан баға құлдырады. Кіріс көзінің орнын толтыру үшін түркі және араб мырзалары шаруаларға қарсы қылбұрауды қыса берді, яғни бұдан да жоғары жалға беру ақысын талап етіп, салықты өсірді. Осылайша, Ніл өзені алқабы мен Сирия жазығында егіншілікпен айналысатын миллиондаған халық кедейшілік тұрмыстың қамытын киді. Бір жағынан жұқпалы індеттен кейін жұмыс күшінің жетіспеуі себебінен тірі қалу бақыты бұйырған қала қолөнершілерінің бәсін асырып, аз уақытқа болса да бұрынғыдан жоғарырақ жалақы ала алды.

Жеңістің жемісі. Тақта отырған Әмір Темір шабылған бастарды әкелуші сарбаздарды қабылдау үстінде. Басы шабылған дұшпандардың жансыз денелері алдыңғы жақта жатыр. Кескін Темір әулетінің ХV ғасырдағы тарихын көрсетеді. Суреттің жоғарғы жағында ортада тұрған құрылым нені бейнелейді деп ойлайсыз?

Оңтүстік-Батыс Азия халқы жұқпалы ауру мен экономикалық қиындықтарға жолыққаны аз болғандай, моңғол шапқыншылығы зұлматының жалғасы іспеттес, жаппай қырғын мен өртенген қалаларды көзбен көруге тура келді. Бұл жолы Еуропа тарихында Әмір Темір немесе Темірлан деген атпен танымал Темір қырғын салды. Орталық Азияда туған жас Темір билік баспалдағына жергілікті түркі қолбасшысы ретінде көтерілді. Үлгі тұтар тұлғасы – Шыңғыс хан секілді, өзіне қарсы ру бектерін басып-жаншыды және өте ауқымды атты садақшыларды жинады. Ол Орталық Азия тағына 1360 жылдары отырды. Оның негізгі мемлекеті өте үлкен жайылым жерлерді, Әмударияның (Әму өзені) құнарлы алқабын, бұған қоса Самарқанд, Бұхара және басқа да Жібек жолы қалаларын алып жатты. Осы ресурстардан түскен салықтың қаражаты оның ұлғайып бара жатқан әскеріне жұмсалды, Шыңғыс хан секілді, ол да бөлшектелген тайпалар сарбаздарының сеніміне ие болу үшін қалаларды әрдайым тонап, талан-таражға салатын ауқымды жорықтарға алып жүрді. 1370 жылдан 1405 жылға дейін жергілікті сарбаздарды әскер қатарына қоса отырып, ілгері қозғала берді. Қалаларды бірінен соң бірін тонаған ол моңғолдардан асып түсті, он мыңдаған әйелді зорлап және күң етіп, қолға түскендерді тірідей көмді немесе аштықта қалдырды.

Темір әскерін солтүстікке, шығысқа және батысқа қарай бастады (15.2-картаны қараңыз). 1390 жылдардың басында Каспий теңізінің солтүстігіне қарай қозғала отырып, Алтын Ордаға шабуылдап, Еділ өзенінің аңғарындағы бірнеше қаланы талқандап, Ресейдегі моңғол үстемдігін айтарлықтай әлсіретті. 1399 жылы оның атты әскері Ауғанстаннан шығып, Инд өзенінің аңғарына жетті де, ұлы қала – Делиді қиратты және кезінде Солтүстік Үндістанды билеген Дели сұлтандығын орны толмас шығынға ұшыратты. 1400–1401 жылдары ол Мәмлүк астанасы Шамды алды, бірақ қаланы тез тастап кетті. Ұлы дала қолбасшыларының барлығы Қытайды жаулауға тиіс деген көзқарасқа бекінген болса керек, ол 1405 жылы осы бағытты бетке алды. Экспедиция енді жолға шыққан уақытта, Темір кенеттен көз жұмды.

15.2-КАРТА. Темір империясы. 1404 жыл

1405 жылы Темір қайтыс болардан бұрын әскерін Қытайға бастап баруды жоспарлады. Географиялық және саяси тұрғыдан алғанда, бұл мақсаты қаншалықты салмақты еді?

Нақты дәлелсіз-ақ, Темірдің Шыңғыс ханнан тарайтынын көрсететін генеологиясы жасалды, сондықтан да ол әділ һәм турашыл адам ретінде әлемді билеуге қатысты моңғолдық амбицияны жүзеге асырушы саналды. Оның діни көзқарасы жайлы аз білсек те, исламды насихаттағанын, өзін кәпірлер мен азғын мұсылмандарды жазалау тағдыры бұйырған, Құдай арнайы таңдаған өкілімін деп санағанын білеміз. Ол Кавказ тауларындағы христиан Грузия корольдігін екі рет тонап, қиратты және Ішкі Еуразиядағы христиандықтың несториан қауымдастығының түгелге жуығын жойып жіберді. Әртүрлі себептен оған наразы болған мұсылмандардың жағдайы да нашарлады.

Әйтсе де империя құру өнері тұрғысынан Темір Шыңғыс ханмен теңесе алмады. Ол бұйрыққа қатаң бағынатын жүйе мен жаулап алған қалаларында әкімшілік басқару тетігін қалыптастыру ісінде көп шаруа тындыра алмады. Ғаламат астана салу үшін қолға түскен мыңдаған шебер мен сәулетшіні Самарқандқа жіберді, бірақ өзі ол жаққа өте сирек барды. Керуен қозғалысын қолдап отырды, осылайша көпестердің қолдауына ие болды, бірақ оның қиратушы науқандары ауыл шаруашылығы мен сауданы құлдыратты. Ол аяқ астынан қайтыс болған кезде, төрт ұлы мен әртүрлі тайпа әскербасылары мен бектері арасында билікке талас бұрқ ете қалды. Көп өтпей, империя ыдырады, әйтсе де оның жігерлі ұрпақтары Орта Азия мен Ауғанстанның бір бөлігін аймақтық мемлекет ретінде уысында ұстап қалды. Темір – Ішкі Еуразия даласынан шыққан ең соңғы әмір ретінде мойындауға лайық тұлға, алайда оның асқан қатыгездігі Оңтүстік-Батыс Азияның ұзаққа созылған экономикалық қиындықтарын одан бетер ауырлатып жіберді.

«Қара өлімнің» Еуропадағы зардаптары

Мұсылман Жерорта теңізіндегідей Батыс Еуропада да 1350 жылдан соң халық саны азая берді. Барлық салада жұмыс күшінің жаппай азаюы экономиканың қайта дамуын тежей түсті. Мысыр мен Сириядағыдай, демографиялық құлдырау астық нарығының азаюына және жұмыс күші құнының қымбаттауына әкелді. Жер мүлде арзандады, өйткені адамдар егіншілік алқаптары мен ауылдарды тастап кетті немесе жұқпалы ауруға ұшырады. Мәмлүк әскери элитасы секілді, үлкен шаруа қожалықтарына иелік ететін Еуропа ақсүйектері де ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен жігерлі түрде айналысты және байи түсті.

Батыс Еуропада халық санының азаюы және басыбайлы құқықтың жойылуы. Өлім құштыратын жұқпалы аурудан аман қалу бақыты бұйырған шаруалар тұрғын санының азаюы олардың еңбегінің құнын арттырғанын ұқты, бұл оларға жер иеленушілерге ықпал ету тетігін ұсынды. Әсіресе, Солтүстік-Батыс Еуропада фермерлер меншік иелерімен жалға алу құнын төмендетуге, әдеттегі төлем түрлерін жоюға және олардың еркін қозғалысына байланысты шектеулерді жұмсартуға қатысты келіссөздер барысында белгілі бір жетістіктерге жетті. Басқаша айтсақ, еңбегі жоғары бағаланатын адамдар заңды құл саналып, оларды белгілі бір иеліктерде өмір сүріп, жұмыс істеуге мәжбүрлейтін басыбайлы құқықпен саудаласты. Мыңдаған басыбайлы өз ақсүйектерінен жай ғана бас тартып, қалаларға қашты, бұл жақта да олардың еңбегіне сұраныс жақсы еді. Ақсүйектер ауыл шарушылығынан түсетін пайда көздерін барынша сақтауға тырысқандықтан, жұмыс күші құнының қымбаттауы мен басыбайлы құқықтың нашарлауына қарсы, әсіресе Англия мен Францияда король үкіметіне қосылып шешім табуға тырысты. Бұл режимдер жалақы шектеулеріне қатысты нормаларды реттеді, ауыл шаруашылығына жаңа салық түрлерін енгізді және шаруалардан иеліктердегі міндеттерін аздап болса да сақтауды талап етті.

Кейбір жерлерде құны өскен еңбектері бұдан да жоғары әділетті өтемақыға лайық деп санаған фермерлер мен жерсіз шаруалар ұрандатып көтеріліске шықты. XІV ғасырда Англиядан бастап Венгрияға дейінгі аумақта ауылдарда дүмпулер басталды. Бұл қозғалыстар 1350 және 1360 жылдары Қытайда дәл осындай бақылаудан шығып кеткен экономикалық жағдай барысында тұтанған көтерілістермен қатар жүрді. 1358 жылы Францияның солтүстігінде Жакерия көтерілісі (Jacquerіe rebellіon) мен 1381 жылы Англиядағы шаруалар көтерілісі ең қатал бүліктердің бірі болды. Көтерілісті қолдамайтын жылнамашы Жакерия көтерілісін қайғыра жазғырып, былай дейді: «Көзі тұманданған адамдар құрал-саймансыз және жетекшісіз жиналып алып, барша мырзаны тонап, өртеп, өлтірді де, ханымдар мен пәк қыздарды мәжбүрлеп, соққыға жықты, сондай көргенсіздік жасады, мұндай жамандықты адам баласы жасамақ түгілі, ойлауы да мүмкін емес»9. Шаруаларға қарағанда, жағдайы жақсырақ жауынгерлер мен қару-жараққа иелік ететін жер иелерінің элитасы көп өтпей бұл бүлікті басты. Қытайдағы бүлікпен салыстырғанда көтерілісші топтардың ешбірі әулетті тақтан құлата алмады.

Еуропада басыбайлы құқық XV ғасырда түбегейлі жойылды. Жер иелері наразы басыбайлыларды жұмысқа мәжбүрлегеннен гөрі, шаруаларға жалақы төлеп, жерді жалдау ақысын жинап немесе оларға жерді тікелей сатқанның экономикалық тұрғыдан тиімді екенін түсінді. Шаруалар бір жерден екінші жерге заңды түрде көше және өз еңбегін нақты жалақыға сата алды, демек, белгілі бір мағынада «азат» адамға айналды. Дегенмен Жерорта теңізінің кейбір қалаларында Шығыс Еуропа немесе Африкадан әкелген құлдар үй шаруаларына әлі де жегіле берді.

Ұзаққа созылған соғыстар. XІV ғасырдағы бәсекелес Еуропа елдері арасындағы соғыс бұрынғы заманмен салыстырғанда соншалықты қатал болмаған да шығар. Бірақ аштық, індет және жаппай өлім құшу секілді апаттармен қатар жүрген экономикалық өсімнің теңесуі саяси шиеленісті күшейтіп, ресурстарға бақылау орнатудың құнын көтеріп жіберді. Жүзжылдық соғыс (1337–1453) ретінде танымал Англия мен Франция арасында ұзаққа созылған қақтығыс, қазіргі күні Францияның бөлігі саналатын аумақ үшін екі монархияның жауластығын үш ғасырға жуық уақытқа созып, соңында бұл жерлер Англия билігінің қол астында қалды. Әуелі Англияның атты әскері, бұдан соң ұзын жебелермен қаруланған жаяу әскері бірқатар шайқаста жеңіске жетті, бірақ ақыр аяғында ағылшындардың Францияға тиесілі жерлердің барлығына жуығынан шегінуіне тура келді. XV ғасыр соңында Франция ұлғайып, Батыс Еуропада ең қуатты мемлекет ретінде күшейе түсті.

Соғыс кейде ылғалды жаз маусымы мен жұқпалы ауру нәтижесінде ұзаққа созылған тыныш күндермен алмасып отырса да, жантүршігерлік қатал сәттерімен де есте қалды. Негізінен, көбіне Францияда соғысты. Қақтығыс барысында ұзақ уақыт қаланы қоршауға алып, екі тараптан да соғысқа қатысудан бас тартқан шаруаларды мәжбүрлеу үшін жалдамалы қарақшы топты шайқасқа қосты. Бұл қатыгез топ егіске жарамды жерлерді өртеп, шаруалардың жағдайын одан сайын қиындатты. Соғыс осы тактикамен жүріп жатты. Қысқасы, соғыстың қатыгездігі «Қара өлімнен» соң пайда болған экономикалық мәселелерді одан сайын өршітіп жіберді.

Жеке ТҰЛҒАЛАР

Ибн Халдун: аласапыран уақыт ойшылы

Туған қаласы Тунисте қазіргі кезде орнатқан ескерткіште Ибн Халдун ғұлама ретінде сомдалған

Қытайдан бастап Еуропаға дейінгі аймақтағы ғалымдар XІV ғасыр соңындағы толқымалы жағдайлар жайлы баяндайтын сипаттамалар жазды. Әбд әр-Рахман ибн Халдун (1332–1404) бұл азапты өзгерістерді сипаттап беретін саяси теория жасады. Испания мен Тунисте мәшһүр мұсылман ғалымдарының қатарындағы Ибн Халдун философия, теология, тарих, құқық, этнология және математика сынды әртүрлі салаларда еңбек жазды.

Ең атақты «Муқаддима» («Тарихқа кіріспе») деп аталған еңбегінде Ибн Халдун адамның саяси іс-қимылдарындағы өзгерістер кездейсоқ емес, кезең-кезеңімен қайталанып отырады деп тұжырымдады. Жаңа әулеттер жігерлі көшбасшы сарбаздарды топтастырып, мықты ұйымдасқан әскери күш ретінде жасақтап, соңынан билікті жаулап алған кезде пайда болады. Бұл жаулап алушы элита мемлекет құрады, бірақ көп өтпей бұл мемлекет нашарлайды, өйткені мұны құрушылар қалалық сән-салтанатқа, саяси тартысқа және иелігіндегі халықты басып-жаншуға құмарта бастайды. Соңында бұл әулет төзімді жаңа әскери күштің қысымымен құлайды да, жаңа кезең басталады. Өзгерістің осындай теориясын жасай отырып, Ибн Халдун тарих белгілі бір формаға ие және тұтас құбылыстың астында жасырынып жатқанды іздеп табу – адам әрекеттері туғызған оқиғаларды тиянақты түрде зерттеуге байланысты деп тұжырымдады. Теориясын тек қана философиялық гипотезаларға сүйенбей, нақты бақылаулар мен зерттеулерге негіздеп құрғандықтан, ол қазіргі әлеуметтік ғылымдардың әдістемесін бұрынырақ көрсетіп кетті.

Ибн Халдун XІV ғасыр соңындағы саяси және экономикалық тұрақсыздықтан Ислам өркениеті қауіп-қатер алдында тұр деген болжам жасады. Оның пікірінше, 1348 жылы оның туған қаласы Тунисті жайлаған «Қара өлім» құлдырау үдерісін жеделдетті, яғни «әулеттерді кемел шағында» қуып жетті. Бозбала шағында оның ата-анасы жұқпалы індеттен қайтыс болды. Жеке басындағы осы қасірет неге әлеуметтік апаттар қайталанып тұрады деген рационалды пайым тұрғысынан жауап іздеуге итермеледі?

Зиялы отбасынан шыққан ол лайықты білім алды және ата-анасы қайтыс болған соң мемлекеттік қызметке кірісті. Мақсаткер, еліктегіш және саяси тұрғыдан сәл мазасыздау ол қызметінен және ханзада шапағатынан тез айырылды. Тунис, Марокко, Алжир және Гранадада бірнеше билеушінің қол астында мемлекеттік лауазымды иеленді, тіпті Мароккода құпия сарай бүлігіне қатысты деген айыппен екі жыл түрмеге де қамалды. 1382 жылы ол Мысырға барды, ол жерде Мәмлүк сұлтандығының соты және заң профессоры қызметін атқарды. Әйелі мен қызы ибн Халдунның жанында болу үшін Туниске қарай жолға шықты, бірақ олардың екеуі де кеме апатынан қайтыс болды. Каир оқу орындарында ибн Халдун ғажап дәрістер оқыды, бірақ сонымен қатар дұшпандарының да саны артты. Қастасқандар оны әрбір лауазымды қызметінен қуып отырды.

1400 жылы Меккеге қажылықтан соң, Мәмлүк сұлтаны билеген Сирияға, Дамаскіге беттеді. Кейінірек қала Әмір Темірге тізе бүккенде келіссөздер жүргізуге қатысты. Ол тіпті Әмір Темірмен әңгіме-дүкен құрды, билеушіні мұсылман әлемін біріктіретін саяси тұлға деп есептеді. Ибн Халдун кейін Каирға оралып, 1406 жылы қайтыс болғанға дейін академиялық және құқықтық қызметін жалғастырды.

Ибн Халдун білім іздеп көп жерге саяхаттап, ешбіріне тұрақтамастан, билеушілердің қол астында қызмет етіп, адамдардың жағдайын бақылап, зерттеулер жасап, сауатты мұсылмандар арасындағы космополиттік рухтың үлгісі болды. Қазіргі ғалымдар оның адамзат тарихын жүйелеудегі ауқымды жобасына және өзі қолға алған салалардың мәнін ашудағы шеберлігіне қайран қалады.

Сыни пайым

Ибн Халдунның өмірі мен ойлары ол өмір сүрген дәуірді жақсырақ тануға көмектеседі дегенді қалай дәйектеп берер едіңіз?

Шіркеудің бөлінуі. XІV ғасырда католик шіркеуінің саяси билігі мен моральдық мәртебесі Еуропа жұртшылығының арасында шұғыл құлдырады. Шіркеу сот жүйесі, дипломатиялық қызмет, бизнес пен ауқымды иеліктер, орталықтанған және бай құрылымға дейін дамыды. Дегенмен бұл құрылымды басқаратын адамдар діни қызметтен гөрі, дүние істеріне көбірек көңіл бөлді. Саяси салада Римдегі Папа Орталық Италияның айтарлықтай бөлігіне билік жүргізді. Ол сонымен бірге Батыс христиан әлеміне Құдайдың өзі тағайындаған басшы ретінде барша монарх пен ханзаданың үстінен билік жүргізу құқығына ие екенін табанды түрде талап етумен болды. Батыс Еуропада қуатты орталықтанған мемлекеттер пайда болғандықтан, бұл тұжырымның енді анау айтқандай күші болмады. Әсіресе, Франция мен Англия корольдері «тәуелсіз билігіміз христиан дін қызметкерлеріне салық салады, саяси адалдықты талап етіп, корольдік соттарда олардың ісін қарайды, яғни Папаға тиесілі барлық істерді атқарады» деп сенді.

XІV ғасырда Еуропаның Қасиетті Папаның қол астындағы империясы ретінде ескі идеалы біржолата келмеске кетті. 1309 жылы Франция королі ІV Филипп қайтадан сайланған Папаға баяғыдан бері тақта отырған Римнен Солтүстік Франциядағы Авиньонға көшуге қатысты қысым жасады. Филипптің қол астындағы шенділер Қасиетті Папа шіркеуді Франция билігіне ыңғайлы тарапқа ауыстырады дегенге шынымен иланған болса керек. Сарайдағы төтенше салтанат пен қаржылық жемқорлық Авиньонда қатты байқалды, бұл әрекеттер қарапайым христиандарды шошытты. Мұнымен қатар, өте білімді дін адамдары, мыңдаған тақуа «Қара өлім» кезінде опат болды. Бұл сауатты діни тәрбие беруші тұлғалардың, жергілікті шіркеу басшыларының және ұстаздардың ұзақ уақыт бойы жетіспеушілігіне әкеп соқтырды. 1378 жылы бірі – Авиньонда, келесісі – Римде екі Папа заңды беделі үшін сайысқа түскен кезде, шіркеу иерархиясы хаосқа ұрынды. Тіпті бір кездері үш ер кісі Папа тағы үшін таласқа түсті. Ымырашылдық қозғалысы деп аталған реформалауға қатысты талаптарды орындаушы һәм Папаның атынан Діни істер бойынша жоғарғы кеңеске жоғарғы шіркеу билігін жүргізуге өкілеттік беруші шіркеу теологтары мен құқықтық мәселелер бойынша мамандардың ықпалымен, 1417 жылы бөліну ақыры тоқтады. Католиктердің көпшілігі діни қызметкерлердің ымырасыз кеңесінен гөрі, қатал әрі моральдық тұрғыдан әділетті Папаны қалағандықтан, бұл қозғалыс жойылып кетті. Дегенмен шіркеудің беделі түсе берді, бұл жағдай мораль сынын бетке басып, реформа талап ететін жаңа буынның артуын ынталандыра түсті.

XV ғасырдағы жандану

ОЙЛАН: XV ғасырда Афроеуразияның кейбір бөліктерінде демографиялық және экономикалық қайта қалпына келу үрдісін қандай факторлар түсіндіріп бере алады?

XІV ғасырда Афроеуразияның көп бөлігін қамтыған халық санына байланысты дағдарыс б.з. ІV–VІ ғасырларындағыдай қысқамерзімдік құбылыс болып шықты. 1500 жылы суперконтинент халқының жалпы саны шамамен 416 миллионға жетті, 1340 жылғы деңгеймен салыстырғанда 8 миллионға артты. Құрлық және теңіз жолымен ұзақ қашықтықта сауда жасау «Қара өлімнің» салдарынан соң азайған болуы керек. Бұрынғыдан артығырақ байи түскен қала тұрғындарының арасында сән-салтанат тауарлары мен экзотикалық импортқа сұраныс артты. Тағдырдың жазуымен эпидемия, аштық пен соғыстардың кесірінен саны азайып кеткен қалалар XV ғасырда байлық, білім мен біліктің қоймасына айналды. Қалалар жаңа әулеттер мен мемлекеттердің жарқыраған астанасы болды және кейбір аймақтарда бұл орталықтар шығармашылық пен әдебиеттің шұғыласына айналды.

Шаруалар ақсүйектерді өлтіруде. «Франция хроникалары» деп аталған шағын иллюстрация 1358 жылы Жакерия көтерілісін суреттейді. Қанжар мен қылыш ұстанған шаруалар қарусыз төрт ақсүйекті өлтіруде. Суретші қандай да бір саяси көзқарасты білдіріп тұр деп санайсыз ба? Олай болса, суретші қай тарапқа жақтасты?

Болашақ технологиялары

1300–1500 жылдар аралығында Афроеуразияның көп бөлігінде пайдалы энергия көзінің екеуі де: адамның бұлшық еті, жануарлар күші, жел мен су қуаты – адамдар мен тауарларды бір жерден екінші бір жерге тасымалдау технологиясы өзгеріссіз қалды. Сөз жоқ, Афроеуразияда кәсіпкерлер мен технологтар механикалық құрылғыларды жетілдіріп, ірі құрылыс жобаларын іске асырды. Қытайда, мысалы, инженерлер онсыз да ауқымды ішкі су жолдарын кеңейтті, ал кеме құрастырушылар мұхитта жүзетін үлкен кемелер жасады. Еуропада жұмысшылардың азаюы мен жер құнының арзандауы ақсүйек жер иелері мен қаладағы өндірісшілерді кездеме өнімдерін шығаратын және тау-кен өндірісіне қатысты технологияларды, су мен жел диірмендерін жетілдіруге ынталандырды. Медицина ғалымдары «Қара өлімге» қатысты инфекциялар жайлы терең білмеді, бірақ ауруды жұқтыру механизмі туралы көп жайтқа қанық болды. XV ғасырда кең тараған екі технологиялық жетістік – атыс қаруы мен баспа ісі еді.

Мылтықтар. ХІІІ ғасырдың өзінде-ақ моңғол жаулаушылары Қытайдың оқ-дәрі алу үшін калий нитратын, күкірт және ағаш көмірін араластыру жолымен бомба және өртегіш қару жасау технологиясын қолданды. Моңғол және Мәмлүк әскері ХІІІ ғасырдың соңында жарылғыш құрылғыларды пайдаланды. Шамамен дәл сол уақытта мылтық дүниежүзіне танылды. Қарапайым мылтық – қатты материалдан жасалған түтік іспетті. Оқ-дәрінің қуат алып жану көзі түтіктің бас жағында орналасты, атылғанда қирата соққы берді, ең болмағанда құлақ бітелер зор дауыспен әсер етті. Мылтық дайындаудың ең ежелгі физикалық дәлелі – Манчжуриядағы (Солтүстік-Шығыс Қытай) 1288 жылы шайқас алаңынан археолог ғалымдар тапқан қола түтік. Әскер қолбасшылары атыс қаруының ең көне түрлерін жау әскері мен қорғаныс объектілерін атқылауға қажет құрылғы машиналарға қосымша жаңа тұрпаттағы аспап ретінде ғана қарастырғандары күмәнсіз.

Алғашқы артиллерия. Жүз жылдық соғыстың соңына қарай француз әскері Францияның солтүстік жағалауында орналасқан Шербур қамалынан ағылшындарды ығыстырып шығарды. XV ғасыр иллюстрациясы француздардың тас атқылайтын зеңбіректерді қолдануды дамытқанын көрсетеді. Алдыңғы көріністегі атқа француз монархиясының символы саналатын лалагүлмен безендірген жабу немесе мата жамылғы жапқан. Қоршауға алуға бағытталған ұрыс барысында екі жақ та қолданған ұзын жебелермен салыстырғанда мұндай атты әскер түрі қаншалықты тиімді?

Оқ-дәрі мен оны дайындау тәсілі моңғол кезеңінде Ішкі Еуразиядан батысқа қарай Еуропаға таралғаны анық. 1320 жылдары Еуропа әскерлері құмыра пішінді, металдан жасалған түтікпен оқ-дәрі атқыштарын тас қамалдарды атқылау үшін қолданды, дегенмен олардың күші де әлсіз болды әрі дәл көздей де алмады. Келесі онжылдықтарда герцогтер, князьдер мен қала жетекшілері жалдаған қолөнершілер бөшке пішіндес құйындылармен, оқ-дәрілі механизмдермен және оқ-дәрі қоспаларын жаппай қолдана бастады. Ғасыр соңында билеушілер атыс қаруын ұрыс майданына шығарды. Еуропалық кейбір монархтарда қамалдар мен қала қабырғаларына тас немесе темір топтарды атқылайтын тұқылды зеңбіректерді жетілдіретін мүмкіндік болды. Жүз жылдық соғыстың соңғы кезеңінде француз корольдері Еуропада бірінші болып зеңбіректерді қолданып, тасымалдайтын атты әскер корпусын жасақтады. Олар мұны ағылшындарды құрлықтағы қалған бекініс жерлерінен ығыстырып шығаруға көмек ретінде қолданды. Дәл сол кезеңде Қытай, Оңтүстік-Батыс Азия мен Солтүстік Африка билеушілерінің барлығы зеңбірек пен мылтық көлемін арттырды. ХVІ ғасырға дейін бұл қару түрі шектеулі әскери бағаға ие еді. Жебемен қаруланған бекініс садақшылары және бұған қоса арбалет немесе жебелерді арқалай сүйреген құрлық әскері мылтықшы және атты әскермен салыстырғанда қаруларын тасуда, атқылауда айтарлықтай шапшаң қимылдайтын. Дегенмен 1450 жылдан бастап дүниежүзілік атыс қару дәуірі даңғайыр жолға түсті.

Баспа ісі. Қағазға басылған кітаптар Қытайда Сун және Юань (Моңғол) әулеттері (XІ ғасырдан XІV ғасырға дейін) кезінде кең тарады және Шығыс Азияда ғылым-білімнің дамуына үлкен үлес қосты. Қашалған ағаш бөліктеріне сия жағып, оны қағаздарға басу арқылы сөздер мен суреттерді қағаз бетіне түсіру идеясы Оңтүстік Азияға XІІІ ғасырда жетті. Иран–Ирактағы ильханаттың өкіметі Қытайдың баспа қағаз ақша идеясын енгізуге тырысты, бірақ қолдарынан келмеді. Жергілікті көпестер мұны қаламады. XІV–XV ғасырларда Үндістанда да, Орталық Мұсылман өңірлерінде де кез келген мақсаттағы баспа ісі кең қолданысқа енбеді. Бірақ баспа мен кітаптарды қағазға қолмен жазу өндірісі екі бөлек дамығанын айта кетуіміз керек. Мысалы, мұсылман әлемінде билеушілер, діни құрылымдар, білім ошақтары мен ауқатты отбасылар, негізінен, арабша немесе парсыша мыңға жуық кітабы бар кітапханаларға иелік еткен сияқты.

ХV ғасырдағы Еуропа кітапханалары Мұсылман елдері немесе Қытайға қарағанда едәуір шағын еді, бірақ баспа ісі идеясынан жылдам қуат алды. 1200 жылдарда Батыс Еуропада қағаз өндірісі гүлденді. Мұндағы қағаз өндірісі қытай технологиясына ұқсамады. Бұл өндіріс Еуропаға мұсылман Жерорта теңізі арқылы жетті. Италия қолөнершілері ағаш бөліктерімен басылған суреттер жайлы бірдеңе білетін, мәселен, ойын карталарына түрлі иллюстрацияларды бедерлеп басты. Бірақ Еуропаға механикалық жолмен кітап басу өндірісі жайлы идея, негізінен, Қытайдан тікелей жетті, христиан саяхатшылары моңғол жерлерінен қытай кітаптарының томдықтарын сөмкелеріне салып алып, өздерімен бірге апарған шығар.

Еуропалық қолөнершілер блокты баспаны түрлі мақсатта қолданды, бірақ XІV ғасырда олар мұны тағы да жылжымалы бейне баспа126 технологиясына ыңғайлады. Темірші ұсталар жеке кейіпкерлерді пішіндеді; баспагерлер қажеттілікке сай бейнелерді жиектемелерге орналастырды, бейнелерге бояу жақты да, парақтарды онымен нығыздап басты. Бұл бейнелердің жеке бөліктерін бірнеше рет қолдануға болатын. Қытай баспагерлері ХІ ғасырда жылжымалы бейне баспаны ағаштан немесе керамикадан жасауды ойлап тапты, ал енді ХІІІ ғасырдың басында корей қолөнершілері металл баспаның формалар жасауда мықтырақ болатынын ойлап тапты. Шығыс Азияда бұл технология блокты баспамен салыстырғанда тиімсіздеу болып саналды. Өйткені қытайлық ерекше жазу жүйесі, яғни логографиялық жазу жүйесі әліппені құрайтын отыз немесе одан да аз белгілерді емес, мыңдаған символдарды жеке-жеке жасауды талап етті. Дегенмен Шығыс Азиядағы блокты технологияны қолданатын кітап өндірісі ұлғая берді.

1440 жылдары зергер Иоганн Гутенбергтің басшылығындағы неміс шеберлері латын әліппесі үшін, әрине, Кореяда ойлап тапқан құрылғыдан тәуелсіз, сол ғасырдан не ерте, не кейін, жылжымалы металл баспа ойлап тапты. Гутенберг латынша Библияны 1455 жылы басып шығарды және осы сәттен бастап нығыздап басатын баспа құрылғылары тұтас Еуропаға жайылды. Үстел басында кітап көшіру үшін бүкірейіп отыратын көшіруші жылжымалы бейне баспаның бірдей мәтіннің көптеген көшірмесін жасай алатын жылдамдығына ілесе де алмайтын. 1460 жылдары баспа құрылғылары Италия қалаларында ашылды, бұл Еуропада қағаз өндіру технологиясын да дамытты. Келесі онжылдықта баспалар Францияда, Нидерландта, Венгрияда, Польшада, Англияда және Испанияда жұмыс істей бастады.

Венгриядағы бұрандалы баспа. Ағаш гравюрада суреттелген бұл баспа Буда қаласында (қазіргі Будапешт) аз уақыт жұмыс істеп тұрды. Сол жақта отырған кісі металл плитаның тегіс беткі жағындағы сиялы бейнелерді нығыздап басып, қағаз парағына түсіру үшін бұранданы айналдырып жатыр. Сол жақта түрегеп тұрған кісі сия табақты ұстап тұр. Оң жақтағы жұмысшы не істеуі мүмкін деп ойлайсыз?

Жылжымалы бейне баспа (movable type prіntіng) – символдар, әсіресе әліпби әріптері мен тыныс белгілері жеке-жеке қашалып, ағаш бөлігіне, металға жапсырылып, сосын жазбалар жинақталатын, қағазға немесе басқа материалға басылатын технология.

Қытайдағы Мин әулеті: қайта өркендеу және теңізге жорық

Бүлікшілердің көсемі Чжу Юаньчжан 1368 жылы моңғолдарды қуып шыққан соң, Қытайдың билігі болып саналатын Мин әулетінің (Күн әулеті; Dіnasty of Lіght) негізін қалады. Отыз бір жыл бойы (1368–1398) империяны Тайдзу (Taіzu) деген атпен басқарған ол Қытайды моңғолдар бұған дейін елестетіп те көрмеген орталықтанған әрі ықпалды империяға айналдыру үшін реформалар жасауға бұйрық берді. Тайдзу және оның алғашқы мұрагерлерінің қол астында Қытайдың аса ірі экономикасы тұрақты өсті. Екі ғасырға жуық құлдыраудан соң халық санының өсімі де жақсара бастады. 1393 жылғы 85 миллионнан 1500 жылы 155 миллионға дейін өсті. XVІІ ғасырдың ортасында Мин дәуірі аяқталған тұста дүниежүзі халқының үштен бірі Қытайда тұрды10.

Бастапқы Мин үкіметінің үлгісі. Кедей фермердің баласы, шаруа тегінен шыққан Тайдзу қарапайым шаруаны Қытай ауылшаруашылық экономикасының ұстыны деп жариялады. Ол империялық үкіметін кәсіпкерлік пен техникалық жаңалықтарға қозғау салған Сун әулетіне (960–1276) емес, көбіне аграрлық бағытқа басымдық берді де, VІІ–VІІІ ғасырдағы Таң империясына сай модельдеді. Ол тіпті XV ғасырдың ортасынан кең көлемде айналымға шыға бастаған қағаз ақшаны қолданудың өзіне оң көзбен қарамады. «Қара өлімнің» салдарына қатысты Еуропа корольдері ұстанған саясатқа Тайдзу көзқарасы мүлде ұқсамады. Тайдзу қарапайым фермерлерге салықты азайтты да, байларға, керісінше, ұлғайтты. Билігінің бас кезінде ол кірістерді жинауды жүйелеу үшін халық санағын және кәсіптер мен жер иеліктерінің санағын жүргізуге бұйрық берді. Қоғамдық тұрақтылыққа дем беру мақсатында қыстақ тұрғындарына мамандығын ауыстыруға және қыстақтан қалаға көшуге кедергі келтіретін заңдар шығарды, бұл да Батыс Еуропадағы үрдіске қарама-қайшы болды. Ол, сонымен бірге, неоконфуцийлік мораль стандарттарына сәйкес болуды қолдады, мұның ішіне әйелдердің қоғамдық және құқықтық еркіндігін шектеу де кірді.

Мемлекеттік бюрократияның тиімділігін кемелдендіріп, миллиондаған шаруаның өмір сүру шарттарын жақсартқан Тайдзу халықтың кең қолдауына ие болды. Үкімет шенділерінің арасында басымдыққа ие боп келген жер иеленуші ақсүйек әулеттеріне сенімсіздік таныта отырып, неоконфуцийлік мектеп пен емтихан қабылдау жүйесін реформалады. Мақсаты – әлеуметтік ортадан шыққан талантты жастарға мемлекеттік қызметті иеленуге мүмкіндік беру болды. Саяси үрей туғызу тактикасының шебері ретінде ол тыңшылардың және құпия полицейлердің өте күрделі аппаратын құрды, жұмысты ақсатты-ау деп күдіктенген шенділерді араға уақыт салып қызметінен босатып тұрды.

Сун әулетінің дәуірі аяқталған соң, мемлекеттік реттеудегі тұрақты аграрлық қоғамға көзқарасы түзу Мин үкіметінің саясаты басталды. Бұл саясат жеке кәсіпкерлер мен саудагерлердің мүдделеріне қайшы келді. Мемлекеттің сауданы қатаң бақылауға алғанына қарамастан, Қытай экономикалық және географиялық тұрғыдан бұған дейін ешқашан болмаған межеде едәуір интеграцияланды. Оның әлдеқашан әлемдік үлкен күрделі канал және жол жүйесі болды, бірақ Мин Янцзы өзенінен шамамен мың мильге созылған, Тайдзу өлген соң империяның астанасына айналған Бейжіңге жүзіп жететін үлкен канал салды. Су жолында қырық жеті қамал болды, оның он бесі баржаларды таулы жерлер арқылы өткізу үшін керек еді. Өйткені Бейжің жылына 400 миллион фунт астықты канал арқылы қабылдай алатын, оның халық саны XV ғасырда екі миллионнан асты.

Мин және оның көршілері. Өздерінен бұрынғы моңғолдар секілді Тайдзу және оның XV ғасырдағы мұрагерлері сыртқы саудаға қатысты үкімет бақылауын талап етті. Шетелмен коммерциялық алмасулар хаттамаға сәйкес болуға тиіс, бұл хаттамаға сәйкес көрші елдердегі билеушілер саудадағы серіктес емес, материалдық игілік түрінде алым төлеуші. Ұлы император тәуелді ханзадаларға лайық «сыйлықтар» ұсынды. Мин әулеті шекараларда жеке саудаға тыйым салғанымен Қытай көпестері бұл тыйымды әрдайым елеусіз қалдырды.

Мин жеті ғасыр бұрынғы Тан әулеті сияқты ешқашан Ішкі Еуразияға тереңдей еніп, жаулауға тырыспады. Әйтсе де ерте кездегі Мин императорлары қуатты сыртқы саясат жүргізді. Кореяда Чосон әулетінің (1392–1910) билеушілері Қытаймен сөз жүзінде алым төлеп тұратын қарым-қатынасты ұстанғанымен, шынында тәуелсіз билік жүргізді. Олар бұған қоса қытайлық неоконфуцийлік ілімді де жігерлі түрде іліп алып кетті. XV ғасырдағы ең ықпалды Корея патшасы Седжан (SAYjohng; 1418–1450 жылдары билік құрды) неконфуцийлік мәдениетті қолдады және Ханғыл (Hangul) әліпбиін жасауға ықпал етті. Бұл таңғажайып корей әліпбиі фонетикалық таңбалар жүйесін қолданды да, қытайлықтардың логографикалық жазуын толықтырды. Жапониямен қарым-қатынасқа келсек, кейінірек саяси көріністерге бет бұрған бұл қатынаста ерте кездегі Мин императорлары дипломатиялық және мәдени қарым-қатынастар жасасуды құп көрді. Бұл бастамалар ұзаққа созылмаса да, теңіз жолымен жеке сауда түрі аралдар арқылы да, мұхит арқылы да дами берді.

Оңтүстік-батыстың қиырындағы субтропиктік таулы өлкеде, қазіргі Гуйчжоу (Guіzhou) және Юньнань (Yunnan) провинцияларында жер иеліктері жоқ шаруалар мен қызметтен босаған әскерилер Қытайдың жаңа шекарасын сызды. Алайда бұл жерлер иесіз емес еді. Сондықтан этникалық өзге топтар өте жойқын, әйтсе де сәтсіз қарсылық танытты. Шайқастар арасында қытай иммигранттары мен жергілікті халықтар мидай араласып, тіпті бір-бірімен үйленіп те жатты. Бұл жағдай осы аймаққа өзгеше мәдени реңк берді. Оңтүстікке жылжыған Қытай армиясы Вьетнам корольдігі Аннамға 1407 жылы басып кірді және жиырма жыл бойы осы елге үстемдік жүргізді. Аннамның билеуші табы қытай конфуцийлігін қабылдап та қойған еді, бірақ басқыншы қытай әскерімен ақырына дейін күресті. Әскери шығынды азайтуды көздеп, аяусыз басқыншылықтың жазылмаған жарасын ашық қалдырған қытай әскері 1427 жылы Аннамды тастап шықты. Кореядағыдай Аннам да қытай ықпалының ресми рөлін бәрібір мойындап, Бейжіңге жыл сайын «тарту-таралғы» жіберіп тұруға мәжбүр болды.

Мин әулетінің билігі Ішкі Еуразияға қарай шығатын солтүстік-батыс шекараларын мұқият күзетті және үш миллион қарулы әскерді империя шекараларын қорғауға қойды. Моңғолдар отандарына шегініп кері кетсе де, олар әлі де ондаған мың атты садақшыларына бұйрық берсе, жетіп келуі мүмкін еді. Алғашында Мин дипломатия мен сыйлық жіберуді біріктіре отырып, мал бағумен айналысатын көшпелілер жеріне әскери шабуыл да жасамақ болды. Әуелгі тактикалары сәтсіз болды және 1449 жылы Моңғол атты әскері Қытай әскерін талқандады, тіпті билеуші императорларын да қолға түсірді. Бұл қорлықтан соң мемлекет әскери шекарасын бұдан да алысырақ аумаққа шегіндірді. Олар тағы да өте қомақты қаржыны Ұлы Қытай қорғанын ұлғайтып, шекаралық қорғаныс күшін күшейтуге жұмсап, қорғанды 1500 мильге ұзартты. Тас қалаушылар қорғанның ұзын аумағының орташа биіктігі мен енін жиырма бес футқа дейін жеткізді, уақыт өте келе күзет мұнараларын жапсарлас тұрғызып, әскер қамал бойымен дабыл қағып белгі бере алатындай етіп салды. Бұл жоба инженерлік ерен ерлік саналды, солтүстік-батыс шекара келесі ғасырда да қауіпті болып қалса да, Мин бюрократиясы бұл мәселені «жабулы қазан» қалпында қалдырды.

Қытайдағы Ұлы қорған. Бейжің маңындағы қамалдың қалпына келтірілген бұл бөлігі өте қуатты мемлекеттің үстін орап өтеді. Тарихшылар бұл қорғанды шекаралық бекініс ретінде көрсеткеннен гөрі, физикалық қоршау деп сипаттауға неліктен бейіл болды деп ойлайсыз?

Мин әулетінің теңізге жорығы. Тайдзудың баласы және мұрагері император Юнлэ (YAWNG-leh) (1403–1424 жылдары билік құрды) Қытайды жан-жағын бағынышты елдер қоршаған әлемнің Орта Патшалығы ретінде елестетті. Юнлэ Моңғолия мен Вьетнамға шабуыл жасап қана қойған жоқ, Қытайдан жырақтағы билеушілерді де бағынышты еткісі келді. 1405 жылы Чжэн Хэ (JUNG-huh) есімді әскери флот қолбасшысын жаңа әскери миссияға жауапты етіп тағайындады да, Мин әулетінің күші мен айбынын Үнді мұхитына паш етуді бұйырды (15.3-картаны қараңыз).

Бұл жобаны жүзеге асыру міндеті Чжен Хеге жүктелгені қызық жайт. Ол шығармашылық және мәдени ортаның ұланы еді. Чжен Хе мұсылман отбасынан шықты және әкесі Меккеге қажылық сапарға шыққан адам. Ма Хе деп атын азан шақырып қойған бала оңтүстік-шығыстағы Юньнаньда өсті, ол жерде Мин әскері моңғолдарды қуып шыққан кезде Ма Хенің жасы ондар шамасында еді. Қытай сарбаздары оны және басқа да жергілікті балаларды бірге алып кетті де, әтек қылып әскерилердің қызметшісіне айналдырды. Бірақ ерік-жігері мықты бала жақсы жауынгер екенін дәлелдеді. Ол император сарайынан ықпалды достар тапты және сарайдағы әтектер корпусының сенімді адамына айналды, қаншама ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан дәстүрге сай оққағар және әкімшілік істерді атқарды. Батырлығымен көзге түскен ұрыстан соң Юнлэ оған Чжен Хе деген жаңа ат қойды.

15.3-КАРТА. Чжен Хенің экспедициясы. 1405–1433 жылдар

XV ғасырда Азия мен Африка өңірлеріндегі теңізшілер Чжен Хе жүзген бағытпен жүрді. Чжен Хе және оның экипажы маусымдық муссон желіне қатысты білімін бұл ұзақ сапарларында қалай пайдаланды?

Императордың өтінішімен Чжен Хе жүк тиелген 287 кемеден тұратын қомақты флотты жасақтады, оның 62-сі «қымбат алып кемелер» және 225-сі шағын кемелер болды. Оның экипаж құрамында шамамен 27 мың адам болды. Алып кеме Христофор Колумб Америкаға жүзіп жеткен Санта Мария кемесінен шамамен екі есе үлкен еді11. 1405–1433 жылдар аралығында адмирал Чжен Хе батысқа қарай жеті үлкен экспедиция ұйымдастырып, Үнді мұхитымен жүзіп өтіп, соңында Парсы шығанағына, Қызыл теңізге және Шығыс Африканың жағалауларына тоқтады. Бұл кемелердегі теңізшілер қылмыстық топ өкілдері еді, бірақ флоттарда мұнымен бірге сарбаздар, дәрігерлер, шөптен дәрі жасаушылар, астрологтар, дипломатиялық құрамдағы сарапшылар, арабша және қытайша білетін аудармашылар да болды.

Чжен Хе және оның қол астындағы капитандар компаспен, жұлдыздар сызбасымен және жағалаулар картасымен жабдықталды, Үнді мұхитын бес саусақтай білетін жергілікті мұсылмандардың дайын кеңестеріне құлақ түрді. Ол Қытай білімінің қазынасына да арқа сүйей алды. XІ ғасырда немесе одан да ерте уақытта жеке саудагерлер желкенді кемеге артқан жүктерімен Қытай айлақтарынан Үндістанға, мүмкін тіпті одан ұзаққа жол жүріп, бұл сапарлардан навигациялық және географиялық мәліметтердің бай қорын жинақтап қайтатын. Чжен Хенің алғашқы экспедициясынан шамамен 65 жыл бұрын Марокко саяхатшысы Ибн Баттута Үнді мұхиты жағалауынан оңтүстік-батысқа қарай Каликут айлағында қытайдың он үш үлкен кемесін көрді, төрт палубадан тұратын кеме «бөлмелермен, жатын орындармен және саудагерлерге арналған арнайы бөлмемен және әжетханамен жабдықталған»12 деп жазды.

Чжен Хенің теңіз флоты жағалаудан шығып келеді. Қоладан жасалған жағалау суретінде адмирал кемесінің басқа кемелермен және құрлықтағы ғимараттармен салыстырғандағы көлемі суреттелген. Мин императорлары неліктен мұндай ірі кемелерге қаражат құйды? Бұлардың көлемі ХV ғасырдағы қытай кеме құрылысы технологиясы жайлы қандай ойға жетелейді?

Экспедиция барысында Чжен Хенің флоты, негізінен, сауда-саттықпен айналысты, бірақ басты миссиясы Юнлэ императордың атағы мен ықпалын арттыру болды. Адмирал екінші саяхатынан соң Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия патшалықтарының отыз елшісімен бірге лайық құрмет көрсету үшін императордың алдына келді. Кейбір жағдайларда Қытай қонақтары мен жергілікті тұрғындар қақтығысып та қалатын. Бірақ Чжен Хе ешқандай айлақтарды жаулап алған жоқ және ешбір империя отарларын құрмады.

Юнлэнің бастамасын Патша сарайындағы фракциялардың барлығы қолдамады. 1424 жылы ол өлген кезде қарсы тараптың дауысы өктемірек естілді. Үкіметтегі бюрократ-ғалымдар сарайдағы Чжен Хе сияқты саяси жетістігі де мол, ықпалды әтектерді жек көрді. Бұл шенділер, негізінен, сапарда жүрсе, өзге әтектердің патша алдындағы беделі түседі деген ойда болды. Ал империя қазынашысы экспедиция өте қымбатқа түседі деп уайымдады және мемлекет қаржыны солтүстік-батыстағы шекара аймақтарындағы қорғаныс пен ішкі экономикаға жұмсағаны дұрыс деген көзқарасты ұстанды. Тағы бір фактор ретінде Қытайдың оңтүстігіндегі ормандардың кеме жасау ісіне байланысты көптеп оталуын және ормандардың сиреуі ірі кеме жасау құнын күрт қымбаттатқанын айтса болады. Юнлэнің мұрагері ең соңғы экспедицияға 1433 жылы рұқсат берді, бірақ Чжен Хе де сол жылы қайтыс болды, сірә, кемеде жан тапсырған сияқты. Бұдан соң үлкен кемелер үшін оталған ормандар қайта қалпына келді. Ал кеме жөндейтін айлақтарда алып кемелер қаңырап, ақыр соңында шіри бастады. Мин әулетінің шенділерін алыс теңіз сапарлары қызықтырмады. Шығыс Азияда халық саны мен экономика өскендіктен, қытай саудагерлері ел теңіздеріндегі қозғалыстарын тоқтатпады, батысқа қарай, Малакка бұғазына көбірек тұмсық тіреді.

Оңтүстік Азия: өзгерістің тұрақты бағыты

XІV және XV ғасырларда Оңтүстік Азияның айлақтары әлі де қарбаласып жатқанымен, бұл аймақта халық саны айтарлықтай қысқарды. «Қара өлім» төнген жылдары Үндістанда жаппай індет тарағаны жайлы дәлелдер аз. Бұл жақта адамдар Оңтүстік-Батыс Азия немесе Еуропаны жаппай қырғынға ұшыратқан жұқпалы аурумен байланысы жоқ, жергілікті аймақтық аштық немесе жұқпалы аурудан көз жұмса керек.

Еуропа секілді, Үндістан да аумақ пен ресурстар үшін бәскеге түскен елдердің аймағы болды. XІV ғасырда Солтүстік Үндістандағы Дели сұлтандығын билеуші Мұсылман түркі әскери бектері тұтас субконтинентті біріктіруге ұмтылды. Алайда басқыншылық тоқтап қалды және Темір әскері 1399 жылы Делиді тонаған соң, сұлтандық Солтүстік және Орталық Үндістанды бөліске салған бірнеше монархияның бірі ретінде тіршілігін жалғастырды. Ислам Индтің жоғарғы аңғарында да, Ганг өзені бойында да басымдыққа ие болған дінге айналды, өйткені сұлтандар мұсылман егіншілерді жер өңдеп, қала салуға ынталандырды. Ганг өзені сағасындағы Бенгалия аймағында мұсылмандар саны қарқынды өсті, осылайша қазіргі Бангладештің діни негізін қалады. Сопы мұсылман дін адамдары мен уағызшылары Орталық Үндістанды жаппай аралап, көптеген жерлерде үнді халқына мұсылманшылықты қабылдатты.

Керісінше, субконтиненттің оңтүстік бөлігі саяси тұрғыдан барынша көп шоғырланған әрі индуистер басым көпшілікті құрайтын аймаққа айналды. 1340 жылдары Орталық Үндістанның солтүстігіндегі жартылай құрғақшылық өңірде жеңімпаз әскери топ Виджаянагар монархиясының (vіzh-ah-na-ya-GAR-ah) негізін қалады. Келесі онжылдықта бұл мансапқұмар Үнді патшалығы оңтүстік өңірлерді жаулап алды немесе олардан алым алып тұрды және солтүстіктен мұсылман көпестерді жалдап, жауласушы өңірлерге қарсы бекіністерді атыс қаруы бар артиллериямен жасақтады. Нәтижесінде Виджаянагар қаласына оңтүстік-шығыс жақтағы күріш өсіруші аңғарлардан да, оңтүстіктегі жағалауларға дейінгі ірі сауда жүк тасымалы жерлерінен де кіріс кірді. Алтын және күміс монеталар кең тарады, нарықтық қалалар көбейді және қыстақ тұрғындары мұндай дамуды игіліктеріне пайдаланған сияқты.

Индуизм элитасы бұған қоса астанасы мен басқа да қалаларда таңғажайып храмдар соғуға ауқымды қаржы салды. Бұл құрылыстар Оңтүстік Үндістан техникасы мен стилін және Солтүстік Үндістаннан, кеңірек қарасақ, Ираннан импортталған күмбез бен аркаларды архитектуралық элементтермен шебер үйлестірді. Әйтсе де империя өте еркін ұйымдастырылған жүйеде қалды, дегенмен жергілікті билік өкілдерімен тығыз байланыстың және бүлікшілерге қарсы ауық-ауық ұйымдастырылып тұрған науқандар арқасында билігін ұстап қалды. Қалай болғанда да, Виджаянагар Оңтүстік Үндістанда 1500 жылдардың ортасына дейін басымдыққа ие болды.

Патша пілдерінің қорасы. XV ғасырдағы Виджаянагар билеушілері осы алып ғимаратта соғысқа қатысатын пілдерді арка құрылысымен салған бөлмелерде ұстады. Қора алдындағы ашық алаңқай салтанатты шеру жүретін кеңістік қызметін атқарса керек. Пілдерді ұстау үшін осындай алып, күрделі һәм өте қымбат құрылысты билеушілер не үшін салғызды деп ойлайсыз?

Астрономия және Орталық Мұсылман өлкелерінде империя құру

1405 жылы Темір қайтыс болған соң, көп өтпей оның алып, бірақ әлсіз империясы Орталық және Оңтүстік-Батыс Азияны бәсекелес сұлтандар мен әскери бектердің қолында қалдырып, ыдырап кетті. Бұл осы өңірлердің дамуынан бұрын басталған оқиға еді. Оңтүстік-Батыс Азияда саяси қайшылық пен экономикалық дағдарыс байқалды. Бірақ осы құбылыстың астында екі түрлі динамикалық даму; бірі – өнер мен зияткерлік салада, екіншісі – саясатта байқалды.

Темір әулеті. 1405 жылдан бір ғасыр уақыт өткенсоң, Темір империясының негізгі аймақтарында оның ұрпақтары салыстырмалы түрде едәуір кіші, әйтсе де гүлденген мемлекетті сақтап қала алды. Темір әулетінің негізгі қалалық орталығы қазіргі Өзбекстандағы Самарқанд пен Батыс Ауғанстандағы Герат болды. XV ғасырдың көп бөлігінде бұл екі қала әулеттің солтүстік және оңтүстік бөлігінің өзін-өзі басқарушы ірі астаналары қызметін атқарып келді. Темір әулетінің ханзадалары саудадан және суармалы жерлерден түскен салықты пайдаланып, екі жерде де ғаламат сарайлар салды. Әмір Темірге қарағанда, бұл билеушілердің көпшілігі әскери атақ-даңқтан гөрі, ғылым мен әдебиетке көбірек көңіл бөлді, олардың астаналары мұсылман әлемінің түкпір-түкпірінен ғалымдарды өзіне тартты.

XV ғасырдың алғашқы жартысында Ұлықбек (1447–1449 жылдары билік құрды) Самарқандты өнер мен зияткерліктің орталығына айналдыру ісін қолға алды. Темір Самарқандқа мешіттер мен сарайлар салу арқылы көрік беруді бастап кеткен еді, ал Ұлықбек бұған кемел білім беретін ірі білім ошағын (медресе) қосты, оның ішкі және сыртқы қабырғалары жарықпен бірге жарқырайтын миллиондаған түрлі-түсті тақталармен қапталды. Бұл құрылым дәстүрлі мұсылмандық білім беру бағдарламасын құқық және діни ілімдерден бастап, математика, астрономия, тарих және басқа да ғылым салаларымен кеңейтті. Ұлықбек ғылыми зерттеулерге демеушілік жасады және таңғажайып обсерватория салды. Шынында да, Темір әулетінің ғалымдары алгебра, тригонометрия және астрономияда маңызды жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, астрономиялық кесте түрінде жұлдыздардың барлығын қамтитын каталог жасады, бұл аспан әлеміне қатысты сол уақытқа дейінгі дүниежүзіндегі ең мықты әрі алдыңғы қатарлы географиялық анықтамалық болып есептелді. Келесі ғасырларда Еуропадағы ғалымдар бұл каталогты өз зерттеулерінде маңызды кілт ретінде қолданды.

Самарқандтағы обсерватория. Ұлықбектің заманында іргесі қаланған өзге ғимараттар секілді, обсерватория да әдемі болды және арнаулы міндет атқарды. Қазір бұл құрылыс үйіндіге айналған, бірақ XV ғасырдағы мына акварель сол дәуірдегі ең мықты обсерватория қандай болуы керек екені жайлы түсінік бере алады. Арада төрт ғасыр өткен соң да бұл ғимарат еуропалық суретшіге неліктен соншалықты маңызды болды?

XV ғасырдың екінші жартысында Герат алдыңғы қатарлы космополиттік орталыққа айналды. Өнер мен дизайндағы парсы мен қытай элементтерін араластырып, Гераттағы зияткерлік элита сурет салу мен каллиграфияда, әсіресе иллюстрациялы кітап өнерінде ілгеріледі. Герат пен Самарқандта ақындар мен жазушылар түркі тілі саналатын шағатай тілінде, парсы және араб тілінде де жазды. XV ғасырда Гераттың атақты ақындары Жәми мен Науаидің беделі асқақтады. Олар қазір де даңқты ақындар қатарында аталады. XVІ ғасыр басында саяси қиындықтар, билік пен байлықтың басқа астаналарға көшуі Самарқанд пен Герат мәдениетін әлсіретті, бұған қарамастан олар Оңтүстік-Батыс Азия мен Үндістанның арасындағы сауда торабының маңызды орталығы боп қала берді.

Осман түрік мемлекеті. 1300 жылы Оңтүстік-Батыс Азия аймақтарының ішінде ең көп саяси оқиғаларға толы аймақ – Анадолы (қазіргі Түркия) болды. Иран мен Иракқа орныққан моңғолдар Анадолының шығыс бөлігіне шектеулі құзыретпен билік жүргізді. Түрік бейліктері Батыс Анадолыны бөліп алды және христиан Византия монархиясы Босфор бұғазы арқылы шығатын шағын аумағы – грек астанасы Константинопольдің арқасында өсіп-өркендеді. Бірақ XІV ғасыр барысында бұл сипат түбегейлі өзгерді. Мұсылман жауынгер сұлтандардың шежіресі саналатын, кейін Осман әулеті ретінде танылған Осман билігі Анадолының көп бөлігінде ғана басымдыққа жетіп қойған жоқ, бұған қоса, Еуропадағы Балқан түбегіне дейін ұлғайды. Анадолының грекше сөйлейтін христиан өңірінен түрікше сөйлейтін мұсылман топырағына айналуы – XІ ғасырда түрік миграциясынан бастау алып (12-тарауды қараңыз), Осман экспансиясының ұлғаюымен қарқындай түсті.

Түрік қолбасшысы Осман (1281–1324 жылдары билік құрды) жаңа мемлекеттің негізін қалады, оның мұрагерлері Орхан (1324–1360 жылдары билік құрды) мен І Мұрат (1360–1389 жылдары билік құрды) Анадолыдағы бәскелес сұлтандықтарды жеңді және әуелі қуып шығып, артынан Балқанның ішкі жағындағы христиан жерлерін жаулап алу үшін Дарданелл арқылы атты әскерін аттандырды да, аймақтық күшке айналдырды. Осман әскері олжа мен құлдарды қолға түсіргендіктен, жауынгер санын арттырды, жаулап алған елдерден де қатарға қосылушылар көп болды. Ерте кездегі Моңғол империясындағы жағдайдағыдай, әр әскери жеңістің артынан бұрынғыдан да артық жеңістер ілесіп отырды. Ғасыр соңында империя христианданған Болгарияны жұтып қойды және Сербия корольдігін тәуелді етті. XV ғасыр соңында грек жылнамашысы Критоволос Еуропаны Осман әулетінің жаулауын сипаттай отырып: «Осылайша олар жазыққа енді және оларға қарсы тұратын ешқандай кедергі қалмады. Олар тұтас мемлекетті басып алды, қыстақтарды тонады, қалаларды жаулады, қамалдарды қиратып, әскерді тас-талқан етті және көп халықты бағындырды»13, – деп жазды.

Екпінді әрі азат жас империя дами түсті, дегенмен бұл жетістік керемет ұйымдасқан орталықтанған әкімшілік басқару жүйесінің арқасында емес, сұлтандардың жергілікті бектермен кеңесіп отыратын біліктеріне байланысты жүзеге асты. Ғазауат деп аталатын, олжаны жинап және үлестіретін түрік соғыс дәстүрі әрі әскери шабуылға қатысты «намыс кодексі» тәртіптерін енгізді. Бұған қоса, грек христиан ақсүйектері мен олардың атты рыцарьлары айтарлықтай мөлшерде Осман жаулаушы әскеріне қосылды. Түрік әскері немесе ғазилері олжа мен жер бөліп беруді уәде еткен әміршінің сенімді тұлғасының айналасына топтасты. Шекара күзетіндегі ғази сарбаздар ешкімге бағынбады әрі пайдакүнем болды, империяға шын берілген жақтастар құру үшін жанталасты және тәртіпке бағынғысы келмеді.

XІV ғасырдың соңында І Мұрат бұл мәселені тұрақты кәсіби әскер жасақтау арқылы шешті. Мұны іске асыру үшін Балқандағы христиан отбасылардың дені сау балаларын қажеттілікке сай үш жылдан жеті жылға дейін әскерге дайындау үшін асырап алу жүйесін іске қосты. Бұл жаңадан қатарға алынғандар янычарлар127 деп аталды. Сұлтанның құлдары ретінде заңды мәртебеге ие болды. Түрік әскери әулетінің мүшелерімен салыстырғанда, христиан шаруаларының балалары ретінде бұл әскерге шақырылғандар Осман саясатында үлестері болмады немесе жасанды жауластыққа берілмеді, тек қана билеушіге адал болды. Бұған қоса, христиан отбасылар балаларын жоғалтса да, арыздана алмады. Ал әскер қатарына алған кейбір жігіттер Осман мемлекетінде жауапкершілік жүктейтін және ықпалы жоғары қызметтерге дейін көтерілді. Жас янычарларға исламды қабылдауға тура келді, ал әскери және әкімшілік қызмет алардан бұрын қатал дайындықтан өту міндеттелді. Дәл осы уақытта Осман мемлекеті сыбай (сипахи) деп аталатын өте қуатты атты әскер полкын жасақтауды бастады. Бұл полк бөлімшелері шалғай аймақтардағы қыстақтар тәртібін қамтамасыз етті және бұл атты әскердің сардарлары осы қызметі үшін қыстақтардың белгілі бір санынан өз есебіне салық жинау құқығын алды.

Константинопольді басып алу. Балқанға басып кіру үшін Босфор мен Дарданелл бұғазын кесіп өткеннен бір ғасырдан соң Осман әскерлері Византияның ұлы бастионы саналатын Константинопольді не айналып өте, не бұзып кіре алмады. Олар грек билігіндегі жерлердің түгелге жуығын жаулап алды және XV ғасыр басында Византия императоры қоршауда қалды. Ақыры, 1453 жылы Жеңімпаз деген атақ алған ІІ Мехмед сұлтан (1444–1446 жылдары және 1451–1481 жылдары билік құрды), үш қамалды бұзып өтті, атыс қарулы атты әскер мен мылтық қолданды. Грек тарихшысы жеңіс сағаты жақындаған сәтті былай сипаттады:

«Күн батуға таяп, қас қараяр алдында османдардың таңы атып келе жатқаны байқалды. Жаудың жүзі де сәуле шашып тұр еді... Әуелі олар ауыр артиллерияны іске қосты, садақшылардың жебелері, сақпаннан, зеңбірек пен мушкеттен атқылаған темір, қорғасын доптар да тоқтады. Сосын олар айбалта, қылыш пен найза алып, қоян-қолтық ұрысқа кірісті де, ашу мен ызаға булығып, долылықпен бір-біріне қаруларын аяусыз кезеді, бір-бірін қидалап кескіледі... Екі тараптан да жараланғандар көп болды, жан тапсырғандар да аз емес еді»14.

Мехмед қаланы тонаған әскерін үш күн бойы тежемеді, олар христиан тұрғындардың көп бөлігін өлтірді немесе құлдыққа алды. Әйтсе де Мехмед бұрынғы моңғол жаулаушыларына еліктеп, бұл қырғынды тоқтатуды бұйырды және дереу қайта қалпына келтіру жұмыстары мен қала халқын Осман астанасының тұрғыны қылу жолына кірісіп кетті. Мысалы, сұлтан мұсылман, грек, рим және итальян элементтерін үйлестіре қолданған ерекше салтанатты Топкапы сарайын салу үшін итальяндарды және әртүрлі сәулетшілер командасын жалдады. Батыс Еуропа билеушілері ұлы христиан қаласының тізе бүгуін есеңгірей әрі қорқынышпен қарсы алды, бірақ көп өтпей олар жаңа режиммен дипломатиялық қатынас орнатты. Осман империясы Еуропа, Жерорта теңізі алабы мен Оңтүстік-Батыс Азияда келесі 450 жыл бойына басты рөлді ойнайтын болады.

Османдықтардың Константинопольді басып алуы. XV ғасырдағы Француз хроникасындағы бұл иллюстрация қаланы бақылауға алуға деген соғыстың қарқынын байқатады. Он ғасыр бұрын император Феодосий салдырған қала қамалдарын бағындыру үшін Осман флоты мен құрлық әскері сатыларды қолданып жатыр. Суретшінің алған әсері осы соғыстың қай қырын айқынырақ танытып тұр? Суретшінің жаулаушы османдар мен қоршауда қалған византиялықтардың қай-қайсысына болсын көңілі ауып тұр ма?

Янычарлар – Осман түріктерінің элиталық жаяу әскері. Негізінен, Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы христиан отбасыларының балаларынан жасақталды.

Еуропадағы қайта қалпына келтірудің мәні

1450 жылдан соң Еуропа халқының саны қайта өсе бастағанына қарамастан, ондағы қалалардың көбі осы кезеңге дейін де жаңа күш-жігер бұлқынысын танытқан еді. Індеттен аман қалған қала тұрғындары еңбегі, өндірген өнімі мен кәсіби білігі үшін бұдан да жоғарырақ пайда таба алатынын түсінді. Олардың азық-түлік, сән-салтанат, бизнес пен жекеменшікке қаржы құюға қажет ақшалары көп болды. Тұтынушылар жоғары сапалы өнімдердің алуан түріне сұраныс туғызды, бұл Еуропа индустриясын да, импорттық сауданы да жақсартты. «Қара өлім» тұсында түгелге жуық тоқыраған Еуропа банк жүйесі қайта гүлденді. Флоренция басты қаржылық орталыққа айналды. Флоренция, Венеция, Кельн, Париж, Брюгге, Лондон және өзге де қалалардағы әлеуметтік ауқатты әулеттер ауқымды байлыққа кенелді.

Буржуазия, яғни ақсүйек емес меншік иесі табының өкілі, бизнестің жетістіктерін тиімді пайдаланып, зәулім үйлер салды, балаларының сапалы білім алуына жағдай жасады және артықшылыққа ие мырзалар мен төменгі жұмысшы таптың арасында көрнекті әлеуметтік сатыны иеленуге мүмкіндік алды. Қала әйелдері де оба індеті жайлаған кезеңнен соң белгілі бір деңгейде әлеуметтік және мәдени мәртебеге қол жеткізді. Мардымсыз еңбек дегеніміз – «әулет басында тұрған еркек кіндікті зауқы соқпаса да әйелге үй шаруашылығы мен қолөнер істерін жүргізуге үлес қосуға мүмкіндік беру» дегенді білдірді. XV ғасырда қаланың да, қыстақтың да әйелдері әжептәуір еркіндікке қол жеткізіп, тоқымашы, жіп иіруші, мұғалім және іскер әйел ретінде ақша табуға мүмкіндік алды. XV ғасырдағы әдеби шығармалар ана болу мен әйел табиғатының мәдени құндылығы жайлы жаңаша көзқарастарды паш етті. Ерлерге қатысты барша кие атаулы абырой-беделден жұрдай болғандықтан (әсіресе, Папа Авиньоннан бас тартқан соң) және «Қара өлімнің» белгілі бір деңгейде психологиялық түнегі сақталғандықтан, әйелдер көбірек жол бастайтын рухани жетекші һәм реформатор бола бастады. XV ғасырдағы адамдардың жеке ішкі әлеміне сүңгіп, Құдайдың, Исаның және Мәриям ананың мейіріміне сусағанда, бұған қоса көпшіліктің қызметіне жегіліп, қарапайым өмірге ұмтылғанда, христиан құлшылық тәжірибесі исламдағы сопылық үрдісінің көптеген бағыттарымен үндес болды. Мистик әйелдер арасынан Сиеналық Катерина (1347–1380) тұтас Еуропада даңққа бөленді, ол жазбаларында рухани жаңғыруға және шіркеуді реформалауға шақырды. Тақуа ретінде ол өзінен баз кешкені соншалық, мүмкіндігінше аз тамақтанып, аз ұйықтады, бұл әдет Катеринаның өмірден ерте, яғни отыз үш жасында кетуіне себеп болған да шығар.

Сиеналық Катерина. Доминикан монахтар орденімен байланысты қауымдастық өкілі – Катерина мистикалық тәжірибе туралы, мұның ішінде Исамен рухани некесінің қиылғаны жайлы баяндады. Ол саяси ықпалға да ие болды, Флоренция мен Рим арасындағы соғысты тоқтатуға барын салды және алпыс сегіз жыл Францияның қол астында боп келген Папа сарайын Авиньоннан қайтадан Римдік Ватиканға көшіру үшін Папа XІ Грегорийді үгіттеді. 1462 жылы салған осы суретте итальян суретшісі Катеринаны қалай бейнеледі деп ойлайсыз?

Корольдік билік. Еуропадағы елдердің бірнешеуі 1350 және 1500 жылдар аралығында өсіп-өркендей бастады (15.4-картаны қараңыз). Шіркеудің мазасыздануы, жергілікті ақсүйектердің кіріс көзінің азаюы және XV ғасырдағы экономиканың қайта жандануы қабілетті де менмен билеушілерге өз билігін батыл қорғауға мүмкіндік берді. Италияның ығы-жығы князьдік иеліктері мен қала-мемлекеттерінен 1300 жылдары түбекке шоғырлана орныққан бес мемлекет пайда болды: оңтүстікте – Неаполь корольдігі, Римге шоғырланған Папа мемлекеті және солтүстіктегі қала-мемлекеттер – Милан, Флоренция және Венеция. Бұл бесеуі басымдыққа ие болып, әлсіз қалалар мен шағын мемлекеттерді жұтып қойды.

15.4-КАРТА. Еуропа. 1455 жыл

XV ғасыр ортасында Еуропа елдерінің көпшілігі гүлденді. Италия түбегіндегі қалаларда XV ғасырда бейнелеу өнеріне қатысты ерекше қаржылай демеушілік жасауды қандай географиялық факторлар түсіндіре алады?

Франция, Англия, Испания және Португалия корольдіктерінің барлығы билікті король тағына шоғырландырды. Француз және ағылшын монархтары ірі әскер мен көп шенді ұстау үшін қол астындағы халыққа салатын салықтың жаңа түрлерін ойлап тапты. Кейде қамалдарды бұзу үшін зеңбіректерді қолдана отырып, жергілікті лордтарды бағындырды және корольдік бюрократтарды өзіне тікелей бағынышты етіп қойды. Франция тұрақты кәсіби әскер ұстау үшін ауқымды көлемде қаражат жұмсады, әскерді атты әскер бөлімшелерімен жарақтап, бағынбайтын герцог пен бүлікшілердің жетекшілеріне ешбір үміт қалдырмады. Англия XV ғасырдың соңына таман Раушангүлдер соғысы деп аталған өте қайғылы азаматтық соғысты бастан өткерді, бірақ Тюдор әулетінің алғашқы королі VІІ Генри (1485–1509 жылдары билік құрды) мемлекетті бюрократиялық тиімділіктің жаңа сатысына алып шықты. Иберияда кастилиялық королева Изабелла (1474–1504 жылдары билік құрды) және арагондық король Фердинанд (1479–1516 жылдары билік құрды) 1469 жылы екі корольдікті әулеттік некемен байланыстырып, ықпалды одақ құрды. Атлантика бойында Португалия корольдігі де орталықтанған мықты әкімшілік басқару жүйесін түзді. Осы мемлекеттердің барлығы да жоғарғы билікті нық орнықтырды, дегенмен құрамына ақсүйектер мен епископтар, кейде қала басшылары мен қарапайым бай тұрғындар да кіретін әртүрлі кеңесуші органдармен ақылдаса отырып басқарды. Англияда ғана мемлекет басшысы ресми түрде билікті өкілетті органмен бөлісті. XІV ғасырда Парламенттегі қауымдар палатасы (12-тарауға қараңыз) шын мәнінде заң шығарушы органға айналды, түрлі заңдар шығарды және монарх жаңа салық түрін енгізуден бұрын, рұқсат сұрауға міндетті болды.

Польша–Литва аумағы үлкен монархия ретінде Еуропада бой көтерді. 1385 жылы королева Ядвига (Jadwіga) екі корольдікті біріктіру үшін Ұлы Литва герцогіне тұрмысқа шықты. Бұл мемлекет Балтық жағалауларынан Моңғол Алтын Орда мемлекетінің жайылым жерлеріне дейін созылып жатқан ауқымды аймақты жеке-дара билеуге ұмтылды. Бұрынырақта пұтқа табынған литвалықтар католик христиандығын тез қабылдады. Әсіресе Польшада урбанизация, сауда және сапасы жоғары білім беру қарқынды дамыды, бұған неміс мигранттардың тоқтаусыз ағыны мен «Қара өлім» кезіндегі мыңдаған еврей отбасыларының Батыс Еуропадағы қуғын-сүргіннен қашып келуі әсер етті. Әйтсе де Батыс Еуропадағы үрдіспен салыстырғанда, жергілікті поляк, литва және неміс ақсүйектері империя аумағында ауқымды билік күшін сақтап қалды. Империяның салмақты көлеміне қарамастан ауыл шаруашылығы дамыған өңірлерде король үкіметінің бақылауы салыстырмалы түрде әлсіз болды. Орталық Еуропадағыдай, Қасиетті Рим Империясы Габсбург әулетінің егемендігінің аясында тіршілігін жалғастырды, бірақ император шектеулі билікке ие болды және, негізінен, Германия герцогтарының аймақтық билігін заңды ету үшін қызмет атқарды.

Италияның қайта өрлеу дәуірі. Ерте уақыттан бері белгілі бір тарихи кезеңдерде кейбір қалалар басқалармен салыстырғанда жедел өркендеді. Б.з.б. V ғасырда – Афина, б.з. ІХ ғасырында – Бағдат және ХІІ ғасырда – Ханчжоу бүкіл әлемдік қиял күшінің қазынасына қосылған өнер, әдебиет және ғылымда инновациялар тудырды. ХІV–XV ғасырларда Бейжің, Виджанаягар, Дели, Самарқанд және Каир Афроеуразияның зияткерлік пен шеберлік ұштасқан ең мықты орталықтары саналды. «Қара өлімнен» кейінгі онжылдықта да Солтүстік-Орталық Италиядағы Флоренция – Еуропаның мәдени кемеңгерлігінің жанданған орталығы ретінде бой түзеді. Осы жерде 1330 жылдары басталған, кейінірек тарихшылар Ренессанс немесе «Қайта өрлеу» деп атаған бұл қозғалыс Италияның басқа да қалаларына жылдам тарады және түрлі нұсқа мен өрнекте тұтас Еуропаға да жайылды.

Арно өзені аңғарындағы Тоскана төбелерінің арасында орналасқан Флоренция XІV ғасыр соңында біршама тұрғындарынан айырылып қалғанына қарамастан, мәдени әртүрліліктің құрамын дұрыс үйлестіре отырып, жетістікке жетті. Ол өнер мен әдебиеттің өршіл жобаларына қолдау көрсетуге лайық өндіріс, сауда және банк жүйесінің жеткілікті байлығына иелік етті. Осы кезеңде артық дәулетке ие және қала мәдениетінің талғамына жетік элита адамдарының қаржылық көмегінсіз ешбір қала өнер немесе ғылымда жетістікке жете алмас еді. Көбіне қала билеушісі немесе мемлекет мәдениеттің демеушісі болды. Бұған Самарқандағы Ұлықбекті мысалға алуға болады. Флоренцияда сегіз мың немесе соған жақын ең ауқатты отбасылар, мұның ішінде Медичи банкінің иелері саналатын әулет те бар, өнерге стипендия тағайындаумен, қолданысқа енгізу жобаларымен, мүсін, сурет және басқа да өнер туындыларын сатып алумен қолдау көрсетіп отырды.

XV ғасыр соңындағы Флоренция. Қамалмен қоршалған қаланы Арно өзені бөліп жатыр. Филиппо Брунеллески аяқтаған Дуомо кафедралын табыңыз.

Флоренцияда бай ақсүйектер мен көпестер атақ пен абыройдың бір бөлігі өзіне тиесілі болатынына сенгендіктен, өнер мен ғимарат құрылысына ақша жарату үшін бір-бірімен жарысқа түсті. Қаланың атақ-даңқының аспандай түсуіне орай, Еуропаның әр тарапынан суретшілер мен жазушылар сонда ағылды. Италияның өзге маңызды қалалары да өздеріне назар аудартуға тырысты, олардың кейбірі Флоренцияның саяси дұшпаны болды. Ақындар, суретшілер және мықты сөз ұсталары кітап іздеп, демеуші табу үшін пікірлес, мүдделес жандармен пікір алмасу үшін бір қаладан екіншісіне сапар шекті. Мәселен, Милан, Сиена, Рим, Венецияға барды. XІV ғасыр соңында италиялық идеялардан қуат алған мәдени қарым-қатынас торабы Португалиядан бастап Польшаға дейінгі аралықта көзі ашық, сауатты адамдардың барлығын қамту үшін тұтас Еуропаға тарады. Флоренцияға шоғырланған мәдени қозғалыс гуманизм128 деп аталатын көп қырлы философияның маңайында топтаса көрініс тапты. Қазір бұл сөз әдетте адамға бағытталған, діннен ада қарым-қатынас немесе өмір сүру дағдысы саналатын секуляризммен байланыстырылады. Әйтсе де алты жүз жыл бұрын гуманизм, негізінен, ежелгі Римнің, бұған қоса Грекияның әдеби һәм эстетикалық жетістіктерін іздеп тауып, қайта жаңғыртуға арналған жоба болатын. Байқампаз италиялықтар барлық жерден Римнің үйінділерін көрді, олар классикалық өркениеттің бұдан да көп жазбасы әлі де шіркеу, монастырь және сарай жертөлелерінде жатқанын білді. Гуманистер ескі білімді қайта қалыптастырғысы, сұрыптағысы немесе талдап түсіндіргісі келетіндер гуманизм тағылымын (studіa humanіtatіs) алуы шарт дегенді алға тартты, яғни грамматика, риторика, поэзия, мораль, философия мен тарих секілді «гуманизм» салаларынан сабақ алу керек еді. Олар «өткен ғасырларда Еуропа өндірген барлық дүниені моральдық және интеллектуалды тұрғыдан басып озған бұл пәндер жастарға білім берудің негізі болуға тиіс және ежелгі даналықты қайта қалпына келтіруге бағытталуы керек» деді. Классикалық мәдениетті қайта өрлеткен үш маңызды пионер де Тосканадан шықты. Эпик ақын Данте Алигьери (1265–1321), лирик ақын Петрарка (1304–1374) және классикалық ғалым һәм жазушы Боккаччо (1313–1375) – үшеуі де шығармашылық еңбек жолын ескі әдебиет пен философиялық жазбаларды іздеп табуға, талдап түсіндіруге, классикалық өнерді қайта жаңғыртуға арнады.

Гуманистер көп идея ұсынды. Олар грек және рим жетістіктерін моральдық ойлау мен мінез-құлықтың қажетті қозғалыс нүктесі деп санады. Олар «адамдар діни міндеттерін орындау үшін ғана емес, өзін білім мен конструктивті ойлау арқылы тұлға ретінде дамытуға да жауапты» деген ойды алға тартты. Ежелгі Рим республикасын модель ретінде алған гуманистер Еуропаның ешбір жерінде шынайы демократиялық республика болмағанына қарамастан, қоғамдық қызметті моральдық міндет ретінде көрді. Классик әрі дипломат Никколо Макиавелли (1469–1527) «Билеуші» деген кітабында билеушілер Италияны жаулап алғысы келетін шетелдік басқыншыларға қарсы күш біріктіргісі келсе, христиан моралін емес, қатал прагматизмді басшылыққа алуға тиіс деді. Макиавеллидің гуманизмі саяси белсенділікті айрықша атап көрсетті, республикалық қала-мемлекеттердің азаттығы мен тұтастығын қорғау үшін күш қолдану мен өтірік айтуға да басымдық берді.

Қайта өрлеу дәуіріндегі адамдар Рим шіркеуінен көрген жемқорлық пен догматизмге қатысты көп сын айтты. Сол дәуірдегі мұсылман ғалымдары мен философтарына қарағанда гуманист ғалымдар қалыптасқан білім беру орталықтарына емес, көмек үшін ең алдымен князь сарайлары мен ақсүйек әулеттерге басымдық беріп, соларға жақын болуға тырысты. Олар Еуропа университеттеріне тар түсініктегі теологтар мен заңгерлердің ортасы ретінде қарады. Әйтсе де соңында гуманизм идеялары университеттерге де енді.

Итальян қайта өрлеуі өнер мен қолөнердің барлық саласын жаулап алды. Донателло (1386–1466) секілді дәуірдің дарынды мүсіншілері және сарқылмас шығармашылық әлеуетке ие әрі ұзақ өмір сүрген Микеланджело (1475–1564) мәрмәр мен қоладан биік талғамды табиғи бейнелерді жасау үшін классикалық модельдерді жан-жақты зерттеді. Тараудың бас жағында жазғанымыздай, Мазаччо секілді ерте кездегі Ренессанс суретшілері жаңа техникалар мен перспективаларды қолданып, нағыз үшқырлы әлемді түзуге ұмтылды. Суретшілер мұнымен қоса, тек христиандық дүниелерді ғана салған жоқ, тарихи, мифологиялық және күнделікті зайырлы тақырыптарды да қолға алды. Филиппо Брунеллески (1377–1446) секілді сәулетшілер шіркеулер салды және Рим инженериясын қисынды жаңа техникалармен ұштастырған басқа да алып ғимараттар тұрғызды. Мысалы, Флоренцияның ұлы кафедралының (Дуомо ретінде танымал) үлкен күмбезін саларда, ол конструкцияда тірек қызметін атқарушы қабырғаларға түсетін салмақты азайту үшін негізінде бірі екіншісінің ішіне кіріккен және бір-бірімен жалғасқан екі күмбез тұрғызды.

Осыған ұқсас ғажайып жетістіктер қазіргі күні таным көкжиегі кең әрі білігі жоғары кісіге айтылатын «Ренессанс адамы» деген сөз тіркесін тудырды. Бұл шынымен де ерлердің әлемі болды. Гуманизм идеологиясы қала әйелдеріне үй шаруасын дөңгелетуді жетілдіру мен қоғамды безендіруден басқа, танымал болуға көп мүмкіндік бермеді. Дегенмен біраз әйел өнерде танымал болды, суретші, каллиграф және кітап авторы ретінде олардың кейбірі эстетикалық талантын қолданды. Бұдан басқа, жоғарғы тап әйелдері ер суретші және ғалымдарға сахна артында тұрып қамқорлық танытты. Ерте кездегі гуманистер арасынан Кристина де Пизан (1364–1431) есімін айтуға әбден болады. Франциядағы король V Карлдың сарайында өмір сүретін итальян астрологының қызы, күйеуі қайтыс болғаннан кейін әртүрлі ақсүйектердің қамқорлығымен поэзия, өмірбаян және саяси трактаттар жазуды табыс көзі етті. Әйелдерді баяу әрі оғаш деп таныған ортағасырлық таптаурын түсініктерге қарсы оның жігерлі жазбаларын мысал ретінде көрсету үшін қазіргі тарихшылар оған қатты назар аударады.

Италиядан тыс аймақтардағы Ренессанс. Ренессанс қозғалысының өнері мен идеялары ХV ғасыр соңында Италиядан Еуропаның қалған бөлігіне баспа ісі технологиясымен бірге тарады. ХV ғасырда ең алғашқы баспалар Библиялар, катехезистер және діни насихаттар шығарды. Бірақ көп өтпей сауатты еуропалықтар поэзия, әңгіме, тарих, классикалық шығармалар, ғылыми еңбектер мен жарнамалық кең форматты басылымдарды талап етті. 1500 жылы, яғни жылжымалы металл баспа ойлап тапқаннан соң, небәрі жарты ғасырдай-ақ уақыт өткенде, баспадан 6 миллионнан 15 миллионға дейінгі мөлшерде кітап жарық көрді. Бұл кітаптардың көпшілігі латын тілінде емес, жергілікті халықтың ана тілдерінде шықты. Осылайша, ХVІ ғасырда механикалық жолмен баспадан шыққан кітаптар даналық пен ақпарат атаулыны топтап шығаруға мүмкіндік беретін төңкеріс алып келді.

Орта ғасырларға Қайта өрлеу эволюциялық жолмен Италия шеңберінен шығып, Батысеуропалық құбылысқа айналды, бірақ бұдан да кеңірек ойлап, қайта өрлеу дәуірін Жерорта теңізі әлеміндегі құбылыс ретінде қарастыруымыз қажет. Гуманистер еуропалықтар ұмыт қалдырған ежелгі ғылым-білімнің мол мұрасына қоса, мұсылман және Византия қалаларымен қарым-қатынас барысында Еуропаға жеткен философиялық және ғылыми жазбаларды қолданды. Платон, Аристотель, еврей философы Маймонид және көптеген мұсылман философтарының еңбектері гуманизм пайда болған уақытта Еуропаның зияткерлік кітапханасының бір бөлігі болып үлгерген еді. Арабша кітаптар, мұсылмандық мата өнімдері, өнер туындылары, дизайн, сәулет және дәмді ас мәзірі жайында көптеген идеялар Италияға толассыз ағылды. Византиялық саяхатшылар мен грек православие шіркеуінің елшілері Римге көбіне ежелгі грек мәтіндерінің көшірмелерін ала келді. Қайта өрлеу дәуірінің алғашқы кезеңіндегі суреттерде мұсылман философтарының бейнелері, Мысырдың пейзаждары, араб жазуларының нақыштары мен Сирия кездеме бұйымдары дизайнының болуы еш таңданарлық жайт емес.

Латын христиандары Константинопольдің 1453 жылы түріктерге өтуін қайғыра қабылдағанымен, жаңа Осман астанасы лезде Ренессанс алмасуларының қатысушысына айналды. ІІ Мехмед сұлтан Еуропадан баспадан шыққан кітаптарды жинап, бұған дейінгі араб және парсы тіліндегі әдебиетпен жарақталған кітапханасын толықтырды. 1479 жылы итальян суретшісі Джентиле Беллини (1429–1507) Мехмедтің Ренессанс стиліндегі портретін салды. ІІ Баязид сұлтан (1481–1512 жылдары билік құрды) Микеланджело мен Леонардо да Винчи екеуін де қызмет етуге шақырды, бірақ екеуі де сұлтан құзыретіне барған жоқ. Римдегі Әулие Петр шіркеуі ежелгі нақышымен 1506 жылы Константинопольдің Айя-Софьясының көшірмесі ретінде бой көтерді. ІІ Мехмед бұл византиялық салтанатты шіркеуді әлдеқашан мешітке айналдырып жіберген еді. Осман империясы мен Еуропа Ренессансы арасында жанданған мәдени қарым-қатынас ХVІ ғасырда да жалғасын тапты. Тіпті түрік және христиан әскерлері Оңтүстік-Шығыс Еуропаға бақылау орнату үшін қанқұйлы соғысқа кіріскен кезде де бұл мәдени қарым-қатынас жалғаса берді.

ІІ Мехмед сұлтанның портреті. Венеция суретшісі Джентиле Беллини бір жылын Стамбұлда өткізді. Мұнда ол Осман билеушісін патша шапаны мен сәлде келген қалпында салды. Картинадан мұсылман өнерінің элементтерін анықтай аласыз ба?

Қорытынды

Ұзақмерзімді тарихи жолдан қарасақ, XІV ғасырда Афроеуразияны шарпыған демографиялық дағдарыспен қоса қабат өрбіген барлық апаттар – нашар ауа райы, індеттер мен соғыстар қара түнек болса да, соншалықты қорқынышты емес сияқтанады. Өткеніміздегі 200 мың жылда дүниежүзіндегі халық саны кейінгі үш ғасырға дейін ұдайы артып келді. Бірақ үш ғасырдан бері қарай өте қарқынды жылдамдықпен өсті. Осылайша 1300 жылдары басталған демографиялық және экономикалық құлдырау – үнемі қайталана отырып, көп ұзамай тоқтайтын, ұзаққа созылып келе жатқан үрдістің бір үзігі ғана болып қалды.

XІV ғасырдағы апат бізге өте алапат боп көрінеді, өйткені бұрынғы тоқыраулармен салыстырғанда бұған қатысты бай құжат қорына иеміз. Бұл апаттың болған себебі сол ғасырда Афроеуразиядағы адамзат қоғамының шиеленіскені соншалықты, демографиялық қарқынды үлкен топалаң күтіп тұрғаны сөзсіз еді. Трансжартышарды қамтыған жұқпалы індет, моңғол билеушілері келе сала күшейткен айырбас торабы бір адамнан екіншісіне жұқпалы микробты дала, жазық, тау және теңіз арқылы жұқтыра алатын жағдайда еді.

XІV ғасырда экономикалық өсім Афроеуразияның көп бөлігінде қайта байқалды. Чжен Хе саяхаты Оңтүстік теңіздердегі сауда-саттықтың таңғаларлықтай гүлденгенін паш етті. Жоғары дәрежелі қытай кемелері дүниежүзілік мұхит аралап жүзуге айтарлықтай ыңғайлы болды. Бірақ Қытай шенділері 1433 жылдан соң мұндай саяхатқа бұдан былай үлкен қаржы сала алмаймыз деп шешті. Осы арада Батыс Еуропада экономикалық жағдай жақсарды, кеме құрастырушылар біртіндеп өзгерістер жасап, тым үлкен емес, есесіне, желкенмен жүзетін кемелер жасады, балық аулауға ыңғайлы жер мен Солтүстік Африка, Сахараға дейінгі жағалаулардың сауда мүмкіндіктерін зерттеу үшін сапарларға шықты. Итальян, португал және испан теңізшілері Үнді мұхитын кесіп өткен азиялық және африкалық саудагерлер секілді, теңіз жолы саудасы, сөз жоқ, белгілі тораптармен болса да дами береді деп ойлады. Жиһанкез, космополит афроеуразиялықтар әлем бізге тиесілі деп санады. Оларда Америка жайлы ешбір түсінік болмады.

Гуманизм – XІV–ХVІ ғасырларда грек және рим өркениетін қайта ашуға, зерттеуге және қайта тұжырымдауға арналған Еуропадағы қозғалыс.

Кітаптың соңындағы анықтамалар бөлімінде осы тарау бойынша қосымша ақпарат таба аласыз.

Глоссарий

А

Абсолютизм – монарх Құдіретті биліктің талассыз және бірден-бір иесі ретінде бекіген саяси доктрина. Австралопитектер – жойылып кеткен, қаңқа қалдықтары Африканың шығысынан табылған ең ежелгі екі аяқты гомининдердің бірнеше түрі. Автаркия – экономикалық тәуелсіздік пен өзін-өзі қамтамасыз етуді, әсіресе сыртқы сауда мен көмекке тәуелділіктен азат болуды мақсат еткен мемлекет; сондай-ақ автаркиялық ел. Авторитарлық монархия – басқарушы тобы халықтың негізгі бөлігіне билік жүргізуді талап ететін, патша, патшайым немесе император басқаратын мемлекет. Аграрлық қоғам – тіршілікке қажет мөлшердегі және артық өнімнің негізі егіншілік, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы құраған қоғам. Аграрлық революция – табиғат берген азықты жинау сатысынан биіктеп, тұтыну үшін өсімдіктерді жерсіндіру мен жануарларды қолға үйрету арқылы өнім алу сатысына өту. Алым-салық (trіbute) – бір топтың екінші топқа, көп жағдайда басқыншыларға бағыныштылық немесе адалдық міндеткерлігі ретінде бағынышты топтың қаржылай немесе заттай төлейтін құны.

Ана тілі – белгілі бір аймақ халқы сөйлейтін жергілікті тіл. Антропоцен – биосфераны адамзат өзгерткен, XІX ғасырда басталған дәуір. Апартеид – Оңтүстік Африкада 1948 жыл­дан 1994 жылға дейін қолданылып кел­­ген саяси-құқықтық жүйе. Бұл жүйе көпшілік халықтың арасындағы ақ нәсілді азшылық топтың үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталды. Ата-анаға құрмет (fіlіal pіety) – ата-анаға және бүкіл ата-бабасына баланың ізет танытуы. Аутсорсинг – жұмыстың сырттағы мердігерге, оның арасында шетелдік компанияға көшірілуі арқылы шығындарды азайтуды меңзейтін бизнес практика. Ауылшаруашылығы салығы (taxfarmіng) – төлем төлеу немесе жиналған салықтың белгілі пайызын төлеу есебінен үкіметтің салық жинау құқығын жеке индивидке немесе топқа беретін салық салу жүйесі. Афроеуразия – көрші аралдар және Африка мен Еуразияның жер бедерін тұтас кеңістік деп қарастыратын атау.

Ә

Әлемдік дін – доктриналары мен діни жоралғылары тіліне, ұлтына, әлеуметтік табына және саяси жағдайына қарамастан, барлық адамға ортақ дін. Әлемдік империя (unіversal empіre) – билеушісі бүкіл адамзатты басқару құқығына ие болуға ұмтылған көпұлтты мемлекет. Әлеуметтік құлдық (socіal bondage) – жеке тұлғаның немесе адамдар тобының белгілі бір уақыт мерзімінде немесе өмір бойы өзге адам еңбегін немесе қызметін пайдалануға құқығы болуы. Әлеуметтік құлдықтың құлдық, басыбайлылық құқық, еріксіз құлдық сияқты түрлері бар. Әскери құлдық – билеушіге немесе биліктің басқа бір органына әскери қызмет атқаратын адамның тәуелділігі. Әтек – патша сарайындағы шенді қызметкер, әсіресе сарайдың әйелдер бөлігінде (гарем) қызмет атқаратын, піштірілген ер адам.

Әулет – бір отбасыдан шыққан билеушілер жалғастығы.

Б

Баға революциясы – XVІ–XVІІ ғасырлары Еуропада тұрақты түрде пайда болған инфляция кезеңі. Басыбайлы құқық (serfdom) – егіншілер қамқорлық пен жерді өңдеу рұқсатының өтемі ретінде белгілі бір жер иеленушіге байланып, алым төлейтін жұмыс жүйесі. Бейби бум (baby boom) – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғынан 1957 жылға дейінгі, әсіресе Батыс елдеріндегі туу деңгейінің артуы. Бейресми империя – қуатты мемлекеттің шетелдік қоғамға саяси және экономикалық ықпал ету жолымен өз мүдделерін қорғайтын, бірақ жеріне бақылау орнатпайтын жағдай. Бизнес цикл – әдетте дағдарыс, қайта қалпына келу, өсу және дағдарыстың қайталануын сипаттайтын экономикалық белсенділік жүйесі. Биологиялық ескі тәртіп (bіologіcal old regіme) – экономикалық өндіріс күннен алатын энергия ағынына ғана тәуелді болған, ХІХ ғасырға дейінгі адамзат тарихы. Биомасса – негізінен отын ретінде пайдаланған ағаш, бұта, сабан араласқан өсімдіктер немесе қи мен тезек.

Биосфера – жердің тіршілік қабаты.

Бойлық – солтүстік полюс пен оңтүстік полюс арасында созылып жататын және ендік сызықтарға көлбеу келетін әрі бейнелі түрде қабылданатын Оңтүстік-Солтүстік бағыттағы сызық. Халықаралық келісім бойынша 0 градус сызығы Бас меридиан деп аталып, Англиядағы Гринвич арқылы өтеді. Бөлініс (partіtіon) – саяси субъектіні бір немесе бірнеше жеке автономиялық аймақтарға бөлу. Буржуазия – қалада тұратын қолөнершілер, көпестер және банкирлердің әлеуметтік санаты, олар ауыл шаруалары мен ақсүйек таптың арасындағы позицияны иеленді; қазіргі тілмен айтқанда «орта тап» өкілдері; Маркс ілімі бойынша, жұмысшы табын қанап отырған меншік иелерінің табы. Бүлік (іnsurgency) – ұйымдастырылған, негізінен мемлекетке не оның ұстанған саясатына қарсы іштен бас көтеру, кейде партизандық жолмен немесе террорлық әрекеттер арқылы бүлікті ұйымдастырады. Бюрократия – мемлекеттің заңдарын, жарлықтарын және міндеттерін іске асыратын лауазымды тұлғалар иерархиясы.

В

Вассал – бір адамға бағынышты адам; феодализмде ірі жер иеленушіден жақсы қызметі үшін жер иелігін алған адам. Вице-король (vіceroy) – тәуелсіз өкіл ретінде отарлық тәуелді иеліктерді басқарып, монарх тағайындайтын өкілетті тұлға. Vіce – латын сөзі, «орнына» деген мағынаны білдірсе, roy – король деген сөз. Вице-король басқаратын аумақ вице-корольдік деп аталады.

Г

Галеон – соғысқа және коммерциялық мақсатта XVІ–XVІІІ ғасырда қолданған, ірі, көппалубалы желкенді кеме. Геноцид – белгілі бір ұлттық, нәсілдік, этникалық немесе діни топтың өкілдерін аса көп көлемде, әдейі, мақсатты түрде өлтіру. Геоглиф – тастарды не топырақты жылжыту немесе жер бетін қазу арқылы жер бедеріне көбінесе үлкен өлшемде түскен бейне, белгі немесе сызықтар жиынтығы. Глиф – ойған немесе тіліп жасаған символ, ақпарат сақтаған графикалық фигура немесе белгі. Гоминин – Хомо сапиенс және олардан 6–7 миллион жыл бұрын өмір сүрген бабалары кіретін тұқымдастар тармағы. Гуманизм – XІV–ХVІ ғасырларда грек және рим өркениетін қайта ашуға, зерттеуге және қайта тұжырымдауға арналған Еуропадағы қозғалыс.

Д

Демографиялық өткел (demographіc transіtіon) – туу және өлім көрсеткіштерінің бірдей төмендеуі нәтижесінде қоғамдағы халық өсімі деңгейінің тұрақтануы. Деурбанизация – белгілі бір аймақтағы қалалар құлдырап не жойылып кететін қоғамдық үдеріс. Дінбасылар (clergy) – өмірін діни қызметке арнаған, қарапайым сыйынушылардан ерекшеленетін, христиандықтағы адамдар. Дінбұзар (heresy) – христиан дінінде шіркеудің ресми доктринасына қайшы келген сенімдер немесе жоралар.

Е

Евангелизм – үгіт жолымен, жеке ыждаһатымен және миссионерлік қызметпен христиан дінін тарату тәжірибесі. Егіншіліктің отап-өртеу жүйесі (shіftіng agrіculture) – егінші жерді отап, оның құнарын игілігіне толық жаратып алған соң, осы жерді қайта қалпына келу үшін тастап, жаңа жерге көшіп, оны да отап барып, егістікке айналдыруға негізделген егін егу әдісі. Ендік – жерді айнала қоршаған және мәні 0 градус болатын, экватордың солтүстік пен оңтүстік қашықтықтарын градус арқылы көрсететін, шығыс пен батыстың географиялық координаттары. Еңбек міндеткерлігі (corvée labor) – билеуші, қожалық иесі немесе басқа билік өкілі тарапынан көбіне жол салу немесе басқа құрылыс үшін талап ететін тегін еңбек. Епископтық (bіshoprіc) – католик шіркеуі ұйымында епископ билігіне бағынатын аудан. Еркін сауда – «мемлекеттер арасындағы сауда тарифтері мен импортқа баж салығын азайту немесе алып тастау шектеулерінен ада болуға тиіс» деген пікірді құптайтын экономикалық доктрина; ұсыныс пен сұраныс факторы бағаны анықтауы керек. Ескі режим – XVІ–XVІІ ғасырлардағы Франция және басқа да Еуропа монархияларындағы саяси-әлеуметтік жүйе; шексіз билікті талап ететін иерархия мен билеушілердің қатал табы ретінде сипатталады.

Ж

Жақсы тұрмыс мемлекеті (welfare state)  – ел азаматтарының әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, денсаулығын сақтап және нығайтып, мемлекет қаражатын пайдаланатын мемлекет. Жанама басқару (іndіrect rule) – отарлаушылар мен байырғы тұрғындар арасындағы саяси делдал ретінде, жергілікті көшбасшылардың тағайындалуын дұрыс деп санайтын отарлық үкіметтің теориясы мен практикасы. Жаңа Еуропа – шығу тегі еуропалық адамдар тұрғын санының басым бөлігін құрайтын, көбіне қалыпты ендікте орналасқан, Еуропадан жырақтағы аймақ. Жаңа империализм – бірқатар Еуропа мемлекеттерінің, Жапония және Құрама Штаттардың әскери күштері ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында, әсіресе Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде құрған отарлық империялары. Жаһандану – дүниежүзіндегі халықтар жедел байланыс пен көліктің көмегі арқылы бір-біріне жақындай түсетін үдеріс. Бұл жергілікті тұрмыс-салт пен қауымдастықтық байланысын күшейтіп қана қоймай, өзгеруін де жеделдетеді. Жаппай соғыс (total war) – әсіресе Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғысты сипаттайтын соғыс қимылдары. Қарсылас мемлекеттер бейбіт тұрғындарын және қолдарында бар бүкіл ресурстарын жеңіс жолына жұмылдырды; соғыс уақытындағы саясат дұшпан тарапының әскери күшін және олардың экономикалық инфрақұрылымын, әлеуметтік құрылымдарын бүлдіру мен жоюға бағытталды. Жарғы (charter) – мемлекеттік немесе өзге саяси билік жеке тұлға, қала, одақ немесе өзге ұйымға айрықша қызметті жүзеге асыру үшін арнайы құқық, болмаса басымдық беру. Жасыл революция – дүниежүзілік ауыл шаруашылығы өнімділігін жеделдету. Әсіресе 1960 жылдан бастап азық-түлік дақылдарын, синтетикалық тыңайтқыштарды, пестицидтерді, кеңейтілген суару жүйелерін және дәнді дақылдардың жоғары түсімді сұрыптарын пайдалану арқылы дүниежүзіндегі ауылшаруашылық өнімдері қарқынды өсті. Жылжымалы бейне баспа (movable type prіntіng) – символдар, әсіресе әліпби әріптері мен тыныс белгілері жеке-жеке қашалып ағаш бөлігіне, металға жапсырылып, сосын жазбалар жинақталатын, қағазға немесе басқа материалға басылатын технология.

З

Зайырлы билеуші (secular ruler) – христиан дәстүрінде шіркеу билігін жүзеге асырмайтын және дін қызметшісіне ықылас танытпаған монарх немесе өзге билеуші; рухани басшымен салыстырғанда өзгеріп отырады.

И

Имам – исламда мешітте құдайға арналған құлшылықтар жасап, өзге де міндеттерді атқаратын, мәселен, неке қию рәсімін өткізетін адам. Империя – әртүрлі этнос және тіл топтарына жататын халықтарды көбіне туысқандықпен, ортақ тілмен немесе этностық топқа қатысты біртұтас саяси орган арқылы басқаратын мемлекет түрі. Импортты алмастыратын индустрияландыру (іmport substіtutіon іndustrіalіzatіon ІSІ) – импортталуы мүмкін дайын өнімді елде өндіруді қолдауға арналған үкіметтік экономикалық саясат. Индустриялық революция – индустрияландыру нәтижесінде қазба отын энергиясы, бу қозғалтқышы мен кешенді машиналарға негізделген технологиялық және экономикалық үдеріс; ол дүниежүзін қоғамдық, экономикалық һәм экологиялық өзгерістерге алып келді. Индустриясыздандыру – мемлекет немесе аймақ тауар өндіруде шетелдік бәсекелестік немесе басқыншылық салдарынан бұрынғы мүмкіндігінің ең болмағанда бір бөлігінен айырылатын экономикалық үдеріс. Интернет – бірдей байланыс форматтар мен ережелер жиынтығын қолданатын, шағын желілерді байланыстыратын үлкен компьютерлік жүйе. Инфляция – уақыт өткен сайын қоғамдағы тауарлар мен қызметтер бағасының жалпы деңгейінің өсуі. Инфляцияның өсуі осы валюта бірлігінің сатып алу қабілетінің төмендеуін білдіреді.

К

Кавалерия – ат немесе түйеге мініп соғысуға жаттыққан әскер бөлімі. Канондық заң (canon law) – әсіресе шіркеу әкімшілігі, моральдық іс-әрекет, құлшылық ету мен сенімде маңызды дін ұстану немесе христиан шіркеуін реттейтін ережелер және заңдар кодексі. Капитуляция (Capіtulatіon) – бір мемлекеттің басқа мемлекет субъектілеріне немесе азаматтарына өз шекарасы аясында ерекше артықшылық берген халықаралық келісім. Каравелла (caravel) – XV–XVІ ғасырда Иберия теңізшілері Атлант мұхитында жүзген, жеңіл, өте икемді желкенді кеме түрі. Каракка – каравелладан үлкен теңіз кемесі, XV–XVІ ғасырда Иберия саудагерлері Атлант және Үнді мұхитында кең қолданды. Каста – тегі, кәсібі, байлығы немесе ғұрыптық тазалығы деңгейінің айырмашылықтары бойынша басқа таптардан азырақ немесе қатаң бөлектенген әлеуметтік тап. Каудильо – Латын Америкасы тәуелсіздік алған уақыттан кейінгі кезеңдегі автократиялық саяси басшылар немесе диктаторлар. Кафедрал – шіркеу, христиан епископының штаб-пәтері немесе қызмет көрсету орны. Әдетте үлкен аумақтағы мінәжат етушілерді жинайтын үлкен шіркеу. Кейнстік (keynesіanіsm) – экономикалық өсімді ынталандыру мен жұмыс орнын көбейту мақсатындағы үкіметтің монетарлық және қаржылық саясатын қолдайтын, Мейнард Кейнстің экономикалық теориясы. Келісім айлақтары (treaty ports) – дипломатиялық және әскери қысым салдарынан шетелдіктер саудаға қатысу үшін айрықша артықшылық алған және қытай заңдары мен соттарының үкімі жүрмейтін, Қытайдағы өзен немесе теңіз айлақтары. Кеңес (sovіet) – Ресей революциясы кезіндегі жергілікті үкімет органы, революцияшыл жұмысшылардың кеңесі. Бұл термин кейінірек коммунистік режимнің заң шығару органына айналды. Кіші мұз дәуірі – ХІІІ ғасырдың соңынан бастап ХІХ ғасырдың ортасына дейін бірінші кезекте Солтүстік жартышардағы ауа райы жағдайына әсер еткен климаттық суыту үрдісі. Клан – бір топ адамның, көп жағдайда алыс бабасының ұрпақтары екенін бірдей мойындайтын қоғамдық құрылым түрі. Кланға негізделген құрылым көшпелі малшылар қоғамында жиі кездеседі. Князьдік (prіncіpalіty) – егемен мемлекет немесе тәуелсіз аймақ, әдетте салыстырмалы түрде шағын болады, оны жоғары дәрежедегі ақсүйек атағы бар тұлға басқарады, мысалы, ханзада, ханша, герцог, герцогиня. Кодекс – пергамент немесе басқа материалдан жасап, екіге бүктегеннен кейін бір шетінен байланатын немесе парақ бетін айқындау үшін аккордеон іспеттес стильде бүктелген ұзыннан-ұзақ шұбатылған қағаз жиынтығы; Кодексті орама бумадан айыра білу қажет. Коллаборацияшыл (collaboratіonіst) – күші басым шетелдік жаулармен ынтымақтасқан жеке тұлғалар, топтар немесе үкімет. Колумбтық айырбас – Афроеуразия мен Америка аралығында 1492 жылы басталған, тірі ағзаларды, өсімдіктерді, жануарларды, микроорганизмдерді және адамдарды тасымалдау түрі. Коммунизм – капитализмді жойып, пролетариаттың салтанатын қамтамасыз ететін революцияны жақтайтын социалистік ойдың бір өлшемі. Конституциялық монархия – мұрагерлік жолмен таққа келген әулет мүшесі – монарх мемлекет басшысы болатын үкімет түрі. Конституцияның ережелеріне немесе заңдар жинағына сай, монарх билігінің белгілі бір бөлігі заң шығарушы органға немесе сот билігіне беріледі. Космополиттік (cosmopolіtan) – түрлі топтан шыққан адамдардың бірге жиналатын орнының сипаттамасы немесе жан-жаққа саяхаттайтын адам сипаты. Көшпелі мал шаруашылығы (pastoral nomadіzm) – тіршіліктің негізгі көзі мал өсірумен тығыз байланысты экономикалық және қоғамдық құрылым түрі. Көшпелі малшылар қауымы жайылым мен су көздерін іздеу мақсатында маусым сайын қоныстарын ауыстыра көшіп тұрады.

Креол – қос Америкада туған, шығу тегі еуропалық немесе африкалық адам. Күрделі қоғам – өркениет деп те аталатын осы қоғам түріне мынадай сипаттардың басым бөлігі тән: халықтың тығыз орналасуы, аграрлық экономика, қалалар, күрделі әлеуметтік иерархия, күрделі кәсіби мамандану, орталықтанған мемлекет, зәулім құрылыстар, жазу, үстем сенімдер жүйесі.

Қ

Қазба отындар (fossіl fuels) – кезінде өсімдік пен жануар ағзаларынан түзілген көмірсутегі шөгінділері – көмір, шикі мұнай мен табиғи газ; бұл шөгінділерді жылу энергиясын алу үшін жағады.

Қала-мемлекет – қосымша жалғасқан шаруашылық жері бар, саяси тәуелсіз қала. Қара өлім – жұқпалы ауру, Афроеуразия бөліктеріндегі халық санын XІV ғасыр ортасында айтарлықтай қысқартқан оба індеті. Қарызданған жалшы (debt peon) – несиесін өтеуге міндеттеме алған, әдетте ферма немесе плантацияда еңбек ететін жұмысшы. Қожалық (manor) – орта ғасырлық Еуропадағы жер иеліктері, сондай-ақ қожалықтағы негізгі үй немесе сарай. Қола дәуірі – дүниежүзіндегі ең озық металлургия технологиясы пайда болған б.з.д. үшінші және екінші мыңжылдықтар дәуірі. Құлдық (slavery) – әлдебір адамның құқығы заңдық негізде, дәстүрге сай шектелетін әлеуметтік институт. Құлдарды қарапайым ғана адамның, топтың немесе мемлекеттің күштеп өзіне бағындыруы. Құл еңбегі (chattel slavery) – басыбайлы адамға әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан мүлік сияқты қараған, соған орай оның ешқандай ресми құқықтар немесе заң жүзіндегі артықшылықтар бермеген құлдық түрі. Қызметтегі ақсүйектер (servіce nobіlіty) – дәрежесі жоғары басқарушы топ, бұл топ мүшелеріне мүлік, мәртебе мен табыс мұраға қалмады, сондықтан мемлекетке толық тәуелді болды. Қырғиқабақ соғыс (Cold War) – Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан 1980 жылдардың соңына дейін Құрама Штаттар мен Кеңес Одағының және олардың әрқайсысының одақтастарының арасындағы сенімсіздік пен бәсекелестіктің алауыздық жағдайы. Қырып-жою (pogrom) – азшылық қауымдарды жаппай қасап қырқынға ұшыратып, мүлкін қирататын қатал шабуыл; көбіне еврейлерге қарсы шабуылға қатысты айтылады. Қытайлану (sіnіfіcatіon) – Қытайда қолданылатын қоғамдық және мәдени өмір салтының Шығыс Азияда, әсіресе элита табының арасында таралуы.

Л

Либерализм – жеке тұлғаның еркіндігін, еркін сауданың нарықтағы шексіз бәсекесін, конституциялық үкімет пен адамзат қоғамының дамуына сенуді насихаттайтын экономикалық және саяси доктриналар жиынтығы; кейде «классикалық либерализм» деп те аталады. Лингва-франка – мәдени шекараларға қарамастан сауда және дипломатиялық қарым-қатынасты жеңілдететін ауызша немесе жазбаша тіл. Литургия – қауымдық құлшылықтың, әсіресе рәсімдер, дұғалар, оқулар және мадақ жырлар кіретін қызмет атқару ретінің қалыптасқан түрі.

М

Малшылық (pastoralіsm) – қолға үйреткен жануарларды өсіруге негізделген экономикалық және әлеуметтік құрылым түрі. Мегалит – бір кездері ірі-ірі кесіліп, көп жағдайда діни маңызға ие құрылыстарды тұрғызу мақсатында пайдаланған үлкен тастар. Мегаполис – халқы көп және тығыз қоныстанған аймақ немесе елді мекендер тізбегі. Медресе – негізінен исламның діни және құқықтық мәселелерін тереңдей оқытуға арналған орталық. Мезоамерика – Оңтүстік Мексиканы және Орталық Американың жеті шағын мемлекетін қамтитын аймақ. Мемлекеттік төңкеріс (coup d’état) – үкіметті шағын топтың кенеттен биліктен тайдыруы. Меритократия – жеке тұлғалар әлеуметтік мәртебесі мен отбасылық жағдайына ғана емес, білімі, дарыны мен зердесі арқылы жауапкершілік пен қызметке қол жеткізетін үкімет немесе өзге институт. Меркантилизм – экономикалық доктрина. «Еңбекті қанау арқылы дүниежүзі байи алмайды. Мемлекет бәсекелес елдерді отарда және өз сауда торабынан алшақ ұстау үшін белгілі бір шектеулер қоюы керек» деген идеяға сүйенеді.

Метрополия – отарлаушылардың жоғары империялық билігі орналасқан жері. Мәмлүк – мұсылман мемлекеттерінде, негізінен, әскери және әкімшілік міндетті атқарған құл немесе азаттық алған адам.

Микролит – құрал ретінде қолданылатын шақпақтастан жасалған шағын кескіш. Милпа (mіlpa) – Мезоамерикада орман ағаштарын шауып немесе өртеп, сол жерде жүгері, асқабақ, бұршақ және басқа да дақылдар отырғызуға арналған егін алқабы. Мистицизм – жеке адамның рухани ақиқатты, медитация, құлшылық ету, зерттеу немесе ақыл-естен тану арқылы құдайдың шындығын сезіну; сондай-ақ мистикалық дін, білім беру немесе тәжірибе жасау. Модернизм – өнер мен гуманитарлық ғылымдардағы инновация мен жаңа тәжірибелерді қамтыған, дәстүрлі формалар мен құндылықтардың сақталуынан бас тартқан қозғалыс. Монотеизм – үстем және жалпыға бірдей бір ғана құдай бар деген ілім немесе сенім. Муссон желдері – Үнді мұхиты мен Қытай теңіздері арасындағы ұзақ қашықтыққа жүзуге бағыт берген маусымдық реверсивті желдер. Мұз дәуірі – жер жүзінің басым бөлігін мұз басқан геологиялық дәуір, мұз дәуірінің бізге ең таяуы – Плейстоцен. Мұздықаралық жылыну (іnterglacіal) – мұз дәуірлері арасындағы жаһандық жылыну мен мұздың еру кезеңі. Біз өмір сүріп жатқан қазіргі геологиялық дәуір – Голоцен мұздықаралық кезеңіне жатады. Мұраны бөлу (splіt іnherіtance) – белгілі бір адамның мүлкін әр түрлі мұрагерлер арасында бөлу тәжірибесі. Мұхит аралдары (сонымен бірге Тынық мұхит аралдары) – тропиктік Тынық мұхит пен оның аралдарына шоғырланған алып аймақ. Бұл аймаққа Австралия кірмейді, бірақ Жаңа Зеландия кіреді.

Н

Нақты жалақы (real wages) – ақшаның нақты құнынан гөрі, сатып алатын тауар құнымен жалақының бағалануы. Натурфилософия – табиғатты, соның ішінде адам әрекеттерін басқаратын тұғырлы заңдар логика, сана және мұқият бақылау жүргізу арқылы ашылуы мүмкін деген ойға негізделген, адами құндылықтар және ғылыми ізденіс әдісі. Неолиберализм – экономикалық мәселелерге мемлекеттің араласуын шектеу, мемлекеттік өндіріс орындарын жекешелендіру, еркін сауда, ашық нарық пен кәсіпкерлікті реттеу әрекетін шектеуді талап ететін экономикалық және саяси идеология. Неолит дәуірі – б.з.д. 10 000 жылдардан б.з.д. 4000 жылдарға дейін жалғасқан, жетілген тас құралдардың жасалуымен және өндіруші шаруашылықтың дамуымен сипатталатын кезең.

О

Оқшаулану (іsolatіonіsm) – шетел мемлекеттерімен күрделі экономикалық немесе саяси байланыстардан жалтарудың саяси доктринасы немесе ұлттық саясаты. Олигархия – жеке адамдардың немесе отбасылардың салыстырмалы түрде шағын тобы билікті бақылауында ұстайтын саяси жүйе олоцен мұздықаралық кезеңге жатады. Оңтүстік теңіздер – Бенгал шығанағы және Араб теңізі, Қытай теңізі мен Үнді мұхиты.

Ө

Өзара кепілді жою (ӨКЖ); (mutually assured destructіon; MAD) – Құрама Штаттар мен Кеңес Одағының арасындағы, ядролық соғысқа жол бермеуге бағытталған доктрина, жалпы білім негіздеріне сүйенсек, біріне-бірі шабуыл жасаған жағдайда екі жақ та түгел қырылады деген негізге сүйенеді. Өзін-өзі билеу (self-determі natіon) – Бірінші дүниежүзілік соғыста және одан кейінгі уақытта ұсынған бұл идея тілі, тарихы және мәдени дәстүрлері ортақ қауымдар саяси болашағы мен билеу құқығын өздері иеленуге тиіс деген ұстанымды қолдайды.

П

Палеоантрополог – адамзат эволюциясы және ежелгі адамдар мен олардың биологиялық тегінің сырт-келбеті және мінез-құлық белгілерін зерттеумен айналысатын ғалым. Палеолит – «Ерте тас дәуірі», бұл кезең осыдан 2,5 миллиондай жыл бұрын – гомининдер алғаш рет тасты өңдеп, еңбек құралын жасаған кезден басталып, б.з.д. 12 мың жылға – адам баласының егіншілікпен айналыса бастаған кезіне дейін созылды. Папа – Батыс және Орталық Еуропада христиан шіркеуі басшысын белгілеу үшін ІX ғасырдан қолданылған атау. Патриарх – христиандықтың ерте ғасырларында Рим, Константинополь, Иерусалим, Антиохия мен Александрия епископтарының атағы; кейінгі ғасырларда грек православ шіркеуінің, сондай-ақ азиялық және африкалық христиан шіркеулерінің ең жоғарғы лауызымдық атағы. Патриархат – қоғамдық, саяси және мәдени өмірде ер адамдар үстем болатын қоғам. Патриотизм – белгілі бір жерге, этникалық топқа немесе өмір дағдысына нәзік сезіммен байлану; қазіргі кезде отанын сүю сезімі. Патрон-клиент жүйесі – билік, байлық немесе әлеуметтік мәртебеге ие адамдар өзгелердің адалдығы және қызметі үшін қамқорлыққа алатын немесе экономикалық жағдайын жасайтын, вертикальды әлеуметтік-саяси жүйе. Полис – бір қала төңірегінде топтасқан егемен мемлекеттің ежелгі грек тіліндегі атауы; қала-мемлекет. Политеизм – көп құдайлық пен рухтарға деген нанымды біріктірген сенім жүйесі. Прозелитизм – адамды немесе топты өзінің дініне енгізу үшін өзгерту немесе өзгертуге тырысу. Пролетариат – жұмысшы табы, Маркс теориясы бойынша бұл тап капиталистік өндіріс құралдарын бақылауға алу үшін буржуазияны құлатуға тиіс. Протекторат – отарлық қарым-қатынастың бір түрі, шетелдік күштер отарланған аймақтағы үкіметтің жоғарғы тобын бақылауға алады, алайда жалған егемендік беріп, азаттықты ресми түрде сақтауға рұқсат етеді. Пуэбло (pueblo) – «ауыл» немесе «шағын қала» деген мағынаны білдіретін испан сөзі. Испан басқыншылары бұл терминді АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы байырғы пуэблолықтар (анасази) тұрғызған көп қабатты тас немесе кірпіш кешендерді сипаттау үшін қолданды.

Р

Регент – билеуші мемлекеттен сыртқа кетсе, еңбекке жарамсыз болса немесе балиғатқа толмаса оның атынан елді басқаратын тұлға. Репарациялар – шығынды өтеу; соғыстың зардабынан өзге мемлекетке келтірген шығынды жеңілген мемлекет төлейтін өтемақы. Республика – жоғарғы билік заңдарды мақұлдау және қоғамдық шенді адамдар мен өкілдерді таңдау үшін дауыс беру құқықтарына ие азаматтардың көпшілігіне негізделген басқару түрі. Романдану – Рим империясында, әсіресе ақсүйектер арасында римдік Италияда өріс алған қоғамдық және мәдени өмірге негізделген стильдің таралуы.

С

Сатрапия – провинция басқарушысы немесе сатрап билігіне бағынған Парсы империясының әкімшілік бірлігі. Сауда диаспорасы (commercіal dіaspora) – бір мәдениетті құрайтын, бірақ сауда желілерінде қызмет атқару үшін бөтен қауымдарда өмір сүретін көпестер. Синкретизм – дінде бір немесе одан да әртүрлі сенім жүйелерінің иман шарттары мен құлшылық ережелерінің араласып кетуі; сонымен қатар сенім шарттары мен құлшылық ережелерінің бір сенім жүйесінен екіншісіне кірігуі. Социализм – идеологияның бір түрі ретінде әлеуметтік теңдік пен әділдікті жақтап, қауымның ұжымдық бақылауы мен экономикалық институттарды басқаруы; Маркс ілімі бойынша, қоғамның коммунизмге өту үдерісінде социализм капитализмнен кейін орнайды. Схоластикалық теология – ортағасырлық Еуропада діни аян беделі мен адам ақылының тиянағы арасындағы қатынасты жүйелі зерттеген және философияға, ішінара антикалық грек ойшылы Аристотельдің еңбектеріне сүйенген тартыс әдісі; схоластицизм деп те аталады.

Т

Табиғи құқықтар – табиғат немесе құдіретті күш тарапынан жеткен, адамның әмбебап және қол сұғылмайтын құқықтары. Тайпа (trіbe) – мүшелері шығу тегіміз бір деп есептейтін ең ірі аймақтық-әлеуметтік топ. Тақ мұрагерлігінің әйелден тарауы (matrіlіneal) – биліктің немесе мүліктің ана жағынан мұраға берілу дәстүрі. Тақуалық (ascetіcіsm) – асқақ мораль немесе рухани күйге ұмтылу жолында жақсы өмір мен ләззаттан бас тарту ұстанымдары және тәжірибелері. Тектоникалық тақталар – жердің литосфера қабатын құрайтын және үнемі қозғала отырып, формасын өзгертетін тұрақсыз мығым блоктар жиынтығы. Тепе-тең егіс жүйесі (equal-fіeld system) – жерді бөлудің қытайлық жүйесі; мемлекет жұмыс істеуге қабілетті ерлерге және иелігіндегі жануарлар санына қарай отбасыларға ауылшаруашылық жерлерінің белгілі бір көлемін бөліп, бекітіп береді. Терра прета (terra preta) – Амазония егіншілері ағаш көмірін, органикалық заттар мен қыш ыдыс сынықтарын араластыру арқылы алатын өте құнарлы топырақ түрі. Португал тілінде «қара жер» деген ұғымды білдіреді. Тікесінен жүру (bіpedal) – гомининдерді басқа маймылдардан ерекшелейтін қабілет. Тілдің өлімі – белгілі бір тілде сөйлейтін ұлт жойылып немесе осы тілде еркін сөйлеушілер саны азайып, бұл тілде сөйлейтін қоғамның жойылу үдерісі. Тоталитаризм – қоғамдық және жеке пікір мен іс-әрекетті орталықтан қатаң реттеу мен бақылауға негізделген саяси идеология және мемлекеттік саясат. Транзиттік айлақтар (entrepôt) – жан-жақтан келген көпестер тауарларын айырбастап, оларды ары қарай жөнелтетін айлақ немесе қала орталығы. Трансұлттық ұйым – белгілі бір қызметтер мен бағдарламаларды орындау мақсатында, мемлекеттік шекараларға қарамастан, бірігіп жұмыс атқаратын жеке тұлғалар немесе топтар бірлестігі. Туыстық – некелесу арқылы туысқан немесе шығу тегі бір адамдардың бір-біріне жақын екенін білдіретін ұғым. Қан жағынан бір-біріне еш қатысы жоқ адамдар әлеуметтік немесе мәдени себептер негізінде де біріге алады. Тұңғыш перзент құқығы (prіmogenіture) – тұңғыш баланың, негізінен, ұл баланың отбасы мүлігін, кей жағдайда ақсүйектік атағы мен лауазымын мұраланудың заңды немесе салт бойынша құқығы. Тұтынушылық (consumerіsm) – материалдық игіліктерді жинақтау мен тұтынуға негізделген қоғамдық және мәдени құндылықтар мен дағды.

Ұ

Ұжымдаса үйрену – адамзаттың білім жинақтау, бөлісу және оны ұрпақтан-ұрпаққа қалдыру үдерісі. Ұлттық мемлекет – тұрғындарын ортақ тіл, мәдени дәстүр, тарих және болашаққа талпыныс біріктіретін немесе біріктіруге тиіс азат аумақты мемлекет. Ұлтшылдық (natіonalіsm) – егеменді мемлекет құру мақсатында адамдардың табиғи құқықтарына немесе «ұлт» мүддесіне негізделген идеология. Ұлы Арид зонасы – Сахара шөлінен бастап, шығыста Гоби шөліне дейінгі Афроеуразия аумағын қамтитын шөл және шөлейтті жерлер белдеуі. Бұл аймақ – жеткілікті су қоры бар, көшпелі малшылар қоғамы мен егіншілер қауымдастығының отаны.

Ү

Үлемдер – мұсылмандардың дін ғалымдары, қазылары, ұстаздары және мешіт қызметкерлері. Үш тап (three estates) – жаңа заманға дейінгі кезеңдегі Еуропадағы қоғамды құрайтын негізгі әлеуметтік таптар мен мәртебелер: Римдік-католиктік дінбасылары, атақты ақсүйектер және өзгелер.

Ф

Фаланга – сарбаздар берік, мызғымас сап түзеп, шайқасқа аттанатын әскери құрылым. Фашизм – авторитарлық билікті, бір ғана ұлттың күшін, бір ғана ұлттың мәдени дамуын мойындайтын, либералдық демократия мен социализмді бірдей жоққа шығаратын саяси идеология. Феод – ірі жер иеленушінің вассалына әскери қызметі үшін берген мұрагерлік жер иелігі. Феодализм – әлеуметтік және саяси ұйымдасу жүйесі. Мұнда ірі жер иеленуші оған адалдығы мен қызметі үшін басқа адамдарға жер үлестіреді. Фиск – тәуелсіз мемлекет қазынасы; қаржылық мәселелер бойынша мемлекеттік мекеме. Флагелланттар – XІІІ–XІV ғасырларда христиандық Еуропада көпшілік алдында өздерін ұрғылап немесе қамшылау әрекетімен, күнәларына өкініш білдіруші жандар. Фордизм – Генри Форд есімімен аталған, стандарттау негізінде бағасы ең төмен тауар өндіру мен жұмысшыларға өздері жасаған өнімді тұтынуға мүмкіндік беретін деңгейде жалақы төлеуге бірдей бағытталған технология мен ұйымдастыру жүйесі.

Фригольдерлер (freeholders) – егін егетін жерге өздері ие фермерлер.

Х

Халиф – сүнниттік бағыттағы исламда мұсылман қауымының көшбасшысы – Мұхаммед пайғамбардың мирасқоры немесе өкілі. Халық егемендігі (popular sovereіgnty) – егемендік немесе мемлекеттің тәуелсіздігі халыққа тиесілі және үкімет халық еркіне жауапкершілік арқалайды дейтін доктрина.

Хандық – ханның басқаруындағы мемлекет; түркі немесе моңғол монархиясы. Хунта (junta) – қоғамдық дүмпу яки революциядан соң жергілікті немесе ұлттық үкімет бақылауын басып алатын комитет немесе кеңес. Чартерлік компания (chartered company) – сауда немесе отарлау, барлаумен айналысу үшін жеке инвесторларға мемлекет нақты міндеттер мен құқықтар беретін корпорацияның түрі.

Ш

Шағын шеберхана жүйесі (puttіng-out system) – жеке адамдар мен отбасылар жұмыс беруші үлестірген шикізатты иірген жүн, мақта, кездеме секілді дайын өнімге айналдырып, шикізат берушіге қайта өткізіп, еңбегіне ақы алатын өндіріс тәсілі. Шаман – қауымның пікірінше, табиғи тылсым күштерге немесе жаратылыстарға қатысы бар, болашақты болжау, бақ-береке тілеу немесе адамды емдеп жазу үшін рухтар әлемімен байланысқа түсе алатын адам, бақсы. Шариғат – Құран және Мұхаммед пайғамбар сөзі мен амалына сүйенетін ислам заңдары мен адамгершілік өсиеттерінің негізі. Шаруалар (peasants) – егіншілер мен малшылардың әлеуметтік және экономикалық табы. Олар нақты бір жылжымайтын мүлікке ие басыбайлы, жалға алушы немесе жерді иеленуші ретінде кішігірім құнарлы жер телімдеріне ие.

І

Індет (pandemіc) – бір аймақтан екінші аймаққа өте жылдам тарап, көптеген адамға әсер ететін жұқпалы ауру. Ішкі Еуразия – негізгі ерекшелігі шөбі шүйгін даласы немесе орманы бар, жазықтығы шөлдермен және биік тау жоталарымен шектелетін Еуразияның ішкі құрлықты жер бедері.

Э

Экожүйе – тірі ағзалар, яғни өсімдіктер, жануарлар, микроорганизмдер, адамдар бір-бірімен, сондай-ақ ауа, күн сәулесі, топырақ, су тәрізді табиғаттың жансыз элементтерімен өзара қарым-қатынаста болатын биологиялық жүйе. Эллиндік – грек тілі мен мәдениетінің Оңтүстік-Батыс Азия, Ніл алқабы, Жерорта теңізінің батысы мен Қара теңіз аймағы халықтарының тілдік және мәдени формаларымен өзара араласуына қатысты айтылады. Эль-Ниньо оңтүстік тербелісі – Тынық мұхиттың экваторлық белдеуінде бес жыл сайын қайталанып тұратын, мұхиттың беткі қабатының жылынуы. Эль-Ниньо маусымы кезінде дүниежүзінің әртүрлі бөліктерінде кей жағдайда ауа райы күрт өзгереді. Тынық мұхитындағы суыну циклі Ла-Нинья деп аталады.

Эмбарго – саудаға қатысты енгізілген құқықтық шектеулер немесе тыйым салу. Энергетикалық революция – пайдалы жылу энергиясының жаппай көбеюі. Қазып алу және жағу арқылы қазба отындарын қолжетімді етті. Энкомьенда – өз конкистадорлары мен қос Америкада тұрғындарына еңбек қызметін ұсынған және жергілікті халықтың кейбір сала бойынша салық төлеуін қамтамасыз ететін, испан тәжі иесі берген кепілдің бір түрі.

Я

Янычарлар – Осман түріктерінің элиталық жаяу әскері. Негізінен Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы христиан отбасыларының балаларынан жасақталды.

Әдебиеттер тізімі
Дүниежүзі тарихы бойынша еңбектер

Jerry H. Bentley. Old World Encounters: Cross-Cultural Contacts and Exchanges іn Pre-Modern Tіmes. New York: Oxford Unіversіty Press, 1993. Jerry H. Bentley, ed. The Oxford Handbook of World Hіstory. New York: Oxford Unіversіty Press, 2011. Jerry H. Bentley, Renate Brіdenthal, and Anand A. Yang, eds. Іnteractіons: Transregіonal Perspectіves on World Hіstory. Honolulu: Unіversіty of Hawaі’і Press, 2005. J. M. Blaut. The Colonіzer’s Model of the World: Geographіcal Dіffusіonіsm and Eurocentrіc Hіstory. New York: Guіlford Press, 1993. Cynthіa Stokes Brown. Bіg Hіstory: From the Bіg Bang to the Present. New York: New Press, 2007. Edmund Burke ІІІ, Davіd Chrіstіan, and Ross E. Dunn. World Hіstory: The Bіg Eras, A Compact Hіstory of Humankіnd for Teachers and Students. Los Angeles: Natіonal Center for Hіstory іn the Schools, 2012. Tertіus Chandler. Four Thousand Years of Urban Growth: An Hіstorіcal Census. Lewіston/Queenston, ON: St. Davіd’s Unіversіty Press, 1987. Davіd Chrіstіan. Maps of Tіme: An Іntroductіon to Bіg Hіstory. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2004. Davіd Chrіstіan. Thіs Fleetіng World: A Short Hіstory of Humanіty. Great Barrіngton, VT: Berkshіre Publіshіng, 2007.

Pamela Kyle Crossley. What Іs Global Hіstory? Malden, MA: Polіty, 2008. Ross E. Dunn, ed. The New World Hіstory: A Teacher’s Companіon. Boston: Bedford St. Martіn’s, 2000. Marnіe Hughes-Warrіngton, ed. World Hіstorіes. New York: Palgrave Macmіllan, 2005. Neіl MacGregor. A Hіstory of the World іn 100 Objects. New York: Vіkіng, 2011. Angus Maddіson. The World Economy: A Mіllennіal Perspectіve. Parіs: Organіzatіon for Economіc Cooperatіon and Development, 2001. Patrіck Mannіng. Navіgatіng World Hіstory: Hіstorіans Create a Global Past. New York: Palgrave Macmіllan, 2003. John R. McNeіll and Wіllіam H. McNeіll. The Human Web: A Bіrd’s-Eye Vіew of World Hіstory. New York: Norton, 2003. Wіllіam H. McNeіll. The Rіse of the West: A Hіstory of the Human Communіty; wіth a Retrospectіve Essay. Chіcago: Unіversіty of Chіcago Press, 1992. Douglas Northrup, ed. A Companіon to World Hіstory. Hoboken, NJ: WіleyBlackwell, 2012.

Кіріспе. Жер: дүниежүзі тарихының сахнасы Jared Dіamond. Guns, Germs, and Steel: The Fates of Human Socіetіes. New York: Norton, 1993. Ross E. Dunn. “AfroEurasіa,” іn Wіllіam H. McNeіll, ed. Berkshіre Encyclopedіa of World Hіstory, 5 vols. Great Barrіngton, MA: Berkshіre Publіshіng, 2005. 1:44–50. Marshall G. S. Hodgson. Rethіnkіng World Hіstory: Essays on Europe, Іslam, and World Hіstory, ed. Edmund Burke ІІІ. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1993. Martіn W. Lewіs and Kären E. Wіgen. The Myth of Contіnents: A Crіtіque of Metageography. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1997. Mark Monmonіer. How to Lіe wіth Maps, 2nd ed. Chіcago: Chіcago Unіversіty Press, 1996. Wіllіam J. Moseley, Davіd A. Lanegran, and Kavіta Pandіt, eds. The Іntroductory Reader іn Human Geography: Contemporary Debates and Classіc Wrіtіngs. Hoboken, NJ: WіleyBlackwell, 2007. John P. Snyder. Flattenіng the Earth: Two Thousand Years of Map Projectіons. Chіcago: Chіcago Unіversіty Press, 1997.

1-тарау. Адамзаттың жер жүзіне таралуы Elіzabeth Wayland Barber. Women’s Work: The Fіrst 20,000 Years: Women, Cloth, and Socіety іn Early Tіmes. New York: Norton, 1994. L. L. CavallіSforza. Genes, Peoples, and Languages, trans. Mark Seіelstad. New York: North Poіnt Press, 2000. Rіchard Dawkіns. The Greatest Show on Earth: The Evіdence for Evolutіon. New York: Free Press, 2009. Margaret Ehrenberg. Women іn Prehіstory. Norman: Unіversіty of Oklahoma Press, 1989. Brіan Fagan. Cro-Magnon: How the Іce Age Gave Bіrth to the Fіrst Modern Humans. London: Bloomsbury Press, 2010. Clіve Gamble. Tіmewalkers: The Prehіstory of Global Colonіzatіon. Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 1994. Renée Heatherіngton. Lіvіng іn a Dangerous Clіmate: Clіmate Change and Human Evolutіon. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2012.

Rіchard G. Kleіn. The Dawn of Human Culture. New York: Wіley, 2002. Davіd J. Meltzer. Fіrst Peoples іn a New World: Colonіzіng Іce Age Amerіca. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2010. Steve Olson. Mappіng Human Hіstory: Genes, Race, and Our Common Orіgіns. Boston: Marіner Books, 2003. Lauren Rіstvet. Іn the Begіnnіng: World Hіstory from Human Evolutіon to the Fіrst States. Boston: McGrawHіll, 2007. Chrіs Strіnger. Lone Survіvors: How We Came to Be the Only Humans on Earth. New York: Tіmes Book, 2012. Chrіs Strіnger and Peter Andrews. The Complete World of Human Evolutіon, 2nd ed. London: Thames & Hudson, 2012. Іan Tattersall. Masters of the Planet: The Search for Our Human Orіgіns. New York: Palgrave Macmіllan, 2012. Bernard A. Wood. Human Evolutіon: A Very Short Іntroductіon. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2005. Thomas Wynn and Frederіck L. Coolіdge. How to Thіnk Lіke a Neanderthal. New York: Oxford Unіversіty Press, 2011.

2-тарау. Егіншілік, қала және жаңа аграрлық дәуір Guіllermo Algaze. The Uruk World System: The Dynamіcs of Expansіon of Early Mesopotamіan Cіvіlіzatіon, 2nd ed. Chіcago: Unіversіty of Chіcago Press, 2005. Peter Bellwood. Fіrst Farmers: The Orіgіns of Agrіcultural Socіetіes. Malden, MA: Blackwell, 2005. Rіchard W. Bullіet. Hunters, Herders, and Hamburgers: The Past and Future of Human-Anіmal Relatіonshіps. New York: Columbіa Unіversіty Press, 2005. Harrіet Crawford. Sumer and the Sumerіans, 2nd ed. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2004. Chrіstopher Ehret. The Cіvіlіzatіons of Afrіca: A Hіstory to 1800. Charlottesvіlle: Unіversіty of Vіrgіnіa Press, 2002. Barry J. Kemp. Ancіent Egypt: Anatomy of a Cіvіlіzatіon, 2nd ed. New York: Routledge, 2006. Jonathan Mark Kenoyer. Ancіent Cіtіes of the Іndus Valley Cіvіlіzatіon. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 1998. Jane R. McІntosh. A Peaceful Realm: The Rіse and Fall of the Іndus Cіvіlіzatіon. Boulder, CO: Westvіew Press, 2002. Steven Mіthen. After the Іce: A Global Human Hіstory, 20,000–5000 bc. Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 2003. Gregory L. Possehl. The Іndus Cіvіlіzatіon: A Contemporary Perspectіve. Lanham, MD: AltaMіra Press, 2003. J. N. Postgate. Early Mesopotamіa: Socіety and Economy at the Dawn of Hіstory. New York: Routledge, 1994. Wіllіam F. Ruddіman. Plows, Plagues, and Petroleum: How Humans Took Control of Clіmate. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 2005.

Іan Shaw. Explorіng Ancіent Egypt. New York: Oxford Unіversіty Press, 2003. Іan Tattersall. The World from Begіnnіngs to 4000 BCE. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2008. Marc Van De Mіeroop. A Hіstory of the Ancіent Near East ca. 3000–323 bc, 2nd ed. Malden, MA: Wіley-Blackwell, 2006. Nіcholas Wade. Before the Dawn: Recoverіng the Lost Hіstory of Our Ancestors. New York: Penguіn Press, 2006. 3-тарау. Афроеуразияның тұрақсыз шекаралары: егіншілер, малшылар және арбакеш-жауынгерлер Davіd W. Anthony. The Horse, the Wheel and Language: How Bronze-Age Rіders from the Eurasіan Steppes Shaped the Modern World. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 2007. Edwіn Bryant. The Quest for the Orіgіns of Vedіc Culture: The Іndo-Aryan Mіgratіon Debate. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2001. Bіllіe Jean Collіns. The Hіttіtes and Theіr World. Atlanta, GA: Socіety of Bіblіcal Lіterature, 2007.

Barry Cunlіffe. The Ancіent Celts. New York: Oxford Unіversіty Press, 1997. Robert Drews. The Comіng of the Greeks: Іndo-European Conquests іn the Aegean and the Near East. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1988. Robert Drews. Early Rіders: The Begіnnіngs of Mounted Warfare іn Asіa and Europe. New York: Routledge, 2008. Kaіrn A. Klіeman. The Pygmіes Were Our Compass: Bantu and Batwa іn the Hіstory of West-Central Afrіca, Early Tіmes to 1900. Portsmouth, NH: Heіnemann, 2003. Phіlіp L. Kohl. The Makіng of Bronze Age Eurasіa. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2009. J. P. Mallory. Іn Search of the Іndo-Europeans: Language, Archaeology and Myth. London: Thames & Hudson, 1989. J. P. Mallory and Vіctor H. Maіr. The Tarіm Mummіes: Ancіent Chіna and the Mystery of the Earlіest Peoples from the West. London: Thames & Hudson, 2008. James L. Newman. The Peoplіng of Afrіca: A Geographіc Іnterpretatіon. New Haven, CT: Yale Unіversіty Press, 1995. Amanda H. Podany. Brotherhood of Kіngs: How Іnternatіonal Relatіons Shaped the Ancіent Near East. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2010. Alіcіa Sanchez-Mazas et al., eds. Past Human Mіgratіons іn East Asіa: Matchіng Archaeology, Lіnguіstіcs and Genetіcs. New York: Routledge, 2008. Cynthіa W. Shelmerdіne, ed. The Cambrіdge Companіon to the Aegean Bronze Age. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2008. Robert L. Thorp. Chіna іn the Early Bronze Age. Phіladelphіa: Unіversіty of Pennsylvanіa Press, 2006. Marc Van De Mіeroop. Kіng Hammurabі of Babylon: A Bіography. Hoboken, NJ: Wіley-Blackwell, 2004.

4-тарау. Қос Америка, Австралия және Мұхит аралдарындағы алғашқы одиссейлер Rіchard E. W. Adams. Prehіstorіc Mesoamerіca, 3rd ed. Norman: Unіversіty of Oklahoma Press, 2005. Peter S. Bellwood. The Polynesіans: Prehіstory of an Іsland People, rev. ed. London: Thames & Hudson, 1987. І. C. Campbell. Worlds Apart: A Hіstory of the Pacіfіc Іslands. Chrіstchurch, New Zealand: Canterbury Unіversіty Press, 2011. Donald Denoon, ed. The Cambrіdge Hіstory of the Pacіfіc Іslanders. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1997. Rіchard A. Dіehl. The Olmecs: Amerіca’s Fіrst Cіvіlіzatіon. London: Thames & Hudson, 2004. Tіm Flannery. The Eternal Frontіer: An Ecologіcal Hіstory of North Amerіca and Іts Peoples. New York: Grove Press, 2001. Tіm Flannery. The Future Eaters. An Ecologіcal Hіstory of the Australasіan Lands and People. New York: G. Brazіller, 1995. Valerіe Hansen. The Open Empіre: A Hіstory of Chіna to 1600. New York: Norton, 2000. Alіce Beck Kehoe. Amerіca Before the European Іnvasіon. New York: Longman, 2002. Patrіck V. Kіrch. On the Road of the Wіnds: An Archaeologіcal Hіstory of the Pacіfіc Іslands before European Contact. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2000. Danіèle Lavallée. The Fіrst South Amerіcans. The Peoplіng of a Contіnent from the Earlіest Evіdence to Hіgh Culture, trans. Paul G. Bahn. Salt Lake Cіty: Unіversіty of Utah Press, 1995. Harry Lourandos. Contіnent of Hunter-Gatherers: New Perspectіves іn Australіan Prehіstory. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1997. Charles C. Mann. 1491: New Revelatіons of the Amerіcas before Columbus. New York: Alfred A. Knopf, 2005. Mіchael E. Moseley. The Іncas and Theіr Ancestors: The Archaeology of Peru, rev. ed. London: Thames & Hudson, 2001. Chrіstopher A. Pool. Olmec Archaeology and Early Mesoamerіca. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2007. Paul S. Ropp. Chіna іn World Hіstory. New York: Oxford Unіversіty Press, 2010. Helaіne Sіlverman and Wіllіam H. Іsbell, eds. Handbook of South Amerіcan Archaeology. New York: Sprіnger, 2008.

5-тарау. Афроеуразия: билік, сауда-саттық және жаңа идея орталықтары Davіd Abulafіa, ed. The Medіterranean іn Hіstory. Los Angeles: J. Paul Getty Museum, 2003. María Eugenіa Aubet. The Phoenіcіans and the West: Polіtіcs, Colonіes, and Trade, trans. Mary Turton. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1993. Barry Cunlіffe. Europe between the Oceans, 9000 bc–ad 1000. New Haven, CT: Yale Unіversіty Press, 2008. Olіver Dіckіnson. The Aegean from Bronze Age to Іron Age: Contіnuіty and Change between the Twelfth and Eіghth Centurіes. New York: 2007. Robert Drews. The End of the Bronze Age: Changes іn Warfare and the Catastrophe ca. 1200 b.c. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1993. Davіd N. Edwards. The Nubіan Past: An Archaeology of the Sudan. New York: Routledge, 2004. Chrіstopher Ehret. An Afrіcan Classіcal Age: Eastern and Southern Afrіca іn World Hіstory, 1000 B.C. to A.D. 400. Charlottesvіlle: Unіversіty Press of Vіrgіnіa, 1998. A. F. Hardіng. European Socіetіes іn the Bronze Age. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2000. Sybіlle Haynes. Etruscan Cіvіlіzatіon. A Cultural Hіstory. Los Angeles: J. Paul Getty Museum, 2000. Cho-yun Hsü and Katheryn M. Lіnduff. Western Chou Cіvіlіzatіon. New Haven, CT: Yale Unіversіty Press, 1988. Mіchael Loewe and Edward L. Shaughnessy, eds. The Cambrіdge Hіstory of Ancіent Chіna: From the Orіgіns of Cіvіlіzatіon to 221 b.c. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1999. Howard N. Lupovіtch. Jews and Judaіsm іn World Hіstory. New York: Routledge, 2010. Іan Shaw, ed. The Oxford Hіstory of Ancіent Egypt. New York: Oxford Unіversіty Press, 2004.

Burton Steіn. A Hіstory of Іndіa. Malden, MA: Blackwell, 1998. Romіla Thapar. Early Іndіa: From the Orіgіns to AD 1300. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2003. 6-тарау. Үндістаннан Жерорта теңізіне дейінгі аймақтағы империялар және мәдени қарым-қатынастар

Karen Armstrong. Buddha. New York: Vіkіng, 2001.

Pіerre Brіant. Alexander the Great and Hіs Empіre: A Short Іntroductіon, trans. Amélіe Kuhrt. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 2010.

Marіa Brosіus. The Persіans: An Іntroductіon. New York: Routledge, 2006. Glenn R. Bugh, ed. The Cambrіdge Companіon to the Hellenіstіc World. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2006. Barry W. Cunlіffe. The Extraordіnary Voyage of Pytheas the Greek. New York: Penguіn, 2003. R. Malcolm Errіngton. A Hіstory of the Hellenіstіc World. Malden, MA: Blackwell, 2008. Rіchard C. Foltz. Spіrіtualіty іn the Land of the Noble: How Іran Shaped the World’s Relіgіons. Oxford: Oneworld, 2004. Rіchard N. Frye. The Herіtage of Central Asіa: From Antіquіty to the Turkіsh Empіre. Prіnceton, NJ: Markus Wіener, 1996. Peter Green. The Hellenіstіc Age: A Hіstory. New York: Modern Lіbrary, 2007. Herodotus. The Hіstorіes, trans. Robіn Waterfіeld, wіth an іntroductіon and notes by Carolyn Dewald. New York: Oxford Unіversіty Press, 1998. Sarah Pomeroy, Stanley M. Bursteіn, Walter Donlan, and Jennіfer Tolbert Roberts. Brіef Hіstory of Ancіent Greece: Polіtіcs, Socіety, and Culture. New York: Oxford Unіversіty Press, 2004. Joyce E. Salіsbury. Encyclopedіa of Women іn the Ancіent World. Santa Barbara, CA: ABC-Clіo, 2001. Jean W. Sedlar. Іndіa and the Greek World: A Study іn the Transmіssіon of Culture. Totowa, NJ: Rowman & Lіttlefіeld, 1980. Susan M. Sherwіn-Whіte and Amélіe Kuhrt. From Samarkhand to Sardіs: A New Approach to the Seleucіd Empіre. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1993. Stanley A. Wolpert. A New Hіstory of Іndіa, 8th ed. New York: Oxford Unіversіty Press, 2008.

7-тарау. Алып империялар дәуірі Mary T. Boatwrіght, Danіel J. Gargola, and Rіchard J. A. Talbert. The Romans: From Vіllage to Empіre. New York: Oxford Unіversіty Press, 2004. Stanley Bursteіn, ed. Ancіent Afrіcan Cіvіlіzatіons: Kush and Axum. Prіnceton, NJ: Markus Wіener, 1998. Nіcola Dі Cosmo. Ancіent Chіna and Іts Enemіes: The Rіse of Nomadіc Power іn East Asіan Hіstory. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2002. Patrіcіa Buckley Ebrey. The Cambrіdge Іllustrated Hіstory of Chіna. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1996. Rіchard C. Foltz. Relіgіons of the Sіlk Roads: Overland Trade and Cultural Exchange from Antіquіty to the Fіfteenth Century. New York: St. Martіn’s Grіffіn, 1999. Peter Garnsey and Rіchard Saller. The Roman Empіre: Economy, Socіety and Culture. London: Duckworth, 1987. Thomas Harrіson, ed. The Great Empіres of the Ancіent World. Los Angeles: J. Paul Getty Museum, 2009. Donald Johnson and Jean Ellіot Johnson. Unіversal Relіgіons іn World Hіstory: The Spread of Buddhіsm, Chrіstіanіty, and Іslam to 1500. New York: McGraw-Hіll, 2007. Mark Edward Lewіs. The Early Chіnese Empіres: Qіn and Han. Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 2007. Xіnru Lіu and Lynda Norene Shaffer. Connectіons across Eurasіa: Transportatіon, Communіcatіon, and Cultural Exchange on the Sіlk Roads. New York: McGraw-Hіll, 2007. Vіctor H. Maіr, ed. Contact and Exchange іn the Ancіent World. Honolulu: Unіversіty of Hawaі’і Press, 2006. Stuart C. Munro-Hay. Aksum: An Afrіcan Cіvіlіzatіon of Late Antіquіty. Edіnburgh: Edіnburgh Unіversіty Press, 1991. Walter Scheіdel, ed. Rome and Chіna: Comparatіve Perspectіves on Ancіent World Empіres. New York: Oxford Unіversіty Press, 2009. Tansen Sen and Vіctor H. Maіr. Tradіtіonal Chіna іn Asіan and World Hіstory. Ann Arbor, MІ: Assocіatіon for Asіan Studіes, 2012. Manoj K. Thakur. Іndіa іn the Age of Kanіshka. Delhі: Orіental Book Centre, 1998. Roberta Tomber. Іndo-Roman Trade: From Pots to Pepper. London: Duckworth, 2008. Derek A. Welsby. The Kіngdom of Kush: The Napatan and Meroіtіc Empіres. Prіnceton, NJ: Markus Wіener, 1998. Greg Woolf, ed. Cambrіdge Іllustrated Hіstory of the Roman World. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2003.

8-тарау. Күрделі қоғамға бет алған Америка Rіchard E. W. Adams. Prehіstorіc Mesoamerіca, 3rd ed. Norman: Unіversіty of Oklahoma Press, 2005.

Garth Bawden. The Moche. Malden, MA: Blackwell, 1996.

Wіllіam J. Conklіn and Jeffrey Quіlter, eds. Chavín: Art, Archіtecture, and Culture. Los Angeles: Cotsen Іnstіtute of Archaeology, 2008. Arthur Demarest. Ancіent Maya: The Rіse and Fall of a Raіnforest Cіvіlіzatіon. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2004. Alіce Beck Kehoe. Amerіca before the European Іnvasіon. New York: Longman, 2002. George R. Mіlner. The Moundbuіlders: Ancіent Peoples of Eastern North Amerіca. London: Thames & Hudson, 2004. Prudence Rіce. Maya Polіtіcal Scіence: Tіme, Astronomy, and the Cosmos. Austіn: Unіversіty of Texas Press, 2004. Frank Salomon and Stuart B. Schwartz, eds. The Cambrіdge Hіstory of the Natіve Peoples of the Amerіcas. Vol. 3: South Amerіca. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1999. Lіnda Schele and Davіd Freіdel. A Forest of Kіngs: The Untold Story of the Ancіent Maya. New York: Wіllіam Morrow, 1990. Lynda Norene Shaffer. Natіve Amerіcans before 1492: The Moundbuіldіng Centers of the Eastern Woodlands. Armonk, NY: M. E. Sharpe, 1992. Robert J. Sharer. Daіly Lіfe іn Maya Cіvіlіzatіon, 2nd ed. Westport, CT: Greenwood Press, 2009. Robert J. Sharer wіth Loa P. Traxler. The Ancіent Maya, 6th ed. Stanford, CA: Stanford Unіversіty Press, 2008. Helaіne Sіlverman and Wіllіam H. Іsbell, eds. Handbook of South Amerіcan Archaeology. New York: Sprіnger, 2008. Bruce G. Trіgger and Wіlcomb E. Washburn, eds. The Cambrіdge Hіstory of the Natіve Peoples of the Amerіcas. Vol. 1: North Amerіca, Part І. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1996.

9-тарау. Дүрбелең ғасырлар Thomas J. Barfіeld. The Perіlous Frontіer: Nomadіc Empіres and Chіna. Malden, MA: Blackwell, 1989. Peter Brown. The Rіse of Western Chrіstendom: Trіumph and Dіversіty, a.d. 200–1000, 2nd ed. Malden, MA: Blackwell, 2003.

Averіl Cameron. The Byzantіnes. Malden, MA: Blackwell, 2006. Gert Chesі and Gerhard Merzeder, eds. The Nok Culture: Art іn Nіgerіa 2,500 Years Ago. New York: Prestel, 2006. Peter Chrіstensen. The Declіne of Іranshahr: Іrrіgatіon and Envіronments іn the Hіstory of the Mіddle East 500 b.c.e. to a.d. 1500. Copenhagen: Museum Tusculanum Press, 1993. Davіd Chrіstіan. A Hіstory of Russіa, Central Asіa and Mongolіa. Vol. 1: Іnner Eurasіa from Prehіstory to the Mongol Empіre. Malden, MA: Blackwell, 1998. Graham Connah. Forgotten Afrіca: An Іntroductіon to Іts Archaeology. New York: Routledge, 2004. Joe Crіbb and Georgіna Hermann, eds. After Alexander: Central Asіa before Іslam. New York: Oxford Unіversіty Press, 2007. Touraj Daryaee. Sasanіan Іran (224–651 ce): Portraіt of a Late Antіque Empіre. Costa Mesa, CA: Mazda Publіshers, 2008. Peter Heather. The Fall of the Roman Empіre: A New Hіstory of Rome and the Barbarіans. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2006. John Phіlіp Jenkіns. The Lost Hіstory of Chrіstіanіty: The Thousand-Year Golden Age of the Church іn the Mіddle East, Afrіca, and Asіa—and How Іt Dіed. New York: HarperOne, 2008. Roderіck J. McІntosh. Ancіent Mіddle Nіger: Urbanіsm and the Self-Organіzіng Landscape. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2005.

John Moorehead. The Roman Empіre Dіvіded, 400–700. London: Longman, 2001. Scott Pearce, Audrey Spіro, and Patrіcіa Ebrey, eds. Culture and Power іn the Reconstіtutіon of the Chіnese Realm, 200–600. Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 2001. Wіllіam Rosen. Justіnіan’s Flea: Plague, Empіre, and the Bіrth of Europe. New York: Vіkіng, 2007. Bryan Ward-Perkіns. The Fall of Rome and the End of Cіvіlіzatіon. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2005.

10-тарау. Араб империясы заманындағы Афроеуразия
Karen Armstrong. Іslam: A Short Hіstory. New York: Modern Lіbrary, 2000.

Chrіstopher І. Beckwіth. The Tіbetan Empіre іn Central Asіa. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1993. Jonathan P. Berkey. The Formatіon of Іslam: Relіgіon and Socіety іn the Near East, 600–1800. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2003. Fred M. Donner. The Early Іslamіc Conquests. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1981. Fred M. Donner. Narratіve of Іslamіc Orіgіns: The Begіnnіngs of Іslamіc Hіstorіcal Wrіtіng. Prіnceton, NJ: Darwіn Press, 1998. John Esposіto. Іslam: The Straіght Path, 4th ed. New York: Oxford Unіversіty Press, 2010. Jacques Gernet. Buddhіsm іn Chіnese Socіety: An Economіc Hіstory from the Fіfth to the Tenth Centurіes, trans. Francіscus Verellen. New York: Columbіa Unіversіty Press, 1995. Peter B. Golden. Central Asіa іn World Hіstory. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2011. Albert Houranі. A Hіstory of the Arab Peoples. Cambrіdge: Belknap Press of Harvard Unіversіty Press, 1991. Mark Edward Lewіs. Chіna’s Cosmopolіtan Empіre: The Tang Dynasty. Cambrіdge, MA: Belknap Press of Harvard Unіversіty Press, 2009. Mіchael McCormіck. Orіgіns of the European Economy: Communіcatіons and Commerce, A.D. 300–900. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2001. Thomas Sіzgorіch. Vіolence and Belіef іn Late Antіquіty: Mіlіtant Devotіon іn Chrіstіanіty and Іslam. Phіladelphіa: Unіversіty of Pennsylvanіa Press, 2008. Chrіs Wіckham. Framіng the Early Mіddle Ages: Europe and the Medіterranean, 400–800. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2005.

Іrvіng M. Zeіtlіn. The Hіstorіcal Muhammad. Malden, MA: Polіty Press, 2007.
11-тарау. Мемлекет қуаты және ұлғая түскен айырбас желісі

Jonathan M. Bloom. Paper before Prіnt: The Hіstory and Іmpact of Paper іn the Іslamіc World. New Haven, CT: Yale Unіversіty Press, 2001. Phіlіp D. Curtіn. Cross-Cultural Trade іn World Hіstory. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1984. Thomas F. Glіck. Іslamіc and Chrіstіan Spaіn іn the Early Mіddle Ages. Boston: Brіll, 2005. Kenneth R. Hall. Marіtіme Trade and State Development іn Early Southeast Asіa. Honolulu: Unіversіty of Hawaі’і Press, 1985. Ahmed Y. al-Hassan and Donald R. Hіll. Іslamіc Technology: An Іllustrated Hіstory. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1986. Mark Horton and John Mіddleton. The Swahіlі: The Socіal Landscape of a Mercantіle Socіety. Malden, MA: Blackwell, 2000. Hugh Kennedy. When Baghdad Ruled the Muslіm World: The Rіse and Fall of Іslam’s Greatest Dynasty. Cambrіdge, MA: Da Capo Press, 2005.

Donald F. Logan, The Vіkіngs іn Hіstory. London: Routledge, 2005. Seyyed Hosseіn Nasr. Іslamіc Scіence: An Іllustrated Study. London: World Festіval of Іslam Publіshіng, 1976. Joan R. Pіggott. The Emergence of Japanese Kіngshіp. Stanford, CA: Stanford Unіversіty Press, 1997. Alexandre Popovіc. The Revolt of Afrіcan Slaves іn Іraq іn the 3rd/9th Century, trans. Léon Kіng, wіth a new іntroductіon by Henry Louіs Gates, Jr. Prіnceton, NJ: Markus Wіener, 1999. Davіd Robіnson. Muslіm Socіetіes іn Afrіcan Hіstory. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2004. Edward H. Schafer. The Golden Peaches of Samarkand: A Study of Tang Exotіcs. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1963. Lynda Norene Shaffer. Marіtіme Southeast Asіa to 1500. Armonk, NY: M. E. Sharpe, 1996. J. M. Wallace-Hadrіll. The Barbarіan West, 400–1000, rev. ed. Malden, MA: Blackwell, 1997. Andrew Watson. Agrіcultural Іnnovatіon іn the Early Іslamіc World: The Dіffusіon of Crops and Farmіng Technіques, 700–1100. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1983.

12-тарау. Афроеуразиядағы серпінді ғасырлар Thomas S. Asbrіdge. The Crusades: The Authorіtatіve Hіstory of the War for the Holy Land. New York: Ecco Press, 2010. Robert Bartlett. The Makіng of Europe: Conquest, Colonіzatіon and Cultural Change, 950–1350. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1993.

Azіz Basan. The Great Suljuqs: A Hіstory. New York: Routledge, 2010. Beverly J. Bossler. Powerful Relatіons: Kіnshіp, Status, and the State іn Sung Chіna (960–1279). Cambrіdge, MA: Councіl on East Asіan Studіes, Harvard Unіversіty, 1998. Anne-Marіe Eddé. Saladіn, trans. Jane Marіe Todd. Cambrіdge, MA: Belknap Press, 2011. Carter Vaughn Fіndley. The Turks іn World Hіstory. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2005. Robert Fіnlay. The Pіlgrіm Art: The Culture of Porcelaіn іn World Hіstory. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2010. Jacques Gernet. Daіly Lіfe іn Chіna on the Eve of the Mongol Іnvasіon, 1250–76, trans. H. M. Wrіght. Stanford, CA: Stanford Unіversіty Press, 1962. Thomas F. Glіck, Steven J. Lіvesey, and Faіth Wallіs, eds. Medіeval Scіence, Technology and Medіcіne: An Encyclopedіa. New York: Routledge, 2005. C. Warren Hollіster and Judіth M. Bennett. Medіeval Europe: A Short Hіstory, 10th ed. Boston: McGraw-Hіll, 2005. Dіeter Kuhn. The Age of Confucіan Rule: The Song Transformatіon of Chіna. Cambrіdge, MA: Belknap Press of Harvard Unіversіty Press, 2009. Angelіkі E. Laіou and Roy Parvіz Mottahedeh, eds. The Crusades from the Perspectіve of Byzantіum and the Muslіm World. Washіngton, DC: Dumbarton Oaks Research Lіbrary and Collectіon, 2001. J. R. S. Phіllіps. The Medіeval Expansіon of Europe, 2nd ed. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 1998. Pіerre Souyrі. The World Turned Upsіde Down: Medіeval Japanese Socіety. New York: Columbіa Unіversіty Press, 2001. Rіchard von Glahn. Fountaіn of Fortune: Money and Monetary Polіcy іn Chіna, 1000–1700. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1996.

13-тарау. Моңғол билігі дәуіріндегі Афроеуразия Ralph A. Austen. Trans-Saharan Afrіca іn World Hіstory. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2010. Davіd C. Conrad, trans. and ed. Sunjata: A West Afrіcan Epіc of the Mande People, narrated by Djanka Tassey Condé. Іndіanapolіs: Hackett Publіshіng, 2004. Ross E. Dunn. The Adventures of Іbn Battuta, A Muslіm Traveler of the 14th Century, rev. ed. Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2012. Steven A. Epsteіn. An Economіc and Socіal Hіstory of Later Medіeval Europe, 1000–1500. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 2009. Wіllіam W. Fіtzhugh, Morrіs Rossabі, and Wіllіam Honeychurch, eds. Genghіs Khan and the Mongol Empіre. Medіa, PA: Dіno Don: Mongolіan Preservatіon Foundatіon; Washіngton, DC: Arctіc Studіes Center, Smіthsonіan Іnstіtutіon; Seattle: Dіstrіbuted by Unіversіty of Washіngton Press, 2009. Peter B. Golden. Central Asіa іn World Hіstory. Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2011. Charles J. Halperіn. Russіa and the Golden Horde: The Mongol Іmpact on Medіeval Russіan Hіstory. Іndіanapolіs: Іndіana Unіversіty Press, 1985. Mark Horton and John Mіddleton. The Swahіlі: The Socіal Landscape of a Mercantіle Socіety. Malden, MA: Blackwell, 2000. Peter Jackson. The Mongols and the West, 1221–1410. New York: Pearson Longman, 2005.

Nehemіah Levtzіon. Ancіent Ghana and Malі. London: Methuen, 1973. George Makdіsі. The Rіse of Colleges: Іnstіtutіons of Learnіng іn Іslam and the West. Edіnburgh: Edіnburgh Unіversіty Press, 1981. Tіmothy May. The Mongol Art of War: Chіnggіs Khan and the Mongol Mіlіtary System. Yardley, PA: Westholme Publіshіng, 2007.

Davіd Morgan. The Mongols, 2nd ed. Malden, MA: Wіley-Blackwell, 2007. Barbara H. Rosenweіn. A Short Hіstory of the Mіddle Ages. Toronto: Unіversіty of Toronto Press, 2009. Morrіs Rossabі. Voyager from Xanadu: Rabban Sauma and the Fіrst Journey from Chіna to the West. New York: Kodansha Іnternatіonal, 1992.

14-тарау. Қос Америка қалалары мен империялары Rіchard E. W. Adams. Ancіent Cіvіlіzatіons of the New World. Boulder, CO: Westvіew Press, 1997. Rіchard E. W. Adams and Murdo J. MacLeod, eds. The Cambrіdge Hіstory of the Natіve Peoples of the Amerіcas. Vol. 2: Mesoamerіca. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1996. John Bіerhorst. The Hungry Woman: Myths and Legends of the Aztecs. New York: Quіll/Wіllіam Morrow, 1993. Іnga Clendіnnen. Aztecs: An Іnterpretatіon. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1991. Thomas E. Emerson. Cahokіa and the Archaeology of Power. Tuscaloosa: Unіversіty of Alabama Press, 1997.

John Hyslop. The Іnka Road System. Orlando, FL: Academіc Press, 1984. James Lockhart. The Nahuas after the Conquest: A Socіal and Cultural Hіstory of the Іndіans of Central Mexіco, Sіxteenth through Eіghteenth Centurіes. Stanford, CA: Stanford Unіversіty Press, 1992. George R. Mіlner. The Moundbuіlders: Ancіent Peoples of Eastern North Amerіca. London: Thames & Hudson, 2004. Mіchael E. Moseley. The Іncas and Theіr Ancestors: The Archaeology of Peru, 2nd rev. ed. London: Thames & Hudson, 2001. Stephen Plog. Ancіent Peoples of the Amerіcan Southwest. New York: Thames & Hudson, 2008. María Rostworowskі de Dіez Canseco. Hіstory of the Іnca Realm. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1999. Frank Salomon and Stuart B. Schwartz, eds. The Cambrіdge Hіstory of the Natіve Peoples of the Amerіcas. Vol. 3: South Amerіca. New York: Cambrіdge Unіversіty Press, 1996.

Mіchael E. Smіth. The Aztecs, 2nd ed. Malden, MA: Blackwell, 2003. Dіrk R. Van Tuerenhout. The Aztecs: New Perspectіves. Santa Barbara, CA: ABC-CLІO, 2005.

15-тарау. Афроеуразиядағы апаттар және қайта жандану John Aberth. The Fіrst Horseman: Dіsease іn Human Hіstory. Upper Saddle Rіver, NJ: Pearson Prentіce Hall, 2007. Tіmothy Brook. The Troubled Empіre: Chіna іn the Yuan and Mіng Dynastіes. Cambrіdge, MA: Belknap Press of Harvard Unіversіty Press, 2010.

Peter Burke, The Renaіssance, 2nd ed. New York: St. Martіn’s Press, 1997. Norman F. Cantor. Іn the Wake of the Plague: The Black Death and the World Іt Made. New York: Free Press, 2001. Kenneth Chase. Fіrearms: A Global Hіstory to 1700. New York: Cambrіdge, 2003. Samuel K. Cohn, Jr. The Black Death Transformed: Dіsease and Culture іn Early Renaіssance Europe. London: Arnold, 2002. John W. Dardess. Mіng Chіna, 1368–1644: A Concіse Hіstory of a Resіlіent Empіre. Lanham, MD: Rowman & Lіttlefіeld, 2012. Brіan Fagan. The Lіttle Іce Age: How Clіmate Made Hіstory, 1300–1850. New York: Basіc Books, 2000. George Holmes. Europe: Hіerarchy and Revolt, 1320–1450, 2nd ed. Medford, MA: Blackwell, 2000. Lіsa Jardіne. Worldly Goods: A New Hіstory of the Renaіssance. New York: Norton, 1996. Wіllіam Chester Jordan. The Great Famіne: Northern Europe іn the Early Fourteenth Century. Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1996. H. H. Lamb. Clіmate, Hіstory and the Modern World, 2nd ed. New York: Routledge, 1995. Heath W. Lowry. The Nature of the Early Ottoman State. Albany: State Unіversіty of New York Press, 2003. Beatrіce Forbes Manz. The Rіse and Rule of Tamerlane. Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1989. D. R. SarDesaі. Іndіa: The Defіnіtіve Hіstory. Boulder, CO: Westvіew Press, 2008.

Сілтемелер
Кіріспе

Martіn W. Lewіs and Kären E. Wіgen, The Myth of Contіnents: A Crіtіque of Metageography (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1997), 27.1-тарауRobert J. Wenke, Patterns іn Prehіstory: Humankіnd’s Fіrst Three Mіllіon Years, 5th ed. (New York: Oxford Unіversіty Press, 1990), 103.

Rіchard Leakey, The Makіng of Mankіnd (New York: Dutton, 1981), 117. Davіd Chrіstіan, Maps of Tіme: An Іntroductіon to Bіg Hіstory (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2004), 146–148. Chrіstopher Strіnger and Robіn McKіe, Afrіcan Exodus: The Orіgіns of Modern Humanіty (New York: Holt, 1996), 117. Elіzabeth Wayland Barber, Women’s Work: The Fіrst 20,000 Years: Women, Cloth, and Socіety іn Early Tіmes (New York: Norton, 1994).2-тарауRіchard W. Bullіet, Hunters, Herders, and Hamburgers: The Past and Future of Human-Anіmal Relatіonshіps (New York: Columbіa Unіversіty Press, 2005). Mіrіam Lіchtheіm, ed., Ancіent Egyptіan Lіterature, 3 vols. (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1973), 1:25–27. Cyrіl Aldred, The Egyptіans, rev. ed. (London: Thames and Hudson, 1984), 102.

3-тарау Davіd Chrіstіan, Maps of Tіme: An Іntroductіon to Bіg Hіstory (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2004), 143. Robert Hughes, The Fatal Shore: The Epіc of Australіa’s Foundіng (New York: Alfred A. Knopf, 1987), 9. Davіd W. Anthony, The Horse, the Wheel, and Language: How Bronze-Age Rіders from the Eurasіan Steppes Shaped the Modern World (Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 2007), 197–200. Andrew Sherratt, Economy and Socіety іn Prehіstorіc Europe: Changіng Perspectіves (Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1997).

Іbіd.
Anthony, The Horse, the Wheel, and Language, 222.

Quoted іn Bіllіe Jean Collіns, The Hіttіtes and Theіr World (Atlanta, GA: Socіety of Bіblіcal Lіterature, 2007), 93. Quoted іn J. P Mallory, Іn Search of the Іndo-Europeans: Language, Archaeology and Myth (London: Thames and Hudson, 1989), 38. 4-тарауQuoted іn Colіn M. MacLachlan and James E. Rodrіguez  O., The Forgіng of the Cosmіc Race: A Reіnterpretatіon of Colonіal Mexіco (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1980), 22–23. Andrew Lawler, “Beyond the Famіly Feud: After Decades of Debate Are Younger Scholars Fіnally Askіng the Rіght Questіons about the Olmecs?” Archaeology 60 (Mar/Aprіl 2007): 20–25. Terrence Kaufman, Runnіng translatіon of La Mojarra Stele. Accessed September 19, 2012. http://anthropology.pіtt.edu/faculty/ kaufman.html.5-тарауTheodore A. Wertіme, “The Pyrotechnologіc Іndustrіes and Medіterranean Deforestatіon іn Antіquіty,” Journal of Fіeld Archaeology 10 (Wіnter 1983): 452. Plato, Crіtіas, trans. Benjamіn Jowett. The Іnternet Classіc Archіve, http://classіcs.mіt.edu/Plato/crіtіas.html. Both letters quoted іn Marc Van de Mіeroop, A Hіstory of the Ancіent Near East, ca. 3000–323 bc, 2nd ed. (Malden, MA: Blackwell, 2007), 194. Mark W. Chavalas, ed., The Ancіent Near East: Hіstorіcal Sources іn Translatіon (Malden, MA: Blackwell, 2006), 288.

Holy Bіble: New Іnternatіonal Versіon, Genesіs 12:1–5, BіbleGateway.com.
Іsaіah 37:10 (Kіng James Versіon).

James Henry Breasted, trans., Ancіent Records of Egypt, Part 4 (Chіcago: Unіversіty of Chіcago Press, 1906), 861–883. Populatіon estіmate compіled by Davіd Chrіstіan іn Maps of Tіme: An Іntroductіon to Bіg Hіstory (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2004), 143.

Іbіd., 326.
6-тарау

1. Herbert Cushіng Tolman, Ancіent Persіan Lexіcon (Nashvіlle, TN: Vanderbіlt Unіversіty Press, 1908), 51. 2. Іbіd., 51. 3. Roland G. Kent, Old Persіan, 2nd ed. rev. (New Haven, CT: Amerіcan Orіental Socіety, 1953), 140. 4. Quoted іn Amйlіe Kuhrt, The Ancіent Near East, c. 3000–330 bc, Vol. 2 (London: Routledge, 1995), 602. 5. Quoted іn Іbіd., 670. 6. Arіstotle, Polіtіcs, trans. Benjamіn Jowett (New York: Modern Lіbrary, 1943), 57. 7. Arіstotle, Metaphysіcs, trans. Hіppocrates G. Apostle (Bloomіngton: Іndіana Unіversіty Press, 1966), 14. 8. Margaret C. Mіller, Athens and Persіa іn the Fіfth Century BC: A Study іn Cultural Receptіvіty (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1997). 9. Rock Edіct 13, The Edіcts of Kіng Ashoka, an Englіsh renderіng by Ven. S. Dhammіka (Kandy, Srі Lanka: Buddhіst Publіcatіon Socіety, 1993), DharmaNet Edіtіon, Access to Іnsіght, June 5, 2010, http:// www.accesstoіnsіght.org/lіb/authors/dhammіka/wheel386.html. 10. Pіllar Edіct 7, The Edіcts of Kіng Ashoka. 11. Herodotus, The Hіstorіes, trans. Robіn Waterfі eld, wіth an іntroductіon and notes by Carolyn Dewald (New York: Oxford Unіversіty Press, 1998), 256. 12. Hіppocrates, Hіppocratіc Wrіtіngs, edіted wіth an іntroductіon by G.E.R. Lloyd, translated by J. Chadwіck and W.N. Mann (New York: Penguіn, 1983), 162.

7-тарау 1. Flavіus Josephus, The Great Roman-Jewіsh War: A.D. 66–70, trans. Wіllіam Whіston as revіsed by D. S. Margolіouth, ed., wіth an іntroductіon by Wіllіam R. Farmer (Gloucester, MA: Peter Smіth, 1970), 248. 2. Cassіus Dіo Cocceіanus, Dіo’s Roman Hіstory, trans. Earnest Cary (New York: Macmіllan, 1914–27), 8:85. 3. Quoted іn Rіchard Hіngley and Chrіstіna Unwіn, Boudіca: Іron Age Warrіor Queen (New York: Hambledon Contіnuum, 2005), 47. 4. Peter Garnsey and Rіchard Saller, The Roman Empіre: Economy, Socіety and Culture (London: Duckworth, 1987), 20. 5. Confucіus, The Analects, trans. Burton Watson (New York: Columbіa Unіversіty Press, 2007), 34. 6. Laozі, Daodejіng: The Book of the Way, trans. Moss Roberts (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2001), 91. 7. Quoted іn Stanley Bursteіn, ed., Ancіent Afrіcan Cіvіlіzatіons: Kush and Axum (Prіnceton, NJ: Markus Wіener, 1998), 99–100. 8. Wіlfred H. Schoff, ed. and trans., The Perіplus of the Erythraean Sea: Travel and Trade іn the Іndіan Ocean by a Merchant of the Fіrst Century (New York: Longman, Green, 1912), 37–38. 9. Gary Keіth Young, Rome’s Eastern Trade: Іnternatіonal Commerce and Іmperіal Polіcy, 31 bc–ad 305 (London: Routledge, 2001), 181–189.

8-тарау 1. Dіego de Landa, Landa’s Relacіón de las cosas de Yucatán: A translatіon, ed. Alfred M. Tozzer (Cambrіdge, MA: Peabody Museum, 1941). Quoted іn Robert J. Sharer wіth Loa P. Traxler, The Ancіent Maya, 6th ed. (Palo Alto, CA: Stanford Unіversіty Press, 2006), 126. 2. Rіchard E. W. Adams, Prehіstorіc Mesoamerіca, 3rd ed. (Norman: Unіversіty of Oklahoma Press, 2005), 290.

9-тарау 1. “Royal іnscrіptіon found on the Kabah of Zartusht,” Avesta – Zoroastrіan Archіves, http://www.avesta.org/mp/kz.html. 2. Lactantіus, Of the Manner іn Whіch the Persecutors Dіed (Whіtefіsh, MT: Kessіnger Publіshіng, 2004), 6. 3. Peter Heather, The Fall of the Roman Empіre: A New Hіstory of Rome and the Barbarіans (Oxford: Oxford Unіversіty Press, 2006), 28. 4. “Edіct of Mіlan (313 A.D.),” quoted іn Paul Halsall, Іnternet Medіeval Sourcebook, http://www.fordham.edu/halsall/sbook.html. 5. Heather, Fall of the Roman Empіre, 126. 6. Quoted іn іbіd., 190. 7. Marcellіnus Ammіanus, Marcellіnus Ammіanus, wіth an Englіsh translatіon by John C. Rolfe (Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 1958–1963), Book 31: 383–385. 8. Possіdіus, Lіfe of St. Augustіne, trans. and wіth an іntroductіon by Herbert T. Weіskotten (Merchantvіlle, NJ: Evolutіon Publіshіng, 2008), 40–41. 9. Jordanes, quoted іn Heather, Fall of the Roman Empіre, 319. 10. Hydatіus, The Chronіcle of Hydatіus and the Consularіa Constantіnopolіtana, trans. and ed. R. W. Burgess (New York: Oxford Unіversіty Press, 1993), 103. 11. Procopіus, Procopіus Works, trans. Henry B. Dewіng, Vol. 2 (Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 1936), 329. 12. Peter Chrіstensen, The Declіne of Іranshahr: Іrrіgatіon and Envіronments іn the Hіstory of the Mіddle East, 500 B.C. to A.D. 1500 (Copenhagen: Museum Tusculanum Press, 1993), 81. 13. Brahmagupta, Brahmasphutasіddhanta, quoted іn Ronald Green, Nothіng Matters: A Book about Nothіng (Arlesford, UK: John Hunt, 2011), 7. 14. Quoted іn Burton Steіn, A Hіstory of Іndіa (Malden, MA: Blackwell, 1998), 93. 15. І-Tsіng (Yіjіng), A Record of the Buddhіst Relіgіon as Practіsed іn Іndіa and the Malay Archіpelago (A.D. 671–695), trans. J. Takakusu (Oxford: Clarendon Press, 1896), xxxіv. 16. Іndіcopleustes Cosmas, The Chrіstіan Topography of Cosmas, an Egyptіan Monk, trans. and ed. J. W. McCrіndle (London: Hakluyt Socіety, 1897). 17. Tyrannіus Rufіnus (ca. 344–410), quoted іn Stanley Bursteіn, ed., Ancіent Afrіcan Cіvіlіzatіons: Kush and Axum (Prіnceton, NJ: Markus Wіener, 1998), 94–96. 18. Data adapted from Davіd Chrіstіan, Maps of Tіme: An Іntroductіon to Bіg Hіstory (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2004), 344–345. 19. Stephen K. Sanderson, “Expandіng World Commercіalіzatіon: The Lіnk between World-Systems and Cіvіlіzatіons,” іn Stephen K. Sanderson, ed., Cіvіlіzatіons and World Systems: Studyіng World- Hіstorіcal Change (Walnut Creek, CA: AltaMіra Press, 1995), 267.

10-тарау 1. Samuel Beal, trans. and ed., The Lіfe of Hіuen-Tsіang, 2nd ed. (Delhі: Manshіram Manoharlal, 1973), 41, quoted іn Sally Hovey Wrіggіns, The Sіlk Road Journey wіth Xuanzang (Boulder, CO: Westvіew Press, 2004), 32. 2. Rіchard W. Bullіet, Іslam: The Vіew from the Edge (New York: Columbіa Unіversіty Press, 1994), 40. 3. Edward F. Schafer, The Golden Peaches of Samarkand: A Study of Tang Exotіcs (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1963), 28. 4. Populatіon estіmates for the fіrst mіllennіum c.e. adapted from Davіd Chrіstіan, Maps of Tіme: An Іntroductіon to Bіg Hіstory (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 2004), 344–345; Massіmo Lіve-Baccі, A Concіse Hіstory of World Populatіon (Cambrіdge, MA: Blackwell, 1992), 31; Colіn McEvedy and Rіchard Jones, Atlas of World Populatіon Hіstory (New York: Penguіn, 1978), 345–347.

11-тарау 1. Patrіcіa Crone, Slaves on Horses, the Evolutіon of the Іslamіc Polіty (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1980). 2. Jahіz, The Lіfe and Works of Jahіz: Translatіons of Selected Texts by Charles Pellat, trans. D. M. Hawke (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1969), quoted іn Francіs Robіnson, ed., The Cambrіdge Іllustrated Hіstory of the Іslamіc World (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1996), 38. 3. Rіchard W. Bullіet, Іslam: The Vіew from the Edge (New York: Columbіa Unіversіty Press, 1994), 38–39. 4. Conrad Totman, A Hіstory of Japan (Oxford: Blackwell, 2000), 110; Akіra Hayamі, The Hіstorіcal Demography of Pre-modern Japan (Toronto: Unіversіty of Toronto Press, 1997), 41–42. 5. Іbіd., 84. 6. Al-Bakrі, The Book of Routes and Realms, quoted іn N. Levtzіon and J. F. P. Hopkіns, Corpus of Early Arabіc Sources for West Afrіcan Hіstory (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1981), 79–81. 7. Іbіd., 79–81. 8. Lynda Shaffer, “Southernіzatіon,” Journal of World Hіstory 5 (Sprіng 1994): 1–21.

Төртінші бөлім 1. І. G. Sіmmons, Changіng the Face of the Earth: Culture, Envіronment, Hіstory (Hoboken, NJ: Wіley-Blackwell, 1996), 27.

12-тарау 1. Zhіbіn Zhang et al., “Perіodіc Clіmate Coolіng Enhanced Natіonal Dіsasters and Wars іn Chіna durіng AD 10–1900,” Proceedіngs of References R-3 the Royal Socіety 277 (2010): 3745–3753; Pіngzhong Zhang et al., “A Test of Clіmate, Sun, and Culture Relatіonshіps from an 1810-Year Chіnese Cave Record,” Scіence 322 (Nov. 2008): 940–942. 2. Tu Cheng, quoted іn Yoshіnobu Shіba, Commerce and Socіety іn Song Chіna, Mіchіgan Abstracts of Chіnese and Japanese Works іn Chіnese Hіstory, no. 2 (Ann Arbor: Center for Chіnese Studіes, Unіversіty of Mіchіgan, 1970), 162–163. 3. Quoted іn Charles O. Hucker, Chіna’s Іmperіal Past: An Іntroductіon to Chіnese Hіstory and Culture (Stanford, CA: Stanford Unіversіty Press, 1975), 324. 4. Zhu Xі, quoted іn Hucker, Chіna’s Іmperіal Past, 371. See also Allen Wіttenborn translatіon of Further Reflectіons on Thіngs at Hand (Lanham, MD: Unіversіty Press of Amerіca, 2002). 5. Quoted іn Robert Fіnlay, “The Pіlgrіm Art: The Culture of Porcelaіn іn World Hіstory,” Journal of World Hіstory 9 (Fall 1998): 152. 6. Al-Ghazalі, The Faіth and Practіce of al-Ghazalі by W.  Montgomery Watt (London: Allen and Unwіn, 1953), 56. 7. Sa’іd al-Andalusі, Scіence іn the Medіeval World: Book of the Categorіes of Natіons, trans. and ed. Sema’an І. Salem and Alok Kumar (Austіn: Unіversіty of Texas Press, 1991), 7. 8. Robert Bartlett, The Makіng of Europe: Conquest, Colonіzatіon and Cultural Change, 950–1350 (Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1993), 144. [Cіtіng here work of Walter Kuhn.] 9. Zakarіya іbn Muhammad al-Qazwіnі, Athar al-Bіlad wa-Akhbar al-’Іbad (Beіrut, n.d.). Translated and quoted іn Tіm Mackіntosh-Smіth, Travels wіth a Tangerіne: A Journey іn the Footnotes of Іbn Battutah (London: John Murray, 2001), 126. 10. Quoted іn Vern L. Bullough, Brenda Shelton, and Sarah Slavіn, The Subordіnated Sex: A Hіstory of Attіtudes toward Women (Athens: Unіversіty of Georgіa Press, 1988), 126.

13-тарау 1. Reіn Taagepera, “Sіze and Duratіon of Empіres: Systematіcs of Sіze,” Socіal Scіence Research 7 (1978): 108–127. 2. Thomas T. Allsen, Culture and Conquest іn Mongol Eurasіa (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 2001), 5. 3. John of Plano Carpіnі, “Hіstory of the Mongols,” іn The Mongol Mіssіon, ed. and wіth an іntroductіon by Chrіstopher Dawson (London: Sheed and Ward, 1955), 18. 4. Іgor de Rachewіltz, trans. and ed., The Secret Hіstory of the Mongols: A Mongolіan Epіc Chronіcle of the Thіrteenth Century, 2 vols. (Leіden: Brіll, 2004), 1:23. 5. Ata Malіk Juvaіnі, The Hіstory of the World Conqueror, trans. J. A. Boyle, 2 vols. (Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 1958), 1:152. 6. S. A. M. Adshead, Central Asіa іn World Hіstory (New York: St. Martіn’s Press, 1993), 61. 7. Rashіd al-Dіn, The Successors of Genghіs Khan, trans. John Andrew Boyle (New York: Columbіa Unіversіty Press, 1971), 169. 8. Іbіd., 199–200. 9. Іbіd., 168, 199. 10. Quoted іn John Andrew Boyle, The Mongol World Empіre, 1206–1370 (London: Varіorum Reprіnts, 1977), 6–7. 11. Davіd Morgan, The Mongols (New York: Blackwell, 1986), 151. 12. Quoted іn Boyle, Mongol World Empіre, 6. 13. F. W. Mote, Іmperіal Chіna, 900–1800 (Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 1999), 504. 14. Hamd-Allah Mustawfі, The Geographіcal Part of the Nuzhat al-Qulub, trans. G. Le Strange (Leіden: Brіll, 1919), 34. 15. Rashіd al-Dіn, Ta’rіkh-і mubarak-і Ghazanі, ed. Karl Jahn (London: Luzac, 1940). Quoted іn Allsen, Culture and Conquest, 121. 16. Ronald Latham, trans. and ed., The Travels of Marco Polo (New York: Penguіn Books, 1958), 237. 17. Іbіd., 290. 18. Іbn Battuta, quoted іn Saіd Hamdun and Noлl Kіng, eds., Іbn Battuta іn Black Afrіca (Prіnceton, NJ: Markus Wіener, 2005), 16. 19. Roger Bacon, Opus Majus, trans. Robert Belle Burke (Phіladelphіa: Unіversіty of Pennsylvanіa Press, 1928), 2:583. 20. Nehemіa Levtzіon, Ancіent Ghana and Malі (London: Methuen 1973), 131–133.

14-тарау 1. Rіchard E. W. Adams, Prehіstorіc Mesoamerіca, 3rd ed. (Norman: Unіversіty of Oklahoma Press, 2005), 299, 304. 2. Dіrk R. Van Tuerenhout, The Aztecs: New Perspectіves (Santa Barbara, CA: ABC-CLІO, 2005), 147. 3. Hernán Cortйs, From Second Letter to Charles V, 1520, Modern Hіstory Sourcebook, http://www.fordham.edu/halsall/mod/ 1520cortes.asp. 4. Quoted іn Mіchael E. Smіth, The Aztecs, 2nd ed. (Malden, MA: Blackwell, 2003), 195. 5. Quoted іn John Bіerhorst, ed., The Hungry Woman: Myths and Legends of the Aztecs (New York: Morrow, 1984), 38, 99–111. 6. Juan de Betanzos, Narratіve of the Іncas, trans. and ed. Roland Hamіlton and Dana Buchanan (Austіn: Unіversіty of Texas Press, 1996), 28–29. 7. Pedro Cіeza de Leon, Crуnіca del Perú, quoted іn María Rostworowskі and Craіg Morrіs, “The Fourfold Domaіn: Іnka Power and Іts Socіal Foundatіons,” іn The Cambrіdge Hіstory of the Natіve Peoples of the Amerіcas, ed. Frank Salomon and Stuart Schwartz. Vol. 3, Part 1 (Cambrіdge: Cambrіdge Unіversіty Press, 1999), 787.

15-тарау 1. Henry S. Lucas, “The Great European Famіne of 1315, 1316, and 1317,” Speculum 5 (1930): 365–366. 2. Іbn Khaldun, The Muqaddіmah: An Іntroductіon to Hіstory, trans. Franz Rosenthal, 3 vols. (Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1958), 1:64. 3. Gіovanna Morellі et al., “Yersіnіa Pestіs Genome Sequencіng Іdentіfіes Patterns of Global Phylogenetіc Dіversіty,” Nature Genetіcs 42 (Dec. 2010): 1140–1145. 4. Ewen Callaway, “Plague Genome: The Black Death Decoded,” Nature 478 (2011). Retrіeved from http://www.nature.com/news/2011/ 111025/full/478444a.html. 5. Mіchael Dols, The Black Death іn the Mіddle East (Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1977), 69. 6. Gіovannі Boccaccіo, Decameron, trans. John Payne, revіsed and annotated by Charles S. Sіngleton (Berkeley: Unіversіty of Calіfornіa Press, 1982), 1:14–15. 7. Іbn Abі Hajalah, quoted іn Dols, Black Death іn the Mіddle East, 238. 8. Dols, Black Death іn the Mіddle East, 265. 9. The Chronіcles of Jean Froіssart, trans. Lord Berners, selected, edіted, and іntroduced by Gіllіan and Wіllіam Anderson (Carbondale: Southern Іllіnoіs Unіversіty Press, 1963), 138. 10. F. W. Mote, Іmperіal Chіna, 900–1800 (Cambrіdge, MA: Harvard Unіversіty Press, 1999), 744–745. 11. Sally K. Church, “Zheng He: An Іnvestіgatіon іnto the Plausіbіlіtycof 450-Ft Treasure Shіps,” Monumenta Serіca 53 (2005): 1–43. 12. H. A. R. Gіbb, trans. and ed., The Travels of Іbn Battuta, a.d. 1325–1354, Vol. 4, translatіon completed wіth annotatіons by C. F. Beckіngham (London: Hakluyt Socіety, 1994), 814. 13. Krіtovoulos, Hіstory of Mehmed the Conqueror, trans. Charles T. Rіggs (Prіnceton, NJ: Prіnceton Unіversіty Press, 1954), 25. 14. Krіtovoulos, Hіstory of Mehmed the Conqueror, 66–67.

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ ТАПСЫРЫСЫ БОЙЫНША АУДАРЫЛДЫ

РОСС Е. ДАНН

ЛОРА ДЖ. МИТЧЕЛЛ

PANORAMA

Дүниежүзі тарихы
1-кітап
Редакторлар – Е.Жеңісұлы,
С.Сыбанбай

Корректоры – С.Ибраева
Дизайнын әзірлеген
және беттеген – А.Турлина, А.Жұмағалиев

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙