Мазмұнға өту
Home

Қой, қонақтан ұят

Нұрәділ Бегімбет

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қой, қонақтан ұят

Авторы: Нұрәділ Бегімбет

Бүгін жұма. Бұл күні қазаннан қоңырсытып май иісін шығару – апасының ежелгі әдеті. Қазір де сөйтті. Буы бұрқыраған жеті шелпекті дастарқанның дәл ортасына әкеп қойды. Жан-жағына томпиған-томпиған сап-сары бауырсақтарды шашты. Иісін-ай! Нұртайдың сілекейі шұбырды. Кеседегі қаймаққа малып-малып алып, ауызға тоғытар ма еді, шіркін! Бірақ олай етуге болмайды. Сәл-пәл тоса тұру керек. Өйткені…

Ұзамай-ақ әкесі тізерлей отырып күңіренте Құран оқыды. Соңында марқұм болған атасы мен әжесінің атын атап, оларға Алладан иман сұрады. Артында қалған үрім-бұтағына амандық тіледі. Содан кейін дастарқан басында отырған барлығы «Әумин!» деп бет сипаған соң шелпектің бірін қабаттай бүктеп үзіп-үзіп алды да жан-жағына таратты. Бірін «Әуп, бісіміллә», – деп өз аузына салды. Дәл осы сәтте сыртқы есік сықырлай ашылды. Бұлар кім болды екен деп бұрылып қарағанша: – Амансыздар ма, көршілер?! – деп дауысын соза амандасып Мәрия апай асүйдің табалдырығын аттады. Қасында бұдан бір саты жоғары, 2 «А» сыныбында оқитын баласы Асхат.

– О, мақтап жүреді екенсіздер. Төрлетіңіздер! – деп апасы жік-жапар болып жатыр. – Е, құдай қосқан көршіміз – сендерді мақтамағанда кімді мақтаймыз?! – деді ол жозының бір шетіне жайғасып отыра беріп. Асхат та әй-шәй жоқ апасының жанына қонжия қалды.

Алғаш көзі шалған кезде-ақ кіржің ете түскен Нұртай оның мына еркінсуіне тіптен ыза бола бастады. Ал ананың бұнымен шаруасы жоқ. Көзіне көзі түйісе қалғанда бір ыржың еткені болмаса, қаннен-қаперсіз қаймаққа малынған бауырсақты соғып отыр. Мұның апасы да қызық. «Іше ғой, жей ғой» деп дастарқандағы дәмдінің барлығын соның алдына қарай ысырады. Әуелі кетерінде бір уыс кәмпитті қалтасына салып берді-ау, мұны тіптен күйдіріп… – Өй балам, сен неғып томсарып қалдың? Әкел кесеңді, ыстық шай құйып берейін, – деп апасы әлден соң ғана бұған назар аударды. Бағанадан бері қитығып отырған Нұртайдың дауысы қыстыға шықты:

– Апа, не… Асхатты жақсы көресіз бе? Сәл аңтарылып қалған апасы қарсы сауал қойды: – Не болды, оны неге сұрадың? – Оған қаймақ қатып шай ішкіздіңіз, бауырсақ бердіңіз. Кәмпитті де… – Е, ол қонақ емес пе. Оның үстіне көрші, сенің бірге ойнайтын досың. – Досым емес… ол! – Бұның дауысы тіпті қатты шығып кетті. – Кеше ғана балалардың көзінше келекетті мені. «Сендер тұратын үйдің шатыры – аласа. Біздікі – биік әрі темір шифермен жабылған», – дейді. Ал сіз: «Бізді мақтап жүресіңдер», – дейсіз… Апасы алғашында «мырс» етіп күле беріп, тез доғарды да байсалды түрде жауап берді:

– Асхат абайсызда аңғармай айтқан болар, балам. Шатырдың аласа немесе биік екенінде тұрған ештеңе жоқ. Алла адамның ниетін аласартпасын. Біздің қазақ халқы ежелден-ақ ас үстіне тап болған кез келген қонақты «Мақтап жүреді екенсің» деп қуана қарсы алған. – Ал тамақты ішіп болғанда келген қонаққа «Жамандап жүреді екенсің» деп базына білдірген, – деп бір шеттен әкесі де жымия сөйлеп, басынан сипады. Дастарқан басында отырса да көз қиығын газет-журналдан алмайтын көкесі де кенет басын көтеріп, бұған бұрылды.

– Білесің бе, – деді содан соң маңғаздана. – Баяғыда біз әскерде жүргенде бір украин жігіті бірге қызмет етті. Соған жерлес достары туған күнімен құттықтағанда: «Саған Сібірдің денсаулығын, Кавказдың ұзақ жастығын, Цыгандардың көңілділігін, Қазақтардың қонақжайлылығын тілейміз!», – деп жазғанын өз көзіммен көргенмін. Демек, біздің халықтың бұл жақсы қасиеті халықаралық деңгейде мойындалған деуге әбден болады! – Ойпыр-ай ә, бұл бір айта жүрер, мақтан етер оқиға екен, – деп әкесі ерекше мән бере сөйледі. – Айтпақшы, ата-бабаларымыз абайсызда үйге кіріп кеткен жыланға да тиіспей, басына ақ құйып шығарған ғой…

– Түсіндің бе, балам. Қонақжайлылық – халқымыздың ежелден келе жатқан ерекше дәстүрі. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген. Мұндай жақсы салтты бұлжытпай сақтау – біздің қасиетті борышымыз, – деп апасы келіп маңдайынан сүйді. Анасының ерні тигенде шекесін ду еткізген жылылық бірте-бірте Нұртайдың бүкіл тұла бойына тарап бара жатты. Асхатқа деген өкпесі бұл кезде есінен шығып та кеткен еді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙