TELEGEI

Home

Ғасырлық меңіреулер

Сержан Закерұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ғасырлық меңіреулер

Сержан Закерұлы шығармаларында психологиялық бағыттағы ойларымен адам жанына бойлайды. Кейіпкерлердің мінезі мен ерекше ой-толғамдарына барлау жасай отырып тілдеседі. Адам санасына салынған қоғам салмағына ерекше тоқталады.

(әңгіме) Жағымсыз күлкі шарқ ете қалды. Ыңыранып ашылатын есік те әбден ығыр болып, осы бір пендеге ызаланған тәрізді. Тағы да жағымсыз күлкі... Бұл үйде үш қыз тұратын. Басқаны қайдам, тозығы жеткен қырық-шұрық есіктің бұлардан жалығуы бұлтартпас шындық екенін ол да білетін.

- Сәлем!

- Привет!

- Қалай, мылқауым?

Үшеуі дауыстап мылқау көршісіне сәлем беретін. Ол мылқау емес, меңіреу еді. Жай ғана күлімсіреп бас изейтін. Бұл тар аулада қарама-қарсы екі есік ғасырға жуық бір-біріне телміріп келеді. Үш қыз сыртқа беттей бере меңіреу аула тазалап әуре болатын. Қыздардың шығарып тастаған қоқыстарын ерінбей-жалықпай аула сыртындағы қоқыс жәшігіне тастайды. Өз-өзінен гүбірлеп сөйлеп кететін. Меңіреу ауланы тазалап үйіне кіре бергенде ыңыранған есік аңырап сала беретін.

- Ой, ақымақтар есіктерін кілттемейді.

Осыны айтатын да ашылып қала беретін қыздардың есігін жайлап жауып, өз есігіне беттейтін. Тағы да сол ыңыранған есік ашылып қалады. Қайта жүгіріп баратын. Бөлме ішіне үңіліп қарайтын.

- Туу, не деген сасық еді, – дейтін де бұрышта жатқан тасты мықшыңдап

көтеріп әкеп, есікті тіреп тастайтын. Жеңіске жеткен адамдай мықынын таянып марсиып аз ойланатын. Есіне не түскені беймәлім, қолын сермеп тастап бөлмесіне кіріп алып әлдебіреуге хат жазатын. Өкінетін. Қорқатын. Қорыққанда бұрышта жиюлы тұрған орын көрпесіне тығылып, екі дізесі дірілдеп ашық тұрған есіктен қыздардың есігіне телміретін. Сол есіктегі шұрық-шұрық тесіктен қалың жанар жәутеңдеп қарағандай зәре-құты қалмайтын. Ол мылқау да емес, меңіреу де емес, беймаза жан еді. Түн патшалығын кезіп өз-өзін ұмытатын. Таң бойы көз ілмей қағазбен алысатын. Бүгін түнде ол ең әуелі үлкен ақ парақты алды да, әдіптеп, әдемілеп, «Ертең менің туған күнім!» деп жазды да есігіне жапсырмақ болды. Бөлмеде ары сандалды, бері сандалды. Онысы желім іздегені еді. Ақыры тіс пастасын алды да есігінің сыртына әлгі қағазды жапсырып тастап, шалқадан түсіп қиялға батты. Жағымсыз күлкілермен араласып есік тарсылдап жатты. Ол өзін жеп-жеңіл қаңбақ сияқты сезінген. Шай ішетін жатаған үстелдің үсті қағаздарға толып қалыпты. Орнынан жеңіл тұрды да есік ашты. Үш қыз қолына гүл алып күтіп тұрыпты. Бұған ол таңғалды. Гүл ұсынған қыз оның бетінен аймалап сүйген. Ал қалған екеуі қол ұсынып туған күнімен құттықтады.

- Біз сені түсінбей жүріппіз.

- Солай ма?

- Сен қаншаға толдың?

- Өзім де білмеймін.

- Туған күніңді жуайық.

- Қайдағы туған күн.

- Ал мынау не?

- Қайсы...

Төртеуі бірдей есік сыртындағы жазуға үңілді.

- Ой, ақымақтар, бұл мына есіктің туған күні ғой...

Үш қыз меңірейді де қалды. Ұзақ үнсіздік орнаған. Бір-біріне кезек қараған төрт пенде. Үнсіздікті қырық-шұрық ыңыранған есік бұзды.

- Сендер мені емес, есіктеріңді түсінсеңдерші, – деді ол.

Үш қыз еріксіз күлді. Күлкілері келмеген. Күлуге мәжбүр болды.

- Ой, кетші! Әкел гүлімізді.

Көзі тікірейген қара қыз дікең-дікең етеді.

- Бұл гүлді есігіме іліп қояйын.

- Сен кімді ақымақ қыласың?

- Ой, мылқау неме.

Үшеуі бірдей шымшылай сөйледі.

- Осыдан бір ғасыр бұрын...

Ол өзінің тың әңгімесін бастамақ болған. Оны білетін үш қыз оған сөйлеуге мұрша бермеді. «Осыдан бір ғасыр бұрын...» деп басталатын әңгімеден үш қыз әбден жалыққан. Үш қыздан жалыққан есіктен бетер ығыр болған.

- Онда бүгін жексенбі ғой, базар аралайық.

Ол өз-өзі болып үш қызға дәл осы сәтте дұрыс сөйледі. Үш қыз тағы да меңірейіп қалды. Ойлары бәлкім сан-саққа жүгіріп, әңкі-тәңкі болып тұрған шығар. Ауланың іші сары ала жапырақ. Аспанда қиқулап қаздар қайтып барады. Төртеуі бірдей соған еліді. Бір мұңлы әуен сұңқылдап көңілдерін бей-жәй қып кете барды. Көзі тікірейген қара қыз темекі тұтатты. Басын шайқап теріс бұрылған. Дәл шалқар түсте төртеуі сыртқа беттеді. Бұл қаланың сыртындағы жұпыны мекеннен орталыққа беттеген автобуста төртеуі бір-біріне қарама-қарсы орындыққа жайғасып алып, бір-біріне ләм-мим деместен келе жатыр. Олар орталық базардан түсіп қалды. Ығы-жығы базардың шу-шұрқанынан төртеуі төрт түрлі зат сатып алды.

- Темекім бітіп қалды,- деді көзі тікірейген қара қыз.

- Іш киім көрейікші, – деді екіншісі.

- Есікке құлып сатып аламын, - деді үшіншісі.

Үшеуінің әңгімесін естіп тұрған ол басын изеді.

- Күз болды ғой, мамама шәлі алып беріп жіберейінші.

Үшеуі үнсіз меңіреу күйде оның артынан ере берді. Сол үнсіздікпен асханаға барып тамақтанған. Енді сыртқа беттегенде сақал-шашы ағарған, ретті киінген, баулы көзілдірік таққан орта жастар шамасындағы ақ құбаша кісі оның қолын қысып амандасты.

- Өткен түн қандай тамаша болды.

- Менің жазу жазатын қағазым бітіп қалыпты.

- Сенің көзіңе не болған?

- Көзімде сайтанның көлеңкесі тұр.

- Ха, ха, ха...

Әлгі кісі екеуі қарқылдап күлді. Үш қыз меңірейіп әлі тұр.

- Осыдан бір ғасыр бұрын...

- Ол кезде адамдар меңіреу болатын ,- деп әлгі кісі іліп әкетті.

- Жоқ қазіргі адамдар меңіреу...

- Мына қағазды үйіңе барғанда оқышы.

- Сөйтейін , - деп қалтасына сүңгітті.

Үш қыз меңірейіп әлі тұр. Көзі тікірейген қара қыз темекі тұтатып үлгеріпті.

- Балам, түн жаман екен. Маған әлдебір сұмдық ұрланып келеді,- деді әлгі

кісі көзі жасаурап.

- Ия, түн жаман. Менің қарсымдағы есіктің тесігінен сайтанның сағымы

түседі.
Үш қыз меңіреу қалпында екеуінің әңгімесіне қызыға түсті.

- Сендер пәтер жалдап тұрып жатырсыңдар ма? - деді ақ бас кісі үш қызға кезек қарап.

- Ия.

- Төртеуміз бір жерде...

Ақ бас кісі бас изеді де:

- Обал-ай, - деп қоштасты. Ол екеуі қоштасып жүріп бара жатып сыбырлаңқырап сөйлесті. Үш қыз әлі меңірейіп тұр. Екі сағат уақыттың қалай өткенін олар сезген жоқ. Бұлар үйге қайтып келді. Ол келе салып қыздардың есігіне құлып салып берді. Үш қыз оған сөйлеуге жөн таба алмай әлі меңірейіп жүр.

Сол күні түнде ол қара терге түсіп қиналды. Тамағын ұстаса, тамағы қып-қызыл болып ісіп кетіпті. Арпалыс, шу, қасақана қастық бәрі жүрегін тітіретіп жіберді. Осыдан бұрын оны қаншама түн қинаған елестен құтыла алмады. Ыңыранып ашылатын есіктен сайтан сағым тағы сығалады. Қыздар шырт ұйқыда. Көз алдына кәрі кемпір мен алты жасар қыздың сол бөлмеде жіпке асылып теңселіп тұрған бейнесі келе берді. Ол қара терге түсті. Әлгінде базардан үш қызға сездірмей жіп сатып әкелген. Он жетінші парақ аяқталды. Таң да атты. Ол ең соңғы рет көзін ашқанда ыңыранған есіктен әлдебір бейнелердің ирелеңдеп кетіп бара жатқанын көрген. Үш қыз оның көгеріп жіпке асулы тұрған денесін тамашалап тұр. Темекі түтіні үш қыздың бетін тұмшалап кетті. Қып-қызыл болып еріннің бояуы жұққан темекі тұқылы жерге домалап түсіп тұтап жатты. Тық-тық еткен өкше даусы ауладан шыға бере тапталып қалған дымқыл жерге соңғы ізін тастап кете берді. Есіктер меңірейіп әлі тұр. Күзгі жаңбыр бүркіп жауады. Тым сылбыр...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙