Қыран-қия
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ
ҚЫРАН - ҚИЯ
ЖАЛЫН
31 ДЕКАБРЬ Бір календарь бітті-ау тағы жыртылып, Міне, соңғы парақ қана тұр қалып: Күздің соңғы жапырағы секілді уақыттың бұтағында дір қағып. Келер жылдың есебінен құй бастап, Жұлам қазір мына жалғыз парақты – Сағат мұрты бір шалғысын қиғаштап он екіге қарап тұр. Теледидар, мультфильм еселе: екі-үш шыбын пілді оятты тұр-тұрлап, Піл оянып қаққанша бір құлағын тағы бір күн айналады «кешеге», тағы бір жыл – «былтырға». Жұлынғалы тұр ақырғы бір парақ, Жапырақтың соңғы демін естідім. Содан, Содан жасап салып ұлтарақ соңғы жолға шыққалы отыр ескі жыл. Сәт пен сәт тұр тартысып: Бокалыңда шарабың бар бір елі, Жартысын сен биыл іштің, Жартысы Келер жылдың есебіне кіреді. Жоқ екен-ау бөлінбейтін тұтас түк. Кісілік пен кісілік, қысастық пен қысастық бөлінеді уақыт та қас қағым: Осы жолды келесі жыл бітірем, Өткен жылы бастадым. Бір шекесін сәл көтеріп піл тұрды. Менің жаным, шыбын болсаң – шыға қал: Алған демді былтырғы келесі жыл шығарам. Ей, кеңкелес, саған адам тең келмес, Мас боп, кенет айыққаның бір түрлі Мешін жылы көмейіңе төңкер, дос, толтырылған бокалыңды былтырғы.
ОН ТОҒЫЗ ҚЫЗ Алқымдаған шағында көкем байғұс жетпісті, Ауыл-үйді аралап құда түсті, көп түсті. Қыздары бар үйлердің шайын ішіп, жеп етін, Біріне іші жылыса құда түсіп келетін. Әзілі бар, түрі бар, сыйлы қарт ед елге аса – Кедей еді қорасы, дастарқаны болмаса. Құлағына кіретін самай шашы шатасып, Қалың еді сақалы, Қабыл еді батасы. Ілінетін ауызға уәдесі мен серті еді. Кедейлігі – аңыз да, Кісілігі – ертегі. «Құдаларын» сыйлайтын еті болса бір асым. Шыққан жылы мен онға он бес болды құдасы. Кім сыйламас кәріні Өзі жомарт, Өзі есті. Менің жасымнан гөрі «құда» саны тез өсті.
Тынды дауыл, зіл-зала Соғыс бітті, Күн жылы. Баяу өстім мен ғана, Уақыт баяу жылжыды. Киіт жинады бір қауым: Бөз, күләңкөр, шыпыр-шыт, «Соғыс бітті, Оқу да бітер» деді тықыршып. Оқу бірақ бітпеді, Көкем бір күн кіржіңдеп, – бір «құдаға» мұң шақты: «Мұғалімі – мылжың» деп. «Рұқсат бер тіріңде, Өліп кетсең обал-ды Жиырма қызға», – деп достар, Мені әзілдер боп алды. Өкпеледім көп досқа, Көбін күліп өткердім. Ал, қалыңдық-қыздарды қарап жүріп жек көрдім. Бәрі – қайран балалық, Оқу бітті... Бәрі өтті... Шал марқұмның келіні, Мисыз, бірақ әдепті. Ғашық болу «жүз қызға» бір жігітке тым ауыр. Маған жұққан, Расул, дертің емес, тұмауың.
Шарап ашытпадық біз, Қымыз, шұбат ашыттық, Ақшылырақ сондықтан біздің елде ғашықтық... Алқымдаған шағында көкем марқұм жетпісті, Ауыл-үйді аралап құда түсті, көп түсті. Мақтан етті ол бір ұлын, Біз не білдік, не білдік: Жиырма құда, құдағи, Жиырма қызды келін ғып. Жалғыздық та – кесірлік, жарасатын шың-құзға. Он тоғызын «жесір» ғып, үйлендім мен бір қызға. Сүйем бірақ бәріңді жүрегімді жалын ғып, Сүйілмеген сұлулар Алынбаған қалыңдық. Көңілі үшін көкемнің, он тоғыз қыз, кеш мені. Ата – жақсы, баласы нашар болса – өстеді...
ОРТА Менің беті-қолымды Жапырақтың жас сыбдыры дуалы, Құстың даусы, Күн шуағы, Су әні әлсін-әлсін, әлсін-әлсін жуады. Судай таза тірлігіме, Әрі ізгі бәрібір шаң қонатұғын тәрізді – жумаса да болатұғын тәрізді. Шаңырақ-аспан жапқанда бұлт-түндігін, Шуақсыз да жүріп жатар тірлігім. Сыңғыраған көк күмісін ақтармай, бұлақ қатып бауырлаған шақтарда – уақыт жылжып жатады ғой, бәрібір, бәрібір ғой, бәрібір ғой, жарығым: Жапырақ түсіп, бұта қалды, Жел, әне, сида ағашты сипалаған болады. Бәрібір ғой, төгіледі бал-әнім, Жапырақсыз да сусылдайды қаламым. «Бесік жырын» айтпаса да, ал, әне, бапты ананың баласы ұйықтап барады. Заманына сай туса да талабы Сайрамаған құстар бізде көп әлі – Өз ұясын іздемесе – тоңады, өз бұтасы қураса да – қонады. Тау ма, мейлі, әлде көл ме қоғалы, Жел де өзінің жолдағысын соғады. Соқпаса да уақыт өтер, бәрібір, бәрібір ғой, бәрібір ғой, жарығым. Сырттай көрсең: бір-біріне қатысы жоқ секілді, Шығысы жоқ, батысы жоқ секілді. Осыларсыз, осы ортасыз ал, бірақ өмір сүрем деудің өзі – сандырақ.
САЛЫСТЫРУ Ұран деді шындықты, Шындық қуған тірлікті, Қыран деді шитімдей шегірткені бір мықты. Шегірткелер әулеті, әй, дүрлікті-ау, дүрлікті!
Шегірткенің сол мықты бір үйірін тартып ап, айғырына әулеттің арпа берді жарты қап. Ал қыранның алдында қауырсындай қалтырап, құлап түсті бір күні жалбаң етіп Жайыққа. Құрыды, ойбай, батты, әне, жүгір жылдам, қайық тап! Судан алдым суырып, Жігіт екен байыпты-ақ: Бір бұлбұлды, сөйледі ол, саңғиды деп айыптап. Шегірткенің қауқарын шертіп таныр бар әлім, Қырандарға қарасам әлін біліп қарадым. Таныдым мен қыранның қанатының жарқылын, Қарғаны да таныдым... шоқығаны арқылы. Көңіл жүйрік әркімде, Көргіш екен көз деген, Сенер болсаң сөзге егер Әлі талай түсінік, тағдырлар да өзгерер. Өзім танып алғанша, айтқыштарым, айта бер, тек, ергендер қарғаға, тұмсығыңды байқап ер!
САРАПШЫ Түгі түрлі деп сынап тоты құсты Кірісті іске бір мықты оқымысты. Тағдыр салса – кім тартпас ауыр сынын – Жұлды талдап тотының қауырсынын. Мына қауырсын, деді ол, қызыл-жасыл Мұндай болған көп сайрап бұзылғасын. Бір-ақ түсті, біркелкі көзқарасы, табиғаттың байғыз тек өз баласы. Болар еді тоты – үкі ойлы, оңаша Осыншама, бейшара, сайрамаса. Түрлі бояу тұл-бойы тұнып тұрған, базар құсап көзді құр құнықтырды, ал, Сезімге одан не пайда; тап осы жол табиғат жомарттықтан былықтырған! Мұнша бояу не керек құсқа жалғыз, біз бұны надандықтан ұстағанбыз – Осыны айтып, Құлаштап, қары сыңғыр, Көгін бөлек жұлып ап, сарысын бір, Жасау жинап жатқандай қарындасқа – сұрын басқа, сорттады ағын басқа. Бұл, әрине, талай жан ұққан қайғы:
Жұла берсе түктен де түк қалмайды. Ал тоты ше? Тоты жоқ! Бір қарасақ: ғалым отыр бір өңкей тырна жасап.
САРЫ АЛҚАП Сыңғырайды самалға алтын дәнді сары алқап, Сары мұртты егінші сары алтындай сараң, сақ: Сары тісіне салып тал түстегі дәнді ыстық, Сары мұрттың астынан жымияды сарғыш қып. Сары алқапқа сәскеде түскен сын-ды сары ымырт: Егіні де – сары мұрт, егінші де – сары мұрт. Сары ала таң секілді ататұғын сарылып, Егіншінің төсіне құлайды алқап сары мұрт. Сары мұрттың сауғаны – әрі күдік, әрі үміт, піскенінше сары дән сары қауыз жарылып: Сары алқапты самал боп сипа, алақан дірілдеп – Сауып жатқан жоқ па екен сары құрт боп бір індет? Сары мүйізді алақан өбектейді жібек боп, Әр масақты үгеді, үргілейді өбектеп, Сары алқапты емес ол – айтар болсақ асыра – Сәбиінің сары үрпек сипайтындай басынан. О, махаббат! Жата ғап Иран бағын жеті абат Қанша мақта – оянбас әже-дәулет, ата-бақ, Сары сабыр тұтпасаң сары алқаптай қаталап, Қаталаған көңілді тастап кетер махаббат; Жылы ойлап жүрекпен, Жарытпассың жұтып ас Жоғалса еңбек-махаббат, Жоғалса еңбек-ықылас. егіндіктен сары мұрт егіншіден сары мұрт Сары алқапқа тал түсте түсіп тұрар сары ымырт. Сары комбайн келді, әне, Уһі деді, сандала Саулы інгендей желіні сыздап жатқан сар дала. Сарқып берді сауымын сары саба – қамбаға, Сабыр бітті қамбаға, ал, арбала, арбала! Егіп едім мен де егін, жылы қарап жерге күн – бораздамнан бу шықты – жанар дедім еңбегім, Сезім алдамайды екен: Жап-жасыл ед кеше алап, бүгін сарғыш тартыпты – құнарлы жер Қошалақ.
Қошалақ пен Алатау, аралығы – жер алшақ, басын сипап әр дәннің жел жүгірді жарамсақ. Алқабымды сол сарғыш саралап ем сараң, сақ, сыңғыр қақты алқабым – бар масақтың бәрі ән сап. Сыбдыр-сыбыр көбейді, Сана-ақылың сырттап қап, Сенсең кейде сезімге – сары уайым ұрттатпақ, Сақал шықты сабырға, әр сөзіме сары мұрт Сиыр-сәске кезінде түсіп қапты сары ымырт. Балапан ең сары ауыз, оңға басар енді ісің Сары – уайым түсі емес, піскендіктің белгісі. Кісі боппын сары тіс осы пиғыл, осы оймен, Өзім екем десем мен – мезгіл екен есейген. Сандалып кет сарғайсаң сабыр-шыдам бітіп қап, Сарғыш тартса – санаңды сорып алар түтік тап. Жез-мұрт жырым, кеш мені: Бет-жүзіңді сипап ем, сары мұртың білінді алақаным қытықтап...
СӘУІР-81 Сенбісің мына келген Сәуір айы, Сәуір-ау, не боп кетті ауа райың? Көктемей жатып бұта тұр ауырып, Түн ұрып, Тұман ұрып, Тұмау ұрып, ендеше, мен де жатып ауырайын! Бұлт қонса Алатауға көбіктеніп, Көбік-бұлт кетуші еді төгіп-төгіп. көк жүзі – үшінші күн – тұр салбырап, Нөсер де, Мұнар да емес – бір сандырақ. Бір саппас дәмі бөлек, Тұзы бөтен, Тұзы жоқ баяндама ұзын екен, Жіберді жалықтырып аспан астын – Көшірдім – үлгермедім – тасқа бастым, Ұшымен телеграф-қазықтардың Стенограммасын жазып та алдым. Мұнша ұзақ сөз тыңдамай мектептен де, алған жан жаман дағды, көкбеттенбе! Күллі аспан сиясауытқа айналады-ау Аспан да граммофон боп кеткенде. Ынжық бұлт жауған боп тұр ыбылжытып, Су да емес,
Судың алыс дымын жұтып Жер байғұс қарайды әрең шыр айналып, Шалшықтың жанарымен лайланып. Арықтар тамсанады жұтынғалы Қырбық көк кірпігімен қыпың қағып. Қондырмас тау еді анау бір түн бұлтын, Қарда үн жоқ, Хақ сөйлеп түр – қырқылды тіл. Жағам ба деп амалсыз, Жылдан қалған Жапырақ қол соғады дүркін-дүркін. Осы шын сен бе келген Сәуір айы, Сәуір-ау, не боп кетті ауа райың?! Қолшатыр кептіруден төсек артық, Жел тигіз тым құрыса – ауырайын. Аспан тұр баяғыша, тұр аулақсып, Тұрып қап тұмсығында тұмау қақсып, Мақсұт көп, Мақсұт көп қой, Соның бірі Секілді жер шыдамын сынау мақсұт. ...Әлі тұр қойыртпақтап мылжың аспан, бұлт – кисел, Жылжымастай былжырасқан. Көрінді көп қолшатыр ана жақтан Қоңыздай тоңқалаңдап бара жатқан. Сен кидің әжемнің бір кимешегін, Көңілің жас боп тұрса – кимес едің – Мен де шал – енді саған үйлесемін. Күшімді жылдар емес, Жылжып жұтқан Осындай мылжыңдар мен мылжыңдықтар.
ТЕЗ, ТЕЗ – Көрші халсіз жатыр, – деді кәрі әкем – Тез, тез барып Қошалақтан дәрі әкел! ...Жаяу барып келуші еді бұрын да ел, Жаяу ма екем мен, сірә – балағым бар түрілген. Құмды оятқан тұяғы емес тұлпардың, балалар ғой жалаң аяқ жүгірген. «Құс жолындай» алып ұшып, аттандап, Кірекештер жолы жатты ақ таңдақ. «Жете алмайсың!» – деп итерді жел алдан, «Жетесің!» деп алыс сағым жатты алдап. Тез, тез, жетіп мақтанбақпын, мақтандық, «Кеп қалдың!» – деп құбылды.
Сағым-дәме-үміт болып алдауыш – «Тез, тез! – деді әлгі дауыс – сол дауыс. Жиырма көрінім Жиырма бес деп кейбіреу Жүруші еді Қошалақты, бір торсық шалабымды тауысқанда, айрылғанда барлық дерлік, екпіннен, алу-далу болып әрең жеттім мен. Құмда жалғыз қырлап киер шалбарды «Ақ бас першіл» – Абдош атты шал бар-ды: – Сәтін берсе, бетін бері қаратар, тез, тез! – деді ол да маған, – дәрі апар! – Қолтығымды көрді сонсоң қол тығып, «Тез, тез!» – деді, торсығымды толтырып. Дем бастым сәл, бірер жұттым шалаптан, Құмын қағып қайта түрдім балақты, ал, ал, жөнелдім, етек-жеңім далақта, ал – Қабырғама қанат бітір, жаратқан! Асыққанның қимылы – пәк және оғаш: Жаға, шашты, жел, жел, артқа ала қаш! Шөп-тікенді сезбей қалды табаным, Тек балтырым тызылдайды жалаңаш. Жел, қарысып итермей-ақ қой алдан, Жел, жел, маған екпініңді бұлдама – Жел-дауылдың екпіні емес, бұл дала Жүректердің лүпілінен оянған. Кенет алдан сағым да өшті алдауыш, алданар да түк қалмады менде енді. Жүрек жарып шығар сын-ды кеудемді – тез, тез! деді әлгі дауыс, сол дауыс. Тез, тез, дедім өзіме-өзім, дәрі әкел! Ақ сор болып кепкен шақта қара тер, Ымырт-салқын түскен шақта келіп ем, Солғын ғана иек қағысып менімен «Кешіктің ғой, ұлым», – деді кәрі әкем. Жоқтау үні көтерілді көрші үйден, Мұздап кетті жағам ыстық тер сіңген, Су сепкендей болды көңілім ерсінген. Содан бері... бір адамның обалын Мойнымда деп сезінемін мен әлі. Тез, тез! десем – кеудем лықып толады: Кеудеде емес, асыққанның жүрегі алқымында болады – алқынамын, алқынамын мен әлі! Ниетім жоқ қалған жұрттан қара үзбек, Мен асықсам – мойнымда парыз көп. Парыз десе атан-түйе тәрізді ек,
Менде ғана қалған сын-ды бар ізгі от: Әлі, әлі әлдекімге, асығыс Шығатұғын секілдімін дәрі іздеп, Өтелмеген бір парызым бары анық: Табан тесіп, сирағымды жара ғып, Әлдекімге мен, әйтеуір, алқынып Келе жатқан сықылдымын дәрі алып. Әйтеуір, бір міндетім бар, міндетім, айырмаймын, әлде күндіз әлде түн – тез, тез! Асық, азамат деп жаны ізгі, Әлі мені күтіп жатқан тәрізді екі дүние ортасында әлдекім. Әлденеге мұқтаж болса кімде-кім, Мен алқындым – мезгілінде еткен құрметім. Үміт – үстем, Күдіктерім жетім кіл Өкініш боп шарпитындай не түрлі Онсыз да осы менің ыстық бетімді. О, білемін! Әлдебіреу халсіз жатыр, білемін, Қауіптенем, жарылардай жүрегім, алқынып бір жеткен шақта Ұлы елім, Кәрі әкемнің даусына сап өтімді: «Кешіктің ғой, ұлым!» – дейтін секілді.
ҚАНАТ МӘСЕЛЕСІ – Қанат бергем, – деді жігіт бір күліп, бірер жылы сөз айтқанын пұл ғылып. – Қанат берер табиғат па ең, Қорлық-ай, сірә, тірлік ете алмаспын мен бұлай. – Қанат бергем, мына ағаңды таны, – деп Қайталады ол, Қарасы аз, ағы көп көздерімен жеп барады; сан рет бір сөз үшін кіржіңдесіп қалып ек. Біреу мені санасызсың деп тепті, біреу мені панасызсың деп тепті. Шыдай-шыдай мен де кейде деп кеттім, санасызға саңылау да жетпепті – кетті, кетті, есем кетті, көп кетті. «Алар» жанға ұсап тұрса бет-өңің, Сап, сап дедім, «беру» сенің не теңің! Жапалаққа «Жапеке» деу – білуші ем –
Қыранға да кешірімсіз екенін. Өзгелерден жақсылықты көп көрдім, Көп көрдім мен, өзімнен де көп көрдім. Жақсылығым өзіме-өзім жасаған: Бар күнімді тек еңбекпен өткердім. Ұсақ талап, ұсақ тірлік күнде өстіп мазаңды алар күндестік пен білместік. Жалған-жалған жанашырлық, арыз бар – Тыр жалаңаш жанға соның бәрі ызғар. Әр-берден соң тірі жүргенің үшін секілдісің әлдекімге қарыздар. Пырақ емен, желік те жоқ, жоқ қанат, жабы да емен әркім мінер ноқталап. Бірақ көп жұрт артына ұстап жүгенін айналсоқтап жүретінін білемін. Көргенсіз бе, көсем бе, әлде, құл ма анық: – Қанат бергем! – Қызық халық бұл халық. Шын-ақ «қанат берген» жандар тұл қалып, ағам отыр айдалада бұлданып: Гималайға биік берген секілді, Алатауға иық берген секілді, Өзі ұшқалы отырғанда қанатын Мен, мен үшін қиып берген секілді. – Қанат бергем шарласын деп биікті, шәкірттердің болмағаны – күйік бұл шойырылтып тастайды екен беліңнен. Бермедің деу ұят екен: – Ей, ұстазым, сүйіктім, Жапалақтың қанатынан, дедім мен, аяғы артық киіктің!
ҚАНІШКЕН Қанішкен-ай, Қанішкен, Кімнің қанын ішіп едің? Домалап Шөпке тұнған ошақтарың Жарылғалы тұрған бейне қағанақ. Әй, обал-ақ, обал-ақ Жақсы жерге қойылғаны жаман ат. Түсінуге тырыстым, ыждағатқа ындын сап – қан басардай қауіптеніп тұрдым сақ. Ұқсамайды топыраққа қан ішкен – Топырағы мамық сынды жұп-жұмсақ. Ей, Қанішкен, Қанішкен!
Құлағына жеткен біреу езуінің жыртығы: – Ауылыңның атын айтшы? – деді маған бір күні. – Қанішкен, – деп айтып салдым – Қанішкен! – Аты жаман екен, – деді жаңағы. Топырағына тартад деуші ед адамы, Сен не ішесің? Әй, Қанішкен, Қанішкен?! – Ойнау деген – ойнау емес намыспен, туған жерім, ауылымның сол аты – маған ыстық қойнаулары, қолаты. Сүйе алмайды туған жерін дәл мендей әрқайсысы менен мықты он ақын! – Әр әрпі шіреніп, шықса да ашық сезім бұл көкейімнен бір қуыстық сезіндім. Мән бермеппін жер атына бұрын мен, кездерім көп мән бермеудеп сүрінген. Қанішкен боп неге аталған момын жер, Неге қалды бұл жерден сол көңілдер? Көңіл қалмаса егер мына даладан Қанішкен деп ат та қоймас еді оған?! Бір жағы – құм, бір жағы – су, сондықтан шөбі де ылғи жасыл десек, жас десек – біреуге атар шойын-темір түгілі табылмайды тас кесек. Европалық жағажайға бара-бар жер, бара-бар – шөңге іздесең таба алмайсың жағадан жалаң аяқ табаныңа қадалар. Әлгі сөзден кейін мен Сенбестікпен, Секемшілдеу пейілмен, Суыр қазған ін аузына қап-қара қарап тұрдым шаңқай түсте сақтана. Судыратпа құндырақты, жел, еспе – баяғыдан бағы жер деп жүргенім алыс, бөтен планета емес пе? Кенет далам баяғыдан бері өскен бу көтеріп айналды бір елеске. – Қанішкен-ай, дедім сонда, Қанішкен, Сен дегенде алып-ұштым Қанішкен, Менің үшін мейірімдер мекені, Неден, қалай жаңылыстың, Қанішкен, Кімнің ғана қанын іштің, Қанішкен?! Атырау-теңіз күрсінгенге ұсады алыс – азап, намыспен, сонда, сонда естілді ауыр, алыс дем. Жердің шашы тік тұрғанға ұсады – тікірейді қоға, қияқ, қамыспен.
Тұзды көлдер быршып, тұнып ашыған дауылсыз-ақ толқын атып тасыды, ал! Күдірейе көтерілді сарышабдар құмның жалы ақ шағылдар басынан. Ақ қайыңдар шолпы таққан күмістен әнге салды даусымен сопрано-жіңішке ең. Беліне ұрған жыландардай бір түрлі, барлық жол кеп өткел аузына іркілді. От ұшқындап томашадан, түбірден, түтін шықты суыр қазған бір іннен. Түйілді дөң бейне ашулы қас-қабақ; Жасыл тіл боп қылт-жылт етті жас сабақ боразданың ернінен түрілген: – Өткен күндер бүгінгіден басқарақ, Мына топырақ қазіргідей емес-ті, Шөбің де онда темір-тікен боп өсті, гүлдің өзі қан-жоса етті қолды көп, шықтың өзі тұнбайтұғын мөлдіреп – Шаңнан шық та ылайтты, ол былай: Көзден аққан жастың өзі болды лай. Суыр інін толтырды лай су құлап, Қорғасыннан ауыр, Удан да улырақ Су басқан-ды – білдірмейді беті күлген батпақ-көл, Қу, қу құмдар, Мезгіл одан қу бірақ.
Қамыс, қоға былай деді судырап: – Соның бәрі жауға қатер-сұс болып, Жер – қорғанған құм-ернімен жымырлып, тікендердің тістерімен тістеніп. – Ей, Қанішкен – дедім төзбей, – Қанішкен, Сен деп жылда алып-ұштым, Қанішкен, түнгі оқ құсап жанып ұштым, Қанішкен, самғап жеткен сағынышпын, Қанішкен айтшы, айтшы, Қанішкен, Сонда кімнің қанын іштің, Қанішкен? – Бәрінен де оңай, рас, түк білмеу, одан да оңай сауал бердім соған жауап күттім деу. Талай тамыр... тарамыс қып қаусатқан, бұл өлкені Мен-менсінген кеуделердің даусы атқан, Әділдіктен үміт етіп ер жортқан, Көптігінен үміт етіп жау шапқан. Қара қарға ән-жарыс қып бұлбұлмен
Ұпай алып жатты әрқайсы бір-бірден: Онда да әділдік бар шығар кім білген?! Былай деді қарақат пен бүлдірген: – Бүлдіргендей түйілді дөң, талай бел, Кекке пісіп қарақаттай қарайды ел. Көк тәңірге көзін ашып кеткен-ді ер, – ей, сөкпеңдер, тірілерді сөкпеңдер! Жарайтын қол болмай жатты күректер мен кетпенге. Болды кездер жазда жалғыз жапырақ, Жалғыз шыбық көктетпеген көктемдер, Суды – су деп тым тасынып кетпеңдер, Су орнына талай-талай қан жұтты кенезесі кепкен жер. Отын шабар қара балта – бас шапты, Мола қазды арық қазар кетпендер. Арғымақтың іскен шақта алқымы, жараспады жақсыға жамау құсап даңқ ұлы. Қас болаттар қаңылтырдай қалқыды, Жезге айналды алтыны. Тұлпарлардың іздеріне қақ тұрып – Сіңіп үлгере алмай жатты қан тұнып. Тағдыр – қыңыр қашан да, Мұқатуға шебер-ді, Қырсықтардан өрді мықты көгенді, сол көгенге көгендеді көп ерді. Біз – қарақат: қаннан ғана қызардық, Біз – бүлдірген: қанмен ғана көгердік! Жел ырғайды бүлдіргенді шалғында, Қарақатты шалғындағы, Ал, мұнда бір қарасам, Қанішкеннің тұр екем, Қарақат көз бір қызының алдында. Елес-көрініс ғайып болды кенеттен: бірер жапырақ сыбдыр етті жел өпкен. Бейбіт күннің бір белгісін ұқтырып, жасыл шалғын жылт-жылт етті шық тұнып. Суыр қазған ін аузында жылжыған бір жыланды жұтып жатыр бір жылан. Табаныма батты әлдене, шегеге ұқсамайды; үш қыр масақ қадайтұғын жебеге: Менің жерім жұмыртқа емес, Жауға атар Оқ пен жебе шайқай ма?! Қоңыр үйрек судан шықты байпаңдап – білем енді бағалай да, байқай да,
Кіді бастар, кесірленбе, қайқайма, «Аты жаман» десе біреу жеріңнің «Жақсы!» деймін, айқайлаймын қай-қайда, Қанішкен деп қайталаймын айқайлап!
ҚЫРАН Үлгі-өнеге болсын дей ме артқыға: – Қара шыңнан қарғып ұшып қарт қыран, Шырқау көкке шығады екен өлерде, Содан өзін тастайды екен төменге. Қорлана ма, Қорқа ма екен тегінде ол ауырып-азып, төзіп өлген өлімнен? Ескі арбаға шиқылдау да сый-бақыт, Күн кешеді майлаттырып, сыйлатып. Ал қырандар тозбас үшін арбаша Өзін-өзі тастайды екен қиратып. – Сұрап алған ғұмыр емес шала бақсы – шайқыдан, Қайсар қара, айт, айта түс, айқын ән, айтарыңды ағыл-тегіл айтып ал, – Қара желге қарсы ұш, қанат, қайқылан! жұрт көңіліне аяушылық тастарда болмайық тек ойбай салар ескі арба, Көкірегіңе ерек толар сыр аңса! – Қырсықтардан жаратылған бағы бар Өмір сүре білсек біздер қыранша, Өлудің де бір есебі табылар...
ТҰЛЫП Қызыл бұзау арам қатты, Терісін сыпырып ап әжем желге кептіріп: Қолдан бұзау жасап қойды қайтадан теріге әлгі шөп тығып. Неткен, неткен қаталдық: Қызыл бұзау – қызыл тұлып атанды. Көзі орнынан шөп көрінді сарғайып – Шөпке тоймай өліп пе екен ол қасқа?! Ал тағдырды қарғайық тастай берік болу үшін болмасқа.
Тұлып деген – ойыншық па, басқа ма, Сезім туды екі ұдай егіз біткен шоқыдай. Түк ұқпадым – қалың ойға малтып қап Неткен, неткен масқара: Жетектеуші ем момын-қызыл байғұсты, тұрдым енді қолтықтап. Тосын көрініс көңіл үшін тағы тым – Кейін көрдім бір әкені қаладан Қолтықтаған нәрестенің табытын. Тек ол жолы... Қызыл сиыр өрістен Мөңіреп келді төрт емшегі шаншылып, Шаншылғаны соншама қойғандай ед әрқайсына қамшы іліп. Сауыны асқан сиыр азан қағады, Серпіп-серпіп тебінді артқы аяғын. Қызыл-сәбиді аяп едім мен мана, енді мына қызыл-ананы аядым. Қызыл сиыр тұлыпты иіскеп, Кенет бір терілері жиырық қақты баурының. Нықылықтап отырды әжем, Шелектің салдыратып баулығын. Қызыл сиыр көзінде Қызыл қасірет тұнып тұр – Мөңіреген жоқ, ыңырсыды. Қиыны: иіскеп-иіскеп жіберді де тұлыпты иіді. Ақымақ мал екен, дедім, бұл шын-ақ, Күйсеуші еді-ау екі езуі былшырап! Ант етейін нан тістеп: алданғанына ыза болдым тал түсте, Мынау, дедім, неткен есер жұрт еді? Қайтқан сайын өрістен сол тұлыппен аңырап кеп көрісті ол; Иіскелейді, түртеді, ыңырсиды, көкірегі ұлып құр, Жалпақ тілмен жалай-жалай берген соң, тулақ болды түгі түсіп тұлыптың. Кейін ұқтым пәлсафасын тірліктің, Соңғы талшық ойдың нәрін жаңа алдым: Алданғаны емес екен, жоқтығы екен амалдың. Жұбау тапты ел тұлыптарға мөңіреп, бауырынан бала кеткен талай жан шүкір айтып әр күн сайын он рет, алданатын қара іздейді маңайдан. Қара жерде қаза, мұңның көптігі –
Көңіл – жұбау талшық етсе бір атым, Әжем тұлып жасағаны шөп тығып, Қызыл сиырды алдау емес, жұбату, Жұбатулар жаса, көңіл демеулер. Бөркін иіскеп қаза болған ұлының Қария отыр өзін алдап амалдап. Жаңа шықтым сол үйден мен, табанда Мен де өзіңнің ұлыңмын ғой деп алдап... Жылы сөздер жылытады бүйірді: Өзім қиып ұмыт еткен күйімді бір құрдасым мақтап отыр жандырып; «Осы күйің өлмейді, – деп, – мәңгілік!» Әдемі әзіл, шындыққа айнал лайым! Медет етіп күллі әлемнің Күн, Айын, Мен де саған бір жақсылық сұрайын! Сенейінші саған, Қабыл, ал, алдым – аздығы емес ақылдың, аздығынан амалдың сенем саған, жасқа келдім біршама – Сенем саған – талғамымыз бір сана. Сенем саған: көп сөзіңнің көзінен Шөп көрініп тұрса да.
ХАБАР, ХАБАРШЫ Таң алдында бір қызыл ту қанатты: – Таң атты, – деп хабарлады. – Таң атты! Көкжиектің көгіс-сұрқай еріні Шоқ-Қызыл гүл тістегендей, қанап тұр. – Таң атты! – деп хабарлады ұлы адам, Күн шығыстан күрең сәуле құлады, ал! Бір ұлы ту көлбегенде күп-күрең тастың өзі күреңітті – бітті рең. Ат дүбірі тоқтады үйдің сыртына, – Жау шапты, – деп жаңғырықты қыр-қырат. Ақ жалынның алтын жалын қырқып ап, Шостакович күй шығарды бұрқырап. – Жауды жеңдік! – шауып келді салт атты, Көкке атты жұрт бөрік, тұмақ, қалпақты. – Жауды жеңдік! – Жетті хабар-хат аппақ, Жел тұрды бір ақшамғы апақ-сапақта: Миллион кептер бір сәтте ұшқанға ұқсады, Миллион жапырақ бір сәт қолын шапақтап. – Хабар! – деді кеше маған бір сыпсың, – Жігіт еді қысыр ойлы, қырсықшыл,
Қайдан болсын о секілді сорлыда әл: Түгеншеев түсед дейді орнынан, түссе, – деді, жарылқасын алдынан! – Елең еткен болмады, әттең, жан бұған. Ақсаң қақты хабаршының тісі аппақ, ақ тісі де кеткен екен ұсақтап, Қызыл тілін кесейік, бір пышақ тап! Қанша құйты, Қаншама ұсақ десек те бір хабарды бұл да айтты деп есепте. Сенің дағы солқып бітті-ау қос өкпең, Соқыр-болжам, сорлы пиғыл-өсектер!
ШАБДАР АЙҒЫР Апыл-ғұпыл аттандық. Кешегі ізде шәуіш жапқан қақ қалды. Түн пұшпағы ұйып қалған сай, жыра шомып жатты әлденедей қайғыға. Тас түбінен сылдыр етті бір тұма Жарау аттар тізгін тартты жұлқына. – Қасқыр шапты, – деді ағай – жылқыға! Тақымдарды қысып-қысып жібердік, ытып-ытып жөнелісті жараулы ат. Бір қайқаңға шыға келдік, Жарықтық Күн де шықты алаулап. – Айтақ, айтақ! – Айқай салды сонда ағам, – Мұндай дауыс ғұмыры онда болмаған, – Әй, оңбаған, – деді күйіп, – оңбаған! Екі-үш бие бүйірлері бүлкілдеп оқыранды, басылмапты шаң әлі: екі-үш сұр ит, о, ант атқан, ант атқан, арттарына қимай қарап, жалтақтап, шоқырақтап қабақ асып барады. Кісінеген шұрқыраған дауыстар, Мойындарға жабысыпты жал құлап, Түр-түсі адам айырғысыз алыстан, Жабағы жүр шап терісі жалбырап. – Айтақ, айтақ! – Ағай құрық үйіріп, Қалың шөпке салар сын-ды шалғы-орақ. Түгел жирен Шабдар айғыр үйірі, тек жал-құйрық лай-тасқын, шабдар-ақ, Қою жалы лай судай ақтарған, Сұр ит кеткен бағытқа әлгі тұр беттеп Шабдар айғыр, Омырауынан аққан қан
тізесіне дірдектеп. Шыңғырып бір кісінеуге жоқ әлі, ердің ісін жасағанмен, ер үнін бере алмады, жыбырлатты ерінін, шарасыздан шағынғандай болады. Бойында әл жоқ, дір-дір еткен әр түгін дір-дір қағып күн сәулесі шарпыды. Айғыр – шабдар, Күн – шабдар табысқандай шарпысулар арқылы... Жығылыпты қамыс-үркек құлағы, Күрескерде әрқашан да жара – жас, Жас жарадан қан мен тері аралас Сора-сора, сора-сора тұр ағып. Әлем-тапырық болып кеткен түр-түсі ерден ырғып түскен шақта жылқышы, Шабдар айғыр тізесі әнтек бүгіліп, Кинодағы артистердей әккі, сақ, Не иесіне еркелеген ит құсап Құлай кетті, мұрша бермей ұстауға. Соғым сойған кезде көргем қыстауда, Сонда айғырдың бауырынан бу атып, Шұбар ала жуан ішектер түсті аунап. Мал иесі басын сүйеп қараған көзі түсті сонда сұмдық жараға: – Жануар-ай! – Жіберді аға еңіреп – Бүйткен өмір кетсін сенен садаға! Бірер байтал желіп келді тепеңдеп, таң қалғандай «бұ да жатады екен» деп; үрейлі, үркек жанарлары ойлы, рас. Сонсоң құйрықтарын бірер сипасып, Әрі айналып қусақ – шөпке қойды бас. Шабдар айғыр. Өлген жері осы алап – Осылай деп еске алады Қошалақ. Үйленерде кеңесімен шалдардың Өлген жері. Өлген жері емес ол, қияқ өскен бір шоқыға сан бардым. Кәдімгідей моласы бар демесең – Өлгені емес, жеңген жері Шабдардың. Жылқы десе – көз алдыма Шабдар айғыр келеді, Мал дегенің орман болса, Жылқы соның – Емені. Жылқы десе – жаным майдай кілкіді, бәлкім, бұ да мақтаныштың бір түрі?! Өзің малсың дегім келед, жұлқынып, Әлдебіреу мал атаса жылқыны. «Айғыр үйір» атаймыз ғой елдің ескі салтымен, Үйір емес, отан шығар айғыр үшін, бәлкім, ол? Азаматы шығар айғыр, Масқара,
Міндеті бар айғырлықтан басқа да – Жерін қорғар ажалымен, антымен?!
ШАЛМА ЖОРҒА Мақтауға әуес жұртпыз-ау біз өткенді: Ырысты еді деп күзді, кірісті еді деп қысты, көгі, суы мол еді деп көктемді. Қошалақта, қоян жортқан шағылда, сол мақтаулы көктем, күздер шағында, шалмайтұғын жорға айғырлар көп болды. Түсініктер кезінде де жаңа тым, домбырадай баптаушы еді ел атын. Жорғасына түсіп кетсе – шапқан атқа жеткізбес, шалып кетсе – кібіртіктеп қалатын шалма жорға – әңгімеміз болатын. Бұрқыраған қара түтін жалы бар «Бегжанқара» атанды бір жануар, Атбегілер жүргізбейтін ығынан. Сол жануар шалма-жорғалығынан көрді, көрді, көп қорлықты өткерді, қамшының да не сүлейін жеп көрді. Шалдырмау боп жорғаны бар мұраты шадыр бапкер шағылға сап ұратын. Қамшы осқаннан сауыры мен бауыры білеу-білеу ісік болып тұратын. Жорғалығы емес-ті, сол жорғаны көру – болса бір арман, Шалмалығы – әуелі атын шығарған. Домбыра – адам жорғасы деп жүр атап, бес саусағың бірдей жортса – рақат! Мақтауға әуес жұртпыз ғой біз өткенді, Сен де – өткенсің, біз мақтаймыз, көп болды. Күтім жоқ деп күңкілдейсің беталды, жорғаларда күтім болса, ол – қаталдық. Өз иінін күтпесе де ел бүтіндеп, жорғалар мен күйшілерге күтім көп. Күтімнің тым көптігінен күйлерің естіледі бытың-бытың-бытың боп. Шалмасы, әттең, жақсы еді ғой десіп ел шығармайды «Бегжанқараны» есінен. Сенің-дағы күйің емес татымды, «Шалмалығың» шығарған күйші атыңды.
Салақтығың – сенің ырыс, несібең. Бірақ «Бекжанқара» талай бәйге алды, ал, сен болсаң... басқаша аштың «майданды». Қоялықшы қаталырақ бір сұрақ: Аусыл сиыр ауызындай былшырақ мұңыңды айтып нең бар сенің қыңсылап? Жорғалардың ең негізгі күтімі: Сегіз өрме, бұзау тісті, жұпыны, Саған, білем, қамшы жетпей жүр, шырақ!
ШАРТ Қай хиссадан оқып ем, Қай ауыздан естіп ем? Әйтеуір, бір әңгіме келе жатқан ескіден. Ескіліктен сәл алсаң үзіп-жұлып, тартқылап, Сәл алғаның жаңаға сай келуі – шарт бірақ. Қызықтырған аңыздың сақал-мұрты деме ескі, Оқиғасы да емес-ті көлеңкесі көмескі – Шыншылдығы аңыздың, демек, өміршеңдігі, Судай жаңа сондықтан әңгіме де ендігі: Ғашық бопты бір жігіт – Ұйғыр, қазақ, қырғыз ба – Сауырынан жарылған сыптығырлау бір қызға. Қатал екен сол жігіт, даласындай және кең, бір берілсе, ит сынды шын берілер жан екен. Махаббатқа әсіре ақ көз болыпты ғаламат, ақ көздердің ісінің болады ғой көбі ағат: тас қаласа биікке – ол өз басына домалап, ерлігінің өзін жұрт кетеді екен табалап... Қыз да сүйді жігітті, Сүйгені сол – салды ауыз, Себебі қыз шешесі – кемпір еді жалмауыз: «Сына, – деді, қызына, – Жігітіңді сынға ап бақ, Қыңырлықтар арқылы құныңды бір қымбаттат. Есі дұрыс жан ба екен – ең алдымен соны аңғар, Сүйе алмайды жан беріп ақылы бар адамдар: Сүю деген – ессіздік, тек ессізден күт қызық, есі болса – алып бақ боза, шарап жұтқызып. Сүйе ала ма сені шын? Соны білсең – жеңісің, Жеңісің сол: жігітің жанын қиса сен үшін. Мимырт па екен езілген ми аралас бір батпақ,
Мөлдір болса – тұнығын лайлап бақ, былғап бақ. Өз отына өтін өртеп жібер, миын жақ, біраз шарт қой, көңіліңе ішкі сырын түй қымбат, Секемшілдеу жан болса – сенімін ап құйынға ат, Сағымға бер салмағын, Сомдықтарын тиындат, сәби болса – тіліне желік уын құй ымдап, байқа, қызым, шартты тек бірте-бірте қиындат. Сенгіштердің ісінде пайда болып жүрмесін, Көнбістердің ішінде айла болып жүрмесін, Кетпе еркінсіп бірден тым – есекті де ез біліп, астарлап бақ айлаңды, алма бірақ бездіріп!» Сол-ақ екен, жігітке өзгерді қыз түр-өңі, бір бозарып қатса ілез, бір көгерді реңі. Бірде ысқырса жебе боп, бірде қанжар бір елі, бала жылан боп бірде балағынан кіреді. Бір домалап сілкініп жиырылса кірпі боп, Шабынады бір аунап арыстан боп күркіреп. Бір наз туды бір наздан, неткен есік құлпы көп? Бір шарт туды бір шарттан, бір тілектен – бір тілек, Бір шартымен – қатайса, бір назымен жібітті Құмарлықтан шөліркеп, сорлы болған жігітті. Тілек көбейген сайын ақырынан үміт қып, Жігіт құрғыр бұп-бұлдыр, Жарытпады біліп түк. Ғашық еді себебі, Көзі ағарып, шын кепкен – аулақ еді сондықтан сезінбектен, білмектен. Жармақ түгіл дұшпанын – жарытпады тілдеп те ол, Жарық-сәуле көрмеді шын жанашыр бір беттен, Көрші үйіне от қойды – қойды бірақ дүрмекпен, басын кесті досының – кесті бірақ құрметпен! Бедел ұшты ауылдан, билік кетті ағадан, туған жалғыз апасын шаштап жұлып сабады, ал! Қиындады қыз шарты – шамадан тыс, шамадан – алпыстағы әкесін алды бірде жағадан! Жиям дегенше ел есін – қылмыс болды келесі, Әсіресе, бір күйші, бір жыраудың денесі Қайғы салды маңайға; Өрді өкініш өз әнін, ал, жігітте – қылыш бар Қызуы бар бозаның.
Бүлінді ауыл ақыр түп, Жан түсінбей, Жат үркіп, Жігіт жинап біреу жүр, біреу бақсы шақыртып, Аруағы деп атаның атан сойды бақыртып. Бәрі де үркіп қарады, есік құлып-танады, жалғыз жынды ауылды, әне, қырып барады. Жындылықтың бәрінде болады бір тосындық: Анасының төсіне қанжар ұрып – о, сұмдық! – Суырып ап жүрегін, Көк шыбыннан қызғанып, Қымтай ұстап ақыры келе жатты қызға алып. Қатал екен сол жігіт, даласындай және кең бір берілсе, ит сынды, шын берілер жан екен. Ғашық еді себебі, Көзі ағарып, шын кепкен – аулақ еді сондықтан сезінбектен, білмектен: Ауырсынды тек аздап, арқа еттері тау іркіп алған сынды, жігіттің шаруасын қауырт, ұқ. Ұқпағандар жүректі – жыртық жама, жауыр тік. Қасіреті демесең – жүректе жоқ ауыр түк, Жігіт бірақ сүрінді. Жүрек сонда тіл қатты: «Құлыным-ай, тізеңді алдың білем ауыртып!» Жауыз болғанша – есер бол: Есек мініп ешкі бақ. Сонда жігіт жиды есін. Кеш-кеш, әттең, кеш бірақ. Көкшіл тұман айықты – көзін ашты жаңа бұл ес кіргізген ессізге – жүрегі еді Ананың. Бауыр түгіл көз жасын тыя алмады жау іркіп: «Құлыным-ай, тізеңді алдың білем ауыртып!» Неткен ыстық мейірім, Неткен әсем үн еді, Қуатымен сол үннің жігіт қатты күледі. Жарып салды қызды ілез. Сонсоң өзін... Хал жаман: Күллі сұмдықты үйреткен қыз шешесі қалды аман. Сақтан, күйеу балалар, анада да бәле бар, Кейде сұмдықтың өзін сұлулық деп бағалар. Анада да ана бар – бас кесерге бара-бар: ақыл емес, қызына айла үйреткен аналар. Ақыл айтам, айла емес, Сүйгеніңді тез құлап
құрметтеп бақ, төзіп бақ, ашық болсын көз бірақ. Екеуінде де ананың бір-бір жүрек болған, ә, Ұқсастығы болса егер – Ұқсастығы сол ғана: біреуіне қарайсың тебірене, толғана, өз ұлы мен қызы үшін екеуі де болды Ана. Айла үйреткен ананы, ей, қолдама, қолдама, айла – ақыл болмайды. Сен де түсін, жан-жарлар, айлалардың түбінде, әйтеуір, бір қанжар бар. Қылыш, қанжар – музейде, қызғаныштан «қалжаң» бар, Қазіргінің қанжары – ұрыс, керіс, жанжалдар. Жанжал сұқпа жүрекке! Жай түсіріп төбеден, Жалтылдатсаң жанжалды – қанжар емей не деп ең, Сол да ана жүрегін жарған емей не деп ең! Шаш орнына жал бітіп, Қарайсың-ау біріне қанжарсыз-ақ долдана, Күйеуіңнің анасын қыңыр сөздей қаңғытып, Қуып шықсаң түрткілеп, Көсеу етіп тіл ұшын, Көлгір күлкі, көзіңнің мөлдірлігі құрысын!
ШҮКІР, ШҮКІР Мен бар екем, Ояу екем бүгін де. Шүкір, шүкір бүгін де естіп отырмын Құстар даусын, Жапырақтың сыбдырын. Тереземнен күн түседі бір қырын – Сайра, сайра, домбырам, Менің момын бұлбұлым, Сөйле, сөйле, бүгінгі күн тілінде; Кешегіні ұмытпа, Көңілім менің, ертеңгіден түңілме. Мен тірі екем, бар екенмін бүгін де. Ербең-ербең жүгірме, Көлеңкелер, қара еменнің түбінде. Қара еменнің жапырағы былтырғы диуананың шапанындай бір түрлі. Алыс асфальт жолдардағы гүрілге ауық-ауық қояды үріп сар күшік. Бұталарға торғай қонып, қарға ұшып, Су сөйлейді сәбилердің тілінде.
Өзгеріс бар тастардың да түрінде: Ол да елеңдеп қарайтындай бір үнге. Нұрдың нәзік саусағының астында Сен де, мәрмәр, мамыққа ұсап дірілде. Бір үн қосылып діріл қақты бір үнге, арқам қозды әлденендей дүбірге – Шүкір, шүкір, ояу екем, тірі екенмін бүгін де.
МИЗАМ Күні кеше көктем еді, япыр-ау, ұзақ күндер өтпеп еді, япыр-ау. Мұнша жылдам жапырақ қалай сарғайды, Соған түскен секілді – айтуға ауыз бармайды – дүниедегі барлық азап, бар қайғы. Кеше ғана жасыл талдар бір індет ұрған сынды дірілдеп тұр, дірілдеп. Мезгіл, сенің қызметшің көп, құлың көп, бірақ бәрін жеке-дара көтерер белі бүтін бірің жоқ. Жапырақтың жыртық-жыртық көлеңкесі қабырғада, жарда ойнап, күні кеше көкшіл судың бетіне тұрып қапты сары тосап, сары қаймақ. Сары кемпір салқында да сыра ішкіш алақандай ауламызға айғайлап. сары баласын қарғайды-ақ Кешегіден не белгі бар – бәрі ғайып: сатып алған кітаптың да көктемде парақтары кепкен сын-ды сарғайып. Кешегіден не белгі бар – бәрі ұмыт: Сарғайыпты күннің аппақ жарығы. Сары шаң ұйтқып сары желмен аралас, Сасық текедей мекіренетін тәрізді құла-шабдар сары бұлт. Айналсаң-ақ сәл шаруаға, тұрмысқа, Шолтаң етіп шығады өтіп күн қысқа. Мезгіл – мырза деседі, Рас мырза ма – Мырза болсаң – қысқа ғұмырды ырзала. Сары ағаш, сен бақыттысың: Ертең қайта көктейсің, Мен сарғайсам, сарғаям-ау біржола. Бір бүйірімнен жел еседі, жел есе – ызғар сездім,
Шаншу ұрды немесе... Шаңыт-бұлттай сары тайлақ жүнінен Күрте тоқып берсең еді, жеңеше. МЕНІҢ ҚАҒБАМ Бұйра құмның ортасы – бұйырғынды төбе жай, Күнге жайған терідей сор қоршаған жағалай. Сол төбенің басынан жөнеліп ем мен алғаш, Пайғамбарға көкке ұшқан теңеліп ем мен алғаш. Шөңгелері табанға кіріп қалған кіршілдеп, бозторғайы төбеде тұрып қалған шыр-шыр боп. Боз жусанның демімен желпіп беріп тынысты, көлбеп қалған белдері, аунап қалған құмы ыссы. Тек менімен кетердей жұмыр саурын төңкере, Көтеріле түскен де, қалып қойған сол төбе.
Ғайса пайғамбар Хақтан бұйрық алып, сонда әлгі Қанаты жоқ иығын – қос топшысын қомданды. Ұшарында астына табанының тас салған... Қанатсыз-ақ, деседі, ұшу содан басталған. Хақ бұйрығы алдында қанат деген бұйым да, қанатсыз-ақ, пайғамбар кетеді ұшып құйындап. Ауырлығын Аллаға білдірмеуге тырысып, қара тас та кетпек боп пайғамбармен бір ұшып көтерілген орнынан, Қырланғанмен ол надан, қырлы тасқа ұшуға Хақтан бұйрық болмаған, Көтерілген қалпында қалып қойған тас мәңгі... Қағбаның базары, міне, содан басталды. Күнәкарлар келгенде – бар күнә мен бар айып тасқа көшіп, тас содан кетеді екен қарайып. Жұртты алдаған талайлар көкбеттігін мектеп қып, Қашан да бар күнәсін өзгеге артар көкбеттік. Шұбырады, деседі көп желмая, көп кеме – Жығылады, деседі, күнәкарлар Меккеге. Сенім! Ғасырлар бойы сендірумен жұртты көп Сол қара тас, айтады ел, көп рухты құртты деп. Құдай емес сол көпті қуалаған Меккеге, күдік, күмән айдаған қос бүйірден түрткілеп: Ұнамаса әлдене «іші қуыс пендеге» Күнә болып көрінген ағаттықтар әлдене. Фудзияма тауындай жапондардың, тас бейне, тәубе таныр жер болған қарақшыға, қаскөйге.
Қиянатшыл қараулар «арылдық» деп күнәдан, Хажы атанып, қайтып кеп қылмысымен де ұнаған. Зорлық екен сорлыға – Қағба бар, қазы деп, Қара тасқа иек артқан қатайғанда Хазірет. Қамшылардың, астында тілдірсе көп жон таспа – Көңілін басса байғұстың – қарғыс айтам сол тасқа! Ал шын адал адамдар әлектенсе – шын әлек: Сұлуларға қарауды ұғып қалып күнә деп, «Күнә арқалап» фәниден барған шақта тарығып, Қайтқаны үшін солар шын қайғысынан арылып алғыс айтам ол тасқа, ар, ұятты куә ғып, тасты көрсе түсінде ел – тұрады екен қуанып. Қара тасқа мың алғыс! Тым құрыса түсінде адамдарды күнәдан арылтқаны үшін де. Иман емес, иланым, Жаңа атты ғой мына таң ештеңеге, ешкімге сенбейтіндерден гөрі, Әйтеуір, бір сезімге сенгендерді ұнатам. Қой, жоқ, жоққа сенбеймін – жоққа сенбек деп едім, Сенімдерге емес мен, Сенгендерге сенемін!
Бұйра құмның ортасы – бұйырғынды төбе жай, Күнге кепкен терідей сор қоршаған жағалай. Сол төбенің басынан жөнеліп ем мен алғаш, Пайғамбардай паң емес,– Жалаң аяқ, жалаң бас, Өзіңді іздеп, тағдырым, Өзіңді іздеп замандас. Қасиетті Қағбама – әр жыл сайын аңсаған – Хажы барған қарттардай соғып жүрем мен соған. Менің Меккем – Қошалақ, ескі Мекен, сары жұрт, Жылда барам «күнәмнан» қайту үшін арылып. Қатысым сәл сиресе – жүрек тулар, жанып іш, Жандырады ішіңді сары жалын сағыныш. Түрлі қабақ көбейіп, бұлт алса Алатау түрлі, Қошалаққа бір барып басып қайтам мауқымды. Мен барғанда алыстан қуанамын, сонда аса Көлеңке етер сол дөңде дөңгелек бұлт болмаса: Қараяды, десетін Мекке тасы тұл-адал адам арқалаған көп ауыр-ауыр күнәдан. Менің күнәм бірақ та – болса менде күнә, рас,– туған жердің бетіне көлеңке боп құламас. Күнә болса ғашықтық – ғашықтықтан жарылам, жарылғандар, әдетте, жарылады ағынан. Көңілім қалған сәттерде дос-жарандар жағынан, ең тұрлаулы махаббат, Сені, сені сағынам,
Қошалағым, о, менің қасиетті Қағбам! ЖАЛҒЫЗ ЖЕЛКЕН ЖАЛТЫЛДАП Әбіш Кекілбаевқа
Жапан түздің желін аңсап жан қызды, ал, арман, үміт – бізді айдында алғызған. Біз – флотпыз жекелерден құралған, желкендерден: Жалғыз, жалғыз, Жалғыздан. Желкен – жалғыз, аспан – жалғыз, сен – жалғыз, Жалғыз болсақ – туа сала болғанбыз! Небір тұман, Небір дауыл, не түнде Меңіреуліктер мұхитының бетінде қыр көрсетіп өтейік бұл жалғанға! Жылт еткендер, ұқсаңдаршы жанғанға! Желкен бе, деп таңдансын жұрт, жалау ма, жалау болып алаулашы, алаула! Естіледі алыс мұхит тынысы, теңіз иісі келді, міне, танауға. Ей, тұзды жел, бет, ерінді жалап бақ, шаңқылдап бақ, шағалалар қанат қақ. Толқын сынды бауыры сұр жалы аппақ бұлттар безіп барады, әне, далақтап. Бұдан өзге көңіл қояр жоқ түк те Мынау жел мен көбікке ұқсас көптікте, Көп қолқалар: өзгерші деп, өзгерші, Өтірік те болса уәде-сөз берші. Көк теңізде ақтығы емес түсіңнің, Жалғыздығың – көрінеді көзге ерсі. Желкен болып жарқылдашы, ағайын, Шағала боп толқын жалын қағайын; Сен – арман қу, Мен – мұңымды шағайын. Аспан алыс: жұлдызы көп, жоқ Айы, алыс жаға – тоғышарлар тоғайы...
ҚАРА ӨЛЕҢ Күпі киген қазақтың қара өлеңін Шекпен жауып өзіне қайтарамын. М. Мақатаев
Өлеңіне қазақтың күпі кигізер едім, күпісі бар өзінің – керегі не, керегі. Өлеңіне қазақтың шекпен кигізер едім, Шекпені де бар оның – керегі не, керегі. Абай – жырды құрметтеп, ырза етейін дегенде жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде. Фрак жапқан жырға асыл – Жырласа сол жырласын: Өзі киген күпіні – кигізген жоқ өлеңге. Ойлар ашты басқа өңін, Жырлар туды жас көңіл – демек, кигізді өлеңге ол Европаның костюмін: Пушкин, Байрон, Гетенің өлеңінің өтін ап құйған сын-ды ол: Бір ерек құнар тапты топырақ. Сондықтан да жырда Абай шындық ашты бір ұлы: Қаламдардың сырылы, қанжарлардың шыңылы араласты тасқын боп азап табы, мұң үні – Уақыт туды осылай өлеңдерді ұлы-ұлы. Ақын қаққан күпінің шаңы жатыр құзда әлі, Әйтеуір, сол күпіден «шыққан жұртпыз» біз дағы. Жаңалықтан жалтақтап, Суық сезсе шекеміз, Күпісіне Абайдың әлі сүңгіп, кетеміз. Қара өлеңдер жасасын! – салмақты, еркін, терең де өр, Костюм киген ақындар, күпі киген өлеңдер! О, сыпайы жаңашыл! Жел өтінде дірілде – Шекпен түгіл макентож ескіріп жүр бүгінде. Киім – мода, өлең-жыр мода емес қой, дегенмен киімнің де сән-көркі көрінген жөн өлеңнен. Саптама етік кимейді қазір қазақ өлеңі, Содан шығар, көп жыршы – жалаң аяқ келеді. Менсінбей жұрт ескіні, Жаңасына жете алмай, Қалам ұстап отырамыз біз де, достым, Күпі киген ақынның Костюмді ойы – тамаша, Киіндірген Абай тек қара өлеңді жаңаша. Қағып-сілкіп күпіні – шекпен алған сол ақын –
Шекпен киген кешегі Мұқағали болатын. Тапқаны ғой әркімнің, Соған ұқсас сый біздің: өлеңіме өз басым өкшелі етік кигіздім. АСАН АТА Құйрығы жоқ, жалы жоқ Құлан қайтіп күн көрер! Асан ақын
Не жетпеді аңыз-атаға сонда «Қайғы» деген сөз қостыртып Асанға? Кісілікті кемітуге келгенде бір есебін тапқан-ау жұрт қашанда. Мықтылықты мұқатып бер осалға, Ғайбат отын тұтатып бер осалға! Жүз кещенің бір данаға жасайтын Кесірлігін тарта алмайды қос арба. Ақ көңілден кір іздер жұрт көп әлі, таусылмаса – көптігінен болады. Ойламайтын адам бар ма қайғы, арман, Ал азамат – адамнан да жоғары! «Құйрық-жалсыз құлан қайтып күн көрер, аяқ-қолсыз жылан қайтып күн көрер!» Кімдер қалай күн көреді – ісі не, Тек өзі үшін күн көретін кісіге Ойда қайғы боп көрінген; Жоқ ісі, Күрес дейді ол күн көрістер соғысын! «Қайғы» десе – көптің көңілі күпті аса, Қайғы атаған өнерді де ұқпаса. Асан ата қамын ойлап өзгенің Сәл артықтау кеткен шығар мықтаса?! Онда не тұр? Не қайғы өзі? Әуелі Тыңдау жөн-ау Асан қарттың әуенін. Қашан болсын, қайғысыздар надан, сақ, Өзі ұқпайтын ұғымдардан қамал сап Сақтығын да жасырады жарамсақ. Асан деген – қайғы ма рас? Тағы ойлап Көрейікші тағы тыңдап, абайлап? Қара бастың қамын жесе қарынмен Қайғы дер ем, қайғы дер ем бәрін мен! Әттең, онда қара бастың жоқ қамы,
Жұрттың қамы сөйлегені, соққаны. Асан өзін қатаң соттаған кісі, Уақыт бірақ қатаңырақ соттады. Біз әділдік етейікші, ағайын. Бір шындыққа жетейікші, ағайын; ақын жайлы, архив, сен бір дерек тап. Мен он дерек табайын – Көптеген үн-иланымнан алайын, Жетпегенін жиғанымнан алайын, бір жігіттік жасайықшы, ағайын! Асан үшін «қайғы» тым-ақ тар ұғым, Тар ұғымдар, тар ұғымдар, бәрібір, Мұнша алысқа шашпас еді жарығын: Аңыз-Асан жасап келед мың жылдап, Көп қайғы өшті, Тек қайғы-Асан бір жұмбақ. Ақындардан жыр іздемей, Біз әлі баяғыша қайғы іздейміз мылжыңдап. Қайғыға ұқсап қайнап шықса үні шын атқарғаны ақынның өз жұмысын. «Қой үстіне жұмыртқалар бозторғай», «Жерұйықты» ол іздеді екен кім үшін?! Асан ата, сен тірісің, тірісің: Сол заманда сен тудырған қайғы-арман, тұнық суды толқын қылған қайғы-арман Көк шыбық боп көктеп шықты сайлардан. «Наутилиустан» – қайық шықты сүңгуір Бетпақдала – «Жерұйыққа» айналды, ал: Жүлде алдыңдар Жюль Вернмен екеуің Қиялдардың жарысынан – майданнан! Кеуде-қазан, қиял-ойды қайнат-ақ, адасқанша арманшылды «қайғы» атап. Ойға өшсің сен, өзің ойлай алмасаң ойшыл жанға өшікпеп ең сен қашан – Қараласаң басқаша бір айла тап! Қоғамшыл деп қу қарынның құлдарын Сен, сен талай тұнығымды былғадың. Жетер, жетер! Жеткізбейді ой-қиял: Асан шықса аңыздан, ақын шыққан арман-қиял-қайғыдан! Ақын ата алдан тұрмыс күтті адал, Ұқпаса жұрт – адалдықты ұқпаған. Ей, Асанның ерке арманы, біт маған, Сен үшін бір мақтанайын, мықты Адам. Жал-құйрықсыз шұлғиды әлі құландар, Қол-аяқсыз жылжиды әлі жыландар. Өшті бірақ жаман тұрмыс жайлы елес, Қайбір адам сөз бағады, қайғы емес, Бүгінгі әнші салады тек тамсана ән,
тамсанам мен, табынсам да – ән салам. «Жерұйығын» тапты бүгін қанша адам, – біздің қоғам, Асан сені аңсаған! Асан сөзі қайғы емес-ті, арман-ды, зарланса ата – арман қуып зарланды.. Томас Морға ескерткіш бар ең ұлы, ал Асанға – азаматтың көңілі... Адамдардың артты арманға сенімі, Көрегеннің көкжиегі кеңіді. Көреген жан арманшыл да болған шын, толғанса шын – арманшылдар толғансын. Көкірегі қайнап-қайнап толған шын, Шын ақынның қайғысы да – арманшыл. Арманшылға арнап мүсін соғарға Сөз мәрмәрін тартты біреу толы арба. Ескерткішке жүкті болып ең биік Көктөбенің қарыны тұр шермиіп: туар білем тас-мүсіннің өзін де топырақ мықтап бір толғатқан кезінде...
АҚ СҮТ Жалғыз ұлы кемпірдің жігіт еді өткір бір Сөйлеп кетсе – сөзінің өткірлігі бет тілді. Анасына бір күні: – Ырзамысың балаңа, ақтадым ба сүтіңді, тек шыныңды айт, – деді, ана Күтімі деп Ананың келін, бала алаөкпе, сәл ортайса қабағы – түсетұғын әлекке. Сондай болсын, дейтін жұрт, шешесін шын баққан ұл бір кемпірдің аузында баққан ұлдың тапқаны – Кер-сәскеде кемпірдің кері сөйлеп жатқаны. Пейілдер – пеш Ана үшін, шәйі төсек қап-қалың, одан жұмсақ бола алмас алақаны мақтаның! Кіржің етті Ана бір әлгі сауалдан кейін: – Ұлым, – деді қатқылдау, – бұлдағаның дәм-бейіл, итің де ішер дәміңді, бейіліңді кім ішер, ұрғашылар болмаса іштен ғана білісер. Шындық сұрай ма кісі анасынан. Есалаң, ақтамадың сүтімді – шындық керек пе саған?! Көбелек боп – бейнет сол – ойнап кетсең кейде отпен... ал, бейнетті қайтарса – қайтарады бейнетпен!
Жалғыз ұлы Ананың жігіт еді нар-талап,
болды ақтамақ ақ сүтті анасын бір арқалап – Желмая көп – далада, дарияда – көп кеме, қаржысы бар кісіге басқасы да жоқ деме – бірақ жаяу арқалап тартты анасын Меккеге. Жортулы еді далада тарғыл жылан, тағы аң да, не кездеспес жаяулап кемпір арқалағанға: Азулылар қаңғыған, айлалылар аңдыған, таулар шықты мүлгіген, орман шықты қалғыған арқалаған анасын бір жаяудың алдынан – бірі бөгет болмады – Меккесіне барды аман. Сауысқаннан сақтық ап, хабар алып қарғадан, аман қайтты тағы да – бұл не деген құдірет; қанша азаптан қабағын шытпады ерің бір рет. «Түр дейтін тек түрі жоқ – қайтқаны да тірі боп, тұлғасы ірі жан еді, талабы одан ірірек.
Ауырсынбай қозғалып демалған соң азғана, көңілі толып өзіне, бір жымиды мәз бола: – Енді разы шығарсың жалғыз, жаман балаңа, ақтадым ба сүтіңді, шынынды айтшы, – деді, – ана? Кіржің етті кемпір бір көндей қатқан қабақпен: – Ұл таптым-ау деп едім тұрпатыңа қарап мен, әр ісі үшін ас тілеп, әр қимылын санаған құл туыппын сорлы боп, Жо-жоқ, кемсің сен одан! Дию мақтайды деуші еді тіл алғыштау сайтанын, сен сол сайтан секілді ұшып тұрсың – байқадым. Айғыр мақтайд деуші еді шетке қашқан байталын, Сен сол байтал секілді шыбжың жансың – байқадым. Ана сатып ақ сүтін, Мақтайды деп сені шын – пейіл күтіп отырсың табаныңның желі үшін – Сүтімді ақтаған жоқсың, шындық керек пе саған – түсінігің тым арзан, байғұс балам есалаң: Көбелек боп – бейнет пе ол – ойнап кеттің кейде отпен. бейнетті тек өтейді – өтейтіндер бейнетпен! Ақталмады көп бейнет, арзымады ақ сүт те, сатылмайды ақ сүттер – құр бейнетте мақсұт не; соқыр тағдыр жасқаса – жанғандарды жасқамақ, Жасқанбады жанары жанған ердің жас талап – Ана разы болмады, келіспеді қас-қабақ: Болды жігіт Меккеге жаңа сапар бастамақ, көрінді оған бұ жолдың бейнеті де басқарақ.
Желмая көп далада, дарияда көп кеме, бірін мінсе – сапардың рақаты да жоқ деме – анасын ұлы арқалап тағы тартты Меккеге. Жортулы еді далада талшық іздер тағы аңдар – Не кездеспес жаяулап кемпір арқалағанға: Азулылар қаңғыған, айлалылар аңдыған,. шөлдер шықты мүлгіген, нулар шықты қалғыған кемпір арқалап жортқан бір жаяудың алдынан. Әйтеуір, бір көктемде... Меккеге де барды аман, аман қайтты тағы да кемпір айтты: «Алладан!» Қайтудың да түрі көп – о, құдірет, құдірет Жігіт қабақ шытпады сонша жолда бір рет, Арқасында – анасы, тағы да бір көктемде бір он жасқа қартайған құр сүлдері жетті елге.
Әзіл айтуға жарап, әл жиған соң бойға ептеп сауал беріп шешесін болды тағы сөйлетпек. Тас мүжіліп табанда, шөл кезгенде қақсып бір ақтады ма – күмән сол – ана сүтін, ақ сүтті? Ақтамаса – амал не, шаш ағарды, күш кетті – талаптанбақ әйткенмен – ер кезегі үш депті: – Бәлкім, разы шығарсың осы жолы балаңа, ақталды ма ақ сүтің, өзің айтшы, – деді, – ана. Ақ сүт – қарыз деседі, Мақсұт қана жүр ұстап, Мақсұтымды орындап өлмек едім дұрыстап. Қарыз қайтты деп өзің мойындағанша ғана тірі болам, тыныштық тілеме тек балаңа. Бір күрсінді сонда ана: – Сезіп жүрмін мұны, ұлым, Саған – бейнет, Маған да рақат емес, құлыным. Менің де жоқ тынымым – талып бітті жұлыным, біраз бейнет көрдің сен, Қалай айтам қой деп мен, Өтейтіндер бейнетті – өтейді шын бейнетпен! Қажығанмен ер өңі, қартая ма нар-талап: Үшінші рет шықты ерің қарт анасын арқалап. Жортулы еді далада тарғыл жылан, тағы аң да – Не кездеспес жаяулап кемпір арқалағанға?!
Шал Жасырып үлгерді шешесін бір үңгірге, өзі шықты барыспен жекпе-жекке, бір-бірлеп: Тарғыл жылан кеп қалды улы тілі жалақтап, шықты арыстан бір жақтан тісі сары, жалы – аппақ, Майдан болды маң-дала, Көз алдында кемпірдің жалғыз ұлын жұлмалап жабайылар өлтірді. Айтпақшы, ұлы соңғы дем үзілерде тарыға: – Ақтадым ба сүтіңді? – деп сұрады тағы да. Кер кемпірдің көзіне кесір тамшы іркілді, кергіп айтты: – Бәрі емес, ақталды сүт бір түнгі! Сонсоң Ана жас төкті еңк-еңк етіп, еңкілдеп, Тәңіріні тұрлаусыз жан екенсің деп тілдеп, жететұғын жеріме жеткізбедің мені деп, еңіреп есті жел үдеп, жылады Ана еңіреп: «Құлыным-ай, сүтімді ақтай алмай кеттің», – деп. Өлгені емес ұлының бар қасірет, бар қайғы, «Қарыздар боп өлді» деп жылайды Ана, зарлайды. Талабы – тым қаталдау, Қатал еді Ана, рас, Қаталдығы – тағдыр бір – тәңірін де танымас. Әйткенімен, мұнда үлгі, жатыр ұлы бір шындық: Ақталмай жүр ақ сүттер – ойласақ – құр күрсіндік. Ұлдарда да ұғым бар шешеде де қырсық көп, қырсыққыштау болса анаң – анаңа да ұрсып кет. Арқаламақ түгілі анасын кей азамат жаман келін арқылы қояды аздап жазалап. Бүгінгі ана – көңілшек бата берер күн сайын Кесірленбей келіндер құйып берсе бір шайын. Ардың арыстандары, жолбарысы ұяттың бізді ұйқысыз түндерде талайтұғын сияқты: Ақ сүт – қымбат, Әлгіндей ер ұлдар да нар-талап ырза етпесе анасын ғұмыр бойы арқалап Ойланайық, жігіттер, ақ сүттердің бұлағы өтелмеген парыз боп мойнымызда жүр әлі; Бір ананың ақсүтін ақтау – қиын әңгіме, жетер емес ғұмырың: қарағанда әлгіге. Бір ананың ақ сүтін өтеу қиын соншама, бір-ақ түннің ақ сүтін бұлай бұлдар болса ана. Қайтып орындалады ойыңдағың, мақсұтың, –
қайтып ақтар екенбіз Ел-ананың ақ сүтін?!
АҚ ҚАҒАЗ ТУРАЛЫ Аспан нұры секілді алдымдағы ақ парақ. Қайырайын қандай ой, қандай сөзді қақпалап алып келсем екен мен, Қиналған бір кезімді суреттесем бе екен мен? Саған, саған бейбіт жүз, О, бейкүнә періштем, айтсам ба екен сөзімді әлдекіммен керіскен?! Қуып көрген емес ем жеке мақсат, жеке дау, «Жеке» деген бір сөзден солқылдаған, шекем-ау... Тағдырыңды тапсырып жатырсың сен әлі ақтай, ақ төсекке жаңа енген, жауырыны қалақтай бейкүнә жас қыз сын-ды, қанмен жанып беті алау ақ қағазға күн түссе – көз қариды екен-ау. Не жазамыз сонымен? Қиял, ойға азық тап, бекітейік ол ойды идеямен қазықтап, Оян, қиял, ең терең түкпірге ойды қозға бір, ақ қағаздай күн түскен ол да, бәлкім, көз қарыр?! Ақтарылып кетейік Не жазамыз демей-ақ жеңіл-жеңіл ұйқастың жетегінде желаяқ. Оқыс тіркес, орал, кел, естілші бір тың ырғақ, алғаш сүйіске ұмсынған гүл ерні, діріл қақ. Сөйтіп, көзім жасаурат жон-арқамды шымырлат. Шуақ керек, дейді Күн, – Күн талабы – түбі ұлғат, Керек дейді жас бояу жасыл жапырақ сыбырлап. Шаттыққа араластырар керек деді бір індет, домбыраның үстіңгі қоңыр ішегі дірілдеп, Екпін керек! – езулеп ерсінді бір тасқын ақ, Жатсын, – деді ол, жолында тау мүжіліп, тас құлап. Тастар айтты, қайсарлық керек деді сұрлана, аспан айтты кеңістік керек деді жырға да. Орман айтты кешқұрым кер-самалмен мылжыңдап: Уақыт қана шеше алар керек деді бір жұмбақ. Теңіз айтты: өлеңге тереңдік бер, тереңде, топырақ айтты: алдымен салмақ керек өлеңге!
Талап қойды бәрі-бәрі бұлақ, тоғай, қырқа, алап, көтерілді көң мен күл –
Қойды олар да бір талап: Гүл сасиды сөзі деп сөгіп бітті көң мені, көңнің иісі қайда деп Күл мен көнбеді, көнбеді – Жат тірлік деп жатырқап өздерінен өңгені, «тазалады» көң мен күл отырған бөлмені: Сен отырсың көнгелі, Мен отырмын өлгелі! Біреуін де ұқпадым – тыңдамадым, Сол шақта-ақ қаламымның көзінен жас төгілді моншақтап. Қаламымның көз жасын босқа төгер жоқ әлім: Қаталаған әр сөздің ерініне жағамын! Асыл іздеп таппаса аңқау көңіл жоққа мәз, аңқаулықпен барымды саған айттым, ақ қағаз. Баяғы бір тіршілік: беделге – жүк, бетке – наз жақсы, жаман сайысы, бар менен жоқ, Көп пен аз. Сенікі емес Жер шары, ей, ақырын, ақырын ар жағында мұхиттың бөлек тігіп шатырын, Жаман ойлы біреулер жасап жатыр жат ырым, адамзаттан аулақтап: Мен соларға көп қарап, тас жастанып, тал қажап – пиғыл кештім қап-қара, кінәладым кей күні кір жұқты деп мақтаны ақ. Содан шығар, кезімде ақ сел болып қаптамақ, мұрны сетік атан-сөз – сүйреп келдім ноқталап, арық-тұрақ теңеуді айдап келдім қақпалап. Пәктік қайдан болады – ойлағанға бақ, талап, ...ақ емессің сен де енді, ей, ақ парақ, ақ парақ!
БЕЙНЕТ БИІГІНЕН Бейнетқорым, шылым сор, түтіндет бір, түтіндет шылым сорғаннан басқа табарың аз, күтім жоқ, Желге қарап кісінер азбан-желік жоқ сенде – Өзіңді-өзің арқандап, қойған атсың тепсеңге, Шауып атың шықпайды тепсең жерге ексең де. Сол баяғы Жер мен Көк, Сол баяғы Ел мен Ер, теңгерілмес Жер мен Көк, Ел мен Ерді теңгерер Уақыт өзі бір күні;
Сен – сіңірсең халыққа, ашу болса – айығар, ауру болса – емделер. Сор, сор әзір шылымды, Көңіліңе өзге күтім жоқ, жаның жанса азаптан – тарар, бәлкім, түтін боп?! Талабыңды, қарашы, тағдырыңнан зор ғыпты, байлауыңа бол мықты, бақыт сана қорлықты! Қолғабыс ет қоғамға, Қолпаш емес, қорлық тап, Керегі жоқ қолпаштың – шылымыңды сор мықтап. Әр ізіңнің іргесін жатпас үшін қазып жұрт, – тура сөйле есерге, естілерге – әзіл ғып. Сөз естісең шіріген жапырақтай жат асты, көңіліңді жуып шай көк түтінмен ап-ащы. Тастап кетсін жолдасың қарап жүріп қағынып, тастамаса болғаны адал еңбек, ақ үміт. Үркектерден үміт аз, үмітсізден үлгі алма, азаматым, ашылма аяушылық қылғанға. Қаныңды сал самайдан аққан термен буданға, жаға білсең – жарқырап жалын шығар судан да. Арылғалы тұрса егер жақсыға да үкім кес, жарылғалы тұрса егер жаманды да бүтіндес. Шексіз бейнет көрдім деп шеңбер атпа, шен күтпе, Шек болса, ол – картада, бойлықтар мен ендікте. Көлем алсаң – көкжиек, географиялық көлемде ал, Қолдан келсе түк алма, Не бәрін ал қоғамнан. Бұлалығы бұлардың бір бұрқ етіп жоғалған, тентектігі сулардың – теңізге өтіп жоғалған. Мықты болсаң – шегесің, Көк желкеңнен бір ұрып бетсіздіктің балғасы жібереді сіңіріп. Асыл дәнді сақтауға – қауыз керек болады, азуды да сақтауға – ауыз керек болады...
БОС КЕҢІСТІК ЖӨНІНДЕ Жалғызбын деп көкіректі шіреп сіз, айдала деп айқай салма ретсіз: Тау – киесіз, дала болмас иесіз, Кеуде болмайтыны сынды жүрексіз. Сыбырласам – жан естімес демеңдер,
айқай салсам – дала естімес демеңдер. Сенен есті көрінеді, менен де ер көде жалап, қоң жамаған көбеңдер; тыңда, тексіз, Сен де тыңда, кемеңгер: Желде де ие, Киесі бар жай тастың, Жай тастың да ұя-орны бар, байқа астын. Көп толғандым көсеуі үшін көненің, Күйенің де киесі үшін айқастым. Әсіре гуманизм емес, сірә, бұл, терминдерден сарсыса да құлағың, сол терминсіз баса алмайсың бір адым: НТР-ға жол көрсетер шырағың. Батып бара жатыр, әне, әне, Айың – Мен жолыңа қолдан шырақ жағайын: Сыпа-тірлік ұмыттырса сыйлауды, Қорқуды біл, тым құрыса, ағайын! Көлеңкесін іздеп алыс жұлдыздың азаматтар ғарышқа ұшып жүр біздің. Жаны бірақ түсініксіз бізге әлі Әлденеге көп күлетін бір қыздың. Қыз-ақ шіркін қызығатын үмітті ер үйленер ед – сене алмай жүр жігіттер. Ал ғарышта жымың қаққан жұлдыздың Күлкісінде не жатқанын біліп көр! Жерден басқа тоғыз планетаның тірлігі жоқ дейді ғалым-отаным. Тым болмаса... жел өтінде дірілдер шөп те өспейді, десіп жүр ғой, бірінде. Өзінше бір Бас штабы қол қойған Галактика көлемінде мол майдан. Шөп жоқ, десті, сыбдыратар жел үріп, Сыбдыр-сырын айта алады жел қайдан! Көкте, әйтеуір, құпиялар мол бұққан, – бос кеңістік атаймыз біз сондықтан. Бос кеңістік? Жиырма миллиард жасы бар ғалам ғой бұл? – Өзін-өзі асырар Сан секілді нольдерінен күш алып. Қане, достар, алысырақ ұшалық! Он планета – ертіп алған он нөлін бірлік саны секілді екен кейде Күн. Күнді күшейту үшін де ноль керек, Нольдерімен келеді Күн дөңгелеп. Сан бастаған нольдер толы Көк пен Жер, Мен шертетін күйде ғана жоқ нольдер, бос кеңістік боп жатса тек – сөкпеңдер,
ей, сөкпеңдер, сөкпеңдер, бүгінгілер, ертеңгілер, өткендер! Нольдер жатыр, Сандар жатыр баста сан, кеңістік бос болмайд дейді ешқашан – Кеңістікке баста, қане, бастасаң! Жұлдыз барда – Күндер барда ең ыстық, Қалай ғана бос қалады кеңістік? Айқай салсаң – білу керек байқай да, белгісіз ғой, кім шығады айқайға. Кім бар-ау деп, шыға келіп қайқаңнан айқай салсаң бір шатқалға, байқаңдар: Қар-кісі де, бәлкім, бәлкім, бар кісі, бізге жұмбақ бірақ одан арғысы...
БІТПЕГЕН ҚҰРЫЛЫС ТРАГЕДИЯСЫ Ұстаз ғып Абай, Қасым, Исаны мен Өзімше бір қабаққа үй салып ем. Мыңқ етпес бұршақ ұрсын, жау ырғасын – Ұйқастан қалап едім қабырғасын. Қырқып ап тастың тілін, шың қырпуын Жиып ем беріктіктің мың бір түрін. Жақтауын образбен кестеледім, теңеумен терезесін тескен едім, Салып ап сезім атты пешті қырын бусанып отырмақ ем кешкіғұрым. Болмады. Тұрмыс атты тұрды дауыл, басталды сол дауылдан құлдырауым. Үн қатты таңдаңарлық көңілім сонда Жоғалтқан домбырадай бір бұрауын Ие, сонсоң? Не болушы ед сонсоң маған, Көз – кеще, Өзім тастай болсам надан: Бітпеген құрылысты жұрт тонайды екен, еңсерген, бірақ бәрін тауыса алмаған, Үй – бөтен, ел әйткенмен, деп, өз елім, жақтауын біреу апты терезенің. Темірді тегеурінге жалғамақ та – теңеуді терлік қылып салған атқа.
Образ – орамалдай жалбалақтап, айналған ой байғұстар доңғалаққа. Әйтеуір, іске асарын алып, тонап, Кетіпті шикі сазды қалыптан ап. Талды иіп, тасты иіскеп жұқартыпты, бояуды балақтарға жағып қарап. Іруге іртетасы көнбегенмен, Өлідей – Өң қалмаған өң дегеннен. Құрылысты тастамау жөн, тастадың ба, дұрысы: қайтып келіп көрмеген жөн. Келіп пе ең көне орныңнан қорлық ала, Көне емес, Көненің тек орны ғана, Шеге емес, Шегенің тек орны ғана – еңбегің жанған екен, сорлы бала! Әлі де ой, бақта – шыбық, баста қан бар, тауыса алмас тасып қасық, тостағандар. Әйткенмен соңғы шеге қағылғанша Жаңа істі, сақ болыңдар, бастағандар! Таяғын талай-талай жеп тұрмыстың, Түсіндім желі өтінде өткір қыстың: Неліктен кеткендігін азып-тозып, Гурьев, Көкшетауда көп құрылыстың Ал, өзім? Баяғы әлді иықпенен Қамытты баяғыша киіп келем. Тағы бір қабырғаны қалқайтқалы Талап қып тақтай, шеге жиып келем.
БӨРІК Әкелері тірі қайтқан майданнан Құрбылардың шаттығынан қайғы алғам: Сары тоғалы белбеу буынған бала Мәз боп келді, Менің тілім байланды, ал: Мен де ол құсап қуанар ем, кемді күн, тағар ем ғой мен де әкемнің белдігін – Әттең, әттең бұйырмады бақ ондай, Содан шығар, дәтке қуат таба алмай Жасқана өстім жазығы бар адамдай. – Қайырып қию болмайды етік қонышын! – Мырс етті дос мұқатқандай мені шын:
– Бізге, – деді ол, жарасады бәр-бәрі, Әкең аман келу керек ол үшін. Келесі күн – ұмыта алман мен мәңгі – әкесінің бөркін киіп келді әлгі, Қонышындай солдат-керзі етіктің Қалқан құлақ бүктетіліп кетіпті. – Бере тұршы, – деп бір бала өтінді, – Көрсетші, – деп екіншісі өтінді. Сұрамсақ қып бара жатқан бізді өстіп Көрінгенге көзін сатқан жетімдік. «Бере тұршы», «Көрсетші», – деп зар қақсап Қол жаю ма, кім біледі, бар мақсат: белбеу болса – тағып көру бір рет, бөрік болса – киіп көру бір рет, біз өмірді сұрап-тілеп танып ек бір рет деп, бір рет деп, бір рет. О, құдірет, құдірет, Бермеді әлгі белбеуін де, бөркін де – барған жері бай ауылдан, төркіндеп келген қыздай бұлданғыштау бала еді, бір мұғалім қолпаштайтын және оны. Қоздыратын өзімшілдік дәмені, Әй, бәрі сол жоқшылықтың әлегі. Ұстай ма деп құмар қолдар не түрлі Сабақта әлгі бөркін шешпей отырды. Ызаланып жақсы оқыдық біз оған, бөркін киіп оқыды ол да ызадан. – Байарысов, неге алмайсың бөркіңді?! – Мұғалімнің ерні үстіне тер тұнды. Мол несібе тап болғандай қарғаға, Сол-ақ екен, шулап берді бар бала, Өйткені, ел ек көңіліміз орталау: – Өзінікі емес, – дедік, – бөркі анау, Мақтануға киіп келген түрленіп, Әкесінің бөркі, – дедік, – бұл бөрік, ішімізді аштық-ау бір үлгеріп! айтарымызды айттық-ау бір үлгеріп! Бірден сөйлеп кеткен сын-ды бес құрлық, бір-ақ сөзде мән-жай жатты бес түрлі: бір-ақ жарылған шемен құсап естілді, Ұрлық бөрік дегенге ұқсап естілді, Бөрікті біз күндейміз боп естілді, күндегеннен тілдейміз боп естілді, Әкесінің оралғаны болмаса, бәріміз де бірдейміз боп естілді. Біз оны аңдып, ол қарады бізді аңдып, Сол аңдыстан кеудемізде сыз қалды. Көкшіл-сұрқай бөркін қоса солдаттың біз баладан қуанышты қызғандық.
Бәрімізді бір пейілмен аймалап: – Тыныш! – деді апай сонда жай ғана – Байарысов, әке – әкең болғанмен, бөрікті анау менікі деп ойлама. Бір еркектік болу керек ісінде жауынгердің бөркін кию үшін де. Өскен ұлсың жалғыз болып, ерке боп, бірақ, мұндай бөрік саған ертерек. Өс, өс біраз батылдық қып, бата алып, Мойының да жастау әзір ап-арық. Әкең сенің оққа тосқан маңдайын, тапсыр бөркін жұлдызымен апарып. Монамахтың бөркі сын-ды бұл бөрік Саған ауыр, Мұрныңды сүрт үлгеріп. Бөрік үшін достарыңның көңілін Қалдырыпсың – қостамаймын сені, інім. Осылардың әкелері қиған ғой, бір-бір бөрік намысы үшін өмірін. Әке даңқы – мұра болса, мол сана, бөрік – бөтен, әкеңдікі болса да. Әркім жалап жазып жатыр өз дертін, дертсіз жанда қимыл да еркін, сөз де еркін. Қызықпа сен әкелердің бөркіне, Сәл шыдасаң болады әлі өз бөркің!
Жылап қайтты бөрікті дос үйге әлгі, әлгі сөзге қатты ұйыды, иланды. Біз қиналдық, ақыры, біз қиналдық, бәрімізден бетер өзі қиналды. Жылдар өтті. Байарысов болды адам, Күні кеше соғып кетті ол маған: – Бір құлақшын тіктіріп ем, – кейіді ол – соны әйелім киіп апты, оңбаған, бөркімді алып бермей қойса ол арам, Мына басқа ораймын ба орамал?! – Саспа, – дедім әзілді-шын мен оған, – Сенсе өзіне, Сен-ақ әйел бола қал! Ерлік деген бас киімде емес тек, Азияның өткен кезін елестет: Әл-Фараби аузына әлем қараған Шекесіне шертпе-жаулық ораған. Бізге бірақ болмас енді шархат та – оған бола шашағыңды тарқатпа, әкең саған бөркін берсе әу баста, енді соны алған жанмен дауласпа. «Бөріктінің намысы бір» дегенді Қазақ айтса –
әйелдер де иеленді. Намыс бір ғой, болғанымен түрлі ерік – екеуіңе жарап қалар бір бөрік. Азаматтың қасық қызыл қаны үшін, Мен де ойлаймын бөріктінің намысын. Ұлың да емес, Жарың кисе бөркіңді Жайлы емес-ау, бұдан шығар қорытынды. Ашулы дос, тоқтаған жөн сөзге асыл, Сөз де болса намысыңды қозғасын: Сенен гөрі жарың, бәлкім... бөрікке лайықтау көрген шығар өз басын?! Бөркім бар деп сен де есірме, ездер, тым, ердің бөркін әйел киген кезде еркін басыңды ойла... бірақ апай жақсы айтқан: «Әркім өзі кию керек өз бөркін!»
ГЕРБ ТУРАЛЫ Адамды адам қорқытып болған емес жақсы атты, Қорқытам деп қырғандар – бала өлтіріп, бақ сатты, Менмен пиғылдан гөрі болам деген жалғыз мен артық көрем өз басым ойнағанды балдызбен. Көктетпеген ешкімді – менмендік-ай, бәтшағар гербісіне қос басты самұрық сап патшалар, Айқастырып семсерді, Мылтық, найза да салған, басқа елде де сондықтан мылтық, найза жасалған. Қастық туып қастықтан, Арамдарды қуды арам, талай бастар сондықтан дулығада қураған. Өмір беру қиындап, өлтірулер оңайлап, Сен не ойласаң, өзге ел де отырыпты соны ойлап. Гербісінен көп елдің тұрған айбар-сұс қарап, Домбырадан Керней мен көп қағылған мыс-табақ, Көп ғұмырлар сондықтан қырқылыпты қысқарақ. Соғыс деген суық сөз құлақтарды қаритын, ескі сөз ол қашаннан есерлерді танитын: Қой-момын жер байғұстың түгін жатыр әлі үйтіп... Жер тарихы, бір сөзбен, гербтердің тарихы.
Майдандардың түтіні кетті қашан желге ұшып – еңбек қалды,
ер қалды; бейбіт өмір белгісі: біздің елдің гербісі – күн-шапаққа қып-қызыл алтын кірпік бітті ұзын, балға, орақ пен бидай тұр күнді қоршап қып-қызыл Мақсат – анық, пиғыл – пәк, дала да айқын секілді, Жеріне аунап Жесір дән балалайтын секілді Күлге аунаған тауықтай: Молаяды тағы дән, біздің жерде бомба емес, нан жарылар ағынан! Арамға да өз басым адалдықпен жарасам, арам ойың желге ұшар – ақ нанға бір қарасаң! Ақ пиғылдар адамды алып шыққан тепкіден, алып шыққан тепкіден – адалдығым деп білем. Ақ аспанмен жылжыған күндеріме көп күрең көздің жасын емес, мен жөргектерді кептірем. Орақ көрсем – орғым кеп, арқаланам, қағынам, қағылса, бір шегем нық еңбек балғаларынан шын жақындық сезінем; арқа-тердің буынан балқимын да балшықша – болат болып суынам. Болаттығы бұлшықтың бу аттырып сезімге – Жүрек тулап жатқандай әр білектің өзінде. Жақсы ой ойлау – бізде оңай; садақа сап саудаға Жақсы атыңды бұрмалап саудалайтын – жау ғана. Бейбіт еңбек белгісі – біздің елдің гербісі – Соған қарап өседі ел, еселенер ер күші. Гербте жоқ қылыш, оқ, бар масақ пен балға-орақ, Қызыл күннен – нан шықты, Сол момақан наннан-ақ Жауларымыз елеуреп үрейлері ұшты кеп, біздің әр дән сондықтан зеңбіректен күштірек! Нұр-шапаққа қып-қызыл сәуле-кірпік бітті ұзын, Орақ, балға, ақ бидай Күнді орап тұр қып-қызыл. Сыңғыратып алқапты күннен ессе бір екпін, бүйірі бүлкіп әр дәннің, жүректері дір етті. Алтын масаққа оранған Күн сықылды лаулатып, Жағып келем мен-дағы жырыма орап жүректі.
ДИДАКТИКА Қырқа, төбе, қыраттар, Көтермеңдер иықты, біз көргенбіз, Көргенбіз Сендерден де биікті, Шаңқай түстің шағында бастан бөрік құлап бір, біз көргенбіз, Көргенбіз Шырқауларды шың атты! Мықтысың ба сен де, Емен, Жықпады деп жел мен құз, Жел өтінде тұрғанның талайларын көргенбіз. Қаттылықты мақтан етпе, қара тас, тастың-дағы жарылғанын көргенбіз. Мықты болсаң, сол тасты сен тебіренгіз – Не көрмедік сенімен біз, біз бәрін де көргенбіз. Көп салғанда кісіге іс, Қырғи көңіл, қыңыр бас, Кісі болсаң – түсініс, итім болсаң – ырылдас. Дәрменсіз деп біреуді Күйін, күйін – еркінде. Күйген сайын сен тілдеп Мен күлемін селкілдеп! Жасылмын деп жасанба Жапырақ Әй, жапырақ. Жігіт, жаспын деп қағынба сен де көп: Күн – өтпелі, дүние деген – дөңгелек...
ЖАЛБЫР ТОРЫ Жорға еді ғой жалбыр торы ақ қаптал, Әттең разы емес еді иесі: Салып алып талай құмға, батпаққа, бұзды дейтін бір көршінің биесі. Жорғалықтың қырсығы да: О, қасқа, шөп жемейтін, мезгілімен су ішіп. Қатал ие байлап қазық-ағашқа «жарату» деп атайтұғын мұнысын. Жалбыр торы жиі-жиі таң асып,
Кеміретін әлгі қазық-ағашын. О, сорлы аштық, азабына қарашы: Жазатайым жақын барсаң жанасып, оқыранатын мұң шаққандай Торы дәл. Қарайтұғын қаталдардың қолына өнерлінің сол баяғы соры да! Торы айғырға мініп алып сол аға жалғыз өзі шабатын айдалада. Қара су боп қайтады айғыр, құрысын: «Тер алу» деп атайды аға мұнысын. Суиды айғыр ауыздыққа сүйене, түгінде – сор, шашасында – құм, батпақ, Қайтер едің хақтай қатал-иелер жорғалардың тері кетсе қымбаттап?! Жорға иесі жемірілген қазықты көрді бір күн, Басын шайқап, абайлап, бір сүйменді қақты сонсоң қазық қып, қойды айғырды темір қазыққа байлап: Содан бастап өштік туды менде бір, Сол баяғы әлсіздігі пенденің. Қатал да сақ иесіне айғырдың бір қысастық етпек боп, киіз үйдің іргесінен етпеттеп, аңди-аңди тағатымнан айрылдым. Торы жорғада күзет мықты. Жан адам жолатпайды иесі оған. Мен амал таптым бірде: Тұсауын ап жібердім оқыранған бір биеге даладан. Әй, балалық, Бітірдім бір іс, демек, Қаталдық пен күрес үшін кішкене қаталдық пен күш керек: Күш жетпеді, келесі жыл көктемде жалбыр торы шыға келді пішпе боп, жал-құйрығы ғана қалды мықты, ұзын. Мен жасаған жеңгетайлық сондағы торыға өстіп қырсық болды қып-қызыл. Жақсылығың жамандыққа айналса, Қартаймайсың қайдан, шал... Жорға еді ғой, шіркін, торы ақ қаптал, Жорғаларды, тілі барлар, мақтап қал! Мақтанатын тіл болмаса Торыда О да арылмас өнерлінің соры да! Ұмыт болды Қошалақтың көп аты: Қойды айқасты дарақылар не батыл.
Ат иесі – озған сайын Торы жорға өзі шауып бәйге алғандай болатын. Торы десе ұмытылып дәм-тамақ, Жорға десе – жүрді көзі қанталап, Әй, зәнталақ, зәнталақ, Онсыз да озған атты бауырға осатын, сауырына жатып алып шалқалап. Айтпақшы, елдің ауызында дүрлігіп, сөздер жүрді, пікір жүрді бір бүлік: «Онша өнерлі емес еді, бұл тегі, жалы айбар боп жүрген ғана жылқы еді – атбегінің еңбегі», – деп жүрді жұрт. Жай сөз. Торы жорға еді ғой сұрапыл, дәстүр шығар жорғаларды ұратын? Кім біледі, әдеті ме пенденің, Қанша жомарт болғанымен кең көңіл кемітуге сылтау іздеп тұратын?!
ЖҰБАЙЛАР Әйел жылап булығып, Жиі-жиі ері ішіп, жиі-жиі шығатын таң атқанша керісіп. Көрші болды ғажап бір – қарапайым жан аса ері бізді көргенде елпілдейтін балаша. Келіншегі – жұмбақтау, жұмыр біткен кісі еді: Бірде – көзі көгерсе, бірде – еріні іседі. Баспалдақ – тар, байқамай келіп қалсаң төте тым, жабығыңқы бас изеп, Жылжып жүріп кететін. Қысылады-ау шамасы? Тұрмыс ит-ай, әй, тегі: Ибалыны көп қыспай – кеңдеу болса қайтеді! Көрші-қолаң, тіл де бар, Қабырға да жұқа әрі – О, мұндайда ұтса егер – өсекшілер ұтады: бір тал шырпы сынса үйде – елге естіліп жатады, – Сіріңкенің қорабы – үй деген құр атағы. Бізде – тіл жоқ, құлақ бар, Құлақ – жаман, жаманы: ертең жұмыс дегенде – ұйқы болмай қалады. Қабырғасы жұқа үйім еске түссе – ұялам,
бірақ, бірақ жұқарақ біздің жүйке-ми одан. Жалақтатты кей көрші жаңа-жаңа сөзді өрт қып, Сөзден қашып біз-дағы жатар бөлмені өзгерттік. Жігіт жүрді бәз қалпы, келіншек те жүрді көп, бұрынғыша сырт беріп, беті-жүзі күлдіреп. Тек бір мәрте әйелде кінә болған: Тойып бір ішіп келген еріне есік ашпай қойыпты. Екеуі де қызметте. Жек көр, мейлің ерсі көр: Тыныштық жоқ түн сайын десіп жүрді көршілер. Десті, десті талай тіл, талай сөздер беттесті, беттескендер – қырсық сол – балалары жоқ десті. Екеуінде білім тең, еңбек, үміт, дәме тең, тең еместің де арасын теңгеретін дәнекер бала екенін білуші ек, таң қалдық біз жігітке: Баланы жұрт әйелге сабап таптыра ма екен! Арақ шығар кінәлі? Ішу, рас, жат өнер, арақ – аппақ болғанмен, қара пиғыл әкелер. Болашақ бар, Мұрат бар: Мұндайлар жүр айға ұшып, Заң білетін адамдар: Кетпей ме екен айырылысып?! – Неткен жансыз адамсың, жейтінің сол бір таяқ – Әйелді өстіп қайрапты ақылы бар жұрт аяп. Арыз күткен әйелден мекеме бар не түрлі, ал келіншек біріне шағынбаған секілді. Сол баяғы жылау тек, баяғыша ері ішіп, баяғыша түнімен жүред, десті, кірісіп. Жо-жоқ, керіс те емес-ау, ұрыс та емес ол тегі: Ұратын да – еркегі, ұрсатын да – еркегі. Қынжылуды қойып ел, қызығатын боп алды: «Әйелі би көп ердің – бұ неғылған ертегі?!»
Шешем бір күн шақырып әлгі екеуін: – Еті өлі жан екенсің, келін сен, Балам, саған – жетеді, – деп бастады сөзді ұзақ – келінде түк жоқ кінә, өзім арыз айтамын – енді жықсаң соққыға. Салыстырып көрдім көп қатындардың қаңқуын, көзім жетті мән-жайға, ақыл айту салт, ұлым,
үлкен кісі болған соң, мылжыңдық та бар, балам, біз – жаулықты қасқамыз, бөркің үшін арланам. Ар жоқ екен, ал сенде, есің болса – еңіре, мен сықылды бір кемпір тапқан шығар сені де. Сен – қатынсың, қатындар не тындырар қатын ап, Ұл тудым деп сені анаң қалжа жеді-ау, ақымақ! Бұ қазақтың ұлы ез жұрт, Үйленсең де жүз рет – жүзіне бір қарасаң – жүкті болар қызы көп, – алмайсың ба біреуін? Жігіт болсаң сен, шұнақ, жалағанша жараңды қаншық иттей қыңсылап – қай биікке шықпақ ең бедеуіңді қамшылап?! Сені азғырып әйелдер от басыңа жау ғыпты, Келінді де азғырған талай қарлар жаулықты: Ол – азған жоқ, сен аздың! Қақсамасаң қатеңнен, өскендіктің қырсығы қамшы жемей әкеңнен, оқтау жемей шешеңнен; қала аталған мына елде ешкімді ешкім білмейді – жұдырығың білемде! Жанашырдың жоқтығы жіберген ғой тасытып, Мына оқтаумен басыңа бір қояйын ашытып! – Кемпір осы сөздермен тұра ұмтылды оқтауды ап, сол оқтаудан жанардай біздің үйде де от қаулап шошып кеттім; келіншек бұрын түсті араға: – Азамат қой, апаеке-ау, таяқ жұмсап бола ма, Маған жаның ашыса – бір ашуың бере гөр, бағы қайтар деген бар таяқ жесе ер егер. Шешем таң боп қарады, оқтау түсті қолынан: – Бақытты бол, қарағым, кісілікке не күмән, Сау екен ғой ақ елік әлдекімнің аңдамай атып қалған оғынан, жарылады екен ғой жүрек әлі ағынан – бейкүнәға бейбақ боп таяқ жұмсап не ғылам, туыстығым жоқ саған, өкпе, өшім жоқ не менің – кекті ме екен еріне – сынайыншы деп едім. Жатырқамайды екен жар-дүниенің көлемін, Осы мені біреуге таяқ ұрар дегенің. Балалығың, қарағым, даналыққа бергісіз, тазалығың, қарағым, балалыққа бергісіз таяқтамақ түгілі – адам айтса сенгісіз – сендей жанға, мен болсам, бастырмас ем жерді сыз!
...О жылдары жас едік: Не түсініп, не білді ел – жиырма екінші көктемде жесір қалдым ерімнен. Басқа тепсе ит – ырыс кетпейтіндей көрінген, Жаз бояуы – жастық шақ – өтпейтіндей көрінген. Тектілеу-ді төркінім, намысшылдау неме едім. Кеш қайттың деп бір тойдан кіргізбедім мен Оны. Үш күн жүрді өкпелеп, Жұлып ашып есікті, сегіз өрме қамшымен жон-арқадан осып бір жіберетін тұс еді; Кімге керек құр шыдам, Сонда шықпаған көз жас – қырық жылдай ыршыды, ал! Қақпау керек емініп қызық – бақтың қалтасын, Қағып қалсаң қалтасын – түбінде бір тартасың: Қырық жылдай тақсірет тартып келем, міне, мен – қырық жылдай арқамды қамшы осады түнімен. Өз есігін өзіне ашпай қойғам, сол әлі қырсық болды қырық жыл азаматтың обалы. Сен де бір-ақ түн ашпай – таяқ жедің көп түндер, Сөйтіп, бірің-біріңді жуып-ақтап кеттіңдер – тазарыңдар, шырағым! Бүтін жансың сен есің, адалдықпен, төзіммен жеңсең – мықтап жеңесің! Балам, саған айтарым: Мұндай жары бар адам ұрыс-жанжал іздесе – іздер болар даладан. Тағдыр бала бермесе – тартып алу қиын іс, төбелес аш, қаулыңды ал, шақыр, мейлің, жиылыс! Жылу шақыр одан да, Кісілік тап – қайда бар – тас жұмыртқа жылудан – балапанға айналар. Бөгде адаммын сендерге, сөзім, рас, сөз болмас, бірақ жылы жел еспесе – қар да ерімес, қозғалмас. Жаудан басқа – жат көрме, тым өзімшіл болма, ұлым, қорлағаның біреуді – өзіңе еткен қорлығың! – Шешесімен бірге өсіп қартайған ұл болсам да, Соңғы сөздің астарын түсінбедім мен сонда.
Көрші көшті ұзамай, қалды ел сөзбен мүйіздеп: Қалың қабырғасы бар кетті, десті, үй іздеп, Дұрыс дедім ішімнен, ескіліктен бір нұсқа: «Пиғыл өзгермейінше – өзгермейді тұрмыс та».
Мен де ұмыттым өкпемді құрылысшыға, құрылысқа, Күңкіл-шүңкіл түгілі естілмейтін қылмыс та қабырғалы үй алдым қақап тұрған бір қыста. Онымен де тұрмыстың жойылған жоқ міні әлі, аттап қалсаң жұп-жұқа линолеумдер сынады. Ойда жоқта семьяның ортақ болдық сырына, қабырға мен оған да жұқалықтар кінәлі. Алу қиын ақылды, қонуы одан қиын іс, айтыстар көп содан да, содан да ұзақ жиылыс. Арылыпты, деседі, әлгі үй күңкіл-күңгірден, Міні, әрине, жойылмақ бірден емес, бір-бірден. Ойлантуға жетсе егер айтылған сөз шамасы – Құдіреті сол шығар? Басқа ма, әлде, кім білген? ...Кеше сол үй, сол жігіт қонақтыққа шақырды, Жеті жасар баласы барады екен мектепке. Баяғы екен әйелі, байқағаным, баяғы сол әйелдің жүзінен иман нұры таяды. Бала өзінен туды ма, алды ма әлде асырап, – бата алмадым сұрауға, әрі ұялдым, аядым. Шешем қайтты мәз болып, таң болысты көп пенде, өткен халі бұл үйдің бәр-бәріне жеткен бе? Құлай жаздап бір шаңырақ қайта тұрды деп мен де жадырадым. Жұбайлар, бір-біріңді тепкенде, араздас – тек арылыс, ашулан – тек кектенбе. Таңданбаңдар, ағайын, өкпек желдер өпкенде, көлеңкенің қар-сызы, кім таңданар, кепкенге. Таңдана ма Бүгінге ел. Жат қарай ма өткенге, гүл басты деп мұз орнын кім таңданар Көктемге!
КОМПОЗИТОР Әр бұтаның тасасында жүр ықтап, асау дыбыс ілінбеген құрыққа; Әлдекімнің делебесін қоздырып, Не бояу боп бір жалт етпей көзге ұрып, Көкірегіңде ыстық, кіді, тар әрі Күш-қайратың құр тұншығып барады.
Талғам, талғам, талғам сенің – кеселің, Өз талғамың – өз жолыңды кеседі. Машинаның тежелуді көп көрген доңғалағы тез тозады деседі. Бір бұрышқа өзіңді-өзің тықсырып, тығып қойдың, жартас құсап түксиіп, таңдайында тамшы жоқ, талғай берген жөн бе көп, қарашы өзің! Дүние әлі дөңгелек. Жалынды да көкке көтеру үшін кеңдік керек, жел керек. Жел бар сенде, Желің бірақ – қысқы жел Сарнап есер мұзды мұхит үстінен. – Сен сөйлесең тоңып бекер, бекерден, сырт айналып жағаларын көтерді ел. Үфі деп ең – аяз ұрды жарты қап, құлақ бауын байлады, әне, бар тұмақ, Жаһаннамда жалғыз досың қалды тек Күздің соңғы жапырағындай қалтырап, Ол да үзілер, Үзіледі бәрі-бәрі, бірақ саған жарамайды қалғаны. Сені әлі жұрт талғампаз деп атай ма, тым құрыса, жаңсақ іс қыл, қате ойла – түк бермесең талғамыңнан не пайда! Жайдақ шамнан құлап түскен көлеңкедей елеске алданатын аңқау шіркін емес пе: Сенеді жұрт сені салқын дегенге, Өздерінің суықтығы жоқ есте. Сен сөйлесең – бекер тоңып, қарашы, көтеретін себебі сол жағасын. Ең болмаса бір бұрқ етші, бір қайнап, қалқымай-ақ қоялық біз кіл қаймақ. Көже керек! Жасап көрші бір нәрсе Осы біздің талғамымызға ыңғайлап? Ал әйтпесе, сырыңды құр қозғаған Түсінетін құлақ – қыңыр, Көз – надан: Өзге адам боп көрінесің, өзге адам және осының бәрінен де сөз жаман! Нөсер де өтер, Сел де өтер, Мезгіл әлі талай-талай желдетер. Өзіңді-өзің қыстың, қыстың сен бекер, Қыссаң егер азап тартып, тер төгіп,
Сол қызудан кетпейсің бе өртеніп?! Отың болса құрттың, құрттың қап, құрттың, тамызық тасып думанына дақпырттың. Суыдың ба, әлде, жердегі еңбектен алау іздеп ар жағынан ақ бұлттың?! КҮЙШІ ҚЫЗ Саңлақ ердің салмағы Өнерінде деп еді – Сені көріп, саңлағым, Мансұқ еттім мен оны. Тұла бойым дір етті, ток ұрды ғой бір құйын... Кесек ет қып жүректі іліп кеттің, қырғиым... Келді-ау, сірә, шабытың: дір-дір етті саусағың. Ақтарыл, күй, ағытыл, Сыңғырап қал, кәусәрім. Қайта өрледі, бір құлап тасқа бүйір соққылап; ақ мәрмәрді бұрғылап бұзып аққан көк бұлақ. Сырғиды, әне, сырғиды... Шерттің-ау сен бір күйді: Көмейімен бұлбұлдың, тырнағымен қырғидың.
Шалып шертер саусағы Шыдамыңды тауысады: Өзі – күйші, өзі – қыз... ал мақтамай көріңіз. МАРТ Шәйі етегі сусырап аулада жүр Күншуақ, Суырады көк сабақ әр жерді бір шымшылап. Сары қаншық қыңсылап, қашқан болып арланнан, Қапқан болып шаңқ етіп, Қайта айналды қыңсылап. Көлеңкесі тас үйдің – сол дегдімей тұр жалғыз – Пеште ұйықтаған мысықтай қос уыс қар кір-жамбыз Жатып қапты бүк түсіп, Мезгіл жетті – бітті ісі: Өстіп-өстіп жоғалмақ бір маусымның мықтысы.
Жастар жатақханасы – балкон ашық тұр, әне, Қызғалдақтың исіндей қыздың даусы шығады. Былтырғы күй табағы – қайта оянды сұңқылдап, Сол сұңқылды, белгісіз, отыр екен кім тыңдап! Екі-үш жігіт қутыңдап, Балконда жүр, әне өріп – Тамып түсе жаздайды қыздың көзі – қара өрік. Бір шапалақ шарт етті сақалы бар бетке есіл – Сақ ойнаңдар, жігіттер, көктемгі қыз өкпешіл: Жымиюдың аяғы – жылау болып кетпесін, Жылынудың аяғы – тұмау болып кетпесін!
Шаңдатқанмен шуақ жақ, Көлеңке жақ – лас әлі, Автобустар асығыс лай шашып асады. Бүгін – жаяу, Кешегі машинашыл халық бұл, Жас шөпірдің алдында жасыл жарық жанып тұр. Күн шуақта – бір мысық, Жеңгем ұйықтап қалыпты, ал бір әжем басына қызыл байлап алыпты. Шай құюлы тұр еді жаңа үйімде, кеседе, Қырықтағы ел – еңбекшіл, Елікпейді десе де – ойлап-ойлап еселеп, Түсінбедім, не себеп: Мен де шығып кетіппін байқаусызда көшеге... ҰРШЫҚ ПЕН ДОМБЫРА Жіп иірді ол толғанып, Қолында – сол бір ұршық. Домбырамды қолға алып, Мен – күй шерттім ыңырсып. Қартайды анам – толды ұршық – Саусағынан әл кетіп. Сыршыл жан боп көлгірсіп, Мен отырмын әндетіп.
Айларды ұршық иіріп, Жыл жасайтын секілді. Домбыра ше? Бәрінен Мұң жасайтын секілді. Ұнатады көп санды заманымыз деп біздің: Күйдің тоғыз пернесін жиырма бірге жеткіздім. Ал ұршық ше? баяғы, сол баяғы зырылы: Өтіп жатқан білдіртпей Уақыт сынды ұлы ұры. Анам шөгіп барады, Ұршық толып келеді, Бар ғұмыры анамның жіпке айналды себебі. Барған сайын құныс бел, қусырылып барады: Барын беред ұршыққа ол, Ал мен күйден – аламын.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру