TELEGEI

Home

Орта жүз ру-тайпалары туралы аңыздар

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Орта жүз ру-тайпалары туралы аңыздар

«Бабалар сөзі» сериясының тағы бір кітабы орта жүздің ру-тайпаларына арналған. Әлқиссасы орта жүздің шығу тарихынан басталады. Одан әрі орта жүздің алты тайпасының тарихына тоқталады. Аңыз-әпсаналардың бірнеше нұсқасы қатар берілген. Әр рудың атауы қайдан шыққаны, қалай қалыптасқаны қызықты дерек...

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ШЕЖІРЕЛІК АҢЫЗДАР

І. ОРТА ЖҮЗДІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ ТУРАЛЫ

101. [Орта жүз Бекарыстан алты арыс ел тарауы]

Шежіре бойынша Бекарыстың әкесі Қазақ, Қазақтың атасы Алаш екен. Бекарыс бабамыз керемет бай, кемеңгер, данышпан, көпшіл әділ және қарапайым болған екен. Үйіне келген қонақ қара ма, хан ба талғамай, мейілінше дұрыс қабылдап, дастарқан жайып разы қып аттандырып отырған. Бірақ ұлы, перзенті болмаған деседі. Бірде осындай көптің бірі болып Әулие Қыдыр-ата үйіне келіп дәм татып, сый-сияпатына дән риза болған. Ақыры Бекарысқа риза болып ақ батасын беріп, тілегін айтқан. Арада тоғыз ай он күн өткен соң бәйбішесі ұл туыпты. Оның атын Қарақожа деп қойыпты. Сөйтіп, бірінен соң біріне босанып, Қарақожа, Ақтамберді, Дайырқожа, Мойынқожа, Ысмайыл, Қасым атты алты ұл көтеріпті. Қарақожа үлкен ұл болған соң бөлек отау етіп шығарыпты. Қарақожадан Арғын туады. Арғынның «аға баласы» атануы – осыдан. Ақтамбердіден Қыпшақ, Дайырқожадан Қоңырат, Момыннан Най ман, Ысмайылдан Керей, Қасымнан Уақ туады. Сонымен орта жүз Бекарыстан алты арыс ел тарайды.

102. [Орта жүздің алты тайпасының шығуы туралы]

(І нұсқа) Жанарыстың екі қатыны болыпты. Оның бір де біреуінің пұшпағы қанамай, “қайран жас иісті баланы-ай!” деп зарығып, қамығып жүрген кезінде ойламаған жерден алты қожа келіп, қона қалады.

“Ой, Құдай-ай,
Берді ғой бала беретұғын,
Әулиелер келді ғой!
Сыйынбасам маған серт,

Қолдамасаң саған серт,
Сарт болсаң, садағаң кет! –
деп, алтауына алты қой сойыпты. Қойын сойғаннан кейін Жанарыс әлгілерге:

– Аттарыңды тынықтырып, осы қойлардың етін жеп, тауыспай жібермеймін! – дейді. Сонда қожалар мұның шынымен құлап, ықылас қылғанына риза болып:

– Осы алтауымыздың атымызды бердік, алты ұлға ата боласың! – деп баталарын беріпті. Олардың аттары: Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Есімқұлқожа, Қосымқожа екен.

Содан Жанарыстың қатындарының аяғы ауыр бола бастап, бәйбішеден төртеу, тоқалдан екеу туыпты. Алтауына алты қожаның аты қойылыпты. Бәйбішеден туған төрт ұлға – Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа деп қояды. Қарақожадан – Арғын, Аққожадан – Найман, Ақтамбердіқожадан – Қыпшақ, Дарақожадан – Қоңырат, тоқалдан туған Есімқұлқожа мен Қосымқожадан Керей мен Уақ тарайды.

103. [Орта жүздің алты қожадан тарауы туралы]

(ІІ нұсқа) Жанарыс [тың] екі қатыны болыпты, бір де бірінің пұшпағы қанамай: “Бізге көру қайда, Жас иісті баланы-ай!” – деп, зарығып, қамығып жүрген күндерінде ойламаған жерден алты қожа кез болып, қона қалыпты.

Ой, Құдай-ай,
Берді ғой бала беретін
Әулиелер келді ғой!
Сыйынбасам, маған серт,

Қолдамасаң, саған серт!
Сарт болсаң, садағам кет! –

деп, алтауына алты қой сойыпты: «Кір-қоңдарыңды жудыр, аттарыңды тынықтыр. Осы қойлардың етін жеп тауыспай, жібермеймін! – деп.

Сонда қожалар мұның шын құлап, ықылас қылған пейіліне риза болып:

– Осы алтауымыз да атымызды бердік. Алты ұлға ата боласың! – деп, баталарын беріпті. Аттары: Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа, Смағұлқожа, Қосымқожа.

Сонан соң қатындар буаз бола бастап, бәйбішеден – төртеу, тоқалдан екеу туыпты. Алтауына алты қожаның атын қойыпты. Бәйбішеден туған төрт бала: Қарақожа, Аққожа, Ақтамбердіқожа, Дарақожа. Қарақожадан – Арғын, Аққожадан – Найман, Ақтамбердіқожадан – Қыпшақ, Дарақожадан – Қоңырат, Тоқалдан туған – Смағұлқожа, Қосымқожа. Біреуінен – Керей, біреуінен – Уақ.

104. [Қарақожа - Жалаңаш баба]

Қарақожа жасында жалаңаш жүреді екен. Үстіне киім кигізсе, жұлып тастай беретін болыпты. Мұның бала күнінде, заманында бір шадта болыпты (қазақша бір хикаят деп айтады). Ол шадта бір байдың жалғыз баласы қырық жігітпен жорыққа аттаныпты. Аттанып кеткен күні кешке байдың жалғызы:

– Басым ауырды, атқа жүре алмадым, қырық жігітім кетті, өзім үйге қайттым, – деп, келіп жатып алыпты.

Екі келіншегі бар екен. Бірінен-бірі өткен сұлу екен. Екі келіншегінің бірі– ұл тауып, бірі – қыз тауып, бай төменгі елді шақырып ту бие сойып, жоғарғы елді шақырып жорға бие сойдырып, үлкен, зор той қылыпты. Жыл он екі ай өткенде баяғы жорыққа кеткен қырық жігіт мырзасы қасында көп олжамен олар да келіпті. Байдың жалғыз баласы – екеу болыпты. «Ауырып үйге қайтқанмен, бұлар өздері түзден біреуді тауып алып, «аумаған мен» қылып, жасап жүрген қулықтары», – деп, үйде жатқан мырза айтты. «Былтыр өзімізбен бірге үйден аттанған мырзамыз, басшымыз, бала жастан бірге ойнап, бірге өскен, бай-ау, жалғызың – осы. Ауырған да жоқ, сырқаған да жоқ. Үйден бірге аттанды, бірге жүрді, міне, бірге келіп түсті», – деп қырық жігіт айтты. Не жұрт, не бай, не қатын – ешкім екеуін айырып, бөлектеп тани алмайды. Сол замандағы тірі жұрт осыған айран-асыр болып дағдарып, күнде жиылыс, күнде кеңес болыпты. Сонда Қарақожа – жалаңаш бала шаршы топтың ортасына келіп: «Мен мұның күмәнін ашып берейін. Бай, қырық түйе сексеуіл алдыр да, бір араға үйіп от қойып өрте! Сонан соң маған бір шойын құман тауып бер. Аузына құятұғын қалайы қорғасын, мүсәтір даярлап бер де, екі баланың – екеуін алдыма алып келіп жүгіндір! Мен төре айтамын, өз балаң қайсысы екенін айырып беремін», – деген соң, бай баланың айтқанының бәрін даяр қылды. Жұрт қоршап алып, «не қылар екен?» деп тамашалады. Екі баланы алып келіп, жалаңаш баланың алдына жүгіндірді.

Сонда айтқан төресі:

– Менің қолымдағы құманның аузынан кіріп, шүмегінен шығып, шүмегінен кіріп, аузынан шығып, үш кіріп, үш шығып түбіне барып жата қалуға жарағаның – байдың баласы боласың, екі қатын да соныкі, мал да, жан да, қырық нөкер де соныкі. Оны қыла алмағаныңды мына жанып тұрған отқа тастатамын. Менің берген төрем – осы, – дейді.

«Қырық жігітпен бірге барып, бірге келіп тұрмын» деген құманның аузын бір сүзді, шүмегін бір сүзді. Ол заман мен бұл заман адам баласы құманға сыйған ба, мұңайып, салбырап қалды да, отырды. Бір жыл үйде жатып ұл-қыз таптырып жүрген мырза жып етіп, ұшып түрегеліп, құманның аузынан кіріп, шүмегінен шығып, шүмегінен кіріп, аузынан шығып, үш кіріп, үш шығып, түбіне барып жата қалғанда, жалаңаш бала құманның аузы мен шүмегін тарс бекітіп, отқа тастайды да жібереді.

– Ал, бай, міне, құманға сыя алмай қалған – балаң да, анау – шайтан ғаләйки лағнет! – деген соң, жұрт шулай қоя берді.

– Мынау өзі жалаңаш бала болмады, жалаңаш баба болды ғой, – деп, «Жалаңаш баба» атанған екен дейді.

Қыздың аты Иланбике қойылыпты. Құрттай бала күнімде естіген сөзім еді.

105. [Қара қожа]

Күлік қожа диуана болған. Мәжзуп қатын-баласыз, үйсіз-күйсіз, тажародлік һалатта харабатлардан болған. Заманындағы адамлар таһир әулиешілігін көрген. Мұның заманында “Шоң бидің Қарақожасы” деген әулие өткен. Сол Қарақожаның бибісі (бәйбішесі) пұшпағы қанамай, перзент көтермей кешіккен. Жаздың күнінде Қарақожаның бибісі құрт қайнатып, бір ошаққа құрты қойылған соң қазаннан түсіріп, өзі шаршап, сілесі қатып, шалқасынан жата қалыпты. Ұйықтап, қата қалыпты. Күлік диуана шап беріп, үстіне мініп алып, бетінен бір сүйгенде, қатын бар күшімен шалқасынан итеріп, теуіп жібергенде, диуана жер ошаққа жығылып, үсті күйіп, көлге қарай жүгіріп, ит қуып, азан-қазан суға барып түсіп, жаны қалыпты. Артынан Қарақожа естіп, қатынына ұрсыпты:

– Жұрт мені әулие дейді. Мен әулие емес, бұл әулие еді. Бекер қылған екенсің. Ол неше сүйсе, сонша бала болатұғын еді. Енді жалғыз-ақ сүйген болса, бір бала табасың да, тұрып қаласың, – депті.

Айтқанындай, бір бала тауыпты да тұрып қалыпты. Ол бала һәм диуана мызажы болыпты. Қожалық қылып келгенде, заманындағы жұрт көріпті. Қолына түскен малды сояды да, жұртқа үлестіреді. Сол малдың етін жеген есіне ие болмайды. Нәзірді гулетіп бере бастайды. “Бір қойды сойса, жүз қой жиылып қалатұғын болды”, – дейді.

ІІ. АРҒЫН РУЫ ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР

106. [Мейрам сопы ұрпақтары немесе «Момынның жеті арысы»]

Осы күнгі Керей, Уақ деген елдер бар. Олар Арғынның тоқалы Момынның қоңсысы болыпты. Момын оларға қатын әперіп, енші бөліп беріпті. Олар Момын балаларына Момыннан енші алған кірмесі болады. Уақ, Керей – екеуі екі арыс болады. Бұл екеуі «жолдан келген жеті руға» қосылады. Жетіру дегеніміз – Асанқайғының елінен, Бәйбәше деген жерінен келген жеті жігіт екен. Осы жеті жігітті үш жүз бөліп алыпты. Қаңлы менен Шанышқылыны Ұлы жүз – Үйсін алыпты. Керей менен Уақты Орта жүз – Болатқожа алыпты. Табын деген жігітін, Тілеу екеуін Кіші жүз – Алшын алыпты. Тама деген жігіт жалғыз қалыпты. Қайсысы аларын білмей, ортада қалған соң үшеуі ынтымақтасып, ат шаптырып, қай аты озғаны алатын болыпты. Сонан соң үшеуі ат шаптырып, ақырда Кіші жүздің құла қасқа аты келіп, Таманы Кіші жүз алыпты. «Құла қасқа Тама» деген сонан қалыпты. Және Тарақты деген ел бар. Тарақты – Орта жүздің қызынан туған жиені. Арғын, Қыпшақ – екі арыс, Найман, Қоңырат – екі арыс, Керей, Уақ – екі арыс, Тарақты – бір арыс, айналасы жеті арыс болады. осы күнгі «Момынның жеті арысы» деп сөйлейді, сол – осы.

107. Арғынның Алтайы, Мойын, Кенжеқара рулары

(І нұсқа) Алтай жігіт күнінде жүгенін беліне байлап алып, жаяу барып қанжығалы Піспек байдың жылқысын баққан. Ішпек, Піспек деген екі ағайынды байлар екен. Сонда Піспек бай іңірде өз қолынан арқандаған атын түні бойы қарап, орнынан таба алмай әуре болады екен. Таң атса, шөптің, оттың, судың тұнығында арқандаулы тұрғанын көреді екен. Себебі Алтай жылқының өрісінен келіп, байдың арқандаулы атын бір түнде үш жылжытып арқандайды екен. Малға аса жаны ашып қарағандығы байдың көңіліне ұнап, Алтайға әбден ден қойыпты. Жаз өтіп, күз мезгілі жетіп, бай жылқысын қостап шығармақшы болып, қос көтеріп жатқанда Алтай Піспек байға:

– Атай, осы малыңды аман ап келіп бер деймісің, жоқ, жаман да болса, бағып келе бер деймісің? – депті.

– Балам, жаман болғанын не жақсы көрейін, аман ап келіп бергеніңді тәуір көрем, – депті.

– Ендеше, маған малымды аман шығарып ап кел дейтұғын болсаң, іңірітші, күзетші, бақыршы иттеріңді өзің алып қал, маған сенгенің шын болатұғын болса, жалғыз өзіме тапсыр да қоя бер, жаздай жылқы түсінен шошып, ойым да жылаулы болды, қыс биыл мейілінше қатты суық болады. Бұ дүнияда бұрынғы-соңғы көрмеген, айта қалғандай жұт болады. Қыс қатты болып, үргін-сүргін жаманшылық болғанда, мал баққаннан да жаман кісіні баққан қиын болады. Мал айтқаныңа көнеді, айдауыңа жүреді. Жаман сойып жейін дасең, еті арам, сатайын десең, пұлы арам, өлтіріп тастауға Құдайдан қорқасың, өзі білмей де сиырша сіресіп айтқаныңа көнбейді. «Қасымдағы жолдасымды өлтіріп алармын» деп қорқып, малға сыңар жақ болып, малды көңілдегідей күтіп қарай алмай, қолбайлау болады. Жылқыдан аяулы малың жоқ қой, маған берсең, ұзын аяқты түйе-сиырыңды қоса бер, биыл қыстан мал алып шығамын деме! Қысқа аяқты қойыңды семіз күнінде сойып, адал бауызда да қарға тығып тастай бер, сойюға мал таба алмай ашаршылық болғанда, көп жұртқа жеуге үлестірсең, қайырымды бай атанып, қияметке шейін жұрт аузында қалады, – деген соң бай Алтайдың тілін алып, жылқы, түйе, сиырын түгел береді де, өзі жатын мал қоймен қалды.

Алтай үстіне қос алған жоқ, жабдыққа бір қыл арқан, бір темір қазық, бір қолжаулау алды, қолжаулау бақырашқа бие сауып, бие сүтін іше беру үшін. Темір қазық алғаны – жер қара, күн жылыда жер мұз болып, тоң болып шегедей қатты болғаны үшін темір қазықты қағып жер тоңын байқайды. Бір кірген жерге бір күн, екі кірген жерге екі күн аялдайды. Темір қазықтың үші батпаған жерге ат ауыздығын алмайды, «құс жаман жерге бармайды ғой» деп, құстың жолының астымен айдай беріпті. Піспек байдың ұзын аяқты малын алдына салып айдаған бойымен Алтай кетті. Бұл Сарыарқада қыстың суықтығы сондай болды: киіз үйде тұрған қара қазан тарс етіп айырылды. Бұзау-тайыншаның маңдайы тарс етіп айырылып кетті, жұрт жұтап, қыс ішінде шұбырып тозды. Қызылтауда қызыл иттен басқа қалған дәнеме болмады. Далбада жабуы далба-далба бір тайлақ қалыпты. Ағыс қудың қуында шаңқан боз ақ қояндай бір боз ат-ақ қалыпты. Піспек бай Ақкөл-Жайылмада екен. Ішпек бай, Піспек бай деген екі ағайынды байлар екен. Күллі Ақкөл-Жайылмадағы елден қалған мал Ішпек, Піспектің Ішпегінде екі нар қалыпты. Жазғы тұрым болғанда Ақкөл-Жайылмада тірі қалған сол екі нармен тасынып, көшіп-қоныпты. Кәрі құлақтардан естуіміз, сонда жалғыз-ақ аман қалған Баянаула тауында Барлыбай ұранды Бәсентин тышқақ лақ өлтірмей аман қалыпты. Ол кезде желкілдеген Жеті Момын бұл жақта екен де, Қуандық-Сүйіндік Ұлытау, Кіші тау, алпыс екі Торғай, отыз екі өлке жақта екен. Ұлытаудың жақсы жерлеріндегісі – аман. Жаман, жалтаң жерін қыстағандар қыс ішінде үйдің киізін еркек қойларға артып, көшіп, шұбап Керей, Қыпшақтың бойында семіз, күйлі балалары тайынша қуалап, асыр салып жатқан елдің үстіне келіпті. Сонда Қыпшақта Қауған би деген жақсы адам бар екен. Қыс ішінде ауып келген елдің ішінен ақын бар екен. Соның бір ауыз өлеңі:

– Ассалаумағалайкум, Қауған аға,

Несібеміз бұл жаққа ауған аға.
Құнан өгіз ұстапсыз құйрығынан,
Біз келеміз алысып жаумен аға! –

деген соң, Қауған би келген елді елінің ішіне қорғалатып, төбесіне көтеріп күтіп алып, аяғынан жүріп жарап келген малы дін-есен шығып, жаз шыққан соң иесіз жатқан жер бар деуменен Баянаула, Қызылтауға қарай көше берген екен. Сол жолдың аты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атаныпты. Жұрт жаяу шұбырғанда табандары аппақ болып, жалтырап бір жерге келіп жатқанда: «атасы басқа, жат ру бас салып сойып, жеп қояр» деп, ішіндегі семізін ортасына салып, арықтары айнала қоршап, алқа салып жататұғын болыпты. Сонда бір мерген он бес ауылды тамақтан тарықтырмай асырауға жарапты, бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарайды. Көк ала биенің иесі көз, тілден қорыққаннан көк ала биені елсіз-күнсіз жерге апарып, енесіне құлынын қоспай, құлынды енесіне қоспай сауып, сүтін сүйретпекпен тасып, үйіндегі үлкен сабаға әкеліп құя береді екен де, күні-түні биенің бұтынан қол айырмайды екен. Бір күні жапан түзде елсізде биесін сауып отырса, төрт кісі тұп-тура келе жатыр екен. Тұрайын десе, биенің сүті саулап ағып кетерлік. Тұрмайын десе, төрт кісі оқтай қадалып келе жатыр. Сасқаннан жұдырықтай тасты «Көз болғаның көнекке, тіл болғаның тасқа» деп көнегінің ішіне тастай беріп, биесін сауып отыра берді дейді.

Сол биені сауып отырғанның үстіне төрт кісі келіп:

– Мана біз көргеннен биенің бұтында отыр едің, сонан бері биеңді сауып отырғаның ба, жоқ, ұйықтап отырмысың? – дегенде:

– Биемнің мінезі жаман еді, биенің бір сауымы бұтында отырмаса, иімеуші еді, мана өздерің көргеннен жаңа ғана иіді, – дегенде:

– Бәсе, солай ғой! Онан басқа біз көргеннен бері қарай иігенде ендігі мұның сүті көнек түгіл, сабаға сыймай жерге ағып, бұлақ болып жатса керек еді? – деп, жүре берді дейді.

Олар бұлай кетісімен көнектегі сүтті сүйретпеге құйған екен, көнектің түбіндегі тас төрт бөлек болып қалыпты. «Адам тілі тас жарар, тас жармаса, бас жарар» деген мақал содан қалған екен. Жұтаған жұрт жұтады, шұбырған ел шұбырды. Алты ай қайта кетіп, қайта жарқырап жаз шықты, күркіреп көк шықты, елдің жайлауы, биенің байлауы болды. Былтыр кеткеннен соң Алтай да жоқ, хабар-ошар да жоқ. Піспек бай ауылының қасындағы бір төбенің басына ала киімменен шығады. Ас ішпейді, дым да сызбайды, қасқарая әбден түңіліп, күдер үзіп үйіне келеді. Байдың ұлы жоқ екен. Байбике деген жаңа бойжетіп келе жатқан қызы бар екен. Бір күні әкесі төбенің басынан үйге қарай келе жатса, қызы далаға шығып әкесінің алдынан қарсы ұшырап:

– Әке, немене күн жаумай салбырап, осыншама жүдеп, ас ішпей, дым сызбай қара ағаштай қатып қалғаның? – деп, көзінің жасын мөлт-мөлт төгіп, жылап қоя берді дейді. Қызының жасын көріп бай да еңкілдеп, өксігін баса алмай:

– Қарағым-ай, көппен көрген ұлы той емес пе, елден-жұрттан артықпын ба? «Байдың малы бық-бырт тауыпты, Алтай өліпті», – деген хабарды естісем, көңілім жай табар еді де. Алтайдың өлі-тірісін біле алмағандық қой маған батып жатқан, – дегенде, қыз:

– Әке, сүйінші! – депті.

– Көз ұшында бір қос атты көрінеді, атқа отырысы Алтай ағам сықылды. Астына мінгені де қара, жетегіндегі ат – мен көшке мінетұғын қара жорға атым, білемін, – депті.

Байдың жүрегі аз-ақ жарылмай қапты.

– Қап, балам, менің көзім қасымда тұрған үйдің де қаралдысын көрмей тұр, айтқаның шын болып, ол –Алтай болса, сүйіншісіне сені бердім Алтайға, – депті.

Бұла да көз айырмай телміріп қарап тұрыпты. Айтқанындай-ақ Алтай екен. Пұшпағынан бастырып, қашаған ұстайтұғын қара айғырды мініп, Байбикенің қара жорғасын жетектеп, бір қара сүйретпе қымызды артына бөктеріп келіп, түсіп жатқанда:

– Малың аман ба? – дегенде:

– Барған жерінде боғы қалды, тышқан боғынан басқа шығын жоқ, – депті.

– Үш түлік малдың ортасында жалғыздық көріп, сасқан жерің болды ма? – дегенде:

– Болды, неге болмасын. Жалғыздық бір Құдайдан басқаға жараспаған қылық қой, барған жерімде жылқының қонысы басқа, түйе, сиырдың қонысы басқа болды. Түйе мен сиырды бір қопаның ішіне тастап, күнде бір көріп қатынап тұрушы едім, бір күн жылқыдан босана алмай, түйе мен сиырға бұрылуға мұрша келмегендіктен мезгілін асытып барсам, бір інген түйе жабуының баурын тартып байлаған жібіне артқы аяғы ілініп қалып, енді болмаса үйелеп, өлуге қалған екен. Үстінен шығып көргендігім себеп болып, өлуден аман қалды. Ұры мен бөрінің өзін түгіл ізін де көргенім жоқ, айғырдан қысыр қалғаны болмаса, басқа жері түгел, бір малдың да мұрны қанаған жоқ, – депті.

Піспек байдың қуанышы қойнына сыймай: «Мұның былтырдан бергі жалғыздығы да жетерлік болды, енді мұны бір түн жалғыз жатқызбаймын», – деп, Байбикені қойнына салыпты. Сол Байбикеден туған Алсай, ол Байбике өлген соң балдызы Аққоянды беріп, онан туған балалар: Әліке, Байдалы, Сайдалы. Ол өлген соң үшінші қызын және беріп, бұл – кіші тоқал атанып, мұнан туған бала – Мойын. «Мойын болмай, ойын болмас» аталған Мойын – осы... Алтайдың жеңгелей алған қатынынан туған – Нұрбай. Алтайдың ақ сауыты Нұрбайда қалған. Жауға түсіп кеткен жерінен, Нұрбай өзі жанынан кешіп, қызыл қанды су орнына ішіп, батырлық қылып барып алып келгендігінен, ол сауыттың аты «шөжекөз» еді, сонан әлі Нұрбайдың ұраны –«Шөжекөз».

Бұрынғы айтады екен:
Арғын болсаң, Алтай бол,
Алшын болсаң, Адай бол!
Үйсін болсаң,

Сиқым, Жаныс, Ботпай бол!
Найман болсаң,
Қаракерей, Матай бол!
Өзгең қалай болсаң, солай бол! –

деген екен. «Тышқанның да сауыры болады» деген сөз бар, сонда Алтай – Арғынның сауыры.

... Арғын бабамыздың 106 жасында алған Айнакөз дейтұғын тоқалынан – Танбыс сопы, бұл Танбыс сопыдан: Үсенбай, Елемес. Елеместен – Ерман, бұл Ерманнан: Шағыр, Бөрлітік. Шағырдан: Ақай, Жолдыбай, Тағашы, Аманжол, Сомжүрек. Бөлтіріктен: Сырлыбай, Сары. Үсенбайдан – Қарамерген, мұнан – Байташы. Аманжолдан – Көшей, бұл Көшейден – Шақшақ батыр. «Шар жетім Шақшақ» атанған Шақшақ – осы. Ақташы, Байташы, Бұғышы, Тағашы – «Шар жетім» атанатұғын солар. Бұл Айнакөзден тарағанды «Тоқал арғын» деп атайды, «Жоғарғы шекті», «Төменгі шекті» деп екі руға бөлінеді. Таңбалары – Арғынның дөңгелек таңбасы. Жоғарғы шекті сабағын жоғары қаратады, Төменгі шекті сабағын төмен қаратады.

108. Ақжігіт ұрпақтары

[Ақжігіт, Жанжігіт туралы] Ақжігіт, Жанжігіт қызы өз күйеуімен қашып кеткенін естіп, Есқара би көңіл айтқан екен:

– “Қыз ұзатқан қырғыз шапқанмен бірдей”, – деп еді. Жасаусыз қыз ұзатыпсыз. Өзімен-өзі қашып кеткен баланың алдын не қылайын?! Арты өзіңе қайырлы болсын! Құдай берген жоқ шығар. Сенің ырысында қой түнетсе де жарайды. Күйеудің қалың соры да ықтиярсыз өз үйінен өзін кетірген, – дегенде, Ақжігіт Есқараға риза болды дейді.

– “Ат төбеліндей жаман Малайдан не қылғанда, би туатұғын болды” деп, жақсылықты анық саған қимай жүруші едім. Сен Құдай анық би қылып жаратқан, жақсының өзі екенсің. Жаңа мойын қойдым артық жақсы екендігіңе, – депті.

Осы қыздың барған жері Қара қасқа Керей болған. Онан туған жиен: “Керейіт Шоңай абыз” атанған. Бұл Қатықұлақ мергеннің моласы Терісаққан бойында, жаудан өлген жеріне қойылған. Бесімнің бәйбішесінің аты – Бүктік. Бәйбіше – Қатықұлақ мергеннің қызы, үлкен, зор тәуіп болған кісі. Үшкіргені ем болып, айтқаны айтқандай келетін. Келіншек күнінде қалмаққа түсіп кетіп, ішінде көтеріп барған баласын қалмақ ішінде тауып, сол бала қалмақ қолында тірі қалған. Өзі қашып келген. Жаяу-жалғыз елдің шетіне келіп, өз ауылына жүрерде жете алмай, жүрген жерінде әуелі жүн түтіп, екі кесек киіз басып алған. Бұл Бесім заманында күллі Дөртуыл Ұлытау, Кішітауда екен. Жайлауы Сорқара, Сөртені жайлайды екен. Баянаула, Қызылтауға ел аумақшы болғанда Бесім Ақжігіт, Жанжігітке:

– Биыл көшпеңдер, мен өлемін! Мені осы Ұлытауға қойып, ендігі жылы көшіңдер? – деген.

Балалары:

– Жерден құр қаламыз, алдыңғы барған ел алып қояды? – десіпті.

– Ендеше, менің биыл өтетұғын жылым. Мені осы Ұлытаудың басына әкеліп қоямын десеңдер, көшулеріңе рұқсат беремін, – депті.

Сонан балалары уәде қылып, көшіп барып Қызылтаудағы Ашамай тасқа қыстаған жылы өліпті. Алып келіп балалары Ұлытауға жерлепті. Сонан «Бесім дарасы» атаныпты. «Тілеуқабыл дарасының» дара басында. Ақжігіт абыздың ең үлкен қызы – Зараухан, онан соңғы қыздарының аты: Дәме, Дәне. Зарауханы Қозы керейге ұзатқан. Бір қызынан туған жиен: Дөртуіл Қалқа, бір қызынан туған жиен – Керейіт Шұнай абыз деген. Қатынын «құдағи» деп сөйлейді екен. Ең үлкен қызы Зарауханның сегіз жасар күнінде, онан соңғы қыздары үйемелі-сүйемелі, еркек бала көрмей тұрған уақтысында екі туысқанның екі қызын назар қылып, қалыңсыз беріп, Оспанқұл Әздерді мектепбасы молла қылып ұстап, үйінің сыртына ақ қос тігіп, Құдай үшін бала жинатып, дүкен қылған екен. Қазаққа әуелі молла ұстап, бала оқытуды бастаған осы кісі екен. Сонда бір күні өзі намаз оқып тұрса, от басында отырған кішкене қыз балалары төрт ши шаншып от басына: «Бірінің аты – Құлмұхаммед, бірінің аты – Сырмұхаммед, бірінің аты – Досмұхаммед, бірінің аты – Ізмұхаммед», – деп, намаз оқытып ойнайды.

Ақжігіт абыз намазын оқып болып:

– Құдағи, құдағи! Құдай береді екен. Балалардың ойынын байқадың ба? Сен төрт ұл табады екенсің, осы төрт атты қояды екенсің, «баланың аузы – періштенің аузы» деп еді, – деп ырым қылыпты.

Айтқандай Құдағи кідірмей бала көтеріп, бір ұл тауып, атын Құлмұхаммед қойып, онан соң бір ұл тауып, атын Сермұхаммед қойып, онан соң бір ұл тауып, атын Досмұхаммед қойып, сол шағында Ақжігіт абыз қырық тоғыз жаста екен. Ел жайлауда отырғанда, Көкшетау бауырында Қыздың қарасуы, Шөртек қарағай деген жерлерде бір жақтан жолаушы келе жатып, түсте ат шалдырып, ұйықтап жатқанда түс көріп, оянысымен астындағы жирен қасқа атын «түс садағасы» деп айтыпты. «Түсіме көк кептер кіріп, ұятты жерімнің басына қонды. Ол ұжмақтың құсы, енді мен өлемін. Мені, осы түс көрген жеріме қойыңдар?» – депті.

Сол күні үйіне келе аурыпты. Қатыны екіқабат екен.

– Мына ішіңдегі еркек бала болып туар. Атын Ізмұхаммед қой, менің ізімді жоғалтпас!» – деді.

Кідірмей опат болыпты. Айтқан жерлеріне алып барып қойыпты. Өзі өлген соң «Құдағи» еркек бала тауып, атын Ізмұхаммед қойып, «Ізден абыз» атапты. Ендігі жыл ел жайлауға келгенде, ауыл-аймағы басына бата қыла барса, моласының үстіне үйрек ұя жасап, жұмыртқа салған екен. Соны заманындағы қариялар: «Мынаның арты жақсы болады екен-ау!» – десіп, ырым қылысыпты. Айтқанындай-ақ Ізденнің ұрпақтары Рус заманында бір түрі бай болып, өзінен жақсы кісілер шығып, Алашқа белгілі бопты.

109. Жеті момын туралы

(І нұсқа) Арғынның екінші қатынының аты – Момын. Бұл Момыннан туған: Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Надырсопы. Ақсопыдан: «Толыбай» ұранды Қанжығалы мен «Маябоз» ұранды Тобықты. Қара сопыдан: «Қарақай» ұранды Қарауыл мен «Барлыбай» ұранды Бәсентиін. Сары сопыдан: «Үшбай» ұранды Атығай, он екі атаның ұлы Дәуіт. Керей, Уақ – Орта жүзге тоқал қатын баласы болып қосылады. Осы Момынның балаларымен ыңғайлас болғандықтан «Желкілдеген жеті Момын» аталған.

110. Үш құрт туралы

Ақбура Есен тентек жолаушы болып бір ауылдың сыртына түсіп отырса, бір бала жүгіріп келіп қасына отыра қалыпты. Қоржынының аузын сөгіп балаға үш құрт алып беріпті. Бала құртты алып, ауылға қарай жүгіріпті. Есен тентек өз қоржынын өзі пышақпен жарып, құртты жерге төге салып, баланы қуып барып, жатып жабысыпты. «Менің қоржынымды жарып, үш құртымды алып қашты», – деп, даулап үйіне сол баланы алыпты. Атын Үшқұрт қойыпты. Есен тентек өз балаларынан артық ұстап, бала жігіт болған соң Есен тентектің бір тоқалын меншіктеп кетіпті. Есен тентек баланың бетін қайырмай тоқалын өз қолынан соған қосыпты. Үшқұрттан туған баланың аты – Айтқожа, онан туған – Байсалбай. Бұл Байсалбайдан: Қалша, Баутан, Байтақ, Күлік би, – дейді айтушылар, – Төкей болса керек дейді.

111. Жылқыбайдың күшігі туралы

Қаракесек ішінде Қалдыбай қожа деген ақын қожа болған. Бір аяғы бір аяғынан шолақ, жергілікті ақсақ екен. Кемпірдің шабаданындай қораш кісі екен. Жылқыбай мырзаға келіп қонып, аттандырып тұрғанда Жылқыбай мысқыл қылып күліп:

– Қожекеңнің үзеңгі бауы ұзарайын деген екен, тегі аяғы ұзын-ау, – дегенде, Қожа айтты дейді:

– Бұ сөзді не деп айттың, жаным-ботам,

Аяғым ұзын емес, бір-ақ тұтам.
Аяғым күннен күнге қысқарады,
Тұрған соң жұртты билеп құл мен құтан.

Қожа «құл мен құтан» деп Жылқыбайды айтты. Жылқыбай – құл, құтан. ...Қаракесек сауыры, Шаншардың нығызы, толығы Болатқожаға барғанша ата-бабасынан бір кімдік жоқ. Сұрастырып, қағыстырып білсек, Жылқыбайды тапқан анасы күң болып шықты. Елді «құл мен құтан билеп тұр» деген осы екен. Қаз дауысты Қазыбек немересі болған Қанай бай, сүт кенжесі Базілге атақты бір байдың қызын алып бермей, күңді қалай алып беруі осы адам нанарлық сөз бе? Мыйға салып ойлау керек. Сөзді түгел айтамын деушілер атасының көз құны қалғандай жоқтайды, зерттейді, сонан соң табылды. Бұл сөздің мәнісі былай болады.

Көтеш ақынның бір ауыз өлеңі, хан ауылын жау тонап жатқанда айтқаны:

– О, балам, танымаймын, не ел боларсың?

Не дәулет, не перзентке кем боларсың?
Көтешті жүзге келген тонаймын деп,
Айдабол мен Күлікке жем боларсың –

делінген, сол Айдабол Күліктің күлігінен, Жаңа батырдың інісі Өміртайдың Қайнарбай деген байы болған. Сол Қайнарбай – жеті соққанның бірі, мың соққан дейді. Сол мың соққан болғандықтан, балама орынды, аруақты, тақты жерден қыз алып беремін деп, Қаракесек Қаз дауысты Қазыбек немересі Қанай байдың Ұрфая деген қызын Жәдік деген баласына айттырып, құда болған. Сонда қалың мал бергенде, бас жақсысы үшін бір жетім берген екен. Ол жетім дегені – аты Болыс екен де, өзі қыз екен. «Осы Болысым сідігі асыл, жатыры жақсы. Мұнан туған бала таптырмайтын жақсы болып туады және өзі топшыл болады, өсіп-өнейін деп тұр. Өз балаңа қос, басқа бөтенге беріп жібере көрме!» – деп, сынап айтып берген екен. Бұрынғылар бірінің сөзін бірі тақайыр қыла ма, Болысты Қанай сүт кенжесі Базыл деген баласына қосқан екен. Қанайдың келіні, Базылдың әйелі болған соң әйелдің болысы болыпты. Болыс бәйбішеден Жылқыбай, Саржан туады. Саржаннан – Жаманкөт қажы. Жылқыбайдан Қорабай, Шалабай туады. Жылқыбайды, онан туған Құрбайды, Саржаннан туған Жаманкөт қажыны көрген-білген кісілер Болыс бәйбіше демей: «Дуанбасы» бәйбіше болды десем, нанады. Ия, Қаракесекке барды, құтты да болды, сүтті де болды, бұтты да болды. Күлік кімнен туды? Күң болғандығы қалайша? Сөйлеп өтейік. Күлік Жобалай баласы Жаңабатыр, Өміртай болады. Жаңабатыр «үш жүзге билікті Жаңабатыр би» атанған және жаламен Жаңабатырды үш шабылды деген жұрт аузында сөз болып қалған. Өміртайдың төрт баласы болған: Ақбота, Тайлақ, Қайнар, Көшек. Бұрынғы заманның бай емесі жоқ, бәрі де бай болған. Оның ішінде өте-мөте Қайнар ебдейсіз бай болған. Қайнардың балалары: Жәдік, Бәйтік. Бұл Қайнарбайдың заманында Күлік ортасында қалмақтан Қаракөз деген бір қыз олжаға түседі. Жұрт оны Қайнарбайға байлайды. Байға қыз зәру ме? Күң зәру ме? Өзінің малмен артын ай шелегі бар шығар, жер ошақтың басында, көгеннің қасында жайып жүрген күнінде Жобалай алты ағайынды болған. Біреуінің аты – Ақай. Ақайдан: Бекмырза, Санмырза. Бекмырза балалары: Бұзау, Сары, Байкен. Сонда Сарысы – «Сарымырза» атанған. Сол Сарымырзаның Бұқа деген баласы бұқалық қылып Қаракөз қыз тауып: «Іннің түбі өзімдікі, аузы әлде кімдікі» деп, Қайнарбай қыздың атын Болыс қойған. Туған кезінде оған ат қойыла ма? Тілі шыға бастағанда қылықты, құлықты болып, көзіне көрінген үй жұмсай бастауынан «болысым, болысым!» деп байдың сүйгенінен «Болыс» атанған деседі. Бұл Қайнарбайдың Торғай бойында, Апай-Бөрі деген елде «қарға тамырлы қазақ» құдандалы сүйек-шат Шабай деген он жеті-он сегізге жаңа жеткен бір бала атқосшысы болады. Сол Апайдың Тоқтыбай деген бір мосқал кісісі қасына қылып, жаз жайлауда жоғалтқан малға жоқшы болып Қаракесек, Шаншар елін аралайды. Жолаушыға тамақты тойғыза беретұғын үй керек болып, Қайнарбайдың сүйек шатыс жерін іздейді. Бір жаңа өспірім, судан шыққан сүйріктей бала атқа мініп шапқылап жүрген ел шетінде кез болып қалып:

– Осы елде Күлік Қайнарбайдың күңі бар деп еді, соның үйін білесің бе, шырағым? – деді.

Баланың өңі қашып, түсі бұзылып кетеді де:

– Аппақ шағаладай ауылға барсаңыз, сол ауылдағы бас үй – сол сұраған үйіңіз, – дейді.

Бұлар барып түсе қалады. Қанайдың кенжесі Базылбайдың үйі екен. Бағанағы ауылға жөнін айтып берген бала – сол үйдің өз баласы екен.

Қонақ аттанып кеткен соң бала әкесінен сұрайды:

– Нағашым кім? – дейді.

– Сенің нағашың Күлік Жобалай немересі Қайнарбай, – дейді.

– Жоқ, түндегі қонақтар «Қайнарбайдың қызынікі қайсы?» деген жоқ, «осы ауылда бір күң бар деп еді. Сол күңдікі қайсы?» – деді.

«Күңнен туып мен қалай кісі қатарына кіріп жүре аламын» деп долданып жылап, жарылуға таяп:

– Осыны қатын қыламын деп алған сені де, балама қатын алып берем деп, біреудің күңін алып берген әкеңнің де, – деп, екеуінің аузына бірдей жіберді.

Ал жыла, ал жыла. Отырғандар баланы аяды, сөзін қоштаушы жоқ болса, жарылып өлерлік халге тақалған сықылды.

Бір ақсақал Базылге ұрысты:

– Не жорға бие сой, жоғарғы елді шақыр, төбел бие сой, төменгі елді шақыр, ала бие сой, аймақ, еліңді шақыр! Бұл Болыс келіннің сүйегі қалай қылса ағарады? Мұның сүйегін ағартудың бір есебін табу керек. Көйлек кірі жуса кетеді, көңіл кірі айтса кетеді, сүйек кірі қайтсе кетеді?! Ал енді жатпай-тұрмай осының қамын қыл! «Бір қыдыр бар – құт қыдыр, бір қыдыр бар – тұт, пұт қыдыр» деп, түндегі қонақ саған құт қыдыр болмай, тұт, пұт қыдыр болғаны ғой. Қайдан қаңғып келді? Балаға қайдан естіртті, – деген соң Базыл бай ағайын, аймағын жиып, ол жиынға сойылатын малды жан-тәнімен қиыпты. Бұрынғы айтқан емес пе: «Пайғамбар үмбеті көп жиылмайды, көп жиылса, тек жиылмайды», – деп, айтысты дейді.

«Базыл бұл Болыс келінді қырық кісімен жіберіп, төркіндетсін! Төркіндеп барған жолына малдан бөлек бір еркек, бір ұрғашы – екі жетім ертсін. Қара қазанын, қара кебежесін қара бураға артып берсін! Сонда Қайнарбайдың өзінің қызы екендігі айқын болып, екіленеді. Төркіндеп барған жолына екі жетім ап келген жанды «күң» деп ешкім айта алмайды. Сүйек солай қылса, ағарады», – деген екен. Бұл мәслихат бойынша Базыл қырық кісімен Болысты төркініне жібереді. Қайнарбай да қайнап, тасып-төгіліп тұрған күні екен. «Құдам Қанайға да ризамын, балам Базылға да ризамын. Мен өз көзім тіріде оларды жерге қаратпақшы емеспін, – депті. – Берсе де жасып бермеді, тасып берді. Малдан бөлек бір еркек, бір ұрғашы – екі жетім беріпті. Еркегінің аты – Малайдар, ұрғашысының аты – Дәнеш. Қара бурасына қара кебежесін, қара қазанын ошағымен қабат арттырып мені бөгіп, өз қызым болмаса, осынша сый-сияпат аламын ба? Алшынбай мен Итемген енді былшылдауын қойсын!» депті. Алшынбай – Тіленші бидің баласы. Алшынбай «Бостанның ақ серкесі» атанған. Сірә, сол екеуі Базылмен құрдас болса керек. Малайдар мен Дәнештен Томпақай, Күшік – екі бала туып, Күшіктен: Қонақбай, Қоқанбай, Әйнекбай, Терекбай, Тойлыбай, Қисық, Кенжебай. Томпақайдан да бала-шаға бар, толық бір ауыл болып, бұлар «Жылқыбайдың күшігі» атанған.

112. Жетіру туралы бір аңыз

(ІІ нұсқа) Арғынның ортаншы тоқалының аты – Момын. Бұл Момыннан туған Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Надырсопы. Ақсопыдан: «Толыбай» ұранды Қанжығалы, «Маябоз» ұранды Тобықты. Қарасопыдан: «Қарақай» ұранды Қарауыл, «Барлыбай» ұранды Бәсентин. Сарысопыдан – «Аушыбай» ұранды Атығай. Ана екі сопыдан нәсіл, тұқым жоқ. Желден келген жеті ру дейтін тағы бар. Қанжығалыдан: Ішпек, Піспек. Піспектен – ұл жоқ, екі қыз. Онан өрбіп-өнген Қуандық та Алтай ұрпағы. Өр Алтай, төменгі Алтай Піспекбайдың қыздарынан туған. Ішпектен: Қамбар, Жапар, Қармыс. Қармыстан: Есен, Бозым. Есеннен ұл болмаған, жеті қызы болған. Қыздарын қалың малсыз жеті жерге берген. Әр қызынан бір ұл асырап алып, бала қылған. Сол жеті жиеннен жеті ру өсіп-өнген.

113. [Қуандықтың алты баласының «Қаракесек» атануы]

(І нұсқа) Мейрам сопының қайыны Алшын Құдысбай екен. Қалыңдығының аты Нұрфая екен. Өзін қыс ішінде ұзатыпты. Нұрфаяның өз шешесі өліп қалған екен. «Бикешке шешесінің жоқтығын білдірмеймін» деп, Нұрфаяның ағасының қатыны – жеңгесі еріпті. Түйенің басын жетектеуге бір жетім ертіпті. Көш ілгері кетіп, күйеу жігіт артта қалып, көштің ізімен келе жатса, көштегі үш әйел түзге отырыпты. Ат үстінде келіп:

– Жолшыбай түзге отырған кім болды? – деп, қараса, біреуінің сідігі тонды бір қарыс айырып жіберген екен.

Түнде қойнында жатқан қалыңдығы Нұрфаядан сұраса:

– Ол Қарқабат еді. Ол отыра қалып күрілдеткенде, қасындағы өзіміз де шошып қаламыз, ат та тас-талқан болып үркеді, – депті.

Елге келіп орныққан соң, екі елдің арасы жау болып, қайын сіңлісін ертіп келген қатын еліне қайта алмай қалыпты. Сонан соң Нұрфая:

– Ағамның төсі тиген жеңгем еді, басқаға қимаймын! – деп, – Өзің ал! – деп, Мейрамның өзіне алғызыпты.

– Мына күңді де өзің ал, жатыры асыл, өсіп-өнейін деп тұр. Бір жұрттан келген үш ұрғашы – өлсек, тірілсек, бір жерде болайық! – деп, оны да алғызыпты.

Нұрфаяның өзінен Қуандық, Сүйіндік туады. Жеңгесінен Бегендік, Шегендік туады. Күңнен Болатқожа туады. Бесеуі де өсіп-өніп: “Бес Мейрам” аталған – осылар. Күңнің аты Қарқабат екен. Өмірінде Мейрам бабамыздың етіне су, табанына сыз тигізген жоқ екен. Отын тергенде, қу көдені көп қылып қоса алып келіп, табанының астына төсейді екен. Құманды түнде қойнына алып жатады екен. Суға түскен сайын:

– Ой, көсегең көгерсін! – деп, алғысты көп айтады екен.

Бұрынғының: “Алғыс түбі – ақ май, қарғыс түбі – қара қан” дейтіні сондайды көргендіктен айтқан. Қуандық марқа туыпты. Сүйіндік ұмытыңқырап кетіп, екі арасы тым алыс, кенжелеп туыпты. Қуандықтың алты баласы ат арқасына мініп, соңына еріп, жасаққа шығуға жарағанда, Сүйіндіктің отауы сонда түсіпті. Ұлы жүз – Үйсін Өгіз бидің қызы екен дейді. “Сонда бұл қыз – дейді, – жеңгесі ертіп келіп, еліне қайта алмай қалған екен”. Мейрамсопы ертерек өліп қалып, Нұрфая бәйбіше көп заман “бес берекенің біріне” қосылған бәйбіше болып, халқына ұйтқы, құт бәйбіше атанған екен. Қара мал еншісі бөлек, басқа екен де жылқы үлеске түспеген екен. Сонда Қуандық жылқыны үлеске салып, енші бөлуге келгенде:

– Өзім – бір сыбаға, алты балам – алты сыбаға. Қара шыңырақтағы қалғандарың – бір сыбаға! – депті.

Сүйіндік Болатқожаны оңаша шығарып алып:

– Мына Қуандық алты баласын арқа тұтып, маған көптік күшін көрсетті. Сен маған жақтасып, жасаққа шықсаң, қалай болады? Сен маған болыссаң, мен өлмей артық мал бергім келмейді, – дейді.

Болатқожа Сүйіндіктің қолындағы жеңгесін сұрайды. Сүйіндік айтады:

– Өзің қыз аламын демесең, сенен бір таңбалы байталды аяймын ба? Қазір алсаң да, ешкім таласпайды.

Жеңгесін беріп, Болатқожаны өзіне ертіп алып, Қуандыққа қарсы жасаққа шығады. Қуандық та келеді. Алты баласы қасында. Алты ұлдың кенжесі – Сүйіндікпен тұстас Қуандық, Сүйіндік арасы сирек туған. Сонда Болатқожаның істеген жұмысы: жерден алты томар шымды қопарып жұлып алып, Қуандықтың алты ұлын алты шыммен ұрып жығып, Қуандықтың өзіне жетіп айтқан:

– Сөзге көніп, түзулікке келесің бе? Болмаса, балаларыңның қасына қосайын ба? – деген соң, Қуандық:

– Сен бәрімізден кіші босаң да, сенің ырқыңа көнбеске болмады. Бұрынғылар айтқан сөз бар еді: “Қой асығы деме, қолайыңа жақса, сақа қой, Жасы кіші деме, ақылы асса, аға қой!” – деген. Енді мен аға емес, сен аға болдың. Жылқыны қалай бөлсең де билігін саған бердім! – дегенде, Болатқожа айтты:

– Мына жақтан, жылқының ортасынан қақ жарып жүремін. Сен аға едің, таңдаған жағын сен ал, қалған жағын Сүйіндік екеу міз алайық! – деген соң, “алты сыбаға” артық алмақ былай тұрсын, жанынан қайғы болып, қорқып тұрған Қуандық қорыққаннан:

– Құп болады! – деп, көніпті.

Айтқанындай, қаптап, жер қайысып жатқан жылқының ортасынан қақ жарып жүріп бөліп берген. Осылай бөлген соң Сүйіндік Болатқожаға өкпеледі дейді:

– Сені мен жеңгемді беріп, өзіме тартқанда, істегенің осы ма? Өзің екеуміз бір-ақ сыбаға болып қалдық және жылқының көп жағын ол алып кетті! – деп.

Сонда Болатқожа айтты:

– Жылқының бытырап жатқан жағын алды. Артық болса, бір-ақ айғырдың үйіріндей артық шығар. Ондық ағалығы жоқ па? Біздің тумаған күнімізде ол бізден бұрын еңбек сіңірген шығар! – деп, Сүйіндікті сөзден тоқтатып қойыпты.

Артынан санап тексере келгенде, Болатқожаның айтқанындай бірлі-жарым айғыр үйірі ғана артық болып шығыпты. Еншіні екі ағасына Болатқожа бөліп берген екен. “Сонан кейін Қуандықтың алты баласын алты шыммен ұрып жыққаннан, кесекпен ұр[у]ды, кесекпен ұрғанды шығарғаннан “Қаракесек” атанып, “Болатқожа” атынан “Қаракесек” аты даңқты болып кеткені – сол” дейді.

114. Нұрпия

(ІІ нұсқа) Нұрпия Алшын ішіндегі Құдаспай деген кісінің қызы екен. Шешесі ертерек қайтыс болып, Нұрпия ұзатыларда жеңгесі: “Еркежанға шешесінің жоқтығын білдірмеймін”, – деп, бірге ере жүріпті. Ұзатылып бара жатқан Нұрпияның жасауы теңделген түйесінің бұйдасын ұстау үшін бір жетім қызды да ала кетіпті. Ел ішінің бүліншілігі көп, жаугершілік заман болса керек. Нұрпияның жеңгесі мен жетім қыз еліне қайта алмай қалады. Сонда Нұрпия Мейрамсопыға қолқа салып: “Елден бір мен деп еріп келген көзкөргендерім ғой, үшеуміз бір босағада болайық. Жеңгеме ағамның төсі тиіп еді, басқаға қимаймын, өзіңіздің адам қылғаныңызды қалаймын, еріп келген жетім қызды да шеттетпей, бауырыңызға бассаңыз екен. Сіз жалғыз жігітсіз. Ұрпағыңыз өсіп-өнсін! Мен өз тарапымнан еш уақытта таршылық жасамаймын”, – деп сөзін өткізеді.

115. [Сүйіндік – Мақпал бәйбіше]

Ол заманда Арғын Сырдарияның күнбатысында жүреді екен. Арғын дариядан өтіп, Қаратау жайлайды деген сөз естіле бастаған соң Қарақалпақ: «Арғын бұл жаққа келсе, таң атырып, күн шығармайды. Өткелден өткізбейміз», – деп, өткел аузын алып тұра қалды дейді. Сыр суында аяқтап өтетұғын өткел болмайды. Сонда Мақпал бәйбішенің астында тор жорға аты бар екен, нар жетелеп судан өтерде, қара шұбар манат белдемшесінің етегін жинап алады да, іркілместен аты да үйректей қайқаңдап, жүк-мүгімен нарлары да тұрып қалмай, байпаңдап өте шықты дейді. Өткізбейміз деп тұрғандар ләм-мим дей алмады. “Пай-пай, бәйбішенің бөксесіне болайын!” – десіпті. Сонда Мақпал бәйбіше:

“Күлсең күлерсің, күлерсің,
Күндердің күнінде көбің,
Езуің жия алмай жүрерсің.
Бұл қай бөксе,

Айдабол шыққан бөксе,
Артың болса, Айдаболдай ұл тап!” –
деп жүре берген екен.

116. [«Майлытон», «Шегір» аталуы]

Тымақ киіп жүрген күң көгеннің басында, жер-ошақтың қасында жатып жүріп, бір еркек бала тапқан. Атын Қабыла қойған. Жасында қой, түйе бағып, онан жылқы бағып жүрген. Күнінде көтінен ерген баласы бар қатынды алып, баланың көзі шегір болған соң “Шегір” атанып кеткен. Онан соң және бір балалы қатынды алып, ол баланың киген тоны май-май болған соң “Майлытон” атанып, Майлытон, Шегірдің аталары – осы екеуі.

117. Қуандықтың бір баласы – Алтай

Бұрынғылар айтқан сөз дейді:
“Алшын болсаң, Адай бол!
Арғын болсаң, Алтай бол!
Үйсін болсаң, Сиқым, Жаныс, Ботбай бол!

Найман болсаң, Қаракерей, Садыр, Матай бол!
Өзгең қалай болсаң, солай бол!” –
деп. “Тышқанның да сәуірі (сауыры) болады”, – деседі. Алтай – Арғын [ның]

сәуірі болған екен. Алтайдың бәйбішесі – Қанжығалы Піспекбайдың қызы Байбике. Онан туған Алсай [дың] жеңге [лей] алған бір қатыны болған. Онан туған – Нұрбай. Алтайдың ақ сауыты Нұрбайда қалған. Қалмаққа олжаға түсіп кеткен жерінен Нұрбай өзі барып, алып келген. Сауыттың аты – шөжекөз. Сондықтан Нұрбай ұраны “Шөжекөз” болған. Нұрбайдан басқасында белгілі ұран жоқ , «Әуіп-ай, Қуандық!» аталған. Байбике өлген соң Піспекбай Аққоян деген қызын беріп, мұнан туған балалар: Әлике, Байдалы, Сайдалы. Әлике, Байдалы “Төменгі Алтай” атанады. Сайдалы Ақтау, Өртау жақта, “Өр Алтай” атанып кеткен. Аққоян өлген соң Піспекбай тағы бір қызын берген. Мұнан туған – Мойын, “Мойын болмай, ойын болмас” атанған. Алтайдың балаларының ішінде өскен-өнгені, толығы – осы Мойын болса керек. Бұл тоқал Мойын туған соң, қалмаққа олжа болып, жау қолына түсіп кеткен. Нұрбайдан басқа қайсысы қалмаққа барады дейсің. Нұрбай барып алып келген. Тоқал қалмақтан екіқабат келіп, ер ұл тапқан. Алтай бабамыз: “Кенже қарам ғой!” – деп айтқандықтан, “Кенжеқара” – атанып кеткен. Қалың Алтайдың ішінде сонан да ұрпақ бар, бұл күнгіше “Кенжеқара” атанады.

118. Қуандық шежіресі

Жұман байдың бәйбішесі – Мәулім бәйбіше, онан – Қорым жалғыз. Бәсентиін қызы Мапашты (Мапаны) тоқалдыққа алған. Өзінің іргесінде отырған төрт-бес үй қоңсы сиіп отырғанда, сідігінің сарылдағанынан Жұман байдың астындағы аты үріккен. Әдейі барып қараса, қара жерді қарыс айырып жіберген екен. Онан [Мапа тоқалдан] туған балалар: Қошқарбай, Тәті, Сәттібай. Тәтінің кенжесі “Жақсы Тәті” атанған.

119. Баянның ұрпағы

Айдабол ішінде бір Баян деген азғана қаралдысы есектің басындай ел бар. Сол Баян өз балаларына тақымы толмай Бұқар, Самарқан жағынан Көшен деген баланы ұнатып, алып келіп бала қылған екен. Оны өз балаларынан ілгері ұстап күтіп, жүргізіп-тұрғызған екен. Сол Көшен Бұқар базарына барғанда шешесін көрген екен. Елге айта келіпті:

– Көшеде қаңғып жүрген шешемді көрдім. Досан деген інімді көрдім. Мен кеткесін қаңғып қалған екен. Сізден батып алып келмедім, – депті.

Сонда Баян айтыпты:

– Мен сені іске жарай ма деп едім. Сыныма жарамай қалдың ғой! Шешеңді алып келсең еді. Оны мен алсам нетті. Онан туған балалар, сендер маған бала боласыңдар ғой! – депті.

Ендігі барғанында Бұқардан шешесін де, інісін де Көшен ала келіпті. Осы күнгі жүрген Көшен, Досан Баянның ұрпағы аталады.

120. [Оразкелдінің «Қаржас» аталуы]

(І нұсқа) «Толыбай» ұранды Қанжығалы дейді. Сол Қанжығалыға ұран болған Толыбай сыншы заманында бір жаққа жорыққа бара жатып, бір көлдің басынан бір тірі еркек бала тауып алыпты. Аяғын апыл-тапыл басқан, тілі шықпаған баланың мойнында алтынды айкіл шұбар төсі бар екен асулы, ішінде бір алтын сақа бар екен. «Өзіміз жолаушы, өзі қысқа қараған суық күн. Бұл қиын болды-ау!» – деп дағдарып тұрса, көз ұшында бұлдырлап қара-құра көрінген соң соған келсе, түйе екен, бақташысы бар.

– Бұл кімнің түйесі? – десе:

– Нұрфая бәйбішенің түйесі, – деген соң:

– Менің атым – Толыбай. Мына бала жолдан тауып алған олжам. Мойнындағы – баланың өзінікі, Нұрфая бәйбішеге байлағаным. Екі баласына серік қылып, асырып алсын! – деп, түйешіге беріп кетіпті.

Сонда түйенің үстінде жабуы бар екен. Басын қылқитып, түйенің өркешіне тығып, ауылға алып келген соң Нұрфая бәйбіше:

– Бұл өзі олжалы келді, Олжалдым, – деп, атын Оразкелді қойыпты.

Сонда Нұрфая бәйбішенің өзінен туған екі бала: бірі – Қуандық, бірі – Сүйіндік. Қуандық марқа туған екен де, Сүйіндік кенжелеу туған екен. Қуандықтың алты ұлы ат арқасына мінгенде, Сүйіндіктің отауы сонда түссе керек. Қайыр, Қуандық енші алысқанда, Оразкелдіге таласады: “Еншілес қылып, қара бауыр қылып аламын!” – деп.

Сонда Нұрфая бәйбіше:

– Екеуің таласпас нәрсеге таласпаңдар. Мұның өзінің алтын сақасы бар. Соны алып берейін. Жүз асықтың ішіне салып қаржысыңдар да, алтын сақа қайсыңның қолыңа тоқтаса, мұны солайша алыңдар, – деген соң, Қуандық, Сүйіндік асық қаржысқанда, алтын сақа Сүйіндіктің қолына тоқтапты. Қуандық тұрып үлкендік зорлығын қылыпты:

– Мен жалаң қаржысқанға тоқтамаймын. Алтын сақаны иірісіп, алайық. Бүкесі – менікі, оңқа түссе, сенікі, – деп. Қуандық өзі иіріп жібергенде, оңқасынан дірілдеп тұра қалып, сонан Оразкелдіні Сүйіндік алып кетіп, өзіміз Нұрфая бәйбішенің қойған атымен “Оразкелді” дейміз де, басқа ел: “Асықтың қаржауына келген” деп, “Қаржас” атанып кеткен себебі – сол.

121. [«Пәлі, Төлебай!»]

“Пәлі Төлебай!” атанған себебі: бұрынғы заманда Арғынның қойшысынан өрт кетіп, Ұлы жүз – Үйсіннің бірнеше қотан қойлары күйген екен. Соны Ұлы жүз – Үйсін Арғыннан даулаған екен. Сонда соның бітіміне Ұлы Жүз Үйсіннен Төле би шыққан екен. Арғыннан Төлебай шыққан екен. Үйсін Төле би:

– Қолыңмен салған өртті етегіңмен қалай сөңдіремін деп келдің, Төлебайым?! – дегенде:

– Алладан деп білсеңіз, қойыңыз да, адамнан деп білесіңіз, алыңыз, – деген екен.

– Пәлі, Төлебайым, жарайсың, жарайсың! – деп, Төле би тақ тұра қалған екен.

Сонан “Пәлі, Төлебай!” атанған екен деседі. Және бір дәлелі – атқан оғы жаза соқпайды екен, өзі атып, өзі: “пәлі!” – дейді екен. Өзін аң көрмейді екен. Бір топ киіктен киік жібермейді екен. Қара бойын аң көрмеген соң қанша атып, қиратып жатса да алдынан аң ешқайда қашып құтылып кетпейді екен. Сонан: “Пәлі, Төлебай!” – атанған екен. Тама Сарыбас мерген: “Менен асқанда, жалғыз-ақ “Пәлі, Төлебайдың” мергендігі асты”, – деген екен. Мықанлық Бабабек деген сартқа жалшылыққа жүрген жері де болған екен. Сонда Бабабек қатынына айтқан екен:

– Осы қазақтың ұйықтап жатқанда үсті жап-жарық болып жатады. Бойында жанып тұрған шам-шырағы бар екен, – депті. Сонда Бабабектің бір бойжеткен қызы бар екен: «Қалайша мұның үсті жарық болып жатады екен?» – деп, есікті ашып, сығалап қараса, қараңғы үйдің өзге жерінің бәрі қараңғы, жатқан қазақтың үсті шам жаққанда қандай жарық болса, онан да жарық және өзі ашылып-шашылып, қаннен-қаперсіз, бейғам жатады екен. “Бері кел!”, – деп, қол бұлғап шақыратұғын қолы жоқ болса да: “Мені көрдің бе?” – деп, қаққан қазықтай қақиып тұрған батырды көрген соң аяғын кейін салуға шамасы келмей, жүгіріп келіп: “Бейәдеп қазақ!” – деп, шап беріп ұстап, отыра қалды дейді. Жан [ды] жерін біреу бөріктей бүріп, шеңгелдеп жатқан соң:

– Бүрген олай емес, бұлай! – деп, бауырының астына басып алып, жұмарлай бастағанда:

– Есебі рақым, қазақ, есебі рақым, қазақ! – деп, бір жаққа кетіп қалар дегендей, екі қолымен аш белден қысып алып, шамасы келгенше босатпасқа тырыса бастады дейді.

Бұл жұмыс болған соң, көп кешікпей-ақ сол қызды алып, Арқаға қарай жөнеліп берді дейді. Сары сонда кез болып, жолдастасып, үшеуден-үшеу жапан түзде оттас-ораздас болған. Елге алып келген соң: “Енді мал керек” – деп, Төлебай жапа-жалғыз Орал тауындағы Естекке аттанбақшы болды дейді. Сонда сарт қызы:

– Сіз кешіксеңіз, мен қандақшын қыламын? – деп, қайта-қайта айта берді дейді.

– Мені бір жыл күт. Егер бір жылда келе алмасам, Қосқұлаққа тие бер, – деп, солай дығаса [десе] жібермейтін болған соң:

– Қой, хош-есен бол! – деп, жөнеле берді дейді.

Төлебай сол кеткеннен кете берді дейді. Бір жылда қайтпаған соң сарт қызы Қосқұлаққа тиіп кетті дейді. Сол жорығында үш жыл жүрген екен. Сонда айтқан екен:

«О, көк көгершін, көгершін,
Көк кептер ұшар жем үшін.
Қара сабам жоғы үшін,
Қатын-бала қамы үшін,

Тең-құрбымнан кем үшін,
Ерлер жортар мал үшін!» –

деген екен. «Елде менімен теңмін деген көп еді, сөйткенімен менен басқа теңнен өткені жоқ еді, – деген екен. Үш жылдан соң жапа-жалғыз өзі үш жүз жылқы айдап, жолшыбай биесін байлап, қара сүйретпені қымызға толтырып, ырғап-жырғап келе жатқанын естіп, ағайын-аймағы жүректері лүпілдесіп, қуанысып тұрды дейді. Қосқұлаққа тиген соң бір ұл тауып, талпынып, шоқақтап, еңбектеуге тырмысып қалған баланы:

– Мұны ұялмай не деп көрсетеміз және не бетімізді айтамыз? – деп, қатын-қалаш бетін үзіп алып, бір-біріне күңкілдесе бастады дейді.

Сонда сарт қызы:

– Сізлер өз амандасуыңызды түзеңлер, мен не деп амандасуды кісіден сұрамаймын. Менімен, баламен ісіңіз болмасын! – дейді.

Төлебай келіп аттан түсіп жатқанда, сарт қызы баланы көтеріп алып шықты:

– Үш жыл жоқ болып келгендегі сіздің олжаңыз қандағы? Үйде отырған менің олжа қандағы? Көріңіз мына менің олжамды! – дегенде:

– Жарайды, жарайды, бұ да осы жолдың олжасы ғой, – деп, атын “Жолан” қойған екен. Сонан соң қатынын өзі қайта алып, Едіге, Еламан туған екен. Онан соң Ырыс тоқалды алып, онан Елкелді, Малкелді туған екен. Бұл балалар туған соң енді Төлебай түгелденді. “Қандай Төлебай?” – десең, сондай Төлебай болды.

122. [Айдаболдың Қошетерді Тайкелтірге еншілес қылуы]

Кенжеқозы жастай өліп, қайны Ұлы жүз Қаратай батыр екен, қалыңдығы оң жақта қалған. Айдабол би: “Тайкелтірге қосамын!” – деген соң, Жанқозы онысына көнбей: “Көттесімнің жесірін тоқал [дың] баласына бермеймін!” – деп, тетелес інісі Малқозының баласы Толыбайға алып беріп: Олжабай, Құлжабай, Орман, Рысқұл (Ырысқұл) – төрт бала туған. Батыр Олжабай – Үйсін Қаратай батырдың жиені. Шешесін қыс ішінде ұзатып келе жатқанда, босанғаннан: “Осы жолдың олжасы болды ғой!” – деп, атын Олжабай қойғаны сол екен. Қаратай батыр Шанышқылы Қошетер деген елден қызына қызметкер қылып бір күң қосады. Ол қыз да жолда босанып: “Бұған ат болуға қостың аты да жетер” деп, атын “Қосжетер” қойғаннан “Қошетер” атанып кеткен. Айдабол би Тайкелтірге еншілес қылып берген. Сонан Тайкелтір, Қошетер әуелден ыңғайлас, қоныстас, сыбайластығы – сол.

123. Қаржас

(ІІ нұсқа) Жасы егде тартқан кезінде Мейрамсопы бір себеппен оңтүстікке сапармен барып, қыс ерте түсіп кетіп, елге қайта алмайды. Ондағы ел жақсылары Арғын ағаның баласы Мейрамсопы тізесін құшақтап, қалай жатады деп, қойнын жылытуға бір жас қыз әкеліп салады. Көктем келген кезде, Мейрамсопы еліне қайтпақ болады. Қыстай тізесін жылытып жатқан қызға: “Біраз уақыт ашына болдық. Бір кәрі мен бір жастың арасынан дүниеге келген нәресте, екеуіміздің белгіміз болсы. Ұл тусаң, есімін Кәріжас қой, ал қыз туса, онда өзің біл!” – дейді. Сопы аттанып кеткеннен кейін әлгі қыз ұл туады, атын Кәріжас қояды. Ол ер жетіп, ат арқасына ер салуға жарағанда, шешесі:

– Балам Орта жүзде Мейрамсопы деген бабаң бар. Ол – ел адамы, рубасы, тірі болса, сол атаңа барып сәлем беріп кел! Өлсе, басына зиярат етіп қайтарсың”, – деп, батасын береді.

Кәріжас жолға аттанып, үлкен жиынға кез болады.

– Мұнда не болып жатыр?” – деп сұрайды.

Есік алдында күзетте тұрғандар бала кеудесінен итеріп:

– Өндіршектемей әрі жүр! Мейрамсопы ел жақсыларымен келелі мәселе шешіп, мәжіліс құрып отыр, – дейді.

Бала бабасының есімін естісімен есіктегі екі жігітті итеріп тастап, есікті айқара ашып, жетіп келеді. Жаздың күні түндігі шалқая ашылған, етегі түрілген ақ киіз үйдің қақ ортасында қапсағай денелі, оқалы шапанды ақсақал сол кезде басын көтеріп, жалт қарап:

– Атың кім, қарағым? – депті.

– Атым Кәріжас, ата, сізді іздеп, шешем айтқан тапсырмасын орындап сәлем берейін деп келдім, – дейді.

Сонда Мейрамсопы:

– Келші бермен. Енші менің қолтығыма! – деп шапанның оң жақ етегін аша берген екен. Кейін ел оны Кәріжас демей, «Қаржас» деп атап кеткен.

124. Кәріжастың «Қаржас» аталуы және Сүйіндікбен еншілес атануы

(ІІІ нұсқа) Мейрамсопының бәйбішесі Ұлпая – Кіші жүз Құдыш бидің қызы. Сол Кіші жүзде Ақшаханның Бибігүл деген қызы бар екен. Қалмақтың бір мықты батыры: «Сен қызыңды маған бер, бермесең, сенің аулыңды шабамын!» – деп маза бермепті Ақшаханға.

Содан әкесі қызына жағдайды айтқан соң, қызы әкесіне:

– Мен қалмаққа бармаймын, маған пана, өзіңе қамқоршы болатын ер бар ма? – деп сұрапты.

Содан әкесі:

– Мынау Орта жүзде өзіңнің жездең Мейрамсопы деген бар. Балалары мықты, тұрақты жер, сол болмаса?! – депті.

Сонда Бибігүл:

– Қалмаққа керегі менмін ғой. Ер арасына бүліншілік болмасын. Мен сол жездемнің еліне кетейін. Мені жетті-ау деген кезде “қыз қашып кетіпті” деп қалмаққа хабарла! – депті.

Ақыры осыған келісіп, қыз Мейрам ауылына жетті-ау деген мезгілде “қыз қашып кетті” деп қалмаққа хабарлаған. Қалмақ қол жиып келіп, ауыл маңайынан із кессе, аттың кеткен ізі жатыр, ол кездегі тұлпар аттың ізі жерге білініп қалады екен. Сол ізбен қалмақ кісісінің жартысын тастап кетіп, аз адамымен қуады. Бір-екі күн жүрсе керек, қалмақтың бір ақылшысы: «Мынау қыз Орта жүз Мейрам ауылына бара жатыр. Біз осы бетімізбен барсақ, Мейрам балалары ұстап алып, бәрімізді өлтіріп тастайды, одан да осы жерден қайтып, елге барып қол жинап, толығып келейік», – дегенді айтады. Осыған келісіп кейін қайтқан, бірақ артынан келе алмапты. Сүйіндік жылқы ішінде жүрсе, бір салт атты кісі келе жатыр. Алдынан шығып тосса, бір бойжеткен қыз. Амандасқаннан кейін Сүйіндік жөн сұрағанда Бибігүл:

– Жездем мен апамды іздеп келем, шаруамды барған соң айтамын, – деген.

Сүйіндік Бибігүлді ертіп үйге келген соң әкесіне:

– Бүгін олжалы қайттым, әке!» – депті.

Сонда Мейрамсопы:

– Бүгінгі олжаң өзімдікі, – деген.

Бибігүл дем алып, тыныққан соң мән жайды жездесі мен апасына айтады. Сонда Мейрамсопы:

– Олай болса, мен сені өзім алам. Иншалла, төркініңе қорған да болармын, – депті. Сонда Бибігүл:

– Мен осы келгенде, ол елге қайтып барам деп келгенім жоқ. Жалғыз-ақ қояр шартым бар. Содан өтсеңіз, өзіңізге, өте алмасаңыз, бас еркімді өзіме бересіз”, – деп, келісіпті. – Шартым сол: сіз өзімнің мініп келген атыма ер тоқымсыз ырғып мінесіз, егер міне алмай қалсаңыз, менің басым бос!». Атты әкеліп тосқанда, бірінші ырғығанда мініп кетіпті. Әдет бойынша Бибігүл Мейрамсопының өзіне тиіпті.

Бибігүл анамыз аяғы ауыр болып жүргенде Мейрамсопы бабамыз қатты ауырады. Содан Ұлпая мен Бибігүлді шақырып алып, бәйбішесі Ұлпаяға:

– Мынау Бибігүлдің аяғы ауыр, мен болсам күннен күнге кемудемін. Енді саған айтарым, мен ол дүниелік болып, Бибігүл кейін босанып ұл бала тапса, мен кәрі, бұл жас еді, сол себепті «Кәріжас» қой, егер қыз болса, өздерің біл! Екінші айтарым, «Екі әйелдің баласы – екі рулы ел» деген және бұл әлі жас қой, отыра алмас. Егер ерге шығамын десе, еншісін өзің дұрыстап бер де, Кәріжасты алып қал! Қиямет күні сенің қолыңнан аламын. Ал Бибігүл, саған айтарым, сен Ұлпаяның ақылымен бол және Кәріжасты Ұлпаяға бер! Күндердің күнінде өзіңе де, Кәріжасқа да қиын болар, – деген екен.

Осыған үшеуі де уәделесіпті. Сол науқастан бабамыз жазылмай қайтыс болыпты. Шешеміздің күні жетіп босанып, ұл бала тауыпты. Әркімдер атын қоямыз дегенде, Ұлпая шешеміз: “Сіздер жолын ала беріңіздер, мұның аты кеше ғана әкесі қойып кеткен “Кәріжас” деп әйгілепті. Келін-абысындар арасында Бибігүлді «тоқал пәлен-түген» деген әңгімелер шыға бастаған соң Ұлпая Бибігүлді оңашаға шақырып алып:

– Мынау келіндер мен абысындардың сұрқы жаман, бір күні жын соғып абыройымыз төгілер. Мен сені төркініңе жіберемін, еншіңді дұрыстап беремін! Мынау Кәріжасты алып қалар едім, өте жас-ты. Есейген соң өзіме табыс ет, мен өлсем ағалары бар ғой. Мынау кешегі ақсақал ұстаған сақаны, мынау торғын орамалға ораймын. Екеуіміз екі саусағымыздан қан шығарып, мынау орамалға жағамыз – екеуміздің Құдай алдындағы антымыз. Кәріжас бізді іздеп келген күні «белгіңді бер!» деп, мен немесе ағалары сұрайды. Сонда берсін!» – деп екеуі келіседі.

Сонымен ұлдары мен келіндеріне Ұлпая шешеміз айтып, Бибігүлді толық еншісімен төркініне апарып салады. Сол нағашысында ержете бастайды. Мұны сол елдің жастары кешегі қаңғып келген жетім еді, енді міне, абыройы бізден асып барады деген күншілдік пайда бола бастайды. Мұны Бибігүл шешеміз біліп, Кәріжасқа айтады:

– Сен атыңды әбден бапта, содан соң өзіме кел! Саған айтатын сырым бар, бірақ сен ешкімге айтпа! – деп тапсырады.

Атын әбден баптап болған соң:

– Шеше, мен болдым – деген. “Олай болса, сен, Кәріжас, бұл ауылдың баласы емессің, Орта жүз Мейрамсопының баласысың. Сенің Ұлпая деген үлкен шешең, Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік деген ағаларың бар. Енді сен ағаларың мен еліңді тапІ Мынау орамал бойыңда болсын! Сен барған соң «Кәріжас болсаң, белгіңді әкел!» деп шешең сұрар. Ол кісі жоқ болса, ағаларың сұрар, сонда бересің”,– деп, жүретін жолын [ың] бәрін айтып, Кәріжасты түнде аттандырып жібереді.

Айту бойынша жүріп келе жатса, бір қалың жылқыға кездеседі, ішінде жүрген жылқышыдан жөн сұрайын деп Кәріжас жылқышыға жолығып, жөн сұрайды.

Сонда жылқышы:

– Жөн сұрау маған лайық еді, сен менен бұрын сұрадың, мен Мейрамсопының баласы Сүйіндікпін, ал енді өзің жөнінді, айт кімсің дегенде:

– Мен де Мейрам сопының нағашысында жүрген Кәріжас деген баласымын” – депті.

Екеуі құшақтасып, жыласып табысады. Сүйіндік енді апамнан «сүйінші» алайын деп, Кәріжасты ертіп әкеліп:

– Апа, сүйінші! Кәріжасыңды әкелдім, – дегенде, Ұлпая анамыз: “белгісін берсін!” депті. Сол уақытта Кәріжас орамалды береді. Үлкен шешеміз қуанып, мәз болады. Бұл күні Қуандық ағамыз ауылда жоқ екен. Әбден жайғасқан соң Сүйіндік шешесіне:

– Мынау Кәріжасты маған еншілес етіп бер. Ешқандай кемшілік көрсетпеймін, інім де, балам да болсын! – деп сұрапты.

Шешесі:

– Сенікі дұрыс, бірақ ағаң жоқ қой. Келсін, оған да осыныныңды айт, түсінер. Ал қазір саған беріп жіберсем, ағаңның мінезін өзін білесің ғой, есімізді шығарар, – депті.

Қуандық та үйіне келіпті, әйелі болып жатқан жағдайды айтып:

– Кәріжасты Сүйіндікке беретін болды, – депті.

Қуандық шешесіне барған кезде Сүйіндік пен Кәріжас та барып, сәлем береді. Ұлпая анамыз Қуандыққа:

– Өте қуаныштымыз, мына Кәріжас келіп, мәз-мәйрам болып жатырмыз, – дегенде, Қуандық:

– Әкенің үлкен мен ғой. Кәріжасты өзіме бер! – депті.

Ұлпая анамыз:

– Қарағым, сенің балаларың бар ғой, өзіңе серік, ер жетіп қалды. Мынау Сүйіндік болса, кемдік көріп жүр ғой және балалары болса жас. Кәріжасты осыған берейік, іні де, бала да болады, – депті.

Сүйіндік те ағасынан қиылып сұрапты. Шешесі:

– Қуандықжан, екеуі де сенің інің ғой, Сүйіндікке бере ғой! – депті.

Сонда Қуандық:

– Олай болса, екеумізге де жоқ қылып, қазір басын бірақ кесемін! – деп ашуға басыпты. Қуандықтың ашуын көрген соң Ұлпая шешеміз:

– Енді екеуің де таласпа! Мынау орамалдың ішінде кешегі әкелерің ұстаған (сақа бар). Осы сақаны мен иіремін. Мынау тәйтөріге, Қуандық, сен үлкенсің, таңдауын сен ал! – дегенде:

– Алшылы шігі, тәйкелі бүгі – менікі,– депті.

Оған Сүйіндік:

– Аға, сіз әмәнда үлкендігіңізді салып, маған зорлық етесіз. Асық оңқа тұра ма, маған бір жағын беріңіз, – дегенде:

– Алсаң, оңқасын ал, алмасаң қой, – деп отырып алыпты.

Сонда Ұлпая шешеміз:

– Таласпай-ақ қойшы, ағаң ғой. Құдай нағыз жазған болса, қайда кетер дейсің. Сен жұмсақ көңіл едің, Сүйіндігім! Құдай өзі шешер! – деп, көндіріпті.

Сақаны шешеміз иіргенде, оңқа тұрыпты. Қуандық шешесіне: “Сен Сүйіндікке бұрылып, әдейі тұрғыздың, қайта иір!” – деп дау шығарыпты. Болмаған соң қайта иіріпті. Сақа тағы оңқа тұрыпты. Қуандық сөзге келместен кетіп қалыпты. Кәріжас осындай даумен Сүйіндіктің еншісіне тиіпті. Міне, асықтың қаржауынан келген «Қаржас» дейтін әңгіме – осы.

125. Айдабол, Қаржас – емшектес

(ІҮ нұсқа) Көшкіншілік-үркіншілік кезінде Мейрамсопыдан туған Қуандық пен Сүйіндік бір бала тауып алады. Балаға екеуі таласып, бір пәтуаға келе алмайды. Сөйтіп, шешесі Нұрпияға жүгінеді. Нұрпия ана асық қаржылаңдар (иіріңдер) депті. Қуандық жасының үлкендігіне, мінезінің адуындығына бағып:

– Алшы түссе де, тәйке түссе де, бүк түссе де, шік түссе де – менікі, – деп отырып алыпты.

Сүйіндік шешесіне шағынып:

– Апа-ау, осындай да қиянат бола ма екен? – десе, Нұрпия шешесі:

– Балам, бұйырғаны болар, асықтың «омпа» деген бесінші жағы да бар емес пе? – депті. Содан, асықты қаржып жібергенде омпа түсіп, бала Сүйіндікке бұйырып, сол баланың «Қаржас» атануы – осыдан еді дейді.

Бұл кезде Сүйіндіктің әйелі жас босанып отырса керек, Айдабол деген баласы бар екен. Жас ана Айдабол мен Қаржасты қатар емізіп өсіріпті. Әлгі “Айдабол, Қаржас – емшектес” деген сөз содан қалған дейді.

126. [Айдаладан табылған баланың «Қаржас» аталуы]

(Ү нұсқа) Қалмақ пен қазақтың қырқысып жүрген шағында ата-анасынан айырылып, ай далада адасып қалған бір баланы Қарқабаттан туатын бес бала мал қарап жүріп тауып алады. Балаға қызыққан бес жігіт: “Мен аламын, мен аламын!” – деп өзара таласады. Біріне-бірі көнбей шешесіне келіп төрелеседі. Сонда шешесі балаларына: “Сендер өзара керілдесіп таласпаңдар, шырақтарым! Одан да асыққа тұрыңдар!” – дейді де, бір асықты береді. Ағалары асықтың төрт жағын төртеуі бөліп алады да, омпасы кенже балаға қалады. Сосын біреуі асықты аттың үстінен қаржап-қаржап тастайды. Жерге түскен асық омпасынан түседі. Баланы кіші бала іні етіп алады да, атын “Қаржас” деп қояды.

127.[Шегендік- Қақсал]

(І нұсқа) Сал ес біліп, оны-мұныны аңғара бастасымен, көрінгенді бір сұрап қоймай қайталап, сұрауын тоқтатпайтын әдеті болған. Баласының бұл әдетін ертелі-кеш байыптаған Шегендік:

– Ай, Қақсалым-ай, қақсап, қақылдап, қайталап сұрауыңды қоятын уақытың болар ма екен? – дейді екен. Шегендіктің осы сөзінен Сал – «Қақсал» атанып кеткен дейді.

128. [Шегендіктің баласының атын Мейрамның «Қақсал» қоюы]

(ІІ нұсқа) ...Ел-жұрттың көшіп-қонып жүретін заманы екен. Сондай бір абыр-сабыры көптеу көш-қон кезінде Шегендіктің бәйбішесі босанып, арыстай бір ұл бала дүниеге келеді. Дәл сол күні жауын-шашын болып, ол да бір жағынан берекені алыңқырап тұрса керек. Көш үстінде асығыс құрылған қамсау күрке, сол күркенің панасында босанған ана, жарық дүниеге келген нәрестенің іңгәлаған үні, жаялық-жөргегін қамдаған қатын-қалаш, абыр-сабыр сәт... Жас босанған ана есеңгіреп жатып нәрестенің қамын ойлайды, жас шаранасының тәніне алғаш тиетін жөргек-жаялықтың жылы болғанын қалап: “Анау отқа қақ сал”, – дейді әлсіз ғана. Қазақтың ат тергейтін дәстүрі бойынша сиырдың ақ жапасын немесе ақ сөңке болып қураған тезекті “қақ” деп атайтын әдеті. Сол жердегі әйелдердің бірі: “Мына бейбақ баласының атын “Қақсал” деп жатыр ғой!” – деп іліп әкетеді. Енді біреулер Мейрамсопыдан: “Қақсал деген немереңіз дүниеге келді!” – деп, сүйінші сұрап та үлгереді. Сонда Мейрамсопы: “Мейлі, Қақсал болса, Қақсал болсын, аман өсіп, ақ шал болсын!” – деп тілек айтыпты дейді. Кейін Қақсал ержетіп, әулеті ұлғайған кезде Қозғанмен еншілес болады. Бұлардың өсіп-өнген ұрпағының “Қақсал-Қозған” деп қатар аталатыны содан дейді.

129. Жалықпас, Қамбар, Шұбыртпай туралы

(ІІІ нұсқа) Мейрамсопының бәйбішесі Кіші жүзде зор Тымақ байдың қызы екен. Соны ұзатып әкелгенде үш әйел ертіп келіпті. Біреу қызметші күңі Болатқожаның шешесі – Қарқабат. Анау екеуі – бірі жеңгесі, бірі сіңлісі әкеп-салып қайтатын. Бірақ қазақ пен қалмақтың шабыншылығынан ауып, Кіші жүз бір жаққа, Орта жүз екінші жаққа көшіп, ел арасы алыстап, ұзап кетіп, әйелдер қайта алмай қалып, арада төрт-бес жыл өтіп, жас әйелдерге әркім бір қызыға берген соң екеуін де Мейрамсопы некелеп алыпты. Қыздан Жалықпас, жеңгеден Қамбар туыпты. Мейрамсопының өзі алған ана жеңгесінің ана жақтағы қалған күйеуінен бір баласы болған екен. Сол бала бір ашаршылық жұтта қаңғып, мұндағы шешесін тауып, Мейрамсопыға бұл да бала болып, сіңіп кетіпті. Бұрынғы аты Ертоғай екен, шұбырып келді деп «Шұбыртпай» атандырып кетіпті.

Сонымен бәйбішенің төрт баласы Болатқожаға зорлық қыла бергісі келеді. Оған Болатқожа да көнбей, «сендер төртеу болсаң, мен де төртеу» деп мына үш бұралқыны да өзіне баурап, ұйымдастырып, еншіге таласып, жылқысын бөліп, айдап қашыпты. Бәйбіше балалары қуып жетіп соғысқанда бұлар таспен, кесекпен атып бәйбіше балаларын жеңіп, аттарын алып, өздерін жаяу айдап жіберіпті. Сонан бәйбіше балалары: «Бізді таспен, кесекпен атып жеңді», – деп, «Қарагесе» деп «Қаракесек» атандырып жіберіпті. Сондықтан Қаракесек деген ат осы төрт жалғызға ортақ болып кеткен.

130. Болатқожа, Шұбыртпалы, Қамбар туралы аңыз

(ІІ нұсқа) Мейрам бабамыздың бәйбішесі Алшын Құдыс деген байдың қызы екен. Ұзатып бергенде бір күң беріпті. Сүйегі бітімі сұлу екен, аты – Қарқабат. Бәйбішесінен рұқсат алып, мұны да алыпты. Мұнан бір ұл туады, атын Болатқожа қойыпты және үлкен бәйбішесін ұзатып алып келгенде, енесі қарттықтан келе алмай, Құдыс байдың бір келіні ертіп келіп, жер алыс, екі араға жаугершілік болып, қайта алмай, оны да алып, онан бір ұл туады, атын Шұбыртпалы қойды және Мейрам бабамыз енші алған соң Алшын Сұртымақ деген бай өкіл атасы екен, соған барса, қанша малдарымен бір күң беріпті, қолғанат қыл деп. Ол күң буаз екен, ұл тауыпты. Он жасқа жеткенше мешел болып, борбайы жіңішке, қарны үлкен, арық болған соң әркім: «қарны Қамбардай» деп, сонан Қамбар аталыпты. «Қамбарсың, Қаракесекке жамбарсың» деген сөз – осы дейді.

131. Қаракесек

(ІІІ нұсқа) Руы – Арғын, оның ішінде Қаракесек. Осы Қаракесек болып аталуының себебі бар екен. Арғы атасы Мейрамсопы (деген) адамнан төрт бала туады: Қуандық, Сүйіндік, Бегіндік, Шегіндік. Бұл төртеуі бәйбішеден туады, ал тоқалдан Болатқожа туған екен. Бәйбішеден туған төртеу Болатқожаны кем ұстаған. Болатқожаға еншіні кеш береді. Ол соған өкпелеп, қашады. Ол келіп бір бейітке бекінеді. Оны төрт ағасы қуады. Бұл ожар бейітке әбден бекініп ағаларын жолатпайды. Төрт ағасына қарап, сол бейіттегі кесектерді алып ағаларына қарсы лақтырып, маңына жуытпаған және өзінің түсі қара болса керек. Содан «Қаракесек» атанған екен. Бірақ ағалары оны ұстап алып, еншіні ырза қылып береді. Ол Ұлы жүзге немесе басқаға ауысады. Осыдан қорықса керек. Одан тараған ру көп.

132. Қаракесек, Шор аңызы

(ІҮ нұсқа) Бәйбішеден Тарақты жалғыз екен. Ортаншы әйелден: Алтай, Қарпық, Шаншар, Бошан, Қостанай, Торғай – осы алты ұл туыпты. Кіші әйелден Шор жалғыз екен. Шор әрі батыр, әрі би болған қара кісі екен «Қаракесек» атаныпты. Өсіп-өнген ел болғандықтан “Қаракесек, Шормыз, бір Құдайдан өзгеден зормыз” десетін сөздері болған екен.

133. [Қаракесек – Апай, Бөрі туралы]

«Жесір қатын Апай атанған Қаракесек қатыны еді», – деседі. Байы өлген жесір қатын үйінен қара-торысымен төркініне келіп, артынан Қаракесек іздеп келіп: «Бұрында тапқан баласы бар болу керек, буаз, екіқабат кетіп еді» деп, даулаған. Еркек бала тапқан екен де, оны бөтен бір жерге асыратқан екен. “Екіқабат келмеді” деп, жан беріп, нандырып алып қалған екен. Қаракесек көзі бар балаларды алып қайтыпты. Жесір қатын байсыз отыра ала ма, бұл жақта тиген байынан бала тауып, “Апай-апай” аталған атпен үрім-бұтағы “Апай” атанып, Апай, Бөрі оттас, ұрандас болып кеткен.

134. [Кәрсен аталуы]

Тәңірімбердінің бәйбішесі Бибі баладан ерте тоқтап қалыпты. Оған Тәңірімбердіден үш бала: Дүзей, Есенаман, Наурызымбет бұйырады. Бибінің ойында: «Керней жуан ата болып өсіп келеді, біздің балалардың ертеңі не болар екен?» – деген ой жүреді. Сол тұста апасын іздеп Бәтима сіңілісі келе қалады. Сөйтіп, жездесінің үйінде ерулеп жатқанда шабыншылық басталып кетіп, қыз еліне қайта алмай қалады. Ертеңін ойлаған ақылман Бибі сіңлісін қайтармайды. Кейін оны Тәңірімбердіге некелеп өзі қосады. Бәтима шешеміз Тәңірімберді әкемізден Алданазар, Бабаназар, Бекназар, Ерназар, Құлназар есімді бес бала көреді. Бұл бесеуін ел ішінде «Бесназар» атайды. Бірде әлгі қалмақтар тағы да сау ете түсіпті. Сонда, Майқы, Машай баласы абыржығанда Бибі кәрін шақырып, Көктеңіздің бер жағын көлге толтырыпты. Қаптаған қалмақ теңіз асып келгенде тағы да көл көреміз деп ойламаса керек. Таңертең қараса, жан-жағы кілкіген көл дейді. “Қарсүн, қарсүн” деп шуласыпты қалмақтар. Содан әрі тұрып, бері тұрып, кері қайтыпты. “Қарсүн” дегендері қалмақша “көп көл” деген сөз екен. Сөйтсе, қалмақтардың әлгі “көп көл” деп жүргендері ойдым-ойдым сорлар екен. Соны Бибі қалмақтардың көзін байлап, көл қылыпты. Осыдан кейін Бибі біржолата «Қарсүн» аталады. Кәрсеніміз – осы Қарсүн.

135. Тілеулі [Тәңірімбердінің «Таз» атануы]

Сұраулыдан көпке дейін бала болмай жүреді. Жаугершілік заманы болғандықтан Тілеулі де салтаң жүріп алыпты. Осыдан барып Бораншы бабамыз сынық жүреді. «Тілеулі бас құрап, дүниеге ер бала келгенде біз де ұран отын жағамыз, кернейлетіп абадан байрағымызды көтереміз», – деп баланың атын ырымдап Керней қояды. Көп ұзамай Сұраулы да өз түтінін ұшырыпты. Қас қылғандай бала бола қоймайды. «Ниетіміз түзу еді, біреуін берген Тәңірім, екіншісін де бермей қоймас», – деп, Сұраулы әкеміз шешемізді ертіп, әулие-әмбиелердің басына түнеп жүреді. Бірде Тәңірі Сұраулыға аян беріпті: «Бала берейін, баланың орнына өзінді алайын ба, әлде қатыныңды алайын ба?» – депті. Қуанып кеткен Сұраулы бабамыз қапылыста: «Қатынымды да ал, өзімді де ал!» – депті. Тәңірі айтыпты: «Жақсылығымды балаңның алдынан берейін бе, әлде артынан бе?» деп. «Артынан», – депті Сұраулы. Сонымен не керек, Сұраулы елге қайтып, болған әңгімені әкесіне айтыпты. Сонда Бораншы: «Әттенген-ай, бір ағаттық кеткен екен, бір қуаныштың бір реніші болушы еді, реніші болмағай!» – депті. Ақыры солай болады. Сұраулының әйелі баладан қайтады. Бірақ өмірге келген бала тірі қалады. Мұны ырымдап: «Тәңірім тілегімізді берді» деп есімін Тәңірімберді деп қояды. Оны Кернеймен емшектес етеді. Содан көп ұзамай бір індет шығып, Сұраулы бабамыз да опат болады. Әлде шешеміз тасбауыр болды ма екен, әлде Керней ашқарақ па, Тәңірімберді сүтке жарымай, әлжуаз болып өседі. Мұны біліп қалған Тілеулі көз қойып, Тәңірімбердіні күндіз еміздіртеді екен. Ел ішіндегі шежірешілеріміз Кернейді Кәрсенмен бірге туғызады. Омар баласы Қайдар ақынның:

Жылқы ішінде сұр қулық,
Кәрсен – Керней бір тудық –

дейтін өлеңі бар. Тәңірімберді ержете келе қасқа тартыпты. Осыдан барып жақын жеңгелері «Таз» деп атап кетеді.

136. Керней

Тілеулі өз ұлы Кернейді ерте аяқтандырған екен. Кіші жүз Сәһар Құйған бидің бәйбішесінен туған Айша деген қызын алып беріпті. Той үстінде Қоныштағай ағалары Тілеуліге өкпе артыпты: «жол ағанікі еді» деп. «Бізге інілікке жараған Сұраулы саған ағалыққа жарамады ма?» – деп ауыр сөз айтады. Енді Тілеулі сасады, ағаларының уәжі орынды. «Кернейдің қатыны қандай болса, Тәңірімбердінің қатыны да сондай болу керек. Одан бір мысқал да кем болмау керек!» – деп ойлайды. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры жол табады. Құдасы Құйған би діндар адам болыпты. Оның екі әйелі болыпты. Бәйбішесінің есімі Аққу да, тоқалының есімі Гәкку екен. Осыдан барып Құйғанға «Сәһар» деген жанама ат жамалған. Қазақ «сәһар» деп аққудың қоразын айтады. Сол Аққудан туған қызының есімін Айша қойыпты да, тоқалынан туған екі қызына – Бибі, Бәтима деп есім беріпті. Бұл Пайғамбарымыздың қосағы мен қызының есімі. Тілеулі сол Құйған құдасына қайта барып, ержетіп отырған Бибісін Тәңірімбердіге сұрайды. Бибі түскен жерін дөңгелетіп әкетеді. Өзі әйел баласының естісі болып шығады. Өзінің қаһары бар дейді. Талай қысылтаяң жерде Бораншы – Бәйімбет баласын аман-есен алып шығып отырыпты. Бибінің талай рет кәрін шақырып, жауын жаудырып-тоқтатып, қол жайдырған күндері аз болмапты. Керней батыр болған адам, жебеушісі Көкбөрі дейді. Содан барып «Көкбөрі Керней» аталған.

137. [Күшік– Сырым]

Көп Арғынның жолаушылары келе жатып, он екі жасар бір бала тауып алады. Бәсентиінге байлайды. Сөйтсе, ол бала:

– Қожант шаһарыныкімін, хан баласын ойнатып жүрген балалар едік, ортамыздан хан баласы суға кетті. Сонан соң: “Барсақ, бізді хан өлітеді ғой!” – деп, тоз-тоз болып жонға қашып шығып кеттік. Түбі-тегім түрікпен еді, – деген соң, Бәсентиін бала қылып алыпты.

Мұнда келген соң, жерінде көрген өнегесі болған соң, балық аулайтұғын бала болып: “Балықшы түрікпен” атанып, бұл күнгеше тұқым-жұрағат, ұрпағы бар дейді. Және келе жатып, бір жас сұлу қатын тауып алыпты, соңына еріп жүрген бір кішкене баласы бар дейді.

– Бұл балаң кімдікі? – дегенде:

– Өзімнің күшігім, – депті.

Ол қатынды да Бәсентиін алыпты. Қойнына жатқанда буаздығы білініп:

– Бұл қалай? – дегенде:

– Бұл бір жанға айтпайтұғын сырым, – деген екен. Сол баланың атын Сырым қойған екен. Осы екі бала қатын алып, өсіп-өніп, бірінің тұқымы “Күшік” атанып, бірінің тұқымы “Сырым” атанып, ел-жұрт болып кеткен. Күндердің күнінде осы қатынның артынан жоқшы келді дейді. Белгілі байы жоқ, қыз күнінде бала тауып, тағы буаз болған соң өз үйінен өзі ұялып, қашып шығып кеткен екен. “Белгілі байы болмағандықтан, ешкімнің де сөзі пұл болмады. Қатын да, екі бала да Бәсентиін олжасы болып қала берді” – дейді.

138. [Бұқа, Күбір аталары]

«Бәсентин ішінде Бұқа-Күбір» дейді. Бұқа-Күбір кім (нің) баласы десең, әкесінің атын жан білмейді. Көзімен көріп, қолынан туғызып алған ешкім жоқ. Айтушылардың айтуы – бұрынғы заманда Бұхар, Қоқан хандарының біреуінікі, Татарбай деген құл екен. Тамақ араластырушы болған деседі. Қазынаға қиянаты білінген соң: «елге, жұртқа жолама» деп қуып жіберген екен. Елсізде жүріп, жігітке саяқ бір қатын кез болып, екеуі қосылып, ерлі-байлы болып жүргенде буаз болып, бірінің аты – Бұқа, бірінің аты – Күбір қойылыпты. Екеуі ержеткен кезде бір қоңыр бұқалары болып, жалғыз қаңғып кете беріп, сонда бір тауды жатақ қылып, сол таудың аты «Қоңыр бұқа» деп аталып қалған дейді. Басқа сиыр жоқ, өзі жалғыз бұқа болған соң, бір кесу білетұғын жан кез болған соң кестірсе, бұқаның ені жалғыз-ақ екен. Соны: «мен пісіріп жеймін!» деп екі бала өзді-өзі таласып, төбелесіп, бірін-бірі көргісіз болып, бірі ойға қашыпты, бірі қырға қашыпты. Бұқа қырға қаңғырып шығып кетіпті. Күбір Сырға кетіпті. Сонда Бұқаға жолдан бір қатын килігіп, ерлі-байлы болысып келе жатқанда, жұртта қалған бір қара күшік еріп жолдас болып, Сарыарқаға келіп Маңдай, Бәйімбеттің дүрілдеп, дәуірлеп тұрған күнінде елге келіп, үйір-шүйір болуға беттей алмай, қамыстан шайла жасап алып, жата беріпті. Қара төбет түн болса алыс жердегі ауылдан майды қарынымен, ірімшік, құртты боқшамасымен тасып, бұларды ас-судан тарықтырмайды. Бір күндерде Маңдай, Бәйімбет біліп:

– Сендер бүйтіп елсіз, күнсізде жатпаңдар, елге келіңдер, асқа барамыз, бізден ат мініп, сол асқа жүр! – деп, Бұқаны ерте жөнеліпті.

Сонда Бәйімбет, Маңдай мұны қайсымыз қарабауыр қылып аламыз десіп, «екеуіміз екі бөлек түсейік, бұл өзі атын қайсымыздың атымыздың мойнына байлар екен, сол байлау болсын!» депті. Сонда атын Маңдайдың атының мойнына байлаған екен де, Маңдай алған екен. Бұқадан: Майемер, Тауасар. Бұлардың түпсіз, тексіз екендігі мынадай жұмыстан білінеді: Тауасар өлгенде үш күн жаназасыз жатыпты.

– Кім болса, ол болсын, «мен жаназа білемін» деп біреу жаназа оқыпты. Сонда жаназаға айтқан дуасы:

«Мұның тегі Бұқа-ды,
Бұқа шабы жұқа-ды.
Өзің, өзің, өзіңе,
Өзіңдікі көзіңе.

Бер, Тауасар, бер,
Жаназаңды кеше оқығанмын», –

депті. «Тауасар жаназасы» деген Бәсентин ортасында күңкіл болған. Мұнан да әдемілеп айтушылар бер еді, олар өліп қалды.

139. [Апай - Бөрі]

(І нұсқа) Атбасарға жер ауып барған бір қария: «Бәсентинмін, Қызылағаш болысынікімін», – дейді. Баласы қасында, дұрыс ескі сөз білетұғын кәрі құлақ қария екен.

Ол сөйледі:

– Биыл оған он тоғыз жыл болды. Бөрі – Бәсентин Есенаман байдың әз аты, – дейді.

Есен-аман әз атын шығарған толық бай кісі екен. Жалғыз баласы Ботасқа енші беріп, қой қосақтатып жатқанда бөрі тонды, бөрте атты бір жалғыз жас бала жігіт үй сыртынан келіп сөйлес қылыпты.

– Жөніңді айт, кімсің? – дегенде:

– Атым – Келімсек, жалғыз балаңа енші беріп жатыр деп естіп, қосағының басында ие болайын деп, өзіңе бала болайын деп келдім, – депті.

Сонан соң бай ырым көріп, асықты жілік ұстатып, бала қылып, атын Бөрі қойыпты. Осы күнде «Апай-Бөріміз» десіп келеді.

140. Момын

Қазақтың қария сөзінде Орта жүз Арғынның Ергүл есімді бәйбішесі ақылына көркі сай, оған қоса адуынды адам болыпты. Келін болып түскен соң Арғыннан Тоты есімді бір қыз, Мейрам (Мейрамсопы) есімді бұл ұл көріп, баладан тоқтап қалса керек. Содан, «Тәңірдің берейін десе, рақымы мол ғой!» – деп, біраз жыл күтеді, бірақ бала болмайды. Ақыры әрі ойланып, бері ойланып Ергүл бәйбіше: “Қой болмас, өмір өтіп барады, отағасымның бауырын суытпайын, жорық кезінде Ұлы жүз Бәйдібек бидің Момын деген қызына көзі түсті дегенді естіп едім, сол қызға өзім барып құда түсейін!” – деген ойға бекініп, жөн-жоралғысын сайлап жолға шығады. Бәйдібектің ауылы орнында, Момын қыз үйінде екен. Бәйдібек би “Бастасымның бәйбішесі келді!” – деп, шат көңілмен қарсы алады. Сол күні түнде Момын қыз түс көреді. Түсінде бір ақиық қыран аспаннан сорғалап келіп Момынға жеті рет түседі. Қыран бүркіт әрбір түскен сайын Момынның бауырына бір-бірден жұмыртқа пайда болып, жетіге жетеді. Сол жеті жұмыртқаны қызықтап, бауырына басып жатқанда, одан жеті балапан шығады. Жетеуі де жұтынып, көктегі қыран әкесіне қарап, қанаттарын сабалай бастағанда Момын қыз оянып кетеді. Осы түсін ерке де еркін өскен Момын қыз таңертеңгі дәм үстінде айтып береді. Сонда Бәйдібек би: “Шырағым-ай, түсіңнің түйіні бар екен, “Қырықтың бірі – Қыдыр” деуші еді, жоруын бастасымның бәйбішесі Ергүл айтсыншы!” – дейді. Ергүл көктен тілегені жерден табылғандай қуанып кетеді. Сол жерде келген шаруасымен сабақтай отырып, Момынның түсін былай жориды: “Ақиық қыран – Арғын би болар, аңсары ауса, айналып қонар. Өңдеріңде танысып, түстеріңде табысып жүрсеңдер, бір-біріңе ықыластарыңның ауғаны болар! – деп-деп келіп, жүзін Бәйдібек биге бұрын сөзін жалғайды:

– Уа, Бәйдібек би, қызыңның бауырына береке дариын деп тұр екен, бастасыңа қи, менің де ниетім қабыл болып, көңілім толып қайтсын!” – дейді.

Бәйдібек би үн-түнсіз төмен қарап отырып қалыпты. Сонда, ерке де еркін өскен Момын қыз үнсіздікті бұзып:

– Әке, Арғын ағаның қанатының астында болсам, ешкімнен қор болмаспын. Батаңызды беріп, ұямнан ұшырыңыз, мен қарсы емеспін!” – депті.

Осылайша Арғын би Момынға үйленеді. Момын қыздың түсінде көргені өңінде келіп, Арғыннан жеті ұл көреді. Ол жетеуі өсіп-өніп, өркен жайып, Орта жүз Арғын ішіндегі “Жеті Момын” деп аталатын іргелі руларға айналады.

141. Қанжығалының қақ жарылған жері

Қазақ орысқа ең алғаш қарағанда Ибан Сменыш деген Бөлкебай келіп, Баянауылдан қала салдырып, дуан аузын ашқанда дуанбасы болыс сайлаған. Сонда Қанжығалы ойдағысы, қырдағысы өз алдына бір болыс болып жолға байлаған. «Жол маған байлағандарың рас болса, мен Әжіке Дәненнің Дәненіне бердім», – деген. «Дәнен күндердің күнінде кімге берсе, өзі білсін!» – деген. Сондықтан Қанжығалыға ең алғаш Дәнен болыс болған. Дәнен өлерінде өз балаларына байламай, жолды баласы Әлдебекке берген. Әлдебек өлерінде Дәнен балаларына бермек болған. Мұстапа деген баласы тілін алмай, өзі болған. Соған өкпелеп, Қанжығалы екі айырылып, Жеті румен Әжібай – Баянауылаға қарап қалып, Қамажапар, Қарабұжыр – «Тентек қанжығалы» Ақмолаға қарап кеткен. Қанжығалының қақ жарылған жері – сол.

142. Қаһарлы Қарқымбай (Жанақ) балалары

Бәйбішеден – Қарқымбай. Жанай – екінші алған қатыннан жалғыз. Екі қатыннан «Екі жалғыз» атанған. Қарқымбайдың қатыны бала көтермей бедірейіп, қалшиып тұрып алыпты. Бір күні Қарқымбай қасында тізелесіп отырған қатынын:

– Сен бала таппайтұғын немені бір жолата жоқ қылайын, – деп, пышағымен періп қалғанда, пышақ қатынның қара санынан кіріп, қатын жүрегі қозғалып, талып қалыпты. Оттың басын телегей-теңіз қан қаптап кетіп, үш ай қозғалмай жатып, әйтеуір, өлмей қалып, жазылып түрегеліп, соның артынан итше күшіктеп, тұңғышының атын Күшікбай қойып, онан кейін Ата би, Анай, Айқасқа, Әбіт туыпты.

143. [Сары]

Құлболдының қара шаңырағы Мамиттың кенжесі батыр Барменнің Бәрменінде болып, оның кенжесі Сары байдікі болған. Кешегі Мұса Секербай заманындағы ата атанған. Жақсылар «қара шаңырақ» деп сол үйді атап жүретұғын. Ол Сары байдың бәйбішесі – Қарашаш бәйбіше Қарауыл Сарының қызы еді. Шоқубай Тасбектің Тасбикемен бірге барып, қонақ болып, аттанарда Тасбекпен қош айтысып қалған бір ауыз өлеңі:

Торышым, аяңдай бер, алдыңда ел жоқ,
Арқада Сарытайдай үлкен көл жоқ.
Көргенше, көріскенше, қош, аман бол!
Енді айланып келгенше кім бар, кім жоқ?!

Тұлпардың қатыны қалмақ қолына олжа болған. Қатынын іздемекші болған соң Күлік ағасы, Айдабол інісі: «Екеуіміз екі қыз алып берейік. Іздеме, қатын соңынан барма!» – деп, екі қыз алып берген. Күлік алып берген қыздан екі бала туады: Байкүшік, Болат. Айдабол алып берген қыздан екі бала туады: Даутей, Сарша. Тұлпар өлген соң Даутей, Саршаның шешесін Жанғозы алады. Жанғозы алған соң Сары туады. Сарының шикілік жері – оны тапқан қатын белгілі, таптырған кім екені белгісіз.

144. [Кенжеқара]

Алтайдың балалары: Байбикеден – Алысай, жаңа алған қатыннан: Нұрбай, Аққоян, Әліке, Байдалы, Сайдалы. Кенже тоқалдан, бұл – тоқал Қанжығалы Ысқақбайдың қызы, мұнан туған – Мойын. Бұл тоқал қалмаққа олжаға түсіп кетіп, қалмақтан келгенде бір бала көтеріп келіп, мұнда келген соң туған Алтай бабамыз «кенже қарам» деп айтқаннан «Кенжеқара» атанып кеткен.

145. [Орынбай ұрпағы]

Қарсұн–Кернейдің Қарсұнынан Қыдыр батыр шыққан. Қыдыр батырдың жас баласы олжаға түсіп кеткен. Сонан соң Қыдыр батыр зерттеп, қоймай, қалмаққа жеті барып, жеті жас баласын алып қайтыпты. Сонан соң қалмақ елші жіберген: «Біздің балаларымызды алып келіп, баласын алсын!» – деп. Сонда Қайып төре деген төреден де бір жас бала қалмаққа түсіп кеткен екен. Қыдыр батыр мен Қайып төре балаларын танып алуға елдесе барған. Сонда қалмақ жұрты айтқан: «Біздің қолымызда қазақтан олжаға түскен жалғыз-ақ бала бар. Қолына асықты жілік ұстатып орталарыңа жібереміз. Бала қайсыңа барса, соның ал!» – деп. Баланы жібергенде, бала Қыдыр батырдың тізесіне келіп отырып алған. Қыдыр батыр сол баланың атын Орынбай қойған. Өз баласы болмағандығына дәлел – осы «Орынбай» деген атты неге қойған десең, «Баламның орнына келді» деп, атын Орынбай қойғандығы. «Бұл баланы алатұғын жол менікі еді. Төре тұрғанда, қара алушы ма еді? – деп Қайып төре, «маған байламады» деп ауып көшіп кеткен. «Осы Орынбайға мен жала жабамын. Біздің шешеміздің қалмаққа тірі тастап кеткен баласы – осы. Қалмақ балаларын қайтып алу үшін, Қыдырды разы қылу үшін Қыдырдың баласының орнына берілгендіктен, атының Орынбай қойылғандығы. Осы күнгі Орынбай ұрпағы мен біздің Бесім ұрпағын таразыға салып өлшестіріп байқаса, қалыпқа қойғандай мінездес.

146. [Төртуыл – Сарқозған]

Нұрфая бәйбіше кенже баласы Сүйіндікті, Қаржасты, Бегендікті, Шегендікті – төртеуін бала қылып, төртеуіне қатын алып беріп, енші беріп, сол төртеуін «Төртуыл» деп атаған екен. Бегендік өлген соң қатынын Сүйіндік алып, Оразкелді Бегендіктен туып қалған бала екен. Сүйіндік алған соң онан Суғыншы туады. Оразгелді, Суғыншы – анасы бір, атасы басқа екеуі бір кісінің баласындай ауыз жаласып, тату-тәтті болып өседі. Оразкелдіге қатын алып беріп, енші берген. Сүйіндік–Суғыншының балаларының аты: Шуманақ, Мәжік. Оразкелдінің балаларының аты: Тәңірберді, Сәрік. Тәңірбердінің үш баласы бар: Ораз, Малқар, Жолымсопы. Сәріктің балалары: Қожамберді, Тоқтас, Қожакелді. Қозған деген кісі [нің] аты жоқ. Қозғала берген соң, шіркін, қоза берді ғой деп «Қозған» қойған екен. Сүйіндік өлген соң Оразкелді, Суғыншыны тапқан қатын Темешке тиіп кетіп, одан да бала тауып, ол бала да өсіп-өніп ел атанады. Жас кезімізде Темеш ортасында қариялар айтып отырғанын есті (дік): «Бір қатын осындай үш-төрт елді өсірген», – деген сөзді. Бұрынғыдан қалған сөз бар: «Қозғанның қозылы-қойлық залалы болады», – деген. Қожамбердінің балалары: Байназар, Есназар, Қозыбақ. «Сарқыз» деген – Тоқтастың тоқалының аты. Оның балалары «Сарқозған» атанады. «Тәңірберді – тауып алған бала» деседі. Сондықтан аты Тәңірберді қойылған деседі. Бұрынғылардың: «Ораз түбі – Үйсін» дейтіні осындай болғаннан айтылса керек. «Қозғанның кенже қатыны қалмаққа олжаға түсіп кетіп, соны Малқар іздеп барып, тауып келіп, қатын қалмақтан жүкті болып, мұнда келген соң ұл туып, Қалмақшы – сол бала», – дейді.

147. [Қойлыбай–Орыс ауылы]

Қойлыбай – Шағырайдың Қойлыбайының баласы. Әкесі Қойлыбай бай болған күнінде ақ патшадан отыз орыс Абылай ханға елшілікке келген. Қар жауып, қыс түсіп кеткен соң: «Осы отыз мейманды бірінен-бірін айырмай, бөлектемей ала қыстай күтіп, аман-есен аттандыруға қайсысың қонаққа аласың?» – дегенде, Қойлыбай бай:

– Өмірінше боламын десе де, біздікінде болсын, – деп, Құдайдың құтты күні бір ақ қарабас қой сойып күтіп, қыстан ашықтырмай, тарықтырмай шығарған екен. Ақ патшаға барған соң қазақ жұртының бір-біріне: «Сыйының алды не болады екен?» деп сұрағанда: «Қазақ рәсімінде – жетім болады екен» деген соң Қойлыбайға бір қыз жіберген екен және ит терісіне атын жаздырып, достық хат жіберіпті. Сол қыздан екі бала туыпты, бірінің аты – Малтабар, бірінің аты – Қосжетер. Осы екі баланың тұқымы осы күнде өсіп-өніп, өз алдына ел-жұрт болыпты, «Орыс ауылы» деседі. «Орыс ауылы» атанудың мән-жайы – осы.

148. [Айырғақты-Шөптеміс]

Ерте заманда жалғыз түйемен жүріп саудагерлік қылған бір сарт болыпты. Түйесіне мініп, алашаға буып алған ұсақ-түйегімен ана ауылға да, мына ауылға да танымал болып «Айырғақты» атаныпты. Сонда Қанжығалының қызы жасырын жұмыстан еркек бала тауып, баласын шөптің ішіне жасырып тастаған жерінен жұрт тауып алып: «Бұл бала қайдан пайда болған?» деп сұрағанда, Айырғақтыдан болғандығы білінген соң баланың атын «Шөптеміс» қойып, қызды Айырғақтыға қосыпты және Айырғақтының өзі Қаракесек ішіндегі Байбөрі деген елден бір қыз алып, Қанжығалы қызынан туған Шөптеміс, Қаракесек қызынан туған Айырғақтың атын да алып, осы күнде «Айырғақты–Шөптеміс» деген ел болды. Түп-тегі үш жүздің баласы қазаққа қосылмайды, кәдуелгі – сақалы қаудиған сарт.

149. [Қозыбай – Шолақ]

Қалы Төлебайдың заманында Айырғақты-Шөптемістен шыққан бір жігіттің аты – Төлебай екен. Бай болып, заманындағы қожаға нәзір-ниязды үсті-үстіне төпелеп бере бергендігінен «қожа, істік мұрт» деп атап, сонан «Істік мұрт» атанып кеткен. Кеше Мұса Секербай заманындағы қариялар бәрі де «Айырғақты-Шөптеміс» деп қақсап кетті. Істік мұрт Айдабол ішінде кірме, бұратана, шеттен келіп ел болған, Қозған ішінде де бар. Қозған, Қожамберді –Тоқтастың балалары. Тоқтастың әйелінің аты – Сарқыз. Бұл Сарқыз–Қозған Есіл бойында да бар, Қызылтауда да бар. Қожамбердіден үш бала: Есназар, Байназар, Қозыбақ. Осы күнде «Қозыбай–Шолақ» дейді. Шолақ қайдан қосылған? Бұрынғы қариялардың айтуы: Шолақ өзі Кіші жүз, түбі-тегі – Рамадан екен. Атадан туғанда жеті ағайынды екен. Жетеу болса, «жеті ит» атанатұғын бұрыннан бар сөз. Бесеуі – бірыңғай, екеуі бірыңғай болып, екі айырылып кеткен екен. Сонда екеуі бірыңғай кеткеннің аттары Айдар, Шолақ екен, Айдар – ағасы. Айдардың қатынын Шолақ бауыр басып кетіп, бармақтың көлеміндей нәрсеге бола ағасы Айдарды Шолақ өлтіріп, сонан соң жеңгесі өкпелеп, бұған тимей сартқа тиіп кетіп, ол сарттан бала тауып, атын Айдар қойыпты: «Байымның атын жоғалтпаймын», – деп. Жұрт құлақтанып, біліп қойып, өзін өлтіретін болған соң Шолақ зым-зия жоғалып, Арқаға қашып кетіп, Қозыбаққа келіп сіңіп, қатын алып, мал малданып, жан жанданып «Қозыбай–Шолақ» атанып кеткен. Айдай әлемге аты шыққан Алдаркөсе Рамаданнан шыққан. Бұрынғылардың аузында мақал болып қалған: «Рамаданның өлген өлігі жеті кісіні алдаған» деген сөз бар.

150. [«Арғын болдың, әркім болдың»]

Бұл Арғынның ішінде «Төлек», «Қырық мылтық» деген қара бауырлары бар кеше Кенесары-Наурызбай заманында, қырғыздың соғысында аты аталған батырлардың бірі болған Шәкір мен Төлебай – сол Жәуке Тоқал арғын Төлек деген таптан шыққандар. Шәкір – ноғай, Төлебай – Қырғыз Жәуке батырдың бұрынғы аты. Төлектің – Бөлек екендігіне ақындардың мына бір өлеңі дәлел, Арғынның бір ақыны мұны айтқан:

А, Жәуке, қастастың ба Төлекпенен,
Арғыннан шығып жүрген Бөлек бимен.
Төлекті сен ұрғанда, мен де ұрайын,
Бір салып қолымдағы көнекпенен.

«Аздың – атасы бір» деп, Қырық мылтық, Төлек бірыңғайлас болады. Бұл жақтағы Аргүл мен Момыннан туғандары: «Алты атаның ұлы Арғын» аталады. Ол жақтағы Айнакөз бен тағы кісі білмейтұғын қатындардан туған төрт жалғыз бар. Айнакөзден – екеу, ол төртеуі – алты ата болып, шын Арғын он екі атаның ұлы болады. Солай болғандықтан бұрынғылар айтқан: «Арғын болдың, әркім болдың» деген көптің сөзі дәлел.

151. Күлік шежіресі

Әкесінің аты – Құлболды, шешесінің аты – Мақпал. Мақпал бәйбішенің тұңғышы – Күлік, ортаншысы – Тұлпар, кенжесі – Айдабол. Он үшінде Айдабол би [дің] аты әлемге жайылып, Сыр дариясынан Сары арқаға қарай өткенде, өткел аузында тұрған Алшын мен Қарақалпаққа Мақпал бәйбіше: «Артың болса, Айдаболдай ұл тап!» – деп өте берген. «Күлік» – қырғыз тілі (нде) «жүйрік деген сөз. «Ат арықтан, нұр пыстан» – қазақ мақалы: «Ат аспан, ғарыштан құйылады» деген сөз. Күліктен шыққан жүйріктен жүйрік озған емес. Жобалай баласы Жаңабатырдан би асқан емес, Күнту баласы Жанайдардан шешен асқан емес, Жаңабатыр баласы Жанақтан қасиетті ер асқан емес, Жанайдар баласы Өтеміс абыздан бір басты, екі аяқтының әулиешілігі асқан емес. Күні кеше Мұса Секербай заманында Ақжігітұғылы Ізден абыздың алдына қара сөзден жан қарсы келмеген. Күліктің бел баласы Ақылдың байлығы үзілместен үрім бұтағына, бұл күнге шейін келді. Наурыздан туған Ақайдың байлығы үзілместен үрім-бұтағына, бұл күнге шейін келді. Мырзалыда Ақай немересі Сарымырза баласы Байғанадан мырзалық асырған қазақ жоқ. Күліктің бәйбішесінен: Тілеуімбет, Наурыз, Дәулет, тоқалдан – Сексен. Сексен – Күліктің сексен жасында туған ұрпағы. Баласы Қайдауыл Күлікпен құрдас екен. «Сексендегі шалдан бала болушы ма еді?» дегенде, Күлік Қайдауылды қарғаған екен. Сонан мәтел болып қалған: «Қайдауылға қарғыс кеткен» деген сөз бар. Қайдауыл ортасына Есенқұл Мәуке ұрпағына келіншек болып түскен Тоғжан ақынның өлеңі бар:

Түндіктің жары өспейді, талы өседі,
Мәукенің жасы өспейді, шалы өседі.
Қозы бұты, қой саны көздей іске,
Ертеден кешке дейін күліседі.

«Жас өспейді, шалы өседі» деген сөздің мағынасы – бір тұқымға қарғыс кеткен болса, қыршын жасы мұрттай ұшып, шалдары еркелеп самаладай болып қала береді екен. Мұны заманымызда көзбен көріп, қолмен ұстадық. Тілеуімбеттің он бес ұлы ат арқасына мініп, соңына ерген. Көшіп келе жатқан қазақтың көшіне қара қалмақтың Қаты Сыбан қосыны килігіп, алты ұлды Наурыз қашып құтылған. Он бес ұлды Тілеуімбет қашуды ар-намыс көріп, соғыса берген. Қалмақ рапайсыз көп, қашпай қалған қазақ аз, жанын тәтті көріп, басын қорғап балалары қашып шықса, Тілеуімбет отағасы өзі жауға қарай қайта қуып тығады дейді: «Жаудан қашып барып, қатын қойнына қорғалағанша, жаудан жаралы болып жарқырап жатсаң, әне, сонда кісілігіңді білемін» [деп]. Басы – үлкен отағасының өзі болып, он бес ұл сол жолы қырғын тауып, бықбырт болыпты. Орманшы Бәпке-Тайлақтың Тайлағы батыр кісі екен. Жайрап, жарқырап жатқан жерінен қайта-қайта кіріп, Тілеуімбеттің үш баласын алдына өңгеріп алып қашып құтылған. Күліктің тоқалының баласы Сары атты Сексен екеуін алып қашып құтылған. Егер Сексен мен Тайлақ болмағанда, Тілеуімбет деген елден нам, нышан болмақшы емес екен. Сол бес тұқымнан өсіп-өнген Тілеуімбет осы күнде: Күнту, Айтқожа, Жаңабай, Бесім, Құтиан – бес атаға бөлінеді. Ол бес ұлдың ең үлкені – Аспантай. Оған тетесі Амантай екен. «Аспантай тұқымсыз кетті» дейді. Сол жолы алдымен жайрап, сол қалған бойымен қалыпты. Амантайдан тұқым бар. Онан соңғыларының атын анықтап жан біле алмаған. Қалған бесеудің үшеуі – белбала. Екеуі немере болса керек. Күнту, Айтқожа, Жаңабай – белбаладан өсіп-өнген тұқым. Бесім, Құтиан – немереден өсіп-өнген тұқым. Қалмақ пен қазақ жай жүрген бе? Бесім ат арқасына мініп, ауылы баранды болған күнде қазақ-қалмақтың тағы бір соғысы болып, Бесімнің қатыны Бүктік бәйбіше қалмаққа олжаға түсіп кетіпті. Өзі Қыпшақ Қатықұлақ мергеннің қызы екен. Аузы-мұрнынан шығып тұрған екі қабат көн екен. Қалмақ қолына барған соң бір ұл тауып, ит терісін биялай қылатұғын кісі екен. Қол ісімен күн кешіріп, баланың бойындай дорба тігіп алып, соны құртқа толтырып күнде бірін аузына салып суын жұтумен ауқат кешіріп, өзін әбден жаратып, қатырып алып: «Қалмақ қолында тірі болып, құлдығында жүргенше, өлген артық қой», – деп, баласына ине шаншыпты да өзі жаяу қашыпты. Артынан қалмақ қуып, құтқармасын білген соң бүркенген көк шапаны бар екен, шапанын бүркеніп жата қалыпты. Жатқан жері бұжырмақ қойтас екен. Алыстан қара бойын қалқиғандығын көрген екен. Шапанның көк түсі қойтастың тасына түстес болғандықтан ба, олай-бұлай қарап, былдырлап-былдырлап таба алмай, қайтып кетісіпті. Түкейдің Ақайынан: Бекмырза, Сарымырза. Бекмырзаның үш баласы бар: Бұзау, Сары, Байкіл. Сары мырза атанған екен. Заманында жақсы-ақ кісі болыпты. Бесімнің үш баласы: Жанжігіт, Ақжігіт, Қармыс. Жанжігіт балалары: Бектемір, Байтемір. Бектемірінен – Ыбрайым. Байтемірден – Берәлі. Сол Берәліні бала күнінде әкесі Бектемір Сарымырзаға бір жұмысқа жіберіпті.

Сәлем беріп кіріп барған соң:

– Қай баласың? – депті.

– Бектемір баласымын, – депті.

– Неше ағайынды едің? – дегенде:

– Үш ағайынды едік, – депті.

– Үлкені ме ең, кішісі ме ең? – деп және сұрапты.

Сонда Берәлінің берген жауабы:

– Ой, Сарыекей, жұрт сізді жақсы кісі, есті кісі дейді, алжыған екенсіз ғой, – депті.

– Жаным, жазығым не? Неден жазып қалдым? – депті.

– Алжымасаң, кенжесі екенімді мына шалбарымның бауының ұшындағы көк моншақтан білсеңіз керек еді ғой, – деп, шалбыраның бауындағы көк моншағын көрсеткен екен.

Сонда Сарымырза мырыс-мырыс күліп:

– Күлікте білдей жеті жаман бар-ды, жаман да білінбей аяқ астында жүре береді екен-ау, мынаумен сегіз болды ғой! – деген екен.

Үй ішінде отырған бәйбішесі сұрапты:

– Сол Күліктегі жеті жаман дегендеріңіз кім-кім? – деп.

– Қой, бәйбіше, өзгені білсең де аз болмас, бұларды сен сұрамай-ақ қой, мен айтпайын, – депті.

– Неге? Сіздің қасыңызда отырып білмей қалғандығым жамандығым болады ғой, білейін-дағы, – депті. «Ендеше пәлен жаман, түген жаман» деп бесеуін айтып беріпті, екеуін айтпапты.

– Енді екеуі кім? – деп сұраған екен.

– Қой, бәйбіше, онысын білмей-ақ қой, мен айтпай-ақ қояйын, жабулы қазан жабуымен қалсын, менің суым жасып қалар, сенің көңілің қайтып қалар, – деген екен.

Бәйбішесі сұрап, қадалып айтшы-айтшылап қоймайды.

– Ал қоймадың, айтайын, өзімнен туды демесең, Барақ, Бапақ – екі балаң да жақсы ма, сол жеті жаманның соңғы екеуі өзіңнің осы екі балаңдай, – дегенде:

– Не дейді, көтек, не бетімді айтайын, - деп, бетін жұлып-жұлып алған екен. Құдай рахмет қылсын Сарыға, кісі болса, сондай болсын, естимін сол Барақ, Бапақ ұрпағы – Байтастың Исмайылы деп. Қазақтың шетіне келіп, біреудің қаттысы болса, қайрап, жұмсағы болса, жұмыра отырған үйін өз үйіндей бүтіндей бастап, ұлы жүн түтіп, қаңғып жүріп екі кесек кигіз басып алыпты.

Бай Бесім құлақтанып, естіген соң іздеп барып, алып келіпті. Ол күнде бұ жақтағы Арғын елі Айдабол, Күлік Ұлытау, Кішітауда екен. Ұлытау, Кішітауды қыстап, Сорқара, Сортыны жайлап жүреді екен. Сонда Бесім қатыны қолына келген соң және екі кесек кигіз олжасы бар болғандықтан, үстіне үй көтермекші болып, кереге жонамын деп Ұлытаудан ағаш кесті дейді. Кереге қылатұғын ағашының ұзындығын өзінің отырған бойынан қол созым биік қылып, отырып қолын жоғары созып, мөлшерін сондай қылып ағашты турап тастайды. Қатыны Бүктік бәйбіше:

– Жазған-ау, мұның іске жарап кереге бола ма? – дегенде:

– Әкем керегенің басына кесесін отырып алмаушы ма еді, – деген екен.

«Әкем» деп жүргені – әкесінің әкесі Тілеуімбет екен. Сонда Бүктік бәйбіше айтыпты:

– Әкеңнің отырған бойы сенің тік түрегелген бойыңдай емес пе еді және әкең төсек ағаштың үстінде отырып кесесін алмаушы ма еді, – деген соң:

– Мұндайы бар ма еді, – деп, қайта тауға ағаш кесуге кетеді екен.

– Қай реттеп кереге жонып, адам қатары үй қылды дейсің, «Олақтың жыны бар, өз ісін өзі бүлдіредіге» дәл келіп жүрді де. «Өлсін» деп ине шаншып кеткен бала өлмей тірі қалып, осы күнде өсіп-өніпті», – деп естимін. Қайда тұрып, қайда жүргенін анық білген жан жоқ. Өлмей тірі болғандығы анық деседі. Байына қосылған соң үш ұл тауып, үлкені –Жанжігіт, ортаншысы – Ақжігіт, кенжесі – Қармыс. Осы күнгі Бесім ұрпағы осы үшеуінен өсіп-өнген.

152. Биеші руы туралы

«Он сан Орта жүзге ұран болған – Олжабай» деседі. Бұл сөзге дәлел боларлық әңгіме айтады. Бұрынғы қазақтың жорықшыл, жортуылшы болып жүрген күндерінде бірін-бірі танымайтұғын екі жау кездесе, қайсысы бұрын «Олжабайлап» шапқаны жойып, жеңістік алып кете береді екен. Бірінен-бірі естіп, құлағы естіген қазақ жауға шапса, «Олжабай, Олжабай!» деп шабатұғын болыпты. Қазақ орысқа қарамаған күнде Айдабол ішінде Құлнияз, Бабыр аталған екі рулы елдің жылқыларын жау алыпты. Қазақ отыра ала ма? Тайлы-таяғына шейін қалмай жабыла қуыпты. Сонда жауға шапқанда «Құлболды, Құлболдылап» шауыпты. Сонда жау қуып жеткендерін қызыл көтен қылып түсіріп, қиратып барады дейді. Қуғыншылардың ішінде Құлнияз ұрпағы, Құнды баласы Байдалы бар екен. Аты жүйрік болмағандықтан жігері құм болып, кейінгі қуғыншылардың ішінде келеді екен. Құлболды: «Жолы қызыл жосын қан болады дейтұғын, «Олжабай, Олжабай!» деп шаба көріңдер!» – деген соң: «Олжабай, Олжабай!» десіп шуласыпты. Сүйтсе, Бабыр ішінде түбі, тегі – сарт бір биеші, сауып жүрген бір құлынды биеге жайдақ міне салып шапқан екен. «Олжабай, Олжабайлап» барып жауды жайратып, қалғаны тым-тырақай қашып, жұрт жылқысын аман айырып алып қалыпты. Жауды түсірген кім? – дегенде: «Бір биеші» делінгеннен, «Биеші» атанып, осы күнде соның ұрпағы «Биеші балаларымыз» деседі.

153. Жалаңаяқ Әздер

Жалаңаяқ Әздер жалаң бұт, жалаң аяқ жүреді екен. Бір үй тола отырған қыздарға:

– Қайсыңның үстіңе сиейін, – деп, тасағын ұстап шаптырамын дегенде, қыз біткен үркіп қашып шыққан екен де, бір қыз етегін тосып алдына отыра қалған екен. Осы қыздан Көшен туып, «Көшен-Қарауыл» атанған.

Атығайдан – Дәуіт жалғыз. Дәуіттен он екі ұл туып, он екі атаның ұлы «Дәуіт» атанған. Ең үлкені – Дандай, «Дандайсыма!» деген сөз осыдан басталған.

154. Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батырдан сөйлейік

Бұл Олжабай батырдың туысы – он үш жасында «Айдабол би» атанған Айдабол-Күліктің Айдабол ұрпағынан шыққан. Айдабол бидің бәйбішесінен: Жанғозы, Малғозы, Кенжеғозы, ортаншы қатынынан: Қарақозы, Бозқозы, Аққозы, кенже тоқалынан: Қожакелді, Тайкелтір. Осының бәрі де өсіп-өніп ру-ру ел атанған. Жалғыз-ақ, бәйбішенің кенжесі Кенжеғозы қыршын жас күнінде өліп қалып, атастырып қойған қалыңдығы оң жақта жесір қалған. Қайыны Үйсін Қаратай батыр екен. Айдабол Қаратай батырдың қызын тоқалынан туған Тайкелтірге алып берейін деген соң, Жанғозы: «Күндесім жесірін тоқал баласына алдырмаймын, – деп, – тетелес інім Малғозының баласы Толыбайға алып беремін», – деп барған.

Қаратай батыр:

– Құдай дескен, құйрық-бауыр жескен құдамсың. «Құданы Құдай қосады» деген, Арғындығың кетіп, аңғалдық қылып, бұл келісің қай келіс? Жасанған қолыңнан, адасқан жолыңнан қорықпаймын, жол-жобадан адаспаймын, көп жолдасыңды қайырып жібер, қосшы-қолаңмен өзің қал, бір жолата ұзатып алып қайт! – деген соң Қаратай батырдың айтқанына көніп, айдауына жүріп, жаз барған жолаушы қысқа килігіп қалып, қызын көктем шыға ұзатып алып қайтқан

Қаратай батыр түйесінің басын жетектеуге Шанышқылыдан Бүктік деген бір қызды алдырып, қызына жетім қылып қоса берген. Жолда келе жатып осы екі қыздың екеуі де босанып, ер ұл тапқан. Қаратай батырдың қызынан туған ұлдың атын Олжабай қойған. Шанышқылы қызы Бүктіктен туған баланы: «бұған ат болуға осы отырған қос та жетер» деп, Қосжетер қойған. Аман-есен елге келген соң еңбек қылып барған, жүрген-тұрған үйінен бізге олжа болуға Олжабайың жарар деп, Бүктікті, онан туған Қосжетерді Айдабол бидің босағасына байлап, Жанғозы әкесі Айдабол биден бата алған. Айдабол бидің толып жатқан көп баласының өсімі-өнімі – бір төбе, Жанғозының өсімі-өсімі – бір төбе. «Баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас» деген сөз осындайдан айтылған. Айдабол бидің Қожакелді, Тайкелтір – екі баласы құба қалмақ ханы Қалдан Серенге олжаға түсіп кетіп, қалмақ қолында қалған. «Ол екі бала өлді ғой, не тірі жүрсін?!» – деп, Айдабол мұнда қалған балаларына енші үлестіргенде тоқал балаларына үлес, сыбаға қалдырмаған. «Болат пышақ қап түбінде жата ма?», Тайкелтір аман келіп, еншіден құр қалғанын білген соң жылап қоя берген. Сонда Айдабол би сасқан, ұялған.

– Мұндағыларға шөп кіндікті малды бердім, саған ет кіндікті адам қойдым. Міне, Бүктік, онан туған Қосжетер сенің еншің болсын, қарабауыр қылып ал! Менің кісілігім, бақ-берекем сенде қалады, – деп, батасын берген.

Сондықтан Тайкелтір, Қосжетер бір бауыр, бір ауыр боп, «Тайкелтір-Қосжетер» атанған.

155. Апай – Бөрі

(ІІ нұсқа) Жесір қатын Апай атанғаны Қаракесек қатыны еді деседі. Байы өлген жесір қатын үй-ұланымен, қара-қорасымен төркініне келген. Артынан Қаракесек іздеп келіп, «бұрында тапқан бала-шағасы болса керек, буаз екіқабат кетіп еді» десе керек. Ер ұл тапқан екен де, оны бөтен жерге асыратқан екен. «Екіқабат келмеді» деп жан беріп, нандырып алып қалған екен. Қаракесек көзі бар балаларды алып қайтыпты. Жесір қатын байсыз отыра ала ма? Бұл жақтағы тиген байынан бала тауып, «Апай, Апай» аталған атпенен үрім-бұтағы «Апай» атанып, Апай-Бөрі оттас, ораздас болып кеткен.

156. Қаржау руы

Мен өзім Пабладарда тұрдым. Керекудің о жақ, бұ жағына да қатынап жүрдім. Шежіреге жүйрік, айта білетұғын жанды таба алмадым. Бұрын жазып алып жүргендер кім көрінгеннен сұрап, айтқанын жазып ала берген. Менің сұрыптап, ақ тарыдай ақтарып жазғаным – осы. Ақмайдан, Бекмайдан, Тоқмайдан. Ақмайданнан – Көкшекөз. Бұл Көкшекөзден: Бәйімбет, Бейсен, Жаманай, Қоянбай, Көшен, Шөрек, Таңатар. Бейсеннен: Таз, Бүкі, Шоқай, Отай, Матай, «Бейсеннің бесеуі» дейді. Матайдан: Қаржау, Өмір, Қойбақ. Бұл Өмір би қара қылды қақ жарған, ауыл биі болып атағы шығыпты. Мұның бір қара төбеті болыпты, төрінде жатады екен. Төрт аяқты, қайқы құйрықты болғаны болмаса, «ит» деп жанның аузы бармаса керек. Өмір би «құтым, құтым» дейді екен, сонан «Құтым» атанып кетсе керек.

Бір күні аузы кең, сөзі тең бір бастас би қонып отырып сұрайды дейді:

– Мұны мұнша ардақтап ұстағаныңыз қалай? – деп.

Сонда Өмір би айтты:

– Бұл ит жазғытұрым мал жас төлін төгіп жатқан кезде жас қозыны, жас лақты, жас бұзауды, жас құлынды, жас ботаны алып келеді. Алып келгені мал болып, өсіп-өніп малға қосылады, өзімді ебдейсіз байытты. Жалғыз-ақ бір басты, екі аяқты адам баласын ап келген жок, – депті.

Осы сөзді айтқаннан кейін қара төбет жоғалып кетіпті. Бір жұмадай жоқ болып кетіп, бір күні құндаққа оралған бір жас бала алып келіп, еркелеп тұр дейді. Өмір би: «Бұл – Құтым алып келген Құттыбайым!» деп ат қойған. Сол Құтымбай өзі өсіп-өніп Қаржауды көбейтіп, берекелендірген осы Құтымбай деседі.

157. [Ырысбике]

Жаманайдан: Қойсары, Қозыбақ, Ырысқұл, Сағынай, Тайлақ. Ырысқұлдың қатынының аты – Ырысбике. Өзі он екі жасында Естектің жауласқандары өлтіріп кетіп, Қыпшақтан шыққан Қошқарбай батыр нағашысы екен, қанын жоқтап, барып Естекті шапқан. Осы күнде шешелерінің атымен «Ырысбике» атанып кеткен.

158. [Елатанның Тобықты атануы]

Ерте заманда қазақ, қалмақтың шабыншылығында бір қояндай боз атқа мінген қазақ қатыны қашқан-босқан елдің соңынан келіпті: “Қалмақтан қашып құтылдым”, – деп, өзі екіқабат буаз екен. Келгенмен, бұл елде байы да бар бола қоймапты. Үй жоқ, күй жоқ, оны ала қоятын елде тірі жүрген қатынға бай жетпей жатқан күн. Өзі балгерлік, бақсылық қылып, аты боз ат болғандықтан, қазақ ортасында “Маябоз” атаныпты. Бір еркек бала тауып, атын Елатан қойыпты. Енді сондай аяқсыз қаңғыған бір бала болып, оның аты Елехан болыпты. Елатан, Елехан егіз бала сықылды болыпты. Елехан кім болғанын анық білген ешкім жоқ. Елатанға: “Мен алам, мен алам!” деп, талас-тартыс болып, бәйгеге ат қосып: “Қай атымыз озғанымыз алайық!” – десіп, Арғынның ақ тобық аты алдында келіп, Арғын алып, сонан сол бала “Тобықты” атанған екен” деседі. Бұрынғы заманда кеміту үшін сөйлегендер: “Елатан елге теңелді, ешкі қойға теңелді” деседі екен. Сол Елатаны «Тобықты екен» деп сөйлеуші еді.

159. Ақбикеш пен Мақпал

[Арғын Әйдерке, оның ішінде Мақпал ] ...Дәстүр бойынша Бағаналы Ербатырдың Ақбикеш деген ару қызы Арғын ішіндегі Әйдерке атасынан шыққан Таңғұлы деген кісінің Солтан деген баласына ұзатылады. Бәрі де жазудан ғой, Ақбикеш келін болып түскен соң, сегіз-тоғыз жыл өтсе де бала көтермей қойыпты. Ақылына көркі сай Ақбикештің бұл жағдайы әулет-атаның ғана емес, бүкіл ауыл-аймақтың уайым-арманына айналады. Содан, күндердің бір күнінде Ақбикеш бір ойға бекініп, ұшқан ұясына төркіндеп барып қайтпақшы болады. Ата-енесінен рұқсатын алып, жанына жасөспірім қайнысын ертіп, жолға шығарда Ақбикеш айтыпты дейді: “Бұйырса, екеу болып кетіп, үшеу болып оралармын”, – деп. Бұл сөздің мәнісін қайын жұрты түсіне қоймаса да, жақсылыққа жорып қала береді. Ақбикеш ауыл-еліне келіп, ағайын-туғанмен қауышып, мауқын басқан соң, әке-шешесіне бұл келісінің мәнісін айтады: “Құдайға шүкір, барған жерімде бағасыз емеспін, ел-жұрттың алақанындамын. Көңілдегі жалғыз кірбің – перзенттің болмай жүргені ғана. Осы олқылықтың орны тола ма деп, арман-үмітімді жетекші етіп, алдарыңызға келіп отырған жайым бар. Мені қиған жерге сіңілім Мақпалды да қисаңыздар екен. Мақпалымды Құдай қосқан қосағым Солтанға екінші әйелі етіп қосайын. Құдай көз жасымды иіп, тілегімді қабыл етсе, осы ниетімнің қайыры болар деп үміт етіп келдім!” – дейді. Бұл сөзді естігенде Ақбикештің анасы көз жасына ие бола алмай қалады. Ал еркөңіл, сері көкірек Ербатыр болса тұғырдағы шәулідей дүр сілкініп, еңсесін тіктеп: “Тәңірім өзі күзеп, өзі түзегендей бір істі ойыңа салған екен, қарағым! Қайыры болсын! Сен бар жерде Мақпалымның мерей-мәртебесі ешкімнен кем болмас. Бәйбіше, көзіңнің жасын тый, қамдан, балаларды ақ тілекпен, ақ жолға аттандырайық!” – деген екен. Айтқанындай, Ақбикеш екеу болып кетіп, үшеу болып оралып, қайын жұртын да күтпеген қуанышқа кенелтеді. Арада бірер жыл өтер-өтпесте, Құдай тілеуін беріп, Ақбикеш те, Мақпал да қатар бала көтеріп, әулет-атаны одан сайын мерейлендіре түседі. Сөйткен Ақбикештен Қожаназар, Майқара, Шойқара деген балалар туып, Мақпалдан Бердібай, Дербісалы, Бердалы, Бердіс деген балалар туған. Бұлардан өрбіген ұрпақ қазір рулы елге ұласқан. Ал Ақбикеш пен Мақпалдың есімдері бір-бір әулет-атаның атауына айналған. Осы күні Торғайдағы Сарықопа көлінің төңірегіндегі екінің біріне кімсің десең: “Арғын – Әйдеркеміз, оның ішінде Ақбикешпіз” немесе “Арғын –Әйдеркеміз, оның ішінде Мақпалмыз”,– деп отырады.

160. [Қарауыл ]

Боттыбайға Қарауылдан бір жігіт келіп, сіңіп тұрып қалыпты. Өзі әр нәрсенің жөнін білетін, онымен бірге күн есебін, әуе райын байқайтын есепші болыпты. Бір үлкен жұтта ел жұтап қалғанда, Боттыбайдың жылқысын басшы боп бағып, алыс жақсылық жерге апарып, аман, семіз, күйлі қылып әкеп берген екен. Сонымен байдың қолайына әбден жаққан соң, бай Дәулетбике деген көп ұлдың ортасындағы жалғыз қызын екі жүз еншіменен сол жігітке беріпті. Сол жігіттен Аяз, Дос деген екі бала туып, Лашынқара, Есқара деген ел болып, бұрынғы Қарқаралы үйезі Кенші болысында тұратын Қарауылдар – осылар. Сондықтан бұларды «Қызшор» деп атаған және «Дәулетшор» деп те айтылады.

161. [Кіші Арғын немесе Тәнбісопы]

Қаранайдың Нартайлақ деген бір ұлы болыпты. Балғаның өзі, бәйбішесі және онан туған ұлы Тай түгел өліп, Айсұлу мен Күнсұлу [деген] қыздары өгей ағасы Барғананың қолында қалып, жетімдік зарын тартады. Сөйтіп жүріп Нартайлақ пен Айсұлу бір-біріне ғашық болып, байланысады. Айсұлу жүкті болып қалады. Оны сезген өгей ағасы Барғана Айсұлуды Найманның жауыз қатыны бар бір жаман байына күңдікке сатып жібереді. Екі-үш айдан соң барған аулында оңаша үйде Айсұлу толғатып, ұл табады. Айсұлуға байдың жауыз бәйбішесі көп қорлық көрсетеді. Айсұлу қорлыққа шыдай алмай, баласын сол ауылдағы Томан деген күң кемпірге беріп, Нартайлаққа тапсыруын сұрап, өзі буынып өледі. Нартайлақ баласын күң кемпірден алып, балдызы Күнсұлуға үйленеді. Баланы әуелгі кезде жұрт “Тірі жетім” деп атаса, кейін “Саржетім” деп атайды. Сөйтіп, Нартайлақ батырдың бірінші әйелі Айсұлудан – Саржетім, екінші әйелі Күнсұлудан – Шақпақ (Айдарке). Шақпақты жұрт “Шақшақ” деп кетіпті.

162. [Тарақтының Апай аталығы]

Орта жүз Тарақты тайпасының құрамындағы он екі ата рудың бірі Апай деп аталса, енді бірі Тоқтауыл деп аталады. Апай Тоқтауылдың Жағалбайлы еліне ұзатқан апасы (әпкесі) екен, бала көтермепті. Содан, уақыт өтіп, Апайдың жасы ұлғайып, күйеуі дүние салған соң, елге көшіп келіпті. Сонда, Тоқтауыл апасының көңілін аулап, бір баласын апайдың бауырына салады. Сол баланың өсіп-өнген ұрпағы “Апай” атанған.

163. Әлеуке

Орта жүз Тарақты тайпасы он екі рудан құралған. Олар: Қыдыр, Жәші, Әлі, Сары, Әйтей, Қосанақ, Қарашие (Көгедей), Келіс (Әлеуке), Алакөз, Шәуке, Апай, Тоқтауыл рулары. Шежіре дерегінде Келістің әйелі Әлеуке деген кісіден ұл бала болмапты. Содан, өзімен қадірлес күндесінің (Келістің екінші әйелі) баласын етек астынан жерге түсірмей көтеріп алып, бауырына басқан екен. Сол баланың өсіп-өнген тұқымы Әлеуке апасының есімімен аталып кетіпті. Қария сөздің келесі бір нұсқасы бойынша Әлеуке Қарашиенің (Көгедей) бәйбішесі еді дейді. Ал Келіс Қарашиенің тоқалынан туған бала болса керек. Әлеуке бәйбіше бала көтермеген соң Келісті бауырына басып, бала етіп алыпты. Әлеуке бәйбіше ақылды да алғыр, адуын адам болыпты. Әулет-атаға ғана емес, ауыл-аймаққа сөзін өткізіп, билігін жүргізіп отырады екен. Ақылды бәйбішесін Қарашие де бетінен қақпай, қайта мақтан тұтып, “бәйбіше біледі” деп отыратын болыпты. Содан, Қарашие қартайып, есейген балаларына енші бөлерде Әлеуке бәйбіше: “Тоқалдың балалары өз алдына еншілес бола берсін, менің баламның еншісін бөлек ата!” – деп, Келісті жеке-дара енші иесі етіпті. Он екі ата тарақтының ішінде Келістің (Әлеукенің) өз алдына бір ата болуының және “Әлеуке-Көгедей” деп екі атаның қатар аталуының сыр-себебі осыдан еді дейді

ІІІ. ҚЫПШАҚ ТАЙПАСЫ

164. [ Қыпшақ туралы аңыз]

(ІІІ нұсқа) Ұлы патшалардың алыс сапарға шыққанда әйелдерін алып жүретін әдеттері болатын. Осы әдетпен нөкерлерінің кейбіреуі де әйелдерін ала жүруші еді. Оғыз ханның бір бегі де әйелін алып барып еді. Өзі ұрыста өліп, қатыны қашып құтылып, екі судың арасында тұрған ханның артынан жетті. Әйел жүкті еді. Толғағы келді. Күн суық еді, кірейін десе үй жоқ, бір іші шіріген үлкен ағаштың қуысына босанды, ұл тапты. Мұны естіген хан: “Әкесі менің көз алдымда соғыста өлді, қамқоршысы жоқ” деп атын “Қыпшақ” қойып, өз қамқорлығына алды. Түркі тілінде іші қуыс ағашты қыпшақ дер еді, бұл бала ағаш ішінде туғандықтан, атын Қыпшақ қоюы содан еді. Бұл кезде іші қуыс ағашты “шыпшақ” дейді. Қара халық тілі келмегендіктен “к”-нің орнына “ш”-айтып кеткен. Бұл баланы хан өз тәрбиесінде ұстады, жігіт болғаннан соң көп ел және нөкер беріп, Оғыз ханға жау болған орыс, олақ, мажар, башқыр елдеріне жіберді. Қыпшақ үш жүз жыл Дон мен Еділ атты екі үлкен өзеннің жағасында патшалық етті. Барша Қыпшақ елі соның нәсілінен шықты. Оғыз ханның заманынан Шыңғыс ханның заманына шейін Дон, Еділ, Жайық аталатын бұл үш судың жағасында қыпшақтан өзге ел жоқ еді, Ол жерде қыпшақтар төрт мың жылдай отырды, сондықтан ол жер «Дешті-Қыпшақ» («Қыпшақ даласы») деп аталды.

165. Бес таңбалы қыпшақ туралы

Бұрынғы қариялар Орта жүзды «Жеті арыс» деп сөйлейтұғын. Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты. Қыпшақтан: Шолым Әліп, мұнан: Ақкөбік Әліп, мұнан – Мүйізді сары Әліп, мұнан – Тоқтар, мұнан– Қобыланды. Қара, Сары, Қытай, Еділ, Жайық атанған аталары бар. «Бесеуі бір туысқан» деседі. Кімнен туып, өсіп-өнгенін айырып білуші болмады. Бұрынғылардан айтылып жүрген бір сөз бар еді: «Қыпшақ бұзады, Арғын түзейді». Қыпшақтың қарасы – ашуланшық, омырау келеді. Сарысының көзі өткір, тілі ащы келеді. «Жақсы – кезекке таласады, жаман – отыратұғын орнынан адасады», «Жақсы басын қосқанда, әңгіме кезек-кезек айтса, сонда жарасады», «Екі жақсы ерікпес, екі жаман бірікпес», – бір жүйріктің аузынан шыққан сөз. Оның аржағы кімнен туып, қалай өсіп-өнгендігінде нем бар, «естіген құлақтың жазығы жоқ» деген, естігенімді сөйлеймін.

«Бес таңбалы Қыпшақтың» аналары айтқан екен деседі:

– Ұзын бітті бойыма, ерлік, батырлық толды ойыма, – депті. Қол таңбалы Ұзын Қыпшақ атанады (Атыс, Кедел, Бірдікей, Қырықжігіт).

– Бұлтың бітті бойыма, көптік толды ойыма, – депті. Әліп таңбалы Бұлтың Қыпшақ таңбасын жақтан басады. Бұғыс, Орыс. Бұғыстан –Жолаба, Орыстан: Төбет, Құлатай, Мадияр, Құдас.

– Торы бітті бойыма, кемшілік толды ойыма, – депті. Мойын таңбалы Торы Қыпшақ таңбасын мойыннан басады. Тойешке, Қыйтаба, Көкмұрын, Шашты.

– Балық бітті бойыма, байлық толды ойыма, – депті. Қарын таңбалы Қарабалық атанады. Таңбасын қарынынан басады. Көсеу таңбалы Көлден Қыпшақ бар, бұлардың бәрін «Бес таңбалы Қыпшақ» дейді.

Ел аузында айтылып жүрген әңгіме – Қара қыпшақ Қобыланды батыр. Сондықтан ойлаймын: «Қара, сарылар Қобыландыдан бұрынғы аталары болады-ау!» – деп. Бұл Қыпшақ екеу – Шайқы, Борқы. Дуананың дуасымен бір кісіден тоқсан екі ұл туған. Бәрі де өсіп-өніп ел-жұрт болған, «Қытай көп пе, қыпшақ көп пе?» деген Қыпшақ – осы. Бұл Қыпшақтар Моғұл-Татардың Моғұлынан шыққан.

166. Құрман-Қыпшақ Апай

Керекуге жиырма бес шақырым жерде «Құрман тұзы» деген тұз бар. Сол Құрман Қыпшақ екен де, өзі мейілінше бай болған екен. Жылқысының есеп санын өзі де білмейді. Жалғыз баласы болыпты, «бөрі тонды, бөрте атты» атанған жылқышысы болыпты. Малға шын жаны ашып қарағандықтан, жылқы билігі сонда болыпты. Байдың жалғыз баласы сері болыпты. Он жігітпен жүреді дейді. Жазғытұры бие құлын төгіп жатқанда бай баласы он жігітімен жылқы аралапты. Жаңа туып жатқан қара құлынды сойып, терісін ала беріпті: «Осы жүрген он бір жігіт бір түсті қылып, қара құлын жарғақ киеміз», – деп. Бөрі тонды бөрте атты жылқышы мұны көрген соң іші күйіп, жылап байға келіпті:

– Бай, маған батаңызды беріңіз, бұл малға менің иелігім болмады. Мына қорлықты көріп жүргеннен, қаңғып өлгенім артық, – деп.

Бай жалынып-жалпайып тоқтата алмайды.

– Мен ризамын, осы жылқының қақ жарымын ал да, өзің маған риза болып кет! – депті.

– Жоқ, бай, бір тай да алмаймын, батаңды бер! – дей беріпті.

– Жоқ, балам, дәнеме аламай кетсең, бата да бермеймін, ризалығым жоқ, – депті.

– Ендеше, бір теңбіл көк айғыр бер, үйірінде бес байталы бар, соны берсеңіз болады, – депті.

– Уа, шырағым! Көбікті көктің тұқымы еді. Өзімнің аузымды көбікті саумалға тигізген жануарым еді, ала ғой, ала ғой! Мал қадірін білмейтін қу жалғызда болғанша, мал қадірін білетұғын сенде болсын! – деп, батасын берген екен.

Сонан соң Ертістің бір жағына өтіп, Апай деген жесір қатынның қызын алып, онан бес ұл туады: Келден, Қыстау, Қақа, Сатыбалды, Жаңбыршы. Мал мен басы таласып өсе бастайды. «Көбікті көк» атанып жүргені – биеге шапқанда, биенің үстінен айғыр түскенде ақ көбік шұбалып, үзілмей ағып тұрады екен. Соны Бөрі өзі тосып алып, балаларына әкеліп жалатады екен. Бір баласы жаламайды екен. Сол жаламағанның ұрпағы ана төртеуіндей болмай, жарлы-жақпай, өсімсіз-өнімсіз болды деседі

167. Дәулетбике

Орта жүз Қыпшақ, оның ішінде Торы Қыпшақ, оның ішінде Түйішкеден өрбіген аталардың бірі “Дәулетбике” деп аталады. Дәулетбикенің қыздай тұрмысқа шыққан адамы Түйішке ішіндегі Мұрат деген кісі екен. Мұрат қайтыс болып, Дәулетбикені әмеңгері Мәмбет алады. Әмеңгері Мәмбетке қосыларда Дәулетбике: «Бөлек ауыл болып отырайын”, – деп шарт қояды. Бұл шартын Мәмбет орындаған. Содан, бәйбішесі бір ауыл, тоқалы бір ауыл болып отырған соң Мәмбет ары-бері қатынайтын болады. Сонда, жолшыбай жөн сұраған адамға Мәмбет: “Дәулетбикенің ауылына барамын”, – деп жауап береді екен. Осылайша Дәулетбикеден өрбіген ұрпақ анасының есімімен аталып кеткен. «Дәулетбике Есім хан тұсында Ташкентті билеген Тұрсын ханның қызы еді» деген сөз бар.

ІҮ. НАЙМАН РУЫ

168. Орта жүз - Найман руы туралы

Найман елі Қытай тарихында сегізінші-тоғызыншы ғасырда белгілі болған екен. Оқыран өзенінің басы Моңғолдан Ертіске дейін қоныстанған, Найман руының алғашқы патшасы Нарқыш Таян, Инаш қаған, Бұқа хан, Таубұға, Бұйрық хан және үлкен рулардың басшылары Тоқпан, Елата, Өкіреш, Кетбұға, Төлегетай, Сүгірші болған екен. Он үшінші ғасырға дейін Найман руы өте күшті мемлекет болғаны рас, тарихта бар. Тек, Бұйрық, Таян, екі хан бауырлас болғанымен, берекелері болмай Найман елі ыдырай бастайды. Найман бабамыз Бұхарадан оқыған ғұлама молда болған көрінеді, жүзі ақ, киімді ақтан киіп, атты ақтан мінеді екен. содан оны «Ақсопы» атаған. Он бесінші ғасырда Ресей еліне шекаралас отырған кезінде найман атадан Құлманай деген жалғыз ұл тауып, жиырма жасында ерте қайтыс болған екен. Содан, әйелі Гүлшара жесір қалған. Найман ата сексен жасқа жақындап қалған кезінде жалғыз ұлы өлген соң, өкіріп мүлде жатып қалған. Бір жылға жуық жесір қалған келіні Гүлшара атасын күтіп отырады. Гүлшара өте сұлу әрі ақылды әйел болған, қазына-мүлік, малға таласып әйелдің мазасын алған. Содан, Гүлшара Орта жүздің игі жақсыларын шақырып, көк қасқа тай сойып, қонағын күтіп жайласқаннан кейін оларға: «Баршаларыңызға айтар сөзім бар», – деп ұлқсат сұраған. «Мына Найман ата қартайғанда жылғызынан айрылып, тұра алмай қайғырып жатыр, оған қарамастан мына мырзалар мені алам деп таласып, мазамды алды. Ал, көпшілік, аталарыңды тірідей жылатқанша, қолдарыңмен өлтіріңдер! Содан соң мен сіздерге тиемін бе? Жоқ басқа жаққа кетемін бе, ерік өзімде, ол менің тілегім болсын, мені қинамаңдар!» – дейді. Сонымен халық әйелдің сөзінен жеңіліп, жол-жорасын алып тоқтауға келген. Гүлшара атасы дәретке отырғанда, зәрі тамған жерді көріп: «Осы атамнан әлі ұрық бар», – деп сынап, Үйсін Ақсүмбі деген байдың қызын айттырып, көп мал беріп, атасына алып берген. Әйелге «Қызеней» деп ат қойған, ал көпшілік Гүлшараға «Жезетек» деп ат қойған. Содан Найман атамыздан бір ұл туады, оны Гүлшара өзі бағып, тәрбиелеп, анасына емізіп өсіреді. Содан ұл он жетіге толғанда Гүлшара үлкен той жасап, өз некесін қиғызып, тиіпті. Содан Гүлшара жүкті болып бір ұл тапқан, сөйтіп, Сүгірше туады.

169. [Найман ұрпақтары]

Арғын, Найман бір туған. Найман (Өкіреш Найман) 88-нде қайтыс болады. Найманның өз ұлы өліп қалады. Оның әйелі өте ақылды кісі болыпты. Атасының дәретін көріп, әлі де бір бала тудырарлық қайраты бар екен деп, Үйсін Төле бидің қызын алып береді. Найман ол қызбен бірінші түнеген түні бойынан әлі кетіп, өкіріп жығылыпты да, кешікпей өліпті. Сол себептен Өкіреш Найман деп аталған. Содан әлгі келіншек жүкті болып, мезгілі жетіп ұл туады. Ұлдың атын Белгібай қояды. Артынан әулие келін Белгібайға әйел алуға рұқсат береді. Ал Найманның келіншегі (тегі –Бағаналы-Балталы) Ел-ата дегенге тиеді. Ел-атаны арғын, найманның бозбалалары күндей берген соң, оны келін бәйгі қоңыр атқа мінгізіп, қашырып жібереді. Белгібайдан екі ұл туады, аттары: Келбұға, Кетбұға. Шүршейіт атасы – Келбұға, Қожагел атасы Кетбұға болып бөлінеді.

170. Өкіреш найман

[Найман туралы бір аңыз] Көтеш ақын өзі бай болған, өзі семіз болған, жүз асып жасаған. Сабаз дейтұғын бәйбішесі: «жалғыз шұнақ қойды жеті қотан қылдым» деген екен. Қартайған шағында ауылы Қарағайлы шоқыда тұрғанда жау тонап, жалаңаш тастап кетіп, өзін ит-құс жеп тастапты. Шеру деген жерден денесінің қалған тамырын тауып алысыпты. Жатқан жеріне май сіңіп, топырақ қап-қара болып қалған екен депті. Табылған сүйектерін жинастырып, Қарағайлышоқы түбінде Балықтыкөл басына қойыпты. Бұрынғы заманның қариялары: «түн болғанда дене тырағынан шырақ жанып тұрады» дескен екен.

Жоқшы, зерттеуші (Құдай рахмет қылсын!) Шоң би болып, тонаған жауы Найман екен. Қыс ішінде Айдабол жиырма үй тігіп, үш ердің құнын алыпты «сүйек құны», «өнер құны», «қара құн» деп. Найман шабылып қалған тозып, шұбырып. Сондағы құнның төлеуіне келген Найман ұрпағы – Айдабол Күлік ішінде Қоқым жұрағат бар, «Найманбыз» дейді, басқа білері жоқ.

171. Найман тарауынан

(І нұсқа) Жанарыстың бәйбішесінен туған төрт қожаның бірі – Қарақожа, онан Арғын дедік. Бірі – Аққожа, бұл Аққожадан – Найман. Кейбір сөйлеушілер «Момынқожа» дейді. Найманнан – жалғыз бала – Шұбартай. Бұл Шұбартайды да зарығып көрсе керек. Шұбартай қыршын жастай өліп, келіншегі жесір қалса керек. Сонда Арғынның көп балалары:

– Мен алам, мен алам! – деп таласты дейді.

Қатын:

– Мен тоқсандағы атам көзі бақырайып қалып, тірі отырған күнде жалғызының жайрап қалғандығының үстіне оны күңірентіп, ешқайсысыңа тимеймін. Тоқсан асқан атамның бір атары бар шығар, – деп, құрбы-құрдасына жалынды дейді. – Атамның сиген жерін байқаңдар, сідігі көпіре ме екен. Жерге із салуға жарай ма екен? – депті.

Сонда байқаған біреу айтыпты:

– Із салуға жоқ, бірақ көпірді, – депті.

– Бір атары бар екен. Малды аямай беріп, бір кедейдің жалаңбұт қызын қойнына жатқызыңдар? – дегенімен бір қыз алып беріп, қойнына салған екен.

Жұмыс үстінде өкіріп өліпті. Найманның «Өкірек шал» атанғаны сол деседі. Шал өлді, қыз тірі қалды. Қыз сол жұмыстан буаз болып, ер-ұл тауып, атын Төлегетай қойыпты. Шұбартайдан жесір қалған келін осы Төлегатайдың өсуін, ержетуін күтіп, отырып қалыпты. «Арғын алты ауыл болғанда, Найман жалғыз-ақ үй екен» деген сөз ертеден айтылып жүретұғын. Төлегатай сол заманда жұрт аузында «әулие» атанған Қылышқожаның қойын бағып, қойшысы болған. Қылышқожада ұл жоқ, жалғыз қызы бар екен. Қыз жасқа толып бойжеткен соң сарт-сауанның байлары құдалық сөйлесіп, балаларына Қылышқожаның қызын айттырмақшы болып, анауы да, мынауы да қалың мал беруге қожаны қызықтыра бастағанда, қой бағып жүрген Төлегатай қойшыларға айтқан екен:

– Бұ қазақ қатынсыздан өлейін деп жүрсе, қожа қызын сартқа береді екен-ау! – депті.

Қылышқожа қойшылардан бұ сөзді естігеннен соң қарқ-қарқ күліп:

– Рас айтады, сөз – Шұбартайдың төлеуіне келген Төлегатайымдікі, – деп, Төлегатайға қызын қосыпты. Өр Найман, Қаракерей, Садыр, Матай, Дөртуыл – қожа қызынан туғандар. Баяғы сарғая сақтап, тосып тұрған жеңгесін алып, онан бір ұл туып, атын Қытай қояды.

Төлегатай Қылышқожаның қызын алған соң бай болды, әр нәрсесі сай болды. Бір асқа ат апарып қосып, аты алдында келіп, бәйгесіне бір күң келіп, ол күңге аяқ салып, онан бір ер ұл тауып, атын Сүгірші қойды. Күңнен туған Сүгіршіні Қытай айбалтаның астына алып, өлімші қылып тастағаннан Қытай – «Балталы» атанды. Шу бойында болады, Атбасар дуанына қарайды. «Балталы–Бағаналы» атанған Найман – солардың ұрпағы. Бұрынғылар айтады екен:

Алшын болсаң, Адай бол,
Арғын болсаң, Алтай бол!
Үйсін болсаң,
Сиқым, Жаныс, Ботпай бол!

Найман болсаң, Қаракерей, Матай бол,
Өзгең қалай болсаң, солай бол! –
дейді екен.

Қаракерейден сөйлейік. Қаракерей баласы: Ерторы, Байторы. Ерторы баласы: Қызылым, Жиренім. Жиренім баласы – Байсық. Өздері беске бөлінеді: Меңдібай, Төбет, Жаңқолы, Жаңбыршы... Жаңбыршыны «Ақбелбеу» деп те атайды. Қарамолда үш қатынның баласы, бұларды «Семіз Найман» дейді. Байқозыдан: Тайлақ, Жайнақ, Айрам, Майрам. Айрамнан – Қожамбет, Майрамнан – Байыс. Байсиық мал қолға түссе, Байыс ата малындай көріп, төлеу бермей кете береді екен. Байыстан бесеу: Сыбанқұл, Ақымбет, Мәмбет, Құлсары, Тоқабай. «Тоқабай Сарыны сәнге сабайды» делінген сөз мәтел болып қалған. Тоқабайдың жуаны Кигенбай бай ел болады. «Білсең Кигенбаймын, білмесең, дегенбаймын!» – дейтұғыны тағы бар. Қаракерей Қабанбай батыр –осы Тоқабайдан, онан бергісі Кигенбайдан шыққан деседі. Байыстың бір баласы – Сыбанқұл, бұл Сыбан Найман атанды. Бір баласы – Мәмбетқұл, бұл жасында асқа өкпелеп, қыржиып отыра бергеннен «Қыржы» атанды, және бір қатынынан: Алдаберді, Алмамбет. Алмамбеттен – Шұрантай, Шұрантайдан: Мұңайтпас, Тума. Мұңайтпастан: Тоқпақ. Тоқпақ, Тума – екі болыс ел. «Мақта апай» деген бір ұрғашының аты шыққан. «Байыспен бір туысқан Майрам қызы», – деп біреу сөйлейді. Түркістандық Тоқтарқожа алып, екі бала тудырған (Жанжігіт, Байжігіт). Байжігіт Мақта апайдың қолында қалып, Жанжігіт қожаға еріп кеткен деседі. Байжігіттен өрбіп-өнген сегіз болыс ел Темірсу бойында. Байыс ұлы – Ерсары. «Мұрын» атанған ел – осы Ерсарыдан өскен деседі. Мұрын – Ерсарының бәйбішесі, аты – Ақбике екен. Мұрны зор болғандықтан байының аты қалып, бәйбішенің мұрнымен аталып кеткен. Мұрында сегіз болыс ел бар деседі. «Мен көппін!» – деп Байжігіт – Қызайдың Байжігіті мақтанады. «Мен көппін!» – деп Мұрын – Сыбанның Мұрыны мақтанады. Үй саны мен жан санына қарағанда Мұрын көп. Жоғарғы Матайдың үш баласы: Аталық, Кенже, Қаптағай. Күллі Найманға ұран болған «Қаптағай» – осы. Аталықтың қатынының аты – Қызай. Мұның атымен тұқымы «Қызай» атанды. «Білсең, Қызайыңмын, білмесең, Құдайыңмын!» – дейтұғын есер осының ұрпағынан шыққан: Байжігіт, Бура, Көкжарлы. Аталықтан – Иманғали, мұнан – Бақтүйіс, мұнан – Елтынды. Елтындыдан: Байназар, Қожас. Қожастан: Ебіке, Жұртшы, Қоқан, Жарылғамыс, мұнан: Лезңке, Жиембет, Сүйін болды. Төртеуі де қара екен, сондықтан бұлар «Қара» атанды.

172. Өкіреш Найман

(ІІ нұсқа) Найманның жалғыз ұлы Тоқбан жиырма алты жасында өліп, оның әйелі Ақсұлу жиырма екі жасында жесір қалыпты. Бұл кезде Найман сексен алты жаста, ал Арғын тоқсан алты жаста екен. Арғын «інім белгісіз қалмасын» деп, ал келіні Ақсұлу «атамның аты жойылмасын» деп Найманға әйел алып беріпті. Ақсұлу «қыз ене» дейді екен. Қызене жүкті болып, ұл тапқанда: «артымда қалатын белгім» деп қуанғаннан, өкіріп жылаған Найманның жүрегі жарылып өліпті. Ел жиналып баланың атын Белгібай деп қойыпты. Сондықтан Найманның өкіріп жылап өлуіне байланысты Белгібайдың қосалқы лақап аты «Өкіреш» болыпты. «Өкіреш Найман» деген лақаптың шығуы осыдан екен.

173. [Өкіреш» деген лақап аттың шығуы]

(ІІІ нұсқа) Найманнан туған төрт ұл: Тоқпан, Үйелеш, Күйелеш, Сартсопы майданда жаугершілікте өліп, Найманбайдан туған Елтай ауыр жарақатты болып, үйіне найзаға салып әкеледі. Найманның төрт ұлы бірдей өлген соң Найманда ұрпақ қалмайды. Тоқпан жиырма алты жасында өліп, әйелі Ақсұлу жиырма екі жасында жесір қалады. Алатын әмеңгері болмаған соң, ажарына қызығып Арғын, Қыпшақ жігіттері алмақшы болып, сөз салады. Ақсұлу бұларға көнбей, «атамның орын жоймаймын» деп, атасының сексен жасқа келсе де әлі де қайраты бар екенін сезіп, он жеті қараны қырқа матап беріп, Дәмелі деген қызды алып береді. Ақсұлу Дәмеліге «Қызене» деп ат қояды. Бір жылдан кейін Қызеней жүкті болып, ай күні толып ұл туады. «Артымда қалатын белгім», – деп, қуанғаннан өкіріп жылаған Найманның жүрегі жарылып өледі. Ел жиналып, баланың атын Белгібай деп қайыпты. Сондықтан Найманның өкіріп жылап өлуіне байланысты, Белгібайдың қосалқы лақап аты «Өкіреш» болыпты. «Өкіреш» деп лақап аттың шығуы осыдан еді дейді. Белгібай он бес жасында отыз жеті жастағы жеңгесі Ақсұлуға некеленеді. Найманның жылын берген соң, әулеттен басқа адам болмаған соң Дәмеліні Найманбайдың баласы Елтайға қосады (Елтайдың бірінші әйелінен бала болмайды). Ақсұлу: «Атамның орнына маған ата болдың», – деп, Елтайды «Ел-ата» деп атаған. Елтай мен Дәмелі қосылған соң бір ұл туады. Белгібайға серік болды деп, ұлдың атын «Серікбай» деп қояды. Одан кейін тағы бір ұл туады, оның атын «Қоңырат» деп қояды. Сонымен, Ел-атадан Серікбай, Қоңырат деген екі бала болады. Белгібаймен Ақсұлу қосылған соң бір ұл туады атын «Сүйінші» деп қояды. Бұдан кейін Ақсұлу тағы бір ұл туады атын «Сүгірші» деп қояды («Бергеніңе шүкірлік!» деген мағынада еді дейді). Ақсұлу: «Мен жеңге алған әйелің едім, енді қыздай ал!» – деп өз сіңлісі Тоқсұлуды қосады. Бұдан Саржомарт туады. Сүйтіп, Белгібайдың Ақсұлу, Тоқсұлу деген екі әйелінен Сүйінші, Сүгірші, Саржомарт деген үш ұлы болады.

174. Өкіреш туралы аңыз

(ІҮ нұсқа) Орта жүзде Қарақожа тақуалығымен, «Ақсопы» мырзалығымен «Атымтай», әділеттілігімен «Қазы» деп аталған. Қарақожаның өзінен, яки баласынан Найман туған. Найманның баласы – Өкіреш, бағзылар «Өкіреш» лақабы дейді, оған мынадай мәтел де айтады:

«Өкіреш атты Найман-ды,
Қартайғанды қыз құшып,
Өкіреш атын алған-ды».

Найманның Шұбартай атты жалғыз ұлы болып, жасында опат болған. «Есті келін» деп аталатын оның әйелі ерге шықпай, қайын атасы Найманның қолында отырған. Бір күні атасы дәретке шыққанда зәрдің орны көпіріп қалған екен. Оны көріп келіні: «Атамның әлі бір балалық қуаты бар көрінеді», – деп, атасына әйел алдырған. Ол кезде қарттың жасы тоқсаннан асып кеткен. Сонда, әйеліне қосылып болған да қырылдап жатып, жан берген. Соңында әйелі бір ер бала тауып, атын Өкіреш қойған. Өкіреш өскен соң әлгі жеңгесіне үйленіп, онан Сүгірше туған. Сол кезде Арғынның алты ұлы Шұбартай өлген соң: «жесірімізді аламыз!» деп, кезінде көп таластар, дау-дамай өтіп, тіпті дау күшті болғаннан уәзірлер де екі дай болып, ханның өзі араласып, келісімге келтірген.

175. [Әлпештің Өкірешке тиіп, Найман ұрпағын сақтап қалуы]

(Ү нұсқа) Найманның осы үш баласы жаугершілікте өліп, Әлпеш деген он жеті жастағы келіні жесір қалған. Найманның мұны алатын баласы болмаған. Туысқандары Арғын, Қыпшақ балаларының алғысы келген Найманның келіні Әлпеш: «атамның атын жоғалтпайым» деп, қырық жетіні қырқа матап беріп, бір қыз алып береді. Найман бұл уақытта жетпістің ішінде еді. Алып берген қызды «маған қыз ене болды» деп, атын «Қызене» деп атады. Қызене жүкті болып, алты ай отасқаннан кейін Найман ауырып өлім халіне келеді. Содан соң Арғынның баласы Қарасопыны шақырып алып: «Жасым жетпіске келіп өкіріп жылап жүргенде көрем бе деген балам еді. Ұл туса, атын «Өкіреш» қоярсындар», – деп өсиет етеді. Найман өлгеннен кейін Қызене ер бала туады, атасының өсиеті бар еді деп атын Өкіреш қояды. Бұдан кейін Қызенені Ақсопының інісі Елтанға қосады, Бұдан Қоңырат туады, «Найман–Қоңырат» деп аталуы осыдан. Өкіреш ер жетіп, он үш жасқа толған соң Әлпеш осыған неке қидырып тиеді.

176. [Әлпештің Өкірекке қосылып мұратқа жетуі]

(ҮІ нұсқа) Найманның соңғы уақытында Ақсары дейтін баласы Әлпеш дейтін қызға үйленеді, бірақ көп ұзамай Ақсары өледі. Әлпеш он жеті жасында жесір қалып, атасы қарт Найманды бағып отыра береді. Найманның атастыруға басқа баласы болмаған соң, туыстарынан Тоқпан дейтін бір жігіт-баланы еншілес інісі әрі бала етіп асырап алады. Тоқпанға келіні Әлпешті қоспақшы болғанда, Әлпеш: «Асыраңды балаңа тимеймін. Өз ұрпағың болса, кім болса да тиер едім», – дейді. Ел-жұрты мұны естіп, Найман шалға Күлше дейтін он тоғыз жастағы қызды алып береді. Найман сонда сексен жасында. Сол Күлше біраз уақыт өткеннен кейін екі қабат болып, бала көтереді, бірақ Найман шал бала тумастан үш ай бұрын өледі. Өлерінде келіні Әлпешке өсиет етіп тапсырады: «Әйелім Күлше ұл туса, атын Өкірек қойып, өз қолыңа алып өсір, түбінде игілігін де көрерсің!» – деген екен. Найман шал өлгеннен кейін әйелі Күлше бір ұл туады, атын шалы айтқан «Өкірек» қояды. Баланы келіні Әлпешке береді, Күлше өзі үйіңдегі қайнысы Тоқпанға қосылады. Әлпеш Өкіректі он екі жасқа дейін бағып өсіріп, ақырында Өкіректі «өз қайным» деп сол балаға қосылып, мұратына жетіседі.

177. [Өкіреш Найман немесе Әзбураның ұрпақты сақтауы]

(ҮІІ нұсқа) «Өкіреш Найман» дегеніміз – Найманның аты. Сопы мырза тоқсан үш жасқа келгенде жалғыз ұлы өліп, келіні Әзбура зарлап, жесір қалыпты. Ол: «Атам ұрпақсыз кетпесін, қатын алып беріп тілеу тілейін, атамнан ұрпақ қалса, орнын сақтайын», – деп ойлайды. Сонан Ақтобық деген атқа мініп, Қарақалпақ деген елге барып, бір байдың Тұрымтай деген қызына құда болды. Алым-берім болып, атасына қызды алып береді. Қыз оның енесі болды. Сонда келіннің қыз енесіне айтқан ақылы: «Шал ары қарап жатса, белін құшақта, бері қарап жатса, белін құшақта!» – деп, атасын күтті. Қара тоқтының сүтінен қатық ұйытып берді. Бір кезде шалға қуат келіп, Тұрымтайға дарығанда шалдан дыбыс шығып кетті. «Өкіреш Найман» дейтін себеп – сол екен. Шалдың ұрығнан Тұрымтай жүкті болыпты. Ол жүкті болып жүрген кезде Сопы мырза дүниеден қайтыс болды. Тұрымтай жесір отырып босанып, еркек бала тапты. Сопы мырзаның әлгі Әзбура атты есті келіні: «атамнан қалған белгі ғой» деп балаға «Белгібай» деп ат қойды. Белгібай он үш жасқа келгенде Әзбура келіні өзіне неке оқытып, оған қосылды. Әзбура Белгібайдан бір ұл тапты. «Құдайдың бергеніне шүкір!» деп, атын Сүгірші қойды.

178.[Ақсұлудың Найман ұрпағын жалғастыруы және ел билеуі ]

(ҮІІІ нұсқа) Тоқпанға әкесі Найман Үйсін Найманбай бидің қызы Ақсұлуды алып береді. Тоқпан жиырма жасында ауырып өледі. Тоқпан өлгеннен кейін көп кешікпей-ақ артынан шешесі де өледі. Найман жетім, Ақсұлу жесір қалады. Жетім қалған, ұлғайған Найманға Ақсұлу кемпірінің қырқы өткеннен кейін Үйсін Дулат бидің қызы Әлпешті алып береді. Бір жыл өтісімен Әлпеш ұл бала туады. Ол баланың атын Ақсұлудың өзі “Белгібай” деп қояды. Белгібай деп қоюдың мәнісі: «Тоқпаннан қалған белгі» деген сөзі еді. Белгібай он жеті жасқа шыққанда Ақсұлу отыз жетіге шығады. Осы жасында Ақсұлу Белгібайға тиеді. Екі бала – Келбұға, Кетбұға деген бала туады. Сол кезде Ақсұлу қырыққа шығады. Ол қырыққа шығысымен ел басқару жұмысына ауысады. Белгібайға өзінің сіңлісі Тоқсұлуды және түрікмен Арлауыт бидің қызы Ақбаршынды алып береді. Өзі билік жұмысымен айналысып кетеді. Сонымен бүкіл Найман тайпасы Ақсұлудың ақылымен жүзеге шығып, қабырғалы елдің біріне айналған.

179. Найман шал

(ІХ нұсқа) Найман шалдың Шыбартай атты жалғыз ұлы бар екен. Ол Найманның өзінен бұрын өліп қалыпты. Келіні атасының қолында оны бағып-қағып отырыпты. Бір күні осы келін атасының кіші дәрет алған орнындағы көбікті көріп: «Атамның әлі де бір перзенттік қуаты бар екен», – деп, оған келіншек алып беріпті. Жасы тоқсаннан асқан шалдың жас иіс құшып, бой суытар кезінде, даусы оқыс шығып кетіп барып, жан үзіпті дейді. Осыдан соң жүкті болған Найман шалдың жас тоқалынан туған жас баланың аты «Өкіреш» қойылыпты. Атасына көрсеткен сыйына сай ел Найман келініне «Есті келін» деп ат беріпті. Өкірештің жеңгесі (Найманның жалғыз ұлы Шыбартайдың әйелі) әлгі Өкіреш ержеткен соң, соған тиіпті.

180. [ Найман шалдан Сүгіршінің қалуы ]

(Х нұсқа) Найманнан Қытай би деген жалғыз ұл екен. Ол есейгенде Айшолпан деген қызды алып беріпті. Бірақ Қытай би жас өліп кетіп, Айшолпан жесір қалыпты. Арғынның көп баласы әмеңгерлікке аламыз деп таласқан екен. Айшолпан бір қошқарды жетектетіп, Арғын атаға келіпті. “Келін неге келіпті”, – деп Арғын кіші әйелінен сұраса: “Басына сауға сұрап келіпті”, – депті. “Ол не дегені?” – десе: “Не дегені болушы еді, мына балаларыңыз оны аламыз десіп зорланып жүріпті. «Соларды тоқтатса!» дейді екен”, – депті. Сонда Арғын ата ойланып кетіп: “Жетектеген қошқары несі?” десе, кіші әйелі тұрып: “Құр қолға бата жүрмейді” деген бұрынғылардың сөзі бар екен деп, өзіңізге ала келіпті”, – десе: “Олай болса, қалсын қошқары!” – депті. Сөйтіп, Айшолпан Арғын атасынан өз басының еркін алып, үйіне келген соң Найман атасын бағып-қағып жүре беріпті. Атасының сындырған дәретін көріп, оның әлде де бір тұқым қалдырарлық дәрмені барлығын сезген Айшолпан елімен ақылдасып, өз төркіні жақтан бір жас қызды алып беріпті. Ол әйелі сол жылы екіқабат болып, ұл туыпты. Найман шал бұны көріп, “Бір тұқым қалды ғой, Құдайға шүкіршілік” депті. Сонан ұлының атын Сүкірші қойыпты. Кейін ел «Сүгірші» атап кеткен екен. Осыдан соң Найман шал дүние салыпты.

181. [Найманның ұрпағы «Сүгірші» аталуы]

(ХІ нұсқа) Найман өз өмірінде үш әйел алыпты. Бәйбішесі көп жыл тумаған соң, тоқал алыпты. Одан Қытай туыпты. Жастай би болған соң «Қытай би» деп аталған екен. Осы баласы 16 жасқа келгенде келіншек алып, бір-екі жыл өткен соң бала көрмей, өліп кетіпті. Сонан соң әйелі Әлпеш бикеш атасы Найманға өз төркінінен тағы бір жас тоқал алып беріпті. Одан бір ұл туыпты. Атын Белгібай қойған екен. Осы кезде Арғынның балалары жесір келіншекті аламыз деп таласып жүрген екен. Әлпеш бір өлең шығарыпты:

Қойды елім ұлдың атын Белгібай деп,
Белгі боп атасынан қалды ғой деп.
Бағамын осы ұлды Әлпеш өзім,
«Құдайым тілегімді берді ғой!» – деп.

Тиемін ержеткен соң осы ұлға,
Ойлама, таласқандар, шерлі ғой деп...».

Келіннің ақылды, данышпан екенін көрген Найман шал қатты разы болып: «О, Тәңірім, берген ұлыңа да шүкір, оны күткен келінге де шүкір, осы шүкіршіліктен басқа айтарым жоқ. Шүкір, шүкір!..», – деген екен. Ұлы бір жасқа келер-келместе Найман шал дүние салыпты. Әлпеш айтқанына опа қылып, Белгібай ержеткенде: «Өз қолымда бақсам да – ата баласы», – деп, оған тиген екен, ұл туыпты. Оның атын атасы айтқандай «Шүкір» қойыпты, кейін ел жағынан «Сүгірші» атанып кетіпті.

182. [ Найманның баласы Белгібай немесе Сөгірше туралы аңыз ]

(ХІІ нұсқа) Найман атамыздың жалғыз баласы Тоқпан жиырма жасында қайтыс болып, жұбайы Ақсұлу жесір қалады. Атасы Найманның бәйбішесі де дүние салады. Үйсін Дәулет бидің Әлпеш деген қызын атасына алып береді. Сол кезде Ақсұлу Әлпешке «Қызеней» деп ат қояды, Қызенейді өзі тәрбиелейді. Қызеней бала көтеріп, күні жеткенде ұл табады. Ұлан-асыр ұлы той болады. Ақсұлу баланың атын «атамның белгісі» деп «Белгібай» қояды (шежіреде Белгібай емес, «Төленді»), кейіннен оған «Сөгірше» деген лақап ат тағылады.

183. [Бура, Көкжарлы туралы]

(І нұсқа) Арнауыттың бүкіл елге белгілі қасиетті «Шұбарат» деген аты болады. Аттың қолтығында және таңдайында қара қалы (белгісі) болады, бірақ оны Арнауыт байқамайды екен. Сүгірші жолдастарымен жолаушылап, Арнауыттың аулына келіп түссе, Шұбарат кермеде байлаулы тұрады. Сүгірші аттан түсісімен Шұбараттың белгісін жақсылап көріп алады.

Гүлбаршын ару қыз болса керек, әкесі Арнауытқа:

– Қонағың құтты да, тентек те, – деп, ескертіпті.

Сүгірші: «Құнан күнінде жоғалтқан Шұбарат – «менікі», – деп даулайды. Арнауыт би: «Бүтін ел біледі, құлын күнінен қолбала болып өскен», – деп көнбейді. Ақыры екеуі қазыға жүгінеді, қазы атты алдырып қарағанда, Сүгіршінің айтқан белгісі дұрыс болып, ат Сүгіршіге тиеді. Арнауытта ұл бала жоқ екен. Гүлбаршынды Сүгіршіге қоспақшы болады. Сүйтіп, Сүгіршінің Гүлбаршынға үйленуін осыған байланыстырады. Сонымен Сүгірші мен Гүлбаршын қосылған соң Наймантай, Төлек деген екі бала болады. Наймантайдан Бақана, Бақанас деген екі ұлы болады. Наймантай ертерек өліп, екі бала Саржомарттың тәрбиесінде болады. Саржомарт жолаушылап жүргенде екі бала өздерін «жетімбіз» деп санап, саудагер кірекештерге еріп, Түркістан кетеді. Арттарынан қуып барған Саржомарт Түркістан әкіміне Бақана үшін бір бура беріп, Бақанас үшін көк жал атын беріп, еліне алып қайтады. Арада біраз жылдар өткен соң өздеріне әкесі қойған аттары аталмай, Бақананы – «Бура» деп, Бақанасты – «Көкжарлы» деп аталып кеткен.

184.[Саржомарттың екі баланы қайтарып, олардың «Бура», «Көкжарлы» атануы]

(ІІ нұсқа) Бір жылы Саржомарт саудамен Бұхар, Ташкент, Хиуа жаққа кетеді. Келер күз салқын түсе келеді. Бұл аралықта Бақы мен Бақанас Сарының бұрынғы әйелі мен балаларынан қақпай көреді, күйістері кетеді. Ішсе асқа, кисе, киімге жарымайды. Ташкеннен келген сарт саудагерлер сауда жасап, қазақтардан көп мал жиып алады. Малын айдап бару үшін Бақы мен Бақанасты көндіріп, жалдап алады. Олар сартпен бірге кетіп қалады. Саржомарт жолаушылықтан келген соң балалардың жай-күйін сұрап, басқалардан біледі. Келер жылы Сармырза екі баланы іздеп, табады. Ташкент бегінің алдында жүгініске түсіп, екі баланы алып қайту қамына кіріседі. Бекке параға бір көк жал бесті арғымақ пен қара бура түйені сыйға беріп, Бақы мен Бақанасты алып келеді. Екі баланы Сармырза ерекше тәрбиелейді. Екі бала Сармырзаның малын бағып, жаз жауға, қыс жұтқа бермейді. Малдары бұрынғысынан да көбейе түседі. Бақы мен Бақанасты жастары 17-18-ге келген кезде екеуіне де толық жерден қыз айттырып, енші беріп, бөлек шығарып, екі ауыл етіп қоныстандырады. «Көкжал бесті арғымақ беріп алған, көкжалым!” – деп жүріп Бақы, кейіннен Көкжалдының орнына “Көкжарлы” атанады да, «қара бура беріп алған, бурам!” – деп жүріп Бақанас “Бура” атанады.

185. Бура, Көкжалды жайлы аңыз

(ІІІ нұсқа) Сарымырза бір жерде жолаушы жүргенде елін жау шауып әкетеді. Сонда Сарғалдақтың екі жетім баласы Ағалық пен Ерше көлде шомылып ойнап жүріп, қалып қояды. Балалар қайда барарын білмей, сандалып жүргенде ел қыдырып, сауда қып жүрген сарт сол жерге қонып, балаларды көріп, өзімен бірге алып кетеді. Сарымырза батыр жолдан келіп, елін түгендегенде інісінің екі жетім баласы Ағалық пен Ерше жоқ болып шығады. Іздестіріп, сұрастыра келгенде: «Пәлен жерде, бір сарттың қолында қазақтың екі жетім баласы тұр», – дегенді естіп, іздеп барса, өзінің інісінің екі жетім баласы Ағалық пен Ерше болып шығады. Екеуін екі кісі бала қылып, асырап отыр екен. Ағалықты асыраған кісіге өзінің азық артып барған бурасын беріп, Ершені асыраған кісіге қос ат қылып апарған көкжал айғырын беріп, алып қайтыпты.

Сондықтан Ағалық атын қалдырып «Бура» деп, Ерше деген атын қалдырып «Көкжалды» атандырған екен. Ақырында Көкжалдыны да қалдырып, «Көкжарлы» дейді.

186. Бура Найман

Найман деген малшының бір үйір түйесі болыпты. Түйелерінің ішінде адам алатын бурасы бар екен. Бірде кешкісін түйелерін жинап алайын деп барса, жылаған баланың даусын естиді. «Дауыс қайдан шығып жатыр», – деп жан-жағына қарайды. Бағанағы адам алатын бурасының өркешіне кереғапқа салынған бала байлап кетіпті. Дереу сол арада түйені шөгеріп, кереғапты алып қараса, балпанақтай ұл екен. Қуанғанынан баланы алдына ала салып, үйіне келеді.

– Бәйбіше, көктен бала түсті! – дейді. Екеуі баланы өсіріп жеткізеді. Содан «Бура Найман» деген ру пайда болыпты.

187. Төрт Төлегетай тармағы

Төлегетай алғашында Қылышты қожаның қойшысы екен. Ол таң атысымен бір қора қойды далаға өрістетіп, өзі бір төбешіктің басына шығып, тоғайдың көлеңкесінде салқындап жатады екен. Өрістегі ешкі-қойларды екі көк қасқыр қоса бағып-жайып, ит-құстан аман сақтап жүреді. Екі көк қасқыр Төлегетай атаның Құдай берген пірі болса керек. Оны көрген жұрт қайран қалады. Содан Төлегетайды әулие тұтады. Қылышты қожа Төлегетай әулиеге әйелдікке қызын беріпті. Ақырында Төлегетай бай болады, әр нәрсесі өзіне сай болады. Қылышты қожа артына қалдырған өсиетінде: «Құран-дұғаны өзінен бұрын Төлегетай әулиенің аруағына бағыштаңдар!» – деп тапсырады.

188. [Қылышты қожаның Төлегатайға қыз беруі]

Момынқожадан Сағынай (Найман). Сағынайдың жалғыз баласы болған. Ол аңшы [пен] қақпан, бүркіт салатын еді. Баласына аңшының қызын алып берген. Баланың бүркіті аң алмай, қапа болып аңнан келгесін, бүркітті жібермек болады.

Әйелі: «Бүркітті мен қайырамын, аңға шығатын күнді мен айтамын!» – дейді. Бала айтқан уақытына шыдамай аңға шығады. Әйелі: «Аңға жалғыз шықпаңыз, қасыңа кісі ертіңіз!» – дейді. Айтқанын орындамай, аңға шығады. Бүркіттің талпынғанына тыңдамай томағаны алып, жібереді. Аң таппай баланың өзіне түсіп, бала қаза табады. Тумаған жас келінді Ноғанай алмақ болады, келін күйеуі өлгесін Сағынайға қыз алып береді. Ол бір бала туады, оның атын келін «Төлекатай» деп қояды. Төлегатай он үшке келгесін келінге қосады. Ноғанайға жас келінді қосады. Төлегатай жеңгесін алғасын, онан екі бала туады: Ержомарт (Ертінді), Саржомарт. Екі балаға қарамастан зияратқа Түркістанға, онан Қорасан Қылыштыға келеді. Қылыштының он екі адам баққан қойын бір өзі бағады. Қылышты сыртынан байқаса, Төлегатай құмның басында құбылаға қарап зікір салып отырады. Құдықтан су науаға құйылып, қойлар бөлініп-бөлініп су ішіп, жайылып жүргенін көрді. Қылышты үйіне келіп: «Баланың дәрежесі менен артық келді, біз қызды берейік!» – деді. Бибісі оған көнбеді: «Қаңғырған балаға қыз беріп», – деді. Төлегатай оны біліп, наразы болды. Қыз оң жақ аяғын ала алмай ақсады. Қылышты сезді де, қызын Төлегатайға берді.

189. Төрт Төлегетай

(ХІІІ нұсқа) Шұбартай жастай өліп, келіншегі жастай қалса керек. Сонда Арғынның көп балалары: “Мен аламын, мен аламын!” – деп таласқан көрінеді.

Сонда қатын:

– Мен атамның көзі тірісінде ешқайсыңа тимеймін, мына атамның бір атары бар шығар, – деп құрбы-құрдастарына жалынды дейді. Содан әлгілер малды аямай беріп, бір кедейдің қызын алып береді. Жұмыс үстінде Найман шал өкіріп өліп кетіпті дейді. Қыз шалдан екі қабат болып, ұл туады. Оның атын «Төлек атай» қойыпты. Шұбартайдың әйелі әлгі Төлекатайдың өсуін, ер жетуін күтіп, отырып қалыпты. Кейін соған тұрмысқа шығып, одан бала көтеріп, ақыры үбірлі-шүбірлі болады. Осы жерде: «Арғын алты ауыл болғанда, Найман жалғыз-ақ үй болып жүрген екен», – деген сөз ертеден айтылып келеді.

Төлекатай сол заманда жұрт аузында әулие атанған. Қылышқожаның қойын баққан. Қылышқожаның ұлы жоқ, жалғыз қызы болған екен. Қыздың жасы толып, бой жеткен соң сарт-сауанның байлары мал беріп, қызды балаларына алып бермек болады. Сол кезде Төлекатай өзімен бірге қой бағып жүргендерге:

– Бұл қазақ қатынсыз өлейін деп жүрсе, қожа қызын сартқа береді екен, – депті. Қойшылардың бұл сөзін естіген Қылыш қожа қарқ-қарқ күліп:

– Рас айтады, Шұбартайдың төлеуіне келген Төлекатайға қызымды бердім, – деп, қызын қосыпты.

Өр Найман, Қаракерей, Садыр, Матай – Төртуыл қожа қызынан туғандар екен. Баяғы сарғая күтіп отырған жеңгесін алып, одан бір ұл туып, оның атын Қытай қояды. Төлек атай Қылыш қожаның қызын алған соң бай болады, әр нәрсесі сай болады. Содан ол бір аста атын бәйгеге қосып, сол бәйгеден аты келіп, бір күңді беріпті. Күңге Төлекатайдың өзі аяғын салып, одан Сүгірші деген ұл туады. Олар өсе келе Сүгіршіні Қытай айбалтаның астына алып, өлімші етіп тастап кетеді. Сонда ел: “Бағанағы кәйтті, бағанағы кәйтті?” – деп жүріп, Сүгірші «Бағаналы» аталады. Бағаналы, Балталы аталған – солардың ұрпағы.

190. [Ақсұлу келіннің немересі Төлегетай]

(ХІҮ нұсқа) Найманның келіні Ақсұлуды Арғынның кіші баласы Сүйіндік деген әмеңгерлікке аламын деп мазалаған соң Ақсұлу: “Атамыз тұқымсыз кетіп, түтіні өшіп қала ма деп”, – деп атасының сарықға отырған жеріне барып көріп, «атама бір қыз айттырып әперейін» деп ойлайды да, Арғынның баласы Сүйіндікке: “Мен саған тимеймін!” – деп, оған әмеңгерлік жолын беріп, құтылады. Содан әкесі Дулат биге барып “Атама, бір қыз алып берсем бе деген оймен келдім, сізге айтып ақылдасайын деп келдім” деген соң әкесі Дулат би: “Балам, тілеуің дұрыс, дұғаң қабыл болсын, Аллаһу акбар!” деп батасын беріп қайтарған соң Үйсіннен өзі барып, қалың малын беріп қыз айттырып әкеледі. Қыз әкелсе, атасы Найман жатыр екен:

– Балам, мынау ертіп жүрген қызың кім? – деп сұрайды.

Сонда Ақсұлу атасына айтады:

– Бұл қыз енем әрі қызым, – деп, сонда ол қызға «Қызеней» деп ат қояды.

Сол уақытта атасына тоқтының құртын езіп беріп, тұмса туған түйенің сүтін қымыран қылып ашытып береді. Атасын солай тәрбиелейді екен. Сонымен молда алдырып, қыздың некесін қидырып, атасына қосқан. Сонымен Ақсұлу «Найманның әулие келіні» атанады. Содан Қызеней екіқабат болып, бір еркек бала табады. «Атамнан қалған белгі ғой!» – деп атын «Белгібай» қойған. Белгібайды өзі тәрбиелеп өсіріп, Белгібай он сегіз жасқа келгенде өзі отыз алты жасқа келіп еді. Молда алдырып өзі Белгібайға некеленеді. Әулие келін Белгібайға некеленген соң екіқабат болып бір еркек бала табады. Оның атын Сүйініш қояды. Сүйініштен Төлегетай туады. Төлегетайдан Қытай туады. Қытайдан: Төртуыл, Қаракерей, Матай, Садыр – төртеу туып, Қытай отыз алты жасында қайтыс болады да, төрт ұл үлкен әкесі Төлегетайдың тәрбиесінде қалып, одан «Төрт Төлегетай» атанады.

191. Қызай руы

Қызайдың (Нұрбикенің) сіңлісі Күнбике мұрны үлкен болғандықтан «Мұрын» аталыпты. Ол кісі ұзатылған соң көп жыл бала көтермепті. Төркініне барып шешесіне (Үйсін Бәйдібек байдың тоқалы Домалақ енеге) айтқан екен. Шешесі:

– Менің барлық ақыл-пейілім апайыңа ауған. Сол апайыңа барып батасын ал! – депті.

Күнбике шешесінің айтқанын орындапты. Нұрбике сіңлісі Күнбике аттанарда, оның қалауы бойынша бір іш киімін беріпті. Мұрын разы болып, аттанған соң ұзап кеткенше Қызай оның артынан қарап тұрыпты. Мұрын артына бұрылып қарамай кете беріпті.

Сонда Қызай:

– Япыр-ай! Мына сіңлімнің артына бір қармай кеткен-ай! Оның ұрпағы енді менікінен көп болатын болды, – депті.

192. Ағарыстың ұрпақтары туралы

[Қызайға байланысыты аңыз] Ақсақалдың, асылы аты – Бәйдібек екен. Бәйдібек ел атасы болғандықтан, «Ақсақал» атаныпты. Оның бәйбішесінен 6 ұл туған екен. Кейін Бәйдібек қожа қызы «Домалақ ене» атанған кісіні тоқалдыққа алыпты. Домалақ енеден бір қыз туылыпты. Осы келіннің аяғы жаққандықтан, Ақсақалдың атасы Абақ жылқылы болған екен, Бәйдібек одан көп жылқыны енші алыпты. Кейін елден шауып алған жылқысымен қосылып, оның жылқысы өте молайған екен. Бір жылы жайлауға көшерде Бәйдібек Домалақ енені жұртқа тастап көшіп кетіпті. Жалғыз ғана кер биені сауып ішіп, жапан далада Домалақ ене қызымен екеуі күн кешіпті. Бір күндері Ақсақалдың жылқысын шабуға келген жаушылар жапан даладағы қосты көріп, қосқа бұрылады. Домалақ енеден Ақсақалдың қайда кеткенін сұрайды. Домалақ ене оларға: «Ақсақал қара жұртына мені тастап көшіп кеткен», – деп жөнін айтады. Жаушылар: «Біз Ақсақалдан кегімізді алғалы келдік. Шауып әкеткен жылқымызға бар жылқысын қосып қайтарып әкелгелі кетіп барамыз», – депті. Оларға көже жасап берген Домалақ ене: «Қайтқанда қара қосқа түсе кетіңдер, малдың сілекейін алып қалайын», – деген талабын айтыпты. Сүйтіп, бұл жортуылшылар сол жолы ақсақалдың сан мың жылқысын шауып қайтыпты. Жол жөнекей қара қосқа тағы келіпті. Малдың сілекейі үшін Домалақ ене қалың жылқының ішінен қара жал сары айғырды ұстап алған соң: «Ал, балалар, мал сілекейіне сары айғырды алып қалдым, сендерге разымын, жылқыларыңды айдап кете беріңдер!» – депті. Арадан неше күндер өткенде Ақсақалдың бәйбішеден туған алты ұлы шабындыға кеткен жылқысын қуалап осы араға келіпті. Домалақ ене оларға: «Балаларым, жарақтанған жауларың тым мықты көрінеді. Сендер қумай-ақ қойыңдар, мен жылқының түп қазығын ұстап қалдым, ол кісінесе барлық жылқың қайтып келеді. Жазым боласыңдар, соңынан қуалаушы болмаңдар!» – деп насихат айтады. Ашулы алты ұл бұл сөзге көнбей, жылқының соңынан қуып кетеді. Олар жол ортада қуып жетіп, жортуылшлармен сайысқа түседі. Қалың жортуылшы неден тайынсын, олар алты ұлдың алтауын да садақпен атып өлтіріп кетеді. Қуғыншыдан құтылған жортуылшылар бір түбекке барып емін-еркін дем алады. Бір күні таңертең Домалақ ене сары айғырды «күйт-күйт!» деп кісінетеді. Сары айғыр кісінегенде түбекте жатқан қалың жылқы оқыранып, қайыру бермей, алды-алдына қаша жөнеледі. Жортуылшылар тағалы тай да ұстай алмайды. Қуғыншыларды өлтіріп, мінді болған жортуылшылар жылқы соңына түспей, еліне қайтыпты. Ақсақал жылқысы шабындыға кеткенде үйінде жоқ екен. Кейін ауылына келсе, жылқысы жоқ, жылқыны қуған ұлдары жоқ болған соң, отыра алмай, жылқы ізімен жолға шығыпты. Жүре-жүре жапанда қалған қара қостың маңынан қалың жылқыны көріп, қосқа бұрылады. Домалақ ене оған болған ахуалды айтып береді: «Ұлдарың тілімді алмай кеткен. Жылқы келіп, олардың келмегеніне қарағанда, жауынан жазым тапқан болар», – дейді. Бәйдібек жылқы қайтқан жерге дейін іздеп барса, расында алты ұлы алты жерде сұлап қалыпты. Оларды жерлеп, қайта келген соң, Домалақ ененің шарапатты адам екеніне көзі жетіп, өзі атқа көтеріп мінгізіп, жылқысымен бірге көшіріп кеткен екен. Домалақ ене сол жылы екі қабат болыпты. Ол ай-күніне жетіп толғатып жатқанда, ұлдары өлген бәйбіше қатын іштарлықпен: «Сен секілді домалақтың тұқымын тұқым қылмай-ақ қойдым!» – деп, Домалақты ішке тепкен екен. Сөйтсе де Құдай сақтап, Домалақ ене босанып ұл туыпты. Бәйбішенің аяғы тигендіктен нәрестенің бас сүйегі жарқаштанып кеткен екен. Емсектер таңып, ем-дом жасапты. Ұлдың атын Жарықшақ қойыпты. Міне, осы Жарықшақ Бәйдібектің өсіп-өнген ұрпағы болыпты. Домалақ ененің қызын кейін алпысқа келген Шағыр алыпты. Аты Күнбүбі екен. «Қыз-ей, қыз-әй» деп жүріп, Қызай атанған екен. Шағырдың бұрынғы екі әйелінің бірінен 6 ұл туған екен. Олар кейін «Алты Шағыр» атанған ел болыпты.

1933. Семіз найман туралы аңыз

(І нұсқа) Қара Керейдің Ерторысының немере-шөберелері: Жаңбыршы, Қарамолда, Жанғолы, Меңдібай, Төбет. Осы бес адам аса семіз болып, «бес семіз атанып», рулары да «Семіз найман» атанып кетіпті. Семіз найман деген бір кісіге қойылған ат емес, осылардың барлығын «семіз найман» деп атап кеткен.

194. Семіз найман

(ІІ нұсқа) Байсыйық (Байсымақ) атамыз көкпаршы болып, орта жүздің бір тойында тақымынан лақты тартып ала алмапты. Сонда, Арғынның бір дуалы ауызды адамы: «Мына семіз Найманың кім, бәрің жүріп лақты тақымынан тартып алмадыңдар ғой!» – депті. Содан “Семіз” Найман атанып кетіпті.

195. «Тоғыз таңбалы найман»

(ХҮ нұсқа) Найман атамыз Арғын, Қоңырат, Қыпшақ, Керей, Уақпен бірге туысқан алты ағайынды болып, бұларды «Алты арыс» деп атайды екен. Найманның Қытай би деген ұлы жастай дүние салады. Жаңа түскен жас келіншегі желегі желбіреген күйі жесір қалады. Жас келіншекті Арғынның балалары: «әмеңгерлікке аламыз» деп жігінеді. Келіншек Найман атасының ұрпақсыз кетпеуін ойлап, бидің алдына жүгініп, арыз айтады:

– Мен Найман атама қатын алып беріп, одан туған балаға (қайныма) өзім тиіп, атамнан ұрпақ қалдырамын!» – дейді.

Жас келіншектің бұл тілегін билер қабыл алады. Сонымен келіні Найман атасына қыз әпереді. Одан туған баланың атын Сүгірші қояды. Ержеткен соң оған өзі тиіп, одан талай ұрпақ көреді. Сонда да Найманға қарағанда, Арғынның ұрпағы көп болған екен. Қазақта «Арғын алпыс отау болғанда, Найман әрең алты отау болыпты» деген сөз, міне, осыдан қалыпты. Найманның баласы Сүгіршіден Көкжал, Төлегатай, Терістаңбалы, Сарыжомарт, Ергенекті, Бура, Бағаналы, Қожамбет, Жарболды деген тоғыз ұл туған. Бұларды «Тоғыз таңбалы найман» деп атайды.

196. «Тоғыз таңбалы Найман»

(ХҮІ нұсқа) Найман екі қатын алып одан бала болмапты. Бала көрем бе деп көп жасын өткізген соң тағы бір әйел алыпты. Одан бір ұл туған екен, атын Қытай қойыпты. Ол он алтыға келгенде үйлендіріп әйел алып беріпті, әрі сол жылы ақ кигізге отырғызып би етіп көтерген екен. Сонымен «Қытай би» атаныпты. Ол он сегіз жасқа келгенде ауырып өліп кетіп, әйелі жас қапты. Найманмен бір туған Арғын өзі кедей болғанымен 8-9 ұлы бар, басқа бай екен. Оның ұлдары Найманбайдың жесір келінін аламыз деп талас тудырыпты. Жесір келін оларға тимейтіндігін білдірсе де, олар: «Мен алам, мен алам!» – десіп, өзара соғыс тудырыпты. Сонда Найман шал зар жылап: «Басынғаны-ай, мына тобырлардың!» – деп назаланып кеткен екен, мұны көрген Арғын балаларына насихат айтып, жесірге таласын тоқтатқызыпты. Сонда Найманның келіні түс көріп, ол түсін «сәуе» көрдім деп былай айтады: «Менің көрген сәуеме қарағанда, үлкен атаның ұлдары: «біз сегіз боламыз» деп көптігін көрсетпекші болады. Мен атама тағы бір әйел алып беріп, содан туған ұл ержеткенше ергеншегіме күзет қойып сақтаймын да, сонан сол ұлға тиіп, атамның ұрпағын тоғызға жеткізем, соғанға дейін ешқайда кетпеймін». Жесір келін шынында да атасына ақыл айтып, оның күтімін жақсылайды, кейін өз төркінінен бір жас қызды алып береді. «Шалекең алмай, мал екең алады» деген сөз осыдан шыққан дейді. Найман шалдың жас әйелі бір жыл өтісімен жүкті болып, ұл туады. Найман шал қуанғанынан: «А, Құдай, ұл бергенге шүкір, шүкіршілік қылайын бұған да!» – деп өкіріп кеткен екен. Елдің Найманды «Өкіреш Найман» деуі де осыдан екен. Бірақ кейбіреулер руларара қағысу-түртісудің салдарынан, Найманды жас әйелімен қосылғанда өкіріп кетіп өлгендіктен: «Өкіреш найман» деген екен десіп, сылтың қылады. Бұл дұрыс емес. Найман осы баласына шүкіршілік еткендігі үшін атын «Шүкір» деп қояды. Баласы жасқа толып талпынғанда, әр күні алдына алып «әлдилейді» екен. Сонда:

«Әлди-әлди, шүкірші,
Қаз-қаз басып жүгірші.
Әбиір беріп атаңа,
Қаңқу сөзден құтылшы...

Әлди-әлди, Шүкірім,
Бәйгеге қосқан үкілім.
Тәңірім саған жар болсын,
Өркен жайсын тұқымың...» –

деп ыстық ықылас білдіріпті. Міне, осы Шүкір кейін ел жағынан «Шүкірші» атала жүріп барып: «Сүгірші» делінетін болған. Ол ержетіп есейген кезде Қытай биден қалған келіні оған некеленіп, одан бір ұл туады. Ұлдың атын Құрманбай қояды. Бұл әйел осыдан кейін бала таппаған соң, тағы бір әйел алып береді. Сүгіршінің бұл әйелінен 8 ұл туады. Бұларды: Терстаңбалы, Бағаналы, Қожамбет, Саржомарт, Бура, Жарболды, Көкжарлы, Ергенекті деп атайды. Сонымен, Құрманбаймен қосылып «Тоғыз таңбалы Найман» аталады.

197. Теріс таңбалы найман руы

(І нұсқа) “Теріс таңбалы” атамыздың әкесі Сүйініш барлық інілеріне әділ, ел ортасында беделді адам болған екен. Інілерінің кенжелері Көкжарлы, Бура Сүйінішке: «Бәріміздің еншімізді әділ бөлдіңіз, сіздің құрметіңізге келіп жататын сыйлық малы мол, сол үшін малыңызға өзгеше таңба салыңыз. Бізде мал таусылса, сізден ала береміз ғой! – деген екен. Содан Сүйініш жылқыларына теріс таңба салады. “Теріс таңбалы Найман” деген атау осыдан шыққан деседі.

198. Терістаңбалы найман туралы аңыз

(ІІ нұсқа) Терістаңбалы атанатын найман – осы Ақтана тұқымы. Оның себебі Ақтана мырзаның малы аса көп болып, малының есебіне жете алмай, танымағандықтан малын әркім пайдаланып кете бергенін өзі танымайтын болыпты. Сонда әкесі Ақтанбай мырзаға айтыпты: «Сен, балам, малыңа ерекше артық, теріс жағынан таңба салсаң, малыңды кім болса, сол таниды», депті. Сонымен теріс жағына таңба салып, «Терістаңбалы» атаныпты. Және осы Терістаңбалы Найманның ноқта ағасы атанады. Сүгірші өзін күтіп, тиемін деп отырған жеңге алған әйелінен туады. Үлкен болған соң, «ноқта ағасы» деп кеткен.

199. Қаракерей руы

...Қазақ пен қалмақтың соғысы кезінде 100-дей жасақ жинап, оны жас, қайратты жігіт Ақбелбеу басқарады. Соғыс алма кезек жеңіспен аяқталып отырады. Кешке қарай демалуға сайды өрлеп, үлкен шатқалдың ішіне ене бергенде, жау алдын-ала жасырынып жатқан екен. Ақбелбеудің адамдары қоршауда қалғанын сезіп саса бастайды. Қалмақтар қуанып, өзінің көптігіне сеніп, қыспаққа алады. Сонда Ақбелбеу өзінің жігіттеріне қоршауды бұзу үшін, бала кезінен садақ тартып жүрген жолдастарына: “Нар тәуекел – бізді құтқаратын жол, оқты қарша боратып қоршауды бұзу керек”, – дейді. Содан, қарамағындағы жігіттері, садақты қарша боратып атқылайды, қалмақтар сасады. Олардың ойы өздерінің көптігіне сенгені және сайдың ішінен ешқайда қаша алмайды деген жоспар-ойы іске, аспай өздері көп садақтың оғынан қырылып, алдынан жол ашады. Содан Ақбелбеуліктер аман-есен құтылады. Осы ерлігі үшін ақсақалдар қуанышты той жасап: “Сені оқты жаңбырша боратқаның үшін және еліңді аман құтқарғаның үшін халқың «Жаңбыршы батыр» деп атайды”, – депті. Содан Ақбелбеу атамыз «Жаңбыршы» болып аталып кеткен.

200. Байжігіт – «Бес байыстың бірі»

Сайбек ханның елін қалмақ шауып, содан жерінен ауып көшіп келе жатып, әз-Жәнібек ханның қорығына келіп, білмей қонып қалады. “Рұқсатсыз ханның жеріне қонған қандай адам ажалына “серік” болған. Қазір біз ханға алып барамыз. Хан бастарыңды алады”, – деп әскерлер ажыраңдаған соң: “Елімізді қалмақ шауып, жерімізден ауған мүсәпір адамдармыз. Қарақтарым, келіңдер, бізге қамқорлық қылыңдар. Үйге түсіп тамақ ішіңдер. Дастарханнан үлкен ешнәрсе жоқ”, – деп жалынып-жалбарынып үйге түсіріп, қатты құрмет көрсетіп, жағдайын айтқан соң, әскерлер қаһарланғанын қойып, қайтпақ болған соң, шеріктердің қасына кісі қосып ханды қонаққа шақырады. “Келіп қонақ болып, дәм татып қайтуын төменшілікпен өтінеміз» дегенді айтып кісі жібергеннен кейін Жұпар ханым айтады еріне (Сайбекке): “Хан алды тар, қаһарлы келеді ғой, сен үйде тұрмай, далаға аң аулап кетіп қал! Ханды балаларымызбен бірге қарсы алып күтеміз”. Сайбек аттанып кетіп қалады. Артынан кешікпей әз-Жәнібек хан нөкерлерін ертіп келе жатқанда Сайбектің 30 ұлы біркелкі болып алдынан шығып, тағзым етіп қарсы алып, үйге түсіреді. Хан да жылы жүзбен аман-сәлем қылып, отырған соң бәйбішеден жағдайды егжей-тегжейлі сұрап түсінеді де:

– Мына жүрген көп жас өспірім бозбала жігіттер кім?” – деп сұрайды.

Бәйбіше:

– Бәрі де өз балам, 30 ұлым бар”, – дейді. Сонда хан:

– Ойпырым-ау, 30 ұлдың бәрі де өзіңнен бе?” – дейді. Сонда: «15-і өзімнен, 15-і кіші әйелден» дегенді айтады.

Сонда Жәнібек хан:

– Өзіңіз сонша кемеңгер бәйбіше көрінесіз, қалайша үйіңізге тоқал алдырғансыз? – дейді.

– Қатын да бақ болмайды ер қорыған,

Хан да ақыл болмайды жер қорыған.
Кеңшіліктен кемшілік болмас деген,
Тараң болса, таймайды кім жолынан.
Алдырмасаң, 15 ұл қайдан келер,

Әркім зиян шекпей ме өз сорынан, –
деп бәйбіше өстіп өлеңмен жауап берген соң, әз-Жәнібек хан жеңіліп:

– Бәйбіше, осы қорық сіздікі болсын. «Жұпар қорығы» атансын», – деп, рұқсат еткен екен.

Сол жерге мекен-жай салып, мекендеген шарасынан асып-толып тұрғанда Сайбек те, Жұпар ханым да қайтыс болды. Елін тағы да қалмақ шауып, 30 ұлдың көпшілігі өліп, тұтқындалып, тірідей қолға түсіп кетеді де, содан Қойшаға, Толымқожа, Тоқтарқожа деген үшеу қалды. Қойшаға Қызай-Матайға кетіп, Толымқожа Керейдегі Жәнібектің еліне барып тиянақтайды. Сол Жәнтекей ішінде өсіп-өніп, Меркіт деген тап атанып, 12 Абақ керейдің біреуі болып кеткен. Ал енді, үшінші – Тоқтарқожа Байыс бабамыздың қолына келіп, бала болып тұрып, Байыстың жылқысын бағады. Өзі күннің есебін айыратын есепші, сәуегей адам екен. Бір жылы Байыс бабаға: “Биыл алдымыздағы келер қыс қатты болады. Елдің малы ақ сүйек болып жұтайтын болады. Сол үшін сіз осы бастан сиыр, түйе, қойдың қыстайтын жерінен үш түлік малды қамағанда сиып тұратындай етіп шымнан қора салдырыңыз. Қысқа салым жер таусылып, елдің малы жұтай бастағанда өзіңіздің үш түлік малыңызды осы шым қораға қамасаңыз, ашыққан мал шым қораны жеп те бітірер, сонда қар да кетер. Сонымен сіздің малыңыз аман қалар. Әйтпесе, мал көп жұтқа шалдығар! Бойдақ қойыңызды соғым уағында қырғызып, етін қатырып қойып, бір қойды бір қызыл қозыға деп елге үлестіріп жіберіңіз. Ал мен жылқыны жылы жаққа айдап, қыстан шығарудың қамын ойлаймын дейді. Қызыл қозы деген қойдың ішіндегі жазғытұрым туатын қозыны айтады. Күз айналып, тоқты болып, енесінен айыратын уақытта жиып алатын болады. Сонымен, Байыс бай жылқышысы Тоқтарқожаның тілін алып жаздай мал қыстайтын жерден қараған, тобылғы араластырып шымнан қора салғызыпты. Енді күз болып, қар жауар алдында Байыста 2 мыңнан астам жылқы бар екен, соны қостап отарға шығарады. Бірнеше жылқышыға Тоқтарқожа бас жылқышы болып жылқыны айдап кетеді. Сонымен күз жаңбырлы, қыс қатты болып ертеден малдың сұрқын кетіре бастайды. Сонда Байыс байда 2 мыңнан артық бойдақ қой бар екен. Соғым уақытында бәрін қырғызып, қатырып қойып, бір қойды бір қызыл қозыдан келер күздегі мизам (қыркүйек) айында жинап алатын болып елге таратып жібереді. Қалған үш түлік малды бағып, қыстан аман алып шығудың әрекетімен шұғылданады. Қыс керемет қатты болып, мұз жауып, ел жұтай бастайды. Байыстың да жерінің шөбі таусылып, жайылым болмай қалған соң үш тәулік малды шым қораға қамайды. Ашыққан мал шым қораны жеп бітіруге айналғанда күн жылынып, қар да кете бастайды. Байыстың қойы да, түйе, сиыры – үш түлік малы қыстан аман шығады. Басқа елдің малы жұтайды. Күн жылынып, көк шығып, жетіліп шөп қарабас шалғын болады, ел жайлауға [шығатын] уақыт тақайды, жылқыдан әлі хабар жоқ. Байыс бай күнде дөң басына шығып қарап отырады екен. Бір күні жылқының кеткен жағынан мұнарланған шаң көрінеді. Сонда Байыстың Мақта деген жас қызы әкесінің қасында ойнап жүр екен. “Балам, осынау біздің жылқының кеткен бетінен көп мал айдағанға ұқсаған мұнар шаң көрінеді. Көзің өткір ғой, қарашы!” – дейді. Мақта қыз қарап отырады да: “Ата, көп мал айдаған келеді”, – депті. “Е, балам осы біздің жылқы-ақ болар. Тағы да қарашы!” –дейді. Мақта қыз қарап отырып: “Ата, көп жылқы айдаған келеді. Жылқыдан қосар ат жетектеген біреу озып шықты”, – дейді де тағы да қарап отырып: “Ата, Тоқтарқожа ат жетектеп келе жатқанын таныдым”, – дейді. Сонда Байыс бай ішін тартып: “Осыдан жылқы аман келсе, осы Мақтамды Тоқтарқожаға беремін!” – деп ойлайды. Сонымен Тоқтарқожа бір атты ыңыршақтап алып, дөң басында отырған Байыс байға сәлем береді де:

– Жылқыны күзде айдап кеткеннен бастап желе көшіп қонып отырдық. Қонған жерімізге долана қазықты қағып отырдық. Қазық бармайтын жерге тоң жерлерге тоқтамадық. Сонда барып Тоқта тауына барсақ, жаңбыр жаумаған, жері құрғақ, қысы жақсы жер екен. Сол жерге қыстап шықтық. Жабағы шолақ болып шықты. Тағалы тайымыз арықтап өліп, шығын болған жоқ. Жылқы аман. Көшейік деген кезімізде бие қауырт құлындап қалып, одан биені тегіс құлындатып, құлыны қарақұлақ болған соң көштік. Кешеуілдеген жайымыз – сол, – деп жөнін айтып, аттарын байлап, торсықтарын түсіргенше Байыс бай үйге жіті басып кіріп, бәйбішесіне айтады: “Мына үйдің босағасына сеңсең тасташы!” – деп. Солай деудің себебі, ол уақыттағы салт бойынша күйеу болатын жігітке отыратын жеріне сеңсең тастайды екен. Бәйбіше ақсақалдың айтуы бойынша босағаға сеңсең тастағанда, Тоқтарожа келіп, сол сеңсеңге отыра кетеді. Сөйтіп, Мақта бойжеткен соң басына отау тұрғызып, Тоқтарқожаға береді. Алдына енші мал салып беріп, бөлек ауыл қондырады.

Мақта апайдан Байжігіт, Жанжігіт деген екі ұл туады. Бұл екі ұл ержетіп, ат жалын тартып мінуге айналған соң, Тоқтарқожа дастархан үстінде отырып: “Ер туған жеріне, ит тойған жеріне” деген бар, біз енді елге қайтайық, көшейік. Балаларға ел-жұртымды таныстырайын дегенді айтады. Оған Мақта апай көніңкіремей:

– Көрмеген, білмеген елге қайдан көшіп барамыз? Бұл жерден не зиян көрдің? Жалғыз басың келіп едің, төрт адам болдың, басыңа үй тұрғызып, бауырыңа қазан астың, алдыңа мал салып, бөлек ауыл болдың, Құдайға шүкір, көшпейміз!” – дейді.

– Ендеше, екі баламды алып өзі кетемін, бармасаң өзің қал. Балалардың киім-кешегін түгендеп кигіз! Және жолай жейтін азық-түлік сал қоржын толтырып, – дейді Тоқтарқожа.

Сонымен Тоқтарқожа екі ұлын ертіп келе жатса, май айында таудың басындағы қар бұзылып, еріп екі жағындағы жар көрінбей, қатты тасып жатқан бір үлкен өзенге кез болады. Бұрынғы өткелді тауып, Тоқтарқожа мен Жанжігіт аттарын суға салып жіберіп ар жаққа малти өтіп шыққанда, Байжігіт өтпей тұрып қалады. “Өт, өт, неге тұрып қалдың?” деген екен олар ар жақта тұрып айқайлап. “Мен өтпеймін, нағашыма барамын және шешемді тастап кетпеймін. Қош болыңдар!” – деп айтады да, кері қайтады.

Байжігітті Байыс қарсы алып, қайтып келгенін қатты құрмет қылып:

– «Қыздан туғанның қиығы жоқ» деген, сені ана ұлдарымнан артық көрмесем, кем көрмеймін , – деп, ұлдарына:

– Байжігітімді қақпай қылмаңдар, сендермен бірдей өсіремін! – дегенді айтып, ықыласын берген екен. Сондықтан Байжігіт елі «Бес Байыстың біріміз» дейтіні осыдан дейді.

201. Ақнайман туралы ел аузында ертегі-аңыз

Жолымбет жолаушылап әлде базарлап Ташкент қаласына барады, сол жерде бір сотталып кеткен өзбектің жесір әйелімен көңіл қосып, әйел ұл туып, атын Қуансейіт қояды. Бала 5 жасқа толған соң баланы алып Жолымбет елге келеді. Қуансейіт ұзын бойлы ат жақты, аққұба батыр тұлғалы көрнекті жігіт болып өседі. Бұған сүйсінген елдің ақсақалдары «Ақ найман» деп атаған. Жүре келе Қуансейіт аты аталмай, лақап атымен «Ақ найман» деп аталып кетіп еді делінген.

202. [Қаптағайдың бүкіл Матайға ұран болғаны]

Найманнан тарайтын төрт Төлегатайдың бірі Матайдан 3 бала туған. Олар: Келдәулет, Дүзжігіт, Кенже деп аталады. Бұларды «Үш матай» деп те атайды. Матай көп жас жасап, Кенженің қолында тұрған екен. Бір күні Келдәулеттің ауылына барғысы келіп, атқа мінеді. Аталарының келе жатқанын көрген Келдәулеттің балалары дереу ақылдасып: «Біріміз ат байлайық, біріміз атамызды аттан түсіріп сүйемелдейік, біріміз төрге көрпе салып, беліне жастық қояйық» ,– деседі де, айтқандарындай істейді.

Бұған разы болған Матай шал:

– Ата көрген аңғарлы азамат екенсіңдер, кейін аталықты адам болады екенсіңдер, – деп ыстық ықылас білдіріпті. Осыдан кейін Келдәулет «Аталық» атаныпты. Матай шал Дүзжігіттің ауылына барғанда, оның балалары:

– Атамды мен түсіремін, – деп арт-артынан келіп қаптаған екен. Мұны көрген Матай шал:

– Атаң келсе, қаптағайсың, жалқауланып жатпағайсың! – депті. Сонымен Дүзжігіт «Қаптағай» атаныпты. Кейін осы Қаптағай бүкіл Матайға, тіпті, тұтас Найманға ұран болған екен.

Ү. ҚОҢЫРАТ ТАЙПАСЫ

203. [Қоңырат елі]

Қиян нәсілінен бір кісі бар еді, оның үш ұлы болды. Үлкені – Жорлық мерген, екіншісі – Қабай шере, үшіншісі – Табұдай. Жорлық Қабай шеремен ұрысып қалды. Жорлық жағын алып, көздей бастап еді, Қабай шере басын аттың жалына жасырып, бұғып қалды. Бір кезде басын көтерді. Жорлық інісін аяп, бірақ қорқытайын деп, оның құлағындағы қалқасын көздеді. Оқ қалқаны тесіп өтті. Жорлық мергеннің Қоңырат атты ұлы бар еді, барша қоңырат елі соның нәсілінен шықты.

204. Қоңырат туралы аңыз

Бекарыстың төрт баласы болады: Арғын, Қыпшақ, Тарақты, Найман. Тарақты үлкен үйде қалады. Ол кіші бала, сондықтан оны «Ноқта ағасы Тарақты» деп атайды. Арғынға, Қыпшаққа енші беріп бөлек шығарады. Ал Найманға жалғыз өзін бөліп, енші береді. Найман Жошы ханның баласы – Жолбарыс ханға арыз етеді. Онда былай дейді: «Туысқаным, мені әкем жалғыз шығарды. Маған қарашыңыздың біреуін еншілес қылып берсеңіз?» Сонда Жолбарыс хан айтты: «Мен 11 жасар күнімде әкем Жошы хан Қызылбастың еліне аттанды. Ол кезде Қызылбасты «Апашы» деп атаушы еді. Сонда әкем мені «жол көрсін, жұртын танысын» деп, ала барған еді. Қысқасы, Жошы қызылбастың елін шауып, малдарын алып, 15 адамын байлап алып қайтты. Елге келгесін: «Баламның бірге шыққан сапары қайырлы болды», – деп, елге келгенсін той қылып, бәйге шаптырмақ болды. Бәйгеге 306 ат жиналған. Сол кезде алыстан бір шаң шықты. «Не шаң?» деп жұрт қарап тұрса, шаңның ішінен қоңыр аты бар бір адам болуы керек, сол келіп топқа қосылды. Қарттар: «Қайдан келесің, кім боласың?» деп сұрады. Ол айтты: «Қызылбастан келем, ханға арызым бар», – деді. Ханға келіп жолықты. «Қайдан келесің?» – деп жөн сұрағанда: «Қызылбастан келемін, өз атым – Менкеншөп Раязал баласы. Келген себебім Жошы хан бәйге қылып жатыр деп естідім. Сол бәйгеге атымды қоспаққа келдім. Мына шартпен қосамын: әгар менің атым озса, бәйгеге не беретін болсаңыз да, менің 15 адамымды босатып беріңіз, соның ішінде төртеуі – жақыным. Егер атым озбаса, 16-құл қылып, ең ауыр қызмет істейтін орынға жұмсауға ризамын. Бұған хан да, халық та риза болып, ант қылып атын қоспақшы болды. Сонымен 307 ат болып жарысқа шықты. Мерзімді жерге барып, атты қатар тұрғызып, аттарын шабысқа жөнелтті. Сол кезде аттың бәрі алға қарай шаба жөнелгенде Менкеншөп баяу шауып, артта қалды. Бірақ тиісті жерге жете бергенде оның аты оза бастайды. Сонда Менкеншөп айтты:

Тұлпардан тер шыққанша,
Жабыдан жан шығар, –

деп, атын тежеп, орта келе барғанда қатты шабысқа салды. Аттың өкімдігімен алда шықты. Сонымен Менкеншөп озып, жақындағанда халық: «Қай ат озып келді?» деп шуылдасты. Көпшілік: «Қоңырат келе жатыр» деді. Аты озып келгенсін атам уәдесін орындап, он бес адамын мал-мүлкімен қайтармақшы болды. Менкеншөп өзінің қызылбастығын жасырып, астындағы атын орай қылып шабады. Адамын босатқансын атам Қоңыратқа айтты: «Саған сансыған жұрттан сан тимесін, менің қырық жігітімнің бірі бол!» – деді. Менкеншөп мұны қабыл алып, адамын елге жіберіп, өзі атама нөкер болып қалды. Атам өлгенсін мен патша болдым, бұл маған да өте жақсы қызмет істеді. Сол айтқан жігітім мына қарсы алдыңда отырған, дыбысы өте алал, сенімді болған үшін саған еншілес қылып бердім! Бұрынғы шын аты – Менкеншөп, қазіргі лақап аты – Қоңырат». Сонда Найман: «Алдияр тақсыр, ханым, құлдық басы», – деп, Қоңыратты ұстап үйіне алып келді. Үш арыстың баласын жинап, боз бие сойып, той жасап: Мына Қоңырат – інім», – деп, көптің ішінде асық жілік ұстатып, еншілес қылды.

205. Орта жүздің бір атасы Қоңырат туралы мағлұмат

Орта жүздің бір баласы – Қоңырат. Қоңыраттар Шыңғысханның жорығына қатты қарсылық білдірді. Содан «Қоңырат» дегенді өлтіре берді. Солай бола тұрса да, қоңыраттың бір қызын алады. Ол кісі 7 жасар Мейрамды (інісі) сандыққа салып жасырып жүреді. Шыңғысханның бір көңілді кезді пайдаланып: «Сіз үлкен қателестіңіз, өзіңіз қайынсыз, балаңыз нағышысыз, әйеліңіз, мен төркінсіз қалдық”, – деген екен. Сонда “Қоңыраттан ұрпақ болса, Алатаудан асыра көтерер ем!” – деген екен. Қоңыраттың «Алатаулап» ұран шақыратыны содан қалған екен. Сонда сандықтағы Мейрамды шығарып көрсеткен екен. Мейрамды өзіне бас уәзір етіп алады.

Кейін Мейрамнан – Қызылсопы, одан Ұзынсопы туады.

206. «Алатау» аты қалай шықты?

Жиенәлі он үш-он төрт жастардағы бозбала шағында салт бойынша нағашысының ауылына қыдырып барады. Нағашылары Божбан руының бақуатты, бас көтерер азаматтары болады. Қалмақтардың қайта-қайта шабуылдап, тыныштық бермей жүрген кездері. Ала тайға мініп барған жиен қонған алғашқы түні қалмақтар ауылға шауып, божбандардың қалың жылқысын айдап кетеді. Жиенәлі таңертең тұрғанында ауылда атқамінер азаматтардың қалмағанын көреді. Сұрастыра жүріп, жылқы барымталған жаудың соңынан қуып кетіпті. Желіде тұрған тайына жайдақ міне шапқан Жиенәлі жаудың соңынан қуа жөнеледі. Нағашылары қалмақтармен шайқасып жатқан жерге де көп ұзамай жетеді. Қалмақтардың саны басымдау екен. Төбенің басында қасындағы нөкерлерімен қолбасысы бақылап тұрады. Жиенәлі ұрандатып ұрысқа енгеннен соң қалмақ біткен тым-тырақай, алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Төбе басындағы қолбасы қашып келген қалмақтардан: “Тайға мінген баладан неге сонша үріктіңдер?” – дегенде: “Бала емес, таудан көшкен селдей болды ол бізге. Таптап кете ме деп қорықтық”, – деп біреулері уәж айтса, екіншілері: “Алатаудан көшкен селдей болды. Өзінің екі иығында екі жолбарыс бар”, – дегенді айтты. Қолбасы жасағының бұл сөзіне тоқтап, “Бұл – қазақтың болайын деп тұрған батыры. Алатаудай тұлғасы бар екен. Малды тастап қайтыңдар!” деген екен. “Алатау батыр” аты осылайша пайда болған деседі.

207. [Қылбелбеу]

Жалпы Жаманбайдың бес баласын «Қылбелбеу – Құрбан» деп атайды. Қылбелбеу деп отырғанымыз – Сырман, Ноғай, Таңатар, Мәмбет. Төртеуі де батыр, барымташы, оның үстіне заман сондай, бала-шағаны асырау керек дегендей, сыртқа шықса мал жетектеп қайтатын өнерлері болған екен. Сондықтан да белдерінен қыл арқан түспепті. Осыдан төртеуі «Қылбелбеу» атанып кеткен.

208. [Көтен атануы туралы]

(І нұсқа) Құрбан әулие кісі болған. Ұрлық пен зорлықты жаны сүймеген. Адал, таза жан екен. Ағаларының ұрлықтарын беттеріне басып, қойыңдар деп талай айтады. Бірақ олар көне қоймаған. Құрбан енді олардың ұрлығын қойдырамын деп, қоңсы-қолаңдарға да айтатын болған. Ағайындылар қанша қорқытқанымен, Құрбан оларды әшкерелеуден қайтпаған. Бірде төртеуі сырттан біраз мал айдап келеді де, тоғайға әкеп жасырып қояды. Артынан қуғыншылар іздеп келеді. Ағайынды төртеуі Құрбан айтып қояды деп, Құрбанды киізге орап, жүктің арасына жиып қойған екен. Құрбан сонда да қуғыншыларға ағаларының жасаған ұрлығын айтып қойыпты. Содан төртеуі Құрбанды сол киізге ораулы күйінде тұншықтырып өлтірмек болады. Сонда Құрбан айтады: “Сендер менің қанымды мойындарыңа жүктеп, босқа күнәһар болмаңдар, дұрысы, мен өз жөніммен кетейін”, – дейді. Құрбан еншісіне тиген қазан-аяғын, қақпан мен балық ұстайтын торын, балтасын алып осы Балтакөлге барыпты дейді. Сонда балық аулап, құс ұстап күнін көріп жүреді. Бірде көл жағасында үсті-басы шоқпыт-шоқпыт мүсәпір әйелді көреді. Әуелі қорқып жүреді, кейін қаңғып жүрген бейшара екенін түсініп, тілдеседі, мәмілеге келеді. Бұл да болса Құдайдың жібергені шығар деп, үйленеді. Ескі көз қариялар Құрбанның кемпірін жалғыздық пен қорқыныштың салдарынан атының да, руының да кім екенін білмейтін мүсәпір жан болған, уәжден ұтылып бара жатқандар Құрбанның балаларына алдымен: “Нағашыларыңның кім екенін біліп алыңдар!” – деп тиісетін дейді. Құрбанның бұл әйелінен Киікші, Тіней, Сасық, Жары, Жартыбас туады. Киікші туғанда қақпанға киік түскен екен, «бұл балам киікші, аңшы болады екен» деп, атын Киікші қойыпты. Ал Жары, Жартыбас қоюының мәнісі: “мендей сорлыға жарым-жартылай бақыт та жетеді” деп, шүкіршілік қылуынан деп түсіндіреді. Сасық – бұл да сол ырыммен қойылған ат. Құрбан тоқсанға келгенде Киікші әкесіне жас келіншек әпереді. Ол жүкті болғанда: “Тоқсанға келген шалда не қауқар бар, бала көлденең өткен көк аттыдан шығар?!” – деген сыпсың әңгіме шығады. Мұны шал да естіп жүреді. Әйел босанарда айтады: “Баланың құйрығын көріңдер, менікі болса көтенінің жиегі болмайды”, – дейді. Шалдың айтқанындай, бала көтені жиексіз туылады. Содан «Көтен» атанып кетеді.

209. [«Құйысқансыз» атанып жүрген Қожамберді туралы]

«Құйысқансыз» атанып жүрген – Қожамберді. Осыған байланысты мынадай аңыз бар. Құдайберді Қанымкүл деген қарындасын көрші жатқан Қаракерей найман Есбайдың баласы Жантуға берген. Қанымкүл құрсақ көтермеген. Сосын ағасының баласы Аманбайды тәрбиелеп алады. Аманбай ер жетеді. Жанту оны өз баласындай бағып-қағып өсіреді, үйлендіреді, одан Қожамберді туады. Көп ұзамай Аманбай қайтыс болады. Жетім қалған Қожамбердіні Қанымкүл бетінен қақпай өсіреді. Ол ірі, батыр тұлғалы болып ер жетеді. Қанымкүл оған сол өңірге белгілі бір байдың қызын алып береді. Одан Шоқай, Шонық, Сарымсақ, Ақбадырақ туады. Бір көкпарда Қожамберді қарсы келгенін тізеден қағып аударып кете береді, басқаларға көкпар бермейді. Сонда наймандар: “Мына қаңғырып келген неме қайтеді-ей?” – деген екен. Осы сөз Қожамбердінің құлағына шалынады. Қожамберді Қанымкүлден мұның мәнісін сұрайды. Айтпасқа лажы болмайды, бар болған жағдайды айтып береді. “Анық бұлардың арасында сондай сөз шығып қалған болса, онда есің барда, еліңді тап! Руың – Қоңырат. Сауран маңында әкеңнің Жаманбай деген інісі бар, соны тауып ал!” – дейді. Арқаның жері тегіс болғандықтан, ондағылар атты құйысқансыз мінеді. Ал қаратаулықтар ылдиға түскенде ер аттың мойнына кетіп қалмасы үшін ерді аттың құйрығының астына құйысқанмен тартып қояды. Арқадан келген Қожамберді атты арқалықтарша құйысқансыз мінеді. Бір жанжалда көзге түскен Қожамбердіні бір дуалы ауыз қария: “Мына құйысқансызың кім?” – деп қапты. Содан Қожамберді, одан тараған ұрпақ «Құйысқансыз» атанып кеткен.

210. Қоңыршұнақ

Құдайбердінің Жаулыбайынан туған Қоныр сопы деген кісі болған, өзінен тараған балашағасымен Шолаққорған жақты мекендеген. Бір шапқыншылықта жоңғарлар Қоңырдың әулетін түгел қырып кетеді. Сонда жалғыз қалған шал: “Шұнақ Құдай, мені де өзің сияқты қу шұнақ қылып қойдың ғой!” – деп жылаған екен. Қоңырдың «Қоңыршұнақ» атануы сонан. Шал сөйтіп бала-шағасынан айрылып, боздап отырғанында: “Ата, мен бармын!” – деп қазанның астынан кіші келіні шығып келе жатыр дейді. Бұл Қоңырсопының ең кіші баласы Жананның әйелі екен, ішінде бес-алты айлық бала қалған. Мына соққыдан басын көтере алмаған шал келінін шақырып алып, былай депті: «Мен өлген соң Қылбелбеу, Құрбандарға бар, Жаманбайдың балалары ғой, шеттетпес», – дейді. Шалды жайғастырып болған соң, жесір келіншек Қылбелбеу, Құрбандардың ауылын іздеп шығады. Жолда Қырғызалылардың аулына кездеседі. Бір қулар: «біз Қылбелбеудің балаларымыз» деп алдап, келіншекті ауылда қалдырады. Біреуіне қосады. Ол адамның өлген әйелінен бала бар екен, бұл да көп ұзамай босанады. Екі бала қатар жетіледі. Бірақ іште келген, әкесі бөлек балаға кім мейірін төге қойсын. Шын аты ұмытылып «Жетім малай» атанады. Екі бала ержеткенде жақындарының бірі өліп, соңында жесірі қалады. Жесір таласы басталады. Әкесі өзінен туған балаға қосамын дейді, шешесі Жетіммалайға қосамын дейді. Әкесі бұған көнгісі келмейді. Сонда шешесі баласына айтыпты: «Сен бүйтіп жүре берсең, қатынсыз өтесің, мыналар сенің қамыңды ойлап жүрген жоқ. Қайтсең де осы жесірді алудың амалын жаса. Ертең інісінің жылын берген соң, мына шал жесірді өз баласына қоспақшы. Сен былай ет. Сенің жақындарың Қылбелбеу, Құрбан, ертең асқа олар да келеді. Сонда сен қолыңа сырық ұста да, жесір даулаудың белгісі солай болады: “Қылбелбеу-Құрбан бармысың, ақымды әперіңдер!” – деп ұран таста», – дейді. Бала солай етеді. Мұның аяғы үлкен жанжалға ұласып, ақырында бала теңдік алады. Жесірді Жетіммалайға қосып, Қылбелбеу-Құрбандар ауылға әкеледі. Таңатардың балаларының «Шоқпарлы» атанып кетуіне осы ұрыс себеп болған деген сөз бар.

211. Тиекті

Жезбикенің Жиделі Байсыннан Түркістанға келе жатып, жолда қарақалпақтан туып алатын баласын: «Тиекті еді», – дейді. Енді біреулер Тиекті Жығалының елде қалған Қожахмет деген ағасы болған, соның баласы дейді. Бұл әңгіме бойынша Тиекті елге Құлшығаш қайтыс боп кеткен соң қосылып, Жақып ағаларының бірінен саналатын Мәмбетәлімен ауылдас тұрған. Кейін жілік ұстасып Оразгелдінің бір атасы ретінде сіңісіп кеткен. Ал «Тиекті» атану себебі күміс тиекті ат мініп жүреді екен. Жалпы Оразгелді дегеніміз – Мәмбетәлі. Мәмбетәлі аса дәулетті, кезінде ел билеген кісі екен. Жұрт “Оразғарлы Мәмбет” деп жүріп, өзі де, кейін одан тарағандар да «Оразгелді» атанып кеткен.

212. [Тентек Көбек]

«Тентек Көбек» атанып жүргендер – Аманқұл батырдан тарағандар. Аманқұл батыр да аңғал, сіңірі шыққан кедей болған. Ол жөнінде мынадай әңгімелер бар. «Итке сүйек қарыздар» демекші, әркімнен қарыздар болып қалған. Қайтарайын десе не малы, не теңгесі жоқ. Бір күні әйеліне айтады: “Бүгін бір кісілер қарызын сұрап келетін шығар. Мен анау жантақтың үстінде жатамын, шәйді сонда әкеліп бер!” – дейді. Даушылар келеді: “Аманқұл қайда?” – деп, әйелі: “Анау жатыр”, – дейді. Қараса, Аманқұлы шешініп тастаған, үйілген жантақтың үстінде жалаңаш, шәй ішіп жатыр. Ішіндегі ересегі айтады: “Мәссаған, мынауың қып-қызыл тентек қой. Қой, бұдан қарызымызды өңдіреміз деп жүрген біз де ақымақ екенбіз, қайтайық!” – дейді де, қайтып кетеді. Аманқұл кедейліктен үйлене алмай жүреді. Бірде мұздан суат ойып жатып ағалары: “Аманқұл, мына суға бір сүңгіп шықсаң, келіншек әпереміз”, – дейді. Аманқұл тайсын ба, шешініп жібереді де сүңгіп шығады, «мынау неке қияр сағылағына» деп екінші рет сүңгиді, «мынау өлі-тірісіне» деп үшінші рет сүңгиді. Ағалары сөйтіп үйлендірген екен. Бірде кәлөшін қолтығына қыстырып, Сырдың таяз жерінен кешіп өтіп келе жатса, ар жақтан біреулер: “Ей, кімсің?” – дейді. “Аманқұлмын” десе: “Қай Аманқұлсың?” – дейді. Аманқұлды танымағанға ашуы келіп: “Көбектің Аманқұлымын” демек болып, “Көбек...” деп екі қолын көтеріп айғайлай бергенде, қолтығындағы кәлөші суға кетіп қалады. Осыдан келіп отырыстарда Көбектің жігіттері мақтана бастаса: “Сөзді қой, Сырдың түбінде жатқан кәлөшіңді тауып ал!” – деп тоқтатады.

213. [Байлар-Жандар ішіндегі Бөлек]

Бөлектің азан шақырып қойған аты Бекболат екен. Кішкентай кезінде үлкен шешесінің баласы Шорапалдың қолында біраз тұрыпты. Бір күні інісін көруге келген Құлшық Бекболаттың көзіндегі мөлтілдеген жасты көріп, әкесіне айтып келеді. Әкесі: “жәутеңдетпей, әкеліңдер баланы!” – дейді. Бұған Шорапал өкпелеп: “Тоқалдың балдарының бөлектенуін қарашы!” – деген екен. Содан Бекболаттан тарағандар «Бөлек» атанып кетеді.

214. [«Қара» атануы]

Мынадай да әңгіме бар. Жолдербіс өлген соң, әйелі тоғыз жасар Жандербісті қорқамын деп қасына алған екен. Күйеуінің жылы өткен соң, әйелдің екі қабат екені білініп қалады. Қайнағасы Байдербіс жанжал шығарады. Әйелді жұрттың алдында қаралап, тас атып өлтірмек болады. Байдербістің сол тұста келінін тілдеп шығарған өлеңі ел аузында әліге дейін сақталып қалған. Сонымен жеңгесі жылап отырса, Жандербіс келіп: «Жеңеше, неге жылап отырсың?» – дейді. Жеңгесі: «Осындай да осындай, ертең мені өлтіргелі жатыр”, – дейді. Қайнысы: “Тірі қалатын жолы бар ма?” – деп сұрайды. “Бар, – дейді жеңгесі, – ол үшін іштегі бала менікі деуің керек”.

Жандербіс солай етеді. Жанжалмен туған бала «Қара» атанып кетеді.

215. [Тама-Көбек]

Ораз қайтыс болғаннан кейін Жезтаңдай баласы Ақылбегін алып, төркініне Қарақайға келеді. Әкесі Есқұл мен ағасы Қыдырдың қолында жүреді. Арада бес-алты жыл өткен соң елден қайнысы Аққошқар іздеп келіп, Жезтаңдайды алып кетпек болады. Бірақ Аққошқар момын, мүсәпірлеу болған екен. Жезтаңдай үй-жайға еге бола алмас деп барудан бас тартады. Амалсыз Аққошқар осында жеңгесімен тұрып қалады. Екеуінен Құлман, Баубек туады. Арада жүз жыл өткен соң, бір қауым ел болып қалған тама-көбектер мен байлар-жандардың арасында жанжал шығады, кісі өлімі болады. Мұның аяғы жақсылыққа апармас деген оймен Құрақ тамалардың датқасы Әйгелді туысқандарын еліне көшіріп әкетпек болады. Бұған көбектердің датқасы Тұрлыбек: “Алда-жалда жақындарың көшеміз десе, мен үндемедім”, – дейді. Осыдан кейін Әйгелді Қоқан хандығының осындағы зекетшісі мыңбасы Мырза биге кіріп, жағдайды айтады. Мырза би: “Елін тауып, кетеміз десе, кім кедергі болады?” – дейді. Сонымен Әйгелді туысқандарына: “Елге көшесіңдер, дайындалыңдар!” –дейді. Тама-көбектер екі жар болады, бірі көшеміз десе, бірі көшпейміз дейді. Тама-көбектің ақсақалы Жаманбай деген кісі ақырында Сапаққа келіп жағдайды айтады: “Көшеміз деп жүрген көп емес, бірен-саран. Бірақ ана Тұрлыбек жақының көшсе, көше берсін!” – депті. Жілік ұстасып, аға-інілі болып едік, мұнысы несі, бір ауыз жылы сөз айтпағаны. Ана Қоқанның құсбегі де көшсін деп жатқан көрінеді. Бата бұзған болмайық”, – дейді. Сапақ Тұрлыбекке келіп: “бұл қалай?” дейді. Тұрлыбек төмен қарап: “Мырза би көшсін депті ғой, менде тұрған не бар?” – депті. Сапақ датқа Мырза бидің: “Елін тауып көшемін десе, кім кедергі болады?” – деген сөзін көкейіне түйіп алады да, Мырзабиге келеді. Сапақтың тегін келмегенін түсінген Мырза би қыпылықтап:

– Жәйша жүрсің бе? – дейді.

– Жәйше. Жұрт туысқандарын тауып, еліне көшіп жатыр екен. Сізді де Қоқанына кетіп қалар, амандасып қалайын деп кеп тұрғаным, – дейді.

Уәжге тұрған Мырза би:

– Әй, тілің кесілгір, сенің осылай дейтініңді жүрегім сезіп еді, қайтарсаңдар қайтарыңдар! – дейді.

Көшті қонған жерінде қуып жетіп, байлар-жандардың жақсылары қайтарып әкелген екен. Сонымен тама-көбек: Ақылбек, Құлман, Баубек болып үш атадан тарайды. Алғашқыда тама-көбектер нағашыларының намымен «Есқұл-Қыдыр Тама» деп аталып жүрген, бірақ бері келе бұл атау ұмыт қалған. Аққошқар үстінен жыртық ақ тонын тастамайды екен. Содан Аққошқардың балалары Құлман мен Баубектен тарағандар өздерін «Ақтонды Тамамыз» деп те атайды.

216. Көлеген

Жандербіс босқыншылықпен жүрген бір қарақалпақты асырап алып, малын бақтырып қояды. Ол ер жеткен соң Қараның балаларының бір қызын алады. Аты – Кенжей екен. “Жағдай қалай, Кенжей?” – десе: “Шүкір, сіздерді көлеңкелеп жүрміз ғой!” – дегеннен басқа ештеңе айтпайды екен. Содан «Көлеген» атанып кеткен.

217. Тоқболат

Жабаттың тағы бір баласы Көккөзден Тоқболат, Ақпанбет, Тоқпанбет, туған. Тоқболаттан: Барақ, Қарасақал. Барақтан Түкетай, Масакөшек, Жиенас, Жұдырық. Барақ батыр кісі болған, одан тарағандар: «біздің бабамыз Тәшкеннің қақпасын талқандаған екен» деп мақтаныш қылады. Оның кіші баласы да әкесі сияқты қарсы келгенді бетіне қаратпайтын жаужүрек болған. Содан өз аты ұмытылып, «Жұдырық» атанып кеткен.

Ақпанбеттен: Тойты, Бұғы.

Тоқболат пен Жандар еншілес болған, көпке дейін қыз алыспаған. Бері келе Тойтының бір баласы Жандардың Қарашаш деген қызына ұрын барып қояды. Содан екеуін ортаға алып, қаралап жатқанда Қарашаш былай деген екен:

Қаңтарда бура мас,
Көктемде айғыр мас.
Байдың қызы мен баласы
Қысы-жазы бірдей мас.

Осындай бір іс болды,
Аламын десең, міне, бас!

Ақсақалдар уәжге тұрып, жеті атадан асса болды емес пе деп, екеуін қосқан екен.Осыдан кейін Тоқболат пен Жандар қыз алысып кеткен.

218. Жетімдер

(І нұсқа) Мелдеби атамыздың үлкен әйелдері: Құндыз, Бибайша, кіші әйелі Жезбике болды. Бибайша орта жасқа келгенше перзентті болмаған екен. Екінші әйелді сол себепті алса керек. Кіші әйелі Жезбике ұл тауып, атын Құдайберді қояды. Мұның лақап аты «Көктіңұлы» атанып кетті. Анамыз Құндыз да жылап жүріп бір балалы болды, атын Тәңірберді қойды дейді. Бұның жанама аты «Көтенші» атанып кетсе керек. Көктің ұлынан: Құлшығаш, Байлар, Жандар, Алғи (Алпас), Оразкелді, Қаракөсе (Қаракөби), Тоқболат. Бұл бес баланың әулеті Көктіңұлы деген елдер болды дейді. Көтенші мен анамыз Бибайша ора жасқа келгенше перзенті болмай көп айлар тарығып жүргенде, Бибайша анамыз жүкті болып, ұл туды деседі. Байдың жүрегі жарылып қуанып, өз заманындағы ишанын шақырып алып: “Тақсыр, сіз де балаға тілектес болыңыз”, – деп, бір шұбар жорға береді екен. «Тарығып жүргенде Құдай берді» деп, баласының атын өзімен серік болсын деп, сүйеніш болғай деп Сүйеніш қояды. Баланы ишанның етегіне салып, батасын алып қалды дейді. Көтеншінің кіші әйелінен: Мақы, Софы, Досымқұл. Досымқұл Қарашық бойында хан болған. Сол кезде Қарашық бойында Азарғ деген шаһар бар еді, ханы Алихан (Бегәлі) деген төре еді дейді. Бұл хан зор хан екен. Мұның жалғыз ғана Сұқсыр ханым деген қызы болды. Қарашық шаһары қырық қақпалы шаһар еді дейді. Бұл Алиханның жалғыз қызы бой жетіпті, мұны көрген хан өз қол астында бір зор жігіт бар еді, оның есімі – Атам төре еді. Соны хан шақыртып алып, қызын берген екен. Күндердің күнінде күйеу баласы ханға қастандық ойлапты, оны сезген хан Атам төрені дарға асып өлтіреді. Қызы жесір қалады. Қызы бір жылдай отырып қалады. Хан жақсы көретін адамдарының бірі Көтенші (Тәңірберді) еді. Шақыртып алып, қызын Көтеншіге береді екен. Содан Сұқсыр ханым анамыз қаза болды дейді. Баланың атын Досымқұл қойған екен. Бұл баланы анамыз Бибайша асырап еді. Досымқұлға бір әйел алып беріп, бөлек үй қылып қояды. Досымқұлға ақыл айтып, басшылық қылатын үлкен ағасы Сүйеніш еді. Бұл Досымқұл етек астында жетім қалған соң, «жетім» аты қалмаған екен. Бұл кісінің ауылы да «Жетімнің ауылы» болып атала береді дейді.

219. Жетімдер

(ІІ нұсқа) Нағанайдың қонысы Отырар деген қаланың қасында болады екен. Бір күні Нағанайдың бір үйір жылқысы жоғалып, әкесі Мелде би деген жастау баласына: “Ас-ауқатыңды алып, қарап кел!” – деп жіберсе, артынша Отырар қаласын қалмақтар басып алып, ел бет-бетімен тарай бастайды. Нағанайдың отыз ұлы сегіз әйелден екен. Үш бала – Орынби, Жығалы, Мелдеби бір анадан. Қалмақтар шауып Отырар халқы үдіреп көше бастады. Бұл отыз ұл бастаған ел Жиделі Байсын, Ысар, Күлеп жаққа қарай шұбырады. Бағзын ба, Нұрата ма деген жерге жеткенде, жоқ қарай жеткен Мелде бимен шешелес Орынби мен Жығалы ақылдасып: “Біз көштен қалайық. Анау жылқы қарап кеткен баланың өлі-тірісінен хабар естігенше осы жерде болайық”, – деп, мәміле қылады. Бірақ Қарақалпақ Байымбет бидің елінде жүріп кеусанмасах істеп жүрген екеуіне де Бадының күні өтіп, ауырып қаза болған секілді. Екі ағасының екі әйелі екі баласымен қалады. Жығалының әйелінің аты – Бозан, баласының аты Бозым еді. Ендігі сөзді жоқ қарай кеткен Мелде биден айтайық. Мелде би келсе, ел басып кеткенін көріп, аң-таң болып тұрғанда жанашыр адамдар: “Олардан хабар естігенше оларды іздеме, іздеймін деп өзің майып боласың”, – деп ақыл айтады. Қырық қақпалы Қарашықтың ханы Бегалы хан дегенге қызметші жігіт болып күн өткізеді. Күндердің бір күні Мелде бидің екі ағасы Байымбет бидің елінде жүріп қаза болыпты. Екі жеңгесі екі баламен қалыпты деп, Мелде биге естіртеді. Мелде би естіген соң, Бегалы ханнан қол, күш жинап, жолға шыға екі інісі мен екі жеңгесін алып келеді. Орын биден қалған Бозымның баласы Божан болды. Кейіннен балалары өсіп, ел-жұрт болған соң, «Божан» руы содан шықты. Жығалының баласы Құлыншақтан Құлшығаш туды. Бұлар елге келген соң Бозан жеңгесі қаза болды. Мелде би Жезбике жеңгесін өзі алады. Мелде бидің өзінің қыздай алған әйелінің аты Құндыз еді. Құндыз бәйбіше бала көтермей жүрсе керек, Жезбике жеңгесі бала көтереді, бұны Құндыз бәйбішесі қызғанып айтатын сөзі бар. Мелдеби жоқта көшіп, айы-күні жеткен Жезбикені жезөкше атандырып, көшкенде жұртқа тастап кеткен. Алланың әмірімен аман-есен ұл тұған, шүберек таппай оны көк жапыраққа орап алған, осы себеп баланы «Көктің ұлы» атандырады. Болмаса шын аты Тәңірберген екен. Құндыз бәйбіше ұзамай бала көтеріп, ұл туып, атын Тәңірберді қояды. Келе-келе жұрт «Көтенші» атандырады. Мұның Көтенші атану себебі, Мелде би атын ерттеп бір жаққа жүретін болса, ерке бала әр нәрсесін әр жаққа апарып тастайды екен. Басқа адамдар балаға ұрысса, мазақ қылып кетеді екен. Мелде би өзі айтады-мыс: «Бұл балаға ұрыспаңдар, бұл бала күшіне сенген бәйбішенің баласы ғой. Бұдан былай сендерге “көтен зорлық” жасайтын болады», – десе керек. Сөйтіп жүріп бала өзін «Көтенші» атандырған.

220. Бесата қалай шыққан?

Жетімдердің о бастан ата қонысы – Түркістан мен Шәуілдір өңірі. Түркістандық Жайма жетім Әжіқожа деген кісі аса дәулетті адам боған екен. Бәйбішесінен туған Мырзагелді, Оразгелді, Аспантай, тоқалынан туған Байтелі деген балалары да заманының алды болған. Соның ішінде, әсіресе, Оразгелдіге ырыс-дәулет артықша қонған екен. Бірде Оразгелді байдың Жолдыторы деген айғыры үйірімен жағалбайлылардың есіне түседі де, ал олар жылқыны айдап, Оқшы төбенің сыртына қуып әкетіп, жасырып қояды... Айғыр үйірімен табылғаннан кейін дау басталады. Кіші жүз о бастан жауынгер халық, оның үстіне егін салып, отырықшы ел болып қалған, ұйымшыл Көтеншінің балаларына ірілік жасайды екен. Жылқыларын Егізқара мен Талдысудағы қыстай азық ететін егінімізді таптады деп 200 ұра дән дау қылады. «Соны төлемесеңдер зиян қыламыз», – деп, бітім жасауға келген Оразгелдінің інісі Байтелі мен аралас жатқан Жаманбайдың жарамдысы Қазан мырзаны жанға ұстайды. Кейін жағалбайлылар мен көтеншінің жақсылары 70 ұра астыққа бітімге келіп, жарасқан болады. Бірақ бұл іс Оразгелдінің абырой-атағына дақ болып жабысады да, намыстанған бай Қоқан ханына 27 жорға, үш тоғыз сыйға тартады да: “Жағалбайлылар жолдан қосылған, өзіміздің ата қонысымыз еді”, – деп Егізқара мен Талдысуды егін-пегінімен өзіне қаратып алады. Сол жолы Оразгелді мырза ханнан датқа болып оралады. Осыдан кейін көтеншілердің жағдайы біршама жақсарып, жағалбайлылардың зорлық-зомбылығынан құтылған. Соңынан ерген руларды отырықшылыққа тартып, егіншілікке үйреткен, сонда ғана ынтымағымыз артып, бірлігіміз нығаяды деген осы Оразгелді датқа екен.

«Отырған Оразгелдіге жаққан,
Қаңғырған хан құлына жаққан.
Оразгелдімен оттас болсаң,
Күліңді Ақтөбеден өшіресің,

Хан құлымен жолдас болсаң,
Ат үстінен су ішерсің», –
деген сөз ел аузында осы күнге дейін сақталып қалған.

Кейінірек датқа қартайып, күші қайта бастағанда, енді жағалбайлылар емес, жаманбайлар зорлық қыла бастайды. Баяғыда Қазан мырзаның Байтелімен бірге жағалбайлыларға жанға ұсталғанын желеулетіп: “Дауыңа дауластық, жауыңа жауластық, туыстығымыздың белгісі болсын”, – деп, алтыйлар Талдысуды алып қойған. Жаманбайлар күнделікті ұсақ-түйек тіршілікте де үстемдік жасай берген. Егін суарса, алдымен жаманбайлар суарған, сал жайса құнарлы жерге жаманбайлардың малдары жайылған. Осының бәрін Оразгелді мырза көзімен көріп, басын шайқап өткен. Мырзаның мүрдесі Әзірет сұлтанда, Абылай ханның көктасына қарсы қойылған. Оразгелді мырза қайтыс болған соң, інісі Аспантай ағасының жылын өткізіп, үлкен бәйге бермекші болады. Мәслихатқа Жауғашты Беласар би ауылда болмай қалады да, қатыса алмайды. Кейін жетімдер осындай дүрілдеген бәйге бермекші дегенді естіп: “ондай бәйге олардың не теңі” деп іштарлық жасайды. Аспантайға келіп: “Баймын деп тым үлкейте берме, кейінгілерге сор боларсың”, – дейді. Ондағысы Жаманбайдың жақсысы өлсе, өстіп бәйге беру қолдан келе ме, келмей ме деген қауіп болуы керек. Бірақ Аспантай: “Атағымызға қарай, дәулетімізге жарай іс қыламыз”, – деп, көнбей қояды. Содан жанжал шығып кетеді де, төбелес үстінде Аспантайға қорғасын қоса өрілген қамшының ұшы жазым тиіп, қайтыс болады. Аспантайдың қабірі Қойлықатада. “Әжіқожа баласы шейіт Аспантай, хижра 1201 жыл” деп жазылған. Жаманбайлардың мықтылығы сонша, олар кісі өлтірсе, құн төлемейді екен де, өздерінен кісі өлсе, екі-үш есе құн алады екен. Ер арасындағы осындай араздықтың салдарынан балалары әкесі Аспантайға ас та бере алмайды. Құн да ала алмайды. Арада біраз жылдар өтеді. Аспантайдың үлкен баласы Көккөз бір шілдеханада Қазан мырзаның қызы Алтынға сөз салады. Сонда есті қыз былай деген екен:

Аспантайдың алты ұлы ағаң, Көккөз,
Жаманбайдан жыртылды жағаң, Көккөз,
Әкең – құнсыз, атаусыз атаң жатыр,
Той-жиын жараспайды саған, Көккөз,

Ас қылып, әкең құнын сұраймын деп,
Мал-жаның боп жүрмесін талаң, Көккөз.

Бұл сөзге намыстанған Көкөз ел жиып, қара сойып, ақылдасып, ағалары Байтелі мен Бақы мырзаны Қоқан ханына жібереді. Әкесіне ас беруге рұқсат алады. Сонда Түркістан шаһарының төрт қақпасында тұрған жыршылар масаттанып, былай деп жар салған екен:

Аспантайдың асы бар,
Алпыс қойдың басы бар,
Тауыса алмасаң асты жеп,
Үйді-үйіңе тасып ал.

Он бес бие сойылар,
Пақыр-міскін тойынар.
Әр табаққа қайқайтып,
Сыңар қазы қойылар.

Ас беріп жатқанда Түркістан ұлығының әкесі жаманбайлардың телі- тентектерін киіз үйге қамап ұстаған екен. Сол жиыннан кейін Саңғыл, Маңғытай, Божбан, Жетімдер руларының ақсақалдары жиналып: “Сен – аңғыл, мен – маңғытай, сен – божбан, мен – жетімдер дегенді қояйық, бірігіп төрт ата болайық, ынтымақ жасамасақ, жаманбайлар күн көрсетпес”, – деп мәмілеге келеді. Төрт қошқар сойып, аруақтарға құрбандық шалады. Осы жерде бір керемет болады. Құданың құдіретімен қазанға салған төрт қошқардың басы алғанда бесеу болып шығады, соған орай, Сары, Сапар болып бөлінетін Жетімдер руы сол кезде-ақ өсіп-өнген халық екен, екі ата болып өнеді де, Саңғыл, Маңғытай, Божбан – бәрі бес ата болып бірігеді. Ақсақалдар осыған бата қылды.

Бесатаның тарихы, міне, осындай.

221. [Қоңыраттың Жетімдері туралы]

Баласы:

– Неге бізді Таздар-Жетімдер дейді? Біздің ауылда бірде-бір таз адам жоқ қой. Өткенде төмендегі Игіліктен жылқы іздеп келген екі бала бізді “тазсындар” деп әбден мазақтап күлді, – деп сұрады. Соңдағы айтылған әңгімеден құлақта қалғаны мынау еді.

– Біздің ең үлкен жетінші атамыз Кенжеғұлдан басталған аңшылық, саятшылық әлі күнге дейін атадан балаға мұра болып ауысып, ата кәсібіміздей қалыптасып кетті. Сол Кенжеғұл атамыз атақты аңшы болыпты. Садағының атқан жебесі бос кетпейтін көзмерген, аңға салатын қыран құс баптап, ат суытып ұстайтын аңшы адам екен. Осы саятшыл, сауықшылдығына қарамай, өте жуас кісі болған көрінеді. Қайда барса да аяғының астыңда аң алатын, асыл текті жүйрік құмай тазылары жатады екен. Сегіз құмай тазысы сегіз жақтан орай қуғанда қашқан аң құтылып көрмепті. Екеуі тас түбіне жата қалып, өзгелері қашқан аңды қоршай, әлгі тас түбінде тығылып жатқан екі тазыға қарай қуады екен. Астындағы жарамды жүйрік қазанаты да әлгі сегіз тазысы секілді Кенжеғұл атамыздың ойын сезе қоятын өте сезімтал, есті жылқы екен, жануар. Бірде сол Кенжеғұл бабамыздың ауылы Қаратаудың төсіндегі жайлауда отырғанда өзі үйге аңнан шаршап оралыпты. Ерте сауып алған сүттерін сәске болмай қыз-келіншектер дәу қара қазанға қайнатып, пісіріп жатады. Дәл сол сәтте қазан астына от жағып жатқан үлкен шешеміз желідегі құлындарға қарай азу тістерін сақылдатып жақындап қалған бес-алты қасқырды көріп қалып, бар даусымен айғайға басады. Аңнан шаршап келіп, ұйықтап жатқан Кенжеғұл бабамыз орнынан атып тұрып, ұйқылы ояу сыртқа жүгіріп шығады. Аяғының астында жатқан сегіз құмай тазысы да өзімен бірге сыртқа қарай атылады. Әлгі жерде тазылар опыр-топыр қасқырлармен айқаса кетеді. Сегіз тазы сыртқа секіргенде есіктің алдыңдағы қайнап жатқан дәу қазан сүтті аударып төгіп кетеді. Айғай-шуға ауыл адамдары жиналып қалады. Шыға сап садағымен тартып жіберген көзмерген Кенжеғұл бабамыз дәу қасқырдың көкжалын жұлып түсіріпті. Қалғанын сегіз құмай шайнап тастапты. Тек жаралы болған екі көкжал ғана қаша жөнеліпті. Атына міне сап, тазыларының соңынан бабамыз да шауыпты. Алғашыңда ештеңеге түсінбеген ауыл адамдарына шешеміз: “Әлгі тазылар ғой, тазылы жетімдер ше, тазылы жетімдер”, – дей беріпті сасқалақтап. Ол кезде ерінің атын атамайтын ата салт бар емес пе? Солайша шешеміз де Кенжеғұл бабамыздың атын атамайды екен. “Міне, балам, біздің Таздар-Жетімдер аталып кетуіміздің қысқаша тарихи осылайша Кенжеғұл бабамыздың тазыларынан шыққан” деген атамның әңгімесі менің есімде мәңгілік қалып қойды. Біз осылай сол “тазылы жетімдер” деген сөзден жүре келе “Таздар, Жетімдер” аталып кетіппіз.

222.[Қоңырат Нағанай аңызы]

Қазақтың үш баласы болған. Ақарыс (Ұлы жүз), Бекарыс (Орта жүз), Жанарыс (Кіші жүз). Біз – Бекарыс балаларымыз. Аңыз бойынша Бекарыстың әкесі – Қазақ, Қазақтың әкесі Алаш екен. Алаштың әкесі Түрік керемет бай, кемеңгер данышпан кісі болған екен. Тәж-дәулет, сән-сәулет, азан-хәумет – бәрі-бәрі бір басында жетіп артылыпты. Бірақ ұл перзенті жоқ екен деседі. Күндердің бір күнінде күнде той, күнде думан боп жататын Бекарыс мырзаның аулына алты әулие келіп, аттан түсіпті. Әулие болса-дағы жарықтықтар, дәруіштің киімін киіп, қолдарына аса таяқ ұстап, өрім-өрім, кір-қожалақ, міскін, мүсәпір қалыпқа түсіп, ақ боз үйдің босағасынан аттап, ішке өтіпті. Төрде отырған Бекарыс мырза орнынан тұрып, қаңғып келген міскін-пақырларды хан келгендей қарсы алыпты. Қалы кілемнің үстіне отырғызып, алдына қазы-қарта, жал-жая, қымыз, бал, шәрбәт, зәмзәм тағамдарын үйіп-төгіп, ас қойыпты. Дәрет алатың суын дайындап, ақ матаға алты бірдей жайнамыз жайыпты. Бекарыстың өз табалдырығынан аттанған қонақ қара ма, хан ба – бірдей құрмет көрсететін әдеті екеніне көзі жетіп, дарқан пейіл, кең дастарқанға риза болған алты әулие ақыры шындарын айтып, өздерінің кім екендіктерімен таныстырыпты. Сөйтсе, алтауы да нағыз дін исламның шайхылары, пәк мұсылмандар екен. Алтауы да Бекарысқа ақ баталарын беріпті. Арада тоғыз ай, он күн өткен соң Бекарыстың бәйбішесі ұл туыпты. Ол ұлдың атын баяғы әулие қожалардың құрметіне Қарақожа деп қойыпты. Келесі жылы тағы бір ұл туады. Оның атын Ақтамберді қойыпты. Сөйтіп, бірінен соң бірі – Қарақожа, Ақтамберді, Дайырқожа, Момынқожа, Ысмайыл, Қосым атты алты ұл өсіпті. Қарақожа үлкен ұлы болған соң бөлек отау етіп шығарыпты. Қарақожадан Арғын туады, Арғынның “аға баласы” атануы осыдан болса керек. Ал Ақтамбердіден – Қыпшақ, Дайырқожадан – Қоңырат, Момыннан – Найман, Ысмайылдан – Керей, Қосымнан Уақ туады деген болжам бар. Ол аңыз бойынша Қоңыраттан Байбөрі, Құлтай, Шынай, Байсары, Дарқожалар туады. Сонымен, Орта жүз – Бекарыстан алты арыс ел болады. Енді бір аңызда Орта жүз – Бекарыстың Мейрамсопы деген баласынан Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ туады. Қоңыраттың төрт баласынан тараған ұрпақ бүгіңде қазіргі өзбек халқының құрамына еніп кеткен. Сонымен Дарақожадан – Ұзынсопы, Ұзынсопыдан Нағанай туады. Осы Нағанайдың отыз ұлы болған. Бірде осы атақты бай Үргеніштің ханына тарту-таралғы тартады. Әбден разы болған хан оған Емен, Семен деген екі құл сыйлапты. Мейірімді Нағанай әлгі екі құлды құлдықтан босатып, жілік ұстатып, өзіне бала етіп алады. Сол екеуін қосқанда Нағанай байдың отыз екі ұлы болыпты. Нағанай байдың бізге есімдері белгілі Ардақ, Қалампырдан өзге тағы бес әйелі болған екен. Осы жеті әйел отыз ұл туған. Ал Қалампыр шешеміз үш бала туған – Орын би, Мелде би, Жығалы мырза. Негізгі айтпағымыз, осы Қалампырдан туған үш баласынан өзге 29 баласы басқа жаққа ауып кеткен. Орын би, Мелде би, Жығалы мырзалардың түпкілікті ата-қоныстары Түркстаннан басталатын ұлан-байтақ территорияны мекендеген. Олар қабырғалы, іргелі руларға айналып, қазақ халқының туын көтерді. Нағанай да, балалары да өңшең сәйгүлік қоңыр аттарды мінеді екен. Содан бірте-бірте Нағанайдың өз аты ұмытылып, бертін келе «Қоңыр аттылар», одан «Қоңырат» аталады.

223. [Жетімдер руы аңызы]

(І нұсқа) Көне Түркстан шаһарының іргесінде Қарашық деген өзен әлі күнге дейін ағады. Сол өзеннің жағасыңда қырық қақпалы әдемі қала болыпты. Сол заманда әлгі қаланы Әліхан деген қалмақ билепті деседі. Бүкіл қала халқы Әліхан ханға алым-салық төлеп тұрыпты. Әліхан ханның үш жүздің баласынан алым-салық жинаушы өкілі Жығалы мырза болыпты. Қаладағы қазақтан басқа жиырма үй сарттар да тұрыпты. Салық жинайтын Жығалы мырза сол үйлердің бірінде жатады екен. Жығалы мырза Әліханды араға салып, сол жатқан үйінің Жезбике атты сұлу қызына үйленіпті. Жезбике шешеміз Жығалы мырзадан Құлшығаш атты бір ұл туады. Жығалы мырза нағашылары Сарыүйсінге қыдырып барғанда қатты ауырып, қайтыс болған соң, Мелде бидің досы Атабай деген кісі Жезбикені елге көшіріп әкеліп, әмеңгерлік жолымен Мелде биге некелеп қосады. Мелде бидің өзінің Құндыз (Құндызай) деген бәйбішесінен Құдайберді атты бір ұлы бар еді. Енді Жезбикеден жыл өткен соң тағы бір ұл көреді. Есімін Тәңірберді қояды. Ендігі бір аңызда «Мелде бидің екі әйелі бір күнде босаныпты» дейді. Екіқабат Жезбикені Құндыз бәйбіше жұртқа жалғыз тастап кеткен екен. Мелде би ауылын жайлауға қондырып болып барып Жезбикені іздепті. Соңынан ескі жұртқа қайтып іздеп келсе, Жезбике босанып, баласын орайтын еш нәрсе таппай, көкке, яғни көк шөпке орап алып, жалғыз өзі емізіп отыр екен. Ал Құдайберді көтіне сенген бәйбішеден туғандықтан «Көтенші», Тәңірберді көкті жөргек қылғандықтан «Көктің ұлы» деп атанып кетіпті деседі. Әліхан ханның ұлы болмапты, тек Сұқсыр ханым деген жалғыз сұлу қызы болыпты. Сол Атамтөре батырға хан қызын қосыпты. Сұқсыр ханым Атамтөреден бір ұл туыпты. Атын Соркүйік қойыпты. Жүректі Атамтөре күндердің күнінде ханның өзіне қарсы шығыпты. Хан Атамтөрені бір түнде өлтіртіп жібереді. Сөйтіп қызы Сұқсыр ханым Соркүйікпен оның артыңда жесір қалыпты. Құдайберді – «Көтенші» салық жинап жүріп ханға жиі барады екен. Бір күні жесір отырған Сұқсыр ханымға ғашық болып, ханға жүз қаралы жылқы беріп, қызына некелеседі. Артынан еріп келген Соркүйікті Құдайберді асырап, бала қылып алады. Құдайбердіден ханның қызы төрт ұл туады. Бірақ бәрі шетінеп кетеді. Соркүйік ер жетіп, Құдайберді оны үйлендіреді. Соркүйіктен Досымқұл деген бір ұл туады. Досымқұл ер жетіп, үйленеді. Одан әйелі төрт перзент көреді. Төрт ұлы – Сапар, Сары, Сыппас, Сүйіліш батырдан тараған ұрпақ Қоңыраттың бір бұтағы «Жетімдер» деген үлкен рулы елге айналады. Бұл – бір аңыз.

224. [Бозжан, Жетімдер аталуы]

(ІІ нұсқа) Сұқсыр ханым сұлуды әкесі Әліхан хан Атамтөре деген батырға қосады. Олардың төрт ұлы болады. Бір соғыста батыр Атамтөре өзінің төрт ұлымен бірге қаза табады. Жесір қалған сұлу Сұқсыр ханымды Мелде бидің ұлы Құдайберді некелеп алады. Сұқсыр ханым алты айдан соң жүкті болады. Дәл осы сәтте елге жау шабады. Ер-азаматтар түгел атқа қонады. Аласапыранда өзгелермен бірге Сұқсыр ханым мен Құдайберді (Көтенші) бір-бірінен ажырасып қалады. Жауға аттанар алдыңда Құдайберді әйеліне Қоңыраттың босаға таңбасын (ІІ) салып көрсетеді: «Егер ұл тусаң, балам мені осы таңба бойынша іздесін!» – дейді. Сұқсыр ханым аман-есен босанады. Есімін Сүйіліш қояды. Сол Сүйіліш ержүрек бала болып өседі. Ол тоғыз жасқа толғаңда әкесін іздеп жолға шығады. Белгілі Бөген бойындағы Қараспан деген жерде Жортпасбай деген адамға кездеседі. Оның руы – Қоңырат, Көктің ұлы екен. Ол жас баланы алдап, өзінің қозысын бақырып қояды. Біраз уақыт өткен соң Сүйіліш қозыларды далаға тастап, әулие Арыстанбабқа қарай қашады. Отырарға келгенде Сүйіліш Жортпасбайдың үлкен ұлы Кебекші батырдың астындағы атынан баяғы шешесі берген Қоңыраттың босаға таңбасынан таниды. Кебекші рахымы түсіп, жетім қалған баланы бауырына басып, ер жеткен соң үйлендіреді. Әліхан хан туған жиені Сүйілішті соңынан іздеп келіп, Кебекшіге алғысын білдіріп, Сүйілішті еліне алып қайтады... Құдайбердінің бір әйелі Қанымқыз бала көтермеген екен. Мелде бидің інісі Орын бидің әйелі босанады. Сол ұлды Қанымқыз шешеміз бауырына басыпты. Құрсағы қанамаған Қанымқыз анамыздың Сүйілішті емізгенде емшегінен сүт саулап шығыпты деседі ел. Сүйіліш Қанымқыз анаға бақыт болып қоныпты. Бауырына басқан соң, көп ұзамай Қанымқыз жүкті болып босанады. Ұл табады. Есімін Сопы деп қояды. Сопыдан Мақы деген ұл туады. Сонымен Құдайбердінің Қанымқыздан Сүйіліш, Сопы, Мақы, Сұқсыр ханымнан Досымқұл – төрт баласы бар еді дейді. Сүйіліштен Жолдыбай туады, Жолдыбайдан Игілік деген ұл туады. Игілікті әкесі еркелетіп «Бозжігітім», «Бозжаным» дейді екен. Сол бала кейін «Божбан» аталып кетеді. Бүгінде сол Божбаннан тараған ұрпақтар сегіз атаға жетті. Ал Сұқсыр ханым анамыздың ұлы Соркүйіктен Досымқұл туғанда, Сүйіліштің анасы Қанымқыз шешеміз Досымқұлды «жетімегім, жетімегім!» деп жүріп, кейін енші беріп шығарғанда «Жетімектің ауылы» атанады. Одан өрбіген ұрпақтар ел аузыңда «Жетімдер» деген іргелі, қабырғалы, рулы елге айналады.

225. [Сүйіліш батырдың Бұхараға сапары жайлы]

(ІІІ нұсқа) Бірде Сүйіліш Бұхараның көшесімен келе жатып өлімге кесілген әлдебір адамға ара түсіп, хан алдына барып уәжден жеңіп, бейбақты өлімнен алып қалады. Өзін өлімнен алып қалған Сүйіліш батырға әлгі адам қатты разы болып, өмірлік дос боп қалады. Күндердің күнінде әлгі досы қатты ауырып, көз жұмар алдыңда Сүйілішке: «Сенің алдыңдағы достық қарызымның бодауы болсын, мал-мүлкім, жас тоқалыма өзің ие бола гөр!» – деп аманат етеді. Осылайша, досы өлген соң Сүйіліш батыр оның жас тоқалына некелесіп, Бұхарада тұрып қалады. Арада бірер жыл өткенде Сауран, Қарашық, Түркістанға жау шапқанын естіген Сүйіліш батыр шыдап жата алмай, аяғы ауыр әйеліне Қоңыраттың босаға таңбасын сызып беріп: «Ұл тусаң, өскесін мені Түркістан төңірегінен іздесін!» – деп, елге жедел жүріп кетіпті. Тағы да жалғыз қалған сорлы әйел күні жетіп, босанады. Баласының атын Шері деп қояды. Жалғыздығына, тағдырына қатты налыған аурушаң, әлсіз әйел көп қиындық көреді. Бала емес, күйік болды деп, баласын «Соркүйік» деп атапты. Кейін Соркүйік аты біртіндеп «Сұркиікке» айналып кетіпті. Сорлы анасы баласынан жасырған сырын тек өзі көз жұмар алдыңда ғана баяндайды. Әкесінің Қоңырат руынан екенін айтады, атының таңбасын сызып береді. «Іздей қалсаң, тек қана атақты көне Түркістан төңірегінен іздеу керектігін» айтып, жылап жатып қайтыс болыпты. Көп ұзамай Сұркиік әкесін іздеп алыс жолға, ата-бабасының мекеніне сапарға шығады. Ғасырлар бойына сыр бермей толқып ағып жатқан атақты сұлу Арыс өзенінің бойында жортпас Құлшығаштан шыққан белгілі Кебекші батырдың атының сауырындағы Қоңыраттың босаға таңбасын көріп қалады. Жүгіріп барып: «Сіз Сүйіліш батыр емесіз бе»? – деп сұрайды. Ал Кебекші: «Иә, сен іздеген Сүйіліш батыр мен боламын», – деп баланы алдап, ауылына әкеліп, малын бақтырып қояды. Оның «Жетім малай» аталып кетуі осы кезең екен. Осылай бала алты айдай мал бағып жүреді. Қамыстан сырнай жасап алып, мұңды әндерді ойнауды әдетіне айналдырады. Бірде Сүйіліш батыр аң аулап жүріп қамыс арасынан сыңсыған сырнай дауысын естиді. Жақыңдап келіп қараса, жасөспірім бала екен. Сол жерде жөн сұрасады. «Кімнің баласысың?» деген сұраққа: «Қоңыр атты Сүйіліш батырдың баласымын» дейді. Екеуі осылай кездейсоқ құшақтасып табысады. Сүйіліш батыр ел-жұртын жинап үлкен той жасайды. Иесіз қалған бір отар қойды қасқыр қырып кетеді. Мал ашуы – жан ашуы, Кебекші әкесі Есім ханға келіп шағым айтады. Ол: «Сүйіліш батыр менің малайымды алып кетіп, бір отар қойымды қасқыр қырып кетті, төлесін!» – дейді. Бұны естіген Сүйіліш қатты қаһарланып: «Баламды алдап-арбап малға салғанымен қоймай, енді қай бетіңмен ханға келіп отырсың?» – дейді. Хан екеуін де сабырға шақырып: «Туысқан адамсыңдар, дауды қойыңдар!» – деп, бітістіріпті. Тек бай: «Қалай болғанда да сенікі жөнсіз тірлік екен», – депті. Сүйіліш батырмен жауласып опа таппасын сезе қойған бай,батырдың арқасынан қағып:

– Менің қателігімді, бір жолға кеш, не тілегіңді де орындайын, – дейді.

Онда, – дейді Сүйіліш, – Сұркиік мені іздеп келе жатқанда, ең бірінші рет көзі түскен керқасқа атты Сұркиікке мінгіз. Бай да екі сөзге келместен, керқасқа атты Сұркиікке мінгізіп жібереді. Сол Сұркиік бала ержете келе әкесі Сүйіліштей жау жүрек батыр болып шығады. Талай рет ел тәуелсіздігі үшін қандай айқастарға керқасқа атпен қарсы шапқан екен. Бірде майдан даласын Есім ханмен бірге бақылап тұрған Сүйіліш батыр баласының ерлігіне риза болып: «Қайран жетімегім, аман жүр»» – деп қалыпты. Дуалы ауыздан шыққан сөз қалың қазаққа жылдам жайылып кетіпті. Сөйтіп, анасынан ерте айырылып, әкесін іздеп келген Сұркиікті «жетім» атаған халық, одан өрбіген ұрпақты «Жетімнің балалары» «Жетімдер» деп атап кеткен деседі.

226. Көтен

(ІІ нұсқа) ...Орта жүз – Қоңырат ішіндегі Жаманбай атасынан Құрбан туады. Оның алты баласының бірі «Көтен» деп аталады. Құрбан қартайып, жасы тоқсанға жақындағанда балалары әкесінің көңілін аулап, елден қыз айттырып, мол етіп қалыңмалын беріп, бір қыз алып беріпті дейді. Құрбан осы қыздан перзентті болып, оған “атамыз қартайғанда Құдай берді” деп келіндері қуанып, қайын атасынан сүйінші сұрайды. Сонда Құрбан: “Сүйінші алуларың қашпас, әкенікі – некүмән, шешенікі – хақ деген, алдымен баланы барып көріндер, егер менен туғаны рас болса, көтенінің жиегі болмас, жамбасында алақандай қалы болар”, – депті. Келіндері жаңа туған нәрестені барып көрсе, Құрбан атасының айтқандары айнымай келіп тұр дейді. Осыдан кейін Құрбанның алты баласының кенжесі “Көтен” деп аталып кетсе керек.

227. [Көктіңұлы және Көтенше туралы аңыз]

(ІІІ нұсқа) Жезбике шешеміз аса сымбатты, үй тірлігіне ұқыпты кісі болған. Мелде биге тиген соң ұзамай жүкті бопты. Ай-күні толып, босанар шағында, Құндызай бәйбіше күндестік кесірімен Мелде биге айтқанын істеп, Жезбикені жұртқа тастап кеткен. «Біз барған соң саған көлік береміз», – деп алдап көшіп кеткен екен. Көшкен жұртта қалған Жезбике Әзіреті Қызыр Ілиястың көмегімен аман босаныпты. Және де сол Қызыр көшіп кеткен көштен бұрын баратын жеріне жеткізіп салады. Жаңа туған баланы орайтын жөргек таппай, көк шөпке орап алған екен. Сол себептен Жезбикеден өрбіген ұрпақ «Көктің ұлы» атанған деседі. Жезбике шешеміз әулие кісі. «Ұрпақтарым көктей болып көбейсін!» – деген ырым жасапты. Жезбикенің тегін кісі еместігін түсінген Құндызай бәйбіше одан бата алып, бала көтерген. Сол Құндызай бәйбішеден туған баланы ауыз дуалы Мелде би: «Бұл көтіне сенген бәйбішенің баласы, аты «Көтенше» дегендіктен, азап шақырып қойылған есімі айтылмай, одан тараған ұрпақ «Көтеншілер» атанып кеткен екен.

228. [Көтенші – Көктіңұлы аңызы]

(ІҮ нұсқа) Қоңырат–Қара–Құдайберді, онан – Берді–Сүгір, оның баласы – Мелде би, Оның үш баласы болған. Мелде би – Отырарда би болған адам. Оны жайлаған бұрынғы қарақалпақтар болған. Мелде бидің әкесінің қолынан қалған екі бала болған: Демен, Семен. Сонымен 32 балам бар деп отырады екен. Қазақтан келген би деп Мелде биді қарақалпақтар өлтіргісі келеді. Мелде бидің төрт баласы: «мал айдап, тоқыма алам» деп Кабул қаласына кетті. Екі құл бала қарақалпақтың әйелінен туған, қарақалпақтар нағашысы болған. Олар – қорғанның есігін ашып-жауып тұрушы. Мелде би екі құлдың баласын нағашыларына қалдырып, өзінің 26 баласымен Отырардан қашып шығады. Отырардан қашып, Қоңырат қаласы деген жерге орнығады (Қоңырат қаласы қарақалпақтарға қарайды). Төрт баласы әкесі өлді деп естігенсін, Жиделі-Байсын деген жерде қоныстап қалады (Самарқан облысына қарайды, сол жердегі өзбектер қоңыратпыз деп атайды, тегі олардың қазақ). Шыңғыс тұқымының бірі қарақалпақтарды Отырардан қуып, Төрткөлге қарай айдағанда Емен-Семен деген екі құлдың ауылы «қазақпыз» деп ажырап қалады. Емен батыр болып өтеді, бала болмаған. Семеннен жалғыз бала туады, ол – Көтенші. Олардың жайлауы жазды күні Сарыарқаға көшеді, қыстағы – Қызылқұм. Бір күні «Қызылқұмнан көң табам» деп Емен батыр бір төбеге шыға келсе, төбенің астында жаңа көшіп кеткен үйдің жұртын көреді. Сол жерде ыңырсыған дауыс шығады. Жанындағы адамын ауылына жібереді (көшіртіп келуге). Ыңырсыған нәрсе көңнің арасынан шығады. Ол көкке ораған жас бала болып шығады. Өзінің перзенті жоқ екен, әйелі бала тумайтын адам екен, сонда Емен батыр әйеліне соны туған етіп, бала туды ғып қояды. Сол баланың аты – Көкұлы деп аталады. Арыстың маңайы, Бақтыаралдың қазақтары: «Емен, Семен, Көкұлы, Көтенші, Қоңырат боламыз», – дейді.

229. Көтенші

(Ү нұсқа) Жаманбайдың балалары: Құрбан, Ноғай, Шоқпарлы, Жауғашты, Қыйра. Құрбан – мүсәпір, момын адам, оның қалған төрт інісі – Жауғашты, Ноғай, Шоқпарлы, Қыйра, бұлардың көзі ұрлықпен өткен. Інілерінің ұрлығын ағасы Құрбан айта берген. Ұры інілері қылдан белбеу буынып ұрлыққа аттанған. Біреулер малын іздеп келсе: «Біздің мына қыл буынған белбеулерің әкелді», – деп отырған. Сондықтан кейінгі төрт ағайынды ұры інілері: «Қылбелбеулі жаманбаймыз» деп атайды. Ұры төрт інісі Құрбанды «өлтірейік» деп мәсілихат құрады. Соны Құрбан естиді де өзінің інілеріне айтады: «Сендердің пиғылдарың бұзылды, мені өлтіресіңдер. Мені өлтіріп қанымды мойындарыңа жүктемеңдер, менің өтініп сұрайтыным бар. Ол мені тірідей Шудің бойына тастап кетіңдер, маған бір балта, бір қақпан, екі қармақ балыққа салатын және бір керме беріңдер! Мен сөйтіп Шудың бойында аң аулап күнімді көрейін, сендердің ұрлықтарыңды айтпайын». Інілері айтқанын істейді. Құрбан күнін көріп жүре береді. Сол кезде Құрбанға жарымжан, бір ақсақ соқыр әйел кездеседі. Әйелдің мүгедектігі болмаса, жасты болған. Жолаушы есекке мінген бір қария адам кездесіп, осы екеуін көріп, некесін қиып, қосып кетеді. Бір күні қақпанына киік түсіп үйіне келсе, мүгедек әйелі ұл тауып отыр. Сол баланың атын «Киікші» деп қойған. Әлгі мүгедек әйел келесі жылы басы сеніп, жарты бас болып бір бала туады. Оның аты «Жарықбас» қойылады. Мүгедек әйелден тағы үш бала туылады. 1.Түней (Тіней) – түнде күркеде туған бала, 2. Жары (балаға жарып қалдық қой дегеннен шыққан), 3. Сасық (бала көбейіп, тіпті, балаға сасып кеттік қой дегеннен шыққан). Үлкен баласы Киікшіге Арғыннан Анар деген қыз әпереді. Кейін келе Киікші өледі. Сонан кейін басқаларына шеше болып, тәрбиелеген Анар болған. Бір күні мүгедек әйел өліп, Құрбан қартайып 80-ге келеді. Сонда келіні күтуге атасын ұялып, қалың мал беріп, Құрбанға күтуші, бір жағы әйел етіп бір қазақтың қызын алып береді. Бір күні ол жүкті болып, еркек бала табады. Сонда Анар келіп, шалды қуантып, шүйінші сұрайды. Сонда шал айтады: «Егер бала менен болса, оның белгісі болады. Ал басқадан болса, белгі болмайды. Егер әлсіз адам менің балам болса, көтенінің жиек бауы болмайды, қызарып еңіреп жатады. Ал басқа жігіттен туған болса, ол белгі болмайды». Баланы қарап жіберсе, бала шалдікі болып шығады. Көтенінің жиек бауы болмайды. Сонда шал «баламды Көтен» деп атаңдар деген.

230. Көктіңұлы

Көктіңұлы тоқалдың баласы. Қоңырат көшкенде тоқалын жұртқа тастап кетеді. Келесі жылы келсе, тоқал баласын (жүкті болған) көкке орап өсірген екен. Содан «Көктіңұлы» атанған.

ҮІ.КЕРЕЙ РУЫ

231. Ашамайлы Керей жайында

Абақ – Ұлы жүз–Үйсіндегі Сарымырза деген адамның қызы, Керейдің немересі Дана бидің келіні еді. Абақ тұрмыстанып, бір балалы болғанда күйеуі қайтыс болыпты, Шымыр атты бір баласымен Абақ жесір өтіпті. Бірқанша уақыт өткеннен кейін жесір отырған жас Абақты сол кездегі қазақ салты бойынша әмеңгерлік жолмен Уақтың немерелерінің біріне қаратпақшы болыпты. Бірақ Абақ Керей шаңырағын сақтап, баласын ержеткізетіндігін, Керей түтінін өшірмейтіндігін, сол үшін басқаға некеленбейтіндігін айтыпты. Сонымен Уақ ұрпақтары мен Абақ ортасында енжарлық туылыпты. Абақ Уақ ұрпақтарының қағажуы мен қақпайлауына шыдай беріпті. Олардан ізгі ниет, туысқандық көре алмапты, ақыры Абақ баласын алып, төркіні Ұлы жүзге көшіп кетіпті. Абақ және жас Шымыр Үйсін елінің жанашырлық қамқорлығына ие болыпты. Әсіресе, Шымырды нағашы жұрты бетіне қақпай, еркелетіп өсіріпті. Нағашысы өзі барған той-думан, топты жерлерге жиенін бірге алып баратын, сөйтіп ел-жұртпен таныстыратын болыпты. Бұны көрген бұрын Шымырды танымайтындар: «Мына балаңызды танымадық қой, сізде осындай бала жоқ сияқты емес пе еді?» – деген сұрақ қойғанда: «Бұл менің «Ашамайлы керейім ғой», – деп жауап береді екен нағашысы. Сөйтіп, жүріп күндер өте келе Шымыр ержетіп, сол елде сыйланып, Шымыр аты ел есінен көтеріліп кетіпті де, оның ұрпақтары «Ашамайлы Керей» атаныпты. Сол ел де медіресе ашып, бала оқытып жатқан заты түрік пе, жоқ өзбек пе, белгісіз Нәзір атты молда бар екен. Абақ ана жалғыз ұлын оқыту үшін медіресеге апарып, молдаға баласын жақсы тәрбиелеп беруді өтініпті. Молда Абақтың кім екенін ұғыса келіп: «Ислам діні, шәриғаты жолында жас әйел сөзсіз некелену керек. Ері жоқ некесіз отырған жас әйелдің қолынан тамақ ішуде харам, тіпті, сол әйел су алған бұлақтың аяқ жағындағы ел сол сумен дәрет алуға болмайды. Сондықтан сіз біреумен некеленгеніңіз жөн», – деген пәтуа айтқан екен. Діннің шырмауына тап болған Абақ ана ұзақ ойлана келіп, Нәзір молдаға келіп: «Мен төркін жұртымда отырмын, менің некеленетін әмеңгерім алыста қалды. Егер бұдан кейін мен туған ұрпақты «Керей» деп айтуға мақұл болсаңыз, сізбен некелесем!» – деген тілек қойыпты. Нәзір Абақ ананың бұл тілегіне келісім беріп, Абақпен некеленіпті де, Абақ ана одан бір ұл көріпті. Ұлының атын Құттықожа қойыпты. Құттықожадан Майқы туыпты. Майқының кейінгі ұрпақтарынан он екі абақ керей тараған екен.

232. Көшебе мен Сибан

Танаш би өзінің үлкен баласы Балғаны Сібір татарының бегі Ағайынбектің қарындасы Ғалия сұлуға үйлендірген. Балға мен Ғалиядан Әзім есімді жалғыз ұл туған. Әзім туған соң, көп ұзамай Танаш бидің бәйбішесі Айша да босанып, бір ұл тауыпты. Ел жайлауға көшіп жатқан кез болса керек, баланың атын Көшебе деп қояды. Дәл осы тұста Танаш бидің інісі Апбас батырдың әйелі Бәтиха да босанып, ол да бір ұл тауыпты. Оның атын Жайлаубек қояды. Ырымшыл қазақ Әзімнен кейін екі шешесінің бірдей босанғанын жақсылыққа балап, Әзімге жеңгелері: “Сыйлы бала”, “Сый бала” деген жанама ат қойып алады. Сол жанама есім еркелете атау барысында “Сибан” болып кетеді. Ашамайлы керейдің Сибан руы – осы Сибанның (Әзімнің) өсіп-өнген ұрпақтары.

233. Руым – Шұбарайғыр, ұраным – Қожаберген

Абақтың үшінші ұлы Құтбердіден – Бағаналы, Жаппас екеуі. Жаппастан: Кенел, Жабай. Кенел жас кезінде Үйсін еліндегі Өміржол деген байдың қызы Ақшыраққа көңіл қосып жүргенде, әкесі Ақшырақты бір байдың ұлына айтырады. Кенел Ақшырақты алып қашып кетеді. Үйсін жағы дау көтеріп, үш жүздің бас қосқан жиынында әр жүзден адам шығып, үш жыл іздейді. Табылмаса, жүз жыл тосуды, табылса, Орта жүзден үш адамның құнын алуды кесім етеді. Арт жағынан осындай дау туып, ауыр жағдай болып жатқан соң Кенел өз атын «Мұғылға» өзгертіп, қырғыз елінің Мұндыр деген руына барып сіңіп, мекендеп, өсіп, өркен жаяды. Өз тектерін айтпауға ант еткендіктен, қатты сыр сақтайды. Кенелден Мәнжол, Қаңылы туады. Мәнжолдан – Байбағыс, Келбағыс екеуі. Кейін Келбағыс балаларын алып, өз елі Жаппасты табады. Сонда әкенің де, баланың да мінетін жалғыз шұбар айғыры бар екен. Ел оларды «Шұбарайғырлы» деп жүріп, оның ұрпақтары “Шұбарайғыр” атанып кетеді.

234. «Бодансыз Керей» аталу мәнісі

“Керейден бір Жәнібек деген батыр шығыпты. Шақшақ Жәнібектің жиені екен”, – деп естіген едім. Бұл “Ер Жәнібек” атаныпты. Мұның қылған ісі: “Керейді орысқа қаратпаймын! – деп, – Алатау мен Алтай тауының аралығында Алакөл деген көл бар, бір өзіне жеті өзен құяды. Тайы құлындап, тайлағы боталайтұғын жер, бұл Сарыарқадан да артық, Жиделі-Байсыннан да артық!” – деп, елін солай қарай аудырыпты. Өзіне ерген ел барыпты. “Қалғанын тағы алып келемін! – деп, – бұл жаққа келіп қайтып бара жатқанда, ажал шап етіп аяғынан алып, жолда өліп, қайда өлсе де, бұл күнге шейін аты жоғалған жоқ”, – дейді. Төрт атаның ұлы Керейдің екі атасының ұлы сол жақта есепсіз бай: “Бодансыз (бодамсыз) Керей атанған” деседі.

235. Шұбарайғыр

Орта жүз Абақ керей тайпасынан тарайтын іргелі рулардың бірі – Шұбарайғыр. Шежіре дерегі бойынша Абақ керейдің Жаната деген жігіті қалмақтардан шұбарайғыр бастаған бір үйір жылқы айдап қайтыпты. Сол шұбарайғырдың үйірі құт болып, өсіп-өніп, Жаната бас құрап, елге танылған екен. Жанатадан тараған ұрпақ рулы елге айналып, олардың “Шұбарайғыр” атануы содан еді дейді.

236. Бес қасқа

... Аласапыран заманда егеулі найза қолға алып күрескен Еламан балалары Бес Қасқа – Көшімбай (Күштібай), Қылжақбас (Қылжықай), Ашан, Қақал, Доғал болады. «Бес Қасқа» бірнеше күн мен түнге алай-дүлей шайқаста жауға дес бермей, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Бұл бесеуі қайда жүрсе де, соғыста болсын, тамақ ішісін, дем алсын, қашан да бірге болып, бірге жүрген. Қаңды шайқаста ерліктерімен көзге түскен Еламан балаларын Әбілхайыр хан өзіне шақыртыпты. Хан алдына “Алдиярлап” келген жігіттерден: “Сендер кімсіңдер?” – деп сұрапты. Сонда олар бір кісідей: “Біз Еламанның балалары едік” деп жауап қайтарыпты. “Ал, бәрің бірге неге соғысасыңдар? – деген хан сұрағына: “Жалғыз қанша мықты болса да, жауға төтеп бере алмайды, көпке шыдамайды. Бірге жүрген бізді жау ала алмайды, шепті бұзып жеңе алмайды. Сондықтан да біз бірге ойран саламыз”, – деп жауап берген екен. Сонда Әбілхайыр хан: “Мыналардың аузынан неше түрлі сөз шығады. Бірлік түбі – қуаныш. Бұларды осы ерліктері мен жау жүректілігі үшін “Бес Қасқа” деп атайық” – дейді. Содан кейін Еламан балалары «Бес Қасқа» атаныпты. Сөйтіп, Еламан руы Қасқа атанып, тарих шежірелеріне “Қасқа” болып еніпті.

ҮІІ. УАҚ

237. (Қарабақ-Уақ әулеті туралы)

Бірде жолаушылап келе жатып Бармақ қалмақтардың қолына түсіпті. «Өлтіру керек!» – деп ұрандайды қалмақтар. Қалмақ ханы жөн сұрайды. «Мен жауласуға шыққан жоқпын. Жолаушымын, қаруым да жоқ», – дейді Бармақ. Оны танығандар: «Бұның бізге істемегені бар ма, жоқ қылу керек!» – деседі.

Сонда Бармақ:

– Әй, мен сендерге жалынбаймын. Өлтіріңдер! – дейді.

Хан:

– Неше ағайындысың? – дегенде:

– Бес ағайындымын. Жәнібек, Жәуке, Есет, Сәрке – бесеуіміз, – дейді.

– А, бұны құртқанмен, аналар бізді тыныш қоймас, сыйын беріп қайтарыңдар, – деп Бармаққа бостандық беріпті.

Оған сол жолы қалмақтар берген қыздан қазіргі Қарабақ Уақ әулеті тарапты.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙