TELEGEI

Home

Армандастар

Рахат Қосбармақ

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Армандастар

Бұл кітап – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында әдебиетке алаулатып, жалаулатып келген жас қаламгерлердің көркем шығармаларының жинағы. Олар бүгінде өмірдің әр саласында абырой-лы қызмет етіп жүр. Араларында жас ғұмырында жарқ етіп көрініп, бұл дүниеден тым ертерек кетіп қалған таланттар да бар. Қазақ журна-листикасына екпіні тау жығардай болып қатты келген, қазіргі күні қай салада жүрсе

Алматы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
журналистика факультеті
1994 жылғы түлектерінің

көркем шығармалары

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Армандастар: жинақ / құраст. Рахат Қосбармақ. – Алматы: Баспагерлер мен кітап таратушылар ассоциациясы, 2014. – 208 б. ІSBN 978-601-7459-07-9 Бұл кітап – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында әдебиетке алаулатып, жалаулатып келген жас қаламгерлердің көркем шығармаларының жинағы. Олар бүгінде өмірдің әр саласында абыройлы қызмет етіп жүр. Араларында жас ғұмырында жарқ етіп көрініп, бұл дүниеден тым ертерек кетіп қалған таланттар да бар. Қазақ журналистикасына екпіні тау жығардай болып қатты келген, қазіргі күні қай салада жүрсе де, қолдарынан қаламы мен қағазы түспеген бұл толқынның бір ерекшелігі – қай тақырыпта қалам тербесе де, шығармалары шынайылығымен, өткірлігімен, өзектілігімен оқырман жүрегін баурап алады. Жинаққа топтастырылған барлық туындылардың басын қосқанда, негізгі айтар ойы, ағар арнасы, құяр сағасы біреу-ақ. Ол – адамгершілік, ар-ождан, мейірім мен шапағат, иман мен инабат мәселелері. Қаншама қадірін асырып, майын тамыза мақтағанмен, кез келген нәрсенің одан бағасы аспандап, артып кетпейтіндігі белгілі. «Мың рет естігеннен – бір рет көрген артық». Ендеше, тоқсаныншы жылдардың жүрек лүпілін өз құлағыңызбен тыңдап, өз көзіңізбен оқып, өз жүрегіңізден өткізіп көріңіз, мәртебелі Оқырман! УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз) © Қосбармақ Р., 2014 © «БКА»Баспагерлер мен кітап ІSBN 978-601-7459-07-9 таратушылар ассоциациясы» ЗТБ, 2014 УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз) Қ 67 Қ 67

АЛҒЫСӨЗ

«Армандастар»
жинағына
егемендіктің
елең-алаңында, яғни, тоқсаныншы жылдардың

басында балауса туындыларымен әдебиетке
келіп, бүгінде қырықтың қырқасына шыққан
бір топ қалам иелерінің шығармалары топтас-
тырылды. Уағында әдебиетке үміттерін үкілеп

келген бұл үркердей шоғырдың біразы бүгінде
өмірдің асау ағынымен, тіршіліктің тегеурінімен
сөз өнерінен жырақтау өзге арналардан бағыт
тапқаны да ақиқат.

Әйтсе де, өткен жүзжылдықтың соңында
ескі жүйе күйреп, өтпелі кезең, өліара шақтың
өңменнен өтер салқынында бұл буын өкілдері
әдебиеттің киелі сүрлеуін үзбей, қара сөзге

деген адалдығынан айнымады, қолдан қала-
мын тастамады. Қал-қадірлерінше Алаш арыс-
тарының
ағартушылық

ағысынан,
көркем
әдебиетке тың серпіліс әкелген жетпісінші
жылдардағы аға буынның үлгісінен, Кеңестер

Одағы дәуірлеп тұрған сексенінші жылдардағы
ақжарма туындыларымен ақтарылған алдыңғы
ұрпақ өкілдерінің сүрлеуінен ғибрат алған
бұл жастар да әдебиетке өзіндік үнімен, дара

стилімен келді.
Ұсынылып отырған жинақ тәуелсіз елдің
жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеуге, олардың
бойына ұлттық қасиет, елдік рух сіңіруге үлес

қосады деген үміттеміз.

ӘБДУӘЛИЕВ СЕРІК БЕГАЛЫҰЛЫ 1972

жылы 18 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан
облысының Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай
ауылдық округінде дүниеге келген. 1989 жылы
Саттар Ерубаев атындағы орта мектепті

күміс медальмен аяқтап, әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің журналистика
факультетіне оқуға түсті.
1994 жылы университетті тәмамдаған

соң еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан об-
лыстық
телерадиокомпаниясында
редак-

тор болып бастады. 1995-1996 жылдары осы жұмыспен қатар
«Хабар» агенттігінің осы өңірдегі штаттан тыс тілшісі міндетін
қоса атқарды. 2001 жылдан бастап «Қазақстан» Ұлттық
телеарнасының ОҚО-дағы меншікті тілшісі, 2006-2007 жылдар

аралығында «Хабар» агенттігінің Қарағанды облысындағы меншікті
тілшісі, 2007-2013 жылдар аралығында осы агенттіктің Өзбекстан
Республикасындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеді. Қазір
«Хабар» агенттігі» АҚ-на қарасты «24.kz» ақпараттық теле-

арнасының жауапты шығарушы редакторы.

АЩЫ ДА БОЛСА, АҚИҚАТ

Маржан сөзге малданар
Қара да бар, хан да бар.
Арзан сөзге алданар
Арсыз туған жан да бар.

Ақиқатты айтатын
Қасиетім қанда бар.
Бүгінде бұлбұл орнына
Сайрайтын болды қарғалар...

Әділдікті айтсам, әспеттер:
Құзғынға жем боп жас кептер;
Қыран-ерлерді жылатып,
Құлагерлерді құлатып,

Бәйгені ап жүр мәстектер....

«СЕЗІМДІ СЕЗУ ҮШІН СЕЗІМ КЕРЕК..»

(Мұқағали Мақатаев)
Жүрегіме жүк артып ,
Қалдым неге құмартып?
Азабынан ғашықтың

Жалғыздық еді мың артық...
Еркесі ме едің еліктің,
Жанымнан жадау нені ұқтың?!
Жайнаған жаздың күніндей

Көңілдің мұзын еріттің.
Өмірде қатал аз ба сын?!
Махаббат оты маздасын.
Сезімнің серті жар болып,

Жұбымды сенен жазбасын!
Байланып қалсын тіл, мейлі,
Жүрекке әмір жүрмейді.
Сағынған сана өзіңнен

Басқа жан барын білмейді...
Тауысып тағат, төзімді,
Жанарым әрең көз ілді.
Асыға күтем, асылым,

Бір ауыз жылы сөзіңді.
Ғасырдан ұзақ түн болды,
Аңсаумен өткен өзіңді.
Шаттықтың нұры шарпысын

Мөп-мөлдір нәркес көзіңді.
Күдерімді үзбей күтемін
Сен сыйлар іңкәр сезімді...

* * *
Сезімнің болдың гүліне белес,
Түсімде – бейнең, түнімен елес.
Бақытым, бағым, аңсаған жаным,

Сені ойлап кірпік ілінер емес...
Бақытым, бағым, сағыныш-сағым,
Жанымды жаулап, арбады.
Күлімдеп көзің,

Дірілдеп төзім,
Тағатым таңға қалмады.
Бір тыным білмей, кірпігімді ілмей,
Көзіммен Айды батырдым.

«Сендікпін» десең,
Кіндігін кесем
Періште-махаббатымның...

ӘЛІШЕВА НҰРЖАМАЛ ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ

1971 жылы 14 қаңтарда Қызылорда облысының
Арал ауданындағы Бөген ауылында дүниеге
келген. Еңбек жолын №20 Бөген орта мектебінде
пионервожатый болып бастады.

1989 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық
университетінің
журналистика

факультетіне оқуға түсіп, оны 1994 жылы бітіріп
шықты. Студент кезінде Алматы облыстық
«Жетісу» газетіне жұмысқа қабылданды. Содан
бері табан аудармай бір орында еңбек етіп, қарапайым тілшіліктен

жауапты хатшылық қызметіне дейін көтерілді. Қазір осы «Жетісу»
газетінде әлеуметтік мәселелер бөлімінің меңгерушісі.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. 2006 жылғы республика-
лық «Жыл журналисі» атағының иегері.

АЙ ЖАРЫҒЫ

Мұрат мектепті бітірген соң басқа да сыныптастары сияқты
үкілі үмітін жетелеп, Алматыға – жоғары оқу орнына барған.
Бірақ жолы болмады. Сынақтан төмен бал алғанда, «Қаржыгер
болсам» деген арманының күлі көкке ұшқандай болды. Бірден

ауылға тартты. Жолға жиналғанда көз жасын сығып қалған
анасына асыққан-ды сонда. Ешқашан үйінен алысқа ұзап
шықпаған ол жаз бойы қалада жүргенде денсаулығы шамалы
сырқат шешесін көре алмай қалатындай болған. Қараторы

жүзін күн қақтаған ауыл баласы өзін тас жолдың үстінде еркін
сезіне алмаған. Үлкен қалада туған-туысы жоқ оны Алматы
көшелері жатырқағандай. Әйтеуір бауыр баса алмады. Досы
Дәурен Астанадан бір-ақ шыққан, Еуразиялық университетке

түсті. Парламент төрінде отырған ағайындары бар, солардың
көмегі тиген болуы керек, әйтеуір жолы болды. Дәуреннің өзі
де білімді бозбала-тын.
«Оқуға келесі жылы тапсырармын» дегенде, осы Зәмзәгүл

анасы еді көнбей қойған. «Жинаған азын-аулақ қаражатпен,

не де болса, барып келші, жарқыным. Мүмкін ілініп кетерсің.
Әлдеқандай заман бар, оқу-тоқусыз қалмағаның дұрыс.
Маған алаңдама, айналамызда Құдайға қараған адамдар
баршылық. Мың болғыр Күлғайшаның өзі-ақ «апалап»,

күніге үш-төрт мәрте келіп-кетіп жүр ғой. Елдің ішінде
отырған мен өлмеспін, уайымдама», - деген шешесі көз жасын
көрсеткісі келмей, теріс айналып кеткен-ді. Үнемдеп, қысып
ұстаған, қарны қасқырша ұлыған кездерде де жұмсамаған

ақшасынан қалғанына апасына төрт бұрышында сары
түсті майда моншақтары бар, қымбат аппақ орамал сатып
алды. Өмірі иығына жарқыратып бір қымбат киім ілмеген
анасын қуантқысы келгені еді. Апасының сонда балаша мәз

болғанын көрсеңіз ғой! Қымбат орамалды болғанына емес,
әрине, ұлының алыста жүріп өзін ойлағанына риза болғаны
ғой. «Құлыным, Құдай бере салған жалғызым!» деп күбірлей
жүріп, дастархан үстін қамдаған...

Мұраттың өмірінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Сол баяғы
бір қоңыр тірлік: таң атса, кеш батады. «Мемлекеттік атаулы
әлеуметтік көмек кедейшілік шегінен өз күшімізбен шығамыз
деп талпынғандарға бір реттік жинақталған мөлшерде беріледі»

дегенде, Мұрат апасымен «Мал сатып алсақ қайтеді?» деп
ақылдасқан. Сөйтіп, бір буаз сиыр сатып алған.
Ол енді күн ұясына қона көше кезіп кететін әдетін тастады.
Араққа әуестігі жоқ болғанымен, бұрын топ болып жиналып

алатын жігіттердің жанында отырушы еді. Оны да қойды.
Себебі, ермек табылды. Таңмен таласа тұрып, қорадағы бұзаулы
сиырды өзі сауып, өріске қосады. Қайтып келіп, «Әукім» деп ат
қойып алған сүйкімді бұзауын қасқа маңдайынан, тамағынан

сипап ұза-а-ақ тұрып алады. Сосын сиырдың астын тазалайды.
Тауықтарына жем шашады. Бір-екі сағат кітапқа үңілетіні бар.
Қазір Мағауиннің «Менін» оқып бастаған.
Бүгін Жәкіш кемпір келді үйге.

– Қараң қалғыр, мына мәсімнің сөгіліп кеткен жерін бір

жүргізіп берші. Үйімізде соқталдай үш еркек бар, біреуінің
қолынан келмейді осыны тігу! Соларды өмірге әкелген әке-
шешесін кінәлаймын ба, жоқ, әлде жұмсамай, еркелетіп өсірген
мына өзімді ме? - деп күңкілдеп отыр.

Мұрат әдеттегіше жылы жымиып алды да, іске кірісіп кетті. Зәмзәгүл де көрші кемпірмен шүйіркелесіп, бір жасап қалды. – Әй, Зәмзәгүл келін, сен бақыттысың ғой. Тілім тасқа, алтын асықтай ұлың менің анау үш немеремнен артық. Айналайын, қолынан келмейтіні жоқ, Құдайдың қарасқаны шығар саған. Осы ауыл жұрты шебер Тұяқ шал көз жұмғалы Мұратқа келеді, «іске жарады» деген осы, - деп бір қойды. Кейуана сөзінің жаны бар. Ауыл-аймақтағы аяғы жеткендер Мұратқа бірі тілі салақтап, табаны түскен бәтеңкесін, енді бірі өкшесі мүжілген етігін, ал үшіншісі бұзылып қалған үтігін немесе шәйнегін, ал төртіншісі басы сылқылдап тұрған айыр-күрегін ала келеді. Еңбегі үшін жас жігіт ақы сұрамайды. Апасы: «Қол ақыңды өздері беріп жатса – аларсың, әйтпесе, дәметпе», - дейді. Ауылға бастауыш сынып мұғалімі келгелі Мұрат өзгерген сияқты. Жүрегіне өзіне бағынбайтын әлдебір сезім ұялағандай. Кеше өзінің бұрынғы сынып жетекшісі: «Тәрбие сағатын өткізейін деп едім, көлемді стенд жасап берші, мектепке келіп кетерсің», - дегенде, жүрегі тайдай тулай жөнелген. Ал мектеп ауласынан қарсы жолығып қалған Жұлдыздың өзін көргенде, кеудесінен жүздеген ат дүрсілдете шауып өтіп жатқандай жүрегі тарсылдап кетті. Мұндай кездесуді күтпеген ол ұялғанынан балаша құйынперен жүгірген күйі кітапхана алдынан бір-ақ шығыпты. Жолда сынып жетекшісін қағып кете жаздағанына тіпті қысылды. Көз алдынан Жұлдыздың әнтек ашылған қалың ерні мен мөлдір қара көзі кетпеді. «Балалар үйінде тәрбиеленіпті» деген әңгіме естіген. Расымен де, көзінде әлдебір мұң бардай. Сол күні кешке Мұрат малын жайғап болған соң үйде отыра алмай, өзен жаққа барды. Сырын бөлісер жан таппағанда ылғи солай, алып таудың өр қойнауында жатқан өзенге телміретіні бар. Аспан төрінен алғашқы жұлдыздар көрінгенше отырды. Түн түндігінде моншақтай жарқыраған жұлдыздарды санай бастады. Олардың бірте-бірте әр-әр жерден көбейе бастағаны соншалық, санынан жаңылысып қалды. Оралханның бір шығармасынан оқығаны бар-ды: «Не жылуы жоқ, не жарытып жарық бермейтін жұлдызды адамзат не себепті жақсы көреді осы? Әлде өте тұңғиықта, қол жетпес биікте болғандықтан ба?.». Ай жарығымен екі езуі көпіршіп, долдана ағып жатқан өзенге қарап, оның бетінен

Жұлдыздың мұңға толы бағанағы әдемі көзін іздегендей болды.
Таппады. Түнде өзен сарыны күндізгіден әлдеқайда қатты естіледі.
Бойына қорқыныш ұялағандай. «Жұлдызға ғашықтығымды
білдіртсем» деген ойынан да қорқып кеткендей селк етті. Ол

өзінен үш жас үлкен ғой. «Баласың» десе, меселі қайтып қалса
ше?.. Оның үстіне киімі де мәз емес, «Үнемі мұнтаздай тап-таза
жүретін мұғалім бәріне зер сала қарайтын шығар» деп ойлады...
...Тау қойнауында жатқан момақан ауылға әртістер келді.

«Ауыл жылына» концерт қоюға келген көрінеді. Едені ырсиып-
ырсиып тұрған шағын клубты көктемде үш жігіт болып тақтайлап,
төріне қоңыр мата іліп, сахна кейпін жасаған. Қоғамдық жұмысқа
тартылған екі әйел бірнеше қайтара әктеп еді, әжептәуір еңселеніп

қалды. Бүгін сахнаға аспан түстес көк матамен жабылған үстел
қойылыпты. Алдымен ауданнан келген өкілдер сөйлейтін сыңайлы.
Клубқа үлкен-кіші бірдей жиналыпты. Енді ше, күнделікті
күйбең тірліктен бір босамайтын ауыл тұрғындары бір серпілгісі

келеді де. Бірақ Мұраттың апасы: «Ауырыңқырап тұрмын», - деп,
бармай, үйде қалды. «Сен де жүрсеңші», - деп қиылып тұрған
ұлының көңілін алдағандығы бұл. Әйтпесе, Зәмзәгүл шуды,
көпшілікті көтере алмайды.

Қайсысының кешігіп жатқаны белгісіз, әйтеуір концерт жуық
арада бастала қоймады. Арт жақта ұйлығып отырған жігіттер үсті-
үстіне ысқырып, одан қалды, тілі күрмеліп отырған масаң Самат
«әкеңнің аузына» басып жатты. Насыбайшыл Тайбек отырған

жеріне бұтының арасынан былш еткізіп түкіре салғанда, қыздар
жағы жиіркене бір қарап қойды. Бірақ қарсы сөз айтқан ешкім жоқ.
Себебі, есерсоқ одан бәрі қаймығады. Шыдамады білем, Жұлдыз:

– Бұл – клуб, демалатын мәдени орын ғой, мұныңыз не? - деп

еді, Тайбек беті шімірікпестен:

– Мені жөндейтін сен кімсің?! Мәдениет-сәдениетіңді шайнап,

басыңа жақ! – дегенде, Жұлдыз көзі боталаған қалпы үнсіз отырып
қалды. Мұрат Тайбектің жанына жетіп келді де:

– Кешірім сұра, сенікі дұрыс емес! - деді ызаланып.

– Мәссаған, мынаны қара! Жетім жетімді қызғыштай қорғауын

қарашы-әй, ә! Боқмұрын, ағасына қарсы сөйлейтін сен өзі кімсің?!

– деп, анау жуан жұдырығын ала жөнелді.

Клуб ішінде апай-топай қып-қызыл төбелес басталды да кетті.

Әсілі, «Момын адамның ашуы қатты болады» деген рас екен, Мұрат
Тайбектен аласа да шағын денелі болғанымен, терісіне сыймай
кеткені соншалық, оның үстіне қырандай қомданып отырып алған.

– Кешірім сұра деймін, кешірім сұра Жұлдыздан! – деп кіжініп

қояды.

– Өй, мынау қайтеді-әй?! – деп, Тайбек қапелімде ауыр денесін

игере алмай қалды.

- Қай жеңгенің менікі, бір шиша «Талас» алып бересің, - деп,

көзін ашып-жұмып, масаң Самат отыр ықылық атып.
Екеуін Мұраттың көршісі Күлғайша жеңгей әзер ажыратты.
Ол көптің ішінен Жұлдызды таппады. Бірден сыртқа ұмтылды.
Есік алдында мұнда есесі кеткен, тәмам жұрттың алдында

«баладан» жеңіліп қалғаны үшін терісіне сыймай тұрған Тайбек
күтіп тұрған болатын. Қара күш иесі Мұратты желкелеп, аулаққа,
қараңғылыққа қарай сүйрей жөнеліп, аяусыз ұрып-соғып тастады.
Бет-аузы көнектей болып ісіп кеткен Мұрат үйіне бармады,

шешесін ойлады, «Мына түрімді көрсе, тағы жүрегі ауырар» деді.
Анасының көзі ұйқыға кеткенше сыртта жүре тұрайын деп, өзен
жағасына келді. Дуылдатып әкетіп бара жатқан бетін өзен суына
шайып отырған-ды. Біреудің таяғанын сезді. Таң қалды. Өйткені,

мұнда тек Дәурен екеуі ғана келуші еді. Болашақ жайлы, оқыған
кітаптарындағы кейіпкерлердің мінезі, әрқайсысының орны
жайлы ой бөлісетін. Жанына тізерлеп ақ көйлекті бойжеткен
отыра кеткенде ғана барып, Жұлдыз екенін білді. Сосын іштей:

«Төбелескенім қандай жақсы болған! Әйтпесе, Жұлдызбен бұл
жалғанда тілдесуге дәрменім жетпес те еді» деді қуанып...
...Бейнеттен көз ашпаған шешесі төсек тартып жатып қалды.

– Сені «Мұғалім қызбен жарасып жүр» дейді. Егер үйге келуге

қарсы болмаса. ертіп келсеңші сол баланы. Қанша өмірім қалды
дейсің, тым болмаса, жалғызымның кіммен бас қосатынын көріп
қалайын, – деді кемсеңдеп.
Мұрат қысылып қалды. Өйткені, Жұлдыз екеуінің арасында

үйлену туралы сөз қозғалмаған-ды. Ол тек әзірге Мұраттың
қиялындағы арман болатын. Тіпті ұсыныс жасауға батылы да
жетпей жүр.
Бір кеште екеуі өздері айнымас серік етіп алған өзен жағасына

келген. Екеуіне ұрлана қараған сүттей айдың жарығымен бір-бірін

ұзақ аймалап, көп сырласқан. Шөп үстінде иық түйістіріп қатар
жатқанда Мұрат бұл көрініске сене алмаған. «Мұндай оқиға тек
киноларда немесе оқыған кітаптарымда ғана болады» деуші еді.
«Жазушылар да басынан өткен соң жазады екен-ау» деп ойлады.

Жұлдызға ұрлана көз қиығын салып еді, кеудесіндегі қос
алмасы шыт көйлегінің сыртына шығып кетердей бір көтеріліп,
бір басылады. Бойын әлдебір құмарлық шырын сезім билей
жөнелген Мұрат көзін тарс жұмып алған бойжеткеннің қалың

ерніне төне берді. Жұлдыз қарсылық көрсеткен жоқ, қайта оның
мойнын аппақ білегімен орап алып, шырын сәтті көптен күткендей
жігіттің ыстық ернінің табынан балқып бара жатты. Тек Мұраттың
қолы төмен жылжып, көйлегінің етегін көтере бергенде, есін жиып

алды. Сосын:

– Мұрат, асықпайық... – деді күмілжіп.

Оның да өзіндік себебі жоқ емес-ті.
Жұлдызды балалар үйінде жүргенде әскерден кеше ғана
оралған екі жігіт зорлап кеткен болатын. Мектептегі еден жуу
кезекшілігінен кеш қайтып келе жатқан оны қою қараңғылықтан

шыға келген масаң екеу ағаш түбіне сүйрей жөнелді. «Қыз
көрмегелі қай заман! Мынау бір қатып кетті-ау өзі!» – деп
гүжілдеген жиіркенішті дауыс әлі күнге құлағының түбінде
тұрады. Тағдырдың мазағын айтсаңшы, арам ниеттілердің

әрекетінен кейін бойына бала бітіп қалды. Өз-өзімен саяқ жүретін,
тым тұйықталып кеткен, дұрыс тамақтануды да қойған қыздың
іші біліне бастағанда, тәрбиешілердің аяғынан тік тұрғаны бар.
Шарана өлі туды.

Басынан өткен, еске алуға соншалықты ауыр осы оқиғаны, ақ
тәніне түскен қара дақ туралы жүрегі жылылыққа толы, тым сенгіш,
аңғал ауыл баласына айтуға батылы жетпейді-ақ. Мұны періштеге
балап жүр ғой ол. Иә, сымбатты арудан талай жігіттің дәмесі бары

анық. Оның әсіресе қазір көп қыз өсіре бермейтін мойылдай қап-
қара ұзын бұрымы – еркек біткеннің көз құрты. Шағын ауылдағы
ең бай саналатын кәсіпкер, бір сөзбен айтқанда, дәурені жүріп
тұрған, әйелі өлген Алмас мұның қыр соңынан қалмай жүр. Бұл

туралы Мұраттың білмеуі мүмкін емес, тек сұрауға жүрексінетін
сияқты.

– Жұлдыз, сенде бір сыр бар, оны сен жасырғанмен, мен

қараудан ешқашан жалықпайтын әдемі көзің жасыра алмайды. Айтсаңшы. Шалқасынан жатқан Мұрат қос қолын басына жастанған күйі мөлдіреген айға тесіліп алған. Оның орнынан тұрмағанын пайдаланған Жұлдыз құпиясын ақтаруға бекінді. «Ауыр сырды серігіңнің жүзіне қарамай жеткізген әлдеқайда жеңілірек-ау осы» деп ойлады қыз. – Мұрат, білемін, сен мені періштеге балап жүрсің. Олай емес... Иә, мен, балалар үйінде тәрбиеленгендей, адал болуға ұмтыламын. Ешкімге жаманшылық ойлағым келмейді. Тіпті қиналған сәттерімде өзімді тағдыр талқысына тастап, күресінге лақтырып кеткен, аты да беймәлім анама да ренжіген емеспін. Қиналғанды сүйегім, жылағанды жұбатқым келіп тұрады. Сондықтан өзгелерге тым жақсы болып көрінетін шығармын. Бірақ мен... мен... саған тең емеспін, абыройымнан ерте айырылғанмын... – Жұлдыз әрі қарай көз жасына тұншығып, әңгімесін аяқтай алмай, жылап жіберді. Дереу басын көтеріп алған Мұрат қапелімде абдырап қалды. Айыр-күректің сабынан әбден қатайып, жарылып кеткен алақанымен оның жүзін жуып кеткен жасты сүрте берді. Құдайау, жүрегін ғашықтық сезімі тұтқындап алған жігітке не кедергі болмақ?! Тізесін құшақтап, ағыл-тегіл жылап отырған ай астындағы қыздың келбеті қандай көркем еді! – Жұлдыз, болды, маған ешнәрсе де айтпай-ақ қой, бәрін түсіндім. Маған сен керексің! – деп, қыздың демін тұншықтыра сүйе бастады... *** Сіңірі шыққан тарамыс қолдарын алға созған Зәмзәгүл: – Тамағы құрғыр құрғап кетті ғой, су берші, құлыным, – деді даусы дірілдеп. Тамағына тас кептеліп қалғандай күйде тұрған Мұрат теріс айнала бере қос жанарына толып тұрған жасты ұстап тұра алмай, кеудесіне еріксіз төгіп-төгіп алды. Жетіншіде оқып жүргенде «Көксерек» фильмін көріп отырып, бір жылаған. Қасқырдың дәрменсіз бөлтірігін жек көретін нағашысы суға ағызып жібергенде, өзен жағалай жанұшыра дедек қаға безілдей жүгіріп, ағыл-тегіл жылаған кейіпкерге – жүрегі

кішкентай, ал ойы таудай Құрмашқа қосылып егілгені бар. Сонда
өзін «Боркемікпін, әйтпесе, жігіт адам қыз сияқты жылай ма?!» деп
кінәлаған. Содан кейін өмірінде бұл – екінші мәрте шын жылауы.
Жұлдызды анасына таныстырамын деп жүргенде, қыз екі

өкпесіне суық тиіп, ауруханаға түсіп қалды. Ал Зәмзәгүл күннен-
күнге нашарлай берді…
«Жақсы адам еді ғой, бір жанға «Әй, сен қандайсың» деп
көрмеген марқұм жалғызының қызығын көре алмай кетті-ау! Күн

көзінің ашық болғанын қарашы». Бұл – ауылға алғашқы қар түскен
күні Зәмзәгүл қайтыс болғанда жұрт аса бір ілтипатпен айтқан
әңгіме.
Кеше Мұрат аудан орталығына, денсаулығын сұрап Жұлдызға

барып қайтқан. Жүзі төменшіктей берген жігітті дәрменсіз баладай
қабылдаған Жұлдыз шашынан аялай сипады. Мұратқа анасының
жылы алақанының табы сезілгенедй болды.

– Жұлдыз, апам түсіме кіріпті. «Жұлдыз екеуің тойларыңа мені

шақыруды да ұмытпаңдар», - деді. Ол кісі кеткелі үйде отырғым
келмейді. Ошақта от лаулап жатса да, тоңатын секілдімін. Сен
ауруханадан шыққан соң екеуміз үйленейікші...

– Біз бақытты болуға тиіспіз. Себебі, анаң, дәлірек айтқанда,

шешеміздің аруағы бізді ылғи желеп-жебеп жүретін болады, – деді
Жұлдыз Мұраттың бетіне бетін тақап.
Ал жігіт қуанғанынан қызды төсегінен тік көтеріп алып, палата
ішінде билеп кетті.

ЖАҢБЫРЛЫ КЕШ

Бірі:

– Балауса, қиялыңдағы жігіттің қандай екенін біле алмадым.

Мүмкін ол бұл дүниеде жоқ та шығар. Бар болған күнде де, ол
да өзінің арманындағы аруын іздеп жүрген болар. Әркімнің
ойындағысы орындала берсе, бұл дүниедегі адамның бәрі бақытты
болып кетер еді ғой. Мен саған «Аспандағы айды алып беремін»

деп айта алмаспын, бірақ бір сыйлап өтер аруым өзің болар едің,
ойланшы.., – деп кетті.
Екіншісі айтты:

– «Сүйе алмаймын» дейсің. Маған қалай бауыр басып кеткеніңді де білмей қаларсың, табындыра аламын, тек уақыт бер, жиі кездесуімізге мүмкіндің бер, – деді. Ал үшінші жан кетті: – Жүрегің жоқ неткен қатыгез едің! Көкірексің! – деп. Соңғысының сөзі, сол бір ауыр үкімі оның жігіт атаулыға деген селт етпеген жүрегін қан-жоса ғып тырналап, жаралап кетті-ау. Жазығы не? Сүйе алмағаны үшін кінәлі ме? Жоқ, ол қатыгез емес екен. Ол сүйді. Дәуренді. Бүлдіршін қызы бар отбасылы жігітті. Бір жағынан, бұл тағдырдың сыйы, екінші жағынан мазағы да сияқты. Сыйы болатыны – «қатыгез» жүрекке жылы сәуле түсті ғой. Ал мазағы – әлгі жігіттердің бейне бір назасы секілді сүйген адамының «аяғы тұсаулы» болып жолыққанын қарасайшы! ...Жаңбыр лезде шелектеп құйып кетті. Өзі ерекше ұнататын осы бір табиғат құбылысына елтіген көңілмен Балауса туфлиін шешіп тастап, тас жолдың бойымен жел қуған қаңбақтай зымырай жөнелді. Соңынан айқайлаған Дәуреннің даусы үзіліп-үзіліп шығады. Оған қарайлап жатқан Балауса жоқ. Тәтті қиялына қанат байлап алып, жер мен көктің ортасында бір өзі ғана ұшып келе жатқандай. Дәл сол күнгідей өзін ешқашан бақытты сезінбеген шығар. Жаңбыр тамшылары қара жерді тесіп жіберердей көктен қалай төгілсе, оның кеудесін кернеген сезім-тамшылар да солай өз арнасын бұзып-жарып, сел болып ағып жатқандай. Балауса бір сәт артына мойын бұрып қарады. Дәурен жанұшыра жүгіріп келеді. Қолында – мұның туфлиі. Әншейінде байсалды көрінетін жігіттің малмандай су болған ебедейсіз тұлғасына қарап ішек-сілесі қата күліп тұрып қалды. Қарсы жүгіріп, оның алпамсадай құшағына еніп кеткісі келді. Бірақ еркелей, өзінің келуін күтіп тұрды. – Ақымақ болма, Балауса. Суық тиіп, ауырасың ғой. Киіп ал аяқ киіміңді, – дейді ол қамқорси. Жан дүниесін кернеген сезімге мас болып тұрған бойжеткен оның мойнына асыла кетті: – Сол ғана ма айтпағың? – деді бұртиғансып. – Қой енді, бала болма. Құлын денесімен дене болып жабысып қалған малмандай су

көйлегіне қарап, алдында телміріп қалған жігіттің жанарынан қымсынған ол жібек көйлегінің омырау тұсын нәзік алақанымен қалқалай берді. Қыздың шашынан да сорғалай аққан тамшылар оның тоңып тұрғандай діріл қаққан әдемі кірпіктерінің үстінде тұрақтай алмай, төмен сырғи иегіне жиналып, одан кеудесіне құлап түсуде. Ал әнтек ашылып қалған қып-қызыл ерніне қонақтап қалған мөлдір тамшылар қандай әсем еді! Жұп-жұмыр нәзік иегін саусағымен әлсіз ғана көтерген жігіт оның жанарын жанарымен елжірей аймалап ұзақ тұрды. – Мені саған ынтықтырып қойған бұл қандай құдірет екен?! – Дәурен еріксіз көзін жұмған Балаусаның ыстық ерніне төне берді... ...Лифтінің ішінде – Балауса, сыртында – ол. – Ертең кешкі тоғызда аялдамада күтемін. – Ренжіме, бара алмайтын шығармын... Баруды қалап тұрса да, осылай деуіне тура келді. Себебі, онымен оңаша қалудан қорқатын сияқты... Сүйгенінің алдында тым шарасыз, жүрек құлына айналып тұрған ол өзін онымен оңаша қалған сәтін елестете алмады. Әлі дәмін татып көрмеген құмарлық деген сезім әлемінің тылсым сәттерінен біртүрлі жүрексінетіндей.... – Жалындырмашы мені. Сен сүйіп тыңдайтын Элтон Джонның таспасын сатып алғанмын, екеуміз оңаша тыңдайық. – Бара алмайтынымды жақсы білесің ғой, кешірші... – Сонда маған сенбейсің бе? Балауса үнсіз. «Сенемін, тек адасқым келмейді», – деген бір ауыз сөзі сыртқа шыға алмай, тұншығып, іште қалды. *** Құрбысы тас-талқан болып сөйлеп жүр: – Ашық күнде адасып, не көрінді саған?! Ертеңіңді ойласаң етті! Бойдақ жігіттер құрып қалды ма? Әне, соңыңнан қаншасы жүгіріп жүр?! Ал оның отбасы барын ұмытпа! – дейді кейістікпен. Әрине, осындай жанашыр досының барына шын қуанады. Рас, өмірде сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдыр иесі аз ба?! Дегенмен, кеудесіне шынайы махаббат сезімі ұялаған жанның жүрегіне өзгенің әмірі жүре қояр ма екен?!. Ертеңіне өзі де білмейді, таныс аялдамаға оны қандай күштің

жетелеп келгенін. Дәурен аялдама қалтарысында темекісін үстіүстіне құшырлана сорып, мазасызданып тұр екен. Жүрегі кеудесіне сыймай, дүрсілдеп кетті. Бірақ Балауса машинаға әлдекім аяғын шегелеп тастағандай орнынан тұра алсашы. Жүрегі «Шықсаңшы! Бар! Сүйесің ғой оны» десе, санасы «Кері қайт, адаспа! Ол – бәрібір бөтендікі» дейді бұйырып. Такси жүргізушісіне қайыра ақша төледі. Ешнәрсеге түсінбеген бұжыр қара иығын қиқаң еткізді. Машина орнынан баяу қозғала берді... *** Жасыл телефон безілдеп ала жөнелді. Тұтқаны көтергісі жоқ. Сол ғой. Бірақ телефоны құрғыр миыңды шағып жіберердей дамылсыз шырылдайды. Қарсы алдында отырған әріптесінің: «Маған ешкімнің телефон соқпайтынын білесің, саған ғой» дегенді аңғартқан шегір көзінен тайсалып, тұтқаны көтерді. Жұмысының алдына келіп тұрған Дәурен: – Төмен түсіп кете аласың ба? – деп өтінді. Жүрегі кешегіден бетер тарсылдай соғып кетті. «Кеше мені байқап қалған болды ғой». Өз ойынан өзі қысылды... Көзі есік алдында тұрған Дәуренге емес, оның жанында тұрған сүп-сүйкімді бүлдіршінге түсті. – Қызым ғой, аты – Әйгерім, – деді Дәурен ерекше мақтанышпен, әкелік мейіріммен. Әйтеуір Балаусаға солай көрінді. Балақай бейтаныс қызға бір, әкесіне бір қарап, нәп-нәзік балғын саусақтарымен оның қолдарын қысып-қысып қояды, бөтен адамды жатырқағаны болар. Жүрегі дір етті. Алдында тұрған періште көңіл сәбиді бауырына басып, одан кешірім сұрағысы келді. «Әкеңді сенен алып кетпеймін. Ол енді маған келмейтін болады», – деп бетінен өбіп, онымен үлкен адамдарша тілдесіп, сыр ақтарғысы келді. Ал Дәуреннің: «Ертең ауылға жүргелі жатырмыз. Еңбек демалысын алдық. Бір аптадан соң ораламын», – деген сөздерін естіген де жоқ, кейін шегіне берді. Ол баспалдақпен ентіге жүгіріп келеді. Жүрегі тағы да кеудесін тепкілей дүрс-дүрс соғады. Неге екені белгісіз, кішкентай Әйгерім аяғын тарп-тарп басып, соңынан жүгіріп келе жатқандай сезілді сол сәт оған. Нағашы әпкесінің: «Бізде жақсы жұмыс табылып тұр, ойлан»,

– дегелі қаш-шан! Ол аяқ астынан Алматыдан кетуді дұрыс деп

шешті. Табысы жоғары қызмет үшін емес. Ол Дәуренге деген
кеудесіндегі сезімін тұншықтыра алмасын білді. «Көзден кетсе,
көңілден де кетер», – деп жұбатты қан жылаған жүрегін. Өзіне тым
жақын, тым ыстық аяулы бейнеден, өз сезімінен өзі безіп барады.

«Мен сенің өміріңнің бір кезеңінде бір сәтке ғана жүрегіңді
жаулап алған елесің болып қалайын. Мен де сенің есіміңе
жүрегімнің бір түкпірінен мәңгілікке орын берейін. БАЛАУСА».

ҚАСІРЕТ

Әлияның әбден ауру меңдеген жүзі солғын.

– Аяғың қалай, жақсысың ба? – деді құрбысы Мақпал.

– Иә, жақсымын. Өздерің қалайсыңдар? Қанатжаның сабағында

ма, бағасы жақсы ма?– деді бұл қамқор көңілмен.
Неткен сабырлы да төзімді жан еді! Халін сұрап қашан
барсаң да, сол бір салмақты, бірқалыпты қалпынан еш айныған
емес. Мына біз үйде ет таусыла бастаса, не болмаса, жалақымыз

берілмей, кешеуілдеп жатса, пендешілік-ау, сол баяғы «жоқты»
жырлаудан танбаймыз. Өмірге деген таусылмас өкпемізді,
арыз-шағымымызды бірімізден-біріміз қалыспай, тіпті бір-
бірімізден асып түскісі келгендей, сөзге қонақ берместен баяндай

жөнелеміз-ау. «Шүкіршілік қой» дегенді айту керектігін іштей
мойындай тұра, бәрібір «жоққа» басамыз. Ал мүгедек Әлияның
бойындағы ерекше бір қасиет сол – төзімділік, қайсарлық. «Аяғың
қалай?» дегеннен-ақ: «Құрысын, қайсыбірін айтайын, түнімен

ұйықтатпайды, қақсап шығады. Аяқ бір жағынан, күйеу екінші
жағымнан жанымды жегідей жеп бітетін болды», – деп, әрі қарай
барлық мұң-мұқтажын тізбелей жөнелсе де, ешкім оны сөкпес еді.
Әлде Әлияны қиюы қашқан отбасының тірлігі, екінші жағынан,

жазылмас дерті қайсарландырып жіберген бе, қалай?! «Барлық
қиындыққа мойынсұнып, жеңілгені ғой» дейін десең, аузынан
ешқашан күйінген бір сөз шықпайды. Алла да ауыр сынын көтере
алатын пендесіне беретіні шындық екен ғой.

...Күйеуі әдеттегісінше тағы да ішіп келді. Ұрынарға қара
таппай отырған ол Әлияны түртпектей бастады:

– Неге үндемейсің, жақтырмай отырсың ба ішіп келгенімді? –

деп, бүйірін тесіп жіберердей сұқ саусағымен аяусыз нұқып-нұқып
қалды.
Қалақтай ғана келіншек ауырсынғанын білдіргісі келмей,
тістеніп отыра берді. Сүйіп қосылған отағасының күндегі әдеті

осы. Мектеп жасына да жетпеген екі ұлының да әбден мазасын
алып бітті. Әдеттегідей Асқар мен Асхат бүгін де аузынан «ақ
ит кіріп, көк ит шығып жатқан» әкенің қаһарынан тайсақтап,
терезе алдында үнсіз, жаны жадап тұрған шешелерінің бауырына

тығылды.

– Бізге маза берші, Мұрат. Тамағыңды жылытып қойдым, іш те

демал, – деді өзін неғұрлым сабырлы ұстауға тырысқан Әлия.

– Ішпеймін жылытпаңды! – деп ақырып қалды Мұрат. – Жоқ, сен

неге тырысып тұрсың, ә? Әлде кеше мен екі шөлмекке айырбастап
жіберген хрусталіңді жоқтап тұрсың ба? Кезінде мен тапқанмын
осы дүниенің бәрін! Сондықтан не істесем де, өзім білемін, ұқтың
ба? Вот так, вот! – Ол былш еткізіп еденге түкіре салды.

– Ақырғанның бәрі арыстан емес, қу жаныма тыныштық

берші. Басқа ешнәрсе сұрамаймын сенен. Балалардың да зәресін
алып біттің, Мұрат, – деген Әлия екі жағында үрпиісіп тұрған
құлындарын жетектеп, шығар есікке беттеді.

– Тілің шығайын деген екен, мақалшылын бұның! – деп, кіжініп

жетіп барған күйеуі Әлияны қарулы қолымен желке тұсынан
бүре ұстап алған күйі төр жаққа қарай қаңбақ құрлы көрместен
лақтырып жіберді. Араққа сылқия тойып алған, екі аяғынан
әзер тұрған күйеуінен Әлия мұндай жойқын күшті күтпеген еді.

Бар екпінімен төңкеріліп түскен ескі ауыр темір орындықтың
аяғына соғылды. Аяқ тұсының шым еткенін біледі, әрі қарай басы
айналып, не болғанын ұға алмай қалды. Есін жиса, оң аяғы қан-
жоса. Ботадай боздап отырған екі баласының басынан сипай берді,

сосын өзі де қосылып жылап қоя берді.
Жазым деген оқыстан. Иә, сол оқиғадан кейін өмірлікке мүгедек
болып қаларын Әлия білген жоқ. Әуелгіде аяғынан қан тоқтамаған
соң йод жағып, таңып тастаған. Мән бермеді. Кейін ісініп, таңды

көз ілмей атыратын халге жетті. Сөйтсе, орындықтың темір аяғы
кірш етіп етке кірген кезде аяғының сүйегі қоса зақымданған екен.
Дәрігерлер «Дерт одан әрі меңдеп, тізеге шауып кетпей тұрғанда,

бір аяғыңды кесеміз» деп шешті. «Маскүнем әкенің жайы анау, нарық алқымнан алған заман болса мынау, екі бала да әлі жас, олардың күні не болады?!» деген оймен бұл аяғын кестіруге келісім бермеді. Оның үстіне жақсы күндерден үміттенді. Ол небары отыз-ақ жаста еді. Ал қазір қос балдаққа сүйеніп қалды. Кезінде тобық тұсынан ғана пайда болған кішкентай жара бүгінде меңдеп, тізе тұрмақ, қара санға шауып кеткелі қашан! Сырттан кішкентай Асхат: – Мама, нанға май жағып жеймін, қарным ашты, – деп арсалаңдай кірді. Уайымсыз, қайран, балалық шақ-ай! Етігін шешпестен жүгіріп келіп, дастарқан шетінде тұрған нанның қиқымдарын да елемей, оны жеңімен сыпырып өтіп, бір жапырақ нанды аузына бұралай тығып кетіп барады. Ал ерте есейген Асқары жерге төгілген әлгі нан қиқымдарын нәп-нәзік балғын саусақтарымен дереу теріп алып жатыр... ДАЛАНЫҢ АПАСЫ МЕН ҚАЛАНЫҢ АПАСЫ Аурухананың бір палатасында екі апа жатыр. Бірі – осы қаладан, екіншісі – қала іргесіндегі шағын ауылдан. *** ҚАЛАНІКІ – Гүлсім апаның мұнда бауыры мазалап түскеніне екінші апта өтті. Шалы күніне екі мәрте келіп кетеді. Даңғарадай төрт бөлмелі үйден жалғыз өзі зерігетін болар, әйтеуір қолы бос, сәлем-сауқатсыз келсе де, кемпірімен бір жүздеспесе, тұра алмайды. Сонда да Гүлсім апаға: «Әбден сауығып шық. Маған алаңдама. Үйге асыққанда не істейсің, сиыр сауып, қой қоралап жатқан жоқпыз», – дейді қамқор көңілмен. Мұнда жата тұруға кемпірінің өзі де пейілді. Салулы ақ төсек, жаны тыныш. Көңіл хошын сұрап келіп-кетушілер бір толастамайды. Соған қарағанда, кезінде беделді бір қызметтің құлағын ұстағанға ұқсайды. Алдыңғы күні меншігінде супермаркеті бар ұлы келіп кеткен. «Бизнесі жүріп-ақ тұр. Бірақ осы құлынымның жеке өмірі дұрыс болмады. Алғашында-ақ айтқанмын, «Теңіңе үйлен» деп. Тыңдады

ма, қу шешек, «күйдім-сүйдім» деп, осы күнгі шөпжелкені алып тынды. Онысы оқымаған, әкесінің де кім екенін білмейміз. Шешесі – бейпіл ауызды біреу. Сұлулығына қызықты ғой, бәтшағар. Енді анау, бас-аяғын алтынға малып қойсақ та, «кетеміннің» астына алып, жер тебінеді. Немізбен жақпай қалғанымызды?!» – деді Гүлсім апа. Ал кеше жеке мейрамханасы бар қызы күйеуімен келіп кетті. Үнемі ат үстінде жүретін жұмысбасты адамдар болған соң уақыттары тығыз, мейрамхананың бар дәмдісін көтере келіпті. «Осы баланы адам қылған – біздің қыз. Астына мәшине әперді, биыл үшіншісін ауыстырды. «Бала тумадың» дейді қызыма, енді қайтіп қиқаңдар екен, бәлем?!» – деді тағы да қарап отырмай. Бүгін қожалығында үш жанармай бекеті бар сүткенжесі немересін ерте келді. Үш жастағы сәби, ойын баласы емес пе, арлы-берлі шауып жүгіре бастап еді, тыйып тастады. «Шолжаң ғып, бетімен жібергенсіңдер, түге!» – деп едірейе бір қарап қойды. «Құда-құдағиларымның алдында қашанда мерейім үстем. Үлкен тойларға киіп баратын қымбат көйлектерімнің қамы осы баламның мойнында. Жуырда бриллиант көзі бар сырға, жүзік сатып әперген де – осы кенжем. Келінім тік мінезділеу, бар жерден шыққан соң ғой, иілгісі жоқ. Өзім тірі тұрғанда онысына жол бере қоймаспын! Осы балаларды оқыттық-тоқыттық, енді қолымызды жылы суға малып отыруға хақымыз бар!» – дейді Гүлсім апа. *** ДАЛАНІКІ – Бәтіш апаның мұнда жатқанына үшінші күн. Ем қабылдамай жатып-ақ, «Қашан шығады екенмін?» деп, күн санап, саусақтарын бүгіп жүр. Кеше ауылда қара жерден ризығын теріп жеп жүрген еңбеккер баласы келіп кеткен-ді. «Құлынымау, доғдырыңмен дұрыстап сөйлесуді ұмытпа. Бүгін жақсы сияқтымын, бүйірімнің шаншығаны басылды. Көп жата бермейін. Келін екеуің де далада, қызылшада жүрсіңдер, тым болмаса, сиырын сауып, немерелерімнің ыстық тамағын әзірлеп беруге жарап жүр едім ғой. Сөйт, қарғам», – дейді Бәтіш апа. Бүгін көрші ауылға тұрмысқа шыққан қызы келді. Қолында шағын пакеті бар. «Түсіме кіріпсің, уайымдап, таңмен таласа ерте тұрып, шығып кеттім. Ештеңе істеп үлгере алмадым. Дұрыстау

көйлегіңді іліп шықпағаның не, апа-ау?» – деп, бәйек болып жатыр
қызы.
«Несіне әуре боласың, жағдайым жақсы. Бәлністің тамағы
дұрыс екен. Өткен жолғыдай ұндарың таусылып қалған жоқ па?

Сиырларыңның бұзаулағанын естіп, қуанып жатырмын, сарыауыз
балапандарыңның несібесі ғой. Жарасжанды неге ерте келмедің,
маңдайынан бір иіскеп, қуаттанып қалушы едім. Айтпақшы, кіші
ұл мен келін Сәлменнің тойына жиналып жүр дей ме? Сандықтың

түбінде көзі бар жалғыз жүзігім жатыр, келінге айтшы, соны
тағып барсын. «Қолы жылтырап отырсын» дегенім ғой. Қанатжан
мен Қайратжандарға айта бар, әуреленіп, келмей-ақ қойсын.
Маған алаңдамай, шаруаларын тындыра берсін. Мені мұнда жау

алмайды. Биыл жерді алғаш рет игеріп жатыр емес пе, соған
көбірек көңіл бөлсін, ертең өнімін жейді. Ниеттерінен айналдым!
Сәлима кемпірге жапқан наныңнан, сүтіңнен беріп қоюды ұмытпа,
қарғам, Алладан қайтады. Жалғыз қалған кейуанаға көрші отырып

қарайласпасаң, бола ма?!».
Міне, табиғаты мүлдем екі бөлек екі апа, бірақ бір палатада
жатыр. Бұл – кездейсоқтық емес, бұл – ӨМІР!

ШЕРМЕНДЕ ШЕШЕ

– Апа, тез жинал, моншаға апарып келейін, – деп әмір бере

сөйлеген ұлдың соңынан жетекке көнген бұзаудай ере берген
шүйкедей кемпір жалғызынан бөлек тұрып жатса да, «бір аяғы
көрде, бір аяғы жерде» тұрған шағында қалған күндерін осылай
өткіземін деп ойлады ма?!.

Жәмиға апа кезінде бір ауылдың үлкен-кішісін түгел
ауызбіршілікке, бітімгершілікке шақырып, тентегін тезге салып
отыратын көшелі жан болған. Білім-білігін қастер тұтатындар
ақыл-кеңес сұрап, шаңырағына жиі келетін.

Ажары тая қоймаған көрікті әйелге көз тігіп, сөз салған еркек
те аз болған жоқ. Жастайынан жесір қалса да, «Маңдайыма басқан
жалғызымды жаутаңдатпай өсіремін» деп, ешкімнің етегінен
ұстаған жоқ. Үлкен үміт артқан Айдыны институт бітірді. «Міне,

өз қолы өз аузына жетті деген осы!» – деп жүрегі жарыла қуанып,

марқұм отағасының осы сәтті көре алмай кеткенін ойлап, қамықты. Жинап-терген бар қаражатына ұлына машина сатып әперді. Ол кезде бүкіл ауыл бойынша темір көлік тізгіндеген Айдын ғана болатын. Сол Айдыны үйленді. Ел қызыққан дүбірлі той өтті. Барлық жайсыздық осы тойдан кейін басталған. Бұлаң қаққан сұлу да ерке келіннің алдында қу жалғызы еркінен айырылып сала берді. Даңғарадай төрт бөлмелі пәтерде үшеуі-ақ тұрса да, байғұс кемпір көзге шыққан сүйелдей артық адам болады да тұрады. Бірде: «Айналайын, Айдын жұмыстан келетін уақыт таяды, бірдеңе шыжғырып жібере ғой», – дегені сол еді, «Отыр, қақпас, өзім білемін!» – деп, оқыс жекіріп жіберді келіні. Тамағына таптастай бірдеңе кептеліп тұрып қалған Жәмиғаның жас балаша жаутаңдап: «Балам, мұның қалай?» – деуге ғана шамасы жетті. «Шаруаң болмасын менде!» – деп, келіншек қасы-көзін сүрмелеп, алаңсыз отыра берді. Содан кейін оған бір ауыз сөз не өтініш айтып көрген емес. «Көрген-түйгені аз кердең келіннің кесіріне қалармын. Ештеңелеріне араласпай, өз алдыма тыныш отырайыншы» дегені еді бұл. Бәрібір сол кең үйге бір сыймай-ақ қоғаны. Бірінен кейін бірі өмірге келген екі немере де тілі шыға бере бұған «кәрі қақпас» дейтінді шығарды. Бірақ ұлына тіс жарып ештеңе айтпады. «Маған бола шаң-шұң боп айқайласып, үйдің берекесін алып, араздасып жатпасыншы» деп, арызданбады. – Апа, менің бір танысымның орталықта жекешеленген жатақханада бір бөлмесі бар, сонда тұрсаң қайтеді, өзіңмен-өзің боласың дегендей. Қазір, өзіңіз білесіз ғой, бизнесім де оңды болмай тұр. Кейін өзіңізге ыңғайлы пәтер сатып алып беремін. Әлгі бөлменің ыстық-суық суы да ішінде, әжетханасы да... – деп күмілжіді баласы. – Өзім жиі-жиі барып тұрамын. Қанат пен Талғат та өсіп келеді, «бөлек бөлмелерде жатсақ» дейді... «Жарайды. Сыртқа кіріп-шығатын қауқарым бар ғой. Менен қысылмай, арқа-жарқа болып, өздеріңмен-өздерің еркін тұрғандарың да жөн шығар», – деп, оған да мойынсұнған. Сөйтіп, жатақхананың ұядай бір бөлмесіндегі ұйқысыз, мазасыз ойлары бір-бірімен мүйіздескен түндері де басталған. Алғашқы айда аптасына бір рет келіп тұратын ұл кейін төбе көрсетуді сиретті. Ал келін мен немерелер ат ізін де салған емес.

Оған ренжіген Жәмиға жоқ, «Жалғызымның өмірі жақсы болса,
соған да тәубамды айтамын» деген аналық тілеумен таңын
атырып, күнін батырып, қоңторғай тіршілігін кешіп жүріп жатты.
Бірақ тар бөлменің төрт қабырғасына емес, қартайған шағында

қадірінің қашқанына налып, талай түн кемсеңдеп жылағанын жан
адам көрген жоқ-ау.
Жатақхананың бірінші қабатында тұратын мың болғыр қыз-
келіншектер мереке сайын бірі ыстық бөлкесін, енді бірі «үлкен

кісі ғой дей ме», өрік-мейізін көтеріп келіп, өздері дастарқан
мәзірін жасап жіберіп, бір уақ әңгімелерін айтып, күліп-ойнап
кетеді. Орталарындағы бір кемпірдің көңілін аулау әрекеттері
екенін іші сезеді. Өткен жолы бәрі жиналып, «айтшылап» келіп,

иығына алтын түстес жіппен зерленген қамзол жауып кеткенде,
терезеге телміре қарап, тағы да иығы селкілдеп жылағаны бар.
Тар құрсағын кеңітіп, жатырын жарып шыққан жалғызынан
көрмеген жылылықты өзгелерден тапқанына, әлі де қадірінің бар

екендігін сезініп, көңілінің босағаны шығар, бәлкім. Бір қызығы

– жатақханадағылар кейуанадан бала-шағасы туралы сұрамайды,

бұл кісі де олар жөнінде тіс жарған емес, осы үнсіздік-ақ талай
жайды аңғартатынын екі жақ та іштей сезеді.
Есік алдында үнемі ой үстінде отыратын сол кемпірден
көршілері бір кеште көз жазып қалды. Моншаға кеткен Жәмиға

оралмады. Оны ұлы моншаға емес, қарттар үйіне өткізуге алып
шыққан болатын.

– Айдын-ау, не жаздым саған, тарыдай да мінім болды ма,

осынша тасырлық көрсететіндей?! Тастамашы мені бұл жерге,
жатақханамда тұра беремін ғой, – деп, кемпір оны білегінен тастай
қып құшақтап алып, жібергісі жоқ.

– Досым «Бөлмені босатарсың» деп еді... – деді жерден көзін

алмаған ұлы.

– Тағы да сондай бір бөлме табылар, пенсиям өзіме жетеді ғой

төлеуге. Тастап кетпеші, құлыным! Мен бұл күнді Алладан да
сұрамап едім ғой, – кемсеңдеген Жәмиға апа ұлының оң қолынан
бері тартса, әйелі Айдынның сол білегінен ары сүйреп, екі жақ
арқан тартысқандай біраз тұрып қалды. Анасының киесінен

қорықпаған жалғыз ұл жанарымен жер сүзген күйі сұлу әйелінің
соңын ала шығып кетті. Ал шешесі әжім аяусыз торлаған бетін

жуған көз жасын тоқтата алмай, екі иығы тоқтаусыз селкілдей жылап, басындағы жаулығы да жерге сыпырылып түсіп, аппақ шашы қобырап, қарттар үйі күтушісінің иығына сүйеніп қала берді... *** Бір адам ұлы ұстазға келіп: – Мен Алланы шын беріле сүйгім келеді, маған сол жолды көрсетіңізші, – дейді. Ұстаз одан: – Сен бір әйелді немесе баланы мейірлене шын ықыласпен сүйіп көрдің бе? – деп сұрайды. – Бұл мені қызықтырмайды, маған Аллаға барар жолды көрсетіңізші, – дейді әлгі адам өзеуреп. Сонда еңкілдеп жылап қоя берген ұстаз: – Бұл жол саған жабық! Сен алдымен Әйел-Ананы сүюге тиіссің, бұл – алғашқы баспалдақ. Ал Алла – сенің жолыңдағы ең соңғы саты. Сен болсаң, алғашқы баспалдақты баспай тұрып, ең биік сатыға ұмтыласың. Анаға деген махаббат – кез-келген істің, кез-келген жолдың алғашқы сатысы, – деп жауап берген екен. Ал ұлы Абай 29-шы қара сөзінде қазақтың «Ата-анадан – мал тәтті, алтын үйден – жан тәтті» деген мақалын «Әке-шешеден мал тәтті көрінетұғын антұрғанның «тәтті» дерлік не жаны бар? Ата-анасын малға сатпақ – ең арсыздың қылығы емес пе?! Әкешеше шамасы келсе, мехнаттанып мал жиса да, дүниелік жинаса да, «Артымдағы балаларыма қалсын» дейді. Ол ата-анасын сатқан соң, Құдайға дұшпандық іс емес пе?!» – деп сынайды. Ащы сын. Иә, «Қарттар үйі» деген бұрын біздің ұғымымызда жоқ еді. Өкінішке қарай, соңғы кезде ұл-қызы тұрғанда, айдыңкүннің аманында мемлекеттің қазаны мен шөмішіне күні қарап, жалғыздық жанын тоңдырған, қалт-құлт еткен сәттерін қазынаның үйінде өткізіп жатқан Жәмиға кемпір сияқты қарияларымыз көбейіп барады...

БАЙТОҚАНОВА АЛТЫНАЙ БАЗАРБАЙҚЫЗЫ 1972 жылдың 9 наурызында Қарағанды (бұрынғы Жезқазған) облысының Жезді қалашығында дүниеге келген. Үш жасында нағашысы Зүбайра атасының қолына өтіп, алғашқы білімін №6 Теректі ауылдық мектебінен бастады. Атасының тәрбиесінен өнеге алған Алтынай 5-сыныпты Жезді қалашығындағы №6 қазақ мектепте жалғастырды. 1988 жылы Алматы қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тұңғыш рет өткізілген республикалық олимпиадада жүлделі орынға ие болды. Қоғамдық жұмыстарда әрқашанда алда жүрді. Сол кезеңдегі жастардың жауапты саяси қызметі – комсомол ұйымының хатшысы болды. Аудандық және қалалық комсомол жиындарында сөз сөйлеп, мықты ұйымдастырушылық қабілетін таныта білді. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде сахна төрінде «Ақ кеме» спектакліндегі Тазша баланың ролін сомдап, алғаш рет көрерменге өзінің актерлік шеберлігін танытты. 1989 жылы мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1994 жылы бітіріп шықты. Студент кезінде отбасын құрып, 1991 жылы Бақытжан есімді ұлы дүниеге келді. Университетті аяқтаған соң бірер жыл «РадиоСити» радиосында, Қазақ циркінің дирекциясында әртүрлі қызметтер атқарды. Ол 1998 жылы қазақ өнеріне иллюзия жанрын алып келді. 2002 жылы Швейцария елінің ірі қалаларында турне жасап, өнер көрсетті. 20022003 жылдар аралығында Оңтүстік Италия елінің Сицилия қаласында, 2003-2004 жылдар аралығында Түркия мемлекетінде, 2004-2005 жылдар аралығында Грекия, Қытай елдерінде, 2005-2007 жылдар аралығында Түркия және Италия мемлекеттерінде, 2007-2008 жылдары Франция мен Қазақстанда, 2011 жылы Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу қаласында, 2012 жылы қазақ елінің түкпір-түкпірінде өнер көрсетті. 2010 жылы Қытай Халық Республикасының Ханджой қаласында өткен халықаралық фестивальда бас жүлдені иеленді. 2012 жылдың 10 қарашасында науқастанып, Алматы қалалық №12 ауруханасының жансақтау бөліміне түсті. Бес айдан астам уақыт бойы сырқаттанып, 2013 жылдың 30 наурызында 41 жасында ауыр науқастан көз жұмды.

«МЕН – ТЫНЫШ ӨМІР СҮРУДЕН

ҚАЛҒАН АДАММЫН-АУ..»

(Алтынай Байтоқанованың құрбысы Айнаш Есалиға
Швейцариядан жазған хаттарынан үзінділер)
...Ойбай, қыз! Сенен хат алып, Алматы көшіп келгендей
қуанып қалдым. «Мені ұмытты, осы қыздың ғана үш баласы,

байы бар» деп жынданып жүргенмін.
Алыста жүргенде сағынады екенсің. Хатыңды оқып, сенің
үйіңде отырғандай болдым.
...Шынымен-ақ, керемет түс көріпсің. Рақмет, жақсылыққа

жорығаныңа! Сенің, негізі, арқаң бар. Қазақтар айтып жатады
ғой, «әруағы қорғап жүреді» деп. Сенің маған деген ниетің
таза, түсің жақсы. Тек Алладан жақсылық сұрайсың. Екеуміз
он жылдай бір-бірімізден алысқа кетпеппіз. Бірінші кезде

сондай жабырқап жүрдім. Сосын «Қой, әлі-ақ уақыт өтеді,
әне-міне дегенше көрісеміз» деп, өзімді жұбатып қойдым.
Шалың сол баяғы «балалығын» қоймады ма? Өмір болған соң
бәрі болады. Сенің төзімділігіңе бір емес, екі ескерткіш қою

керек. Не деген адамсың?!
Сен жазыпсың: «Қар еріп, Алматының мусоры ашылып
жатыр» деп. Мен үшін ол түсініксіз. Біз Швейцарияға келгенде
қар болмады. Сосын қар жауды. Тауға жақын қалаларында қар

болды. Бірақ бұл елдің тазалығы, мәдениеті сондай керемет,
не болса да, әдемі, жарасымды. Кейде тіпті әдейі көрсету
үшін жасап қойғандай. Үйлерінің терезелері айнадан бетер
жарқырап тұрады. «Мусор, ескі-құсқы, шаң» деген сөздерді

лексикаңнан алып тастауға тура келеді.
Құдай-ау, 8 апрельде жазған хатыңды 6 июньде алдым.
Сенің хатыңды самолетпен емес, Швейцарияға түйемен алып
келген бе?!

Гауһардың дәрігер болғаны Құдайдың бізге бергені шығар.
«Осы қатындар дұрыстап емделмейді. Араларына бір дәрігер
берейін» деген шығар. Құдай бұйырып, аман-есен келген
соң, сол қыздың қолына өзім барып жатамын. Шіріген, іріген

жерлерімді жөндесін...

Тіл білмеген «сорың» екен. Талай қызықтан құр қалып
жатырмыз. Тіл білмейсің, ұят тіпті. Қазір ағылшынша үйреніп
жатырмын. Бачон маған қарағанда жақсы сөйлейді, түсінеді,
соған қуаныштымын.

Қолымыз ербеңдеп, маймыл болдық. Ымдаймыз да жүреміз.
Өмірден қалғаныңды сонда түсінеді екенсің. «Мамбет» дейді
ғой.
Қыз, сен берген телефондарға звондасам, біреуі алмайды.

Зықым шықты.
«Өзің көргендей қоңырқай тіршілік» деп жазыпсың.
Шынымды айтсам, мына өмірден кейін қоңырқай тіршіліктен
жынданып кететін сияқтымын.

Депрессияның «әкесін» сонда көремін. Швейцарияның
ауылы сияқты кішкентай қалашығына барғанда, біздің
ауылдың өмірін 1-2 ғасырға ысырып қой әрі.
Жалғыздықтан шаршадым. Мен сорлының басым ешкімге

сыймайды ма? Кезінде жолым кесілді ме? Не біреудің
жолын кестім бе? Бағым ашылмады ғой. Жылағым келеді,
бірақ ойлаймын: «Не, жыламап па едім?!» деп. Не шығады?
Денсаулық бер, амандық бер, Құдай!

Әйел ретінде бағым ашылмайды ма деп қорқамын. Қойшы,
бұл менің соңғы өмір кезеңімде үнемі жырлайтын эпос-жырым
болды ғой.
Өздеріңде не жаңалық бар? Ғазиза қалай? Менің тентек

қызымның мұрны өсті ме, әлде бойы өсті ме? Бізді ұмытып
қалған жоқ па? Қазақстанда не жаңалық бар, жазшы. Өйткені,
біз немісше түсінбейміз. Телевизор көрмейміз. Ел тыныш па?
Ирактың соғысы болғанда қорықтым, «біздің елге тиісе ме»

деп.
Қыз, тез хат жаз. Егер құмалақ салатын адамың жақсы
болса, мен туралы сұрашы. «Бағы ашылады ма?» деп... Сұрап
білші.

Хат күтемін. Тез жаз. Менің жандарымды беттерінен сүй!
Сәлеммен, АЛТЫНАЙ.
2003 жыл, 27 тамыз.

*** ...Маған хат салсаң, тек 10 октябрьге дейін сал, біз кетіп қаламыз. Өтінемін, 10 октябрьге дейін сал. Немесе кешіксең, хат жазбай-ақ қой, өзімнен хабар күт. Жаңалық көп, бірақ көңілім алабұртып отыр. Бүгін-ертең Джованниден хабар келуі керек. Айтпақшы, түсімде сені көрдім, екі рет. Бір түсімде мен Алматыдан шет елге кетейін деп аэропортта жүр екенмін. Мені жібермейді, өзім де түсіндіріп ештеңе айтпаймын. Бір қарасам, тобығыма жара шығыпты. Ол үлкейіп, сүйегіме дейін жеткен екен. Қанталап, сүйегім көрініп тұр. «Осы үшін екен ғой, мені шетелге жібермей тұрғаны» деп ойлап тұрсам, сен келіп: «Алтынай, мынауың не? Мұндай жараны тұзбен емдейді», – деп, менің жарама тұз сеуіп жатырсың. Оянып кеттім... 2003 жыл, 1 қазан. *** Ух-ах, сенен де хат алып, қуанатын күн бар екен ғой. Қыз-ау, хат жазып қойып, қалай поштаға салмайсың? Хат жаздың ба, ақырына дейін бітір, салып жібер! Бір жұмысың бітті. Жарайды, енді амансаулық сұрайын. Алматының ауа райы жақсы екен. Швейцарияда күн қайнап тұр. Бұлар да айтады: «Еш уақытта мұндай ұзақ ыстық болмап еді» деп. Аз дегенде бір ай ыстық болатын еді, ал биыл май айының ортасынан басталды, содан августің аяғына дейін. Өліп қала жаздап жүрміз. Өйткені, біз тұратын кемпинг ыстық тартады, іші қайнап кетеді. Шапито-цирк резинадан жасалған материал ғой, ол да қызып кетеді. Өмірде жеңіл ештеңе жоқ. Біраз қиындықты бастан өткіздім. Шыдамаймын ба деп едім, шыдадым. «Арты жақсы болар» деп отырмын. Мына Швейцарияда жаңбыр көп жауса, адамдар циркке көп келеді. Ал ыстық болса, 20-40 шақты адамға ғана өнер көрсетеміз. Шефтің көңілі түсіп жүр. Қазақстанда не өзгеріс бар? Мылқау болдым... «Алматыға тезірек келсең екен» дегенің дұрыс. «Бірақ енді ұрыспаймыз, төбелеспейміз» дегенің қай сасқаның?! Біз екеуміз не, абысындардай күнде шаш жұлысып жүр ме едік? Қашан

ұрсысып, бет көріспей кеттік? Қайдағыны айтасың, сен қыз! Мен де сағындым! Бір жұтым болса да, шәйді бөліп ішіп, сырласқанға не жетсін?! Талай түнді ұйқысыз атырып едік қой. Бірақ Құдай маған өзіңдей дос енді бермейді. Өйткені, оларды бір жыл білсем, сені 15 жыл білем. Адам тал егеді, жылдар өте ол жайқалған үлкен емен болады. Желден, ыстықтан сақтайды. Көлеңкесіне келіп отырып, көңілің жай табады. Ал ағашты отырғыза салып, бір жылдан соң одан пана іздей алмайсың. Ал ағаш өскенше, мен бұл өмірден кетіп қаламын. Тек арманым – бір-біріміздің қуанышымызда, қайғымызда бірге болсақ деймін. Балалардың тойында болсақ, одан артық не керек?! Досты адам жастан жинайды, табады. Бір-бірімен адам егеседі, көнеді, түсініседі. Өмірдің талай ащы-тұщысын бірге тата білген адамдарды «дос» дейді. Сенің «Енді ұрыспайықшы» дегеніңе күлкім келеді. Біраз күліп те алдым. Сосын кеп есіме түсірейін, «Қашан бұл қызбен ұрсысып едім?» деп, есімде жоқ... ...Екеуміздің өміріміз екі түрлі. Сенің күйеуің бар, балаларың бар, жұмысың бірқалыпты. Туған-туыс қасыңда, ата-енең дегендей. Араласып жүрген жолдастарың да өзгеше. Менің өмірім тіпті өзгеше, қарама-қайшы. Соған қарамай, екеуміздің тағдырымыз, түйсігіміз бір. Сондықтан бір-бірімізді іздеп, пана тұтатынбыз. Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Тек сезе білу керек... Жеміс-жидек жей алмай (шіркін, Алматының жемісін айтсаңшы!), көңіл тойып, көз тойғанша қапа болып жүрмін. Біз келгенде қауын-қарбыз болмайды ғой. Соңғы үш айдай болды, тау арасындағы қалаларда жүрміз. Керемет! Таңертең тұрсаң, екі жағыңда биік таулар, жап-жасыл алаң, аспанмен таласып өсіп тұрған шыршалар. Біздің Шымбұлақ сияқты комплекс бұларда да бар. Бірақ тауға вагонмен көтерілесің, сосын аспалы орындық. Адам аяғы баспаған орман-тауларын араладық. Келген соң айтамын ғой, ауасы таза, үйлеріне әлі таңғалып жүрмін. «Алматыда квартира қымбаттап жатыр» дейді. Құдайдан сұрарым – маған да бір ұя берсе екен. Соны өзім қалағандай жасағым келеді. Қазір көргенім көп, вкус өзгерді. Үйім болса, басқаша жасаймын. Ойларым көп, армансыз адам болмайды. Солай, қыз! Ой жүйрік. Алматыға келсем, проблема жетіп жатыр. Баханың (інісі Бақытжан) оқуы, өзім сырттай оқып

жатырмын. Ләззатты бір оқуға тығу керек. Тұратын жер жоқ, тұрақты жұмысым жоқ. Ақша көп керек. Мен Ләззатқа айтып жатырмын. Мына Швейцарияның тыныштығына үйреніп қалдық, біздің бір «Барахолка» не тұрады?! Қызық, тіпті. Екі өмір, екі ағыс. Екі өмірдің дәмін татып жатырмын. Кеше сенің хатыңды сағат кешкі 8-де алдым. Жанталасып оқып шықтым да, зыттым. Бүгін тағы да оқып шығып, жауабын жазып бітірдім. Бүгін түстен кейін салып жібердім. Беттеріңнен сүйдім! Мен мұхит асып кетсем де, сен мен үшін – Айнаш, сен үшін мен – Алтынай болып қаламыз. 2003 жыл, 8 қазан. *** Қыз-ау, амансың ба? Өзіңнен хат алып, үш қазақтың қалпағы көкке ұшты. Алла деп жүріп жатқан боларсыңдар. Есейіп, өмірдің сан алуан ағысымен алысқалы қашан... Соңғы кезде мені «Қошақаным, ерке, тентек қозым» деп еміренген жан есімде жоқ. Әке-шешем, бауырларым мені темірден соққан деп ойлай ма, маған мұндай жылы сөздерін қимайды. Балаша мәз болып, отыздың екеуіне жетсем де, көңілім босап қалды. Ата-әже болса, «түйе» қарап кетті. «Бірде болмаса, бірде естірмін» деп өмір сүріп жатқалы қашан?! Маған ең көп хат жазып, ой бөлісіп, мені іздеп жатқан жандар – өзің және Ольга Алексеевна. Күйбең тіршілік біте ме?! Бірақ қол созып, алма-кезек хабарласып жатырсыңдар... Мен сенімен келісемін. Бір күн болса да, еңсеңді көтеріп, жарқылдап өмір сүргенге не жетсін! Джованни – Италиядағы менің продюсерім. Әнеугүні звондаған. «Италиядағы үлкен циркке 6 ай жұмыс бар» деп, қазір Азия, Қытай, Африка, Америка үлкен проблема болып тұр. Самолет билеті бұл елдерге қымбат. Европа, Россия, Украина, Белоруссиямен жұмыс істегенді жақсы көреді. Олардың билеті 3-4 есе арзан. Жоғарыда атап кеткен елдердің артистері билет қымбат, багажға көп ақша төлеу керек, жұмыссыз қалатын болып

жатыр. Джованни айтады: «Қазақстанға барып, қайта келу –
көп шығын, сондықтан Швейцариядан кейін бірден Италияға
барасыңдар» деп. Қазір ол полициямен сөйлесіп жатыр, виза
жайында. Егер полиция келіссе, біз Италияға кетеміз. Егер

Италияда жұмыс істесек, үлкен қор жинайтын едік. Онда мен
швейная машина мен компьютер сатып алмақ ойым бар. Бәрі
белгілі болғанда, өзім хабарласамын. Үстімізге дұрыс киім де
ала алмай жүрміз. Егер елге қайтатын болсақ, ақша үнемдеу

керек. «Үй сатып алсақ» деген ой ғой.
Ал егер Италияға барсақ, онда өзіміз біраз киініп, жағдайымызды
дұрыстасақ деп отырмыз. Осы бір жеті ішінде бәрі белгілі болуы
керек.

Елге барғым келеді. Бірақ...
Бел буып, қорықсам да, осы ісімді бастадым, басы-қасында
өзің болдың, бәрін білесің. Еңбегім жанып, Құдайдың көмегімен
Европаның есігін аштым. Бастаған істі орта жолға тастап кеткенді

жек көремін. Осы жолымда үлкен бір істің басын қайтарғым
келеді. Тәжірибе жинап, көп нәрсеге үйренсем деймін. Бала
емеспін, соңымнан ерген жандар бар. Сондықтан дәл қазір ештеңе
айта алмаймын. Тек сезіп білетінім: қайда жүрсем де, Құдай өзі

жетелеп, жол көрсетіп келеді. Менің жаңылыс аяқ басып, адасқан
кездерім көп болды. Бір Құдай кешірсін! Адаспасақ, ақ-қараны
ажыратып алмас па едік?!
Есіңде ме, бізде талай Алматының қыздары оқып еді ғой.

Оны қойшы, біздің курстың қыздары ше? Мен бұрын соларға
қызығатынмын. Олардың қасында өзімді төмен санайтынмын.
Бәрінің өмірі ойлағандай, дұрыс болып көрінетін. Ішіндегі «ақ
қарғасы» мен едім...

Мүмкін, мен өмірді ерте бастаған шығармын. Тыныш жүре
алмайтын едім. Сол әдетім әлі қалмаған. Баса-көктеп әлі келемін.
Әлі күнге дейін өзімді тәрбиелеп келемін. Тіл-көз деген – атылған
оқпен тең. Тіл-көз іштей адам бойындағы энергияны шоқып жейді.

Қалай солып қалғаныңды білмей қаласың. Қазақта ырым бар «есік
тұтқасын сумен шаю» дегендей, «Жаман ой, сөз есіктің тұтқасында
қалады» дейді ғой, сұрап-білші...
2003 жыл, 2 қараша.

*** Ойбай, сен қыздан хат күткелі қашан?! Шыңғыс ханның ханшасы екі қолыңды жылы судан, екі аяғыңды аспаннан түсіріп, тез хат жазып тұрсаңшы, ха-ха-ха... Мен өзімді «бақытсызбын» дегенім: әйел ретінде өзіме серік болатын адамды таппағаныма өкініп жазғаным ғой. Бір Құдай кешірсін, балам аман, өзім аман, достарым аман, тәубе, шүкір! Адамды ез қылып, езіп жіберетін – жалғыздық, ерлікке де шақыратын – жалғыздық сияқты. Осы жұмысты бастағаным да – жалғыздықтан... Аузыңа май, «Енді ғана 30-ға келдің» депсің. Көкем, сенің жар дегенде жалғыз подругаң 32-ге кетіп барады. О, қасқа, екі жылымды қай жерде жоғалтып алдың, а? «Бақытты болудың сыры бақытты екеніңе өзіңді сендіруден басталады» депсің... Мен өзімді өмірге қайтадан келгендей басқа көзқараспен, оймен қарай бастадым. «Ер кезегі үшке дейін» демекші, есіңде болса, мен Голливудқа, сосын Канарға, сосын Швейцарияға баруым керек болды. Шашым ағарған кез сол еді ғой. Үшіншіге де жолым түсті ғой. Біз әлі жаспыз, сен де әлі ел аралайсың. Тағы бір қуанышты хабар – келесі жылға тағы да Швейцарияға шақырып жатыр басқа үлкен циркі. Алматыны сағындым! Аузымнан сілекейім ағып, есіме түсіремін. Құлпынай, қауын, қарбыз, жүзім... біздің жеміске жетер ештеңе жоқ. Мына жақтан сатып алдық, жер мен көктей. Шіркін, Алматының жемісі маған арман болады деп кім ойлаған?! Дәмі аузыма келеді, сол жемістерден дәм тату үшін бәрін тастап, кетіп қалғым келеді. Әттең, қолым қысқа. Үкіметтің ауысқаны қиын болды. Ел тағы қиналады ғой, ел іші аман ба? Қара қазағым!.. ...Мен сен қызға кемпір болғанды көрсетемін. Өзің кемпір, хаха-ха. Мен – әлі қызбын. Балгер керегі жоқ. Саған хат жазғанда, көңілім жер бауырлап жатыр еді, қазір қалқып жүрмін. Өмірмен алыса білу керек. Өмір ездерді жек көреді. Қасқырлық көрсетсең, шаштан тартады. Мүмкін, сондықтан шығар, өмірмен менің көп ерегесетінім. Мына жақта өмір қызық, кейде өмір қасымнан зырғып өтіп

жатқандай. Менің қатысым жоқтай, біртүрлі сезім туады. 8 ай деген ұзақ, сенің тамырың туған елде ғой. Сендермен ұзақ уақыт көріспеу қиын екен. Бірінші келгенде есі-дертім – осы жақта қалу, өмір сүру болатын. Қазір басқаша қараймын. «Кеш бастадым ғой» деп ойлаймын. Елден қол үзіп қалғандай боламын. Мені кейде циркте «Қазақстанның принцессасы» дейді. Жүрген жүрісіме, киім киісіме қызығады. Тек шет елде өзің – еліңнің өзгеге таныстырар жолашарысың. Мен құймақ, бауырсақ, құдайы шелпек пісіріп, осындағыларға «Қабыл болсын» айтқызсам, олар сұрайды «Мұның мәнісі не?» деп. Оны түсіндіру үшін тамырын тереңнен аласың. Тіпті цирктің бір адамы: «Қыста Қазақстанға келемін» дейді. «Бәрі сендей әдемі, сен айтқандай керемет ел ме, көргім келеді» дейді. Өзіңнің әр қылығыңа, әр ісіңе, әр сөзіңе салмақпен қарауға тура келеді... ...Кейде, өзің білесің мені, жынымды ұстататын адам кездессе, ерегесіп, әдейі кері кететінімді. Кейде қасымда жүрген достарым менің шын ойымды дұрыс түсінген емес. Гауһар біздің үйде тұрған кезінде айтады: «Сенің мұндай екеніңді білмеппін, сен басқа екенсің», – деп. Сондықтан кейде жұртқа көп ашыла бермеймін. Менің жасар ісім көп. Тек алға жүре беру керек. Алладан тілерім: амандығын берсін, жақсылығын қисын, денсаулық берсін! Ойларым көп. Мен тыныш өмір сүруден қалған адаммын-ау деймін... 2003 жыл, қараша. Швейцария, Zіrkus stey 85 07. Horhausen Sweіz

БОРАШ ҚУАТ ҚАҺАРМАНҰЛЫ 1972 жылы 12 желтоқсанда Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Амангелді ауылында дүниеге келген. жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында редактор, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде тілші, шолушы, Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметінде бас сарапшы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде сектор меңгерушісі, Мәдениет және ақпарат министрлігінде Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының Хатшылық меңгерушісінің орынбасары. Өлеңдері мен журналистикалық жазбалары көптеген жинақтарға енгізіліп, республикалық басылымдарда жарияланып жүр. 2008 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан «Біздің белес» атты жеке жыр кітабы, биыл «Жұмыр жердің жұмағы» жинағы жарық көрді. МҰРАЛАРДА ТҰНҒАН МҰҢ Тобыл мен Сырдың, Алтай мен Атырау арасын, Аралап көрші, сен талай мұңға батасың. Ұлылықтарды ұғынар едің – сөйлетсең, Көшпенді ердің көзіндей болған тағасын. Шашылмай ырыс, төгілмей жеткен бар құты, Қазақтың жері – қағанаттардың сарқыты. Түбірі түркі жұрты үшін бұл жер – талбесік, Тарихқа егер бойлайтын болсаң арғы тым. Мұраларда анау ұлылығымен қатар ғұндардың, Ұялап жатыр төгілген жас пен тұнған мұң. Наркескендердің сынығынан қаны тамып тұр, Жосықсыз келіп, жортуыл салған жоңғардың.

Бүгінге сыр боп бүк түсіп жатқан обалар,
Теңгелер, әне, шын шебер ғана соға алар.
Ұлтым-ау, талай зарын тартыпсың заманның,
Бетінен жердің жойылып, семіп, жоғалар...

Шашырап мүлдем, бөлшектенуге шақ қалып,
Ақтаңдақтарың көп, мұраңды көрсем ақтарып.
Ащы зарың мен ауыр мұңыңды бөлісем,
Дәулеті тасқан дәуірлеріңе де мақтанып.

Ақ қар, көк мұзда кетпеуіміз үшін күреліп,
Күресті баба, еркіндік біз де тіледік.
Тәуелсіздікке тәбәрік болған біздегі,
Мұраларға қарап тәубе етіп іштей жүрелік!

НАУРЫЗ

Табиғат-ана торқадан киіп киімін,
Самал ойнады бұлттың түртіп бүйірін.
Қыс-мырза келіп, қырындап еді көктемге,
Қылықты сұлу салмады көздің қиығын.

Қолаң шаш қыздың қос бұрымындай өрілген,
Есіл мен Нұра арқырап тасып, төгілген.
Қабыл ал, халқым, қасиет қонған қонақты,
Әз Наурыз келіп жайғасты, міне, төріңе!

Шуаққа шомып, көңілдің қызып көрігі,
Тасынды бойда бозбала-сезім желігі.
Таразда бүгін табиғат ерек тамылжып,
Самарқан жақта тағы да көк тас еріді.

Қызғалдақ тұнған қыңырлау бойдақ қыр күліп,
Сілкінді дүние, дүрия дала дүрлігіп.
Бүршігін жарған бүлдіршін қайың иілді,
Теректің баяу тербелісінен сырды ұғып.

Бозторғай шырқап бозамық таңда дала әнін,
Құшағын жайды Әз Наурыз, әсем жаңа күн.
Ынтымақ артып, ырысың тассын, туған ел,
Киелі ұлыс, толсыншы құтқа қадамың!

ТҮРКІНІҢ ТӨРІ – ТҮРКІСТАН

Төгілтті сарын Қорқыттың көне қобызы,
Түнектен тұрды түркеші, қарлұқ, оғызы.
Түркі дүниесінің тамырына қан жүгіртті
Жүз жылдықтардың жүрек соғысы.

Көкбөрі рухы аспандап, асқақ көк тіреп,
Жебеуші айдан пейіш желіндей жетті леп.
Фараби бастап түркінің барша жайсаңы
Кетіп барады Түркістан жаққа бет түзеп.

Пейіштің желі қосылып қобыз сарынға,
Ұлы рух жетті, құйылған қандай тамырға.
Түркінің жұрты Түркістанға кеп бас қоспақ,
Ақсарбас шалып адыраспанды адырда.

Түбірі – түркі, діңгегі-діні – мұсылман...
Жарты әлем сенің қаймығушы еді мысыңнан.
Күлтөбедегі салқар жиынға кеп қосылды
Бейбарыс сұлтан бастаған қыпшақ Мысырдан.

Алыстан естіп ақбоз атының дүбірін,
Түркістан күтпек Әмір сұлтандай ұлы ұлын.
Осы жиында ғибрат қып жайып салардай
Әзірет сұлтанның қыбылеттегі ғұмырын.

Дәуірлеріңде Сейхун боп тасып, төгілдің,
Айша бибінің бұрымы болып өрілдің.
Ару атанды ай, аспанға барып шаншылып,
Ай қияқ қасы Рәбия сұлтан-бегімнің.

Абылайлардың құндақтап жатқан арманын,
Түркістан – түркі жұртымның қара орманы.
Ер түрік, енді маңдайда бағың ашылар,
Аспанға қарап ұли бастады арланың.

САКУРА ГҮЛДЕГЕН ШАҚ

Ұшақ қонуда...
Көз ұшы ұсақ арал сан.
Күншығыс елі, бәрі де күннен жаралған.
Біз келген кезде сакура ағаш гүл ашып,

Токио тұрды тотықұстайын таранған.
Жымиып жігіт, қысықтау көзді қыз күліп,
Ілтипаттардан еседі ерек ізгілік.
Дүкенге кірсең, сағынып жеткен бөлеңдей

«Арригато» деп иіле беред үздігіп.
Біздің ұғымша иіле берер тектен-тек,
Сыпайы, сырбаз адамдар мұнда неткен көп!
Жапон досымның жанарына еппен қараймын,

«Самурайлардың қаталдығы қайда кеткен?» деп.
Біз келген кезде басталып тойдың дүрмегі,
Сансыз аралда сакура ағаш гүлдеді.
Ұқсап кететін біздің қыздарға күлгені

Жапонның қызы сезімнің шоғын үрледі.
Тарту-сыйымнан қалғандай, сірә, құр қалып,
Дөңгелек жүзге қарап қоямын ұрланып.
Сакура гүлдеп, самала шашқан сол шақта

Астана жақта алмалар жатты бүр жарып...

КӨК ДӨНЕН-КӨҢІЛ

Тарылып киген кешегі бала көйлегің,
Қала береді бәрі артта, қала береді.
Кешегі би мен бүгінгі қимыл үйлеспей,
Әр жылың бетке әжімін ала келеді.

Көк дөнен-көңіл бір сәтке жасарады да,
Күмп ете түскің келеді асау ағынға.
Аптыққан көңіл басылад қайтадан содан,
Қырықты көріп тығылған тасада мына.

Қала береді думаның, дулы дүрмегің,
Момақан шаққа айналад шулы күндерің.
Қиялмен ғана шарлайсың сол бір күндерді,
Күбірлеп іштей, «Беу, дәурен, сүйрігім» деген.

Шаттығыменен жататын шаруа шалқып,
Келмейді сол кез, нөсердей соңыра қайтып.
Жастықтың желік әңгімесін әрең тыңдайды
Дауылпаз Дархан бүгінде дағуат айтып.

Қала береді бәрі артта, қала береді,
Тосын естіліп уақыттың жаңа дерегі.
Отырам содан ой қаужап, қарияға ұқсап,
Отыз бестегі інішек «Аға» дегелі...

ЕСАЛИ АЙНАШ ҰЛДАРҚЫЗЫ 1972 жылдың
15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысының
Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 1987 жылы
Алматыдағы №2 қазақ тілі мен әдебиетін

тереңдетіп
оқытатын
мектеп-интернатқа
оқуға қабылданды. 1988 жылы тұңғыш рет

ұйымдастырылған республикалық қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің олимпиадасына қатысты.
Мақалалары мен әңгімелері оқушы кезінен-ақ
республикалық басылымдарда жарық көрді.

1989 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
журналистика факультетіне оқуға қабылданды. Университетті
тәмамдағанннан кейін еңбек жолын «Қазақстанның жоғары
мектебі» журналында бастап, көп ұзамай республикалық «Егемен

Қазақстан» газетіне жұмысқа қабылданды. Қазір осы басылымның
шолушысы.

АҚШ,

Ұлыбритания,
Германия,
Голландия,
Гонконг,

Қытай,
Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен тікелей
репортаждар дайындай жүріп, 2006 жылы Қазақстан Журналистер
Одағының «Жыл репортері» аталымы бойынша марапатталды.

Көптеген журналистік байқаулардың жеңімпазы. 2012 жылы Қазақстан
журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығына ие болды.
2014 жылы Алматыдағы «Раритет» баспасынан «Махаббатқа сенуге
көмектесіңізші..» атты жеке кітабы жарық көрді.

ҚҰНДЫЗ БӨРІКТІ КІСІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

(әңгіме)
Ол кез – адам-пенденің қиқы-жиқы тірлігіне ажал миығынан
мырс етіп қарап тұрған жылдар еді. Сол ажалдың елесі құтырына
ойнақ салып, сәт сайын алдыңнан қалбаң қағып, зәреңді

ұшыратын. Сары жездей алтын дала тот басқан теңгедей қоңырқай
тартып тұрған-ды. Тіпті төбеде қалбалақтап ұшқан құстан бастап,
тырбаңдаған уақ жәндікке дейін баз кешкен бей-берекет тірлік,
сұрқай тартқан дала, тәрк етілген дүние…

Ниеті жаман қара қарға мен сұмырай сауысқанның жолы болып, әр жерден қараңдаған өлікті екі шоқып, бір қарап қойып, кекірік атып, тоқмейілсіген жалған кезек. Көк майса даланың басын көтертпей, аптабымен күйдіріп жіберген алау-Күн де пенделерге қысастығы бардай қырсыға қарайды. ...Шыжыған аптапта майы шыққан топырақпен жалаңаяқ екеу жалғыз жолмен ілбіп келеді, ілбіп келеді. Жол мақсаты жету болса да, мына жол екеуінің діттеген жеріне жеткізбей, митың қаққан азапқа салып қойғаны. Екеуі де – отау иесі бола қоймаған, кәмелетке де жасы жетпеген бозбала. Үлкенінің балапан мұрты енді ғана тебіндеп шығып келеді. Бірақ оны аштық азабы айғыздаған жүзінен бірден аңғару қиын. Аштық бұларды әбден титықтатты. Жаппай ашаршылық тек бұл екеуі ғана емес, бүкіл халықтың қабырғасын қайыстырды. Адамдардың жігерін құм етті, сағын сындырды. Пенделер Алла Тағаланың қаһарына қай қылығымен ұшырады екен?! Жұртқа бір тойып жейтін бидай ботқа түгілі, бір тістеп, өңештен өткізетін қара нан да қат болды. Ар жағы ұлып тұрған ел нәпақа іздеп, қаңғып кетті. Адамдардың түсіне тек тамақ кірді. Қарайғанның бәрі көздеріне ас болып елестеді. Бұл – адамзатты, жо-жоқ, пенделерді өзінің ішінен шыққан шаранасына да қол салғызған қорқау ашаршылық еді. Екеудің мақсаты – тек қалаға жету, тек қалаға. Бір отбасындағы оннан астам адамы бар үйелменнен қалғаны – осы екеуі. Қарқарадай бір атадан қалған екі тұяқ. Бірі өлсе – бірі қалады, екеуі де өшсе – бір атадан, бұл қазақтан не қалады?! Бұлар қоңыз теріп жеп жүріп, балшықтан, күйдірген кірпіштен соғылған үйлері бар кішігірім қалаға аяқ іліктіргенде сәске кезі еді. Алла Тағаланың өлмейтін құлына өлі балық жолықтыратыны секілді екі бозбала қалаға келген күні-ақ ауыздарына шайнайтын бірдеңе түсіп, асқазанның сауабын алған-ды. Әрине, олардың алдына «Ашығып қалыпсыңдар-ау» деп ас қойған ешкім жоқ. Біреу аяп садақасын берсе, біреуге өздері барып, қол септігін тигізіп, нәпақасын табады. «Өлместің күні» дегеннің нақ өзі. Қайыр сұрап, жалданып жүрген қарақұра мұнда да жеткілікті.

– Еділ, Еділ деймін. Қыс түскенде не істейміз? - дейді Жайық

өзінен бірер жас үлкен ағасына қарап.

– Көрерміз, - деп Еділ күңк ете қалады.

Шынына келгенде, бұл сұрақ Еділдің өзін де жиі мазалайтын
еді. Бұлардың астындағы төсегі, үстіндегі көрпесі – қасапшының
жаз бойы тақыл-тұқылдап малына жинаған шөбі болып тұр.

– Еділ, Еділ-ей, егер біздің ауылдағылардың бәрі осында келсе,

өлмейтін еді, иә? Апамдарды айтам…
Інісінің даусы дірілдеп, кемсеңдеп келе жатқанын байқап Еділ:

– Іске асырса, бәрі тамақ екен ғой. «Судың жыланы» деп

жемейтін біздің өзеннің балығын мыналар тұздап, қуырып, дәмдеп,
қандай тамақ дайындайды, иә?! – деді әңгіменің ауанын өзгертіп.
Апасын, әкесін, бауырларын еске алып, олардың аштық
азаптаған кейіптерін қайта көз алдына әкелу Еділге де оңай емес-

ті. Жаутаңдаған Жайыққа қараған сайын өзінің оған қарағанда
естияр екендігі есіне түседі. Қолына бірдеңе іліксе, іші қаншама
шұрқырап тұрса да, Жайықтың аузына тосады. Жайық та оны
бірден қылғыта салмай, жартысын бөліп, Еділге береді. Еділ үшін

Жайық – әке-шешесі, іні-қарындасы, көзінің ағы мен қарасы.
Бейтаныс қалада да Құдайға қарағандар бар-ау, бірақ, жалғыз
бауырынан асқан жақын, одан ыстық кім бар?! Артынан ақ қозыдай
томпаңдап жүріп, бар тозақты бірге көрісіп, өкшесін басып келе

жатқан бауыры ғой.
Шыжыған шілде де өтіп, ауа райы аздап салқын тарта
бастағанын Еділ де біліп жүр. Жайықтың да сұрап отырғаны
сол ғой. Біреудің қорасына жатса да, тұрақты жалданып жұмыс

істегілері келеді. Әй, бірақ, ешкімнің де шаруасы өзінен артылып
тұрған жоқ. Бай-манаптың өзіне белгілі жалшысы әу бастан бар.
Біреулер қолғабысқа алайын десе де, күдіктеніп, «Арып-ашып
жүрген алаяқтардың бірі болар» деп, көп маңайлата бергісі

келмейді. Күнкөріс – тек қара базардан. Наубайшының күлін
төгеді, отынын жарады, қасапшының қанын жуады.
Осылайша басына құндыз бөрік киген аттылы бір бейтаныс
базарға бас сұққанға дейін бұлар таландарына түскенді талғажау

етіп, күндер өтіп жатты.
Екі беті нарттай қызарған, тығыншықтай, ақсары, шегір
көзді кісі үзеңгіден аяқ алысымен-ақ ат-көлігін жалпаңдаған

жалшылар шәйхананың қасындағы кәрі нәк ағашына байлап
қойды. Қонақ нық-нық басып, шәйхананың ағаш сәкісіне
кебісін шешіп, жаңа мәсісімен сықырлатып отыра кетті.
Шәйханашы зыр қағады. Құмғанмен тездетіп шәйді де, кепкен

тәтті қауынқақты да әкеле қойды. Қоржын-қапсыз салт кісі
шәйді үнсіз сораптап, өткір шегір көздерімен айналасын барлап
қояды. Өрік ағашының көлеңкесіне құрылған жайлы сәкідегі
кісіге өткен-кеткеннің бәрі таңырқай қарайды. Құндыз бөрікті

де арлы-берлі жүргіншіге тесірейе қарап, көзімен шығарып
салып отыр.
Киім киісі, тұрпаты бөлек жанға Еділ мен Жайық та ентелей-
ентелей жақындап келді. Бейтаныс та екі бозбаланы аңғарып,

қайта-қайта қарағыштап қояды. Құмғандағы шәй таусыла
бергенде шәйханашы әлгі кісінің алдына «Тағы шәй керек пе?»
деген ишарамен жетіп барды. Ол сол маңғаз күйінде «Болдым»
дегендей кесенің бетін алақанымен көлегейледі. «Жетер» дегені

болар, сірә.
Сосын орнынан мәсісі сықырлап тұрып бара жатып,
ағайынды екі жігітке «Артымнан еріңдер» дегендей басын
кегжең еткізді. Екеуі тапырақтап, қуана-қуана бейтаныстың

артынан ерді. Ол бір ауыз да ләм деместен базардың қақпасына
қарай атының басын бұрды. Екеуі сүмең қағып соңынан еріп
келеді.
Құндыз бөрікті кісі сол үнсіз күйі қаланың батыс бетінде

орналасқан, сырты биік балшық дуалмен қоршалған, ағаштан
жасалған үлкен дарбазасы бар үйіне қарай жүрді. Тек аттылы
кісінің артынан үмітпен еріп бара жатқан екі бозбалаға қарап,
сол базардың ең кәрі дуанасы:

– Әй, сор айдағандар! Оның соңынан еріп кеткендердің

осы базарға қайтып келгенін ешқашан көрген емеспін, – деді
жұмбақ күңк етіп.
Оның күңкілін ешкім естімеді. Тек қапырық жел ғана «..еріп
кеткендердің, еріп кеткендердің..» деп мағынасыз қайталап,

күңкілді айдалаға қаңғытып алып кетті.
Қытай күңі бар құндыз бөрікті кісінің үйінде Еділ мен
Жайықтың жаңа өмірі басталды. Бірінші күні-ақ олар жуынып-
шайынып, бүтін көйлек-дамбалға ие болды. Жататын орындары да

қам кірпіштен соғылған, күркешік секілді жып-жылы. Астарында

– ескі де болса қалың киіз, үстерінде – жыртық та болса жамылғы

шапан.
Мойындарына жүктелген міндет те жеңіл-желпі, қабырға
қайыстырардай ауыр емес. Отын жарады, аула сыпырады. Азғана
малды күтіп-баптайды. Екеуі келгеннен кейін-ақ көп ұзамай

қожайындары сапар шегіп кеткен. Қос-қос атқа жегілген арбаға не
артқаны белгісіз, ол қожайынның өзіне ғана мәлім.
Бұлар қытай күңмен сөйлеспейді. Ол тамақ дайын болғанда
алдарына екі табақпен әкеліп, үнсіз шығып кетеді. Бетіне май

салынған, бидай жармасынан жасалынған ботқа екеуін тез
әлдендірді.
Қожайынның екі иығына екі кісі мінгескендей тағы бір
қызметшісі бар болатын. Ол да қожайынмен бірге ере кетті. Аула

ішінде үнсіз, жайлы тіршілік. Тек екеуінің ешқайда шығуына
рұқсат жоқ. Бұл – қожайындарының бұйрығы. Әрі бір жаққа кету
екеуінің де ойында жоқ. Бұлардың мойнына ешкім зіл батпан
артып, қинап жатқан жоқ. Зіркілдеп, тыныштарын алып жатқан

адам тағы көрінбейді. Жұмақ болмаса да, жайлы тіршілік.
Тек анда-санда екеуі көз алдарына аштықтан өлген ата-ана
мен бауырды келтіріп, еске алғанда іштей егіліп, үнсіз жігерлері
құм болады. Екеуі бір-біріне жондарын беріп, жыртық шапанды

бүркеніп алып, бүрісіп жатып, көздерінен жас сорғалайды. Екі
бозбала бір-бірінен ішкі жан азаптарын жасырады.
Қожайын алтын күзге ызғар ілесе бастағанда оралды.
Жолдары болғанын ере кеткен қызметшінің жалт-жұлт еткен

жүзінен аңғаруға болады. Тек қожайын ғана сол баяғы томаға-
тұйық мінезінен айнымаған. Арбаға қаншалықты зат артып
кетсе, соншалықты олжалы оралған секілді. Еділ мен Жайық
та қожайынның алдынан құнжың қағып шығып, қуана қарсы

алды. Өздері де бұл күнде әжептәуір қоңданып, беттеріне қан
жүгірген. Бұрынғыдай екеуінің терісі сүйектеріне ілініп тұрған
жоқ.
Қожайын ұзақ сапардан оралғаннан кейін де бұл екеуімен ісі

бола қойған жоқ. Көбіне таң атпай тұрып, қара базарға кетеді.
Болмаса, бірнеше күн тіпті қарасы көрінбейді. Ағайынды
жігіттерге қожайынның үйде болғанынан болмағаны жақсы.

Екеуі кәдімгідей еркінсіп, қолдарынан келген шаруаны барынша тиянақты атқарып, тамақтарын тойдырып, жүре берді. Құндыз бөрікті қожайын алыс сапардан оралғаннан кейін бірнеше рет қана үйінде болып, қорасы мен ауласының кем-кетігін түзеп, ананы-мынаны шұқылап, күңі мен қызметшісіне нұсқау беріп дегендей өзінің егелік парызын атқарды. Күндіз жүзім ағашы жапқан сәкіде шәй ішіп отырып, ағайынды екеуді бір-екі рет әңгімеге тартқансыды. Жылан секілді шегір көзі кісіге сұқтана қарайды екен. Анау-мынау қойған сауалдарына естияр болған соң көбіне Еділ жауап қайтарады. Ал Жайық оның өңменіңнен өтердей суық көздеріне қарауға дәті шыдамайды. Қожайын үйде болғанда көзге ілінген шаруаны екеуі барын салып атқарады. Қолдарынан келгенше қолғабыс тигізіп, көңілінен шығуға тырысады. ...Күндердің күнінде ағайынды екі бозбалаға қожайынмен бірге бөгде бір жаққа сапар шегуге тура келді. Жолға шығатын күннің алдында қожайын екеуіне алдын-ала ескертіп қойды. – Сендердің көмектерің керек, – деді. Олар осы уақытқа дейін қожайыннан көрген жақсылықтарын өтейтін кез келгеніне қуанысып, өздері таң атпай ерте тұрып кетті. Қожайын да ерте оянған екен. – Жақсылап жуынып, тамақ ішіп, әлденіп алыңдар, - деді. Аузын буған өгіз секілді қызметшісі арбаны атқа жегіп, жолға керек-жарақ дүниелерді тиеп берді. Арбаға тиелген құлаш-құлаш арқан, балта, шолақ мылтық, ұсақ-түйекпен бірге сұйық зат құятын көлемді ыдыстардың тұсына тайқазан да барып орналасты. Қожайын аттың тізгінін қолына өзі алып, екі жігітті арбаға отырғызды. Тіршілігі құж-құж қайнаған қала баяулап артта қала берді. Жол-жөнекей аз-кем аялдап, сусын ішкендері болмаса, бұлар тынбай жүріп келеді. Жолай бір-екі жерден алыстан қарауытып елді мекендер көрінді. Сары белдер жүре-жүре таусылғанда тау шатқалдары басталды. Бұлар таудың ішіне ендеп кіріп келеді. Жаратқанның құдіретінде шек бар ма, жақпар-жақпар тастар мен мұзарт шыңдарды қалай келістіріп қиюластырған! Арбаның ырғағымен тербетілген екі бозбала қаншама маужырап ұйқылары

келсе де, табиғаттың тылсым жаратылысына елтіп, көрмеген жердің ой-шұқырына қарайлап келеді. Бір жерге келгенде қожайын жегілген аттарды кілт тоқтатып, заттарды түсірткізді. Жануарларды қазыққа байлап, ауыздықтарын алды да, отқа жіберді. Екі жігіт арбадағы жолға алып шыққан тамақ пен төсеніштерді алып, қожайынның айтуымен ыңғайластырды. – Сәтін салсын, жақсы жеттік, жеңдер, - деп, қожайын піскен етті бәкісімен турап, бұлардың алдына кезек-кезек лақтырып, етті қара нанмен қоса өзі де қарбытып жеп отыр. Тамаққа тойып алғаннан кейін үшеуінің де ұйқысы келді. Ең әуелі қожайын қор ете қалды. Еділ мен Жайық төбелерінен төніп тұрған тау жықпылдарына қарап, елегізіп жатқанмен, тез ұйқыға кетті. Түн ортасына қарай Еділ Жайықтың қатты айғайынан селк етіп, шошып оянып кетті. Жайық екі тізесінен жүрелеп отырып алып, қос қолымен екі көзін уқалап жатыр екен. - Не болды, не болды, Жайық? - деді Еділ інісін тартқылап. - Қорқынышты түс көрдім. Апамдар... - деп келе жатыр еді: – Түсті түнде айтпайды, тіфә-тіфә, «Түс – түлкінің боғы» десең, түк те болмайды. Ұйықта, - деп, Еділ Жайықтың қолынан тартып қайта жатқызды. Қожайынның қорылы қатты екен. Көпке дейін екеуі де ұйықтай алмады. Шегірткенің шырылы, аттардың күрт-күрт шөп шайнағаны түнде қатты естіледі екен. Еділдің біртүрлі тамағына өксік тығылды. Жайық ешқашан бұлай шошынбаушы еді. Інісіне қарап еді, ұйықтап қалыпты. Біртүрлі іші елжіреп, жақсы көріп кетті. Бұл пәниден ерте озып кеткен басқа бауырларын еске алды. Олар дәл қазір періште болып ұшып келіп, бұларды қорғаштап жүргендей болып көрінді... – Әй, тұрыңдар! – деген дауыстан екеуі де бірден оянып кетті. Кәдімгідей таң атып қалыпты. Қожайын аттарды орнын ауыстырып байлап келгеннен кейін үшеуі кешегідей тағы тамақтанып алды. Бұйыртқан таңғы нәсіпті ішіп алған соң Еділ мен Жайық қожайынның бұйрығымен тастарды әкеліп қалап, тайқазанды құрды. Әбден мол етіп, құрғақ ағаштардан отын жинады.

Уақыт сәскеге таянғанда қожайын иығына мылтығын асынып, арқан, балтаны екеуіне ұстатып, «Артымнан еріңдер» дейтін өзінің дағдылы ишарасын жасады. Екеуі дәл баяғы базардағыдай құндыз бөріктінің артынан ілесіп келеді. Кішкене жүргеннен кейін олар үлкен апан секілді үңгірдің қасына келді. Қожайын заттарды үңгірдің шетіне қойғызып, екеуіне аз-кем уақыт шегір көздерін қадап, белін таянып, үнсіз қарап тұрды. – Ана арқанды ініңнің беліне байла, - деді сосын зілденіп Еділге. Еділ ұзын арқанды шетінен ширатып Жайықтың беліне байлады. Арасында қожайын: – Жақсылап, мықтап байла, - деп қояды. – Мына үңгірге түсір! - деді Жайықтың беліндегі арқанды тартып-тартып көрген қожайын. Жайық көздерін жыпылықтатып, ағасы мен құндыз бөрікті кісіге қарап-қарап қояды. Бірдеңе деп сұрауға да батпайды. Еділ Жайықты ептеп үңгірге түсіре бастады. Інісі біресе жоғарыдағы екеуіне қарайды, біресе үрейленіп төмен қарайды. Інісінің денесі қараңғылыққа сіңе бастады. Еділ ішінен «Неге «Үңгірге мен түсейін» демедім екен?! Бұл апанның ішінде Жайық не істейді?» деп өкіне бастады. Жүрегі лүп-лүп соғып, арқанды шетінен босата берді, босата берді. Тек бір мезетте інісінің шыңғырған жан даусы шығып, арқан бұлқына бастады. Еділ жанталасып, арқанды кері тартпақ болып еді, қожайын жігітті мылтығымен түйіп жіберіп: – Арқанды тағы түсір! - деді зәрленіп. Көп сөйлемейтін, жомарт секілді, жанға жайлы қожайындарының түрі осы сәтте құбыжықтай болып өзгеріп кеткен екен. Танауы делдиіп, демалған сайын мұрын ішіндегі қылшықтарына дейін желп-желп етеді. Неден болса да тайынбайтын түрі бар. Онсыз да өткір шегір көздерге бұрынғыдан да ащы зәр жиналыпты. Еділдің қолында бір құлаштай ғана арқан қалған екен, тағы кішкене түсіріп, қараңғы тұңғиыққа үңілді. Түнектен басқа еш нәрсе көрінбейді. Інісінің даусы бірнеше рет шыңғырғаннан кейін арқанның бұлқынысымен қоса сап тиылды. Еділдің көзінен еріксіз жас сорғалап отыр. Бүкіл іші-бауыры езіліп бара

жатқан секілді. Қолы арқанға жабысып, қарысып қалғандай көрінді. Арқанды босатса, інісі мәңгілік сол үңгірден шықпай қалатын сияқты. Әдемі басталған оқиғаның осылайша өріс алғаны балаң жігіттің есін ала бастағандай. Жүрегі атқақтап, аузына тығылды. Інісінен кейінгі кезек өзінікі секілді. Мына үңгір түбінде қандай әзірейіл, қандай құбыжық, неғылған жұмбақ нәрсе отыр? – Тарт енді! - деді қожайын бір уақытта Еділге. Дәл сол бұйрықты тағатсыздана күтіп отырған Еділ бар күшін салып тартып алмақ болып еді, бірден шамасы келе қоймады. Қанша мықшыңдаса да, әлі келер емес. Қожайын мылтығын кезеніп, міз бақпай қарап отыр. – Ана тасқа аяғыңды тіре де, тарта бер! - деді ол бұйырып. Еділ қара терге түсіп, жанталасып, інісі байланған арқанды кері тарта берді. Ақ тер-көк тер болып, бауырын үңгірден кері суырып алғанда, ол бұ дүниелік емес еді. Бозбаланың денесі адам танымастай ісініп, қарайып кеткен екен. Еділ бауырын құшақтап алып, не боздарын, не қолына балта алып, құндыз бөрікті қожайынын шауып тастарын білмей, есі кіресілі-шығасылы кейіпке енді. Іші әлемтапырықтанып, мағынасыз күйге түсіп, санасын үрей мен қорқыныш жайлады. Қолындағы мылтығын кезенген күйі қожайын Еділге Жайықтың денесін арбаға артқызып, манағы тайқазанның жанына әкелгізді. Жігіттің қолына алдын-ала дайындап қойған пышақ беріп, өлі денені боршалауға бұйырды. Адам – пенде, енді өзінің шыбын жаны үшін шырқырай бастаған Еділ ессіз өлі денені кескілей бастады. Қолына бауыры емес, жалғыз інісін жұмбақ, адам ақылына сыймайтын жағдайда о дүниеге аттандырған қожайыны түскендей өлі денені өлермендене кескіледі. Мүмкін осы азап пен қасіретті қимылдан тезірек құтылғысы келгені ме?! Сосын қожайын адам емес, мал бордақылатқандай, «етті» қазанға салғызып, белгілі бір мөлшерде су құйғызып, қайнаттырды. Еділ екі көзі бұлаудай болып ісініп кетсе де, мәңгүрт секілді қазанның астындағы отты еселеп отыр. Көз алдына түнде Жайықтың тоңазып, бүрісіп ұйықтап жатқаны келеді. Ол енді қазанда бүлк-бүлк етіп қайнап жатыр. Айтса адам сенгісіз қорқынышты түс секілді.

Күн төбеден ауа бастағанда қожайын Еділдің алдына ескі
қаңылтыр шөмішті сақыр еткізіп лақтырып жіберді.

– Ана сорпадан алақаныңа аздап құйып көр! - деді бұйырып.

Еділ сорпадан көсіп алып, алақанына құйғанда, алақаны
сорпамен қосылып ойылып түсті. Бір сәтте алақанында ар жағынан
күн көрінетін ойық пайда болды.

– Әлі де болса қайнай түссін, - деді қожайын қайнатып жатқаны

қойдың етіндей жайбарақаттанып.
Еділдің тілі енді ғана шыққандай болды:

– Оның ішінде не бар еді? - деп сұрады жігіт қожайынға үңгір

жақты меңзеп.

– Улы жыланның ордасы!..

Қазан бүлк-бүлк қайнап жатыр. Еділ отқа қарап, үнсіз еселеп
отыр. Қожайын бозбала жігітке мылтығын кезеніп, ара-арасында
есінеп қояды.
Бір мезетте тау арасындағы мүлгіген тыныштықты жақын

маңдағы жартастың басында шоқиып отырған қарғаның қарқылы
бұзды. Қожайын жалт бұрылды. Еділ сол сәтте қолындағы
шөмішпен сорпадан көсіп алып, көзді ашып-жұмғанша құндыз
бөріктінің бетіне шалп еткізіп шаша салды. Оның бақ етуге де

шамасы келмеді. Сорпа тиген жердің бәрі сол сорпамен бірге ағып
кетті. Екі қолымен бетін қармалап, қожайын өзі отырған қойтастың
үстінен құлап түсті. Құндыз бөркі домалап, ошақтың қасына келді.
Еділ орнынан жалма-жан атып тұрып, оттап тұрған аттардың

біреуіне жайдақ мініп, келген ізімен кері қарай мағынасыз шаба
жөнелді. Аттың дүрсілімен бірге дауыс шығарып жылап барады.
Астындағы аты оны адам баласы естіп, көзі көрмеген сұмдық
оқиғаға куә қылған жұмбақ қанды мекеннен алыстатып әкете

берді...
...Арада біраз уақыт өткенде, кішігірім қала халқының арасына
«Тау асып, Қытайға жыланның уынан жасалған қымбат дәрі
апарып сататын құндыз бөрікті саудагер жұмбақ жағдайда бақилық

болыпты» деген қауесет тарады да, артынша тез басылды...

ЖӘПЕК МЕЙРАМХАН САҒЫНҚЫЗЫ 1972

жылы 7 қарашада Жамбыл облысының Қордай
ауданына қарасты Қарасу ауылында дүниеге
келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық

университетінің
журналистика
факультетін тәмамдаған соң ұзақ жылдар бойы
академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды

Мемлекеттік университетінің журналистика
бөлімінде қызмет істеді. Қазір «Қазақстан»
РТРК АҚ интернет жобалар бөлімінің басшысы.
Әлеуметтік ғылымдар магистрі.

КЕЛШІ, КЕЛШІ, КӨК КӨЙЛЕКТІ КӨКТЕМІМ!

Е-е-ей, мөлдір Аспан, мейірімді Жер!..
Екеуіңнің ажырамайтын мәңгі қос ғашық екендіктеріңді,
сендер барда ғалам бар екенін, тіпті Күнді сүйетін Ай да,
Айға ынтық Күн де екеуіңді көргенде көздерін жұмып-ашып,

алдарыңда құлдық ұрып, қызмет қылатынын аяулы ақ әжемнің
ұзақ түндерге ұласатын аңыз әңгімелерінен білетінмін.
«Бір-біріне деген сезімі пәк, сенімі нық Жер мен Аспанды
ешкімнің жасыта алмайтыны сияқты, айыруға да ешкімнің

өресі жетпейді» деп түсінетінмін сонда.
«..Ерте, ерте, ертеде ең алдымен Сөз дүниеге келіпті. Ол
Ұлы Сөз – Құдай екен. Ұлы Сөздің құдіреттілігінен ұлы тепе-
теңдік сақталып, ұлы алмасу жүріп жатқаны – әмбеге аян ұлы

құбылыс. Ал ұлы құбылысқа қылмыс жүрмейді» деуші едің ғой,
ақ әжем!
Кейде «Қос ғашық – Аспан мен Жердің бір-бірін аймалап,
бір-бірін еркелетіп, сүйетін кезі бола ма екен?! Олар кездесетін

орын, оңашада қауышатын мекен қайда екен?!» деп, санамда
найзаласқан сан-сапат сауалдардан шаршап, қиналғаннан
тығырыққа
тірелетін

шақтар
болушы
еді.
Ұланғайыр

даламның қай түкпіріне барсам да, тылсым түндерді тәбәрік
таңдарға жалғастырып, сол сұрақтардың жауабын іздеуден
жалықпаппын...

Ақыры таптым-ау!
Со-н-а-ау көз ұшындағы көк жасыл белде түйісетін мөлдір
Аспан мен мейірімді Жердің кездесуін ұлы мәртебелі Түн
жетектейді, аса қадірлі Күн ол екеуінің ақ махаббатын әлемге

әйгілейді. Бұл – хақ!
Барша ғалам ол екеуіне тілеулес, тілектес. Аппақ ақ таңдар
мен мақпалдай мамық түндердің аясында жыр тыңдап, сыр
ақтарысқан қос ғашық құшақтасып, болашаққа аттанады.

Олардың бала шағы да, болашағы да көктеп келе жатқандай
қазір... Қараңызшы, көкірек көзі бар адамзат баласы-ау!..
«Аспан – әке болғанда, анамыз – Жер» деп ұлы Абай
жырлағандай, Жер-Ана биыл да жүкті болды. Жүктілігі өзгеше,

ерек. Аз-маз сәттерден соң, тас құрсақ қарс айырылып, жаңа төл
жарық дүниеге келеді.
Жер-Ананың бұл нешінші толғағы екенін біз білмеспіз. Оны
білетін – мөлдір Аспан. Е-е-й мөлдір Аспан, мөлдір Аспан!..

Мөлдір Аспан – жалғыз куә. Иә, иә басқа ешкім де емес!
Аспан-Әке ғана Жер-Ананың ащы толғағын жалғыз өзі
көзімен көреді, жалғыз өзі құлағымен естиді, жүрегімен сезеді.
Қиналғаннан қабағы түйіледі, бұлттарды үйіреді, қиналғаннан

жылап, нөсерін төгеді, бұршақтарын атады, қиналғанынан
қабырғасы шытынайды, от шашады. Оның күңірене күркіреген
даусынан Жердегі мың сан жүректер дүрсілдейді.
Жер-ананың толағайдай толғағы аман-есен өтіп, бойы

жіпсігеннен кейінгі маңғаз Аспанның мырғамға батқанын
көрсеңіз ғой, шіркін!..
Тек ол ғана емес, жас нәресте оянып жатқан кезде «жұмсақ та
ыстық екі бетінен бірінші боп өпсем» деп, жыбырлап, күбірлеп,

сыбырлап, жып-жылы жел соғып үлгереді, өз жолында көзіне
көрінгеннен «сүйінші сұраймын» деп, жылғалардан сулар
жүгіреді.
Жер-Анамыздың сәбиін иіп емізгенін, үлде мен бүлдеге

орағанын, қызыл, сары, көк гүлдермен жасандырғанын
үстімізден төніп тұрған Аспан-Әкеміз ғана қызықтай алады.
Сосын дүииеге әкелген әй-әй Көктемін ешкімнен қызғанбастан,
жаны жомарт Жер-Ана бірден елдің арасына қосады да

жібереді.

Сағат сайын емес, сәт сайын өсіп, бой жеткен Көктемінің
әрбір аттаған қадамының құтты болатынына сенеді, сезеді
Анасы.
Ал әй-әй Көктемнің алғашқы күніне өзінің көкірек

терезесінен үңілген Төлеген ағам:
Шыға бере тоқтаңқырап азғана,
Көктем күні көтерілді наздана.
Тігіп еді жерге өткір от-көзін,

Көгеріп сап жүре берді таз дала, - дейді.
Өршіл жалыны өрши лаулап жанған мейірімді жүректің
ұшқыны да мейірімді болады екен ғой!..
Олай болса, көк көйлегінің етегі желпілдеп, көк желеңі

желбіреп, көзі күлімдеп, кеңістікті кезіп келе жатқан әй-әй
Көктемнің құрметіне, жақұт жырлар, шашылшы, көк телегейдей
тербеліп, күйлер, күмбірлеші, ақ тамақтан ақтарылып, әндер,
асқақтаңдаршы!

Келші, келші, көк көйлекті КӨКТЕМІМ!

ЖҮСІПОВА РОЗА КЕЛДІҒҰЛҚЫЗЫ 1970 жылы 28 қазанда Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келген. 1989 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1994 жылы бітіріп шықты. 1994-2003 жылдар аралығында Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Әліби Жанкелдин атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. 2006 жылдан бері Маңғыстау облыстық білім беру ұйымдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының құрылтайшылығымен шығып отырған облыстық «Маңғыстау мұғалімі» газетінде редактор әрі тілші болып қызмет атқарады. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Маңғыстау облысы әкімінің және облыстық білім басқармасының «Құрмет Грамоталарымен» марапатталған. «Үздік әдіскер» төсбелгісінің иегері. ҚАЙДАСЫҢ, МЕЙІР?! (Түйсігім маған былай деді): Жыла, жылап ал! Еңіре, егіл! Көз жасың көл болып, Ағыл да-тегіл. Шыдамның шегі бар, Жалаға Жүрегің Қашанғы төзеді, Емес қой темір! Сондықтан, қарағым, Жылап ал, егіл!

(Мен жан-жүрегім езіле жыладым).
Мөп-мөлдір көз жасым,
Моншақтап төгіл!
Жуылсын тазарып,

Тыншысын көңіл.
Жүрекке жиналған
Шемен боп қиянат,
Жасыммен жібі де,

Біртіндеп сөгіл!
Жанымды торлаған,
Бұлт-қайғы, сейіл.
Тістеніп, төзіп ем,

Болмады жеңіл.
Жүрекке жүк артқан
Тоң-шерім ерісін,
Ыстық жас, жаныма

Шуақ боп төгіл!
Жан-жағым – қаталдық,
Қайдасың, Мейір?!
Жабырқау жаныма,

Керек кең пейіл.
Жылылық аңсаған,
Жүрегім, жылама!
Көтеріп едің ғой,

Ауырды небір.
Қайтейін, бұл деген –
Өмір ғой, Өмір!

БІЛЕМ...

Білем,
Ағайын-туыс жел сөзге еріп,
Бірі қаралап, бірі табалады.
Өз қағынан өздері жеріп,

Жаныңды аяусыз жаншып, жаралады.
Қателіктеріңді тізбектеп теріп,
Соттан да бетер солар жазалады.
Рас,

Артың – жар да, алдың – құз еді,
Сүйенер дым жоқ маңайда.
Табаныңның асты тайғанақ мұз еді,
Құламай қалдың қалайда.

Жанашырың жоқ, жауың жүз еді,
Құтылдың қалай, ой, Алла?!
Шүкір,
Аққа жақ Құдай құтқарды, бәлкім,

Жаладан қалды жаның аман.
Күлкі жоқ бірақ, жүзіңде жарқын,
Жүруші ең бұрын жайлауда жағаң.
Айналаңа да қарайсың салқын,

Айықпаған-ау жүректе жараң.
Мүмкін,
Көңіліңнің қатты қалғаны да рас,
Кешірімді бол алайда.

Өмірде неге көнбейді бұл бас?!
Ағарар әлі самай да.
Маңдайыңа да тиер талай тас,
Қайыса көрме қалайда.

Таспен ұрғанға ұсынайық ас,
Сабақ болсын бұл талайға.

ДҮНИЕ – КЕЗЕК

Қаншама дана болғанымен де,
Адамның басы – Алланың добы.
Бақ келіп басқа қонғанымен де,
Күні ертең, бәлкім, қайнайды соры.

Байлыққа үйі толғанымен де,
Бақытқа ешбір жетпейді қолы.
Сүрінбейтін жан жоқ бұл жалғанда,
Пенделер бірақ сезбейді оны.

Тағдыр бір күні талқыға салғанда,
Тығырыққа барып тірелер жолы.
Қиындық келіп жағадан алғанда,
Нағыз сол болар адамның қоры.

Сол кезде, мүмкін, түсініп бәрін,
Санасы бөлінер сан ойға.
Дүние – кезек екені мәлім,
Ей, пенде!

Бір сәт соны ойла!
Қателеспейтін – тек Құдай ғана,
Ал сен сүрінесің қалайда.
Біреуді босқа еткенше таба,

Алдыңда құз бар,
Абайла!

ӨМІР ОСЫ...

Өмір осы –
Кейде шаттық, кейде мұң.
«Ақиқат» деп сенгендерің –
Кейде жалған, кейде шын.

«Биіктік» деп талпынғаның –
Бірде құз да, бірде шың.
«Байлық-ау» деп ұмтылғаның –
Сусып кетер қолдан құм.

Қадір тұтып, сыйлағаның –
Болып шығар кейде сұм.
«Қиындық» деп қамыққаның –
Құдай салған ол бір сын.

Өмір деген осы екен ғой –
Бірде күн де, бірде түн.

ПЕРІШТЕ ЕМЕСПІН

Періште емеспін,
Талай мәрте сүрінгенмін,
Талай рет құлағанмын.
Өсекке де ілінгенмін,

Жаным күйіп, жылағанмын.
Жоқты іздеп, таппай, жүгіргенмін,
Жабықсам да, шыдағанмын.
Жанарым талып, үңілгенмін,

Көзімді жасқа шылағанмын.
Бүк түсіп, белім бүгілгенмін,
Жақыннан жәрдем сұрағанмын.
Жанашыр таппай, түңілгенмін,

Сықпыртып бәрін сыбағанмын.
Білегімді сосын түрінгенмін,
Жаны ашымасты сынағанмын.
Ашуға да жүгінгенмін,

Ақылдың мойнын бұрағанмын.
Жанымды мұң жеп, үгілгенмін,
Содан кейін
Үгіндімді қайта құрағанмын!!!

СӨЗДЕР

Сөздер...
Үнемі жылы болсаң ғой Сен,
Пейілдерден әркез шықсаң ғой кең!
Әттең-ай, бірақ жел сөзге құмар

Көмейлерге де боласың-ау жем.
Сөздер...
Жүрекке оқ боп қадалдың талай,
Содан да мынау ағарды самай.

Бетіңе жел боп тимеуші едім ғой,
Нәзік жанымды қинайсың қалай?
Сөздер...
Кейде мен сенен жиіркеніп қалам,

Тыңдауға да тіпті келмейді шамам.
Жаным түршігіп, «естімейін» деп,
Керең боп қалғыр құлақты жабам.
Сөздер...

Тілдерде жүрсің мейірімге сараң,
Сол үшін менің көңілім алаң.
Жанымның барлық қызуын берсем де,
Жылы сөз,

Сені сақтап мен қалам!

ӘУМИН!

Тегіс жолдан кейде тайып, жығылып,
Жолсыз жатқан бұралаңға бұрылып,
Адассаң егер, қырсыққа бір ұрынып,
Бұл – Алланың маңдайыңа жазғаны!

Домаласа өрге тасың кейбір шақ,
Қыдыр дарып, қона қалса басқа бақ,
Шалқысаң егер, болып енді дүние жақ,
Бұл да – Алланың маңдайыңа жазғаны!

Кейде тағдыр танытпай оң қабағын,
Кері кетсең, қайырылып талабың,
Алсаң егер өмірдің ащы сабағын,
Бұл да – Алланың маңдайыңа жазғаны!

Сүйенерім – бір Алла!
Адассақ, жолға сала гөр!
Қамқорлығыңа ала гөр!
Пана боп мәңгі қала гөр!

Желеп бізді, жебей гөр!
Сүрінгенде демей гөр!
Адам-пенде елемес,
Өзің бізді елей гөр!

Әумин!!!

ЖАДЫМЫЗДАСЫҢ, ЖАН ӘКЕ!

Қайғылы хабар әкелген сол бір қара түн
Есімізде біздің болды-ау мәңгі қалатын.
Ажалға сабыр етпеске бірақ шара жоқ,
Бәріміздің де жеріміз ғой ол баратын.

Ол анық – жалған дүние бір күн өтеді,
Ажалды адам демі біткенше күтеді.
Қия алмай, қанша қиналғаныңмен, амал не,
Өлшеулі ғұмыр бұйрықты күні бітеді.

Қара жер, сенің осынша кең бе еді қойының?!
Қанша алсаң-дағы, жоқ екен тіпті тойымың.
Ажалға қияр жан ба еді менің Жан Әкем,
Тұлғасы – таудай, мейірімі – күндей, бойы – шың.

Жан Әке, біздің жадымызда мәңгі тұрасың,
Ақ көңілімізбен арнадық саған жыр асыл.
«Тиетіні – тек Құран, - деуші еді, - рухтарға»,
Қабыл ал, Әке, ұрпақтарыңның дұғасын!

САБЫР ЕТ, ҰЛЫМ!

Атасы бақи дүниеге аттанғанда Бекнұр 8 жаста болатын.
Топырақ салу үшін бейіт басына ол да барды. Атасын қара жер
қойнына қимаған ұлым жанары жасқа толып, мұңлы жүзбен
үлкендерге жалтақтап қарай беріпті. Мейірім тұнған жүрегіңнен

айналдым, құлыным!
Қабір басын қайғының кезді лебі,
Зіл батпан мұң жаныңды езгіледі.
Жанарыңа жас толып, жаутаңдадың,

Жұдырықтай жүрегің сезді нені?
Бір уыс топырақты қолыңа алып,
Тұрып қалдың кірпігіңді жасқа малып.
Қабірге топырақты салғаныңда,

Тамшы жас көздеріңнен кетті-ау тамып.

Ажалға ету керек, ұлым, сабыр,
Бақи жанға мәңгі мекен – суық қабір.
Бәріміз де барамыз сол мекенге,
Алладан бұйрықты күн жетсе әмір.

«Өзекті жанға – бір өлім»,
Бұл жайт анық!
Сондықтан да мұңайма, қатты налып.
«Ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақылды»

Азаматты нағыз ер тұрмын танып.

Айналдым, ұлым, жылы жүрегіңнен, Мейірім төгіліп тұр реңіңнен. Алладан жалбарынып тіледім мен: «Айнытпағай, - деп, - сені осы мінезіңнен!». ОТАҒАСЫМНЫҢ МҮШЕЛ ЖАСЫНА АРНАУ Тік мінезі ұстап кеткен кезінде Айтар сөзін іркілместен айта алған. Ыза кернеп бойын қанша тұрса да, Ашуынан көп кектенбей қайта алған. Өзгерте алмай аума-төкпе мінезін, Еңкейетін жерде кейде шалқайған. Тағдыр шығар, бәлкім, кейде сүрініп, Қырсыққа да ұрынады қай-қайдан. Жанын беріп сыйлағанның жолына, Сыйға – сыйын, сыраға – бал қайтарған. Қажет етпей байлық, мансап, даңқты, Көңілі өсіп, сәл нәрсеге марқайған. Асықпайтын мінезімен кей кезде Құдай берген несібеден жай қалған. Отағасым! Мүшел жасқа сен келдің, Отбасыңмен өсіп-өніп, жайқалған! *** Ұзақ ғұмыр бір Аллам нәсіп еткей, Қыдыр дарып, қырсықтың бәрі кеткей! Бала-шағаң, айналаң аман болып, Шаңыраққа Құдайым шуақ төккей! Ашуыңа басу боп жүрген мені Асыл жарым құрметтеп, сыйлап өткей!

МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ҚОШТАСУ ӘНІ

Әні: Қуантқан Вановтікі.
Артта қалды балдай тәтті
Балалығым бал-шырын.
Жасаураған жанарымнан

Сеземісің жан сырын?
Қайырмасы:
Жадымда ұстап ұстаздардан
Алған үлгі, ақылды;

Алтын ұям, әрқашанда
Асқақ етем атыңды!
Алтын ұям, өзіңе аян
Жақсы-жаман қылығым.

Білім деген дарияның
Қанып іштім тұнығын.
Құт мекенім, сенде өткізген
Әрбір сәтім бағалы.

Қанат қаққан балапаның
Қимай сені барады.

ИМАНҒАЛИ МЕЙРАМТАЙ ЕКПІНБАЙҚЫЗЫ

1972 жылы 10 қаңтарда Шығыс Қазақстан
(бұрынғы
Семей)
облысының

Шұбартау
ауданындағы
Қосағаш
ауылында

дүниеге
келген. 1989 жылы «Жорға» орта мектебін
бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің журналистика факультетіне

оқуға түсті.
Университетті бітірген соң еңбек жолын
жылы Алматы облыстық «Жетісу»
газетінде тілші қызметінен бастады. Әр

жылдары
республикалық
«Қазақстан
мұғалімі»,

«Жас
қазақ»
газеттерінде еңбек етті. Қазір Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар»
газетінде шолушы болып жұмыс істейді.

РАУШАННЫҢ ТОЙЫ

(әңгіме)
Тү-у, адам қандай көп еді, тура бір құмырсқаның илеуі дерсің.
Жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр. Әрі бүгін Алматының ауасы да бір
түрлі қапырық па, қалай? Шіркін, жел соқса ғой! Адамның жанына

жайлы тиетін жаздың кәдімгі жылы желін айтамын.
Ой, шашыңды тарап, еркелете есетін біздің ауылдың желі-ай
десеңші! Бетіңді тосып жүре бергің келеді, жүре бергің келеді.
Алматы көшелерінде ондай жел сирек еседі-ау. Иә, мынау биік

үйлерден қаймығады ма, тым сирек.
Бір сәт өз ойыммен өзім болып кетіп, қасыма Раушанның
келгенін байқамаппын. «Біз кеттік», - дейді жымиып. Сасып
қалдым ба, «Қайда?» деппін. Әйтсе де, сөзімді лезде түзеп: «Сау

бол. Бақытты болыңдар!» - дедім. Ол ештеңе демеді, өзге қыздар
қаумалап, оны әрі қарай алып кетті.
Қыздармен қоштасып үлгермеген қалыңдығын асықтырып
Таңат тұр. Оны да қолын қысып құттықтау керек еді. Бірақ аяғым

олай қарай басар емес.
Таңат. Ол жеңді, мен...

Көңілім астаң-кестең болып, тамағыма өксік тығылды. Өткен күндер көз алдыма тізбектеліп келіп жатыр... Пойыз ышқына ысқырды. Әне, Раушан мініп барады. Менің Раушаным-гүлім. Жанарымнан ыстық жас ытқып кетті. Иә, сіз білмейсіз ғой, Раушанның кім екенін, Раушанға менің кім екенімді. Жарайды, білетін боласыздар, мен бәрін де баяндап беремін. Раушан. Ол – менің курстас дос қызым. Дос болғанда қандай, ең жақын, ең ыстық. Менен екі жас үлкендігі бар. Сол себепті де болар, әрі әпке, әрі сырлас дос болды. Ой, мен Раушанға қалай еркелейтін едім, ол мені қалай еркелететін еді! «Тентек қыз» дейтін. Бірақ кейде асып бара жатсам, сабама түсіріп, мұңая қалсам, көңілімді көтеруге тырысатын. Жоғары оқу орнына мектептен кейін бірден түскендіктен болар, менің балалығым, шалалығым көп еді. Бағыма Раушан кездесіп, мені тәрбиеледі десем, артық айтқаным емес. Ол менің талай қылықтарыма талай қызарып еді. Бірде жексенбі күні Раушан екеуміз киноға бармақшы болып, автобус аялдамасында тұрғанбыз. Бір кезде қасымызға қаңғып жүрген бір кәнденнің келе қалмасы бар ма, өзі шәу-шәу етіп үріп қоймайды-ау, қоймайды. Қарап тұрып, қызық көрдім бе, әлгі кәнденді мазақтап бір кезде мен де үріп қоя беріппін. Мен үрген сайын әлгі ит шабалана түседі. Ол шабаланған сайын мен де үргенімді үдете түседі екенмін. Бір сәтте «Әсел!» деген әлсіз сыбырды естіп жалт қарасам, Раушан. Қып-қызыл болып, терлеп кетіпті. Ал аялдамадағы жұрт маған ауыздары ашыла қарап қалыпты. Қатты ұялдым. Мен үшін қып-қызыл болып тұрған Раушанды аядым. Сол жерден бетімді басып тұра қашқым келді. Абырой болғанда, күткен автобусымыз келе қалды. Осы оқиғадан кейін мен абайлайтын болдым. Кейде Раушанның зілсіз ұрысқанына өкпелеп, төсекке теріс қарап жылап жатып, ұйықтап кететінмін. Сол ұйқыдан мені Раушанның өзі оятар еді. Шай үстінде екеуміз қайта жарасып кетер едік. Ұзақ, тіпті, түннің бір уағына дейін әңгімелесетінбіз. Ол маған апасы жайлы көп айтатын. - Бірінші сыныпқа барғанға дейін апамның атын білмеппін ғой, -деп күлетін. – Алғашқы сабақта апай ата-анамыздың есімдерін

сұрады. Мен әкемнің атын айттым. Өйткені, әкем ылғи жеті атамды
жаттатқанда, өзіне де тоқталатын. Ал енді апамның атын білсемші.
Үйде оны бәріміз «Апа» дейміз, әкем де «Балалардың апасы-ау»
дейді. Білмеймін, тіпті апамның атын естімеппін. Ал өзге балалар

мені мазақ қылады. Сол күні үйге «Апа, сенің атың кім?» деп
жылап бардым. Сөйтсем, менің анамның есімі – Қаншайым екен
ғой, - дейтін.
Сессия кездерінде Раушан екеуміз сұрақтарды бөліп алып,

күнұзақ кітапханада отырар едік. Бөлмеге келгеннен кейін
біріміз оқымаған сұрақтың жауабын бірімізге тәптіштеп
түсіндірер едік.
Рас, мен де Раушанды өте жақсы көрдім. Қысқы, жазғы

демалыстарға шыққанда мен Раушанды керемет сағынатынмын.
Уақыт шіркінді тоқтата аласың ба?! Өз қызығымен студенттік
өмірдің үшінші жылы да өтіп жатқан. Сол туған күнде Раушан
Таңатпен танысқанда мен біртіндеп бәрі өзгеретінін, Раушанды,

менің туған әпкемдей болып кеткен Раушанды менен өзге
адам тартып алатынын қайдан білейін?! Басында мен еш нәрсе
ойламағанмын. Әйтсе де, туған күнде Раушанның қасынан
шықпаған Таңат есімді осы бір тымырайған жігітті аса ұната

қоймадым. «Раушанға сөз салған шұбырған көп жігіттің бірі»
дедім де қойдым. Бірақ олай болмады. Таңат біздің бөлмеге жиі
келетін болды. Ал мен Таңаттан Раушанды қызғана бастадым.
Таңат келетін кезде Раушанды бөлмеден басқа жаққа алып шығу

үшін жанталасатынмын. Ойым – Раушанды Таңатқа кездестірмеу.
Раушан екеуміз бірде киноға барсақ, бірде басқа жатақханада
тұратын қыздарға қонаққа, ал кейде туысқандардың пәтеріне
кететінбіз. Бірақ бөлмеге оралғанымызда, біздің есіктің аузын

күзетіп Таңат тұратын. Ішім удай ашитын. Білмеймін, әйтеуір
Раушанға осы бір топастау жігітті тең көрмедім. Жібектей
мінезі, сұлу сезімі, аппақ тілегі бар Раушанды, Раушан-гүлімді
қалай ғана қияйын оған?! Бір қарағанда, ол да жаман жігіт емес.

Көмірдей қара шашы, әп-әдемі мұрты бар. Ең жаманы – көп
үндемейді. Әжем марқұм үнемі «Үндемейтіндерден қорық» деп
отыратын. Ол маған Раушанның жанын түсінбейтін, сырына
құлақ аспайтын мақау адамдай көрінді. Таңат Раушанды

бағалай алмайды деп білдім. Сондықтан да Раушанға «Таңатқа

жуымашы» деп жиі айттым. Бірақ Раушанның жүрегінің төрінде
Таңатқа да орын бар екенін қайдан білейін?!
Сол күні де Раушанға: «Таңатпен сөйлеспеші, жек көремін», -
деп кезекті әңгіменің шетін қылтиттым. «Әй, тентек қыз-ай, - деді

ол жымиып. Жүзі сәл алабұртып, қызыл қан жүгірді. – Ол маған
ұнайды».. Әлдекім мені бетімнен шапалақпен салып жібергендей
болды. Өз құлағыма өзім сенбедім, Раушанға Таңаттың ұнауы
мүмкін емес нәрседей көрінді. Қайталап: «Таңат саған ұнай ма?» -

деп сұрадым. «Иә», - деді ол.
Кешке қарай бөлмеге Таңат келді. Раушан екеуі мені де
киноға шақырды. Басымды шайқадым. Раушанды Таңаттан
қанша қызғансам да, ендігі жерде мен дәрменсіз едім. Өйткені,

Раушан Таңатты жақсы көреді. Олар кетісімен, ал келіп ағыл да-
тегіл жылайын. Өзімді өзім тоқтата алар емеспін. Ішке сыймаған
қызғаныш деген қызыл ит көзден жас болып ағып жатты. Раушан
мен Таңат кинодан келгенде де мен төсекте жылап жатыр едім.

- Әсел, Әселжан, - дейді ол мені шашымнан сипап. – Кешір

мені!
Раушанның да жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті. Сол
жатқаннан бір апта ауырып жаттым. Бір апта бойы менің жаным
қатты қиналды. «Раушан не ойлады екен?» деймін. «Әсел де

Таңатты жақсы көреді» деп ойлаған шығар. «Әсел менен Таңатты
қызғанып, ауырып қалды» деп ойлаған болар. Бәлкім, екі қызды
бір жігітке ынтық қылған тағдырға өкпеледі, күйінді. Бірақ, олай
емес қой, мүлде олай емес. Құдай куә, менің жүрегімде Таңатқа

деген титтей де сезім жоқ, болмайды да. Раушан, Раушаным менің,
сол сен ұнатқан Таңаттан өзіңді қызғанып ауырып жатқанымды
білмейсің ғой... Апта бойы осы бір ой мені орнымнан тұрғызбады.
Қасымда отырған Раушанға бар шындықты айта алмай, қара терге

түстім. «Бірақ, қалай айтсам да, ол маған сенбейді» деп ойладым.
Сөйтіп, бір аптадан кейін басымды да көтердім. Әйтсе де,
Раушан екеуміздің арамызда бір салқындықтың сызы бар ма,
біртүрлі. Оның алдындағы еркелігімнен, еркіндігімнен айрылып

қалғандаймын ба, қалай? Жаным-ау не болған бізге? Кешегі
кіршіксіз көңіл, ыстық ықылас қайда ауып кеткен? Неге, не
себепті өзгердік? Әйтеуір Раушанның көңілсіз кейпін көрсем,
жанымды қоярға жер таба алмаймын. «Не болды саған, Раушан?

Көтерші көңіліңді, күлші!» дегім келеді. «Неге сонша өзгердің?»
деп сұрағым келеді. Бірақ айта алмаймын. Тек оның жүдеу жүзіне
жәутеңдеп қарай беремін.
Күн өткен сайын Раушан тұйықтала берді. Көп ойланады.

Ол маған Таңатты бір сәт те есінен шығармайтын сияқтанады
да тұрады. Әй, Раушан-ай, сол жігіттің саған қай жері ұнап
қалды екен? Қандай қылығымен ол сені баурап алды? Мүлдем
түсінбеймін.

Өмір не деген қайшылықтарға толы?! Біреуге ұнаған адам
біреуге ұнамайды. Әлде «Қарға баласын аппағым дейді» деген
осы ма? Мүмкін мен сенің жолыңды босқа бөгеп жүрген
болармын? Дәл солай. Ана жолы «Ол маған ұнайды» деп едің-ау.

Бәрі де содан басталған, менің ауырып қалуымның сыры да сол
болатын. Осы жағдайдан кейін екеуміздің арамызда түсінбестік
пайда болды. Сен «Әсел де Таңатты жақсы көреді» деп ойладың.
Солай ойлағаныңа күмәнданбаймын да. Сөйтіп, сен Таңатты қуып

жібердің, бірақ жүрегіңнен қуа алмай, әуресің. Сен Таңатты сүйеді
екенсің, Раушан. Көзім соған жетті. Бұдан әрі менің Раушанмен
бір бөлмеде қалғым келмеді. Пәтерге шыққанды жөн деп таптым.
Жүгімді көтеріп бара жатып, Раушанға арнап хат жазуды ойладым.

«Раушан, Раушан-гүлім!
Мен осылай істеуге мәжбүр болдым. Кетіп барамын, сені
жалғыз тастап кеткеніме ренжіме. Бұдан әрі шыдай алар емеспін.
Өзіңді қанша жақсы көргеніммен, қанша жерден қызғыштай

қорып, қызғанғаныммен, мәңгілікке қасыңда қала алмайтынымды
түсіндім. Екеумізді Құдай мүлде екі адамға арнап жаратыпты. Сені
мүмкін Таңатқа... Раушаным менің, оны сен шынымен ұнататын
болсаң, жоғалтуға тиіс емес екенсің. Өйткені, адамдардың бірін-

бірі табуы қиын, ал жоғалтуы оңай, тіпті қас-қағым. Сен оны
жоғалтып алма. Сүйгеніңді жек көргенім үшін мені кешір! Өзің
«Бүгін де, кеше де, өткенде, Іздесең, қателік көп менде» деген
Мұқағалидың өлеңін оқуды ұнататын едің ғой. Ендеше Әселіңнің,

өзіңнің тентек Әселіңнің бір қателігін кеш!».
Осылайша сабаққа Раушан жатақханадан, мен пәтерден
қатынап оқыдық. Раушанды көргенде қалай қуанамын десеңші!
Көрген-білгенімді, естігенімді басқаға емес, Раушанға жүгіріп

барып айтқым, сырларымды тек соған ғана жайып салғым келеді.

Бірақ Раушан әлі де сол салқындығынан арылмапты. Маған қатты ренжіген, менен көңілі қалған-ау, шамасы. «Дегенмен де, Раушанның ойлануы керек қой» деп қынжыламын. Егер мен оның қасында қалсам, Таңатты жоғалтуы ықтимал ғой. Неге Раушан осыны түсінбейді? ...Күндер өтіп жатты. Алматыға көктем де келді. Күндегі әдетіммен бұл жолы да кітапханадан шаршап шыққан болатынмын. Бір кезде «Әсел!» деген таныс дауыс шыққан жаққа қарадым. Құдайым-ау, сенейін бе, сенбейін бе? Раушан! Құшағында – гүл, қасында – Таңат. «Сәлем! Қайдан келесіңдер?» - деп жатырмын мен де. Раушан, менің Раушаным көңілді, бәлкім, бақытты деген де артық болмас. «Кітапханадан шықтың ба?» - дейді мәз болып. Содан кейін қолындағы бір құшақ гүлін маған ұсынды. - Әсел, сенімен бірге жүрген күндерді сағындым, - деді. Даусында діріл бар. Жаңа ғана күліп тұрған Раушанның лезде мұңая қалғанына күліп жібердім. Раушан да жымиды. Сөйтіп, сәл тұрды да, мені киноға шақырды. Бұл жолы келістім. Үшеуміз кітапханадан екі аялдама жоғары орналасқан «Арман» кинотеатрына бет алдық. Бір таң қаларлығы – Раушанның сүйген Таңатына менің сол күйі көңілімнің жібімегені. Екеуміздің тіл табысуымыз тым қиын. Онсыз да көп сөйлемейтін жігіт мені көргенде жұмған аузын ашпайды. Таңат екеуміздің арамыздағы бұл жайды Раушан да сезеді, бірақ, амал не, өмірде мұндай жағдайлар да кездеседі екен. ...Түн. Ұйықтай алар емеспін. Терезені жаңбыр тамшылары ұрады. Көз алдымда – Раушан. Ол келін болып, ақ босағаны аттайды, ақ шымылдыққа кіреді. Көңілім алай-дүлей. Менің де жүрегімнің терезесін сезім тамшылары ұрып жатқандай. Кірпіктерім айқасар емес. Орнымнан тұрдым. Шамды жақтым. Қолымды тұсымда ілулі тұрған домбыраға создым. Бар даусыммен ән салғым, көңілімнің шерін әнмен тарқатқым келді. Бірақ, мынау, иә, мынау жүрек қылын шертіп жатқан қандай ән? Ой, Алла-ай, өзімнің әнім. Ән... Раушанға арналған ән. Жүрегім ән салып тұр... Арманның жеңіп асқарын, Атты ма күткен ақ таңың?!. Ғажап! Жанымды тербеткен аппақ сезім ән болып төгіліп жатыр...

ҚОСБАРМАҚ РАХАТ ҚҰСАЙЫНҰЛЫ 1972 жылы 19 маусымда Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы «Қызыләскер» (бұрынғы «Тұрман») деген жерде, Сам құмында дүниеге келген. 1989-1994 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқи жүріп, республикалық «Өркен», «Жас қазақ» газеттерінде тілші, қазақтүрік бірлескен «Таң-plus» телекомпаниясында редактор болып еңбек етті. 1994-2002 жылдары Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында редактор, аға редактор, бас редактор, төрағаның орынбасары болып жұмыс істеді. 2003 жылы жеке меншік «АР» телестудиясын құрды. 2004-2005 жылдары Маңғыстау облыстық кедендік бақылау департаментінің жұмысты ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас маманы, баспасөз қызметінің жетекшісі қызметін атқарды. 2006-2009 жылдар аралығында республикалық тәуелсіз қоғамдық-саяси басылым – «Ар.kz» газетінің бас редакторы болды. 2009-2011 жылдары «Catkaz» ЖШС Бас директорының кеңесшісі қызметін атқарды. 1988 жылы Алматы қаласында тұңғыш рет өткізілген республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасының бас жүлдегері. 1992 жылғы республикалық «Студент көктемі» фестивалінің лауреаты. 1993 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының сыйлығына, 2006 жылы Жұмекен Нәжімеденов атындағы республикалық жыр мүшәйрасында «Қазақ әдебиетін қолдау қорының» арнайы жүлдесіне ие болды. 2008 жылы есімі «Маңғыстау» энциклопедиясына енгізілді. Республикалық дәрежедегі бірнеше айтыстар мен мүшәйралардың жеңімпазы. V және VІ халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Маңғыстау облысы әкімінің «Құрмет Грамотасымен», «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі. «Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 10 жыл!», «Маңғыстау облысына – 40 жыл», «Бекет ата» медальдарының иегері. «Бекет Ата» (2000 жыл, «Информ-Арна»), «Сұрасаң руымды – Дәулеталы» (2010 жыл, «Информ-А»), «Әбілхайыр Жақсымбетов» (2013 жыл, «Мұнайшы»), «Жаңабай Сәлімгереев» (2013 жыл, «Мұнайшы»), «Ерлікке толы елу жыл» (2014 жыл, «Информ-А»), балаларға арналған «Кемпірқосақ» (1996 жыл, «Рауан»), «Айлакер аңшы» (2014 жыл,

«Информ-А») атты кітаптардың, «Жаздың ең соңғы күні» (1999 жыл,
«Зерде»), «Атажұрт» (2011 жыл, «Информ-А»), «Жырымды менің
оқыңдар!» (2013 жыл, «Қазақпарат») жыр жинақтарының авторы.

ЕЛ ЖӘНЕ МЕН

Біріне – зар, біріне – ән ұялаған
Өмір деген қос арна – дарияда ағам.
Жасық жырды «Атыма кір келер» деп,
Жазбаймын мен,

Жазсам да, жарияламан.
Жырмен емдеп өмірді мұңы қалың,
Күйігіне күллі елдің булығамын.
«Кір келетін болса егер есіміме,

Кір келгені еліме» деп ұғамын;
«Кірленгені елімнің» деп ұғамын.
Сондықтан да жазбаймын жасық өлең,
Кеуделерге тасқын боп тасып енем.

Жүректерге жалын боп құйыламын,
Омырауымды ағынға ашып өлем.
Қайғы селі қаптаса, байсал қалып,
Қарсы жүзем толқынға қайсарланып.

Елім менің – өйткені, ер мінезді,
Халқым менің – өйткені, қайсар халық.
Елім менің – жаралған, нәр алғаным,
Арқасында елімнің алауладым.

Елмен бірге лапылдап,
Елмен бірге
Жанартаудай атылсам – жоқ арманым!
Елше сүйіп, өртенем, елше жанам,

Қайда жүрсем, шықпайды ел санадан.

«Ел қатарлы болсаңшы» дейтін әкем,
«Ел қатарлы болсаңшы» деуші еді анам.
Менде ұшқыны елімнің от-күшінің,
Елім жоқта – менің де жоқ пішінім.

Бар ізгілік мендегі, бар жақсылық
«Халқымда бар қасиет» деп түсінің.
Тамырында атаның абыз-қаны,
Таңдайында жусанның сағыз-дәмі;

Бөлінбейтін Елінен, Даласынан
Ақын деген – халқының ар-ұжданы!
Маған дұшпан – еліме атылған оқ,
Ар-намысын қорғаймын ақын да боп.

Елден озып, енші алу – мақсат емес,
Ел-Анамнан қалуға хақым да жоқ!
Сағат-жүрек соққанда «Елім» деді,
Мен сүйемін елімді,

Елім – мені...
Бөлінетін елімнен болсам егер,
Қара жерге тірілей көмің мені!
1988 жыл, 16, 17 желтоқсан.

Сыңғырлау.

АҚ ПЕН ҚАРА

«Қара, қара, түндей қара, тастай қара, қап-қара,
Қара деген – тіршілікке түскен қара ноқта ма?!
Солай, бәлкім, сондықтан біз қаралықтан қашамыз,
Қаралардың құпиясын ақ арқылы ашамыз».

(Мұхтар Шаханов «Ақ пен қара»)
Кімге ұнамай, кімге ұнадым?!
Түр-түсімді ел біледі.

Сипаттаса құрбыларым,
«Қара жігіт» дейді мені.
Ат қояды ата-аналар,
Әркім есім еншілейді.

Шақырғанда жақсы ағалар,
«Қара бала, келші» дейді.
Көңіліңді түсінеді,
Солар сені зорайтады –

Таныстырса кішілері,
«Қараторы» деп айтады.
Тілі неткен ызғарлы еді,
Бейнемді дәл жасапты айқын:

Бала күнде қыздар мені
«Негр ғой» деп мазақтайтын.
Ата-анаға бейкүнә екем,
Ата-анаға аламыз ба –

«Ақ Ршан ғой» дейтін әкем,
«Аппақ» дейтін анамыз да.
Айып па екен қаралығым,
Жүрегімде жанғанында от?!

Сол қап-қара бала бүгін
Жүр бір қыздың арманы боп.
Құдай берген пішін қара,
Боянғам жоқ қара майға.

Қара деген – түсім ғана,
Жүрек аппақ,
Жарамай ма?!.
1988 жыл, 24 желтоқсан.

Сыңғырлау.

ДАЛА ҰЛЫНАН СҰРА СЕН...

Қаріптермен қатталмайды ол тым әсем,
Дала заңын Дала ұлынан сұра сен.
Дала заңын ұғып алмай әуелі,
Дала жанын ұға алмассың, сірә, сен.

«Күйкілікке күйіп-піспе күбініп,
Ерге керек емендейін ірілік.
Жарлығына балап соны жазмыштың,
Үйрене біл жалғыз сөзге жығылып.

Өс санаңа сара сөзді сіңіріп,
Жалғыз жая жемегейсің жырылып.
Көппен бірге көже ішу де – көп бақыт,
Аспан-жердей – ұсақтық пен ұлылық.

Арды сатпа, ала жіпті аттама,
Ана арманын аяғыңа таптама.
Намысыңды наннан биік қадірле,
Жүрегіңе жүгін әркез тек қана!

Күңіренбе, жиғызбайды күйік ес,
Семсерменен шешілмейді түйін еш.
Жұдырықтай, жұмыр жердей жүрекке
Бабаңның бар қасиетін жиып өс!»...

Ар-ұяттың шеңберінен асырмай,
Дала Заңы сыр шертеді досыңдай.
Жазылмаған Заңның кодекстері
Басталады тармақтардан осындай.

Есті сөзге тудырмайды ел егес,
Киеліні кемітпейді келемеш.
Жазылмаған Дала Заңы қазақтың
«Конституциядан» бір мысқал да кем емес.

Дала ұлынан сұра сен:
Бозала таң қандай сырды шертерін,
Бозторғайдың жырларының көркемін.
Бөз көйлекті бозөкпелер бүгінгі

Елдің қалай танытарын ертеңін.
Дала ұлынан сұра сен:
Боз жусанның айтатұғын сырларын,
Боз төбенің жүректегі жұмбағын.

Бозінгеннің боздап салған үнінен
Бой-бой қағып қырларым тік тұрғанын.
Дала ұлынан сұра сен:
Көктем келсе, бусанады неге қыр?

Көңілдерде күйше ағады неге жыр?
Қыр бусанса – қытымыр қыс кеткені,
Жыр жұмсарса – келгендігі кең өмір.
Дала ұлынан сұра сен:

Көкжиекте көлбеңдеген көк сағым –
Аспан-жерді астастырған топса мың.
Бозала таң сайрағанда бозторғай,
Туды неге жүректерде жоқ сарын?

Дала ұлынан сұра сен:
Жұлдыз нендей сыр айтады жымыңдап,
Ай не дейді жұмбақ күліп, сыр ұрлап?
Түн толғағы таң нұрына буаз боп,

Боз тұманға бөкті неге бұлың бақ?
(Өмір заңы жалғасатын зырылдап).
Дала ұлынан сұра сен:
Қанды қақтар, қараматау суаттар,

Қабырғадан қан кештірген қуаттар;
Қайсар ерге қалай серік болғанын
Қарсақ жортпас қара жонды жырақтар.

Дала ұлынан сұра сен:
Айнакөлдер айналғанын ақ құмға,
Қара орманды қайғы алғанын уақтында.
Қара арғымақ хан саятқа мінетін –

Қазығында байланғанын аттың да.
Дала ұлынан сұра сен:
Шағырмақтанып, шатынап шыққан шадыр күн
Арайға неге бөлейді төсін адырдың?

Аспан мен жердің махаббаты ғой ол шарпысқан –
Жалыны сынды жасындар ұшқан жанымның.
Дала ұлынан сұра сен:
Жанып алғандай жартастың жалаң жақпарын,

Қазып алғандай қақ айырып жер қатпарын;
Қағазға түсіп, қаріппен қатталмайтұғын
Қатал да шақар даланың барлық салттарын
Дала ұлынан сұра сен!..

1989 жыл, 7-9 сәуір.
Сыңғырлау.

АДАЙ

Адай деген – адуын, тентек халық,
Ерлігі мен серілігі ертек халық.
Қан жұтқызып қасарған қас-жауларын,
Сергелдеңде жататын серті ақталып.

Көмілгенде ақ шаңға атамекен,
Алдаспаны ашуымен қатар екен.
Ауыл болып бір көзе су үшін де
Ат ойнатып, «аттандап» жатады екен.

Қаны қайнаса, қабағы қантүленіп,
Жары үшін де жатады жанды беріп.
Қайың мінез, қайыспас, қайсар ру,
Майыспайтын мәрт халық мәңгі берік.

Кеудесінде даналық дара шыңы,
Кемеңгер ғой қарттары – қарашығы.
Намысының нарқынан қымбаты жоқ,
Асқар биік арынан жоқ асылы.

Есті сөзің елірген елге өтпеген,
Замана ғой оятқан ойды оқпенен.
Шешен тілмен төкпектеп көсілгенде,
Ауыздыға сөз беріп, сөйлетпеген.

Бура-бұлтын төбеден жайған аспан,
Алма-кезек тағдыр ғой тайталасқан.
Аламандап шапқанда ақкөз Адай,
Әруағы дұшпанның айға қашқан.

Босағасы – бақыт та, төрі – құтты,
Қасиетін қайбіреу кейін ұқты.
Басын кесер болсаң да, бағынбайтын
Өн бойында өр мінез өріліпті.

Қор етуге кім құштар көктегісін?!
Сезем, баба, соңыңа өкпелісің.
Ұяламын бүгінде мақтануға,
Ұрпақтары ұсақтап кеткені үшін...

1988 жыл.
Сыңғырлау.

ӘКЕ ҚАБІРІ БАСЫНДАҒЫ АНТ

Армысың, Әке!
Басыңа келіп тұрмын мен,
Төбел төбеге айналарыңды кім білген?!
Дүрбелең тірлік, дүниеден мынау қол үзіп,

Тірілер өстіп топырақ болар бір-бірден.

Ардағым менің!
Сағынып келдім өзіңді,
Шерленіп жүрек, шешіле егіліп-езілді.
Сағынып келдім мейірге сараң өмірден

Саған ғана тән Мейірім атты сезімді.
Ақ Папам менің!
Айтылмай қалған дастаным,
Ақиық шыңдар аласа сенен, асқарым.

Аңсап келдім ғой, алдымнан неге, жан Әке-ау,
Айқара құшақ ашпадың?!
Алдымнан неге айқара құшақ ашпадың,
Аңқылдап жеткен көңілді ортайтып неге тастадың?!

Жеті қат жерге жетпей жатыр ма, жан Әке-ау,
Ботаңның мынау боздатып салған ащы әні?!
Өкпелімісің өмірге әлде әндеткен,
Беймаза мынау тірлікте тыным бар деп пе ең?!

Көміп кеткен соң, көз қырын бірі салмаған
Тірілерге әлде бар ма өкпең?!
Аждаһа-ажал суырған сәтте қылышын,
Аяулы Әкем, ерте үзілді-ау тым тынысың.

Мезгілсіз кеттің.
Мезгілің жетті оянар –
Ояншы, Әке!
Өлген жоқсың сен – тірісің!..

Жаратпай қалма «Жасықсың» деп сен – күрсінсем,
Арманым аз-ды – аймалап қазір бір сүйсең.
Өлеңімде де өмір сүріп сен жатырсың,
Тірісің, Әке!

Жүрегімде де жүрсің сен!..

...Асығыс келдім, аттанып барам асыға,
Жанымдағылардан жасымды сүртіп жасыра.
«Келер, - деп, - бүгін», жаутаңдап күтіп жатқанда
Кешірім ет сен – келе алмай қалсам басыңа!

Астана жаққа аттанып барам, Ақ Папам,
Әруағыңа тағзым етіп, қоштасам.
Кешірім ет сен – алыста жүріп, жол түспей,
Беймаза өмірде бір келуге уақыт таппасам.

Аттанып барам, асығыс болдым, әттеген,
Көкіректе қалды айтарым әлі көптеген...
Ақ Папам менің!
«Адам бол» деуші ең әрдайым,

Аман болсам тек, адам болуға серт берем!
1989 жыл, 11 маусым.
«Ескі Бейнеу» қорымы.

БЕЙІТ БАСЫНДА

Әке!
Мені әлі күтіп жатсың ба,
Қабаты қалың қара жердің астында?!
Бағынатын баршамыз да пендеміз

Табынатын Тәңірі деген тақсырға.
Дүние – шолақ,
Өмір деген өтпелі,
Қанға тоймас қара жердің бөктері.

«Кісі болды» деп кінәлама, жан Әке,
«Басыма да көп келмейсің» деп мені.
Аспанымнан ақ сәулелі Күн шығып,
Таң атады, күн батады – тіршілік.

Жарық дүние жамалын тез көруге
Жанталасқан бір пендеміз құлшынып.

Қу тіршілік, қол да тие бермейді,
Ауыр жұмыс арқаңа жүк теңдейді.
Зиратыңа жиі келіп, басыңа
Құран оқып қайту қолдан келмейді.

Сондықтан да «Соқпай маған өтед» деп,
Сөге көрме «Ұмытып та кетед» деп.
Сәті түсіп, келдім, міне, басыңа,
Сен көрмеген немереңді жетектеп.

Немерең бұл – Еңлік деген борпаяқ,
Еріп келген қасымыздан қалмай-ақ.
Немерең бұл өзім қойған есімін,
Сен бар болсаң, қояр едің қандай ат?!

Қандай есім еншілер ең сен бұған?!
(Керегеңді қайтсем, Әке, кең қылам?!).
Үнсіз ғана жауап қатпай жатырсың,
Әкем менің – үнсіз қалған домбырам.

Азамат боп, атқа міндік ендігі,
Жігіт болдық, сезесің бе сен мұны?!
Қара балаң қайтты оқуын бітіріп,
«Қаламгер боп қалам, - дейді, - енді ұлы».

Қабағымды қайғы торлар сәл күлсем,
Қайран Әке, неғып үнсіз қалдың сен?!
Үнсіздікте өмір сүрер өлілер,
Үнсіз ғана қуандың сен, мен білсем.

Бейіттер көп белгісіз боп жоғалар,
Ал сен барсың – артыңда әзір бала бар...
...Андағайлап анадайдан қарсы алды
Әруақтар мекен еткен молалар.

Күн кешқұрым,
Күллі дүние тып-тымық,

Құлақтарын тіге қалған тік тұрып.
Өлі қала өстіп үнсіз тұрады,
Өмір жалған екендігін ұқтырып.
«Өлгеннен соң көмбеңдер, - деп, - тереңге»,

Өсиет сөз айтсам ба екен өлерде?!
Тірлігіме мың мәртебе тәубе айтып,
Тіс сақылдап, тітіркенді денем де.
Шіркін, дүние!

Тәттісің-ау, тәттісің,
Кім болжаған өлетін өз уақтысын?!
Арманда боп кете барар адамзат,
Алақанға қондырса да бақ құсын.

Сол өтпелі дүниені өкінбей,
Өткіздік пе қадір-сыйын кетірмей?!
Қайдам, Әке...
Жүріп өткен жолымның

Бұдыры жоқ – бетпақ қыздың бетіндей.
Тірлігінде пенде нені ойлайды,
Көкірек түбін көп Армандар жайлайды.
Өлген күні өшеді олар өзіңмен,

Тірі адамға сол қайғы!
Еһ, Әкешім!
Біз бір соны білдік пе,
Сұм дүниеде сұлу өмір сүрдік пе?!

Адам деген – келген қонақ екен ғой
Ажал деген жендеті бар тірлікке.
Қонақ екен келген төрт-бес күндікке,
Құрысыншы, бүйткен тірлік – тірлік пе?!.

...Өлер күні өмірімнің соңына
Өлеңіммен қойып кетем жыр-нүкте...
1994 жыл, 29 шілде.
«Ескі Бейнеу» қорымы.

ЖЫРЫМДЫ МЕНІҢ ОҚЫҢДАР!..

Жырымды менің оқыңдар –
Ала бұлттардың арасында бір күн аунап,
Түстікке қайтса тырналар тобы тыраулап.
Аққулар аңсап айналып ұшса төбеден,

Алқара аспаннан ақ сезім толы жыр аулап.
Жырымды менің оқыңдар –
Көкала түйдек кеудемнен керуен көшкенде,
Тұнып бір қалған ауадай тымық кештерде.

Алғаусыз жанды тербеген алау-сағыныш
Арқадан соққан ақ самал болып ескенде.
Жырымды менің оқыңдар –
Бал-қайыңдардың бала-жел сипап шашынан,

Тар кеуделерде тал-қуаныштар тасыған;
Әр кеуделерде ән-қуаныштар тасыған,
Бар кеуделерде оянған сәтте ғашық-ән.
Жырымды менің оқыңдар –

Дала пейілімен иіген сәтте түз-анам,
Құшағын ашып, құрсауын жазса құз-аран.
Жидеден шапқан қақсауық қара домбыраның
Қайың тиегі қақ бөлінгенде ызадан.

Жырымды менің оқыңдар –
Көкірек толы қыстығып мұңмен көркеуде,
Жыларман болып, жынданар сәтің келгенде.
Шерлі көңілің сеніп ешкімге шешіле алмай,

Сенделген кезде шерменде болып, шерменде.
Ақиық болып жаралады ғой ақындар,
Көре алмайтұғын көкірегі түнек соқырлар
Орақ-тілімен ормандарды өртер отым бар,

Шыға алмай кеткен шоқтығы биік шоқым бар –
(Айтуға мұны хақым бар),
Жырымды менің оқыңдар!..
1990 жыл, 26 наурыз.

Алматы.

БІЗДІҢ ҰРПАҚ

Біздің ұрпақ – бүгінді көрген ұрпақ,
Дүниеге дүбір боп келген ұрпақ,
Санатына ерлердің енген ұрпақ.
Сапырылысқан сан қилы кезде туып,

Садақаға жастығын берген ұрпақ.
Біздің ұрпақ – тағыдай тарпаң ұрпақ,
Жамалына қарайтын жан таңырқап.
Дала мінез, дария, дархан ұрпақ,

Екі ғасыр есігін еркін ашқан,
Еңкеймеген еліне қалқан ұрпақ.
Біздің ұрпақ – атылған асау ұрпақ,
(Қарт тарихтың қайла-тіл, қашауын тап!)

«Келер ұрпақ, не болар келешегің?»
Деп біз үшін кім енді бас ауыртад?!
Біздің ұрпақ – сәбидей аңқау ұрпақ,
Сәбиіңе сәл бұрыл, қартаң ұрпақ!

Мына сіздер секілді мықты ұрпақ бұл,
Және сіздер секілді жалтаң ұрпақ.
Тарпаң болып көргенбіз біз де қарғып,
Бір ғасырда бітпейтін сөзге қалдық.

Жалтаңдықты сіздерден үйренгенбіз,
Тарпаңдықты тағы да сізден алдық.
Біздің ұрпақ!
Несіне жалтаңдайсың?!

Заман жүгін зорықпай тартар қайсың?!
Жаманатын ағаның арқаламай,
Аманатын ананың айта алмайсың.
Сондықтан да жалтарма, біздің ұрпақ,

Қылыш жүзді, қыр мінез, қызғын ұрпақ.

Ұрандайды биіктен біздің дауыс, Тұра алмайды енді ешкім бізді қымтап! Сел құйылып, сезіммен Күн теңесіп, Кел, жиылып алалық бір кеңесіп; Бір айтатын кез осы айтарыңды, Біздің ұрпақ, сөзіңді айт, мінбеге шық! *** Біздің ұрпақ! Үнем болмас құйған ас, Күтпе ешкімнен сындырық-нан, сый-қалаш. «Балам-ау!» деп бастан сипап бізді ешкім, Бақыт құсын, бақ тұғырын сыйламас. Біздің ұрпақ! Ашылса да көзің кеш, Білгеніңше өз түйініңді өзің шеш! Тірлік етіп, тіл беземес біз үшін, Біздер үшін ешкім енді езілмес. Емексітпес, ел пейілі жазылар, Көмек күтпес көкірегінде көзі бар. Біздің ұрпақ – бітпейтұғын сөзі бар, Өгей болма, өз наныңды өзің же, Өз еліңді өзің қорға, өз несібеңді өзің ал! Алдымызда асау бөгет, мол белес, Біздер емес ақырғы адам, соңғы елес. Алдыңғыдан артық та емес, кем де емес, Біздің толқын еш толқыннан сорлы емес! Көкірегіңді толғандырған сөзіңді айт, Не тілегіңді арман қылған кезіңді айт – Енді ешкімге есең кетпес үшін де Біздің ұрпақ, мінбеге шық, сөзіңді айт! 1995 жыл, 8 қаңтар. Ақтау.

МҰНАР КҮН

«..Арғымаққа оқ тиді
Қыл майқанның түбінен.
Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан.

Зырлап аққан қара қан
Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.
...Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма,

Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.
Жарықшылар жоқ па екен,
Жармай білте саларға?!

Жағдайсыз жаман қалып барамын,
Жанымда бір туғанның жоғынан..»

(Доспамбет жырау)
Бұл неткен күн, неткен күн?!
Бұзылып, шырқым кеткен күн.
Бұлағайдың күні бұрқырап,

Бұлт құрсаған көктен күн.
Бұғалық салып, бұлқынтып,
Бұздай әскер жеткен күн.
Бозторғайы даланың

Бұл-бұл ұшып кеткен күн.
Басымыздан бақ тепкен күн,
Бассыз билік өктем күн.
Бас имейтін ерлерді

Басыбайлы еткен күн.
Азаматтарды отқа айдап,
Ажал оғын сепкен күн.
Атаңа нәлет азғындар

Арбаға азбан жеккен күн.

Қынадай қырып кінәсіз,
Қырандар қыршын кеткен күн.
Сұрапыл сәтке тап келіп,
Сұраусыз ерлер шөккен күн.

Еркіндіктің басынан
Етікпенен тепкен күн.
Жағымпаз кілең шалдарым
Жамағатты сөккен күн.

Жапалақша жалбаңдап,
Жау жағына өткен күн.
«Қарақшы» деп қаралап,
Халыққа қаһар төккен күн.

Қайран, мынау Маңғыстау
Қайғыдан белі бүгіліп,
Қарадан, ханнан түңіліп,
Қап-қара боп кеткен күн.

Солай да-солай соры қайнап,
Сұмдықтың басы жеткен күн.
Барлығын бір күнде ұқтырды
Басымыздан өткен күн.

Қандастарыма қарата
Атылған арсыз оқ көрдім.
Айдаһар сынды араны
Аузынан шашқан шоқ көрдім.

Жер бауырлатқан жұртымды
Жендетті иттен жек көрдім.
Қанішерлердің ісіне
Қарайып қаным, кектендім.

Талайды бастан өткердім,
Талайға жақтас боп келдім.
«Өз халқына өкімет
Оқ атпайды» деп келдім.

Қырық жылға жетпес ғұмырда
Қиналып, талай от көрдім.
Бірақ та мұндай сұмдықты
Білсеңдер, бірінші рет көрдім.

Бұл не деген масқара!
Бұл не деген аспара!
Қайда қарап отыр бұл
Қалғымайтын Астана?!

Кімге құлақ салады
Кіл нән дөкей, бас қала?!
Ақиқатты жалаңаш
Асып тастап аспаға;

Арсыз билік ақырар
Аң секілді, жасқа да.
Кімге зарын айтады
Қызыл қарын жас бала?!

Ойнамайды озалдан
Тоқ баламен аш бала.
Қырылды ғой бейбіт ел,
Қыран-қала, жас қала.

Қан сасыған қаладан
Қашты кие, қашты ана.
Жаны күйген жұрт көрдім
Жан қиған жер жастана.

Ару көрдім ашынған,
Атқан оқ қып тасты ала.
Қару көрдім кезенген
Қарияға, жасқа да.

Жауқазындай жастарым
Жаны кірлеп, ластана;
Жасқа малшып жанарын,
Жаутаңдаған жасқана.

Қып-қызыл боп ұяттан
Қына біткен тасқа да;
Өрімталым өртенді
Өркен жайып бастала.

Өз балаңа жем болды,
Өзгеге емес, басқаға.
Қарғыс атқан күн болды
Қасіреті көп басқа да.

Бұрынғысы аз болды
Қазақ деген қасқаға!

Ай, мынау бір арсыз күн,
Аруақ атқан жалсыз күн.
Аспанды ала бұлт торлап,
Арайлап атқан таңсыз күн.

Қайғыны басқа шұлғанған,
Қара боран, қарсыз күн.
Қарсы тұра алмай, қансырап,
Қайратым қайтқан әлсіз күн.

Қасыңдағыға сенім жоқ,
Қарғыс атқан халсіз күн.
Қазақты қапы соқтырған
Қасиетсіз, қансыз күн.

Жалыны жоқ, жалты жоқ,
Жарығы жоқ, жансыз күн.
Жауырынымнан оқ тиіп,
Жабыны құшып, жал сүздім.

Қара қойы өлсе қайғырар
Қазағым бүгін қамсыз күн.
Қара қой құрлы құн жоқ па,
Қаһармандарда, қансыз күн?!

Қан төгілген алаңның
Қасіретін әлсіздің;
Қайтарар ма есесін
Қайталап келер сансыз күн?!

Қаранардай ерлерім
Қаршығасын ілген күн.
Қара үлектей шабынып,
Қайраты тасып, бүлген күн.

Қайтейін, бағы теріс кеп,
Қасірет бұлты төнген күн.
Қара жерге жаныштап,
Қатыгез жау күлген күн.

Қандықолдар құтырып,
Қаншық етек түрген күн.
Қара ниет жауыздар
Қанден болып үрген күн.

Қара беті көн болып,

Қаздаң басып жүрген күн.
Қарай алмай халқына,
Қара жерге кірген күн.
Кімдердің кім екенін

Бір-ақ күнде білген күн.
Сын болды бұл батылға,
Мін болды бұл батырға.
Ақиқатты айту да

Оңай емес ақынға.
Жаңаөзенім жаншылды
Жатқа емес, жақынға.
Аманат қып Алланың

Берген жанын ақырда
Адам қию – айуандық,
Жоқ оған еш хақың да!
Өз қазағың өзіңді

Таптап, басып тақымға;
Шалып жатыр аяқтан
Шақырған боп ақылға:
«Қанқор жендет қанжарын

Қайрап алып, мақұл ма,
Тамағыңа тақасын –
Тырп етпе, - деп, - бақырма»...
Бұдан өткен сатқындық

Бола ма екен жақында?!
Ой, дүние-ай, өзегім,
Өрт болып сен лапылда!
Қолдан келер қайран жоқ,

Қор болдың-ау пақырға...
...Боздауым да бекер-ау,
Қозғауым да бекер-ау.
Жә-жә, жарар, жасыма,

Бұл күндер де өтер-ау.
Армандаған азат күн
Алтын таң боп жетер-ау.

Сонда мына сорлы елдің
Болар зары жеке дау.
Басын баққан талайлар
Батыр болып кетер-ау.

Көрерсің де тұрарсың,
Күн де өзгерер, көкем-ау!
Бақ пен сордың арасы
Қас пен көздей екі елі-ау.

Әлмисақтан дүниенің
Заңы осы екен-ау...
Күлкі болып қасыңа,
Күн туып тұр басыңа.

Жақсы күндер туады,
Жаңаөзенім, жасыма!
Мұңың әлі сейілер,
Мұнар бұлтың ашыла.

Тағзым етер талайлар,
Тарих жазып асыға.
«Қасиетті» деп бас иер
Қасіретті тасыңа.

Дала біткен жырлайды
Даңқыңды әлі асыра.
Бала біткен жаттайды
Есіміңді бас ұра.

Қаһарманым, берік бол,
Қайрала бер, ашыла!
Күнің әлі туады,
Күн сөнгенше жасыма!

Ар алдында – тазасың,
Дар алдында – дарасың.
Тарихыңды сен әлі
Тамған қанмен жазасың.

Талтаңдаған талайдың
Тәңір табар қазасын.
Алшаңдаған арсыздың

Алла берер жазасын!
Жалмаңдаған жендеттер
Жан-жағына қарасын.
Азат ұрпақ, алғы күн,

Тудырады данасын.
Орны-орнына қояды
Осы күннің таласын.
Қазағымның жадында

Қаһарман боп қаласың.
Бұла ұрпақ береді
Бұл күндердің бағасын.
Жасты бекер төккізбей,

Жатқа басты тепкізбей;
Бұл күндерді Құдайым
Тезірек тек өткізгей!
Тегін сыйын бермейді

Тектілерге тек біздей.
Күн жаманы кетеді,
Діл жаманын кеткізгей!
Жүректерге Жасаған

Жүйелі ой еккізгей!
Мейірім мен шапағат
Мелдектетіп төккізгей!
Иман гүлін, иншалла,

Ислам нұрын сепкізгей!
Құдіреті күшті кең Алла
Сол күндерге жеткізгей!
2011 жыл, 24 желтоқсан.

Ақтау қаласы.

2012 ЖЫЛ, ҚАҢТАР.

немесе

ТАҢСӘРІ

«Қаңтардың шілдесі» күйіп тұр,
Кеудеде запыран күйік тұр.
Қан жұтқан қараша қамығып,
Ызасын ішіне жиып тұр.

Биліктің ойында – бүлік тұр,
Мысқылдап, мұртынан күліп тұр.
Амалы таусылған, шарасыз
Азамат ерлерім сұлық тұр.

Қылт етсе, қанатын қиып тұр,
Үстіне жаласын үйіп тұр.
Мойнында – қарғысы халықтың,
Қойнына қорғасын тығып тұр.

Арсыздар аяғын сүйіп тұр,
Бұқара ұйқыда, бұйық тұр.
Еркіндік аңсаған ерлерге
Абақты ауылы тиіп тұр.

Суайттың сөзіне ел ұйып тұр,
Бура-бұлт бұршағын құйып тұр.
Құдыққа құлаған құлан-жұрт
Құлдықтың қамытын киіп тұр.

Ұлтымның рухы сынып тұр,
Жұртымның шашын жел жұлып тұр.
Қандықол жендетке жем болып,
Қазақтың діңкесі құрып тұр.

Биліктің иығы биік тұр,
Халыққа қабағын түйіп тұр.

Арнадан асатын дария
Әзірше уысқа сыйып тұр.
Іштегі ой іркіт боп тынып тұр,
Ал сыртта ақ боран ұлып тұр.

Қаңтардың қақаған аязы,
Қазақтың жігерін шынықтыр!
Сарайдың іргесі іріп тұр,
Сары тақ шайқалып, шіріп тұр.

Көзіне жас толған халықтың
Көңілінде көп сұрақ тұнып тұр.
Тым жақын қалды кез, тым жақын,
Әзірше жоқ бізге бір жақын.

Дүлейін төндірген дүниенің
Үрейін алатын үн жақын.
Кімді-кім білетін күн жақын,
Түндігін түретін жыл жақын.

Арасын ашатын келді кез –
Бағасын кім дұшпан, кім жақын.
Қайнаған ызаның қазаны
Қақпағын лақтырар күн жақын.

Қашаннан қастерлі ғұрып бұл –
Бір сойқан боларын біліп тұр:
Дауылдың алдында – тыныштық,
Дала да демін ап, тынып тұр.

Ауызда – ақ кісен, құлып тұр,
Кеудеде – кек кернеп, лық тұр...
Қазақтың көктемі туады!
Қазірше қаңтарым ұлып тұр...

2012 жыл, 31 қаңтар - 1 ақпан.
Ақтау қаласы.

«ТАБЫЛ ӨЛДІ» ДЕГЕНШЕ...

(Табылды Досымовтың қазасына)
«Табыл өлді» дегенше, «дарын өлді» десеңші,
«Асқар тауың құлады, алып өлді» десеңші.
«Сабалы көл сарқылып, сарқырама тартылып,

Сағым басты сарыуайым сары белді» десеңші.
«Қазанатын сақтамай, қан құсатын қазаққа
Тажал өлім құрығы тағы келді» десеңші.
«Бұ дүниеде ешкімге бастырмаған кеудесін

Әзірейілдің ұлыңа әлі келді» десеңші.
Көзін жоқтап арланның, сөзін жоқтап тарланның,
Кезін жоқтап жалғанның, өзін жоқтап арманның;
Өлтіріп ап, артынан жылайтұғын өкініп,

Қазағыңның тағы да қапияда қалған күн.
Өлім ғана – өкініш.
Несі кетсін тірінің?!
Арманыңды жалғайды Абылдайын бір ұлың.

Айта да алмай ашылып, іште кетті қанша арман,
Арпалыспен өтті ғой сенің бүкіл ғұмырың.
Алшаң басып кірмейсің «КазГУград»-қақпаға,
Аралап сен жүрмейсің алма тұнған бақта да;

Арқырап бір келмейсің арда туған мінезбен,
Жарқырап бір күлмейсің жан сырыңды ақтара;
Журфак үшін жұлқынып шықпайсың ғой сен енді,
Жалаң қылыш секілді жалғыз шауып топқа да.

Атағы көп Адайдың «атаманы» секілді,
Ауылдастың ары үшін түстің талай отқа да.
Беу, Табылды, нар ағам, бізге сізді көру жоқ,
Алатауға ілініп әнің қалды тек қана.

Алматыдай шаһарды қимай кеткен әз басың
Атырау мен Жайықта сыймай кетті ноқтаға.

Айырбастамас алтын ең алмас қылыш сапыға,
Ақсұңқар құстың сойы едің, атына сай заты да.
Арыстан еді-ау Табылды, «Алашқа болман» дейтұғын,
Айрылып қалдық, қайтейін, қабыланымнан қапыда!

Қазасына ағаның қайран көңіл сенген жоқ.
Өзі өлгенмен, ақынның аманаты өлген жоқ.
Табылдының гитарын талай бала арқалар,
Тәнін оның көмгенмен, әнін ешкім көмген жоқ.

Баба-дала бас иер баға жетпес бард-ұлға,
Барлық ақын жыр арнар балап оны алтынға.
Әттең, біздің халықтың әлмисақтан салты осы –
Кем түсініп, кеш ұғар парасаттың парқын да.

Дара туған ұланға қажет емес даңқың да,
Махамбеттің жырындай маздап өткен нар тұлға.
Айналайын Ақжайық, ат салдырмай өтетін,
Адыра қалып барасың аршыланның артында.

Тар заманның шындығын тарих сыны сүзген-ау,
Келер ұрпақ кейінгі айтар түбі бізге дау:
Тайсойған мен Дендерден, нар жоғалған Нарыннан
Табылдының соқпағын талай ұрпақ іздер-ау!

Дүние деген – диірмен, дөңгеленіп, зулайды,
Адам деген – қу бұта, ажал жетсе, қурайды.
Тоқсан әйел тоқтаусыз толғатса да күні-түн,
Табылдыдай талантты енді қайтып тумайды!

Артындағы ініге бола білген ар-айбын,
Аласұрар ұрпақтар Табылды іздеп талай күн.
Алла сені алдыңнан жарылқасын, жан ағам,
Аршыланы Алаштың, Ақберені Адайдың!

2011 жыл, 1 қараша.
Ақтау.

АУЫЛЫМ СЫҢҒЫРЛАУДЫҢ БӨКТЕРІНДЕ

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Раңы ырғалатын көктемінде.
Баялыш, жыңғыл тұнған байтағым-ай,
Боз жусан бой түзеген тептерінде.

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Асау күн, аялдамай, өткенің бе?!
Бұйратты, бұйырғынды белдер қайда,
Кетті ме кесір шалдың кетпенінде?!

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Керіліп күн күймесін жеккенінде –
Ерініп ерке бала мал өргізіп,
Басатын қара кемпір «жетпегірге».

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Қарттарым қазынасын төккенінде –
Қауқылдап баласына бата беріп,
«Қадамың құтты болсын!» деп келінге.

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Қол созған қоңыр күмбез көкте күнге.
Қой жайған құба жоным қымбат маған,
Мен үшін керегі жоқ Меккенің де.

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Жаныма Жасаған жыр еккенінде –
Түндігін қараша үйдің желпілдетіп,
Нөсерін нөпір жырдың сеппедім бе?!

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Белеске бесті мініп, беттедім де;
Қымсына қыздың қолын ұстатқызып,
Ең алғаш ынтық еткен отты ерінге.

Мекенім Сыңғырлаудың бөктерінде,
Қыз аулы – қырдың анау беткейінде.
Қылаңды қыр астынан тосып алып,
Алқынып, ақ бетінен өппедім бе?!

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Жайнаған жауқазыны көктемінде.
Талай күн таңға дейін сыр шертіскен
Қалқаның халін біліп кетпедім бе?!

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Мұң қалды көңілімнің кептерінде.
Сабылып жететұғын шақтар қайда,
Сағынып, шаршап, азап шеккенімде?!

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Аймалап самал бетті өпкенінде –
Алаңсыз асыр салып, ойнап-күлген
Алыстап, арзу күндер, кеткенің бе?!

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Ащыағар, ала көпір өткелінде.
Айдын көл, асу-асу белден өтіп,
Қырықтың қырқасына жеткенім бе?!

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Ақша бұлт ақбас шыңға шөккенінде –
Арудың желбіреген желегіндей
Арманым, азғана аял етпедің бе?!

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Арта алман өткен күнге өкпе мүлде.
Дүркіреп көшкенің бе, дүние жалған,
Алтынды айырбастап теп-тегінге?!

Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде,
Күй қалды домбыраның шектерінде.
Қайыптың тамағында қалған әндей
Ғайып-күн, бір қайрылмай кеткенің бе?!

Ой, дүние-ай!..
2012 жыл, 17, 19 ақпан.
Ақтау.

МОЛДАБАЕВА НҰРИЛА НИЯЗБЕКҚЫЗЫ 1972 жылы 27 наурызда Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Бала би ауылында дүниеге келген. 1989 жылы №50 Абай атындағы орта мектепті бітірген соң әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. 1998-2004 жылдары Жамбыл облысының Меркі ауданындағы №5 Ақарал орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 2000-2003 жылдар аралығында Тараз мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыды. 2004-2012 жылдары Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Бала би ауылындағы №50 Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады. ҚАБЫЛ БОЛҒАН ҚАЖЫЛЫҚ «Расуллаһтан (с.ғ.с.): «Исламдағы ең абзал амал қандай?» деп сұрағанда, ол (с.ғ.с.): «Аллаһ Тағалаға иман келтіру», - деп жауап берді. - Ал одан кейін? - Аллаһ Тағала жолында күресу. - Ал одан кейін ше? - Шариғат талабына сай орындалған қажылық. (Хадисті Әбу Һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті). Аллаһ нұрын төгеді шын пендесіне жаны адал, Жаны адал адамдардың тауып жеген наны адал. Шапағатқа ие болған қарапайым бір жан бар, Мен жырлайын бір хикая ел ішіне тараған:

Мекке – бүкіл мұсылманның кие тұтар мекені,
Сол Меккеге ары таза жандар ғана жетеді.
Түркістанда нәпақасын жиыстырып көп жылдар,
Бір етікші қажылықты мақсат қыпты деседі.

Жиған қаржы жетті бір күн жол шығынын өтейтін,
Қажылыққа сапар тұрды дәл түбінде көкейдің.
«Иә, Жаратқан! Қолдай көрші, аз күннен соң мен-дағы
Мұсылмандық, - деп ойлады, - үлкен парыз өтеймін».

Тәңірімнің сыйы көп-ау, біз білмейтін сыры көп,
Барлық адам құрметтеуші ед «сыйлағанның құлы» боп.
Көршісі де Құдай деген пенделердің бірі еді,
Етікшіге мұңын шақты жол жүретін күні кеп.

Бар еді оның жалғыз ұлы – ғұмырының жалғасы,
Бір перзенті – бар қызығы, көңілінің арнасы.
Ауырыпты сол жалғызы, енді соны емдеуге
Қаржы сұрап келген екен құдайы көрші болғасын.

Етікші де көрді мұның мұңға батқан жанарын,
Көзді жұмып қарамады, білгеннен соң хабарын.
Қолдағысын берді досқа: «Перзент аман қалсын, - деп, -
Есен жүрсек, қажылыққа келер жылы барармын».

Дос көмегі көңілді емдеп, көрші егіліп жылады,
Мәрттігіне көршісінің тамсана бас ұрады.
Шын жүрекпен тілек айтып, медет тілеп Алладан,
Етікшінің құрбандығын ескеруін сұрады.

Айлар өтті, жалғыз ұлы аман қалып ажалдан,
Қуанып жүр ата-анасы, бар қайғыдан тазарған.
Бәлкім, бұл бір сыны болар Тәңірінің жіберген,
Бұл Алланың сынына тек шыдамдылар төзе алған.

Бір күні бір қажы оралды Түркістаннан аттанған, Етікшіні іздеп кепті, жиып елді топталған; Дүйім жұрттың алдына кеп, баяндайды бір істі, Бар тыңдаушы ұйып тыңдап, кешті дейді тәтті арман. - Мекке барып, қажылығым өтеп жүрген күн еді, - деп жолаушы баяндайды, - күндіз емес, түн еді. - Ей, мұсылман, жеткіз, - деді түсімде бір зор дауыс, - Қабыл болды өз еліңде етікшінің тілегі!». Аян беріп бабаларым, атын атап сөз айтты, Қажылығы қабыл болды, іс қылыпты сауапты. Шын ниетпен берген екен көршісі де батасын, Алла оны жарылқады, несібесін молайтты... ...Сол күннен соң етікші де қажы атанды еліне, Халқы әрдайым құрмет тұтты, отырғызып төріне. Ей, халайық, мол ғибрат бар осы аңызда, бақсаңыз, Еш жамандық көрмейсіңдер пейіліңнің кеңінен. *** Мейлі, «Ақымақ жан екен» дер ел мені, Маған достың ақ жүрегі – керегі. Шын достықты бағалайтын жандарға Бұл дүниеде барша ғалам сенеді Досым үшін көрмеген ем шегініп, Қиындықта досқа артылар мол үміт. Қызығыңа ортақтасам – қуансаң, Әркез көмек керек кезде мені күт! Достық атты ұлы күшке егемін, Пейіліңнен адалдықты сеземін. «Мен жолықсам қиын-қыстау кезеңге, Ұсынарсың қолыңды» деп сенемін.

*** Жолаушылап өттік талай белестен, Сен оқыдың өлеңіңді шақыратын егеске. «Талақ еттім» деп қайталап жазыпсың, Осы өлеңмен салғың келді нені еске? Айтылған сөз арадағы бәрі есте, Көкейде тұр: «Сендік арман – нәресте». «Талақ» ету үшін бірақ жарыңды Бірінші салт – неке қию емес пе?! Іште жатқан бір сырым бар естімеген әлі ешкім, Ол сыр мынау: «Екеумізден туар еді-ау бала есті». Бірақ мұным – қиял ғана, орындалмас жалғанда, Неге десең, сендегі арман мендегідей емес-ті...

НАУШАБАЙ ДАРХАН ТӘУІРБЕКҰЛЫ 1973 жылы 20 қаңтарда Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Жарма ауданында дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУдің журналистика факультетін бітірді. 1993-1997 жылдар аралығында «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясында редактор, 1997-1999 жылдары ҚР Кеден комитетінің баспасөз қызметінде бас маман, 2000-2010 жылдары «Қазақстан теміржолшысы» газетінде тілші, АПК ҚЭБТ, «ҰларҮміт» ЖЗҚ» АҚ-нда мемлекеттік тілді енгізу және аударма бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қазір «Қазақ энциклопедиясы» баспасының жетекші маманы. «Кеден сөздігі» (2001 ж.) кеден терминдерінің тұңғыш түсіндірме сөздігінің және «Айналайын Ақтөбе» (2006 ж.) танымдық анықтамалығының авторы. СӘСКЕДЕН КЕШКЕ ДЕЙІН... Алматының күнделікті мазасыз тірлігі басталып кеткелі қашан. Күн сәскеге таяп қалды. Қытай қорғанындай болып шұбатыла салынған зәулім тұрғын үйлердің ортасында орналасқан балалардың ойын алаңы әдеттегідей у-шу. Алаңсыз асыр салған бүлдіршіндердің нұрлы жүздері бейбіт, мамыражай өмірдің куәсіндей болып, жүрекке қуаныш ұялатады. Сақал-шашын әлдеқашан боз қырау шалса да, қарттыққа бой алдырып, белі бүгіле қоймаған Бектұр ақсақал кішкене немересін ойын балаларына қосып, өзі есік алдындағы орындыққа жайғасты. Бар қызуын Жер-анаға аямай төккен күн көзінен жасырар, кіре берістегі дәліз іспеттес өріле өскен жүзімдік асты жанға сая беріп тұр. Тақырлап алған басын көлдей бет орамалымен жайлап қана сүртіп өткен қария көк күмбезіне көз жіберді. Аптап ыстықтан өңі оңып кеткен аспанда жел ұшырған түбіттей бірер шөкім бұлт ілініп қалыпты. Туғалы бері табиғатпен біте қайнасып, оның қандай мінезіне де қанық

болып алған қарт: «Не де болса, бұл алаудың соңында бір
жылауы болады-ау, қара дауыл мен қалың нөсерді шақырғандай
ғой мына жарықтық күннің райы!» деген болжамын күбірлеп
қойды.

Бос отырған адамның ойы шартарапты кезбей ме?! Алғаш
ауылдан Алматыға келгенде ат-нөпір мәшинелердің ырыл-
дырылынан құлағы тұнып, мазасы кететін. Әрі мына зәулім
үйлер де еңсесін басып, берекесін алатын. Құдай қосқан қосағы

өмірден өтіп, жалғыз ұлы қалаға алып келген сол кездері екі қолы
алдына сыймай, қаланың шуылынан күйі қашқан соң, қайтадан
елге тартып кетпекші болып бірнеше рет оқталған да еді. Баласы
көнбей қойды. «Онда сағынып отырған кіміңіз бар? Қартайған

шағыңызда жападан-жалғыз қалай өмір сүресіз?!» - деген...
«Расында, бұрынғыдай «Ел бар ғой» деп жүріп кететін кез емес.
Өзімен замандас, құрбы-құрдас шал-кемпірлердің қатары сиреп
кеткелі қашан! Жастар жағы болса, мына қиюы қашқан заманда

тұрмыспен жағаласып, күндерін зорға көріп жүр. Тіпті, асылында,
мұны онда кім сағына күтіп отыр дейсің?!»...
Осы бір соңғы мыстан-ой жүрегіне шаншудай қадалғалы көп
болды. Қайталап есіне түскен сайын дегбірі кетіп, жұрт арасында

отырып жетім қалғандай сезінеді өзін. «Артымда қалған жалғыз
тұяқ өзіңсің..» дейтін еді марқұм әкесі, «Жалғызым-ау, аман
болшы!.» деп кемсеңдейтін кейуана анасы. Енді, міне, өз ұлы
да: «Жалғыз қайтпексіз?!» - дейді! Неге жалғыз? Әкеден жалғыз

болғанымен, атадан жалғыз емес еді ғой?! Немере ағайын-туған,
нағашы-жиендер бар емес пе? Ал ұлы мен қызы, немерелері,
жиендері ше? Ендеше неге жалғыз болады?!.
Кеселді дерттей жабысып, жанын жегідей жеген осы жалмауыз

сауалдан құтыла алмай-ақ қойды-ау! Әлде адам қартайған сайын
уайымшыл, секемшіл бола бере ме, қалай?!
Әйтпесе «не ішем, не жеймін» дейтін емес. Құдайға шүкір,
ұлы жоғары қызметте. Жолдастарына сыйлы, елге абыройлы

көрінеді. Келіні Ирина да бетіне қарап көрген жоқ. Салқындау
болса да, бірқалыпты қарым-қатынасынан жаңылған емес. Енді не
жетпейді?!
Әйтеуір жүрегі құрғырды бір мазасыздық билеп алған.

Марқұм әйелі де есіне жиі түсетін болып алды, ұйықтаса түсінен

шықпайды. Оған қоса туған жерін, елдегі қалған-құтқан жора-
жолдасты сағынады... Жалғызсырайды, жабығады... Бар ермегі,
бар айналдыратыны – демалыс күндері балабақшаға бармайтын
анау бейқам жүрген жаман немересі мен шеті-шегі, түбі жоқ ой

ғана!
Кейде осының бәрі ұлының мына тұрмысынан ба дейді.
Барлығы дайын, барлығы тап-тұйнақтай. Қолыңның ұшын
тигізетін бірдеңе болсашы!

Ұлымен де, келінімен де ашылып сөйлесетін күн некен-
саяқ. Таңның атысы, күннің батысы жұмыстан қолдары бір
босамайды. Қызметтерінен қолдары қалт етсе, «Анаумен кездесу
керек», «Мынаумен өткендегі шаруаны шешіп алу керек» деп,

мұрындарынан шаншылады да жүреді. Бір мылқау тірлік! Сонда
бұларға не жетпей барады, кімді асырай алмай әлек болуда?..
Үлкен немересі Сережа болса, оқуын Мәскеуде бітіріп, сонда
қызметте. Үй-жай, керек-жарақтың барлығымен әкесі қамтамасыз

етіп қойған. Онсыз да сирек келетін ол соңғы бір қатынағанда
лақтай ойнақтаған, сәндеп қойған қуыршақ сияқты мәскеулік
Наташа деген қызды әкеліп, таныстырып, «болашақ келіндерің»
дегендей қылып кеткен-ді. Жалпы көйлегі көк, уайымы жоқ.

Мыналардың жанталасып асырай алмай жүргендері анау жаман
боқташақ пен қаусаған шал ма сонда?!
Баяғыда ғой, өздері жас болғанда дүние де тапшы еді,
тұрмыс та ауыр еді. Бірақ «Анау жетпейді, мынау керек еді»

деп, болмашыға бастарын ауыртпайтын. Ішіп-жемі жеткілікті
болса, киім-кешегі бүтін болса, қандай да бір ауыр жұмысты
опыра істейтін, берген еңбекақыға күнін көріп қана қоймай,
ойын-сауықтан да қалмайтын. Ал бұлар өздері тойса да, көздері

тоймайтын болып алған ба дерсің... «Апырмай, тіпті ашкөзденіп,
боқ дүниеге құнығып бара жатқандай ма, қайтеді-ей?!» деп
күрсініп қойды қарт.
Осы ұлы сағынта, сарғайта дүниеге келгенде бұлар атойлап

тың игеріп жатқан-ды. Жаңадан құрылған совхоздың жерін
таспадай тіліп жүрген озат тракторшы еді Бектұр. «Көптен күткен
перзентің дүниеге келді!» дегенде алғашында абдырап қалған.
Әйелінің босанғанына таң қалғаннан емес, әрине. Той-томалақты

былай қойғанда, жаңа босанған әйелі мен мына шаранаға қажетті

заттарды таба қою да оңай емес, соғыстан кейінгі енді ес жиып келе жатқан уақыт еді ғой... Осы күнге деп сақтаған азғантай жиған-тергеніңе керегіңді сатып алудың өзі қиын. Оның үстіне құмырсқаның илеуіндей болып, топырласып тұрып жатқан жұмысшы барақтары анау... ...Алайда шақшадай басын шарадай қылған бұл мәселелер тіпті оңай-ақ шешілді. Баланың керек-жарақтары өз алдына, «Интернационалдық семьяда» өмірге келген сәби үшін» деп, совхоз басшылығы алғашқы жаңа үйлерінің бірін беріп, шілдехананы жаңа клубта дүркіретіп той қылып өткізіп еді-ау! Шілдеханада балаға ат қою қызу талқыланғанда әйелінің бастамасын жолдастары бір ауыздан қолдай келе «Күн көсемнің» құрметіне Владимир деп атаған... - Деда, а, деда, кушать хочу! – деген немересінің даусы Бектұр қарттың шарықтаған ойын шорт үзді. Үсті-басы шаң-топырақ болған немересі жирен шашы жалбырап қасына келіп қалған екен. - А, сейчас, сейчас!.. Пошли, пошли.., - деп қалбалақтай орнынан көтерілген қарт немересінің үстін қаққыштап, әлек болып қалды. Бойын тіктеп, аспанға көз салып еді, шілденің күні шақырайып қақ төбеге келіпті. Бет орамалымен бусанған басымойнын сүртіп жатып, бағанағы түбіт бұлттың қалыңдап, ақ мамықтанып қалғанын көрді... Үйге кірген соң Бектұр ақсақал ауызғы бөлмедегі қабырға сағатына қараған. Кішкентай Сашка дәл түскі ас ішетін уақытында келген екен. Күнделікті әдетінен титтей де жаңылмапты. Сырттан кірген адамға қоңыр салқын үйі іші бейне бір пейіш іспетті. Даладағы ыстықтан дем алуы қиындап, ентіге кірген қарттың кеуде сарайы тарс ашылып, тынысы кеңіп сала берді. Немересінің кір-қожалақ киімдерін шешіп, шетелдік кір жуғыш мәшинеге салды да, қажетті уақытына бұрап қойды. Қалғанын мәшиненің өзі істейді. Жуады, сығады, кептіреді. Шіркін, кемпірі байғұс осының бірін де көрмей кетті ғой! Өмір бойы совхоздың жұмысына жегілді. Одан қолы босай қалса болды, тырбаң-тырбаң етіп, үй ішінің бітпейтін күйбең тірлігіне кірісетін: кір жуатын, тамақ істейтін, бау-бақшаға, азғантай қарақұраға қарайтын. Бала тәрбиесінің машақаты – өз алдына бір төбе. Бір сәтке дамыл көрмейтін, жарықтық. Мына тірлікті көрсе, ол,

әй, шыдап отыра алмас еді-ау!.. Онда бұл үйдегі мәшине атаулы пайдасыз болып қалар еді... Немересіне таза киімдерін кигізген соң қарт шет елдің қалбырдағы дайын тамағын шыжылдатып ысыта бастады. Ұлы мен келінін күтсе, бала аш қалуы мүмкін. Олар кейде түскі тамаққа келмей, сол жақта жүрек жалғап жүре береді. Келіні шаршап келгенде, тіпті осы дайын тамақты ысытып жеуге мұршасы келмей, асханаға тапсырыс беріп, тамақ алдырады. Ондай асханамейрамханалар тәуліктің қай кезінде болсын ыстық тамағын дайындап әкеп беріп отырады. Ақшасын төлесең, болғаны. Сондықтан ба, келінінің қолдан тамақ пісіруі де сирексіп кетті. Ал шалдың болса, қолдың тамағына аңсары ауып-ақ жүр... Сашканы тамақтандырып болып, түскі ұйқыға жатқызды да, өзі сүт қатқан қою күрең үнді шайын сораптап, рахаттана ішуге кірісті. «Біздер «Коммунизм орнатамыз» деп жанталасып, өмірімізді өткізіп едік-ау. Қазіргі балалар одан ат-тонын ала қашып, қайдағы бір беймәлім, белгісіз бағытқа ұмтылуда. «Тәуелсіздік алдық, қазақ еркін ел болды» дегенге де үш-төрт жыл өтті. Сол сөзге масайрағаннан басқа ауыз тұшынып айтатын ештеңе жоқтың қасы. Теледидар қараса да, газет-журнал оқыса да, көрші-қолаңмен тілдесе қалса да. еститіні, көретіні – тапшылық, жетіспеушілік, әйтеуір арық атша тұралаған бір заман. Ондаған жылдар бойы жұмыс істеген жүйе быт-шыт болып, колхоз-совхоздар тарап, зауыт-фабрикалар тоқтап қалды, талан-таражға ұшырап жатыр... Соған қарамастан, аға ұрпақ алға қойған асқақ арман, шексіз үміт адыра қалып, қазіргі уақытта тіпті келекеге айналып барады... Сол жаңағы тың игеру жылдарының өзі неге тұрады? Үкіметтің, партияның тапсырмасымен барша ел осы ұлы іске жанын сала кіріспеп пе еді?! Зайыбы Надежда Петровнаны алып, бұл да сол «майданға» ұмтылған болатын. Адам қаны судай аққан сұрапыл соғысты бастан өткерген сарбаз үшін бейбіт өмірдегі еңбек майданы деген не, тәйірі! Әрі ағайын-туыстың күнделікті пыш-пыш сөзінен, кейде тіпті ашық қоқан-лоққысынан бас сауғалауға бұл да бір себеп болғандай еді...

* * *
Бектұр колхоздағы жеті жылдықты тәмамдаған соң, аудан
орталығындағы орта мектеп-интернатта оқып жатқан. Екі
аралықтың шалғайлығынан ауылға тек каникулдарда ғана

келетін. Онда да колхозға азық-түлік, хат-хабар таситын дүкенші
не пошташының арбасына мінгесе кететін немесе ел жақтан
қатынаған кісілердің қыста ат-шанасына, жер қарайғанда ат-
арбасына жармасатын. Әкесімен сыйлас, көңілі жақын ағайынның

атқа мінгестіре кеткен кездері де болды.
Сол әупіріммен жеткен демалыс күндерінің дені кемпір-шалға
үй шаруасына жәрдемдесумен өтеді. Кешке қарай өз құрбыларымен
ауыл клубында ойын-сауық құратын, алтыбақан тебу, ақсүйек

ойнаудың қызығына бататын.
Сондай кештердің бірінде көңілді жастардың шетіне имене
келіп қосылған бойжеткенге көзі түсті. Мұндай жиындарда бұрын
көрінбеген қызға бозбалалық әуестікпен бірден көңіл аударған.

Ай сәулесінің жарығымен бет-әлпетін анық көре алмады. Бірақ
шырамытатын секілді.

- О, бүгін бізде той! Алтыбақанға Аққағаз келді!

- Мәссаған, мынау шынында үлкен жаңалық қой!

- Ал, қане, Аққағазбен алтыбақанға шығатындарың оң жаққа

тұра қойыңдар! - деген бозбала-бойжеткеннің жарқын дауыстары
естіліп те қалды.
«Аққағаз» деген атты қайталай түсті де, көз алдына ауылдың
шетін жанай ағатын Ащысудың жарқабағының етегін баса

жапырайып жататын ескі кепе, сол кепенің жазда көлеңкесінде,
көктем мен күзде күнгейінде тапжылмай отыратын дімкәс Бағила
кемпір, сол кепенің маңайында тұлымшағы желбіреп ойнап
жүретін қыз бала қылаң беріп өтті. Жаздыгүні таңертеңнен қара

кешке дейін Ащысуды шалпылдатып жататын ойын баласы
кезінде, өрістен қайтқан сиырлардың алды болып жаман кепеге
қарай өңмеңдей жүгіретін шаңырақ мүйіз қызыл қасқа сиырдың
тайыншадай бұзауын қораға қайырып, кіргізе алмай әлегі шыққан

сол қызға бірнеше мәрте көмектесекені де бар. Бір жолы арам
қатқыр қасқа бұзау аяғын басып кетіп, бір аптадай ақсаңдап
жүргені де есінде. Аяғын баса алмай, отырып қалғанда енесімен
шұрқырай табысып, аштан өліп бара жатқандай ашқарақтана еміп

жатқан бұзауды тастай сала жүгіріп жеткен қара қыз бұзау тұяғы ойып түскен жарадан ағып тұрған қанды көріп, жылап жіберген. - Өй, неменеге жылайсың, сенің емес, менің аяғымды басып кетті ғой жынды бұзау, - деп, аяғын ұстап отыра беруге намыстанып, тұрып кеткен. Аяғы қан қақсап тұрса да, тістене жетіп, емшекке сүлікше жабысқан бұзаудың бас жібінен тарта енесінің бауырынан жұлып алып, екінші қолымен құйрығынан бұрай сүйреп, қораға әрең кіргізген. Сол қара қыздың жаны ашып жылап жіберген бейнесі қазір де көз алдына келіп, біртүрлі елжіреп кетті. - Аманбысың, қарындасым?! Бозбала-бойжеткеннің бүкіл назары өзіне ауып, содан қысыла күлімсіреп тұрған орта бойлы, талдырмаш қыз ыңғайсыз жағдайдан шығатын мүмкіндік туғанына қуанғандай: - Армысыз, аға! - деп сергек үн қатты. - Алтыбақанға келіп, мыналарды бір жарылқап тастадың ғой! - деп әзілге сүйей бергенде: - Әй, қолға түсе бермейтін қымбат дүниедей таңсық жандар едіңдер, бүгін құмарларың қанғанша алтыбақан тепкізіп, сауаптарыңды алайын, - деген қағілез Ерсайын екеуін қолынан алып, әй-шәйға қаратпастан алтыбақанға сүйрей жөнелді. - Жолдан былай тұрыңдар, өңкей шуылдақ! – деп, алдындағыларды кие-жара алтыбақанның жанынан бір-ақ шығарды. - Әй, арқан май құйрықтарыңды мүйіз қылып тастаған шығар, түсіңдер, қане! – деген бойы алтыбақанда отырғандарды түсіріп жіберген Ерсайын Аққағаз екеуін мінгізіп те үлгерді. - Ал, қане, Аққағаздың дауысын естиік! - «Әу» деп жібер, Аққағаз! - Бектұр да қара жаяу емес қой, Бектұр бастасын! - Ойхой, екеуінің жараса қалуын-ай! – деп, жан-жақтан жамырай көтермелеп әкеткенге жас жігіт алғашында тосылып та, қысылып та қалған. Тербетіле бастаған алтыбақанның арқанынан бір қолымен ұстап, екінші қолымен етегін қымтап жатқан Аққағазға: - Қандай ән айтамыз, қарындасым? – деді сәл қобалжыған дауыспен. Бойын тіктеп, ыңғайланып отырған Аққағаз «Сәулем-ай» әнін сызылтып бастап кетті. Ұяң қыздың именбей еркін бастаған әні

алтыбақан тербелісінен күш алғандай бірте-бірте көтерілді де,
түнгі тынық ауада қалықтап тұрып қалды. Қыз-бозбаланың жарқын
даусы мен сыңғыр күлкісі де сап тиылып, барлығы әнге құлақ түре
ентелей түскен. Күнде айтылып, жиын-тойдың көркіне айналған

әннен гөрі оның айтушысына деген әуестік басым сияқты. Таза
кеудеден шыққан ашық дауыс әуелей көтеріліп, тыңдаушыларды
баурап барады.
Әдемі әннің құдіреті мен әсем дауыстың сиқыры билеп әкетіп,

алтыбақанның жайлы тербелісі Бектұрдың да шабытын оятып,
делебесін қоздырды. Бойына шымырлай тараған ән алпыс екі
тамырында асау қан болып ойнақ салды. Ән шарықтай барып,
құлдырай құйылғанда қошеметші жастардың елірген даусы түнгі

ауаны дүр сілкіндірген еді...
Бұдан кейін де Аққағаз бірнеше ән айтты. Екеуі қосылып та, бұл
өзінің жағымды қоңыр даусымен жеке де ән салды. Тыңдаушының
да, айтушының да айызы қанған тамаша түн болып еді-ау!..

Аққағазды Ерсайын екеуі үйіне шығарып салып келе жатып,
мардымды әңгімеге тарта алмады. Әртүрлі сауалдарға табиғи ұяң
мінезімен биязы ғана жауап қатып, қыз аса ашыла қоймады. Құрбы-
құрдастарының алдында әркез өзін еркін ұстайтын, үлкен-кішімен

бірдей әзіл жарастыра беретін Ерсайын қанша қаузағанымен, осы
бір қалпынан айныған жоқ. Бағанағы ән айтқандағы еркіндігі
сол алтыбақан басында қалып қойғандай. «Дегенмен, осы бір
ұяң бойжеткеннің бойында көзге көрінбес, өзі ішінде бұғаулап

ұстайтын, керек жерінде атойлап шығатын өжеттілік бар-ау... Ә,
дегенде бұл тосылып қалғанда, мына қыз өзіне деген сенімділікпен
қолайсыздықтың қамалын бұзып жіберді емес пе?! Ішкі дәті берік-
ау өзінің!» деп ой түйді Бектұр.

* * *
Екеуінің жарасуы сәл кейінірек, бір-біріне бойлары үйренісе
келе басталған... Күннің батуын тағатсыздана күтіп жүрген
қос іңкәр жүректің сағынышты қалауы болған жаздың сол бір

тамылжыған кештері-ай! Мал өрістен қайтып, күн батардағы елді
әбігерге түсіретін шақ өтіп, жұрт аяғы басылып, орынға отыратын
кез келер еді. Анда-санда қораға кірмей қалған малын қайырып, не
ойнап кеткен баласын іздеп шақырған дауыстар мен ара-тұра шәу

ете қалған иттердің үндері ғана осы мүлген тыныштықты бұзып
қояды. Үй ішіне алакеуім жарық беретін керәсін шаммен кешкі ас-
суын ішіп, үлкендер жағы аяқ-қолын созып, бір жадырай түседі.
«Ішіне ел қонған» желікті қыз-бозбала далаға шыға келгенде

мың-сан жұлдызы жымыңдаған қара-көк түсті аспан қол созымдай
жерде төбеңе төніп, күміс табақтай толған ай маңайды самаладай
қылып тұрар еді. Сонау қоңыр күзге дейін жасыл түктеніп, өңін
бермейтін көгалға құрылған алтыбақан басына жиналып жатқан

жастардың жарқын үндері мен сыңғыр күлкілері үйде жатқыза
ма?! Ынтыққан жас жүрек солай қарай асығады...
Сол асықтық, сол іңкәрлік екі жастың тағатын алып, қанат
бітіріп, араға уақыт сала қылаусыз таза сезімге айналған-ды...

* * *
Бектұр әкесі Жомарттың кіндігінен тараған бес ұлдан
жалғыз қалған тұяқ еді. Үш ағасы ел басына төнген нәубет –
ашаршылықтың құрбандығына жастай шалынып кете барды.

Өзінен екі жас үлкен ағасы Жалғас соғыстың алғашқы күндерінде-
ақ өз еркімен майданға аттанып, содан хабарсыз кетті.
Соғыс!.. Соғыс!..
Ә дегенде осы жалғыз ғана сұрқия сөз бойды тітіркендіріп,

жүректі суындырғаны болмаса... байыбына толық барып па?!
Оның артындағы қайғы-қасіреті, сұмдық-сұрқиялығы, зұлмат-
зұлымдығы туралы ойлап па?! Кейін уақыт өткен сайын осы
жексұрын жалғыз сөздің тұла бойдан ызғардай өтіп, жүректі

аяздай қаритынын біліп пе?!
Соғыстың басталғанына да үш айдан асып кетті. Майдан
жақтан ел құлағына жетіп жатқан хабарлардың ішінде көңілге
медеу тұтары жоқ. Елдің ұнжырғасы түсулі. Күн сайын дерлік

майданға аттанып жатқан азаматтар. Алғашқылардың бірі болып
аттанған Жалғастың кеткеніне де үш ай болды. «Н. деген қалада
әскер оқуын оқып жатырмыз, жақында соғысқа кіреміз» деген хаты
келген. Хал-жағдайының жақсы екенін, ауылды, ағайын-туысты

сағынғанын, Отан үшін қасық қандары қалғанша айқасатындарын
жазыпты. Туған-туыстың амандығын, елдің ахуалын тәптіштей
сұрап, әсіресе бұған кәрі ата-анасын қайта-қайта тапсырыпты...

* * *
Осылай өткенді оймен сүзген Бектұр қарт біраз тынығып алған
соң, ұйқыдан оянған Сашкаға сусын ішкізіп, киіндіріп, далаға
алып шықты. Бесін ауып кеткелі біраз уақыт болған. Аспанды

қою бұлт торлай бастапты. Алаулаған күн бұлттың артына
жасырынғанымен, жалынды демі басылмаған екен. Түсқайта
үйлерінен шыққан ұсақ-түйек балаларға Сашка да қосылған соң,
қарт бағанағы орнына жайғасты.

...Қоңыр күз өтіп, қараша басталғанда Бектұр да метірке
бойынша он сегізге толған. Майдан Мәскеу түбіне жетіп, қиян-
кескі ұрыстардың жүріп жатқанынан ел хабардар болып, жандарын
шүберекке түйіп отыр. Жалғастан сол күйі хат-хабар келмеді.

Жаратқаннан жәрдем сұрап, күбірлескен қарттар бұған үрейлі
көздерімен қарап қояды. Қай күні әскерге шақырту қағазының сап
ете түсерін кім білсін?!
Алдын-ала шақырған болуы керек, сол күні үйге Айтқабыл

молда, немере ағайыны Түгел аға, нағашысы Еркінбек әйелдерімен
келіпті. Соғыс жайын, күнделікті тұрмыс-тіршілікті сөз етісіп,
бұйырған кешкі астарын ішті, Құран оқып, бет сипасты. Әйелдер
жағы дастарханды шәйға жаңалап жатқанда, үй ішінде бір сәт

үнсіздік орнап, әркім өз ойымен болып кетті. Қидың шоғына
бұрқырай қайнаған шайды алдарына алған соң ауыр үнсіздікті
бұзан әкесі Бектұрға қарата:

- Қарағым, ел басына ауыр сынақ түсті. Ер-азаматты соғысқа

сыпырып әкетіп жатыр. Әр үйдің ат тізгінін ұстарлары тегіс
кетуде. «Жалғыз-жарым» деп қарайтын түрлері жоқ. Сені де
қалдыруы неғайбыл, - деп еді, анасы байғұс кемсеңдей бастады.
Соғыста кеткендерін, ержеткен балаларын ойлап, басқа әйелдер де

жаулықтарының ұшын көздеріне апара берді.

- Жә! Жамандық шақырмай, отырыңдар! – деп оларды тиып

тастаған әкесі сөзін сабақтады:

- «Кебенек киген келеді» деген, «Көппен көрген ұлы той»,

әркім маңдайына жазылғанды көреді. Отан үшін жан берсе –
шейіт, әйтпесе, ажал жетсе – құс жастық, мамық төсекте жатып та
адам бұл дүниеден баз кешеді.

- Иә, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген ғой,

дәм-тұзы таусылмай адамға өлім келмейді. Алла Тағала сүйген

құлына сынақ береді екен, оны көтергенді рақымына бөлейді. Хан болсын, қара болсын, ешкімнің жаны ешкімнен артық емес, ақиретте адамның дәрежесін Жаратқан Иеміз әркімнің иманына, еткен амалы мен жиған сауабына қарай көтереді. Ал «Отанды сүю – иманнан» деген Мұхаммед ғалейһиссәләм, – деп қостап қойды Айтқабыл молда да. - Ел басына күн туғанда қолына қару алып, елін, жерін қоғау – еразаматтың парызы. Адам ата нәсілін, ата-баба ұрпағын жалғастыру да оларға – аманат. Құдайдан ұл сұрағанда, сол үшін сұрамайтын ба еді?! «Сол ұл сүйек сындырып, ата атына нәлет айтқызбасын, арына нұқсан келтірмесін» деп тілейді ата-ана, - деп, әкесі өзін де, өзгені де қайрай түсті де, сәл үнсіз қалып, үнін жұмсартып: - Қарағым, біз болсақ, қартайдық. «Жаратқанның осы бергеніне де шүкір» деп отырған жанбыз. «Күні ертең сені де әскерге әкетсе, жалғыз қаламыз ба» деп қорқамыз. Жалғас екеуің төртеу боп, одан әрі көбейгендеріңді көреміз бе, көрмейміз бе – бір Аллаға аян, - деп тоқтады. Үнсіз отырған Түгел ағасы осы арада сөзге араласып: - Бектұржан, сөздің қысқасы, тоқ етер түйіні – сен кешіктірмей осы үйге келін түсір! Сөз байласқаның, не көздеп жүргенің болса, айта ғой, шырағым, ертең-ақ әке-шешесінің алдынан өтіп, осы босағадан аттатайық. Біздің айтпағымыз осы! – деп, қысқа қайырды. Әңгіме өзі жайлы болған соң қанша сергек отырса да, Бектұр дәл бұлай өзіне күрт салмақ түседі деп ойламаған. Абдырап қалғаны бар, оның үстіне ата-ана алдындағы ұялуы қосылып, қызарып, басын тұқыртып алды. - И-и, қарғам-ай, мұндай азаматқа құлап түспеген қыздың әуселесін мен көрейін, айтшы маған, кім болса да?! – деп, Жәмила жеңгесі қызуланып кетті. - Қоя тұршы, баланы ұялта бермей, мен айтайын ол үшін, - деп, қорғаштай сөйлеген нағашысының әйелі Бәтіш ортаға түсті. Өзіне жақындау, сырластығы бар жеңгесі еді, Аққағаз екеуінің арасындағы жағдайды да анығырақ білетін. - Ана жарқабақтағы үйдегі Бағила апаның немересі Аққағаз сондай бір жақсы, ибалы қыз болып бойжетіпті. Анадайдан көргеннен сәлемдесіп, сызылып, жол беріп тұрады. Сондай пысық, үй іші мұнтаздай, өзінің үстінде де қылаудай кіршік жоқ. Әжесін де

жуындырып, киіндіріп, әлпештеп отыр. Қақ-соқпен, артық сөзбен ісі жоқ, сондай бір әйбәт бала, - деп мақтай жөнелді. Аққағаздың тарапына айтылған мақтау сөздерге Бектұр қарадай қысылып, бетаузы, құлағына дейін ысып барады. Бүкіл денесі бір ысынып, бір суынды. - Иә, елдің көзіне де түсе бермейтін, көп жүріс-тұрысы жоқ бала, - деп, молданың кемпірі де тіл қатып жатыр. - Бұлар Ерейментау жақтан көшіп келген. Мына көрші Жұмабектердің алыс жамағайыны көрінеді. Бағила кемпірдің жалғыз ұлы да, келіні де көзі ашық, оқыған адамдар екен. Сол жақта бала оқытып, мұғалім болған. Ұлы мектепті басқарыпты. Ана жылдары «Алаш болды, ақтарға жақтасты» деп ұсталғандардың ішінде кетіп, итжеккенге айдалған дейді. Келіні де Ақмола жақтағы түрмеде көрінеді, - деп күрсініп, Айтқабыл молда Бағила кемпірдің жайынан хабар беріп өтті де: - Шалы – марқұм Кенбайды білуші едім, біздерге алыс ағайын болып келеді, арғы атамыз Ерғазыда қосыламыз. Иманды болсын, жақсы адам еді, - деп, бетін сипады. - Алыстан келген жау бар ма, көрсетіп те, ұстатып та отырған – өз қазағы, өз маңайы дейді. Ұлы мен келіні айдалып кеткен соң, осында келіп, паналаған ғой байғұстар! – деп, кемпірі орамалымен көзін сүртті. Аққағаздың арғы тарихын Бектұр енді естіп отыр. Жан сырларын айтысқан жазғы мақпал кештерде жүректі ауыртатын бұл тақырыпқа екеуі де бармаған. «Олар қазір алыста, бұйырса, келеді!» деп ата-анасынан тірідей айырылған қыз қатқылдау үнмен қысқа қайырып, мұңайып қалғаны бар. «Реті келгенде өзі айтар» деп, Бектұр да одан арғысын қазбаламады. Үлкендердің мына сөзі енді жігіттің жүрегіне аяныш ұялатып, елжіретіп жібергендей болды. Әлгіндегі маңдайы терлеп, қысылып отырғаны сейіліп кеткендей. - Арғы тегі жақсы жерден екен, әке-шешесінің заман қырына ілігуі жас баланың міні емес. Егер Бектұржан «Иә» десе, осы қызға құда түсейік. Жездем мен апамның да келіннің қолынан шай ішетін кезі келді, оның үстіне уақыт та тығыз, Жаратқан жақсылығын нәсіп етсін! – деп, нағашысы Еркінбек мәселені шешуге айналды. Бұл кісі Бәтіш жеңгесінен көп нәрсені біліп алғанға ұқсайды. Үй

ішіндегілердің төрт көзі бұған түгел қадалғанда, басын қалай изеп
қойғанын да білмей қалды.

- Әп, бәрекелді! Алла ұзағынан сүйіндірсін, құдалыққа

дайындалыңдар! – деп, Түгел ағасы көздері жасаурап, бір-бірінің
беттерінен сүйіп, құттықтасып жатқан әйелдерге қарады. Осы бір
абыр-сабырды пайдаланып, Бектұр далаға ата жөнелген...
* * *

Көп кешікпей Бектұрдың Түгел ағасы, Еркінбек нағашысы
бастаған топ көрші Жұмабектің үйіне құдалыққа барды. Осы
жамағайыны жетім кемпірді жеке қалдырмай, құдаларды өз
үйлерінде күтіп алған. Бағила кейуана Айтқабыл молдамен бірге

төрде бас құда-құдағи болып отырды. Бұрыннан бар салт-дәстүрге
сай жоралғылары жасалып, мүмкіндігіне қарай қалыңмалы мен
өлі-тірісі берілді. Әйелдер жағы қоржын ашысып, мәре-сәре
болысты. Әр үйден азаматы майданға аттанып, қамкөңіл болып

жүрген ағайынның қабағы бір сәтке ашылып, жадырағандай
болды. Көптен бері айтылмаған ән де айтылып, күй де шертілді.
Бектұрдың аяғын басып кететін баяғы қызыл қасқа бұзаудың бір
тұқымы арнайы сойылған екен. Соғыс басталғалы төрт түлікті

себепсіз союға тыйым салынып, қызылсырап отырған құда-
жекжаттар етке қарық болып қалды...
Құдалықтың келесі күнінде Аққағаздың ұзатуын жасаған соң-
ақ, аздаған жасауымен, сандық-көрпесімен көрші үйге – Жомарт

ақсақалдың шаңырағына келінді кіргізіп алды. Мұнда да бір ірі
қара сойылып, әжептәуір той болды. Айтқабыл молда шариғат
талаптарына сай екі жастың некесін қиып, неке суын ішкізді.
Күннің салқындығына қарамастан, алтыбақан құрылып, маздай

жанған оттың айналасында бозбала мен бойжеткендер түн ауғанша
ән шырқады, ақсүйек ойнады. Үлкендер батасын беріп, екі жастың
бақытты болуына дұға жасасты. Майданға кеткендерден жаманат
хабар әлі келмесе де, алакөңіл боп, сұм соғыстың зіл батпан

ауыртпалығы иығына түскен қабағы қатыңқы үлкен-кіші бір
серпіліп қалған...
Той тарқап, жұрт аяғы басылған соң осы құдалықтың
бастамашы тобы тағы бір бас қосып, онсыз да бала-шағасы көп

Жұмабекке салмақ салмай, Бағила құдағиды да осында көшіріп

алуға пәтуаласты. «Жомарт ақсақалдың төрт бөлмелі тамы бәріне де жетеді» дескен... Осындай қыбыр-жыбыр тіршілікпен жүріп, жас жарының ыстық-суығы да басылмай, құмары да қанбай, тіпті Аққағаздың қолынан дұрыстап шәй да іше алмай, Бектұр тойдан кейін бесінші күні майданға аттанып кете барды... *** Аспанды қою бұлт тұтастай құрсаулап алды. Күн бататын мезгіл дейтін емес, көз байланғанға дейін әлі біраз уақыт бар болса да, айналаны қараңғылық тез торлай бастаған. Ыстықтың беті қайтқанмен, ауа қапырық болып тұр. Қазір аяқ астынан Алматының долылығы ұстап, алай-дүлей басталып кетуі мүмкін. Бұл – анда-санда болып тұратын үйреншікті жағдай. Ой құшағында отырған Бектұр қарт аңғармай қалған болуы керек, манағы көп баланың қатары біраз сирепті, кейбірі үйлеріне кіріп кеткенге ұқсайды. Жас мөлшері бір-бірімен іркес-тіркес төрт немересін ертіп, көрші үйдегі Қадыр құрдасы да қайтып барады. Бұл да – соғысқа қатысқан, қазір зейнеттегі адам. Далаға енді шыққан-ау, бүгіндікке көріп отырғаны осы. Не амандасқаны, не қош айтысқаны белгісіз, бұған қарап басын изеп, қолын көтерді. Бектұр қарт та қолын бұлғап, ишарат жасады. Қадыр құрдасы көбіне үйінде, мына боқташақтардың бағыпқағушысы. Ұлы мен келіні ылғи жұмыста – базарда сауда-саттық жасайды. Балаларын балабақшаға беруге жағдайлары көтермейді, қазір бәрі ақылы ғой. Үкіметтікінде орын жоқ, болса да, қалада тіркелмегендерді маңына жолатпайды. Кемпірі дүниеден қайтқан соң Қадекең ауылдағы үй-жайын туыстарына қалдырып, енді қалада осы кіші ұлдың балаларын бағып отыр. Барына қанағат, шүкір етіп, ынтымақта тұрып жатқан отбасы. Өздері мына пәтерді жалдап тұрса да, үйлерінен адам үзілмейді. Қысы-жазы келіп-кетіп жататын екі жақтың ағайын-туыстары. Бұл кісінің жалғызсырауға тіпті уақыты жоқ... «Жалғыздық..» дейді-ау, Бектұрдың жалғыздығы осы ағайыннан алшақ кетіп, араны үзген кезден басталған жоқ па екен?.. Неге олай? Ағайыннан алыстағанмен, жалғыз қалатындай қоғамнан кеткен жоқ еді ғой?..

Ол кезде айналасында адам көп сияқты еді. Тың жерді игеруге
Кеңестер елінің түкпір-түкпірінен келген сан алуан жұрттың
ортасында болды. Тіпті түр-түсін көрмек түгілі, бұрын атын да
естімеген қаншама ұлт пен ұлыстың адамдары жүрді. Кейбір елге,

жерге сыймай жүрген елбұзарлар мен алаяқтар, әртүрлі себепппен
сотталып, жазасын өтеп келгендер, жатыпішерлер, маскүнемдер
мен жолбикелер сияқты қашқан-пысқандар болмаса, негізгі жұрт
Компартияның басшылығымен осында жиналып, тыңға түрен

салып жатқандар еді. Қым-қуат қайнаған еңбек ішінде жүрген
жас адамда, жастықтың буына мас адамда ол кезде туысқа деген
бауырмалдық сезім аздау болды ма, әлде ағайынның ала көзі мен
қаңқу сөзінен құтылғанына қуанды ма, әйтеуір елден алысырақ

кеткеніне аса қынжыла қоймаған. Себебі, жүрген ортасы да
думанды, жарының құшағы да ыстық, балалары да сүйкімді еді...
Бұл сол кезде еді... Енді қайда соның бәрі... көрген түстей болды
ма? Жанын жеген жалғыздыққа қалай душар болды?

Бектұр ақсақалдың ел жақта туған үлкен қызы Ғалия мектепті
бітірген соң, Новосібір қаласындағы техникалық институтқа
оқуға түскен. Сонда жүріп, оқу бітірер жылы зауытта істейтін
Максим деген жас инженермен отау құрды. Үш баласы бар. Алды

аяқтанып кеткен. Ғалия бұрын шешесі барда ауылға балаларын
ертіп, жылына бір рет жазғы демалысқа келіп кететін. Ол жиендері
өсіп кетті, әрі заман мынандай болып, олармен қарым-қатынас
та сиреп қалды. Анда-санда телефонмен қал-жағдай сұрасып

қояды. Алматыға келгелі өзі екі рет оларға барып қайтқан. Алайда
жиендерінің кішкентай кездеріндегідей емес, бұған аса жұғыса
қоймағаны, іш тартып бауырына кірмегені, тіпті «ит көрген ешкі
көзденіп» қалғаны көңіліне кірбің ұялатты. Қанына тартып, жат

болып кеткенін жүрегімен сезінді...
Жиенді қойшы, бөтен елдің баласы ғой, өз белінен шыққан,
Ғалия деп өзі атын қойған ерке қызының төлқұжатына Галина
Викторовна болып жазылып алғаны қарттың жанына батты.

Фамилиясын да күйеуінің тегіне өзгертіп алыпты... Сөйтіп, онсыз
да түрі шешесіне ұқсаған жирен шаш сары қызы аты-жөні де, тегі
де орыс болып шыға келген!
Негізі Ғалия өз атын Галя қылып өзгерткенімен, «Викторовна»

болуына кінәлі емес... Ауданнан жарты жылда бір келіп, сол

аралықта дүниеге келгендер мен өлген марқұмдарды тіркеп
әкететін орыс уәкіл әкесінен үш айлық мұның атын сұрағанда
«Бектұр» десе, әлгі антұрған қолындағы жорналына «Виктор»
деп жазып алған көрінеді. Қас қылғандай, сол жолы тазы ерткен

аңшыдай қасынан тастамайтын қазақ тілмәші да болмай қалған.
Сол уәкіл келесі келгенде ауыл молдасынан арабша тіл сындырған,
алайда латынша хат танымайтын әкесіне «Джумартов Виктор»
деген метіркені ұстатып кеткен екен...

Бектұр ол кезде қазаққа жат, құлаққа түрпідей тиетін осы
есімді елден жасырып, «Кәмелетке толғанда төлқұжатына азан
шақырып қойған атын жаздырамын» деп ойлайтын. Алайда бұл
кәмелетке толған шақта соғыс жүріп жатты да, мұның төлқұжатын

метірке бойынша жазып, оны қолына бір сәтке де ұстатқызбай,
өзін майданға алып жөнелді. Содан бері құжат бойынша Виктор,
соғыста да, кейін де жора-жолдастарының арасында Витя болып
кетті. Тек өз ауылында, ағайын арасында ғана Бектұр болатын...

* * *
Жау шапқыншылығына ұшыраған беларус хуторындағы үйіне
бомба түсіп, бүкіл жақыны мерт болған Надежда жалғыз қалған
екен. Аман қалған хутор тұрғындары босып, ішкі Ресейге бас

сауғалады. Қыздың медициналық училищеде алған білімі осы
арада іске асты. Шегінген әскерге қосылған бойжеткен санитарлық
бөлімнің жауынгері болып алған.
Жараланған талай сарбазды майдан даласынан алып шығып,

жауған оқтың астында қаймықпай жүретін осы қызға жауынгерлер
үлкен ілтипатпен қарайтын. Ынтық сезімге берілгендері де, бір
сәттік құштарлыққа бой алдырғысы келгендері де болды. Бірақ
осы бір ор қояндай ойнақтаған мінезді қыз олардың ешқайсысына

бой алдырмады. Сөйтіп жүріп, осы қыздың Бектұрға – қазақтың
қара баласына ықыласы ауды...
Оны майдан даласынан ауыр халде шинельмен сүйреп алып
шығып, медсанбатқа табыстаған Надя ұрыс біткен соң қайта

келіп, жағдайын білген. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп,
қол-аяғындағы бомба жарықшалары алынып, дәкемен оралып
жатқан Бектұрдың басын көтеріп, аузына су тамызды... Қайратты
қара шашын тарамдап отырып, қылшылдаған жас жігіттің қаріп

болып жатқаны жүрегінде аяушылық сезімін оятып, көңіліне мұң
ұялатты... Басқа жаралы жауынгерлердің бірінің сұраған суын,
бірінің сұраған темекісін дегендей... беріп жүріп, бұған қайта-
қайта орала берген.

Ертесіне ауыр жараланғандармен бірге жауырын астынан кіріп,
тұрып қалған жарықшақты алу үшін Бектұрды тылдағы госпиталға
апаратындардың арасына медсанбат командирі Надежданы да
қосқан еді...

Жаратқанның тағдырға жазғаны деген осы емес пе?! Ауыр
жаралыларды апарғандардың ішінен Надежда Петровнаны
госпиталь басшылығы өздеріне алып қалды. Медициналық орташа
білімі бар адам майдан даласынан сарбаздарды алып шығу үшін

емес, ауыр жарақаттанғандарды емдейтін тылдағы мекеме үшін
аса қажет әрі қат көрінеді. Өз әрекеттерін нақты дәлелдермен
баянхатқа жазып, бекіткен басшылық Надежда келген әскери
бөлімге осындағы бір санитарды жіберді. Әскерде бұйрық

талқыланбайды, тек қана орындалады.
Екі жастың арасындағы алапат сезім жалыны осы кезде
тұтанды. Госпитальдың білдей медбикесі болып тағайындалған
Надежда Петровна майданнан өзі әкелген жауынгерлерге жиі

келетін, ерекше қамқорлық жасайтын.
Бектұр ротасын бастап шабуылға шыққан кезде жақын маңға
түсіп жарылған бомбадан кейін есін жинағанда, аузына су тамызып
отырған – осы бір сары қыз еді... Енді, міне, ота жасап, жауырын

астына қадалған бірнеше жарықшақты алған соң есіне келгенде –
қасында тағы да осы қыз отыр. Наркоздан кейін тілі аузына сыймай,
қаталап жатқанда су берген Надя бұған құтқарушы періштедей
көрінген... Талшыбықтай бұралған денесіне ақ халат киген,

иығынан төгілген қолаң шашы сап-сары алтындай толқынданып,
сол шаштан жұпар аңқып тұрған бойжеткен шынымен де хор
қызындай еді!
Жас адамға тән бойынан жігер есіп тұратын, сұңғақ бойлы,

сымдай тартылған, өжет те батыл қазақ капитанын бұл қыз алғы
шепте бірнеше рет кезіктірген. Әлі ешкімге жалынан ұстатпаған
тарпаң қыздың асау жүрегі сол кезде бүлк етті ме, кім білсін,
әйтеуір ауыр жарақаттанып жатқан жігітке деген аяушылық сезімі

оның бойында ынтық сезімге тез ауысты.

Жарықшақтарды алған отадан кейін бір айдай уақыт өте
Бектұр өзі жүріп-тұратындай болды. Әрине, шапқылап кеткен
жоқ. Дегенмен, қылшылдаған жас ағза жылдам сауығып, оңала
бастады. Оның үстіне Надяның ыстық ықыласы мен қамқорлығы

да тез сауығуына ықпал еткендей...
Майданның дала поштасына жазған Аққағаздың хатын
осында жеткізіп берді. Ауыл-елдің, әке-шешесінің амандығын
жазыпты. «Жағдайымыз жақсы» депті... Ер-азаматы соғысқа

кетіп, тек қарттар мен әйелдер, шиеттей балалар қалған, бар
жиған-тергенін майданға жіберіп, өздері ашқұрсақ жүрген елде
қандай оңды жағдай болсын?! Оның шет-жағасын соғыстың
алғашқы айларында өзі де көріп қалды емес пе?! Келіншегінің ері

алаңдамасын дегені, намысқа шапқаны ғой. Қазақтың сол қандай
жағдай болмасын, «Құдайға шүкір, жақсы!» дейтін тәубешілдігі.
Енесі Бағила апа төсек тартып жатып қалған екен. «Осы қыстан
аман шығып, көктемге ілініп кетсе» деген. Жалғастан әлі хабар

жоқ көрінеді...
Аққағаздың хатты үлкен тебіреніспен жазғаны сөздерінен-
ақ білініп тұр, бірақ әдеттегі ибалығынан аспаған, «жаным-
күнім, сүйдім-күйдім» деген сөз жоқ. Өне бойы «Беке, сіз» деп

отырады. Бар болғаны: «..Бір Аллаға тапсырамын, жауды жеңіп,
елге аман-есен оралыңыздар! Бәріміз сіздерді сағындық, асыға
күтудеміз!» деп аяқтапты. Кеңестік пионер, кейін комсомол болса
да, Алланы аузынан тастамайтын болған келіншегінің бұрынғы

хаттарындағы сөздеріне күліп қоятын. Адамның қиналған кезде,
қысылған сәтте тек бір Жаратушысына жүгінетінін, Одан басқа
ешкімнің жәрдемінен үміттенбейтінін Бектұр жараланып, хал
үстінде жатқан кезінде бастан кешкен-ді. Сондықтан да бұл жолы

жымиған да жоқ...
Қолына қалам ұстайтын халге жеткен соң өзі де жауап хат жазды.
Қасындағы басқа біреуге жаздырып, үйдегілерді шошытқысы
келмеген. Жараланғаны, госпитальда жатқаны туралы айтқан

жоқ. Жауды өз ордасына қарай тықсырып бара жатқандарын,
көп кешікпей толық талқандайтындарын зор сеніммен білдірді.
Ел-жұртқа, баршасына амандық, төзімділік тіледі. Неге екенін,
Аққағазға бұрынғыдай тәтті сөздерін арнай алмады... ынта-

ықыласы басқаға ауғандықтан, жүрегі жалған сөздерді айтпады

да, қолы да бармады, жалпылама ғана: «..амандықта жүздесейік, бәріңді құшағыма қысып, беттеріңнен сүйдім!» деп бітірді... «Көзден кетсе – көңілден кетеді» деген ғой, жарынан жырақ кеткен үш жыл өз ізін қалдырмай қоймады. Әскерге алынған алғашқы кездері Аққағаз түсіне жиі кіріп, аңсатып, қатты сағынатын. Әр хатын тағатсыздана күтіп, өзі де қолы қалт етсе, хат жолдайтын. Хаттары ынтызар адамның небір жалынды сөздеріне толы еді. Уақыт өте келе, араға айлар емес, жылдар түсіп кеткен соң, сол ынтықтық бәсеңсігендей, құмарлық тек құрметке, сезімдер тек сыйластыққа айналғандай болған. Соғыстың қатал заңы өзіне бағындырып, жарынан алыста жүрген жігіттердің сезімін суытып, жүрегін қатайтып жібергендей... Сол шақта ажалына арашашы болғандай, жүрегіндегі шоғын үрлегендей болып Надя кезікті. Құмары сусап, сезімі селдіреп жүрген бұла күші бойындағы жігіттің бар пейілі соған ауды. Әлі ешкімге ырық бермеген асау қыздың да көңілі бұған құлап түскен!.. Адамға жасқанбай қарайтын көкпеңкөк жақұттай жанары кез-келген жүрекке шоқ тастап жіберетін, сиқырлы күлкісі мың құбылған, қылығы балдай орыс қызының төсектегі ойыны тіпті керемет, тәнді өртеп, жанды суырып алардай еді-ау! Тар төсекте судан шығып қалған ақ сазандай шоршығанда, толықсыған, күмістей тәні терезеден ай сәулесі сығалаған бөлмеде жарқжұрқ етіп, қанды қыздырып, естен айыратын... Тәтті тілден бал сорысқан, сана сансырап, ес кетіп, буын босап, әлсіреген кездегі айтылатын сөздер ше? Отты лебізге оранған ынтық сөздері шабытты қоздырып, бәрі қайта басталатын... Ал биязы, мүмкін тіпті бұйығы Аққағаздан Бектұр мұның бірін де көрмеген. Алғаш қосылған кездері қазақ қызының табиғатына тән ұялшақтықпен күндіз ерінің жүзіне тура қарамай, қызара қысылып жүрер еді. Ері ақ төсекте арыны қатты жастық шақтың қызу қанымен атқақтаған көзсіз құмарлықты игере алмай, құшарлана құшағына алғанда да сабырлылықтан кетпейтін, иба шегінен аспайтын. Тек нәпсі қалауын қанағаттандырып, тояттап, рахаттана мызғып кетіп оянғанда, келіншегінің балапандай бұйығып, бауырына тығыла түсіп, аппақ білегін мойнына арта ұйықтап жатқанын көрер

еді. Сондай тәтті, масаң ұйқы құшағында жатса да, Аққағаздың
жүзінде әлдебір мұң табы тұратын...
Госпитальда «мың бір түндегідей» бірінен бірі өткен
ғажайыпқа толы түндер, сол түндерді аңсай күткен күндер

сырғып өтіп жатты. Алты айға жуық жатып, емделіп шыққан
Бектұрды әскери медициналық комиссия қайтадан майданға
жібермеді. Жүрек тұсында бұршақтай темір қалып қойған. Оны
алу өте қауіпті екен. Кейінірек ірі қалалардағы маман дәрігерлер

алса болады. Әзірше оқыс оқиғаға ұшырамай, күтініп жүрсе,
өздігінен зияны тие қоймайды. Сондықтан саптан шығарып,
елге қайтармақшы болды. Тек жас офицердің бірнеше рет берген
өтініші бойынша, госпиталь тұрған поляк қаласындағы әскери

комендатураға қалдырылды. Осы жерде Надежда Петровнамен
некеге отырып, ресми түрде екеуі ерлі-зайыпты атанды...
* * *
Айнала демнің арасында алай-дүлей болды да кетті! Құтырған

жынды дауыл ағаштарды жұлмалап, ту-талақай қылды. Шегесінен
босаған үйлердің төбесіндегі қаңылтыр шатырларды сілкілеп,
даңғырлатып, қиямет-қайым басталып кеткендей болды. Ауладағы
балалар да, әр жердегі орындықта отырған адамдар да үйлеріне

қарай безіп барады. Аспанды қақ айырғандай шатыр-шұтыр етіп
найзағай ойнады.
Бектұр қарт селк етіп, орнынан тұрамын дегенше құлдыраңдап
Сашка да келіп қалды. Түрі әлем-тапырақ! Табиғаттың мына дүлей

мінезінен шошынып қалды ма деген... Көзінен аққан жасты онсыз
да шаң болған бетіне кір қолымен айғыздап тастапты. Бір нәрсеге
қатты абыржулы ма, әлде ашулы ма, көкшіл көздері шегірейіп
кетіпті.

- Дед, деда... – дей береді, өксік аралас үні дірілдеп. Өзі қалш-

қалш етеді.

- Не болды? Что с тобой?! Испугался что ли?.. – деп, қарт

немересін бауырына қыспаққа құшағын аша берді.

- Неее, нет! – деп, Сашка тіксініп, тартыншақтанып қалды.

Қолымен сырт жақты сермей көрсетіп:

- Вика говорит, что ты чужой для меня... что ты не мой дед! –

деп, апыл-ғұпыл бірдеңелерді айта бастаған.

Алғашында немересінің не деп тұрғанын толық түсіне алмаған қарт «Не деп тұр, мына иттің күшігі?» деп іштей жылдам ойлады да: - Что! Кто что говорить?! - деген. - Ты ведь посмотри на меня и на себя! Мы что, похожи?.. Ты казах же, а я кто? Русский?! И мама, и папа русские... и брат, и тетя Галя... Ты не мой дед! - Не дейді мына иттің күшігі?! Бектұр қарттың жан даусы шыққандай болды. Даусы тіпті мына айналада болып жатқан аласапыраннан да асып кеткендей болып естілді өзіне. - Ты что бредишь! Ты что говоришь, иттің баласы! Көкте тағы найзағай шатыр-шұтыр етіп, айнала жапжарық болып кетті. Тап бір майдандағы сол күнгі бомбаның жарылысындай... Қарт оқыс қимылдап, бірдеңеден қорғанғандай болды. Кеудесінің сол жақ бөлігі шым ете түсті... Жүректің қатты қысылып, сол тұстағы бұлшық еттің тырсия жиырылғанын, сол арада бекіп қалған бұршақтай қорғасынның бүлк етіп қозғалғанын Бектұр қарт санасы сөніп бара жатса да, сезініп қалды. Әрі қарай... қара түнек... *** «Әттең, жалған дүние-ай, өттің де кеттің, бір күнгідей болмадың!.. Арпалысып-алысып, жағаласып, сүрініп-тұрып, жылап-күліп жүріп... босқа өтіп кеткен есіл өмір-ай! Не алдың, не бердің... қай мұратқа жетіп, қандай арманда қалдың... неден жеңіп, неден ұтылдың?.. Бітпейтіндей, өтпейтіндей, сұрау-сауалы, обал-сауабы жоқтай көрінетін еді-ау, енді не болды?.. Шарана оранып келіп еді, кебін киіп кетіп барады... Бұл жалғанға ештеңе әкелген жоқ еді, ештеңе алып та кете алмады... Тым болмаса, не қалдырды?!». Ештеңе де! Болып еді бір пенде, енді жоқ! Тіпті артынан шын жылап жоқтайтын да, есіне алып, бейітін зиярат ететін де, Құран бағыштап, Алладан рахым, Пайғамбардан шапағат сұрайтын да ешкім болмайды!.. Сұм жалғанның жанарды арбаған қызылды-жасылды өткінші қызығына алданып жүріп, Жаратқанның алдындағы парыздарын

өтеу тұрмақ, ең аяғы әке-шешенің алдындағы перзенттік борышын да өткере алмады! «Атадан қалған жалғыз тұяқсың, Алла алдындағы ақ некелі әйеліңе қайт! Тілі бөлек, діні басқа қатынмен ұрпағың азады, тұқымың тозады!» - деді ағайын-туысы. Талақ қылуға алдағы атар таңдарын көруге себепші болған қылығы тәтті, құшағы ыстық Надяны қимады, ал онымен бірге ағайынға сыймады. «Уақыт өте басылар, әйелім бала туса, ағайыны да, ата-анасы да тулағанын қояр» деген... Ол дегені болмады. Ағайынның арыны басылғанымен, жарықтық әкесі алған беттен қайтпады. Аққағаз ата-енесіне баласындай болып кетіп еді, «Жалғыз қалған оны қуып, қартайғанда кәпір атанып, аты да, заты да жат келіннің қолына қарамаймын», - депті! Ғалия туғанда қалжасын алып келген шешесі байғұс осыны айтты. Содан бәрін тастап, қашқандай боп, тың игеріп жатқан өлкеге кетті. Ал ұлы өмірге келген соң «Елге оралып, әке-шешеге жақындап отырайық» дегенде, енді әйелі теріс тоңқыды. «Ағайының ауылдан қуған еді» деген жоқ, «Мынандай заманауи совхоздар салынып, коммунизмге бет алып бара жатқан уақытта көштен қалған, қойдың қиы сасыған тоқал тамды ауылыңа бармаймын! Барсаң, өзің жүре бер!» - деді. Күйеуінің мінезіне қанық әккі әйелі «Ата-анаң, ағайының сыйдырмап еді» деп, оның намысына тимеді. Олай десе, бірбеткей ерінің қолды бір сілтеп, бәрін талақ етіп, бір-ақ кететіні анық еді. Бар болғаны – бармау себебін тұрмыстың қолайсыздығына тірей салды... Бұл сөз Бектұрдың қол-аяғын жіпсіз байлап қалған болатын. Сөйтіп, қартайып, қажыған шақта әке-шешенің қасынан да табылмады бұл Бектұр! Алла алдында некесі қиылса да, сол жарынан тірідей жесір атанған келінінің қолында қалды әкешешесі. Өзінің Бағила әжесі соғыстың соңғы жылында қайтыс болды да, Аққағаз байғұс қолына қараған ата-енесін аялап күтіп, өз ата-анасындай бақты, бірінің артынан бірі кеткен оларды ақиретке арулап шығарып салды... Бектұрға шал-кемпірдің жаназаларына қатысып, топырақ салу ғана бұйырған-ды...

Қайран, Аққағаз-ай!.. Соғыс аяқталған соң бір жылдан кейін Бектұр запасқа шығып, елге Надяны алып келгенде, өзінің де, өзгенің де шашын жұлып, бетін тырнаған жоқ. Бар болғаны: «Мен – соғыстан қайтпаған солдаттың жесірімін!» - деген. Мұңды жанарынан аққан қос тамшы жүдеу жүзімен жарыса сырғанап барып, омырауына түскен... «Одан да шапалақпен тартып-тартып жібергені, не басқа оқыс бірдеңе істегені жақсы еді!» деп қиналған Бектұр... Сол Аққағаз ағайынның араға жүруімен бұған екінші әйел болып отыруға да көнген еді. Бұл сөз құлағына жеткен Надясы «Екі қатын алатын бұрынғының феодалысың ба?» - деп бірден бас салған. Артынша кілт пұшайман халге түсіп, абдырап тұрған шарасыз күйеуіне «Бүкіл ел-жұртымды сен үшін тастап келгендегі көретін қызығым – екі қатынның бірі болу ма еді?» деп, шағымдана жылаған. Көз жасын көлдете отырып, ішінде «көжесі» бар екенін жеткізген. Бұл сөз тығырыққа тірелген мәселені шешіп кетті. Онсыз да Аққағазға деген сезімі әлдеқашан суыған, қасындағы қылықты әйеліне құлай берілген Бектұр ағайынның еш сөзіне құлақ аспастан, алдымен көрші ауылға көшті де, Ғалия туған соң тың өлкесіне бір-ақ тартты... Ал Аққағаз байғұс пәк күйінде келін боп түскен шаңырақтың түтінін өшірмей, бүкіл өмірін адал өткізді де, бұл жалғанда не атаананың мейіріне қанбай, не балалық шақтың бақытын кешпей, не жар болып, не бала сүйіп... еш қызық көрмеген күйі бақиға аттанып кете барған... * * * - Әй, мына кісі қысылып жатыр, көмектессеңдерші! - Осы шал-кемпір үйлерінде неге отырмайды екен?!.. Балашағаның жанында... жылы пештің қасында... - Қойшы-ей, араққа тойып алып жатқан шығар, басқа не дейсің?! - Осындайлар көбейіп кетті ғой, тегі!.. - Өй, бұл Владимир Викторовичтің үйіндегі қария ғой! - Ну-ка, отайдите! Я – медсестра! Он живой?.. Дайте воздуха!.. «Скорую» вызывайте! Кеудесін қатты-қатты басып жібергенде, алғашқы демін алып,

кәрі санасы орала бастағанда қарттың құлағына еміс-еміс жеткен сөздер еді бұл. «Аһ!» - деп ышқына шыққан демімен бірге өзін қоршай топтасқан адамдардың дабыр-дұбырына қоса көмескі бейнелері де бұлдырай бастады. - Дышите, дышите глубоко! Как себя чуствуйте?! Вы меня слышите?.. Бектұр қарттың бұлыңғырлана барып ашылған жанары айнала тұрған адамдарды қуалай тоқтай алмай жатты да, әрең дегенде бетіне төнген келіншекке тірелді. Жирен шашы иығына төгілген әсем келіншек қарттың тіршілік нышанын көрсеткеніне қуана күлімсіреп тұр екен. Тілі байланып, есеңгіреген санасы шымшытырық болып кетті. «Құдайым-ау, мынау Надя ғой, өзінің Надюшасы ғой! Е, тағы да құтқаруға келген екенсің ғой, Надя!». «Дед, а, дед... это правда что ты чужой?!». «Мен – соғыстан қайтпаған солдаттың жесірімін!.». Мынау – Аққағаз!.. Аққағаз сенсің бе, ей?!. «Қарағым-ау, жалғызым-ау, үйге қайтсаңшы! Мына сорлы анаңды аясаңшы, жалғыз-ау!.», Апа, апа!.. «Балам!.. Соңымда қалған жалғыз тұяқсың!.. Қара шаңырақтың қасиетінен қорықсаң етті!.. Бір атаның жалғасы өзің ғана... Қайт үйге!». - Әке, тоқтай тұршы, шамалы тұра тұршы, әке! Қарттың сандырақтаған әлсіз үні демімен бірге үзіліп-үзіліп, ышқына шыққандай болды. - Дышите, дышите! Слышите, глубоко дышите! «Надя!.. Құтқарушым, Надя! Тағы да құтқаруға келген екенсің ғой!». Қарт өлім алдындағы жанталасқа түсіп кеткен еді. Бүкіл денесі өртеніп, жанын табаға салып қуырып жатқандай азапқа салып, жан-жағында от ұстаған жын-сайтан қаптап кеткендей. «Алла-ай, Алла-ай... Қалай еді... ләә илләһә... ләәә илләәәһһәәә!». Бала кезде әке-шешесінен жиі естіген, ылғи айтып жүрмеген соң жүрекке байланбай, санасынан өше бастаған құдіретті Кәлимаға тілі келмей, аласұрды. Қайдағы тіл?! Тіл емес, бір уыс шоқ аузында... шөлден кезерген еріндері дар-дар айырылғандай... кеудесі жалын атып жатыр.

«Аузыма су тамызатын кім бар, кім?!... Балаа-ааа-аам! Воло-оодя! Сашкаа-аа-аа!..Су! Су!.». «Воды дам, вот тебе вода!» деп Надясы шыға келді... Қолында – өзі шай ішетін үлкен гүлді кесеге шүпілдете құйған мөп-мөлдір су! Мейірленіп, қылықтанып, талшыбықтай бұралып тұр. Ішсең, маңдайыңнан бір-ақ шығатын мұздай су, ә!.. Әкесі атын жетектеп, ауылға бет түзеп барады... «Дед, а, дед... ты чужой, да... не мой дед!.». «Не дейді мынау?! А?! Иттің ғана күшігі-ай!». Жанұшыра айғайлады... «Айғайладым» деп ойлады санасы сөніп бара жатып... «Нет! Нет!.. Жоқ! Құтқарма, Надя, не надо!.. Мен кеттім, ауылға, үйіме кеттім, Надя! Прости меня! Я пошел! Әке, әке, кеттік! Кеттік үйге!..Ләә илаһа иллалла! Мұхаммед – пайғамбар!». Надясы... жоқ, «Надясы» дейді-ау, мынау – келіні Ирина ғой... «Вот вода! Вода, вода!» деп, жирен сары шашы жалбырап сақсақ күледі, суы бар кесені қақпақылдап ойнап қояды! Көздері албастыдай қызылды-жасылды болып, шоқтай жайнап, біресе мейірбан Надясы, енді бірде жүзі салқын Ирина келіні, тіпті қуыршақтай Наташа сияқты болған әлгі бәле тістері ақсиып, арбиған қолдарымен бүріп әкеліп, кеседегі мұздай суға батырып кеп жіберді... Денесін қарып түскен тастай судың іші толған мыңсан ине... денесін көктей өтіп, жүрегіне қадалып жатыр... «Алла, Алла!» - деп ышқынды қарт... Бұл пәни-жалған мен арғы мәңгі-бақилық өмір арасындағы барзах әлеміне «өлім» деген табалдырықтан аттаған сәттегі пенденің мұндай арпалысынан мүлдем бейхабар медбике келіншек қарттың кеудесін тағы да басып-басып жібергенде... ұшқынданған жанары өңменінен өтердей тесе жарқырап, аз ба, көп пе... әйтеуір осы ғұмырында пешенесіне жазылған талай машақатты да, азапқиындықты да, тәтті ләззатты да көрген, аманат болған тәнді тастап ұша жөнелген «шыбын» Жанының артынан ілесе барып тоқтап, ондағы тіршілік сәулесі сөне берді... 1999-2000 жж. Алматы.

ХАТТАҒЫ ЖҮРЕК

(новелла)
Вокзал басы жан-жақтан келіп-кетіп, сапырылысқан ығы-жығы
адамға толы. Кеңес заманы келмеске кетіп, жаңа қоғамға бет алған
арадағы өтпелі кезеңде бүкіл ел «жабайы» нарыққа икемделіп,

жүріс-тұрысы көбейген. Күнкөріс қамымен «ала сөмке» арқалап,
Алматы мен ауыл арасын «шаң» қылып жүрген ағайын көп-ақ.
Халық ары-бері сығанша көшіп жүргендей...
Қазір Көкшетаудан Алматыға қатынайтын жолаушылар пойызы

келіп жетпекші. Перронға шыққан күтіп алушылар тұрмыстың
тапшылығына қарамастан, бейне бір тойға жиналғандай үстеріне
бар жақсысын киіп алыпты. Әркімнің өз күтіп жүргені бар-ау: әке-
шешесін, бала-шағасын, жора-жолдасын, сүйіктісін, бастығын...

тағысын-тағы... дегендей, тағатсыздана күтіп, отарбаның келер
жағына қайта-қайта қарағыштайды. Осыларға қарап отырып, Ерік
те біресе сағатына, біресе қолындағы тілдей жеделхатқа әлсін-
әлсін қарай береді. Келетін уақыты болса да, «Әлі де күте түссін»

дегендей пойыз да қарасын көрсететін түрі жоқ. Жүрегі алып-
ұшып, бір сағаттай ерте келіп, осынша уақытты зорға өткізген
жігіттің тағаты таусылды. Әлде көңіл шіркін жүйрік пе?!. Әйтеуір
сағат тілі тас байлап қойғандай әрең жылжиды. Әрбір минут

жылдай көрінеді...

- Ерік, саған хат бар! Билемесең бермеймін! – деп, курстасы

Әлия жүгіріп келді. Көз алдына әрі-бері желпіген хаттың кімнен
екенін оқымай-ақ, сыртындағы жазу таңбасынан біле қойды.
Маржандай тізіліп тұр. Әрине, содан! Ана қу қыз да бұл хаттың
жігіт үшін қаншалықты қымбат екенін білгендей, ойқастап жүр.

- Билеу дегенді қой, қарағым, одан да бір шоколад әперейін, -

деп, Ерік қалжыңдай күліп, хатқа қол созды.

- Жарайды, уәде – уәде!

Хат қолына тиген соң дереу бөлмесіне келіп, апыл-ғұпыл,
бір деммен оқып шыққан. Оқып шықты да, істің мәнісіне толық
түсінбей қалып, тіпті өзіне-өзі сенбегендей қайта оқыды.
«Ерік, асылым! – депті Ләйлә әдеттегідей аман-саулықты сұрап

жазған соң, - мен саған өткенде жазған хатымда сыныптасым
Талғатқа ота жасалғанын, оған донор қаны керек болып, мен қан

бергенімді айтып едім ғой. Сол енді өзіме кесел болып жабысты!
Қанды дұрыс алмаған ба, әлде тағы басқа бір кемшіліктер болды ма,
әйтеуір «Жүрек тұсыңа қан ұйып қалыпты» деп шешті дәрігерлер.
Ертең маған ота жасамақшы. Операция ауыр болатын түрі бар...

«Денсаулығың шыдап, жүрегің көтере алса – ертең-ақ шапқылап
кетесің» дейді мамандар.
Жаным, сен қорықпай-ақ қой! Мен жеңіп шығымын! Бірақ
қайдан білейін, Алланың маңдайдағы тағдырға не жазғанын?

Саған айтпай-ақ қояйын деп едім, дәтім шыдамады. «Жаман
айтпай – жақсы жоқ» демекші, хат жазып білдірейін, ертеңгі күні
өзегі өкініштен өртенбесін» дедім. Арысым, маған сенші, екеуміз
қол ұстасып, қатар жүреміз әлі! Өмірдегі көп сынақтың бірі ғой,

жаным! «Бұл жүректі ине түгіл, найза-дағы түйреген» деп Мұқағали
ақын айпақшы, басқа салғанды көреміз де! Заманның ұсқыны
мынау, студент адамға жол жүру де оңай емес, оның үстіне қысқы
сессия басталып кетті ғой. Сондықтан «Көкшетауға келемін» деп

әуре болма, маған алаңдап, емтихандардан қалып қойма, жаным!
Тек сырттай көп дұға қылып, Жаратқаннан жәрдем сұрай гөр! Енді
қалғаны – бір Алланың жазуы мен себепші дәрігерлердің қолында
ғана. Әзірше, қош бол! Ләйләң».

Жүрегі шапқан аттай дүрсілдеп, кеудесін жарып жіберердей
болып, миы шыңылдап, көзі қарауытып кетті... жүрегі лоблыды
ма... Басы мең-зең болып, қолындағы хатқа тесіле түсіп, «...қош
бол! Ләйләң» деген сөздерді тоқтаусыз қайталай берген... Тосын

соққыдан мең-зең болып, неше күн дұрыс нәр татпағандықтан,
онсыз да бірде аш, бірде тоқ «жартықұрсақ» студент жігітің көзі
шүңірейіп, жағы суалып, қатты жүдеп кетті. Тапсырып жатқан
қысқы сессияның емтихандары да адыра қалған. Дайындық

тұрмақ, маңайындағылардың не айтып, не қойып жатқанын
байыптап түсінбестен бажырайып қарайды да қояды. Ары кетсе,
басын шұлғи салып, тезірек төсегіне қарай кетеді. Үш күн ішінде
Көкбазар жанындағы шағын мешітке бірнеше мәрте барып қайтты.

Құран оқу, сүннет бойынша құлшылық қылу, дұға жасау жайынан
хабары аз болса да, Жаратқанға өз білгенінше жалбарынумен
болды... Осы жолы жаратылған пенденің сондай әлсіз, Алланың
рахымына соншалықты мұқтаж екенін жүрегімен сезінген...

Бір қолына хатты, екінші қолына Ләйләнің суретін ұстап,

жынынан айырылған бақсыдай меңірейіп отыр еді, көршісі Асан кіріп, бұған тағы бір хатты ұстата салғаны. Мекен-жайына қарап еді, Көкшетаудан екен, бірақ... жазуы бөтен! Денесі дір ете қалып, дүние шыр айналып жүре бергендей болды... Бұлдыр сағым арасында өзін жұлмалап жатқан Асанды көрді. - Ерік, саған не болды, көзіңді ашшы! – деген даусы алыстан талып естілгендей... - Ештеңе де болған жоқ! – деп, есіне келіп, намысқа шапқан жігіт қолымен сипалап, хатты іздеді. Асан жерге түсіп кеткен хатты алып беріп еді, жарылғыш ұстағандай қолы дірілдеп, әрең ашқан. Бір жаманшылықты оқып қоймайын дегендей бойы тітіркеніп, тартыншақтана оқи бастады... «..Ерік, айналайын, амансың ба? Дені-қарның сау ма? Мен – Ләйләнің анасымын ғой. Осыдан үш күн бұрын Ләйләға ота жасады. Аллаға шүкір, «Операция сәтті өтті» дейді дәрігерлер..», - дегенді оқығанда, «Уһ!» деп, кеудесінен от-жалын шыққандай болды. «..Айналайын, «Менің мекен-жайымды қайдан алды?» деп отырған шығарсың. Сендердің істеріңе, қатынастарыңа араласпайақ қояйын деп едім, қайтейін, мәжбүр болып отырмын. Айыпқа бұйырма, қарағым! Ләйләм, алтыным, сол отадан кейін әлі көзін ашқан жоқ... Үш күн, үш түн болды, қасында күзетіп отырғаныма, әлі оянбай жатыр! Тәніне қажетті қоректі система арқылы жіберуде, ал тыныс алуы аппаратқа қосылған. Жан сақтау бөлімінде жастығын түзеп жатып, бірнеше хат пен сурет тауып алған едім. Сенің хаттарың екен. «Менің қол жетпес алтынымды өзіне идірген кім болды екен?» деп суретіңе қарасам, иманжүзді бала көрінесің. Содан хаттарыңды біртіндеп дауыстап оқып отыр едім... бір қарасам, Ләйләмнің көздерінен жас парлап жатыр! Содан жанына отырып алып, хаттарыңды дауыстап оқитын болдым. Кеудесінде шыбын жаны бар екенін тек кірпігінен үзіліп жатқан жас тамшыларынан ғана біліп отырмын. Ерік қарағым, Ләйләмнің қайтадан жарық дүниені көруі алдымен Алланың бұйрығы, оның себепкер қылуымен сенің қолыңда ма деймін. Ол үшін сонау Алматыдан келмей-ақ қой, тек балапанымды оятатындай етіп хат жазшы: «Тұр, есіңді жи, көзіңді аш!» де. Жасық сөзді, жалтарма сөзді Ләйләм жек көруші

еді, жігерлендіретіндей, намысын қайрайтындай етіп жазшы,
айналайын! Қол жетпес жарығымды сөйтіп оятшы..».
Хатты қайта-қайта оқып шығып, көкейін торлап алған күдік
пен ауыр ойдың қара бұлты сейіліп, көкжиектен үміт пен бақыт

нұры жарқ етті! Еңсесін езген зіл біраз жеңілдегендей болып,
балконға шықты. Ақ қарлы қаңтардың шыңылтыр аязды саф таза
ауасымен көкірегін толтыра дем алды. Ұзағырақ тұрды. Бойы да
сергіп, санасы да ашылып қалған. Ішке кіріп, жаңағы хатты тағы

бір оқып алды да, үстелге отырды. Көз алдында ес-түссіз жатқан
Ләйләсі... Соған сөйлеп отыр... Жүрегін жарып шыққан сөздер ақ
қағаз бетіне төгіліп жатыр...
«Ләйлә, бақытым, бұл – мен ғой, Ерігің! Сен мені естіп

жатырмысың? Ендеше неге көзіңді ашпайсың? Ашшы, жаным,
көзіңді, қарашы маған! Қарашы мына кең, жарық дүниеге! Мына
өмір қандай тамаша десеңші!
Ләйләм-ау, мұның қалай, неге оянбайсың? Әлде қиындыққа

төзбей, күйреп қалғаның ба? Сен мұндай емес едің ғой! Мен
сүйетін Ләйлә мұндай емес еді!
Мүмкін тағдырыңа өкпелеген түрің шығар? Мүмкін... Жоқ! Сен
мықтысың, жаным! Сен бұл сынаққа төтеп беріп, осы қиындықты

жеңіп шықтың, әлі талай жеңімпаз боласың! Өйткені, сен Өмірді
сүйесің ғой! Өмірді сүйген адам ғана ол үшін күресе алады. Есіңде
ме, екеуміз осы тақырыпта ой бөлісіп, талай кешті өткізуші едік.
Сен сонда бақытты болғың келетінін, арман-мақсатыңа жету

үшін қандай қиындық болса да жеңетініңді айтушы едің. Бұл
сынақ – өмірде болатын көп кедергінің бірі емес пе?! «Қандай асу
болса да, бірге асамыз, қандай жеңіске болса да бірге жетеміз»
деуші едік қой! Ал сен мені жалғыз тастап, орта жолдан кері

қайтпақшысың ба? Сол кештерде айтылған сөздердің бәрі жалаң,
жалған сөз болғаны ма? Жоқ, сен ондай адам емессің! Гүлдей нәзік
болғаныңмен, болаттай беріксің ғой, жаным! Мен саған сенемін,
бір Аллаға тапсырамын! Екеуміз бір жеңісті есебімізге жазып,

өмір жолымен ары қарай кетеміз.
«..Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,
Өмір, өмір, болмайды түңілуге!
Жалғыз сені жазған жоқ сүрінуге,

Қайта тұрып, хақың бар жүгіруге!.» - деген ғой өзің

сүйіп оқитын Мұқағали ағамыз. Сүрінген жерде жатпас болар, Ләйлә! Қане, көзіңді аш, тұр! Уақыт бізді күтіп тұрмайды. Жалғастырайық арманға жетелер, бақытқа жеткізер жолымызды!.». Хат аяқталып, қаламы қағаз үстінде қалды. Көзі жұмулы. Қолдары сұлық төмен түсіп кеткен. Үш күн бойғы ауыр ойдан арылыпты... тау қопарып, тас үгітіп келіп, демалып отырған адамдай жаны да, тәні де рахатқа батып отыр... Осыдан көп кешікпей асыға күтіп жүрген хат та келді. Көзіне сондай ыстық көрінетін қыздың жазуында сәл ғана діріл болғанымен, сол бұрынғыдай маржандай тізіліп тұр. Қолына хатты емес, сүйіктісінің жүрегін ұстап тұрғандай аялай сипады. Хатты оқып емес, Ләйләсінің жүрегінің дүрсілін тыңдап тұрғандай... «..Арысым, Ерігім! Мен бүгін екінші рет дүниеге келіп отырмын! Бұл жолы Алланың бұйрығымен жарық дүниеге қайта келуіме өзің себепші болдың, жаным! Алғашында сенің үнің алыстан естіліп тұрғандай болды. Жо-жоқ, дауыстың анамның даусы екенін, бірақ сөздері сенікі екенін ажыратып келемін... «Көзіңді аш... жолымызды жалғастырайық!..» дегенде, сенен қалып қоймайын дедім бе, әйтуір көзімді ашып алыппын! Аппақ тұманның арасынан бұлдырап әкем мен анамның бейнесі көрінді. Анамның қолында – сенің хатың, көзінде – жас. Әкем де үнсіз егіліп тұр екен... Сонда барып, өзімнің тірі екенімді, дәм-тұзымның әлі таусылмағанын, көрер жарығымның алда екенін сезіндім... Сен бар кезде – мен де бармын, жаным! Дәрігерлер көп сөйлеуге, қатты ренжуге, тіпті қатты қуануға, хат жазуға, т.т. тыйым салды. Сонда да көрсетпей жазып жатырмын. Құдай қаласа, көп кешікпей қайта табысармыз, соған жеткізсін!.». Санасын ой тұмшалаған Ерік пойыздың ысқырған ащы даусынан селк ете түсті. Орнынан тұра сала, оныншы вагонға асықты. Алыс жолдан шаршап келгендей ырсылдап-гүрсілдеп, ысқырып-пысқырып барып, пойыз да тоқтады. Жүрегі алып-ұшып барады... Вагоннан шығып жатқан жолаушылар арасынан үстіне қызыл күрте киген көктемгі қызғалдақтай ыстық бейне көзіне оттай басылды... 1994 жыл. Алматы.

ОРЫНБЕКОВ СЕРІК-ИБРАҺИМ ЖАМАЛҰЛЫ 1972 жылы 25 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУдің журналистика факультетін, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. 1997-2001 жылдары Сарыағаш ауданындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте мұғалім, 2001-2004 жылдары Ж.Сүлейменов атындағы орта мектепте директор қызметтерін атқарды. 2006-2007 жылдары «50 де 50» республикалық қоғамдық-саяси газетінің Астана қаласындағы тілшісі, 2008-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде меншікті тілші, 2009-2011 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ-на қарасты «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында редактор болып жұмыс істеді. 2011 жылдан бері Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Еуразия-ақпарат» оқу-тәжірибе орталығында директордың орынбасары, бас маман болып еңбек етеді. Сондай-ақ 2013 жылдың наурыз айынан бастап «Хабар агенттігі» АҚ-ның ақпаратттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясында редактор қызметін атқарады. 1989 жылы Жамбыл қаласында өткізілген республикалық ІІ қазақ тілі мен әдебиеті пәндік олимпиадасының бас жүлдегері. 1999, 2003 жылдары екі рет Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты болып сайланған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ (Гүлсім Ыдырысоваға) Алғашқы ұстаз! Сен маған қымбаттысың, Сені талай шәкіртің жырлапты шын. Сен мен үшін ұлы да, ұлағатты Сен мен үшін бәрінен сымбаттысың.

Алғашқы ұстаз! Сен маған сүйіктісің, Өзге жанның бәрінен биікпісің?! Ұлы өмірге сен қадам бастырған соң Талай шәкірт өзіңді сүйіпті шын. Алғашқы ұстаз! Сен маған ардақтысың, Сен бәрінен ақылды, салмақтысың. Шәкірттерің жан-жаққа қанат қағып, Өзің мәңгі мектепте қалмақпысың?!. Үйреттің Сен Өмірдің ақ-қарасын, Білгеніңді шәкіртке ақтарасың. Біздер үшін ұстаз боп, ұлы адам боп Жүректерде мәңгілік сақталасың! *** Қуғаннан соң армандардың жарқынын, Қорғасындай бір қатып, бір балқыдым. Халық деген – қиқымы көп қазына, Күндегендер не демейді, жарқыным?! Бір қазанға сыя алмастан дауласқан, Бір-біріне не демейді жауласқан?! Әділдік пен зұлымдықтың айқасы Келе жатыр әлімсақтан, әу бастан. Жеңілу де дегендейін шарт шығар, Әлі талай кәрі шыдам шарт сынар – Тіршілікте тұрса жайып тамырын Мансапқұмар, атаққұмар, даңққұмар. Айтқанымды ұқпа, мейлі, ұқ, мейлі, Дүниенің айқай-шуы бітпейді. Анасынан туған ұлға нар болып Тағдыры да нардың жүгін жүктейді.

Тағдыр – тұман, уатылып тас шыдам,
Келген кезде қаның басқа шапшыған
«Бауырым» деп сенетінің сүйемей,
Қолдайды екен бір бейтаныс жақсы жан.

Солай, жаным!
Күрделі бұл әлемде
Күнің де бар зар болатын сәлемге.
Күншілдердің қабырғасын қаусатып,

Күшті болсаң, өзіңді-өзің дәлелде!
...Ақиқаттың жеңетінін дәлелде!

АНАНЫ АҢСАУ

(цикл)
«Арша ап жүрмін, ендеше, арша ап жүрмін,
Көтере алмай аршамды, шаршап жүрмін..».
Көкейімнен кетпейді осы бір ән,

Анашым-ау, мен сені аңсап жүрмін.
Арманымды айтамын жыр-дастанға,
Көзім талды қараумен нұрлы аспанға.
Сені ойлаймын үйде де, түзде де әркез,

Сені ойлаймын біреумен сырласқанда.
Сені ойлаумен ой-санам азбады ма?!
Өтіп кетті-ау сүреңсіз жаз да мына.
Аңсағанмен, жоқсың сен, шаршағанмен,

Амал бар ма жазмыштың жазғанына?!.
Сендегі арман ұлы еді, биік еді,
Жалғыз ұлды ерекше сүйіп едің.
Аласұрып мен қалдым жағалауда,

Ғұмырыңды бір маған қиып едің.
Оянамын ойлаумен күнде өзіңді,
Қиял қуған жанымнан түн безінді.

Жата бергін мәңгілік мекеніңде, Жырларыммен тұрғызам күмбезіңді! Ойламап ем «Өкініп өтемін» деп, Мазалайды жанымды бөтен үн кеп. Өзімді-өзім қайраумен жүріп келем, «Сен аңсаған биікке жетемін» деп... ІІ Көзім көрді дүниені қуарған, Төзімге ерді екі көзім суалған. Табытыңа тамшы болып тамшылап, Көкірегімде өліп жатты ұлы Арман! Келмесіңді, Көрмесімді білемін, Өзімді-өзім алдарқатып жүремін. Сағымға еріп, Ағынға еріп алдамшы, Шағаладай шарқ ұрады жүрегім. Өзің барда қайғы-мұңсыз жүріппін, Ізі де жоқ қазір ерке қылықтың. Ерке күнім – келте күнім екен ғой, Дүниенің жалғандығын шын ұқтым. Белгісі жоқ өтіп жатыр бекер күн, Бір күн мен де сол соқпақпен кетермін. Жүрегімде жазылмастай жара боп, Жалғыздықтан арыла алмай өтермін... АЛЛАҒА ЖҮГІНУ Дүние-мал жимаған, жиғаның бар, Бірлігіне Алланың иланыңдар. «Ақиқатын Алланың білем» десең, Ақиқат жол – мешітке жиналыңдар!

Тірлікте тәрк етердей аспан, айды,
Жүрекке – мұң, түскенде басқа – қайғы
Ағайының лақтырып тастаса да,
Алла сені лақтырып тастамайды.

Туысқандар, сондықтан ұғыныңдар,
Өткенің бар, ертеңің, бүгінің бар.
Шапанына шайтанның оранғанша,
Қолтығына Алланың тығылыңдар!

БАБАЛАР БЕЙІТІНДЕГІ ОЙ

Әділдік пен адалдықты жақтаған,
Мәңгі ұйқыда жатырмысың, ақ бабам?!
Ерлігіңді, өрлігіңді ұран қып,
Келер күнге, болашаққа ап барам!

Ар-намысқа қорған болған, сақтаған,
Сенің жолың, қасиетің – бақ маған.
Өзге дүние ашылғандай болды шын –
Бейітіңе енген сәтте қақпадан.

Ғұмыр кешкен еркіндіктің қамы үшін,
Сол дәуірден естілгендей таныс үн.
Арыстандай арпалысып, алысып,
Тыным тауып жатырмысың, арысым?!

Табаныңа шөңге кіріп, сыз өтіп,
Ел үмітін Хақ жолына түзетіп;
Ұрпағыңның тыныштығын, бірлігін
Әруағыңмен жатырмысың күзетіп?!

Іздеп келген ұрпағыңды ұғарсың,
Сенен асқақ емес маған құзар шың.
Басыңа кеп, басымды иіп тұрғанда,
Қабіріңде аунап түскен шығарсың,

Аян беріп, ғайыптан тіл қата гөр,
Ақ жолыма, бақ жолыма бата бер!
Дүниенің дауылынан ыққанда,
Қорғаным боп, орманым боп жата бер!..

ТАУ ҚЫЗЫ

Тауда сұлу атушы еді құба таң,
Жастығымды енді кімнен сұратам?!.
Тау секілді ештеңеден ықпайтын,
Тау мінезді адамдарды ұнатам.

Қыздары да өжет еді, өр еді,
Таудай алып арманына сенеді.
Пенделерден жалыққанда, тау қызы,
Асқақ тұрған сені көргім келеді.

Қыз Жібектей хас асылдың сынығы-ай,
Тау суындай жанарыңның тұнығы-ай!
Еркелігің қайда кеткен баяғы,
Ырық бермей кетті ме өмір құрығы-ай?!

Сұлулығың талай жанды таң қылып,
Пенделерге миығыңнан паң күліп;
Сен құлпырып жүре берші, тау қызы,
Таудың жасыл аршасындай мәңгілік!

Ішке бүккен сырымды айтып өлеңім,
Ұлы өмірдің көшіне еріп жөнедім.
Ел ішінен, көп ішінен елеңдеп,
Таудың қызы, сені іздеумен келемін...

ӘНШІ ҚЫЗ

...Әнің қандай, сендегі дауыс қандай,
Бұлбұл үннің дауысы ауысқандай.
Саған ынтық мендегі періште-күй,
Төзімімді сарқылтып, тауысқандай.

Армандарды арманға жалғаған үн,
Сұлулыққа сендегі таң қаламын.
Шуақ төгер, бойыма қуат берер
Ән көгінде асқақтап самғағаның!

От-жанардың сендегі жарқылын-ай,
Төзім бітті мендегі сарқылып-ай...
Ұмтыламын өзіңе, ынтығамын,
Қол жетпейтін көктегі жарқыным-ай!

Жүрегіңе жете ме жүректегі үн,
Алғаш сені көргенде дір еткемін.
Жүрегіммен, жаныммен қалаймын мен
Қысқа ғұмыр өзіңмен бір өткенін...

САРЫАҒАШЫМ-АЙ!..

Сарыағашым-ай – сағынышымның ордасы!
Сапарға шықсам, өзіңсің маған жол басы.
«Жалт етіп бір сәт көрінбей кетті» деме сен,
Ұлыңа деген үміттің гүлі солмасын!

Алыста жүрсем, ойымнан бір сәт шығарман,
Өзіңе деген сағынышымды ел ұғар ма?!
Ақ желкен-арман – болашағыма жетелер,
Аруың болып қалып барады бір арман.

Сол арман менің жүрегімдегі әнді әлдилер,
Елітіп әнге, арайлап атқан таң билер.
Көңілімнің қақ төрінен алған орныңды
Толтыра алмайды астанадағы сәнді үйлер!

Сарыағашым-ай!..
Сағынышым-ай!...
1991 жыл.

ӨТЕМІС ИНДИРА СӘРСЕНҒАЛИҚЫЗЫ 1972 жылы 12 қыркүйекте Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. 1989 жылы Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектепті бітірді. 1994 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУдің журналистика факультетін бітірген соң облыстық «Ақтөбе» және республикалық «Алтын Орда» газеттерінде және қалалық «Біздің Диапазон» басылымында мамандығы бойынша жұмыс істеді. Қазір облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі. Өлеңдері «Толқыннан толқын туады», «Аңсау» ұжымдық жыр жинақтарына, 2000 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің ұйымдастыруымен жарыққа шыққан Қазақстан жас ақындары антологиясына, «Жәдігер» атты Ақтөбе ақындарының антологиясына енгізілді. *** Қылығымен қайталаған даланы, Адамдардың сүйсіндіріп ары, әні; Сәби болып шаттана алған шақтарым Өлеңімде қалады. Кейде мұңның қадалғанда жанары, Жүрегіме тығылды ойлар жаралы. Ағыл-тегіл жылап қалған сәттерім Өлеңімде қалады. Ояу атып қаншама ұзақ таң әлі, Көкірегімде қанша үміт бүр жарады – Сағынышым іңкәр, нәзік қалпында Өлеңімде қалады. Тіршіліктің жиі алмасса қара, ағы, Гүлдерден де іздедім мен пананы – Өкінішім, адалдығым, сенімім Өлеңімде қалады.

Кеудемдегі аспан, таулар, қырқа үнін
Құлағыңа жеткізгенде бір таңың;
Білгің келсе өмірім мен өзімді,
Өлеңіме үңілерсің, ұрпағым!

ОН ЖЕТІНІҢ КӨКТЕМІ

Аспан қандай әдемі, шұғылалы!
Әдемірек әні де бүгін әрі.
Он жетінің көктемі-ай!
Дүниені

Аққулардың тілінде ұғынады.
Аққу жұбы жарасып ән салады,
Еркелігін айтады, жар салады.
Он жетінің жырларын оқиды кеп,

Дәптерімді ақтарып таң самалы.
Жанарында жап-жасыл көл тіреген,
Қандай қайың, қарашы, мөлдіреген!
Егер өзің сұрасаң,

Оны да мен
Саған ғашық екен деп сендірер ем.
Келбетіңе көз тастап, бір күлімдеп,
Сыр сақтайды ару Күн кірпігінде.

Жәудірейді тұп-тұнық, шын сезімдер
Барша гүлдің балауса бүртігінде.
Арман мұнша алауын жағып па екен –
Он жетінің арайы анық бөтен.

Жаутаңдаған құралай жанарынан
Мөлт-мөлт еткен тамшы боп тамып кетем...

Қос бұрымын арқаға қыр сұлатып,
Шолпы болар гүлдері бүршік атып.
Шабарманы шабыттың желігеді,
Ауылынан жүректің жыр сұратып.

Өн бойында бір сезім тасығандай,
Дүние тұр
Жылауға жасы қалмай –
Елжірейді әйтеуір көкірегінде

Басталғанын жаңа әннің жасыра алмай.
Құстар анау – бейкүнә сағыныштан
Жарылардай жүрегі алып-ұшқан.
Тыңдашы өзің, әдемі әуенінде

Тазалық бар көктемге табынысқан.
Кете алмайтын елтімей нұрына ешкім,
Түрі қандай сүйкімді жылы кештің!
Осы бақта қалсам ба таң атқанша,

Бойжеткен қайыңдардың сырын естіп?!

ОЙЫЛ

Алматы ма, Ақтөбе ме, Ақтау ма –
Болғанымен бәрі лайық мақтауға,
Жылтыраққа жүгінбейтін жүрегім
Сағынышын саған ғана сақтауда.

Менің жалғыз махаббатым сен едің,
Көңіліме көшіп байтақ көлемің:
Қиянда да сенің ауаң – тынысым,
Қиялда да сенің әнің – демеуім.

Ұмыттырған ауыр жүгін мың күннің,
Әр кез сенің құшағыңа ұмтылдым.

Күлтесінде қырқаңдағы ақ гүлдің Суреті тұр менің сәби күлкімнің. Елжіретіп әр көрініс, әр сәтің, Шаршатсаң да тек шаттықтан шаршатып... Біз бәйшешек теріп өскен белдерден Оқып тұрмын достарымның барша атын. Уақытқа тоқтау бар ма?! Не етерсің – Зымырап-ақ өмір атты өтер сын. Ең аяулы шақтарымның елесі Сенен ғана табылатын мекенсің... *** Кезіп ел атырабын, Мынаны бақыладым: Ақ тамшы аялайды, Ағаштың жапырағын. Мөлдірлік аңсатқаны – Көңіл-күй сол шақтағы. Қоныпты жапыраққа Аспанның моншақтары. Көрем де, толғанамын, Тыңдаймын орман әнін. Тамшыдай мөлдір болсын Көңіліме толған ағын. 1987 жыл. *** Шығатын жанымды алып тығырықтан, Қаншама жақсылық пен жылылық бар... Дүниені «опасыз» дей алмаймын мен – Жаралған Алладағы ұлылықтан.

Ілесіп тағдыр жазған сан ағынға, Өмірден түңілмеспін аманымда. Мен қазір тұрғандаймын мейірім боп, Көктемнің ұялшақтау жанарында. Сырға елтіп саялайтын жырымда түн, Гүлге де сәлем беріп, бір үн қатып – Жүремін айналаға құштарлықтан Қарлығаш-болмысымды шырылдатып. Аңғалдау жүрегіммен сенімге еп тек, Етемін жақсылықты тегін көп-көп. Кетемін басқа әлемге жалғыз ғана – Өкпе айтар өміріме жөнім жоқ боп. Уақыт қаншама жыл, ай ұрлар да, Кетпейтін басқа әлемге жайым бар ма?! Сонда мен осы алапат сезімімді Аманат етем аппақ қайыңдарға. *** Жерге көшіп көрік Күндегі, Алматыда өрік гүлдеді. Көктем, барлық сапарларыңа, Сеніп тұрып серік қыл мені. Бір тылсым күш қолдап таңдарды, Бұлбұл құсқа жолдатқан ба әнді?! Ақ гүлді де аққулы мезгіл, Жүрегіме орнап қал мәңгі! *** Болмаса да шен-шекпенің, мансабың, Әке, сенің, айта аламын жар салып: Жақсы атағың жүрді мені қайда да Сыйлап-күтіп шығарып сап, қарсы алып.

Көкірегің кең ашылып жанға мың, Қай сыннан да сәби қалпы қалды арың. Құрақ ұшқан қылығынан талайдың Сездім сенің қадіріңнің салмағын. Сенім атты жарыққа ашып көзімді, Қуып шыққан көңілімнен не зілді – Маңдайымнан сипағанда достарың, Тағы сенің алақаның сезілді. Мейіріміңді көрем аппақ түсте мен, Сарқылмайды және ондағы күш деген. Жақсылық боп шықты қанша алдымнан Жақсылығың сенің жұртқа істеген. *** Апа, тағы жырақ кетіп барамын, Тағы жолға жаутаңдайды-ау жанарың. Туған үйдің мейірімін сағынып, Тағы жылап қаламын... Мінезімнен еркеліктің көбі өшті, Алдағы күн маған қазір көмескі. Балаң едім басқалардан бөлектеу, Серік еткен Өлең атты елесті. Мені алысқа асықтырған сол арман, Сол арманға көп қызығым тоналған. Жиын-тойға желікпедім. Құрбымен Кештерге де жоқпын ортақ бола алған. Кеткенімен қызыл-жасыл күнге есем, Мен өлеңсіз өмір мәнін білмес ем: Қағаз жазса жүдеу қызың түнімен, Кірпігіңе оны мұң ғып ілме сен.

*** Күбірлесіп, Төлегеннен жыр жаттап, Төмендегі сая болып гүлге аппақ; Екі құшақ бір сезімді құндақтап, Екі қайың қол ұстасып тұр бақта. Жомарт жаңбыр араласа қаланы, Жанарларын шыққа жуып алады. Қол ұстасқан қайыңдардың жүзінде Қанша үміттің тамшылары бар, әні! Қол ұстасқан, ей, бақытты қайыңдар, Жайқалыңдар, сендер өркен жайыңдар. Мынау іңкәр дүниеден менің де Үміт күткен жайым бар. Тілектес бол, қайыңдар! *** Бүгін – күздің соңғы күні. Тұр тұман. Халімді көр: іші жүдеу, сырты паң. Тағдырымның дауылына шыдамай, Жапырақ боп жыртылам. Бүгін – күздің соңғы күні түнерген. Күзден гөрі қапалымын. (Білер ме ең?!) Өзімді-өзім жұбатқансып отырмын, Өлең жазып бірер мен. Жаным менің бір суынып, бір ысып, Сезінемін күздің соңғы тынысын. Күз кетеді. Болып қойған болар іс – Өкінбейін, құрысын!

Тағдыр жолы Бұлағай да-алағай. Бекінейін, жыламай жас баладай. ...Неге отырмын тереземді қымтап ап, Күзге «Қош!» деп айтуға да жарамай?! *** Ерте түскен көсіліп жатыр ақ қар, Қар үстінде – жылаған жапырақтар. Жапырақтың жаралы жүрегінің Мұңлы үнінен қамығып атырап бар... Долы бұлттар біз жаққа бет түзеді, Қандай сыннан мынау күз өткізеді? ...Жапырақтар соңғы әлсіз сыбырымен Бәрі өткінші екенін жеткізеді. *** Кейде бір наданға да кішіресің, Естисің кейде аппақ ісіңе сын. Күн өтіп арпалыспен, арбасумен, Жер беті – жұмақ емес, түсінесің. Сәл ғана қателіктен құты қашып, Ісіңнен ұтып тұрған, Ұтыласың. Күндерің ақ желегін алмастырып, Тұтқын боп, қоңыр мұңға тұтыласың. Жоқ қуып, жетемін деп асығасың, Арнаңа сыймай, барға тасынасың. Жоқ-бардың бәрі өткінші екендігін Еске алған сәтте ғана басыласың.

*** Төлеген Айбергеновке Түн. Алматы. Биыл көктем мұңлы тым, Көздің жасын анда-санда сырғытып Тұрады аспан... Зорға өтеді сағаттар, Зорға қуып күнді-күн. Сағындырып алыс ауыл, дала, гүл, Менің жаным тыншымады, аға, бір. Он сегізді сыйғыза алмай жүремін Тары қауыз-тірлігіне қаланың. Өз-өзінен сағым қанша жүр сынып, Әнім әрсіз, жалыны әлсіз жыр сұлық... Тереземнен сығалаған қайыңдар Үндемейді, күрсініп. Қалың мұнар Алатаудың етегі, Қалың ойға қай төзімім жетеді?! Сені оқимын, Сонда өзіме бейтаныс Бір өлеңді жазғым келіп кетеді. Айдынымда – айдыныңды іздеген Жалаулатып ағады алып жүз кемем. Баяу уақыт барады алып күндерге Сіз танысып жүретұғын бізбенен. Беттегенде біздің шулы жаққа түн, Басқалардай барғыштамай баққа тым... Оқи-оқи жырларыңды мен сенің, Алдым, аға, жұлдыздарға жаттатып. Жаттады оны жапырақтар өр-өскін, Жаттады оны тұнған шығы белестің. Қайта-қайта іздей бердім мен сені, Тым болмаса, Кеңсай жақта емесссің...

*** Күз келді, аға, Жылы күлкілер сирек аралап бақ тұсын, Жылы өлкелерге құс біткен түгел кетті ұшып. Панасыз қалған жапырақтарды паналап, Жаутаң да-жаутаң жатты шық. Барлық бұлт келіп, Алатау жаққа тығылды, Өзгердік пе екен сен көрген кезден бұрынғы? Түнімен жаңбыр селдетіп шықты... Отырдым Жаңбырдан тыңдап жырыңды. Тұрады аспан құбылтып киіп көйлегін, Тұнады көкшіл көзіне тамшы кейде мың. Жабырқау тартқан ақ қайыңдарды жұбатып, Келеді сенің тіліңде ғана сөйлегім. Күрсініп емен, жапырақ-шашынан тағы үзді, Түрлі жапырақ барады қуып тар ізді. Туған даланың көлдерін тастап, Алысқа ұшқан аққулар Сені іздеп, аға, сені іздеп кеткен тәрізді. Көңілсіз күндер басталатындай енді тек, Жүрегім неге мазалай мені берді көп? «Сағыныштарды» сыбырлап айтты сәт сайын Алматы-аруың сары орамалы желбіреп. Беймезгіл шақта құлатқан тағдыр шынарын, Сондағы ақынның аңсатады ма жыры әлі? Тұр Қазақстаның, нені іздейтіні белгісіз — Нөкіске қарай елеңдейді ылғи құлағы. Елеңдейді ылғи, Сағынған сынды сұңқарын, Болғаныменен намысын қанша жыртар ұл. Аруана тектес алыстан жеткен алқынып, Қайталанбады іңкәр үн...

*** Ызғарлы биыл көктем, Аумайды күзден, рас. Айтады күйін кеткен Қайыңдар жүздері пәс. Уайымның бар ма түбі, Сарғайды қыз-арман, көр. Жұлқиды Алматыны Ашуы ұзарған жел. Қайғысын жеңе алған кіл, Таулар да жасып өңі; Бұлттарға не болған бұл, Мінезі асыл еді? Таусылып қалғаны ма ән, Қызықтан қапы қап бар... Тұр бүгін тоңғанынан Секіріп жапырақтар. Табысқан бала күннен Дос еді бұрын маған. Іздейді пана кімнен Торғайлар шырылдаған? Жаңбыр бір басылмады, Таба алмай жанға тыным. Қабағы ашылмады Қапалы Алматының. Дірілдеп, мұздайды арман, Серпілер бар ма күн, ә? Көктемі күзге айналған Ұқсаймын Алматыға.

*** «Ырғалып алда неше бел, Самғады қанша көк әлем! Кеше гөр мені, кеше гөр, Ішімде өлген көп өлең!». (Шәмшия Жұбатова) Күйкі тірліктің соңында, Қаламым түсіп қолымнан; Менің де құйттай жүрегім Айналды қалың қорымға. Жас жүрегімді құм етіп, Артынан күннің күн өтіп; Жарыққа ұмтылған жырларды Қапасқа қамап, түнетіп... ...Жасыған Арман-құралай, Бір былай үркіп, бір олай; Жалаңаш құздың басынан Жаутаңдап қарап тұрады-ай. Бірде аппақ – әлем, бірде арсыз, Тазы боп шалған жүлде алсын. Күрсініп іште сол арман, Талай да-талай тынғансың. Естен де кетпес не сүргін, Ескексіз де өмір кешірдім. Есек-күйбеңге жегілген, Қайтейін сені, есіл күн?! Орманын отап мың үннің, Орнында бордай үгілдім. Ақ жаулыққа орап өсірген, Жыр-Ана, саған жүгіндім!

Жаныма медет-Мекке едің, Қайрылмай, Өлең, кетпегін! Қонарын қара сай білген, Қаңбағың болам деп пе едім?! Ертеңгі күні жоққа еріп, Жоғалып тынам деп пе едім?! *** Мені алысқа алып кетші, Алып кетші жыраққа: Белдерге әкет – Жанарында жаутаңдаған гүл аппақ, Көлдерге әкет – Аққулардың ортасында отырам, Өлеңдерім оларға да ұнап қап. Жолдарға әкет, Шыдамыңның шегін маған байқатып, Орманға әкет, Ақ қайыңға сырларым бар айтатын. Дала, бақты аралатшы, Қала жақты ұмытып, Жаным сергіп қайтатын. Далаға әкет – Ауылымның таңын көргім келеді, Таңын көргім келеді ылғи ақ жібектен желегі. Таң нұрына қолын созып, Қарайтұғын ғашық боп Түсіме елік енеді. Осы таңдар мені қаншы күтті, ұғып, Күнәсі жоқ жанарларын шық қылып; Аласұрған шақтарына куә етіп Дала аспанын тұп-тұнық...

ӘКЕГЕ ХАТ Дәмін сезіп сендегі ащы мұңдардың, Қыз да болсам, ұл секілді тырбандым. Тірлігімді тастап шығып тып-тыныш, Бағытымды шыңыраудан шыңға алдым. Шақтарыңа құр сүлдерді сүйреген, Күйінемін, күрсінемін күйде ерен. Сүйенішке жарамаған ынжық ұл Секілденіп, өз-өзімнен жиренем. Болғанымен, шүкір, ұлың жетерлік, Неге өзіме арта берем бекер жүк? Сенің барлық көрген бейнеттеріңе Бір ғаламат іс етердей өтеу ғып. Қыздың жолын жіңішке» дер, жүдеу дер Жұрт сөзінен гөрі мені тіреу көр. Жұлқынады намыс болып жүрегім, Жүрегіңді жараласа біреулер... Басқа жол мен бөтен шешім жоқ, қара, Серт етейін куә қылып көкті ана: Турап таста татымасам ұлға мен, Бір-ақ рет бекінетін тек қана! *** Өзгереді сезгені, сезбегені, Отырады өзгеріп көздегені. Қысқа өмірде құбылып қырық рет, Адамдар өзгереді. Айналамның көргенде адал бәрін, Орға жығып кетті кей қадамдарым... Сонда маған құм шашып өте шықты, Менің бір кез пір тұтқан адамдарым.

Сыр айтпауды үйрендім адамға мың, Сездірмеуді үйрендім жарам барын. Айналама жиналды жақыным боп, Танымайтын бір кезде адамдарым. Бірде оны айтып, бір мұны жұртым менің, Бір кездегі ойыма күлкім келіп... Өзгермеуін біз қанша тілегенмен, Өзгереді барлығы бір күн келіп. Шығады алдан өзгеріп әлі нелер, «Добы» Алланың көнеді бәріне де. Өзгермеуін біз қанша тілегенмен, Өзгермесе, өмірдің мәні неде?! *** Заманға емес бұл ерек түк: Залым ой-пиғылмен өрекпіп; Жан-жақтан жабылған құзғындар Сұңқарды үйрекке жем етті. Сұңқарды жем етті! (Тағы ма?) Үңілсең, қайда тұр мағына: Мың өліп-тірілген қазақтың Бұл да бір бақытсыз шағы да... Жарықпен алмасқан шағыңа Налыма, налыма, налыма! Қара түн көшеді, (Сенемін!) Құзғындар ұясы маңына. Шайқалтқан шындықтың шынарын, Құзғындар түбі әлі тынады. Тынады жігерді құм еткен Жексұрын үйректің лаңы.

Келетін күндерде гүл ашып, Анықтап айтады ел күнәсін: Үйрек боп теріге тығылған, О-дағы құзғын ғой, расы. ...Тот басып көрген жоқ шын асыл, Шеңгелден ширығып шығасың. Еліңнің бағы үшін тіледім – Кеңірек жазылғай құлашың! *** Бәрі-бәрі өзінде: үміт, көрік, Құлпырады айналам гүлстандай. Алматыға ақ көйлек тігіп беріп, Аспан-әжем істеген дұрыс қандай! Сәукелелі қайыңдар тұр ән салып, Дүниеде ұмытып қайғы барын. Жүрегімде бір сезім ұран салып, Тағаттан айрыламын... Сүйсінеді Алатау өлең оқып, Жанарынан әдемі арманды ұққам. Қуанамын бәріне елең етіп, Бақытты болғандықтан. Сәлеміме қайтарып жылы жауап, Бозторғайлар алдымнан ән салады. Көктеменің толғандай гүліне алап, Жүрегім тамсанады. Биік деген биіктеп таудан арман, Жайлау болып жатқандай санамда өр шың. Бар ойымды бір сезім жаулап алған, Сол сезім аман болсын!

*** Ай сұқтанып, арман етер келбетін – Жасыл көйлек жарасады Жерге тым. Жаз-апатай, сіз екенсіз шебері, Отырыңыз төрлетіп. Бұлттар көшті ұстап екі өкпесін, Ақ қайыңдар күлегеш боп кетті осы. Ақ қайыңдар басы айналған бақыттан, Емен-аға, сөкпеші. Дала-жеңгем, алаулаған қос беті, Кесте тігіп отырады кештетіп. Біледі іші тентек қайынсіңлісін Биылғы жыл жібергенін есті етіп. Нәзік-нәзік сазын төгіп әні аса, Қарлығаштар сырласады оңаша, Бізде олармен бір ұқсастық бар, күнім, Қылығына қарашы, ә! Әз үмітін ақындардың тербеген Айдың нұры шағылысып көлменен. Жүрегі – аққу, жанары – айдын дүние, Мұншама ыстық болармысың сен деген! Сыйғыза алмай өз ішіне сырын көп, Жақсылық жүр бозторғайдың үнінде. Иығына көкжиектің сүйенген Сәукелелі таң келеді күлімдеп. Күнге қарап, қарағандай келінге ел, Сүйсінеді жапырақтар, көріңдер! Ғұмырымды Күнге әкетіп барады Ақ орамал таққан аппақ сенімдер.

* * *
Ауылға кетем,
Алматы мүлде шаршатты.
Шаршатты мүлде, жаныма жарық аңсатты.

Сәулесін Күннің жасырып барлық тірлігі,
Күндерім түн боп қанша ақты!
Астана үсті – түнерген тұман, көк тұман,
Тұман кешкен жұрт жатады етіп жоқты ұран.

Жанымның алып толқыны алыс аса алмай,
Жағаға барып соқтығам.
Жағадан әрі, шалғайға жету – бір арман,
Шалғыным қайда, шаттықтан шөгіп тұрар маң?

Топыраққа да табаным тимей, тас жолда
Күн кешіп жүрмін жыларман.
Тартпайды тау да, тұлдыр даланы сағындым,
Сағындым биін сағымның.

Бойымнан биік аспанды ғана көрсем ғой,
Аспанды ғана –
Тұңғиығындай жанымның.
Далаға қайтам, даланың таңын сағындым,

Көзіменен-ақ аймалай алар бәрін Күн.
Жолында ешкім тұрмайтын ерке самалы –
Алақаны еді таңымның.
Қайтамын елге,

Даланың нәзік гүлдері
Жүрегімде өсіп жүр менің –
Алматыдағы тұман оранған тірлігім
Түнек боп содан жүргені...

*** Аппақ ниет, нәзік діріл, әні асыл – Тұла бойың тұнып тұрған жарасым. Қарлығаштар, мен сендерді қимаймын, Тастап кетіп барасың. Жанарымда жатталардай жанарың, Жақын ұшып, жылы ғана қарадың. Қимасам да, амалым жоқ, артыңнан Саулығыңды тілеп қана қаламын. Тіршіліктің тылсымына тоя алмай, Ұйқысынан бүгін ерте оянды Ай. Әрлі-берлі сабылдырған сендерді, Құдіреттің аты не екен, ой, Алла-ай?! Қараңғыға сіңіп тынды қысқа күн, Қанатым жоқ, сендерге еріп ұшпадым. Қанатым жоқ – көнемін мен күздерге, Ұғамысың, ей, бейкүнә құстарым? Уақыт қандай қатал еді! Гүл сынып, Жапырақтар демі үзілді түршігіп. Дүниені астаң-кестең етеді Сендерге өгей тіршілік. Сендерге жат тірлік қиын жаныма, Содан шығар ән салғаным сағына?! Сағыныштан алып-ұшып сендер де, Жетерсіңдер туған жерге тағы да. Жеңістерім, кейде жаза басқаным, Салады алда қай сарынға аспаным? Қайтер едім – Жүрегіме келіп күз, Тастап кетсе өлең-қарлығаштарым?..

*** Көктемдер қаншама ақты! Қаншама гүлдер жапты қанша бақты! Жүрегім тірі менің, Өмір сүрді, Тек сені аңсамапты. Қас-қағым бал жұтқызып, шекер беріп, Өтеді бұла дәурен, кетер көрік. Сен менің мазамды алма, Кінәлама – Сүйгенім бекер менің. Барады күзге айналып жылы күн, ә... Жақсылық әкелмейді түрі мына. Сен текке дәмелендің, Сеніп жұрттың Сыртымнан тон пішетін қылығына. Табатын аңғалдардың бөсіп ебін, Алдандың біреулерге, Кешіремін. Өзімнен өзге ешкімді сүйе алмаппын – Бар сыры жүрегімнің осы менің. Түсінем сөз қылатын ауыл барын, Түсінем тағдырыңның дауылдарын. Қарайсың неге бірақ менен көріп, Тауыңның шағылғанын? Сұрап қал, аспанда бұлт дамылдаса, Жоқ менің менмен ойлар жанымда аса. Жазықты емеспін мен – Еш адамға Сағынып, жылап, жүдеп табынбасам. Сен қанша көктемді әлі қарсы аласың, Құшағын келеді олар қаншама ашып! Жүрегің тірі сенің, Сүреді өмір... Тек мені аңсамасын!

С-НЫҢ СЫРЫ «Гүл құлпырса – Күннен ізде себебін, Махаббаттан ізде адамның қорегін. Махаббатсыз солған, семген бір жанмын, Жер бетінде жоқ сүйенер, сенерім. Адалдығым, кір шалмаған пәктігім, Сенгенімде тигізер деп септігін; Арман еді маған асқақ махаббат, Сол арманмен қоштасатын жетті күн. Көрінбейді алдымдағы жол бүгін, Жүрегіме – неткен ащы! – толды мұң..» – Арманды, арды ойламайтын пенделер Таптап кеткен – Не боларсың, сорлы гүл?.. *** Сен жоқ кезде Келмеуші еді түкке әлім – Көкірегімнен көкке қалай шықты әнім? Сырларымды өзің ғана білетін Қаламаймын басқалардың ұққанын. Шөліркеген жүрегіме толды ағын, Өзің болдың менің жалғыз қорғаным. Қаламаймын сенен гөрі жақындау Біреулердің, бір нәрсенің болғанын. Кірпігімнен алсам кейде мұңды үзіп, Өлең жазып өткізбейін күнді ұзын... Басқа бақыт тілемеймін. Тек сенің Бақытыңның жағып өтсем жұлдызын.

*** Сезгендей тағдыр оған жар етерін, Санадым бар арманым және теңім... Ал енді бәрі бітті! Жалғыз ғана – Ұмыту керек мүлде бар екенін.

Нұрланып қанша үмітпен бұла таңы, Басқаны ол күйіп-жанып ұнатады. Жылаған менің сәби-сезімімді Білмеймін, сонда қай жан жұбатады? Бәрінен қиын тиіп мына қайғым, Көзіме жас боп келіп тұрады-ай мың... Жапанда жалғыз қалған жаралы боп, Кеудемде жүрегі бар құралайдың. Өте ме өкінішпен бекерге күн, Несіне жоқ бақытқа жетем дедім?! Несіне алданғанмын – Бұл адамды Сүюге хақым да жоқ екен менің. Ұнатқам сөзі үшін де, өзі үшін де, Тұратын жарқылым боп көз ішінде... Қанша жыл серік еткен бұл Сезімді Енді өзім өлтірем бе өз ішімде? Жете ме оған әлім?!. *** Көкірегіме, сірә, менің қонғандай ма жалын мың, Өзің жоқта жалғыздықтан жасап бәрін-бәрін мұң. Қайтер едің өзіңді аңсап, аласұрған ес-түссіз, Осы халін көріп тұрсаң жарыңның?

Дүбіріне шыдамай мен жүректегі сан үннің, Неге мұнша арпалысып, неге мұнша сабылдым? Жұбатпады жыр да мүлдем, жеткізе алмай қинады Саған деген сағынышын жанымның. Кеудем толы елеңдеудің ортасында нені ұқтым, Жолың тосып, қарайлаған келеріңе сеніп тым; Менің ғашық сезімімнің жазықты боп алдында, Орманына тағы ұяла еніп тынды елік-күн. Әрбір сәтті итергендей, сағаттардан шаққа өтем, Сенің жүзің бір көрінсе, керек емес бақ бөтен – Қадіріңді өзің жоқта білгенім бе бұл менің, Сағындым ғой, сағындым ғой, ақ көкем!.. *** Көңіл кейде алда күткен шаққа алаң, Бар тілегім таңда тұрып жаттаған: Аман болсын жұмақ мекен – жылы ұям, Балапандар қауырсыны қатпаған. Тіршіліктің аз таттым да мұң-зарын, Көбіректеу аралаппын нұр жағын. Өз қамынан бұрын маған қол созып, Аялаған алақанға ырзамын. Қалдырады тағдыр кімді сынамай? Сүрінсек те, Жүрелікші құламай: Адалдықтан басқа биік көздемей, Махаббаттан басқа байлық сұрамай...

САПУАНОВ НҰРХАТ ҚҰРМАНБЕКҰЛЫ 1971 жылы 17 қарашада Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Аманат ауылында дүниеге келген. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Университетте оқи жүріп және бітіргеннен кейін әр жылдары республикалық «Жас қазақ» газетінде, «Ақ желкен» журналында, Күршім аудандық «Рауан» газетінде мамандығы бойынша қызмет атқарды. 1996 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде әскери қызметте. Әскери шені – полковник. *** Сен жыладың-ау, күнім, Жүрегімдегі менің мұңды ұғып; Ащы өксікке булығып, Сен қиналдың-ау, күнім! Жанарыңнын жас емес, сезім ақты, Алай-түлей етіп жанымды. Қайғының қаны жүрегімді жапты, Құр кеуде етіп тәнімді. Мұңды көріп көзімдегі, сезе алдың ба Сенсіз өмір мен үшін тамұқ екенін? Қап-қараңғы, еш бағыт жоқ алдымда, Не істегенің – бар үміт сәулесін алып кеткенің?! Үнсіз егіліп, сен жаққа қарайлай берем, Тәтті күндерімнің тәмам болғанын ұғынып тұрып. Тартады ұйығы мұңлы ойдың терең, Сағыныш семсері жүректі тіліп. Сен жыладың ау, күнім, Сен қинадың-ау, күнім!.. 1994 жыл, қаңтар. Алматы.

*** Ертістей түнгі жанарыңды сенің Ай-ару болып өпкім келеді. Сезімдерімді ақ жауын етіп, Жауқазын-жүрегіңе төккім келеді. Мақпал шашыңды жастанып жатып, Райхан-жүзіңе қарасам деймін. Құшағыңда сенің мас болып ләззаттан, Тірлікке жалған «Қош» десем де, мейлі! Кеудемдегі менің махаббат кептерін Ұстап тұрғандайсың алақаныңда. Қорқамын кейде адастыра ма деп, Араластырып ала сағымға. Білмеймін, ақыл-естен аудым ба, Ғашықтық дерті жайылды бойға. Санамен сарғайдым күзгі жапырақтай, Серік қып сені қиялға, ойға. Махаббат оты жанды жаққасын, Оқимын күбірлеп хатыңды кей күн. Жанарымнан жақұт домалап тұрып: - Сағындым сені, жан қалқа! - деймін... 1994 жыл, сәуір. Алматы. БЕЙІТ БАСЫНДАҒЫ ОЙ «Тар төсекте қиналып, Кең дүниеге сыймадың!». (Анамның жоқтауынан) «Құлыным» деген қоңыр даусыңның құрбаны болайын, жан әке, Жарық жалғанды тәрк етіп, көз жұмғаның не мәңгіге?! «Артыңда қалған төрт тұяғыңның құшағы

Қабірдің төрт қабырғасындай жылы болмайды» дедің бе?! «Қош!» демедің-ау, жан әке! Құдайға осынша керек пе едің, маңдайға неге сыймадың? (Алла Тағала-ай, алатының бар, несіне жанын қинадың?) Мезі болдың ба әлде базары тарқаған тірліктен?! Артық көрдің сен қос қадам жерін Құйғанның, Егілсін дедің бе ұлдарың?! Сүт кенжең едім, «Бақұл бол!» демедің, өкініш-у қалды кеудемде, Соны ойлаған сайын жүрек-қобызым аңырап кетеді бебеулеп. «Әкемді қинаған аурудың жарымын менің тәніме берші!» деп, Жалынсам Құдайға, жеңіп кетер ме ек, бәлкім, екеулеп?! Кеш қалдым бірақ, Енді не қайран, не етем мен?.. 1994 жыл, тамыз. Құйған. ҚҰЛ-ҒҰМЫР Тірліктен әбден шаршадым білем, тірілер-дағы қажытты, Бәрі де – жалған. Ал, шындығында, «Жер» деп атайды тамұқты. Бір қап боқ-тәнге ораған асыл сынықтай Мөлдір Жанымның ащы Айқайын кім ұқты?.. Түсінбес ешкім, Жаныма дауа болар Көк, Шіркін-ай, үзіліп шығып, (дірдектеп тұрып) Өзіңе қарай ағар ма ед! Жібермес бірақ Құмарлық пенен Құлқынның арам ішегі: «Қия алмайсың Жердің ләззатын, құр әуре мұның болар» деп. Енді жоқ бәрі, Жанымның Көзін шел басты, Сақылдап күліп, құшағын ашады жалған Дүние албасты. Сайқал тірліктің дегеніне көніп, ғұмыр кешкеннен басқа амал жоқ, Құл қалпыма түсіп алғашқы... 1995 жыл, тамыз. Құйған.

ЖАН Санам менің шапалақ боп, Өртке орады бетімді, Өзгеріс жоқ. Ащы у сіңген өлі миым Селт етпейтін секілді, Не десін Боқ?! Өлі ми мен өлі тәнді жетектеп, Құлға айналды қу жаным, Шырылдар кеп. Естір құлақ табасың ба, Жер-Жаһаннан, Меңіреу Көк?! Аласұрып, жанталасам, Маңдайдағы жалғыз Көзді Бітемек боп. Құмарлықтың тықпаладым ішегін, Ләззәт құйдым кәпірге, Құлқын-дағы сөзін берді, Көмектеспек. …Уһ, шіркін-ай! Қу нәпсінің құшағынан не артық, Қарсы алшы, Көп!.. 2001 жыл, наурыз. Астана. «ҮШБҰРЫШ» Басымның жастыққа тигені сол еді, көзім ілініп кетіпті. Түс көрдім. Шағын алаңқайда отыр екенмін деймін. Айналамның барлығы – адамның қиы. Жүрек айнытып, қолқаны қапқан сасық иістің ауаға әбден сіңгені соншалық, қоп-қою. Тіпті иленген саз балшықтай дем алдырар емес. Бір сәт тұрып-ақ кеткім келіп еді, бірақ «Түсіңде боқ көрсең, байлыққа кенелесің» деген сумақай ой жаныма жағып, осы отырысым өзіме ұнай түскендей болды. Кенет, буалдыр сағымның арасынан тұп-тура төбемнің үстінде тұрған Әлденені көзім шалып қалды. - Сен несің? – дедім мен оған. - Біріншіден, «Несің» емес, «Кімсің»? Екіншіден... - Ол

«Айтайын ба, айтпайын ба» дегендей аз-кем ойланды да: - Мен..,
Мен – Сенмін, – деді.

- Қ...Қ...Қалай, Менсің?

- Солай! Сен енді жоқсың. Өйткені, Мен өз Әлеміме кетіп бара

жатырмын.

- Қалай?! Неге жоқпын?! Мен, міне, отырған жоқпын ба?! Міне,

қолым, міне, аяғым! - дедім жанұшырып.

- Жо-жоқ. Мен «Сенің қол-аяғыңмын» деген жоқпын ғой. Мен

– Сенмін!

- Жарайды, жарайды. Мен-ақ бола қойшы. Үрейімді ұшырған

түстен, «Менмін» деп өзеуреген Өзімнен тезірек қашып құтылу
үшін оянып-ақ кеткім келді. Бірақ онымнан түк шықпады.

- Ал Сен қандайсың? – дедім біраз үнсіздіктен соң, оны

көрмесем де, буалдыр сағым арасында ұшып жүргенін сезіп.

- Мен, мен – Үшбұрышпын.

- Қалай?

Бұл жолы еш қорқынышсыз, шын таңырқадым.

- Үшбұрышы несі, Сен Мен емессің бе?

- Иә, Мен – Үшбұрышпын. Сенің Санаң, Рухың және Еркіңмін.

Үшбұрышпын. Сен де... Үшбұрышсың.

- Ол қалай?

Бұл жолы оның мұндай қорлығына шыдай алмай, атып тұрдым.

- Мен ешқандай пішінге де, фигураға да ұқсамаймын. Міне,

қара, аяғым, қолым, басым – бәрі адамдікі. Ал адам ешқандай
фигураға жатпайды.

- Даурықпа! Сен де – Үшбұрышсың. Сен – Көз, Көмей

және Қарынсың! Басқа ештеңе де! Осыны айтты да, Әлдене
бұрынғысынан да биікке көтеріле берді. Меңірейіп орнымда
отырып қалдым. Бағанағыдай емес, сасық иісті де сезбейтін
секілдімін. Ояна келсем, қара терге түсіп жатыр екенмін.

«Е, е, түс – түлкінің боғы ғой» деп, өзімді өзім жұбатқан
болдым да, сергімек оймен есіктің алдына шықтым. Хош иісті
саумал ауаны көкірек кере сіміріп, көк жүзіне үңілдім.
Кенет!.. О, тоба! Ақша бұлттардың арасында жаңа ғана түсімде

көрген Әлдене ұшып бара жатыр екен...
1994 жыл, желтоқсан.
Алматы.

СЫБАНБАЙ СӘКЕН ӘБДІҒАППАРҰЛЫ ДИСКРИМИНАЦИЯ (әңгіме) І Өртеніп кеткен клубтың қаңқиған қаңқасына қарама-қарсы, кезінде әжептәуір автобус аялдамасы міндетін атқарған, бұ күнде төңірегіндегі дүкен-дүңгіршегінен түгел жұрдай боп, жұртта қалғандай жұпыны күй кешкен бастырманың көлеңкесінде үш кісі отыр. Бірі арқандаулы жылқысын суарып болып, екіншісі егістік басын шолып қайтып, үшіншісі үйінде іші пысып жатып, арнайы шақыру-келісусіз-ақ осы жерде кезіккен. «Жақып ата» ауылының күнделікті жаңалық айтысып, күбір-күбір қауесет бөлісер Күлтөбесі еді бұл. Күндізгі аптаптың аздап беті қайтқанымен, жантайған күннің өзі тандыр аузындай жалын бүркіп, шекеден тер шүмектетеді. – Құдай біледі деп айтайын, осы комиссияңыздың келісі тегін емес. Былтырдан бергі былыққан істі түгел қайта ашатын шығар, тегі. Жоғалған малда қисап жоқ, соның бәрін қымқырған қылмыстының қыл аяғы ізін де таппай, тақырда отырмыз. Көргенсіздерді көгендеген қойдай тізіп әкеп, көзімізге көрсетсе ғой, шіркін! Бұл – дәйім асығыс айтып, соң ұғып, сонысымен-ақ әжуаға қалып жүретін, жасы қырықтың ішін қыдырып кеткен қылшық мұрт, қылыш қара Мақаш. Күн жаумай-ақ үсті су болар болбыр момындығынан өзге айыбы жоқ байғұстың. Елдің малы жоғалғанда

онша елең етпеп еді, ерте көктемде арық бойында арқандаулы
тұрған ала сиыры қолды болғалы белгісіз баукеспелерге
сырттай кіжініп, іштей тістеніп, күйіп-пісіп-ақ жүр. Құр кіжініп,
тістенгенмен, іс өнуші ме еді, күймек түгілі, клуб құсап өртеніп

кетсе де, Мақаштың малынан әлі хабар шығар түрі жоқ.

– Тірлігің шабан болғанмен, тілің шапшаң да, жүдә! Өзің ай

қарап жүріп, айдаладағы комиссия іздей ме сенің малыңды?
Милиция болса, бір жөн... Адам деген де ойланбай сөйлей береді
екен-ау, – деп кейіді балпиған қарнын құшақтап отырған бұжыр бет
шой қара әлдебір замандарда аппақ болған, қазіргі түсін жан айыра

алмас жаялықтай шаршымен шықшыт-шүйдесінің терін түгел
сүртіп шығып. Боз қылшығы аралас қалың қасы жиі ысылғаннан
жиди бастаған тіс щеткасынша түйтеленіп кетіпті. Біреу арқасына
бір шелек су шашып жібергендей әбден дымданған көйлегі

денесіне жабысып қалған. Бұл – Мақаштың қоралас қоңсысы, одан
он шақты жас үлкен Құлжабай деген кісі.

– Қазір милиция емес, «полиция» дейді ғой, көке.

– Қай лиция болса да, қайран жоқ, айналайын!

Көкесінің сөзін түзетіп, көп білетіндігін көрсетіп отырған
үшінші адам – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әріпбек.
Ішіндегі ең жасы да осы. Той-томалақтарда «Отыздан асып
барамын» деген әнге ынты-шынтысымен беріле билейтіннің бірі.

Осындағы орталау мектептің бар оқуын тауысып, сосын көрші
ауылда екі жыл білімін жетілдіріп, одан әрі облыс орталығындағы
белгілі институтқа төрт жылын беріп, етектей дипломымен елге
оралған білікті маман. Талтүсте топырағына кәртөшке көмсең,

пісіп қалатын оңтүстіктің қайнаған ыстығында да қараймай
жүрген қайран азамат. Қауындай басынан қазандай қалпағын еш
тастамаса, қылқиған мойнын жібек бөкебаймен қылғындыра орап
алса, қара жұмыстан қашқақтап, мектеп пен үй арасын ғана жол

қылса, мұны қайдан күн қапсын?!

– Былтырғы мақта суарымда мына көрші ауылмен суға таласып,

қырғын боп еді ғой, «Комиссия сол дауды біржола шешіп беруге
келе жатқан шығар» десеңдер, көкейге қонар еді, – деді Құлжабай
шамалы самал соғар ма екен деген үмітпен еңсесін тіктей отырып.
Бірақ аптаптың аңызағынан басқа леп білінген жоқ.

– Қайдам, көке, – деді Әріпбек. – Ол жанжал туралы аудандық

газет жазды, облыстық теледидар «Судан шыққан шу» деген
жиырма минуттық хабар жасады. Не өзгерді? Түк те. Ешкім ештеңе
шешкен жоқ. Сол таласқанымыз – әлі таласқан. Содан бері былқ
етпеген басшылар енді елді естеріне алып, есіркеп, адам жібере

қойып па екен?!.

– Клубтың өртенгеніне де екі жыл болды ғой. Тамтығын осы

ауылдың адамдары-ақ түн жамыла тышқанша тасып, тып-типыл
етті. Ендігі тұрысы мынау – сона-а-ау сойқан соғыстан қалған
ежелгі ескерткішке ұқсап. Жанынан қараңғы түгілі, күн жарықта
өтуге қорқасың. Бұ жарықтық көктен жай түсіп, жайраған жоқ қой,

неге өртке кінәлілер анықталып, айып тартпады? Әлде комиссия
осыны тексеруге келе жатыр ма?
Мақаштың бұл сөзіне серіктері жауап беріп те үлгерген жоқ:

– Ау, бұ не мәжіліс? – деген дауыс саңқ етті. Иығына кетпенін

іле өтіп бара жатқан Келесбай екен. Сабан қалпағын көзіне
түсіре киіп, басын қисайта күлімсіреп тұр. – Мемлекеттік мәселе
шешетіндей шұқшиып қапсыңдар ғой өздерің! Абайлаңдар-әй,
өмірі пайдаланып көрмеген миларыңа артық салмақ түсіріп,

ақтарып алып жүрмеңдер. – Құлжабайдың әйелі өз руынан
болғасын, оған қалжыңдай беретін әдетіне басып: – Ойбай, Қабан
жездемнің қабағы тіптен түсіп кетіпті ғой, тегі, – деді қутыңдап.

– Немене, үйдегі бүкіл тірлік бітіп, енді не уайымдарыңды білмей

отырсың ба? Онда жүр шабыққа! Менің мақтамның арамшөбі
әлі жатыр оталмай! Тынбай бір апта тыпырласаң, ана қарның
пышақпен қырғандай сылынып түспесе, атымды басқа қой! Әй,
бірақ сен енді сол қарныңды да қимайтын шығарсың.

– Қарғаша қақылдамай, жоғалшы әрі! Ендігі жетпей тұрғаны

сен едің! – деді Құлжабай тыжырынып. Ырсылдап-күрсілдеп,
орнынан тұру үшін басқа таяныш құрып қалғандай таяқтай
Әріпбекке сүйеніп еді, тәлтіректеп, екеуі бірдей құлай жаздап,
әупіріммен әрең тіктелді. – Не ісінде, не сөзінде бір пәтуа жоқ

осы кеңкелестің, – деді сосын жолдың арғы бетіндегі біреулермен
әзілдесе ұзай берген Келесбайдың соңынан қарап тұрып. – Ақыры
«Атымды басқа қой» деді ме, ендеше Келесбай емес, Кеңкелесбай
деп қояр едім мұның атын!

Түстіктің текеметтей теп-тегіс даласында шашылған малташа
шашау жайғасқан жүз шақты үйлі шағын ауылды әжептәуір

әбігерге салған «Комиссия келе жатыр!» деген тосын хабар еді. Рас, жаңалық атаулының алдымен жалпы дақпырты естіліп, жайжапсарының артынан айқындала бастайтын әдеті емес пе?! Бұл ауыл тұрғындарының құлағына да әуелі үкілі қамыстың от тиген үпелегіндей лап етіп әлгі үш ауыз сөз жеткен. Бірақ бұл сөздерден ешкім ештеңе ұғып жарытпады. Неғылған комиссия? Өздері нені тексеріп, кімді тергемекші? Ұзын саны қанша адам? Ауданнан келе жатыр ма, әлде облыстан ба? Көптің көңілінде оянып, көкейін тескен бұ сұрақтарға жергілікті басшылар әдеттегідей жауап беруді қажет деп тапқан жоқ. Сол себепті, қашанда құлағы құпия әңгімеге түрік жүретін жұрт қысқа күнде қырық түрлі долбар ойлап тауып, ел ішінде өсек өрттей өршіп кеп берген... – Анау Асекең бе? – деді Мақаш жоқ іздеген жандай жол жиегіне күн сала қарап. – Дәл өзі екен! – деді сосын өзіне-өзі жауап беріп. – Жүріңдер, сәлем берейік. Үшеуі аялдаманың қою көлеңкесінен шығып, жолдың арғы бетіне өтті. Шарбаққа сүйене ойға шомып тұрған ұзын бойлы, бурыл сақалды, басына жасыл қазақы тақия киген, қоңқақ мұрын, шүңірек көз шал – кезінде талай жыл бөлімше меңгерушісі, бригадир болып істеген Асқарбай ақсақал еді. Еткен еңбегінің ел есінде қалғаны шығар, әйтеуір осы өңірдің кемиек кемпірлері түгілі, кемсақал шалдарына шейін атын тура атамай, әлі күнге «Піркәт» деп, пір тұтады. Мінезі тіктеу, алайда аса сөлекет іске бармайтын, сөзге ұста, ұстамды кісі. Кейінгі уақытта сәл шөгіңкіреп қалғаны – әлдебір іспен абақтыға жабылған кіші ұлының қайғысынан. – Қалабайжанның босап келетін мерзімі де жақындап қалды-ау, көке? – деп көңіл аулай сөйледі Мақаш амандық-саулықтан соң. – «Алты ай қалды» деп күн сана-а-ап отыр ғой шешесі, – деді қария бәсең, бірақ орнықты үнмен. – Иә, аманшылық па? Неғып жүрсіңдер? Бұлар комиссия жайын, ел арасындағы түрлі топшылауларды егжей-тегжейлі жамырай баяндаса келіп, ақырында шалдың пікірін сұраған. – Бәрің де оттапсыңдар, – деді Асекең даусына әлде қырыл, әлде қыжыл араласып. – Ешқайсыңның да болжамдарың дұрыс емес. Естуімше, бұл комиссия бұрын-соңды адам баласының ойына кіріп шықпаған мәселемен келмек.

– Қандай? – деп қалды үшеуі бірдей. – Ертең өздері-ақ айтады ғой, – деді де, шал үйіне көңілсіздеу бұрылды. ІІ Бұл ауылдың бұрынғы аты – «Прогресс» еді. Егемендік алып, есіміз шығып жатқан жылдары кешегі кеңес заманын дәріптейтін, сол арқылы кісінің көңіл-күйін бұзатын мұндай жалпылдақ атауларды жаппай ауыстыру науқаны қызу жүргізілгені мәлім. Әуелде «1936 жылы «Прогресс» совхозы боп құрылғанға дейін бұл ауыл қалай аталып еді? Сол атты қайта қалпына келтірейік!» деген ұсыныс бір ауыздан қабылданғанды. Анықтай келгенде, сол бұрынғы атауының өзі «Карл Маркс» боп шыққасын, жұлқынып отырған жұртшылық та сәл дағдарып қалған. Одан арғы тарихты тарату қиынға соқты. Өйткені, қариялардың айтуынша, «Маркске» дейін бұл маң қиялап ұшқан құстың қанаты талар тақыр шөл болыпты. Өткен ғасырдың 20-жылдары ғана өкімет арналы дариядан арнайы канал қаздырып, су бұрып, қу медиеннің кепкен төсін жібіткен, артынша ауданды жұртта ауыл орнап, ұжым құрылып, ел егін салған, бақша еге бастаған... Ақыры көпшілік «Әй, жыртықты тесікпен ауыстырғандай болмайық – немістің қауға сақалын қайтеміз, қазақтан да бір қаба сақал табылар!» деген ұйғарымға ұйыған. Осы шешімді күтіп отырғандай, сол екі арада көрші ауылдар да «Путь к коммунизму», «Ильич», «Соцқұрылыс» деген бастапқы есімдерінен бас тартып, «Жаппар ата», «Салман ата», «Наубай ата» секілді бір-бір ақсақалдың атын иеленіп шыға келді. Бұлардың қай-қайсысы да осы өңірге есімі мәшһүр кісілер еді: бірі – ұзақ жыл шаруашылық тізгінін ұстаған басқарма, бірі – шөлстанды гүлстанға айналдыруға атсалысып, әлгі каналды өз кетпенімен қазысқан қайраткер, енді бірі – ауданның атын шығарған атақты шабандоз. Сөйтіп, қазақ елінің қалған аймақтары Талдыбұлақ, Кемертоған, Қызыладыр деген тәрізді байырғы атауларды қайта қалпына келтіріп жатқан кезде бұлағы да, тоғаны да, адыры да жоқ айтақыр құла дүзде құрылған айтылмыш ауылдар ескі кеңестік есімдерін сыпырып тастап, жаппай аталардың атын жаңғырта бастады.

Басқалар таласпай-тармаспай, ағайынға тән ауызбіршілікпен
тып-тыныш қана ауыл басына бір-бір атадан бөліп алса,
«Прогресс» халқы тарихи таңдау жасай алмай, тағы мүдірді.
Байқаса, бұл ауылда ел мен жерге аянбай еңбек сіңірген аяулы

ақсақал екеу екен. Біріншісі – осы совхоз алғаш құрылған сонау
алапат жылдары ат үстінен түспей жүріп ел басқарған, соғыстан
кейінгі уақытта да қаншама жыл аудандық, облыстық, тіпті
республикалық жиылыстардың делегаты боп сайланған Жақып

ата. Екіншісі – Отан соғысының ардагері, қияпат қырғыннан
қырық бесінші жылы жеңіспен оралған соң, еңбек майданында да
ерекше көзге түсіп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған
Сәду ата. Қай-қайсысы да қадір-құрметке әбден лайық. Рас, қазір

екеуі де бұ дүниеде жоқ. Алайда осы ауылдағы қазақтардың басым
бөлігі – осы екі шалдың жақын-жуықтары, ағайын-руластары. Енді
бұлардың әрқайсысы ауылға өз аталарының есімін әперу үшін
жанталасты. «Әй, «Жаман теке сүзіскек» деген, қоқаңдаса бермей,

қойсаңдаршы, түге! Әлдеқашан сүйегі қурап қалған шалдардың
аруағын күңірентпей... Ардан безгендер-ау, Жәкең мен Сәкең –
бір бәйтеректің қос бұтағы емес пе, неменеге таласасыңдар?!»
деген бірлі-жарым білікті ақсақалдардың сөзін елең қылған ешкім

болмады.
У-шу, даңғаза-дабырадан еш нәтиже шықпаған соң, даулы
мәселе дауысқа салынды. Бұл – «Прогресстегі» алғашқы һәм
ақырғы демократиялық сайлау еді. Ауылда шынымен Жақып

шалдың туыстары көбірек пе, әлде бейтарап сайлаушылардың
дені солардың сойылын соғуды құп көрді ме, әлде олармен алдын-
ала жасырын келіссөздер жүргізілді ме, кім білсін, әйтеуір сәл
ғана басымдықпен Жәкеңнің жақтастары жеңіп шықты. Сөйтіп,

ауыл «Жақып ата» аталды. Бірақ аталарының кандидатурасы
өтпей қалғанына қатты намыстанған, сайлау қорытындысын
«әділ емес» деп таныған Сәкеңнің ағайындары аналарға ерегесіп,
ауылдың атын әдейі бұрынғыша (қазақша «Піргіресс» деп) атауды

жалғастыра берді.
Рас, мойындау керек, «Жақып ата» – ұлттық құрамы жөнінен әлі
де ұятқа қалып келе жатқан ауылдардың бірі. Мұнда қазақтан басқа
ұлт өкілдері емге әрең табылады. Үш-төрт өзбек, екі-үш орыс, бір-

екі тәжік түтінімен ғана шектеліп тұрған жайы бар. Әлгі «бейтарап

сайлаушылар» деп жұмбақтап отырған жұртымыз – осылар ғой. Еліміз көпұлттылықты, көпдінділікті, толеранттылықты ту ғып көтеріп жатқанда, сол бір шашағы желбіреген шапақты байрақтың астынан табыспен табыла алмағандарына бұл ауылдың басшылары қатты қапалы. Енді қайтсін, баяғыда бықып жүретін басқа ұлт өкілдері түгелге жуық тарихи отандарына кетіп тынған. Қалғандарының өзі жаңағы – көсенің иегіндегі селдір сақалдай әр жерде бір шошайып, әбден сиреген... Айтпақшы, тағы біреуі бар. Аты – Хамзат. Ұлтының кім екенін ешкім білмейді. Әйтеуір «Баяғыда Кавказдан ба, Қырымнан ба, бір жақтан ауып келген жұрттың ұрпағы» деседі. ІІІ Ауылдағы жалғыз клуб жанып кеткендіктен, жиналыс мектептің акт залында өтті. Комиссия үш-ақ адам екен. Облыстан келген өкілді – бәкене бойлы, шашын төбесіне шөмеледей ғып үйіп, яғни түйіп қойған, көзінде жиегі қара жалпақ көзілдірігі бар, іскер әйелдердің әдетімен костюм-шалбар киген, қырықтың қырқасынан біз өкше туфлиін тықылдата асып бара жатқан келіншекті «Аида Сембаевна» деп таныстырды. Аудандық білім басқармасы бастығының орынбасары Бақтыбай Қожабековті «Жақып ата» ауылының тұрғындары жақсы біледі – ұзын бойлы, қоңыз мұрт, жұқалтаң қара – қисайған жағынан тұрмайтын қыңыр жігіт. Үшіншісі – жүре оттаған түйедей әр істің басын бір шалып, орта жолдан тастап кете беретін берекесіз Берден деген белсенді. Қазір аудандық жер комитетінде істейді. Жасыл матамен жабулап, үстіне төрт-бес «Сарыағаштың» суы қойылған сахнадағы президиум үстеліне бұл үшеуімен бірге, сірә, мәжіліс тақырыбынан там-тұм ғана хабары бар, ауыл әкімі Әлиакпар да қатар жайғасқан. Орда бұзар жасқа жетеғабыл, одыраң мінез Әлиакпар қашанғы әдеті бойынша жау қуып келе жатқандай жаныға сөйлеп, мәртебелі меймандардың ат басын осы ауылға арнайы бұрғанына аса қуанышты екенін, оларды өте жоғары деңгейде күтіп алуға бәрі сақадай сай әзір тұрғанын білдірді де, су құйылған бокалды қолына алып, «Ал сол үшін..» дей жаздап барып кілт кідірді. Сөйтті

де, енді болмаса, бірдемені бүлдірерін сезгендей, сасқанынан сөз кезегін облыстан келген өкілге беріп құтылды. Аида ханым басты мәселені байыптап түсіндірді. Еліміздің ең негізгі байлығы – адамдар екенін, олардың өзара тату-тәтті, ауызбіршілікте өмір сүруі – мемлекет іргесін нығайта түсетін фактор екенін, қазақ жерін жайлаған 140 ұлт пен ұлыстың ынтымақты тұрмысына бүкіл әлем қызыға да қызғана қарайтынын, осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған берекелі, бейбіт заман өкіметіміздің өрелі де көреген саясатының арқасында ғана мүмкін болып отырғанын тебірене толғап өтті. Алайда қандай жарастықты қоғамда да қарын майдың қадіріне нұқсан келтірер бір құмалақ шықпай тұра ма?! Дәл сондай кемшіліктен «Жақып ата» да кенде емес екен. Айтуынша, осы ауылдың қазақтары араларындағы азғантай өзге ұлт өкілдерін қыспаққа алып, қысым жасап, мүлде күн көрсетпейтін көрінеді. Ақыры шыдамаған біреуі жоғарыға арыз жазып тынса керек. – Арыз үкіметте, Парламентте, сондай-ақ Халықтар ассамблеясында әбден талқыланған, – деді Аида ханым шыңылтыр даусымен шіңкілдей сөйлеп. – Ондағы жолдастар... і-і... тойыс... мырзалар «Атазаң талаптарына сәйкес, мәселені ушықтырмай, оң шешіңіздер» деп бізге, облысқа жіберді. Бұларыңыз жарамайды, ағайындар! Кеше аудан орталығында болып, жергілікті басшылармен біраз ақылдастық. Біз көптің тізесі батып, жәбір көрген азшылыққа жәрдем беруге келіп отырмыз. Жаңа ғана құр кебек сөзден іштері кебе жаздап, жалығып отырған жұрт араның ұясынша гулеп қоя берді. Бастапқыда «Ауылдың бетке ұстар азаматтары ғана қатысады» делінсе де, кім рұқсат еткені белгісіз, көп ұзамай абыр-дабыр көбейіп, зал лық тола бастаған. – Арызды жазған кім өзі? Не дейд сонда ол? – деп, көптің ішінен біреу сұрақ қойды. Шаңырақтай шіләпісімен желпініп отырған Келесбай екен. – Арыз иесі – бөтен адам емес, өз ауылдастарыңыз Хамзат Дағаев деген азамат, – деді Берден белсенді орнынан тұрып. – Оны қайбір жылғы пай бөлісте әбден бөлектепсіңдер ғой, байғұсқа тулақтай ғана жер бұйырыпты, оның өзі оңайлықпен су жетпейтін дөңестеу беткей екен.

– Совхозға бір түйір еңбегі сіңбеген адамға жанымыз ашып,

қайта жер бергеніміздің өзіне рахмет айтсын! – деді Келесбай
айғайлап. – Түні бойы есекпен жүгері, жоңышқа ұрлап, күндіз
шалқасынан түсіп, ұйқыны соғатын оңбағанды ауылдан баяғыда
қуып шығу керек еді!

– Тыныш, тыныш! – Аудандық білім басқармасы бастығының

орынбасары Бақтыбай Қожабеков мазасыз оқушылардың
шуылынан шаршаған орта мектептің мұғаліміндей қабағын
шытып, қаламымен үстелді тықылдатты. – Қалай болғанда да,
Қазақстанның әрбір азаматының, ұлты мен діни нанымына

қарамастан,
құқығы
бірдей
екені

Атазаңымызда
атап
көрсетілген. Сіз не, Конституцияға қарсысыз ба? Дағаев
мырзаның сіздердікімен бірдей жерге ие болуға хақысы бар

шығар?!
Келесбай тағы бірдеме демекші еді, жанында отырғандар
жеңінен жұлқып, етегінен тартып, екпінін басты.

– Мына Мақаш Сапаров дегеннің 16 сотық жері бар екен. Бұ

не деген батпан құйрық, а? – Берденнің даусы қатқыл шықты. –
Дабай, сол Сапаровтың 5 сотығын аламыз да, Дағаевтің меншігіне
қосамыз. Сонда екеуі теңеледі. Жерлері де қатар жатыр екен, тіпті
тамаша!

– Ойбай-ау... мынау... не дейд... а-а? – Арт жақта отырған Мақаш

қапелімде не айтарын білмей, тұтықты да қалды.

– Жері молырақ болса, біреуден тартып алды дейсіңдер

ме? Қаншама жылғы жұмысының жемісі де. «Піргіреске» дәл
Сапаровтардай еңбек сіңірген әулет жоқ, – деп бір бүйірден
гүжілдеп Құлжабай да қосылды.

– Ауылда бас қатырар басқа мәселе құрып қалды ма? Соның

бәріне көз жұмып келіп, енді көре қалғандарың, ести қалғандарың
Хамзаттың «зары» болса, қайтейін-ай! – Манадан бері түрегеп
тұрған Әріпбек түңілгендей қолын бір сілтеп, сылқ етіп отыра
кетті.

– Шуламаңыздар! – Бақтыбайдың шекесі тағы шибарқыттанды.

– Дағаевтің арызында және бір маңызды мәселе бар. Ол осындағы

мектептің тек қана қазақша білім беретінін, ал өз балаларының
орыс тілінде оқығысы келетінін жазады. Яғни мектеп ішінен орыс
сыныбын ашуды ұсынады.

Залдың бағанағы гуілі гуіл ме, енді әлгі араның ұясына адасып
бір үйір қоңыз кіріп кеткендей дуылдап сала берді.

– Хамзаттың кітап көрсе үркитін үш баласы үшін орыс

сыныбын ашсаңдар, жетіскен екенсіңдер! – деп, бетін шымшыды
Жәмиға деген әйел.

– Осы ауылда үш-төрт өзбек, екі-үш орыс, бір-екі тәжік отбасы

бар екен ғой, солардың балаларын қосса, как раз бір сынып болады,
немене, ашса, ашады да! – деді Берден белсенді зірк-зірк етіп.

– Әуелі сол санаулы орыс, өзбек, тәжігің орысша оқығысы келе

ме екен, сұрап көрсеңші! – деді Мақаш мысқылдап.

– Соны айтам, – деп іліп әкетті әлгі әйел. – Анау Коля Шилов

сорлы өзінің орысшасын да ұмытып қалды ғой қазір! Ара-тұра
бір «Орысша сөйлесейікші» десең, «Жеңеше-ай, «здірәсти»
демеші-ай, ол тіл енді елес-ай!» деп өлеңдете қағытады
қағынғыр!

– Ха-ха-ха! – Әріпбек күлкісіне шашалып қала жаздады. – Әй,

соның балаларының тілі тіпті қазақша шыққан жоқ па?

– Иә, – деді Келесбай, – өткенде оразада біздің жүгермектермен

бірге жарамазан айтып жүрген.

– Тынышталыңыздар! Сөз осы ауылдың тұрғыны, әлгі арыздың

иесі, еліміздегі лак халқының өкілі Хамзат Дағаевқа беріледі,

– деген Берденнің салтанатты даусынан соң у-шу бір сәтке сап

тыйылды да:

– Лағы несі? – деді Келесбай.

– Ондай да ел бар ма ед? – деді Құлжабай.

– Мен шешен деп жүрсем, – деді Жәмиға.

– Кім болса, ол болсын, жерімді бәрібір бермеймін, – деді

Мақаш.

– Әлгі 140-тың біреуі дә, – деді Әріпбек.

– Түу! Шуламаңыздар дедім ғой! – Әбден ашуланған

Бақтыбай үстелді жұдырығымен қойып қалып еді, аузы ашылған
«Сарыағаштың» бірі ақтарыла құлап, облыстан келген өкіл
ханымның үстін малмандай қылды. Жаңағы ызбарынан із де
қалмаған Бақтыбай: – Кешіріңіз, мен байқамай... – деп, алдындағы

ақ парақтармен әйелдің киімін қаққыштап, қарадай әлекке түсті.
Әйтеуір тершең Әлиакпардың қалтасынан ваннада сүртінетін
түкті сүлгі секілді жаулықтай орамал табылып, ылғал құрғатылып,

ыңғайсыздық жуып-шайылды да, көз біткен осыншама елді әуре-
сарсаңға салған арыз иесіне қадалды.
Құдай мойын жағынан онша жарытпаған екен, шашы киіздей
ұйысқан дудар басын қос иықтың ортасына домбаздап жапсыра

салғандай, дембелше келген, тығыншықтай, істік мұрын, бадырақ
көз жігіт ағасы сөлбірейіп орнынан тұрды.

– Балаларым... қазақша оқығысы келмейді... білім беру сапасы

нашар қазақ мектебінде... Болашақтарына алаңдап, орысша
оқытсам деймін... Мені мұнда ешкім адам санамайды... Кемсіте
береді... Жерді әдейі кем бөлді... Әйтпесе, ешкімге зияным жоқ...
Жағдайымды түсініп, мәселені дұрыс шешсеңіздер екен.

Хамзат Дағаевтің бар сөзі осы болды.
Зал тағы шулап кетті. Дау-дамай ұзаққа созылды.
«Мұныкі – әбден есіру, – десті жұрт. – «Аспандағы Айды әпер»
деу. Шын мәнінде жағдайы бізден жақсы. Әдейі бейшара боп

көрінгісі келеді. Бала-шағасымен қосылып ұрлық жасайды. Әттең,
дәлелдеп, мойнына қоя алмай келеміз. Мұны бұлай алшаңдата
беруге болмайды. «Орыс сыныбын ашыңдар» дегені не сұмдық?!
Кетсін қалаға! Қаптаған орыс мектебінің ішінен қалағанына

орналастырсын балаларын».
«Жоқ, мұныкі дұрыс, – десті комиссия мүшелері. – Конституция
бойынша еліміздегі барлық ұлт-ұлыс өкілдерінің құқығы бірдей.
Қай тілде білім алу да – олардың өз еркінде. Сондықтан мұның

талабы орынды. Орындамасқа болмайды. Қазақстан – көп ұлтты,
көп дінді, өте толерантты ел. Қазақты ғана ойлап, қалғандарын
ұмытып кетсек, онымыз өзгелерді кемсіту, дискриминация болмақ.
Түсініп тұрсыңдар ма, дискри-ми-на-ция! Жо-жоқ! Біз олай ете

алмаймыз. Еліміздегі 140 ұлттың бәріне тең қарап, жағдайын
жасауымыз керек. Кемеңгер өкіметіміз ұстанған саясат та, сосын,
жасыратыны жоқ, бізге берілген тапсырма да осылай..».
Ақыры Дағаев дегеніне жетті. Жері кеңіп, жетісті. «Жақып

ата» ауылының А.Байтұрсынов атындағы орталау мектебінен ойда
жоқта орыс сыныбы ашылды. Онда Хамзаттың үш баласымен бірге
«Ойбай-ау, орысша оқығымыз келмейді, тіпті қазақшаның өзін
қарық қып алсақ та жарар!» деп зар жылағандарына қарамастан,

үш-төрт өзбектің, екі-үш орыстың, бір-екі тәжіктің балалары да
оқи бастады. Орысша оқулық, мұғалім жетіспей, ит-ырғылжыңмен
күндер өтіп жатты.

Жиылысқа Асқарбай ақсақалдың қатыспауын әркім әртүрлі саққа жүгіртті. «Төсек тартып жатып қалыпты» десті біреулер. «Аудан басшылары «Ол шалды жолатпаңдар!» деп тапсырыпты» десті екіншілер. «Комиссияның шешімін алдын-ала естіп алғам, босқа жүрек ауыртып қайтем?!» деп, өзі бармапты» десті үшіншілер. ІV Арада жыланбауырлай жылжып, жарты жыл өткенде Асекеңнің кенже ұлы абақтыдан босап келді. Алматыда оқып жүргенде «Қазақтың намысын аяққа таптады» деп, грузин бе, шешен бе, Уваз деген бір атақты бандымен төбелесіп, ақырында оны ұрып өлтіріп қойып, сотталған еді. Әріпбек бастаған жігіттер Қалабай ауылға келген бетте болған жағдайды егжей-тегжейлі баяндап берді. Шашы кірпінің инесінше тікірейіп, енді өсе бастаған тықыр басын оқыс көтеріп, жуан мойнын қиғаштай оңды-солды бұра «ғырт» еткізіп, қалың қабағының астынан аласы басым алақандай көздері шатынап сала берген Қалабай сорпа құятын керен кесемен ыстық шайды сораптай ішіп, біраз отырды. Моншаның төбесінше тершіген маңдайы мен сорғалай аққан самай терін көлдей орамалмен баса құрғатып, баланың басындай жұдырығын пытырлата түйіп, төмен қарап аз-кем ойланғандай болды. Сосын шарболаттай денесін шапшаң игеріп, «Әуп, біссімілдә» деп тік көтеріле еңсе тіктегенде, Әріпбек байғұс оның белінен сәл-ақ асып, ал әжептәуір сүйекті саналатын кей жігіттердің бойы әлгі алыптың иығынан ғана келіп тұрды... ...Қалабайдың қандай сиқыр жасағанын кім білсін, әйтеуір ертеңіне Хамзат Дағаев бұрынғы талаптарынан түгел бас тартып: «Маған артық жер керек емес, өз егістігім өзіме жетеді. Балаларыма да орыс сыныбының қажеті жоқ, баяғыша қазақша оқи берсін», – деген мазмұнда мүлде басқаша арыз жазып, Астанаға жіберіпті, ауданға апарып тапсырыпты. Сосын облыс орталығындағы ауруханаға жатыпты... Көп ұзамай тағы бір комиссия келіп, Мақаштың қолды болған 5 сотық жерін өзіне қайтарып, орталау мектептегі орыс сыныбын жауып кетті. «Жақып ата» ауылындағы мимырт тіршілік бұрынғы өз арнасына қайта түсті.

ТӨЛЕУІШОВ ДИДАР БЕКТҰРҰЛЫ 1968 жылы қаңтарда Жамбыл облысының бұрынғы Жуалы, қазіргі Бауыржан Момышұлы ауданындағы бұрынғы Новониколаевка, қазіргі Ынтымақ ауылында дүниеге келген. 1985-89 жылдары Жуалы аудандық «Шамшырақ-Маяк» газетінде тілші болып жұмыс істеді. 19891994 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқыды. Университетте оқи жүріп, 1993-1995 жылдары Қазақ радиосында аға редактор болып қызмет етті. 1995-1997 жылдар аралығында «Ара»-«Шмель» сатиралық журналында тілші, жауапты хатшы болды. 1998-1999 жылдары «SPORT&ks» газетінде тілші, 2000-2001 жылдары «Дода» жеке меншік газетінде спорт шолушысы, 2001-2004 жылдары «Шахар» телерадиокомпаниясында спорт комментаторы, 2004-2005 жылдары «ZAMAN-ҚАЗАҚСТАН» газетінде тілші болып жұмыс істеді. 2005 жылы 25 маусымда «Жылдың ең үздік журналисі» дипломымен марапатталды. 2005 жылы 5 қазанда 37 жасында ауыр науқастан мезгілсіз дүниеден өтті. ҚЫРШЫН КЕТТІҢ, БАУЫРЫМ! (1994 жылдың жазында Алматының Әуезов аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істеп жүрген кезінде, 22 жасында қатыгездіктің құрбаны болған бауырым Даниярдың рухына бағыштаймын) Жақсы еді ғой өмірдегі қарқының, Қызық көрмей, қыршын кеттің, жарқыным! Жиырма екіңде мерт болардай не болды, Әлде заман тигізді ме салқынын?! Аулымызда той болатын кез еді, Неге ажал біз тұмсығын безеді?

Өлім емес, тойды күткен ағайын
Ажалыңа қалай енді төзеді?!
Қалай енді тойлар сенсіз өтеді?!
Жас ғұмырың – жанып тұрған от еді.

Сен қалдырып кеткен ауыр қайғы-мұң
Енді қалған ғұмырымызға жетеді.
Сен кеттің ғой ана жаққа аттанып,
Ұмытармыз шын күлуді шаттанып.

Анаң сенен үлкен үміт күтетін,
Қалғаннан соң атқа мініп, хат танып.
Өткен өтті, ендігінің бәрі – бос,
Ұмытады көрші- қолаң, жақын дос.

Даниярды «жаным» дейтін жақындар,
Ол туралы өлең жазып, әнге қос!
Ұмытпайтын анаң қалды артыңда,
Зорлық, қиянат жоқ еді ғой салтыңда.

Құдайға да жақсы керек екен-ау,
Енді сендей жан туар ма халқымда?!
Меңдеп алды сартап болған уайым,
Көз жасыммен мұң-қайғымды жуайын.

Күліп жүрген Дидар енді күлмейді,
Тұтылған соң жарқыраған күн-айым,
Тұтылған соң жарқыраған күн-айым...
1994 жыл, 27 шілде, сәрсенбі.

Алматы.

*** Қымтады көк аспанды қою бұлтың, Қайда кетті кешегі ойын-күлкім? Шығып ең «жұмысқа» деп үйден шұғыл, Несіне қасіретті болды бұл күн?! Күтіп пе ең баяғыдан осы сәтті, Неліктен Құдай саған болды қатты?! Жүрген ек астанада күліп-ойнап, Тек сонда болған еді өмір тәтті. Күлгенменен бәрібір алып күнім, Өкінішпен өтеді налып түнім. «О дүниелік» дегенге мен қимаймын, «Ағалаған» естілер талып үнің. Жиырма екі жас ғұмырың ерте солды, Қазақты қазақ құртқан заман болды. Артымнан ерген менің құлыншағым, Неліктен алып кеттің менен жолды? Жан едің жаратылған елден ерек, Болды ма Құдайға да жақсы керек?! Табылар ем жаныңнан жабыққанда, Бермедің ғой өлімнен ешбір дерек. «Жаны ұшып, жұмақта жүрген болар, Аман болсын артында қалған солар», - деп біреулер әшейін жұбатады, Менің бірақ жайқалған гүлім солар. Сенімен бірге мәңгі гүлім солар... 1994 жыл, 27 шілде сәрсенбі. Алматы.

*** Өкінемін қазақ боп туғаныма, Көзді жаспен мезгілсіз жуғаныма. Бірін-бірі өлтіріп жатқанымыз – Кешегі жауыздардың у қаны ма?! Заманымыз не болып бара жатыр?! Қарай алмай отырмын далаға тұл. Азалы да назалы жүрегімде Аузы бітеу, жазылмас жара жатыр. Жиіркенішті қараймын адамдарға, Жақсы көре алмаспын санам барда. Өлім ұрық сепкендей көрінеді Әрбір аттап басатын қадамдарға. Жалғыздықты аңсаймын жабыққанда, Жетіп келсең екен-ау қамыққанда. Еш болмаса, телефон соғып тұршы, Хабарыңды білейін тамұқтан да. Жебесе екен рухың жабыққанда, Түсіме еніп жүрші тек қамыққанда. Енді ешкім өзіңе тиісе алмас, Төрт қабырға жатырсың жабық тамда... Жебесе екен рухың жабыққанда. 1994 жыл, 29 шілде, жұма. Алматы. *** Жылап бақтым, Жылаймын, Жылап өтем, Керегі жоқ жақсы ойдың бұдан бөтен. Күні-түні төксем де, таусылмайтын Адамзаттың көз жасы – бұлақ екен.

Енді бәрі басқаша, заман басқа, Маңдайымды соғамын тастан-тасқа. «Ер жігітке жылаған жараспайды», - десеңдер де, беремін ерік жасқа. Деп жүргенде «Мен сені адам етем, Өмірдің өткелінен аман өтем»; Қапияда мерт болып, қан жылаттың, Түскен әжім жүрекке жаман екен. Не істейсің тағдырдың жазғанына?! Көрсетері пендеге аз ба мына?! Кешегі әруақты бабалардың Ұрпағы осыншама азғаны ма?! Аза берсек осылай, кім қалады?! Бітер ме екен заманның шырғалаңы?! Ұрланып кеп өлтірген жауыздардың Сот алдында жазасы тыңдалады... ...Аза берсек осылай, кім қалады?!. 1994 жыл, 1 тамыз, дүйсенбі. Алматы. *** Кетіп едің жұмысыңа «Келем» деп, Отырамын түн болғанда елеңдеп. Жаның жомарт жан едің ғой жайдары, Ойладың ба «Қапылыста өлем» деп?! Жабырқатпай, жанымда жүр тете інің, Құрбылармен күліп-ойнау не теңім?! Сұр телефон шылдырласа, алаңдап, Сен звондап қалатындай жетемін. Үлкен жолда жоқ еді ғой бөгетің, Достарың да еркелетер көп-етін.

«Данияр, Дәңкіш, Дәңкебай-ау, Даник» деп, Қасыңда ылғи еріп жүре беретін. Жақсы еді ғой менің тәртіп «советім», Сен қайтқалы тамаққа жоқ тәбетім. Альбомыңды қарап өтсем ақтарып, Қашанғыдай күліп түсу – әдетің. Жұмақта да жүр ме екенсің күлімдеп?! Ұмытпаймын «Ерте солған гүлім» деп. Менің жаным өзіңменен бірге өлген, Оңайлықпен тірілетін түрім жоқ. Жұмақта да жүр ме екенсің күлімдеп?! 1994 жыл, 1 тамыз, дүйсенбі. Алматы. *** Туған күнің – бүгін үші қазанның, Қайырмасын шырқайыншы аз әннің. Жыламаймын, ән айтамын ыңылдап, Тыныштығын алмау үшін мазаңның. Жеткізердей көрінетін жол әрең, Тірі жүрсең, 23 жасқа толар ең. Сәт келгенде тілдесемін рухыңмен, Әруақ қолдап, маған-дағы қонар ем. Сол кездері бәрін ашып айтасың, Жауыздардың жүрген жерін, сай-тасын. Жібермейді ешуақытта қанды қан, Тәубесіне бір түсіріп қайтасың... *** Дәуренің өтіп барады екен, жас бала, Болашағыма қараймын қазір жасқана. Санадан енді біртіндеп өше бересің, Көзімде қалар мөлдіреп тұнған жас қана.

Алматы енді болмайды саған астана,
Таба алмай сен де кеттің-ау одан баспана.
Естімес болдым даусыңды, жақсы күлкіңді,
Қалды ғой сенен мәңгілік мына тас қана.

Алматы – үлкен, қауіпті қала, тас қала,
Жалғыздан-жалғыз қалдырып кеттің басқаға.
Өзіңді ойлап, жүрегім кетті езіліп,
Мүмкіндік болса, ала кетші мені, тастама!..

...Көзімде мынау – көлкілдеп тұнған жас қана...
1994 жыл, 16 тамыз, сейсенбі.
Алматы.

ӨМІРДІҢ МӘНІ

Операциядан соң, жаным қиналып, ештеңеге зауқым жоқ.
Орнымнан тұра алмаймын, тіпті жата-жата зерігіп кеттім.
Шалқамнан түскен күйі көз ілінер нәрсе іздеймін. Қабырғаларға
қарасам, ақ түсті. Үлкен «ақ түстің» бір жеріне қап-қара дақ

түсіпті. Ақ жамылғыма қызыл қан жұғыпты. Ана есік сап-сары
түсті. Көзім ешқайсысына тоқтамады.
Жүрегім дір ете қалды. Ойға келгені: ақ түс – өлгенде сені
ақ матамен арулап қояды. Қандай қорқынышты! Әлі өмір сүргім

келеді! Жанарым сырғып барып, қара даққа тоқтады: өлген
адамның жақыны қара жамылып жүреді. Қызыл дақ – қанжалап.
«Жасаған Ием мені ендігәрі пышаққа түсіре көрмесін!» деп
жалбарындым. Жарақатым шаншып кетті. Сары түс – адамның

жаны қиналып, өлейін деп жатқанда сап-сары боп, сарғайып кетеді
екен. Беті аулақ, менің өмір сүргім келеді!
Осы сәт есік шиқ етіп ашылды да, сен кіріп келдің. Сен емес,
палатаға мол шұғыласын шашқан күн кіріп келгендей болды.

Сен мені ауыр ойлардан құтқардың. Жаңа ғана сағыныш меңдеп,
аласұрған жүрегім өзіңді көріп, тыпырлады да қалды.
Уа, дариға-ай, сен менің жүрегімнің төрінен орын алғаныңды
сонда ғана сездім...

2004 жыл, тамыз.

ҚАЙРАН, ҚАЗАҒЫМ-АЙ!..

(Тіршілік түйткілі)
Өтпек желдің өтінде тұрғаныма біраз болды. Қараң
қалғыр автобустардың қаңғып кеткеніне қаның қайнайды.
Қарап тұрмай, қаймана қазағым судай сапырылысып жатқан

адамдардың қалың ортасына қадала қараймын. Әне бір жерде
алпыстан асқан ақ жаулықты ана ағаш жәшікке жақсылап
жайғасып алып, жан бағуға кірісіпті. Сондағы сатып отырғаны

– кәдімгі шекілдеуік пісте. Қақаған қара суықты да елер

емес. Жанарының алды жасаурап кеткен. Түсініксіз бірдеңені
ыңылдап қояды. Онысы көтеріңкі көңіл-күйді білдіретін әсем
әннен гөрі замананың зарлы запыранына көбірек ұқсайды.
Ащы әуеннен төбе құйқам шымырлап кетті.

Кенет көзі маған түсіп, жағымды қоңыр даусымен үн
қатты:

- Балам, пісте ал. Өте жақсы қуырылған.

Асыл ананың аузынан шыққан бір ауыз сөзді қимай,
қалтамды
қармандым.
Менің

шырт-шырт
түкіріп,
шекілдеуік
шағатындай

байлығым
шалқып-тасып
бара
жатқан жоқ. Жалақым жан бағуға жетпейді. Университеттің

берген «қатырма қағазының» қамтамасыз еткен түрі осы.
Айлығыма алатын үш мың теңгені пәтерақыға беріп қойып,
келесі жалақыға дейін қарап отырамын. Менікі – әшейін
қарлығаштың қанатымен су сепкендей кішкене де болса ақша

іздеп аласұрған анаға көмегімді тигізіп, көңілін көтеру еді.

- Қарағым, ала дорбамды арқалап, астанаға сонау қасиетті

Түркістаннан қоңыз теруге келген жоқпын. Жасым жетпістің
жетеуіне жетті. Қайбір жетіскеннен жүр дейсің?!.
Осы кезде ыңыранып, көптен күткен көлігім де келіп жетті.
Қарап тұратын уақыт жоқ. Бұдан қалсаң, қас қарайғанша тұра

бересің. Көппен бірге мен де автобусқа күмп бердім. «Пісте
алыңдар, пісте!» деген ақ жаулықты ананың үні құлағымнан
кетер емес.
Сол сәт мен Сізді ойладым, апа! Қашанда қалтарыс-

бұлтарыстардан Сіздің асыл бейнеңізді іздеп жүремін. Сізден

көз жазып қалғалы да бес жылдан асыпты ғой. Мүмкін Сізге деген сағынышымның әбден сарғайғандығынан болар, бүкшеңдеген ақ жаулықты ару аналарды көрсем, ұқсастық іздеп, тереңірек үңіле түсемін. Тылсым тұңғиық өзіне тартады. Сіз қазір жер бетінде болып жатқан жайлардан бейхабарсыз ғой. Қазір заманнан ба, адамнан ба, әйтеуір Құдай Тағала жұмыр басты тірі пендесінің бәрін сенделтіп қойды. Алматының қай бұрышына бармаңыз, ауылдан келген ағайындар қаптап кетті. Бәрі де сауданың сары қазанын сапыруда. «Қызыл жағалылардан» қашып-пысып жүріп, пісте сатады. Мал-жанын, қазан-ошағын қалдырып, қайбір жетіскеннен қаңғырып жүр дейсіз?! Алпыстан асқан аналар қолдарын жылы суға малып, немересін аймалап, еміреніп отырса, несі кетеді?! Жоқ, апа! Мен сізді олардың қатарынан көргім келмейді. Беті аулақ! Қалың елім – қазағым бұл бетімен қайда барады?! Қайтсек, ел боламыз?! Қайтсек, қалпымызда қаламыз?! Қайтсек?.. Қайтсек?.. Қайтсек?..

ХАСАНОВА НҰРГҮЛ ҚАЛАМҒАЛИҚЫЗЫ 1972 жылы 11 ақпанда Атырау облысының Индер ауданына қарасты Кулагино селосында дүниеге келген. 1989 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Оқи жүріп, республикалық «Ақ босаға», «Атамекен», Бейнеу аудандық «Рауан» газеттерінің тілшісі болды. Университетті бітірген соң бір жылдай Маңғыстау облыстық телеарнасында диктор, редактор болып еңбек етті. 1996-2007 жылдары Ақтау қаласындағы №8 орта мектепте мұғалім болып жұмыс жасады. 2006-2009 жылдар аралығында «Ар. kz» республикалық тәуелсіз қоғамдық-саяси басылымының тілшісі болды. Қазір Ақтаудағы №10 жалпы білім беретін орта мектепте орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 1-санатты ұстаз. «Қазақ тілі пәнінің үздік оқытушысы» атағының иегері. Маңғыстау облыстық білім басқармасының және Ақтау қалалық білім бөлімінің «Алғыс хаттарымен», «Құрмет Грамоталарымен» марапатталған. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. ӘЙЕЛ НАМЫСЫ (әңгіме) Ақ Жайықтың жағасында ауыр ойға батқан бір әйел тұр. Қалың ой қамаған қасіретті жүзі солғын тартып, мұң ұялаған жәудіреген жанарлары жасқа толған. Қасында алты-жеті жас шамасындағы, ақ көйлекті, кекілі желбіреген қара бала. Бір қарағанда, бұл әйел жас адам тәрізді. Керілген кең жазық маңдайлы, қаршығаның қанатындай иілген қара қасты, қарақат көзді, пісте мұрынды, жұқа ерінді, қолтоқпақтай қылып, қос тарам етіп өрген қалың қара бұрымы белінен төмен түскен, ашаң жүзді, аққұба келіншек. Бірақ қайғы мен мұң жапқан қасіретті жанары мен еңсесін езген ауыр ойдың зіл салмағы оны өз

жасынан әлдеқайда кәрі қып көрсетіп, анағұрлым жасамыс етіп
жібергендей. Түбі жоқ тұңғиықтай терең ойға батқандықтан,
арындай аққан асау өзеннің гүріліне де, айнала әлемдегі у-шуға
да селт етіп, мойын бұрар емес. Әдемі, жұқа шыт көйлегінің

төсіне тырс-тырс етіп жас тамшылайды. Ақша жүзін мөлдір жас
жуып кеткен. Ауық-ауық күрсініп қойып, өксігін баса алмай,
солқ-солқ етіп жылайды. Есер жел оның ұзын көйлегінің етегін
желпіп, қалың қара бұрымымен қақпақыл ойнағандай қайта-

қайта жұлқылап өтеді.
Ауық-ауық аздап жел көтеріліп тұрғаны болмаса, айналадағы
табиғат көрінісі тамаша: көк-жасыл желекке оранған көркем
дүние, әртүрлі құстардың сайрағаны мен әредікте алыстан

талып естілетін аңдардың үні бір-біріне ұласып, айнала маңай
мазасыз тіршіліктің мағыналы симфониясын шерткендей сан
алуан дыбыстарға толы. Дүн-дүние бар сұлулығын бүгін жайып
тастағандай. Күн арқан бойы көтеріліп қалған. Өзен жақтан

салқын самал еседі. Ара-арасында асау толқындар жағадағы
жартастарға соғып, жал-жал болып, аспанға қарай буырқана
атылады. Нағыз көкте күн нұрын шашқан, құлпырған күнес
көктемнің ешқашан қайталанбас, тамылжыған тамаша күні.

Арғы бетте – өзен жағалауында өзара сирек тіл қатысқан, балық
аулағалы келген бірен-саран адамдар көрінеді. Тек қана осынау
әсем көріністің антонимі секілді боп, қан жұтқан қайғылы әйел
кеудесіне мұң-шерін сыйғыза алмағандай көкірегі жалын ата

күрсініп, у-ду думаннан оқшау тұр. Мүмкін бұл сәт ол әйел үшін
ең бір қайғылы мезет шығар?!
Иә, шындығында да, бұл – оның жасындай ағып өткелі тұрған
жас өмірінің ең бір қайғылы кезеңі, арпалысқа толы ғұмырының

ақтық сәттері болатын.
Әйел күні кеше болған оқыс оқиғаны есіне алғысы келмей,
осыған дейінгі барлық өткен өмірін кино ленталарындай тізбектеп,
көз алдынан өткізе бастады.

Жанар осыдан бес жыл бұрын бар-жоғы төрт-ақ жылға
созылған кемді-күн қызық дәуренді бірге сүріп, жұбайлық
өмірдің жұптасқан тәтті сәттерін бірге өткізген, қысқа ғұмырында
бал жаласқан бақытты шақтарды ғана басынан кешіріп, тату-

тәтті тұрып, бір-бірінің бетіне жел болып тимеген, «ищай»

десіп көрмеген аяулы жарынан айырылды. Оған дейін қыңқ
етіп қиналып, еш жері ауырып көрмеген күйеуі Оспан жиырма
бес жасында кенеттен қайтыс болды. Өзі де кең иықты, келісті
келген, келбетті де сымбатты, мінезі де біртоға, тұйықтау, жер

қозғалса қозғалмайтын сабырлы да салмақты жан еді. Тіл тиді
ме, көз тиді ме, әйтеуір аяқ астынан қалпақтай ұшып, жарты күн
де төсек тартып жатпастан, мәңгілікке бақиға сапар шегіп кете
барды.

Ол байғұс осы Жанармен үйленген кезде қандай қуанды
десеңші! Қараторы өңі гүл-гүл жайнап, есі ауысқан адамдай
ерсілі-қарсылы сенделіп жүрген де қойған. Әйтсе де, көңіл
толқынысын білдіріп, көп үндемеді. Ақ дариядай арнасынан

асып, шаттық нұрын шашып, шарасынан шыға тасып, шалқып-
төгілмеді. Жүзін бал-бұл жайнатып, жүрегін жарып шыға
жаздаған көзайым қуанышын да көп ешкімге аңғарта қоймай,
көзіне ғана ұялатып, үнсіз ішіне бүкті...

Көз жұмарында да сөйтті абзал жан. Басын сүйеп отырған
жұбайына әлсіз, бірақ салмақты дауыспен:

- Мен бұлай боларын білгенмін, Жанар! Білгенмін... жаным!..

Ақырғы аманатым – анашымды асырап бақ, артымда қалған
Мұсатайымды аялап өсір... Қош... қош!.. – деді де, үзіліп кете
барды.
Артында аңырап анасы мен қаңырап қара шаңырағы, зар

илеп желегі желбіреген жап-жас жары, ештеңенің де мәнін
түсіне қоймаған, емшектен енді ғана шыққан жалғыз ұлы

– Мұсасы қалды. Оспанның өзі де ешқашан астамшылық

көрсетіп, ешкімге артық-ауыс несие сөз айтып көрмеген, аузына
берік азамат еді. Жаназасы мен барлық ас-садақалары да өзінің
мінезі сияқты тып-тыныш, бірақ қара жамылған қайғылы күйде
өтті. Тек түнерген күн қабағы ғана өмірден бір жақсы адамның

өткенін сездіргендей қабағын ашпастан қара түнек болып
тұрып алды. Барлық садақасында да бауырымен жер сызған
қара бұлттар әлсін-әлсін сіркіретіп, сылбыр жауынын сыздана
төкті. «Жарықтық, жан баласына жазығы жоқ, нағыз азаматтың

ардақтысы еді. Құдайға да жақсы адам керек екен ғой», - деп
ауыр күрсінісіп, бастарын шайқасып жатты ауыл жұрты...
«Мен бұлай боларын білгенмін..».

Сол уақытта бұл сөздің астарына онша мән бермеген
Жанар енді ғана ойланып, толғаныс үстінде тұр. «Мен мұны
білгенміні» несі? Мұнда бір гәп бар. Қайран, жан жарым-ай!
Бұл не дегенің?! Не айтып кеттің сен маған? Беймәлім сырдың

ұшығын шығардың да, кете бардың ғой. Әлде артыңнан көп
кешікпей менің де баратынымды сезгенің бе?!».
Осылай деп егілген әйел күңірене ауыр күрсінді.
Иә, ол уақиға өткелі де бес жыл болыпты. Құдай қосқан

қосағы бұл дүниеден өткен кезде ажарына ай қызығып, күн
сүйсінгендей, күлім қаққан жанарларынан мейірім шуағы
төгілген, небәрі жиырма төрт жастағы келісті келіншек, міне,
отызға қарай аяқ басқан, самай шашын ақ шала бастаған бәденді

әйелге айналды. Әкесі өлгенде әлі екі жасқа да тола қоймаған
баласы биыл, міне, алтыдан асты. Уақыт шіркіннің тізгінін кім
ұстап тұра алған?! Дүниенің дүбірлі керуені қоңыраулы көшін
бір сәтке де кідіртпей, ұласпалы уақыттың ұзына бойымен

суша ағып, желдей жүйткіп, диірменнің тасындай дөңгелене
зырылдап, толғауы тоқсан тіршілік тоқтаусыз зымырайды.
Жыл өткен сайын өзінің жасына жетпей жасамыс тартып бара
жатқанын да, күні кеше талшыбықты ат қып мініп, ауыл-үйдің

арасын шаңдатып, шапқылап жүрген ұлының тай-құнанның
жалына жабысардай жасқа жетіп, көз алдында өсіп кеткенін
де байқамапты Жанар. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп
аңғармапты: аманшылық болса, алдағы жылы азамат болып ат

жалын тартып мінетін ұлы алғаш рет мектеп табалдырығын
аттайды екен-ау! Әттең, тек сол ақ түйенің қарны жарылған
ақжарылқап күнді көруді Алла Тағала мұның маңдайына
жазбаған екен де.

Әйел өзегіне әлдебір ащы өксік тығылғандай тағы да ауыр
күрсінді. Қасіреттің қара бұрыштай ащы уын уыстап ішкен
мұңлы бейбақ «Өледі екенмін» деп өкініп те тұрған жоқ. Тап
қазір оның жанына қатты батып тұрғаны – аяулы жарының

ақырғы аманатын орындай алмайтындығы ғана. Кезінде қара
жамылып, қайғы жұтып отырып, жер басып, тірі жүрсе, сол
аманатты орындауға ант еткен. Амал қанша, енді, міне, барлығы
да басқаша болып шықты. «Адам ойлап, пішеді, Алла бәрін

шешеді» деген осы екен-ау! Бір кездегі жан-тәнімен тебірене

отырып ант еткен уағданы шым-шытырық шиырманы көп
шырғалаң тағдыр бұзғалы тұр.
«Өмір қандай қатыгез еді! Бар кінә - менен. Не істеп, не
қойғанымды да білмеппін ғой. Ол оңбағанның дегеніне көнбеуім

керек еді. «Жақыным» деп жүрсем – жаман ойлы, жауыз ниетті
жауым, «ақ некелі жарымның ағасы» деп жүрсем – арам ойын
ішіне бүккен арсыз екен ғой. Оның алдап-арбап өзіне шақырып,
арсыздықпен зорлайтынын білгенде, үйіне аттап баспас едім

ғой. Енді не болды?! Зорланған тән, қорланған жан, атталған
ар, тапталған намыс... Енді менің бұл дүниені қимайтындай
соншама аяулы нем қалды?! Жоқ, енді бәрі бітті! Өткенге
өкінгенмен, пайда жоқ, енді ештеңе де өзгермейді. Өкінетінім

– асыл жарымның аманатын орындай алмайтындығым ғана.

Арманым – сол аманатты орындау еді. Иә, ойлай берсең – өкініш
көп, айта берсең – арман көп. Әйтсе де, қатты өкінетінім: негізгі
арманым осы еді, сол арманыма жете алмадым-ау! Аманатқа
қиянат қылғандай болдым-ау!.. Қайтейін енді, тағдыр салды,

мен көндім. Алла Тағала бәрін үйлестіріп әкеліп, осыған дейін
жеткізген шығар. Талқанымның таусылған, сызығымның біткен
жері осы шығар. Неғылса да, құдіреті күшті Құдайдан мықты
емеспін ғой»...

...Ауыр қайғы үстіндегі Жанардың ойын ұлының сөзі бөліп
жіберді:

- Мама, мама, үйге барайықшы, - деді сәби анасының етегінен

тартқылап.
Әйел жауап орнына баласын бауырына тартты да, басынан
сипады. Сол сәт көзінен тағы да қос тамшы үзіліп түсті. Мұны
байқап қалған сәби үсті-үстіне бастырмалатып:

- Мама, жыламашы, неге жылайсың? Көкемді сағындың ба,

не?! Көкемді мен де сағындым! Оны бір рет болса да, көргім
келеді. Айтшы, мама, ол қашан келеді? - дегенде, Жанар селк ете
түсті де, баласының жүзіне таңдана қарады.
«Япыр-ау, мынау ересек адамша сөйлейді ғой. О, қу

дүние, баянсыз сұм жалған! Баланы да жасына жеткізбей жан
дүниеңді көзіңнен түсінетін «көреген» етіп, мезгілінен бұрын
«қартайтқаның» ба?! Кішкентай ботақаным менің! Осы сен бұл
өмірден қайғының не екенін білмей-ақ өтші. Анаңның көз жасын

көрмеші. Жоқ, мен енді жыламаймын! Тәуекел! Енді мен ол қарғыс
атқан үйге қайтпаймын».
Кенет, әйел өз ойынан өзі шошып кетті. «Иә, Алла, бүгін
маған бірдеңе көрінген шығар. «Қарғыс атқаны» несі?! Мен ол

үйде төрт жыл бойы түтінімді түтетіп, өзім сүйіп қосылған ақ
некелі жарыммен бір төсекте бірге жаттым емес пе?! Мен ол
үйде осы құйтақандай ботақаным – әрі тұңғышым, әрі кенжем
Мұсажанымды таптым емес пе?! Ащы-тұщысы аралас, сенім

мен сезім алма-кезек, алшылы-шікті арпалысқан сегіз жыл
ғұмырымды сол үйде өткіздім емес пе?!. Қой, Құдайға күпір
болмайын, сөзімді қайтып алдым. Кешіре гөр, кең дүние,
Жасаған Ием!».

Әйел осыдан кейін де бірінен кейін бірі тізбектеліп келіп,
салмағымен жаншып, сансыратқан, санасын найзалап, шаншудай
қадалған ауыр да шұбалаң ойлардан серпілуге тырыспады.
Қайта өткен күндеріне шолу жасап, өмір жолдарына тағы бір

мәрте көз жүгіртіп, осылай ойға берілу өзіне де жақсы тәрізді...

- Жанар! Жанар!

- Мұсатай, құлыншағым менің! Қайдасыңдар, сендер?..

Үзіліп-үзіліп естілген, үрей мен қорқыныш тұнған айқай-
үндер мен алаңдаушылыққа толы дауыстар ақырындап, бірте-
бірте жақындап келеді.
«Жоқ, енді тұрыс жоқ. «Өзекті жанға – бір өлім». Мен –

қарабетпін. Ел-жұртқа не бетімді айтамын?! Күніне мың рет
өлгенше, бүгін бір-ақ рет өлейін. Қош бол, Мұсашым!.. Жоқ,
сені арқа тұтар панасыз, аялап сүйер анасыз етіп артыма
тастағанша, әркімнің есігін күзетіп, әркімнің қас-қабағына

қарап, жаутаңдаған сорлы бала атантып, тұлдыры жоқ тұл жетім
қылып қалдырғанша, өзіммен бірге ала кетейін... Қош, әжетай!
Жазғыра көрме мені! Қош!».
Осылай деп күбірлеген әйел тағы да өз ойынан өзі шошып

кетті.
«Қой, Құдай сақтасын! Мен не деп тұрмын?! Өзімнің
өмірімді қиғаным аздай, өзегімді жарып шыққан жалғызымды
жазымға қалай қиямын?! Астапыралла! Кешіре гөр, кең Құдай!

Кешір мені, ұлым! Мен – арсыз жауыздың ермегіне айналып,
аяқ асты болып тапталған ар-намысымның құрбанымын. Оны

өскесін, өзің түсінерсің. Әжең мен анау немере тумаластарың
тірі болса, сені ешкімге жаутаңкөз ете қоймас. Анаңның адам
алдындағы да, Құдай алдындағы да ауыр күнәсін кеше гөр,
жапырағым! Қош, құлыншағым! Қош, жарық дүние!.. Қо-

ош!..».
Әйел баласын бауырына қыса, соңғы рет қайта-қайта
аймалап, асығыс құшып сүйді де, бар пәрменімен жарқабақтан
секіріп, өзенге қойып кетті. Бала бар даусымен бақырып,

шыңғырып жіберді.
Осы кезде аттылы-жаяу алқынған бір топ адам да келіп
жетті. Ақ жаулығы ағараңдаған әйел осының алдында ғана
біресе тыншып, біресе толқып ағып жатқан арынды өзеннің

сол сәтте аспанға шапшыған асау, долы толқындарының
иірімінде ақ көбік суға бір батып-бір шығып, ағып кете барды.
Көз алдарында болған мынау жантүршігерлік сұмдық оқиға
барлығының да төбе-құйқаларын шымырлатып, тұла-бойларын

тітіркентіп жіберді. Келінінің жаңа ғана жарқабақтан ұшып
өлгенін өз көзімен көрген қара кемпір есінен ауысқандай
есеңгіреп, аз-кем уақыт мелшиіп, жүрелеп отырып қалды да,
ойбайлап дауыс салып, өкіріп жылап жіберді.

- Қой, бәйбіше, сабыр ет! - деп жұбатты оны біраздан кейін

жанарынан аққан жасы сақалын жуған қапсағай денелі қария. –
Жылама!.. Қайта қуан, мына Сәрсен сияқты екіжүзді, қарабетке
қор болмай, әйелдік намысын таптатпағанына. Ол байғұс осы
сұмырай қайнағасының алдауына түсіп, арбалып қалды ғой.

Сен келініңді қарғама, бәйбіше. Одан да мына залымды қарға!
Жанар келіннің өлімі – нағыз қыранның өлімі... Уа, халайық!
Түкіріңдер бетіне мына оңбағанның!.. Ата-бабаның әруағы
атсын, ар-намыстың киесі ұрсын сен найсапты!..

Сөйдеді де, шал топ адамның шетін ала сүмірейіп, өңі өрт
сөндіргендей қап-қара болып, түтігіп тұрған жігіт ағасының
бетіне бір түкіріп, ауылға қарай асыға адымдады...
...Өзен буырқана түсті...

1992 жыл, 19 қыркүйек.

«О, ӘЙЕЛДЕР, ОСЫНДАЙСЫҢ БӘРІҢ ДЕ!..»

(толғаныс)
Әйел!..
Әйел-Ана!!!
Әйел-Жар!!!

Әйел-Өмір!!!
Жер бітіп, су аққалы, Адам Ата-Хауа Анадан тараған адамзат
баласы жұмыр Жердің бетінде жұмбақ тіршілігін бастағалы бері
қасиетті есіммен қадірленіп, ардақты атпен айшықталып келе

жатқан осынау тылсым тірлік иесінің алдында баршамыз да
баспалдақта тұрғандай бір саты кіші, иығымыз төмен, именшек
жүзділеу екеніміз рас.
Әйел деген – үлкен ұғым. Күллі тіршіліктің құлақ күйі Әйел

жүрегінің дүрсіліне қарап түзеледі. Барлық жасампаз өмірдің
жақсылық нұры Әйел-Аналардың көңілінен көк бұлақтай
мөлдір бастауын алады. Жалпақ жаһанның жаратушысы да,
жасаушысы да – Әйел-Ана.

Бұл – барлығымыз да үнсіз ғана мойындап үйренген шындық.
Бұл шындықты мойындау – түгел еркек біткенді түу
тұңғиығына тартып, тіршілікпен қош айтыстырып та, тірілтіп
те алатын Әйел жанарындағы құпия құбылысты мойындау.

Бұл ақиқатты мойындау – барша еркек атаулыға бақыт та
сыйлап, байтақ дүниеден баз кештіре де алатын Әйел жүрегінің
жұмбақ күшіне жығыла жүгіну.
Бұл қағидаға қарсыласпау – керек болса, аналық нәрі мен

ақ сүтін де сыйлап, қажет десе, қарғысына да ұшыратар Әйел
көкірегінің әркімге ашыла бермейтін Мұңалжардай биік,
мұзарттай асқар шыңдарына бас ұру.
Осынау шындықты мойындау – мол кісілік пен зор

кішіліктің, үлкен ізет пен үлгілі ілтипаттың, асқақ ар мен
асқан адамгершіліктің белгісі. Мұны мойындаған еркектің
ешкімнен еңсесі төмен емес, ерекше жоғары, керісінше. Ешбір
еркек осынау ақ кристалдай ақиқаттың ала жібінен аттап өтіп,

абыройлы бола алмайды.
Әйелдің қылдан жіңішке, қылыштан өткір нәзік жан

дүниесін түсіне де, түйсіне де білген еркек атаулы ешқашан қор
болған емес, қор болмайды да! Қолындағысына қожалық етемін
деген еркек біткен ең алдымен Әйел деген әдемі жаратылыстың
әрбір әшекейі мен болмыс бояуына әбден көзін суарып, көңілін

сендіре білуі, сөйтіп, осынау жұмбақ жаратылыстың өзінің
өмірінде қаншалықты зор мағынасы мен маңызы бар екендігін
мойындай білуі керек-ақ.
Егер қылқаламынан қызылды-жасылды сия сорғалаған

суретшінің сұлу қиялы «Әйел» деген алып полотноға бедер
түсіруге бел буса, сөз жоқ, әлем-жәлем әртүрлі түстерді
міндетті түрде ақ пен қара бояуларға айырбастауға тура келер
еді деп ойлаймын. Себебі, мынау арпалысқа толы алапат

дүниенің айқын кескінін айнытпай салу үшін ақ түс пен қара
бояу қаншалықты қажет болса, қасиетті Әйел бейнесін қаз-
қалпында жеткізуге де соншалықты қардер дер едім. Өйткені,
әлемнің түкпір-түкпіріндегі Әйелдердің жиынтық бейнесі

өзінің барлық ішкі қарама-қайшылықтарымен, бүкіл болмыс-
бітімімен әрдайым да өмірдің өз суретіндей ұлы да ұланғайыр,
сондай-ақ, ақ сәуле мен қара түнек алшылы-шікті, алма-кезек,
итжығыс түсіп жататын кәдімгі ит-тіршіліктің қазіргі кескін-

келбеті секілді бір-біріне қарама-қарсы күштердің таусылмас
тартысына толы.
Менің ұғымымда, барша Әйел баласының, барша нәзік
жыныстылардың нағыз тұлғасы осындай. Сан ғасырлар бойы

ата-бабаларымыздан мұра болып қалған қисса-дастандар мен
қилы-қилы жыр-толғаулар арқылы санамызға саздай сіңіп,
жадымызға жырдай жатталып қалған біздің түсінігіміздегі
бірден-бір Әйел бейнесі осы тектес ойлы мәнге ие...

Әйел деген қастерлі ұғымнан қашанда қылықты Қыз,
аяулы Ана, жауқазын Жар деген толғанысқа толы түсініктер
туындайтыны қайбір санасызға болмаса, қаны бар қазақ
азаматына айдай аян. Әттең, осынау асыл ұғымдарды аялау

орнына аяққа басып, төбеге көтерудің орнына төмендетіп
ұстайтын тексіз тентектердің күнделікті өмірде көбірек бой
көрсетіп қалатыны көңілімізді алаңдатады-ақ. Амал қанша,
ешқайсымыз да періште емес, пендеміз ғой. Қайтеміз,

көнеміз де.

Қалай дегенмен де, қадым замандардан бері қаншама қиямет-
қайым сәттер мен қиын кезеңдерді басынан өткерсе де, Жер
деген жетім орбитаны талақ етіп, тастап кетпеген Әйел атты
ұлылық есте жоқ ескі замандардан бері өзінің Өмірмен ғана

өлшенетін, толықтай Ізгілікке ие ғұмырбаянын тоқтатқан жоқ.
Және маһшар күніне дейін маңызын жоймай, жасай бермек,
жалғаса бермек!
Олай болса, сіздер осыған сеніңіздер, осыған қуаныңыздар,

Әйел атаулының арқа сүйер тірегі, асқар тауы бола білген
асыл Азаматтар! Араларыңызда аппақ гүлдей адал да аяулы,
кіршіксіз, кінәз көңілді, күнәдан пәк Әйелдердің әлі де бар
екендігін сетінемес сенімдеріңізбен сезіне біліңіздер!

Ардақтасақ, алдымен Алла Тағаланы, сонан соң Алланың ақ
ниетті елшісіндей ақ жүректі, адал ниетті Аналарды ардақтайық!
Құрметтесек, әуелі Құдай Тағаланы, содан кейін сол Құдай
Тағаланың қолымен жасалған құдіретті құбылыс – Әйелдерді

құрметтейік!
Жер бетіндегі ел тұтқасы – ер-азаматтар осылай деп бар
дауыспен байтақ дүниеге жар сала отырып, біздерге – әлемге
өмір себуші Әйел атаулыға «Сіздер де осынау аялы алақанға

лайық, құрметтей білетін қолға ғана қонақтайтын қуаныш
құсындай сыйлы да сымбатты, иманды да инабатты, арлы
да абыройлы бола біліңіздер!» дейтіндей. Сонда ғана барша
еркек басын иіп, аспан астын жаңғырықтырған алып дауыстар

оркестрі «О, ӘЙЕЛДЕР, ОСЫНДАЙСЫҢ БӘРІҢ ДЕ!!!» деген
әсем әуенді шығандата шырқап, асқақтата айтатын болады...
1993 жыл, 30 наурыз.
Алматы.

ШЫҢҒЫСОВА НАЗГҮЛ ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ 1971 жылы 14 қазанда Алматы облысының Райымбек (бұрынғы Кеген) ауданындағы Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. 1995 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін үздік дипломмен аяқтап, 19951998 жылдары университеттің аспирантура бөлімінде оқыды. 1999 жылы «Қазақ теледидары жастар бағдарламасының проблемалары» атты кандидаттық диссертациясын қорғады. Сол жылы факультеттің телевизиялық журналистика кафедрасына оқытушы болып қабылданды. 2001 жылы БАҚ менеджменті және жарнама кафедрасына аға оқытушы ретінде қабылданып, 2003-2011 жылдар аралығында доцент, профессор қызметтерін атқарды. 2011 жылдың қыркүйегінен 2013 жылдың наурыз айына дейін ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2013 жылдың 1 наурызынан бастап ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі. 1999 жылы «Қазақ теледидарының жастар бағдарламасы» оқу құралы, 2010 жылы «Өңірлік мерзімді баспасөздің өзекті мәселелері» монографиясы мен «Журналистика социологиясы» оқу құралы, жылы «Қазіргі заманғы коммуникацияның менеджменті және маркетингі» оқу құралы, «Іскерлік қатынас ережелері пәнін оқытудың технологиясы» оқу-әдістемелік құралы жарық көрді. «Қазақ журналистикасы» 3 томдығының авторларының бірі. «Қазақстандағы PR мен БАҚ» ғылыми жинағының редакторы. «ҚазҰУ Хабаршы. Журналистика сериясы» ғылыми жинағы редакциялық алқасының мүшесі. 100-ге жуық ғылыми мақалалары Қазақстан, Ресей, Польша, Түркия, Франция, Италия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде жарық көрген. 2010 жылы «Өңірлік мерзімді баспасөздің даму тенденциялары (қазақ тілді жарияланымдар бойынша)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша төрайымы, «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша мүшесі. Қазақстандағы бірнеше халықаралық

ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен оқу-әдістемелік семинарлардың ұйымдастырушысы. Қазақстан PR-шы клубының ІІ-Х студенттік республикалық үздік PR жобалар байқауында жүлделі орындарды иеленген студенттердің ғылыми жетекшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері. Германия, Нидерланды, Франция, Польша, Қытай елдеріндегі үздік жоғары оқу орындары мен мекемелерден ғылыми тағылымдамадан өтіп, бірнеше халықаралық сертификаттар иемденген. Филология ғылымдарының докторы, профессор. БАЛШЫҚ – ҚАЙҒЫ, ТҰНЫҚ СУ... «Жеше, мен иман су ішкелі отырмын». Ақырын бұрылып қарады. Қызы жалаңбас, оң жақ тізесін баса отырған екен. Ұмсына түсіп, қолындағы кесеге үңілді. О, тоба, кесеге айналдыра балшық жағылыпты, шүпілдеген тұнық суға балшық қосылмай тұр. «Іш» дегенін, «ішпе» дегенін, ішкенішпегенін білмейді, булығып жатып оянып кетті. Қызының бұлдыр бейнесі көз алдынан біртіндеп ғайып болды. Кеудесін қыжылдаған өкініш пе, әлде сағыныш па, әйтеуір түсініксіз бір сезім шарпып өтті. Басы дыңылдап ауыратын тәрізді. Қаракөлеңке бөлме іші құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Өткен оқиғалар тізбектеліп есіне түсе берді. «Сені тізімге кіргіздік, елге барасың», – деген сөзді естігелі бері қызының көз жасы бір құрғамады. Адам боп қалған жас нәрестесін еш қия алар емес. Күйеу балалары: - Қайын жұрттың соңынан еріп ешқайда да бармаймын, елім, жерім осы. Баланы да бермеймін. Ал қыздарыңды әкете беріңдер. Баладан қам жемеңдер, өзім мынау ғып тұрып тәрбиелеймін, - деді бас бармағын шошайтып. «Тау мен тау қосылмағанымен, ел мен ел қосылады. Әйтеуір бір кездесермізбен» түйінделді күйеу балаларының соңғы сөзі. «Сары керей, керейлігіңді істеп отырсың ғой» деді ішінен күйеу баласын жақтырмаған бұл.

Күні бүгінге дейін есінде. Бұл жердің заңы бойынша әке-шешесі
ажырасқан жағдайда еркек бала әкесінде, қыз бала шешесінде
қалады.
Осымен сөз бітіп, бұлар елге көшетін болды. Әйтсе де, Дәрия

көз жасын бұлай отырып, өз шешімін әке-шешесіне білдірді.

- Жаутаңдатып ақ ботамды қайтіп тастаймын?! «Әкенің

жақындығы жездедей-ақ» деген. Ертеңгі күні көрінгеннің
босағасында жүрсе, «Осындай баланы қайтіп қиып тастап кетті
екен?» - деп ел менің алды-артыма бір уыс топырақ шашпай ма?!
Баланың сағы сынса ше? Қанатынан қайырылған құс тәрізді ол

жақта алаңдаған көңіліме нені медеу қыламын? «Қыз сорлы – жат
жұрттық» деген, айналайын әке-шешем, қамқорлықтарыңа мың
да бір рахмет, мен қаламын, - деді екі көзі баданадай қап-қара,
томпиған сәбиін әлдилей отырып.

- Бала да, бай да табылады. Туыстарыңнан ажырама, - деген

сөздерге енді қайтып құлақ асқан жоқ.
Қазақ, ұйғыр, қалмақ – үш руы аралас отырған су жағасындағы
Мылқы жерінің қысы аса қатты емес, қары қалың, әйтсе де, жазы
ерте шығады. Әне-міне дегенше жадыраған жаз да өтті, анау-

мынауларын дайындап, жолға ұзақ жиналған бұлар да күзге салым
жүктерін арбаға тиеп, елге жылжыды.
«Көшеміз» дегелі бес айдың ішінде Дәрия қатты жүдеп кетті.
Қоштасу сәті басталды. Арбаға отырып жатқан туыстарына

Дәрия:

- Тіршілікте кездеспесіміз ақиқат, ақыретте кездесерміз, - деп

көз жасына булығып тұрды да, арба қозғала бергенде ойбайын
салып бақырып жіберді. Орамалы басынан сырғып түсті. Көнелеу
бәтес көйлегінің етегі желмен желп-желп етеді. Дудыраған қалың
шашы да «Қош!» дегендей желбірейді. Алау-далау жылап тұрған

әйел бейнесі арба алыстай бере жалғыз ноқатқа айналып, көрінбей
кетті.
«Көзден таса, көңілден ұмыт» деген сөз әсте рас па деп ойлайды
қазір. Көшіп келе жатқанда, өмірі түсіп көрмеген көңкеге1 арбадан

ауысып жайғасқанда: «Ойбай, бұл немене?» - деп шошынған-
ды бәрі. Мұндағы ел жаман қарсы алған жоқ. Үрдіс, әдет-ғұрып,
тұрмыс-тіршілікке алғашында тосырқап қарағанымен, біртіндеп
1 Көңке - көлік

оған да үйренді. Қызының бейнесі осындай қым-қуыт тіршілік ығында ұмыт қала беріпті. Жалғыз отырып, ойға шому қашаннан бергі әдетіне айналыпты. Өмірінің мағынасы тек ой, қиялға байланыпты. Қоңыр салқын, шақырайған ащы күнсіз тымық күндер мен жылы кештерде Қаба өзенінің жағасында ұзақ отыратын болыпты. Әке-шеше, бауырларына деген сағынышы есінен адастырыпты. Өзіне-өзі келгенде жүрегін сыздатқан сағынышы өлең болып өріліпті. Кейде бойын белгісіз бір сезім билейді. Тасқынды қуаныш, алып-ұшқан көңіл бүкіл болмысын жаулап, еріксіз күш жетегінде кетеді. Ондайда осы өзен әке-шешесіне алып барардай, суға ұмтылады. Алып ұшқан қиял да аспандай шырқап, қиянға шарықтайды, жанын тәтті күйге бөлеп, жүректегі сезім пернелері арнасынан асып төгілердей болады. Сезім жетегімен белгісіз бір жұмбақ әлемге еніп, бұл дүниенің құбылыстарына меңіреу, мағынасыз кейіпте қарап отырады. Енді бірде көңілі тұл болып, өзін жапанда жалғыз қалғандай, ешкімге керексіз сезінеді. Хабар жетті. Сартап сағынышы үдеп, құса болған сорлы қызы Қаба өзеніне ағып өліпті. Түсі алдамады. Балшық – қайғы, тұнық су... Қызы иманды болған екен. САҒЫНЫШ Бастапқыда сағымданып, көз ұшынан көрінген үйде енді өзі отырған екен дейді. Екі қабатты зәулім сарайдың әсемдігі көңіл тойдырғандай. Алайда марқаюға мүмкіндік бермей отырған қоңыр сезім алаңдата береді. Жұмбақ күйдің шешімін іздеп, ары-бері ой жүгірте бастағанда, әке бейнесі көз алдына көлеңдей берді. Жүрек тұсын шым еткізген бір әлсіз шаншу тұла бойын аралап кетті. Орнынан атып тұрған күйі апалақтап, көрші бөлмеге жүгірді. Жаңа ғана әкесі отырған керегенің оң жақ бұрышындағы ағаш кереует бос тұр. Бөлмеде жан жоқ. Алақтап, жан-жағын тінте бастаған жанары есік көзіндегі кебіске түсті. Иесін жоқтағандай сыңар кебіс те бір бүйіріне аунап түсіпті. Көңілі құлазып сала берді. Сарғайып, әбден сартап болған ұзақ жылғы сағынышы қайта қоздап, осы әзірде ғана көрген әке бейнесін жоқтап, боздайды. Неге ғана үн

қатысып, тілдеспедім екен? Неге арманымнан шыға құшақтап, мауқымды бір баспадым? Қалтасына қомақты ғып қаржы салып берсем болмас па еді?! Зар жылаған күйі булығып жатып, оянып кетті. Қаракөлеңке бөлмеде солығын баса алмай, біраз отырды. Түсіндегі жүрегін сыздатқан сағынышы үдеп барады. Келмеске кеткен жылдар бейнесі көз алдынан тізбектеліп өтіп жатыр. Әне, сәл еңкіш тартқан әкесінің қақпақ жауырыны көрінді. Қара шапанын желбегей жамылып, құманын ұстап кетіп барады. Жайнамазға жығылған сәт зерлі тақиясының оюлары жанарыңды ұялтар еді. Намаз оқығандағы зор қоңыр даусы құйқылжып, тұла бойыңды түршіктірер еді. Аппақ шүберекке оралған қалың құранды ашып, аударып отырғанда оны ешбір дыбыс елеңдетіп, ешбір сыбыс, қимыл алаңдата алмас еді. Жетім көңіл енді мейірім іздегендей әкесінің ат жақты, қыр мұрынды бейнесін елестете бастады. Осы сәт қарасы мол отты жанар жарқ етіп өзіне тесіле қалды. «Балам» дейтін тәрізді. «Неге жылайсың? Жылама. Қолдап, қоршап жүр емеспін бе?!». Көрген түсін қаз-қалпында баяндап бергенде, баласы: - Әке, жасыңыз ұзақ болады екен. «Өлген адаммен түсінде қауышпаған жақсы» дейді ғой, - деген-ді. Нағыз сағынышты басынан өткермеген ұлының сөзіне әке кешіріммен қарады. ӨСИЕТ Таусылмайтын жол... Шетсіз-шексіз дала... Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Көліктің тізгінін ұстаған әкем темірдей тегеурінді, нық отыр. Екі көзі жолда, әңгіменің де тізгінін ағытып келеді. Ақырын ғана естіліп, ашық тұрған терезеден ауаға ұшып кетіп жатқан радио үнін жағымды қоңыр дауыс та тұншықтырып жібергендей. Әкемнің қанына сіңген әдеті: «Сен өйт-бүйт, сондай бол» деп ешқашан балаларының бетіне тіке айтқан емес. Тұспалдап, мысалдап жеткізеді. Балалық шағыма қайта оралғандаймын. Ертегі тыңдап келемін. Иә, аңыз екен ғой. Хал үстінде жатқан әкесі баласын шақырып алып, бақұлдасады. «Әкетай, өсиетіңді айтып кет», - деген баласы өлім аузындағы

әкесін қимай, зар илеп отыр. «Балам, Құдайдың сүйген құлына кездесіп, қолын алсаң, бақытты боласың», - деген әке үзіліп кетті. Содан баласының Алланың сүйген құлын іздеп, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Байға да барды, манапқа да барды. Таба алар емес. Бірде жолаушылап келе жатып, басына сәлде ораған, киімі жұпыны жігітке кездесті. «Мұсылман» дейін десе, тырнақтары сояудай. Бейтаныс жігіт: «Бауырым, «Жолаушының бәрі – мүсәпір» деген, үйге жүріп, сусын ішіп кет», - дейді. Барарбармасын білмей, біраз ойланған жігіт оның соңынан еріп келеді. Олар жаман лашыққа келіп тірелді. Босағадан ене бергенде, есіктің екі жақтауына байлап қойған екі шошқаны көріп, тіксініп қалады. Төрге озады. Іші алай-түлей болып, ештеңені түсіне алар емес. Сусын ұсынған бейтаныс жігітке: «Басыңдағы сәлдеңе қарасам, мұсылман сияқтысың. Ал босағаңа мына шошқаларды байлап қойғаның не?» - дейді сұраулы жүзбен. Өңі сынық жігіт бір күрсініп алып: «Әй, бауырым-ай, бұл шошқалар – менің әкем мен шешем ғой. Олар Аллаға серік қосып, намаз оқымай, астамсып, тәкаппарлық көрсетті. Осылайша Алланың кәріне ұшырап, шошқаға айналып кетті. Мен осы әке-шешемді бағып, тамақтарын тауып беремін. Мына тырнақтарыммен екеуінің арқасын қасып беремін», - дейді. Сусын ішіп, шөлін басқан жігіт бейтаныс жанның қолын алып қоштасып, ары қарай жүріп кетеді. Үйіне келіп, таңға таман түс көреді. Түсінде Алла аян беріп, Құдайдың сүйген құлын кездестіргенін, енді дәулетінің тасып, еш жоқшылық көрмейтіндігін айтады. Бірде тағы да әлгі жігітті кездестіреді. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Алла ол жігіттің де дәулетін арттырған екен. Бұрынғы жаман лашықтың орнында зәулім сарай тұр. Әңгімесін аяқтай бере: - Жасым 70-ке келді. Ендігі көлік жүргізгенім жарамас, - деді әкем екі көзін жолдан алмаған күйі. Іле-шала: - Қызым, сен жүргізші, сен өте жақсы айдайсың көлікті, - деді. Сосын бетіме барлай қарап: - Шаршап келеді екенсің ғой, сәл мызғып алсаңшы, жұмысың да ауыр ғой. Ал мен шаршаған жоқпын. Сергек отырмын, – деді. Балаларымды ойлап отырмын. Қарындары ашып қалмады ма екен? Ұлым менсіз ұйықтамаушы еді. Не істеп жатыр екен? Иә, әкенің көңілі – балада, ал баланың көңілі...

ӨЛЕҢ-ӨМІР

Мен де өлең жазбадым зеріккеннен,
Түстен аян алғам жоқ, көріпкелден.
Тың ой іздеп тапқам жоқ, соны соқпақ,
Ел мұрасын қайтарып беріп келем.

Өз байлығы халқымның мен жазғанның,
Ғасыр бүркеп, көрмедім сөз тозғанын.
Бабалардан теберік – ой кәусары,
Ұстамақ боп талпынып қол созғаным.

Құдіретке баладым сөз асылын,
Қараңғыны қақ жарған ой жасынын.
Тіл қышыса, жарап жүр бір қасуға,
Сақа қойған заманда ешкі асығын.

Ыза кернеп, кеудеме кек толғанда,
Жамағатқа айтарым көп болғанда
Зәрін төгіп қағазға, арыламын,
Айығатын өзге амал жоқ болғанда.

Бақыт кернеп кеудемді, шаттанғанда,
Қанатсыз-ақ ұшуға шақ қалғанда
Көктем-сезім сел болар ақ қағазда,
Көңіл кірден арылып, пәк болғанда.

Өлең – менің сырласым, әм қимасым,
Сол аялап жанымды, сол қинасын.
Сол шығарып бақыттың биігіне,
Сол ақтарсын жүректің сыр-қоймасын.

*** Қашқақтап, өлең неге жоламай жүр?! Сезімнің шанағы орта, тола алмай жүр. Әрнеден көңіл қалып, ой болдырып, Шабыт та баяғыдай бола алмай жүр. Мен қуып, өлең қашып, жырақ кеткен, Қыздай бір теңін таппай, жылап кеткен. Құлазып, қаңыраған жаным жүдеп, Көңілім – тор мәстектей ұры ап кеткен. Таң атып, баяғыдай күн шығады, Жанымды жылыта алмай күн шуағы; Тереңнен тулап шыққан бір ащы айқай, Өңештен әрі аса алмай, тұншығады. Қалам да ақ қағазға із салмады, Қырғи да торға түсті – түз саңлағы. Көбейіп арзан ақыл, арсыз күлкі, Ауырлап бара жатыр ой салмағы.

МАЗМҰНЫ ӘБДУӘЛИЕВ СЕРІК БЕГАЛЫҰЛЫ Ащы да болса, ақиқат ........................................................................................ 4 «Сезімді сезу үшін сезім керек..» ..................................................................... 5 «Сезімнің болдың гүліне белес..» .................................................................... 6 ӘЛІШЕВА НҰРЖАМАЛ ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ Ай жарығы .......................................................................................................... 7 Жаңбырлы кеш ................................................................................................. 14 Қасірет ............................................................................................................... 18 Даланың апасы мен қаланың апасы ............................................................... 20 Шерменде шеше ............................................................................................... 22 БАЙТОҚАНОВА АЛТЫНАЙ БАЗАРБАЙҚЫЗЫ «Мен – тыныш өмір сүруден қалған адаммын-ау..» ..................................... 27 БОРАШ ҚУАТ ҚАҺАРМАНҰЛЫ Мұраларда тұнған мұң .................................................................................... 35 Наурыз ............................................................................................................... 36 Түркінің төрі – Түркістан ................................................................................ 37 Сакура гүлдеген шақ ........................................................................................ 38 Көк дөнен-көңіл ............................................................................................... 39 ЕСАЛИ АЙНАШ ҰЛДАРҚЫЗЫ Құндыз бөрікті кісінің құпиясы ...................................................................... 40 ЖӘПЕК МЕЙРАМХАН САҒЫНҚЫЗЫ Келші, келші, көк көйлекті Көктемім! ........................................................... 50 ЖҮСІПОВА РОЗА КЕЛДІҒҰЛҚЫЗЫ Қайдасың, Мейір?! ........................................................................................... 53 Білем... ............................................................................................................... 55 Дүние – кезек .................................................................................................... 56 Өмір осы... ........................................................................................................ 56 Періште емеспін ............................................................................................... 57 Сөздер ................................................................................................................ 58 Әумин! ............................................................................................................... 58 Жадымыздасың, Жан Әке! .............................................................................. 59 Сабыр ет, ұлым! ................................................................................................ 60 Отағасымның мүшел жасына арнау ............................................................... 61 Мектеп бітірушілердің қоштасу әні ............................................................... 62 ИМАНҒАЛИ МЕЙРАМТАЙ ЕКПІНБАЙҚЫЗЫ Раушанның тойы .............................................................................................. 63 ҚОСБАРМАҚ РАХАТ ҚҰСАЙЫНҰЛЫ Ел және мен ...................................................................................................... 70 Ақ пен қара ....................................................................................................... 71 Дала ұлынан сұра сен... ................................................................................... 73 Адай ................................................................................................................... 75

Әке қабірі басындағы ант ................................................................................ 76 Бейіт басында ................................................................................................... 78 Жырымды менің оқыңдар!.. ............................................................................ 81 Біздің ұрпақ ..................................................................................................... 82 Мұнар күн ........................................................................................................ 84 2012 жыл, қаңтар немесе Таңсәрі ................................................................... 91 «Табыл өлді» дегенше... .................................................................................. 93 Ауылым Сыңғырлаудың бөктерінде ............................................................. 95 МОЛДАБАЕВА НҰРИЛА НИЯЗБЕКҚЫЗЫ Қабыл болған қажылық ................................................................................... 97 «Мейлі, «Ақымақ жан екен» дер ел мені..» ................................................... 99 «Жолаушылап өттік талай белестен..» ......................................................... 100 НАУШАБАЙ ДАРХАН ТӘУІРБЕКҰЛЫ Сәскеден кешке дейін .................................................................................... 101 Хаттағы жүрек ................................................................................................ 126 ОРЫНБЕКОВ СЕРІК-ИБРАҺИМ ЖАМАЛҰЛЫ Алғашқы ұстаз ................................................................................................ 131 «Қуғаннан соң армандардың жарқынын..» ................................................. 132 Ананы аңсау (цикл) ........................................................................................ 133 Аллаға жүгіну ................................................................................................. 134 Бабалар бейітіндегі ой ................................................................................... 135 Тау қызы .......................................................................................................... 136 Әнші қыз ......................................................................................................... 136 Сарыағашым-ай!.. .......................................................................................... 137 ӨТЕМІС ИНДИРА СӘРСЕНҒАЛИҚЫЗЫ «Қылығымен қайталаған даланы..» ............................................................. 138 Он жетінің көктемі ......................................................................................... 139 Ойыл ................................................................................................................ 140 «Кезіп ел атырабын..» .................................................................................... 141 «Шығатын жанымды алып тығырықтан..» .................................................. 141 «Жерге көшіп көрік Күндегі..» ..................................................................... 142 «Болмаса да шен-шекпенің, мансабың..» .................................................... 142 «Апа, тағы жырақ кетіп барамын..» ............................................................. 143 «Күбірлесіп, Төлегеннен жыр жаттап..» ...................................................... 144 «Бүгін – күздің соңғы күні..» ........................................................................ 144 «Ерте түскен көсіліп жатыр ақ қар..» ........................................................... 145 «Кейде бір наданға да кішіресің..» ............................................................... 145 «Түн. Алматы. Биыл көктем мұңлы тым..» ................................................. 146 «Күз келді, аға..» ............................................................................................ 147 «Ызғарлы биыл көктем..» .............................................................................. 148 «Күйкі тірліктің соңында..» .......................................................................... 149 «Мені алысқа алып кетші..» .......................................................................... 150 Әкеге хат ......................................................................................................... 151 «Өзгереді сезгені, сезбегені..» ...................................................................... 151

«Заманға емес бұл ерек түк..» ....................................................................... 152 «Бәрі-бәрі өзінде: үміт, көрік..» .................................................................... 153 «Ай сұқтанып, арман етер келбетін..» ......................................................... 154 «Ауылға кетем, Алматы мүлде шаршатты..» .............................................. 155 «Аппақ ниет, нәзік діріл, әні асыл..» ............................................................ 156 «Көктемдер қаншама ақты!..» ....................................................................... 157 С-ның сыры .................................................................................................... 158 «Сен жоқ кезде..» ........................................................................................... 158 «Сезгендей тағдыр оған жар етерін..» ......................................................... 159 «Көкірегіме, сірә, менің қонғандай ма жалын мың..» ................................ 159 «Көңіл кейде алда күткен шаққа алаң..» ...................................................... 160 САПУАНОВ НҰРХАТ ҚҰРМАНБЕКҰЛЫ «Сен жыладың-ау, күнім..» ............................................................................ 161 «Ертістей түнгі жанарыңды сенің..» ............................................................ 162 Бейіт басындағы ой ........................................................................................ 162 Құл-ғұмыр ....................................................................................................... 163 Жан .................................................................................................................. 164 «Үшбұрыш» .................................................................................................... 164 СЫБАНБАЙ СӘКЕН ӘБДІҒАППАРҰЛЫ Дискриминация .............................................................................................. 166 ТӨЛЕУІШОВ ДИДАР БЕКТҰРҰЛЫ Қыршын кеттің, бауырым! ............................................................................ 178 «Қымтады көк аспанды қою бұлтың..» ........................................................ 180 «Өкінемін қазақ боп туғаныма..» ................................................................. 181 «Жылап бақтым, жылаймын, жылап өтем..» ............................................... 181 «Кетіп едің жұмысыңа «Келем» деп..» ........................................................ 182 «Туған күнің – бүгін үші қазанның..» .......................................................... 183 «Дәуренің өтіп барады екен, жас бала..» ..................................................... 183 Өмірдің мәні ................................................................................................... 184 Қайран, қазағым-ай!.. .................................................................................... 185 ХАСАНОВА НҰРГҮЛ ҚАЛАМҒАЛИҚЫЗЫ Әйел намысы .................................................................................................. 187 «О, Әйелдер, осындайсың бәрің де!..» ......................................................... 194 ШЫҢҒЫСОВА НАЗГҮЛ ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ Балшық – қайғы, тұнық су... .......................................................................... 198 Сағыныш ......................................................................................................... 200 Өсиет ............................................................................................................... 201 Өлең-өмір......................................................................................................... 203 «Қашқақтап, өлең неге жоламай жүр?!»....................................................... 204

Әдеби-көркем басылым Жауапты редакторы Э.Бөкенбаева Редакторы А.Асханова Корректорлары: А.Асханова, А.Әліпова Техникалық редакторы И.Мақсатқызы Көркемдеуші және бетке қаттаған Н.Серғожаұлы ИБ № 20 Басуға 27.11.2014 ж. қол қойылды. Пішімі 84х1081/32. Шартты баспа табағы 10,9. Таралымы 2000+200 дана. Тапсырыс № 85 «БКА «Баспагерлер мен кітап таратушылар ассоциациясы» ЗТБ, Алматы қ. Пушкин к-сі, 2 «Курсив» типографиясында басылды. Алматы қ. Бағанашыл, Восточная, 2

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙