Шығармалары V том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұбан Молдағалиев
Жұбан Молдағалиев ШЫҒАРМАЛАРЫ V ТОМ Әдебиет туралы толғаныстар және естеліктер «Алатау» Алматы УДК 821.512.122.0 ББК 83.3 (5 Каз) М 66 ISBN 978-601-06-2715-4 Молдағалиев Ж. Шығармалары: Әдебиет туралы толғаныстар және естеліктер / Жұбан Молдағалиев. – Алматы: «Алатау» баспасы, 2014. – V-том. – 384 б. М 66 УДК 821.512.122.0 ББК 83.3 (5 Каз) ISBN 978-601-06-2715-4 – (5-том) ISBN 978-601-7461-00-3 – (ортақ) © Молдағалиев Ж., 2014 © «Алатау» баспасы, 2014
© «Жазушы» баспасы, 1979 Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің бұл шығармалар жинағының 5 томына әр жылдарда жазылған әдебиет туралы мақалалары мен әдеби жиындарда сөйлеген сөздері және ол туралы естеліктер еніп отыр. Жинақты баспаға ұсынған С.Молдағалиева. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді
ӨЛЕҢ ӨМІРЛІ БОЛСЫН Өткен 1954 жыл – совет жазушыларын әдебиет туралы, оның келелі мәселелері туралы қатты толғандыртқан жыл болды. Өзінің республикалық және бүкілодақтық съездерінде, оған әзірлік күндерінде жазушыларымыз әдебиет мәселелері жөнінде көп ойларын ортаға салды, еркін пікір алысты. Бұл әбден заңды да еді. Өйткені әдебиетімізді онан әрі өркендету міндеті оның табыстарымен қатар кем-кетіктерін де көре білуді, әдебиет мәселелерін шешуге бүкіл жазушыларды қатыстыруды қажет етеді. Бұлай дейтініміз – үлкен әдебиетті үлкен творчестволық коллектив, жазушылар коллективі жасайды. Егер біз қазақ әдебиетін бүкіл совет әдебиетінің жемісті, өнікті бақшасының бірі, шоқтығы жылдан жылға көтеріліп, үздіксіз өсу жолында келе жатқан әдебиет деп қарасақ, оның осынау табыстарына азды-көпті өз үлесін қоспаған қазақ жазушысы кемде-кем шығар. Ондай адам бола қалса, оны жазушы деп атау да бекер. Сонымен бірге біздің әрқайсысымыз қазақ әдебиетінің олқы, кем-кетік жақтарына да ортақпыз. Қазақ жазушысының бірде бірі, үлкені болсын, кішісі болсын, «әдебиетті өгіздей өрге сүйреп келе жатқан жалғыз менмін немесе тек бірнешеуіміз ғана, ал жетпейтін жағына өзгелер кінәлі» деп айта алмайды. Толмай жатқан, толтыруды күтетін қуыс орын әр дәрежеде әрқайсысымыздың творчествомызда да бар. Сондықтан біз жиналыстарымызда
болсын, баспасөз бетінде болсын өскелең әдебиетіміз туралы, оның олқысы мен жоғы туралы сөйлескенде біреулерге абырой-атақ үлестіріп, енді біреулерге үкім шығару үшін емес, сол кем жағымызды толтыру үшін, жоғымызды бар ету үшін сөйлесеміз. Біреудің кемшілігін айтсақ та әдебиетімізден сызып тастау үшін емес, оның келешегіне, творчестволық қабілетіне сене, үміт күте отыра айтамыз. Әдебиетіміздің үлкен арнасының бірі – поэзия туралы сөзіміз де осы бағытта болуы керек. Жазушыларымыздың былтырғы өткен республикалық съезінде қазақ совет поэзиясының өсу үстінде екені, келешегі зор екені айтылды. Сөз жоқ, поэзиямыз өсіп келеді, өскенде өзінің ұлттық дәстүрін дамыта отырып, бүкіл совет поэзиясымен, соның ішінде орыс поэзиясымен өріле өсіп, жаңа, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп келеді. Бұл поэзиямыздың идеялық байлығының, жақсы шығармалар қорының молығуынан да, өлең мәдениетінің көтерілуінен де айқын көрінеді. Бір кезде көптеген өлеңдер сырттай сүйсіну, жалаң баяндау, дидактика, толғау болып келсе, қазір нақты, үлкен пафоспен жазылған өлеңдерді, өзіне адамның жақсы ойы мен ізгі сезімін, еңбегі мен күресін арқау еткен өлеңдерді жиі-жиі оқимыз. Мұнда бір қуанарлық нәрсе сол: осындай жақсы қасиеттерді алғашқыда жоғарыда айтылғандай кемшіліктері болған ақындарымыздың өздерінің де басым көпшілігінен көреміз. Бұл да қазақ совет поэзиясының өсу жолында екенін, үнемі жетіліп келе жатқанын аңғартатын бір жай. Оның үстіне соңғы жылдарда поэзия шығармаларында біздің тамаша замандастарымыздың, совет адамдарының жарқын образдары барған сайын көбірек, барған
сайын айқынырақ көрініп келе жатса, оны ең келелі табыстарымыздың бірі деп қарау керек. Хамит Ерғалиевтің «Біздің ауылдың қызы», Қасым Аманжоловтың «Ақын туралы аңыз», Тайыр Жароковтың «Жапанды орман жаңғыртты» поэмалары, Жұмағали Саиннің, Сырбай Мәуленовтың, Сәбит Мұқановтың, Ғали Ормановтың, Қалижан Бекхожиннің, Әбу Сәрсенбаевтың, Дихан Әбілевтің, Мұзафар Әлімбаевтің және басқа ақындарымыздың таңдаулы өлеңдері бүгінгі поэзиямыздың жетістіктеріне қосылатыны сөзсіз. Енді осы сияқты табыстары бар поэзиямыздың жетпейтін, олқы не орта жағына келсек, тағы да көп нәрселер көзге түседі. Біз бұл мақалада солардың ішіндегі бір-екі мәселеге ғана тоқталмақпыз: Біріншіден, поэзия шығармасының өмірлілігі, ұзақ жасауы туралы. Біздің ақындарымыздың әрқайсысы әр кезеңде әр алуан, қыруар өлең, поэмалар жазды. Бұл шығармалар кезінде белгілі қызмет те атқарды. Бірақ сол шығармалардың көбі бір кезеңдік болып қала берді, кейінгі келген оқушыларға жете алмады. Қарап отырсақ республика жазушыларының екінші съезінің өзінен бері кемінде 40-50 поэма жазылған екен. Ал солардың ішінде бүгін жұртшылық игілігіне айналып өмір сүріп келе жатқандары тек онның айналасында ғана, қалғандарының туа сала тозығы жетіп отырды. Қазіргі оқушылардың есінде көпшілігінің аттары да қалған жоқ. Бұл тек поэмаларға ғана қатысты емес, бірсыпыра ақындарымыздың көптеген қысқа өлеңдері де осындай жағдайға ұшырады. Әрине, бұл өлең біткеннің бәрі бірдей ғасырлық болсын деген
сөз емес. Бір маусымдық болса да үгітшілік міндетін атқаратын өлеңдер де керек. Керек болғанда қандай! Және ондай өлеңдердің тамаша үлгілерін де жақсы білеміз. В.В.Маяковскийдің күнбе-күнгі өміріміздің көкейтесті мәселелеріне арнап, уақыт талабына үн қоса отырып, азамат соғысы жылдары және одан кейінгі кезеңдерде жазған саяси өткір, үгітшілік өлеңдері осы уақытқа шейін зор күшпен естіліп тұрған жоқ па? Мұның себебі неде? Бұл, біздіңше, ең алдымен ақынның ақындық қуатының молдығында, өлеңнің өткірлігінде, өмір тынысын кеңінен бере білуінде. Ал біздің бірсыпырамызда, бірсыпыра өлеңдерімізде осы жағының жетпей жатқанын көрмеуге болмайды. Мысалы, соғыстан бұрынғы кезеңнің өзінде он шақтыдан жинақ берген кейбір ақындарымыздың шығармаларынан қазір бірбір жинақтың өзі әзер құрастырылса, бұған қалай қарауға болады? Осындай, жасына жетпей қартайған өлеңдер ақындарымыздың соңғы буындарында да, төрт-бестен жинақ берген менде де, Мәуленовте де және басқаларымызда да толып жатыр. Ал, мұның тағы да бір себептері – риторика, идеялық-көркемдік дәрежесінің төмендігі, схематизм, тағысын-тағылар деген сөздер талай айтылды және айтылып та келеді. Бұған қосылмауға болмайды. Бірақ осылардың үстіне қоса айтатын тағы да бір елеулі себеп бар сияқты. Біздіңше, бұл қатты назар аударуды, ойлануды қажет етеді. Владимир Владимирович Маяковский «нағыз шын поэзия әр уақытта да өмірден бір сағатқа да болса озып отыруға тиіс» деген еді.
Бұл – поэзия бүгінгі уақиғаны жырлаумен бірге, оның ертеңгі перспективасын да көре білуге тиіс, көзі жіті, ақылды барлаушыдай алда жүріп отыруы керек деген сөз. Біздің өлеңдерімізде осы қасиет жетіспейді. Біз әдетте бір моменттің регистраторы, не бір науқанның айқайшысы боламыз да оның ертеңіне, тамаша перспективасына көз жібере алмаймыз. Ал науқандық, үгітшілік өлеңдеріміздің өзі де азусыз, әсерсіз болып шығатынын жоғарыда айттық. Сонымен бірге біз кейде өлеңді адам үшін, совет адамы үшін, оның ұлы мақсатына жетуіне көмектесу үшін жазатынымызды ұмытып кетеміз. Сондықтан да біздің көптеген өлеңдерімізде адам сезімі, өмір картиналары аз кездеседі. Сондықтан да аз уақыт өтсе болды, біздің поэзияның бірсыпыра шығармалары «жеткен жеріміз осы болды» дейді де, қатардан шығып қала береді. Көптеген өлең, бірсыпыра поэмалар тудырған дәуірдің бірі – Ұлы Отан соғысы дәуірі болды. Ал сол кезде жазылған өлең, поэмалардың ішінде совет адамдарының өшпес ерлігіне ескерткіш болған шығармалар қанша десек, ауыз толтырарлықтайы санаулы-ақ: жеке ақындардың бірен-саран жеке өлеңдерін ғана атаймыз. Поэмаларға келсек, соғыс кезінде жазылған поэмалардың бірдебірі әдебиетіміздің пәлендей табысы бола алмай қалды. Мұндай жағдайдың себебі: біздің бірсыпыра шығармаларымызда жеңімпаз совет солдатының, еңбек адамының ерлігі, ісі, ойы, жан дүниесі, өмір шындығы көрсетілмеді. Оның орнына жалаң ұран, құрғақ риторика басым болды. Міне көпшілігіміздің соғыс кезінде жазған өлеңдерімізге осы сияқты кемшіліктер, немесе «алға бас, өлтір жауды» деген
сияқты үндеу, декларация тән болды. Солдат өмірі, еңбек адамының өмірі поэзиямызда жеткілікті орын ала алмады. Өлеңдеріміздің көбі жансыз, жалпылама болып келді. Сондықтан да олар уақыт сынына жауап бере алмады, өмір адымына ілесе алмады. Тағы да бір мысал. Бұл күндері елімізде, соның ішінде біздің республикамызда да ұлы істер жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – тың жерді игеру. Бұл іске бүкіл халық болып көтерілді. Қазақстанға Ұлы Отанымыздың ол шеті мен бұл шетінен ондаған мың патриоттар келіп, дән теңізін жасасып жатыр. Биылғы астық өніміндей өнім республикамызда бұрын болып көрген емес. Ал енді осы ұлы істің пафосы біздің поэзиямызда қандай орын алып отыр десек, тағы да ескі сарынның шет пұшпағын көреміз. Тыңды игеруші адамдардың тамаша еңбегін, сезімін, үмітін, ұлы істің ұлы болашағын көрсететін кесек шығармалардың тумағанын былай қойғанда, қысқа өлеңдердің өзі өте аз жазылды. Оның үстіне көбі республика даласындағы қайнаған өмірден шеткерірек, оның ішіне кіре алмай жатыр. Көбінесе «Тыңға сапар», «Аттану», «Кел, бауырым» деген сияқты қарсы алу өлеңдерінен аса алмай келдік. Әрине, бұл, өмірден бір адым да болса озып отырғандық емес, қайта, оған ілесе алмай келе жатқандық деген сөз. Ал өмірге терең бойлай алмаған шығарма ұзақ жасай алмайды. Біздің көптеген өлең, поэмаларымыздың қазақ поэзиясы қорынан орын ала алмай архивте қалғандығы да міне сондықтан. Осыны ескере отырып, біз өлеңге өмір беру жағын, оның ұзақ жасауын қатты ойлануымыз керек. Осымен байланысты айта кететін бір нәрсе: біз біреулер туралы «өмірден артта қалды» деген сөзді
жиі айтамыз. Бұл сөзді көбіне сирек жазып жүрген немесе бірер жылдан бері көлемді шығарма бермеген адамдарға қолданамыз. «Өмірден артта қалды» деген сөздің мәні тек осында ғана ма екен? Жоқ, мәселе шығарманың санында ғана емес, сапасында, өз бойына өмір тынысын сіңіре білуінде. Егер енді біреулер туралы «өсті» десек те осы тұрғыдан қарауымыз керек. Бұл жағынан алдымен әркімнің өз шығармасы өзіне өлшеуіш бола алады. Айталық, Жароков соңғы «Қырда туған құрыш» поэмасында «Тасқын» поэмасындағы, Саин «Алтай» поэмасында «Күләнда» поэмасындағы, Әбілев «Алтай жүрегі» поэмасында «Шалқыма» поэмасындағы, Ерғалиев «Біздің ауылдың қызында» «Үлкен жолдың үстінде» поэмасындағы дәрежесінен қаншалықты көтерілді? Сол арқылы поэзиямызда қандай жаңа сөз айтты? Міне өсті дегенде алдымен осы тұрғыдан қарауымыз керек. Әрине, жазушылардың бәрі бірдей шығармадан шығармаға жоғарылай бермейді. Бірінде төмен түссе, бірінде көтеріліп отыратын жағдайы болады. Бірақ соның өзінде де оның творчестволық салмағы өз шығармасымен де өлшеніп отыруға тиіс. Мәселе жиі жазуда, көп жазуда емес, сол жазған нәрсенің нәрінде, өмірлік күшінде екенін жоғарыда айттық. Егер шығарма нәрсіз, өмір тынысынан шалғай жатса, оның авторын өскен деп айта алмаймыз. Мысалы, әдебиеттің әр жанрымен айналысып ширек ғасыр бойы үзбей жазып келе жатқан кейбір «жазушының» осы уақытқа дейін атауға тұрарлық бір шығармасы жоқ болса, оның үзбей жазғанынан не пайда, оны артта қалған жоқ, өсіп келе жатыр деуге бола ма? Болмайды. Жоқ, олардың өзін өмірді білмейді деп айта алмаймыз. Біледі, бірақ соны ақындық қуатпен, өзіндік бояумен бере білмейді.
Өлеңнің өмірлі болуына, ұзақ жасауына зиянын тигізіп келген тағы бір жағдай болды. Ол көркемдік мәселесіне, ақындық шеберлік мәселесіне, шығарманың тіліне жоқпыз. Аманжоловтың, Ормановтың, Ерғалиевтің, Мәуленовтің және басқа кейбір ақындарымыздың өлеңнің сұлу, тартымды болуына қаншама мән беретінін оқушылар жұртшылығы жақсы біледі. Сонымен бірге соғыстан кейінгі жылдарда біздің кейбір ақындарымыздың өлеңдерінде нашар мағынасындағы прозаизм көбейгендігін де айтпай кетуге болмайды. Біздің бірсыпырамызда, соның ішінде менде де поэзияға прозаның жұмысын атқарту тенденциясы немесе тек идеясы мықты болса болды деген пікір орын алып келеді. Өлеңнің басты қасиетіне, поэзиялық, көркемдік қасиетіне жете мән берілмеді. Соның зардабынан көптеген өлеңдер сезімнен, эстетикалық сұлулықтан жұрдай болып, ұйқастырылған әңгімеге айналып кетіп отырды. Ал кейбір ақындарымыз өлеңде әдемі теңеу, тың ұйқас жасамағаны былай тұрсын, тіпті сөйлем нормасын бұзуға дейін барды. Мысалы белгілі үлкен ақындарымыздың бірі Дихан Әбілев «Россияға қайтқанда» атты өлеңінде: Амансың ба, Отан анам, Шіркін Россия екен ғой кең, – десе, «Пушкиннің ескерткішіне» деген өлеңінде: Күмбезді көп үйлерден биік тұрған Александр Сергеевич екен Пушкин!
деп жазды. Бұл кейбір жолдастардың «бір ақынымыз Александр Македонский деген сөзді өлең жолына сыйғыза алмай: Александр МакедонСкийі оның тағы бар, – деп жазыпты» деп, күлкі етіп жүргені сияқты емес пе? Осы секілді өлеңнің көркемдік дәрежесіне жауапсыз салақ қарау фактілері толып жатыр. Мұндай сиықсыз өлеңдердің өзге түрлері де кездеседі. Мұны әсіресе Нұтфолла Шәкеновтың өлеңдерінен көбірек көруге болады. Шәкенов қабілетсіз ақын емес, жақсы-жақсы өлеңдері де бар. Бірақ оның көптеген өлеңдерінен көрінетін бір нәрсе: ол қалай да жаңа форма жасамақшы болады. Осы ниетпен ақын кәдімгі он бір буынды өлеңнің алдына үш буынды сөз қосады да әр жолды тарыдай шашады. Мысалы оның өлеңдері мынадай болып келеді: Көріңдер Бүгінгі Америка Шындық түрін. Тани біл. Сұм тілектің Қан ішкен сұмдық сырын. Осында қандай жақсы қасиет бар? Ешқандай сұлулық та, жаңа интонация да жоқ қой. Бұл тек поэзияның бітік егінінің ішіндегі арам шөп сияқты нәрсе. Қалай да болса жаңа форма жасаймын деген ойдан туған шалалық. Әрбір жаңалық өзін-өзі ақтай алатын болуы керек.
Жаңа форма табу, сөз жоқ, күн тәртібінен түспеуге тиіс. Бірақ бұл тек форманы ғана көздеуден тумауы керек. Форманы өлеңнің мазмұнынан бөліп алуға болмайды және жаңа форма көктен түспейді де. Ол өзіміздің ұлттық поэзиямыздың, орыстың классикалық поэзиясының және қазіргі совет поэзиясының тәжірибесінен туып, оның дамуының табиғи жалғасы болуы тиіс. Қорыта айтқанда, біз өлеңнің идеялық арқауының күшті болуымен бірге оның көркемдік дәрежесін жоғары көтеруіміз керек. Поэзия шығармасына «шөп те өлең, шөңге де өлең, бәрі де өлең» деп қарай алмаймыз. Ондай өлеңдерді эстетикалық талғамы өскен халқымыз қабылдамайды да. Тәжірибе осыны көрсетті. Өлеңнің өмірлі болуы, тартымды болуы оның көркемдік дәрежесіне қатты байланысты екенін ұмытпауымыз керек. Үлкен әңгіме болатын, терең талдауды қажет ететін поэзиямыздың мәселелері толып жатыр. Бірінбірі толықтырып, сол мәселелерді бірлесіп шешу – барлық ақындарымыз бен сыншыларымыздың ортақ міндеті. В.Г.Белинский поэзияны искусствоның ең жоғары түрі деп бағалай отырып, онда ауызекі сөйлесетін тілмен бірге музыка да, картина да болуын талап еткен екен. Осындай тамаша қасиеттер ең алдымен біздің өскелең совет поэзиясына тән болуға тиіс. Сонда ғана ол адам жүрегін тербей алады, сонда ғана ол өмірлі болады, ұзақ жасайды.
АҚЫННЫҢ ЖАҢА КІТАБЫН ОҚЫҒАНДА Үйреншікті қауымымызға, сырмінез коллективімізге бір жаңа адам қосыла қалса, әрқайсымыз сол жолдаспен танысуға, оның қандай қабілеті бар екенін білуге асығып тұрамыз. Біз рухани жолдасымыз – көркем әдебиеттің әрбір шығармасына да дәл солай қараймыз. Осындай жаңа дүниенің бірі – ақын Хамит Ерғалиевтің жеке кітап болып өткен жылы баспадан шыққан «Жайық жырлары». Рас, оқушылар жұртшылығына бұл жинақтағы шығармалардың бәрін бірдей бейтаныс шығармалар дей алмаймыз. Олардың көбі әр кезеңдегі республикалық газет, журналдарда көрініп отырды. Қала берсе, Жазушылар одағы мен баспасөз төңірегінде күнбе-күн араласып, өз жазғандарын бірге оқысып жүргендерге бұл шығармалар көбірек таныс. Бірақ оларды әр кезеңде, әр жерде жеке-жеке көру бар да, бір семьяда кездескендей бір кітаптың бетінен барлығының басын қосып дидарласу бар. Бұларды тапқан қаламталант жайындағы жалпы баға-білігіңнің басы да сонда ғана бүтінірек болады. Сонымен біздің алдымыздағы кітап арқылы басын қосып отырғандар – негізінен екі-үш жылғы ақындық жемістер – поэмалар мен өлеңдер. Осы жинақпен байланысты кең сөзді, соңғы сөзді әділ де қатал сыншыларымыздың өздеріне қалдыра отырып, қаламдас жолдастың оқушы жұртшылыққа ұсынып отырған шығармалары жөнінде мен де өзімнің
кейбір пікірлерімді, ой-тілектерімді ортаға салғым келеді. Осы арада «мен де» деп отырғанымның бір себебі бар. Бұл негізінен Қазақстан Жазушылар одағы мен оның баспасөз орындарының атына байланысты сөз бізде кішігірімін былай қойғанда, идеялық-көркемдігі, жазушылық ерекшелігі, жаңалығы жағынан принципиалды, маңызды мәселелерді қозғайтын, тіпті, сол тұрғыдан айтыс туғызарлық шығармалардың өздері де (әсіресе поэзия саласындағылар) көбінесе бір-бір рецензиямен ғана тынады. Айлап-жылдап жазылған еңбекке оны оқушы жұртшылықтың алдында «тұжырымды үкімдей» етіп ұсынамыз. Оны былай қойғанда, бізде бір шығармаға үш газетте үш рецензия басылса, көбіне үшеуі бірімен-бірі қайшы келіп жатады ғой. Сонда оқушы қайсысына сенуге тиіс: көбірек мақтағанына ма, көбірек жамандағанына ма, әлде жуан ортасы болып саналатын «алтын аралығына ма?» Тіпті қандай әділ, білгір болса да, бір адам бір шағын рецензияда барлығын көре де бермейді, айта да алмайды. Оның үстіне «жалықпайтын жақ та, жаңылмайтын жорға да болмайды». Сыншының теріс ұғатын, шалыс басатын жерлері толып жатады. Мұны көріп те жүрміз. Ендеше сыншыны да түзетіп отыру керек. Көркем шығарманың, көздің майын, бастың миын жеп шыққан еңбектің тағдырын шешуге оқушы жұртшылықты да, әдебиетші, сыншыларды да кеңірек қатыстыру мүмкіншілігін қарастырған жөн. Мен бұл арада әрбір жеке өлең жөнінде емес, жылдардың жемісі жөнінде, көзге түсерліктері жөнінде айтып отырмын. Мұндай жайды тек
кемшілігі көбірек делінген шығармалар жайында емес, мақталғандары жайында да ескерейік, ерекшелігі жақсылығы, артықшылығы неде екендігін терең түсінейік, үйренейік, оқушыларымыздың эстетикалық талғамын күшейте түсейік. Бұл жаңа айтылып жүрген ой емес, жазушылар жұртшылығының одақ пен оның баспасөз орындарында көптен айтып жүрген, әзірге жөнді ескерілмей келе жатқан тілектері. Енді, осы бір ортақ мұңымызды шағып болғаннан кейін, нақты объектімізге көшейік. Жинақ «Оралдағы отты түн» атты поэмамен ашылады. Уақыты мен оқиғасы атақты Василий Иванович Чапаевтың ең соңғы күндері мен түндерінің төңірегінде. Азамат соғысының ардагері В.И.Чапаевтың есімі де, ерлігі де елге аян. Халық ол жөніндегі нақты тарихи деректерді де, көркем шығармаларды да жақсы біледі. Батырдың қарулас досы, ақылшы да серігі, комиссар жазушы Д.Фурмановтың «Чапаев» романын кім оқымады? Советтік кинематографияның өшпес мұра-мирасы «Чапаев» кинофильмін кім көрмеді? Кескекті ердің жұртшылық жүрегіне ұялаған жарқын образы солар арқылы жан-жақты да жайсаң көрініп, кемеліне келмеп пе еді? Келсе, сөз болып отырған поэманың өз жанынан қандай қосары бар? Бұл соңғы сұрақтың жауабын табу үшін ең әуелі автордың өз алдына қойған мақсатын ұғу керек те, поэмаға соның шеңберінен қарау керек. Қай жағдайда болмасын, бұл қағиданы ескермесек, автордың көздеген жоспарына кірмейтін жәйттерді, өз талғамымызды таңа берсек, ешқандай шығармаға дұрыс баға беру қиын.
Өз ұғымымды кесіп айтсам, автор Чапаевтың қазіргі әдебиетімізде бар образына, халық ойында әбден қалыптасқан мүсініне бәлендей жаңалық енгізудің қиындығын біле тұра, әдейі бір-ақ мақсатты алдына қойған. Ол – Чапаев қазақ жерін азат етушілердің бірі деген сөзді бөле, баса айту мақсаты. Демек, бұл поэма «Лениннің батыры» – Чапаевқа ақынның өз халқы атынан айтқан алғыс сөзі. Автордың «Ұлы Октябрьдің даңқты қырық жылдығына арнаймын» деуі де осыны аңғартады. Егер автордың ойы жоғарыда айтылғандай болса, поэманың өз жанынан қосары да, ерекшелігі де, құндылығы да дәл сонда жатыр. Жайық өзені. ...Өзенге еріп жол жатыр Қашанғы қара жыландай. Сол жолдың үсті – жосылған қан, адмирал атқан әйел, суға, иінге қарасаң, толқын көтеріп шығарған өлік, екінші бір жаққа көз салсаң, қашып бара жатқан түйелі қазақ... Поэмадағы бұл және кейінірек кездесетін басқа осындай картиналар – ақырғы сағаты таянған жаралы қорқау қасқырдай ақ гвардияшыл бандалардың ылаңы. Олар Үйшікке (Гурьевке) қарай шегініп бара жатып, жол бойы сойқан салып келеді. Ал халық, атап айтсақ, қазақтар ше? Олардың жасырын да жарқын үміті бар, күткені бар. Ол – азаттық, «Қызыл қол басы Чапаев». Ауасы айтты елімнің – Жеткізді деме кім саған. Батыры дейді Лениннің, Фрунзе дейді жұмсаған.
Сөйтіп қазақтар азаттықтың қайдан, кімнен келе жатқанын да біліп отыр. Міне: «Сүйінші» кетті киіп те, Сауылмай қалды қора мал, Желбіреп шықты биікке Түндіктен қызыл орамал. Қазақтар қызыл ерлерді шексіз қуанышпен, қолда бар шашу-сыйларымен қарсы алады. Сонымен бірге олар қасиетті күреске өз үлестерін қосуға да, өз бостандығын өз қолдарымен жеңіп алуға да даяр: – Қылыш бер! Біз де қызылмыз, Адмирал атты – құртпады!.. Кетеміз бірге! Біз ұлмыз! – Комиссар батыр құптады. Осылайша халық қай жерде болсын Чапаев әскерін Совет өкіметі, жаңа өмірдің жаршысы деп біледі, оны барынша қолдайды. Ал Чапаев болса, ол осынау зарыққан халықты біржола азат еткенше асық, оның қайғы-қасіретіне, алғашқы қуанышына бар жан-жүрегімен ортақ. «Мынау орыс, мынау қазақ» деп ешкім де алаламайды. Поэманың негізгі лейтмотиві де, ең жақсы жерлері де – осы сияқты беттері. Сөйтіп Хамит өзіне тән ерекшелікпен кішкене-кішкене, ұтымдыұтымды штрих, детальдарды ойната отырып, өз алдына қойған басты міндетін шеше білген. Мен поэманың негізгі өзегіне ғана тоқталдым. Өйткені шығарманың қай тарауында не айтылаты-
ны, қалай тынатыны оқушы жұртшылығына белгілі болса керек (оқымағандар болса – оқысын). Ал Чапаевты алсақ, ақынның эпилогта өзі айтқандай: Биік те өзі иінде Қарайды талмай Оралға. Қалың бұлт көшіп кейінге, Келеді бейне ол алға. Енді «бірақ» деген сөзімізге көшейік. Бірақ менің «бірағым» авторға өз ойымды таңу емес, таныту, білдіру. Мен, о баста айттым, Чапаевтың бүкіл тұлғасы, барлық қырлары неге көрінбеген демеймін. Бұл автордың алдына қойған міндеті де емес. Қайта, батырдың мінез-құлқын көрсетем деген жерде таныс суреттерді қайталау жайы бар. Көзге шалынатын бір нәрсе: Чапаевты қарсы алу салтанатының тым сәнділігі мен молшылығы: мұнда ірімшік, май, қант, толық тостақан күмісті, үкілі бөркі бұлғақтаған қыз-келіншектерді көреміз. Бүлінген, жүдеген жарлы ауылдың көрінісі былай болмасқа керек еді. Екіншіден, ақ гвардияшыл бандылардың жауыздығын, азғындығын көрсетуге кітаптың алғашқы бетіндегі суреттердің өзі-ақ жеткілікті емес пе? Ал бұл көлемі шағын поэманың кейінгі тарауларында да қайта сөз болады. Және бастапқыдан артық әсер етпейді. Оның орнына қазақтардың Чапаевпен, чапаевшылармен аралас-құраласын, өзара сезім-сырларын мұнан да гөрі айқынырақ көрсететін басқа да бірер суреттер қосылғанда автордың түбірлі мақсаты неғұрлым ашыла түсіп, нұр үстіне нұр бо-
лар еді. Осыған қарағанда поэмада жырланатын уақыттың тым тарлығы «Отты түнге» – финалға асығыстау әкелген жоқ па?» – деген сұрақ туғызады. Енді «Жас ана» поэмасы жөнінде бірер сөз. Айтпақшы, оқушы жолдастар, «сын жазып отырып, әлгі поэманың ең басты бір өлшемі – тілі, ақындығы туралы неге айтпайсың», деуі ықтимал. Ғафу етіңіз, әр шығарманың сөз образдылығы, көркемдігіне жеке тоқтауға бір мақаланың көлемі көтермейтіндіктен бұл мәселеге кейінірек бір-ақ оралмақпын. ...Солғұрлым сөз қалмайды жазса кімнен?.. Демеймін осы өлеңді бастадым мен. «Советтік ана» деген шежіреге Бес-алты бет қосамын дастаныммен, – дейді Хамит екінші поэмасының беташарында. Мен оны бұл жағынан «семіз сөйлеп, арық шықты» дей алмас едім. Майданда жүрген жауынгердің толғану, тебіренуі, өз жүрегі мен жар жүрегіне ойымен үңілу, жақсы да жарасымды сағыныш мұңы, адалдық және адамгершілік бірі окопта оқ атып, енді бірі тылда оқ жонған екі жастың кездесуге, келер күнге берік сенімі ақындық «мен» арқылы әдемі жырланып, ортақ ойымызды білдіріп отырады. Рас, қазбалап, шүқшия берсек, поэма өзінің атына қарай жас ананың басына, соның тағдырына көбірек құрылса қайтер еді, алғашқы бірер бетте автордың өзінің белгілі «Әке сырының» кейбір жолдарын қайталау жоқ па деуге болар еді. Бірақ мен мұны шығарманың бажырайып тұрған міні деп те, жақсы әсерімізге пәлендей нұқсан келтіреді деп те айта алмаймын. Бір кезек лирикалық шығарманың табиғатымен де, ақын еркімен де санасу керек қой.
Жинақтағы басқа өлеңдердің ішіндегі шоқтығы биігі де, ақындық тынысы кеңі де, сөз жоқ, – «Қозыбақ сазы» мен «Ақсақ киік» атты балладалар. Мұнда құдіретті күй атасы Құрманғазының балалық, жасөспірім шағы, қазақ искусствосы тарихының сол дәуірдегі соны да алтын бетінің ашылу қарсаңы жырланады. Сол қарсаңның өзінен өжет те ойшыл, мейірбанды да қатал үлкен жүректің дүбір-дүрсілі сезіледі. Тегінде Құрманғазы жайында өлеңмен роман жазып жатқан Хамитке бұл балладалар ақындық құрылыс материалдарының бірі болса керек. Кітаптағы басқа он-он бес қысқа өлеңдердің өзегі – Коммунистік партия, кемеңгер Ленин, тың тақырыбы, бүгінгі өміріміздің көріністері. Ақын ұлы Лениннің бейнесін көз алдына келтіріп: Келмейді жай шешен адам деуге де, Сипаты бар симайтұғын өлеңге! Ыстық бізге оның сонау жерде де Өз қимылын қайталаған көлеңке, – десе, партия туралы өлеңінде: Марстан гүл әпергелі Белді бекем бу, ұлым, Сен де жерге әкелгені Коммунистің туының, – деп жырлайды. Мұндай өлең, шумақтардан Хамитті, оның жақсы қасиеттерін, өз даусын, өз ақындық нақышын танисың. Сонымен бірге, ашық айту керек, сол таныс белгілерді көргің келіп, кейбір өлеңдерге үңіле қарай қалсаң, «жоқ, ағайын, танымадым, қайдан едің?» деуге де тура келеді. Тың жерді иге-
ру, қоныстану тақырыбына арналған өлеңдерге өз басым дәл осыны айтар едім. Үйреншікті сөзімізді қолдансақ, бұлар автордың мүмкіншілігінен әлдеқайда төмен жатыр. Әдетте Хамиттің қайсыбір жаңа кітабын алсаң да, поэма басшы, өлең қосшы болып жүреді. Өйткені Хамит поэма жанрында әрі үзбей, әрі жемісті еңбек етіп келе жатқан Хамит. Қысқа өлеңді ара-тұра жазады. Сондықтан әдебиетші, оқушы жұртшылықтың назары да көбінесе сол көлемді шығармалардың төңірегінде болады да, шағын өлеңдері қандай тәуір болса да қосақ арасында қалып қояды. Жоғарыда аталған, тың жер тақырыбындағы өлеңдерді алатын болсақ, бұлардың қораш көрінуіне қатар тұрған поэмалар кінәлі емес, өздерінің болмысы кінәлі. Ал болмысы ақынның өзге өлеңдерінен әлдеқайда жүдеу. Жалыны аз, жан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, тартымсыз болып шыққан. Тегінде бұл тың жерді игеру сияқты ұлы істің тамаша героикасы мен романтикасынан аулақ отырып, сол тақырыпқа «міндетті түрде» өлең жазудың салдары сияқты. Ал қазір біз шын поэзия қолмен ұстап, көзбен көріп, жүрекпен сезінгенді ғана жақсы танитынын байқап жүрміз. Демек, өлеңді үнемі ұшқыр кавалерияға балаймыз деп жүріп, кейде қыршаңқы етіп алудан да сақ болу керек. Біразымыздың бұл жағынан белгілі «тәжірибеміз де» бар ғой. Хамит кітаптарының, әсіресе поэмаларының жұртшылық назарын аудармағаны жоқ. Сыншы, әдебиетші жолдастар да өз пікірлерін айтты. Солардың тілдеріне тиек болып, көп оралғаны – ақын шығармаларының құндылығы, ерекшелігі, поэзиямызға өз сыбағасын ала келгендігі. Әсіресе Хамиттің байқағыштығы, өз геройларын даралап
көрсете алатындығы, сол тұста жеке-жеке деталь, штрихтарды кеңінен пайдаланып, үлкен кәдеге жарата білетіндігі, шығарманың идеялық арқауын мықты ұстайтындығы, ұйқас-ырғаққа көп көңіл бөле отырып, өлеңге 6-7 буынды сөздерді де батыл енгізетіні бірсыпыра айтылды. Хамиттің ондай жақтары осы жинақта да айқын көрінеді. Мен бұлардың кейбіреулерін өз көзқарасыммен, мысалға алынған жеке жол, шумақтармен жоғарыда аңғарта кетпек болып отырдым. Сондықтан мен бұл кітапта Хамиттің өз назарымды көбірек аударған суреттеу тәсіліне, сөз нақыштылығына біраз тоқталып, кейбір сыншы жолдастармен де сырласа кетпекпін, әсіресе, алғашқы аталған шығармаларда, соның ішінде «Оралдағы отты түнде» көп көзге түскен бір жаңалық Хамит сөз образдылығына, әдемі теңеуге қатты көңіл бөледі, айтайын деген ойын жалаң баян етпей сырлы суретпен беруді үлкен критерий етіп ұстайды. Тынды бір дүние арындап, Тымақтар қалды шалқайып. Арбаға шықты адымдап, Шапанды қазақ Чапаев. Бұл – батырдың өзін аңсап күткен қазақтардың алдында сөз сөйлеуге шыққанын көрсететін сурет. Үстірт оқыған біреулер «тымақтар қалды шалқайып» дегені қалай деуі мүмкін. Ешқандай «қалайы» жоқ. Көркем сурет дегеніміздің өзі дәл осында жатыр. Ақын «жұрттың бәрі аузын ашып, жоғарыда тұрған Чапаевқа қарап қалды» деуді білмей отырған жоқ, поэзияның тартымды тәсілін пайдаланып отыр. Сондай-ақ:
Салмағын салып таяққа Қолдарын жайды қарттары, – десе, біз Чапаевқа, оның ісінің жемісті болуына шын батасын берген қазақтарды, сол кезеңдегі ауылдың әдет-ғұрпын айқын көреміз. Ауыздық шайнап ысқырды Ашынған атты ат көріп. Жал-құйрық желде ысқырды, Ық жаққа қашты ақ көбік. Әдемі көрініс! Суыт келе жатқан лек-лек қол, зор дүбір көз алдыңа келеді. Ал қызыл таңның ғажабы-ай, Оянған шошып жардай-ақ! – Айнадай көкте нажағай – Жерде бір жаңбыр бардай-ақ. Бұл зеңбірек дүрсілімен, соғыс өртімен саз берген таңның сипаты. Мұнда суретшінің байқағыштығы, үлкен картинаның сюжеті жатыр. Тағы да бір мысал: Ауылға осыны айтып зыр жүгірді, Жүрегі жұдырықша төсін ұрды. Ақын баққан лағынан айрылған бала Құрманның аянышты жайын осылай суреттесе, жігіт Құрманды мүлде өзгеше суреттейді. Қайдасың, ақсақ киік, не күйдесің Қорқасың, безінесің, неге өйтесің? –
Мұны айтып қатты шапқан Құрманғазы Жалаңаш сүйдіреді желге төсін. Атының ащы термен көзін жуып, Сағымнан жұтып қойса, қайта туып, Үстінде құстай ұшып жадағайы, Кетті ол көз ұшына күйді қуып. Мұнда характер де, сурет те, жақсы теңеу де бар. Өлеңді көркем етіп тұрған да солар. Мысалы, «құстай ұшып» деудің орнына «жадағайы жалпылдап» десе қандай әрсіз, қандай көріксіз болар еді. Поэзия – сарапшы емес. Ол фактіні тіркеп, дәлелге сүйеніп жатпайды, көркем образды, көркем суретті, биік эстетиканы, сұлулықты, жоғары идеалды арқау етеді деген қағида көпке белгілі. Сондайақ ол бір вагонның дөңгелегі тайып кетсе, аварияға ұшырататын темір жол рельсі де емес, бір сүрлеумен, «Қаратаудың басынан кеш келедінің» ізімен жүре бермейді, жарасымды жаңаны, жаңа әуенді, жаңа ырғақты, ізденуді тілейді. Егер біздің қазақ ақындары осыны есте тұтып, поэзиямыздың үлкен жолының торабын байытып та, кеңейтіп те келеді десек, Хамиттің творчестволық ізденулерінің жақсы жемістері де сол торапқа келіп тоғысып жатыр. Сонымен қатар мен оның тапқырлығын көрсетумен бірге тап баса алмаған жерлеріне де назар аударғым келеді. Бізде кейбір мақалаларда, Жазушылар одағындағы творчестволық жиналыстарда бір жолдастар сөз арасында «Хамит өлеңдерінде оқуға ауыр, түсініксіз жол, сөздер, жеке шумақтар кездеседі» дегенді айтып жүр. Жел соқпай шөптің басы қимылдамайды, бұл жаны бар сөздер. Осы
жинақтағы кейбір өлең жолдарының тұсына да сұрақ белгісін қоюшылар табылуы ықтимал. Меніңше, әр сөзді оқушыға толғанбай қылғып қоятын женттей етіп, езіп-ұсақтап беріп отыру шартты емес. Сол сияқты автордан «мынау не деген сөзің еді» деп кез келген оқушы да сұрай алмайды. Ал «оқушы да ойлансын, өткеннің дәрежесіне қарап емес, өскелең жұртшылығының ой дәрежесіне қарай жазып отырмын» десе – автордікі де заңды. Осындай жәйттерге орай мен әдейі мынадай бір-екі мысалды іріктеп алдым. Тұяқтан ұйтқып жел есе, Қылыштар кеште қызарған: Арттағы тозаң – жеңеше Көйлегі көкте ұзарған. * Оралда у-шу, ат қою: Тынған жоқ соғыс әлі үні, – Көрсең бір шашы қоп-қою Жалаңаш сұлу жалыны. Алдымен тозаңды «жеңеше» деу орынды ма деген сұрақ туады. Бұл сөзді дәл өз мағынасында алса, әрине, орынсыз теңеу, бірақ шұбатылған тозаңды көкте шұбатылған көйлекке (әлбетте, ағаның көйлегі емес, жеңешенің көйлегіне) теңдесе, мұнда тұрған қандай сорақылық бар? Ал жалынды «жалаңаш сұлу» деп бейнелеу қаншалықты дұрыс? Дау жоқ, «сұлу» деген сөз бұл араға сиыса қоймайды. Бірақ «жалынның қоюлығын шаштың қоюлығына теңесем, оның несі ерсі» деп Хамиттің де сұрауына болмай ма? Әрбір тың нәрсеге күдіктене, осқыра қарасақ,
жаңалық дегеніміз қайдан келеді, қалай жасалады демей ме ол? Тегінде мұндай жағдайда «менікі дұрыс, сенікі бұрыстан» гөрі, мәселені әркімнің түсінік-талғамы, оның нені қалай қабылдайтыны шешсе керек. Тың ұғымның азаматтық право алуы оңай нәрсе емес. Бірақ мұны сылтау етіп, сөз образдылығының, теңеудің, суреттің дәл болуы үшін барынша күресуге дағдыланбасақ үлкен қате де, зиян да болар еді. Хамитте кейде тым өзіншелікке, қайткенде де жаңаша сөйлеуге әуестеніп, сол дәлдіктен ауытқу, сөйтіп жақсы ойын зая жіберу жайлары жоқ емес. Түсініксіздікке соққызатын да сол. Мысалға «Түнгі жорық» деген, кішкене өлеңнің алғашқы екі шумағын алайық: Қаз-үйрек жоқ әлі ұшқан, Қыс аспаны жұлдызды. Ақ далаға алыстан Алып шықты жол бізді. Тоңды жігіт, тоңды қыз, Тракторы қырық бес. Күйретеміз тоңды біз, Бөкен қалай үрікпес. Сөз жоқ, тілі жатық-ақ. Бірақ сурет жасау ниетінен туған жаңсақ жолдар бар. Қыс аспаны тұрғанда қаз-үйректің ұшпайтыны өзінен-өзі белгілі. «Тракторы қырық бес» деген сөзді шынында да ұғу қиын. «Тоң» мен «Бөкен» де қабысып орнын тауып тұрған жоқ. Немесе: «Ленин сөйлеп тұр» деген жылы да жақсы ойы бар өлеңнің бірінші шумағына назар аударайық:
Алдымызда өз тұлғасы алыптың, Біз қараймыз, қарайды да ол бері. Ылғи өзі ортасында халықтың, Сермеледі оң қолы да ілгері. Ақынның көкейінде не тұрғанын біраз ойланып барып ұққанмен, осы шумақтың екінші жолы келіспей-ақ тұр. Тек ұйқас үшін алынған сияқты. Ал нағыз дәлдікті іздесек, төртінші жолдағы «да» жұрнағы да артық тұр. Өйткені оң қолдан басқа ілгері сермеліп тұрған еш нәрсе болмаған соң «да» жұрнағы неге керек? Жоғарыда көрінді, Хамит кейде ойды ұйқасқа бағындырып жіберіп отырады. «Қонақтар» деген өлеңде былай деген шумақ бар: – Бұл жер де Қазақстан ба? – Сіздіңше қалай өзге ме? Ұяттан күлкі қысқанда Қонағым киді көзге не? Бұл жерде пәлендей ұялатын ештеңе жоқ екенін, ұялса күлкі қыспайтынын былай қойғанда, соңғы екі жол, оллаһи, тек ұйқас үшін зорлап әкелінген. Рас, одан соңғы шумақта автор қонақтың көзге не кигенін айтады. Ол былай: Көзінде фото-аппарат, Егінге қарап жүгінді. – – Дәл солай жасап ап, тарат «Сақарамдағы» бүгінді... Бұл алдыңғы шумақтан да бетер. Үшінші жол жалғыз ғана «аппарат» деген ұйқастың құлы бо-
лып тұр. «Ап, тарат» дегеннің арасындағы үтір ешқандай жан сақтамайды, әсіресе радиодан оқылса, «аптарат» болады да шығады. Өлеңнің үнділігін, музыкалылығын қадір тұтатын Хамит сияқты ақыннан мұндай жасанды нәрселер көш құлаш аулақ жүруі керек. Мен бітік егіннің ішінен арам шөп теріп отырғаным жоқ, тек соның аяққа шырмалып, жолжөнекей кездескен жерін ақынның өз көзіне шалдырайын деп айтып отырмын – жұлып тастасын ондайларды. Жаңаға батыл, жақсыға жаны үйір, өсу үстінде келе жатқан талантты ақынның тағы бір кітабы оқушы жұртшылықтың қолында. Мен сол кітапты сүзіп оқып отырып, басынан бастап аяғынан шықтым. Алғашқы бетін қандай зор үмітпен ашсам, жолда кездескен кейбір кедір-бұдырға, бір қайнауы ішінде кеткен жеке өлеңдерге қарамастан, ақын кітабының ақырғы бетін сондай разылық сезіммен, қазақ совет поэзиясы өрлеу жолында деген үлкен қуанышпен жаптым.
АҒА ТУРАЛЫ БІР АУЫЗ СӨЗ «Советтік сөзге қаламы Көрмеген әсте мұқалып», – деп келетін біздің қадірлі қаламдас ағамыз Сәбит Мұқанов 60 жасқа толды. Бұл жәйт баспасөз бетінде, ел ішінде, тіпті «жоғарғы жақтың» өзінде биыл жаз басынан бері ауызға алынып келеді. Үкімет оған ең биік сыйын – Ленин орденін атады. Қаламдас достары болса, олар Сәбең туралы ыстық сезім, адал ойларын алға тартып, ағаның алпысын жырмен әлдилеп жатыр. Өйткені өкшелес Тайыр, Әбділдалардан бастап қазіргі Ізтай, Тұманбайларға дейін – бәріміз, әсіресе ақындар, Сәбең өлеңдерімен ауыздандық. Өз басым ең алғаш «Сұлушашты» жүрегіме қысқам, соған «түнегем». Сондықтан осы уақытқа дейін мен Сәбеңді ұстаз тұтам, ақындық «әліпбиді» үйреткен алғашқы оқытушыларымның бірі деп білемін. Кейін жазушылар ортасына келіп, әдебиетпен біржола айналыса бастаған кезде де Сәбеңнің ағалық демеуі аз болған жоқ. Бұл жайлы мен ол кісінің елу жылдығында өлең де арнағам. Сәбит Мұқанов – зор талант, атақты жазушы, бүкіл көп ұлтты совет мәдениетінің ірі тұлғаларының бірі. Бұл жұртшылыққа аян. Сәбеңнің осыншама мол дарын екенін айтпағанда мен оның әсіресе бір үш қасиетіне қатты риза боламын. Біріншіден, әдебиетіміздің таптық тазалығы, партиялығы үшін күресте Сәбең талмай еңбек етіп,
ерекше еңбек сіңірген адам. Екінші бір қасиеті: оның өмірімізбен тығыз байланыстылығы, халыққа жақындығы. Сондықтан халық та оны мейлінше жақын тұтады, жақсы біледі. Үшіншіден, Сәбең жас әдебиетшілерге жақын. Жоғарыда айттым, алғашқы «тырнақалды» шығармаларын Сәбеңе көрсетіп, Сәбеңнен ақыл-кеңес алмаған жас ақын, жазушы кем де кем шығар. Жас жазушыға қамқорлық – әдебиетіміздің келешегіне қамқорлық деген сөз. Сол жастарды әдебиетке баулу ісінде Сәбең тартынған емес. Ердің атын ел, елдің атын ер шығарады, Сәбеңнің атын совет елі шығарды. Өзі айтқандай, оның ең дана ұстазы – Коммунистік партия. Сәбеңді сол ұлы партиямыз тәрбиеледі. Сондықтан жазушы да туған елін, сүйікті партиясын бар даусымен, бүкіл тамаша талантымен жырлап келеді. Алпысты қазақта «пайғамбар жасы» дейтін сөз бар. Егер бұл сөз ақыл-ойдың, білім-тәжірибенің, данагөйліктің толысуы жағынан айтылатын болса, Сәбең қазір сол кемеліне келген шағында, дер шағында. Мен қаламдас інілерінің атынан асыл ағаның «Лұқпандай мың жасауын», творчестволық шабыты шарықтай беруін тілеймін.
КӨРКЕМ СӨЗ ӨМІР АЙНАСЫ БОЛСЫН1 «Партияның идеологиялық жұмысының кезекті міндеттері» туралы мәселені талқылаған КПСС Орталық Комитетінің июнь Пленумы біздің халқымыз бен партиямыздың идеялық-саяси өміріндегі ең маңызды да қуанышты құбылыс болды. Пленумде сонымен қатар Ленин партиясына жала жабушы Қытай Коммунистік партиясы басшылары мен КПСС Орталық Комитеті арасындағы келіспеушілік принципті түрде әңгіме болғаны белгілі. Пленум Қытай басшыларының бұл жалақорлық шабуылына лайықты түрде тойтарыс берді. Біздің бүкіл партиямыз, бүкіл совет халқы сияқты біздер, Қазақстан жазушылары да, қытай бүлікшілерінің әрекеттеріне қарсымыз, біздер партиямыздың, оның Орталық Комитетінің жүргізіп отырған шынайы лениндік саясатын бір ауыздан мақұлдаймыз. Бұл – халықаралық коммунистік және жұмысшы қозғалысының бірлігі үшін, жер жүзінде баянды бейбітшілік орнауы үшін күресу саясаты. КПСС Орталық Комитетінің Ашық хаты – бүкіл коммунистік және жұмысшы қозғалысының авангарды болып отырған Совет Одағының ұлы партиясына лайық нағыз лениндік терең де, білгір де әділ документ. 1 Жазушылар Одағы басқармасының пленумында жасалған баяндаманың нұсқасы.
Пленум өтіп жатқан күндері Ленин партиясының түлектері Валерий Быковский мен Валентина Терешкова космос сапарында жүрді. Бұрын теңдесі жоқ бұл сапар совет адамдарының қолы жеткен биіктері мен асуларын тағы бір еске салғандай. Пленум біздерді идеялық тұрғыдан жарақтандырды, қолымызға өткір қайраулы, күшті қару ұстатты. Пленум барлық әдебиет пен өнер қайраткерлеріне біріне-бірі қарама-қарсы идеологиялар – коммунистік идеология мен капиталистік идеология ешқашан бейбіт қатар өмір сүре алмақ емесін тағы да бір атап көрсетті. Партия күллі творчестволық интеллигенцияны бүгінгі шындықты өміршеңдік поэзия тұрғысынан суреттеуге, қазіргі заманымызды жырлауға, оны ілгері даму барысында көрсетуге шақырып отыр. Коммунистік жаңа қоғам әдебиеті ретінде біздің совет әдебиеті белгілі бір тенденцияны (бұл сөздің жақсы мағынасында, әрине) ұстануы тиіс адамдарымызды коммунистік ұлы идеалдар рухында тәрбиелеуде партиямызға белсенді түрде көмектесуі керек. Сонымен бірге ол буржуазиялық идеологияның зиянды ықпалына қарсы тұрып, адамның ақ жанының тазалығы үшін күресе білуі керек. Адам үшін күрес – бұл сайып келгенде коммунизм үшін, жарқын да сұлу болашақ үшін күрес, социалистік реализм әдебиеті нені мұрат тұтып, уағыздаса соның, бәрі үшін күресу деген сөз. Июнь пленумы біздің көркем өнер интеллигенциясының жұмысын негізінен жоғары бағалады, сөйте тұра біздің творчествомыздағы елеулі кемшіліктерге де назар аударды. Әдебиетті айтатын болсақ, оның ең басты олқылығы – өмірден қалып қойғандығы.
Біздің барлық творчестволық жұмысымыз коммунистік құрылыс міндеттеріне бағындырылуы тиіс. Ол міндеттер деңгейіне көтерілуіміз үшін біздер өз творчествомызда қазіргі заманға жаппай бет бұрып, осы күнгі өмір шындығының өзекті тақырыптарына шығармалар жазуымыз керек. Қазіргі заман тақырыптарын игеру – совет әдебиетінің басты бағдар-бағыты. Бұрында осылайды, алдағы уақытта да осылай бола бермекші, өйткені өз заманын жырлау ғана әдебиет пен өнердің бойына қан жүгіртіп, жан бітіреді. Бүгінгі күні барлық жазушылар алдыңа, әдебиеттің күллі жанрларының алдына осы абыройлы міндет қойылып отыр. Осы орайда мен қазіргі заман, соның қазіргі заман тақырыптары деген ұғымдарға сәл тоқтаңқырап өтсем деп едім. Меніңше, «қазіргі заман» деген сөздің өте нақты да сөйте тұра ептеген жалпылама да мағынасы бар. Қайткенде де біз, жазушылар, қазіргі заман дегенді өзіміз бел ортасында өмір сүріп, шығарма жазып жүрген қоғамымыздың, халқымыздың өмірі деп түсінеміз. Алайда, уақыт ағымының шапшаңдығын ескере отырып, мына жайды да ұмытпағанымыз жөн: осыдан бесон жыл бұрынғы оқиғалар бір тұрғыдан қазіргі заманымыздың құбылыстары сияқты көрінсе, екінші тұрғыдан олар да енді кешегінің ісі, яғни тарих сияқты көрінуі ықтимал. Біздер қазір «адым» я «қадам» деген сөздерді уақытқа сәйкестіре қарасақ, ол сөздер өздерінің бұрынғы мағыналарынан айрылып бара жатқан заманда өмір сүріп отырмыз. Қоғами өмірде қазірде адым, қадам деген өлшемдерден гөрі ғарыш кезген «Восток» кемелерінің жылдамдықтары бел алып барады. Ендігі жерде тарих пен қазіргінің ара қашықтығы көрінеу қысқарып
барады. Күні кеше, 1959 жылғы январьда Кубада революция болды, содан бері Азаттық аралы үшін капиталистік қоғам тарихқа айналды да қаһарман Куба жедел қарқынмен социализм құрып жатыр. Дәл осылай, азабы арылмаған Қара континент атанып келген Африка тарихында 1960 жылдан бері азаттық заманы басталды. Ондағы елдер бірінен соң бірі колониализмнің тот басқан бұғауларын өз қолдарынан лақтырып жатыр. Уақыттың қанатты қарқыны біздің еліміз өмірінен әсіресе анық байқалады. КПСС XX съезі мен ХХІІ съезінің аралығы және бүгінгі күндерімізге дейінгі уақыт елдің, партияның, халықтың өміріндегі жаңа бір кезең деуге болады. Бұл уақыт ішінде біздің ұлы Отанымыз одан сайын қуатты да көрікті бола түсті. Өмір құбылыстарының, күнделікті болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғалардың баршасынан көрінеу анық коммунизм нышандарын көреміз. Еліміздің өміріндегі күнбе-күнгі бұл өзгерістерді совет жазушысы байқай да, көре де білуі тиіс және игіліктердің келешегін барлай білгені абзал. Әйтпесе ол кешегі мен бүгінгіні, тарихтағы мен қазіргі замандағыны шатыстырып алады да бүгінгінің шындығы тақырыбына шығарма жазу оған қиынға түседі. Қазіргі заман тақырыбына шығарма жазуға отырған қаламгер бұл қазіргі дегеннің өзі де нақты қай уақыт екенін ұғына білуі керек, өйткені әрбір жылымыздың өзге уақытта болмаған, өзіне ғана тән оқиғалары, өзіндік творчестволық кейіп-келбеті, өзіндік материалдық та, рухани да проблемалары болып отырады. Мәселен, сіз қазіргі колхозды ауыл өмірінен шығарма жазбақ екенсіз, делік. Ол үшін осыдан
үш жыл бұрынғы фактілерді, материалдарды жинап, шығармаңызға соларды арқау етсеңіз, онда сіздің өмірден, оның буырқанған ағымынан қалып қойғаныңыз. Онда сіздің жазған романыңыз ба, поэмаңыз ба, әңгімеңіз бе мықтағанда тарихтық (тарихи емес!) мәні бар шығарма қатарында қалады, өйткені сіз алған объектілеріңіздің ертеңгісіне көз жібермедіңіз, өмір дамуының өзекті мәселелеріне бара алмадыңыз. 1963 жылдың – өзге емес, нақ осы 1963 жылдың, өзінше көзге шалынатын, тек өзіне ғана тән белгі-бедерлері бар. Ауыл еңбеккерлері партиямыздың ауыл шаруашылығы саласындағы шешімдерін жүзеге асыра отырып, бұл күндері бұдан екі-үш жыл бұрынғыдан басқаша өмір сүріп, өзгеше еңбек етіп отырғанын байқаймыз. Әдебиет уақыттан қалыспауы керек дегенімізде, бұл – құр фактіні мұрнынан тізе беру деген сөз емес, бұл – коммунизм құрып жатқан совет адамдарының өмірін шынайы бейнелеу деген талап. Біздің жазғандарымызда кешегі өмір мен күрес жолдарымыз, бүгінгі болмыс-тұрмысымыз ғана баяндалып қоймай, келешек елес беруі керек, коммунизм адамдары қандай болу қажет екені көрінуі тиіс. Қазіргі заман, оның көкейтесті мәселелері дегенді осы мағынада түсінеміз. Және де көкейтесті мәселе дегенде тек бірер күннің қам-қарекеті емес, қоғамымыздың дамуының қаһармандық сипатын кең ауқымды бейнелеу деп ұққан жөн. Бұл, өз кезегінше, шығармаға өзек болатын оқиғалар әбден хатталып, нақты түрге, сын-сипатқа енуін күтпей, уақыт үкіміне қол артпай-ақ бүгінгі күннің романтикасы мен пафосын дөп басып, бейнелеу деген сөз. Әрине, жақсы шығармалар өз заманының көкейтесті мәселелерін қозғайды. Владимир
Маяковскийдің барлық шығармалары дәл осындай. Оның өлеңдері мен поэмалары сол кезгі оқиғалардың ізі суымай жатып жазылған, әрбір өлеңінен сол заманның ыстық демі еседі. Ол әрбір шығармасында, сөйлеген сөзінде өз заманының көкейтесті мәселелерін көтере білді, заманының бұйдагері, үгітші-дауылпазы бола білді. Ол осынысымен де бірегей де биік. Революцияның шақыруымен революцияға қызметке тұрған заманымыздың сол ұлы ақыны сияқты қазіргі біздің әрбір жазушы өзін біздің қаһармандық заманымыздың шақыруымен жұмыста жүрміз деп сезініп, осылай болуы да керек. Осы жерде айта кететін нәрсе: заманның көкейтесті мәселелерін жазу, уақыттан қалыспау, халықпен етене өмір сүру талабы – тездікке, шапшаңдыққа шақыру, шала-шарпы дүниелерді бере сал деген сөз емес. Өзіне аса қатаң талап қоя білу, халық алдындағы жауапкершілік сезіміне берік болу шындыққа шебер суреткердің көзімен қарайтын әрбір жазушының өмір ережесіне айналғаны абзал. Және бір нәрсе: кейбір жазушыларды өмірдің көкейтесті мәселелерін жазамыз деген селбеумен тақырып мардымсыздығына баруынан сақтандырғым келеді. Совет қоғамының хулиган сілімтіктермен, ат төбеліндей арамтамақтармен күресін кейбір шетелдік бақастарымыз совет елінде тап күресі жүріп жатыр деп шығарғаны, яғни мардымсыз фактіден қоғамисаяси мәнді қорытынды шығаруға тырысқандары сіздерге мәлім болса керек. Үнді елінің мынадай бір хикаясы бар. Үш соқыр кездесе қалып, піл дегеннің не екенін білмекші болады. Біреуінің қолына пілдің ұзын тұмсығы, біреуіне аяғы, біреуіне қарны ілігіпті-мыс. Сонда олар қандай қортындыға келіпті дейсіз?
Пілдің тұмсығы қолына іліккені: – Піл дегенің жылан секілді ұзын, ирелеңдеген бір пәле екен ғой, – депті. Аяғы қолына іліккені: – Піл дегенің бағандай ұзын, жуан болады екен ғой, – депті. Үшінші тұрып: – Піл дегенің дәу, домалақ бөшке екен, – депті. Әрқайсысынікі өзінше дұрыс, өзінше шындық, бірақ пілді түгелдей көрмегендіктен толық, яғни ақиқат шындық емес, жартылай шындық боп шығады. Бұл хикаяны келтірген себебім: кейбір біздің жазушылар идеялық-көркемдік талғамдарында әлгі соқырларға ұқсап жүрмесін, жеке-дараны жалпыға саймасын, өзгеріп, жаңарып, құбылып отыратын өмірдің көкейтесті мәселелерін жазу орнына тақырып ұсақтығына, көр-жерді шұқылап кетушілікке, сыздауық терушілікке ұрынбасын, дегенім еді. Мұхиттай кең көлбеген бүгінгі біздің Қазақстанға қараңдаршы, шығысынан батысына, күнгейінен теріскейіне дейін ой көзімен шолып өтіңіздерші. Сонда алып индустрия ошақтары Қарағанды, қазақ Магниткасы, Рудный, Лениногорск, коммунизмнің алып құрылыстары, көтерілген тың алқаптары көз алдыңызға келеді. Советтік құрылыс тұсында, әсіресе соңғы он жылдың бедерінде советтік Қазақстан танымастай болып өзгерді, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, мәдениеті мықтап дамыды. Қазақстан еңбекшілерінің өмірі мен істерінің жанжақты, алуан салалығы соншалық – кейде тіпті республикамыздың экономикасының профилін дәл түстеп айтудың өзі қиын. Енді Қазақстан даласындағы осы ұланасыр жаңалықтар мен жақсылықтар, біздің
адамдарымыздың жанқияр еңбегі туған әдебиетімізде өзінің көркемдік бейнесін қалай тапқаны жөнінде әңгімелеп көрелікші. Дәлірегіне көшсек: өз замандасымыздың күнбе күнгі еңбектегі өмірі туралы соңғы жылдары бізде қандай шығармалар жазылды? Қазақстан өмірінің өзекті тақырыптарының ішінде тың игеру тақырыбы ең сүбелісі болуы заңды. «Тың» деген сөз Қазақстанның синонимі болып кетті, бүкіл Қазақстан тарихында бұрын-соң құлақ естімеген ерлік қимыл етек алғанына он жыл толды. Тың жерлерді игеру, оны игеруші адамдар, солардың қайрат-қажыры, халықтардың туысқандық көмегі – қазақстандық жазушылардың жүрегіне ең жақын, ең жазатын тақырыбы, төл ісі деуге болады. Біз осында тұрады екенбіз – көз алдымызда, біздің байтақ даламызда шыңдалып жатқан шынайы ерліктерді жазып үлгеруге міндеттіміз. Сөйте тұра, қыруар миллион гектар тың жер игерілгенімен біздер, қазақстандық жазушылар, әдебиетте тың игерудің үлкен тақырыбы толығынан игерілді дей аламыз ба? Осы он жыл төңірегінде біздің жазушыларымыз проза, поэзия, драматургия жанрында қандай-қандай ірі шығармалармен қуанта алады оқырмандарды? Бұл мәселені қарастыра келгенде, біздер туысқан республикалар қаламгерлерінен қалып қойғанымызды ашық мойындауымыз керек. Николай Вирта «Қайта оралған жер» романын жазды, Михаил Бубеннов «Қыран дала» романын берді, Владимир Солоухин тамаша очерктер кітабын, ақын Василий Журавлев тың туралы жыр кітабын шығарды, ақын Иосиф Нонешвили де осындай бір кітап берді. Ал қазақстандық жазушылардан әзірге
тек Иван Щеголихин ғана «Ұйытқыған қар» романы және «Қария дала» повесімен оқушыларын қуанта алады. Сәбит Мұқанов, Иван Шухов сияқты аға жазушыларымыз біраз жылдан бері тың туралы көлемді дүниелер жазу үстінде, бірақ оларын қашан аяқтары белгісіз. Бірақ Сәбит ағамыз осы жақында ғана тың өлкесінен оралды, онда ол оқушы қауымға біраз тараулары таныс боп үлгерген романына жетпей жүрген материалды тауып, мол олжа, тың күшпен оралады ғой деп сенеміз. Тың игеру тақырыбын жазғанда біздің жазушыларымыз бәрінен бұрын очерк, публицистика жанрында өнігірек еңбек етіп жүр-ау деймін. Әр кезде мерзімді баспасөз бетінде Сәбит Мұқанов, Иван Шухов, Ә.Нұршайықов, Н.Верховский, Ю.Ильяшенконың тың игеру туралы проблемалық қызықты очерктері басылды. Ақындарымыз талайталай өлеңдер жазды. Осы тақырыпқа екі-үш поэма да жазылды, бірақ бұлар құр көргенді тізе беру, жалаң баяндауға құрылып, үстірт жазылғандықтан оқушы жүрегіне жол таба алмады. Тек тың игеру тақырыбы ғана емес, республикамыздың бүгінгі шындық өмірінің басқа да қат-қабаттары тыңнан жол салып, тұңғыш қалам тербеушілерін күтіп, әлі күнге қозғаусыз жатыр. Күнбе-күн республика әлемін дүрілдетіп жатқан алып істер, бір өкініштісі – әдебиет әлемінде ондай алып туындыларға айнала алмай келеді. Бұны айтқанда мен Қазақстан жазушылары соңғы кезде бүгінгі замандастарымыз туралы ештеңе жазған жоқ дегелі тұрғаным жоқ. Бұлай тұжырымдау тым оқыс та негізсіз болар еді. Мұқанов, Жароков, Тәжібаев, Ерғалиев, Мәуленов, Орманов,
Сәрсенбаев, Бекхожин, Ахтанов, Нұрпейісов, Шашкин, Есенжанов, Қаратаев, Бегалин, Соқпақбаев, Әлімбаев сияқты жазушылар, әрқайсысы өз жанрында творчестволық шабыт үстінде, көркемдік мүдде жетегінде белсенді еңбек етіп келеді. Бірақ бұлардың сол қазіргі тақырыпқа жазылған шығармаларының тақырып ауқымы қаншалықты кең, оларда бүгінгі қаһармандық болмысымыздың қандай келелі маңызды қырлары көрініс тапты деген сұрақ туады. Бүгінгі күннің басты, өзекті тақырыптарына арналған кітаптар көп пе бізде? Меніңше – аз, тіпті аз ғой деймін. Соңғы екі-үш жылда З.Шашкин «Теміртау», «Доктор Дарханов» деген екі романын, Т.Әлімқұлов «Ақбоз ат» романын шығарды. Үстіміздегі жылы «Жұлдыз» журналында З.Қабдоловтың Гурьев мұнайшылары туралы «Жалын» романы басыла бастады. Сол журналда жақында Т.Ахтанов өзінің шопандар өмірінен алынған повесін жариялады. З.Қабдоловтың романы туралы қазір пәлен деу қиын, өйткені түгел басылып үлгерген жоқ. Ал Т.Ахтановтың повесі жөнінде азырақ пікір айтуға болар. Шығарманың бас кейіпкері – қоғам малын қысты күні алай-түлейде апаттан аман алып қалу үшін жанқиярлықпен арпалысқан колхозшы еңбеккер. Оның образы нанымды да тартымды шыққан. Повесті негізінен алғанда, жазушының творчестволық табысы деген жөн. Алайда, қайталап айтуға тура келеді, өміріміздің ең келелі, маңызды жақтарын қамтитын, тақырыбы қомақты шығармалар соңғы жылдары тым аз жазылды. Қазіргі заманды біршама қамтыған шығармалардың барлығына тән үлкен кемшілік – оларда идеялық тереңдік пен философиялық
тұжырымдаулар кемдігі. Өмірдің өзекті мәселелері оларда қолдан өбістіргендей тым қара дүрсін шешіледі. Соңғы жылдардағы қазақ прозасында авторлардың өздері бастан кешкендерін баян қылған біраз естелік-повестер пайда болды. Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин құсаған ақсақалдар ғана емес, әдебиетке жаңа ғана қадам басқан жастар да әлденақ өз өмірлерін еске ала бастады. Жас талапкер Қ.Ысқақов тырнақалды туындысы деуге болатын «Махаббат таңы» атты шағын повесінде балалық шағын сағынады. С.Шәймерденов те «Мезгіл» атты кішкене повесінде бірінші жақтан өзінің лирикалық қаһарманының жүдеу балалық шағын суреттейді. Жеке алып қарағанда кейде іштерінде тәптәуірлері де бар осындай шығармаларды оқығаныңда келетін ой: бүгінгі күнге бұлардың тақырыбының қанша қатысы, жұғысыны бар? Қ.Ысқақов құсаған жас жазушының бүгінгі күн мәселелеріне белсендірек араласу орнына әдебиетке келер сапарын өзінің өткен жолына көз тастаудан бастауы келісті ме? Бүгінгі романтикаға толы өмірдің бел ортасына сүңгіп, көрген-білгенін нағыз ыстық, жас жігермен суреттеу өзге емес, осындай жастардың сыбағасы болуы қисынды еді ғой. Жас прозаиктердің творчествосы туралы айтқанда, мына бір жайға назар аударғым келеді. Соңғы бір-екі жылда жарық көрген повестердің көбі бірінші жақтан жазылған. Барлық повестердің стильдік бірыңғайлығы, интонациясы белең алдырады. Оқып отырғаныңда, жас автордың біреуге еліктейтіні сезілмей қоймайды. Шыңғыс Айтматов жақсы жазады, алайда оның таланты,
қолтума ерекшелігі кітаптарын бірінші жақтан жазатындығында ғана емес. Соңғы жылдары жазылған поэзиялық шығармаларды қарастырсақ, бұл жанрда да қазіргі заман мәселелеріне көңіл аз бөлінгенін көреміз. Шамиль Мұхамеджанов деген жаңа қанаттанып келе жатқан, талантсыз да емес жас жігіт «Қошалақ» деген поэмасында революциядан бұрынғы қазақ өмірін суреттейді. Сонда Шамиль ол өмірді өзі ортасында өсіп-өнген, күнде жақсылығына сүйсініп, қызығын кешіп жүрген бүгінгі мына өмірден артық білетіні ме? Кейбір жолдастар үнемі ізденіп, бейнет кешуді қиынсынады, бұрыннан белгілі таптаурынмен тарта бергенді оңай көреді. Өйткені, бүгінгі күннің қаһармандық шындығын, шытырман күрделілігін суреттеу оңай емес, ол үшін талай тер төгіп, талмай ізденіп, жаңа бейнелеу құралдарын табуға тура келеді. Соңғы жылдары поэзияға тың күштер леклегімен келе бастады. Ай сайын жаңа бір ақын шығады десек, артық болмас. Бір таланттың даусына құлағымыз кәнікпей жатып, одан да күшті, әрі өзінше әуенді тағы бір дауысты естиміз. Бұл, алдымен, жас таланттарды тәрбиелеуге деген біздің партиялық қамқорлықтың жемісі, әрине. Қыруар талантты жас ақындардың ішінде мен шағын-шағын поэмалар циклдарын жазып жүрген Мұқағали Мақатаевты атап өткім келеді. Ол өзінің кейбір тұрғыластарындай, кейбір ағаларымыздай емес – поэзияда оңай жол іздемейді, өз тақырыбын, өз қолтаңбасын табуға, жаңалық айтуға тырысады. Бірсыдыру кемшіліктеріне қарамастан оның Ленин туралы поэмалары – шын ақындық тебіреніспен
жазылған, қалтқысыз көңілден ақтарылған, мазмұны да, түрі де қызғылықты шығармалар екені даусыз. Бұларда нағыз творчестволық ізденіс нышандары мол-мол көрініс береді. Ақындық жас толқынның лек-легімен қаулап өсіп келе жатқанын құптай отырып, оларға қойылатын талапты да ұмытпағанымыз жөн. Маяковский де жақсы ақындар көп болсын дегенде, олар, сонымен бірге, әр түрлі болсын, деген ғой. Жақсы ақындар бізде де баршылық, бірақ солар әр түрлі ме дегенде, жерге қарайтынымыз бар. Жастардың өлеңдерінде шамасы шағын, жеке бастың лирикасы басым: ай, жұлдыз, сүйіскен қыз бен жігіт, я өзіне өзі сүйсінген ақын – осыны төңіректей береді. Көптеген жастардың өлеңдерінде азаматтық сарын, бүгінгі күннің қызуы мен романтикалық шарықтаулары, батыл тұжырымдаулар жетіспейді. Сонда олар өздерінің туған жерінде болып жатқан ғаламат өзгерістер мен игіліктерді көрмейтіні ме? Жазбақ жырларына материал іздеп, басқа республикаларға барудың қажеті жоқ қой оларға, ондай материал қолыңды созсаң болды – көз алдыңда жатыр. Сөйте тұра біз бүгін тың жерлерді игерудің он жылдығы қарасаңында осы қаһарман ерлікті шабыттана жырлаған қазақ ақынының осы уақыт ішінде тым болмаса бір кітабын маңдайымызға баса алмай-ақ қойдық. Жастарға артқан бұл кінәраттан аға ақындар да құтыла алмайды. Жастар іске тез жұмылғыш елгезек емес, әрбір өткен күннің қадірін біле бермейді, сонда осылардың көбі соқса екпіні сең бұзардай жас, нағыз дер шағындағы адамдар. Бүгінгі күннің маңызды оқиғаларына алдымен солар үн қататын-ақ орны бар емес пе?
Қазақ жазушыларының шығармаларында өкінішке орай тарихи тақырып қазіргі күн тақырыбынан асып түсіп жатқанын мойындамасқа болмайды, біздің сөз шеберлеріміздің ең қомақты, сүбелі шығармалары өткен замандарға, арғы-бергі тарихқа, революция мен азамат соғысы жылдарына, қала берді – Ұлы Отан соғысы кезеңіне арналған. Осы кезеңге жеткесін-ақ жазушыларымыз тұра қалады, одан бері, бүгінгі күнге қарай аяқ басуға, қалам тартуға қорғалақтайтын сияқты. Бұл тек поэзияда емес, прозада, драматургияда да, әдебиеттің барлық жанрында да жағдай осы. Сонда бұл неліктен деген сұрақ туады. Бүгінгі емес, кешегіге неге бұра береміз? Осының түбірі неде? Ең бірінші де басты себеп – өмірді білмеуде. Уақыт зырлап өтіп жатады да уақиғаның үсті-үстіне үндеуінен жазушы өмірдің ұшқыр екпініне ілесе алмайды, қайсыбір құбылыстардың мән-мағынасын кейде аңдап үлгермейді. Ал кейде біздің творчестволық белсенділігіміз жетпей жатады – жаңа оқиғалар толқыны сабаға түсіп, бағасын алуын күтеміз, сонда оны бойға сіңіріп, дұрысын жазу да жеңілдеу болатыны сөзсіз. Біз уақыт алдында қауқарсызбыз, әр түрлі құрылыстың мағынасын философиялық тұрғыдан терең түсінуге көрегендігіміз, көркемдік талғамымыз жетпей жатады. Біздер, бірақ, осы кездің, өз ғасырымыздың перзенттеріміз ғой, біздер XIX ғасырдағыдай, май шам мен тарантастың заманындағыдай жайбасарлыққа салына алмаймыз. Тарих әмірімен бізге космосты бұғаулау, планетаны жаңарту, коммунистік қоғам орнату ғасырында өмір сүру бұйырды. Сондықтан, бүгінгі міндеттер
деңгейінде болғымыз келсе, біздің қаһармандық өмір-болмысымызды идеялық-көркемдік бейнелеуі тұрғысынан жақсы сом суретті шығармалар жазғымыз келсе, біздер советтік өмір шындығының тып-тыныш жағажайында қалғымай, қақ ортасында, нағыз үйірімінде жүруіміз керек. Сонда ғана творчестволық табысқа жетеміз, сонда ғана өз заманымыз рухының жаршысы совет жазушысы – партияның көмекшісі деген биік атқа лайық бола аламыз. Өмірді зерттеу деген – жазушының жіті байқампаздығы ғана емес. Ол, алдымен, тақырып ұсақтығына, қара дүрсіндік пен схематизмге ұрынбас үшін көп нәрсенің ішінен не болса соны шұқылап кетпей, ең татымдысын, бастысын таңдап ала білу деген сөз. Бүгінгі күн тақырыбын игере алмауымыздың тағы бір себебі, жоғарыда атап өткенімдей – осы тақырыпқа жазарда өзімізге қатаң талап қоя білмейтіндігіміз және шеберлігіміздің жетпейтіндігі. Келеліден кездейсоқты ажырата, түсіне білу, осыған бар күш-жігеріңді жұмылдыру осындайда керек. Лев Толстой, Бальзак, Максим Горький құсап өз романдарымызды қайта-қайта көшіріп жазамыз деп қайсымыз айта аламыз? «Крейцер сонатасы» құсаған пәлендей көлемді емес повестің қаралай қолжазбаларының өзі бір арба болды деседі. Біз өзімізге әрдайым творчестволық қатаң талап қоя бермейміз. Бұрын-соңды жазғандарымыз, жиған тәжірибеміз бар біздер әрбір жаңа кітабымызды жазған сайын өсіп отыруымыз керек сияқты еді, бізде үнемі бұлай бола бермейді. Мәселен, Зейін Шашкин өзінің «Доктор Дарханов» романын жазғанында, өмірді білмей жазды дей алар ма едік? Дей алмай-
мыз, өйткені романға желі болған оқиғалар авторға жақсы таныс, тек таныс қана емес, романда көп ретте автордың өз басынан кешкен оқиғалар суреттеледі. Мұнда жеке адамға табынушылық тұсында бейкүнә сотталып біраз қиянат шеккен дәрігердің тағдыры баяндалады. Кезінде өзі де осындай ауыртпалықты басынан кешкен авторға, тағы да қайталап айтамын, бұл материал жақсы таныс. Сөйте тұра «Доктор Дарханов» романы әдебиетімізде елеулі оқиға бола алған жоқ, себебі автор, жаңағы айтқандай, өзіне қатаң талап қоя білмеді, көркемдік шеберлігі жетпеді. З.Шашкиннің одан бұрын жазған «Теміртау» романын автордың творчестволық табысы деп қабылдасақ, «Доктор Дарханов» туралы бұны айта алмаймыз. Бұл роман жөнінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші секретары М.С.Соломенцевтің Орталық Комитеттің таяуда болып өткен пленумында айтқан пікіріне біз толықтай қосыламыз. «...Бұл жерде жазушы З.Шашкиннің «Доктор Дарханов» романы жөнінде де айтпай кетуге болмайды. Осы роман төңірегінде, біздіңше, еш керексіз даңғаза көтеріліп жүр, – деді жолдас Соломенцев, – бұл идеялық тұрғыдан кемшіліктері бар сәтсіз шығарма екенін тура айтқан жөн. Қырқыншы жылдардың аяғы мен елуінші жылдардың бас кезіндегі совет халқының өмірін автор күңгірт бояулармен суреттеп, қара бояуды көп салғаны сонша, мұны көре-біле тұрып, кейбір әдебиетшілердің осы шығарманы неге жанын сала қорғаштайтынын түсіну қиын. Қорғаштайтындай не бар онда? Романда бас қаһарманнан басқа ұнамды бір де бір кейіпкер жоқ, ол қаһарманның өзі де жәбір көрген, ылғи бір дүдәмал идеяларға үйір, қитықшыл,
ұсақ адам болып көрінеді. Бас қаһарман – дәрігер Дарханов қоғами істерге енжарлығын мақтан етеді, жақсы дәрігер қоғамдық қызмет атқара алмайтынына сенімі бекем. Автордың «күншілдік, жікшілдік пен пәлеқорлық қазақтың қанына біткен» деп, қайқайдағыны қоздатуын ренішсіз оқу қиын. Автордың туберкулез бұл күнде қазақ ұлтының соры боп қалды деуі де тарихи шындыққа кереғар. Партия қызметкерлерін суреттеуде автор күңгірт бояуды аямайды. Жоқ, жолдастар, біздер алыпқашты әрнемеге, тоғышарлық күңкілге құрылған шығармаларды қорғаштай алмаймыз». Ашық та әділ айтылған сөз. Өзінің сүйікті творчестволық жұмысынан қол үзген З.Шашкин сонда есіл кеткенінің есесін қайтарғанша асығатын сияқты, біз бұны түсінеміз. Соңғы бес жылда үш үлкен роман, бір повесть, бір пьеса берді. Біз оның іскерлігін, табандылығын сыйлаймыз, бірақ осыншама қыруар жұмыс үстінде ол өзіне жазушылық қатаң талап қоя білсе ғой. З.Шашкинге ендігі жолдастық кеңесіміз: ол енді әділ сынға мұқият ден қойғаны жөн, оны жанына ауыр алмасын, өзін тек мақтап, құптаушыларды ғана дос екен деп ойламасын. Шашкиннің жазушылық еңбегіне, беделіне ешкім шек келтірмейді, бәрі де оның творчестволық шынайы жаңа табыстарға жетуіне тілектес. Осыны жолдас Шашкин неғұрлым тез түсінсе, творчестволық табыс пен алғысқа солғұрлым тез жетеді, қаламдас жолдастарының құрметіне бөленері хақ. Ал З.Шашкиннің таланттылығына ешкімнің күмәні жоқ. Халыққа әлдеқашаннан танымал, беделді, белді жазушыларымыздың кейбіреулері де өз шығармаларына салақ қарайтыны бар. Олар әбден
танылып, атақ-дәрежені қамтып үлгергеннен кейін енді бұлар не жазса да өте береді, енді бәрі кешірімді деп ойлайтынға ұқсайды. Өз беделінің хикматына сеніп алған ондай жазушы жұмысқа салақ қарауға да дағдыланып алады да енді бұл әдеттен құтылу оған барған сайын қиынға соғады. Сәбит Мұқанов құсаған үлкен жазушының да кейбір шығармаларының сәтсіздікке ұшырауы осындайдан ғой деймін, жазушы тарихи шығармаларды да өнік жазып, бүгінгі күннің көкейтесті мәселелеріне де тез үн қатып үлгереді. Бірақ соның бәрі бірдей қазақ совет әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі, аса ірі көркем сөз ұстасы Мұқановтың үлкен атына сай болып шыға бермейді. Мен Сәбит ағаның үлкен талантын, азаматтық істерін аса қадірлеймін, Сәбеңе көп ретте қарыздармын да. Сондықтан інілік я тіпті баласынша қалтқысыз көңілден тілейтінім: Сәбит Мұқановтың аты қазақ әдебиетінің мақтаны боларлық шығармалар туғанда ғана аталса екен. Сәбеңнің ондай шығармаларды қалай да, талай да береріне күмән жоқ. Мен біздің әдебиетіміздің жалпы проблемаларына, творчествомыздың кейбір танымал құбылыстарына ғана назарларыңызды аудармақ едім, әрбір жанрға, әрбір шығармаға жеке-жеке тоқтауды мақсат еткенім жоқ. Сонда да театр мен кино драматургия туралы бір-екі ауыз айтып кетпекпін. Әбділда Тәжібаевтің екі пьесасын жақсы олжамыз деуіміз керек, олардың жақсы да, олқы жақтары туралы баспасөз бетінде біршама пікір де айтылды. Бұл екі пьесаны – жазушы творчествосындағы бір қадам алға басқандық деп түсінуіміз керек. Тахауи Ахтанов «Арыстанның сыбағасы» деген тәп-тәуір пьеса жазды. Бірақ түгел алғанда біздің
драматургия да, кино драматургия да қазақ әдебиеті дамуының жалпы деңгейінен кейін қалып келеді. Бұл жайлы талай айтылып келеді, мен де оған көңіл жұбатар ештеңе қоса алмаймын. Тағы қайталап айтқым келетіні: қазіргі заман тақырыбы – қазақ әдебиетінің бүгінгі таңдағы аса маңызды жұмысы, біз барлығымыз творчестволық күш-қайратымызды осыған бағыштауымыз керек. Осы орайда көрнекті совет жазушысы Александр Фадеевтің мына бір тамаша сөзін келтіре кеткім келеді: «Әрине, қоғам, табиғат, адам өмірінің барлық құбылыстары болсын – бәрін де жаза беруге, ол үшін не түрлі бейнелеу амалдарын іздеп табуға болады. Бірақ тарих, еш ымыраға көнбейтін тарих күндерде бір күн біздерден, совет әдебиетінен, барлық өнер қызметкерлерінен: сіздер, социализмді қалай көрсете білдіңіздер? – деп сұрайтыны анық. Өз заманымыздағы ең жақсы, ең озат игілік социализм болса, біз соны өз шығармаларымызда, өз туындыларымызда қалай бейнеледік – тарих біздің осы ісімізді тексереді... сондықтан біздің заманымыздың шын байсалды суреткері үшін қазіргі заманымыздың өзі яғни біздің өміріміз демеуші күш болуы тиіс...» Жазушының тарихи тақырыпқа іші бұра беруін бүгінгі күннің көкейтесті мәселелерінен басын алып қашудың бір түрі деп айту қиын. Бірақ бүгінгі күн игіліктерінен ылғи да тарихқа бас қоя беру – мұны ол қаласын-қаламасын – жазушының қоғамдағы белсенділігін төмендетеді. Дәрігерлерде мынадай бір тәртіп бар: дәрігер қайда жүрмесін – трамвайда ма, демалыста ма, серуенде ме – ауру адамға я аяқ астынан зақымданған адамға қашан да қол ұшын беруге міндетті. Адамдығы
ғана емес, мамандығы соған мәжбүр етеді. Біреудің ауруын көре тұра жәрдемдеспесе, оны дәрігерлік лауазымнан айыруы мүмкін. Әйтеуір қайда да, қашан да дәрігер өз орнында – денсаулық күзетінде болуы тиіс. Дәл осыны жазушылық мамандықпен де салыстыруға болады. Егер қандай болмасын бір жазушы әділетсіздікті көре тұра, оған қарсы шықпаса, я біреудің жақсылығын көре тұрып, оған қуана білмесе, оның орнына он тоғызыншы ғасырға жүгіріп, тарих бойлап, архивке сүңгіп кете берсе ондай адам қауіпке ұшырайды – жүрегі ештеңеге селт етпейтін енжар болып алады. Осындай енжар жазушылардың есіне – өзіміздің қаламдасымыз армян ақыны Геворг Эмин былай дейді: Когда бы предки в давние столетья Любили старину как ты сейчас, Кто создавал бы памятники эти, С которых ты теперь не сводишь глаз? Бүгінгінің қамына енжар жазушы әдетте жақсыға қуанбайды, жамандыққа күйінбейді, сөйтіп айнала өмірді көруден қалады, сол өмірде игілікті өзгерістер болуына белсене қатысудан өзін мақұрым қалдырады. Меніңше, формализмге ұрынудың, түр қуалауға салынып, мазмұнға нұсқан келтірудің, тарихқа бұра берудің бір себебі осы ғой деймін. Творчестволық өсудің ата жауы – тоқмейілсу осы енжарлықтан көп туады. Дат халқының атақты мүсіншісі Торвальдсен бір жұмысын аяқтап болғасын, қолындағы қашауын лақтырып жіберіп, жылаған екен дейді. Шәкірттері неге жылағанын сұрағанда, Торвальдсен: «Мына
жасаған дүниемнен еш кемшілік таба алмай тұрмын. Ендеше менің талантым сарқылып біткені ғой», – деген екен дейді. Өз заманы, замандастары мен өзі туралы жазатын жазушы да сол мүсінші сияқты өзінің творчествосына қатал талап қоя білуі тиіс. Әйтпесе оның өмір материалына тісі өтпейді, тізесі батпайды. Қазіргі заманның проблемалары мен мәселелерін талдай қарап, талқылауда әдеби сынның орны үлкен. Бұл ретте біздер сыншыларға, әдебиет зерттеушілеріне таудай өкпе айтуымызға тура келеді. Жалпы әдеби процесте бағыт беруші, жөн сілтеуші ролін атқаруға тиісті бұл жанр әрдайым принциптік тұрғыдан әдебиеттің өзекті мәселелерін талқылауға мейлінше белсенді араласуы керек-ақ еді. Не пайда, ондай белсенділік орнына сын жанрынын өзге жанрлардан көрнеу қалып қойғанын көріп отырмыз. Бізде М.Қаратаев, Е.Ысмайылов, С.Талжанов, Т.Нұртазин, М.Базарбаев, А.Нұрқатов, Б.Сахариев, З.Серікқалиев, Р.Бердібаев, А.Сүлейменов, Р.Тоқтаров, Ә.Кекілбаев сияқты талантты сыншылар аз емес. Осы тізімнің өзінен-ақ бұлар әдебиеттің не бір маңызды мәселелері төңірегінде де салиқалы пікір айта алатындығына сенуге болар еді. Тек әттеген-айы: жоғарыда айтқанымдай осы қыруар күш әдебиеттің өзекті мәселелерін талқылаудан тыс қалып келеді. Сыншылар біздің әдебиет шаруашылығымызды реттеуден бас тартатындай әсер қалдырып отыр. Баспасөз бетінде көркем әдебиеттің қазіргі заман тақырыбын игерудегі тәжірибесі жөнінде проблемалық мақалалар ілуде бір бой көрсетеді. Бұл төңіректе келелі әңгімеге, қызғылықты айтысқа тақырып аз ба? Аз емес – көп, тіпті бастан асады. Мәселен, қазақ әдебиетіндегі
ұнамды кейіпкер проблемасы туралы неге үлкен әңгіме бастамасқа? Сол ұнамды кейіпкер, дегеніміз қандай болуы керек? Біздің әдеби сынымыз жазушылардың тарихи тақырыптарға бұра беруінің себебі жайлы неге өзінің пәтуәлі сөзін айтпайды? Ол жазушыларды қазіргі заман тақырыптарына бет бұруға неге жұмылдырмайды? Қазақ әдебиетінің жеке шығармалары туралы білгір де өткір, сонымен бірге ізгі тілекті сын неге жоқ? Мәселен, біздер өзіміздің көптеген поэмаларымызға риза емеспіз, поэма деген айдармен шынына қалғанда поэзиялық сөлден, дәмнен жұрдай құлаш-құлаш бірдеңелер шығып жатады. Сын бұған да қыңқ демейді, сол баяғы енжарлықпен отыра береді. Кемшілікті партиялық тұрғыдан әшкерелеу, ашық та батыл айту, бәріміздің ортақ ісімізге мүдделі көңілмен қарау – әдеби сынға жетіспейтіні осы. Сыншылар арасында ымырашылдық, ыңғайға жығыла берушілік жиі кездеседі. Егер мен жоғарыда атын атаған сыншылардың әрқайсысы жылына бір-бір проблемалық мақала жазса, біздің жазушылардың пайдасына бұл аз олжа болмас еді. Көлемді, проблемалық мақалалармен бірге шағын рецензиялар да керек-ақ, бірақ баспасөз бетінде рецензия да аз басылады. Қазақ көркем әдебиет баспасынан соңғы екі жылда жарық көрген кітаптардың талайына рецензия шыққан жоқ. Сол сирек шығаратын рецензиялардың өзі де кейде әділ бола бермейді. Кейбіреулерін оқығаныңда, оның неге жазылғанын, неғылған астар барын түсіріп отырасың. Ондай рецензент я бірден ұрысқа көшіп, шығарманың дымын қоймай жамандап, жазушыға тақпайтын бәлесі болмайды. Я шығарманы көкке көтере мақтайды, ойсыраған идеялық-көркемдік
кемшіліктеріне көзін тарс жұмып алады. Бұның екеуінің де жазушының творчестволық жолда өсуіне кедергісі болмаса, еш пайдасы жоқ, принципсіздік, әдебиеттегі арсыздық деп осыны айтады. Кінәмшіл де, секемшіл де болмай-ақ қоялық. Сұрқай шығарманы мақтағанда да сыншы бұны жақсы пиғылмен істедім деп ойлауы мүмкін. Ал шындығында ол автордың желеуінде кетіп, өз абыройын төгетінін байқамайды. Жөнсіз асыра мақтау шығарма авторын қолындағы қаруынан айырады, өзінің кітабы, жалпы өзі жөнінде жаңсақ пікірде болуына итермелейді, тоқмейілсуге апарып соқтырады. Соңғы уақытта сын саласында жастар белсенді жұмыс жасап жүр. Сын кемесінің тізгіні бұл күнде берік қолда деуге болады. Сонда жас сыншылдардың аяқ алысы қалай, мақалаларында қандай мәселелерге ден қойып жүр – бұл туралы мен біздің баспа органдарымыздың жұмысына тоқталғанда айтсам деймін. Жазушылар арасында етек алған сынға деген теріс көзқарас сыншылардың белсенділігіне қырсығын тигізіп келе жатқаны белгілі. Сын айтқанның бәріне қарсы дүрсе қоя берсе, шындықты айтуға ешбір сыншының зауқы соқпақ емес. Сыншыларға Қазақстан Жазушылар одағы да жөнді арқа-сүйер бола алмай келеді. Соңғы уақытта бір де бір елеулі әдеби сын-еңбекті талқылағанымыз жоқ. Сын мен әдебиет зерттеу жөніндегі комиссия іс жүзінде жұмыс жасамайды, оның бар бітіретіні – әдебиет зерттеу мақалалары жинақтарын оқта-текте баспаға ұсыну ғана. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарына келетін болсақ, бұлар әзір биік принципті сын пікірлердің тоғысар орталығы бола
алмай келеді. Бұл – олардың жұмысындағы ең үлкен олқылық. Өйткені бұл газет пен журналдар оқырмандарды көркем шығармалармен таныстыра отырып, бәрінен де бұрын әдеби процеске басшылық ете білуі керек, оны өз бетімен жібермей әрбір әдеби құбылысқа баға беріп отыруы керек. Әдеби сынпікірді ұйымдастыруда, дамытуда біздің баспасөз органдарымыз әлі өз дәрежесінде емес. Бұл сынды ең алдымен «Жұлдыз» журналының редакциясына айтқан жөн. Өзге емес, алдымен осы журнал принципті сын сахнасына айналуы керек еді, әдебиет пен өнердің маңызды мәселелерін көтеруі керек еді. Оның орнына журнал беттерінде жас жазушылар қай әдіспен – қай жақтан – өз атынан ба, өзгенің атынан ба – жазу керек деген тақырыпқа айтыс ашты. Журналдың редакциялық алқасының ойынша қазақ совет әдебиеті дамуының бүгінгі басты мәселесі осы болса керек, өзгені жиып қойса да, соны жазуға дегенде аянып қалар емес. Қалай болғанда да қазақ совет әдебиетінің бүгінгі түйінді мәселелерінің бәрі «мен» және «біз» деген екі есімдікке тіреледі дегенге қалай күлкің келмек? Журнал редколлегиясының әдебиет мәселелерін талқылауға жастарды тартуы дұрыс-ақ, бірақ сонымен бірге бұған Мұқанов, Мұстафин, Тәжібаев, Қаратаев, Есенжанов сияқты тағы да көптеген аға буын жазушы, сыншыларды да қатыстырын тұру керек еді. Сонда сынның түр-түрі көбейіп, үлкендердің білгірлігі мен жастардың алымдылығы бір жерге тоғысар еді. Жазушыларды сын жазуға қатыстыру оңай емесін мен өз тәжірибемнен білемін, алайда онысыз тағы болмайды. Онысыз журналдың сын бөлімінің жұмысын жолға қоя алмаймыз. Сондықтан журналдың соңғы номерлерінде басылған
бірсыпыра сын мақалалар турасында партиялық баспасөз бетінде айтылған ескертпелерді негізінен дұрыс деуіміз керек. Дұрыстығы сол – журналдағы мақалалардың маман дәрежеде жазылмағандығы рас, оларда бүгінгі күннің басты проблемалары сөз болмайды, өмір деректері аз да, жаттанды, кітаби сөзден аяқ алғысыз, кейбір шығармаларға баға беруде сыңаржақтық орын алды. Сонда да біреулер мұны жұғымсыз пиғылмен істелдіге сайғысы келсе, саяси теріс бағыт немесе қылмыс деп тапқысы келсе, біз онымен келісе алмаймыз. Журналдағы сын мақалалары да, журналдың адресіне айтылған сын да мұндай тұжырымдарға баруға мүмкіндік бермеуі керек. Алайда осы төңіректе әңгіме қоздырып, журнал мен оның оппоненттерін бір-бірше айдап салып, «үрит соқ!» деп отыра бергісі келетіндер де бар сияқты. Бұлай арандатушылыққа екі жақтың екеуі де берілмеуі керек. Талай-талай кемшілігі бола тұрғанмен біздің журналымыз жаман емес, ылғи ізденіп, ой қармап жүретін журнал. Оған керегі – қамқорлық, көмек қана, онда да кек сақтамаған, жоқтан өзгені ілік қылмаған мақұл. «Қазақ әдебиеті» газетінің жұмысында да елеулі кемшіліктер бар. Ол кейде өзінің творчестволық бетін, тақырыптық профилін жоғалтып алып жүр. Кейде газет қызық қуалап кетеді, тіпті модалар ательесінің қыздарына дейін жазып жатады. Ал кейде республикамыздың әр алуан, бай өмірін қамтуға талпыну орнына ұйымдық тар шеңберден, Жазушылар одағы төңірегінен шыға алмай қалады. Республика өмірінде болып жататын нелер маңызды оқиғаларды жазуда газет алғыр, елгезек емес. Тіпті ең алдымен жазушыларға қатысты идеологиялық тәрбиенің маңызды мәселелері
жөніндегі КПСС Орталық Комитетінің пленумы сияқты төтенше оқиғаны да газет ойдағыдай жаза алмады, осы тұста өз беттерінде ойлы, қызғылықты мақалалар бере алмады. Біздің «Простор» журналымыз да әлі күнге дейін өзінің профилін айқындай алмай келеді, біресе «Юность», біресе «Огонек», енді біресе «Москва» журналдарына ұқсап шығып жүр. Оның редакциясы әлі сол бұрынғысынша журналға жазушылар тартумен көбірек шұғылдануда, оқырмандарды құр сыртқы әдемілігімен тартқысы келеді. Ал ішкі мазмұнына үңілсек, мұнда жарияланатын шығармаларға қатаң талап қойылмайтынын, тақырып іріктеуде талғамсыздыққа жол беріліп жүргенін көреміз. Газет, журналдарымыздың өз міндеттерін тиісті дәрежеде атқара алмай жүруіне бір себеп – олардың редакцияларында қызметкерлер әлі күнге дейін жиі алмасады. Бас редакторлар кадр таңдауда кейде жаза басатындары бар. Мәселен, «Простор» журналының редакциясында бір де бір очеркист жоқ та, есесіне үш ақын отыр. Газет, журналдардың редакциялық алқалары бас қосып, ақылдасып істеуге жоқ, басылатын материалдардың идеялық-көркемдік дәрежесі төмендеуіне бұл да салқынын тигізбей қалмайды. Өмірге терең бойлау, коммунизм орнатудың ұлы программасын іске асыру үшін күресушілер туралы көбірек те жақсырақ жазу, басылатын материалдардың идеялық-көркемдік сапасы жоғары болуын қадағалау – біздің баспасөз органдарымыздың басты міндеті осы болуы тиіс. Сонда ең күшті жауынгер қаруымызға – әдеби сынға ерекше көңіл бөліну керек. Бізге нағыз партиялық, принципті, өткір сын керек. Оның осы өткірлігін
әдеби шаруашылығымыздың ұтырлы тұстарына, оның кезектегі проблемалы мәселелеріне жұмсау қажет. Даурықпа құр айқайдың, түймедейді түйедей етудің қажеті шамалы. Біздің көркем әдебиет кітаптарымызды насихаттауда баспасөз органдарымыз Жазушылар одағының өзіне тартқан. Кейбір қызметкерлердің жауапсыздығынан қыруар кітап әр жерде қоймаларда тозып жатқанына қалай енжар қарарсың. Қай кітапты жұрттың қанша сұрайтынын білмейміз. Біздің баспасөз органдарымыз жергілікті партиясовет, кәсіподақ және комсомол ұйымдарының көмегімен жер-жерде кітапқұмарлар қоғамдарын ашуға неге мұрындық болмасқа? Солар арқылы жүйелі, пәрменді түрде неге көркем әдебиетті насихаттау жұмысын жүргізбеске? Тиісті орындармен тізе қоса отырып, кітап таратушылар конкурсын ұйымдастыруға да болар еді. Соңғы жылдары секретариат пен творчестволық секциялар тарапынан жаңа шығармаларға өсіңкі талап қойыла бастады. Одақтың қазіргі бар жұмысы әдебиеттегі сұрқайлық пен халтураға, қара дүрсін шаблонға қарсы бағытталып отыр. Бұған дейін қолжазбаның баспаға өтуі құр рәсім үшін қағазға түссе, енді секретариатта талқылап, ұнатым таппайынша бір де бір қолжазба баспаға тапсырылмайды. Сонда неге біздің одақта әрбір қолжазбаға осынша шұқшиятын болдық? Өйткені осылай егжей-тегжейлі мұқият талқылаулар арқылы әрбір шығарманың сапасы үшін күреспекпіз, әдеби қоқыстың өтіп кететін жолдарына бөгет қоймақпыз. Осының кейбір жемістерін де жиып отырмыз. Сәбит Мұқановтың «Есею жылдары», Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романдарын, А.Тоқмағамбетов пен Е.Ибраһимның өлеңдері
мен поэмаларын талқылау, сайып келгенде, бұл шығармалардың ширыға түсуіне де, олардың авторларына да пайдасыз болған жоқ. Авторларға нақты көмек көрсету мақсатымен олардың кітаптарын баспаға жіберілмес бұрын қолжазба күйінде талқылаумен бірге, баспадан жарыққа шыққан кітаптарды талқылауды да тәжірибеге енгізіп жүрміз. Қайсыбір автордың жаңа шыққан кітабын талқылағанымызда оның қазақ әдебиеті үшін қаншалықты маңыздылығын, қыруар кітап дариясындағы оның меншікті салмағын анықтауды мақсат етеміз. Бұл кітапқа деген оқырман пікірлері, жұртшылықтың бағасы да осы орайда мықтап қаперге алынады. Алайда, кейбір жазушылар бұл талқылауларға наразылық білдіріп жүр, бұл – баспаның жұмысы, жазушыны текке өбектеудің қажеті жоқ дегенге саяды олар. Шындығында олай емес. Авторлардың жаңа шығармаларын талқылау, оларға нақты көмек көрсету одақтың әрбір творчестволық секциясының төл ісі, оның жұмысының басты формасы болуы тиіс. Әрбір қолжазба оның авторына қандай қымбат болса, Одаққа да сондай қымбат. Бірақ жеке біреулердің көңілін жықпас үшін Одақ әдеби шығармаға қоятын қатаң талабынан қайта алмайды, сұрқай, дүмбілез қолжазбаларға «жәрәкімалла» дей алмайды. Ал, жаңағыдай талқылаулардың ұйымдастырылу жағы, идеялық-теориялық деңгейі туралы айтылып жатса, онда әңгіме басқа. Өкінішке орай, кейбір талқылаулар, әсіресе секциялардағы жиындар ойдағыдай дәрежеде өте бермейді. Қолжазбаларды ұсынуда да талай шырғалаң кездеседі. Соңғы кезде
әрқалай себептермен кейбір шығармалар секретариатта дер кезінде өз бағасын ала алмады. Әдебиетке шын жаны ашитын адамдар осы тұста творчестволық жұмысты қайткенде жолға қоюға болатыны жөнінде кеңесін айтып, жаңа шығармаларды оқыпталқылауға белсене атсалысуы керек еді. Оның орнына құр күдіктеніп, жалаң данышпансудың қажеті не? Аяқтан шалмай, алға басуға көмектесе білген жөн. Жазушылар одағының, атап айтқанда оның секретариатының жұмысында кемшілік аз емес. Басқарма секретарлары мен творчестволық секциялардың жетекшілері жазушылардың тілекталаптарына кейде мұқият ден қоя бермейді. Әрбір жазушымен жеке орайласа жұмыс жасау, оларға нағыз қаламдастық, жолдастық қамқорлықпен қарау жетіспейді бізде. Секретариаттың жұмысына көмектесіп ақыл қосудың орнына көптеген президиум мүшелері одақ жұмысына басшылық етуден әбден шеттеп алды. Ал Жазушылар одағы басқармасының мүшелері іс жүзінде ешқандай жұмыс атқармайды. Біз басқарманың ролін көтеруіміз керек, әрбір басқарма мүшесі біздің творчестволық жұмысымыздың белгілі бір саласына жауапты болуы тиіс. Жер-жердегі әдеби-творчестволық жұмысты жандандыру, жас талапкерлерге қолқабыс беру мақсатында секретариат Одақтың президиум мүшелеріне әрқайсысы бір-бір облыстық бөлімшеге жетекшілік етуді ұсынғанында, олар қабыл алғанды. Сөйтіп, Ә.Тәжібаев – Оңтүстік Қазақстан, Т.Ахтанов – Батыс Қазақстан, Т.Жароков – Қарағанды, М.Қаратаев – Тың өлкесі, Ғ.Мүсірепов – Семей, Л.Кривощеков – Шығыс Қазақстан
бөлімшелерінің жұмысына жауап бермекші болған. Содан бері, міне, үш ай өтті. Одақтың жаңағы айтқан жергілікті бөлімшелерінің жұмысына басшылық етуге бағышталған өз жоспарларын, ұсыныстарын айтып, бұл жолдастардың ешқайсысы Одаққа келген жоқ. Сонда жұмыс қайда қалды? Жұмысты бастау керек емес пе? Өйткені жазушыларды, әсіресе жас талапкерлерді тәрбиелеу біздің бәріміздің төл ісіміз, ортақ шаруамыз. Оларды идеялық қателерден, буржуазиялық мәдениеттің шіріткі ықпалынан, формализм мен натурализм дертінен сақтандыру – Жазушылар одағының, әрбір үлкен жазушының күнбе-күнгі мүдделі шаруасы болуы тиіс. Біздің алдымызда қыруар жұмыс тұр, оның бәрін айтып тауыса алмаспыз. Дегенмен, сол көп шаруаның ішінде біздер жазушылардың өмірмен, халықпен байланысын нығайтуға әсіресе көңіл бөліңкіреуіміз қажет. Онысыз өзіміздің коммунизм құрылысшылары деген қасиетті атымызды ақтай алмаймыз. Біздің өтінішімізді құп алып, республика үкіметі мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті тың игерудің он жылдығына орай Тың өлкесіне командировкаға баруға бізге арнайы қаржы бөліп отыр. Бұған жауап ретінде біздер тың игерушілер турасында жақсы кітап шығаруымыз керек. Жазушылар бұған, құлшына кірісер деген сенімдеміз. Жазушылардың творчестволық, қоғамдық қызметінің коллективтік түрлерінің, қаламгердің түрлі істерде тәуір бастамаларға баруының қазір маңызы күшейіп отыр. Жуырда Москва жазушылары ұйымы басқармасының пленумы жазушылардың ұсыныстарын тіркеп, іске асыратын орган –
Қоғамдық байланыстар жөніндегі комиссия құруды мақұлдады. Бізге де осындай жұмыс түрлерін ойластыру қажет шығар. Жазушы қоғам қайраткері, өз заманының озат адамы. Ол тек жақсы кітаптар жазып қана қоймай, жүрегінің бар ыңтасымен қоғам өміріне араласуы тиіс. Айнала өмірде болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғалардың бәрінен ол хабардар болуы керек. Жақсыны көргенде, жаны сүйсініп, қуана білсе, жамандықты көргенде жаны күйіп, онымен аяусыз айқаса білсе ғана ол жазушылық атына лайық болады. Аяулы ағамыз Бейімбет Майлин қандай еді? Ол өз кезеңінің адамдарын бес саусағындай білетұғын, ол айналасындағының бәрін, тіпті ұсақ-түйегіне дейін байқайтын да сол көргендерін шығармаларына түсіретұғын. Мәселен, оның қиып-сал өткір фельетондарынан әлі күнге дейін арамтамақ, жағымпаз, ұры-қары атаулының құты қашады. Партиялық, революцияшыл турашылдықтың жарқын мысалы ретінде Сәбит Мұқановтың жас кезін алуға болады. Большевик жазушы сол кезде түрлі түсті ұлтшыл, байшыл сілімтіктердің талайын қара тақтаға сүйреп шығармап па еді? Совет өкіметінің заңына қарсылардың бәрімен белдесе күресуге талмастан қызмет етпеп пе еді? Коммунизм құрылысшыларының жаңа ұрпағын тәрбиелеуде, буржуазиялық идеологияның ықпалымен шайқасуда, совет адамының моральдік кодексіне жат құбылыстарды аластауда, біздің әдебиетіміз бен өнеріміздің тазалығы үшін күресте партия әрбір совет жазушысынан осындай жауынгер белсенділікті талап етеді. Біздің жазушылар жұртшылықпен, өз оқырмандарымен кездесуден бас тартпайды. Оқу орындарында, завод-фабрикаларда, колхоз-со-
вхоздарда болып жүреді. Лекциялар дайындайды, өздерінің шығармаларын оқиды. Бірақ қоғам жұмысына бұдан да белсендірек қатысуымызға болады және ол керек те. Творчестволық жұмыстарға баға бергенде, әсіресе қазіргі заман тақырыбы қалай жазылып жүргеніне келгенде мен өз тарапымызды да сыннан қағыс қалдырмадым ғой деймін. Солай бола тұрса да, сөз аяғында мен жазушыларымыздың жаңада жазылып біткен кейбір шығармаларын атап өтпекпін. Жуық арада Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романының үшінші кітабы, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінің» екінші кітабы, Хамит Ерғалиевтің әлі талай жалғасы болмақшы «Редактор» поэмасының бірінші бөлімі оқушы қолына тиеді. Қ.Ыдырысовтың «Әке жолы» поэмасы жарыққа шықты. Ғ.Мұстафин, Ғ.Сланов, С.Бақбергенов, Қ.Исабаев жаңа романдарын аяқтады, я аяқтауға жақын. Соңғы жылда біздің жақсы ақынымыз Қалижан Бекхожин аса өнік еңбек етті. Бұрынғы «Ақсақ құлан» поэмасын қайта жазып еді, шығарма одан сайын құлпырып кетті. Ақын қазір тың игерушілер тақырыбына жаңа поэмасын аяқтап келеді. Осыларды тек тізіп өткеннің өзінен біздің жазушылар жұмыс істеп жатқанын көреміз. Олар халық алдындағы, бүгінгі ұшқыр уақыт алдындағы жауапкершілігін әбден сезінеді, өздеріне үлкен талап қоя да біледі, соның нәтижесінде совет оқырмандарының талғамына татитын шығармалар жаза алады. Коммунистік партия бізден осыны күтеді. Біз бұны ар-намысымыздың ісі, ең биік парызымыз деп білеміз.
АҚЫНДАРДЫҢ АҚЫНЫ Ұлы орыс поэзиясы ғана емес, бүкіл дүние жүзілік жырнат аспанында әрдайым қатар тұратын екі жарық жұлдыз бар. Олар – Александр Сергеевич Пушкин мен Михаил Юрьевич Лермонтов. Бұлардың поэзия тарихында қатар орын алуы, қатар аталуы, әрине, бір халықтың бір мезгілде жасаған ақындары болуынан ғана емес. Рас, бұлар бірімен-бірі соншама тағдырлас та болатын. Екеуі де азаттықты аңсады, екеуі де топастық пен озбырлықты шенеді, екеуі де сайып келгенде сол қасиеттері үшін құрбан болды. Өйткені, поэзияның осынау қос жұлдызына қарсы оқ атқан Дантес пен Мартыновтың қанды қолдарына пистолет ұстатқандар – патша сарайының өз ішінде, өзінде еді, өлтірушілердің іздері сонда апарады. Осының бәрін ескере отырғанның өзінде, біз: Пушкин мен Лермонтовты дүние жүзілік әдебиет тарихында қатар қоятын жағдай – ең алдымен олардың ақындық кемеңгерлігі, ой-өрістерінің кең-шалқарлығы, рухани туыстығы, азаматтық дауыстарының үндестігі, – дейміз. Осы арқылы олар жалпы адамзат мәдениетіне орасан мол үлес қосып, бүкіл әлемдік жырнат алдиярларының қатарына тұрды. Есімдері егіздей қатар аталса да, екеуі орыс халқы жанының, орыс ұлты дарындылығының нұрлы айнасындай бір ұғымды – ұлылық ұғымын беретін болды. Әлбетте, орыс поэзиясының дана атасы Пушкин екенін Лермонтовтың өзі-ақ паш етіп өтті. Осы жәйттің өзі де оның азаматтық, адамгершілік,
ақындық тұлғасын көтере түседі, асқар тау шыңындай өркештендіре түседі. Орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский Лермонтов есімін Пушкин есіміне жалғас, Гоголь есімімен қатар қоя отырып, Михаил Юрьевичтің көзі тірісінде-ақ былай деген екен: «Оны біз Байрон деп те, Гете деп те, Пушкин деп те атамаймыз және одан бара-бара Байрон, Гете немесе Пушкин шығады деп те айтпаймыз. Өйткені, біздің көзіміз әбден жететін нәрсе: одан анаусы да, мынаусы да, үшіншісі де емес, Лермонтов шығады». Кемеңгер сыншының сол айтқаны болды. Лермонтовтан Лермонтов шықты. Орыс тілінің, Пушкин поэзиясының бал бұлағынан сусындай отырып, сол бұлақты молайта түскен, мөлдірлей түскен Лермонтов – өзіндік биік, өзіндік ұста, өзіндік терең, өзгеге телінбейтін Лермонтов. 1832 жылы Лермонтовтың өзі де: «Жоқ, мен Байрон емеспін, мен өзгемін» – деп жазған еді. Соны айта отыра ол: Мен де сондай тағдырдың ел кезері, Орыс жаны кеудемде менің бірақ... дейді. Иә, сол орыс жаны, орыс халқының мұңзары, арман-тілегі Лермонтовтың барша ақындық мұратына өзек болды, Отаны алдында азаматтық, перзенттік бетін айқындады, алғашында баяу естілген мұңды дауысы кейін ашынған асқақ ыза дәрежесіне көтерілді. Лермонтовтың ұлылық қасиеттерінің ішінде мені әсіресе табынтатын бір кереметі – ғажайып батылдығы, қылыштай кесіп түсетін өткір сөзділігі. Мысалы, Пушкинге арнап жазған «Ақын өлімі» деген өлеңіндегі: «А вы, надменные потомки Известной подлостью прославленных отцов,
Пятою рабскою поправшие обломки Игрою счастия обиженных родов! Вы, жадною толпой стоящие у трона, Свободы, Гения и Славы лалачи! Таитесь Вы под сению закона, Пред вами суд и правда – все молчи!..» – деген сөздерді сол кездегі жағдайда айту үшін батыл ғана емес, көзсіз батыр болу керек еді. Бұл арада: «Жауыздықпен аты шыққан әйгілі әкелердің тәкаппар ұрпақтары, сендер... Бостандықтың, Даналық пен Даңқтың жендеттері, сендер...» деп ақын тұп-тура патшаның, патшалық тәртіптің өзіне айтып отыр. Мұндай ызалы да жау жүрек сөзді қазақта Махамбет қана айтқан. Сондықтан Жәңгір ханға, Баймағамбет сұлтанға айтқан Махамбет өлеңдерін өзге тілге жеткізе аудару қандай қиын болса, Лермонтовтың мына сияқты өлеңдерін бұлжытпай аудару да сондай қиын. Біздің бақытымызға қарай, бір жақсысы, қазақтар қазір орыс поэзиясын түп нұсқасынан да оқи алады. Әйтпесе, жоғарыда айтылған Лермонтов өлеңіндей дүниені қандай-қандай жақсы аударма да әбден жеткізе алмаған болар еді. Лермонтовтың және бір аса қуатты, аса айбынды, мейлінше ашық айтылған өлеңдерінің бірі – «Қош боп тұр, жуылмаған Россия». Мұнда да ақын «Құлдар елі мен мырзалар еліндегі» адам төзгісіз, ауыр жағдайдың, қуғын-сүргін мен қысымшылықтың, таршылық пен тоңмойындықтың суретін тапжылтпай түсірген. Егер орыс халқы, оның Белинский сияқты озық ойлы ұлдары осындай поэзияға қарап Лермонтовты ұлы ақын, ұлттық мақтаныш деп бағаласа, патша өкіметі одан өзінің жауын, аяусыз әшкерелеушісін көрді. Мартыновтың қолымен Лермонтовты өлтірген де сол.
...Біздің қазақ халқы – ақын халық. Бұл асыра айтқандық емес. Бізде өлең айтпайтын да, өлеңді танымайтын да адам сирек. Сөздің майталман жүйрігін «па, шіркін, ақын екен!» деп бірден көре қояды халық. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген Абай арқылы Лермонтов қазақ даласына А.С.Пушкинмен бірге 1880 жылдардың екінші жартысында келді. Келгенде өгей боп келген жоқ, өз ақынымыз боп келді. Жалынды жырлары бірден баурап, қазақтың іші-бауырына кіріп кетті. Әлбетте, мұнда Абайдың да үлкен еңбегі бар еді. «Орыс классиктерінің ішінде Лермонтов Абайдың қатты сүйген ақынының бірі, – деп жазды Мұхтар Әуезов. – Абайдың өз айтуынша, Лермонтов «ерекше ызаның ақыны», «махаббаты ашумен уланған ақын». Ашуы қоғам құрылысына наразылықтан, қоғам дертіне күйінгендіктен туған. Ол сол ашумен отырып, қоғамдық мінмерезді жерлейді. Адамды ішкі ойына үңілтеді». Осы қасиеттері арқылы өзімен үндестік тапқан Абай Лермонтовтың отызға тарта өлеңін қазақ тіліне аударды. Ол аудармалар («Қанжар», «Жартас», «Қарасам қайғыртар жұрт», «Жалау», «Теректің сыйы», «Босқа әуре боп», «Жолға шықтым», «Демоннан» үзінді және басқалары) күні бүгінге дейін аударма өнерінің өнегесі сияқты, қазақтың төл өлеңіне, халықтың жырына айналып кетті. Сонымен бірге Лермонтов сарынын Абайдың өз өлеңдерінен де кездестіріп отырамыз. Бірақ мұндай ретте Абай құр еліктеуші емес, үлкен естияр шеберлігін, даналық ерекшелігін танытып отырады. Пушкиннен Лермонтов қалай үйренсе, Лермонтовтан Абай да солай үйреніп, оның өлеңдерінен
алынған мотивтерге қазақ бояуын, қазақ жанын беріп, сол ой-пікірді дамыта түседі. Туған жерге деген перзенттік махаббат, оның жауларына деген өшпес өшпенділік, азаттықты ардақтау, еркіндікті тұншықтырушыларды жерлей шенеу – міне, Лермонтов өлеңдеріндегі осындай ізгі қасиеттер Абайдың тамаша аудармалары арқылы «құлақтан кіріп, бойды алар» поэзияны танытты. Орыс поэзиясымен, соның ішінде Лермонтов жырларымен жете таныса отырып, Абай Россияның озық ойлы адамдарына, бүкіл орыс ұлтына, оның мәдениетіне ерекше сый-құрметпен қарайтын болды. Сондықтан да «Орыстардан үйрен» деген сөз оның ең үлкен өсиеті боп қалды. Бұл өсиетті Абай ұрпақтары орындап та келеді. Және қазақ ақындарының ең дана ұстаздарының бірі де – Михаил Юрьевич Лермонтов. Бүгін Лермонтовты бүкіл қазақ халқы оқиды. Қалада да, ауылда да, жайлауда да, далада да оқиды. Қазақ тіліне оның негізгі шығармалары түгел аударылды және талай рет қайта басылып шықты. Бұл күндері, Лермонтов мерекесінің орыс әдебиеті мен өнерінің Қазақстанда өтетін онкүндігімен ұштасуы да кездейсоқ емес, бірі мен бірі тығыз байланысты нәрсе. Онкүндік кезінде орыстың ұлы ақынының есімі тағы да сан рет ауызға алынып, оның өлмес жырлары онан сайын саңқылдап естілмек. Лермонтов арманының жүзеге асқаны да әлдеқайда айқын көрінбек. Біз, қазақтар, ақын халықпыз. Солай бола тұра Михаил Юрьевич Лермонтовты ақындардың ақыны деп білеміз де, оның өлмес поэзиясы алдында бас иеміз.
ДОСТЫҚ ПЕН МАХАББАТ ЖЫРЛАРЫ Мариям Жагор деген орыс қызы, Он жеті, он сегізге келген кезі. Қазаққа Дудар деген ғашық болып Сондағы Мариямның айтқан сөзі: Дударари-дудым, Сенің үшін тудым, Шіркін-ай, Дударари-дудым!.. – деп қайсымыз шырқамадық? Мұны біз жанымыз сүйген жарға қосылып та, жарқылдаған жастар қауымында да, «қарақтарым, қане бір ән салыңдаршы» деген қариялар алдында да шырқадық. Бұл театр сахналары мен эфирден де қанат қақты. Ұлы Отанымыздың астанасы Москва жұртшылығының да биік сезімін тербеді, қайда жетпеді... Көп жылдан бері ел аузынан түспей, қазақ даласында махаббат гимні сияқты болып кеткен осы «Дударай» әнінің шындығы мен сұлулығынан басқа да үлкен тарихы бар еді. Ол аяулы екі жастың – орыс қызы Мариям мен қазақ жігіті Дудардың біріне бірінің ғашық болуында ғана емес. «Дударай» тарихына үңіле қарасақ, мұнда бас бостандығын, махаббат бостандығын аңсап, «ескі салттың есігін қатты жаппақ» болған жас жүректердің сол дәуірдегі аз қуанышы мен көп қасіретін, сол кіршіксіз жүректерді
шерменде еткен обыр заманның азғын әлпетін көреміз. «Дударай» тарихына осы тұрғыдан назар аударған ақын Қалижан Бекхожин пікір айтылғалы отырған кітаптың «Автордан» деген ескертпесінде былай деп жазады: «1950 жылы басылған «Мариям Жагор қызы» атты дастанымда елеулі кемшіліктер бары баспасөз бетінде айтылып, сыналған болатын. Сол сындарды еске ала отырып, бұл поэманы келелі өзгерістермен қайта жаздым. Сындарда бұл поэманың бұрынғы вариантында халық достығы махаббат арқылы ғана жырланып, сыңар жақ кеткен, аз, еңбекші халықтың өз тағдырлары арқылы қауымдасуы сәл шыққан, дәлелді емес делінген еді. Осы талапты ескере отырып, поэманы жаңалап жазып, бірнеше тарау қостым. «Көңілдегі күй», «Жұт», «Шырмау» атты тараулар тыңнан жазылды. Басқа тарауларды идеялық және көркемдік жағынан күшейту үшін көптеген түзетулер енгізілді». Сонымен біздің алдымыздағы шығарма – «Мариям Жагор қызы» поэмасының жаңа нұсқасы. Бұл мақаладағы сөзіміз сол туралы болмақшы. Поэманың өзекті идеясы – халықтар достығы, орыс-қазақ еңбекшілерінің тағдыр бірлігі арқылы табысуы екені жоғарыда автордың өз сөзінен де көрінді және солай да. Сол өзекпен қоса қабат өрлеп, өне бойы өрістеп отыратын екінші бір үлкен арқау – Мариям мен Дүйсеннің (Дудар) арасындағы махаббат. Бұлай болуы әбден орынды да. Өйткені капиталистік-феодалдық құрылыстың, шеркеу мен мешіттің ежелгі заңын бұзып, «әулие жолынан аттаған» бұл махаббат екі жастың ерлігі мен ерекше қасиеттерін аша түседі. Ендеше оны елемеу
поэманың сол геройларына да, шындыққа да қиянат болып табылар еді. Сонымен бұл шығарманы халықтар достығы мен махаббат туралы поэма дейміз. Әрине, Қалижанның алғашқы вариантта қателескеніндей, халықтар достығы құдалықтан немесе шын ғашықтықмахаббат – халықтар достығы ұранынан тумайды. Екеуінің де өз заңы бар. Екеуі де тек сол өз заңдарына ғана бағынады. Жұртшылықтың кезінде айтылған әділ сынынан қажетті түйін түйген ақын поэманың соңғы вариантында бұл жағын дұрыс, жаңаша шешкен. Жалғанда не көрмеді жарлы мұжық? Ол крепостнойлық-құлдықты басынан кешірді. Ол патша үкіметінің, дворяндар мен помещиктердің небір зорлық-зомбылықтарын, небір кіріптарлықты көрді. Солардан құтылу үшін босып та, қашып та байқады. Сондай мұжықтың бірі – Мариямның әкесі – Жагор қарт. Ол өз «мекенінен ұлтарақ жер бұйырмай», қазақ даласына, Нұра бойына көшіп келеді. Ен дала, еркін жатқан жер ғой, елінде еңбек пен кәсіп те еркін, несіп те әзір шығар деп ойлайды Жагор қарт. Бірақ... Болмады ойлағаны... Жүдеу дала. Мұнда еркін ойнақтаған тек жел ғана. Қаңбақтай елбең етіп көшкен қазақ, Ен дала аясынан таппай пана. Жатса да жомарт дала жазылып жай, Жалғыз-ақ көреді екен қызығын бай. Қырында бүрсең қаққан жарлы қазақ Орыстың бейнет шеккен мұжығындай. Сол қазақтың бірі – Үкен (Дудардың әкесі). Жагор мен Үкеннің ұлты мен тілі бөлек болса да,
тағдыр жағынан алалығы жоқ. Екі жарлы сол тағдыр арқылы табысады. Бірнеше жыл бойы екі жарты бір бүтін болып күнелтеді. Үкеннің «байлығы» өміріне балаған 3-4 қара мен баспана болса, Жагорда орыс халқының кәсіпшілдігі, еңбек сүйгіштігі, кең жүрегі бар. Ол біреуге үй, біреулерге пеш салып береді, егіннің қасиетін кеңес етеді, балықшылыққа әуестендіреді (осы қасиет кейін «сүйіңдер пейілі кең – алып жерді» деп, жарлы қазақтарға егіншілік кәсібін, дән егу тәсілін үйрететін Тимофей қарттың басынан да кездеседі). Үкен жұтқа ұшырағанда Жагор оған жартусыз көрегін де бөліп береді. Міне Үкендер мен Жагорларды біріктіретін, дос ететін осындай тағдыр бірлігі, жақсы өмір жолындағы ортақ арман. Сол тағдыр бірлігі мен ортақ арман аталардың аманатындай, олардың балалары – Дүйсен мен Алексейдің жүректеріне де берік ұялайды, бұларды біріккен күреске де аттандырады... Сөз жоқ, поэманың осы тақырыпты, достық тақырыбын жырлайтын жерлері кітаптың ең нанымды, ең әсерлі, көркем беттерінен саналады. Осыған қоса бір атап айтатын нәрсе: қазақ даласына келген Жагор, Тимофейлер сияқты орыс адамдары поэмада тек жарлылардың жаңа тобы ретінде емес, жаңа мен жақсылыққа, еңбек пен күреске оятушы, баулушы күш есебінде көрінеді. Енді поэмадағы екінші басты тақырыппен байланысты, әлеуметтік жағдайдың, тілек-мақсаттың, өмір жолының бірыңғайлылығы ғашықтық мәселесіне қандай әсер етеді деген сұрақ туса, оны да бір дәнекер емес деп айта алмас едік. Бірақ шын махаббат ең алдымен жүрек жарастылығы, сұлулық, жастық, ақылдылық, адамгершілік сияқты
тең, табиғи қасиеттерді пір тұтады. Сондықтан Мариямның дәулет болса да дарыны жоқ бай баласы Андрейді сүймей, жарлы болса да жақсылығы мен жастық жалыны мол, сымбатты Дүйсенді сүюі табиғи нәрсе. Ал Дүйсен болса, ол орыс халқының еңбекшілігіне, өнерпаздығына, жасыл бау-бақшалы деревнялары мен қалаларына қызығады, қарапайым орыс адамдарының ынтымақшылдығына сүйсінеді. Бірақ Дүйсен Мариямды сүйгенде, тек ол үшін ғана сүймейді. Ол алдымен оның сұлулығына, әсем әніне, асыл жанына, қазақ қыздарында кездеспейтін жаңа мінезіне ынтық. Бір-бірінің осындай жеке, табиғи қасиеттерін қадірлеп сүйіскен Мариям мен Дүйсен «ата салтын» бұзудан да, еш нәрседен де, ешкімнен де тайынбайды. Өз мүдделері, халық мүдделері жолында бастарына қиын-қыстау іс тірелгенде таптық тағдырдың, ой-тілектің бірлігі олардың таза махаббатын онан сайын дәнекерлеп, шыңдай түседі. Бірақ достықтың да, махаббаттың да рақымсыз зұлым жаулары бар. Олар – болыс Ыдырыс, ұлық Андрей Шишков, бұларды туғызған сол дәуірдің бүкіл қоғамдық құрылысы. Бұл жаулар екі ұлттың ұлы мен қызының ұғынысқан жүректерін жұлып алуға әзір. Олар қазақ кедейі мен орыс шаруасын бірінебірін берідей талатқысы, қарсы қойғысы келеді. Езу, қараңғылықта ұстау, тонап-талау – мақсаттары осы. Осы қара күштердің қолында қарғылы төбеттей: Түнеріп қара бұлттай отыр молда, Түскенін қарап қойып оң мен солға. Құдайдың өзі ұстатып кеткендей-ақ Әсілі ақ таяғы түспей қолда. Ол Үкен, Дүйсен, Базарларға жоқ Құдай мен қолдағы Құранның «үкімін» шығарып, оларды
«кәпір, діннен безген» деп жазаламақшы. Сонымен бейшара Үкенді қорқытып та алады. Енді Жагордың үйіне келсек, оның бұрышында өзге бір «сұп-сұр құдай» (икона) тұр. Достық пен махаббатқа осы өлік те қарсы. Мариямның шешесін қорқытатын да сол. Бірақ бұл «Құдайдың» да күні өтіп бара жатқан сияқты. «Құбыжық-ойыншық» дейді оған Мариям. Ал Дүйсен болса, ол: Басқаны Мариямдай сүйе алмаймын, Бұйрығы емес пе екен бұл Құдайдың? Немесе: Әмірші Құдай болса, қайда күнәм? Сүйдірді орыс қызын өзі маған, – деп жерлейді хазіретті, оны сықақ етеді. Бәлкім, «Құдай қызметшілері» Мариям мен Дүйсеннің ғашықтығына, дінді бұзуға ғана қарсы шығар? Жоқ, олар қазақтың екі жасы – Өрік пен Базардың арасындағы махаббатқа да қарсы. Шариғат бойынша Өрік қыздың үрген қарындай Ыдырыс болысқа тоқал болмай, өз теңі жарлы Базарды сүюі де «күнә» екен... Сөйтіп поэмада достық пен махаббат қилы-қилы сынақ жол, тартыстан өтеді. Идеялық арқауы берік, әлеуметтік тамыры терең алына жырланған сол оқиғалар үстінде ескі мен жаңаның, тап пен таптың жігі барған сайын ашыла түседі; соған байланысты адамдардың беті де айқындала береді. Ендігі сөз сол адамдар жайлы, олардың образы туралы. Көркем әдебиетте, оның кесек шығармаларында қандай идея болса да адам тағдыры арқылы ашыла-
ды. Сол адамдар өзінің жақсылық-жамандығымен, әлді-әлсіз жағымен, өз идеялымен айқын көрінгенде ғана шығармаға жан бітеді, өмір пайда болады. Сонда ғана ол өз оқушыларын сүйсінте де алады, күйінте де алады. «Мариям Жагор қызы» поэмасының тағы да бір сәтті жағы сол: біз мұндағы адамдардың жақсысына да, жаманына да бейтарап қарай алмаймыз. Жагор, Мариям, Дүйсен, Өрік, Базар, Алексей, Тимофейлермен бірге қайғырып, бірге қуанып отырсақ, Ыдырыс, Андрей сияқтыларға лағынет айтып отырамыз. Тіпті Үкен сияқты талай тақыр кедейлерді жер соқтырып кеткен жұтқа да қатты наразысың. Осы жұттың өзі тек табиғат ылаңы ғана емес, жаңағы Ыдырыстардың, сол заманның ылаңы сияқты болып көрінеді. Көркем шығармада адам образын ашатын негізінен үш элемент: іс, характер, портрет. Солар арқылы геройлардың жағымды-жағымсыздығын, жеке қасиеттерін көреміз. Оларды даралап ажырататын да сол элементтер. Осы тұрғыдан қарағанда және поэмада алатын жалпы орны жағынан, әрине, алдымен Мария мен Дүйсен (Дудар) көзге түседі. Ә, дегеннен, ән арқылы кездескенде-ақ бізге Мариямның үш қасиеті ерекше байқалады: кәсіпшілдік (өзеннен су тартысуы), ақылдылық, өнердаздық (әнші-гармоншы). Соңғы екеуі арқылы ол Андрейден Дүйсеннің атын босатып береді. Па, шіркін, орыс әні қандай жақсы, Құтқарған қыл бұғаудан ақсұр атты! – дейміз сонда біз. Бұдан былай Мариям қазақ даласына келген жаңа қарлығаш, жаңа асқақ ән, қанатты би, махаб-
бат азаттығының жаршысы, қыз қайратының үлгісі сияқты болып көрінеді. Әлбетте, біздің көз алдымызда оның осындай болып тұруына поэмадан тыс, өзге де бір жай себін тигізуі мүмкін. Ол – оның Мариямдығы, ардақты есімінің халық жүрегіне берік ұялауы. Жоқ, поэмадан сол халық сүйген Мариям көрінбейді десек, обал болар еді. Біз мұнда да Мариям бейнесінен қуаныш үстінде де, қайғы үстінде де, жаны сұлу, айнымас адал, қайратты орыс қызын танимыз. Әсіресе, ол өз махаббатының келешегін ойлаған күндерінде, «Дударай» әнін шығарарда, Дүйсен қаза тапқан кездегі қайғы үстінде жақсы көрінеді. Сөз жоқ, Дүйсеннің образынан біз жақсы жігітті, халықтың адал ұлын көреміз. Жасында Жагордың баласы Алексеймен бірге өскен Дүйсен хат таниды, өнерге ынтық, жолдасқа, досқа барынша адал. Оның Мариямға деген махаббатының шегі жоқ. Дүйсен өз жүрегінің, өз арының әміріне бағынатын намысшыл, ершіл жігіт. Ол кедей халықтың ауыр жағдайына қайғырады, бай-билердің, молдахазіреттердің зорлық-зомбылығына, әділетсіздігіне ашынады, оларға қолжаулық болғысы келмейді. Мысалы, Ыдырыс болыс «хатшым бол» дегенде Дүйсен: Өзіме қымбат жастық еркіндігім! Сол ғана бар дәулетім, көркім бүгін. Әкімге қошаметші құлдықпен тең, Қалайша арқалайын қорлық жүгін? Бақыт па жазықсызды жорғалату? Бұл жұртта онсыз да көп сорға бату. Жоқ! Сізге мен қызметші бола алмаймын, Шен үшін – сұмырайлық арды сату! –
деп жауап береді. Бұл геройдың характерін, көзқарасын ашатын, образын толықтыра түсетін, даусыз жақсы жауап! Бірақ, біздіңше, бұл сөздер тым ертерек, әзірліксіздеу айтылған сияқты. Өйткені бұған дейін поэмада Дүйсенді осылай ашына, қатал айтуға даярлаған мотивировка жоқ. Өйткені бұған дейін Ыдырыстың не істегенін де, Дүйсендердің қандай қорлық көргенін де білмейміз. Сол сияқты бұдан кейінгі оқиғаларда болыс-молдалардан әбден түңіліп, ат құйрығын біржола кесіскен және Тимофей қарт сияқты талай жыл саяси айдауда болып көпті көрген адамнан кімнің кім екенін, күрессіз еш жақсылық күтуге болмайтынын түсінген Дүйсеннің мешітте азуларын қайрап отырған хазірет пен Ыдырыстың қолына «айтысам» деп өзі барып түсуі де көкейге қона қоймайды. Рас, Дүйсеннің мұндағы айтқан сөздері өте өткір, өте керек сөздер. Алайда тұтқынға оның өзі келіп түспей лажсыз түскені нанымдылау болмас па еді? Осы сияқты артық-кем бола тұрғанның өзінде де Дүйсен образы – алдыңғы қатарлы орыс адамдарының ықпалымен оянған, қалың бұқараның бел баласының образы. Жоғарыда орыс, қазақ еңбекшілерінің тағдырластық арқылы табысқаны туралы айтқанымызда Жагор мен Үкеннің қандай адамдар екенін аңғарта кеттік. Сондықтан оларға көп тоқталудың қажеті аз сияқты. Бір айта кететін нәрсе: әлеуметтік жағдайы, ниеттері бір бола тұрса да, екеуі мүлде екі түрлі адам. Жагор өз парасаты қырқасының төңірегінде топшылай біледі, ойлайды, өмір қыспағына өз еңбегін қарсы қояды. Үкен болса, тағдырдың салғанына
әбден көнген адам. Оның бар баққаны 3-4 сиыр ғана. Бірақ сол сиырларды қаһарлы жұт құйрықтан алып жатқанда қанша жалбарынса да құдайдан еш қайырым көре алмаған Үкеннің аузынан туғалы айтпаған сөз шығады: – Бейбақпын құдіретіңді танымаған, Сақта сен, ая мені, талып барам. Сақта сен сиырымды, әулие өзің, Табындым енді саған, тәңір боран! – деп Құдайды былай қойып, боранға жалынады ол. Қызық психологиялық момент бұл! Ал Базар мен Өрік негізінен Дүйсен мен Мариямның образдарын, тартысқа түскен игі істің әлеуметтік мәнін аша түсу үшін алынған сияқты. Біреуі жігіт жолдасы болса, екіншісі қыз құрбысы. Бұлар да еркіндікке ұмтылады, Мариям мен Дүйсендерге бар жанымен тілектес, адал жүректер. Тек Базар туралы айтатын бір нәрсе: оны іс үстінде ғана емес, ойлану-толғану үстінде де көрсетіп, ішкі дүниесін аша түсер ме еді деп қаласың. Сонымен бірге дау айтатын нәрсе де бар. Қазақ мақалы «арық сөйлеп, семіз шық» дейді. Тамаша айтылған! Қалижан поэмасында керісінше, семіз сөйлеп арық шыққан бір кейіпкер бар. Ол – Тимофей қарт. Базардың айтуына қарағанда оның: Талай жыл күресте өткен күндері көп, Патшаның әміріне имей басын! Тимофейдің өзі болса, ол Дүйсендерге; Торына түстік те біз кете бардық, Сықырлап аяқ-қолда бұғауымыз, –
деп Сібірге айдалғанын әңгіме етеді, Андрей сияқты «шелтиген чиновниктердің» орыс халқы емес екенін түсіндіреді. Әр істе өз жаныңа еркіндік бер, Үмітпен жалындасын шалқып жігер. Достық тап, халқымыздан ал өнеге, Күреске ұмтыл, балам, талпынып көр – деп ақыл айтады ол Дүйсенге. Сондай сөздеріне қарағанда Тимофейден үлкен үміт күтесің, оны дүбірі сезіле бастаған келешек күрестің ақылды, тәжірибелі топ басыларының біріне санайсың. Бірақ бұл үміт ақталмайды. Тимофей кітаптың ортасындағы екі-үш бетте жарқ етіп аққан жұлдыздай бір көрінеді де, мүлде сөніп, ғайып болады. Тегінде сол жерде «егін егу тәсілін» үйретпек боп қала барса керек... Рас, Қалижан оның орнына қазақтардың майданға солдат алуға қарсы көтерілісіне басшы етіп соғыстан (1914 жылғы) жараланып қайтқан Алексейді қояды. Солай-ақ болсын. Бірақ ол Тимофей сияқты күрестің саяси мақсатын жақсы білетін, көзі жіті, тәжірибесі мол тарланның ақыл-кеңесіне зәруленбейтін адам тәрізді емес, большевиктердің ықпалымен оң мен солын жаңа ғана тани бастаған адам. Қала берсе, ақынның осы екеуіне айтқызған сөздері мен оларға өзінің берген құлықтамаларын салыстырсақ, Тимофей сол ұмыт қалған қалпында да басым жатады. Сондықтан да ол поэмада ақырына дейін күресте жүруге тиісті сияқты боп тұрады және сонда ол тұтас образ болып та шығар еді. Жағымсыз кейіпкерлерден Ыдырысты алсақ, ол өзінің қилы-қилы қулық-сұмдығымен, жаулық-
жауыздығымен барынша айқын көрінген тип. Оған тоқталып жатудың қажеті жоқ. Біз образ мәселесін сөз ете отырып, адамдардың ісіне, характеріне, қарым-қатынасына көбірек кідірдік те, өзіміз айтқандай, сол образдардың бір элементі портрет жасау жағын айтпай кеттік. Өйткені мұны жинақтап бір-ақ түю қажет сияқты. Бұл поэмада портреттердің жоқтығынан емес, солардың стандарттығынан, солғындығынан. Шығармада Мариямның «табиғаттай тамашалығы, ақ сазандай ақ мүсінді» екені, Дүйсеннің «күрең жүз, бұйра шаштылығы», Өріктің «гүл көрікті сұлулығы», тағы басқаларының тағы сондай бет-пішімдері айтылмайды емес. Бірақ осылар оқушының есінде қала бермейді. Автордың портретті беру әдісінің өзі үнемі бір сарында, біркелкі болып келеді. Қай геройдың аты аталса да, автор ә дегеннен оның портретін жасамақшы болады, әлбетте, мұның өзінде жағымдыларының сымбатты, жағымсыздарының жексұрын сияқты болып келетіні белгілі. Осындай жәйттер тек бұл поэмада ғана емес, біздің көп шығармаларымызда ескерілмей келе жатқанын айтпауға болмайды. Оның үстіне адамның портреті бет ажары мен тұлғасынан ғана емес, қимылы, сөз мәнері сияқты нәрселерден де көрініп отыруға тиіс қой. Қандай асыл бұйым да шебер қолдан, өнердің өңдеуінен өтпесе, сәні болмайды. Сол сияқты, әдеби шығармада әдемі бояумен, көркем тілмен берілмесе, жақсы идеяның өзі тұл. Бұл көптен көпке белгілі қағида. «Мариям Жагор қызы» поэмасының құндылығы да сол идея мен көркемдікті егіз етіп алуында, жақсы поэзиялығында. Мұны атап айтудың тағы
да бір керекті жағы: бұрын Қалижанның бірсыпыра шығармалары шұбар тілді болып шығып жүрген еді және бұл оқушылар мен сыншылардың көзіне де талай түскен болатын. Ал бұл шығармада Қалижан ақындық қуаты жағынан бұрынғысынан әлдеқайда биік көрінеді. Поэманың тілі көркем, таза, оқушыны қызықтырып отырады. Ақын татымды теңеу, әдемі бояу, дәл сурет таба біледі. Мысалы, Дүйсеннің Ыдырысқа көнбей шыққанын суреттегенде: Есігін қатты жауып шыққан кезде Ақсұр үй селт еткендей бір теңселіп, – десе, екінші жерде: Көрінді жер құртындай бай жылқысы Шұбырып бара жатқан терең сайға, – деп, бай малына жиіркеніш сезімін туғызады. Немесе: Ырысы бәрінің де бұл көктемде – Өзеннің қылдырықтай арнасында, – дейді. Осы екі жолдың өзінен Нұрадан балық аулаған Жагорлар халін бірден аңғартса, қуғыннан Дүйсендер паналаған көл туралы: Жағасын құйын басқан Қорғалжынның, Құс сыңсып, аңдар ұлып, болған ың-жың. Қозғалып қалың қамыс қобыз тартып, Көл бейне сабасындай толған мұңның, – деп суреттейді. Қалижанның ақындық шеберлігінің өскенін көрсететін, осы сияқты мысалдарды поэмадан көптеп келтіруге болады.
Әрине, бұл – поэманың тілінде, көркемдігінде мүлтік жоқ деген сөз емес. Кедір-бұдыр ойланбай айтылған сөздер, сәтсіз теңеулер кездесіп қалады. Поэмада Қалижанның сөздік штатына әбден орналасып алған «жалын», «от», «тасқын», «дауыл» тәрізді сөздер әлі де жиі кездесіп отырады. Сол сияқты олақ ұйқас, қайталау, шұбалаңқылық та жоқ емес. Бұл мұқиятырақ қарағанда редактордың көзіне де оңай шалынушы еді. Шығарма (эпилогін қоспағанда) Дүйсен, Алексейлер бастаған еңбекшілердің қанаушыларға қарсы күреске көтеріліп, Ыдырыстың үйін талқандаумен, одан әрі Дүйсен қаза тапқаннан кейін жаңа айқасқа кірумен тынады. Біз бұлай аяқтау керек емес еді деп айтқалы отырғанымыз жоқ. Тек бір нәрсеге назар аударамыз: ол Ыдырыстың үйін талқандау. Осындай шешімнің қандай оригиналдығы бар, біздің прозамыздың бірсыпыра шығармаларында да оқиға дәл солай тынбаушы ма еді? – дегіміз келеді. Бірақ мұны сырласу, пікірлесу ретінде ғана айтып отырмыз, поэманың кемшілігі дей алмаймыз. Ал эпилогі достық пен махаббат салтанатындай, қуаныш пен шаттыққа толы өмір жеңісіндей әдемі шыққан. Біз поэманың өз түсінігіміз тұрғысынан байқалған олқы, кемшілік жақтарына да біраз тоқталдық. Егер олар шынында да кемшілігі болса, шығармаға нұқсан келтірмейді дей алмаймыз. Соның өзінде де «Мариям Жагор қызы» поэмасын Қалижан Бекхожин творчествосындағы биік белес, қазақ поэзиясындағы елеулі тың сөздердің бірі, ақынның кезінде айтылған әділ партиялық сынға лайықты жауабы деп қарау керек.
АСҚАН ДАРЫН, АЗАМАТ АҚЫН Мен Ілияс Жансүгіровпен бұдан 30 жыл бұрын кездестім. Бірақ ол сырттай кездесу, кітап арқылы кездесу еді, Алатау шыңында тұрған асқақ дарынды алыстан, сонау Жайық бойынан қарап тұрып тамашалау, баланың данаға бас июі еді. Сөйтсе де сол кездесу әлі көз алдымда. Соның алғашқы әсері ақынның атын жан-жаққа жалтақтап бір қарап алып, екеуара сыбырлап атап келген жылдардың өзінде де есімде жүрді. ...1935 оқу жылының жаңа басталған кезі. Өлең-жыр, әңгіме-хикаяларды қолға кездейсоқ түскен газет, журналдардан оқып, тамсанып қала беретін ауылдық мектептің оқушысы мен бір күні мол сусынға кенелдім де қалдым. Орал қаласынан оралған Ғатау Қуанышкереев деген мұғалім: – Сен өлеңге құмар болсаң, міне мынаны оқы, – деп әдемі, ұмытпасам, жасыл-көк мұқабасында «Күй» деген алтын жазуы бар кітапты ұсынды. Онда Ілияс Жансүгіровтың үш жүзді тегіс тамсандырған тамаша дастандары бар екен. Бұрын тиіп-қашып жеке өлеңдерді оқығанда, аузыңа жаңа ала берген асты, дәмін татып үлгергенше, біреу, қайта тартып алып кеткендей, «әттеген-ай» деп, арманда қала беретін менің бұл жолы құмарым бір қанды-ау! Сол ғажайып жырлар арқылы мен ақын бейнесін де көзіме елестеттім. Ол, маған бір аңыз адамындай көрінді. Асқан жүйрік те,
керемет күйші де, арқалы ақын да – қысқасы, бәзбәрі «Мен – Ілияс Жансүгіровпын» деп тұрғандай болды. «Шіркін, соның аруағына түнер ме еді!» деп те ойладым мен. Әлбетте, бұл – балғын жанның, жүректің әсері еді. Алайда мен сонда нағыз поэзия сиқырымен жүзбе-жүз дидарласқандай болдым. «Кездестім» деген сөзді әдейі айтып отырғаным да сондықтан. Содан былай қолыма, газет, журнал, кітап тисе, Ілияс атын кітаптан іздейтін болдым. Бірақ менің сырттай таныстығым ұзаққа бармады. Ақындық пір тұтқан адамымның аты естілмей кетті. Сонымен Ілияс жырлары жақсы түстей көңілде қалды да көзден ғайып болды. Көбін оқып та үлгермегем. Тек партиямыздың XX съезінен кейін ғана қадірлі ағамен қайта кездестім. Рас, бұ жолғы кездесу де өзімен емес, жырларымен, мирасмұрасымен кездесу еді. Бірақ бұл табысу – мәңгілік табысу, баянды, қайырлы табысу, Ілекеңнің қайта тууы еді. Оның азаматтық жігерге, ақындық қуатқа толы ел мүлкіндей еңбектері көп ұлтты социалистік мәдениетіміздің алтын қорына баға жеткісіз байлық болып қайта қосылды. Сөйтіп, біз бүгін қазақтың социалистік мәдениетінің сом тұлғалары сөз болғанда, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сияқты көркем сөз боздақтары қатарында Ілияс Жансүгіров есімін арқа тұтып атаймыз. Олардың туған әдебиетіміз төрінен өз тақтарын алуы сонау жылдарда үңірейіп, ойсырап қалған орынды толтырып қана қойған жоқ, қазақ әдебиетін жандандыра, өр тұлғаландыра түсті, оның одан сайын ілгерілей беруіне де ықпалдарын тигізді. Ілияс атақты Сара ақынның жерлесі, аққуменен ән қосқан сал Біржанның даусын естіген
Ешкіөлмеспен көршілес Қапал тауының бауырында 1894 жылы туған. Қазір бұл жер Алматы облысына қарасты, Ақсу ауданы боп аталады. Ілиястың өлеңмен ерте айналысуына қарағанда, хатты да ерте таныса керек. Әкесінің ескіше сауаты болуы, кейін өзінің жәдитше оқуы болмысында поэзия үшін жаралған жас дарынның өлеңге әжептеуір әзірлікпен, талғам-талаппен келгенін аңғартады. Мысалы, 1915 жылы жазылған «Бұлбұл» деген өлеңнің өзінен тынысы кең, екпіні ерекше түйдектүйдек тастайтын ақынды танимыз. Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып, Тамсандым, таңдайымның суын жұтып. Толқытып, толықсытып, емірентіп, Қиқуға қызықтырдың, қылдың ынтық. Осы жолдарды оқығанда шапқан сайын өршеленетін хас жүйрік көзіңе елестейді. Өлең барған сайын ағылып, екпіндеп, нәрлене береді, қуаттана береді, өзінен-өзі бір дыбыс ырғағын тудырып, тамаша музыкаға айналып бара жатқандай. Осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған осы өлеңнің астына қай-қайсымыздың да күні бүгін тартынбай қол қоюымызға болар еді. Орайы келіп тұрғанда осы және басқа өлеңдерден аңғарылатын Ілиястың тағы бір ерекше қасиетіне назар аудара кету керек. Ақын не туралы жазса да, өз көңіл күйімен, адам жүрегінің дүрсілімен байланыстыра жырлайды. Ой-түйінсіз, мән-мақсатсыз сырттай қызығу, екінің бірі көріп жүрген нәрсені, қанша сұлу қалпында болса да, суретке түсіріп қана қою – Жансүгіров творчествосына жат мінез. Жоғарыда аталған өлеңнің өзінде.
Шырқатып, шыңғыртасың шымырлатып, Төмендеп түсіресің сыбырлатып; «Мұңдым-ау, мынау сенің мұңың ғой» деп, Маған да әкелесің қыңырлатып, – деп, бұлбұл жырын, өз сырын тамаша қабыстырады. Осындайдан келіп Ілияс поэзиясының лирикалық, сыршылдық қасиеті тілге оралады. Соған тоқталудан бұрын бір айта кететін нәрсе: Жансүгіров – үйреншікті теңеумен сөйлесек, сегіз қырлы әдебиетші. Ол – өз халқының өмірінен, социалистік құрылыс тақырыбынан пьесалар да, көркем әңгімелер де, тіпті кесек прозалық шығарма да жазған адам. «Кек», «Исатай-Махамбет» сияқты пьесалары, «Жолдастар» атты романы өз жанрында әдебиетімізден орнықты орын алған туындылар. Ілекеңнің кезінде өмірге мидай араласып, жастық жігермен ат салысқан фельетондары мен сатиралық шығармалары да, мәдениетіміздің көкейтесті мәселелеріне арналған түйінді-түйінді мақалалары да аз емес. Бірақ ақындығы солардың бәрінен әлдеқайда басым, әлдеқайда биік жатыр. Егер оның драматургиясын, прозасын үлкен таудың бір-бір шоқысына теңесек, поэзиясын сол таудың тұтас өзі, ұшар басы, күн сүйер көзі деу керек. Біз әсіресе соңғы жылдарда «лирика» деген сөзді көп айтамыз да, кейбір ақынды «лирик» деп мақтаймыз. Мен сұлу да сырлы, ойлы да өрнекті өлеңнің өркендеп өсуін жан-жүрегіммен қуаттаймын және жақсы лирик ақынды көтермелесе түсуге бармын. Бірақ «лирика» дегенді тек табиғат пен махаббат туралы өлең деп қарамау керек. Ол әлдеқайда кең дүние, оның өресі жетпейтін, оған симайтын еш тақырып жоқ. Ілияс Жансүгіров творче-
ствосы осының айқын дәлелі. Оның қай-қай өлеңін алсаң да биік сезімге, әдемі сырға толы. О бастан ел қамын жырлай келген Ілиястың «Не күйде» деген алғашқы өлеңдерінің бірін еске түсірейікші. Ылғал тұман шағында Құздардан жауын сырылдап, Қиядан сорғалауында... Самалшыл, сауқым, сауықшыл, Саятшы Сартай не күйде? Теңіз кешкен дауылда, Асты терең, үсті жел, Толқын соқты баурында... Балтыры ақ жем балықшы, Қайықшы Қалтай не күйде? Дай-дай даукес ауылда, Жесір, намыс, тартыстың Үзілмес ұзын дауында Жаралы жүрек, жарымшыл, Мұңды Күнтай не куйде? Жөңкенің таз тауында Қымызшылға қызық боп, Күндіз-түні сауында... Жалсыз арың, желін сау
Мама көнек не күйде? Түр жағынан өзінше құрылған осы бір кішкене өлеңнің әр жолында қаншама сурет, қаншама сыр жатыр! Әлеуметтік түйінін алсаң, анау-мынау дастанға арқау болғандай. Немесе «Жетім» (1921 ж.) деген өлеңнің мына бір жолдарын оқиық: Балбырап жер
Балаусаға бөленді.
Жалбырап көл,
жапыраққа кенелді. Мақпалдай жел
ақырын айтты өлеңді. Ақын бұлбұл
өлеңдете жөнелді. Тыңдады оны жан-жақ
бар жан, бар құлақ, * Тыңдамаған құлақ,
жетім зар жылап... Мұнда да табиғат пен тіршілік, көңіл күйі бірлігін көресің. Сондықтан болуы керек, өлең ырғағының әдеттегіден өзгешелігін де елемейсің, тек солай болуға, тек солай жазылуға тиісті сияқты. Түр мен мазмұнның біртұтастығы дегенде, біз осындай жәйтті айтамыз. Жұртқа белгілі, Ілиястың ақындық құдіретін әсіресе айрықша танытқан оның «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» сияқты дастандары. Бұған қарағанда оны ірі эпик ақын дей аламыз. Бірақ сол поэмалардың ғаламат эпикалық қуаты нәзік те мықты, әдемі де әсерлі лирикалық өрнектерімен көрінеді, ол екеуі тең ұсталған бір тізгіндей үнемі қатар келіп отырады. Сөйтіп эпик Ілияс пен лирик Ілияс әрдайым бірге тыныстап, жарасып та, жарысып та жырлайды. Бұл айтылып отырған жағдайдың Ілияс ерекшелігін түсінуде, Ілияс дәстүрін игеруде үлкен маңызы бар. Әдебиет зерттеушілеріміз оны мұқият талдап, аша түсулері керек. Қызыл ту қолға алып, Теңдікке жол салып,
Еңбекші бірігіп, Дәуірлеп өмірге, Қайнаған сапарда, Жетіңдер қатарға. Кеңескен үкімет Көркейтер көбіңді, Тірілтер өліңді, – деп, Ұлы Октябрьді, Совет өкіметін қуана қарсы алып, халықты бостандық туы астына шақырған Жансүгіров жаңа өмір орнату ісіне өзі де белсене араласты. 1920 жылы Ташкенттегі екі жылдық қазақ-қырғыз курсына түсіп, кейін одан Талдықорған уезіне мұғалім боп оралады. Курста оқып жүргенде және одан соңғы жылдарда Ілиястың ақындық даусы нығая түседі. Ол ел өміріне арнап, соның ішінде жастарды білімге, өнерге, күреске үндеп талай өлең жазды. «Кедей тойы», «Ұлы күн», «Октябрь күні» сияқты жырларында жаңа дәуірді мадақтап, халықты сол нұрлы заманның иесі болуға шақырады. Ел тойлаған Октябрь, Қадірлісің жылдан жыл. Мақталарсың, боларсың Жылдан жылға жырдан жыр, – деп, шалқыған Ілияс жаңа дүниенің жалынды жаршысы болып, әрбір әлеуметтік мәселеге үн қосып отырады. Сөйткенде ол жалаң үгітке, айғайға жүгіруден аулақ. Не туралы жазса да, өлең жазып отырғанын, демек, оның көркем боп шығуға тиісті екенін ұмытпайды. Сол үшін көп ізденеді, көп толғанады. Мұны оның әр өлеңінен көруге болады. Ілияс ауылда Совет өкіметін нығайту ісіне құлшына қатыса отырып, 1923 жылы Алматы
облыстық қосшылар комитетінің секретары боп істейді, 1924 жылы қазақ ағарту институты директоры қызметін атқарады. Сол жылы коммунистік партия қатарына кіреді. Одан соң тағы да оқуға беріліп, Москваның журналистика институтын бітіріп қайтады (1928 ж.). Мұнан кейінгі жылдарда «Еңбекші қазақ» газетінде жұмыста болады, ал 1934-1936 жылдары Қазақстан жазушылар ұйымын басқарады. Ол совет жазушыларының бірінші съезінің жұмысына қатысты, онда ССРО Жазушылар одағы басқармасының мүшесі боп сайланды, кемеңгер Алексей Максимович Горькиймен кездесті, көп ұлтты совет әдебиетінің көкейтесті мәселелері жөнінде пікір алысты. Ілияс Қазатком мүшесі де болған-ды. Ілиястың қоғам қайраткерлігі оның ақындық еңсесін басқан жоқ, қайта көтере, биіктете түсті. Оның өмірге көз қарасы, дүние тануы кеңейген сайын шабыты да шарықтап, өлеңшілік құдіреті арта түсті. Совет өкіметінің нығаюы, ауылды коллективтендіру ісінің жемістері, алғашқы бесжылдық жеңістері, қазақ елінің өнеркәсіпті, өнерлі, сауатты елге айналуы, халықтар достығы – қысқасы, ұлы Ленин идеяларының салтанат құруы ақынға қанат бітіріп, оның барша творчествосының қайнар көзі болды. Кең далам, кемеліңе келген далам, Гүлденген шат-шадыман елмен, далам! Жадырай жаз өмірдің күні астында, Жамырап жайраңдасын өрген, далам, – деп шаттық жырын жырлаған Ілияс туған халқының кешегісі мен бүгінін ой елегінен өткізіп, үлкен жырға, кесек дастандарға қалам сілтейді. «Кім едік,
кім болдық?» деген сұраққа бар ақындық дарынымен, азаматтық ақ жүрегімен жауап береді. Оның «Кәнпеске» (1929 ж.), «Дала» (1930 ж.) дастандары қазақ халқының тағдыры туралы сол кездегі шығармалардың ең биіктерінің бірі болды. Түннен күнге қолы жеткен еңбекші елдің қуанышы, Ұлы Октябрьдің жаңғыртымпаз күші – бұл поэмалардың жарқын өзегі. Ілияс поэмаларының ішінде егіздей қатар аталатын екі шығарма – «Күй» мен «Күйші» поэмалары. Бұл екеуі идея сабақтастығы жағынан да, көркемдік құдіреті жағынан да өзара тығыз байланысты шығармалар. Екеуінде де өнер кереметі, күй қуаты жыр болады. Асқан өнер озбырлықты, қаталдықты, әділетсіздікті жеңіп шығып, небір қорқауларды да аяғына жығып отырады. Демек, өнер иесі, даналық иесі тек қана халық екенін ескерсек, сол өнердің жеңісі – халықтың жеңісі, жаманды жақсының жеңісі болмақ. Бұл әсіресе «Күйші» поэмасының өне бойынан айқын көрініп отырады. Қанқұйлы, қорқау бөрі Кенесары ханның қолына түскен күйші жігіт озық өнер күшімен озбырдың шеңгелінен аман құтылады. Дастанды оқып отырғанда, ақынның өзі сияқты, бүкіл жан-пейіліңмен күйшінің жағында, халықтың жағында боласың, хан мен оның аю қарындасы Қарашашқа зығырданың қайнап, лағынет айтып отырасың. Ақынның өлмес мұраларының бірі «Құлагер» поэмасы. Оқушы қауымға мейлінше таныс бұл шығарманың мазмұнын айтып жатудың қажеті болмас. Бір атап көрсететін нәрсе: идеялық өзегі жағынан бұл жаңағы «Күйші» дастанымен сабақтас. Мұнда да асқан өнер иесін көресің. Ол бай-билердің озбырлығынан, жауыздығынан өле-өлгенше жәбір
шеккен ел ардагері, атақты ақын, әнші Ақан сері. Мұнда да қазақ халқының революцияға дейінгі өмірінің аянышты суреттері барша шындығымен, күллі қасіретімен айқын суреттеледі. Әсіресе соңғы аталған үш поэманың көркемдік күші өз алдына ерекше сезіледі. Бүкіл қазақ даласының сан қилы бояуы, қазақ тілінің небір әдемі өрнектері, керемет шұрайлы тың теңеулер осы дастандардан мейлінше мол орын алған. Өлеңдері түпсіз бұлақтан шығып жатқан тау суындай, мөпмөлдір, ағып жатыр, ағып жатыр, сіміре бересің, сіміре бересің, Алатау күй тыңдады ауылдай боп, Тас балқып толқып жатты бауырдай боп, Аңқылдап алтын күрек домбырадан Құйып тұр жазғы жылы жауындай боп, – деп Ілияс күйді қалай суреттесе, оның өз жыры туралы да соны айтуға болады. Отызыншы жылдар Ілиястың кемеліне келіп, поэзияның шырқау биігіне көтеріліп қалған кезі еді. 1927 жылы жарық көрген тұңғыш жинағынан бастап он жыл ішінде көптеген кітап берген майталман ақынның: Халқымның қуанышты бұлбұлымын, Жұртымның жүйрігімін, дүлдүлімін. Көтеріп көптің көңілін күнде тауып, Жүлде алар жұма сайын туды күнім. Шат елдің шешенімін, даңғылымын, Шыным сол, правом бұл, заңды мұңым. Астанам Алатаудан саңқылдасам,
Жетпей ме жер жүзіне жаңғырығым? – деуі әбден орынды еді. Амал не, ардагер ақын қыршынынан қиылып кетті, берері де, жетері де көп еді, үлгіре алмады. Бірақ жеткенінің өзі жүз жылдық жолдың еңбегіне татығандай. Қазақ халқының ақындық қайнарынан, Абай, Пушкин, Лермонтов поэзиясынан сусындаған, ұлы Ленин ісімен шабыттанған қанатты ақын Ілияс, біздің тамаша прозаик, журналист Ілияс, атақты аудармашы Ілияс өзінің творчествосымен де, азаматтық, коммунистік өмірімен де тарих төрінде отыратын адам. Туған жерін, туған халқын жанындай сүйген жалынды патриот, нағыз интернационалист, абзал азамат, ол – Советтік Отанның, Коммунистік партияның бел баласы. Сондықтан да ол бүгін қайта жасап отыр, оның асқақ ақындық үнінің жаңғырығы кең жайылып барады, жер жүзіне жететін болады. Мен онымен бұдан отыз жыл бұрын сырттай танысып едім. Енді онымен жүзбежүз таныспын дей аламын. Стол басында, өлең жазсам да, өзге жерде жүрсем де, ол өзінің байсалды жүзімен, жіті, жыр таныған көзімен маған, менің қаламдастарыма қадала қарап, поэзияның, ақынның асыл қасиеттерін, биік мұраттарын еске салып тұрған кемеңгер ұстаздай көрінеді.
ҚОС ҚАРУДЫҢ ҚОЖАЙЫНДАРЫ Кеше ғана мен бір документті кинофильм көрдім. Біздің «Қазақфильм» студиясы шығарған екен. Қаһарлы 1941 жыл. Халық қолына қару алып, сол қаруды қалай меңгеруді, солдат ісін үйреніп жатыр. Міне, бір топ адам Алматы маңындағы алаңның бірінде сапта тұр. Солардың ішінде екі адам көзіме оттай ұшырады. Бірі – атақты академик Қаныш Сәтбаев, тіпті жапжас жігіт деуге болады. Екіншісі – одан да жас, о да атақты азамат – ақын Тайыр Жароков. Мүмкін, сөзі қате болмас Мені ақын дескеннің. Жырымды да тыңда, жолдас, – Ең әуелі әскермін. Жазам әрі мен өлеңді. Ширатам һәм денемді. Отан үшін қару алып, Киемін сұр шинельді, – деп қайран Тәкең дәл сол күндерде жазса керек. Ел басына өлім қаупі төнгенде, сол Тәкең айтқандай, ең әуелі әскермін, азаматпын деген сөз әрбір қалам иесінің ауызында болды. Көптеген жазушылар сұр шинель киіп, майданға аттанды. Қолдарында қаруы, қоныштарында қасығымен бірге
қағаз, қаламдары жүрген. Олар майданда қантерімен солдат махаббатына ие болды. Москвада, СССР Жазушылар одағы үйіне кіре берісте мемориалдық тақталар көзіңізге түседі. Сіз одан құдіретті көркем сөздерімен талай жүректі тулатқан Джек Алтаузен, Иосиф Уткин, Евгений Петров сияқты таныс есімдер тізімін ұзақ оқисыз. Олар Ұлы Отан соғысы майданында қаза тапқан ақындар мен жазушылар тізімі... Мұндай мемориалдық тақта Қазақстан Жазушылар одағы үйінің кіре берісіне әлі қойыла қойған жоқ, енді-енді ойластырып жатырмыз1. Мың шүкір, ол тізім онша ұзақ та болмас. Әйтсе де Абдолла Жұмағалиев, Әли Есмәмбетов, Баубек Бұлқышев, Владимир Чугунов... есімдерінің әрқайсысы ұзақ ойлантып, ұзақ тұрғызар... Қасиет күші Ұлы Отанның, Қанатын бер қыран құстың, Ашуын бер арыстанның, – Жүрегін бер жолбарыстың! Күллі әлемнің ашу-кегі, Орна менің кеудеме кеп! Жау жолына атам сені, Бомба бол да жарыл, жүрек! – деп Қасым Аманжолов жырлаған ақын Абдолла Жұмағалиев жау қоршауында ақырғы демі таусылғанша айқасып, от ішінде қаза тапты. Қыршынынан қиылған Баубек Бұлқышев Советтік Шығыс ұлын өліспей бітіспес күреске шақырып, сол бітіспеуімен кетті. Кезінде жақсы-жақсы жыр 1 Қазір мұнда да қойылған. Автор.
берген Әли Есмәмбетовтың қабірінің де қайда екенін білмейміз, есімі енді-енді тіріліп келеді. Қазақстандық ақын Владимир Чугуновтың ерлік өмірін артында қалған өлеңдерінен көріп еске аламыз. Міне, менің алдымда қазақ жазушыларының бүгінгі тізімі жатыр, он, он бес, жиырма, отыз, елу... Мен солардың кешегі соғысқа тікелей қатысқандарын санап отырмын. Біраз бар екен. Барлығының орден, медальдарын қосса, о да едәуір жүк болатын тәрізді. Солдат та, партизан да, комиссар да, әскери журналис те, тіпті дивизия командирі де бар ішінде. Бірсыпырасымен майдан соқпақтарында кездесіп ем. Бұл кездесулердің арнаулысы да, кездейсоғы да көп. Мысалы, Солтүстік-Батыс майданына творчестволық командировкаға келген жазушы Әлжаппар Әбішев екеуміз бірнеше күн батпақтап жүріп, Бауыржан Момышұлы мен Калинин майданындағы Мәлік Ғабдуллинді іздеп барып жолығып едік. Есімі бүкіл елге жайылған атақты панфиловшы гвардия полковнигі полк командирі Бауыржан сонда отызға жаңа ғана шыққан екен. Совет Одағының Батыры Мәлікті тіпті уыз жас деуге болатын еді. Бірақ жас та болса бас болған бұл екеуі халқының «аруағын» сол кезде-ақ бір көтеріп тастаған-ды. Кейін бір барсам полкі алғы шепте қорғаныстағы Бауыржан жер үйде «Знамя» журналынан Д.Бектің «Волоколам тас жолы» повесін оқып отыр екен. Мен онда «Бұл кітаптың геройы да, авторы да Бауыржанның өзі, мен ұқыпты көшірмешісі ғанамын» деген Бек сөзіне онша мән бере қоймап едім. Әлбетте, сол тамаша шығарманы жазған та-
лантты жазушының кішіпейілдігін танытатын кішкене бір жәйт қой. Кейін байқасам, А.Бек сонда Бауыржанның дарынды әдеби ертеңін де жұрттан бұрын аңғарған екен. Қазір қалың қауымға Бауыржанның өз кітаптары да кеңінен таныс. Ерлікке толы сол кітаптарды Фидель Кастро да құмарта оқыпты.. Осы ретте әдеби тағдыры жағынан Бауыржанмен «полктас» тағы бір екі адам бар. Олар – Қасым Қайсенов пен Әди Шәріпов. Соғыс кезінде бірі украин партизаны, екіншісі белорус партизаны боп ерліктерімен танылған бұлар да кейін біздің қатарымызға жауынгерлік жолдың естелігіндей жақсы кітаптарымен қосылды. Партизан демекші, 1943 жылдың күзінде мен бір бес-алты күнге майданнан Алматыға келсем, жау тылынан жараланып шыққан Жұмағали да осында екен. Оның «Партизан дәптерлері» атты тамаша жырлары мені қайран қалдырды. Осы сапарда өзім сияқты аз күнге жұмыс бабымен келген ақын Әбу Сәрсенбаевпен де кездестім. Ол кейін жарты Европаны, Балқан тауларын шарлап, майор боп оралды. Мен 28-гвардиялық Панфилов дивизиясында артиллерия дивизионының командирі ақын Дмитрий Снегинді де, жауынгер журналист, жазушы Леонид Макеевті де, ол кезде өзім сияқты өрім жас, әрі құрдас старшина Сәуірбек Бақбергеновті де кездестірдім. Солайша, майдан жолы талай жазушылармен табыстырды. Бұған менің тынымсыз әскери журналистік қызметімнің де көп себі тиді. Сондай жол сапардың бірінде Москваға келіп, Жазушылар одағының клубына кірсем, бір-бір құты «ақмағамбетін» белбеуіне байлап, Дихан Әбілев пен
Сәду Машақов та майданға аттанып барады екен. Ең кемі бір кешті бірге өткізе алмай, ат үстінде танысқан аға ақындарға ақ жол тілеп, жаутаңдап қала бардым. Соңынан олардың жауынгер жырлары бізге де жетіп жатты. Майданда аз уақыт болса да мен құмардан шыға дидарласқан ақындар – Хамит Ерғалиев пен Қалижан Бекхожин. Хамитпен 1944 жылы жаз аяғында атақты шабуыл кезеңінде Белостокта жолығыстық. Атты әскер лейтенанты ол: Қылышты қарауылға қадап қойып, Құлағын күйге бұрап домбыраның, – деп біздің редакцияны біраз өлең-жырға қандырып кетті. Біз оның поляк қызы туралы «Алиция» деген өлеңін газетке бастық. Кейін Хамиттің ауыр жараланып, госпитальда жатқанын естідім. Қалижан біздің редакцияға 1945 жылдың апрелінде Выдогош (Бромберг) қаласында іздеп келді. Онан соң жеңістен кейін «жалғанды жалпағынан» басып жатқанда Броцлав қаласында дидарласып, көп өлеңін ортаға салды. Абайдың жүз жылдығына байланысты. біздің газетке «Абай және біздер» деген мақала жазып берді. «Кәдімгі біздің Қошқарбай» атты өлеңін де жариялады. Майдан жолында табысқан қаламдас жолдастарды атағанда, Сағынғали Сейітов жөнінде бірер сөз айтпасқа әсте қақым жоқ. Ол екеуміз бір күн де, бірнеше күн де емес, бақандай төрт жылды бірге өткіздік. Соғыс жағдайында бұл тұтас бір дәуірдей, сансыз мың адамның ғұмырындай уақыт. Сағынғали өзінің көптеген өлеңдері мен очерк,
суреттемелерінде сол дәуірді неғұрлым молырақ қамтыған ақындардың бірі. Өздерін көрмесем де, майданда маған Сырбай Мәуленов, Қалмақан Әбдіқадыров, Сейітжан Омаров, Мұзафар Әлімбаев, Қасым Аманжолов үндері де жетіп жатты. «Солдаттың етігіндей жаным сірі» деген Қасым Аманжолов сөзінің шындығы мен әдемілігі естен кетпейді. Майдан тақырыбы қазақ әдебиетінде көптеген тамаша шығармалар туғызды. Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Күткен күндер» («Курляндия), Өтебай Қанахиннің «Қатал жылдар», Дмитрий Снегин мен Анатолий Ананьевтің романдары, Сергей Мартьянов, Әзілхан Нұршайықов, Жекен Жұмақанов, Қалмұқан Исабаев, Василий Ванюшиндердің повестері мен әңгімелері, Тайыр Жароков, Леонид Кривощековтердің өлеңдері көз көргендері ғана емес, үлкен творчестволық ойпікірлерінің жемістері боп саналады. Азаматтық борышын абыроймен ақтаған жазушыларды еске алғанда тек майданда болғандарды ғана атап қойсақ, әділетсіздік болар еді. Елдегілерді де, соғыстағыларды да ерлік пен еңбекке бірдей үндеп, таршылық пен тапшылық тауқыметін торықпай тартысқан Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Әлжаппар Әбішев, Иван Шухов, Ғали Орманов, Ғабдол Сланов, Шахмет Құсайынов есімдерін де біз бүгін зор құрметпен айтуға тиістіміз. Солдат қайғысына, солдат қуанышына олар да ортақ. Жазушылар туған елін қаламмен де, қарумен де қорғады – қос қарудың қожайыны болды. Олар соның бірі – көркем сөз қаруын бүгін де берік
ұстап, халық игілігіне барынша жұмсап отыр. Бұл қару тотықпақ та емес, қолдан түспек те емес. Ол әрдәйім советтік еліміздің игілігі күзетінде, жеңіс жыршыларының қаруы ол. Бүгін, герман фашизмін табанға таптаған тарихта теңдесі жоқ жеңісіміздің 20 жылдығы күні біз Қазақстанның жазушыларын да, олардың оқушы достарын да зор мерекемен құттықтауға міндеттіміз. Жазушы әркім туралы жазады. Бірақ көзі тірісінде жазушының өздері туралы көп жазыла бермейді. Бәлки, ондайдың қажеті де аз шығар. Ең үлкен мақтау, ең үлкен сый – шығармасының танылуы ғой, сол танылса, басқа сөз неме керек. Бірақ, «мен де адаммын жаралған сүйек-еттен» деп Сәбит Мұқанов айтқандай, олар да адам ғой. Жылы сөзді жек көретін, оны дәметпейтін адам жоқ. Бас-басына атап айтылмаса да, барша совет жазушысы атына дүниедегі ең биік мақтау айтылады. Ол – Коммунистік партияның сенімді көмекшісі деген сөз. Совет жазушысы, халықтың бел баласы, осындай қасиетін Ұлы Отан соғысында да айқын танытты. Және бұл ардақты атағын бүгін жеңімпаздар қатарында онан сайын мақтан етеді. Той құтты болсын, қаламдас достар, өнерлерің өрлей берсін, қуанышпен, бейбіт еңбекпен шабыттана берейік.
КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТЕРЕҢ ДЕ ШЫНШЫЛ БОЛСЫН Ауа райының жайма шуағы мен кірбіңін, дауылы мен жауынын болжайтын – барометр болса, көркем әдебиет ел тіршілігінің сүйініші мен күйінішін, адам жанының аумалы-төкпелі құбылыстары мен уақыт реңін білдіреді. Тарихты көркем әдебиет дей алмасақ та, әдебиетті көркем тарих деп әбден айта аламыз. Н.Г.Чернышевский айтқандай, «сұлулық деген – өмір» дейтін болсақ, әдебиеттің де бас қасиеті өзіне сол өмірді өзек етуінде, тіршілікті дәріптей білуде. Алексей Максимович Горькийдің әдебиетті адам тану ілімі деуі де аса бір данышпандық қағида. Дүниеде ең сұлу нәрсе табиғат десек, сол табиғат та адам көзі, адам талғамы арқылы танылады. Оның да қызғылықтығы «қызметіне», тіршілікке, сонымен ара қатынасына байланысты. Әдебиетте табиғаттың адаммен, адамның талғам-түйсігімен қатар жүріп, көңіл күйінің бір көрінісі боп келетіні де сондықтан. Ия, біз әдебиетті сұлулық дей аламыз, өмір дей аламыз. Өмір болғанда, өткен-кеткенді, көргенбілгенді жіпке тізуші емес, көркем образдар арқылы болғанды болашақпен ұштастыра көру, жаңаға, жақсыға меңзеу, болмысты өсу, даму үстінде көрсетіп, соның келешегіне үңілдіре білу. Көркем әдебиеттің тағы бір үлкен ерекшелігі міне осында жатыр.
Сонау кемеңгер Гомердің «Одиссеясынан» бастап қазақтың беймағлұм данышпа ақындарының эпос-жырларына дейін осыны ыспаттайды. Ел басынан кешкен әр қилы күндер, күрестер мен дүмпуілдер, жеңістер мен жеңілістер, тоқтық пен жоқтық, қуаныш пен қасірет, махаббат пен зұлымдық, арттағы өкініш пен алдағы үміт, көздеген нысана, көксеген мұрат – осының бәз-бәрі көркем сөз айнасы арқылы неғұрлым айқын, неғұрлым әсерлі көрінеді. Ғасырлар бойғы қазақ өмірінің шежіресі де – көркем сөз. Өлең-жыр мен өнер халқымыздың ең асыл ұлттық байлығындай ұрпақтан ұрпаққа мирас боп сақталып келді. Сақталғанда сәулетті де зәулім қалалардың миллион-миллион том кітапхана қазынасында емес, тағдыр тепкісіне ұшырап, қонарын сай, ұшарын жел білген қаңбақтай көшіпқонып жүрген қараңғы халықтың жарқын жүрегінде сақталды. Бірде-бір шапқыншы, бірде-бір хан-патша халықтың, ақындық ойына, тіл өнеріне бұғалық сала алған емес. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Аталы сөздің алдында арсыз ғана жүгінбейді» деп, көркем сөзді күрескенде қару, жылаған жұртқа жұбаныш, сүйіскен жүрекке ләззат, жаралы ерге дару еткен қазақ елінің мейірбаны, тұрмыс-салты, арман-тілегі оның сол өлең-жырларында жатыр. Сөйтіп, көркем сөз рухани азықтығына қоса, жазба тарихы болмаған халқымыз үшін нағыз шежіре қызметін атқарып келді. Халық қалалардан айрылып, малдан жұтаса да, өнерден айрылмай, көркем сөз туындыларына биік эстетикалық, терең таптық талап қоя білген. Қалың бұқара мүддесіне
жат, көріксіз, кертартпа нәрселер көркем сөз дариясынан салындыдай, ысырылып қала берген де, шын мәніндегі халықтық дүниелер заман ағымымен бірге жүзіп, біздің бақытты өнерпаз ұрпақтың қолына кеп тиді. Бірақ қай елдің, қай дәуірдің әдебиетін алсақ та, бірде-бірі көп ұлтты совет әдебиетіндей қызмет етіп, осыншама шырқау шыңға көтеріліп көрген емес. Біз бүгінгі әдебиетімізді, социалистік реализм әдебиетін қоғам өмірінің шын мәніндегі сәулетті айнасы, қалтқысыз барометрі, халық игілігі үшін жаңа мен жақсы үшін күрестегі нағыз революционер әдебиет дей аламыз. Мұны кейінгі жылдардың туындылары да толық дәлелдейді. Біз, Қазақстан жазушылары да бүгін, өз съезімізде бұл жөнінде зор мақтаныш сезіммен баяндай аламыз. Республика жазушыларының өткен, IV съезі мен осы V съезі арасы біз үшін де шабыт жылдары болды. Бұл уақыттың ішінде елімізде халық шаруашылығын өркендетудің ұлы жетіжылдық жоспары жүзеге асырылды. Біз КПСС XXII съезінің замандасы боп, партиямыздың жаңа программасын бақыт туындай көтердік. Туысқан республикалар семьясында қазақ елі де саяси-шаруашылық және мәдени құрылыстарда табыстардың талай шоқтығынан ұстап, онан сайын тұлғалана түсті. Сөйтіп советтік Қазақстан Ұлы Октябрьдің 50 жылдығы мен кемеңгер көсеміміз Лениннің туғанына 100 жыл толу тойын құдіретті алыптай кемеліне келген шағында қарсы алып отыр. Бұл күндері тағы да үлкен әсер үстіндеміз, бүкілхалықтық қуаныш құшағындамыз. Ол – Совет Одағы Коммунистік партиясының XXIII съезі шешімдерінен туған әсерлер, сонан ескен қуаныш.
Съезд мінбесінен жаңа бесжылдық жоспар директивалары тілімен Коммунистік ертеңіміздің өзі сөйлеп, ол бүкіл нұрлы, бүкіл сұлу көркімен, барша алып тұлғасымен көз алдына, ел алдына одан сайын жақындай түскендей болды. Осындай көсемдігіне, іскерлігіне, данышпандығына бола, біз: Партия – бессмертие нашего дела, Партия – единственное,
что мне не изменит, – деген ұлы шындықты қайталай береміз. Әдебиет қамы – халық қамы. Қоғамдық дамудың ең биік сатысы – коммунизм мүддесі материалдық игіліктермен бірге рухани байлықтардың да мейлінше молшылығын көздейді. Қандай жақсы істердің, қандай ұлы мақсаттардың да жүзеге асуы ең әуелі бұқараның мәдени дәрежесіне, сана-сезіміне, рухани күшіне байланысты. Партия мен үкіметіміз адамның бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіретін көркем әдебиеттің өсіп-өркендеуше үнемі көңіл бөліп, оны Ленин айтқандай, жалпы пролетарлық істің бір бөлшегі деп қарап келеді. Түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетімізге, соның ішінде көркем әдебиетке деген зор партиялық қамқорлық XXIII съездің шешімдерінде де лайықты орын алған. Міне, біз өз съезімізге осындай жаңа қамқорлық куәсі боп, жаңа шабытпен қанаттанып келіп отырмыз. Адамзат ақыл-ойының ең әсерлі, ең сұлу көрінісі, адам жанының сусыны іспетті көркем әдебиеттің қоғамдық мәні осыншама биік бағаланып, ол мемлекеттік іске айналып отырғанда, жазушы жүрегі қалайша мақтанышқа бөленбесін!
Совет адамдарының жасампаз жомарт еңбегінің мәуелі жемістері, ел өміріндегі ересен мол жақсылықтар, партиямыздың XX съезінен кейінгі кең тыныс, өз күшіне де, өз айналаңа да кіршіксіз сену – осының бәрі қазақ әдебиетінің толысып жетіле түсуін қамтамасыз етті. Саялы да сәнді ұлан-байтақ алма бағындай көп ұлтты совет әдебиетіңің көлемді де көрікті бір бөлегі боп саналатын біздің көркем сөз бақшамыз аңызақ-қуаңшылық дегендерге бой беруден аулақ. Тіпті тапшы деген жылдың өзінде оның бұтақтарынан талай-талай романдар мен повестер, поэмалар мен пьесалар, әңгімелер мен өлең кітаптарын алып келеміз. Бірақ, әрине гәп санында емес. Әдебиет жемісінің өзге жемістерден айырмашылығы да сол: оны тонналап та, метрлеп те өлшей алмайсың. Оны уақыт қана, тұтынушы-оқырман жұртшылықтың жүрегі ғана шамалай алады. Солар ғана електен өткізе алады. Я меряю по Коммунизму
стихов сорта, – деп Маяковский айтқандай, әдебиет бақшасының жемісі идеялық, эстетикалық татымдылығымен, халық кәдесіне қаншалықты асуымен өлшенуге тиіс. Қазақстан жазушыларының екі съезд арасында жарық көрген шығармалары осы талаптарға қаншалықты жауап бере алады? Әдеби қаһармандарымыздың жасамыстығы, тіршілікке ықпалы қандай? Қайсысы өз замандастарымызбен бірге жасап, олардың досына, ақылшысына айналды? Бұл мәселелер қазақ әдебиетінің жанржанры бойынша және Қазақстандағы орыс, ұйғыр
әдебиеттерінің жайы жөніндегі баяндамаларда кеңінен сөз болуға тиіс. Әйтсе де бәріміздің илейтініміз бір терінің пұшпағы, яғни әңгімеміз бір әдебиеттің қамы болғандықтан соңғы жылдардағы қазақ әдебиеті дамуының ең болмаса кейбір тенденциясы туралы айтпауға және қақым жоқ. Ондай тенденция, бізше, – қазақ көркем сөзінде әдебиеттің барша жанрының біркелкі қатар, үзеңгілес өсуі; қазіргі заман тақырыбының үстем тақырыпқа айналуы; жазушылардың жас буындары қаулап өсіп, әдебиетті көтермелеуші, жетілдіруші күш бола бастауы. Мен қазақ әдебиеті туралы сөзімді, міне, осы соңғы жәйттен бастағым келеді. Өйткені бұл үлкен қуанышымыз және республика жазушыларының IV съезінен бергі әдеби жылдарымыздың басты қорытындыларының бірі. Бүгін қазақ көркем сөзінің қай саласына көз жіберсең де, соған өз үлесін қоса бастаған талантты жастарды көресің және әдебиетіміздің қазіргі табыстары сөз болғанда оларды атамай кету де қиын. Біз енді Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Еркеш Ибраһим, Шәміл Мұхамеджанов, Тұрсынзада Есімжанов секілді ақындарды, Сайын Мұратбеков, Мағзом Сүндетов, Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісов, Жайсаңбек Молдағалиев, Әкім Тарази, Шерхан Мұртазаев, Ақан Нұрманов, Шәрбану Құмарова сияқты прозаиктерді, Рахманқұл Бердібаев, Баламер Сахариев, Зейнолла Серікқалиев, Әбіш Кекілбаев, Хасен Әдібаев сияқты жас сыншыларды әдебиетіміздің келешегі деп берік сеніммен айта аламыз. Есімдері бүкіл одаққа белгілі бола бастаған ақын Олжас Сүлейменов пен проза-
ик Әнуар Әлімжанов та әдебиетте осы екі съезд арасында орнықты. Бұлардың әрқайсысы туралы ұзақ та толық зор ілтифатпен баяндауға болар еді. Бірақ оны бұл жерде уақыт көтермейді. Егер жастар творчествосындағы ортақ жақсылықты атап көрсетсек, ол – профессионалдық қалам тартыс, профессионалдық талғам, біліктілік, ізденгіштік белгісі, жаңаға, жақсыға әуестік. «Ағаны көріп ұл өсер» дегендей, олар жалпы көркем әдебиеттің, соның ішінде етене қазақ әдебиетінің жақсы үлгілерінен үйрене отырып, өз сөздерін айтуға, өз үнін естіртуге талпынады. Осыдан келіп қазіргі қазақ әдебиетіндегі тағы бір қызық жағдай көзге түседі. Ол – ағаның іні алдындағы жауаптылығы, үлкеннің кішіге қарап ширай түсуі, ұстаздың шәкіртті көріп бой түзеуі. Ұзақ та үлкен бәйге жер апшысын қуырып, жалпақ алып көсілтіп барады. Алғы топта әдеттегідей, айтулы тарландар келе жатыр. Талай таң асып, жарауы түскен жүйріктер тығылмай, қабынбай еркін шабады. Шабыстың өзі бір қалыпты, байсалды, бәрібір алдамын дегендей, кейде тіпті сәл баяулап, жайыла, жайбарақаттана түскендей. Сөйтіп бір лезге босай бергенде олар қусырып келіп қалған түйдектүйдек дүбірді, о баста көзге түсе қоймаған тайқұнандардың ыстық дем-тынысын сезінеді. Қамшы баспаса, қарыштай түспесе қалып қоюы да ықтимал. Қиқушыл, бәйгешіл тарландар сонда тізгінді кере, құйғыта жөнеледі, жанамалап жетіп қалған жас жүйріктерді жетектей, демей түскендей, қарақшыға ала барғандай. Қазір біздің аға жазушылар да сол тарландар секілді жеткіншектерінің еркін тынысын, қалам тартысын, аяқ алысын сезінеді, тобын жазбай
тақымдап келіп қалған таланттарға қуана отырып, ағаның іні алдындағы жауаптылығы туралы ойлайды, бар өнерін, бар шабысын сала түседі. Мен жазушылардың жас буындары қаулап өсіп, көтермелеуші, жетілдіруші күшке айналды дегенде, осыны айтпақ едім. Ағалардың ақылдылығы мен мол суреткерлік тәжірибесі, жастардың жаңашылдығы мен жалын күші аралас-құралас келіп отырса, бұл – қазақ әдебиетінің оза шауып олжалы болуына бір кепіл. Осынау творчестволық ұрпақтар бірлігін біз қазақ әдебиетінің қай жанрынан да айқын көреміз. Жанр жөніндегі ойымызды прозадан бастасақ, мысал үшін соңғы жылдарда жарық көрген романдарды еске алайық. Аға жазушылар Сәбит Мұқанов «Мөлдір махаббат», «Есею жылдары», Ғабиден Мұстафин «Дауылдан кейін», «Көз көрген», Хамза Есенжанов «Ақ Жайық», «Көп жыл өткен соң», «Тар кезең», Ғабдол Сланов «Асау арна», Зейін Шашкин «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім», Мұхамеджан Қаратаев «Даладағы дабыл», Асқар Тоқмағамбетов «Әке мен бала», Дихан Әбілев «Ақын арманы» романдарын берсе, олардан кейінгі буыннан Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер», Тәкен Әлімқұлов «Ақбоз ат», Зейнолла Қабдолов «Жалын», Өтебай Қанахин «Дәмелі», Сәуірбек Бақбергенов «Қайран шешем», Баймұқанбет Тоқтаров «Жетісу жотасында», Амантай Байтанаев «Жаңғырды дала», Қалмұқан Исабаев «Бетпе-бет», Сәкен Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй», Рамазан Тоқтаров «Бақыт», Кәмен Оразалин «Көктем салқыны» романдарын ұсынды. Әдебиетіміздің кейінгі жылдарындағы жақсы бет бұрысы деп бұдан бұрын айтқанымыздай, осы шығармалардың басым
көпшілігі 50 жыл арасындағы ел жаңалығының әр алуан салаларына үңіліп, халқымыздың қаһармандық өмірін Ұлы Октябрь күндерінен бастап, бүгінге дейін жыр етеді. Мен аталған романдарды жетер биігіміз деуден мүлде аулақпын. Біз, есейген, еңсесі биік әдебиет, байтақ республикамыздың абырой-атағына сай болуға тиісті әдебиет – әр шығармаға өсіңкі талап тұрғысынан, қатал, қалтқысыз сыншы көзімен қарауға міндеттіміз. Жылтырағанның бәрі бірдей алтын еместігіндей, қампиған кітаптың бәрі бірдей роман бола бермейді, жаманды жағымдыға баласақ, орташаны озық деп бағаласақ, біздің өскеніміз қайсы, өнерпаздығымыз қайсы? Егер біз алға, айналамызға көз салмасақ, «жалғыз шапқан ат жүйрік» дегендей, бәлки біраз жерге барып та, біраз биікке шығып та қалған шығармыз. Бірақ, бір жақсысы, біз жалғыз емеспіз. Бізбен бір көште, бір сапта бүкіл совет әдебиеті, оның озық үлгілері бар. Біз еңбегімізді солар ғана емес, дүние жүзілік әдебиеттің табыстарымен де салыстыра қараймыз. Өйткені біз енді терезесі тең, керегесі кең, мәдениеті профессионал әдебиеттің өкілдеріміз. Біз әлемге барша совет әдебиетінің мақтанышындай «Абай жолы» эпопеясын берген әдебиетпіз. «Соқыр тауыққа бәрі бидай» дейтін дәуір жарты ғасыр кейінде қалды. Біз бірінің дегеніне бірі бас шұлғып, жарыса мақтасатын Бобчинский, Добчинскийлермен қатар қонбақ емеспіз. «Жаманға бір сөз айтсаң – қорс етеді» дегендей, достықты білмей, әділ сынға тыжырыну да – жақсының, біліктіліктің белгісі емес. Барды бар, жоқты жоқ десек қана, барға жетеміз, «Жаманды жасыру, жақсыны асыру» деген мақалдың, әсіресе, бірінші бөлігінің біз
үшін мүлде жат принцип, мүлде ескірген нәрсе екенін ашық айту керек. Ендеше тіпті ең жақсы деген шығармаларымыздың да кем-кетігін бүгуге болмайды. Мысалы, бірсыпыра жарқын образдар галереясын жасаған Хамза Есенжановтың кейбір кітабында шұбалаңқылық, кісі көптігі (перенаселенность) бар десек, ол осы бір үлкен жазушыны жамандыққа сүйреу ме екен? Ел өмірінің елеулі кезеңдерін қамтитын «Есею жылдарындағы» кейбір ескерілмеген жәйттер мен қара дүрсін беттерді атап көрсетсек, ол әдебиетіміздің ақсақалы Сәбит Мұқановты мұқату бола ма? Таяуда ғана екі миллион жарым тиражбен «Роман-газетада» «Ымырт» деген атпен «Қан мен тердің» бірінші кітабы жарияланды. Жұртшылық пікірін ескере отырып, Нұрпейісов осынау жақсы романды кейбір басы артық детальдардан арылтып, ширата түссе, сынның пайдасы деген осы емес пе? Тұтас алғанда үлкен суреткер өнерін танытатын Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген» атты мемуар-романына әр қилы сындар да айтылды. Соның ішінде шығарманың бас қазығы – Сарыбала оқырмандар көзі алдында бұдан да гөрі естиярлау, ой-өрісі кеңдеу бола түссе деген талапты нұр үстіне нұр деп қарау керек емес пе? Немесе қазақ металлургтары туралы тұңғыш романымыз «Теміртауда» схематизм элементтері бар екенін айтқаннан, марқұм Зейін Шашкиннің осынау бір, құнды еңбегі жаман бола қалды ма? Тәкен Әлімқұловтың жұртшылық жылы қабылдаған «Ақбоз ат» романындағы негізгі кейіпкердің бірі Елеусіз образының солғындығын да неге айтпасқа? Мен қазақ романының кәміл табыстары болып саналатын осы алты шығармаға әдейі назар аударып
отырмын. Алдымен жақсы шығарманың кемшілігін кешпеу керек. Қазір өндірісте биік нысана, сапа эталоны ретінде «ең озық дүние жүзілік стандарт» деген ұғым колданылып жүр. «Стандарт» деген сөзді жеке өз ұғымында, әрине, жақсы әдебиеттің жанынан жүргізуге болмайды. Көркем шығарма қашан да ең әуелі сол стандарттан, штамптан, шаблоннан қашуға тиіс. Ал жаңағы ұғымды біз дүние жүзілік әдебиеттің таңдаулы үлгілерінің қатарында болу керек деген мағынада пайдалансақ, біздің бірсыпыра романдарымыз ол дәрежеден әлі төмен жатыр. Әдебиеттің роман сияқты туындысының дүниеге келуіне ең алдымен, меніңше, екі нәрсе себеп болуға тиіс. Біріншіден, сол жанрдың өмірлік материалдары, екіншіден, жазушының суреткерлік даярлығы. Бізде сол екеуін сайлап болмай, романға, «роман жазды» деген атқа қызығушылық бар секілді. Өмірінде дені дұрыс бір әңгіме жазып көрмеген адамдардың бірден романға жармасуы қалай? «Жығылсаң нардан жығыл...» деу ме? Әрине, бірден жақсы роман жазғандар тарихта жоқ емес. Бірақ бізде көбіне олай болмай жатыр. Роман деп атап жүрген кейбір нәрселеріміз «ерінбеген етікші болады» немесе «ұра берсе, құдай да өледі» деген принциппен жазылған. Газеттердің бас мақаласы тұрғысынан белгілі бір жәйтті не белгілі бір моральді сағыздай созып, бірнеше кісі есімінің төңірегінде «мынау жақсы, анау жаман» дегенде қандай суреткерлік бар? Осы күні «Пәленнің романын бұдан жарты жыл бұрын қолыма алып оқи бастап едім, әлі аяғына жете алмай жүрмін» дегенді жиі-жиі естіп жүрміз. Осыған орай, айта кетейік, жалпы, біздің совет әдебиетінде
бір романның оқиғасын бірнеше кітапқа созу да модаға, нағыз стандартқа айналып барады. Бұл арада бір дұрыс түсінетін нәрсе: мен бүгінгі қазақ романының жақсы тәжірибесін жоққа шығарайын деп отырғам жоқ. Жоғарыда айтылған ескертпелер творчестволық мүмкіншілігі мол, үлкен жүк көтере алатын әдебиетіміздің жетекші жанры өсіңкі талапқа лайық болсын деген тілек қана. Бір қуанатын жай: соңғы жылдары прозамыздың шағын жанрлары әжептеуір көтерілді. Сонау баста Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов секілді қалам иелері қатты көңіл бөліп, жақсы үлгісін жасап берген повесть, новелла, әңгіме дегендеріміз біраз жыл өз позициясынан айрылып қалып еді, қазір солар қазақ прозасынан құрметті орын алып отыр! Тахауи Ахтановтың «Дала сыры», «Махаббат мұңы», Әнуар Әлімжановтың «Көгілдір таулар», Жәрдем Тілековтың «Шалғай шөпте», Сафуан Шаймерденовтың «Мезгіл», «Қарғаш», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат жыры», Өтебай Қанахиннің «Маздақ», Нығмет Ғабдуллиннің «Кестелі орамал» повестері, Тәкен Әлімқұловтың «Сары жайлау», «Көк қаршыға» новеллалары өскен прозаны танытатын шығармалар. Жекен Жұмақанов, Сайын Мұратбеков сияқты жазушылар жап-жақсы әңгімелер берді. Прозаның осы бір қиын да қызықты саласындағы еңбек етіп жүрген қаламгерлерді көтермелей түскендей, соңғы жылдары көркем әңгімеге Ғабит Мүсірепов та орала бастады. Мен әңгімелер мен повестердің тақырыбы мен мазмұнына тоқтамаймын. Нағыз өнер шығармасына қойылатын талап алдымен оның суреткерлік
дәрежесіне байланысты болуы керек. Шын мәніндегі көркем шығарма мәнсіз, мазмұнсыз бола алмайды. Биік мұратты, асыл адамгершілік қасиеттерді уағыздайтын шығармада суреткерлік шабыт пен әсемдік қатар жүруге тиіс. Түр мен мазмұнды бір тұтас нәрсе дейтініміз де міне, сондықтан. «Сөздің қысқасы, жіптің ұзыны жақсы» дегендей, ықшамдылықты басшылыққа ала отырып, көп пікір, үлкен түйін айту – суреткер ерекшелігі. Ахтановтың «Дала сыры» мен Әлімжановтың «Көгілдір тауларының» тартымдылығы да сол түйінділігінде, шыншылдығында. Адам табиғатының үлкен ерекшеліктерінің бірі – оның ойлана білуі, сана-сезімі десек, біздің әдеби кейіпкерлерде сол қасиет әлдеқайда жоғары болуы міндетті. Әркімнің өз түйсігі, өз көзқарасы бар, әркім өзінше сөйлейді, өзінше қуанады, өзінше ренжиді. Көркем шығармада осы жағы даралана түспесе, біздің геройларымыз ешкімнің назарын аудармайды, ешкімнің есінде қалмайды, инкубатордан шыққан балапандардай бірінен-бірін айырғысыз болады. Бұл, әлбетте, әдебиеттің бір жанрына ғана қатысты ескерту емес. Көркем очерк пен публицистика – әдебиетшінің қолдан түспес жауынгер құралы. Бұл салада неміз бар, неміз жоқ екенін айтып жату қазір мүмкін емес. Біздің осы табандағы мақсат – тек назар аудару ғана. Күнделікті өмірге білек сыбана араласып, шаруашылық пен мәдениеттің маңызды проблемаларына жазушы көзқарасын білдіріп отырамыз десек, бұл өткір қаруды пайдалана білуіміз керек. Тамаша замандастарымыз, еңбек адамдарының та-
быстары туралы очерктер өз алдына ғой. Сонымен қатар өмірдің көкейтесті мәселелеріе көтеруге баса мән беру қажет. Жұрт «жазушылар көмектесті» деп алғыс сезімімен айта жүретін болсын. Буржуазиялық жалақорларға қарсы күрес, олардың пасық шатпағын, арам ниеттерін дер кезінде әшкерелеп отыру – жауынгер публицистикамыздың және бір қоғамдық қызметі. Жалпы, біз, совет жазушылары, жат идеологиямен күресте қорғаламай, қорғанбай, бір жұдырық болса да бұрын жұмсап, әрдәйім шабуылға шығып отыруымыз керек. Қазақ көркем сөзінің арғы анасы – «альма матер» – поэзиямыз үнемі іздену, өсу, ажарлану үстінде. Өлеңіміз өзінің ұлттық бояуын – қанаттылығы мен саздылығын, әсемдігі мен асқақтығын – өркендете отырып, ойшылдана, нақтылана, маңыздана түсті. Егер соның жақсы үлгілерін бүкілодақтық оқырмандарға жұрт қатарлы көрсете алмай жүрсек, бұл өлеңнің кінәсі емес. Қазақ өлеңі асқақтық, әсірелеу, бояулылық жағынан сорлы болып көрген жоқ. Қайта, сол шешендік, жел сөз, толғау сарыны бізді біраз уақыт дидактикаға ұрындырып, аяғымызды жерге тигізбей, нақтылықтан, заттылықтан айырып жүрді. Енді өлең ұлттық әдемі бояуларына қоса жаңа өрнектерге ие болды. Олар адам жүрегін ұрандау, дабылдау арқылы емес, сұлу мінез, сезімталдық, мазмұн тереңдігі арқылы баурайды. Онда сөйлей алатын живопись, тыңдаушыны ұйытатын музыка қасиеті де молығып келеді. Бұған жоғарыда аталған жастар поэзиясының өзі-ақ куә. Ал Тайыр Жароков пен Әбділда Тәжібаевтың бірде романтикалы, бірде нәзік сырлы, бірақ әр уақытта азамат, әр уақытта жүректі поэзиясы, Қалижан Бекхожин мен Хамит
Ерғалиевтің үлкен адамгершілік, ақындық жалынмен суарылған есті өлеңдері, Сырбай Мәуленов пен Ғали Ормановтың, Ғафу Қайырбеков пен Зейнолла Шүкіровтың жарқын лирикасы, Сәбит Мұқанов пен Асқар Тоқмағамбетовтың, Дихан Әбілев пен Әбу Сәрсенбаевтың, Сағынғали Сейітов пен Мұзафар Әлімбаевтың, Аманжол Шамкенов пен Ізтай Мәмбетовтың заман үніндей жігерлі жырлары, Қайнекей Жармағамбетовтың балладалары, Қуандық Шаңғытбаев пен Нұтфолла Шәкеновтың ән текстері жұртшылыққа бұрыннан белгілі. Қазіргі қазақ өлеңінің жаңа леп, жаңа жақсы қасиеттер, жан жылуы көбірек көзге түседі. Рубаят, сонет сияқты өлең түрлерінің де дәстүрімізге ене бастауы жырымызды байыту талабынан туған нәрсе. Іздену – қазақ өлеңінің формаларын молықтыру, ырғақ-ұйқастарын жетілдіру саласында да байқалады. Қазір біздің ақындар арасында кәдімгі өзара жарыс, творчестволық бәйге рухы сезіледі. Бұл айтқандардан қазақ өлеңінің төрт құбыласы түгел деген мағына тумаса керек. Біздің лирикамыздың да талай шешілмеген проблемалары бар. Өлеңнің азаматтық қуатына, адамгершілік қызметіне, терең, тың пікірлі болуына, философиялық ойшылдығына аса көп көңіл бөлуіміз керек. Жылтырақ сөз тіркестері мен белгілі ұйқастарға құрылған әсерсіз, әрсіз, жеңілтек жырлар, тартымсыз, жансыз өлеңдер әлі де жиі ұшырайды. Бізде, әсіресе жастар арасында, лирика дегеннің өзін бір жақты ұғыну, оны қоғамдық, азаматтық әуенінен айырып, күйкі, ұсақ сезімнің айналасында қалдырғысы келетіндер де жоқ емес. Соңғы кезде «саяси лирика», «газет өлеңі» деген сөздерден қатты ығыса бастауымыз сондайлардың бір жақты ұғымы алдында тізе бүгу
емес пе деп қаласың. Вл.Маяковский мен Сәкен Сейфуллинді халық жүрегінде мәңгі қалдырған – ең алдымен саяси лирикасы, азаматтық өлеңдері, күрескерлігі емес пе? Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Тайыр, Асқарлардың ең жақсы жырлары дүниеге «газет өлеңі» боп келген жоқ па еді? Мысалы, бұдан 35 жыл бұрын жазылған: Солқылдата соғылсын Бесжылдықтың балғасы! Арқырасын асаудай, Өндірістің арнасы! – деген Тайыр өлеңін кім ұмыта қойды екен? Бұл нағыз саяси өлең, нағыз газет өлеңі болатын. Ендеше мәселе саяси лириканың өтімсіздігінде емес, оны жақсылап жаза алмауымызда. Бұл жанрдың қиындығында. Демек, бізде қиыннан қашу, ат төбеліндей аздардың талғамына бейімделу бар. Оның үстіне «газет өлеңі» деген теріс ұғымға газеттердің өздері, олардың талапсыздығы кінәлі. Біз екі нәрсені есте ұстауымыз керек: қай тақырыпқа, не туралы жазсақ та, өлең, Абай айтқандай, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін сөз сарасы болсын. Екіншіден, біз тек ақын емеспіз, совет ақынымыз, күрескер ақындармыз, құрылысшы, тәрбиеші ақындармыз. Осы екі тұрғыдан қарап отырып, нағыз көркем өнер шығармаларын жасауымыз керек. Кесек поэма жасауда да белгілі табыстарымыз бар. Соның бірі деп біз үлкен азамат ақынымыз, советтік дәуірдің жалынды жыршысы марқұм Тайыр Жароковтың «Тасқынға тосқын» поэмасын атай аламыз. Ақын табиғаттың дүлей күші мен тағдыр сынына өз замандастарымыздың адамгершілік
қасиетін, рухани беріктігін, лениндік партияның даналығын қарсы қояды және бұлар жеңіп те шығады. Поэма саласында үзбей жемісті еңбек етіп келе жатқан ақындарымыздың бірі Қалижан Бекхожин осы екі съезд арасында төрт дастан берді. Ақындық қуаты жағынан шоқтығы биігі – әсіресе «Ақсақ құлан». Поэма алыс дәуірдің аңызын жыр етсе де, халық күшінің жеңімпаздығын, өнер құдіреттілігін бүгінгі күннің талабына лайық шабытты көрсеткен. Ақынның Сәкен Сейфуллинге арнаған «Сұңқар туралы аңыз» атты шағын дастаны да жақсы жыр тебіренісінің жемісі, ойлы, өрнекті туынды. Қазақ дастаншыларының ішінде әрдәйым өз жолымен, ізденуімен келе жатқан және елеулі табыстары да, еліктеушілері де бар ақын – Хамит Ерғалиев. Оның екі жинақта жарық көрген «Жылдар, жылдар» атты жаңа поэмасында да сол өзіндік үні, жаңаша жырлау әуені, үлкен жоспар, ақындық серпін айқын аңғарылады. Советтік дәуір мен советтік адам сипатын ой елегінен өткізе, кеңінен толғайтын бұл дастан әлі аяқталған жоқ. Шынын айтсам, дәл осынысы мені бір жағынан қобалжытады да. Ақын қуатына қаншама сенсем де, өз басым бір поэманың кітаптан кітапқа созылуын мақұлдамас едім. «Жылдар, жылдар», илаһим, сәтті боп тынсын. Тартымды тұлға, қызық тағдыр туралы жазылған Қасым Тоғызақовтың «Сібір-Омар» дастаны да екі кітапқа созылған. Бірақ Қасекең сол арқылы ақыдан ұтса да, ақындықтан ұта алмайтын сияқты. Жинақы, жұмыр тараулардан алынған жақсы әсерлер шұбалаңқылықтан шалдығып, жолда шашылып қала береді.
Ел өмірінің әрқилы кезеңдерін, өз замандастарымыздың жан-жүрегін жырлауға арналған енді бір топ тәуір шығарма – Мұзафар Әлімбаевтың «Менің Қазақстаным», Дихан Әбілевтің «Махаббат тағдыры», Қабдікәрім Ыдырысовтың «Әке жолы», Еркеш Ибраһимнің «Өмір өлмейді» поэмалары. Осыларға қоса Қадыр Мырзалиев пен Мұқағали Мақатаевтың ұлы көсеміміз Ленин туралы жазылған тартымды шағын дастандарын атап айту қажет. Аталған шығармалардың ұтымдылық сырын бірер сөзбен айтсақ, ол – дәуір шындығын, кейіпкер тағдырын адам жаны арқылы ақындық қуатпен көрсету. Қай-қай оқиға да тек қана сол адам жаны арқылы суреттелуге тиіс. Поэма саласында бізді қобалжытатын жәйттер де көп. Өткен съезден бері, санасақ, дүниеге «поэма» деген аттары бар елу шақты «перзент» келген екен. Солардың бәрінің шілдеханасында болсақ та, көбінің атын ұмыта бастадық. Жоғарыда роман жанрына байланысты айтылған сындардың кейбірінің поэмаға да қатысы бар. Ол – жанр табиғатын жете түсінбей, «шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей, құр өлеңшілікке салыну, «дастан үшін жаралған» өмір материалдарын іріктеп ала алмау сияқты кемшіліктер! Сәтсіздік, әсіресе, еңбек адамын жырлайтын поэмаларда көп кездеседі. Мысалы, аталған дастандарда әдемі шабыт көрсеткен Қалижан Бекхожин «Менің мекендестерім» деген поэмасында қаламына «жем» түскендей, кібіртіктеп қала береді. «Жер астындағы жұлдыздар» поэмасынан Ғафу Қайырбеков поэзиясына тән уыттылық пен тапқырлықты тану қиын. Сәбит Мұқановтың «Адам туралы аңыз» поэмасы мен Аманжол Шамкеновтың
«Жайлау таңы» да жақсы ниеттен жөнді аса алмай қалған. Шұбалаңқылық, жалаң толғау, схематизм, кейіпкерді еңбек үстінде көрсетемін деп өзіміз жөнді білмейтін өндіріс процесін төңіректеу – біздің көптеген поэмалардың кесепаты. Мен көп сөзділік дегенде, поэманың көлемділігін айтпаймын. Поэзиямыздың классикалық туындысына айналған «Сұлушаш» пен «Құлагерді» қандай көлемді болса да, ешкім көп сөзді, ұзақ деп сөкпейді. Гәп қажетсіз, орынсыз, әрсіз, қара дүрсін көп сөзділікте. Қазақ поэмасының басындағы қиындықтар мен кемшіліктер тек Қазақстан топырағындағы нәрсе емес. Бұдан бірер жыл бұрын «Литературная газетаның» беттерінде бұл жанр біраз талқыға түсіп, қазіргі поэма қандай болу керек: эпикалық, сюжетті поэма тартымды ма, әлде публицистикалық, лирикалық поэмалар ұтымды ма деген сияқты сұрақтар қойылды. Оның үстіне «тұяқты тұяқ жібермейді» дегендей, қай поэзияның қай жерде бара жатқанын, кімнің қандай поэмасы бар екенін былайынша да көріп отырмыз. Бірақ біз өзгелердің кемшілігін жұбаныш еткіміз келмейді. Сондықтан болса керек, бұдан бірнеше ай бұрын қазақ поэмасы туралы біздің «Қазақ әдебиеті» газеті де әңгіме қозғады. Мұндағы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сыншы Мұхамеджан Қаратаевтың «Поэма өрісі де – өмір» деген байыпты да байсалды жазылған қорытынды мақаласында толық жауабын алды. Ал баршаға мәлім қағиданы айтсақ, гәп поэманың тақырыбы мен түрінде ғана емес, қалай жырлауда, қай тұрғыдан, қандай ақындық қуатпен жырлауда ғой. Мұны, әрине, тек ақынның өзі ғана шеше алады.
«Кенже қалды», «уақыт талабына сай емес» деген сынды әдетте қайда да көбірек еститін жанр – драматургия жанры. Мен сол сынға алдын ала қосылуға бар болсам да, қазақ драматургиясы өспей, тек тоқырау үстінде келе жатыр дегенді айтпас едім. Жоқ, соңғы жылдары біздің драматургия едәуір көтерілді, профессионалдық дәрежесі мен тереңдігі артты. Мұны алдымен Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев, Шахмет Құсайынов, Тахауи Ахтанов, Қапан Сатыбалдин, Зейін Шашкин, Қалтай Мұхамеджанов, Қуандық Шаңғытбаев, Аманжол Шамкенов сияқты драматургтеріміздің еңбегі деп қарау керек. Бұлардың қазір сахнада жүріп жатқан пьесаларын сонау отызыншы-қырқыншы жылдардағы пьесалардан төмен деп кім айта алады? Бірақ уақыт басқаша, көрермендер өсті, талғам-талабымыз артты. Демек, драматургия да жаңа биікке көтеріле беруге тиіс. Сондықтан «Көңілдестер», «Сәуле», «Боран», «Күн шуақта», «Бөлтірік бөрік астында», «Беу, қыздар-ай!» сияқты тәуір пьесалардың өзін қанағат тұта алмаймыз. Өйткені біздің драматургия солар арқылыақ өзінің мол мүмкіншіліктері бар екенін, жаңа биіктерге жете алатынын танытты. Қазақстан драматургтерінің пьесалары арқылы бүгінгі қазақ характері, ой-өрісі кең, жан-дүниесі бай, тамаша коммунизм құрылысшысы бүкілодақтық сахнаға шығатын болсын! Көрермендер, алдына үлкен проблемалар, терең пікірлер тарта білейік. Бұл оларды ойландырсын, күйіндірсін, сүйіндірсін, еш нәрсеге бейтарап қалдырмасын. Сөйтіп, Ұлы Октябрьдің 50 жылдық тойына советтік өміріміздің күрделі құбылыстарын, жарқын белгілерін көрсететін спектакльдерімізбен келу керек.
Киносценарий жөнінде де осыны айтамыз. Өйткені бұл жанрдың халі тіпті мәз емес. Жазушылар одағы, Мәдениет министрлігі, кинематография жөніндегі комитет, театрлар, «Қазақфильм» киностудиясы «кім мінәлі» деген қысыр сұрақ алдында дағдара бергеннен гөрі, драматургтерімізбен бірге ойластыра отырып, бұл салада нақты, ақылды жұмыстар істеуі керек. Әдебиетіміздің ең маңызды, ең жауапты саласының бірі – балалар әдебиеті. Бұдан он шақты жыл бұрын бізде сондай әдебиет бар ма деушілер де жоқ емес еді. Бұл сұрақтың қыңырлығымен бірге қисыны да болатын. Өйткені балалар әдебиеті саласында үнемі беріле еңбек етіп жүрген жазушылар саусақпен санағандай еді. Қазір Сапарғали Бегалин, Әбу Сәрсенбаев, Өтебай Тұрманжанов, Сейітжан Омаров, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Амантай Байтанаевтардың шығармаларын қазақ балалары ғана емес, көптеген туысқан республикалардың жас оқырмандары да біле бастады. Екі съездің арасында қазақ балалар жазушыларының қатары Қадыр Мырзалиев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Насреддин Сералиев, Машқар Гумеров, Жақан Смақов, Қосжан Мүсірепов сияқты авторлармен толықты. Тіпті айта берсек, бұл тізімді соза түсуге болар еді. Бөбектерге арнап шығарма жазатын жазушылардың көбеюі балалар әдебиетінің тақырыбын да, мазмұнын да, түрін де едәуір молықтырды. Сөйтіп, бұ да көп салалы, жанжақты бола бастады. Бұл мектеп өмірін, пионер ұйымы өмірін, жалпы балалар көңілін аударатын құбылыстарды кеңірек қамтуға мүмкіндік берді.
Балалар әдебиетінің ерекшелігі көп. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, Корней Чуковский, Джанни Родари сияқты жаза білсе, шыбын-шіркей мен шыбық жөнінде де классикалық шығармалар жасауға болады екен. Муха-Цехотуха, Чипполино, Синьор Помидор, Мойдодырлар осының айғағы. Өтебай Тұрманжановтың «Құмырсқа мен аралар – айырылмас дос құдалар» деген ертегісін де жақсы үлгінің бірі дер едім. Мұнда әркім еңбегіне, ісіне қарай бағаланады деген қағида өте шебер, әдемі айтылған. Әттең, осы сияқты қызықты ертегілер көп болса ғой! Жалпы қазақ балалар әдебиетінде бүгінгі заман ертегілерін жасау ісін үлкен көңіл бөлетін нәрсе деп қарау керек. Шығармалардың тақырып жағын алатын болсақ, ең көп орын, әрине, балалардың өз өміріне берілуі қажет. Бұл ретте бізде жақсы туындылар әлі де санаулы-ақ. Медеу Сәрсекеевтен басқа шытырман оқиғалы ғылыми-фантастика тақырыбымен де айналысып жүрген ешкім жоқ. Әдемі картина-кітапшалар да жетіспейді. Балаларға арналған шығармалардың көбінде сұлу шұрайлы, астарлы қазақ тілі тапшы. Біз, мысалы орыс балалар әдебиетінде қандай білікті, қандай ұстаз адамдардың еңбек етіп жүргенін жақсы білеміз. Марқұм Маршак, қазіргі Корней Чуковский, Сергей Михалков, Лев Кассиль, Агния Бартоларды қай жанрдың өкілі қорашсына алады? Ал бізде балалар әдебиетіне солардай адамгершілік, бүкіл суреткерлік табиғатымен келуден гөрі, өзге жанрлардан жақсы орын таба алмағандардың келуі көбірек сияқты. Әсіресе, балалар ақыны боп жүрген кейбір жолдастардың өлеңдерінен осыны аңғарасың.
«Баланы жастан» деген мақал бар. Сол қағиданы орындауға тиісті ұстаздардың бірі – көркем әдебиет. Жас буындарды коммунистік рухта баулуда оның ролі мектеп пен семьядан кем болмасқа керек. Ендеше балалар әдебиетіне ерекше назар аудару қажет. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бір пленумын қазақ балалар әдебиетінің жайын, көкейтесті проблемаларын жан-жақты талқылауға арнаған жөн. Мұнда біздің көркем әдебиет өнімдерін балаларға, әсіресе, төменгі класс оқушыларына жеткізу, мектеп кітапханаларының халі жөнінде де сөз болуы керек. Оқу министрлігі, комсомол, Жазушылар одағы болып, бұл және басқа мәселелер жөнінде бір тиімді шаралар белгілеуге тиіс. Қазақстан жазушыларының IV съезінен бері әскери-патриоттық тақырыпта да бірқатар жаңа шығармалар жазылды. Бұлардың басым көпшілігі халқымыздың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қаһармандығына арналған. Алдымен соғыс кезеңін қамтитын әңгімелер мен очерктердің «Ол күндердің өшпес даңқы», «Майдан», «Жеңімпаздар» атты үш томдығын атап айту қажет. Бұларға кірген шығармалардың авторлары – Ұлы Отан соғысына аяқтай қатысқан қаламгерлеріміз, біздің Қазақстан жазушылары. Жеке кітаптарды атайтын болсақ, біз нағыз әскери жазушы Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов», Сергей Мартьяновтың «Жат жақтан соққан жел», Әбу Сәрсенбаевтың «Офицер күнделігі», Анатолий Ананьевтің «Танктер қаптап келеді», Әди Шәріповтың «Партизан қызы», Дмитрий Снегиннің «Парламентер рейхстагтан шығып келеді», Федор Егоровтың, Сейітжан Омаровтың, Қасым Қайсеновтың шығармаларын, Сырбай Мәуленовтың,
Сағынғали Сейітовтың және басқа ақындардың өлеңдерін айта аламыз. Сонымен бірге Жазушылар одағының Бауыржан Момышұлы басқаратын әскери-көркем әдебиет жөніндегі комиссиясы жүргізіп отырған түрлі ұйымдық-көпшілік жұмыстарды да айтпай кете алмаймыз. Әсіресе, жаңағы аттары аталған жазушылар бұл жұмысқа үлкен қоғамдық парыз деп қарап, белсене араласады. Олар Түркістан әскери округінің құрамалары мен бөлімдерінде әлденеше рет болып, совет жауынгерлерімен кездесу кештерін өткізді, қазақ әдебиеті жөнінде баяндамалар жасады. Бұларды қоғамдық ұйымдар мен оқу орындарында да жиі-жиі көресің. Сөйтіп, әскерипатироттық тақырыптағы көркем әдебиет жалпы қазақ әдебиетінің беделді бір бөлігі боп алды. Әдебиетіміздің тағы бір аса маңызды, күрделі саласы бар. Ол – көркем аударма. Бұл жанрдың алғашқы үлгілерін жасаған сонау Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсарин көркем аударманы өз халқын мәдениетке тартудың күшті құралы деп білген. Содан бері қазақ әдебиеті қайраткерлерінің көркем аудармамен шұғылданбағандары кемде-кем. Оның үстіне бізде Жазушылар одағының мүшелері профессионал аудармашы кадрлары да қалыптасып келеді. Сөйтіп көркем аударма арқасында туысқан әдебиеттер мен дүние жүзілік әдебиет, орыс және әлем классикасы таңдаулы үлгілерінің қазақ тілінде мол қоры, бай кітапханасы жасалды. Мұның қазақ көркем әдебиетінің дамуына, халқымыздың рухани өсуіне тигізген пайдасын асыра бағалау қиын. Көркем аударма саласында кейінгі жылдары да біраз шаруа тындырдық. Әсіресе, дүние жүзілік
әдебиеттің биік мақтанышы – Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының қазақ тіліне аударылуы мәдени өміріміздегі елеулі оқиға болды. Бұл сықылды ғаламат дүниені бірден мінсіз шығару, әрине, өте қиын нәрсе және біздің аудармамызда елеулі кемшіліктер де бар. Алдымен бір шығарманы бірнеше адамның аударуының өзі нағыз ала қолдылыққа апарып соғатыны белгілі. Әйтсе де бір топ аудармашы, соның ішінде романның тұтас үш томын аударған Мұхтар Жанғалин хал-қадарынша біраз еңбек еткен. Мұны әділеттік үшін атап айту керек. Көп ұлтты совет әдебиетінің елеулі шығармалары да қазақ тіліне жылма-жыл аударылып келеді. Сонымен қатар әдебиеттің осынау өте маңызды саласына баспасөз жөніндегі республикалық Комитет пен «Жазушы» баспасы тарапынан болсын, Жазушылар одағы тарапынан болсын әлі де жете мән бермеушілік бар. Соңғы жылдары «Жазушы» баспасы аударма кітаптар шығару жоспарын кемітіп жіберді. Мысалы, 1959 жылы олардың жалпы көлемі 800 баспа табақ болса, 1965 жылы 200 баспа табақтан аз-ақ асыпты. Аудармашыларға деген көзқарастың да пәлендей емес екенін ашық айту керек. Олармен алдын ала шарт жасасу, аванс төлеу сияқты заңды шаралар «Жазушы» баспасы практикасында жоқ деуге болады. Көркем әдебиетті аударуды жоспарлау ісінде де жүйесіздік орын алып келеді. Көркем аудармаға біздің әдеби сын да көп көңіл бөледі деп айта алмас едім. «Соғыс пен бейбітшіліктің» қазақ тілінде. шыққанына бірнеше жыл болса да, біздің сыншылардан ол жөнінде жұмған аузын ашқан әлі ешкім жоқ. Осы бір үлкен
әдеби оқиғаның Жазушылар одағының залында да творчестволық әңгіме болмауы – көркем аударма секциясының, әсіресе секретариаттың қағыс қалған ісі екенін мойындау жөн. Көркем аударманың теориялық мәселелерімен шұғылданып, оның жақсы тәжірибелерін қорытатын да уақыт жетті. Сейділ Талжановтың «Көркем аударма туралы» және Әбен Сатыбалдиевтің «Рухани қазына» деген монографиялық еңбектерін осы кенже қалған саланың қарлығаштары деп қарау керек. Аударма сынына баса көңіл бөлу қажеттігінің тағы бір себебі: бізде көркем аудармада көтерілмеген тыңдар көп. Қазақ тіліне қанша рет аударсақ та, Пушкин, Лермонтов, сол Толстой, Горькийлердің өздерін өз дәрежесінде оқырмандарға жеткізе алдық деп әлі айта алмаймыз. Аударма ісі нағыз сөз шеберлерінен гөрі әдебиеттен түсінігі аз малтабарлардың қолдарына көбірек ілініп кетіп жүр. Жазушылар одағы, әдебиет сыны халтурщик аудармашылармен де бейбіт қатар өмір сүруге дағдыланған. Бұған тыйым салатын уақыт жетті. Көркем аударма ісін ұйымдастырудың біз үшін таразының екінші асындай тағы бір жағы бар. Ол – қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тілі арқылы бүкілодақтық және әлемдік аренаға шығару. Есеп беріп отырған уақыттың ішінде республикадан сырт жерлерде Қазақстан жазушыларының әр түрлі тілде 120-дай кітабы басылыпты. Бұл да қазақ әдебиетінің беделін сыпаттайтын цифр. Біздің бұдан да кең танылуға творчестволық мүмкіншіліктеріміз бар. Ол үшін лайықты шығармаларды алдымен орыс тіліне аударту ісін ұйымдастыра білу қажет.
Бізде, әдетте, бұл істегі күллі кемшілікті Жазушылар одағының кінәсі деп біледі. Бәлки, солай да шығар. Бірақ бұл кемшіліктер пәленнің не түгеннің кітабын Москва баспаларына ұсынбауымыздан болып отырған жоқ, ұсынудан кенде емеспіз. Мәселе орталық баспалардың немесе аудармашы орыс достарымыздың қазақ жазушыларының шығармаларына ықылассыздығынан да емес. Жоқ, олардың ықыластары жетіп жатыр. Ендеше не жетпейді? Қазақ тілінен орыс тіліне тікелей аударатын аудармашылар Москва түгіл, әзірге, бір ұяты, Алматының өзінде жоқ. Сондықтан біз әуелі шығарманы жолма-жол (подстрочный) аудартып, сосын барып көркем аударма үшін ұсынамыз. Осыны қамтамасыз етсек, орыс тіліне аударатын жазушы да, басатын баспа да табылады. Жақсы жолма-жол аудармасы бар тәуір шығармадан бас тартқан бірде-бір Москва баспасын білмейміз. Көркем аударманың сапасы да жолма-жол аудармаға байланысты. Ендеше бұған мемлекеттік мән беру керек. Бұл салада өзімізде арнаулы аудармашылар даярлауды қолға алатын уақыт жетті. Орыс тіліне аударылған кітапта жолма-жол аударған кісінің де аты жүрсін. Оларға деген гонорар мөлшерін де қайта қарау керек. Жолмажол аударманың нағыз мамандарын Жазушылар одағына мүше етіп алудың да үлкен маңызы бар. Ондай адамдар республика Жазушылар одағы мен «Жазушы» баспасының штатында да болуға тиіс. Жолма-жол аудармашылардың арнайы семинарларын өткізіп тұру ісін де практикаға енгізу қажет. Көркем аударма мәселесіне байланысты тағы бір жәйтті еске ала кетпекпін. Біздің орыс достарымыз қазақ әдебиетінің шығармаларын тек қалам ақы үшін
аудармайды. Олар ең алдымен туысқандық борыш сезіміне, қазақ халқына, оның тамаша әдебиетіне деген махаббат сезіміне бағынады. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары солардың біразынан қол үзіп қалдық. Егер халық өмірінің күрделі құбылыстарын көркем әдебиет бейнелеуге тиіс болса, көркем әдебиеттегі құбылыстарды әдебиет сыны мен әдебиет зерттеуі танытуға тиіс. Бұл екеуі – зерттеу мен сын – ежелден егіз нәрсе және екеуінің бірге сөз болатыны да сондықтан. Идеялық-көркемдік дәрежесі жоғары әрбір әдеби сында зерттеу тереңдігі жатады да, әрбір жақсы зерттеу өз объектісіне байыпты сын принципімен қарайды. Бұл жанрдың қиындығы да, маңыздылығы да осында жатыр. Мен сынның әр қайда қозғаушы күш екенін, сын түзелмей мін түзелмейді, сын жоқ жерде мін көп деген сияқты жаттанды шындықтарды қайталап жатпаймын. Сынның да, әдебиетті зерттеудің де маңыз-мақсаты бәрімізге белгілі. «Барлық таяқ бейшара Макарға тиеді» дегендей, сынға да, сыннан да тиіп жатса, оны да заңды демекшімін. Бір нәрсені атап айту керек: осы кезең қазақ әдебиет сыны мен зерттеуінің тереңдеп, кеңейе түскен ең жемісті кезеңі екені даусыз. «Жазушы» баспасы мен Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет пен өнер институты соңғы бес-алты жылдың ішінде шығарған сын және әдеби-зерттеу еңбектерін санап отырсақ, тек қалың кітаптардың өзі елуден асады екен. Тіпті соншама қатал, соншама талапшыл болғанның өзінде, әдебиет зерттеушілері мен сыншыларымыздың тұтас алғанда көп жұмыс істеп тастағанын бағаламау нигилизм сырқаты секілді боп көрінер еді. С.Мұқановтың
«Жарқын жұлдыздары» мен «Өсу жолдарымыз», Қажым Жұмалиевтің екі томдық «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» және «Абай поэзиясының тілі», М.Қаратаевтың «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы», «Дүниеге көзқарас және шеберлік», Ә.Тәжібаевтың «Өмір және поэзия», Е.Ысмайыловтың «Сын мен шығарма», С.Сейітовтың «Әдебиеттер достығы» мен «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі», С.Қирабаевтың «Өрлеу жолында», «Сәкен Сейфуллин», З.Қабдоловтың «Жанр сыры», Ә.Шәріповтың «Жұмағали Саин творчествосы», Т.Нұртазиннің «Жазушы және өмір», I.Омаровтың «Әдебиет жайлы ойлар», М.Базарбаевтың «Қазақ поэзиясындағы еңбек адамының образы», Р.Бердібаевтың «Әдебиет және өмір», Б.Сахариевтің «Уақыт тынысы» сияқты кітаптарын әдебиет зерттеуі мен сынымыздың табыстары деп қарауға болады. Талантты, принципшіл жас сыншылар өсіп келеді. Және бір жақсылық: бұл саладағы еңбектердің басым көпшілігі қазақ совет әдебиетінің проблемаларына арналған. Соны мейлінше қуаттай отырып, біздің зерттеушілеріміз көрнекті жазушыларымыздың көзі тірілерінің творчествосы мен әдебиетіміздің атақтыатақты жеке шығармаларына да көбірек көңіл бөліп отырса деген тілек айту керек. Әдебиетте отызқырық жыл бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан көптеген жазушыларымыз не жеке зерттеуге, не оқулықтарға ілінбей келе жатқаны қалай? Тіріде түк айтпай жүріп, өлгеннен соң «ой, бауырым» салып, ол осындай данышпан еді дегеніміз «жоғалған пышақтың сабы алтын» дегендей боп көрінуі мүмкін ғой. Қолдан келсе, тіріге көмектесіп, тірінің еңбегін бағалай білу керек.
Енді сынның жеке басын сөз етсек, сынаған сынды, мынауың жаман деген сыншыны құшақ жайып қарсы алып жатқан жазушыларды Москвадан да, Қазаннан да, Ташкенттен де кездестіре қойғам жоқ және таяу уақыттың ішінде кездестіре қоям деп үміттену де қиын. Ендеше Алматы олардан бөлініп қайда барсын. Сынаған бойда сынды ұға қал, жақсы көр деудің өзі, жалпы, адам табиғатын түсінбеу, оған жеңіл-желпі қарау сияқты. Үйретілмеген ат бірден тақым тигенде қандай мөңкісе, ә дегенде сынға да солай осқыра қараудың онша сөкеттігі жоқ. Бірақ партиялық принципті, әділ сын өзінің шындығын, дос ниеттілігін танытпай, мойындатпай, үйретпей қоймайды. Ендеше сынымыз білгір болсын, шыншыл болсын, тілектес болсын. Бізде осы жағы жетіспейді. Кейде оқыс қамшы жұмсап, кейбір жылқыны қамыттан шығарып арыншыл қылып алғандай, сында да көп ағаттықтар жіберіп, жазушының сенімінен айрылып қалған кезіміз болды. Тіпті жақсы ниеттің өзіне күдіктене қарауымыз – соның белеңі. Оның үстіне сын мақаланың мақтап отырғанын, даттап отырғанын түсінбесең, ондай жасық, жалтақ, сауатсыз нәрселер сынның беделін қайдан көтерсін. Көп жағдайда сын деп жүргеніміз заказбен жазылған саяз шағын рецензиялар дәрежесінен аса алмайды. Соның өзінде шығарманың құнды-құнсыздығын авторына, өзінің сол автормен қарым-қатынасына қарап бағалау басым. Мен мұндай жәйтті сыншының тек әділдігі, адалдығы жетпегенінен деп қарамас едім. Меніңше, ондайларға ең алдымен талант, сыншының таланты жетпейтін болса керек. Ал дарынсыз адамдар жалтақ келеді, жағымпаз, атаққұмар, қызғаншақ келеді. Демек, кез келген адамның ақын бола алмайтыны сияқты, кез келген филологтың қолынан
сыншылдық келе бермейтінін ескеру керек. Сыншыда суреткердің қабілеті де болуы шарт. Бізде жүрегі шайылмаған, талантты, батыл жастар жағы болмаса, көптеген тәжірибелі сыншылар – Темірғали Нұртазин, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмаилов, Мәлік Ғабдуллин, Бейсембай Кенжебаев, Белгібай Шалабаев, Мүсілім Базарбаев, Сағынғали Сейітов, Серік Қирабаев сияқты жолдастар соңғы жылдары біржола дерлік ғылыми жұмысқа ойысты, әдеби шолу немесе мерекелік мақалалар төңірегінен асып, айбынды сынға сыбанып араласа қоймайды. Әдебиет зерттеуі саласында өнімді еңбек етіп жүрген бұл секілді кісілерді сол үшін, әрине, жазғыру да қиын. Бірақ батылдық, құштарлық жетсе, олардың сынға да белсенді араласуына әбден болар еді. Осы арада Мұхамеджан Қаратаевты бөліп атағым келеді. «Сен тимесең, мен тимен» деп отыруға оның да әбден мүмкіндігі бар. Бірақ Қаратаев әдебиеттің барша әңгімесіне, барша дауына араласып, өз көзқарасын үнемі білдіріп отырады. Әрине, оның да пендешілігі, асып түсіп не жетпей жататын жері болмайды емес. Сонда да ол әр уақытта сынның алғы шебінде болуға талпынады. Сыншылық талант та – табиғат тартуы. Біз сыншы жолдастарымыз сыншылықтың ыстықсуығына жан-жүрегімен берілген, оны өзінің болмысы деп білген адамдар болса дейміз. Олардан нағыз солдаттың қасиетін көргіміз келеді. Жақсы солдат қаруынан да айрылмайды, алғы шептен де қашпайды, әр уақытта тұрасын айтады. Әрдайым солай қалтқысыз айтатын, ешкімнің бетажарына қарамай, барды бар, жоқты жоқ дейтін, ешбір кем-кетікпен бітіспейтін, ымырашылдықтан,
жалтақтықтан аулақ сын ғана әдебиетті алға меңзей алады. Нағыз көркем сөз өнерінен көп алыс, сұрғылт, әдеби полуфабрикаттардың көбейіп кетуіне әдебиет сынының азусыздығы да біраз жағдай туғызды. Бұған тағы бір кінәлі жәйт – сынның теориялық дәрежесінің төмендігі, ой-өрісінің тарлығы. Осыған орай, бізде жалпы әдебиет теориясын дамытуға жете көңіл бөлінбей келе жатқанын, қисынсыз ғылым болмайтынын еске сала кету қажет. Бір маңызды нәрсе: сыншыларымыздың мамандану мәселесі, олардың жан-жақты, универсал болғанына ешкім де қарсы емес. Бірақ қай-қайсысының да «құдай» маңдайына жазған, әлдеқайда іш тартатын жанрлары жоқ емес. Айталық, Қажым Жұмалиев өзі ақын бола тұрып, ең алдымен поэзия сынымен, оның теориялық мәселелерімен айналысуға тиіс емес пе? Сағынғали Сейітовтен де соны талап етуге болар еді. Немесе өзі беллетрист Темірғали Нұртазиннің оң жамбасына проза сыны келіңкіремей ме? Өйткені белгілі бір шығармаға пікір айту үшін, соның қалай жазылғанын, жазушының қандай творчество азабын тартқанын, не айтқысы келгенін, жанр табиғатын жақсы ұғыну қажет. Аспандағы айды талап еткендей, кей сыншылар автордың тіпті ойында, жоспарында жоқ нәрсені талап етсе, ондай лағу көбіне түсінбегендіктің салдары. Қысқасы, әр жанрдың беделді білгір «өз» сыншылары да болсын. Өздері қалам тартып жүрген жанрдың проблемалары туралы, жолдастарының жаңа шығармалары жайлы құнды да дәл пікірлерді жазушылардың өз бастарынан да күтеміз. Амал не, біздің көптеген көркем сөз шеберлері сынға сырт-
тай кіжініп, сырттай сын айтуы, сыншыға өкпелегені болмаса бұл салада үлгі көрсете алмай келеді. Кейбір ағат, жаңылыс пікірлердің уақытында дұрыс жауабы қайтарылмай, тұжырымды үкім күйінде қала беретіні де өзімізден, өзіме тимесе болды деуден, құштарлықтың, принциптіліктің жетіспеуінен. Әдеби сынды өркендету «сыншы» аталып жүрген азын-аулақ адамның ғана ісі емес, бүкіл жазушы қауымның ортақ міндеті. Қазақ әдебиетінің таңдаулы шығармаларымен бірге біздің әдеби сынпікірлеріміздің де бүкіл одақтық аренаға батыл шығатын уақыты жетті. Осында, съезд күн тәртібінде белгіленгендей, Қазақстандағы орыс және ұйғыр әдебиеті туралы баяндамалар тыңдалады. Әйтсе де, бұл әдебиеттер жөнінде бәріміздің ортақ қуанышымызды білдіре кетуім керек. Аз ғана уақыттың ішінде олар сапа жағынан да, сан жағынан да едәуір өсіп-жетіліп, Қазақстан әдебиетінің үлкен жасақтарына айналды. Бүгін біз республикадағы орыс әдебиетінің Николай Анов, Максим Зверев, Иван Шухов, Дмитрий Снегин, Анна Борисовна Никольская сияқты үлкен шеберлерімен қатар, Сергей Мартьянов, Василий Ванюшин, Анатолий Ананьев, Иван Щеголихин, Федор Егоров, Николай Корсунов, Федор Чирва, Николай Кузьмин, Алексей Брагин сияқты прозаиктерді, Леонид Кривощеков, Федор Моргун, Александр Лемберг секілді ақындарды, Александр Жовтис, Евгения Лизунова, Николай Ровенский, Павел Косенко сықылды әдебиет зерттеушілері мен сыншыларды зор құрмет сезіммен атай аламыз. Өз шығармаларын орыс тілінде жазатын жоғарыда аталған Олжас Сүлейменов пен Әнуар Әлімжанов та
осы талантты отрядтың түлектері. Біздің қадірлі Бауыржан Момышұлы да орыс әдебиеті секциясының бір жемісті мүшесі. Қазір бізде ССРО Жазушылар одағы мүшелерінен, елуден астам орыс қаламгерлері бар. Олардың бірсыпырасы қазақ әдебиеті шығармаларын орыс тіліне аудару жөнінде де едәуір қызмет атқарып жүр. Біздің Қазақстан орыс әдебиеті бүкілодақтық әдебиетке өз үлесін қосқан, жақсы дәстүрі бар әдебиет. Совет көркем сөзінің аса көрнекті өкілдері Павел Васильев, Леонид Мартынов, Всеволод Иванов, Лидия Сейфуллина, Ефим Пермитиндер өздерінің творчестволық жолдарын біздің республикада бастаған. Петропавл, Көкшетау, Өскемен, Қостанай, Семей – міне, бұл жерлер олардың әдебиет әлеміне старт алған Байқоңырлары және алғашқы махаббаттай тұңғыш жырлары да солар. Мен осындағы орыс достарыма сол алдыңғылардың творчестволық табыстарын, солардың қазақ жеріне деген махаббатын, бауырмалдығын тілер едім. Қазақстандық орыс әдебиетінің шығармалары қаптаған танктердей алғы позицияға шыға берсін. Біздің туысқан ұйғыр әдебиеті де профессионал әдебиет жолына түсті. Соның бір қуанышты дәлелі: осы екі съезд арасында тұңғыш ұйғыр романдары дүниеге келді. Олар –Хизмет Абдуллиннің «Турфан аясында» және «Жерлестер», Зия Сәмедидің «Майымхан», Жамалитдин Босақовтың «Иірім» романдары – бүгінгі совет романының үлгісімен жазылған реалистік туындылар. Қазір ұйғыр әдебиетінің де барша жанры қатар дамып келе жатыр. Жоғарыда аталған жазушылардың және Құрбан Тохтамов, Мәсімжан Зульфикаров, Жалал Мұсаев, Ахметжан Ашировтардың повестері мен әңгімелері, Изім Ис-
кандеров, Изім Бахниязов, Халил Хамраевтардың өлеңдері мен поэмалары, Мұрат Хамраев пен Махмұт Абдрахмановтың әдебиет сын-зерттеу еңбектері осының айғағы. Өскелең талап, үлкен міндеттер тұрғысынан қарай отырып, біздің ұйғыр жазушыларының жаңа биіктерге жететіні кәміл. Қазақстанда бір топ корей әдебиетшілері де қызмет етеді. Негізінен олар Қызылордада корей тілінде шығатын республикалық газеттің төңірегінде. Бірақ корей тілінде оқи алмайтын болғандықтан, бір өкініштісі, бізге корей достардың шығармаларына нақты баға беру қиын. Біздің Қазақстан Жазушылар ұйымы тек жеке жазушылардың ғана емес, бауырлас әдебиеттердің де достық одағы. Біз мұны мақтаныш етеміз. Әдетте мұндай мақаланың бір тарауы – әдебиетіміздің келешегі – жастар творчествосына, жас дарындарды тәрбиелеу ісіне арналады. Бұл мәселеге байланысты біздегі жағдайды мен мақаланың «пісмілласынан» бастап, өне бойына әңгіме етіп келе жатқан сияқтымын. Ал түйіндеп айтсақ, біздің әдебиетте жастарға кеңінен жол ашық және бір де бірінің жақсы шығармасы көзге ілінбей қалған емес. Оны ССРО Жазушылар одағы мүшелігіне алынғандардың санынан да, «Жазушы» баспасында шыққан кітаптардан да айқын көруге болады. Жалпы жинақтарды былай қойғанда, мысалы, жылына ондаған жас авторлардың тұңғыш кітаптары шығып жатады. Бізде көптен бергі ұғым бойынша, шет қақпай қалып қоятын жергілікті авторлар дейтін болса, есеп беріп отырған уақыттың ішінде «Жазушы» баспасында солардың 92 кітабы шығыпты. Егер сапасы сай болса, бұл аз сан емес қой.
Әдебиетке, соның ішінде жастар творчествосына деген ең үлкен қамқорлықтың бірі – биік талап. Тек қатал талаптылыққа үйрете білген жағдайда ғана, біздің дарынды жастар бейнеті көп жазушылық шеберлікті меңгере алатын болады. Мен біздің жұмысымызда не жетіспейді дегенде, ең алдымен сол талап кемдеу дер едім. Бізде қалтқысыз, қайырымды сынның орнына, арқадан қағу, қолпаштау, алдын ала тақ ұсыну көбірек байқалады. Мұндай нәрсе әдетте кейбіреулерді дандайсуға, көкіректікке, тумай жатып «толдым», тындырмай жатып «болдым» деуге әкеп соғады. Жас жазушылар назарын әдебиетіміздің алдында тұрған үлкен міндеттерге аударайық. Соның ең бастысы – қаһарман замандастарымыздың жарқын бейнесін жасау қарызы. Ол үшін көркем әдебиеттің коммунистік құрылыстағы, халықты идеялық тәрбиелеудегі орнын есте ұстай отырып, өмірге терең бойлау керек. Білім университетінен өткен жастар енді өмір университетін игерулері қажет. Өмір – нағыз дана мектеп, нағыз ақылды ұстаз. Жастар ғана емес, көпшілігіміз өмірді, әсіресе, еліміздің материалдық байлығын жасап жатқан еңбек адамдарын атүсті, үстірт білеміз. Бірсыпыра шығармаларымыздың газет материалдарына сүйеніп жазылғандай болып шығатыны да сондықтан. Өмірді білу деген мәселеге байланысты, реті келген соң айта кетейік. Республиканың атақты өнеркәсіп орындарымен, колхоз-совхоздарымен байланысымыз аз. Жаңа шығармаға қажетті материал жинаймыз десек, Жазушылар одағы тарапынан берілетін 20-30 күндік командировкаға ғана сүйенеміз. Бір қызығы: өмірді көреміз деп Алматы жазушылары командировканы облыстарға сұраса,
облыстағы әдебиетшілер сол мақсатқа Алматыға сұрайды. Жас әдебиетшілердің тағы бір жатпай-тұрмай көңіл бөлетін нәрсесі – қазақтың тіл байлығын игеру. Біздің туған тіліміз мейлінше шұрайлы, мейлінше әдемі, мейлінше бейнелі, өрнекті, музыкаға толы тіл. Махамбет пен Абай жырларын, Майлин мен Жансүгіров шығармаларын оқып отырсаңыз, қазақ тілінің найзагерлігі мен нәзік биязылығын да, қыз бейнелі сұлулығы мен ер тұлғалы ірілігін де, өткір сықақтығы мен балғын балалық күлкісін де көресіз. Бұлақ пен бұлбұл үні, дабыл мен дауыл, самал мен сая, дала мен орман, гүл мен нұр, жүрек пен ойарман – осының бәз-бәрі қазақ тілінен керемет бояуын, дәл суретін қайталаусыз сансыз рет таба алады. Тіл – суалмайтын бұлақ. Тек содан сусындай білу керек, оның тазалығын көздің қарашығындай сақтау қажет. Біздің, әсіресе, бірсыпыра көлемді шығармаларымыздың көріксіз боп жүргенінің, екінші бір үлкен себебі осы тіл сүреңсіздігінен. Тілі тартымсыз болса көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда сиқы қашатыны біздің білікті де дарынды жастар естерінен екі елі шығармауға тиіс. Жастарды идеялық тәрбиелеу, жас әдебиетшілердің моральдық бейнесі – өз алдына үлкен мәселе және бұл Жазушылар одағы жұмысында күн тәртібінен түспеуге тиіс. Оларға Горькийше көз қырын салып отыру – аға қалам қайраткерлерінің де азаматтық борышы. Осыған орай, біздің Жазушылар одағы басқармасы пленумдерінің бірінде бір талантты жас әдебиетшінің сол үлкендерге қарап тұрып: «Біздің бойымыздағы жақсы қасиеттер, ағалар, сіздердің еккен ұрықтарыңыз, сіздердің өнегелеріңіз. Ал,
егер мініміз болса, ол да көктен түскен жоқ, о да өздеріңіздің мұраларыңыз» дегені еске түседі. Осы сөздің дұрыстығы да, бұрыстығы да бар. Дұрыстығы: інілердің ағаға еліктейтіні рас. Бұрыстығы: бұл сөзде жауаптылықты өзінен өзгеге ысыру да бар сияқты. Үзілді-кесілді анықтап алатын жәйт: «жас жазушы» деген сөз «жас бала» деген сөз емес, ол суреткерлік тәжірибенің толысып болмағанын мойындау ғана. Ал біз мұны барша жауаптылықтан, соның ішінде азаматтық борыштан босату деп ұғатын сияқтымыз. Кәмелетке толған адамдардың праволарымен бірге үлкен міндеттері де болады ғой. Ендеше ең аз дегенде ширек ғасыр жасаған «жастарымыз» қай уақытқа дейін не көрсе, соны істеуге тиіс? Мұса Жәлел мен Аркадий Гайдар 13-14 жасында қолдарына қару алып Совет өкіметі үшін белсене күрескен жоқ па? Сәкен Сейфуллин жиырманың ішінде қазақ еңбекшілерін революциялық тартысқа бастады, тапкүресінің ең шиеленіскен кезінде Қазақстан үкіметін басқарды. Сауатын шала-пұла ашқан батрак Сәбит Мұқанов бұдан қырық жылдай бұрын: Жалғанда табынатын тәңірім – табым, Табы жоқтың тәңірі жоқ күні жарым. Табым десем бұлақтай таудан аққан, Өн бойымды шымырлап билейді ағын. Бесіктен-ақ маған тап белгі таққан, Тапты шаққан – бесікте мені шаққан. Есті біліп, етекті жапқан кезде, Табыма оғын атқандар маған да атқан, –
деп жырлады. Біздің саналы, зиялы жастар үйренсе, ағалардың осындай жақсы қасиеттерін – революциялық дәстүрлерін, тапшылдығын үйренсін. Біздің баяндамамыз талантты жас әдебиетшілер қатарға келгеніне қуаныш сезімін білдіруден басталды. Ендеше, біз бұл арада, жас жазушылардың бәріне бірдей кінә тақпақ емеспіз. Қайта, оларды кішірейте бермейік, үлкен талапқа, жауаптылыққа дағдыландырайық демекпіз. «Жас жазушы», «жастарға қамқорлық» деген сөздер жауапсыздық сылтауына, демогогияға айналып кетпесін. Жас жазушыларды тәрбиелеу ісінде кемшіліктеріміз де, ойластыратын нәрселеріміз де көп. Біз соның бәрін мойындай отырып, нақты шаралар белгілеу керек дейміз. Жас әдебиетшілердің бір кезде дәстүрге айналған жылма-жылғы республикалық мәжілісін өткізіп отыру қажет. Жазушылар одағының биылғы жұмыс жоспарында мұндай шаралар белгіленіп те отыр. Былтыр Целиноградта тұңғыш рет одақ президиумының көшпелі мәжілісі өткізіліп, онда бес облыс жазушыларының творчествосы мен міндеттері кеңінен әңгімеленді. Біздіңше, бұл пайдасыз болған жоқ және оны бұдан былай да ескеру керек. Қазақстанның көптеген облыстарында арнаулы жазушылар бригадалары да болды. Жергілікті жас жазушыларға көмектесу өз алдына, өмірді көріп, оқырмандармен кездесіп, көркем әдебиетті насихаттау ісінде де мұндай сапарлар жақсы қызмет атқарды. Тек олардың түрлері мен мазмұнын ойластырып, қызықтылығын қамтамасыз ету қажет. Жергілікті әдебиетшілер, соның ішінде жастар арасындағы жұмыстар жөнінде біздің облысаралық
бөлімшелердің өкілдері де осы мінбеде өз ойларын ортаға салуға тиіс. Облысаралық бөлімшелер, ұйымдастыра білсе, жергілікті әдебиетшілерге творчестволық ұйтқы боп, көп жұмыс істей алады және солай болуға да тиіс. Соңғы жылдары бөлімшелердің ролі едәуір артты. Бірақ олардың өздері де, Жазушылар одағы да жұмыстың қазіргі жағдайына қанағаттанбайды. Жазушылар одағымен бірге әдебиет қамын ойлап, оны кеңінен насихаттап отыруға тиіс орындар – біздің баспасөз органдарымыз – «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдары және олар бұл міндетті біркелкі атқарып та келеді. Сонымен қатар біздің баспасөз органдарының қызметінде ойсыраған олқылықтар мен кемшіліктер де болды. Мұны кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті де атап көрсетті. Газет пен журналдардың содан соңғы бет алысы біраз түзеліп қалғанын айта отырып, олардың әлі де оқырмандар ойынан шыға алмай келе жатқанын жасыра алмаймыз. Газетті алатын болсақ, «Қазақ әдебиеті» жазушылар өміріне елеулі ықпал жасай алмай отыр. Әдебиеттің, одақ жұмысының көкейтесті мәселелері аз көтеріледі, азусыз сөз болады. Газет республика өмірінің маңызды оқиғаларынан шет қалып қоя береді. Біздің «Жұлдыз» журналы одақтас республикалардағы ең көп тиражды журнал. Қазақ оқырмандары ай сайын оның жүз мыңнан астам кітабын жаздырып алып оқиды. Сол оқырмандар құрметінен айрылмау үшін, журнал бетінде жарияланатын көркем шығармалардың, әсіресе кесек дүниелердің сапасын онан сайын мықтап көтеру керек. Айтары аз, берері шамалы сұрғылт, әрі кет-
се орта қол дүниелер әлі де баеылып кетіп жүр. Журналдың сын бөлімі «өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деген бейтарап позицияға бейімдеу. Ал, әдебиет қамы, идеология мәселесі еш уақытта бейтарап болуды көтермейді. «Простор» журналында, сөз жоқ, іздену бар, тапқаны да жоқ емес. Оның республика көлемінде қалмай, басқа жерлердегі белгілі орыс жазушыларын өзіне кеңірек тарту ниетін де теріс дей алмаймыз. Мәселе тек солардың қандай шығармаларын басуда. Журналға абырой әпергендей, оқырман сусынын қандырғандай тың сөз болса және Қазақстан өмірімен ұштасып жатса, ондай шығармаларды құп алу керек. Бірақ «Простор» журналында «мода» боп жүрген есімдерге қызығу, солар арқылы оқырмандарға «сенсация» ұсыну ниеті көбірек байқалады. Бұл журналдың бетіне идеялық жағынан кейбір құнсыз материалдардың өтіп кетуіне әкеп соқты. «Простор» журналының редколлегиясы мен редакциясы оқырмандарды қайткенде де көбірек тартудан гөрі, оларға қалайда жақсы нәрсені көбірек беруді бірінші мақсат етуі керек. Біз, жазушылар, жеке көрсе қызарлардың емес, бүкіл халықтың талғамын табуымыз қажет. Енді «Жазушы» баспасына қатысты бірер сөз. Бұл баспа – республикадағы бірден бір фабрикамыз. Қазақ әдебиетінің барша өнімі сол арқылы жарық көреді. Демек, жазушылардың моральдықматериалдық тіршілігі де соған байланысты. Алдымен Қазақстан Жазушылар одағының соңғы кезде осы баспаға творчестволық ықпалы азайып кеткенін айту керек және бұл бәрінен бұрын өз кінәміз. Біз бұдан екі-үш жыл бұрын баспаның жоспарында тұрған шығармаларды әуелі творчестволық секция-
ларда, кейде тіпті президиум мәжілісінде талқылаушы едік, кейін ол практикадан айрылып қалдық. Бәлки, мұны біздің жауаптылықтан қашуымыз деп бағалауға болатын шығар. Қалай десек те, мұның өзі, біріншіден, біздің секциялардың яғни одақтың ролін төмендетуге, екіншіден, басылғалы отырған кітапқа қойылатын талаптың кемуіне әкеп соқты. Баспаның кітап басу жоспарын белгілеуде де Жазушылар одағы шешуші орын алудың орнына тек кеңесші орынға айналып барады. Соңғы жылдары, «Жазушы» баспасы экономикалық жағынан біраз нығайған сықылды, тіпті ақшалай пайда да бере бастаған. Әрине, бұл маңызды нәрсе. Біз баспа мүддесін, оның қиындықтары да аз емес екенін түсінеміз. Бірақ, «пайда, пайда, ал қара сиыр қайда?» дегендей, бұл жазушылардың қалам ақысын кемітуге, автордың правосын қысуға апарып соқпасын. Идеологиялық жұмыстың есебінен ақша үнемдейміз десек, ұтыламыз. Мен жоғарыда көркем аударма мәселелеріне байланысты құлақ қағыс етіп те кеттім: баспада бұл жағынан біраз ойласатын нәрсе бар. Қазақ кітаптарының тиражы да оқырмандар тілегінен көп кем. Осындай толғағы жеткен мәселелер арнаулы сөз болуы керек. Ал, бұл арада Қазақстан Компартиясының XII съезінің мінбесінде айтылған және республиканың басшы орындарының алдына арнап қойылған ұсынысымызды, барша жазушыларымыздың өтінішін қайталамақпын: «Жазушы» баспасы түгелдей Жазушылар одағының қарауына көшіп, оған Алматының бір типографиясы бекітіліп берілсін. Қазақстан әдебиетінің мүддесі осыны талап етеді. Айта берсек, әдебиет қамына байланысты мәселелер көп. Соның ішінде Қазақстан Жазушылар
одағы басқармасы мен президиумының, секретариат пен творчестволық секциялардың, облысаралық бөлімшелер мен әдеби қордың (литфонд) қызметі, әдебиетке басшылығы, творчестволық жұмыстарға қаншалықты ұйтқылығы, жазушыларға қамқорлығы сияқты алуан-алуан аса маңызды нәрселер бар. Бірақ қолдағы нәрсе, істелген істің жемісі ешқайда кетпейді. Әдеби еңбектеріміздің жақсы нәтижелерінде азды-көпті солардың да себі болу керек. Ал бірсыпыра ұйымдық-творчестволық шаралар жөнінде қолдарыңыздағы қысқаша анықтамалардан мәлімет алуға болады. Біздің тындырған ісімізден тындыруға тиіс істеріміз көп. Әсіресе, президиум мен секретариаттың тікелей әдебиетке басшылық етуден төрі көбіне ұсақ шаралардың, ағымдағы істердің төңірегінде қалып қоятынын ашық мойындау керек. Съезд одақтың ұйымдық-творчестволық жұмысындағы бұл және басқа кемшіліктерді, олардың себептерін атап көрсетіп, әділ сынға алуға тиіс. Қазақстан Жазушылар одағы – еліміздегі ірі творчестволық ұйымдардың бірі. «Үлкен кеменің сапары да үлкен болуға тиіс» дегендей, оған қоятын талап-тілек те зор және біздің қандай міндеттерді орындауға да өреміз жетеді. Тұтас алғанда біздің ұйым – дені де, демі де таза, талантты, іскер коллектив. Творчестволық ұйымның, творчество адамының өз ерекшеліктері, өз табиғаты болады. Олар кейбіреулерге, әсіресе, аузын ашса, арқасы сөйлейтін тоғышарларға (обывательдерге) ерсі де көрінуі мүмкін. «Ойбай, оларда пәлен бопты, түген бопты» деген қаңқу сөздерді тарататын да сондайлар. Оларға бола характерімізді, болмысымызды өзгерте
аламыз деп те айта алмаймыз. Солай бола тұрып, совет адамына, совет азаматына деген ортақ нормадан шығуға да еш жазушының еркі жоқ. Жазушы атының таза болуына біз өзіміз кім-кімнен де көбірек құштармыз. Әрине, Шолохов айтқандай, жазушыларды жаппай сүйісуге біз де шақыра алмаймыз. Әр нәрсеге, соның ішінде жазушылық шеберлік, көркемдік жөнінде өз көзқарасы, өз талғамдары бар адамдар айтыспай, пікір таластырмай өмір сүре ала ма? Бірақ сол айтыс тек партиялық принциптен, ортақ ісіміз мүддесінен, әдебиет қамынан туып жатсын. Өйткені біз баяғының жеке-жеке жазушылары емеспіз, біз одақпыз, бір семьяның мүшелеріміз, біздің тілегіміз де, мақсатымыз да бір, біздің творчестволық әдісіміз де бір, біз социалистік реализм әдебиетінің өкілдеріміз. Біз жек көрсек, осы жолдан ауа жайылғандарды немесе дарынсыз графомандарды жек көруіміз керек. Қарулас, майдандас, мақсаттас солдаттар біріне-бірі еш уақытта жамандық тілемейді. «Совет жазушысы» деген өте қадірлі атақ. Халық өзінің қаламгерлеріне шаң жуытқысы келмейді. Олардың мәртебелі, абыройлы болғанын тілейді және тек сирек таланттар ғана сол атаққа ие бола алады деп есептейді. Біздің Жазушылар одағында, үлкен дарындар ұйымының қатарында кездейсоқ әдеби кәсіпқорлар көбейіп барады. Тағы да айтам: ондайлар одақтың абыройын да, жазушы атын да қадірлемейді, «үрит, соқ!» деп, бір талантты бір талантқа айдап салып, ептілікпен, есепқорлықпен күнелтуге тырысады. Ендеше ардақты ұйымымыздың, жазушы атағының абыройлылығы, моральдық
тазалығы, идеялық сұлулығы үшін, таланттар бірлігі жолында бар жан-жүрегімізді жұмсайық! Жазушылардың өзара ынтымағын нығайта отырып, біз, әсіресе, әдебиеттер туысқандығын туымыздай биік көтеруіміз керек. Өйткені, әдебиеттер достығы – халықтар достығы. Ол біз үшін ең қасиетті нәрсе. Біз, қазақтар, социалистік ұлттардың туысқандық семьясының терезесі тең бір мүшесі екенімізді, өзіміздің нағыз интернационалистік сезімімізді, досқа деген жомарт жанымызды мақтан етеміз. Қазақ әдебиеті де дәйім осы мақсатқа қызмет етіп келеді. Соңғы жылдары Қазақстанда туысқан әдебиеттердің онкүндіктері мен апталықтарының өтуі, біздің де басқа республикаларда болуымыз әдебиеттер арасын онан сайын жақындата түсті, өзара білістіре түсті. Биылғы сентябрьде республикада туысқан украин әдебиеті өкілдерін қарсы аламыз, одан соңғы кезекте бауырлас тәжік әдебиетінің апталығы тұр. Қазақстандағы оқырмандарымен кездесуге туысқан республикалардан белгілі жеке жазушыларды да шақырып тұру ойымызда бар. Осы арада ССРО Жазушылар одағы өкілдерінің құлағына сала кетейік: онкүндік дейміз бе, басқа дейміз бе, қалай атасақ та, ұлт әдебиеттерінің табыстарын Москвада да қорытып отыру ісін қайтадан тәжірибеге енгізу керек. Мұндай творчестволық байқаудың пайдалы жағы өте көп. Жазушылар одағы портфель бөлісетін де атақ үлестіретін де, біреуге біреудің үстемдік жүргізетін де орны емес, қаламдас адамдардың кеңесші, ақылшы, жолдастық ұйымы. Бұдан отыз жылдан астам бұрын Алексей Максимович Горький біздің үлкен, қадірлі досымыз Леонид Сергеевич Соболевтің «жазушыларға жаман жазудан басқа правоның бәрі
беріліп отыр» деген пікірін қуаттай сөйлеп: «Партия мен үкімет бізге бір-бірімізді үйрету правосын берсе де, бір-бірімізге бұйыру правосын бермейді. Ал үйрету – тәжірибемізді өзара ортаға салу деген сөз» деп еді. Біз, жазушылар, бір-бірімізбен қарым-қатынасымызды да, одақтың жұмысын да осы негізде құруымыз керек. Өзімізбен жұмысы сабақтас ұйымдар мен мекемелерге де айтатын тілек-талаптарымыз жоқ емес. «Жазушы» баспасы туралы айтылғандарды баспасөз жөніндегі Мемлекеттік комитет түгелдей өз адресіне қабылдауы керек. Кітаптардың тиражын белгілеу және оларды сату ісіндегі сорақылықтар жөнінде бұдан бұрын да талай үн көтергенбіз. Абай мен Әуезов томдарынан бастап, көптеген кітаптарды макулатураға, зат орайтын қағазға айналдырып жіберу фактілерін «оқырмандар алмайды» деп түсіндіру – барып тұрған жалған нәрсе. Біз өткен жылы Ақтөбе, Орал, Гурьев, Целиноград облыстарында болғанда қазақ кітаптарына оқырмандардың қаншалықты зәру екенін өз көзімізбен көрдік және бұл жөнінде олардың көптеген шағымын да естідік. Біздің ісімізде композиторлар, кинематография қызметкерлері, суретшілер одақтары сияқты басқа творчестволық ұйымдармен ортақ мәселелер де аз емес. Қазақ әдебиетін онан сайын өркендете беру қамы мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілі мен әдебиетін оқыту жайы жөнінде де әңгіме қылуды қажет етеді. Жарыс сөзде сөйлейтін съезд делегаттары және тиісті ұйымдар мен министрліктердің өкілдері бұл мәселелерде баяндаманы толықтыра кетеді деп сенеміз. Жазушылар одағының творчестволық өмірі партия ұйымдарының, ең алдымен Қазақстан
Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің назарынан сырт қалған емес. Орталық Комитет, Қазақ ССР Министрлер Советі және басқа партия-совет органдары одақтың мұң-мұқтажына, жазушылар тілегіне әр уақыт құлақ қойып, ұқыпты қарап отырды. Біз оларға ақ жанымызбен алғыс айтамыз. Совет Одағы Коммунистік Партиясының тарихи XXIII съезінің қарарында былай делінген: «Съезд социалистік реализм әдебиеті мен өнерін дамытуға зор маңыз береді. Партия творчество қызметкерлерінен өмірді бейнелеуге өзінің тереңдігі мен шыншылдығы арқылы, идеялық шабытының күші, асқан көркемдік шеберлігі арқылы адамды баурап алатын, коммунизм құрылысшысының рухани бейнесін қалыптастыруға белсене көмектесетін, совет адамдарының бойында мәртебелі-моральдық қасиеттер, коммунистік мұраттарға берілгендік, адамгершілік, советтік патриотизм және социалистік интернационализм сезіміне берілгендік рухын тәрбиелейтін жаңа шығармалар күтеді». Бізге партия басшылығымен, партиямен бірге өмір сүруден, партия мен халық талабын орындаудан қадірлі еш нәрсе жоқ. Көркем әдебиеттің партиялығы мен халықтығы, тапшылдығы мен жауынгерлігі – біздің қолдан түсірмес туымыз. Біз империализмнің идеологиялық бүліншіліктеріне, буржуазиялық насихаттың шірік ықпалдарына қарсы бітіспес күрес жүргізе береміз. Капиталистік идеология мен социалистік идеологияның қатар өмір сүруін дәріптеу – марксизм-ленинизмге опасыздық, жұмысшылар мен шаруалардың істеріне сатқындық істеу деген партия ескертуін есімізден екі елі шығармаймыз. Партиямыздың ұлы Программасы, лениндік ілім – біздің ғаламат компасымыз, жол нұсқайтын жарқын
жұлдызымыз. Біздің жан-жүрегімізді, шабытымызды әрдайым солар нұрландырып тұрады. Қазір, бүкіл совет жазушылары сияқты Қазақстан әдебиетшілері де Ұлы Октябрьдің 50 жылдығына, кемеңгер Лениннің туғанына 100 жыл толуына даярлық үстінде, толғану-тебірену үстінде, жазу столының басында. Олардың ынталы еңбегі, осынау қанатты жылдар қазақ, әдебиетін мәртебелендіре түсуге тиіс. Біздің еш уақытта есімізден шықпайтын нәрсе: біз халық алдында, өзімізге қанат берген, шабыт берген советтік Отанымыз алдында мәңгі қарыздармыз. Сол қарыздың ең үлкені – социалистік дәуіріміздің ұлылығын жырлайтын, коммунизм құрылысшыларының, жаңа бесжылдық батырларының сом-сом жарқын образдарын жасайтын көркем шығармалар беру. Сондықтан әр жазушы өз алдына анағұрлым зор, анағұрлым күрделі міндеттер қоятын болсын. Үлкен өнермен, қиындықпен, тың жолмен келген жеміс қана татымды. Тұтас ғасырларға баланғандай даңқты 50 жыл жасаған қазақ совет әдебиеті космосқа тұңғыш старт алаңы болған құдіретті Қазақстан атына лайық шырқап шарықтауға тиіс. Баяндама – лирика емес. Жалпы, «баяндау» деген сөздің өзі көркем әдебиетте еш уақытта бедел алған жоқ және алуы да қиын, өйткені оның жүрген жері онша тартымды бола қоймайды. Сондықтан біз, жазушылар, өз съездерімізге ешқандай баяндамасыз, тамаша томдарымызды көтеріп келіп, әрқайсымыз халық пен партияның соларға берген «Бәрекелді!» деген биік бағасын көрсетіп, сұлу өлең, қызу әңгімелер оқып, ойнап-күліп тарап жатсақ, әрине, сан есе жақсы болар еді. Бірақ әдебиеттің
ондай дәрежесі әлі де арман, келер күндердің ісі болғандықтан, іш пыстырғандай ұзыннан ұзақ баяндамалар тыңдай тұруға тура келеді. Әзірге бұл да жаппай білім алу сияқты міндетті нәрсе. Сондайлардың бірі – осы баяндама. Мен оны көркем сөз құдіреттілігі, халық тарихында әдебиеттің қандай орын алып келгені туралы әңгімеден бастадым. Ендігісін сіздер айтасыздар, съезд айтады. Ендеше, мына мінбеге көтерілгенде, осынау залда отырғанда, кейін жазу столыңызбен, жанжүрегіңізбен оңаша қалғанда ақыл-ойыңызда, көз алдыңызда, ожданыңызда Партиямыздың кешегі XXIII съезі нұсқаған ұлы міндеттер, соның іскер, байсалды, кемеңгер, қамқоршы, жолдастық рухы тұрсын!
СОВЕТ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАСАМПАЗДЫҚ ЕҢБЕГІНЕ ЛАЙЫҚ БОЛАЙЫҚ Қазақстан Жазушылар Одағының VIII съезінде жасалған баяндамасы Қадірлі жолдастар! Miнe, eкi айдан бepi төбемізде көгілдір көктем күні күлімдеп тұр, біздің ғажайып та айбарлы революцияшыл ғасырымыздың сексен бipiншi көктемі туып отыр. Бұл көктемнің өзге мезгілдерден етжүрекке ерекше жақын болатын ceбeбi: ол әлемдік дамудың бағыт-бағдарына қуатты да шарапатты ықпалын тигізген аса маңызды саяси оқиғалармен тұстас келіп, табиғатты қайта түлетіп, жарық пен жақсылыққа ұмтылған жарқын көңілдерге сәуірдің алтын шуағын төккені анық. Жетпісінші жылдардың аяғында саяси өмірде ызғар тепкен суық ағыстардан едәуір алаңытқан адам баласы тағы да иыгынан ауыр жүк түскендей, жақсы үміттің жалынан ұстады. Өйткені, бүгінгі халықаралық қалыпты ауа райын жасаушы түптеп келгенде бiздің партиямыздың ақыл-ойы мен epiк-күшi болып отыр. Совет Одағы Коммунистік партиясының XXVI съезінде КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары Леонид Ильич Брежнев жасаған Есепті баяндамада бүгінгі халықаралық жағдайға, әлемдік революциялық қозғалысқа, сондай-ақ еліміздің
экономикалық, әлеуметтік және рухани өмipiнe жан-жақты терең талдау жасалып, коммунистік құрылыс ісінің зор міндеттері мен бейбітшілік, халықтардың қауіпсіздігі үшiн күрестің келешегі айқын белгіленді. Бұл баяндама адамзат өмipiн iзгi де игілікті ете түсу үшін атқарылуға тиіс жұмыстарға творчестволықпен қараудың үлгici болып табылады. Miнe, сондықтан да съездің адам даналығына деген ұлы сенімнен тұратын бұл тамаша документтері қaзip жазушыларымыздың қолдан тастамас сенімді cepiгiнe айналып қана қоймай, олардың барша ақылойын, жүрек сезімдерін билеп алып, творчестволық жаңа табыстарға, ізденістерге бастауда. Партияны және оның Лениндік Орталық Комитетін басқару бұл жолы да заманымыздың аса көрнекті саяси және мемлекет қайраткері, бейбітшілік пен халықтар бақыты жолындағы қажымас күрескер, бәpiмізге қымбатты Леонид Ильич Брежневке тапсырылғанына Қазақстан жазушылары шын пейілден қуанады. Біз оған жалынды махаббатқа, ыстық ықыласқа толы сәлемімізді, ең iзгі тілектерімізді жолдаймыз. Біздің бүгінгі көтеріңкі көңіл-күйімізге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің құттықтау сөзі, ондағы алуан жанрлы, көп тілді әдебиетімізге берілген жоғары баға, келешекте қол жетер табыстарымызға көрсетілген үлкен сенім де зор әсер етіп, күшімізге күш қосуда. Осы мінбеден Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, аca қадірлі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тікелей өзіне шын пейілдi алғысымызды айтуға және оны партиямыздың Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшeci болып бірауыздан қайта сайлануымен қызу құттықтауға, алдағы күндерде Советтік Отанымыздың игілігі үшін
жемісті еңбек ете бepyiнe, денсаулығы мықты бола бepyiнe тілектестік білдіруге рұқсат етіңіздер. КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бipiншi секретары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жолдастың біздің осы съезімізге қатысуы, республика Компартиясы Орталық Комитетінің секретары Зақаш Камалиденұлы Камалиденов жолдастың творчестволық одағымыздың жұмысына және оның алдында тұрған міндеттерге жан-жақты терең талдау жасаған сөзі съезд жұмысының мерейін айрықша арттырып отыр. Осының бәрінен партиямыздың творчестволық интеллигенцияға әкелік қамқорлық жасап, оған кемеңгерлікпен басшылық етіп отырғаны көрінеді, ал мұның өзi дүниедегі ең шыншыл, адамгершіл мұраттарды ұстанған көркемдік мәдениетіміздің iлгepi басуының басты кепілі екені айқын. Осының бәpi жоғары талаптар қою ғана емес, ic жүзінде нақты көмек көрсету, күнделікті творчестволық процестерді жан-жақты түсініп, бағалауда берілетін пайдалы кеңестер мен нұсқаулар деп бiлeмiз. Сонымен бipгe, мұның өзi, түптеп келгенде жазушылар коллективінің, басшысы ретінде менің өзімізді де бipaз уақыттан бepi толқытып жүрген сұрақтарға берілетін тиянақты жауап секілді. Әрине, баяндамашының алдында тұрған бұл қиындық оның ауыз толтырып айтары аз болғандықтан емес. Kepiciншe, айтылар мәселелер жеткілікті-ақ. Әңгіме жазушылардың осы съезінде бәріміз болып, ашық, ықыласты түрде әдебиетіміздің алдында тұрған кезек күттірмес маңызды мәселелерін
шешудің ең ақылға сыйымды жолдарын қайткенде табу жайында болып отыр. Міне, нақ осы жөнінде біздің сүйікті партиямыз, оның тарихи XXVI съезі тамаша үлгі-өнеге көрсетіп берді. Съезде қаралған – қоғамның әpбip мүшесіне қатысты, оның бүгінi мен ертеңіне қатысты мәселелер қатарарында біздің қоғамымыздың рухани өмipiнe қатысты айтылған проблемалар да тиісінше орын алды. Партияның XXVI съезі атап көрсеткеніндей, біздің қазір өмip cүpiп, еңбек етіп отырған жағдайларымыз соңғы жылдарда үлкен өзгерістерге ұшырады. Совет адамы жыл өткен сайын өсе түcтi, оның білімі, pyxaни талаптары молаюда. Кемелденген социализм дәуірінде біздің күллі тұрмысымызды, материалдық және рухани өмірімізді кең қамтыған қоғамдық қатынастар одан әpi жетіле бермек. «Әңгіме шын мәнісінде идеологиялық жұмыстың көптеген учаскелері мен салаларын қайта құру жайында – иә, мен жаңылыс айтып тұрғаным жоқ, – нақ қайта құру жайында болып отыр. Идеологиялық жұмыстың мазмұны неғұрлым актуальды болуына, ал оның формальды болуына, ал оның формалары совет адамдарының қaзipгi талап-тілектеpi мен қажеттеріне сай келуіне жету қажет» деді Л.И.Брежнев жолдас съезде. Біздің cөзіміз де осы айтылған принципті әpi программалық қағидаларды басшылыққа ала отырып, өткен бесжылдықтың қорытындыларын талқылап, алдағы жылдар міндеттеріне көз жіберуге тиic. Мәселенің бұлай қойылуы әсте де бізді алаң етуші проблемалардың шеңберін тарылтпақ емес, қайта қаламгерлеріміздің жауапкершілік ceзімін
арттырып, әрбір проблеманың мән-мағынасын тереңірек, айқынырақ түсінуге жәрдемдеспек. Жолдастар! Барлық совет адамдары секілді біздің әдебиетшілеріміз үшін де оныншы бесжылдық белсенді еңбек, қауырт творчестволық ізденістер жылы болды. Осы уақыт ішінде республикамыздың әдеби өмірінде көптеген елеулі оқиғалар өтті. Қазақстан Жазушылар одағының барлық жұмысы КПСС XXV съезі белгілеп берген – социалистік қоғам өмірімен байланысты нығайтып, әдебиет пен өнер шығармаларының идеялықкөркемдік дәрежесін көтеру, буржуазиялық идеологиямен бітімсіз күрес жүргізу, ұлттың игілік ретінде бағаланған әpбip талантқа қамқорлықпен қарау секілді міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды. Біздің қоғамның дамудың жоғары сатысына – кемелденген социализм дәуіріне өтуін заңдастырған ССРо-ның жаңа Конституциясы біздің бәpiмізді творчестволық асуларға бастады. КПСС Орталық Комитетінің «Идеологиялық саяси-тәрбие жұмысын одан әpi жақсарту туралы», «Творчестволық жастармен жұмыс туралы» қаулылары біздің әдеби шаруашылығымыздың ұзақ мерзімдік программасына айналды. Әдеби процестерді ұйымдастыруда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының қаулысы, Қазақстан Компартиясы XV съезінің нұсқаулары бізгe аса бағалы көмек көрсетті. Бұл документтерде қaзіргi заман шындығын игеруден артта қалушылыққа, тарихи тақырыптарды жазудағы біржақтылыққа және өткен күннің күрделі қайшылыққа толы оқиғаларын суреттеуде кейбір әдебиетшілер тарапынан байқалған үстірттікке, театр өнерімен киноның өсіп-өркендеуіне жазушылардың
жұмыла кipice алмай отырғанына қаламгер қауым назары аударылған болатын. Көркемсөз шеберлерінің барлық ұрпағын бүгінгі болмысты жан-жақты терең зерттеп, салиқалы көркемдік жинақтаулар жасауына Леонид Ильич Брежневтің Лениндік сыйлық алған «Kiшi жер», «Қайта өрлеу», «Тың» атты естелік трилогиясы зор әсер eттi. Әрбip icкe нағыз партиялық тұрғыдан қарап, совет халқының жасампаз еңбегін барынша кең тыныспен батыл бейнелеуге үйрететін осы үздік шығарма Қазақстан жазушылары үшін айрықша қымбат. Бүкілхалықтық еңбек ерлігінің шынайы шындығын көрсететін «Тың» кітабында тыңдағы бастамалар мен жеңістердің жүрек тебірентерлік шежіресі бар. Біз бүгінгі Қазақстан әдебиеті мен өнерінің барынша көркеюін басы-қасында қымбатты Леонид Ильичтің өзі болып, басшылық жасағанын қуанышпен мақтан етеміз. Жеке басыңның күйін күйттеп, шабандап қалмай, өз творчествоңды ұдайы орыс, басқа да халықтар әдебиетінің жетістіктерімен, тәжірибелерімен байытып отыру, сонымен қатар ұлттық мәдениеттің дәстүрлерін ұмытпай, әрдайым құрметтеу – Қазақстан тыңын игерудің алғашқы қиын жылдарында Леонид Ильич Брежнев жолдас айтқан осындай аталы кеңестер – қазір де біздің әдебиетшілеріміздің ұстанар бағыты болып отыр. Бәріміздің екпінді және жемісті қызмет етуімізге бүгінде республикамыздың қоғамдық және мәдени өмірінде қалыптасқан қолайлы жағдайдың үлкен мәні бар. Тек оныншы бесжылдық жылдарында ғана бізде «Өнер» баспасы ашылып, «Пионер» журналы қайта шыға бастады, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Простор» журналының көлемі өсті. Республика
әдебиетшілердің творчестволық табыстары сегіз рет Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығымен атап өтілді. Біз мұның бәрін біздің қиындығы мол еңбегімізге республика партия ұйымы тарапынан үнемі көрсетіліп отырған пейіл мен үздіксіз қамқорлық ретінде бағалаймыз. Біздің әдебиетіміз бен өнерімізде қол жеткен табыстардың бәрінде, қазір бүкілодақтық және халықаралық аренаға шығып отырған мәдени жеңістеріміздің бәрінде, қымбатты Дінмұхамед Ахметұлы, сіздің айқын қол таңбаңыз, көмегіңіз және өлшеусіз үлесіңіз бар. Біз мұның бәрін жоғары бағалаймыз және суреткер интеллигенцияға көрсетіліп отырған құрмет пен қамқорлықтың, оларды үлкен творчестволық асуларға бастайтын нағыз лениндік саясаттың айғағы деп білеміз. Туған республикамыздың Октябрьден кейінгі биік самғауы – біздің әдебиетіміздің сарқылмас шабыт қайнары болып отыр. Қазір әдеби саналы азаматтың көкейінде бұрын, бәлкім, қиялдағыдай ғана болып көрінуі мүмкін, ал бүгінде шатшадыман өмір кешудің барлық жағдайы жасалған, жаңарған, жасарған өлкенің жарқын келбеті сайрап тұр. Леонид Ильич Брежневтің өзі қатысқан, республикамыздың және оның Компартиясының алпыс жылдық мерекесіне арналған салтанат социалистік құрылыстың бүкіл саяси, экономикалық, қорғаныс және рухани қуат-күшін жария еткен ұлы шеруге айналды. Осының бәрі көркемдік творчествоның, жалпы әдеби процестің одан әрі өсіп-өркендеуіне, игілікті, шабыттандырушы ықпал жасады, біздің жазушылар коллективінің жұмысына өшпес әсер етті. Есеп беріліп отырған уақыт ішінде республика Жазушылар одағы, оның творчестволық советтері
барлық әдеби жанрларда жазылған шығармалардың идеялық-көркемдік дәрежесін көтеру үшін біраз жұмыстар атқарды. Совет әдебиеттерінің өзара ынтымағы мен байланысын ұлғайту бағытында бұрынғыдан да қызу істер жүзеге асты. Қазақстанда өткен Башқұрт, Якут, Ленинград әдебиеттерінің күндері, Ленинградта, Башқұртстанда өткен Қазақстан әдебиетінің күндері «КПСС-тің аграрлық саясаты және ауыл еңбеккерлері бейнесін жасаудағы Совет әдебиетінің міндеттері», «Ұлы Октябрь және ұлттық мәдениеттің тарихи тағдыры» атты ғылыми-теориялық конференциялар, бұларға туысқан әдебиеттер өкілдерінің бірсыпыра шетелдік жазушылардың қатысуы – біздің халықтарымыздың достығы мен творчестволық қарым-қатынастың, нағыз интернационализм үлгісінің мейрамы ретінде танылды. Осы конференцияларды дайындауда, оны табысты өткізуде өлшеусіз еңбек сіңіріп, бізбен қоян-қолтық қызмет еткен, үлкен ұйымдастырушылық көмегін көрсеткен ССРО Жазушылар одағы басқармасының секретариатына, Георгий Макеевич Марковтың өзіне, Юрий Иванович Суровцевке шексіз алғысымызды айтамыз. Біз оларға бүкіл совет әдебиетінің өсіп-өркендеуіне аса пайдалы болатын осындай күрделі жиындарды өткізуге мұрындық болғаны үшін ғана емес, біздің күнделікті қызметімізге де жан-жақты жәрдем көрсеткені үшін дән ризамыз. Бұл күндері ССРО Жазушылары одағы басқармасының бірінші секретары, Социолистік Еңбек Ері, Лениндік және ССРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, КПСС Орталық Комитетінің мүшесі, ССРО Жоғарғы Советінің депутаты, советтің тамаша жазушысы, біздің туысымыз, досымыз, әрі ұстазымыз Георгий
Макеевич Марковтың туғанына жетпіс жыл толғалы отыр. Сіздердің аттарыңыздан қымбатты Георгий Макеевичті осы мүшелі мерекесімен шын жүректен құттықтап, оған мықты денсаулық, творчестволық қуаныштар тілеуге рұқсат етіңіздер. Жазушылар одағының қоғамдық-творчестволық қызметі туралы айтқанда біздің әдебиетіміздің ежелгі дәстүрлерін де еске түсірмеске болмайды. Біздің осындай барлық шараларымызға – мейлі ол әдебиет күндері болсын, – көрнекті суреткерлеріміздің мүшелді тойлары, мейлі ол жиын-конференциялар болсын, – өзге туысқан әдебиет өкілдері ұдайы қатысып келеді. Біздің халықтарымыздың рухани жағынан бірбірін байыта түсуінің айқын мысалы ретінде «Жазушы» баспасының «Достық кітапханасын» атар едік. Халықаралық қарым-қатынастарымыздың да уақыт өткен сайын ұлғая түсуде. Монғол әдебиетінің биылғы июнь айында Қазақстанда өтетін күндері осының бір айғағы болмақ. Жазушылар одағының қоғамдық-саяси ұйымдастырушылық қызметіндегі басты бағыт қазіргі ісі мен коммунистік құрылыс ісі мен жазушыларымыздың байланысын одан әрі нығайтуға саяды. Дәстүрлі творчестволық командировкалармен қатар, қаламгерлеріміздің оқушыларға творчестволық есеп беруі, өндіріс орындарын мәдени қамқорлыққа алу, еңбек ардагерлері мен жазушылардың танысбілістігін арттыру, әртүрлі сипатта өтетін әдеби жиындарға, өндіріс озаттарын шақыру секілді шараларды жиілете бастадық. Ондай адамдар бүгін біздің осы съезіміздің жұмысына да қатысып отыр. Өмірмен байланысты арттыруға жергілікті партия ұйымдары мен оқырман қауымның белсене ара-
ласуымен облыстарда, әсіресе, республикамыздың өндірісі өркендеген аудандарында өткізілген әдебиет күндері жас жазушылардың семинар-кеңестері осы сапардағы жұмыстың жаңа формалары ретінде септігін тигізді. Мұндай жұмыстар совет әдебиетінің бүгінгі табыстарын насихаттауға пәрменді ықпал жасаумен қатар, жазушыларымыздың өмірлік тәжірибесін байытып, олардың өздері таңдап алған өмір құбылыстарының көркемдік шешімін табуға да көмектеседі. Әдебиет пен оқырман қауым үшін маңызды болған осындай әдебиет күндері Шымкент, Маңғышлақ, Алматы, Торғай, Шығыс Қазақстан облыстарында өткізілді. Осының бәрі біздің жазушылар ұйымының творчестволық елгезектігі мен әлеуметтік белсенділігін көрсетеді, содан да бұл жұмыс ҚКП Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаев жолдастың республика коммунистерінің ХV съезінде жасаған баяндамасында лайықты бағасын алды. Республика коммунистерінің съезі және КПСС ХХVІ съезінің шешімдерін жүзеге асыру жолында республика еңбеккерлерінің алдында тұрған міндеттерді талқылауға арналып жуықта өткен республика партия активінің жиналысы Қазақстан қаламгерлерінің қолы жеткен елеулі табыстарын атай отырып, біздің суреткер интеллигенциямыздың үлесі қазақстандықтардың бүкілодақтық экономикаға қосып отырған үлесінен айтарлықтай кейін қалып отырғанына баршамыздың назарымызды аударды. Сонымен қатар, көпе-көрінеу көтермеленіп жүрген көптеген ортақол, ұсақ тақырыптарды күйттейтін, тіпті таза халтураға жатқызарлық туындылардың жарияланып жататыны, біраз әдебиетшілердің бүгінгі күннің көкейкесті тақырыптарынан гөрі оның
көлеңкесін қызықтап, актуальды мәселелерден бойын аулақ ұстайтын, ал ондай мәселелерді қолға алған жағдайда да ұқсата алмай, творчестволық сәтсіздікке ұшырап жүретіні ешбір бүркеусіз тура айтылды. Бұл сынның қатал да әділ екенін мойындауымыз керек. Бұл арқылы партия бізді мүмкіндігінше тезірек творчестволық белсенділік пен іскерлікке құрылған, өзара сынға төзімділікпен қарайтын ортаны қалыптастыруға, әртүрлі жомарт уәделер мен қағаз жүзіндегі жоспарлардан құтылып, нақты еңбекті жандыруға шақырады. Осының бәрі біздің съезіміздің жолдастық ынтымақ, бір-бірімізге деген ықылас жағдайында, партиямыз бен қоғамымыздың күнбе-күнгі өмірінде қалыптасқанындай – іскерлік, сыншылдық, талғампаздық жағдайынлда өтуін, әрі біздің еңбегіміз бен творчествомызда кездесетін кемшіліктер мен проблемаларға, шешуін күткен мәселелер мен мүмкіндіктерге баса назар аударылуын талап етеді. Сонымен бірге әрине, бұл арада нағыз творчестволық табыстарымыз бен принципті ізденістерімізді жоққа шығару жараспас та еді, өйткені, әңгіме қоғамдық өндірісіміздің ең бір нәзік саласы – рухани байлық туралы екені белгілі ғой. Біздің әдебиетіміз – көп ұлтты, сан салалы совет әдебиетінің ажырамас бөлігі. Оның өсу тенденциялары, жанрлық-стильдік ізденістері, тақырып ауқымы, тұтастай алғанда, бүкіл советтік көркем сөздің жаңа бағыт-бағдарламасы үйлесіп-үндесіп жатады. Совет әдебиетінің бүгінгі бітім-болмысына КПСС-тің XXVI съезінде жасалған Есепті баяндамада дәл сипаттама берілген. Партия советтік көркем өнерге жаңа толқынның қосылып, соңғы жылдарда барлық республикаларымызда көптеген талантты
шығармалардың дүниеге келгенін қанағаттанғандық сезіммен атап өтті. Совет әдебиетінің қымбат қазынасын байытуға Қазақстан жазушылары қосқан үлес баршаға мәлім. Жамбылдың, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің, Ә.Тәжібаевтың, Б.Момышұлының, Ә.Нұрпейісовтың, О.Сүлейменовтің, І.Есенберлиннің, Ә.Әлімжановтың, И.Шуховтың, М.Зверевтің, М.Симашконың шығармалары ССРО халықтары мен шет елдердің көптеген тілдерінде басылып жүр. Қазақстан әдебиетшілерінің тұтас семьясында орыс, ұйғыр, корей және неміс жазушылары жемісті еңбек етіп келеді. Замана тақырыбы, сол заманның проблемалары мен қам-қарекеті қай кездің болса да рухани ізденістерінің ең басты бағдары болып келгені ақиқат. Осы мәселелер әр тұста жаңаша қойылып, әрқашан жазушылардан жаңа шешімдер табуды талап етіп келді. Өйткені, заманалық дегеніміз – күрделі құбылыс. Оның ең басты сипатын әр халықтың әр дәуірдегі тарихи даму бағыты анықтайды. Осыған байланысты әдебиеттің әлеуметтік, көркемдік пернелері өзгеріп отыратыны табиғи нәрсе. Қазір халық творчествосының қайнар көзі коммунистік жасампаздық болып отырған мезгілде, адамның барлық қайрат-күшін танытатын бірденбір шарт – оның еңбегі болып табылады. Міне, бүгінгі әдебиетімізде еңбек тақырыбының ең көкейкесті тенденция болып отыруының және бүгінгі заман тақырыбына арналып жазылған батыл да актуальді шығармалардың аса қажет екендігінің негізгі себебі осында. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын егер табыстарымыз жайлы сөз қозғай қалсақ, суреткердің советтік
өмір шындығын терең бейнелеп көрсеткен бірнеше кітаптарды ғана дәйім тілге тиек етуші едік. Мен бұл арада совет заманындағы естен кетпес оқиғалардың ізін суытпай жазылған С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды», «Шығанақ», одан соңғы Ғ.Слановтың «Жанар тау», З.Шашкиннің «Теміртау» секілді романдарын айтып тұрмын. Бұл кітаптарда бейнеленген совет адамдарының жауынгерлік, еңбек істерінің ұлылығы оқырманды өзіне баурап алатын. Бұл шығармалардың кейбірінің, бәлкім, кемшіліктері де бола тұрғанмен, олар белгілі сөз зергерлерінің, анық білімдар адамдардың қолынан шығып, әдебиетіміздің асу-белестеріне айналды, оқырманның жүрегіне жол тапты. Әрине, мұндай кітаптар бізде жаппай жазылған жоқ, олар әрдайым некен-саяқ болды. Бүгінде жағдай түбірімен өзгерді, оның басты жаңа сипаттары жөнінде бірер сөз айтуға тиістіміз. Ең алдымен, бұл – біздің қазіргі шығармаларымыздың тақырыптық аясы барынша кеңейіп, қазақстандықтардың жасампаз еңбек өмірінің барлық саласын қамтуы. Әсіресе, бүгінгі өндіріс өмірінің қыр-сырына үңілетін шығармалардың молая түскеніне қуанамыз. Осы арада І.Есенберлин, З.Қабдолов, Ш.Мұртазаев, Ә.Нұрпейісов, С.Санбаев, Р.Сейсенбаев, М.Әбдіхалықов, Қ.Исабаев, М.Сәрсекеев, Р.Тоқтаров, А.Жақсыбаев, Ж.Өмірбеков, А.Жұмаділдин, Ф.Чирва секілді жазушылар есімін ықыласпен атар едім. Маңқыстау мен Ембінің мұнайшылары, Қаратаудың химиктері, ЕртісҚарағанды каналының құрылысшылары, Өскеменнің металлургтері, Талдықорған аккумулятор заводының жұмысшылары мен инженерлері, Екібастұз бен
Қарағанды көміршілері, өндірісті Шымкент пен Аралдың адамдары осы авторлар кітаптарының тұрақты кейіпкерлеріне айналып, өздерінің жыршыларын тапты. Біз әрбір жазушы өзіне етене жақын тақырыптарды, өмір құбылыстарын байсалды түрде зерттеп, қазіргі күннің экономикалық, әлеуметтік, адамгершілік-этикалық мәселелері тоғысатын тораптарды іздеуде деп айта аламыз. Ғылыми табыстарға толы тың шаруашылығының өмірі, мысалы, Г.Черноголовинаны қызықтырып жүрсе, мал шаруашылығын өндірістік негізде қайта құру марқұм Б.Дәулетбаевты қызықтырған тақырыптың бірі еді. Сондай-ақ шопан еңбегінің әлеуметтік, рухани құбылыстары О.Бөкеев, Д.Исабеков творчествосында көрініс табады, экономикалық өзгерістер және соған қатысты азаматтық, адамгершілік ықылымдары Ә.Тарази, М.Сүндетов, Ш.Құмарова, Н.Корсунов, О.Сәрсенбаев, Д.Досжанов, К.Ахметбеков, Қ.Жұмаділов, Б.Нұржекеев, Э.Ғаббасов, т.б. кітаптарында көрінді. Біздің жазушыларымыздың творчествосына, олардың ізденістеріне, талапмақсаттарына осылай қысқаша шолу жасағанның өзінен-ақ бүкіл совет әдебиеті секілді осы заман тақырыбын игеру бізде де партия көрсеткен сара жолмен жүзеге асып келе жатқанына, өмірдің қай саласында болсын кездесетін кемшіліктерге, жағымсыз құбылыстарға ымырасыздық рухында жүзеге асып келе жатқанына біздің көзіміз жетеді. Қазір біз өндірістік процестердегі творчестволық, рухани бастаулардың сыр-сипатын жазушыларымыздың байқампаздықпен көрсете бастағанының куәгері болудамыз. Егер өндіріс тақырыбына жазылған бұрынғы қазақ романда-
рында жеке адамдардың коллективтегі қарамақарсылығы көбірек алдыңғы орынға шығарылса, кейінгі жылдары жарық көрген романдарда өз өміріндегі кезеңді тұстарға тап келіп, шұғыл байлам жасауға мәжбүр болған адамдардың түрлі тағдыры көрініп жүр. Осы арада әртүрлі тұлғалар арасындағы тартыс пен олардың өзара қарым-қатынасы күрделі қайшылықтарға апарып соғатын желілердің тұрақты орын алатынын байқаймыз. Тегінде, алуан тартыстарды сырттай қызықтамай, олардың ішіне тереңірек үңілген, тар жол, тайғақ кешулерде, арұят сынға түсетін жерлерде кейіпкерлердің қалай харекет ететінін көрсететін шығармалардың табысқа жететіні мәлім. Кейіпкердің ар-ожданына деген ынта соңғы жылдардағы елеулі шығармалардың бәріне тән ортақ сипат. Бұл ретте Арал теңізінің, Арал балықшыларының өміріне қатысты аса маңызды мәселелерді қозғайтын Ә.Нұрпейісовтің «Сең» романы ерекше көзге түседі. Бірақ, бұл шығармамен біз журналдық нұсқасы арқылы ғана таныспыз, автор жұмысын әзір толық аяқтаған жоқ, ендеше оған үзілді-кесілді баға беруге әлі ертерек. Қазір тек бұл романның кең тынысты концептуалды негізі, онда қойылатын көкейкесті мәселелер, қызғылықты кейіпкерлер бар екенін ғана айтқым келеді. Қаһарман характерін уақыт тынысына лайық көрсетіп, оны небір қиын сындарға салып, қайсарлығын, қажырлылығын терең ашып көрсету, өмір мұраттарына өлшеусіз адалдықты сипаттауы жағынан қазақ прозасының талай-талай томдары арасынан Ә.Нұршайықовтың Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын иеленген «Ақиқат пен аңыз», Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романдары
недәуір ерекшеленеді. Осы екі шығарма да соғыс кезін әңгімелейді, бірақ, бұларды тек әскери роман қатарына жатқызуға келмес еді. Мысалы, «Ақиқат пен аңыздың» бас қаһарманы кешегі әскери басшы Бауыржан Момышұлы бүгінгі күн биігінен өзінің өткеніне ой көзін жібереді. Автордың өз кейіпкерімен диалог формасында тілдесіп отыруы өмірі әлдеқашан аңызға айналып кеткен адамның өткен күндерге ой жіберіп, мазасыз толғанысқа түсетін шақтарына тереңірек үңілуге, оның кейде өз-өзімен айтысқа шығатын кездерінің әлеуметтік-тарихи тамырларын шынайы көрсетуге, адам қолымен жасалған алуан аңыздан шынайы ақиқатты аршып алып, халықтың тарихи жеңісіне тиесілі сыбағасын қосқан ердің боямасыз бейнесін жасауына жағдай жасапты. Егер Ә.Нұршайықов романының эстетикалық әсері мен көркемдік салмағы көбіне бас қаһарманның жарқын да талантты тұлғасы арқасында көрінеді десек, ал Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» деп аталатын жаңа романы әртүрлі жағдайлармен соғыс өртінің ортасында қалған бас қаһарман – офицер әйелінің қилы тағдырын суреттеуімен оқушысын жетелей жөнеледі. Мұндай соғыс зардабын көрген кейіпкерлердің мінезі мен ойсезімінде әсте жасандылық жоқ. Әу баста табиғат берген көрегендігінің, анаға тән сезімталдығының арқасында талай қияметтен аман өткен осы әйел бейнесін бедерлеу арқылы автор баяндаудың шыншыл тәсілін тауып қана қоймай, ерлік атаулының қапелімде көзге түсе бермейтін төтен жәйттерде кенеттен туатынын, адалдық пен сатқындықтың, жанашырлық пен жауыздықтың ара салмағын, өмірдің асыл мұраты мен әйтеуір тал қармаған әрекеттің, құлдырап құлаудың сұмдығын ашып бере
біледі. Бұл шығарманың негізгі бағдары – сұрапыл соғысқа, екіжүзді сатқындыққа лағнет айту. Сірә, әрбір бас қаһарманның ірілігі түптеп келгенде осы шығарманың ірілігін де анықтаса керек. Әрине, қаһарманның ірілігі оның қызмет орнымен емес, өмір мұраттарының, ақыл-парасатының қыртыстарымен, рухани дүниесінің кеңдігімен, ар-ұжданға сүйенген жасампаздық еңбегімен ерекшеленуге тиіс. Ш.Мұртазаевтың «Қарамаржан», М.Сәрсекеевтің «Жаңғырық», І.Есенберлиннің «Маңғыстау майданы», К.Ахметбековтің «Ақ дала», «Алқа көл», Д.Досжановтың «Дария», «Табалдырығыңа табын» романдарының кейіпкерлерінен осындай қасиеттер табылады. Бұндай кейіпкерлерге ішкі жан-дүниенің жомарттығы, өмір мұраттарына беріктік, еңбек адамдары бойында молырақ ұшырасатын адалдық, арлыққа негізделген халықтық мінездер тән. Рас, бұл жазушылар сәтімен табылған өз кейіпкерлерінің толыққанды әлеуметтік бет-бейнесін ашуда ылғи да табысты болып жүрген жоқ, бірақ, шеберлік шыңына үздіксіз ұмтылыс үстінде екендіктерін жоққа шығару да жараспас еді. Осы бір маңызды мәселені тілге тиек ете отырып, республикамыздың шөл және шөлейт аймақтарын игерудің алдыңғы шебінде жаңадан құрылған бір селолық ауданның өмірін көрсетуге арналған К.Ахметбековтің «Ақ дала» және «Алқа көл» атты дилогиясына қысқаша тоқтап өткім келеді. Дилогия – әлі жас, басшылық қызметте ысылып болмаған, аудандық партия комитетінің хатшысы Нұрғазы Бекмақанов секілді адамның образын көрсетуге арналған. Ол өз ауданымен бірге ержетіп, есейе түседі. Осы заманда бәрімізге де жақсы белгілі экономикалық, әлеуметтік, экологиялық актуальды
проблемалар оған да маза бермейді. Кейде тіпті ол өзі ұстанған өмірлік принциптерден айрылып қала жаздайтын да секілді көрінеді. Әйтсе де, соның бәрін жеңіп шыққан бас кейіпкер бейнесі шығарма соңында тұлғалана түседі. Бір сөзбен айтқанда, Нұрғазы Бекмақанов – соңғы жылдарда біздің әдебиетімізде жасалған партия қызметкерлері образдарының ішіндегі сәтті бейнелердің бірі. Жас прозашы роман жазу шеберлігіне төселе түскенін, бұл жолда табандылық көрсеткенін қалар едік, әсіресе, шығарма құрылымының ықшам да ыңғайлы, баяндауларының нақты да дәл болуына баса назар аударса деген тілек айтқымыз келеді. Адам өзінің ізгілік жолындағы талап-талпыныстарын әрқашан жоғалтпай, қандай қиыншылыққа душар болса да, адалдықтан таймау, өз ісіне берік, махаббат пен достықта шыншыл күйінде қалуы керек. Г.Черноголовинаның «Көктемге дейінгі екі күн» және «Тәуекел аймағы» романдарының, В.Владимировтың «Бернулли заңы» және «Вуазенмен ұшыңыздар» романдарының, Қ.Ысқақовтың «Қара орман», Қ.Жұмаділовтің «Саржайлау», М.Сүндетовтің «Қызыл ай», Р.Тоқтаровтың «Жердің үлгісі», Ә.Таразидың «Тас жарған» романдарының негізгі айтар ойлары осындай. Г.Черноголовинаның екі романы да тыңға арналған. Оларда Анна Бурова секілді биофизик ғалымның, Валентина Петина секілді аупартком хатшысының, Смағұлов, Левадный секілді совхоз директорларының есте қаларлық бейнелері жасалынған. Тың туралы мұндай кең ауқымды романдардың тууы заңды да. Бұл – қуанышты жағдай. Әйтсе де, аталған романдардың жақсы жақтарын мадақтай отырып, геройдың жан-
дүниесін көрсетуде автордың үстірттік жіберген тұстарын, психологиялық анализдерінің тым шолақтығын, персонаждарының бейнесін даралауда әрқайсысының сөйлеу мәнеріне жете көңіл бөлмегендігін айтпай кетуге болмас еді. Ә.Тарази мен Р.Тоқтаров романдары өмірдегі оралымсыздықтар мен үйреншікті әдеттен ықпаушылыққа, адамдардың дүниеге көзқарасындағы соқырлығы мен рухани мешеулігіне шабуыл жасауға арналыпты. «Тас жарған» және «Жердің үлгісі» романдарының кейіпкерлері – ғылыми-техникалық интеллигенция өкілдері. Жазушылардың творчестволық және адамгершілік биік мұраттардағы ізденістерінің бағыт-бағдары ешқандай күмән туғызбайды. Алайда, кейіпкерлерінің есте қаларлықтай, яки оқырмандардың жанды жеріне дөп тиетіндей қимыл-әрекеті аз; міне, осындай кемшіліктердің салдарынан бұл романдар өздеріне лайық ауыр жүк арқалай алмай тұр. Жазушыларымыз өмірдегі әрбір жаңа да мәнді құбылыстарды дереу аңғарып, байқап қалатын сәттер аз емес. Мәселен, белгілі прозаик М.Сүндетовтің «Қызыл ай» атты жаңа романындағы басты кейіпкер – ауылдағы шофер Бахтиярды алайық. Совхоз директорының машинасын айдайтын бұл шофердың мінез-құлқы мен іс-әрекетіне қарасақ, өз бағасын білетіндігін, коллективтің еңбектегі өмірінің күллі құйтұрқыларын жақсы ұғатындығын көреміз; тіпті, анау-мынау шаруашылық мәселелері жөнінде шешім қабылдағанда да тікелей араласып отырады. Бұл машинаның рулін ұстанғанға бөркі қара қазандай боп, бастығына жалпақтауға келгенде алдына жан салмайтын осы күнгі «автокөшірлер» бейнесіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кейіпкер. Әттең,
автор романдағы әлеуметтік жүкті осы бір сәтті табылған кейіпкер төңірегіне топтастырудың орнына, қыздырмаға қызығып, романды көп планды еткен де, оған татуы аз әлденеше қосалқы линиялар енгізіп, шашыраңқылыққа ұрынған. Өзі көрсеткелі отырған ортаға тиімді қырынан қарау әдісі Қ.Жұмаділовтің «Саржайлау» романында бар. Бұл шығармада совхоз директоры Машановтың ешкімге ұқсамайтын өзіндік бет-бейнесі бірден көзге түседі. Ол – сырбаз, шаруашылық басшысы ретіндегі талантына да, өз ісін жетік білетіндігіне де шек келтірмейміз. Машанов адамдармен оп-оңай тіл табыса кетеді, бірақ соның өзінде, қадам басқан сайын, өзінің өзгелерден жоғары тұрғанын да жайлап емеурінімен сездіре біледі. Өзі жүрген ортаға оның біржола сіңісіп жоқ болып кетпейтіндігі, жұмысқа өліп-өшіп кіріскісі келмейтіндігі – міне, дәл осы мінездерінде Машановтың бүкіл бүркемеленген бет-бейнесі, ақыр соңында: адам ретінде де, азамат ретінде де күйреуінің сыры жатыр. Бұл образды әлде де сомдай түскенде, жазушы жұрт назарын аударатын небір қызық та құпия қойманың көзін ашар еді. Бірақ «алтын шыққан жерді белден қазбаған» соң, құпия қойманың бар байлығы кісі қолы тиместен, қозғаусыз қалған. Автор өкінішке орай, қиындыққа қарсы жүрудің орнына, жеңіл жағын қалаған да, өзінің бар күш-жігерін жаңадан парторг боп сайланған жігіттің алғашқы айларда көрген қиыншылықтарын суреттеуге босқа ысырап еткен. Сайып келгенде, проблемасы өткір, актуальды шығарманың орнына, бұрынғы романдардан айырмасы шамалы, асып жатқан жаңалығы да жоқ, «өгіз өлтірмес, арба сындырмас» біп-биязы ғана бір кітапты иелендік те қала бардық.
Мұндай кінәратты А.Жақсыбаевтың «Егес», «Бөгет», Ж.Молдағалиевтың «Ескі дос», Н.Корсуновтың «Дария бұлақтан басталады», М.Әбдіхалықовтың «Қара тасқын» сияқты шығармалары мен өндіріс тақырыбына жазылған басқа да көптеген романдар мен повестер туралы да айтуға болар еді. Творчестволық табысқа жетудің кепілі – мәселені қарадүрсіндендіруде емес; керісінше, алдыңа қойған мақсат-міндеттеріңді күрделілендіре түсуде болса керек. Байсалды тақырыптарға қалам сілтегенде, прозаның осы бір классикалық заңдылықтарын ешқашан естен шығармағанымыз жөн шығар. Бізде тиімді тақырыптарды таңдап ала қойғыш, немесе актуальды проблемаларға барғыш жазушылар да аз емес; ерекше ештеңе тындырып тастамағанмен, олар тіпті аздаған жаңа көркемдік шешімдер жасаудан да бойларын аулақ салмайды деуге де болады. Сол үшін олар өмірден көргенбілген шағын ғана шикілі-пісілі байқауларын ми елегінен өткізбестен, ойланып-толғанып жатпастан болашақ романдарының қабырғасын қалауға асығыс пайдалана бастайды. Ал, кетті сосын... Байыпты тұжырымдар жасау орнына, – мәжілістен шыға бере айтылатын әзіл-оспақ секілді жалтырақ реплика, шым-шытырық драматизм орнына – тұрмыстық интрига мен махаббат машақаттары (олар және бейәдептеу айтылатын әңгімелер) секілді әрі итеріп, бері жығар бірдеңелер. Біздегі «роман» немесе «повесть» деп айдар тағылған кейбір кітап өнімдері дәл осындай кең тараған рецептімен жасалынған; жалған әдеби әдебиеттің сұрқай, лайсаң тасқынының күшейіп кетуіне де негіз болатын – дәл осындай нәрселер. Осы тұста: тақырыптың аутуальдығын саудаға салып
шығарманың идеялық-көркемдік дәрежесін нұқсан келтіргісі келетіндерге жол беруге болмайтындығы жөнінде Леонид Брежнев жолдастың айтқан сөзін тағы да бір рет еске түсіріп қою артықтық етпейді. Әйтсе де, авторлардың творчестволарына салдыр-салақ қарауы нәтижесінде пайда болған ойланарлық кемшіліктердің барына қарамастан, біздің прозамыздың үлкен формасы соңғы жылдары негізгі күшін осы заманғы көркем кестелеу бағытына қарай бұрғанын атап айту керек. Бұл тұста табыс оп-оңай, бірден келе қояды деу ағаттық болар еді. «Пау, шіркін, керемет қой бүгін дүние, мен оған қияр едім жанымды да!» – деп Владимир Маяковский де кезінде ағынан ақтарылған болатын. Әрине, біздің бүгінгі алып адыммен алға басқан заманымызды барынша терең әрі барынша кең көлемде қамтып көрсету – оңай-оспақ іс емес. Осы заман дегенде, оның аясында өткен бесжылдық немесе соңғы ондаған жылдар деп қана түсіну теріс болар еді. Мәселен, 70-жылдар дегенде оның шеңберін тарихи мерзімнің шексіз материгінен бөлшелеп, бөліп ала алмаймыз; бұл – бар болғаны мерзімнің бір кішкене тұрған бөлшегі, біздің көзіміз бен көңіліміз көріп-сезуге жақын тұрған тарихтың бірі қыры деп қана ұғу керек. Сол біздің көріпсезуімізге жақын тұрған тарихи мерзім туралы толғанғанда оны уақыттың шексіз материгінен бөліп тастамай, керісінше онымен терең байланыста желісін үзбей сабақтырсақ, шығармаларымыз сонда ғана өміршең болмақ. Бұл туралы қайта-қайта айта беретін себебіміз: тарихи тақырыпқа тым әуесшілдік жөнінде жазушылардың атына айтылған принципті сын кейде бұрмаланып, өңі айналдырып қалады. Егер
Қазақстан Компартиясының XV съезі бұл мәселеге біздің назарымызды аударған болса, мұның мәнісі – жазғанда жазушылар тарихи перспективадан ажыратып-айырмай жазса екен; тарихи және осы заманғы материалдардың ара салмағын жете ұғынып, объективті тепе-теңдікте ұстап отырса екен; әсіресе, әдебиеттің таланттырақ өкілдерінің күш-жігерін ең маңызды нәрсеге – бүгінгі күннің қаһармандық дәстүрін көркем бейнелеуге жұмылдырған жөн болар еді дегендік. Бұл жерде әңгіме: жазушының таланты жарқын болашаққа жолға тартқан, сол бағытта қарышты қадаммен алға басып келе жатқан халқына жұмсалуы жөнінде болып отыр. Қазір біздің әдебиетімізде әрқашан өзіне лайық орнын алып келген тарихи-революциялық тақырып та терең игерілу үстінде. Ауыз толтырып айтарлық шығармалардан Ш.Мұртазаевтың «Қызыл жебе», Дм.Снегиннің «Таң және талтүске қарай екі қадам», М.Симашконың «Комиссар Жанкелдин», Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» секілді романдары дүниеге келді. Бұл туындыларда халқымыздың даңқты ұлдары – Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Аманкелді Имановтың революциялық жолы барынша мол, әрі ыждағаттылықпен зерттеліп, қайта тірілтілген. Сондай-ақ Б.Тілегеновтің «Уақыт», Ә.Шәріповтің «Дала қызы», Т.Әлімқұловтың «Ел мен Жер», К.Оразалиннің «Көктем салқыны». Х.Рахимовтың «Сеңгір сырлары», Е.Домбаевтың «Жаман Жәутік» романдары секілді үлкен эпикалық туындылар да осы кезеңнің жемісі. Бұларда Қазақстанда Совет өкіметінің орнауы кезеңіндегі қилы-қилы шындықтар, коллективтендіру дәуіріндегі қиындықтар туралы баяндалады. Бұл шығармалардың
барлығында да бас кейіпкерлер – от пен судан өткен, өз заманының қатал тезіне түсіп, содан шынығып шыққан ірі тұлғалар. Әрине, бірінде аз, бірінде көбірек болса да, бұл шығармалардың бойында да әлдебір кітаптардағыны қайталаулар, жұртқа атамзаманнан бері белгілі жәйттерді әңгімелеп кету, таптаурын болған схемадан, таныс сюжеттерден шыға алмаушылық, өмірбаяндық жәйттерді қазбалап кету секілді ортақ мін бар екенін айтпай кету дұрыс болмас еді. Әдебиетіміздің мұндай өмірлік маңызы бар, күре тамыр іспетті тақырыптары игерген үстіне игере түсуді, оның әлеуметтік-философиялық қатпарларын барған сайын терең қопара түсуді қажет ететіні кімкімге болса да құпия емес. С.Жүнісовтің «Ақан сері», З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» романдары да қазақ халқының таңдаулы өкілдерінің – қолында билігі барларға, әлеуметтік және рухани езгіге қарсы бітіспес күресіне арналған. Екі шығарманы: тақырыптары және бас кейіпкерлерінің тағдыры ұқсастырса да, авторларының таңдаған тақырыптарына қатынасы мүлде өзгеше. Бұл шығармаларды игі нәтижеге жетелеген де сол әртүрлі көркемдік-стильдік шешімдер жасау болса керек. Сәкен Жүнісовтің әлеуметтік мәселелерге арнайы тоқталып, шымыр жазу мәнері қанау мен әлеуметтік теңсіздік жайлаған қоғамда, нағыз творчество адамының қиын тағдыры бүкілхалықтың трагедияға айналатындығын айқын көрсетеді. Аса көрнекті халық композиторы, әрі әнші Ақан серінің өмірбаянын қазбалап жатпай-ақ, автор халықтың жасампаз рухының сарқылмас күші мен жеңілмейтіндігін, оның бостандық сүйгіш қасиеті
мен талантын ешқашан өлтіруге мүмкін еместігін білдіретін барынша шыншыл шығарма туғыза алған. Зейтін Ақышев, керісінше, екінші бір халық композиторы, әрі әнші Жаяу Мұсаның өмірбаянына қатысты детальдардың бәрін мұқият зерттеп, зерделей отырып, тарихи тұлғаның нақты бейнесін жасаған. С.Жүнісов заман рухын тап басуымен қуантса, З.Ақышев өз шығармасының танымдық, нақтылық қаситтеріне көбірек ден қояды. Данышпан ғұлама әл-Фарабиға арналған «Ұстаздың қайтып оралуы» атты шығармасында Ә.Әлімжанов бұлардан гөрі басқашалау – лирико-философиялық бағыт ұстанған. * Биыл Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылғанына 250 жыл толады. Сондықтан бұл оқиғаға біздің жазушыларымыздың жіті көңіл бөлуі заңды да. Қазақстан жазушылары қазақ және орыс халықтарының ежелден келе жатқан достығының көркем шежіресін коллектив болып жасауға талпынып жатыр. Қазақтардың жоңғар басқыншыларына қарсы күресі туралы, С.Сматаев өзінің оқырмандар жылы қабылдаған «Елім-ай» дилогиясын сол дәуірдің рухына барынша жақын, әрі көп планды етіп жазуға тырысқан. Қазақтардың өміріне, олардың тұрмыс-салты мен әдеп-ғұрпына байланысты бірқатар аңғырт пікірлер барлығына қарамастан, А.Сергеевтің «Петербургтен келген елші» романы, тұтастай алғанда, А.И.Тевкелевтің дипломатиялық миссиясының қызметі жөнінде дұрыс баяндаған. Орыс және қазақ халықтарының аса көрнекті екі ұлы – Ф.Достоевский мен Ш.Уәлиханов достығы жайлы сыр шертетін
П.Косенконың «Алтын өлке, асау аймақ» атты кітабы да жұрт қызыға оқитын дүние деу керек. Ә.Кекілбаевтың нақты фактілер мен көркем қиялдың құймасынан; саясат арқылы мансапқа жетудің ұсақ детальдары мен бостандық жолындағы бүкілхалықтық күрестің алапат картиналарын шебер ұштастырудан тұратын; қазақ халқының өмірінде теңдесі жоқ осы бір оқиғаның мән-мағынасын ашу үшін тарихи материалдарды барынша егжейтегжейлі талдаудың, зерттеудің нәтижесінде дүниеге келген «Үркер» романының бірінші кітабы – автордың аса зор панорама жасауға бет бұрғанына көрсететін еңбек. Біз орыс-қазақ ара-қатынасының алғашқы кезеңдерін көрсетуге арналған М.Мағауиннің, сол достық нығаюының алғашқы адымдары жайлы баяндайтын М.Әбдіхалықовтың жаңа шығармаларын үлкен үмітпен күтеміз. Шынына келгенде, маоистік тәртіптің жан шошырлық азабын бастан кешірген Синцзян қазақтарының трагедиялық тағдыры туралы жазылған Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» романында тарихи таңдаудың жол айрығына тірелген қазақтардың дұрыс жолға түскендігі жайлы шығарма деп тану жөн секілді. Өткен жылдардағы сүйекті прозаның жай-күйіне көз жүгіртсек, халық өмірінің тарихи кезеңдерінің онда қамтыған хронологиялық шеңбері, тақырыбы мен проблемасы кеңейе түскенін көреміз; әдебиеттің өмірмен қоян-қолтық араласуы үшін, сондай-ақ белгілі шеберлердің белсенді ізденістері мен жас авторлардың батыл рейдтер жасауы жиілегені байқалады; мұның бәрі – біздің әдебиетіміздің көркемдік жолында қол жеткен табыстарының нығаюы деген қорытынды жасауға да болады. Бірақ, біздіңше, кемшіліктеріміз де аз
емес сияқты. Жетекші эпикалық жанр қазір қала мен селода болып жатқан күрделі әлеуметтік және рухани процестерді өз мүмкіндігіне сай дәрежеде көрсете алып отырған жоқ; өмірдегі өзгерістерді, замандастарымыздың толыққанды, жаңа да жарқын бейнесін әлі де болса көрсете алмай келеміз. Қайта, біздің прозамыздың шағын формасы өзінің жетістіктерімен мақтана алса керек, өйткені, ол бүгінгі күн тақырыбын игеруде біраз оралымдылық көрсетіп, біздің болмысымыздың «жанды жерін» тап басуда сол мергендік танытып келеді. Көлемі шағын болғандықтан ба, бұл жанр көбіне моральдікэтикалық проблемаларға ден қойып жүр. Жалған сыпайыгершілік жасамай-ақ қояйық, расында қазақстандық шағын проза қазір уақыт талабының үдесінен шығып, барған сайын көп ұлтты совет әдебиетінің «стильдік қорына» пәрменді үлес қосып келе жатқанын айта кеткен орынды. Жанрлықстильдік жаңалықтар да біздің әдебиетімізге осы бір оңтайлы форма арқылы енуде. Бұл айтқандарымызға – шағын прозаның эпико-психологиялық сарында жазылуын қуаттайтын Т.Әлімқұлов, С.Мұратбеков, Д.Досжанов, О.Сәрсенбаев, Б.Нұржекеев, Т.Тілеуханов творчестволарындағы; психологиялықдрамалық бағытын қолдайтын С.Шаймерденов, М.Мағауин, Ә.Тарази, Д.Исабеков, Қ.Мұхамбетқалиев, Р.Сейсенбаев, Ж.Түменбаев, А.Мекебаев, С.Балғабаев творчестволарындағы; сондай-ақ ассоциатика элементтерін, әлеуметтік астармен жазуды, мифологиялық негіздерге сүйене отырып, параболаны батыл қолданатын Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев, С.Санбаев, М.Сқақбаев, Т.Әбдіков творчестволарындағы ізденістердің жемісі айғақ бола алады. Бұл жазушылардың барлығының твор-
чествосына ортақ нәрсе – кейіпкерлерінің жан дүниесіне терең бойлап ене білу, олардың көкірегінде қордаланған рухани байлықтың әлеуметтік және азаматтық негіздерін тап басып тани білу дер едік. Жыл өткен сайын, шағын прозаның идеялықфилософиялық тереңдігі, әлеуметтік белсенділігі мен түр жағынан жетіле түсуі артып келеді. Әсіресе, лирико-философиялық пландағы повестердің үлес салмағы артқандық байқалады. Прозаның шағын формасы туралы сөз қозғағанда, оның социографиялық саласының көзге ұрарлықтай енжар жағдайда екенін атап айтпасқа болмайды. Әлемдік және бүкілодақтық әдеби аренада зор қарқынмен дамып келе жатқан прозаның бұл саласы – бізде әлі күнге өзіне лайық дәрежеде мойындалған жоқ. Ә.Нұрпейісовтің, В.Лариннің, Ә.Әлімжановтың, С.Мәуленовтің, Ғ.Қайырбековтің, С.Байжановтың жекелеген сәтті туындылары жарық көргеніне қарамастан, көркем публицистика мен очерк әлі күнге өгей баланың орнында жүр, жазушылардың назарынан шетқақпай қалуда. Өмірлік маңызы бар көптеген проблемалар деректі прозаның оперативті жанрында көмескі тартып жүре береді, көптеген жазушылардың бұл жанрдағы көркемдік шешімдеріндегі қолдан оңайлатыла салған, «бәрі жақсы, бәрі тамаша» деген секілді алдамшы тоқмейілсуге, немқұрайдылыққа таңданбасқа лажың жоқ. «Жазушы» баспасы жыл сайын шығарып жүрген «Үлкен вахта», «Бесжылдық шежіресі» секілді жинақтар да өмірлік проблемаларды күн тәртібіне қоюда және оны шешудің жолдарын қарастыру бағытында ерекше өткірлік таныта алмай, ой саларлық жаңалықтарымен көріне алмай отыр; оларға енген очерктер бесжылдықтың ерлері тура-
лы газеттер жазып жүрген материалдарды қайталап жатады. Мұндай жағдай ұлы құрылыстар республикасы боп саналатын біздің Қазақстанның жазушыларына абырой бола қоймасы анық. Деректі және мемуарлық кітаптар аз жазылуда. Б.Момышұлының, Ә.Тәжібаевтың естелік повестері, Т.Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллин», М.Сәрсекеевтің «Қаныш Сәтпаев» атты өмірбаяндық повестері халықтың рухани мәдениеті үшін аса зор маңызы бар осы бір қызғылықты жанрдың бұдан былай да өркендей беретіндігіне сенімімізді нығайта түсетін секілді. Соның жақсы бастамасы деп, Москвадан «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша шыққан соңғы екі кітапты айта кеткен лазым. Сондай-ақ, алыстағы жау тылында жүріп соғыстан қазақстандық жауынгерлер жайлы баяндайтын Қ.Тұрсынқұловтың «Олар оралған жоқ» атты кітабы оқырмандар назарын аударуға тұрарлық. Балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиетте де сілкініс байқалады. «Жалын» баспасының ашылуы, «Пионер» журналының қайтадан шығарылуы, жас жеткіншектерге арналған ең тәуір шығармаларға жыл сайын республикалық конкурс ұйымдастырып тұруы оған игі әсер еткен секілді. Бұл тақырыптағы шығармалар, негізінен, жас ұрпақты совет халқының революциялық, жауынгерлік және еңбек дәстүрлеріне баулуға бағытталған. Әрбір әлеуетті әдеби процестегі секілді, балалар мен жасөспірімдер әдебиетінде де жаңа тақырыптар, жаңа жанрлар игерілу үстінде. Мектеп пен пионер өмірі, достық, коллектившілдік, интернационалистік, Отанға, еңбекке және табиғатқа деген сүйіспеншілік секілді дәстүрлі тақырыптармен қатар, соңғы жылдары Қазақстан жазушылары кәсіптік-техникалық білім беру
жүйесіндегі еңбекке тәрбиелеу (Б.Қойшыбаевтың повестері), жас шопандар бригадаларының өмірі (Т.Есімжанов, М.Рашев шығармалары), қазіргі армия өмірі (Ә.Қалдыбаев пен Қ.Қазиевтің повестері мен әңгімелері), совет милициясы мен қауіпсіздігі органдары қызметкерлерінің күн сайынғы ерлік дәстүрі (Қ.Тоқаев), шет елдегі балалар өмірі (Қ.Сегізбаев, А.Бейсенов шығармалары), физкультура мен спорт (Қ.Найманбаев, С.Бердіқұлов, тағы басқалардың кітаптары) тақырыптарын да игере бастады. Ш.Әлімбаев, С.Жұбатыров, О.Мархабаев сияқты жас прозаиктер фантастика мен қызғылықты оқиғаларды баяндайтын жанрда өздерін көрсете бастады. Қазақстанның балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиетінде белсенді қызмет істеп келе жатқан М.Зверев, С.Бегалин, С.Омаров, С.Бақбергенов, Б.Соқпақбаев, С.Сарғасқаев, М.Сүндетов, М.Гумеров, Ү.Уайдин сияқты жазушылармен қатар, біраз талантты жастар жемісті еңбек етіп келеді. Олардың ішінен Т.Нұрмағамбетов, М.Қабанбаев, М.Қаназов ерекше көзге түседі. Олардың ойлары жаңа зерделеп жүрген тақырыптары өзгелерге ұқсамайды, әрі кітаптан кітапқа көшкен сайын шеберліктері артып келеді. Өздері тер төгіп жүрген әдеби учаскенің маңызды екенін әлі де тереңірек сезінуге үндей отырып, қазіргі жас оқырмандардың – ғылымитехникалың революция дәстүрінде, ой мен қиялдың космостық шарықтауы тұсында, адам айтса нанғысыз жаңалықтар ашылып жатқан кезеңде өмір сүріп отырғандығын, демек, олардың да әр нәрседен мол хабардар болуы табиғи нәрсе екенін, сондықтан жас жеткіншектердің өскелең талап-тілектерін ескермеуге болмайтындығын, жазушы да өз заманның озық
білімдары болуы керектігін балалар жазушыларының есіне тағы бір рет сала кеткен артық етпейді. Екі съезд аралығында өткен бес жылда, жалпылай айтсақ, 70-інші жылдары, қазақ поэзиясы өзінің тақырыптық диапазонын кеңейту жөнінде де, қоршаған орта мен болмысқа идеялықкөркемдік терең талғамдар жасауымен де, өлеңжырдың эмоционалдық қуатын арттыру жағынан да жаңа жетістіктерге жетіп, қазіргі кезде ұлт әдебиетінде жетекші позицияға батыл шығып отыр. Бұл іске ақындар әулетінің барлық буыны белсенді творчестволық жұмысымен өз үлестерін қосты. Аға буын өкілдері боп саналатын ақындардың көпшілігі «поэзия – жастық дәуреннің еншісі» деген ескі формуланы біржола сызып тастап, осы тұста өздерінің тағы бір шабытты шағын бастан кешірді. Ә.Тәжібаевтың, Д.Әбілевтің, А.Тоқмағамбетовтің, Ә.Сәрсенбаевтың, Х.Ерғалиевтың, С.Мәуленовтің, С.Сейітовтің, Е.Әукебаевтың, Т.Әбдірахманованың, К.Салықовтың, Т.Бердияровтың, М.Әлімбаевтың, А.Шамкеновтың, Қ.Шаңғытбаевтың жаңа жырлары азаматтық айқын бедерімен, жан-жүректен жарып шыққан шыншылдығымен, сезім тереңдігімен және қоршаған орта мен болмысты бейнелеуде нақтылығымен, философиялық ой түйіндеулерінің кеңдігімен мыңдаған оқырмандарды әлі де қуанышқа бөлеуде. Осы жылдары Х.Бекхожин, Ғ.Қайырбеков, Қ.Мырзалиев республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары атанды. Бұл – олардың творчествосы бүкілхалықтық құрметке ие болды деген сөз. Біздің поэзияда өзінің өршіл ізденістерімен, өлеңнің интеллектуалдығын арттыруымен О.Сүлейменов творчествосы ерекше көзге түседі. Оның сөз саптау мәнерінен-ақ бүгінгі со-
вет поэзиясындағы принципті ізденістерді және туысқан республикалар әдебиетімен тығыз байланыста болғандықты бірден аңғаруға болар еді. Әлемнің прогрессивті поэзиясының эстетикалық жетістіктерін тиімді пайдалана отырып, өзінің де творчестволық ізденістерін қазіргі әдеби процестің басты-басты тенденцияларымен салыстыра қарау – өмірден ерте кеткен М.Мақатаев творчествосына да, қазір аттары жалпы жұртқа мәлім болған Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, С.Жиенбаев, Қ.Жұмағалиев, К.Ахметова, Ж.Нәжімеденов, М.Шаханов, Т.Есімжанов, С.Асанов, М.Айтхожина, С.Иманасов, Ә.Нілібаев, Ө.Нұрғалиев, Ж.Қыдыров, А.Бақтыгереева творчествосына да тән мінез. Бұлардың әрқайсысы өзіндік қолтаңбасы бар, әртүрлі де жақсы ақындар. Өлеңдеріндегі кейбір сырт ұқсастықтар емес, оларды поэзияның ішкі міні, тақырыптарының актуальдығы мен маңыздылығы, образ бен ойлау жүйелерінің тереңдігі туыстастырады. К.Мырзабеков, Ж.Әбдірашев, Ш.Сариев, Т.Медетбеков, Ү.Есдәулетов, Н.Айтов, Е.Раушанов, Е.Дүйсенбаев, Ж.Жақыпбаев есімдері біздің поэзиямыздың болашағынан үміт күттірерліктей. Әйтсе де, оқырмандардың талап-тілегін қанағаттандырмайтын өлең, поэмалар жинағы әлі де болса аз шығып жатқан жоқ. Олардың кемшілігі әлеуметтік жүгі жеңіл, ұсақ-түйек күнделікті күйбең төңірегінде келелі пікір айтқысы келгенімсіп, жалған пафос пен даңғазаға құрылған шығармасымақтар. Өмірдің бай мазмұнын аша алмау, мыңдаған фактілер мен оқиғалардан типтік қана жайларды іріктеп ала алмау, әлеуметтік мәні зор конфликтілерді зерттеп-зерделемеу – қазіргі қазақ поэмаларының, оның ішінде әсіресе көппланды поэмалардың басты
кемшілігі болып отыр. Поэмалардың дені – очерктік сипатта ғана жасалып жүр; оларда көркемдік орнына, көзіне түскенді жаза беру, кейіпкердің ішкі жан-дүниесіне үңілу орнына, оның сырт бейнесіне қызығушылық, атүстік сипаттама берушілік басым. Поэзия жанрларының табиғатын терең түсіну, үлкен проблемаларды поэтикалық тұрғыдан игеруге ұмтылыс, бүгінгі күн тақырыбын жіті сезіну; осы заманғы ірі-ірі оқиғаларға, күрделі сюжеттерге, ой мен образдың эмоциональдық қуатына, мәселенің этикалық жағынан дұрыс қойылуына назар аудару; қоғамдық болмыстың контрастары мен адам мінездеріндегі кереғарлыққа көзді ашыңқырап қарау – оқырмандарымды ойландырайыншы, жұртқа бірдеңе айтайыншы дейтін қазіргі қазақ поэзиясының кезек күттірмейтін міндеттері боп әлі де қалып отыр. Енді, қазақ поэзиясының халықтық дәстүрі барынша сақталынған және соны күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан – айтыс өнері, айтыс ақындары жайлы сөздер айта кеткім келеді. Жоғары идеялық-творчестволық дәрежеде өткен, аса зор қоғамдық ынта-ықылас тудырған былтырғы республикалық ақындар айтысы – бұл тамаша дәстүрдің әлі де үзілмей келе жатқанын, үзілмейтінінде, бұған қоса оны қадірлеп-қастерлеуіміз керек екенін де көрсетті. Халық поэзиясының мұндай байқаулары Алматы, Қызылорда, Целиноград облыстарында да нәтижелі өткізілді. Проза мен поэзияға қарағанда, қазіргі қазақ драматургиясының жай-күйі онша жақсы деп айтуға болмас еді. Пьесалардың санын есептесек, мазасызданудың жөні жоқ секілді: соңғы екі-үш жылдың өзінде-ақ жүзден аса пьеса жазылыпты. Әйтсе де, республика театрлары жаңа
репертуарға зәруліктен әлі арыла алмай келеді. Драматургтеріміздің шығармаларының ішінде сахнада тұрақтап қалғаны некен-саяқ. Мұның себептері баяғыдан белгілі; талай жерде айтылып та жүр. Авторлардың өмірді нашар білетіні, оқиғаны ойдан құрастыратыны, драматургиялық конфликтілерді тым жеңілдетіп жіберетіні, замандастарымыздың көрермендерді иландырарлықтай толыққанды образын жасай алмайтыны – аяққа оралғы боп отырған кеселдер. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы Москвада қойылғанына әлденеше ондаған жылдар өтті. Содан бері Қ.Мұхамеджановтың Ш.Айтматовпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесуінен» басқа бір де бір драматургиялық шығарма бүкілодақтық сахнаға шыққан емес. Бұл – пәлендей қуанарлық жәйт емес; осы фактінің өзі-ақ біздің драматургтерімізге «мен... мен!» деп көкірек соғуға болмайтынын көрсетсе керек. Дегенмен, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының инсценировкасы бойынша қойылған спектакль тәрізді жекелеген байсалды қойылымдардың барлығы, Ә.Әбішевтің «Нұрлы жаңбыр», Т.Ахтановтың «Ант», С.Жүнісовтің «Өліара», О.Бөкеевтің «Құлыным менің» пьесалары; сондай-ақ А.Шамкенов, С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов, Д.Исабеков, Д.Досжанов, Т.Есімжанов сияқты әдебиеттің басқа жанрларында жақсы қырынан көріне білген жазушылардың драматургияға атсалысуы; бұл мәселені Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті біздің күнделікті творчестволық өміріміздің кезек күттірмес проблемасы ретінде қойып отырғаны республика театр өнері алдында тұрған актуальды міндеттерді шешу ісіне қазақ
драматургтері белсене араласатын болады деп үміт етуден дәмелендіреді. Кинодраматургиядағы жағдай да бұдан төмен болмаса, жақсы емес. «Қазақфильм» студиясының өзіндік бетін танытуға әдебиетіміздің көмегі айта қаларлықтай деуге болмайды. Жазушылар одағы, Мәдениет министрлігі және Мемлекеттік кино комитеті арасындағы байланыс әлі де болса өз дәрежесінде емес екенін айта кету керек. Бір-бірімізді түсініп, істің мүддесі үшін бірлесе қимылдайық деген сөздеріміз нақты ісімізден көрініс таппай, әзірге сол күйінде қалып келе жатыр. Әрине, драматург пен режиссердің әңгімесі мәжіліс залдарындағы стол басында ғана емес, жұмыс орнында, немесе сахнаның баспалдағында өтсе, бұл істің мүддесіне әлдеқайда пайдалырақ болар еді. Өкінішке қарай, біздің құрметті режиссерлеріміз (бірен-сараны болмаса) ағымдағы әдеби шығармаларды нашар біледі, жаңа кітаптарды қадағалап оқып отырмайды, өздеріне рухы жақын авторларды іздемейді. Жалпы жұртқа белгілі үлкен театрлар мен студиялардың тәжірибесіне қарасақ, сахна мен экранға классикалық та, осы заманғы прозалық туындылар да батыл қадам басқанын көрер едік. Ал, біз әлі тек жақсы ниеттің шылауында жүрміз... Сөз реті келген соң айта кету керек: жазушылардың да көпшілігі сахна мен экранның ерекшелігін білетіндігімен мақтана алмайды. Бүкілодақтық семинарларға творчестволық мүмкіндіктері ескерілместен, қолдарында нақты жоспары бар ма, жоқ па, – тексерілмей, кезінде кім көрінген жіберілген; ал республикада мұндай семинарлар оқта-текте бір ұйымдастырылады.
Сондықтан республикадағы драматургияның жағдайын шұғыл жақсарту мақсатында, қазақстандық авторлар үшін Жоғары әдеби және сценариялық курстардың жанынан арнайы семинарлар ашу жөнінде ССРО Жазушылар одағы мен ССРО-ның Кинематография жөніндегі Мемлекеттік комитетіне өтініш жасаудың еш зияны жоқ секілді.. Тіпті, «Драматургиядағы сәтті қадамы үшін» деп аталатын сыйлық тағайындаудың да артықтығы болмас еді. Жолдастар! Қазақстан әдебиетінің барлық жанрларында да, ылғи сәтті болмағанмен, толассыз ізденіс жүріп жатыр. Оның бет-бейнесін айқындайтын басты ерекшелік те осы. Көңілге қуаныш ұялататын жәйт деп, біз Қазақстан жазушыларының осы замандағы ең сүбелі тақырыптарды, совет адамының өмірі мен еңбегін жазуға жаппай бет бұрғанын бүгін батыл айта аламыз. Асылы, планетамыздың өмірінде әдебиет үшін қызғылықты емес тақырып жоқ. Барлық суреткерлердің, әсіресе, жазушылардың алдына ең қиын да күрделі міндеттер бүгін айрықша қойылып отыр. Жазушының қоғамдағы орны, оның адамды рухани жағынан жетілдіре түсудегі ролі ешқашан да Дәл осыншалық мән-маңызға ие болып көрген емес-ті. Қазір ол өз заманының тек көркем шежірешісі, тек қана талантты жазушысы болып қоймауы керек, сонымен бірге әрі күрескер, әрі насихатшы, үгітші болуы керек; сұлулықты ғана жырлап қоймай, жаманшылық атаулының бәріне батыл қарсы шығуы шарт. Өйткені, жер бетінде болып жатқан оқиғалардың бәрі, адамзат тіршілігіне
қатыстының бәрі – әлемдік апаттардың жаңғырығы да, саясаттағы қызу талас-тартыстар да, адамның жеке басының қуанышы мен күйінішін де, қоршаған ортаға қамқорлық та – жазушының жан-жүрегі арқылы өтеді, соның бәрінің жазушы тағдырына да қатысы бар. Осыны жақсы сезінгенде ғана суреткер өз заманының көзі мен құлағы бола алады, сонда ғана өзі өмір сүріп отырған уақыт жайлы жайсаң шығарма жаза алады. Біз, совет жазушылары, осы бір абыройлы міндет пен азаматтық парызымызды биік мұрат тұтамыз; сондықтан да замандастарымыздың күллі қуанышы мен күдігі, оларды ойлантып-толғантып жүрген жәйттердің бәрі творчестволық назарларымыздан тыс қалмауға тиіс. Міне, қысқа да болса, адамгершілік мәселесін тағы қозғай кетейін. Біздің қоғамымызда, өкінішке орай, эгоизм, мещандық, қоғамға аз беріп, көп алғысы келушілік, алкоголизм, домалақ арыз жазу секілді, Леонид Ильич Брежнев жолдас съезде есімізге салып өткен жаман әдеттер әлі де болса арылған жоқ. Ең өткір қарумен – жаманшылық атаулыны шалқасынан түсіретін сөз құдіретімен жарақтанған біздің от ауызды, орақ тілді жауынгер сатириктеріміз: С.Адамбеков, Б.Қыдырбекұлы, Ш.Смаханұлы, О.Әубәкіров, Ғ.Қабышев, Ү.Уайдин және басқалар, басы – Асқар аға Тоқмағамбетов болып, ең алдымен, өздерінің бар күш-жігерін, талантын осыған қарсы жұмсауы керек. Біздің творчестволық процесімізде көңілге қуаныш ұялататын екінші бір маңызды фактор – қатарымыздың талантты жастармен толыға түскендігі. Леонид Ильич Брежнев атап көрсеткендей, өнеріміздің өріне көтеріліп келе жатқан бұл толқын – қазақ әдебиеті үшін тек қана көркемдігі жоғары
жаңа шығармалардың пайда болғандығынан ғана емес, әдебиетімізге шын мәніндегі талантты да қабілетті ақындар мен прозашылардың көптеп келуімен де елеулі болды. Әлгінде талдап айтып өткеніміздей, қазіргі творчестволық процестің негізгі жүгі: балалық шағы сонау сұрапыл соғыс тұсы мен онан кейінгі қиын жылдарға; жастық шағы тың эпопея мен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жаңа өрлеу кезеңіне; азамат боп толысқан шағы көріп отырғанымыздай, біздің қоғамымыздың жетілген социализм дәуіріне қадам басуымен қабат келген ұрпақ өкілдерінің иығына түсіп отыр. Аты-жөндерін атап-атап айтып өткенімдей, бұл ұрпақ қазір туған әдебиетіміздегі өздерінің позициясын нығайтып қана қойған жоқ, сонымен бірге олардың қатарынан қазір Одақ оқырмандарына да, шет ел оқырмандарына да айтары бар топ шынайы шебер суреткерлер шықты. Оныншы бесжылдық тұсында, совет прозасының ең таңдаулы туындыларынан тұратын «Халықтар достығы» кітапханасы» атты бүкілодақтық серияның – осы бір жалпы жұртқа мәлім, көптиражды ерекше басылымның – алты томы қазақстандық жазушылар творчествосына арналған. Соның үшеуі осы ұрпақтың өкілдері боп саналатын: Сәтімжан Санбаев, Сайын Мұратбековке, Әбіш Кекілбаевқа берілген. Творчестводағы қадамы оныншы бесжылдық тұсында, басталған ең жас өскіндердің аяқ алысы да әдебиетіміздің болашағы сенімді қолда болатынына көңілімізді ұйыта түсетіндей. Енді тек сол әдебиетші жастарымызға: шеберлік шыңына талмай өрлей беріңдер, өз творчестволарыңызда азаматтық дауыстарыңды айқындай түсіңдер, советтік көркем өнердің революциялық және гуманистік дәстүрлерін қолдап, нығайта беріңдер; біздің кәсібіміздің
киелі құралы – туған тілімізді қастерлеп, қадірлей беріңдер, сапасы жағынан мүлде жаңа шығармалар тудыруда табыстан табысқа жете беріңдер деп тілек айтар едік. Қазіргі творчестволық процестің жоғарыда айтып өткен екі моментінен туындаған, туған әдебиетіміздің бүгіні мен болашағына байланысты біздің оптимизміміз, әрине, творчестволық қызметіміздегі кемшіліктерімізді көзден таса етіп көлегейлей алмайды. Қазіргі ең басты кемшілігіміз – тақырыпты игерудегі кең ауқымдылықтың жетіспеуі және осы заман тақырыбына арналған шығармалардағы кейіпкерлеріміздің жеке басы ауқымды ой иесі бола алмай отырғанында. Міне, осының салдарынан. Қазақстан Компартиясының XV съезі жазушыларымыздың назарын өте орынды аударғанындай, бізде әлі күнге көркемдік қуаты жағынан М.Әуезовтің әлемге белгілі «Абай жолы» эпопеясына тең келетін, айта қаларлықтай шығарма тумай келеді. Сондықтан республика жазушылар ұйымының күллі идеялық-ұйымдастырушылық жұмысы мен творчестволық қызметін, Қазақстан әдебиетшілерінің бүкіл суреткерлік талантын, күш-жігерін, қажырқайратын КПСС XXVI съезі алға қойып отырған аса маңызды міндеттерді жүзеге асыру ісіне және орын алып келген елеулі кемшіліктерімізді жоюға жұмылдыруымыз керек. Әдеби процесс – өте күрделі құбылыс. Оны алдын-ала жоспарлауда қиын, нәтижесі қандай болатынын күн ілгері айта да алмайсың, көңілдегі көрікті ой қағазға түскенде қалай шығатынын дәл болжау да мүмкін емес. Көркем творчествоның кісі еркіне бағынбайтыны туралы әр заманда әртүрлі
теориялардың тууы да сондықтан болса керек. Әйтсе де, көркемдік мәдениеттің көп ғасырлық тәжірибесі бұл процестің көптеген қоғамдық алғышарттары, себептері болатынын көрсетеді; ал біздің партиямыздың көп жылдық практикасына, оның лениндік мәдениет саясатының даусыз табыстарына қарасақ, әлеуметтік дамудың ажырамас бір бөлігі боп табылатын творчестволық процесс – қаншама нәзік те жауапты нәрсе болғанымен, стихиялы түрде өз бетінше қоя беруді көтермейтіндігін қайта қоғам тарапынан үздіксіз қадағалап отыруды талап ететінін көреміз. Лениндік мәдениет саясаты біреуді көңілі соқпаған нәрсе туралы жазуға зорламайды, творчествоға кесімді мерзім белгілеп, шығармаңды пәлен уақытта бітіресің деп күштемейді де, сондай-ақ волюнтаризм, компетентсіздік дегендер де оған мүлде жат. Біздің партиямыз мәдениетке деген қатынасын сол әдеби-мәдени қауымның өзінің әлеуметтік белсенділігін көтеру арқылы жүзеге асырады. Біздің творчестволық одақтарымыз, соның ішінде Қазақстан Жазушылар одағы да, көркемдік интеллигенцияның сол әлеуметтік белсенділігін қалыптастыру үшін және олардың күш-жігерін қоғамымыздың рухани өміріндегі толғағы жеткен проблемаларды шешу ісіне мақсатты түрде жұмылдыра түсу үшін құрылған. Қазіргі күннің өскелең рухани қажеттіліктері біздің жазушылар ұйымының қызметіне де, творчестволық процеске жетекшілік етудің формасы мен стилін жетілдіре түсу ісіне де жоғары талаптар қойып отыр. Біздің жазушылар ұйымының идеялықұйымдастырушылық және творчестволық қызметінің негізгі бағыттары жөнінде баяндамамыздың кіріспе бөлімінде айтып өткенбіз, ол сондай-ақ съезд
делегаттарының әрқайсысына таратылып берілген арнаулы анықтамада да көрсетілген. Әйтсе де әдеби шаруашылығымыздың таза творчестволық жағына байланысты кейбір маңызды мәселелер жөнінде тағы да айта кеткен орынды секілді. Жазушылар ұйымы халықаралық әдеби қозғалысқа барынша белсене араласып, туысқан әдебиеттермен творчестволық достығымызды нығайту мақсатында, олармен байланысын бұдан былай да кеңейте түскені жөн. Бірақ, сөйте тұра, біздің бүкіл жұмысымыздың мақсат-мұраты, тынымсыз еңбегіміз бен толассыз ізденістеріміздің негізсіз бағыты – көп жанрлы қазақ әдебиетін өркендете түсу болып қала беретінін естен шығармауымыз керек. Өйткені, тек осы әдебиеттің табыстары ғана біздің визит карточкамыз бола алады және тек сол ғана біздің әлемдік және бүкілодақтық әдеби процеске қосқан үлесіміздің көрсеткіші боп табылады. Біздің ойымызша, ағымдағы әдеби өмірге пәрменді ықпал ету көптеген бағыттарда қатар жүріп отыруы тиіс, әсіресе, оны коммунистік құрылыстық практикасымен тығыз байланыста қарастырып игеру – басты міндеттердің бірінен саналады. Бұл ретте, біраз тәжірибе де жинақтаған, әйтсе де, оның әсерділігі, ықпалдылығы әлі де ойдағыдай болмай жүр. Екпінді құрылыстарды мәдени қамқорлығымызға алу ісі бүгінгі күнге сөз жүзінде қалып келді. Жұртшылыққа белгілі жазушыларды, әсіресе әдебиетіміздің талантты жас өкілдерін сол жерлерге командировкаға жіберіп тұру жүйелі түрде жүргізілмейді. Өзіміз қамқорлыққа алған Қаратау-Жамбыл, ПавлодарЕкібастұз өндірістік-территориялық комплекстерін былай қойғанда, Жазушылар одағының тап қасында, осы қалада, іргемізде тұрған Алматы мақта-мата
комбинатының өзінде жас прозаиктеріміз бен ақындарымыз өте сирек болады. Олардың ешқайсысы республикамыздың аты белгілі адамдарымен, өндіріс озаттарымен тұрақты байланыс жасап жүрген жоқ. В.Лариннің алғашқы тыңгерлер: М.Довжикпен және Н.Головацкиймен, Ә.Нұрпейісовтің А.Қуандықов және В.Химич секілді көкшетаулық диқандарымен, С.Бақбергеновтің даңқты колхоз председателі Б.Игібаевпен; Қ.Исабаевтың Ертіс-Қарағанды каналы құрылысшылармен; С.Санбаевтың Павлодар трактор жасаушыларымен көп жылдарден бергі достық пен қарым-қатынастары талай жастарымызға тағлым боларлық жақсы өнеге ғой деп ойлаймыз. Қазір олардың сол достық қарым-қатынастары творчестволық достық одағына айналып отыр. Жасампаз әдебиет майданының алғы шебінде тұрған біздің облысаралық жазушылар бөлімшелеріміз де бұл ретте жарқын істерімен де мақтана алмаса керек. Әсіресе, Қарағандыдағы бөлімшенің қызметі бізді қанағаттандырмай отыр. Республикадағы аса ірі өндірістік және мәдени орталықтардың бірі, осы біраз жыл бұрын екінші университет ашылған қала, даңқты шахтерлер қаласы, поэзиямыз бен прозамыздың мыңдаған шынайы жанашырлары тұрып жатқан қала соңғы жылдары өзінің әдеби позициясынан айта қаларлықтай айрылып қалды. Мұндай кінәні осы бір есеп беру кезеңінің ішінде бір де бір көзге түсерлік шаралар ұйымдастырылмаған өздері өмір сүріп отырған региондағы еңбекшілер өмірімен байланыстарын нығайта алмаған Оралдағы облысаралық жазушылар бөлімшесіне де қоюға болар еді. Ал Шымкенттегі бөлімшенің жұмысына қарасақ, әдебиетшілердің еңбекші қауым алдында есеп
беруі, оқырмандар мен кітаптардың кейіпкерлерін жүздестіре отырып көркем шығармаларды талқылау жүйелі түрде жүргізіліп отырғанын көреміз. Әрине, бұған Қызылорда, Жамбыл, Шымкент облыстарындағы әдебиетшілердің басын қоса отырып, замандастарымыздың жасампаз еңбегін көрсету жөніндегі осы регион жазушыларының міндеттері талқыланған Жазушылар одағы басқармасы секретариатының Шымкент қаласында өткен кеңейтілген мәжілісі де игі әсерін тигізгенін айта кету керек. Жазушылар одағы бұдан былай да жұмыстың осындай тиімді формасын практикаға енгізіп отырғаны жөн. Біз облыстарда тұратын жазушылардан да творчестволық белсенділікті, қазіргі өндіріс орындарының тіршілік-тынысын көркемдік тұрғыдан барынша нанымды суреттеуді талап етуге әбден қақымыз бар. Осы ретте семейлік жазушы М.Сәрсекеевтің, қарағандылық Е.Ибраһимнің, шевченколық Т.Медетбековтің; шымкенттік Ф.Чирва, Н.Сералиев және Қ.Қазиевтің, павлодарлық Қ.Көпішевтің, қызылордалықтар: И.Оразбаевпен Т.Нұрмағамбетовтің, оралдық Э.Ғаббасовтың, ақтөбеліктер: С.Баймолдин мен Е.Дүйсенбаевтың, целиноградтық Н.Оразовтың жемісті творчестволық ізденістерін айта кеткім келеді. Олардың жұмыс столы металлургия цехтарымен, мұнай скважиналарымен, дала қостарымен, осы заманғы рудниктермен және шахталармен көршілес. Әдебиетшілердің өмірмен, еңбек коллективтерімен, өндіріс озаттарымен жасайтын қарым-қатынастарына негізінен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты басшылық етуі керек. Бірақ, осы уақытқа шейін
бұл маңызды жұмысты ұйымдастырудың жаңа тиімді түрлерін таба алмай жүрміз. Біз әлі көптеген өндіріс, ауыл шаруашылық орталықтарында көшпелі пленум, секретариат мәжілісі, творчестволық конференция өткізу, әйтпесе туысқан республикалардың жазушылар ұйымының күнделікті іс тәжірибесіне айналған – колхоз, совхоз, өндіріс, ғылыми мекемелер белгілейтін тақырыптық конкурстар жариялау секілді шараларды сирек ұйымдастырамыз. Біз жазушыларға творчестволық командировка беруде де, облыстарға баратын жазушылар бригадасын құруда да, кейде шалағайлыққа жол береміз. Бүгінгі көркем әдебиет жетістіктерін насихаттауда, еңбек коллективтері өмірімен қаламгерлерді етене таныстыруда маңызды қызмет көрсетуге тиіс көркем әдебиетті насихаттау бюросының жұмысында да елеулі олқылықтар орын алып отыр. Осы бюроның қатысуымен біздің жазушыларымыз жылына республикамыздың 50 ауданында болып, завод, фабрика, құрылыс жұмыскерлерімен, колхоз, совхоз еңбеккерлерімен, Совет Армиясы жауынгерлерімен көптеген кездесулер өткізіп жүр. Әйткенмен, өмірмен байланысты арттырудың осы маңызды саласы бізде қалай болса солай жүргізіліп келеді, сондықтан бұл салада қолымыз жеткен табыстарымыз тым аз. Көбіне облыстарға бірлі-жарым жинағы шыққан белгісіз авторлар, тіпті кейде әдебиетті төңіректеп жүрген әйтеуір біреулер жіберіледі. Әрине, мұндай маңызды тірлікті формализмге салып, сүресіз серуенге айналдыруға болмайды. Осыдан жазушылар арасындағы идеялық-тәрбие жұмысы, біздің әдеби процеске жасайтын ықпалымыз туралы әңгіме келіп шығады. Ол саяси сабақтардың, лекциялардың, басқа шаралардың аумағында
қалып қоймай, біздің барша қызметіміздегі терең идеялылықтан көркем шығармаларды талқылау барысындағы теориялық дайындығымыздан, әрбір творчестволық, қоғамдық-саяси науқандарды өткізу тұсындағы ұйымдастырушылық қабілемізден көрінуі тиіс. Өйткені, осының бәрі жазушыларымыздың әлеуметтік белсенділігін арттырып; оның идеялық дүниетанымы мен өмірлік мұраттарының қалыптасуына қызмет етеді. Онсыз көркем творчество еңбекшілерді идеологиялық жағынан тәрбиелеудің қуатты құралына емес, жай сұлу сөздердің тізбесіне айналды. Біздің идеялық-тәрбие жұмысымыздағы маңызды саланың бірі жас әдебиетшілерге қамқорлық жасау болып саналады. Жазушылар одағы, оның жас әдебиетшілермен жұмыс жөніндегі советі республика комсомол ұйымдарымен бірлесе отырып біраз тірлік атқарып келеді, жас талапкерлер творчествосын назардан тыс қалдырмай, жыл сайынғы дәстүрлі «Жігер» фестивалін өткізуге де қатысуда. Облыстарда поэзия фестивальдері, жас әдебиетшілердің республикалық, аймақтық кеңестері өткізілуде. Бірақ, бұл саладағы олқылықтарымыз да жеткілікті. Жастар арасындағы идеялық-тәрбие жұмысы қамқорлық пен ықылас қатаң талап қоюмен ұштасқанда ғана жемісті болмақ. Мәселен, «Жалын» баспасы жариялаған жас авторлардың тұңғыш кітаптарының көпшілігі әдетте тақырып жағынан бір сарынды болып келеді, ал мұның өзі ол авторлардың әлеумет өмірінен бейхабарлығын ғана емес, жас әдебиетшілермен жұмыс істеуде баспа тарапынан жол берілген жауапсыздықты, формализмді көрсетеді. Мұндай жауапсыз немқұрайдылық шіп-шикі әдеби жаттығуларға жағдай жасау, түптеп келгенде, жал-
пы әдебиетке ғана емес, сол жас авторлардың өзіне зиян тигізетіні айдан анық. Творчестволық жастарды тәрбиелеу осындай немкетті кешірімпаздықты, немесе олардың алдына жасанды кедергілер қоюды көтермейді. Жазушы қатарын молайтуға асығыстықпен, жауапсыздықпен қараудың мысалы ретінде бізде бір ғана бесжылдық ішінде Жазушылар одағына 150 жаңа мүше қабылдағанымызды айтсақ та жеткілікті. Жуықта өткен республика партия активінің жиналысында КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаев жолдас осы үшін бізді өте әділ сынға алды. Әрине, сан сапаға айналып жатса, жоғарыдағыдай көрсеткішке ешкім қарсы болмас еді. Кейде Жазушылар одағына мүше қабылдау жөніндегі комиссия, секретариат, біздер, жазушылар – ССРО Жазушылар одағына өзіміз ұсынып отырған әдебиетшінің жарияланған шығармалары тізіміне көңіл бөлеміз де, ал оның моральдықадамшылық қасиетіне қарап жатпаймыз. Өзінің партиядан шығып қалғанын жасырып келген «белгілі» О.Бодықовты Жазушылар одағына қабылдағанда дәл осылай болды. Жас авторлар творчествосының қалыптасуына әрдайым шешуші ықпал жасап, түзу бағыт-бағдар көрсетіп отыру Жазушылар одағы қызметінің мәнмағынасына айналуы керек. Бұл ретте күнделікті әдеби процесті жете түсініп, оның күнгейлі, көлеңкелі тұстарын дер кезінде анықтап отырудың, талантты шығармалар төңірегінде, немесе идеялық-көркемдік сапасы кемшін соғатын дүниелер төңірегінде дұрыс қоғамдық пікір қалыптастырудың зор маңызы бар.
Осындай мұраттарды принципті түрде жүзеге асырмайынша, творчестволық қолайлы атмосфера жасау, сүреңсіз, ұсақ, тіпті, анық, халтураға жатқызарлық басылымдар тасқынымен күресу мүмкін емес. Осындайда ең алдымен әдеби сын туралы айтуымыз керек. Біздің сынымыздың профессионалдық дәрежесін көтеру мәселесіне КПСС XXVI съезі, Қазақстан Компартиясының XV съезі назар аударғаны мәлім. Қазіргі әдебиет сыны мен әдебиет тану ғылымы әдебиет алдында, оқырман алдында көп қарыздар. Әрине, бұнымен біз әдеби сынның жеткен жетістіктерін жоққа шығармаймыз, бірақ, бүгінгі күннің биігінен қарасақ, оның нақ қазіргі ахуалы ешкімді қанағаттандыра алмайды. Сынның ең үлкен олқылығы – оның теориялық дәрежесінің төмендігінде, осыдан келіп жалтақтыққа, не асыра дәріптеушілікке, не бұра тартушылыққа жол беріледі, оның ұшқырлығы да жетісе бермейді. Баспасөзде көтеріліп жүрген әр түрлі мәселелердің, айтыстардың қарадүрсін болып шығатынын да сынның теориялық дәрежесі төмендігінен, жауынгерлік сипатының кемдігінен деп түсіндірер едік. Принципті өткірлік пен батылдықтың орнын бүгінгі роман мен повестің, әңгіменің қандай болуы керек, дилогия мен трилогиялардың қажеті бар ма, поэмада публицистика өтімді ме, әлде эпика өтімді ме деген секілді пайдасыз айтыстар басып кетті. Қазіргі пьесалар, поэмалар, романдар, повестер, әңгімелер туралы осы азусыз айтыстар қыр соңында кітап аттары мен авторларын тізбелеумен, жұртқа белгілі қарапайым шындықтарды қайталаумен шектелді. Жауынгер сынымыздағы эстетикалық ойдың осыншама төмендеп кетуінің себебі неде? Біздің
бүгінгі жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді таразыға салып талдап бере аларлықтай ешкімнің болмағаны ма? Әрине, ондайлар бар. Біздегі Жазушылар одағы мүшелерінің ішінде қазір 62 ғылым докторы мен кандидаты бар екен. Ал, бірақ, күнделікті жауынгер сыншылар қатарынан осындай дәрежелі қандастарымызды жиі көре алмай-ақ жүрміз. Осындай маманданған әдебиетшілердің күнделікті творчестволық процеске немқұрайды қарап, дер кезінде пікір айтпауы кейбір кеудемсоқ жазғыштардың белсенділігін көбейтіп жіберді де, біздің сынымызды мүшкіл халге жеткізді. Егер әдебиет оқулықтарын құрастыратын ғылыми орталықтар өздерінің зерттеу программаларына творчестволық одақтарды, басқа да мәдениет мекемелерін қатыстырып отырса, күнделікті творчестволық процестің актуальді мәселелерін шешуге біраз пайдасы тиер еді. Сынның ойдағыдай өсіп-өркендеуіне Жазушылар одағы да барлық жағдайды жасауы керек. Одақтың жанрлық секциялары, секретариат мәжілістері, пленумдары әзір әдебиетіміздің көкейкесті проблемаларын принципті түрде сөз ететін орынға айналған жоқ. Біздің әдеби журналдарымыздың сын бөлімдері өздерінің қол таңбасын айқын көрсете алмай отыр. Жарияланған мақалалардың көбі бірін-бірі қайталайды. «Жұлдызда» шыққан шолуларда жалпылама дерексіз сөздер мен қисапсыз фамилиялар тізбегіне жол беріледі. «Простор» қазақ әдебиетінің бүгінгі ахуалы туралы материалдарды мүлдем аз жариялайды. «Жалын» альманағы жас авторлардың алғашқы кітаптарына пікір айтудың орнына, атақты ғұламалардың монографиялық еңбектерін рецен-
зиялауды көбейтті. «Қазақ әдебиеті» газеті болса, өзі жариялаған әдеби айтыстардың ешқайсысын қорытындылап көрген жоқ. Егер газеттің бір бетінде талантты бір автордың кейбір стилистикалық кемшіліктері қатты сынға алынып, ал сол бетте ортақол шығармаға мадақтау айтылып жатса, мұндайда редакцияның позициясын түсіну қиын. Осы айтылған кемшіліктер өткен күндердің сыбағасы болса, олар жөнінде айтпай-ақ қояр едік, ал осының бәрі бүгіндері көз алдымызда тұр ғой, ендеше ондай кемшіліктерді бәріміз бірігіп түзеуіміз керек. Көркем аударманың дамуы арқасында бүгінгі қазақ әдебиеті өз елімізде, шет жұрттарда кеңінен мәлім бола бастады. Бұған біздегі орыс жазушыларының үлкен тобы недәуір еңбек сіңірді. Осы арада өзімізбен қоян қолтық еңбек етіп жүрген Михаил Львов, Олег Шестинский, Римма Казакова, Владимир Савельев, Владимир Цыбин, Татьяна Кузовлева, Михаил Курганцев, Георгий Садовников, Анатолий Ким, Надежда Голосовская есімдерін атаймыз. Қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Зоя Кедрина, Владимир Оскоцкий, Леонид Тер-Акопян, Борис Панкин, Феликс Кузнецов, Ақияр Хакимов, Павел Ульяшов секілді сыншыларымызға, Сергей Баруздин, Владимир Еременко, Валентин Осипов, Владимир Десятерик, Арнольд Тамм, Ирина Израильская секілді талапшыл баспагерлерімізге қазақ әдебиетін насихаттаудағы шын мәніндегі интернационалдық көмегі үшін шексіз алғысымызды айтамыз. Біздің әдебиетімізді аударуда, насихаттауда, зерттеуде, айтулы адал еңбек етіп жүрген қазақстандық орыс жазушылары Д.Снегин, М.Симашко,
А.Брагин, А.Белянинов, Г.Бельгер, В.Владимиров, Е.Лизунова, А.Устинов, П.Косенко, Н.Ровенский, Ю.Герт, Л.Кривощеков, И.Щеголихин, В.Антонов, В.Смирнов, А.Самойленко есімдерін де ықыласпен айтаймыз. Дегенмен, бізде аударма саласында шешілмеген меселелер жеткілікті. Бүгінгі талантты ақындар легін айтпағанның өзінде, одақтық және орыс оқырманына Абай, Махамбет, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, Қ.Аманжолов, Т.Жароков шығармалары өздерінің барлық қымбат қасиеттерімен әлі жеткен жоқ. Қазақ прозашыларының таңдаулы шығармаларының көпшілігі де әлі орыс тіліне аударылмаған. Кітап басылымдарына қатысты мәселелердің бәрін біздің әртүрлі өтініштеріміз бен ұсыныстарымызға айрықша назар аударып отыратын республикалық Баспа комитетімен тығыз бірлікте шешіп келеміз. Бұл айтылғандардың бейнеті көп көркем аударма ісіне де қатысы бар. Бірақ, әлі де өзге тілдерге аударылатын шығармаларды таңдап алу, ұсыну, сөзбесөз аударма жасау ісін орталықтандыру, аудармашыларды дайындау және олардың шеберлігін арттыру, қазақ әдебиеті классиктері шығармаларының ең таңдаулы аудармаларына бәйге жариялау саласында күш біріктіріп атқаратын шаруалар көп-ақ. Аудармашыларды даярлау жәйін ойластыруымыз керек. Осыған байланысты биылғы жылы екі тілде бірдей жазатын 10-12 қазақ әдебиетшісін оқуға қабылдау жөніндегі М.Горький атындағы әдебиет институты ректораты мен ССРО Жазушылар одағы Басқармасы секретариатының шешімін айрықша құптауымыз керек.
Қазақстанда көп ұлтты жазушылар өмір сүріп, еңбек ететінін жоғарыда айттық, олардың творчествосы осы съезде өз алдына сөз болмақ. Мен ұйғыр қаламдастардың өтініші бойынша бір мәселеге ғана тоқталсам деймін. Қазіргі ұйғыр әдебиетінде байсалды творчестволық күштер топтасқан. Оның қатарында Х.Абдуллин, З.Сәмәди, Ж.Босақов, И.Бахтия, Құрбан және Тұрған Тоқтамовтар, М.Зұлпұқаров, Х.Хамраев, А.Әшіров, А.Ғаниев, Ю.Мұхлисов, т.б. талантты прозаиктер, ақындар, драматургтер бар. Бұлардың шығармалары біздің республикамызда кеңінен тараған, орталық басылымдар арқылы одақтық оқырманға да жетіп жатыр. Дегенмен, ұйғыр әдебиеті табыстарын бұдан да гөрі көбірек насихаттау үшін ай сайын шығатын әдеби журнал болмағанмен, ең болмаса төрт айда бір рет оқырман қолына тиетін альманах шығару мәселесін қалай да шешуіміз керек. Мұндай басылымның мезгілі де, пісуі де жеткенін тиісті орындар елеп-ескерер деп сенеміз. Жазушылар үшін де, оқырмандар үшін де аса маңызды мәселенің біріне ерекше тоқтап өткім келеді. Жуықта «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде Социалистік Еңбек Ері Ғ.Мүсірепов бастаған көрнекті жазушылардың бір тобы Қазақстан Тұтыну қоғамдары одағы басқармасының председателі С.Тәнекеев жолдасқа ашық хат жариялады. Мұнда жазушыларымыз қазақ әдебиетінің негізгі оқырмандары тұратын ауыл-селолық жерлердегі кітап саудасына қатысты өздерінің ойлары мен алаң етіп отырған мәселелеріне тоқталған. Қазіргі кітап саудасы жұмысын жоспарлау мен ұйымдастыру, маманданған кадрларды, оның ішінде сатушыларды
даярлау туралы сөз болып отыр. Оқырмандар тарапынан сұраныстың молдығына қарамастан, қазақ тілінде шығатын кітаптардың жөнсіз қысқартылып кетуі бәрімізді қатты қынжылтады. Ашық хатта қойылған мәселелер «Казкниготорг» басшыларын да қатты ойлантуға тиіс. Қадірлі жолдастар! Біздің әдебиетіміз – әлеуметтік, азаматтық тәжірибеге бай, идеялық жағынан әбден шыныққан, профессионалдық шеберлігі өскен әдебиет. Оның творчестволық қуатына ешкім күмән келтірмейді. Алдағы міндеттеріміз де айқын. Творчестволық ізденістеріміздің жолжобасын партиямыз белгілеп берді. Ең бастысы, республикамыздың әдебиетші қауымы өмірді білу, жаңа адамның рухани әлемін зерттеу, өзінің творчествосына асқан жауапкершілікпен қарап, идеялық-көркемдік шеберліктің биіктеріне көтерілу – творчестволық табыстарымыздың, қазақ совет әдебиетінің өсіпөркендеуінің сенімді кепілі екенін терең түсінеді. Осылай болуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Бізде қазір кітап шығару деген проблема емес, қайта ол тым оңай басылып жүрген секілді. Жазушыларымыздың көпшілігі жақсы пәтерлермен қамтамасыз етілген. Рас, талаптың өсуін, әдеби жаңа күштердің келіп қосылуын, семьяның көбеюін біз әрдайым ескеріп отырамыз. Өткен жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросы Жазушылар одағы үшін қырық пәтерлі тұрғын үй салу туралы шешім қабылдады. Демек, біз ондаған жазушылардың, әсіресе, жастардың тұрғын жағдайын жақсартатын боламыз. Алматыда көп күттірген Творчество үйінің құрылысы аяқталып келеді. Бұл ғимарат
республиканың өз қаржысына салынуда. Биылғы жазда Творчество үйі әдебиетшілерге есігін айқара ашпақ. Біздің әдебиетімізді өркендетуге жасап отырған қамқорлығы үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, республика Үкіметіне, қымбатты Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жолдастың өзіне шын жүректен тағы да алғыс айтуға, рұқсат етіңіздер. Қадірлі жолдастар! Әрбір баяндама, кімнің атынан дайындалса да, баяндамашының өзіне тән ой-пікірлерін білдіріп, кейбір субъективтік жағдаяттарды байқауы табиғи нәрсе. Тағы бір айтар сөз бар. Мен осы баяндамамда біреулерді үйретуді өзіме мақсат етіп қойғаным жоқ, әрі мұның өзі мүмкін нәрсе емес. Мен бұл арада осынау көктем күндерінде, партияның XXVI съезі бойларына нұр-шұғыла құйған біздің әр қайсымыздың көкейімізде жүрген кейбір ойларымызды жария етсем деп ойладым. Егер ол жанжақты пікір алысуларға мұрындық болып, ортақ ісіміз үшін пайдалы қорытындылар шығаруға бастаса, мен өзімнің баяндамашы ретіндегі қарапайым міндетімді атқарып шықтым деп есептеймін. Сөзімнің соңында, достар, бәріңіздің атыңыздан – біздер, Қазақстан жазушылары, заманымыздың ұлылығын терең түсініп, дүниедегі ең жасампаз, ең әділетшіл қоғамның қызметшісі екенімізді мақтаныш көретінімізді, қоғам үшін өмір кешіп, еңбек етуден асқан бақыт жоқ екенін тағы да бар дауыспен мәлімдесек деймін. Біз өзіміздің барша жүрек жалынымызды, барлық перзенттік адал сезімдерімізді, коммунистік асыл мұраттарымыз бен суреткерлік талантымызды түгелдей советтік Отанымызға қызмет етуге жұмсаймыз және бұған Лениндік партиямызды кәміл сендіреміз!
МАХАББАТ ТҰҒЫРЫ Шоқан Уәлихановқа мың да бір риза біздер, оның отандастары мен ұрпақтары, бүгін республикамыздың астанасы Алматыда оған тағы бір ескерткіш көтердік. Шоқанды әдетте өте бейнелі түрде аққан жұлдызбен салыстырады. Расында, оның өмірі де аққан жұлдыздай қас қағым бір тамаша сәт дерлік, бірақ сол бір сәт осыдан жүз жылдан астам бұрын қазақ даласын қымтаған түн-түнекті бір жарқыратып өтті. Ол не бары отыз-ақ жыл өмір сүрді. Бірақ осы аз дәуренінің ішінде Уәлихановтың ғылым мен мәдениет үшін істеп үлгергенін, қазақ халқы мен Россия игілігіне, сол арқылы бүкіл адамзат игілігіне қалдырғанын аққан жұлдыз жарығымен де, өшкен жұлдыз жолымен де теңеуге сыймас еді. Бұны тек мәңгі өшпес шамшырақтан тараған сарқылмас қуат, самала сәулемен теңеген жөн. Бұл қуатты, бұл сәулені Шоқанның кейінгі халқына қалдырған үлкен де абзал жүрегінің тарту-өсиеті деп білеміз. Өзінің бар өмір-болмысымен, ғылымдағы табыстарымен, азаматтық өмірдегі ерлігімен де өрлігімен, прогресшіл ой-арманымен, биік мұраттарымен Шоқан өзіне-өзі қол жетпес және оған дегенде жұрт ізі суымас тамаша ескерткіш соққанын айтқан жөн. Бірақ орыс армиясының офицері ретінде жорықтарда талай ат сабылтқанында, ғалым ретінде саяхаттар кезгенінде, қазақтың бір азаматы халінде, сол қазақтың тал бесігі киіз үйінде ақтық демі
таусылғалы жатқанында, Шоқан өзіме ескерткіш салдым-ау деп те ойлаған жоқ. Оның арманы – өз халқы еркіндік, теңдік алса, бақытты тұрмысқа кенелсе, бүгінгі қараңғы қазақтың озат елдердің, соның ішінде әсіресе орыс жұртының алдыңғы қатарлы мәдениетіне қолы жетсе еді деген әрі батыл, әрі биік арман еді. Шоқан өзінің бар жан-тәнімен, бар жүрек жалынымен де дарынымен қараңғыда қамалған, қорлық көрген, зәбір-жапа шеккен өзінің туған еліне, асқар беліне қызмет қылғысы келді. Осы тұста қазақтың бір аңыз әңгімесі есіме түседі. Онда қарлығаштың, кәдімгі ақ бауыр, қара қанат қарлығаштың адам баласына жақындығы айтылады. Адамдар бұл фәни дүниеден бақи дүниеге көшкеннен соң тамұқ отынан өтетіні болады-мыс. Сондайда әлгі құйттақандай қарлығаш қос қанатымен су тасып, тамұқ отына шашып, адамдарды аман алып қалуға әрекеттенеді екен, деседі. Шоқанның заманында қазақ халқы да патша әкімшілігінің қысымында, феодал шонжарлардың тепкісінде сол жаңағы тамұқ отында жанғандай өлмеші өмір кешкен еді. Сол халқына Шоқан Уәлиханов қанатымен су сепкен қарлығаштай қызмет етті. Осы жолда жас ғұмыры құрбан болды. Қазақтың тұңғыш ғалымы, аса көрнекті ойшыл-демократ, тамаша әдебиетші, Россияны жантәнімен сүйген ұлы патриот, осының бәрінің үстіне қырғыздар мен ұйғырлардың да тарихы мен этнографиясын терең зерттеген білгір тарихшы... Сөйткен Шоқанның мына ескерткіші түбінде тұрғанымда, мен халқымызға осыншама мол еңбек сіңірген, мұра қалдырған перзентіміздің ұлылығын, оның барған сайын шыға берер биігін ойлаумен бірге бақытты тағдырға жеткеніне шексіз тебіренемін де қуанамын.
Мен өз халқымның әуелден аса талантты екенін білемін, осыны мақтан тұтамын. Менің халқым сонау әлімсақтан бері көне кезде, одан кейінгі замандарда да сол ұлы Шоқаннан, сол ұлы Абайдан кем түспеуі мүмкін небір өнерпаз, ақын, ғалым болғандай адамдарды туған-ақ. Бірақ орта ғасырдың түнегінде, көшпелі көрсоқыр, теңсіздік матауында олар өздерінің дарыны мен алымын таныта алмастан ауыл-аймақ көлемінде ғана дабысы бар қатардағы өнерпаздар санатында дүниеден кешті. Шоқанның бағы жанған себебі – ол өз тағдырын Россиямен, оның алдыңғы қатарлы мәдениетімен, таңдаулы ойшылдарымен байланыстыра білді. Шоқанға жазған бір хатында орыстың ұлы жазушысы Федор Михайлович Достоевский былай дейді: «Сіз өмір жолыңызды өз отаныңызға аса зор пайда келтіретіндей етіп құра алар едіңіз. Мәселен, Россия халқына дала дегеннің не екенін, оның маңызын, сіздің елдің Россияға көзқарасын түсіндіріп берудің өзі бір ұлы мақсат, қасиетті іс дер едім. Есіңізде болсын – сіз европаша толық білім алған бірінші қазақсыз. Оның үстіне тағдыр сізге жан беріп, жүрек беріп, тамаша адам етіп шығарғанын айтсаңызшы». Шоқанның шын қалтқысыз достары ғана оған осылайша ықылас білдіріп, хат жазуы мүмкін-ді. Шоқанға деген мақтаныш, оның орыс достарына бек ризашылық сезіммен осы жерде Достоевскийдің тағы бір лебізін келтіре кеткім келеді: «Сіз мені жақсы көретіндігіңізді жазыпсыз, – дейді Федор Михайлович Шоқанға жазған тағы бір хатында, – ал мен сізге турасын айтсам, мен сізге ғашықпын. Мен ешкімге де, соның ішінде өзімнің туған ініме де тап сізге деген ынтызарымдай сезіммен қараған емеспін».
Орыстың ұлы жазушысының мұндай ризашылығына Россияның өзінде де ие болғандар азақ шығар. Шоқан да, кезегінше, өзінің бар жарқын өмірімен, ісімен достарының бұл сүйіспеншілігін ақтады. Ол Россияның ұлылығына, келешегіне зор сенім артты. Ой мен ақылдың нелер алыптары шыққан, осыншама еңбеккер халық мекендеген Россияны оның өз баласындай сүйді. Сол Россиямен туыстастық жолымен өзінің туған халқы жарқын болашаққа жететінін болжай білді. Өз халқына жаны ашыған ол сол кездің қоғамдағы әділетсіздіктерінен азап тартты. «... қоғамдағы үстем таптардың пікірі халықтың мұң-мұқтажын керісінше түсіндіреді, – деп жазады Шоқан бір еңбегінде, – өйткені дәулетті, текті адамдардың мақсат-мұраты көбінесе қалған көпшіліктің мақсат-мұратына қайшы, қарсы келеді». Шоқанның тағы бір хатынан да оның жарқын бейнесі, халықшыл қайраткерлігі көрініс береді: «Жергілікті байлармен, сұлтандармен үйлесе алмайақ қойдым, өйткені олар өздерінің күні кешегі құлдарына күн бермейді. Ал ол құлдар бас еркіндігін алғандарымен қайда барарын білмегесін әлі солардың тепкісінен шықпайды... Есесіне даланың пролетариатымен әбден-ақ доспын, олармен тез тіл табысамыз». Егер Шоқан өзі бүгін тіріліп келсе, ол бүгін өзіне қойлып отырған бұл ескерткішті көріп қана қоймас еді. Роман-эпопеяда, түрлі ғылыми еңбектерде, кино мен театрда, көркем сурет пен музыкада да Шоқанның жарқын бейнесі жасалды әрі жасала да бермекші. Оның атында мектептер мен мәдениағарту мекемелері, академиялық ғылыми-зерттеу институты бар. Тек осы үшін ғана емес, бүкіл қазақ
халқының бүгінгісі үшін, бүкіл Россия үшін мыңмың алғысын айтқан болар еді қайран Шоқан! Бірақ өмірден өткен адам қанша бақытты болса да қайта тіріліп келе алмайды. Оның есесіне жүректегі бар ыстық үніміз бен тіліміз жеткенінше ондай шексіз алғысымызды Коммунистік партия мен Совет үкіметіне мына біздер – Шоқанның бүгінгі тірі отандастары мен мұрагерлері айтамыз. Қазақ халқы үшін, аяулы Шоқанымызды мәңгі есте қалдыру үшін жасаған барлық ұлы қамқорлықтары үшін мың да бір рахмет оларға! Сонымен бірге өзімнің замандастарымның атынан, Қазақстанның барлық жазушыларының атынан осынау сәулет алдында тұрып менің айтарым: «Ар ма, Шоқан! Бүкілхалықтық махаббат пен даңқ тұғырында мәңгі жаса!»
ШАБЫТТЫҢ ШАҢҚАЙ ТҮСІНДЕ Маған Сырбай Мәуленов туралы баяндама жасау тапсырылды. Мен екі айтқызбай, қуана келістім. «Сырбайды білмегенде, кімді білем, Сырбай туралы суырыла сөйлемегенде, кім туралы сөйлейміз, қас қаққанша қағып тастаймын ғой» деп ойладым. Өйткені өзімізді ақындар санатында танытқан соңғы ширек ғасырдың ішінде біз екеуміздің жұбымыз жазылған емес. Біз Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан оралып, редакциялардың есіктерін өлеңмен ашқанда да, бірге аштық. Біздің визит карточкамыз – майдан жырлары, солдат сырлары еді. Біздің өмір баянымыз сұрапыл сындардан басталды, өмірді танып болмай жатып өліммен беттестік. Ел қадірін де, тіршілік тәттілігін де сонда білдік. Біз иығы ақ сор тартқан солдат гимнастеркасы мен етегі жырық-жырық сұр шинельді де алғашқы кітабымыз шыққанша үстінен тастамағандармыз. Біз өлеңді көгеннен ағытқан қозыдай қаптатып, газет-журналдардың тапсырмаларын да қатар орындап жүрдік. «Қазақ әдебиеті» газетінің талайталай беттері де бірге толтырылып, бас мақалалары да кезек жазылды. Сонау жігіт шағымызда жарты рюмканы жарып ішкен, бүтін рюмканы бөліп ішкен күндеріміз де аз болған жоқ. Сыналсақ та, мақталсақ та атымыз осы уақытқа дейін қатар аталып келеді.
Міне, сондықтан да Сырбай туралы сөз айту маған тіпті бір оп-оңай дүние көрінген еді. Ал жеме-жемге келгенде, қаламдас дос туралы ойымды қағаз бетіне түсіруге тірелгенде, мен бір ұланғайыр тыңға, шатқал-шатқал шыңға кезіккендей болдым. Сөйтіп, Сырбай кітаптарына қайта-қайта үңіліп, Сырбай поэзиясынан тағы-тағы сусындағанда: Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла, – деген Абай үні естілгендей болды. Табиғат мол пішіп, кесек жаратқан Сырбай тұлғасы әрбір өлең жолы арқылы онан сайын ірілене берді, Сырбай сыры тереңдей берді. Сырбай туралы жеткізе айтудың аса қиындығы да айқын білінді, Сырбай туралы ауыз толтырып айтпауға болмайтыны да тасқа таңба басқандай көрінді. Бүгін достары дәріптеп, елі еміреніп, оның жаңа бір бел-белеске шыққанын қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің елеулі оқиғаларының бірі деп қарап отырғаны да осыдан болса керек. Әйелдің жасын сұраса – еркектікі әбестік, ақынның жасын сұраса – елдікі әбестік. Әйелдің көңілі қартаймайды, ақынның өмірі қартаймайды. Бірақ әйел сыры ішінде болса, ақын сыры тілінде болады. Және ол ақынның аты Сырбай болса, онда бүгулі сыр жата ма? «Құрдасқа» деген бір кішкене өлеңінде Сырбай оқырман алдында бүкіл өмірбаянын жайып салады: Белгісіз туған күніміз – ЗАГС жоқ қазақ жерінде. Жиырма екінші жылы біз Келіппіз осы өмірге.
Білмеймін, түнде ай қарап, Көрдің бе күндіз жарықты? Күз желі мені аймалап, Көтеріп дөңнен алыпты. Біздің ел онда Сыр барған Жалғасып кем-кетікпен. Жарлы да қанды жылдардан Өтіпті қазақ етікпен. От алып өмір ұшқыннан, Биледі бойды күш ағын. Кейіннен оғы ысқырған Майдандар ашты құшағын. Денені шұрқ-шұрқ оқ тесіп, Шинельдер қанша қырқылды. Жеңіске жеттік от кешіп, Ажалды аттап мың түрлі. Терімен жанның суарып, Гүл ектік, жаздық өлеңді, Біріміз ән-күй шығарып, Өмірге жайдық өнерді. Шашымда қырықтың қылауы, Ағартқан жырлар көшінде. Бұрқырап күшім тұр әлі Өлеңнің жиырма бесінде. «Ер жігіттің екі жиырма бесі бар» дейді қазақ. Ал ол ер жігіт Сырбай сынды ақын болса, оның жүрегінде, оның жырында, оның тіршілігінде жастықтан басқа, жалыннан басқа не жолдас болушы еді? Әйтсе де, осы өлеңнің өзінен де көріп отырсыздар, Сырбай өмірінің жол соқпақтары елу былай тұрсын,
жүзге келген адамға аздық етпейтін сияқты. Гәп (қояр талап) елуге, алпысқа немесе жетпіске келуде ғана емес, сол жылдардың қаншама мазмұндылығында, сол жылдардың қаншама жемістілігінде. Осы тұрғыдан қарағанда Сырбай өткен шырқау да шытырман жолдың елу метрін өте алмаған біреулердің «Мен де елуге келдім» деп таласып, абырой-атақ, той-талақай талап етуі күндестік-күншілдіктің, көрсеқызарлықтың, бейшаралықтың ауруы сияқты көрінеді. Өйткені дарынсыз адам даңққұмар келеді. Данышпан Абай: «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген ғой, сондайларды көріп отырып айтқан болса керек. Жоқ, мен Сырбайдың өмір жолы ерекше жол демек емеспін. «Жарлы да қанды жылдар», ерлік жеңістері, еңбек жеңістері – біздің бүкіл құрбықұрдастарымызға – жиырмасыншы жылдар түлектеріне тән жол. Азамат Сырбай – солармен біте қайнап, бірге өскен Сырбай. Ал ақын Сырбайды алсақ, әрине, өз творчестволық жолы, өз творчестволық өрнегі бар. Егер біздің құлағымыз «белгілі ақын», «көрнекті ақын», «ұлы ақын» деген сөздерге дағдыланып кеткен болмаса, ондай эпитет, ондай құлықтама жоқ жерде көңіліміз қоңылтақсып тұрмаса, мен Сырбай есіміне жалғыз ғана сөзді – тек ақын деген сөзді қосар едім. Халық ұғымында өлең иесіне одан артық мақтау жоқ. Қазақ ең риза болғанда «Шіркін, ақын екен!» дейді, жақсы ақын екен, талантты ақын екен деп жатпайды. Талантсыз ақын бола ала ма? Тегінде мұндай сөздердің қосақтала қолданылуы ақындардың айналасында жарыққа үймелеген көбелектей ақын еместердің көбейіп кетуінен, кәсіпқорлықтың етек алуынан болған сияқты. Ондайлардан «ақын» деген
атақты қызғансақ, бұл – іш тарлығы емес, сұлулықты сұрықсыздан қызғану, поэзияны кәсіпқорлықтан қызғану. Талап-талғам биігінен қарай алсақ, кімнің кім екенін де дұрыс ұғамыз. Сырбай – қай белестен көз жіберсек те, қандай талап қойып қарасақ та – ақын. Және одан өзге болуы мүмкін де емес сияқты. Талғам-танымы, әділеттігі бар адам Сырбай өлеңдерін оқып отырғанда тек осындай қорытындыға келуге тиіс. Әлбетте, ақындықтың да сәби кезі болады, оның да өз әліппесі бар. Абай да бірден Абай болған жоқ. Тәй-тәй тұру, сүріну, жалтақтау, еліктеу – әрбір алғашқы адымға тән ғадет. Ал үйрену, іздену деген нәрсе – өзіне талап қоя білетін, жеткен биігін місе тұтпайтын адамның ғұмыр бойғы жолдасы. Соған қоса ақында табиғи талант, жанына, қанына біткен ақындық қасиет болуы міндет. Әйтпесе, арифметиканың төрт амалын білгендей, өлеңді белгілі бір ырғаққа бағындырып, ұйқастыра білу деген мүлде жеткіліксіз болып шығады. Бейнелеу өнерінің (живопись) жақсы шығармаларының жаман көшірмелеріндей сірескен өлеңдер ақындық абырой әпере қоймайды. Тек ақылмен ақын болам деу немесе «ұялмаған өлеңші» дегендей, арсыздықпен алам деу – әбестік. Сырбайдың соғыстан бұрынғы, шәкірттік шығармаларының өзінен байқалатын бір жақсы қасиет: еркіндік, табиғилық. «Комсомолка құрбыма», «Топтан озған Тоқтағұл», «Қала берді Қаракөз», «Дәм», «Бүркіт», «Партизан», «Ауылға хат» сияқты алғашқы өлеңдерінен-ақ келешек Сырбайдың кең тынысын аңғарасың. Солардың өзінде ол аяғына жем түскен тайдай дірілдепкібіртектемей, тыз етіп жақынға шапса да, көсіле шабады. Аяқ алысы жүйріктің белгісін байқатады.
Кей кезде ойлағандай мені ескеріп, Кетесің көлеңкедей елес беріп, Белдерің бетегелі мұнарланып, Жатады көз алдымда дөңестеніп. Туған жер, топырағыңда аунады жан, Табамын бір рахат тауларыңнан. Өңімде таптырмайсың түсіме еніп, Желменен бұлт секілді аударылған. Жарқ еткен жай отының қанатындай, Лезде жалт бересің тағат қылмай. Майданның алыс жатқан даласынан Қараймын әр уақытта саған тынбай. Бұдан отыз жыл бұрын жазылған бұл өлеңді көркемдігі жағынан биылғы жылдың атынан да ұялмай ұсынуға болар еді. Осыған орай жалпы Сырбай поэзиясының бір тамаша сипатын атап өткен жөн. «Қосылса екі жақсы – пар жеккендей» дегендей, оның өлең жолдары қос-қосағымен тастай түйіліп, шиыршық атып, лекілдеп, лепілдеп, есіп отырады. Жүрген сайын жер танабын қуыра түсетін, «ертеден шапса түсте озған, бесіннен салса кешке озған, томаға көзді қасқа азбан» дегендей, майталман Ілияс Жансүгіровтің сөз саптауымен үндесіп, ондай эпик болмағанымен, әсіресе қара өлеңге келгенде Сырбай да дес бермейді, ағып тұрады. Қаршыға ұсап көктің нүктесіне, Қалықтап тұрды алмай түкті есіне. Бір мерген көре салып нысанаға ап, Жабысты мылтығының шүріппесіне. Бұрқ етті қою түтін шудаланып, Қадалды атылған оқ тура барып.
Бір аунап түсті де құс құлдилады. Лақтырған тастай жерге зырлап ағып. Жатты ол көкке қарап көл шетінде, Ұшардай, қанат шіркін көнсе еркіне. Кек оты жанарында жалындады, Көз жасын намыстанып көрсетуге. Көңілін жапты қайғы – қара тұман, Сорғалап ақты қаны қанатынан. Мергенге қараған жоқ. Көзін салды Көгіне ұшу үшін жаратылған. Шайқады дауыл тұрып тыныш күнді, Жатты ол шығармастан дыбыс-үнді. Тек қана аспаннан көз айырмады, Тағы да аңсағандай бір ұшуды, – деп тастайды Сыр-ағаң! Реті келіп тұрғанда мұны да айта кетейік, Сырбай өлең ұйқасына «балталаса бұзылмайтын болсын» деп, қатал қарайтын шеберлердің бірі. Өз әсерімді айтсам, Сырбай ұйқас іздеп мүлде қиналмайтын сияқты, қайта, ұйқастар жұп-жұбымен, өзінен-өзі келіп жатқандай, тек ой логикасынан туып отырады. Мұны атап көрсетудің бір қажеті: біздің қайсыбір ақын дегендеріміз ұйқасқа күбежек құл боп, айтайын деген шолақ ойының өзінен айрылып қала береді; логиканы ұйқасқа жүгіндіреді. Сырбай творчествосындағы тағы бір ерекшелік: тақырып байлығы. Ақынға адам өміріндегі, жер бетіндегі, аспан астындағы нәрсенің ұсағы да, қажетсізі де жоқ; көзге ілінгеннің бәрі көңілге ұялап, өлең боп шыға келеді. Рас, кейде суреткер Сырбай шығармаларында фотограф әсерлері де жүретіні бар. Алуан-алуан тақырыптарды тізіп жатпай, мен Сырбай өлеңдеріндегі өзен арнасындай өне бойы
жүріп отыратын негізгі өзектерге назар аударғым келеді. Олар: азамат Сырбай, ақын Сырбай өмірінің беташары болған майдан жылдары, жорық жолдары, совет адамдарының ұлы ерліктері, сосын солардан туатын қорытындыдай боп бейбітшілік үшін күрес, жасампаз еңбек тақырыбы, бір адым жерден басталып ұлан-байтақ туған ел боп кететін ұлы Отан тақырыбы жалғасады. Ақын жырларының географиясы да кең. Сырбай кітаптарын оқып отырғанда елімізде ол өлең етпеген халық та, жер де аз сияқты боп көрінеді. Ақынның табиғат сырлары туралы шығармалары да бір төбе. Бізде майдан суреттерін, ерлік көріністерін, жорық жолдарын көзбе-көз көре, араласа жүріп, ізін суытпай, окопта, жеркепеде отырып өлеңге түсіріп, ұлы күрестің поэтикалық эпопеясын жасауға көбірек үлес қосқандар Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Хамит Ерғалиев, Сағынғали Сейітов, Мұзафар Әлімбаев, Есет Әукебаев сынды ақындар. Солардың қатарында, жоғарыда айттық, майдангер Сырбай жырлары өз алдына бір мүлік. 1942 жылы жиырма жасар Сырбай: Қош бол, сәулем, қан майданға жөнелдім, Жаным барда жаудың жолын бөгермін, Я болмаса омырауымнан оқ тиіп, Жүрегімнің қанын жерге төгермін, – деп, жар арқылы, дос арқылы бүкіл ел-жұртына ант етіп аттанса, бір жылдан соң: Болдың ба сен Волховта, Көрдің бе оның орманын? Сол орманның әр талын Өз жанымдай қорғадым.
Январьда, майданда Ақ денемнен тамды қан. Алып соқтым ажалды Алдымды орап аңдыған. Қара елтірі бөріктей Қалың нулы орманда Есіңе ал мені, уа, достым, Жолың түсіп қонғанда,– деп анты берік, ары таза солдат атынан есеп береді. Жас Сырбай: Тыңда, жолдас комиссар, Қолыма тез қару бер, Аттанайын екеу боп, Өлеңім мен жауынгер, – деп жөнелсе, кейін: Мың қолдар сау болсын деп, Мен бір қолымды бердім. Мың жолдар жалғансын деп. Мен бір жолымды бердім. Мың гүлдер солмасын деп, Гүлдей жастық күнімді бердім. Мың ақын толғансын деп, Мен бір жырымды бердім, – дейді. Соғыс жылдары, Волхов майданы, Ленинград іргесі Сырбайдың азаматтығын да, ақындығын да шынықтырды. Ол елім деп еңіреген ерлерді көрді, ерлікке қатысты, достықтың, жолдастықтың қадірін білді, Отан алдындағы парызын ұқты, қарызын өтеді, жер қайысқандай ауыртпалықты арқаласты. Кейінірек жазылған «Секунд» деген небәрі екі
шумақ өлеңдегі үлкен түйін осындайдан шығарылған қорытындыдай естіледі. Соғыс – аспан төрінде, Соғыс – өзен түбінде. Дүние жалғыз секундтің Дірілдейді тілінде. Бір секундтан аса алмай, Кетті өліп жан қанша! Адам мәңгі жасардай Бір секундтан сау қалса! Дәл айтылған, дана айтылған. Мұны тек дүниенің ащы-тұщысын өз көзімен көріп, өз таңдайымен татқан, өз өзегі өртенген адам ғана айта алады. Сырбай майдан тақырыбына күні бүгінге дейін оралып келеді. Өзі жүрген, жауынгер достары өткен ерлік жолдарын көз алдынан, ой сарабынан өткізіп, сонау Волхов ормандарына соңғы жылдары бірнеше рет аяқтай барып бас иіп, жыр арқалап қайтты. Соның бірінде ол мынадай бір сұмдық суретті есіне түсіріп, «Құлын» деген өлең жазып келді: Шаршаған жол батып Волховтың батпағында. Жатыр бие толғатып Зеңбіректің арт жағында. Фугас бомбасы Жерді өртеген қиын түнде. Тіршілік жолдасы Бүлкілдейді биенің бүйірінде. Адам жапа шегіп құса мұңнан Сәби бір үн сағынған.
Жалын тарап, көзіне үнсіз қарап Солдат оның сипайды құрсағынан. Шашыраған көк жалынын бүркіп темір, Орманның іші үрейлі, Сол оттың ортасында Шіркін, өмір Құлын боп кісінейді. Сырбайға елдердің де, жерлердің де жаттығы жоқ. Соның ішінде Волховтың орыны бір бөлек. Бірінші рет Торғайда Тамса қаным туғанда, Екінші рет майданда, Қаным бір ақты жылғаңда, Қаным ұйып тұнған жер, Іздеп келдім шалғайдан. Сен де маған туған жер, Айырмаң жоқ Торғайдан, – дейді Сырбай. Сырбай өзі өскен кішкене ауылдан бастап туған жерге – Торғайға, Сыр бойына, бүкіл Қазақстанның ой мен қырына небір тамаша өлең арнаған ақын. Алтынды Алтай, Көмірлі Қарағанды, Сәкен жырлаған сұлу Көкше, ақ мақталы Оңтүстік, ерлікке, еңбекке толы Ақ Жайық, дән теңіз толқыған тың дала, жер жаннаты Жетісу, Алатау аялаған Алматы – осының бәз бәрі бүгінгі жаңарған, жасарған көркем көркімен Сырбай шабытының арқауы боп келеді. Бірақ ақын бұлармен де шектелмейді. Бұлар байтақ елінің, ұлы Советтік Отанның, шексіз-шетсіз мәуелі гүл-бақшаның тек бір бұтақтары ғана. Соның бәрі сайып келгенде бір адым жерден басталады.
Бір адым жер – ырыздық Тисе тілі соқаның. Бір адым жер – аспаның. Бір адым жер – Отаның. Тұрар шіркін тіршілік Кейде суда бір жұтым, Кейде нанда бір түйір, Жалт қараған бір көзде, Жанды үйірген бір сөзде. Құрбан болды қанша мың Жалғыз адым жер үшін. Жалғыз адым сол жерде Жатты бүкіл жеңісім. Жалғыз адым осы жер – Байтақ Отан мен үшін. Сырбай туған өлкесінің бақытын сол Ұлы Отан аясынан, Октябрь жеңістерінен, лениндік идеялар нұрынан, Россия панасынан, халықтар туысқандығынан көреді, оларға алғыс сезіммен перзенттік жүрекпен тебірене толғап, талай-талай жыр арнады. Ақынның шынайы сыры түр жағынан да, мазмұн жағынан да ізденістен туған «Ақ түн» деген өлеңнен де айқын танылады. Ақ түн – Жеткен талай жыл болдырып, Аталардың ақ арманы. Ақ түнді – ақ арманды Тұр қондырып Ленинград алаңдары, Нева аралдары Кронштадт қамалдары, Смольный жалаулары.
Сырбай – халықтар достығының жыршысы. Жоғарыда атап кеттік, оның туысқан республикаларда болып, олардың тамаша табыстарын, көне тарихын, жаңа құрылыстарын, ыстық құшақтарын көріп жазған жырлары шоқ-шоқ. Сондықтан Сырбайдың қайда да достары көп, оны құшақ жайып қарсы алады, өз жыршысындай көреді. Республиканың, Отанымыздың даңқты адамдарына – еңбек ерлеріне, қоғам қайраткерлеріне, өз достары мен қаламдастарына арнаған өлеңдері де аз емес. Ол қайда да, қай уақытта да, қаласа, қай адамға да өз ойын, өз көзқарасын өлеңмен білдіре жүреді. Коммунист Сырбай – біздің советтік шындықтың шын мәнінде жалынды жыршысы. Иненің жасуындай жақсылық та оның көзіне шалынбай қалмайды, оны қуантпай қалмайды. Рудный туралы: Әр күні бұл қаланың балқиды отта, Алдағы мың күндерді шынықтырып, – десе, Арқалық жөнінде: Тіршілік қаулап түнімен, Ұясын содан тапқандай. Темірдің енді тілімен Жер асты сөйлеп жатқандай – деп жар салады. Бүгінгі көркейген Қызылорданы: Ұмытпан Сыр жағасын, Жаста өскен мекенім. Бір кеудемде ағасың Торғайменен екеуің – деп дәріптесе, Талдықорғанның бір жарқын бейнесін:
Ұшар басы мұнартқан Таулары бар Шажадай. Өзенімен бір аққан Электр боп нажағай, – деп жарқ еткізеді. Ал мынау Арқалы асуындағы бір кішкене көрініс: Тастар ма десек төгілген, Жайылып жатқан қозы екен. Асқар ма десек көрінген, Ақсақалдың өзі екен. Өзбектің Мырзашөлінің суретін көргіңіз келсе, тағы да Сырбайдың мына бір шумағын еске түсіріңіз. Ертеменен аса берер ән қырдан, Жайнар дала жастықпенен жаңғырған... Мырзашөл бір мырза жеңгең секілді, Ақ дастарқан жая берер алдыңнан. Сырбай көргіш, байқағыш ақын. Онда суретшінің көзі бар. Ол егінші туралы: Тер маржаны жаңбырдай мөлдірейді, Күн қарыған диханның маңдайында. – деп жырласа, бозторғайды: Кейде қары қарысып Қанаттары талғандай. Жалғыз ноқат жабысып, Жансыз жатып қалғандай, – деп суреттейді.
Бұл мысалдардан Сырбайдың тапқырлығын да, ұтқырлығын да көресіз. Өлеңді қысқа жазатын ол сөзді мейлінше үнемдеп, мұқият пайдаланады да, бірер шумақтан, бірер жолдан ойды түйіп тастап, түйіп тастап отырады. Мына бір майданды еске алып жазған «Дала почтасы» деген өлеңнің түйінін қараңыз. Атаулардың заты жоқ, Тек цифрлар қоспасы, Туған елдің аты боп Тұрды дала почтасы. Иә, соғыс жылдарында ол дәл солай болды. Немесе «Солдат күрегі» деген өлеңді оқып көрейік: Балалар бір күректі Тауып ескі қорғаннан, Жерді қазып гүл екті, Бақ жасауға сол маңнан. Көз алмай сол таныстан Тұрдым қарап түсіне. Солдаттай ол ауысқан Бейбітшілік ісіне. «Көктем көрінісі» деген кішкентай ғана өлеңде де осындай әдемі, үлкен суретті тамашалайсыз. Жасаурап әлденеге тұрды көзі, Күннің де қызық екен бұл мінезі. Көз жасын еркелікпен төгіп алып, Артынан жас баладай күлді өзі. Осылай Сырбай өлеңдері үріп ауызға салғандай мөлдір, әдемі, тартымды, ойнақы, бейнелі
келеді. Күмбірлеген күйге, сыңғырлаған сұлу әуенге – қысқасы, музыкаға толы. Бұл – ақын творчествосының тағы бір ерекшелігі. Сырбай – нағыз лирик, сыршыл ақын. Мұны біз оның жайдары да сыпайы, жарасты да назды махаббат жырларынан немесе ақынның өмірге көзқарасының, дүние тануының міндетті бір шарты секілді көп өлең боп, көп жырына араласып отыратын табиғат суреттерінен ғана емес, әр қилы әлеуметтік күрделі тақырыптарды қамтитын поэзиясынан да молынан сезінеміз. Соның қай-қайсысында да Сырбай оқырман қауыммен сене сырласады, сендіре сырласады. Сол өлеңнің қай-қайысысында да көркемдік бейне, жылы леп, ыстық сезім, көптің көңіліндегі ой жатады. Соңғы жылдары Сырбай поэзиясының эволюциясында жаңа бір қызық жәйттер де кездесіп отырады. Сыр-ағаң сырлары қазақ өлеңдерінің белгілі өлшемдеріне сыймай, жаңа бір түрлерді басыпбарлай бастады. Оны жоғарыда келтірілген кейбір мысалдардан да көрдіңіздер. «Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, олар өгейсіп тұрған өлеңдерге ұқсамайды. Сыр-ағаң ұзақ, сюжетті жырларға, балладаларға да қалам сілтеп, «тастап-тастап» алады. Ал соның бәрінде де Сырбай бір нәрсені иманындай берік сақтайды. Ол – өлеңге кемеңгер Абай қойған биік талап: «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы». Соның бәрінде де Сырбай: Ақ иық мұзбалақпын жерге түспес Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес, –
деп, атақты Біржан айтқандай, айтулы жүйріктің аяқ алысын танытып отырады. Іздену, биіктен биікке, қиырдан-қиырға жетуге талпыну – жетілу, өсу, үйрену шарты. Әйтпесе әдебиет те алға баспас еді. Бізге, ақындарға, бұл жағынан қазақ совет поэзиясының өз топырағында да үлгі-өнеге аз емес. Солардың ішінде ең әуелі халық ойының айнасы Сәкен Сейфуллинді, поэзия дүлдүлі Ілияс Жансүгіровты атаймыз, ақындық аруақтарына бас иеміз, олардан үйренеміз. Бірақ үйрену – тек ұстаздардың көлеңкесінде қалып қою деген сөз емес. Мысалы, біздің қазақ поэзиясы әлі де сол отызыншы жылдардың дәрежесінде жүрсе, мұны бүгінгі ақындарға Сәкен де, Ілияс та кешірмес еді. Жоқ, мен, қайта, олардың «Бәрекелді!» деген қуанышты сөздерін есітетін сияқтымын, жылы жүздерін көріп тұрғандай боламын. Сәбит пен Әбділдәсі, Асқар мен Ғалиі, Дихан мен Әбуі, Қалижан мен Хамиты, Сағынғали мен Қуандығы, Мұзафар мен Мұқағалиі, Ғафу мен Қадыры, Сағи мен Тұманбайлары қазақ поэзиясының олар ұсынған туын жаңа биікке шығарып, ұстаздар аруағын көтере түсіп келе жатқан жоқ па? Осынау ағалы-інілі буындардың ақындық сапында біздің Сыр-ағаңның сом тұлғасы сонадайдан көзге түседі. Ол Пушкин мен Абайды да, Сәкен мен Ілиясты да, Тайыр мен Қасымды да пір тұтады. Бірақ, ол өзінше жырлайды, Сырбай болып өтуді көксейді. Сырбай – мейлінше жемісті ақын. Хамиттың әзілін сыпайылап айтсақ, Сыр-ағаңның тұла бойы, қойны-қонышы толған өлең секілді. Әрине, көп нәрсенің, мол дүниенің ішінде ала-құласы, олпы-солпысы, кем-кетігі, жеңіл-желпісі болмай тұрмайды. Бітік егіннің де құла төбелі, әлсіз сабақтары, ойдым-
ойдым аласа жерлері болады. Сыр-ағаңда да сүйкей салған үстірт, саяз шумақтар, өзін-өзі қайталаулар жоқ емес. Бірақ Сырбайдың сол кем-кетіктерінің өзі ақын аталып жүрген кездейсоқ кейбіреулердің «таңдамалым» деп ұсынатын өлеңдерімен ұялмай таласа алады. Сырбайдың ақындық жолы – үлкен жол, ұзақ жол: оның соқпағы мен даңғылын, асуы мен асқарын таныту – әдебиет зерттеушілерінің борышы. Сырбай творчествосы өз зерттеушілеріне айта қаларлық еңбек те, ауыз толтырарлық нан да бола алады. Амал не, бізде бірсыпыра аға ақын-жазушылардың өзі бұл жағынан елеусіз қалып келеді. Қанын да, жанын да, сырын да, жырын да ел игілігіне, туған әдебиетіміздің мұрат-мақсатына аямай жұмсап келе жатқан Сырбай Мәуленов атақты ақын ғана емес, жалынды журналист. Ол бұл салада да отыз жылдай жемісті еңбек етіп келеді. Оның әсерлі публицистикасы орталық «Правдадан» бастап республикалық, облыстық газет-журналдар бетінен жиі-жиі орын алып отырады. Сыр-байдың бір басына редакторлық жүгі де жетіп жатыр. Әсіресе оның «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналына жұмсаған жылдарын ерекше атап өту керек. Жастықтың соңы, кәріліктің алды ма, Сырағаң кейінгі кезде проза саласында да күш сынағысы келетін тәрізді, кейде баспасөзде шағын әңгімелері де елес беріп жүр. Сырбайдың очерктер мен публицистикасы, әдебиет мәселелері жөніндегі мақалалары жеке-жеке кітап болып та жатыр. Қысқасы, батырға оңы мен солы бірдей дегендей. Сөйтсе де Сырбай – өлең ғой. Өзгеге қызғанатын сияқтымыз. Сырбай Мәуленов есімі бүкіл одақ көлеміне белгілі. Оның өлеңдері талай тілге аударылды. Ал-
маты мен Москвада бірнеше кітабы орыс тілінде шықты. Соның ішінде «Огонек» пен «Молодая гвардия» баспасында шыққан кітаптарының тиражы жүз мың. Сырбайдың өзі де қазақ тіліне талай халықтың поэзиясын аударды. Аңқылдаған ақын, жарақты журналист, аяулы азамат, қадірлі дос, қоғам қайраткері Сырбай – халық пен партиямыздың қалаулы ұлдарының, қажымас солдаттарыңың бірі. Оның еңбегі орден, медальдармен де, оқырмандар махаббатымен де бағаланды. Оған Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың берілуі де өте лайықты іс болды. Оқырмандар назарына ұсынылып отырған осынау қысқаша шолуды қорытындылай келе, ендігі бірер сөзді, қадірлі Сырбай, сенің өзіңе қарата айтпақпын. Саған да, маған да жақсы жолдас, белгілі орыс ақыны Константин Ваншенкиннің атақты ән боп кеткен «Сүйемін мен өзіңді, шіркін өмір!» деген өлеңінде, есіңде ме: Байқап қап тағы тал шаш ағарғанын, Біз кенет күрсінеміз, мұңаямыз – деген сөзі бар. Жақсы айтқан, ол, бәлки, сенің басыңда да бар жәйт шығар. Өмір бойы өзің жырға қосқан қыз-қырқын, ару келіншектердің алдында «Сырбай елуде, Сырбай елуде» деп қақсап жатқанның ақын жанға не қызығы бар. Бірақ, амал не, басқа түссе – баспақшысың. Ал дұрысы, бізге өзге бір ақынның өлеңі дәлірек келетін сияқты: Қаншама оттың бетін қайтармадық! Аңыз ғып жылдар өтер, айтар халық:
Отызда шашымызға ақ түскенмен, Біз тіпті алпыста да қартаймадық. Біз міне осындай адамдардың санатынанбыз. Біз жалғанды жалпағынан басып өткен жастық шағымызға дән ризамыз. Қайран жиырма бес қайта келсе, біз оны да қайталап, Отан үшін отқа салуға бармыз. Жоқ, біз жырларды санасақ та, жылдарды санамаймыз. Мәселе жылдардың санында емес, жемісінде. Санын календарь ғана білсін. Календарь демекші, қазақ календарынан бірде сен туралы оқығанымда, өз өлеңің еске түсті. Күн кестесі, ай жолы, ауа ақпары – Календарьдың кішкентай парақтары. Судырайды аударсаң секілді бір Көгершіннің кіршіксіз қанаттары. Аралайды асықпай парақтарды Күн мен айдың ауысып сағаттары Беттерінде тұрады жылы ұшырап Өлмейтұғын өмірде жан аттары. Ардақты Сырбай! Біз өмірдің қызығын да, ызыңын да бірге көріп келеміз. Жыр бәйгесінде де бірге жарысып жүрміз. Біз, ақын құрбыларың, сенімен үзеңгі таластырып, кей сәтте құлақ бойы алға шыға қалсақ – мақтанамыз. Ал қалып қойсақ – қорланбаймыз, арланбаймыз. Өйткені сен поэзия саңлағысың. Жабы емес, жақсыдан кейін қалудың ұяттығы жоқ, хас жүйрікпен бірге шабудың өзі – үлкен абырой. Біз Мұхтар мен Сәбитке, Ғабит пен Ғабиденге, Тайыр мен Қасымға іні боп өстік – сол бақыт. Біз Қалижан,
Хамит, Тахауи, Әбдіжәмілдермен бірге бәйгеге түсіп келеміз – бұл да бақыт. Бізді Ізтай, Ғафу, Қадыр, Сағи, Тұманбайлар өкшелей қамшылап, демімізді алуға мұрша бермей келеді – бұл да қызық. Ендеше қайтып қана қартаярсың! Бас қамшыны, Сыр-аға! Сен шынында да енді ел ағасысың. Әкесің. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» дегендей, сен ата да болдың. Бәрі қайырлы болсын, жас қайырлы болсын, ұзағынан болсын! Сен шабыттың шаңқай түсінде тұрсың, поэзияңның нұрлы күні еңкеймесін. Қымбатты Сырбай! Сен туралы айтар сөз көп. Бірақ айтқанша аптығып, айтқанша асығып, ақырында алуан ойдың үзігі боп шықты бұл. Өлең болмаса, қара сөзге, мінбеден сөйлеуге келгенде біздер, ақындар, қақалып-шашалып, қарлығып-барлығып әбден арам тер болатын әдетіміз бар. Дегенмен тәтті айтсақ та, қатты айтсақ та шынымызды, адал ойымызды, өз түсінігімізді айтамыз. Осынау аз сөзді де көптей көріп, ақын досыңның шын көңілі деп қабылдағайсың. Ал, жас жөнінде өз өлеңіммен айтсам: Ақыннан жас болса тек, келешек жас, Ақыннан жердің ғана жасы үлкен! Сен сондай ақындар ұрпағынансың, Сырбай! Сондықтан да партия мен үкіметіміз атыңды жеке атап, сені торқалы тойың күні биік наградамен – Еңбек Қызыл Ту орденімен сыйлап отыр. Құтты болсын бұл да! Сен әбден лайықсың. Сен оны ақтайсың да!
ӨЛМЕС ӨМІР, ӨШПЕС ӨЛЕҢ Иә, бұл күндері ол қалың оқырман қауым, қаламдас жолдас-жора, ағайын-туысқан арасында, театр залдары мен кітапхана аудиторияларында, дастарқан басында өзінің жетпіс жасқа толғанын тойлаған болар еді. Бірақ мен оның еңкейген егде кейпін көзге тіпті де елестете алмаймын. Менің алдымда оның қайың қаптал қайратты тұлғасы, сымбатты кескіні, шекесінен айыра қайырған жатыңқы қоңыр шашы, отты, нұрлы көзі – қысқасы, жігіт бейнесі, жауынгер бейнесі тұрады. Шынында да оны поэзиядай сұлулықтан, жастықтай жалындылықтан, солдаттай қарулылықтан бөліп алу, айырып атау мүмкін емес сияқты. Ол өзегімен де, өлеңімен де бізбен бірге. Тек орны ғана бос. Қасиетті орын. Суымайтын, толмайтын орын, тосудан талмайтын да орын. Жайласып жатыр ақырын, Зал толы – жырдың достары. Тыңдамақ абзал ақынын Ардақты отандастары. Ақын ше? Ақын келмеді, Бос күтті төрде бір орын... Күмбірлеп залды кернеді, Сөз алып сонда жыры оның. Бұдан дәл жиырма жыл бұрын жазылған «Жыр туралы жыр» дастанын мен осылай бастаған
екем. Мен бұл қарапайым шумақтарды еске алып отырғанымда, оның бір пәлендей ерекше қасиеті бар деуден аулақпын. Тек көргенімді ғана жазғанымды айтам. Бүгін де осындай көріністің айғағымыз. Бүгін де ақын жырлары сан жерде, саңқылдап, сансыз жүректерді лүпілдетіп, сұңқардай самғап барады. Аузы-мұрнынан шығалық толған залдарда тек бір орын ғана бос, ол – ақынның өз орыны. Ал өзі қайда? Мұса Жәлел 1943 жылдың 12 декабрінде жазған «Сиқыр шумақ» деген өлеңінде «Ертегілерге еліктіре арқау болып айтылатын сиқыр шумақ жіп сияқты тарқатылып, менің бүкіл жолымда жырларым жатыр. Егер мені таппақ болсаңдар, соның ең ақырғысына дейін ізіне түсіңдер» дейді. Менің аталмыш поэмамдағы: – Іздесе мені кімде кім, Шырағдан етсін жырымды. Жырымның жайса өрнегін, Табар да ұғар сырымды, – деген шумақ Мұсаның сол өз сөзінен туған нәрсе еді. Мұса Жәлел туралы оның өз жырларынан артық айту қиын. Бірақ оның өлмес өміріне, өміршең поэзиясына дән риза халайық қаһарман патриот ақынға деген шексіз сүйінішін, махаббат, алғыс сезімін, ойпікірін ортаға салмай да тұра алмайды. Менің поэмам да – соның бір белгісі. Осынау мақала да сондай ниетпен жазылып отыр. Мұса Жәлел есімі – ерлік, еңіреген елшілдік, асқан ақындық, ардагер азаматтық өнегесі, нағыз коммунист деген сөздердің қосалқы есіміндей.
Фашистік жендеттердің алдында бас имей, тізе бүкпей хас батырша қаза тапқан ақынның жарқын бейнесі, жайсаң поэзиясы, әсіресе «Моабит дәптері» аталып кеткен жүрек тебірентерлік жырлары еш уақытта естен кетпек емес. «Моабит дәптері» ақынның өз қолымен жазған кішкене екі дәптер өлеңінен құралған. Оның бірі (60 өлең) туған жерге Мұсаның түрмелес жолдасы бельгиялық партизан Андре Тиммерманс арқылы жетті де, екіншісі (33 өлең) совет азаматы Нығмет Төреғұлов деген татар арқылы жетті. Бірінші дәптердің соңғы мұқабасында мынандай өтініш-өсиет жазылған: «Татарша оқи білетін және дәптерді оқып шыққан досқа. Мұны жазған белгілі татар ақыны Мұса Жәлел. Оның мән-жайы мынадай: 1906 жылы туған. Москвада да, Қазанда да пәтері бар. Өз елінде үлкен ақындардың бірі болып саналады. 1942 жылы майданда айқастарда жүріп, тұтқынға түсіп қалды. Сол тұтқында азап атаулының бәрін басынан кешірді, қысқа күнде қырық өлімнен өтті, сонан соң Берлинге әкелінді. Мұнда ол астыртын ұйымдарға, совет насихатын таратуға қатысты деп айыпталып, түрмеге қамалады. Енді оны өлім жазасына кеседі. Өледі ол. Бірақ тұтқынға түсіп мен қамауда жүріп жазған 115 өлеңі артында қалып бара жатыр. Оның ойлайтыны солардың тағдыры. Сондықтан ол 115 өлеңнің ең болмаса алпысын көшіріп жазып қалдыруға талпынды. Егер осынау дәптер сенің қолыңа тие қалса, мұқият, ұқыптап ақ қағазға көшіріп жазып, сақтап қоя гөр де, соғыстан соң Қазанға хабарла, татар халқының қаза тапқан ақынының өлеңдері деп жарыққа шығар. Менің өсиетім осы. Мұса Жәлел. 1943. декабрь».
Өлім алдындағы осынау бірер ауыз өсиет сөзден ақынның өшпес тұлғасын да, өмір жолын да айқын көресің. Ол тіршілікті жылмен емес, іспен, жеміспен бағалайды. Өлшенбейді ұзақтығы өмірдің Жыл санымен, жетуімен кәрілік. Бәлкім, бізге келсе де өзі елімнің Өшпейтұғын өмір берер мәңгілік. («Досқа» Тайыр Жароков аудармасы). Жәлел тек азаттықты ғана армандап қоймайды. Ол оны күрес үшін, ұлы мақсат-мұраттарды жүзеге асыру үшін аңсайды. Жетсе қолым еркіндіктен үлеске, Қуанышқа бөленсем тек – арманым, Бостандыққа, бақытты ізгі күреске Арнар едім өмірімнің қалғанын. («Ерік», Тайыр аудармасы). «Басымда ерік болса тек» деген өлеңінде де осындай абзал арманды көреміз. Әдемі сырға, үлкен адамгершілік, ақындық сезімге толы бұл өлеңді толқымай оқу қиын. Мен оны түгел келтірейін: Қарлығаш болсам, қанатын Қомдана бір қағатын, Жеті қарақшы батқанда, Шолпан жымың қаққанда, Сәулетті үйім, туған елім, Ұшып саған барар едім, Албырап таң атқанда, Яки болсам алтын балық,
Көк толқынды кие жарып, Жосып өзен тасқан шақта, Жағасынан асқан шақта, Сүмбіле гүлім, бұраң белім, Жүзіп саған барар едім, Көлді тұман басқан шақта. Арғымақ болып арынды, Тарап күміс жалымды, Таң самалы ескен кезде, Шөпке шықтар түскен кезде, Таң жұлдызы – қызым Шолпан, Жетер едім жүйткіп саған Гүл жұпарын сепкен кезде. Жоқ, әуелі бір тілек – Басымда ерік болса тек, Қылышым болса қынымда, Қарабинім болса қолымда, Қорғап сені, туған жерім, Мен ерлерше өлер едім Атақты айқас қырында. (Сағынғали Сейітов аудармасы) Жәлел өлімнен қорықпайды, елі оның қандай жағдайда, қалай өлгенін білмей опасыз деп айта ма деп қорқады. «Кешір, елім» деген атақты өлеңінде ақын «Кешіре көр, қатардағы солдатыңды, ең кішкене бір бөлшегіңді кешіре көр. Отты шайқаста солдат ажалымен өле алмай қалғаным үшін кешіре көр... Ақырғы минутта пистолетім от алмай қалып, опасыздық істеді маған» деп опынады. Арлы азамат, әрине, тұтқын тіршіліктен тәкаппар елімді артық көреді, жау қолына тірідей түскенге күйінеді. Әбден дұрыс, тек солай болуы керек. Бірақ дәл бүгін мен миллиондаған оқырмандардың бірі бола тұра сол
пистолетке, жасыратыны жоқ, лағнат айта қоймас едім. Егер ол от алған болса... Мұса Жәлелдің артында өзінің өшпес ерлік өнегелері, «Моабит дәптері» секілді өлең құдіреттері қалар ма еді, деген ой туады. Жоғарыда ақынның өз өсиетінде айтылғандай, жендеттер Мұсаны жолдастары арасында фашистік Германияға қарсы астыртын жұмыс жүргізді деп айыптады. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, гитлершілер тұтқындағы совет жауынгерлерінен «Түркістан легионын», соның ішінде «Татар легионын» құрды. Солардың арасында үгіт жүргізуге жұмсамақ болып, олар ықпалды, беделді Жәлелді насихат министрлігінің шығыс бюросында жұмыс істеуге жегеді. Жауға қарсы қандай да болса бір әрекет жасауды армандап жүрген Мұса бас тартпайды. Бірақ фашистер үшін емес, фашистерге қарсы үгіттейді. Лагерь-лагерьлерді аралап, тұтқындармен тікелей кездесуге мүмкіндік алған ақын олардың ішінде астыртын ұйымдар құрады, сол арқылы қапастағыларды белсенді әрекетке шақырады, бірсыпыра адамдарды тұтқыннан қашыруға жәрдемдеседі, листовкалар таратады. Кейін майданға жөнелтілген «Татар легионы» алғы шепке жетер-жетпесте-ақ қатарындағы неміс офицерлерін қырып-жойып, партизандарға қосылып кетеді. Міне осыдан соң гестапошылар Мұса мен оның астыртын жұмыстағы достарының ізіне түсіп, оларды 1943 жылы августа қамауға алады. Әуелі біраз уақыт Варшавада ұстайды да, кейін тас табыттай Моабит түрмесіне әкеп тығады, адам баласы төзбестей алапат азаптың сан тәсілінен өткізеді. Бірақ ер жүрек ақынды жасыта алмайды.
Автомат та, аты да емес, Антыменен күшті жігіт, – деп өзі айтқандай, Мұса советтік Отаны алдында антынан тайған жоқ, жауымен ақырғы демі сарқылғанша шайқасты. «Жендетке» деген өлең осындай қайтпас қайсарлықты сыпаттайды. «Басымды кессең де тізе бүкпей, тік тұрып өлермін. Айқастарда сендейлердің, әттең, мыңын емес, тек жүзін ғана өлтіре алдым. Туған елімнен тізе бүгіп тек сол үшін кешірім сұраймын» дейді ақын. Ол бүкіл арман-тілегін, сағынышы мен мұңын, махаббаты мен өшпенділігін жыр жолына, қағаз бетіне түсіріп кетуге асығады. Өлтірмек болсаң, мені өлтіріңдер, Сонан соң желігіңдер, билеп, тойлап. Әйтпесе қалам, сия келтіріңдер, Ақынды кім өлтірмек тілін байлап? («Болады бір сондай шақтар», Қ.Жармағамбетов аудармасы). Тар қапаста ақынға серік те, сүйеу де болған – Отан бейнесі, оның нұрлы келешегіне, жеңісіне деген берік сенім, тәтті қиял. Қиял-ай! Қиял, қандай тәтті едің сен! Тар жерде мені тастап кетпедің сен. Қапаста қайтер еді жалғыз басым, Сен маған серік болмай, текке жүрсең! Білемін, қош дермін мен енді өмірге, Қиялым жетер самғап ел көгіне.
Жеңістің алтын арай таңы жайлап, Табысар өмір-бақыт бар көңілде, – деп сенеді Мұса. («Қиял», Ғафу Қайырбеков аудармасы). Интернационалдық рухта баулынған, оны өзі де жырға өзек еткен Мұса Жәлел гитлершілер кім, неміс халқы кім екенін жақсы айырады. Сол елде азап шегіп, торда жатса да ол халыққа, Германияға, тіл тигізбейді. Гейне мен Маркстің, Тельман мен Клара Цеткиннің отанын жауыздыққа, фашизмге қарсы тұруға, түрмелерді талқандауға шақырады: Қара қарға, құзғын мойнын үзіңдер, Күн жарқырап тусын Алман жеріне. Трибунаға шықсын-дағы Тельман ер, Маркс, Гейне оралсын өз еліне. Қайда Цеткин ұрпақтары өздерің, Ер Тельманның жігіттері қайсыңыз? Естіңіз ұлы әділет сөздерін, Біздер жатқан түрмелерді ашыңыз. («Алман жерінде», Ізтай Мәмбетов аудармасы). «Моабит дәптерін» оқып отырғанда тағы бір қайран қалдыратын, аса сүйсіндіретін нәрсе осы бір темір тор ішінде туған поэзияның оптимистік қуаты, түнекті түрген сәулеге де толылығы. Дауыл арасынан күн шуағын сезесің. Ертеңгі бейбіт өмірге де көз жіберіп, жер қыртысын айырып жүрген тракторды, жайнаған гүлді, мөлдіреген бүлдірген-жемістерді, алып құрылыстарды көреді.
Бұзылған жол, күйген қала – сұрап тұр, Құшақ жая қарсы ап бізді алқалар, Оянсын да қажымайтын трактор, Ойнасын да қолымызда балталар. Алтын бидай өссін қырда жайқалып, Құлаған үй қайта орнына ол тұрсын. Жеңген елдің еңбегінің терімен Күлімдесін, жайнап қала құлпырсын, – дейді советтік Отанының жеңетініне шексіз сенген ақын. Немесе әсем әзілге, нұрға, сырға толы мына бір «Тұздаған балық» деген кішкентай өлеңді оқып көріңізіші. Шақырып көлге, келгіздің неге, Өзің сонда келмеген соң? «Сүйдім сені» дегіздің неге, «Мен де сүйем» демеген соң? Жымидың неге, қасыңды кере, Мені жақсы көрмеген соң? Тұздаған балық жегіздің неге, Соңынан сусын бермеген соң? (Мұзафар Әлімбаев аудармасы). Қалай езу тартпассың, қалай сүйсінбессің! Табанда жаттап алғың келеді. Биік көркемдік, терең мағыналық, өткірлік, әсерлілік – Мұса поэзиясының табиғи қасиеті. Осындай өлеңдерді зынданда, әр сағат сайын азапты, ажалды күтіп отырып жазу үшін қаншама рухани күш-қуат, қаншама талант керек десеңізші!
Табиғатта болсын, адам тіршілігінде болсын, әр құбылыстың өз заңы, өз заңдылығы бар. Жер қараптан қарап тұрып сілкінбейді, өз астындағы, өз шыңырауындағы ғаламат дүмпуілдің тегеурінінен сілкінеді. Сел – тасқын да өздігінен жаралмайды, о да алып қуаттың шамырқануынан, асқан нөсерден пайда болады. Сол секілді шабыт та зор шамырқаныстан – не сүйініш құдіретінен не күйініш күңіренісінен келеді. Қайғы-қасірет пен қуаныш жан дүниені тереңінен тебірентеді. Мұса Жәлел сынға да, шыңға да бүкіл жан жүрегімен, бүкіл тіршілігімен сақадай сай еді. Ұлы Октябрь оқиғалары болашақ ақынды топшысын бекітіп, томағасын сыпырған бала қырандай дүр сілкіндірді. Ол ғаламат дауыл арасынан арайлап атып келе жатқан жаңа, жарқын таңды көрді, соның алғашқы сәулесімен бірге оянып, сиқыр да сырлы кең жазыққа, еркіндікке қарай қарсы ұшып қанат қақты. Келешек кереметтерге көзі толық жетпесе де, революция өзінікі, заман өзінікі екенін жанымен ұқты. Ақынның бұл кезеңін мен: Жас Мұса – Ленин солдаты, Бірде атта, бірде окопта. Он беске, әттең, толмапты, Бәлки-ай, бәлки, екі апта. Жер сызып ұзын винтовка, Ұялтты-ау қызыл солдатты! Жасаңдық бірақ мін боп па – Көз жіті, ми бар, қол қатты! – деп жырласам, бұл да ақиқат жәйттен туған еді. Мұса тіпті он үш жасында комсомол қатарына
кірген. Сол кезде (1919 жылы) жазған «Октябрь мейрамы» деген өлеңінде: Ерікті халқым жұмыскер, Бұл өзіңнің мерекең! Арайлап атқан таңың бұл, Ажарың-көркің берекең. Мейрамыңды қарсыла, Салтанатпен сайрандап, Қалтырасын дұшпандар Біздің күшке қайран қап! – деп ұран тастады. Ал 1920 жылы, 14 жасар Мұса: Халық үшін бойдан қуат табамын мен, Халық үшін әман алға барамын мен. Өмірім сарп етілер осы жолда, Сол жолда өле-өлгенше қаламын мен! – дейді «Бостандық ақынының сөзі» деген өлеңінде (С.Сейітов аудармасы). Жәлел өмір бойы осы сертіне құрыштай берік болды. Азамат соғысына қатысты, жас Совет өкіметін нығайту күресінің, алғашқы бесжылдықтардың жалықпас жыршысы, жаңаның, жақсының жігерлі насихатшысы, үгітшісі болды. Сонымен қатар рабфакта, Москва университетінде оқып терең білім алып, ол білімін түгелдей социалистік қоғам игілігіне, әдебиет игілігіне жұмсады. Біраз жыл Татарстан Жазушылар одағын басқарып, совет татар әдебиетінің өркендеуіне, оның талантты кадрларының өсіп жетілуіне көп еңбек сіңірді. Әр қилы қоғам жұмыстарын атқарып, бұқарамен,
қалың оқырман қауыммен тығыз байланысты болды. Мұса Жәлелдің әдеби мұрасы – шұрайлы да мол мұра. Ол өлеңмен бірге пьеса, либреттолар да жазды, әдеби-сын пікірдің өріс алуына да тікелей араласты. Публицистика, көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Бүгін Мұса Жәлел есімі, оның сұлулыққа, ерлікке суарылған тамаша поэзиясы бүкіл дүние жүзіне белгілі. Жер бетінде оның шығармалары аударылмаған тіл кем де кем. Ал Совет Одағында ол әр халықтың өз тілінде жыр шертеді. Оның таңдамалы шығармалары қазақ тілінде де бірнеше рет жеке кітап боп басылып шықты. Туған еліміз ардақты перзентін, Мұса Жәлелін азаматтық, ақындық даңқтың биік шыңына көтерді. Оған ерлігі үшін Совет Одағының Батыры атағы, «Моабит дәптеріндегі» құдіретті өлеңдері үшін Лениндік сыйлық берілді. Оның орыны әр тілде, әр жүректе, әр залда, әр үйде. Бүгін ақынның мына бір сөзі айнымай келіп, нағыз ақиқат болып отыр: Үйретті еркін жасауға өмір жыр мені, Өлуге де тайынбаймын ер болып. Өмірім менің күйлі көркем жыр еді, Өлімім де жаңғырығар жыр болып.
АБАЙ ЖӘНЕ БІЗДЕР Ақындар тағы да – (нешінші рет!) – Семейге келді. Бұл жолы келгендер – негізінен поэзияның жас дауыстары, оның келешегі. Олар кемеңгер Абайдың туған жеріне, қазақ ақындарының Меккесіне келгенде, Отанымыздың ең жарқын таланттарының біріне, біздің ортақ мақтанышымызға тәжім етуге келді. Олар үшін бұл өлкені, мөлдір бұлақ поэзияның қайнап шыққан көзін көріп кету – ақындыққа жолдама алғандай, үлкен мереке. Біз, әрқайсысымыз, ақынның бұл дүниеге келгенін, о дүниеге кеткенін көзімен көрген жердің, келгеніне қуанып, кеткенінде жоқтаған жердің табалдырығынан тебірене аттадық. Семей болса, бұл – Абайдың тірі даусын естіген қала, оның жаңа өлеңге сүйінген сағатын, жан жараларына күйінген күндерін көре қалған қала. Дала Пушкині оның көше-көшелерінде терең ойға шомып жай басып талай серуендеген-ді. Бізге атабабаның асыл армандарының ақталғанын көріп, қуаныш-сүйінішімізді білдірудің өзі бір бақыт. Біз бас иіп: сәлем, Ұлы Абайдың туған жері, сәлем, оның жерлестері, мұрагерлері! – дейміз. Ақын, композитор, ағартушы, философ Абай Құнанбаев туралы шексіз көп те айтуға болады, мейлінше аз айтуға да болады. Көп айтылатыны, Абай – қазақ поэзиясының үлкен бір тұтас дәуірі, оның жаңа басы, оның ренессансы. Абай – қазақ өлеңінің асқақ сәулетшісі, оның терең гүлдеуі. Қолдан соқпай, ақыл-ойдан соғып қалдырған ескерткіші адамзат мәдениетінің
ең тамаша, ең мәңгілік ескерткіштерінің қатарына қосылады. Сондықтан да халық оның шығармаларын құмартып оқиды, оны ардақтайды. Ал мұнда, өзінің туып-өскен жерінде, оған құрметтің қаншалық екені айтпай-ақ түсінікті. Бұл мені өре жетпейтін нәрсеге өрмелеп, Абай туралы бір соны сөз айтам деп арам тер болудан әдбен босатады. Жалпы, Мұхтар Әуезовтың бүкіл планета оқыған «Абай жолы» эпопеясынан кейін ол туралы пәлендей жаңа, пәлендей әсерлі сөз айтам деуге кімнің батылы барады? Қала берсе, ақын жөнінде, әсіресе Абайдай ақын жөнінде оның өз туындыларынан асырып айтам деу тіпті ақылға сыя ма? Поэзия туралы өз сөзіңмен айту – гүл шоғын сыпырғышқа айналдыру, құлпырған кемпір-қосақтан күн сәулесінің орнына жолақ-жолақ суыртпақтарды көру, суретшінің суретінен сыры кетсе де сыны кетпейтін бояулар мен сәнді сезімдердің орнына жансыз бейнені ғана көру деген сөз. Өлеңді, әсіресе Абай өлеңін жан-жүрегіңмен ұғып оқу керек, өз сырыңды алға тартқандай оның сырына да терең бойла, сүйіктіңнің, досыңның, ақылшыңның даусына құлақ қойғандай, оның даусына да құлақ қоя біл, бұлбұлдың сайрағанын, бұлақтың сылдырын, орманның сыбдырын тыңдағандай, оның күйін де тыңдай біл, одан жүрек дүрсілін, табиғаттың сиқыр суретін сезе біл. Қазақ даласындағы феодализмнің мерезі мен патша өкіметінің отарлау саясатының темір тоқпағынан шыққан дүмпуілдердің Абай жүрегіне соқпай кеткені жоқ. Әлеуметтік езу, қаныпезер қаттылық, қараңғылық, теңсіздік, өтірік-өсек сияқты сұмдықтардан рухани жалғыз ілікті ақынның ашы-
нуы да, аруы да табиғи нәрсе еді. Оның басынан өткен трагедияны біз әбден түсінеміз, жанымыз да ашиды. Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым, Онан да шықты жаңғырық, Естісем үнін, Білсем деп жөнін, Көп іздедім қаңғырып. Баяғы жартас бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас. Бұл шумақтар жан айғайы, нала сияқты боп естіледі. Ал мына бір өлеңде ақын осындай жағдайының сырын ұқтырғандай, тікелей бізге, келешек ұрпақтарға тіл қатады: Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла, Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым – кінә қойма. Бұл сырды оқығанда бөрі заманда бөрілер арасында алысып өмір сүрген ақынның ерлігіне сүйінесің де, оның қапа шеккеніне күйінесің. Бірақ ұлы гуманист сырымды кейінгі ұрпақтар түсінбей оларға жұмбақ болып қаламын ба деп, бекер қобалжиды. Әрине, ол біздің замандай заман болатынын, біздердей ұрпақ дүниеге келетінін қайдан білсін. Жоқ, азаматтық пен адалдыққа кінә тағылмайды. Біз, қайта, оның шұбар балақ шынжыр төс феодалдың баласы бола тұра жарлы-жақпайдың жоғын жоқтап, жырын жырлағанына ыстық алғыс сезімге толымыз,
дән ризамыз. Демек, Абай – біз үшін жұмбақ емес, нағыз ашық-айқын, түсінікті адам, атаның ұлы ғана емес, азап ауыртпалығынан боздаған аруана жердің ұлы, әділеттіліктің абзал жыршысы, жаманшылықты жиіркене шенеуші. Бізге, оңаша бөлмеде немесе демін ішіне тартқан залда, кітап бетінен немесе сахнадан ақын үні естіледі: Бас-басына би болған өңкей қиқым Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын? Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың. «Дұрыс-ақ, тамаша айтқан!» дейміз біз. Бірақ қазір өзінен-өзі белгілі жәйт сияқты боп көрінетін осынау шындықты бетке басу үшін ол заманда қанша адалдық, қанша батылдық, қанша кісілік керек еді! Немесе мына бір шумаққа назар аударайық: Менсінбеуші ем наданды, Ақылсыз деп қор тұтып. Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып. Абай – халық алдында, өзінің ар-ожданы алдында әр уақытта шыншыл. Ол өзгелерді де адамгершілікке, ұяттылыққа шақырады. Жас бала, кемпір-шалын тентіретпей, Бір қыс сақта, тас болма сен де ол құрлы, – дейді байға. «Тас болма» дегенмен, мұндай сөз ол кезде, әрине, тасқа айтқанмен бірдей еді. Бірақ Абай
жарлылық пен зорлық-зомбылыққа, қаталдық пен қараңғылыққа немқұрайлы қарап отыра алмады. Ол жақсыға шақырып, жамандықты бетке басумен болды. Әшкерелеуден, ақыл айтудан жалыққан жоқ. Міне, соған тағы да бір мысал: Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол. ....................................... Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз. Абай жарқын өмірге, жақсылыққа жеткізетін жол – орыстармен араласу деп білді. Ол оқуға, орыстардан үйренуге үндеді. Бірақ кедей сорлының қолы қайдан білімге жетсін. Ал бай балалары оқыса тек тілмәш, адвокат боп шығып, кейін халықты тонау мақсатымен оқыды. Щедрин кім, Толстой кім? – Оларда шаруалары болған жоқ. Орыс теріс айтпайды Жаман бол деп оларды. Қаны бұзық өзі ойлар Қу менен сұм соларды. Бұл іске кім виноват? Я Семейдің қаласы? Я қазақтың аласы? Әрине, Семейде не жазық болсын. Әлемдік мәдениет қайнарына Абайдың ернін тигізген сол
ғой. Халықта да кінә жоқ. Ақын халықпен шексіз тілектес болды. Орыстар болса, ол тіпті де жазықты емес еді. Олар өздерімен тату-тәтті тұрғысы келетін, өздерінен үйренгісі келетін адамдардан бойларын аулақ салған да емес, қолда барын аяған да емес. Сондықтан да Абай орыспен араласуды қасиетті өсиет етіп сақтап кетті: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор... Сен олардың тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек». Бұл – ұлы Октябрьден көп бұрын, бөрі заңы үстемдік құрып тұрған заманда, адам санасын алалық пен арамдық улаған заманда айтылған сөз. Бүгінде біздер, 60 жылдай азаттыққа кенеліп, орыстармен, украиндықтармен, өзбектермен, барша социалистік ұлттармен бірге біртұтас совет халқы болып отырған қазақтар: өте дұрыс айтқансың, көреген, кемеңгер ақылшы! Біз сенің ұлы өсиетіңді ғасырлардан ғасырларға, мәңгілікке алып барамыз! – деп бір дауыспен салтанатты серт етеміз. Қара бұлттар аспанды қалай, қанша торласа да, күнді өшіре алмайды. Сондай-ақ, тұрмыс қаншама ауыр, қаншама мұңды болса да, адам махаббатсыз, ойын-күлкісіз, ән-күйсіз күнелте алмайды. Абайда да солай: түн мен күн, кеш пен таң, қайғы мен қуаныш, күмән мен сенім ауысып отырады. Оның махаббат жырлары, табиғат лирикасы сиқыр сұлулыққа, адамгершілікке, ой тереңдігіне, шындыққа толы. Мысалы, мына бір кішкене өлең:
Кейде есер көңіл құрғырың Махаббат іздеп талпынар. Ішем деп бейнет сусынын Асау жүрек алқынар. Тартқан бейнет, өткен жас Жүректің отын сөндірмес. Махаббат – өмір көркі рас, Өлген соң ол да үндемес. Махаббатсыз – дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар. Қызықтан өзге қалсаң бос, Қатының, балаң, досың бар. Жүрегі жұмбақ білген құл Шын дос таппай тыншымас. Пайда, мақтан – бәрі тұл, Доссыз ауыз тұшымас. Ақынның бұл пікірін ешкім еш уақытта теріс дей алар ма екен. Шын, сұлу мәніндегі махаббат ақыны, махаббат болғанда, адамға деген, жер-анаға деген, таңғажайып табиғатқа деген махаббат ақыны Абай жақсылықтың жамандықты, жарықтың қараңғылықты жеңетініне, халқының келешегіне бар болмысымен сенді. Енді сондай озық ойлы адамдардың аңсаған армандарының ақталғаны былай тұрсын, тіпті қиялдары жетпеген нәрселердің өзі жүзеге асып отыр. Біздер, бүгінгі советтік қазақ ұрпақтары, бұған қалай сүйсінбеспіз! Ең білімді, ең әділ, ең сәулетті әлеуметтік қоғамда өмір сүріп, өзінің күллі творчестволық кештерін мейлінше
толық танытуға мүмкіндік алған қазақ халқының еріктілігінде де, бақыттылығында да шек жоқ. Абай, бір кезде туған руы Тобықтының өзінде тыныштық таппаған Абай, енді осы қоғамның ерекше қадірлі мүшесі, біздің шын замандасымыз болып отыр. Бүгінде оны бүкіл әлем біледі. Өзі пір тұтқан ұлы орыс тілі, Пушкин мен Лермонтов, Салтыков-Щедрин мен Толстой тілі арқылы оның өлеңдері Совет Одағының барша халықтарының және көптеген шетел тілдерінде басылып шығуда. Ал көзі тірісінде бір кітабы да жарық көрген емес. Абайдың барлық аудармашыларына, ең әуелі орыс ақындарына көпкөп рахмет. Осымен байланысты атап көрсететін бір жәйт: оның шығармаларын орыс тіліне аудару жөнінде зор жұмыс істелсе де, нағыз Абайды бүкіл құдіретті тұлғасымен толық таныту үшін алда әлі көп шаруа тындыру міндеті тұр. Қазірде Қазақстан Жазушылар одағы, біздің «Жазушы» және «Жалын» баспаларымыз бұл мәселені тағы да күн тәртібіне қойып отыр. Абай қазақ көркем сөзінің келешегін қатты ойлаған кісі. Сол себептен ол өз айналасына дарынды ақын жастарды жинап, оларды сүйеп-сүйемелдеп отырды. Орыс әдебиеті туралы ғана емес, ежелгі Эллада мен мұсылман шығысының атақты ой иелері жөнінде де едәуір білігі бар Абай өз шәкірттерін білімге ұмтылдырды, ақындық шеберлік сырын ортаға салды, оларға идеялық жөн-жоба нұсқап, тақырып, сюжет тауып беріп отырды, тіпті көркем аударма өнерін де үйретті. Бүгінде өз қатарында төрт жүздей жазушы бар қазақ әдебиеті Совет Одағындағы ірі әдебиеттердің бірінен саналады. Оның таңдаулы шығармалары дүние жүзіне танылып отыр. Әдебиетіміз өз қаламын
барша жанрда байқап жүрген балғын дарындарға да бай. Мына Абай күндерінде жас поэзияның фестиваліне осыншама таланттың жиналуының өзі бұған айқын дәлел. Сондай-ақ бұл партия мен үкіметіміздің баға жетпес рухани азық боп саналатын әдебиеттің өркендей беруіне қаншалықты зор қамқорлық істеп отырғанын көрсетеді. Осындай мемлекеттік қамқорлыққа совет жазушысына лайық жақсы кітаппен жауап беру, халықпен бірге жасау, халық игілігіне жасау – біздің ең ардақты борышымыз. Біздің жол сілтейтін жарық жұлдызымыз – әдебиеттің таптығы, халықтығы, шын мәнінде көркемдігі туралы партиямыздың лениндік нұсқаулары. Сонымен бірге осында жас ақындардың есіне Абай талабын да түсіре кетсек, басы артық болмас. Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көңілін қойып көзін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ. Иә, Абай өлеңді ермек үшін жазған емес. Ол үшін поэзия – іші алтын, сырты күміс сөз сарасы, сөз патшасы. Сондықтан бейнелі де бай, мөлдір де көркем, архаизм, диалект сияқты анау-мынау қосындылардан аулақ Абай тілі ақындық мәдениеттің үлгісі боп келеді. Өзінің арымай-талмай еңбек етіп, ізденуінің арқасында, Абай – жоғарыда айтқандай, қазақ өлеңінің архитектоникасын, яғни бүкіл архитектурасын мүлде өзгертіп, қайта жасаған жаңашыл сәулетші. Ол көркем аударма өнерімен де кемеңгер. Ендеше осынау жас поэзия фестивалі, осынау та-
маша кездесулер бізге зор көркемдік эстетикалық талаптарға, әдебиеттің биік міндетіне абайша қарауға, Абай рухын жанымызға сіңіре түсуімізге көмектесетін болсын. Абайды қазақ жері тапты. Бірақ бүкіл қазақ халқы сияқты оны да өмірге қайта келтірген – Совет өкіметі. Егер Абай қазір ең болмаса бір минутке көзін аша қалса, ол бүгінгі гүлденген, құдіретті Қазақстанды, халықтар бірлігін көріп шексіз бақытқа бөленген болар еді. Біз болсақ, сондай бағытқа кенеліп отырмыз. Сол үшін біз социалистік қоғамымызға сансыз алғыс айтамыз. Совет адамдарының өмірі мен ерлік еңбегі – бізге сарқылмас шабыт көзі. Жапан түзде жалғыз емен тұрды. Оған дауыл да, боран да соқтықты, көп жыл бойы соқтықты. Ақыры жаралы емен күрт құлап, қара жердің құшағына кірді. Бірақ оның тамырлары туған жерге терең бойлаған еді, ана топырақ оларды қоректендіре берді. Күндердің күнінде бұрын болып көрмеген жаңа көктем туып, әлгі емен ертегіден жаралғандай қайта көтерілді. Керемет жас бұтақтарын жайып, бұрынғыдан да сұлу, бұрынғыдан да құдіретті болып өсті. Кешікпей жан-жағы бұлбұл бақтарына айналып кетті. Ал мұндай ғажап – шипалы совет топырағында ғана болатын ғажап.
ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІ Мен осынау бірер ауыз сөзді осылай атадым да кенет бір ойға қалып, өзіме-өзім сұрақ қойдым: жас қаламгерлер әдебиетіміздің тек ертеңі ғана ма? Немесе өмірінің аз дегенде бес-он жылын осы бір зейнеті мен бейнеті бірдей жұмысқа сарп етіп жүрген дарын иелерін қай уақытқа, қай шекке дейін ертеңнің перзенті деп қарау керек? Жоқ, бұл арада мен әбден дұрыс, даусыз қағидаға күмән келтіріп, бүйректен сирақ шығармақшы емеспін. Жастарды ертеңіміз деу – оларды ағалардың жалғасы, үлкен істердің мұрагерлері, бергендерінен беретіндері көп деген сөз. Мен мұны жақсы түсінем, және осылай деп ұғам. Мен тек осы «ертең» деген нақты сөзді кейде ұзын арқан, кең тұсау мағынасында пайдаланып жүрген жоқпыз ба демекпін. Жас серіктеріміздің бүгінгі еңбегін жете бағалай білмей, көре білмей, келешегі алда, үлгереді деп қарасақ, «қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» боп шығады. Сайып келгенде, бұл сол жастардың өзін де «жаз бар, күз бар – асығатын не бар» дегендей жүрдім-бардымға, селсоқтыққа, жауапсыздыққа соқтыруы мүмкін. Осы арада ақын Қадыр Мырзалиев айтты деген бір қуақы сөз есіме түседі. «Сіздің жақтың жігітіне қыз беріп, өзіңмен құда болып жатырмыз, енді қонаққа шақырмайсың ба?» деп қалжыңдаған қадірлі бір ағаға Қадыр: «Құда – мың жылдық», деген бар ғой. Несіне асығамыз. Мың жылдың ішінде талай
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру