Мазмұнға өту
Home

Менің генералым

Альберт Лиханов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Менің генералым

Авторы: Альберт Лиханов

Альберт Лиханов

МЕНІҢ ГЕНЕРАЛЫМ

Балдырғандарға арналған роман Аударған Кәдірбек Сегізбайұлы Алматы, «Жалын», 1979 жыл Бірінші бөлім

Ә, ДЕГЕНДЕ АЙТАР СӨЗ

ӨЗІМ ЖАЙЛЫ

Танысып қоялық: менің есімім Антон, еркелетіп айтқан кезде Антошка болады. Сібірде тұрамын. Кіндігім сонда кесілгендіктен, сібірлікпін деуіме болады. Мұны мәртебе санап отыр екен деп қалмаңыздар. Мәртебе санай қоярдай бұл жерде менің тындырған ештеңем де жоқ. Біреулер түстікте өмірге келсе, түстіктік, енді біреулері терістікте туса, терістіктік адам болып саналмай ма. Сол сияқты мен де қарапайым ғана сібірлікпін. Неге екені белгісіз, осы жұрт сібірліктерге басқаша қарайтын сияқты. Мен мысалы өзімді басқадан ерекшемін дей алмаймын. Айталық, Москваға атама ілесіп бір келгенімде елдің бәрінің маған саусақтарын шошайтып, «сібірлікті қараңдар» десіп таңдайларын тақылдатқандары бар. Бірақ менің елден ерекше ештеңем де жоқ еді. Жұрт сияқты мен де мектепте оқимын. «Үштік» туралы ауызға алмағанның өзінде «екілікті» өңгеріп кететін кездер де болады. Қабілеті құрғыр жетпей ме, кім білсін? Өзім де осынау мәселе туралы көп ойланамын. Мамам да мені сынауға әрдайым даяр тұрады. «Сен пәлсапа соғуды азайтып, оқуыңды оңға бастырып алсайшы», – дейді. «Қайдағы пәлсапа соғу! – деп ойлаймын мен. – Пәлсапа соғу – ғалымдардың, немесе атақты адамдардың жұмысы. Мен болсам қарапайым ғана адамдардың бірімін». «Қарапайым, немесе қарапайым болмау шортанның бұйрығымен жүзеге асар іс емес, – деп мамам дауға шығады, – ондай болу – әркімнің өз қолында». Өзім жайлы тағы не айтсам екен? Төртінші сыныпта оқимын. Ал, парталас досымды Кешка деп атаймыз, былайша айтқанда, Иннокентий. Екеуміз доспыз. Басқадай ерекшелігіміз жоқтың қасы. Екеуміз де бүлдірген мұраппасын ұнатамыз, шпион жайлы киноны жақсы көреміз. Қыста ағаштардың қар кешіп, ойланып қалған сәттерін тамашалауды, жазда суға шомылуды ұнатамыз. Кешка екеуміздің әкелеріміз құрылыста істейді. Менің өзім жайлы айтарым осы ғана.

ӘКЕМ ЖАЙЛЫ

Менің әкем – Атышулы Көшпенді. Мамам көңілді отырған кездерде әкемді осылай деп атайды. Ондай кездерде өзінше рахаттанып жымиып күліп отыратын папамды бейкүнә мысықтың баласы – марғауға ұқсатуға болар еді. Оның есесіне, мамамның көңіл-күйі нашар болса, папамды Жолы Болмаған Қаңғыбас деп те атайды. Ондай сәттегі жаутаңдап отырған әкемді көрсеңіз, ересек балалар сөмкесін тартып алған бірінші сыныптың оқушысына ұқсатар едіңіз. Әрине, ондай кезде папамды аяп-ақ кетемін. Қалай дегенмен де Атышулы Көшпенді мен Жолы Болмаған Қаңғыбасыңыз – құрылыстағы бас инженердің орынбасары ғой. Тіпті, бір-екі үлкен кісілердің мені иектерімен нұсқап қойып, «орынбасардың ұлы» дегендерін де естігенім бар. Әу баста ұқпай қалғаным да рас, дегенмен менің әкемнің орынбасар екенін, ал өзімнің сол «орынбасардың ұлы» екенімді тез пайымдадым.

Міне, солай. Мамамның оны «Жолы Болмаған Қаңғыбас» деп жазғыратыны да ағат-ақ, өйткені жаңағы екі кісінің «орынбасар» деген сөзді ерекше бір ілтипатпен айтқанын анық білемін. Тіпті, сол екеуінің мен туралы іш жылытар дұрыс пікір айтқанын да естідім. Әрине, олар мақтайтындай ештеңе бітіре қоймағаным түсінікті, қарапайым ғана төртінші сыныптың оқушысымын. Маған елжірей қалуларының себебі папамды сыйлағандықтарынан екені тағы түсінікті. Атышулы Көшпенді атанғаны үшін әкемді де айыптауға болмас, өйткені оның жұмысы солай ғой. Ол электр станциялары құрылысының маманы. Бірін салып бітірсе, екіншісіне ауысады да, тағы құрылысқа кіріседі. Мамамның да бірге ілеспеуге шарасы жоқ. Менің ілесуім болса, болмаса да ғой. Бұл түсінікті шығар, мамам – оның зайыбы, ал мен – ұлымын. Мамамның көңіл хошы болмай отырған кезде: — Москваға кеткім келеді, ат шаптырым кең пәтердің бос қаңырап тұрғаны анау! Астананың театрларын айтсайшы! Еңбегіміз сіңген жоқ па еді! Үшінші станцияны тағы салысып жатқанымыз болса мынау! – деп бұрқылдайтыны бар. Ондайда папам саусағымен үстелді тақылдатар еді. Ол тумысынан москвалық, сонда туған. Мамам – сібірлік. Ол папаммен Иркутскіде, алғашқы станция құрылысында танысып, олар екіншісіне барғанда мен жарық дүниеге келіппін. Бірақ мәселе онда емес қой. Мәселе тумысынан москвалық папамның астанаға аттап басқысы келмей, ал мамамның үнемі сонда кеткісі келетінінде. — Сені неше дүркін министрлікке шақырды, – дейді мамам. – Сонан кейін, адамға өмір бойы тек құрылыс-құрылыс деп байланып қалуға, бір жерден екіншісіне көшіп-қонып жүре беруге болмайды ғой! Өзіңнің де бастық болатын, біреулерге ақыл айтатын, кеңес беретін, кітап жазатын, тіпті диссертация қорғайтын кезің жетпеді ме?! Бірақ папамның бастық болуға, немесе диссертация қорғауға құлқы жоқ. Тек құрылыс сала бергісі, көшіп жүре бергісі келетін сияқты. Ол менің шашым сияқты ақ сары шашын сыйпап қойып, күмілжиді де, жұмған аузын ашпайды. — Неге сен оқтау жұтқандай мелшиіп отырсың? – деп мамам күйіп-піседі ондайда. – Мүмкін, тағы да бетонның беріктігі жайлы ойлап отырған боларсың? — Жоқ, – дейді әкем ондайда мамамды өзіне тартып, бетінен сүйіп. – Мен бетонның беріктігін емес, екеуміздің махаббатымыздың беріктігі жайлы ойлап отырмын. Сенің өзің айтып отырған жай емес, көбіне мүлде басқа мәселені ойлайтыныңды жақсы білемін. Сен шулы көп қалада емес, шалғайдағы Сібірде тұратынымыз жайлы ойлайсың! Сен құрылыссыз күні қараң болар мен сияқты пақырыңның тек осындай жерлерде ғана өзін шын мәніндегі адам ретінде сезіне алатыны жайлы ойлайсың. Сен шылым шекпейтін және оның түтініне төзе алмайтын менің Москвадағы кеңселерде ысталып, сүрленетінім жайлы ойлайсың. Және сен астанадағы ат шаптырым пәтерді тазалап ұстаудың әуре екендігі, одан гөрі мұндағы екі бөлмелі мекен-жайымыздың жұмақ екендігі, ол аз болса, Москва сахналарында болатын спектакльдерді осы жерден теледидар арқылы-ақ көруге болатындығы жайлы ойлайсың! Папамның бұл сөздері мамама қатты әсер етеді. Енді мамамның өзін мысықтың бейкүнә баласына ұқсатуға болар еді. Ол папамның иығына басын сүйейді де, жылы жымияды. – Жарайды, – дейді ол, – Сібірде туып-өскен мен онда үйрене де алмаспын, сенің, тумысыңнан мосвалықтың қашанға дейін шыдарыңды көреміз... Ондайда тумысынан москвалық күмілжір еді. Міне, осыдан кейін ғана оның бетонның беріктігі туралы толғана бастайтыны маған айдан анық.

МАМАМ ЖАЙЛЫ

Папам бетонның беріктігі жайлы ойлана қалған сәттерде мамам оған ешқандай кедергі жасап керген емес. Аяғының ұшымен басып, қағаз-қаламын әзірлеп тұрғаны. Папамның бетонның беріктігін тексеру туралы кітап жазғысы келеді. Ол ақ қағаз бетіне формулаларымен, шығарған есептерімен өрнек салып отырғанда өз күйбеңімен жүрген мамам оған жымия қарар еді. Мен мамамның осындай жылы жымиысына қарап тұрғанды ұнатамын. Дөңгелек жүзіне бетіңдегі кішкентай ұяшығы, аспан түстес көгілдір көзі ерекше жарасып тұратындай. Терезе алдына барып отыра қалған сәттегі күн нұрымен ойнаған әдемі жанары асыл тастай сәуле шашар еді. Менің мамам ақкөңіл, кеңпейіл адам ғой, шіркін, оның қатты ашуланған сәтін көрген емеспін. Тіпті ренжіген сәттің өзінде де жүзінен мейірімділіктің ізі кетпейді. Ақсары шашын бұрымдап өріп, төбесіне дөңгелектеп түйіп қоюының өзі қандай жарасады. Содан болу керек, кейде оны папамның күн дидарлым деп еркелететіні. Біздің отбасымызды жалпы Белобрысиковтар деп атайды. Мамамның есімі де өзі сияқты сүйкімді-ақ, оны – Ольга деп атайды. Ол ауданның санитарлық бас дәрігері болып қызмет істейді, папам екеуінің кейде түс шайысып қалуларына да негізгі себепші болатын екеуінің қызмет бабындағы әңгімелері. Ондайда папам: – Бұл жерде құрылыстан құдіретті дүние жоқ, – десе, мамам: – Сол құрылысыңның өзі ауданның ауқымында жатқан жоқ па?! – деп дау айтады. Папам: – Ендеше ауданның тағдыры да осы құрылысқа қарап тұр, – десе, мамам: – Құрылыстың өзі де осы ауданда тұратын адамдар үшін салынып жатқан игілік, – деп жеңістік бермейді... Сөйтіп олар біраз дау соғады. Мен олардың аңысын аңдимын. Бірде папамды, бірде мамамды жақтап шығам, әрине, сөздері мығым, дәлелі орынды шыққанын. Шын мәнінде кайсысының сөзі дұрыс? Папамдар салып жатқан құрылыс бүкіл Сібірдегі ең қуатты электрстанциясы екен. Мынадай дарияға бөгеу салу, – еһе-еһе, айтқанға ғана оңай. Станция ток берген бойда айналаға салынып жатқан зауыт атаулы дүрілдеп береді дейсіз. Ол ғана емес, біздің поселка да, мамам жұмыс істейтін аудан да токқа қарық болмақ. Ол ғана емес, бүкіл Сібір шұғылаға бөленеді. Маған папамның мына бір теңеуі ұнайды: «Біздің ГЭСті ромашка гүліне теңеуге болады, ал станция болса сол гүлдің ортасындағы сарғылт шырындығына ұқсайды, зауыттарды, ұжымшарларды, орман шаруашылықтарын – мұның бәрін де гүлдің ұлпа қанаттары деуге болады. Шырындықсыз ұлпа қанаттар да болмақ емес. Бұл – даусыз ақиқат! — Ұлпа қанаттары жоқ құр шырындықты гүл деу қиын болар, – деп даяр дауын ұсынады мамам. – Сенің станцияң сол өзің айтып отырған адамдар, зауыттар, ұжымшарлар, орман шаруашылықтары үшін жұмыс істемеуші ме еді. Демек, ең алдымен адамдардың қамын ойлау қажет. Алға қарау керек! Мамамның бұл пікіріне де дау айту қиын. Оның осындай дауласқан кезде аздап ренжитіні рас, бірақ дидарынан бәрі бір мейірбандылықтың лебі есіп тұрар еді. — Бүкіл аудандағылардың сенен сонша қорқатыны қалай? – дейді папам күліп. – Басқаны былай қойғанда, министрдің өзімен мүйіздесіп жататын біздің бастығымыздың сен келе жатыр дегенде телефонымен бұйрық беріп, «ана жерді тазартып, мына жерді жөндеңдер» деп берекесінен айрылатынына таң қаламын. Мамам бұл жерде жылы жымияр еді, ал мен тағы да папамның пікірін жақтаймын. Өйткені, анау біздің мектептегі тазалықтың болуына да басты себепші мамам сияқты. Көктем, күз айларында көшеміз лайсаң, батпақ болса да мектептің іші үнемі таза тұрады. Мамамның айтуымен мектептің алдына аяқ киімді тазалайтын су толтырылған ағаш астаулар койылды, олардың қасында тұрған тазалық сақтаушылардың жанынан лас етігіңмен өтіп көр. Бірінші астауда етігіңе жұққан батпақты ауырынан жеңілтсең, екіншісінде тазартып, үшіншісінде таза сумен шайып

шығасың. Бәрін ойлап тауып жүрген баяғы мамам.

БІЗ ҚАЛАЙ ТҰРЫП ЖАТЫРМЫЗ

Біз қалай тұрамыз? Кәдімгідей-ақ! Мамама таңертеңгі сағат жетіде есігінде қызыл кресі бар «газик» келеді. Папама төбесі брезентпен жабылған басқа «газик» жетеді. Папамның кейде шофері Коля ағайға: «Ертең келмей-ақ қой» дейтіні бар. Ондайда мамамның машинасы оны құрылыс басқармасына жеткізіп тастайды. Бүкіл ауданның әр тұсына оттан көйлек кигендей шапқылап бір тынбайтын мамама машинаның келмеуі мүмкін емес. Мамамның да, папамның да өздеріне бекітіліп берілген шоферлері мен бір-бір машиналары бар. Шоферлері болмаса да ештеңе етпес еді, өйткені екеуі де машинаны әдемі жүргізе алады. Әсіресе, мамам, нағыз мынау деген шофер. Рульді бір қолымен ғана ұстап отыруды жақсы көреді, біздің Сібірдің ойлы-шұңқырлы жолдарында бұлай жүру дегеніңіз – енді бар ғой, ең мықтылық. Мамам папамды жұмысына апарып салғанымен мені қанша жалынсам да бір рет апарған емес. Тек бірінші сыныпта оқып жүрген кезде ғана көктемгі лайсаңда апарып жүрген-ді. Өйткені, мен тым кішкентай болғандықтан көшенің батпағынан етігімді суырып алу да күш болатын. Етігіме батпақ тола берген соң ол бір айласын тапқанға дейін үш-ақ рет машинасымен әкеліп салған. «Айласын» демей не дейін, ол өзінше бір жаңалық ашқан соң. Отыз сегізінші размерлі үлкен етік тауып алды да, менің үйде киетін жеңіл аяқ киімімді ішіне сұғындырып тікті. Қонышы қылтамды тіреп жүргізбейтін болған соң арт жағын үшбұрыштап кесіп берді. Тұп-тура Бірінші Петрдің саптамасы болды да шықты. Қонышының алды ұзын да, арты қылтасының тұсынан келетін етігі бар Бірінші Петрдің суретін көргенім бар. Менің етігім де соның етігінен аумайды. Папам мамамның «өнертапқыштығын» көріп «сенде инженерлік қабілет бар екен» деп әзілдеді. «Қабілет» дейді ғой, – мамам тағы күйіп-піседі. – Онан да министрлік тарапынан қысымға алып, жөндейтін дүние ғой. Бұл жердегі құрылыстың жай-күйін ескерсе қайтеді екен. Тіккен етіктері де қаланың балалары ғана киіп жүрердей. Бұл тек асфальт жолмен жүретіндерге арналған дүние. Осындай жердің батпағына киюге болатындай ғып, қоныштылау етіп тіксе қайтер еді. Папам күлкіге айналдырғанымен мамамның «бастамасы» жұртқа тез тарап кетті. Ешкімді қыстап, ешкімге жалынбай-ақ өздігінен тарады. Бұған дейін талай бала бір етігін батпаққа қалдырып, сыңар аяқ киіммен жылап келген болатын. Мамамның жаңалығы балаларға ұнағаны сонша, олар етігімді әбден «зерттеп» көрген соң, өздері де түгелге жуық күрпілдеген үлкен саптама киіп шыға келді. Ал мамам болса өз өнерінің өміршең болуын ойлай қойған жоқ. Әлдекімдердің қыр соңына түсіп жүріп, көшеге асфальт төсетті. Енді мектепке бару тіпті оңай болып қалды. Көктем мен қыс айларында ешкім ботинка кие қоймаса да саптаманы сүйретуді жұрт ұмытқан, өйткені батпақ бұрынғыдай тізеден емес, толарсақтан ғана келетін. Сонымен сағат жетіде «газиктер» табалдырықтың түбіне келіп, дүрілдеп тұрады. Үшеуміз де тысқа шығамыз: – Кешке жайырақ ораламын, – дейді әкем. — Антон, сорпаң плитканың үстінде, басқа тағамдарыңды тоңазытқышқа қойдым. Газды сөндіре салуды ұмытпа, – деп пысықтайды мамам. — Оревуар! – деймін мен оларға. Газиктер екі жаққа қарай домалаңдай жөнелгенде мен мектепке қарай тартамын. Тағы да француз тілі жайлы ойлаймын. Мамам Москва жайлы әңгімелегенде мәселені баяғы менің болашағыма әкеліп тірейтін. Айталық, мен онда французша үйреніп алмақ екенмін.

— Онда барлық пәндер француз тілінде жүретін арнаулы мектеп бар, – дегенді де жиі айтады. — Орысшаны да солай оқыта ма? – деймін мен кекесінді үнмен. Әрине бұл сөзіме мамам ренжіп қалады, сонан соң Анна Робертовна кемпірден француз тілін тиянақты түрде үйренуімді ықтияттайды. Қызық-ау, мектептегі ;сабағым жайлы бір апта ештеңе сұрамауға бар, ал француз тілі жайлы, тіпті қандай сөзді септеп, қайсысын қалай жіктегенім жайлы, кай сөзді қалай айтқаным, Анна Робертовнаның менің ұғымдылығым жайлы не дегеніне дейін қылға тізіп сұрайды. Анна Робертовна дегеніңіз шынында да поселкамыздағы кесек тұлға. Өмір бойы қалада тұрып, Смоленск педагогика институтында француз тілінен дәріс берген көрінеді, пенсияға шыққан соң ұлы Гришаны ертіп, Сібірге келіпті. Балалар байқатпай «ля мадам» деп ол кісінің қитығына тиіп қояды, әрине, мен де оларды іштей қоштап тұрамын. Анна Робертовна сыйдиған арық кісі, жіңішке жіліншігі қонышында ойнап жүрер етігі көктемгі батпақ кезінде қолпылдап, төбелескен қораздардың бірін-бірі қанаттарымен соққанындай бір дыбыс шығарып жүрер еді. Анна Робертовнаның айналасында біреулер айқай-шу салып жатса да тәкаппар басын тік ұстаған күйі төңірегіне күміс дөдегелі, қалың әйнекті көзілдірігінің астынан қарап, ештеңеге мән бермей жүретін әдеті. Мен оған аптасына үш мәрте барып, оның – «же парле, ву парле» – деп септегенін құлықсыздау тыңдап отырып, қасқа бастау келген инженер Гришаға қарар едім. Гриша болса қашан көрсеңде сосисканы малжаңдап қылғытып отырғаны. Бұл асты ол жақсы көргендіктен ғана емес, «сосиска» дегеннің өзі о баста француз сөзі болғандықтан әдейі жеп отыратын сияқты көрінген соң ба, әйтеуір, ондайда менің Гришаға жаным ашитын.

СОНДА ДА БІЗ ҚАЛАЙ ТҰРЫП ЖАТЫРМЫЗ

Өзі мен әңгіменің арнасынан ауытқып кетіппін ғой. Қалай тұрып жатқанымыз, тұрмысымыз жайлы айта бастап едім, Анна Робертовнаға келгенде сол кісі жайлы тәптіштеп кетіппін. Шынына келсек, французша оқу – өмір ме екен? Өмір деген мүлде басқа нәрсе. Өмір деп қыстың күндерін айт, шіркін. Қыстың жуан ортасында нағыз біздің күндеріміз туады. Календарьда қызылмен боялған күндердің болатындығы жұрттың бәріне мәлім. Бұлар – мереке немесе демалыс күндері: Ал «біздің күндеріміз» деп айрықша ен салып отырғаным актіленген күндер. Ол тек біздің Сібірге ғана тән ерекшелік. Айталық, таңертең сағат алты жарымды соққанда төсегіңнен тұра салып, радионы барынша сампылдатып бұрап қоясың. Қайталап айтамын, қалай сағат таңертеңгі алты жарым болады, дәл осы кезде поселканың барлық балалары бірі қалмай радио алдында қалқайып тұратындығына бәс тігемін. Өйткені, осы уақытта диктор ауаның температурасын хабарлайды. «Температура – минус кырық!» десінші, оған біз пішту де демейміз. Қырықты аяздың санатында санамаймыз. Ал термометр елуді перген кезде!.. Әкем айтқан. Ол тумысынан москвалық болғандықтан, сонда оқыған ғой. Москвада отыз градус аяз болса бітті балалар мектепке бармайды екен. Масқара! Отыз градусқа бола! Бізде отыз май тоңғысыз жылылық саналады. Айталық, отыз градуста Кешкаларың мойын орағышын иығына аса салып, кеудесін ашқан күйі көшеде кердең басып, буы бұрқырап жүреді. Тіпті мұндай күндері біздің клубта балмұздақ сатылады, отырып ал да соға бер. Ал елудің жөні бір бөлек! Елу градуста, басқаны айтпағанда, жыланбауыр тракторлардың шылдырмақ шақайлары аязға шыдамай шарт-шарт сынып жатады. Маған Гришаның шестеренканы балғамен бір ұрғанда үгітіліп түскенін көрсеткені бар. Елуді – қызыл шұнақ аяз деп тануға болады. Елу біз үшін «өз күніміз», былайша айтқанда «қызылмен боялған» күн.

Бұл күнді бізде «актіленген» күн деп те атайды. Неге олай дейтінін әкемнен сұрағанымда ол бұл сөздің «акт» деген түбірден туғандығын түсіндірді. Кісілер жиылып алып, «акт» деп аталатын документ жасайды. Онда «осылай да осылай, температура елуге жеткендіктен, темір тектілер аязға шыдамайтындықтан жұмыс істеуге болмайды» деп жазады екен. — Мүлде жұмыс істеуге болмай ма? – деп қадала сұраймын әкемнен. — Жұмыс істеуге болады-ау, – деп қиналады ол. – Бірақ темірі түскірі шыдамайды... Сонан соң ол осындай актіленген күндердің жұрттын көбінің жүректеріне майша тиіп болғанын айтар еді. Мен әрине, оны ұға қойғаным жоқ. — Кісілердің жұмыс істегісі келеді! Түсінікті ме, саған?! – дейді ол. – Жоспарды орындау қажет! Бәрі бір маған түсіну оңайға түсер емес. Елу градустық қызылшұнақта кімнің ғана жұмыс істегісі келе қояды дейсің? Папам болса бөлменің ішін кезіп, босқа жүйкесін жұқартады. — Біздер, гидростанция құрылысшылары үшін кыс айлары ең жақсы уақыт, – дейді ол. – Мәселенің мәні де өзеннің шегедей болып қатып жатуында ғой. Мұз дегенің біз үшін қара жермен бірдей, жұмысты біраз өндіріп тастауға болады. Мұнысы ақиқат: қыс айлары біздегі ең жақсы мерзім. Ал біз болсак қыс түсісімен тауға шығып, шаңғымен зымыраймыз, биікке шыққанда төменге көз салсаң плотинаның барлық кұрылысы, керік мойын крандар, сұп-суық буы аспанға атқан бөгеудегі тұнжыр өзен бәрі-бәрі алақандағыдай көз алдыңда жайылып жатады. Бұл – біздің ГЭС-тің құрылысы. Мен неліктен «біздің» деп иемдене айтып отырмын? Онда жұмыс істемейтінімді жақсы білесіздер. Бар болғаны оқушы ғанамын. Бірақ барлық бала атаулы құрылыста жұмыс істемесе де «біздің» деп сөйлеуге дағдыланған. Өзімізді оқытатын мұғалімдеріміз де солай сөйлейді. Бұлайша сөйлеуді поселка клубындағы киномеханик Андрей де, балмұздақ сататын Зинаида Ивановна да, барлық адамдар да әдетке айналдырған. Тіпті Анна Робертовна да «біздің кұрылыс» деуді ағат санамайды. Демек, менің де солай деуге толық хақым болса керек кой. Жаз айларында құрылысқа басқа бір жағынан да қарауға болады. Жазда Кешка екеуміз жұмысынан арнайы босап, бес қаруын сайланған атасы Иннокентий Евлампиевичке ілесіп, тайгадан бал қарағай жаңғағын жинауға бір аптаға барғанбыз. Кешканың атасы қол шоқпарымен карағайды ұрған сайын жерге төгілген жаңғақты біз жинаймыз. Қайтар жолда биік таудың шоқысына шыққанбыз. Тұп-тура аяғымыздың астында құлама құз, одан әрірек өзеннің бел ортасына дейін бөгеген плотина жатты. Биіктен қарағанда адамдарды илеудегі құмырсқаларға ұқсатуға болушы еді. Менің өзіміздің құрылысты сонша биіктен, осынша жақыннаң көргенім сол. Қорқыныштан ба екен, жүрегім кеудемде тыпырлап, тамағыма әлдене тығылғандай үнім шықпады. Бұл неліктен? Білмеймін. Бұрын мен мұндай күйге кездеспеген едім. Оның есесіне кейінірек, мұндай күйге тағы ұшырағанмын... Сөйтіп, мен сіздерге өзім жайлы, мамам, папам жайлы, өзіміздің поселкамыз, тіпті оның көшесіндегі батпаққа етігімізді қалай қалдырғанымыз туралы, Анна Робертовна, оның «ву парлесі» туралы, әйтеуір неше түрлі ұсақ-түйекті баяндадым-ау, бірақ әңгіменің ең негізгісіне көшуге, шынын айту керек, жүрегім дауаламай отыр. Кейінірек болған оқиғалар жайлы... Жо-жоқ, асығып қайда барамыз?! Онан да оқиға өрісін қуалап, суыртпақтап баяндап отырғаным тыныш емес пе, ә?!

Екінші бөлім

МЕНІҢ АТАМ

АТАМ ЖАЙЛЫ АЛҒЫ СӨЗ

Қысқасын айтқанда, менің де өз атам бар. Әкемнің әкесі. Әр адамның атасы, тіпті біреулердің екі бірдей атасы болады ғой. Мәселен Кешканың екі атасы, екі әжесі бар. Әкесі мен шешесінің әке-шешелері. Өйткені, кез келген кісі аспаннан түспейді ғой. Бала – солардың жалғасы, ұрпағы. Табиғат танудан беретін мұғалім де табиғаттағы кез-келген дүниенің жалғасы, ұрпағы болады деп түсіндіреді. Мәселен, ағаштарды алыңыз. Көктемде қайыңдардың гүлге ұқсап кішкене қанатымен өсетін тұқымдарын жел ұшыра жөнеледі де жан-жаққа апарып тастайды. Міне, осыдан қайыңның жас шыбығы өнеді, ол өскен соң одан да ауада пропеллер сияқты айналып ұшып жүретін қанатты тұқымдар өнеді. Осылай жалғаса береді. Жаңағы қанатты тұқымдардың да өз аталары, әжелері бар, олар – бұлар өскен қайыңның тұқымын өндірген о бастағы кәрі қайыңдар. Мінеки, адамдар да тура осындай. Менде де осындай. Тек менің бір-ақ атам – әкемнің әкесі ғана бар. Мен балалар бақшасына барып жүрген кезімде әжем де бар еді. Бірақ ол қайтыс болған. Мамамның қалай жылағаны, папамның қолы дірілдеп, чемоданға заттарын сала алмай әуре болғаны, сонан соң мені Кешканың үйінде қалдырып, әжемді жерлеп қайту үшін Москваға ұшқандары – бәрібәрі де күні кешегідей есімде. Содан атам жалғыз қалған болатын. Әкем оған үнемі «бізге кел, бірге тұрайық», деп хат жазғанда атам әзірге қалаған жағына кете беруге хақысының жоқ екенін айтатын. Менің атам, анау-мынау емес, әскери қызметтегі кісі. Анау айтқан генералдың өзі, көп әскерлерге бұйрық беретін адам болу керек. Мен балалар бақшасында жүргенде осылай ойлайтынмын, оның Москвада тұратынын, армиядағы қызметінен босап, отставкаға шыққан соң, бізге келуге уәде беріп жүргенін өсе келе білдім ғой. Өзін бір рет те көрген емеспін. Дәлірек айтсам, бір жасқа жетер-жетпес кезімде көргенім бар екен. Әжемді де көріппін, әрине, есімде олар қайдан болсын, мамам мен папам мені соларға керсету үшін ғана Москваға барған көрінеді. Қандай екенімді, кімге тартқанымды көрсеткілері келіпті. Әрине, ол кезде менің кімге тартып туғаныма олардың жіп таға алмағаны рас, бірақ есімімді Антон қойыпты. Атамның есімі де Антон. Әкем мені сондықтан да Антон Екінші деп атайды. Бұл менің жаныма жаға түседі. Бір кезде Карл Он екінші дейтін король болыпты, ал мен – Антон Екіншімін – нашар есім деуге ауыз бармайды. Атам Москвада, біз болсақ Сібірде тұрып жаттық, бірақ бір-бірімізді үнемі ойлаумен жүретінбіз. Әрине, атамның біз жайлы ойламауы мүмкін емес. Папам болса – оның жар дегендегі жалғыз ұлы, мен болсам – жар дегендегі жалғыз немересімін. Өзі болса – менің жар дегендегі жалғыз атам, біз сондықтан да ол жайлы жиі-жиі әңгімелесетін едік. Үлкен бөлмеміздегі папамның жұмыс үстелінің үстінде атамның үлкен суреті ілулі тұрар еді. Жап-жас. Гимнастеркасының жағасындағы оқалары жалтылдап, жанары да ерекше отты көрінетін. Оның иығына қолын салып тұрған жап-жас қызды жас кезіндегі менің әжемнің суреті деуге сену қиын... Атам да, әжем де биікке шығып алып, біздерге қарап тұрғандай көрінетін. Суретке арнайы солай түсірген болуы керек, бөлменің қай бұрышына барсаң да сенен жанарын аудармайды. Біздің тіршілік-тынысымызды бақылап, көріп отырғандай. Сондықтан ба біз олар жайлы жиі-жиі әңгіме-дүкен құратынбыз. Папам айтып отырар еді: «Мамам – өз мамасын айтады, папам – өз папасын айтады, – қайда барса

да жанынан қалып көрген жоқ. Папаммен бірге сонау Қиыр Шығысқа да, Кавказға да, Мурманскіге де барды», – деп. Папамды тыңдап отырсаңыз біздің атайдың бармаған жері жоқ. Папам осындай әңгіме айта бастаса-ақ алдымен мамамның бетіне жалтақтап қарай берер еді. Сол кезде мамам оның жанына барып, басынан аялай сипар еді. Сонан соң маған: – Антошка, папаң екеуміз шынында да әжең мен атаңа ұқсаймыз, ә? – деп сауал қояр еді. Мен ондайда алдымен суретке, сонан соң мамам мен папама қараймын да бас шұлғимын. – Рас, ол екеуі сендерге катты ұқсайды.

МОСКВАДАН КЕЛГЕН ХАТ Атам жайлы жиі ойлап, оны бір көруге құмартатынмын. Бірақ ол отставкасына шықпай-ақ қойды. Демалысында да келмеді. Әлде, папам сияқты кезекті демалысын да алмай ма екен деп ойлаймын. Әкем де үнемі демалыс дегенді білген адам емес. Қашан болса да құрылысындағы жұмысы күйіп тұрады. Онысыз бірдеңе бүлініп қалардай көретін болу керек. Москваға үшеуіміз де бірге баратын болып, біз жолға қалай әзірлене бастасақ болды, ол салы суға кеткендей жұмысынан салбырап оралатын үйге. Ондайда күрсінер еді, әлде нені айта алмай күмілжір еді. Мамам да оған сезіктене қарайтын, әкем бәрібір мұндай сәтте үн қатпай құтылғанды қалайды. Айтары не, мұндайда жағдайды алдымен мен түсіне қоямын. Өзі айтқандай, жұмыстың «ең маңызды кезеңі келіп тұр, соған орай, дәл қазір демалысқа шығуының мүмкіндігі жоқ». Мамам да біраз уақыт тоң-торыс отырады да: «Сөйтіп, Антошка, тағы да үй бағып отыратын болдық», – дейді шарасы таусылғандай. Москваға барамын-ау деген тәтті үміттен айырылғым келмейді, бірақ оларға көнбегенде қайда барарсың?! Үй бағармыз. Аты шулы Көшпендіні жалғыз тастап кете алмаймыз ғой. Қанша айтқанмен оның орынбасар деген аты бар, сондықтан да оны бас инженер мен бастықтың өзі демалысқа қанша қуса да ол ешқайда кетіп көрген емес. Жасырары не, біздің әкей осындай кісі. Ал, атам ше? Мүмкін менің әкем өз әкесіне тартқан болуы керек. Мінездерін айтамын. Жұмысты қанша істесе де, соларынан қол үзе алмайтын екеуінде де, ортақ қасиет бар сияқты. Мен атамның жұмысының мәнін ұқпай дал боламын. Соғыс болса бір сәрі. Жауынгерлер шайқасқа түссе генералдар оларға команда беріп тұрады. Әскерлердің бағытын белгілеп, ұрыс ыңғайына қарай не қорғанысқа көшіп, не шабуылға шығады. Ал бейбіт уақытта ше? Ол бізге үнемі «жұмыс бастан асады» деп жазатын. Онысының қандай жұмыс екенін жазған емес. Атам хаттарын әрдайым көңілді де көтеріңкі леппен жазатын. Тек әжем қайтыс болғаннан кейін үш ай бойы үн қатпай жатып алды. Сол кездерде папам мен мамам да мазасызданып болды. Жеделхаттарды бірінің соңынан бірін жолдап, оның демалыс алып бізге келуі сұрайтын. Атам көпке дейін үнсіз жүрді де, бір кезде «Уайымдамаңдар, бәрі де ойдағыдай» деп қана қысқа жауап Жеделхат салды. Сонан соң ғана ол бұрынғы әуенін қайта тауып, көңілді хаттар жолдай бастады. Тіпті, жағажайға барғаны жайлы да бірде тәптіштеп әңгімелепті. Оны айтпағанда, қазір москвалық жасөспірімдердің шашты ұзын ғып қоюды сән көретіндігін, бір жолы сондайлардың біріне: «Қызым, сағатың неше болды?» десе, бетіне қараған «қызының» тарақанның мұртындай мұртын көргенде өзінің шалқасынан түсе жаздағанына дейін жазған кездері болды. Папам оның хаттарын оқыған сайын: – Жалғыз қалу оңай дейсің бе?! Қалай да оның осында келуі керек қой, – дейтін. Біз бірде үстелді жағалай отыра қап, оған хат жазайық. Сібір табиғатын әдемілеп суреттей келіп өзенімізді, тайгамызды, тіпті

поселкамызға дейін асыра дәріптеп, оның біз жаққа келуі үшін барымызды салып бақтық. Атам да бір әуенінен тансашы. «Отставкаға шығаруды өтініп едім, онымды тағы да мақұлдамай қойды», дегенді жаза береді. Ал өзіміз барайық деп хат жазсақ, қазіргі кезде қонақ қабылдай қоярлықтай мүмкіндігінің жоқтығына кешірім сұрай отырып, бізді де шегіншектеуге мәжбүр етеді. «Сендерді қойшы, – деп жазатын ол, – келесіңдер де кетесіңдер. Тағы да иен үйді бағып қалатын маған қалай боларын ойладыңдар ма?! Абзалы отставкаға шыққанша шыдау керек, біржола босаған соң өздеріңе қарай тартып отырармын». Атамның мұндай хаттарын оқыған соң папам басын шайқап қойып, күрсінер еді, сонан соң мамам да сөйтеді, ол екеуін көрген соң мен де күрсініп салар едім. Мен ол кезде атамды кинодағы Чапаевтай ғып елестететінмін. Атам мен үшін әдеби геройлардан бір де кем емес. Бірде «Менің сүйікті кейіпкерім» деген тақырыпқа шығарма жазғанымыз бар. Мен ойланбастан Чапаев туралы жаздым, өйткені ол туралы киноны кемінде он рет көрген шығармын. Міне, сонда өз атам жайлы да жаза салуыма болатын еді. Бір «бестікті» қағып түссем жаман ба?! Жалпы егжей-тегжейлі білмеген кісі жайлы жазу онай ғой. Менің атам – генерал. Әнеки, оның фашистерді қалай қырғаны жайлы ысқыртып жаза беру қиын ба! Оның зеңбіректерінің Берлинді қалай жүнше түткенін жазу қандай ғажап. Өйткені,ол артиллерист те болған. Мұны жазуға қиналсаң, оның Азамат соғысы жылдарында қылышын жарқылдатып, жауды қалай қуғанын құрастыруға болар еді... Тіпті, бәрін де құрастырып соға беруге болады, «шығарма» деп аталуынан көрініп тұрған жоқ па. «Шығару» яғни «ойдан шығару» деген сөзден шыққан.

КҮТПЕГЕН ХАБАР Қысқасын айтқанда, атам сол көңілді хаттарын жазып, біздер де дәл сондай жауаптарды боратып жаттық. Өзіміздің қалай тұрып жатқанымыз, электростанция құрылысының барысы, жалпы біз жақтағы тіршіліктің өте көңілді екендігі жайлы есеп беруден танған жоқпыз. Ал, өз басымның атамның тіпті біз жаққа бір кезде келетініне күмәндана бастағанымды жасырғым келмейді. Ең жаманы, менің де атам бар дегенге сенбейтін болдым. Дәл бүгінгідей есімде, бірде Анна Робертовнадан, француз тілін үйренуден келгенмін. Ол менің шамамның жеткенінше французша түсінісуді окытатын. «Ойда жоқта, – дейді, – поселкамызға француздар келе қалды дейік, немесе өзіңнің Францияға жолың түсе қалды дейік. Сонда сен өзің жайлы айтып беруіңе тура келеді. Қане, сонда не дер едің?» Мен сүрініп-жығылып, айта бастаймын: «Ж’обите дан Сибир». Былайша айтқанда, мен Сібірде тұрамын. «Мон пэр инженер». «Менің әкем – ииженер». Солайша кете береді. Мен сол кезде-ақ Анна Робертовнадан «ата» дегенді французша не дейтінін сұраған болатынмын. «Гран-пэр» – деген ол. Сөзбе-сөз аударғанда «үлкен әке» болып шығады екен. Бір түрлі қызық, кісінің күлкісін келтіреді. — Сенің атаңды генерал дейді ғой, ә? – деп сұрады Анна Робертовна. — Ага, – деймін мен. – «Ага» деген сөз жоқ біздің тілімізде, – деп ренжіп қалды Анна Робертовна. «Ага» – бұл татар тілінде «бай», қожайын» деген мағына береді. Шын мәніндегі тәрбиелі бала болғың келсе, еш уақытта «ага» деуші болма. Уй, пардон, «иә» деп жауап бер. Міне, Анна Робертовна дегеніңіз қандай кісі! Оның өзі революцияға дейін аталуы қызық бір институтта оқыған көрінеді. Тәрбиелі қыздар институты дей ме, бірдеңе? Атының өзі күлкіңді келтіреді. Содан да болса керек, мені де инабаттылыққа тәрбиелемекші. Әрине, дауласып жатпадым. — Уй, – деп жауап бердім оған, – менің атам – генерал. — Француз армиясында, – деді Анна Робертовна жанары мұнартып, – егер

офицер өзінен шені кішіге бірдеңе айтқысы келсе, онда шені кішісі өзіне қалыптасқан дәстүрмен үн қатуы керек. «Иә» немесе «дәл солай» деп тұрмайды, «менің лейтенантым!», «менің капитаным!», «менің генералым!» дейді. Анна Робертовна әлде не бір ой қуалап кеткенде мен французша «менің генералым» дегенді қалай айтатынын сұрадым. «Мон» – бұл сөздің «менің» екенін жақсы білетінмін, ал генералды қалай айтатынын білмейтінмін. — Мон женераль, – деді Анна Робертовна ерекше бір мақаммен – ех, шіркінай, құлаққа қандай жағымды естіледі десеңші! Мон женераль! Міне, сол күні мен үйге келдім де сорпамды жылытып, тоңазыған котлетті қаужай бастап едім, есіктің қоңырауы безілдей жөнелсін. Шырылдатып әкетіп барады. Тағы да Кешка екенін сезген бойда жыным келді. Үйге берген тапсырманы күнделігіне жазуды ұмытып кетеді де жын ұрғаңдай өстіп қоңыраулатып жүргені. Мұндай-мұндай онда жиі болатын әдет. Ас үйде тұрып дауыстадым: — Ақырын! Әйтпесе, көкеңді көрсетіп жіберемін! Есікті ашсам табалдырықта әкем тұр. Оны дәл мұндай қалпында ешуақытта көрмеген едім. Мойын орағышы желпілдеп, қалпағын милықтата киіпті, жанары от шашып, ауыр тыныстайды. Баспалдақпен жүгіріп шыққанға ұқсайды. Маған жалғыз түсініктісі сол, түрінен үрейлі суықтық байқалады. Сонда не жайлы? — Мамаң қайда? – деді ол әдеттен тыс қатты сөйлеп. Мен басымды шайқадым. Қызық сауал! Ол бұл кезде жұмысында болуға тиіс қой. Әкем мені ығыстырып тастады да, кілемнің үстін лас етігімен көктей басып, телефонға барып жармасты. Бұл ісі үшін мамамнан көресісін көрер әлі деп мен тұрмын. — Станция! – деді ол бар даусымен, – Станция! Ауданмен жалғастырыңызшы! Содан кейін маған бұрылып, бесінші рет қайталап айтқан бұйрығын орындамай тұрған кісіге сөйлегендей айкайласын келіп: — Жинал! Тез! Атаң ұшып келе жатыр! Жаңа ғана телефон соқты!

РУЛЬГЕ МАМАМ ОТЫРДЫ Мамам рульде отыр, жылдамдық ауыстыратын тегершікті жиі-жиі ұстап қойып, өз уайымын айтады: — Құдайым-ай, бұл өзі қандай іс болды сонда? Ұят-ақ болды-ау! Қанша тоссақ да ретсіз уақытқа тап келгенін айтсаңшы. Тым болмаса түшпара орап қойсамшы! Мамама қарап отырғанның өзі бір ғанибет: басында сәнді берет, әдемі мойын орағыш, ерні боялған, ал рульді ұстағанына қарап-ақ нағыз айтулы шофер деуге болады. Аэропортқа апаратын даланың жолы ойлы-шұңқырлы лай суға толы шұқанақтар мол болатын. Мамамның «газигі» өрге келгенде ышқына ыңыранып, ойлышұқырлы жерлерге келгенде папам екеумізді сеңдей соғылыстырады, бірақ бізде үн жоқ – мамамның құзырына толық мойынсұнғандаймыз. Ауа райы да бізге қас қылғандай бұзылып алды, маңдай алды әйнекке сорғалаған жаңбыр суын сүрткі тетік тазалап үлгірместей, жол да, ағаштар да дұрыс көрінбейді, бірақ мамам төпеп келеді. Әй, шіркін, мамамды қойсайшы! — Көрдің бе, Жолы Болмаған Қаңғыбас, – дейді ол папама қарап, – жолдарыңның сиқын! Егер біреу-міреу ауырып қалса мынандай күндері вертолет те шақыра алмайсыңдар ғой? Қайтіп жеткізбексіңдер? Өңшең маубастар! Папам мамамның сынына тіс жарып, үн қатпайды. Оның жанары жаңбыр суы толған жолдан, лай батпақтан басқа ештеңе көріне қоймайтыи алдыңғы жаққа тіктелген, аудармайды. — Мүмкін аэропорт қабылдай қоймас! – Сонан соң ол мамама сұрау қойды: – Онда не істейміз? Үйге кайтамыз ба? — Қайтамыз деймісің? – деп күйіп-піседі мамам. – Сонша уақыт тосумен болдық, құлыперен болып келе жатқанымыз мынау – енді келіп, үйге қайтсақ-ау.

Тосамыз! Тосу қажет! Аэропортта тосуымызға тура келді. Өйткені самолеттер метеорлогиялық жағдайға байланысты кешігіп жатқан керінеді. Папам самолеттердің келуі жөнінде мәлімет беретін терезеден шегінген соң иығын қомдап қойды. Жүзінен көңілсіздік байқалады. — Мынау қарбаласта анық-қанығын жөндеп сұрамаппын, – дейді ол. Маған оны әскери ұшқыштардың әкеліп салатынын ғана айтқан еді. Тапжылмай отырып, тосуымыз қажет. Бірақ қалай тоса аларсың? Жіті қимылдап, орнынан тұрған мамам тысқа шықты да ізінше қайта көрінді. — Көрдіңдер ме? – дейді ол барлық самолеттер қаздай тізіліп тұрғанда біздің самолет қонуға бет алып келеді. Әскери транспорт самолеті. Біз тысқа қарай жүгірдік. Бұлқына соққан жүрегім атша тулайды. Өз атаңды тұңғыш рет көргелі тұрғанда осылай болмағанда қалай болсын! Анығырақ айтқанда, көрсем де көрмегенмен бірдей адам келе жатыр ғой. Міне, қазір ол өзінің транспорт самолетінің есігінен кеудесі ордендерге толы генерал формасын киіп, жарқ-жұрқ етіп шыға келер, сол кезде жұрттың бәрі бізге қарайды дейсің. Айналама жалтақтай қарап тұрмын. Аэропортта айналар жер жоқ, ығы-жығы толған адам мен шашылған жүктер. Осылардың арасымен атамды көрген бетте жүгіруге тура келер. Найларын тістеген қысық көзді эвенкилер ме-ау, салпыншақтары мол жол етіктерін киген геологтар ма-ау, армиядан кейін біздің құрылысқа жұмыс істеуге келген, жол қапшықтарын арқалаған пагондары жоқ солдаттар ма-ау, әйтеуір толып кетіпті. Біз шалшық суды шалпылдата басып, көптен күткен адамды жеткізген ғажайып әскери самолетке қарай жүгіріп келеміз, мен оның ашық тұрған есігіне шыдамсыздана үңіліп, дәл қазір, бірер секундтан кейін көрінер атамды тағатсыздана тосамын. Мамам мен папамнан озған бойы қалтылдақ баспалдақпен төмен қарай түсіп келе жатқан ұшқыш шлемін киген біреуді бетке алып келе жатқанымда қасымнан сұр пальто мен мыжырайған кепка киген әлде бір қария өте берді. Ол маған әлде не айтқандай болып еді, бірақ оның сөзіне құлақ асып жатар уақыт қайда? Зырлаған қалпымда ұшқыш шлемін киген адамның жанынан бір-ақ шықтым. «Артиллеристке ұшқыш шлемін киюдің не қажеті болды екен?!» деп ойлаймын. Әлгі кісіге қарап, көңілдене дауыстадым: — Мон женераль! Менің бетіме күле қарап қарсы алдымда тістері маржандай жас жігіт тұрды. — Сенің женералың әне кетіп барады, – деді мен келген жаққа қолын сермеп. Жалт қарасам мамам мен папам жаңа ғана мен қасынан өте шыққан қарияны алма-кезек құшақтап, қарық болып тұр. — Ол қайдағы генерал? – деймін сасқалақтап. — Іздеген генералың сол болады, –дейді мені иығымнан қаққан ұшқыш. Мамам мен папама және маған бірдеңе деген қарияны бетке алып, аяңдап келемін. Аяңдап жүріп келемін, не болып, не қойғанын өзімнің қалай ғана қателескенімді және мынау кісі атам бола қалған күнде генерал фуражкасының күнқағарын жарқыратып, алтын оқалы шинелін қазықтай ғып киіп алмай, неліктен сұр пальто мен кепка киіп келгенін түсінсем бұйырмасын. Аяңдап жүріп келемін, қарияны құшақтаған күйлері мамам мен папам да маған қарап тұр, қарияның жанары да менде. Жүрісімді жеделдеттім де қарияның сұп-суық, әрі шылым исі бұрқыраған пальтосына бетімді жасырдым. — Танымадың, танығың келмеді, ә! – дейді атам. – Ой сұмдық-ай, танығысы келмеді. Аэровокзалға оралып, ығы-жығы жұрттың арасына араластық, бірақ менің атама көңіл аударған бір адам болсашы. Әскери қызметін өтеп қайтқан солдаттар да сырт

берісіп, атамды елейтін емес, әдеттегідей сымдай тартыла қалған жоқ. Мейілдері, менің генералымның алдында олардың өйтіп тұра қалулары міндетті де емес шығар. Үшінші бөлім

ОТСТАВКАДАҒЫ ГЕНЕРАЛ

ДЕГЕНМЕН, ОНЫҢ ӨЗІ ҚАНДАЙ КІСІ? Міне мен атамның қасына отырып алып, оған қарай беремін. Қазір ол менің өтінішім бойынша мерекелік мундирін киіп алған. Әр погонында екі-екіден жұлдыздары жарқырайды. Кеудесіндегі ордендері көп-ақ, санап болмастай. Атамның бетіне қарасаңыз, әжім толған кәдімгі қарт кісінің жүзі, үлпілдеген майда шашы да өте жұмсақ. Папамның үстелінің үстіңгі жағында ілулі тұратын кісінің суретін атамның осы түріне ұқсайды деуге еш келмейді, мұртын да қырып тастаған. Тек көзін ғана суреттегі көзге ептеп ұқсатуға болар. Атам маған күлгенін бір қоймайды: — Сен немене, ұлым! Атаңды танымай қасымнан өте шыққаның! Мен иығымды қомдап қана құтылғым келеді, біз мерекелік дастарқанымыздың шетінде отырғанымызға біраз болса да осы бір ыңғайсыздық жағдайдан серпіле алмайақ қойдым. Шынында өзім де алаңғасар-ақпын ғой. Атам шашымнан сипап қойып, менің көңілімді тыныштандырғысы келеді. — Әрине, егер екеуміз көшеде кездесе кеткендей болсақ, мен де сені танымай қалған болар едім. Атамның күмбірлеген қоңыр даусының қаттылығы сондай, ол сөйлеген кезде люстралардың салпыншақ әйнектері сыңғырлап қоя береді. — Соғыста жүргенде көбірек айқайлап сөйлеуге тура келгендіктен үніміз осылай болып қалыптасып кетті ғой, – дейтін ол. – Дәл жаныңда зеңбірек гүрсілдеп жатқан кездерде телефонмен сөйлесуіңе тура келеді. Жалпы артиллеристің дауысының зор болуы қажет. Атам кеудесін кере тыныстап алып: — Атыңдар! – деп айқайлап кеп жібергенде қуқыл өңі күреңітер еді, сол кезде үйіміздің төбесі ұшып кетер деп ойлайтынмын. Кенет естілген керемет үннен шошып қалған мамамның өңі қашар еді де, папам мәз болып күлер еді. Көрдіңіз бе, атамның үнінің қандай керемет екенін! Мен де күлкіге бір кенелемін, сөйтемін де дәл сондай ғып айқайлап көрмек боламын: — Атыңдар! Даусым шіңкілдеп, берекесіз болып шығады. Түн ішіндегі атам екеуміздің бұл өнеріміз, әрине мамама қайдан жақсын, бірақ атам оны тыныштандыра сөйлейді. — Ольга! Мен жәй әншейін, бір-ақ рет... Мен немереме өз айбынымды танытып қоюым керек қой, әйтпесе аэродромда қасымнан өте шыққаны аздай, селдір шашыма, әжім басқан жүзіме қарап: осындай да генерал көрсемші деп ойлап отыр. Мына жұлдыздарым болмаса тіпті жерге қарап қала жаздаппын. Атам дидарыма қарашығын қадаған сайын қызара түсемін. Өйткені, ол менің ойымды оқып отырғандай еді. — Алайда, атамның барқыраған даусы ғана қалған екен деп ойлама, – дейді ол, – мылтықты да жақсы атамын. — Мылтықты дейсің бе? –деймін қуанышымды жасыра алмай. — Мылтықты да, тапаншаны да, автоматты да. — Маған үйретесің бе? – деп қиыламын. — Қару табылса үйретер едім. Жер жырта аламын. Ағаш жону да қолдан келеді. Жақсы жүземін. Сен өзің жүзе білесің бе?

Мен басымды шайқаймын. Біздің өзенге түсу оңай емес, ағысы тас домалатардай, оның үстіне суы мұздай, бір сүңгісең болды, жағаға қарай безе жөнелесің. — Сендер де бар болыңдар, өзен жағасында тұрып, жүзе білмеу деген не деген сұмдық! Менде де армияда суға салсаң балта сияқты жүзе жөнелетіндер болған. — Қандай балтаны айтасың? – деп таңырқаймын мен орынсыз айтылған теңеуге таңырқап. — Өй, балтаның қалай малтыйтынын көрмеп пе едің? Мен әрине күліп алдым. Балтаның қалай малтыйтыны көзіме елестеді, шу дегенде шым батып жоғалар. — Малтуды үйретесің бе? – деп сұраймын одан. — Барлығын да үйретемін, – дейді ол менің шашымды тағы да ұйпалақтап қойып, – өзім білетін барлық өнерімді үйретемін. Мен вяткалықпын ғой, вяткалықтардын қолынан келмейтін іс болмайды. Ондайды естіп пе едің? — Вяткалык өнерпаз, –дейді папам атама қарап жымиып қойып. – Отставкаға неге жібергенін мойындашы, кәне?! Өзің еш уақытта кетпес едің! Ішім сезіп отыр ғой. — «Неге, неге?» – дейді атам түнеріп. Орнынан тұрып, бөлмені кезіп жүріп кетеді. Папам сияқты. Бұл мәселе оған онша жаға қоймаған сияқты. – Жетер, канша уақыт жүре беруге болады? Тоғыз жүз бесінші жылы туыппын – иә де, жиырма үшінші жылы армияға алыныппын. Ал, есептей бер: елу жылдан астам уақытты армияда өткізіппін. Жүре берудің де шегі бар емес пе? Жастар болса өсіп келеді, оларға орныңды босатуың керек дегендей. – Ендеше былай, жолдас, генерал-лейтенант, – дейді папам ақырын ғана үн қатып. – Сені отставкаға денсаулығыңа байланысты, жүрегің нашар болған соң шығарған, оны біліп тұрмын. Сөйтіп, енді осында жақсылап тынығуың қажет. Құдайға шүкір, бір ғұмырға жетерлік жұмыс істедің! — Бұл немене, жолдас запастағы лейтенант, өзіңнен шені үлкен адамға ақыл айту деген қайдан шыққан? – дейді атам түйіліп. Ол бөлменің бір бұрышына барып тоқтай қалды, бойы бұрынғыдан да шөге түскендей. Өзі біздің біреуімізге де ұқсамайды. Қою да ұзын қастары өңіне сұс бергендей. Көзі де өткір, қап-қара. Жүзіне қарағанда, дәл қазір әкеме: «Тік тұр!» деп ақырып қалатын сияқты. Бірақ атам бар шарасы таусылғандай мундирін шешіп, оларын орындықтың үстіне койды да өзі диванның бір шетіне қисая кетті. – Енді тынығатын болдық ғой. –Оның үні бір түрлі құмығып естілді.

АТАМНЫҢ ОТСТАВКАСЫ Таңертеңгілік түсініксіз бір қарбалас басталады. «Газиктер» келіп, біз киініп даяр болғанда, пальтосы мен қалпағын баса киіп алған папам телевизия хабарларының программасын іздеп сарсаңға түседі. Әу дегенде мен ештеңені түсінбеймін. Газетті тауып алғанға үлкен бір іс тындырғандай қуанған папам қызыл қарындашпен газет жолдарының кейбірінің астын сызып, атама телевизорды қалай іске қосуға болатындығын түсіндіре бастайды. Осы кезде мамам да қарап тұрмай сөреден кітаптарды суыруға кіріседі. Атамның фантастикалық па, әлде шытырман оқиғалы шығарманы ма, болмаса тарихи романдарды ма – қайсысын жақсы көретіндігін тәптіштейді. Тек мен ғана қалыс қалып, табалдырықта тұрамын. Енді маған бұл қарбаластың қайдан шыққаны белгілі. Әрине, бұлары дұрыс та. Атама көңілсіз болмасын дейді де. Айтты-айтпады, өмір бойы жұмыс істеді, майдан кешті, енді келіп, аяқ астынан – сарт еткізді! Ал, керек болса! Қабағымды қарс түйіп алып, атама бір ұсыныс айту үшін ал кеп ойланайын, бірақ есіме ештеңе түсе қоймады. Тек оған іштей қызығамын. О, шіркін, менің қолыма осындай бостандықты берсе ғой. Ешқандай себеп-сылтаусыз

мектепке бармайтын болсам атам сияқты қалаған шаруамды істеп үйде жатсам, шіркін! Бірақ атама қарасам жүзінде мұң бар. Өзі күлгенмен жанарынан көңілсіздік байқалады. Әлденеден үрейленгендей ме, әлде торыққандай ма, әйтеуір мұңды жанар. — Жақсы, жақсы, – дейді ол мамам мен папама, – телевизорды да міндетті түрде қараймын, кітапты да оқимын. Жолдарың болсын! Шаруа істеңдер. Үйренерлерің де көп әлі. – Өз көңіл күйін білдірмейін дегендей көңілдене сөйледі: – Жұмыссыз отыратын бірінші күнім ғой бұл. Ех, ұйқым бір қанатын болды! Біз есікті жауып, баспалдақпен үнсіз түсіп келе жатырмыз. Машинаның қасына барған соң да мамам мен папам үй жаққа қинала қарады. — Оған оңай дейсің бе? – дейді папам. — Антошка, – дейді мамам күрсіне сөйлеп, – сен мектептен шығысымен ешқайда айналмай, бірден үйге қайт. Атаңмен бірге серуенде. Оған поселканы, құрылысты көрсет. Қысқасы, біз келгенше атаңды жалғызсыратпауды өз міндетіңе ал. «Газиктер» өз жолдарымен кетті де, мен мектепке бет алдым. Қызық-ау, «жалғызсыратпауды өз міндетіңе ал!» Айтарға ғана оңай. Әйтпесе, жеңіл тапсырма емес. Мектепте де кешке дейін басымды қатырып, ойланумен болдым. Тіпті мұныма Кешка да таңырқады. Ауырып отыр деп ойласа керек. Ауырмағаным ақиқат. Бірақ істің жөнін қалай келтіру жайын қатты ойланған едім. Атамды қайтсем жалғызсыратпауым қажет? Мұғалиманың үні де алыстан үзіліп-үзіліп әрең естіледі: бы-ды, бы-ды... дейтін сияқты. Математикадан кейін тіпті мені «зейін қоя» тыңдағаным үшін мақтап та қойды. Мәс-саған! Мені зейін қойып тыңдағаным үшін мақтап жатыр, ал мен сыңар сөз ұққан жоқпын. Бәрібір тығырықтан шығар жол таппадым. Жалпы, Гайдардың тимуршылары сияқты магазинге барып, нан, сүт әкеліп беруге, отын жарып, су әкеліп беруге болар еді. Бірақ атама отын жарудың текке қажеті жоқ. Үйлер бір орталықтан жылынады, су болса түтікпен бөлмеге келіп тұр, ал нан мен сүт мәселесіне келсек, атам келгенше де өзім істеп жүрген шаруам. Бәрібір тығырықтан шығар жол таппадым. Бірақ сабақ біткен бойда үйге қарай бірден зымырайын. Өйткені, атамыз екеуміз өзі әлі дұрыстап сөйлесіп те үлгермеппіз. Ал, менің сұрасам деген сауалдарым – тоннасымен жатыр. Соғыс жайлы, Зеңбіректер туралы. Тағы да қилы-қилы. Баспалдаққа жақындай бере-ақ мұрнымды бір жағымды иіс жара жөнелсін. Атам келіп есікті ашқан бойда әлгі иіс бетіме шалқып тигендей болды. Аузымды ашыппын. Дәлірек айтқанда, аузым өзі ашылыпты. Автоматты түрде. Енді қалай? Атамның қайдан тауып алғанын кім білсін, ол ескі шалбар киіп, жалаң аяғына галошты қоңылтаяқ сұға салыпты. Сирек шаштары үрпиіп, ұйпа-тұйпа болған. Бір қолында еден жуатын шүберек, өзі болса айыбын мойындаған бала сияқты күліп қояды. – Құдайға шүкір, – деді ол. Әрине мұнысы әскери адамның сөзіне ұқсаған жоқ. – Мен әке-шешең келіп қалған екен деп қалмаймын ба? Мен болсам арбалған адамдай портфелімді қойдым, шешіндім, сонан соң бөлмелерді көре бастадым. Барлық заттардың аяқтары көктен келіпті. Кілем де құбыр темір сияқты шиыршықталып қалыпты. Диван да мекенін ауыстырып, орындықтар біріне бірі мінгесіп-ұшқасып бір жерде тұр. Атам еден жуғышын шелектегі суына бір малып алып, іске кірісіп кеткенде таңырқауымда шек болған жоқ. Оның қимылына көз ілеспейді, әрі өзі епті-ақ, бүкіл өмірін армияға бұйрық беріп емес, еден жуып өткізген кісі сынды. Таңырқағаным бірте-бірте тарай бастағандай. Алдымен мен оның бұл ісіне деген өзімнің қарсылығымды білдірмек болдым. Атамның мұнда әскери ұшқыштармен бірге еден жуу үшін келмегенін мамама айтып, шағынсам деп бір тұрдым да, мына қызықты

Кешкаға қалай айтып беретіндігімді ойлап кеттім. Әрине, оның менің бұл қияли әңгімеме ішегі қатқанша күлері хақ. Осы араға келгенде өзімді күлкі қыссын, сонан соң қарқылдап қоя берейін. Қалай күлмессің! Генерал еден жуып жүр! Атам шаруасынан қол үзбеген күйі маған бір сәтке суық қарады. Сөйтті де ол да қарқылдап қоя берді. – Қане, – деді ол маған, – екінші галошты тауып ал да қолыңа жуғышты ұстап, іске сен де кіріс. Екінші галош табыла қойған жоқ, бірақ су еденді жалаңаш аяғыммен басып жүріп-ақ диванды, орындықты орындарына қойып, мебельдерді дымқыл шүберектермен сүртіп шықтым. Теңіз қарақшылары сияқты басымды орамалмен таңып алдым, онымды атама да істедім. Сол кезде біздер жалғыз көзді капитанның каютасын тазалап жүрген қос теңізшіге, қос қарақшыға ұқсайтын едік. Мен әлде бір фильмнен естіген өлеңнің жалғыз жолын үнімді әдейі қырылдатып айта бастадым. Эх, біздер! Қарақшылармыз! Қарақшылармыз! Ох, біздер! Қарақшылармыз! Қарақшылармыз! Ух, біздер! Қарақшылармыз! Қарақшылармыз!. Өлеңнің басқа жолдарын білмегендіктен осы бір жолды қайталай бердім. Тек, ох, эх, ух, ых деген сияқты одағайларды ғана қалауымша өзгерте беремін. Мұндай әнді үйрену сонша қиын емес еді, сондықтан бір кезде атам маған қосылып берді дейсің. Тіпті қатып кетті. Ых, біздер! Қарақшылармыз! Қарақшылармыз! – Мынау мұрынды жарып бара жатқан жағымды иіс не? – деп сұрадым мен бір кезде. Атам ә дегенде бетіме қарап аңырып тұрды да, дымқыл еденмен тайғақтай жүгіріп, ас үйді бетке алды. Бір кезде ол жақтан әлде не салдырлады да, іле атамның өкінішті үні естілді. Көмекке мен де ұмтылдым. Тағы да менің ауызым аңқиып қалыпты. Автоматты түрде. Газ плитаның пешінен көгілдір түтін сыздықтап шыққандай, ал ас үстелінің үстіндегі тәрелкеде қызыл күрең, хош иісті тәбетті қытықтаған самсалар үйіліп тұр еді. Атаң болса осындай болсын! Генерал болса осындай болсын.

АТАМНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ Көрдіңіз бе, істің қалай бет алып бара жатқанын. Біз оған емес, керісінше ол бізге қамқорлық жасай бастады. Енді біз үйден төртеу болып шығатын болдық. Мамам мен папам машиналарына отырады, атам екеуміз де екі жаққа бет аламыз – мен мектепке, ол магазинге қарай. Кей-кейде, мен былай шыққан соң сүт құятын шөлмектерін торына салып, көшемен асықпай басып бара жатқан атама қарар едім. Ондайда атам да маған бұрылып, қолын бұлғар еді, сол кезде оған деген аяушылық тан менің жүрегім шым ете қалғандай болады. — Жо-жоқ, бәрі бір мен мұнымен келісе алмаймын. Отставкада болса да жаужүрек генералдың шөлмектерді көтеріп, магазинге барғаны, еден жуғаны, самса пісіргені... ішке симайтын дүниелер. Басында ойлаған едім, бір-ақ рет жәй байқап көрген болар деп. Үшінші сыныпта жүргенде менің де бір рет еден жуғаным бар. Бұл сегізінші наурыз күні болатын. Одан кейін де талай дүркін еден жууға оқталғаным бар, бірақ реті бір келмей-ақ қойды. Шаруабасты болып, қол тимейді. Ал атам болса бұл шаруашылықпен күн құрғатпай айналысатын болып алды. Біз оны талай-талай мәжемкеледік. Бірақ біздің шабуылымыз үнемі сәтсіздікпен аяқталатын. Сонда ол күле отырып, былай дейтін: — Маған сонда не істе деп бұйырасыңдар? Мұнда басқа шаруа шамалы сияқты. Тұрғындардың орта жасы – жиырма бес екен. Ұят-ақ? Бір қарттарың жоқ. Москвада

ғой, шіркін, тобымен жүреді. Ықтырманың орындықтарына отырып алып, доминоны ұрып жатады. Енді менің де бірдеңемен айналысуым керек қой. Мамам мұндайда отқа түскендей болады. Атам темекі тарту үшін ас үй жаққа кеткенде папамның құлағына сыбырлар еді. — Енді не істейміз? Ұят-ақ болды ғой! Генерал еден жуып, кілемнің шаңын қағып жүр деген не сұмдық?! — Ал сен еден жуып жүрген кісінің генерал екенін ұмыта тұр, сонда түк те етпейді, – дейді папам оған. Мамам бұл тығырықтан шығудың жолын өзінше тапты. Ешкімге байқатпай құлқын сәріден орнынан тұрып, еденді жуып, ыдыс-аяғын жарқыратып тазалап қоятын болды. Аяғының ұшымен басып, «ұрлығын» ешкімге байқатпауға тырысып жүрді. Бірақ атамнан қулық артылған ба, мамамның айласын бірден әшкереледі: — Ольга, сен ондайды кой, жарай ма! — О не, Антон Петрович? – деп мамам түк білмегенсіді. — Мен саған көрсетермін «Антон Петровичті» – деп гүрілдеді атам қаһарланып, Бәрі бір мамам жуған еденді ол қайыра жуып шықты. Сол күні оның тағы да самса пісіріп қойғанын көргенде шарасы таусылған мамам жылап жібере жаздады. — Антон Петрович! – деді ол ызаға булығып, – сіз мені сондай ыңғайсыз жағдайға қалдырып отырсыз ғой. Бұл не қылғаныңыз? Атам аяғындағы тәпкесін сүйрете басып, оның қасына жақындады. Қолындағы қызыл күрең самсасының дәмін татып көр деп тықпалап жүр. Мамам самсасын жеп болғанша әңгімесін бастады: — Оленька, сен зиялы жан емеспісің, шын ғой? Олай болса қарт адам қарап жатуға тиіс дегенге түкіргенің бар ма! Мен әлі тіршілігі таусылмаған тірі адаммын ғой! Әлде сен мені осындай бір ғажап генерал болған деп музейге апарып коймақ па едің? – Атам екі қолын кеудесіне айкастыра қойды да күліп жіберді. – Жаным-ау, мендей генералдар толып жүр емес пе?! Қолма-қол дауысын қатайта сөйледі. – Жарайды, бұдан былай бұл әңгімені қайталамайтын болайық! Мамам атамды құшақтай алды. Мен атамның ту сыртында тұр едім, мамамның жанарына жас ұялай қалғанын анық көрдім. — Папа, – дейді ол, – бір түрлі қызық адамсыз-ау! Атам оның иығынан аялай сипады да: — Көрдің бе, – деді ол, – біз әбден түсіністік. Келе ғой, онан да атаңның пісірген самсасын жейік. Біз сөйтіп, пісірген самсаны жеп, ол магазиннен әкелген сүтті іштік, ол жалтырата жуған еденді басып жүрдік. — Өздерің де бір түрлі қызық адамсыңдар, – дейді атам өз ісінің дұрыстығына біздің кезімізді біржола жеткізейін дегендей, – өздерің жұмыс істеп, оқуларыңды оқисыңдар, ал мен болсам қолымды қусырып, қарап отыруым керек. Жоқ, мен өйтіп отыру үшін келгенім жоқ! Түсінікті болар! Мамам күрсініп қойды. Ол жеңілгенінің белгісі еді.

ҚҰПИЯ ТӘСІЛ Мамам жеңілгенімен өз басым оның дәлелдерін әлі мойындай қойған жоқпын. Атамның мұнда қарттар жоқ дегенін есіме алдым. «Жоқ дегені қалай? – деп ойладым. – Француз әйел Анна Робертовнаны қайда қояды?» Тиындарымды құрастырып, клубқа келдім де сатушы Зинаида Ивановнадан алты балмұздақты бір-ақ сатып алдым. Өзгеше, өзіміз ойлап тапқан тәсілмен соғып алдым. Ағызып-тамызып жалап тұрмай кесек-кесегімен опырып алып, жұта беру. Талай тәжірибеден өткен тәсіл, бұл құпияны маған үйреткен Кешка болатын. Бір ғажабы бұл тәсіл көктем мен күз кездерінде ғана әсер етеді. Жаздың кейбір шіліңгір

ыстықтарында да қолдануға болады. Қыс кезінде болмайды. Қыс айларында балмұздақты килограмдап соқсаң да ешқандай әсер етпейді. Мен ойлаймын, сыртта да аяз, ішіңде де аяз, екі суық нәрсенің температурасы өзара теңесіп алып ештеңе болмайтын сияқты. Ал күз айларының жөні бір бөлек. Өйткені, күзде сырттағы температура да әрі-сәрі болады. Ұсақ жаңбыры бүркіп, жол сары батпаққа бөгеді. Міне, осындай кезде Кешканың тәсілі таптырмас айла. Қазір де күз мезгілі еді. Мен Зинаида Ивановнадан тоғыз тиындық алты балмұздақты алдым да кесек-кесегімен қылғыттым. Кеш бойы басымды ара-тұра ұстап қойып, балмұздақтың әрекетін тосумен болдым. Жоқ, дым жоқ. Өкінішті-ақ. Мектепке барысымен Кешкаға өзімнің сәтсіздікке ұшырағанымды айттым. Кешка дегеніңіз тіс қаққан қу, нағыз кержақтың өзі. Мен мысалы Сібірде туғандықтан, бар болғаны сібірлік қанамын. Ал Кешка болса – кержақ, былайша айтканда, барлық ата-бабалары, тума-туысқандары, аталары мен арғы, одан арғы аталары осы тайгада тұрып, аң аулау, бал жинау, балық аулау, ағаш өңдеу сияқты тайгаға тән тіршілікпен күн кешкен сібірліктердің ішіндегі сібірлігі. Өзенді плотинамен бөгей бастағанда Кешканың әкесі де, атасы Иннокентий Евлампиевич те құрылысқа жұмысқа орналасқан. Кешка да әкесі сияқты тұйықтау болып өседі. Сабақ айтқанда да артық сөз шығындау дегенді білмейді ғой. Сондықтан да ол математикаға келгенде кіл бестіктерді мұрнынан тізіп тұрып алады, ал тарих, география сияқты пәндерге келгенде ісі іс болмай іркіт болып іри бастайды. Бұл пәндер үшін сөйлей білу, сөздерді қойша тоғытып, мысалдар келтіру қажет. Кешка болса: «Колумб Американы 1492 жылы ашқан» дейді де аузына су толтырғандай тұрып қалады. Мұғалима қане, анығырақ тоқтап, Колумбтың қалай жүзіп жеткені, жолда не көргені туралы, тағы сол сияқтыларды толықтырып айтшы дегендей сұрақтар қойып, оның жанын қинай бастайды. Ал Кешка болса бір аяғымен екіншісін үйкеп қойып, ең бастысын айтып едім ғой, енді нені айту қажет дегендей иығын қомдар еді. — Ол да жүзіп кеткен болатын, – дейді ол, – бірақ басқа бағытпен кетіпті. — Иә, – деп күрсінер еді мұғалима да, – Евсеев, сенен бір сөзді суырып алу үшін престің астына салып сығу қажет шығар. Кешканың сондықтан да мұндай пәндерді суқаны сүймейді. Орнына келіп отырған соң да танауының астынан: — Ең бастысын айттым ғой. Ендігісінің не қажеті бар?! – деп міңгірлеген болады. Бірақ тарих, география, әдебиет және табиғаттану пәндерінен «ең бастысын» айтумен ғана шектелу мүлде аздық етеді екен. Осы бір мұғалімдер Кешканы ұқпай-ақ койды, әрине олары бекершілік. Кешка дегеніңіз мынау деген бала. Білмейтіні де, қолынан келмейтіні де жоқ. Жалғыз тал сіріңкемен-ақ костеріңізді лау еткізеді. Тіпті жаңбыр жауып тұрса да. Мұндай іс әрбір үлкен кісінің де қолынан келе бермейді. Тайгада келе жатқанда ағаштарға қарап, ешқандай компассыз-ақ түстігің мен терістігіңді ажырата береді. Себебі ағаштың терістік жағына мүк өседі екен ғой. Айтары бар ма! Кешка саңырауқұлақ өсетін, жеміс-жидек өсетін жерлерді де жатқа біледі. Бір жолы оның кішкентай адамның суретін салғаны бар. Сары бояумен. Қолдары да, аяқтары да серейіп тұр. Кешка маған оның ешқандай да адамның суреті емес, ағаштың адамға ұқсас бір тамыры екенін айтқан-ды. Ол женьшень, немесе өмір тамыры деп аталады екен. Бұл тамырдан дәрі жасалатын көрінеді және ол дәріні ішкен адам ұзақ өмір сүреді екен. Женьшень – Қиыр Шығыста өсетін өсімдік, бірақ қарттар оның біздің Сібірде де өсетіндігін айтады. Тек өте сирек. Кешка жасыл қарындашпен бұл өсімдіктің жапырағының суретін салды. Өрнекті, сызықшалары бар. Тамыры жердің астында өседі екен де оны осы жапырағына қарап, басқа өсімдіктерден ажыратады екен. Сонан соң Кешка менің жұмған аузымды ашпайтыным жөніндегі

сертімді алды. Өйткен себебі, ол өзі алдына қалай да женьшеньді табамын деген мақсат қойған болатын. Міне, Кешка деген қандай? Тек оны мұғалімдер дұрыс бағаламай жүр. Кешка жайлы тағы не айтсам екен? Қара шашты, қара қасты. Беті жалпақ, сүйектілеу келген. Қолдары да қарулы-ақ. Кешка – сыныптағы чемпионымыз. Кімді де болсын, шынтағымен-ақ шыңғыртып жібере алады. Немесе қолыңды шындап қысып жіберсе көзіңізден жас ыршып кетеді. Бірақ, Кешка өз күшінің молдығын ешқашан мақтаныш етіп көрген емес. Менің де Кешканы сонша жаксы көретінім сондықтан. Мен Кешканы ең алдымен ақыл кеңестері үшін жақсы көремін. Меніңше, оның білмейтіні жоқ. Сондықтан да болар, менің оған балмұздаққа байланысты «ерекше тәсілден» ештеңе шықпағанын айтқаным. Кешка біраз ойланып тұрды да: — Одан да басқа бір тәсілдер бар еді, – деді. Сөйтті де менің жаңа тәсілді қолдануға шыдай алатыныма күмәнданғандай бетіме қарады. Шыдай алатындығыма сөз бар ма дегендей мен де оны шынтағыммен бір нұқып қойдым. — Жарайды, – деді Кешка мардамсып. –Сейсепті суға салып алып, соған орануың керек. Тісіңе тісің тиіп сақылдағанша, тұруың керек. Он минуттан асып кетіп жүрмесін. Ұқтың ба? Кешкілік айтқанындай-ақ ыстығым отыз сегіз градусқа жетіп-ақ барғаны. — Жақсы болды, – деп ойладым өз тапқырлығыма риза болған мен, – енді атамның қасында болатындай себеп бар.

БІЗДІҢ ӘҢГІМЕМІЗ Ертеңгілік мамам менің тапжылмай жатуымды қатаң тапсырды да жиі-жиі телефон шалып тұратынын айтып, жұмысына кетті. Атам болса етігін сұға салып, магазинге бет алды. «Ендігі қалғаны – атамның ауру адамды күткені еді», деп ойладым. Бірақ басқа шарамыз қайсы? Құрбандықсыз өнер де өрге баспайды. Менің көңілімді көтеру үшін бе әлде күнде біз үйден кеткеннен кейінгі әдеті ме, әйтеуір атамның ән бастамасы бар ма. Магазиннен келген бетте ыдыс-аяқтарын салдырлатып, сүтті отқа қойды да: – Бұйрық алды ол – батыс жаққа, Ал қыз кетті шығыс жаққа, – – деп бастап еді, мен іліп ала жөнелдім: – Комсомолдар шеру тартты. Елі үшін соғыспаққа. Атам бір тостақ сода қосқан ыстық сүт әкеліп берді де, ішіп қоюымды талап етті. Мен сүтті ішіп, терлеп-тепшіп болғанша ол поселкамыз жайлы кейбір ойларын ортаға салды. — Поселкаларыңның ерекшелігі көп-ақ, – дейді ол, – магазиндерін күндіз ашпай-ақ қойса да болатындай. Онда барып жүретін жалғыз мен ғана шығармын. Ол терезенің желдеткішін ашып қойып, темекісін тұтатты. Атам біздің поселкамыз жайлы ойланса, мен атамның өзі жайлы толғанып жатырмын. — Сен ол жақта – Москвада не істедің? – деймін мен. – Жалпы, соғыс жоқ уақытта генералдар не істейді? Атам күліп жіберді. — Е, генералдардың жұмысы да бастан асады ғой. Соғыс жоқ уақыт дегеннің өзі шартты ұғым. Әйтеуір бір жерде біреулер соғысып жатады ғой. Ал ол соғыстардың бізге қатысы жоқ деуге болмайды. Айталық сенің көзіңше әлсізді әлді келіп желкелеп жатса сен қарап тұра аласың ба?

Мен басымды шайқаймын. Оным, әрине, жоқ дегенім. — Ал саған соғыс кезінде қорқынышты болған жоқ па? — Әрине болды, бірақ соғыста командирге қарағанда жауынгерлерге қорқыныштырақ болады. Командирлер команда беріп, байқау пунктінде немесе штабта тұрғанда жауынгерлер оқтың астында тұрады. Олай болса командир де өзі үшін емес, соның бұйрығымен соғысып жүрген жауынгерлері үшін қорқуға міндетті. — Ал, генерал болған жақсы ма? – деп сұрадым мен. Атам маған қарай қисая отырды да аз-кем ойланып қалды. — Әрине жұлдыздарыңды жарқыратып, көшеде келе жатқаның неге жаман болсын?! Солдаттар саған сәлем беріп, өткіншілер өзіңе үнемі назар аударады. Бірақ мұның бәрі де жай нәрсе. Осының өзінен де жалығып боласың. — Қалай дейсің? – дедім мен таңырқағанымды жасыра алмай. – Генерал болғанда тұрған ештеңе жоқ дейсің бе?! — Ерекше ештеңе неге болмасын, – деді ол. – Ол – жауапкершілік. Айталық, сен өз істерің үшін, алған бағаларың, тәртіп, тәлімің үшін жауап бересің. Ал командир болса қол астындағы жауынгерлер үшін, олардың соғыс өнерін қалай үйренгеніне – бәріне жауап береді. Олардың тамақтарының тоқ, киімдерінің бүтін, көңіл-күйлерінің көтеріңкі болуы үшін де сенің қам жеуің қажет. Барлығының әрбір іс-әрекеті үшін жауап бересің. Ал мұның өзі оңай іс емес. Бір кезде мамам телефон соқты. Менің денсаулығымның жайын сұрады. Атам менің сауығып қалғанымды айтты да ас үйге бет алды. — Тауықты аса беретін уақыт болған сияқты, – дейді ол маған. — Оған асықпай тұра тұр, – деп басқа бір өтінішімді айттым. – Мундиріңді алып, үстелдің үстіне қойшы, а! Мен жақсылап көріп алайын. Атам бетіме таңырқай қарап тұрды да өтінішімді орындап, өзі шығып кетті. Мен атамның генерал киімдерін көріп, ордендерін тамашалай бастадым. Мынау екі орденді – Ленин орденін жақсы білемін, мен ғана емес, оны жұрттың бәрі де біледі. Сонан соң мынау Жауынгерлік Қызыл Ту орденін де танимын. Атам олардың үшеуін алыпты. Ал мына бір түрін бірінші рет көруім. Александр Невский ордені. Тағы бір кресі бары шет елдердің бірінікі болса керек. Ал медальдарда... сан жоқ. Диваннан тұрдым да атамның мундирін киіп алып, айнаның алдына барайын. Атамның өзі сияқты қасымды керіп, сонан соң бір қолымды созып, тұра қалдым. Қутузовтың дәл осы сияқты тұрған суретін көргенім бар болатын. Тұрысым өзіме қатты ұнап кетті. Шіркін десеңші, мен де генерал болар ма едім! Уылжыған жас генералдар неге болмайды екен? Тұп-тура он бес жастағы генералдар. Жарайды, жиырма жаста болса да! Сен шірене басып кетіп бара жатсаң, ал басқалары сымдай тартылып, саған сәлем беріп тұрса. Қолымды шекеме апарып өзіме өзім сәлем бердім. Мундирді шештім де тағы да ордендерді қызықтай бастадым. Сөйтіп, жатып көзім ілініп кетіпті. Телефонның шырылынан оянып кеттім. Менің халімді білмек болып, тағы да хабарласып жатқан мамам екен. — Мама, – дедім өтіне тіл қатып, – Анна Робертовнаны үйге шақыршы, а? Бүгін біздің сабағымыз еді ғой. Болмай қала ма деп корқып тұрғаным. Мұныма мамам, дау жоқ, таңырқады. Ол ештеңе де айтқан жоқ, бірақ біздің үнімізді бір-бірімізге жеткізіп тұрған сымның екінші ұшында үлкен сұрақ белгісінің пайда бола қалғанын сезіп тұрмын. Біреуі ғана емес, үш бірдей сұрақ белгісі. Мамам ештеңе айтпағанмен кешкілік Анна Робертовнаны ерте келді. Олар кіргенде атам тәпкесін сүйретіп, спорттық шалбарымен жүрген болатын. Ол өз-өзінен абдырап, қолын ыдыс-аяқ сүртетін орамалмен кұрғата бастады. Анна Робертовнаның жүзі сәл қызара қалды да ол іле французша сәлемдесті. — Мон женераль! Ой, құдайым-ау, әдейі ауыру үшін дымкыл сейсепке оранып, жанымды

шүберекке түйіп жүргенде бұл кісіні мен сол сөзді айттыру үшін шақырып па екенмін? Бірақ атам алғашқыдай саса койған жоқ, екі өкшесін бір-біріне сарт еткізді де қонақтың қолын сүйді. Үні де бір түрлі жарастықты естілді: — Мадам!

БАЙСАЛДЫ ӘҢГІМЕ Біз Анна Робертовна екеуміз аз ғана уақыт сабақпен айналысқан болдық, бірақ оның ойының онға бөлініп отырғанын мен де біліп тұрмын. Ол айтқан етістіктерді өзім қалай болады деп тапсам, солайша септеп отырмын, ал ол болса «бәрі керемет дұрыс» дегендей шұлғып қояды. Мен, әрине мұртымнан күліп қоямын. Ым-м... Оның атаммен әңгіме соққысы келіп отырғаны сөзсіз еді. Сол кезде мамамның шайы даяр болған. Мен етістіктерді септеп болғанша пісіп үлгерген тәтті нан да үстелге қойылды. Олар дастарћанды жағалай отырысқанда мен де диванда қисайып жатқан күйімде шайымды ішуге кірістім. Қанша айтқанмен науқас деген атым бар ғой. Атам әңгіме бастайды: — Ал, мадам, бұл жерде пенсионерлерге қалай тіршілік етуге болатындығын айта отырыңызшы? Жастардың ішінде деймін де? — Өте қиын, – дейді Анна Робертовна. – Ескі бір романстағы: «мұң басқан, көңілсіздік жайлайды», – дейтіндей-ақ. — Айпыр-ай, ә, – атам күледі. – Мұң басқан дегеніңізді білмеймін, ал бұл жерді көңілсіз деуге болар ма екен? Қалай ғана көңілсіз болмақ? — Ол өзі былай ғой, – деп жауап берді Анна Робертовна, – оларға бұл жер көңілді-ақ, өйткені олар құрылысын салады, жоспарлары, плотиналары, шаршы метрлері бар, ал мен ше? Күні бойы Гришамның жұмыстан қашан келетіндігін сарыла күтемін. Тым болмаса біреумен сейлесу керек қой. Ал, ол тамағын ішеді де отырған жерінде қалғып кетеді. Түсінесіз бе? Атам шайын қасығымен суыта отырып, терең ойға батты. — Мүмкін, – дейді ол, – шынында бұл жерде қарттардың болуының қажеті де жоқ шығар? — Әй, сіздер де! – Мамам шыдай алмай әңгімеге араласты. – Қисынсыз әңгімені айтасыздар-ау! Егер менің қолымда билік болса біраз пенсионерлерді комсомолдық жолдамамен осында жіберген болар едім! Олар бізге қандай қажет десеңізші! Мұнда кішкентай сәбилер де жеткілікті. Ал балалар бақшасы болса барлығын бірдей қамтамасыз ете алмайды. Балаларынан шыға алмайтын келіншектердің көбі үйлерінде отыр. Егер бұл жаққа да біраз кемпірлер келетін болса, талай әйелдер өз жұмыстарына шыққан болар еді. Айтары не, кемпірлер деген керемет күш қой. — Ал шалдар ше? – дедім мен. — Олармен әрине, мәселе қиындау! – деп мамам қинала сөйледі. – Олар, сөз жоқ, балаларды баға алмас еді. Бірақ оларға да жұмыс табылары сөзсіз. Атам қарқылдай күліп жіберді. Тағы да люстралар сыңғырлады. – Әй, Ольга-ай! – дейді ол. – Міне, нағыз мемлекет қайраткері. Мамамның жүзі қызарып, сасқалақтап қалды: — Кешіріңіз, папа, мен жалпы қарттар проблемасы туралы айтып тұрмын. Жеке сіз жайлы емес. Сіз болсаңыз демалуға тиістісіз. Атам тағы да күлді, бірақ үнінен көңілсіздіктін лебі ескендей. — Сөйтіп, – деді ол мұңая сөйлеп, – Анна Робертовна, біздер қазір аталар мен әжелер ғана емес, тіпті проблемаға айналыппыз. Мамамның әбден берекесі кетті білем, не дерін білмей үстелдің үстін жинай бастады. Анна Робертовна әңгімесін тыңнан сабақтады.

— Осы Гришам қашан келін түсіріп береді деп тоса-тоса қажыдым. Әлі әже болып та үлгіргенім жоқ. Жай ғана... Кемпір болып жүрміз де... Атам одан жанарын аудармай қарап отырды да дастарқанның шетін сыйпап қойып өз ойын ортаға салды. — О не дегеніңіз, Анна Робертовна... О не дегеніңіз, жылдың әр маусымының өз кереметі болмас па? Қыс, көктем, жаз, күз... Адам да осы сияқты. Кәрлігіңіз – адам өмірінің күзі сынды. Оның да өзіне тән сұлулығы, өзіне тән артықшылығы бар ғой... — «Жастық шақ – албырт, жасамыс шақ – пәрменсіз» – деген емес пе, – деп тақпақтады Анна Робертовна. – Оныңыз рас, – атам құптай сөйледі, – әр шақтың өз қызығы бар. Дегенмен, жасамыс шақты сары уайыммен, сағынышпен, жай ғана күндерді тосумен өткізуге болмайды ғой. Олардың үндері де баяу, атамның да, Анна Робертовнаның да жанарларын әлде бір сағыныш бұлты торлағандай – екеуі де осы бөлмеде емес, мамамды да, мені де елемей, мен үшін түсініксіз алыстағы бір өз күндерін, өткен дәурендерін қыдырыстап кеткендей, әңгімелері де баяу толқып ағар өзендей байсалды да терең еді... Біраздан соң Анна Робертовна орнынан тұрып, қайтуға жинала бастады. Атам аса бір сыпайылықпен ұсыныс жасады: «Сізді шығарып салуға рұқсат етіңіз!» Сөйтті де өзінің генерал мундирін киіп, сықиып шыға келді, мына киімімен көргенде Анна Робертовна қатты таңырқағанын жасыра алған жоқ. – Өтінем, мадам! – деді атам француз әйелге білегін ұсынып жатып. Анна Робертовна оның білегінен ұстады да екеуі сыртқа бет алды. – Көрдің бе, – дейді мамам маған қарап, – біздің атамыз қандай сыпайы адам, әнеки содан тәлім алуың қажет. Мен жымиып күліп қоямын. Бәрінің де мен ойлағандай болып шыққанына қуандым. Мүмкін, атам мен француз әйел домино соғып отыра қоймас, әрине, өйтпейді де. Бірақ, мәселе доминода емес қой! Қалай дегенмен екі кісіге көңілдірек те жақсы емес пе. Атам қасында біз жүргенде жалғыздық көре қоймас, дегенмен бір таныс кемпірдің болғанына не жетсін, Бір-біріне барып, шай ішісіп жүрер. Бүгінгі сияқты әңгіме соғар...

ЖҰМЫС Атам келгенше папам да жұмыстан қайтқан. — Ох, бүгін генаралға айтар ғажап жаңалығым бар! – Ол қуана үн қатты. Бірақ біз қалай сұрап, қалай өтінсек те ол ештеңесін айтпай қойды. Атам қызара бөртіп көңілді оралды, шинелін шешіп үлгергенше-ақ оның сергіп қайтқан сыңайы танылғандай, — Таудың басына шықтым, – деді ол, – сендердің кұрылыстарыңды көрейін деп едім, өкпек жел өңменіңнен өтердей екен! Өзі ерекше көңілді. Қолдарын үрлеп, жылыта жүріп әңгімесін жалғастырды: — Бұл құрылысыңыздың кереметтігін айтамын-ау! Крандар мен машиналарда қисап жоқ! Өзеннен көтерілген будың өзін ұрыс даласындағы түтінге ұқсатуға боларлықтай. — Енді қалай деп едіңіз! – Әкем қуанып қалды, атамды өз қасына отырғызды да, шкафтан құрылыс картасын алып шықты. – Мынаны қараңызшы. Ауқымы ат шаптырым емес пе. Плотина өзенді ауыздықтаған кезде жүз елу мың гектар жерге су жайылады. Қазір ол жерлердегі ну болып өскен орманның ағаштарын кесетін арнаулы орман өндірісі шаруашылықтары ұйымдастырылып отыр. Папамның қасына келіп отырған мамам оның сөзін бөліп:

— Антон Петрович, елді мекендер жаңа коныстарға көшірілетін болады. Мындаған жаңа тұрғын үйлерді салу қажет. Міне, мына жерден жоғары қуатты электр торабы тартылады. Ал мына жерінен темір жол, мына жерінен тас жол салынады. — Ал бізге келетін кісілердің санында қисап жоқ! – деді әкем тамсана сөйлеп. – Құрылысымызда әзірге он мың адам жұмыс істейді. Болашақта одан да көп болмақ. Атам сүйсіне тамсанып, басын шайқап қояды. Сонан кейін әкемнің иығына бір қолын салып қойып, мамама қарады да қулана тіл қатты. — Ал, енді әңгімені қалай бұрып бара жатқаныңды мойындашы. — Ешқайда да! – деді сасып қалған мамам. — Сөзіңнің жаны бар! – дейді әкем. – Менің саған деген әдемі ұсынысым бар. Менің ғана емес, құрылыс бастығының ұсынысы. Сен туралы білген бойда-ақ біздің үйге қарай жүгірмек еді, жұмысынан шыға алмай қалды. Сөйтіп, ол сені жұмысқа келсе деген ұсыныс жасайды. Кадрлар бөлімінің бастығы болуға. Тамаша емес пе? — Әрине! – деді де атам біраз уақыт үнсіз қалды. — Жұмысқа келіп-кетушілер көп, – әкем қыза сөйлеп кетті. – Өзен сияқты ағып келіп, ағып кетіп жатқан біреулер. Әсіресе жастар жағы. Армиядан келіп біраз жұмыс істейді де, біраздан соң үйлеріне қарай тартып отырады. Солармен сөйлесіп, құрылыста қалулары керектігіне көздерін жеткізу қажет, қысқасы құрылысты жұмысшы кадрлармен қамтамасыз етіп отыратын өте маңызды жұмыс. Тәуекел, әке! Бізге дәл сіз сияқты адам қажет! Атамның жанары жерге сүрініп қалыпты, ол мамам сөйлеген кезде ғана басын көтерген. Мамам оған: — Сен өз сөзіңе өзің қарсы келіп отырсың ғой. Бірде оның дем алуы қажет десең, енді бірде оған жұмыс іздей бастайсың, – дегенді айтты. — Жоқ-ау, мәселе онда емес қой, – деді де атам орнынан тұрып, бөлмелерді кезіп біраз жүріп кетті. Оның жүзіне қарасаңыз әбден қажып, шаршағандықтың белгісін көрер едіңіз. — Оленька, ол менің көңілімді аулайтын жұмыс тауыпты. Екі қолым алдыма сыймай жүргенше жұмыс істеп, еңбек етуімнің керектігі рас қой. Атам тоқтай қалды да әкеме жанарын тіктеді. Әкемнің берекесі кеткені сонша, қарындашымен үстелді тықылдатып, атамның жүзіне тіктеп карай алмады. — Бірақ, ұлым, мен шенін бетке ұстап, той беделі болып отыратын генерал емеспін ғой, оның үстіне, менің қолымнан дұрыстап жұмыс істеудің келмейтінін өзім де білемін... Тым кештеу де сияқты... Ол тағы да бір сәт үнсіз қалды. — Иә, тым кеш, – деді ол жаңағы сөзін қайталап, – бәрін де қайтадан бастау қажет. Папам құрылыс қартасын орнына қойды да атама қарап жымиды: «Әрине, бармаймын десеңіз зорлық жоқ». Ал мамам тағы да атамды жақтап шықты: «Дұрыс айтасыз, Антон Петрович, дем алуыңыз керек, жұмыс шіркінді бір кісідей-ақ істедіңіз емес пе!» Бірақ атамның осыдан кейін бір түрлі ойсоқты болып қалғанын мен жақсы түсіндім. ...Қараңғы үйде екеуіміз де ұйықтай алмай дөңбекшумен жатырмыз. Науқастанып қалуыма байланысты мен диванға, атам менің жиналма төсегіме жайғасқанбыз. Атам жатқан жайылма төсек ауық-ауық сықырлады. Ой теңізінен малтығып шыға алмай жатыр-ау... — Той беделі болып отыратын генерал дегеніңізді қалай ұғуға болады? – деймін мен атама. — Сен де ұйықтай алмай жатырсың ба? – Иә, – деп сыбырлаймын. — Бұл өте жаман атақ, Антошка! Айталық, үйлену тойына генералды да шақырады. Той салтанатын арттыру үшін, соңынан жұрт: «Той деп осыны айт, генерал

да қатысты» деу үшін әдейі шақырады. Генерал болса бұл тойға ешқандай қатысы жоқ, үйленгендердің туғаны да туысқаны да емес. Мен дәл сондай генерал болғым келмейді. Екеуміз тағы да үнсіз қалдық. — Тойдың жөні бір басқа емес пе! – Еш уақытта да шеніңді бет жүздік етуге болмайды, – дейді атам сенімді үнмен, – еш уақытта! Егер ұғар болсаң, иә жұрт сияқты жұмыс істеу керек те, иә... Мен күрсіндім. Атам да күрсінді. — Қалай ойлайсың, Антошка? – дейді ол. – Папаң маған ренжіп қалған жоқ па? — Білмеймін. Ол сізге дұрыс болсын деген шығар — Мәселенің өзі де сонда ғой, – дейді ол, – ол мен үшін бәйек болып жүргенде мен оның ұсынысынан бас тартып отырмын. Ештеңе етпес, ренжір де ұмытар. Ол да түсінеді ғой. Қараңғы үйдегі оның дем алысы ауырлай түскендей сезілді. — Ата, саған не болды? – деймін мен. — Аздап жүрегім қысылып кеткені, – деп сыбырлайды ол. – Орныңнан ақырын тұр да, терезенің алдында тұрған дәрінің бірнеше тамшысын ыдысқа құйып әкеле қойшы. Бірақ, байқа, аяғыңды аңдып бас, әке-шешең сезіп қалып жүрмесін. Өзіме сенім артып тапсырған шаруаны орындауды жаным жақсы көреді. Дәрінің бірнеше тамшысын ыдысқа тамыздым да үстіне аздап су құйып, атама әкеліп бердім. Ол ішті де: — Жаңа жақсы болды, тынысым кеңіп қалды, – деді. Атам тағы да үнсіз қалды. Ұйықтап кеткен болар деп ойладым. Көзімді жұмғаныммен атам ойымнан шығар емес. Жалпы оның бізге келгені жайлы ойладым. Атамның үні тағы да естілді: — Ал жарайды, суланған сейсепке оранбай-ақ мені француз тілі мұғаліміңмен таныстыруға болмайтын ба еді? — Әрине болмады ғой, – деймін мен. – Өйткені, мен сабақ оқу үшін оның үйіне баруға тиістімін ғой. Ал, оны қайдан біле қойдың? — Әскери құпия, – дейді ол. Бұл сөзіне бір күліп алдым да: — Ал сенде шын әскери құпия жоқ па? – деп сұрадым. – Нағыз құпия? – Болғанда қандай, – дейді ол баяу ғана. – Маған айтып бересің бе? – деп сұраймын. — Айтуға тура келеді, – дейді генерал, – құпияны о дүниеге бірге ала кетуге болмайды.

Төртіншi бөлім

ҚАСКӨЙ ӘЗӘЗІЛ

«Қаскей әзәзіл» – осындай ұғым бар. Мен ол туралы ойласам-ақ көз алдыма адам кейіптес, тұла бойын түк басқан бір бәле елестейді. Жарғанатқа ұқсас дүр-р-р еткізіп ұша жөнелер жарғақ қанаты болады екен деймін. Мен оны қолмен қойғандай суреттеп отырғанмен еш уақытта ол көзге көрінбейді. Әзәзілдің ауада ұшып жүруі де мүмкін, ондайда өзіңнен синтетика көйлекті шешкен кезде шытырлап ұшқын ұшады ғой, тура сол сияқты, оның қанаттарынан да от шашыраса керек. Ол кесіріңіздің кез-келген адамның біріне қонып алып, одан

айрылмауы да мүмкін, таныс достарыңның бірін иектесе немесе өзіңе келіп жармаса кетсе құрығаным дей бер. Алға басқан қадамың кері кетіп, өмірде бола бермейтін, айтып түсіндіре алмайтын кесірге душар болғаның. Ол күні таңертең күндегідей ерте оянғанмын. Ешқандай да Қаскөй Әзәзіл туралы ойлаған жоқпын. Мектепке келгенде де портфелімді партаның астына сүңгітіп жібере салып, Кешкамен әлде не туралы сөйлестім-ау деймін, қысқасы күндегіден айырмашылығы жоқ тіршілік. Дәл сол кезде... Есікті серпе ашты да сыныптың табалдырығынан бері қарай сирек-сирек ит тістерін көрсете ыржалаңдап Қаскөй Әзәзілдің шыға келмесі бар ма. Портфелін басымыздан асыра лақтырды да айқайласын келіп: — Ей, маубастар, кеше менің кімді көргенімді білесіңдер ме? Генералды көрдім! — Түсіңде ме? – дейді Кешка. Бүкіл сыныптың назары Кешкаға ауды. — Жоқ, – деді ол ерекше бір маңғаз үнмен. – Жатар алдында аздап серуендемек болып көшеге шығып едім, қарсы алдымда генерал келе жатыр. Погонында бармақ басындай қос жұлдыз! Шалбарының қызыл жолағына дейін анық көрінді. — Міне саған барон керек болса! – Кешка таңдана сөйледі. — Қайдағы баронды айтасың? – дейді ештеңенің мәнісін түсінбеген Қаскөй Әзәзіл. — Мюнхаузенді айтамын, – дейді Кешка. Бүкіл сынып күлкіге көмілді. Соқтырып жіберетін өтірігі үшін, ойдан шығаратын қисынсыз әңгімелері үшін олар, Қаскөй Әзәзілді күлкі қылатын. Мен де оны үнемі мазақ етемін. Бірақ бұл жолы бір түрлі жүрегім сыздағандай. Біздің Қаскей Әзәзіл деп жүргеніміз, балалар кейде Газ Баллоны деп те атай беретін, Кирилл Пухов бұл жолы шындығын айтып тұр еді. Ортамыздағы ең кеспелтек жуан денелі Пуховқа балалар күлген сайын ол байғұс көзін алақтатып, бұл жолы титтей өтірік айтпағанына ант-су ішіп әуре. Бүкіл сыныпқа деген реніштен бе, әйтеуір екі бетім дуылдап сала берді. — Доғарыңдар мынау ессіз күлкілеріңді! – дедім бар даусыммен. – Ол генералдарың – менің атам. Сол кезде Газ Баллоны қорсылдап қоя берсін. Оның күлген түрі сол. Жөні түзу адамның күлкісіне ұқсамайды. Ол күлем деп қорсылдай жөнелгенде басқалар оның күлкісіне мәз болысатын. Бүкіл сыныптың тығыны тағы да ағытылды. Мүмкін олар Баллонның күлкісіне ыржалаңдап отырған шығар, бірақ олар маған күлгендей боп көрінді. Менің бетім енді өрт болып жана бастады. Оны айтсаң, жанарыма жас толды. Ал керек болса. Сюрприздің көкесі енді болды. Мен өзімше оларға сюрприз жасамақ едім. Оларға атам жайлы бар сырды ақтармақ болатынмын. Тым болмаса, Кешкаға айтсам ба деп едім. Тістеніп әрең отырмын. Көрдің бе, кейде мәселенің қалай өзгеріп кететінін. Мен өзімше бір тамаша жаңалық жасамақшы едім, оның түрі мынандай болып шықты... Атама генерал киімін кигізіп алып мектепке әкелсем, сөйтіп балалар аузын ашып, көзін жұмса дегенмін. Менің ол тіршілігім – орсақ тіс Кирилл Пуховтың көп өтірігінің біріне баланып кете барды. Кешка менің бүйірімнен шынтағымен бір нұқып қалды да бұрқылдай сөйледі. — Бұл не істеп жүргенің? Ызадан күйіп кеттім. Намысым өртеп бара жатқандай. Қаскөй Әзәзіл дәл осы сәтте мені бір түртіп қалған соң, күйіп кетіп, Газ Баллонына булыға тіл қаттым: — Бәс! — Байқа, Асунта, жеңіліп қалма! – дейді Пухов.

Букіл сынып тағы да күлкіге көмілді. — Есіңде болсын, мен сенің «американкаңа» ғана бәстесемін, – дедім шыдамсыздана үн қатып. Иә, иә, кідірместен үйге қарай зымырай жөнелу керек. Атамды осында ертіп келу қажет... Жо-жоқ, бұл ыңғайсыз болады... Ренжітіп алармын... Онда... Сенбейтіндердің бәрін де шұбыртып үйге ертіп бару керек. Сонан соң мундирін кигізіп атамды балконға шығарса болғаны. Мен сабақ біткенше сабырымнан айырылып біттім. Әр үзіліс сайын қызыққұмарлар біресе маған, біресе Пуховқа барып, сыбырласады. Біреуге барып сыбырлай салу оңай, олардың бізден қандай сөзді дәмететіні белгілі. Олар «Әй, қойыңдаршы, жәй қалжыңдай салып едім» дегеніңді күтетіндей. Олар жанымызға жақындаған сайын Кирилл екеуміз де үрлеген қарындай күмпиісіп, сырт берісеміз. Әйтеуір ақыры қоңырау да тіл қатты-ау. Бір шама тобыр жиналып қалды. Бір сынып түгел десе болғандай. Пухов екеуіміз жекпе-жекке шығатын адамдардай алға түсіп алып, қатар адымдап келеміз. Ізімізді баса менің секундантым Кешка келеді. Одан кейінгілері – қызыққұмарлар. Олардың ортасынан Альканың жасыл бас киімі мен мұндалайды. Алька дейтін біздің сыныптағы қыздарымыздың бірі. Ешкімге кіріптарлығы да, қатысы да жоқ адам. Егер балаларға бір нәрсе, айталық, бір фильм ұнаса Альканың оны ұнатпай қалуы әбден мүмкін. Ол оны жасырмайды да. Жұрт сияқты өтірік тәлімсу дегенді білмейді. ІІІындығын айтып тастап, қарап тұрады. Басқа қыздар жұрттың ауанынан көп шыға қоймайды. Олардың қай уақытта да пікірлері бір жерден шығып жатады. Біреуі бір әнді немесе бір артисті жақсы көрсе, басқасы да соны жақсы көрген болып шыға келеді. Олар өздерін бірауыздымыз десіп мақтанса, мен бірбеткей Альканы ұнатамын... Оның мінезі өте жұмсақ, жайдары болса да мен Альканы еркөңіл қыз деп санаймын. Сонан соң Альканың бұрымын айтсаңшы. Сыныбымыздағы ең жуан да жарасымды бұрым сонда деуге болады. Әлгі өзім айта беретін суреттегі әжемнің жас кезіндегі бұрымы сияқты. Бірақ бұл мәселенің біздің әңгімемізге түк қатысы жоқ. Бұл жердегі әңгіменің түйіні Альканың бізбен бірге келе жатуында ғана. Оның жасыл бас киімі мен мұндалайды. Сол кезде Кирилл Пуховқа бірер сәтке жаным ашитын сияқты. Оның «американканы» ұтылғаны сөзсіз еді. Иә, байғұс Газ Баллонының ұтылатыны анық еді. Ал Альканың менің атамды көретінінің өзі көңілге қуаныш ұялатады. Беймәлім бір күйдің құшағында келемін. Дәл қазір бір сабақтан бестік алатыныма жүз процент сенетін сияқтымын. Балалар үйдің жанына келіп кідірді, мен болсам басқыштан екі-үш аттап есіктің жанына жеттім де қоңырауды ұзақ безілдеттім. Сонан соң есікті өз кілтіммен аштым да үйді, бөлмелерді, ваннаны тінтіп шықтым. Атам жоқ. Не істеу керек? Міне масқара... «Тосайық» деп айту қажет пе? Ақымақтарды тапқан екенсің деп күлкіге көміп тайып тұрар. Осы жерде басыма бір данышпандық идея қона кетті. Пальтомды сыпырып тастап шкафты аштым, ордендері тағылған атамның мүндирін суырып алдым да жеңін қайырып жіберіп киіп алдым. Алтын оқалы генерал фуражкасын шекеме милықтата қондырып, балконға шығайын. Таңырқау мен қуанышқа бөгіп маған үңіле қарасқан жанарларды көрдім. Қөзіммен тінтіп, Альканың жасыл бас киімін іздеп тауып алдым да тек сонын өзіне ғана бағыштап арнайы жымидым. Сөйттім де фельдмаршал Кутузовқа ұқсап қолымды алға создым, мундирдің өзі маған арнап тігілгендей дәп-дәл және кеудемдегі ордендер салтанатты жағдайда өзіме табысталған наградалар сынды, басқасын қойғанда генераллейтенант дегеніңіз осы тұрған дөдеңнің өзі сияқты болып керініп кетті. Қаскөй Әзәзіл – Кирилл Пуховтың есі шыға ыржияды.

ЖЕҢІЛДІКТЕР Бүкіл сынып өзгеріп сала берді. Әр сабақтың алдында барлық ұлдар аяқтарының ұшымен басып келіп менімен сәлемдеседі – мұның өзі адамды қастер тұтудың ең жоғарғы көрінісі еді, ал қыздар болса үзіліс кезінде болсын немесе сабақ уақытында болсын жанарыңды бетіне қадасаң болғаны, кез келген секундта жымия салуға даяр. Әу баста бір жеріме әлде шөгір қадалып тұрғандай өзімді соншалықты ыңғайсыз сезініп жүрдім. Бірте-бірте шөгірім денеме шөгіп кеткендей, тіпті жоғары сынып оқушыларының да менімен аяғының ұшынан басып келіп сәлемдесетініне, мұғалімдеріміздің де мектепке қатысы жоқ басқа бір мәселе жөнінде бірдеңе сұрайтын сияқты маған ерекше мәнді көзбен қарайтынына, бірақ бата алмай кететіндеріне етім үйрене бастады. Жалпы менің тіршілігімнің түтінінің түзеле бастағанын сезіп жүрмін. Жолым жеңілдей бастаған сияқты. Екілік дейтіндер, әрине, қазір де біржола құрып кете қойған жоқ. Бірақ бұрынғыдай емес. Мұғалімдер олардың бірлі-жарымын қойғанда біраз ақыл айтып барып әрең қояды. Антон-ау, саған не болған, бұған қалай жол бересің? Дарынсыз бала болсаң бір сәрі, екілікті айтпағанда үштік алмай да оқуға шамаң жетіп тұр, аз да болса өзіңді қолға алсаң қайтер, деген сияқты сөздер баяғы. Мұндай құшақ-құшақ ақылдарды тыңдай берген қайбір жақсы дейсіз, бірақ мен шыдап бақтым, математика пәнінің мұғалімі айтқандай, сабаққа деген құлқымнан да айырыла бастағандаймын. Тіпті, мұғалімдер бұрынғыдай, немесе басқаларынан қазір де талап ететіндей бүтін бір лекцияларын оқып болған соң, «күнделігіңді әкел» – деп қатаң түрде сұрайтындарын қойғандарын да сезіп жүрмін. Тіпті кейде нүктесі түсіп, екісі ойда қалады дегендей ондай бағаны журналға қоймай-ақ орнына жай ғана нүкте қоя салады. Және де мұғалімдер менен әлде нені күтіп жүрген сияқты. Ол тәжірибеден анықталды: менің уәдемді күтеді екен ғой. Көп ақталып жатудың қажеті жоқ. Қарапайым ғана үнмен: «Кешіріңіз, міндетті түрде, келесі сабаққа даярланамын», – десең жеткені, бойлары жеңілдеп салғандай кең тыныс алады, мен болсам мұндай ыңғайсыздықтан оп-оңай құтылып кете беремін. Жеңілдіктердің түрлері көп-ақ. Мысалы, директорымыз Максим Сергеевич қазір мені назарынан тыс қалдырған емес, мен тәжім етіп, сәлем беріп тұрғанда соншама кішіпейілділікпен ол да ізет көрсетеді. Дене шынықтырудан беретін жирен мұғалім бөрене ағашынан тоңқалаң асып жатсам да орынсыз тиісіп, масқараламайтын болды, ал оқу ісінің меңгерушісі үзіліс кезінде дәлізді дүңкілдетіп көшірердей болып жүгіріп өтсем де тоқтатқан немесе ақырын жүруімді талап еткен емес. Себеп-сылтаусыз сабақтан шығып кете алатындығымды да сезініп жүрдім. Алайда, ондай алаңғасарлыққа бара қойғам жоқ. Ол дегенің шектен асқандық болар еді. Оның үстіне біздің поселкадай жерде күндіз жападан жалғыз қайда бара қоясың? Қысқасы өмірім осындай кіші-гірім жеңілдіктермен көркейе түскендей, бәрі де ойдағыдай өтіп жатты, менің де оған бойым тез үйреніп алғандай, тек Кешка мен Алька болмаса. Бүкіл мектеп бойынша осы екеуі ғана бұрынғы қалыптарынан өзгермей қалды. Кешка аяғының ұшынан басқанды үйренген жоқ, бұрынғысындай: «Сәлем бердік» деп, дүңк ете қалса, Алька да жұрт сияқты әр секунд сайын күле бермейді. Керісінше бір-бірімен келісіп қойғандай маған сенімсіздікпен қарай ма, қалай? Өзгеше бір сенімсіздік. Мен болсам олардың бұл қылықтарын ұға алмай далмын. Оларды қандай қара шыбынның шағып кеткенін кім білсін? Өйткені, менің де өзгере қалған ештеңем жоқ кой. Бірде маған: шыныменен осылардікі қызғаныш па екен деген де жаман ой келген болатын. Сол сәтте-ақ жаман ойды аластадым. Ондайдың болуы мүмкін емес еді. Кешка мен Алька өздеріне беймәлім бірдеңені қызғанатындай адамдар емес қой. Менің атамның генерал болғанын қызғана ма? Бұл ақымақтық болар еді. Өйткені, оның

генерал болғанына менің түк қатысым жоқ кой. Жаман ойды аластадым-ау, бірақ сол пікірге қайта тоқтауға тура келді. Бірде дәлізбен өтіп бара жатқам. Кешка мен Алька жылу батареясының жанында тұрған. Жандарынан өтіп бара жатқанда, Кешканың сөзін естіп қалдым. Көңілге келер сөз, Кешка да біртүрлі ренішпен, кекесінді үнмен айтты. Ол былай деді: – Мұның да жолақты шалбары жоқ дегенің болмаса құйып қойған генерал сияқты! «Генерал» деген сөзге ерекше екпін түсіріп, бас әріппеп айтқандай нығыздай сөйледі. Сөзіне сүрінгендей болдым. Өз құлағыма, Кешкаға, менің досым Кешканың дәл осындай опасыздыққа барғанына сенбегендей ту сыртыма мойын бұрдым. Қарадым да құлағыммен естігеннің растығын түйсіндім және оның маған емес әйнектің арғы жағындағы иен далаға қарап тұрғандай «иен қалған» жанарына көзім түсті. Кешка өңменімнен өткізіп жібергендей жақтырмай қарағанда мен жердін тесігіне кіріп кетердей халде тұрдым. Алька әлде неге күлді. Түсінікті жәйт – ол Кешканың сөзіне және маған тағылған жаңа айдарға күлген еді.

«ГЕНЕРАЛ» Қазір мені «Генерал» деп атайтын болған. Кешка мен Алька тұнжырай үнсіз қараса, басқалары ерекше құрметпен жаңаша атыммен шақыратын, мен де тыныштала бастағандаймын. Тіпті жаңаша айдарым өзімді де қызықтыратындай. Генерал! Мон женераль! Қып-қысқасын айтқанда, жаман ат дегенге ауыз бармайды. Газ Баллоны дегеннен тәуір ғой, әйтеуір. Газ Баллоны жүнжіп кетті. Доңыздай қорсылдайтыны да сап болған. Менің одан «американканы» қашан талап ететінімді тосып жүргендей. Талап етудің де талап етуі бар – жұрттың көзінше ұяттан жұрдай ғып сұраймын ба, әлде жеке шыққан сәтте талап етем бе? Оның бір нәрсе сұрап тұрғандағыдай тым жасқаншақ үрей үйелеген жанарын жиі көре бердім. Сыры неде? Бесенеден белгілі жәйт! Мен болсам қазір Генералмын, ал ол Газ Баллоны болған күйінде қалды да қойды. Көңілім сәл құласа болды, оны қалағанымша келекелеуге де еріктімін. Не үшін болса да. Түкке тұрғысыз дүние үшін де. Айталық, оның күлкісі күлкіден гөрі шошекеңнің қорсылына көбірек ұқсас екендігінің өзі жеткілікті. Газ Баллоны деген айдарын, айталық, «Үш торай» ертегісіндегідей «Нуф-нуф» деп ауыстыра салу да түк емес. Бірақ мен ондайға бара қойғам жоқ. Әйтеуір бір нәрсе бөгей бергендей. Қаскөй Әзәзіл жөніндегі әңгіме оның себебін де соңынан әйгілеп берді... Оқиға дегеніңіз шиеленісе түсті... Бірде кешке кітапханаға бара жатқам. Жанып тұрған шамның дәл астында өзіміздің вожатыйымыз Галямен бетпе-бет ұшыраса кеттім. Бәрі де шамның қырсығы. Жолың бір болмайын десе жоқ нәрседен кырсығады екен ғой. Әйтпесе сол жарқырап тұрған шамның қасында ұшыраса қалар ма едік?. Мені көрген бетте Галяның беті өрттей лаулады. Оның бетінің өртене қалған себебі вожатыйымызды монтажшы Борис Егоров қолтықтап алыпты. Мектептегілердің барлығы да Бористің Галяның «қамқоршысы» екенін жақсы білетін, оның еш құпиясы да қалмаған, ал сол үшін бетін нарттай ғып қызартудың өзі ақымақкершілік емес пе. Бірақ Галяның ұялғаны анық. Олар бұрын үнемі жан баспайтын қараңғы-қалтарыстарда жүретін, сонда да қыздардың бірі Бористің Галяны үлкен шалшықтан қалай көтеріп

өткізгенін де көріп койыпты. Борис дегеніңіз толық жүзді, екі иығына екі кісі мінгендей, тұлғалы жігіт болатын. Галяны шалшықтан көтеріп өткізу оған түк емес. Бірақ біздің қыздар соның өзінен маңызды оқиға туындатып, бір апта бойы сыбырласып, жымыңдасып болып қалып еді, ақыры бұл әңгімеге Алька тыйым салып барып әрең басылған. Ол қыздарға әлде нені ашулана айтқандай еді, құрбылары біраз қызарақтасты, қызыл кеңірдек болысты, бірақ вожатыйды пыш-пыштауларын қойған еді. Сөйтіп екеуімен шамның жанында ұшырасқан бойда олар маған қарап үлгіргенше қараңғыға қарай жалт бермек едім, Галяның беті өртеніп үлгеріпті, дәл сол жерде мені байқамай-ақ қойғаны өзіне тиімді еді, бірақ ол мені әңгімеге тартты. Амалың қайсы, адам көбіне өз көңілінің қалауындай іс жасай бермейді ғой! — Сәлеметсің бе! – деді ол біз мектепте көріссек те. Сөйтті де екі аяғына салмағын кезек түсіріп, үнсіз тұрып қалды, жүзінен соншалықты бір шарасыздықтың табы байқалады. Оған өзінің не айтары, не үшін тоқтап, мені не үшін әңгімеге шақырғаны белгісіз еді, мен сол сәтте қараңғыға сүңгіп кетпек едім, Галя көңілсіздеу үнмен былай деді: — Жақында сендердің сыныптарыңды пионерге қабылдаймыз. Ал, Борис Егоров, – деді, біздің поселкеде оны білмейтін адамды қойғанда бір иттің жоғын мен білмейтіндей-ақ, монтажшыны көрсетіп, – ал Борис Егоров құрылыс жағынан сендерге вожатый болады. Мен мәз болып тұрмын. Галяның есіл-дерті өзінің Бориспен қыдырып жүргені үшін ақталып бағу. Мен монтажшыға қарадым. Галяның сасқалақтаған күйін бөлісуден аулақ, өз алдына ол да мәз. — Естіп тұрсың ба, ей, – деді ол, – халқыңа айтарсың, алдын ала ақылдасыпкеңесе берсін дегендей. Отряд бастығына кімді сайлайтынын айтамын. Пионерлер советінің председатілін! – деп жөндеді сасқалақтаған Галя. — Иә, өзің де білесің ғой! – деп күлді Борис. – Командирді! Генерал болатынын! Үстіме ыстық су құйып жібергендей болды соңғы сөзі. Әрине, Егоров менің қосымша атымды білмейді, қайдан білсін? Ал отрядтың өзінің председателі болуы керек. Командирі. Галяның «қамқоршысы» айтқандай, генералы. Үйге қарай жортып келе жатып, танауымның астынан күбірлеймін: «Ә-һә». Ойлаған сайын ойым онға бөлінді, мынандай жарқын болашақ тұрғанда қалай ойланбассың... Басқасын қойғанда, басқалардан артықшылығым да бар ғой деп ойлаймын, менің атам генерал ғой. Мен болсам генералдың немересімін! Менің де күре тамырымда жортып жүрген генералдың қаны емес пе?! Отрядты шырқ иіру менің қолым емес пе екен! Ә-һә! Ендігісі түкке түрғысыз дүние. Өзіңді отряд советінің председателі етіп сайлаттыру ғана. Мәселе соның қалай жүзеге асуында! Америкада ғой шіркін, көңілің шапса өз кандидатураңды ұсынып, шалжиып жата бересің. Бізде бұл бір түрлі ыңғайсыздау. Осындай кезде басымның істеп кететіні бар, шіркін. Менің алдымдағы айыпкерім, қарыздарым болып жүрген адам бар емес пе! Соған айта салсам болды, іс бітіп жатыр. «Ә-һә» деймін үнімді қаттырақ шығарып, апыр-ай, осының өзі ыңғайсыз болып жүрмес пе екен. Бірақ мен өзімді ыңғайсыз дейтін ештеңенің жоқтығына сендірдім. Жығылсаң – нардан жығыл! Бұл жерде шынында да нардан жығылғанмен бірдей болмақ. Олай болса бетіңмен жер басардай ештеңе жоқ! Ұялудың өзі – ұят! Өзімді өзім қанша сендіргенмен, осы қадамым сенімсіз көріне бергендей. Бірақ мен, жұрт айта беретіндей, өзімді өзім көндірдім. Қысқасын айтқанда өзімді өзім жетекке алғандаймын. Үлкен үзіліс кезінде Кирилл Пуховты бір бұрышқа апардым да тұтыға сөйлеп, өзімнің алғашқы қалауымды білдірдім. Қаскей Әзәзіл тірілді. — Дымың ішіңде болсын! – деді ол. – Күдік-күмәнің болмасын.

— Бірақ бұл жайлы тірі жан білмейтін болсын, – деймін қорқыта сөйлеп. — Бұл екінші қалауың ба? – дейді Газ Баллоны жарқылдай сөйлеп. «Түбің түскір, жылпос-ай» – деп ойладым, келісуге тура келді. – Ант іш! – деймін мен. — Бұл үшіншісі ме? – дейді ол шаттана күліп, иығындағы ауыр жүктен кұтылған адам сияқты. — Үшіншісі! – деймін мен де. Тұнжырай сөйледім, жұдырығымды түйіп, сес көрсетіп қойдым. Қаскөй Әзәзіл жымыңдады. Осының өзі жүрек айнытардай іс еді. Ішімде бір күмән қалғандай, бірақ қандай күмән екені мен үшін беймәлім еді.

САЙЛАУ Бірінші жиналысымыз өте салтанатты жағдайда өткен сияқты, өйткені соның алдында ғана бәріміз шеру тартып келгендіктен бе, барлығының жүздері алау атады, бұрын тақпаған галстуктері жарасып, жанарларда жалын ойнайды. Мерекелік көңіл-күй барлығының да ойларын онға бөлсе керек, Галя председатель етіп кімді сайлаймыз деп сұрағанда барлығы да бір-біріне жалтақтасты. Жүрегім қысылып бара жатқандай, егер Пухов айтып үлгірмей қалып, басқа біреуді сайлап жіберсе ше? Осы бір сәтте өзіме де не болғанын, басыма қандай әзәзілдің қонжиып отырып алғанын білмеймін. Көңіл шіркінді қойсайшы, отряд советінің председателі болуға соншалықты құштармын, жеңіне қызыл белгі тағып алып, бүкіл сыныпқа әміріңді жүргізсең ғой. Менің оған толық хақым бар деп санаймын – өйткені атам болса генерал, тіпті Кешканың атасы сияқты айтуға да тұрмайтын бар болғаны аға сержант қана емес. Атам болса біздің сынып оқушылары ата-аналарының ішіндегі ең үлкені, олай болса мұның өзі де менің пайдама шешілер дүние екендігі түсінікті шығар? Түсініктісі түсінікті-ау, бірақ жүрегі түскір кеудемде тыпыршып, шыдамаған соң Газ Баллонын жанарыммен ішіп-жеп барамын. Бір кезде барып, Пуховтың қолы әрең қозғалды-ау әйтеуір, қимыл-әрекетті ақырындап көрсететін кино сияқты қолбырап, орнынан тұрды да алдымен ернін қимылдатты. Мен өз атымды естідім. Сынып гулеп кетті, ұлдар да, қыздар да Пудовты дабырлай қостасып жатты, тек Кешка мен Алька үнсіз. — Әй, шуламаңдар, – деді біздің құрылыстан келген вожатыйымыз Борис Егоров. – Онан да бұл кандидатураны не үшін ұсынатындарыңды айтыңдар. Борис Егоров Галяға қарап еді, ол кой көзін қашыртып, салмақты болғансыды, бірақ Галяның салмақты болғысы келгенінен ештеңе де шыққан жоқ, өйткені оның өзі де біздің мектепті бір жыл бұрын ғана бітірген болатын-ды, ал Егоровқа менің кандидатурамның қандай себептерге байланысты ұсынылып жатқанының ол үшін, былайша айтқанда, бәрібір еді, оның мұны жай тәртіп үшін сұрай салғандығы дөңгелек келген жайдары жүзінен көрініп тұр еді. Шынын айтқанда, оның біздің жиналыс емес басқа бірдеңелерді ойлап отырғаны тағы да ақиқат. — Әрине, – деп жауап берді Пухов, – оның атасы генерал. — Генерал? – деп сұрады Борис бұл сөздің мәнін ұқпағандай Галяға қарап. – Генерал дейсіңдер ме? Кандай генерал? Сенің қайдағы атаң генерал? – Ол маған сұраулы жанармен таңыркай қарады. Монтажшының сонша самарқаулығына деген көкірек қойнауымда кыжыл пайда болды. Бірақ өзімді ұстадым. — Генерал-лейтенант, – дедім маңғаз үн қатып. – Бірақ, мәселе онда ма екен? Сыныпта үн жоқ. Егоров күмілжіді. Сол кезде Галя оған көмекке ұмтылды. — Әрине, мәселе онда емес! – деді ол қызу үн қатып, бетінің ұшы тағы қызара қалды. – Сені атаң болмаса да председатель етіп сайлайды. Солай емес пе, балалар?

— Әрине! – деді балалар гу етіп. Ал бәрі тыныштала берген кезде Кешканың үні кайта естілді. — Жоқ. Олай емес! – деді ол. Жайлап орнымнан тұрдым. Тұла бойым тұтанып кетердей. Мен бүкіл сыныпқа, өзіме аяқтарының ұшымен жүріп сәлем беретін ұлдар мен әрдайым бетіме карап бір жымиып қалуға тырысатын қыздарға қарадым. Тек жақсылық қана тілеуші мейірбан көздер мен жайдары күлкілерді көрдім, сол-ақ екен ерекше бір жарықшақ жағымсыздау үнмен Кешкаға деген өз пікірімді айттым: – Сенің, немене, ішің күйіп бара ма? Сынып тағы да тына қалды. Өзімді ұстап, міз бақпауға тырысып едім, онымнаң ештеңе шықпады. Иығыма мінген әзәзіл періштем мәселені ушықтырып жіберді. — Сенің, немене, ішің күйіп бара ма? – дедім тағы да нығарлай түсіп. – Аға сержант... Кешка маған үңірейе қарады. Өте бір жаман көзбен қарағаны сонша, жердің жыртығына кіріп кетердей болып тұрмын. Құдай сақтасын! Қандай масқара еді! Жанарыммен Кирилл Пуховты іздеп таптым, бірақ ол мені басқаша түсінген сияқты. Басын сәл шұлғыды да, өзінің мойнына алған, міндеттемесін орындауға кірісті: — Соза беретін несі бар, дауысқа салайық! Қалың қолдардың орманы мені председатель сайлап жоғары көтеріліп жатты... Мамам кешкісін салтанатты; той дастарқанын жасады. Торт сатып алып, үстелге әдемі дастарқан жапты. Бар өнерін салып жүр-ау. Мен жеңіне қызылдап белгі қадалған пионер киіміммен отырмын, бірақ көңілкүйімнің мәні жоқ. Шай ішіп отырып, атамның маған қараған ерекше бір көзқарасын танығандаймын. Біресе көзінің астымен, біресе қырындап жанар сілтейді. Біресе шылым тартқан болып, ту сыртымнан келіп барлайды. Әйтеуір, бірдеңе сезіп жүрген адам сияқты. Ал біліп қалса ше? Немесе сұрай қалса ше? Мамам көңілді-ақ, папама әлденелерді айтып күле береді, ал атам екеумізде үн жоқ. Ұйықтауға жатқан кезде атам тіл қатқан жоқ. Тыныстағаны ғана естіледі. Бар кепті өзі айтсын деп мені тосып жатқандай. Бірақ мен оңайлықпен айта қоярмын ба? Оған аша қояр сырым жоқ. Ақыры атамның өзі шыдамады. — Кел, сыбырласайық! – дейді ол ақырын ғана. Ернімді жымқырып алып, басқасын қойғанда тыныстамауға тырысамын, бірақ жүрегі түскір ауыр артиллерияның лекітіп оқ атқанындай кеудемде дүрс-дүрс соғады. Бейне бір ұры сияқтымын. Бейне бір нәрсе ұрлаған жандаймын...

АННА РОБЕРТОВНА Атамның мінезі ерекше өзгеріп кеткен сияқты. Мүмкін, мүмкін емес-ау, бұған өзім кінәлімін. Анна Робертовнаға байланысты ойлап тапқанымды айтудың қажеті жоқақ еді, онда сөзсіз бәрі де қаз қалпында болар еді. Бірақ кім біледі... Өздері-ақ көшеде ме, бір жерде жолығысып, менің көмегімсізақ білісер еді ғой. Қысқасы, мәселе былай болған. Бір жолы француз тілін үйренуге келейін. Анна Робертовнаның есігі жабық тұр екен. Құлыптаусыз, жай жауып қойған. Кіріп шешінейін. Бөлмеде бір дауыс естілгендей, бірақ менің ойыма дәнеме келсейші. Көршілерінің келіп, әңгімелесіп отыруы мүмкін ғой. Болмаса, мүлде басқа біреу. Сол кезде әлдекім әндетіп қоя берсін. Анна Робертовна. Бөлменің есігін ашқан бойда өз

көзіме өзім сенбей қаттым да қалдым. Жазылып қойылған диванда үш жастық жатыр. Және шиыршықталып үш көрпе жатыр. Анна Робертовна дәл абажурдың астына, бөлменің ортасына тұрып алыпты. Басымен абажурдың шашағын дірілдетіп қойып, өзімен өзі болып тұр. Еті қашқан қолымен өзіне өзі дирижер болып, билеп қойып, әндетеді: Ше-шек ат-ты ақ гүл-де-рім Хош иіс ша-шып, бақ-шам-нан, Махаб-бат-шыл пәк күндерім Кінә-рәтті жүре-гім-де сақ-тал-ған! Мен бөлменің ішіне көз салдым, кімге арнап айтып тұр деймін. Өз-өзіне айтып тұрғаннан сау ма? Жоқ олай емес екен. Оның алдында, үйдің қабырғасына арқаларын сүйеп қойып, үш балдырған дәрет ыдыстарына іш етіп отыр. Шаштарының ұйпаланғанына қарағанда ұйқыдан жаңа ғана тұрған сияқты. Анна Робертовнаға қарап, жымың-жымың күліседі. Үн жоқ. Шамасы ән ұнаса керек. Мен өз-өзіме келдім де: – Бонжур, Анна Робертовна! – дедім. — Ох! – деді ол селк етіп, – осынша қорқытарсың ба, Антоша! Балалар бір-бір қарасып алысты да орындарынан ұшып тұрысып, зыта жөнелісті, құрылысшылардың балалары болса керек, тым пысық-ширақ өздері. Анна Робертовна оларға ұмтылды. Оған көмектесіп, балаларды ұстап, жөнге келтірісуіме тура келді. Мұндай іспен айналысамын деп еш уақытта ойламап едім. Анна Робертовна терлеп кетіпті. Тер моншақтары бетінен домалайды, — Ме шер енфант! – дейді ол дауыстай сөйлеп. Менің қымбатты, балақандарым, дегені ғой. Бірақ «енфанттарының» тыңдай қояр түрлері жоқ, береке-бірліктері жоқ көрермен екендері көрініп тұр. Бірі бақыра жөнелсе, енді бірі еденге сұлай кетті, ал үшіншісі дивандағы көрпені тартқылай бастады. — Мен бұларды, – деді Анна Робертовна ақталғандай, – есіңде болар, сенің мамаңның ақылы бойынша бағып жүр едім. Өзімнің немерем болғанға дейін дегенім ғой. Сөйтіп өз үйімізде тұратын үш жас келіншектің жұмысқа баруларына мүмкіндік жасап едім. Бірақ, бұларға қалай ие боларымды білмеймін. Мүмкін, көбірек қамтып қойған шығармын. Мүмкін, екеуін ғана алу қажет пе еді? Анна Робертовна өз қызығымен қызара бөртіп алыпты, беті алаулап кеткен, көзілдіріктің ар жағынан жарқыраған жанарын машинаның фары дерсіз. — Антоша! – деп дауыстады ол, – сендерде осыған байланысты ақыл-кеңес беретін кітап жоқ па? Мүмкін мамаңда сақталып қалғандары бар шығар? Сенің кішкене күніңде пайдаланғандары деймін де. Мен ондай кітаптар болса қарастырып көруге сөз бердім. Ертең табыла қалса әкеліп бермекпін. Шамасы француз тілін үйрену мәселесі тығырыққа тірелген сияқты. Тіпті біржола болмасын деп қорқамын. Анна Робертовнаның төп пісіруіне көмектестім. Көген көздеріне қасықпен жегізуге де септігімді тигіздім. Іштәндерін жуып, батареяға жайдым. Анна Робертовнаны ұяты қинаса керек, менімен іштәндар мен төп жайлы французша түсінісуге тырысты. Мен болсам қасақана айтқандарын ұқпай, французша сауалдар қоямын: – Кес-ке се? – Ол не деген сөз? Сонан соң ол жаңағы сөзін орысша аударып, не істеу керектігін түсіндіреді. Мен кетер кезде балақандар да тыныштала бастаған. Диванға жайғасып алысып, ойынға кірісті. Анна Робертовна бөлменің ортасына тағы да тұрып алып, қолдарын сермеп қойып, әндете бастады. Мен бөлмеге қайтадан басымды сұқтым-дағы пайдалы кеңес ұсындым: — Оларға керегі ол емес-ау!

— Онда қандай өлең айтуым керек? – Анна Робертовнаның үні жарқын щықты. — Тәрбиелік мәні бар, педагогикалық бірдеңе болса. Айталық, «Орманда бір балдырған шырша болыпты» дегенді. Болмаса «Торғай-торғайды» айтуға болады, Сөйдедім де әндете жөнелдім: «Торғай-торғай, қайда болдың? Құстарменен тойда болдым. Арақ ішіп масайрадық, Барады енді бас айналып»... Бұл жартылай жалаңаш данышпандар өлеңнің сөзін ұқпаса да мәнін аздап түсінсе керек, бәрі қосыла күлісті. Ал Анна Робертовна соншама бір таңырқағандай көзілдірігінің астынан үңірейе қарады. — О-го, Антошканы қарай гөр, – деп тамсанды. — О-го емес, ага деу керек, – деп әзіл айттым. «Ага» дегеніңіз кейбір тілдерде мағынасы бар сөз, ал «о-го»-ңыздың ешқандай мәні жоқ. Үйге қарай далбаңдай ұша жөнелейін. Келген бетте ентігімді басып үлгірмей-ақ атама көргенімді баяндадым. Бірақ ол күлген жоқ. Басын шайқады да қойды. — Қарай көр, Анна Робертовнаны, – деді ол. – Мықты екен. Содан кейін кеш бойы үн қатқан жоқ. Бір күннен, әлде екі күннен кейін бе, көшеден бір таңқаларлық жайды көрдім. Балалардың арбасын жетелеген Анна Робертовна көшеде кетіп барады екен. Мәселе Анна Робертовнаның көшеде кетіп бара жатуында емес, мәселе оның қасында өзінің сұр пальтосын киген атамның кетіп бара жатқанында еді. Ал ол болса балалардың екі бірдей арбасымен әуреге түсіп бара жатыр екен. Айтуға болмаса, бұл бір оңай шаруа дейсіз бе? Екі арбаны қатар алып жүремін деп барын салып-ақ барады, бірақ сол үшін сәл болса да ренжитін атам көрінбейді. Қайта керісінше мәз болып, жетісіп барады. Көшеде кетіп бара жатқандардың бәрі осынау кісі күлерлік жұпқа таңырқаса қарайды. Жұрт жұмысынан қайтқан дәл бір қарбалас шақ еді, өткіншілердің бірі бастарын шайқаса, енді бірі күліп өтеді, енді біреулері «түсінбедім» дегендей иықтарын қиқаңдатады. Ал мен ше? Атам үшін жерге кіріп барамын. Генерал деген дардай аты бола тұрып, балалардың арбасын қосақтап итергеннен ұялсашы деп ойлаймын! Ана бір жолы балаларды үйге ертіп барғанда оларға кездеспей қалғанының өзі абырой болыпты-ау, егер танитын болса, мұндай генералды күлкі ғып мәз болысатын еді.

ЖЕКСЕНБIЛIК Атамның балалардың арбасын сүйреткені жай нәрсе екен, аяқ астынан қоймашы болып шыға келгенін қайтерсіз! Бұл жаңалықты алғаш естігенде ызадан жылап та жібердім. Ал, саған керек болса генерал! Масқара-ай, десейші... Алдымен жексенбілік болған еді. Қыс келіп, поселкамыз қармен тұмшаланған кез болатын. Үлпілдеген, мамық қармен, кешкілік, күн тайгаға иек артқан кезде қар беті қызғылт түске боялып, алқызыл жақұттай ойнайды дейсіз. Сонан соң жасыл түске, көк түске малынады, оның соңынан қара бояуға боялады. Біздің жерде қараңғы бірден түседі. Күні еңкейді дегенше түн де шымылдығын түсіріп үлгереді. Соқыр қараңғылық. Тек шам жарығы түскен жерлерде ғана қар ұшқын атып жылтылдайды. Жоғарыдан қараған тіпті қызық шығар-ау. Биікте тұрған кісіге айнала қараңғылықтың ортасынан жалт-жұлт еткен дөңгелек сәуле ғана көрінетін болар. Жел тұрған кездерде баған басындағы электр шамдары ырғалып, онымен бірге жаңағы жарқылдаған дөңгелек сәулелер де қозғалақтар еді, аспан мен жердің арасында ұйыған мынау қараңғылықты тілгілеп, ғажайып ұшқыш тәрелкелер зымырап жүргендей көрінер еді.

Қыс кезіндегі біздің жердің әдемілігі ерекше, ормандар қарға бөгіп, өзендер аспанға бу атады. Қатты аяз болған кездерде қарағай діңінің жарықшағына сіңген су мұзға айналып, ағаштарды жиі жаратындықтан орман ішінде өзгеше бір шарт-шұрт дыбыс естілер еді. Қыс сұлулығы ерек қой, бірақ менің оған қарап жүрер шамам қайсы. Ішіме әлде не кіріп алып, өкпе-бауырымды осқылай тырнап жатқандай. Оның қандай дерт екенін мойындауға батылым жетпесе де өзіме белгілі, сәл нәрсеге қырсығып күйгелектене беремін, көңіл-қошым да іске алғысыз, содан да ма, өмірдің де қызығы азайғандай. Дәл жаңа жылдың алдында маған Галя келіп: – Демалыс күні жалпыға бірдей жексенбілік! Сен үшін алғашқы сын! Ұятқа қалдырмассың! – дегенді айтты. Түк те қуанғаным жоқ. Бүкіл сыныпты уысымда ұстауды армандап едім, енді қазір оған да құлқым қалмағандай. Өкінетін сияқтымын. Сол бір ақымақкершілік ой келмегенде, Газ Баллонын «американкаға» «сатып алмағанымда» барлығы да жақсы болатын еді ғой. Кешкамен де бұрынғыдай достасып жүретін едім, Алька казіргідей маған қырын қарамаған болар еді. Бірақ не істеу керек? Шегінер жер жоқ... ...Ұйыған қараңғылық. Шамдар жерге нұрын құяды. Бүкіл поселка дырдулы. Бағандар басындағы радиолардан көңілді марш төгіледі. Алыстағы плотина жақтан үрмелі аспаптар оркестірінің үні күмпілдейді. Өкіре күжілдеген жүк машиналарына адамдар тиеліп жатыр. Жерге жарық түсе дәл бір мерекедегідей қызыл тулар желбіреп, транспаранттар от болып жанады. Біздің мектеп оқушыларына бір бос алаңды тазалау жұмысы тапсырылған. Несі бар, қиын шаруа емес. Мұғалімдер қолдарына сүймен ұстаса, біз күрекпен қар тазалаймыз. Бульдозерлер көмектесіп жүр. Айта қалардай аяз да жоқ. Дем алуға жеңіл. Көңілді! Тамаша! Мен өз жанымды қинап жүрген жайды да ұмыта бастадым. Қарды күрегіммен серпе лақтырып жүрмін, ешкімге де әкімшілік көрсеткем жоқ. Ондай әкімшілік ойыма да келген жоқ. Бәрімізді басқарып жүрген Баллонның әкесі. Түрі Киряға тіпті ұқсамайды. Төртбақ емес, қалыпты ғана адам. Ол бульдозермен алаңның бетін тегістейді. Барлығымыздың да жұмысымыз сол бульдозердің төңірегінде. Егер бір ауырлау томар бірдеңе кездессе, бульдозер келіп кемектесіп жібереді. Бульдозер томар түбірлерді қопарып, бетон тіреулерді жылжытады. Сол кезде трактор мұржа-құбырынан қара түтінін сақиналап аспанға лақтырады. Менің қасымда жұмыс істеп жүрген Галя мен Егоровқа қараудың өзі бір қызық. Борис біресе Галяның қолынан ұстап, біресе жұмысын тоқтата салып, сиқырланған адамдай одан көзін алмай тесірейеді, басқа біреуге назар аударғанын байқау қиын. Галя болса сасқалақтап қолын жұлқа тартып алады да оған жұмыс істе деп бұйрық береді. Егоров бір шұлғып алады да сүйменмен мұзды ояды дейсіз. – Тек мұз жарқыншақтарының ұшып жатқанын ғана көресіз. Газ Баллоны да осы маңда. Қыздармен қалжыңдасады, біресе ән бастайды. Көңіл-күйім жақсы болғандықтан мен де оған бір түрлі кешіріммен қараймын. Сол кезде атам көріне қалсын. Ол да басқалар сияқты кеудеше киіп алыпты. Басында әкемнің малақайы, қолында ит терісінен тігілген қолғап. Атам отрядыма жақындаған сайын менің көтеріңкі көңіл-күйім де бірте-бірте жоғала бастағандай. Жоқ, дәл осы бір сәтті мен былайша елестетіп көрген емеспін. Ордендерін тізілдіріп, алтын оқаларын жарқылдатып генерал киімін киген атам келе жатса, естерінен тана жаздаған балалар таңырқана тамсанысса... Ал, қазір ше, қонышы қайырылған пимасын тырп-тырп басып, иығына көтерген сүймен темірдің ауырлығынан бір жағына сәл қисайып алған шүйкедей шал, тіпті генерал деуге ауыз бармайтын адам келе жатыр еді.

— Қал қалай? – дейді атам маған балаларды жанарымен сүзіп шыққан соң. Бір жақсысы балалар оған көңіл аударған жоқ. Тек Газ Баллоны ғана әр уақыттағыдай даяр тұр екен. Құлағын түріп, атамды көзімен ішіп-жеп барады. — Жаман емес, – деймін мен көңілсіздеу жауап беріп. – Жұмыс істеп жатырмыз. — Жарайды, – деді ол басын изеп, – мені тосып тұрған шығар, кеттім... Ол қар басқан алаңмен ілгері қарай аяңдап бара жатты. Ал Газ Баллоны мені көзімен ішіп-жеп барады. — Соның өзі ме? – Пухов кекесін үн тастады. – Генерал ма? Адамның кей кезде ақтала алмастай кезі болады ғой. Ондай кездерінде істің мән-жайын түсіндіру де оңай емес. Қазіргі менің де жағдайым дәл сондай. Иығымды қиқаң еткіздім де, дүңк ете қалдым: — Тапқан екенсің! Сөйткенше бетім ду ете қалды. Ал саған керек болса! Өзімнің туған атамнан бас тартыппын! Сол жерде, жолың болмағыр, Галя маған көңілдене қол бұлғап, барлық алаңдағыларға естірте айқай салмасы бар ма: — Рыбаков! Антоша! Сенің атаң осы кісі ме? Менің бетім одан ары өртене түсті. Ал халайық болса күректерін тастай салып, дәл бір базарда тұрғандай атам кеткен жаққа қарап қойысып, оны талқыға салсын-ай келіп. «Мүмкін емес!..» «Осындай генералды көрсемші!» Қыздардың тобынан әлде біреуі жырқылдап күлді: «Жұдырықтай ғана кісі ғой тіпті!» Қанымның қайнағаны сонша шеке тамырым солқылдап, көз алдым қарауытты. Әй, қараңғы халық-ай! Бірдеңе түсінсе етті! Оның үстіне өзім де... Ішімде дауыл ма, әлде циклон, самум, цунами ма, әйтеуір бір буырқаныс пайда болғандай. Мынау ызаға шыдай алмағандықтан жүзім оѓған шүберектей аппақ болып кетсем керек. Менің мынау алапат ашу үстінде бәрінің быт-шытын шығарып, бәрінің аузына қақпақ қойғым келді. Осы кезде өзімнің, әкімшілік қызметім ойға орала кетсін. «Бұл не деген сұмдық, – деген ой келді, – бұлар председательді мазақ еткісі келген екен». Жынданған адамдай бар дауысыммен баж ете қалайын. — Әй, кәне, ауыздарыңды түгел жабыңдар! Тып-тыныш бола қалды. Альканың көп мағыналы үні ғана тыныштықты бұзды: — Қар-рай көр! «Тостағымды» ағыл да тегіл жууға даяр едім, бірақ дәл қазір не істеу керектігін білмедім. Менің сол кездегі келбетім дәлдірге, есерсоққа көбірек ұқсаса керек: жұдырығым түйіліп, ернім жымқырылды, қолым да дір-дір етеді. Сол кезде Газ Баллоны тірілсін. Домаланып атамның соңынан қуып берсін. Менің атам тоқтап, оған басын изегенін, бізге алыстан қарап бірдеңе дегенін, содан кейін әрі қарай жүріп кеткенін – бәрін көріп тұрмын. Кирилл болса бізге қарай ұшырта жөнелді. Ол жүгіріп келе жатып екпінін баяулатты да, бірте-бірте аяңға түсіп, маған бетпе-бет келіп тоқтады да былай деді: — Қане, «американканы» бері қарай қуып қой! Өңім мынау қардан да аппақ болып кетсе керек, ал Газ Баллоны болса бүкіл сыныпқа қарап, айғайлап қоя берсін: — Бұл өзінің атасынан бас тартты. Бірақ жаңағы кісі осының атасы. Тек, ешқандай да генерал емес, қарапайым ғана пенсионер. Өзі айтты. Ұялас қырық қасқырдай болып бүкіл сынып жан-жағымнан анталасын. Дәл бір шыбын-шіркейге үлкейткіш шынымен қарағандай жабыла келіп үңілісті. Қарша жауған пулемет оғының астында тұрғандаймын, өңменімнен өткізе жанарларымен атқыласынай кеп. Маған деген «оғын» Алька да аяған жоқ. Сот атаулылардың көздерінің қандай болатыны маған беймәлім, дәу де болса дәл осы Альканың көзіндей болатын шығар. Тым суық та, паң қарайды. Тамағыма әлде не келіп тірелуі мұң екен, төзімім жыртылып

жүре берді. Әдеттен тыс бір жуан дауыспен бакырып коя берейін, – күректі лақтырып жібердім де, күртік қарды зар еңіретіп үйге қарай тайып тұрдым. Ізімді қуалай Галяның даусы естілді: «Рыбаков, қане қайт кейін!» Егоровтың да даусы естілді, бірақ мен мойнымды да бұрғам жоқ.

КЕЗДЕСУ Шамды сөндіріп, енді ұйықтағалы жатқанда атам: — Бүгін сендердің сыныптарыңда оқитын бір азамат менің кім екенімді сұрады, – деді. – «Сіз генералсыз ба?» дейді. Ол менің кім екендігімді білгісі келгеніне қарағанда менің атымды сен бет перде етіп жүрмеген шығарсың деп ойладым. Дұрыс емес пе?! Әйтпесе біреудің арқасында күн көру деген қнын емес. Ондайлардың болатындығын талай рет көргенмін. Басқаның даңқын пайдалануға қиналмайды ондайлар. – Атам есінеп алды да, ұйқылы дауыспен әңгімесін түйіндеді: – Мен генералдығымнан бас тарттым. «Жай ғана пенсионермін» дедім. Қалай ойлайсың, соным дұрыс болды-ау деймін? Бүкіл денем құрысып қалды. Міне, мәселе қайда жатыр. Ернім дірілдеп, әрең тіл қаттым: — Дұрыс ћой. Басқадай дейтін шарам қайсы? Өзімді отқа тастағандай болдым. Көрдіңіз бе, мәселенің қайда апара жатқанын? Мен атамның атағын бет жүздік етіп, соның даңқын пайдаланғаным өтірік пе? Не болғанда да ертең мектепке бармаймын деп шештім. Бірақ, таңертеңгілік ол ойымнан айнуға тура келді. Балалар қорыққаннан келмеді деп ойлар. Бірақ мектепке баруға жүрек дауаламайды. Ілгері басқан аяғым кейін кетіп, әрбір шыққан дыбысқа селк ете қаламын. Өзіміздің сыныпқа жақындағандағы естілген у-шуды айтып сұрамаңыз. Альканың даусын анық естіп қалдым. — Ал мундирді қайда қоясыңдар, базардан сатып алды дейсіңдер ме? Шуылдаған дауыстарды бір-бірінен айырып болар емес. Табалдырықты аттауым мұң екен, бәрі жым бола қалысты. Әрқайсысы өз ісімен отырғандай, біреулері кітаптарын реттесе, біреулері дәптерлерін қолына алған болды, енді біреулері өзара әңгімелесе қалғандай. Біреуі де байқамағандай, аяқтарының ұшымен келіп сәлемдесетін жалаңтөстер назар салмайды, жылы жымиып тұратын қыздар қырын қарасады. Жалғыз Газ Баллоны ғана мені жанарының жасынымен атқылаған қалпы үлкен жаңалықты хабарлады: — Тыңда! Председатель! Егоровпен кездескен едім. Саған даярлансын дейді. Жексенбіліктен қашып кеткенің үшін талқылауға салмақ. Галяға кеше суық тиіп, науқастанып қалыпты. Оңалған бетте жиналыс ашпақшы. Тамағыма тас тығылғандай. Екі шекем тағы да балғамен ұрғандай солқылдай жөнелсін. Баллонға мойын бұрдым да басынан бастап аяғына дейін өшпенді жанармен тінтіп шықтым: «Кімге бұйрық беріп тұрсың! Мені әлі орнымнан алып тастамаған сияқты еді ғой?» Пухов қорсылдаған жаман күлкісіне көмілді. Бір кезде барып былай деді: — Бастыққа ұсынатын да өзім, орныңнан ұшыратын да өзім. Бәрі ду күлді. Жұдырығым түйілгенмен, басым салбырап, у ішкендей сілейдім де қалдым. Жауап беруге шамам жоқ. Көзіме жас тығылды. «ІІІыдап бақ! – деп бұйырдым өзіме. – Масқара болғаның жетер!» Мен бүкіл сынып туралы, осынау опасыз достарым туралы ойладым. «Сатқындар, өңшең! Сөйте тұра, аяқтарыңның ұшымен келіп сәлемдесіп жүрсіңдер-ау». Мұғалімге арналған үстелдің үстіне секіріп шығып, атамның генерал екендігін үш мәрте қайталап айқайлағым келіп еді, бірақ көңілім дауаламады. Тісімді шықырлатқаныммен Кириллдің мірдің оғындай сөзіне

жауап бергенім жоқ... Жалғыз қалдым. Жападан жалғыз. Алька анандай жерден ғана қараумен шектеледі, Кешкамен ренжісіп тынғанмен, басқа жұртты қойшы, олар мені осындай қиын-қыстауда сатып кетті. Қараңызшы, мына қызықты! Мен достарымды жоғалта бастасам, атам жаңа достар таба бастапты. Иннокентий Евлампиевичті, Кешканың атасын тауып .алыпты. Көрдіңіз бе, адам айтса нанғысыз қандай-қандай тарихтар болады! Болады екен. Факт. Өз көзіммен көрген дүние. Біздің ақсақал Кешканың атасымен жексенбілікте танысыпты. Әрине, егер олардың ұшырасуын «танысыпты» деп айта алсақ. Иннокентий Евлампиевич құрылыста қоймашы болып істейтін, шылым шегіп бір отыра қалған кезде әңгімелесе келе екеуінің де Бірінші Украин майданында бірге ұрысқандарын біліседі. Содан бері күн сайын болмаса да жиі-жиі екеуі ас үйге кіріп алады да, көк түтінге көміліп кеп отырғандары, дәл бір маған егесіп, көрдің бе, сен Кешканы кеміткің келіп еді, енді міне генерал мен сержант тізе түйістіріп қатар отырмыз деп қыр көрсеткендей. Атамның қасынан аяғымның ұшынан басып өттім де кітабымның бетін ашып отыра қалдым, бірақ ештеңені көріп отырғаным жоқ. Иннокентий Евлампиевич Кеша екеуміздің ренжісіп қалғанымызды біле ме екен, бұл дүние не болып барады өзі. Қалай тіршілік ету керек? Кешка атасының аузынан түсе қалғандай, түрі керемет ұқсайды. Сүйектері кесек, бастары төртбұрыштау сияқты ерекше көрінетін. Қарт Иннокентийдің немересінен айырмашылығы ауыздың айналасындағылары, темекінің түтінінен құла жирен, одан әріректегілері ақ бурыл тартқан күректей сақалы мен кісіге қулана қарайтын көзінде ғана. Біртүрлі астармен күле қарайтын сияқты. Иннокентий Евлампиевичтің менің атамнан біраз үлкендігі бар екен, жетпісті баяғыда-ақ ығыстырып тастапты, бірақ жұмыс істемей үйде қалса бірден ауырып қалады екен. Оның түсіндіруі бойынша қоймашы болып істеп жүрген себебі де сол бір денсаулығының қамы көрінеді. «Быды-быды-быды». – Қабырғаның арғы жағындағы дауыстар осылай естіледі. Қариялар әлденені естеріне түсіргендей біраз уакыт тым-тырыс бола қалды да, бір кезде екеуі де бірден күлісіп алды. Сонан соң тағы да ұзын-сонар әңгіменің тығыны ағытылды дейсіз – «быды-быды-быды». Біздің қария бұрынғыдай үнемі самса пісіріп, еден жуғанын бірте-бірте сиректете бастаған-ды, оған мамам жас балаша мәз болып, папама: «Мен саған атамыздың жаңа мекеннің жағдайына үйрене бастағанын айтпадым ба!» – дегенін қайталай беретін болды. Мен болсам ондай қуанғанды да, ренжігенді де қойғанмын, атамның тіршіліктынысына назар аудармайтын болдым, өйтпегенде қайтейін, өз уайымым өзіме жетіп жатса. Бірақ бір жолы кісіні естен тандырардай оқиға болды. Атамның Иннокентий Евлампиевичпен тағы бір кездескен сәтінде болған оқиға. – Иә-иә, таңырқамасаңыздар да болады, олар баяғыдан-ақ таныс болғандықтан бір-бірімен көптен араласып тұратын. Шынын айтқанда, екеуі үнемі біздің ас үйде отырар еді. Кейінгі бір жолы екеуі мен сабақ әзірлейтін бөлмеге келді де, атам бір жерге телефон соға бастады. Біздің қария телефон нөмерін теріп жатқанда Кешканың атасы жан-жағына барлай қарап тұрған. Сөйтті де ол атамның қабырғада ілулі тұрған суретіне аз уақыт жанар сүріндіріп алды да, барлығыңқы даусымен мені селк еткізді. — Мынау хым? – Ол сөйтті де атам бір жаққа қашып кететіндей оның жеңіне жармаса түсті. – Хым деймін? Хым? – Әй, Евлампиевич-ай, – деді атам кеңк-кеңк күліп, – сенің осынша мылтық даусынан шошынған торғайдай су жүрек екеніңді кім білген. Ол – мен ғой, ал өзіңе не болды?

— Мынау хиях мұрттыны айтамын? – деді Иннокентий қарт өз құлағына өзі сенбегендей таңырқап. Түк ұқсам бұйырмасын. Ал жарайды суретті көрген екен, үйді басына көтерердей не болыпты сонша? — Ой-хой, дүние-ай! – бурыл сақал Иннокентий Евлампиевич мұңая сөйледі. – Қалжы-бұлжыға жарамас қария болды деген осы, көз көруден қалған! Ой-хой, дүниеай! Атам сасқанынан телефонның трубкасын орнына қондырды. — Неңді айтып кеттің, дұрыстап түсіндірші, былай! Евлампиевич сәл тынышталғандай болып, жанарын атама тіктеді. — Петрович-ау, мен сені баяғыдан бері білемін ғой, – ол рақаттана күліп қойды. – Днепрден қырғын салып өткен кездегі әскери шенің қандай еді? Полковник емес пе едің? — Полковник болғанмын, – деп жауап берді атам. – Онда тұрған не бар екен? — Сонда, сонда тұр ғой мәселе! Дәл сол жерде сен мені айыпты санап, жаптырғансың. Менің сабақ қарағанымды доғарғалы біраз болып еді, дәл осы жерге келгенде қаламымды дәптерге түсіріп алдым. Атам иығын қомдады. — Бір тұтқын немістің тұмсығын бұзғанмын, – деді Кешканың атасы аптыға сөйлеп. – Бір тобын айдап келе жатқанмын ғой, жыным түсіп жаңағы немені қонжитайын. Сол кезде мынау қияқ мұртты полковниктің көзі түсе қалмасы бар ма?! Сені айтамын. «Бұл қалай?» деген сияқты әңгіме басталды. Мен сіресіп тұрмын. Қорыққан кезде солдаттардың жағдайы белгілі. Сен ғой, сол үшін үш тәулікті арқалата салдың. Мәс-саған, керек болса, демек менің атам Кешканың атасын үш тәулікке жаптыра салған болып шықты ғой. – Ой-хой, дүние-ай, – Иннокентий Евлампиевич тағы да басын шайқады. – Танымадым, ә, әй, қарттық-ай! Қалай өзгергенсің! — Тоқтай тұр, – дейді атам, – бірдеңе бұлдыр-салдыр есімде бар сияқты. Бірақ, сол шынымен... – Сұқ саусағын досына бағыттады да сәл мүдірді. – Сол сен бе едің? Ақ бурыл Евлампиевич атама жақындап келді де оның қолын өз алақанына жатқызды. — Ой-хой, дүние! – деді бір сөзін пәленінші рет қайталап. – Адам бәрін де ұмытады екен ғой. Егер мынау сурет болмаса неше күн бірге жүрсек те білісер емеспіз. — Фрицті не үшін ұрып жүрсіз? – дедім мен бір бүйірден. Кешканың атасы қолымен көзін сүртті де бетіме қарап, жауап берді: — Жолдас немісінің қоректік нанын тартып алған соң... Тағы да төсекке жатып алып, екеуміз де ұйқы шақыра алмай әлекпіз. Атам күрсініп қояды, мен оның әр дыбысын қалт жібермей тыңдап жатырмын. — Дәрі тамызып әкелейін бе? – деп сұрадым. — Еһе! – деді де ол ішіндегі ойын сыртқа шығарды. – Мен қалай ғана Иннокентийді сөйттім екен, а? Ақ-қарасына жетпей тұрып...

ҚОЙМАШЫ Содан кейін, бір апта ма екен, әлде одан да көп уақыт өтті ме екен, әйтеуір, атамның құпия жүрістері молайып кетті. Таңертеңгілік ол қолына бос шөлмектер салынған ыдысты ұстап бізден ертерек шығып кеткен. Өңіне қарап-ақ оның әлде неге алаңдап жүргенін көруге болар еді. Алдымен сағатына бір қарап алды да, соңынан біреу дәлізге дейін ілесе шықпасын дегендей тысқа жедел басып асығыс аттанды. Онысы ғана емес жалпы жүріс-тұрысына

бір өзгеріс енгендей. Оның кайда асығыс аттанғанын білмек болып сұрағанымда, бұл оған қойылуға тиісті сауал еместей түсініксіздеу бірдеңе деді де, жүріп кетті. Ол елден бұрын кетіп жүрсе де мен мектептен оралған кезде де келе қоймайтын, жұмыс кезегі аяқталған уақытта ғана үстіне кеудеше, басына құлақшын, аяғына пима киіп, қолында сүті бар шөлмектерін салған ыдысын ұстап, шаршай басып келе жатқанын терезеден көрер едім. Сонда күні бойы магазиндерді аралағаны ма? Біздегі магазиндерді аралау үшін көп уақыттың керегі жоқ, әрі-беріде-ақ түгендеп үлгіруге болады. Тағы да Анна Робертовнаға көмектесіп жүр ме екен деп күдіктене бастадым. Ол үйде кішкентай балалар болғандықтан, онда пальто киіп барса керек еді. Кеудешені киіп ол үйге бармайтыны тағы белгілі. Сөйтіп жүргенде атам бәріміздің де аузымызды артымызға қаратып кетті. Ешкіммен санаспай, ешкім жайлы ойланбай сондай іске бара қояды деген қиял басыма келмепті ғой... Бір жолы әкем жұмысынан мазасы болмай оралды. Мамама көмектесемін деп картоп аршымақшы болып еді, пышағын қолынан үш рет түсіріп алды. Одан кейін стақаны да домалап кетті. Диванға отырып газет оқып еді, онысын теріс ұстап отырған болып шықты. Мен таңқалып, мамамның есі шықты. Ешқашан мұндай болмайтын. Мамам қандай пәленің болғанын одан тақымдап сұрай берді. Папам болса бәрі де ойдағыдай дегендей түсініксіздеу ғып әлде нені міңгірледі. Сөйтті де мойын орағышын салып үйден жүгіре шықсын, неге өйткенін кім білсін, мамам екеуміздің тысқа шығып қыдырып қайтуымыз керектігін тапсырды, Жоқ, мұның бәрін тегін деуге болмайтын еді. Мамам екеуміз оның айтқанын істеп, дәлізге шығып едік, ілесе шыққан атам: «Мені де ала кетпейсіңдер ме?» деп әзілдей тіл қатып еді, әкемнің жауабы келте болды: «Бұл жолы қалыс қала тұрасыз!» Атаммен үнемі сыпайы сөйлесуші еді, бұл жолы үнінде зіл жатқандай. Ыңғайсыздау болды. Таңырқағаннан атамның қасы қозғалақтап қалғандай көрінді. Бірақ ол ләм деп тіс жармай үйге кіріп кетті. Біз тысқа шыққан соң да мамам әкемнің бүгінгі түсініксіз тірлігі жайлы сұрауға оқтала беріп еді, бірақ папам қолымен ымдап оның сөзін бөлді. — Соққы деп осыны айт! – Үні ашына естілді. – Нокаут дерсің тура! Біреулер бүгін менен: «Анау қоймашы болып істеп жүрген Рыбаков Антон Петрович дейтін сенің туысың емес пе? Анау қырсық шалды айтамын?» деп сұрайды. Түске де кірмейтін жаңалық емес пе? Түк ұқсам бұйырмасын. Қайдағы Рыбаковты, қайдағы қоймашыны айтып келеді деп ойлаймын. Мамам да ештеңенің мәнісін біліп жарытпаған сияқты, папам болса өз алдына күйіп-пісіп келеді. — Неменесін ұқпай қалдыңдар мұның? Біздің қарт қоймашы болып орналасқан. Мен оны директордың кадрлар жөніндегі орынбасары болып істеуге шақырып жүрсем, ол қоймашы болып орналаса қойыпты. Мен рахаттана күліп, әкеме: — Бүгін біраз нәрсені былықтырып жүргендей көрінесің, папа. Алдымен газетті теріс қаратып оқып едің, енді келіп генералды қоймашы болды деп тұрғаның мынау, – деймін. Мамам болса қолын сермеп, маңдайына қар басып өзімен өзі әуре. Бір әуенді қайталай беретін бұзылған күйтабақтай бір сөзін еселеп айта береді: — Мынау сұмдық қой, мынау сұмдық қой, мынау сұмдық қой, мынау сұмдық қой... Осы жерде ғана санама саңылау түскендей. Менің атам қоймашы болып орналасқан! Генерал – қоймашы. Генерал-лейтенант еді, енді генерал-қоймашы болып шыға келген түрі мынау! Мені бірде түсініксіз күлкі қысса, бірде өксік атып, жанарым жасқа толады. Бұл

«өнерімнің» сырт көзге дұрыс көрінбесін өзім де түсініп келемін. Мамам иығымнан сипаса, папам арқамнан нұқығыштап келеді, оларынан ештеңе де шыға қойған жоқ, мен күлкім мен өксігімді тия алмадым. Өткен сенбілік, ондағы: «Осындай генералды көрсемші!», «Шүйкедей болған түрін қарай көріңдер?», деген келемеж сөздер – бәрі де көз алдымда көлбеңдеп, ойымнан шықпады. Сирек тістерін ырситып алып: «Бастықтыққа ұсынатын да өзім, орныңнан ұшыратын да өзім!» деп тұрғандағы Кириллдың сықпыты да бір елестеп өтеді. «Ұшыра ғой оңбаған, ұшыра ғой, –деймін іштей аласұрып. – Қимайтындай ештеңем жоқ. – Атамның сыбағасын беріп келемін: – Неге, неге ғана қоймашы бола қойдың сен? Сондай-ақ, мен саған неден жазып едім?» Папам мамам екеумізді айнала жүріп, күлкіге кенеліп жүр, мамам болса баяғы күйтабақ сияқты бір сөзін қайта-қайта күбірлейді. Қанша айтқанмен тумысынан сібірлік емес пе, ең алдымен ес жиған мамам болды. — Жетер енді! – деп ол зекіп қалды да, иығымды сипап тұрған қолын тартып ала қойды. Тынышталуыма тура келді, папам да мақсатсыз жүрісінен бөгелді. — Жетер енді! – деді ол әлгі сөзін қайталап, – қазір ғана үйге барамыз да бұл масқаралықтан құтылар жол қарастырамыз! Шіркін-ау, шалқасынан жатып алып, кітап оқудың, немесе телевизордан спектакльдер мен концерт көріп жатудың орнына... — Менің ұсынысым, – деп папам оның сөзін бөлді, – бұл істі біз ертең бастасақ, былайша айтқанда, «қылмысының» тура үстінен түссек деп едім. Тағар айыбымыздың, бұлтартпайтын дәлеліміздің болуы үшін! Ертеңіне алдымен асығып-үсігіп атам жөнелді, біз сәл кешігіп шықтық та мамамның «газигіне» отырдық. ...Ашық тұрған қоймаға адамдар шұбырып кіріп, біреулері шеге толтырған жәшіктерді, енді біреулері жаңа күректерді немесе сымтемір орамдарын көтеріп шығып жатты. Біз абайлап басып, жақындап келеміз. Іш жақтан атамның күркіреген жуан даусы естілді. — Түсіріп ал-ма! Бай-қа-саң-шы! – дейді дәл бір зеңбірекшілеріне бұйрық беріп тұрғандай. — Тоса тұрайық, – дейді әкем шарасы таусылғандай, – оның жұмысының дәл қайнайтын кезі, смена жұмысшылары ауысатын тұсқа дәл келіппіз ғой. Жөнсіз жерден оны отырғызып кетпейік, – деді әлдеқандай бір түсініксіз сөзді қыстырып. Мен мамамнан «отырғызып кету» дегеннің қандай сөз екенін сұрағанымда, ол бұл сөздің біреудің беделіне нұқсан келтіру, жұрт көзінше атағына кір келтіру сияқты мағына беретіндігін түсіндірді. Ал біздің, әсіресе, менің беделім ше деген ой келді маған? Шынтуайттап келгенде, менде енді қандай бедел қалды дейсіз? Беделден жұрдай болды деген осы. Өзімді қалай председатель сайлаттырғанымды, өз атамнан қалай бас тартқанымды, жексенбіліктен қалай тайып тұрғанымды... бәр-бәрін ойлаған сайын ішімді ит тырнағандай. Газ Баллонының өзі ойына не келсе, сонысын айта салудан тайынбайды. Өстіп жүргенде қайдағы бедел жайлы сөз болмақ. Шұбырған адамдар сиреп, бірте-бірте таусылғандай болған сәтте біз есікке қарай беттедік. Мен осы бір сахнаны көз алдыма түрлі-түрлі етіп елестетіп келгенмін. Айталық, әкем таққан айыпқа не дерін білмей сасқан атам үй қабырғасына сүйеніп, қипақтап әрең тұрады, мамам да ренішін үйіп-төгеді. Әбден көңілі қалған адамның көзімен қарап мен тұрамын. Тіпті болмағанда біз сау етіп кіріп барған сәтте есі шығып, сасқалақтап қалады, өзін өзі ақтап әуреге түседі... деген сияқты... Бірақ бізді көргенде атамның қарқылдан қоя бермесі бар ма! Әлде бір қағазға түқшия үңіліп, жазып отыр екен, онысынан басын көтерді де, денесін бір жеңілдетіп алайын дегендей рахаттана күлсін келіп.

— Бәрекелді! – деді көңілдене дауыстап, – құдайға шүкір, иығым бір жеңілдеп қалғандай болды ғой! Сендерге жайымды ұқтырардай етіп түсіндіруді үнемі ойластырып жүруші едім, міне енді өйтіп әуре болмайтын болдым, міне тамаша! — Түсіндіруге тура келер! – Мамам шабуылды қарқынды бастады. – Түсіндіргенде қалай түсіндіресіз! — Түсінсем бұйырмасын, – атам қолын көтерді. – Сендер немене, жолдастық дегенге қарсысыңдар ма? Мен бар болғаны науқастанып, ауруханаға түсіп қалған Иннокентий Евлампиевичті уақытша алмастырып жүр емеспін бе? Ол сауығып орнына келген соң-ақ мен де үйге қайтамын. Кітаптарды ақтарып жүріп самса пісірудің жаңа тәсілін үйрететін пайдалы кеңесті оқығаным бар еді. – Ол жуан кітапты қолына алып қарады да салмақтап-салмақтап қойды. – Сібірдің мойыл қосып пісіретін атақты самсасы. Шеге алғалы әлдекім кіріп еді, атам көзілдірігін киді де бізді назарынан тыс қалдырды. Мамам күйіп-пісіп, өз қолын уқалап, келесі өте ұзақ сөзіне мұқият даярланып еді, шегеге келген кісі шыққан бойда әңгімені атам бастап кетті: — Естеріңде болсын, екінші кезегіме – келесі аптаның түніне қарсы шығамын. Мамамның діңкесі құрығандай жоғары көтерген қолын төмен түсіріп алса, папам да шарасы таусылғандай қалып танытты. – Саған жұмыс істеу емес дем алу қажет, – деді ол наразы үнмен. – Қоймашының орнына адам табылмады деген не сөз! — Ех, жолдас, үлкен бастықтың орынбасары! – дейді атам жайбарақат жымиып. – Ұсақ-түйек проблемаларды біле бермейсің-ау! Аспанға емес, жерге де қарай жүру керек. Шындығына келсек, қоймашылардың жетіспейтіні рас, қызығы жоқ жерге жастарың баспайды, шалдар болса жоқтың қасы. Қойманы тарс жауып тастауға болмайды ғой. Әкем күмілжіп, мамам ызаға булықты, бір тәуірі екеуі де үнсіз қалды. — Ата, – дедім мен, ана екеуінен қайран кеткен соң ең соңғы амалды алға тарттым, – ұят қой, сен генерал емессің бе! Бізді ұятқа қалдырып отырсың ғой! Осыны ойладың ба? Атам өңін суытты. — Міне – әңгіме деп осыны айт, – деді ол даусын баяу шығарып, үнінен ызғар есті. – Егер мен үшін ұяттан өртеніп бара жатсаңдар қасымда жүрмей-ақ қоюларыңа болады. Мамам мен папам шабуылдан қорғанысқа көшті, әлденелерді айтып, атамды тыныштандыруға кірісті. — Неғылған түсінбейтін жансыңдар, – атам таңырқай сөйледі. – Жұмыс істегенге арланатын адам болмайды, осыны неге ұқпайсыңдар? Мен қоймадан ешкімге қажетсіз, тастанды жандай болып шықтым. Әке-шешем жұмыстарына бет алды да мен мектепке қарай аяңдадым. Жол бойында кедергі жасайтын ешкім болмаған соң тағы да көз жасыма ерік берілді. Шынтуайттап келгенде, ештеңені түсінбейтін нағыз миғұла өзім сияқтымын... Жылап келемін, уана алмай еңіреп келемін, атамның өз дегенінен қайтпағаны үшін емес, шындық булықтырып, алқымымнан алғандай. Дәл солай екені айқын...

ПИОНЕРЛІК ЖИЫН Мен қайдағы бір батпаққа түсіп алып, шыға алмай жүргендеймін, қалай да бұл пәледен құтылғым келеді, аяғым тайғанап, өзімді түпсіз меңіреу суырып бара жатқандай, жанталаса ұмтылғаныммен ол әрекетімнен ештеңе шықпайтынын мойындағандаймын. Тұңғиық тартып бара жатыр, құтылып кетердей ешқандай үміт сәулесі көрінбейді... «Өмір деген қарама-қайшылықтан тұрады ғой». Бұл әкемнің сөзі. Ол оны ерте

кездерде айтқан сияқты, мен оны ұмытып кеткендей едім, бірақ басыма қиын-қыстау іс түскенде қайтадан ойыма оралды. Соның өзінің ойыма оралуы тұла бойымды тітіреткендей. Айтары не, тайғанақ та сүйкімсіз жалған сөз өз жанымды қинап, жүрегімді айнытқандай, енді қазір соның торына оралып шырмалып жүргендеймін. Ал қазір соның бәріне көз жеткен соң ауыр бір науқастан айыққан сияқты сезінемін, шынында да, өмір деген қарама-қайшылық екен ғой... Кешке дейін бетіме басылған таңбадай болған атамның сөзі жанымды өртеумен болды. Ол біз қоймаға барғанда «сендер», «сендерге» деп көптік жалғаумен сөйлесе де оның өз ренішін маған арнағаны айдан айқын еді. Демек, мен ең алдымен атам үшін маңдайыммен жер басқандаймын, оның алтын оқалы генерал шинелін киіп жүрген осынау қораш түрі үшін ұяламын. Былайша айтқанда, арымнан айырылғандаймын. Мен үшін атамның адам ретіндегі өмірі мінез-құлқы емес, оның сырт көрінісі ғана маңызды болған сияқты. Жарқылдаған генерал погоны бар киімге алданғандаймын. Айтары не, жетер жеріме жеткендеймін. Әңгіменің бәрі де оның даңқын өз пайдама жаратудан басталған сияқты. Сол сияқты командир болғым келді. Генерал деген атақтың алдамшы шұғыласы менің басымнан да сәулесін төгер деп ойлаппын. Өз өмірім өзімді өртегендей, атамның соңғы бір айтқан сөзі менің бетіме басылған таңба сияқты. «Түсінбейтін жансыңдар!» деді-ау. Қайта жұмсақтап айтқан екен. Қай үзіліс екенін білмеймін, қазір мен үшін барлық үзілістер мен сабақтар мидай араласып кеткен кез, әйтеуір бір үзілісте Газ Баллоны тағы сұңқылдасын: – Бүгін пионерлік жиын! Сирек-сирек тістерінің арасынан сыздықтата сөйледі. Тағы да ана жолғыдай басымды салбыратып, тұқырайып отырармын деп едім, бірақ олай болмады. Пуховтың көзіне тура қарадым да, бастықтығымнан ұшырсаң да еркің өзіңде дегендей басымды изедім. Мені баяғыда-ақ бастықтықтан ұшыру қажет еді. Қазіргі сәтте мұндай ойды ойлау мен үшін ауыр емес. Өмір деген қарама-қайшылықтан тұрады деп әкем тауып айтқан. Сабақтар біткен соң бүкіл сынып оқушылары пионер бөлмесіне жиналдық. Галинаның патшалығында демонстрациядағыдай ерекше жасанғандық байқалады. Бұрышқа ту ілініпті. Екі жақтаудан әр отрядтың жалаушалары тізіліпті. Сәкілерге барабандар қойылған. Горндар алтындай жарқылдайды. Қабырғалар плакаттармен безеніп, ортаға қойылған үстелге жабылған қызыл мата үйге қызғылт арай себеді. Музейдегі сияқты сыбырлап сөйлеп, қыбырлап жүргің келеді. Мен Галяның «музейіне» кірген бетте аяғымның ұшынан басып, орындықтың бір шетінен орналастым, бірақ Егоров мені сұқ саусағымен ымдап шақырды: — Мұнда келсеңші, сен әлі де председательсің ғой. Сөйтіп, мен қызыл үстелдің жанына орналастым, Борис Егоров жиынның күн тәртібін жариялады: — Күн тәртібінде: бірінші – менің армия қатарына алынуым жайлы. Ия, ия, шуламаңдар, кететін болдым, сендерге хат жолдап тұрармын, және де мені вожатыйлықтан босатпауларыңды сұраймын. Сөйлемінің соңғы тармағын ол Галяға қарап айтып еді, ол тұқырып отырған күйі, беті алаулап басын шұлғыды. Көңіл-күйінің болмай отырғаны анық байқалады. Оның пионер галстугі әрдайым қызыл мұрт сияқты өте сәнмен жарасып тұрушы еді, енді жай ғана мойнында жатқандай. — Ештеңе етпейді, – ол көңілдене үн қатты. – Мұңайма... – өз қателігін кеш түсінгендей көптік жалғауы жалғады:... – ңдар. Мұңаймаңдар, енді сендердің вожатыйсолдаттарың болады. Балалар шуласып кетті, Борис қолын көтеріп, әрең дегенде жұртты тыныштандырды. — Екінші мәселе, – деді ол баяу сөйлеп, денеме ине сұққандай әлденеден

қауіптене қозғалақтадым, – отряд советі председателінің тәртібі жайлы. Бұл мәселе жайлы сөз... – Борис Галяға қарап еді, ол орнынан тұра бастаған... Бірақ мен одан бұрын орнымнан қарғып тұрдым да: — Сөз менің өзіме беріледі, – деп қойып қалдым. Галя маған таңырқай қарайды, бірақ мен өзімді салқынқанды ұстап тұрмын. Ойыма кіріп-шығар емес. Отқа түскен шаланың да түгі қалмай күлге айналатыны сияқты менің ішкі жан дүниемдегінің бәрі түгі қалмай жанып кеткендей. Мен бүкіл сыныпқа, аяқтарының ұшымен басып келіп қолымды қысатын ұлдарға, менің көңілім ауғанда езу тартып тұратын қыздарға, жуықта ғана мен оларды опасыз санап, істен алғысыз еткен барша балаларға қарап сәл езу тарттым. Шынында олар маған қандай опасыздық жасады? Тіпті Газ Баллоны деген айдары бар, менің ең үлкен дұшпаным Пуховтың өзі опасыз да, жау да емес. Нағыз жау – өзіммін. Өзіме өзім жаумын. Сөзді бастап кеттім: — Маған тағып отырған барлық айыптарың өте орынды. — Ол айыптардың не екенін алдымен біліп алсаңшы, – деді орнынан көтеріле берген Газ Баллоны. – Тізгінді тағы да өз қолына алып, тағы да алдап соққың келе ме? Қос құлағы машинаның фарындай болып, қызара делдиіп кетіпті. «Ақымақ, – деп ойладым мен еш зілсіз, – неменеге берекең кетіп тұр? Сен емес, менің берекем кетуі керек еді». Пионерлер бөлмесі музейге ұқсағаннан қалды, араның ұясы сияқты дуду етеді. Мейлі. Сенің дегенің-ақ бола қойсыншы. Мен орныма жайғастым. Газ Баллоны саусақтарын бүге бастады: — Сенбіліктен қашып кеттің – бір де! Председатель дейді-ау мұны да. Жоқ, бұл – екіншісі екен ғой. Біріншісі – өзінің туған атасынан бас тартқандығы. Үшіншісі – өз атасын генерал деп жұртты алдағандығы. Меңің дәлелдерім жеткілікті! – Ол тағы да саусақтарын бүге бастады. – Біріншіден, ол кісінің жай ғана пенсионер екендігін өзі айтқан болатын, екіншіден... Екіншіден... – Пухов бөлменің ішін барлай қарады – тулар, горндар, барабандарды бір сүзіп шықты да аса бір салтанатты мақаммен сөзін тұйықтады: – Екіншіден, ол кісінің жай ғана қоймашы болып істейтіндігін өз көзіммен көрдім! Бұл сөз көпшілікке әсер еткені сонша, халқым шәугімде бұрқ-сарқ қайнаған су сияқты аласапыран толқып бір кетті дейсіз. Қоймашы! Ешқандайда да генерал емес! Міне саған керек болса. Кеше ғана дәл осы сөз үшін буынып өлуге даяр болсам, бүгін ешқандай әсер етпеді. Орнымнан мен көтерілдім. Өзімнің ақталу сөзімді атамның айтқанынан бастадым. – Сендер немене, түсінбейтін жансыңдар ма? Кез келген жұмыстың қадірлі де құрметті екенін білмеуші ме едіңдер? — Бізді тәрбиелемей-ақ қой, – дейді күйіп-жанған Газ Баллоны, – онан да қолыңнан келсе ақталып көрсеңші. — Әрине, ақталамын, – деймін мен күле сөйлеп, тек қана сен маған тағар ең басты айыбыңды ұмытып тұрсың. Маған серт бергеніңді де жақсы білемін. «Американка» үшін сатылғаныңды білесің бе? Көрдіңіздер ме, ең бастысы, – деймін мен Галя мен Егоровқа бір қарап қойып, – ең бастысы, мені «американка» үшін председательдікке ұсынғанын ұғып отырған боларсыздар, Міне, әңгіме қайда жатыр. Пионерлер бөлмесін тыныштық жайлады. – Бір түрлі қызық екен, – дейді Алька өзімен өзі сөйлескендей. – Ол өз айыбынан ақталудың орнына керісінше басқаны да, өзін де қаралайды ғой. — Сен генерал мундирін қайдан алып жүрсің? – дейді бет-аузын тер жуған Пухов. — Менің әкем көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады, енді ұғынықты шығар? – дедім ойланбастан. – Пьесада ойнау үшін ол генералдың киімін арнайы алған

болатын. Сендерге соны көрсете салдым. Одан кейін не болғанын айтып сұрамаңыз, аласапыран шу болды да кетті. Газ Баллоны сасқанынан орындыққа шығып кетіпті. Сол кезде бір тұстан шырылдаған Кешканың даусы естіледі. — Ех, сендерді де бір қауым жұрт дейді-ау, – ол «бір қауым жұрт» дегенді ерекше ызамен айтты. Барлығы да ауыздарын жұма қойды. Кешка тудың қасына барып тұрғанда оның беті-жүзі теңбілденіп кеткендей көрінді. — Сендер мұны атасы үшін сайлаған жоқсыңдар ғой, – деді ол. – Өздерің мұның жақсы қасиеттерін Галяға дәлелдеп тұрып алмап па едіңдер? Ал, не үшін, не үшін сендерге генерал қажет бола қалды? Тағы да дуылдаса жөнелді, Галя таяқшамен барабанды дүңгірлетіп жүріп, жұртты тәртіпке әрең шақырды. — Біз мұның атасын талқылап отырған жоқпыз ғой, – деді ол. – Біз Рыбаковты, дәлірек айтқанда оның жексенбіліктегі тәртібін қарап отырмыз. — Атасының генерал екені рас, – деді Кешка ақырын ғана. Енді барлығы соған қарап қалды. – Менің атам екеуі бірге соғысқан. Менің атам бар болғаны сержант. Антошканың атасы біздің қария науқастанып қалғанда оның орнына қоймашы болуға арланған жоқ. Оның неліктен қоймашы болғаны енді түсінікті шығар? Енді барлығы да маған қарай бұрылды. Бетіме әлде кім ыстық су шашып жібергендей ду ете қалды. Дәл осы жерде тұрып атамның мундирі туралы тағы да өтірікті соқтырып жібергенім үшін барлығы жабылып сөксе керек еді, бірақ оу бастағыдай жылы қарайтындай. — Тоқтатыңдар! – дедім, үнім де жарқыншақтана шықты. – Менің атам сендерге ойыншық па еді! Өзім үшін өзім жауап беремін. Және де мені председательдіктен түсірулеріңді сұраймын! Масқара қылған тәртібім және алыпсатарлығым үшін! — Неменені саудаға салып едің? – деп қиқылдады Пухов. — Атамның атақ-даңқын деймін, көк есек сол.

ТИІН Мен пионер жиынынан бірінші болып атып шыққан бойымда шатырға шығатын шаң басқан басқышпен өрмелей жөнелдім. Мені іздеп, шарқ ұрған Альканың, Кешканың даусын естіп отырмын, бірақ үндегем жоқ. Жанарымды жас жуып кеткенмен езуімде күлкі ойнады. Бойым бір жеңілдеп қалғандай, әлдеқандай бір рахат күйде отырғандаймын. Өмір деген қарама-қайшылыққа толы деп еді-ау әкем. Міне, менің дәл қазіргі сәттегі тіршілігімнің өзі қарама-қайшылыққа толы: бір жылап, бір күлемін, жаным жай тапқандай әдемі бір күйді сезінсем, көңілімнен мұңның бұлты да сейілмейді. Сол жерде көп отырдым. Көз байлана бастады. Құрылыстағы жұмысшылардың жаңа кезегі келе бастаған болар. Жасырынған жерімнен шықтым да үйге қарай зыттым. Өзімнің бүгінгі әрекетім үшін көңілім тоқ, өйткені менің ісімнің дұрыс та әділ екендігі анық. Ал осы жайдың бәрін естігенде атамның не дері беймәлім. Эх, Антоха, мені масқара қылдың-ау деп жүрмесе. Оның алдында ақталып жатудың да сәті түсе қоймас. Өз өмірім өзімнің екі өкпемнен қыса түскендей. Құрысыншы, өткен іс болса да өкініші жоқ, Кешка председатель болып сайланды – бұл нағыз әділ шешім, солай болуы да керек еді, бірақ менің ішек-бауырымды әлде не тырнап жатқандай... Өзің жіберген қателікті ұмыта аларсың ба, ештеңе болмағандай көңілден кетіре аларсың ба?..

Мәңгіріп көшеде келе жатып, бір топ балаға көзім түсті. Жоғары сыныптың он шақты баласы тұр екен, оңашалау жерде Газ Баллоны қалқияды. Балалар жерден қарды уыстап алып домалақтайды да үйдің бетон қабырғасына қарай лақтырады. Мергендіктерін сынасқан балалардың лақтырған қарынан қай жерге барып жан сауғаларын білмей үйдің шатырына қарай секіре қашып жүрген тиінді көрдім. Тайга жақын болғандықтан тиіндер поселкаға жиі келе беретін, олар ағашты жерде адамнан оңай қашып құтылса, өзі пана іздеп келген мынау үйдің жылтыр қабырғасынан тұяғына іліктірер тірек таппай, аласұрған қорғансыз міскін жанұшыра безектейді. Оның мұнда келісі өзіне сәтсіз болғандай... Ес жидырмай лақтырылған қар кесектері тиіннің жан-жағынан тиген сайын оның кіп-кішкентай тұлғасы дірілдеп, өзінен үлкен үлпілдек құйрығын үй қабырғасына жабыстыра түседі. Он бала жұдырықтай жалғыз тіршілікке жабылып жүр. Әр қайсының кеудесінде басы, жүрегі бар саналы адамдар құрбандықтарын аяр түрлері жоқ, Газ Баллоны да қамсыз қалқиып, мынау қызықтың немен аяқталарын күтіп тұрғандай. Бар қаным тасып келіп, самайымды солқылдатқандай. — Өй! – деп айқайлап жібердім мен мынау сұмдықтан өне бойым қалшылдап. – Өңшең сұр жыландар! Не істеп тұрсыңдар? Газ Баллоны бетіме қарады, жанарында кекесінді мысқылдың ізі бар. — Ә! Генерал! – деп айқайлады ол. – Тағы да бұйрық бергің келіп тұр ма! – Қарқылдай бір күліп алды. – Әскері жоқ әскербасы! Басқа уақытта болса осы сөзі үшін жынданып кетуге болар еді, қарымтасын да мүмкіндігімше қайтарған болар едім. — Тоқтатыңдар! – даусым мейлінше қатты шықты, екі көзім жазықсыз жапа шеккен тиінде. Енді оны қармен емес, қатып қалған кесектермен, тастармен атқылай бастаған. Сөйткенше тиін де домалап жерге құлады. Ол төмен құлап түссе де мен бұрынғыша үйдің қабырғасына қарап тұр едім. Көгілдір бетон қабырғада қызғылт дақ қалыпты. Мен портфелімді лақтырып жіберіп, қалпағымды милықтата кидім де дерейіп тұрған бір баланың қолқа-жүрегінің тұсынан басыммен қойып кеттім, ол ыңқ етіп құлап түскен сәтте келесісіне, одан кейін келесісіне ұмтылдым. Балалар да тез есін жинаса керек, өз басымның қасат қарға қалай кіріп кеткенін білмей де қалдым. Жонарқама да, басыма да соққы тиіп жатты, бірақ денемнің ауырғанын сезген жоқпын, жан ұшыра тырбанып, тағы біреулердің жазасын беруді ғана ойладым. Бір кезде соққылар сап тиыла қалды. Мен басымды көтергенде балалар безіп кетіпті, тек Газ Баллоны ғана өзінің бағанағы орнында мелшиіп тұр екен. Ернім дірілдеп, тұла бойым қалшылдайды, бетімнен еріп аға бастаған қарды енді сүрте берген кезде қарсы алдымда тұрған атамды көрдім, ол ауыр тыныстап, маған ерекше бір жылы көз қараспен қарап тұрекен. – Мен бәрін де көрдім, – деді ол тынысын кең алып, – сен азаматсың!

ӘЗӘЗІЛ ДЕГЕН БОЛА МА? Азаматсың! Мен селк ете қалдым. Өмір деген қарама-қайшылыққа толы... Ол мені азаматсың дейді, ал шындығына келсек ше? Кейде тіршілікте заңсыз тәсілдердің де қолданылатынын жақсы білемін, айталық, бокста кіндіктен төмен ұруға болмайды. Төмен ұрсаң қарсыласыңның тынысы бітіп, есін жия алмай қалады, сондықтан да егер сен адал адам болсаң, ондай осал жерден әсте ұруға болмайды. Адал адам. Ал мен болсам адал емеспін, қолдануға болмайтын тәсіл жасап, «американка» үшін Пуховқа өзімді председатель сайлаттым, одан кейін атамның

атағын өз кәдеме пайдаландым. Мұны оған қалай айтармын, айтпасқа тағы да болмайды. Жаңағы тиін оқиғасынан кейін үнсіз қалуы мүмкін емес. Екеуміз қатар жүріп келеміз. Пимамыздың табанынан қар шықырлайды. Ол күмілжіген қалпы үнсіз келеді, Бір кезде таңырқай тіл қатты: – Осындай оспадарлар қайдан шығады? – Басым салбырап кетті. Мен туралы айтып келе жатпағаны анық. Жаңағылар жайлы айтып келеді. Бірақ мен жайлы айтып келе жатқандай көрінеді. Оспадарлық. Егер дүниеде оспадарлық деген болса онда адамгершілік деген де бар ғой. Менің тіршілігім ше – адамгершілікке жата ма? Мейлі, енді мұның бәрі де өткен шақ болсыншы... Тамағыма әлдене келіп кептелгендей, бірақ мен тістеніп алып, өзімді өзім ұстап келемін. Жаспын деу – жастықтың ісі, өз ісің үшін жауап берер уақыт жетті. Балалардың мынау қорлығы үшін жазықсыз тиінді еш мақсатсыз тағылықпен өлтіргені, он шақтысының бір өзіме жабылып, басымды қарға бөктіргені үшін еңіреуге әзірмін. Иә, мынау шарасыз қорлық үшін еңіреуге әзір едім. Әділетсіздік үшін. Мүмкін, ең алдымен өз әділетсіздігім үшін. Өзімнің ғана. – Ата, – дедім мен батыл шешіммен. Ол жүрісін баяулатып, бетіме қарады. – Ата, – дедім тағы да, бірақ ең басты сөзді қалай бастарымды білмей өз ернімді тістедім. Ол қасын керіп қойып, менің сөзімді үнсіз тосып келеді. Мен оның бірдеңе дегенін іштей қалып келемін. Әрине, көңілімді демдер сөзін тосып келе жатқан жоқпын. Бірақ атам тіл қатар емес. Оның үнсіздігі мені қинай түскендей. Алыстағы крандар темірінің қажала шықырлағанын естимін. Үстімізден ұшып бара жатқан қарғалар қарқылдайды. Ең ауыр сәттерді күтіп жатқандаймын. «Өз істегеніңді өз мойныңмен көтере біл» деген сияқты мұқату сөзді де тосқандаймын. Бірақ мынаған, атамның ең қорқынышты айыптауы – мынау үнсіздікке даяр емес едім. Көрдіңіз бе, үлкен кісінің, әсіресе атаңның берер жазасының қандай болатынын. Өмірде ешқандай да қаскөй әзәзіл болмайды. Өзгеде де, өзіңде де. Тек қана сен, сенің жігер-күшің және сенің су жүректігің ғана бар. Су жүректікті, тіпті опасыздықты мойындау да – үлкен күш. Мынау меңіреу тыныштыққа шыдар күш табылар ма екен...

Бесінші бөлім

ҚЫМБАТТЫ АДАМ

ҚОЙМА Біршама уақыт жаңарып, өткен күндер кейін жылжыды да, өмір өз арнасымен әрі қарай аға берді. Неге екенін қайдам, әлденеден көңілім құлазитындай. Үнсіз ойланып отырған сәттерді ұнататындаймын. Жалғыз, мүлде жалғыз жүру, қараңғы үйде көзіңді бақырайтқан күйі жату және қапалақтап ақ ұлпа жауып тұрған шақта қыбырлаған адамы жоқ қар басқан көшені жалғыз кезіп жүру ұнайтындай... Өткен күндерді өзек өртер өкінішпен, әттеген-аймен, бірақ біртүрлі бей-жай күйде еске аламын. Өткен күндер өтті. Бірақ өтті деген мүлде ізі өшті, ұмытылды,

келмеске кетті деген сөз емес қой. Ұмытуға болмайды. Өз қателігіңді есте ұстау қажет. Бұл бұдан әрі қарай дұрыс ғұмыр кешу үшін қажет. Пионерлік жиыннан кейін сыныптағы барлық жағдай өзгерген. Жоқ, аяғының ұшымен келіп сөйлесетіндер болған емес, бірақ барлығы да ақжарқын қарап, ілтипатпен әңгімелеседі. Айтпақшы, бұл мүмкін, пионерлік жиыннан кейін емес, тиінге байланысты оқиғадан кейін болар деген де ой келеді. Жұртқа да, тіпті өзіме де басқаша көзбен қарай бастағандаймын. Әрі оңай, әрі қиын шаруа. Газ Баллоны маған бір түрлі қызық сұраулы жүзбен қарайтындай, бірақ жұмған аузын ашып, ештеңе сұраған емес. Сабақ үстінде сыртымнан қадалған Альканың көз қарасын сезіп отырамын. Бұрылып қараған сәтімде ол маған ойлы жанарын тіктейді. Мен туралы не ойлайды екен? Білер ме еді шіркін, бірақ мен оның қасына бармайтын болғанмын. Жалғызбын. Мұның өзі адамның өз-өзіне келіп алуы үшін керек сияқты. Күн сайын мектебіме келемін, сабақтарға қатысып, сұрай қалса жауап беремін, бірақ бар уақытта да жалғыз едім. Бүкіл сынып оқушыларын өзімнен ысырып тастағандаймын. Атам. Менің жанымнан табылар жалғыз адам – осы атам ғана. Ол өткен жолы да ештеңе айтқан жоқ. Бір сөз айтып бетіме салық қылған жоқ. Үн-түнсіз қоя салған. Сөйтіп, содан әрі қарай тіршілігіміз жалғаса берді. Атам да бұрынғысынша қоймашы болып істеп жатты. Иннокентий Евлампиевич болса әлі де сауыға алмай, ауруханада жатқан, мен күн сайын мектептен кейін қоймаға соғамын. Жәшіктердің, әртүрлі бумалардың, тайланған заттардың үйілген пирамидаларының ортасында ыбырсыған қағазға толы атамның үстелі тұрар еді. Төбесінен ұзын сымға жалғанған жалаңаш электр шамы төнеді. Еденде апельсин түсті бұрама темірі алау шашып электр плитасы тұрады. Қойманың іші суық, металл құбырлар күміс қырауларға көмілгенімен үстелдің жаны жып-жылы – электр плитасы ұялса да осы бір жерді жылытып тұрғандай. Атам болса қалпағының құлақшынын түсіріп, қолына ескі жүн қолғап киіп алады. Бір қолғабының саусақтарының ұшын кесіп, дедегесін сетінеместей етіп, әдемілеп тігіп алған. Қалың киіммен гүржиіп отырады. Тұла бойында сол саусақтардан басқа жалаңаш бір жері жоқ. Айтқандайын, автоматты қаламы сиясы қатып, үстелдің бір шетінде жатса шарикті қаламы да тас болып бір жағында жатады, тек қана қолынан түспейтін сенімді қаруы кара қарындаш қана. Аязға шыдамдысы осы екен. Атам қарындашын алып, қарсы алдында тұрған терезеге жанар тіктейді. Терезенің арғы жағынан кедір-бұдырлы, жартасты жер көрінеді. Жер деген айтқанға ғана, жер деген жоқ, қар астында жатқан жер емес – диабаз. Диабаз – жартасты жыныс. Біздің ГЭС-тің бөгеуі өзеннің осы диабазды жағасына салынған. Бұл жынысты күрекпен қазу мүмкін емес. Әкем: – Шіркін-ай, диабаз сияқты қатты бетон өндірер ме еді, – деп үнемі арман ғып жүрер еді. Бірде ол ондай жаңалықты да айтып келген, бірақ мен естіген бойда ұмытып кетіппін. Атам ұмытпапты. Үндемеген қалпы, қарындашымен қағазды шимайлай, анықтама кітаптарды ақтарады, содан кейін логарифм сызғышына салып, әлденелерді есептейді. Мен одан нені есептеп жүргенін сұрағанмын. Атам естімеген адамдай үнсіз қалған. Мен де тақымдамадым. Жауап бермегені – демек, айтқысы келмегені, Бір апта өткен соң атам жатар алдында әлденені сыбырласын. — Бері қарашы, – дейді ол, – өте қызық есеп. Бір деммен бүкіл алаңды даяр етесің. Мен ең әуелі оның не туралы айтып тұрғанын ұққан жоқпын. Атам әкемнің сөзін еске салды. Ленинградта біздің станцияға арнап турбина жасау керек, әрбір турбинаның қуаттылығы екі жүз мыңнан астам киловатт міне саған керемет керек

болса, тек жұмыс істейтін доңғалағының днаметрі алты метр.Мұндай турбинаны жасау үшін – еһе! – қанша еңбек керек деңіз, сонан соң оны алып жүрудің өзіне бүтін бір эшелон керек болар, әкелген соң оны құрастыру қажет. Ал құрастыру үшін арнаулы алаң қажет. Жай ғана алаңқай емес, жә деген алаң. Крандарды орналастыру үшін. Турбинаның бөлшектері де сонда тұрады. Ал біздің жер болса – өзіңе белгілі. Диабаз! Алаңның бетін тегістеу үшін қаншама техника, күш, адамдар қажет. — Түсінесің бе? – деп сыбырлайды атам, – ал мен осыларды бір-ақ рет!.. — Бір-ақ ретің қалай? – дедім мен түкке түсінбей. — Бір-ақ рет бұрқ еткізіп қопарылыс жасау арқылы! Тек қана дәлдеп есептеу керек. — Сөйтіп, ол әзір ешкім жоқ кезде өз қоймасының көгілдір терезесіне қарап қойып, аязға тоңбайтын қарандашымен әлденелерді жазады кеп. Атамның аяқтары жылы жерде тұрса да демінен бу ұшады. Сәл жымиып қойып, өзінің сүйікті әнін ыңылдайды, ал мен болсам өзіме-өзім айтып тұрғандай, басқаға естілместей етіп оның әнін жалғастырамын: Қаза келсе – қас қағымдық өлімі, Жара болса – жан қинамас жеңілі. Атам қопарылыс жайлы, ал мен атам жайлы ойлаймын. Бірақ ол туралы мен ғана емес, басқалар да ойлайды. Бірде есік шалқасынан ашылған кезде табалдырықта Анна Робертовна тұрды. Мен оны көптен бері көрмеген едім. Француз әйелдің қолына ұстаған түйіншегі бар. – Мон женераль, – дейді ол жылы жымиып түйіншегін шешіп жатып. – Біздің Гриша біреуге ғашық болып қалыпты! Сондай сүйкімді қыз екен. Қуанышымда шек жоқ, тфа-тфа, көзім тиіп кетіп жүрер! Түйіншектің ішінен кішкентай ыдыс шықты. Анна Робертовна ыдыстың қақпағын ашқан кезде одан қарамық төбінің сүйкімді иісі аңқыды. Мен ол ұсынған дәмнен бас тартқанмен атам ашқарақтана кірісті, екі бетіне қан жүгірген. Анна Робертовна үстелге сүйене тұрып, Гришаның қалай үйленетіні жайлы күбірлеп әңгімелейді. Мен француз тілін үйренуім жайлы есіме алуым мұң екен, күрсініп салдым. Қарап тұрыңыз, Анна Робертовнаның немересінің бірден французша сайрайтындығы айдан айқын мәселе. Перзентханадан шығып келтен бетте: «Бонжур, гранмаман!» деп айқайламасына кім кепіл. Немесе француздар әже дегенді қалай атаса соны айтатын болар...

СЕРІСАУМАЛДАР Атам әкеммен түс шайысып қалды. Олар ренжіседі деп ешқашан ойламаған едім. Оған себеп те болмайтын. Бірақ, себеп табылды. Оқиға көз алдымда өтті де, бар жайды өз көзіммен кердім. Сөйтіп, бірде қойма терезесінің алдына гүжілдей желіп жүк машинасы тоқтады. Ішке екі адам кірді. Екеуі де егде тартқан тым сыпайы жандар, былай қарағанда, ағайынды адамдар сияқты бір-біріне қатты ұқсайды. Атамның қолғап кигенімен саусақтары жалаңаш алақанын кезек-кезек қысысты. Қойманың іші суық болса да қалпақтарын шешісті, содан кейін біреуі газетке оралған әлде бір келтектеу келген нәрсені қалтасынан шығара бастады. Атам түйіншекке қарап қойып, таңырқасын: — Мынау не? — Түсінесіз бе, ата, – деді әлгілердің біреуі, – цемент керек еді, бес қаптай болса, егер бар болса бірер жәшік шеге, үш орамдай руберойд берсеңіз. Құрылыс салып жатыр едік. Қалай, көмектесесіз бе?

— Көмектесемін, – дейді атам миығынан күліп. – Қазір құрылыс салмайтын кім бар дейсіз? Накладнойларыңды әкеліңдер, ондай жақсылықты жасай аламыз. Сол кезде бір-бірінен айнымайтын екеудің бірі газетке оралған нәрсені ашты да, үстел үстіне бір шөлмек шарапты қойды. — Мынау не? – деп сұрады атам, бірақ бұл жолы оның үнінде зіл жатыр еді. — Накладной ғой, – деп жауап берді миығынан күлген ұксас еркектердің екіншісі. — Со-лай дең-дер-ші!.. – деді атам дауысын созып, сөйтті де өз маңдайын алақанымен ақырын шып еткізді де кекесінді тіл қатты. – Түсініп тұрмын! — Әри-не, – бейтаныстардың бірі бойы жеңілдеп салғандай кең тыныс алды. — Ашқышың бар ма? – деп сұрады екіншісі. — Бар. – Атам ойлана жауап берді, сөйтті де есікке қарай беттеді. — Мұны қалай ұғарларын білмеген қонақтар бір-біріне жалтақтасты, ал атам болса есікті шалқайта ашып тастап: – Табандарыңды жалтыратыңдар! – деді ақырын ғана. — Мұныңыз не, ата? – деді бірі таңырқаған үнмен. — Біз ақысын төлейміз ғой, – деді екіншісі. — Табандарыңды жалтыратыңдар, әйтпесе мен өздеріңді тиісті жерге жетектеп жіберемін, – деді атам әлі дауысын көтермеген қалпы. Келімсектер қалпақтарын милықтатысты, көздерінде әлі де үміт ұшқыны бар. — Бұдан құрылыс кедейленіп қалмайды ғой, ата! – Еркектердің бірінің үнінен әлі де келісім іздегендік байқалады, ал екіншісі үмітін үзсе керек. Шөлмекті қалтасына сүңгітті. – Құрылыс дегеніңіз алып дүние ғой! Қоммунизмнің ұлы құрылысы, түсінесіз бе? Ал, бізге болса қора-жай деген сияқты уақ-түйек дүние салу қажет... — Кетіңіздер! – Атамның дауысынан шошынған келімсіктер есікке қарай шегіншектей береді. — Басқа алатын жер жоқ қой ұқсаңызшы, – деді біреуі тіленіп. – Біз саған адамша келіп тұрсақ, ал сен... — Ал мен басқаша! – Атам өзінің айбарлы дауысымен ақырып қалды. Үстелдің үстінен салбырап тұрған электр шамы қозғалақтап кетті, әлгілер де есікті жауып үлгірді. Жүк машииасы бір гүж ете қалды да, айнала тыныштыққа бөленді. Атам өз орнына отырды да маңдайын сипады. Оның саусақтарының дірілдеп тұрғанын байқап қалдым. Ол қарындашын лақтырып жіберді де маған қарады: — Көрдің бе? — Жүліктер ме? – деп сұрадым мен. — Соған ұксайды, – деп жауап берді ол. – Мемлекеттің есебінен енші алмақшы. Біз үнсіз қалдық, атам біршама тынышталған соң қайтадан жаза бастады. Сөйткенше тағы да жүк машинасының гүрілі естілді, — Ата! Ата! – әлдекім көшеден айқайлады. Мен корқып кеттім. Бұл адамдар неге қайтып келді, оларға не керек? Атам сыртқа шықты, мен де оның қасына келіп тұрдым. — Әй, ата-ай! – деп айқайлады жүк машинасының кабинасында отырған еркек. – Бекер бедірейесің! Әне цемент дегенің бір төбе болып үйіліп жатыр, маған қажеті жоқ, өзің ала бер. Ал шегеңізді жаңағы шөлмекті беріп ағаш ұсталарынан-ақ алдық. Екі жәшік – әне қарай ғой. – Ол бас бармағымен ту сыртын, машинаның қорабын мезгеді. Машина қорабында қайдағы бір тақтайлар, бөренелер, темірлердің шеті көрінді. — Ұрлап барасыңдар ма? – деді атам айқайлап. Еркек басын шайқады. – Қолдан алып барамыз. Қуана-қуана төлейтін едік, қаржымыз да жеткілікті, бірақ қажет болмай қалды.

Жүк машинасы орнынан ыңырана қозғала берді. — Сау болып тұр, кәрі сайтан! – Кабинадағы кісі ренішін жасыра алмады. Атам қойма табалдырығында жұдырығын түйген күйі тұрып қалды. — Сонда не болғаны, – деді ол өз өзімен сөйлескендей, – менің мұнда текке отырғаным ба? Қажетсіз қарақшы болғаным ба? Сол күні кешке олар ренжіскен еді. Бұл оқиғаны естіген папам: — Серісаумалдар! Басқа ештеңе де емес! – деді. — Сен тіпті жайма шуақ әңгімелейсің ғой, – деді атам. – Өмірдің өзі солай. Оған ештеңе де істей алмайсың, – әкем күліп жіберді. – Бұл әлгі телевизиядан беретін «хайуанаттар әлемінде» хабарындағы сияқты. Үлкен балықтың айналасында көптеген шабақтар жүреді, олар сол үлкеннен қалған қалдыққа қарқ болысады. — Сен өзің не айтып отырғаныңды біліп отырсың ба?! – атамның үні ерекше таңданыспен шықты, — Солай-ақ болсын! – Әкемнің дауысы да реніш лебін сездіргендей... – Айталық сенікі жөн екен! Бірақ ұқсайшы! Біздің салып жатқанымыз электр станциясы. Бұрын-соңды еш жерде болмаған! Біздегі адамдардың бір армия екенін өзің айтқансың! Шабуылға шығып келеміз. Адамдардың, техниканың мөлшерін, жалпы құрылыс ауқымын өзің көрдің! Бірер жәшік шегені, бірер оралым руберойдты, оншақты бөренені бақылап отыратын соншалықты кезді табу оңай ма? — Солай де! – деп таңданды атам. – Байқаймын, екеуміздің әңгімеміз байсалды әңгіме болып барады! Олай болса, естіп отырсың ба, мынау есепті қалай шешуге болатындығына жауап берші. Сенің қалтаңда жүз сом бар дейік. Өңшең қағаз ақшалар ішінде жалғыз ғана күміс ақша бар. Қалтаң тесіліп, күміс теңгең жерге түсті дейік. Сен оны жерден көтеріп аласың ғой? Еңкейесің ғой? — Егер асығып бара жатсам, – деп жауап берді әкем, – егер уақытым аз болса еңкеймей-ақ кете беремін. – Солай де! – деді атам. – Ал сен, Антон қалай жауап берер едің! Бір сомдық сен үшін көп пе, әлде аз ба? — Көп! – еш күмәнсіз жауап бердім, – Бір сом дегеніңіз – бұл тоғыз тиындық балмұздақтан он бірін алуға болатын ақша, тағы да бір тиыны қалады. — Ал сен ше, Ольга? — Бұл құрылысшы дегендеріңіз өте бай халық қой, міне менің айтарым осы, – деп жауап берді мамам. – Олар жүз сомды шығындағанмен қаржысыз қалмайтындарын жақсы біледі. — Міне-міне! – дейді атам байсалды үнмен. – Естіп отырсың ба, жолдас орынбасар! — Жарайды, – папамның үні ренішті естілді, – меніңше әңгіме мен жайлы емес қой. Сонан кейін, ол жер менің учаскем де емес. Осы сәттегі атамның түрін көрсеңіз, шіркін! — Оның есесіне менің учаскем! – Ол ақырып қалды да әкеме жауыққан жанармен қарады. Мұндай қарастан кейін әкем тіпті қызарып кеткендей көрінді. Атам есікті сарт жауып, бөлмеден шығып кетті. — Сен неменеге бүгін пысықси қалдың? – деп сұрады мамам әкемнен. — Ольга! – Әкемнің жүзі одан әрі қызарып, үні қатқыл естілді. – Жетер осымен қысқартайық. Балалар отыр! — – Балалар дейді-ау! – Мамам да қызынып алыпты. – Әңгіменің өзі де солар туралы емес пе? Папам орнынан атып тұрды да бөлмені кезіп жүріп кетті. Менің оған жаным ашып кетті де:.

— Сен оған ренжімей-ақ қойсаңшы! Шынында да! Ол дегенің сенің учаскең емес қой, – дедім. Папам тұтыға сөйледі. – Се-ен! Се-ен! Сен неменеге күйіп отырсың! А? Сонда папам екеуміз ұрсысқан сияқты болып шыға келгендейміз.

ҚАР БАСЫП ҚАЛДЫ Сөйтіп қам-қаракетсіз жататын «актіленетін» күндер де жетті. Оған елу градустық аяз емес, баса жауған қалың қар себепші болды. «Баса жауған қалың» деген сөздің өзі де келе қоймайды. Нағыз баса жауған қар. Алдымен жай ғана қапалақтап қар түскен. Қалықтай ұшып, келе жатқан ак мақта сынды. Бүкіл поселка үстінен айқыш-ұйқыш ақ сымдар тартылғандай. Алып пілдердің тұлғасындай болып үйлер қарауытады. Сонау құрылыс жақтан әлдекім от шашқан көзін ашып жұмған сияқты, ол қалың қар ұшқындарының ақ шымылдығын тесіп өткен электр дәнекерінің жарқылы еді. Содан кейін бүкіл аспан салбырап поселка үстіне құлағандай. Аспандағы бұлтқа қарау мүмкін емес – бетіңді жоғары қаратуың мұң, жанарыңды қар жасқап, өрмекшінің ақ торындай аспаннан бетіңді еріксіз бұрасың, бірақ қар бұлтының дәл төбеңнен төне үй шатырларын бауырымен сыза ұшып бар жатқанын ойша түйсінесің. Дәл бір тіршілік иесі сынды. Сол тіршілік иесі ауыр тыныстап, жердегі адамдарға қар ұшқындарын шашып жатқандай. Күндіздің өзі кешкі алакеуімге ұқсас. Мектепте электр шамын жағып сабақ жүргізсе, көшеде машиналардың шамы жарқылдайды, бүкіл айнала әлдебір сұмдықты күткендей, өлі тыныштыққа көмілген. Күткен күн де келіпті. Кеш түсе күн күркіреп, нажағай жарқылдасын! Қыстың күні нажағайды көргеніңіз бар ма? Нажағайдың жарқылын қар ұшқындарының арасынан көру қызық екен, тек терезеден көрінген күңгірт аспан төрінен анда-санда ғана бозғылт сәуле көрінеді. Бір кезде тыныштала қалды. Жұрттың бәрі де: «Әйтеуір тынышталды-ау» дегендей болды. Біз түн ішінде құрылыс бастығының гүрілдеген жуан даусынан ояндық. Таңертең дауысынан ояну үшін радионы біз үнемі жатар алдында іске қосып қоятынбыз. Тып-тыныш тұрған радиодан құрылыс бастығының үрейлі үні сарнап қоя берсін: «Жолдастар! Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Аса маңызды хабар!» Мен бірден оянып, шамды жақсам, сағат тілі таңғы бесті көрсетіп тұр екен. Асығыс-үсігіс киініп, үрпе-түрпе күйлерінде папам мен мамам жүгіріп шықты. Құрылыс бастығы болса әр сөзін нықтап, әр сөйлемінен кейін леп белгісін қоя сөйлеп тұрды: «Жолдастар! Бүгін түнде поселкамызға бұрын-соңды болмаған қалың қар түсті! Біз облыс орталығымен байланыс жасадық! Көмекке жауынгерлер мен қар тазалағыш техникалар келе жатыр! Апатпен күрес жүргізу жөніндегі штаб құрылды. Бүгінгі күн аса жауапты, актіленген күн болып саналады! Кімде-кім өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алса олардың бірқалыпты тіршілікті қалпына келтіруге көмектесулерін сұраймыз! Бір жерден екінші жерге бару үшін шаңғыны пайдаланғандарыңыз жөн, салқынқандылықты сақтауларыңызды сұраймыз!» Ол сөзін аяқтап үлгірмей-ақ біз терезеге қарай жүгіргенбіз. Мен әйнекке жабысып сыртқа үңілген кезде фантастикалық суретті көрдім: үйлер дәл бір белуардан қар кешіп қалғандай. Олардың бірінші қабаттары көрінбей қалыпты. Ал жалғыз қабатты үйлер қар астына сүңгіп кеткендей. Тек мұржалары ғана сорайып шатырларының жайдақ арқалары ғана қарауытады. Қар басылған. Алып

құстар сияқты кір қожалақ қара қошқыл бұлттар үйлердің шатырын бауырмен сызып, өте төмен ұшып барады. Әлі қараңғы, мынау тамұқтың ішінен айналаны басып жатқан қар емес, әлденені іркілдете толтыра құйып тастағандай көрінеді. Жаңағы үрейлі хабарды тыңдағандардың өрекпіген көңілін тыншытуға бағышталғандай радиодан ойнақы музыка төгілді. Сол кезде мамамның да таусыла сөйлеген үні естілді. — Ал керек болса! Әнеки! Тұмсығымыз тірелді! Ойынымыз осылды деген осы. Мен кімнің тұмсығы тіреліп, ойыны осылғанын түсінген жоқпын, бірақ мамамның әкеме ішіп-жеп жанар тіктегеніне қарағанда папамның әлде неге кінәлі екендігін түйсінгендеймін. Бірақ, қалай? Неліктен? — Амалым бар ма! – дейді мамам бөлменің ішінде ерсілі-қарсылы жортып жүріп. – Келісе қойғаным үшін өзімді кешпеспін! Дегенімді істеуім керек еді! Қап! Папам күмілжіді, ал мен көзімді жыпылықтата беріппін. – Ол қайда қалды? Қандай күйге ұшырады? – деп айқайлады мамам, содан кейін бұйрық берді: – Жылдам киініңдер, атамды құтқару керек! Біз сасқалақтап қалдық. Мен қарбалас киініп жатып, өзімді балағаттаумен болдым, шындығында кешер кылығым шамалы. Біз болсақ жылы үйде жым-жырт ұйықтап қалдық, ал атам болса өзінің қоймасында түнгі кезекке қалған болатын, оның қандай күйге ұшырағаны белгісіз. Жиналып сыртқа шығып, есікті жаптық та аулаға беттей бергенде топталып қалған біраз жұртты көрдік. Олар да сасқалақтап жүргендей. Әкем сәл ойланып тұрды да қайтадан ілгері қарай адымдай жөнелді. – Соңымнан еріңдер! – деді ол көршілерге. Біз есікті ашық қалдырып, пәтерге оралдық. Мамам ас үйдің терезе жақтауына жапсырған қағаз ленталарды сыпырып, әкем терезені шалқайта ашты. Біздің екінші қабаттағы пәтеріміз енді бірінші қабат... болып шыға келді. Қар терезенің астыңғы жақтауына дейін жетіпті. Папам қолына күрек алды да терезеден бір-ақ секірді. Күмп! Менің ішім солқ ете қалғандай болды. Ол қайта көрінген кезде шашына тұрған қар қиыршықтары жылтылдады. – Қорқатын ештеңе жоқ, – деді ол өте бір салқынқандылықпен, дәл бір өмір бойы сыртқа терезеден шығып жүрген адам сияқты, – Жүріңдер жолдастар! Мамам секірушілерге қолайлы болу үшін терезенің алдына орындық әкеліп қойды, ал көршілер болса дәл бір қонаққа келгендей сыпайы сәлемдесіп, үйге бірбірлеп кірді де әрі қарай секіру үшін ас үйге қарай тізіле шұбырды.

АТАМНЫҢ ТАҚПАҒЫ Атамның қоймасы қар астынан әрең-әрең көрінеді. Шатырына ғажайып қызық саңырауқұлақ өскендей: темір құбырдан жасалған мұржаның басындағы жел қағар «қалпағына» қар тұрып қалыпты. Папам мені шатырға шығаруы мұң екен мен жаңағы саңырауқұлақтың түбіне барып, дәл бір үй перісі сияқты дауыстай жөнелдім: – Э-го! – Го-го! – атам да дауыстап қоя берді. – Тірісің бе? – бар дауысыммен айқайға бастым. Атамның үні анық естілмейді. – Пештің аузына келіп айғайласын, – тумысынан сібірлік мамам осылай деп кеңес берді. Мөлшері атам пештің аузының қақпағын ашып жіберіп, дәл бір микрофонға сөйлегендей жуан даусымен гүрілдесе керек, үні айқын естілді. – Естіп тұрсың ба? – дейді ол. – Біраз басып салды-ау деймін, ә? – Жетерліктей! – деп жауап бердім. Төменде мамам мен папам бір-біріне қол сермесіп, әлденені айтып әуре. Мамамның дегеніне әкем көніп қалса керек, оны да үйдің шатырына шығара бастады.

Оның аяғы тайғанақтап төмендегі оппа қарға құлап түссе де, мен атаммен әңгіме жүргізіп жатқан шақта алған бетінен қайтпай аса бір табандылықпен еңбектеп отырып, мұржа құбырының қасына жетті. – Сәл шыдай тұр, – дедім мен атама. – Қазір өзіңмен дұрыстап сөйлесе жатар Мамам құбырдың төбесіне жиналған көп қарды ысырып тастады да, айырылып қалмайын дегендей оны қос қолымен қапсыра құшақтап тұрып, кеудесін кере тыныстап сөзге даярланды. Үлкен бір маңызды мәселе шешкелі тұрғандай жүзінен толқығандық байқалады. Сөйлеуге ұзақ даярланғанымен не айтарын білмей тұрғандай. Ол тартылған сымдай ширығып тұрған жүйкесін босатып, ауыр тыныстап, сәл тұрды да бірден айқайлай сөйледі. — Папа! – үні үрейлі естілді. – Қалай болғаны сонда? Мынау сұмдық қой! Мен үзілді-кесілді қарсымын! Бұған жол бере алмаспын! Ойда жоқта ол өзіне деген сенімін жоғалтып алғандай темір құбырды қыса құшақтады, сол кезде жанарынан жас мөлтілдеді. – Үсініп өлдің ғой, апыр-ау! – ол сібірлік мақаммен сөйледі. Сол кезде мұржа құбыры да күмбірлеп қоя берсін: – Оляжан, – деді мұржа құбырынан атамның даусы. – Оляжан, көгершінім, Кім біліпті бұлайша қардың төгетінін. Атамның тақпақтай жөнелгеніне мен қарқылдай күліп жібердім. Мамам жас шылаған жанарын сүртіп, есіктің алдын қазып жолды ашқанша атамның шыдай тұруының қажеттігін хабарландырды. Қойманың есігіне дейін жолды аршығанша біраз жердің қарын күреуге тура келді. Әрі-беріде-ақ бусанып шыға келдік, мамамның беті бал-бұл жанса, әкем миығынан күліп қойып: Оляжан! Көгершінім! Кім біліпті бұлайша Қардың төгетінін! – деп әндетеді. Папам екеуміз алды-артына қарамай қарды көңілдене лақтырумен жүрдік. Бір кезде әлдекімнің ту сыртымда тұрғанын сезіндім. Мойын бұрып қарасам таңғы шапаққа малынып тұрған өзіме таныс тұлғаға көзім сүрінді. Күрегімді жерге тастай беріппін. Жаңағы тұлға жасқана басып, маған жақындады... Газ Баллоны қос танауын шуылдата тартқанымен үн қатқан жоқ. – Ал? – деп сұрадым таңырқағанымды жасыра алмай. Ары қарайғы сауалдарымды өзіме қойғандай іштей қайталадым. «Оны қандай сайтан айдап келді? Әлде бірдеңе болып қалды ма екен?» – Бұл өзі, – деп күбірледі Кирилл, – ол кісі... Мен иығымды қомдадым. – Мен көмектессем қайтеді? – Бұл шешімін тұрып-тұрып бір кезде әрең айтты. Қайда болсын Кириллдің, қай жерде болсын Газ Баллонының жүргені. Міне тағы да тұмсығын тыға қалыпты... Оны түре қуғым келіп еді, бірақ арым жібермеді. Ондай мінез, ондай ойлар өзім генерал болып жүрген кезде ғана келетін еді ғой... Кирилді қорс-қорс деп атап, жұрттың барлығына бұйрық беруді ұнататын мінезімді айтамын... – Мейлің, – дедім мен, – қызғанатын шаруа емес... Лақтыра бер. Кирилдің үлкен қуанышпен менің күрегімді бас салып, қарды қалай лақтыра бастағанына бір түрлі аяй қарап тұрдым. Оған жаным ашып кетті, бірақ дәл өткен жолғыдай емес еді... Ана жолғы деп отырғаным өзімнің генерал киімін киіп балконға шыққан кезімді айтамын. Сол кезде менің оған шындап отырып-ақ, ешқандай себеп-

салдары болмаса да жаным ашыған еді... Біз үн-түнсіз қарды лақтыра бердік. Тек сәл тыныстау үшін ғана тоқтаймыз. Онда да тіл қатыспаймыз. Жұмысқа тағы кірісеміз. Бір кезде Кирилл бойын тіктеді. – Мен ол кезде нағыз шикі ақымақ екенмін! – Ол ешқандай кіріспе сөзсіз-ақ айтар ойын ортаға тастай берді. Құлақшыным басымнан сыпырылардай көзімді жауып кетіпті. Мен оны кейін қарай ысырдым. Кирилл маған ерекше бір ойлы да бейғам жанармен қарап тұр екен. Мұның өзі мен білетін Кирилге ұқсамайтын сияқты. Мүлде басқа адам. Мен басымды шайқадым. – Нағыз ақымақ – менмін. Ол ауыр тыныстады. Сөйтті де: – Сен дағы, – деп келісе кетті. Біз жай ғана жымиысып аз тұрдық та қарды лақтыруға тағы кірісіп кеттік. Әлде қандай бір алапат күш бойымды кернеп кеткендей. Құлаштай сермеп, лақтыра бердім, лақтыра бердім, сонан кейін белгісіз бір қуаныш тұла бойымды толқын атқандай. Атамның айтқан тақпағын іштей қайталап жүріп, басымды шайқап қоямын: міне, бір Пушкин мұннан шықты! Оляжан! Көгершінім! Кім біліпті бұлайша Қардың төгетінін!

БП Біз Кирилл екеуміз қарды күреп жатқанда мен өзіміздің төртеу емес, бесеу болып кеткенімізді көрдім. Көзімді сүртіп жіберіп қарасам мамам мен папам бір шетті күреп жүр екен де, біз олардан қашықтап кетіппіз. Ал бізге таяу тұстан тағы біреудің тұлғасы көрінеді. – Әй, бұл қайсың? – деп айқайладым. – Кім болушы еді? – деп сөйледі белгісіз тұлғаның иесі Кешканың даусымен. – Мен ғой! Мен қабырға сияқты сіресіп қалған қар үйіндісіне сүйендім, тамағыма әлде не кептеліп қалғандай. Солай ма еді! Ал менің ойымша, менің пайымдауымша... Дұрыс емес екен, демек басқаша ойлап, басқаша пайымдаған екенмін. Мен күрегімді қарға құшырлана шаныштым, күш-қуатым үш есе артып кеткендей. Әлде бір қуаныш кеудеме шүпілдей толып алғандай, ыңылдап әлде бір мағынасыз әнді айтқан боламын: «Турм-бурм-ба-а! Турум-бурум ба-а!» Күректер самолеттің ебелектері сияқты тыным таппайды. Мен болсам Кешка мен Кирилге қарап қоямын, өмір деген өте-мөте ғажайып дүние болып көрінеді. Папам мен мамам Кешканы көріп, сәл кідірді де өзара күбірлесіп кетті. Мен оларды да ұққандаймын. – Әрине, – дедім мен оларға. – Сендер жүре беріңдер, сендерді тосқандар да көп, сендер барлық жерлерге керексіңдер, атамды біз асықпай жүріп-ақ шығарып аламыз. Мамам мен папам кетіп қалды. Қойманың қар басқан есігін жерге әбден жарық түскен кезде аршып болдық, атам біз қазған тар жолменен жүріп келе жатып, жан-жағына қарап қойды да тәтті тағам көрген адамдай тамсанып алды. Кирилл бар даусымен салтанатты музыка әуенін айта жөнелді. Ал Кешка болса: – Мұхит кезген мұздың үстінде қыстап қалғандарды құтқару деген осы! – деп мәлімдеді. Атам мейірлене күліп алды да, өзінің командирге тән жуан даусымен бар ете қалды: – Құтқарып алғандарың үшін алғыс айтамын!

Кешка әскери адамдар сияқты тіп-тік болып тұра қалды да, көңілдене үн қатты: – Совет Одағына қызмет етеміз, жолдас генерал-лейтенант! Кешканың алдында көнерген пима, мақта тартқан киім және қарапайым құлақшын киген генерал-лейтенант тұрды. Бір қолына кәдімгідей қолғап кисе, екінші қолының саусақтарының ұшы кесілген қолғаптан көрініп тұрды. Атам сол саусақтары кесілген қолғап киген қолын кұлақшынына аса бір машықтылықпен және дәлдікпен лып еткізіп апарды да, даусын соза бұйрық берді. – Еркін тұрыңд-а-а-р! Кешка бір тізесін сәл босаңсытып еркін тұрды, ал біз болсақ менің генералымды құтқарғанымыз үшін қуанышқа бөленгендей күліп жібердік. Ал одан кейін... Бәріміз де біздің үйге, бардық та атамның қайта киініп шығуын асыға күттік. Мен тіпті осы бір мәселе жайлы ойламауға тырысатынмын. Барлық кесел сол менің кесірімнен басталды ғой. Мен болсам тек қана атаммен ғана жүруді қалағанмын. Ол өзінің ордендері мен погондары жарқылдаған генерал киімін киіп жүрсе дейтінмін. Сол кезде оның даңқының кейбір ұшқыны маған да сәуле шашардай көрінетін. Көрдіңіз бе, менің көңілімнің неге құштар болғанын? Міне біз қалың қардың арасынан салынған жалғыз аяқ жолмен сығылыса жүріп келеміз, қарсы кездескен адамдар атама мойын бұра қарайды да өзара дабырлай сөйлеседі: – Ананы қара, әуелі генерал да келіпті. – Көмекке келген ғой! – Енді бізді еш пәле ала алмайды! Атам миығынан күледі, мен де мәзбін: атамның неге бүгін шинелін киіп шыққандығы өзіме айдан айқын. Мынау жұрттың өзіне мойын бұрып қарауы үшін ғой. Олар генералды көргеннен кейін көмекке бүтін бір армия келді дейді де, көңілдері жай табады. Атамның бір шинелінен келер пайда зор – ол жұрттың көңілдерін тыншытуға көмектеседі. Мен күліп келе жатып-ақ өзімді бұрынғы ақымақкершілігім үшін сыбап келемін, атамның ақылдылығына таң қаламын. Ол өзінің шинелін мақтаныш үшін емес, қажеттілік үшін, ең сәтті сағатта кигенін түйсінген сайын оның қасында мақтана басып келе жатырмын, мен ғана емес Кешка мен Кирилл де менің атам үшін мақтанатын сияқты. Көптен күткен сәт туды, тек бұл сәттің өзі бұрын-соңды мен ойлағаннан мың есе артық. Тіпті миллион есе десе де болады. Біз штаб орналасқан басқарма кеңсесіне келе жатырмыз. Ол жаққа қарай ұйымдасқан түрде, тізе қоса жүріп поселканы қардан аршып алу үшін бара жатқан адамдар көп. Біз атаммен бірге құрылыс бастығының кабинетіне кіргенде ондағы адамдардың көптігінен ине шаншар жер жоқ екен. Бірақ барлығы да бірден ығысып бізге жол босатты. Абыр-дабыр үндері де жым бола қалды. Құрылыс бастығы атама қарсы жүріп келіп, үн-түнсіз оның қолын қысты. – Бізге кімнің келіп тұрғанын мөлшерлеп тұрмын, – деді де ол үйдің бұрыш жағына көз салды. Ол жақта телефонның қасында әкем тұрған болатын. – Антон Петрович, мұның өзі дер кезіндегі келіс болды. – Не тұрыс бар, тапсырма беріңіз! – деп жауап берді атам қатқылдау үнмен, сөйтті де бізді иегімен нұсқап қойды: – Міне менің көмекшілерім де бар. Құрылыс бастығы біздің де қолымызды алды. – Біз пионерлерге жұмыс тауып береміз, ал сізді Антон Петровнч, өзімнің орынбасарым болуға шақырамын. Майдандағыдай – штабтың бастығы болуға! – Кабинетте отырған жұртқа қарап: – Қастерлеп, қадірлеулеріңізді сұраймын! Генераллейтенант Рыбаков болады. Жұмыс барысы туралы ақпар осы кабинетте отыратын осы кісіге хабарлансын, генерал біздің жұмысымызға бағыт-бағдар беріп отырады. Жұрт тарай бастады, әлдебір жаққа құрылыс бастығы да кетіп қалды.

Әкем картаның бетін саусағымен сызғылай тұрып, атама әлде нені түсіндіреді. Біз де клубты қардан тазалауға тапсырма алдық. Құрылыс бастығы кешкілік кино қоюға бұйрық берген болатын. Біз үш күн жұмыс істедік. Ал үлкендер болса үш күн, үш түн бел жазған жоқ. Менің жалғыз ұйықтауыма тура келді. Түннің бір уақытында мамам келетін. Бірер сағат ұйықтаған болады да сонан соң орнынан ұшып тұрып, қайта жөнеледі. Кетерде кофе қайнатып кетеді. Мен кофені атама таситынмын. Клубты бітірген соң біздің мектептің оқушыларын «тамақ тасуға жапқан» болатын. Барлық асханалар тәулік бойы жұмыс істеп, олар даярлаған тағамды біз арнаулы ыдыспен жан-жаққа тасимыз. Шай да тасимыз. Кофе де тасимыз. Бірақ мамамның әзірлеген кофесі ерекше болатын, сондықтан да оны атам өте жақсы көретін. Кешкілікте мен оған термосты жеткізіп беремін. Атам құрылыс бастығының кабинетіне кезекші болып отырады. Мен термосымды арқалап келгенде ол бір шыныаяқ кофе ішті. Шинелін диванға тастапты. БП-да – бұйрық беру пунктінде болған басқа адамдарды кофемен сыйлады. Ол телефонмен сөйлескен кезде: «Мәліметті БП-ға жолдаңыздар», «БП-ға келіңіздер», «БП-ның тапсырмасы», «БП-ға жауап береді» деген сияқты сөздерді жиі айтады. – Көрдің бе, біздің БП-ның қандай екенін, – дейді ол маған. – Барлық жағдай жасалған. Диванында ұйықтауға да болады. — БП – бұйрық беру пункті. Мен атамнаң соғыс кезіндегі оның БП-сының қандай болғанын сұрадым. — Блиндаждар ғой, – дейді ол, – жерден қазған баспананы солай деп атайды. Төбесін бөренелермен жабады. Жер үй, жер деген сөзден шыққанын байқап отырған шығарсың? Содан кейін, кәдімгі үйлерді де пайдаланамыз. Әрине, сырт көзден тасаланып қойылады. Жапырақтарды байлап қоятын арнаулы тор болады. Немесе шатырларды пайдаланамыз, ұйықтауға болатындай ғана кішкене шатырлар емес, әрине, жиналыс өткізуге болатындай арнайы үлкен етіп жасалған шатырлар. Ол біраз үнсіз ойланып тұрды да былай деді: – Міне солай. Ал мынау, мүмкін менің ең соңғы БП-ым шығар... Өзің ойлашы... Атам тағы да ойға шомды. Иығы салбырап кеткен, көзінің астынан әлдебір көлеңке шеңбер құра қалғандай. Ол мундирінің түймесін ағытып, қолымен жүрегін басты. – Дәрі әкелейін бе? – деп сұрадым мен. Ол басын шайқады. Атам асығыс қимылдап, қайтадан түймелерін салды. Бетжүзі сол сәтте-ақ өзгеріп сала берді. Сергек те көңілді күйге қайта енгендей. Ол өзінің шаршап отырғандығын мойындағысы келмегеніне күлкім келді. Атам тағы да бұйрықтарын беріп, жұртты жаңа объектілерге жұмсай бастады. Самосвал машиналарға да жұмыс тауып берді. Құрылыс бастығына атқарылған шаруа жайлы есеп беріп үлгірді. Атам майдан барысын басқарып отырғандай, телефонға дамылсыз айқайлап кеп жатқаны, мен оған түстік тамақ апарып берген кезде «жаудың» қалай шегініп бара жатқанын өз көзіммен көрдім. Жеңіс уақыт өткен сайын жақындай түскендей. Бірінің ізін бірі баса көше бойлап кетіп бара жатқан роторлы қар тазалағыштар баяу қозғалса да олардың моторлары ышқына гүрілдеп, қар тозаңдарын фонтан сияқты алысқа атқылайды. Олар жаудың тас-талқанын шығарып кетіп бара жатқан танкілер сияқты. Кешкілік келгенде атамның картасына көз жүгірттім. Оның бетін түсініксіз белгілер басып кетіпті. Дөңгелек, крест, үзік-үзік сызықша белгілер. Қызыл қарындашпен қойылған белгілер де молайыпты. Мен олардың қардан тазартылған көшелер екенін, үйлер екенін сезініп тұрмын. Үшінші түнге қараған кезде екеуміз біраз отырып қалыппыз. Атам мені днванға жатқызды да үстіме шинелін жапты. Ұйықтап кетіппін.

Әлде бір нәрсе солқ ете қалғандай болған соң оянып кетіппін. Орындықтың арқалығына сүйенген атам қарсы алдымда отыр екен. Екі көзі менде. Екі беті бозарып, жанарына мұң ұялағандай. — Саған не болды? – дедім үрейлене үн қатып. — Жай саған қарап отырмын, – дейді ол. — Мен бірдеңе болып қалған екен десем, – деп күбірледім. – Маған басқаша көрініп... Диванға отырдым де шинельді иығыма жамылдым. Атама қараймын да, неге екені белгісіз, оған өлердей жаным ашиды. Сонау бір кездерде, ол өзінің тор дорбасына сүттің шөлмектерін салып алып, көшеде келе жатқан кезде менің оны қатты құшақтағым келгені, жібермей қысып тұрғым келгені, сонан кейін оған дүниедегі ең бір әдемі сөздерді айтқым келгені есіме түсті. Бірақ мен оған күле қарап қойғанмын, қатты қысып құшақтаған да, әлемдегі жақсы сөзді айтқан да жоқ едім. Тек қана жымия қарап тұрып: – Есіңде ме, сен өзіңнің әскери құпияңды айтуға сөз беріп едің ғой? – деп сұрағанмын. Ол басын шайқап: – Қазір емес. Бірақ айтып беремін. Таяу уақыттың бірінде, – деп еді. Сол сөз қазір есіме түсті. Есіме түсуі-ақ мұң екен сәл жымидым да былай деп сұрадым. — Сен не туралы ойлап отырсың? — Сен жайлы, – деді атам байсалды үнмен. Көзінде бәрі бір мұңның көлеңкесі тұр еді. – Сен туралы, – ол жаңағы сөзін тағы қайталады. Сөйтті де: – Өзім туралы да, – деп қосып қойды. — Мен де өзім мен сен туралы жиі ойлаймын, – дедім мен. – Сен туралы және өзім туралы. Сенің орныңда болудың қандай қиын екенін ойлаймын. Генерал емес, жожоқ, жай ғана сен болудың қиын екендігін ойлаймын. Ол көзін жұмды да сәл езу тартып былай деді: – Екеуіміздің сонша аз уақыт қана бірге болғанымызға сонша өкінемін, сол үшін де өзімді кешіре алмаймын. Бірақ көрдің бе, өмір жолы осылай болып шықты. Мен әскери қызметте жүрдім, ал папаңның өз жұмысы бар. Өкініш ортаймайды. Әскери қызметтен де, жұмыстан да борышыңнан да маңыздырақ нәрселер болады. Барлығынан да жоғары тұратын міндеттер болады. Мен оның не жайлы айтып отырғанын ұға қоймадым. Көзімді кеңірек ашып оған тесірейе қарадым. Ол менің ойымды түсіне қойғандай: — Оқа емес. Ержеткен соң бәрін де ұғасың. Тек адам өмірінің жалғасы болатындығын әр уақытта да есіңде ұста, бұл – ең үлкен бақыт. Мен оны түсінгендеймін. Өмірдің жалғасы деп отырғанының не екенін білетінмін. – Қайыңдар сияқты ма? – деп сұрадым. – Немесе шырша, қарағайлар сияқты ғой. Олардың ұрығын жел басқа жаққа апарып тастайды да сол жерден жас қайыңның шыбығы өсіп шығады. Одан кейін оның ұрығы басқа жерден өнеді, сөйтіп кете береді; — Жоқ, – деді атам. Жоқ, жоқ, тағы да жоқ! Адамдарда мүлде басқаша болуға тиіс. Адамдардың жаңа ұрпағы бұрынғылардан әлдеқайда артық болу керек. Жай ғана емес тек артық, үнемі артық болуға тиіс. Мұны есіңе сақта! Мен жанарымды басқа жаққа қашырдым. — Ғафу ет, – дедім мен ақырын ғана. — Мен саған сенемін, – деді атам, – мұны есіңе сақта. Бөлмені тыныштық басты, Тек бір жердегі сағаттың тықылдай соққаны естіледі. – Жақында демалыстарың басталады, – атам үнін өзгертпей баяу сөйледі. – Кел, сол демалысты бірге өткізейік. Иннокентий Евлампиевич те ауруханадан шығады. – Жарайды! – дедім мен қуана тіл қатып. Содан кейін тайга, тайгада мылтық асынып, шаңғымен келе жатқан атам екеуміз, немесе автобуспенен үлкен қалаға сапар

шегіп бара жатқан сәтіміз, болмаса бір-бірімізге иық тірестіре кинода отырған кездеріміз көзіме елестейді. Ал, іс жүзінде мүлде басқаша болды. Тіпті мен ойлағаннан да ғажап...

ҰЙҚЫДАҒЫ ПОСЕЛКА Жарық түсе бастады. Атам бөлменің ішінде мазасыздана жүрді де телефон соға бастады, Бірақ телефондар жауап бермеді. — Бір нәрсе болған ғой, – дейді ол. – Естисің бе, моторлардың гүрілі де тына қалыпты. Шынында да көше тыныштыққа бөленіпті. Түні бойы самосвалдар арылдап, қар тазалағыштар гүрілдеп шықса енді бәрі де тына қалған. — Не болып қалды екен? – Атам таңдана сөйлей жүріп сыртқа шығу үшін шинелін киді. Бірақ сол кезде есік шалқалай ашылған. Табалдырықта тұрған әкем мен құрылыс бастығын көрдім. Беттері бал-бұл жанып тұр, өздері көңілді-ақ, осынау бейнеті көп үш күн мен үш түнді бастарынан өткермегендей. – Міне бәрі де бітті! – дейді құрылыс бастығы. – Құттықтаймын, Антон Петрович! Атам креслоға отырды да мундштугіне сигаретін баппен қондыра бастады. — Есіміз шығып кетіпті, – деді ол – карта да көз алдымда тұр. Жұмыстың біткелі тұрғанын да жақсы білемін, бірақ айнала тып-тыныш бола қалған кезде қорқып кеткенім рас. Ол әкеме, құрылыс бастығына, сонан соң маған қарады. Сөйтті де: — Дәл сондағыдай... – деді баяу ғана үн қатып. Менің жанымда диванда отырған папам мен құрылыс бастығы қосарлана күлді. – Мынандай бір сезімнің, тыныштық үрейінің болатындығын білесіңдер ме? – дейді атам. – Біз Берлиннің түбінде тұрған кезде қиян-кескі ұрыс болып жатқан. Қаншама жігіттер жер жастанды... Бір кезде аяқ астынан айнала тыныштыққа мүлги қалсын, мен не болып қалғанын, неліктен тыныштық орнай қалғанын біле алмай мазасыздана бердім. Бекіністі нығайтып, күзетті күшейтуге бұйрық бердім, сол кезде телефон шылдырлай қалсын. Сөйтсек бәрі де тыныпты. Жау сөзсіз тізе бүккен. Соғыс аяқталған. Ал жеңістің таяу қалғанын ол кезде де білдік қой. Оған деген сенім зор, сағаттарды ғана санап отырғанбыз. Ал сол кезде тыныштықтан қорқыппыз. Бәрі де сол тыныштыққа үйренбегендіктен ғой. Құрылыс бастығы орнынан тұрды да атама жақындады. Екі қолымен бірдей оның қолын қысты. Қатты қысты. — Шын жүректен алғысымды айтамын, Антон Петровнч! — Ал енді бұның қажеті жоқ! – дейді атам. – Егер менің погондарым көмектескен болса, бұл әскери бедел деген сөз, бұл үшін рахметті маған айтпаңыз. Армиямызға айту керек. Біз үшеуміз көшеге шықтық; атам, әкем және мен. Үйге беттеп келеміз. Поселканы өліп жатқан дене дерліктей. Жол бойында самосвалдар тұр. Оның ішіндегі шоферлар да ұйқыға кеткен. Бульдозерлер және ауыр артиллерия сияқты қар тазалағыш машиналар да сұлық қалған. Күн көтеріліп келеді. Бірақ поселка ұйқыда. Әбден шаршаған. Үш күн, үш түн тынбай жұмыс істеп барып, енді ұйқыға кеткен. Біз көшемен келе жатқан кезде почта таситын әйел жүгіре басып қарсы жолықты. Жүзінен күлкі ойнайды. Шермие толған екі сөмкесін алдына ұстапты. – Айналайын! – деп айқайлады атам. – Саған андағы ауыр ғой, кел көмектесейік!

— О не дегеніңіз, жолдас генерал, – дейді ол дағы. – Бұл үйреншікті шаруа ғой, жолдас генерал! Мынау үш күннің ішінде жиналып қалған почта еді, жолдас генерал! — Міне енді, – дейді әкем, – почта да іске қосылды, демек бәрі де қалпына келді деген сөз. Біз почтальон әйелге бас изестік те, таңғы таза ауамен кеудемізді кере дем алып, бір-біріміздің қолымыздан ұстаған күйі ілгері қарай адымдай жөнелдік. – Үшеуміз: атам, әкем және мен. Ал үйге келгенде мынадай суретті көрдік. Мамам киімшең құлапты. Пимасын да шешуге шамасы келмеген. Тек кеудешесін шешуге үлгерген сияқты. Біз оған қарадық та оянып кетпесін дегендей үнімізді шығармай ақырын күлісіп алдық. Сөйттік те шешініп, өзіміз де ұйқыға бас қойдық.

ЖЕДЕЛХАТ ТАСУШЫ Мен кейін тіршілік заңының соншама қызық жасалғаны жайлы жиі ойланып жүрдім. Егер сенің бір сәтте көңіл-күйің көтеріңкі болса – асықпа, көп кешікпей мұңаюыңа тура келеді. Не бір нәрседен жолың болмайды да көңіл-күйің сеңдей бұзылады. Не біреу көңіл қалдырар сөз айтады. Біз ұйқымызды қандырып үлгірмей-ақ, жаңағы айтқандай, үйге әлде біреу кіріп келді. Жеделхат таситын кісі. — Рыбаков осында тұра ма? – деді ол табалдырықта теңселіп тұрып. Жеделхат тасушыдан шараптың иісі мүңкиді, қырынбаған, үрпиген жақ жүні көзінің қиығына дейінгі ауданды түгел жайлап алыпты. Қалпағы төбесіне қоныстай алмай, желкесіне таман итие жатыпты. Енді-енді түсіп кетердей. Атам оған кәз қиығымен бір қарады да жаратпаған сыңай танытып, Жеделхатқа қолын соза берді. — Е-һе-ей, болмайды! – деп қырылдап күлді Жеделхат тасушы. Саусақтарын сытырлатып: – Үйге әкеліп бергенім үшін... Басы түскір сынып барады. Қалай дегенмен де үш күн қардың астында отырдым емес пе. Атам мамамнан жиырма тиын алды да жаңағыға ұстатты. Ол Жеделхатты бергенімен кете қояр сыңай танытпады. — Естіп тұрсың ба? – дейді ол атама. – Бізді әлдебір генерал қардан аршып алды десіп жүр ғой! — Иә, солай десіп жүр! – атам жаратпай сөйледі. – Ал, енді сау болып тұр! Мас қолын әлденеге наразы сыңаймен сермеп қойды. – Жолы болмағыр біреу екен өзі! – үні наразылыққа толы естілді. – Ең жақсысы, бізді қардан аршымай-ақ қойса болар еді де! Қатып кетер еді! Жұмысқа барып та әуре болмайсың! Мынау қарғыс атқыр Жеделхаттарды да ешкім жолдамайды. — Сен немене? – атам зілдене сауал қойды. – Үш күн бойы шөлмекпен шөліңді қандырып отырдың ба? — Әрине! – Жеделхат тасушы қулана үн қатты. – Ал әлгі генералды шақырған ешкім жоқ. Соншама кім екен, ол генерал дегендері! Мүмкін менің өзім де майор шығармын. Мүмкін, әскерде сол бойы жүре берсем мен де генерал болар ма едім. Ас үйден мамам шықты да маған «бөлмеңе бар» деді. Кеткім келмейді. Атамды мынаның қасына қалдыруға қорқамын. Егер мына маскүнем бүлік шығарып жүрсе ше? Бірақ атам да маған ым қағып: — Бара ғой, Антошка! Бұл майорға қарамай-ақ қой. Сені қойып бұған қарауға менін де жүрегім айныйды! – деді. Менің кетуіме тура келді, бірақ бөлмемнен де олардың барлық әңгімелері естіліп тұрған еді. – Қалтырамай-ақ қой, – дейді Жеделхат тасушы. – Неліктен соншалықты

қорқақсың. Соғыста болып көрмеп пе едің әлде? Мүмкін тылда тып-тыныш жатқан боларсың! Мына сөзден кейін атам оған дауыс кетерер деп ойлағанмын. Табалдырықтан әрі түре қуар дегенмін. Бірақ ол тіс жарған жоқ. Ал маскүнем көйіте берді. — Бекер тып-тыныш жатқансың! – дейді ол. – Соғыста рахат қой, шіркін! Соғыс кезінде адам едім мен, естисің бе? Бәрі де иіліп тұратын. Не бұйырсаң соны орындайды! Жаза бассаң да жазғырар ешкім жоқ. Батылдықтары жетпейді. Алға десең болғаны! Атам әлі үнсіз отыр. — Жоқ! – деп еліре үн қатты жеделхат тасушы, – саған оны ұғу қайда! Соғыста рахат! Шіркін қазіргі кезде соғыс болса ғой. Мен тағы да адам болып шыға келер едім! — Мұндай сөзді айтуға, – деді атам, – аузың қалай барып тұр? Тіпті мас болып тұрсаңдағы. — Сен не, немене сен! – Жеделхат тасушы тағы былдырлады. – Сеніңше мен Черчилль ғой деп пе едің соғысты тілейтін? — Қане, батыр, – атам мысқылдай күлді, – табаныңды бұл жерден жалтырат. – Әйтпесе анау немерем естіп қалып жүрер. Сені шынында майор екен деп ойлап қалуы мүмкін! — Майормын! – деп өзеуреді мас кісі. — Тіпті майор болған күнде де, бұны ұмыт. Менен басқа ешкім естімесін. Армияны, өзіңнің өткен өміріңді масқаралама! — Сен өзің кімсің? – Жеделхат тасушы тағы да баж ете қалды. – Мені оқытатындай кімсің соншалықты? Подполковниксің бе? Полковниксің бе? Мүмкін генерал шығарсың. Ха-ха-ха! Генерал! Барлық генерал атаулыға түкіргенім бар! — Жай ғана адаммын, – дейді атам. – Сеніңше сол да аз ба? Жеделхат тасушы бұрқылдаған күйі үйден шықты. Кіре беріс бөлмеден мамамның даусы естілді. Милицияны шақыру керек еді. — Оның пайдасы тие қояр ма екен? – Атам өте бір қажыған, шаршаған үнмен сөйледі. Адам өзінің арын жоғалтқан кезде милиция көмектесе алар ма екен? Атам бүтін кеш бойы томаға-тұйық жүрді. Одан әлденені сұрай қалсаң ойланбай-ақ бірдеңе деп құтылады. Дәл жатар алдында ғана қолын қалтасына салып, әлдебір қағазды алып шықты. Жеделхат! Оны тіпті ұмытып та кетіпті. — «Қымбатты, Антон! – ол жеделхатты дауыстап оқи бастады. – Жиырма сегізінші мартта елуге толамын нүкте Міндетті түрде ұшып кел нүкте Иванов» Атам бөлменің ішін кезіп кетті. Манағыдай емес көңілді. – Барамын! – деп айғайлай дауыстады мамам мен папама.. – Барамын! – деп дауыстады маған. Көзімнің сорасы сорғалап кетуге шақ қалды. Ол екеуміз каникул кезінде шаңғымен серуендеуге келіскен едік қой. Бірігіп киноға баруға да келіскенбіз. Жалпы көктемдегі каникулды бірге өткіземіз деп уәделескенбіз. Ол болса кетпекші! Кетпекші! Мені мүлде ұмытқан! Ол менің қасыма келіп,иегімді көтерді. Көзіме көзін қадады. — Ольга! Сергей! – деді ол. – Ал біз, Антошка екеуміз бірге кетеміз ғой. Сол сәтте бөлмеге Анна Робертовна келсін. — Мон женераль! – дейді ол табалдырықта тұрып, өзгемізді көзіне де ілер емес. – Жеттім-ау ақыры тосқан күнге! Гриша үйленбекші! Енді өзімнің немерелерімді әлдилейтін болдым! Атам бір күліп алып: – Енді біздің шамамыз қалай келер екен? Бұрын сүйреп жүрген үш қол арбамызға енді сенің немереңнің қол арбасы қосылса, шамамыз келер ме екен? – деп сауал қойды.

— Мон женераль! – дейді Анна Робертовна қуана дауыстап. Қой бүлдіргеннен қайнатқан мұраппаны жегендей тамсанып қойып, көзін сығырайта сөйледі. – Бір-біріне тіркейміз. Бүтін бір поезд болып шыға келеді. Біз бәріміз де өзімізді төрт қол арбадан тұратын поезд етіп елестетіп, кетіп бара жатқандаймыз. Паровозымыз – Анна Робертовна!

ОНЫҢ ОТАНЫ Біз сапардамыз. Бір самолеттен екіншісіне мінумен келеміз. Ең алдымен алып «Тумен», одан кейін сәл кішілеу «Илмен» ұштық. Одан түсіп шағын ғана «Якке» отырдық, ең ақырында «Анмен» ұштық. Мүлде кіп-кішкентай самолет. Оған небәрі он екі адам сияды екен және ұшқан кезде қабырғаларының дірілдейтінін айтсаңыз. Біз алдымен атамның туған жеріне ұштық. Ол вятскілік еді ғой. Оның өзі әйтеуір бізден тым шалғай жер. Оралдың арғы жағында, Москваның түбінде десе де болады. Біз ең алдымен жүрер жолымызды белгілеген кезде атам: — Туған жеріме соға кетуім керек. Әке-шешеме барып, рухтарына бас иуім қажет. Мүмкін, кайтып жолым түспей қалып жүрер? – деген болатын. Бұл сөзге мән бере қойғам жоқ. Москва туралы сұрай бастадым. Генерал Иванов тұратын Харьков туралы да білгім келді... Міне «Ан» қонуға бет алды. Қар басқан алаң. Біз колхозшылар үйіне қарай жаяулап келеміз. Атамның туған ауылына қарай машиналар жүрмейді екен. Оған тек атпен жетуге болады дейді. Анығырақ айтқанда, ат шанамен. Бізге, ол жаққа ертеңгісін почтаның баратындығын, солардың ала кететінін түсіндірді. Мүмкін бағалы бандерольдың орнына алатын болар. Біз кішкене терезесі бар шағын бөлмеге орналастық. Қайта терезенің алдындағы тақтасы бір метрдей кең екен. Атам мұнда бір кезде монастырь болғанын әңгімелейді. Біз орналасқан бөлме – келья, былайша айтқанда, монахтар тұратын жай екен. Бір түрлі қызық сияқты, демек, біздер де қазіргі сәтте монахтар сындымыз. Бізге электр шамының сағат он екіге дейін ғана жанатынын, сонан соң движоктың сөндірілетінін ескертті. Қандай движок туралы айтқанын ұқпадым. Неліктен электр шамын қалаған уақытымызда сөндіруге болмайтындығы да түсініксіз? Және лампочкалардың неліктен біркелкі емес – бірде бозарып, бірде жарқырап жанарды жасқайтынына да жіп таға алмадым. — Мұнда электр тогі двигательден келіп тұр, – деп түсіндірді атам. – Демек, механиктің де ұйықтауы қажет. Қалай сендердің станцияларыңды салып бітеді, сол кезде мұнда да ток келеді. Тұрақты түрде. Сібірден келетін ток. — Қалайша? – таңданғанымды жасыра алмадым. – Біздің электр тогы осынша шалғайға келе ме? — Әрине, – деп түсіндіреді атам. – Сібірдің электр қуаты мұнда да, Москваға да, тіпті Еуропаға да барады. Міне ғажап! Мен оны білсемші! Шағын қалашықта қыдырып жүрміз. Мұнда бәрі де кісі таңданардай. Біздің поселкаға соншалықты ұқсамайды! Сойдақ тіс қорғандар, ондайды бізден көре алмайсыз. Баяғыда салынған жатаған үйлер. Атам көпестер тұрған дейді. Ал бізде ескі үйлерден біреу жоқ. Тек қана бірен-саран ескі ағаш үйлер бар. Бір шетте қаңқиған қоңыраухана тұр, оның үстінен қап-қара бұлт сияқты мазасыз қарғалар шуылдай далпылдасады. Бізде мұндай көп қарға ешуақытта болмайды, мұнда көше тып-тыныш, тіпті жөтелсең де талай жерге естілердей. Ал бізде бұл мезгілде халық серуенге шығады: көңілді күлкі, музыка... Бізді ерте оятты. Тысқа шығып, шанаға отырдық. Ат шананың иесі ысқырып қойғанмен жануар тауға қарай жүруге жүрегі дауаламағандай еріне басады.

Жерге жарық түсе мен атты айдап келе жатқан кісінің бала екенін көрдім. Мөлшері алтыншы сыныпта оқыса керек. Мен оған сөйлескім келіп қарағанмен ол атама қарай мойын бұра береді. — Өзің қайсынансың? – деп сұрайды атам. – Рыбаковскіденсің бе? — Рыбаковскілікпін! – баланың даусы гүр ете қалды. Бетін секпіл басып кетіпті. – Өздеріңіз қонақ боп қайтуға келесіздер ме, жолдас генерал? — Иә, қонақ боп қайтуға! – атам езу тартты. Балаң жігіт айналаға түгел естілердей етіп дауыстап, атын айдады. — Шу, жануар! Міне, қызық, барлық балалардың үндері кәдімгідей-ақ, ал ат айдауға келгенде дауыстарын үнемі жуандата шу-шулейтіндері несі екен. Шана табаны қарды зар еңіретіп, ат желіске салды. Мен қар ұлпалары меруерттей жылтылдап күнмен ойнаған қайың орманына қызыға қараймын. Біз жақта қайың бұлай өспейді. Қайыңдар әр жерге біреуі шашырай өсетін. Ал бұл жерге бүтін бір орман болып өскен. Қандай әдемі. Жол бірде жоғары қарай өрлесе, бірде төмен құлдилайды, толқын атқан көк теңіздің үстімен келе жатқан сияқтымыз. Бір кезде ұйықтап кетіппін. Ояна келсем ат шанамыз почта жәшігі бар үйдің қасына келіп тоқтапты, бағанға байланған ат пысқырып қойып, оттықтағы шөпке бас койыпты. Біреулердің даусы естілді. Түбіт орамал байланған әйел атамды үйден шығарып салып келеді екен. – Соңынан түскі тамаққа келуіңізді өтіне сұраймыз, – дейді ол. – Біз сізді ұмытқан жоқпыз. Сіздің туысқандарыңызды да білеміз. – Рақмет! – деп атам маған қарай басын изеп қойып, сонан кейін біз деревняның сыртына бет алған жалғыз аяқ соқпаққа түстік. Соқпақ қорыққа бастап әкелді. Төбемізден бұтақтарын қар басқан қарағайлар төнеді. Олардың сарғылт қабықтары күнмен шағылып алтындай жарқылдайды. Атам қатар жатқан қос зираттың қасына келіп тоқтады. Олардың үстіндегі қарларын сыпырып, папахасын шешті... Дәл сол сәтте не туралы ойлағанымды жасырмай айтайыншы. Мынау крестердің астында жатқандар туралы ойлаған жоқпын. Оларды білмеймін ғой. Көзіме елестете де алған жоқпын. Атамның әке-шешесі. Тіпті шалғай жатқан туыстар. Ертедегі тарих сияқты. Егер мен оларды көрген болсам, мүмкін, әлде бір сезім оянған болар еді. Бірақ мен оларды көрген де жоқпын, білген де емеспін, тіпті елестете де алмаймын. Өйткені, олар менің атамның әке-шешелері ғой. Содан да мен жай ғана ойланып тұрғандай күй таныттым. Атам болса папахасын қолына алып, оларға басын иеді. Оның мені мүлде ұмытып кеткендігі маған айқын еді. Мен ғана емес, папамды – өзінің ұлын, мамамды, біздің құрылысты, мынау деревняны да естен шығарған. Бәрін де, бүгінгі өмірді де ұмытқан. Ол жарқыраған мынау қарға, мынау айқасып тұрған крестерге жанар тіктейді, бірақ бұларды емес, мүлде басқа дүниені көріп тұрғандай. Өзінің бар білетінін және есінде қалғандарын ойына түсіргендей. Атам дәл мұндай күйге ешқашан түсіп көрмеген еді. Сол сәтте менің ойыма егер оның өзі де қайтыс болып кетсе ше, деген ой түсті, Егер ол да мынау екеуі – мынау шал мен кемпір, атамның шешесі мен әкесі сияқты бұл дүниеден көшіп кетсе ше, деген ой маған соншама қорқынышты көрінді. Өте-мөте қорқынышты дүние, атамның болмағанын елестету қиын. Мүлде жоқ болса! Мәңгілікке! Мен еңкейіп барып, бір уыс қар алдым да аузыма салдым. Аузымды аяз қарығандай, тісімді сындырып жіберді. Мен тағы да қарағайларды, олардың алтын түсті қабақтарын, жасыл ине жапырақтарын, ақ бояуға малынған айналаны, крестерді, атамды көрдім.

Атама көзім түскен кезде қатты таңдандым, ол жылап тұр екен. Бірақ мен сияқты жылаған жоқ, әрине бет әлпетінде өзгешелік жоқ, бір түрлі бейғам тұрғандай. Бірақ бетінде жас тамшылары сырғып бара жатты.

ӘН Біз сайды қуалап келе жатқанда атам қатып жатқан өзенді көрсетіп: — Мен осы жерде балық аулайтын едім. Қазір жаз мезгілінің болмағаны қандай өкінішті. Ал анау орманның ішінде саңырауқұлақтан аяқ алып жүргісіз еді, – дейді. Біз қайтадан деревняға оралғанда атам бұрын шіркеудің қайда болғандығын көрсетті. — Сен де сыйындың ба? – деп сұрадым. — Әрине, – атам езу тартты. – Тәңірге табыну заңынан бестік алатын едім. Бірақ бестікті «айтарлықтай үлгірім» деп атайтын еді. Ат әлі де көк шөпті күртілдете соғып тұр екен. Біз почтаға кірдік. Желім мен жаңа піскен нанның иісі аңқиды. Түбіт орамалды әйел орнынан тұрып, бізге қарсы жүрді де иіліп сыпайылық көрсетті. — Қонақ болып аттануларыңызды сұраймыз, – дейді ол. — Кететін уақытымыз болды! – деп жауап берді атам. – Бұл христиандарға жатпайтын қылық, – дейді әйел, – ертең аттанасыздар. Ал қазір түстенулеріңіз қажет. Әйелдің үні бір түрлі бапты, ал өзі өте байсалды екен. Біз почтадан шығып көшені кесіп өттік те, қарсы беттегі үйге кірдік. Үйлері ерекше қызық салыныпты. Ауланың өзі шатырланған, үйдің қабырғасы бөренеден салыныпты. Ауланың қараңғы түкпірінен сиыр ыңыранады. Үйдің ішіндегі үстелді жағалай кемпірлер мен шалдар отырыпты. Бұрыштарға икондар ілінген. Олар алакөлеңкеде көмескіленіп әрең көрінеді. Атам табалдырықтан аттаған бетте кемпірлер мен шалдар орындарынан тұрды, асықпай баппен иіліп сәлем берісті. Атам да оларға бас иді, мен сасқалақтап қалдым. Не істерімді білмей бас изедім де: — Сәлеметсіздер ме! – дедім. Әр түрлі тағамдар қойылған үстелдің жиегіне жағалай отырдық. Барлығы да үнсіз. Тек үйдің иесі ғана: — Ала отырыңыздар! Тағамнан ала отырыңыздар! – деп бізді сыйлаумен жүр. Тағамдардың негізі сүттен даярланыпты. Үй иесі әр сөзін нақтылап, асықпай айтады екен, содан да ма оның үнінен биязылық, ақ көңілділік байқалғандай. Атам рюмкасын қолына алып, орнынан тұрды. Шалдар мен кемпірлерді жанарымен түгендеп, олардың әжім басқан жүздеріне біраз қарап болған соң тағы да басын иді. — Рахмет сіздерге, игі жандар! – деді ол, – осы ыстық мейірім, пейілдеріңіз үшін. Менің анам мен әкем ертеректе қайтыс болған. Біздің бесжылдықтардың алғаш басталған тұсы болатын ол кез. Онда армияда қызметте едім. Бастарына сол кезде бір рет келгенмін, енді міне өз өмірімнің де өтер шағы жақындаған сәтте... Ол үнсіз тұрды да шарапты көтеріп қойды. Басқалары да сөйтті. — Сіздерден өтінерім бір-ақ нәрсе, – деді ол, – әрине, естеріңізде болса, ән салып беріңіздерші. Бала кезден есімде қалыпты – біздің деревнялықтар әнді жақсы айтушы еді. Ал мамам солдат туралы әнді жақсы көретін. Ең соңғы рет бір естиінші. Қариялар әу дескендей әнді бірден бастап кетіп еді, жарасымды жақсы әуенді естігенде біртүрлі жүрегім бұлқына соғып кеткендей болды. Аттанған-ды жас жігіт Жүйріктің тартып жалынан, Түсе берді жігіттің Биялайы қолынан ... Тізгіні де түседі

Бұл неғылған іс еді. Ұзақ созылып айтылатын бір түрлі мұңды ән екен. Әжейлер әндетіп емес, әңгімелеп айтып отырғандай көрінеді. Атама мұңды бір тарпихты баяндап отырғандай, мен де еміне құлақ түремін. Мен сияқты өренге Бақытсыз болу жазылған! Бақытсыз болу жазылған: Міне енді солдатпын Жас жұбайым, қайтейін, Жары болды солдаттың... Аттандырды сапарға, Алыстағы шаһарға... Алыстағы шаһарға, Көк теңізден асыра... Көк теңізді жағалап Анам күтіп, алаңдар, Өзім сынды өренді Асыға тосар адам бар; Жас жарым бар сағынған, Жанына ерткен балам бар.

Жас жарыма жаздым мен, Жаздым арнап үшбу хат: Қаламды қолға алмадым, Сияны да қолданбадым, Жасыменен көзімнің Жаздым бітіп төзімім.

Осынау үшбу хатымды Сұңқарменен жолдадым. Сұңқарменен жолдадым, Көк теңізден асырып, Оң қанаттың астына Қауырсынмен жасырып. Атам міз бақпай қатып қалғандай. Беті-жүзі де бағанағы моланың басында тұрғандағыдай. Шалдар әнге қосылған жоқ. Бірақ олар жай тыңдаушылар сияқты емес, бір түрлі әнге беріліп қимылсыз отырды. Олардың сонша толқып отырғандары жүздерінен оқылардай. Әнге қосылмаса да іштей әрқайсысы қайталап отырғандай көрінеді. Содан да оларды әнге қосылмады деу қиын. Тыныштық орнай қалды. Атам орнынан тұрып, әр шалды, әр кемпірді құшақтап қоштасты. – Дегенмен, қайтар уақыт болды, – деді ол. – Жарайды онда, – дейді үй иесі әйел, – біз ерлерді әскери істерге кідіртпей жіберуге үйренген жұртпыз. Ал сізге, генерал, көп рахмет! Біз киіндік те өзіміз келген баланың шанасына отырдық, тағы да шана табаны қасат қарға ән салдыра бастады. Атамның деревнясы қайыңдар қоршаған жотада қалып барады. Қайыңдардың басынан ұзақтардың ұялары қарауытып көрінді. Ұялар қазір бос қалған. Содан да болар, бүтін деревня жетім қалғандай көрінеді.

Ат еңіске қарай ала жөнеледі. Біз болсақ, қарттарға қол бұлғаумен барамыз. Олар ауыл шетіне шығып алып, соңымыздан көз тігеді. Менің санама да әлде бір мұң ұялағандай, тамағым кеберсіді. Өмір бойы осы деревняда тұрған адам сияқтымын. Енді соны тастап, бір жола аттанып бара жатқан жандаймын.

ОНЫҢ ҮЙІ Москва! Қалай дегенмен де Москвада тұратын балалар бақытты ғой! Өз бақыттарының бағасын білмейді! Күн сайын Қызыл алаңға келе алады! Хайуанаттар бағына барып, «Балалар әлемі» магазинінен балмұздаққа тоюларына болады. Мұндай балмұздақтың ешқайда жоқ екендігі олардың бастарына да кіріп-шықпайтын болу керек. Айталық сібірлік балалар балмұздақтың басқасымен-ақ күнелтеді... Нашарлау әрине! Ештеңе емес! Оған өкінетін олар жоқ! Ал, Москвада қандай үйлер бар десеңізші! Калинин проспектісін алайықшы. Ондағы үйлерді беті ашық кітапқа ұқсатуға болар еді. Кітаптарды қырынан қойғандай. Ал метро ше! Айтары не, шіркін! Кинодағыдай немесе суреттегідей-ақ. Москвада болмаған боларсыздар, сөзіме сеніңіздер. Тура осы айтып отырғанымдай. Сондықтан, Москваны суреттеп отырмаймын. Тек біздің Белгісіз солдатқа қалай барғанымызды суреттейін. Бірақ оны артынан әңгімелеймін. Әуелі, біз Москваға ұшып келдік. Таксиге отырдық та атамның үйіне тарттық. Үйі өте бір көрікті жерде екен. Өзеннің жағасы да тиіп тұр. Ал ауласы орман сияқты. Күміс үгіндісін шашқандай жалтылдайды. Кіре беріс сыртқы есіктің .алдындағы жылжымалы үстелді жағалай отырған қарттар домино соғып, тастарды тарс-тарс ұрады. Атамды көрген бетте доминоларын тастай берісіп, қуана шуласты: — Табылды! — Бұның қалай болғаны! — Қайда жоғалып кеттің, лейтенант? — Сібірде, жолдас полковник, – дейді атам күліп, – су электр станциясының құрылысында, жолдас майор! Соның өзінде, жолдас лейтенант! Атақтының өзінде! Ал, мынау менің немерем, Антон Рыбаков. Танысып қойыңыздар! Мен сасып қалдым да деревнядағы атамның істегенін қайталап, басымды иігі сәлем бердім. — Қандай кішіпейіл бала еді! – бір қария таңдана сөйледі. — Қайсыбір бұзықтарға мүлде ұқсамайды, – екіншісі косылды. — Сөйтіп, сібірлік болды ғой! – үшіншісі де таңданды. — Тумысынан, – дейді атам күліп, ал шалдар болса кезек-кезек менің қолымды қыса бастады. Генерал-майор пәленше дейді бірі. Генерал-полковник түгенше дейді екіншісі өздерін таныстырып. Генерал-лейтенант дейді тағы бірі өзін. Барлығы маған қарап, мәз. Ештеңені ұғып тұрған жоқпын. Ең әуелі ештеңені ұқпасам да, бірте-бірте басыма саңылау түсе бастады. Демек, бұлар бірін-бірі ыңғайлы болу үшін осылай атайды екен ғой. Генерал-лейтенант деп жатпай-ақ, лейтенант дей салады. Сол сияқты полковник, майор дейді. Әрі қысқа, әрі нұсқа. Мен сол кезде бойыма қайрат жинап алдым да: — Жолдас генералдар, күзде Кешка екеуміз жинап алған орман жаңғағымен сыйлауға рұқсат етіңіздер! – дедім. Аса бір көрегенділікпен ала келген жол қапшығымды иығымнан сыпырдым да генералдарға бір-бір қалта жаңғақ салып бердім. Оған қоса бір-бір үлкен үгітілмеген жаңғақтан ұстаттым.

— Эх! – десіп айқайласты генералдар. – Бәрекелді! Міне керемет!.. Содан кейін олар сәл тынышталды да, ұмытпасам полковник болса керек, бірі: — Антон Петрович, рұқсат болса кешке немерелерімді ертіп кіріп шығайын. Олар нағыз сібірлікті көріп қалсын. Әңгімелессін. Соның бәрінің оларға пайдасы зор ғой. — Қалай, Антон! – деп сұрайды атам. Мен сасқалақтап қалдым. Тамашалайтын мен бір аң емеспін ғой. Қарапайым адаммын. Менің көркімді көрмекші ме екен келгенде? Бірақ қарттар маған біртүрлі жанашырлықпен қарап, кішпейілділік танытқандай. Мен оларға: — Келулеріңізді өтінеміз! – деп сыпайысыдым. Онымен қоймай, ақымақ басым тағы да иіліп; тәжім етіппін ғой. Онымның өзі біртүрлі сөкеттеу шықты. Бұлардың Сібірінде тұратындар патша заманындағыдай бірбірлеріне тәжім етіп жүретін болар деп ойлап қалулары да мүмкін. Лифтімен көтеріліп келе жатқанда атамнан сұрадым: — Немене, бұл үйде ыңғай генералдар тұра ма? Ол сауалыма күліп жіберді. Жоқ тек генералдар емес, «генерал» деген бір сыңар сөзі жоқ полковниктер де майорлар да тұрады екен. Бұл – әскери адамдар тұратын үй екен ғой. Біз атамның пәтері орналасқан қабатқа көтерілдік. Есіктің жанына келіп бірер минут кідірдік. — Толқып тұрсың ба? – деп сұрадым. — Иә, толқып тұрмын, – дейді ол. — Өйткені, көптен болмаған соң ғой? — Өйткені, мұнда кемпіріміз екеуміз көп жыл тұрдық қой, – дейді ол. – Бірақ қазір кемпірім жоқ. Ал маған ол қазір үйде, ұзақ командировкаға кеткен мені тосып отырғандай. Атам маған мағыналы жанармен қарады. — Қане? – ол сыбырлай сөйледі де кілтті салды. Табалдырықтан дәл бір тұңғиыққа құлап бара жатқандай күйде аттады... Мен сақтықпен басып, бөлмелерді қыдырып жүрмін. Музейде жүргендей. Барлығына ықылас қоя қараймын. Қараймын да таң қаламын. Шындығында мен атамды білмейді екенмін ғой! Мүлде-мүлде! Біз онымен қанша уақыт бірге тұрдық! Бір кереуетте де жатып, әр түрлі нәрсе жайлы әңгіме шертсек те шын мәнінде мен ол туралы ештеңе білмейді екенмін. Егер осы жолы мұнда келмесем сол білмеген күйімде кетеді екенмін. Ал қазір міне, біраз жайды біліп алдым. Атам тұрған бөлмелерді аралаған сайын ол жайлы білерім арта түскендей. Жазу үстелінің үстіне кішкентай зеңбіректің үлгісі қойылыпты. Астында: «Майор А. П. Рыбаковқа қаруды алғаш сынаған сәттен ескерткіш» деген жазуы бар. Атамнан бұл жазудың мәнісін сұрадым. Ол бір кезде гаубица зеңбірегін сынағандарын, кейін бұл қарудың бүкіл соғыста қызмет керсеткенін айтты. Зеңбіректі де сынақтан өткізеді деп ешуақытта ойлаған емеспін. Самолеттерді сынақтан өткізеді – міне мұны білмейтін жан жоқ. Сөйтсек, зеңбіректі де сынайды екен ғой. Ондай сынақтың қалай жасалатынын білгім келді. Атам зеңбірек оғының қанша қашықтыққа ұшатындығы және снарядтардың бірбірінен қанша алыс түсетіндігі сыналатынын түсіндірді. Снарядтардың бірі жарылған жерге екіншісі еш уақытта түспейді екен ғой. Тіпті, соғыста аман қалудың бір жолы – снаряд ұлып келе жатқан сәтте бұрын жарылған шұңқырға жата кетсе болғаны дейді. Басқа оқ бұл жерге ешқашан түспейді. Бұған қоса дәріні қанша салған кезде қанша қашықтыққа ұшатынын, яғни оның оғының қуаттылығын сынайтын көрінеді. Оған қоса снаряд ұшып үлгергенше зеңбіректің оқпаны жарылып кететін жағдайлар дәрінің мөлшері қанша болған кезде кездесетінін де анықтайды екен. Яғни зеңбіректің оқпаны

төзімділігінің шегін анықтау... Сөреден «Баллистиканың теориясы» деген түсініксіз атауы бар кітапты да тауып алдым. Оның есесіне автордың аты-жөнін түсінуге болады. Әскери ғылымның кандидаты А. П. Рыбаков. — Кандидат деген не? – деп сұраймын мен. – Ғылыми атақ, – деп жауап берді ол. – Демек, сен ғалымсың ғой? – деймін күліп. – Аздап, – дейді ол да жымиып. — Ал, баллистика деген не? — Снарядтың ұшуы жөніндегі ғылым. Көрдіңіз бе, ғылымның қандай түрі бар екенін. – Сен қалай деп ойлайсың? – Атам сауал тастады. – Соғыс дегенді жай ғана тарс-тұрс деп ойлайсың ба? Шындығында көп адам соғыс туралы солай ойлаған. Қазір де солай ойлайды. – Атам мені үстелдің жанына отырғызып, өзі қарсы алдыма келіп жайғасты. – Бірақ армия деген – бүтін бір әлем ғой. Ал ғылымсыз әлем болмайды. Офицердер оқитын әскери академиялар да тектен-текке болмаса керек қой. Оқымысты офицерлер! — Мен де офицер боламын, – деймін қызулана үн қатып. – Сен сияқты! Оқымысты офицер боламын! Атам иығыма қолын салды. — Есіңде болсын, – дейді ол. – Бұл – өте қиын жұмыс. Оқу қажет. Далада ұйықтай алатын қажырлы, сонан кейін қарулы болу қажет. Қайда жіберсе бас тартпайсың. Басқалар үшін жауап беріп, өз жаныңды күйттемеуің керек. Ойлан, Антон! – Атам жымия қарайды. – Ойланар уақытың әлі жетеді.

ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ ҚЕЗДЕСУ Мен генералдар әзілдеген болар деп үміттенгенмін. Қателесіппін. Кешкілік есіктің қоңырауы ұзақ безілдеді де, өздерінің ұрпақтарын алдарына салған генералдар сау ете қалсын. Бірінші болып бауырсақ мұрын қыз кірді. Мөлшері бесінші сыныптарда оқиды білем. Шалбар, түгі үлпілдеген кеудеше киіп, қайдағы бір темір белбеумен белін буыныпты. Дәлірегі шынжырмен. — Фи! – дейді ол. – Мен шынында да сібірлік қой десем. Мынау кәдімгі балақай ғой. – Ол маған алақанын жая қолын ұсынып, өзін таныстырды: – Мэри! — Сен Мэри емес, Манясың ғой, – деді тұнжыраңқы түрмен сөйлеген генерал. Сосын басын шайқап қойды. Барлық генералдар парадта киінетін әскери киімдерімен, ордендерін тағып келіпті. Бірақ мен оны әрең байқадым. Турасын айтқанда Маня менің көңілімді сеңдей бұзды. Балақай! Қарай гөр! Өзі бір өндірдей болып тұрғандай. Әрине, мен ештеңе дегенім жоқ. Қалай дегенде де мен үй иесі де, олар қонақ қой. Одан кейін үш бала кірген. Біріншісі әлем-жәлем қалтасы көп джинси шалбар киіпті. Тіпті тізесінің үстінде де қалтасы бар. Киген қызыл көйлегіне Фидель Кастроның суреті салыныпты. Мен оған бірден-ақ Фидель деп ат қойдым. Екіншісі – көзілдіріктісі. Шашын сиыр тілмен жалағандай жылтырата тарапты. Бірақ шашы құрғақ сияқты. Әлде су ма екен? Әйтеуір, біз отырғанда да осы сауалдың жауабын топшылаумен болдым. Үшіншісін Глеб деп атады. Маңдайлы келген. Жетінші сыныпта оқыса керек. Кеудесіне шағындау значок қадапты. Онда шетелдік әріптермен «Stор» деп жазылыпты. Демек «Тоқта!» деген сөз. Кімге тоқта дегені сонда? Олар үйге кірді-ау, бірақ мен олармен не істеу керектігін білмей далмын. Оның үстіне атам өзінің генералдарын басқа бөлмеге ертіп кеткен. Глеб аяңдай басып

үстелге, пианиноға, кітап шкафына барлай қарап, жағалап аяңдап жүріп шықты. Сөйтті де маған жақындады. Кеудесіндегі значогін нұсқап: — Айырбастаймыз ба? – деді. Мен иығымды қомдадым. Нені айтып тұрғанын ұқпаған едім. — Зеңбіректі айырбастаймыз ба? – Ол зеңбіректің үлгісін нұсқады да сөйлемін толықтырды: – Қарамай-ақ! «Пысықайын қарай гөр, – деген ой келді, – зеңбіректі әбден көріп алып, енді келіп «қарамай-ақ» дейді». — Бұл – атамның мүлкі, – дедім оның сөзіне мән бермей, – саудаға салар хақым жоқ. Глебтің жүні жығылды. Шашын сиыр тілімен жалағандай, маған мойын бұрды. — Бірдеңе сыйласаң етті, – деді ол әбден қажыған адамдай сөйлеп, – тым болмағанда су болса да. Бұлардан құтылғаныма қуандым. Ас үйге шыға кең тыныс алғандаймын. Ыдысқа жаңғақ салдым да бөлмеге әкелдім. Глеб алақанын шарт еткізіп, үстелдің жанына жетіп келді де жаңғаққа қалталарын толтырып алды, онымен тұрмай шеңгелдей уыстады. Тамағымды кенедім. Қимай тұрған жоқпын, ала берсін мейлі, қажет болса тағы әкелемін, бірақ оның ашкөздігі ұнамады. Содан кейін шашын сиыр тілімен жалағандайға су бердім. — Мұзың бар ма? – деп сұрады ол. Оның не үшін керектігі таңдандырды. Сөйтсем ішетін суға салмақшы екен ғой. — Суық тиеді, – дедім мен. – Онсыз да мұздай. Краннан ағызып алған су ғой. — Сэнкью вери Матч, – деді ол басын изеп. – Қамқорлығыңа рахмет.. — Ал, енді айта берші, қане, – Мэри есінеді. – Ол жақта, Сібірде қалай тұрып жатырсыңдар? – Ептеп тұрып жатырмыз ғой, – күмілжи жауап бердім. — Ерлік жасап тұрасың ба? – Глеб басын кегжең еткізіп қойды. Шашы жалбырап көзіне түсе береді екен. Күлдім. Атамның бізге жолдаған хатында бойжеткен болар деп келе жатқан кісісінің мұртын көргенде өзінің сасып қалғаны туралы жазғаны есіме түскен еді. — Жасап тұрамын, – деймін мен. – Таңертең бір ерлік, кешке бір ерлік жасаймын кейде жеқсенбі күндері де жасауға тура келеді. Шашын сиыр тілімен жалағандайы қорсылдай күлді. — Мұнда отыру көңілсіз екен. – Мэри әлдекімси сөйледі. – Тым болмаса қаңғырлағың жоқ па? Мен иығымды қомдадым. — Ой, радиоқабылдағыш, транзистор бар ма деймін? Радиоқабылдағышты меңзедім. Мэри креслодан жеңіл суырылды да музыка қойды. Алдымен тыпырлады. Сонан соң билеген болды. Тізелерін дірілдетіп, селкілдеп бяқты. Онысына мағынасыздау үн қосады. — Хы! Хы! Дәл бір гимнастика жасап жүргендей. — Түтінің бар ма? – Глеб сұраулы жүзбен қарады. Мен сөзін ұқпадым. — Әй, көрмей тұрсың ба, қараңғы адам ғой бұл! – сиыр тілімен жалағаны көсемсіді. – Аударып берші. – Темекі тартамысың, деп сұрап тұрмын? – Глеб аударып берді. Мен атамның үстелінен оның сигаретін алып, ұсындым. Шашы жалбыраған Глеб шылым шекті. Түтінін үйдің төбесіне қарай үрледі де ешкім көрмесін дегендей оны қолымен ыдырата сермейді.

Мен өзімді адамның ең жаман қорындай сезіндім. Өзім қайдағы бір бөгде тобырға қосылып кеткендеймін. Бұлардың бірде бірін білмеймін. Бұлардың қасында отырып болғандаймын! Қуана-қуана кетер едім. Бірақ, өз үйіңнен қайда қашарсың? Глеб темекісін сорып, Мэри «хы-хылап» өзіне-өзі дем берумен әлі қара тер боп жүр, сиыр тілімен жалағандайы бәтеңкесін қолымен ұстап, аяғын айқастырып әлдекімсиді. Фидельден басқасы өнерлерін көрсетіп үлгірді. Мен одан бірдене сұрайын деп оқтала беріп едім, Глеб киіп кетті. — Сен немене, ақымақ адам сияқты галстук тағып жүрсің? Мектебіңде жүрген жоқсың ғой? Сасайын дедім. Тіпті маңдайым бусанды. Ол аздай, галстукпен ұйықтайтын қайдағы бір белсендісымақ деп ойлап қалар бұлар. Мен галстугімді шешпек болып октала бердім де сиыр тілімен жалағандайдың сөйлеу мәнерін ұға қойдым. Бір түрлі жыны келіп, кісіні жерлеп сөйлегендей көрінді. Галстугімді одан әрі тартыңқырап қойдым. Ештеңе дегенім жоқ. Мэри тыныш тапты да маған зейін қоя қарады. Сиыр тілімен жалағандайы да, Фидель де сөйтті. — Бұл атавизм ғой, – Глеб нығарлай сөйледі. – Мұндай сөзді естіп пе едің? Балалықтан арыла алмаушылық, ұқтың ба? Галстук тағу деген балалықтан қалған ескі әдет. Адам ойын жетілдіру керек. Прогрестену қажет. Сиыр тілімен жалағандайы қорсылдап, Мэри мұрнын шүйірді. Тек Фидель ғана тас мүсіндей мелшиіп отыр. Осының бәрі жүрегімді айнытты. Өзіме өзім жеккөрінішті көріндім. Мынау Глеб дегенге әлде не айтқым келеді. Әлде тұмсығының шыдамдылығын сынағым келе ме?! Бірақ, мен шыдадым. Генералдар не демек. Атам ше? Мына генералдың бәрі оның достары ғой! Мен шыдап бақтым. Тісімді қышырлатып, өзімді өзім тоқтату үшін көзімді жұмдым. Көңілдене тіл қаттым: — Балалар! Ертең Белгісіз солдатқа барайық, а? Әйтпесе әлі көре алған жоқпын. Атамның қолы тимейді. Сиыр тілімен жалағандайы тағы қорсылдады. Айнымай қалған торай сияқты. Бүйткен күлкісі бар болсын. Жанарымен жаратпай қарайды. Глеб: — Біз онда немізді жоғалтып алыппыз? Майорша, – ол Мэриге мойын бұрды – мүмкін, сен ертіп апарарсың мынау сібірлікті? — Өзің апарып кел, лейтенант., – Генералдар бір-бірін осылай атағанда күлкілі естілер еді, ал мыналар ше? Олардың бұған қандай қатысы бар? Бірақ мен тағы да тіс жармадым. Сол кезде Фидель орнынан көтерілді. — Ал жарайды, – деді ол – мен сені шындығында сібірлік қой деп ойлап едім. Сен болсаң, мыналар сияқтысың! Титтей де артықшылығың жоқ. Тек осында көшіп келулерің керек. Арада жатқан қашықтық қана қысқарады. Бәрі де бұлар айтқандай, о’кэй болады. Ол джинснінің темірлерін жалтылдатып дәлізге шықты, мен оған аянышпен күле қарадым. Сасқаным болса керек. Осы Фидельге қойсам ба деген сауалым ойымнан шықпады. Мен нағыз Фидельді нұсқап: «Сен оның суреті бар киімді жайдан жай киіп жүрсің бе, әлде жақсы көргендіктен бе?» деп сұрамақ едім. Әрине, жақсы көргендіктен! Мұны сұрамай-ақ қойса да болады. Мен басқаларға қарадым. Глеб әлі шылымын бұрқыратып, Маня билеп жүр. Сиыр тілімен жалағандай төрткөзі бәтеңкесін қолына ұстаған қалпы әлі отыр. — Өмір бойы осы бір сұмпайы полковник көңіл-күйіңді бүлдіріп кетеді, – деді көзілдірікті. Мен тағы да ол шашын сулап тараған ба, әлде өзі солай ма екен деп ойладым.

— Қане, генералдар, – дедім бәсең ғана үн қатып. –Табандарыңды жалтыратыңдар! Қызық: олар ешқандай дау-дамайсыз шығып-шығып жүре берді. Шамасы, шын генералдардан қорыққан болулары керек. Жалғыз қалдым. Осының бәрінің жүрек айнытарлық болғаны соншалық, ешкімді де көргім келмейді. Шамды сөндірдім де ойға шомдым. Қанша отырғанымды білмедім, әйтеуір жаңағы еркетотай немерелер туралы, өзім туралы ойладым. Қарай көрші! Менің өзімнің де генералдың немересі болғаныма кеудеме нан пісті емес пе. Басқадан артықпын деп санадым. Шамасы мен сол кезде жаңағыларға ұқсас болғамын ғой. Болса, киімім ғана бұлардан өзгеше болған шығар. Электр шамын жағатын тетік сырт ете қалды. Атам мен оның достары мені айнала қоршап тұр екен. Ордендерімен. Парадта киетін мундирлерімен. — Қалай, – деп сұрайды генерал-майор, – кездесу жоғары деңгейде сәтті өтті ме? — Сәтті өтті, – деп өтірікті соға салдым да бір езулей күлдім. Жасанды күлкі жайлаған кеш, басқадай не дерсің!

Алтыншы бөлім

МӘҢГІЛІК АЛАУ

МӘҢГІЛІК АЛАУ Самолет бұлттардың үстімен ұшып келеді. Шегі жоқ, ақ бұйра бұлттардың үстімен. Ұшып емес, қарлы даланы кешіп, мимырттап келе жатқандай. Мен иллюминаторға тесірейе үңілдім. Осынау ақсұр әлем мүлде тірі жансыз емес сияқты көрінеді. Көкжиектен әлдекім бой көрсетіп, бізге қол бұлғап тұратындай. Расында да! Теңіз толқынынан шыққан ақ көбік сынды бұлт үстінен бір кезде сүйіртұмсық самолет көзге ұшырай кетті. Тұмсық жағы біздей болып, сүйірлене бітсе, құйрық жағы біраз кейінде қалыпты. Самолет бұлт үстімен бірден биіктей жөнелді. Тіптік шаншыла ұшқандай. Соңынан патшазадалардың көйлегінің сүйретілген етегі сияқты шұбатылып ақ жолақ қалды. — Жүйрік самолет! – дейді атам. – Жау самолетін аттатпай қуып жетеді. Дыбыстан жылдам. Рас екен. Ұшып бара жатқан бір сүйір тұмсық терезеден ғайып болғалы біраз уақыт өтсе де оның гүрілі құлаққа жаңа ғана жетті. — Сен қалай ойлайсың? – деп сұраймын атамнан. – Қандай офицер болсам екен? Зеңбірекшілер офицері болсам ба? Әлде жаяу әскер, немесе ұшқыштар офицері болсам ба? Әлде теңізші офицер жақсы ма? Атам күледі. — Қалай таңдасаң да жетерлік, – дейді ол. – Мәселе саған ғана байланысты. Егер таңдаудың еркі маған қалар болса, онда мен дәл бүгінгіден бастаған болар едім. Таңертең көргенімді айтамын. Мұның өзі ғажап оқиға еді. Атам алдымен өзінің жоспарларын өзгерткен болатын. Тек мен үшін ғана. Мен ең алдымен оны ренжіткім келмеген еді. Кешегі оқиға жайлы. Бірақ соңынан айту қажет деп шештім. Міндетті түрде. Ол менің атам ғой. Менің досым. Менің генералым.

Атам менің сөзімді тыңдап болды да, ойланып қалды. Сонан кейін өзінің бет алған жағына бармай, менімен жүретіндігін айтып, өзінің бар жоспарын бұзды. Белгісіз солдаттың зиратына. Ескерткіш жанында Мәңгілік алау жанып тұрды. Жаңбыр құйып тұр, ал алау оты сөнер емес. Ұйтқи соққан дауылды қарға да көнер емес. Біз мәңгілік алауы жалын атқан тас жұлдыздың жанында тұрдық. Атам солдаттарға сәлем берді. Мен де пионерлік сәлемімді арнадым. Өмірде бір адам болған. Оның есімі, анасы болған. Мүмкін зайыбы да, балалары да болған шығар. Сонан соң ол адам өмірден көшкен. Қайтыс болғанда да ол жайлы ешкім білмеген. Бірақ оның өмірден ізі өшпеген. Ол белгісіз солдат болып бізге оралған. Мүмкін, оны әлі күнге дейін тосатын болар. Ол жайлы ойлап, еске алатын болар. Іштей оның есімін де талай атаған шығар. Ал ол болса бұл күнде есімі жоқ жан. Өйткені оған енді есімнің қажеті жоқ. Ол баршаға ортақ. Белгісіз солдат. Мен зиратқа әйелдердің қалай жақындап келе жатқандарына қарап тұрдым. Жастар. Қариялар. Пионерлер. Мәрмәр тасқа гүл шоқтарын қалай қойғандарын, терең ойға батып, қалай тұрғандарын көрдім. Олар кімге келді? Белгісіз солдатқа ма? Жоқ, белгілі адамдарға келді. Өзінің баласына, өзінің әкесіне немесе атасына келді олар. Мен атамның жеңінен ұстадым. Бетіне жанарымды тіктім. Менің атамның тірі болғандығы және оны фашистердің өлтіре алмайтындығы қандай жақсы еді. Оның дәл осы сәтте менің жанымда тұрғандығы қандай ғанибет... Кез келген уақытта мен оның жеңінен ұстап тұра аламын... Атам сол жолы өте дұрыс айтқан еді! Өмір жолының осылай болғаны қандай өкінішті! Менің оны ұзақ уақыт бойына көрмей, мүлде білмей жүргенімнің өзі қандай өкінішті! Мен оның қолтығының астына жабыса түсемін. Ол болса мені қапсыра құшақтайды. Біз аяңдай басып, Қызыл алаңға бет алдық. Бір кезде өз-өзімнен шошынғандай селк ете түстім. Көзімді сүрттім. Мүмкін емес! Мен атамның қолынан тарттым да оған: — Қарашы. Мынау Егоров қой! Біздің вожатыйымыз, – деймін. — Ол мұнда қайдан кеп қалған? – Атам иығын қомдайды. Шындығында қайдан кеп қалған? Әрине бұл қазір солдат, танкист, әлде теңізші болып армия қатарында қызметте жүруге тиіс. Ал мына жерде ше? Мұнда анау-мынау емес, Мавзолей бар ғой? Мен тағы да көзімді сүрттім. Мүмкін елес шығар? Әрине елес! Әйтпесе, Егоров мұнда қайдан келсін! Сөйтсе де: – Егоров! – деп айқайлап жібердім де, қолымды бұлғадым. Бірақ солдат орнынан қозғалар емес. Жаны жоқ адам сияқты. Тіпті оның тұла бойы осылай сіресіп қатып қалғандай. — Сен немене? Ол саған жауап береді деп ойлайсың ба? – деп күледі атам. Асфальт жолды сарт-сұрт басқан әлдекімдердің аяғының дыбысы естілді. Мавзолей төңірегінде жүрген адамдар да әлденеге қарасып қалған. Үш әскери адамның өкшелерімен жерге мөр басқандай сәнмен жүріп келе жатқандарын көрдім. Ақырын аяңдайды, бірақ қимылдарында ерекше салтанаттылық бар. Аппақ биялай киген қолдарын сермеулерінің өзі ерекше сәнді. Винтовкалары иықтарына сіресе қалған. Олар есікке жақындап қалды. Мұнара басындағы бесжұлдызды сағат соңғы секундтарды санады. Есіктің алдында тұрған солдаттар орын ауыстырды. Өкшелері сартылдап, тұрғандар кетіп бара жатса, жаңалары олардың орнында қалды. Сақшылардың орын алмастыруы. Тағы да олардың адымдарының ырғақты сарт-сұрты естіледі. Мен олардың соңынан жүгіре жөнелдім. Сақшылардың әр қимылдарын есіме сақтауға ынтығамын. Менің тағы да солдатқа дыбыс беріп, шақыруға көңілім кұлап барады. Мүмкін бұл Егоров шығар? Бірақ солдаттар мойын бұрмайды. Ешкімге қарар емес. Олар кең қақпаға кіре берді.

Біз атам екеуміз Қызыл алаңды аралап келеміз. Василий Блаженныйдың шіркеуіне көз саламыз. Басқа да әсем құрылыстарды қызықтаймыз. — Біз сенің әжең екеуміз, – дейді атам, – сол жолы да осында келген едік. — Сол жолың қай уақытта? – деп сұраймын мен. — Алғаш танысқан күнді айтамын да, – ол жымия күледі, – Кремльде танысқан едік. Біз бұрын бір-бірімізді білсек те сол күнгі таныстық ерекше болатын. Ол маған әжем жайлы әңгімесін айтып берді.

БIРIНШI ӘҢГIМЕ. ӘЖЕМ ЖАЙЛЫ Бұл Испанияда болған еді. Өте ертеде. Ол кезде папам да тумаған. Мамамның дүниеге келмегені де айдан айқын. Атам ол кезде өзінің біреуге ата болатындығын ойлай қоймаған. Өйткені өз жайын әлі ойластырып жататындай оның уақыты жоқ еді. Москвадан бұйрық берілген. – Сізді Хосе шақырып жатыр. Сіз – испандықсыз. Бар болғаны сол. Атам бас шайқайды. Хосе деген сөз орысша да, испанша да бірдей айтылады ғой. Бірде-бір испан сөзін білмейтін және испанша сөйлеймін деп ойлап та көрмеген атам қандай болса оның зеңбірекшілері де дәл атам сияқты «испандық» болған ғой. Олар орысша жап-жақсы біледі екен. Тек қана өңдері қараторы болған. Өйткені, оларды испандықтарға ұқсау үшін, әдейі іріктеп алған көрінеді. Сөйтіп, олар Испаниядан бір-ақ шығыпты. Олар орыс зеңбірегіне ұқсамайтын испандық ескі зеңбіректерді пайдаланыпты. Зеңбіректерді атқаннан соң нашар қаруға деген реніштерін орыс тілінде сыбап алады екен. Өйткені қару-жарақтары көңілдерінен шықпай, мүлт кете берсе керек. Дегенмен, бірте-бірте оған дағдыланыпты. Сөйтіп, жауды төпей беріпті. Бірақ бұлардың жаулары да еркек, әйел демей шабуыл жасап қыра беріпті. Қарттарды да аямаса керек. Сол кезде республикашылар бұлардан испан балаларын жаудан құтқаруды өтінеді. Олар балалар үшін қатты қобалжыса керек. Өйткені, әке-шешелері мерт болған жас сәбилердің күні не болмақшы. Тез құтқармаса олардың жоқшылық пен аштықтан майып болары сөзсіз екен. Атамдар теңіз жағасындағы қаланы қорғайды. Қал-қадерлерінше шайқасады. Өйткені ол қалаға көптеген жас балаларды әкелген көрінеді. Балалар болса теңіз айлағына жақын жерлердегі үйлердің астына жасырынады. Одессадан көмекке келе жатқан кеме де біраз кешігеді. Жиі ата бергендіктен оқпаны қызып кеткен зеңбіректерді салқындату үшін су тасумен болады. Хосе атайдың қаншалықты су ішкісі келсе де, әйелдер тасыған су теңізден алынғандықтан, оны іше алмай, тек қана зеңбіректерді «суарады», ал, онсыз да жаралыларға жетпей жатқан тұщы суға ортақтаспай шөлдеумен болады. Бір күні оларға республикашылардың киімін киген жас қыз су әкеп береді. Қыз орыс тілінде: — Кеме жақындап қалды. Үш мыңдай сәбиді құтқару керек. Бар үміт сізде, Антон Петрович, – дейді. Атам ол кезде өзінің есімінің қалай аталатынын да ұмытса керек. Жалпы өзінің кім екенін де естен шығарған кезі екен. Атам жаңылыс естіген болармын деп ойлайды. Зеңбіректердің тынымсыз гүрсілінен кейін солай ойламағанда қайтсін. Бірақ қыз жымия күледі де, жаңағы сөзін қайталайды: — Барлық үміт сізде, Антоша Чехонте. Бұл, әрине, қыздың қалжыңы болатын. Өйткені, Антоша Чехонте деп жазушы Чеховты бала кезінде атаған ғой. Менің атамның есімі де Антоша екені белгілі. Атам оған басын изеп қояды да, испаниялық зеңбіректерін күркірете береді. Сол кезде көкжиектен қызыл кресі бар жалауын желбіреткен кеме де көрінеді. Жаулар да кемеге құтырына оқ жаудыра бастайды. Антоша Чехонте және оның солдаттары тістерін шықырлатып, дұшпанға жауыға оқ боратады. Жау амалсыздан бұққан кезде асыға жүзген кеме де барлық балаларды тиеп үлгіреді. Сәл үзіліс болған сәттерде әйелдердің

жылаған үндері құлақ тұндырады. Ол балаларын шығарып салған аналардың зарлы үні еді. Жау тағы оқ боратады. Олардың снарядтары айлақтың жанына келіп жарылып жатады. Айналаны айғай-шу басады. Сол кезде кеме де баяу қозғала береді. Алдағы ұзақ жолға көңілі дауаламағандай тым жайбарақат қозғалып бара жатады. Атам түн ішінде өздерінің зеңбіректерін бүлдіріп құртады да, бұл қаладан тайып тұрады. Испанияның түні өте қараңғы болса керек. Сол түні оларға осы қараңғылық көмектеседі. Оның үстіне қатты жел соғып, аспанды жерден жасырғандай жер бауырлап бұлт көшеді... Атам өзінің испандықтарға ұқсас біраз қара шашты достарын тастақты, шаңдақ Испания топырағына жерлеп, өзі Москваға оралады. Ол сол жолы Москвада өзінің бірінші орденін: Жауынгерлік Қызыл Туды алады. Мұндай орденді тағы бір қызға береді. Атам бірден таныса керек, келіп қызды наградасымен құттықтайды. — Менің есімім – Антоша Чехонте болады, – дейді ол. – Ал менің есімім Лида Иванова болады, – дейді қыз. Содан кейін ол менің әжем болып шыға келеді. Көрдініз бе, мұндай оқиғалар да бола береді екен...

САҚШЫ Мен ойға шомдым. Үйімізде тұратын анау бір ескі суреттегідей мүлде жас атам мен әжемнің Қызыл алаңменен біріне-бірі күле қарап кетіп бара жатқан сәтін көз алдыма қелтірдім. Бір кезде әлдекім: — Жолдас генерал! Жолдас генерал! – деп дауыстасын. Атам екеуміз мойын бұрдық. Қарсы алдымызда қолын шекесіне сірестіре тұрып, жымия қараған солдат тұрды. Мына қызықты қараңыз! — Мен айтып едім ғой! – Үнім қатты шығып кетті. – Мен бірден танығанмын. Егоровтың екі езуі екі құлағына жеткенше ыржия күледі. – Білесіздер ғой, қандай мәселе екенін, менің сіздерге тіл.қатуыма болмайды ғой. Тіпті кірпігімді де қаға алмадым. Бірақ мен сіздерді бірден таныдым. Ал бұл жаққа жолдарыңыз қалай түсті? — Жолдарың қалай түсті дерің бар ма? – дейді атам. – Біз каникулда жүрген адамдармыз. — Армия қатарына алған, – дейді Егоров, – Москваның өзінде қызметімізді өтеп жатырмыз. Алдымен оқыдық. Мавзолейде тұруды жеңіл деп ойлайсыздар ма? Бүтін бір ғылым ғой! Ал жауапкершілігін айтсаңызшы! Саған бүкіл әлем қарап тұрғандай. Шетелдіктер келеді, жан-жағыңнан суретке түсіріп жатқан жұрт! Мен Егоровқа қызыға қарадым. Ана жақта, ауылда мұның ешқандай ерекшелігі жоқ сияқты еді. Мүмкін болған да шығар, бірақ мен байқамаған болармын. Ал қазір екі иығына екі кісі мінгендей. Өзінің жанарындай көгілдір түсті погондары жараса қалған. Сымға тартқандай, нағыз солдаттың өзі! — Жақында шешем келіп кеткен, – дейді Егоров. – Гарнизонға келген екен, оған менің қайда екенімді айтыпты. Ол болса бірден Мавзолейге тартқан ғой. Мені көрген бетте жылап жіберсін. Ол кісі әбден қартайған адам. Жүрегім аттай тулайды, бірақ менің орнымнан қозғалуға қақым жоқ қой. Соңынан неге жыладың деп сұрасам ол «мақтаныштан» деп жауап береді. Атам Егоровтың қолын қысты. Оның әскери қызметін ойдағыдай өтеуіне тілек білдірді. Бірақ Егоров кете қойған жоқ, әлде не көмейінде тұрғандай. Бір кезде: — Сіздер мен туралы Галяға айтпаңыздар. Жақында постыда тұрған сәтімді суретке түсіртемін де соны жіберемін, сол кезде бір-ақ біледі ғой. Атам екеуміз қосыла күлдік. Оның жайын ұғып тұрғандаймыз. Тағы бірдеңе

айтқысы келетіндей. — Ал отрядқа, – дейді ол маған қарап, – сәлем айта барарсың. Москвада әскери қызметін өтейді екен де, сол жетеді. Мен сендерге хат жазамын. Үлкен хат. Өз қызметім туралы. Есеп беремін. Ал жазда демалыс алып, елге барып қайтамын. — Жарайсың жігітім, – дейді атам Егоровтың қолын тағы да қысып тұрып. – Пионерлеріңе басшылық жасау жөніндегі шешімің өте дұрыс. Отрядты Москвада тұрып та басқаруға болады. — Менің баскадай шарам жоқ қой, – деп жауап береді Егоров. – Қызмет бабы солай! Мен де Егоровтың қолын қыстым. Оның идеясы маған да қатты ұнаған еді. Өйтпегенде ше, біздің вожатый № 1 постыны күзетіп тұр! – Ал сау болыңыздар, – дейді Егоров. – Командирім бір минутқа ғана босатып еді. Оның өзінде де сіз генерал болғандықтан ғана, Антон Петрович! Көрдіңіз бе, әне қарап тұрғанын! Біз Кремль жаққа қарадық. Расында да екі офицер тұр екен. Атамның өздеріне қарағанын көріп, олар сымдай тартыла қалды да алыста тұрып сәлем берді. Қандай кішіпейіл жандар! Ал Егоров бізге қарап қолын тағы шекесіне апарды. Бізге деп әдейі айтып отырмын, бұл жерде қате айтылған жоқ. Ол алдымен атама қарап, инабат жасады. Сонан кейін маған бұрылды. Мен Егоровка пионерлік салют бердім. Сонан кейін ол нық басып кері бұрылды да жүгіре жөнелді. Көрдіңіз бе, қандай кездесудің болғандығын! Тіпті таң қаларлықтай. Москвада миллиондаған адамдар тұрады. Бір ауланың ішінде тұратын адамдар көшеде кездесе бермейді. Ал біз болсақ сонау Сібірден келіп бірден өз адамымызды тауып алдык. Шындығына келсек, біздің оны тауып алғандығымыз Егоровтың анау-мынау жерде емес, Мавзолейдің жанында тұрғандығынан ғой. Мавзолейге миллиондаған адам келеді. Өйткені ол Мавзолей ғой! Онда Ленин бар. Енді міне Лениннің жанында біздің вожатыйымыз тұр. Сібірден келген монтажшы. Мавзолей сақшысы... Бүкіл жер шарындағы көзге бірден-бір шалынатын солдат... Егер ерік маған берілсе мен зеңбірекшілердің немесе теңізшілердің, немесе ұшқыштардың офицері болмастан бұрын дәл осы Егоровтың қызметін атқаруды қалар едім. Ең алдымен Лениннің қасында тұратын сақшы болуды қалар едім...

НАҒЫЗ АДАМ Самолет қонуға бет алды. Аз уақыттан кейін генерал Ивановтың қасында отырамыз. Мен атамның өзінің досы жайлы айтып беруін кемінде он рет сұраған шығармын. – Әзірше болмайды, – деп жауап береді атам. – Ең алдымен оның өзін көруге тиістісің. Бұл деген ешкімге ұқсамайтын адам. Қазір мұндайлар жоқ десе де болады. Бұл несімен ешкімге ұқсамайды екен деп ойлаймын мен. Мүмкін екі метр бойы бар шығар? Әлде штангашы сияқты алапат күшті болар? Бірақ ешқандай себебін ойлап таба алмадым. Амалым қайсы, аяғына дейін шыдауға бекіндім. Олар бірін-бірі құшақтап біраз тұрды. Үнсіз. Сонан кейін бір-бір қадам кейін шегінді. Мен сол кезде генерал Ивановтың екі қолының бірдей жоқ екенін көрдім. Бос салақтаған жеңдерінің ұшы қалталарына салыныпты. Қалай өмір сүреді екен деп ойлаймын. Қолсыз тіршілік етуге бола ма? Ал атам болса оның қолдарының жоқтығын елемейтін сияқты. Мені иығымнан ұстап Ивановтың жанына әкелді де, Москвадағы сияқты таныстыра бастады. — Антон Рыбаков? – Иванов қайталап сұрады. – Демек, сенің орныңды басатын жігіт қой. – Атама қарап күліп қойды.

– Антон Екінші, – дейді атам басын шұлғып. Біз үйге бет алдық. Шашын қырау шалған егде әйел қарсы алды. Көзі бір түрлі күлімдеп тұрады екен. Ол атаммен құшақтасып сәлемдесетін ыңғай танытып еді, бірақ атам оның қолын сүйді де: – Сәлеметсің бе, майдандас жолдас! – деді. Біз Николай Петровичтің бөлмесіне келіп отырдық. Үйдің бұрышына ешқандай әсемдік бұйымға жатпайтын бір әйнек қойылыпты. Мен оны ұстап та көрдім, бірақ бұл түкке керексіз заттың не үшін қойылғанын ұқпадым. Лақтыра салатын дүние. Кей жерлері жарылып, кей жерлері тесіліп те қалыпты. — Қане, бұның не екенін таба қойшы, – дейді Николай Петрович. — Машинаның желқағар әйнегі, – атам маған көмекке келді. – Көрдің бе мынау тесіктерді, бұлар оқтардың іздері. – Ескерткіш ретінде сақтап жүрмін, – дейді Николай Петррвич, – Ажалдың қолтаңбасы қалған зат оияқты. Машинамның сау-тамтығын қалдырмаған болатын, содан кездейсоқ тірі қалғанбыз. Олар бір-біріне дәл бір ғашық жандар сияқты қарайды, балалар сияқты әр нәрселерді естеріне алады. Кешка екеуміздің тіршілігімізге ұқсайды. Бірақ, шешіліп әңгіме айта алмайды екеуі де. – Антон, кел сөз тыңда! – Атам мені жанына отырғызды, – Коля, айтып берші. Оны мұның міндетті түрде білуі қажет. Бұл жігіт те әскери адам болмақшы. Тіпті әскери адам болмай қалса да білуі қажет! Николай Петрович келіскен ыңғай танытып, бөлменің ортасына барып тұрды. Етігімен еденге доғаға ұқсас сызық сызды, онысы – дұшпанға негізгі соққы беретін жердің белгісі болса керек. Зеңбіректердің, танкілердің де суретін мөлшерледі. – Мынау – Дрезден, – дейді ол. – Ал, мынау – біздің негізгі күшіміз. Ал мынау сына сияқты белгі – менің артиллеристер полкым. Ілгері сұғынып кеткенбіз, сондықтан басқа күштеріміз бізге жақындауға барын салып келе жатқан. Сол кезде жаудан «тіл» алдық. Олар бізге қарсы танктердің жойқын шабуылы даярланып жатқандығын хабарлады. Бағыттары міне былай. Не істеу қажет. Егер олар бізді бұзыпжарып өтіп кетсе, онда негізгі күшіміздің алды жалаңаштанып, танктерді тоқтата алмай қалады. Танктердің шабуылына олардың екі бүйірінен сыға қарсы алу қажет деп шештім. Күшімізді реттеп, әзірледік. Сол кезде қиян-кескі шайқас басталып кетсін. Немістер ойлағандай зеңбіректерді олардың дәл маңдайына бағыттамай, екі бүйірінен тидік. Снарядтар олардың ойранын шығарып, дұшпанның берекесі кетті. Әр снарядымызды дәлдеп, көздеп атамыз. Жақындатып алып соғамыз. – Антошка! – атам мән-жайды жолай түсіндіруге кірісті, – Николай Петрович танкке қарсы ататын артиллерияны басқаратын. Мұның өзі – өте қиын шаруа. Өзіне оқ боратып, жортып келе жатқан таиктерді нысанаға алуың қажет. Менің де сауал қойғым келеді. Бірақ қалай сұраудың ретін таппаймын. Ыңғайсыз сияқты. — Түсінікті ме? – деп сұрайды Николай Петрович. — Ал сіздің... – дедім де сез таппай қысылып қалдым. Бетім де ду ете қалды: – Ол кезде қолдарыңыз бар ма еді? — Жоқ болатын! – дейді Николай Петрович. – Жоқ болатын! Қолдарымды Днепрдің жағасында жоғалтқанмын. Өз кұлағыма өзім сенбеймін. Ұшқыш Маресьев туралы оқыған болатынмын. Киносын да бірнеше рет көргенмін. Оның екі аяғынан бірдей айрылғаны жұртқа белгілі. Бірақ оның қолдары бар болатын. Ал зеңбірекшінің қолсыз болуы қалай? Бұйрық беруі керек! Бұйрық беру деген – картаға сызып көрсету деген сөз! Телефон трубкасына айғайлап, ұрыс даласын бинокльмен қарауы қажет! Қажет болса снарядты өз қолымен көтеріп, зеңбіректі оқтауға тура келген. Қолдары жоқ адамның соғысуы

мүмкін бе? Мен генерал Ивановқа қараймын да айтқанын зердеме сыйғыза алмаймын, мүмкін ол әзілдеп тұрған болар? Бірақ, бұлай қалжыңдауға бола ма екен? Атама мойын бұрамын. Сұраулы жанармен қараймын. — Мен саған айтпадым ба, Антон, – дейді атам, – генерал Иванов – ешкімге ұқсамайтын адам деп. — Сен де айтқыш екенсің! – Иванов реніш білдірді. – Ол не деген сөз! Радиодағы сияқты неғылған жаттанды сөз. Онан да өзің жайлы айтсаң етті. Әне қаншама ордендерің бар! Оның бәрін бетіңе қарап, бере бермейді ғой. – Жарайды, – дейді атам. – Көкек әтешті мақтайдының кері болмасын. Менің наградаларым қарапайым ғана әскери жұмыстар үшін берілген. Ал саған – ерліктерің үшін берілген. Бұл сөзден қорықпа. Шын мәніндегі ерліктерің үшін. Ол ерліктер жайлы кітап жазу керек! – Иә, оның бәрі де жазылды ғой! – дейді күліп Николай Петрович. Біз қонақ бөлмеге барып, түскі тамаққа отырдық. Николай Петровичті әйелі қасықпен тамақтандыра бастады. Жас баланы тамақтандырған сияқты. Бірақ, атам оған көңіл аударған да жоқ. Дәл бір бәрі де осылай болуы керек сияқты. Генералдың әйелі де, тіпті өзі де оған мән берер емес. Олар соғысты естеріне алып, онда болған әр түрлі қызық жайларды айтысып, мәз болысады, дәл бір соғыста күлкілі жайлар ғана болған сияқты. Жоқ, соғыста күлкілі жайлар қайдан болсын, онда қиын да ауыр жайлар болған ғой. Кейде жан төзгісіз қиындықтар болған, Ал кешкілік атам маған генерал Иванов жайлы әңгіме айтып берді.

ЕКІНШІ ӘҢГІМЕ. ГЕНЕРАЛ ИВАНОВ ЖАЙЛЫ Соғыс доңғалағының қайтадан кері дөңгелеген тұсы. Немістер келген ізімен безіп бара жатқан. Бұл жерде «Безіп бара жатқан» деген сөздің өзі орнымен қолданылып тұрған жоқ. Наполеонды безіп шықты десек, онда дәл болар еді. Ол өзінің солдаттарын тастай беріп, Парижге қарай құйғыта жөнелген. Ал Гитлер болса, солдаттарының қасық қаны қалғанша соғысу керектігін айтып, күн сайын кеңірдегін жыртқаны белгілі. Сондықтан да фашистер безе жөнелген жоқ. Тістеген жерде тістері қалғанша шайқасып бақты. Аянбай ұрысты. Бірақ біз бәрібір оларды түре қудық. Фашистер өте іскерлікпен соғысты дейді атам. Олардың генералдары да тәжірибелі екен. Өйтпей қайтсін! Бүкіл Европаны таптап өтті емес пе. Барлық армияларды талқандады. Олай болса, бұл жауды ақымақ деудің ешқандай реті жоқ. Олар ақымақ емес еді. Керісінше, соншама қаскөй, зымиян және әр нәрсені есептеп істейтін. Олар фашист болғандықтан да жыртқыш сияқты соншалықты қатал еді. Бірақ ақымақ емес болатын. Өйткені, ақымақтарды алдай салу қиын емес. Алдай салу – жеңуге болады деген сөз. Біздің жеңіс қиындықпен келген жеңіс. Өйткені жауымыз тәжірибелі де ызалы болатын. Сондықтан да біздің жеңісіміз қадірлі де, құрметті! Жалпы жауларды ешқашан да ақымақ деп санауға болмайды. Сөйтіп соғыс доңғалағы кері қарай дөңгелеп бара жатқан кез. Фашистер әрбір түбірден шеңгелдей ұстап, жанталаса ұрыс жүргізіп жатқан. Ал енді өзендер жөнінде сөз мүлде басқа! Олар әрбір көпірді қиратумен болды. Өздерінің ізіне түскендердің жолын бөгеу мақсаты ғой. Екінші жағаға өздері жеткен соң, індерін терең қазып, бекініп алады. Пулеметтерін тізіп, айбар шегеді. Олар Днепрден өткенде де енді бір қадам шегінбеске серт беріскендей бұғынып жатып алған. Бізге жауларды жайратудан басқа мақсат жоқ. Днепрден жүзіп өтіп, жау жатқан жағаны басып алу қажет. Тек бұл жерде аздап түсіндіре кетуге тура келеді. Днепрден кез-келген азамат

жүзіп өте алмайды. Тіпті бейбіт күндерде де. Ал бұл соғыс кезі. Мұнда жай ғана жүзіп өтпейсің, жаудың бұршақша жауған оғының астынан жүзіп өтуің керек. Жүзіп келе жатқан кезде снарядтар мен жаңбырша оқтардан өзен суы қайнап жатқандай болады. Бұл да әлі сөз емес. Ең бастысы сонда арғы жағаға шығару керек. Ол соғыс мақсатында темірден арнайы жасалған дүние. Оларды понтон деп те атайды. Понтондарға зеңбіректер, танктер тиеледі. Мұны өзеннен жүзіп өту деп атауға келе қоймайды. Егер сенің үстіңнен оқ жаудырып жатса, оны жүзіп өту деп атауға бола ма? Сондықтан да соғыс тілінде өзенді «форсировать» деген сөз бар. Өзенді форсировать ету – бұл түпсіз тұңғиықтың үстінде, қарша бораған жау оғының астында үлкен бір бекініске шабуыл жасағанмен бірдей. Мәселе өзен-бекініспен де біте бермейді. Тас түйін бекініп жатқан жауға толы арғы жаға бар. Ол жағадан жау қорғасын оқты дамылсыз бүркіп тұрады. Бүкіл өзеннің өн бойымен шабуылға шығуға болмайды. Сондықтан да генералдар жау жатқан жағаның ең осал тұсын таңдап алады. Ал егер олардың осал тұсы болмағанда өзіміздің әскерлер өтетін ең қолайлы жерді іздейді. Сөйтіп қиян-кескі шайқас басталады. Солдаттар жүзіп бара жатады. Зеңбіректер мен танктер арғы жағаға ұмтылады. Азғантай ғана алаңқайға табандарын тіресе сол жерден айрылмай қанды шайқасты бастайды. Біздің әскерлер басып алатын осынау кішкентай алаңқайды плацдарм деп атайды. Былайша айтқанда, французша сөз. Плац – алаң, дарм – армия үшін деген сөз. Өзенге шабуыл басталған кезде жау жатқан жағадағы алақандай ғана жер плацдарм болады деп көзделеді. Жау болса сол алақандай жерден біздің жауынгерлерді қуып шығу үшін жан таласа қимылдайды. Өйткені, жауынгерлер плацдармды иемденіп үлгерсе, онда кейінгі жақтағы қосымша күшті өзеннен өткізе беруге болады деген сөз. Понтондарды біріне-бірін қатарластырып, өзеннің үстіне тізіп үлгіреді. Мұның өзі аз уақытта салынған көпір іспетті. Ол көпірмен танктер, жаяу әскерлер және зеңбіректер өткізіледі. Олар плацдармдағыларға келген көмек деген сөз. Мұның бәрін мен текке айтып отыр деп ойламаңыздар. Бұл генерал Ивановқа қатысты әңгіме. Тек қана ол кезде Иванов генерал емес, капитан болған. Днепрден шабуылдап өткен кезде, оның командирі ауыр жарақаттанды. Капитан Иванов соның орнына тұрады да фашистерден алақандай жерді – плацдармды тартып алады. Зеңбіректерін қойып жіберіп, жаудың үстінен құтырта оқ төгеді. Кейінгі жақтан көмек келгенше, жан аямай шайқаса береді. Понтон көпірмен басқа әскерлер өткенше бұлар шыдап бағады. Сол кезде дәл жанынан келіп мина бұрқ ете қалған ғой. Барлық әлем көзден ғайып болады. Ол есін жинаған кезде, госпитальда жатады. Екі қолы да дәл иықтан кесілген. Қолдары болмаса да оған бар сияқты болып сезіле береді. Алақанымен өзінің басын сипап, шашын салалағысы келе береді. Бірақ... Капитан мынау қасіретке сенгісі келмей жатады. Қолсыз тіршілік қалай болмақ? Қолсыздың күні құрысын деген осы емес пе. Демек, жағдайы жағдай емес. Қолсыз күн көруді елестету де қиын. Мүмкін, ең дұрысы әрі қарай өмір сүрмей-ақ қою керек шығар? Мүмкін, бүйтіп мүгедек болғанша, бір жола көз жұмған артық шығар? Туғандарға масыл болудың кажеті қанша? Өмірінің өзі бұлыңғыр түске айналып кеткендей. Капитан көзін жұмса болды, плацдармды елестетеді. Жөңкіле қаптаған жау танкілерін, зеңбірек оғының жерді қопарып жатқанын көреді. Қарулас жолдастары елес береді. Бұл – ол үшін өмір еді. Ал көзін ашса госпитальдың аппақ төбесін көреді. Дәрігердің ақ халатын, оған қоса орындықта отырған ординарецтің мұңды жүзін көреді. Мұны өмір деуге бола ма? Капитан ойға шома береді, шома береді. Қазіргі сәтте өлу деген – ессіздік. Жеңіп тұрып өлуге болмайды. Ол – бос белбеу жандардың ісі, ал мұның жаратылысы

мүлде басқа. Жау сөзсіз тізе бүккелі тұрған кезде өлу – шегінгенмен бірдей. Алға жүру керек. Тек қана алға. Бірақ ол ешкімге де масыл бола алмайды. Оған қақысы жоқ. Өмір сүрудің бір-ақ жолы бар. Ол – әрі қарай шайқаса беру. Тіпті қолдары болмаса да. Сөйтіп, Иванов мәселені осылай шешеді. Ординарецін штабқа жіберіп, оның жеке документіндегі бір жолды өзгертуді – туған қаласының атын басқаша көрсетуді сұрайды. Бар болғаны сол. Хабар-ошарсыз кетті деген сөз. Мейлі туған-туысқандары іздемейтін болсын. Жер бетінде Николай Петрович Ивановтар аз емес. Оның бұл әрекеті дұрыс па? Ол мұны дұрыс деп тапты. Алда әлі де біраз шайқастар бар. Сондықтан өзінің мерт болып кетуінің мүмкін екенін пайымдады. Сөйтіп, ол өзін өлгендер қатарына сәл ертерек тіркеп қойды. Көрдіңіз бе, қандай тарихты бастан кешкенін? Дәрігерлер оны майданға жібермейді. Бірақ капитан олардың рұқсатынсыз-ақ өзінің полкына келеді. Батыр болып келеді. Гимнастеркасының өңірінен алтын жұлдызын жарқылдатып келеді. Тағы да шайқасқа кіреді. Дрезденнің түбінде Иванов екінші Алтын жұлдызды өңіріне қадайды. Тағы бір жараланып жазылған соң, тағы да майданға кіріп, шайқаса береді! Бүкіл соғысты басынан аяғына дейін көз алдынан өткізсе де аман қалады. Тіпті ажалдың өзі одан қаймықса керек. Оның каһармандығын ажал да сөйтіп мойындайды. Ал туысқандары болса оны бәрі бір тауып алыпты. Шындығында мұндай адамды таппауы мүмкін де емес қой!..

МЕРЕЙТОЙ Міне біз генерал Ивановтың мерейтойына, туған күніне бара жатырмыз. Мерейтой деген не? Бұл үстелге жағалай отырып, шарап ішу, сөз сөйлеу деген сөз. Ал генерал Ивановтың мерейтойы да мүлде басқаша болып өтті. Ешкімнің мерейтойына ұқсамайтындай. Сөйтіп біз келе жатырмыз. Мен алдыңғы жаққа ынтыға қараймын. Ең басты салтанаттың қашан басталатынын асыға күткендеймін. Міне сол күткен сәт те басталды! Машиналар тоқтады. Біздің жолымызға кесе көлденеңдеп қос бронетранспортер тұр екен. Олардың жанында парадтағыдай киінген солдаттар автоматтарын кеуделеріне қыса ұстап, сап түзепті. Бізге қарай үш полковник жеделдете басып келеді. Машинадан түстік. Жеделдете басып келе жатқандардың ең алдындағы бойшаң келген, екі иығына екі кісі мінгендей денелі полковник жүрісін баяулатты. Шаңдақ жолға өкшесімен мөр басқандай ғып сәнді жүріске салды. Бізге жақындап келеді. Бірақ жанарына қарасам, сасқалақтаған жанның кейпі байқалады. Шамасы, бұлардың қайсысына қарап сөйлеуі қажеттігін шеше алмай тұрғандай. Өйткені генерал лейтенант, генерал-майордың арт жағында тұрған болатын. Полковник Жарғыны бұзып алмаудан қорықса керек, атама қарай бір қадам жылжып еді, бірақ атам иегімен досын нұсқады да: — Мына кісіге! – деді. Полковниктің дидары қалпына келе бастады. — Жолдас, гвардия генерал-майоры! Солдаттардың қарсы алу тобы сіздің келуіңізді күтіп тұр! — Тағы қандай қарсы алу тобы туралы айтып тұр? – Генерал Иванов бұрқылдай сөйлеп, атама қарай мойын бұрды: – Көрдің бе, бұларды? Біз тағы да машинаға отырдық. Транспортерлардың моторлары сөйлеп қоя берді. Бірі алдымызда, екіншісі соңымызда келеді. Бронетранспортерлардың үстінде отырған солдаттар да сап түзегендей ерекше сәнмен жайғасыпты. Міне, дивизияға да жақындадық.

Ат шаптырым алаңның үш жағынан солдаттар сап түзеген. Дәл ортада жауынгерлік ту желбірейді. Тудың жанына кеуделеріне қызыл лентадан белгі қадаған екі автоматшы тұр. Алдымызда келе жатқан бронетранспортер машинамызды алға шығарып жіберді. Машинадан түсе берген кезде жаңағы батыр тұлғалы полковник даусын соза команда берсін. — Смир-р-р-но-о-о! Тұла-бойым шымырлап кетті. Музыка шалқи жөнелді. – Сен осында тұра тұр, – деп сыбырлайды атам. Мен оның соншама толқып тұрғанын сездім. – Толқыма, ата, – оған сыбырлай сөйлеп, көзімді қысып қойдым. Олар жүріп кетті. Алдында генерал-майор, одан кейін полковник және генерал-лейтенант. Полковник пен атамның қолдары шекелеріне сіресе қалған. Ал Иванов оны жасай алмайды, әрине. Ол болса аяғын соншама сәнменен басады. Солдаттар уралап айналаны жаңғырықтырды. Олардың үндері теңіз толқынының лебі сияқты бетімді желпіп өткендей. Мен мынау парадқа, солдаттарға, атама, генерал Ивановқа, алаңның ортасында тұрған Қызыл туға, бронетранспортерларға, түпсіз тұңғиықтан көрінген мөлдір аспанға қараймын, қараймын да ішкі жан дүниемде әлдебір толқын аласұрғандай сезінемін. Қуанып тұр дейсіздер ме? Жоқ, қуаныштымын дегеннен гөрі көңілдімін деген дұрыс? Бұл да дұрыс емес. Егер, түсінсеңіздер бұрын-соңды болмаған бір әдемі сәтті сезінемін. Мен бақытты едім! Соншама рахат, кеудемді бұрын-соңды сезініп көрмеген таңғажайып бақыт кернейді, тұла бойым салқындап, тамағыма әлдене кептелгендей, жанарым бұлыңғырланғандай! Осының бәрі де қандай керемет, қандай салтанатты. Бұл жерде жалғыз ғана қызықтаушы мен болсам да осы парадқа менің де қатысым бар сияқты. Өйткені, мұнда менің атам бар ғой. Музыка баяулай бастады. Иванов тудың жанына келді де, атама бұрылып әлдене айтқандай. Атам оның папахасын алды. Генерал-майор тізерлеп отырды да, туды сүйді. Сол кезде аспанды жаңғырықтыра залп берілсін. Мен мойын бұрсам бүйір жағымызда солдаттар тізіліп тұр. Олар автоматтарының затворларын бір мезгілде шырт еткізуі мұң екен, тағы да көп қарудың гүрсілі естілді. Мен атылыстарды санай бастадым. Елу рет залп берілді. Солдаттардың саны да елу. Елу солдат елу рет залп берді. Генерал Иванов атқыштарға жақындады. Жанарынан жас мөлтілдейді. Ол бір солдатқа кеудесін тигізді де, бетінен сүйді. Сол кезде сап бұзылып, жас жауынгерлер генералды құшақтарына қысты. Автоматтарын иықтарына іле сап, генералды аспанға лақтырып, қақпақылдай бастады. Өте бір ептілікпен шайқап, қуатты үнмен айқайлайды. — Ур-ра! Ур-ра! Ур-ра! Басқа солдаттар да ешқандай бұйрықсыз-ақ олардың үнін іліп әкетті. — Ур-ра! Ур-ра! Ур-ра! Батыр тұлғалы полкокник те, атам да оларға үн қосып тұр. Мен де шамамның келгенінше айқайлаймын. – Ур-ра! – Бүгінгі аспан қандай көгілдір еді! – Ур-ра! – Біздің армиямыз қандай қуатты еді! – Ур-ра! – Біздің генерал Иванов қандай батыр адам еді! – Ура! Ура! Ура!

СОҒЫС ТӘҢІРІ Бұдан кейін жаңағыдан да ғажабы басталсын. Бір жаққа қарай бет алып келеміз. Айтарлықтай ұзақ жүрдік. Бір кезде орман

шетіне іліктік. Ал ол жерде зеңбіректер тұр екен. Түрлі-түрлі. Үлкендері де, кішілері де бар. Олардың қасында да солдаттар тұр. Біз арнаулы орынға көтерілдік. Онда стереотрубалар қойылыпты. Рогаткаға ұқсас аспап. Оның екі саласының әрқайсысына оптикалық әйнектер койылған. Бинокльден әлдеқайда қуаттырақ. — Жолдас, генерал, бастауға бұйрық бересіз бе? – деп сұрайды алып тұлғалы полковник. Иванов басын изеді. Полковник өте үлкен тапаншаны қолына алды. Оны қызыл оғы бар патронмен оқтап, қолын жоғары көтерді. Тапанша атылған сәтте қызыл ракета көк жүзіне тікесінен қадалды. Көрдіңіз бе, мұның қандай тапанша екенін? Бірақ оған таңырқап жатар уақыт қайда? Орманды жағалай гүрсілдеген дыбыстар естілді. Мен тіпті қорқып та үлгіре алмаймын. Тек әр атылыс сайын денем дір ете қалады. Бұлар бірінен кейін бірі атылған зеңбіректердің үні еді. Гүрс-гүрс! Бірінен кейін бірі атылған оқ пулеметтің тырылындай үндесе едел-жедел естіледі. Алаңның екінші бір шетінен топырақ аспанға ұшып жатты. Зеңбіректер біраз гүрсілдеп алды да, тыныштала қалды. Полковник зеңбіректерге қарай барды да: — Қазір танктерді жайратамыз. Тура көздеу арқылы, – деп ескертті. Тыныштық. Жаңағыдай атылыстан кейінгі тыныштық ерекше екен. Қарғалар қарқылдады. Қарай гөр өзін, жаңағы гүрсілден де қорықпапты. Зеңбірек жанындағы солдаттардың үні, металдардың шыңылы естіледі. Зеңбіректің бос жездерін жинап жатса керек. Атам мен Иванов жымия күлісіп бір-бірлеріне қарай береді. Жел айдай келген зеңбірек дәрісінің иісі қолқаны атады. Жақсы ма, Антоша! – дейді Иванов. — Тамаша, Коля! – дейді атам. — Шабуыл алдындағы артиллеристердің қалай даярлық жасайтыны есіңде шығар! – деп сұрайды Иванов. — Болғанда қандай! – атам жымияды. – Майданның бір шақырымдай жеріне мыңдаған снаряд түседі. Оның өзі де санаулы минуттарда ғана!.. — Гүрсілдеген атыстар, қап-қара түтін! – Иванов атамның сөзін бөлді. – Жаныңда тұрған зеңбірек те көрінбейді. – Шабуылға шығу – ең бір көңілді шақ қой, – атам бас изейді. – Зеңбіректердің жанында жанталаса жүгірген жігіттер! – Иванов қызулана сөйледі. – Шаң-топырақтан көздері көрінбей жүрсе де өздері қандай көңілді жүреді десеңші. Зеңбіректің гүрсілінен құлақтары тұнса да, жайраң қағып жүргендері. — Жоқ! – Атам өз ойын ортаға салды. – Артиллерия жайлы Лермонтовтан асырып жазған ешкім жоқ: «Мыңдаған зеңбіректің гүрсілдеуі ұлығандай бір-біріне ұласып кетті!» демеп пе еді. — Айтары не! – Иванов көңілдене жымияды. – Сен екеуміздің артиллериямыз соғыстың тәңірі ғой шіркін! Олар үнсіз қалды. Мен екеуіне қызыға қараймын. Шинельдерінін түймелері ағытылып, папахалары шешілген. Ақ күміс шаштары күн сәулесімен ойнап жылтылдайды, Мәз-майрам, әбден риза сияқты. — Білесің бе, Коля, – дейді атам. – Мен Сібірде бір сержантпен кездестім. Соғыс кезінде оны орынсыз жазалаған екенмін. Тек қана қолға түскен фашисті ұрғаны үшін. — Жатқан кісіні жазаламас болар, – дейді Иванов. — Өйткені, жаңағы фриц өзімен бірге қолға түскен қаруласының бір жапырақ нанын тартып алса керек. Ол кезде сержант бұл жайлы маған айтпапты. Бастықтан қорықса керек. Сөйтіп екеуміз көп жылдан соң кездестік. — Ыңғайсыздау болған екен, – деп күрсінді Иванов. – Несі бар. Біз сияқты командирлердің сержанттан кешірім сұрағаны да кінә болмайды. Талай кездер бастан

өтті ғой, айтары не. Сызылып тұратындай уақыт қайда ол кезде. Оны қойып, дұрыстап сөйлесе де алмайтынбыз. Бұйрықты орында – бар болғаны сол ғана. Жалпы солдаттарға кім қарыздар емес дейсің? Өзіміз де солдат болдық қой. Есіңде болар. — Дұрыс сөз, – дейді атам, – содан да ғой жүрегіңді әлдененің тырнай беретіні. Полковник тағы да жүгіріп жетті. Тағы да тапанша көк жүзіне ракетасын қадады. Иванов стереотрубаға еңкейе берді. Атам қолына бинокль алды. Маған да полковник өз биноклін ұстатқан. Бинокльге үңіле қараймын. Нағыз керемет бинокль! Бинокльдердің түр-түрлері бар ғой. Магазиннен де осындайды сатып алуға болады. Осындай дегенмен, ол басқашалау. Айталық винтовка ше? Әрқайсысының өз номерлері бар. Олар да солдаттар сияқты есепте тұрады. Өйткені олар – соғыс қаружарағы. Менің биноклім де винтовка сияқты. Ол да армия үшін кызмет етеді. Әскери адамдарға көмектеседі. Сондықтан да, бұл – нағыз әскери бинокль. Мен бинокльдің әйнектеріне салынған кішкентай-кішкентай крестер мен сызықшалардың әр жағынан асыра көз тігемін. Ен даланы жанарыммен сүзіп келе жатқанда әлдебір заттардың жүріп бара жатқанын көрдім. Шанаға баған ағаш орнатылыпты. Кеменің мачтасы сияқты. Ал баған ағашқа мата шегеленген. Жермен кетіп бара жатқан желкенді қайық дерсіз. Бірақ зеңбіректер үнсіз тұр. Жаңағы үлгі бейнелер бірте-бірте молая бастады. Жүрістері де жылдамдай түскендей. – Енді неғып тұр бұлар? – дейді атам. – Ара қашықтық дәл ғой. Иванов тіл қатпайды. Ал полковник: — Генерал-майордың Дрездеидегі жасаған ұрыс тәсілін қолданбақшымыз. Көрдіңіздер ме, зеңбіректер шабуылға шыққандардың екі бүйірінен ала орналасқан. Әбден жақындаған кезде олардың барлығына бірдей оқты төгіп жібереміз. — Солай ма! – деп таңырқайды атам. – Қазіргі тәсіл мүлде белек қой. Зеңбіректер де мүлде басқа. Соғыс кезінде мұндай шабуылдың болмауы да мүмкін! — Болмауы да мүмкін, – полковник келісе кетті, – болуы да мүмкін... — Жарайды, – атам рахаттана күлді, – сендерді алдарқата алмассың! Жарайсыңдар, солай болуы да керек қой! Жаңа тәсілді де үйреніңдер. Бірақ ескілерін де ұмытпаңдар! Сол кезде жер тітіреді. Зеңбіректердің гүрсілдей бастауы да мұң екен, желкендердегі пайда болған жыртықтар бірден көрінді. Бір желкен ортасынан қақ бөлініп түсті. Оқ тиген желкендер сол орындарында қалып жатыр. Көптеген «танктер» «ұрыс даласында» омақасты, оқ дарымағандары әлі жылжып келеді. Еңбектеп келе жатқандай. Зеңбірек оқпандары от бүркіп, түтін будақтатады. Соңғы «танктер» тыныш тапты. Бітті. Жеңіс! Иванов стереотрубадан басын көтерді де көңілдене қарады. — Несі бар, – дейді ол. – Жауынгерлерге рахмет. Тамаша атты, – Атама көзін қысып қойып. – Кел оларға алғыс айтайық. Алдымен сен бастап жол көрсетші! Полковник тағы да ракета ататын тапаншасын тарс еткізген кезде барлық солдаттар бізге қарады. Не болып қалғанын ұқпай тұрғандай. Өйткені атыс тоқтағанын олар жақсы біледі. Атам мінбенің шетіне таман барды да, қолымен аузын көлегейлеп тұрып, барынша айқайлай тіл қатты: — Қызметтерің үшін алғыс айтамыз! Солдаттар бір-біріне қарап алды да, зеңбіректердің қасына бірден қатар түзеді. Сонан соң барлығы бір мезгілде: — Совет Одағына қызмет етеміз, – деп жауап берді, Барлығының ойдағыдай болғаны соншалықты, біз рахаттана күлдік. Жарты

шақырымдай жерде тұрған солдаттардың генералға айқайлауының кез-келген әскери Жарғыны бұзу екендігін барлығы жақсы білсе де, олар осылай істеді. Одан кейін түскі тамақ берілді. Үстелдер «П» әрпі сияқты етіліп қойылған. Мұнда тек қана офицерлер отырды. Барлығының алдына шарап қойылған кезде полковник: — Жолдас офицерлер, орындарыңыздан тұруларыңызды сұраймын! – деді. Барлығы да қаз-қатар тізілді. Етіктерінің өкшелері де бір мезгілде сарт-сұрт ете қалысты. Мен де орнымнан тұрдым және менің генералдарым да орындарынан тұрды. — Жолдас офиңерлер! – деді полковник. – Бұл тосты Совет Одағының екі дүркін Батыры гвардия генерал-майоры Николай Петрович Ивановтың денсаулығы үшін алып қоюды ұсынамын. Офицерлер шарапты ішіп қойды, – Генерал Ивановқа арнап уралайық, – деді атам ақырын ғана. Сол кезде жер жаңғырықтырған «Урадан» үйдің шатыры ұшып кете жаздады.

ҮЙГЕ ҚАЙТАР ЖОЛДА Біздер ұяда отырғандаймыз. Біздің орындықтарымызды бөліп тұратын ортадағы шынтақ қояр тіремені көтеріп қойдым. Атамның бүйіріне жабыса жатырмын. Ол мені бір қолыменен құшақтай отырды. Балапанын қанатымен көлегейлеген құс сияқты. Екеуміздің отырысымыз да құсқа ұқсайды. Самолетпен ұшып келе жатқан құстар сияқтымыз. – Маған ешкім де сенбейді ғой! – деп күбірлеймін. – Тек бір ғана көктемгі каникул кезінде осынша көп жерлерге бару деген, сонша дүниені көру деген ғажап қой! Ата, мені өзіңмен бірге ала келген сен керемет жақсы кісісің ғой. – Маған сенсіз жүру көңілсіз болар еді! – дейді атам баяу ғана үн қатып. – Екеуміздің бірге ұшқанымыздың өзі қандай жақсы. — Әлі де ұшып келеміз ғой! – деп күлемін мен. — Иә ұшып келеміз, – атам сыбырлайды. Бізге әлі көп ұшу керек. Бірнеше сағаттар бойы. Бірақ жалығатын емеспін. Өйткені атам екеуміз бірде әңгімелесіп, бірде үнсіз отырамыз. Енді бірде көз ілдіріп аламыз. Сөйтеміз де қайтадан ұзын сонар әңгімеге көшеміз. Шындығында осы каникул кезінде қаншама ғажайып дүниелерді көрдім, бірақ ішкі сарайымның бір бұрышында жатқан қара мысық өкпе-бауырымды тырнайтындай. Түймелері жарқылдаған шалбар киген баланы, Фидельді ұмыта алар емеспін. Дәл бір прокурор сияқты! Мен онсыз да барлығын жақсы білемін. Дәл сол кезде басқа генералдардың немерелеріне ұқсас болғанымды да білемін. Бірақ мен Москвада не үшін айыпты болмақпын? Келген өздері ғой! Мен мұны атамнан сұрадым. Ол үндемеді. Бір кезде барып: — Ойлан! – деді. — Айтшы өзің, табандарыңды жалтыратыңдар деп айта алатын едім ғой? — Өзің ойлан! Нені ойлануым керек? — Дегенмен, ойлан. Ойланудың өзін үйрену керек. — Бірақ мен кішіпейіл болуға тиіспін ғой. — Галстук жайлы ше? Сол Глебің галстук жайлы қоңырсыған кезде, сен неге үнсіз тұрдың? Мұндайды не деп атайтынын білесің бе? Келісімпаздық! Сен галстугіңді шешіп тастамасаң да, Глебпен іштей келістің ғой, түсінікті ме? Өйткені оған дұрыстап жауап та бере алмадың. Тіл қатқан жоқсың. Демек, келіскенің. Мен атамнан ығысыңқырап отырдым. Иллюминаторға қараймын. Жанарымда жастың мөлтілдей қалғанын көрсеткім келмеді. Айтыпты-ау! Келісімпаздық! Тағы несі бар екен! — Көрдің бе? – дейді атам. Мен саған шындықты айтсам, ал сен оған

ренжисің. Көп адам шындықты айтқан үшін ренжиді. Ал өтірік үшін ренжімейді. Өтірік үшін рахмет айтатындар да бар. Ал шындықты кешіре білмейді. Мен үнсізбін. Алдымен ренжісем де, ренішім бірте-бірте тарқады. Жай ғана үнсіз отырмын. Ойға шомдым. Сөйттім де қайтадан атама қарай қисайдым. Ол тағы да мені қолыменен құшақтай отырды. — Адалдық және ақиқат, кішіпейілділіктен де жоғары тұруға тиіс, – дейді атам. – Ал бәрінен де сенімділік жоғары тұрар болар. — Ол балаға не істеуім керек еді? – деп сұраймын мен. – Фидельді айтамын. — Ештеңе де, – дейді атам. — Мүмкін хат жазуым керек шығар? — Не жазуың керек? Мен ондай емеспін деп пе? Қажеті жоқ! — Неге? — Ол хаттар арқылы дәлелденбейтін дүние. Адам сөзбен емес, іспен дәлелдер болар. Тағы да үнсізбін. Ойға батамын. Көңіл қойнауында әлдене мазалай беретіндей. Әлденеге көңілім толмайтындай. — Өкініп отырсың ба? – деп сұрайды атам. Мен басымды изеймін, өйтпегенде ше? — Жақсы?! – деп сыбырлайды ол. — Мұнда қандай жақсылық болсын. — Бұл өзіңе риза болмау деген сөз. Адамның өзіне риза болмауы, ол – ең жақсы қасиет. Өзіне-өзі көңілі толып жүргендерді құрыды дей бер. Адамның құрығаны сол. Өмірде бар бола тұрса да, жоққа тән. Тірі – өлік. Адам өзіне-өзі қанағаттанбауға тиіс. Қателік жіберген адам өкінуі керек. Өкінген адам ғана қателігін түсінеді. Өкініш деген – сабақ. — Сенде өкініш бола ма? – деп сұраймын мен. Атам үндемей қалды. Оны қалғып кеткен болар деп ойладым, өйткені оның қолтығының астында отырғандықтан жүзін көре алмаймын ғой. Қозғалақтап қойдым. Атам күрсінді. Демек ұйықтамағаны. — Бола ма? – сауалымды қайталадым. — Жеделхат әкелген кісі есіңде ме? – ол да сауал қойды. — Анау бір есірікті айтасың ба? – деп таңдандым мен. – Есірік, – атам күрсінді. – Ол болса қазір ғана есірік болған шығар, бірақ бір кездегі майор ғой. Мен қазір де сол күнгі мәселенің неге өйтіп ушыққанын ойлаймын. — Оған бола қиналатын не бар? – деп таңырқаймын мен. – Өзің үшін өкіну керек демеп пе едің. Өзің қателік жіберген кезде. Ал бұл жердегі кателік жіберген адам, мүлде басқа кісі ғой. — Дұрыс айтасың. Бірақ бір мезгілде адам ең алдымен жақсы, содан іле-шала жаман бола қоймайды ғой. Қане, ой жүгіртіп кәрейікші. Келісе кеттім. Атамның әлденеге ой жүгірткенін жақсы көремін. — Жарайды, – деймін мен, – демек, ол майор болған. — Соғыс басталды. Ол майданға аттанды. Ол алдымен солдат болды немесе командирлік курсты оқып бітірді, сонан кейін лейтенант болды. Майор болып жүрген кезінде соғысты аяқтады делік. — Содан кейін ше? — Тоқтай тұр. Бейбіт күндерге көз жіберейікші. Соғысқа дейін ол кім болды? Мүмкін, бухгалтер болған шығар. Артиллерия үшін бухгалтерия ең қажетті мамандық. Зеңбіректің қасында тұрып, нысанаға оғының дөп тиюін есептеуің керек. Айталық ол бухгалтерліктен жақсы артиллерист, майор болған шығар. — Болса қайтеді? — Қайтушы еді. Соғысқа дейін – бухгалтер болған жаман емес. Соғыстан кейін ше? Тағы да бухгалтер болмақ па? Оған бұл мүмкін ұнамай қалған шығар. Ол демек

майор болғаннан кейін қатардағы бухгалтер болып істеуді ар санаған. Жалпы ешқандай мамандықты ар санауға болмайды: шен адамға емес, адам шенге сән береді. Бухгалтерияның артиллерияға тигізер көмегінің көп екенін айттым ғой. Демек, артиллерия да бухгалтерияға көмектесе алады. Бірақ ол бұрынғысындай өмір сүргісі келмеген. Ал жаңаша өмір сүру үшін оқу керек. Оқуға да мойны жар бермеген. Сөйтіп ол жай ғана майор қалпында қалған. Бұрынғы майор. Ешнәрсеге де жарамайтын майор. — Бірақ бұл жерде кінәлі ол ғой, – деп таңырқаймын мен. – Ол үшін сен неге өкінесің? — Менің өкінетін себебім, – дейді атам. – Біздің армияның бір майорды жоғалтқаны. Ал мемлекетіміздің бір бухгалтерін жоғалтқаны. Тағы да ойға шомамын. Бұл майорды қайтіп қатарға қосуға болар? Бірақ ешқандай жол таппаймын. Қандай жолды ойлап табарсың? Атам тағы да күрсінді. Ол мені өзіне қаттырақ қыса түсті. Мен осынау сәттің рахатына бөлене отырып, оған былай деймін: — Қойсаңшы ата! Ол үшін өкінбей-ақ қой! Қайдағы бір маскүнем үшін өкінетін не бар? – Атам мені өзінен сәл ығыстырды да көзіме тесіле қарады. — Антошка! – деді ол қатқыл үнмен. – Адамды сескендіретін мұндай сөзді айтушы болма! Кез келген адам туралы ойлау керек, ұғасың ба! Кез келген! Өйткені ол – адам ғой! Жанарымен ішіп-жеп қарайды. Менің мұндай сөзді айтқаныма таңырқап отырғандай. Соншалықты не айтыппын? Шынында жүрген бір маскүнем емес пе? Маскүнемдермен күрес жүргізу керек! Бізде милиция үйінің жанында маскүнемдерге арналған көрме де бар. «Құлақтан сүйреп, найзамен түйреп» деп аталады. Атамның мәні болмай қалды. — Олай деуші болма! Мен саған бұйырамын: ешқашан олай деуші болма! Адамдар жайлы немкетті ойлаушы болма! Оларды жақсы көр, олармен талас, тіпті жек көре бер! Бірақ оларға немкетті қараушы болма! Әрбір бақытсыздықтың өз себебі бар. Сол себепті іздеу керек. Ой жүгіртіп, қолыңнан келген ісіңмен адамдарға кемектесу керек. Бірақ, ешқашан оларға көз жұма қараушы болма. Түкке тұрмайтын адамдар бар деп есептеп, қолыңды сермей салушы болма. Ал ең бастысы – немкетті бола көрме. Бүл есіңде болсын! Өмір бойы ұмытпа! Есімде қалды. Иллюминатордан қарағандағы көгілдір аспан, атамның жүзіне түскен күннің ерке шуағы, қона бастаған самолетпен бірге еңкейіп бара жатқан орындықтардың арасындағы жіңішке дәліз, сонан кейін атамның айтқан сол бір сөзі. Бәрі де есімде қалды.

ӨСИЕТ Самолет қонар алдында: — Әскери құпияңды қашан айтасың? – деп сұрадым. — Ал сен қорықпайсың ба? – дейді атам. Ол маған осы жігіт қорқақ па, қорқақ емес пе деп сынағандай бетіме тесіле қарайды. — Құпияң қорқынышты ма еді? – Мен қуанып кеттім, міне ғажап, өте қорқынышты құпияны білетін болдым. Атам қабағын түйді. — Өте ауыр, – деді ол сәл үнсіздіктен кейін, – және адамға өте ауыр тиетін кұпия еді. Сөйтіп біз үсті мерекедегідей асқа толтырылған үстелді айнала өз үйімізде отырмыз, біздің қайта оралғанымызға қуанған мамам мен папам екеумізге қарай береді. Жаңа ғана көңіл-күйі толқығаннан бір жылап алған Анна Робертовна келіп кеткен болатын. Атам оған болашақ немересіне деп киімдер салынған сәлемдеме әкеліп берген

болатын. Ол үлкендігі алақандай ғана кішкентай көйлектерді сипап қойып атамның бетіне қарады, сонан соң... демалысы жиілеп кетті. – О, мон женераль! – деп қайталай берді бір сөзін, ал атам болса әлде неден ыңғайсызданғандай жөткірініп қояды. Содан кейін француз әйел үйіне қайтты да, өзіміз ғана – өз әулетіміз ғана: папам, мамам, атам және мен қалдық. Мен тағы да өзіміздің тамаша өткен каникулымыздың түгін қалдырмай айта бастауға кірісіп едім, сөзімді атам беліп жіберді. — Білесіңдер ме, достарым, – деді ол, – бізге байсалды түрде бір әңгімелесу қажет. Атамның дәл осындай байсалды болып отырған кезін көрген емеспін, Мұңға батқан, ойланған сәттерін көргем. Тіпті оның жылаған кезінің де куәсі болдым. Бірақ дәл осындай қарапайым да байсалды кезін кермеппін. Мәселе былай, айналайындарым, – деді ол баяу ғана, сөйтті де ойланып қалды. Атам әлде бір маңызды әңгімені айта алмай қиналғандай үнсіз отырып қалды. — Өмір деген мәңгілік болмайды, – деді ол бір кезде, – адамдар өмірге келеді, тіршілік етеді, ал содан кейін басқаларға орынын босату үшін бұл өмірден көшеді. Бұл – табиғаттың қатал заңы. Оған қарсы келуге адам шарасыз. Міне мен де... Атам тағы үнсіз қалды. Басы салбырап кеткен. — Міне мен де, – ол жаңағы сөзін қайталады, – сол мәселеге даярлануым керек. — Соны айтқанға ұялмайсың ба! – деді әкем шыдай алмай. – Жауынгер генерал, ал ойың болса мынау! — Сізге не болған, папа? – дейді сасқалақтаған мамам. Мен орнымнан атып тұрдым да атамды қаттырақ құшақтап құлағына сыбырладым: — Қажеті жоқ! Ол мені өзінен сәл ғана ығыстырды да, қасына отырғызып, иығымнан құшақтады. Сонан соң әкеме қарап: — Егер білгің келсе, солдат ұрысқа кірерде үнемі таза іш-киімдерін киеді. Ешқандай дабырсыз, айқай-шусыз-ақ. Егер мүмкіндігі болса, міндетті түрде моншаға түседі. Өлгісі келеді деп ойлайсың ба? Жоқ. Тіпті де өлгісі келмейді. Бірақ жаман айтпай жақсы жоқ дегендей әдейі даярланады, – деп жауап берді. Содан соң тағы да үнсіз қалды. — Менің де өлгім келмейді, бірақ оған даяр тұруым керек. Сейтіп, мен өсиет жазуға бекіндім... Генерал болсам да айта қаларлықтай қалып бара жатқан мүлкім жоқ. Артымда не қалса, оның бәрін де саған қалдырдым, Ольга, олардың иесі сенсің. Кітаптарым – ұлыма мұра. Ал немереме, Антошка, саған, Отан соғысының орденін қалдырамын, өйткені заң бойынша мұрагерге осы орден қалдырылады да басқасы мемлекетке тапсырылады. Ол бізді шола қарады. Өңі жаңағыдай емес, жылып қалғандай. Мамам мен папам да ауыздарына су толтырып алғандай. Ал менің жүрегімді мысық тырнап жатқандай. Неге ғана ол мұндай әңгімені бастады? Өлім жайлы? Мұрагерлік жайлы? Осыны ойлаудың қажеті бар ма еді? — Немене, тұнжырай қалдың ба? – деді атам күлімсіреп. – Қарапайым ғана тіршіліктің шаруасы ғой. Бірақ орындалуға тиісті шаруа. Одан ешқайда қашып құтылмайсың. – Папа, – деді мамам оқыс дауыстап, – осылай істеуге бола ма екен? Қайдағы бір даярлық дегеннің не қажеті бар. Ол туралы ойлауға да тұра ма? — Әке, – дейді папам толқи сөйлеп, – мамамыз болса көптен бері ортамызда жоқ, сен ешнәрсені ойламауға тиістісің. Сонан кейін біз, құдайға шұкір, біргеміз. Антошка, және сен. Екеуіңнің достығына қарап адам шаттыққа беленеді! — Ех, балаларым! – дейді атам. – Мені несіне тыныштандыра сөйлейсіңдер? Мен кәрі жауынгермін, талай-талай өлімдерді көрдік. Лиданы да жерледім, олай болса

мен өлімнен қорықпаймын, сеніңдер, әңгіме ол туралы емес. Мүлде ол туралы емес! Ол орнынан тұрды да бөлмені аралап жүріп кетті. Терезенің алдына барып, сәл аялдады да: — Мынау бір өлеңді тыңдап көріңдерші, – деді. Бірер минут ойланып тұрды. Бөлмеде шыбынның ызыңы естілердей тыныштық. Нажағай ойнар алдында осындай тыныштық болатын. Барлығы да үнсіз, аспанда да, жерде де, тынши қалатын. Атамның үні мамыражай ғана естілді. Өлең оқып тұрғанға ұқсамайды. Қарапайым ғана қара сөз айтып тұрғандай: Білемін мен, кінәм бар деп айта алман, Оралмай қалса сан боздақтар майданнан, Жасамыс та, кыршып жас та майталман, Қолда тұра, қорғай алмай қалыппын. Ол жайлы емес әңгіме, ол жайлы емес, Әй қайдам, әй қайдам, әй қайдам... Атам, сонан соң маған қарады. – Міне енді, Антошка, – деді ол бізге қарай бұрылып. – Менің әскери құпиямды айтатын уақыт жетті. Мен атамның қасына барып қатар тұрдым. Бірақ әлде неден жүрегім лоблып, толқып тұрғандаймын. . Жүрегім үрей шақыра дүрсілдейді. Енді қалай! Генералда маңызы жоқ әскери құпия болушы ма еді? Мән-мағынасы жоқ, түкке тұрмайтын құпия бола ма екен оларда? Атамның құпиясы, әрине, тамаша болуға тиісті. Өте маңызды! Мемлекеттік мәні бар. Оның қорқынышты дәнеңесі де болмауға тиіс. Мен де қорқақ емеспін. Бірақ ол неге ойлана береді. Мүмкін өзі қорқып тұрған болар? Мүмкін, біз біреулерге мылжыңдап айтып қояды деп қауіптене ме? Біз ондай адамдар емеспіз ғой. Папам, мамам, үшеуміз де. Әркімнің құлағына барып сыбырлайтын кісі біз емес. Әскери құпияны кез-келген адамның алдына барып жайып тастар қасиетіміз жоқ. Атам неге үндемейді? — Батылырақ! – деймін мен. Атам езу тартады. – Батылырақ деймісің? – сөйтті де тағы үндемей қалды. – Мен болсам қорқып тұрмын. Өмір бойы ешкімге айтпап едім, енді айтуға қорқамын. Ол үнсіз тұрды да, сонан кейін: — Мәселе мұнда, – дейді атам. Даусы табиғи емес, бөлекше естіледі. – Мәселе мұнда, – тағы қайталады жаңағы сөзін. – Сережа, сенің әкең мен емеспін! Антон, мен сенің атаң емеспін! Оның сөзі снарядтың жарылғанынан кем естілген жоқ.

ЕКІ СӨЗ Шексіз берілгендік деген сөздің бар екенін білесіңдер ме? Мен бұл сөзді бұрын да естігенмін. Бірақ оның қандай мәні барын ұқпаған едім. Атам соны түсіндіріп берген. Шексіз берілгендік деген – адамның біреуге соншама жан дүниесімен түгелдей берілуі, өзінен гөрі сол адамға көбірек сенгендігі деген болатын. Шексіз беріліп қызмет етуге, былайша айтқанда, жұмыс істеуге. болады. Шексіз беріліп күресуге және біреуді сүюге болады. Біреуді сүю жайындағы мәселеге тоқталайықшы. Біз бұл сөзді қандай жиі қолданамыз! Балмұздақты сүйемін! Шаңғы тепкенді сүйемін! Телевизор қарағанды сүйемін!

Кішкентай балалардан былай деп те сұрайды: – Сен кімді көбірек сүйесің? Мамаңды ма, әлде папаңды ма? Мән-мағанасы жоқ сұрақ. Бұл сұраққа кішкентай сәбилер де: – Мамамды да, папамды да сүйемін! – деп жауап береді. Мен де солай жауап беретінмін. Төртінші сыныпқа келгенге дейін бұл сөздің түп төркінін ойлап көрген емеспін. Ары қарай да ойланбай жүре берер ме едім... Бірақ әрбір адамның өмірінде өзін қоршаған айналаны басқаша көзбен көре бастайтын, бір күн, бір сағат немесе бір минут болады ғой. Ол сәтте айналаңды айқын көріп, өзіңді ересек санайсың. Сол кезде ол өзінің бала күнінен ойнап жүрген ойыншығы сияқты жиі қолданатын сөзінің екінші бір мағынасының бар екенін ұғады. Мүмкін, бір емес бірнеше мағынасы бар шығар. Сөз деген жай ғана емес, оның мәнмағынасы үлкен. Сөз адамдар үшін қызмет етеді. Белгілі бір заттың, айналасын қоршаған ортаның, іс-әрекеттің атауларын беріп, мағынасын түсіндіреді. Тіпті адамның нені сезгенін де білдіреді. Мен атамды сүйемін. Шексіз сүйемін. Және осы екі сөздің қүнын да жақсы білемін. Мен оны беріле, ынтыға сүйемін, өзімнен гөрі оған көбірек сенемін. Сондықтан да мен барлық жағынан атама үқсағым келеді. Міне ол терезенің алдында тұр. Түрлі-түсті мундштугына салып тартқан сигаретінен түтін будақтайды. Аяғының басына қараған күйі біздің не айтарымызды күткендей. Бөлмеміз тыныштыққа бөккен. Дауыл алдындағы тыныштықтай. Дауыл алдында жер де, аспан да, барлығы да өлі тыныштыққа көміледі ғой. Сол сияқты. Бөлме тыныштыққа бөккен, мен атама қараймын, жанарыма жас келеді, жасымды ішіме жұтамын. Тамағыма тас тығылғандай үнім шықпайды. Міне ол өз сөзін айтты. «Әскери құпиясын» ашып салды. Өзімнің бір сұмдыққа ұшырағанымды сезгендеймін. Өзімді танымай отырмын. Мүлде-мүлде. Мен – өзім емес, басқа бір адам сияқтымын. Басқа бір бала. Егде тартқан. Иә, есейген адам. Мен атама қарадым да, өзімнің әлде бір күйге ұшырағанымды сезіндім! Орнымнан тұрдым да, атама жақындадым. Көздің жасы құрғаған, мүлде басқа адам сияқтымын. Мен бұрын-соңды көрмеген сөздің нарқын бағалаған едім. Мен орнымнан тұрдым да, атамның қасына келіп, бетімді оның денесіне бастым. Кеудемде бір дауыл соғып өтті, бірақ мен ештеңе айтқан жоқпын. Мен оны құшақтадым да, қатты-қатты қыстым... Мен барлығын да қайтадан көргендеймін. Қайтадан...

ҮШІНШІ ӘҢГІМЕ. АТАМ ТУРАЛЫ Сол жолы күн өртеніп тұрды. Барлығын да аямай балқытып жіберердей. Сол жолы ол дәл бұлайша жарқырамай, бар тіршілікке күле қарамай, жылауы керек еді. Қара бұлттың арғы жағына жасырынып, жер бетіне мұншама мөлдіреп қарамауы керек еді. Бірақ ол өз қызуын аяған жоқ. Жан жадыратар нұрын төге берді. Ойламаған жерден киіп кеткен соғысты, адамдарды қойғанда, күннің өзі де күтпеген сияқты. Атам ол кезде майор еді. Мүлде жас болатын. Москвадан демалыс алып келе жатқан. Сақтиян белбеуінің жүрген кезде сықырлайтын дыбысын рахаттана тыңдап, өзіне қарап тұрған балаларды көріп келе жатқан. Сонан кейін – жер дүние төңкеріліп түсті. Соғыс! Басқа ешкім де сенгісі келген жоқ, немістерменен келісімнің бар екенін айтысады олар, бірақ атам соғыстың басталғанының рас екенін бірден білген.

Соғыс шығысқа қарай аунап келе жатты, атам болса батысқа қарай жанұшыра тартып келеді. Поездан машинаға мінеді, машинадан атқа мінеді, аттан түсіп жаяу да жүреді. Өзімен бірге командирлер мен солдаттарды ерте жүрді. Арбаға мініп, жаяу келе жатқан, баланың арбаларына буыншақ-түйіншек азықтүліктерін, киім-кешектерін салған адамдар қарсы ұшырасады. Таяқтарына сүйеніп ілбіген қарттар, жас балаларын көтерген әйелдер. Сәл ересектеу балалардың өздері әлденелерді арқалап алған. Барлығының жүзін мұң торлаған. Соғыс қой, өйткені. Майор жан аямай күреседі. Зеңбіректерді өзі оқтап, өзі снарядтарды тасиды. Фашистерді өзі нысанаға алады. Бірақ фашистер тегеурінді еді! Өлген солдаттардың орнын жаңалары келіп басады. Атам соңғы оғы қалғанша соғысады. Аяғында жарақаттанып қалған кезде, жауынгерлер оны зеңбіректің қасынан аулақ апарып: – Шегінеміз бе? – деп сұрайды. – Әлі де снарядтарын бар, – дейді атам – Шайқасыңдар!' Жауынгерлер біраздан соң кайта келіп: – Шегінеміз бе? – деседі. – Автоматтарыңның оғы бар! – дейді атам. Бірақ бұлардың оқтары да таусылған еді.Атам Қызыл туды алып жүретін мұртты жауынгерге туды гимнастеркасына жасырып алуды бұйырады. Ал жауынгерлер туы бар жігітті ортаға алып, қоршай жүруге тиіс болады. Кім біледі, жаудың озыңқырап барып бір бүйірден тиісуі де мүмкін ғой. Сол кезде туды әкеле жатқан жігіт қауіпсіз, ортада болуға тиіс екен. Жауынгерлер кейін қарай шегінеді. Тыныштық жайлаған жол бойымен келе жатады. Шалдар да, кемпірлер де, бала көтерген әйелдер де жоқ. Барлығы кетіп қалған. Ал кетіп үлгіре алмағандар жер жастанған. Бір жерде төгілген картоптар жатады... Бір жерде буыншақ-түйіншегі бар баланың арбасы төңкеріліп қалған... Бір жерде сәбиін құшақтаған әйелдің өлігі кездеседі. Екеуі де біржола көз жұмған... Атам осынау сұмдықтың куәсі болған жолмен келе жатады. Басы салбырап кеткен. Ұяттан өртеніп келеді. Армия үшін, өзінің жауынгерлері үшін және өзі үшін ұялады. Шіркін-ай, шамалары жетпеді ғой! Қорғансыз адамдарды қорғай алмады. Сол кезде тыныштық жайлаған өлі жолдың бойымен бір жас бала әндетіп келе жатады. Атай өз құлағына сене алмайды, бірақ шынында бала ән салып келе жатыр еді. Жаға жаққа шыға келді Ка-тю-ша! Жарқабақты биіктегі жа-ға-ға! Басқа жауынгерлерге қарағанда жан аямай соғысқан ең мықты солдат деген, кеудесіне туды жасырып келе жатқан жігіттің өзі сүрініп кетеді. — Жолдас майор, шыныменен мынау қорқыныштан балалардың да есінен адасқаны ма? – дейді ол. Ал, бала болса бұларға жақындаған сайын өлеңін шырқай түседі. Жа-ға жақ-қа шық-қан бет-те ән са-лып... Ол атама жақындап келеді де бұларға қарап былай дейді: – Бір қызығы бәрі де әлі ұйықтап жатыр... Мамам да... Мен оны қалай оятсам да, орнынан тұрмады... Атамның жүзі сұп-сұр болып кетеді. Жылағысы келеді, бірақ жылай алмайды. Сол кезде жауынгерлер: – Танктер келе жатыр! – деп айғайлайды. Атам мойнын бұрған кезде қара жолды шаңдатып келе жатқан танктерді көреді.

– Ту ұстаған жауынгер! – деп айғайлайды атам. – Баланы қолыңа ал! Туды қалай сақтасаң, мұны да солай сақта, ұқтың ба?! Жауынгерлер орманға жасырынып, әбден кеш түскенде жаудан шалғай барып тыныстаған сәтте атам баладан оның есімінің Сережа екенін, ал мамасының есімінің Катя екендігін және мамасының Катюша туралы әнді жақсы көретінін сұрап біледі. Қалай сұраса да бала одан артық ештеңенің жайын айтып бере алмайды. Жауынгерлер орманды басып, батпақты кешіп жүреді. Сережа ояу кезінде ту алып жүретін мұртты жауынгердің мойнында отырады да, ұйықтаған кезде оны атам өз қолына алады. Солдаттар ұзақ уақыт жол жүреді. Жаңбырда да қалады, ыстықты да көреді. Бірақ, бала жыламайды. Шыдай береді. Сол үшін де жауынгерлер оны жақсы көріп кетеді. – Полк баласы етіп алса болар еді, – дейді туды алып келе жатқан жауынгер, – бірақ мынандай тым кішкентайды қатарға қосып алу да оңай болмас-ау. Жауынгерлер ілгері қарай жылжи береді. Жауларға шабуыл жасауларын тоқтатпайды. Олар орманнан шыға келіп, фашистерді біраз төмпештеп алған соң қайыра орманға барып тығылады екен. Ал ұрыс басталған кезде туды ұстайтын жігіт Сережаны көтеріп, қауіпсіз жерге барып тығылып қалады екен. Атам жауынгерлерін қоршаудан алып шығады. Қоршаудан қарусыз шықпайды, жаудан тартып алған автоматтарымен шығады. Қоршаудан берекесі қашқан тобыр болып емес, полктың екі жерден оқ тескен туын ұстап шығады. Ту ұстап жүретін жігіт те фашистердің оғына ұрынып жараланады. Жауынгерлер тірі қалғандары үшін қуануға тиіс болса да қоршаудан тұнжырап шығады. Шегініп келе жатқан, жау қолына өз жерлерін қалдырып келе жатқан адам күле алар ма, сірә? Солдаттар көңілсіз отырады. Атам да жабырқайды. Сол кезде ұзақ та ауыр жол бойына қыңқ етіп көрмеген Сережа жылап қоя береді. Жауынгерлер де, атам да селк ете қалады. Жүректерін неліктен осыншама мұң жайлағанын олар ұққандай болады. Сережамен ажырасар сәттің келгенін және ондай шараның өте қажет екенін жақсы біледі. Атам бір сәт ойланады да бір бет қағаз алып, әйеліне хат жазады. Сөйтеді де баланы хатымен қосып, туды жеткізген жаралы жігітке береді. – Туды жеткізгенің үшін рахмет! – дейді ол. – Бұдан былай қарай туымызды желбіретіп-ақ жүре береміз. Ал баланы Москваға дейін жеткіз. Атам тағы да атысқа енеді. Әжем болса оған хат жазып тұрады екен. Үшбұрышты хаттар. Соғыс кезінде конверттер жетпеген ғой. Әрбір үшбұрыш хатта кішкентай алақанның суреті салынады екен. Оның қалай салынатынын білесіздер ме? Алақанды қағаз бетіне қойып, қарындашпен айналдыра сызсаң қолдың суреті шыға келеді. Соғыс жүріп жатады. Атам шайқаса береді. Ал үшбұрыш хаттармен келген бала алақанының суреті үлкейе береді, үлкейе береді. Сережа бала да есейе береді. Ол менің папам еді.

БІЗДІҢ ӘУЛЕТ Мен атамды құшақтап тұрғанмын. Оны тағы біреудің, одан кейін тағы біреудің келіп құшақтағанын байқадым. Қарасам папам келіп, басын атамның кеудесіне қойыпты, ал мамам болса атамның білегінен ұстап алыпты. Біз шағын ғана шоғыр болып, атамды ортаға ала тұрыппыз. Ал атам болса даусы қырылдай тіл қатты: — Біздің әулетіміз қандай ұйымшыл еді...

— Ұйымшыл! – папам қостады. — Және өте тату-тәтті, – деді мамам. — Міне енді, – дейді атам, – сөйтіп сендер менің әскери құпиямды біліп алдыңдар. Ол папамның үстелінің үстінде тұратын фотосуретке қарады да күрсініп қойды. — Сөзімде тұра алмадым, – деді ол мұңайып. – Лидаш өткен істің өңін айналдырудың қажеті жоқ деп есептеуші еді, ал мен болсам ақиқатты жасырып кете алмадым. — Папа, – деді әкем, – бұл – шындық емес, менің сөзім – шын, естіп тұрсың ба? Сен – менің әкемсің де, Антошканың атасысың, бар болғаны сол ғана. — Сен біздің ең сүйікті адамымызсың, – дедім мен өте бір байсалдылықпен. Біз тағы да отырдық. Біреуіміз диванға, біреуіміз орындыққа. – Ал, сенің есіңде ештеңе қалды ма, Сережа? – деп сұрады атам. – Ойымда әлде бір ағаштар ғана қалыпты, – дейді әкем. – Бұтақтары көзіме тие берген соң, қолымменен оларды ысырумен болған сияқтымын. — Сен неге өлең айтып келе жаттың? – деп сұраймын мен. — Есімде жоқ, – дейді әкем. — Мамаңды да білмейсің бе? – дейді атам ақырын ғана. — Жоқ. Мен папама қарадым. Көрдіңіз бе, оның қандай кісі екенін? Соғыста болса да, ойында ештеңе қалмаған. Оған қоса... Оған қоса мамасын да фашистер өлтіріп кеткен... Мен өз мамама қарадым. Мен мамамсыз не істеген болар едім? Ойыма әлдене оралғандай! Атам мен әжем, папам үшін оның қайтыс болған мамасының орнына әке мен шеше болды емес пе. Жоқ, олай да емес, олар шын мәніндегі әкесі мен шешесі ғой. Папам атамның қасына отырды да, оның иығынан қапсыра құшақтап, бетіне тесірейе қарады. Сөйтті де: — Қане мен сені сүйейінші, қарт жаугер, – деді. Олар бірін-бірі құшақтап, біраз отырды. Біз төсекке жатқаннан кейін атам аунақшып ұйықтай алмай әуреге түсті. – Сенің орденіңді менің тағып жүруіме бола ма? – деп сұраймын мен. — Былайша айтқанда, болады, – ол күлді. – Тағып жүресің бе? Мен ойға шомдым. Ыңғайсыз сияқты. Орден шын мәнінде атама тиісті дүние ғой. – Жоқ, – деймін мен, – орден алу үшін өзімнің еңбек етуім керек. — Дұрыс айтасың, – дейді атам. – Бұл орден менің саған қалдырған ескерткішім болады. — Орденсіз де ұмыта алмаспын, – деймін мен. — Ехе! – Атам тағы күледі. – Мінездерің байқала бастапты. — Саған ұқсап!.. – деймін сыбырлап. Қазір мен тек қана атам туралы ойлаймын. Мектепте, сабақта отырғанда да, үзіліс кезінде де, тіпті жай ғана көшеде келе жатсам да атам туралы ойлаймын. Үйге кірген бетте оның бетіне тесіле қарайтыным бар. Тамақ ішіп отырғанда да одан көз алмаймын. Тағы да таң атты. «Газиктер де» жетті. Мамам мен папам машиналарына отырып, атам екеуміз екі бағытқа қарай беттедік. Мен мектепке, ол Анна Робертовнаға барып қайту үшін кетіп барамыз. Ол магазинге де соғар. Өйткені, қол торында бос шөлмектер жылтырайды. Асықпай аяңдап бара жатқан кезде, сылти басқаны байқалады екен. Мен оның ту сыртынан көз айырмай қарап тұрмын. Ойлар, ойлар мазалайды. Менің дәл осы кісідей болу қолымнан келер ме екен? Әлде келмей ме? Айталық, біраз уақыт өтті дейік. Тіпті көп уақыт өтті дейік. Мен де қартаямын.

Мәлкілдеген шал боламын. Казіргі атам сияқты. Өзімнің де немерем болады. Қандай қызық. Менің немерем мен туралы не ойлайды екен? Мынандай да болуы мүмкін-ау, көптеген жылдар өткен соң бүгінгідей таңертеңгілік немерем мектепке бет алып, мен магазиндерге бара жатсам... Немерем тоқтай қалып, менің ту сыртымнан осылай қарап тұрса. Ол да ойланса. Өйткені, ол да мен туралы әлденелерді ойлауға тиіс қой. Айталық, мынандай бірдеңені де ойлауы мүмкін-ау. «Қаусаған қадірсіз шал!. Сүйкімі кеткен сүмелек! Сенің барыңнан жоғың! «Сабағыңды қара, сабағыңды қара» деп мылжыңдағаннан басқа не білесің сен! Өзіңнің енеге көрсетерлік ештеңең жок. Жұртқа үлгі етер адам да емессің! Ал сенің атаңды айтса болар еді! Ол генерал еді ғой!» деп. Сол кезде де менің немерем мен туралы емес, менің атамды мақтаныш етіп тұрса. Мен тағы да не істеуім қажеттігі туралы ойға шомамын. Жоқ, менің ешқандай қарсылығым жоқ, әрине. Менің немерем де менің атам туралы ойлай берсін. Ал шындығында мені ол есіне алар ма екен? Әлдебір жақсылығымды мақтаныш етер ме екен? Амалсыз күрсіндім. Әрине, көптеген жылдардан кейін менің немеремнің ойына ненің түсетінін дәл қазір білу қиын. Мұның өзі шынтуайттап келгенде маған байланысты ғой. Менің қандай боларыма байланысты. Егер атам сияқты жақсы болсам, немерем де менің бір жақсылығымды есіне алар. Айталық: «Қане, шалым, бара бер! Бірақ, байқашы, сүрініп кетіп жүрме!» деп ойласа да жаман емес-ау. Сенің соңыңнан қарап тұрған немерең мұндай жанашырлық ойласа, мұны жаман дей алармысың?

Жетінші бөлім

ҚОШТАСУ

ҚЫЗЫҚ ҚАРИЯ Жаз келді. Менің генералым түсі ашық шалбар, ақ көйлек киген, оның дидарын Сібірдің күні қоңырайтып, ақ күміс шашын ерке жел сипайды. Ол өзінің құрылыс алаңына қопарылыс жасау жөніндегі жасаған есеп-қисаптарын әкем арқылы құрылыс бастығына беріп, соның жауабын күтіп жүрген. Біз поселкамызды қыдырып, кей-кейде Анна Робертовнаға, кейде Иннокентий Евлампиевичтің қоймасына немесе балмұздақ сататын Зинаида Ивановнаға кіріп шығамыз, айналаның бәрі бейбіт бір рахат күндерге бөккен кез. Күн жолдың асфальтын былқылдата ерітеді, қарғалар да қанатын самарқау қағып ұшып бара жатады, поселкадағы тіршілік тыным тапқандай, тек қана құрылыс жақтан естілетін айқай-шу поселканың тыныштыққа бөгуінің басты себебі мұндағы адамдардын күндіз демей, түн демей сол құрылыс басына кететіндігінен екендігін еске салғандай. Поселкамыздағы тыныштық мені мазасыздандырғандай. Мүмкін мынау ыстықтікі болар. Тыныстау да қиын, бір түрлі жаңбырдың жауғанын тілейсің. Содан да ма, осынау ұйыған тыныштық таяу араларда жоғалып, қайтадан бір шулы дүние орнайтындай көрінеді. Атамның қазіргі мінезі де бір түрлі өзгеріп кеткен сияқты. Ол бірде өте көңілді, әңгімешіл, меніменен уақ-түйек нәрселер жөнінде үнемі ашық әңгімелессе, енді бірде өзінен-өзі тұйықталып, үндемей тұнжырап қалады, мен онымен әңгімелескім кеп қалай жанассам да, ондай кезде бұл тірліктен ештеңе өнбейді. Бір күні ол қолына кағаз-қалам алып, әлденелерді тез-тез жазды да, бұрынғы

кездегідей хаттарға жазған жауабын почта жәшігіне салуды маған тапсырмай, өзі апарып салып келді. Мені атамның бұл қылығы қатты таң қалдырды. Мен оған тесірейе қараймын. Өйткені атам қай уақытта да елгезек болатын. Менің әрбір көзқарасым мен қоя алмай отырған сауалдарымды бірден сезінетін. Сезінетін де, өзі жауап беретін. Бірақ қазір ол ештеңе деген жоқ. Ал мен бұл хатты кімге жазғандығын сұрағанымда, ол қысқаша ғана: — Достарыма! – деп жауап берді. Сөйтті де жанарын менен жасырып әкетті. Егер оған хат келе қалса, үйге кірмей-ақ конвертті ашып, бірден оқып шығатын. Дәлізге кірген бетте ол хаттарды уақтап жыртып тастайтын. Сөйтетін де күні бойы көңілді жүретін. Қызық! Ойнап менімен бокстасып алатын да кездері болатын. Кейде қолына акварель бояу, қағаз алып, құрылыс жақсы көрінетін жотаның басына шығар едік. Сонан соң маған да сурет салдырып, өзі де қолына қыл қалам алатын. Менің суреттерім қарық болып жатпайды, атамның суреттерін керемет деуге келе қоймас, бірақ әйтеуір менікінен тәуір болып шығатын. Иә, Иә! Мұндай да бола береді екен ғой! Атам бір күні өзенді, оған салынған плотинаны және тік жарқабақты қызыл бояумен салды. Тек қана осы бір түстің өзін не қоюлау, не сұйықтау етіп өзгертті. Айқын қызыл немесе қоңырқай қызыл түстер. Суретке жақын келіп қараған кезде, атамның да мен сияқты ғана суретші екендігі көрініп тұрса да, жаңағы суреті бір түрлі әдемі болып шықты. — Менің шеберлігім де өзіңе тартыпты, – деп қалжыңдаймын мен, өзім салған суретті жыртып жатып, – сенің салғаныңнан сәл-пәл нашарлау шықты! — Олай деме! – дейді атам. – Мен сурет сала білмеймін, бірақ өзімнің көңілкүйімді бояумен айтқым келеді. Байқайсың ба, бояумен! Мен басымды изедім де, оның мойнынан құшақтай алдым, сөйтіп екеуміз де бояуларымызды тастай беріп, плотинаның ауқымына, қарсы жағадағы қызыл қоңыр жартастарға, күнге қақталған қарағайларға, өзен бетінде қалқыған ақ көбіктерге қарадық. Электрмен дәнекерлеушінің ойнатқан жарқылына қарап, ұзын мойын крандардың гудогы мен алыс карьерлердегі тау жыныстарын қопарған жарылыстың үнін тыңдап, бей-жай біраз отырдық. Атам менің шашымнан сипайды, ал мен болсам оның тізесіне басымды қойып, жоғарыға, көкпеңбек түпсіз де ұшы-қиыры жоқ шексіз көгілдір аспанға қараймын. — Мүмкін емес, – өзімше толғанамын, – мынау ұшы-қиырсыз кеңістікте, оның ешбір жерінде тіршілік иесінің болмауы! Атам да аспанға тесірейіп ұзақ қарады. Сонан соң менін бетіме үңілді. — Қане? – деймін мен. – Жауап берші! Ол күледі. – Мүмкін емес! – Ол келісе кетті. – Әйтеуір бір жерде бар! Міндетті түрде бар. – Сөйтті де жұмбақтай сөйледі: – Егер адамдар тапқысы келсе, тіршілік барлық жерде бар... Атамның қоңыр даусын тыңдап жатып, оның тікенекті иегінен сипадым да, тағы да аспаиға көз тіктім. , — Саған жақсы ма? – деп сұраймын. — Жақсы! – дейді ол. Аспанға ол да қарап қойып, баяу ғана тіл қатты: – Антошка, адамның тіпті де өлгісі келмейді екен. —

ОТҚА ЖАНҒАН СУРЕТТЕР Мен оның сөзіне күлдім де: – Сен ешуақытта да өлмейсің, ұқтың ба? Өйтуге болмайды! – дедім. Ол да күледі:

– Сіздің бұйрығыңыз сөзсіз орындалады! Ол үнсіз қалды. Ағып жатқан өзенге мүлде басқа көзбен қарап отырғандай. Қарап отырғанда еш мақсатсыз, былайша айтқанда, бір нәрсені көрейін деп емес, жай ғана қарап отырған сияқты. Сонан кейін бояуларды жинастырды да, қызыл түспен салынған суретін жыртып тастады. Менің жыртқан қағазымның қиқымдарын да жиып алып, от қойды. Біздің суреттеріміз лап етті де, жоқ болды, біз болсақ үйге қарай жеңіл аяңдап келеміз, қыл қалам мен бояулар менің қалтама-ақ сыйып кеткен. Мен қазір бір түрлі өкінетін сияқтымын... Біздің салған суреттеріміздің сонау тау басында бір шөкім ғана күл болып қалғаны, ал қыс өтіп қар еріген кезде, сол күлдің де мүлде жоғалатыны біртүрлі өкінішті сияқты. Күлді су ағызады да, өзенге апарып құяды... Сөйтіп, біздің суреттерімізден ештеңе де қалмайды... Неге? Неге біз оларды өртеп жібердік, неге мен суреттерімді сол кезда жинап алмадым? Атам кішкентай радиоқабылдағыш сатып алды. Біз қайда барсақ та, оны қолымыздан тастамайтынбыз. Егер шындығын айтсам, бұл дүние маған ұнап та жүрген жоқ. Өйткені, біз көңіліміз шапқан кезде үнсіз отырып, құстардың қалай сайрағанын, өзеннің қалай сарқырағанын тыңдай алатын едік, ал қазір қабылдағышта үнемі музыка ойнайды да тұрады, бірақ оны атам жаратпаса керек, үнемі ренішпен радионың тетіктерін бұрап басқа толқындарды іздейді, егер соңғы хабарды тауып алса, аз-кем тынышталады да, тағы да бұрай бастайды. Мен оның мінезінің неге бұлай өзгергеніне түсіне алмай далмын. Бірде біз көшеде келе жатқан кезде радиодан әйел даусы былай деді: «Григорий Иванович Самойлов 1941 жылы Харьков қаласынан эвакуацияланған және қаладан жүз жиырма шақырым шыға бергенде, эшелон бомбыланған уақытта хабар-ошарсыз кеткен қызы Надежданы іздейді... Нина Петровна Серегина бауырлары мен қарындастарын және немерелес бауырлары мен немерлес сіңлілерін немесе соғысқа дейін Смоленск қаласы, Киров көшесі, № 5 үйде тұрған апайы Антонина Степановна Серегинаны іздейді...» Атам тоқтай қалды да, қабылдағышты бетіне тақап, сол қабылдағыштың ішіндегі әлденені көргісі келгендей оған үңіле қарады. Хабар аяқталды, ол сағатына және радиоға, сонан кейін айналасына бір қарап алды да, өзі-өзіне келгендей болды. – Саған не болды? – деп сұраймын мен. – Әлгі бір, – деп сасқалақтай жауап берді де, үнсіз қалды. Ол асыға аяңдап келеді. Мен оның қолынан тартып көріп едім, шошып қалғандай менің бетіме жалт қарады да, күрсініп жіберді. Жүйкесі сәл босағандай. Содан кейін ғана ол жүрісін баяулатып, өзінің бір қалыпты аяңын тапты. – Мына бір жайды, – дейді атам, – ойлай беремін, ойлай беремін. Соғыстан кейін қанша жыл етті, ал адамдар бір-бірін іздеумен келеді. Іздей береді, іздей береді, тауып та жатады. Ол менің бетіме қарады да, әлгі сөзін қайталады. – Тауып жатады, Антошка! Мені ұғып тұрсың ба? Ұқпайтын несі бар? Мен басымды изедім. Сөйттім де: — Сен бір түрлі қызық боп кеттің? Өзің байқамайсың ба? – дедім. – Қызық дейсің бе? – ол таңданды, – Неліктен? — Хат жазасың да, – деймін мен, – келген жауаптарды жыртып тастайсың. Радиоқабылдағышты қолыңнан тастамайсың. Сен бұрын мұндай емес едің. Атам күлді, бірақ күлкісі табиғи шықпады. — Сен нағыз барлаушысың, – деді ол. – Барлығын байқап, барлығын көргішсің. — Неге көрмеске? – дедім мен күліп. – Сен болсаң менің жалғыз атамсың ғой. Екеу болсаңдар сөз басқа. Бар болғаны біреу ғанасың. Сондықтан да мен саған қараймын, басқа кімге қарауым керек?

Атам мені иығымнан құшақтады да, көзіме қарады. — Ал сен, Аңтоха, өсіп келесің, – дейді ол. – Тіпті көз алдымда өсіп келесің. Ол мені бокстай жөнелді. Көшенің қақ ортасында мен де тұра қалып, оның жұдырығына жауап бере бастадым. — Уақыт өтіп барады, – дейді ол тағы да мені құшақтап жатып, мен онымен келіскендей басымды изеймін. – Уақыт өтіп барады, – сөзін тағы қайталады. – Біреудің шаңқай түсі ауып бара жатса, енді біреу үшін түн ортасы болды. Сондықтан да асығу керек? Мен тағы да бас изедім. — Асығу керек, асығу керек! – деді ол қызулана сөйлеп, сөйтті де тағы бір пікірін қосты: – Әйтпеген күнде!.. Әйтпеген күнде... не болады? Мен соңынан ойландым. Әрине асығу керек, әр уақытта бар дүниеге асығу керек. Әйтпесе, маңызды бір іс тындыруға үлгірмей қалуың, немесе өткізіп алуың мүмкін. Болмаса қисыны келіп тұрған істің қиюын кетіріп алар, немесе анау Москвадағы сияқты үнсіз қалар кез де болады. Содан кейін өкінерің анық. Ащы өкініш. Мен анау қызыл көйлекті баламен достасуым да мүмкін еді ғой, ал шын мәнінде оның алдында беделімді төгіп алдым. Барлығына да нем кетті, марғау қараппын. Бір кездерде шалбарының жылтыр түймелері бар сол бір баламен кездесетін күн болар ма екен? Өзімнің ол ойлағандай емес екенімді дәлелдей алар ма екенмін? Атам шын айтады – асығу керек, Асығу керек, қателеспеу керек.

ОТБАСЫНЫҢ РАХАТ ТІРЛІГІ Бірде мамам: – Командировкаға барамын, – деп хабарлады. Болашақ теңіздің түбін зерттеп көру үшін барады екен. Менің де көңілім шауып кеткен соң: — Бізді де ала кетші! – дедім. Атам жол қапшығын іздей жүріп, бар даусымен әндетеді:. Қаза келсе – қас қағымдық өлімі, Жара болса – жан қинамас жеңілі! Папам бізге қызыға қарап: — Рахат сендердікі, мен болсам жалғыз қалып барамын... – деді. — Несіне қаласың? – дейді атам. – Бірге кетейік. Барлығы бес-ақ күн! Демалысыңды бір рет сұрасаң қайтеді?! Әкем қайдағы бір бетондар жайлы, сонаң соң қазір шаруаның қызған кезі екендігін айта бастап еді, біз әрине онымен әр уақтағыдай келісімге келдік. Келіспеген күнде де ол бармаған болар еді, бірақ келесі күні таңертең әкемнің асыға жүгіріп келе жатқанын өз көзіммен көрдім. Анандай жерден айғайлады: – Барамын! Босатты! Сөйтіп, біз мамамның «газигінде» келе жатырмыз. Мамам газды барынша басып, ойпаң жерден орғытып келеді, біздің басымыз машинаның төбесіне соғылған сайын, атам тамағын кенеп қояды, мен де оны қайталаймын. Папам да бізге ілеседі. – Сендер немене, үйрек сияқты, – дейді мамам, – қырқылдай қалдыңдар? — Мынау тайгада милицияның жоқтығы қандай өкінішті, – атам күңкілдеді. — Алақұйын неме! – папам реніш білдірді. — Машинаның төбесін тесерміз! – Мен айғайлап қоямын. Мамам мәз. — Сүйкімділерім! – дейді күле қарап. – Қайда келе жатқандарыңды ұмыттыңдар ма? Бұл Сібір ғой! Біздің жолдың өзі де Сібірге тән!

«Газик» ырылдап, өрге қарай тырмысады, еңіске қарай құлдыраңдайды. Суларды шашып, бұлақтарды тіліп өтеді. Біз мұхиттың түбінде келе жатырмыз, бірақ бұл жер мұхитқа ешқандай ұқсамайды. Ал мұхиттың түбі жайлы болса болмаса да айтудың қажеті жоқ. Жол, телеграф бағаналары тізілген жол. Тайга. Құстар ән салады. Бұл жерде таяу уақыттарда құстардың орнында балықтар жүзеді деп елестету мүмкін бе? Олар бұрынғы тайганың үстімен жүзетін болады. Шынымен бұл жерде құстар да болған ба, деп таңданатын болады әлі жұрт. Білесіз бе, әйтеуір менің көңіл-күйім өзгеріп сала берді. Көңілді күйімді жоғалтып алғандаймын. Мынау тірі орман, көбелектер, өсімдіктер, гүлдер – осының бәрінің жоқ болатынына сену қиын. Менімше, мен ғана бұлай ойламаған болуым керек... Атам үнсіз отыр, папам да сөйлемейді, мамам да қалжыңдауын доғарды. Жүріп келе жатырмыз, орман көңілді. Сауысқандар шықылықтап, машинаның келе жатқандығын барша орман тұрғындарына хабарлап жатқандай. Құстар шырылдап, гүжілдеген аралар мылтықтың оғындай дәл қасымнан зу ете қалды. Әр жан-жануар өз тіршілігімен мәз, олар өздерінің күні ертең қоныс аударулары керектігін білер емес. Ал жарайды, аралар мен құстар ұшып кетер, айталық кірпілер қайтпекші. Үлгіре алар ма? Сол сияқты құмырсқалар ше? Мен құмырсқалардың орманды қалай тазалайтынын, оларсыз тайга тіршілігінің жараспайтынын оқыған едім. Бірақ осындай пайдалы жәндік тым кішкентай ғой, қашып үлгіре алмас! Суға қарық болар... Көңіл-күйім мүлде быт-шыт болды. Мен асудың желкесіне шыққан кезде, әкеме құмырсқалардың жайын айттым. — Салғастырып көрші, – дейді ол маған. – Құмырсқа және электр қуаты! Бір құмырсқа шидей сабанды ғана көтере алар. Ал біздің ГЭС-ті айтсаңшы! Қуат деп соның қуатын айт. Әкемнің сөзін тыңдаған сайын мұңға батқандаймын. Әрине! Құмырсқалар электрдің күшімен жарысқа түсе алар ма? – Сен, – дейді әкем, – құмырсқаларға жаны ашымайды екен деп ойлап қалма. Бірақ не істеу керек? Осындай құрбандықсыз іс бІтпейді.. – Ал сен құрбандықсыз іс бітір! – Атамның үні естілді! Мен мойын бұрып қарасам, ол менің ту сыртымда әкеме ренішпен қарап тұр екен. – Жалпы бұл біздің арамызда болған бірінші әңгіме емес, – дейді ол, – шеге де, тақтай да, цемент те, – уақ-түйек. Құмырсқа да – түкке тұрғысыз. Тым кеңінен ойлайсың, жолдас технократ. Папамның жүзі бозарды. Технократ – бұл да бюрократ деген сөз. Техникалық бюрократ деп түсіндірсе де болады. Техникадан басқа ештеңені көрмейтін адамды айтады. Атамның папаммен тағы да жүз шайысып қалғаны маған ұнаған жоқ. Шынында да папам технократ па? Оның жұмысының өзі осындай, әр нәрсеге қолы жете бермейді. Кұмырсқаны айтпағанның өзінде өзінің бетоны жайлы дұрыстап ойлауға да уақыты жоқ. – Ата, – деймін мен папамды қорғай сөйлеп, – сен дегенмен сонша қызулана бермесеңші! – «Қызулана бермесеңші!» – атам таңданды. – Жоқ, сендер бұған қараңдаршы! Жаңа ғана құмырсқаларға жаны ашып тұр еді, енді міне басқаша сайрап тұр. Дегенмен де сенің өзің қалай ойлайсың? Қайсысы маңыздырақ? ГЭС-пе, әлде құмырсқалар ма? – Бұларды теңестіруге бола ма екен? – деймін мен күрсініп алып. — Міне! Міне! Міне! – деп айқайлайды атам. – Өте дұрыс айтасың. Шынында теңестіруге бола ма? Қайдағы бір түкке тұрғысыз құмырсқаны электростанциясына теңеген деген не сөз! Оларды теңестіруге еш болмайды! Құмырсқа деген – құмырсқа.

Ал ГЭС деген – ГЭС. Атам үн-түнсіз тұрып қалды. Мен оның мәні болмай тұрғанын сезе қойдым. Жүрегі ауырған кезде жүзі дәл осылай болып оңа қалатын. Мен жүгіріп барып, жол қапшықтан дәріні алдым да, тостаққа аздап тамызып, үстіне су құйып әкеп бердім. Атама әкеліп: — Сен су сұрадың ғой деймін... – дедім. — Иә, иә, – дейді ол басын изеп, – рахмет. Біз бір-бірімізді үнсіз ұққандаймыз. — Қысқасы, Антон, – дейді атам, – сенің папаң ересек адам болса да, оның сөзі теріс. Папамның жүзі қызара қалды. Бірақ оны атам байқаған жоқ. — Құмырсқаларды құтқару керек, – дейді ол. – Ересек балалар оны керек қылғысы келмейді. Отрядыңа ұсыныс жаса, – менің бетіме қарады, – су астында қалатын аймақтағы құмырсқа илеулерінің картасын жасап, оларды жаңа қонысқа көшіру керек. – Бұл деген донкихоттық шаруа ғой, – деп күңкілдейді әкем. Біз әрі қарай жүріп кеттік. Тайга бірден жалаңаштанып қалды да, алдымыздан таңқаларлық көрініс шыға келді. Дәл бір өсіп тұрған саңырауқұлақтар сияқты ағаштардың түбірлері қарауытады. Оң жағымызда, сол жағымызда, алдымызда, артымызда... жап-жалаңаш. Жаңадан кесілген ағаш түбірлері бір көз салып өткен кезде көптеген тәрелкелерді далаға қоя салған сияқты көрінеді екен. – Мынау теңіз түбі болуға даяр тұрған жер, – дейді мамам. — Теңіздің құмдауыт түбі, ылайлы түбі болушы еді, – дейді атам, – мынау ағаш түбіріне тола теңіз түбі болады. Алдымыздан, көкжиектің арғы жағынан түтін будақтады. Бірте-бірте шапшыған жалын көзге шалынды. Өрт болып жатқан сияқты. Меи шыдамсыздана үңілемін. Ал мамам болса машинаның газын баса түседі. Бірақ бұл өрт емес, әдейі жаққан көптеген оттар болып шықты. Ағаштың бұтақтары жанып жатыр, ал түтін шымылдығының арғы жағында тракторлардың гүрілі, моторлы аралардың ыжылы – тіршілік белгісі естіледі. Түтін шымылдығының арғы жағындағыны нағыз майдан десе болады. Бастарына темір қалпақ киген адамдар бір ағаштан екіншісіне барады. Барған бетте аралар ыжылдап, ағаш ұзынынан сұлайды. Бұтақтары шабылып отқа жағылады да, ағаштардың өзін арнаулы тракторларға тіркеп, жол бойына шығарады. Көз алдымызда бүкіл орман түбірлерін ғана қалдырып, адамдардан шегініп бара жатты. Біз «газиктен» шығып, адамдардың тайгамен қалай күрескендерінің, оны опоңай қалай жеңіп жатқанының куәсі болдық. Біздің қасымызға темір қалпақ киген адам келді. – Аудандық комитеттен емессіңдер ме? – деп сұрайды бізден. – Тоса-тоса шаршадық. Адамдар жетіспейді. Ол кісі маған бір қарап қойып: — Бізге мұндай жігіттер де қажет болар еді! Жүзі болса! Екі жүзі де артық болмас еді. Бұтақтарды тасып от жағулары керек! Көңілді жұмыс! – дейді. Атамның басы салбырап кетіпті. Оның алдында трактор жаныштап кеткен құмырсқаның илеуі жатты. Үстінен өте шықса керек. Құмырсқалар жанталаса, абыр-сабыр қимылдап кішкентай шөпшектерді жинастырып, мекендерін жөндеуге кіріскен. Атам басын көтерді де, темір қалпақ киген адамға сауал қойды: – Құмырсқалардың илеулері көп пе? – Жетіп жатыр! – дейді ол күліп. – Қанша дегенмен тайга емес пе! – Оларды не істеп жатырсыңдар? – Кімдерді? – Жігіт сауалды түсінбей қалды. – Көмекшілерді айтасыз ба? Солар

жетпей жатыр ғой! — Жоқ, – дейді атам. – Құмырсқа илеулерін деймін? — Қалай? – Жігіт таңырқады. – Оларға не істеуші едік?! Құмырсқаны ойлардай жағдай қайда? Біздің ағаштарды кесуіміз қажет. Ол кетіп қалды. Ағаштар бірінен кейін бірі сұлап түсіп жатыр. Тракторлар гүрілдейді. Жалын алауы аспанға атады.

ТЕҢІЗ ЖӘНЕ МАМАМ Біз әрі қарай жүріп кеттік. Атам жан-жағына көңілсіз көз салады. Папам да оған қорқа-қорқа қарайтындай. Сөйлеуге батпайды. Мен де үнсіз отырмын. Бұл жерде не дерсің? Атамның көңіл-қошының жоқтығын түсінуге болар. Ол құмырсқалар үшін қорған болғысы келсе, ал олардың илеулері трактордың жалпақ табанының астында жанышталып жатыр. Ештеңемен де көмектесе алмайсың. Әрине, оларды құтқаруға болады. Жаңа орынға көшіруге де болар. Бірақ қайсы бірін тасып үлгіресің? Тайга болса анау кесіліп жатқан. Бәрі асығыс. Құмырсқа илеулерінде ешкімнің де жұмысы жоқ. – Ренжіме, – деп сыбырлаймын мен атама. Ол мені құшақтай отырып, өзіне тартып қойды. Жүзіме барлай қарап, көңілсіздеу қалпында көзін қысты да, сыбырлай сөйледі: — Мен шынында да қартайған Дон-Кихотпын! Есіңде ме, баяғыда қоймаға келіп, бір шөлмек шарапқа құрылыс материалдарын сатып алмақ болған есіріктерді де жеңе алмағанмын. Құмырсқаларға қорған бола алмадым! Қолымнан келмеген шаруа әлі көп! Ол көңілсіздеу күйде тағы да терезеге үңілді. Мен атамның көзіне қарадым, оны аялай сипап әлдебір жақсы сөздер айтқым келеді. Бірақ құр сөзден келер көмек қайсы? Оның қолынан келмей, жасап бере алмай қалған шаруаларын жасау қажет. «Оңай олжа іздегендермен күрес жүргіземін, – деп шештім, – құмырсқаларды құтқарамын. Құр жанашырлықтан гөрі аз да болса іс тындыру керек, міне солай». Біз мамам жұмыс істеуге, тиісті деревняға келдік. Барлығымыз бірігіп, кеңсеге кірсек, онда біраз адамдар жиналып қалған екен. Мамам өзі жұрттың алдына барып сөйлеп шыққанша, біздің тоса тұруымызды тапсырып кетіп қалды. Оның айтқанын бұлжытпай орындап отырған кезде үйдің ашық тұрған терезесінен мамамның сөзі айқын естіліп жатты. — Жолдастар! Болашақ теңіз ауру тарататын орта болмауы керек. Сондықтан да су қаптайтын барлық жерлерді ойдағыдай тазарту шарт. Жуынды-шайындыларды жер қазып соған төгіп, известпен айналасын әктеу керек. Жұқпалы ауру таратуы мүмкін деген нәрсенің бәрі өртелуге тиіс. Мұның бәрі де жай ғана сақтық емес, бәріміз қолға алатын қажетті шаруа. Өйткені, ол өз денсаулықтарыңыздың камы... Мен болашақ теңіз туралы ойлаймын. Ғажайып үлкен болатын шығар. Онымен кемелер, мүмкін алып кемелер жүзеді. Толқыны да теңіздегідей буырқанар. Нағыз теңіз толқыны сияқты! Міне, ол нағыз теңіз болады, ал мамам болса қайдағы бір жуындышайындыларды әңгіме ғып жатыр. Шыныменен соның өзі де теңіз үшін маңызды ма екен? Мамам сөзін аяқтап болды да, әр үйлерге кіре бастады. Әрқайсына барған сайын әлдене туралы қызулана сөйлеп, қолын сермейді. Қарындашымен қағазға сызықтар сызып, жазу жазады. Сонан кейін біздің қасымызға қайта оралады. — Деревняның жартысы кетіп үлгіріпті, – дейді ол, – келіңдер қыдырайық. Мен елі көшіп кеткен деревняны қыдыру қызық болар деп ойлағанмын. Шын

мәнінде олай емес, бір түрлі жүрекке мұң ұялатады екен. Көше бойлап, жүріп келе жатқан кезде мұржалары қарауытып пештер, енді ешкімге де қажеті жоқ, ешнәрсеге де бөгет бола алмайтын қорғандар, құдықтан су тартатын тырна сияқты ұзын мойын ағаштары бір түрлі жетімсірей көрінеді. Жолдың дәл ортасына бір сары мысық жүгіріп шықты да, отыра қалып, ерекше жалынышты үнмен мияулай бастады. Мысықты да ұмытып кетіпті-ау! Мамам оны қолына алып еді, ол бірден тынышталып, пырылдап ұйқыға кетті. Бір кезде адамдар от жаққан мынау пештердің болашақта теңіз түбінде қандай күйде тұратындығын көз алдыма келтіріп көріп едім, өте бір сұрықсыз көрініс елестеді. Сол кезде біреулердің дауысы естілді. Біз көше бойлап келе жатып, ескі қамбаның қасынан өткен кезде тәрт қаданың үстіне салынған кішкентай үйді көрдік. Терезелері де әбден тозып, қисайып кетіпті. Үйдің жанында түрған екі кісі әлдене туралы қызу дауласып тұр. Біз жақынырақ келіп, сәлем бердік. Даугерлер сәл ғана тынышталды да, тағы да айқайласа жөнелді. Шын мәнінде олар мүлде дауласып тұрған жоқ екен, бірінің бірі сөзін тоспай, шүйкедей кемпірге әлденені өңештерін жырта дәлелдейді. Қоңырқай түсті орамалын көзіне түсіре байлап алған қария өңештерін жыртқан екеуге үрке қарайды. Ерні дір-дір етіп, ол ауыр күрсінді де, өз сөзін біржола тиянақтады: — Кете алмаймын! — Өтінеміз! – деп айқайлайды екеуі. — Құдай ақына! – Онда бұл жерден әлдеқайда артық! – Кете алмаймын! – дейді қария. — Жап-жаңа үй! – деп айқайлайды екеуі. — Тектен-текке береміз! — Барлық жағдайы жасалған! — Бара алмаймын! – деп қайталайды қария. — Бұл кісімен неменеге мылжыңдасып тұрмыз! – деп айқайлайды біреуі. — Машинаға тие де жібер! – екіншісі өз үкімін айтты. – Ал қоштас, Яковлевна! – деді үшіншісі. – Көше алмаймын! – деді қырсық кемпір. Жаңағы кісілер үйге қарай батыл басып бара жатты да, біреуі бізге қарай мойын бұрып: – Тоқтай қалыңдар! Мынау генерал Рыбаков емес пе! – деді. Жаңағы кісі атама жақындап келді де, қасқа басын жалаңаштап күнқағарын сыпырды. — Мен сізді әрең таныдым, жолдас Рыбаков. Сізді қыста қалың қар жауған кезде көргенмін. Мен де сонда штабта болғанмын. Атам үндемеген қалпы басын изеді. Қасқа бас кісі бір түрлі ыңғайсыз жағдайда тұрған сияқты. Мүмкін жаңағы шүйкедей кемпірге айқайлағандары үшін болар. — Жолдас генерал! – деді ол қуана дауыстап. – Мүмкін сіз бізге көмектесерсіз? Бізде бір қария бар. Колхоз ол кісіге жаңа жерден жақсы үй салып берді, Тегін. Тұр да қуана бер! Ал ол болса өзінің жаман үйшігін қимайды? – Мен қалай көмектеседі екенмін? – Атам таңданды. – Қалайыңыз не! – дейді жаңағылардың бірі әлі де үмітін үзбей. – Қалай дегенмен сіз генералсыз ғой. Мүмкін тыңдар! – Мүмкін тыңдар, байқап көрейік, – дейді атам. Сөйтті де, кемпірге барып бас иіп сәлемдесті. – Шынымен генералсың ба? – деп қария атама таңырқай қарайды. Сөйтті де сасқалақтап, үйіне қарай жүгірді. Үйден ағаш жақтауға салған фотосуретті кеудесіне қысып қайта шықты. – Мүмкін бір жерден көрген шығарсың, ә? – Ол суретті атамның бетіне

қаратып, тіл қатты. – Коля ғой, менің ұлым. Хабар-ошарсыз кетті. Атам суретті қолына алып, ұзақ қарады да, иесіне қайтып берді. — Жоқ, – деді ол сәл үнсіз тұрып, – көрген жоқпын. — Мүмкін әлі тірі шығар? – дейді кемпір қара қоңыр алжапқышын сілкіп қойып. Атам ойланып қалды. Суретке тағы бір қарады да, басын шайқады. — Әлі тосып жүрсіз бе? — Мына бір тәңір алғырлар жабысып алып, айрылсайшы! – дейді қария. – «Көш те көш». Мен қалай ғана көшемін? Коля келіп қалса ше, ойда жоқта? Ал мұнда ештеңе де жоқ. Су басып жатады. Атам сәл үнсіз тұрғаннан кейін, баяу ғана дауыстап былай деді: — Оныңыз бекер болған. Коля келе қалса, жаңа мекеніңнен-ақ тауып алады. Оған күмәнданба. Кемпір орамалын көзіне дейін түсіріп, қайта байлады да, үйге кіріп кетті. Сонан кейін тағы да ағаш жақтауға салынған суретті ораған ақ шүберекті әкеле жатты. Қайтадан бұрылып, үйіне қарады да, шоқынып сәл кідірді. – Қалай, Яковлевна? – деп сұрады қасқа бас еркек. Сөзінің аяғы бір түрлі жасқаншақтап шықты: – От қояйық па? – Қайтейін, өздерің біліңдер, – кемпір жылап жіберді. Мен қарт адамдардың жылағанын көп көргенмін. Біріне-бірі ұқсас жылайды. Жүздерінде онша өзгеріс болмаса да, көздерінен жас домалап бара жатады. Қасқа бас еркек тағы да баяу тіл қатты: – Жарайды! Құдайына тапсырдық! Олардың бірі қолына шелек алды да үйдің шатырына жер май құйды. Содан кейін аспанның өңі қашқандай. Жалынның қып-қызыл сүйір тілдері жалақ қағып, көкке көтерілді. Оттың қызуы айналаны күйдіріп бара жатқан соң біз кейін шегінісіп тұрдық. — Майдандағы шегінгенімізге ұқсайды, – атам мұңая тіл қатты. — Бірақ мынау шегіну емес, шабуыл ғой! – әкем жайраңдай сөйледі. — Мұны неге өртейді? – деп таңырқадым мен. — Тәртіп бойынша солай, – дейді мамам. Көшкен жұрттың орнын былықтырып қалдырмай, осылай өртеп кету керек. Санитарлық тәртіпке байланысты. Біз үнсіз жүріп кеттік. Үйге келгеннен кейін де көп уақытқа дейін қолында ақ түйіншегі бар қарияның шағын тұлғасы көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Мен оның соңынан біраз қарап тұрдым, жаным ашығандықтан ба әйтеуір жүрегім сыздағандай...

ҚОПАРЫЛЫС Атамды құрылыс бастығы шақыртты. – Жобаңыз ұнапты, – дейді әкем, – қопарылысқа өзіңіздің басшылық жасағаныңызды қалайды. Міне ғажап! Атам қоймада отырғанда тектен-текке қағаз шимайламаған екен ғой. Бір қопарылыспен-ақ турбиналарды монтаждауға қажетті алаңды даяр етуді есептеп шығарыпты. Қопарылысқа ұзақ даярланды. Бір күн ғана емес, күн сайын таңертең атам әкеммен бірге құрылысқа аттанады. Үйге өңін күн қақтап, терге малшынып, шаршапшалдығып, кеш оралады. Ақыры маған: – Ертең түс кезінде! – дегенді айтты. — Кешканы да шақыруға бола ма? – деймін мен. — Шақыру қажет! – деді де атам қуана тіл қатты. – Бұл менің өмірімдегі ең үлкен қопарылыс болмақ.

Мен Кешканы шақырып едім, бүкіл отряд түгелдей жетіп келіпті. Айтары не! Мен шақырмаған күнде де, бәрібір келер еді, өйткені бүкіл поселканың адамдары осы маңайға жиналды. Әне, бүгін жексенбі болғандықтан өз тәрбиесіндегі балақандардан қолы босаған Анна Робертовна да келіпті. Иннокентий Евлампиевич жылы жүзбен сәлем береді... Атам галстук тағып, ақ көйлегін киген, шашын әдемілеп тарап, диабазды жартастардың үстінен бір түрлі салтанатпен жүргендей, оның артынан бір топ қопарылыс мамандары мен құрылыс бастығы еріпті. Біздің сыныптың балалары түгелдей менің жаныма жиналып алған, мен оларға қопарылыс кезінде не істеулері керектігін: құлақтарын жауып, ауыздарын ашу қажеттігін түсіндірдім. Менің қасымда мұрнын тартып қойып, Газ Баллоны да тұр. Бір кезде одан «американканы» қалай ұтып алғаным, оның мені қалай председатель етіп сайлағаны есіме түскенде күлкім келді. «Шынымен осының бәрі менің басымнан өтті ме, – деп ойладым, – бірақ мұның бәрі де өткен іс емес пе?..» Осы кезде бір ғажайып оқиға болды. Жо-жоқ, қопарылыс емес! Ең алдымен мен аға вожатыйымыз Галяның жүзін көрдім. Ол ығы-жығы адамдарды ығыстыра қолын бұлғап келеді екен. Оның соңынан солдат киімін киген бір жігіт ілесіп келеді. Ол да қолын бұлғап, бізге қарап күледі. Бұл – Борис Егоров еді! – Қараңдар, кімнің келгенін! – деп айқайлап жібердім. Балалар шуласып, Бориске қарай жүгірді де, оған жеткен бетте барлығы жабылып, көтеріп тербетпек болып еді, бірақ солдатымыз өте ауыр екен. Балалар оны жығып алды да, өздері де үйме-жүйме болып үстіне құлады. Бізге қарап тұрған адамдардың бәрі дәл бір цирктың ойынын көргендей мәз-мәйрам. Борис орнынан тұрған кезде, оның жүзі алаулай қалыпты. — Сендерге не болған! – дейді ол. – Мені емес, генерал Рыбаковты көтеріп тербетулерің керек. Қараңдаршы! Барлығымыз да қопарылыс болатын алаңға қарадық. Атам басына темір қалпақ киіп алыпты. Сонан кейін ол қолындағы кішкентай қызыл жалауды сермеп қалып еді, алаңды айнала қоршап тұрған кезекшілер арнайы ысқырықтарымен ысқыра бастады. Атам ракета ататын тапаншасын жоғары көтере берген кезде, қып-қызыл жұлдыз көкке қарай шаншыла ұшты. Денем дір ете қалды. Құлақты жарардай боп сирен үні шыңғырды. Соғыста, әсіресе, жау самолеттері шабуыл жасаған кезде осылай шыңғырған шығар. Осы қазір біздің үстімізден жау самолеті құлдилап келіп бомбы тастайтындай, әлдебір қуысқа тығылғым келіп кетті. Жұрт тыныштала қалды. Ту сыртымда тұрған Кириллдің ауыр тыныстағанын сезінемін. — Құлақтарыңды жабыңдар! – дедім мен ақырын ғана, дәл сол секундта диабаз жартастары аспанға қарай көтеріле берді. Барлығы да бір мезгілде! Аспанға көтерілген соң жартастар сынып, тас фонтаны сияқты жан-жаққа шашырай ұшты. Олар барған сайын биіктеп көк жүзіне дейін өрлей берді. Тас фонтандары біраз биіктікке дейін жарыса ұшып барды да дәл бір атылған ракета сияқты сәл аялдап кеңістікте тұрып қалғандай көрінді. Сөйтті де қайтадан төмен қарай құлады. Осы кезде бәрі де араласып кетті. Бұл нағыз долы құйын еді. Ауыр жартастар жерге қайта келіп теңкисе, ұсақ тозаңдар аспанда әлі де ұшып жүрген. Әлде бір қуатты қол диабазды жартастарды көтеріп алып, көрпенің шаңын қаққандай сілкіп қалған сияқты. Көрпені қалай қағатынын білетін шығарсыздар, дәл сол сияқты. Көрпені сілкіп қалуы мұң екен, кесек-кесек қой тастар мен уақ тастар аспанға фонтан болып атылды да көк жүзін қара қошқыл бояумен бояй салды. Қопарылыстың гүрсілі жеткен кезде келе ұрынған ауа толқыны құлақты бітеп, ашып тұрған аузымызды толтырды да, өзімізді кейін қарай серпіп тастады.

Аспанды торлап алған шаң-тозаң жерге қонып үлгірмей-ақ Кирилдің қуанышты даусы естілді: — Міне, сурет деп осыны айт! – деп айқайлады. Сол кезде мен өзімізге қарай келе жатқан атамды көрдім. Ол сүрініп-жығылып әрең келеді екен. Темір қалпағына, галстук таққан ақ көйлегіне қалың шаңның қабаты шөгіпті, ал қолынан қан көрінеді. Мен оған қарай жүгіріп келдім де, қолында қызыл жалаушасы бар кісіні итеріп жіберіп, құшақтай алдым, үрейлі дауыспен айқайлап та жіберіппін. — Не болды? Не болды саған? Бірақ атам мені жымия қарсы алды, ол аздай, үйреншікті өлеңін қайталады. Қаза келсе – қас қағымдық өлімі, Жара болса – жан қинамас жеңілі...

Алаңға жан-жақтан экскаваторлар ағыла бастады. Қамалға шабуыл бастаған танктер сияқты. Самосвалдардың моторлары гүрілдеді. Быт-шыт болған диабаз жартастарының сыпықтары машиналардың қораптарында кетіп бара жатты.

ӘДІЛЕТСІЗ ӘРЕКЕТ Жарасы шынында жан қинамас жеңіл екен, бір тастың қиыршығы тиіпті. Осындай ірі қопарылыс кездерінде үнемі дәрігерлердің кезекшілікте тұратыны сияқты бұл жолы да олар даяр тұр екен. Атам қолына дәрі жақтырған соң біз үйге қарай бет алдық. Атамның көңіл-күйі соншама жақсы сияқты, әзілдеп-қалжыңдап мәз мәйрам болады, содан кейін Бористен әскери қызметінің қалай өтіп жатқандығын сұрайды. Егоров пен Галя және барлық отряд біздерді үйге дейін шығарып салған соң кеткілері келіп еді, бірақ атам оларды үйге қоймай кіргізді де бүгінгі қуанышқа арналған дастарқанды жая бастады. Үлкен бөлменің іші тарылып сала берді, еденде отырған балаларға атам үлкен шәугімнен шай құйып ұсынады, барлығы да көңілді-ақ, әсіресе менің екі езуім екі құлағымда. – Эх, балалар! – дейді атам барлығы шай ішіп болғаннан кейін, – әлде бір істі тындырып тастаған қандай рахат! Ұғасыңдар ма, іс тындырған. Оқыған. Жұмыс істеген. Достасқан. Айталық мен – өз ғұмырымды жасап болған кезде құрылыс алаңын қопаруға сәл көмектескен шалмын, көріп отырсыңдар, балаға ұқсап қуанып отырған түрім мынау, тіпті, жасарып кеткен сияқтымын, әрине, айтуға ғана жеңіл, әйтпесе ойыңа алған шаруа сол күйінде орындала бермейді. Бірақ соның өзі де жақсы екен. Ең бастысы, үлесіңді қосар шаруа бар! Әлде нені жақсарта түсуге көмектесе аласың! Сонан кейін біз ән бастадық. Әрине, өзіміз жақсы көретін әнді ең алдымен айттық. Комсомолдар шеру тартты Елі үшін соғыспаққа. Балалар шулап-шұрқырап тарай бастады, атам әр қайсысының қолын қысып, болашақтарына табыс тіледі. Ең соңынан Пухов шықты. Мен есік алдында балаларды шығарып салып тұрғанмын, атам екеуінің даусы анық естіледі. Газ Баллоны: — Антон Петрович, мені кешіріңізші! – дейді. — Не үшін? – Атам таңырқайды. — Түнеукүнгі өлген тиін үшін, – дейді Кирилл. — Оны өлтірген сен бе едің? – атамның үні қатқылдау естілді. — Жоқ, – дейді Пухов.

— Онда не үшін кешірім сұрап тұрсың? – Мен ол кезде тиіннің қалай өлтірілгенін көріп тұрғанмың, – дейді Газ Баллоны. Ол есіктен зу етіп жүгіре шыққан кезде мен жол беріп әрең үлгердім. Кирилдің жүзі шаяндай болып қызарып кетіпті. Менің бетіме де қараған жоқ. «Мәселе деп осыны айт!» – деген ой келді маған. Балалар кеткеннен кейін атам почтаға бет алды. Ол жақтан тағы да өңі қашып оралды. Қолында ауызы ашылған хаты бар. Ол тағы да хатты жыртып тастар ма екен деп едім, бірақ оны қалтасына салды да, қолына кітабын алды. Кітапқа үңіле қарағанымен, оны оқып отырмағаны белгілі еді. Ашқан бір бетін қайтып аударған жоқ. Мен тағы да оның дәрісін даярлап әкелдім де: – Өңің бір түрлі болып отыр ғой, – дедім. – Түк те емес, – дейді атам, – мүмкін қопарылыстан болар. Қопарылыстан дейді-ау! Қопарылыстан кейін оның өзін қандай күйде сезінгендігін жақсы білемін, менің де көзім бар ғой. Оның көңіл-күйін бұзған хаттан басқа ештеңе де емес. Мынандай да болады ғой кейде! Бір бөлмеде өзара жақын екі адамның ұрсыспай, үн-түнсіз отыратын кездері болады ғой. Атам үнсіз. Мен де жұмған аузымды ашпаймын. Бір нәрсе сұрасам қысқа ғана жауап береді де, тағы ойға шомады. Таусылмайтын шексіз ойлар... Орнынан қарғып тұрады да, бөлменің ішін адымдап кезіп кетеді. Ас үйге барып шылым шегеді. Тағы да отырады, тағы да тіл қатпаймыз. Сөйтіп түнді қарсы алдық. Менің тіпті ызам келе бастады. Солай да болады екен-ау! Туған немересіне айтпайтындай тағы не болып қалды? Шынын айтсам, басымда бәрі де шатысып кеткендей. Атам үшін мен қиналамын, қазіргі түріне қарасаң жаның ашитындай. Бойын жайлаған әлде бір өкінішін біреуге айтуға, сөйтіп шерін тарқатуға шамасы жоқтай. Біреуге айтар болса, бойы жеңілдеп салар еді ғой. Менің оған көмектескім келді, мейлі мен таңдап алған жол әділ болмаса да, соған бекіндім. Ол төсекке жатып, көзі ұйқыға кеткен бетте хатты аламын да, оқимын деп кешке жақын-ақ шешіп койғанмын. Не болса, ол болсын. Сонан соң таңертең атама бар жайды жайып саламын. Мынандай мазасыз күйінен құтылса болды. Болары болып, бояуы сіңген іске не істейді. Солай емес пе? Көңіл-күйді тас-талқан етердей хат бола ма екен? Төсекке жатқан бетте ұйқының иіріміне шым батып бара жаттым. Ойда жоқта сол иірімге шым батып кетуің оңай. Ұйықтап кетпес үшін сол иірімге түсіп кетпейтіндей өзіңді сергек ұстау керек. Басыңды сілкіп, ұйқыны қуалау қажет. Ал, көзің бір ілініп кеткен соң ол иірімнен шығып кетуің екі талай. Ол үшін бөлменің іші қараңғы болса, терезеге қарауың қажет. Өйткені, жаздың түні де жарық болады ғой. Мен үш рет сол иірімге күмп ете түстім де, үш ретінде де әйтеуір ояндым. Ақырындап атама қарап едім, ол ұйықтамай жатыр екен. Көзі ашық жатыр. Ақыры бір кезде ұйықтады-ау, әйтеуір. Көзімді анық жеткізу үшін аяғымның ұшынан басып қасына барып қарап едім, ұйықтап кетіпті. Шалбарын алдым да қалтасына қолымды сүңгітіп жібердім. Сол кезде қырсыққандай қалтасынан тиындары шылдырлап жерге төгілді. Тыныс ала алмай қалдым. Сіресіп тұрмын. Қазір ғой атам оянып кетіп, менің мына тіршілігімді көре қалса масқара болды деген сол! Бірақ бөлменің іші әлі тып-тыныш. Тағы да қолымды қалтаға салдым. Хаттың қағазы сытырлай қалды. Ақыры хатты алып шықтым да, жуынатын бөлменің шамын жағып, есігін бекітіп алдым. Хатты ашайын. Өте ұсақ әріппен жазылыпты. Асығып-үсігіп тұрып жазуын түгел тани алмадым.

«Құрметті Антон Петрович... сөйтіп... туысқандарыңызды іздеген радио хабарын тыңдап... Мұның өзі Гомель жолында болған... шамасы... Сережа... Әйелімнің есімі Екатерина Ивановна... туған жылы да дәл келіп... жалғыз ғана суреті қалған еді... барған бетте хабарласыңыз... көптеген жыл өтті ғой...» Хаттың соңғы жағы ірі де тасқа басқандай ғып жақсы жазылған екен. «Мүмкін бәрі де біз ойлағандай емес шығар, мен де босқа жол кезіп барғанмен сіздерді текке мазалармын. Алған бетте хабарын берерсіз». Болды. Адресін жазыпты. Түк ұқсам бұйырмасын. Хатты конвертке салдым да қайтадан бөлмеге кірдім. Бөлмеге кірдім де, өз көзіме өзім сенбегендей селтиіп тұрып қалдым. Атам орнында жоқ еді.

ТҮНДЕГІ ӘҢГІМЕ Қорыққаным сонша еш нәрсені ойлап та үлгіре алмадым. Мен есікті тарс еткізіп жаптым да папам мен мамам жатқан бөлмеге барып, оған басымды сұға салып, ас үйге жүгірсем... у-у-х, демімді әзер алдым-ау. Атам орындыққа отырып алып, қараңғыда темекі тартып отыр екен. Сигареттің шоғы бірде аппақ болып қызара қалады да бірде өшкінденіп кетеді. Шамды жағып жібердім де: – Қорқып кеттім ғой! Жаңа ғана ұйықтап жатыр едің, енді бір қарасам орныңда жоқсың, – дедім. Атам үн-түнсіз маған, сонан соң менің қолыма қараған сәтте мен де өз қолыма қарап едім, біреу үстіме ыстық су құйып жібергендей күйге түстім, өйткені қолымда хат тұр еді. Кірпігімді көтердім. Не деп түсіндірермін, не деп ақталармын? Бұл жерде ақталатын не болушы еді, егер мен қайдағы бір ұры сияқты қалтасына түскен болсам! Мұны түсіндіріп те болмас. Мен кірпігімді көтердім, басыма қарай шапшыған қаным шеке-тамырымды солқ-солқ бүлкілдетеді. Атам менің сыртқы тұлғама емес, ішкі жан дүниеме үңілгендей жанарымен ішіп-жеп қарады. Бар пошымымды зерттеп отырғандай. Бөгде адамның қалтасына түсетін жанның қандай екеніне әбден қарап алайын деген сиякты. — Мені тіміскіленіп жүр деп ойлап қалма, – дедім мен бір кезде тұнжырай сөйлеп. — Енді қалай! – дейді ол. — Мен жай ғана оқып шықтым, ұғасың ба? Осы хатты алғаннан кейін-ақ сен бар тіршіліктен безінгендей көріндің, содан кейін де оқыдым, өйткені қайдағы бір хат үшін өйтуге болмайды ғой! Ол маған тағы да көз салды. Бірақ алғашқыдай емес, жанары жылығандай. Сәйтті де көзін жұмып, былай деді: — Шамды өшірші. Біраз сыбырласып алайық! — Сыбырласайық, – дедім мен қуанып кетіп, күтпеген ұсыныс есімнен тандырғандай. Сөйтіп, біз қараңғы үйде отырмыз. Оның өз атам бола тұра бұл ісінің дұрыс болмағандығын, туған немересіне, басқасын айтпағанда, бір-бірімізден сыр жасырмайтын болғандықтан бұл жолы сырын бүгуінің дұрыс еместігін айттым. Сигареттің шоғы таңқурай түстеніп тағы бір қызарған сәтте атамның маңдайы, мұрны, иегі де қызарып көрінді. Көзі көрінбейді. Сондықтан да мен оның ойланып отырғандығын көзіне қарап қана байқаймын. Сөзіне қарап байқау өте қиын. Сөзіне емес, көзіне қарау қажет. Көз ешуақытта алдамайды. Атам: — Оқып шықтың ба? – деп сыбырлайды. — Ештеңе де ұққан жоқпын, жазуы өте ұсақ екен. Ол сенің досың ба?

Майдандасың ба? — Жоқ, – дейді атам, – досым емес. Мен сен ұққан екен деп ойлап едім. Ол – досым емес, Антошка, мүлде басқа адам. Мүмкін, ол сенің атаң шығар. Мен күліп жібердім. — Мамамның папасы өліп қалғалы қашан, – деймін мен. – Кешка сияқты емес, менің атам біреу-ақ, — Сен менің әскери құпиямды ұмыттың ба? – деп сұрады ол. Біреу мені өкпе тұсымнан ұрып қалғандай, тыныс ала алмай қалдым. — Сен немене! – дедім сыбырлап, – сен не дедің! Қайдағы атамды айтып отырсың! Менің атам – сенсің! Ол менің қолымды ұстап, алақаныменен сипап қойды. Әжім басқан бүртікбүртік алақаны сондай ыстық екен. — Тыңда, Антошка, – дейді ол сыбырлап, – ықтиаттап тыңда және сөзімді бөлме. Соғыста, Сережаны тауып алған кезімде мен Лидаға оның әкесін іздеуді тапсырғанмын. Бірақ ол соғыс біткен соң бірақ іздейміз деп маған жауап жазған еді. Соғыстан кейін іздеу де оңай болған жоқ. Мүмкін еместей еді. Менің бар білетінім баланың есімінің – Сережа, шешесінің есімінің – Катя, Екатерина екендігі ғана. Бар болғаны – сол. Егер сол күні танктер келіп киліге кетпегенде мен оның анасының мәйітін тауып, документтерін алған болар едім. Бірақ немістер ойда жоқта келіп килікті. Шегінуге тура келді. Ол кезде панасыз балалар қабылдайтын арнаулы мекемелер болатын, ол мекемелер балаларды жинап, олар туралы деректерді анықтайды. Мен соларға хабарластым, басқа да мекемелерге хат жаздым. Олардың барлығы да баланың атаанасын анықтау мүмкін емес деп жазумен болды. Сөйтіп, біз тынышталғандай едік. Сережаны өз баламыз ғып, өз ұлымыздай ғып өсірдік. Сонымен біржолата іс бітті дегенбіз. Ол үнсіз қалды, менің қолымның үстінде жатқан алақанының сәл дірілдегенін сеземін. Мен екінші қолыммен оның қолын ұстадым да сәл қысып қойдым. — Солай-ақ болсын! – деймін мен. – Әрине! Әрине, сонымен іс бітті емес пе! Сен менің атамсың, басқа әңгімені білмеймін. — Тұра тұр, – дейді ол, – мен де солай ойлағанмын. Бұрын анықтап іздеу үшін нақты деректер қажет болатын. Бірақ қазір радиомен арнаулы хабар береді екен. Сол хабар арқылы ата-аналар өздерінің балаларын іздестіреді. Естерінде қалған сәл белгілерін айтады. Мен де сонда хат жазғанмын. Сережа туралы радиодан мен жазған хабарды берді. Оның ән салғаны туралы, мамасының есімінің кім екендігі, бұл оқиғаның қай жолда болғандығы және уақыты – бәрі-бәрі айтылды. Сигареті өшіп қалғалы біраз болған, бірақ оны атам байқаған жоқ. — Сөйтіп міне хат келіп отыр, – дейді ол. – Мүмкін бұл Сережаның әкесі, сенің атаң шығар. Мен енді болмаса айқайлап жібере жаздадым, көзіме тығылған жас пен өкініш тұншықтырып барады. Атама деген, оның мынау әділдікке жатпайтын әрекетіне деген өкініш. — Неге? – деймін мен сыбырлап. – Неге сен осындай іске бардың? Неге? Неге?

ШЕШІМ Ол ұзақ уақыт үнсіз отырды, мені осыншама бүлінер деп ойламаса керек. Содан кейін шырпының оты жарқ ете қалды да, сигареттен тағы да қызыл күрең шоқ көрінді. — Өзіңді-өзің ұстай біл, – дейді атам қатқыл үнмен, – жігіт бола біл! Ол үнсіз отырды да: — Сен менің орнымда болсаң өзіңнің де осылай істейтініңе сенемін, әйтпесе сен менің немерем болармысың.

«Менің» деген сөзге екпін түсіре айтты. Мен тынышталғандаймын. Атам менімен иығын тең ұстап отырып сөйлесті. Ал енді сенімен біреу иығын тең ұстап отырып сөйлессе, онда қиқаңдай берудің қажеті жоқ. Өзің де өзіңмен байсалды түрде сөйлесіп отырған адаммен дәрежені тең ұстауың керек. Мен алғашқы сөзімді қайталадым, бірақ дауыс ырғағымда өзгеріс басым: — Неге осындай іске бардың? Түсіндірші! — Сенің папаңның өз туғандарын ешуақытта, түсінесің бе, ешуақытта іздемейтіндігіне кәміл сенемін. Ол мені әкем деп ғана біледі. Сол үшін де мен оған ризамын, – Дұрыс! – деймін сыбырлап. – Бұл Сережаның көзқарасымен алып қарағанда дұрыс нәрсе. Сенің көзқарасыңмен де солай. Бірақ мен барлығын да істеуге тиістімін. Барлық мүмкіндікті пайдалануым керек. Бұл менің өз арымның борышы! Соңғы борышы! — Түн ортасында әңгіме соққан бұлары кім тағы! – деген дауыс естілді., Жарқ ете қалған шамның жарығынан біз селк етіп, көзімізді жұма қойдық. Үйдің табалдырығында іш киімшең тұрған папам бізге күмәндана қарайтындай. — Бөлменің іші түтінге толып кетіпті, – дейді ол таңырқап. — Ештеңе етпейді, – деді сасқалақтаған атам, – сен бара бер, біздің ұйқымыз келмей отыр, екеуміз таңертең ешқайда бармаймыз ғой. Папам басын шайқады да су ішіп алып, шамды сөндірді. — Түн ішінде әңгіме-дүкен құратын төңкерісшілер сияқты екенсіңдер, – дейді ол кетіп бара жатып. Менің күлкім келді. Шындығында төңкерісшілер сияқтымыз. Өзі жайлы әңгімелесіп отырсақ та папам тіпті сезіктенбейді де. Шындығында! Атам хаттарды боратып, папамның туысқандарын іздестіріп жатқан кезде ол жай біздің ойымызға да келмепті ғой. «Бұл атамызға не болған, неге осыншама өзгеріп кетті» деп жорамал айтып жүре беріппіз. Мен маңдайымды атамның қолына тигіздім. — Бұл не істегенің, шалым-ау, – деймін мен, – өзіңді бұлай қинамасайшы! Ол ақырын ғана күліп қойды. — Эх, Антошка! Осының бәрін байқап жүру саған қызық-ау. Бәрін де білгің келіп тұратының-ай кіп-кішкентай болып! — Мен кішкентай емеспін, – дедім мен, – кәдімгі адаммын! Сен өзің айтқандай мен есейіп келемін. Сонан кейін, сендер, үлкен адамдар неліктен бізді кішкентай деп санайсыңдар? Егер адамның бойы кішкентай болса, оны кішкентай адам деуге болмайды ғой! Ол да үлкендер сияқты адам! Барлық жайды да ұға алады! Өтірік пе, кәне? — Шындық! – дейді атам, – шындық болғанда қандай! Бірақ менің не істеуім керек? — Сен менен сұрап отырсың ба? – деп таңдандым. – Менсіз-ақ өзің бір шешімге келіп отырсың ғой. – Шешкенім рас, – деді де, сигаретін өшірді.

КЕСТЕЛІ КӨЙЛЕК КИГЕН АДАМ Ол мәселені қалай шешті? Кешке дейін сол мазасы кеткен күйде жүрді. Бірде бөлме ішін шарлап жүріп кетсе, бірде ас үйге кіріп, ыдыс-аяқ жуады. Сөйтіп жүргенде бір кесені сындырып алды. — Жақсылыққа! – деп айқайлаймын мен. Бірақ атам оған да тіс жарған жоқ. Тіпті, кесенің сынып қалғанын мүлде байқамауы да мүмкін. Шыны-аяқтың сынықтарын жинап алып, қоқыс төгетін ыдысқа салды, онда да өз әрекетін өзі білмей

жүрген адамдай қимылдайды. Кешкілік атам жанарын төмен түсіріп: — Маған бір досым келмекші еді. Бірер күнге, әрі кетсе екі күнге ғана, – деді. Папам газетін оқып, мамам киімдерін үтіктеп, өздерімен өздері, олар атамның жай-күйінен мүлде бейхабар. — Мейлі, келіп тұра берсін, – дейді папам. — Сіз соны айтайын деп пе едіңіз? – деді мамам. Атам басын изеп, саусақтарын шытырлатып, тағы да жанарын бір нүктеден айырмай ұзақ тесірейді. Сөйтті де, бір ақылын тапқандай өз тізесін көңілдене ұрып қалып, орнынан атып тұрды. — Жетер енді! – Қуана үн қатты. Мамам мен папам оған таңырқай қарап қалыпты. Атам бөлмені кезіп жүріп кетті. Одан тоқтай қалып салмағын біресе аяғының басына, біресе өкшесіне түсіріп, сәл тербетіледі. — Ольга! – жігерлене сөйледі. – Жұмыс! Қандай болсын бір жұмыс бер! — Менің берер жұмысым жоқ! – дейді мамам. Сол кезде атам оның қасына барды да, әй-шәй жоқ оның үтігін қолынан тартып алды. Мамам атамның бұл қылығына таңырқай тұрып, оның мұндай шаруға араласпауын сұрап еді, атам болса оның сөзін мүлде естімеген адам сияқты қалып танытты. – Жұмыстарыңды үй маған! – деді ол айғайлап. – Кәне бол! Киімдеріңді үтіктеп болып қалдым... Өзіңе өзің қызықтап қарап тұрғаннан зиянды дүние жоқ. Егер адам бір шешімге келсе, онда ары қарай әрекет істеу қажет. Түсінікті ме? — Оны кімге айтып тұрсың? – әкем таңырқай сауал қойды. – Өзіме-өзім, – дейді атам маған көзін қысып қойып. – Сонан кейін Антошкаға айтып тұрмын. Бұл сөздің саған қатысы жоқ. Ол өзгеріп сала берді. Мамамнан үтікті тартып алған сәттен бастап өзгерді десе де болғандай. Бұрынғыдай бөлменің ішін босқа кезіп кеткенін және бір сәтте бірнеше сигарет тартқанын да қойды. Жұмыстан бас алмады. Үйдің қасынан көгал жасаймын деп екі күннің ішінде бір гектардай жерді жыртып тастады. Күректі мен қолыма ала қалғандай болсам, қуалауға тырысады, немесе: — Антон, маған да жұмыс қалдыр! Бар беделімді салып өтіне сұраймын, – деп өтіне қиылады дейсің, сонан кейін көзін көңілдене қысып қоятыны бар. Оның сыры маған мәлім еді. Соншама неге көңілденіп, өзін жұмыспен неге айналдырып жүргені де маған түсінікті еді. Ол күткен адамына Жеделхатты жіберіп қойып, енді сол кісіні асыға тосып жүрген жайы бар. Соны ойлап, өзін өзі қинамас үшін көңілін бөлер сылтау іздеп жұмыс істейді. Күндер өткен сайын менің ішкі толқуым да арта түскендей. Атам болса берілер емес. Қара терге шомылып, жерді қаза берді. Тек сусын ішу үшін ғана тыныстайды. Кешкілік бітірген жұмысына есеп бере бастайды: Көгалдандыру мәселесіне көңіл бөлінбеген. Қайта кей-кей жерлерге самырсындарды қалдырыпты, бірақ олардың әлі өсуі қажет. Әлі тым жас. Поселка болса жап-жаңа, бірақ айналада қылтанақ жоқ, тіпті жоқ деп айтудың өзі ұят. Папам онымен келісе кетеді де мысқылды уәж айтады: — Көгалдандыру жөнінде арнайы шаруашылық ұйымдастырамыз ба деп едік, бірақ соның түкке қажеті жоқ сияқты. Сенің мына қарқыныңа қарағанда бүкіл поселкамыз жасыл желекке оранатын шығар. — Несі бар, – дейді атам ойлана отырып, – егер осылай кете берсеңдер... Бірақ солай кете берген жоқ... Бірде ол аулада тағы да жерін қопарып жүрген кезде үйдің қоңырауын біреу қақсын. Мен есікті аштым да, келіп тұрған кісінің сол екенін біле қойдым.

Менің қарсы алдымда ұзын бойлы, шашын қырау шалған, қасы қап-қара бейтаныс біреу тұр еді. Кестелеп тіккен украиндықтардың әдемі көйлегін киіпті, қолында шамаданы бар. Ол үнсіз қалпы шамаданын жерге қойды да менің қолымды қысты. Тершіген алақаны жұмсақ екен. Мен байқатпай қолымды шалбарыма сүрттім де терезеге жүгіріп барып, атамды шақырдым. Ол үйге кіргенмен дәлізге сәл аялдады да, терең күрсініп қойды. — Қанеки, – деді ол, – үйге кіріңіз. Қысқасы мен де олардан бір қадам кеткем жоқ. Қонақтың фамилиясы Савченко екен. Николай Михаилович. Ол өз есімін бір түрлі қызық қып айтады екен: Миколай. Мен оған қанша қарасам да бір сәтке де, тіпті жарты сәтке де, осы менің атам, әкемнің әкесі болар-ау деп елестете алмадым. Мен оның бөгде өңіне, қара бояумен бояп қойғандай қап-қара қасына, оның көйлегіне, қолына қарап, жүрісіне үңілдім, үнін тыңдадым, бәрібір менің көңілімде ұялаған бір-ақ жай бар еді. Асүйге шақырып алып, былай деп жалынсам деймін: «Кетіңізші! Өтінемін, кетіңізші! Не іздеп келдіңіз мұнда!» — Бала біле ме? – деп сұрады келген кісі. – Оның есімі Антон болады, – деді атам басын изеп. Ол бұл сөзді естімеген кісіше сауалын жалғастырды. — Ал, Сергей ше? — Жоқ! – деді атам. – Онда тыңдаңыз, – дейді Савченко.

ТАҒЫ БІР ӘҢГІМЕ. КЕРНЕЙШІ ТУРАЛЫ Ол кезде бұл ақ басты адам да мүлде жас болған екен. Соғыстың басталғанын білген бетте еріктілердің бірі болып жазылыпты. Әйелі Катяны құшып, ұлы Сережаның бетінен сүйеді де, жүк машинасына отырып, майданға тартып кетеді. Жүк машинасының соңынан көтерілген құшақ-құшақ шаң бірге ілеседі. Қою шаңның арасынан зайыбы мен ұлына қарап, көз ала алмай аттанады... Бірінші шайқаста-ақ өзін көрсете біліпті. Немістердің лақтырған, біздікіне ұқсамайтын, ұзын сапты гранаты біздің окопқа түседі. Бірақ жарылмай бір орнында ысылдап айнала береді. Сонан соң ол неміс гранатының біздікі сияқты лақтырған бетте бұрқ ете қалмай, біраздан кейін барып жарылатынын біле қояды. Гранат болса әлі дөңбекшіп жатады. Ойланып тұрар уақыт емес, жанұшыра гранатты алып, немістердің өзіне қарай зуылдатады. Гранат аспанда жарылады. Өзі де қорқып кетсе керек. Бір тәуірі, соңынан қорыққан ғой, әйтеуір. Егер қорқып орнында тұра бергенде, дау жоқ, жер жастанар еді. Ал ол жолы соның арқасында тірі қалады, командованиеден алғыс алады, оған қоса бұдан былай гранаттан қорықпайтын болды. Барлық шатақ осы гранаттан басталыпты. Оның таңғажайып ерлігі атағын біраз жерге жайса керек. Былайша айтқанда, көп мақтаудан басы айналған. Ол келесі бір жолы тағы да ысылдап айналып жүрген гранатты ұстай алған кезде қолында жарылып кетіпті. Жолы болып, тағы да тірі қалған. Онан да жолы болмай-ақ қойса етті! Бұл – оның өз сөзі. «Сол жерде сеспей қатсам жақсы еді» дейді. Жарылыстан есі ауысып, гранаттың жарықшағы бір қолын жарақаттапты. Жарылыстан кейін ес-түссіз құлап түседі, ал есін жиған кезде төбесінен төніп тұрған немісті көреді. Сөйтіп, ол тұтқынға түскен. Фашистердің тұтқынына. Ең қорқынышты ажал апаны – тұтқындар лагерінде болады. Тұтқындағылардың соғысқа дейін кім болып істегенін анықтап, немістер әр түрлі мамандық иелерін – инженерлерді, электриктерді

іздестіреді. Бір істеріне қажет болса керек. Ол соғысқа дейін оркестрде ойнаған музыкант екен. Оркестрдің солисті. Бұл дегеніміз басқа музыканттармен бірге де, қажет болған кезде жұрт алдына жеке шығып та ойнайтын музыкант деген сөз. Фрицтер оның солист екенін білген кезде қатты қуанса керек. Оларға музыканттың не үшін қажет екенін білмей, бұл таң қалады. Неге қажет болғанын ойлап табу мүмкін бе? Өйткені хайуандық әрекет және музыка деген ұғымдар бір-бірінен алшақ жатқан дүниелер ғой. Оны оркестрге қабылдайды. Әр түрлі ұлттардың өкілдерінен музыканттарды жинап, қолдарына музыка ноталарын тапсырады. Түрлі-түрлі вальстер, көңілді марштар, фокстроттарды үйренуді тапсырады. Музыканттарды да әдейі әр түрлі халықтың өкілдерінен жинастырады. Бірбірлерінің тілін ұқпасын, сөйлесе алмасын дегендік қой баяғы. Ал музыка тілі – ортақ. Сондықтан оның ноталарын қалағандарынша бере береді. Музыканттар жаттығу жүргізіп, жұмыстарын жалғастыра береді. — Құдай ұрды ғой! – дейді ол. – Құдай ұрды ғой! Мен сонда гранатты неге ғана ұстай алдым екен! Ең жақсысы сол жерде... Жұмыстары адам төзгісіз болыпты. Бірақ немістер музыканттарға артық тамақ беріп, басқаларға қарағанда әжептәуір күтетін болған. Өйткені, музыканттардың жүзі бал-бұл жанып тұрмаса да, адам қарағысыз азып-тозған кейіпте болуға тағы болмайды екен. Басқа тұтқындардың күйлері дәл сондай болған ғой. Өйткені, олар күндіз-түні тас қашаудан бас алмайды. Біраз жұмыс істеткен соң, оларды «моншаға» қарай, қайтып оралмас лагерге қуалайды. Монша деп – тұтқындардың өздері қойған атау ғой. Өйткені, ол «моншаның» мұржасынан қап-қара күйік исі бар түтін ұшады екен. Бұл – адамдарды өртейтін арнаулы пеш. Мұндай «моншадан» кейін олардың барар лагерьлері белгілі ғой – о дүние. Адамдардың жаңа легін «моншаға» шығарып саларда фашистер аппақ биялай киген қолдарын сермеп, олармен күле коштасады екен. Сол кезде бұлардың оркестрлері көңілді әуендерді, вальстерді, марштарды, фокстроттарды құйқылжыта ойнауға тиісті. — Оң сапар тілейміз! – дейді фашист коменданты мәз болып, сонан соң кернейшіге келіп, оны шыбыртқымен беттен бір осып өтіп: – Әй, солист! Көңілдірек! Көңілдірек ойна! – деп айғайлайды екен. Сол кезде кернейші көңілді әуенді құйқылжыта жөнеледі. Дәл мерекедегідей, билей жөнелуге болардай! Ал «моншаға» аттанып бара жатқандар мұның бетінің қаны тамшылап тұрса да, оған жиіркенішпен қарап бара жатады екен. Әуелгі кездерде ол түні бойы жылап шығады. Одан кейін көз жасы мүлде таусылып, ол әдетін қояды. Тіпті сол жылай алмағаны үшін де өзін-өзі жегідей жеп жүріп жатады. Ол өлгісі келеді. Бірақ немістер оларды қорғап бағады. Бір жолы ол кернейін лақтырып жіберіп, музыка үйренгені үшін өзіне-өзі қарғыс жаудырып, кернейін тепкілей бастайды. Оркестр үнсіз қалады. Оны бас салып, саптан айдап шығады. Бұл болса шаруасының біткеніне, оны да ажал моншасына аттандыратынына қуанады. Өйткені ол үшін музыка ойнағаннан гөрі, соның өзі әлдеқайда артық көрінеді. Оны естен тандыра сабайды да, қолына жаңа керней әкеп береді. Ол тағы да ойнай бастайды. Бірақ ол бұдан былай басқаша ойнайтын болады. Өлім отына қақталғалы бара жатқан мынау ала жолақ киім киген жандарға тесірейе қарап тұрады да, көңілді музыканың өзін өте бір жан түршігерлік әуенге айналдырып ойнайтын болады. Оның музыка ойнауы фашистерге қатты ұнайды. Олар осынау сүйкімсіз әуеннің өздеріне арналғанын қайдан білсін. Комендант мұны соққан кезде ерекше бір сүйсіне, қолын батыра соғады екен. Риза болғанының, алғыс айтқанының белгісі. Ал анау ажалға аттанып бара жатқан адамдар бұған бұрынғыдай жек көрінішпен қарамайтын

болады. Олар бәріне де қаһармандықпен тайсалмастай қарап бара жатады екен. Осынау қатыгез әуеннің өзі ұнайтын болады. Оның тағы да жолы болады. Музыканттарды отқа өртеп үлгірмей, оларды асығыс-үсігіс оққа байлайды. Лагерге қарай құйындата жүйткіген біздің танктерді көрген немістер көңілді музыканы құйқылжытып тұрғандарға қарап оқ төгеді. Оқ кернейшінің дәл кеудесіне келіп қадалады. Ол тағы да ес-түссіз құлап, қайтадан көзін ашқан кезде оның төбесінен дидарын күн қақтаған біздің танкистердің төніп тұрғандарын көреді. Олардың жүздерінен өз көздерімен көрген сұмдықтың іздерін оқиды. Ол ептеп басын көтеріп, бір көңілді әуен ойнау үшін, кернейін ерніне апара береді. Кернейді үрлеген кезде, күнмен шағылысып жарқылдаған мыс керней қанмен былғанады, өйткені оқ оның өкпесін тесіп кеткен екен... «Онан да жүрегімді тесіп өткені жақсы еді!». – Ол осылай деді де, жылап жіберді. Қайтадан өзіне-өзі келген кезде бір күліп алып былай деді: «Көрдіңіз бе, көзіміздің жасы да қайтадан шығатын болды». Ол еліне оралғанда ешкімді де таба алмайды. Әйелі мен және баласымен жолға бірге шыққан көршілері фашист самолеттері шабуыл жасаған кезде мұның отбасысынан көз жазып қалғандарын айтады. Ол ұлы мен әйелін іздемеген жер қоймайды. Хат жазады. Москваға да барады. Бірақ ешқандай хабар ала алмайды. Сөйтіп, ол әйелі мен баласының соғыс құрбандығы болғанын мойындайды. Былайша айтқанда, ол тірі өлікке айналады. Тірі деп тірінің санатына қосуға болмайтындай. Елмен бірге жүріп тамақ ішеді. Бірақ, соның бәрін де, еш мақсатсыз, ойсыз ғана орындайды. Мүлде басқа адам болып шығады. Соғысқа дейінгі дүниедегі ең жақсы көретіні музыка болса, соғыстан кейін оны тыңдай алмайтын да халге жетеді. Өзіне берілген жаңа пәтеріндегі радионың сымын да суырып тастайды. Тек қана газет оқып, оркестр дегенді мүлде ұмытады. Сөйтіп зауытқа орналасады. Үйленеді. Әйелінің есімі Катя екен. Ұлының атын да Сережа қояды. Ол қазір институтқа түскен. Музыкантқа ешқандай да соғыс болмағандай, ол бір елес сияқты болып қана көрінеді. Өзінің Катясымен және ұлымен қоштаспағандай, жүк машинасына отырып майданға аттанбағандай – жай ғана уақыттың бір бөлшегін жоғалтып алғандай сезінеді. Уақыттың бір бөлшегін – оны қасіретке ұшыратқан уақытты жоғалтқандай сезінеді. Қайта тіріле бастайды. Пәтеріне радионың сымы қайта тартылады. Тек музыка ойнаған кезде ғана, оны өшіріп қояды. Әйелі мен ұлы мұның жан-күйін ұғынып, олар да музыка тыңдамауға тырысады. Бір күні ойда жоқта Сережа туралы радио хабарын тыңдайды. Тұла-бойы мұздап... жан-дүниесі төңкеріліп түскендей болады.

СЕНБЕЙМІН! Мен қонаққа тесірейе қараймын. Осының бәрін қалай ойлап тапты? Қандай кітаптан оқып алды екен? Жоқ, мен оған сенбей отыр екен деп ойламаңыздар. Сеніп отырмын. Бірақ осындай сұмдықтың оның басынан өтуі мүмкін бе? Өзінің түріне қараңызшы. Ешқандай ерекшелік жоқ. Кестеленген көйлек киіп алған. Тіпті сәл жиіркеніштілеу терлеп тұратын алақаны да жұмсақ. Қарапайым ғана адам, бұл болса әлде бір қаһарман кернейші туралы әңгіме айтады! Тек кинода, кітапта болатын оқиға сияқты. Мұндайлар туралы пионерлердің жиындарында айтылады, ал шындығында, мүмкін мұндайлар өмірде жоқ та шығар. Бар болған күнде де әйтеуір басқа бір жерлерден кездесер. Айталық Москвада, Жоғарғы Советте. Ал мынау атай болса, Украинаның бір кішкентай қаласында тұрады екен. Ал ол қаласының атын, бұл тіпті, естіп көрмепті.

Кестелі көйлек киген кісіге қараймын. Қараймын да, оның сол жаңағы айтқан кернейші екендігіне сенгім келмейді. Жо-жоқ, сене алмаймын! Оның үстіне бұл кісі мүмкін менің атам шығар! Бұл ойымның өзі қайтадан өзімді алдарқатуға көмектесті. Жо-жоқ, деймін мен іштей, менің атам қасымда отыр. Ал, мынау ойдан шығарылған әңгіме ғана, бұл кісіні мен мүлде білмеймін де, бұған ешқандай қатысым да жоқ, міне қазір ол орнынан тұрады да, көшеге шығып жүре береді, соныменен бәрі де бітеді. Мен тек қана бір сұмдық әңгіме тыңдағаным жайлы ойлаймын. Тіпті оның айтқандары рас бола қойсын. Ол батыр да болсын, онда тұрған не бар?.. Бірақ қонақ кетер емес. Ертегідегідей көзден ғайып болмай, қарсы алдымда әлі отыр. Атам екеуі темекілерін қосыла бұрқыратып ойға шомған. Маған оның ауыр дем алысы, жұмсақ жөтелі жиі естіледі. Оның ешқайда жоғалар, кетер түрі көрінер емес. Ол шынында да көз алдымда отыр, сондықтан оны басқа адамдардың тәтті тіршілігіне кедергі жасамас үшін, біржола ғайып қып жіберу немесе ысырып тастау мүмкін емес. — Істі неден бастасақ екен? – деп сұрайды атам. — Оның қолында меңі бар еді. Шынтағының бүгілер тұсында, – дейді қонақ. Атам да әлденені ойына түсіргендей үнсіз қалды. Мен де жанталаса папамның қолында мең бар ма еді деп, ойша іздеу саламын. Меніңше жоқ сияқты. Мүмкін бар да шығар, мен байқамаған болармын. Атам да иығын салбыратып, басын шайқайды. — Есімде жоқ. — Ең соңғы үмітім – суретте, – дейді қонақ. Экспертиза бар дегенді естіп едім. Суреттегі адамның кім екендігін анықтап беретін көрінеді. Ол қалтасына қолын салып, қойын қапшығынан сарғайып кеткен фотосуретті алып шықты. Көңілдене күлген жігіт және жас келіншек, алтын шашты жас бала екеуін де құшақтап тұр. Ол сәл қырындай тұрып, жоғарыға қарап қалыпты. Мүмкін құстарға, әлде бұлттарға қараған шығар. Мен суретке соншама бір сарапшылдықпен үңілемін, бірақ жүрегім дүрсілдеп, самайымдағы қан тамырым солқылдайды. Үйдің ауасы да тарылып кеткендей. Суретті көзіме жақындаттым. Шынымен осы баланың менің папам болғаны ма? Папам болса бірден таныр едім. Мынау ол емес. Әрине, ол емес! Бір-біріне ұқсайтын адамдар аз ба! Сонан кейін менің папам бала күнінде осылай болды деп кім айтар? Мен оның бала кездегі суретін көргемін. Сәл есейген кезі. Онда әжем екеуі бірге түсіпті. Кейінірек қолына портфель ұстап, әжем, атам үшеуі де түскен суреті бар. Одан кейін атам екеуінің әскери киім киіп түскен суреттері бар. Онда атам өзінің әскери киімін кисе, ал папама атам майдандағы тігіншіге баланың әскери гимнастеркасын әдейі тіктіріп әкеліпті. Мен ішінде суреттері бар альбомды алдым. Қонақ көзілдірігін киіп алып, әр суретке асықпай ұзақ қарайды. Мен оған үркектей қараймын. Мынау жайбасар қылығына жыным келгендей. Жылдамырақ қарап, «кешіріңіздер, мен қателесіппін!» деп айтпағанына ашуланамын. Ол үнсіз отырып, әр суретті өзіндегі суретпен салғастырады. Мен енді ашуланғанды қойып, әлдебір үкім күткендей, оның сөзін асыға тосумен отырмын. Қолым да, тізем де дірілдейді. Бір кезде атамның шынтағымнан ақырын ұстағанын сездім. Мен оның көзіне қараймын. Қан-сөлсіз жүзінен ештеңе байқауға болмаса да, өте сабырлы қалыпта екен. Тек қана ерні дірілдейді. — Қалың қалай, немерем? – дейді ол ақырын ғана. Немерем? Ол ешқашан да мені бұлай атамайтын. Антонька, Антоха дейтін. Ал «немерем» деп айтып көрген емес. Екеуміз ең жақын достар едік. Мен оның сүйікті досы едім – осының өзі немереліктен әлдеқайда артық қой. Ол оны жақсы білсе де, дәл осы жерде «немерем» деп әдейі

айтқандай. Мен бізге көңіл аудармай суреттерге асықпай қарап отырған қонаққа көз салдым да, атамның неге бұлай дегенін ұға қойдым. Мен оның жүзіне жымия қарадым да, мойнынан құшақтап, тізесіне отырып, кеудесіне жабыса түстім. Өзіме-өзім келгендей сыбырлап қоямын: – Бәрі де ойдағыдай, ата! — Онда болды, ендеше! – дейді ол көңілдене тіл қатып. Екеуміз де күліп жібердік. Құдай-ау! Менің нағыз атам – осы кісі емес пе! Менің таңғажайып жаратылған Қариям сол! Ал мынау мәселенің өзі қалай болар екен? Бұл кісімен не істеу керек? Ол сонау Украинадан арнайы ұшып келіп, Сергей есімді өзінің ұлын іздеп жүр, мүмкін менің папам – мұның ұлы шығар... Шынтақтың иілер тұсындағы мең. Егер бар болып шықса ше?.. Онда не болады? Екі бірдей атам бола ма? Екі бірдей атаң тек қана әкемнің әкесі және шешеңнің әкесі болған кезде ғана болады ғой. Бұл жерде мүлде басқаша. Мұндай болмайды да. Қонақ бір суретке үңіле қарап, ойланып отырды да: — Түсіну қиын. Тосайық. Тек сіздерден сұрайтыным бір сөз айта көрмеңіздер. Қателесуіміз де мүмкін ғой. Кешірместей күнә болады. Мұндай іспен қалжыңдауға болмайды, – дейді. — Мен де сізден соны сұраймын, – дейді атам. Сөйтіп біз тосып отырмыз. Асүйдегі краннан су тамшылайды. Естілместей өте ақырын ғана. Бірақ мен естіп отырмын. — Тырс! Тырс! Тырс! Тырс! Атамның кейде айқайлап кететіні сияқты тамшының тырсылы да үдеп бара жатқандай. Бум! Бум! Бум!!! Жүрегім де әлдебір нәрсені сезгендей тайша тулайды. Ештеңенің де болмайтынын жақсы білемін. Оларға ештеңені айтпау керектігін бұл кісінің өзі де ескертті ғой. Тіпті, шынтағында меңі болған күнде де. Мүмкін, бұдан құтылар жол бар шығар. Мен өзімнің достарымды Кешканы, Кириллді шақырсам, бұл кісіні жан-жағынан қоршап алып, бұлай істеуге болмайтындығын түсіндірсек. Оның өзі үйленгендігін, әйелінің есімінің Катя екендігін, ұлының есімінің Сережа екендігін, оның институтқа түскендігін де айтты емес пе. Ал, менің атамның бізден басқа ешкімі де жоқ. Әжем қайтыс болған соң ол мүлде жалғыз қалды. Мүлде! Осыны ұғу да қиын ба? Бұл адам біздерден бас тарта ала ма? Папамды көріп, оның шынтағындағы меңінің бар екендігіне көз жеткізсе де, өзін өзі ұстап, қайтадан Украинасына кетіп қала алар ма? Ас үйден естілген тамшының үні үдеп барады: Бэмм! Бэмм! Бэмм! Мен кранның шүмегін бекітейін деп ас үйге беттей берген кезде, есіктің коңырауы шылдырлады. Бұл папам еді. Күліп қояды. Маған көзін бір қысып алып, әндетіп тұр, Қаза келсе – қас қағымдық өлімі, Жара болса – жан қинамас жеңілі! – Әке, сенің әніңді мен де үйреніп алыппын, – дейді ол айғайлап. — Мұнда келші, Сергей! – дейді атам бөлмеден. – Танысып қойыңдар: менің ескі досым келіп отыр. Қонақ диваннан көтеріле берді, өңі қуарып, ерні дірілдейді, мен де ол шыдай алмай айтып жіберер ме екен дегендей оған күдіктене қараймын. Бірақ, ол папамның қос қолын бірдей сілкілеп, жаңағы суреттерге ұзақ үңілгендей оның көзіне тесірейе қарайды, жүзіндегі күлкісі де сан құбылғандай, осы қазір құлап түсер адамның кейпін байқатқан соң, егер құлай қалса, оны сүйемелдеу үшін мен қонақтың қасына жақындадым. — Сен қандай жігіт болып кеткенсің! – дейді ол баяу ғана дауыстап. — Немене? – дейді папам ойында ештеңе жоқ. – Сіз мені бұрын білетін бе едіңіз? Қонақ сасқалақтап атама қарап еді, ол ақырын ғана басын изеді.

— Көргем, көргенмін. Онда бала болатынсың. — Ә-ә. – Әкем күледі. – Ал мен сізді ұмытып қалыппын. — Әрине, есіңде қайдан қалсын, – дейді кестелі көйлек киген кісі. Папамды ас үйге ертіп апарып, шынтағын көргенше шыдамым жетпей барады. Ол қонақпен қайдағы-жайдағы мәселелерді, құрылыс жайын әңгімелесіп кетті. Атам орнынан тұрды да, үстелдің үстін әзірлей бастады. Мен көмектескен жоқпын. Олар орындықтарын көтеріп, үстелге жақындай бастады. Жүйкені тоздырған ұзақ әңгімеден кейін сәл тыныс алар сәт сияқты көрінді маған осы кез. Басыма бір әдемі ой келе қалмасы бар ма?! — Папа! – өз даусымды өзім танымай қалғандаймын. – Кел қол күрестірейік! Кім-кімді жеңер екен? — Бәрекелді, – әкем күледі. – Күресетін уақытты тауыпсың-ау! – Өтінемін! Өтінемін! – деймін жалына сөйлеп, ал атам мен қонақ менің бұл тіршілігімді ұқпағандай. — Кел, – дейді әкем. Біз шынтақтарымызды үстелдің үстіне қойып, бір-біріміздің саусағымыздан қыса ұстадық. Мен әкемнің қолын жығу үшін тырмысып жатырмын. — Қулық жасама! – дейді ол айғайлап. – Орныңнан қозғалуға болмайды! Әрине мен жеңілдім, басқа уақытта болса, оған өкінген де болар едім, бірақ қазіргі мәселе онда емес қой. — Тағы да! – деймін мен айғайлап, ол тағы да шаруамды оңай тындырды. — Мені жеңу оңай ғой! – деймін қуана дауыстап. – Мықты болсаң атаммен қолыңды күрестіріп көрші. — Мені түсінесің бе? – дегендей атама қараймын. Ол иығып қушитты. Мен көп мағыналы жанарменен үңілемін. Ақыры түсінген сияқты. Түсінгенде қандай! Атам менің ең жақсы досым ғой. Сондықтан да біз бір-бірімізді оңай түсінісеміз! Қажет болса бір ауыз сөзсіз-ақ, ыммен түсінісеміз. — Жарайды! – дейді ол көңілдене күліп, – сөйтті де, жеңін түріне бастады. Папам да сөйтті. — Қа-не! – деп бұйрық бере бастадым. – Бір, екі, үш! Олар бір-біріне оңай берісе қойған жоқ. Атамның жүзі қызарып кетті. Әрине күш-қайраты мол папама қарағанда, оның әлсіздеу екені белгілі. — Бір де нолъ! Атамның пайдасына! – деймін мен айғайлап, атам мен қонақ сол кезде папамның шынтағына үңіле қалысты. Бірақ онда ештеңе жоқ еді. Ешқандай да, мең жоқ! Тап-таза! — Екінші қолдарыңмен! – деп бұйырдым мен, атам тағы да жеңіп шықты. — Екі де ноль. – Қуана. айғайладым. – Екі де ноль! Папам – өзімдікі! Менің атамның баласы!

АҚ ШАШТЫ АДАМ Сол кезде кеудемді мұң торлап, жаным ашыды. Мен оны ішімнен «қонақ», «ол», «мынау адам», деп атадым, Мен оны қалай деп атауды білмеген едім, өйткені бұл адам сенің атаң болуы мүмкін болып тұрған кезде оның аты-жөні бұл жерде ешқандай роль атқарып тұрмаған еді. Сенген жоқпын. Оның папамның папасы екеніне сенген жоқпын. Солай болып кетер ме! Сенбедім, бірақ қалшылдай қорқып тұрғаным рас еді. Тіпті мен оның кернейші болғанына да сенген жоқпын. Кернейші нағыз батыр еді. Ал, мынау қарапайым ғана адам. Қазір дәлелденді. Бұл – менің атам емес. Әншейін, қателесу ғана. Бар болғаны

сол. Ол қазір шын мәніндегі қонағымыз. Мейлі, мен бұған қуана келісемін. Мейлі, кернейші-ақ болсын. Мейлі, ол шын мәніндегі батыр болсын. Оның өзі де көрініп тұрған жоқ қой, солай емес пе? Мұның шашы да аппақ. Өмірден көп тауқымет көрген. Айтары бар ма! Оның басына қандай тағдырдың тауқыметі түскендігін осынау құрғақ сөздер көрсете алар ма? Ең бастысы ол өзінің ұлын, менің әкеме ұқсас Сережасын жоғалтып алған. Егер мен әкемді жоғалтып алсам не болар еді? Немесе атамды? Немесе, олар мені? Сөйтіп, біз мәңгі ұшыраса алмай кетсек ше? Осынау ақ шашты адамға сенбегенім үшін өзімнен-өзім ұяла бастағандаймын. Ол самолетпен асығыс аттанып, қаншама толқыды, неше дүркін жылады десеңізші. Ал мен болсам оны ұққым да, тіпті сөзіне сенгім де келмеді ғой. Ол бар үмітінен айрылғандай басын салбыратып, үстелдің жанында отырды. Папам мен атам оған үркектей қарайды, сонан кейін оны диванға жатқызып, үстінүстіне жылылап көрпе жапты. Біз бөлмеден шығып бара жатқан кезде, мен мойнымды бұрып оған қарап едім, кернейшінің жансыз жүзі безгек ұстағандай дірілдеп жатыр екен. Күлген адамға немесе жылаған адамға ұқсайды. Жан-дүнием әлем-тапырық. Мен жылдамдатып есікті жаптым. Сөйтіп, ол іңірден таңертеңге дейін ұйықтап жатты. Әрі қатты, әрі мазасыз ұйқы. Таңертең ол мүлде дем алмаған адам сияқты, қалжырап, көзінің айналасын көгілдір шеңберлер торлап, шаршап оянды. Ол қоштаса бастады. Атам мұның қолына қағазға оралған затты беріп жатып. — Мұнда суреттер мен хат бар, – деді ол. – Бәрі бір сіз Москва арқылы ұшасыз ғой. Мынау телефонға звондаңыз. Мен жіберді деп айтарсыз. Менің досым – милиция генералы еді. Ол сізге экспертиза жасап береді. Қонақ атамның жан-дүниесін зерттегендей ұзақ қарап тұрды да, ештеңе айтпай, қағазды қолына алды. Біз оны аэропортқа баратын автобусқа дейін шығарып салдық. Автобустың қасына барған кезде ол шамаданын жерге қойып, атамды қатты құшақтап, былай деді: — Рахмет сендерге, жайсаң жандар! Автобусқа кірген соң оның терезесін түсірді. Қонақтың жанарынан мөлтілдеген жасты көрдім. — Мүмкін, сіз қателескен шығарсыз? – дейді атам, – мүмкін меңі болмаған шығар. Ақырына дейін жеткізу қажет! Біз екеуіміз сөйтуге тиіспіз ғой! — Тиіспіз! – Ақ басты адам қажыған реңмен басын шұлғыды. – Тиіспіз! Автобустың моторы гүрілдеді де, орнынан баяу қозғала берді. – Жеделхат жолдаймын! – деді де ол бізге қолын бұлғап бара жатты. Біз де қол бұлғадық. Автобус біраз жерге ұзап кетсе де, атам қолын ұзақ бұлғап тұрды. Автобус көтерген шаң жерге қонып үлгірді. Аялдамада ешкім де жоқ еді, тек қана жерде темекінің қалдықтары мен балмұздақтың бос ыдыстары ғана жатты. — Ата, – дедім мен, – фотосуретті неге бердің, осыған жауап берші? Оны тыныштандыру үшін ғана ма? Атам маған ойлана қарады. – Жоқ, – деді ол. – Қалай дегенмен де сендер бақыттысыңдар! Ол үнсіз тұрып қалды. — Соғысты кітаптан окып қана білесіңдер. Қайғы дегеннің не екенін ұға алмайсыңдар. – Атам менін қасыма таман жақындап, алақанын иығыма қойды. — Мейлі! – дейді ол, – солай-ақ болсын. Бұдан қорқар не бар? Ештеңе де жоқ. Керісінше, мұның өзі жақсы емес пе. Сендерге білудің не кажеті бар! Сендердің білмегендеріңнен қорқар ештеңе жоқ қой.

Біз аяңдай басып, үйге беттедік. Атам менің бағана қойған сұрағымды есіне жаңа алғандай: — Оны тыныштандыра алармысың? – дейді ол. – Ол адам ғой. Ал адамға ақылес берілген. Біз фотографияның қасынан өтіп бара жатқан кезде: — Антошка! – деп ол ұсыныс айтты. – Неге біз екеуіміз суретке түсіп алмаймыз? Ол өзінің генералдық мундирімен, ал мен жаздық көйлекпен келе жатқанбыз. Біз фотографияға кірдік. Шашын жылмита тараған біреу үлкен жәшік сияқты фотоаппаратына үңіліп, бізге ұзақ қарады. Атам орындықта, ал мен оның қасына, анау бір фотосуреттегі сияқты, қолымды иығына салып тұрдым. — Байқаңыздар, – дейді фотограф, – Қазір торғай ұшады. Біз сіресе қалдық, бірақ мен күліп жібере жаздап өзімді-өзім әрең ұстадым. Кішкентай баланы алдаған сияқты «торғай ұшады» дегені қызық естілді. Қазір мен бұл суретке жиі қарағыштаймын. Оны да атамның жігіт, әжемнің бұрымы тоқпақтай уылжыған қыз кезіндегі түскен суреттің қасына апарып іліп қойдық. Шындығында суреттер бір-біріне ұқсайтын сияқты. Бірақ ол суретте атам мен әжемнің жүзінен салмақтылық байқалады. Ал, біздің отырысымыз керісінше. Атамның көзі күлімдеп тұрса, мен аузыма ауа толтырып, дүрдиіп қалыппын.

ЖЕДЕЛХАТ Осының бәрі де болып па еді? Болды ма? Кестелі көйлек киген ақ шашты адам, оны алысқа әкетіп бара жатқан автобус, іші сап-салқын фотоателье – осыларды айтамын. Осылар шын болған нәрселер ме, әлде ойдан шығарған әңгіме, түс емес пе екен? Атамның қасында жүрген мен бе екенмін? Онымен әңгімелесіп, көңілді күлісіп, бірге жүрген менмін бе? Ешнәрседен қамсыз, мұңсыз, ешнәрсені ойламай тіршілік еткен адам да менмін бе? Атам украиндық келгенше мазасы кетіп еді, ол кеткеннен кейін де тыныштала қоймады. Тағы да бөлменің ішін кезіп, ысқырып ән айтатын. Телефонның құлағын ұстай алып, әлдебір жерге қоңырау шалады да, құмырсқа илеулерінің қалай көшіріліп жатқандығын біледі. Ол мәселені ешкім білмегендіктен, тағы да өз-өзінен күйіп-пісе бастайды. Мен оның көңілін бөлуге тырысамын. Түрлі-түрлі сауалдар қоямын. Ол асыға-үсіге жауап береді де, үйдің айналасындағы жердің қалғанын қазуға тағы кіріседі. Кешкісін арнаулы машина ұйымдастырып, жас ағаштарды әкелмекші болып уәде берген, бірақ уәдесін уақытында орындай алмаған папаммен ренжісе бастайды. — Саған не болған? – дейді папам. – Тынышталшы құдай үшін! Машина бүгін болмаса, ертең болады, өзіміз де жоспар орындаймыз деп жанталасып жүрміз. Жалпы, папа, саған не болған өзі! Танымастай өзгеріп кетіпсің? Атам түні бойы ұйықтамай аунақшып шығады. Мен оған суға дәрі тамызып әкелем де: — Дәрігерге неге қаралмайсың? – деп сұраймын. Ал ол болса, жауабын әндетіп өлеңмен айта бастайды: Егер мені дерт меңдесе, Дәрігер келіп қоймасын? Достарым ғана емдесе, Мейлі, мені ауысқан деп ойласын. – Төсегім боп далам жатсын,

Тереземді бұлтпен жапсын, Бас жағыма шырақ қылып, Ағып түскен жұлдыз жақсын. Ол да күледі. Мен де мәзбін. Содан кейін еш алаңсыз, тұяқ серіппей қатты ұйықтаймын. Аспаннан ағып түскен жұлдызды көрдім түсімде. Бірақ атам әнге қосқандай жұлдыз емес, құйрықты жұлдыз екен деймін. Артындағы шұбатылған құйрығы су сияқты ағып бара жатады, мен оған қолымды созамын да, қайтадан тартып аламын, өйткені жұлдыз от болып жанып тұр екен деймін... Таңертең есіктің қоңырауы шылдырлады. Мен есікті ашуға ұмтылғанда, атам да бірге ілесті, Табалдырықта жеделхат таситын кісі тұр екен. Баяғыдағының өзі! Ол қырынып-шайынып, таза көйлек киіп келіпті. — Қол қойып жіберіңіз, – дейді ол жанарын жасырып. Атам қолын қойды да, жеделхатқа қолын созды. Бірақ ол қағазды бере қойған жоқ. — Тыңдаңызшы, – дейді ол даусы қырылдап, – сіз өзіңіздің генерал екеніңізді сонда неге айтпадыңыз? Атам тамсанып қойды. – Оның бұл жерде қандай қатысы бар? – дейді ол. – Бұдан былай да қандай қатысы болмақ. — Әрине, қатысы болады, – дейді жеделхат тасушы. Сөйтті де өз-өзінен қымсынғандай. – Әрине мен сіз үшін кіммін? Маскүнеммін! Кешіріңіз! – деді. Ол жеделхатты ұсынып еді, бірақ атам ала қойған жоқ. — Біле білсеңіз, – дейді ол. – Мен сіз жөнінде еш байлам жасай алмаймын, өйткені бар болғаны екінші рет қана көріп отырмын ғой. Сізді соншама жақын білуім міндетті де емес шығар. Егер сіз шын мәнінде майор болсаңыз, онда соғысты еске алыңыз. Соғыстағы өзіңізді еске алыңыз. Соғыстағы ғана емес, ең бір қиын сәттердегі өзіңізді еске алыңыз. Өзіңіздің қандай екеніңізді еске түсірсеңіз, ол сізге көмектеседі, Жеделхат тасушының қолдары салбырап, басын изеді. Сонан соң: — Бүгін соңғы күн Жеделхат тасып жүрмін. Мынау ең соңғым. Тіпті көрдіңіз бе, сізге келетінімді білген соң киімімді ауыстырып, қырынып шықтым. Қысқасы құрылысқа барамын. Әзірге дәнекерші болмақшымын. Бірдеңе шыға ма онымнан, әлі белгісіз. — Әрине шығады, – дейді атам. – Бәрі де дұрыс. — Жарайды, мен кеттім, – жеделхат тасушы кең тыныс алды. Езу тартып күлді де: – Кешірім сұрауға ғана келдім, жолдас генерал, – деді. — Мен сіз үшін генерал емеспін, – дейді атам. — Жоқ, – дейді жеделхат тасушы. – Мен үшін сіз дәл қазір генералсыз. Оның тағы да ұсынған жеделхатын атам алды да, қолын қысты. Қатты қысты. Есік жабылды. Атам қабырғаға сүйеніп, сыбырлай тіл қатты: — Антошка, дәрі! Тезірек! Мен құстай ұштым. Нажағай сияқты. Ас үйге барып, ыдысқа он бес тамшысын тамыздым да, кідірмей қайта жүгірдім. Мен дәрі тамызып тұрған кезде, аула жақтан жүк машинасының гудогы естілген. Терезеге көз салып едім, сыртта жас қайыңдар мен шыршаларды толтыра тиеген самосвал тұр екен. — Әкелді! – деп айғайладым атама. – Жас өскіндерді әкеліпті. Ол маңдайының тері шып-шып шығып, дәлізде тұр екен. Өңі аппақ қудай. Дәріні ішіп алып, кең тыныстады. Сөйтті де: — Күректі бер! – деді. – Аздап жату керек! – дедім мен.

Атам үндеген жоқ. Жеделхатты алып, оған қарады да, маған ұсынды. «Суреттердің басқа адамдардікі екенін экспертиза дәлелдеп берді. Кешірім етіңіздер. Савченко». — Көрдің бе, – дедім мен қуана айғайлап. – Барлығы да ойдағыдай болды! Мен куанышты едім. Шексіз қуаныштымын. Сөйтіп, атамның қиналған сәттері осымен тәмамдалған шығар. Ол да маған күле қарап, көзін қысып қойды. Сөйтті де қолына күрегін алып, аулаға шықты. Машина жүгін түсіріп болды да, кетіп қалды. Мен де жұмыс киімдерімді киіп, атама көмектесуге шықтым. Сол кезде ауладан әлдекім жан ұшыра айғайлады: – Антошка! Антошка! Мен терезеден қарап едім, көршінің балалары маған қол бұлғап шуласа жөнелді: — Тезірек! Тезірек. Атаң!.. Жүрегім жарылып кеткендей есікті тарс жауып, басқышпен төмен қарай зымырай женелдім. — Қайда? – дедім мен жан ұшыра. – Қайда? Атам өзі қазып тастаған жерге бетін төсей жығылыпты. Бір қолыменен ақ қайыңның жіңішке діңін, екінші колымен күректі қыса ұстапты. — Ататай! – деп сыбырладым мен. – Қане, тұра қойшы! Ататай! Мен оны шалқайтып жатқыздым. Көзі ашық қалыпты, А-а-а-а-а! Мен әлі күнге дейін өзімнің сол айқайымды естіп тұрғандай боламын. Жарым түннің ортасында бетімді тер жуып, орнымнан атып тұрдым да, сыбырлай тіл қаттым: — Ата! Ататай! Бірақ ешкім жауап бермейді. Мен жылап тұрмын. Езіле, жаншыла, даусым қарлыққанша жыладым! Бөлмеге мамам жүгіріп келді, Иығымнан аялай сипап: — Антошка, Антошка, – дей береді. Оның өзі де солқылдап тұр. Папам кірді. Ол екеумізді де бар күшімен қапсыра құшақтап, үздік создық дауыстайды. — Балалар! Балалар! Азаматсыңдар ғой! Жоқ, бұған төзу мүмкін емес! Бұған ешқандай күш жетер емес. Менің оған мүмкіндігім жоқ, шамам келмейді, ұғасыздар ма! Азамат болудың өзі қолымнан келер емес!

ЭПИЛОГТЫҢ ОРНЫНА

ШАНШЫЛА БІТКЕН ТАУДА Біз оны тауға жерледік. Таудың ең ұшар басына, айналаның бәрі көрініп тұрардай биік жартастың үстіне жерледік. Плотина да дәл иектің астында жатыр. Таяуда жоғалып, орнын теңіз басатын тайга да иектің астында жатыр. Онан кейін еш уақытта жоғалмайтын, осынау биікке қарағай жапырағының хош иісін әкеліп тұратын мәңгі өлмес тайга да иектің астында жатыр. Менің бір кезде осы шыңның басында болғаным бар. Кешканың атасы Иннокентий Евлампиевич демалысын алған соң жаңғақ жинауға аттанғанбыз. Сонда

осы жотаның басына шыққанда, мынау тамаша сұлулыққа, шексіз байтақ кеңістікке, аспанның сонша жақындығына таңданған едім. Атамды сол жерге жерледік. Жер қопарудың мамандары динамит қойып жарып еді, соның жаңғырығы ен жатқан тайганы күңірентті. Атам парадта киетін мундирімен тып-тыныш жатты. Тек ордендерін тағынған жоқ. Олар кішкентай қызыл жастықтың үстінде шоқтай жанады. Айналаның бәрі шоқтай жанған сияқты. Біздің отряд пионерлерінің галстуктері де жанып тұр. Табытқа таман сәл еңкейтілген біздің отрядтың туы да жанып тұр. Борис Егоровтың қолындағы Қызыл ту да солай. Мыс кернейлер де, аспаннан төнген күн де алау атады. Шіркін күн! Дәл бір сол кездегі сияқты. Мен ол кезде дүниеге келе қоймағанмын, папам да небәрі үш жаста екен. Ойда жоқта соғыс басталып кеткенде, күн бұлтқа тығылмай дәл осылай жарқырап тұрыпты. Қазір де! Қазір де қымсынбайды! Әрине, ол менің атамның мәңгілікке көз жұмарын қайдан білсін. Қайдан білсін, білмеген ғой, егер білсе мен сияқты ол да қапқара бұлтына жасырынар еді ғой. Мен табыттың жанында тұрмын. Атама қараймын. Қолым да, басым да ауырлап кеткендей. Тұла-бойым бос қалғандай, тастан құйғандай үнсіз тұрмын, тіршіліктен еш белгім жоқ. Тыныс алмай тұрғандаймын, тек бәрін де көріп тұрмын. Табыттың жанында тізерлеп отырған папамды көремін. Қара киімге оранған мамамды көремін. Ол қолын папамның иығына қойды. Дәл анау суреттегі сияқты. Анна Робертовна да қара орамал байланған, Гриша да оны сүймелдеп тұр. Құлағыма бір дыбыстар келеді, Жылайтын сияқты. Жылап тұрған кернейлер екен. Олар күнмен ойнап жаркылдайды, алау түсті жалаулары желмен желбірейді, бірақ кернейлер жылап тұрды. Ту-ру-ру-ру-у-у! Ту-ру-ру-ру-у-у! Құлағыма тағы да бір үндер естіледі. Мен сол жаққа қарай, құрылысқа қарай мойын бұрып едім, барлық кісілер де солай қарап тұр екен. Ақ шағаладай плотинр көрінеді, қазаншұңқырдың жанында және одан әрі қарай да жағаны бойлай көптеген машиналар тұр. Көптеген самосвалдар. Олар қозғалмайды. Таң қаларлық. Құрылыстағы машиналар ешқашан дәл бұлай тұрып қалған емес. Олар орындарында тұрып қатып қалғандай... Барлығы бірдей гудок беріп тұр! Барлығы қосылып алып, ұзақ азандайды, оркестрдің үні сияқты ерекше салтанатты естіледі, олардың даусына қаз мойын крандардың боздаған үні қосылады. Құрылыс маңындағы адамдар құмырсқадай қара құрым, барлығы да қолдарын жоғары көтеріп, біз тұрған биіктікке қарайды... Жақсы білесіңдер, менің есімімнің Антошка екендігін. Атамның құрметіне осылай атаған, ал бұл дегеніңіз атам менімен мәңгі бірге деген сөз. Менің генералым менімен мәңгі бірге. Міне, ол қабырғада тұрып-ақ менен көз айырмайды. Жап-жас жігіт, көзінен ұшқын ататын сурет. Одан кейін әбден қартайған кезде менімен бірге тұрып түскен, бірақ көзі күліп тұрған суреті. Ол өзінің сүйікті әні: Қаза келсе – қас қағымдық өлімі, Жара болса – жан қинамас жеңілі, –

әнін айтқанда осылай жымияр еді. Бұны мұңды ән деуге мүлде болмайды. Тіпті көңілді ән. Шындығында – оның өзі жаман ба? Бірден қайтыс болу. Ал егер жарадар болсаң, жарақатың тез жазылып кетсе! Атам менімен бірге. Қасымда. Ол сөйтіп ешуақытта өлмейтін болып менің жанымда қалды! Мен кей түндері оянып кеткеніммен, қайтып жыламайтын болдым. Тек қана атамның бұдан былай даусын қатайтып «ойлан!» дей алмайтындығын немесе жұмсақ үнмен: «Сыбырласайықшы!» дей алмайтындығын, жанарымен аймалай қарап: «Эх, Антоха!» дей алмайтындығын сағынышпен еске аламын. Өзімді-өзім тежеп бағамын. Мен жыламаймын. Тамағыма тығылған тас сияқты әлденені зорлап жұтып, атам туралы әнімді қайталаймын: Генералым! Генералым! – менің деп Қайталаймын, Генералым! Қатсайшы үн! Білесің ғой қатаң бұйрық берілмей Кернейшілер тосын дабыл қақпасын! Мен бұл өлеңді өз жанымнан шығарғанмын. Бірақ өлеңім ойдағыдай шықпай қинайды. Мен жастыққа басымды тығып, оны жұмарлай қысамын. Бәрібір мен осы өлеңді шығарамын. Бәрібір, ата, сен тірі боласың! Бәрібір! Бәрібір! Бәрібір тірі боласың!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙