Мазмұнға өту
Home

Николай Бердяев. Жаңа ортағасырлық

Николай Бердяев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Николай Бердяев. Жаңа ортағасырлық

Николай Бердяев — «Николай Бердяев. Жаңа ортағасырлық». ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

/uploads/e3468954-7284-5a90-be67-803b5875f89d/cover.png

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

ЖАҢА ОРТАҒАСЫРЛЫҚ

(Аударған Затов Қ.)

Тарихта да табиғаттағы секілді ырғақтар, кезеңдер мен дәуірлердің бір ырғақпен алмасуы, мәдениет түрлерінің алмасуы, толысулар мен қайтулар, өрлеу мен құлдыраулар болып тұрады. Ырғақтылық пен кезеңділік барлық тіршілікке тән. Органикалық және сындарлы дәуірлер, күндізгі және түнгі, сакральды және секулярлы дәуірлер жайында да айтылады. Бізге дәуірлер алмасуының тарихи уақытында өмір сүруге тура келеді. Жаңа тарихтың ескі әлемі (ол ескі әдет бойынша әлі де өзін "жаңамын" деп атағанымен, қартайып, әлсіреген) ыдырап, аяқтала бастады, сонымен қатар бізге белгісіз жаңа әлем пайда болып келеді. ұл ескі әлемнің соңы мен жаңаның туындауы біреулерге «революция» сияқты болып көрінсе, басқаларына «реакция» болып көрінеді. «Революцияшылдық» пен «реакцияшылдықтың» қазіргі кезде араласып кеткені соншалық бұл терминдерді қолданудағы айқындылық мүлдем жоғалып кетті. Біздің дәуірді мен шартты түрде жаңа тарихтың соңы және жаңа ортағасырлықтың басы деп атаймын. Мен тарихтың қандай бағытта жүретінін болжамаймын, мен тек қана мәдениет пен қоғамның жаңа тенденциялары мен идеалды сипаттарын мәселелік тұрғыда кескіндеуге талпыпамын1. Менің ойларымды көп жағдайда дұрыс түсінбейді, сөйтіп олардан қате қорытындылар шығарады. Мен бұны менің ой жүйемді жаңа тарих категорияларымен түсіндіретіндігімен, оны жаңа тарихтың бір бағытына жатқызғылары келетіндігімен түсіндіремін, алайда менің ойымның мәні мен мағынасы жаңа тарих ойының барлық категориялары, оның барлық бағыттары сарпылған және ендігі жерде басқа дүниенің, жаңа ортағасырлық дүниенің ойлауы басталады дегенге келіп тіреледі. Жаңа тарихтың рухани бастауы тартылып қалған, оның рухани күштері азып-тозған. Жаңа тарихтың рационалды күні батуға жақын, қараңғылық түсіп келеді, біз түнге жақындаудамыз. Біз бастан өткізген сәулелі күннің барлық категориялары біздің кешкі тарихи сағатымыздың оқиғалар мен құбылыстарды түсіну үшін жарамсыз болып табылады. Барлық белгілер бойынша біз күндізгі тарихи дәуірден түнгі дәуірге өттік. Мұны тек қана сезімтал адамдар ғана сезеді2. Бұл жаман ба, жабырқаулы ма, пессимистік пе? Мәселенің осылай қойылуының өзі мүлдем дұрыс емес тарихилыққа терең 124 қайшы, тым рациональды болып келеді. Жалған бүркемелер түсіп, жақсылық ен жамандықтың беті ашылады. Түннің күнмен салыстырғанда өз әсемдігі бар, оның құдіреттілігі күннен кем емес, түнде жұлдыздар жарқырайды, түнде күн білмеген аяндар ашылады. Түн күнмен салыстырғанда бірінші жаратылған, күнге қарағанда стихиялы. Я. Беменің «тұңғиығы» (Ungrund1*), тек түнде ғана ашылады. Күн оған тек өзінің жамылғысын ғана жабады. Түн стихиясының ұлы ақыны Тютчев бізге күн мен түннің арақатынасының құпиясын баяндайды.

Белгісіз осы бір тұңғиық үстіне,
Алтын көрпеше жабылған
Құдіретті құдайлар әмірінен

Күн ғой осы жарқыраған жамылғы. ...

Түн де келді; Келді ол тағдыр әлемінен

Жинап алып лақтырды алысқа

Жамылғының асыл матасын...

Ашылды сонда бізге тұңғиық
Бойымызды жаулап алды үрей менен түнек
Жоқ енді арамызда шекара
Қорқынышы түнің міне, осында!2*

Ымырт жабылғанда кескіннің, бет әлпеттің айқындылығы, шекаралардың мызғымастығы жоғалады.

Көкшіл түс көлеңкелер араласты,

Түс солды, дыбыс өшті.

Өмір мен қозғалыс сіңіп кетті

Тұрақсыз ымыртқа, алыстағы ащы дауысқа3*

Бұл уақытты Тютчев «айтып жеткізе алмайтын уайым, сағыныш сағаты» деп жазады. Біз тұңғиықтың ашылған, барлық жамылғылардың сыпырлып алынған кезі-осындай араласқан уақытта, уайымға толған сағаттарда, сағыныш кезеңдерінде өмір сүреміз. Бұл кезде тұңғиық, өзінің барлық жабуларын тастаған болатын. Тютчев түнді қасиетті деп санайды және сонымен бірге түн уақытында.

... Адам үйсіз жетімдей
Бетпе-бет келді тұңғиық түпсіз түнекпен
Түр міне, ол енді айырылып күш-қайратынан

Жалаңаш қалды...

Түстей болды алыстағы оған енді
Барлығы да тіршілік пен жарықтың
Беймәлім, бейтаныс түн құшағында

Ашылды оған жазмыштың мүрасы4*.

Түн күнге қарағанда метафизикалық, онтологиялық. Күп жамылғысы табиғатта ғана емес, сонымен бірге тарихта да берік болмайды. Ол тез жасырынады, онда тереңдік жоқ. Жеке адамдардың сыртқы өмірі соншалықты бақытсыз біздің дәуіріміздің бар мәні болмыс тұңғиығының ашылуында, өмірдің алғашқы негіздерімен бетпе-бет келуде, «тағдыр мұрасын» ашуда.

Мұхиттың жер шарын орап жатқанындай
Жердегі өмір ұйқының құшағында
Келеді түн, толқының сыңғыр үнімен
Соғылар келіп өз жағасына ғажап күш

Дауысы оның оятып бізді, жалынар
Жан бітер сонда сиқырлы жағадағы қайыққа
Қайтқан суы мұхиттың алып қашар алысқа
Шексіз түнек толқындардың қойнына

Жұлдызды аспан күмбезі
Тереңнен құпия көз салар
Барамыз жүзіп, оранған отты тұңғиық

Орап алды жан-жақты5*.

Тютчевті табиғат ақыны, әсіресе түн апатының ақыны деп атайды. Оның тарихқа арналған өлеңдері тіптен өзгеше, олар тарихи күннің жарығында жазылған. Бірақ, Тютчев біз ойлағаннан да терең ақын. Ол құбылыстан да заттырақ. Ол түнгі тарихи дәуірдің ізашары, оның көріп келі. А. Блокта туып келе жатқан түннің ақын болады. «түнгі айдың езгісінде барлық жабайы құштарлықтар бостандыққа шығады»6*. Ол және өзі туралы А. Белый ойлағандай, ол «таңның шуағын» емес, түннің төніп келе жатқан «ымыртын»7* көрген. Бұлардың екеуі де өздерінің нені сезіп отырғанын білмеген және алда келе жатқан «революцияға» жалған рәміздер таңған. Революция бұл күн шығуы да, таңның атуы да, жаңа күннің басталуы да емес, керісінше күннің батуы, ескі күннің соңы болып табылады. Біз тарихи саяхатшылық кезеңіне аяқ басып келеміз. Ол туралы былай айтуға болады: 126.

«...Барамыз жүзіп, оранған отты тұңғиық орап алды жан-жақты»; «қайтқан суы мұхиттың алып қашар алысқа шексіз түнек толқындардың қойнына». Микеланджелоның «күн мен түніндегі»8* түнді мадақтауын еске түсіріңізші. Күн алдамшы келеді, күн реті қажытуы мүмкін, күннің қуаты сарқылады, күннің жамылғысы сөгіледі. Жер үстінде өмір сүріп жатқан адамның алғы негіздерді, болмыс бастауларын сағынуы мүмкін. Терең қабаттарға, қойнауларға қарай бойлау процесі ең алдымен, күн жарығының солуы, қараңғылыққа бату сезімін тудыруы керек. Тарихи тәннің ескі рәмізі талқандалады, сөйтіп адамзат рухани қойнауда іске асып жатқандарды бейнелейтін жаңа рәміздерді іздейді.

Түнмен ауысар алдындағы тарих күні әрқашан да ұлы толқулармен немесе апаттармен аяқталады, ол ешқашан да бейбіт жолмен кетпейді. Антикалық әлемінің тарихи күнінің құлдырауы үлкен ұлы толқулар мен апаттарға толы болды, ол қайтып оралмас апат сезімін тудырды. Жаңа дәуірдің варварланудан басталды. Антикалық өркениет қалыптастырған тарихи ғарышқа бей-берекет күштер басып кірді. Сондықтан да біз алапат соғыстармен революциялардың, мәдениеттердің құлдырауы мен мемлекеттердің күйреуі тек адамдардың зұлым еркімен жасалмайтынын, сонымен қатар Жазмыштың бұйрығымен болатынын әрқашан да есте сақтауымыз қажет. Біз антикалық әлем апатқа ұшыраған дәуірге ұқсас дәуірде өмір сүрудеміз. Ол кезде Жаңа дәуір мәдениетінен, XIX ғасыр өркениетінен де өлшеусіз ұлы мәдениет құлдырады. Ол кезде эллиндік мәдениеттің ұлы тұлғасы - Платонның болашақтағы түндік дәуірге бет бұрғанын, эллиндік күн шегінен шығудың орын алғанын әлі ешкім түсіне қойған жоқ. Осы күндері де Платоннан гректік ағартушылық пен гректік өркениеттің бір бағытты, прогрессивті ағымына қарсы реакцияны көрген, мысалы Белохов секілді тарихшылар бар. Иә, әрине реакцияны, бірақ өте ұзаққа, маңдайына мыңдаған жылдарға созылуға жазылған реакцияны, алға, болашақ дәуірге бағытталған реакцияны. Мұндай реакционер болу, мүмкін, Достоевскийдің маңдайына жазылған болар. Ортағасырларды дүниежүзілік тарихтың түнгі кезеңі деп атаса да болады. Бұл бірақ тіптен, жаңа тарихтың ағартушылары ойлап тапқан «ортағасырлық түнек» емес, анағұрлым тереңде және онтологиялық мағынадағы ортағасырлық. Мен жаңа ортағасырлық деп дәуірлердің бір ырғақпен өзгеруін, жаңа тарих рационализімінен иррационализмге немесе ортағасырлық типіндегі жоғарғы рационалдылыққа өтуді атаймын. Мейлі, бұл жаңа тарих ағартушыларына қара түнек болып көрінсе де. Мені бұл соншалықты мазаламайды. Мен бұл ағартушылардың өзін ең «артта қалған» адамдар, олардың ойлау жүйесі «реакцияшыл» және бүтіндей күні өткен дәуірге тиесілі деп санаймын. Мен дүниежүзілік соғысқа, тек Ресейді ғана емес, сонымен қатар Еуропа мен бүкіл әлемді қамтыған революциялар мен толқуларға дейін үстемдік еткен ойлау жүйесі мен өмір қалпына қайтып оралу мүмкін емес деген сенімнен бастау аламын. XIX және XX ғасырдағы ең «алдыңғы», «прогрессивті», тіпті «революцияшыл» деген адамдардың әдеттегі барлық ойлау категориялары мен өмір формалары қазіргі кез үшін, әсіресе болашақ үшін барлық мағынасын жоғалтты. Барлық терминдер, барлық сөздер, барлық мағыналар жаңаша, неғұрлым терең, неғұрлым онтологиялық мағынада қолданылуы керек. Болашақта сөздерге ескі «прогрессивті» немесе «реакцияшылдық» біліктіліктерін жапсарлай қолдану ыңғайсыз болады, тіпті мүмкін қолданылмайды. Жақында сөздер өздерінің нағыз, онтологиялық мағынасына ие болады. Жақында барлығы үшін «прогресс» «прогрессивті» ме, көп жағдайда ол жиі-жиі «реакциядан» да қайғылы, дүние мағынасына, өмірдің нағыз негіздеріне қарсы болмады ма деген сұрақ қойылады. Сөздер туралы артық, мәнсіз таластардан аулақ болу үшін сөздерді қолдануға келісіп алайық.

Орыс адамдары әлде не реакцияшыл ма деген сұрақты талқылағанды қатты ұнатады. Олар үшін бұл, тіпті барлық сынның басты мәселесі болып көрінеді. Бұл орыстардың ойшыл зиялыларының ескі әдеті. Революция оларды бұл жаман әдеттен айырады деп үміттенуге болар еді. Жоқ, бірақ бізде не реакцияшыл, не прогрессившіл деген шексіз, адамды жалықтыратын даулар бітпей келеді, тіпті дүниедегінің барлығы басынан аяғына аударылып түспеген сияқты, ескі зиялы белгілер өз мәнін әлі жоғалтпағандай. Дүние жүзілік тарих кезеңдеріне өзіңіздің реакцияшылдық немесе революцияшылдық, оңшыл немесе солшыл белгілеріңізді қолданып көріңізші. Сонда бұл белгілердің соншалықты сиқынсыздығы, осы категорияларда ететін ойдың сұрықсыз провинциализмі түсінікті болады. Антикалық әлемінің күйреуі мен христиан дінінің қалыптасуы кезеңінде антикалық ағартушылық пен антикалық өркениет бастауын қорғау «реакцияшылдық» болды, ал кейіннен ортағасырлық мәдениетте үстемдікке ие болған рухани бастауларды қорғау «прогрессивті», керек десеңіз тіпті «революциялық» болды. Алға бет алған творчестволық қозғалыс, сол кездегі рух революциясы «ортағасырлық түнекке» бастады. Рухтың нағыз қозғаушы күші антикалық әлемінің соңғы азаматтары, соңғы жазушылары мен соңғы философтары емес, Шіркеудің әкейлері мен ұстаздары еді. Ренессанс дәуірінде, жаңа тарихтың таңы енді атып келе жатқанда антикалыққа, мәдениеттің көне бастамасына қайтып оралу творчестволық алға басу болды. Ж. де Местер, XIX ғасыр басындағы романтикалық қозғалыс француз революциясы мен XVIII ғасырдағы ағартушылыққа қарсы реакция болған еді, бірақ бұл келесі ғасырлардың барлық ойына нәр берген творчестволық алға басушылық болды. Жуық арада өткенге, революция, төңкеріс немесе дағдарыс қарсаңында үстемдік еткен ой өрісі мен өмір құрылысына қайтып оралуды «реакциялық» деп айтуға болар еді3. Мысалы, француз революциясынан кейін революцияға әкелген XVIII ғасырдағы рухани, материалдық құрылысқа қайтып оралу өте реакцияшылдық болар еді, ал ортағасырлық бастауларға, ондағы мәңгілікке, өткендегі мәңгілікке қайтып оралу мүлдем реакцияшылдық емес. Өткендегі өткінші уақытқа, өңі кеткенге қайтып оралу мүмкін емес, бірақ өткендегі мәңгілікке қайтып оралуға болады. Қазіргі кезде XIX ғасырдың басындағы қоғамда үстемдік еткен, ал қазірде іріп-шіри бастаған жаңа тарих бастауларына қайтып оралуды «реакцияшылдық» деп тануға болады. Сөздің терең мағынасында, жаңа тарих бастауларында кідіріп қалуға үндеу «реакция», шығармашылық жолдағы кедергі болып табылады. Күйреп бара жатқан, қайтып оралуға болмайтын ескі әлем бар, сонымен қатар рационалистік ағартушылығы, индивидуализм! мен гуманизмі, либерализмі мен демократиясы, теңдесі жоқ ұлттық монархиялары және империалистік саясаты, жан түршігерлік индустриалды-капиталдық шаруашылықтың жүйесі, тамаша техникасы мен сыртқы жаулап алулары, жетістіктері, шектеусіз әрі шексіз тән құмарлықтары, құдайсыз әрі тас жүректілігі, қайнаған таптық күресі және жаңа тарихтың жүріп өткен жолының шыңы ретіндегі социализмі бар жаңа тарих әлемі де бар. Біз революциялық әннің «Ескі әлемнен бас тартамыз»10*, деген сөздерін айтуға әрқашан дайынбыз, мұндағы «ескі әлем» деп отырғанымыз, апаттан қашып құтылмайтын жаңа тарихтың әлемі.

Біз қандай да бір тарихи дүние апатқа душар болады дегенде, бұл дүниеден ештеңе қалмайды, онда мәңгілік ештеңе жоқ, оның тіршілігінің өзі абсолютті мәнсіз болды дегіміз келмейді. Кез-келген тарихи дәуір туралы бұлай деуге болмайды. Жаңа тарихтың бастан өтуі де кездейсоқ емес. Онда да адамзат күшінің ұлы кернеуі орын алды, адамзат бостандығы ұлы сыннан өті. Біз Леонардо мен Микеланджелоны, Шекспир мен Гетені және тағы басқа да адамзат бостандығының дабылшыларын ұмытқымыз келмейді. Гуманистік тұрғыдан өзін орнықтыру адамзат рухы тағдырының ең бір маңызды сәті болды және оның барысында жинақталған тәжірибе адамды байытқаннан кейін із-түссіз жоғалып кетпейді. Жаңа тарих жасаған гуманизм күпіршілігі ұлы тақырыпты күн тәртібіне қойды және оның өзіндік тарихи бұрмалаушылықтары болды. Жаңа ортағасырлыққа жаңа тарихта адам бастан кешкен бостандық тәжірибесі, ар-ұжданың барлық қол жеткізген оң жетістіктері мен жанның нәзіктігі енеді. Ортағасыр тәжірибесінен кейін ескі антикалық дүниеге қайтып оралу мүмкін емес екендігі, тек христиандық және пұттық бастаулардың күрделі өзара әрекеттесуі болған Қайта Өрлеудің ғана болғандығы сияқты жаңа тарих тәжірибесінен кейін ескі ортағасырлыққа оралу мүмкін емес. Антикалық әлем де, ортағасырлық әлем де түпкілікті жойылып кеткен жоқ, бірақ екеуі үшінде өздерінің тарихи ауысымдар сағаты соқты. Сол сияқты қазірде тарихи дүние өзінің ұлы революциясын, өзінің терең мәнінде «реакциялық» және ескі дүние элементтерінің іріп-шіруімен сипатталатын коммунисттік революцияны емес, рух революциясын бастан кешіріп жатыр. Біздің дәуіріміздегі жаңа ортағасырлыққа шақыру, рух революциясына, жаңа санаға шақыру болып табылады. Жаңа тарих гуманизмі мәдениет пен қоғамдық өмірдің барлық саласында өзін сарпыды және ол өзінің қарама-қарсысына, адам бейнесін терістеуге өтті. Мен мұны «Ренессанстың соңы» атты мақалам мен «Тарихтың мәні» атты кітаптарымда анықтадым. Қазіргі таңда гуманисттік идеология «артта қалған», «реакцияшыл» идеология. Тек гуманизмнен коммунизм жасаған антигуманисттік қорытындылар ғана біздің дәуірімізбен бір деңгейінде тұр және ондағы қозғалыстармен байланысқан. Біз жасырынның ашылған, әшкереленген дәуірінде өмір сүрудеміз. Басқа уақыттарда күнәсіз әрі пәк болып көрінген гуманизмнің де табиғаты ашылып, әшкереленуде. Егер Құдай болмаса, адам да болмайды - біздің дәуіріміз тәжірибе жүзінде осыны анықтап отыр. Социализмнің де табиғаты ашылып, әшкереленуде, оның соңғы шектері айқындалуда, дінсіздік пен діни бейтараптылықтың болмайтындығы, жанды Құдай дінінің тек шайтан дініне қарсы екендігі, Христос дінінің тек антихрист дініне қарсы екендігі ашылып, әшкереленуде. Аспан мен тозақ аралығына орналасқысы келген гуманизм патшалығы ыдырау үстінде, сөйтіп жоғарғы және төменгі тұңғиықтар анықталуда. Құдай адамға орталық немесе бейтарап патшалықтағы адам қарсы тұрған жоқ, оған адам құдай, өзін Құдай орынына қойған адам қарсы тұр. Болмыс пен бейболмыс қарама-қарсы полюстері ашылуда.

Дін жаңа тарих қалағандай жеке мәселе бола алмайды11*. Оның автономды да бола алмайды және сондай-ақ мәдениеттің басқа салаларының да автономды болуы мүмкін емес. Дін қайтадан ең жоғарғы дәрежедегі ортақ, баршаға бірдей, бәрін айқындайтын іске айналуда. Коммунизм осыны көрсетті. Ол жаңа тарихтың автономды және секулярлы принципін жойып, «сакральды» қоғам мен «сакральды» мәдениетті, өмірдің барлық жақтарының шайтандық дінге, антихрист дініне бағынуын талап етті. Коммунизмнің зор мәні де осыда. Осы тұрғыда ол жаңа тарихтың шегінен шығып, мүлдем басқа, мен оны ортағасырлық деп атаған принципке бағынады. Орталық - бейтарап, секулярлы гуманисттік патшалықтардың ыдырауы, барлықтың бәрінде қарама-қарсы полярлы қарама-қарсы бастаулардың ашылуы жаңа уақыттың дінсіз кезеңінің соңы, діни кезеңнің, жаңа ортағасырлық бастамасы болып табылады. Бұл жаңа ортағасырлықта сандық тұрғыда міндетті түрде шынайы Құдай діні, Христос діні жеңеді деген соз емес. Бірақ бұл кезеңде өмірдің барлық жағы діни күресте, діни поляризациялануда, ең қиыр діни бастаулардың айқындалуы белгісінде өтеді. Құдай діні мен шайтанның дінінің, Христостық бастаулар мен антихристтық бастаулардың шиеленіскен күрес дәуірі сандық тұрғыда шайтан діні мен антихрист рухы жеңгенімен, ендігі жерде езінің типі бойынша секулярлы емес, діни, сакрльдылық дәуір болады. Сондықтан да діни драмасы өрістеген орыс комунизімі ескі жаңа тарихқа емес, жаңа ортағасырлыққа қарайды. Міне сондықтан да орыс комунизімі туралы жаңа тарих категорияларында ойлануға болмайды, оған француз революциясы рухындағы бостандық пен теңдік категорияларын, гуманистік дүниетаным категорияларын, демократия категорияларын, тіптен гуманистік социализм категорияларын қолдануға болмайды. Орыс большевизмінде шектен шығушылық пен о дүниелік, соңғы әлде неге жанасу үрейі бар. Орыс большевизмінің қасіреті жаңа тарихтың күндізгі атмосферасында емес, жаңа ортағасырлықтың түнгі стихиясында өтуде. Орыс комунизімінде тек жұлдыздарға қарап қана жол табуға болады12*. Орыс революциясының мәнін түсіну үшін, біз жаңа тарих астрономиясынан ортағасырлық астрономияға өтуіміз керек. Ресей ешқашанда Жаңа уақыттың гуманистік мәдениетін, оның рационалды мәнін, формальды логикасын, формальды құқығын, діни бейтараптылығын, орталықты секулярлылығын қабылдаған емес. Оның өзіндік ерекшелігі де осында. Ресей ешқашанда ортағасырлықтан, сакральды кезеңнен түпкілікті қол үзген емес, ескі ортағасырлықтың сарқыншақтарынан, ескі теократиядан жаңа ортағасырлыққа, жаңа шайтан ократияға тікелей өтті. Ресейде гуманизм Жаңа заман тарихындағы батыстық гуманизм рухынан мүлде бөлек Кириллов, П. Верховенский, И. Карамазов13* рухындағы адам құдайылық формасының ең қиыр формаларында толғанылды. Міне. сондықтан жаңа тарихтан жаңа ортағасырлыққа өтуде Ресей өте маңызды орын алады. Ол гуманистік демократия мен бейтарап гуманисттік мәдениеттің қалыптастырғаннан бұрын антихристты дүниеге әкелетін сияқты.

Бұрындағы ескі ортағасырлыққа өту секілді жаңа ортағасырлыққа өту де ескі қоғамдардың көзге айқын көрінетін ыдырауымен және жаңалардың байқаусыз қалыптасуымен қоса жүреді. Бей-берекет, варварлық күштер ескі, тұрақты, қалыптасқан қоғамдық және мәдени ғарышты төңкеріп тастайды. Бірақ жаңа тарихта нағыз ғарыш болды ма екен? XIX ғасыр өзінің құқықтық санасын, құрылымдарын, ғылыми әдістерін және ғылыми мәдениетін мақтан тұтқан болатын. Бірақ жаңа тарих толық ішкі бірлікті қалыптастыра алмады. Оның алғашқы негіздерін индивидуализм мен атомизм қалаған болатын. Жаңа тарихтың барлық барысында қоғамдардың өз ішінен ыдырауы, адамның адамға қарсы, таптың тапқа қарсы көтерілуі күшейе түсті. Қарама-қарсы мүдделер үшін күрес, бәсекелестік, әрбір адамның терең оқшаулануы мен жалғыздығы Жаңа уақыттағы қоғамдар типін сипаттайды. Бұл қоғамдардың рухани және идеялық өмірінде анархияның өсуі, бір орталықтың, біртұтас ортақ жоғарғы мақсаттың жоқтығы байқалды. Бұл барлық мәдени және қоғамдық өмірдің барлық салаларының автономиясы, қоғамның секулярлануы ретінде қабылданды. Жаңа тарих бостандықты индивидуализм, әрбір адамның, әрбір мәдени саланың өзін өзі айқындауға деген формальды құқығы деп таныды. Жаңа тарих процесінің өзі бостандық ретінде түсінілді. Бірақ неден бостандық алу және не үшін бостандық алу? Ескі мәжбүрлі теократиядан, ескі гетерономды санадан босау ма. Ескі мәжбүрлеуші теократиялар тұрақтап тұра алмады, ал ескі гетерономды сананы жеңіп шығу керек еді. Бостандық рухы ажырамас және мәңгілік жетістік болып табылады. Бірақ не үшін, қандай мақсаттар үшін бостандық жүзеге асуы тиіс? Мұны Жаңа дәуір рухы білмейді. Оның өзінің не үшін екендігі болмады немесе өзінің не үшін екендігін білмеді. Адам үшін, гуманизм үшін, адамилық бостандық пен бақыт үшін бе. Бірақ бұл жерде ешқандай жауап жоқ. Адамды адам бостандығы үшін азат етуге болмайды, адамның өзі адамның мақсаты болмайды. Осылайша біз тұйыққа келіп тірелеміз. Адам барлық мазмұнынан айырылады, оны биікке жетелейтін ештеңе қалған жоқ. Адам бостандығы мүлдем формальді, мазмұнсыз бостандық болып шығады. Индивидуализм өз мәні бойынша терістеуші түзетушілік. Өз дамуында ол адам бойында ешқандай мазмұндылықты нығайта аламайды. Индивидуализмде онтологиялық мүлдем жоқ, онда ешқандай болмыстық негіз де жоқ. Индивидуализмнің адам тұлғасы мен бейнесін нығайтуы да шамалы. Индивидуалистік дәуірде жарық дара, күшті тұлғалар дамымайды. XIX ғасырдағы индивидуалистік өркениет, оның демократиясы мен материализмі, техникасы мен қоғамдық пікірі, баспа сөзі, биржасы мен парламенті тұлғаның құлдырауына, даралықтың солуына, баршаның араласып кетуіне ықпал етті. Тұлға орта ғасырларда жарқын әрі жігерлі еді. Индивидуализм дара тұлғалардың барлық ерекшеліктерін өшіретін теңестіру үдерістеріне ықпал етті. Қоғамның атомизациялануын тудырған индивидуализм атомистік ыдыраудың екінші жағы, атомдардың механикалық байланысуы болып табылатын социализмге де алып келді. Ортағасырларға айырықша тән универсалистік идея осы күндері үстемдік етуден қалды. Бірақ адам тұлғасы тек универсумда, тек ғарышқа ғана терең тамырлана алады, тек сонан ғана ол өзінің онтологиялық топырағын табады және содан ғана өзінің жоғарғы мазмұнын алады. Тұлға тек Құдай мен құдайылық болғанда ғана бола алады. Индивидуализм тұлғаны оның болмыстық топырағынан жұлып алады, сөйтіп жел қуған қаңбаққа айналдырады. Индивидуализм өзінің жаңа замандағы барлық мүмкіншіліктерін сарқыды, онда ешқандай қуат қалған жоқ, ол ендігі жерде жоғарғы патетикалық сезімдерді тудыра аламайды. Индивидуализм рухының ақыры жаңа тарихтың ақыры болып табылады. Индивидуализмді іштей емес, сырттай жеңіп шығуға бағытталған барлық талпыныстар -жаңа тарихтың шеңберінен шығу. Осы тұрғыда О. Конт өзінің рухани типі бойынша ортағасырлық адам болды. Бұрмаланған формада болса да ол индивидуалистік анархияны жеңуге талпынды. Индивидуализм өзін мақтанышпен бостандықтың, ағартушылық пен прогрестің қорғаны деп санағанымен, осы күндері ол нағыз «реакцияшыл» құбылысқа айналды. Индивидуализмнің рухани қойнауында пайда болған барлық құрылымдар ыдырау үстінде және өздерінің мәні бойынша «реакцияшыл» болып табылады. Либерализм, демократия, парламентаризм, конституционизм, заңгерлік формализм, гуманистік мораль, рационалдық және эмпирикалық философия - осының бәрі индивидуалистік рухтың, өзін өзі гуманистік бекемдеудің туындылары. Олардың бәрі ескіріп барады, бұрынғы мағыналарын жоғалтты. Осының бәрі жаңа тарихтың өткен күні.

Ымырт жабылып, күн батқанда осы формалардың бәрі өздерінің айқын сипаттарын жоғалтады. Адам өмір құпиясымен, Құдаймен бетпе-бет келеді, ол универсалдық, ғарыштық атмосфераға батады. Индивидуализм адамды өз өзіне және адамның өзін басқа адамдардан, дүниеден ажыратқан формаларына байлап-матап тастады. Бұл бұғаулар үзіліп, формалар құлдырауда. Адам қауымдастыққа шығуда. Универсалдылық, ұжымдылық дәуірінің күні туып келе жатыр. Адам рационалистік ойлау арқылы, гуманистік мораль, формальды құқық, либерализм, демократия және парламентаризм арқылы басқалардан жіктеліп, өзін қорғай аламын дегенге сенуден қалды. Бұл формалардың бәрі адамзаттағы тамыры тереңге кеткен жанжалды,бытыраңқылықты, ортақ рухтың жоқ екендігін байқатты. Олардың бәрі заңдастырылған ажыраушылықтың формалары, бір бірін тыныштықта, жалғыздықта қалдырудың, ақиқатты таңдамаудың келісімдері болып табылады. Рационализм, гуманизм, құқықтық формализм, либерализм, демократизм - өмір мен ойдың барлық осы формалары Ақиқат белгісіз, мүмкін, Ақиқат тіптен жоқ шығар деген ұйғарымдарға құрылады, олардың Ақиқатты білгісі де келмейді. Ақиқат ажырату мен шектеу емес, байланыстыру, ол тек адасу мүмкіндігін, оны терістеу мен жамандау құқын қорғауға мүлдем мүдделі емес. Алайда, Ақиқат тек бостандық туралы Ақиқат бола алады. Бірақ гуманистік демократия дегеніміз, ең алдымен адасушылық пен жалғанға деген құқықты жариялау, саяси релятивизм мен софистика, Ақиқат тағдырын көпшілік дауысының шешіміне беруден басқа немене? Рационалдық философия дегеніміз Ақиқаттан адасқан, болмыс бастауларынан алыстап кеткен индивидуальды парасатың өзін бекемдеуінен, Ақиқатты таңдаудан, таным үшін одан қуат алудан бас тартқан ойды нығайтудан басқа не нәрсе? Парламент дегеніміз жан - жалды заңдастырудан, «пікірдің» «білімнен» басым түсуінен (бұл сөздерді платондық мағынада қолданамын), Ақиқат жолына түсудегі әлсіздіктен басқа не нәрсе? Ақиқатты мәжбүрлікпен емес, еркіндікпен қабылдау керек. Ақиқат өзіне деген құлдық қатынасқа төзбейді. Христиандық бізді осыған үйретеді. Бірақ жаңа тарих уақыты өз таңдауын жүзеге асырмай, Ақиқатты қабылдаудағы формальды бостандықта ұзақ уақыт кідіріп қалды және сондықтан ол Ақиқатқа емес, кез-келген ақиқатты немесе жалғанды таңдаудың формальды құқына негізделген ой мен өмір формаларын құрды. Яғни не үшін тіршілік ететінін білмейтін мәнсіз мәдениетті, мәнсіз қоғамды құрды. Сөйтіп, Жаңа уақыт болмыстан бейболмысты қалауға дейін жетті. Адам тек өзі үшін ғана өмір сүріп, өзіне ғана қызмет ете алмайды. Егер оның нағыз Құдайы болмаса, ол өзіне жалған құдайларды жасап алады. Ол бостандықты Құдайдан алғысы келмеді,бірақ жалған құдайлар мен пұттардың қатал құлдығына тап болды. Жаңа уақыт, аяқталып келе жатқан жаңа тарих адамының рухы да еркін емес, ол көтерілістер мен бас көтерулерге бостандық үшін шықпайды, Ақиқатты бостандық үшін терістемейді. Ол қоғамды бағындырған, Ақиқатты, Жаратушының Ақиқатын білгісі келмейтін белгісіз қожайынның, адамнан жоғары, адамнан тыс күштің билігіне түсті. Тек коммунизмде ғана бұл қожайын билігінің бет пердесі сәл-сәл ашылды. Бірақ осының өзі жаңа тарих шеңберінен шығушылық болды. Таңдау жасауға тура келеді. Жаңа тарихтың формальды бостандығы аяқталып келеді, бостандықтың мағынасына, мағыналы бостандыққа өту қажет.

XIX ғасыр дүниетанымының негіздері ыдырауда, сондықтан соған негізделген мемлекеттер мен мәдениеттерде ыдырауда. Алғы негіздерінде гуманизм жатқан монархиялық та, демократиялық та мемлекеттер ыдырауда. Мемлекеттіліктің ана не мына формасы емес, мемлекеттің өзі дағдарыс пен құлдырауды бастан кешіріп жатыр. Мығым, көп жылдық мемлекеттер қалмады. Бір де бір мемлекет ертең онымен не болатынын білмейді. Ешқандай легитимизм, ескі монархиялардың легитимизмі болсын немесе жаңа демократиялардың легитимизм! болсын, олардың сұлба түріндегі яғни, формальды халық билігі идеясымен бірге бұдан әрі адам жанына билік ете алмайды. Бұдан әрі ешкім ешқандай заңгерлік және саяси формаларға сенбейді, ешкім ешқандай конституцияны мойындамайды. Барлығы нақты күш арқылы шешіледі. Өзінің конституция туралы сөзінде14* Лассаль дұрыс айтқан. Мемлекеттер заңгерлік емес, әлеуметтік - биологиялық негіздерге ғана сүйеніп тұр. Мұны пішіндік құқық идеясының беделін мүлдем түсірген дүниежүзілік соғыс түпкілікті ашып берді. Итальян фашизмі ескі мемлекеттердің дағдарысы мен құлдырауын коммунизмнен артық дәлелдемесе кем дәлелдеген жоқ. Фашизмде кездейсоқ қоғамдық бірлестіктер ескі мемлекетті алмастырып, билікті ұйымдастыруды өз қолдарына алуда. Ескі мемлекеттік армиямен қатар ерікті фашистік армия бар, ескі мемлекеттік полициямен қатар фашистік полиция бар және олар нақты басымдылыққа ие болуда. Бұл жаңа тарихтың принцип! емес, бұл оған қарағанда Рим империясының соңының және ортағасырлықтың басталуының принципі сияқты. Қазіргі еуропаның саяси өміріндегі бірден бір творчестволық құбылыс фашизм де коммунизм сияқты жаңа ортағасырлық. Фашизм формальді лигитимизм принципіне тереңінен қарама-қайшы, ол оны білгісі де келмейді, ол өмірге деген ырықтың, билікке деген ырықтың тікелей көрініс беруі, құқықтың емес, биологиялық күштің ашылуы. Биліктің заңды принципінің, монархия мен демократияның құқықтық принципінің құлдырауын және оның күш принципімен, спонтанды қоғамдық топтар мен бірлестіктердің өмірлік қуатымен алмасуын мен шартты түрде жаңа ортағасырлық деп атаймын. Фашизм не үшін әрекет ететінін түсінбейді, бірақ ол заңгерлік формалардан өмірдің өзіне өтуде. Дәл сол сияқты гносеологиялық негізделген, рационалдық философия, таным легитимизмі адамдар жанына билік етуден қалды. гносеология дегеніміз танымдағы заңгерлік, формалистика, заңшылдық. Енді ойдың барлық қозғалысы өмір философиясы мен өмірлік философияны іздеуде, мағыналылыққа өтуге талпынуда. Философиялық ойлауда да өзіндік мағынадағы фашизм көрініс беруде. Ол да әлі өзінің «не үшін» екенін білмейді, бірақ формадан мазмұнға, танымның заңды құқықтары туралы сұрақтан өмір мен болмыстың өзін тану туралы сұрақтарға өтуде. Ықпалы күшті саясаттың парламент™ болудан қалатыны сияқты ықпалы күшті философия да академиялық, мектептік болудан қалуда. Осының барлығы бір процестің, өмірге араласудың симптомы. Дүние хаос арқылы өтуде, ортағасырлардағы сияқты рухани ғарышты, универсумды құруға талпынуда. Құлдырау жаңа ортағасырлықтың жолын ашуы керек. Күні өтіп өле бастаған және жаңадан туындап келе жатқан элементтерді қадағалау керек. Бірақ,барлық уақытта адамзатқа тән бостандық салдарынан оның екі түрлі жолмен жүретіндігін, болашақтың екі ұшты екендігін ұмытпау керек. Мен осы екі ұштылықты ескере отырып, оның жүретін жолын жобалауға талпынамын.

Индивидуализм, қоғамның атомизациялануы, өмірдің тәндік құштарлығының шектен шығуы, халық санының және тұтынудың тоқтаусыз өсуі, сенімнің құлдырауы, рухани өмірдің әлсіреуі - осының бәрі индустриалды-капиталистік жүйенің қалыптасуына әкелді, ол адам өмірін табиғат ырғағынан жұлып алып, адам өмірінің сипаты мен барлық стилін өзгертті. Машина, техника, олардың өзімен бірге ала келетін билігі, солардың туындататын қозғалыс жылдамдығы адам өмірін фикцияларға бағыттайтын химералар мен фантазмдарды қалыптастырады, ал олар ең жоғарғы шындық сезімін өндіреді. Биржалар мен банктерде, қағаз ақшаларда, керексіз заттарды немесе өмірді жоятын қаруларды өндіретін құбыжық фабрикаларда, сыртқы сән-салтанаттылықта, адвокаттар мен парламентарилердің сөздерінде, газет мақалаларында онтологиялық шындық көп пе, тойымсыз қажеттіліктердің өсуінде онтологиялық шындық көп пе? Барлық жерде аяқталуды білмейтін жағымсыз шексіздік ашылады. Шаруашылықтың барлық капиталистік жүйесі тәндік құмарлықтарды жалмап жейтін құрал. Ол христиандық аскетизмнен түпкілікті бас тартқан, аспаннан жалтарған, тек қана осы дүниелік құмарлықтарға берілген қоғамда ғана пайда бола алды. Капитализмді сакральды шаруашылық ретінде ойлау мүлдем мүмкін емес, ол әрине, шаруашылық өмірді секурялизациялаудың нәтижесі. Бұл жүйеде материалдылықтың руханилыққа шынайы иерархиялық бағынуы бұзылады. Біздің тарихи дәуіріміздің экономизмі15* адамзат қоғамының шынайы иерархизмінің бұзылуы, рухани орталықтың жоғалуы. Шаруашылық өмірдің дербестігі оның адамзат қоғамының барлық өміріне үстемдік етуіне алып келді. Мамонизм16* ғасырдың айқындаушы күшіне айналды, ол бәрінен де алтын бұзауға көбірек табынады. Бәрінен де қорқыныштысы, ештеңемен бүркемеленбеген мамонизмнен біздің ғасырымыз ақиқатты танудың, сағымнан азаттық алудың ұлы басымдылығын көреді. Мұны экономикалық материализм анағұрлым жақсы жасақтады, ол адамзаттың бүкіл рухани өмірін сағым мен алданыш деп таныды. Социализм индустриалды-капиталистік жүйенің одан әрі дамуы, оның негізіне қаланған бастаулардың түпкілікті салтанат құруы және олардың жалпылама таралуы болып табылады. Буржуазиялық капиталистік қоғамнан социалистер оның материализмімін, оның құдайсыздығын, оның үстірт ағартушылығын, оның рух пен рухани өмірге деген тапшылығын, өмір мен оның табыстарына, қанағаттанушылықтарына деген аш көздікті, оның эгоистік мүдделер үшін күресін, оның ішкі жұмылуға қабілетсіздігін қабылдайды. Рухани шығармашылықтың құлдырауы мен солуы, адамзат қоғамындағы рухтың азуы капитализммен де, социализммен де қатарласа жүреді. Олар рухтың азуының, ғасырлар бойғы өмірдің рухани орталығынан, Құдайдан алшақтаудың нәтижесінде пайда болады. Барлық қуат сыртқа бағытталды. Мәдениеттің өркениетке17* өтуі осы. Мәдениеттің барлық қасиетті рәміздері сола бастайды. Бұл рух ежелгі мәдениеттерде - ақ байқалады, көне өсиеттік пайғамбарлар соны ашады. Ежелгі Египеттің немесе ортағасырлардың мәдениеті қазіргі заманғы XIX және XX ғасырлардың мәдениетінен қаншалықты жоғары, рухани, тылсым дүниелік болды. Біздің алдымыздың күмәнсіз бір факті шығады: өзінің прогресі мен мақтанатын жаңа тарихта өмірдің тартылыс орталығы рухани саладан материалдыққа, ішкіден сыртқы өмірге ауысады, қоғамның діншілдігі азаяды. Өмірдің үстемдік етуші және реттеуші күші шіркеу емес, биржа болды. Қалың бұқара ешқандай қасиетті символдар үшін күресіп, өмірін қиюға бармайды. Адамдар бұрынғы уақыттардағы сияқты сенім догматтарын туралы пікір-таластырмайды, құдайылық өмірдің құпиялары оларды толғандырмайды. Олар өздерін қасиетті ессіздіктен еркінбіз деп санайды. Біздің капиталистік-социалистік дәуіріміздің өмір стилі осындай. Көп белгілері бойынша міне, осы дәуір аяқталып келеді. Индустриалдық-капиталистік дәуір өте осал болып шықты, ол өзін-өзі теріске шығарады, апаттарды туындатады. Құлақ естімеген масқарасымен бірге Дүниежүзілік соғыс осы жүйенің туындысы. Қазіргі заманғы империализм осы жүйенің қойнауларында дүниеге келді. Ол өзін-өзі жалмап жатыр. Капиталистік Еуропа милитаризмі оның өзін жегідей жеуде. Еңбекші халық индустриялық жүйенің көзбояушылығында өмір сүрді. Бұл гипноз дүниежүзілік соғыс апатынан кейін тоқтады.Халықты капиталистік қоғамда үстемдік еткен еңбек тәртібіне қайтадан көндіру қиынға соғады. Бұрынғы еңбек өнімділігін қалпына келтіру де оңай емес. Социализм оған қабілетті емес. Еңбектің рухани негіздері шайылды, ал жаңалары әлі ойлап табылған жоқ. Еңбек тәртібі қазіргі қоғамдар үшін өмірлік мәселе. Бірақ бұл еңбекті қастерлеу мен ақтау мәселесі. Бұл мәселені капитализмде, социализмде қоймайды, оларды еңбектің езі мүлдем қызықтырмайды. Ұзағырақ өмір сүру үшін барынан айырылған халықтарға басқа жолға, өмірдің тәндік құмарлықтарын тию, шексіз өскен тұтыну мен халық санын шектеу жолына, аскетизм, яғни индустриалдық-капиталистік жүйені терістеу жолына түсте тура келер. Бұл, әрине адамзаттық тапқырлық пен техникадан бас тартуды білдірмейді, бірақ оның ролін өзгертуді, оны адам рухына бағындыруды білдіреді. Табиғатқа, ауыл шаруашылығына, қол өнерге жаңаша қарауға тура келеді. Қала ауылға жақындауы керек. Шаруашылық одақтары мен корпорацияларға ұйымдасуға, бәсекелестік принципін кооперация принципімен алмастыруға тура келеді. Жеке меншік принципі өзінің мәңгі негізінде сақталады, бірақ шектеледі және рухтандырылады. Жаңа тарихта жан түршігерлік жеке байлық болмайды. Теңдік те болмайды, бірақ аш-жалаңаштар мен тапшылықтан өлетіндер де болмайды. Анағұрлым қарапайым, рухани мәдениетке және анағұрлым күрделі рухани мәдениетке өтуге тура келеді. Капитализмнің соңы жаңа тарихтың да соңы, ал ортағасырдың бастауы. Жаңа тарихтың орасан зор іс әрекетін жою керек, ол жүзеге аспады. Бірақ коммунизм сияқты, оған дейін техникалық өркениет соңғы шегіне дейін, қара сиқырына дейін дамуға талпынады.

Жаңа тарих ортағасыр әлемі білмеген ұлтшылдық формаларын тудырды. Батыстағы ұлттық қозғалыстар мен ұлттық жіктелулер Реформацияның, протестанттық парткуляризмнің нәтижесі болып табылды. Католицизмнің рухани негізі мұндай жікшілдікке, ұлттық өзін өзі бекемдеудің осындай қиыр формаларына ешқашан әкелмес еді. Жеке адамдардың тұйықталған монадаларға айналғаны сияқты ұлттық монадалар құрылды. Бұл христиандық адамзаттың атомизациялануы еді. Ұлттық индивидуалдықтар да, жеке адам индивидуалдылықтары да өздерінің органикалық нақты тұтастықтарға тиесілі екенін сезінуден қалды. Әрбір саты тек өзін ғана бекемдейді. Реформация мен гуманизм тек бір өзін ғана бекемдеуге, өз-өзіне тұйықталуға ғана рухани негіз бері, жалпылама бірлік идеясын бөлшектеп жіберді. Ал діни өмір ұлттық тұйықтылық формасын қабылдады. Жаңа тарихта бір тұтас христиандық адамзат, бір тұтас рухани ғарыш енді жоқ. Католиктік шіркеу тұйықталған күштердің біріне айналуда. Индивидуализм Жаңа заман ұлтшылдығын тудырды. Егер бұдан да тереңірек қазсақ, жаңа тарихтың барлық ұқсас принциптері, соның ішінде ұлттық жіктелуде номинализмнің ортағасырлық реализмді жеңіп шығуының нәтижесі болды18*. Өйткені, ұлттар әрі қарай таптарға, партияларға және басқаларға номиналистік ыдырауға ұшырайды ғой. Әрине, ұлттық индивидуализациялану процесінің маңызы зор болды, онда нақты ұлттық тұлғалардың өзіндік санасы оянып, олар өздерінің күш-қуатын сезінді. Бірақ XIX және XX ғасырларда халықтар қол жеткізген сол ұлтшылдық формалары және солар тұтатқан дүние жүзілік соғыс адамзаттың ыдырауын, бір тұтас рухани бірліктен ажырауды, христиандық монотеизмнен пұттық политеизмге қайтып оралуды білдірді. Қазіргі заманғы француздық, немістік, ағылшындық, итальяндық ұлтшылдық - барып тұрған пұтшылдық, антихристиандық және дінге қайшылық. Үшінші республиканың19* француздық ұлтшылдығы белгілі бір дәрежеде атеизмнің өнімі. Жанды құдайға деген сенім өшті, сөйтіп басқалардың пұттардың ішіндегі ең залымы - интернационализмге табынғаны сияқты, жалған құдайға, ұлтқа пұттай табынды. Ұлттың нақты онтологиялық негіздері бар (интернационалда ол жоқ), бірақ ол құдайды алмастырмауы керек. Немістер неміс құдайына сене бастады. Бірақ неміс құдайы христиандық Құдай емес. Ол да орыс құдайы сияқты, пұттық құдай. Христиандық Құдай алдында, бір тұтас Құдай алдында аллин де, иудей20* де жоқ. Христиандық дүниеге келіп, эллинистік мәдениет пен Рим империясы арқылы бір тұтас адамзат құрыла бастаған кезде, универсализм атмосферасында әлемде жеңіске жетті. Христиандықтың пайда болуының өзі пұттық ұлтшылдық пен партикуляризмнен босауды білдірді. Жаңа тарихтың соңында біз тағы да еркімен кеткен пұттық партикуляризм әлемін көріп отырмыз, оның ішінде аяусыз күрес пен қырғын жойқыншылық жүріп жатыр. Бұл бір жағы қана. Екінші жағы да бар.

Біз көп жағынан эллиншілік дәуірге ұқсас дәуірге аяқ басып отырмыз. Егер бұрын соңды мұндай жіктелу мен өшпенділік болмаса, жаңа тарих барысында осындай бейбіт жақындасу мен бірігу болмаған еді. Дүние жүзілік соғыстың қанды таласы халықтардың жақындасуы мен бауырласуына, нәсілдер мен мәдениеттердің бірігуіне ықпал етті. Дүние жүзілік соғыс Еуропаны тұйықталған жағдайдан алып шықты. Барлық ұлттардың тағдыры тұйық, оқшау болудан қалды, барлығы бәріне тәуелді. Қазір кез-келген халықтың тағдыры бүкіл әлемдегі ахуалға байланысты. Ресейде болып жатқан оқиғалар барлық елдер мен халықтарға әсер етуде. Ұзақ уақыт бойы оқшау өмір сүрген Батыс пен Шығыс әлемінің осыншама жақындасуы бұрын соңды болған емес. Мәдениет тек еуропалық болудан қалды, ол дүние жүзілік болып бара жатыр. Еуропаның мәдениет монополисі болуынан бас тартуына тура келеді. Батыс пен Шығыстың ортасында тұрған Ресей (қаншалықты үрейлі, апатты жолмен тұрса да) әлемдік маңызға ие болып келеді, әлемнің назары соған ауды. Дүниежүзілік соғысқа дейін-ақ империализм өзінің қайтпас диалектикасында мемлекеттер мен халықтарды олардың тұйықталған ұлттық тіршілігінен жұлып алып, әлемдік ортаға, теңіздер мен мұхиттардың әр жағына тастады. Капитализм өз шыңында дүние жүзілік шаруашылық жүйесін қалыптастырды, әр елдің экономикалық өмірін дүние жүзілік экономикалық жағдайға тәуелді етті. Ол халықтардың экономикалық жақындауына ықпал етті және оған да өзіндік интернационализм тән. Басқа жағынан алғанда, социализмде де интернационалдық сипат алуда, коммунистік интернационалда бұрмаланған ескі мәжбүрлі универсализм идеясы қайтадан бас көтеруде. Ұлттардың, таптарды және жекеленген адамдардың қанды күресі жағдайындағы жаңа тарихтың іргесі сөгілген, күмәнділік пен ашуға толы әлемі әр түрлі жолдармен әмбебапты бірлікке, ұлтты құлдырау мен ыдырауға дейін жеткізген ұлттық жікшілдікті жеңуге ұмтылуда. Дүниежүзілік соғыста Еуропа өзіне тек қатты соққы беріп қана қойған жоқ, ол Франция мен Германияның тоқтаусыз ұрыс-жанжалында, барлық халықтардың өзара күмәнділігі мен дұшпандылығында өз өзін қырып жоюын жалғастыруда. Ұлттар ешқандай ортақ рухани трибуналды мойындамайды. Бірақ мұның астында, тереңіректе еуропалықтан да ауқымды әлемдік бірігу процесі жүріп жатыр. Интернационализм - жалпылама бірліктің ең масқара карикатурасы.

Бірақ христиан халықтарында жалпылама бірлік рухы оянып, еркін әмбебаптыққа деген ырық айқындалуы қажет. Барлық әлем халықтарың ішінде орыс халқы анағұрлым жалпы адамзаттық, ез рухы бойынша жалпы ғаламдық болып келеді. Бұл оның ұлттық рухының құрылымына тән қасиет. Сондықтан орыс халқының мақсаты әлемді біріктіру, біртұтас христиандық рухани ғарышты құру болуы керек. Алайда, әрине, бұл үшін орыс халқы мықты ұлттық индивидуалдылық болуы қажет. Орыс халқы оз жолдарында ең үлкен азғырушылыққа, қарама-қайшы сипаттағы азғырушылыққа - Ресейді жегідей жеген интернационализмге және одан да әзәзіл Ресейді Еуропадан алыстатын ұлтшылдық азғырушылығына тап болады. Ұлттық тұйықтықты жеңуге және әмбебап бірлікті құруға бағытталған үрдістерді мен жаңа тарихтың, оның индивидуалистік рухының соңы, жаңа орта ғасырдың басы деп айтамын. Бұл мағынада коммунистік интернационализм ескі жаңа тарихтың емес, жаңа орта ғасырдың құбылысы және жаңа орта ғасырға діни бірігуге, христиан әлемінің бөлшектенген бөліктерін біріктіруге деген барлық ұмтылыстарды, қазіргі заманғы адамзаттың жоғарғы рухани қабаттарында байқалынатын әмбебап рухани мәдениетке ұмтылысты жатқызу керек. Бұл жаңа орта ғасыр ерекше бейбіт сүйгіш, соғыстарды білмейтін болады дегенді білдірмейді. Мүмкін алда ұлы күрес күтіп тұрған шығар, оған да дайын болу қажет. Алайда, соғыс ұлттық саяси сипаттан гөрі рухани діни сипатта болады.

«Прогресшілдер» ескі орта ғасырларға қайта оралудан қатты қорқады, сондықтан орта ғасырлыққа жатады деп есептейтін идеялар мен наным сенімдермен күреседі. Мені бұл үнемі таң қалдыратын. Өйткені, олар біріншіден, орта ғасыр рухына жатқызылуы мүмкін идеялар мен наным сенімдердің өміршеңдігі мен жеңімпаздылығына мүлдем сенбейді. Олар жаңа тарихтың бастамаларының беріктілігі мен ұзақтылығына кәміл сенеді. Онда соншалықты үрейленудің керегі қанша? Екіншіден, ескі дәуірлердің қайта оралулы мен қалпына келуі мүмкін емес екендігін түпкілікті анықтап алу қажет. Біз жаңа тарихтан орта ғасырға өту жайлы айтқанда, бұл ойды жеткізудің өзіндік бір тәсілі болып келеді. Алайда, ескі орта ғасырға емес, тек жаңасына ғана өту мүмкін. Бұл ету бойын үрейлен билеген және азғындаған «прогресшілдерге» елестейтін реакция ретінде емес, рух революциясы, алға қарай шығармашылықпен жылжу ретінде мойындалуы қажет. «Ортағасырлық түнек» жайлы айтуды және оған жаңа тарихтың жарығын қарсы қоюды тоқтату керек. Күні өткен бұл пікірлер қазіргі тарихи білім деңгейіне сай келмейді. Романтиктер секілді Орта ғасырларды пір тұтудың да керегі жоқ. Біз орта ғасырдың - варварлық, дөрекілік, қаталдық, зорлық, құлдық, тарих пен табиғат жайлы позитивті саласындағы надандығын, тозақ азаптарымен байланысты діни террор сияқты теріс және көлеңкелі жақтарын жақсы білеміз. Сонымен қатар біз орта ғасырдың діншілдік дәуірі болғандығын, халықтарды қасиетті ессіздікке бөлеген аспанды аңсауға толы болғандығында, орта ғасыр мәдениетінің транецендентілікке, тылсым дүниелікке бағытталғандығын да осы ғасырларда Жаңа дәуір тарихына беймәлім болмыстың соңғы сұрақтарын шешу үшін адам ойының схоластика мен мистикада қаншалықты шоғырланғанын да, Орта ғасырлар өз қуатын сыртқа жұмсамай, өз ішіне жинақтап монах пен рыцар бейнесіндегі тұлғаны қалыптастырғанын да, осы варварлық уақытта әсем әйел қулық пісіп жетіліп, трубадурлардың өз әндерін айтқанын да жақсы білеміз. Құдай қолдап бұл сипаттар жаңа ортағасырға да өтсе екен. Шын мәнінде, орта ғасыр мәдениеті антикалық мәдениеттің құлдырауынан кейінгі қайта өркендеу, варварлықпен және қараңғылықпен күрес болатын. Христиандық қараңғылықты ағартқан, хаосты ғарышқа айналдырған ұлы күш болды. Орта ғасыр өте күрделі әрі өте бай. Ұзақ уақыт бойы орта ғасыр - адамзаттың ақыл-ой тарихындағы, философиялық ой тарихындағы бос орын болды деп ойлау дұрыс саналып келді. Алайда орта ғасырларда, басқа дәуірлерде болмаған көптеген ұлы ойшылдар, ой әлемінің көптүрлілігі болды. Орта ғасырлар үшін Жаңа уақытқа қажетсіз артықшылық болып көрінген нәрселер тіршілік үшін маңызды болып табылды. Сондықтан да орта ғасырға қайтып оралу анағұрлым жоғары діни түрге қайтып оралу болып табылады. Орта ғасырлық рухани мәдениеттің шыңдары біз үшін әлі өте алыста. Біз құлдырау дәуірінде өмір сүрудеміз. Біз бірігуі мен шығармашылықтың позитивті процестеріне қарағанда құлдыраудың негативті процестері көбірек кездесетін орта ғасырдың бастамасына жақындап келе жатқан сияқтымыз. Орта ғасыр түнек дәуірі емес, ол түнгі дәуір. Орта ғасыр жаны - стихиялар мен қуаттар оянатын түнгі жан, бірақ кейін олар жаңа тарихтың жұмыс күнінің санасы үшін жабылып қалды.

Жаңа орта ғасыр қандай сипаттарда суреттеледі? Оның сипаттарына қарағанда терістерін қармап қалу оңайырақ. Бұл ең алдымен, мен бұрында айтқандай, жаңа уақыт мәдениетінің гуманизмінің, индивидуализмі мен формальді либерализмінің соңы және қарама-қарсы күштер мен бастаулар айқындалатын, жаңа тарих топырағы мен бейсанасының астында қалып қойғандардың барлығы ашылатын жаңа ұжымдық діни дәуірдің басталуы. Гуманистік патшалық шекті антигуманистік, атеистік коммунизмге және өзіне кез келген шынайы болмысты жинауға міндетті Христос Шіркеуіне ыдырауда. Бұл ешқандай түпкілікті таңдау жасамаған Жаңа уақыт формализімінен Құдайды немесе шайтанды таңдауға, өмірдің пәндік мазмұндығына иеленуге өту болып табылады. Мәдениет пен қоғамдық өмірдің барлық автономды салалары бостық пен бейболмысқа ұшырады. Автономды-секулярлы шығармашылық пафосы сарқылуда. Шығармашылықтың барлық салаларының ішінде діни таңдауға, шынайы болмысқа, өмірді өзгертуге деген ырық ояна бастады. Шығармашылық саласының қай қайсысы болмасын, мәдениет, қоғамдық өмірдің бірде бір жақтары діни бейтарап, толық секулярлы болып қалмайды. Философия теологияның қызметшісі болып қалғысы, ал қоғам өзін шіркеу йерархиясына бағынышты еткісі келмейді. Алайда таным ішінде, қоғамдық өмір ішінде діни ырық оянып келеді. Еркін негізделген діни таным формалары мен қоғам формаларының тек іштен ғана шығуы мүмкін. Мысалы өнердің шыңдарында теургияға21 деген ұмтылыстар байқалады. Ескі теократияға, шіркеу, өмірдің барлық тұстары мен шығармашылық арасындағы ескі, гетерономды байланысқа қайтып оралу мүмкін емес. Ескі теократияларда шын мәнінде Құдай Патшалығына қол жетпеді. Ол тек сыртқы формалар мен белгілерде таңбаланып, нышандалды. Қазір өмірдің барлық салаларында Құдай патшалығына, сонымен қатар сайтан патшалығына жетуге деген, автономия мен гетерономиядан гөрі еркін теономияға деген ырық байқалуда. Таным, мораль, шаруашылық, өнер, мемлекет сырттан күштеудің салдарынан емес, ерікті және іштей түрде діни болуы тиіс. Ешқандай да теология менің танымдық процесімді сырттан басқармайды және менің алдыма норма қоя алмайды. Білім еркін. Алайда мен діни тәжірибеге жүгінбей, болмыс құпияларын дін арқылы ашпай таным мақсаттарын орындай алмаймын. Бұл тұрғыда мен жаңа тарих адамы емес, орта ғасыр адамымын. Мен діннен тәуелсіз болуды емес, діндегі еркіндікті іздеймін. Ешқандай да шіркеулік иерархия мемлекеттік және қоғамдық өмірді реттейді, қалыпқа түсіре де алмайды. Ешқандай да клерикализм өзіне сыртқы күштерді қайтарып ала алмайды. Алайда мен тек ыдырауға ұшыраған мемлекет пен қоғамды тек діни негіздерде ғана құрастыра аламын. Мен мемлекет пен қоғамның діннен тәуелсіз болуын іздемеймін, мемлекет пен қоғамның дінмен негізделіп, нығаюын іздеймін. Мен қай нәрседе болсын Құдайдан азат болуды қаламаймын, мен Құдайда және Құдай үшін еркіндікті болуды қалаймын. Құдайдан алшақтау қозғалысы тоқтап, Құдайға қарай қозғалу басталғанда, Құдайдан алшақтаудың өзі сайтанға қарай ұмтылу сипатына ие болғанда Жаңа уақыт аяқталып, орта ғасыр басталады. Құдай қайтадан біздің бүкіл өміріміздің, ойымыздың, сезіміміздің орталығына, біздің жалғыз арманымызға, жалғыз үмітімізге, шаттығымызға айналуы қажет. Менің шексіз еркіндікті аңсауым Құдаймен емес, әлеммен жанжалдасуым етінде түсінілуі қажет.

Қазіргі заманғы мәдениеттің дағдарысы бұрыннан-ақ басталған. Оны осы мәдениеттің негізін қалаушылар сезінді. Соғыстар, революциялар, сыртқы апаттар, мәдениеттің ішкі дағдарысын сырттай анықтады. Іштегі революция сыртқы айқындалудан бұрын басталды. Мәдениет өз табиғаты бойынша рәмізді болып келеді, онда өзге рухани әлемнің тек нышандары мен белгілері ғана берілген, алайда бұл әлемге тікелей қол жеткізе алмайсыз. Мәдениеттің дәстүрлі түрлеріне шырмалғандар мәдениеттің бұл рәміздік табиғатын түсінбейді.

Тек рәміздік сана ғана мәдениеттің бұл табиғатын түсіне алады және сол ғана мәдениеттің рәмізділігін жеңіп, рухани әлемнің шынайылығына қол жеткізуге ұмтылады.

Мысалы, тарихи теократия тек рәміздік болды, ол Құдай Патшалығының шындығын емес, тек рәміздерін ғана берді. Мұны теократияны құрған және оның алдында құрметтеп тізе бүккен адамдар түсінбеді. Рәміздік діни санадағы адамдар нағыз Құдай патшалығына, яғни өмірді шынайы өзгерте ұмтылуы қажет. Таным, өнер, мораль, мемлекет, тіпті Шіркеудің сыртқы өмірі өмірді нақты өзгерте алмады, жаңа болмысқа қол жеткізе алмады, тек өзгерістің рәміздері мен шынайы болмыстың белгілерін ғана бере алды. Міне, мәдениеттің ұлылығы мен сұлулығын бойына дарытқан осы рәмізділік дағдарысқа ұшырады. XIX және XX ғасыр өркениеті мәдениеттің қасиетті рәмізділігін теріске шығарып, ең шынайы өмірге қол жеткізгісі келеді, өмірді иемденіп, өзгерткісі келеді. Сол үшін ол өзінің қуатты техникасын құрастырады. Мәдениет дағдарысын бір жағынан, реалистік өркениет және оның өмірге, құдіреттілікке деген ұмтылысы дайындайды. Екінші жағынан, мәдениет дағдарысының терең тамыры өмірді шынайы өзгертуге, жаңа аспан, жаңа жер, жаңа болмысқа деген діни ырықтың айқындалуынан басталады22. Мәдениетті болмысқа айналдыру ырқы мәдениет дағдарысын тудырады. Ол мәдениеттің тек ұлы адамдарына ғана белгілі және солар арқылы дағдарыс іске асады. Соңғысына деген ырық-нағыз онтологиялық ырық, ол мәдениеттің жеке, дербес саларымен қанағаттанбайды және ол бірлік пен біртұтастыққа бағытталады. Алайда мәдениет дағдарысы оның ескі секулярлы формаларындағы мәдениеттің құлдырауы, өнер, философия және басқаларының құлдырауы болып табылады. Біздің дәуірімізде көрнекті әрі мойындалған рухани орталық, дәуірдің ақыли өмірінің орталығы жоқ. Университет мұндай орталық болудан қалған, оның рухани беделі жоқ. Біздің дәуіріміздің ақыл-ойын билеушілер академиктер емес. Академиялық философияның да, академиялық енердің де ешқандай өмірлік ықпалы жоқ. Парламенттік саясатта дәл осылай өмірді айналып өтеді. Біздің уақытымызда тіршілік бей-берекет, бей ресми жолдармен іске асады. Дағдарыстар мен бет бұрыстар дәл осылай болуы тиіс. Болашақ дәуірде орта ғасырдағыдай рухани орталық тек Шіркеу ғана бола алады. Алайда, қазіргі кезде Шіркеудің өз өмірі де бейресми, сырттан байқалмайтын әлде қандай арналармен ағып, дамуда. Шіркеу шекаралары анық сезілмейді, оларды материалды зат ретінде саусағыңмен көрсете алмайсың. Шіркеу өмірі құпияға толы және оның өмір сүру жолдарын ақылмен танып біле алмайсың.

Рух қалаған жерінде тыныс алады23. Шіркеу өмірінде де сыртқы, ресми, таза рациональді сана шіркеуге тән ретінде қабылдай алмайтын шығармашылық процестер орын алады. Мәдениеттің дағдарысы ұшырауы оның діни бейтарап, гуманистік болып қала алмайтындығында, ол міндетті түрде не құдайсыз антихристиандық өркениет, не қасиетті шіркеулік мәдениет, өмірдің христиандық қайта өзгеруі болуы қажет. Ал бұл Шіркеу өміріндегі шығармашылық процесті, адам мен оның әлемдегі мақсаты жайлы христиандық шындықтың ашылуын,сонымен қатар жаратылыс құпияларының, ғарыштық өмір құпияларының түбегейлі ашылуын қамтиды. Антропология мен космология ақиқаттарын ғаламдық соборлар христиандығы мен Шіркеу ұстаздарының ілімдері әлі күнге дейін толығымен аша алған жоқ. Шіркеу өз табиғаты жағынан ғарыштық және болмыстың бүкіл толымдылығы соған кіреді. Шіркеу - христостанған ғарыш. Бұл дерексіз, теориялық шындық болудан қалып, тіршілік үшін маңызды, практикалық ақиқатқа айналуы қажет. Шіркеу негізінен өзінің храмдық кезеңінен ғарыштық кезеңіне, өмірдің толымдылығын өзгертуге өтуі қажет. Жаңа уақытта дінде мәдениеттің дифференциалданған бөлігіне айналды, оның алатын орны да аз әрі алшақ. Ол жаңаша барлығы, бүкіл өмірді ішінен өзгертетін, нұрландыратын күшке айналуы тиіс. Ол рухани еркін күш ретінде өмірді өзгертуі қажет. Христиандық үшін қасиетті Климент Александрийскийден бастап Шіркеудің ұлы ұстаздары уақытындағыдай діни зиялылардың үлкен маңыз атқаратын дәуірі басталып келе жатыр. Социализм мен атеистік ағартушылыққа арбанған «Халық» сенімін жоғалтуда. Ал «зиялылар» болса сенімге қайта бет бұруда. Бұл христианшылдық стилін өзгертеді.

Жаңа орта ғасыр жаңа тарих атомизмін жеңіп шығады. Бұл атомизмді жалған түрдегі коммунизм, немесе шынайы түрдегі Шіркеу мен соборлық24* жеңіп шығады. Ескісі сияқты Жаңа орта ғасырдың құрылымы да иерархиялы. Ал жаңа тарих барлық саладағы иерархияны теріске шығарды. Адам ғаламның сапасыз механизмінің атомы емес, органикалық иерархияның тірі өкілі, ол шынайы қауымдастыққа органикалық тиесілі болып табылады. Тұлға идеясының өзі иерархиямен байланысты, ал атомизм тұлғаның сапалық ерекшелігін жойып жібереді. Біз барлық жерде иерархиялық бастамаларға ерікті түрде қайта оралудан құтыла алмайтын дәуірде өмір сүреміз. Тек иерархиялық бастамалар ғана ғаламның ғарыштық үйлесіміне куә бола алады. Тіпті антииндивидуальді, антилиберальді, антидемократиялы және антигуманистік коммунизмнің өзі өздігінше иерархиялы ғой. Ол жаңа тарихтың формальді теңдігі мен еркіндігін теріске шығарып, өзінің сатанократиялық иерархиясын қалыптастыруда. Ол жалған шіркеу және жалған собор болуға ұмтылады. Енді жерде коммунизмге жаңа тарихтың антииерархиялық, гуманистік, либеральді-демократиялық идеяларын қарсы қоюға болмайды, оған тек шынайы, онтологиялық негізделген иерархияны, шынайы органикалық соборлықты қарсы қою керек. Себебі соғыс пен революцияға дейінгі кейбір елдердің өмірінде үстемдік еткен ескі, оңшыл, консервативті монархиялық идеялар да индивидуальді болды емес пе. Демократиялық гуманизмнің негізінде солшыл және прогрессивті идеялардың жатқан сияқты, олардың да негізінде ақсүйектік гуманизм жатты. Өзін-өзі гуманистік бекемдеу XIV және XV Людовик монархиясының да, Орыс империясы мен Вильгельм монархиясының да негізінде жатты. Демократиялық гуманистік өзін-өзі бекемдеу әрқашан аристократиялық гуманистік өзін-өзі бекемдеуге қарсы шығады, абсолютті адамдық монархияға абсолютті адамдық демократия қарсы шығады. Патшаның немесе дворяндардың билікке ие болу құқығы халықтікінен, шаруалар мен жұмысшылардікінен жоғары емес. Себебі билікке ешқандай да адамдық құқық жоқ, билік құмарлық күнә болып табылады. Людовик XIV немесе Николай І-дің билік құмарлығы Робеспьер немесе Лениннің билік құмарлығы сияқты күнә. Билік құқық емес міндет, билік жеке бас пен өзін қоршағандар үшін емес Құдай, ақиқат үшін іске асса ғана әділетті болады. Жаңа уақыт билікті құқық ретінде қарастырды және билікке деген құқықты шектеумен ғана әуестенді. Жаңа орта ғасыр билікті міндет ретінде қарастыруы қажет. Билік құқығы үшін күреске негізделген бүкіл саяси өмір нақты емес, жалған, қансорғыш өмір ретінде танылуы қажет. Онда онтологиялық ешнәрсе жоқ. Саясаттың оннан тоғыз бөлігі жалған, фикция, алдау. Саясаттың тек оннан бір бөлігі ғана өзінде әлемнің тіршілік етуі үшін қажетті биліктің, Құдайдан берілген биліктің орындалуы сияқты шынайы элементтерді қамтиды. Біз барлық саясатқа сенуден қалған, өмірдің саяси жағы жаңа тарихтағы атқарған рөлін атқара алмайтын, оған өз орнын анағұрлым шынайы рухани және шаруашылық процестеріне беруіне тура келетін дәуірге аяқ басудамыз. Өмірдің табиғи иерархизмі өз құқын қолына алуы қажет және үлкен онтологиялық салмағы, қабілеті мен жарамдылығы зор тұлғалар өмірден өз орнының алуы тиіс. Рухани аристократиясыз өмір гүлдене алмайды. Сонымен қатар, қазіргі заманғы демократиялық қоғамдарды жаулап алған әлеуметтік энтропияға қарсы қозғалыс болуы қажет. Action directe25 принципі, тұлғалар мен топтардың спонтандылығы ескі саясатты төңкеріп тастайтын болады. Бастапқы, аралық буынсыз өмір туынды және саясатта бейнеленген өмірден басым түседі. Саяси партиялар мен олардың көсемдері маңыздылығын жоғалтуы мүмкін, ал күш-қуаты бар адамдар партияларсыз-ақ ұсынылатын болады. Халық денесіндегі ісік секілді қан сорғыш, жалған өмір сүретін, ешқандай да органикалық қызмет атқаруға қабілетсіз парламенттер түбегейлі жойылады. Биржа мен газеттер өмірді басқара алмайтын болады. Әлеуметтік өмірде қарапайымдану, тіршілік үшін күрестің қарапайым процестеріне қайтып оралу орын алады. Әлеуметтік өмір өмірдің алғы бастауларына қосылуы тиіс, ол анағұрлым табиғи, жасандылығы неғұрлым аз болуы қажет. Адамдар әрқашан туынды және көбінесе жалған саяси белгілер бойынша емес, шаруашылық, тікелей өмірлік, кәсіби белгілер бойынша, шығармашылық және еңбек салалары бойынша бірігетін және топтасатын болар. Ескі сословиялар мен таптар жойылып, олардың орнына рухани және материалдық еңбектің кәсіби топтары келеді. Кәсіби ұйымдарды, корппорацияларды, цехтарды зор болашақ күтіп түр. Бұл жаңа бастамаларда орта ғасырға қайтып оралудың белгісі болып табылады. Саяси парламенттерді, азғындаған қызыл өңештерді нақты корпорациялардың өкілділігі негізінде жиналған іскер кәсіби парламенттер алмастырады, олар саяси билік үшін күреспейді, билікке таласудың орнына, мысалы ауыл шаруашылығы, халыққа білім беру секілді өмірлік маңызды сұрақтарды, саясат үшін емес, қажеттілігіне байланысты шешетін болады. Болашақ, әрине революциялық синдикализм мағынасындағы емес, синдикалистік типтегі қоғамның еншісінде. Шешуші әлеуметтік радикализмді биліктің иерархиялы бастауларымен үйлестіре алатын саясат қана жетістікке жете алады. Анархизмде де өзіндік ақиқат үлесі бар, ол шамасы жеткенше саясат билігі мен мемлекеттің маңызын асыра бағалауға қарсы тұрады.

Жаңа орта ғасыр міндетті түрде жоғары дәрежеде халықтық болғанымен, мүлдем демократиялық болмайды. Осыдан бастап мемлекет өмірінде еңбекші бұқара мен халық қабаттары маңызды рол ойнайтын болады. Кез келген болашақ саясат мұны есепке алуы тиіс және қалың бұқараның сапа мәдениетіне билігін шектеудің жолдарын іздестіруі қажет. Ресейде шаруалар басты күш болады. Бірақ бұл әлемдік апатқа дейінгі қалпына қайтып оралтуға болмайтын халық бұқарасы саяси билікке деген ырқын міндетті түрде саяси демократияларда, жалпыға бірдей сайлау құқы және басқалар арқылы ғана жүзеге асыратынын білдірмейді. Орыс революциясының тәжірибесі халық бұқарасының өзінің күннен күнге артып келе жатқан әлеуметтік маңыздылығын әрдайым демократия мен халық билігінде көрсетуге ұмтылмайтынын анық көрсетті. Демократиялар өз мүддесін қорғайтын буржуазиялық таптың үстемдігімен, индустриалді-капиталистік жүйемен, кәсіби саясаткерлер қауымының түзілуімен байланысты болады. Халық бұқарасы көбінесе саясатқа немқұрайлы қарайды және ешқашан да билікке деген ырқын жүзеге асыра алмайды. Әлеуметтік салмағы міндетті түрде өсетін шаруалар мен жұмысшылар кәсіби, корпоративті өкілеттілік пен өзін-өзі басқаруға, «кеңестік» Ресейдің коммунистік партиясының диктатурасы бет пердесін жасыратын жалған мағынадағы емес, нағыз, шынайы мағынасындағы «кеңестік» принципке ұмтылады деп айтуға көп негіз бар. Мемлекет пен қоғамды түпкілікті ыдырау мен құлдыраудан бір жағынан, жоғары дәрежелі өміршең корпоративтік-кәсіби, шаруашылық қоғамдық одақтар, екінші жағынан рухани қоғамдық ұйымдар қорғап қалатын болады. Жаңа орта ғасыр мемлекеті мен қоғамы осы ұйымдардан құралатын болады. Бұқара халықтың билікке ұмтылысы емес, материалдық, рухани сұраныстары қанағаттандырылуы қажет. Билік ешқашан да көпшіліктің еншілігінде болмаған және болмайды да. Бұл билік табиғатына қарсы келеді. Биліктің табиғаты иерархиялы және иерархиялық құрылымды. Болашақта да осылай болады. Халық өзін өзі билей алмайды, ол билеушілерді қажет етеді. Демократиялық республикаларда халық емес, саяси партиялардың көсемдері, қаржыгерлер мен газетшілердің және т.б. азғана өкілдері билік жүргізеді. Халықтық тәуелсіздік дегеніміз халық өміріндегі бір мезет қана, халықтық стихияның арнасынан асуы ғана. Қоғам мен мемлекеттің құрылуы, әлеуметтік ғарыштың қалыптасуы әрқашан теңсіздік пен иерархияның пайда болу, билеуші таптың бөлініп шығу процесі болып табылады. Жаңа орта ғасырда қоғамдар мен мемлекеттердің бірлігі монархиялық формаларға ауысуы да әбден мүмкін. Халық бұқарасы монархты өздері қалап алады, өз көсемі мен қаһарманын танып біледі. Бірақ егер монархиялар әлі де мүмкін болса, олар, әрине ортағасырлық типке жақын ескі жаңа тарих типінде емес жаңа типте болады. Оларда цезаризм сипаттары басым болады. Мен біз, әсіресе Ресей өзіндік ерекше типке «кеңестік монархия», синдикалистік монархия, жаңа әлеуметтік сипаттағы монархия деп атауға болатын типке бара жатырмыз деп ертеден-ақ ойлаған едім және бұл ойды 18-19 жылдарда-ақ айтқанмын. Ескі легитимизм өлді, ол жаңа тарихқа тиісті еді, ал оны қайта қалпына келтіруге талпыну елесті қуғанмен бірдей. Жаңа ортағасырлардың монархиялары формальді-легитимдік монархиялар болмайды. Оларда әлеуметтік реализм принципі заңгерлік формализм принципінен басым түседі. Монархияны сословиялар емес, иерархиялық құрылымдағы әлеуметтік және мәдени кәсіптер қоршап тұрады. Бірақ билік күшті, жиі диктаторлық болады. Халықтық стихия қалаулы адамдарға биліктің қасиетті атрибуттарын береді. Халықты монархияға күштеп көндіру мүмкін болмайды. Халық басқару формаларын өзінің наным-сенімдеріне байланысты нақты-өмірлік жолдармен өзі шешеді. Бірақ, белгілі бір мағынада қашанда болған бұл сипаттағы «халықтық егемендік» демократияны білдірмейді. Кез-келген жағдайда билік туралы мәселені қиын және қосалқы (екінші дәрежелі) деп санау керек.

Болашақтағы қоғамдар, әрине еңбекшіл қоғамдар болады. Олардың негізіне рухани және материалдық, социалистердегі сияқты сапасыз емес, сапалы еңбек принципі алынады. Христиандық идея әрқашан осындай. Жаңа тарихтың артықшылықтары бар топтарының шамадан тыс бос уақыты мен парықсыз салтанаттылығы тиылады. Аристократия мәңгілікке сақталады, бірақ анағұрлым рухтанған сипатқа ие болады, әлеуметтанулық категориядан гөрі психологиялық категорияға айналады. Өмір анағұрлым қатал және жұтаңдау болады, бұдан әрі жаңа тарихтың салтанаттылығы болмайды. Осы дүниелік монахтықтың ерекше түрі, ерекше типтегі монахтық ордендер қалыптасуы керек. Еңбектің діни мәні мен оны діни тұрғыдан қасиеттендіру мәселесі қойылады. Жаңа тарих мұны білгісі де келмеп еді, өйткені ол адам мен таптарды еңбек ауыртпалығынан азат етуге талпынды. Еңбектің өзі шығармашылық ретінде түсінілуі тиіс. Капитализм мен социализм еңбекті механикаландырады, сондықтан олар үшін еңбек мәселесі жоқ. Қажеттіліктерді шектеу мен қоғамдағы барлық таптардың қызу еңбектенуі жаңа тарихи дәуірге тән сипат. Жұтаңдаған адамзат тек осылай тіршілік ете алады. Өмірдің ішкі салмақ орталығы, жаңа тарих адамдарын тұтастай жаулап алған өмір құралдарынан, өмір мақсаттарына қарай ойысуы керек. Өмірді сыртқа, уақытқа, болашаққа қарай проекцияламай, өмірдің өзіне, оның ішкі мазмұнына бет бұру дегеніміз осы. «Прогресс» идеясы, өмірдің нақты мақсаттарын бүркемелеп тұрған ретінде лақтырылып тасталады. Жаңа тарихтың аяқталуымен «прогресс» тиылады. Өмірдің өзі болады, шығармашылық болады, Құдайға немесе шайтанға бет бұру болады, бірақ XIX ғасыр сырқаттанған мағынадағы «прогресс» болмайды. Бізді бейболмысқа жетелейтін уақыттың зымыраған қозғалысын тоқтату қажет, мәңгіліктің дәмін тату керек. Бірақ осымен қатар жалған өркениеттің билігін кеңейтуге талпынған ырықта әрекет етеді, антихристтық рухта әрекет етеді.

Меніңше, әйелдің үлкен рөл атқаруы да жаңа ортағасырлыққа тән сипат болады. Еркектік мәдениет дүние жүзілік соғыста өзін әлсіретті. Ұлы сынақтардың соңғы жылдары әйел адам өте зор рол ойнай бастады, ол жоғары биіктерден көрінді. Әйел адам әлем жанымен, бастапқы стихиялармен анағұрлым терең байланысқан және әйел арқылы ер адам соларға қосылады. Еркектік мәдениет тым рационалды, ғарыштық өмір құпияларынан тым алыстап кеткен және оларға әйел адам арқылы қайтып оралады. Әйелдер біздің дәуіріміздің діни оянуында зор рол атқарады. Әйелдер әйел-бейбіткер болуға арналған. Күн тек еркектік мәдениеттің басым түскен уақыты болды. Түн дегеніміз әйелдік стихиямың да өз құқын қолына алатын уақыты. Болашақ тарихи кезеңде әйелдің маңызы артады деу әйелді еркекке ұқсатуға және әйелді еркектің жолымен алып жүруге ұмтылған Жаңа уақыттағы әйелдік эманципациялық қозғалыстың жалғасуын білдірмейді. Бұл әйел адамның сапалық ерекшелігін, мәңгілік әйелдік қасиетті теріске шығарған антииерархиялық, теңестіруші қозғалыс болды. Жаңа тарихта, мысалы Францияда жиі орын алғаны сияқты еркектік бастау әйелдік бастаудың құлдығында қалып қоймай оны иеленуі керек. Болашақ тарих кезеңінде эманципацияланған, еркекке ұқсаған әйел емес, мәңгілік әйелдік қасиет үлкен рөл атқаруы тиіс. Бұл ру мен рулық отбасы стихиясының дағдарысымен байланысты болады, бастан өткізіп жатқан әлемдік дағдарыстың терең қабаттарын солар құрастырып отыр. Христианшылдық өз үміттерін рулық стихияда, бір-бірін алмастырған ұрпақтардың жағымсыз бейқамдығына бағытталған тудырушы стихияда іске асыра алмайды. Өмірдің негізгі - мәселесі жынысты қайта өзгерту, әйелдік стихияны нұрландыру, тудырушы қуатты жаратушы қуатқа айналдыру. Ескі Адам Атаның табиғи руы жаңа Адам Атаның рухани руы болып қайта жаратылып, өзгеруі керек. Бұл махаббаттың мистикалық мағынасын ашумен, өтпелі уақытқа емес, мәңгілікке бағытталған қайта жаратушы махаббатпен байланысты. Осы жерде біз жаңа тарих жағалауларынан, оның рационалды күнінен шығып, ортағасырлықтың мистикалық түніне аяқ басамыз. Бұл тақырыпқа жаңа тарихтың сөздерімен жақындай алмайсың.

Жаңа ортағасырдың келуіне сондай-ақ, теософиялық ілімдердің таралуы, оккульттік ғылымдарға деген талғам, магияның қайта өрлеуі тән. Ғылымның өзі өзінің мистикалық бастауларына қайтып оралуда, жуық арада техниканың магиялық сипаты түпкілікті айқындалады. Дін мен білім қайтадан жақындасады, сөйтіп діни гнозиске деген сұраныс туындайды. Біз жаңа тарих үшін соншалықты жат болған ғажайыптылық атмосферасына енеміз, мүмкін ақ және қара магия қайтадан келетін шығар. Мүмкін, Құдайылық өмір құпиялары туралы қызу пікір-таластар қайтадан басталатын шығар. Біз жани кезеңнен рухани кезеңге өтудеміз. Болашақ - екі ұшты, біз қуанышты, жарық, қалаулы болашақтың қажеттілігі мен мәжбүрлігіне сенбейміз. Жерлік бақыт сағымының біз үшін күші жоқ. Жаңа ортағасырда зұлымдықты сезіну күштірек, тереңдеу болуы керек. Зұлымдық күштері ұлғаяды, жаңа формаларды қабылдап, жаңа азаптар алып келеді. Бірақ адамға рух еркіндігі, жолды таңдау еркіндігі берілген. Христиандар өз ырқын христиандық қауымдастық пен христиандық мәдениетті жасауға бағыттауы керек, бәрінен де Құдайылық Патшалықты және оның шындығын жоғары қойып, соны іздеулері керек. Көп нәрсе біздің бостандығымызға, адамның шығармашылық қуатына байланысты болмақ. Сондықтан да екі жолдың болуы мүмкін. Мен болашақта зұлымдық күштердің өсетінін сезінемін,бірақ сонымен қатар болашақ қоғамның мүмкін болар оң сипатгарында анықтағым келеді. Біз тағдыр мен тарих фатумы солай болғанан кейін ғана емес, біз осыны қалағандықтан да қазірдің өзінде ортағасыр адамдарымыз. Сіздер әлі жаңа тарих адамдарсыздар, өйткені таңдау жасағыларыңыз келмейді. Түнді сезіну алдында зұлымдықпен күресу үшін рухани қарулану керек, оны ажырату қабілетін шыңдап, жаңа рыцарлықты қалыптастыру керек.

Қайтқан суы мұхиттың алып қашар алысқа
Шексіз түнек толқындардың қойнына
Жұлдызды аспан күмбезі
Тереңнен құпия көз салар

Барамыз жүзіп, оранған отты тұңғиық

Орап алды жан-жақты.

Түсініктемелер

1 Бұл этюд менің «Ренессанс соңы» (қар. «София») және «Тарихтың мәні» мен «Теңсіздік философиясы» кітаптарымдағы ой-толғауларымның бағдарламалық түсіндірмесі тәрізді.

2 Дүниежүзілік дағдарыс туралы Шпенглер, Кейзерлинг, Шпан, Т. Лессинг, Г. Ферреро, бізде Р. Виппер, әр түрлі дүнитанымдағы адамдар айтады. Жазушы-суреткерлердің ішінде тарихи дағдарысты А. Белый анағұрлым терең сезінеді.

3 Бұл ойды Н.С. Трубецкой «Евразийский Временник» жинағындағы «Есік алдында (Реакция? Революция?)» мақаласында кеңінен дамытады.

4 Бұл тұрғыда дұрыс көп нәрсені Р.Ю. Виппердің «Тарих айналымдары» кітабынан табуға болады, дегенмен оның дүние түйсінуінің негіздері маған жалған болып көрінеді.

'* Ungrund-Я. Бёмедегі Құдайдың негізгі сипаттамаларының бірі. Құдайдың барлықтың бәрі және ештеңе емес екенін білдіреді. Онсыз апофатикалық (теріс) теологияның болуы мүмкін емес алғышарт. Толығырақ қар. Бердяев Н.А. Философия свободного духа. М., 1994. 433-435 бб. Булгаков С.Н. Свет невечерний. Созерцания и умозрения. М., 1994. 127 б.

2* Ф.И. Тютчевтің «Күн мен түн» өлеңдерінен цитата.(1839 ж. басы). Қар. Тютчев Ф.И. 2-томдық шығармалар. М., 1980, т.1. 96-97 бб.

3* Ф.И. Тютчев өлеңінің бастапқы жолдары (1835 ж., атаусыз). Қар. Сонда, 81 б.

4* Ф.И. Тютчевтің «Қасиетті түн аспан көгіне көтерілді» өлеңі дәлдік сіздермен цитатталған (1848-1850 наурызы аралығы). Қар. Сонда, 114 б.

5* Ф.И. Тютчевтің «Түстер» өлеңі (1830 ж. басы) толық (бірақ графикалық қателіктермен) келтірілген. Қар. Тютчев Ф.И. 2-томдық шығармалар. М., 1980, т.1. 56-57 бб.

6* А.А. Блоктың «Тағы да мәңгілік сағынышпен» өлеңінен цитата («Куликово даласында» циклінің төртінші өлеңі, 1908). Қар. Блок А.А. 2-томдық шығармалар. М., 1955, т.1. 287 б.

7* Аталған жағдайда Н.А. Бердяев А. Белыйдың Берлиндік журнал «Эпопеяда» (1922, № 1-3; 1923 № 4) жарық көрген «А. А. Блок туралы естеліктеріне» сүйенеді.

s* 1520-1534 жж Микеланджело қашаған Флоренциядағы Медичи әулетінің мазарына арналған мүсіндер туралы айтылып отыр. Қайтыс болған екі герцогтың аяқтарының астында уақыт мезгілдерін бейнелейтін қос қостан төрт мүсін орналасқан. Олар уақыттың өтпелілігінің рәмізі.

9*Н.С.Трубецкойдыңмақаласы«Евразийский временниктің» (Берлин, 1923) 3-кітабында жарық көрді. Қар. Трубецкой Н. С. Наследие Чингисхана. М., 1999, 358-366 бб. Еуроазиялық және оған Бердяевтіц көзқарасы туралы қар. Евроазия. Исторические взгляды русских эмигрантов. М., 1992, 28-36 бб.

10* 1875 ж. 1-маусымында «Вперед» газетінде алғаш рет басылған ПЛ. Лавровтыц «Жаңа өлеңінің» алғашқы жолдары.

Кейіннен орыс революционерлерінің бірнеше ұрпақтарының гимніне айналды. Ән «Марсельезаның» мотивіне арнайы арналып жазылды, сондықтан оның шартты атауы «Орыс марсельезасы». Қар. XIX ғ. орыс поэзиясы. М., 1974, т.2. 530-531 бб.

11 * Германияның социал-демократиялық партиясының 1891 ж. қабылдаған Эрфурт бағдарламасының алтыншы пункті дінді «Жеке іс» деп жариялайды. Religion 1st Privatsache.

'2* «Жұлдыздарға қарап» 1909 жыл шыққан, дәуірдің өзіндік рәмізіне айналған В.И. Ивановтың мақалалар жинағының атауы.

І3* «Кириллов, П. Верховенский, И. Карамазов рухындағы адам құдайылық» туралы Кирилловтың төмендегідей ой-толғаулары жақсы түсінік береді: «Өмір азап, өмір қорқыныш және адам бақытсыз... Енді адам бұрынғы адам емес... Өмір сүргісі келеме, келмей ме бәрі бір болған адам жаңа адам болады. Кім азап пен үрейді жеңсе соның өзі құдай болады. ...Құдай өлім үрейінің азабы. Кім азап пен үрейді жеңсе соның өзі құдайға айналады. Сонда жаңа өмір, жаңа адам, барлығы жаңа... Сонда тарихты екі бөлікке бөледі: горилладан құдайды жойғанға дейінгі және құдайды жойғаннан... - Гориллаға дейінгі ме? Жер мен адамның физикалық өзгергеніне дейін, адам құдай болады, физикалық өзгереді. Дүниеде өзгереді, істерде өзгереді, ойларда өзгереді және барлық сезімдерде... Басты бостандықты қалаған кез келгеннің өзін өлтіруге батылы баруы керек... Өзін өлтіруге батылы барған сол құдай... Кім үрейді өлтіру үшін өзін өлтірсе сол сол сәтте құдайға айналады» (Достоевский Ф.М. Шығармаларының толық жинағы. JI., 1974, 93-94 бб. «Жындар», б. 1, тарау 3, VIII).

и* Ф. Лассальдың «Конституцияның мәні» мақалалары циклынан «Билік және құқық» туралы сөздері жайлы айтылып отыр (Ueber Yerfassungswesen). Қар. Лассаль Ф. Шығармалар. СПб., 1908, т. II, 5 б және келесі, 52 және келесі.

|5* «Тарих мәніне» 75* ескертуді қар.

|6* Мамонизм (мамоннзм) - Т. Карлейль термині. Мамонна - ежелгі сириялықтарда байлық құдайы; христианшылдықта бұл есім байлық идолы ретінде сақталған. Иисус Христос өз ізбасарларын: «Құдай мен мамоннаға бірдей қызмет ете алмайсыңдар» деп оқытты. (Мф. 6, 24; сал.: Лк. 16, 9, 11. 13).

п* «Мәдениеттің өркениетке өтуі» - О. Шпенглердің «Европаның құлдырауындағы» негізгі тезистердің бірі, оны.

Бердяев «Фаусттың өлер алдындағы ойлары» мақаласында жан-жақты талдайды.

|8* «Тарих мәніне» 8* ескертуді қар.

,9* Үшінші республика - 1870 ж. орнап, 1940 ж. дейін өмір сүрген Франциядағы буржуазиялық-демократиялық режим. Үшінші республиканың француздық ұлтшылдығы туралы айтқанда Бердяев француз Бас штабының офицері, Германия мүддесіне тыңшылық жасады деп әділетсіз айыпталған, 1894 ж. өмірлік каторгаға айдалған Дрейфус ісі (шыққан тегі еврей) жайлы айтады. Француз қоғамы «дрейфусарларға» және «антидрейфусарларға» бөлініп кетті. 1899 ж. Дрейфус босатылып, ал 1906 ж. толық ақталды. 20* Кол. 3,11.

21 * Теургия (дәл мағынасында «Құдайды жасау», «құдайды жарату») - орыс философиясына B.C. Соловьев енгізген термин. «Еркін теургия» деп ол «тұтас шығармашылықты», мистиканың, көркем және ғылыми-техникалық шығармашылықтың тұтастығын түсінді. Теургия туралы П.А. Флоренский, С.Н. Булгаков, А. Белый және т.б. өте коп жазды. Қар. Соловьев B.C. Дерексіз бастауларды сынау; Тұтас білімнің философиялық бастаулары // 2-томдық шығармалар. М., 1988, т.1-2.

22* Апокалипсистен алынған сөздер: «Сонда мен жаңа аспан мен жаңа жерді көрдім...» (Аян 21,1).

23 * Ин. 3,8.

24* Соборлылық туралы қар. «Тарих мәніне» 58* ескерту.

25* Тура іс-әрекет (фр) - француз анархо-синдикалистерінің талабы. Ол туралы анархо-синдикализмніц көрнекті қайраткері Г. Лагардель: «Тура іс-әрекет жау жүрек азшылықтың батыл араласуын қамтиды. Күресті бастау үшін бұл жерде демократиядағы сияқты икемсіз көпшілік ойын айтуға тиісті емес, сан заңды құрастырмайды, сан ереже болып табылмайды - таңдап алынған топ құралады (une elite), сапасының қуаты бойынша ол көпшілікті өзіне ертіп, оны күрес жолына бағыттайды», - деп жазды. (Цитата Новгородцев П.И. Қоғамдық мұрат туралы. М., 1991, 473-474 бб бойынша).

Бердяев Н. Новое средневековье//

Размышление о судьбе России и Европы.

Москва. Канон, 2002. — С. 222-255.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙