Шексіздік сыртындағы шам
Ақберен Елгезек
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Өз басым замандастарымды қадағалап оқып жүруді әдетке айналдырғанмын. Солардың ішінде әдебиетке бізден бұрын келген, замандас ағаларымның бірі - Ақберен Елгезек. Ақын жаны ақ мамық бұлттармен бірге Күн жаққа қарай көшеді... Ақмамық қарға айналады... «Құмардың шөбін тістеп», құмырсқаша ойланады......
ТАМШЫЛАРДА ТҰНШЫҚҚАН МҰХИТТАР
(І бөлім)
ЕЗУ ТАРТЫП КҮЛГЕН МҰҢ
Осы бір ақын жігіттің ныспысы - Ақберен. Дулығалы, дулы есім, асқақ естіледі. Оның топтама өлеңін (6 өлең) бұдан көп бұрын «Қазақ әдебиетінің» «Жас қалам» қосымшасынан (№4 (43) оқығам. Оқығам да қойғам. Оным бекер екен, жақында қағаздарымды қопарыстыра келе, жас дарынның сол өлеңдерімен қайта қауыштым. Сол сәт өзім де күзгі тұманды түндей қандай да бір қамырықты күйде болғандығымнан ба екен, әуелі бірден көзіме түсе кеткені «Депрессия» атты бірінші өлең еді. Қайыра оқып шықтым. Бек лыпыған күлгін-жасыл жүзінде қас дұшпанның арам қаны алабөтен ырши безектеген ақ берендей Ақберендік сұмдық өткір күйзеліс!
Шынымды айтайын, «Әлі бала деуге де болатын өрімдей жас ақынның мұншама ышқынуына не себеп?» деген ауыр ойға қалдым бірден. Өйткені тіршілікте «плюс-минус» екі энергия өзара кенет жалғаса қалғанда, жарқыраған үшінші бір қозғалыс болмысы қашан да тосыннан ерен жаратыла кететіні секілді, қарама-қарсы орасан қуаттарға ие «параллель» сезімдер өзара «күркіресе қиылысып» түскенде де не осындай депрессиялық түңіліс түнегі күрт тұтанады, не әлденендей тылсым бір ізгі түйсік оты ілкім пайда болады.
Жан дүниенің ондайлық сұрапыл динамикасы аузымыздан ақ жалын сөз болып және ақтарыла жөнелу үшін төсіміз ішінде - көзі тостағандай Көңіл, төбемізде -кемел ақылға лайық көсем Рух болуы қажет.
Ал Ақберен - жазмыш дариясын жалпағынан кешіп, «қайран жиырма бесін» қамыға жырлайтын қапері толық қартаң жаста емес, әлі балғын азамат. Алайда белгілі бір мөлшерде Ақберенде көпті көрген көсемдарларға ғана тән, әрі кез келген уақытта шағылыса кетуі бек мүмкін әлгіндей «өзара параллель» екі алапат та бар болып шықты.
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ,
Ақын,
«Қазақ әдебиеті» газеті, №11,
10.11.2006
АҚИҚАТ
Оралмай қап кешкі бір серуендерден,
Құмға сіңіп, қираған керуендермен,
Бұл жалғанды сүймеген мұңлықтармен,
Күн астында қақталған құрлықтармен,
Шындық үшін баз кешкен шаһиттермен,
Тамшыларда тұншыққан мұхиттармен,
Күдіктерден мертіккен армандармен,
Шың басында ентіккен ормандармен,
Ақ параққа түспеген дастандармен,
Ақ бұлттары адасқан аспандармен,
Шылымдармен ең соңғы, шегілмеген,
Бұрымдармен кеудеге төгілмеген,
Соңғы бейне сақталған таспалармен,
Сахналарда тапталған маскалармен...
Біздің басқа қонбаған бақытпенен,
Тектен-текке өртенген уақытпенен,
Күннің нұры сырғыған сілемдермен,
Оранып ап жап-жаңа кілемдермен,
Иегіңмен соңғы түк тебіндеген,
Көйлек киіп ең соңғы кебін деген,
Мойындарды қажаған қамыттармен,
Қайыңдардан қашалған табыттармен,
Табандарға қадалған жаңқалармен,
Құшақтасып қураған қаңқалармен,
Тарам-тарам сүрлеулер, тармақтармен,
Бізден бұрын аттанған аруақтармен,
Бір өкініш аңқыған келбетіңнен,
Жоғаламыз бір күні жер бетінен!
БАСТЫҒЫРЫЛУ
Түсініксіз түсімдегі қарамойыл қарғалар
күдігім боп қарқылдап ап, үрейіме жалғанар.
Содан кейін ұя салып бұтақтанған шашыма,
қорқынышты сөздер болып түйсігіме сорғалар...
Түйсігімнің ортасында иірім бар құйынды,
ортасына тартар мені, шыр айналтып миымды.
Мен түсімде сұрап жүріп, жылап жүріп табамын
ешқашанда салынбаған үйімді.
Ол қара үйде өмір сүріп жатады екен өткенім,
бауырларым... естерінде елесім де жоқ менің.
Қарғаларға қарап қойып, дән шоқиды аулада
қалып қойған баяғыда менің көңіл-кептерім...
Ол қара үйде әкем, апам, ағам және кәрі анам
өмір сүріп жатады екен, бұрынғыдай... жаңадан...
Аттай алмай жүреді екем босағадан, қиналып...
Қара итке айналады қолымдағы чемодан...
Бағана боп ыңырсиды күні ертеңгі жел дүлей,
(жан-жағымнан бақылайды қимылымды ел, білем).
Қаңғырамын, қара итімді қарғыбаудан тартқылап...
Үйді айнала жүгіремін... терезесінен телмірем...
(Ешкім маған сәтке назар аудармайды дейді екем).
Терезеге қарап қойып, күрсінеді кейде әкем...
Бәрін тастап, баянсызға кетіп бара жатамын...
Өзім - өзім емес екем, жел ұшырған жейде екем...
Бір күрсініс жетер бір сәт моласы мол даладан,
Қалш-қалш етіп дірілдейді шам одан...
Селк-к етем де, оянамын... қабырғаны сипақтап,
Қара бөлме - чемодан?..
ҚОБЫЗ-ЖҮРЕК
Күн мен Түннің арасында ес жатқанда ауысып,
Тарғыл-тарғыл кіл күмәндар кезіп жүрер бау ішін.
Дүниедегі бар дыбыстар бір арнада қауышып,
Түйсігімнен күдірейер дүр қобыздың дауысы.
Аруақтармен би билеген елестесе бір бақсы,
Көкейімнің қылын қозғар ішімдегі
шырақшы.
Көксеңгірдің көкірегін қарс айырса зарлы үн,
Сен білерсің, түсінерсің бұл Жалғанның тарлығын.
Ол ұлы Күй бір-ақ сәтте мыңжылдықты өткерер,
Көз алдыңда мұхиттай боп тербеледі ақ көде...
Кенет сені бөлек жерге қондырады тылсым күш,
Жан-жағыңнан өлекшіндей қанат қағып күрсініс,
Алаңғасар дүниені дауыл алып, жоғалар,
Ал ауада қалқып жүрер ауылдағы молалар.
Қобыз үні сыпырып ап мөлдір аспан терісін,
Мақпал бұлттар таласады алақандай жер үшін.
Сонсоң, анау ғарыш жақтан ысқырынғанда түнгі ызғар,
Бұршақ-бұршақ саулап жатар жұмыр-жұмыр жұлдыздар.
Мақшарланған ақшам сондай!
Сен қапысыз аңдап қал,
Жер бетіне самсай қонар періште мен аруақтар.
Жиын болар содан кейін...
Қобыз үні мәңгілік!
Тәңір жақтан құйылады ноталардың жаңбыры!..
Бастау болып түйсігім тұр азандаған үнге осы.
Бірақ, бірақ байқау керек, сайтан оны білмесін!
...Жан-жүйкемнен өріп алып қырауланған пернесін,
Қобыз-жүрек
Бір күндері үнсіз қалып жүрмесін...
КӘРІ БАЛА
Қала шеті.
Күл-қоқыс.
Жаздың күні тымырсық.
Қайыршылар арықтан әндететін ыңырсып.
Лас сөздерден жиіркеніп, бұлың-бұлың
көшемен
Күнде өтеді бір жетім тумай жатып есі өлген.
Қайыр сұрап шығады ол кәрі шалдық
түр-өңмен.
Жап-жас бала бірақ та...
Жеті жасар...
Білем мен...
Белгісіз бір ауруға душарланған өгей ұл,
Өкініштен-өксіктен жыбырлайды көмейі.
Қоғам деген мен үшін - сол жетім мен
өңгелер.
Тақияға ескірген соқыр теңге дөңгелеп
Түсе қалса,
Сырқаттан айығам деп ойлайды.
Қолындағы шыбықты аспап қылып ойнайды.
Кімді іздеп жүр бұл бала тым қатыгез
әлемнен?..
Ұйытардай қаныңды ұйқасы жоқ өлеңмен.
Дерт меңдеген денесін,
Елес кезген санасын...
Қаптап жүрген кіл пенде қайырылмайды жаны ашып.
Бүгін де сол...
Күл-қоқыс.
Айнала-маң тымырсық.
Арық іші - алқаштар қозғалады ыңырсып.
Кәрі бала шыбықты аспап қылып...
жылады...
Құдайым-ау, шыбықтан сыбызғы үні шығады!..
ТҰМАН
Менің нала-мұңымнан жаратылған
дала - тұман...
Түкпірінде тұманның періште жүр,
пейіш нұры тамшылап қанатынан...
Қалар ма екем айырылып тағатымнан,
уақыт нұры тамшылар сағатымнан,
нәрестенің іңгәсі құмығады,
жусаннан жаңа туған;
Жұпар буы шыға алмай қауыздардан,
Сөздер - ауыздардан;
күмәнді Ойдың айналып құрбанына,
Ес жатыр бауыздалған...
О, сұмдық-ай, көрініс ауыр қандай!
Көзі ақшия тұншыққан дауылдардай
Аппақ тұман!
Тұманның түйсігінде
қаңыраған қазақы ауыл бардай...
Сіңіп барам мәңгірген ағайынға...
Сынған сәуле түседі орайыма.
Соқыр тұман және Мен...
«Мен» деппін ғой...
өзімнің де тұманнан жоқ айырмам...
АҢҒАЛАҚ
«Барлық адамның аңғалағы1 бірдей келеді».
Эрнест Мулдашев
Пері өмірін келгендей қайталағым,
Айна ішінен жаныма жай табамын.
Қарашықта жұлдыздар ән салады,
Қара аспанның нұрынан Ай толады.
Өкінішіне өткеннің өкпелемей,
Жерұйыққа ақыры жеткен елдей,
Мен өзіме қараймын айна ішінде,
Мейірімнен тұтанған от көрердей.
Иесіз қалған күйіндей қыл қаламның,
Болашағы киесіз бұл ғаламның.
Шиырланған жаһанның тамырымен
Аппақ нұрды қуады түн қараңғы.
Түн қараңғы, басады сар даланы,
Кірпігінен дірілдеп шам жанады.
Рухым кезіп іздейді кеңістіктен
Беймекенде орныққан Шамбаланы.
Өткендердің босаған аңғалағы
Түнегімен үңіліп, жанды алады.
Шым-шытырқ айнаның әлемінде
Өз-өзімді таба алмай сандаламын...
ПЕНДЕ МҰҢЫ
Періште перзент едім ғарыштағы,
Рухыма Тәңір тәнді бағыштады.
Жаратқанды сағынып жылап жаттым
Жалғанменен еріксіз табысқалы.
Елігіп жұлдыздарға жолымдағы,
Бағымды жоғалттым ба қолымдағы?!.
Білмеген өлім сырын бала жүрек
Шошыды құлпытастан қорымдағы.
Аллаға адал қайту антым еді,
Шаршатты тіршіліктің шарты мені.
Сенделіп екі дүние арасында,
Жаныма ауыр тиді Тән тілегі.
Рухым ұшса ортасы шеңберленген,
Еркіндіктен ес ауып, емделер ме ем?..
Не сұраймын,
Не күтем,
Нені білем
Мен сияқты бейүміт пенделерден?..
Қым-қуыт күндер өтер дөңгеленген,
Кім туып, кімдер өтпес шерленбеген?!.
Барар жерің беймәлім,
Бейтарапта,
Бейжауапты күтпеші сен де менен...
БҰЛТТАР, БҰЛТТАР...
Бұлттар, бұлттар, бәйтеректер көктегі,
Мың құбылып, биіктікте бүр жарған.
Мені елемей өткен күнге өкпелі,
Сағымданар сұр жалған.
Бұлттар, бұлттар, бұйра белдер көктегі,
Жусан иісі аңқып ескен жаңбырдан.
Өміріміз ақ жауындай өтпелі,
Тағдырымыз дәруіш пе қаңғырған?..
Бұлттар, бұлттар, арғымақтар көктегі,
Кімнен озбақ, неден озбақ жүйрігің?..
Шығыс жақтан айдаһар-Күн от демі
Өртеп жатыр көкжиектің құйрығын.
Бұлттар, бұлттар, бозінгендер көктегі,
Жер бауырлап, боз даланы емізген.
Көкке мен де шырқап кеткім келеді,
Өздеріңмен егіз бе ем?..
Бұлттар, бұлттар, ақ көделер көктегі,
Күндей нұрлы, Айдай сырлы жамалың.
Мен де болғам өздеріңдей көшпелі,
Енді, міне, қала болды қамалым.
Бұлттар, бұлттар, керуендер көктегі,
Мені ала кет, қосып алып көшіңе.
Сағым туған Шыңғыстаудың бөктері
Неге жиі оралады есіме?..
Бұлттар, бұлттар, ақ армандар көктегі,
Есіркеуді күтпейсіңдер ешкімнен...
Беу, туған жер, перзентіңді сөкпегін,
Аспан жаққа кететін боп шештім мен!
КҮЗГІ ҚАЛА. ЖАҢБЫРЛЫ КЕШ
Тереземнің арғы жағы - күнелтудің амалы,
Күнелтуде мән қанша?
Хайуан болып ырылдауың керек шығар,
Жанарың
Жап-жасыл боп жанғанша!..
Тереземнің арғы жағы - сұрғылт көше,
Үш көзі
Жыпылықтап кезекпен...
Өлең үшін ішу керек, ішкесін,
Шер тіленген өзекпен!..
Тереземнің арғы жағы - гүр-гүр мотор,
Отынан
Жаратылған газ көкшіл...
Асфальт қана жазар бәрін жадына,
Жазылары - сөз кекшіл...
Тереземнің арғы жағы - жетім жаңбыр, тілемсек.
Әйелдердің өкшесі...
Жапыраққа
Күз жыр жазып жіберсе,
Жап-жарық боп кетсе есім!..
Тереземнің арғы жағы - тұмандықтар, ғаламдар...
Аузын ұрдым... ақшасын!..
Біреу маған қарап отыр жалаңдап,
Көзін қара... жап-жасыл!..
Бұрын...
Бұрын...
Көңілімнің бағында гүлдеп тұратын үміттер,
Көкірегімдегі нұр шашатын күдік те.
Түні бойы өлең жазып,
Таң алды
Жанарымда жай ойнаушы ед, жігіттер!..
Кеше...
Талай-талай кітап оқып тартымды,
Ақыл-есім ой жетпеске талпынды.
Ондай кезде мырзасынғандардың бетіне
Шашып кететінмін алтынды.
Құштарымнан жаратылып армандар,
Көктем келсе, тамшылайтын талдан бал...
Бүгін
Жалған өрнегімен жауратты
Жалбыр-жұлбыр жауған қар...
Менен гөрі бақыттырақ секілді
Мәйхананы мекен етіп алғандар...
Енді...
Ойламаңыз мен секілді ерді сіз,
Күз келді де, меңдеп алды жерді сыз.
...Жындарына еріп кетті бір адам,
Барар жері белгісіз...
ЖҰБАТУ
Жыла, Жаным!
Жалқы мұңлы,
жасырмай солқылыңды,
Қоздыршы қанымдағы алтынымды!..
Жыла, Жаным!
Безгектей қалшылдашы!
Жалындап жалқын шашым,
Маңдайымнан
жазмышымның жазуы жарқылдасын!
Жыла, жыла!
Тек жасыңды көрсетпеші!..
Мынауың бір ез ғой деп ел сөкпесін!
Сыртым - адам, ал, ішім - жаралы құс...
Жасаған-ай, құсымды емдеп берші!..
Жә, қой енді, жыламашы!..
Ешкімді кешірмеші!..
Сен мәңгілік Тәңірдің Есіндесің!
Күлші, қане, құшақтап көлеңкеңді,
Ол да күлсін...
«Күлейік, досым!» десін...
ЕЛЕГІЗУ
Іңірлер...
Қып-қысқа бір өмірлер...
Көше бойы - көмескілеу күбірлер.
Жүректегі үміт құсын үркітетін түнімен
Жарқанаттар жамырайды көк үйлердің түбінен.
Іңірлер...
Көкжиектің ысқырығы сыбызғының
үніндей...
Аққан жұлдыз айдаһардың тіліндей.
Енді қанша ғұмырыңның қалғанын
Біреу санап тұрған сынды білінбей.
Іңірлер...
Біз сүймейтін беймаза шақ, көңіл де,
Өксіктер бар қараңғылық тозаңына көмілген.
Ай бұрымы көкжілтімдеу өрілген
Ақ сайтанның сақалындай көрінген...
Іңірлер...
Қып-қысқа бір өмірлер...
Телефонның жүрегіне таңбаланған нөмірлер...
Құштарлық пен үрей табы көрінер
Құпия хаттың бұзылмаған мөрінен...
Іңірлер...
Қып-қысқа бір өмірлер...
Қызыл кеште нұр тамшылар көгімнен.
Мен отырмын хатқа қарап шошынып,
Маған келген үкім болар, тегінде?..
САЯХАТ
Шумақ-шумақ соқпақтар сілемденсе өлең боп,
Тыпыршыған жүрегім «жүрем!» десе, елеңдеп.
Кеужіреген кеудеге күн тығып ап кешқұрым,
Түнге сіңіп кетер ем, жалын құшып бестінің.
Оң жағымда - көк бөрі, салақтатып көк тілін,
Сол жағымда - көк қасқа, ер тимеген
шоқтығын,
Әр бұтаққа байлауға көйлегімнің ақтығын,
Бара жатам сүйретіп көлеңкесін аттының.
Бара жатам бетке алып жалындаған батысты,
Қарт-құрт шайнап құртымды,
жусан жұлып ат үсті.
Таза ауадан масайып, ән бастасам бір рухты,
Шапалақтап көкте құс, қолпаштар ед мұңлықты.
Жанымдағы көкжалым ұлып берсе қосылып,
Жас төгілер ауадан, жерге жетпей шашылып.
Тыныштығы бұзылған тұра келер дала-аю,
Мың құбылып жазылар гүлге толы самайы.
Сауырынан бестінің ақ тамшылар дөңгелеп,
Ақ маржандай шық болып, қонып жатар шөңгеге.
Дүбірлетіп бар маңды, асып өтсем белден бір,
Дүр-дүр етіп ұшар ед шаһит рухы көрден бір.
Дербес менің дауысым жатқан кезде
жаңғырып,
Еркіндіктің есінен кетпес едім мәңгілік!
Көк қасқаға ауысып, көк сағымды
шұбыртып,
Кең даланы бір шолсам, көздерімді жүгіртіп.
...Бара жатса көз ұшы бейнем менің сұйылып,
Дүниенің төрт жағы сәлем берер иіліп!
ТҮС ЖОРУ
Келбетімнен бүгін менің, аяулым-ау, нені
ұқтың?!.
Түнде менің пәк түсіме ақ көделер еніпті.
Толқып тұрған аппақ теңіз тербетілген
сағым-дүр,
Сезесің бе, мен даланы, дала мені сағынды...
Мені іздеген бала күнгі қоңыр көзді
жылқылар
Ақ көдені кешіп жүрді кісінесіп, шұрқырап.
Қос құлағын қайшылаған, жер тарпыған
жұлқынып,
Маған ұқсас, өзі асаулау шапқылайды бір құлын.
Осқырына жақындайды, соза түсіп тұмсығын,
Құшақтатпай қайта қашар кіп-кішкентай қырсығым!..
Анау жерде өзен жатыр балық толы құрсағы,
Жағасында мен отырмын, қатып қалған құрт шағып.
Сары құртпен араласа, бырдай-бырдай шашылып
Жатыр екен қынаменен мың боялған асығым.
Қармағым да қолымдағы - қарағаштың бұтағы,
Ол бұтақтың өн-бойынан мөлдір-мөлдір шық ағып...
Ару самал тым мейірлі, маңдайымнан сипаған,
Күй төгеді дөңгеленіп аспанда Күн-күйтабақ!
Сиқырлы күй!..
Сиқыр сәуле!..
Сиқырлы бір ноталар!..
Бұлаң-бұлаң бұлт билейді, көтеріліп жотадан.
Ех, шіркін-ай, бүйтіп жаным шалқымапты
бұрыннан,
Ох, шіркін-ай, Күннің исі аңқитындай құлыннан!..
Қандай бақыт!..
Ал есімде бақытсыздау балалық...
Әлде, Тәңір түспен емдеп бермек пе еді
сананы?..
Сұм қалада жүрген кезде жан берісіп, жан
алып,
Көптен күткен тылсым жақтан бұл бір ғажап жаңалық!..
...Бұл түсімді жору үшін көңілімді тасытқан
Қылаң таңда оянып ап, тауға қарай асыққам.
Таулы өзеннің жағасында қиыршық тас
«шүкір!..» деп...
Тасқа айналып кеткен болды түсімдегі асықтар...
* * *
Беймезгіл...
Беймезгіл...
Жасанды үміттерім...
Сөнуден жалыққан жарықтаймын.
Көкала көбелек-күдіктерім
Көңілдің көшесінде қалықтайды...
Ішімнен өртенген іңірдеймін,
Күдіктен тұтанған тамұқтаймын.
Арсызға өлең күбірлеймін,
Арлыны іздеуден жалықпаймын...
Кеудесін қызыл іңір еміп жатқан
Батыстық құрлықтаймын.
Тұмандар тірідей көміп жатқан
Жарықтың
ұшқындарын ұлықтаймын.
Таппаған орманынан қайырымды
шыбықтаймын.
Көзіме көрсете айыбымды,
айнадан сырғыған тұрықтаймын...
Шаршадым...
Періштеге де тіл қатпай иықтағы,
Сайтанға да тіл қатпай миықтағы,
Мен бүгін мына түнге құндақталып,
Сәбидей келеді ұйықтағым...
ГЕНЕТИКА
Жетінші әкем жадымда менің.
Жаңбырлатар аспан тезінен,
Сансыз белгі...
Түсінбегенмін.
Байқамағанмын.
Сезінем...
Бөтен сезім, өзге пайыммен
өте ме екен тегі өмір?..
Енді кіммен, қандай ойынмен
сынайды екен мені Тәңір?..
Таңырқатады көрген түстерім...
Тым бейтаныс маған әлем.
Өзегімді өртейді үнемі іштегі
сыртқа шықпай қалған өлең...
Қайда бастап барады мені
мына сүрлеу?..
күнә-жарық?..
Күндер, жылдар тонады мені
қай қалтарыста тұра қалып?..
Құпияға жетемін дедім,
«Ойлан, сұра, ақымағым!..»
Қыс келгенде, сөнеді сенің
жапырағың...
Жадымдағы жетінші әкенің
дауысы тұр ғой жаңғырып!..
- Кімсің өзің, менің бөтенім?
Қайда жүргенсің қаңғырып?..
Жауап бермейді.
Ішімде менің
Жылайды әлі қанша рух?..
Мен ештеңе түсінбегенмін,
Ақымақ болар ма ем соншалық...
ТАЛҒАМ - ЭСТЕТИКАЛЫҚ АР-ҰЯТ
Ақбереннің өлеңдерінен озған заманнан әлдеқалай жеткен, кім біледі, дүниеге ақын болып жаратылуы тиіс, бірақ жаратылмаған күйінде кеткен, өзіне лайықты тағдыр ақын жүректі тапқанымен, бұл жолы да «мұратыма жете алмаймын-ау, кесімді күнім келгенде осы ақын жүрекпен бірге тағы да бақиға кетемін-ау» деп апта мен күн, айды санамалап жылап тұрған әлдебір рухтың бейнесі көз алдыңызға келгенде қайран қаласыз.
Ақынның жас басына лайық келмейтін озық рухани тәжірибесіне емес, мүлдем басқа нәрсеге таңдай қағасыз. Себебі бұл жерде өткен заманның өнер мұраты бізді тағы бір рет іздеп келіп тұр. Бірақ біз әлжуаз ұрпақ сол өнер мұратын кенересіне жеткізе алмай тағы да қор болмақпыз. Міне, бұл жерде ақынның бойын билеген озған заман мүддесі алдындағы жауапкершілік пен ұят сезіміне бас иесіз.
Бұл - адасқан, адасқан себепті кешіккен, кешіккен себепті айнып, күйреп жеткен Мағжанның жыры!
«Поэзия - қанның сияға айналуы». Бұл сөзді Т. Элиот айтыпты.
Өз тарапымыздан айтарымыз, шын поэзия - ақынның Жаратқан Иемен тілдесуі. Ақын Жан адамның аяғы баспаған жерді тауып қана дұғасын оқиды. Бұл жерде оқырман тек қана куә бола алады. Осы биік тұғырдан сәл төмен түсетін болсақ, поэзия - ақынның өзімен бастас, өзіне тең адамға жазған хаты.
Бұрындары поэзияны ат төбеліндей аз, озық оқырман оқитын. Қазір әдебиетте шын талғаммен қатар масскульт талғам, яғни нашар оқырман диктатурасы орнай бастаған сияқты.
Бір дәуірдің құлдары келесі дәуірге өткенде өнерге, әдебиетке тәртіп орнатқысы келіп, абақтының күзетшісі болғысы келіп аңсап тұрады. Бірақ шын поэзия өзіне өзі белгілеген заң-низамдармен ғана жүреді. Поэзияны түзетуге тырысу - аспанға қарауға, жұлдыздарды тамашалауға тиым салумен бірдей күлкілі әрекет. Түптің түбінде елді соңынан ерткендікі емес, елдің бәрі қарсы болғандікі ақиқат болып шығады. Салют пен фейерверк аяқталғанда аспанда шын жұлдыздар ғана қалады.
Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ,
Жазушы, сыншы,
«Алматы ақшамы» газеті,
11 мамыр, 2011 жыл
РИТОРИКАЛЫҚ СҰРАҚТАР
Қала, сен бе күрсінген?.. үйлерің бе?
Бір тылсым бар көлеңке билерінде...
Түйсігімде боздайды қобыздар - мың,
Абыздардың тарта алмас күйлеріндей...
Дала, сен бе жылаған?.. жусаның ба?
Кім билеп жүр төсіңде, қу сағым ба?
Анау ару Анам ба,
теріс қарап,
Кімді қысып барады құшағында?..
Аспан, сен бе жөтелген?.. бұлттарың ба?
Мұз қатып тұр неліктен мұрттарында?
Анау жігіт Әкем бе,
басын шайқап,
Қабақ шытқан арақтан ұрттарымда?!
Жаным, сен бе сөйлеген?
Тәңірім бе?
Қырық құбылған алаң бар көңілімде...
Анау бала - өзім бе - жаутаңкөзді,
Жылылықты сезбеген өмірінде?..
Дәуренімді өшірген алақайлы,
Талай сұмдық көрсем де талапайлы,
Мен әлемді кешірем.
Бірақ қалай
жұбатамын іштегі балақайды?..
КАЛЕЙДОСКОП
Жаратқан соң желді әнші қып,
Бұрала билер тал шыбық.
Қиялмен Көкте гүл өсер,
Қара Жерден қар шығып!..
Тілесең,
жауап - сұрақ боп,
денеңе ауа тұрақ боп;
әуелеп ұшқан аппақ күй
сылдырай ағар бұлақ боп;
қол созым мекен - жырақ боп;
құм мен тас кетер құрақ боп;
қара да қара түнегің
құбылар көкшіл шуақ боп...
Қаласаң,
сөзің - зат болып;
сеніскен досың жат болып;
қатпар да қатпар мұздықтар
алаулап жанар от болып;
құл дегенің - Бек болып;
бар дегенің - жоқ болып;
мінезден - көк ит,
ұяттан
ұлып бір берер көкбөрі!..
Аңсасаң,
уақыт іркіліп,
Ажалдан шығар нұр күліп;
Басыңа төгер жақұт тас,
Бақ құсы қалса сілкініп;
(Айтып та айтпай не керек)
Аспаннан әуез себелеп,
Тұрған кезде елжіреп,
Аңқиған адал аузыңнан
аңқ етіп ұшар көбелек!
ТАМШЫ МЕН ТАС
Бүгінгі түн - түн емес-ті,
Ай қарайды марқайып.
Тамшы желмен күбірлесті,
Тас үстінде жантайып.
Көз тамшысы?
Құр елес - бұл!
Қандай қызық қойылым!
Мен өзім де шын емеспін,
Жаттың жалған Ойымын.
Көзімдегі жастың өзін
Мұң жаратқан, қамықпай.
Тамшы қонған тастың өзі
Талып қалған жарықтай!
Аңқып ұрар шаш бояуы,
Ол да - ойнампаз, алдамшы.
Көз тамшысы - тастай ауыр,
Тас - қараңғы дәу тамшы.
Түн де, білем, түн емес-ті.
Түн - лүпілі тамырдың.
Өзім де енді шын емеспін -
Ой көмілген қабірмін.
Ал көз жасы өшетіндей...
Бұзылардай келісім...
Атып тұрып шешетіндей
Тас қап-қара терісін...
Бүгін мүлде түн емес-ті,
Естіледі ақырғы үн.
Сағынумен бір елесті
Тамшы ішінде жатырмын...
БАҒЫМ
Мен өмірді өзгертем деп талпындым.
Өмір мені өзгертті.
Сен де бірге меніменен, алтын Күн,
Ғарыш жақтан сез дертті...
Мен тағдырды басқа арнаға бұрам деп,
жаңғырыққа жолықтым.
Өлең - маған, мен Өлеңге сыңар боп
қалған екем, соны ұқтым.
Мен адамды іздеп едім сыртымнан,
жасырынды ол ішке.
Көк сеңгірден бұлдырады бір тұлға,
Ақ қанатты періштем?..
Мынау әлем жаратылған сезімнен
және сұлу өрістен.
Өз-өзімді көріп тұрмын көзімнен,
аппақ нұрлы пейіштен...
Мен әлемді сүйемін деп жар салдым,
ғашық болып өмірге.
Бақытымды жүрегіммен қарсы алдым -
апаратын Тәңірге!
КРОССВОРД
Түйсігіммен түртіп қалдым тылсымды,
көкжиекке түн сіңді.
Кім түсіне аяр екен мұңшылды?
Ішімде біреу күрсінді...
Жүрегіммен түртіп қалдым ғаламды,
шу құрсады санамды...
Қайдан келдім, қайда ғана қамалдым?..
Аяп кеттім Анамды...
Содан кейін...
түртіп қалдым Аспанды,
жұлдыз біткен жасқанды...
Шешіп қойып жатыр едім маскамды,
бет-жүзім-ай тастанды!..
Кірпігіммен түйреп қалдым ауаны,
білмейді екен дауаны.
Ойлар кімнен қайда, қалай ауады?
Сөз жаңбыры қайдан келіп жауады?
Айды түрттім... жылжымады еш төмен...
Білмейді екем ештеңе.
Біреу Көкте жазып отыр бір өлең
миымдағы кроссвордтық кестеге...
ӘДЕМІ
Зұлымдық жоқ әлемде, бәрі әдемі,
Жапалақтап жауатын қар әдемі,
Қыздай нәзік бұралған тал әдемі,
Өзің сүйген жалғанда жар әдемі.
Зұлымдық жоқ әлемде, бәрі әдемі,
Шуақ шаша ататын таң әдемі,
Мөлдіреген жүректе жан әдемі,
Жаратқаннан ұялған Ар әдемі.
Қайдан келдім?
Қайдан келдім?
Қайда менің қанатым?
Кім біледі кеудемдегі Жан атын?
Кімде, қандай болады екен бұл сезім
Менде ғана болатын?
Күлемін бе?
Естілмейді күлгенім.
Білемін бе?
Білінбейді білгенім.
Тек түйсіктің бұлты ғана көреді
Ойларымның қай әлемде жүргенін.
Сөйлеймін бе?
Тек дауыстың елесі...
Дауысымнан аңқылдайды жел Есі.
Күбірлесем, үркіп ұша жөнелер
Періштелер кеңесі.
Қол созам ба Аспан жаққа т.. тағы?
Қол - мен емес, қол - қарағаш бұтағы.
Тағы бүгін тарс жабылар, оқылмай,
Пайғамбарлар кітабы.
Тоңдым ба әлде?..
Тоңған таңғы нұр екен...
Суық Сөзден дірдек қаққан тіл екен...
Тірісінде гүл көрмеген бір ару
Нұр ішінде жүр екен!..
Ол ма өлген?
Мен бе өлген?
Кім екен?..
Әлмисақтан ашылмаған сыр екен.
Ұшқым келіп... Қанат жоғын білем де,
Нәрестедей шыр етем...
КОФЕ ЖӘНЕ ТЕМЕКІ
Сағат түнгі он екі...
Кофе және темекі...
менің адал достарым.
Жоғалады таңертең
шамнан түскен көлеңкем
және қара аспаным.
Көзінен мұң азынап...
Түн отыр құлазыған
қолтыққа кіріп алып.
Өңіме сенсем-дағы,
шықпайды кемсең қағып
түсімнен тірі халық...
Жанымның қуысында,
ең түпкі бұрышында -
жәудіреген Өлеңдер.
Балауыз шам сөнгенде,
Түтін болып,
төбемнен
тарқатылам төменге...
Сонда маған көрінер
Атажұрттың төрінен
жусан менен бетеге...
Ішімнен бір мұң сезіп,
сығыраяр түн көзі
суып қалған кофеден...
ЖИДЕБАЙ ТҮНІНДЕ
(элегия)
Тылсым мезгіл күбірлеп мұң тілінде,
батырады даланы түн түбіне.
Маржан болып тұнады Ай сәулесі
күнге ғашық гүлдердің кірпігіне.
Шыңғыстауым!..
Шіркін-ай, жұмақ таулар,
әр қолаты - шипалы бұлақ... баулар...
Бәрі мүмкін бұл маңда,
Сайтан болып
кету
оңай
жақсыны ұнатпаудан.
Әу бастағы Тәңірдің жоспарындай,
мұндағы Аспан - өзге әлем Аспанындай,
Жыпырлаған жұлдыздар жайқалады
бақсылардың қаракөк шаштарындай...
Әзәзілден бұл маңда күй қашады.
Бәтеңкеңмен бетеге ұйқасады.
Мида оянған кенеттен бір бейнеге
кіл періште теңеулер жинасады...
Маңдайыңнан жалт етсе шұғыла бір,
Қара түнге көшеді шұбыра нұр...
Аспан жаққа шаншиған қос кесене
тылсымына ғарыштың сұғынады!..
* * *
Сансыз ғаламнан тұратын
Сансыз ғаламнан тұратын
шексіз Ғарыш - бір атом.
Мейірбан менің Тәңірім,
Өзі - Ғалым, Өзі - Ақын.
Сыбызғы тартса иесі,
өмірдің тәтті күйі осы.
Отбасы сынды тіршілік -
ортақ ғалам жүйесі.
Жапырағындай еменнің,
әріптеріндей Өлеңнің...
Ұлы Нұрдың
сұп-сұлу
ұшқынымын!
Өренмін!
Жаратқан үшін маңызды
өрнектеп салу әр ізді.
Гүл-Ғалам Ұлы Тәңірдің
портреті тәрізді...
ЖҰЛДЫЗ-ГҮЛДЕР
Бұрынғы бір түстерімдей көрмеген,
Бұрынғы бір өмірімдей сүрмеген.
Көк пейіштен көктем иісін үрлеген,
Көк аспанда жұлдыз-гүлдер бүрлеген.
Жұлдыз-гүлдер... Ғұмырымда көрмеген.
Жүрегімді емдеңдерші кірлеген!
Іштен сыртқа шығатындай бірдемем,
Сендер жаққа жаутаңдаймын түнде мен.
Жұлдыз - гүлдер...
Жылап тұрмын мен неге?
Бұл жалғанның жарығына көнген ем,
Білем, білем... шаршап кеттім мүлде мен
Маңайдағы жұлдызсынған пендеден.
...Еш пенденің түсіне де кірмеген,
Көксеңгірде жұлдыз-гүлдер бүрлеген.
Көз жасымның түкпірінде бұлдырап,
Көк пейіштің көбелегі жүр неге?..
ИМАНИ КӨКТЕМ
Бүршік ата келсе-дағы көктем-қыз,
Кеуде ішінде ерімейді өктем мұз.
Жаралсақ та ақ нұрынан Алланың,
Көлеңкеге ұқсап неге кеткенбіз?
Бұл көктемнің қанығар ма ем сырына...
Тәнім менің - мұң құйылған құмыра.
Көңілімді тыңдамайды ақылым,
Екеуінде жоқ неліктен ымыра?
Соңына еніп сайтанқұйрық сағымның,
Сансыз мәрте сабырымнан жаңылдым.
Мені Өзіңе жақындатшы, Тәңір-ай,
Көрмесем де, Сені сондай сағындым!
Кіресілі-шығасылы мүлде Есім.
Қалды адыра өз-өзіммен тілдесу.
Табиғатқа қараймын да жылаймын,
Қандай ғажап үйлесім!..
Көктем, көктем... өзге көктем... жаңа дем...
Жанарымда жаралар ма жаңа әлем?!.
Тіпті, жәндік болу да - арман, зиянсыз,
Жан-дауамды табар ем...
Жоғалтқаным көп секілді жиғаннан,
Қимағаным көп секілді қиғаннан.
Аспанға да қаймығамын қарауға
Қарашығым нұрланбаған иманнан...
Алсам деймін аппақ нұрдан емделіп,
Кетпесе еді жынмен бірге мұң да өліп...
Өткен өмір - күнәларым жазылған
Періштенің қолындағы күнделік...
КЕШ
Қанша өтті күз аяулы,
сонша көктем бүрледі.
Әлемнің бар бояуы -
кепкен Нұрдың түрлері.
Жерді қимай жылаған
батқан Күннің жарығы.
Шыңғырып кеп құлаған
естілмейді қар үні.
Жүрегіме кеште бұл
бара жатыр түн құлап.
Түйсік сөзі Есте тұр,
«Қартаймайды Нұр бірақ...»
Нұр санасы - өзге әлем,
құпияның ордасы.
Ол тылсымды сезбеген
көзім -
соқыр жолдасым.
Сыртын сипап құныға,
без де тоймас арбалып,
Қайран шуақ-шұғыла
аймалайды Шарды алып.
Күн нұрына тоймайсың,
жанның емі - жылылық.
Жылатуды қоймайсың,
құдіретті Сұлулық!
ШАҺАР КЕЗГЕН
Өртеніп ұмыт болған сағыныштан,
Жұрт іші, ағып келем, сабылысқан.
Жанарымнан сан ұшқын шашырайды
Іштегі бітпейтұғын жарылыстан.
Ағып келем...
Теңіздей халық іші,
Кекілімді сипайды жарық ұшы.
Мен туралы білмейтін мына жұрттың
Ұнайтыны несі екен сабылысы?
Ағып келем...
Өзгелердің қимылын бағып келем,
Ми қозып,
Лапылдайды жанып денем.
Сүйе аламын, білемін, бәрін-бәрін,
Жүрегімді тұтатып, жарық берем!
Ағып келем...
Амалсыз, қарсылықсыз,
Көңіл тыныш, ми сергек, жан құлықсыз.
Мына нөпір әкетсін, адастырсын,
Қамасын бір бұрышқа жаңғырықсыз!
Көздері көздеріммен шағылысқан,
Бір сәтте Мұңым - мыстан бұрылыстан
Атып шығып, алқымыма қолын созар,
Аумайтын кәрі түрі ыбылыстан.
Қорықпаймын!
Садақаға өлең өріп бере салам,
Жұлып алып кез келген құбылыстан!
Сыңғыр етсе сәулесі сынық ойдың,
Жүрегі жылып кетер сұмырайдың.
Ал мен ары жұрт іші аға берем,
Ешқашан ештеңеден жылымаймын....
* * *
Беймәлім бір жағдайларды түсінем
Беймәлім бір жағдайларды түсінем,
Түсінем де, ауыр-ауыр күрсінем.
Содан кейін бір тылсымның күшімен,
Өлең жазып отырамын қарайып
Арқамдағы қанатымның ұшымен...
Көріп қойып ақ гүлдердің жүрегін,
Мен олардың мұң мен шерін білемін.
Серпіп тастап мына әлемнің түнегін,
Жарық шашып жанарымнан, сұлбамнан,
Өзге әлемнің жолдарымен жүремін.
Байқап қалып өзге әлемнің шырағын,
Мен олардың белгілерін ұғамын.
Содан кейін таусылғанша шыдамым,
Бір нүктенің шетіне кеп, жаутаңдап,
Жәбірейіл жанарында тұнамын...
* * *
Жан шыдамай өз-өзіңді алдауға
Жан шыдамай өз-өзіңді алдауға,
Тал да қалмай ең соңғы рет қармауға,
«Біттім!» - деп ап...
Бір себепті табарсың
Ит боп өліп қалмауға.
Хабарласпай, мазаламай іріні,
Медет тұтып бір жақсыны, жылыны
Жүрген кезде,
Алдап соғар жүгіртіп
Кезекті рет телефонның шырылы.
Бір күндерің серпіліспен басталып,
Бәрі саған бір мезетте дос болып,
Ұмтылғанмен жанұшыра қуанып,
Бос қайтасың, бос барып...
Қурай да алмай, қайткенде көктеймін деп,
Абыройды қайтсем де төкпейін деп,
Ертеңге себеп тауып, ұйықтап қалам,
Оянбай кетпейін деп...
НОКТЮРН
Шығыстан күз бүгін шашады күнді,
Ішімнен үздігіп, тосамын кімді?
Сарғайып кеткен күз түгіл, кеудемде менің
Жапырақ-жүрек сезеді жаңбырдың демін.
Аспаннан көшкен таңертең жаңбырмен мөлдір
Мөлдіреп тұрған үмітім мәңгіге өлді.
Кімді күтемін алыстан, нені күтемін,
Қашан келеді жақыным - менің бөтенім?..
Ескі бақтағы сахнаға қалықтап қонып,
Діріл қағады бір сағым қамыққан болып.
Мың құбылған қызыл-жасыл жарыққа толы,
Ол әкелер көз алдыма өлеңнің жолын.
Ал, мен болсам терезеге жақындап, төніп,
Мұңға батамын қайтадан.
Жабырқау көңіл.
Бейберекет құлап жатқан тамшылар таңғы
Әйнекпен ретсіз сырғанап, билейді танго...
ЭЙФОРИЯ
Күрсіністен арқамдағы қанаттарым сілкініп,
Арманым жоқ, ұшып кеттім періштедей бір күні.
Шыр айнала атылдым да,
Биіктікке құлшынып,
Ағыл-тегіл жылап алдым, көк аспанда тұншығып.
«Таба алсам ғой кеудемдегі алаураған құсаға ем,
Айды әлпештеп әр сөзіммен,
Күнді барып құшар ем!..»
Деген оймен
Тозақтан да самғап кеттім жоғары,
Рухым байғұс бір қуанды, еркіндіктің ұраны.
Ох, шіркін-ай, мұндай рахат көрмеген бұл жүрегім
Менен бөлек құс боп ұшып кетердейін,
білемін.
Сағым болып билеп тұрған көріп қалдым бақты бір,
Ақылымды аймалайды тылсым жақтан тәтті нұр.
«Жұмақ па бұл пайғамбарлар суреттеген неше бір?..
Жұмақ болса, кірер едім!..
О, Тәңірім, кеше гөр!»
Әне, әне, мен сияқты қанатты бір сұлбалар
Ұжымаққа еніп жатыр, еніп жатыр ұрлана.
Бәз біреулер ұлымен де, құлымен де қауышып,
Оймен ғана тілдеседі, естілмей-ақ дауысы!..
Елдің бәрі мәз кезінде мен де қарап тұрам ба,
Бірдеме деп сөйлеп қалдым айдары әсем жыланға...
Әйел ме екен, сайтан ба екен сол бір жылан, сол бейбақ?!
Сықпытында түн ойнайды, жанарында - Ай-аруақ.
Сорлы екенмін рұқсатсыз кіріп кеткен пейішке,
Жон арқамнан қамшыменен осып өтті періште,
Құлап кеттім мен қанатсыз!..
Осы өмірге - төменге,
Содан бері қорқып жүрмін қанаты жоқ денемнен...
АВТОПОРТРЕТ
«Жизнь моя, иль ты приснилась мне...»
Есенин
Өңім бе еді бұл өмір, түсім бе еді?
Мен әлі де ештеңе түсінбедім.
Айнадағы бейнеге ұқсасам да,
Сол біреуге тартпаған ішімдегім!
Қайдан келді, білмеймін, бұл ұйғарым,
Біреудікі - өксігім, жымиғаным.
Қарашықтың түбінен оқта-текте
Оқылады дыбыссыз жыр-иманым.
Кейіпкердей өткен шақ өлеңінде
Ұмыт болдым,
Белгісіз дерегім де.
Өмір сүріп беймәлім керегі не
Керегі жоқ адамдар әлемінде?!.
Миллион жылдық секундтар есебінен
Ғұмыр ұшып жоғалған кеше күнге.
Өзім, сірә, тірімін!
Қызық екен...
Денем отыр бүкшиіп төсегімде...
ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІНІҢ ӨРЕЛІ ӨРЕНІ
Ақын Ақбереннің лирикасы - зиялы қоғамның, интеллектуалды ой мезгілінің ағымы. Дәстүрлі өлеңнен гөрі заманауи, тосын әрі тың ойлардың ақындық лабороториясынан өткен көркем де парасат-пайымға бөленген, әсем де әсерлі әлем.
Әдебиет теориясы тұрғысынан алғанда, ақын Ақберен Елгезектің өлеңдері -силлабикалық, яғни буын мен ырғақ заңдылығына бағынған төл халқымыздың өлеңдері. Ақын өлең жазу техникасын меңгерумен біргелікте, бүгінгі талғампаз оқырман оқитын поэзияны дүниеге келтіруші ретінде ұнайды бізге. Бұл мақтағандық емес. Біз жас ақынның «Көлеңкелер күбірі» атты кітабын оқып шыққан соң, сондай қорытындыға келдік.
Ақын өлеңдеріндегі поэтикалық троптар мен фигуралар ерекше. Соны әрі тың. Құлаққа бұрын естілмеген көркем де философиялық салмағы қорғасындай әлеуетті, мықты әрі жұп-жұмыр, сөз тіркестері орамды әрі үйлесімді. Авторда эпитет те, метафора да, бейнелі сурет те, психологиялық иірімдер де бар. Сурет пен ойды, діл мен сезімді ортақ арнаға құю, оны өлеңнің өзегі ете білу нағыз ақындықтың белгісі деп білеміз.
Ақын өлеңдерінің тұзы тұшымды. Дәмі нәрлі. Қазақы қалыбымыздың құнарлы тілі өлең жолдарының бойына мейлінше дарыған. Соған сүйсінесің.
Нұрғали ҚАДЫРБАЕВ,
Сырдария университетінің профессоры,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
2011 жыл
АЛАБҰРТУ
Мен баяғы баламын, кекілдімін...
Әй, бірдеңе білетін секілдімін.
Түнде менің етімді ұйқы құшып,
Таңсәріде сүйеді бетімді Күн.
Өтініш пен өкініш арасында,
Тоңып жүрмін өмірдің жағасында.
Түстерімде - сабылып сансыз аруақ,
Бата берер...
Нанбайсың... нанасың да.
Шаршадым ба өмірден?
Жалықтым ба?
Жұмақ - анда... білемін, тамұқ - мұнда.
Менің ішкі дүниемді аластауға
Құдіреті жетпейді-ау жарықтың да...
Бір үмітті іздеймін бекер күннен.
Өлең жаздым.
Ал содан өтелді нем?
Нәрестенің иісін аңсап жүрмін...
Әлде, қатты сағындым Әкемді мен?..
* * *
Балалық шақ, көндім саған
Балалық шақ, көндім саған,
Болашағым, сендім саған.
Тәңір-Ғылым, Тәңір-Өлең,
Жүрегімді бердім саған.
Рахмет, тылсым!
Хатыңды алғам
Періштелерден - жақындардан.
Мен үнемі өлең көрем
Таулар менен атомдардан.
Өлең көрем сәулелерден,
Адамдардан әуреленген.
Қарап тұрып күл-қоқысқа,
Шүкір дегем, тәубе дегем.
Ояндық па, өлдік пе әлде?
Көнбедік пе, көндік пе әлде?..
Бұрын неден секемдендік?
Бүгіндері сендік кімге?..
О, Мейірім - өмір сыры,
Махаббатым - көңіл нұры.
Шырқала бер, шырқала бер,
Мені тапқан Тәңір Жыры!
ЖАЛҒЫЗ
Шексіз ғарыш шетінде
Жетімсірер Жер-жұлдыз.
Сол жұлдыздың бетінде
Сен жалғыз да, мен жалғыз.
Жалғыздардың әлемі...
Сен көпшіл де, мен көпшіл.
Тор тоқиды әдемі
Көбелекке өрмекші...
Құрай - жалғыз, мыс - жалғыз,
Жалғыз - барлық атомдар.
Құс - жалғыз
және
барлық Ақындар.
Жүрек - жалғыз, ми - жалғыз,
Шылым жалғыз шоқтанып...
Аярланған жүзіңе
Ай қарайды сұқтанып.
Бәрі - жалғыз...
Тәңір де.
Ажал - бөлек, Ар - бөлек.
Өмір мәні, тегінде,
Өрмекші мен көбелек...
ЖҰМБАҚ
Сол үшін шығады жолға бәрі,
Сол үшін құрбандық - қолда бары.
Сол үшін күз назданады,
Сол үшін көктем бұлданады!
Сол үшін сұлу жандар ән салады,
Ажалды да Сол үшін қарсы алады.
Сол үшін бәрінен безінеді,
Сол туралы бәріне жар салады!
Сол үшін ерттеледі аттың бәрі,
Сол туралы сөйлейді заттың бәрі.
Сол үшін жүрек біткен ақталады,
Сол үшін жүрек біткен сотталады!
Сол айтса, бәрі-бәрі құп болады,
Сол үшін көкорайға бұлт қонады,
Сол үшін дәру іздеп жер шалады,
Удың өзі Сол үшін ұртталады!
Сол үшін өмір өзі түзіледі,
Құдіреті содан ғана сезіледі.
Сол арқылы кезікпестер кезігеді,
Соны ғана қимастан көз іледі...
АНТИҚҰСАЛЫҚ
Көкірегін көкжиекпен көмкеріп,
Жұлдыз жұтпақ
Көк төсінен жұлып ап!
Бұлт шайнамақ, өз-өзінен өртеніп...
Па десеңші! Қылық-ақ!
Қарғап-сілеп мына бес күн жалғанды,
Дәтін тырнап, зарланды.
Өкінішінің өртін сұмдық лаулатып,
Өртемекші орманды!
Оған енді не дейін-ай, не дейін,
Сақал-мұрты қудан ақ.
Көл боп аққан көз жасымен әдейі
Мұхиттарды уламақ!
Тектен-текке көңірсіген ғұмыр-ай!..
Іздемейді дауаны.
Ұнжырғасы үңірейіп,
Сұмырай
Ұрлап кетпек ауаны!
Ақырынып айтқан сөзі - ала жел...
Қай адамға пайдалы?
Қара Аспанға күрсінеді Қара Жер,
Айдан күміс айдары.
Зәр шашады алабұртқан қоғамға
Көзіндегі сұқтан да!
Жұқпаса екен оның дерті маған да,
Жұғып кетсе, бітті онда!
Жүрек қылын жын үнімен жалғап мен,
Күресімді құсалықтан бастаймын:
Пешенесін көздеп тұрып бармақпен,
Бір күндері атамын да тастаймын!..
* * *
Аспаннан алабұртқан жетсе бір ән
Аспаннан алабұртқан жетсе бір ән,
Санамнан пендеге тән кетсе күмән,
Көрер ем түйсігіммен өзге әлемді,
Көз алдымнан өзен боп өтсе тұман.
Саяхат иісі шықса ат жалынан,
Кешірім үні жетсе жат жанынан,
Жарыққа еніп кетіп, бақ табар ем
Өмірдің ең алғашқы бастауынан.
Содан соң көңіліммен шат-шадыман,
Сұлбамды жарқыратып ақ сағымнан.
Ең үлкен жұмбақ жайлы өлең оқып,
Аңқылдақ періште боп ақтарылам!
Бұрын маған жау болған, ұнаған бар,
Сендер сонда өкініп жыламаңдар,
«Тіріңде неге мұны жасырдың?» деп
Сұрамаңдар!
ЖАҢБЫР
Жапырақтан жылы жасы ыршыған
Бақылашы мына жаздың жаңбырын.
Тамшыларда дауылдар бар тыншыған,
Дауылдарда - мұхиттардың тағдыры...
Қарашыққа құлағандай жарық бар,
Түкпіріне сүңгіп кетші тамшының.
Тұнып тұрған сол әлемде қалықтап,
Ұшып жүрсін жан-шыбын.
Өз атыңды естігендей нөсерден
Шығып кетші дуылдаған қауымнан.
Мөлдіреп кеп көшелерге төселген
Жаратылыс жұмбағын көр жауынан!
Саған жауын мұңын шағар, сұрасаң,
Тылсымдықтың сырын ашар үңілсең.
Тамшылармен сипалайды жыласаң,
Тысырымен жұбатады түңілсең...
КҮЗГІ ӘУЕННЕН ҮЗІНДІ
Жаз да бітті, наз да бітті біздегі.
(Мұндай күйді ұнатпаймыз біз тегі).
Алақан боп аймалайды асфальтты
Қызыл-сары жапырақтар күздегі.
Су бетінде мұз елесі... сыз демі,
Ұғындырмақ болды бізге күз нені?
...Базардағы қайыршы үні қаттырақ
айқайлардан түздегі.
Аспандағы керілген нұр бойында
тыраулардың тізбегі...
Күз келіпті...
Ей, онсыз да аз ба мұң?
Менің қайғым - Жаз-бозбала боздағым.
Бір қияли түтінімен шылымның
Улап отыр басымдағы сөз бағын...
АЯЗ
Бейдауаның ісеріндей мына аяз,
Тұтқын жанның кісеніндей мына аяз,
Соңғы ақша шытырындай мына аяз,
Қатқан нанның қытырындай мына аяз,
Өлер жанның күпіріндей мына аяз,
Сұлу қыздың бүкіріндей мына аяз,
Өшкен оттың түтініндей мына аяз,
Соңғы өлеңнің үтіріндей мына аяз,
Өлген айдың келбетіндей мына аяз,
Қатып қалған жер бетіндей мына аяз,
Ақ өлімнің құшағындай мына аяз,
Қарақшының пышағындай мына аяз,
Жауларыңның жеңісіндей мына аяз,
Жын-сайтанның терісіндей мына аяз,
Өлі арудың анарындай мына аяз,
Айдаһардың жанарындай мына аяз,
Жарлықтардың нүктесіндей мына аяз,
Жақыныңның өкпесіндей мына аяз,
Нашақордың инесіндей мына аяз,
Қолбасшының түймесіндей мына аяз,
Патшалардың күймесіндей мына аяз,
Тергеушінің бөлмесіндей мына аяз,
Қанішердің тәубесіндей мына аяз,
Сөнген жұлдыз сәулесіндей мына аяз,
Сүйіктіңнің қарғысындай мына аяз,
«Тоғыз грамм қорғасындай» мына аяз...
Мен де - аязбын,
Сынар болсаң, сына, Аяз!..
МЕНІҢ ГОРДИЙ ТҮЙІНІМ
Жасыл айдың сәулесін кірпігімнен үзбедім,
Түнішіндік ізімді өзім қайта іздедім.
Қайырымсыз шаһардың шамдары да безбүйрек,
Жақсы сөзі жарқырап, жарық берер бізге кім?
Жеңе алмадым мұңымды,
Желбіремей туым бір,
Жарылуға шақ қалып, шамырқанған миым бұл.
Жүрегімнің ашынған тамырлары буылып,
Жан түбінде тастай боп шиеленген түйін тұр.
Ол түйінді қия алмас жігер деген қылышым,
Іште жатқан күдікке күрмеледі бір ұшы.
Жанарымнан тоқтаусыз сорғалайды ып-ыстық
Жан ішінде балқыған көңілімнің күмісі.
Атып тұрғым келеді, күшім жиып ақырғы,
Көкейдегі түйінін шеше алмаған пақырмын.
Шешілмейтін сол сұрақ: «Кіммін мына өмірде?»,
Ертең тағы тәнімді сипалайды-ау соқыр Күн.
Қара тәнім - топырақ, Қарашығым - қара мұң,
Тәңірді ойлап, жанды ойлап, ми ішінде жанамын.
Ішкі гордий түйінін шаба алмаған баламын,
Аққан жұлдыз ізінен семсер көріп қаламын...
КҮБІР
Болған шағым - өкінішсіз,
Болашағым - өтінішсіз.
Тағдыр бәрін шешеді.
Атқан таңдар - аппақ Жарық!
Тек іңірден сақтанбадық
сайтандандырған кешегі.
Жарқ ететін жасыл түсті
көзімдегі жасын - күшті.
Көңіл бірақ беймәлім.
Соқпақтарда адасқанмен,
күбірлесіп
Көк-Аспанмен,
кетіп барам,
Ой - қалың...
Кімнің кетті несі кімде?
Кешіріңдер, өшіріңдер,
ұнамаса айтқаным.
Мен -
тірлікте өздеріңе,
қарап тұрып көздеріңе,
Ұлып-ұлып қайтқан мұң...
ГҮЛДЕР
Ол жақтағы гүлдер мүлде өзгеше,
Солған емес, келгенімен күз неше.
Ақ қауызы ашылады ән салып,
Сайтан келіп үзбесе.
Ол жақтағы гүлдер мүлде басқаша,
Қаулап өсер тамырымен тас қашап.
Мына әлемді мойындатар күні ертең,
«Сұлумыз!» деп таспаса.
Ол жақтағы гүлдер мүлде бөлек тым,
Солай, солай, сұрамаңыз деректі!..
Олар жайлы өлең жазу үшін де
Әулиелік керек тіл!
Түсін мейлің, түсінбе,
Ойға шомсам жетімектеу пішінде,
Сол бір гүлдер бір-бірімен сырласып,
Жыр тоқиды... түсімде...
Көздеріңмен көре алмайсың оны сен,
Кешір мені, олар менің ішімде.
АЛМАТЫ КЕШІ
Жасын көшіп қара бұлттар есінен,
Жарықтықтар сөйлейді-ай кеп шешіле.
Көше бойы.
Асығып та тұрмын мен
Поэзия кешіне.
Ақша қуған, атақ қуған түгелдей -
Тым қауіпті ақын болу бұл елде.
Келіп қалды дәу «мерседес» зырқырап,
Өрімдей қыз - рөлде.
Жас болған соң, жасындармен жалғанбай
Өмір сүру қиын екен, арланбай.
Қолшатырсыз қарап тұрмын,
Үсті-бас
Жыр-жаңбырға малмандай!
Бағдаршамдар, күзетшілері көшенің
Бақылайды поэзия нөсерін.
Көріп тұрмын, рөлде отыр жап-жас қыз,
Қарақат көз, қош ерін!..
Нар тәуекел!
Тоқтатуға бекіндім.
Ақынмын ғой сүп-сүйкімді, кекілді!..
Сұлу бірақ мені құдды бұралқы
Ит көретін секілді...
Осқырынған орысшалау қыз түге,
Әлде ағасы, әлде әкесі күшті ме,
«Мерседесі» күрт ышқынып,
Лай суды
Бұрқ еткізді үстіме!
Есіргендер өстуші еді жыларда,
Алайда оны кекиген қыз ұғар ма?..
Арықта ағып барады жатыр қызарып
Құрты қозған бір алма...
Ой, қойшы, поэзиясы бар болсын!..
НАУРЫЗ
Әлем бүгін өз-өзінен көңілді,
Әлем бүгін өз-өзіне сенімді.
Түн де бүгін өз-өзінен тым өңді,
Күн де бүгін өз-өзінен жылынды.
Мәңгілікті жоғалтпаппыз, бар екен,
Еріп жатқан біздер емес, қар екен.
Жарқыраған біздер емес, Таң екен,
Жаурап қалған біздер емес, Жан екен...
Мынау әлем өзге емес, Біз екен,
Мынау Аспан Аспан емес, Көз екен.
Мынау көктем - Нұрдан қалған із екен,
Нұрдың өзі - Жаратқанның Өзі екен!..
ТІЛЕК
Сенім керек -
Үмітімнің шырағы,
Көріп тұрып, білгім келіп тұрады.
Жылдарды емес, табиғаттың әр кезгі
Мезгілдерін сүргім келіп тұрады.
Қиял керек -
Арманымның бұлағы,
Бақытыма сенгім келіп тұрады.
Жаратылыс құпиясын білуге
Барлық затқа енгім келіп тұрады.
Өмір керек -
Жаратқанның сынағы,
Құлап жатып, тұрғым келіп тұрады.
Мен тағдырдың адастырған соқпағын
Ақиқатқа бұрғым келіп тұрады.
Ілім керек -
Сана-сезім жұмағы,
Аппақ нұрға толғым келіп тұрады.
Мен пейіште әр қазақтың баласын
Көргім келіп тұрады.
БОЯУЛАР ӘУЕНІ
Жасыл бояу шашырап тұр дәл бүгін,
Сенімсіздеу ұсынып тұр тал бүрін.
Әр бүршіктің дірілінен сеземін
Таң нұрының қалдығын,
Жапырақтар тағдырын.
Аша ма екен өмір маған бар сырын,
Келер күннен дәметеді Жан білім.
Мен тағатсыз күтіп жүрмін Аспаннан
Жаңа көктем жаңбырын,
Тамшылардың әрбірін.
Жаным талай жалалардан күйгесін,
Ауып тұрар көктем ойнар күйге есім.
Жұлып тастап көкірегіндегі түймесін,
Ауадағы жасыл күйге
Сәулелер
сұлап түскенше билесін!
Мүмкін, сонда жүрегімде мазасыз
орнай ма екен үйлесім?..
Қыстан, мұздан, Сөзден ауыр жабыққан,
Бұл көктемді Ақыл емес, Жан ұққан.
Қара Жерге сағыныштан қамыққан
Бір Құдірет сұлбалана жетердей
бастауы жоқ жарықтан,
тоқтауы жоқ жарықтан...
Бұлттар қашан көшеді екен мұң тілеп?
Жасын қашан жарлық шашар күркіреп?
Нөсер қашан көкірегімізге күй құяр,
сансыз тамшы-ноталары дүркіреп?
...Солып қалып жүрмесінші кеудемде
қаталаған гүл-Жүрек,
жалғыз тамшы нұр тілеп...
ШОШЫНУ
Өмір - елес, жан - сағым,
Алаңғасар мұң-ғұмыр.
Мен емес ем аңсарым,
Менікі емес түрім бұл.
Менікі емес өмір бұл,
Менікі емес бұл заман,
Жүрегінде - темір гүл,
Тілегінде - ыржалаң.
Қара мидың түбінен
Қол бұлғаса өткен ел...
Мен ойымнан шегінем
Түйсігімде көктеген...
Рухы - алыс ғарышта,
Қан-жын ғана - бойдағы,
Өзіммен
Мен танысқам
Бір бұрышта қайдағы.
Ол да - мендей, аларман!
Құдай сақтап, құтылдым.
Миымдағы бар арман
Жұлыныма жұтылды...
Мен де - сондай, аларман!
Кімнен қашып келемін?
Өз-өзіме аларған
Қарай-қарай беремін...
* * *
Түнек басып тұрғанмен, көңілде нұр
Түнек басып тұрғанмен, көңілде нұр,
Аспан жақтан жарқырап төгілген гүл.
Жасыл қанат түстегі періштелер
Жанарынан түн тамып өңімде жүр.
Кәрі саусақ ауаға сызып өлең,
Әр әріптен созады, үзіп әуен.
Кеше ғана бұлыңғыр дүниеден
Жаратылып жатқандай қызық әлем.
Әлем іште, мен оның ішіндемін,
Сыртымда күш, мен оның күшіндемін.
Сәттер - менің болмысым, сәттер ғана,
Сәттер - менің өмірім, түсінгенім.
Жоғалттым ба есімді, жия алдым ба,
Сүймедім бе өзімді, сүйе алдым ба?
Сұрағанды беріпті маған Тәңір,
Өзгешелеу болғанмен қиялымда.
Кейде сол сәт, ал кейде кідіретін,
О, Жаратқан, сан қырлы құдіретің!
Жолдарыңды аңғармай қалай тұрмын
Жүрегімнен Өзіңе жүгіретін?!.
Алып жатыр, қарашы, дала тыныс,
Ей, періште, жүзіңді қаратып ұш!
Күлкісі де гүлдердің таныс, таныс,
Түр-түсі де тым таныс жаратылыс...
Мен жаралғам
Шебердің әмірінен,
Мені сүйген ең мінсіз көңілінен.
Тұрмайды екен, дариға, нағыз өмір
Түңілуден,
бүлінуден,
шегінуден...
КӨШЕ
Жанарынан жұлдыз атып, мұң атып,
Өлеңдерін күбірлейді түн-ақын.
Түкпірінен мынау туған көшенің
Жалғыздығым қолын бұлғап тұратын...
Бұл көшеде қурап қалған бір қайың,
Жалғыздықпен сырласатын күн сайын.
Оған жылда көктем келсе жыр оқыр,
Салқын самал үрлеп қойып түн-шайыр.
Бұл көшеде естіп тұрып дыбыс бір,
Ауыр-ауыр күрсінетін тыныштық.
Өз-өзімнен қашып жүріп, сағынбай,
Бұл көшені ұмытуға тырыстық.
Бірақ-бірақ естеліктер өше ме,
Естелікті келер күндер кеше ме?
Көз жасымның бір тамшысын қалдырдым
Жалғыздықтың атындағы көшеге...
АҚЫННЫҢ АҚБЕРЕНІ
Ақберен Елгезек - потенциалы, ақындық танымы ерекше ақын. Ол ғарышты, көк әлемді, мыңжылдықтар мен адамзат дәуірлерін періште қиял һәм адами құсамен көре алуға бейім.
А.Елгезек мыңжылдықтарды, ғарышты қарашыққа сыйған әлемдей қабылдайды. Ол Қорқыт бабасы болып күңіренеді, ақыр замандық сипатты көзбен көргендей айқындайды. Бұл - оның тәңіршіл жаратылысының айғағы, әйтсе де, Құранның аяттарынан аян, күмәншіл, күдікшіл пейілін тағы жасыра алмай қалады.
Ақберен - ауылда қозы-лақтың шекесінен сипап өскен қазақтың баласы. Алайда ол ұлттық шеңберде шектеліп қалмайды, әлемдік кеңістікті, адамзаттың ортақ тарихын тануды шет көрмейді.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
Жазушы,
«Алтын тамыр» журналы, № 3 (4),
Мамыр-маусым, 2009 жыл
ӨЗГЕРІС
(цикл)
1-өлең
Балкондар - қанаттары үйлердің.
Көк үйлер - ордалары күйбеңнің.
Аулалар.
Балаларға үйген құм...
Алатау - ... күйген мұң...
Осы сурет өзгермейтін секілді.
Өзге суретті көз көрмейтін секілді.
«Өзгереді» деген сөзден өзгеше
мына жалған сөз білмейтін секілді.
Мені де өмір көзге ілмейтін секілді...
2-өлең
...Сол аула, өзгермейтін, қалыпты.
Ай да аспанда өзгермейді, жарықтық.
Жұлдыздар да баяғыдай,
Аспаннан
кірпіктерін қағып тұр.
«Табиғатта болмайды, - деп, - нала-мұң»,
күбірлейді санамдағы қонағым.
Өзім білер өзгермейтін әлемде
өзгеріске мен ұшырап барамын...
Уақыт сыңсып ағады...
3-өлең
Бақырая тізбектелген көліктер
бағынбастай ретке.
Сағат тілі ақшамдағы жетіден
аттанады түнекке.
Анайы сөз ауаменен арбаса,
бар наланы қар басар.
Бәрі де сол баяғыдай шеңберде.
Өзгеріссіз далбаса.
4-өлең
Ымырт...
Жым-жырт...
Бөлме іші күңгірт...
Кеңістікті кезіп жүрген уақыт -
ең баянды шындық...
Өзгерместі өзгертетін ажал ғой - ол...
О, сүйкімді Сұмдық!..
* * *
Түннің аппақ меңіндей
Ай көрінер.
Сенімсіз?..
Естен сәуле төгілмей,
буланбайды көңіл - сыз.
Айғыр-бұлттың құйрығы
жасырады Ай-меңді.
Ол да - тағдыр бұйрығы?
Тағдырсыздар қайда енді?..
Бағалы емес ғұмыр түк.
Баянсызын аңдатты.
Миға сәуле жүгіртіп,
міне, тағы таң да атты.
Қақ маңдайдан тебілген,
қашып кетті түн, түзге.
Сұрағы көп өмірден
жауап берер кім бізге?..
* * *
Талай әсер жоғалды, ұмыт болды,
Өмір өзі оларды ұмыттырды.
Ұмытпайды жаралы жаным бірақ
Бүршік атып көрмеген сынық гүлді.
Өмір бәрін өзгертті, терістеді,
Әлсіретті әр кезгі жеңіс мені.
Ұмытпайды жаралы жаным бірақ
Ішімдегі мерт болған періштені.
Өмір өзі өткенді жат қылады,
Жат қылады, жадымнан лақтырады.
Қайта-қайта ауыртар жанымды кеп
Тағдырымның жасаған соққылары.
Ерімеді іштегі мұздың бәрі,
Буланбады іштегі сыздың бәрі.
Ұмытылмас бірақ та түнгі аспанның
Мені аяп жылаған жұлдыздары.
Ұмытылар біреудің жау болғаны,
Дос болғаны біреудің, жар болғаны...
Жадтан өшпей, өкінтіп түске енер
Орындалмас арман боп қалғандары.
Кімге ұнаған ақынның қылықтары?
Тағдыр-түрме қамады, құлыптады.
Бүгін маған қадалып, ауыртады
Өмір атты айнаның сынықтары...
КЕЛІНШЕК ТАЛ
Сабағыңнан мөлдіреп өлең-шықтар,
Сен неге жылап тұрсың, келіншек тал?
Көктем әлі келмейді, есесіне,
Көбелектей жауады көңілшек қар...
Мына күздің алтыны сондай әсем!
Жазда сенің кетті екен қандай есең?
Маған қара, мықтымын!
Өмір нұрын,
Ыза болып тұрсам да, қанбай ішем!
Білдірместен қайғымның ең ауырын,
Көңілді боп жүрем ғой, жылауығым!
Жалғыз сен бе жалғанда жеңге-ғалым
Мекендеген мұнарлы мұң ауылын?
Жалғандықты мен дағы біліп қоям,
Біліп қойып, жымиы-ы-ып күліп қоям.
Анда-санда жалықсам жалғыздықтан,
Саябаққа сен тұрған кіріп қоям.
Келіншекке өзіңді теліпті кім?
Шайыр шығар!
Мен соған сеніп тұрмын.
Міне, енді белгісіз сол ақындай
Мен сені сағынғаннан келіп тұрмын...
Ешкім мендей білмейді сендік мұңды,
Ешкім сендей білмейді мендік мұңды...
Сен тыңдайсың осылай ылғи мені,
Мен сүйемін өзіңдей енді кімді?..
Сабағыңнан мөлдіреп өлең-шықтар,
Сен енді жыламашы, келіншек тал!
Көктем болып келемін келесі жыл,
Ерімей жатқан кезде еріншек қар...
ЖАҢБЫРЛЫ ЭЛЕГИЯ
Жаңбыр - мөлдір түс,
Асфальтқа құлап шашылған.
Елесі ме екен... сол бір қыз...
Мұң өретін шашынан...
Саябақ. Сүрлеу. Тротуар.
Шамның жасы - сары нұр.
Елесі ме екен... отынан...
Жанып кетті кәрі Күн...
Жалғыздықтың жалғызы -
Өзім және кім екен?
Елесі ме екен... алқызыл...
Жалын атар көлеңкем...
Көліктер. Қала. Дүкендер.
Бағдаршам. Талдар. Алаңдар.
Елесі ме екен... кетерде...
Жымияды адамдар...
Жарнама - өмір. Көшелер.
Алдымда тағы сол есік.
Елесім бе екен... кеше мен...
Барады екем жол кесіп...
Өз үйім. Төсек. Күрсініс.
Ұйқы жоқ. Әлде ол түсім?
Елесі ме екен... бір сыбыс...
Естіп жатыр бір кісі...
ЭТЮД
Күз.
Алтын шашты ұстаз-абыз,
Сіз бізге айтыңызшы қысқаша аңыз.
Бәрі енді ап-айқын, бәрі таныс,
Енді кіммен, не үшін ұстасамыз?
Күз.
Тоғызыншы ай шығатын кез.
Өмірге үнсіз қарап, ұғатын кез.
Кірпігінде жаңбыр емес, жаңбыр емес,
Ащылау бір тамшылар тұнатын кез.
Дегенмен күз!
Бақытты ғой бұл кезге жеткен деңіз,
Тағдыр, бізге ендігі кектенбеңіз!
Бояулар жайқалатын бұл сұлу шақ -
Көктемге егіз!
АҚШАМДАҒЫ ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Бояулар іңірлене бастады...
Алыстады Алатаудың асқары...
Бұлттың бұла жанарынан шашылған
Жапырақтың бір ұшында жас қалды...
Жұлдыздардың әуендері басталды,
Бұл әлемде түннің бары расталды.
Кеше түскен сәулелердің қалдығы
Қараңғылық тозаңына тасталды.
Басталды ма қара түннің дастаны,
Алаңытты Алматының аспаны.
Күлдіретін болу керек Құдайды
Адамдардың құрып жатқан жоспары.
Түннің тағы тарқатылды шаштары...
Еріп кетті іңір тағы қас-қағым.
Ақшам болып еріп кетер күн ертең,
Кәрі түннің алдындағы жас шағым...
Бәрі бүгін баяғыдай...
Бос бәрі...
Дабыл қағар жалғыздықтың «$о$»-тары...
Түн түбінде тағы қалам мен бүгін,
Қайдасыңдар, мені ұмытқан достарым?..
ЖАПЫРАҚТЫҢ КӨЗІМЕН
Қалтыраған жапыраққа айналып,
Жараланған бір бұтақта жаным тұр.
Кірпігімнен, өмір жайлы ойланып,
Күздің жасы тамып тұр.
Асфальттағы құлазыған көлеңкем
Жанталаса қармалайды сәулені.
...Мен де - бейне дымқылданған сіріңке,
Бітті, сірә, дәуренім.
Әуедегі көрінбейтін тақтаға
Күз жарықтық өз бояуын жағып тұр.
Мұңға батқан алаңдарда қап-қара
Иесі жоқ қолшатырлар лағып жүр.
Тұмауратып қалар ма екен тағы аспан?..
Тәнім әбден кеуіп қалған у екен.
Қара қарға қарғып түсті ағаштан,
Ал мен әлі ілінулі тұр екем...
УВЕРТЮРА
Күңгірт бөлме.
Жалғыздықтың әуені.
Әр бұрышта - күрсіністер мүрдесі.
Кеше ғана бәрі, бәрі бар еді,
Енді, жадым - елестердің түрмесі.
Ал ауада гүл өсіп тұр тамырсыз,
Күлтесінен Күн күлкісі аңқиды.
Ол ұйқыда, Сана тыныш, Жан үнсіз,
Әлдебір үн тән ішінде балқиды...
Қабырғалар әңгімесі... бұрынғы,
шеңбер жайлы бітпейтұғын дау ғана.
Көшелерде сұлбалар жүр бұлыңғыр,
Марғау ғана есінейді тау ғана.
Гитараның ішегі ме үзілген?
Дүр-қобыздың жанайқайы?
Әлде не?..
Түйсігіме өлең демі сезілген...
Өлең құсы қонып отыр кеудеме...
Жырымдағы мұңға толы жолдарды
қаламымның қанжарынан қорғап ем...
Еске алмау, жадты өшіру... сол қалды...
Өз-өзімді ұмытам ба сонда мен?..
ОРАЛУ
Болашаққа қолдарымды қусырып,
Денем отыр өн-бойынан бу шығып.
Қазір күллі тыныштықты ысырып,
Жаңғырады жарты тамшы тысыры...
Сонда ғана шаң қаланың төсімен
Жүгіремін адамдарға есі өлген.
Шұбыртамын санамнан да есімнен
Күнәларды Құдай маған кешірген.
Сосын ақшам жарқанатын ұстап ап,
Айналдырам көбелек пен құстарға.
Жұмбақталған өлең жазып достарға,
Сағынышты жығып берем құштарға.
Саусақтардың ұштарынан от шашып,
Түнге сіңем, дәптерімді ап қашып.
Елестетер жұмағымның қақпасын
Адамзаттың үміттері топтасып.
Ал, мен болсам қуаныштан жылаймын,
Қуаныштан тоқтамауды сұраймын!
Енді менде жоқ алданыш, жоқ уайым,
Енді менде бақыт болар ылайым.
Себебі мен кешіп жүріп өмірді,
Тауып алдым өз ішімнен Тәңірді!
* * *
Сары қазан, кәрі қазан, сап-сары
Сары қазан, кәрі қазан, сап-сары,
Жанарыма шашыратар оттарын.
Сары күздің шаштарына айналды
Мамырдағы мамырлаған бұлттарым.
Қоңыр көңіл, жасыл үміт, таң ұшы...
Өмірімнің тоқтамайтын ағысы.
Күзді қойшы!
Шашы қарға айналар...
Бояулардың жарысы...
Үш онжылдық.
Көктем де өткен,
Кемді күн...
Біздей күзді жас деп айтар енді кім?
Алдымызда жігіт болып үлгірген
Ағаларды алып жатыр жер бүгін...
АУЛА
Қажетсіз арманымдай мына аула,
Әсер етпес тұншығып жылауы да.
Жапырақтың тым бөтен құлауы да,
Терезенің тым бөтен қырауы да.
Қажетсіз арманымдай кешегі өлген,
Бұл аулаға мен бұрын неше келгем.
Бұл аула маған бөтен кешегіден,
Бұл ауланың шаңы мен өсегі өлген.
Жаңа күннің бастауы мына аула,
Шындық енді үміттің тумауы да.
Мүмкін емес енді оның ұнауы да,
Қызық емес ешкімнің сынауы да.
Қажетсіз бақытымдай басқа тепкен,
Мына аула сыйламас басқа көктем.
Кетіп бара жатырмын тас жүрекпен,
Қарап алып соңғы рет жасқа кепкен.
Енді мені ұмытады мына аула,
Қарамаймын жалыну, жылауына.
Қарамаймын жапырақ құлауына,
Қайырылмаймын көршінің сұрауына...
ГҮЛ ІЗДЕУШІ
Қанша бақтан іздеумен гүлдерімді
Сүйретумен келемін сүлдерімді.
Құлақтардан естимін күлгенімді,
Сұрақтардан көремін білгенімді.
Ал біреулер өздерін көміп жатар,
Көре алмастан тіп-тірі жүргенімді.
Күдіктерден кешқұрым мүсінделген,
Құпиялы сыр тарттым кісімнен мен.
Түк етпейді егерде түсімде мен
Көріп қойсам өзімді ішімде өлген.
Ең бастысы, гүлдердің күлтесінен
Бір жарықты сімірсем ішілмеген.
Анау жатқан қаңбақтар даласында,
Сапарыма сан соқпақ таласуда.
Кеше мені шақырды бал ашуға
Бір пері қыз сығандар арасынан.
Ал мен оған толғандым Тәңір жайлы,
Көзі шығып кеткенше шарасынан.
Содан кейін керемет құштарыммен,
Жолға шыққам ең қатал дұшпаныммен.
Жан азабын жүрекпен құшқаныммен,
Сол гүл үшін бір өмір бастадым мен.
Тау басына шығып ап, мәңгілікті
Тоқтаттым жалт еткен қас қағыммен!
Жүрегімді кемірген нала-мұңды
Шыңырауға шыңғыртып тастадым мен!
Содан кейін жазбаған дастаныммен,
Енді ешқашан өзгермес жоспарыммен
Жұмбақ гүлді жұмақтан табармын деп,
Астасып кете бардым Аспаныммен!
ҚЫСҚЫ ТҮСТЕР
Қысқы түстер. Көктем жайлы.
Көктем жайлы, аспан жайлы.
Бұл түстерде неткен қайғы,
Көктем неге басталмайды?!.
Қысқы түстер. Гүл жайында.
Гүл жайында, Ай жайында.
Бұл түстерде ақ қайыңдар
Бүрлемейді май айында.
Қысқы түстер. Мұң туралы.
Мұң туралы ауыр неге?
Аппақ қарда түн тұнады
Жылымайтын сәуірлерде.
Қысқы түстер. Көктем де өзге.
Гүлдер де өзге неге мүлде?!.
Салқын самал өпкен кезде
Сыбырлайды нені, кімге?
Қысқы түстер. Жұлдыз жайлы.
Жұлдыз жайлы ғарыштағы.
Қысқы түстер. Бір қыз жайлы.
Бір қыз жайлы алыстағы.
Қысқы түстер. Бүршік жайлы.
Бүршік жайлы дірдектеген.
Аппақ құйын ұршықтай бір
Жүрекке сыз өрнектеген...
Қысқы түстер. Мен жөнінде.
Ол жөнінде. Неткен қиын!..
Қысқы түстер. Шер көңілде.
Келе ме екен көктем биыл?..
СӘЛЕМ, КӨКТЕМ!
Сәлем, көктем,
Мен қайтадан туылдым,
Көк аспанның күмісімен жуындым.
Көк мұз жапқан шатқалында көкейдің
Ақ арманның бүрлейтінін ұғындым.
Сәлем, көктем,
Таңғы самал ескенде,
Бұлт гүл болып өскенде,
Дәл мен сынды, көңілмен де, еспен де,
Көк шөппенен жыр жазбаған еш пенде.
Сәлем, көктем,
Өрнек қандай су салған?!.
Жасыл қырат - жасыл сағым бусанған.
Жас шағымда жиі ағатын жұлдыздың
Жұпар иісін жұта берем жусаннан.
Сәлем, көктем,
Өліп кетпеу үшін мен
Күннің нұрын жүрегіме түсіргем.
Аспан асты - керемет той, аста-төк,
Ағыл-тегіл жұлдыз нұры ішілген...
Сәлем, көктем,
Өркеш-өркеш томарың...
Сәлем, көктем, қаз-үйректім, қоғалым!..
Қаулап шықты жауқазындар сүт аңқып,
Қауызында сақталса еді обалым!..
Сәлем, көктем!
Кіл еңбекқор, кіл асқақ
Құмырсқалар жағдайымды сұрасқан.
Көңілімнің оркестрін ойнатты
Тырналардан нота түзген мына аспан!..
* * *
Жалғыздықтан қорықпаймын
Жалғыздықтан қорықпаймын,
Үйренгем оған, құлыным.
Жинаудан да жалықпаймын
Үміттердің сынығын.
Жетімдіктен өш алмаймын,
Мойынсұнғам, қарағым.
Жұмбақты да шеше алмаймын,
Белгісіздік - жауабы.
Пайдасы жоқ, сене берем
Әр өлеңге өрілген.
Өз-өзіме ере берем
Өз ішімде көмілген.
Адамға да сене берем,
Тәңір өзі жаратқан.
Бір ғайыпты көре берем
Өлең түскен парақтан.
Қияли деп айта берсін,
Қиялымда - бәрі шын.
Жанарымнан қайта көрсін
Ұмыт болған танысын...
КҮЗГІ САРЫН
Аяқталды гүлдердің патшалығы,
Ақ қауыздар шашылған бақша қалды.
Тағы да бір жалғыздықты жаратты
Жіңішкерген көлеңкесі сабақтың...
Жаз күнінен қалмағандай шаттығы,
Дала жатыр басылғандай аптығы.
Қырау шашы ағарып мына жалған,
Тыраулардан құтылып тына қалған.
Бір жапырақ теректен тұра қалған,
Ирелеңдеп тым баяу құлады алға...
Бақша ішінде жылап жүрді жел бейбақ,
Жылынбаған күнді ойлап,
жұлынбаған гүлді ойлап.
Айтылмаған жеті сөз кеңістікте жүрді ойнап,
Ал оларға өкініш шашып тұрды мұң-қойма...
Мен білмегем ештеңе,
Мен гүлдерді іздедім,
Күзге қарай бастады өзім басқан іздерім.
Күзге қарап жыладым,
Гүлдерімді сұрадым,
Азан-қазан күйге бір тұнып қалды құлағым.
Бекер болды ақшамда бақшаларды кезгенім,
Айналыпты шындыққа таңсәріде сезгенім,
Естірткендей әдейі пәк гүлдердің қазасын,
Тікенектер ән салды жүрегімде мазасыз.
ЖІГІТТІҢ МОНОЛОГІ
Тағдыр мені сынады, бағынбадым,
Жаулар маған тап берді, алынбадым.
Жаутаңдауды білмедім, жәбірленсем,
Өзімнен күштілерге жалынбадым.
Іште шерім болса да, ойымда мұң,
Тағдыр мені сынады, мойымадым.
Түнек басса жер бетін, таң боп аттым,
Күн күйдірсе, түн болып жайыламын.
Тағдыр мені сынады, басылмадым,
Түсінбесе, өкпем жоқ, қасымдағым.
Мейірімді адамға құрақ ұштым,
Әлсіздерді ешқашан басынбадым.
Тағдыр мені сынады, құламадым,
Өксік қысып тұрса да, жыламадым.
Мені осындай жаратқан Тәңірімнен
Тек сабыр мен парасат сұрағаным.
Тағдыр мені сынады, үміт көрем,
Бәрін-бәрін ұмыттым, ұмыт дегем.
Мықты болу керек қой ер адамға,
Қасқайып өлу керек жігіт деген!
Жұлыны түннің үзіледі
Жұлыны түннің үзіледі,
Жұлдыздар тағы өшеді...
«Бәрі де - Тәңір құзіреті»
деседі.
Тәніміз - қасқыр, ырылдаған,
Жанымыз - пенде, жасқаншақ.
Елестеуші еді бұрын маған
Екеуін Тәңір қосқан шақ.
Алпауытпен де, жарлымен де
Ойнайды Құдай, сенемін.
Мен де солардай сорлы пенде,
Қасқырды мініп келемін.
Көңілім ылғи мұң жияды,
Пенделік қайбір қуаныш...
Қасқырым ертең қылжияды.
Сол ғана - маған жұбаныш.
ФАНТАСМАГОРИЯ
Шытырман түстер... ұлыған иттер дауысы
Қинайды мені, көз іле қалсам түн іші.
Ауаға тажал сурет сала береді
Сүп-сүйрік саусақ-қауырсын.
Шытырман түстер:
құтырған иттер күлкісі,
қос басты аттар,
төрт көзді қырдың түлкісі...
Сапарға шықсам, қолыма ұстап басымды,
Еңкілдеп жылап, қабір қазады бір кісі...
Шытырман түстер...
Бітпейтін зарлы жаңғырық...
Жүреді біреу аң қуып.
Құтырған қасқыр қаңғырып,
Жүреді маңды лаң қылып.
Еріккен біреу ішімнен
ұлиды-ай келіп!..
Әңгүдік...
Шытырман түстер...
Аядай ғана бөлмемде менің дөңгелеп
Лаулайды Күнім... әңгелек...
Оятшы мені, телефон...
Өртеніп барам!..
Жан керек!..
АЙНА
Жалғыз ұлы, жетім ұлы әкемнің
Үңіледі қабырғаның ішінен.
Көк түтіннен көрінбейтін кафенің
Қабырғасы айна екенін түсінем.
Түсінем де, үңірейіп отырам,
Айнадан да, шараптан да шошынып.
Қышқырады дөкір ән,
Құтырамын, қайырмасына қосылып.
Қайтем енді, діл саңырау...
Сол-ақ па?..
Ешкімнің де қажет емес сөздері.
Оңай шаруа -
тойып алып шарапқа,
шайтан болып өзгеру.
Алдымдағы төңкеріп сап көзені,
Жынданғым-ақ келеді.
Қабырғаның оқты көзін сеземін
Көрінбесті көретін.
Оқты көзде - жетім ұлы әкемнің.
Сол кірпияз пішін - мен...
Жетімдіктің не екенін
Айна ғана түсінген.
АҚБЕРЕН АҚЫН
Әдебиет есігін жаңа ғасырмен жарыса ашқан Ақберен қазақ поэзиясына өзінің үр жаңа үнімен, өзгеше қалпымен, бөлек болмысымен келді. Ақын «еліктеу мен солықтаудың» ауылына көп ат шалдырмай, тез өсіп, жылдам жетілді. Бұның өзі, біріншіден, оның бойындағы Алла сыйлаған талант қуатын көрсетсе, екіншіден, сөз өнеріне, оның ішінде «сөз патшасының» ауылына үлкен дайындықпен, тоқ қоржынмен келгенін аңғартады.
Тағы бір айта кетерлік жағдай, Ақберен ақын әлдекімдерше «модернизм», «постмодернизм» деп, қазақ рухына, қазақы дүниетанымға жат, біздің елде тек-тамыры жоқ елесті қуып кетпейді. Оқып отырсаң, кәдімгі қазақтың ақыны, қазақтың өлеңі екені менмұндалап тұрады. Бірақ «шекпені» жаңа. Яғни өлеңге жапқан «шекпеннен» Ақберендік өң-түс, үлгі-пошым, ою-өрнекті бірден тануға болады.
Мәселен, осындағы топтама жырдың ішінде ақынның «Ақшамдағы жалғыздық» деген өлеңі бар. Қазақта «ақшам» туралы, «жалғыздық» туралы, тіпті «ақшамдағы жалғыздық» туралы өлең аз емес. Алайда Ақбереннің ақшамдағы жалғыздықты сезінуі де, қабылдауы да, бейнелеуі де өзгеше. «Бұлттың бұла жанарынан шашылған жастың жапырақтың бір ұшында қалуын» байқау, «жұлдыздардың әуендерінің басталғанын» есіту, «түн шашының тарқатылғанын» сезіну, «кеше түскен сәулелердің қалдығының қараңғылық құшағына тасталғанын»... аңғару үшін ақыннан үшінші көзі, жетінші түйсігі болуды талап етеді.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Ақын, аудармашы,
Филология ғылымдарының докторы, профессор,
«Жас қаламгер» журналы,
2010 жыл
МЕДИТАЦИЯ
Бола ма мүлде өлмеуге,
Бола ма мұңды емдеуге?
Сыймайды, әттең, бұл жүрек
Кеңістік сыйған кеудеге!..
Тоқтатпай секунд, минутты,
Қасымнан талай жыл өтті.
Көрсем бе деп ем уақытты,
Сағаттың тілі дір етті.
Қаламмен түртіп жүректі,
Көңілге көркем жыр ектім.
Көрсем бе деп Тәңірді,
Періште түйсік шыр етті...
Арқалап аңқау арманды,
Көрсем бе деп ем орманды.
Орманым отқа оранып,
Аспанға барып сомдалды.
Биікке мен де құмар ем,
Биікке мен де сыңар ем.
Көрсем бе деп мұзартты,
Төмендеп кетті мына әлем.
Сыймадым енді жерге мен,
Қимадым жырды көрге мен.
Аспанды сүйсем деп едім,
Жұлдызды сүйіп көрген ем.
Содан мен жолды шаң қылып,
Шықтым да кеттім қаңғырып.
Сағаттың тілі тоқтады,
Басталып кетіп мәңгілік...
ГОРЬКИЙ САЯБАҒЫНДАҒЫ ОЙЛАР НЕМЕСЕ МҰҢНАН ҚАШУ
Кірпіктердің арасынан күн сәулесі сығалар,
Көгімдегі алтын ділдә - менің жалғыз сыбағам!
Бұл көктемнің ауасы да дәл өзімдей мас бүгін,
Қурап қалған ағаштардай - жапырақсыз жастығым...
Шіркін, шырша болсам егер, төрт мезгілде жап-жасыл,
Тауға тәж боп тұрар едім, безендіріп қар басын!
Әй, адаммын бірақ та мен, ұмтылатын жақсы атқа,
Өзі білмес, қайда апарар армандар мен мақсаттар...
Жып-жылы күн алдамшы тым, көпті көрген арудай,
Пенделер жүр дөңгеленген - Тәңір шашқан тарыдай.
Мен де солар сияқтымын, өзгешелік жоқ менде,
Тек жүрегім сәл басқалау, сәл басқалау көктемде.
Қиялымда мүлде ұмытып жер бетінде жұрт барын,
Мен көктемде тербелемін бесігінде бұлттардың.
Жапырақсыз жүрегіме ақ бұлттардан жай табам,
Содан кейін ораламын көк аспаннан қайтадан.
Ол да өтірік, мен жай ғана күн сәулесін сіміріп,
Отырамын бар адамның тыңдаған боп күбірін,
...Шындығында, шырша салып дәптерімнің шетіне,
Жап-жасыл бір өлең тілеп,
Тәңірімнен өтінем!..
ҚАР БИІ
Күн борап тұр...
Жоқ, билеп тұр аппақ қар!
Аспан жақтан құлап жатыр бақбақтар.
Жүректегі сызаттарым секілді,
Көміледі ақ бақтарда соқпақтар...
Қар билеп тұр...
Мың бұралып күйге бір...
Ырғағынан сезіледі бейкөңіл.
Жел құшақтап аппақ вальске шақырған
Ақшақарлар елестейді кейде бір!
Ақ әлемде,
Сейілгенде тұман бар,
Кеңістікте аппақ гүлдер бұлаңдар!
Аппақ қарға сызу салар әлдебір
Ирек-ирек ізін салған жыландар!
Қар еркелеп,
Құлағанда аспаннан,
Дүр етіп бір оянады құс-таңдар,
Айналамда жарқырайды құбылып
Жұлдыз текті кристаллдар...
Аппақ қарға артылмасын өкпеңіз
Аппақ қарға артылмасын өкпеңіз,
Иен далада қатып жатыр ақ теңіз,
Ақ теңіздің аппақ-аппақ жалдары –
Тоң боп қалған толқындарды сөкпеңіз.
Жасыл мұхит құлайды деп жақында,
Хабаршы боп ұшқындайды көктен із...
Жасыл желкен керілгенде шет жерден,
Жасыл кеме көрінеді көк белден.
Бір цунами басталады жып-жылы
Таудың суы қайнап жатқан бөктерден.
Мен бір тылсым үміт күтем дегбірсіз
Жанарында сұлулық бар көктемнен!
Бір маусымдық басталғанда ғасыр бір,
Ақ мұхитты ерітеді жасыл нұр.
Бәйшешек боп мөлдірейді күн ертең
Көк мұз болып қатып қалған жасым бір...
Жасыл желек - сағынышым, тамшыла,
Тәңірімнің әмірімен шашыл бір!
Ех, сонда мен, көздің алды мұнартып,
Сүйем нұрды, бар ауаны құмартып!
Қыдырамын көшесінде шаһардың,
Жаурап қалған қос өкпемнен гүл аңқып!..
ЖОЛ
Қамықтырып ақ таңдарда ой-күдік,
Қара бұлтқа сіңіп кетті Ай күліп.
Алабұртып, қара жаяу қалпымда
Жолға шықтым...
Қажет емес сәйгүлік.
Бұл сапардың жөні бөлек, жолы - сын,
Бұл сапардың бітер жері - «Кәрі шың».
Басында оның мәңгі жасыл бағым бар,
Сорым бары тағы шын.
Жәутеңдеген қоңыр көзі құланның
Мұнарынан елестейді тұманның.
Ақ тозаң қар иреңдейді тұс-тұстан,
Ізін салып жыланның.
Мен әйтеуір көз ашпадым бораннан,
Жібермейді тосқауыл боп ол алдан.
Қар жастанған қарақшылар жолында
Әулиелер тоналған.
Осы жолда - айдаһарлы үңгірлер,
Осы жолда - тылсым-тылсым күмбірлер...
Өрмелеймін.
Өлерімді қай жерде
Ішімдегі мұң білген...
Болсам-дағы өз-өзіме өкпелі,
Пірлерімнен медет күтем көктегі.
Қос өкпемді айналдырар қанатқа
Тәңірімнің нұры ойнаған оттегі!
Айналамды ажал демі құрсаулап,
Азғыруда сайтан күліп, жын сарнап.
«Кәрі шыңның» шығам бір күн басына,
Өн-бойымнан нұр саулап...
* * *
Биыл тағы тобылғылар гүлдейді
Биыл тағы тобылғылар гүлдейді,
Өзен жақтан сағынышты қаңқыл кеп.
«Биыл тағы ауыл жаққа кел!» дейді
Түнгі ұйқымнан оятатын әупілдек.
Биыл тағы қыраттарда гүл жайнап,
Есіл-дертті ертіп кетер белестер.
Биыл тағы жанарымда - мұңлы ойлар,
Ауыл жаққа асықтырар елестер.
Биыл тағы тұнық аспан төрінен
Жер бетіне
Тәңір нұрын көшірер.
Биыл тағы нөсер мені шомылтып,
Кезекті бір иткөйлегім шешілер.
Биыл тағы тәж қып киіп сағымды,
Патшалығын көрсетеді асыл жер.
Еске салар бозбалалық шағымды
Бір арудың көзіндегі жасыл көл...
ШЕШІМ
Ақ түбіт бұлттар көшімен
Армандап Күнге көшіп ем...
Жусанды иіскеп айықтым
Жымиған гүлдер ішінен.
Ақ мамық қарға айналып,
Ауада жаттым жайланып.
Құмардың шөбін тістедім,
Құмырсқаша ойланып.
Жұлдызға қарап сәулелі,
Санамнан қудым әурені.
Жылап та тұрып, ән салдым,
Өтіп жатыр дәуренім.
Аңсай да аңсай көсемді,
Шараптан алдым есемді.
Сықылығына қыздың көп тостым
Сынық көңіл-кесемді.
Алысқа қарап ұзақ тым,
Наламды желге ұзаттым.
Өрекпіген сайын Жүректе
Ұлғайып барады сызат тым.
Ойнадым. Күлдім. Өкіндім.
Бұлтты ойдан қалды шөкім-мұң.
Аңырайды қу тірлік...
Аяз болуға бекіндім.
УТОПИЯЛЫҚ ТҮС
Түс көріп жатқам...
Сәлем айтып келіпті өткен шақтан
Самал желмен қалықтап жеткен хаттар.
Жүр екен-ай жайылып боз көдеге
Тәңір көктен түсірген ертегі аттар.
Бір қуантып шаһарлық тамам елді,
Ауыл жақтан күтпеген хабар келді.
Таңғажайып аққулар түннен құлап,
Мекен етіп алмақшы Аралды енді.
Иен далаға наладан күйіп кеткен
Жәудір көзді бітіпті киік-көктем!
Барыс-таулар көкала кейіпке еніп,
Марғау ғана есінер биіктіктен.
Біз түгілі, алыста жат қуанған,
Бір керемет болыпты Сақ-Тұранда.
Ал, ендеше, көлкіген көк тұманнан
Қарғып-қарғып шығыпты ақ құландар.
Ертеректе қағылған қолданыстан
Ескі сөздер келіпті қолғабысқа.
Биік-биік қамыстар арасында
Пайда бопты жоғалған жолбарыстар!
Па, шіркін-ай, кигендей ала көйлек,
Саңқ-саңқ етіп ұшыпты қара ләйлек.
Аппақ жауын жауып тұр қабырға боп,
Тұрғызғандай тап-таза далаға әйнек.
Ех, көңілім, көңіл-ай, көк дөненім,
Арманым бар, елім-ай, көкте менің.
...Оятатын осындай түстерімнен,
Қу тіршілік, мен сені жек көремін!
ҚАРҒАЛЫ БАҒЫ
...Қарғалыда қалмады қарақат көз тиіндер,
Олар жайлы ойламау, маған, сірә, қиындау.
Бәрі есімде!
Сол кезгі қайыршылық күйім де.
Ал әзірше күй мынау,
Берекесіз жүрістер,
Мақсаты жоқ жиындар.
Кеше ғана ол маңда серуендейтін ән-самал,
Бозбаламын арманшыл, жүрегінде сан сауал.
Еһ, шіркін-ай, есіл кез, қандай тәтті едің сен,
Қиялиға мүмкін бе еркіндікті аңсамау?!.
«Сабыр, сабыр!» - деуші едім, мен әлі де тірімін,
«Жетім болсам, жетіммін, бірақ көптің бірімін»
Деп жұбатып өзімді,
Кеуіп қалған шелпекті
Қытыр-қытыр кеміріп, ой жиғанмын ең текті.
Қарғалым-ай... қарағай-қайың-терек халық-ай!..
Жүруші едім бағында дұрыс асқа жарымай.
О, сол кезде түсіме жиі-жиі енетін
Ыстық-ыстық бауырсақ, қарындағы сары май.
О, сол кезде аңсаушы ем ақшаны да, мансапты,
Қазір, шынын айтайын: екеуі де шаршатты!
Бәрін қойшы, оталған
Қарғалымның орыны
Жастық шақты аңсатты.
Ал, бүгін ше, бүгін ше?
Маңайдағы бар ағаш
Қиылыпты, құрғыр-ай!
Ұжымағым жалаңаш.
...Зәулім-зәулім кешенге таңдай қағып, сүйінді ел,
Қарғалыда қалмапты мен сүйетін тиіндер...
* * *
Мына жалған мен сияқты тынымсыз
Мына жалған мен сияқты тынымсыз,
Шыр көбелек айналады Күн асты.
Бір күндерім әнге салса,
Бірі үнсіз
Қайғырады,
Мұңы ащы.
Мына көктем мен сияқты балаң тым,
Өлім жақтан сезгісі жоқ күз демін.
Мына ақшам мен сияқты алаң тым,
Бақылайтын көліктердің тізбегін.
Мына таулар мен сияқты көкірек,
Көңілімен әлпештеген аспанды.
Мына жұлдыз мен сияқты жетімек,
Тастанды.
Мына өлең мен сияқты қырсық шын,
Көнбейтұғын жылтыр сөз бен мақтауға.
Сөзін сөйлеп кетсе күш пен бұлшықтың,
Оған менен жоқ сауға.
Мына түн де мен сияқты тылсым-ды,
Бұза түскен ақындардың ұйқысын.
Тағдыр, сірә, қылкөпірлік қыл сынды,
Тартқылай ма бір кісі?
Иесі ме ол мендік ақыл-теңіздің,
Бел байладым не қылса да көнбеуге.
Мен тегінде тек ажалмен егізбін,
Тиіспін бірақ өлмеуге!
* * *
Мұңлы бұлттың тоқтамаса жаңбыры
Мұңлы бұлттың тоқтамаса жаңбыры,
Мұндай күні жалғыз қалу - заңдылық!
Тамшылардың арасынан мәңгіріп,
Өткен шақтан қарап отыр мәңгілік.
Өткен шақтан қалқып түсіп естелік,
Қарашалық қар жауар ма кешкілік?..
Бала кезім күліп отыр бақытсыз,
Дау-дамайдың арасынан естіліп...
Неге бүгін еске салдым ауылды,
Қазандағы қайтыс болған бауырды?
Айғыз-айғыз, мұң аралас ғұмырдай
Жек көремін қар аралас жауынды.
Қара үй - жалған.
Іргесінен із қашқан.
Өлең жолы.
Мағынасыз түз-дастан...
Неге менің қамшылайды бетімді
Тамшылармен күзгі аспан?..
КӨКТЕМГЕ ХАТ
Көктем, келші тезірек, көгерсін бел,
Құр-құр етіп сөйлесін көгершіндер.
Көктем келсе, достарым, көздерімнен
Көк аспанның мөлдірін көрерсіңдер!
Көктем, келші тезірек, ерісін шың,
Көктен нота гүл болып төгілсінші.
Бөктерлерді жағалап кетейінші,
Бәйшешектің күлтесі көрінсінші!
Көктем, келші тезірек, бүр жарылсын,
Қара барқыт шәлісін түн жамылсын.
Мен шықтарға оқыр ем тап-таза өлең,
Сабағында гүлдердің тұнғаны үшін!
ПАРАЛЛЕЛИЗМ ЕЛЕСІ
Тып-тыныш түн, түнгі аспан,
Жоқ алайда тыныш жер...
Нән шаһарда - қым-қуыт сауда ісіне жұғысты ел.
Ал ауылда, ауылда... құлазыған көшелер,
Құлазыған көшеде құлазумен өшеді ел.
Құлазыған қыз-жігіт шөлмек ұстап қыдырған,
Құлазыған көшені қала көріп құбылған.
«Ол көшпелі қазақтың ұрпағы ғой» дегенмен,
Рухы өшіп қалған соң, қаланы аңсар өлермен.
Ал қаланың ішінде тоғыз қабат сары үй,
Құлазиды жетінші қабатында сары ұл.
Қаладағы өмірі - бәрі талас, бәрі мұң,
Жайдары еді ол бұрын...
Оған енді бәрібір...
Тып-тыныш түн, түнгі аспан,
Жоқ алайда тыныш жер.
Нән шаһарда - қым-қуыт сауда ісіне жұғысты ел.
Алыс-алыс, алыста азық іздеп бөрі жүр,
Ол - арланның ұрпағы, рухы өшпес бәрібір!..
Нән шаһарда... балконда асыранды дүр тазы
Ұйықтап жатыр, түсінде түлкі індете, ін қазып.
«Ол кешегі құмайдың ұрпағы ғой» дегенмен,
Таң алдында оған да бутерброд берем мен...
ТҮНГІ КОЛЛАЖ
Керікмойын мұржалар... көмейлерінен жын ұшып...
Жапырақ-жәндік сыңсиды, өз ішінде бүрісіп.
Ертегілік кейіпкер шығардайын құмардан,
Түкпірінде есімнің шар үрлейді тұманнан...
Құбылмалы өмір бұл, кейде қиял, кейде мұң,
Өзім де адам емеспін, сыра аңқыған жейдемін.
Бірақ тірі жейдемін,
Сөйлеуге де тілім бар,
Ойлап қоям, сыра иісін жақсылыққа ырымдап.
Қалықтайды әуеде май шам жанған бөлмем де,
Құтырынған құс сынды жаға-жеңім ербеңдеп...
Түнгі жынды көбелек нұр іздейді көзімнен...
Аман қалсам игі еді шалығы зор сезімнен!
Ішімдегі шайтаным шайқап-шайқап қайғысын,
Жүрегіме толтыра ішіп отыр, байғұсым...
Көше кезіп, бақ кезіп, қанбай қалған ойыны ма,
Қалғып жатқан таулардың бұлттар еніп қойнына,
Өзім еккен жас талдың түс көруде бүршігі.
Ай да қонды аулаға, көк ала қал - тұмсығы.
Тек сен жоқсың бұл түнде,
Сағындырмай келші, еркем,
Құлазыған ғұмырға егіз болған көлеңкем...
* * *
Байқайсың ба?
Байқайсың ба?
Қабағымның астында
Қарашықтан шашырайды ұшқындар!
Сендер мені қанша дәуір күттіңдер,
Сендер мені қанша ғасыр тостыңдар?
Ал, ұшқындар, мың құбылған сәулелер!
Көздеріңді әлпештейді әурелеп.
Менің ішкі аспанымнан сескенер
Аруақтармен би билеген әулиелер.
Өткен тарих болашақпен қауышып,
Жылап отыр төзімімді тауысып.
Түйсігімді түйсігіңмен тыңдап көр,
Қанша ақынның жаңғырады дауысы?
Ішімдегі аспандағы алып Күн
Шуақтана, қуаттана жанып тұр.
Мына әлемнің бетіндегі әжімдер
Жүрегімнің қақ ортасын жарып тұр...
* * *
Мен тағы да бұл әлемге келер ем
Мен тағы да бұл әлемге келер ем
Жатқан кезде қыс сарғайып, күз көктеп.
Мен бағбанға гүл орнына берер ем
Жұпарланған жырларымды тізбектеп.
Өтіп кетер өкінішті өмір бұл,
Бір Құдайдың өзгермейтін заңы бір!
Мені тағы ақын етсе Тәңірім,
Бұл жалғанға келер едім тағы бір!
ЕЛЕС
Ағам Данышпанның рухына
Бір көрініс келгенде көз алдыма кештетіп,
Опынумен отырам, көңіл өшіп, ес кетіп.
Құтыла алман одан мен...
Дымқылданса жанарым,
Өлең жазу тек қана - құтылатын амалым.
Көңіліме көп сурет жабысқанда баттасып,
Мен көремін күнде осы көріністі, қысқасы:
Сақалынан іңірдің шашыраса қызыл нұр,
Аппақ үйді көремін,
Шөлмектерін тізілтіп,
Тұрғындары той жасап жатады ылғи мәз болып,
Жымиысып алады, мұңдануға аз қалып.
Шатырына сол үйдің жетім құстар қонақтап,
Үнсіз ғана отырар, жан-жағына алақтап.
Әткеншектің зарлы үні жұбатады тек мені,
Күлкісіндей сәбидің нұр кернейді өкпені...
Сол бір елес, білемін - өң мен түстің арасы,
Аула ішінде бір сәби былдырлайды, адасып.
Былдыр-былдыр сөйлеуі жүрегіме тым жақын,
Жазғым келер сондағы қызылсары құмға атын.
Былдырлайды маған ол, екі дүниеде қымбатым,
Өлімнен де тым қиын оған бірақ тіл қату.
Сол бейнені (түр-түсі өз әкемнен аумаған)
Іздейтұғын боп алдым тұман басқан ауладан.
Ағам еді ол менің, елес іші қамалған,
Мүлде бөтен кеңістік жолатпайды мені оған.
Қайран менің аулада, құмда ойнаған жолдасым,
Қолын бұлғап тұрады, ағылғанда көз жасым.
....Аппақ үйдің алдында иіскеп алып басынан,
Ертіп кетер оны әкем, жұлдыз ағып шашынан...
ӘПКЕМЕ
Маржанға
Алматының шетіндегі кафеде,
Маусымдардың арасында отырмыз.
Аруақтарға сағыныш бар көкейде.
(Үнсіз күтіп жүрміз ажал сотын біз).
Үнсіз ғана тілдесеміз екеуміз,
Ас мәзірін жалған оқып, мұңайып.
Жарты сағат - жарты ғасыр,
Не етерміз,
Іштей өксіп, жылайық.
Әкеміздің соңғы сөзін естіген
Сен ғанасың байыптап.
Өкінемін,
Аспан жаққа көз тіге,
Іздей берем бір бейнені ғайыптан.
Отырмыз ғой ой парағын ақтарып,
Өткен шақтан белгі бар ма, көрелік?!
Жүректегі Алла рухы - көк жарық
Үнсіз айтар төрелік...
МАМА
Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,
Осы арудың құрсағыңа бітемін деп.
Мен сен үшін талай жыладым, мама,
Ақынның анасы боп өтеді деп.
Мен сені жұбата алмаймын, мама,
Арайлы бір таңың атады деп.
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама,
Қабырғама бар мұңы батады кеп.
Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама,
Сыздайды тек іште, жарам ғана.
Мен бар мұңнан биікпін, мама,
Мен үшін алаңдама!
Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек.
Сен мені қазаққа сыйладың, мама,
Ғажаптардан қағылсаң да.
Мен сені азапқа қимадым, мама,
Қанша жыл сағынсам да.
Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама,
Ішім менің - шексіз әлем.
Бұл менің сорым әрі бағым, мама,
Жанарымдағы өксік өлең.
Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама,
Нұрға да толы жүрегім ақ.
Біздің тағдыр - азап жолы ғой, мама,
Әйтеуір тілегім ақ.
Әкем - Тәңір, өзің - Ұмайсың, мама,
Ал, мен - Құдайдың баласымын.
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,
Көзімдегі қарашығым!..
ҚЫСҚЫ КЕШ ЭТЮДІ
Шайырларға
Зәулім үйлер арасынан сәулесіз
Сүйретіле шығып жатыр қара кеш.
Бізді мүлде түсінбейтін, әуресіз
Алдымызда әлем жатыр алапес.
Ызғарлы кеш құбылады, киесіз,
«Құс жолы» да - бір құбыжық, ала төс.
Қап-қара ауа айнасынан иесіз
Қадалады кірпігі жоқ қара көз.
Ол нендей көз? Тегін емес, әйтеуір,
Бір қатерді ымырт келе байқағам...
Телесандық айтқан сайын ертегі
Көкіректі шер басады қайтадан.
Әлдебір дем терезені жиектеп,
Иір-иір ою-өрнек жасаған.
Бір өрнекте - қырауланған жүректер,
Бір өрнекте - гүлді құшқан ошаған...
Бір өрнекте - қыз сұлбасы қаралы,
Бір өрнекте - өлеңдерден қалған із...
Бір бұрышта ақ параққа оранып,
Қара кешке сіңіп жатыр сұлбамыз...
* * *
Жалғыздық пен мылқау түннен түңіліп
Жалғыздық пен мылқау түннен түңіліп,
Жүрек бүгін тоқтап қала жаздаған.
Ал мен тұрмын аспан жаққа үңіліп,
Жылынам деп жұлдыздармен аздаған...
Бәрі - бекер, жылыта алмас аспан түк,
Өте суық , қатал өте жұлдыздар.
Бар да шығар суықтықта бостандық,
Жылылықта - мұңлы ызғар?..
Оу, жұлдыздар!..
Жаурағам жоқ мүлде мен,
Өздеріңнен сәуле іздеуді қоймағам,
Мына қыста жүрек нұрға шөлдеген,
Мен басқаны ойлағам...
Енді, міне, берекесіз шалдай бір
Көңіл бүгін «күңкілдегіш» боп алған.
Қандай сәуле,
Қандай жылу,
Қандай нұр
Тауып берем мен оған?..
ҰЙҚЫСЫРАУ
(цикл)
І өлең
...Бұрыш жақта су ағады шүмектен,
Сыра біткен. У ағады жүректен.
Мен тынышпын, мен мұңлымын,
Дір еткен,
Иек қана құлап кеткен білектен.
Естеліктер.
Балалық шақ елесі
Қалқып шықты мылқауланған түнектен.
Болмайтындай енді мүлде ертеңі,
Үлкен сәби жазып отыр ертегі...
Тозып біткен тоқсан жылдық күнделік
Парақтарын боратады, түрленіп,
Кезектегі мыңжылдыққа, ең кемі...
Қас қағымның шырымынан емделіп,
Ары қарай кетпеу күнә сенделіп...
Өлмеген соң балконыңа жерленіп,
Шылымыңды сорғылайсың шерленіп.
Анау жақта жарқырайды салюттер,
Олар мәз ғой,
Менікі - құр пенделік...
ІІ өлең
Тағы да түн.
Жалғыздық.
Темекінің тұқылы,
Ақыл-есі түтіндеп, күлсалғышқа жұтылды.
Ми ішінде майысып көркем ойлар үкілі,
Үлбіреген үмітке тәж тоқиды жұпыны...
Тағы да түн.
Жалғыздық.
Сары шөлмек сыра бар,
Шылымым бар тағы да,
Бәрі жақсы, сірә да!
Тек іштегі біреудің маза бермес сұрағы,
Дір-дір етіп тұрғанша шайырлардың шырағы...
Жоғалғандай жаһаннан жұбандырар бар қызық,
Тағы да сол күйге еніп, бойды мұңға алғыздық,
Жүрегімді орап ап, тоңдырады бар мұздық,
Темекінің түтіні...
Тағы да түн.
Жалғыздық.
ІІІ өлең
Тағы да түн торлады мынау әлемді,
Әлемде мынау әлдиге әуес бала өлді.
Жүрегім болса бүк түсіп жатыр кеудемде,
Жыламай көрші, шошымай көрші, ал, енді!
Домалақ бала сәскеде әлі ерке еді,
Батыстың шашын демімен қызыл өртеді.
Мәңгілік Түннің түбіне құлап өлетін
Жап-жарық Күннің ғұмыры неткен келте еді?!.
Бір таңға дейін қалған соң шыбын жандары,
«Еһ, дәурен-ай!» - деуші еді ауыл шалдары.
Бір күнге тағы үмітін жалғап отырып,
Бір түннен ауыр, қорқатын еді, алдағы.
Шалдардың сонда әжімдер тілген бетінен
Ажалдың түрін көргендей шошып кетіп ем.
Өмірдің бірақ білмеген екем күн сайын
Дөңгелеп жүріп, сынатын бір сәт шетінен.
Тағы да түн торлады мынау әлемді,
Торына кімді түсіріп алар ол енді?..
Жүрегім болса сандырақтап жатып ұйықтады,
Түсіне оның ажалдан қашқан бала енді...
ІV өлең
Би кешіндегі арудайын сырғалы
От түрінде газ билейді ырғалып...
Терезені ашып қалсам айқара,
Күмілжіген көктен тұрар Ай қарап.
Көше жаққа елеңдеумен отырам,
Жазылмаған жырларымды қайталап.
Жаурап өткен сүр көктемде кеш шығып,
Ауламызда дірдектейді бес шыбық.
Бес досыма ұқсатамын оларды
Мені іздеп келе жатқан, ес шығып.
Телефон да... өзі суық, өзі үнсіз,
Қозғалыссыз, қоңыраусыз, көңілсіз.
Жылан-сағат оратылып білекке,
Айыр тілін қозғалтады сенімсіз.
Сөредегі кітаптар да қызықсыз,
Көңілдегі сұрақтар да қызықсыз.
Теледидар терезеден аумайды,
Терезеден Ай қарайды құлықсыз...
ҒАСЫРҒА ҰЛАСҚАН 4 ТҮН НЕМЕСЕ АҚБЕРЕНМЕН ПОСТМОДЕРНДІК СЫРЛАСУ
(монографиядан үзінді)
Бір қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде өзіндік қағидатын философиялық немесе теологиялық толғаулы өлеңмен бекемдеуге аз ғана ақынның бел шешкенін білеміз. Ақберен қазіргі қазақ әдебиетіндегі осы бір қиын да, азапты жолды таңдап алуымен ерекшеленеді.
Ақберенді тек оның көзқарасын сана түпкірімен аңдай білгенде ғана ұғына аласың. Басқа жағдайда оның жырына уақытыңды бөліп, миыңды ашытып еш қажеті жоқ. Ой бар жерде поэзия бар да, поэзия бар жерде ой бар, қазір көбіне поэзия төрден орын алып, ой босағаға ысырылған өлеңдер шоғырының қарасының көбеюі дағдыға айналып кетті. Ақберен өз поэзиясында ойдың көмегімен ақиқатқа жету ғана өлеңнің мәні дегенді қадап айтады. Осы жолда оның мифтік тілдік айшықтары мағыналық дыбыстар тізбегін бекер құрып тұрмағандығын танытады.
Ақберен бұрынғы эдемі сөзге үйір болып, басынан күй кешуін өзін (кейіпкерін) ашық көрсетіп алатын таптауырынды лиризмді философиялық ыңғайдағы ақын ақылмандығымен алмастырудың Шәкәрімдік үрдісін «тұмандатып, күңгірттендіріп», өзіндік ыңғайда жалғастырады.
Иә, Ақбереннің өзгеге мүлдем ұқсамайтын өзіндік әлемі бар. Бірде ол пайғамбар кейпінде, бірде ол пенде кейпінде полярлықпен алмасып отырады. Енді бірде осы қос ұғым тұтасып та кетеді. Ол кезде ақындық «МЕН» мен оны қоршаған әлем бір бесікте, поэзия тал бесігінде Алаш сөз өнерінің киелі рухының әлдиімен тербетіледі. Романтикалық және кейігромантикалық поэзияға дағдыланған оқырманға бұндай өлең типі жанына жақын болып келіп, санамен тұтасқан ғаламзаттық өнер синтезі өзіне еліктіре тартады. Тақырып пен фигура арасындағы қарым-қатынас бұлдырланып, ой қорабындағы сезім мен тағдыр күңгірттеніп, тарихи буынның көңіл толмастығы мен бабалар ақылмандығына қайыра оралуға шақыруы аңғарыла түседі. Ақынның кей өлеңдері көлемі жағынан шағын, әрі мазмұны жағынан жұмбақ болып келеді. Оның мәнін тек Ақберен таңдап қолданған фигуралар ғана ашып бере алады. Ақынның ішкі түйсікпен қазақ сөзіне басқа қырынан бет бұруы сөз бен оның туындыгерінің арасындағы үйлесімді жарасымдылықты тудырады. Ақберен қазақ әдебиетіне жай келмегенін, жырымен мәңгілікке қалу үшін келгенін ашық айтады. Бұл дегеніңіз - өнердегі ерлік, поэзиядағы қайсарлық!
Әбіл-Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,
Ғалым, сыншы,
«Аbаі.кz» порталы,
2013 жыл
АРБАЛУ
Түгесілмес түн сыры.
Таңға дейін бар уақыт.
Жылы тәнге оранып, маужыраумен жан жатыр.
Көк жарықты рух сергек!
Ол білмейді ұйқыны,
Оның басты міндеті - дұрыс жолды таңдату.
Қатпарында миымның ұзақ жылдар сақталып,
Құлыптаулы-кілттеулі жадым жатыр хат болып.
Ішімдегі Тәңірдің көрінбейтін сәулесі
Қос дүниенің арасын нұрландырар, қақ бөліп.
Түн мен күннің арасын сол ғажайып тылсым нұр
Айырған соң, түнектен жарық мәңгі ыршып жүр.
Таңға дейін уақыт бар...
Жұлдыз көшер кез келер,
Ал әзірше аулада біреу үнсіз сыңсып жүр...
Түн дегенің - мәңгілік, біткен кезде таң келер,
Дүр сілкініп, өмірге атылады жан-жебе.
Қазір оны оятпа, қазір өлең жаза тұр,
Бәрі ертең болады, ал, әзірше қам жеме...
Көз ілініп барады...
Бұлдыр-бұлдыр бір елес, билеп келе жатқандай,
Арудайын тым сұлу, қайқы кірпік, ақ маңдай.
Ол - ібіліс, мен білсем, жоспарында - азғыру,
Балқып кетіп барамын, тұңғиыққа батқандай...
Жалғыз қалу қауіпті!
Түн дегенің - бір мектеп...
Саусақтарым қалтырап, денем отыр дірдектеп.
Рухым ұйықтап қалған ба?
Мен сайтанды құштым ба?
Ары қарай беймәлім, ары қарай көп нүкте...
БАЙҒЫЗ-ҚҰСТАР
Ауыл жақта дәл осылай болатын,
Күнде осылай ыңылдайтын қара Түн.
Қыс түскенде жылымайтын қара үйдің
Шатырына байғыз-құстар қонатын.
Қомдап қойып жұлдызданған қанатын,
Сыбырлап та, шәуілдеп те алатын.
Көрінбейтін көзінен де көлкілдеп,
Айдалаға суық сағым ағатын.
Нәресте боп іңгәлайтын бейуақта,
Шайтан болып ыңырситын аулақта.
Өлген шалдың орнын сипап,
Кемпірдің
Түріне ене, күбірлейтін аруаққа.
Құмар сөзін кірпігімен жасырып,
Қыз болып та қымсынатын, тосылып.
Бұлт болып та аунақшитын зәу-көкте,
Ай нұрынан қауырсыны шашылып.
Құлақ тосып даладағы лаң-дуға,
Жүрек тосып моладағы зар-мұңға,
Батыратын жұлдыздардың қарасын
Бір балақай терезенің алдында.
Жылдар өтті. Мен өзгердім.
Түн бірақ Өзгермеді.
Ойлай берем тұнжырап.
Сол баяғы байғыз-құстар елесі
Көкірегімде жүр жылап...
АУРУХАНАДАҒЫ ТҮН
Тереземді осып өтсе жарқанат,
Қақырынып қояды бір қарғалар.
Ай қызарып тұмсығының ұшында,
Ит ұлиды, жел қарасын қармалап.
Қажып бітіп қараңғылық зілінен,
Қабырғалар күбірлесті түнімен.
Тек тыныштық ән салады ыңылдап,
Қабаттасып үнсіздіктің үнімен.
Өшіп қалған үмітінің шырағы,
Тар көшеде панасыз мас жылады.
Албастының демін сезіп алыстан,
Дірілдейді жапырақтар құлағы.
Қалтарыста - қарақшылар күбірі.
Бұрылыста - жезөкшелер сыбыры...
Үрей иісін сезінеді жәндіктер,
Үйеңкінің қабығына тығылып.
Таң алдында Ай көрінсе тұтылған.
Түйсігімнен дауыс шығар құтырған.
...Тірілерге жаназа оқып отырған
Мына түннен дұға оқып құтылғам...
КҮНБАТЫС
Өрт пе мынау, теңіз бе?
Қызыл шашы жалқындап,
Жанарымды шарпиды қою-қою толқындар.
Көкжиекте ақ бұлттар қызыл түске боялып,
Өкси-өкси көшуде, ауыр-ауыр ой алып.
Кіндігінде теңіздің иірім бар ұршықтай,
Қанша кеме бұл жерден өте алмаған тұншықпай.
Иірімнің түбінде күндерім бар қайғылы...
Қаперімнің бетіне қалқып шығар қай күні?
Қай шерімнің толқыны шығарады қаңқасын?
Қай көңілдің дауылы жинастырар жаңқасын?..
Мына теңіз тым сұсты көз жасындай Тәңірдің,
Үзіледі аспаннан, жазмышымдай әмірлі...
Қызыл беті теңіздің болғанымен тым үнсіз,
Тұңғиықтан әруақтар ән салады көңілсіз.
Бұл азапқа шыдамай, айналды да балыққа,
Сүңгіп кетті Күн байғұс толқып жатқан тамұққа.
Ал мен болсам түсімде жүзіп жүрдім теңізде,
Қаракеуім шақта бір ғайып болған күнді іздеп...
БЕЙНАЛА
Күн еңкейсе, көлеңкелер мүсіндей
Бой көтерер қызғылт дала төсінде.
Пенделердің жалғыздығын түсінбей
Фотосурет аңыраяр иесіне.
О, несіне... несіне мен егілдім,
Өткен шақтың елесімен көрісіп?
Мен әлемнен, әлем менен жеріді,
Жалғыздық пен жетімдіктің соры үшін.
Бір-ақ дауыс шығарғанда мың ауыз,
Бір қауыз да ашылмайды мың гүлден.
Бір-ақ сәтте тұңғиыққа құлармыз,
Жарылғанда жүректегі күмбірден.
Мұң өтінде жамау жөргек желбіреп,
Жетімдіктің сорын қосса әнге бір,
Жер-жаһанның жанарынан мөлдіреп
Бір-ақ тамшы тамар ма еді көрге бір...
Бір ақ жүрек мың жүректен безінді,
Бір-ақ тілек - тыныштықтың төсегі.
Бұлқыныс боп, күрсініс боп сезілді
Мың ауыздан шыққан дауыс кешегі!
Мың сәттердің қосындысы - өмір бұл,
Мың өкініш түйсік түбі өшеді.
Еске салма, еске салма, Тәңірім,
Маңдайдағы қасіретті бес елі!
Мың-сан сурет шеру жасап барады,
Түсім бе бұл, өңім бе бұл, кім білген?..
Мың жүректе сөздер жатыр жаралы,
Жалғыз қауыз ашылмады-ау мың гүлден...
ТАҢДАНЫС
Бөлек - бәрі...
Үміт те - өзге, ми - басқа...
Сезім басқа - жалғандағы қимасқа.
Маған бүгін періштелер ән салды...
Керек емес күй басқа!
Кеше түнде Аспан жаққа Жан ұшып...
Қайтып келді сәулелермен жарысып.
Бүгін енді жайнап тұрған әлеммен
қайта тұрмын танысып.
Бар ғарышта ең ғажайып Жер үшін,
балам үшін, бабам үшін, Ел үшін,
мен Тәңірді аңсап тұрып, жыладым -
ең алғашқы жеңісім!
Қалай бұрын, неге бұрын көрмегем?
Дәтім жетіп, қалай жүргем жерменен?
Оның сырын алты ай жазда гүл айтқан,
Неге оған сенбегем?..
Ол ғажапты жойылмаған көнеден
құстар айтқан,
ұшып өтіп төбеден.
Сәби айтқан, бесік іші күлімдеп,
Елемегем неге мен?..
Шыққым келмей өзім соққан түрмеден,
неге бұлай қуанбағам, күлмегем?
Мына өмірдің ертегілік болмысын
бұрын қалай білмегем?..
Қолмен ұстап, көремін деп көзбенен,
Кімге сенгем, нені күткем өзгеден?
Мына өмірдің даналығын
Жүрекпен
қалай бұрын сезбегем?..
Күллі ғалам жүрегіме сұранып
тұрғандай бір.
Жарқырайды нұр анық.
Таңданыстан тәуба-сана жұбанып,
құлпырады қарашығым, қуанып!..
Ерек - бәрі!
Себебім жоқ налуға.
Құштарлық бар -
тылсым сырын тануға.
Әттең, мына шолағын-ай ғұмырдың,
құпияның бәрін біліп алуға...
* * *
Менің досым жырақта жүр
Менің досым жырақта жүр.
Кешегі уақыт қалада...
Күмбірлейді құлақта жыр...
Мұң тұнып тұр санада.
Мұңым - батпан.
Соны білдім.
Ақыл үнсіз, тіл түгіл.
Бұлт ішінен сары іңірдің
Қимылдайды кірпігі.
Кешегі бақ - даңғыл түбі.
Кешегі бақ... Сау о да.
Сағыныштың сарғылтымы
Ілініп тұр ауада.
Көңілімді шешінбесем...
Көрінбейді жарадан...
Қашып кетті досым кеше.
Менен емес. Қаладан.
Кеше ғана, кеше ғана
Қасымда еді жас досым.
Дұшпандарға қасақана
Екеуара бас қосу...
Бал сырадан қанып ішіп,
Отырысу қарайып...
Бүгінгі іңір - сары мысық,
Пырылдайды жабайы.
Бал сыраны төге салдым
Құрғап тұрған кесеге.
Кездеспеуге көне салды
Кешегі уақыт көшеге...
ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ПОСТМОДЕРНИСТІК КӨРІНІСТЕР-2
Дәстүрден тыс жаңашылдықпен танылып жүрген ақындар тобынан Ақберен Елгезектің есімі жиі аталады. Ақберен өлеңіндегі кеңістік те басқаша. Не жерде, не көкте тұрағы жоқ, беймекенді кезіп жүреді. Өзін-өзі жатсынған, өз ішінен өзі екіге жарылған. Ақын мүлде басқа әлем іздейді. Түбі бір мәңгілікке баратынына сенеді. Мүмкін көңілге медеу жалғыз үміт осы ғана шығар.
Сәруар ҚАСЫМ,
«Jaqsy.kz» порталы, 2012 жыл
МӘЛІМДЕМЕ
Жүрегімді күйретпеңдер,
Ештеңені үйретпеңдер,
Ұнамаған, ұнаған бар,
Еш нәрсені сұрамаңдар,
Көзін сүртсін жылағандар,
Көтерілсін құлағандар!
Кешіріңдер, ренжімеңдер,
Мінеген мен сынағандар.
Еш адамға ақтатпаңдар,
Еш адамға даттатпаңдар,
Еш адамға жоқтатпаңдар.
Өлеңімді жаттатпаңдар,
Тірі жанға мақтатпаңдар,
Кетіп барам, тоқтатпаңдар!
* * *
«Түсіңді ұмыт!» - деді өңім
«Түсіңді ұмыт!» - деді өңім,
«Ішің білсін...» - деді өмір.
Кешегі мен ертеңгі күн
Өкпеледі көңілге бұл.
Жүрегімнің қуысында
Жылап отыр жаным менің.
Бөтен жанның уысында
Еріп жатыр бағым менің.
Аумай қалған қалай бұлай
Бір күндерім бір күнімнен?
Домалатты талай Құдай
Көз жасымды кірпігімнен.
Жасысам да, жабықсам да,
Түстерімде күлемін мен.
Өткен күндер... тамұқ сонда,
Жұмақ сонда! Білемін мен.
Ертеңгі күн - ертегі әлем,
Бүгінгі күн - түс ғаламы.
Жаратылып ертегіден,
Ертең тағы басталамын.
Басталамын, жырланамын,
Өз-өзімнен ұрланамын.
Тән ішінде сыр ғанамын,
Жарқыраған нұр ғанамын.
Нұрды ұлы Нұрға қосып,
Шарықтаймын, шалықтаймын.
Шайырмын мен мұңға ғашық,
Мен өлімнен қорықпаймын.
Себебі мен түс көрдім де,
Жанарыма үміт толды.
Бір адамға естілдім де,
Мың адаммен ұмыт болдым...
ТҮН
Тұңғиықтан түрте-түрте соқыр мұң,
Есін алды елес қуған пақырдың.
Жүрегіме жұлдыз біткен жұтылып...
Бір нүктеде ғарыш болып отырмын.
Тылсым гүлдер көз алдымда жайқалып,
Көк ауада үлпілдейді Ай-мамық.
Қарашығым бар жарықты сімірді,
Сәулелердің қоймасына айналып.
Жанарымнан өшкен оттар суретін
Санасына көшіреді көне Түн.
Шерлі сырлар сіңіп жатыр сағымға
Әлімсақтан өзім ғана білетін.
Өзегімді шарпып өтіп аш жалын,
Көңілімнен бұлғаңдайды мас сағым...
Қаламыма қолды соза бергенде,
Ғайып болдым түйсігімде қас қағым.
Арқамдағы қанатымнан тамып қан,
Ұшып келдім белгісіз бір бағыттан.
Түн болмысын өзгерткім кеп, талпынып,
Тулап тұрған жанның нұрын ағытқам...
Содан бітті...
Санам кетті сан ұшқынға шашылып,
Үні сөнді, Күні сөнді басымның.
Темірқазық қадап қойып ауаға,
Алпыс екі тамырыма асылдым...
БАҚЫЛАУ
Қасымда жоқ сырласатын ешкімім,
Мен отырмын өзді-өзіммен қату боп.
Су бетінде әлем жатыр бес жұлым,
Жаратқанның жырым-жырым хаты боп.
Алтыншысы солтүстікте мұздана,
Ақ аюға мекен болған кеңістік...
Өткен күндер шұғыласында - түз-дала...
Жерұйықпен оңтүстікте табыстық.
Ал ауылым ғарыштан да мұнартып,
Сағыныштың ширатады түтінін.
Ләйліген жұрт...
Ондай дудан мұң артық,
Тұрмыс артық шапан киген жұпыны.
Жұлдыздар жоқ, көрінбейді ешбірі,
Жымыңымен қытықтайтын жұлынды.
Жоқтау айтып, мені іздеуші кешқұрым
Өлең ғана екендігі білінді.
Таңғы арай да - қызыл қораз, шақырған,
Көк аспанда дөңгеленер бақыр-күн.
Ызғар ғана сезіледі ақылдан,
Түк жаза алмай отырмын... ***
Өзің жайлы түк білмеймін, қара түн
Өзің жайлы түк білмеймін, қара түн,
Сенсіз бірақ жазылмайды қанатым...
Жанарыңды сүйемін ғой мен сенің
Жүрегімді тұншықтырып алатын.
Бүкіл ғалам шашылардай шытынап,
Ақшам кетті адамдардың құтын ап.
Ал сен маған жылу іздеп қарайсың,
Әлемдегі бар бояуды жұтып ап.
Өзім жайлы не білесің, қара түн?
(Қап-қара боп ауырлапты қанатың).
Бұрынғы бір сиқырың да жоқ екен
Алып қара тамшыдайын таматын.
Біздер жайлы не біледі бұл өмір,
Кімде қалды аңқылдаған шын көңіл?
Жарық шашқан шам ойлайды Күнмін деп,
Тәңірмін деп ойлайды ғой сым темір?..
Біз кім жайлы біліп болдық, қара түн,
Кімнің тағы қанталап тұр қанаты?
Тағы кім бар, өз жүрегін тістеп ап,
Сенің соңғы түкпіріне баратын?
Ешкім менің сұрағыма үн қатпас,
Өмір мынау, бірде қатал, қылжақбас.
Бүгін біздер, ертең тағы біреулер,
Кім оларға пана болар, кім жақтас?
Түн мен күннің жалғап жүріп арасын,
Мен білмедім бұл дертімнің дауасын.
Күнде осылай шоқ басам да тұрамын,
Шырылдатып Астананың ауасын...
АМНЕЗИЯ
Кеудемдегі көп көрініс кешегі
Түйсігімнің түкпіріне көшеді.
Мәңгі-бақи тастар ма екен ұйықтатып,
Алақандай қабірстан төсегі?..
Шынымды айтсам, ол - мұңымның кеселі,
Оны бірақ Тәңір маған кешеді.
Жүрегіме тас боп біткен секілді
Бар ғаламның қайғы-соры бес елі.
Сәуле шашқан сезім кетті сенделіп,
Шым-шытырық дауыстарға мүлде еніп.
Жадым іші қызыл жалын секілді,
Сағынышым - шимай-шимай күнделік.
Тағдырым да (талай тиген таяғы)
Мені ұмытты,
Бәлкім жылап, аяды.
Сандырақпен бірге кетті жоғалып
Санамдағы сансыз сұрақ баяғы.
Менде ой жоқ!
Ойлау енді кеш еді...
Тек тамшылар тыныштықты теседі.
Біреулерден сұрап көрсем өзімді,
«Ол пендеңіз өліп қалған» деседі.
Жаздың салған бар бояуы кешегі
Жапырақсыз көшелерде өшеді.
Қырға шығып жылап отыр қыркүйек,
Күздің келіп қалғаны ғой, есебі...
* * *
Өз сорыма айналғандай өз бағым
Өз сорыма айналғандай өз бағым,
Жалғыздықтың құшағында мұздадым.
Түндер түнеп қабағымның астында,
Жүрегіме құлап кете жаздады...
Мына әлемнің маздап тұрған оттарын
Мұңның мұзы басып қапты қап-қалың.
Мен түгілі, албасты да безінер
Тәубәсі жоқ тәуліктерден таптаурын.
Көз алдыма елесі кеп ескінің,
Өлетіндей аласұрам кешқұрым.
Тұла бойды үрейлі бір діріл ап,
Жаназалық күй ойнайды бес күнім.
Кеуде жақтан естілгенде жан демі,
Ойлағанмен, құтылмайсың, әрнені,
Көше жаққа жаутаңдаймын, кімді іздеп,
Достар қайда? Досым менің бар ма еді?..
Есіктерін қағып жүріп қанша үйдің,
Кімді табам, кімге барып, тыншимын?..
...Көкке қарап ұлып тұрған бөрінің
Жанарынан көксұр жұлдыз ыршиды...
АЛҚАШ ШАЛ
Пәк ауадан көк түтінге ауысып,
Кемсең қағып, өксіп отыр бір адам.
Көз жасының тамшылары суарар
Ақ сақалын қуарған.
Мәңгі-бақи күлмейтіндей ол енді,
Духанада қалып қойған тірі өлік.
Әкесінен сықпыртады әлемді,
Дию сынды түнеріп.
Айналасы - кәрі мен жас дөрекі,
Сырттағы әлем - тұманданған күз есі.
Саусағының арасындағы темекі -
Он үшінші мүшесі.
Мәңгі-бақи күлмейтіндей ол енді,
Көкірегін жаулап алған қай қайғы?
Терезе алды жылап тұрған еменді
Кемпірім деп ойлайды.
Жын сөзіндей - духананың түтіні,
Шал соңыра емен түбі құлайды.
Аузы сыра көпіршігін жұтынып,
Ақ сақалы жылайды...
Алматы
Алпыс екі тамыры ақырын бүлкілдеп,
Шаһар жатыр көшелері күңкілдеп.
Ақындары аттанады үн-түнсіз
Кеңсай жаққа біртіндеп.
Көкірегі сірілері - қамыққан,
Жалтақтайды сатылмалы жарыққа.
Әнебіреу талант еді тәп-тәуір,
Жатыр бүгін арықта.
Е, бұл қала кімді марқұм қылмады,
Алатаудың басында өлсін шын дарын.
«Көсем болам!» деп келеді ауылдан
Көк базардың құлдары.
Болар жағдай боламын деп болар ма,
Құдай қыли қарайтындай оларға.
Қарындыға қала ішінен үй дайын,
Дарындыға - қол арба!
Қыз ақынның маңдай соры бес елі...
Ашыныспен артық айтсам, кеш, елім.
Бұл қаланы шеше көрген барлығы,
Әкесінің... мұндай өгей шешенің!
...Кел, ақындар, менен де бір ішіңдер,
Күбірлейді қып-қызыл мас мүсіндер.
Бұл қаланы
Күс аңдыған көшеден
Есенғали ғана түсінген...
КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ
Сары мұң қалды көгалда...
Жазмышын өзі сызған бақ...
Тұманды жарып жоғалған
Қып-қызыл Күнім - қызғалдақ.
Қайырлы бұлттар қанатты
Төбемнен ұшты бұрқырап.
Теректің жасын санап тұр
Көбелек - сары жапырақ.
Жарқырап қайта шықса-ай Күн!
Топырақ көзі - қақ суы...
Мылқау бір жынға ұқсаймын
Сіміріп алған бақсы уын.
Сырымды кім бар тыңдамақ,
Қоштастым Көкпен. Пенделік.
Жүректе жырым іңгәлап,
Тұманда жүрдім, сенделіп...
КӨҢІЛСІЗ ҚЫРКҮЙЕК
Оңтүстікке құстар ұшып кеткенде,
Кезіп кетер кеуде ішін күз-көңіл.
Көздеріңе жұлдыз түсіп кеткенде,
Батыс жаққа асығады бір ғұмыр.
Солтүстіктен ызғар шаша күз келсе,
Мың бүгіліп намаз оқыр қызыл гүл.
Шым-шытырық түске енді төзбесек,
Шығыс жақтан күн көрмейміз біз бүгін.
Аспанымнан жараланған қанаттан
Тамып түсер мөлдіреген тамшылар.
Кім жылап тұр?
Біз білмейтін жәннаттан
Бізді аяған, күнәсіз бір жан шығар...
Әне, әне!
Бір қауырсын қалықтап,
Көбелектей қонды жолдың бетіне.
Жанып кетпе өмір атты тамұқтан,
Ақ қауырсын, өтінем!
Үзіп алып жапырақты саркебір,
Бір шетіне құстың көшін көшірдім,
Бір шетіне өлең жазып әлдебір,
Әдемілеп оны қайта өшірдім.
Мен де бір күн үзілем де сабақтан,
Жапырақтай саған ұшам, Жаратқан!
Сонда маған құс қанаты қанатқан
Аспан жақтан шашылады парақтар...
АЛҒАШҚЫ ҚАР
Диірмен-аспан түбінен
Төгілді мәрмәр ұнтағы.
Азынақ көңіл етегін
Қымтағын.
Ақ ұлпа құстар ғарыштың
Қонақтап жатыр жерге аман.
Бойынан сырғып қамыстың,
Бір тобы құлар көлге алаң.
Әуеде билеп ақ құйын,
Тигізді тауға табанын.
Тәңірдің берген ақ сыйын
Қабылдап жатыр жалғаным.
Ақша қыз мақпал денесін
Тигізді жапырақ-жігітке.
Сорайған аппақ енесі
Көндірді күзді үгітке.
Күздің де бітті билігі,
Төрінде қыстың бейнесі.
Бебеулеп кірді килігіп
Ақ аттар тартқан күймесі.
Қалықтап келіп көгімнен,
Төселді көрпе - қар мамық.
Оранып аппақ кебінге,
Сіресіп қалды быламық...
P.S.
Терезе сырты ақ әлем,
Бер жағы дерт пен дәрілер.
Ұйқассыз ұйқы - ақ өлең,
Ақшақар қыздай дәрігер...
ҚЫСҚЫ ПАЛИТРА
Қар жауып тұр былтырғыдай,
Неткен өрнек ағыл-тегіл?!.
Аяз ата - жылтыр құдай
Алдап жатыр тағы мені...
Гүл өсіп тұр темірге де,
Шын гүл емес, қырау ғана.
Мұнша қатал өмір неге?
Тағдыр деген - жылау ғана.
Солқылдап бір жылап алшы,
Мұзға айналсын қарың мына.
Тұра алмаймын, сірә, қарсы
Көк аяздың жалынына!
Сұп-суық боп, маздап тұрсаң,
Жұбанады жалған мына.
Жапырағын жаз лақтырса,
Обалын да қардан сұра!..
Жылашы сен!
Жылағаның - нағыз өмір,
Қалғаны - ермек.
....Білдіреді тұман барын
Мүзішіндік таңбалы өрнек...
МУЗА ЕЛГЕЗЕККЕ
Мейірімді жүрегіңмен кішкене
Уды өлтірдің жүрегімді тістеген.
Зейнұр сені әкелгенде әлемге,
Ажал маған мәңгілікке «қош!» деген.
Мен өзіңді аспан жақтан сұрағам,
Уығымсың! Шаңырағым тұр аман!
Заңғар-заңғар биіктерге үш, қызым,
Адамдарға еліктеме жылаған.
Мен сияқты қумай босқа сағымды,
Уысыңда ұстағайсың бағыңды!
Зұлымдықтың тік қарағын бетіне,
Адал болсаң, сындыра алмас сағыңды!
Маңдайыңа жұлдыз жақсын
Тәңірім, Уыздай боп үлбіресін көңілің.
Зерделі бол, зиялы бол, балапан,
Аллаху акбар, ұзақ болсын өмірің!
«ЖЕТІҚАРАҚШЫ»
Түнгі қара сұлбамнан,
Іштегі әлем шетінен
Мың-мың жазу түсірем жұлдыздардың бетіне.
Қос дүниенің арасы жалғансыншы менімен,
Жалған тәннің ішінде бөлінсем де екіге!..
Маған бүгін бар сиқыр амалсыздан көнеді,
Мен жай адам емеспін,
Мен ақынмын себебі!
Шексіздікті жұта алмай, көп тесілсем көгіме,
Менің жасыл көзім боп, аспан жерге төнеді!..
Шексіз сана ішінен көлеңкелер қараңғы
Қанаттанған сәулемен барша әлемге таралды.
Мәңгіліктің төріне суретімді салдым мен,
Көңілімнің мұңына малып алып қаламды!..
Шындығында, тұңғиық ғарышта да жыныс бар,
Жүрегімнің түбінен құмар үнін тыныстар.
Күс жолы әні!
Тұмандық...
Жұлдыз-жұлдыз... жұлдыздар...
Тамшылай ма санама вирусы бар дыбыстар?..
Түнгі қара сұлбамнан,
Іштегі әлем шетінен
Мың-мың жазу түсірдім жұлдыздардың бетіне.
Енді сырқат ғарышқа емші өлеңді жіберем,
Мұздай суық төсіне қадап кетсін жеті ине!
РАДИОМИСТИКА
Әлдекімнің көмейінен құбыла,
Шашырап тұр дыбыстардың сәулесі.
Көздерінен жарқ етердей шұғыла,
Сөздерінен өртенердей бөлме іші.
Бұл нендей үн,
Арбап жатқан ауаны?
Ми төзбейтін әуендердің жаңбыры,
Бұл сұраққа Оның берер жауабы -
Тылсымданған жаңғырық.
Әлдеқайдан күмбірлейді күй басқа,
Бұл дүниенің емес мүлде нотасы.
Саналарға қадалғанда қиғаштап,
Айқай ғана күбірлейді опасыз.
...Елең-алаң кейпім мынау отырған,
Есім шығып мына дауыс-нөпірден.
Тәңір Өзі бәз біреудің атынан
Сөйлеп-сөйлеп жібергендей эфирден!..
* * *
Сен кімсің, Періште?
Сен кімсің, Періште?
Дауыссың ба
Санамда жаңғыратын?
Сен әлде, мейірсіз жауызсың ба,
кезіксем, қан қылатын?
Сен кімсің, Періште?
Жалынсың ба ішіме түсіп кеткен?
Әлде, белгісіз дарынсың ба,
еленбей ішіп кеткен?
Сен кімсің, Періште?
Үмітсің бе түйсікте көктейтұғын?
Әлде, көрінбес пірімсің бе,
қусам да кетпейтұғын?
Сен кімсің, Періште?
Ақ бұлтсың ба
сәт сайын құбылатын?
Әлде, құр дақпыртсың ба,
әр зәлім сұғынатын?..
Кім болсаң да,
не болсаң да,
бір белгі берші, ессіз де ұғынатын!..
* * *
Бұл жалғанда тоқтатар ажалды не?
Бұл жалғанда тоқтатар ажалды не?
(Түсінбейді ешқашан тозаңды жел)...
Қызыл парақ - жүрекке періштелер
Өмір жайлы мазақтап жазады өлең.
Тәңір демі - самалдан сөз алып ем,
Өлең жаздым, ал содан тазарды нем?
Өткен күн мен кеткенді ойлай қалсам,
Көз алдыма келеді бозарып ел...
Жаны шығып жесірлер жылауынан,
Түн құлайды тырналар тырауынан.
Осы түнге сіңер ме мына соқпақ,
Баяғыда басталған бір ауылдан?..
Жесірлер жылауынан мұң құраған,
Аулаларға аспаннан түн құлаған.
Түстерімнен өңіме көшіп алып,
Түйсігімде тұншығып кім жылаған?..
Күбірлеген тылсымның елшісіндей,
Өлең ғана өмірдің еншісіндей...
Тағы да бір ақынды көміп кетер,
Тағы да нәзік жанын ел түсінбей...
Олар ұзақ сыр шертісіп отырды...
Олар ұзақ сыр шертісіп отырды...
Жаназа оқып, жанған Күнді батырды.
Келер таңды азан ұшы атырды.
Сүйкімді қос тентек бала, ақылды,
Ұзақ-ұзақ сыр шертісіп отырды...
Олар ұзақ ағыл-тегіл жылады,
Бұлдырады қара көздер қырағы.
Қос көмекей - қанжар-сөздің қынабы...
Қос кәлләнің бұлаңдады шырағы...
Сүйкімді қос тентек бала... жұма күн,
Ұзақ-ұзақ ағыл-тегіл жылады.
Олар кенет құрбандыққа тіленді,
Ақыл айтар, бақұл айтар кім енді?
Екеуі де - келбетті жас, гүл өңді.
Сүйкімді қос тентек ұл...
Құрбандыққа тіленді.
Елеместен азғырынды сыбырды,
Елеместен жындысүрей дүбірді,
Олар іштей бір-біріне жүгірді,
Пенделіктің ала туы жығылды.
Қайта бастау керек енді ғұмырды...
ИМАН
Жібек қылып отыр біреу түнді есіп,
Орман демі керімсалдай тұрды есіп.
Бір қуатты аппақ нұрға малына,
Ғалам жатыр тыныштықпен тілдесіп.
Бір мезетке аңырая өмір дүр,
Салқын көкте сапар шегіп Тәңір жүр.
Жұлдыздардан тұрғызылған көшеге
Кілем болды тұмандықтар көгілдір.
Кеңістікті ой баурауда кемеңгер,
Гүл аңқиды, жыр аңқиды жұмыр жер.
Таң қалысып, қарай қалды жан-жақтан
Бей-берекет өмір сүрген әлемдер.
Белгісіз бір бағыттарға бет алып,
Рухтар ұшты, қызыл-жасыл от алып.
Күлкі үнінен ғарыш жатты жайқалып,
Жақсы сөзден жәннәт майы тұтанып!..
Бұл не өзі, мен жынданған шығармын?
Енді ешқашан болмаса екен мұнар күн.
Көзді жұмып күбірлеймін ішімнен,
Шатастырып сүрелерін Құранның!..
Ал, шын айтсам,
Таң атқанын тілеумен
Түн өткіздім ғарыштағы біреумен.
Ол біреуім үнсіз ғана ыңылдап,
Жүріп алды жұлдыздарды күреумен...
ҚАС-ҚАҒЫМ
Айқасқанда кірпіктерім, көз жасымен бапталған,
Қорқынышқа қозғау салып қараңғылық қатпарлы,
Қайдағы бір әлемдерден (алтынменен апталған)
Жұлыныма жұлдыз жауды көк түбінде сақтаулы.
Жар қасында ашылғанда жалғыздықтың құшағы...
Бір бұрышта бөлектенем бар ғаламнан, бүрісіп.
Көз ұшында ұшып жүрді жүрек қана құсалы,
Қып-қызыл бір көбелектей түн іші...
Көз ішінде күрсінулі көлеңкелер көшуде,
Көлеңкелер - жүйкемдегі сәулелердің мүрдесі.
Айналамнан ызың-қуың естіледі дыбыстар,
Барша адам мен өсімдіктің ауысқандай мүлде есі...
Уақыттың өзі, сірә, қап-қара тас пішінде...
Ертең қайта қақ төбемнен Күн жайнай ма, кім білген...
Бір жұмылып, бір ашылған жанарымның ішінде
Ұшып жүрді бір қара құс, қанатына түнді ілген...
ҚЫЛКӨПІР
Шылымымның көк демі боп шұбалған
Сүрлеу-түтін сіңіп жатыр тұманға.
Ауа ғана күрсіністен уланған,
Талықсиды қасіретті құмардан.
Сират-сүрлеу көз ұшында басталған,
Көтеріліп бара жатыр аспанға.
Күйреп қалған қалалар бар астында,
Сиреп қалған жанарлар бар жас тұнған.
Күнәһарлар аттанатын мақшарға
Мына ізбін қылкөпір ме тасталған?
Кеше ғана мың арманнан мастанған
Екі жағы көрінбейді бастардан.
Арты өкініш, азабы мол - алды мұң,
О, неліктен мен көремін жолды бұл?!.
Салынбаған суреттерді әлдебір
Түйсігіме тығып жатыр жын небір.
Елестермен күресуге пәрменсіз
Сорлы миың дабылдайды дәрменсіз.
Содан кейін жындануға шақ қалып,
Отырасың өз-өзіңнен сақтанып.
Ауыр ойлар өлеңің боп жатталып,
Ақ параққа тізбектелер қатталып.
Ал, қылкөпір ерініңнен басталған
Бұралаңдап ұшып жатыр аспанға.
Аспан қайда? Ол ауадан уланып,
Ұйықтап қапты, жүрегімді жастанған...
ДҰҒАЛАУ
Қырық шырақ тұтатып, дұға оқып отырмын,
От ішінде билеген сайтаным бар ақылды.
Сақ-сақ күліп, құбылып, жайнаңдайды жанары,
Жолатпайды маңына молдасынған ақынды!
Күрсіністі түнге атып, ішқұса боп жыладым...
«Бұл дүниеде кім суайт, кім оңбаған, кім әділ?..»
От-жалын боп шалқиды қырық шілтенді дұға-тіл,
Өмір мәнін бес күндік өз-өзімнен сұрадым.
Ішім толған зар мен мұң... Көрмегенім көп менің...
Шырақ-үміт қолға алып, қара ойларға беттедім.
Ол ойларда - күрең күз, ажал күткен кемпірдей...
Өліп кетті көктемім...
Айшық алдым қолыма... қорқытпақ боп сайтанды,
Сайтан кетті көрінбей,
Сайтансыған Ай қалды.
Жон арқамнан жыбырлап, қанат бітер секілді,
Жан кәусары дірілдеп, жүрегімде шайқалды.
Секем алдым ажалдан...
Енді емделу қиын-ды,
Өрт лаулатқан өз дұғам өртейтіндей миымды.
Сайтан қайта көрінді сұлу әйел түрінде,
Оған мені азғыру қорқытудан тиімді.
«Уа, Жаратқан, - дедім мен, - құтқар мына пендеңді,
Құзырыңа Өзіңнің пақырыңыз көнді енді!..»
Сонда ғана қырық шырақ шытыр-шытыр лаулады,
Бір қара рух бірақ та кезіп жүрді бөлмемді...
АҚЫРЕТ
Жылады ма Тәңірім жалғыздықтан жабыққан?!.
Көк аспанның түбінде жұлдыз ақты тамұқтан.
Жер-Ананың жүрегі тоқтап қалды тас болып,
Әділетке зарыққан.
Ойланбайды ол енді,
Жаппар Ие өлтірсе,
Айналмайды ол енді, айналмайды еркінше.
Қарғыстан да қараңғы.
Ай тартады табытын,
Жаназасын - жел дүмше.
Қара аспанға шапшыған адамзаттың күнәсі,
Періштелер ғайыпқа ұшып кетті Күн асып.
Жансыз қалған Жер үсті естіледі
Ең соңғы
Пайғамбардың дұғасы.
Жер-Ана өлді, тамұқтың мөрі түсіп тасына,
Осы сұмдық әлдебір сұмдықтардың басы ма?
Мұхиттар мен теңіздер кеткен екен айналып
Бір тамшы көз жасына...
Сөз жоқ, енді басталмақ космостық басты ылаң...
Қара аспанның от жанар үстінен де, астынан.
Ай да ғайып,
Күн ғайып...
Судырайды құр ғана
Бір сөзі жоқ бос Құран...
БАЛАПАН
Сарыауыз балғын балапан
Шырқырап іздер енесін.
Жақ жүні қызыл ала таң,
Жауратар әбден денесін.
Күн-өктем ілезде бұрқаулы...
Балапан жатыр қорексіз.
Болды ма жемі сұңқардың,
Енесі кетті дерексіз.
Түйсігі әлсіз бейшара
Қыбырға ғана сенеді.
Ұяға шөп кеп түссе де,
Аузын аша береді.
Лүпілдеп құйттай жүрегі,
Ұяға сыймай кетеді.
Титімдей сорлы!..
Кең дүние
Жарылқай салса не етеді!..
Сезбеді тіпті өлімді,
Бергенде тағы таң қылаң,
Анасы болып көрінді
Ысылдап тұрған әбжылан...
СӨЗ
«Ең әуелі сөз болған,
Сол сөз Құдай болған».
Інжілден
Алдымен Сөз!
Содан кейін барлығы,
Солай еді Хақ-Тәңірдің жарлығы.
Сөзден ғана пана тапқан жүрегі,
Аянышты ақындардың тағдыры.
Алдымен Сөз!
Содан кейін барлығы,
Солай еді Ұлы ақынның жарлығы.
Содан бері қарашықтың түбінде
Жаратқанның жазылмайтын бар мұңы.
Алдымен сөз!
Содан кейін тіршілік,
Бір құрсақта бұлқыныпты, тұншығып.
«Күн!» - дегенде көкжиектен күн шығып,
«Түн!» - дегенде қыр астынан түн шығып,
Шайырларды құшақтайды қымсынып.
Алдымен Сөз!
Содан кейін елеңдеп...
Әріптерден құралатын әлемде.
Жұлым-жұлым дәптеріне ғаламның
Көз жасы боп тамшылайды өлеңдер...
Алдымен Сөз! Содан кейін бар дала,
Тымырайып жалған сөзге алданар,
Жүректерге көшер ме екен сүртілмей
Тамшыдағы таңбалар?..
КҮПІРЛІ ИРОНИЯ
Бәрі өтірік боп шықса -
Хауа Анаң да,
Қабылың да...
Ең алғашқы Адамың да!
Жердің бетін күл қылатын,
Жарық Дүниемді түн қылатын
Ақырзаманың да.
Бәрі де өтірік боп шықса -
Жұмағың да,
Жұмақтағы ғажабың да,
Тозағың да,
Тозақтағы азабың да!
Гөйтіп жүргенімізде
«Жан дегенің - құпия құбылыс» деп,
Періште мен ібілістер,
Қылкөпірлік «жүгірістер»,
Күнәлар мен түңілістер -
Бәрі ақырында өтірік боп шықса!
Онда мені діншілдердің қатарынан шығарып,
Салып көрші жүрегіме бұғалық!
Өлгеннен соң бәрібір ғой,
Дінге мүлде бөлінбейтін,
Көзге мүлде көрінбейтін
Аруақтарға айналмаймыз ба, Құдай-ай,
Соны неге түсінбейді бұ халық?!.
МӘҢГІЛІК САУАЛДАР, ҒҰМЫРЛЫ ҒАЗАЛДАР
Әдебиет атты мұхитқа жыл сайын, бәлкім, күн сайын жаңа тамшылар мөлдіреп келіп құйылады. Олардың бірі алып стихияның тегеурініне шыдас беріп тұра алмай, толқын арасында адасып, көзден таса қалып жатса, бәзбіреулері мұхит тұңғиығынан өз орындарын екшеп, мызғымастай бекінеді.
Мен Ақберен Елгезекті осы қайтпас қайсар дарынды екінші топқа жатқызғым келеді. Өлеңдері кездейсоқ оқырманды да селт еткізер өзіндік нақышқа, ішкі үндестікке толы. Үні көпшілік арасынан бөлектеніп, ерекше шығады екен. Себеп -ақынның өз-өзіне сенімділігінде және қазіргі заманда жастар арасында, неге екені, сирек кездесер жақұттай болып кеткен білімділік пен талғампаздықта болу ерек.
Біз XXІ ғасырда өмір сүріп отырмыз. Қазіргі оқырманды сіз ғажап дарыныңызбен немесе құмыққан зармен, халық мұңын жалаң жоқтаумен селт еткізе алмайсыз. Ғылым мен техника жетіліп, мемлекеттер арасындағы шойын шымылдық серпілген кезде Сіздің жеке мұң-мұқтажыңыз ешкімге қызық емес. Қазіргі оқырманға сезіммен қатар интеллектуалды талшық керек. Сіз оның парасатын жаулап алу арқылы жүрегіне жол табасыз.
Ақберен Елгезек поэзиясы осы талапқа сай келіп тұр. Оның өлеңдерін оқып отырып, автордың эзотерикалық, діни, әдеби білімінен хабардар боласыз. Философиялық түйін шеберлігіне, аз сөзбенен үлкен кеңістікті, ұлы мағыналарды қамту мүмкіншілігіне тәнті боласыз.
Кезінде Асқар Сүлейменов айтқан екен: «..Атқа отырғанынан кісінің шабандоздығы көрінсе, ұстанған тағылым-принципінен жазушының мәдени өресі, талғамы, тереңдігі танылмақ» деп. Ақбереннің әр өлеңінен оның мәдени өресін, дайындығын көреміз. Жасы отызға жетпеген жас ақынның өлеңдерінен ғасырлар бойы адамзат санасына қорғасын болып құйылып, мәңгі мазалап келе жатқан ғаламдық сауалдарды оқисыз, сонымен қатар Ақберен ол сауалдарға жауап тапқандай әсерде қаласыз. Автордың әйтеуір бір керемет құпияның сырын білетінін аңғарасыз. Бұл, әрине, магнитше арбайды, авторлық харизманы күшейтеді.
Мәдина ОМАРОВА,
Жазушы,
«Жас қазақ» газеті, №18 (174),
8 мамыр, 2008 жыл
МІНӘЖАТ
Сабыр берші, Тәңірім, сабыр ғана,
Күйкі тірлік батып жүр қабырғама.
Үміті көп бейбақ ем,
Сандаламын,
Сарыуайым санамды сағым қамап.
Сабыр берші, Тәңірім, сабыр ғана,
Ынсабыма керегі дамыл ғана.
Сабыр бер де, ақыл бер аңқылдаған,
Жүрек төрін жайласын көңіл-қонақ.
Сабыр берші, Тәңірім, сабыр ғана,
Ойланайын бір уақ шамырқана.
Алабұртып әрнеге, адасармын,
Алтын-күміс, гауһармен жарылқама.
Сабыр берші, Тәңірім, сабыр ғана,
Басқа тілек менен Сен қабылдама.
Барар әлі алдыңа жаным қара,
Тажал тәннің мекені - қабірхана...
Әумин деші...
ӨКІНІШ
Жер бетіне мың жыл бойы тұнжырлы
Аппақ жұлдыз сапар шекті мың жылдық.
Тау мен тасты жарып өткен сәулесі
Жүректерді тесе алмастан, қынжылды.
Тәңір атты жаралған соң өрістен,
Аппақ жұлдыз періште еді келіскен.
Пенделердің әлеміне жол тартты
Пенделерге көрінбейтін пейіштен.
Батыс жақтан көлбеңдеді көлеңке,
Шығыс жақтан сібірледі кіреуке.
Бір хабарды айта алмаған хабаршы
Бұл жалғанға келді ме екен тым ерте?
Солтүстік пен оңтүстікте таң атпай,
Гүлдер солды, желге бетін қаратпай.
Пәктік пенен адалдыққа өгейлеу
Аппақ нұрды бәрі тұрды жаратпай.
Бар ғаламды басып кетті қас түнек,
Көкжиекті жасын өтті кескілеп.
Қараң бірақ адамдардың жанары,
Қарашығы санасынан естірек...
Ғасырларда нәлет құшып тасталған.
Сол күндердің көздерінде жас қалған,
Аппақ жұлдыз жаңалығын айтпады,
Содан кейін бәрі қайта басталған.
Қараңғылық күтпей жатып Күн, Айды,
Аяғы ауыр бір аруды сынайды.
Құрсағында тулап жатқан пайғамбар
Тұмай жатып өліп қалған сыңайлы.
Аппақ жұлдыз қара аспанда жылайды...
...әлем әлі дайын емес...
КӨШПЕЛІ ТАНЫМ
Қайран Митра,
Мейірімің шуақты,
Қайырымың қуатты,
Бүгін мені түлендер түн ішінде жылатты.
Күрсініс те, күдік те бұрынғыдан қараңғы,
Сірә, көктен біздерге ақырзаман құлаттың...
Қайран Митра,
Сөзің сенің Күн еді,
Безің сенің Түн еді,
Жанарыңнан саулаған біздің өмір нұр еді.
Бүгін енді тұман да түйсігімді тұмшалап,
Бүгін енді құландар тек түсімде жүреді.
Қайран Митра,
Мейірімің шуақты,
Қайырымың қуатты,
Жусан иісі шалқитын бәріне ортақ бір-ақ тіл!
Құдіретіңе сыйынып тітіреткен әлемді,
Балбал баба жылап тұр...
Қайран Митра,
Сөзің сенің Күн еді,
Безің сенің Түн еді,
Жанарыңнан саулаған біздің өмір нұр еді.
Тастан қатты бүгінде бетегенің бүйрегі,
Қара орманның бауыры,
Қара жердің жүрегі.
Қайран Митра,
Мейірімің шуақты,
Қайырымың қуатты,
Жанарымнан көңілдің майы аралас у ақты.
Кіндігінен әлемнің сені тапсам деп едім,
«Митра көшіп кетті» - деп, күдіктерім жұбатты...
КЕШКІ ҚҰБЫЛЫСТАР
Қап-қара бояудан жалыққан,
Бір сәуле сібірлер жасыннан.
Бір дауыс күңгірлеп жарықтан,
Көлеңке күбірлер қасымнан.
Көлеңке көруді үйренген,
Таңқалып түн жаяр саусағын.
Кеудеме қонуға именген,
Қалықтап жүреді тау-сағым.
Қалықтап жүреді тау-сағым,
Қара бұлт сияқты аспанда.
Қозғалмай жатайын, шаршадым,
Бір ауыр кеңістік басқанда.
Кеш, ең алғаш сәтінде
Жарық пен түнектен жаралған.
Ғарыштың бергі жақ бетінде
Қалқиды сәулелі аралдар...
АТАМЕКЕН
Тасы да мұңлы салар ән,
Тауы да тірі әулие,
Туған жерге оралам,
Топырағында бар кие.
Құстары - пері, сенсеңдер,
Сусылдап көлге қонатын.
Қайыршы түрде келсем де,
Қақпасы ашық жәннатым!
Туған жер - әкем һәм анам,
Тұмасы - мұздай зәмзәмім.
Тоғайдың қойны - долана,
Жартастың қойны - алша мұң...
О, туған жер,
Өтті ғой деймін күнім мың,
Алыстап сенен, бұлғақтап...
Қаңғырып кеткен ұлыңмын,
Қалаға барып... жын қаққан.
Қамқоршым өзің шыдамды,
Қандай да болсам, қабыл ал.
Көйлек қып көкшіл бұтаңды,
Бұлтыңнан шекпен жамылам.
Жусанды ғана қалаған,
Жұмағыңда жүрген сайтанмын.
Топас та қапас қалаға
Періште болып қайтармын...
АҚЫН МЕН АТОМ
Генералдар «қызыл түйме» басқанда,
Тозақ оты көтерілді аспанға.
Дегелеңнің қақ жарылып бүйрегі,
Дала жатты жанарынан жас парлап.
Ауылдарда алдын ала тасталған
Иттер менен мысықтар жүр аш қалған.
Біреуінің жүні жидіп,
Бірінің
Жанары ағып...
Аппақ сүйек бас қалған.
О, қас жандар, бұл не деген масқара!
Қандай зұлмат қара жерде басталмақ?!
Орман-тоғай тамырлары үзіліп,
Жапалақтап күл жауады аспаннан!
Дауыл соғып, тұншықтырып жер бетін,
Өзгертуде кербез дала келбетін.
Жер ананың шашы ағарып ілезде,
Қарғап жатты қасиетсіз жендетін...
Қандай қайғы көрмеді бұл мекенім,
Қаншама ұлдар қаза тапты шекелі!..
Аштықты да, айдауды да көрсе де,
Білмеді ғой жынды атомның не екенін!
Бұза алмаған қанша жасын-жебелер
Быт-шыт болды таулар киген көбелер.
«Мақшар күні келген екен!» деп жүрді
«Қызыл жұмақ - коммунизм!» деген ел...
...Жылдар өтті, дала ерні кезерген.
Жанданар ма орман-тоғай, өзен-көл?
Жапырақтың жанарынан қырдағы
Жасырынған сәуле дертін сезем мен.
Түзде қайта көк өсуде ұйысып.
Тек Сөз ғана сақтайды екен иісін:
Азалы жұрт Абай жырын жаттаумен
Аман қалды, жусан аңқып ми іші!
ПСИХОСУРЕТ
Жер-суына ұқсап қалған түрлері,
Біздің жақтың адамдары күрделі.
Жүйкелері Күн нұрына күрмеліп...
Күлкі орнына - иектегі дірдегі...
Мен, әйтеуір, бұл жалғанға келгелі
Жанар гүлі бүр жарғанын көрмедім.
Жыламсырап шыққан керең сөздері
Өзгермепті бабалары өлгелі.
Қуғыннан ба, аштықтан ба, білмедім,
Ұрпақтары со қалпы жүр түнеріп.
Іштегі шер сыртқа лықсып шыға алмай,
Күп-күрең боп, міз бақпайды іреңі.
Аралатпас ішкі сарай-бөлмені,
Ілінулі жүректердің ілгегі.
Жүздерінде - сыр бермейтін салқындық,
Жарығы жоқ тас үйлердей түндегі.
Тірі жүрсең, ол - өзіңнің еңбегің,
Өліп қалсаң, төсегің бар көрдегі.
Ғайып болсаң, жоқтамайды дала да,
Сыбдыр етіп теңселместей шеңгелі.
Ертеңгілік қабірлері қазулы,
Біздің жақтың адамдары қажулы.
Шал жігіттер, кемпір қыздар қайдағы
Жарылыстан бетке түскен әжімі!
Бұл неғылған сұрғылт-сұрғылт суреттер,
Бұл неғылған меңірейген жүректер?..
Мұздай нұрға бөлеп жатыр даламды
Қорымдардан сәуле шашқан сүйектер!..
ҚАРИЯ МҰҢЫ
Мына ауыл болды енді оңбайтын,
Балалар аз асыр салып ойнайтын.
Қайтем мына ойларымды зарлайтын,
Кәрі миды құрттай тесіп қоймайтын.
... Анау жерде ләңгілі топ, бірнеше,
Анау жерде асықты топ, бірнеше.
Бір топ бала сияқтанып дәл кеше,
Доп лақтырар, құлаштарын сермесе.
Сонау құмда бір қожалақ бүлдіршін
Сарай соғып отыратын,
Күмбезі...
Бұзау айдап жеткіншектер оу қырдан
Түсетұғын, торы тайға мінгесіп.
Келіншектер бөбек ұстап, шешек-гүл,
Өң-түстері өртеп кетер өсекті.
Кейуаналар желкен тұтар өрмектен
Толқынында жасыл өлең-төсектің!..
Е, шіркін-ай, улап-шулап қой кешке
Қозыларын емізетін дөңесте.
Жыр-думаншыл қайран ғайып құрдастар
Алар ма екен о дүниеде мені еске?!.
Қолдарында жарқыраған күрегі,
Егін жақтан келер елдің тірегі.
Қайран біздің қасиетті туған жер,
Қажыды ма, қартайды ма жүрегі?..
Қайран ауыл, ең сүйікті жердегі,
Тым шөктіріп жібердің-ау сен мені.
Басқа ермек қалмады ғой біздерге,
Әй, кемпірім, шәй ішелік, кел бері!..
Содан кейін малдас құрып, жөтеліп,
Ауырлаған сүйегімді көтеріп,
Елестетем, ойнап жүрген қасымда
Орыстанған немеремді шекелі...
ЕКІ АУЫЛ
Біздің жақта екі ауыл бар,
Бірі - өлі,
Біреуінде тіршілік бар,
Тірі елі.
Біреуінде ұйықтап жатыр жан әкем,
Бұ дүниеге үні жетпей, түнеріп.
Тірі ауылға апарады қасқа жол,
Өлі ауылда түнеп шығу - басқа сор.
Қос дүниені жалғап жатыр көпір боп
Екі ауылдың арасында қасқа жол.
Екі ауыл да бір атадан тарапты,
Екі ауыл да құбылаға қарап тұр.
Тірі ауыл қастерлейді бабасын,
Өлі ауыл аңсатады жәннәтті.
Бір ауылда таралғанда жыртыс тең,
Бір ауылға қара түнде нұр түскен.
Бірінде - Ай, бірінде - Күн-шаңырақ...
Екі ауыл да қалануда кірпіштен.
Екі ауылдың арасында - мәңгілік,
Мәңгілікті өмір жатыр ән қылып.
Екі ауылдан бірі ғана қалар деп,
Қорқып жүрмін әр қалада қаңғырып...
АДАМ ІЗДЕУ
«Аспан!» десем,
Теңіз толқып төбемнен,
Тамшыларын шашыратар төменге.
Жанарынан жанұшыра мың әріп,
Жамырайды жазылмаған өлеңге!
«Жұлдыз!» десем,
Сәуле-үні төгілген,
Орман шулап теңселеді көгімнен.
Жансыз оттар жерге жетпей жоғалар
Шылымдардың шоқтарындай шегілген.
«Бұлттар!» десем,
Түйелерін желдірген
Керуендер көтерілер сеңгірге.
Кіріп кетер сағымданған сұлбалар
Әуедегі көрінбейтін үңгірге.
«Таулар!» десем,
Биіктікті керең қып,
Су астынан көтерілер тереңдік.
Мылқау балық шындық айтса шыңғырып,
Соқырлығын мойындайды кемелдік...
«Күн!» деп айтсам,
Суық жүзі жарқылдап,
Ай ауада дөңгелейді, қарқылдап,
Оның өлі көлеңкесі жаңбырдың
Арасында сенделеді салқындап.
«Пейіш!» десем,
Тәулік бойы құбыла,
Батыс жатқан көрінеді құбыла,
Сансыз мешіт күмбезінен жарқ етіп,
Ақ далаға таралады шұғыла.
«Құстар» десем,
Қанаттары керілген,
Қауырсыны аппақ нұрдан өрілген.
Заңғар көкте періштелер қалықтар,
Хабары жоқ өлімнен...
«Адам!» десем,
Аспан астын паналап,
Дауыс тағы жаңғырықты жағалар,
Коғам ішін кезіп жүрген жалғызды
Аяп тұрар ауадағы бабалар...
ӨЛГЕН ТАРИХ
Бір өмірім - пирамида қасында,
Бір өмірім - қирандылар басында.
Мен отырмын өкініштен опық жеп
Ұмыт болған тарихымның асында.
Көне шаһар мүрдесіне қонақтап,
Дәуір құсы шаңқылдайды, түрі аппақ.
Қауырсыны - календарлық парақтар...
Әр күн сайын жүрегіңді жылатпақ.
Қайырымсыз, қанағатсыз қай құзыр?
Құлқын десе, сезім жасыл, ой қызыл!
Бүгінгі ұрпақ кешегіден қатыгез,
Олар да ертең ел болады қайғышыл...
Ақыл-есте болар ма екен ымыра?
Құлқын құлы - құм құюлы құмыра...
Дәл бүгінгі заманыңның зар-мұңын
Бас сүйегің айтып берер соңыра...
Адамзаттың есі неге сүр сағым?..
Шермиеді жаңа ғасыр құрсағы.
Уақыт сенің ұмытқанда атыңды,
Ұрпағыңнан түсер Хаққа бір шағым!..
ПЕТРОГЛИФТЕР
Жалығып мына түзден, мына маңнан,
Жабығып тұмандар мен жылаулардан,
Билеп жүр тас бетінде бейнелер мың,
Ән аулап әуедегі тыраулардан.
Жалыққан ғылыми сұраулардан,
Тастарды сипап тұрмын қырауланған.
Ең бағзы туыстарым садақ ұстап,
Енсе ғой түсіме дәл түн ауғанда.
Бұғыны қаумалап кеп жығатұғын,
Солармен бір жүрейін мына түні.
Қашармын тас бетіне мен де бірде
Ғасырлар ішіндегі бір атымды.
Ынтызарлар жиылған көп қаладан.
Сақтай гөр жадында түк жоқ баладан!
Алақанмен әдемі естіп тұрмын,
Тас тілінде тілдескен көк пен адам...
Таңбалы тас,
2009 жыл, қазан
АУЫЛДЫ АҢСАУ
Мамырдың мамыражай күнінде бір
Мұң түртіп жүрегімді, бүлінді өмір...
Аңсадым ауылымның ақ селеуін
Тығылған сабағының түбіне нұр.
Тобылғысы гүлдеген таулары мен
Көк қамысын сағындым, бауларымен.
Досым еріп бармаса Күркілдекке,
Сайранымның сәні не барғаныммен?!.
Туған жерде құс - биші, киік - жорға...
Көңілімді алдырдым күйік-зарға.
Бала болып қайтадан кетер ме едім
Күнұзаққа шомылған Биікжарға?!.
Әнге салса әупілдек ұясында,
Қала түгіл, ғаламға сиясың ба?
Аунаушы едім қой бағып, кітап оқып
Сартайпақтың сарғайған миясында.
Егілемін бұл күнде, төземін де,
Езу тартып мұң күлер өзегімде.
Қызықтым ғой қартайған қарияларға
Қайтадан бала болған өз елінде.
Кешір, ауыл, биыл да бара алмадым,
Киын болды қалаға қамалғаным.
Үркер-жұлдыз гүлдеп тұр тобылғыдай
Төбесінде адасқан адамдардың.
КҮЙКЕНТАЙ ТАУ
Ұмытсам сенің кештегі
Сұлбаңды кедір-бұдырлы,
Күйкентай тауым, кеш мені,
Күйкентай тауым тұғырлы.
Жәндігің көркем, құсың сақ,
Бөктерің толған бетеге.
Өзіңнен туған құлыншақ
Көдеңді сүймей кете ме?!.
Аппақ бұлт шалса басыңды,
Қытықтар сағым далаңды.
Елші қып жібер лашынды,
Сағынсаң сары балаңды.
Бабамның асыл іздерін
Жалғауға бір күн жетермін.
Өзіме жетпей өз демім,
Жусаннан мас боп кетермін.
Жүздессем егер сенімен,
Кетерде мәңгі қоштасып,
Бір сөйлеп қалам көгіңнен,
Көкжиегіңмен астасып...
АЛТАЙ ПАНОРАМАСЫ
Хан Алтайдың басында тұнжыр бұлттар,
Тұнжыр бұлттар, ақ алтын шынжыр бұлттар.
Бұлт емес-ау! Келмеске сүрлеу салған
Керуен-керуен жылжыған мыңжылдықтар.
Хан Алтайдың басында бұйра бұлттар,
Бұйра бұлттың ізінен күй қалықтар.
Сұлулықты аңсаған әрбір адам
Бұйра бұлттың жасынан қиял ұрттар.
Хан Алтайдың кеші - шер, түні - мұңдай,
Кеудемде бір аш бөрі ұлығандай.
Бөктерінде көлеңкем тыпырлайды,
Көктен бүркіт мерт болып жығылғандай.
Бұғы-марал жүрісі батыл қандай,
Сырнайлатып шайқасқа шақырғандай!
Кернейлеткен үн жетсе түйсігіме,
Ішімде қоңыр аю ақырғандай!
Ғарыштан түскен нұрмен шашылғандай,
«Теріс» деген орманның аты қандай.
Үздігіп қарап тұрған әсершілге,
Май бояумен кенепке қатырғандай.
Дәл бүгін бар сиқырға көнейін мен,
Тәңірді шайыр десе, сенейін мен.
Көргенге қар көшкіні - ақ өлеңдей,
Төгілген Мұзтау қарттың көмейінен.
Көз тіксең, күнді қолмен қалқаламай,
Көктен түсер сансыз түс, сан саладай.
Қолында бақсы-таудың ысқышы - жел,
Қобызы - күңіренген балқарағай!
Әупілдеген еліктің үні қандай,
Жүрегімнің бір тұсы жылығандай.
Хан Алтай асқақ сөйлеп, қар боратса,
Бар әлем назар салып бұрылғандай.
Көзі ақиып, айта алмай ойдағысын,
Қу дидарлы жұтады Ай қайғысын.
Айға қарап секірер, қара айғырдай,
Орман жалы төгілген найзалы шың!
Тәңір Өзі жаратып аһ ұрғандай,
Алтай жайлы жыр жазбас ақын қандай?
Марал көлдей жәудірге ғашық болсаң,
Жүрегіңді күйдірер хатыңды алмай!
Мен Алтайды көргенде, өліп - тудым,
Жерұйықты Мұзтаудан көріп тұрдым.
Қанша сурет, сан құбылыс арасында
Бұрынғы бір сұлбамды жолықтырдым.
Тоңдырып іштен соққан жан бораны,
Кезген ұлға сансырап әр қаланы,
Тәңірім өмір қылып көрсетіп тұр
Түйсігіммен іздеген Шамбаланы!
ОРАЛХАННЫҢ СОҢҒЫ ОЙЫ
«Ертең өліп қалсаң, мынау дүниенің
қылшығы да қисаймайды!»
Оралхан Бөкей
Жұмыр басты пенденің алды тұйық,
Ұшамыз да кетеміз, тәнді қиып.
Бұлдыраған дүниеге көз шіркіннен
Бұйырмайды екен ғой соңғы қиық.
Мен өлгенмен, жалғасар есіл өмір,
Қадіріңді білмесем, кешір, өмір.
Жазғанымша жаздым да, үнсіз жүрдім,
Айта алмастан сырымды шешіле бір!
Шашқандай боп тұрса да түрім ызғар,
Ішімізде шуақты нұрымыз бар.
Адамзаттың бәріне елжіредім,
Суға айналар, ерісе сірі мұздар.
Өмір, өмір!
Әлі де сұрағым көп:
Неге Алтай бұйырды тұрағым боп?
Мен Алтайды таныдым жұмағым деп,
Сұлулыққа шыдамай, жылағым кеп!
Алтай сынды жұмбақтау сырым менің,
Ерте үзілді, қайтейін, гүлім менің.
Өр Алтайдан айнымай жаралыпты
Ештеңеге селт етпес түрім менің.
Кербұғыдай асқақ ем, еркін едім,
Алтай, сенің тұтатқан өртің едім,
«Енді Алашта тумайды ынжық ұлдар», -
Деген сенің ең соңғы сертің едім.
Енді маған жарық жоқ, ауырладым,
Қиын болды жат жерде ауырғаным.
Қош болыңдар, бұғылар, өзен-көлім,
Самырсын мен қарағай - бауырларым!
Қош болыңдар, көнекөз алқаптарым,
Төскейінде еркелеп шалқақтадым.
Қош бол, туған ауылым, қайран достар,
Қош болыңдар, жақын мен алшақтарым!
Қош болыңдар, тау мен тас, қара орманым,
Қош бол, туған топырақ - нәр алғаным!
Қош бол, Алтай!
Мен кеттім Тәңіріме,
Оралхан ем, жөн болар оралғаным...
ГЕОМЕТРИЯЛЫҚ ОЙЛАР
Дәу шеңбердің ішіндегі нүктедей,
Мен отырмын қолдарымнан түк келмей.
Арманым жоқ өтіп кетсем түк көрмей.
Ақ парақты құлпыртуға үйренген
Бір сызыққа тізіледі сөйлемдер.
Өлең жазу қасіретін ақынның
Жүрегі жоқ түсінбейді кей пендем.
...Әлі ешкім оянбаған әлемде
Түсіп жатыр жұлдызданған сөйлемдер.
Бұл әлемді өзгерте алмас ешкім де,
Мыңдап ақын туғанымен әр елде.
Бірақ біреу төртбұрышты бөлмеде
Кітап қысып шерге толы кеудеге,
Жылап-жылап алатыны ақиқат,
Келетіні тағы шындық тәубеге.
Доға қылып исе сені тағдырың,
Онда артыңда - өкінішің, алдың - мұң.
О дүниемен қиылыспаса жолдарың,
Бұл дүниеде ажалы жоқ қалды кім?..
Қашан ғасыр қозғалудан жалыққан,
Жарық күнді айналады алып шар.
Дәу шеңбердің ішіндегі нүктелер
Бір күндері аспан жаққа қалықтар.
Сонда ғана жеңілдейді зілдей мұң,
Жұпар аңқып өлең жатар гүлдей бір.
Ал әзірше ғұмыр берші, Тәңірім,
Үзілмеші шексіздіктің шеңбері!..
СЕМЕЙГЕ ХАТ
Амансыз ба, Семейдегі қымбаттым?
Арамызда жатыр әне қара түн.
Менікі сол - жеңілдету жұмбақты,
Сіздікі сол - жаңа әлемдер жарату.
Біздікі сол - көзбен көктен түн ішу,
Сағыну бар өзіңізді, аңсау да.
Тіршіліктің тіреліп тұр қылышы,
Уақытым жоқ шаршауға.
Сол баяғы, шылым шегу. Төселгем.
Сол балконда тағы отыру қамалып.
Керуен-керуен серуен құру көшеде,
Емес бүгін жаңалық.
Ал Сіз бүгін?.. Білем, білем, мыңдаған
Терезеден кроссворд шешіп тұрсыз ғой.
Түпсіз жанар түкпірінде мұң ғана,
Ми ішінде жаңғырады үнсіз ой...
Кей түндегі жүрістерден жалығып,
Менікі сол - өз-өзіммен достасу.
Сізге қазір ұшсам, шіркін, малынып
Тұмандарға жап-жасыл!
Сіздікі сол - «маңдайдан нұр тарату»,
Менікі сол - сәуле іздеу Аспаннан.
Жатыр әне арамызда қара түн,
Мың жыл бұрын басталған...
Өкінбеймін, өкінбеуге серт бергем
Өкінбеймін, өкінбеуге серт бергем,
Себебі мен кеше түнде өрт көргем!
Күлге қарап, аяп кеттім күлді мен,
Содан кейін отпен ғана дерттенгем!
Жыламаймын, жыламауға уәде еткем,
Себебі мен қоңыр шашты көде еткем.
Ашу буған тікенекті сипалап,
Сырын бұққан қара тасты сөйлеткем!
Ренжімеймін, ренжімеуге бел буғам,
Жібермеймін қаңбақты да жел қуған.
Ақ қаңбақтың аппақ көзі нұр бүркіп,
Солып тұрған жанарымнан шер қуған.
Кектенбеймін, кектен алар кегім жоқ,
Бәрімізге ортақ мына көгім бек.
Ар жағынан көрінеді бар ғарыш,
Ал ғарыштың түкпірі жоқ, шегі жоқ,
Шексіз деген биік те емес, төмен де,
Биіктіктің түсетұғын түбі жоқ!
Қашып шығып мені ұмытқан есімнен,
Ертең таудың шың басында шешінем.
Маған қатал мына әлемге жар салам:
«Сүйем сені, тек сол үшін кешірем!»
* * *
Маған, мүмкін, бару керек балшыға
Маған, мүмкін, бару керек балшыға,
Үрейімнің білу үшін отанын.
Бар жынымды жығып берсін қамшыға,
Мен несіне өз-өзімнен қорқамын?!.
Маған, мүмкін, бару керек балгерге,
Айтып енді өлтірсін деп шынымен.
Өз-өзімнен қашып жүрмей әр жерге,
Мұң тамырын суырайын түбімен.
Маған, мүмкін, бару керек емшіге,
Бұл дертімді жазып берсін шөбімен.
Мен сенбеймін өлең деген елшіге,
Ойларымнан өзім шошып, шегінем.
Маған, мүмкін, бару керек анама,
Алақанын сағындым-ау, білемін.
Түсіретін сол адам ба сабама,
Неге тоқтап, соқпай қалдың, жүрегім?!
Уақыт...
Уақыт...
Керуен-керуен мезеттер,
Секундтар...
Ажал күткен кезекте...
Бақыт...
Алдамшы бір үміттей...
Сағаттар...
Қыршын кеткен жігіттер.
Өмір...
Өтіп кетті кешегі ел.
Тәңір...
Пақырыңды кеше гөр!..
ЖЕТІ БОЯУ
Ай нұрынан еріп кетсін қар бүгін,
Аппақ түсте жеті бояу бар, күнім!
Рухтың түсі - алқаракөк тұмандық,
Жұтып алған сәулелердің қалдығын.
Бар ғұмырын бояуларсыз сүретін –
Ақ парақта кемпірқосақ суреті.
Қарашықтың дірілдесе күлтесі,
Жан кірпігі серпіледі дүр етіп!
Бейсиқырмен айғыздала қонады
Аппақ қарға жеті бояу жолағы.
Жанның көзі көре алады тек оны –
Суыт жүрген тәннің ояу қонағы.
Ақ шапақпен жерге қарай ағатын,
Жеті бояу жеті сүрлеу салатын.
Анашымның ақ сүтінен осылай
Жеті тамшы жеті түрлі таматын.
Олар бірақ сыртын ғана жалатып,
Ыршып кетіп, жөргегіме қонатын.
Жеті тамшы - айтылмаған жеті сөз,
Пәк күйінде жұпар аңқып қалатын.
Ақ қағаздан мың оралып, бүктелген
Ұшып жатыр жеті түсті нүктелер.
Сансыз түсті ажыратқан жанармен
Сен оларды көре алмайсың, әттеген...
Дала бейне теңіздей...
Дала бейне теңіздей...
Ал ол алыс шаһардан келе жатыр мені іздеп...
Тәрк еткен соң қызық-думан - барлығын.
Көкірегіндегі шам тіліндей нұрлы үміт,
Сөнер-сөнбес кейіпте шыңғырады қарлығып.
Әр елестен бейнемді қалқып жүрген көшкіндеп,
Көшіреді кеудеге суретімді кескіндеп.
Сағыныштан жүрегі бір уыс боп жиналып,
Тәңіріме жалынып, иман оқыр ибалы.
Мекендеген қалтасын көмескі бір суретім,
О, бұл неткен іздеушім, тыным таппай жүретін.
О, несіне мен саған қажет болып қалды екем,
Қайран менің қарт бабам, қайран менің шал көкем?!
Қарсы алушы ем алдыңнан, білмеймін-ау, қай жерде,
Келе жатыр ақсақал, селеу саусақ, ай кеуде...
Бір астау ет жылқының, торсық-торсық қымызды
Алып шығып күтуші ем қонағымды ең ізгі.
Саясына еменнің көрпе тастап, жантайып,
Ол маған бір әңгіме айтар еді марқайып:
«Сені, балам, іздедім ғасырлардың көшінен,
Сені, балам, іздедім ақындардың ішінен.
Іздедім ғой бірақ та, таппадым ғой аспаннан,
Құтылмас ең бәрібір, мәңгілікке қашқаннан.
Алыстағы шаһардың шайырынан көнерген
Саған кітап әкелдім, іші толған өлеңге.
Алыстағы шаһарда түсінбеген оны ешкім,
Сол шайырмен жер үсті өзім ғана тілдестім.
Жаһандағы ол шайыр алғашқысы болатын,
Кемеңгерге аспаннан өлең-құстар қонатын.
Сол құстардың ішінде
Жазылмаған жалғыз-ақ ала қанат кептер жүр.
Кеудесінде кептердің екі-ақ шумақ өлең тұр,
Өлеңдегі мағына ой жетпейтін терең бір.
Саған айтсам деп едім, түсінер деп жұмбақты,
Уақыт, шіркін, тоқтамай мыңжылдыққа зыр қақты.
Іздей, іздей шаршадым, енді таптым мен сені,
Ұлы рухы шайырдың түсірмеді еңсемді!»
«Ал, тыңдай ғой!» - дегенде оянамын, селк етіп,
Елес болып сақалы терезеден желк етіп,
Жоғалады әлгі шал, оралады қайтадан,
Басталатын сапардың соқпағына лай табан.
Мен қалғанда күтумен мыңжылдыққа дос болып,
Бір шаһардан шығады жалғыз соқпақ басталып...
АҚЫН ЕЛГЕЗЕКТІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Орда бұзар отыздың қақпасын енді ғана қағуға қамданып жүрген жас ақын қайсыбір терең толғамдарын көпті көрген қарт абыздың көзімен көріп, соның саналы сөзімен де жеткізе білген.
Ақынның сыршыл жырларынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Бірақ біздің мақсатымыз ол емес.
Айтайық дегеніміз: Ақбереннің өз оқырманына ағынан жарыла білуінде. Ол жыласа не үшін жылағанын, күлсе оның да себебін жасырмай жайып салады.
Тағы бір айта кетер тұсы, Тәңірі мен періштені, имандылық пен ибаны, ел мен жерді жырлап, ет жүрегі езіліп отырған ақыныңыз енді бір қарасаңыз, кәдімгі шуға толы сыраханада, көк түтіннің арасында ән тыңдап отырады.
Жас ақынның жыр жинағын оқи отырып, күнделікті тірлікте болып жататын көп дүниелерге көңіл бөлуге мәжбүр боласың. Әрине, кез келген ақын айналасындағы құбылысты өзіндік көзбен көріп, өзіне тән өресімен ой түйетіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда кей сәттерде ақынның қайсыбір қияли сезімдердің жетегіне ере отырып, өзінше пайымды пәлсапа тұжырымдай білгеніне таңданасың. Ол бірде көк Тәңіріні өзі барып көргісі, оған жан дүниесінің мұңын шаққысы келеді.
Серік ҚҰСАНБАЕВ,
Айтыскер ақын, «Дидар» газеті, 28 ақпан, 2009 жыл
ЖҮГІНУ
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Біздің жақта азғындаған күй мынау,
Көк Түріктің рухы өшкен заман бұл,
Кеңірдегін кеміреді қылбұрау.
Көкжалдықтан айырылған бір ағам
Төбет құсап тағып апты қарғыбау...
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Жалған жатыр сол баяғы жалған боп.
Аласарып таулар ғана қартайған.
Мағынасыз жанарларда - жалған от,
Жағылмаған шырақтарда шайқалған,
Сөз шырыны шынымен де арман боп.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Көкке қарап жылауды да ұмыттық.
Оны мен де ұмытқанмын.
Бес күннің
Мағынасын түсінбеуге құлықты,
Бүгін бізден тектілік те жоғалды,
Бақытым деп ұғынатын былықты.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Көкке қарап ұлуды да доғардық,
Қыңсылап кеп тығыламыз әркімге.
Мың бүгілген белімізге обал-ды,
Көк Түрігім өз ішінде өртенген,
Көп Түрігің көпқұдайшыл боп алды.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Төрт құбылаға түмен-түмен атылған,
Бізде дәрмен қалмады ма шынымен?
«Билеушімін!» - деп шығатын жатырдан,
«Күн біздікі!» - деп шығатын түнімен
Афрасиабтай айырылдық па батырдан?!.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Бабаларымыз тітіреткен жаһанды!
Бізден қашан қыңқыл-қыңсыл жоғалар?..
Атқа қонып, белден буған шапанды,
Құшағына паналатқан Отанды
Бір бабамды елестетем, ағалар!
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірді көрдің бе?
Тербететін рухымызды қолға алып,
Бізді мүлде ұмытқан ба ол ғаріп?
Күдер үзіп кетті ме екен біздерден?
Бұл жалғанда бәрі қазір өзгерген,
Бір мейірім іздеп жүрміз, алданып,
Сөніп қалған көздерден.
Ұмай-Ана!
Көк Тәңірге сәлем айт!
ЛАШЫН
(баллада)
Жүрген кезде келер шаққа көз тігіп,
Бедеу торы құлындады. Естідік.
Еш бәйгеге ат қоспайтын әулеттің
Көңілінен қоңыр самал есті үміт.
Хақтан мен де алғандай ем сыйлықты,
Өгей атам боратады бұйрықты.
«Құлыншаққа көзің тиер!» - деп, маған
Дәл сол күні өлердейін шүйлікті.
Берсе ғой деп сол биенің құлынын,
Тезек терем, үзілгенше жұлыным.
Өгей шалдың қас-қабағын бағамын,
Тумасам да баласы боп ұлының.
Сәби едім келер күнге сенетін,
Сол құлыннан басқа арманым жоқ еді.
Қызғаныштан қып-қызыл боп жүрдім мен,
Қырсық шалдың немересі көп еді.
Көңіліме тынымсыз күй бұйырды,
Бағып жатам жылқы келер қиырды.
Тау етегі тобылғы еді қап-қалың,
Елестетер шұрқыраған үйірді.
Құштарланған қиялымның күшімен
Атқа мінем!..
Ол елес қой, түсінем.
Кіп-кішкене күдігімдей кісінеп,
Қоңыр төбел құлын кірер түсіме.
Бар мұңымнан сол қуаныш басым боп,
Құлынымды жүрдім жалғыз досым деп.
Арманымды біреу сезіп қоярдай,
Іштей ғана еркелетем: «Лашын!» деп.
Құлағы оның қалар сонда дір етіп.
Тай боп өсті, бір жарымдай жыл өтіп.
Қырсық шалдан қорлықты көп көрсем де,
Жүруші едім Лашынымды жыр етіп.
Өзім мініп, өзім алғаш үйретіп
Жүргенімде, кетті талай сүйретіп.
Ондай кезде мәз болатын қырсық шал,
Сар сақалын иегінде билетіп.
Қозы бақтым.
Қой құрттадым ашынып.
Ала жаздай серік болды Лашыным.
Қарашада еркіндікке жібердім,
Қалмасын деп мен секілді басылып.
Сол кеткеннен қоңыр төбел жоғалды,
Ал қырсық шал «Өй, әкеңнің!..» деп алды.
«Әкең...» деуі бер жағы ғой кәпірдің,
Лашын үшін талай рет сабалдым.
Мен де бірақ «кесір» едім қағынған,
Ешбір жанға кезім де жоқ жағынған.
Кейін білдім, қоңыр тайды қырсық шал
Сатқан екен көрші ауылға, соғымға.
Мен де іштей «Өй, әкеңнің!..» деп алдым,
Иә, солай... қоңыр төбел жоғалды.
Есесіне, қоңыр дәптер ішіне
Жан сырымды өрнектейтін боп алдым.
Бірте-бірте жырлар жаздым тәп-тәуір,
Келмес жаққа жетім жылдар кетті ауыр...
Анда-санда азаптайды, еске алсам,
Жүрегімді сол баяғы кекті ауыл.
Лашыным-ай!..
Үні келіп құлаққа,
Жаңғырық боп адасады жыраққа.
Ол Пеғасқа айналды ғой мен үшін,
Ақ қанатты, қоңыр төбел пыраққа!
Өтсе-дағы есіл күн мен есіл түн,
Өмір бірақ керемет қой, о, шіркін!..
Өжет болып өскеніме өкінбен,
Тек сол үшін қырсық шалды кешірдім!..
Жұмбақтау
Есіл-дертім ендігі - тылсымменен күресу.
Содан болар...
Сол жаққа ауып кеткен мүлде есім,
Құшағымда әлдилеп, бір өлеңнің мүрдесін,
Кеш қарайса іздеймін, еркіндіктің түрмесін.
Міне, бүгін дәл солай, шылым шегіп, мұңданып,
Түбегейлі шешуге жаратылыс жұмбағын,
Ми қайнатқан жанартау-ойларымнан салқындап,
Дір-дір етіп отырмын, байыз таппай балконда...
...Ағып түсті бір жұлдыз,
Ажалға ол да бір дәлел.
Жолақ-жолақ іздері - белгісіз бір ноталар,
Ал, суылы - түнгі әуен.
Құлап түсті бір боздақ, бетке алып бақиды,
Қалған жұлдыз жымыңдап, жаназасын оқиды.
Үрейлі ме?
Әрине!
Өлім жайлы үрейің - үрейлердің ұлысы,
Ажал жайлы ойламау - бақыт дерсің, дұрысы!
Секунд, минут - қаңғыбас ойларыңмен күресу...
Секунд сайын өліммен...
Қорқынышты, құрысын!
Жұмбақ шешкің келе ме?
Онда үрей - үлесің!
Үрейіңнің көзімен талай қызық көресің...
Ең дұрысы ондайда - болашақты еске алу.
Кешірілмес күнә ғой, болашақтан кеш қалу.
Келешектен кім білген, қызық сырды ұғармыз,
Мүмкін біздер бұрын-ақ өліп қалған шығармыз?..
«Фәни-жалған!» дегендер барған шығар бақиға,
Керісінше болмасын, біз білетін оқиға!
Құрсағыңнан анаңның шыққың келмей жатқаның -
Тоғыз толғақ үстінде қысқан шығар басқа мұң?!
Күнә істеп қойдың ба?
Онда жалшы боласың,
Тазалайсың, иманды бір пенденің қорасын.
Ары қарай белгілі...
Осылайша өрілер, өміріңнің әр күні...
Бейіт қана түзетер - жолы болмас бүкірді,
Құдай мені сақтасын, ойларымнан күпірлі!
Е, мұңдасым, қайтейін...
Мүмкін шындық осында,
Екі дүние арасы еске алумен қосылған.
Төсектегі қария түк түсінбес бала боп,
Бесіктегі бал бөбек былдырлайды дана боп...
Бәрі әуелден белгілі...
Қар құрсағын жарады қалтыраған қыр гүлі...
Өте берер осылай бір заңдылық өзгермей,
Өмір деген ұлы көш тозаңдарды көзге ілмей...
Ал, сен болсаң, жұлдызды ағып түскен, мазақтап,
Қызықтайсың түсінбей, рухын оның азаптап...
Бір күрсінер оған да, өмір дейтін әулие,
Қайран саған амал жоқ,
Алма-кезек дүние...
ДӘНЕКЕР
«Мен сені сүйем!» - десем,
Ол тылсымның әмірі.
Мен арқылы білдірер
Өз Сезімін Тәңірі!
Мұң қинаса ұдайы,
Жүрегіңде дірілдеп.
Сені ойлады Құдайым,
«Балапаным, күнім» деп!
Шер жиналса бір демде,
Көңіл қалса, босаған.
Жылайды екен кеудеңде,
Сені аяп Жасаған...
Күлкің тұрса езуде
Тірі жанды қаратқан.
Жәрдемдесті сезуге
Бір бақытты Жаратқан!
Ішің қардан түңіліп,
Қысқа айналса өмірің.
Саған қарар үңіліп,
Көктем болып Тәңірің.
Кешіргенде балаңды,
«Балапаным, күнім» деп.
Сағынғанда анаңды
Тәңір тұрар күлімдеп...
«Мен сені сүйем!» - десем,
Мен айтты деп ойлама.
Сені сүйген - Ұлы Алла,
Мен - дәнекер жай ғана!
АҚБЕРЕН ӨЛЕҢ: УӘСИЛА ЖӘНЕ УАҺАБИ
Біз сөз ойнатуды шеберлікке балап келіппіз. Ал ойлы өлеңді ілуде біреу ғана жазып, ілуде біреу ғана айта алады екен. Сондай ойлы өлең - біз тілге тиек етіп отырған Ақберен Елгезектің «Дәнекері».
Ақберен - назарда жүрген ақынның бірі. Өз басым оның себебін жаңашылдығына байланысты деп қабылдайтынмын. Алайда ол жаңашылдыққа... Жә, ол бөлек әңгіме. «Дәнекерге» келейік. Сыншылар «Тақырыбы өлеңді ашып тұр» деуші еді ғой. Сол қалыптасқан жаттанды пікірді біз де іштей қайталадық. Сосын... Сүйсіндік. «Әй, Ақберен оны қайдан біледі-ей» дегенді де ой елегінен өткіздік. Себебі Ақбереннің «Мен арқылы білдірер Өз сезімін Тәңірі» деуі кезінде дүйім мұсылман қауымы қабылдай алмаған Мансұр Халлаждың «Әннәл Хақымен», яғни «Мен - Ақиқатпын!» деуімен пара-пар тұр.
Алла «Мен сені сүйемін» деу үшін неге Ақберенді қажет етіп тұр? Өзі айта алмай ма? Иә, айта алады. Айтты да. Рас, айтқан ақын. Бұлай ойлау материалистік көзқарас. Өкінішке қарай, ол көзқарас ешқашан өзгермейді. Шынтуайтына келгенде, айтқан ақын емес, Алла. Біздің Ақберенді Мансұр Халлажбен қабат қоюымыз сондықтан.
Өлеңді қалыптасқан сыншылық үрдіс бойынша талдасақ, яғни адамға тән әрқилы көңіл ауаны өлең тілімен айтсақ, «Мұң қинаса», «Ыза буса», «Езуде күлкің тұрса», «Мен сені сүйем» десең, соның бәрі Алланың «сені ойлауы», «сені аяуы», «жәрдемдесуі», «күлімдеуі» екендігін ақын шынайы сеніммен жеткізе алған. Егер біз өлеңді осылай түсінсек, бұл пікірді жазбаған болар едік. Өлең осындай түсінік тұрғысында жазылғанда онда ақын біз жоғарыда айтқан Мансұр Халлаж деңгейіне көтеріле алмаған болар еді.
...Біз көп айттық. Ал Ақберен болса оны «Мен сені сүйем!» десем, мен айтты деп ойлама!» - деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндейді. Бұл енді Ақберен Елгезекке ғана тән шеберлік. Дұрысы - таным. Таным туралы жоғарыда айтқанбыз. Тәмам.
Құдияр БІЛӘЛ,
Жазушы,
«Abaі.kz» порталы,
2014 жыл
ТҮНГІ ДИАЛОГ
(ІІ бөлім)
СЕНІ СҮЮ...
Сені сүю - тыныштықпен тілдесу,
Сені сүю - үнсіздікпен үндесу.
Сені сүю - нұр тарату жүрекке,
Сені сүю - қуаныштан мұң кешу!
Сені сүю - шуақ шашу жанардан,
Сені сүю - жұпар жұту самалдан.
Сені сүю - өз-өзіңді ұмыту,
Табу, бәлкім, өз-өзіңді жоғалған.
Сені сүю - шық боп тұну күлтеде,
Сені сүю - шоқ боп тұру білтеде.
Сені сүю - бар байлықтан бас тартып,
Суретіңді салып жату күркеде.
Сені сүю - жан алдында ақталу,
Сені сүю - жындануға шақ қалу.
Сені сүю - қасіреттен бақ табу,
Сені сүю - азаптардан шаттану!
Сені сүю - өз өртіңнен жалындау,
Сені сүю - өзге жанды сағынбау.
Сені сүю - мүсініңе бас ұрып,
Мүлде басқа құдіретке табынбау!
Сені сүю - періштеге айналу,
Сені сүю - елестерге байлану.
Сені сүю - қауызында гүлдердің
Дір-дір етіп, көбелекше ойлану!
Сені сүю - ажалымнан құтылу,
Сені сүю - ажарыңнан тұтылу.
Сені сүю - қанатына құстардың
Үлбіреген қауырсын боп жұтылу!
Сені сүю - мәңгілікке ұмтылу,
Сені сүю - мың жығылып, мың тұру.
Сені сүю - еніп кетіп кірпікке,
Батып кету көздеріңе сұп-сұлу!
Жаңғырықтың сенер ем қулығына
Жаңғырықтың сенер ем қулығына,
Сен мені сүйем десең!
Мәңгілікті өрер ем бұрымыңа,
Сен мені сүйем десең!
Көктемнің билер ем күркіріне,
Сен мені сүйем десең!
Бұлттарды ілер ем кірпігіңе,
Сен мені сүйем десең!
Айналар ем маусымның самалына,
Сен мені сүйем десең!
Байлар ем тылсымды жанарыңа,
Сен мені сүйем десең!
Тұнар ем айнаның сынығына,
Сен мені сүйем десең!
Құлар ем аспанның тұнығына,
Сен мені сүйем десең!
Айналар ем тағдырдың өлеңіне,
Сен соған әмір етсең!
Айналар ма ең сен менің әлеміме,
Мен сені Тәңір етсем?!.
СЕН ЖӘНЕ МЕН...
Сен және мен...
Көкшіл көрпе...
Демге - дем...
(терезеден Ай жылтырап теңгедей...)
Екі жүрек - пырақтар ма,
ұша алмай,
бұғауланған кермеде?..
(жылт-жылт етіп қояр емес тиын-Ай)
Сен және мен...
Қимылдаудың қиыны-ай!..
«Тіл - жоқ?.. қол - жоқ?..
Тән де, сірә, жоқ шығар,
қайран ғана миым-ай?..»
Сен және мен!..
Көкшіл көрпе - көлденең...
Көрпе астында екі Жан бар, шөлдеген...
Бір нұр-сағым таралады ғарышқа
біздер жатқан бөлмеден...
* * *
Айлы түн
Айлы түн.
Рельстер тасыры...
Тамбурда билейді көк тұман.
Миымда - Ойлардың жасыны,
Жүректе - сезімдер көк шулан.
Аңсау мен сағыну, тәтті мұң...
Бәрі де - бір қауым, жасырын.
Пойыздан озардай аптығып,
Өзіңе асығам, асылым!
Ұзақ жол.
Купенің ақ шамы.
Сонда да қоңырқай жарық тым.
Күбір мен күлкілер - жан-жағым...
Жабықтым...
Ай қоса жарысып...
Тіл қатса,
сырласып көрейін түнімен.
Сұрақ көп, әрбірі - бір патша,
мазақ қып ойнайтын құлы - мен...
Қос рельс - домбыра ішегі..
күй ойнар бір мұңлы, мың түрлі...
Сапарлас шарабын ішеді,
Мен елес ұрттаймын...
Күлкілі.
Ішпедім.
Ішуші ем ұдайы...
Баса алмас шарап та мұңымды.
Махаббат - мастықтың құдайы...
Мен соны ұғындым.
Қос рельс - екеуміз секілді...
қосылмай, тірелер тұйыққа.
Пойыздан түсуге бекіндім,
сумкамды ілдім де иыққа...
ӘЛДИ
Әлем Күнге теріс қарап жатып қалды...
Ұйықта, жаным.
Жүрегімде бір өлең қатып қалды -
Жаттамадым.
Неліктен өмір бүгін тоқтай қалды,
Білмей қалдым.
Сен ғана мені сақтай алдың,
Өлмей қалдым.
Мына жазды Тәңір, білем,
Күз етерін.
Сен тәтті түстер көрші,
Күзетемін.
Жаңбыр бүгін жаумай қапты,
Салмай ізін...
Періштеден аумай қапты
Сенің жүзің.
Мекенің - түс әлемі,
Қандай күйің?!
Бір жерде кісі өледі,
Сондай қиын.
Мен оған дұға қылдым,
Жалындата.
Мына түн - шұға сынды,
Қалың мата.
Өзге әлем құстарындай
Болсақ, жаным...
Қанаттың ұштарындай
Саусақтарың...
Шашырап шоқ секілді,
Жасыл шерім...
Қап-қара от секілді
Шашың сенің.
Көктемнің нала хаты...
Жазғытұрым...
Мені өлтіріп бара жатыр
Нәзіктігің.
Сен үшін ыстық түнді
Мұз етемін.
Сен тәтті түстер көрші,
Күзетемін...
ЖОЛДА
Алматы вокзалы - қоштасу алаңы.
Тағдырдың жазуы - Аспанның амалы.
Бейтаныс жолаушы - бес күннің қонағы...
Жап-жасыл бағдаршам жанары...
Дәл сондай қарбалас дәл кеше, сәл бұрын...
Ашыған кеңсірік... әлде үміт, әлде мұң?
Жүректі қинайды жол жүрмек күндерім...
Жүз жылға есейдім тағы да мен бүгін.
Сұр перрон, мөлдір жас... орамал алқызыл...
Мен кеттім, сен қалдың, жалғызым... жалғызым...
Алдыда - Астана.
Көңілде - мұң, күдік...
Есалаң сұрақтар...
Бәрі де - талқы, зіл!
Бәрінің жоқ мүлдем ешқандай пайдасы.
Мұндайда Өлең ғой - өзіңе сай досың,
«Далаға қарашы, мұхиттай тербелген...
...кемеге ұқсайды көк таулар кейде осы...»
СЕНІМ
Алғашқы құстар пейіштен келген,
Мен осыған сенемін, жаным.
Құстардың қанаты періштелерден,
Мен осыған сенемін, жаным.
Алғашқы гүлдер жұлдыздан туған,
Мен осыған сенемін, күнім.
Алғашқы түндер жалғыздан туған,
Мен осыған сенемін, күнім.
Алғашқы сәуле Тәңірден болған,
Мен мұны білемін, айым.
Алғашқы өлім өмірден болған,
Мен оған күлемін, айым.
Алғашқы өлең сезімнен келген,
Мен оны жазғанмын бұрын.
Алғашқы сәттен көзіммен көрген
Өзіңді сүйемін, гүлім!
ҚОЛШАТЫР
Сәулем,
жаңбыр тоқтады.
Бақтағы жырғады гүл.
Құдай сақтады,
Құлап жатыр ылғалды нұр.
Сәулем,
үміт пен ымды
қолшатырмен жалғады кім?
Мендегі жынды
сендегі арбады мұң...
Сәулем,
жаңбыр мен едім,
Шіркін-ай, бұлақтай аға алсам еді!..
Бүгін неге сезім селдір?
Сүңгіп, мәңгіге жоғалсам еді
Жан-дүниеңе сенің мөлдір...
Ауа болып енейінші өкпеңе!..
Ауа болып енейінші өкпеңе!..
Өтінемін, «Кет» деме!
Меніменен тыныстасаң болғаны,
Маған басқа керек емес ештеңе!
Аптап күнде, шөл далада, қос басы,
Сусын болам, таңдайыңмен астасып!..
Сол сәтте сен рахаттана жұт мені,
Өзіме де керек емес басқасы!
Бұ Дүниеде қоғам - ала, жан - ала,
Суық ойлар ұйтқып соғар санаңа...
Тіпті желден жаурасаң да, маған кел,
Менің ыстық алақанымды панала!
Бақыт деген - қияндағы сый-көмбе,
Бас аяқты, қиындықтан именбей,
Соқпағың боп, еміреніп жатам мен
Табанынан періштенің сүйгендей!
ТАҒЫ ДА САҒАН
Сенің ғана көздеріңмен көргім келген әлемді,
Сенің ғана сөздеріңмен өргім келген өлеңді.
Сенің ғана саусағыңмен ағытқым кеп түймемді,
Сенің ғана ерініңмен білгім келген сүйгенді.
Сенің ғана қолдарыңмен әлпештеп пәк сәулені,
Сенің ыстық тынысыңа күйгім келген әуелі.
Сенің ғана шаштарыңда қалғым келген тұншығып,
Сенің ғана асқарыңа қалғым келген бір шығып.
Сенің сұлу бұрымыңнан иіскей-иіскей гүл иісін,
Сенің ғана қулығыңнан өлгім келген у ішіп.
Сенің ғана құшағыңды қанат қылып... Күн асып,
Сенің ғана кірпігіңе кетсем деймін ұласып.
Сонсоң, бүкіл ғұмырымды көне хаттан таңбалы
Оқып шығып, жатқанымда жас баладай таңғалып,
Көкірегімді шаттық кернеп, еңіреуді қош көріп,
Көздеріңнен ыршып кетсем
бұршақ-бұршақ жас болып!..
СЕРТ
...Сен мені аңсамадың, іздемедің.
Айналды ғой көңілім күзге менің...
Телефон да шалмайсың, хабарың жоқ.
Не істер екем... құдай-ай, амалым жоқ.
Хат жазамын - бар тапқан айла, күшім...
Мәңгілікке үзілді байланысың.
Мен сонда да үзбеймін күдерімді,
Біле тұра қайғырып бітерімді...
Бұ Дүниеде жүрсең де зарықтыра,
О Дүниеде бәрібір жолықтырам!..
ШТРИХ
Тыныштық тұншықтырса дыбыстарды,
Сезілсе егер жүректің құнысқаны,
Ұмытуға асық та, алаңдама,
Дұрыс бәрі.
Көрінгенде сені ылғи таныс аңдып,
Қайталаумен құтылған таныс әнді,
Ажал, қастық, тойхана, вокзал, арық...
Дүниеде не болса, бәрі - заңды.
Бір күндері көңілің дұрысталса,
Қайтадан жеңіл, сергек тынысталса,
Тек сонда ғана өтінемін,
Бір суретім
ілінерлік бөлмеңде бұрыш болса...
БІР ШУМАҚ ПОЭМА
Көктемнің жұпарлы түндерінен,
Көк белдің сиқырлы гүлдерінен,
Құстардың бақытты үндерінен,
Ғұмырдың жақұтты күндерінен,
Наурызға асыққан ақпанымнан,
Көк таудың ақ көңіл ақ қарынан,
Шаһардың таң алды оттарынан,
Тарихтың балауса шақтарынан,
Нәп-нәзік көбелек қанатынан,
Аспанның ең жұқа қабатынан,
Мамырдың алғашқы сағатынан,
Төзімнің ең соңғы тағатынан,
Өтіп кеткен кешегі бір күнімнен,
Найзағайлы сеңгірдің күркірінен,
Адамзаттың жоғалған бір тілінен,
Әлемдегі сөздердің түр-түрінен,
Мойындағы тамырдың бүлкілінен,
Жанарымды қоршаған кірпігімнен,
Шілдедегі жап-жасыл жапырақтан,
Көлеңкелер созылған атыраптан,
Тәңір мені жаратқан топырақтан
Саған өлең өріп берейін бе, жаным?!.
* * *
Аяулым
Аяулым,
Алабұрта қалады көңіл неге?
Ашуланам, біресе көңілденем.
Сендей тәтті көрінер өмір маған,
Сендей сұлу болар ма өлім деген?..
ӨКПЕ
Әр көше - жыр жолы, түп-түзу.
Көліктер - қозғалған әріптер.
Қоштасу. Жете алмау. Күткізу.
Бір-бірін сүймейтін ғаріптер.
Күтпеші адамды келмейтін.
Тағдырдың тым қатал пәрмені.
Көшелер - өлеңдер өлмейтін,
жадыңа оралтар әрнені.
Қозғалма, ойланба, түсінбе...
Өзіңнің жаныңнан кім ыстық?
Жыласын ішіңде
дыбыстан қалғыған тыныштық.
Ойлама, күтпе де, зарықпа.
Ешқандай әуенге бөленбе.
Өзіңді құрметте, қадірле,
жалғызсың әлемде.
СЕН ЖАЙЛЫ
Жанымның жабыңқы әлемі,
Көңілдің күбірлі кемсеңі.
Сен жайлы емес бұл өлеңім,
Ұмытып үлгіргем мен сені.
Сен жайлы ой емес,
Дегенмен,
Сол бейнең көз алды, бұрынғы.
Мен сенсіз көруді үйренгем,
Болғанмен болашақ бұлыңғыр.
Шарапты, өзіңе ұнаған,
Мен бүгін ішемін бокалсыз.
Сен жайлы сезімдер қураған
Күздегі гүлдердей жұпарсыз.
Сен жайлы естелік емес бұл,
Бұл өлең ғайыптан сезілген.
Сөздердің ішінде елес жүр,
Сен жайлы сезімнен безінген...
Сен жайлы емес бұл өлеңім,
Ұмытып үлгіргем мен сені.
Жанымның жабыңқы әлемі,
Көңілдің күбірлі кемсеңі...
ФЕЛИЧИТА
Аппақ рояль. Аппақ төсек.
Райхан гүлдер жұпары.
Ақ төсекте ару жатыр, басылмаған құмары.
Ақ бөлмеде ақ парақтар шашылған,
Әр парақта сенің бейнең-сыңарын...
Қызыл шарап. Шылым демі. Әуен-жыр.
Терезеден сығалаған әлем тұр.
Қарашықтан шашыраған бояудан
Керіледі кемпірқосақ өлең бір...
Теңіз сыры. Егіз сезім шалқыған,
Құмар мұңы тамырымда балқыған.
Жұмақ жаққа шақыратын секілді
Әуедегі рояль үні қалқыған.
Аппақ төсек, ақ құшағың ашылған,
Ынтықтығым бір күшейіп, басылған.
Көкке ұшып бара жатыр құстардай
Паркеттегі ақ парақтар шашылған...
Ойна, ойна!
Рояль жаны жыласын,
Ойна, жаным!
Көктен күмбір құласын.
Сенің бейнең ақ парақтан түрегеп,
Көлеңкеңнен жоғалмауын сұрасын...
Аппақ сезім, қызыл шарап бірлігі,
Ажыратар екеумізді бір күні.
Рояль даусын дірілдетер біртүрлі
Шылымымның ширатылған түтіні...
ПЕРІШТЕ
Бүгін сенің жанарыңа үңілдім,
Онда неге періштенің мұңы жүр?
Сүймей-ақ қой!
Бірақ маған өмірдің
Жылуы мен сұлулығын ұғындыр!
Жарық шашқан жаның нұр да, тәнің гүл,
Сайтансың ба, перісің бе, бәрібір!
Сенің барлық болмысыңнан құбылып,
Маған бүгін күліп тұрды Тәңірім!
Сескенбеймін күдіктер мен үміттен,
Жол бермеймін көндіру мен үгітке.
Сыйың болсын мен сияқты жігітке,
Ішіме еніп, жүрегімді көріп кел!
Сонда, мүмкін, жанарыңнан жаралы
Бір бақыттың көрінеді аралы...
Жалт қарашы!
Өліп жатқан ішімнен
Мен өмірге қайта келем оралып!
АҢСАР
Сен менің сұп-суық қолдарыма
Сәуленің ұшқыны боп қонасың ба?
Жазылмаған өлеңнің жолдарында
Өзің жайлы теңеулер таласуда.
Бес күндік ғұмырымда жолықпадың,
Бес күндік ғұмырымда қызығы жоқ.
Бірақ та көрінуге жалықпадың,
Ұмыт болған түстердің үзігі боп.
Бейтүкпірлерге жоғалатын
Бейнең елестейді миым іші.
Бокалымды скверлерге жағалатып,
Күбіріңді жүрмін құйып-ішіп...
Дәптерімді, сүрленген ащы өлеңмен,
Қойныма тығып алып,
Өзіңмен қоса өлем мен,
Шұғылалым!
* * *
Сені ешкімге бермеймін!
Сұрамасын!
Сұрамасын жанымның мұнарасын!
Маған сені
Тәңірдің өзі берген,
Пейіште періштелер жылағасын!
Мен сені көкте Күнге қызғанамын!
Сезіле ме жүректің мұздағаны?
Мына опасыз дүниеде күнәсі жоқ,
Тәңірдің сүйіктісі біз ғанамыз!
Мен сені сүюден жалықпаймын,
Қанатсыз-ақ қасында қалықтаймын!
Сен қасымда болғанда жұмақтаймын,
Сен жоғалсаң, алаулы тамұқтаймын!
Мен сені сағынудан азап шегем,
Азап шегем..
Бұл азап ғажап неге?!
Кеудемдегі жалынмен салыстырсаң,
Аяз болып көрінер тозақ деген!
Біреу менің көзімнен байқар күзді...
Мен сені ұмытуға қауқарсызбын!
Имандылық заңдарын бұзған бұлар,
Жүзі күйген пенде деп айтар бізді...
Айта берсін!
Құлағыма ол сөзді іле алмаймын,
Себебі мен сезімсіз жүре алмаймын.
Өзгелерсіз күн кешсем, өкінбеймін,
Ал өзіңсіз өмірді сүре алмаймын!
МӘЖНҮННАМА
Мен сенің әлеміңе енбедім,
Сен көрмедің алапатты мендегі.
Ләйлі болып мұңданбассың сен де бір,
Мәжнүн болып жынданбаспын мен де бір.
Екеумізсіз жылап отыр жас бақыт,
Екеумізсіз өтіп жатыр бос уақыт.
Құрбыларың білмей кетер мен жайлы,
Өзің жайлы айта алмаймын досқа түк.
А, дүние!
Сендей жарды бермеген,
Дәл мен сынды өтіп кетер шерменде.
Саған ғана арналатын ішімде,
Жүрегімді іліп қойдым көрмемде!
Бұл өмірден сен де өтесің, мен де өтем,
(Кімге барып бұл сезімді емдетем?..)
Көкке қара!
Тамшылаған жаңбырмен
Өлең жолын нөсер қылып селдетем.
Апармады неге саған жол бұрын?
Көрмей енді өтем бе екен жан нұрын?!.
Бар амалым өлең жазу ендігі,
Селк етпейді оған да бірақ тағдырым...
Сенсіз өткен өмір енді тұл-ғұмыр,
Тоқтап қалған сияқты ма жер жұмыр?..
Шыр айналып кетсін мына дүние,
Жалт қарашы енді бір!!!
ТҮНГІ ДИАЛОГ
Мен сенен сұрадым:
Талдар сөйлей ме деп,
Түн ішінде ырғалып билей ме деп.
Бұтақтарда сырғадай тербетілген
Жапырақтар бір күні сирей ме деп.
Сен сұрадың:
Жұлдыздар жылай ма деп,
Себепсізден-себепсіз құлай ма деп.
Ғарыштағы бос қалып ұялары,
Өлген жұлдыз ешқашан тумай ма деп.
Мен сұрадым:
Ақ гүлдер күлмей ме деп,
Үзілерін қай күні білмей ме деп.
Көктемеде қуантқан бәйшешектер
Күзде бізді ұмытып жүрмей ме деп.
Сен сұрадың:
Бұл күндер өтпей ме деп,
Бұлттай көшіп жыраққа кетпей ме деп.
Сағыныштың тұманы сейіле ме,
Мұнарлана құласа беткейге кеп.
Мен сұрадым:
Азап пенен шаттықтың арасында
Сен мендік мәңгілік боласың ба?
Түнге қарай осылай ұша бермей,
Бір күні кеп қолыма қонасың ба?
Мен сұрадым өзімнің биігімнен,
Сен жыладың: «Сүйем ғой! Сүйемін!» деп...
* * *
Сені мүлде ұмыту - өз жадымнан бас тарту
Сені мүлде ұмыту - өз жадымнан бас тарту,
Сенің бейнең жүрекке сөз айтады астыртын.
Сені жоққа шығару - өмірімді қысқарту,
Сені еске түсіру - қарашықтан жас бүрку!
Сені сүймеу - дұшпанға пышақтату жүректі,
Құмырадай кеудеге құшақтату түнекті.
Сені мүлде ұмыту - қасиетті міндетім,
Бірақ, менің болмысым - сенің ғана үмбетің!..
ТҮНГІ ҚОНАҚ
Тыныштықпен таба алмаған үйлесім,
Жарқылдайды қара бұлттар жүйкесі.
Жан дүниемнен ашылады түнге есік,
Бүгінгі түн - періштелер би кеші!
Нәзік гүлдей еліктірмес би кімді?
Қызық үшін қидым тәтті ұйқымды.
Періштеге қарай қалсам, өртенем,
Сондай сұлу, сүйкімді!..
Татып көрсем тыйым салған жемістен,
Жүрегімде сансыз сезім керіскен...
Сайтан болып шықпаса еді соңыра
Мейірімді періштем...
О, Жасаған, Жасаған!..
Күліп жүрмін, жанарымнан жас аға!..
Құшағымнан кете берер сытылып
Шұғылаланған қош ауа...
Бір елесті көрсетеді таңертең
Атталмаған босаға...
ТӨРТ ӘРІП
Шырағымды тұтатып ап жаңбырдан,
Мен өзіңді іздеп жүргем тағдырдан.
Төрт әріптен есіміңді құрап ап,
Әр тамшыға суретіңді салдырғам!
Арасында әріптердің көнерген,
Сені іздедім жұмбақталған өлеңнен.
Мұң мен қайғы шаршатқанда жүректі,
Сен көріндің шұғылаға бөленген.
Тамырымда маза бермей бір ағын,
Мен өзіңді періштеден сұрадым.
Жолыққанда бұлдырады көзіңнен
Талай жылдар іздеп жүрген жұмағым.
Кемпірқосақ үстіменен жүгіріп,
Сені іздедім жер мен көктен түңіліп.
Көздеріңе - айнасына ғарыштың
Құлап кеттім, абайсызда үңіліп.
Әні-міне от-шырағым сөнерде,
Тағдырыма басыбайлы көнерде,
Сені таптым, о, алақай,
Періште,
Жүректегі сезімдерді көмерде.
Түннен шығып,
Бар жарықтан жасқанған,
Сәлем айттым арайланған жас таңға.
Төрт әріптен құралатын атыңды
Бар сәулемен жазып қойдым Аспанға!
КЕШКІ ОДА
Сенін ернің - пейіштегі гүл сынды,
Демің сенің сездіреді тылсымды...
Көзің сенің - Ай жұтылған түн сынды,
Сезім неге мөлдіреген мұң сынды?..
Қара шашың - Қара теңіз толқыны,
Қарашығың - мен адасар жол түбі...
Жүрегіңе сезіле ме, тыңдашы,
Сені аңсаған жүрегімнің солқылы?!
Саусақтарың - жапырағы қайыңның,
Қауырсынның сәулелермен ойыны...
Жанарыңда жасырулы мың жұмбақ,
Көзқараста періштенің пайымы...
СЕРЕНАДА
Сенің нәзік серпілгенде кірпігің,
Тәңір маған сыйлап тұрар күлкіні.
Сенің ғана жүрегіңнің дүрсілі
Өзгертеді бар әлемді бір күні.
Сенің ғана ерініңнің дірілі,
Сенің ғана өрілмеген бұрымың,
Сенің ғана сөздеріңнің шырыны
Сақтап қалар сұлулықты ең ұлы.
Сенің ғана көздеріңде мөп-мөлдір
Көңілдегі мен аңсаған көктем жүр.
Ғаламдағы жалғыздардың жұлдызын
Жандыра алсаң, жандырасың тек сен бір!
Сенің ғана жанарыңның жалтылы
Тірілтеді мұңға батқан жалқыны.
Саған ғана жан-дүниемді шарпулы
Мұз қылады көздеріңнің салқыны!
Аясаңшы, алтыным!..
СУРЕТ САЛУ
Көз жасыңнан бес тамшы,
Алты бояу күлкіңнен
Шарап жасап ұсыншы, айығайын дертімнен!
Тынысымнан буға сен айналғанда мөлдіреп,
Күлге айналып ұшайын жан шыдамас өртіңнен!
Күрсіністің демінен,
Ұшқынынан бақыттың
Өлең өріп берейін өрнегіне жақұттың.
Кеңістік пен қозғалыс арбалсыншы көзіңе,
Мәңгілікке тұрақта жанарында уақыттың!
Көзқарастан қас қағым, кірпігіңнен бір діріл
Жадқа қашап қояйын үзілгенше гүл-ғұмыр!
Қайшылықтар бірліктен тапсын тәтті үйлесім,
Ғашық болып шалқысын шашы қара түнге нұр...
Иісіңнен бір жұтым, дауысыңнан бір күбір,
Сусылыңнан шашыңның естіледі бір сыбыр...
Жүрегіңнің қағысы - қоңырауым өмірлік,
Сен бар болсаң,
сүйікті маған мынау жер жұмыр!
УӘДЕ
Уәде берші кешірмеуге,
Алдануға мұрсат бер.
Рұқсат берші өшірмеуге...
Сондай тәтті сол сәттер...
Жыламауға уәде берші,
Күлмеуге де уәде бер.
Жүрегімде, әне көрші,
Жылап жатыр сәулелер...
Үндемеуге уәде берші,
Үнсіздікте мұң жүрсін.
Түн демеуге уәде берші,
Жүрегіңде күн күлсін!
Уәде деген - Тәңір сөзі,
Біздің сезім Тәңірден!
Айырады өмір өзі,
Өлім әлсіз өмірден...
Қос тамшыны көзден көрші,
Кірпік жолын бөгейді.
Ұмытпауға сөзің берші,
Ұмыт болғым келмейді.
Мен жалғанға келгем Сені көруге
Мен жалғанға келгем Сені көруге,
Өзің үшін қуану мен жылауға.
Көркем көзің маған жылу беруге
Арналмаса, айналамын қырауға!
Мен дүниеге келгем Сені естуге,
Ғашықтықтың қайғы-зарын білуге.
Мәжнүн күйін бастан кешкен естіге
Бұйыр енді өлуге!
Мен білгенмін...
Құмар жанға жаза - мың,
Дүниеге келген сәтте-ақ ұрындым!
Басылғанда жүрегімнің азабы,
Мекеніме қайтып кетем бұрынғы...
САҒЫНЫШ СӘЛЕМІ
Сәлем айтты сағыныш тағы,
Жүрек тағы құсалы.
Сол бейнеңді сағыныштағы
Жылап тұрып құшамын.
Кетерде сенің жанарыңдағы
Қорқытты мені тұнық мұң.
Тікенектер аралындағы
Жалғыз гүлсің, қылықтым...
Ұшпасын мейлі армандар биік,
Қонбасын жерге қауырсын.
Бақыт екен ғой адамды сүю,
Жыласын жаным, ауырсын!
Келмеді ме бақыттың кезі,
Уақыттың тезі шаршатты.
Жүзіктегі жақұттың көзі
Армандатты да аңсатты...
Сезімнің аппақ шұғыласы
Көзімнен ақса жас болып.
Ұсыншы ләззат құмырасын,
Сарқып ішейін, мас болып!
Мас боп кетейін, айықпайын,
Аспанда жылап жатайын.
Дауылды түнгі қайықтайын
Арпалыс сорын татайын!
Сағыныш - менің тәтті мұңым,
Сезімімді аяласын.
Бір күні сен де, аппақ гүлім,
Жүрегімде оянасың!
НӘРКЕС
Әлемде бар еді бір сұлу,
Жат еді өзіне күрсіну.
Жайдары болғанмен сырт көзге,
Ішінде бар еді бір сыры.
Қыз қалпын қалтқысыз сүйетін,
Ол еркек болғысы келетін.
Тек қана өзіне ұқсайтын
Бейнені түсінде көретін.
Тек ойша өз-өзін аймалап,
Құмартып тұратын айнаға.
Ал, Тәңір сене ме қулыққа,
Табиғат көне ме айлаға?
Сүйгені келмеді өмірге,
Сұлу тек елеске емінген.
Жамалы желінді қайғыға,
Табаны таланды шөгірге.
Ләззатсыз қаншама түн қалды,
Азапты жүректе мұң қалды.
Ешкімді сүймеген қалпында
Өз-өзін сүюден жынданды.
Иесіз қалдырып тұрағын,
Қорымда қаңғырып, жылады.
Бір күні қанжардың ұшына
Айнасын құшақтап құлады...
Сенсіз өмір басталса егер
Сенсіз өмір басталса егер,
Дәруішке айналам...
Дәруішке айналам да,
Тәңір жайлы ойланам!
Қарашыққа қашап алып елесіңді ескірген,
Өзің жайлы бір хабарды естімеймін ешкімнен.
Күбірлеймін жай ғана мен, есіміңді қайталап,
Мүмкін сол бір өз дұғамнан жүрегіме жай табам...
Алай-дүлей дауыл соғып, шайқап кетсе жер бетін,
Бұршақ-бұршақ жасын бүркіп, кемсеңдейді Ай ғана...
Сенсіз өмір басталса егер,
Диуаналық күй кешем,
Диуаналық күй кешем де, жер бетінен мүлде өшем!
Қаңғып жүріп соқпақтармен, сүрлеулермен белгісіз,
Бейтаныс бір адамдармен өз мүрдемді жерлесем...
Сені бір сәт көру үшін ең сүйкімсіз тал болып,
Сен жүрмейтін жол шетінде мұңға батып бүрлесем...
Сенсіз өмір басталса егер,
Мен бақсы боп билеймін,
Тылсымданған әлемімде енді ешкімді сүймеймін!
Жанарыма жанұшыра жұлдыз біткен жауарда,
Көбелек пен жарқанаттар қарқ-қарқ күлер ауада.
Көз ұшында, көкжиекте Күн көміліп жатқанда,
Менің сұлбам көрінбейді сенсіз атқан ақ таңда.
Сенсіз өмір басталғанда
айналамын бұлтқа мен,
Көк аспанда қалықтаймын шығармастан сыртқа дем.
Менен тумас қызығам да шапқылаған бұлаққа,
Көздеріңді сағынғанда жылап алам жырақта...
Сансыз буға бөлінем де, тамшыларға сұп-суық,
Кірпігіңе қонақтаймын мөлдіреген шық болып.
Сен бірақ та сезбейсің де, қағып-қағып кірпікті,
Тұнық менің болмысымды жібергенде лақтырып,
Тырс етем де жерге сіңем, ең соңғы рет аһ ұрып...
Сонда ғана жаңа ғұмыр басталады өзіңсіз,
Көздеріңсіз, сөздеріңсіз, мына ащы сезімсіз...
Топыраққа сіңіп кетіп, мәңгілікке жоғалсам,
Жылап жатам... жылап жатам... жылап жатам...
Тек үнсіз...
АРУЛАРҒА
Көздерде терең тұңғиық
Қарашық - гүлдер жайнаған.
Сезімнің шыңы ең биік...
Қыздарға толы айналам.
Қастары керім қиылған,
Кемпірқосақ - көктем-дүр...
Ажарға қызыл құйылған,
Шіркін-ай, көрік неткен бұл!..
Бұрымдар - қара ормандар,
Ырғағы мас қып жүректі...
Құмартып өлем жалғанда,
Құдайым берсе тілекті!..
Қыз жүрген жердің бәрі - бақ,
Қыз жүрген жердің жаз бәрі.
Аруды ғана танымақ
Көңілдің қоңыр қаздары.
Уақыттың сұмдық ағысы,
Құмардың анық өшпегі...
Арулар жүрген бақ ішін
Күз жайлап кетсе, кеш мені...
Қыс кезінде сен менің түсіме ендің
Қыс кезінде сен менің түсіме ендің,
Жанарыңда жас тұрды, ішінде мұң.
Сен мені сағындың ба, ойладың ба,
Мен сені аңсадым ба, түсінбедім?..
Сол түстен соң кеудемде сезім қалды,
Сезім қалды, мінезден төзімді алды.
Айтқаныңды ұмыттым, сөзіңді әлгі...
Тұмандаған жадымда көзің қалды.
Ұмытар ем күндердің арасында
Сенен қалған көңілдің жарасын да.
Бірақ қалай ұмытам ғарышты мен
Тұнып қалған көзіңнің қарасында?..
ЖІБЕРІЛМЕГЕН SMS
Жанарымыз жұлдыздардан жаралған,
Жүрегіміз - шашыраған аралдар.
Сен - демімсің, басталатын самалдан,
Мен - өлеңмін, тылсым түнге қамалған.
Көзіңдегі мұхит - менің мекенім,
Толқын шашың - сыйынатын тотемім!
Ерініңде мен сүймеген көк өрім,
Еріп жатыр удай тәтті шекерің.
Кірпіктерің мұхитымның шетінде,
Сая тапқан бұйра-бұйра кекілден.
Тамшы-ғұмыр сенсіз өткен мөлдіреп,
Мөлтеңдейді сен сүймеген бетімде.
«ИӘ» МЕН «ЖОҚ»
«Иә» мен «жоқтың» арасында жауабың,
Мен еститін сол үнсіздік баяғы...
Ал мен сенің көздеріңе табынып,
Жүрегімді жайнамаз қып жаямын.
«Иә» десең, таралады бойға ыстық,
«Жоқ» десең бе? Мен жаһанға сыймаспын.
Бізді қазір бір нүктеде ұстап тұр
«Иә» мен «жоқтың» арасында қимастық.
Кейде ұшып кетердейін құс болып,
Кірпігіңнің әр қимылы астарлы.
Сол кірпіктен тұтанады бір күні
«Иә» мен «келдің» ортасында құштарлық!
КҮЗГІ ПАСТОРАЛЬ
Көкейімнің текті жырын
Қырау қылды өткен күн.
Жүрегімнен кетті үзіліп
Түймелері көктемнің.
Тұмшаласам көздерімді
Жапырақпен сарғайған,
Алыс қалған кездерімді
Еске салып, арбайды ән.
Сол бір кездің арман әні
Тәтті бал мен шекерден.
Саған ғана арбалғаным,
Білші, сәулем, бекер ме?..
Қыста туып, жазда өлсем,
Күзге сіңер ар-жаным.
Бір жауқазын мұзда көрсең,
Бұл дүниеде қалғаным.
Көрінбесем жер бетінен,
Қара аспаннан іздеме.
Жаздан кейін келбетіңнен
Аймалаймын күзде мен.
Күз дегенің - рухым менің
Билеп тұрған жалғанды.
Самал болып сыбыр-демім,
Ыңылдайды сол әнді...
Келген кезде жаныма тағы да мұң
Келген кезде жаныма тағы да мұң,
Іштен тынып, мен сені сағынамын...
Ауамен де, әуенмен, өлеңмен де
Мен өзіңе білдірмей ағыламын...
Отырғанда шалқайып түн тағына,
Тіміскілеп келеді мұң тағы да.
Мен ағамын желменен, самалменен
Шаштарыңа сәулелі гүл тағуға...
Дөңгеленіп кішкентай шаңырақтай,
Мен өзіңе ағамын аруақтай.
Елесіңе жолығып, сыбырлаймын,
Ақ нұрымды маңайға жамыратпай...
Тілгілесе өксік пен мұң көмейді,
Жүрегімде нұр енді гүлдемейді.
Мен елес боп үн қатсам елесіңе,
Мені ол елемейді, үндемейді...
Мені кімдер күтіп отыр
Мені кімдер күтіп отыр,
Кімдер мені сағынды?..
Бір арудың, мүмкін, бе оты
Баяғыдай жалынды?..
Бұрынғыдай, баяғыдай
Сүйе ме екен ол мені?..
Дәруіштің таяғындай
Серік етер жол мені.
Өкпелемей өткеніме,
Барар едім өкінбей.
Күбірлеген көктеміне
Күзден жеткен өкілдей.
Барайын ба, көрейін бе
Сол жүректі гүлдеген?..
Көз алдында өлейін бе?
Шаршап кеттім мүлде мен...
Келе жатсам көшелермен,
Соқпақтармен созылған,
Қарсы ала ма, Кешер ме екен
Мінезімді бұзылған?..
Сағынды ма өлеңімді
Арналмаған өзіне?..
Сезер ме екен келерімді,
Жас тығылып көзіне?..
Қайдам, қайдам, Қайдағыны
Айтып кеттім... Сандырақ!
Кейде осылай ойдағыны
Өлең қылар жан бірақ.
Білем, мені ешкім күтпес,
Білем, ешкім сағынбас.
Кешір мені, сағым типтес
Қиялдағы қарындас!..
Мен сіз жайлы не білемін, сары қыз?!
Мен сіз жайлы не білемін, сары қыз?!.
Сары елессіз, қазандағы сары күз.
Бір болмасын білсем дағы жанымыз,
Ашылмасын білсем дағы бағымыз,
Мен сіз жайлы ойланамын, наныңыз.
Сіз мен жайлы не білесіз, сары нұр?!.
Сары әлемде қалтыраған сары гүл.
Сары күзде құлазыса өмір құр,
Сары күзде қырауланар көңіл бұл,
Мен сіз жайлы ойланамын бәрібір...
Біздер жайлы не біледі мына күз,
Тағдыр ма бұл, қандай еді кінәмыз?..
Біздер жайлы қалған кезде бір аңыз,
Тәңір алды тартылады күнәміз...
Сонда біздер «сүйдік қой!» деп жылармыз...
МАХАББАТ ПЕРІШТЕСІ
Менің сұрғылт ойларымның ішінде
Жылап отыр жараланған періште.
Күдірейген еркек сайтан түсімде
Айтқанымды дауыстайды терістеп.
Бір хабарды жеткізуге келгендей,
Жылап отыр, о, неліктен, аппақ рух?..
Жаһандағы жалғыз досым өлген бе,
Қайдан келді қалқып ұшып батпырауық?..
Рухы келді мүлде басқа аспаннан,
Әлденеден қалтырайды жер бүгін.
Сорлы Ібіліс бұ дүниеге тасталған
Орындатпақ болғаны ма жарлығын?..
Мүмкін біреу көрді ме екен Құдайды,
Содан бері ол бейшара мазасыз?..
Ол бейбақтан ұрпақ енді тумайды,
Бірақ мәңгі өмір сүрер қазасыз?..
...Әлде, биыл көктем келмей қояр ма,
Қыстан кейін қайта айналып келер күз?..
Әлде, біреу лашығында оянған
Қалған шығар жалғыз өзі, әлемсіз?..
Ей, періште!
Ақ қанатты жолдасым,
Жыламашы, жыламашы, білемін...
Бір сезімді жоқтап келген шығарсың,
Ал мен саған сұрақ қоя беремін...
Сезімі жоқ құлазып тұр жүрегім,
Еһ, періштем, махаббат қой - тілегің...
ЭКСПРОМТ
Қара аспанды тесіп тастап жұлдыздар,
Маған қарай құлатады мұңлы ызғар.
Көктем билік құрып тұрған көшеде
Кірпік қағып бара жатыр гүл-қыздар.
Хош иістер бар ауаны масайтып,
Құмарыма бара жатыр қош айтып.
Бағаналар нұр құйып ап шамына,
Сұлулыққа бас иеді, тост айтып!..
Сенің асыл жанарың - жарық шашқан
Сенің асыл жанарың - жарық шашқан,
Мен үшін төңкерілген алып Аспан!
Бітсе менің өмірім жер бетінде,
Құстай болып көрінер жаным ұшқан.
Ұшса егер құс-жаным сағым құшқан,
Ұшса ұшар бейсауат сабылыстан.
Кетсем егер, кетермін бұл жалғаннан
Саған деген өртенген сағыныштан!
ЕЛЕС ІЗДЕУ
Құпияңды біле алмай жұмбақталған,
Елесіңе еремін бұлғақтаған.
Бесік-кеудем тербетер әлсін-әлі
Мұң-баланы жүрекке құндақталған.
Ақ сағымға жөңкілген қыраттардан
Ақ таңдарда кемсеңдеп сыр ақтарғам.
Өзің жайлы ештеңе білмеген ол,
Еріп кетті мен қойған сұрақтардан.
Мен өзіңді сұрағам, ұнап қалған,
Құрақтардан, баулардан, бұлақтардан.
Мұнар бейнең көз алды келе берді
Мен айтпаған сөздерден жылап қалған.
Ұйқасы жоқ, үтірсіз шумақтардан,
Түтіндеген балауыз шырақтардан
Мен сұлбаңды көрем де, алқынамын,
Көкіректі кернеген шуақтардан.
Өмірімді қайтейін тұрақталған,
Сен қасымда емессің, шырақты арман!
Жұлдыздарды жинаумен жұбанам ғой,
Көк аспан күрсінгенде құлап қалған...
Жүре бермей өмірдің көшіменен
Жүре бермей өмірдің көшіменен,
Есім кетіп, сүйді екем несіне мен?
Жұлдыздар да ендігі жұбатпайды,
...Ай жатыр шалқасынан есінеген.
Ауламда күбірлейді құлаған нұр,
Құлаған нұр, сезім бе жылаған бұл?
Түн кейде жұбататын...
Ол да бүгін
Меңірейіп неліктен тына қалды?..
Жаным-тұлпар өзіңе арқандалды,
Жалғыздық-ай жүректі талқан қылды!
Ұшқын шашып төменге, жұбататын
Шылымым да таусылды қалтамдағы...
Маған жалған туғаннан тосын еді,
Болмысым неге нәзік осы менің?..
Мені ылғи жұбататын әзіл айтып,
Ұйықтап жатыр үйінде досым менің...
Сезім мен шарасыздық айқайласып
Тұрған кезде қалайша жай табасың?..
Оятайын мен сені тәтті ұйқыңнан,
«Сүйем» деген сөзіңді қайталашы...
СӘУІР САМАЛЫНДАЙ ЖЫРЛАР
Өз басым замандастарымды қадағалап оқып жүруді әдетке айналдырғанмын. Солардың ішінде әдебиетке бізден бұрын келген, замандас ағаларымның бірі - Ақберен Елгезек.
Ақын жаны ақ мамық бұлттармен бірге Күн жаққа қарай көшеді... Ақмамық қарға айналады... «Құмардың шөбін тістеп», құмырсқаша ойланады... (Құмардың шөбі шылым шығар?) «Құмырсқада ой бар ма?» деп бәзбіреулер дау айтуы мүмкін. Құмырсқа - ең еңбекқор жәндік. Бұл жерде ақын ой еңбегін меңзеп отыр. Көркем, сұлу суретпен айшықтай беріп отыр.
Ақынның жырларынан біз көбіне көңіл күйдің толқынысын, нәзік психологизмді байқаймыз. Табиғат пен адам жанының астасып жатқанын сеземіз. Ақбереннің өлеңдерінде жұлдыз, ай, аспан әлемі алдыңыздан жарқырап өзгеше бір сұлу сымбатымен көрініс беріп отырады. Көк дөнен көңілдің тізгінін тартпай, зеңгір көкке қарай шарықтауы ақындық табиғаттың заңдылығы іспетті. Ақын жүрегі әмәнда биіктерге құштар.
Ақбереннің көзімен қарасақ, аспанның арғы жағындағы өмірдің сыры терең. Ақын оны түс арқылы, элегия арқылы, фантазия арқылы әсерлі бере біледі. Ақынның өмірден кейінгі өмір туралы философиялық ойлары, жұмақ, тозақ жайлы жырлары адам жанын селт еткізері даусыз.
Ақберен кейде мистикаға да кетіп қалады. Жер мен көктің арасын еркін шарлайды. Ойына, қиялына қанат бітіретін әсерлерін ой көрігінде суарып, жүрекке жететіндей таза сезімге малындырып, ақ қағаздың бетіне эдемі кестелейді.
Динара МӘЛІКОВА,
Ақын,
«Жұлдыз» журналы, 2009жыл
ТҮНГІ ЭЛЕГИЯ
Түн іші. Күңгірт бөлме. Елеспіз біз.
Бұл әлемге келген де емеспіз біз.
Қиялымыз шайырдың о дүниелік
Қабірінде билеген көмескі күз...
Біз екеуміз ешқашан тумағанбыз,
Тәтті сәтті Тәңірден сұрағанбыз.
Онда неге бөлмеде құшақтасып,
Тірі жандай шынымен жылағанбыз?..
Біз екеуміз ешқашан жолықпадық,
Жолықпадық, неліктен соны ұқпадық?..
Күңгірт бөлме ішінде қауырсындай
Нәзік күйге елітіп, қалықтадық...
Балауыз шам түбіне тағы да біз
Көлеңке боп құлармыз, шағыламыз.
Бұл жалғанға келмесек, неге біздер
Бірімізді біріміз сағынамыз?..
Мен сезімді сұраған ем Тәңірден
Мен сезімді сұраған ем Тәңірден,
Түңілген соң өмірден.
Неге менің мұңға ғашық жүрегім
Жаралмаған темірден?..
Тамшы болып үзілердей инеден,
Жүрмін қазір күйде мен.
Кеуде тұсын жаныштайды асыр сап
Күдік-жындар билеген.
Тағдыр мені доға қылып иіп тұр,
Маған ауы-ы-ыр тиіп тұр.
Кеберсіген ерінімнен шошимын,
Ішім сұмдық күйіп тұр.
Махаббаттың қуатынан жанамын,
Жаутаңдаса жанарың.
Өмір жайлы білмейді екем ештеңе,
Мен әлі де баламын.
Отыз жастың қанша күні өртенді,
Сынбаса екем морт енді.
Жалғыздықтың сазын тыңдап жатам ба,
Құшақтап ап көрпемді?..
Жоқ-жоқ деймін!
Түсе берсін басқа сын,
Ойламаймын басқасын.
Сенсіз қалсам, мен сайтанға айналам,
Құдай мені сақтасын!
Тылсым түс
Ғарыштан шашылған күйге бір
Сенімен түсімде биледім.
Аппақ нұр дірілдеп иеді
Біз тұрған нүктенің жиегін.
Сол бір сәт... шуақты түсімде
Біз ендік періште пішінге.
Бұйығы бұлттардың ішінде
Айналдық ақ көбік мүсінге.
О, қандай ғажап түс, киелі,
Ләззаттың отына күйемін!
Санамды мың шуақ түн түрсе,
Жұмбақтар жауабын білемін,
Қос қанат арқаңда сілкінсе,
Ұштарын құмартып сүйемін!
Дір етіп болмысты балқытсын
Білекке тигенде білегің.
Гүлдердің жұпарын аңқытсын
Қауызы ашылған жүрегім!
Мұнартып, көрінбей Жер мүлде,
Екеуміз биледік сеңгірде.
«Сүйем» деп тіл қаттың сен бірде,
Күбірлеп не айтты жел Күнге?
Жадымнан өкініш жоғалды,
Бәрі де, бәрі де оңалды.
Түстегі жолыққан сәттерім
Өмірде өңімдей боп алды...
Ішімнен кеткендей торы мұң,
Сол түсті жақсыға жорыдым.
Түсімнен өңіме өтіп ап,
Қасымнан кетпеші, жарығым!
МАХАББАТ СИМФОНИЯСЫ
Болашаққа бастап еді бір ізгі,
Сезімдерім - сыбызғы...
Сыбызғыдан мөлдірейтін үміттер,
Үмітімді кім үзді?..
Саған еді сол әуендер арналған,
Ноталары жаратылған арманнан.
Ол ноталар жүрегімде бүр жарып,
Кірпігіме жалғанған.
Сен естісең, көкіректен ол күйді,
Жаның сенің өзді-өзінен шалқиды.
Қазір ол күй отты, суық дірілмен
Бар бойымды шарпиды.
Дутар-жанның жұқарған ба тиегі,
Бүгін ол күй көңіліме тиеді.
Сені қанша жырлағанмен, айтшы, кім
Дәл өзімдей сүйеді?!
Ұмытам деп талай-талай серттестім,
Тәңір жаққан өшіре алмас өртті ешкім!
Сол баяғы сахнасы жоқ кеудемде
Сезімдерден күй ойнайды оркестр!
АЛАҚАНДАҒЫ ГҮЛ
Келші, күнім!
Алақанымды ашайын,
Сен оған нәзік гүл екші.
Жасымды бүркіп шашайын,
Гүл болсын бізге тілекші.
Жайқалып тұрсын, құлпырсын,
Жұмбаймын алақанымды.
Төгілсін оған нұр тылсым,
Аялап балапанымды!
Ернімнен ұшқан жылуға соңғы
Балқытам жаңа таңымды.
Жұдырық қас сұлуға мәңгі,
Жұмбаймын алақанымды.
Жұмбақ бір шапақ шашылсын
Дірілдек күлтесінен.
Бар мұңым іште басылсын
Сұлулық еркесінен!
Сабағы нәзік ұмтылар биік
Әжімдер арасынан.
Тамыры оның тартылар күйіп
Жүректің жарасынан!
Сен үшін ғана, түн ішін ала,
Жаңа нұр жаратамын ба?!
Сен үшін ғана, сен үшін ғана
Гүл өсіп тұр алақанымда!
ЫНТЫҚЗАР
Кірпігіңнің ұшымен
Белгі берші, өтінем.
Бәрін сонда түсінем
Жүрегімнің шетімен.
Саусақтағы дірілді
Шаштарыма тигізші.
Іңірдегі күбірді
Ерініңнен сүйгізші.
Көздеріңнің түбінде,
Айтшы, неге бір шық тұр?
Жанарыма үңіл де,
Қарашыққа тұншықтыр!
Жиілеген тыныстан
Өртеп ал да деміңе.
Ескерусіз бұрыштан
Шығарып сал көгіме.
Қалтыраған сезімді
Жылытайын көркіңе.
Қалшылдаған төзімді
Жіберейін еркіне.
Мен іздеген жұмағым,
Бәлкім, сенің жолыңда.
Шөлдетпеші, бұлағым,
Бәрі сенің қолыңда...
Бүгін менің бар күшім сенен, білем
Бүгін менің бар күшім сенен, білем,
Сені көрсем, керемет кемелденем.
Сен тұрғанда дірілдеп ақ қайыңдай,
Мен ішімнен дүр етіп еменденем!
Сені бүтін сыйлаған Аллам маған,
Сені көрсем, ғаламат ғаламданам!
Сен дала боп мейірім төккен кезде,
Ақ төсіңде жол болып тарамдалам!
Әлсіз күйім бұрынғы жырақтаған,
Сені көрсем, құлпыра қуаттанам!
Қара түнде келбетің елестесе,
Нұр шашуға асығып, шуақтанам!
Мұң да енді қоймайды сұрақ маған,
Түнегімде тұншығып шырақтанам!
Шөл ішінде үлбірек гүлім болсаң,
Құм астынан ыршыған бұлақ болам!
Саған тиген жандарға жұтқа айналам,
Сені сүйген жандарға құтқа айналам.
Сен сүйетін әлемді әр таң сайын
Тазартатын мөп-мөлдір шыққа айналам!
ГҮЛ ЖАУҒАН ШАҚ
Сені ойласам, ауа маған шашар гүл,
Ғажайып гүл, түрлі-түсті күлтесі.
Сол гүлдерді тек өзіңе қашан бір
Сыйлайды екем, еркешім?!
Олар менің кеудеме кеп құлайды,
Жатар сосын пейіш аңқып, майысып.
Сыйланбаған гүлдер неге жылайды,
Сабақтары қайысып?!.
Әлдебірін саусағыма орап ап,
Өн-бойынан жасыл сөлді татамын.
Ішім сосын алай-дүлей борап ап,
Қара жерде көк аспан боп жатамын...
Сені сүйдім...
Сені сүйдім...
Өліп қалмау үшін бе,
Бір түннен соң көру үшін бір күнді?
Мен әйтеуір теріп жүрем түсімде
Көз жасымның түбіндегі күлкіңді.
Мазақ қылды әрбір түннің түнегі,
Жүректегі сезімімді қинап ап.
Өзім болып Ай аспанда жүреді,
Өзің үшін жұлдыздарды жинап ап.
Сол баяғы Жер мен Аспан бұрынғы,
Тек ішкі әлем - өзгерістің құрбаны.
Жарқыраған неге аңсаймын түріңді,
Неге күтем түнішіндік сұлбаны?
Махаббаттың мұңы қандай тәтті еді,
Махаббаттың шаттығы да азапты.
Тәңірім-ай, сының неткен қатты еді
Аямайтын жаны нәзік қазақты?!.
* * *
Сағыну мен аңсаудан, сенесің бе
Сағыну мен аңсаудан, сенесің бе,
Мәжнүн жанның айналдым елесіне.
Нұрлы жүрек құлпырып, құбылып тұр,
Періштенің ілінген жебесіне.
Қорлансам да армандар мазағынан,
Бас тартпадым сезімдер азабынан.
Шөліркеген жүрегім махаббатқа
Сіміргісі келіп тұр таза мұңнан!
Болмысына айналып көлеңкенің,
Сыбырынан гүлдердің көрем сені.
Мен сен үшін сүйемін адамзатты,
Біліп қойып қуанды әлем соны!..
Аспаннан құлаған аппақ қардан
Аспаннан құлаған аппақ қардан,
Үзіліп, жоғалған соқпақтардан,
Бұрқырап ұшып кеткен бақбақтардан,
Уақыттан іркіліп, тоқтап қалған
Бір өлең өріп берейін бе?
Оянбай көз ілген шақтарымнан,
Жалындап алқызыл оттарымнан,
Өртеніп шылымның шоқтарынан,
Құрбан боп жаулардың оқтарынан,
Сен үшін өліп көрейін бе?
Нұр алып ұшқыны жоқ шырақтардан,
Мұң алып ұсқыны жоқ сұрақтардан,
Өміріңнен түңіліп тұрақталған,
Көңіліңе үңіліп сыр ақтарған,
Бейнемді есіңе көшірерсің...
Сезімге төзімменен қамал болған,
Жүрекпен өзіңе адал болған,
Бас тартып құмартқан сан арманнан,
Сендік болған әу баста жаралғаннан,
Сен мені не үшін кешірерсің?..
ӨТІРІК
Кісінейді ала жел...
Сен тозаққа барғың келсе, бара бер.
Мен жұмаққа қарап тұрмын күлімдеп,
А, Тәңірім, сана бер!
Үп етеді тау самал,
Қандай рахат сағынбау мен аңсамау!
Өткен шақта қалып қойдың үлбіреп,
Қалды енді қанша амал?..
Дір етеді тамшылар,
Мөлдірлікке қалай енді жан шыдар?..
Саған ұқсас мынау сорлы ғаламда
Тағы біреу бар шығар...
Күрсінеді қара түн,
Сезім қайда бар мазамды алатын?..
Шым-шытырық жолдар қайда сол кезгі
Жүрегіңе баратын?..
Ауа жатыр көпіріп,
Арасында аппақ қар жүр секіріп.
Мен өзіңді ұмыттым ғой, ұмыттым,
Ұмытқам жоқ, өтірік!
ЕЛЕСТЕР ШАҺАРЫ
Шуақ шаша келер кейде,
«Өмір түнек емес!» - деп.
Көшелерде саған бейнем,
Маған бейнең елестеп.
Өң мен түстің арасында
Сенделерміз екеуміз.
Елестердің қаласында
Сағым болып өтерміз.
Сағыныштан еріп кетіп,
Жеріп кетіп аңсаудан.
Көз алдына келіп-кетіп,
Жоғалармыз қарсы алдан.
Сосын ұзақ қарап тұрып,
Қош айтармыз сағымға.
Тоқтатуды қалап тұрып,
Жұтылармыз ағынға...
Көктем болып тынысташы,
Күлімдеші көктем боп.
Жүрегімді құлыпташы,
Жұлып таста, өкпем жоқ!
Аспанымды биіктетші,
Шуақ шашшы болып Күн.
Мына әлемді сүйікті етші,
Сүйікті етші, сүйіктім!
Сирень болып аңқып тұршы,
Балқып тұршы болып түн.
Әрбір таңда шалқып тұршы,
Шалқып жүрші, сүйіктім!
Орман болып тербетілші,
Мен тербейін болып жел.
Жұлдыз болып жерге күлші,
Мен жылайын болып жер!
Арманым боп орындалшы,
Түсім болшы баянды.
Керек болса, жанымды алшы,
Барымды алшы, аяулым!
Жаңғырық боп қайтып тұрсын
Сенің сыршыл сөздерің.
Құпиямды айтып тұрсын
Менің тылсым көздерім...
Саған бәрін айтар едім
Саған бәрін айтар едім,
Сөз таба алмай қиналам.
Үмітсіздік - шайтан еді,
Арманыма сыймаған.
Саған бәрін білдірер ем,
Бүлдірем деп сескенем.
Қолдан келсе, күлдірер ем
Дірілдеген еспенен.
Жұмбағыңды шешер едім,
Шертер едім қай күйін?
Жүрегімді төсер едім,
Есер едім, қайтейін!..
Бір ғұмырды бастар едім
Жер бетінде өлмеген.
Сені өлтіріп тастар едім,
Гүлді таптап көрмегем...
9 НАУРЫЗ
Кешегі гүл - бүгінгі мұң,
Көңіл гүлдей қурап қапты.
Ауасында бүгінгінің
Жауабы жоқ сұрақ қапты.
Саған гүлді тарту еттім,
Сұрағам жоқ мұңды бірақ.
Ай қарайды жарты бетті -
Аспандағы түнгі шырақ...
Көктің бүгін қабағынан
Қоштасуды білейін бе?
Гүлдің жасыл сабағынан
Жебе жасап көрейін бе?
Ашытып у күлтесінен,
Ішіп соны өлейін бе?
Балауыз шам білтесінен
Асылар жіп өрейін бе?
Әлде, мүлде сені ұмытып,
Тағдырыма көнейін бе?
Біреу отыр сені күтіп,
Сенбейін бе, сенейін бе?..
ШЕГІНІС
Өлу деген - ең жеңіл жол,
Өмір сүру қиын бірақ.
Болғың келсе, ертегім бол,
Ажал болу тиым бірақ!
Өлгім келсе, жаным шығар,
Жан шығару қиын емес.
Сүйе білу бағым шығар,
Шайырға ол бұйым емес.
Сезімсіз күн - өліммен тең,
Керегі не Тәңірсіну?
Сенсіз қалу - тірілгенмен,
Өліп қалып, өмір сүру...
Сен де мені сағынарсың
Сен де мені сағынарсың,
Ашса қауыз гүл бақта.
Іздеп мені сабыларсың
Мен жүрмейтін бір жақта.
Бұлттан бейнем түзілгенде,
Мені аңсарсың бір күні.
Іштен әуен сезілгенде,
Қобалжисың біртүрлі.
Талдан, таудан сұрап мені,
Таба алмасаң, жыларсың.
Мың нүктеден құрап мені,
Жол шетіне құларсың.
Жүрегіңе мұң аларсың,
Өтіп көл мен теңізден.
Бәлкім, біліп қуанарсың
Жүргенімді сені іздеп...
БАҚТАҒЫ ӨЛЕҢ
Мақпал түнде бақбақ бүрлеп,
Мені есіңе салсын бір.
Сол бақтағы аппақ гүлдер
Шашып тұрсын тылсым нұр.
Түн сырғыса бұрымыңнан,
Күн нұрына малыншы.
Шегірткенің шырылынан
Оянып ап, сағыншы.
Бұлбұл әнге салса егер,
Менің жырым деп ұғын.
Мені еске алсаң егер,
Мөлдірейді тұнығым!
Сені біреу жолықтырса,
Сенбе оған, сағым ғой.
Көбелек кеп қонып тұрса,
Менің нәзік жаным ғой...
Біреу үйге енем десе,
Есігіңді құлыпта.
Ал, жүрегің елеңдесе,
Мен тірімін, ұмытпа!
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру