TELEGEI

Home

Рамазанның қиссасы

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Рамазанның қиссасы

Рамазанның қиссасы

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ХИКАЯЛЫҚ ДАСТАН

Айтайын бір әңгіме көрген үшін,
Мәнісін жұрт ұғынса, білмегі үшін.
Кешегі сапар шеккен кәрі залыңның,
Айтайын гоминданға қылған күшін.

Бір күні залың елін шақырады,
Оңаша ақылдасып отырады.
Зорекер гоминданның зорлығынан,
Көзіміз қайтсек біздің ашылады.

– Келдің бе шақырған соң елім, – дейді,

10. Көңіліме бір іс келіп тұр менің, – дейді.

Шәріпхан, Бұқат, Бейсі, Мәмилердің,
Гоминданнан алғым кеп тұр кегін, – дейді.
Гоминданға қарсы тұрмай жан қалмайды,
Қазақтан кетіп қалды сенім, – дейді.

Тәуекел, не болса да бір көрелік,
Сөзімді сағынсаңыз менің, – дейді.
Сөзімді менің айтқан тыңда, халық,
Советпен қол алысып, дос болалық.

Бір күні Жеменейді қамап алып, 20. Халықты азаттыққа шақырайық.

Бір тап ел қол алысты мақұл болып:

– Бұл іске өзіңіз бас, ақыл серік.

Тәуекел, не болса да бір болайық,
Артыңнан біз ереміз сенім беріп.

– Советке Сағидолланы жіберейін,

Азырақ жәрдем берсін бізге дейін.
Егерде осы сөзімді мақұл көрсе,
Жеменейді алармыз күзге дейін.
Залыңның Советке жазған хаты

30. «Хат жаздым әдейі арнап совет досқа,

Біз көрдік қиыншылық осы тұста.
Ардагер, ел басқарған жақсыларды,
Апарып абақтыға салды босқа.
Болмады малда – билік, баста – ерік,

Басшысын еліміздің алды теріп.
Қатын-бала жалаңаш, киер бұл жоқ,
Жатырмыз неше түрлі зорлық көріп.
Советтің хат жазайын бастығына,

Азырақ жәрдем берсін достығына. 40. Езілгенге жәрдем берген патша едің,

Гоминданның біз жолықтық қастығына.
Азырық езілгенге жәрдем берсін,
Нашанлік сөйлесуге өзі келсін.
Егерде осы сөзді мақұл көрсе,

Жағдайды бет айтайын көзбен көрсін.
Сағидолла жүрмек болды қағазды алып.
Советтен келмек болды хабар алып.
Болғанда кешке жақын жүріп кетті,

Жанына Имақанды ертіп алып.
Сағидолла, Имақандар түнде барып, түнде келді:

50. – Жәрдемші қанша алса да бермек болды.

Қыстағы қашып кеткен молда Сылам,
Жанынан нашанліктің көрдім, – деді.
Шаңзұң айтты: Сәлем де кәрі залыңға,
Менің дағы бар еді ойларым да.

Тәуекел, ұйғыр-қазақ бір көрелік,
Гоминданнан қашып жүріп жан қала ма?»
Қырық төртінші жыл, төртінші ай, жетісінде,
Сөйлесіп Сағдоллалар келген түнде.

Тәйнилер сырттан біліп қойып, 60. Гоминдан жетіп келді күндізінде.

– Ей, залың, балаң қайда барып келді,

Хабарды кімнен түнде алып келді?
Екеуінің мақсаты, барған жайын,
Көргендер бізге айтып хабар берді.
Сағдолла, Имақанды кетті айдап,

Барған соң аяқтарын қойды байлап.
Аямай екеуіне дүре соғып,
Етінен өтіп, сүйекке жетті таяқ.
Екеуі қорыққаннан айтты шынын,

70. Лажссыз мойындады қылған мінін.

Екеуі абақтыда зар еңірейді,
Не болар түрмедегі жатқан күнім?
Бұл істі істеген кәрі залың екен,
Советке бұның бәрі мәлім екен.

Бір күні ұстап алып жоқ қылмасақ,
Бізге де қастық қылар залым екен.
Қырық төртінші жыл, төртінші ай, он сегізінде,
Гоминданнан елу кісі келді түнде.

Қораға дүбірлетіп келді жетіп, 80. Жатыр еді залың ояу төсегінде.

Төсектен түсе қалды сонда барып,
Калошын аяғына сұға салып.
Сыртқа шықса қоршауға алған екен,
Шошыды үйге кірмей тез қамданып.

Қараңғы жүре алмады асып-сасып,
Қаңғырып жапан түзге кетті қашып.
Көрмеген бала бастан бұндай істі,
Кәрі залың жолдарды жаяу басып.

Шошынып жүріп кетті құм ішіне, 90. Жүргенін сездірмеді бір кісіге.

Бар еді түйе баққан ұйғыр қосы,
Табады іздеп келіп түн ішінде.

– Залыңның, бауырластар, тыңда халін,

Тым мандып түнде жаяу жүре алмадым.
Ауылымды гоминдан басып алды,
Ел-жұрттың не болғанын біле алмадым.
Шапағат пен пақырға қылыңыздар,

Апарып мені иенге салыңыздар.
Құтылып сұм шеңгелден қалар болсам,

100. Ақыны тойғаныңша алыңыздар.

Керуенші залың жайын қанық білді,
Мінгізіп бір түйеге алып жүрді.
Тастады алып келіп иен құмға,

– Кейін көрем, – деді де,– ерлігіңді.

Залыңды іздеп шерік шықты қалың,
Ауылдан үй қалдырмай тінтіп бәрін.
Ауылдың еркектері қашып кетті,
Көшіріп әкетті алып мал-жандарын.

Төрт түлік малды сақшы таңбалады, 110. Отады құйрық-жалын, қамбалады.

Дүрелеп сұраққа алды жас-кәріні,
Бейуаз бала-шаға зар жылады.
Ой түйді екі сөтке залың іштен:
«Хабарын ауылымның барып білсем.

Баспалап ел ауқымын толық ұғып,
Бір сенімді көлікті тауып мінсем».
Деді де түнде қайта жаяу жүрді.
Өзінің ауылына таяу жүрді.

Шідерлеп отқа қойған бір байталды, 120. Тоғамның жағасынан тауып мінді.

Ері жоқ, жүгені жоқ мінді жайлақ,
Сонымен жолға түсті «а, Құдайлап».
Қолынан одан басқа келері жоқ,
Ішінен зығырданы тұрды қайнап.

Түн іші Көлқайнарға жүріп кетті,
Ауылына Рақымбайдың келіп жетті.

– Құдай қосқан, Реке, құдам едің,

Сіздерді әдейі іздеп келдім,– дейді.
Рақымбайдың жауабы

– Ей, залың, қалай бүйтіп жүргеніңіз,

130. Мехнатты не қорлық көргеніңіз?

Жорғаң жоқ, жолдасың жоқ түнделетіп,
Астыңа жайдақ байтал мінгеніңіз?
Залыңның жауабы

– Шырқымды алды жауыздар гоминдандай,

Сондықтан жайдақ, жауыр мінгенім тай.
Тұлпар мініп, ту алар күн туса егер,
Тай мінсем де, көңілім болар ед жай.
Мені апарып қойыңдар құм ішіне,

Хабарласып тұрыңдар түн ішінде.
Бір азамат жіберіп, хабар алдыр,

140. Гоминдан әлі жүр ме ел ішінде?

Астыртын хабар әкел жүзбасыдан,
Сенімді бірге жүрген жолдасымнан.
Қаңғырып жүр иен құмда пана таппай,
Жүр деңдер жан жолдасың лажсыздан.

Бірге жүрген ел ішінде екеу едік,
Екеуміз халқымыздың қамын жедік.
Көрсетті зорекерлік жегі құрттар,
Туғалы мұндай қорлық көріп пе едік?

Залыңның кейінгі ел жұртына жазған хаты 150. – Сәлем де Дүкең кәрі – жүзбасыма,

Жанашыр бірге жүрген жан жолдасым.
Туғалы мұндай қорлық көріп пе едік,
Соны ойлап менің-дағы қатты басым.
Сәлем де Өкпебайға, Ырымбайға,

Және де Қайыңбайға, бәрің де ойла.
Төңкеріс жасамақшы ем күні бұрын,
Гоминдан біліп қойды, амал бар ма?
Сәлем де Мұқаш, Имаш, Ырысқанға,

Мен көрдім қиыншылық осы тұста. 160. Елімді азат етсем деп ойлап едім,

Обалыңа қалдым ба бостан-босқа?
Сәлем де үлкен-кіші сұрағанға,
Болады елдің басы құрағанға.
Жападан жалғыз иен құмда жүріп,

Көл болды көзім жасы жылағанда.
Табаным жаяу жүріп жара болды,
Көңілім елді ойлап ала болды.
Құдай қосқан құдамыз наймандағы –

Рақымбай Көлқайнарда пана болды. 170. Хат жазып мен жібердім, Кенжебайдан,

Әлі де үмітім көп бір Құдайдан.
Туған ел, өскен жерім Құдірет шебер,
Бар шығар жөн келтірер ақыл-айлаң.
Кенжебай бірін қоймай айтты бәрін,

Бізді іздеп келген екен кәрі залың.
Білдірмей түнде еліне көрсетпестен,
Жиып кеп Бөтекеңінің ділмарларын.
Қараңғыда Кенжебай жүріп кетті.

Аулына Сақанның келіп жетті. 180. Бастан-аяқ залыңның ахуалын,

Тастамай түгел айтып хабар етті.
Сақа жүзбасы еліне хабар берген,
Жиылып үлкен-кіші әрбір жерден.
Хабарына залыңның ынтызар боп,

Ахуалын көзекі көрсек деген.
Халықтан дана туса елден ерек,
Еңіреген ел ақылы елге керек.
Түн қатып келді халық залыңды іздеп,

Құдайдан тілек тілеп, бермек медет. 190. Қамысы Көлқайнардың болған мекен,

Қашанда халық ердің қорғаны екен.
Ширықтырған залыңды қалың елдің
Жендеттерге кегінің толғаны екен.
Құшақтасып көрісті бірін-бірі,

Бұл өзі бекер емес, сөздің шыны.
Күңіренді иен құмда тамам халық,
Ғибрат алсын ұрпақ деп жаздым мұны.
Тоқтады көпшілік те мауқын басып,

Қол беріп бір-бірімен амандасып. 200. Еліне кәрі залыңды алып келді,

Құтты қадам шаңырағына шашу шашып.
Қара шаңырақтан дәм татты, шықты жолға,
Деп тілеп: «Құдірет Кәрім, өзің оңда!»
Әбденнің ордасына келіп түсіп,

Ақсарбасты сойғызып жатты сонда.
Ел болып ақылдасты басын құрап,
Кеңесті ендігі істі анығырақ.

– Мені апарып гоминданға қолдан берсін,

Күнәсін кеш деп келдік шәннан сұрап. 210. Сауырдағы беделді ел бастығы,

Жиналып, жөнге салса халық мұны.
Мені алып қалың адам қала кірсе,
Сескендіріп тастар ед албастыны.
Хат жазып Дыңға менен Кеңесбайды,

Аттандырса нақ айтып барлық жайды.
Құлақтанса, ел-елдің бастықтары,
Серіктерін олар да қалдырмайды.
Деді де аттанып кетті олар,

Көп жұмылса, қуанып көңілің толар. 220. Кәрі-жас таң атқанша ақылдасты:

Жақсылық біз қазаққа қашан болар?
Залыңның Сауыр бастықтарына жазған хаты

Сәлем де уаң орны Зақиқанға,

Шаймардан үкірдай, Қызырқанға.
Сауырды азаттыққа шығарам деп,
Қылмысты күнәлімін гоминданға.
Қазыбектен Жұмағұл, Тағай келсін,

Ақымер менен Насихат оған ерсін.
Жәдіктен Қанжарбай мен Ыдырыш кеп,
Залыңды гоминданға қолдан берсін.

230. Барқыдан Баянды мен Мұсайыпке,

Жатпаңдар босқа қарап бекер текке.
Советке қашып барды молда Сылам,
Бірлестік ұйғыр-қазақ бір ниетке.
Арнаулы хат жазамын, Қабыл, сізге,

Керейдің ескісі жоқ сізден өзге.
Сұмдарға мені апарып қолыңнан бер,
Үмітпен, сенім артам өзіңізге.
Мұстапа, закон залың –жан жолдасым,

Әбілжәмін чүйжаңым, ақылдасым. 240. Нұрмұқамбет, Кеңесбай, Қайса зәңгі,

Тілегімді екі етпей мақұлдасын.
Ителіде Тоқтаубай, Ережепке,
Жатпаңдар босқа қарап, бекер текке.
Ақылды бір орыннан шығарайық,

Ителі, ботақара бір тілекте.
Қабиден, Нұрке мырза – екі бала,
Екеуің қызмет істе маған бола.
Гоминдан көшіріп алған ауылымнан,

250. Астыртын хабар беріп тұр, бола ма?

Сауырдың хат жазамын кәрісіне,
Алланың нар тәуекел әр ісіне.
Әруағы бабалардың қолдай көрші,
Хат жаздым атын атап әр кісіге.

Отырып әңгімемен таң да атты,
Көпшілік қуанышқа әбден батты.
Залыңның қамы үшін ел адамы,
Тұс-тұстан қопарылып келіп жатты.

Сауырдың жиналды көп кемеңгері,
Мықтылар құрады ақыл көлемдегі.

260. Қара тор қалың адам, жер қайысып,

Саңлақтар тақымда ойнап елеңдеді.
Көп ақылы: Чүй алдымен барсын, – деді,
Соңынан қалың қауым ерсін, – деді.
Тәртіпке жұрт көңілін бөлсін, – деді,

Жамбылға тобын жазбай кірсін, – деді.
Алдында Әбілмәжін қалың кісі,
Бес жүздей адам болды іш пен тысы.
Шаңдатып қалың адам келе жатыр,

Айбынды көрінеді көрінісі. 270. Жамбылға Әбілмәжін жалғыз келген,

Шән орнынан түрегеліп қолын берген.

– Не жұмыспен келдіңіздер қалың адам,

Жұмысыңды қалдырмай айтшы, – деген.
Әбілжамал чүйжаңның сөзі

– Залыңды алып келдік қашып кеткен,

Кеткенін біле алмадық не себептен.
Ортаңа қалың кісі келді алып,
Күнәсін кеше ме деп асып кеткен.
Шәнің жауабы

– Жиналған барлық халық қайтсын деді,

Хабарды ел-жұртына айтсын, – деді. 280. Ертең залыңды көшіріп апарамыз,

Хабарын айтып, шүйіншісін алсын, – деді.

– Жиналған тамам халық қайтыңыздар,

Елбасы бүгін қонып жатыңыздар.
Залыңды елбасылары алып келді,
Біздің жасап берер тойымыз бар.
Алып келіп сойғызды екі қойды,

Әр түрлі тәтті тағам түгел қойды.
Жайланып басын қосты бастық біткен,
Шәйланып, барлықтары асқа тойды.

290. Ерте жиды базардың арбаларын,

Қалдырмастан тиеді жүктің бәрін.
Бірін қоймай мал-жанның алып келді,
Шарықтыға тіктірді ауылдарын.
Алтайдан Дәлелқаннан хабар келді:

– Отырсын шән орнына залың, – деді.

Істеген төңкеріске еңбегі көп,
Халықтың барлығына мәлім, – деді.
Жылқыайдарды жіберді әскербасы,
Әріппай, Құрмаш, Болат – ақылдасы.

300. Барғандарға азықты халық беред,

Залыңның әмірімен іс қылады.
Мың тоғыз қырық төртінші жылы еді,
Жетінші ай, жиырма жетінші күні келді.
Ат, азық түгел халық бермек болып,

Қаулы алып Жеменейге кірмек болды.
Халықтан әскер мінді ат ыңғайлап,
Қолына қару-жарақ алды сайлап.
Гоминданмен соғысуға түгел кетті,

Қаһарман батырларда тасып қайрат. 310. Аттанды Сауыр елі шабуылға,

Бағынды қолбасының жарлығына.
Қаласын Жеменейдің қоршап алып,
Атысты екі сөтке барлығы да.
Жау біткен абырон алған қаладағы,

Барлығы Жамбылға кеп паналады.
«Бағынамыз үш сағат пұрсат бер» деп,
Елші салып жалынып ағалады.
Берді пұрсат, гоминдан пайда тапты,

Боларын кім ойлаған бұл апатты. 320. Шалғыншы жау кеп қалды деген сәтте,

Бір адам жау алдынан тұра шапты.
Алтайдан шыққан екен мыңдай адам,
Не үлкен қарулармен қаруланған.
Тасқындай бөгеу бермес қалаға енді,

Бұл істі көзім көрген, емес жалған.
Келген жау өте күшті көрінеді,
Біздің жақ тауға қарай шегінеді.
Аз мылтықтың таусылып шағын оғы,

Сарбаздар өзін-өзі кеміреді. 330. Кірді жау Жеменейдің қаласына,

Халықтың қорқу болды арасында.
Арылып екі күнде Советке өтті,
Сауырдың жан қалмады даласында.
Соғысып ар жаққа өтті елдің бәрі,

Құлазып иен қалды жердің бәрі.
Сауырдың қазағынан қалмаймыз деп,
Қобықтың бірге көшті мұңғылдары.
Ар жаққа өтті түгел, жерге сыймай,

Жылайды қатын-бала жерді қимай. 340. Соны шөп, тұнық судан ішті ел-жұрт,

Жырғады тегін алып бұл менен шай.
Кедейге тегін берді ұн-бидайын,
Байларға арзан сатты бұл мен шайын.
Төрт түлік мал мен жанға қоныс беріп,

Жаз-жайлау, қыс-қыстауы болды дайын.
Советте залың болды– жарым патша,
Советке танылды ғой аты сонша.
Сұрыптап партизанды қайта құрды,

Түсер деп жауға жасыл, амал болса. 350. Мұңғұлды тең биледі керейменен,

Зайсанға аты шықты Семейменен.
Жарым патша атанып елді билеп,
Байларды бірдей көрді кедейменен.
Өткен ел ар жаққа қалды қыстап,

Бер жаққа әскерменен құрды штаб.
Кеңсе құрып, ар жаққа үй тіккізіп,
Болғанда жазға салым соғыс ашпақ.
Үш мың үйдің бастығы залың болды,

Атағы жерді жарып мәлім болды. 360. «Жаз шыға соғысты бастаймын» деп,

Жинауға ат, азықты әмір берді.
Гоминданға біреу барып хабар берді:
«Жиналып төрт мың адам жатыр» деді.
«Тәуекел қоян-қолтық көреміз» деп,

Мұны естіп гоминдан сасады енді.
Естіген соң барлығы қалды шошып,
Тәуекел кетелік деп басты қосып.
Осы күн не болса да кетелік деп,

Бірі қалмай түн қатып кетті жосып. 370. Әскерлер жүрді жолды торуылдап,

Қашты жау түн жастанып улап-шулап.
Жеменей азат болды мерездерден,
Гоминдан қашып-пысып кетті бір-ақ.
1945 жылы қайта өтті ауыл-аймақ,

Сиынды, масайрады «а, Құдайлап».
Гоминдан түгел қашып кеткеннен соң,
Қуанды ел-жұрт түгел гүл-гүл жайнап.
Босқан ел түгел келді жерге көшіп,

Төрт түлік мал сағынған шөбін жесіп. 380. Қырық бесінші жыл екінші айдың жиырма төрті,

Жеменей азат болды мерейі өсіп.
Мың тоғыз қырық алтыншы жыл, тоғызыншы айда,
Бір науқас сүзек деген болды пайда.
Алпыс сегіз жасында ажал жетті,

Пәниден кетті залың бақи жайға.
Жасында алпыс сегіз ажал жетті,
Халқына артындағы қадыры өтті.
Басшысы еліміздің кеткеннен соң,

Қайран ел жетім қалып, сәні кетті.
Кетті ғой арамыздан қайран залың,
Келтірді өз тұсында елдің сәнін.
Бәйтерек алтын діңгек құлап кетіп,

Елінің ашылмаған соры қалың.
Ойда бар теріп жаздым сөздің бәрін,
Ұмытып қалған екем бірқатарын.
Шамам жоқ жаңғыртуға, сөз қосуға,

397. Жалғауға жалған сөзді келмес халім.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙