Мазмұнға өту
Home

Қазақтың 100 поэмасы 4 том

Аманхан Әлімұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Қазақтың 100 поэмасы 4 том

Авторы: Аманхан Әлімұлы

Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Қ 17 Қазақтың 100 поэмасы / құраст.: Ж.Аймұхамбет, А.Əлімұлы; алғысөзі мен түсініктерін жазған Ж.Аймұхамбет. – Алматы: «Жазушы», 2013.

4-том. – 376 бет. ISBN 978-601-200-453-3 Қазақ поэмаларының төртінші кітабына Т.Əбдірахманова, М.Əлім баев, Е.Ибраһим, І.Мəмбетовтің поэмаларынан бастап, ХХ ға сыр дың 60-жылдарында қазақ поэзиясына жаңа серпін əкел ген Мұ қа ға ли, Жұмекен, Қадыр, Төлеген, Олжас сынды көрнекті поэзия өкіл де рі нің эпикалық поэзия жанрындағы туындылары топтасты рыл ды. УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 ISBN 978-601-200-453-3 (4-том) ISBN 978-601-200-449-6 (ортақ) © «Жазушы» баспасы, 2013 УДК 821.512.122 ББК 84 Қаз 7-5 Қ 17

ТЎРСЫНХАН ƏБДІРАХМАНОВА (1921–2003) АНАР (Қырым аңызы негізінде) О, жарандар, қараңдар, тас жылайды, Тас жылайды аһ ұрып, жас бұлайды. Қаттылықтың белгісі қара тасты Қара түнек қаптады, басты қайғы. ...Тас жылады, қара тас қансырады, Тас жылады, ал қайтып жан шыдады! Ақ алмасты мұқалтқан меңіреу тас Ақ тарыдай иленіп, жаншылады. О, жарандар, қараңдар, тас жылайды, Тас жылайды, егіліп жас бұлайды. Қаттылықтың белгісі қара тасты Не мүжіді, неліктен басты қайғы? I Тас дегенім, жарандар, тастай адам, Мəнін айтпай қалайша тастай алам. Қызыл тілім көсіліп көр кəнеки Шығарайын жылаған тастан адам. Шығарайын жəне де адамнан тас, Хикметін айтайын адам нанбас. Баяндасам бар кебін тас адамның Тастан оны еш пенде айыра алмас. Нəсілі оның Қырымның татарынан, Қаттылығын асырған қатарынан, Қырымгерей есімді хан өтіпті, Тітіреген аймағы қаһарынан.

Қырғын салып, қан кешіп таққа келді, Қай уақытта мұндай хан баққа келді! Хан əкелген қырсық – сор өрттей өршіп, Ел иығы езілер шаққа келді. Халық қамы қашаннан бүтін еді? Ханнан мейір ел қашан күтіп еді? Аждаһадай ысқырған осы ханнан Халық түгіл, қара жер тітіреді. Көрінуден Герейге күн де қашқан. Түнермеген сəті жоқ қабақ ашқан. Адамдықпен алысып ата жаудай, Қаттылығын асырды ол қара тастан. «Герей» десе дəн семіп қауыздағы, Аңыз болды Герей хан ауыздағы. Керегенің көгінен бойы келген Ер баланы көгендеп бауыздады. Болады деп күні ертең бақталасым, Қырды осылай елінің жас баласын. Жүрегінен адамның таспа тіліп, Сүйегінен салдырды баспанасын. Тіршілікте мағына қалмай тірек, Қырым елі қарғады ханды жүдеп. Қан шеңгелдеп анадан туған бейбақ, Бар деймін адамдық десті жүрек. Тас десеңіз одан да үн шығады, Темір десең, одан да шың шығады. Осы ханның жүрегі киіз болар, Киіз ғана меңіреу тұншығады. Осылайша елінде шығарған ат, Шавхат, мейір дегендер Герейге жат. «Киіз жүрек, қара тас Қырымгерей» Аңыз болып əлемге кетті тарап.

Ал қаһардан қайтпады Герей тіптен, Азбанқұлға айналды еркек біткен. Бір ісінен асырды бірін Герей, Желге кетті үміттер онан күткен. Алдырылып гаремге сұлу біткен, Амалы не соларды азбан күткен. Ыза болып қалпына, қасақы іске Не бір өрім қоштасты тіршілікпен. Осындайда ауырлап адам жүгі, Таразыда тұрмай ма адамдығы. Су бетіне төгілген қара майдай Көлкіп шығар лезде жамандығы. Асып кейде Герейден қабандығы, Əйгі болып ханына «адалдығы», Азбанқұлдан шығыпты сақ құлақтар, Қайғысы – тек ішер ас, амандығы. Хан ордасы өзі бір жатқан қала, Алуан сарай, əртүрлі шеберхана. Мəуелі бак, май гүлі, мөлдір бұлақ Бұратылып ағады күліп қана. Түйір шаңсыз көк шалғын ұйысады, Жалғыз аяқ құм сүрлеу қиысады. «Ізгілікке ғана орын болатын жер, Зұлымдықпен қалайша сыйысады». Деп ойлайсың ішінен, амал бар ма Мекен бопты бұл аймақ қабандарға. Ар билемей адамды, бар билеген, Қолдан құдай жасалған замандарда. Ортасында орданың биік сарай, Салдырыпты шеберді жиып талай. Хан көңілі табылу қиын болып Бітті-ау қыршын желкені қиып талай.

Бұл сарайдың дейді екен атын Гарем, Сарай емес, мен мұны түрме дер ем. Көзі түсіп, көңілі ауып жүрмесін деп, Терезесін салдырған кенереден. Қамалдай бар қабырға биіктігі, Өзінше бар оның да тұйық сыры. Бір-біріне көз болып есік біткен, Бірін өтеді қиғаштап, қиып бірі. Сарайда бар əртүрлі алпыс бөлме, Қайсыбірі малынған алтын зерге. Алдырылған əр жерден арулардың Мекені бұл Герейге болған пенде. Дəл жанында бір биік мұнара бар, Бөтен білмес бөгде сыр мұнда да бар. Жылында бір мəртебе ең əдепті Сұлу шығып аймаққа көзін салар. Деп аталған ол қыран мұнарасы, Қыранға ұя шынында ұшар басы. Қан мен терін адамның тоя жұтып, Содан шұбар болғандай əрбір тасы. Бөлме сайын төрт əйел сағы сынық, Қабағынан біреуін біреуі ұғып... Азбанқұлдың алдында мысық тайын Жорғалайды сорлылар тізе бүгіп. Көн тулақтай тырысқақ, пейілі тар, Жылан жүріс, зымиян Азбанқұлдар. Надзиратель секілді, əйелдердің Тындырарын анықтап, сол ұқыптар. Жарығы аз бөлмеде ала көлең Біреуі зер тоқиды, бірі кілем. Көздің майын тауысып, қазықтай боп Отырады байғұстар қалмай рең.

Қыбыр етсе Азбанқұл сұс қылады, Жеген асын желкеден құстырады. Сегіз өрім, бұзау тіс арқасында Ирелеңдеп, жыландай ысқырады. Отырмасқа сондықтан амалы жоқ, Ханға ұнаған аз күнгі заманы жоқ. Бір төсеніп тастаған болды көрпе, Көз жасынан өзге айла табары жоқ. Еркін жылап төге алмай көздің жасын, Амалы не қу тағдыр қор қылған соң. Торықтың деп ажалсыз жан шықпайды, Алған артық Азбанқұл ықыласын. Міне, осындай ордаңыз қып-қызыл өрт, Жанап кеткен жанына табады дерт. Қап, əнеки дүлей күш тастады отқа, Ақ балапан аяусыз болар ма мерт! Үрей ұшты, көз тұнды, құлақ у-шу, Жау келгендей жасанып, көтеріп ту. Дүние тегіс селк етіп шошығандай, Теңіз аунап бүктеліп, шулады су. Тұнжырады асқар тау өр кеуделі, Ақ қайыңдар тұншыға мөлтеңдеді. Ұясына құс сүңгіп, аңдар қашып, Аспан асты тұрғандай өртенгелі. ...Дауылдатты найзағай шатырлады, Соғысқандай аспанның батырлары. Қарғыс біткен атылып бұршақтайын, Орда үстіне төгіліп жатыр бəрі. Құзғындардың айналмай олжасына, Айығар ма түнерген сор басына! Тағы да бір тағдырдың ойыншығы Əбжыланның құлады ордасына.

Ақ балапан құлады, күйді ме əлде, Арашаға тұра алар қандай пенде. Кетер ме екен, япыр-ай, бірге өртеніп, Сыңғырында күмістің сұлу əн де. Үні шықса ауылды сөгілтетін, Қам көңілді қайсыбір егілтетін. Бірге өртеніп кетер ме сым саусақтар Сырнайдан күй толқытып, төгілтетін. Мына меңіреу дүлейге тауып төзім, Əлде аман қалар ма елік сезім. Төңкергенде жіберер бірге аунатып, Мөлдіреген мойылдай қара көзім. Қайсар қайрат үлгеріп келіп батыл, Дер ме қарсы жауыңа оқтай атыл. Меңіреу күш меңгере бастағанда, Арашаға түсер ме əлде ақыл. II Ақ балапан – Анар қыз ашып көзін, Қайда екенін аңғарып барлап өзін. «Хан сарайы, жасаған, жазығым не!» – Сынбаса да майысты берік төзім. «Еркін құс ем, бұл торға қалай түстім, Уысына тап болдым дүлей күштің». Отырғанда ойланып, аң-таң қалып, Елес берді ұшығы сұмдық істің. Əзіл-сауық... Жүректер жүр жарасқан жұбын тауып. Бай мырзасы келіпті Мұса дағы, Анар қызға жүретін көңілі ауып. Анар болса міні жоқ тұлғасында, Тоқсан өнер тоғысқан бір басында,

Ауыл болып аялап, əлпештеген Ай сынды қыз арайлы күн қасында. Кездеспеген өмірдің азарына, Бұралған əн, бұлбұл күй базарында, Ақтиіндей алаңсыз ару Анар Отыр ұқсап ақ таңның ажарына. Қырсық іске бас болған осы кеште, Себеп болды Анар қыз бір егеске. Май құйғандай өршітіп жіберді өзі, Тыйым салмай тұтанған ерегіске. Мал буына семірген Мұса мырза, Қарасын ба ыңғайлы, ыңғайсызға. Əлімге кеп зілденіп сөз тастады Төрде жақын отырған Анар қызға: – Қашан болсын, япыр-ау, осы Əлім, Көлденеңдеп жүресің білмей əлің. Мынау орын менікі, қағыл былай, Өрең жетпеске ұмтылма, жайың мəлім. – Мұса мырза, білсеңші сөйлер сөзің, Ерте туып, кеш қалып жүрген өзің. Қыз біткенге ен тағып қойып па едің, Өңмендейсің, өзеуреп, сүзіп көзің. Саған қалған жайым жоқ сынға салар, Өзін, де ойла əліңді сынаса алар. Сақтап едім қасымнан десе орын, Өзі айтсын отыр ғой, міне Анар. Байекеңе мына сөз тиді қатты, «Бұлай деуге бұл малай қалай батты», Сөз таба алмай булығып қаны ойнап, Мұса мырза тұтанып келе жатты.

Анар соны сезді де араласты: – Мұндай керіс, жігіттер, жарамас-ты. Мынау əнге үш ауыз өлең тауып, Кəне қайсың айтасың табан асты. Қисыны жоқ қиынға, салып өрге, Бос тепеңдеп торымен түспей терге. Ер намысы бар жігіт өнерімен Өз мерейін асырып шықсын төрге. ...Өлең тауып табанда шырқап əнін, Бойында бар танытты жігіт нəрін. Қолы қысқа болғанмен, жаны дарқан, Жүре-тұғын келтіріп жиын сəнін. Ал Мұса мақұрым еді əн мен күйден, Ашу кернеп, түтігіп шықты үйден. Шырпы дайын тұтанғыш, ызақор жан, Атқармақты сұмдығын ішке түйген. Өз басына Анардың болып кекті, «Заржақ ит» деп Əлімді сыбап сөкті. Үйіне кеп ат мініп, аял қылмай, Қайдасың деп хан сарай жүріп кетті. Жаңа шыққан жапырып жасыл қауды, Жара шауып келеді Сабын тауды. Екпінімен жер соғып, екіленіп, Қуып келе жатқандай қалың жауды. Қарақшыдай жамылып қара түнді, Қара ниет барады, аяр кімді. Жауыздыққа жəрдемші болмайын деп, Түн тылсымға айналды, жел де тынды. Қадам алға баспасын қарап алмай, Ажал мейлі тілесе қойсын жалмай. Түнек ойды тұнжыр түн тұншықтырсын, Деді ме əлде ақ бетін бүркеді ай.

Басқа-көзге төпелеп теңбіл көкті, Ақ көбікке малынтып терін төкті. Зауал жолап көрген бе мұндайларға, Түн жарымда ордаға келіп жетті... Зұлымдыққа Мұсаны барады деп, Ойламаған сауықтан тарады топ. Үйіне кеп жайғасып жатты Анар, Қара ниет, қара істен хабары жоқ. Алынатын бардай-ақ қамал мұнда, Төрт-бес кісі, Мұса бар топ алдында. Шырт ұйқыда алаңсыз жатқан қызды Жөнеді алып жұмарлап таң алдында. Өңі ме бұл білмейді, əлде түсі, Əлде зұлым біреудің қасақы ісі. Арашасыз қыз байғұс кете барды, Ес-түсі жоқ, аярлық халде кісі. Ат үстінде көлденең, құйын жүріс, Бас тұмшада, ала алмай бітті тыныс. Əлсізге кім күшті емес, бұлқынғанға Босатар ма қақпандай қолдар «құрыш». Күш кімде, іс соныкі бəрі сыйған, Теріс деп бұларды кім бар тыйған. Шалажансар, өлімші сол бетінен Тəулік жатып қыз есін азар жиған. Оймен сезіп, міне, осы болған істі, «Мұсадан», – деп түйді Анар қайрап тісті. Не де болса ақырын көрмек болып, Ширап бойға жиды бар қайрат-күшті. «Қандай тағдыр алдыма құрмақ тезін», Құйынша ұйтқып құбылып, жүйрік сезім Жағадан ап, ой қамап отырғанда, Біреу кірді өң менен қадап көзін.

Қабақтары түксиген шүңірек көз, Дерсің түсін сандықта сарғайған без, Майланбаған қайыстай қатып-семіп, Тіл кескендей сазарып қатпайды сөз. Ақ шапаны, басында сəлдесі бар, Əлде жынды белгісіз əлде есі бар. Атбегідей айналып көрді Анарды, Дерсің қояр апарып көрмесі бар. Сатып алар мал дайын қарады кеп, Шыдады Анар бұл қайтпек болады деп. Обыр көзі тінткілеп тұла бойын, Жұтардай боп тесіліп барады жеп. Шығып кетіп бір кезде кайта келді, Жібек шапан Анарға желек берді. Бөтен көзден тасалап, ұрлық малдай, Бетін бүркеп жетелеп жөнеп берді. Жетектеді, қыз байғұс дедектеді, Сайға тимей аяғы безектеді. «Қайда барам, мына сұм не қылмақшы, О, жасаған бере көр медет», – деді. Келеді ол аяғын əрең басып, Буындары дірілдеп, қаны қашып, Қанша өжет болғанмен жүрексінді Кіргізгенде сарайға есік ашып. Тағдыр жазса, адамның келмес жері Болмайды ғой пенденің көрмес кері. Зергер шалдың қыш үйін берер ме Анар, Бұл сарайға сəулетті зер кестелі. Өтті Анар сарайды көзбен шолып, Алтынға аптап, күміспен қойған өріп. Шебер ойған сүйектен биік сəкі, Хан тақыты болар деп қойды жорып.

Алтын шабақ шоршыған əдемі «көл», Шақырғандай шыраймен деп мені көр. Ортасына сарайдың орнығыпты, Көрініп тұр кеп маңдай төккені тер. Иығына көтерген алтын құбыр, Арудың тұр жүзінде өзгеше нұр. Өшпес мəңгі өмірдің белгісіндей Құмырадан мөлдір су төгіліп тұр. «Көл» жиегін көмкерген ақ мрамор Ақ мрамор – би орны аққұла бір. Хан көңілін көтерер шақтарында, Аққұба қыз киіктей ақты не бір. Өзі көрген гүлдерден өзге мүлде, Аңтарыла қарады қызыл гүлге. Бір сəт қалпын ұмытып ерке көңіл Қыз назары жүгірді бірден-бірге. Осылайша əрнені көзбен шолып, Мағынасын, мəнісін ойша жорып. Жүрген Анар хан келіп қай уақыттан Сезбей қалды тұрғанын мұны торып. Қыз елестеп көзіне қызыл шоқ боп, Хан жөнелді көргеннен көбелек боп. Көңілі ауғанын меншіктеп үйренген жан, Қызыл көрген қарғадай тиді өктеп. «Кел, аруым», – деді ол жайды құшақ. Көптен бергі етене жанға ұқсап. Жалт қарады Анар қыз сол қараспен Ханыңызды тапжылтпай қойды тұсап. Жаңа ғана арманы алға асқандай, Хан көңілі ашықты айлы аспандай Ұшырасқан көздерден от шашырап, Аждаһа мен ақтиін арбасқандай.

«Пай-пай, неткен көз еді алдаспандай, Жан қысылып, қан ұйып, тер басқандай. Не боп барам, қай жаққа қашты қуат, Не сиқыр бар бұл қызда мен сасқандай. Бұл не қылған, япыр-ау, өктем пішін, Көзіменен барлатып маған ішін. Қалай ғана бетіме келе алды», – деп Хан сілкінді, суытып алды түсін. Іздегенге сұраған, кел дескендей, Қадалысқан көздері жер тескендей. Айбат шегіп, барласып, ысқырысып, Ізгілік пен зұлымдық белдескендей. «Қайтсем екен қылығын мынау жанның, (Кері қақты ұсынған қолын ханның.) Алтын табақ ішінен шоршып түскен, Ит басындай көрдің бе керін халдің. Өмірімде көрмеген болды аза, Ел білмеген рауа кессем жаза. «Өлер бала зиратқа» дегендейін, Кесірлігің басыңа жетер таза. Шығарсам бақ үйдіріп, көзіңді ойып, Жіберсем бе өзіңді мүлде жойып. Күтушіге күтуші, күңнің күңі Етейін бе табаның тіліп қойып. Тағысындай тəкаппар иесіз құздың, Кешірсем бе қылығын кесір қыздың». Көк бауырдай көгеріп хан түтікті Кескінінен ызғары есіп күздің. Келді Анар осылай хан алдына, «Хан осы ма шықпайтын жан алдына. Ауылдағы ат бағар ғой бір, Десем ерек пендеден жаралды ма.

Шығып кеткен көзін-ай шарасынан, Жанды ықтырып осылай қарасынан Үйренген-ау. Бар екен тұмсығы да Айырғысыз қарғаның баласынан. Ел ұятын, ұжданын жатқан тонап, Осы екен ғой сиқырлы толмас қорап. Ханымыз деп шоқитып тақыт беріп, Қойған екен қабанды жібекке орап. Амалың не осыған түссе күнің, Алған екен сыртына салып түгін. «Қырық кісінің ақылы ханда» дейді, Рас болса білерміз танып бүгін. Ақ ботаға қара нар салып жүгін, Танытқан соң өзінің «алыптығын». Бұраң еткен алдында бұраң белден Дəндегенің білемін анықтығын. Таққа келдің, қырсық-сор ала келдің Оба дайын елге ойран сала келдің, Саған пенде болғанша кесер басым, Кірсін дағы койнына қара жердің». Хан мен Анар осылай ұшырасты, Қыздан шырай көрмеген, ықыласты. Бір сəт Анар алдында айбарлы хан, Бет пердесін сыпырды, шынын ашты: – Күш жұмсасам уысқа алар едім, Бір шерткеннен өзіңде қалар ма едің! Қалауыма қасыма ап құшып, сүйіп, Балапан қып бауырыма салар едім. Аяулыңды бойыңнан алар едім, Қызығыңа осылай қанар едім. Басылған соң құмарым өлекседей, Қара құлдың бауырына барар едің.

Сезесің мен бұған бармасын? Қара түгіл, мені қай хан басыңды! Жанға істеп көрмеген ықыласым, Мен əкелдім алдыңа хан басымды. Енді шыдар жайым жоқ, кеш, аруым, Бұдан ары кергісең кеш қалуың. Əр асауға лайық тұсауым бар, Мұны дағы алғайсың еске, аруым. Бұл ұядан енді ұша алмасыңды, Білесің ғой қайырылып бармасы. Еркінменен қабылда хан иенді, Кел, аруым, қоялық арбасуды, – Деп тағы да Анарға хан ұмтылды. Қозғалмастан орнында Анар тұрды. Кірпіктері найзалап, көзі от шашып, Ханды қайта тағына алып ұрды. Тізе бүкпей тұрды қыз имей басын, Қабылдамай Герейдің ықыласын. Хан тұтанып шақырды бір жендетін, Қыздың сырын өңінен оқыған соң. Иек қақты, ұры иттей жылмаң жүзді, Кірген жендет жалаңдап бағып ізді. Қозы арқалап қашқан дəл бөрідейін Иығына жөнелді салып қызды. Түнектей бір апанға алып кірді. Хан зынданын қыз оймен танып білді. Қажымасын сездіріп қайсар жанның, Қара көзі от болып жанып тұрды. «Хан жарлығын екі еткен жоқ-ты еркек... Кінə өзіңнен, бойжеткен, сазаң сол», – деп, Тамақ кенеп, тамсанып сəл тұрды да, Жапты есікті, жайына кетті жендет.

Хан қорлығын бойына дарытпастан, Паң, тəкаппар қалды Анар қорықпастан. Қыз назарын өзіне алды бұрып, Тылсым зындан жасаған ойып тастан. Қабырғасы теп-тегіс көк жалтыр тас, Биігіне көз салсаң айналар бас. Кенереден түскен бір əлсіз сəуле, Қарау түгіл жақындап барып болмас. Төргі жағы жақпар тас, ылди сыз, Ысыл, сыбдыр, шиқыл бар бір белгісіз. Тоңазыды бойы да, аяқталды, Бір тасқа кеп шоқиып отырды қыз. Сəуле əлсіреп, біртіндеп түнек басты, Қалтырады, Анардан үрей қашты. Бірі шоршып, жорғалап, бірі ыршып, Жылан-шаян боп кетті аяқасты. Сезіп дене тітіреп Анар састы, Ар үшін жан ажалға тікті басты. Жан қиналса қарманбай қалар ма адам, Аумақты бір тапты əрең тікше тасты. Тасқа шығып тұрды Анар етпей қыбыр, Шұбатылып жорғалап жыландар жүр. Отыра алмай орнығып, тізе бүкпей, Көзден атты керер таң, қыз шыдап тұр. Зындан іші бозарды атты да таң, Сəуле түсті сан даудан сыздықтаған. Түні бойғы ысылдың сыры ашылды, Мəні-жайын түнекте қыз ұқпаған. Елестетіп ертекте қас алыпты, Екі жылан ажалға қасқарыпты. Өліспес беріспес қанды шайқас Арасында бұлардың басталыпты.

Дегендейін өлтірмей қойман тірі, Ұзын дене орап ап бірін-бірі... Шиеленіп, күрмеліп, ширатылып, Түйін жіптей домалап қалды міні. Тас шыдамай домалап шақыр-шақыр, Тіс пышақтай осқылап өтіп жатыр. Жұлынған ет денеден кесек-кесек, Бір-бірінің аузында кетіп жатыр. Бірі өктеп азуын бата түйреп, Бірі қатты жаралы дене күйреп. Қызыл қаннан таспа жол із қалдырып, Қашты əлсіреп денесін зорға сүйреп. Жан иесі көрмейтін бар ма азап, Өз əлінше тағдырға бəрі мазақ... Əрең жетіп Анардың дəл алдына Əлгі жылан құлады, міне, ғажап! Мұны не деп сорлы қыз жорымақшы, Қалайда да жыланның жолы қатты. Маған деген жақсылық нышаны емес, Деп қыз ойы теңіздей толқын атты. Жеңген жылан өкшелеп келе жатты, Қыз жанына оның суық сұсы батты. «Маған келе жатыр» деп жалған ұғып, Естен танып, қыз құлап түсті қатты. Қорқатын атасаң жылан атын, Үрейленіп жоғалтты қыз тағатын. Анар тұрған тік тастың іргесінен Сыздықтап бір болымсыз су ағатын. Бетке алғанда тікше тас қыз панасын, Су болатын жыландар нысанасы. Бірі жетпей жолда қап, бірі жетті, Қайдан білсін сорлы қыз бұл арасын.

Талықсыған титтей үн шығармастан, Айырғысыз жатты Анар тілсіз тастан. Қанша жатты кім білсін, көзін ашты, Басында отыр хан сипап қолаң шаштан. Жатқан жері жиһазды шағын бөлме, Мамық төсек малынтып жайған төрге. Елік орғып орнынан атып тұрды, Қалай келдім дегендей мынау жерге. Дүлей күшке сорлы қыз болған пенде, Жан қысылып малынып қара терге. Аяқ басып тұра алмай əлі құрып, Қайта құлап, сылқ етіп түсті жерге. III Содан бері таң атып, күндер батты, Жаны бар да жайы жоқ Анар жатты. Толқын бермей томсарған көк теңіздей Шымырлаған тереңнен тұнып қатты. Істер айла-амал жоқ, іштен тынып, Не боларын тағдыры жатыр біліп. «Хан шеңгелі белгілі кілтсіз қақпан, Құтылу жоқ дүниеде тірі жүріп». Жаннан безіп жастайын өлу киын, Тірі жүріп қорлықты керу қиын. Торлап, тұнжыр ой қамап тұмандайын, Сорлы қыздың күн-түні жеді миын. Жанашыр жоқ жанында берер кеңес, Құдай аяп көз жасын көрер емес. Айықтырып азаптан арашалап, Ажал дағы оп-оңай келер емес. Табыттағы мəйіттей жүзі суық, Ылғи ойда жатады көзін жұмып.

Ажарынан түңіліп хан тұрады, Тіл қатуға бата алмай келіп жуық. Кейде шығар телміріп тұрып-тұрып, Кейде ашулы бүркіттей алар бүріп. Түйілсе де, түтуден лəззат қайсы... Қылар қайран таба алмай, амал құрып. Тағына кеп қомдайды ой қанатын: Ісі бопты-ау енді бұл ойланатын. Қолын қағып кім мұның көрді бұрын, Көзі түскен жүректе той болатын. Бұл қақпаны сан ару ашатын, Тосырқайтын, томсарып қашатын, Тас зынданда үш түнеп шыққаннан соң, Хан бүркіттей бауырына басатын. Не болмаса тез суып үлгеретін, Таңсық асын татпастан жиренетін. Ит иіскемес хан түгіл, арам астай Сорлы сұлу көз түртті күйге енетін. Қайсыбірін күшпенен күйрететін, Қайсыбірін ызбармен үйрететін. Таза емес деп таңбалап, масқаралап, Көнбегенін найзаға түйрететін. Анар үшін мен бұған бара алмаймын, Өз қолымды қылышпен қаға алмаймын. Тыныс демім, жан жүйем секілді ол, Сəл ұзасам қасынан алаңдаймын. Бір қарасам көзімді ала алмаймын, Қарамас күш бойымнан таба алмаймын. Мен көрмеген Анар қыз асыл екен! Жалбарынсам əнге жаны ашыр ма екен!

О, дариға-ай, кінəлі əлде мынау Батар күндей еңкейген жасым ба екен! Тұңғыш рет осылай торықты хан, Қыздан бойын тия алмас болыпты хан. Өзі сезіп-білмеген өмірінде Оқшау, бөгде бір күйге жолықты хан. Күш жоқ дейтін өзімнен құдіретті, Хан қаһардан айырылды, күйі кетті. Делбе жылқы секілді айналсоқтап, Қыз қасына баруды жиілетті. Хан өйтті деп қыз бері қарамады, Асқынған дерт бойынан тарамады. Құса жеңді, күннен-күн төмендеді, Аяқ басып тұруға жарамады. Сұлық жатқан қалпынан тұра алмады, Нəр татпады не сусын сұрамады. Науқас бір күн бұзылды əкесінің Құлағына естіліп жылағаны. Əлдекімнің көз алмай елесінен, Бірде іздеп үзілген əн есімін. Бірде: «Көке, мен мұнда, мұндамын», – деп Ұзақты күн сөйлесіп əкесімен. Бірде елестеп көзіне құрбылары, Ойран-асыр сəн-сауық құрды бəрі. «Бір əн салып жіберші, Анар», – десіп, Ортаға алып қиылып тұрды бəрі. Бірде елес береді ауыл-аймақ, Бірде толқын төсінде салып ойнақ. Бірде елестеп көзіне ата-анасы, Ұмтылады жан көке, апатайлап.

Бірде түнек елестеп, бірде жылан, Бірде азбан, бірде хан төніп тұрған, Жаны шошып ышқына қысылады, Жауыздыққа байланған сорлы құрбан. Сандырақтап осылай үш күн сайрап, Əлдекімге өшігіп, тісін қайрап. Жатты да кеп жалынды əкесіне «Мені дағы ала кет көкетайлап». Өмірменен қоштасты, үзді мүлде, Əлде разы, ұқсайды жүзі гүлге. «Жүр», – деді де манаурап кетті ұйықтап, Əкесімен ақтық дем үзді бірге. Міне, осылай өмірден өтті Анар қыз, Анар десең анардай ақ манар қыз. Қаршығадай қасқарып соңғы сəтін Қабылдады қайратпен жапа-жалғыз. ...Анар қыздың əкесі зергер еді, Қырықты өткеріп елуге келген еді. Үш жыл бұрын жұбайын таза арулап, Қимаса да «Тəңірге» берген еді. «Тірі болса қасымда жалғыз қызым, Дүнием түгел, жанғаны бақ жұлдызым. Аяулымнан ақ малтам қалған сарқыт», Деп дүкенде өткізген күндіз-түнін. Жұлдызы өшті, жай түсті сорлы шалға, Не өнеді Мұсаны күн-түн қарға. Ақылынан алжасып кетті зергер, Тағдыр дейді мұны да, амал бар ма! Ылғи күтіп жүреді алаңдайды, Ботам, Анар, Анаржан, баламды. Тауға шығып келеді, дөңнен асып, Бірақ сорлы Анарын таба алмайды.

Даттамайды жат қылып бар құдайды, Үндемейді сабырын сарқымайды. Ылғи іздеу. Көрдің бе Анарды деп, Он кездессең күніне он сұрайды. Дыбыс шықса сырнайдан жүгіреді, Əркімнің бір бетіне үңіледі. Бірде танып, сорлы əке бір танымай, Тани қалса торығып, түңіледі. Тыста болса, Анар деп үйге жетеді, Үйде болса, Анар деп тысқа кетеді. Байыз таппай, безілдеп, Анарды іздеп, Таңы атып, сорлының күні өтеді. Мұндай халде сорлыға күтім қайда, Таза киім қалмады бүтін бойда. Ұйқы ұйықтау, ас ішу болды ұмыт, Тірлік қамы түгелдей қалды жайға. Сорлы шебер ағаштан түйін түйген, Сом темірден биязы жіп иірген. Алып кеуде, апай төс – бүгін аруақ, Жалғызым зар салып, жаны күйген. «Ханға Анарды апарған көзі қиып, Семірген ит арамнан дүние жиып», – Деп ел-жұрты Мұсаны қарғап-сілеп, Зергер қоса көзіне болды күйік. Қақпақыл қып кездессе құрбылары, Бұғалықтап, сөз тұзақ құрды бəрі. Екі кісі бас қосқан жерге Мұса Бара алмайтын мүсəпір жүрді халы. Өзі ашушаң, ызақор, дөкір Мұса, Одан бетер булығып болды құса. Ел есіне түсіріп ербеңдеді, Деп зергерден құтылмақ қалай қылса.

Осы оймен тұзақты құрды Мұса, Қыбын андып зергердің жүрді Мұса. Шалды байлап, төсекте тұншықтырып, О дүниеге жіберіп тынды Мұса. «Зыр жүгіріп жүретін күндіз-түні, Бұл не болды шықпайды зергер үні», – Деп іздеген қауымға тағы да бір Сұмдық істің əйгілі болды шыны. Жұрт жиылды жерлеуге зергер шалды, Жүсіп атты ауылда кəрі бар-ды. «Көп бейітке зергерді қою күнə», – Деп Қареке бұларға хабар салды. «Күнəсі не, зергерде қандай жазық?» – Деп кім батып сұрасын тергеп-қазып. Бір төбенің үстіне жалғыз өзін Қойды апарып қабырын терең қазып. Бір ғажапты көрдім деп біреу анық, Біреу нанбай жүреді, біреу нанып. Бас жағынан зергердің жалғыз түп гүл Күндіз өшіп тұрады, түнде жанып. Он қолы өнер жан еді жас шағынан, Момындығы басымды асқағынан. Иманды екен бейшара күнəдан пəк, Алла шырақ жағыпты бас жағынан. Кеткен тарап аймаққа аңыз болып, Гүлді осылай үлкендер қойды жорып. Көрмек болып көзімен Мұса бір күн Іңірден кеп қабырды жүрді торып. Бет алған соң кештетіп моласына, Күдіктеніп зергердің қазасына, Жүретін ауылдың адамдары Жасырынды жақын кеп дөң астына.

Дөң астында жатты олар бақылады, Тапжылмастан Мұса да жатыр əлі. Дана қарттың басындай бозқырау гүл Бірте-бірте жанды да жарқырады. Мұса мұндай ғажапты көрмегендей, Тұла бойын ашу-кек кернегендей. Бірде шырақ, бірде гүл, бірде Анар, Мықты болсаң жақындап кел дегендей. Қоңырау гүл құбылып алаулады, Кемпірқосақ сызылып тараулары. Зұлымдықтың киесі қонған Мұса Жарылардай тұтанып, танаулады. Бай кісіде қашанда өктем көңіл, Бөгет бар ма ол үшін бəрі жеңіл. Бөренені бұтадай көрер емес, Жемін жеуге ауытқып кеткен көңіл. Алай-түлей кеткендей құздар құлап, Гүріл үнді естіген тұнды құлақ. Сабағына қол тие берген сəтте, Ұшып түсті зұлымдық, жатты сұлап... IV Абайсызда төсеген оққа маңдай, Өтті Анар аяулы ақ маралдай. Қара киіп Қырымның табиғаты, Аза тұтып аруын жоқтағандай. Бұлттан қара салынып күн күйінді, Қырым тауы түсіріп тұрды иінді. Қарауылда түнеріп қалың орман, Түнек болып тылсымдай түн түйілді. Бір мөлт етіп тынды да көл күрсінді, Жылағандай тұншығып жел күрсінді.

Табиғаттың бұл күйі сұлулықтың Азасына қойылған белгі сынды. Анар өтті, Герейге қайғы жетті, Бойда қуат бор болып, қайрат кетті. Темір де емес, тас та емес, киіз де емес, Адам екен хан Герей ет жүректі. Ет жүректің өзіне ұнайтыны Болады екен қалайтын, сұрайтыны. Қуанышы, кейісі, сүйсінері, Қара тұтып қайғырса, жылайтыны. Ханыңызға отыр бұл жаңа жетіп, Тұңғыш рет кары еріп, мұзы кетіп. Алпысқа аяқ басқанда туған айы Батты ханды қайғыға душар етіп. Себеп болды өзінің тас зынданы, Қосымша боп айбары, тас ызғары. Жауқазынды жайпаған хан жылайды Тұңғыш батып өмірдің ащы зары. Қалай ғана отырмын бұған төзіп, Деген ой жеп Герейдің жанын езіп. Жасы еңкейіп кеткенде жар сүюдің Қиындығын ойланып, енді сезіп. Ой хой, тіпті сол ғана болса етті, Ақ балапан қолына қонса етті. Көріп жүрер көпсініп көлеңкесін, Қайран ару қазасы құса етті... Бір соғыста тұтқын боп келген шеттен, Күзгі шөптей сарғайып күні өткен. Хан қолында құлдықта Омар дейтін Шебер бар-ды он қолдан өнер төккен.

Хан шақырды! Зəресі кетті Омар, Қалт-құлт етіп алдына жетті Омар. Сенерін де сенбесін білмей қалды Хан тағында отыр бір қатқан томар. Салғандай-ақ басына темір тезді, Сүйеп қолмен мүлгиді жұмып көзді. Сорғалайды сақалдан алты тарам жас, Ханның жайын түсінді Омар сезді. «Жеңіс болып үнемі тойлағаның, Хан басыңмен қары істі қоймағаның, Қартайғанда басыңа жеткен екен», – Деп Омар тұр айта алмай ойлағанын. Ханда да адам қайғысы болады екен, Жүзі дерттен сарғайып оңады екен. Тұтқасынан тірліктің айырылса ол да Ет жүрегі қансырап солады екен. Ерте сөнген Анардай бақытына Хан қапада отырып тақытында, Көз жұмулы қалпында етті жарлық: – Ал шеберім өнерің тағы сында. Арнамақпын бір белгі ғашық жарға, Ұқсамасын ел білген асылдарға! Күллі əлемді күңірентіп, қайғымды алып Барар болсын, шеберім, ғасырларға. – Құп, хан ием! Арнайын қандай жанға? Ару ма еді ұқсаған атар таңға? – Оның қандай екенін сен білмейсің, Оқыс сөйлеп, шеберім, тиме жанға. Жастығы оның жауқазын гүлдей еді, Ол кірпігін түсірсе, түндей еді. Жалт қараса, жалт еткен жанары оның Ақ шағырмақ көктемгі күндей еді.

Шынар тұлға, бұралған қыпша белі, Ұяң жаны көгершін құстай еді, Нəзіктігі жаздағы жібек самал, Маржан дерсің төгілген шықса лебі. Еркелігі күнəсіз жас баладай, Мейірімі жаны ізгі жақсы анадай. Тал бойыңды талдырып магниттей Тартып тұрар ажары ақ танадай. Хан еңіреп тауыспай Анарды айтып, «Ондай жанды бұл енді табар қайтып...» Омар ойда: «Япыр-ай сен жібісең, Егілместен қара тас қалар кайтып. .. Құдайым боп адамдық еркімді алдың, Құл деп қорлап етіме таңба салдың. Отанымнан айырып ел-жұртымнан, Аяулыма айтқан ант – сертімді алдың. Ұстамақ ең тұтқасын дүниенің, Атақ-даңқтың, нəпсінің құлы едің. Өзге түгіл қайырылмас ата-анаңа, Темір емес, тас емес, киіз едің. Адамдығымды ескерттім, қарсы баттым, Айыптадың сол үшін қамшылаттың. Саған ұқсап сорғалап жас төкпедім, Жүрегімді жаралап, қансыраттың. Сен жыласаң, бұл өмір кеңігені, Сен жыласаң, сор кейін шегінгені. Сен жыласаң, жайлаған бұл өлкені, Тізе бүгіп, зұлымдық жеңілгені. О, жылайды, күңіреніп хан жылайды, Хан жылайды, қалайша тас шықпайды. Қара тас хан жыласа, өзге жанда Толқымай ма теңіздей ащы қайғы.

О, жыласын, жыласаң, хан жыласын, Қара жүрек үзілсін, қансырасын. Менің дағы қасірет-қайғымды айтып, Қара мылқау, мелшиген тас жыласын. Ол ұрпақтан-ұрпаққа барар болсын, Əр жүрекке өз жолын табар болсын, Қаратас хан, Қыз Анар, Өнерлі Омар Аңыз болып əлемге тарар болсын». Өмірінде бір алқап «жаратқанды...» Ыза-кекке қайралған болат жанды, Сілкінді Омар қайғысы ханға көшіп, Құзға қонар қырандай қанаттанды. Жанды орар жанатқа, көзді көмер, Сиқыр десең болар ма шіркін өнер! Өнерлі қолында шырпыдайын Бөрене ұшып, доптайын тау дөңгелер. Өнерлі қол өліге жан бермей ме, Көріксіз көктемдей сəн бермей ме. Келістіріп қалауын, қар тұтатып, Өлмес азық өмірге нəр бермей ме? Міне, осындай шебер қол қан жылатып, Көкірегіне зəр жасын тамшылатып. Қара тасты егілтіп, елжіретіп, Хан алдына əкелді қансыратып. Ас үстелдей аумағы ақ мрамор, Ақ мрамор бетінде аққұла сыр. Жұп емес, тақ махаббат белгісі етіп, Ойып салған бір ғана ақ қылаң гүл. Гүлге ойып түсірген адам көзін, Бейнелеген көз емес, мұңның өзін. Мөлтеңдесе суырып жүрегіңді, Дəтің шыдап таппайды жаның төзім.

Үнсіз аққан секілді жылым бұлақ, Көрмек емес бұл көздің жасы құрғап. Баяу жылжып ыстық жас бетін жуып, Меңіреу тас тұрады мəңгі жылап. Мұның дағы сыры бар, емес тегін: Қорғасын жас құйылып аш өзегін Өрт есінде, тамшылай тесіп өтсін Хан қайғысы өтесін халық кегін. Жəне баяу азапқа тамшы басым, Күндіз-түні тынбасын, тамшыласын. Ай да емес, жыл да емес, ғасырларға Жетсін азап. Жүрегін жаншыласын. Деген шебер «аянбай ханы үшін» Бір шетіне ұлудың салды түсін. Ұлу – күдік символы. Күдік еніп, Жегідей жеп, тырнасын ханның ішін. Ол кейінге қомсынып қарар болсын, Алдағысын күдікке алар болсын. Тірі жанның алмаған ықыласын Зая өмірі азапқа салар болсын. Міне, осылай тындырды шебер ісін Мақұлдады, ұнады ханға мүсін. Сарайының төріне орнатқызды Күнде көріп, еске алып жүру үшін. Зар жылаған мүсінді жұртта ұнатты, «Көз жасынан фонтан», – деп берді атты Қай уақытта қамауға өнер сыйған, Бостандықтың қанатын Омар қақты. Қырымда Бақшасарай хан сарайы, Басынан өткерген жер ол талайды. Аттасаң табалдырығын сол сарайдың, Бетіңе жаутаң қағып мұң қарайды.

Бұл сарай сыр сөйлейді ғасырлардан, Адамның еркіндігі асыл арман. Болған жер – күштіге ұя, күш сізге көр, Қиянат тағдыр деген тосып алдан. Сыр сөйлеп əр кірпіші сонау жылдан, Арулар айуандыққа болған құрбан. Қызығып маған, менің бақытыма Секілді гаремінен қарап тұрған. Баяндап барлық, жайын біз не етелік, Тарихта қалған жайлар ірге теуіп. Күнəсін көне күннің көрген айғақ – Азарға Бақшасарай тұр көтеріп. Көз жасы фонтан соның бір куəсі, Бұл күнде аңыз болған елге расы. Əлі түр зар еңіреп сол сарайда Құрғамай сан ғасырға көзден жасы. Жылатып қара тасты зар илеткен, Кім білсін өнер күшін құрмет еткен. Əлі тұр қос раушан тас төсінде Кезінде ұлы ақын қойып кеткен.

МЎЗАФАР ƏЛІМБАЕВ (1923 жылы туєан) ЕСТАЙ – ҚОРЛАН Кілт Əн мен жыр қызымыздай ұзатылған, Алмай ма кір жұқтырып өз атына? Жақты ма қайын жұртқа, жақпады ма, Табылар құптайтын да, бұзатын да. «Өгейсіп жүр ме екен, – деп, – бөтен жерде?» Ата-ана уайымдар қыз хақында. Ақын да қыз ұзатқан ата-анадай, Алаңдар өзі ұзатқан сөз атына. Əн «Хорлан» атанған жоқ күйік пенде, Өзіндей Хорлан қыздың сүйікті елге! Көтеріп əкетті ел биік белге, Тыңдаймыз ұйып сен де, ұйып мен де. Арқадан əн самғатқан Естай ақын, Бəйгіге қашан қалған қоспай атын?! «Тыңдайтын дүниеде құлақ барда Сенген ол жасайды, – деп, – өшпей атым». Тұлпардай топ алдында ойқастаған Əн «Хорлан» тамашада той бастаған: Жігіттің арманы не сүйгенді алған!» – Көңілге махаббатшыл ой тастаған. Сергелдеңнің сеңінде Алдынан киліксе де шатқал, шың құз, Аумаған атылған оқ, аққан жұлдыз. Салт атты ағындаған тоқтар емес, Бара ма іздеп күнін батқан күндіз? (1923 жылы туєан)

Ақ көбік ат сауырын жасырады, Жолаушы неге мұнша асығады? Қарауға арттағыға мұршасы жоқ, Барар жер, басар тауы қашық əлі. Кімнің бұл боздағы мен аяулысы, Кімнің бұл жортуылшы жан алғышы? Жападан-жалғыз жолға таңнан шыққан, Жоқ па екен жолдас болар таянышы? Даланы дүрліктіріп, дүбірлетіп Қалың қол қалды ма екен қуып жетіп? Жүзінде қан жоқ, сөл жоқ меңдегендей Арқаның алты ай қыстай суығы өтіп. Келе ме кереметтей кегін даулап, Біреуде жанашырдың құны кетіп?! Дəметіп оңай олжа, орамалдан, Тонаған тұяқ қоймай қора малдан, Қызылкөз көкжалдарын бастап барып, Батыр ма барымтадан жаңа оралған? Ажал сұм-қара жүрек қараса ма, Ойнатып əңгір таяқ қарашаға, Төнді ме?.. Сол хабарды ести сала, Тəуіп пе тұра шапқан арашаға? Біреуге жас басынан кекті ме екен? Сия алмай сыйлы еліне кетті ме екен? Бұйырып ішер суы бір қияннан, Қайдағы шақырды ма шеткі мекен. Тізгінін бірақ тартты жар басында, Аунақшып аласұрған арнасында Айдынға төне қалды түнеріңкі, «Жар бол!» деп, жалбарынып аласына. Кес-кестеп Ертіс жатыр құтырынып, Көшкен сең айдаһардай ытырынып,

Жалмайды жолдағысын, алдағысын, Жал бітіп, жұтқан сайын құты кіріп. Ертісі еркелеткен ене сынды, Егесіп баласымен егерсіді. Иманын үйіртеді имансыз су, Еріксіз қол байланды, жол кесілді: Өзім ғой өзіме дерт тілеп алған, Онысыз тар көрініп мына жалған! Арыма кешемін бе, кешпеймін бе, Аһ ұрып ада қалсам сыбағамнан?! – Батыра басты қамшы құласына, Құлдырап құлай берді бұла суға: «Көрейін не де болса, көріп алдым, Тас бауыр тағдыр салды сынасынға!» Сырығы – сенгені сол қолындағы, Келеді сеңді ысырып жолындағы. Анталап апат-үрей атойлады Алды-арты, оңындағы, солындағы. Сырықпен маңайлатпай бұрып басқа, Бір сең кеп килігеді, бірін қақса, Езіп-ақ екі бүктеп жіберердей, Ат басын абайсызда қырындатса. Құласы бір батады, бір шығады, Иегін сəл босатса, тұншығады. Талабын иесінің түсінгендей Тартынбай, қарғып, орғып, құлшынады. Сең емес, сергелдеңмен шұбап қайғы Жатқандай ... киіп-жарып шыдатпайды. Жойқын күш үйіреді дедектетіп, Зым-зия батса қыршын, кім жоқтайды?

Кимелеп, тебеді мұз, сығылысып, Жоғары бірі шығып, бірі ығысып. Жуасып, жөңкілген сең жол берер ме, Көрмесін меңіреуге күнің түсіп. Жеңбесең, тартыстың не, жұлқыстың не? Жалғыз ер майдан берді мың күштіге. Ертістің ортасына жаңа жетті, Қалт та құлт қайран өмір қыл үстінде. Бақыт боп шығыс жаға шақырғандай, Барын сап, жігіт қайтсін қатуланбай?! Артына қайырылмастай мойнын бұрып, Орнына кері қайтпас атылған жай. Əйтеуір əне бір мұз лағып кетті, Əттеген, құздай бірі қағып өтті. Жалп етті жігіт ерден... шылбыр қолда... Жануар арғы бетке алып жетті... Өне ме, өнбей ме əлде жол ақысы, Сойқанның соңында ма сорақысы?! Кетеді тітіреніп оны ойласа, Сүйекке таңба болар со қапысы. Бата алған бала Арқадан кернейлетсе əні шалқып, Жалпақ ел хан көтерген жаны балқып Біржан сал келе қалды ертіп тобын, Ақкөл мен Ақсу өлке дəмін тартып. Біржаннан кім асырған аруағын: Шырқаса, күнге мезгеп, дауыл əнін, Бөркіндей диуананың шошаңдатып, Шайқалтқан ақ орданың шаңырағын. «Төренің ауылына халық дүрмек, Топырлап, ойдан-қырдан барыпты» деп,

Бала Естай естіген соң тыпыршыды Құмартып, Біржан əнін жаны тілеп. Баланың шаруада жұмысы не, Жалынды əкесінің інісіне Ағатай алып баршы тойлы ауылға, Апар да салып жібер ду ішіне. «Қарай гөр қағылездің мына сөзін! Сөйлеткен болар асау бұла сезім.. Деп аға алып кірді төре үйіне, – Осал ма сері алдында сынаса өзін?!» Естай тұр есік жақта төменшіктеп, Жекіріп тастар ма екен төре «Шық!» – деп. Ол түгіл ағасы да қалды қағыс, Өңшең сал менсінер ме: «Төрге шық!» – деп. Ұланға осы сəтте болысқандай, Төр жақтан көзін тікті қарыс маңдай: Қай бала – домбыралы оңды бала, Өнерде дəмесі бар жарысқандай? Алғалы сізден бата келіп еді, Өзі де əнге жастан жерік еді, – Деп сонда ағасы да сөз қыстырды, Біржанның тына қалды төңірегі. Б і р ж а н : Өлеңді айта алмайды жасық бала Балақай, қасыма отыр, қашықтама. Бұл өңір əнге де бай, таңдап бірін Кəнекей, шырқап жібер, асықпа да! Келтіріп домбыраның құлақ күйін, Бала Естай бола қалды бір-ақ түйін. Жүрегі тайдай тулап əуелінде, Дауысы əзер шықты қинап қиын.

Əн суретке айналады: Əппақ дала алай-түлей. Жеті түнде айналаны Тұмшалайды боран дүлей. «Қуғыншылар көрмесін, – деп Қыз бұғады текше қарға, Сүйреткен ит сүлдесін тек Бұйырмаймын көксау шалға!» Көзден моншақ ұшып түсіп, Омырауға тізіледі. Раушан гүл үсіп, ұшып, Енді таяу үзілері... Көтеріп алды басын Біржан аға, «Осыным келді ғой», – деп, бір жобаға, Енді Естай еркіндеді, толқығаны Лықсып кеп тоқтағандай су жағаға. «Тұр екен мына бала болайын деп, Дауысын құбылтады талай түрлеп?! – Деп отыр іштен, ырза саңлақ ақын, – Есіртпей, арқасынан қағайын тек». Құлаққа жағымды екен, інім, даусың, Көп жаса! Шыңдаларсың, шынығарсың. Қысылып бізде сендей терлегенбіз, Көп алды-темір талқы не ғыларсың. «Баланың құдірет бар дауысында, Өлеңнің шабар түрі алысына, – Деп Біржан оңаша айтты ағасына, – Еркелет, бетін қақпа, бағын сына». Арада той-думанмен төрт күн өтті, Біржан сал бала Естайды ертіп кетті. Серілер Баян барды, Ерейменмен, Əн туып Қара өткелде желкілдетті.

Көкшетау киелі əннің Мекесіндей, Біржан сал сал-серінің көкесіндей. Арқаны аралатты серілерге Ерке боп ел ішіне жеке сіңбей. «Теңіз толқып тербелмесе, Кеме де тербелмейді. Əнші əуелі тебіренбесе, Тыңдаушы тебіренбейді». Біржанның əлгі ақылы құлағына Сал мінез əндеріндей ұнады да, Тамағын тоқсан кенеп оңашада, Құмартты балаң жігіт үн бабына. Бұлдайтын кəделі деп жарамасты Көрмеді серілерден сарамасты, Қыздардай кесте тіккен келістіріп, Қиналып, терін сығып, табар нəшті. Құйды да құлағына жақсы лепті, Баулыды кəрі қыран жас түлекті, Бір жылдай ел қыдыртып, су сыдыртып, Інісі Ақанға əкеп табыс етті. «Біржаннан алған менің олжам басқа, Ойласам, Ақан басқа, Біржан басқа. Көру бар... көріп өрнек төгу бар ғой... Төл өлең келмей жүр-ау оң жамбасқа. Тыңдатқан зар мұңдарын, наз жырларын, Дариға, қыс жылдарым, жаз жылдарым! Жүлдесін жиырма бестің алмадың деп, Жөн болмас он сегізде жазғырғаның. Жүр менің əзір ауға баспай құсым, Талаптың тəуекелін тастаймысың?! Бір ауыл жүлдесіне ырза емеспін, Үш жүздің жеңіп алмай бас бəйгісін!» –

Деп Естай оймен қайтты ауылына, Бұққандай талабынан дауыл ыға, Піспейді күні жетпей бақта жеміс, Көктемнің шөлі қанбай жауынына. Той үстінде Дуылдап Маралдының атырабы, Бір қыздың тойы болып жатыр əлі. Таянған таяғына сырт буын да, Ұйықтамай, таңды көзбен атырады. Маралды – қара жолдан жырақ мекен, Сірə да бүгінгідей дулап па екен?! Ұзатқан жалғыз қызын желпінді бай, «Кемсітіп кетпесін, – деп, – сынап бөтен». Мүшеден дəмесіз де, дəмелі де, Осында ой елі де, тау елі де: Сүйіндік, Апай-бөрі, Қозған-қақсал, Қыпшақ пен Бұқа күбір, Сəмегі де... Осында обаған көз обыры да, Осында жегін өгіз момыны да, Осында бір тойынып кетейін деп, Келіпті кедей-кепшік шоғыры да... Аталы аруақты туысынан, Шығармай Ертіс бойын уысынан, Бұла өскен жастайынан Қауан төре Сөзі ірі, жүрісі паң, күлісі пақ. Ұстаған ислам туын жастан қолға, Түрікте – төрт жыл оқып Стамболда, Бітірген Аясопы дəрреəлфунун, Дəмолла, қазақша айтсақ асқан молла. Ұмтылған омыраулап төс пен өрге, Ешкімге бойы үйренген дес бермеуге

Ішінен жымыңдайды: «қалған қазақ, Ырза бол ілбіп-сілбіп көшке ергенге. Əкіммін атым мəлім алты алашқа, Қолымды қағамын деп анталаспа, Жағама жармасар ма жайын білген, Түсерсің, жасық біткен, жанталасқа!» Төрт түлік жонға сыймай малы мұның, Асып тұр жалпақ елден бағы бүгін. Берген соң қырық жеті қырқа матап, Алғалы келді айттырған қалыңдығын. Тойға кеп салқар көшпен он пəуеске, Асырған салтанатын сол емес пе?! Əншісін, палуанын, мешкейін де, Жүйрігін... – түгел əкеп салды егеске. Елінен өзге бір де əнші ұнамай, Естайды ертті алғыр – қаршығадай, – Жоқтайтын өз намысын Маралды елі Əн мен жыр бəйгісінде болсын абай. «Қасымнан бір адым да шықпа» – деді «Бұл жолы барыңды сал, мықта!» – деді. Ұстаған шыжымымен қол құсындай, Иемдеп, төре сөзін нықтап еді. Қауакең намысына келген қызып, Əншісін сайратқанын көрген қызық. «Кербаланың шөлі» мен «Сал-сал», «Зарқұм»... Естай да көп қиссаны берген тізіп. «Күйеуі пайғамбардың Əлі дей ме, Исламның кəуірлерге кəрі дей ме, Болғанда ақыр заман, тақыр заман, Шығады жер астынан Мəді дей ме?

...Төресі ұзатпады маңайынан, Қара тер саулап ақты самайынан. Бір сұрақ өз жауабын таба алмайды: «Иегін қақса төре, қалай ығам?..» Бір мезет Қожа досы кіріп шықты, Естайдың омалғанын біліп шықты. Сол айтқан сұлу қайда? Көрер қашан? Соны ақсап бір көргенше сері ынтықты. Əншісі төре сөзін қайтармайды, Майысып, қол пернеде майпаңдайды. Жатқанмен бір қынжылыс түкпірінде, Бұйырса, «айтпаймын» деп, айта алмайды. Ширығып алған Естай дене қызып, Аузы айтып, ойы өзгеде – елегізіп, Төренің, сопымсыңған белбеуінен Табам деп отыр екен неме қызық?! «Баянсыз бұл фəниде жиған байлық, Түбінде, уа мұсылман, иман – байлық. Құдайға құлшылық қыл тірлігіңде, Жұмаққа жұмыр басың сыйғандай ғып. Бай да жоқ, кедей де жоқ, кəрі мен жас, Бар миллəт бір пиғылдас, дін қарындас...» Төренің əнсымағы, уағызы Осылай щұбай берді бір сарындас. Біреулер есік жақта жымыңдайды, – Мырзаның əндері! – деп сыбырлайды. Құдалар бас шұлғиды «Бəрекелді!» Бір ыза серімізді сығымдайды... «Бір мысқал» Десек те ет жүректің емшісі – сөз, Əзелден махаббаттың елшісі – көз.

Екеуді тілсіз баурап, үнсіз жалғап, Алуға асықтырар еншісін тез. Бір көз бар оқтай сұғын қадағаны, Бір көз бар жанды рақат жаралауы. Бір көз бар тозған мөрдей тартымы жоқ, Құрысын, құлқы құрып, қарағаны. Сыймайды кілең жастар ақ отауға Қызықтап, ойын-сауық қалағаны. Осында Естайдың да сырттан естіп, Елеңдеп, періштеге балағаны. Екі бай Сұңқар – Сұлтан ағайынды Қыздарын ұлдарына балай білді. Апалы-сіңлілі қыз – Хұсни, Хорлан Көркімен тамсандырған талайыңды. Бүгін де сол екеуі – тойдың көркі. Кетердей мықтымсынған сойдың еркі. (Есағам айтып еді, он жетімде Өзім де есеңгіреп көрдім елтіп). Алайда, арпа ішінде жалғыз бидай, Хорлан қыз-қыз ішінде жалғыз құдай. Зылиха, Құртқа, Жібек... қиял шығар, Бұл ерке бар сұлудың жалғызындай. Мөп-мөлдір жаңбыр шайған қарақаттай, Қара көз қалай сені қалар тартпай?! Алдында қымсынарсың, қысыларсың, Өзіңнен-өзің терлеп, сая таппай. Теңесер жан табылмас жалпақ елден: Аппақ жүз – қызыл арай таңнан өрген. Екі ұшы екі беттің – қызыл алма Ақ қарға шала батқан ортан белден. Маңғаз қыз – Маралдының ақ маралы, Кердеңдеп алдында кім мақтанады?!

Ішінде соны көрген арулардың Қызғаныш қып-қызыл боп шоқтанады. Иіндер өзі түсіп, елбірейіп, Табанға өзі барып тапталады. Адуын, омыраулы салдардық да Сол Хорлан сескенері, сақтанары. Басына Хорлан киген кəмшат бөрік Сүйгендей ақ маңдайын аңсап келіп. Сол бөрік талайлы екен сан жігіттен Сабылған Маралдыда самсап өріп. Қыпша бел... қамар белбеу құшақтап тұр... Бойыңды, шыда, жігіт, алса желік. Бейіште хордың қызы күндегендей Пендеге бітеді екен сонша көрік?! Хорлан – от, ынтызарлар көбелектей, Ұшады отқа қарай ебелектей. Шықпайды төңіректеп, төңкеріліп, Өзгеге одан өзге тілек етпей. Шұбыртып сілекейін шекеріне, Жігерден жұрдай болар жетелі де. Тəлкек қып тəркіжиһан сопыны да Нəпсінің байлап берер жетегіне. «Тоқал деп тоқты-торым қатын алдым, Мал беріп, – дейді төре, – сатып алдым. Мосқал жас мойытты ғой... əйтпегенде Хорлан да менікі еді... қапы қалдым». Сұлуға сұмырайлар сұқтанғыш-ақ Жаяды, өліп-өшіп, сырттан құшақ. Өткір сөз, салқын қабақ, паң мінезбен Талайын Хорлан өзі шыққан «тұсап». Байлаулы, əттең, Хорлан бала құстай, Шерменде ала жаздай, ала қыстай. Жері бар атастырған... бір қырқылжың Қағар ма көгілдірді қара құстай?..

Бейнелеп айтқан Қожа затын өстіп, Ақыным армандаған – атын естіп. Іздеп-ақ табар еді келген күні, Байлады ұзақ күнді əкім кеш қып. Қыз-қырқын жанай өтсе қасымыздан, Ақ қырау сескенгендей шашымыздан, Салмайды көз қиығын бүгін бізге, Біз «сорлы» сондай-ақ бір жасымыздан! Бақпақтың жел сілкіген ұлпасындай Жас дəурен бір-бір ұшты-ау басымыздан! Болған ғой жігіттердің не ардағы Көңілі бір қалмаған асыл қыздан! Бəйгісі бақастықтық қызған шақта Өрмелеп өрге тасы, басып озған! Қайдағы «көріпкелдей» керемет пе: Жаңылмай, жаза баспай кірген бетте, Хорланды таныды Естай, «талып» түсті, Көрсеткен ырза болып құдіретке. Көктен бір іздегенін тапты жерден, Баладай зарығып кеп тəтті көрген Шарасыз іштен тынып, «өліп» отыр, Дер ме екен «жеңсік құмар нəпсіге ерген?» Қыз десе, қызық десе, сайтаны бар, Қиылып, қиын қолқа айтары бар. Қөңілін қалқатайдың қалдырса егер, Бипаздап, жұбататын байпақы бар. Паң қызды бұған дейін көрмесе де, Тіл қатып, ол бір белгі бермесе де, «Жалғанда жалғыз мені жаным дейтін Осы!» деп, іштен түйді, сенбесе де. Неге өйтті – түсіндіріп айта алмастай, Естайды он прокурор тергесе де.

Десек те ет жүректің емшісі – сөз, Əзелден махаббаттың елшісі – көз: Екеуді тілсіз баурап, үнсіз жалғап, Алуға асықтырған еншісін тез. Албырап аппақ, Хорлан анадайда, Ұрланған көз астымен қарамай ма: Қарашық карашыққа қадалғанда Ішіңді құмарлық от жаламай ма?! Айтайын үйреншікті көне теңеу Тоқ жылжып тұла бойға тарамай ма? Сол сəтте сезім шіркін – көзсіз батыр, Сол шақта ақыл қайда, сана қайда? Шегініп кең дүние кейін қарай, Жарқ еткен бір отты көз қалады ойда... Осылай болды десем, кім нанады?! Қиылып, қыз қарады-ау... бір қарады! (Тəкаппар болса кеше талайларға, Өз басын, қыз намысын құндағаны! Паңдар да жұмсарады теңі күлсе, Тартынса, талайынан құр қалады...) Естай да білмей отыр не болғанын, Көрген де, көрмеген де иланады. Тайсалмас əн-өлеңнің таласында Кезек кеп Бəстемидің Мағашына, Ауылдың алты ауызын отыр төтеп, Ал Естай көк пен жердің арасында. ...Басың тік, түссең оның жолын сүйіп, Болу шарт жөнің ерек, өрің биік. Той емес, мереке емес өнер деген, Біреудің бара алмайсың тонын киіп. Тылсым күш желіктірді желікпедей, Тебеді тегеурінді серіппедей.

Ішінен қаймығады-ау Естай, əттең Дарынын ашылмаған көріп кедей. Сүлейсок, дел-сал халден босанбады, Тер қысты, маңдай жіпсіп бусанбады. Құштар саз қасқалдақтай сүңгіп кетіп, Қылтыңдап, қайта батып, неше алдады. От толқын, ішке сыймай, сыртқа тепкен Көнбеген шығаруға құнттап, еппен. «Бол, болдың» астына алды: «Айтып сал!» – деп, Аш жандай асықтырып жұттан кеткен. «Мақсатқа ойына алған жетем!» демек, Кетті ме ғашық жары көтермелеп, Ауылдың алты ауызы таусылғанда, Шабытқа ақын қонды төтен, бөлек: «Болғанда өзі мұндай жүріс қандай, Күлкісі көңілді ашар гүлістандай. Көтеріп алақанда отырсаң да, Білінбес ауырлығы бір мысқалдай». Бейнесін жасамадым ойдан жорып, Отырмын тумысына кайран болып! Өзімді-өзім көріп сүйсінсемші, Ақ жүзі алдымдағы айнам болып! Ару қыз туды екен кім бағына, Өзімен жазса тағдыр бір баруға, Тайынбай тамұғына тартар едім, Баспас ем сүйресе де ұжмағына...» Ерке наз, сылқым əуен, мамыр үнді Сарқатын естігенше сабырыңды, Тындайтын дүниеде құлақ барда, Білмейтін шырқалудан жалығуды! Төгілді өлең болып сезім қызба, Əншіде ел құлағы, көзі – қызда.

Елестет сол суретті көз алдыңа, Ұзатып алдың-ау деп сөзім бұзба! Құлаққа майда қоңыр ағыс тұнды, Көзінде жамиғаттың алғыс тұрды. Мүлəйім басын иіп, ернін тістеп, Қыз отыр... əн сиқырлап, шатыстырды. Жанына жаңағы əні жаққандай ма, Інкəрін көзбен ғана айтқандай ма?! Барады ыстық тартып, ысындырып, Құшаққа еркелетіп тартқандай ма?! «Кінəлі бəріне де өзім шығар, Үмітпен бір қараған көзім шығар. Ағатай, кешір, – дейді қыз ішінен, – Орайын таба алмадым төзіп шыдар». Уəде Үздігіп, қалқашыммен жалғасудың, Сарыла сəтін күтсең жолғасудың, Күн неге ұзақ ақын қиялындай, Жолындай неге ұзын арна судың?! Сырт көзден тасаланып барып тысқа, Жас жігіт лəззаттана жары құшса, Қарлығаш қанатының қияғындай Айсыз түн неге келте, таңы қысқа?! Білсек те, түн қадірін білмесек те, Түн аты, – күндіз емес – түн десек те, Махаббат – түнекте де күн сияқты: Ғашықтар, түнді ендеше күнге есепте, Олардың біз білмейтін сыры бар ма? Сүйсін де сүп-сүйкімді «ұрыларға», Алсаң, ал алтын күнін, ғашықтардың Тілінен бал татысар түнін алма...

Япырм-ау, күн батты ма, батпады ма, Сарғайып, серім соны бақпады ма?! Күн бойы созды өңешін айтып өлең, «Сездірмей» тыпыршуын жат қауымға. Табаны тимей жерге, аптықса да, «Сабырлы» жан жоқ одан топта мына! «Уһ!» – деді көл жақ беттен көзі шалып, Алауын алты бақан жаққанында. Өзіне əр заманның салты жағар, Жастарды магниттей тартып алар: Қаракөк кең күмбездің ортасында Секілді алтыбақан алтын арал. (Көрген ек шет жағасын өзіміз де Келмей ме бүгіннің де шартына дəл?! «Ескі» деп өзеурейтін ессізді қой, Төрелік тілегенің, халқыңа бар). Жастарға ерік тиді бүгін бір түн, Шерте алса жарар еді сырын шіркін! Серіні ертіп келіп Қожахмет, деді-ау: «Шіріктенбе, гүліңе ұмтыл!» Үйіріп маңайына ылғи елді, Думанды дуылдатар қырғи еді. Естай тұр ойға батып оқшауырақ, Сілкінбей, сыртқа қарай сырғи берді. Қушекеш Қожахмет осындайда, Көшірді топты түгел тосын жайға: Лақтырды ақ сүйекті айдалаға, Бет-бетке іздеушілер жосылмай ма?! Алтыбақан басыра тиді бықпырт: Кетті топ тарап-тарап, тынды жым-жыр, Қалың ши... күбір-күбір... сыбыр-сыбыр... Ай – жеңге ақ сəулесін құйды күңгірт. Алқынын баса алмай тұр ақын байғұс. Бұтаға манағы айтқан жақын қай тұс?

Атты жау қаптағандай жүрек дүрс-дүрс, Жақында, жақындай түс, жақындай түс! Алса да сау басына жаза тілеп, Досы үшін тайсақтар ма Қожахмет?! Жетелеп алып жетті Хорлан қызды: Əумин, қабыл болғай таза тілек!.. ...Міне үнсіз Хорланы тұр оң жағында, Құрысын бүйтіп ақын болғаны да! Жақ ашпай жапырақтай қалтырайды, Тəңірім тілін байлап, қорлады ма? «Жақындасам, қорқамын жанам ба? – деп Алыстасам, аязда қалам ба? – деп, Аллама, жалбарынам күні-түні, Ұмсынсам, оң сапарым болар ма? деп...» Бірі жоқ əлгі сөздің – жаттағанның, Білмеді алға қалай аттағанын. Е с т а й : Өзіңе көрімдігім «Бірмысқалым», Ағаңның кешір басқа таппағанын. Х о р л а н : – Тыныш ем тымық көлдей – толқып кеттім, Сабырлы ем – өзегімді өрт қып кеттің. Ескексіз қайық мінген жас балаша, Есітіп өлеңіңді, қорқып кеттім... Серінің кеудесіне басын сүйеп, «Құдайым менің қашан жасымды иед? – Дегендей өксіп-өксіп егілді қыз, – Қай күні ғашық жүрек ашық сүйед?!..» Өрт құшақ... бастан кешкен өзіміздің, Бұндайда қауқары не сөзіңіздің?! Ақынның сипап тауып ат жоқ қолын, Кигізді алтын жүзік өзі қыздың. Шыдатар жалын жастық буы нағып? Отты ағын бойды құлап шымыранып,

Хорланы құшағында Естай сері Кетер ме балауыздай бүгін ағып! Жалғыз түн – жазылған түн маңдайына, Бұйырды тілдің балы таңдайына. Тырп етпес, төнсе қылыш төбесінен, Қарамас келер күннің қандайына. Е с т а й : – Қол қысқа... тосыламын... нағылайын? Уəде – келер жылғы мамыр айы! Хорлан: – Ақ тілеу... Алла оңғарсын жолымызды! Мен-дағы осы орыннан табылайын. Жабысып көк шалғынға боз жамаудай, Жатқанын бір жауырын қозғала алмай... Қыз-жігіт шала аңдады... алаңдады Көркіне бір-бірінін, көз қана алмай. Көңіл мас, көз жұмулы бұл шағынан Айырған əзəзілге ұсады таң. Айырылған аспанынан ай сияқты Сытылып Хорлан шықты құшағынан. Жігіттің жүрегі ұрды аласұра; Көз – айна, қалды сурет шарасында: Жамылған қара шапан ақ көйлек қыз – Шомылған аққу құстай қара суға. Сүйіндірген ұзағынан Шалынбай, ораштып, ел көзіне, Жып берді қонақ үйге ол тезінен. Ақ төсек... Маралдының айдынындай Рақатпен сүңгіп кетті көл – сезімге. Сұқтанып жүзігіне қарай берген Серінің сөз берейік енді өзіне:

– Айырылдым, асау жүрек тізгініннен: Бір күнің артық, екен жүз күніңнен. Ант етіп жар болуға қияметтік, Тақтым-ау махаббаттың, жүзігін мен! Кім білген махаббаттың мұндайлығын, Жүр екен атпай таңым, тумай күнім. Сазымды тұңғиықтан тартып терең, Сыңғырлап шыға келді сырнайлы үнім. Жұлдыздар патшалығын жаулап алып, Бақытты бауырымдай баурап алып, Мен келем, бар дүние, көз сал маған, Қуаныш – өзен жатыр таудан ағып. Бақыттың тиген менің сыбағама, Парықсыз мыңнан бірін ұға ала ма?! Бақташы ем кеше түнде төсегімде Патша боп, мен сияқты, шыға ала ма?! Талпынған өрге кеше ала таңмен, Сары үрпек, көк қанатты балапан ем. Бүгін мен тау қыранмын, құсбегім бар Сипайтын нұрдан жұмсақ алақанмен. Қымсынып, қуаныштан қызады қан. Құдайым, сүйіндірген ұзағынан. Сақтай гөр (ақын біткен ырымшыл ғой) Сұқ көз бен суық тілдің тұзағынан. Жас отау басымызға бақ қонсыншы Лайым, дос сүйсініп, жат көрсінші: Кіршіксіз мына жүзік алтынындай Біздің де сүюіміз пəк болсыншы! Зордың сөзі – сордың көзі Деседі туасы ақын – Асанқайғы, Ой-түрме, тұтқынынан босанбайды. Алдымен соған батып зар менен мұң, Алдымен сол мүскінді басар қайғы.

Шебер-ақ зұлыматтар жылатуға, Аяқтан оқыс шалып құлатуға. Өзі елді жұбатам деп өксігенді Ол кезде кім табылсын жұбатуға?! Біржан сал білегіне арқан батқан, Оны да озбыр қауым жаутаңдатқан. Ұстаздың көресісін шəкіртіне Мирас қып өле-өлгенше арқалатқан. Үреді ит, ақын түгіл, пайғамбарға, Сонда да ақ жолынан тайған бар ма?! «Көңілдес қыз-перімен Ахан», – деп те, Тұтқындай күңіренткен байлап зарға «Əділдік жерде де жоқ, көкте де жоқ, Ендеше бұл өмірге өкпе де жоқ!» Депті ғой бір ағамыз күйінгеннен, Қазақтың қара тілі неткен өжет! ...Ертістің шығыс қабақ іргесінде, Ежелгі Керекудің түрмесінде Күн көзін неше ай Естай көрмегелі, Бір пенде келген де жоқ тілдесуге. Қиялдың қуып ізін қай-қайдағы, Белгілі тұтқын пенде сарғаймағы. Ұмытты ол өзін-өзі, қала берген Жаудырап екі көзі жарды ойлады: «Сені ойлап, менің басыма төнді зар-қайғы, Сыйлаған өзің жүзіктей жүзім сарғайды. Бір сəтте міне лаулайды өртім ішімде, Лезде тағы үлгірем жаурап үсуге... Тəңірім менің, ілдірмей қойды көзімді, Көзімді ілсем, көрер ем түсте өзіңді!

Тартса егер күңгірт, көк аспан мұнар жамылып Отыр ма деймін Хорланым солай қамығып. Хорлансыз ой жоқ, Хорлансыз той жоқ мен үшін Арманым-бақша... татсам-ау миуа жемісін. Жамбасын қарыды да сыздың зəрі, Аяғын қиды темір шынжыр тағы Өлтірсе өтірік үшін өкінбес ед, Батты ғой шындық үшін шыжғырғаны. Қайтқанда Маралдыдан, ат шалдырған Жолдағы ел, тосып алып қарсы алдынан, Көктөбе, Толыбайда, Тайшы өлгенде Ғұзыр боп, қонақ етіп, əн салдырған. Сөз емес мойны құшақ жер жырағы, Түрік кой тəуір əнге ел құлағы: Өзінен бүрын жетіп мерей-даңқы, «Бір мысқал» жол бойында сыңғырады. Өз бойын үйренсе де тарта, бағып, Көсілтті Есағам да арқаланып. Хорланы нақ қасында көзін сүзіп, Жан жарын қолдағандай арқа қағып. – Əніңнің сүйіншісі – ел алғысы, Бірақ та бар ғой қазақ жоралғысы, – Деп ырза үш ауыл үш ат мінгізді, Ақынның келмесе де мал алғысы. Ақкөлге жеткізуін қиынсынып, Тұрған соң алыпсатар пұл ұсынып, Базарға салғанында үш жылқыны, Шап берді пристав кеп, бұны қысып; – На коней справки надо брать! Ты, киргиз, настоящий канократ! Деді де, жөнелді айдап абақтыға, Кім оған хан базарда ара тұрад?

Бес сомға сатып алып приставты, Баспалап баққан төре «ұры» ұстатты. Періште жылағанда пері күлер, Деді ол: – орнын ақын дұрыс тапты! – Шырмалған сұм дүние шатағына, Болар ма қайғы қамал қапалыға. Тар қолтық тақыр кедей не қылады Азуы алты қарыс аталыға?! Қалаға бір соққанда жолы түсіп, Əркіммен учитель Сəт жолығысып, Құлағы шалды таныс бір пəтерде Жатқанын жазықсыздың сорын құшып. Құрған кім жауыздықтың зəбір торын? Жазбай-ақ таныды Сəт залым қолын. Естайдың естіп-білді ту сыртында Көзі ашық, қолы жүйрік жаны жоғын. Құтқарып алды Естайды үш ауылдан Қаптатып куəлардың қалың тобын, Кетті үш ат бір чиновник көмейінде, Тəубемен байыды ғой кедей күнде. Құласы тиді əншімнің тақымына Соған шүкір... жолынан бөгейін бе?! Құба-құп Сəт ағадай тапса пана, Жасырмай сырын айтты жақсы ағаға: – Сəлем де үш қайтара Хорланжанға! Жар адал – жазбай серттен тосса ғана.. Жетермін – уəдемнен кешікпеспін, Сыртынан қамқор боп жүр, жат санама! Арманның аты арымас Сан түрлі жоғалтқанның жорамалы, Ойына талай тұспал оралады. Жориды жақсылыққа əр хабарды Дəменің құшағына оранады.

Сонда деп естіген сон, Шотқа барды, Тағы да күйді көңіл – отта қалды. «Көрдік, – деп біреу айтты, – Мұхамеджан Омбыға айдап кетті топтап малды...» Қызғанып жауыз неме жас жұбайын, Зытқан ғой... Əнші бағын аш, құдайым! Кеш қалды – жəрмеңкесі кеткен тарап, Сөйтеді десе қырсық қас қылайын. Ізі жоқ, өзі түгіл Хорланының, Қарқабат қайта ақынды басты уайым. Жей-тұғын жол-жөнекей түскіліктей, Жүресің, жазға мəз боп, қысты күтпей. Пеш екеш əттең пеш те жылыта алмас, Пешенең қалтыратса үскіріктей. Айырылған сыңарынан қоңырқазым! Кеттің бе жазатайым болып жазым? Қайдасың, қалқатайым? Күн мен айдың Айтсаңшы кездескенше көбін-азын. Тірліктен тіледің бе жолды бөтен? Қара түн тас төбеңнен төнді ме екен? Шиедей қызғыл ернің бозғыл тартып, Жұлдызың жымың қақпай, сөнді ме екен. Сəулелі жарығынан қарасы көп Шошимын ойларымнан шарасыз боп... Өзімді-өзім түйреп, сілкілеймін: «Қияли ойға қалай барасың?» – деп. Жылынып жырақтан-ақ жүріп едім, Көгінен құлады ма күнім менің? Көрмей ме көптің көзі күн құласа? Опасыз, оңай қалай түңілгенің! Қияр ем қылышсыз-ақ қыршынымды, Ол ойдан жаным бір-ақ түршігулі.

Мен кетсем... Іздеп тапса қыз тірі боп, Тағы да тигізем ғой қырсығымды. Орны жоқ жасықтарша еңіреудің, Қайғыға Мəжнүн құсап меңіреумін. Хорланым сау болсашы, мені қойшы – Құдайдан одан артық не тілермін. Əр қадам – қазылған ор... келем өтіп, Қажыдым өкінішті өлең етіп. Шаттықтың шалқар жырын төгер едім, Алдымнан шыға келсе, көлең етіп...– Шерлі ақын шытырман ой шырмауында Жылыстап ана ауылдан мына ауылға, Алысты азапсынбай тарта берді, Жоғынан сұрау салып мың қауымға. Арымас Тайбурылдай арыған аты. «Ақынның домбырасы – қолғанаты». Аралап кара Ертісті, Зайсан барды, Алдына дəмін тартты Арғанаты. Шықты ол Жетісудың тауына да, Түстенді Түрікстанның бауына да, Қаңтарда Қарқаралы қарын басты, Малшынды Қызылжарда жауынға да. Жалғанда айдай дара туған жалғыз, Қыз Хорлан – іздегені гүл Хорлан қыз. Есағаң қызды іздеді, жырды іздеді, Іңкəрі – бір арман жыр, бір арман қыз. Осылай өте берді, өте берді Тершең жаз, тұмаушаң қыс, жыларман күз.. Хорланның зары Мені іздеп жортқаныңды біліп жаттым, Ішімнен сілтідей боп тынып бақтым.

Обалың өгей шешем əзəзілге, Обалың Қауанына Өмірзақтың. Жаралған жат есікті күзеткелі Қысқа ғой қамшы саптай қыз көктемі. Жігіттер, өкпелеңдер сұм заманға, Артпаңдар жөн-жосықсыз қызға өкпені. Өзіңнен болмай кетті хабар-ошар, Күн туды ақылынан жан адасар. Құлындай ноқталаған кете бардым, Қыздан да бұл дүниеде бар ма осал?! «Білемін құшағымды жайдым кімге, Алмаспын ақылшыға Лəйліні де, Деп едім, – астам сөзді айтқан екем, Уəде байласқанда айлы түнде. Аяр ең шошып аппақ самайымнан, Қайтейін, көремін де талайымнан. Түсер ед əжем ара тірі түрса, Жан ашыр табылмады ағайыннан. Басыма желек жауып, жер еткенше, Жат төсек... қыл көпірден мен өткенше, – Деп, – сендім əне жетер, міне жетер, Алады арашалап өжеттерше». Қайтейін осы болды заманымыз, Ойға алсам қабағымды қабады мұз. Болары болды, сіңді бояуы енді, Қылыштай тасқа шапқан тауанымыз. «Сүйгенге тілдей төсек тар болмайды, Көңілі жатты іздесе, жар да оңбайды». Дерсің бе жазғырып та мен бейбаққа? Дерсің бе: «көлеңке де жан болмайды?

Жылаған жалғыз мен бе малға барып, Насырға, мен көнбесем, шабары анық. Өзіңді, өзімді де, өзгені де Дедім ғой: қор етпейін қанға малып. Морт кетер, морт кеткен соң, мерт кетер деп, Жақсылық жоқ, жамалар дертке дерт тек, Шұқырда, Шотта сəті түскенімен, Таймықтым жүздесуден бетпе-бет кеп. Жұлқынып, сабыласың, сарыласың, Жұлынған аяп гүлді не ғыласың?! Қызықпас, қасқыр тартса, арыстан да, Несіне жат сарқытын сағынасың?! Қопарма махаббаттың қоламтасын, Қалайша құлағанға қол артасың?! Əлпештеп əнге қосқан Хорланыңды Онда елдің, зердесінен жоғалтасың... Бақытты кепсінбеші ондай маған! Сен өйтсең, сөнбесем де, оңбай қалам. Өзіңді сақта, жаным, елің үшін, Мен үшін бұдан əрі болмай алаң. Көңліңді желпісінші сал-серілік, Бой бекіт, босамашы борша егіліп. Сағыңды сындырмашы күншілдерге Жылайтын тірі жүрсең, өлсең күліп. Тілеймін: тұнығыңды лайлама, Шиырды шиырлама шыр айнала. Айырсын, бізді айырса, ажал ғана; Айырсын, бізді айырса, Құдай ғана! Қоса алмай қызығыма қызығыңды, Қайтейін əнім шерлі, жүзім мұңлы, Суынбай, сəулемді естіп сүйем десек, Сусытпа саусағыңнан жүзігімді.

Ес-дертің менде болып ағынарсың, Екі елі айырылмастай жанымдасың. Ырзамын екі бірдей дүниеде, Алдыңнан Аллам өзі жарылқасын... Əн «Хорлан» Сырт көзге «сыры мəлім шамалылар» Сілкінсе бір сəт құдай болары бар. Əркімнің Қобыланды болып бір күн, Алатын Қазаны бар – қамалы бар. Біледі-ау, өнерпаздар өз бағасын – Іркілмей айта алады наз, наласын. Мың оғын мүлт жіберсе, мəу демейді, Бірегей қастерлейді азғанасын. Төменде кезіксе де күнде ұядан, Дəрі емес мыңдап өрсе қырғи оған. Тізесін тасқа іретіп, құзға өрмелеп, Ұстайды тас түлекті бір қиядан. Тереңге тауфих тұтпай мың сүңгуін, Теңіздін сүзгенінше бір інжуін, Елден ол жасырмайды «иттей болып», Жанын жеп, туңілуін, күмілжуін. Əн ғана – есіркеуші, жұбанышы, Əн ғана – қолдан соғар қуанышы. Тағдырға əнмен алғыс айтпақшы ол Хорлан қыз жер бетінде туғаны үшін. Назды үн құлағына күбірлейді: «Тірімін, дүниеде кіммін мейлі, Қолыңнан енді қайта алынбайтын Тот баспас жүзігімдей бірмін!» – дейді. «Дауысы талмай кетер жеті қырдан, Бірі бар, кімге керек екі Біржан, –

Деп еді-ау Ақан аға, – сен өзің бол, Жеткізе шындауыңды, жетіп қырлан. Іздеді бірегейін толқып қатты, Сарын бір жан сарайын солқылдатты. Өзіне сыны оқшау, тəтті толғақ Шым-шымдап жүрек қылын шертіп бақты. Талай ай жапан түзде ат үстінде, Түсінде қоналқада толқындатты. Айтпаған əлі күнге қазақ ұлы Əуеннің құпиядай кілтін тапты. Күн шығып, күмəн-тұман сөгілгендей, Сау етіп мөлдір бұлақ төгілгендей, Арам тер құм күретіп ширек ғасыр, Қазына жер астынан көрінгендей. Сүйсінер сөз айтады сүйіп жүрек, Жадырап бүгін Естай күлді түлеп. Үйінде Сəт ағаның қонып жатып, Жаңа бір əн шырқады бірінші рет. Талмаурап сызылады тартымды үні, Жүректі шымшылайды жарқын мұңы. Ұйытып уысынан шығармайды, Жаныңа құйылғандай жалқын нұры. «Бір қыз бар Маралдыда Хорланғайын, Мағырұп берген екен күн мен айын. Мұратқа іздеген жан бəрі-ау жетпес, Дариға, арманым көп неғылайын?» Бастауы – тамылжуы, балбырауы. Дүрілдеп соққанынша дауыл əлі, Емініп, еміреніп «Енді не?» деп, Тыңдаушы қайырманы сағынады. «Ахау жалған, Хұсни, Хорлан!

Екі бағлан, Екеуі туған екен бір анадан. Жігіттер қалма қапы бұл жалғаннан, Жігіттің арманы не сүйгенді алған! Сірə сіздей жан тумас, Туса, туар артылмас! Бұл ғаламды шарықтап, О, дариға, лəуліктас Бағдат, Мысыр, Шынмашын, Іздесем Хорлан табылмас!..» Он екі шыңнан асып барып əрі, Жанар тау ақтарғандай – налығаны. Кетесің Естай болып, ес жия алмай, Əншімен жаның бірге ауырады. «Іздесем Хорлан...» бұл түс үздіктіріп, Үзеді... сергіп көңіл, сауығады. Құша алмай қолы жетпей қалқашына, Қапы ұрған ғашықтықтың арқасында, Бір інжу баға жетпес көрік болып, Қосылды қазақы өнер алқасына. Əн «Хорлан» – кемел талант əні дер ем! Дүниеге келді солай зарыменен. Бұлбұлдар қағып алды жаңа сазды, Сырғадай қағып алды қайың, емен... Есағаң ұмытқандай көңіл дертін, Жайдары жымияды бүгін еркін. Жүзігін сипайды ақ орамалмен, Пендеге айта алмайтын сырын шертіп: «Білмеймін оңалам ба, зорығам ба? Төзбестей тұла бойым долы қанға. Хорланнан мені айыру, кешір, Аллам, Келмейді енді сенің қолыңнан да! Біржола айырылсам да қыз Хорланнан, Өзгеден көлеңкесін қызғанғаннан,

Сақтаймын гүл қалпында жүрегімде, Сақтаймын суық сөзден, ызғар қолдан...» Жамиғат сыймайды үйге бүгін тағы, Сері Естай серпілтеді, құйылтады. Алпыстар алыс күннің арбауында, Сексендер сілекейін шұбыртады. Жаңа əнде жан құштары жалқын қандай, Жиырмалар байыз таппас шарпылғандай. Жарқырап ай астында алтын маңдай, Жастық шақ «ақ сүйекке» шақырғандай. Жылыстай бір ауылдан бір ауылға, Туыстай бауыр басып мың қауымға, Əн «Хорлан» аттанды алыс сапарына Əркімнің нəр-нақышпен жырлауында. Жүзік Көктем кеп, еспей қойды жылы лебін. Қуарпы жапырақтай нұрлы рецін. Арба мен ат жіберіп, шандоз ақын, Шақыртты Баймұраттың Нұрлыбегін. «Біржан сал, Ақан сері сарқытындай! Бал көмей жан екенсің, жарқыным-ай! Айызын əлеуметтің қандыратын Əнім-ақ «Хорланыңды» шалқыт тынбай. Жүздегі Жəкең дүлдүл – кəрі құлақ Солай деп құшырланған əнін тыңдап. Есағаң енді міне меңдеп біткен, Нұрекең аяп кетті, «бауырымдап». Е с т а й : – Іні едің жасың кіші, жаның құрдас; Ақын ең жырың мұңдас, əнің сырлас, Шыраққа майы біткен ұқсап барам, Сөнбестен мəңгі лаулап жалын тұрмас.

Білесің: өмір ыстық, өлім суық: Төрімнен осы сəтте көрім жуық. Төсекке жапсырды да дауасыз дерт, Тастады титықтатып өлімші ғып. Тартсам да сазайымды салқын түннен, Жиырма жыл жан жылыттым жарқын күннен. Жолықтым тəтті шерім Хорланыма, Сол үшін тағдырыма тəнтімін мен. (Алқынып Естай бір сəт, əрең төзіп, Көрсетті ат жоқ қолын алға созып, Орапты көк мауыты бауырына Жүзіктің, жіңішкеріп қалған тозып). – Қаусаған кейпіме осы қызық мысал: Жайнаған жастық көркін бұзып бұ шал, Жұқарып бітіпті ғой жүзігіндей, Бір кезде тамашаға қызыққыш сал. Ұстадым кір шалдырмай жүзігімді, Ұстандым ғұмыр бақи түзу үлгі... Алып қал, көзімдей көр, ұрпаққа бер Кəрі дос домбырамды қызыл тулы. Көзі еді Хорланымның, алтын жүзік, Көрмедім ғашықтықтың антын бұзып.. Маңымды қазір міне торуылдап, Қаптап жүр сопысымақ қалпы бұзық. Бас-көз бол: тақуалар тонамасын, Жүзігім қолымдағы аман қалсын. Хорланның ырза болсын аруағы, Өзіммен көрге бірге о да барсын!..

ІЗТАЙ МƏМБЕТОВ (1929–1974) САЛ САРЫ Ахмет Жұбановқа арналады Толғау Ертеде сері де өткен, серке де өткен, Ел іші еміреніп еркелеткен. Кім білсін, құмары ма, мұрады ма, Өмірін өнегелі ертек еткен. Ер өткен ел табынған бір өзіне, Қыз өткен жұрт қызыққан мінезіне. Ошаққа ошарылып сорлы да өткен, Жігері күн езіле, түн езіле. Бай өткен бұлықсыған барлығына, Би өткен ұлықсыған жарлығына. Талайлар түнде ұрланып, таңда жортып, Тағдырдың көнбей өткен тарлығына. Ақындар той-думанды алқалаған, Күйшінің бармағынан бал тараған. Жез таңдай шешен де өткен, көсем де өткен Халықтың қасіретін арқалаған. Солардың бірі маған үн қатады, Алыстан шемен сырын тыңдатады. Қайраты құлшындырып, сүйсіндіріп, Қайғысы қабырғама шым батады. Жан еді жалындаған өртке бейім, Көтерген өнерімен көп мерейін. Қасына қаһарлы еді қаңтар-сынды, Досына дарқан еді көктемдейін. (1929 1974)

Жаралған жан емес-ті шерге бейім, Тұсаған тағдыры бар, мен не дейін. Əйтеуір шаттығына шалқиын да, Толғанса, өзімен бір тербелейін. Ал кеттім, əл жеткенше жосылайын, Көңілдің бола берсін хошы дəйім. Кешегі арманда өткен Сал Сарының Үніне өз үніммен қосылайын. Көкжидеде Қыз Қосан əр қыздардың Құдайындай, Өзге қыз судың шалшық лайындай. Қарама, қасқа Қосан, көзің шыққыр, Көзіңе көзім түссе, жылаймын да-ай! Сары Қоңыр кеш, дала кеші желі тымық, Саф ауа қалықтаған жеңіл, тұнық, Шалғынды шырша тоғай құсқа толып, Сімірген салқын лепті жер ынтығып. Қызартып күн жалқының төбелерді, Құлпыртты желкілдеген көделерді. Жалтылдап соңғы нұры су бетінде, Жылжып жай көкжиекке шөге берді. Басылып жалшы үні де, мал шуы да, Жай тауып бай көңілі байсуына, Ақ үйлер, қараша үйлер ірге түріп, Жап-жаңа қанып алған шай-суына. Бұл ауыл – ауылы еді Сидақ байдың Жастары сауық құрмай бір жатпайтын. Қосылып ақын, əнші өнерпаздар, Көрікті Көкжидені күй қаптайтын.

Көкжиде мөлдіреген көл еді бір, Қаз қонып, үйрек ұшып, өреді құр. Қоғасын қоңыр самал қозғап ойнап, Айдынын айлы түнде өбеді нұр. Думан боп күнде көлдің төңірегі, Əн мен күй тамылжып кеп төгіледі. Қызықтап қыз-бозбала жастық шақты, Жүректің қалауына беріледі. Кінə жоқ, мейлі жастар сайрандасын, Барында қатар-құрбы жайраңдасын. Ертең-ақ кетеді қыз ұзатылып, Кім білсін, қалдырар ер қайда басын. Өзім де осындайда отыра алман, Кеудемді кернейді де нөпір арман, Дулы кеш, сауық десе желігемін, Қырыққа болсам-дағы жетіп алған. Əлі де басылмаған албырттығым, Табар ол күні жетпей нағып тыным. Бойымды буады ыза, көрсем егер Біреудің ерте есейген салғырт түрін... Бүгін де қызды думан көл қасында, Құрылған алтыбақан дөң басында. Мамық кеш, салқын ауа бой сергітіп, Айнала жарқылдаған толды асырға. Əнші қыз əткеншекте тербетіліп, Бозбала қиылады жерде тұрып. Сол шақта екі жүрек жалғасқандай, Соғады бірге тулап, бірге тынып. Кенеттен бар төңірек тынып қалды, Тербелмей алтыбақан тұрып қалды. Тып-тыныш маужыраған мезгілде осы Ауылға басқа бір əн жуықтады.

Жуықтап келе жатты басқа бір əн, Қалықтап асқақ үні аспанынан. Шымырлап ұйыды да қаймақты көл, Шаңқ етіп, қоя қойды таста қыран. Тастай сап ақсүйегін бала-шаға, Кəрілер шақшаларын қаға сала, Қатындар жаулықтарын ала сала, Мəз болды келе жатқан тамашаға. Əн баурап, ынтызар ғып, алып есті, Баршасы: «Сары ғой бұл, Сары!» десті. – Құрбылар, қарсы алайық сый-құрметпен, Созайық таңға дейін сауық-кешті! – Деп қалған қыз бетіне қаны шығып, Қан емес, кететіндей жаны шығып, Тұр жайлап, бал-бұл жанып, тым асығып, Жеткенше құмар болған əні сүйіп. Қыз екен бидай өңді, жар қабақты, Қара көз, қыр мұрынды, бал тамақты. Өзгеден бойшаң біткен сұлу тұлға Өзіне жігіттерді сан қаратты. Бірақ та батып ешкім тіл қатпаған, Дүрсілігін жүрегінің тыңдатпаған. Келеді еркін өсіп, бұла қыз боп, Атанып кəмшат бөрік бұлғақтаған. Қос бұрым қос жыландай иретілген, Қос етек бұлаң қағып сүйретілген. Ортада тұр ойнақтап, жалт-жұлт етіп, Құлындай қолға жаңа үйретілген. Сидақтың сылаң өскен Қосаны бұл, Осындай ойын-тойға қосады нұр. Əйтсе де жастайынан қалың беріп, Айттырған əлдекімнің қосағы бір.

Қосанды қалың жатқан Қабақ елі, Бақтағы бұлбұлына балап еді. Ұзамай ұзатылмақ Төртқараға, Көреді маңдайынан бара нені. Есімін көп есітіп Сал Сарының, Жүретін ойлап өзін, аңсап үнін. Міне, енді кездесетін сəті келіп, Жас ару жоғалтып тұр жан сабырын. Жақындап бірте-бірте əн келеді, Қыз-қырқын үстін сипап сəнденеді. Қосан тұр бір қызарып, бір бозарып, Жүрегі сезетіндей əлденені. Баяулап əн бітті кең тыныспенен, Со бойда сыпайы бір жүріспенен, Астынан жаңа туған жарық айдың Жарқ етті ер-тұрмандар күмістеген. Аттардың жып-жып етіп аяқтары, Сумаңдап көл басына таяп барды, – Құрбылар, думан қызсын, орта толсын! – Деп бірі күткендерге қарап қалды. – Кемтігі толсын онда өздеріңмен, – Деп Қосан араласты сөзге бірден. Барлығы ортадағы дəу жігітті Ұрланып жеп барады көздерімен. Қапсағай, ер мұрынды жігіт еді. Келбеті көрген жанды жібітеді; Əнімен, сəнімен де сері Сары Секілді жас қауымның гүлі тегі. Бір-бірін қыз бен жігіт біле-тұғын, Сырттай тек ынтызар боп жүре-тұғын. Ұғысты ұлы сырды қас-қабақтан, Тапқандай дос көңілдер, міне, тыным.

Қайтадан қызды думан дуылдаған, Жаңағы жақсы күймен суынбаған. Кейбіреу əншиінде əнші атанған Өгіздей аузын үнсіз буып алған. Соны айтып қыз-келіншек əзілдесті: – Қайтсін-ай, дауыс та жоқ, əні де ескі. Өздері өлеңдетіп сонан кейін, – Енді, айтсын əнші Сары, Сары! – десті. – Қосылсын Қосан оған, – деді бірі, – Ашылсын əсем əнмен көңіл кірі... Сол екен, əткеншектен қыз бен жігіт Жүректің нəзік сырын төгілдірді... Құрбым-ау, жас күніңді ал жадыңа, Көз салып отыз жастың аржағына. Қасына қалаулыңның тұңғыш барып, Өн бойың бөленбеп пе ед жалынға? Көңілің кенелгендей тұнық нұрға, Сүйіндің сұлу түннен сыр ұқтың да, . Сондағы аттай тулап алып ұшқан Дүрсілін қос жүректің ұмыттың ба?.. Дəл сондай күйде қазір Қосан, Сары, Айтылып жатыр əнмен дос аңсары. Бір-бірін көрмесе де адаспапты. (Жастықтың жалын атқан осы-ау сəні.) Қалжырап тап мұндайда бар ма талған? – Тарады сауық-сайран таңға таман. Ұйқысыз осы түнді өткізіпті Жас түгіл кемпір менен шал да тамам. Болса да Қосан – Сары, сірə, ғашық, Бұл жолы тілдескен жоқ сырлар ашып. Лебізін махаббаттың білісті тек. Қыз қалды, кетті жігіт қырдан асып.

Жігітпен соны əуез бар кеткен бірге, Сол, міне сыр құяды көп көңілге. Қыз тұрды, ауыл тұрды құлақ түріп Алыстан еркін шалқып жеткен үнге: «Қыз Қосан əр қыздардың Құдайындай, Өзге қыз судың шалшық лайындай. Күте бер, сұлу Қосан, үміт үзбе, Жетермін осы жаздың бір айында-ай». Абақтыда Батақтың баласы едім тұтқындағы, Көмекей көрінбейді жұтқындағы. Би-болыс, арыз салып жата берші, Мен де бір қызыл түлкі батқылдағы. Сары Тұтқынды табиғаттың өзі аяды, Шілде өтіп, болып қапты жаз аяғы. Соғады салқын самал Ырғыз жақтан, Мазасыз күндер енді азаяды. Өзі тар, өзі аласа абақтыны, Тұратын аңызақтың жалап тілі. Ыстықтан ығыр болған кіріптарды Бүрге де боршалайтын талап, түгі. Бір жақтан қарауылшы қалшылдаған, Қит етсе қаһарланып қамшыны алған. Бітеді əлсіздердің демі кейде, Қанын да бір сүрте алмай тамшылаған. Қалжырап бүгін де бір өлді кəрі, Қуарып жастардың да солды бəрі. Сарғайған Сарының да шөлі қанбай, «Қара шай бір қайнатым болды дəрі».

Ойлап па кезде мұны ол ұсталар? Жармола жерім деп не қоныстанар? Амалсыз ала жаздай азап шекті, Қасында қазақ та бар, орыс та бар. Ол, міне, бесін болған мезгіл жетіп, Бастады бір əуенді безілдетіп. Көк тұтқын құлақ түріп ұйып қапты, Ерлік те, өрлік те бар сезімге елтіп. «Баласы мен Батақтың атым батыр, Ішінде қараңғы үйдің бұ да жатыр. «Баспақшы басқа түссе» деген сөз ғой, Төсексіз қу тақтайға жаттық ақыр». Əн кетті қанат қағып көкке бірден, Ащы айқай, алапат күш, өктем үнмен. Шыққандай қақыратып абақтының Төбесін көмкерілген көк темірмен. Биікте бір нүктеде тұрды қалқып, Тамсантып, тұла бойды шымырлатып. Сонан соң сыбырлатып, сыр ұрлатып. Əн бітті, əнші тынды ойға батып, Жантайды ағаш нарды ойбайлатып, «Сабаздың дауысын-ай!» – деп сүйсінді, Тұтқындар отырғандай той-тойлатып. Бір сəтке қайғы-қасірет ұмытылды, Көкейде Сарының тек үні тұрды. Қамыққан қайран көңіл əркімдегі, Серпіліп биігіне бір ұмтылды. Қошамет көрсеткен жұрт дабырына Күзетші жетіп келді тағы ұрына. Бақырып, балағаттап, кəрін төкті, Сарының тіл тигізіп сабырына.

Бармағын шайнап батыр сол шағында, Сыпырып кекті тердің моншағын да. Деп қалды: – Əттең, иттер, жолығар ма ең Сонау бір, сонау жатқан Шөлшағылда! – Сонан соң солдат сөзін елемеді; Ойына өткен күндер келе берді; Сағынды қыз Қосанды, Тарлан атты, «Жас пері, əнші Сары» деген елді... Еске алды қыз Қосанды бұл алыстан, Бір сəтті сыр айтысқан, құлай құшқан: Түн еді-ау көзге түртсе көрінбейтін, Жалмардай ғұмырыңды ұрлай дұшпан. Тұңғиық түннен батыр қорықпаған, Қауіпті жолда қашан жорытпаған. Жəне де бүгінгі түн өзгеше түн, Өзгеше көңіліне толыпты арман. Келеді жалғыз өзі Қосанына, Жасырын жолықпақшы қосағына. Себебі Мырзағұл мен Шолан болыс, Кір бүркіп, тіл тигізген дос арына. Жар сапты бүлініпті қыз аты, – деп, Өзін де жазғырыпты бұзақы, – деп. Əйтеуір, олар айтса – батыр Сары Жанының бүтіні жоқ, сызаты көп. Дау-шарын Алтон – Қызай арасының, Бітпейтін мал ашуын, жан ашуын Сарының бір басына үйіп-төгіп, Өршіткен өштігі мол дала шуын. Бір шықса, басыла ма өрт далада, Бар хабар жеткен жансыз Төртқараға. Ол жақ та іші қайнап, тісін қайрап, Депті ғой: – Қайтарылсын кек табанда.

Соңына түссе-дағы бəрі бірдей, Жүр шошу көңіліне əлі кірме. Қамшысын нықтай ұстап мырс етті ол: «Мырзағұл іс қылады əлін білмей». Жетті де Көкжиденің жағасына, Тарланнан түсті қарғып Сары асыға. Беттеді сегіз қанат сəнді ордаға – Жүректің жазылмайтын жарасына... Бұлықсып жатыр Қосан төсегінде, Елемей қастың сөзін, өсегін де. Əкенің аялаған ерке қызы Біледі көп екенін досы елінде. Біледі Төртқараға кетерін де, Жегіліп бір жаманның жетегіне. Біледі Сарысынан шын ажырап, Өмірі өксуменен өтерін де. Əкенің барып бүгін ол қасына. Бостандық тілеп еді бір басына, Қар Сидақ қайыспады, жібімеді. Айтылды айтылатын сыры ашыла: – Жан балам, бостан-босқа желікпегін, Жасыңнан не істесең де ерік бердім. Бетіңнен қаққан жоқпын, сөккен жоқпын, Өзіңе, өзіңе тек сеніп келдім. Халықтың қаңқу сөзін елемедім, Жазықсыз жабырқансаң, жебеп едім. Сөйткен сен ата-баба ғұрпын бұзып, Билік бер дегенің бұ, не дегенің? Буынсыз жерге енді пышақ ұрма, Ұятқа қала алмаймын бұл шағымда. Барасың атастырған адамыңа, Сол болмақ сыйларың да, құшарың да...

Əкесі байлам айтты бүй деп бүгін, Біледі Қосан оның бір беттігін. Ол көнді, көнбеді кім тағдырына, Амалсыз жат құшаққа кірмепті кім? Сонда да Сары болар аңсағаны, Сары деп шыққан күнді қарсы алады. Сары боп кешкі жалқын алауласа, Сары боп сипар беттен таң самалы... Қосанды осындай бір күйде жатқан Тосын үн селк еткізді ірге жақтан. Сарысын таныған қыз тұрып еппен, Есікті ашты ақырын түнде жапқан... Күншығыс сəл бозамық тартқан шағы, Далаға дыбыс бермей шыққан Сары. Əр жерде бұғып жатқан он екі адам, Дүрілге түрегеліп жұптасады. Екеуден бөлініп əр тұсқа тарап, Қамады, қолдан келсе ұстап алмақ. Бəрі де Мырзағұлдың қолшоқпары Серіні жүрген бірге күстаналап. «Бұл Сары қыз Қосанға бір келеді» – Деп аңдып талай түндер жүрген еді. Дəл бүгін сасық ойдың сəті туып, Кеңейіп қалғандай-ды іргелері. Жан-жақтан жынданғандай жалақтады, Былапыт бейпіл сөздер боратқаны. Сарының он екі өрме бұзау тісі Жанына сірə жақын жолатпады. Тым таяп қалғанының талайлары Қамшы мен қол қуатын абайлады. Сонда да сойыл сілтеп, жабылды топ, Ұстамақ не мерт қылмақ қалай да əлі.

Сары да көріңдер деп ұрынғанды, Қойнына тапаншасын жұлып алды. Асырып бастарынан атқанында, Кейі қашып, кейі ессіз жығылған-ды. Сытылып Сары сол сəт жүре берді, Сайға кеп, сайгүлігін міне берді. Қуатын жан табылмай ынтық топтан, Оянған ауыл жұрты күледі енді. Тарлан да тартынбастан кетті желіп, Қызынып, бір-бірте, екіленіп, «Жүріске қажымайды жануарын, Арбаның белағашы секілденіп»... Қайрат ер абақтыда күйі кеткен Отырды ойлап осы күнін өткен. Апырау, содан кейін не боп еді, Ұсталдым қандай ғана құдіретпен? Жүргенмін емін-еркін ел ішінде, Келмедім би-болыспен келісімге. Сүліктей сорып, жұртты жуандаған Мырзағұл сөкті бірде – деп – «ісінбе!» Қамшымен тарттым сонда жыланбауыр, Мықтыға мін бола ма мұнан да ауыр? Түу десе түкірігі жерге түспей, Бар елді жалғыз билеп қылғанда əмір. Ол өзі болып болған он сегізде, Ойлаңдар, мен семіз бе, ол семіз бе? Тырп етпе, болысеке, тордан шықсам, Көрерсің, он сегіз бе, сор сегіз бе? Рас, мен бейқам болдым, ойланбадым Əр жерде думан құрдым, тойға бардым. Халқымды жырға бөлеп жүре бердім, Байлардың пиғылына бойламадым.

Бір түнде жалғыз ұйықтап жатқанымда, Тап берді қалың солдат қаптады да. Тарлан мен жолдастарым болғанында, Түсер ме ем жаудың құрған қақпанына!.. Көп ойдан кенет Сары серпілді де Қарады есік жаққа екіндіде. О несі, тағдырына табынды ма? Əлде бір тəуекелге бекінді ме? * Күз айы, жадау тартқан жаратылыс, Күрсініп кем-кетіктей алар тыныс. Барсаң да қай ауылға – қаяу көңіл, Бұрынғы той-думан жоқ, дала тыныш. Тынғандай тіршілік те күйбеңдеген, (Таңданар, көрсе біреу үйренбеген). Құдай-ау, көрінбейді қу қатын да Кеп-кешке ауыл кезіп сүйреңдеген. Осынау жатқан елді мүлгіп түгі, Дүңк еткен жаңа хабар дүрліктерді. Шыласты, сыбырласты Алтон – Қызай, Сан-саққа сумаңдатып жүйрік тілді: – Сары жоқ, кеткен бұзып абақтысын... – Солдаттың сындырыпты санап тісін... – Əй, одан бұзақылық өтпес сірə... – Жіберді Орынборға бар актысын... – Аралап ауылдарды солдат біткен... Тұр дейді торушысы жолда күткен... – Бір білсе, Қосан білер деп барғанға Білмеймін депті заңғар, олла тіптен... Батырға кəдір берер, зəбір берер Көбейді алыпқашты əңгімелер.

Ішінде дұрыс та бар, бұрыс та бар, Үңілсең байыппенен мəніне егер. Сарының қашқаны рас бұғау тордан Зар илеу, запыран құсу, жылау толған, – Көне ме жер бетінде жорғалауға Балапан қияда өсіп, қыран болған. Келісті көп тұтқынмен дəмде кешкі, – Ендеше, бүгін демал, əлден десті. – Ал ертең кешке сыртқа шығарғанда... Осылай орыс, қазақ жəрдемдесті. Іңірде бəрін тысқа шығарды айдап, Тұтқынның бірі боқтап, бірі айғайлап, Қаумалап қарауылды қалған шақта, Жөнеді Сары сайға «а Құдайлап». Əр ауыл хабарласып, сыбырласып, Əкетті жау көзінен мұны қашық, Соңынан қуған қалың қарауылшы Ізіне бір түсе алмай жүр адасып. Қосанға хабар салды Сары кеше: «Кездессін ертең түнде жарым десе. Бас қорғап Бесқалаға аттанамын, Қоштассын, сынбай кетсін сағым десе!» Мінекей, Көкжиденің жағасында, Сарғайған, сидиған тал арасында Екеуі тұрды ыстық жолығысып, Қарамай алдағы не жаңа сынға. – Қайда да жолың болсын, сері жаным, Есінен еш шығармас сені жарың. Өзің де ұмытпас бол сүйгеніңді, Қалмасын көкірегіңде сөніп жалын.

Мен, міне, саған арнап тіктім қолғап, Алқымын таспен зерлеп, шектім торлап. Алғайсың киген сайын мені есіңе, Жүргеймін жүрегіңде кекті толғап. – Қайтейін, қиналамын, қия алмаймын, Бір сені, жақсы күнді қиялдаймын. Сонда да қырды кезген құлан ғұрлы Ен жатқан ел ішіне сыя алмаймын. Тірідей тастайды кім туған елін, Кербез таң, керілген көл, құба белін. Қияды кім əдейі ғашық жарын, Жайыма түспесе егер мына менің? Білесің сорлатқан кім, сорлаушы кім? (Халықтан жасырған да жоқ-ау сырым). «Көз жұмбай, дария кешпес» деген сөз бар, Ал кеттім, алды тұман жолаушымын... Сал Сары Тарлан атқа салды қамшы, Алмақшы ел шетінде таңды қарсы. Ол кетті «Қош аман бол, аяулым!» деп, Қыз қалды, кірпігінде қалды тамшы. Бесқалада Беріпті Қосан бізге мақпал қолғап, Мен кеттім Бесқалаға басым қорғап... Қыз Қосан, мен келгенше үйден шықпа, Төртқара алып кетпейд сені зорлап. Сары Қаналған қарақалпақ, қазақ елі Көргені кемтарлық пен мазақ еді. Қашаннан қарындастай болып бірақ, Құшағын бір-біріне жаза берді.

Тарихтың тартты бірге тауқыметін, Қайыспай қайсар жігер тау тілетін. Қазақтан қонақ келсе, қарақалпақ Тапжылмай түнді өткізіп, таң түретін. Қазанға қағып етті сала-тұғын, Көк шай да келіп алға қала-тұғын. Жиылмай кең дастарқан көпке дейін, Əн баурап, жан рақат таба-тұғын. Сары да сый қонақ боп алды мұнда, Жүргендей өзі туған Талдықұмда. Ақ көңіл, абзал жүрек ағайындар Жадынан шығарды ащы тағдырын да. Шымбайды, Хорезімді, Қоңыратты Аралап, баласындай болып апты. Сезген жоқ үйде-түзде жалғыздықты, Жалғыздық жанына оның дарымапты. Той болып бүгін, міне, қыз ұзатқан, Əн мен күй, əңгіме-дүкен қызып жатқан. Отырды тыңдап Сары қарт жырауды Сілтеген салауатты сөзді ұзақтан. Тілеу ме дос ғұмырын дос ұққанын, Халықты дұшпан қалай босытқанын? – Секілді қарақалпақ шежіресі Бердақтың шертті жырау қосықтарын. Шертілді ел қайғысы, ер қайғысы, Жарлының жарытпаған жер қайғысы. Шертілді жоқшылықтан ошарылған Баршаны билейтіні бір бай кісі. Қарт жырау оңтайлана малдас құрып, Жөнелді жырды қайта жалғастырып. Сарының көз алдынан өтті күндер Зарлатқан көкіректен қан жостырып.

Ол көрді «Бозатаулап» босқан ғарып, Жөңкіліп Жоңғарлардан қашқан халық. Ол көрді батырларды, бағландарды Қылыштай қайта ұстаған тасқа жанып. Қанталау қазақты да қамады көп, «Ақтабан шұбырынды» заманы боп. Бəрібір жеңілмеді жауға жұрттар. Қан кешті, қаптай жапты даланы көк... Жыр бітті, жырға елтіген Сары отырды, Тағы да жүрек сыздап, жан толқыды. Өзі де сезбей қалды бір мезетте Кеудеден шықты кернеп əн толқыны. Əн кетті «Дүниялап» дабылдаған, Үнінде сағыныш пен жанып арман, Əн кетті əуеге өрлеп, қанат қағып, Əрі асты жалпақ жазық, шағылдардан. ...Беріпті ескерткішке Қосан қолғап, Мен жүрмін Бесқалада басым қорғап. Есіме, о, туған ел, сен түскенде, Кеудемді жуа берді жасым парлап... Əн сазы аян етіп дарын күшін, Əркімнің елжіретіп жандырды ішін. Қаумалап алқа-қотан отырғандар Сарының сезді терең сағынышын. Қонаққа Ақтөбеден келген қазақ Бастады бір əңгіме елден ғажап. Бітіпті Алтай – Қызай дау-жанжалы Бай емес, бұқараға берген азап. Жəне бір хабары бар ыза тұнған: – Мұны айтып отырған жоқ өз атымнан. Ерте-кеш ел аузынан естуімше, Қыз Қосан Төртқараға ұзатылған. –

Отты көз сөйлеушіні осып өтті, Жаңағы ынтық көңіл хошы кетті. Бір қайғы мың қайғыны қозғай-тұғын, Əкелді қайдан ғана осы дертті? Əйтсе де бұл ақиқат хабар еді, – Ұзатты Қосан қызды Қабақ елі. «Сары!» – деп сарнап кетті сорлы сұлу, Жоқ болып жүректегі жараға емі. Айна көл – пəк махаббат куəсіндай, Тал-ағаш – балғын сезім дуасындай Ізіне қалды қарап қалыңдықтың, Қабағы кетті ғой, деп, бір ашылмай. Өзі жоқ, қызойнақтың орны қалды, Əлдекім əткеншекті тор ғып алды. Ауылдың əні кеміп, сəні кеміп, Сенделтті сең соққандай құрбыларды... Сал Сары билеп түгел бойды кенет, Тамағын кеберсіген қойды кенеп. Тіл қатты төрде отырған ақсақалға: – Ортаға салайын бір ойды керек. Күндердің көрдім ащы, ауырын көп, Үзді үміт жапырағын дауыл үрлеп. Мықтының тепкісіне төзбегесін, Келіп ем Бесқалаға бауырым деп. Көңілден шықтың, жұртым, ыразымын, Сергідім, серпілді де біраз мұңым. Сыйладың қарақалпақ, қазақ болып, Демедің: «Қаңлы ғой бұл, құны аз мұның». Риясыз дос таптым да тума таптым, Бəрі де бауырлыққа туған мəрт тым. Өзіңнің сəбиіңдей еркеледім, Өзіңнің жігітіңдей думандаттым.

Табиғат саған сондай сезім берді, Жебедің егілгенді, езілгенді. Ағайын, аяладың үш жыл ұдай, Отанға оралатын кезім келді. Мен де бір байтақ елдің түлегі едім, Жүдесем, ойлап соны жүдеп едім. Ақсақал, қатар-құрбы, дос-жарандар, Ақ бата, рұқсат болса, жүрер едім... «Жоқ, əзір кетпейсің!» – деп жастар қалды, Қимады жіберуге асқақ əнді. Алайда əнші Сары əлгі айтқаны Толғантты түйгені бар басқаларды. Сабырсыз сөз шыққанға бəрі ұяла, Қарасты қарақалпақ қарияға. Жұрт тынып соның аузын бағып қапты, Дегендей: «Өз ойынды жарияла?» – Ит тойған жеріне де мақтанады, Ер туған жерінде тек бақ табады. Берейік ақ батаны, алғыс айтып, – Деп түйіп барша жұртқа қарт қарады. – Дұрыс-ақ! – Аталы сөз! – Мақұлдадық! – Жолынан құр кідіртіп шатылмалық. – Ендеше, ренжітпей жөнелтеміз, Жүретін болса ақыры батыр анық! Тарланды талай рет таң асырып, Баптады баяғыша дала шығып. Сөйтті де сəтті күні Сары аттанды, Кеудеде жаңа бір əн арасұрып. Өзбек һəм қарақалпақ, қазағы бар Бауыр ғой, ажырауды аза қылар.

Сарымен бір көш жерге бірге барып, Қоштасты қимастықпен əзер бұлар. Сар желіп Сары батыр сардалада, Келеді тартып тіке Жармолаға. Білмейді алда не тұр, көрері не, Жармола жар бола ма, зар бола ма? Елім деп емірене əн салады, Жел соқса, жел желі деп тамсанады. Жеткенде бір төбеден бір төбеге, Кетеді ұмытылып шаршағаны. Тарлан да басын сүзіп, шиыршық атты, Қайшылап қос құлағын құлшына ақты. Бір кезде Бозбелеске шыға келіп, Көрді-ау ер шалқып жатқан Құмсуатты. Түсіне көп-көп кіріп, көпелестеп, Жүретін, айхай, туған жер емес пе? – Батырың байқамады, тама берді Көзінен күміс моншақ со белесте. Үш жылғы үмітім ең, жаңа көрдім, Сен ылғи сағынышты санама ендің. Асығып келіп тұрмын, əншім десең, Əн десең, «Дариғай-айды» ала келдім. Сол əнге талай-талай басып едім, Басып ап, жасып едім, тасып едім. Жеттім бе, жетпедім бе арманыма! Ассалаумағаулайкем, асыл елім!

Орынборда Дариға, торға түстім сенгенімнен, Патшаға арыз айта келгенімнен. Қор болды қайран басым, енді айла жоқ, Сөзіне залымдардың ергенімнен. Сары Сал Сары елге жетті, мауқын басты. Қадірі қашанғыдан артып-асты. «Құрбым!» деп қыз-бозбала ойнап-күлім, Кəрілер «қарағым!» деп қауқылдасты. Үй-ішім, жекжатым деп жатсын қайдан, Жас жаны жай тапқасын жақсы райдан. Шабыттың мінді жүйрік тарлан атын, Шырқалды еш адамды жатсынбай əн... Жұрт та оны үйде тыным жатқызбады, Шақырып дəм-тұзын бір татқызғалы. Ал Сары барған жердің бəрі сауық, Ел-елдің еш жерде жоқ салт бұзғаны. Ер жігіт ел еңсесін көтергелі Өнерін өрістетсе, бөтен бе еді? Халқынан хақ сөзіндей алғыс алса, Өлшеусіз еңбегінің өтелгені. Сондықтан шақырғаннан қал алмады, Ауылын Алтон – Қызай аралады, Аңысын аңлап Сары байқағанда, Көрінді тату сынды аралары. Екі ру бірақ ондай емес еді, Бірдірмей іштей ғана егеседі. Ісі де Салдың əлі басылмаған. Болыстың бар бүркеулі бір есебі...

Құрса да сауық-сайран бұлай Сары, Тұрса да жарқыл қағып шырай, сəні, Жүрегі жаралы-тын, құсалы-тын, Сөнді деп бақытымның нұрдай шамы. Сарнайды оңашада «Қосан-ау!» деп, «Құдайым қашан бізді қосар-ау!» деп. «Тіріде жолықпасам, жаным, саған, Мақшарға бұрын барып тосам-ау!» – деп... Жүрсе де арыла алмай мұң-зарынан, Əнімен əлеуметін ырза қылған – Сарыға шақыртулы сəлем жетті Баяғы Қызайдағы Мырзағұлдан. Айтыпты: «Ашуы жоқ ағайынбыз, Кешірдік тентектігін толайым біз Дəм тата, кеңес құра келіп кетсін, Табармыз өзге істің де орайын біз»... Кең отау, кіл жуандар іркілдеген, Май басқан бұғақтары бүлкілдеген. Сонда да Сары олардан тұлғалырақ, Ортада отыр асқақ бір түрменен. – Шақыртып, Сары, сені алдырғаным, Жеткенін айтпақшымын қаңғырғаның. Апайтөс азамат боп ауылдағы Бойыңнан балалықтың қалдыр бəрін. Мен кештім, артық кетсем, сен де кешір, Тимесін екеумізден елге кесір. – Сары үнсіз Мырзағұлға көз салады: «Осы сұм не деп отыр, түйген не сыр!» – Шет қапсың жаңалықтан расында, Ұл тапты патша əйелі, ұғасың ба? Сол үшін жариялап мəнепес ол, Кешіпті кінəлінің кінəсын да.

Сен де бар Орынборға алып арыз, Əйтеуір, білуімше бару парыз. Жандарал өзі-ақ басып пыш-пыш сөзді, Ақ болып ораласың сонда нағыз. – Қоштады мұны Шолпан, басқалары, – Жақсылық білмейді, деп, жастар əлі. Түгелдей Сары ақталып қайтып ертең, Алтонды билеп-төстеп басқарады... Тыңдаған болысын да, өңгесін де Сары отыр білмей сенер, сенбесін де. «Қалайша қамқоршым боп шыға қалды? Керекпін тап осының мен несіне?» Əзелгі адал көңіл аңқылдаған, Ағынан бұл жолы да тартынбаған, Болыстың айтқанына сенді, нанды, Ұяты бар шығар деп там-тұмдаған. Дегенде: «Бармайын ба, барайын ба? Болысқа нанбайын ба, нанайын ба?» – «Соңынан сөз ерместей етіп қайт» – деп, Қоймады бүкіл Алтон ағайын да. Сонымен сері аттанды сапарына, Орынбор аталатын шəһарына. Сонымен... барар жерге барғанында-ақ, Күмп берді азап-дозақ апанына. – Жандарал екшей оқып арыздарды, Кейімен темекісін тамызған-ды. «Батақов Сары арызы» дегенді оқып, Селк етті қатып-семген жаны ызбарлы. Сонан соң алды арызын Мырзағұлдың, Он жазған ішінде тек жыл жарымның. «Бұзақы, ұры, қашқын, кісі өлтірген, Сібірде орны, депті, бұл залымның».

«Ə, бəлем, түстің бе өзің келіп қолға, Салайын сені шықпас берік торға!» – Сарыны жаптырды да абақтыға, Мырс етіп бір қисайтты бөрікті оңға. * Сарылып Сары жатты түрмесінде, Мың ой кеп мазалайды бір кешінде. «Кеш мені... арыз апар... ақталасың...» Дегені Мырзағұлдың тұрды есінде. Сұмдық-ай, сонда мені алдағаны-ау, Ажалға көре-тұра айдағаны-ау. Жалғасқан бір-біріне кілең əкім, Кедейдік қол-аяғын байлаған жау. Сырыңды, сұм Мырзағұл, білдім енді. Мұныңды ұмытылмас қылдым белгі. Бəрі бір жасымаймын, басылмаймын, Шығамын, өш аламын, будым белді... Асықпай бұрынғы бір салды əніне, Жаңаша екпін беріп əн мəніне. Үнінде мысқыл да бар, ұшқын да бар, Жаулары шыдамастай пəрменіне: «Батақтың баласы едім тұтқындағы, Көмекей көрінбейді жұтқындағы. Би-болыс, арыз салып жата берші, Мен де бір қызық түлкі бытқылдағы»... – О пəлі! – Əу, қайтеді-ай! – Бəрекелді! – Мың алғыс жандаралға, əн əкелді! – Осындай өнерпазды кіріптар ғып, Қамаған темір торғау, қап əкеңді...

Сүйсінген сан халықтың саңлақтары Айтқызды екі-үш əнді таңдап тағы. Сонан соң тіл қатысып, жөн сұрасты, Жай-күйін жасыруға Сал батпады. Сарыны сүйіп сыйлап барлығы да Ашынды жандаралдың жарлығына. Жаз бойы жа жолдастай жүрді бірге, Дем беріп бір-бірінің зар-мұңына. Пароммен Ақ Жайықты жалдап əрі Жұмысқа айдалатын таңда бəрі. Кешкілік оралатын сол пароммен, Қарауыл шағын еді – таңданғаны. Жүретін байқап соны Сарың күнде, Кешігіп келді аржаққа паром бірде. Тиеді апыр-топыр тұтқындарды, Бер жаққа өткізуге дəл іңірде. Жатты жұрт үсті-басты, бетті су ғып Паром жай орта жолға жетті сырғып. Қарауыл көзі бір сəт тайғанында, Толқынға Сары шапшаң кетті сүңгіп. Солдаттар айқайлады, атқылады, Түсе алмай суға бірақ аптығады. «Біреуін қуамыз деп, бəрі қашса, Құдайым сонда «баққа» тап қылады». Қамалап қалғандарды жіті бақты. Мылтықты жөн-жосықсыз пытырлатты. «Жан-жаққа жібереміз жылдам хабар, Ол қазақ, десті, қалай құтылмақ-ты?» Ал Сары сол кеткеннен мол кеткен-ді, Əрі алыс, əрі қиын жолды өткен-ді. Қуантып бұл қашқаны жақтастарын, Қорқытты өзін алдап сорлы еткенді.

Тағы да Тарлан атқа тақым басып, Жүр дейді жігіттермен ақылдасып. Ауыздан түспей аты күні-түні, Дабысы елден елген жатыр асып. Қуғында Бөбейлік қамшы бастым Тарлан атқа, Басыма қауіп-қатер туған шақта. Алыстан ат терлетіп іздеп келіп, Жолықтым тауып алып Самыратқа. Сары Сал Сары қашқын десе, болды қашқын, Қауіпті қарекетке толды жас күн. Жүреді бүгін мында, ертең онда, Қамымен қалың жауға алдырмастың. Қуғыншы қыста қырға бара алмаған, Сескеніп батыр, бөрі, борандардан Жаз шығып, тімтінуін жиілетті, Өзінше бірдеңені боп аңғарған. Ізіне итше түсті болыс-билер. Табылса, ол табылған қонысты илер. Сонда да сүйіктісін сақтады жұрт, Бір мақсат, бір тілекте тоғысты үйлер. Аңдыды ағайын, дос солдаттарды, Байларға арын сатқан жалдаптарды. Келгенін дер кезінде білу үшін, Ұйқысыз кезектесіп таңды атқарды. Бұл өзі əр ауылда əдетке енді, Дал қылып батырыңнан «дəметкенді». Сондықтан сері күнде жайбарақат Құтыртып, құйқылжытып əндеткен-ді.

Бүгін де қағып еркін домбырасын, Жазуда өнерінің мол құлашын. Белдеуде қаңтаруды Тарлан аты, Төбеде қарауылы бейне лашын. Іргеде жатыр баяу Ырғыз ағып, Ойнайды суда кешкі нұр қызарып, Тезектің ошақтағы оты лаулап, Теректің көлеңкесі тұрды ұзарып. Үйі бұл Самыраттай жанашырдың, Есігі қысылғанда сан ашылды. Жайнатып қабағын да, тамағын да, Күтеді бəйек болып бала сынды. Əнін сап өзінің де, басқаның да Сары отыр, Самырат жүр ас қамында. «Əскерлер!» – деді кенет бір жас жігіт, Жиынға жетіп келіп қас қағымда. Жалма-жан батыр ұшып түрегелді, Атылып Тарлан атқа мінеді енді. Жақындап қалған əскер нақ алдынан Құйғытып жел құйындай жүре берді. – Əнекей! – Əне кетті! – Бол, атындар! Құтқарма, қорғасынды боратыңдар! – Деп шулап бажылдайды солдаттарға Елірген ез қазақтар – қор қатындар. Тарлан ат Тайбурылдай тасып тағы, Қоқандап қуғандардан қашықтады. Əскерлер оқты қардай жаудырғанмен, Кеткен-ді көз ұшынан асып та əрі. Ауылға аламандар кіріп келді, Кейбірі қабақтарын түйіп келді, Кейбірі білектерін түріп келді. Самырат сезді мəнін – бүлік келді.

Бастығы бұлар сүйген ұлды іздейді, «Алдыма сапқа жұртты тұрғыз!» дейді. Самырат сасар емес, қашар емес, Кері ағып кетсе-дағы ырғыз мейлі. – Бұзықты неге сендер жасырдыңдар, Хабарлап, жаңа неге қашырдыңдар? Батақов қашан мұнда оралады? Айтыңдар, ақ патшаға бас ұрыңдар? Самырат жалт еткізді көзі отты: – Ал, тілмəш, дəл түсіндір, сөзің көп-ті. Оны ешкім шақырған жоқ, жасырған жоқ, Ауылға өзі келіп, өзі кетті. – Сволочь! – Сарт еткізді Самыратты, Сақалға бет-аузының қаны ақты. Ойбайлап бала-шаға, қатын-қалаш, Жас төлді енесіне жамыратты. У да шу, азан-қазан, үрікті ауыл, Кеткендей ойда жоқта ұрып дауыл. «Бұзықтың барар жерін айтыңдар», – деп, Сабайды, ауық-ауық қылып дамыл. Қарамай, жас па еді, кəрі ме еді, Аямай карательдер зəбірледі. Сарының ізін аңдып аттанарда, «Келсе егер, хабарлаң!» деп əмір берді. Жытты олар іздерінен зар шұбаған, Жатты жұрт шалажансар, қансыраған. Сыдыртып Тарланымен Сары жетті, Жүрегін кермек ыза қамшылаған. Ол мана кілт бұрылып ілкі беттен. Ауылға бір бүйірлеп келд еппен.

Тасадан тұрды көріп жазалауды, Бармағын шайнап үнсіз шерлі кекпен. Асығып түседі ол қарғып аттан, Түрінде түтігу бар жалын атқан. «Мен үшін бүкіл ауыл бүлінді», – деп, Кешірім сұрап еді Самыраттан. – Қарағым, қамықпа оған, – деді кəрі, – Сүйеді мына жұрттың сені бəрі. Сол үшін таяқ жесе, түк етпейді, Мұндайды айта көрме ендігəрі. Керегі бізге сенің есендігің, Қорланба кетті ғой деп есем бүгін. Алдыңда халық кегін қайтарар күн, Алдыңда ел сүйсінер неше ерлігің... Бұл сөзді есіткесін Самыраттан, Бір ойын білдіреді Сары ұнатқан: – Болысты ат артына салсам деймін, Қорықпай Қызай шыққан шаңырақтан. Сыйлаймын аруақты, шаңырақты, Бірақ та Мырзағұлға қаным қатты. Түлігін тік көтере шапсам деймін, Жаныма мынаусы тым жаман батты. – Ақылым: арындама, жаңыласың, Тұсау сал ашуыңа, Сары лашын. Екі ата қайта қаң боп қырқысады, Жараны ушықтырып нағыласың. Жүре бер жасырынып əзірге сен, Құрбың көп ойнап-күлсең, əзілдесең. Күн озар, дау-шар тозар, шындық жеңер, Ұрынба, өз басыңды кəдірлесең.

Сөйледі Сары ойланып: – Ақыл екен. Ағажан, əз сөзіңді мақұл етем. Сұмдардың көздеріне сүйел болмай, Бір жаққа бой тасалап, зат, кетем. «Жөн!» – деген. Ол жөнеген тағы қашып, Кеткен-ді, сол кеткеннен Табын асып. Өзінен бұрын оның əні жетіп, Əр жерде қарсы алды жұрт жамырасып. Күн сайын жүзі жылып, жадырайды, Кешегі ұмытылды жəбір, қайғы, Дос тапты; жарлы демей, жалғыз демей, Қайтесің қас қылғасын Тəңір байды. Жыл жүрді, туған жерді ол сағынды. Жар сүйген Көкжидені, Шөлшағылды. Ел болып есі-дерті ертелі-кеш. Жоғалтты əншиінгі мол сабырды. Бір күні қош айтысып Табынмен де, Тарланның көк тер етті таңын демде. Алдынан соққан самал салқынынан Жай тапты оттай ыстық жалын кеуде. ...Мырзағұл Сары жайын біліп тұрған – Ақшаға жансыздарын құнықтырған. «Əйтеуір бір қайтарсың», – деген оймен, Жер-жерде жол тосушы жігіт құрған. Міне, енді хабар алды шықты деген, Жинады жандайшабын мықты деген. Самсатты бір жағынан солдаттарды Арқасын айқасқанда нық тіреген... Келеді серің əнге салып баяу, Қуанды ел шетіне қалып таяу, Осы сəт ойында оның еш күдік жоқ, Біржола жоғалғандай барлық қаяу.

Жеткенде ел шетіне бесін еді, Көңілі көтеріліп, есіледі. Кім білсін, таныды ма жүрген жерін, Тарлан да танау керіп есінеді. ...Таттырған бір жол бойы дəм-тұз маған Табында осы жер ғой қалғызбаған... Сезбеді өз-өзімен болып Сары Жауларды əр тұсынан аңдыздаған. – Ұста! – деп тап қасынан тақылдады. Тарланды бір шаптырмай қапы қалды. Бұзау тіс он екі өрме сілтенбеді, Ақауыз адыра қалғыр атылмады. Дұшпанның мерейі артып тұр-ау қатты: Тарланнан тұңғыш рет бір аунатты. Мырзағұл «жəне қашып кетпесін» деп, Сарының қол-аяғын бұғаулатты. – Ей, мұндар, бітпеп пе еді көне кегің, Қалмайсың қыр соңымнан неге менің?! (Самырат жібермеді, əттегене-ай, Салайын ат артына деген едім!) – Ей, Сары, ісің бітті, сандалама! Өзім би, өзім қожа бар далаға. Айдатам ертең сені итжеккенге, Бүгінше жем боласың қандалаға! – Деді де кеңк-кеңк етіп күлді есіре, Қатындай қыр көрсеткен күндесіне. Сонан соң қайран ерді жаяу айдап, Жөнелтті Жармоланың түрмесіне... Жүрегі жабықса да жаншылмаған Ақ еді жұмыртқадай аршып алған. «Елім!» – деп емірене келіп еді, Болмады, бүр жармады баршын арман.

Қоштасқанда Ырғыздан бір өткенде үш-төрт өттік, Міндік те Тарлан атқа, бөжеңдеттік, Қанды көз қасқа Қосан, бол риза, Ақыры, міне, мұндай күйге жеттік. Сары Сыпсыңдап суылдаса суық хабар Əзелгі əдетімен суыт тарар, Мұздатып, дірілдетіп, күңірентіп Жүректің түпкіріне кіріп барар. Тап солай деген сөздер «Сары ұсталды!» Қосанды абдыратты алыстағы. Бұрынғы қамалғаны қорқытпаса, Бұл жолы жанды əлде не жаныштады. Тыныштық таппай қойды елегізіп, Болмады бас сырқырап, дене қызып, Жегідей жеді бір ой: «Ол қатерде, Сен еркін жүргеніңді деме қызық!» «Сарының басым құрбан тілеуіне, Жарасам жетеді аз күн сүйеуіне»... «Төркіндеп қайтамын, деп елге барып», Сөз салды сонда Қосан күйеуіне. Байының білері не малдан басқа, Жайы жоқ көнбеске де алданбасқа. Қосандай келіншегі қиылғасын, Ол байғұс мақтанбас па, малданбас па! Амалсыз көнеді ол да, өңгесі де, Қоя ма Қосан сірə көнбесіне. «Кім кепіл, Көкжидеге жетіп алсам, Сарыны көруіме, көрмесіме?»

Осы оймен жетті Қосан өз еліне, Күрсініп, күйік толып өзегіне. Сидақ бай салтанатты той жасады Кеюді көрмей өскен көжегіне. Тойдан да шемен күйік басылмады, Мезгілсіз солған шырай ашылмады. Көре алмай көп ішінен Сал Сарысын, Көзіне жасын алып, жасып алды. Баяғы достар да жоқ сыр алысқан, Олар да келіншек боп жүр алыста. Серінің серіктерін іздер еді, Жіңішке əйел жолы, қолы қысқа. Тойдан соң туыстарға төркіндеді, «Қанша уақыт болсам-дағы еркім», – деді. Қай жерде Сары жайлы сөз айтылса, Сол жерге жетіп барды, іркілмеді. Осылай күндер өтті күрсінменен, Жас жүрек дауа таппай дүрсілдеген. Алланың əмірі ме, кім біледі, Ғашықтар кіл жабығып жүрсін деген. Себебін қайғысының ел біледі, Білгенін кəйтсін Қосан, сергімеді, Бір жүрген, бірге тұрған жерге ынтығып, Кей кеште көлге келіп телміреді. Жолығып алғаш осы көл басында, Балқып ед бейне май ма, қорғасын ба. Сарысы Бесқалаға беттеріңде, Қоштасты, міне, мынау тал қасында. Сол бір түн бүгінгідей бар жадында Тұрған-ды құшақтасып Сал жанында. «Ұстаңдар, байлаңдар!» – деп бажылдайды Бес адам, бір қараса, жан-жағында.

Сарыжан саспап еді сірə бұған, Айналдым сонда берік шыдамынан. «Бастарын кесейін!» – деп жақындады, Суырып көкбұйраны қынабынан. Əлгілер бата алмады, кетті қашып, Серінің қасына тез жеттім асық, Сонан соң бердім қолғап ұмытпасқа, Аттанды ол, жылай бердім бетті басып... Қайтейін, ойға оралып өткен күн де, Қобалжу кіргізеді тек көңілге. Япырай, хабар салып алдыратын Өзіммен сырлас, мұндас жоқ теңімде. Кеудеңді қайғыға ерте ашпа, Қосан, Басылып, езіле тым саспа, Қосан. Намысқа белді бекем бумаймысың, Еске алшы, емес ең ғой жаста босаң... Жас ару кейде өзіне қуат беріп, Шерінің шұбар бұлтын қуад келіп. Сонда да жаны құрғыр жай таппайды, Көңілде шаттық атты шуақ кеміп... Бір күні қырға жаңа хабар келді, Жақсы емес, құрып қалғыр жаман келді. «Сібірге айдалады Сары» деген Тікен сөз түршіктірді тамам елді. – Айырмай патша заңы ақ-қараны, Жөн бе екен, Мырзағұлды жақтағаны? – Сарымен қош айтысып қайтайық! – деп, Жиылып үш мың кісі аттанады. Қосан да білді өзінен жалынды ерді, Мəңгіге айырғанын тағдыр енді. Жалма-жан Жармолаға жүріп кетті, Алдырып аты шулы Салкүреңді.

Салкүрең жүйрік еді жалы мықты, Сан тойдың бас бəйгісін шауып ұтты. Жеткізіп дер кезінде Жармолаға, Арудың тілегінен табылыпты. Балтаның жалманындай қайран батыр, Тіркеліп көк арбаға бара жатыр. Қасына жолатпайды қарауылшы, – Көз салып, əріректен қара да аһ ұр! Сырқырап қол-аяғы шынжырлаған Қинайды аттағанда əр жырадан Көргенде Сары түрін, жаны күйіп, Жүрегі дүйім елдің қанжылаған. – Қайран ер, қош аман бол, қош бол, сері, Қайда да демей берсін дос қол сені! Мың қарғыс Мырзағұлға, о нағылет, – Қадалсын көкірегіне өз семсері! – Соңынан ұбап-шұбап ел үрейлі, Егіліп, есіл ер деп еңірейді. Ентелей таяп Қосан көк арбаға, «Сарыжан, көре алдың ба мені?» – дейді. Көтеріп төмен салған Сары басын, Сарғайған жүдеу жүзі жадырасын. Шаршаған, шүңірейген нұрсыз көздер, Бір сəтте жайнап кетсе, нағыласың! Қарады күлімсіреп Қосанына, Дірілдеп тұрды еріні, босады ма? Зарлатып əнге басты сəлден кейін Қарамай Мырзағұлдың жасағына: – Ғашық боп, шын жүректен сүйген едік, Демесек неке қиып, үйленбедік. Қанды көз қайран Қосан, бол риза, Ақыры, міне, мұндай күйге келдік.

Жастықтың жалынымен дүрілдеттік, Керілген кең даланы күңіренттік. Көрем бе, көрмеймін бе, қайран едім, Қош енді, алыс сапар, Сібір кетті!.. Жырлады Сары солай елім-ай деп, Жылады шұбаған жұрт ерім-ай деп, Солығын баса алмай бір сорлы Қосан, Аһ ұрып, ағыл-тегіл, егілді-ай кеп. Қарауыл қуды кейін халайықты, Секілді қоштасқанға бəрі айыпты. Сескенте мылтық атып, солдаттарға Офицер елден ерді шақ айыртты. Көнбеген кей қазаққа «сабақ қылды» – Көйлегін түргізді де сабаттырды. Амалсыз кідірген ел Сарысы ұзап Кеткенше көз ұшынан қарап тұрды. Келмеске кетті жігіт, жары қалды, Кеудеге шығар-шықпас жаны қалды. Шыдамай, Салкүреңді салып ұрып, Сарыны бір көруге тағы барды. Сары да баса берді жырға тағы, Жырында үлкен тілек тұрды ынталы: – Жарығым, жаным Қосан, қош аман бол, Сөнбесін бақытыңның нұрлы таңы! – Қоштасып, қаны қашып Қосан қалды, Ұзаған Сары əніне қосады əнді. Не шара, жалғыз өзі қалды арқалап Қос өмір шырағындай қос арманды.

Жолда Көрмедім қатты адамды қу солдаттай, Түсірді басқа қатты мұсалдатты-ай Кеші жоқ, ертесі жоқ маза бермей, Қуады сылдырлатып кісенді аттай. Сары Күн ыссы, күйдіреді аңызағы, Арқадан ащы терді ағызады. Бұрқылдап, бет-ауызды айғыздап-ақ, Шөлейттің келтіреді шаңы ызаны. Ұқсайды қайнап, қызып құм тасқанға, От үрлеп сонадайдан тұр тастар да. Шіркін бір құйып өтсе-ау қара жаңбыр, Жоқ бірақ шөкімдей де бұлт аспанда. Шиқылдап көк арбаның доңғалағы, Сұрланып артта талай жон қалады. Жыландай иретіле жорғалаған Созылып Сібір жаққа жол барады. Келеді Сары жаяу ілби басып, Ақырын бір қырдан соң бір қырды асып Солдаттар шылым шегіп арбадағы, Сұқтана қарайды оған сыбырласып. Келеді, көңілінде ащы қайғы, Адымын темір кісен аштырмайды. Тіктірген бір тай беріп сəнді етіктің Өкшесі қажап жəне бастырмайды. Ызыңдап шыбын-шіркей мазалаған, Оны да жасқай алмай азаланған. Əлі де шынжырлаулы қол-аяғы, Айдалсын осылай деп жазаланған.

Жауына тіс жарып түк үндемейді, – Айқайлап боқта мейлі, тілде мейлі; Шыдайды тілімденген ернін тістеп, Жүреді күн демейді, түн демейді. Арбаға отырғыз деп жалынбайды, Су сұрап шөлдегенде, табынбайды. Қарауыл өзі үшін тек қонғанында, Қайратын қайта жиып дамылдайды. Осылай Орынборға жеткен еді, Осылай итжеккенге беттеді енді. Баяғы «кінəлары айғақталып», Каторга «дəмін» əлден жеп келеді. Бар оның көңілінің суынғаны, – Артынан ешкім істі қуынбады. Жасырмай жабыққанда сырын айтқан Əні мен əр ауылда жыры қалды. «Күз болса, құс қайтады жайлауына, Дұшпанның біздер түстік байлауына»... Қайран ер қалжырады, сырқаттанды, Қиналып жаудың жайсыз айдауына. Еріксіз көкейіне əн келеді, Сол ғана ауық-ауық əл береді. Халі жоқ қашу түгіл, жүруге де, Бір мезет мызғығанды жал көреді. Сəл егер аялдаса жолда тұрып, Жалма-жан жүргізеді солдат ұрып. Ақыры серің əбден əлсіреді, Сан айғы: азып, аштық, шөл қатырып. Құлады Сары бір күн жол үстінде, Жақындап қалғанында Орскіге. Қарауыл қанша ұрса да тұра алмады, Жатты үнсіз жазмышымен көрісті де.

Бар-ды тек есі кіріп-шығасылы, Тұмантып кетті көзі – шын асылы. Алыстан еміс-еміс елес берді Өксіген өмірінің шың-асуы. ...Кім анау, Қосаны ма, құмары ма? Жас төккен жете алмай бір мұрадына? Іздей ме, Тарлан неге кісінейді, Қарамай көлдің жасыл құрағына? Кеңкілдеп күліп тұрған Мырзағұл ма? Шолан ба, ыржыңдаған кім жанында? Жер тырнап, тісін қайрап талпынады ер, Шарпылып тұла бойы бір жалынға. Мең-зең боп басы тағы шыр айналды, Көп елес араласып бір айналды. «Қайтеміз, саламыз ба арбаға?» – деп, Солдаттар офицерден сұрай қалды. – Ойлаңдар, осы киргиз кімге керек? Кім мұны Орынборда жүрген елеп? Кəне тез шаруасын тындырайық, Айтармыз жоғарыға бірдеңе деп. «Қашқанда атылды» деп салып акты, Табанда əлгі жауыз Сарыны атты. Жас ғұмыр қыршынынан қиылды да Мəңгілік мекенінде дамыл тапты.

Автордан Сал Сары, əнші Сары, батыр Сары, Жерінде Жағалбайлы жатыр Сары. Ақ жуып, арулады азаматтар, Тартыстан тынышталды ақыр Сары. Өмірден өкінішпен өтті Сары, Қасынан кек ала алмай кетті Сары.

Шын сүйген Қосанына қосылмады, Жетпеді арманына дертті Сары. Сол біздің жанымызға шым батады, Сол бізді толғантады, жырлатады. Ел бірақ ұмытпайды ерен ұлын Жайылған ұлан-ғайыр қырға атағы. Артында аңыраған əні қалды, Деген сөз «əні қалды» – «Сары қалды». Мəңгіге есте сақтап ер есімін, Ұрпақтан ұрпақ əнін қағып алды: «Баласы мен Батақтың Сары серің, Бел байлап тəуекелге буған белін... «Көз жұмбай, дария кешпес» деген сөз бар, Қош-сау бол көргенімше, туған елім!»

ЕРКЕШ ИБРАЋИМ (1930–1986) ГƏККУ Əке жыры – Бас, қарағым, көрігіңді баса түс, Кеудеңдегі дауыл көзін аша түс. От сүйеді, өрт сүйеді дауылды, Сол дауылға дауылыңды қоса түс. Бас, қарағым, көрігіңді дүрілдет, Қарауытқан шоқтың көзін күлімдет. Темір шіркін қызарсын да балқысын, Асау тайдың тізесіндей дірілдеп. Бас, қарағым, ақ жалының лауласын, Қызған болат жамбасынан аунасын. Бас, қарағым, қайратыңның қызуы Найзағайдың айбынынан аумасын. Көрігіңді нар түйедей желкілдет, Жалын тұрсын еліктейін елпілдеп. Ұшсын шоқтар жүрегіңнен ұшқындай, Құрыш болат балқып түссін мөлтілдеп. Көрігіңнің көмекейі əндетсін, Оттығыңда алауласын сөнбес күн. Бас, қарағым, бас, қарағым, қыздыра, Жас қайратың нөсер құсап селдетсін. Ойна, қалқам, жастайыңнан отпенен, Өткелің кеп əлі сенің өтпеген. Бас, қарағым, қыздыра бас көрікті, Дауылыңның бəсеңі бар ептеген. ( )

Ұқ, қарағым, жастайыңнан ұқ мұны, Бола көрме ұсақ тірлік тұтқыны. Жастайыңнан жалын бол да, маздап жан, Ой баспайды, май басады күптіні. Аптамасаң, таптамасаң жалынмен, Жалын болып өртенбесең жаныңмен, Қарғам, саған бас имейді темір де, Соқ балғаңды, жүрегіңмен, барыңмен. Соқ, қарағым, құлаштай соқ балғаны, Болат төстен көңірсісін нан дəмі. Соқ, қарағым, сом балғаңды сілтей соқ Болат төстен шапақ ұшсын таңдағы. Темірге де керек, қалқам, ықылас, Ақ жалын бір сал-сері ғой үкі бас. Бұл көріктің патшалығы басқаша, Дарбазасын дарыныңмен ұтып аш. Қызған темір ол да қыран қанатты, Балқытқанда бабында үста болатты. Ол да саған ақ тамағын созады, Ерініне жағып алып далапты. Темір сыры, болат сыры басқаша, Шамырқанған шабыт сені бастаса. Іңкəрліктің, құмарлықтың бəрі тұл, Егер өнер түп есігін ашпаса. Саябырла енді, қалқам, абайла, Сəтсіздіктер тентіреп жүр маңайда. Бірі келіп шылауыңнан алмасын, «Сабыр түбі – сары алтын», соны ойла. Үзілт үнін сом балғаңның, талмаурат, Міне, міне, келе жатыр əн қаулап. Талмаусырат, шымыр-шымыр талықсыт Ақ жалынды нəзіктікпен ал жаулап.

Жетті, жетті, айналайын, ал енді Айтқыз оған суға малып өлеңді. Шөлдеді ғой, айызын бір қандырсын, Бабын тауып, салқын суға мал енді. Құрыш – ол да кербездікті сүйеді, Құрыш, шіркін, ол да ақын киелі. Бабы түссе ол да қылы қобыздың, Сұңқылдаған домбыраның тиегі. Бəрін байқап тұрады бұл қара төс, Ұқ жалыңды, ұқ темірді, бол əкеш. Шым болатты батыр енді тереңге, Сəл кідірсең жəне ерте, жəне кеш. Осылай деп баласына Сандыбай Үйретеді аңдып тұрып «аңдымай» Кеудесіне түскен бозғыл сақалын, Сипап қойып бозғыл мұртын шалғыдай. Ана жыры Күміс балға шыңылдайды бір қалып, Мөлтілдеген ақ бұлақтай ырғалып. Бірде сонша сыңғырайды мұңданып, Бірде сонша шыңылдайды шыңданып. Бір нəзік үн, бір нəзік үн басқаша, Жан ананың жан сырымен астаса, Кемейіне жыр құяды көлкілдеп, Күмк балға күйге көміп тастаса. Сыңғыр-сыңғыр, сылдыр-сылдыр ағын ба, Нəзік балға əн шырқайды бағында. Үйдің іші сайрап тұрған бұлбұл құс, Шын сұлулық отырғандай тағында. Сылдыр-сылдыр, сылдыр-сылдыр толқындар Кейде, кейде ақ қаз болып қаңқылдар.

Тапталады оймақ балға астында Кейде күміс, кейде зерлі алтындар. О, алтындар, о, алтындар, алтындар, Сені көрсе, əр адам-ақ қалтылдар. Бірақ ана саусағында діріл жоқ, Тек қана бір қиқулаған қаңқыл бар. Қаңқылдаған, қиқулаған құс үні Сан қиялға жетелейді кісіні. Ана соққан білезік пен жүзікте Еркелейді сұлулықтың мүсіні. Отырады ұзақ түнге зер шегіп, Шабыттанып кеткенінде теңселіп. Əзер барып көз шырымын алады Кейде түнді, кейде таңды еңсеріп. Кейде сонша бұл өмірден алшақтап, Зер шеккендей, зар шекендей əн сап қап. Гауһар тастар байланады жүзікке, Мөлдіреген көз жасындай моншақтап. Кейде сонау қиял шыңын қиялап, Бар əсемдік жүрегіне ұялап, Қырдың гүлі, таңның нұры бəрі де Саусағынан табады бір тиянақ. Алтын кесте неше қиян зерленіп, Армандардың асыл кейпі мөрленіп, Көмкеріліп, көгенденіп жатады Бар сұлулық бір саусақта жөрмеліп. Тебірентеді бəрі, бəрі ананы, Қыз көзіндей төңкерілтіп тананы. Жаудыратып, жаутаңдатып қояды Əншіні де, ақынды да, дананы. Ана сыры неткен, сірə, көп еді, Көлкілдетіп көк толқынды шегеді.

Көкшетаудың сексен көлі сілкініп, Бір танада бірін-бірі өбеді... Шегеді дəл аудармастан мұнарын, Қанша үңілсең, қана қоймас құмарың. Білезікте бұлдырайды Бурабай, Жаһандағы жалғыз тағып тұмарын. Сақинада сексен ару сыңсиды, Қызуынан əнші, сері күнсиді. Жиырма бестің жымыңдатып шілдесі, Жиырма бестің самалымен тыншиды. Інжу тастың балқытады жүрегін, Толқындатып армандардың тілегін. Ақық тасқа атқызады ықылық, Жаутаңдата жайнатады гүл өңін. Сырғаларды сылдыратып басқаша, Мөлдіретіп маржан түйіп тастаса, Өрнектерін раушан гүлдей құлпыртып, Жүректерді тілімдейді таспаша. Отырады бар шабыты құйылып, Қара қасы қос садақтай иіліп, Алтын гүлдер, күміс гүлдер үлбіреп, Қызғалдақтай сағағынан қиылып. Шолпы шексе, шолпылдатып шабақты, Тамсандырып тебірентеді тағатты. Ана қолы неткен шебер əулие, Ана ойы неткен қыран қанатты. Күй құяды кеудесіне күмістің, Күлімсіреп тіл қатады күміс күн. Ыбырайдың жанарынан сол сəтте, Жарқырайды найзағайдай мың ұшқын.

Осылай басылмаған көрік қалды, Əн тыңдап жалын темір өліп қалды. Балғасы – домбыраның сағасы боп, Пернелер сал саусағын еміп қалды. Ұмытқан əннен басқа өзге бəрін, Бұл күнде кеудесінде өзге дарын. Мың ирек əуенімен нақыштайды Көкірек көңілдегі көзде барын. Кеудесі гуілдейді көрік құсап, Гүл атқан көктемдегі өрік құсап. Бұлақтай шымырлайды əн маржаны, Немесе еркелеген елік құсап. Тағы да толғанады талай əнді, Балқытқан сезімдерді алау əнді. Шырқата шалқытады «Шалқыманы», Тағы да бастайды бір баяу əнді. Баяу үн бара-бара дауыл болып, Жауады нөсерлеген жауын болып. Жарқылдап нақыштардың нажағайы, Ұшады шабыт бұлты ауыр қонып. Баяу үн бара-бара өрт болады, Махаббат жалындаған дерт болады. Көріктей гуілдеген əн болады, Айқасқан ала құйын серт болады. Созады «Маңмаңгерді», «Жанбаспасты» Табады пернедегі жан баспасты. Ұшады қияларға қияндатып, Қонады шыңдардағы таңдап тасты. Созады əн бөбегін «Мақпал қара», Сезімде сүзіледі ақтан қара. Басқаға ұқсамайды бір əуені, Ұшады жеке шырқап оқтан дара.

Осылай шығандайды дара шыңға, Көкшенің кербез сұлу даласында. Бейне бір гуілдейді көрік болып, Əн шалқып ет пен тері арасында. Сол үшін оны жауы көре алмаған, Өнердің құдіретіне көне алмаған. Бір кезде аңқау, сенгіш жас ұстаны Əуелі бауыр, сонсын төре алдаған. Өжет тіл өз үкімін кесіп айтқан, Майысып маймаңдамай, шешіп айтқан. Мен ертең жығылам ғой деп ойламай, Меселі еңсесімен өсіп айтқан. Жай құсап қиянатты қиып түскен Қырандай қос қанатын түйіп түскен. Сілбіреп сіркіремей сілемейлеп, Нөсердей көктемдегі құйып түскен. Не болса, ақыр соңын бір-ақ күткен, Мың сөзді буын салып бір-ақ түткен. Теңіздей шайқалса да сұрақ біткен, Жауабы қос ішекті қынап біткен. Бар-ау деп дұшпандарым бек күндеген, Ыбырай аңғармаған екпінменен. Ұстадан қара мұрын шыққан кедей, Жуанды үзбек болған текпінменен. Малдыны өрт тілімен қуырардай, Зəлімнің əнмен уын суырардай. Бір жалын Ыбырайды шыдатпаған, Бойында шын алтынның буы бардай. Жоқтықты қолы қысқа уайымдамай, Ешбір де сəтсіздікті мойындамай. Ыбекең əн базарын қыздыратын, Дегізбей «ақын аға, халың қалай...».

Кездесу Əн мен күйге бір сусындап жан шөлі, Мол қызыққа кенеледі əнші елі. Сексен көлді шайқалтады үнімен Сарыарқаның бұлбұлдары сал-сері. Өңшең бұлбұл, өңшең дүлдүл шын дарын, Жаңғыртады Көкшетаудың шыңдарын. Əзілімен, қалжыңымен жарасып, Əнмен ғана білдіреді шындарын. Көкшетауда осындай бір думан-ды, Гүлдер бүгін əнмен бетін жуған-ды. Өңшең бұлбұл, өңшең дүлдүл дарындар Бірін-бірі өнерімен буған-ды. Оқжетпес те бүгін ерек мұнартып, Ақындарға арманы мол сыр артып, Тынып қалған, тұнып қалған тіршілік, Бəрі, бəрі сал-серіге құмартып. Ақ қайыңдар көк шыбықтай солқылдап, Көл Бурабай көк шəйідей толқындап, Асқақ əнін аңқылдатса Ыбырай, Айдындағы аққу бірге жарқылдап. Жаңғырығып бүкіл таудың тастары, Қақ жарылып əннің биік аспаны, Шырқап ұзап, шымыр ұшып, шығандап, Əуендердің əуендері, асқағы. Қиядағы қарағайлар күлтілдеп, Айнакелдің ақ толқыны бүлкілдеп, Сал-серіні ұйып бүгін тыңдаған Ақша бұлттың ақ торғыны үлпілдеп. «Сиыр тасқа» ыңқылдаған үн біткен, Сексен көлге сұңқылдаған тіл біткен.

«Шөккен бура» мойнын созып айнала, «Жеке батыр» қарап қалған түндіктен. Келгенінде кезек Жабай ақынға, Серілерше қонақ кəде хақында. Тал жібектей үзілдіртті бір əнді, Шүпілдеген толы мұңға, лапылға. Жатқан семсер сияқтанып қынапта, Ұқсап өңі мың құбылған сынапқа. Қоңыр қаздай сұңқылдатты бір əнді, Сағынышы самғап ұшып жыраққа. Қоңыр үнін талмаурата үзілтіп, Келге қонған қоңыр қаздай сызылтып, Балдай əнін балбыратып бұлақтай, Толқынында сағынышын сүзілтіп. Бар табиғат тұнып қалған, дем іште, Осынау əн боп тұрғандай бір періште. Бар тіршілік іңкəрлікке тілектес, Ақын қашан жетеді деп жеңіске. Ақын кенет көл бетіндей бұзылды, Ызғар соғып қас қағымда гүл үнді. – Сүйгеніме ұнамады осы əн, – деп. Ыбырайдың тізесіне жығылды. Шын ғашықпын бір сұлуға, Ыба аға, Бұл жанымның от-жалынын ұқ, аға. Өзің барып бір əн арнап бермесең, Бұйырмайды маған деген сыбаға. Ол бір ерке ақ маралдай керілген, Екі аяғын бір басуға ерінген. Қанша қусаң жеткізбейтін киігім, Жаңасынан туған айым көгімнен.

Қыр елінде қол жетпесім, құмарым, Егіз аққу сияқтанған сыңарым. Сол арудан мен айырылсам, Ыбеке, Екі талай тірлік етіп тұрарым. Бұл жанымда, Ыба, сондай түтіндер, Əн патшасы өзіңіз боп үкім бер. Үкім бер де, бір əніңді қи маған, Əніңді де, сұлуды да бүтін бер. Сол қыз еді, аға, менің жеңерім, Əттең, шіркін, жасық түсті өнерім. Əн жалғасын сол ауылда өткізіп, Өзіңіз шеш көнбесін де көнерін. Қыздың ауылы Қыздың ауылы қызығы мол бір жұмақ, Қыз ауылының шыны-аяғы сыңғырап, Сылдыр-сылдыр ақ шолпылар сылдырап, Ақ шолпыға əн қосқандай мың бұлақ. Қыздың ауылы бүгін мүлде басқадай, Қыз ауылында Ыбырай мен жас Жабай. Сырттағылар сығалайды жабықтан, Балқып қалған шаңырақта асқақ ай. Қыздың ауылы шалқып жатқан əн бүгін, Өнер туын көтереді таң бүгін. Қыз ауылының аққу құсы – Кəкима, Таңырқатқан тыңдаушының барлығын. Қыздың ауылы көрмеп еді мұндайды, Тыңдаушылар таңдай қағып шулайды. Жас Кəкима домбыраны гулетіп, Көк өзендей толқытады сырнайды. Аққу сынды егіз көлге тел өскен, Самал сынды соққан жұпар белестен.

Қызған сайын шығандайды дауысы, Ақ қанаты талып кетер деместен. Бүгінгі таң бейне қанды сонардай, Ақ тұйғынның айызы бір қанардай. Қос қыранды қанжығаға байлатып Өнерімен матап, байлап алардай. Бүгін таңда бір ғаламат болардай, Керген куə естерінен танардай. Екі бірдей сал-серісін Арқаның Өнерімен бір түкпірге қамардай. Биік көкте бір сайранды салардай, Бұл айқаста нажағай боп жанардай. Қос тұйғынның жеңсе-дағы қайсысы, Жекпе-жекте тырнағында қалардай. Неге болса, шыбын жаны бекемдей, Қыз қылығы бүгін тіпті бөтендей. Жығылса да шын дарыннан жығылып, Пенде болып тырнағында кетердей. Айдындағы аққу құстай қалқиды, Көктемдегі көк мұнардай толқиды. Арасында домбыра мен сырнайдың Маздап бейне бір ақ жалын шалқиды. Аппақ жүзі арман құсап аңсаған, Қылықтары мың шырақтай самсаған. Тақ кезінде оянғанда керіліп, Ақық сəуле қағатындай арсалаң. Күндей жылы күлімдеген көздері, Оттай ыстық еркелеген кездері. Бір ғұмырды тұратындай жасартып, Пəк жүректің білгені мен сезгені...

Құс боп ұшып жүрген сынды қыз бен əн, Нажағайға бауырын тесеп мүздаған. Жанның шерін əніменен тарқатып Көптен бері көкірегінде сыздаған. Ту биіктен түгел шолып маңайын, Тамсандырып тыңдаушының талайын, Ыбырай да саңқылдайды қырандай: – Тусаң ту, – деп, – туғаныңа болайын! Неге, Жабай, бұл сапарға қинадың, Қыз емес бұл, екен менің иманым. Əнім түгіл, жаным түгел садаға, Бəрі-бəрі бұл өмірден жиғаным. Ынтық болсаң ынтығатын гүл екен, Саған бүгін кездестірген кім екен? Бұған дейін салған əнім бос айқай, Бұған дейін көрген күнім түн екен. Саған бүгін кездестірген Құдай ма, Қолың бірақ жетсе жарар бұл айға. Алып шықтың неге мұндай сапарға, Көңілім шерлі жан едім ғой былай да. Ынтық болсаң, ынтық болар құс екен, Кездестірген сені қандай кісі екен? Өнеріне көрігі сай періште, Өміріңде бір-ақ көрер түс екен. Ғашық болсаң, ғашық болар қыз екен, Шын арманда қалып қойған біз екен. Бұған дейін көріп жүрген қызығым Қызық емес, Жабай жаным, күз екен. Бұл қиынға салдың неге, Жабайжан, Қиналғаннан тер кетті ғой самайдан. Қарындасым, берер едім батамды, Теңің бірақ табылар ма маңайдан?

Қыр елінің ақ сұңқары, қарағым, Бар батамның бəрін саған баладым. Əнге бола біткен екен үлбіреп, Аққу мойын, аппақ қардай тамағың. Мейірімің мөлдіреген жүзім бе, Бар ғаламның бал шырыны жүзіңде. Қайда болдың жарқыраған жазымда, Кездестірдім енді неге күзімде. ...Шын өнердің айқасына мынадай Қызу қанды Жабай кетті шыдамай. Жас серіге сүйсінгенін білдіріп, Қарай қалды талай көздер сығалай. Əуеніңде алыс арман, мол үміт, Таудың мөлдір бұлағындай төгіліп, Дірілдеген сырнай тілі демігіп, «Сүйем», – дейді, «сүйем», – дейді емініп. «Сүйем», – дейді, «сүйем», – дейді жалынып, Он саусағы пернелерге сабылып. «Сенің осы саңқылдаған үніңді, Келдім дейді, – айналайын, – сағынып». Қас қаққанша сұрша жүзі құбылып, Айтар сөзі тамағына тығылып, Туы бірде шың басынан жығылып, Туы бірде шың басына тігіліп. Жиі қаққан кірпіктері бусанып, Құйындана қүйқылжиды шын шабыт. Дəл қазіргі тағдырына риза, Құлатса да аяғынан кім шалып. Енді-енді жеткізердей бір үміт, Жалынады еліп, кайта тіріліп. Бала жігіт барын салып тынады, Ұмытылып бойындағы ірілік.

Ал аққу қыз одан сайын кербезсіп, Оңайлықпен үзеңгісін бермес қып, Бір-ақ ырғып шығандайды алысқа, Асау арын ырық бермей дөңбекшіп. ...Сол шақта шыдай алмай кетті қыран, Жаңғыртып бар даланы өтті бір əн. Қыр елін сілкіндірді Ыбырай даусы, Жуықта басылмастай аптығынан. Бірден-ақ па, сабазым, шіркіндетіп, Жүйкенің шыңырауына дүмпу жетіп, Айғайы алты қырды аңқылдатып, Сабасын сексен көлдің күмпілдетіп. Қымыздай бір-ақ жұтар сылқылдатып, Талдырып, бір əуенмен мың тіл қатып, Телміртіп, тыңдаушысын тебірентіп, Əніне əлденені қыңқылдатып. Балқытып, бал үзгендей балбыратып, Ақ қанат алма гүлді албыратып, Шырқатып, шығандатып, аспандатып, Қалқытып, қайсарлықпен қалжыратып. Аңсары май айындай маужыратып, Əн емес, бейне көктен жауды ақық. Шүйілген қырдың қызыл түлкісіне Қырандай топшысынан алды қатып. Жан сырын шүпілдетіп, мөлдіретіп, Жүрегін бар тірліктің елжіретіп, Тілеген Мəжнүніндей тентіретіп, Жалауын махаббаттың желбіретіп. Үмітін мың ырғақпен үзілдіріп, Неше бір нəзіктікті тізілдіріп, Тағатты талмауратып, таусылдырып, Сыңсытып, сыбызғыдай сызылдырып.

Жанарын Кəкиманың сүзілдіріп, Екпіні əлденені ұғындырып, Ыбырай лекілдетті əн бұлағын, Ішінен талайларды қыжындырып. Əнімен не бір нəзік талмауратып, Шаңына талайларды алды аунатып. Қияға қияндағы жеке қонып, Тыңдаушы талай-талай қалды-ау қатып. Əн емес, қазір от боп жанатындай, Ақ иық шүйілгенін алатындай. Мың ирек, мың өрнек боп құбылады, Отының тоқсан бояу қанатындай. Жарқылдап, бір найзағай кеткеніндей, Шүмектеп қара нөсер өткеніндей, Сезімді балқытады отты жалын Жастықтың қызғалдақты көктеміндей. Жырлайды туы қылып құштарлықты, Білмейді жатсынуды, іштарлықты. Əзірге аруақты əні ғана Сезбейді сергелдеңді, дұшпандықты. Отыр тек, отыр əнді лақылдатып, Жалынын жүрегінің лапылдатып. Өзіне сырластарын алыстатып, Өзіне алыстарды жақындатып. Отыр ол ең əуелі əнді сүйіп, Əнімен кімді сүйсе, мəңгі сүйіп. Басқаны дүниедегі елемейді, Сəуледей тұншығатын таңғы тұйық. Сияқты арты бір өрт, алды тұйық, Қабағын талай ару алды түйіп. Маңдайын əнші сонда сүрткілейді, Көзінен отырғандай қанды тыйып.

Бір нəзік ыстық жастар сіркірейді, Бір қатал отты селдер күркірейді. Жүректер аттай тулап, дүрсілдейді, Əншінің көмекейі бүлкілдейді. Осылай тынды Ыбырай жырақ барып, Əн толғап, кеудесінен күй ақтарып. Бейне бір əлемдегі сұлулықты Сүйетін жалғыз өзі сияқтанып. Сол ғана аяулысын өбектетті, Басқадан жұрт көзінше бөлек кетті. Құпия сырға толы бір бақшаға Жетектеп ақ білектен, дедектетті. Əнімен бар ызғарды қуырып ап, Аруды кетті оңаша суырып ап. Зəредей еш қарсылык, білдірмеді, Қалса да басқалары буынып-ақ. Автордан Əнші сұлу, кеткенің бе тайқақсып, Кірпіктерің қалды неге айқасып? Кірпіктерің неге қанат қағады, Кімменен жүр қапияда шайқасып? Кірпіктерің ұзын, қара қауырсын, Жас жаныңа шақыра ма дауыл шын? Тура қадап қалдың кімнің көзіне? Дедің бе екен: «Жан-жүрегі ауырсын!» Кірпігіңді – жапырағын жаныңның Неге жаңа сонша қалың жамылдың? Неге жəне желпіндіріп ашасың, Желбіреген шымылдығын жалынның? Кірпіктерің ұзын, қою, қара түн, Елестетті-ау карлығаштың қанатын.

Құштарлықтың қурап тұрған шағында, Жай оғымен ұштасқандай жан отың. Жаның əлі шын періште еді ғой, Басқашалау бүгін бір сыр деді ғой. Кірпігіңді тура қадап қалғаның, Аңду болған көздің құртын жеді ғой. Білесің бе жан сырының жалынын, Махаббатпен өртеп алма қалыңын. Жанарыңның əрбір ұшы – нажағай, Тамызықтай тамылжыған бал үнің. Албырт сұлу, кірпігіңді байқап аш, Бұл батылдық соңын күтіп байқамас. Ақша қарда қыр түлкісі қыранмен Келіп əлде қалғаны ма тайталас? Əн күші Бұл шақта ал ақын тым ерен еді, Бар деп ол би-болысты елемеді. Ұмытты бар-барлығын осы дарын, Ұмытты санаулы тек досы барын. Ұйыған тыңдаушыда қасы барын, Тігілген қарауылға басы барын. Қалқытты сұлу əнді безектетті, Жанарын бір жанарға кезеп кетті. Шақырды ту биікке, ту алысқа, Тасындай диірменнің безеп кетті. Арқасы аруақтанды, иықтанды, Қабағы қыртыстанды, қиықтанды. Арманы талайлардың ұйып қалды, Бір жүрек мəңгі бақи сүйіп қалды. Сыр бар ма бөлек, мына қыз көзінде, Немене көкірек кез күмбезінде?

Ол неге оңашаға шақырады, Май қайта туғаны ма күз кезінде? Қабағы неге сонша тебірентеді? Болар-ау мұны да ол көрген, тегі. Күлімдеп бұлақ болып ағындайды, Күн нұрын кеудесінде тербелтеді. Мына қыз – лаулап жанған ашық жалын, Тентіреп іздегендей ғашық жарын. Сол үшін талақ етіп бар ғаламды, Сол үшін талақ еткен асыл бəрін. Бейне бір басқа бəрін талақ етіп, Арманын талайлардың қараң етіп, Осынша құлпырады бұл қыз неге, Жанарын төңкергенді тонап өтіп? Ынтығып ұмтылғандай бұған ғана, Бір сəуле ақ жүзінде қылаң қаға, Бұл сəтте бағынбастай əкеге де, Бұл сəтте бағынбастай құранға да. Жалынын от теңіздің шайқалтады, Жанының көктемесін жайқалтады. Қос оттың ортасында балқып тұрған, Басқаша бітетіндей той тарқары. Əулие өзін ғана тұтатындай, Серімен серттесе де ұтатындай. Қолына бүтін түссе қалағаны, Құшырмен қылғымастан жұтатындай. Əлдене кірпігіне байланады, Əлдене сонша терең ойланады. Сол шақта ұмытады Жабай барын, Сол шақта ұмытады айналаны. Ойнақтап қос жанары маралдайын, Қаракөз теңіздегі аралдайын.

Құнығып құпиясына шақырады, Арманын сусындатып қанардайын. Күлкісі көктен жұлдыз себілгендей, Немесе аспаннан нұр төгілгендей. Жанары жаудыраған жаныңды жеп, Болады əлденені емінгендей. Тек қана бір өзіне ерігендей, Өмірден барлық басқа жерігендей. Біресе нарттанады батар күндей, Біресе таң нұрына телігендей. Бір жалын бар ұстамын қыстағандай, Сезімнің аруағы ұстағандай. Мөлдірді сүзіп ішкен киелі құс Мергеннің мылтығынан ұшпағандай. Жанардан бір жалын от төгілгендей, Бұрқырап асау теңіз тебінгендей. Арманы құйындатып тап болғандай, Арманы дауылдатып шегінгендей. Ойнайды бота көзде жалын басқа, Болмайды табынбасқа, жалынбасқа. Қоймайды қызып алған əнші жанын Тұлпардай терлетпеске, сабылмасқа; Саусағын перне бойлап шаптырмасқа, Жаңа бір əн сарайын аштырмасқа, Сайратып мың əуенмен күйлетпеске, Қос ішектің үстін басқа, астын басқа. Дауысын мың толқыта құбылтпасқа, Жетелеп жер-жаһанды қыдыртпасқа, Əніне құйындаған, құйқылжыған, Куəні аяғына жығылтпасқа,

Бір дауыл пайда болып көмекейде, Шақырып жекпе-жекке, кəнекейге, Түлкіні бұрын көрген аңшылардай, Басқысы келді бірде «əнекейге». Құбылып алма жүзі қыпылықтап, Сабыры басылады ықылықтап. Əн егер еңіресе бірге жылап, Əн егер күлімдесе, сықылықтап. Əнменен бірге заулап құрақ ұшып, Алдынан ағатайлап жыр ап ұшып, Əн егер бал шырындай тамылжыса, Бұлағын мөлдіреген шылап ішіп. Осындай сал-серілер, көр дегендей, Кеудесін күй перісі кернегендей. Отыр ол тасқын əнмен бірге шалқып, Топасқа кейін тартқан ермегендей. Шырлатып, шығандатып шырқатпасқа, Саңқылдап сол биіктен үн қатпасқа, Басқаны əуенімен мас қып тастап. Бір өзі бота көзге тіл қатпасқа. Əншіге ерік жоқтай одан басқа, Қайқайып, қайырыла оралмасқа, Тағы да шырқап биік ызғытпасқа, Ақ бұлттың ар жағына жоғалмасқа, Тағы да сілтеп əрі ызғытпасқа, Қанаты қырауланып, мұз жұтпасқа, Сайраған сыршыл əннің сиқырымен Басқаны телміртпеске, мызғытпасқа, Əн селін нөсерлетіп жаудыртпасқа, Бал үнге бал көмейін саудыртпасқа, Бебеулеп бөлек үнмен ырғалтпасқа, Жанарын нар түйедей аудыртпасқа,

Шығандап шабыттана шалқымасқа, Əнімен, жаныменен балқымасқа, Желпілдеп жел боп қана қыз жағына, Сияқты ауған түйе толқымасқа, Қызғанып, басқа мейлі қызғанбасын, Балқытып отырмасқа қыз жамбасын, Кеудесін құрыш төстей күйлетпеске, Өзі ұстап, алау əннің қызған басын, Кеткендей қас қағымда көлкіп Көкше, Майдайын самалменен желпітпеске, Қиямен қиядағы жолды кешіп, Талып кеп құламасқа балқып төске, Тағатсыз ақ кеудеде талпынбасқа, Еркі жоқ ентікпеске, алқынбасқа. Бұл неге қызғанбасқа, қызықпасқа, Əн үшін ару басқа, алтын басқа! Бұл неге қызғанбасқа, қызықпасқа, Ыбырай болғаны ма үзік таспа?! Домбыра сол əуенге қосылмаса, Пернесін сыпыр-дағы, үзіп таста. Бəрін де солай неге ұмытпасқа?! Ендеше, əншіменен қырып таста Ендеше, тыңдаушыны тамсандырып, Ындынын сол əуенге құрытпасқа! Осылай сал Ыбырай сорғалатып, Төгіле тайпалады жорғалатып. Зергерлеп үн бедерін жалтылдатып, Сияқты жарқыл қаға жанған ақық. Шүмектеп шүпілдетіп, лықылдатып. Қанатын сусылдатып, сыпылдатып, Ақиық аңға түскен сықылдатып, Тағатын талайлардың қыпылдатып,

Əнімен шаңырақты сықырлатып, Үзгендей əлденені сытырлатып, Шырлатып бір орында қалықтатып, Жүректің тамырларын тыпырлатып, Қос жалын бір-біріне лапылдасып, Қойғандай қас пен көзге ақылдасып, Қалды ма, аңғармадым, шыныменен Еріндер бір-біріне жақындасып? Ыбырай отырғанда көлкіп, тасып, Саусағы пернелерді балқып басып, Мені де арбады ма, аңғармадым Қалғанын қапияда қолтықтасып. Қиды ма досты қызға, қимады ма? Қия алмай, берген серті қинады ма? Биікке шығып алып сорғалаған, Жиды ма əн топшысын, жимады ма? Сүйді ме, Кəкиманы, сүймеді ме? Адалдық əлде бəрін биледі ме? Қураған құмарлықтың қамысына Тиді ме əн шырпысы, тимеді ме? Сыйды ма жалын ішке, сыймады ма? Тыйды ма ақ семсерін, тыймады ма? Ұстаның ұстамы мол ұстам суын, Құйды ма қалың өртке, құймады ма? Той үстінде Япыр-ау, ауылы ма Кəкиманың? Дауылға ұшқаны ма жапырағым? Қиярмын қалай сені жат қолына Жат елден бұйырған ба топырағың? Қышиды мұнша неге көзім менің? Суырған үйден мені өзің бе едің?

Кеудеме қайтып қонған əнім бе едің Арқаның аңыратқан боз інгенін? О, тəубе, тəубе, жаным, бұған-дағы Сертімнен уəделескен шығам-дағы. Көкшенің босағасын аттарында Сұңқарың ұшқан сен деп шығандағы... Кəкима, айналайын, Кəкимашым, Көзінен сүртті келіп ақын жасын. Дірілдеп тəтті бір сөз сыбырлашы, Таңдайы Ыбырайдың тақылдасын. Ақынның жасаураған сүртші көзін, Əн болып лапылдасын ыстық сезім. Талаурап, талмаусырап, тамылжытып, Ұшырсын тағы да бір құс қып өзін. ... Кəкимаш, осынау үйге келсең етті, Етсең де сылтауға бір жел себепті. Отыр ол, көзіне бір көрінбесең, Бар-барша қорашсынып қошеметті. Кəкимаш – жауқазын гүл көгалдағы, Түсіріп аттан өзі неге алмады? Кептелген кеудесіне сағынышын Ыбырай əнмен неге төге алмады? Ырғағы аспандағы ырғап айды, Үкілі домбырасын бұлғамайды. «Асылы келгенінде қыз қылығын, – Деген сөз бар еді ғой, бұлдамайды». Ол неге тебіреніп жырламайды, Жабыңқы қабағынан мұң қарайды? Манағы шырқау үні қайда кеткен, Жүрегі домбыраны тыңдамайды,

Екі ішек бір-біріне үндеспейді, Əн сазын белуарлап бір кешпейді. Бейне бір бақастардай, күндестердей Жауыққан, ынтымағы бірлеспейді. Екі ішек екі емендей майыспайтын, Екі ішек екі мықты сайыстай-тын. Жүрегі Ыбырайға сыздамайтын, Ақынға қабырғасы қайыспайтын. Саусағы семіп қалған ағаштардай, Үскірген мына шілде қара аспандай. Перне мен пернелердің арасында Бармағы мияу болып адасқандай. Үнінен манағыдай бал тамбайды, Əлдене шідерлейді, арқандайды. Тебініп ұшса-дағы тұғырынан, Дəл басып түсе алмайды, қайқаңдайды. Жанары жалын атпай жаутаңдайды, Домбыра тулау тұрсын, шайқалмайды. Ағынды саусағының сиқыры жоқ, Төгілтіп тең жорғадай тайпалмайды. Дауысын бір жарықшақ ілгектейді, Жабығып, жаны неге дірдектейді? Қаумалап тугел жайсаң отырса да, Ол неге алаңдайды, кім жетпейді? Шабыты тұлпар емес, шабан аттай, Саусағы саусақ емес, сабалақтай. Тершімей, отыр əрең тепеңдетіп, Көмейін домбыраның сабалатпай. Бір нəзік бал əуенді былқылдатпай, Екі ішек егізденіп бір тіл қатпай, Тұлпардың қос өкпесі секілденіп, Алқымы іспек тұрсын, бүлкіл қақпай;

Екі ішек бос өзеуреп, шын тіл қатпай, Сайратып көмекейін сұңқылдатпай, Пернені шұқылайды тоқылдақтай, Сұқсырдай сумаң кағып сымпылдатпай. Арқасы аруақтанып бір тіл қатпай, Ерінін тыңдаушының сылпылдатпай, Жай ғана аяңдайды шаршағандай, Қызығып, құмарымен қутыңдатпай. Тұлпар тіл шаңын ғана бұрқылдатпай, Жүйкені сезім кернеп зырқыл қақпай, Жыр жолын кесек-кесек, шумақ-шумақ, Құлынның мүшесіндей бұлтыңдатпай; Əн шіркін мас қылатын тылсым бақтай, Жыр шіркін ширатылған гүл шумақтай, Нөсерлеп ноян жырды жаумақ тұрсын, Қалды ғой домбыра да ырсыл қақпай. Шабытын қайнау тұрсын, шымшымдатпай, Жанының бұлбұлдары шын тіл қатпай, Ат шабыс, балуан күрес бұл тойдағы Көзіне көрінбейді бір тырнақтай. Палуан бірін-бірі жыққан шығар, Тұлпардан тұлпар озып шыққан шығар. Үзіліп біреуінің жіліншігі, Əлдісі əлсіз бірін ұтқан шығар. Шын тұлпар тұлпарлығын білген шығар, Бəйгесін, уа жануар, ілген шығар. Жығылып палуаны, аты қалған Қорсынып Батыраштай жүрген шығар... Толқында артық ескен бір ескегі, Мəз шығар жығып шыққан күрестегі. Уа, шіркін, қандай қатал бір жан үшін Беріш пен нəзіктіктің тірескені?!

Ақ жүрек, қара жүрек бір ме, сірə, Екеуі бір Есілде жүр ме, сірə. Ақ жүрек жеңілсе де аққу-сынды, Қарасы жеңсе-дағы түрме, сірə. Осылай сүңгиді ойы сан тарапқа, Жалыны жүрегінің қалқа жақта. Бұл неге осыншама алаңдайды, Кесетін сол үмітін балта жоқ па? ... Əлдене ыстық үнді тыңдағандай, Онсыз той тырнағына тұрмағандай. Дəл қазір Кəкимасы жетіп келсе, Жыл бойы, апта тұрсын, жырлағандай. Айтпақшы, ақын досы Жабай қайда? Ол бүгін алмады ғой маңайлай да. Жүйріктей бабын тауып жеке шапқан, Үзіліп кететіндей көп айғайда. Кешегі жүрген шəкірт – сүйеу-сынды, Ол неге сəлем бермей күйеусінді? Айырылған арыстаннан Кəкимасы Отыр ма барыс тұтып сілеусінді? Гүлі жоқ жұпар шашар, өрті болса, Əні жоқ, сүюдің тек дерті болса, Бұл қалай əн арнамас Кəкимаға, Бір кезде шын ықлас серті болса?! Осылай ақын жаны алабұртып, Сияқты өскен емен дара бір түп, Бірде құс, бірде түс боп шабыт шіркін, Қанаты қалт еткеннен қалады үркіп... Аққулар ...Əйтеуір, шын тұлпардай қамшы салмай, Жөнелді бір мезетте əнші самғай

Бейне бір көктегендей дүр сілкініп Кешегі шөлдеген қыр тамшы тамбай. Əуелі аяңдата желдірткендей, Сонан соң қанатына жел біткендей. Дулы жұрт тына қалды демін жұтып, Бейне бір Есіл тасып, сел күткендей. Ғажайып болатындай ел күткендей, Пай-пайлап тамсантқандай, телмірткендей. Ғаламның барлық үнін тылсымдап ап, Ыбырай дегеніне көндірткендей. Сияқты көзі бір өрт, сөзі жақұт, Болды енді тыңдағанға өзі бақыт. Ғаламның он сегіз мың барлық үнін Екі ішек, он саусаққа божылатып... Бір перне Қəкимадай сыңсып тұрды, Бір перне Жабай болып тұншықтырды. Бір перне кең дала боп күңіренді, Көздерден талай маржан ыршып тұрды. Бар шабыт Ыбырайға құлай қонып, Қуғанын құтқармайтын құмай болып, Жер-көктің, құс пен аңның барлық үнін Ұғынған тұрды бейне Құдай болып. Білетін барлық тілді Тəңір болып, Билейтін барлық үнді əмір болып, Мынау той, палуан күрес, ат жарыстар, Иленген саз балшықтай қамыр болып. Мынау той көз алдынан бұлдыр қағып, Əлде бір мөлдір үндер тұнжыр кағып. Тек қана Кəкиманың сырғалары Қос ішекте талмаусырай сылдыр қағып; Қос ішек қалғанында бір ышқынып, Мынау той бара жатты ұмытылып.

Ыбырай шырқап биік ұшқан сайын, Бұлбұлдың бара жатты үні тынып. Естілмей тұлпарлардың дүбірі де, Естілмей ғашықтардың күбірі де, Естілмей палуандардың сақылдасқан Айқасы, буындардың дірілі де; Көмейі ұста басқан көріктей боп, Ақ жүзі бал-бұл жанған өріктей боп, Үкілі домбырасы бұлғақтайды, Секірген алты қырды еліктей боп. Біржаннан əн бастаса, жойқын бардай, Ақаннан əн бастаса, Ай тыңдардай. Мəңгілік өлмей-тұғын əн маржанын Сыйлайды əр адамға бой тұмардай. Біресе көшкен елдей дүбірлетіп, Біресе шын ғашықтай күбірлетіп, Əйтеуір, бар ғаламды сыбырлатып, Əйтеуір, қыз ерінін дірілдетіп; Айта ма құпиясын жұлдыздардың?. Айта ма құпиясын ұл-қыздардың? Айта ма нəзіктігін жүректердің? Айта ма қаталдығын бір құздардың? Айта ма ақ бұлақтың сықылығын? Айта ма бал көмейдің ықылығын? Айта ма осы тойдың иесі кім? Айта ма армандағы «үкілі» кім? Əйтеуір, домбырада əуен басқа, Əйтеуір, Тəңірі жоқ одан басқа. Əмір жоқ өлген қайта тірілмеске, Əмір жоқ ұйықтаған жан оянбасқа.

Шын қайрат шын шабыста қызып алған, Қайғыға, қуанышқа жүзіп алған. Күресте жасықтығы майырылып, Алмастың қылшылдаған жүзі қалған. Самғауы барған сайын қиындалып, Өзіне қарап қалған дүйім халық. Екі ішек сұңқыл қағып, діріл қағып, Пернелер саусақ тиген күйіп-жанып; Тағы да кетті бастап өз əндерін, Кеудесін күркіреткен өзендерін. Шалқытып шығандатып, қайырмалап, Сезімнің жарқылдатып кезеңдерін. Мынау той гуілдеген түсі құсап, Басатын бар кеселдің мысы құсап, Шертісі саусағының сақылдаған, Бейне бір арыстанның тісі құсап. Сонан соң енді жүйткіп екіленбей, Қармақты бір ақ шабақ шекігендей, Екі ішек қос өзендей күркіреген, Бейне бір күле қалған екі көлдей, Теңіздей дауылдан соң тына қалған, Сұңқылдап сағақтан бір бұлақ арман, «Терең қаз – алтын қазсаң» дегендейін, Саусақтар сол пернені қынап алған. Сағақтан нəзік сəуле сызаттанып, Түскендей шер көңілге ұзап барып, Шынашақ сол пернеде дірілдейді, Сандығын отырғандай қыз ақтарып. Немесе ай сызғандай айдын үстін, Немесе ақ қарындай жайлы қыстың. Атылған қапылыста аққудай боп, Соғады қос өкпесін ойлы мүскін.

Желденіп, гуіл қағып өкімденіп, Алқымы қара көрік секілденіп, Шайқалып шалқар үндер шамырқанып, Нөсерден нажағайдың отын еміп, Қалың өрт сияқтанып қауға тиген, Қас батыр сияқтанып жауға тиген, Үзіліп мыңнан озған тұлпар құсап, Немесе Құлагердей сауға тиген. Дауылдай қара бұлтты талап, түтіп, Саусақтан бір нөсерді сағақ күтіп, Пернелер сол толқыңда сілкінісіп, Əншіге сусылдаған қанат бітіп; Үкілі домбыраға лағыл бітіп, Қос ішек қос өзендей ағын күтіп, Құланның қасынуына атуы сай, Мергендей жарқылдаған бағын күтіп, От кезі шаңырақтан жұлдыз аулап, Кеткендей əр жұлдызға бір күз аунап. Саусағы сипалайды пернелерді Шыққандай сол пернеден бір қыз аулақ. Сол ару Кəкиманың өзі құсап, Əр ырғақ күлімдеген көзі құсап, Назданып, нəзік қағып кірпіктерін, Қараған жаудыр қара көзі құсап; Сол мезет келден аққу сымпыл қағып, Гəккулеп, талып ұшып, сұңқыл қағып, Ыбырай созғанында тосын əнді, Дауысы кетті мүлде сиқырланып. Əн бейне ақша таңдай талып атқан, Бұлақтай қара тасты жарып аққан, Əудемде жаңа шыққан күнге ұқсап, Немесе раушан гүлдей жалын атқан.

Ыбырай желденгенде көрік құсап, Үзілер сабағынан өрік құсап, Əуелі қашқан қоян сыбдырынан Үріккен жаудыр көзді елік құсап. Ғажайып тосын үнге елең етіп, Құс-арман көбелектей көлең етіп, Тасыған дариядай астан-кестен, Сезімді ыстық, отты керек етіп; Ұшты бір, ұшты бір əн «Гəккулеген», Үн қосып айдындағы аққуменен. Кəкима сол аққу боп бара жатыр, Гəккулеп құйқылжыған отты үнменен. Тосын əн толқындырып, қобалжытып, Бейне бір сүмбіледей амал күтіп, Жанары нажағайдай жарқыл қағып, Махаббат бақшасынан самал жұтып, Сезісіп түсінгенін қас пен қабақ, Болатты балқытқандай отпен жалап, Қос мұңлық сырласады Гəккуменен, Жалынын махаббаттың жаспен қамап. Көз жасы махаббаттың теңіз болып, Гəкку бір ортақ, құмар лебіз болып, Бір-бірін қанатымен аймаласып, Махаббат дариясына егіз қонып... Махаббат ынтық етіп қойған асық, Иісіп мойындарын аймаласып, Айдынның меруерттей мөлдірінде Елтіткіш, еркелегіш майдан ашып, Жанасып, жан үздіге жаутаңдасып, Гу-гулеп, га-га-гулеп əн толғасып. Шомылған айдын көлде егіз аққу Иіскеп тамақтарын, мауқын басып.

Дауысы терең, тұнық аспан сынды, Бір жасын сол биіктен аққан сынды. Қолынан Кəкимасын ұзатса да, Ұзатпас бір қақпаны жатқан сынды. Қажыры – қалшылдаған ақпан сынды, Жанары – шын асылды тапқан сынды. Ақпанның өзінде де бұрқыраған Көктемнің жұпар гүлін тапқан сынды. Дауысы барған сайын қанаттанып, Жеткендей қия құзға қанат талып. «Гəккулеп», гə-гə-гуге басқан сайын, Жанары жанаттанып, жаны оттанып. Туды ақын жарқылдаған тосын бір əн, Өкініш өзек өртеп, ашындырған. Тілегін жалындаған махаббаттың Аққудың ақ мойнына асылдырған. Өзі де аққу құстай сұңқыл қағып, Айдын көл ырғақтардан ыңқыл қағып, Тебінген толқындардың белі сынып, Қабағы қара бұлттың қуқылданып; Сияқты бар сезімге қанат біткен, «Гəккулеп» сұңқылдады алап біткен. Ыбырай аққу болып өкінгенде, Таңдайын қақты бүкіл тағат біткен. Махаббат мойнын төмен созып ұшып, Өлмесін енді емірде сезіп ұшып. Қияндап бара жатты ту қиырға, Күнəкар сұм заманнан безіп ұшып. Аққу боп ұшты бір əн жанып-күйіп, Қанатын барған сайын қағып биік. «Гəккулеп» талықсыды қайран аққу, Жалынын махаббаттың жағып биік.

Жасырмай жан сырының бəрін айтты Жаралы аққу құстай зарын айтты. Деді ол: «Қайран елім, жаралымын!.. Жүйкені қара, тастай жарып айтты. «Құс салып, айдын көлге дабыл қақтым, Əн салып, талай жердің дəмін таттым Жетсін деп осынау даусым «Гəккуіме» «Гəккуді» қоңыр қаздай қаңқылдаттым. Таранған айдын көлде ол бір аққу, Мұндай сөз естіп пе едім бек лəзлəзту. Сырнай мен домбыраның арасында Балқыған қорғасындай, қайран «Гəкку». Эпилог Айдала... жапан түзде жалғыз атты, Сияқты сыңары жоқ жалғыз аққу. Боз інген ақ ботасын жоқтағандай, Аңыратып «Гəкку» əнін бара жатты. Сол əнмен іштегі бар шерін сарқып, «Алды-ау, – деп, – сүйгенімді менің тартып! Əн боздап, əн аңырап «Гəккулейді», Таңдайын тақылдатып, шегін тартып. Үкілі домбырасын бұлғап биік, «Гəккулеп» сұңқылдайды ырғақ биік. Қосады сол бір үнге дауыстарын Аққулар бара жатқан шырқап биік. Құс біткен сол бір əнді сайрағандай, Жүрегін «Гəкку» зары жайлағандай. Қанатын бозторғайдың ақша бұлтқа Бейне бір «Гəкку» əні байлағандай. Қосақтап бүкіл үнді көгеніне, Жеткендей осынау үнмен дегеніне.

«Гəккудей» əнім қалса бұл ғұмырда, – Дегендей басқа бақыт керегі не?!» «Гəккулеп» сұңқылдаса таңдай қағып, Кеткендей өзі де бір əнге айналып. Барады жапан түзде жалғыз атты, Оқжетпес – жер жаннатын маңдайға алып.

МЎЌАЄАЛИ МАЌАТАЕВ (1931–1976) ДАРИҒА-ЖҮРЕК («Өмірдастан» поэмасынан) 1. Аққудай еді Болған-ды менде бір жеңге, Жылайтын еді бір демде, Күлетін еді бір демде; Күлетін еді күллі əлем, Дариға жеңгем күлгенде; Жас тамып жасыл бүрлерден: Қарағай, терек, бүргеннен; Жылайтын еді гүлдер де, Дариға жылап жүргенде; Ауыра қалып бір демде, Айығушы еді бір демде. «Аққудай еді көлдегі, Сұңқардай еді жердегі». Айта да жүріп осы əнді, Дариға-жүрек шөлдеді. Санаттан жары келмеді. Саятқа көңілін бөлмеді, Сабырға сайтан ермеді; Сайтанға ерік бермеді; Дариға-жүрек шөлдеді, Шөлдеді, бірақ өлмеді; «Сұңқардай еді жердегі, Аққудай еді көлдегі». Аққудай еді көлдегі... Жолбарыс бақай-білегі, Құлан жон жанның бірі еді; Құлпыра соқса реңі, Құтыра соқса жүрегі, ( )

Қыранды құрдай іледі; Қос уыс бұрым арқада, Қос жылан болып жүреді; Егіз шың тұрған кеудеде, Еңістің жатыр сілемі; Қос жанар бірден жалт етсе, Жарқ етіп шыққан күн еді; Дариға-жүрек кім еді?.. Даланың жалғыз гүлі еді, Екеуі болса, бірі еді, Біреуі болса, өзі еді; Оны өзі де сезеді. Дариға-жүрек кім еді? Тасылмай қалған өзені, Ашылмай қалған өзегі, Келмей бір кеткен кезегі, Керемет жанның өзі еді; Айтылмай қалған сөз еді; Ашылмай жүрген сыр еді, Басылмай жүрген жыр еді; Дариға-жүрек кім еді? Дариға-жүрек мендегі! «Сұңқардай еді жердегі, Аққудай еді көлдегі»; Дариға-жүрек шөлдеді. Сап-салқын қоңыр кештерде, Сайлардан самал ескенде, Алыстан Ай кеп, шыңдардың, Ақ сəлдесін шешкенде, Керуен-бұлттар көшкенде, Көңілден оттар өшкенде, Аршалар күбірлескенде. Жан салар соның бəріне, Əн салар сонда бір үн бар; Тұрыңдар бəрің, тұрыңдар!

Əнменен туып, бірге өлген, Атаңнан қалған ырым бар; Тұрыңдар, түгел тұрыңдар! Əуезге құлақ бұрыңдар, Əуелі сыртқа шығыңдар; Шығыңдар да, тыныңдар, Талықсып жеткен сол үнге Талықсып біраз тұныңдар. Аясында анау аршаның, Дариға отыр əн салып; Білдірмей өксігі, бір шалың, Бір шалың отыр тамсанып... Дариға отыр əн салып; Жер түбі кеткен жарларын, Жесірлер тұрсын қарсы алып Жетімдер ұшсын жар салып Дариға отыр əн салып. Өлі бір кешке жан салып; «Сұңқардай едім жердегі, Аққудай едім көлдегі...» Дариға-жүрек шөлдеді, Дариға-жүрек шөлдеді, Сапардан жары келмеді... Дариға отыр əн салып. Дариға солай отырсын, Жалғаннан жарын шақырсын. Керенау, дел-сал, ей, таулар, Күрсінбей неге жатырсың?! Кейімей тұрсың, кең жайлау, Кең жайлау емес, татырсың! Кеуіп бір қалған тақырсың! Кейімей тұрсың Ай да, сен, Ай емес, кара бақырсың! Қараңды суға батырсын! Күңірен, таулар, күңірен, Күңірен, жайлау, күңірен, Кеудеңнен жалын атылсын!

Кірпігінді қақшы, Айым, Көзіңнен жасың шашылсын. Дариға-жүрек басылсын, Көңілдің кірі ашылсын, Жасырсын, бəрін жасырсын. Шақырды жарын, келмеді, Белгісіз тірі, өлгені; Дариға-жүрек шөлдеді. Тау-дағы көңіл бөлмеді, Ай-дағы көңіл бөлмеді, Жайлау да көңіл бөлмеді; Қос басы – өлік көмгендей, Дариға оны көрмеді; «Сұңқардай едім жердегі, Аққудай едім көлдегі», Дариға-жүрек шөлдеді, Дариға-жүрек шөлдеді. 2. Жалған – Жеңгелер-ау, жеңешем қайда менің? – Шомылып жатыр анау сайда, – деді. Бір сұмпайы күлкіні қымтап қалды, Қылымсыған қатынның қаймақ ерні. – Əкел бермен, қымызың қайда?! – деді. – Қымыз емес, бүгінгі айран еді... – Ыстық мынау, соншама кешігесің... Əкел бермен! Несіне тесілесің?! Шалғы шыңдап отырған кексе қатын: –Ей, Бəтіш, неңе сонша есіресің?! Несібеңді ұрлаған Дариға ғой, – Балаға несін сонша жекіресің?.. – Жүресің де қоясың, өсек бағып, Қашан бізге беріп ең төсек салып?!

Жайыңа отыр оттамай, ісіңді біл, Тұлпарға əкеп теліме есекті алып!.. – Пішту деген бетім-ай! Қарай қалғын?! Білмейсің бе сынғанын шар айнаңның. Өз көзіммен көргемін, əлі көрем! Шомылуға сен-дағы талай бардың... Мен кетіп қалдым... * Жаман түстен шошынып оянғандай, Шошып кеттім, шошыдым, ой, Аллам-ай! Мен алапат екі бір жыртқыш көрдім, Қызыл қанға бөксесі боялғандай. Сұмдық көрдім ешқашан сыр ашпаған Несіне айтамын деп тыраштанам... Сұмдық көрдім, бүкіл бір сұлулықты, Сұрқия құмарпаздық ластаған. Дүние-aу, сұлу ең ғой жаңа ғана, Оп-оңай-ақ, осылай, жоғала ма? Айтсаңшы, ей, табиғат, сұлулығың Осындай сұрқайлықтан жарала ма?! Дариға... Тфу!!! Жаман еді аты қандай! Сорлы аға, сойқан апты қатын алмай. ...Аузымды аңдаусыз ашып қалсам, Жүрегім снаряд боп атылардай. Тфу, ит! Қандай жаман əн салады, Əн емес, осы екен ғой аңсағаны. Мына бір бояуы жоқ бозала тау, Өзіне сұлумын деп тамсанады. Мына бір бұрқыраған бұзық-өзен, Даурығып озіне-өзі жар салады.

Мына бір татымы жоқ тау самалы, Ана бір албастыдай аршалары. Мен сұлу, мен сұлу деп қарсы алады; Мына бір қызыл гүлдер қызынақсып, Ана бір жаужапырақ қол соғады; Қай жерден көрінер деп қансонары, Сонау бір кəрі қыран тау шолады; Қыран емес, жауыз ол, қан сорады! Жақпар-жақпар жартастар, Құдайсыңдар! Себебі, сендер, міне, былайсыңдар: Тəкаппар сұлулықты сақтайсыңдар. Беттеріңнен жосқанда лай сулар; Тəкаппар сұлулықты сақтау үшін, Тəкаппар қорлықтарға шыдайсыңдар; Күннен жылу, желден тіл сұрайсыңдар! О, жартастар! Жартастар, Құдайсыңдар! Жабыла кеп жалғандық күндегенде, Əр «сұлудың» басына құлайсыңдар; Сұлулықты қайтадан сұрайсыңдар; Сендер ғана – мəңгілік ескерткіштер, Сендер ғана – мəңгілік Құдайсыңдар; Сендерге мен шыңғырып шынымды айтам, Шыңғырып сендер бірге жылайсыңдар. Жалған! – дедім, жалған деп айтам əлі. Жалған-н-н! – деді, жартастар қайталады. Таулар! – деп ем, тауларым байқамады. Жартастарым таулар деп қайталады. Дариға-жүрек! (Тағы да қайталады). Құндыз бөркі құздардың шайқалады. 3. Намыс пен муза Самалдап барып, саялап тынған шалғайда, Дариға-жүрек, аққуға қосқан əн қайда?

Сұлулық шіркін, шынымен мені алдай ма? Дариға-жүрек, жəне бір əнге салмай ма?! Қою түн мынау, қоқырсып жатыр қос басы. Бозкүйез тау тұр, бозбала бұлтпен достасып. Бір бел мен бір бел – қосыла алмайтын қос ғашық. Гүлдерін ұстап, қолдарын бұлғап, қоштасып. Естерін жиып, есіней-есіней, маужырап, Адамдар түгел ұйқыға кетті қалжырап. Бұлақтың басы, бұйығы өскен бал-құрақ, Бағады сыбыс, естілер емес əн бірақ. Жартастар жатыр, жалаңаш тастап кеудені, Сайлар да, міне, сарыла-сарыла, шөлдеді. Мазасыз бұлақ маңайға тыным бермеді, Аңсатып бəрін, Дариға-жүрек келмеді. Несіне келсін, əн салу оған мақтан ба, He жетсін, шіркін, несібе құшып жатқанға. Несі бар оның: жетім мен жесір, қарттарда, He жетсін, шіркін, темекіні орап тартқанға. Жат көздер, мейлі, жазғырып оған қарасын, Түсінсін бе олар, өлі мен тірі арасын. Жарайды сол да, жанының басты жарасын, Жадырап енді, жалыны бойға тарасын. Дариға-жүрек, несіне енді салсын əн, Несіне алды оның, жүрекке ине шаншыған, He тауып еді, көзінен тамған тамшыдан. He тапты əннен, көңілін ылғи жаншыған? Күтпеңдер, таулар, Дариға əнге салмайды, Жартастар күтпе, Дариға даусы бармайды. Күтпеңдер сайлар, күлкімен енді алдайды, Халқының үнін сауыққа енді арнайды.

...Осы бір ойлар, түн сайын мені езеді, Бойымда қаным – тулаған таудың өзені. Жанымды менің, жеңгемнің даусы кезеді, Жүрегім ұлып, қалғандай жетім сезеді. Шөпшабыс еді. Қосымыз тұрған шатқалда Ұйқыдан қауым, жаңадан тұрып жатқанда, Дариға-жүрек, ботадай келіп боздады, Бозарып тұрып, бозарып атқан ақ таңда. Тыңдаған жан жоқ, өзінше жұрттар дүрбелең, Кімдері сөйлеп, кімдері ұрсып кімменен. Қауымның мұндай қатыгездігін білмеп ем. Айғай мен айбар, айналам тегіс гулеген. – Таң атпай жатып, ойыңа түсті əлдене? Сайқалданба енді, үніңді өшір, қар неме! Сұмдықты бастап, таң атпай жатып зарлама, Үніңді өшір! Өтірік зарлап, алдама! –Пəруəрдігер, албасты ма өзі, пері ме?! Əруақты мына ит, оятар болды-ау көрінен. Дариға-жүрек, мына жұрт сенен жеріген, Көмгелі жатыр, əніңді бірге сенімен. Күрсініп алып, күңіреніп кетті тау маңы, Бағытын бұзып, бұлттағы Ай теріс заулады. Тигендей бүйі, кең жайлау кейіп, аунады, Дариға-жүрек, дамылын таппай, лаулады. Жайлауды тастап, жапырлап ауыл көшкендей, Шатырлап барып, ошақта оттар өшкендей. Азалы бір үн, аяулы біреу өлгендей, Азамат мерт боп, ауылын жауы жеңгендей. Азалы бір үн, арызын кімге шаққандай, Мезгілсіз күз кеп, мерейді тұман жапқандай.

Мекенін тастап, мезгілсіз құстар қайтқандай, Қоңыр қаз əн caп, қоштасып бара жатқандай. Қыршындай солған, қызғалдақ гүлге бүр жарған, Қурайлар сыңсып, жоқтау caп құла қырлардан. Азалы бір үн, бірде мұң-қайғы, бірде арман, Азалы үннің астында жатыр бұл жалған. Дариға-жүрек, лапылдап барып басылды, Күрең күн келіп, мойнына таудың асылды. Бір белден сонда, бригадир келді ашулы, – Тездет! – деп, жұрттың дегбірін əбден қашырды. Тірліктің күні, тірліктің сəнін сырғытты, Тірліктің күні, тірліктің əнін қылғытты. Жалына аттың, біреулер жасын ырғытты, Біреулер жасын, бетінен төмен жылжытты... – Қымызың бүгін тəтті екен, құйшы, тентегім, Айызым қанып, ішейін бүгін иен тегін. Жеңгемде көзім, күдіктің бұлтын серпемін, Белгісіз маған, көңілім бір күйі шертеді. Ернінде оның, қиығы менің көзімнің, Елестеп кетті, қылығы бағлан-қозымның. Қозыма сусын бергендей болып сезіндім, Лас ойларды лақтырдым мүлде, безіндім. Сырлы тостақтан, сызылта сорып болды да, Сызыла беріп сырғанай тұрды орнынан. Аяныш көзбен, абайлап қарап сорлыға, Жігерім жасып, көңілім сонда болды нан. – Тентек, сен отыр, атыңды тұса, аттанба, Тас жуа теріп келейін ана шатқалдан! – Дем алсаң етті, несіне сонша желіктің, – Тентегім менің... түсінесің бе... жерікпін... Түсіне алмағам, жерікті қашан көріппін.

Оңаша, жалғыз отырмын жұмсақ мақпалда, Қоямын қарап, жеңешем кеткен шатқалға. Оңбаған ойлар, оралып жатыр қайтадан, Сонау бір өткен, сонау бір сұрқай шақтарға. Безінем одап, көрмедім оны, бармадым, Бəрі де сұлу, сұлулық толық жан-жағым. Қарағай-шырша, қапталдан құлай қаулауын. Тұңғиық көкте, қыранның, қара, самғауын. Сайлардан соққан самалдың, қара, салқынын, Тандайға ұйып, гүлдердің мына аңқуын. Бу шашып, əнеу, кəрі жартастың балқуын, Жасыл белдердің жасырын бəрі шалқуын! Жарық дүние-ай, жаным-ай менің! Ғажапсың! Ғажапсың, шіркін! Амал не, тезсің, аз-ақсың... Құзар жартастан орамал көрдім бұлғаған. – Қош бол, тентек!.. (Əзілдеп, сірə, тұр маған). Көк көйлек көрдім, қалықтап құздан зулаған, – Қош бол! – деп, – Тентек... шуылдап үні тынбаған. – Қош бол! – деп тастар хабарлап жатты жан-жаққа, Неғылған сұмдық! Дариға ма, əлде аруақ па?! Өте алмай қалдым, жете алмай қалдым ар жаққа, Дариға-жүрек... Ұшты да кетті аулаққа... Муза деп атап, ақындар ғибрат қылатын, Сол екен – менің періште жырым, мұратым Дүниенің мынау қабағын бағып тұратын, Дариға-жүрек, өмірге берді бір ақын...

РАЙЫМБЕК! РАЙЫМБЕК! I «Қара таудың басынан көш келеді». Қара жорға шайқалып, бос келеді. Қара күнді жамылып, қара қазақ Қара түнді басынан кешкен еді. Қара қайғы көрсетпей ештеңені, Қара жауы қанатын кескен еді. Шұлғау болып қыздардың кестелері, Талай қара шаңырақ өшкен еді. «Қара таудың басынан көш келеді!!!» Қара жұртта бықсыған шала қалған, Аналардан ес кеткен, балалардан. Тал да таппай қармауға жағалаудан, Ақыл қашқан адыра бабалардан. Қандай қарғыс атты екен қайран елді?! Қайда барып тығылар паналауға?! Қайда барып, қалжырап жатыр екен?! Қандай сорды сортаңын татар екен?! Көр болса да болса екен қазақ жері, Қазақ жері болғасын – Атамекен. ...Көш келеді, боздатып боз даланы, Көз ұшында боз сағым қозғалады. Əлдекімнің естілсе созған əні, Əлдекімдер аңырап жоқтау айтса, Əр кеудеде бір шемен қозданады Əр қазақтың естіліп боздағаны. «Қауқары жоқ қайран жұрт, қайран халық, Сайран салып жатушы ең, жайлау барып. Опат болып, ақ ордаң ойраңданып, Қара жауың əкеліп қара қайғы, Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.

Аңырауды доғарып, аттан қазақ! Алты жасар ұлыңды майданға алып». Шұбатылған шаң көріп алыстағы, Қабай-жырау жар сала дауыстады: – Жау келеді, жұртым-ау, жау келеді! Жаудан қалған жемтікке жабысқалы, Тағдырыңды біржола тауысқалы... Caп түзеді қажыған нар боздақтар, Қара жаумен қайтадан алысқалы, Қайта қозып қазақтың намыстары. Қайта шулап, жамырап қатын, бала, Қанға шөлдеп, қаңырсып жатыр дала. Қайта жауып, жай оты шатырлаған, Қайта төнген тамұқтың сотын қара. Қара жауы қайтадан лап қойды, Кезек бермей пақырға, батырға да. Қазақ қанын сылқытып жатыр дала... Қиқулаған қалың қол, құйын дерсің, Қайтып оған шағын жұрт тыйым берсін, Тозған жұртты топырлап, тапап кетті, Қатыгез жау қайсыбір бұйым көрсін. Боздақтардың желкесін шайнап кетті, Қалған малды қайтадан айдап кетті, Қанжығаға байланған қыз-келіншек, Бозторғайы шырылдап, сайрап кетті. Хас батырдың көзі еді қара жорға, Қара жаудың астында ойнап кетті. (Кім айдаса, соныкі түздің малы) Қара жауға қатын боп қыздың бəрі, Əр өлікке жалп беріп, қонып жатыр, Даланың түндік қанат құзғындары. Тұяқ та жоқ тігерге дым қалмаған, Жау жалмаған, жабысып, құм жалмаған,

Сырлар бар-ау қойныңда, туған далам, Ақтарылған қанынан қазағыңның, Құзғыны да Құдайдың құр қалмаған. Сенде ме?.. Сенде сұмдық сыр бар, далам... Қан сасыған далаға қарайды да, Қуған боп жүр құзғынды Қабай жырау: – Пəруəрдігер, неғылған сұмдық еді! Өңім бе, əлде түсім бе, қалай мынау?! Боздақтардың даланы бояп қаны, Құзғындар да əнеки тояттады... Өңім болса, Тəңірім, тарт жанымды, Түсім болса, ұйқыңнан оятпағын? Оятпағын, мəңгілік оятпағын?! О, Тəңірім! Неғылған шаққа айналды?! Бір өзіңе жалынып, жақ байланды, Түнің тұтып, ақ таңың атпай қалды, He қылығы жұртымның жақпай қалды Көлім кеуіп, өзенім ақпай қалды, О, Тəңірім! Неғылған шаққа айналды?! Қаусаттың-ау іргемді қара жауым, Қан боп ақсын басыңа қара жауын! Қатын, қызың күң болып əр есікте, Құл боп өтсін мəңгілік балаларың! Ордаң опат, айырыл елдігіңнен, Босамасын басың бір шерлі күннен, Тоз-тоз болып ұрпағың əр қияңда, Билігіңнен айырыл, теңдігіңнен! ...Байқап еді өліктің қозғап бəрін, Бəрі де өлік, бірі де сөз қатпады. Қабай-жырау басы ауған жаққа кетті, Құзғындарға қалдырып боздақтарын!..

Кете барған, артына бұрылмаған, Аят оқып, ішінен сыбырлаған. Қозыкөш жер қырғыннан ұзағанда, Құлын-дауыс естілді шырылдаған. Аппақ нұрын жинап ап, тауға келіп, Күн де батып барады қанға бөгіп, – О, Жасаған, кімдікі əлгі дауыс. Тірілді ме артымда қалған өлік!? Жетім қалған құлындай құлдыраған, Көз ұшында бір қара бұлдыраған. Тағат етіп тұруға дəрмен қайда, Аттың басын сол жаққа бұрды баба. ...Есі кеткен алдында тұрды бала. Ат үстінен баланы алдына алып, Бір алданыш тапқандай шал жұбанып. Қырғын көрген қызыл Күн қырдан асты, Қызыл-күрең қанына тауды малып. – Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың, Мен де көпке бармаспын, сен қаласың. Ойран болған ордаңның орнына кеп, Отау тігіп, оттарын сен жағасың! II Дала жатыр. Сағымы ширатыла, Бара жатыр қырына, бұйратына. Екі жетім, бұлақтың басындағы Əулиенің бұрылды зиратына. Бастарына іс түскен шақты ойлаған, Ағашыңа пəнделер ақ байлаған. Құлан жортса құтылмас құла-дала Құлазыған, иесіз жатты айнала.

Керуен жол қасынан кесіп өткен, Осы жерді əулие бесік еткен. Мұсылмандар ғибрат етуші еді, Мұндар-тірлік мұқалтып, ескі кеткен. Əулиенің бас иіп мекеніне, Мұсылмандық парызын өтеді де, Қабай жырау қайтадан еріп кетті, Қажап тұрған ойының жетегіне. «Жайлауымды жау алып, Өрісімді өрт алып, Өзегімді дерт алып, Келдім саған, əулие! Боздақтарым жоғалып, Боз кебінге оранып, Маңдайымнан cop ағып, Келіп тұрмын, əулие. Қыздарымды қатын ғып, Шаңырағымды отын ғып. Отауымды топыр ғып, Отанымды қоқыр ғып, Ойран етті, əулие! Қан сасыған даламның, Қатын менен баламның, Кегін қайтіп алармын? Жебеп жібер, əулие?! Елінің есін кіргізер, Жерінен малын ергізер, Жауына зауал төнгізер, Қырықпышақ хандарды, Қылығына көнгізер, Дегеніне сенгізер, Соңынан жұртын ергізер, Бар қазақтан – бір қазақ Тумас па екен, əулие?! Көкірегім күркілдеп, Көзімнің асты көлкілдеп, Ақ сақалым желпілдеп,

Кəрі басым селкілдеп, Бас ауған жаққа барамын. Іздесем кімді табамын? Бағыт сілте, əулие?! Айтса тілін алдырған. Алмастан оғын жондырған. Ата-қазақ баласын Алақанға қондырған. Бар қазақтан – бір қазақ, Табар ма екем, əулие?» * – Армысың, Ата! – Бар бол, балам, аман ба? – Жолыңыз болсын? – Жолдың несін сұрайсың, мына соқыр заманда. Қайда барса, Қорқыт көрі қазулы тұр адамға. Елде жүрген ескі аңызды, Естіп пе едің, қарағым? Мына біздің ғаріп жағдай еске соны салады. Сыңар қанат екі құс жаралыпты жалғанда, Бір-біріне жабысып алады екен самғарда. Құдірет деп екеуі зарлайды екен толассыз, Бірінің – оң, бірінің – сол қанаты болғанда. Құдіреттің құсы деп аталыпты екеуі, Қайда екені белгісіз жері, суы – мекені. Сыңар қанат құстардың сайымыз, қарағым, Тағдырымыз, білмейміз, қайда бастап кетеді... Жерімізді жау алып, елімізді қырды ғой, Қанатымыз қайырылып, топшысынан сынды ғой. Ата-қазақ бір-бірін арашалай алмай-ақ, Алауыз боп өзді-өзі Құдай бізді ұрды ғой.

Қара жаумен іргелес ел едіңдер, қарағым, Ойран болып сендер де, бұзылды ма қамалың? Мынау азған заманда, амал нешік, бұл қазақ, Білуден де қалды ғой бір-бірінің хабарын. Суырдайын күн кешіп əркім ойлап өз басын, Тұлпарларды тұқыртып, тұғырлары озғасын, Бүйрегіндей сиырдың бөлшектенген бұл қазақ, Құмалақтай бытырап, қалай ғана тозбасын. – Ата, біздің өлкені қара жаулар шаппады, Жауларына біздің ел сəйгүлігін баптады. Қойын сойып, қолдарын қусырды да, сорлылар, Аяғына бас ұрды, бірі садақ тартпады. Тартпаған соң олар да əуреленіп жатпады, Алдындағы аларын, белімізден аттады. Батыр емес, қария, қатындар бар бұл елде, Беруге əзір барлығын билігі асқан біреуге. Батырлар жоқ бұл елде, қатындар бар бұл елде, Əркім қара басының амандығын тілеуде. – Жамандама жұртыңды, жамандасаң, болмассың? – Қатындардың ішінде өзім-дағы оңбаспын. «Үні шықпас жалғыздың, шаңы шықпас жаяудың» Мен де қатын болармын, сірə, батыр болмаспын. – Нешедесің? Кімнің сен тұқымысың, құлыным? – Хангелдіден тараған бір тұғырдың ұлымын, Мал соңына caп қойды, ұстатты да құрығын, Жылқы жады əкеме жақпай қалып қылығым. Жылым барыс, мінеки, асып барам он үштен, Қатын алып берем деп, əке-шешем келіскен. Адамынан айттырған ат-тонымды ап қашып, Қатынды өзім табам деп, əкемменен керіскем. – Осыншама ақылды кімнен, балам, үйрендің? – Ішіңдегі шалдардан, анау қараша үйлердің.

Бірін төре, бірін би етсем деген ойым бар, Бабам қолдап, бір кезде маған билік тиген күн. – Қара жауың қайтадан шапса еліңді не етер ең? – Қас батырын бауыздап, қанын судай етер ем. Қатын болып күн кешіп жүргеннен де, қырқысып, Қылша мойным талша боп, қанжығада кетер ем! – Өзің бала болсаң да, сөзің дана отты екен, Ақ күн тусын алдыңнан, басқа айтарым жоқ бөтен Қалдым сенің ығыңда, мынау екі ғаріпке, Барар жер мен басар тау, басқа пана жоқ мекен.. III – Қарадай жерге қаратып кетті-ау, қағынды, Уатып кетті-ау, уатып кетті-ау тауымды! – Қарадай неге түңіле қалдың, байғұс-ау, Басыңда үйің, баурыңда қазан, нағылды? – Неғылушы еді! Күшігің жерге қаратты! Күлкі етіп мені күйінгендерге талатты. – Түңіле бермей, туралап айтшы мəн-жайын, Білейін мен де, естиін мен де, аңдайын?.. – Білесің əлі, атаңның басын аңдайсың? Ұл емес, маған, жын таптың десем нанбайсың. Ер орнына екесті ұлды туғанша, Белгілі неге бедеу боп, қубас қалмайсың? Шағылып тауы, құлазып көңіл мекені, Түкенің астан оралған осы беті еді. Бəйгеде болған ұлының əбес қылығын Ойласа болды, өрт қарып ішін өтеді. Намыстан өліп кетердей, міне, үзіліп, Өкпесі кеуіп, қуарып, өңі бұзылып. Малдасын құрып жұдырығымен жер тіреп, Бейкүнə, момын бəйбішені отыр қыжырып.

...Жатаған келген Түкенің жалдас күреңі, Дүйім ел білген дүлдүлдің нағыз бірі еді. Кешегі аста бəйгеге қосып жүйрігін, Келерін біліп, қауіпсіз, бейқам тұр еді. Көз ұшындағы көлденең жатқан қырқадан, Көрінген кенет бəйгенің шаңы бұрқаған. Ию да қию ұрандап тұрған рулы ел, Жамырай тілеп, жақындай түсіп бір табан. Тұяқпен турап, көлденең жатқан көк белді, Кермені үзіп, сəйгүліктер де жеткен-ді. Көре алмай Түке баласы менен күреңін, Көзінің алды көлеңке тартып кеткен-ді. Озғанды қауым қаумалап-киіп жатқан-ды, Қалғандар кейін, озғандар гулеп, мақтанды. Шорт сынған сағы, шошайып жалғыз Түке тұр, Күңірентіп жүрген күрең ат қайда мақтаулы?! Желпіне барып, желігін жұрт та басқан-ды; Оқыс бір ғажап оқиға сонда басталды. Жалғыз бір қара жұлдыздай ағып келеді, Қараңғы түнде қақ жарып тілген аспанды. Қу даладағы құйын ба дерсің, ойнаған, Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған. Өз атын өзі ұрандап бала келеді, Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған. Жайына қалып, өлі аруақ пенен тірі аруақ, Келеді бала, есімін өзі ұрандап. Тірілер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ, Өлгендер көрде, түскен де болар бір аунап, Келеді қыршын есімін өзі ұрандап. Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты, Бір сəтке қауым ішінен тына қалыпты.

Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек, Албанға алғаш өсітіп өзін танытты. Күрең ат тарпып, қара темірді шайнаған, Қыбыр да жыбыр, күбір де сыбыр айнала. ...Асасын ұстап, Əлмерек дейтін би келді. – Жеті бабасын жерге қаратқан қай бала?! Е-е-е, Түкенің ұлы – түлейдің ұлы сен бе едің Осы болған ғой түлей əкеңнен көргенің. Саскөкектей өз атыңды өзің ұрандап... Сырымбет пенен Хангелді сенен кем бе еді?! Жетесіз туған, ант ұрып кеткір зəнталақ! – Булығып тұрды, баланың көзі қанталап. Қоқилана көлігі, басына қамшы үйірді, Ақсақалдар да, көксақалдар да анталап. – Оу, ағайындар! Жəбірлемеңдер баланы, Жəбірлейтіндей қайсыңа тиді залалы?! Бұл да бір асау, құрық көрмеген құлын ғой, Желісін үзіп, сендерден қайда барады. Бара да қоймас, ұзай да қоймас сендерден, Сендермен бірге тағдырын Тəңір тең бөлген. Өз атын өзі ұрандағанның несі айып? Аузына салып, періште шығар дем берген. Жауына шапса өз атын өзі ұрандап, Қолдамас па еді өлі аруақ түгіл тірі аруақ. Есі бар тентек есейе келе ер болар, Ерік беріңдер, неғыласыңдар бұғаулап... Қарсы алдындағы қалқан боп тұрған Қабайды, Қаршадай бала сүйеніш бəлкім санайды. Санайды-дағы қауымға тіке қарайды. Жүрегін жеген сөзін айтпақ боп талайғы.

Күреңіменен атылып шетке шықты да, Айғайлап тұрып, анықтап, нақ-нақ, ұқтыра: – Дəрменсіз сорлы кедей-кепшікті бұқтыра, Күшік тазыдай жылмаңдайсыңдар мықтыға! Ата жауларың арқаңа бəлем, шықты ма, Əкелеріңнің көріне, бəлем, тықты ма! Қызыңды сатып, қымызға мас боп жатыңдар, Xалықпысыңдар?! Қазан аңдыған қатындар! Қорқау қасқырдай бірісін-бірі талаған, Бірісін-бірі тонаған, тозған пақырлар! – Деді де, бала күреңіменен самғады, Өз атын өзі ұрандауынан танбады. Тетір де болса, тентек баланың аруағы Шашылып жатқан ауылды тегіс шарлады. ...Кешегі аста Əлмерек бидің сөккені, Түкенің мүлде есінен бір сəт кетпеді. Теріс айналып, шөкті де қалды шал байғұс, Талақ етті де бүгіні менен өткенін... * Түке өлген. Он сегізде Райымбек, Жүрген жоқ əке өлді деп, уайым жеп. Тіріге тізе бүгіп, бас имеген, Тізесін бүктірмесе Құдайы кеп. Білігі, бітімі де бөтен екен, Бар күні мал соңында өтеді екен. Ерін – жастық, тоқымын төсеніш етіп, Белін шешпей, қисая кетеді екен. Ел арасы дау-шарға араласпай, Лоқ беріп, ағайынмен жағаласпай, Қайсар болып, қатты боп өсті жігіт, Қатыгез құмға біткен қарағаштай.

Қанағат қып əкеден қалған малды, Бəленнен ассам деп те қамданбады. Бозбасы сауыққа да алданбады, Бойында болсам деген қалды арманы. Қалқалап, қадір тұтып естілерді, Талайды түйді жігіт, өсті, көрді. Қазақтарды жау шауып жатыр деген, Үзік-үзік хабарды естіген-ді. Ойлап тұрса, сол жауы іргесінде, Ойлап тұрса, сол жаудың түрмесінде «Айламен алдарқатып кеткен дұшпан, Кім кепіл қайта шауып кірмесіне?!» Қиын екен өмірдің сұраулары, Ойланды балаң-жігіт, біле алмады. «Белінен дұшпан аттап баратқанда, Біздің ел неге қарсы тұра алмады?! Қайда жүр баяғыңның батырлары? Бас қойып, неге ұранын шақырмады?! Жігер тайып жігіттің жетесінен, Сарқылды ма қарттардың ақылдары?! Heгe бірі садақ боп атылмады?! Қойын сойып, қолдарын қусырды да, Дұшпандарын жіберді ту сыртына. Қақпа бола алмаған қайран елге, Қауқары жоқ күндерің құрсын мына! Əзірге аман тұрғанға малы-басын, Сауық пенен сайранға салынасың. Қазақ жылап жатыр ғой, қазақ жылап, Неменеңе жетісіп, қағынасың?! Қайта шапқан жауының танығасын, Құдайыңа шынымен табынасың,

Атамекен, жұртыңды сағынасың. Бұралқы боп, жат жерде зарығасың. Құланыңды бауыздар желіге айдап. Құраныңның өртенер соры қайнап, Қайда барсаң Қорқыттың көрі болып, Қонысыңнан ауарсың «Елімайлап». Қайтсем екен? «Аттан!» – деп ағайынға, Құрбандыққа басымды шалайын ба?! Қабай-жырау қайда екен, не дер екен? Ақыл сұрап көрейін барайын да». * – Ар ма, ата! Арнай келдім, батаңды бер? Қасыма балаңды қос, қатар жүрер? Жол сілте, ақылыңды айт, қысылғанда Аятым болсын менің атап жүрер. Сырымбет əулетінен таралғамын, Хангелді қасиетінең нұр алғанмын. Əкемдей малжанды боп, өріс күйттеп, Жарамас жабағы үйде қамалғаным, Жанымды тұншықтырған бар арманым. –Айт, балам Арманыңды айт, жасқанбағыш, Көріп тұрмын, көзіңнен шашқан жалын. He айтам саған, көл едім, көлшік болдым, Көзі бітіп, суалған бастауларым. Тыңдайын, арманыңды айт, жасқанбағын, – – Кенедейден көзімді ашқан жауым, Еске түсіп, бойымды басқанға мұң, Деген ой «жастығымды ала жатсам», – Жоқ-тұғын менің мүлде басқа арманым.

– Арманда, балам, арманда, Арманға толы жалғанда, Армансыз, сірə, жан бар ма? Армансыз жүрген жандарға Алданба, балам, алданба! Арманда, балам, арманда, Қапелімде, жауларда, Ақырғы демің қалғанда, Айырылып естен танғанда, Ақырғы рет қарман да, Арманда, балам, арманда! Ақылымнан танғанда, Азуымнан шалғанда, Кəрі қойдың жасындай, Аз ғұмырым қалғанда, Нендей ақыл айтармын?! Аға жауың қалмақ-ты, Ел-жұртыңды зарлатты. Ата-қазақ ұрпағын Аяқ асты қорлапты, Аспаныңды торлапты, Жазираңды шаңдапты, Жазықсыз елді қандапты. Жалғыз қайда барарсың? Жауыңды қалай табарсың? Ауызданбаған арланым, Абайсызда шабарсың, Айлалы жаудың алдында Тұзаққа түсіп қаларсың! Соңыңнан жұртың ермесе, Қолының ұшын бермесе, Дегеніңе көнбесе, Ауызданбаған арланым, Жауыңа жалғыз бармағын, Қиылып қалар арманың!

Халқыңа хабар арнағын, Аужалын түйіп, аңдаған, Кекке соққан қанжарым, Кемтіліп жүзің қалмағын, Жауыңа жалғыз бармағын! Беліңнен бір-ақ аттаған, Берекеңді таптаған, Қулығын ішке сақтаған, Құмырсқадай қаптаған, Жауыңа жөнсіз ұрынбай, Ұрымтал жерден шап, балам! Жауыңның күшін аңдамай, Бетпе-бет ұрыс салмағай! Ол көп-тағы, сен азсың, Опық жеп, балам, қалмағай, Алды-артыңды барламай, Орынсыз іске бармағай! Тұтқиылдан лап беріп, Томаға-тұйық шап келіп. Жауыңның есі кіргенше, Қара түнді қақ бөліп, Ізіңді жасыр жалт беріп. Алды-артыңды аңғармай, Айқаспай тұрып қорғанбай, Қолайлы жерде қамданбай, Ашкөзденіп, мерт болма, Қораға түскен арландай! Шабарыңды білдірме, Шаужайыңнан ілдірме! Жекпе-жек күтіп, ділгірме! Жер қайысқан жауыңды Жеңемін деме бір күнде! Көзсіздік іске татыр ма? Айласыз батыр батыр ма?!

Отырып қалар тақырға. Күндіз ұйықтап, түнде жорт. Қарасын Күннің батыр да, – Кегіңді қайра ақылға, Жалғыз жортып, шатылма Аттанып жар сал, ер ұлым, Ел-жұртыңды шақыр да. Дүние – қоңыз, енші бер, Соныңнан ерген пақырға. * Бидің үйі, Іленің жағасында. Жақсы менен жайсаңның бəрі осында Қарасақал, ақсақал – алқалы топ, Алдына алып бір істі қарасуда, Бірі көнсе, біреуі таласуда. Бірі олай тартады, бірі былай, Бірі өзінше патша, бірі Құдай, Бір сəтте ұйып, бір сəтте іруін-ай, Қазекемнің осы бір ырымын-ай. Бірі əріден, білгенсіп, мысалдайды, Бірі езінше түңіліп, құшар қайғы. Жүз лоқсып, жүректе запыранын, Бірі іштен тынады, құса алмайды. Бидің бағып біреуі қас-ңабағын, Бүлк етуден бишара жасқанады. Бірде бəрі жабылып біреуіне, Жемтік көрген бөрідей бас салады. Екі ортаны біреулер аңдасады, Жең ұшынан жеңгенмен жалғасады. Бидің ығын қалайша табамыз деп, Бір-бірімен жыланша арбасады.

Ұйқылы-ояу би отыр данасынып, Қақ төріне қауымның дара шығып. ...Би билігін күтуде Райымбек, Алып ұшып, жүрегі аласұрып. Би дауысын бір сəтте кенеді де, (Жұрт назарын аударсын дегені ме?!) Қарт жырауға қаһарын атты келіп: «ЬІлаң, дүбір саласың неге еліме?! Атыспай да шабыспай тірлік құрып, Тыныш жатқан жұртымды дүрліктіріп, Арандатпай, жайыңа жүрсең еді, Иман сұрай Алладан, құлдық қылып. Тіршілікке тірек қып дін-арманын, Жақсылығын күтуші ек бір Алланың. Кедей менен кепшікті айдап салып, Келдің-дағы сен, бейбақ, ылаңдадың! Бас білмейтін байғұсты еліктіріп, Қолтығына су бүркіп, желіктіріп... Амал қанша, ұялам сақалыңнан, Таспа алар ем жоныңнан керіп тұрып! Бет алыпсың, халайық, бұрылмасқа, Қалауыңды қақым жоқ ұғынбасқа. Бір шартым бар «батырға» қоя-тұғын, Жамыраспа, беталды шуылдаспа. Басын тартпас, «батыр» ғой несі кетсін, Басын тартса, сөз басқа, есі кетсін. Toп ішінен таңдаған атын мініп, Мына жатқан Ілені кесіп өтсін! Кесіп өтсін, қайтадан оралсын да, Дуылдасқан дау-шарды доғарсын да, Ақ күн тусын алдынан, тарта берсін, Таңдап-таңдап елінен қол алсын да.

Шартым – осы! Осыған шыдайсың ба? Шыдамасаң тынасың, құлайсың да. Болсаң сосын боларсың, қол бастарсың. Алдыменен бағыңды сынайсың да. Шыдайсың ба? Бағыңды сынайсың ба?.. Оны да біл, құның жоқ суға кетсең, Күнəлі едің, жаныңды құрбан етсең! Қайда жүрсең аманат бір Құдайға, Аман-есен осынау сыннан өтсең. – Болса болсын, тəуекел, шыдап бағам, Болашағым белгісіз сұрақ маған. Өлсем өлдім, өзіме өз обалым, Ахиреттен орнымды бір-ақ табам. Қайда барсаң, бəрібір, кірерің көр, Қабылдайды қойнына түнеріп жер. Қапталына түсіріп күреңімнің, Қамыс артып, жігіттер, жіберіңдер? Жарлы менен жақыбай намысты ойлап, Артып берді екі тең қамыс байлап. Тілсіз жауға тірексіз тура тартса, Жылым жұтып, жігіттің бағы ұшпай ма? Райымбек мінді де күреңіне, Келді өзенге, жетпек боп тілегіне, Шым-шым қайнап, ширыға шұбатылған, Тылсым дүлей алдында – Іле міне. Оңтайлау жер осы-ау деп өтпек еді, Осқырынып күреңі беттемеді. Жағада жұрт, жаны ашып, жамырасып, – Қайтсаңшы, өлесің ғой текке, – деді. Тұрғанда ашу, намыс, сезім арбап, Тоқтасын ба, қауымның сөзін аңдап,

Қамшы басып күреңге суға атылды, Өз есімін айқайлап, өзі ұрандап. Кəрі мен жас ұстасып жағаларын, Жамырайды, білмейді не боларын. – Кеш, аруақ, – деп, – тентекті, – жалынады. Жаудырады иманын, тобаларын. Артқан қамыс тірліктің белгісі боп, Демеу жасап, жылымға бергісі жоң. Ақ айдыннан екі бас көрінеді, Адамның да, аттың да өлгісі жоқ. Күрең жүзіп барады өлгісі жоқ. Жұрт назары – осынау ақ айдында, Екі басқа еміне қарайды да, Аруақтарды көрінен шақырады, Талай аят оқылып, талай дұға. Күрең менен жігіттің бағын ойлап, Жалынады жағалау «а, Құдайлап». Екі басты қақпақыл қағып алып, Əлдеқайда барады ағын айдап. Ағынменен күрең ат жалдап кетті. – Кетті! – Өлді! – жағалау зарлап кетті. Бір кісінеп жануар жіберді де, Ағын айдап, есен-сау ар жаққа өтті. – Дауасы жоқ жан екен, оты жанған, Ілесіңдер осыған оты барлар! Су жол берген батырға мен жол бермей, Қамауда ұстап қыранды отыра алман. Барыңдар, əкеліңдер салға салып, Сынайын сырттанынды жауға салып. Қияннан құйылып кеп, қиратсын бір, Қатарын бөрілердің қанжоса ғып.

Дауасы жоқ жан екен жаратылған, Тұлпар екен тұғырдан дара туған. Қамауда ұстап қыранды отыра алман, Ұшсын, кетсін жай атып қанатынан. Хангелдінің сауытын кигізіңдер, Қыннан алып, қылышын сүйгізіңдер. Сырымбеттің туының алдына əкеп, Тəубе еткізіп, басын да игізіңдер. Шауламаған шабыты бала қыран, Балалықпен қапыда қалары бар. Баптап өзің, батырды қалауыңа ал, Бас болғайсың балаға, дана-жырау. Қашаннан би кесімі бір кесулі, Көнсең де, көнбесең де үйлесімді. Білгеніңнен жаңылтып бидің десі, Білдіретін кезі ғой білмесіңді. Би кесті. Қара халық қабылдады, Кару алып, қол жимақ қабырғалы. Жорыққа əзірленіп жатты қауым, Қасынан Райымбек табылғалы. Ақтабан шұбырынды. Ақтабан шұбырынды... Қадарсың қайда барып тұғырыңды?! Қазақ жері – алып бір қара қазан, Қазанда қайран жұртым қуырылды. Ақтабан шұбырынды. Қарғаған кім болды екен ғұмырынды? Жортпай тұрып, үйрендің жығылуды, Шаппай тұрып, үйрендің тығылуды. Ақтабан шұбырынды, Ақ туың жығылулы.

Олақ қатын тоқыған алашадай, Өрмегіңнің арқауы суырылды. Жəннатыңды жамсатып жау орнады, Жатқаны анау өртеніп қара орманың. Туырлығы туралып, тоқым болып, Қаңқасы тұр қалқиып қара Орданың. Ақтық байлап, табынып тал-қайыңға, Өтті күнің, cop қатып маңдайыңда. Кетті қымыз жауыңның тандайында, Кетті қызың жауыңның борбайында. Ақыныңа, серіңе, батырыңа, Туысыңа қимаған, жақыныңа, Тұяғымен ор қазған тұлпарларың, Тулап кетті жауыңның тақымында. Нəлет айтып, Кеш кірген ақылыңа, Ана сүтің аузыңа татыды ма?! Ертіс, Есіл, Жайық, Жем, Сағызға бар, Бəрібір, пана болмас ауызға алар. Бəрібір, моңғол шапсын, жоңғар шапсын, Əйтеуір, қазақ алдымен бауыздалар. Тобыл, Шу, Сыр мен Іле, Нұраға бар, Арнасында наласы жылап ағар. Қандай жаудың болса да қарауылы – Қазақ байғұс. Қалқайып тұра қалар. Өзіңнің тұрмағасын уысыңда, Өз жерің өзіңе жат, құрысын да!.. Жер шегімен шекараң шектелсе ғой. Жатса ғой алып мұхит шығысыңда. ...Жалғанның жартысындай мынау өлкең Кім білсін, сорың ба, əлде ырысың ба?! Пайдаланып былығың-шылығыңды, Жауың кен, шырылдатты шыбыныңды.

Жау да, өзің де ластап тұнығыңды, Жаяу ұстап қолыңа құрығыңды, Қайда босып барасың, қайда, қайда? Ақтабан шұбырынды! Ақтабан шұбырынды!!! Ақтабан шұбырынды!!! ...Боса берген. Артына қарамаған. Өзіне жат өз жерін аралаған, Тау қуысы, өзенді сағалаған. Бірі барып құл болып Хиуаға, Екіншісі орысты паналаған. АҚҚУЛАР ҰЙЫҚТАҒАНДА І Өзен де жоқ сыймаған арнасына, Жылға да жоқ даламен жалғасуға. Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай, Қалай біткен мына көл тау басына?! Мөлдірейді, қарайды қарға, шыңға, Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірə. Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман? Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам? Қанша шырша өсті екен, құлады екен, «Жетім көлге» қараудан шаршамаған? «Жетім көлден» су ішкен қанша марал, Қанша киік қалды екен сай-салада? Қанатынан үзіліп əн-самалы, Қаншама аққу кетті екен – аңсаған əн? Ортаймаған «Жетім көл» толмаған да, Болған өмір ұқсайды болмағанға.

Сызат та жоқ бетінде, сызық та жоқ, Айдынына аққуы қонбаған ба?! Қызғыштары қиқулап, қорғағанда, Сорлағанға ұқсайды, сорлағанға, Шүрегейлер айдынын қорлағанда, Көкқұтандар қанатын қомдағанда... Беу, дүние-ай, аққулар оралғанда, Айдын көлдің иесі жол алғанда. Жетісіп бір «Жетім көл» қалушы еді-ау, Тынушы еді-ау, теңселген қара орман да. Таянғанда аққулар қонар маңға, Басушы еді-ау, байызын бар арман да! Қанатынан аққудың балапандап, Əн ұшатын сымпылдап таң атарда. Сүйінші бер дегендей бір толықсып, Сыбырлайтын «Жетім көл» Алатауға. Тына қалып бұлбұл да жаға-талда, Қарай-тұғын айдынға, ақ отауға. Таң мен күннің арасы таянғанда, Таудың басы алаумен боялғанда, Тірілетін таудағы бар тіршілік, Қанатынан аққудың оянған ба?! Көмейінде тəтті үні былай қалып, Жаға-талда жас бұлбұл тұр ойланып. Жетті аққулар. Түгендеп «Жетім көлін», Жағалауда ұшып жүр шыр айналып, (Бірден көлге қонбайды құлай барып.) Сондай-тұғын, аққулар сондай-тұғын, Асығыстық оларда болмай-тұғын. Қомағай көкқұтандар секілденіп, Жалп беріп, жағаға кеп қонбай-тұғын. Сондай-тұғын, аққулар сондай-тұғын, Ақ мүсін айдынға кеп орнай-тұғын.

Əлдилеп ақ төсінде, бермей тыным, Ақ айдын ақ мүсінін тербей-тұғын. Бұл көлге мылтық алған саятшы емес, Тірі жан аяқ басып келмей-тұғын. Аққулар аман-есен қайтқанынша, Суына «Жетім көлдің» шөлдей-тұғын. (Суымен сырқаттарын емдей-тұғын.) Ұрпақтан ұрпақ алып жалықпастан, Сондай бір дəстүр бар-ды қалыптасқан. Заманнан заман өткен, жаңарған жұрт, Аққуын айдын көлдің налытпастан Дəстүрін аттамаған, анық басқан. Сондай бір дəстүр бар-ды жарық шашқан, Бір ұрпақ бір ұрпаққа алып қашқан. Қайсыбір қиын-қыстау ай, күндерде, Шойрылтып, түссе-дағы қайғым белге, Алаңсыз аққуымды атпасын деп, Жатқа да дастарқанды жайдым төрге, Аққулар ұйықтағанда айдын көлде... ...Оралмады аққулар осы маңға, Жылдар өтті, байғұстар шошыған ба? «Жетім көл» жетімсіреп қала берді. Арман-ай, аққуымен қосылар ма?! II Бала жатыр төсекте, албыраған, Əке жатыр еденде, қалжыраған. Түн күзетіп ана отыр, қос жанары Шарасыздан шаршаған, жаудыраған. Түні мынау – тамыздың маужыраған, Тауың анау – шымылдық салбыраған. Биік барып жаралған жер бетінен, Сол байырғы «Жетім көл» келбетімен.

Айдынында аққулар ұйықтап жатыр, Сайдан соққан самалмен тербетілген. Жер бетінде тыныштық, көл бетінде, Қауышыпты қара орман, көл де, түн де. Бала жатыр төсекте күйіп-жанып, Баласының ана отыр күйін бағып. Қайдағы бір қатыгез, сұрқай ойлар, Миын қарып барады, миын қарып. «Сарқытындай өлімнің қалған қарға, Екеу болса, дүние-ай, арман бар ма!..» Аракідік назарын аударады, Төрт бүктеліп еденде қалған жарға. Қауіптеніп түндерге, таңдарға да, Үн шығармай іш құса, зарлауда ана. «Мана, күндіз, тəуіп шал не деп кетті?! Əлде өтірік, əлде шын демеп кетті... – Аққуменен баланы аластаңдар, Деді-дағы жайымен жөнеп кетті...» – Тұрсаңшы, таяу қалды таң атуға, Неткен жансың санасыз жаратылған?! Манағы тəуіп шалдың айтқан сөзі, Ұмытылып кетті ме санатыңнан? ...Айналайын аққудың қанатынан, Қайтеміз, ол да адамға бола туған. «Жетім көлге» барып қайт таң жамылып, Таң атқанша қалайда тауға ілік. Біреулердің көзіне түсіп қалып, Дүрліктірме жұртыңды, салма бүлік! Кім білсін, мүмкін, бəрі жалған үміт... – Апыр-ай, қалай барам, қалай барам?! Атармын аққу құсты қалай ғана?! Айдынның аққулары ұйықтағанда, Өрген мал, өскен шырша абайлаған, Барлығы қасиетке қарайлаған

Оқ атам қасиетке қалай ғана?.. Бармаймын, бара алмаймын, қалай барам?! Адуынды жан екен алған жары: – Жалғыз ұлдан артық па, жалған бəрі’! Балам өлсе, бақыттың керегі не?! Топан су басып кетсін қалғандарын. Перзент сұрап несіне армандадың?! Құрысын онсыз сенің жанған бағың! Мылтықты əкел! Атты ертте! Жалған бəрі! ...Оятып дүниені дел-сал қылып, Тамыздың таңы да атты тамсандырып, Сай-сайдан бошалаған бозала таң, Таудағы тіршілікке əн салдырып, Еміндіріп, еріксіз қарсы алдырып, Бұлбұлға дүниеге жар салдырып, Тамыздың таңы да атты тамсандырып. Қасқа таң. Бұлбүл үні. Көл бетінде, Аққулар ұйықтап жатыр тербетіле. Бас бағып жағада отыр жалғыз ана, Таңданып тəкаппар құс келбетіне. Тығып ап тұмсықтарын мамығына, Айдын – төсек, аспанды жамылуда. Арша, шырша, жартастар жағадағы, Сұғынып, бəрі көлге табынуда. Аласұрып, қан ойнап тамырында, Ана-жүрек тыпыршып, қабынуда, He қыларын біле алмай, жабығуда. Асқар белден күн нұры шашырады, Шашырап, ол да көлге бас ұрады.

Құс аппақ, айдын аппақ, нұр да аппақ, Аппақ нұр – аппақ нұрға қосылады. Көл – көкке , көк – көлге кеп асылады, Ұйқы аққулардың ашылады. Сұлулыққа сұқтанып, қашып əлі. Ана-жүрек солқ етіп, басылады. Қызғанып, қызғыш байғұс шыр айналды, Абыржып ана-көңіл мың ойланды. Ғазиздің көзінде емес, көңілінде, Айдын көл астан-кестен лайланды. Дəстүр, ырым, жайымен Құдай қалды, Жалғыз ұлдан басқасы былай қалды. Айдынның аққуының орынынан Көргендей, көзі тұнып, құмайларды. ...Аққулар... Аққу мойын, сүмбе қанат, Алаңсыз тарануда күнге қарап. Айдынның еркелері, білмей тұрмын, Етермін тағдырыңды кімге аманат?! Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу! Бір мамығы майысса ауырсынып, Тарақ етіп тұмсығын, тарайды кеп, Тарайды кеп, тарайды қауырсынын, Құм тұрса да бір түйір ауырсынып, Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу! Ақ қанатын сабалап, асыр салып, Бірде суға сүңгиді басын малып. ...Ойнасыншы, ойнасын ерке құстар, Тыныштығын олардың қашырмалық. Мерген отыр жағада. Ей, ақша бұлт, Жаулығыңмен оларды жасыр барып. Бас бағады шыршаның қалқасынан, Қаруынан қолында қан сасыған.

...Ал, аққулар, Аққулар тарануда, Сусып түсіп, су моншақ арқасынан. Қарайды ана шыршаның қалқасынан. «Сірə, сорлы жоқ шығар менен өткен, Құлынымның қасынан неге кеткем?! Ошақ қасы, от басы, көрмеппін ғой, Дүние-ау, сен осындай керемет пе ең?!» Ана отыр. Озбыр ойлар қамалауда, Қамалауда, əлдекім табалауда. ...Аққулар ақ айдынды қалдырды да, Тартты кеп, ана отырған жағалауға. Шошымай шолжаң өскен батырларың, Ана отырған шыршаға жақындады. Көзі тұнған бейбағың, топ аққуға, Білмей қалды мылтықтың атылғанын. Көздің алды көк түтін, ақыл жарым Білмей отыр жаңағы тыныштықтың, Сүт ұйыған тегешін сапырғанын!.. Ию-қию көл маңы, астан-кестен, Жер айналып, тау құлап, аспан көшкен. Жаңғырығып, жар салып, жартастар тұр, «Жетім көлдің» қайғысын бастан кешкен, Көріп-біліп, таныпты тастар да естен. Алып аспан астына сыя алмай бір, Айдын көлін аққулар қия алмай жүр. Мөлдіреген «Жетім көл» көкке қарап, Мөлтілдеген көз жасын тыя алмай тұр, Айдын көлін аққулар қия алмай жүр. Сан айналып, сұңқылдап ұшты-дағы, Сапар жолға мезгілсіз түсті-дағы, Бетін түзеп, батысқа бағыт алып, Қарғыс атқан мекеннен күсті бəрі.

Тау жаңғыртып, тамаша құстың əні, Қош айтысып көлменен, ұшты бəрі. Көл бетінде көлбеңдеп, жаралы аққу, Ұша алмайды, ұшпақ боп – күш қылады... Сыңар қанат сынық құс байлауда тұр, Тағы бірі айдында жайрап жатыр. Қан аралас қалқыған мамығымен, «Жетім көлдің» толқыны ойнап жатыр. ...Қасиетке оқ атып, жойған пақыр, Қалай алып кетерін біле алмастан, Сүле-сопа, жағада ойлауда құр. «Жетім көлден» сəн кетті мана тұнған, Аққу кетті, əн кетті қанатыңда. Асқар-асқар таулардан асып əрі, Шың-құздардың үн қалды қабатында. Аққу əні естілмей қалатын ба? Алатаудан үзілтіп, Қаратауға, Жаңғырығып жартастар таратуда... III «Жетім көлдің» басында жылқы жатқан, Дөңге шығып, қарт тұрған жылқы баққан «...Апыр-ай, бұл кім болды, таңсəріде, Көргенсіз, көл басында мылтық атқан?! Құстардың зəре-құтын шырқыратқан, Неғылған қаныпезер құлқы қатқан?! Мылтықты атарлықтай көлге келіп, Апыр-ай, жоқ еді ғой елде желік...» Мылтық даусы, құстардың шулағаны – Шыдамын алды қарттың бермеді ерік. «Бұл маңның адамы емес, сірə-дағы, Білейін, табайын да бір амалын. Қаруы бар кəззапқа құрықпенен Ұмтылса, қалай қайрат қыла аламын?!

Жөн болар алыс тұрып сұрағаным...» ...Аққу үркіп, батысқа бет түзеген, Қамшы басты атына, шыдамады. Алыс тұрып, ақырды қыр басынан: «Берекесін бұл жердің кім қашырған?..» Өңім бе, түсім бе деп таңданады, Көз алмай орамалды ұрғашыдан, Көз алмай сүле-сопа тұлғасынан: – Ей! Кімсің? Тірісің бе? Жаның бар ма? Аққуды неге атасың, арың бар ма?! Тастағын қаруыңды, келгін бері, Келгін бері, кеудеңде жаның барда! ...Байғұс əйел үн-түнсіз жылап тұрды, Қарттың үні мең-зең ғып құлаққа ұрды. Қолындағы мылтығын құлаштап кеп, Бөгелмей, «Жетім көлге» лақтырды. Қартқа қарай ақырын аяңдады, Қарусызға қарт келді, аянбады. ...Көзінен жас, көңілінен зар төгіліп, Болған жайтты келіні баяндады. – Əй, балам!.. Болмады ғой, болмады ғой... Қасиет кетті көлден, сорлады ғой. Тəуіптің айтқанының бəрі өтірік, Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой!.. Мін атқа. қайт ауылға тағат қыл да, ...Білмеймін, cop аттың ба, бақ аттың ба?! Аққуға кезенерде, ырым жасап, Тым құрса саусағыңды қанаттың ба?

– Əлек боп, арпалысып сор-қайғымен, Жоқ ата, жасамадым ондайды мен... Жасымнан естігенім бар-тын еді, Əйтеуір аққу атқан оңбайды деп... – Солай, солай... Аманат бір Құдайға... Қай-қайдағы түседі құрғыр ойға... ...Ат басын шұғыл бұрып, тайып тұрды, Қарт тастап нелер сұмдық сырды бойға. Бəрі ұмыт: бақытың да, байлығың да, Күлкі шаттық, күйзелткен қайғы, мұң да. «Жетім көл» жетімсіреп қалып қойды, Бір өлі, бір тірі аққу айдынында... Бар өмірден көңілі шайлығуда, Байғұс ана еркінен айырылуда. Əлденеден сұм жүрек сескенеді, Арагідік əлдене ес береді. Табиғаттың, таудың да, аққудың да, Байғұсқа болмай қалды еш керегі. Келеді ана, сезбейді ештеңені. Бай ұмыт, əлсіз жатқан бала да ұмыт, Қайтқан құстай алыстап барады үміт. Көліменен қоштасқан аққу үні, Құлағына келеді аракідік. Өмір емес өмірі, қораштанған, Байғұс ана тірліктен қалас қалған. Келеді ана, қарабет қарақшыдай, Ел мен жерден біржола аласталған Аппақ нұрды көре алмай ақ аспаннан, Түн-түнекте бейне бір адасқан жан. ...Абыр-сабыр, үй маңы дүрбелең-ді, Алғаш ана абыржып, білмеген-ді.

Ат үстінен түсе алмай қатып қалды Мелшиіп, білмей тіл мен үн дегенді Білмейді, қайда келді, кімге келді. Өң бе, түс пе, əйтеуір таласуда, Өлі менен тірінің арасында. Отырғандай «Жетім көл» жағасында, Аққу жатыр көзінің шарасында. Аунап түсіп атынан, үйіне енді, Есіне алып ерін де, баласын да. Өліп жатқан ұлына қарасын да, Қалсын ана «Жетім көл» жағасында, Өлі менен тірінің арасында. ...Аппақ нұрмен шомылтып айналаны, Ақ сəулемен айдынның ойнағаны, Көз алдында... Құлақтан кетер емес, Таңда бұлбүл тамылжып сайрағаны, Көз алдында – аққудың жайрағаны. Сыңар қанат, сынық құс – жаралы аққу Өлі аққудан кете алмай айналады. Ақ төсек – аппақ айдын, аққу – бала, Жаралы аққу секілді жаттың ба, ана?.. «...Мына жатқан «Жетім көл», мына аққуды, Өз қолыммен өлтірдім, аттым жаңа... Жоқ! Мен емес... Мен атпадым... Кеше гөр, кешіре гөр, Жаратқаным?!» Ғазиз ана, ербеңдеп екі қолы, Жиылған жұртқа қарап алақтады. Күледі, бірде жылап, зарланады, Көкке қарап, бекерге қарманады. Бірде үнсіз, мелшиіп тың тыңдайды, Құлағында аққудың арман-əні.

Алдымен жұрт үн-түнсіз таңданады, Қыбыр-сыбыр артынан жалғанады... Бірде ана көкке жайып алақанын: «Қазір, ботам... Мінеки, таң атады... Қазір, ботам, аққумен ұшықтаймын... Жазыласың құлыным...балапаным! Қасиет!.. О, қасірет! Осындай ма ең?! Сорымның қалыңдығы шашымдай ма ең!.. Қасиет!.. Қасиеттер ұшып кетті, Қасірет!..Қасымдағы досымдай ма ең!.. Қасиет... Қасірет... Қасірет... қасиет...» Эпилог ...Сол кеткеннен мол кеттім, оралмадым, Жерді аңсаймын... Жалғыз-ақ сол – арманым. Қиын екен, қимасың екі бірдей, Көз алдыңда ғайып боп жоғалғаны... Көрдің бе бір-біріне дөп келуін, Бір қырсық бір қырсықпен шектелуін? Балам-ай, мынау өмір-дарияның, Білмейсің қайда екенін өткелінің. Аққулар... Аңыз көп қой олар жайлы, Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды... Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар, Шошыса, екінші рет оралмайды. Орнында екен «Жетім көл», жоғалмапгы Ортаймапты, немесе тола алмапты. Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз, Қасиетті аққулар оралмапты.

ТҐЛЕУЖАН ИСМАИЛОВ (1932–1972) ЕСІЛ Бұлт демеңіз күркіреген қыста сіз, Аспан-көк дүбірлеп тұр бірақ. Бұл – біздің болат құсымыз, Бұлтқа маңдайын келеді ұрғылап. Аспанның көгілдір құшағы Маған тұрақ болмаған. Сағындырған аруға ұсады, Қиырдан қол бұлғап жер маған. Жарымның көзі деп жұлдызды, Мен емес аспанға қараған. Сүйіктімнің қара торы жүзін тым ізгі Бозарған айға баламан. Аспанға үйір боп Тайыр да, «Айдың мүйізі» сүзіп қап – құлаған. Ақыры жерден тауып ол даңқпен қайырды, Өлеңнен құрыш құраған. Неғылам сүңгіп көгілдір əлемге, «Жеті қарақшысын» мақтаман. Одан да түсіп төменге, Мезозой қабатын ақтарам. Бұл демеңіз күркіреген қыста сіз, Аспан-көк дүбірлеп тұр бірақ. Бұл – біздің болат құсымыз, Бұлтқа маңдайын келеді ұрғылап. Сөгіліп бұлттардың арасы, Көрінді жер – ұлы мекенім. Есілдің алқасы, (1932 1972)

Қызылжар даласы, Саған тағзым етемін! * Уа, жер! Тиді табаным Сенің піл сауырлы арқаңа. От, от...оттары қаланың Алтын алқаға ұқсайды, Кімнің мойнына тағамын? Таңғалам солтүстік қысына, Бораны бір жылап, бір күліп, Ұқсайды долы қатынға Салатын еріне бір күнде мың бүлік. Тас, Есіл! Күтірлет мұз-қарды! Құшамын толқынды ызғарлы. Тасы, Есіл! Сал сүрен! Несіне бəлсінем, Келгенім – Бұл тұңғыш. Татар мен қазақтың қыздары, Əн-жырмен ал қарсы, кел мені, Лебіне шөлдедім, Жүрегім дүрсілдеп бұлқынғыш. Келгенім – Бұл тұңғыш! Қаланың бейтаныс сұлуы, Жөн бе үнсіз тұруың? Аяулы, аяулы Аруым, Қайда – айт ауылың? О, сенен... озды ғой бораным, Қастерлеп қонағын, Бетімнен өбеді, Ақылды тентегім – бораным,

Жол нұсқап келеді. Мен өзім – Семейдің ұланы. Қысы оның – үскірік. Бұл жердің бораны Соны əлде ұғады, Мені қорғаған секілді болады. Уа, Есіл, тасып ақ! Мұз көрпе бүркеніп, Жатпа сен – ырғы, атыл тасырлап! Толқындар, құшақ аш бұрқанып! Кетейік жарысып, асыр сап! Ұланы Ертістің келгенде жағаңа, Киіп ап мұз көйлек сұр түсті, Ұйқыға шомғаның жаға ма?! Қабыл ал, Есіл, сен Ертістің сəлемін, Қалың ну орманның шуылын. Естайша шырқап əн саламын, Қос соған сыңғырын суыңның! * Келемін бойлап мен көшеңді, Атақты қаласы Арқаның. Борандай ой ұйтқып көшеді – Тарихың туралы кешегі Шұбатып арқанын. Сол шақта Есілдің алқасын, даласын Билеген азулы, тырнақты тағылық. Ақтар жер қабатын – осыма нанасың, Мамонттың сүйегі табылып. Ол кезде басталмай сапары, Толқынын атпаған Есіл тік. Кəрі сахраның сияқты сақалы, Болған тек субтропикалық өсімдік.

Тыпыршып күтсең де сен қанша, Уақыт түйелі керуенін қумайды. Балқыған жер қатайып болғанша, Хауана бəрібір тумайды. Қырсау көк өгіз – замана кешегі, Құйымшағын қанатқан мезгілдің бишігі. Уақыттың өрінде митіңдеп көшеді, Артқаны – бақыттың үйшігі. Шаңырақтан көк түтін бұлтқа асты, Бұл маңды сан ру қоныстап. Аптап күн қақтады қу басты, Жоңғарлар дамылсыз соғыс сап. Бесікті арта сап түйеге, Бабамыз қырларда жөңкілді. Тарихқа тек қағаз ие ме, Соқпағын сақтаған жер күллі. Толқындар жол тартып асыға, Есілдің тік жарын сабалап өтеді. Жылдардай ұласқан ғасырға, Тоқтамай теңізге кетеді. Заман да осылай ағады, Келешек күндерге тіреліп арнасы. Капитал күймеге қоңырау тағады, Шиқылдап жылжиды феодализм арбасы. Бəрін жер келеді өткеріп, Сіңірдің, о, Адам, қаныңды, теріңді. Мұжықтың егінін жалмады өрт келіп, Дүбірлеп өткенде əскері Темірдің. Басылып бұл күнде жорықтың шаңдары, Жердің тек қабатын құрады. 200 жыл өтті міне оған (Екі-ақ күні сияқты жерге бұл):

Орнады айбарлы тас қорған Есілдің жарына – өрге бір. Сол қорған созылып арқандай, Тау, көлді қоршады – өр сұсты. Дүркіреп киіктер Арқада, Шапқан ат дүбірінен шошысты... ...Ақтарсам топырақ қабатын, Ноянның сұр болат қылышын. Табамын, Қайралған суарылып қаны үшін Менің көшпелі бабамның! Иесі осы өткір қылыштың Жатаған атынан жеріме Тік құлап түспесе оғынан орыстың, Бəлкім мен келмес те ем өмірге... Топталып, күркіреп жыл ақты, Есілдің толқыны сияқты. Капитал алды да феодалды сақалдан, Жас жігіт қарт шалды құлатты. Мертікті сорлы шал, бүкеңдеп, Сырқырап сегізкөз шонданай. Сұм жігіт сыйламай үлкен деп, Өкпеге теуіп тұр сонда да. Ол жəне тонады кəріні, Ақтарып қалтасын, ышқырын. Қиырда қазақтың даласы көрінді, Капитал жол тартты əндетіп, ысқырып. Капитал кездесіп көшпелі қазаққа, – Мал сат, – деп ақшасын ұсынды.

– Қой, жаным, мұның не, мазақ па, Қағазды қайтемін бұл сынды... Жігітім, аялда, жоқ əлі... Көзім түсіп тұр көкшіл бөркіңе. Бер соны бір қойға, тоқалым Киім барсын төркінге... Сонымен... қызды осы алапта, Сауданың көрігі, Хивалық, цейлондық манаптар. Жол салды ту қырға көлігі... * Феодализм – түйе ғой, «шөк» десең – «бық» деген, Құмменен жылжыса – оған жоқ тіреліс. Капитализм жете алмай қалам деп жүкпенен, Далаға төседі рельс. Буржуа – кербез де, сылқым да, Феодализм жарғағын кимеді. Заводтың түтінін ұшырып бұлтыңа, Теріні жақсылап иледі... Ереуіл, ереуіл, ереуіл... Заводтың мұржасы сорайып тұрады, Ұшпайды көк түтін неге бұл? Ереуіл,

ереуіл,

ереуіл... * Қым-қиғаш, сан тарау соқпақтың, Үлкен жол – түйісер аяғы, Толқынды толқын кеп соқпақ та, Өзендер теңізге саяды. Заманның шартарап ағымы – Бірде өр, бірде еңіс соқпағы –

Маркстік формула күшіне бағынды. Келешек торабы – олардың тоқтамы. Келешек деген ол немесе? Қыз ба екен түйреуіш қадаған? Жігіт пе əлде ол сом дене, Бикештер сүйсініп қараған?.. * Даласы Есілдің көлбеген, Дұшпанға көнбеген, Батырлар ақ алмас қылышын сермеген, Намысты бермеген, Қазақтың Асан данасы Мұңлы үнімен тербеген – Есілдің даласы көлбеген!!! Есілдің кең жалпақ жаясы, Түгінен май тамған шөбіңді Құшырмен асаған Асан атамның Желмаясы. Есілдің толқынын, Сұлудың көзіндей көліңді. Асанқайғы: əкетем, – деп еді, Торсығына симайтын көрінді. Дариға! Адамның көзі бұл Тойымсыз, – деген ғой қазағым кемеңгер. Бір уыс топырақ құйылса – өзі бір, Жұмылмай қалады, – демеңдер. Қалайша менің оймақтай жанарым, Шарасына сиғызды Есілдің құдиған, қып-қызыл жарларын? Көне бір батырдай көтерген аспанға,

айбарлы жарағын – Көзімде – зəулім мұнара, еңселі үйлері қаланың.

Есіл көл, Есіл көл, Есіл көл!.. – Деп жас төгіп қайғылы есіл ер – Асан бабамыз сонда осы бұлқынған Есілдің, Кім білсін, өзі ойлап қойды ма есімін?! Мен Асан атама ұқсаман, Қой, егіліп жыламан! Толқынның шашынан ұстаман, Торсықты сайламан, Құйып алмаймын мен сені, Өр Есіл, өзіңнің жарыңда қал аман! Жарыңды сабалап аға бер, Келешек қақпасын дамылсыз қаға бер! Тартыла көрмесін толқының ешқашан! Татар мен қазақтың қыздары Шомылсын, Жуынсын ақ тəнін, Түсіндей мақтаның! Есілдің үніне күлкілі Қорқыт қобызын қосыпты бір күні. Толқынға кілемін жайыпты. Жарына көз жасын төгіпті. Бұл күнде қызыл жалаулы баржа мен қайықты, Толқындар сүйсініп өбіпті... * Атығай, Қарауыл мекені, – Құлагер өткен жер – дүбірлеп олжа сап. «Сайқал дүние кімді еркелетеді», – Ақанды сабапты мол жасақ! Ерлер мен серілер отаны: Жүйріктер тұяғы боратқан қап қара, шудалы шаңдарды. Аяп сол қайғылы Ақанды, Сұрасаң – егілген шалдары.

Біржан сал əн-жыры қанатын Аққу боп қағатын; Адамша қуаттап, көтеріп, жаңғырып қосылған сар жайлау, тау іші; Ақ тəнін сабаздың жұтса да қара жер қабаты, Сол елдің аспанын шарықтап, кезіп жүр дауысы! Көкірегінде сақтап қалды ма өр Есіл Сиқырлы дауысын Естай данамның? Кешқұрым сыршыл су күміс үн төккенде сыңғырап, есіліп, Бабамның əні деп қаламын. Ерлер мен серілер отаны – бұл жерде туыпты, «Кəдімгі Сəбит Мұқанов», – аспаннан салбырап түспеген, –

«ет пенен сүйектен жаралған». Есілдің толқыны сол қарттың жастығын қуыпты, Жоғалған өлеңін табам деп қай аралдан.... * Есілдің даласы көлбеген: Топталған киіктер шегіне жетпеген, Сан тұлпар шалдығып, терлеген, Татпаса майсасын көктеген. Қыранның қанаты секілді теп-тегіс, Есілдің даласы көлбеген. Кеткенде өктем қыс, Жеткенде көктем-қыз, Сағынып шəрбəтін,

аққулар сұңқылдап, шөлдеген. Өр Есіл, зор Есіл, жан Есіл, өзенім, Сағынармын мен де өзіңнің зəм-зəм суыңды;

алыста мен сенен ойласам – өртенер өзегім – Татардың қызымен шарлаған нуыңды.

Сол ару кезіп ну жағаңды, мұңайып мен жоқта қарақат көзіне жас алса, мен болып аймала, жалынам, Есілдің самалы, Тағзым ет иіліп, жас қайың, жас арша. Аруым, оралам мен саған, дөңдер мен сайларға мұңайып қарама; жыл құсы сықылды Есілдің айдынын аңсаған, оралам, аруым, мен саған, əзірше нуларды жалғыз-ақ арала, гүлдер мен шыршаға мұңайып қарама... Өр Есіл! Шілдеде мен сенің жағаңнан жырақтап, балалық шағымда жүзбедім төсіңде. Тереңнен күмбірлеп естілген сырлы үнің, бірақ-та, мен туған Ертісті түсірді есіме. Сезгендей толқының жалынын кеудемнің, еміреніп, аймалап қарсы алдың, Есілім. Айбынды Ертістің ерке ару сіңлісі сен едің, Арқада ағатын жарысып, көсіліп. Мен сені емеспін жырлаған, ғафу ет, қария Ертісім. Балапан шағымда қатпаған бұғана, Мейірлі қойныңнан ұшырдың алысқа ерте сен. Өзің айт, айт кəне, Ертісім-анашым, жол түсіп барсам мен жағаңа, қорқамын анасы ержетіп сағынып келген бұл баласын деп əлде танымай қала ма. Қоп-қою шаштарым сұйылып, Үлкен, ақ маңдайға түсті əжім. Сақтай да алмадым сен берген жастықтың көркін мен, Кешір сен, Ертісім – жан анам – ұстазым. Сағындым мен сені, балалық пак шағым,

толқынмен ақтың ба сабалап Ертістің арнасын; сықылды таңдағы көк сағым, жас дəурен, қайда ұзап барасың?! Ұялып пəк жүзім от болып жанатын, қыздарға арнаған бере алмай хатымды. Мен едім – көзіме жас толып танатын: «Бала ақын» – дегенде атымды. О, ғажап! – бал қылық тым жырақ қалды ма: мақтадым мен бүгін жырымды шала үйткен. Түспесем қайтушы ед əкенің алдына, несіне таластым Сəбитпен!!! * Достарым, кешірім өтінем, Əуелі, əрине, қыздардан. Өбіп менің албыртқан бетімнен, Қорғады бір ару аязды ызғардан! Жастықтың қоңыраулы күймесі Ерте ғой тоқтайтын күн əлі. Жұлынып бітті ме Жүректің гүлі əлі?! Шіркін, əлгі боздауық түйенің бойы ұзын, Бірақ та құйрығы қысқа ғой. Маңынан жүрмеймін аршын төс, сұп-сұңғақ жұғысқан кей қыздың – Шашы ұзын, ақылы қысқа ғой. Жасырып неғылам сырымды, Ұнатты десеңдер: бұл кімді? Тағдырым тап қылып ұялшақ, төменшек сұлуды, Кеудемді бұзбаққа жүрегім бұлқынды! Жар іздеп қыр бардым, құз бардым: Ол – сенсің, аруым, сенемін! Ерітіп кеудемнің мұз-қарын, Бер маған жылуын денеңнің! Кейде ақын – адам ғой ұшқалақ,

Кейде оны данышпан деуде де. Соны айтып – татардың аруы құшқан-ақ, Жұп-жұмсақ мақтадай кеудеде. Топырақ көзімнің шырағын өшірсе, Алып қал нұрларын, аруым, сауытым, беренім! Қазақтың қарақат көздері кешір сен, Татардың қызына гүл үзіп беремін... Апырау, мұным не? Мен қалай жырладым, Өзіме-өзім ұқсамай. Қой, өйткенше, заман паравозымен зырлайын, Жауыр Пегастың құйрығынан ұстамай!.. * Жұмыр жер – доп емес, – Дегенді айтамыз əр қашан. Сонда да жасы оның көп емес, Космос өмірін санасаң. Миллиард жыл деген немесе? Əлемге ол – сəбидің өмірі. Сонша жас жасар ма шабытты өлең де, Бір күнде-ақ өледі небірі. Уақыт шексіз ғой, достарым, Бір адам өмірі жетер ме. Шақырам, сондықтан, замана жастарын Уақыттан есені өтеуге! Соқ барабан, дабылды еңбектің қыздырып жыр əнін, Жас жігер теңелсін жасынға! Тастаймыз артқа біз «уақыт пырағын», Секундты айналдыр ғасырға! Есеңді жұтпасын космос түнегі, Өмірің тең болсын жұлдыздың жасына. ...Қанша мың ғасырлар жатса да құлазып, Бұл жердің жасын кім сұраған. Жаттың-ау, туған жер, келгенше өр ұрпағың, – Кінəлайын демеймін атаны, – Қаңсыдың, түтедің, шаңдатып бұрқадың,

Кəрі ғасырдың сүртер ме сақалы?! Обалар тұр əлде баба рухын күзетіп, Кімдерге топырақ төседің, жер-ана. Түгіңді шалып жеп кеткендей тез өтіп. Ботасыз аруана секілді замана, Кəрі жер, көне жер түк үнсіз Жатыр, ол – көп істің кепілі. Ойланып басамыз топырағын бүгін біз, Абайлап сипаймыз ақ қайың кекілін. Көк жайқын өзенім – өр Есіл, өміріңді ұрлады-ау Қарақшы керуені жылдардың. Сырнайлы толқының қандай жыр жырлады, Талдарың кімге айтты сырларын? Жоқ, жаңа ұрпақ осыған көнер ме, Дабыл қақ, толқындар, сілкінші, Есілім! Жаңартып өміріңді көнерген, Күн бұрын ашты олар келешек есігін! Уа Жер! Туған Жер! Қасиетіңді тап біздей кім ұқты? Бесіктей тербейсің шабыт пен ойды да. Бейне бір əжемдей ұқыпты Сақтапсың не асыл қойныңда. Құланның ізінен көремін ескіні, Бабамның жолындай «Ақтабан шұбырынды». Байқамай өтіпті-ау олардың ешкімі Тереңге тығылған сырыңды. Садақтың жебесі зуылдап ұшады да, Бірақ та... нөпірлі дұшпаннан ол қай бір қорғасын. Жатты ғой сонда жер құшағында, Күркіреп жауға ұшар қорғасын! Жерді бабамыз ұнатқан, Қарап тек шалғынға масаты: Шалдықса – су ішіп бұлақтар, Жүйрігі майсасын асады.

Ойлаған бабамыз болды ма Жер-ана өзгерер дегенді: Шешкендей батырақ қаудырлақ тонды да, Өзгеше киінді жер енді! Есілдің даласы майсалы Күнді де орманға батырған. Егіннің шалқыма қиялдай мұхиты ой салып, Жолаушы қиялын шақырған!.. Ракетамен барсақ біз бір кеште, Марс – мейманханамыз, Тартуға есілдік бикешке Айдың сырғасын аламыз. Əжеңнің үйі екен – Жер беті, Тартылды аспан көшесі! Жер құрсағының перзенті – Атом техникасы ер жетті, Ғылым – кіндік шешесі? Есілдің күмбезді көгі де – Жаңа бір дүние мекені: Аспан өкпесіне – «Орбита проспектісіне» Осы арамен өтеді «Ақыл самұрығы» – Жер серігі, Күн серігі... ...Ашулы толқындар айбынды Есілде. Тебісіп, сүзісіп, арқырап, тулаған. Сонда бір сырды алам есіме: Басталған бұл өзен бір кіші тұмадан! Елеусіз сол тұма шықты ытқып жартастан, Сағынышты ғашықтың жасындай мөлдіреп. Жол-жолдан бұлақтар арнада табысқан, жалғасқан, Күмбірлеп, сүйісіп, елжіреп, Ғажайып күшінен олардың біріккен Өр өзен – ұлы Есіл құралған. Тасқынды селебе құландай үріккен, – Қаймықпай тұрады кім алдан!

Жол салып ойлардан, еңістен, Сауырын тілгілеп даланың көсілген. Шу асау толқындар күркіреп, жар салған, тебіскен, Дегендей: «Есіл – мен! Есіл – мен!!!» Көз салам: Есілдің даласы көлбеген, Соқпақтар тоғысып соқпаққа, Далиып кетеді жол деген, Ол да – өзен, – жүргінші – толқынын тоқтатпа! Бұлақтар тоғысса арнада, Туады өр өзен тасқынды. Соқпақтар тоғысса далада. Жол түсер – қамшы бас атыңа, ас қырды!.. Кей жазық даланы, белдерді. Ораған қара жол, даңғыл жол. Шаншылып биік пен өрлерде, Құлдырап құдайды ылдида ол. Жол, жол, сырларың ғажайып, Бейне бір жердегі дастансың. Шалқыса зор өмір, құшағың кең жайып, Арнасын əуелі сен өзің бастайсың. Жол, жол! Төсінде даланың Қиянға көсілген, тауларды белбеулеп. Күтесің, уа, достым, ең жақын адамың. Осынау жолменен келер деп. Талдырдың сен, бəлкім, көзіңді, Қарап көп жол асқан кезеңге. Қаншама достарым шығарып салды алыс өзімді, – Жол десе толқимын, ұқсаймын тебіреніп өзенге... Шарлаған Есілдің даласын көлбеген. Қара жол, даңғыл жол, қасқа жол көсілген, Алыста жатсаң да тап кəзір сен менен, Шықпайсың əсте бір есімнен. Қанша алыс айдайды арбасын, Бабамыз Мекеден əрі ұзап бармаған.

Тартылды ал бүгін даңғыл жол, темір жол – өмірдің арнасы, – Ту қырға ат аяқ салмаған. Жол, жол, əкелген Есілге сен едің Молдаван жігітін, белорусс қыздарын... Шегі жоқ жолдардың –тартылған Айға да, сенемін, Астымен теңіздің, үстімен құздардың!.. Аңсадым Есілдің даласын күн санап, Гүлдердің жұпарлы иісін сеземін. Дариға, жетермін өзіңе жол түсіп бір замат, Қаһарлы, мейірлі, ашулы, жайдары, өзенім!!! * Мен бүгін мінбеймін күймеге, Тарантас ескірді, асылы, Бабамның арқасы тимеген Көлікке отырғызды ракета ғасыры. Көлігім – электр, нажағай ілеспес, Менің дауысым – мотор гүрілі. Замана жастары, батыл, өр лекте өс! Сенің қолыңда – жаңа өмір кіндігі. Кім бізге болады тосқауыл, Жолымыз – келешек рельсі. Иыққа батпан жүк таста ауыр, Жастық қуатты күтіп тұр ел ісі! Бүркеніп Жер-ана топырағын, Ғасырлар жатты үнсіз көк темір, қорғасын. Ал бүгін ол менің ұшқыр көлігім, – Неғылам «Итбайдың жорғасын?!» Тоздырса ер Төстік сапарда Темір етік пен темір таяғын, –

Зула, экспресс, зула, от арба, Керек пе таяғың? – электр – аяғым! Туған жер, сүйемін мен сені, құшамын, Дермін: – Өзіңсің өмірдің жаннаты, – Шырқатса да аспанға көк сеңгір Ракета – заманның қанаты!!! Тартамыз біз одан баллистикалы жол саған, Өгейсітер біз бе екен, қасиетті жер, сені?! Бас имек «аспан əулиелері» – жұлдыздар самсаған, Қайна, жастықтың тасқынды өр селі!!! Ағыттық уақыттың шідерін, Əр күнім, сағатым – ғасырдан айбарлы. Соқтырып заманның электрлі жүрегін, Кел, қыздыр, даңқты жеті жыл, дүбірлі майданды!!! * Қос жағаң – атылас, – кимеген жер үсті, – Сыйлаған өмірдің Май жазы. Көп ақын өзіңе борышты – Бермеген өлең-жыр – байғазы! Уақа емес деп, Есіл, күлімдеп ағасың, Сараң жұрт емес қой ақындап – қарыздар қалмас та. Жете алмай жүрген ғой, шамасы, Біразы кетіп ед... Парнасқа!.. ...Өтсе де жағаңда аз күнім, Қалды деп айта алам жастығым Есілде. Сыңғырап естілген арманда назды үнін Сəулемнің күлкісін салады есіме. Күлгендей болады еркешім, – Толқынның сыңғырын сүйемін... Тілгілеп даланың жоны мен өркешін, Иіріліп ағасың мойнындай түйенің.

Иіріліп орайсың даланың дөңдерін, нуын да, Жолшыбай бұлақтар құйылып, береді қуатын арнаңа. Уа, дариға, тап солай... тамшы екеш тамшы боп қосылса суыңа, Осы жер өзіңнің атына арналған! Дамылсыз ойлармен ұзатам көп күнді, Кеудемде толқиды жастықтың арманы: Өзіңнің толқының сияқты екпінді Кемерін соғатын арнаңның! Арманым: жанымның айнасы – жырларым Кетпесе денеммен салқын жер қойнына, Қария есіне ол түсірсін думанды

жас дəурен жылдарын, Алқа боп тағылсын арудың мойнына! Татардың жас қызы ұмытар ма ол күнді, Жанарын қадар көп сол ізгі жан саған... Жыр емес, ұғын бұл – сағыныш толқыны Төгілген жүректен өзіңді аңсаған! Кім өмір сүреді мəңгілік, Ал жырым – шағала қалқысын төбеңде. Бір биік шыңыңнан қарайын мен күліп, Шақырсаң, – уа, Есіл, жағаңа кеп қонған өлеңге!.. Жол салып бұтақтардың арасынан, Күркіреп, уа, Есіл, жетермін тағы да. Толтырып далаңды көзімнің шарасына, Топырағыңды сүйермін, еміреніп, сағына!!!

САЄИ ЖИЕНБАЕВ (1934–1994) АҚЫН Қырық күн шілде – ақыретті бастады, Өртеніп тұр оңтүстіктің аспаны, Кеуіп кетті арасанның сулары, Еріп кетті Хорасанның тастары. Күйіп кетті биыл тағы несібің, Биыл тағы бітелмеді тесігің. Диқан жігіт, енді күнің не болмақ, Енді кімнің күзетесің есігін?!. Екі жалын – екі жақтан кеулеген. Енді сені жүргізер ме жерменен. Күннің өртін сөндірерсің амалдап, Мұңның өртін сөндірерсің сен немен? Сынар ма екен, шыдар ма екен көкірек, Көкіректің бара жатыр оты үдеп, Алысатын, айқасатын бір өзің, Бір өзіңе əл берер ме екі дерт! Мейлі, мейлі!.. Екеуін де жеңем мен! Екеуін де аластаймын денемнен. Сырттағысын көндіремін өзім-ақ, Іштегісін сөндіремін өлеңмен!.. Өлең деген табылды оған жан серік, Білмейді ешкім лашығында қалса өліп. Аулақ қазір шуылдаған дүниеден, Жатсын, мейлі, дария тоқтап, тау шөгіп. Жан жылынып, қан жүгіріп өңіне. Қыран құстай қайта шыққан көгіне. (1934 1994)

Өлеңменен ашылды оның жанары. Өлеңменен басылды оның шөлі де... Емдеді жыр жүректерді жаралы, Кернеді жыр кеуіп қалған даланы. Өлгендердің зар-күйі боп аңырап, Келгендердің əлдиі боп тарады. Өлең шіркін ескен желмен тарай ма, Көп ұзамай, естілді бұл талайға. Тамағы тоқ, алаңы жоқ əкімдер Жер түбінен шақыртты оны сарайға. Еріккенде сауық-сайран құратын. Желіккенде – құмарынан шығатын, Сұлуларын, сұлтандарын мақтайтын Аты шулы керек бопты бір ақын. «Сарай үшін – секілді анау суық тас. Менің жырым жүректерін жылытпас. Жалғыздардың, қайғы-зардың жыры бұл, Төрелерің төңірегіне жуытпас. Аз да болса, егінім бар оратын, Ұсақ-түйек темірім бар соғатын. Кетілгенім, жетімдерім жəне бар, Алтын сарай – теңім емес», – деді ақын... * Отыз жылдай қу тірлікті қумастан, Отыз жылдай жазды жырды тынбастан. Мəңгілік бір... əн қылып кіл жүретін Келді ақыры дүниеге бір дастан. Дүр сілкініп, елдің іші дулады, Ойдағы жұрт, қырдағы жұрт тыңдады. Самал-таудың сулары оны қайталап, Самарқанның қурайы оны жырлады.

Мақтады жыр – батырлардың ерлігін. Елді сүйген ақындардың шер-мұңын. мақтады жыр – жақсы адамның жүрегін, Бір кездегі патшалардың кеңдігін... Бар еді онда – жұпар гүлдің иісі, Лүпілдеген жүректердің тынысы. Бар еді онда – аққулардың үні мен Жұмақтағы зəмзəм бұлақ дыбысы... Патша бір күн: «Ақын, – деді, – жақпаған Жерім де жоқ, сені де жұрт мақтаған. Əр жолына алтын теңге беремін, Дастаныңды түгелімен сат маған!..» Қу тіршілік, кім басында болмаған, Кімді қорлап, кімнің қанын сормаған. Қинаса да тырнаса да жүрегін Ойлап-ойлап ақырында көнді оған... Бір күндері... Бойын жазып, тынығып. Монша жалдап, жатыр еді жуынып. Ойда-жоқта төбесінен түскендей Қақпа алдына келді керуен шұбырып. Отыз жылғы маңдай тері ақталып, Жүрген кезі айтқан сөзі жатталып. Екі жігіт «Патшамыздың сыйы», – деп, Қойды алдына теңнің бəрін ақтарып. Тұрды қарап, сенбегендей көзіне, Бір нəрсені сезгендей еді өзі де. Алтын емес, күміс теңге салыпты, Ақ патша да тұрмапты ғой сөзінде. Теңдей қылып, үшке бəрін бөлгізді. Бір бөлігін моншашыға бергізді. Екі бөлік – келген екі жігітке... Түйелерін кейін қарай өргізді.

...Патша кенет сұрланды да, түйілді, (Ақыныңның енді күні қиын-ды.) – Өлеңдері – кебін болсын өзіне, Құз түбінде шірісін! – деп бұйырды. Сылтау таппай, аңдып жүрген əңгүдік, – Білді осылай қор қыларын мəңгілік, Ақ таяғын қолына ұстап, ақының Айдалаға кетті қашып қаңғырып... Кетті содан – көз көрмейтін аулаққа, Өскен жерлер, ес кіргенде қалды артта. Ақ бас шалды алақанға салған жоқ Үргеніш те, Стамбул да, Бағдат та. Жат өлкеде жалғыз жүрген күн құрсын, Мейлі бұлбұл, мейлі жүйрік, дүлдүлсің. Жүрегінде жыр жатқанын кім білсін, Бұл елінде дулатқанын кім білсін! Жылдар зулап, өтіп жатты арада, Сулар жамырап, кетіп жатты далаға. Ең болмаса, туған жердің бір күрек Топырағы бұйырмай да қала ма. Азайды ғой бойымдағы сел-күшім. Оралмас-ау, оңалмас-ау енді ісім. Əңгі патша өзімді де, жырымды Əлі есінде сақтап жүр ғой деймісің. Тағдыр енді не салса да – көрейін Жыр мен басты қоса алса да – көнейін. Өзге жерде ісіп-кеуіп өлгенше, Өз жерімді құшып тұрып өлейін... Таяғына сүйеніп ап, ақырын Саусағымен сипап құмын, тақырын, Ұшпағына жетті өзінің ақыры, Қыстағына қайта оралды ақының.

  • * Отыр патша абат бақтың ішінде – Көңілденген, мейірленген пішінде, Көрді ме екен жеңістерін түсінде, Əлде мынау періштелер үшін бе? Тұр естіліп шолпылардың сыңғыры. Еміс-еміс бұлақтардың сылдыры. Өзгелерден асып туған азамат – Көңілінің тасып тұрған бір күні. Көк перделер құрылғандай кеш кірді. Алыс жақтан бір мұңлы əуен естілді. Сазы қандай, назы қандай ешбір əн Дəл осылай тербемеген ешкімді. Жақындамай, тұрды аспанда сызылып, Бітер ме екен, кетер ме екен үзіліп. Қара тастай жібімейтін бір кезде Патшаның да тұрды көңілі бұзылып. – Кімнің жыры?! – Болған сондай бір ақын. Сөздер ғой бұл, содан ғана шығатын. Баяғыда... өкпелетіп... өзіңіз... Содан бері... шеттеу жақта тұратын... – Олай болса, аш та құлпын қақпаның, Шығар сыртқа, көтер асыл заттарын, Алтын, күміс, лағыл, маржан – тасыңды Теңдеп тұрып, жүз түйеге арт бəрін. Қосағыңа ал қырық бəйге жүйрікті, Қалған жаста көрсін қызық тірлікті. Ырза болсын – сəлемімді айт менің, Өз қолыңмен тапсырып қайт сыйлықты!..

Неше күндей аптап ұрып, күн қарып, Төкпей-шашпай, қымбат жиһаз, пұлды алып. Кернейлетіп, жеделдетіп бір кезде, Қақпа алдына келді керуен ырғалып. Қалды қатып – құлақ түріп зар үнге, Қаралы жас, қара киім бəрінде. Жер қайысқан қалың нөпір көтеріп, Біреуді алып бара жатты қабірге. Өмір бойы – өртке күйіп өзегі, Тоқсан жасқа таяп қалған кезі еді. Ел көтерген табыттағы – ұлы ақын Əбілқасым Фердоусидің өзі еді...

ЖЎМЕКЕН НƏЖІМЕДЕНОВ (1935–1983) КЕЛІН Сонау жылдар еді бұл... Күзетті аспан күңіренген ел үнін. Ел күзетті əкесі жоқ баланы, Шал күзетті жесір қалған келінін. Күзетті ана нəрестесіз бесігін, Жар күзетті күйеуінің есімін. Түн ішінде түндей қара шал қақты Кей жесірдің іштен ілген есігін. Ар күзетті туған жердің картасын, Көлін, тауын, жесірлерін, жартасын. Күзетті іні ер-тоқымын ағаның, Ай күзетті кəрі аспанның қабағын. Жатты солай талай қыс пен күз өтіп, Бұл дүние бірін-бірі күзетіп... «Сонау жыл» деп аталады ол енді! Жазсақ-тағы шаттық жайлы өлеңді; Елестетсем қара жылды, көз жасын, Əлі күнге шыдамаймын өз басым. Соғыс күлі көміп кеткен денені Көктем гүлі қайта көктеп түледі... Қасиетіңді білу үшін аяулы ел, Қасіретіңді есіме алғым келеді. Сонау жылдар еді бұл... Келін сонда дəл жиырма бес жаста еді, Ойламаушы ең қартаяр деп əсте оны. (1935 1983)

Кісі жоқта айна алдына келетін, киіп алып қызыл мақпал жилетін. Түйме орынын жаңғыртумен күнбе-күн Он саусақ та атқаратын міндетін. Қайта-қайта тарқатылып қара шаш қара бұлттай жаба-тұғын күн-бетін. Белгісіз бір ұят буып кейде оны, «Толысқаным – семіргенім ғой» – деді. Бірден-бірге ауырлады ол, қалды əне Бір ай бұрын киіп жүрген көйлегі. Бір қуаныш, бір қорқыныш бойды алып, Қала-тұғын кейде оңаша ойланып. Күн-күн сайын үдей өсіп молайған Арылғысы келе-тұғын сол ойдан. Кейде алуға қызығатын ана атын, – Мұндай сезім өзіне де жаңа тым. Бірақ шалдар «қызым» десе – нұрланып, «Келін» десе – қоңырайып қалатын. Солқ етті жер бір түні... Түтін жұтты көкжиектің құлқыны. Сол бір сəтте жинай алмай түрды аспан Миығында қалып қойған күлкіні. Күлкі-дағы – күннен қалған бір белгі, – Күн соңында қызыл шапақ тұрды енді... Соғыс деген жалғыз ауыз сөз ғана Сұп-суық бір шеңгелімен бүрді елді. Бірінші рет жиырылды ақ маңдай, Бірінші рет елегізді ел, батқанда Ай, Жер тозаңы кетті бірден жайылып, бүкіл дүние келі түйіп жатқандай.

Зірк еткізіп тепті жүрек кеудені, ышқынған жан бірінші рет «Мен!» деді. Жас келіннің жайнап тұрған жүзіне күлкі-дағы бірінші рет келмеді. Ойларынан ажырады ол жай күнгі, бірінші рет мойындады қайғыңды. Бірінші рет сүйіп еді бір жігіт, одан-дағы бірінші рет айырылды. Тұңғыш шыққан гүл секілді ырғала – тұңғыш рет жарық көрді бір бала. сол күн бұған сезім берді жаңа тым, сол күн бұған алып берді ана атын. Тез арықтап семіз өмір, тойлы өмір Қайта киді сыймай қалған көйлегін. Бұл үй сонда – көп үйлердің бірі еді, бірі от жақса – күл алатын біреуі. Қашан көрсең – қыстырулы тұратын белдеуінде құрығы мен күрегі. Сұлтан атай əңгіме етсе нені ұйып, Ұлпа шешей тыңдай-тұғын кемиіп. Айдар деген жалғыз ұлы бар еді, Жігіт еді ол да өзінше əдемі: Қошқар тұмсық, қысқа мойын, кең кеуде, бел жұп-жұмыр, сала құлаш белбеу де! Қақпақ жауырын, шалқақ біткен басы да, тек маңдайы жараспайтын жасына. Құдықшы еді колхозда ол сол жылы Ғажап еді күштілігі, молдығы.

Құдық қазса қарайтын жұрт қызығып Топырағы ұшады деп тізіліп. Сөзге, сөзге шорқақ дейтін кейде ол, бірақ кезін көрмепті ешкім сөйлеген. Бұл семья – төрт-ақ адам делінді, қоссақ егер жаңа түскен келінді. Иə, бұлар төртеу еді, төртеуі секілді еді төрт керемет ертегі. Сұлтан атай ерттей қалса сары атын, Ұлпа шешей айыл алып баратын. Келін үйден көпшік алып шығатын, Сүйтіп, бəрі бір ат ерттеп тұратын. Бір түбірлі бəйтеректей саялы – Бəрі қосып бір көлеңке жаяды. Дастарқанның төрт бұрышы – төртеуі, Бұларға өмір бесеу болуды аяды. Айдар кетті... келіп еді бір адам, Ол да мұнда келе-сала жылаған. Сонымен, шал, кемпір, келін... өседі ұл – Төртеу болды тағы менің есебім. Шағын ғана қоңырқай үй тұр дөңде, Иесі емен, бата алмаймын кір деуге. Жапа-жалғыз томсырайып тұр сол үй, секілденіп ойы сөнген бір кеуде. Түнгі ошақта бықсып қана жанады шала кебу салған тезек жаңағы. Жалын тілі жалт етсе бір... төңірек бұрынғыдан көрінер сəл кеңірек. Тым-тырыс түн қымтап алған маңайды, əлгі ошақты айнала кеп қамайды.

От лау етсе – күйдіріп ап қанатын, ыршып түсіп, қайта ұмтылар қара түн. Əйтсе-дағы осы бір от жылытты ой, қарайсың кеп жан жадырап, жібіп бой, Болса да əлсіз, қалың қайғы ішінде Жылтыраған бір кішкене үміттей... Келін отыр, бейне ашыққан адамдай Осынау бір оттан көзін ала алмай. Отқа дем-дем жақындайды ол... кенеттен өзі бірге жанатындай сол отпен. Алау сүйіп албыраған бетінен бір қуаныш көрмегеніме өкінем! Қуаныштың бір мінезі бар тағы: ол – осындай сұлулардан қорқады. Сұлуға да тақты мезгіл сын, айып, Жүрсе де ол желпініп бір тыңайып: Көзі, бейне, шаттанудан гөрі де, Шаттықты аңсап, мұңаюға лайық... Сұлулығы секілді еді жыр ғажап, Ашқарақ көз тоя алмастай мың қарап. Ол күлсе тек – жүзіне əлгі арайлы кемпір күндеп, шал күрсініп қарайды. Оның шашын сипайтын тек жел ғана Сондықтан ол болды жесір, болды ана. Көкіректің белгісіз бір дірілін қағып алып жұтып жатты кең дала. Мұның демі күйдірмеді ешкімді – Əлде бұл да салқын тартты, ескірді? Кейде еріксіз ұйып тыңдап қалған-ды Бұлтаңы көп əзілдерін шалдардың.

Əзіл əсері сол сағатта-ақ кетсе өліп – Уы ойда қалар еді от болып. Неге екенін ұқпаса да, жүрді бұл Сұлтекеңнен өзге шалды жек көріп. Осы бір сəт тұнып кетіп құлағы, Жылағысы келді кенет... жылады... – Келін шырақ, асың түсір! Қи жапқан қапты ұмытпа! – Дауыстады үй жақтан. Селк етті əйел тамағында құрғады үн, жалт қарады түн жанышқан қырға бір. От сөніпті. Өкінішпен аңғарды Көз жасының күлге тамып тұрғанын. Ұлпа шешей немересін əлдилеп, Ірге жаққа сүйенетін қалғи кеп. Ыңырсыған кеудесінен кəрінің Шығар сонда бір əдемі əн билеп: «Қоңыр қозым, мерейім, Əуедегі жалғыз Ай, Айды да алып берейін, – əлди-əлди, əлди-ай. Əжесінің тентегі, Көңілдегі əн-күйім. Тыңдайсың ба ертегі, Əлди-əлди, əлдиім. Əжең əннен жаңылды, Əлди-əлди, əппағым. Тыңдағаның əнімді – Түк түсінбей жатқаның!»

«...Қалғи қойшы, бөбегім, Мен де енді қалғиын. Ағаң қашан келеді, Əлди-əлди, əлдиім. Жылқыдағы құлыным, Құраулайын, келе ғой. Əлди-əлди, шыбыным, Жұбана ғой, көне ғой. Əлди-əлди бала ғой, Ұйықта, ұйықта бөпешім. Бүгін ұйықтап ала ғой, Ертең өсіп кетесің. Бесік тербетейін мен, Алсын сені арқалап жауға деген кегіңмен досқа деген мархабат. Шаңыраққа қарама, Кешкірсе – күн кешкірсін. Əкең туған далаға Əлди-əнім естілсін. Ұмытарсың сен мені, Ұмытқанша қалғи ғой. Бүгін де ағаң келмеді, Əлди-əлди, əлди ғой. Қой ішінде – қоңырым, Базар бардым – қалды өтпей. Жай таппаса көңілім Неғыламын əндетпей! Ұйықтай қойшы əдемім, Əйнəлəйін əушіңнан. Сенің байғұс əжеңнің Əні қашан таусылған!» –

Менше, осылай жұбатады əже ұлын, Тереңдетіп маңдайдағы əжімін – Күрсіне кеп мұңдылау бір айтады əн, Бірақ, кенет... күлімдейді қайтадан. Əже осылай əндетумен өтеді, Əже болса – əн дегендер жетеді. Ұйықтатады ұлын солай, ал өзі Кейде ұлынан бұрын ұйықтап кетеді. Қарағанын көрген емен шал налып, Қарамайтын ештемеге таң қалып – Бəрі, бəрі Алладан деп, жүрді ол Ылғи-дағы əлденеге қамданып. Бір жоқшылық шал ойында қозғап үн, Ойлатуға тырысады өз қамын. Жаны бірақ жап-жаңа боп тұрған соң Көрмеді ешкім шапанының тозғанын. Шал жүреді: «Солай ғой – деп, – бұ тірлік» Келін жүрді: «тары бітті, бітірдік», Сəби отыр тостағанын босатып, Кемпір отыр: «бір Құдайға шүкір» ғып... Бір нəпсінің күйі ойнайтын кеудеңде Қызыл ала тары нанын көргенде. Табақшада қамыр болып қалған ұн Сезсең іште қандай от боп жанғанын! Ұмытқаның есіңе оңай түсетін көрген кезде диірменнің жарғағын. Күзгі дала, ұмыта алман бетіңді, Суға бөккен қара талқан секілді. Қара талқан, қара талқан бір кезде қара нұр боп ойнап еді-ау бұл көзде. Қара талқан! Қасиетіңді кеш маған, Енді сені «сонау жыл» деп еске алам...

Сол тірлікті – кемпір, келін, шал бағып, Аспан құсап қарай-тұғын паңданып. Алдап-сулап жөнелтетін мезгілді, Жəне өздері қала-тұғын алданып. Сол бір жылы... жүдеп, тозып болды алап, Үзім нанды қолдар жүрді қолдан ап. Көкірегін күрсінумен күйдірді ел, ақ жүректі қара қайғы бомбалап. Көңіл алаң, нені күтсе – соны ойлап, Қонып жатты бетке əжім, самайға ақ. Қиын болды жұбандырар сөз табу, Жылататын хабар айту оңайлап. Ер өлімі сынады елдің қуатын, ел болмаса шығара алар кім атын! екі-үш адам басын қосып көрінсе Кемпір-шалдар үрпиісіп тұратын. Ышқына кеп ана зары, жар мұңы Бір жүректен бір жүрекке қарғыды. Жаралы ел бір таяққа сүйенді, Бір көзбенен жылап тұрды барлығы – Қандай ғана жан қарайды жай бұған! Қайғылыдан əлі күнге қаймығам! Адамдарды теңгеруге, қосуға Құдіретті не бар екен қайғыдан?! Көңіл айту... көңіл айту қинады Өз сұмдығын күтті əрбір үй дағы... «Қара қағаз» қара жерді тепкілеп Сұлтекеңнің үйіне де жетті кеп. Жетті ақыры бұл үйге де сұмдық күн, Жүректерге найзасындай шындықтың

Қадалды кеп, Əке-шеше байғұсың Тірі жүр ме ед осындай бір қайғы үшін! Бірінші рет жасыды шал сол күні, Құмға сіңді соңғы үміттің толқыны. Көптен күтіп жүрсе-дағы бұл күнді, Жүрек байғұс сене алмады бір түрлі. Бірінші рет шалың қалды жетім боп, Бірінші рет келін қалды жесір боп. Көкейлерді бір у қарып шоқ болып Көмейлерге қалды сол у кептеліп... ...Содан кейін шайын ішіп, бел буып əркімдер өз шаруасына кетті өріп. О, сезімнің тамшылары, Жаралдыңдар сендер неден. Көкірегім жаншылады Көздің жасын көргенде мен. Жасқа толы ел тостағаны, Жесір ана, жан жеңеше. Жас тамшысын... қосса бəрін Көл шығар ед əлденеше... Шал мен кемпір суып қалып, Сəби алға ұмтылады. Келін жүзін ымырт шалып, Қара көзге түн тұнады. Түндей өшкен көкіректе сорлы жүрек бұлқынады. «Қара қағаз» күнде кешке қайта-қайта оқылады.

Шал бекініп үндемеске, Кемпір жылап отырады. «Ерлікпенен өлді» – дейді? Мұны өлген соң кім айтпады. Көздің жасы мөлдірейді, Көздің жасы тыңайтпады. Көз жасына малшынды аспан, Жасқа бөкті сортаң далам. Мен – жазықсыз тамшы жастан, Һəм бомбыдан қорқам жаман!.. Бір көкжиек ашылады əлі алдан, Үміт сын-ды қашады ол да адамнан. Дөңгелейді, дөңгелейді дүние Қорғау менен бүлдіруге жаралған. Бір аспан тұр төбесінде даланың, Көкжиектер туады əлі жаңа күн. Бірден-бірге биіктеген сайын мен Аспанды да биіктетіп барамын! Бір жер жатыр табанында əркімнің Бір сөз тұрды қуаты боп бар тілдің. Шілдедегі шөлмен аққан бұлақтай? Өзім-дағы бірте-бірте тартылдым. Көз жасы да кебе келді қайғының, Үнсіз ғана мүжіп жатты Айды Күн... Жабыла кеп көңіл айтып жүрді жұрт Осынау бір қалған үйге бұлығып. Кемпір мен шал сəл көтерсе қабағын Келін қалар, тым құрыса, бір күліп. Күлкісі оның – кейде жанға батады, Күлкіні де ел қасірет деп атады.

Жұбату сөз айта келген əр адам Бір-бір мысқал қайғы əкетіп жатады... Қалдырмаса қайғы адамды жеке ғып, Оған-дағы кетеді екен ет өліп. Əкетті енді бұл үйдің де қайғысын, Қасіретін көпшілік боп көтеріп. Жаңа күндер – əкеледі жаңа үміт, Жаңа үмітті жүрді үйдегі əр жан ұғып. Шал əзілдеп күлдіре алса кемпірін, Келін жылап жібереді «жаңылып». Кей үйлерден көтеріліп той əні – Өмір солай өзін-өзі бояды. Сыртта сылдыр қағып аққан бұлақтар Мұңға кейде ерік бермей қояды. Өмір сүру ынтасына іштегі Қайғыны да жеңіп шығу – күш пе еді! Күн сəулесі түсті тағы бұл үйге Тірлік тағы өз дегенін істеді: Шал отырды кеудесі аппақ, басы аппақ, Немеренің қыл шылбырын шашақтап. Кемпір байғұс тұсау есіп түйеді; Келін, əне, сауып жатыр биені, – Кейде ұрланып тұңғыш ұлын өзінің Əжесінің баласы деп сүйеді. Ал, бала ше? Мұнда оның ісі жоқ, Айтады «ақыл» келінге ол да кісі боп. Ойынына жөнеледі содан соң Көк шыбықты мініп алып кісінеп. Əрқайсысы аймалайды сол ұлды Бір көтеріп алу үшін көңілді. Келер күннің – жаңа адамның күшінен Қайғы ескіріп бірте-бірте жеңілді.

Сəби солай тұр осы үйге сенім боп, Кəдімгідей жұбаныш боп, көңіл боп, Кемпір мен шал келін десе, шешесін Ол да атайды келін деп... Оң жақта тек ақ шымылдық баяғы, Баяғыдай ақ құшағын жаяды. Келін жатыр баяғыша, түн-дағы Шымылдықтан өзгені одан аяды. Батқан жоқ қой, батқан жоқ қой Ай əлі, Ай сəулесі шымылдыққа таяды. Ай қалықтап шыққанда боз аспанға, Бар маңайды бал-тыныштық басқанда. Ұғынбады, ұғынбады еш пенде Қандай сезім оянғанын жас жанда. Көп ой оның – жүрегіне батады, Ал, бір тілек əрі қауып, жат əрі, Өңінде – осы, ұйықтап кетсе түсінде Күндізгіше егін орып жатады... Ағып барып екіндіге іркілді Ай, қалың сезім əлі жатыр жыртылмай. Құлазиды, құлазиды көкірек, Бір қызықтың көшіп кеткен жұртындай. Үйдің іші қоңырайып тұр үнсіз, жүрек қана лүпілдейді тынымсыз. Ертең-ертең бола ала ма «бүгінсіз», Бүгін, бүгін – неткен қатал, шығымсыз?! Бір күн ойнап денесінде, жанында, Бір от жатты дайын болып жануға. Сиқыр үнге бөгіп алған жаны оның Ашқандай ед бір музыка əлемін.

Көңілі оның үн береді не түрлі. Паганини скрипкасы секілді. Осынау үнді кейде үзіп өтеді, Сұлтан қарттың күрк-күрк еткен жөтелі. Қызыл қанды осылайша қайнатып, бара жатты боп-боз болып Ай батып. Дəл осылай талай түндер өтті одан Жоқ қой бірақ біреуі де тоқтаған? Көп түндерден бұған қалған белгі боп Ақ шымылдық тұрады тек желбіреп. Тек қана оның... жатқан анау жастанып Жастығына қала-тұғын жас тамып. Өзіне-өзі дей ме екен бұл: «бір...шыда!» Бір сезімнің толқынына тұншыға, Түні бойы жесір болып ойлап ол, Келін болып оянатын күн шыға. Анау ірге... ескі бесік... шаң кілкіп. Келін көрсе – көздің жасын алды іркіп. Керегіне жаратып ап кезінде Бесікті де кетті ме өмір қаңғыртып? Жатыр ұмыт, талай күнді тербеген бірге тозып аяқ киімдерменен. Бесіктің де беделі ұқсас өшкенге – бұл үй оны еске алар тек көшкенде. Ағаш бесік! Ұмыт болды о да енді, Бесік құны – ұмытылумен төленді. Келін байғұс ұстар оны тек, кейде Нəрестенің исін аңсап кеткенде... Бір ер-тоқым ілулі тұр төрде əне, Мықты болсаң соны ұмытып көр, кəне!

бір күн тігіп, бір күн майлап, бір өңдеп, Шал жүреді сол ерді ылғи түгендеп – Бір тасадан шыға келіп қайдағы, Ер-тұрманын сұрайтындай Айдары. Кемпір жүрді, Ай ұнаса сынына Амандыққа жорып қойып мұны да. Жұма күндер «құран оқу» орнына Қарынға сап май сақтайды ұлына. Кештіғұрым, қырға шығып ең биік, Əлдеқайда қарайтын ол ербиіп. Сол бір сəтте... табанында ананың Дөңбекшіген шығар бəлкім Жер күйіп?.. Сəби ғана күтпеді тек ешкімді, Əне, тағы күлген даусы естілді. Күйіп-жанып тағы талай күн өтті, Бұл күн-дағы бермеді еш тілекті. Жылытпады ол кəрілерді, келінді Төсегіне тағы жалғыз түнетті. Күндерге əлгі шаттық беріп, қайғы алған Мүгедектер қайтып жатты майданнан. Үміттенгіш, ерке қыздар алдында Шынар болып жапырағын жайды арман. Əр жараның орынын бір жуады Күлкі менен көктеменің шуағы. Азап шексе бір кеуденің жүрегі, Шын бақытын жаңа тапты біреуі... Жас жігіттер мүгедек боп қалған кіл Қатарына қосылды енді шалдардың. Өздері ерте қартайған соң «селкілдеп», Келіншегін шақырады кемпір деп.

Ең аманы бір-бір қолын, шетінен Беріпті олар көп болғандай екі жең. Сол майданда қалған қолдар бір нендей Жауларымен əлі айқасып жүргендей! Бір аяқтан айырылған жұрт қандай? «Екі аяғын бір етікке тыққандай». Жəне сол кез Советтердің Одағы – Көп батырдың елі десе болады... Келді бірі жайдақ шамдай сөнгелі, Өз денесін өз жеріне көмгелі. Амал қанша, Сұлтан қарттың баласы Осылардың бірі боп та келмеді. Көктем келді гүлін алып мың түрлі – Əй, құлпырды-ау, дүние байғұс құлпырды. Көп сұлуды көрер, əттең, көз болмай, Көп суреттер қалды қатып қозғалмай. Сұлу жар бар – сүйе-тұғын жігіт жоқ, Кеудесі бар – жанып тұрған үміт жоқ. Күлкісі бар – төгілмейді сылдырап, Айтары бар – қозғалмайды тіл бірақ. Қолаң шаш бар – тарай-тұғын жоқ тарақ, Тек мұң жұтып бүлкілдейді ақ тамақ. Күні-түні лүпілдеген бір көңіл, Қайда барып, қайда барып тоқтамақ?! Қайда мұның тəтті күні жан қияр, Дат, тіршілік, патша-ғұмыр алдияр! Даласында түрлі түсті гүлі бар, арасы жоқ бірақ одан бал жияр... Сұлтан-ата дəн ырза еді дəл бұған: Келін ғұмыры өткен емес алдынан.

Бір күні қарт рұқсат айтты келінге, Қолын жайды Ұлпа шешей қалғыған. Келін сонда қарады-ай бір тарығып, Бір-ақ өшкен құсап сенім, бар үміт. Ыза шеккен жастық жалын лап етті, Кеткендей бір күкірт-қорап жарылып. Бар айтқаны: «ауырсындың ба, ата-анам?» (Шал еңіреп, кемсеңдеді кемпір құр) Төгілді-ай кеп. Ыстық тартып кетті бір Бірінші рет келін деген ат оған... Ел бір жола сол қасірет-кеселден Сенбейсің-ау, ада болды десем мен?! * Содан бері талай-талай өтті жыл, Əрбір көктем өз ауласына екті гүл. Əрбір өлік өз моласын тапты бір, ал, тірілер бөлісіп жүр шаттығын. Сұлтан жатыр бір төбенің басында, Сол баяғы өлген жылғы жасында. Діншіл болсаң – бір сипап қой бетіңді. Кемпір-дағы сол төбеге кетулі. Жатыр екеу – оқып біткен екі том, естен шыққан екі ертегі секілді. Ал, бала ше? Бала сонау Мəскеуде, Батпайды ешкім оны əлі де жас деуге – Оқып шығып... тауды зерттеп мүлгіген, еліне аздап пайда жасап жүр білем, Сол қоңыр үй. Сұлтекеңнің тұмағы Керегеде əлі ілулі тұрады.

Сөнбепті оты – келін байғұс баяғы Сол есіктен кіріп-шығып жүр əлі. Келін жақсы тұрып жатыр деседі, көп жоқшылық жоғалыпты кешегі. Өмір ғажап – көйлек те көк, көңіл көк, Көңіл болса – кетер бəрі жеңілдеп. Ешкім оның атын əлі білмейді, Атайды тек келін деп. Бүгініне дəн риза деді оны, Атар таңға өзімізше сенеді. Тек кей кезде... келінім деп біреуді Оның-дағы атағысы келеді. Келін десең – əлі алдыңнан шығады, Жүзінде ойнап жиырма бестің шуағы. Келін десең – келін емес баяғы, бір опырық кемпір қарап тұрады. ƏН БҰЛАҒЫ 1. Қара Ертіс жағасында Бір мезет дала шаршап, тау құлазып, Сай, жыра қарауытып қалды ұзарып. Жалтақтап жан-жағына қарап жатты, Қара Ертіс жалыққандай жалғыз ағып. Жағада ескі жартас тұрды налып, Көл жатты бір қайғырып, бір қуанып. Толқындар ұзай алмай түсті əлекке, шатысып бір-бірімен мың бұралып. Қырына көк толқынның жел жығылып Жүр еді; көңілді бір белгі ғылып айнала шалқи қарап бала-бұлақ Сарыарқа құшағына келді кіріп...

Екі арна: əн арнасы, су арнасы Биік ед екеуінің туар басы: Біреуі – табиғаттың таңдаулысы, Біреуі – адамзаттың шығармасы... Күн жүрді ала бұлтта билеп басып, Айдында: қырғи қуды, үйрек қашып. Екі арна – егіз арна қосыла ақты, Бір-бірін жетекке алып, сүйреп қашып... 2. Хорлан Бір қыз бар Хорлан атты Маралдыда Деген сөз кетті желдей таралды да. Со қыздың шашбауындай сыңғырлайтын Маралды ши-қамысы таң алдында. Көңілді ед көл секілді қарапайым ерке-сал, ер жүрек деп тағы атайын: Ауылда балалармен бірге үйретті Қысырдың құла тайын, қара тайын... Жел күнгі Маралдыдай көңілі де өктем, көңіл барда күз де оған болды көктем. Секілді көл шарасы, көз жанары əлде не тəтті бір сыр мөлдіреткен. Сөйлесе тау суындай еркін еді, Кедергі тапқан сайын серпіледі. Көз күлсе жүзі жайнар, сол бір күлкі Алдыңа Маралдыны келтіреді... Өзгеше бітті қызға зерде мүлде, туғандай толғану мен тебіренуге. Маралды дауыл күні бір күрсініп, Осындай бір сұлуды берді өмірге.

Он бес пен он алтыға келгенінде, Құмартты көкте жұлдыз, жерде гүлге. Он бес пен он алтыда жасы қыздың... байқаңыз, ағарғанын басыңыздың! ...Мейлі ғой оқымаса «басы қатып», ермексіз болды деп қыз жасыма түк; қыз болып жалғыз сəтке кесте тіксе, артынша кетуші еді асық атып. Көңілін дос-жаранның тасыттырды, ал, Қымыздай тар ыдыста ашыттырған... Кінə жоқ бозбаласында ауыл үйдің өзі еді бəрін бірдей ғашық қылған. Өзі еді сол жалғанда адам гүлі, адам гүлі – көңілдің адалдығы. Бір сөзбен: атақ-даңқы Хорлан қыздың Арқаға таныстырды Маралдыны. «Бір қыз бар Маралдыда Хорлан атты, Хорланды көп көзінен қорғамақ кім?! Бишілер бу жамылып, суға қызып, күйшілер перне бойлап жорғалапты. Жел есті Маралды деп алып ұшып, Шың тұрды Маралды деп сағым құшып. Арқада ақ кеуде бұлт Баян-таумен, Көрісті Маралды деп сағынысып. Шыдамай Қарқаралы қар жамылған, Қарайды қара бұлттың ар жағынан. «Бір қыз бар Маралдыда... ал, болса ше? Сен өзің қайдан шықтың, зар-жақ ұлан?» ...Құс-бегінің жүзінде сыз бар əлі: көжекті де ілмеді мұз-балағы.

Мергендер тал тасалап, бір-бірінен Маралды маралын да қызғанады. * «Бір қыз бар Маралдыда Хорлан деген, Барар ем адаспасам Орманменен. Маралды аспанындай алыс арман, Маралды көлі жақын болғанменен» – Деген əн иен өлкеде талып ұшты, əндердің талып ұшқан мəні күшті. Сол əнмен күндер өтті, көл қалды сол тербетіп махабатты, сағынышты... 3. Естай Еркіндеп қаға алмас əн қанатын, Серілік қыз бен атқа алданатын. Қайғырса ақын байғұс арман аңсап, Несі бар қайғысына таңғалатын?! Ол ақын кəдімгі Естай – қайғылы ақын, Сол қосқан өнер деген бəйгеге атын. Дұшпандар, сол-ақ екен, ізін аңдып, Достары жол іздеді айырылатын. Содан да көңлі қалған əнші мұңды, тұтса егер аяғынан бал шыбынды, қыранды қанатынан көл тұтыпты, жүрегін сынап біраз толқытыпты... ...Келеді ол тағдыр салған жолды басып, Жол үсті кеудесіне домбыра асып, Сорына, уа, сорына өз басының, бағына өнерінің – болды ғашық.

Найза емес, бұл майданға көңлі налып, Шығып ед екі ішекті домбыра алып. Ұшқан үн екі ішектен қоңыр қаз боп Төсіне Маралдының қонды барып... Жол жатты қара белде қайқаң қағып, (Бұл өзі жол ма, сор ма – сайтанға анық). Осынау аз ғұмырда Естай ақын Уəде етті қанша қызға – айта алмадық. Бұл жолы келеді Естай тағы асығыс, Көңіл алабұртқанмен, дала тыныш. Жатса да дала тыныш, көлде – толқын, Не деген қызық еді жаратылыс! Сол көлдей толқытты оны ой-арманы, ой-арман құмарлықты қоя алмады. Ежелгі жалқау дала жатты ұйқыда, көл қанша толқыса да – оянбады. Уəдені бергенімен күліп тұрып, Кетіп ед қызды шын-ақ үмітті ғып, Ақталса үміт – бақыт күліп келер, шын қасірет екенін біліп пе еді ол?! Ал, егер ақталмаса үміт деген Анық ед тағдыр жолы ол атаған, сенімін сері кеуде тонатпады, ал айырылысарда үзіліп қыз көзінен бір жұлдыз бұл кеудеге қонақтаған... * Ақ үйдің іші де адам, сырты да адам, Аралас сөз бен күлкі бұрқыраған.

Ас, тойға жиылғанға ұсап кетті, Арқаның дүйім елі-жұрты маған. Ақ үйдің іші қайғы, сырты жайлы, Сырты жайлы дүние жылтырайды. Сол үйде біреу отыр дауыс етіп, Тыңдасаң сай-сүйегің сырқырайды. «Мен – бір жанмын шерменде, үміт те маған көп пе еді? Үмітім өшті кеудемде, Күнім сөнді көктегі – Көрмейсің ғой, ағайын!» Қалың малға сатылдым, Он жетіге келгенде. Бір қу шалға қатынмын, Қатыннан нəлет сендерге – Сезбейсің ғой, ағайын! Келмеді ме сол бір жан, Сарқылды ма бұлақ-əн?! Тірлігім бар болдырған, Бір гүлім бар құлаған – Құлаттың ғой, ағайын Арманым көп, арманым, Арманға қайғы жамалар, Тікенді тор жан-жағым, Қозғалып кетсем қадалар – Жылаттың ғой, ағайын! Көзімде жас мөлдіреп, Көңілімде – жалғыз жар. Естиінші соңғы рет «Жай қоңырға» сал, қыздар, Рұқсат етші, ағайын!»– Сұр дала осын-ау зарды дамылдатты, Күңгірт көк көңіл бұлтын қалыңдатты.

Ал, сыртта бір есердің сойылына Жығылып Естай ақын талып жатты. 4. Махаббат тағдыры «Қайғысын, азабын да махаббаттың Өз басым бақытым деп атамақпын. Бұл өзі біреуге шөл, біреуге көл ал, маған өрт болғанын білер ме еді ел!» Жыр туды осы сын-ды бірер көбең, Көбең боп өнерге есе жібермеді ол. Тұрмыста, махаббатта кетті есесі, – есесізбен сен неге кектесесің?! Қайтадан қайрат жию үшін уақыт көп керек, бір жасыса жігер деген. Бəрін де адамын деп ойлады ақын, тек бір дертті ойламады бойды алатын. От еді, өмірінен жел сұрады ол, Замана таяқ берді қой бағатын. Өтеді ол өнерімен дос тілегін, тек қана сол өнермен өсті көңіл. Бұлақ ед күй тілеген, Ұйқылы-ояу Тағдырдың сұр жартасы тосты жолын. Сондықтан қорғады əннің ар-намысын, Сондықтан үміті – сыр, арманы – шын. Тірі боп көрді соққы тірлік үшін, тірліктің тұтқындағы Хорланы үшін. Сол Хорлан тұтқын ба екен тас қамалға? Жоқ, емес. Тас қамалға тастаған да ешкім жоқ... Ұзатылды ол. – Қалай? – Кімге? Əйтеуір Естай емес, басқа адамға.

Міне, осы бар болғаны əңгіменің! (От болып өкінішім жанды менің). Жағада жас қамысын дір еткізіп Маралды бір күрсініп алды демін. Көл беті: лай ақты айғызданып, Қара жел болып есті қайғы ызғары; тоқалын сабап кəрі бай қызғанып, көлінде аққаулардың шүрегей жүр, қыранның тұғырында байғыз қалып. Түйілді қыр қабағы қатпарланып, Бұлбұлдың көз жасына бақтар қанып, Еңіреді екіленіп аққан бұлақ, Жылауға тастар ғана жатты арланып. Сонда да жазғы дала маужырады, Толтырып толқын жатты сай-жыраны. Қайығын махаббаттың тағдыр айдап, Жұмбақ ед сол қайықты қайда ұрары – Тауға ма, тасқа ма əлде белеңге ме, Соғып ед нелер қайық, нелер кеме. Отыр ед сол қайықта ол желге сеніп Желігі – көңіл деген көбең кеме. Көңіл ғой: бірде жарлы, бірле байып, Кететін ақ желкенін желге жайып. Жел тынды, бірақ кенет дауыл ұрып, Айдында күл-пəре боп сынды қайық. 5. Естай жыры «Еркесі Маралдының Хорлығайын, Табиғат берсе-дағы күн мен айын, аққуым, айдыныма қона алмадың, Мен жалғыз, арманым көп – неғылайын!

Менің де сый-сыбағам болды дайын, Бір өнер – ол да азап, ол да уайым. Туған жер аспанында шоғырланған, Қара бұлт, сен жылама, мен жылайын. Ескен жел, сен зарлама, мен зарлайын, Соғайын толқын болып жар маңдайын. Жатса да күнім сынып, айым қирап, алысып бір өлуді армандайын. Арпалыс қызығына кенелейін, Қуалап бір елесті жөнелейін. Туған жер жүрегінен жарып шыққан, Бір тал гүл, сен тірі бол, мен өлейін». * «...Дариға, өшкенім бе жанып барып, дақ түсті, бір қара шабытқа анық. Баладай жаңа ғана тəй-тəй басқам Қу заман, құлаттың ба шалып қалып?! Азабы жасытқанда жан-дененің Көзімнің жасын жұтып əлденемін. Аузымнан жыр орнына жалын шықты, зар болды əһеу-у десем əн дегенім. Көрсем де көкте күнді, жарық айды, Қуаныш енді маған дарымайды. Келешек, үміт күтем, саған сенем, Өткеннің бəрі өкініш, бəрі қайғы. Құлашы, байғұс денем, бекер, бекер, бекер боп бар ғұмырым өтер ме екен, торғайдай торға түскен тулаймын деп сор-жүрек жарылып-ақ кетер ме екен!

Осы ма оза шауып келген жерім, қадірін білуші еңдер сендер ненің? Сыртыммен серісініп жүрсем-дағы У менен зарға толы кеудем менің. Сондықтан жақындама – қайғылымын, білмеймін болған қайғы қай күні бұл?! Соғар ма бір дауылым бұлт үйіріп, Естимін əлдеқайдан жайдың үнін. Мұңымды өзің тыңда, қойшы-қолаң, Жо-жо-жоқ, оқ жұтсам да ойсыраман. Жалғыз-ақ айтарым бар алғы өмірге: адамды қор етуді қойсын адам! Ал, сендер жабықпаңдар жанды ластап Ханға емес, қайрат берем қаңғыбасқа. Жоқ енді, əнім барда қала алмаймын, апарам алғы күнге əнді бастап!» 6. Əн Əн – топшылы қыран боп, арқадағы қайғыны, шаттықты да арқалады. Əн – бір құмар, басылмай көңіл шіркін Көзінен қасіреттің бал тамады. Əн, əсем əн, о, ғажайып! Өмірдің соқпағы өсіп, жолы азайып, Жылқышы жылан-белде жылап айтса, тыңдады балықшылар қоға жайып. Əн – қайран, көп жігерді бір шыңдадың, Мен-дағы бір шыңдалдым, қылшылдадым. Əн, қайран əн, кешір мені кім білген сенде мұндай тылсым барын. Əн – бұлақ боп сусыл қақты, сусылдап жер сыр ашты, су сырласты.

Əн – жел қанат жапырақтар, сүйісіп бір-бірімен сыңсып жатты. Əн... еркесі досы бар, салты бардың, əнім бар, кімнен қорқып, қалтырармын! Əн – сəттерде əн тыңдаған, Қазеке, ұнайды көп салтың маған... 7. Қорытынды Селт еткен шөп жапырағын сырласы ғып, далаға бала-бұлақ кірді асығып. Замана – құм еді бір, сол əн-бұлақ Шақ қалды кете жаздап құмға сіңіп. Жо, жо-жоқ мұның бəрі бекер бірақ, Бəрін де өткінші өмір, көтерді бақ. Өмірге күліп келген бала-бұлақ бір күні ылайланып кетер жылап! * Сарыадыр, сағымданған бұл алаптан Ышқынып арманды бір бұлақ аққан. Толқындар кемірсе де, Жел үрсе де Əлі тұр ескі жартас құламастан. Əлі тұр аспаны да айнымаған, Көл аман, көлшік аман, айдын аман. Бəрі де бəз қалпында, əттең, əттең тек сол бір көрінбейді қайғылы адам. Қайғы, мұң – ескілік қой, жұрт ескіңді Не ғылсын, ескі архивке тіркестірді... Сондағы көздің жасы тамған қырдан бұл күнде бір əдемі күлкі естілді...

ЌАДЫР МЫРЗА ƏЛИ (1935–2011) ҚЫЗЫЛ КІТАП І Мылтық көрсем төрлерден іліп қойған, Менің мазам кетеді күдікті ойдан. Жұртпен бірге мəз болып, Ду-ду етіп Қайта алмаймын одан соң күліп тойдан. Аңшылыққа қалай жұрт қызығады?! Қан жуады олардың ізін əлі. Көргеннен-ақ мылтықты Менің үшін Дүниенің дидары бұзылады. Аяймын мен анасыз, Атасызды. Аяймын мен құлынсыз, Ботасызды. Хайуанатқа жасаған қиянатың – Бауырыңа жасаған опасыздық! Қызыл түлкі даланың көрігі еді. Жаға болып ол енді «керіледі». Бөкебаймен бүркеулі анау қалпақ – Қалпақ емес – Қақпан боп көрінеді. Тымырсығы-ай! Қалада жел еспейді. Жел есетін бұл жайлау емес дейді. Анау киім ілгішке көзім түссе, Бұғылардың мүйізі елестейді. (1935 2011)

Ауылда, өспе, мейлі, сен қалада өспе, Анаң сенің бəрібір Дала емес пе?! Терезеге ұстаған анау шілтер Құсқа құрған торларды салады еске. Айналайын бұлбұлым, Бал таңдайым, Саған тор да, Қасқырға қақпан дайын. Шынтақтаған жастықты Көрінеді Аққу-қазды жаныштап жатқандайын. Өкпелетпеу керек қой қожайынды. Айта алмайсың халыңды, Не жайыңды. Ұстай беріп айырды Шошып кетем Шаншығалы жатқандай дəу жайынды! Тартып алған аңдардың бір киерін, Қыз-келіншек үшін мен құр күйемін. Кешіре гөр біздерді, Əулие көл! Кешіре гөр біздерді, Қыр киелі! II Біздің сайда болатын мия қалың. Ауылдастар ойлайтын ұя қамын. Мия сиреп, Ұядан құстар безіп, Біреу үшін енді мен ұяламын. Ұяламын қарауға қарлығашқа. Шиқылдайсың, балапан, қарның аш па?!

Жалтаңдайсың əр Болат, əр Қайратқа, Жаутаңдайсың əр Баян, əр Күлəшқа. Тəрбиең де жақсы еді, Тəлімің де... Аян бірақ өмірдің мəні кімге?! Торғай аттың бір кезде, Соның үшін Ұяламын, бауырым, əлі күнге. Ұяламын қарауға қоңыр қазға. Толып-ақ тұр бүгінде өмір назға. Балапанын шұбыртқан қасқалдақтың Оқтан көрген қорлығы, Зəбірі аз ба?! Ұяламын қарауға шүрегейге. Құстың бірі туған да, Бірі егей ме?! Бүгін кептер атқандар Ертең ердің Кеудесіне тапанша тіремей ме?! Ұяламын қарауға егіз құрға. Қыра берсек қалады неміз қырда?! Жата берсін шуылдап орман-тоғай, Жата берсін малынып теңіз нұрға! Ұяламын қарауға қырғауылға. Аңшы деген ат бердік бір қауымға. Кейбір көлдің орнында шалшық қалды, Кейбір талдар айналды сырғауылға. Ұяламын қарауға шағалаға. Мылтық ұстап шалқарды жағалама. Құстың зарын естісе Не демекші Саған ана мына жер – Маған ана?!

Ұяламын аң аулап бел асқанға. Түсінбеймін сол үшін таласқанға. Ұшып бара жатпаса аққу-қаздар, Ұяламын қарауға көк аспанға! III Арқар атып, Қалайша тойламақпын?! Хабар оқып əртүрлі ойға баттым: Тегі құрып, Тігерге тұяқ қалмай, Төзімдері біткен бе хайуанаттың?! Көрем десең көлге бар, Далаға бар. Жердің де бір уəжі бағаланар. Аңшы көрсе Жиналып, Төбесіне Шығарыпты саңғуды шағалалар. Бітсе керек ойланыс, Толғаныстар. Қауіп қазір ормандар, Ну қамыстар. Қандары əбден қарайып, Ашу қысып, Адам жеуге көшіпті жолбарыстар. Əшкерелеп сұмдықты жарық түндер, Жасырады қабағы жабық күндер. Содан бүлік шығарып, Кей қонысты Тып-типыл ғып кетіп жүр алып пілдер. Бауырлар-ау! Кесесің неңді қырқып? Кей орманның орнында қалды бір түп.

Қонатын жер, Ұшатын аспан аздай, Самолетке шабатын болды бүркіт. Болса болар шаруасы бұрыс кейде, Түзетуге оны адам кіріспей ме?! Туысқанның қолынан өлгеніңше Өзіңді-өзің өлтірген дұрыс дей ме?! Амалсыздан... Көрсетіп батыр қылық, Киттерің де шығарды ақыр бүлік: Өзін-өзі лақтырып ақ қайраңға, Өз еркімен өздерін жатыр қырып. Алсақ солай барлығын майып етіп, Тағар бізге Болашақ айып етіп... Оны ойлайтын ақымақ па? Той-думанда Былшылдатып жеп отыр аю етін!.. ...Өлгеннен соң күн де жоқ Шуақ та жоқ. Өлтіргенде ар да жоқ, Ұят та жоқ. Оңбағанның артында ұрпағы бар, Ал мамонттың артында тұяқ та жоқ. Бəрі-бəрі олардың қырылыпты, Біздер мына – бүгінде тірі мықты. Мамонттарды жоқтауға тиісті адам, Жоқтар болса түбінде ірілікті. Қаншама аңды өлтірдік қамап түзде?! Сағынады оларды алап күзде. Қай кезде де Болуға тиіс енді Мамонттардың апаты сабақ бізге!

Бар тағдырдың тағы да, Тағы алары. Өсті мамық, Терінің бағалары. Мамонттардан дегенмен сүйек қалды, Басқалардан белгісіз не қалары?! Бұдан былай адамдар болмақ па абай?! Безген бақыт оралып қонбақ па оңай?! Тола жатар орыны топастардың, Мамонттардың орыны толмақ қалай?! Осындайда ақында тіл қышыған. Жатыр талай бүгінде жер құшып аң. Ал ғаламшар жоқтайды мамонттарын Айырылған анадай тұңғышынан. Қырдан безбе, бауырым, Нұрдан безбе! Жылататын жайттар бар жырдан да өзге. Жиһан қамын жамылып жоқтау керек Жердің өзі жоғалмай тұрған кезде! Ойлаймыз деп бір кезде қамын бастың, Ей, адамдар, достастың, Қауымдастың. Асын беру мамонттың керек енді Жылын берген сияқты ауылдастың. Жылататын жайттар бар жырдан да өзге Қырдан безбе, бауырым, Нұрдан безбе! Мамонттарды ел болып жоқтау керек Мамонттарша жоғалмай тұрған кезде. V Ойран салған сайғақтың өрісіне Қауіптірек сібірдің бөрісінен

Кейбіреулер Сыйлайды саудагерге Папка жасап ақбөкен терісінен. Ми дарымай, біреуге пұл дарыған, Аямайды пұлын ол ұлдарынан. Былғарыға құмар-ақ сол ұлдардың Қымбат емес кейбірі былғарыдан! Қариды деп ұяттың өрті бізді, Біз, əрине, бұзбаймыз сертімізді. Аямайды Аң түгіл өзіңізді Алу үшін ондатр бөркіңізді! Аңдар бастан кешкенді – Дала кешпек. Тарих мұңын Ертеңге ала көшпек. Еліне де, Ерге де пайдасы жоқ Ешкі қыздың үстінде лама бешпент. Көкпеңбек боп көктемде қыр жайқалды Бірақ анау мөлдірде кір шайқалды. Крокодильдің терісі Кейбір елде Сөмке боп жүр қолында бір сайқалдың. Жөні бөлек, əрине, жүйелі істің. Кейбір завод бірақ та күйе құсты... Желкілдеген үкі үшін Қалды адамдар Жете жаздап түбіне түйеқұстың. Қиын болған тағдыры бұл құсыңның. Қоя алады жасырып қылмысын кім?! Аяғында жатады ақсүйектің

Терілері барыстың Ілбісіннің. Азаматтан, Ақылды дос ағадан Не тыңдайды құлағы тосаң адам. Оған салсаң, Кəдімгі аң патшасын Бөстек күйде көресің босағадан. Кейбіреулер сұмдықты кəсіп көріп. Жүр бүгінде базарға тасып тері. Біздер үшін бұғылар Сырқыратып Мүйіздерін келеді кесіп беріп. Кінəліміз жасымыз, Кəріміз де: Зауал болар аңдардың зары бізге. Əжеміз де кетеді əйел десек, Адам десек кетеміз бəріміз де! Əй, адамдар-ай! VI Ұстағандай тұтқасын əлдененің, Кейбіреудің көрсеңіз дəндегенін?! Құсты айтасыз, Сөз боп па құс дегенің?! Аңды айтасың, Сөз боп па аң дегенің?! Шүкір! Шүкір! Сұмдықтан Далам аулақ. Сол Далада өседі балам аунап. Бірақ, бірақ, Кəдімгі осы адамдар Адам сатқан бір кезде, Адам аулап!

Керек еді жазалау əңгілерді, Кім тыңдаған ол кезде мəн білерді?! Құл сатушы кəззəптар АҚШ-ына Торға қамап жеткізген зəңгілерді. Айдаһарға дауа жоқ жеті басты! Кейбіреудің одан да ақылы асты. Адам емес, Маймылдың бір түрі деп Зообақта ұстаған папуасты! Жіберілген «жігіттер» əскер үшін Мəз қылам деп Париждің жас перісін, Тірідей-ақ Парикке лайықтап Үндендердің сыпырған бас терісін. Күні бітсе құндыз бен құнулардың, Ешқандай да қақы жоқ бұғуға ардың. Сөйте тұра Фашистер Төсек үшін Бұрымдарын қырыққан сұлулардың. Тұла бойын тілгілеп сабау-қайғы, Қара жердің жотасы алаулайды. Орта ғасыр өткенмен Кейбір елде Адамдарды, бауырым, əлі аулайды! Ысқырғанда құлдықтың қамшылары, Белгілі ғой кімнен қан тамшылары! Аңдып жүріп атады Зəңгілерді Ку-клукс-кланның аңшылары! Бас орнында демесең, Шаш орнында.

Өмірге аян мықтың да, Нашарың да. Африкалық бір король Өз елінің Премьерін жеп қашқан қашарында!.. VII Мына қыры қазақтың, Ана қыры Қызыл қырман бүгінде, Қала бірі. Қайда кетті, Кім маған айтады енді Атыраудың құланы – Онагры?! Жер айтады осылай, Күн айтады, Күн айтады, Көңілді мұңайтады. Ақтөбеде бір кезде піл болғанын Кім біледі бүгінде? Кім айтады?! Айла көп-ті адамда, Айла көп-ті. Айласына талайды айғақ етті. Қылыш тісті жолбарыс – Жерлес біздің Айтыңдаршы, ағайын, Қайда кетті?! Жатыр дейсің жаратқан кімді ескеріп. Құртты ма əлде өзара күндес бөрі?! Ажары еді Даланың, Қайда кетті, Қайда кетті қазақы жүндес керік?!

Іздеймін мен əр бұта, Əр талымды. Момынымды, Тентегім, Арқалымды. Кім қайырып береді кваганы? Кім қайырып береді тарпаңымды?! Нысанаға мықтап бір ілінгенге Тіршілік жоқ... Дүние бүлінген бе?! Құмырсқалар құрыса, Оның орнын Толтыруға болмайды піліңмен де! Қуанышын, Қайғысын, Мұңын көріп, Жылжып жатыр осылай күн ілгері. Мамонт қана емес қой Опат болған Жетіп жатыр мамонттың інілері! Жарқырап-ақ тұрғанда көктем нұры, Қасірет пен қайғының жеткен бірі. Хайуанаттар ғана ма зəбір көрген, Хайуанаттар ғана ма кеткен құрып?! Жер астынан аң табар, Балық табар. Сонда қанша сыр жатыр анықталар?! Дронт құсап кəдімгі Ізім-ғайым Жоқ боп кеткен ел де бар, Халық та бар! Кімде кінə, бауырым, Кімдерде айып?! Кімдер одан сорлады,

Кімдер байып?! Хайуанаттар түгілі Дүниеде Ұлттар ғайып болыпты, Тілдер ғайып! Құлпытастың ежелеп оқыр үстін Ғұламалар басында отыр істің. Таңба ғана, Тас қана! Тілі де жоқ, Өзі де жоқ бүгінде этрустың! Бір кездерде шаңдатып айна көкті, Төңірегін түгелдей майдан етті. Жер жұтты ма? Немесе, Көк жұтты ма? Сол хазарлар бүгінде қайда кетті?! Білімпаздар сеніммен қағып төсін. Ұлы десін, Кемеңгер халық десін, Латындардың өзі де ғайып болған Қалдырып тек тілі мен əліппесін! Кейбір халық одан да құр қалыпты. Мойынға іліп əлі де жүр қамытты. Бір балықты бір балық қылғытқандай Қылғытыпты бір халық бір халықты! Жауыздықтың қадалып сүңгілері, Желкеде ойнап мылтықтың дүмбілері, Жақын қалды құруға, Жоғалуға Американың үндіні-үнділері! Жылдар, жылдар... Бір мезет тоқтамастан,

Халық қанша шоқ басқан, От та басқан?! Шіркей үшін зар қаққан, ағайын-ау, Неге? Неге? Соларды жоқтамасқа?! Неге? Неге сол үшін зарламасқа! Басқыншыны сөкпеске, Қарғамасқа! Əлде мына өмірде халықтардан, Ұлттардан да қымбатты бар ма басқа?! IX Кетем іштей тітіреп, Түршігіп те: Дүниені төңкерер бір шүріппе! Жоқтай-тұғын бүгінде хайуанат көп, Ойланатын нəрсе көп тіршілікте! Отыратын кез емес түңіліп құр. Төзім тауы бор болып үгіліп тұр. Айналаңа қарашы, Адамдарға, Өзіңе-өзің қарашы үңіліп бір! Сөз болып па кəрілік, Қарттығымыз! Бізге лайық бір жүкті артты ініміз. Кеткен жоқ па азайып ерлігіміз?! Кеткен жоқ па жоғалып мəрттігіміз?! Талай темір көк тасқа қайырылды, Талай Тəңір сенімнен айырылды. Адамбысың сен өзі мейірімді? Адамбысың сен өзі қайырымды?!

Тазамысың? Тірлікке ризамысың? Түтін толы əлдебір мұржамысың? Алар жерге келгенде қанағатшыл, Берер жерге келгенде мырзамысың?! Өкпе емес пе осыным, Наз емес пе?! Кейбіреулер барына мəз емес пе?! Туыс көп те Жоқ бірақ туысқандық. Адам көп те, Адамдық аз емес пе?! Қараңызшы үлкенге, Кішіңізге: Орынында ма санамыз? Күшіміз де?! Мамонт құсап Жігіттік Азаматтық Қалған жоқ па көміліп ішімізде?! Жақсылықтың алдында бас иетін Бабалардың не істейміз өсиетін?! Жер жоғалтса не болмақ перзенттерің? Ер жоғалтса не болмақ қасиетін?! Түгел жыртып, Тастақты айдағандай Отырмын мен, Отырмын ойға қанбай: Адамдығын жоғалтсақ адамдардың Хайуанатты жоқтаудан пайда қандай?! X Одан көріп, Ақыры бұдан көріп,

Таласқаннан не таппақ құлан, керік?! Жоғалтқанды жоқтаған жөн болғанмен, Жоғалтпаған жақсырақ одан гөрі! Əттең, бірақ! Аспанның бұлты биік Жаңбыр емес, Өтеді сілті құйып, Жоқ боп кетті Əдемі теке мүйіз, Айғыр жалды көгілдір жылқы киік! Қара жерді жылатып, Еңіретіп Кетті солай дронттың өмірі өтіп. Екі ғасыр бұрын біз Ең ақырғы Су сиырды өлтірдік мөңіретіп. Қызыл-жасыл, Зер өңді, Қалайы түр Тотылардың музейде талайы тұр. Адамдардың алдында Ақырғы рет Ышқынды да Көз жұмды жабайы тур. Осыны айтсаң, Күрсініп, Тоқтайды жел. Өкініштің мылтығын оқтайды шөл. Солқ-солқ етіп жылайды Опат болған Перзенттерін еске алып, Жоқтайды жер. Одан көріп, Ақыры бұдан көріп,

Таласқаннан не таппақ құлан, керік?! Жоғалтқанды жоқтаған жөн болғанмен, Жоғалтпаған жақсырақ одан гөрі! Отыра алмас ұл шыдап, Қызың шыдап. Жоғалғандар тізімі – ұзын шұбақ. Қызыл кітап – Мезгілсіз кеткендердің Бастарына қойылған қызыл шырақ! Келеді кез, Күрделі біздің бұл кез! Жаутаңдайды адамға түзде мың кез, Қызыл кітап – Опат боп кеткен аңның, Бастарына қойылған қызыл күмбез. Қашқан кезде адамнан Ізін қандап, Тау ешкісі өтеді құзыңды аңдап. Қызыл кітап – Тірі жан тимесін деп, Хайуанатқа берілген қызыл мандат. Баяғыдай көбінің халы бірақ – Мойындарын үзеді əлі бұрап. Қызыл кітап – Бұл өзі қызық кітап: Тысы жұқа, Астары қалыңырақ!

«ЗАМАН-АЙ» Есет Əзербаевқа арнаймын Пролог немесе өң мен түстің арасы Мəн бермейсің тағамға тоқ шағыңда. Зəрсіз кезі баудың да, бақшаның да. Бəрі есімде, замандас, бəрі есімде: Дүние арзан болатын, ақша қымбат! Əн салудан талмайтын бал таңдай түн, Кездер еді-ау – қыз емес – жар таңдайтын. Он сомы бар студент қалтасында Он мыңы бар кісідей талтаңдайтын! Адамдардың шетінен мес емесі, Мес емесі – белгілі бесенесі. Мəселесі дарынның басқа əңгіме, Шешілген-ді қарынның мəселесі. Жұлдыз əлем – алдағы бағыт еді, Біздің ел деп түсіндік Бақыт елін. Студенттер үнемі өзек жалғар Асхананың болатын наны тегін. Өзі түгіл, құтыртып малайларын, Арам майға айналды талай қарын. Қап-қабымен сатып ап – О Жасаған! – Кейбіреулер семіртті торайларын! Қиын кездер көзден жас моншақтаған Кейін қалып, арамыз алшақтаған. Тойынған ел тулайтын ойда жоқта Тұра қалса кезекте он шақты адам! Сары қаймақ тіліңді үйіретін, Соған да жұрт мұрынын шүйіретін

Алып шыға беруші ек кірген жерден Қойдың етін, жылқы етін, сиыр етін. Тоқшылық пен жоқшылық, алмаса ма?! Баршылыққа таршылық жалғаса ма?! Шошқа еті деп қазақтар қарамайтын Шұжықтарға – тоқпақтай колбасаға! Тыпыршымай бір нəрсе аларында Тұрушы едің – қажеттің бəрі орнында. Ішімдіктің болатын неше түрі: Ликерің де, мускат та, кагорың да! Əлі есімде сол кезгі мода қандай! Өңіріне əркім гүл қадағандай... Арағың да көп еді, арзан еді, Коньякты тұратын адам алмай! Кейбір бастық, бұйырып мастарына, Не келгенін істеді-ау бастарына: Сұлуларды шампанға шомылдырып, Сосын барып жататын қастарына. Вокзалдарда, аэропорт, бекеттерде Баяғыдай енді дос жетектер ме?! Қызылы бар, кəдімгі қарасы бар – Уылдырық өтпейтін буфеттерде! Түнде де ішіп жігіттер, Күндіз ішіп, Қиялында жүретін жұлдыз құшып. Шаң-шаң болып жататын қоймаларда Сусар бөрік, Бұлғын тон, Құндыз ішік! Берік кезі, Нық кезі сенімдердің, Дастарқаны көл-көсір келіндердің.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙