Өзіңе арнадым
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ермұрат Зейіпхан
Ермұрат ЗЕЙІПХАН
ӨЗIҢЕ АРНАДЫМ
*** Қос қанат құсқа бiткен маған бiтсе, Жетер ме ем1 Бестөбе?! Алдымнан Әкем күтсе, Анам күтсе Қос көне... Қос қанат құсқа бiткен бiтпес маған, Арман-ай, Бестөбе!.. Алдымнан күтпес те Әкем, күтпес те Анам, Қос төбе! *** Елжiрегiңдi, Жер жүрегiңдi, Өбуге құштар Жел жiбегiңдi – Күнесім2, сағындым! Тәттi шырынды, Шақпы3, суыңды, Бұлттардан биiк, Тақты шыңыңды, Күнесiм, сағындым. Түн жұлдызыңды, Күн, гүл, қызыңды, Бұла көктемiңдi, Қыс, жаз, күзiңдi, Күнесiм, сағындым. Үмiт байрағым, Биiк тауларым, Бабама ұқсаса, Иықты аумағым, Күнесiм, сағындым. Оғыланыңды, Қорығаныңды, Емiренетiн – Омырауыңды, Күнесiм, сағындым.
Жүдеуiм менiң, Тiлеуiм менiң, Жалғанда жалғыз Бiреуiм менiң, Күнесiм, сағындым. Аһ, жалғаның-ай! Байланғаным-ай! Әл-дәрмен қайда, Барма амалым-ай... Күнесiм, сағындым! –––––––––––––––– Бестөбе1.Шақпы2. Күнес3 – Қытайдағы Қазақтар мекендеген өңір аттары *** Айыптама аяулым-ау, Тiрлiгiмдi баяу мынау. Қолдаушым да, қорлаушым да, Төңiректеп таяу жүр-ау... Таяу жүр-ау иықтасып, Ұпайларын сұрыптасып. Бiрi сүйсе бiрi ұмтылар Жiбермекке иiп, басып. Аяулым-ай, түсiн бiлiп, Iшiм күдiк, iшiм де үмiт. Елп етпесем, желп еткенге, Ол тауға тән мүсiндiлiк. ***
Даланың бiр аты тау едi, Тау – Тәңiрге таяу едi, Тәңiртау алыста қалған, Сол көңiлге қаяу ендi. Даланың бiр аты ел едi, Ел – ебелек пе едi? Ел қалды ерлерiн еңiреткелi. Даланың бiр аты – су Су – көз жасы ма едi. Зұлматты саған емес, Тiлейiн өз басыма ендi. Даланың бiр аты – ну, – Ну – нұрай ма ендi? – Нуына жұтаған жер, – Тұнжырай ма ендi? Даланың бiр аты – көр, Көр – екi өмiрге есiк! Ел мұңдар кiмге қалдырып кетемiз десiп. Даланың бiр аты – боз, Боз – бетеге, жусаным. ...Қалды ғой қайтейiн... Қалғаны құр сағым. ***
Мына күннiң нұсқасы-ай, Жаз дегенiң қысқа сай. Бiр орамға жетпейдi-ау, Ғұмырыңның қысқасы-ай! Өңiңдегiң түске сай, Нәзiктiгiң күшке сай. Батырлардың олағы-ай! Залымдардың ұстасы-ай!.. Адастырар бастаса-ай!.. Пейiл қара тасқа сай. Адал жолдың тұманы-ай, Арам жолдың қасқасы-ай! *** Сан құйқаға төзiмдi, Пендемiз бе?! Мен iздеймiн өзiңдi, Сен де iзде. Таста да бар тiршiлiк, Мүктенедi, Онда үмiттiң қыршылып, Бiтпегенi. Пәруанамын мен бүгiн, Төнген отқа. Баламашы беу, гүлiм, Барды жоққа Жүрек бүлiк салады, Кел, кеп қара: Сен деп қана соғады, Сен деп қана. ***
Бiр күбiр, бiр дүбiр, Қылды ығыр, құлдық ұр. Қыл-қыбыр, жын-жыбыр, Мезi еттi-ау – бұл ғұмыр. Ашық жүр, шашық жүр, Ғашық жүр, машық жүр. Қонып жүр, көшiп жүр, Суқаным шошып жүр. Бүкiл маң кесiрден, Құтырған, есiрген. Тұтылған, кесiлген, Үмiтiңдi өшiрген. Балаң кiм, Анаң кiм, Аран түн, алаң күн. Тоналдым, таландым... Қасында-ақ моламның. Басқа ендi не дейiн... *** Бiлiп пе ек бауырым қауып қай терең? Жанымды өртке малып қайтер ең... Жол түссе – Күнесiм көз жасым менiң, Үш уыс топырақ алып қайтар ем. Ерте ме, кеш пе құшар жанымды, Үш уыс топырақ үш аруағымды, Кеудеме басып оралсам елге, Айтпас та ем бауырым еш арманымды.
Шетiнен шенiне шексiз даланың, Қаңбақ боп ұшқан ессiз баламын. Ата, Ана, Аға – көзiңдей қайра-а-ан!.. Үш уыс топырақ шексiз бағалым. *** Құмарлықтан түйiнделген екенмiн, Ес бiлгелi сүйгiш болдым аруды. Құлаттым мен, қанша желкен көтердiм, Бақ не сорым, жолым болды торулы. Берсе-дағы жүйке, жүрек тастай ғып, Баулынды ақыры ширығу мен сыздауға. Омар құмар шарапқа да бас қойдық, Шайырлардың сара жолын бұзбауға. Құштым ару, от құшақта тұншықтым, Таңданбадым тiрi қалған сұлбама. Шыр айналған әлем деген ұршықтың, Әйел деген қазығы екен бiр ғана.
Күн шығыстың ақындары бiледi, Ғашық бола бiлген жүрек азбас-ты. Бiреу маған жұдырығын түйедi, Әлде қайдан көрiп қалып көз жасты. *** Арман көп тауыса аламын ба? Жолыңа жауса қаным да. Мың батып аусар ағынға Жүрсем де аңсамадым ба, Арман көп тауыса аламын ба?! Ағылған әр сабағымда, Ләззатты таусамадың ба?! Әзәзіл ой сонарында, Ойқастап, жау санадың ба? Дәриға-ай, сол сор ауыр да!.. Арман көп тауыса аламын ба?! *** Ойың, қайдам, түзiк пе, әлде, бұзық па, Оқып көршi маңдайыңа сызып па. Өлеңiме құмар бола бер, қалқам, Өмiрiме қызықпашы-ай, қызықпа.
Ақындағы басқа тiлек, басқа үмiт, Тұрса дейдi ол тастан-дағы жас тамып. Ғұмырыңды байлама сен оларға, Жатсаң мейлi жыр кiтабын жастанып. Оны дағы, өзiңдi де қор қылма, Оның жөнi, оның жолы өр-қырда. Барады әне, құлады әне, өлдi-ау деп, Тебiрен де отыра бер орныңда. Өзiм жайлы тым-тым қатал кеттiм бе?! Боталат па жанарыңды тек, мүлде. Менi ұмыт, ұмыту үшiн бара ғой – Той боп жатыр анау тұрған шеткi үйде. *** Ғайыптан келем жаяулап, Ғайыпқа барам таяулап. Батады күндер алаулап, Ары аунап барады ай аунап. Ғайыпқа барам танаулап, Ғайыпта бардай жаңа аумақ. Дос күтер ме, жау арбап, Ғайыптан келем жаяулап.
Шүлен жаз онда борасын, Жұмақ па деп те қаласың, Тозақ па деп те қаласың – Ғайып пен ғайып арасын. *** Жұта ма көңiлiм жұта ма! Асылдан қалған жұқана, Төзiмiң сондай жұқа ма?! Қасiрет қылғып, жұтама... Жұта ма көңiлiм, жұта ма. Аруақты бабаң ұмыта ма, Бабаны ұмытқан ұта ма. Қорғалар торғай бұтаға, Торғайға бұта – құт ана, Жалғанда оны ұмыта ма? Тiрлiкте бәрi болмай ма, Өр қайда, деме төр, қайда? Болжай да бiлсең – көп жайға, Арыған көңiлiң толмай ма, Тiрлiкте бәрi болмай ма... Қомсынба өзiңдi, қол жай ма! Алдай ма өмiр, балдай ма? Жағаңнан бiрде алмай ма. Сытылып шығар хал қайда, Тағдырын сонда қарғай ма, Қарғанған тал қармай ма?..
Серпiлгiн көңiлiм серпiлгiн, Көзiмнен неге сел тұрдың?! Көңiлiм неге желпiндiң? Тiлек тiлеп мен тұрмын: Кеткенiмдi – келтiргін, Кетiлгенiмдi толтырғын Нәрленген дала, құрақ, тал, Бұлақ бал, дара – мұраттар! Бәрiне бар бiр-ақ жар! Субуһан Алла – қуат, нәр! Әумин Аллаһу Акбар! Әумин Аллаһу Акбар! ***
Көктегi дана, панадан, Адам ата – Хауа анадан, От, су, топырақ, ауадан – Жаралған, содан тараған, Түсi ақ, қызыл, қарадан, Қорегi – ет, сүт, қара нан. Мал жанды, бiрi бала жан, Жанжалды, бiрi дала жан. Қабылды бiрi қалаған, Абылды бiрi қалаған. Кешеде-дағы сол адам, Бүгiнде-дағы сол адам, Ертеңде-дағы – сол адам – Арылмас шаттық, наладан. Өрiп шығып «қорадан» Орын табар – моладан! Топырақ, ауа, от, судан, Қақшып алып менi әкем, Анашыма тапсырған, Бақ-тәлейлi дән екем. Дән екем – нәрлі дәнегі, Жан мен тән салған ән екем. Әуелi тiрлiк мәйегi – Аллаға ғана тәу етем! ***
Әмiрiн жел жүргiзбес – Адуынкер! Алымымды ел бiледi, арынымды ел. Домбырама iшек бір, тиек сайла, Емiнiңдер, сонан соң егiлiңдер. Айтпа деймiн құр ақыл, далбасаны! Жалқы жаным әлеммен арбасады. Сыбырына тәңiрiнiң сыр қосатын, Бiр сәт ойым рухпен алмасады. Жарасар серiлерге үлде-бүлде, Осыны жадың болса түй де, бiл де, Жарқыратып маңайын қойыңдар да, Елiтiп отырыңдар күй-көңiлге. Дүние тарылар ма әсердi ұрлап, Түсiн, бауырым, осылай десем бiр уақ. Бұлбұлға қажетi жоқ ақыл айтып, Бұлбұлға – қажетi жем, әсем гүл-бақ... *** Сен бөлексiң, жекесiң, Көзiң үмiт, кекесiн. Сөзiң тағы төтесiн: «Қолыңды созсаң жетесiң!»
Сен – жалқысың, жалғызсың, Гүл көктемсің, сары күзсiң. Жайдары жаз, қар – мұзсың, Күн – дидары, Ай – жүзсiң. Сен еркесiң, дарасың, Биiктеп әттең, барасың. Айтады көзқарасың: «Талмасаң, тауып аласың!» Сен – қиялсың, санасың, Жаусаң – нұр боп жауасың. *** От пен мұзға, Шарап пен қызға Сенi салдым – жүрегiм! Ақымақтарға да, Бетпақтарға да, Сенi салдым – жүрегiм! Шорқақтағанда, Жол таппағанда Сенi салдым – жүрегiм! Аң – өткенге, Қасiреттерге Сенi салдым – жүрегiм Салдым, салдым – бәрiне, Қалғанына менi салғын – Жүрегiм! ***
Бөбек жүрек, бүлдiршiн сезiмiңмен, Не тiледiң, бiлмеймiн, не берейiн? Iз-тозы жоқ ғайыптың өзiмiн мен, Елемегiн, мен сенi елемейiн. Бөбек арман, бүлдiршiн қиялыңмен, Не болжадың, бiлмеймiн, тiлерiң не? Маңын шолар жан емен ұяның мен, Жапанда татар дәмiм, iлерiм де. Бөбек бейне, бүлдiршiн мүсiнiңмен, Кiсi бiрден елiгер нұр шашасың. Сұлулардың баспасы мысы бiрден, Ағарып кетпес те едi-ау, мұнша шашым. *** Мен де бары сен де жоқ! Сен де бары мен де жоқ! Бардан гөрi жоқты iздеп, Сабыламыз пенде боп. Ырғын, қырғын – төлдеген, Бәсеке маң – кеулеген. Бар кетедi кеудеден, Сен бер, мен бер деуменен. ***
Арманның ақыры жоқ! Заманның ақыры бар! Бергеннiң пақыры жоқ, Алғанның тақыры бар. Адамның пендесi бар, Ақылдың делбесi жоқ. Асылдың кендесi бар, Алланың теңдесi жоқ. Топырақ та ақымы жоқ, Кiм едiң батылы жоқ?! Арманның ақыры жоқ, Заманның ақыры бар. *** Түсiнбедiң-ау! Жанымды жалдағаным, Жағымды жарлағаным, Алдаған, арбағаным, Барлаған, бармағаным, Аларды алмағаным – Өлеңiм үшiн едi! Түсiнбедiң-ау! Бiреудi сүйе алмасам, Басымды ие алмасам, Ортаға сия алмасам, Өзiмдi жиi алдасам, Есiмдi жия алмасам – Өлеңiм үшiн едi!
Түсiнбедiң-ау! Арманды адыра етсем, Маңымды дабыра етсем, Жоқ жерден табыла кетсем, Барымнан арыла кетсем, Екiге жарыла кетсем – Өлеңiм үшiн едi! Түсiнбедiң-ау!.. Түсiнбедiң-ау! Болғаны түн құмардың, Толғағы мұң мұнардың, Мазағы тұрғылардың: Жындысы – жындылардың, Түп тегi – құмардың, Құндысы – құндылардың – Өлеңiм үшiн едi!.. Бәрi де өлеңiм үшiн едi! Түсiнбедiң-ау! *** Оңаша қалғаным – Жалғыз қалғаным емес! Л.Толстой. Жалғанды күндiз көр дептi, Әр неге сосын асықтық. Өзiң мен өзiң бол дептi, Ұйқысыз түндi нәсiп қып. Көз қанған тiрлiк алданыш, Ойды алған түнде сыр шексiз. Шексiздiкке самға да ұш, Көкiрек есiк күршексiз.
Өзiңдi көрмеу, ұқтырмау, Оянған кез бұл – ой-сана. Түн құшағы ұмыттырды-ау, Жар қойыны жалын болса да. Бөлеп бiр нұр мен шапағат, Хикiмет, тылсым оянбақ. Кеткенде жұлдыз бошалап, Түсем мен жерге аяңдап. Бойымда жырдың өртi ерен, Самарқау сен тiл қатасың. Мен кiре берген көрпеден, Сен тұрып бара жатасың... *** Берi аттау да, ары аттау да еркiмiз, Жалақтау да, алақтау да еркiмiз. Жалақтаған, алақтаған басқаны, Жарату да, жаратпау да еркiмiз! Не десек те еркiмiз де еркiмiз, Еркiмiзде – емiмiз де, дертiмiз. Бұл өмiрде шын ерiктi бұлар деп, Дөңгеленген дүние қане, елтiңiз. ***
Ауыр жүк және ауыр ой, Ғұмырымның жолдасы. Әпермейдi екен абырой, Тегi жаяуға – жорғасы. Жақыннан жаттық сезген соң, Жарылқар ма екен бөтен ел. Тау тұрады белден соң, Сезiмi сергек – өтедi ол. Ауыр ой және ауыр жүк, Санатар әр адымды. Таусылмаймын абыржып, Жалдамаймын жадымды. Сауап қой алған әр демiң, Көкiрек көзiң ояуда. Жер-су баспас әлде кiм, Ойланар қарап жаяуға. ***
Жағалағаның алалағаның секiлдi, Ағалағаның табалағаның секiлдi. Аялағаның аямағаның секiлдi, Саялағаның сабалағаның секiлдi... Жалған ғой –жалған! Сенi бiлмегенiмдi-ай, Өзiмдi өзiм бiлмегенiм секiлдi... Бiлдiм! Өкiндiм! Шалалығымды шамалағаным секiлдi, Балалығымды бағалағаным секiлдi...
ОТЫЗЫНШЫ ЖЕЛТОҚСАН
Бүгiн менiң туған күнiм, ой, бәле-ай... М.Мақатаев. Келдiм. Көрдiм. Таныдым. Болдым. Толдым – салымым. Төрмiн. Өрмiн – сағымым. Толдым. Солдым – Тәңiрiм. Жеткен жерi – әмiрiң. Келгенде iзi болмады, Кеткенiн қайдан бiл дейсiң?! Адамның көп арманы, Жеткенiн қайдан бiл дейсiң?!
МЕН ЖӘНЕ МУЗА
Мен сайрасам, сайрайды, Мен жайнасам, жайнайды. Мен жыласам, жылайды, Мен құласам, құлайды. Түпсiз терең былайғы... Сен көнбесең көнбеймiн, Сен көрмесең көрмеймiн, Сен көл десең көлдеймiн. Өзiмдiкiн «сен» деймiн, Өзiңдiкiн «мен» деймiн. Өзгеге ендi сенбеймiн! *** Ойлаумен есiлген өлеңiм, Жайлауда көсiлген тұлпардай. Күрмеуi шешiлген өлеңiм, Шыжымы кесiлген сұңқардай. Сазы кернеген жүрегiм, Әз көкiрегiмдi жыртардай. Тыңдарға салған түренiм, Барады тартып, бұлтармай. МӨДЕ ХАННЫҢ СӨЗI (Тастағы жазудан) Түлкiлiгiңнен, Түркiлiгiм биiк! Есiмдi жиып, Көк бөрi кебiмдi киiп, Белiңдi иiп, Қылтаңды қиып жiберемiн.
Жымысқылығыңнан, Ырыс-тұнығым асқақ! Арландарымды бастап, Бiр жола жасқап, Басыңды қара жерге жастап, Тәнiңдi шыңырауға тастап, жалғаннан аластап, Жiберемiн! Дөкiр неменi, Заты – маса, кененi – «Омыртқасын опырып – отын етермiн, Қабырғасын қақыратып – қатын етермiн», Көзжасың көл, Көңiлiң шер болар, сонда. Әлiңнен аспайтындай, Ұлы даланың пұшпағын баспайтындай боласың сонда. Келген iзiң, әне! Керi қайт! Барып айт! Бөрi деген қолға үйренбейдi екен де. Именбейдi екен де. Дос болса – ажар! Тажалға ажал екен де. Жалпақ әлемге аузын бiлеп, Тырнағын созады екен де! Солай де!
РОЗА РЫМБАЕВАҒА
О, жалауым! Қасиеттi алауым! Теңiздегi кемешiге Мәнi қандай жағаның? Балауы жоқ бал әнiм. О, құрсүлдер! Жүрек тынбай дүрсiлдер. Дүрсiлдер де – құрсүлдерге – Тынбайтынын бiлсiн дер. Қайратына мiнсiн дер. О, дүние! Дүниеге кiм ие? Қарға адым бұл жалғанда – Көз құртының құлы ие! Басар байлық биiне, О, тәттi әуен! Сол ғой алтын тақ деген, Дәргейлесе алмас ешкiм, Саған бiткен бақпенен. Әдiл екен Хақ деген. О, абаттың – Көгiндегi қанаттым. Самға, тал ма, сайра, бұлбұл, Керне әсем алапты үн. Шуағындай жәнаттың! *** Жалғанда жалшы ма деме, Жалғанға жаншы ма де. Арманға малшыла деме, Арманға – қамшыла де.
Жалғанда желкелер деме, Жалғанға еркелер де. Арманда дерт емер деме, Арманға өртенер де. Жалғанда қор болар деме, Жалғанға төр болар де. Арманда сор болар деме, Арманға нұр болар де. Жалғанда жалғансың деме, Жалғанға жан-жарсың де. Арманда жалығарсың деме, Арманға жалғансын де. *** Алқымдап жаны жатқан денені, Айқара құшып ақ таң келеді. Алмас қылыш, ақтаңгер еді, Адырна аңырап атқан жебе еді, Аңсағанын тапқан жөн еді, Арманға жетіп батқан жөн еді. Сүлдерін сүйреп қозғалады енді, Соңынан кесір көз жаза берді, Сусыды, түсіп бөз қала берді, Сұрықсыз түнді боз дала жеңді. Суынған қаны қоздана берді, Сұп-сұлу таңы наздана берді... ***
Ісімде де, Түсімде де маза жоқ. Тысымда да, Ішімде де маза жоқ. Мандымай қалғыр тірлікте мынау, Мазасыздықтан асқан жаза жоқ! Азады жаның арқалап жүрсе азап – ар, Қаза бар жерде, Қасиетсіздерге қаза жоқ. Асау арманның жалына қанша жабыстым, Жарыстым желмен, Шаңдатып қия, жар үстін. Табыстым таңмен, Талдым да кештім әл үстін, Жемісін аңсап алыстың қанша алыстым! Қарыстың сен де, Мен дағы қайтпай қарыстым. Қалысқым келмей, Қасиетіңменен қабыстым.
Өлшемді өмір, Өлшеулі бәрі әу баста, Жау, қаста дағы, Тірлік жоқ тыныш, дау қаста. Бозторғай, бұлбұл, бақаның әні әр басқа, Ал мен – жеті музасы ояу марқасқа. Мазасыздығым – Соңыңнан ердім ал, баста! Ғажап қой шіркін, Арманға – арман, Ән қосса. *** Тебірентер едің, Емірентер елің. Егілтер едің де, Соңыңа ертер едің. Жадыратар едің, Жалын атар едің. Жамыратып күйді, Аңыратар едің. Аспандатар едің, Бостандатар едің. Жаз боп кетер ме еді, Тастан қатал өңім. Ентелер едің, Еркелетер едің... Ерте кетер едің де, Өртеп өтер едің. *** Ширықтырса да бұл жалған, Ширықтырма домбыраңның ішегін. Аздырмас қоңыр үн жолдан, Шығарар тысқа іш шерін.
Күш қылған мен ышқынған, Даламызға, тегімізге жат-тұғын. Өшпес жалын жаралар жалғыз ұшқыннан, Түзуін оқтың, сүйеміз оттың пәктігін. Адалын, азған баға алмас, Табамын деме көр көкіректерге күй бұқса. Онсызда мүшкіл хал оңбас, Қоңыр үнді Әулиеміз ширықса.
АҚЫН АҒАЛАРЫМА
Иман жайып өскен гүлдер-ай! Жиған ба алып дерсің сұлулық. Иран-Ғайып кешкен күндер-ай! Исрайыл – ескен жылулық. Белгілі шаттық, шер тегі, Жаным деп өскен өлкені. Иран-Ғайып – ерке, тентегі, Исрайыл – мөлдір өр көгі. Көп сүйер, азы айыптар, Алда күн бәрін анықтар. Меніңше олар – алыптар, Исрайыл, Иран-Ғайыптар. Санасы мұз боп сірескен, Саңылаусыздарға зауал ма ең?! Бітеумен және күрескен, Тірескен сайқал заманмен. Исрайыл, Иран-Ғайыптар. ***
Күніне мыңдап, түмендеп, Жастанар жазым адамдар. Еркіңе дендеп кірем деп, Анталайды арандар. Білем деп, біреу күлем деп, Шаң қабады, қараңдар! Жолыңа қалай гүл өнбек. Санасы көр, сараңдар. Итке итше үрем деп, Адам күнін тәмамдар. Етегін елдің түрем деп, Сүріліп қалған надан бар, Сүрініп қалған жаман бар. *** Зеңгір де зеңгір, зеңгір көк, Зеңгір көк асты сеңгір тау. Алдыңнан жұпар жел гулеп, Теңбіл көк мін де желдірт, ал. Желдірте шауып кеңге шық, Кеудеңді шаттық кеулесін. Барады бұлттар көл кешіп, Қалдырып аққу бейнесін. Сай-сала андыз ақ орда, Түтіні аулақ қауышқан. Тұғырға өзі қонар ма? Балапан бүркіт жаңа ұшқан.
Күрпілге күрпіл қосылар, Иісін-ай, саумал, қымыздың. Жолаушы жолдан тосылар, Қымыздан күтіп ырзығын. Түнімен қойды күзеткен, Маң төбет марғау үреді. Шолпылы сұлу ізетпен, Самауыр жақта жүреді. Мен туған жерде жаз жайлау, Болатын дәл осылай. Жарылып кете жаздайды-ау, Құмар бір қойды-ау басылмай. ***
Бір жүргім келмейді, Бүлдіргім келмейді. Білдіргім келмейді, Күлдіргім келмейді. Алдағым келмейді, Арбағым келмейді, Қаужағым келмейді, Болжағым келмейді. Мақтағым келмейді, Даттағым келмейді, Таптағым келмейді, Ақтағым келмейді, Іздегім келмейді, Көздегім келмейді, Төз дегім келмейді, Келмеген келмейді. Бәрібір келмейді! Көнбеген көнбейді, Бәрібір көнбейді! *** Сүйеумен шыңнан асасыңдар да, Әлдеріңнен асасыңдар. Даңғаза «әнге» басасыңдар да, Пәк көңілді басасыңдар. Дүние ісі дүниеде екен, Ойламайсыңдар мұны неге?! Сайрайды қарға үйіне бөтен, Бұлбұлдың үні оны деме.
Алып-ұшып жеткен көңілдің, Тауаны қайтты-ау, неткен өмір. Бауырым сен – не көрдің, не білдің? Күйді ғой пейіл текке небір. «Бай-байға» деген, «сай-сайға» деген, Біледі қазақ, бұл ғажап. Қызғанар киіз жауса кедейден, Сонысы жанды тұр қажап. Сүйеумен шыңнан асасыңдар да, Әлдеріңнен асасыңдар. Даңғаза «әнге» басасыңдар да, Пәк көңілді басасыңдар. *** Өтінде жүрсің дейсіңдер, Бүгін де бер жақ, ар жақтың. Миымды шағып жейсіңдер, Дәніндей көріп жаңғақтың. Шытынап тұрған онсыз да, Көргені көп кәлла еді. Арман болған сансызға, Дәнді еді, дәні – дәмді еді. Өзі тылсым болғанмен, Тылсымы жоқ шешпейтін. Жауы қырнап-жонғанмен, Сәулесі бар өшпейтін.
Басымды сендер көп даң қып, Тұрғанда, көктен, алыстан: «Талайды әлі дода қып Тартасың!» – деп тұр сауысқан. *** Жер ортасы жасқа келіп, Адасқанымды білдім. Танауымды тасқа беріп, Санасқанымды білдім. Өлшеусізбін дегендердің, Өлшенетінін білдім. Қанша құздың, белеңдердің, Теңселетінін білдім. Хандар менен қаралардың, Қатарласатынын білдім. Бірге – дара-даралардың, Сапарласатынын білдім. Бір көреміз дегендердің, Көрмейтінін білдім. Бірге өлеміз дегендердің, Өлмейтінін білдім. Мынау жарық маңайымның, Жалған екенін білдім. Арбаған таң, арайыңның, Арман екенін білдім.
Жер ортасы – көктөбеде, Кім екенімді білдім. Кірейін деп отты өреге, Тұр екенімді білдім. *** Жортқандардың қарашы жортақтаған, Қорқытқандарың мына енді қорқақтаған. Сөз саптаған жаңылып сөз таппаған, Жел қақпаған әз дене-ай, бөз қаптаған. Сайма-сай ма, кешегің, аусай бүгін, Балын ішкен тағдырдың таусайды уын. Тас шайнаған адыра қалса-ай күнің, Аласұрып қаныңды аңсайды кім. Дәу пірім деп, қалқисаң әупірім деп, Қастастарың қарсы алар ақырын кеп, Қанды басын бері тарт батырым деп, Жау күлімдеп, жаныңды дау тұр індеп.
Желбуаздар, дәурендер, алыпқашты-айбат, Жабы ойнақтап, жамандар жалықпас тойлап. Торға түскен тулайды қайтпас қайрат, Серіппесін қақпанның қарш-қарш шайнап. *** Таң білінді тағы бір балық қарын, Сорып бәрін, жұлдыздың алып қарын. Әлденені іздеймін аласұрып, Анық жоғын білмеймін, анық барын. Кеш батады кердеңдер қараңғылық, Шараң құрып, әлде не алаң қылып. Тағы-тағы іздеймін аласұрып, Шалма тастап ғайыпқа, салам құрық. Күндер қайран, бақ, құмар, қыз-беу, деген, Жан қашарда тәніңді сыз кернеген. Кінәлар мен күнәлар арасынан, Өтеді екен кісі өзін іздеуменен. ***
Тәлей, тағдыр бара ма-ау сараңданып, Жаным жалқы тартып тұр, Санам ғарып. Аунап-аунап қайтайын саған барып, Ашылатын нәзік гүл содан жарып. Құт мекен, қойнауым да, жайлауым да, Сен де екен – алдан құшақ жайғаныңда. Төрінде – тұлпарымды байладым да, Өзіңде – ләззатыма тоймадың ба! Бала боп жетуші едім, – Ерке гүлдей. Дана боп кетуші едім – Өр көгіндей. Күй кешіп мың бір түннің ертегіңдей, Бірге ұшып хақ жәнаттың тең-теңіндей... Малынып шыға алмай жүр мұңнан қайығым, Бір-біріне біздердей құрбан қай, кім?! Алапат өрт өтінде тұрғандаймын, Тартып ал құшағыңа нұр маңдайлым! ***
Біздің жаққа қар жиі жауатын еді, Айнала шекерім еді, науатым еді. Алып ұшса арманның қанаты мені, Үркер жиі төбеден ауатын еді. Біздің жаққа қар жиі жауатын еді, Мені сонда бір сиқыр табатын еді. Жыр байланып әйнекке қалатын еді, Сүңгі мұздар әуен боп таматын еді. Біздің жаққа қар жиі жауатын еді, Анам пешке тобылғы салатын еді. Әкем қолға домбыра алатын еді, «Сары жайлауға» маң естен танатын еді. Біздің жаққа қар жиі жауатын еді, Айнала шекерім еді, науатым еді. Шыққыр көзін жаттардың қаратып еді, Жанды жейді қайғының қара түнегі. Біздің жақта..............................................
СЫР
Жабырқау тарттым, Тиянақ қайдан табайын?! Үмітті арттым, Алдағы тағдыр-талайым!.. Жылайды жүрек, Көрсетпей көзде жас-тамшы. Көңілім түлеп, Бұлтсыз күндер басталшы!.. Көкірек – жылға, Шыға алмай әлек бір жалын. Жылауық жырға Үйірсек болды-ау бұл жаным!.. Батамын шерге, Елінен оқшау қалған кім?! Қаламын бер де, Заманын берме Мағжанның...
КӨҢІЛГЕ КҮЙІК, ТУҒАН ЖЕР...
Кербез күйі жатқан шығар, Телқараның жазығы, Арқандаған кіндігімнен Алмалы – темірқазығым. Ой қалыңдап, Күй жалындап, Сенен қара үзгелі Жабырқаймын, арман ғана, Жанның жалғыз азығы... Қалып еді көз айырмай Көкшоқының шыңдары Жасын төгіп тұнжыраған бұлттары да шулады. Өзен тулап, Құрақ шулап, Қарағайы теңселіп, Қайшыласқан қарлығаштар, Төбемде ол да зулады... Қарауытқан молаларға қарасам көңіл бұзылар, Аруақтар, өзің жебе, ұлыңның дәм-тұзы бар... Бір қария, десе жолдың – Аптабы да, Мұзы бар, Бір балдырған – ұқсасам деп қызығар... Жаутоғайдың ащы алмасы, дәміңді алып барамын, Сырлы әніңді ішке жұтып, қайырыла қарадым.
Менің тұмса махаббатым – Бар-шырыны араның, Түсінерсің, Туған жерден ажырады табаным!.. Алмалы – әнім, көкейде тұнып тұрған қайғым да, Ескексіз жалғыз қайықпын жүзген айдында... Өріктіарал! Жаутоғай! Көктолқын өзен, Көк шалғын, Балаңды аңсап, Түсіңде құшағыңды жайдың ба?! Туған жер, сені қиялдап, ойлап кетем мен, Нар болу қажет, қайыспай жүкті көтерген. Ән шырқап әсем, Жыр арнап саған жүрермін, Біреулер жетіп, Біреулер жетпес, Армандай Атамекеннен!
БІЗДІҢ ӨЗЕН
Біздің өзен тұнық еді-ау, тұп-тұнық, Лайланбасын дейтін бабам, Тік тұрып!.. Арын жаннан – Артық қойған мықтылық, Жалғасыпты ұрпаққа нәр жұқтырып!.. Данасы – дар да, Жуасы – жүнжіп, тозды өмір, Ызғырық ырғап, Суынды солай, қор көңіл... Жасымай қайтсін, еңсесін өксік езген соң, Тасымай қайтсін, көрінбей көзге келген соң?! Шайқалып орта, Азайды ғажап, алыптар, Ұрпақтың күні не болар енді тарыққан?! Лайланып тұнық, Өзенде ағыс өзгерді, Жүзіп жүр онда көзі ашық, Соқыр балықтар!.. МҰСТАФА МҰРАТЫ (Мұстафа Шоқайға) Көк бөрі емізіп, Көк тәңір жебеген. Көк түрік ұрпағы, Ұранды ұл, ерен Ер! Тұранның жазығын жайлады ел Егемен.
Күмбезде қыранын – Күнменен теңеген!.. Дауылдың өтінен табылып несібем, Елім деп еңіреп, Алысқа кетіп ем! Еркіндік жолында тас-түйін бекіген, Әкелер өтіпті шығармай есінен!.. Жанымды, тәнімді анама қидым да, Атаға ұқсап ем, Далаға сыйдым ба?! Өмірдің қалғанын өзіңе сыйладым, Өзіңнен алыста Жасымды тыйдым да... Тілеумен туған ел, тәуелсіз күніңді-ай, Арманда кеттім мен, Жанарым жұмылмай!.. Ұрпағым бүгінгі ести ме үнімді, Өтсе екен мәңгілік көк туың жығылмай! Емесін жұрт білер жүректе мұңым жай, Жас жаным шырқырап ұшарда шыбындай. Соны ойлап жанарым, кетті-ау, жұмылмай. Көк туың тұрса екен желбіреп, Жығылмай!..
ҮШБУРЫЛЫМ*
Қас, Күнес, Текес – Менің Үшбурылым, Арыны басылмайтын ұшқыр үнің! Көз алдымда буалдыр тартты неге, Кешегі өткел бермес күштілігің?! Сақ сағалап, сармайдай сақтаған жер, Қарсақ аулап, жаубүйрек қақтаған жер. Асанқайғы қапысыз мақтаған жер, Желмаясы жай маңып, оттаған жер!.. Елдігін де, ерлігін сақтаған жер, Аруларын маңдайға қақпаған жер, Шежіресін халқының шеру тартқан, Мақтанышпен ұрпағы жаттаған жер! Жоңғар жортып, ту тігіп жатпаған жер, Шүршіт қорқып, қайтадан баспаған жер... Жанын беріп, батыры жақтаған жер!.. Тәңірім көңіл қойып баптаған жер!..
Түз қыраны тексізге алдырмас жер, Асаулары ер-тұрман салдырмас жер!.. Арулары жат ойын болдырмас жер!.. Қайта-қайта еске алмай қалдырмас жер!.. Күмбір-күмбір шертілген домбыра жер, Күнесі қалған байлық, мол мұра дер!.. Текес пен Қас тұнығын сүзіп ішпей, Бақ жұлдызын қалайша жандырар ер?! Кешегідей күркіреп, жаңғыра гөр!.. Келіп жатыр басынып келетіндер, Көздің жасы еңіреп, төгетін жер. Аты мен заты өзгеріп күннен күнге, Өзгергенін шыққыр көз, көретін жер!.. ––––––––––––––––––– *Қытай жеріндегі Қас, Күнес, Текес өзендері – Үшбурыл делінеді. ЖАТАҚХАНА – ҚАЗАҚТЫҢ КӨРІ... Көшеде жапсырылған плакаттан
Шағын бөлме, шақша басты сидырмай, Кебежедей балконға өтем, дала ғой. Әрең табам, бірен-саран жұлдыздар, Бұлдырларда бұлдыр тағдыр салады ой. Қол жетерде мүлгіп емен, тынық түн, Панасында күйсіз жетім қарттар жүр. Онан әрі көз салуға құнықтым, Төрт бөлмеде, төрт терезе, төрт тағдыр. Біріншісін – туған күн ғой деп түйдім, Үстел майлы, жұрт көңілді мәз-мейрам. Екіншіде – сом жұдырық кеп тиді, Қыз құлады, шағын бөлме киді ойран. Үшіншіде – жаңа анадан туғандай, Ер мен әйел кірісіпті... белсеніп. Ал төртінші бөлмедегі сормаңдай Асылып тұр қақ төрінде теңселіп.
Жүрек сыздап атып кірдім бөлмеге, Көресің-ау, төзесің-ау жан мұндар. Алматыда жатақ деген көрмеде – Қас-қағымда өтер солай тағдырлар. *** Тықыр етсе есігім сен кіретін секілді, Қиялдағы бақытқа сендіретін секілді. Күнтізбенің жыртылған соңғы беті секілді, Қайтпасына өткеннің көндіретін секілді. Қайтейін, қу дүние-ай, көзден моншақ секірді, Жаным менің өмірдей, тезден сонша-ақ кетілді. Жұмыр басты даң етті безбен қоршап не түрлі, Барлығынан баз кешіп безген жанша кесірлі. Жоқтамасаң сен мені, жоғалғаным секілді, Тоқ күнімен, тойымнан тоналғаным секілді. Мәнім кетіп, мәңгіріп, таба алмадым есімді, Алыстады ақ сәулем ақ арманым секілді.
Мазақ етіп жалқы бақ махаббаттай соқырды, Жайлауында өмірдің қалқам лақтай секірді. Сенің бейнең мендегі ақтаңдаққа қосылды, Қалған күндер жосылған қайтқан бақта секілді... *** Көктегі бұлттар жүзгені жай ма?.. Көңілсіздік бар күздегі лайда. Үмітті менен үзгені ойда, Барады құстар тізбегі қайда? Жаңбыр ма, жас па, сырғиды бетте, Ұқтырар жүрек сыр күйді шерткен. Көлеңке кешкі мүлгиді көкте, Кеудені бір мұң үңгиді ептеп. Етек пен жаға ермегі желдің, Қайнына ғашық жеңгедей ме едің?! Жаңбырды жастың кермегі жеңді, Сары жапырақтар көмбегей мені.
Місін көңілім, міскін ымыртта – Иіре алмай ұшқынын ыққан. Қараймын көзім боталап тұрып, Құс сіңіп кеткен сұп-суық бұлтқа. *** Сұранып – үміт келмеді, Сұрланып – ұмыт дер ме едің? Суалып тынып кеудені – Жұбата алмай шөлдедім. Уанып тұрып – өксуден, Дұға ғып – мұңын тексіндім. Құба-құп – күнді көпсінген, Пенделігіңе тепсіндім. Буланып тұнық шөл болды, Уланып шыбық семді ол да. Былғанып құлық көр болды, Мен қалам онда, сен қалма. *** Қайдам... мені бақытты дедің, Жүйкеге сыз батыпты не бір. Иліге алмай қатыпты белім, Кінәлайсың уақытты жебір.
Қайдам... мені бақытты дедің, Шаттанған сәл шағымды көріп. Таса да қалып қатықты кебім, Салмағым бітіп, шайылды көрік. Мен бақытты боламын қалай, Боталатып қойып көзіңді сенің?! Тоңамын солай, соламын солай, Төркінсіз етіп төзудің соңын. Иіп келеді еңсені жайлап, Аттап бассаң ағаттық кілең, Сен мені ойлап, мен сені ойлап, Және бір таңды ағарттық, білем. *** Құмарың емес пе едім мен, Жетуге асығатындай. Мұнарың емес пе едім мен, Бір сәтке жасыратындай. Сеңгір тау, сексеуіл селдір, Сел еттің, жетті ме үнім? Маңына хабарла, сендір, Тұлпар боп кепті де құлын!..
Жер қапты ғұндардан маған, Әр күнім жұмақ көретін. Шөлдесем – гүлдерден анам, Таң шығын жинап беретін. Көкірегім мұң еді жаңа, Әлдекім алып кеткен бе? Жайымды біледі дала, Көз жасым тамып кеткенде... *** Жаным жүрер далада сайын, Шаттығың қайда жаз айғы. Мылтық дауысы көбейген сайын, Құстың үні азайды. Алыста емес іріген ірге, Күніңе қайбір қол артам? Жоғалған құстың бірімен бірге, Жанымды мен де жоғалтам. Жүдеуің бұл ма жүрегің аман, Одан да әрмен жүдерміз, Жасыл әлемді адыра қалған, Аңыз ғып айтып жүрерміз. *** Ғұмырда қысқа оянып, Өтетін күндер той анық. Аспандай бермей, әредік Өлімді де ойлап қоялық.
Күншығыс көркем боялып, Сарқылмас содан ой алып. Құдайсынсынармыз... дегенмен, Өлімді де ойлап қоялық. Өзен ғой өмір, бойы – нәр, Әркімнің көрер тойы бар. Бейне бір нүкте – Өлімнің, Қолымен Хақың қойылар. *** Қараңғы зымыстан түнде, Қорқыныш алып ырқымды. Күтемін шығыстан кімді?! Ең соңғы жағып шырпымды. Ең соңғы шырпы жанып тұр, Ол бітсе үміт кесілді. Түн баспалап бағып тұр, Әзірейіл секілді. Жанды ұзақ шырпы бағыма, Айналдырма, кет, өлім! Жайып тұр жүрек маңына, Жарықтық қымбат екенін. Құрбандық па бұл мықты? Еске алам да, таңданам. Саусағым екен тірлікті, Келесі таңға жалғаған. ***
Күлім қапты орнымда, Өртеп кеттің демімен. Оранбаса жаным мұңға, Жыр жазбас та едім мен. Терезеден кірген самал, Көкке шашты күлімді. Жеткен екен іздеп саған – Бақытына бүгінгі. Келеді әне, дауыл, дауыл! Ұшам, қалай шыдармын. Жүзіңе қонса ақтозаң күл, Сүртпе, сол мен шығармын...
АЙ-КӨҢІЛ
Өр шабыттай дауыдаттың, Өртеп өтсем дедің бе? Ақша бұлттай мамырлаттың, Еркелетсем дедің бе? Бірде жайлы, бірде долы, Өзгермейтін қайда өмір? Бірде орта, бірде толы, Уа, дәриға. Ай-көңіл. Қорғасындай ауырлаттың, Өр не қылсын дедің бе? Таңбасындай ауыл жақтың, Жерде жүрсін дедің бе? Күндерім көп жүрген үнсіз, Мазалайды жай небір. Бірде нұрлы, бірде нұрсыз, Уа, дәриға. Ай-көңіл. *** Орама майға, орама шөпке, Қайырымсы ма, қарама бетке. Қалдыр жалғыз ұятым мені, Өзіңе бір сәт далаға кет те. Сұр мергеннің құрығындағы, Көкжал болып ұлиын-дағы, Періштелерге берейін кезек, Ақ пен қара иығымдағы.
Балтасы ем үміт талшыбығының, Жамсаттым талай, жайшылық оным. Жөнелем енді екі періштенің, Лебізін тыңдап қайсы бірінің? Әлемде мұндай атырап бар ма, Тұрады-ау аруақ бақылап барда. Екі құлағым екі уағызда, Көздерім жасыл жапырақтарда.
ГҮЛНИСАҒА
Бокалыма ішер едім мұң құйса, Тінім әбден үйреніскен, көндіккен. Алма-кезек Алматы мен Гүлниса, Басымда жүр қилы қиял өрбіткен. Жанарына батып кеттім мен қалай, Тым құрыса кірпігін де қақпады. Бейпіл пейіл, белі жазық кең дала-ай! Шаршамадым шығар іздеп қақпаны. Алматының көкірегінде мұң мен бақ, Гүлнисаның көзінде тұр бір аумай. Керегін ол күндізден де ап, түннен де ап, Сары күзде жайқалып тұр қуармай. Тінім менің секілді ғой мекенім, Жүретұғын жайы қайда ылғи сау. Азаптың да ләззаты бар екенін, Өзің келіп айтып кетші Гүлниса-ау. *** Бозамық дала боз таңда, Бозарды жүзің боз бала. Боздатып күйді созғанда, Бозармай қалған көз ғана.
Боз көйлек киген боз ару, Боз кірпігін қайшылап, Боз құшағын жазады, Боз шабытты қамшылап. Боз арғымақ боз жұлып, Боз жалын жаққа емінер. Боз жалын жақта үздігіп, Булыққан боп-боз еріндер. Боз-бозға қамшы басты әне, Боз көйлек, боз жел өкпектеп. Боз таудан ақ таң асты әне, Боз таңды әрмен кет-кет деп. *** Тірлік – кебін, туа орандым, Тәніммен бір шіриді. Пендесі едік бір аралдың, Тең түспепті нұр игі. Сен ханшадай өмір сүрдің, Бақыт улап тәніңді. Мен өтінде обыр сынның, Ұқтым қабақ бағуды. Көктемгі күн шуағындай, Жыр бұйырмай жабығам. Шөл даланың құланындай, Ұстатпаған жалынан.
Сен – ханша, мен – ғашық құл, Көңілде жүр көп алаң, Сен – күн, шықсаң шашып нұр, Мен мұңлы ай боп жоғалам. Тірлік – кебін, туа орандым, Тәніммен бір шіриді. Пендесі едік бір аралдың, Тең түспепті нұр игі. ***
Жүректі және қызулы отқа тастадым, Мұз жанып тұр ма зайыры? Қасіретіне қаймықпайтын қас жаным, Жиған жоқ әлі айылын. Қанып ішерге жетпейді ғұмыр кәусары, Жүзіп жүрсе да қайығым. Алып-ұшып арман деген аусарым, Қаражат көрер қайынын. Ақпан лебі ажырамай-ақ бұл бойдан, Тамызды сүйді айыбы. Тамызда да тауанын боран қылды ойран, Сүйемеді «алыбы». Енді сен де еркіңменен жүр, қарғам, Бірге өшпесін жалының. Таңбасы тайдай өзім тектес «құлдардан» Табылар ма екен сарығым?! Анау нәркес көзіңді боталатпа енді, Керек те емес қамығу. Менікі деген бұлдырап кеткен көктемді, Сағыну және сағыну. ***
Талай тасыдық, төгілдік, Таңдауы ма еді өмірдің. Талай жасыдық, сөгілдік, Алдауы ма еді көңілдің? Талай талайға жазғанды, Тамсана көрдік, көндік те. Озған да тозған әз жанды, Беретін кезде бердік те. Барады ез, барады ер, Адыра қалып той мына, Жиіркенсе де қара жер, Алады екен қойнына. Қысқа күн қырық құбылған, Мазағы алып мазаны. Қызынған жанды қуырған, Қалауың емес қазаны. Үміттерімді түн тіліп, Ой, өріс байсал тартып тұр. Кім еді ей, жүрген... тімтініп? Мазасыз күйге малтыққыр! Мейлі ғой, мейлі, мейлісі-ақ, Мұнысы енді ұнайды. Дейді де – тәубе, бер нысап, Кеудеге басы құлайды. ***
Бір атқанда дарымай, Екі атқанда дарымай, Үшке... енді жарымай, Алдап та соққан, зарым-ай! Соғып қалған саның ай! Арбап та өткен сағым-ай... Сағым-ай, беу, сағын-ай... Аспанда жоқ, жерде жоқ, Жайын білер пенде жоқ. Ұшар қанат дерге жоқ, Оған дауа, ем де жоқ. Білтедей-ақ қалғаны – Жанып болған шамдағы. Бұл пәнидің жалғаны, Бұл пенденің арманы, Осы екен бар болғаны. *** Жүре-жүре болдық қой бит құралпы, Үре-үре болдық қой ит құралпы. Күле-күле онымыз күлге айналды, Түре-түре қоңымыз тырдайланды. Баға-баға қабақты қақпастаймыз, Аға-аға арнадан таппастаймыз. Жаға-жаға жеттік пе ағамызға, Жара-жара ектік те санамызға.
Жылай-жылай өкпе өшіп, көз көрмейді, Қудай-құдай ендігі сөз кернейді. Сұрай-сұрай бермесе аяр-ақсың, Құлай-құлай кетуге даяр-ақсың. Сен бе мәнді өмірде, мен бе мәнді, Пенде-пенде осылай, пенде мәңгі. *** Жарыл жүрек! Қонақжай бір қос деп пе?! Қосымызды тар демеуші ек, дос көпте. Дос азайды, азған көңіл жұртына Қараңдаршы, Әсем гүлдер өспеп пе? Гүл өспесе, өскен шығар қара ағаш, Білем, соңы болмайды ғой жалаңаш. Әкел бермен өзім үшін – домбыра, Жауым үшін – Әзірлейін дарағаш. Қара ағаш та өспепті деп келді әлгі, Пах, пендем-ай! Белгі болар нең қалды?! Өзім барып үңіліп ем, көргенім – Жетім қаңбақ, қалбаңдайды – кем халді. ***
Алмалым, ауылым, Қалғаным, қауымым. Өзіңе қайтейін, Бармадым, бауырым! Шалғайдан салымым, Сан майдан, сағым мұң. Жылайды, шыдайды, Сарғайған сары ұлың. Жанғаның, ей, ішім, Арманым, кейісім. Самғадым, жетем бе, Алмалым – бейішім. Бөрісі ұлиды, Өрісі іриді. Ел аман, әйтеуір, Сонысы бір игі.
ӘКЕДЕН АЙРЫЛҒАНДА
Жасырған сені жер ме екен, Берілгеніңде қарыспай. Асырған ары бел ме екен, Бәз-баяғы, қайыспай. Айтады көңіл ел бөтен, Қажырым қатқан қайыстай. Жаман ем, одан кем де екем, Тағдырдан бұққан, сайыспай. Қор ұлың, сірә, мен бе екем? (Қоянға ажал қамысты-ай...) Ғұмырға шендес шер ме екен? Қайда да жүрер қалыспай. Көкірек қайғы көл ме екен, Аға едің елге арыстай. Өмірге ұлың қолды екен, Тұрағың, Әке, алыс қай... *** Тынбайды. Тынбаймын. Шегірткелер жырлады-ау бір, жырғаймын. Өтіп жатыр жырдай күн, Бірақ сенсіз құр қуаныш, құр қайғым.
Аңсаймын. Шаршаймын. Мәні қайда сенсіз өткен барша айдың. Қанып ішер бал шайдың – Берері кім, бар болғаны қол шайдым. Асқан кім, қашқан кім, Бесіктегі баладан да жасқандым. Жер-жегі шер, аспан – мұң, Оу, тіршілік енді неңді жастандым?! Жола ма! Өліара! Мұнда, әттең, періштенің қолы ала. Обал-ақ балаға, Жанашыры қалғып кеткен молада. Тынбайды шегіртке... *** Кім көрмеген отыз үш бұл, отыз үш, Үзіп алған отыз үш гүл өмірім. Мен тұсаған отыз үш құс-шоқығыш, Үзе алмаған отыз үш гүл өкініш, Кім көрмеген отыз үш бұл отыз үш.
Жас қой әлі, мас қой әні... көргенбіз, Алыс жатыр жаз шіркінді жеңген күз. Жүректерді ауыртамыз, емдерміз, Үздім бір гүл – өкінбе үйге енген қыз. Кімге ұқсармыз белгілі ғой, ірікпейік, Алсақ егер сақал қойып, мұрт қойып. Ұмсынғандар, тылсымдардан үрікпейік, Отыр-ау деп, тағдыр қақпан құрып қойып. Заман мынау үріккен аңдай жосығыш, Бір шығарың осы биік, осы күш. Ол тілесе балыңа у қосып іш, От болар, не, жоқ болар бұл отыз үш. *** ...қа Тән қойнындағы жан ойыны, Уы тәтті шараптай. Шаманның жамағайыны, Қимыл қандай... шабақтай. Аяқ-қол да, қолы-аяқ, Ұршық, не жылан ыршып. Өмір оты қамамай-ақ, Буланады сабыр-шық.
Көргендейсің самала қол, Үндістің би құдайын, Салып алып санаңа жол, Еркіңді алар лайым. Тән қойнындағы жан ойыны, Ойын емес-ау, өр биік. Қаламассың қалай оны, Өр биіктегі өркиік. *** Сездің бе сезгір, сезімім, Мезгілді мезгіл сынайды. Бездің бе безгір, без ұғым, Безбеншіл көп те сұлайды. Қайғысын ғасыр бөлісіп, Жарғысын жауы ту еткен. Ағалармен де көрісіп, Шөл көңілімді ну еткем. Жазмыштан озмыш жоқ, сірә. Ең батыр соңы – мен мақұл. Қызыл түлкі оқсырар, Айласы қырық, кем бе ақыл?! Арылар енді мендіктен, Тағдыр – ит тістеген кеуде. Бақ-бақ қой бақыт жел күткен, Жалғанды түстегендерге. Миы сәл істегендерге. ***
Алты шегіңнен айналдым, гитар, Мен – саған, Сен – маған айналдың, гитар. Өзіңмен қанша той бардым – гитар, «Толғап өзіңді ойландым – гитар». Жалқы сен – сазда, жалқы сезімдей, Алты жол – мен де, алты шегіңдей. Жаман мен жақсы парқы сезілмей, Жанымның жүрсе нарқы сезілмей, Бунаса бұғау, созылса құрықтар – Жанымда сонда өзіңсің – гитар. Куәсі талай жайлардың – гитар, Шаттығым, қанат жайған мұң – гитар! Мен – саған, Сен – маған айналдың, гитар! Алты шегіңнен айналдым, гитар!
ДОМБЫРА
Түпсіз. Төбесіз. Шендессіз. Баламасыз. Теңдессіз. Күмбір-күмбір, күмбір үн, Шертті екен, кім бұрын... Елітті екен, кім бұрын... Күн мен түндей мәңгілік, Ауысады жаңғырып, Бір қуаныш, бір мұңым, Қос шек – қан тамырым, Шанағың – жан тәңірім – Мекен етіп жүр бүгін. Құлдығым бар, құлдығым: Діннен, ділден адасып, Тіліңнен де құры қалсаң, Бейіл беріп, тәуба деп, Бейіш күйге бір қансаң, Қарсы жақтан көрмес те ем, Қарсы жаққа өзің де, Дізгініңді бермес те ең?! ***
Жан ләззәтім деп, Азап арқалаттым ба екем?! Әлі де сәби Жүрегіңді тулатып, Ұйқысыз бір түнде-ақ марқалаттым ба екем. Тамыр-тамырыңды улатып. Қандауыр кірпігің, Айқасудан тайсап, Не іздеді екен Безірейген төбеден? Мүмкін – оң, мүмкін – басқандай жаңсақ. Үрейден бетер үдірейген керегең. Жұқа жамылғы Жұлынып түсті ме? Солқылдақ төсек – Түзмысықтай мауығып, Зілмауыр түн бүгіліп үстіңе, Бүркеді жынын, Жаншиды жауығып. Сезіп жатырмын, Серпілерге халсыз... Жан ширығады көкірегімді төпелеп. Дейсің-ау, енді – «Жандырарға барсыз, Ал, қандырарға, Жетсеңіз еді-ау, төтелеп?!.»
Ләззәтті түн, күніменен Ес, еркіңді алды ма? Тіліңнен мен тілімменен, Жұтамын у, балды да. Кербез, керім келбет – құмар, Сүйсе жанды суырар. Шөлдеп тұрар, кел деп тұрар, Қылық-құлық құнығар. Ләззәт үшін тартсаң азап, Өзі-ақ тозақ шеттейді. Жар қойныңда жатсаң ғажап, Жұмақ та оған жетпейді. Қалам алдым, қалман үнсіз, Шабыт оты жанды өзі-ақ. Сен деп жазған жыр да армансыз, Ән де армансыз – жан Ләззат!
ІІІ
Қара түннің қойнында мен, Қара қыз менің қойнымда. Тағдырымның ойынында мен Ойнына оның тойдым ба?! Қара түнде қара киінген, Қара қыз сенен адаспан. Қарайды бір дара күймен, Қара аспан, жұлдыз бар аспан. Қас ұйқы да ғалам, байғыз... Хас шолпан тұр көз арбап. Қара терге қамалмай біз, Қара әлем қалай бозармақ. ***
Соңғы жаққан бір шырағым тым әлсіз, Өршітуге мен мүдделі, Өшіруге құмар сіз. Пейіліңіз мұнар, сыз, Мейіріңіз құнарсыз. Өлеусіреп сөнер еді соңғы үміт, Сіз тұрасыз сол, күліп... Сор қамаған жанды жаншу сорлылық! Деп тістермін тілімді, Ет жүрекке қалай бұққан доң қылық. Тағдырым да бетін басты табаңнан... Жалғыз ұшқын алып шықты табаннан. Тағы үміт, тағы арман... Тіршілікке көз тоймады – қалай-қалай жаңарған?! Қайта тұрып мына өмірге, Келгендеймін моламнан.
Иә, Сізді көрдім, көргенім... Әлсіз шырақ жағыпсыз сіз, Қас дұшпанның ермегі. Сіз қорғаштап ұмтылғанда... (Өткендегі тап мендей), Біліп тұрмын – Еш боларын еңбегі. Не істейін? Мазақтайын табалап, Азаптайын, лайықсыз ғой соған, ә! Жоқ – дедім мен, – сөндірмеңдер жарығын! Сөндірмеңіз үмітті?! Қас жауының жолын кестім, ал оның Айналасы жарық төккен самала, Ұшып жүрді пәруана, күйік қанат шағала! *** О, көңілім, күй текшем, Сахнам – өзіңе оралдым. Қаншама мен қасірет шексем, Жандым және жаңардым. Сағынып қалыппын тозаңын, Жұтайын қаптыра қолқамды. Азабын қуып беймазаның, Жазайын құрысқан арқамды.
Сан шырақ астында сансырап, Ұмытайын кезенген тәлкекті. Бабамның жанында қансырап, Кешейін өткенді, ертекті. О, ғажап көңілім, күй-текшем. Сахнам – ұрпағың келді, әлгі: Боздаған ботадай бір шеттен, Өзіңнен басқа енді нем қалды?!. Еркін Ергенұлына Бір жұт пенен бір өрттің, Жемі – байлық деген деп; Өнер деген гүл ектім, Сұрағанға берем деп. Езуінен шоқ атқан, Тұлпардайын ала ұшқан. Саз төгілді шанақтан, Нұр құйылды ғарыштан. Жалқы жүрек – құдірет, Сан жүректі табынтты. Жаратқанның үні кеп, Жанардан жас ағылтты. Кеуде толы ғажайып, Ақ қағазға қонбақ-ты. Жұлдыз біткен азайып, Әппақ болып таң да атты.
Таңда атты, тірлік, күйкі күн, Мендей кім ләззат татыпты?! Ширығып өтіп бір түнім, Аймалап тұрмын бақытты. 141-БӨЛМЕ, 1996-97 жыл. Түн ұзақ, жарым көңіл көншіген бе, Өзегіңді жаулап өрт өршігенде. Қарлығаштың қанаты желпігендей Оралады ойыма көрші бөлме. Таныспаппыз біз әлі, ай, жыл өтсе де, Бұла жүрек іздесіп, жүдетсе де. Тапқаныңнан көп болып жоғалтқаның, Күдікпенен қарайды күн өпсе де. Біліспеппіз, жанға сол бататын жай, Күйкі тірлік көсілтпес матап ыңғай. Менің таңым тұншығып ататын да, Көрші бөлме күрсініп жататындай.
Жалғыз, жалғыз, көп жалғыз кең мекенде, Қысқа ғұмыр жетпессің тербетерге. Есім ауып жанынан мен өтемін, Есік жауып, жабырқап ол кетерде. *** Сары мұң тілді саксофон, Құйқылжытып жетті құлаққа. Сарғайған күндер өтсе екен, Жандыра бермей бұл отқа. Көмескілеу, қызғылтым, Ашына сәуле сиқырлы. Қызғылтым балтыр, қыз-қырқын, Қоздырып әлек құлқынды. Түтіннен шуда өреді, Қыналы тырнақ, гүл ерін. Шарап толы көзені, Көп босаттым, білемін. Шырмап алған сананы, Әуен – әйел тәні ме ең. Танармын естен сан әлі, Нәпсінің у, зәрінен. Саксофон ғажап мақамың, Тыңдаған жүрек қабынар. Атағың мен сақалың Айтқаныңа бағынар. ***
Өлең ойдан өрген бе, Назырқанбай, назданбай. Өрекпиді өр кеуде, Бәрін сарқып жазғандай. Тым алыстан сұлу жыр, Сыйым болып қарады. Олсыз өмір сүру бір, Қиын болып барады. Кештер таңға ұласып, Таңнан нәрі – байғыздай. Тағдыр менен сынасып, Бетін жыртам айғыздай. Қой дей алмас еш пенде, Мүсіркейді-ау, дегенмен. Жыр күрмеуін шешкенде, Мен де кетем денемнен. Ауыр тәннен арылып, Ауыр ойдан жыр өрер. Ару нұрға малынып, Кербез дүние – жүрелер. *** Сізді сағынып, отырмын, тағы таң атады. Айды жасырып, Алатау шалқаяды. Көңіл құрғырды-ай, қайтсе жай табады, Марқаяды, ортаяды.
Сізді сағынып отырмын, бәрі де алшақта, Қанат бер тәңірім, әнімді шаршатпа. Айналған өмірдің мәніне әр шақта, Сағындым, жетейін, басайын қамшы атқа. Сізді сағынып отырмын, қаламым – саусағым, Тағдырың – тартынба қадамым, аусарым. Ұзақ жол бұйырған – татарым, таусарым – Шалабын, шарабын, кәусарын. Сізді сағынып отырмын, табынтар бағалым, Бұл жақта жазғаны – маңым тар, нала-мұң. Кеңдігі жақсы екен сабылтар даланың, Сағынса өзіңдей – сағынтар адамың. Сізді сағынып отырмын!
Дей алмай айналайын, қарағым-ау, Іздеп келіп, іздеп кетіп барамын-ау! Сіз деп келіп, сіз деп кетіп барамын-ау! Мен затында аусар ма ем, қара, мынау... Іштен жағып тауысар ма ең алаңым-ау! .................................................................. Іздеп келіп, іздеп кетіп барамын-ау... Бұл жүрек – от емес пе, мұзың емес, Есігіңнен енеді – бұзып елес... Қызық болды демеспін, қызық емес! Жазға жаттық көрсетер күзің емес, Тауып жүрмін сол жанның ізінен ес! Бұл жүрек өрт емес пе, мұзың емес. Ақ жүзіңіз мына жақ, ана жақтан,
Нұр төгеді алаудай жаңа жаққан. Шын сүйемін, бірақ та, шара жоқтан: Іздеп келіп, іздеп кетіп бара жатқан, Сіз деп келіп, сіз деп кетіп бара жатқан. ...Шара жоқтан! Сол жанға мүсіркей бір қарады ақ таң. *** Әсемі жоқ гүлдердің, Әсері жоқ көктемнің, Есебі жоқ күндердің, Өсегі жоқ өткеннің. Таңданбаймын әнге де, Тамсанбаймын әр неге. Алданбаймын пернеге, Байланбаймын кермеге. Ұмтылмаймын ойынға, Бұлтыңдаймын – көкектің. Ұмсынбаймын қойынға, Тылсым жайын – кекеттім. Ақыл – қаран, өрем – құр, Атылмайтын берен бір. Ақырзаман деген бұл, Ақырмаса – өлең-жыр. ***
Мен жалғанда ұмыта алмайтын бір қыз бар, Қыз күйінде мекендеткен бұл кеуде. Бақытты едік, арамызға тұрды ызғар, Қыңыр тағдыр иілмеді икемге. Білесің бе, мың жыл өтті, жүз емес, Жәудір көзің қадалып шартараптан. Жұбын жазбай тірлігімнен қыз елес, Ашты-тәтті кештер батқан, таң атқан. Мың жыл өтті сұқтандырып мың қызға, Мың сипаттан қымбат екен бір басың. Дәл қасымда, бірде алыс жұлдызға, Күн секілді шашып тұрды шұғыласын. Жалғандағы арманымның – арманы-ай! Қинай берсін, кетпесін тек елесің. Көкейімде қыз күйінде қалғаны-ай! Қыз күйіңде қашан іздеп келесің? *** Күлермін мен, Жылармын мен. Гүл ерніңнен Жыр алдым мен.
Жалын атқан, Қарып ақ таң. Табылдық бір Шаңырақтан. Қолқаң – балам, Қолқам – балаң: Ұлымыз жүр, Томпаңдаған. Құлағышпын, Құрақ ұштым. Әсері ғой – Қуаныштың.
МАХАББАТНАМА
Кеп ем тоймай, Келем тоймай, Барам тоймай – махаббат! Пай-пай көздер, Ай-хай кездер, Сөздер, тездер – қатал-ақ! Түсі бал-бал, Тісі мәрмәр, Ақ арулар – ақтамақ! Ындын шелдеп, Сынар шөлмек, Тындым – шөлдеп, қаталап! Бір денеде Құр делебе, Жүр немере аталап! *** Көктөбе көлбеңдейді, Көк мұнар өңмеңдейді. Алматы көнген дейді, Талайды көрген дейді. Көктөбе – құмартады, Көңілді бұзар тағы. Алматы мұнартады, Арқаға мұң артады. Көктөбе, қар қымтанған, Басыңа бардым таңнан. Үн келді Алатаудан – Күрсініп қалдың, тарлан... Көктөбе, құрағыңа Бір қыз кеп құлады ма?! Қамығып жылады ма?! Төзімің шыдады ма?!
Көктөбе, көкейімнен Кетпедің, жетейін мен. Қу тірлік кекей ыммен, Тартады-ей, етегімнен. Көктөбе, көкке жерік, Сен жайлы көп не делік... Сені асып кеткен елік, Біздегі кепке жеріп. *** Дүркіреп шапсын жылқылар, Күркіреп бақсын жауар бұлт. Сіркіреп қатсын жаңбыр тіл. Мың тілек менде сол еді, Даланы сүйем себебі!..
ЫСТЫҚ КӨЛ – ЫСТЫҚ...
Қырғыз қызы, қор қыз Қаныша-ай! Ішті өртеді қызығу, қызғаныш-ай! Басқа жұртқа бақ болып жанған жұлдыз, Арман жұлдыз, Жүректің сыздағышы-ай! Төрткүл әлем, түгел жұрт арбалғандай, Балғын тәнің, бал әнің... Арман қандай! Сен бар жаққа ауады аңғал аңсар, Назды үніңе сусыны қалған қанбай. Атыңды айтып бәр-бәрі шулағаны-ай, Мұң-наланы-ай, Жүректің тулағаны-ай! Жерлесім дей жүрер ем тым болмаса, Өзім өскен ауылда тумағаны-ай?!. Алқынасың, іздейсің, шарқ ұрасың-ай, Ыстық көлше шалқиын, шалқығасын-ай! Тағы келші біз жаққа – қыз Қаныша-ай, Тағдырымның жұлдызы жарқырасын-ай! *** Берілдің, керілдім. Қол жетпес көріндім.
Іздедің, мұз демім. Бекер көз сүзгенің. Кезігем, безінем. Қаталдық безі – мен. Жалықпа, айыпта. Жоғым бар ғайыпта. Жетпессің, теппес кім. Аярсың, сөкпессің. *** Жер бетте, мынау келбетте, Төр көп пе екен, көр көп пе? Бір кезде сыйсам жөргекке. Сыймаймын енді жер-көкке. Сыймай да жүрмін теріме... Теліме жынға, періге. Еліттім – тұлпар тегіне, Еліктім – сұңқар кебіме. Әл жиған кеудем дәнекте, Салып тұр енді әлекке. Алып ұш көңіл ала өкпе, Шалам деп жауым дәметпе! Артыңды білгей, ақырған, Нарқыңды білгей, ақылман. Оза ұшқан дүние ғапылдан, Ақ жебе менмін атылған. ***
Қонайын деген бақ маған, Үркек бір құстан үркек-ті. Тілеуқор өңшең қаптаған, Құл текті, әлде түлкі епті. Қонайын деген сор маған, Қорғасыннан да ауыр, беу!.. Сарнаған желді сары далам, Жағдайың менен тәуірлеу! Мың сан оқ түткен киіктей, Дымда жоқ сұлба, құртылып, Кеудемді кепкен иітпей Келе ме-ау үрей ұмтылып?! *** Жасып өткенім, Тасып өткенім, – Көп дер кім? Ғасыр өткенін, Нәсіп ектенін, – Тектер кім? Қасіреттерім, Қасиеттерім, – Бағаң не? Ғашық еткенің, Қашық еткенің, – Амал не... Көздің жасы да, Ездің басы да, – Бейдауа! Тірі – тірес тек, Өлі – үні өшпек, – Ей, бала!
НҰРШАТ ЗЕЙІПХАНҒА
Сабыр ет, бауырым, сабыр ет, сабыр еткейсің, Үмітіңді үзбе, сынғанмен әлі де ептейсің. Бір күнгі жарық артық қой мың жұмағыңнан, Илесе де өмір, одан кім жерімек дейсің. Сабыр ет, бауырым, сабыр ет, сабыр еткейсің, Шыбын жаныңды шыңыраудан алып өткейсің. Озмыштың жоғын жазмыштан қаперіңе алсаң – Онсыз да зарлы жүректі еңіретпейсің. Сабыр ет, бауырым, сабыр ет, сабыр еткейсің, Жақсылар айтса жаныңмен қабыл еткейсің. Несібе тәтті ендігі еншіңе жазған, Жайымен ғана бетінен барып өпкейсің. Сабыр ет, бауырым, сабыр ет, сабыр еткейсің. ***
Ғашықсың. Ғашықпын. Қапастағы қара құстай ашықтым. Бірі ме деп машықтың, Есігіңді ашыппын. Ғашықсың. Ғашықпын. Тағдырменен ойнағам, Тоймағам. Секілденді ол да бірге тойлаған. Лақтырды да жіберді ғой оңбаған. Суық жерге ырза болдым, Кел деп құшақ жаймаған. Шырқырап жүрегім, Ырқыма көнді енді. О, тағдыр, мен сені жеңбен-ді. Еліктің баласын тер көмді, Бейкүнә – күнәлі болды енді. Талатты ұятқа, Таң атты. Тамырда зәру емес, қан ақты. Тағдырым сипады от ойнап, Көп күйген қоңырсық қанатты. Ғашықпын. Ғашықсың. Неге мені бір көруге асықсың... *** Т-ға. Тиянақсыз өтер күн, Ызғарланды өмір сенің от ернің. Енді сүйсең, Мұзға айналып кетермін?!
Меңдеткен мұң мезгілім, Тағдыр қасап, жалаңдатар кездігін. Бар ма еді әлде – Менде әкеңнің көз құны. Айтқаныңда тұрдың да, Көз жасыңмен ағып барам құрдымға. Бір мен үшін, Қасірет боп тудың ба... *** Сүйгеннің ем көктеген, көгерген құлы, Десе-дағы жанына көп ерген мұңы. Білер ме едің – жанымды жайына жіберіп, Жер қойнына бұл тәнім жөнелген күні. Өріп жүрген пенденің телі көресің, Білсең еді-ау бұл жүрек менікі емесін! Шын берілген жарымның аманаты бұл, Аттатпайтын арымның белі-белесін. Сені ырза етпеспін, өзгелерді де, Ұғынар күн мені де кез келер бірде. Құйылады ғарыштан ғаламат жырлар, Көрік, иіс құйылар көз көрер гүлге.
Дүниемен пенде өзін жиі алдайды екен, Ол шеңберге мен мүмкін сыя алмай кетем. Кешірерсің – берілген жарым бар жалғыз, Оны сенің жолыңа қиа алмайды екем. *** Алма-ғайып дүниеден емші, таңдауым, Аласапыран кезі ғой көші-қондардың. Ортасына түсіп қап мазасыз жаным, Жел шұқығандар мен жер шұқығандардың. Бауырына енгендей азат ұяның. Бір ұлымын деп жүрмін қазақияның. Жұмағың емес, топырағын аңсадым, бауырым, Түсінгейсің алаштың таза тұяғын. Жай жоқ енді қол жайып жаритын басқадан, Жауым болса ертеңім, тарихым жасқаған. Жайдым құшақ, тілерім өзіңнен, елім, Шын көңілден айтайын – «Уағалейкумәссалам!» ***
Жаратарда алақанға атыңды жаздың, Тәңірім, Сол есімді оқи сала атқардым жан әмірін. Жан әмірі – ала таңға өлең іздеп тыншымай, Армандадым жеңілі емес, тәуірі мен ауырын. Тән аманында құзырлы, Ұйқы шіркін бұзылды. Есесіне түндер қандай нұр төгілген қызырлы. Шалдыққанда – бедерленген құдіретті есімің, Гүл жайнайды алақанмен сипап өтсем жүзімді. *** Сол топырақта туғаныңның өзі, бауырым – Иманыңның көзі бауырым. Жүргенмен күніңнің езіп ауыры, Демейді қолын созып – ауылың. Талайлы туған көрбала кімдерге елтіп, Қорлама гүлдерді кертіп. Музаң келеді зымыстан түндерді серпіп, Мәңгі тірілерді, ірілерді ертіп.
Сен құсап кейде бұйыққанымменен, Ұшады биік ақыл кемем. Білем – қан мен жас құйылатын кілең, Сол топырақтың бұйыратынын – білем! ДІЛМҰРАТҚА «Вәтан сүйі» тым ашты, Сергітті ме хас жігіт?!» Маған келіп сыр аштың, Көкірегіңдегі тас жібіп: – Елден бұрын – ел болып, Ереуіл атқа қонғанбыз. Басқыншыға ең долы, Ажал найза жанғанбыз. Құрыды қанша тайпалар, Ойсыз, отпен ойнаған?! Ел қалды жатқан айқара, Қасиетін жоймаған. Ел-жер деген еңіреп, Қанша ханша, сұлтанның: Басы жатқан төңірек, Маңы – Қашқар, Тұрпанның. Қапастағы бөрі мен, Жүрегі шерге ысталған. Белгілі таңба, мөртімен, Мұра Моғолстаннан.
Арыға мойын бұрмағын, Бүгінге зер сал, бауырлар: Хақ жолының құрбаны, Жүрек қанша ауырған?! Жүргендер оқтың өтінде, Ап жатқанда теңдігін. Қараусыз қалған жетімдей, Қинайды екен ел мұңы. Өздеріңдей, осылай... Арманы – Садыр, Жұпардың: Мендағы мүмкін, досым-ай, Шаттанып шарап жұтармын. Толғанды әттең ақ арман, Ашылар ма үміт бар! Тарымда кілті жоғалған, Такламакан құлыптар... *** Біз өлген соң қайда барамыз? Дүниеге келмегендер жатқан жерге. Сенека.
Мен – мәңгілікпін! Бара жатқандар мен келе жатқандардың ара ағайыны. (Пәни-бақи деген – жәй, жол айрығы). Маған сенбе: (Күмән – тұман, ылаң-жылан өмір ғой) Құлпытасқа көз саларсың: (Ей, жолаушы – сіз де біздей боларсыз...) Наларсың... Нанарсың... Жауабыңды табарсың!
Менің жаным маған дейін, Дамылдапты кеуделер де сан мәрте. Енді, міне, мені де жүр қалқайтып, Ортайтып. Марқайтып. Көшсең көш тек қартайтып! (Пенделік бұл) Талай сырымды алдырыппын тағдырға. Талдырыппын талай көзді күттіріп, Мал қылыппын талай бөзді – мықтылық! Енді, міне, Бара жатырмын, Келе жатыр кім Шекара да ұлым тұр: Төккен нұрым, еккен гүлім тұр. Ол – мәңгіліктің көзі! Мен – мәңгіліктің өзімін! ***
Бақас жандап, білеген де қылышын, Естіп пе едің – әз бабыңның тұрысын?! Сүйем жер мен түйір тастың қаны үшін, Төгілмеген қан-қан болмай құрысын! Айта жүру тым орынды бір ісін: Жау қысқанда – Қатын елде, бала белде депті де, Құтқарыпты туысын. Түсінікті бәрі де. Түп тамыры әрі де ғой, әрі де... Айтшы бауырым! Сексенде де сері көңіл кәрі ме?! Олай болса саусағыңды бүге бер Елуінде есін алған қыздардың, Алпысында арқасы ұстап таң күткен, Жетпісінде желік қуып, желдіріп, Сексеніңде серілігі қалмаған, Атақ-даңқы өр бабаң, бұл зор бабаң! Жеті әйелді қыздай алған, Жетпіс ару – гәрем де. Ері-ерен де, салт-дәстүрі терең де. Ал біздерді айт: Жабы. Жасық. Маңырақ. Отызында қожырап... Онан ары... одан әрі... Үміт, шіркін, азырақ-ау, азырақ...
*** Сазарған таң-тәркі маң ба екен... Суыған кофе – ұйыған қан ба екен... Қалғыған жұлдыз – қаңғыған жан ба екен... Азан үні – мен ғашық ән бе екен... Ол дүние – ой шалмас, мәңгі екен... Бұл дүние – тәтті екен, мәнді екен... *** Ашынған жан айтыпты дейді: Берсең, Түн емес – түнегін бер. Берсең, От емес – отпанын бер. Берсең, Жай аязы емес – ақпанын бер. Берсең, Қылаулы тәнін емес – қызыл қанын бер, Берсең, Тозғанын емес – тозағын бер. Берсең, Тамтығын емес – тамұғын бер. Берсең... ***
Сенің көз шанағың, Шегі жоқ теңіз. Мен – жалғыз жапырақта, Жан сақтаған құмырысқа. Үміт пен күдік егіз, Шыбыным шырқырар – Жартас кірпіктерің қағылысса. Көз жас толқындарың Алса жанымды, Жуармын топырақ тәніңді. Теңіз толқыған, Тыймаса жалынды Бірге ағып кетермін, Қалдырып саған әнімді. Шегі жоқ теңіз... *** Айдалаға атылмайды берен, Ақынды тақымдайды өлең. Өзіңді ойласам еркем, От болып лапылдайды денем. Кенендік – жанарында ма екен? Алманың сабағында ма екен? Мастанып мен ала-бөтен, Жаныңды аламын да кетем. Балыңды – балыма қосам, Жаныңды – жаныма қосам, Жауыңды – жауыма қосам, Кел еркем! Зарыға тосам.
АНАДАН АЙРЫЛҒАНДА
Көңіл күйрек, көкірек кеміп бұл күн, Жас қабырға жас төге келіп тұрмын. Кеткенін көміп кімді көміп кімнің, Білемін, басқа салды, көніп тұрмын. Бір түйірі қара жер тас бауырдың, Анам енді иесі жас қабірдің. Тоңып тұрмын. Тоңбасам Ана екен ғой Мейірімің, себі жоқ басқа нұрдың. Бола алмадым қасыңда, бола алмадым, Бір шымшым топырақ та сала алмадым. Біліп тұрмын өзіңмен өшті-ау бірге, Сәбилігім, сары уыз бала арманым. Әке жаны шер-зарлы, отыр әні, Күңіренген бір аят оқылады. Тәу еткен жасты жүзге таңбадай боп, Жабысты жас қабірдің топырағы.
Берік бол дейді әлде кім, жұбатады, Қайғы жеңді көңілді бұза тағы. Даң тірліктің думаны, тәтті сөздің, Бір анадай болмауы жылатады. Жазмыш саған не шара, қас-қағымда, Жасытасың биігін, асқағын да. Арманым жоқ деуші еді-ау, арманы көп, Жан Анамды қалдырдым жас қабырға. Маңым үнсіз, кім мені ұғынады, Әке барад алдымда құрып әлі. Жас балауса жалғанға құнығады, Суынады, қарт емен жығылады...
АҒАТАЙЫМ ӘЛ-ХАЙДАРДАН АЙРЫЛҒАНДА
Анасы кеткен, баласы ерді соңынан, Ірге бөліп тірілердің тобынан. Жан анам жалғыз болмасын деген онда ұлы, Біздерден бұрын қанатын солай қомдады. Кезікті ол кезенген тағдыр оғына, Зарлылардың қосып мені тобына. Ағатайым суырды бұрын жүрегін, Бағышталып мен де анама жүр едім. Кетпес бұрын арулап, тәнін тазартып, Қараша үйдің келер таңын бозартып. Жайлап қана жүріп кеткен ананың, Рухына жаны еріпті баланың. Түсінесің бе, мендегі халды, ей, ұлым?! Күн-Айым сөнген беретін жылу-мейірін. Бір-біріне бауыр басқан лайым, Әзиздерді жанына алды, Құдайым.
*** Әкем Зейіпханның құрдасы, қазақ өнерінің ерен жүйрігі, халық артисі, аяулы ұстазым Кәукен Кенжетайұлы 80 жасқа толған мерейтойда айтылған толғау Ақбеттаудың бауырында Айман бұлақ, Естіді сәби даусын қойған құлақ. Ән келген, әнші келген сол азанда, Іңгәсі-ақ, ұлағатын жайған жырақ. Ақбеттаудың бауыры Қызылшілік, Ән есті шіліктерден «ызың» шығып. Өр келген, өнер келген ғұмыры отты, Мұң құрсау көңілдердің мұзын сылып. Бала еді шынашақтай, қара борбай, Ұлы өнер қамалар ма дара торда-ай?! Табынтты өнер атты құдіретке, Қалидың алдында айтқан – «Қараторғай».
Бақ қонып Байжановтан бата алдың ба?! Жол тарттың Шәкеніңмен қатар қырға. Балалық Әбдірақым атың ғайып, Жөнелдің «Сері Кәукен» аталдың да. Кім сорлап туар дейсің анасынан, Көріндің енді соғыс додасынан. «Жас Қазақ» «Жолдастарды» шығандаттың. Жат жерде, оқ пен оттың арасынан. Ұқтырар бұл өмірдің кең-тарлығын, Театр жарылқаса тарқар мұңын. Сахна – еске алады – «Жанботасын» «Бекежан», «Амангелді», «Ертарғынын». Сексен де сезіміңді селдіретпей, Бас, қане, «Жиырма беске» сен бір өктей. Жырынды жүрек қалай шыдар енді, Қыздардың ет-жүрегін ежіретпей.
Қамшың не, нағыз тұлпар шабады ыммен, Тұлғаңнан көп қасиет шоламын мен. Жүзге кел асыл – Кәукен, онан ары, Көрерсің ақылдасып Шабалыңмен. *** Тәп-тәуірің болған күн, Таптаурын болған күн. Бақ бауырын суытып, Тапты ауылын болған күн. Құшақ ыстық болған күн, Пышақ, істік болған күн. Тұсамыс қып өмірді, Құсалы іш қып болған күн. Алдаспандай болған күн, Алжасқандай болған күн. Шаң басқандай жаныңды, Арбасқандай – болған күн. Тау сындардай болған күн, Таусылғандай болған күн. Қаусырғандай қасірет, Хал сынғандай – болған күн. Күліктейін болған күн, Түбіттейтін болған күн. Үміттейін қапаста – Кілттейін болған күн. ***
Бейберекет талаптар, Бейхарекет жауаптар. Бұлдыраған жанарлар, Тұнжыраған қабақтар. Түп тегіңнен бөлексің, Кім дер еді медетшің? Қарыс азу арлан мен Қанға жерік өлекшін. Құзға сонау өрдегі, Шығып бөрі сөйледі: Сонда аспанның әмірі, Зұлпықарын сермеді. Тас пейілдер тапталып, Бола қапты мап-мамық. Көктен саулап көкжалдар, Айналаны жатты алып. Тау десі бар талаптар, Тәубесі бар жауаптар. Жалындаған жанарлар, Жалынбаған қабақтар.
*** І
Мынау жалған тірлікке сенген аз ба?! Гүл болып жайнап ең ғой сенде жазда. Аңдамай тағдырымды қалжыңдаған, Аралай гүл торыдым бал жинаған.
ІІІ
Мен сенің көз алдыңда алданыппын, Бір кезде сен де оныңды аңдап ұқтың. Келеміз қырау шалған самайменен, Санасып сары күзгі маңайменен. Жанымның қозды неден делебесі, «Қызыл түлкі» – дүние деген осы... *** Таң келеді, сайрайды құстар, Қайнайды тірлік қазаны. Бір тағдырға сайранды нұсқар, Бір тағдыр жүнжіп азады. Таң келеді, сөнеді жұлдыз, Себеді күндіз алапқа ән. Тіршіліктің көрегі бізбіз, Күшігінен талатқан. Таң келеді ыңыранғандай, Ығыр болғандай кім, неден. Оқтаулы тұрған зымырандарды-ай! Бұйрық күткен мінбеден. ***
Ақ лақ көңілім, қара лақ көңілім, Додагер орта кергілеп, Шығарған өрім-өрімін. Көңілім... Көресің бүгін кеудемде менің, Замана мұжымас дала жартасын. Ал, сен, бауырым, қайдағы бір Көңілің насыбайды айтасың. Басымнан өтті – туласам Тулақ болған күндерім. Басыма қонды туласам, Қунап, толған күндерім. *** Көктемім сілбірең, Ілбіген дімкас уақыт. Күндер сұр кілең, Сызын тұр басқа құлатып. Сүлкіні пәс-ақ, Сұрқын-ай келген досымның. Менде бары осы-ақ, Мұңына қосақ – қосылдым. Терезе жылаған, Кенезе өксік шылаған. Достан шығар ма ән?! Шығатын шығар, сірә, жан. Жыл осы арада, Алады бізді азаптап, Тұр босағада, Қолшатыр көкшіл мазақтат.
*** Жігіт сөзі: Айқара құшаққа алғаным қандай, Қапсыра құшып бүргенім қандай. Бұлқынып барып талғаным қандай, Ұмыта алмай соны жүргенім қандай. Қыз сөзі: Пәруана жаным қалғандай отта, Демеймін оны оятпа, абайла. Күн не түн деме, жай, жағдай айтпа, Тұлпарыңды әкеп тоятқа байла. *** Көгілжім тұман басқандай, Іркілдек қаланы, Жыр іздеп жүрек қашқандай, Бүлкілдеп барады. Жасыны түсіп музаның, Өртеніп барады. Күйкі күн үзіп тұзағын, Дерті өліп барады. Қорғасындай еңісте, Ой қалып барады. Мына жалған бейішке Айналып барады. Ақша бұлттар бел асып, Ары аунап барады. Алатау бауырын кең ашып, Алаурап барады.
Ән-аққу боп ұшар ма Жаны ұшып барады. Өлмес қармен ұшарда Қауышып барады. Көгілжім тұман басқандай, Іркілдек қаланы. Жыр іздеп жүрек қашқандай, Бүлкілдеп барады. *** Тасбақа аяң, Қас қапас баян – оздырмас. Қозғалдың – опақ, өзгелер қанын қоздырмас. Шалдығып қалсаң, қабағын аспан тыжыртар. Ал, Жер ана – Өзінің ұлын жазғырмас. Әбжылан дүние алдады дерсің, арбады, Көз майын құртқан ақжайма арты – көр қабы. Алыстан енді елес боп қана елбеңдер, Опат боп кеткен көп армандардың аруағы. Иісіне иіп жұтқанда сөлін ерменнің, Елігіп алам, о, сұлу арман, бері келгін... Жерменен көктей бөлінем әлі екіге, Желпісе жаным жел болып, қаным тербелгін! ***
Армандар көп аунап туған күлге бір, Аңғалдар көп жау былығын өңгерер. Тобырға еріп тоғаймаған бұл көңіл, Жалғыздықтың қасіретін жөн көрер. Сансыз жортып, саяқ қонар бөрі інге, Бөрі жанын қалды дерсің оқыр кім. Еріккен мен желіккеннің төрінде – Ен далаға зытуды ойлап отырмын. *** Ұлпа өмір үп еткен желге ұшады, Жел басылып, ақыры жер құшады. Өпкісі кеп енді бір самал жетсе, Тірлікті ойлап бейбаян тер қысады. Ұлпа арман үп еткен желге ұшады, Күтіп тұр-ау оның да шерлі шағы. Құлақтанып күн батса – дауыл, жауын, Таңғы шықта – үміттің бар нышаны.
Ұлпа өмір, ұлпа арман, ұлпа ақын, Ұлпа өлең қып-қызыл ніл таматын. Муза рухы шыжымын бырт-бырт үзіп, Самғау үшін қаққалы тұр қанатын. *** Тәтті ұйқыда жатыр ма едің, Татыр ма едің бір ғұмырға?! Арманымның ақырғы «елін» Қондырамын күзгі қырға. Өңімде сен, түсімде сен, Түсін десем бұрылар ма ең? Қолыма қон, құсым, десем, Пәруана боп ұрынар ма ең? Жас емеспін, маспын бірақ... Қаштың жырақ, жан құмарым. Нәлет ақыл! – бастым құлақ, Сұлулармен мәнді маңым. Ұйықтай ғой менен оқшау, Менен жақсы-ау, жайың қарғам?! Бір түкпірден келеді ақ таң, Жамылғаны – уайым, арман. ***
Құз-қиядан іздеуші едім әсем гүлдің мекенін, Табан тозып, екі алақан жауыр боп. Тынық күнде, желбір қаққан көйлегіңнің етегін, Ойламаппын тау тасындай ауыр деп. Қырына алса қылқа соғар жырындының бірі еді, Жынын бүгін таппай отыр перілік. Ақ балтырын айпаралай қыз етегін түреді, Жынды бас жел ерігіп. Ер мінездер елп етпейтін күйкі тірлік, сор-бейнет, Езге болар қол байлау. Мен дегенде ауырлығын көп танытқан сол көйлек, Бұйрыпты бір момынға, аңғалдау. *** Көктегі жұлдыздар-ай жымыңдаған, Жетеді сыбырлаған сырың маған. Кім бар екен сендерге жылынбаған, Жылынғандар жүрегі суынбаған.
Мекені тым бері де, тым ары да, Жұлдыздар айналдыңдар құмарыма. Қарамай Алматының мұнарына, Көз салам ұзақ-ұзақ тұрағыңа. Пенделер мекендеген шектен шыға, Кеттіңдер ата-ана (деп пе ең жыла) Біздің жайды дейтіндей көктен сұра, Жұлдыз болып өздері кеткен, сірә... Алатаудың етегі қала тынған, Қара түн маң, айналдым қанатыңнан, О, Жұлдыздар! Бір кеуде нала тұнған, Сендерді санауменен таң атырған! *** Жоңғарда жөнім паш болып, Жолдар да, жолдар өрдім мен. Таң «тіріліп», кешке «өліп» Ырқына сезім көндім мен. Жоңғарда жұлдыз жанды алғаш, Жоңғарда сөнді беу, арман. Жоңғарда көл боп тамған жас, Жоңғарда шашым ағарған.
Жылдарда түскен араға, Бұл басқа мұз не, дерт қонды. Жоңғарда түскен жараға, Тұз себу машық, серт болды. Алматыдан сәл ұза... Жетеді дала, сары сағым, Бітпейді-ау жүрек парызы, ә?! Жоңғарға ауар аңсарым. *** Есімде еміс-еміс, Еміс-еміс емес-ау, бәрі тегіс. Көк белестер, көл, жаға, көктемгі егіс... Қотандағы ой ашады өткенге өріс. Бастау жатад бүлкілдеп, ыршымақтап, Құс базарлы, кеткендей жыршы қаптап. Төсек тартып қыс бойы жатқан біреу, Отыр әне, маужырап, күн шуақтап. Дәмің шіркін қандай-ды, бала көктем, (Анам марқұм өзімен ала кеткен!) Қан көбелек, ақ, сары... сән көбелек, Күн себелеп, желің-ай, орап өпкен.
Гүр-гүр мотор, бауырдай тіліп маңды, Мазалайды тынық түн, тұнық таңды. Тісеп жүрген көрші қыз моп-момақан, Сүтке тойған қозыдай қылықтанды. «Екі тау екі жақтан» жақындасып, Түн бойы алатындай ақылдасып. Жұлдыздар таяп келіп тас төбемнен, Маңыма қонатындай топырласып. Жер бар ма сірә, менің Алмалымдай, Өзіңсіз көрген қызық жалған, ыңғай... (Матаулы кісіге ұқсап қалғанымды-ай!) Арманымдай қол жетпес, бар ма мұндай?! Алмалымды-ай!.. *** Қамысты жаға, қамысты жаға, Бүлкілдеп аққан танысты қара. Желігіп қалсын толқындары деп, Пейілін желмен ала ұшты дала.
Іле ғой мынау иінді, иірім, Толтырып жатқан Балқаштың бүйірін. Жанғанда үміт, жалданып біздер, Көнгеміз көріп өшкенін, құрбым... Үкілі шиге қонған-ды торғай, Құйқылжып кейде толғайды, қандай... Тамырын беріп Ілеге тұрған, Ойсақты анау, орманды маңды-ай. Думан қып жатыр қарға, ұзақ қырды, Әлде бір жақтан аңызақ бүрді. Құлап бір алып айдынға ақын, Тамсанып сосын тым ұ-за-а-ақ тұрды. *** Мұңды жапырақтар, мұңды жапырақтар, Жұлдызбен бірге мені бақылап қал. Нуыңды кешіп, суыңда есемін, Сезіп жатыр ма алыс атыраптар?..
Түнгі жапырақтар, мұңды жапырақтар, Сырыңды қайдан білсін ақымақтар. Көлдетіп көзді, бауырыңа енемін, Шығыңды сен де кел, басыма ақтар. Қырдың астында білем жатыр ақ таң, Ақылар күшін елге «батыр-ақ тар» Жыласып алайық, сырласып қалайық, Түнгі жапырақтар, мұңлы жапырақтар. *** Белімді шешем, беліңді шешем, Қандырып алғаш шөлімді, көшем. Көшкем де қонғам, Қонғам да тоңғам. От іздеп тағы... Кешеді, кешкен! От іздеп отыз барамын асып, Қаламым ғашық, Ғаламым қашып, Талғаусыз емес, аңдаусыз құрғыр, Сырымды кейде аламын ашып.
Қош дей саламын, қо-о-ош дей саламын, Таңертең дана, кеш бейшарамын. Өшетін жерде өшпей бағам да, Көшетін жерде көшпей қаламын. Бүгінгі кешті кешегі кештен, Пәс көріп, маңға қараймын өшпен. Десе де адам, Тас емес екен, Бұрында мені... кешеді, кешкен. *** Қара кофе, қап-қара кофе қайнаттым, Бір әдемі – Айы толған қаймақ түн. Алыстан ән... жатыр екен тойлап кім?! Менде жазу – жазса нүкте қоймақпын. Қара кофе, қап-қара кофе қайнаттым, Төрт құбыламды жайлап бақыт, жайлап мұң. О, ақ қағаз, саған сыйып бар әлем, Жер мен көкке қалам қылыш ойнаттым.
Қара кофе, тым қап-қара, татымды, Жыр отпаны, жанартаудай атылды. Ата мекен – дәтке қуат, алданыш, А-на-ау мекен, астапыралла-ай, аһ ұрды. Тамыры қайда... жапырақ мұнда, өркенмін, Күз жамылар, уа, топырақ көрпеңмін. Таңның алды, әннің ауылы көрінді-ау, Қара кофе сұп-суық, ал мен – өртендім!
САҒЫНТАЙ СҰҢҒАТАЙҒА
Сарыөзен* бойы сары қамыс, Сары қамыс түбі сары өлең. Сағыныш тегі ар-намыс, Сағынған жанның зары ерен. Сарыөзен – жайық, қысаңды, Қысаңнан аттап өтсемші?! Тартқанша сенің құсаңды, Айдыныңа шөксемші?! Бейбақта шабыт кернесе, Сарыөзен күйін төгер-ді. Күйіктен қайран, өлмесе, Майданнан ізде өр ерді. Шүлентау менен Мәнжі тау* Пай, пай, пай, айтсаң кім нанар?! Мен бе едім жалғыз мұң жұтар, Мен едім жер деп жынданар... Сарыөзен – тәмам қызығым, Сақ-Ғұнның аз ба құрбаны... Іле, Ертіс* – қызырым, Тұр кері мойын бұрғалы. *** Қысың мынау қыс емес, Қардың түсі түс емес. Көктем жақтан көлбеңдер Көңілді арбап үш елес.
–––––––––––––––––– Сарыөзен*, Шүлентау, Мәнжітау – Қытайдағы жер-су аттары *** Сұр шулан бұлт төнеді, Күркірі жер тебеді. Қозышы қыз үрейлі, Бауырыма енеді. Ақ, сары, қан – көбелек, Төскейде жүр көбелеп, Әдемісін сол қызға, Сыйлағаным, керемет! Сол көктемдей мырза жоқ, Гүл сыйлаймын қызға көп. Әжеме айтып мақтанып, Отырғаным ырза боп. *** Бұлты бұл сәуірдің қара сұр ма, Қамықпа қайран жүрек, аласұрма. Қаралығы – қара шаш көктем қыз да, Тағынған қара алқа, қара сырға. Бұлты бұл Сәуірдің көк шуланнан, Қаз-тырна көп шуланған өтсін маңнан. Бауырына Алатаудың қонып жатыр, Ішінде мен іздеген жоқсың ба арман?
Бұлты бұл Сәуірдің ақ мақта ма? Барады жерді ақырын, таптап қана. Көз жасындай ашқылтым әр тамшысы, Дәмін алып көріп пе ең ақымақ бала! *** Оятты-ай, өйтпей қояр ма, Тоятты-ай, көріп тояр ма. Төсіңде екі-ақ боз үй, Ләззатқа қанып болар ма. Дір еткей жүрек, дір еткей, Балғын тән қайтсын құл етпей. Екі ақбоз үйді көмкерген, Қос қара бұрым білектей. Жебесі сезім рухының, Қандауыр қара кірпігің. Бір ұстам мықын, үр нұсқаң, Құртар әлем құлқынын. Кернеген бойды дауыл ма? Өрт болсаң солай жалында. Көзім де қолым бармай тұр, Тәніңе көрпе жабуға. ***
Мың сан қылқан, мың сан тамыр, Әжім қабық, тілеу өр. О, самырсын, құрсаң дәуір, Асқақпын деп біле бер. Жасыл мақпал – аязда аптап, Тәкаппар-ау, самырсын. Алар ма едім біраз мақтап, Самырсыным нағылсын! *** Сабырдан айырылған, Сабылған сары мұңнан. Салымнан майырылған, Сағынған зарығудан. Санадан салмақтанған, Санам ән саңлақтанған. Сара жан сайғақ қалған, Сан алаң алдапты алдан. Сағымнан салып іздер, Сарғайған жаным іздер... Сары жайлау, сары күздер... Самғаймыз әлі біздер!.. *** Дүние – дүние-ақ! Сен мені іздегенде, Мен оны іздегенімде. Дүние – ғажап! Сен мені тапқан кезіңде, Мен оны тапқан кезімде.
Дүние – мазақ! Сен менен тойынғаныңда, Мен одан тойынғанымда. Дүние – тозақ! Сен менен жерінгеніңде, Мен одан жерінгенімде.
ӘНДЕР
ЖАЙЛАУЫМ – ӘНІМ
Жасаған кешегі, Бабамның мекені. Бар екен өмірде – Жайлаудың не теңі. Қайырмасы: Мен жүрген жайлаудың, Тауының биігі-ай. Арудан аумайтын Аяулы киігі-ай! Гүлдерді еркелей, Ырғала билеген. Сол гүлді еркем-ай, Үзуден именем. Қайырмасы: Бал қымыз, ауасы – Жанымның дауасы. Анаңдай аяшы, Жайлаудың баласы. Қайырмасы.
СӘБИЛЕР
Әлдилеп, аялап бал тілменен, Сәбилер ығыңа балқып, ерем. Отырам аймалап, шалқып ерен, Әніммен арнаймын алтын өлең. Қайырмасы: Сәбилер-ау, сәбилер-ай. Базар ғой өздеріңмен бар үйлер-ай. Бар шуақ төгетін күн де сенсің, Бағымда құлпырған гүл де сенсің. Анаңдай – сұлу боп ер жетерсің, Әкеңдей – шабыт жырын селдетерсің.
ДОС ТУРАЛЫ ӘН
Үлкен олжа жүректің амандығы, Көп айтатын кезін де Анам мұны. Бұл өмірден адам мен адам күні, Жылағанға күлгеннің надандығы. Қайырмасы: Досым мен де қуансам, қуанарсың, Досым мен де мұңайсам, мұңаярсың. Өз жүрегің емес пе соғып тұрған, Менің-дағы жанымды ұға аларсың. Туған өлке, тау десем, белес десем, Қол бұлғайды, барлығы емес пе сен. Сағынамын, іздеймін, зарығамын, Өзің менен кезігіп кеңеспесем.
О, ДӘУРЕН!
О, дәурен, Кенеулі кезің қандай, Сезілген сезім-балдай. Қанатың қайырылмаған, Қайратың жасын, найзағай, Бақыттың базары-ай, Арудың наз әні-ай. Қайырмасы: Дәурен-ай, дәурен! Тәттісің, тарсың, әурең-ай. О, дәурен, Көзіңнен мұң көремін, Күрсіндің, үндемедің. Күз келді-ау, жапырақты Тоңдырып қыстың ызғары, Сағыныш сарғайтқан, Секілді қыз жаны.
ЕРЕНТАУЫМ
Басында Ерентаудың қар жатады, Сақталған ескі күннен нәр жатады. Ол менің арманымның асқарындай, Жанымның сағынышын лаулатады. Қайырмасы: Ерентауым, Ерентауым, Сағынып бір өзіңді, Келем – тауым. Өзіңді киік жайлап жатпады ма, Қырандар ұя салып жақпарыңа. Бүркеніп бозғылт тұман тұрған тұлғаң, Әкемнің ұқсайды ойға батқанына. Қайырмасы: Орманың ойлы, самал тербететін, Жанымның дауасы еді емдететін. Жүрсем де өр жұмақта, өзге төрде, Сені аңсап бір сағыныш меңдететін.
БОТАДАЙ КӨЗДІ
Бар бағым сенен арытпап еді, Арманға бірге қалықтап едім. Мұхиты мұңның тоғытпап еді, Тарылса да тағдыр, тарықпап едім. Еңлік көп еді, елік көп еді, Ешкімге бірақ елітпеп едім. Сенерім жаным – мендік бол енді, Түсіме дәйім еніп кеп едің. Қайырмасы: Ұмыта алман сені, Сол тәтті кезді. Ботадай көзді – сезімнің өзі, Ботадай көзді – сенімнің өзі. Мезгіл де, мезгіл өтер де еді, Соңынан қусаң жетер ме едім. Екі өмір бірге от өрген еді... Бәрі де жалған, бекер ме дедім. Шаңырақ басқа көтерген өзің, Мен де өзге ірге бекемдеп едім. Ботадай көзін төңкерген керім, Құмармын шіркін... секемденемін. Қайырмасы:
Ұмыта алман сені, Сол сәтті кезді. Ботадай көзді – арманның өзі, Ботадай көзді – жалғанның өзі.
ЖОРҒА ДА ЖОРҒА, ЖОРТАТЫН КҮНДЕР
Қара бір тауды етектеп едім, Қара да жорға жетектеп едім. Асқақтап әнге салғаным – құрбым, Жаныңа сенің жетед деп едім. Қайырмасы: Жорға да жорға, жортатын күндер, Зорға да тізгін тартатын күндер. Оң қарап саған Тәңірінің көзі, Тағдырдың өзі қорқатын күндер. Қара бір тауды етектеп едім, Қара да жорға жетектеп едім. Келіп тұр жиі дегенім – құрбым, Жарқ еткен дәурен өтет деп едім. Қайырмасы: Ала бір тауды аралап едім, Ала да жорға тағалап едім. Ақ маңдай сұлу ағалап едің, Ағалап мәңгі қала ма дедім. Қайырмасы: Көкше бір тауды сағалап едім, Көкше бір жорға тағалап едім. Көзайым көріп аялап едім, Көктегі күнге балаған едім.
Қайырмасы: Алтай бір тауды асамын дедім, Аягөз жорға, қосағымда едің. Аңсаудың шөлін басарым менің, Алдыңнан, аға, тосамын дедің. Қайырмасы: Ұлы бір таудың ұларын көрдім, Ұғылан да жорға пырағым болдың. Ұяла басып құмарым келдің, Құшағын жайған жұмағыма ендім.
ӘЛЕМНЕН САҒАН ТЕҢ ІЗДЕМЕН
Әлемнен саған тең іздемен, жасыл бақ Алматы, Өзіңменен егіз денем, туған жер жаннатым, Қыран қанша биік ұшса талдырып қанатын, Тұяғының ізі қалған тұғырға қонатын. Әлемнен саған тең іздемен, жұмағым Алматы, Анашымдай емізген ең тұз-дәмің, шәрбатың. Алатаудың асқарында әппақ қар – ар жатыр, Сол ғой сенің пәктігіңнің белгісі – Алматым.
ТҮСІМДЕГІ АНА
Бөлме іші қараңғы, түс көріп ояндым, Көз алдым мұнартып, ауылым оралды. Жан-жүйем жанары, анашым қарайды, Туған жер самалы ақ шашын тарайды. Қайырмасы: Ана, түс көрдім жаңа, Түсімде мені тербетіп отырсың, Ана! Қуалап арманды, қуалап сағымды, Өмірдің талқысы қажытты жанымды. Құлының сағынды – үніңді жағымды, Ақ тұман ауылды, ақ маржан жауынды.
ТАНЫСҚАНДА
Бикешім-ау, би кешінде танысқаным, Қыпша бел ме, қиылған тал ұстадым. Аласұрған кеудемнің арыстанын, Келіп тұрды өзіңе табыстағым. Тұрқың қандай аяулы, күлкің қандай, Ақ толқын да ақ шабақ бұлқынғандай. Жарқын әлем – жанарың сыр тұнғандай, Барлық жүрек өзің деп ұмтылғандай. Қайырмасы: Көрмегін жаным – алтындарымды жездей ғана, Кетпегін жаным – жүрек сырларымды сезбей ғана. Сен бар жерде қадірім – хан-бекзада, Сен жоқ жерде – күй кешем мен беймаза. Көкірегіме көп тілек кеп тұр құрбы, Білсең өзің білерсің тек бұл сырды. Көктеген беу арманым көкке ұмтылды, Қанат қағып пәруана отқа ұмтылды.
Бар гүл өзің, балауса, балғын өзің, Аяларлық әр қимыл, әр мінезің. Тілегімді қайтармай алғын өзің, Ғұмыр бойы билеуге бармын өзім.
МӨЛДІРЕП ТҰРҒАНЫ-АЙ
Керемиығым, кер маралы – кеңдаланың тумасын, Арман етіп мен барайын, мен болайын сырласың, мұңдасың. Жамылайық, жадырайық ақша бұлттың шудасын, Куә орман шуылдасын, өзен көлдер туласын. Қайырмасы: Мөлдіреп тұрғаны-ай! Мөлдіреп тұрғаны-ай! Жүректің елжіреп тұрғаны-ай. Назыңды тыңдамай, Өтеді күн қалай, Өзіңді бұлдамай, Оралсаңшы-ай! Таулар мынау періштедей жаңбыр жуған сұлбасын, Жүрегімнің жүрегіңе құлшылығын тыңдасын, жырласын. Ұнатудың тәттілігі бұла тәнді уласын, Далам менің шаттығымды қызғанбасын, қумасын.
ШЫРЫН-АЙ
Арғы жағы Алтайдың Қобда деймін, Көш келеді байсалды жолда деймін. Ақ арғымақ алшаңдап ару келеді, Аңсап жүрген арманым сол ма деймін. Қайырмасы: Шырын-ай, шырын-ай, Сағыныштан салған әнім, жырым-ай! Арғы жағы Алтайдың Қобда мекен, Қобда неге баянды болмады екен. Алыс қалған қайран жер, қайран мекен, Бағыт еді-ау қонатын қолға некен. Қайырмасы: Жеткізетін даламның жан сыбырын, Тәтті әнінен Алтайдың салшы бүгін. Мен де өзіңдей сағындым туған елді, Өзің болшы дауасы бал шырыным.
ПЕРИЗАТ
Қысқалығы-ай десек те, өмірің майдан, Қалқам саған ауды екен көңілім қайдан – Перизат! Мазалайды бір әуен өріліп ойдан, Артық екен көктегі көрігің айдан – Перизат! Қайырмасы: Туған елдің сәнісің, Тіршіліктің нәрісің, Көкірегімнің әнісің, Көңілімнің жарысың – Перизат! Асыл туған анадан ақылың ерен, Ақ тілегім тынар-ды ақыры немен – Перизат! Туған елдің маңдайы, мақтаны сен ең, Бал тамызған таңдайы ақыны мен ем – Перизат! Қайырмасы: Жанға ләззат құйғандай, Мың бұралған би қандай, Бүкіл әлем ұйығандай, Лебізің бар имандай – Перизат!
Тебірентер пейілді аңса күй бүгін, Жүрер екен жүрегім қанша билігің – Перизат! Ақ көңілім талпынса таңданба сұлу – Ару нұры секілді Айша-бибінің – Перизат! Қайырмасы: Жәудіреп бір жанарың, Кірпігіңді қададың. От боп күйіп барамын, Халім осы қарағым – Перизат! АЙТҮРІК АРУ (Айгүл Түркияқызына) Қарағайлы, асқар, арал, қайыңды, Үліңгір, Қанас, Мыңмарал, Аюлы. Түсіңе кіріп Барқыт-бел, Іле, Ойлаумен жүрсің өр Алтайыңды. Жайлаудай жаның, жайғандай нәр-тұнық, Көзіңнен бәрі тұрғандай айтылып, Аялап өскен ақ арман – Айтүрік. Айналдым тапқан анаңнан – Айтүрік.
Тербеген самал гүлдей қылықтым, Жылыттың күндей, мұңымды ұмыттым. Мейірің түссе мерейі асқан, Бағы ғой сені сүйген жігіттің. Жайлаудай жаның, жайғандай нәр-тұнық, Көзіңнен бәрі тұрғандай айтылып. Жанындай – жанын сезінген – Айтүрік, Мақтанар елің өзіңмен – Айтүрік. Ауылдан алыс апыр-ау десіп, Қаламыз кейде... жасырам несін. Тербетер әлі жатсынбай сені – Алатау, Арқа, Атырау бесік. Жайлаудай жаның жайғандай нәр-тұнық, Көзіңнен бәрі тұрғандай айтылып. Ер жүректерді өртеген – Айтүрік. Биіктей берсін мәртебең – Айтүрік. АУЫЛЫМ МЕНІҢ НҰРЛЫДА (Рахым Айыпұлына)
Ауылым Нұрлы аумағы нулы, қамысты, Аңқылдақ жаным Алматы жақтан ала ұшты. Адымы аршын, астымда жарау ақ тұлпар, Ақсұңқар көңіл желікті желмен жарысты. Айта бар сәлем алыста жүрген құрбыға, Сағынсаң орал, ауылым менің Нұрлыда. Бастауы – Күнес, Іле ағып жатыр іргемде, Шалқыды шабыт, жарыла жаздап тұр кеуде. Алтын шоқы асып, ата-жұртты аңсап келген ел, Басқаны қайтсын, Нұрлыда еркін жүргенде. Айта бар сәлем алыста жүрген бауырға, Сағынсаң орал Нұрлы деген ауылға.
Бар екен қайда қазақылықтан кең неңдей, Арқаң – Сарыарқа, Алатау – асқақ кеудеңдей. Нұрлыға келсең баурайды бауырым бір бақыт, Барқыт-бел, Іле, Өр-Алтай көшіп келгендей. Айта бар сәлем алыста жүрген туысқа. Сағынсаң орал, Нұрлыға келіп ту ұста. ШӘМША САҒЫНЫШЫ (Шәмша Беркімбаеваға) Атадан қалған сөз еді, Анадан қалған көз еді. Бақытын бүгін сезеді, Шамалған жері, өзені. Өз босағасы, өз елі, Жүрегі, жаны, өзегі, Ой-қырды – ой-арман кезеді, Сондай бір тәтті кез еді. Қайырмасы:
Алатау асқар қарлы шың, Ақ жолыма өзің жармысың. Алматым – шырын-балмысың, Арманым асқақ әнбісің? Айтатын бергі – арғысын, Шежіре қарттар бармысың?! Мәндісің, қандай мәңгісің, Туған жер Тұрар – армысың. Бабаның еккен шынары, Ананың жаққан шырағы. Қызғұмыр – көктем шуағы – Жүгіріп алдан шығады. Аруақты мекен тұрағы, Ақ бата айтар – Тұрары: Талмасын мінген пырағы, Самғасын алыс жыр-әні.
КҮНЕС-АЙ
Басы Күнес Іленің, деген ақын кім едің, Туған жерін аңсамау, жұмыр басты мін едің. Сары ауру сағыныш, табар дейсің кім емін, Бір аралап қайтуға қиял тұлпар мінемін. Қайырмасы: Кейде өзіңе бұлданып, Алушы едім – Күнес-ай! Алыс кетсем мұңданып, Қалушы едің – Күнес-ай! Бауырыңа бір барып, Енейінші – Күнес-ай! Көзім алды буланып, Келейінші – Күнес-ай! Пешенесі – Ақөзен, кесенесі – Бестөбе, Алмалы мен Телғара – анам тіккен кесте ме?! Қарабура қомданып, Нарат қамдап көшкен ел, Аққолтықтың күнгейлеп соғар желі есте ме?! Қайырмасы:
Өріктіарал, Жаутоғай, тұнып тұр бір сезіммен, Көкшоқы анау ботам деп боздап тұрған боз інген. Боз жусаның, бөзіңмен, көне зират көзіңмен, Тік көтеріп төбеме, әкетсемші-ай өзіммен
ТӘҢІРІМ – ТӘҢІРТАУЫМ
Тәңіртау – биігіңді мұнар буған, Сені ойлап көкіректі құмар буған. Саяңнан саңлақ арман аластырып, Ұлың жүр тағдырына сыр алдырған. Қайырмасы: Тәңірім – Тәңіртауым, Сені ойлап жүрегімді ауыртамын. Тәңіртау – тү-у алыста қойдың қалып, Сарыарқа шақырады айдынданып. Қалыпты бал дәуренім бауырында Келіппін сағынышым, қайғымды алып. Қайырмасы: Тәңіртау – табынушы ем тәңірімдей, Ақберен жоқ-ау тағдыр әміріндей. Өзіңді жүрегінде сақтап жүрген, Ұмытпа құйтақандай сері ұлыңды-ей! Қайырмасы: Бабамның көздеріндей көзім барсың, Көктегі тәңір бар да, өзің барсың. Тәңіртау – сен пәнилік, мен бақилық, Тым құрыса өзің жайлы сөзім қалсын.
ЖИЫРМА БЕС, ОТЫЗ БЕСІМ, АЙ-ХАЙ, АРЛАН!
Ер кезең, ерке кезең – Бұланай шың, Биігін мекендейсің, құламайсың. Жауыңды төбесінен сығалайсың, Қыранды жете алмаған сынамайсың. Ақ дерсің, қара дерсің – алшы асығың, Алдыңнан жаяр өмір барша асылын. Айбынын асырарсың қаншасының, Қадірін қашырарсың қаншасының? Домбырам – олай қақтым, бұлай қақтым, Несіне жас дәуренде мұңаймақпын. Ісім бар көкейінде мың айғақтың, Мысым бар гүлі болған бұл аймақтың. Домбырам – оң бұруалы, сол бұраулы, Білмейді қалжырауды, қанжылауды. Бұлдаман – өнерімнің ән-жыр алды, Құндаман – қаны кеппес қанжығамды.
Өртеген сексеуілдің қызуындай, Жастықтың айта берем, қызығын қай. Бұланай – өзі болдым, мұзы болмай, Кетпеспіз қадіріңді біз ұғынбай. Тұрғанда айбатымды асырып далам, Бет келсе тағдырға да ақырып қалам. Жиырма бес, отыз бесім-ай-хай! Арлан! Тайсалмай тасты толғап, от ұрттаған.
АРМАН ҚЫЗ
Көзіңді төңкергендейсің, Бақыт боп көмкергендейсің. Жүрегім өртенгендейсің, Қайғымды серпер мерейсің. Ал енді, еркем, не дейсің?! Қайырмасы: Бұлақтай сылқ-сылқ күлгені-ай, Бұрала былқ-сылқ жүргені-ай. Өзіңнен үміт қылып Күн арай, Батады тұрып-тұрып түндегі Ай. Сенде де арман бар ма екен? Әлде бұл жалған жар ма екен. Жаныммен неге жанды екем, Мендей де аңғал бар ма екен, Дәрменсіз сондай халде екем. Қайырмасы: Сүйер ме ең бүлдірген ерін, Сырымды білдірмек едім. Көңілімнің мың бір дерегін, Күй болып күмбірлегенін, Өзіңе білдірмек едім... Қайырмасы. МҰҢ ҒҰМЫР (Досхан Жолжақсыновқа) Бір өзі кешелі мың ғұмыр, Актердің ғұмыры – мұң ғұмыр.
Жанарлар, шырақтар аңдиды, Сұрақтар, сынақтар сан қилы. Өзгенің тәні мен жаны боп, Өзгеше кешесің хал-күйді, Қалғыса жамылып қалғиды, Тәңірдің сыбыры ән-күйді. Тілдесер, тілдесер азабы, Үндесер, күндесер тозаңы. Сахна – өзіңмен бірге – Озары, жанымның тозары. Бәрінде маңдайға жазады, Базарлы күндер-ай, назалы, Музаның қанатты пырағы, Дәм-тұзың жоғары тұр әлі... Домбыра күмбірлі күй кеуде, Қасірет, қасиет тұрағы. Айықпас – арбаған құмары, Ғарып бас – торлаған тұманы. Мен жұтқан тозаңдай – сор-бағым, Мен жаққан бояудай – жолдарым. Өзіңдей тәтті екен арманым, Өзіңдей ашты екен толғағым.
Сен барда – менің бар болғаным, Сен жоқта – менің жоқ болғаным. Бір өзі кешелі мың ғұмыр, Актердің – ғұмыры мұң ғұмыр.
КӨЛЕҢКЕ ДЕГЕН КҮНГЕ ҒАНА ТҮСПЕЙДІ
Көлеңке деген күнге ғана түспейді, Ол Алланың құдіретінен жаралған. Тағдыр саған өз дегенін істейді, Тән тозғындар, жазылғанмен жараңнан. Көлеңке деген күнге ғана түспейді, Ол көрінсе жұлдыз біткен жоғалған. Өмір деген – жаз соңынан қыс келді. Сайран әнін келте ғұмыр доғарған. Көлеңке деген күнге ғана түспейді, Көрмейтіндей жүрек сызын анаңнан. Адамдықтың ақ жолына түс дейді – Сөндірмейтін иман нұрын санаңнан. Көлеңке деген күнге ғана түспейді, Көрдім оны дала текті бабамнан. Сәбиіндей аймалайды, иіскейді, Күн дидарлы құшақ жайып тағы алдан.
АҚША БҰЛТ ЖЕЛ АЙДАҒАН...
Ақша бұлт жел айдаған бел асады, Сол белмен ата жұртқа ел асады. Сарғайып сағыныштан салған әні, Бабадан баласына ұласады. Қайырмасы: Пай-пай, беу, Назым! Бұл өмір бірде жазың, бірде жазым. Ақша бұлт жел айдаған қыр асады, Көрісіп тау-даламен жыласады. Туған ел тұғырына қонған ауыл, Хал-жайын қалған елдің сұрасады. Қайырмасы: Ақша бұлт жел айдаған жылыстайды, Бет алған жолын бөгеп кім ұстайды?! Адыра қалар жерді жасқа шылап, Топырағын әлсін-әлсін уыстайды.
АЙ-ҚАЛҚАМ!
Сөзіңді-ай, қалқам, тылсым бір, Көзіңді-ай, қалқам, нұр сындым. Жүзіңді-ай, қалқам, гүлсің бір, Сезімді-ай, қалқам... күрсіндім. Наз от демді көктеммен, Жаз өтіп бара жатыр ма ең?! Қиялы құрғыр жеткенмен, Қисыны кеткен пақыр мен. Қасымда Күн, қасымда Ай, Ауру жүрек түктенеді-ай... Жалт өткенің жасындай, Жайрата салдың... Бітті енді-ай... Сөзіңді-ай, қалқам, тылсым бір, Көзіңді-ай, қалқам, нұр сынды-ым. Жүзіңді-ай, қалқам, гүлсің бір Сезімді-ай, қалқам... күрсіндім.
ҚАЗАҚСТАНЫМ
Таңы ерте атса шуақ, күні жай бататын жер, Ғажап түнін ай, жұлдызы жайнататын жер. Үр Астана, гүл Алматы – қос жанарындай, Алыс жүрсең сағынтатын, ойлататын жер. Қайырмасы: Сезінемін мейірімді ана құшқанын, Бір өзіңді ғұмырыма балап ұшқаным. Бұл ғалам да теңдесі жоқ Ғажапстаным, Нұрстаным, Гүлстаным – Қазақстаным! Жетісу мен Алтай, Арқа, Жайық, Сыр – мекен Алып сынды екен, шежіре, тарих сынды екен. Алты алаштың шаңырағы – Тұраным менің, Құдіретіңе қанықсың дос, қанықсың бөтен.
ТОМИРИС
Өзің болып ойлап тұрған белдер-ай! Көзің болып салмақ тұнған көлдер-ай! Жүзің болып жайнап тұрған гүлдер-ай. Ізің болып сайрап тұрған Күн мен Ай. Қайырмасы: Тұран қызы, қыран қызы – елімнің, Ұран қызы, жыр-ән қызы – жерімнің. Даласындай дана қызы – түркімнің, Анасындай пана қызы – жұртымның. Қолаң шашың – қара орманы Алтайдың, Сәукелеңді – Жетісудан байқаймын. Алқа-сырғаң – Сексенкөлі Арқаның, Атырауда қалған қылыш-қалқаның. Қайырмасы: Тұмар қызы бабамыз – ғұн, сақтардың, Көкірегіме тұмарымдай сақтармын. Мән-ырысы – айлы кештер, ақ таңның, Күллі жұртқа атыңменен мақтандым.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру