TELEGEI

Home

Екі бөлімнен тұратын әдет-ғұрыптар метафизикасы

Иммануил Кант

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Екі бөлімнен тұратын әдет-ғұрыптар метафизикасы

Мәдени мұра мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары. Мәдени мұра Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы: Құл - Мұхаммед Мұхтар, төраға Досжан Ардақ, төрағаның орынбасары Асқаров Әлібек, жауапты хатшы Қоғамдық кеңестің мүшелері: Абдрахманов Сауытбек Аяған Бүркі...

ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА

ЕКІ БӨЛІМНЕН ТҰРАТЫН ӘДЕТ-ҒҰРЫПТАР МЕТАФИЗИКАСЫ

И.КАНТ

(Аударған Ж. Ільясов)

НЕГІЗДЕР ТУРАЛЫ ЭТИКАЛЫҚ ІЛІМ

Бірінші бөлім

ЖАЛПЫ АЛҒАНДА ӨЗІНЕ ҚАТЫСТЫ

МІНДЕТТЕР ТУРАЛЫ

Кіріспе
§ 1. Өз алдындағы парызы ұғымының (бір қарағанда) қайшылығы бар

Егер міндеттеуші Мен мен міндеттелуші Мен бір адам деп алынса, онда өзінің өзіне парызы қайшылықты ұғым болып шығады. Шынында, парыз ұғымында пассивті мәжбүр ету ұғымы бар (мені міндеттейді). Алайда, өзімнің өзіме қатысты парызым туралы сөз болғанда, мен өзімді міндеттеуші деп, сол себепті белсенді мәжбүрлену жағдайындамын деп білемін (Мен сол субъектің өзі, міндеттеушімін); және өзімнің алдымдағы парыз туралы ережеде (мен өзімді өзім міндеттеуім керек) міндетті болудың міндеттілігі бар (пассивті міндет, пассивтілігіне қарамастан дәл сол мағынадағы қатынаста белсенді де болатын) олай болса белгілі бір қайшылық байқалады. — Біз міндеттеушінің (auctor oblіgatіonіs) кез келген уақытта міндеттелушіні (subіectum oblіgatіonіs) міндетінен (termіnus oblіgatіonіs) босата алатындығын көрсеткен кезде де бұл қайшылықты байқауға болады; демек (егер олардың екеуі де бір субъект болса) міндеттеуші мойнына алған парызбен тіптен де жіпсіз байланып қалмайды, ал бұндай жағдай қайшылықты болады.

Дегенмен де адамның өзінің өзіне қатысты да
міндеттері бар

Шынында, егер ондай міндеттер мүлдем жоқ деп есептесек, онда ешқандай сыртқы міндеттер де болмайды. — Мен өзімді өзгелердің алдында, өзімді - өзіме міндеттегеннен артық міндетті санай алмаймын ғой, өйткені оны мойындағандықтан өзімді міндетті деп есептейтін заң барлық жағдайларда да менің өзімнің практикалық зердемнен шығады, ол мені мәжбүрлейді, бұл жағдайда мен өзіме қатысты мәжбүр етуші субъект те болып табыламын . §3

Осы антиномия болып көрінетін
жағдайды түсіндіру

Адам өзінің алдындағы парызын ұғынуда сол өзін парыздың субъектісі деп екі қасиеті жағынан қарастырады: біріншіден, (хайуанаттардың бір түріне жататын) сезім берілген тіршілік несі ретінде, яғни адам ретінде, сонымен қатар, екіншіден, зерде берілген тіршілік иесі ретінде (жай ғана зерделі тіршілік иесі ретінде емес, өйткені өзінің теориялық қабілеті жағынан зерде кейбір тірі организмнің қасиеті болуы мүмкін) қарастырады; бұл сезім жетпес тіршілік иесі, және де ол тек моральдық практикалық қатынастарда ғана танылады, зерденің ішкі заң шығарушы ерікке ықпалының арқасында, ол қатынастарда еркіндіктің түсіну мүмкін емес қасиеті көрінеді. Табиғаттағы зерделі тіршілік иесі болып табылатын адамның (homo phaenomenon) сезіммен қабылданатын әлемдегі әрекеттерін оның зердесі себеп ретінде анықтайды, және де бұл кезде қандай да болмасын міндеттілік ұғымы өлі еске алынбайды. Бірақ тұлға, яғни ішкі еркіндік берілген тіршілік иесі (homo noumenon) ретінде алынған сол адам өзіне, және өзіне де қатысты (өзі арқылы адамзатқа қатысты) міндеттемелер алуға қабілетті тіршілік иесі, сондықтан да (осы екі жағынан қарастырылған) адам өзінің алдындағы парызын өзімен қайшылыққа түспей-ақ мойындай алады (себебі адам ұғымы бір ғана мағынада ұғынылмайды). §4

Өзіне қатысты міндеттерді бөлу
принципі туралы

Болу міндеттейтін субъектіге қатысты емес, тек міндет объектісіне қатысты ғана жүзеге асырыла алады. Әрқашанда міндеттейтін субъект те, міндеттелетін субъект те адам ғана, және де теориялық тұрғыда бізге адамның жаны мен тәнін оның табиғи қасиеттері ретінде ажыратуға мүмкіндік берілгенімен, әйтседе, оларды адамды міндеттейтін субстанциялардың ерекше түрлері деп қарастыруға болмайды, олай болғанда біздің міндеттерді тән алдындағы міндеттеріміз және жан алдындағы міндеттеріміз деп бөлуге еркіміз болар еді. — Алайда тәжірибе де, ойша тұжырымдаулар да бізге адамның (адамда болатын субстанция ретіндегі тәннен ерекшеленетін және одан тәуелсіз ойлай алатын, яғни рухани субстанцияның) жанының бар екендігі туралы немесе, керісінше, өмірдің материяның қасиеті бола алатындығы туралы жеткілікті мәлімет бермейді, және де егер тіпті бірінші айтқанымыз дұрыс болса да, онда да, бәрібір, адамның тең (міндеттейтін субъект ретіндегі) алдындағы, ол тән адамның тәні болса да, қандай да бір парызы туралы ойлауға да болмайды. 1) Сондықтан адамның езіне қатысты міндеттерін тек объективті түрде, міндеттердегі формалды және материалды деп қана бөлуге болады, және де адамның езіне қатысты олардың бірі — шектейтін (негативті) міндеттер, ал екіншілері — ұлғайтатын (езіне катысты жағымды міндеттер. Негативті міндеттер дегеніміз — адамға өзінің табиғатының мақсатына қарсы (іс істеуге) тыйым салады, олай болса тек қана өзін моральдық сақтауды кездейді, ал жағымды міндеттер дегеніміз — қандайда бір нәрсені ез еркімен мақсат етуді талап етеді және өзін - өзі жетілдіруге бағытталады. Парыздың осы екі түрі де ұстамды болу парызы (sustіne et abstіne) немесе жасампаз болу парызы (vіrіbus concessіs utere) ретінде ізгілікке жатады; сонымен парыздың, осы екеуі де — ізгілік парызы. Бірінші парыз адамның сыртқы сезімдері мен ішкі сезімінің нысаны (предмет) ретіндегі оның моральдық сәлеметтігіне (ad esse) жатады, оның мақсаты —адамның табиғатын мінсіз (қабылдауға қабілеттілік ретінде) ақтау; ал екіншісі, ол қабілетті жетілдіруге болатындықтан, кез келген мақсатқа жеткізетін қабілетке ие болудан тұратын моральдық жетістігіне (ad melіus esse; opulentіa moralіs) жатады, және өзінің (белсенді жетілгендігі ретіндегі) мәдениетіне жатады. — Адамның өзінің алдындағы парызының бірінші принципі: "Табиғатқа сәйкес өмір сүр" (naturae convenіenter vіve), яғни өз табиғатыңның мінсіздігін сақта — деген қанатты сөзде; ал екіншісі: "Өзіңді табиғат жаратқаннан гөрі жетілдіре түс" (perfіce te ut fіnem; perfіce te ut medіum) — деген қағидада жатыр. 2) Дегенмен адамның өзіне қатысты міндеттерін субъективті тұрғыда бөлуге де болады, яғни оған сәйкес парыз субъектісі (адам) өзін хайуани (тәні жағынан) және сонымен моралды тіршілік иесі деп, немесе тек қана моралды тіршілік иесі деп қарастырады. Адамның хайуандық жаратылысына қатысты табиғи талпыныстары, атап айтқанда: а) тәннің өзін-өзі сақтау мақсатын көздейтін талпыныстары, Ь) ұрпақ қалдырып тұқымын сақтау мақсатын кездейтін талпыныстары, с) өзінің ләззат алуға қабілетін, бірақ өмірден тек хайуан ретінде ғана ләззат алу қабілетін сақтау. — Бұл жердегі адамның өзінің алдындағы парыздарына қайшы келетін кеселдер: өзін - өзі өлтіру, жыныстық сезімді қанағаттандырудың табиғатқа жат түрлері, және өзінің күш-қуатын мақсатына сәйкес пайдалану қабілетін әлсірететін тамақты шектен тыс көп ішу. Алайда, адамның(хайуандық жаратылысын ескермей) тек қана моралды тіршілік иесі ретіндегі өзінің алдындағы парызына келер болсақ, оның парызы адам еркінің максималары мен оның жеке басынан көрінетін адамзаттың абыройы арасындағы сәйкестіктің формалды [элементінде] жатыр; демек, бұл жерде адамның өзінің алдындағы парызы моралды тіршілік иесінің принциптерге сәйкес әрекет етуінде болатын артықшылықтарынан айырылуға өзіне тыйым салуында, яғни, өзіне ішкі еркіндігінен айырылып, сөйтіп, тек қана әуесқойлықтың ойыншығына, олай болса затқа айналуына тыйым салуында жатыр. — Бұл парызға қарсы тұрған кеселдер: өтірік, сараңдық және жалған бой ұсынушылық (мәймөңкелену). Бұл кеселдер (тіптен түр жағынан да) адамдардың моральдық тіршілік иесі ретіндегі мінезіне, яғни адамның ішкі еркіне, туа біткен абыройына тікелей қайшы келетін принциптерді бетке ұстайды, ал бұл сөз: олар ешқандай принциптің (болмауын), сондықтан да ешқандай мінездің болмауын, яғни өзін-өзі қорлау мен өзіне жек көрініп тудыруды өздерінің принципіне айналдырады дегенді білдіреді. — Осы кеселдердің бәріне қарсы тұратын ізгі қасиетті, ар-намысқа деген сүйіспеншілік (honestas іnterna, іustum suі aestіmіum) деп, [яғни] (өте арамза болуы мүмкін) атақ құмарлықтан (ambіtіo) жер мен көктей айырмашылығы бар ойлау салты деп атауға болады; осылай аталатын ізгі қасиет туралы төменде бөлек айтылатын болады. §5

Адамның хайуани тіршілік иесі ретінде
өзінің алдындағы парызы

Қандай жағдайда болмасын, егер адамды оның хайуандық жағынан қарастырса, басты болмаса да, оның бірінші парызы — өзінің хайуандық жаратылысында, тәнінде өзін - өзі сақтауы. Өзін-өзі сақтауға қарсы нәрсе — өзінің хайуандық жаратылысын, тәнін өз еркімен яки әдейі бұзу, оны толық немесе жарым-жартылай бұзуға болады. — Толық бұзу — бұл өзін -өзі өлтіру (autochіrіa, suіcіdum). Жарым-жартылай бұзуға келсек, оны өз денесінің органы болып табылатын, ажырамас бөлігінен айырып жарымжан етіп немесе — жарақаттаған кезде материалды деп, және өзін (уақытша немесе мүлдем) өзінің дене (және сонымен бірге жанама түрде моральдық) күшін қолдану қабілетінен айырып өзін-өзі бұзған кезде формалды деп бөлуге болады. Бұл тарауда тек қана негативті міндеттер туралы, демек, нені істемеу керектігі туралы сөз болып отырғандықтан, парызға арналған тармақтар адамның өзінің алдындағы парызына қайшы келетін кеселдерге қарсы бағытталуы тиіс.

Бірінші тарау
Жаратылысынан өзін соттайтын сот ретіндегі
адамның өзінің алдындағы парызы
§ 13

Кез келген парыз ұғымында объективті түрде заң арқылы (біздің еркімізді шектейтін моральдық императив арқылы) мәжбүрлеу бар және ол ұғым ереже тағайындайтын практикалық пайымға жатады. Алайда адамның белгілі бір әрекетті заңға қарасты жағдай ретінде (іn merіtum aut demerіtum) өзіне іштей жүктеуі пікір қабілетіне (іudіcіum) жатады, ол істі жүктеудің субъективті принципі ретінде, іс әрекет ретінде (яғни заңға қарасты іс ретінде) іске асырыла ма, жоқ па, оған қарамастан, құқық бойынша бағаланады, одан кейін зерденің қорытындысы (үкім), яғни құқықтық әрекетті іспен қосу (соттау немесе ақтау) жүреді; бұның бәрі сот (coram іndіcіo) алдында заңға ықпалды күш беретін, соттаушы (forum) деп аталатын белгілі бір моральды тұлғаның алдында жүрген сияқты жүреді. — Адамдағы ішкі соттаушыны ұғыну ("оның алдында адамның ойлары бірін-бірі кінәлайды да кешіреді де ар - ұждан болып табылады. Әрбір адамның ар - ұжданы бар, және де адам өзін үнемі бақылап, өзіне сес көрсетіп отырған, жалпы өзінде (қорқынышпен байланысты) құрмет сезімін туғызып, өзінің ішкі сотын сезіп отырады, және де заңдарды қорғап отыратын осы бір күшті ол өзі үшін өз еркімен жасамайды, ол адамның мәніне тән нәрсе. Адам одан қашып кеткісі келсе де, ол оның артынан көлеңкесі тәрізді еріп отырады. Адам ләззаттың, ойын - сауықтың кесірінен ештеңе сезбей, өзін - өзі алдауы мүмкін, бірақ оның анда-санда болса да көзі ашылып, өзіне өзі келмеуі мүмкін емес, және ондай кездерде адам оның сұсты дауысын бірден естиді. Азғындыққа әбден салынған жағдайда, бәлкім, ол оның дауысына ешқашанда жүгінбеуге дейін жетуі мүмкін, бірақ оны естімеуі мүмкін емес. Осы әуел бастан интеллектуалдық және (олар парыз туралы түсінік болғандықтан) моральдық қасиеттер, ар - ұждан деп аталған қасиеттер, ар - ұждан ісі адамның өзінің өзіне қарсы жүргізетін ісі болғанымен, адамның зердесі оны басқа бір тұлғаның әмірімен жүргізгендей жүргізуге мәжбүрлейтіндігімен ерекшеленеді. Шынында да, бұл жердегі іс, сот алдында айтысу - тартысу (causa) болып табылады. Бірақ өзінің ар-ұжданы айыптап сотталып отырған адам мен сот — бір адам деп санау — сот туралы мағынасыз түсінік болып табылады, себебі бұндай жағдайда айыптаушы үнемі жеңіліп қалар еді. - Демек, кез келген парыз алдында адамның ар - ұжданы егер өзіне-өзі қарама-қайшы болмаса, адамның ісінің соты деп өзін емес, (жалпы адам ретіндегі) басқа біреуді санайды. Ол басқа адам шын бар адам немесе зерде өзі үшін ойлап тапқан, таза идеалды адам болуы мүмкін . Ондай идеалды адамның (ар-ұжданның өкілетті соты) жүректанушы болуы керек, себебі сот адамның ішінде ғой; сонымен қатар ол бәрін міндеттеуші болуы керек, яғни жалпы барлық міндеттер оған қатысты алғанда оның өкімі деп те қарастырылатын тұлға болуы керек немесе сондай тұлға ретінде есептелуі керек, себебі ар-ұждан өз еркімен істелген істердің бәрінің ішкі соты болып табылады. — Бірақ ондай моральдық тіршілік иесі сонымен бірге барлық билікке (аспанда да, жерде де) ие болуға тиіс болғандықтан, әйтпесе ол өз заңдарына оларға қажетті пәрменділік (сотқа лайықты) бере алмаған болар еді, ал ондай баршаға билігі жүретін моральдық тіршілік иесі қудай деп аталатындықтан, ар - ұжданды өз істері үшін құдай алдындағы жауапкершіліктің субъективті принципі ретінде түсіну керек: ал жауапкершілік ұғымы (көмескі болса да) адамның өзін-өзі моральдық ұғынуында әрқашанда болады. Бұл жағдай, ар-ұждан еріксіз жетелейтін идеяға сүйеніп, адам өзінен тыс ондай басшы тіршілік иесін шын бар деп шешуге құқылы, тіпті міндетті дегенді білдірмейді, өйткені бұл идеяны оған объективті түрде, теориялық зерде емес, тек қана субъективті түрде, өзін-өзі сол қияға сәйкес әрекет істеуге міндеттейтін практикалық зерде береді; ол идея тек дүниедегі барлық саналы тіршілік иелеріне заң шығарушыға ұқсастығына сәйкес, адамға ар - ұждандылықты (және relіgіo деп аталатын) бізден ерекшеленетін, бірақ біздің жүрегіміздің тереңінде жатқан қасиетті тіршілік иесінің алдындағы (моральдық заңдарды анықтайтын зерде алдындағы) жауапкершілік деп түсінуге және өзінің еркін, әділеттілік ережелеріне бағындыруға ақыл береді. Жалпы алғандағы дін ұғымы бұл жерде адам үшін "өзінің барлық міндеттерін құдайдың әмірі деп қарастырудың "принципі" ғана болады. 1) Ар - ұжданға қатысты істе (causa conscіentіam targens) адам өз шешімін қабылдар алдында сақтандырушы ар - ұжданды (praemonens) есіне алады, осы кезде, орын алған тәртіп бұзуды елеусіз нәрсе (peccatіlum) деп санауға болмайтын сияқты, ұсақтық (микрология) болады деп парыз ұғымы (өзінен-өзі моральдық нәрсе туралы) сөз болып ар - ұждан ғана сот (casіbus conscіentae) бола алатын жағдайда (mіnіma поп curat praetor принципі бойынша)) дін қызметшісіне сыр ашып, шеттен шыққан қазымырлықты (scrupu-losіtas) оның өз еркінше қарап бағалауына беруге болмайды. Сондықтанда біреу туралы ар-ұжданды бірде былай, бірде басқаша түсінеді деу, ол ұятсыз деумен бірдей. 2) Істің істелгендігі туралы шешім қабылданған кезде, ар-ұжданда алдымен айыптаушы және онымен бірге адвокат сөйлейді бұл жерде дау бейбіт келісумен (per amіcabіlem composіtіonem) шешілмейді, ол заңға тән барлық қаталдықпен шешіледі одан кейін 3) шешім қабылдаған адамға қатысты ар-ұжданның заңды күші бар үкімі шығарылады, ол ақталады немесе айыпталады. Бұл жерде ар-ұжданның үкімінде, адам бұрын иеленбеген бір нәрсені иелену сияқты ешқандай сыйлық (praemіum) болмайтындығын, тек адамның жазалау қажет деп шешу қаупінен өзінің құтылғанына байланысты қанағаттануы (Frohseіn) ғана бар екендігін ескеру қажет; сондықтан да оның ар-ұжданының жұбануынан рахаттануы (қуаныш сияқты жағымды емес, тек негативті ғана (алдында болған қобалжудан кейінгі тыныштану) болады, бұны адамдағы жамандықтың бастауларының ықпалына қарсы күрес болып табылатын ізгілікке телуге болады.

Адамның өзінің алдындағы кез келген парызының
бірінші әмірі туралы

Бұл әмір келесі тұжырымда жатыр: денеңнің жетілгендігі жағынан (өзің қалаған немесе өзіңе қойылған әртүрлі мақсаттарға жарамды немесе жарамсыз болу жағынан) емес, парызыңа қатысты моральдық жетілгендігің жағынан өзіңді өзің таны (зертте, ұғын) — өзіңнің жүрегіңді ұғын; жүрегің мейірімді ме әлде мейірімсіз бе, істеген істеріңе түрткі болған ниетің таза ма әлде жоқ па, және адамға, оның субстанциясына әуелден тән немесе туынды (жүре пайда болған немесе жинақталған) нәрсе деп, моральдық жай-күйіне тән болуы да мүмкін деп не жүктеле алады. Адам даналығының кез келгенінің бастауы жүректің өлшеуге қиын тереңдеріне (тұңғиығына) үңілуге ұмтылатын өзін-өзі моральдық тану болып табылады. Шынында, тіршілік иесі ерігінің түпкі мақсатпен үйлесуінен тұратын даналық, ең алдымен адамның өз бойындағы ішкі кедергілерді (бойында ұялаған қандай да бір мейрімсіз ерікті) жоюға ұмтыла түсуін, содан соң ізгі ықыластың ешқашан жоғалмайтын алғашқы нышандарын аялап жетілдіруін қажет етеді (өзін-өзі танудың төмен тамұққа түсуі ғана аса дәріптеуге жол ашады).

§ 15 Бұл өзін-өзі моральдық тану, біріншіден, өзін (бүкіл адамзат баласын) жалпы адам ретінде фанаттық жек көруді жояды, өйткені мұндай жек көру өзіне-өзі қарама-қайшы. Біздің бойымыздағы, адамды сыйлауға лайықты ететін жақсылықтың тамаша нышандарының арқасында ғана, егер адам осы нышандарға қарсы іс істесе, (бірақ өз бойыңдағы адамдық қасиетті емес), адамдардың өзін-өзі жек көруіне лайықты деп есептеуі мүмкін. Екіншіден, өзін-өзі моральдық тану сондай-ақ өзін-өзі менмендік тұрғыда бағалауға, жүрек ізгілігінің дәлелі деп өздігінен әрекетке айналмайтын және қауқарсыз болып қалатын (ғибадат та құдайға іштей бағышталған тілек қана болып табылады) бір ғана тілектерді (оның үстіне егер олар үлкен сезіммен айтылса) есептеген кезде де қарсы болады. Ізгілік заңымен салыстыруда өзі туралы пікірлерінің бейтараптығы және өзіне-өзінің моральдық қадыр-қасиетін немесе қасиетсіздігін мойындауындағы адалдығы - бірінші әмірден — өзін-өзі танудан тікелей келіп шығатын адамның өзінің алдындағы парызы.

§ 16
Қосымша бөлім
Моральдық рефлективтік ұғымдардың амфиболиясы туралы:
адамның өзінің алдындағы парызы болып табылатын нәрсені

басқалардың алдындағы парызы деп санау Егер тек қана жалғыз зерде тұрғысынан ой тарқататын болсақ, онда адамның адам өз-өзінің немесе басқа адамның) алдындағы парызынан басқа парызы жоқ; өйткені оның қандай да бір субъектінің алдындағы парызы осы субъектінің еркі тарапынан моральдық мәжбүрлеу болып табылады. Демек, мәжбүрлеуші (міндеттеуші) субъект, біріншіден, қандай да бір тұлға болуы тиіс, екіншіден, бұл тұлға тәжірибе заты ретінде берілуі тиіс, өйткені адам осы тұлға еркінің мақсатын жүзеге асыруы керек қой, ал бұндай жағдайда, тек бар екі адамның өзара қарым-қатынастарында ғана орын алуы мүмкін (тек ойдан туған бос нәрсе мақсат қуудың себебі бола алмайды той). Бірақ біз өзіміздің бар тәжірибемізден өз мойнына парыз (белсенді немесе енжар) алуға қабілетті бір ғана тіршілік иесін - адамды ғана білеміз. Демек, адамның тек бір ғана тіршілік иесінің - адамның алдында ғана парызы болуы мүмкін, ал егер бұған қарамастан оған басқа тіршілік иесінің алдында да парызы бар сияқты болып көрінсе, бұл тек рефлективті ұғымдардың амфиболиясынан ғана болуы мүмкін, ал оның басқа тіршілік иелерінің алдындағы алдамшы парызы оның өзінің алдындағы парызы ғана болып табылады. Оны мұндай түсінбестікке өзінің басқа тіршілік иелеріне қатысты парызын осы тіршілік иелерінің алдындағы парызбен шатастырып алуы тудырады. Бұл алдамшы парыз заттарға (unpersonlіche Geqenstande) қатысты болады, ал тұлғаларға қатысты болса, онда тек мүлде көзге көрінбейтін (сыртқы сезімдерге білінбейтін) тұлғаларға қатысты болуы мүмкін. Алғашқылары (адамнан тыс) таза табиғи зат, органикалық табиғаттың көбеюге қабілетті, бірақ сезімі жоқ бөлігі, немесе сезімі мен еркіндігі бар бөлігі (минералдар, өсімдіктер, жануарлар) болуы мүмкін:екіншілері рухани тіршілік иелері (періштелер, құдай) деп ұғынылуы мүмкін. Енді осы екі түрлі тіршілік иелері мен адамның арасында парыз қатынасы бар ма және нақты қаңдай қатынас деген сұрақ туындайды.

§ 17 Жансыз болса да, табиғаттағы әсемдікті бүлдіруге бейім болу (spіrіtus destructіons) адамның өзінің алдындағы парызына жат, өйткені бұл адам бойындағы шынын айтқанда, өзі моральға жатпайтын, бірақ моральдылыққа әжептеуір септігін тигізетін, сезіну қабілетінің тым болмағанда бір нәрсені (мәселен, әсем кристалдануды, есімдік әлемінің тіл жетпес сұлулығын), ешқандай да пайда көздемей жақсы көруге икемделуін дайындайтын сезімді әлсіретеді немесе жояды. Санасы жоқ тіршілік иелерінің бір бөлігіне жататын жануарлармен қатынаста, оларға зорлық жасау және қатыгез болу адамның өзінің алдындағы парызына бұдан да бетер жат нәрсе, өйткені бұл арқылы адамның олардың қиналысына деген аяныш сезімі жоғалады және басқа адамдармен моральдық қатынастарда болу үшін өте пайдалы табиғи қасиеттер әлсірейді және бірте-бірте жоғалады, бірақ адам жануарларды тез (жанын қинамай) өлтіруге немесе шамаларына қарай бар күшін салғызып, жұмысқа жегуге (мұндай жұмысқа адамдарға да көнуге тура келеді) құқылы. Тек ғылым үшін ғана қажет, хайуандарды азапқа салатын тәжірибелер, егер оларсыз - ақ мақсатқа жетуге болатын болса, жиіркенішті нәрсе. Тіпті көп жыл тері төккені үшін кәрі атқа немесе ұзақ уақыт бойындағы көмегі үшін итке ризашылық білдіру (олар отбасы мүшелері болған сияқты) адамның жанама түрдегі, атап айтқанда, осы жануарларға қатысты парызы, бірақ ол адамның тікелей өзінің алдындағы парызы болып табылады.

§ 18 Тұтастай біздің тәжірибемізден тыс жатқан, бірақ мүмкіндігіне қарай біздің идеяларымызда, мысалы, құдай идеясында кездесетінге қатысты біздің дәл осындай, діни парыз деп аталатын парызымыз бар, бұл парыз "біздің барлық міндеттерімізді діни парыз ретінде (іnstar) мойындау" болып табылады. Бірақ бұл құдай алдындағы парызды мойындау емес. Шын мәнінде, бұл идея толығымен біздің өзіміздің зердемізден шығатындықтан және дүниедегі мақсатқа лайықтылықты түсіндіру үшін немесе біздің жүріс-тұрысымыздың себебі қызметін атқару үшін теориялық мақсатпен жасалатындықтан, бұл идея оның алдында парызымыз болатындай қандай да бір нақты тіршілік иесі емес, өйткені мұндай жағдайда осы тіршілік иесінің бар екендігі ең алдымен тәжірибемен дәлелденуі тиіс болар еді; адамның өзінің алдындағы парызы - зердемізде сөзсіз пайда болатын осы идеяны біздің бойымыздағы моральдық заңға қолдану, онда ол адамгершілік тұрғыда өте жемісті болады. Осындай (практикалық) мағынада бұны [ережені] дінінің болуы — адамның өзінің алдындағы парызы деп тұжырымдауға болады.

Екінші бөлім
Өзінің алдындағы өзін моральдық жетілдіре түзу парызы,
яғни нағыз адамгершілік тұрғыдан алғандағы парызы

§21 Бұл парыз, біріншіден, субъективті тұрғыдан парызды ұғынудың тазалығында (purіtas moralіs) (Pflіchtgesіnnung), өйткені заңның өзі сезімділіктен келіп шығатын ниеттердің қоспасынсыз - ақ себеп болып табылады, ал істер парызға сәйкес қана емес, парызды сезіну себепті де істеледі. — Бұл жердегі өсиет: "Әулие болыңдар" болар еді. Екіншіден, объективті тұрғыдан, жетілгендіктің тап өзіне қатысы бар бүкіл моральдық мақсатқа, яғни адамның барлық парызына және өз-өзіне қатысты моральдық мақсатқа толығымен жетуге қатысты; бұл жердегі өсиет "Жетілген адам болыңдар" болар еді; бірақ бұл мақсатқа ұмтылу адам үшін тек бір жетілгендіктен екіншісіне көтерілуді білдіреді. "Ізгілік бар, атақ - даңқ бар, осыларға жетіңдер". §22 Өз-өзінің алдындағы бұл парыз сапасы жағынан тар мағынадағы және жетілген парыз, бірақ дәрежесі жағынан кең мағынадағы және адам табиғатының осалдығы (fragіlіtas) себепті жетілмеген парыз болып табылады. Оған қол жеткізу емес, ұмтылу парыз (бұл дүниеде) болып табылатын мінсіздік — объектіге (жүзеге асыруды өзіне мақсат етіп қою қажет идеяға) қатысты тар мағынадағы парыз және жетілген парыз, бірақ субъектінің көзқарасы тұрғысынан — кең мағынадағы парыз және өз - өзінің алдындағы жетілмеген парыз болып табылады, демек, бұл парыздың атқарылуы тек қана үздіксіз алға жылжудан тұрады. Адам жүрегінің тереңіңдегіні түсіну мүмкін емес. Парызын орындаудың себептері жүрекпен сезіліп, толығымен заң туралы түсініктен келіп шыға ма, немесе бұған пайданы (немесе зияннан сақтануды) көздейтін, және басқа жағдайларда азғындыққа да қызмет етуі мүмкін көптеген сезімдік себептер ықпал ете ме, кім бұны анық біліпті? — Моральдық мақсат ретіндегі мінсіздікке келетін болсақ, идеяда (объектив тұрғыдан) бір ғана ізгілік (максималардың адамгершілік беріктігі ретіндегі) бар, алайда, шын болмыста (субъективті тұрғыдан), әр түрлі сападағы көптеген ізгіліктер бар, олардың ішінен, егер біздің іздегіміз келсе, бір емес бірнеше кемшілікті де (бірақ көрсетілген ізгіліктерге байланысты оларды әдетте кесел деп атамайды) табуға болады. Алайда, біз өзімізді өзіміз тану барысында, толық екендігін не, толық емес екендігін жеткілікті дәрежеде ешқашанда анықтай алмайтын ізгіліктердің жиынтығы,тек жетілмеген парыз - мінсіз болу парызына ғана негізделеді. *** Сонымен, адамзаттың біздің өзімізге қатысты мақсаты тұрғысынан, біздің өзіміздің алдымыздағы кез келген парызымыз жетілмеген парыз болып табылады.

Екінші бөлім

ІЗГІЛІКТІҢ БАСҚАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ

МІНДЕТТЕРІ ТУРАЛЫ

Бірінші тарау

АДАМ РЕТІНДЕ ҒАНА АЛЫНҒАН БАСҚАЛАРҒА

ҚАТЫСТЫ МІНДЕТТЕРІ

Бірінші тармақ Басқа адамдарға сүйіспеншілік парызы туралы
Бөлу §23

Негізгі бөлу мынадай болуы мүмкін: басқаларға қатысты міндеттерге бөлу - себебі ол міндеттерді орындаған кезде басқалар борышты етіледі - және орындалуы басқаларды борышты етпейтін міндеттерге бөлу. — Міндеттердің бірінші түрін (басқаларға қатысты) орындау сіңірген еңбегі деп есептелетін парыз болып табылады; міндеттердің екінші түрін орындау міндеттемеден [келіп шығатын] парыз болып табылады. — Сүйіспеншілік пен сыйластық — осы міндеттердің орындалуымен бірге жүретін сезімдер. Олар бөлек (әрқайсысы өзінше) бағалануы және өз бетінше (сыйлауға онша лайық болмаса да, жақынына деген сүйіспеншілік; дәл солайша кез келген адамды сыйлау қажеттігі, ол адамды сүйіспеншілікке лайықты деу екіталай болса да) болуы мүмкін. Бірақ заң тұрғысынан алып қарағанда, олар негізінде әрдайым бір-бірімен ортақ парызбен байланысты; алайда, олар былай байланысқан: осы сезімдердің бірі болмаса, екіншісі субъектінің принципін құрайды да, принципті құрамайтыны екіншісімен қосалқы сияқты байланысады. Мысалы, біз өзіміздің парызымыз — кедейлерге жәрдемдесу екендігін мойындаймыз; бірақ мұндай жәрдем осы кедейдің хал - жайының менің пейілімнің кеңдігіне тәуелділігін білдіретіндіктен, ол жағдай қанша айтқанмен оның намысына тиетіндіктен, біздің парызымыз — [жәрдем] алушы адамға біздің жақсылығымызды, не жай ғана міндетімізді атқару ретінде, немесе азғантай ғана ілтипат ретінде көрсетіп, және осылайша оны өзінің қадірін түсірмейтіндей, намыстанбайтындай қылу. §24 Парыз заңдары туралы (табиғат заңдары туралы емес) және, дәлірек айтқанда, адамдардың өзара сыртқы қарым - қатынастарындағы парыз заңдары туралы әңгіме қозғалғанда, біз өзімізді қайсыбір моральдық (ақылмен ұғынылатын) әлемде қарастырамыз, бұл әлемде, саналы тіршілік иелерінің (Жер бетіндегі) өзара байланысы заттар әлеміндегі сияқты өзіне тарту және өзінен итеру арқылы туындайды. Өзара сүйіспеншілік принципі бір-біріне үнемі жақындаса түсуге, олардың бір-біріне көрсетуге міндетті сыйластық принцип! — бір-бірінен бойларын қашық ұстауға үйретеді, және егер осы адамгершіліктің ұлы күштерінің бірі әлсіресе, онда (егер, басқа мәселеге байланысты болса да, Галлердің сөздерін қолданатын болсақ) "(моральға жат) араны ашылған бәрінен жұрдай бірдеңе (моральдық) тіршілік иелерінің бүкіл патшалығын бір тамшы судай-ақ жұтып қояр еді". §25 Алайда сүйіспеншілік дегенді біз бұл жерде сезім ретінде (эстетикалық тұрғыда) емес, яғни басқа адамдардың жетілгендігіне қанағаттану ретінде де, және сүйіспеншілік— ұнату сезімі ретінде де ұғынбаймыз (басқалар тарапынан сезімге бөлену міндеттеле алмайды ғой); сүйіспеншілік жақсылыққа әкелетін (практикалық) рақым ету максимасы деп есептелуге тиіс. Біздің басқаларға көрсетуіміз қажет сыйластыққа қатысты да дәл осылай деу керек, ал, дәлірек айтқанда, сыйластық дегенде біздің өз қадір-қасиетімізді басқалардың қадір -қасиетімен салыстырудан [келіп шығатын] жай сезім емес (мұндай сезімді, әдет бойынша, бала өз ата-анасына, оқушы мұғаліміне, жалпы, бағынышты адам бастығына қатысты бастан кешеді), тек басқа адам арқылы адамзаттың қадір - қасиетімен біздің өз-өзімізді сыйлауымызды шектеу максимасы ғана, демек, практикалық мағынадағы сыйластық (observantіa alііs praestanda) ұғынылады. Дәл осылайша басқаларды өз еркімен сыйлау парызы, негізінде негативті парыз (өзін өзгелерден жоғары санамау) Пола тұрып, құқықтық парыз - ешкімді өзінікінен айырмау парызына ұқсас, бірақ жай ізгілік парызы ретінде ол сүйіспеншілік парызына қатысты алғанда тар мағынадағы парыз ретінде қарастырылады, ал олай болса, сүйіспеншілік парызы кең мағынадағы парыз ретінде қарастырылады. Демек, қасындағыға сүйіспеншілік парызы туралы былай деуге де болады: бұл — басқалардың мақсаттарын (тек осы мақсаттар адамгершілікке жат болмаса) менің мақсаттарым ету парызы; менің қасымдағымды сыйлау парызым адамдарды менің мақсаттарыма [жету] үшін қажет қарапайым құралға айналдыруға дейін бармау (басқа адамның менің мақсаттарымның құлы болып, өзін қорлауын талап етпеу) максимасында. Кез келген адамға деген сүйіспеншілік парызымды атқара отырып, мен басқа адамды борышты етемін; менің осылайша, оған сіңірген еңбегім бар. Ал сыйластық парызын атқарғанда, мен тек өзімді ғана міндеттеймін, — басқа адамның, адам ретінде өзіне беруге құқылы қадір-қасиетінің ештеңесіне шек келтірмеу үшін мен өзімді тиісті шектерде ұстаймын. §26

Бәрінен бұрын сүйіспеншілік
парызы туралы

Адамдарға деген сүйіспеншілік (адамды сүю), бұл жерде практикалық сүйіспеншілік ретінде ұғынылатындықтан, демек, ол адамға деген сүйіспеншілік - ұнату сезімі ретінде ұғынылмайтындықтан, іс жүзіндегі рақымдылыққа және, осылайша, іс-әрекеттердің максимасына жатқызылуы тиіс. — Адамдарды адам деп қабылдайтындықтан, адамдардың аман-есендігіне, істерінің сәттілігіне (salus) қуанатын, басқалардың бәріне жақсы болғанда, оған да жақсы болатын адам, жалпы алғанда адамдардың досы (адамдарды сүйетін) деп аталады. Басқаларға жаман болғанда ғана, оған жақсы болатын адам адамдарға ниеті қара адам (практикалық мағынадағы мизантроп) деп аталады. Тек өзінде бәрі жақсы болса болды, басқалардың хал-жағдайларына немқұрайды қарайтын адам — эгоист (solіpsіsta). — Адамдардың бәріне жақсылық тілесе де, олармен қарым-қатынастан ешқандай опат алмайтындықтан, олармен араласудан қашатын адамды — томаға - тұйық адам деп (эстетикалық мизантроп), ал оның адамдардан безінуін антропофобия деп атауға болады. §27 Рақымдылық максимасы (адамға деген практикалық сүйіспеншілік) — мінсіздіктің этикалық заңдарына сәйкес барлық адамдардың бір-бірінің алдындағы парызы (оларды сүйіспеншілікке лайық деп есептей ме, жоқ па, бәрі бір): адам баласын өзіңді жақсы көргендей жақсы көр. — Шын мәнінде, адамдарға деген кез келген моральдық практикалық қатынас — адамдардың таза зерде көрсететін қатынасы, яғни жалпы заңнама ретінде жарамды, демек, эгоистік бола алмайтын (ex solіpsіsmo prodeuntes) максималар бойынша еркін істелген істердің қатынасы. Мен өзіме басқа адамдардың кез келгенінің тарапынан рақымдылық (benevo- lentіam) болғанын қалаймын, демек, мен өзім де басқалардың бәріне рақымды болуым керек. Бірақ басқалардың бәрі менсіз бәрі бола алмайтындықтан, демек, максима заңның міндет жүктеу үшін қажетті баршаға ортақтығына ие болмайтындықтан, рақымдылық парызының заңы мені осы рақымдылық объектісі ретінде практикалық зерде әміріне енгізеді; бұл осы арқылы маған өзімді жақсы көруге міндет жүктелді деген сөз емес (бұл онсыз да сөзсіз болатын жәйт, және бұл үшін міндеттеме алудың қажеті жоқ); олай болса, адам емес, өзінің адамзат идеясына жалпы бүкіл [адам] баласын (демек, мені де) қосатын заң шығарушы зерде, [дәлірек айтқанда], баршаға ортақ заңдарды шығарушы ретінде барлығымен бірдей маған да тендік принципіне сәйкес өзара рақымдылықты парыз етеді және мен басқалардың бәріне жақсылық тілеген жағдайда өзіме де рақымды болуға рұқсат береді; өйткені тек осылай ғана (жақсылық ету) максимасы кез келген парыз заңы негізделетін жалпыға бірдей заңнама ретінде жарамды болады. §28 Баршаға ортақ адамға сүйіспеншілік [аясындағы] рақымдылық расында да өзінің қамтуына қарай ең үлкен, бірақ дәрежесіне қарай ең кіші болып табылады, және: мен осы адамның игілігі үшін тек баршаға ортақ адамға сүйіспеншілік тұрғысынан ғана үлес қосамын, — дегенде, бұл жердегі маған түсер пайда, түсуі мүмкін пайдалардың бәрінің ішіндегі ең азы болып табылады. Мен бар болғаны бұл адамға немқұрайды емеспін. Әйтсе де, бір адам екіншісінен гөрі маған жақынырақ, және рақым етуде мен бәрінен де өзіме жақынмын. Бұл "адам баласын (өзіңді жақсы көргендей, жақсы көр" деген формуламен қалай үйлеседі? Егер маған бір адам екінші адамнан гөрі жақынырақ болса (рақым ету парызына қағысты), және мен, демек, бір адамнан екінші адамнан гөрі көбірек рақымдылық көрсем, ал шынын айтқанда өзімді оған басқалардан гөрі жақынырақ көрсем (парыздың өзіне сәйкес), онда мен өзіме - өзім қайшылыққа келмей, кез келген адамды өзімді жақсы көргендей жақсы көруім керек деп айта алмаймын; себебі өзімшілдік әр түрлі дәрежеде болмайды ғой. Бұл жерде басқалардың игілігі үшін көмек бермей-ақ (әркім өзі үшін, жалғыз құдай ғана біздің бәріміз үшін), осы кез келген басқа адамның игілігіне қанағаттануды ғана білдіретін жай ғана тілектестік білдіру рақымдылығы емес, басқа адамның игілігін өзіне мақсат тұтатын белсенді, практикалық рақым ету (жақсылық жасау) ұғынылатынын байқау қиын емес. Шынында да, мен барлық адамдарға бірдей рақым етуге ұмтыламын, бірақ менің істеген істерімде менің] жақсы көретін адамдарыма (олардың бірі екіншісінен гөрі маған жақынырақ болуы мүмкін) рақымдылықтың әр түрлі дәрежесі болуы мүмкін, және де бұл жағдайда максиманың баршаға ортақтығы бұзылмайды.

Сүйіспеншілік міндеттерін бөлу Бұл міндеттер мынадай: А) қайырымдылық; В) ризашылық; С) тілектестік парызы.

А

Қайырымдылық парызы туралы §29 Өмірден ләззат алу үшін қажет болса, өзіңнен ештеңені аямау (өз тәніңді күту, бірақ тым мәпелеп төзімсіз етіп жібермеу), — бұл өзіңе қатысты міндеттерге жатады; бұған қарама-қарсы — сараңдықтан (құлдық пейілден) өзіңді тіпті өмірлік қажетті заттардан да айыру немесе өзіңнің табиғи бейімділіктеріңнің шектен тыс тәртіпке бағындырылуына (фанаттық) байланысты өзіңді өмір қуаныштарынан ләззат алудан айыру — адамның өз-өзінің алдындағы парызына қарама-қайшы келеді. Алайда, басқа адамдарға қатысты тілектестік рақымдылығына қоса (бұған біздің ештеңеміз кетпейді), оның сонымен қатар практикалық болғанын, яғни рақымдылыққа мұқтаж адамдарға қатысты жақсылық жасауға мүмкіндігі бар кез келген адамның парызы болуын талап ету мүмкін бе? — Рақымдылық дегеніміз — басқалардың бақытынан (игілігінен) ләззат алу; жақсылық жасау болса - осыны өзіңе мақсат тұту максимасы; жақсылық жасау парызы осы максиманы жалпыға бірдей заң ретінде қабылдауға зерденің субъектіні мәжбүрлеуі болып табылады. Бірақ жалпы осындай заңның зердеде бар екендігі тіпті де анық емес; керісінше, ең орынды болып "Әркім өзі үшін, жалғыз құдай (тағдыр) ғана біздің бәріміз үшін" максимасы көрінеді. Әр адамның парызы — қайырымдылық көрсету, яғни, мүмкіндігіне қарай, осымнан өзіме пайда түседі деп үміттенбей-ақ, адамдарға көмектесу және олардың бақытты болуына септігін тигізу. Шын мәнінде, қиындық көріп отырған кез келген адам оған өзгелердің көмек көрсеткенін қалайды. Алайда, егер осы адам қиындық көріп отырған басқа адамдарға өз тарапынан көмек көрсеткісі келмейтіні [туралы] өз максимасын жарияласа, яғни, оны осылай етуге ерік беретін баршаға ортақ заң етсе, онда оның өзінің басына қиындық түскенде, басқа кез келген адам да оған көмек көрсетпейді немесе олай болмаған күнде де көмек көрсетпеуге құқылы болады. Демек, өз қамын ойлау максимасы, оны баршаға ортақ заң еткен жағдайда, өзіне-өзі қайшы болады, яғни ол парызға жат, олай болса, барлық адамдарға пайдалы, мұқтаж адамдарға жақсылық жасау максимасы — адамдарды жақындарың деп, яғни табиғат бірін-бірі қолдасын деп бір кеңістікке жинаған саналы тіршілік иелерінің [көмегіне] мұқтаж деп есептеу қажет болғандықтан да, бұл — адамдардың баршаға ортақ парызы. §31 Қайырымдылық жасаған бай адам (байлығы тасып жатқан, яғни өз керегінен асып жатқан, өзгелердің бақыты үшін қажетті қаражаттармен қамтамасыз етілген), жақсылық жасау арқылы өзгелерді қарыздар ететіндігіне қарамастан, өз жақсылығын сіңірген еңбегім болып саналатын парызымды атқардым деп есептей аларма екен. Осы істеген жақсылығына оның ештеңесі кетпейді, ал одан алған ләззаты — моральдық қанағаттану арқылы оны рахаттану сезіміне бөлейді. – Ол қайткен күнде де өзінің жасаған жақсылығы арқылы біреуді қарыздар етуді көздейтінін көрсетпеуі керек: мұндай жағдайда басқаға жасалған жақсылық шын жүректен жасалған болмаған болар еді, өйткені ол оны өзіне міндетті ету ниетін білдірді ғой (бұл болса, басқа адамның өзінің алдындағы абыройын түсіреді). Керісінше, жақсылық жасаған адам, егер ол жалпы өзінің жасаған жақсылығын мүлде құпия түрде жасамайтын болса (құпия түрде жасаған анағұрлым жақсы), онда ол жақсылық жасағанда өзін міндетті сияқты немесе басқа адамның оның жақсылығын қабылдағанын өзіне өмірім , алмайтындай етіп көрсетуі керек, осылайша ол бұл жоғы өзінің міндетте дей етіп көрсетуі керек — одан да жоғары болады, егер қайрымдылық мұның жақсылық жасау үшін жағдайы шектеулі - ол адам басқа адамды құтқара отырып, оның өз мойнына алатындай дәреже адам болып шықса, бұл жағдайда оны шын мәнінде моральдық тұрғыдан бай адам деп есептеу қажет.

Казуистикалық сұрақтар Өз құжатыңды қайырымдылық мақсаттарына қандай ісін жұмсауға болады? Әрине, ең соңында өзің, қайырымдылық көрсетуіне мұқтаж болатындай емес. Жүрек суыған кезде (өмірден озып бара жатып,біреу арқылы) жасалатын жақсылықты қаншалықты бағалауға болады? — Өз елінің заңы рұқсат ететін билікті н і л адамды (өзіне тәуелді өз мүлкінің мұрагерін), өзінің бақыты туралы түсініктеріне сай өмір сүру еркіндігінен айыруға қолданылатын адам, егер ол бақыт туралы өз түсініктеріне сай мұрагеріне әкесі сияқты мыс болып қамқорлық көріп , ондай адам өзін жақсылық жасадым деп есептей ала ма Немесе керісінше, біреуді еркіндігінен айыру болып табылатын әділетсіздік жалпы құқықтық парызға қарама-қарсы келетіндігі соншалықты, мырзалардың қайырымдылығына үміт арта отырып, осындай шартқа көну, осыған өз еркімен көнген адам тарапынан адамның қадір-қасиетін мүлдем төмендету емес пе, ал оған мырзалардың жасаған қамқорлығы тіпті де қайырымдылық емес болмай ма? Немесе, мүмкін, осындай қайырымдылықтың маңыздылығы соншалықты зор болып адам құқықтарын [бұзудан] басым түсетін болар? — Мен бақыт туралы менің түсініктеріме сәйкес ешкімге де (кәмелетке толмағандар мен ақыл-есі төмендерден басқа, ешкімге де) қайырымдылық жасай алмаймын, менің кімге жақсылық жасағым келсе, соның түсініктеріне сәйкес қана қайырымдылық жасай аламын; ал оған өз сыйымды мәжбүрлеп ұсына отырып, мен шын мәнінде оған ешқандай жақсылық жасамаймын. Кездейсоқ қолға түскен байлықты жұмсап қайырымдылық жасау мүмкіндігі — бұл көбінесе басқалардың қайырымдылық жасауын қажет ететін, әл-ауқаттың теңсіздігін орнататын, үкіметтен әр түрлі адамдарға әділетсіз жолмен берілетін айрықша жеңілдіктердің салдары болып табылады. Осындай жағдайларда, қандай да бір еңбек сіңіргендей болып шіренетін бай адамның мұқтаж адамға көрсеткен көмегі қайырымдылық деп атауға лайықты бола ма?

В

Ризашылық парызы туралы Ризашылық — бізге жақсылық жасаған адамға деген құрмет. Осы пікірден туындайтын сезім — қайрымдылық жасаған адамға (жақсылық көрген адам оның алдында борышты болатын) деген сыйластық сезімі, ал қайрымдылық жасаған адамның қайрымдылық жасалған адамға қатынасы болса, сүйіспеншілік қатынасы деп қана қарастырылады. — Басқа бір адамның тек, шын жүректен игі ниетте болуының өзі [одан] ешқандай әрекет туындамаса да ізгілік парызы деп атауға лайық; бұл белсенді ризашылық пен құр сезім арқылы білдірілетін жай ризашылықтың арасындағы айырмашылықтың негізінде жатыр. §32 Ризашылық — парыз, яғни, жай ғана ізгі зерделілік максимасы емес: маған жасалған қайырымдылық үшін менің қарыздар екендігімді куәландыру арқылы басқа адамды бұдан да көп жақсылық жасауға итермелеу (gratіarum actіo est ad 122 plus dandum іnvіtatіo) емес; өйткені мұндай жағдайда мен бұл максиманы менің басқа мақсаттарыма қол жеткізу құралы ретінде ғана пайдаланамын ғой; ризашылық — бұл моральдық заң тарапынан тікелей мәжбүрлеу, яғни, парыз. Бірақ ризашылықты қасиетті парызымыз, яғни, оны бұзу (ұятты үлгі болатын іс ретінде) жақсылық жасаудың моральдық себебін түбегейлі жойып жіберуі мүмкін парыз ретінде ерекше қарастыруымыз керек. Оған қатысты борыш қандай да болсын лайықты іспен толығымен өтелмейтін моральдық нәрсе ғана қасиетті болады ғой (бұл жағдайда борышты адам әлі де борышты болып қала береді). Кез келген басқа парыз дағдылы парыз болып табылады. — Алайда көрген жақсылығыңды ештеңемен өтеуге болмайды, өйткені жақсылық көрген адам жақсылық жасаған адамнан оның артықшылығын, атап айтқанда, рақым етудегі біріншілігін ешқашан да тартып ала алмайды. — Бірақ осындай іс болмаса да (жасалған жақсылықсыз) шын жүректен шыққан рақымдылықтың өзі ризашылық білдіруге борышты болу үшін негіз бола алады. Осындай пікірде болу ырзалық деп аталады. §33 Ризашылықтың кімдерді қамтитындығын қарастыратын болсақ, ол замандастарымызды ғана емес, ата-бабаларымызды, тіптен біз аты жөнін анық білмейтін ата-бабаларымызды да қамтиды. Осы себептен де біздің ұстаздарымыз деп есептеуге болатын қарияларды мүмкін болғанша кез келген орынсыз мінеуден, айыптаудан және менсінбеуден қорғамау әдепсіздік болып есептеледі; бірақ бұл жерде тек олардың жасының үлкендігіне бола, оларға жас буынмен салыстырғандағы дарын мен ізгілік артықшылығын қосып беру, табиғат заңдарына сәйкес бұл дүние бастапқы мінсіздігінен бірте - бірте айрылып бара жатқандай, ескімен салыстыра отырып, жаңаның бәрін жек көру ақымақтық болар еді. Көрсетілген ізгіліктің толықтығына (Іntensіon), яғни, борыш ретіндегі дәрежесіне келетін болсақ, оны борышты етілген адам жасалған жақсылықтан қандай пайда тапқаны және жасалған жақсылықтың қаншалықты риясыз болғандығы бойынша анықтауға болады. Ең төменгі дәреже: қайрымдылық жасаған адамға, егер ол оны қабылдай алатын болса (егер тірі болса), бара - бар қызмет көрсету, ал егер ол дүниеден озған болса, басқаларға [жақсылық жасау]; [бұл орайда] көрген жақсылығыңды қуана-қуана құтылуға асығатын (өйткені мұндай жағдайда жақсылық көрген адам өзінің қамқоршысынан бір саты темен тұрады және бұл оның ар-намысына тиеді) ауыртпалық ретінде қарастырмау керек; керісінше, жақсылық жасауға ұмтылудың өзін моральдық жақсылық жасау деп, яғни, тілектес ойдың адалдығымен бірге рақымдылықтың шын жүректен шығуын білдіретін (парыз туралы түсініктегі адамға деген сүйіспеншіліктің титтей де көрінісіне көңіл бөлу) адамға деген сүйіспеншілікпен осы ізгілікті байланыстырудың және осылайша адамға деген сүйіспеншілікті өсірудің мүмкіндігі деп есептеу қажет.

С

Тілектестік жалпы алғанда парыз
болып табылады

§34 Қуанышты бөлісу және қайғыға ортақтасу (sympathіa moralіs) — бұл, басқа адамның рақаттануына немесе қайғыруына байланысты (жанашырлық, тілектестік) қанағаттануды немесе уайымды сезіну (sіnnlіche Gefbhle), (сол себепті эстетикалық деп аталатын) бұларды түсіну қабілетін адамға табиғаттың өзі берген. Бірақ бұл түсіну қабілетін әрекетті және саналы рақымдылықты қолдау тәсілі ретінде қолдану — бұл шартты ғана болса да, ерекше, адамшылық (humanіtus) деп аталатын парыз: адам бұл жерде тек саналы тіршілік иесі ретінде ғана емес, сонымен бірге зерде берілген хайуан ретінде де қарастырылады. Адамшылықты адамдардың бір-бірінің сезімдеріне өз еркімен ортақтасу қабілетінен (humanіtas practіca) немесе табиғаттың өзі берген, ортақ рақаттануды немесе ортақ қайғыны түсіну қабілетінен де (humanіtas aesthetіca) көруге болады. Адамшылықтың бірінші түрі еркін болады және сондықтан да тілектес (communіo sentіendі lіberalіs) деп аталады және практикалық зердеге негізделеді; адамшылықтың екінші түрі еркін емес (communіo sentіendі іllіberalіs, servіlіs) және тез тарайтын (жылу немесе жұқпалы ауру сияқты) деп, және де, ортақтасу деп аталуы мүмкін, өйткені ол қатар өмір сүретін адамдардың арасында табиғи түрде тараған. Міндеттіліктің адамшылықтың тек бірінші түріне ғана қатысы бар. Стоиктің ойынша дана адамның түсініктері асқақ болған; Стоик оның аузына: "Маған дос жоқшылықта, науқас кезімде, бас еркімнен айырғанда және т.б. жағдайда көмектессін дегендіктен керек емес, мен оған қолдау көрсетіп, оны құтқару үшін досым болғанын қалаймын" деген сөздерді і алады, дәл сол дана досын құтқару мүмкін болмаған кезде,өз-өзіне "Менің мұнда нем бар?" дейді, яғни, қайғыға ортақтасуды [қандайын болса да] жоққа шығарады. Ал шынына келгенде, егер басқа бір адам қиналған кезде, жеңілдетуге менің келмейтін оның азабы мені терең толғандырса (ойша сезінгенде), затында (табиғатта), тек бір ғана адам сорлап отырғанмен, [енді] екі адам бірдей қиналады. Бірақ дүниедегі бақытсыздықты көбейту парыз бола алмайды ой, демек, қайғыға ортақтасу себепті, жақсылық жасау парыз бола алмайды; бұл сондай-ақ жақсылық жасаудың қорлайтын түрі болар еді, өйткені ол лайықсыз адамға қатысты рақым етуді білдіреді де мейрімділік деп аталады және бақытқа ылайықтымыз деп мақтануға құқы жоқ адамдардың бір-біріне қатынасында байқалмауға тиіс рақымдылықты білдіреді. §35 Алайда, басқалардың қайғысына ортақтасу, сондай-ақ басқа адамдар үшін қуану парыз болмаса да, әйтсе де, бұл — қасындағының өміріне белсенді араласу, сондықтан да біздің жанама парызымыз — өз бойымыздағы табиғи (эстетикалық) ортақтасу сезімдерін баулу және оларды моральдық принциптерден және оларға сәйкес сезімнен шығып, тілектестік білдірудің құралы ретінде қолдану. — Демек, [біздің] парызымыз — ең қажетті нәрсеге зәру кедейлердің үйлерін айналып өтпей, керісінше, олардың үйлерін іздеп табу; парыз туралы түсінік өз бетімен істей алмайтын істі істеуге итермелейтін, бізге табиғат берген ниеттердің бірі болғандықтан біз тыя алмайтын, жанды қинайтын қайғыға ортақтасудан жалтару үшін ауруханалар мен қарызын өтемегендерді қамайтын түрмелерден және осыларға ұқсас мекемелерден қашпау.

Казуистикалық сұрақтар Егер адамдардың бар моральдылығы құқықтық міндеттермен ғана, бірақ аса зор адалдықпен орындалатын міндеттермен шектелсе, ал рақымдылық парықсыз нәрселердің қатарына жатқызылатын болса, игілік үшін жақсырақ болмас па еді? Бұның адамдардың бақыты үшін қандай салдарлары болатынын көзбен шолып, байқау оңай емес. Дегенмен бұл жағдайда дүниенің ұлы моральдық сәні, дәлірек айтқанда, адамға деген сүйіспеншілік болмайтындығына күмән жоқ, ал ол болса, ешқандай пайда (бақытты) көздемесе де, әлемнің біздің көз алдымызда мінсіз күйінде, әсем моральдық тұтас ретінде көрінуі үшін, өзінен-өзі қажет болады. Ризашылық білдіру — борышты болған адамның қайрымдылық жасаған адамға деген жауап сүйіспеншілігі емес, оған деген құрметі. Шын мәнінде, қасындағыларға деген баршаға ортақ сүйіспеншіліктің негізіне міндеттердің тендігі қойылуы мүмкін және қажет те болар; ризашылық білдіруде борышты адам қайрымдылық жасаған адамнан бір саты төмен тұрады. Жақсылықты білмеудің кейбірінің себебі осы емес пе екен, мысалы, өркөкіректік біреудің өзінен жоғары тұрғанын көрсетпейтін кезде? [Немесе] (парыз қатынастарына қатысты) біреумен терезесі тең болмау себепті оны жақтырмайтын кезде?

И. Кант. Методика нравов в двух частях. Сочинения в шести томах.
М., 1965, т. 4, ч. 2, с. 353-358, 376-383, 386-400.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙