Жаңа ғасыр жырлайды
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Серік Сағынтай
ЖАҢА ҒАСЫР ЖЫРЛАЙДЫ Жас ақындар антологиясы Алматы
УДК 821.512.122 ББК 84(5Қаз)7-5 Ж 28 Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды ЖАҢА ҒАСЫР ЖЫРЛАЙДЫ. Жас ақындар антологиясы. / Құраст. С.Сағынтай. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2012. – 172 бет. ISBN 9965-893-94-2 Ж 28 Бұл антологиядан балалық шағын еліміз тəуелсіздік алған жылдары өткерген жаңа толқын, жас буынның жырларын оқи аласыздар. Қазақ поэзиясындағы алдыңғы лек ақындардың жолын жалғамаққа бекінген жас қаламгерлердің шығармашылығынан ел Егемендігімен бірге есейген қазақ рухани ой-санасының жемісін көреміз. Жинаққа үлкенді-кішілі мерзімді басылымдарда алғашқы жырлары жарық көрген жас талапкерлер мен оқырман арасына есімдері кеңінен таныла бастаған жастардың да шығармалары енгізіліп отыр. Кітап жалпы əдебиетсүйер қауымға арналады. УДК 821.512.122 ББК 84(5Қаз)7-5 ISBN 9965-893-94-2 © «Қазақ энциклопедиясы», 2012
ЖАҢА ҒАСЫР ЖЫРЛАЙДЫ Жас ақындар антологиясы Алматы
Алғы сөз «Жаңа ғасыр жырлайды» деп аталатын бұл жинаққа əдебиетімізге енді келіп жатқан, Тəуелсіз еліміздің түкпіртүкпірінде жүрген талантты жастардың үздік жыр туындылары топтастырылып отыр. Шартты түрде жинақ 3 бөлімге бөлінген. Алғашқы бөлімін ұлы Мағжан Жұмабаевтың сөзімен – «Мен жастарға сенемін!» деп атауды жөн көрдік. Бұл бөлімде патриоттық, отансүйгіштік тақырыбындағы, Мағжан поэзиясы дəстүріндегі романтикалық жырлар жинақталған. Екінші бөлімді ұлы Қасым Аманжолов жырымен ашуымыз да артық болмас деп түйдік. Негізінен лирикалық өлеңдер топтастырылған бұл бөлімді «Гүл жүзді, бұлбұл үнді, сырлы сөзді...» деп атадық. Жастардың шынайы сезімдерін хатқа тізген өлеңдері арнайы ретпен, оқылу ырғағына орай берілді. Мұқағали Мақатаев жырымен ашылатын «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» деп аталатын үшінші бөлімде жас азаматтың өмірлік көзқарастары мен сезімдері, ұстанымдары аңғарылатын арналы жырларымен таныса аласыздар. Жалпы, соңғы оншақты жылда қазақ поэзиясының, оның ішінде жастар поэзиясының жинақ-антологиялары аса көп шыға қойған жоқ. Дегенмен, көптеген антологиялардың мазмұны хронологиялық қалыпта құралатындықтан, бөлімдерге бөлу тақырыптық тұтастыққа апармайды. Біздің құрастырған жинағымыздың артықшылығы – белгілі бір кезеңдегі жас қаламгерлердің ортақ көзқарастарын білдіреді, бұл арқылы оқырман қауым əдеби үрдістің еліміздің əр тарапында қандай арнада дамып келе жатқанын аңғара алады. Сондай-ақ, жастардың стильдік ерекшелігі, қолтаң-
басының қалыптасу кезеңдері өз тұстастарының жазғандарымен тұтас алып қарастырғанда, толық түсінікті болатынын да ескердік. Егер, осындай қалпын жыл сайын дамыта түсіп, түрлі бөлімдері əр жылдың ерекшелігіне сай шығарылып отыратын болса, мұндай сипаттағы антология альманахтың да қызметін атқара алар еді. Олай деуімізге себеп, кеңестік əдебиет институттары тұрақты, дəстүрлі түрде шығарып отырған жинақтардың дені тақырыптық бөлімдерге бөлінгендіктен, өз кезеңінде жоғары сұранысқа ие болған-ды... Бөлімдерде берілген өлеңдер бір деммен, жеңіл əрі үздіксіз оқылуы үшін, əр автор шығармасы тұсына тек аты-жөні мен шыққан жері туралы дерек қойылса деп шештік. Өйткені, сурет пен шағын ғұмырбаяндық анықтамалардың жыр мəтінін үзбей оқуға кедергі келтіретіні де бар. Міне, осындай ұстанымда шығарылып отырған жастар жыр жинағы бүгінгі ұлттық əдеби үдерісімізге қосылған өзіндік үлес деп білеміз. Серік САҒЫНТАЙ, ақын, республикалық «Қасым» журналының Бас редакторы
² á£ë³ì Ìåí æàñòàð¬à ñåíåì³í...
- * Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты – Мен жастарға сенемін! Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар. Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемін! Жас қырандар – балапан, Жайып қанат, ұмтылған. Көздегені көк аспан, Мен жастарға сенемін! Жұмсақ мінез жібектер, Сүттей таза жүректер, Қасиетті тілектер – Мен жастарға сенемін! Тау суындай гүрілдер, Айбынды алаш елім дер, Алтын Арқа жерім дер, Мен жастарға сенемін!
Қажу бар ма тұлпарға, Талу бар ма сұңқарға?! Иман күшті оларда, Мен жастарға сенемін!.. Алаш – айбынды ұраны, Қасиетті құраны. Алаштың олар құрбаны, Мен жастарға сенемін! Мен сенемін жастарға: Алаш атын аспанға Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін! Мағжан
Жəнібек ƏЛИМАН, Қарағанды РУХ ЖЫРЫ Баяғыда былғанған ғой мына əлем, Мен əуелде сақ боп туғам бұла дем. Ерлігіне дүр сілкінген дүр əлем. Мен əуелде-ақ сақ сарбазы Шырақ ем! Ей, есалаң, ессіз тобыр, нені ұқтың, Дүниеге Күн боп, Ғұн боп келіппін. Қас дұшпанын қара қанға тойдырып Томиристей патша атанған көріктім. Өлексе жеп, тығындаған өңешін, Маңайыма қаптап кетті неге сұм?! Есін жиған Европа емес пе ед Көріп алғаш ер Еділдің елесін. Содан бері түскені жоқ өр еңсем, Тəңірімнің алқауы ғой көгерсем. Өр еліммен бірге көрем не көрсем, Өр еліммен бір көнерем көнерсем, Тəңіріне ғайбат айтқан жалаң бұт, Не жамандық көріп едің менен сен?..
Ғапыл кетіп, ғайбат айтпан ғасырға, Азат күннің бағы барда басымда. Күлкі болмай тексіздер мен тасырға, Ес жиғалы егестім де ұлтым деп Ең соңында... рух боп тудым расында. Есіңді жый, ей, есалаң, көр кеуде, Бұл күйімді һақың бар ма көрмеуге? Алла алдында аят оқып тұрамын Жер бетінде ақырғы адам өлгенде. Жер бетінде ақырғы ақын өлгенде... БӨРІ ҰЛИДЫ Күңгірт тартты құбылып күнім Арда, Жыр ойнайды жасындай жылы қанда. Аруағы асып Алаштың кете барған Ай астынан көк бөрі ұлығанда. Ай астында көк бөрі... ұлығанда Айбар бітіп Алашта тірі жанға. Көшпелі елдің көгінен Тəңір шығып Ғасыр көшіп, жылжыған ғұмыры алға. Түркі елінің қалған ғой түнде кегі, Тəңірісіне табынып күн көреді.
Шер-шеменін бөрі боп соған шағып Жүрегінің жазылған жырмен емі. Тəңірге – Алаш, табынған Айға бөрі, Тірлігінің тектілік айғағы еді. Бөрі айбарын қалдырып бағзы күнге Түлкі болған түркінің қайран елі. Қайран елі түркінің! Бөрі айбары Көкіректен өшсін бе оңай бəрі?! Түн баласы түртпектеп мені оятқан Алтай шыңы, орманы, тоғайлары... Зұлмат дəуір зəһəрлі зəрін үйді, Қайдан табам байырғы соны күйді. Тозып біткен түркінің рухын жоқтап Əлсін-əлсін Алтайда бөрі ұлиды... Бөрі ұлиды...
Ақерке АСАН, Астана ШАҢЫРАҚ Сал дəурен – Сақ дəуірі, саңылағым. Ғұн ғұмыр – ғапыл дүние, бағы мəлім. Ес кетіп, есер заман қысқан кезде, Көк түркі қайта тікті шаңырағын. Жаңғырып аңыз күндер есімдегі, Қозғалып кеткен екен көш ілгері, Ақ орда алты Алашқа айбар болды, Көтерген көк байрағын Есілдегі. Жиырма жыл... аз ба, көп пе, ел біледі, Құба жон, құмбыл дүние, бел біледі. Қол жайып құбылаға кейуана, Тəубə деп, əжем əркез елжіреді. Сол сəтте жасты көріп жүзіндегі, Тағдырын салмақтадым ізіндегі... Қарағым дейтін сонсоң тебіреніп: «Дəстүрден тұр едік қой үзілгелі». Кеткен жоқ ойландырып текке мені, Қыс өткен, мамыражай көктем еді.
Есімде қалып қойды қарт əжемнің, Кереге, уықтарды көктегені... Қазақтың болса шіркін ойлағаны, Алашым азаттығын тойлар əлі. Жиырма жыл! түсті есіме сонда əжемнің, Құрсаулап шаңырақты майлағаны. Бебеулеп боз даланын сағым əні, Зеңгір көк бұлттан алқа тағынады. Ғаламның дауылынан аман болғай, Алаштың алтын баулы шаңырағы!
Алтыншапақ ХАУТАЙ, Алматы ТƏУЕЛСІЗДІКПЕН СЫРЛАСУ Қауырсын қанатын қаққанмен қара түн Кеудемде қалады өзіңнің дара атың. Ер мінез елімнің екінші атауы Ежелден еркіндік болатын. Өкпелеп жүргенде өкпекті Күзге мен Жолықтым жанымды жауратқан сызбенен. Сезсең ғой, ей, іңкəр азаттық, сені мен Желмая мініп ап іздегем. Елдіктің есімі ежелден еңселі Еркіндік – жанымның құпия бөлшегі. Өзекті өкініш өртеген болатын Жоғалтып алғанда мен сені. Шаға алмай ешкімге шерменде жан мұңын Жалғанды жайлаған жаралы зарлық үн. Қан жұтқам қайғыдан… Қаратау басынан Құлаған қаралы тағдырым… Қиратып қазақтың мың үміт – кемесін Бағыттап қалған-ды мерген – мұң жебесін
Мен іштей аңсағам, көзімнен көшкенде Əулие ғасырлар елесін. Сен неге сарылттың, тым ұзақ көксеттің? Бұғаудың азабын білсең ғой, бек шектім. Даламның əр түйір қызғалдақтарын мен Бабамның қанымен көктеттім. Мен жүрген жолымнан əркім-ақ табар сыз Сен неге көктемім, кешіктің хабарсыз? Сырымды анамның тілінде айта алмай Мен сені аңсағам, амалсыз… Көбейіп кеткен-ді күрсінген əттеңім… Бəрі өтті… Шақтар да жұтқызған жат демін. Сахара төсінде сағымдай жүйткіген Сəйгүлік – ғұмырды сағынған сəттерім… Саршұнақ аяздар сүйекті қарып ең, Сансыз рет жазықсыз жас болып тамып ем… Мен саған жеткенмін, азаттық асқары Қасірет баспалдақтарымен. Таң болып төккенде шұғылаң нақ түннен Арайлы атыңды қайталап жаттым мен. Айбарлы атағың əлемге таралып Төрімде қаланып жатты іргең.
Жоғалып таңдайдан тағы да тамсар мұң Қанша рет күле атқан таңымды қарсы алдым. Терезем теңеліп, алыптар елімен Көркіме күллі əлем тамсанды. Ұсынсын өзге жұрт сыйынан кен, мейлі Басыма тың ноқта кигізгім келмейді. Көгімде қалқыған көгілдір туымды Өзімнің самалым тербейді. Шақырып алдымнан шырайлы күміс бақ Егемен елімде еркіндеу тыныстап. Мен алға асығып барамын бұл күнде Тəуелсіз туымды тік ұстап… ДОМБЫРА МЕН ҚАЛҚАН Қиқар жылдардың сындырып қырын Маңғаздау басып өтетін ғасыр. Шаңырақ – тағдыр түндігін түріп Ақ сəуле дəстүр жететін асыл. Салқар далада сағымға сіңіп Керуен – тарихтың ұзады көші. Сахара сан рет таңын атырып, Көкжиек қанша қызарды деші…
Бұлдыр елестер бұлғайды қолын Жоғалғанымен талайғы көктем. Таса ғұмырдан жылайтын сол үн Қазақы болмыс қарайтын еппен. Тарихтың терең тылсымдарына Жалғап ап жетсем арман қанатын. Серігі сансыз қыршындарыма Домбыра менен қалқан болатын. Домбыра – қалқан. Қос құндылығым. Ғасырлар жүгін арқалап жеткен. Егіз өнерден тапқан тұғырын Қазақы мінез басқадан өктем. Дүрбелең дүние. Қалқанын төсеп, Жауынан талай арылса қазақ. Бақыттың шоғын балқыта көсеп, Азаттық жырын шертетін шанақ. Қырмызы қайсар аруына түн Найза кезенсе сорға апаратын. Дұшпаннан қатал қаруы басым Қалқан – намысы қорғап қалатын.
Тарихтың жал-жал толқыны көміп, Адасып қалды қалқаннан басым. Қорғансыз күннің салқыны жеңіп, Тəніме талай салған таңбасын. Сəуірім сан рет ауысып сызға Қасиеттер көп тоналып жеткен. Қалқаным, сонда намысымыз да Сенімен бірге жоғалып кеткен. Асау жылдардың аптығын басып Əуелеп жетті домбыра сазы. Қос шекпенен тəтті мұңдасып Күйменен қазақ сырын ашады. Тілім ұшына сырымды көміп, Тағдырда талай дірдектеп едім. Домбыра – жанмен жырымды төгіп Қалқанымды əлі іздеп келемін. Наурызбек САРШАЕВ, Тараз ШƏЙІРЛЕР ӨЛІМІ
Өтті ақындар өмірден дарыны үстем, Өтті ақындар заманның зəрін ішкен. Патшасы боп өтті олар өлең сөздің, Ал, тағдыры аумай бір дəруіштен. Құлақ тоспай арынды ағын үнге, Мезетінде білмейміз қадірін де.. Барында бағаламай, алайда, біз, Жыр оқуға құштармыз қабірінде. Біздің басқа сор болды бағасыз бақ, Бақ ұшқанда жатамыз шарасыз қап. Аузымызда біздердің күндеп-мінеу, Ал, олардың жанында жара сыздап… Мейлі, тіптен, болмасын сыйы мүлде, Мейлі, заман салмасын зейінін де. Иінін де иілтпей солар мəңгі, Өздерінің тұрады биігінде. Тағдырлары аумай бір дəруіштен, Өтті ақындар заманның зарын ішкен.
Өтті ақындар... Өтеді... Біз де өтеміз, Өкінішті қосақтап сағынышпен. ҚАРА ТҮН Қалың ойдан таппайды сана тыным, Қаралы əуен барады таратып үн. Қара ойға шомғанда қамсыз қылған, Қадіріңе жеттім бе қара түнім. Қара түнім жыр үшін бар жақсым ед, Қара өлеңмен салсам ба арнап сурет? Қапелімде қаперсіз қалғып кетсем, Қара түнді аламын қарғап-сілеп. Қара өлеңім қайғыма арзымайды, Қара далам қаперсіз маужырайды. Қарап менің жансебіл жүрегіме, Қара мұңнан қартайған тау жылайды. Қамығып қалғанымда құрып айлам, Қадалып сыр дəметем сынық айдан. Қаншама түн ұйқымнан безінгенмен, Қара түннің таусылсын сыры қайдан.
Қабағынан қар жауған қара маң да, Қасіретін қор қылды-ау қара нарға. Қаламыма қараймын емексілеп, Қайтейін, қолдан келер шара бар ма? Жасұлан СЕРІК, Қызылорда АҚҚЫРТАУ
Аққыртау – аппақ қырқа сайын далам, Құдайы ырзығынан айырмаған. Жусаныңа жұпарлы аунап өскен, Шаңырағыңа бас иді шайыр балаң. Аққыртау – аппақ өлке адыр мекен, Маңдайыңа бақ жазған Тəңір бекем. Ата сақал аузында шалдар түгіл, Алты жасар ұлың да қадірлі екен. Аққыртау, сырларың көп ақтармаған, Қойныңда дұшпан жатқан аттандаған. Топырағыңда Күреңін кісінетіп, Жотаңда жауға қарай жортқан бабам. Аққыртау – құлаш құшақ киелі аймақ, Майлыөзек ақ жағаңды сүйеді ойнап. Сабадан сарқа ішкен сары қымыз, Абадан аталарым бие байлап. Аққыртау, Жалғызтөбе, шағыл құмдар, Шағыл құмды шөктірді сағым жылдар. Биіктегі сексеуіл кешкен ғасыр, Бейіттегі шалдарды сағындыңдар...
Еламан ҚАБДІЛƏШІМ, Павлодар «СОҒЫС» ОЙЫНЫ Жиналып топ бала қызық қып, Шаң жұтып қуатын ала доп. Əредік жасайтын бұзықтық, Шала боп, еркелеп бала боп. Білмеймін, кинодан көрді ме, Бір күшті əлсізді жойғанды?! Бос тамның ішіне келді де, Бастады атысып ойнауды. Екі жақ басшысын сайлады, Қазақ пен фашист боп бөлініп. Балалар «СОҒЫСты» ойнады, Ғажайып қызыққа беріліп. Автомат қолында бəрінің, Бір бірін аямай атпақ кеп. Қалпымен шын атыс заңының, – «Сен өлдің!» – «Ол өлді!» – «Тахтах», деп,
Жақсылар жауымен алысты. Мейрамын тойлады жеңістің. Қызығын балалар тауысты, өздері жасаған «СОҒЫСтың». Зұлматтың зардабы қалардай, Ардагер жадына қашалып. Бір ата қарап тұр оларға, еріксіз көзіне жас алып.
Мерей ҚАРТОВ, Семей БІЗ Біз – қазақтармыз: Ерлерi ел есiндегi, Тариxтың белесiндегi, Татулық туын көтерген, Бiрлiктiң кемесiндегi. Бiз – қазақтармыз: Кiндiгiн қылышпен кескен, Далада тынышпен өскен, Ұлтына қайғы туғанда, Ұрандап ұлыспен кешкен. Бiз – қазақтармыз: Күлiгiн жаратып мiнген, Тапқанын таратып бiлген. Қақ бөлген қара қылды да, Намысты найзағай тiлмен. Бiз – қазақтармыз: Найзаға намысын iлген, Алысын, жақынын бiлген, Əлемнiң бесiгiн тербеп. Жаманға жуымас мүлдем. Бiз-қазақтармыз: Руxты бөрiсi шулаған, Аруақты тұлпары тулаған, Iрiлiк көшiнде келемiз, Iлесiп күндерде зулаған.
Ботакөз МҰХИДЕН, Қарағанды СЕРТ Інжу-маржан жинадым тереңге еніп, Жүрек боп дүрсілдедім өр елде нық. Алай-дүлей жауынды келем көріп, Өмірге келгеннен соң өлең болып. Шабытымның жақсам да шамшырағын Қанат сынып кей кезде қансырадым. Асылдың өзі болып жүрмесем де, Ғасырдың жасы болып тамшыладым. Жазықсыз тарттым кейде жала таяқ, Кей кезде от та бастым жалаң аяқ. Арқамды ауырларға тосып жүрдім, Гүлдей нəзіктігіме қарамай ақ.... Маған серт – ар жолында сүрінбеуім, Маған серт – жағымпазға үгілмеуім. Маған серт – еңістерде еңкеймеуім, Маған серт – қыл үстінде бүгілмеуім. Батпандай қайғы-мұңға батсам дағы, Шарықтаймын құс болып аспандағы.
Маған серт – дұшпандарға бас ұрмауым, Талқан боп, қақ жарылып жатсам дағы. Болса да сан сынағы, сан жарысы Ақынның шыдамдылық арда күші. Себебі, кір шалмаған, дақ түспеген Ақын деген – бір елдің ар-намысы! Жанардан тамса дағы жастар қанша, Алдымда алынбаған асқар қанша.... Елімнің ар-намысы боп өтермін, Жерімнің кең құшағын жастанғанша!
Жанғазы АХМЕТОВ, Тараз МЕНІҢ АУЫЛЫМ Осы ауыл – Жүрілген жолдардың куəсі. Мен жайлы менен кем білмейтін. Осы ауыл – Амандық аңқыған дұғасы, Кештірген балаң күн – гүл кейпін. Осы ауыл – Кешенің келбетін сақтаған, Өзгермес өткеннің өзегін. Осы ауыл – Мен үшін кір шалмас ақ ғалам, Қиялдың күттірген кезегін. Осы ауыл – Шығарып саларда ырғалып, Келгенше күтетін баласын. Осы ауыл – Шешемның шеріне тым қанық, Əкемнің көтерген наласын. Осы ауыл – Апамның жоғалған оймағы,
Атамның сүйенер таяғы. Осы ауыл – Мен жайлы өзгеше ойлады, Һəм сосын өзгеше аяды. Осы ауыл – Ұрланбас ұйыған ырысы, Жазылған жырлардың тұмсасы. Осы ауыл – Сұңқылы сыңситын түн іші, Байғыз-үн жанымның мұңдасы. Осы ауыл – Тағдырым тұсауын қидырған, Бағытты сілтеген бүгінге. Осы ауыл – Қос ағам қабірін сидырған, ...Мені де тоса ма түбінде?..
Қабиден ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ, Астана АНА Батыр анам, саған əлі сəбимін, Өзімді мен құшағыңда танимын, Бесік жырын айтқызамын еркелеп, Бесігіңде тербетіліп қалғимын. Апа, менің саған айтар сырым бар, Тілеушім сен ақ баталы жырың бал. Ойы бекем, озық туған, от жүрек, Қуана бер, апа, сенің ұлың бар. Апа, менде тым қиянға ұшты арман, «Бақыт» атты басыма кеп құс қонған, Қара өлеңмен хат жазатын нар ұлмын, Жіберетін алтын қанат құстардан. Апа, маған алаңдама, қайғырма Аққу болып қондым мөлдір айдынға, Арқа төсін арқауым деп асықтым, Осыны, апа, түсінбей-ақ қойдың ба?! Апа, рас Іледегі күн қандай, Алтын ақша төбеңнен кеп құйғандай, Іле – Қытайдағы қазақ облысы.
\ Алқа моншақ төгіп тұрған сол елден, Кетті, сірə неге ұлың байланбай?! Кетті дерсің шекара асып жат елге, Мұнда мені қаным айдап əкелген. «Адам құны ақшада емес елінде», Сенбесеңіз сұрап көрші əкемнен. Жүре алмаймын, апа, сені сағынбай, Лаулап жүр ғой сағынышым жалындай. Арқаға кеп арқам кеңіп қалды шын, Қалтам тесік, бірақ рухым, жаным бай. Апа, сенде сағынып-ақ жатырсың, Сезе білген, төзе білген батырсың. Қыран болып қиян көкке самғаймын, Мен алатын күтіп алда жатыр шың. Кетпейді естен кіндік қаным тамған жер, Күліп-ойнап, кір қоңымды жуған көл. Тоғызтарау өзегімде тоқсан мұң, Қанатынан қырқылып, рухынан ұрланды ел. Осы бізге тағдыр айдап жеткен күн, Тағдыр жазса тағзым етем деп келдім, *Тоғызтарау – Қытайдағы жер аты. Туған жері.
Мұның бəрін түсінесің мен айтбай, Өйткені, апа, сен де қызы текті елдің. ƏЖЕ Аңыз боп өткен абыз əжемді, Сағындым, тағы сарылдым. Сағынышымды ағызам енді, Сапыршы жырды, сағым күн. Сəби күнімнен алдында өстім, Əжетайымның аунақшып. Тағы да жүрші жанымда бес күн Батаңды берші жанға ыстық. Қалтаңда жүрген құртың бар еді, Құр қалдырмайтын ұртымды. Көкшіл көзіңе сыр тұнған еді Тек қана білем сыртыңды. Əлдиін тыңдап əжемнің əр күн, Санамда сəуле жағылған. Ұлтымның ұлы таза емдім салтын Жатталып қалды жадымда əн. Текті еді əжем! Тектілік оған Дарыған туған жерінен.
Советтің кезі тепкі бораған, Тайғызды тұрған төрінен. Сарқан-Басқанды сағынып өтті «Сары кемпір» сарылып. Туған жеріне зар үні жетті, Құстармен қоса сабылып. Əже арманы орындалмады, Оралмай кетті жеріне. Ұрпағы оның жолын жалғады, Қосылды текті еліне. Тəліміңменен қарулап мені, Азамат болып ат міндім. Əкетті ажал арулап сені, Қанатыменен аққудың. Тоқсан бес жылдық тарих қалды, Тағылым қалды артыңда. Жанымда бірақ зар ұйып мəңгі, Таңылып қалдым нар мұңға. Сағыныш бүгін таңға ұласты, Мөп-мөлдір мейірім ұрттайын. Қалада жүріп қарыным ашты, Қалтаңда бар ма құрт, майың?.. Əжеу!.. Сарқан-Басқан – Алматы обылысына қарасты жер аты
Мерген ТОҚСАНБАЙ, Көкшетау АУЫЛ КЕШІ Бөгемесін деп бесінде көктегі нұрды, Жел айдап, əне, əкетті өтпелі мұңды. Қарағай – мұрты тікірейген кəрі таулардың Жағалай көлді сап тізген бөктері – гүлді. Қарауытады орманның шеттері шилі, Ырғала билер кешкісін шөптері биді. Қызыл көз Күннің қарағанынан ұялып, Қыз толқындардың көлдегі беттері күйді. Қақ бөліп жүзген аққу-қаз күйлерін бүркіп, Ақ көбік атқан айдынның жиегі – іркіт. Аққұба қызбен əн айтып барсам іңірде, Аулаққа бізден ұшатын үйрегі үркіп. Алдымда жатыр, шіркін-ай, дөңгелеп айдын, (Жанымды сірə, мұндайда меңдер ме қайғым?) Көк желектерін Түн сүйіп ақ қайыңдардың, Ақ етектерін нұры орап дөңгелек Айдың. Қамысын көлдің түндерде күлдірген желі, Бармақтай еді бұл сайдың бүлдіргендері.
Бүлдірген терген бойжеткен қайда екен қазір, Сағына ма екен сол сай мен бұл күнде мені? Тастарын қырау шалатын түнгі ызғар өбіп, Анау бір сайға əуелден ынтызар едік. Алагеуімде аяңдап ауылға қайтсақ, Аспанға сіңе бастайтын жұлдыздар еріп… Шөл басып талай кəусардай бұлақтарынан, Аққұба қызға бұл жерде сыр ақтарылған. Жалған күндер-ай оралмас, арман түндер-ай, Сендермен күліп қоштасқам, Жылап сағынам…
Мақсат КҮЗЕМХАНОВ, Балқаш АЛАТАУДАН ҚАЙТАР ЖОЛ Алатау тұрмын сенің етегіңде, Желіктірген жеті ойдың жетегінде. Бұлттарды сəлем қылып басыңдағы, Арқаға алып қайтам кетерімде. Шыңдарыңа тұрмайды көз қадалмай, Ыстықсың маған менің боз даламдай. Арқаның арқасына мініп алған, Ақсораң осы сенің өз балаңдай. Алатау – кең даланың қарт əмірі, Қазақтың сенде жатыр қан-тамыры. Қар жауып қабағынан хан көзімен, Қарайды неге сонша Хан тəңірі? Алатау – ақ сақалды ақ қария, Жар-құзды тізіп тұрсың сапқа жия. Құс емес, өлең-жырдың ордасындай, Шыңыңда шалқасынан жатқан ұя. Алатау – абыз шалсың атан мінер, Жіберген саған мені қаhарлы бел.
Ардақтап ақ басыңды келіп едім, Ал енді қайтар жолда батаңды бер. Қоштасып бір қарадым кетерімде, Желіктірген жеті ойдың жетегінде. Алайда, шапаныңның шетін ұстап, Арманым қалып барад етегіңде... Табиғат АБАЙДІЛДАЕВ, Тараз ӨМІРДІ ҚЫЗҒАНАМЫН Сарқылмас сезімдерден, Таусылмас тағаттардан. Темірдей төзімдерден, Тынымсыз сағаттардан. Кеткеннің кемесінен, Өткеннің қарауынан. Өлімнің жебесінен, Өмірдің тарауынан. Сөздерден есіп өткен, Кездерден құт дарыған. Түндерден есінеткен, Көздердің сұқтарынан. Жүректің жауынынан, Түнектің бал-уынан. Уақыттың дауылынан, Бақыттың қауымынан. Кешегі елесімнен, Бүгінгі парақтардан.
Көшкенше сен есімнен, Қызғанам Жаратқаннан! Айықпас əттеңіммен, Шақтарға жүз қарадым. Өлімдік дəптерімнен, Өмірді қызғанамын!!! * Жанардың қуысында, Жазбаған жатыр əнім. Жүрегім, уысыңда, Жамылар топырағым! Өзіме өзім бөтен, Неліктен зорсынамын. Кездерім төзімге тең – Келеді жол сұрағым... Құрдымға түсіп кетпей, Ішімнен тына бердім. Жанымнан ұшып кетпей, Жүрегім тұра бергін! Сейілмес базынам да, Жазылмай жатыр əнім.
Өмір боп жазылам да, Өлең боп оқыламын! Ақынмын, дерегім саз, Өрлеймін өр екпінмен! Əйелге керегім аз, Əлемге керекпін Мен!
Еркеғали БЕЙСЕНОВ, Астана РУХ САБАҚТАСТЫҒЫ Қамықпа, досым, қамықпа! Көктеме күнін сыйлайды. Адамдар сыяр табытқа, Ақындар, бірақ, сыймайды! Артығали Қамықпа десең, қамықпан! Мен де өзіңдей шығармын?.. Түнектен əбден жалыққан Сəті туғанда шығар күн. Шумақты шымшып шабыттан, Таңдайға сөлін тамыздым. Кезім болмады сарыққан, Кезі келгенде, дəл үздім. Су ішетіндер арықтан, Жатқан жоқ əзір ескеріп. Айырмашылық балықтан – Ес жыяр, ақыл кеш келіп. Пейіштен, əлде, тамұқтан, Үн қатамын-ау, алқынып?!
Адамдар сыйған табыттан, Ап-ауыр мұңым артылып. Артеке, қиял ол əлі, Тіл, түйсігімде көп тетік!.. «Ғалилар» ғайып болады, Шуағы жырды көктетіп! ТАЛАНТ ТАҒДЫРЫ Кеңседегі кербездер, сенсің күйлі, Биік, терең, қалыңсың, кеңсің мейлі!.. Құр тарбиған бұтақтар гүлдеп алып, Тасадағы тамырын менсінбейді. Таң мен кештің сапында қаздидыңдар, Тиын-тірлік əнімен азды милар... Бабы келген тұлпардың шапқанындай, Көп ізденген шын талант аз қимылдар! Ақын айтса, естиді жырды керең, Дауламас ел ешқандай құнды менен. Жаңсақ ұғым, жалаң ой, жасанды сөз «Шығармашыл тұлғалар – жынды» деген. Болмысымыз – мөлдіреп тұну ғана, Таласпадық еш биік тұғырға да.
Бұқараның аузымен айтқан сырлар – Өзіміздің бір мысқал ғұмырнама. Көрсеткенмен шамалап түсін игі, Жанымызды жалпы жұрт түсінбейді. Өрендерін өздері өкпелетіп, «Өнерлінің міндеті – ішу» дейді. Тұрар ылғи шығатын төрі суып, Таланттардың қашанда өңі сынық. Туыс, жолдас, отбасы бар болғанмен, Жалғыздықпен келеміз өмір сүріп. Ұмытылар мəрелер шаппай жеткен, Жүйріктерді шабандар сатпай, неткен?!. Ұлын халық іздейді өлгеннен соң, Тірісінде өз-өзін таппай кеткен.
Айдос ИМАНТАЙ, Алматы КЕҢСАЙДЫ КӨРСЕМ… Алматы деген қалада тұрам көрікті, Жазда да мұнда ақ сəлде орап жатар шың, Төрт жылым мынау бекерден бекер өліпті, Кеңсайға мені, апаршы аға, апаршы. Апаршы мені атақты сонау Кеңсайға, Бабаларымның ғұмырын берсін баяндап. Көрсетші өзі, жететін оған жол қайда, Жаяулатып-ақ кетейін өзім аяңдап. Самсаған үйлер, қоршаған үйлер тым асқақ, Сендердің сұлу бетонбеттерің не керек? Жыбырлап жатқан құмырсқа тірліктен
жыластап, Тауға тырмысқан Кеңсайды көрсем керемет. Құлшындым солай, қаладан қашып бұлқындым, Келбетің сенің кең шығар, Кеңсай, көлбеген, Құндақтап арыс ұлдарын ұлы ұлтымның, Құр ұйықтап жатқан өздері бірақ өлмеген. Данышпандардың жазылған сенде дерегі, Жатыр ма əлі топырағыңда сенің боп ыстық.
Мұқағали атам түсіме жиі енеді, Дəметіп жүр ме менен бір өлең жарықтық. Жидебай деген киелі жерден бір уыс, Топырақты түйіп əкелген едім ақ шытқа. Қайтайын мен де бітіргендей болып ұлық іс, Мұхтар бабамның басына төсеп жастықша. Бұл қазақ шіркін айтатын сөзді тауыпты. «Өлетін бала молаға қарай жүгірер», Өмірге біздің өлілер емес қауіпті, Өлтіруге бізді тырысып жүрген тірілер. Қайтейін, саған жете алмай жүрмін күйіне, Мұндағы тірлік мұрша келтірмей маған да. Күнде ертең деумен Кеңсайға, қайран дүние Жете алмай жүріп, кетіп-ақ бір күн қалам ба. Кетерім сөзсіз сиясы бітсе қаламның, Басталған жырға бір қара нүкте қойылмақ. Табытпен болсын түбі бір саған барармын. Қоярсың, Кеңсай, маған бір орын дайындап.
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ, Қарағанды ЕССІЗДЕР ДƏУІРІ 3248 жыл. Ғылымның дамуына байланысты осыдан 700 жыл бұрын əйелдер мен еркектер арасында соғыс өрті тұтанып, əйелдер жағы түгелдей қырылған. Жер бетінде еркектер ғана қалды. Тəн лəззаты мен жан лəззатын ғылым өзге заттармен алмастырған еді... Əйелдерді сұлулық пен өмірдің мəні деп дау айтқан жалғыз-ақ адам болды. Оны билік «ескішіл», «жынданған» деп айыптап Марстағы көп түрменің біріне қаматқан. Ол – адамзаттың соңғы ақыны... Көлеңкелер күбір-күбір, күрсініп, Қабырғадан бір шығады, бір сіңіп. Қорыққанға қос болғысы келе ме, Темір есік ыңырсиды қырсығып. Қара қапас, шəйір отыр лепіріп, Сөздерінің басы шалық, шеті күп. Елестерге мұң айтады, кей-кейде, Ақылынан кетеді əрі секіріп. Ұзақ дейді, қысқа демей келтені, Елестерге мұның бəрі ертегі.
« – Жер бетінде əйел деген болыпты, Оған ессіз ғашық бопты еркегі». Амалы жоқ, ол осылай демеске, Көмескілеу өткен күннің көбі есте. Күдікпенен қарап бұған елестер, Күлкіменен қарайды бұл елеске. (Өз ойынша елес оны естіді), Бір бозарып, бір ағарып кескіні. « – О дəуірде ақын деген болыпты, Солай депті ел, естілерден естіні! Əйелдердей ол да жер де күн кешіп, Жоғалыпты сұлулыққа мінгесіп. Сол ақындар тұрған дейді Тəңірмен, Рух тілінде тілдесіп». Лепіреді, соңғы шəйір жердегі: «Жынды дейді, ессіз дейді ел мені. Əйел тəні сұлу болса əуелде, Əй, Тəңірі, сұлулық ол сендегі». Аңтарылып қарайды бір елеске, «Түсіресің тұма түндер нені еске? Сұлулықтың жоғалғаны жерден бұл, Құдайдың да жоғалғаны емес пе?»
Көлеңкелер күбір-күбір, күрсініп, «Жынды» дейді жас шəйірді, түршігіп. Елестердің езіліпті бояуы, Ертегі түске тұншығып. Жел жұлынып, уілімен зарды илеп, Үміт жыры жұбатады əлдилеп. Жынды дейді ертегіге сенбеген, Жынды дейді алба-жұлба тал билеп. * О, менің əз бабам, Алаш аман алауларда маздаған. Қанатымды қарып талай от құшақ, Құлап кете жаздағам. Көкірегім қарс айрылды күрсініп, Көріңнен сен ұшып тұрдың түршігіп. Ару ғана аялайтын арқамнан, Осып өтті бір шыбық. Түсім екен, Түрімді көр шошыған, Қос іргемнен қосылғанда қос ылаң. Ортасында аждаһа мен аюдың, Жолым таппай тосылам.
Ояна алмай, Қара терге малынып, Еңірегем бабам саған жалынып. Аждаһа мен аюыңа Алашым, Кететіндей құрбандыққа шалынып. Естен кетпей бұлдырайды бір күндер, Қиқулаған қырғындар мен сүргіндер. Аждаһаны жылан кезде байқамай, Қалай қамсыз жүрдіңдер? О, менің əз бабам, Алаш аман алауларда маздаған. Аю менің тіл, діліме жерік боп, Жүрегімді жалмап ала жаздаған. Көк етімнің сөгіп талай көбесін, Өз көзіммен көрдім оның өңешін. Аюыңды қонжық болған кезінде, Неге ойып тастамадың төбесін? Бұл не өзі? Өңім бе əлде түсім бе? Бабалардан қалған балбал мүсінге Қайрап алып азуымды қайтадан, Келе жатам, ақ тұманның ішінде.
- * Түн ұйқымды бұза берді ит ұлып, Көңіліме ғасырлардан күй тынып. Бөрі кезім еске түсіп бағзыдан, Мен де ұлыдым қитығып. Ит ұлыды... Бөрі ұлыды... Бірақ үн, Бірақ үннен жауыр болған құлағым. Екеуінің тілі де бір, ділі бір, Үңгірімен үйшік бөлген тұрағын. Бөрі ұлыды, аспан асты жаңғырып, Талақ еткен талай күнді қаңғырып. Ит ұлыды, адамзатты таң қылып, Тойып ұлу қайдан шыққан заңдылық? Көк тəңірге сыйынады бір тілде, (Ұли алсаң бөріше ұлы, іркілме! Адамдарда бөлінеді-ау түр, тілге, Көксаулардың үні ұласып күркілге.) Тауларымнан естіледі не күбір? Екеуінің тілі де бір, тегі бір. Тəңіріне сыр айтады жарысып, Семіп қалмай созылғанша шегі бір.
О, Адамзат, түсінбейсің неге сен? Мен де ұлимын, енді бірде егесең. Бөрі ұлиды, Ит секілді сыртыңнан, Үре алмайды демесең...
Нұржан ҚАДЫРƏЛІ, Тараз АРУ… (Эллегия елесі) Мен сені іздеген едім, Бірақ, бұл өмірден емес… Көңлімді теуіп көрінген елес, О дүниелік ойымнан, Қорқатын едім, өлімнен емес, Өмірде қалып қоюдан. Қарашығымнан қаңғып аттандым, Кірпік кебінге оранбай. Мəңгі ұйқымнан да сандырақтармын, Көрімнен сені көре алмай… Айнаңа күндіз айым түнейді Көлеңкең болып көкте ерген. Құшағын жайып қайыр тілейді, Көргенсіз гүлің көктемнен. Салдақы сезім, мұң арасынан Күнəһар таңын атырды. Махаббатымның мұнарасынан, Қызғаныш азан шақырды. Бұтақ бұрымын жауындар тарап, Сорғалады уы сағыныштың. Жаяу арманмен жаныңды арқалап, Қанаттарыма шалыныстым.
Созылып жатыр, соңғы із сұрақтай Сен жаққа сеңдей сенделдім. Қасіретіңді жалғызсыратпай, Қасыңа мен де жерлендім… Сағынышымды сезінген елес! Мен саған қалдым сенуден… Қорқамын енді, өлімнен емес – Өмірге қайтып келуден. Сенімен кездесу үшін…
Саян ЕСЖАН, Көкшетау АЗАТ ҒАСЫР – АЗАТ ЖЫР Армысың, Тəуелсіз Ғасырым, Армысың, Тəуелсіз Уақыт!.. Қош келдің, Еркіндік – «ғашығым», Қош келдің, мұңымды уатып!.. Бабамның тілегі Сен едің – Киесі киелі даламның. Кəусардай мөп-мөлдір Өлеңім, Ұшында оянған қаламның. Қаламның оянған ұшында Жазмыштың қастерлі «жазуы»! Бағзы бір ғасырлар тұсында Ар сіңген қасиет қазығы... Көзімде бұлдырап Өткенім, Сөзіммен нұрланған Бүгін Күн... Қош келдің, тəуелсіз Көктемім, Бостандық, мен сенің ұлыңмын! Күй болып өрекпіп шаттығым, Арманым асаудай алқынған.
Тəңірдің бақ-құты – Ақ Нұрым, Тəңірдің сыйысың тартылған. Сен мəңгі тірісің, жарығым, Сен мəңгі үнісің сертімнің. Мен мəңгі Далалық тағымын, Асылым, мен мəңгі Еркінмін! ...Дəл солай, тəуелсіз Ғасырым, Дəл солай тəуелсіз Уақыт. Сыр бүккен құпия «тас» үнім, Тұр əне, зарымды жұбатып. Кешегі кералаң уақытта – Біресе табылып, жоғалдым. ...Ордасы орнаған Бақыттан – Мен енді Қазақ боп оралдым. ²² á£ë³ì Ã¯ë æ¯çä³, áμëáμë ¯íä³, ñûðëû ñ£çä³...
- * Асыл зат таптасаң да жерде қалмас, Жасықты берсең-дағы ешкім алмас. Алтайдай асқар биік тау сұңқары Қонам деп шөпсіз, сусыз шөлге бармас. Жас тұлпар тұра алар ма өрге шаппай, Жас қыран отырар ма, қанат қақпай. Жас жігіт – жалын жігер жай жата ма, Маздатып өмірінің отын жақпай! Алтын таң түннен қорқып, тұра ма атпай, Күміс күн ұялар ма күлім қақпай! Жас жігіт таң атқанда талаптанған, Қояр ма өмір таппай, бақыт таппай! Өскен гүл тұра ма екен шешек атпай, Қоймақшы сандуғашты кім сайратпай. Гүл жүзді, бұлбұл үнді, сырлы сөзді – Жас ақын қояр ма жыр сорғалатпай.
Қасым
Айжан ТАБАРАКҚЫЗЫ, Астана СҰРАЙМЫН Аспан бүгiн қабағын ашпады бiр. Сiз жайлы ойдың қоса алмай бастарын кiл, Кештi тағы батырдым... Жаңбырдан соң Жанарынан шықты ысырып тастады гүл. Парақтап көңiлiммен күнтiзбенi, Отырмын... Түн түсiнер үнсiз менi. Бiз жаққа Көктем келдi немкеттiлеу – Сiз жақтан сезiледi Күздiң демi. Бiр салқындық бет бұрды бiзге демек, Жүрегiм сыбырлайды үндеме деп. Жанарыма қарашы осы сəтте, Айту керек болса егер бiрдеңе деп. Сеземiн ғой бəрiн де, бiлем, бiлем, Сонда да күндерiм жоқ күдер үзген. Өзге жанды ұнатып қалмаса екен, Кеше менi ұнатқан жүрегiмен...
Ботакөз МҰХИДЕН Қарағанды * Сен мені əуел бастан ұнатпадың, Мен болсам, сені тіпті сүймегенмін. Сен жалған намысыңды құлатпадың, Мен мына «құрғыр» басты имегенмін. Сен мені еске алмадың, сағынбадың, Мен сені іздемедім, ойламадым. Сен енді мына маған сағым болдың, Мен болсам сағынышқа айналамын. Сен менен үнсіз ғана жырақтадың, Мен сенен ақырындап алыстадым. Сендік сый – жұбатусыз жылатқаның, Мен болсам мұң сыйлаудан қалыспадым. Мен сені басқалардан қызғанамын, Сен мені өзге ешкімге қимағансың. Сезсең ғой жүрегімнің сыздағанын Білемін, сен де қатты қиналасың... Менменсіп, ақылға ырық бермегенсің, Мен болсам одан сайын қырсыққанмын. Сен менсіз су түбінде шөлдегенсің, Мен сенсіз ауа барда тұншыққанмын...
Сен өзің бақытыңа оқ атқансың, Мен сыңар аққудайын қайрылғанмын. Сен мені бір жолата жоғалтқансың, Мен сенен мəңгілікке айрылғанмын... Білемін, жалғызсырап жылады ішің, Мен бейбақ бұл жазаға лайықтымын... Сен ғана барлығыңа кінəлісің, Мен ғана барлығыңа айыптымын...
Жанғазы АХМЕТОВ, Тараз. МАҒАН ӨЛЕҢ ОҚЫМАЙ ЖҮР... Маған өлең оқымай жүр сендей қыз, Саған ақыл шығарғалы тың үкім. Бəлкім біздер бір əлемге енбейміз, Бəлкім мені үкілемес үмітім. Жанарымда жылт етпеуге құштар тым, Жазылмаған жырларымның нұры əлсін жымияды...Тек Сен жақты тұстар түн, Түн түсінбес пайымымды ұғарсың?! Көзсіздікке көнгіш келер көңілдің, Көксегенің жүрек жұтты сұра, бар!.. Маған ондай сыйламады өмір дым, (іштей күлем... ал сен іштей жылап ал!) Түйсігіме сыйдыра алмай түндерді... Сосын сенде сүйкімсіз күй тартасың?! Сезіміміз сыртын беріп үлгерді, КЕШЕгіміз көрсеткенше арқасын. ...Солай, Қарғам, бөлек ғұмыр, бөтен мұң... Бұл бұрышқа құлады екен құлқым қай?
Содан бері, күнə ішкен екенмін, Сол жақтағы періштем де бір тынбай... Уақыттың ұрлап біткен ұсқынын, Сағаттардың сыртылында сөнбейді із. Өксік-үнмен өлшеп берер Түс құнын, Маған өлең оқымай жүр сендей қыз. Сендей қыз... СОЛ ҚАЛАДАН... Көңіл-жетім, сезімім жесір қалған, Жетілер деп сен жақтан жол қалағам. Сол қалаға барып ем несін, Қарғам, Несін, Қарғам, кетіп ем сол қаладан? Содан бері... сор сатып алдым неше, Мұңым жиі күледі, күлкім жылап. Сол қалада қалыпты бал күн кеше, Сорғалаған үміт көп бұл күн, бірақ. Есіміңнің екпінін лүпіл етіп... Ырымшыл да емес ед бұлай жүрек. Нəзіктігін назыңа үкім етіп, Сол қалада сен қалдың... Құдай білед!? Ертеңгі бақ бола алмас елес бүгін, Ел кешпеген кетуге аңыз құрап.
Бір жылдық жас арасы емес, Гүлім, Бір күндік жол арасы маңыздырақ. Көңілсіз өң көмулі күлкі ішінде, (Бағы басым – расында басқа қала.) Көп күрсініс өрілсе жыр пішінде, Қауырсынды жазғанмын жасқа мала. ...Енді мені, елік қыз, есімді алған, Жетелер ме сен жаққа жол қалаған. ...Сол қалаға барып ем несін, Қарғам, Несін, Қарғам, кетіп ем сол қаладан?...
Мақсат КҮЗЕМХАНОВ, Балқаш КЕРБЕЗ КЕРІМГЕ Ағаңды койдың, міне, ойға салып, Ол ойдың іштен жемей қоймасы анық. Шимай салып жүрекке қалай кетсең, Сыйлай салдың дəл солай бойға шабыт. Жылуы жоқ жүректе мұз сергісін, Алаңсыз ақ айдында жүзсең құсым. Фəнидің келбетіне бояу сепкен, Нəбидің əніндегі қыз сенбісің? Періштенің алдында пенде кішік, Отыратын жаныңды тербетісіп. Періште шығарсың сен шыныменен, Қанатынан айырылған жерге түсіп. Дей алман: - Əсем бейнең тайды елестен, Самал едің жүзіме жаймен ескен. Бұлқынып бұлаңдаған асау тайдай, Құлпырып шыға кеп ең қай белестен? Ойымды осылайша көктем бұзды, Сезімім от ішінен шоқ тергізді.
Жүрегімнен шығармай жүрмін əлі, Білегінен ұстатпай кеткен қызды... ТҮСБЕЙНЕ Күшке мініп, Бүгін мені ойланттың түске кіріп. Елік қыз есіне алып жүр ме екен деп, Елең ете қалды бір іштегі үміт. Шын қиналам, Мұң сыйласа қара түн ылғи маған. Түсімде кез болдың сен бақ ішінде, Періштедей пейіште гүл жинаған. Арай бердің, Солайша жүрек атты сарайға ендің. Сол түсте сеніменен бақты аралап, Əр басқан қадамыңды санай бердім. Тұрақтадық, Сосын мынау əлемнен жырақ қалып. Көзіңнің жасын сүртіп жапырақпен, Сөйлейсің жүрегіңнен сыр ақтарып. Хас сұлбалы, Жан едің ақша бұлттың астындағы.
Құшаққа ал деп құлаққа сыбыр еттің, Ақ білекті мойныма астың-дағы. Айтар ед кім? Мен сен үшін сол баққа райхан ектім. Жымиып сол гүлімді жұлып алып, Арманыңа асығып қайта кеттің... Тал мен гүлге, Қызықтың қызыл тағып сəндендің де, Ғайып болдың. Бақыттан айрылғандай, Мен отырмын бозарып таңмен бірге. Бекіністі, Сезіммен бұза алмап ем оты күшті. Жаныма шоқ тастаған осы түстің, Өңге айналмағаны өкінішті. Сүйкімді-ақ ең… Соны ойлап мұң жамылдым күй тыңдап ем. Жұмақтай жұмбақ маған əлі күнге, Сенімен кездестірген сиқырлы əлем. Бақтың іші... Маған енді ол жыртылған хаттың ұшы. Сен де солай жүректі жырымдап ең, Қайтейін... Барлығы да Хақтың ісі...
Лəззат МАҚАШ Батыс Қазақстан ҚҰСҚАНАТЫНДАҒЫ ХАТТАР 1-ші хат Таңертең бе? Түс ауа ма? Кешке ме? Есімде жоқ, жоқ есімде ештеңе. Тек əйтеуір хат жазам да отырам, Сізге арнап таң алдында, кешке де. Ертең бе екен? Бүгін бе екен? Кеше ме? Аңсай берем «оралмайды» десе де. Жылап тұрып жыртамын да хаттарды, Шашып кетем Сіз жүретін көшеге. Жаз айы ма? Күз айы ма? Қыста ма? Жүдеу көңіл жыртық хаттар тыста да. Суық үйде жазған сорлы хатымды, Суық күнде жеткізетін құс қана…
2-ші хат Көз ілмедім… Қашқақтап маза менен, Бұл күндері көп жазам азалы өлең. Сары бақта отырып өзіңізге, Жолданбайтын хаттарды жаза берем. Мендік төзім шыңыраудан құлады анық, Қане, жүрек, барлығын сұра барып. Хаттарымды жынданып жыртамын да, Қайта жазам азырақ жылап алып. Сезімімнен намысты еттім де асқақ, Қайрылмастан қайғыға өттім жасқап. Сол хатымды бір күні сіз келер деп, Сары бақтың ішіне кеттім тастап.. 3-ші хат Қандай жансыз? Сезімді ұқпайсыз ба? Мен жайында бір мезет ойланбайсыз. Күні бойы ойымнан шықпайсыз да, Түні бойы түсімде тайраңдайсыз. «Осындамын, қазір-ақ жет» дегендей, Жымияды сүйкімді мүсін кіріп. Күндіз жазған хаттарым жетпегендей, Түсімде де хат жазам түсіндіріп.
Шаршап кеттім жүректің «күт» деуінен, Шала шабыт, шала боп істерімде. Сізге жазған хаттарым бүктеуімен, Құпия боп қалады түстерімде. 4-ші хат Қалай қиям? Жас тамған көзіңіздің тамшысындай Бейкүнə көңіл шықпын. Жаны нұрға жылынған өзіңізді, Бүгін тағы түсімде көріп шықтым. Бұның бəрі құр қиял болар ма тек, Өлермен ғой, шіркін, бұл үміт деген. Қарсы алдымнан кезігіп қалар ма деп, Сіз жүретін көшемен жүріп келем. Қалай ғана тоғысқан жолы мына, Сіз шықтыңыз… ашылып есігіңіз. Қараңызшы, газеттер орынына, Хат салынған пошта жəшігіңіз… 5-ші хат Бұл менің соңғы хатым Сізге арналған, Соқыр сезім сəулесі бізге арбалған. Сізге қанша хат жаздым, бейбақпын ғой, Бір тілеуі болар деп күзге алданған.
Бұл менің соңғы жырым Сізге деген, Жырымнан жанға сая іздеген ем. Сыбдырласа жапырақ бақтардағы, Сəлем жолдап жатқаны сізге менен… «Біз бақытты боламыз, қара да тұр, деді жүрек, жазғаным бола ма құр». Көрдіңіз бе, əнекей, сол хаттарым, Қанатында құстардың бара жатыр… Тек құстарды ұшырып ап жүрмеңіз…
Еркебұлан ЕЛЕУСІЗОВ, Қарағанды МЕНІ ОЙЛА Ауылға барсаң қалайда, Тоғайға баршы, тоғайға. Бұлбұлдың əнін естісең, Сағынып сонда мені ойла. Самалды тыңда үйлесім, Көйлектің ағыт түймесін. Мен сүйген балдай ерінді, Самал жел бірақ сүймесін. Қызғаныш па еді өртенген, Қызғанам тіпті өлкеңнен. Таза бір сезім іздесең, Бұлаққа келші ертеңмен. Ақ жаулық болсам таудағы, Самал да менен саулады. Тау болып тұрса алып төс, Кішкентай жүрек жаурады. Ауылға барсаң қалай да, Сағынба... Бірақ, алайда, Жай ғана жүрек дір етсе, Қалада жүрген мені ойла. Жарай ма???
Асхат РАЙҚҰЛ, Тараз СЕН КЕТКЕН КӨШЕ Сүреңсіз көңіл қамықты неге? Торықты жүрек тосылып. Қам сүйгіш өлең зарықты неге? Санамды кезген бос үміт. Күтеді тағы үнсіздік алдан, (...оңынан туар Айым – ə.) Жаһанда жалғыз жүрсің бе қарғам? Оралдың бүгін ойыма. Көшемен анау кеткелі өзің, Ақ қайың менің серігім. Күтемін сосын... өрт болып төзім, сұлбаңды іздеп, елігім. Ол көше əне, Өзімдей өңкей Қайыршылардың соқпағы. Қайыңды құшып көзімді ілмей, Күтемін... Сұлбаң жоқ па əлі?!
Қалқыған күйі сары жапырақ, Иыққа қонды, Сөнді үміт. Өлді ғой деймін, бағыты – жұмақ, Сағыныш мұңын жамылып. Қамшы сап – ғұмыр, жетеді кімге? Көкжиек жұтар бір із тек. Ана-а-ау көшемен кетемін Мен де, Сен басқан ізден сыр іздеп. * Мен жылайын, Сен жыламашы! Жанарың жасқа бергісіз! Себебін менен сұрамашы, Шерлі кеудемде өлді сыз. Мен сүйемін, Сен сүймей-ақ қой. Сүйкімім де жоқ бəрібір. Еркіме менің иімей-ақ қой, Тағдырым... Мұңды тағдырым.
Мен күле алмаймын, Күліп жүр еркем. Күліп жүр, күлкің əдемі! Риясыз ғана күлкіңде көркем, Ұлы мейірім бар еді. Сен – Гүлсің, Мен – қара түнекпін, Қабағын қайғы матаған. Сен – Күнсің, арайы Көктің! Өмірге Сенен от алам!
Жасұлан СЕРІК, Қызылорда * Сезімім өлген сенделіп кетіп, Санамды улап қанша мұң. Емдеші, қане, сен келіп кетіп, Шаршадым, Муза, шаршадым.
Жазылмай өмір аппақ парағы, Өлімші жанның сүлдесіндемін. Жүрегім қашан тоқтап қалады, Деген күдікпен күн кешудемін.
Артымнан өксіп қалғандар жылап, Кебінім көз боп сол кештен қалды. Кім білер мүмкін жалғаннан жырақ, Кетіп қаламын келмеске мəңгі.
Дүние маған əн айтар мұңды, Жалықтым дейді менен де мүлде. Жүрегімдегі бар айтарымды, Сыйғызып кетем өлеңдеріме. Жəлел ШАЛҚАРОВ, Алматы КҮЗ, ҮМІТ... Сол бейне – Сол бір сəт – Сол бір түн. Мен неге осынша солғынмын? Селт еткен бір күндік махаббат, Елес боп – Көзіме толды мұң. Мен неге осынша солғынмын?! Қондың да қайта ұштың бағымнан, Мен бе едім Сен бе əлде жаңылған. Біз кеше бақытты-ек Ал бүгін, Айналып барасың сағымға. Пəк сенім шықты да, бір қалқып. Жүректі жіберді сандалтып. Бір түндік махаббат жалыны, Жеп барад, Жанымды дал-дал ғып.
Жылт еткен бір сезім жылымық, Əп-сəтте жоқ болды үзіліп. Атымды бір рет айтпастан Келдің де Кеттің ғой, күз, үміт.. Ғұмыры аз ұшқынның əлегі, Еркімді неге ұрлай береді? Көңілім сол қаңбақ сезімнен, Əлі де – Боп жүрме дəмелі... ЛƏЗЗАТ Лəйлəдай лағыл лебізге лайық, Балапандайын бейкүнə бейнең. Күлкіңнен артық ем іздеу айып, Тұншыға қалса керқұла кеудем. Əлем əспеті əлі де əрсіз, Сендік сиқырды сезіне алмаса. Кереметтердің бəрі де нəрсіз, Мейрімді сендей кезі болмаса. Затыңдай зарсыз, Зайдалық зердең, Бақытқа лайық қиялдай керім.
Өмірге тағы айналып келсем, Ешкімді сендей сүйе алмас едім. Заман заман ба заңдылықтарсыз, Шегінсе шындық шертеді мұң күз. Ажарсыз дер ем паң қылық қар қыз, Ғалам құбыжық еркелігіңсіз. Ақын ақын ба арбаса арын, Сезім сезім бе бір жылытпаса. Өмір өмір ме далбасаларын Тізгілей бермей сырып тастаса. Тағдыр тағдыр ма тар жол торламай, Шабыт шабыт қой шапса қайда да. Жəлел, Жəлел ме бір жыр арнамай, Жұматай жүз жыр жазса Лəйлаға.
Қуаныш МЕДЕУБАЕВ, Теміртау МЕН БІР КҮНІ Мен бір күні... Жаныма жұмағыңның төгілгенде сеңгір нұры, кірпігіңе байланса егер жердің гүлі, мен бір күні, асыл дарам, саған деген сағынышы басылмаған, жыласа аспан көз жасын жасырмаған, терезеден қарасаң тысқа бір сəт, жанарыңда жарқ еткен жасын болам. Мен бір күні... Қу тірлікпен жүргенде жаның əрең, қосылмай қойса егер, таңыңа рең, сен жылап, мені тағы сағынар ең, мен бірақ, жүрегіңнен табылар ем. Сағынар ең... Мен бір күні, Сен жабыққанда, Сен сағыныштың салдарын жаңа ұққанда, Сен түс көрсең түсіңе кіріп алып, Ұмтылып сен екеуміз жарық таңға, Мен саған қанат болып жалғанар ем, Қиялдарға өзіңмен қалықтауға.
Мен бір күні, Сағынышқа бояса күз реңін, Сезіміңмен қаламыңнан туамын да, Жыр болып дəптеріңе түзілемін. Иə, жаным... Жоғалтса егер, күз реңін, Мен бір күні, Жанарыңнан тамшы боп үзілемін...
Индира КЕРЕЕВА, Ақтөбе БІР ЖІГІТ Бір жігіт бар…. Момын емес, тентек те…. Ақылды емес, ақымақ деп айта алман. Мінезі бар тəн намысты еркекке, Сөздері емес, істерінен байқалған. Дəулетті емес. Емес бірақ тым кедей… Кейбіреуден қарапайым тірлігі. Əлдекімдей жабыспайды кенедей, Нəпсіге еш меңземейді қылығы! Кетпейді ол қатарынан құр озып, Жыр да жазбас мен секілді таңға ұзын. Отбасында көп баланың бірі өзі, Ал мен үшін əлемдегі жалғызым… Маған деген сезімі оның беймəлім, Мен сияқты өлең емес құмары. Шалыс басып шатасады кейде адым, Сол кезде оны көргім келіп тұрады… Бір жігіт бар! Сол жігітте жүрегім!
Жаным оның бір сөзіне мүдделі! Сүйем оны! Сүйіп келем! Сүйемін! Бойжеткелі… Махаббатты білгелі… ТОСТ Тек бақытты тілер едім… Болмайды! Байлық тілей беру – миға қонбайды… Не тілейін, жаным, саған дəл бүгін? Не айтайын… (Болды маған сол қайғы…) Екеу едік… Жолымыз да бір дедік! Бірге сезім бақшасында гүлдедік… Мен туралы сен досыңа сыр айтып, сен туралы жазып жүрдім күнделік… Бастап тұрсам жылауықтың тағы əнін, Кешір, күнім… Жаза алмаймын жаңа мұң…
Сен əскерге аттанатын болдың да, Студенті атандым мен қаланың. Екеумізде болмай мүлде тілек кем, «Күтемін» деп уəде беріп жүрекпен. Апта сайын хат келетін əскери, Балаң жігіт күлімдейтін суреттен… Сенсіз өткен əр күнімді жыл деумен, Күндер жатты алмасып көп түндермен… Суретіңмен жұбанатын едім мен, Жараласа «аңсау» атты сұр мерген… «Екі жылы екі күндей өтед(і)» деп, Сағынышты басатынмын тек ептеп… Зарықтырып сен де келдің бір күні, Аяғы ауыр қалыңдықты жетектеп… Күттім сені… Керегі не өкпенің?! Назым саған айтар, жаным, көп менің… Тойыңа кеп тост айтатын «құрметке» ие болам деп пе едім… P.S.: дедім. Сосын есік жаққа беттедім…
САҒЫНЫШ Тағынып жүріп мұң-моншақ, Сағынып жүрмін Сізді мен…. Ай жылжып, Күнді Түнге ұрса, Жүрегім Сіз деп тізді өлең… Тілектер қабыл еткей Күз, Сезімдер болмай мұнша аңыз! …Бір келіп неге кетпейсіз, Сағынып жүрген болсаңыз…?! Күлімдеп тұрып, Халімді «керемет» деймін… Сенесіз...! …Мен Сізді əбден сағындым, Сезбейсіз соны неге Сіз?! Айтылмай қалды бір сөзім… Ендігі назым – наз емес! …Бір келіп маған көрші өзің, Жағдайым менің… Мəз емес…
СҮЙМЕЙМІН ЕНДІ Өзімде… Сірə, аздай мұң! Сіздегі Күйді қозғаймын. … Жанымды қояр жер таппай, Жынданып кете жаздаймын… … Мен енді өлең жазбаймын… Жүрекпен емес… Көзбенен Сүйіпсіз мені… (Сезбеп ем…) Сезімнің бəрін өлтіріп, Мен енді мүлде өзгерем! … Ешкім де емеспін Сізге мен… Араша түсіп арым шын, Азаптап кеткен бағымсың… … Мендегі сезім үкі боп, Жүрекке Сіздің тағылсын… … Басқа қыз сізді сағынсын! Күз келсе жаным үздігер… Емдейді əлі-ақ Күз! Білем… Жаралы жаным бар еді, Дауа болмады Сіздік ем… …Сүймеймін енді Сізді мен!
Табиғат АБАЙДІЛДАЕВ, Тараз СМС-КЕ СЫЙМАҒАН ШУМАҚТАР Сен жүрген жолдың бəрі, Сезімге тəуелді ме? Тіл қатшы, Мұңның Жары – Сезбеппін əуелгіде. Көзіңнен сыр аңдығам, Көзіңде түнеп қалып, Сөзімде жыр қалғыған, (Шегіндім, тілеп барып). (Назымның назы ерек, Шайырдың өртер ішін. Бір ақын жазып əлек, Жазылмас ертегісін). Қасымнан табыл еркем, Сендікпін, сенемісің? Мен саған барам ертең, Сен маған келемісің? (Өтінем, келе салшы, Мен емес, өлең үшін). 7 хат Сен, я сенбе, күнім менің сөзіме, Сенің көзің жүрегімді түйреген. Ғашық болу арқылы мен өзіңе, ...Өмір сүріп үйренем...
Сенсем-дағы сарсаңы мол сөздерге, Өз-өзіме бүгін доспын, бөтенмін. Өліп-өшіп сүйдім деген кездерде, ...сүймеген де екенмін... Үміттерім күдігіме арбалған, Сетінеген сезімімді жерле сен. Мен жалғыз боп өте салам жалғаннан, ...Сен келісім бермесең... 11 хат Жазаңды бер, қаза болған ей, күнім, Сенің – шаттық, менің – қайғы, «жейтінім». Сенің кінəң – көктен құлайтындығың, Менің кінəм – лажсыз күлімдейтінім! Азабым бол, ажалы мол өмірім, Енді мені жеңе алмайды өлімің. Күннен, Гүлден шаршап біткен өзімді, Түнге тағы тарта берді көңілім...
Мазамды алшы, Аза тұнған ей, түнім, Шайырыңның көзі – күлкі, кейпі мұң. Менің кінəм – жырмен мүсіндейтінім, Сенің кінəң – жырды түсінбейтінің!!!
Мерген ТОҚСАНБАЙ, Көкшетау * Іздеп барып ем… күтіп алмадың, (Солай ма еді əлде үкімі Алланың?!.) Ауаға сіңіп сағыныш əнім, Жолда жоғалды бүкіл арманым. Қара көк Аспан, лағыл Ай – тылсым, Аспанға мұңым тағы да айтылсын. Өлеңімдегі өрімдей қыздан Өзіңді неге танымай тұрсың? Үнсіз аққанда дерт емген ақ түн, Қара өлең буып сенделген шақ мың. Қып-қызыл шоғы жұлдыз боп тамды, Алақанымда өртенген хаттың. Жылдарды салып араға бүгін, Сезімнің сепкем жарама күлін. Ұмытып сені үлгереген едім, Жаныма жақын жолама, күнім. Шашса да нұрын жаныма Ай – күлгін, Салқындығынан налымайтынмын.
Өлеңімдегі өрімдей қызды, Қайтейін, мен де танымай тұрмын. Есімнен кетпей күлімдегенің, Төзіммен күтіп үгілмеп едім. Ол кезде сені құлай сүйіп ем, …Ол кезде бұлай бүлінбеп едің…
САҒАН ЖАЗҒАН ЕКІ ӨЛЕҢ Терек түбі. Ескі орындық. Бəрі тың. Қыз қаланы құшағына ап кəрі Түн, Ай толқынды сəулесімен сүйгенде, Көл – көңілдің тыңдап үнсіз ағысын… Күтем сені… келеді деп ырымдап. Күлкіңменен кеудемдегі мұңымды ап, Сен келерсің жібек самал оранып, Жанарыңда жұлдыз біткен жымыңдап. Күзгі түнгі жапырақтай дірілдеп, Үздігулі құлағыма үнің кеп «Сендікпін», – деп құшағыма енгенде, Жүректегі өлген сезім тірілмек. Жасыл шөптен жайып тастап көрпеше… Қан қысымым көтеріліп төрт есе, Алақанды аймалаған алқынып, Оттай ыстық омырауың өртесе. Ерініңдегі шиелерден үзіп ап, Тамсанатын тəтті сəттер – қызық-ақ. Сен кетерсің апақ-сапақ мезгілде, Жон арқамда тырнағыңның ізі қап.
Терек түбі. Ескі орындық. Тыныштық. Тағы отырмын көл самалын тыныс қып. Қала да сол Түн қойынында… ұйқысыз, Ай да көктен шашып отыр күміс түк. Толқын да сол… көңілімдей мазасыз, Жұлдыз ақты. Тұтпады оны аза Түз. Жан жаурады жалғыздықтан сірə да? Бірақ қазір ауа – суық, дала – сыз. Көзімдегі көл – мұңымды шайқаған, Қамыс жақта езеурейді сайтан əн. Жолға қарап сені күтіп отырмын, Келмесіңді білсем дағы қайтадан. Жолға қарап… көз талдырам неге Мен? Сен жоқсың ғой… ешкім де жоқ! өлі əлем. У жұтар ем ойланбастан тап қазір Жан жарама осы болса егер ем. Бейбақ басқа қайта қонбай Қызыр – Бақ, Тағы қанша түндер түсім бұзылмақ? Сені… бəрін баяғыда ұмытқам, Тек жүректе тырнағыңның ізі қап…
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ Қарағанды * Екеуміздің арамызда, Тіл қатады қашықтық, Қолымызды бұлғатады ғашықтық. Телефонның тұтқасынан ентігіп, Тілдесуге асықтық. Мен қиялға еріп кеттім елігіп, Сен де ұялма, еркелетсе сері үміт. Қара түнде оянды да керіліп, Əлем осы кетті ма екен желігіп?
Бірер сөзді шыныдағы буға мен, Жазғанымда күн күркіреп тулап ең. «Янка, сені сүйем» деген үш сөзім, Өлеңіме сыймай қалған шумақ ең. Буға жаздым, Бу ұшқанда со сөзім, Көкке қарай көтереді қоса өзін. Періштелер сонда бізге не дейді? Мүмкін мені жебейді... Мүмкін түкте демейді...
Демеуде ме, жебеуде ме əңгіме? Онсыз-ақ та атады ғой таң күле. «Янка, сені сүйем» деген жазу сол, Маңдайдағы жазу шығар мəңгіге. Наурызбек САРШАЕВ, Тараз
ЖЫЛА, ЖАҢБЫР
Бəлкім, сірə, адасқан мына жаңбыр, Бойжеткенге ұқсайды жылаған бір. Жүрегімнің көз жасы секілденіп, Жыла жаңбыр, тағы да жыла жаңбыр. Жыла жаңбыр! Төгілші тиылмастан, Əрбір тамшың түзілген түйір жастан. Гүр-гүр етіп күрсінер кей кездері, Менің де сен секілді күйім қашқан. Бүркеніп ішке тықпа өксігіңді, Қарды емес өзіңді жер көп сіңірді. Мен де шертем мұңымды, сен де маған Алдыма тамшылатып төк сырыңды. Тамшысымен төгілген сор мұңдары, Толқытып көңілімді қор қылғаны. Адасқан сол жылауық жауындай боп, Мен де таппай жүрмін-ау орнымды əлі. Биылғы жыл шатасып дауланған жыл, Қаңтарда қар көрмедім ауламнан бір. Келер жылы тағы да келер ме екен Қыс кезінде адасып жауған жаңбыр… Жыла жаңбыр, тағы да жыла жаңбыр…..
ЖЕТІМ БАҚ
Сен кеткенсің Дендеген дертім қалған, Еліктей қыз, қайдасың еркімді алған? Мен тұрған маң мұңыма масаңданып, Салтанатын табатын сен тұрған маң. Жеңілтек жел басылмас желігі ептеп, Жаныңды жүруші еді төңіректеп. Сағасынан үзілген жапырақ та, Аяғыңа құлайтын еңіреп кеп. Сығып алып көз жасын сыралғы бақ, Біз жоқпыз ғой… Булығып тұрар жылап. Барар едім… бетім жоқ, Сыртта жүрем Жалғыздықты жаныма сыңар ғып ап. Біз сондаймыз, Сезімге сараң жанбыз, Мен де кетем, Жетім бақ қалар жалғыз. Жолыңа қарамауға серт еткенмін, Жанымды жаралауға жаралған қыз.
Нұргүл ОҚАШЕВА, Қызылорда СЕЗІМІММЕН ТЫНЫСТАП… Көп сұрақты… көкірек тұсымды ала, Көк – бел оймен көмкердім құшырлана. …Мен көктемді жыр қылдым, көктемге емес, Саған ғашық болғаным үшін ғана. Саған деген шексіз-ді ұмтылысым, Көңілімді кептейді-ай күрсінісім. Жүз күнімнен дайынмын безінуге, Өзіңменен өткізер бір күн үшін. Ол да қиял… Қиялды үгітті өлең, Сыр бергендей сырқатым сынып кемем. Ұлпа қардай үлпілдек үмітпенен, Нəрестенің мүбəрак иісіндей, Сезіміммен тыныстап… жүріп келем. Аласұрдым, алқындым – бекер мұным, Қалай, қайтіп ұқтырам, нетем, күнім? Менің мінсіз күлкім мен қуанышым, Сенің тəтті жеңісің екендігін. Жəудіреген жанардың жасы күліп, Күйзелісті мендегі тосып үміт.
Кірпігімнің үстінде жалған күлкім, Ал астында мұңым тұр жасырынып. Көңіліме көкпеңбек арман қонып, Бірде жырға жасаймын жалған жорық. Осылайша отырам бар ашуды, Жазығы жоқ өлеңнен алған болып. Көп сұрақты… көкірек тұсымды ала, Көк – бел оймен көмкердім құшырлана. …Мен көктемді жыр қылдым, көктемге емес, Саған ғашық болғаным үшін ғана.
Асхат ҚҰРАЛБАЕВ, Шымкент. СҮЙІКТІМ БОЛШЫ… Биік шың болшы, ешбір жан аяқ баспаған, Сүйіктім болшы, жүрегім жазар дастан-əн. Қиялым болшы, мазамды күн-түн алатын, Жиі əнім болшы, сағынған сəтте салатын. Жылуым болшы, жаныма лəззат сыйлаған, Сұлуым болшы, ешкімге еш кез қимаған. Тұмарым болшы, кеудемде жырдан өрілген, Сыңарым болшы, таба алмай жүрген өмірден. Ақ гүлім болшы, бағымда менің жайқалған, Шат күнім болшы, бақыттан басым айналған. Арманым болшы, бір күні қолым жететін, Жан-жарым болшы, мəңгілік бірге өтетін. ШАҚТАР-АЙ… Саялы бақта гүлменен, Тағатсыз күткен шақтар-ай.
Сағына жазған жырменен, Жауапсыз кеткен хаттар-ай. Келмейтiн сенi құр күткен, Ұйқысыз ұзақ түндер-ай. Тең болған жаным Мұңлықпен, Сиықсыз суық күндер-ай. Арманнан безiп алдаған, Сен деумен тозған төзiм-ай. Жауапсыз қалып жаураған, Сенделген жетiм сезiм-ай. Жалғыздық əбден жүдеткен, Құсаға толы көңiл-ай. Қиялмен ғана күнелткен, Тұсаулы бəрi өмiр-ай.
Данияр ƏЛІМҚҰЛ ТОҒЖАН (Циклдық сезім драмасы) І. Бірінші күн Бітті бойда қуаты мол қызбалық, …Үмітімнің сабақтарын мұз қарып… Мұңдарымның моласына гүл қойшы, Көктем кешіп, күз барып. Қауым-қауым қиялыңды мезі еткен …келмес жаққа жұмсап жібер… Ал ауада асыр салсын кезекпен Жылы жаңбыр, жұмсақ жел. Сүйе сенде түнге иық, …Көз алдыңда көлбеңдесін тұңғиық… Сосын аспан алау ессін тылсыми Жұлдыз жанып, түн күйіп. Нали берме: Ашыныс …нəби жасты науалатар нақақтан… Жұлдыз біткен сөніп жатыр асығыс, Түн соңына тақап таң.
Кірпігіңнің ұшындағы кіл сағым, …Ол мендегі жыр шағын… Оңашада қауышармыз қайтадан, Жалғыздықтың жарып шығып құрсағын. Əзірге сол сағына тұр, шыдаммен …Жүрек жүгін арқалатпай ақылға… Көңіліңнің көшесінен шығам мен Сен мендіксің. Мақұл ма?!. Жүрегім жазған түн: 08.08.11. ІІ. Екінші күн Сұрақ… Сұрақ… Жауап келсе – бір шешім, Сезім-шамның сөндіре алмай білтесін. Көбелегім ұша алмай жүрмісің, Отқа орап қанатыңның күлтесін?.. Елес… Елес… Елесімнің ескісі, Күндіз ғайып сезімдегі Сес күші! (Жарық жайлы жалған сөйлеп жарыса, Түсінбейді түннің тілін еш кісі!..) Ұйқы… Ұйқы… Мүлгіп барад мұң – нала,
Өгейсіген өзге ешкімді тыңдама. Еш қызға Мен оқығам жоқ əлі өлең… Өлеңімнің сөлін сорған түн ғана. Күлгін… Күлгін… Күрсіністер ішінен, Жүрегіңе жебе болып ұшып ем. Сезім-сауыт соққысына ұшырап, Майырылды махаббатым. Ұсын Ем! Үміт… Үміт… Үмітті үдетті арман, (Көлеңкелер көзінен түнек тамған) Сенің иə… иə…сенің бар Болмысың Жанарыма жасырын түнеп қалған!.. Жүрегім жазған түн: 09.08.11. ІІІ. Үшінші күн Tалшығынан ТАҒАТ-тың сезім нұр ап, (Соғады… сағыныштың түнгі лебі!) Жүректің түкпірінде Өзім жылап, Миымның дəлізінде мұң күледі.
Зерде зақым. Зейін – Өзің. Зар қысад… (Мейлі… Мүлде… МАҢЫЗды емес қалғаны!) Жанарымда жалт етеді жалқы сəт, Кірпігімде сағыныштың салмағы. Жан едім жан рахатын жырдан күткен, (Айқұш-ұйқыш көңілде егес тегі!) Құйылады ғарыштық жылдамдықпен, Жанарыңа сезімнің елестері. Шыдам шемен. Тағы да төзімді алдың, (Жібек желмен жарысқан күлкісін-ай!) Өткеніңе оралшы өзім бармын, Көктеміне асыққан жыл құсындай! Жүрегім жазған түн: 10.08.11. ІV. Төртінші күн Мен Өңімнен, сен түсіңнен оянып, Жалқы, жалғыз жатқанымды түйсінем. Санам сары түске кетті боялып, Сағыныштың исінен.
Мендік мұңым қылық шығар əдепсіз, Сағындыру – Уақыттың ұтары. Тынысымда бүрлей берді қажетсіз, Жалғыздықтың жұпары. Махаббатым аяғы жоқ, басы бар, Бөлмедегі бейнем үнсіз… боркемік. Кірпігімнен күйік исі шашырар, Көз жасыма өртеніп. Қас қарайған. (Кешкі мұңның əлемі…) Жүрегіңнің жаппа маған есігін. Көз алдымда кескінің тұр əдемі, Ерінімде есімің. Жанарыңның жұпарына шала мас отырамын. Оңашаны сый ғылып. Тоғжан мені тоздырғаның жарамас, Уақыттың өлшеміне сыйдырып.
Жүрегім жазған түн: 11.08.11. V. Бесінші күн СЕЗІМің Пайымның пұшпағын илейді, Шеттетіп шерлі ойдың құнсызын. Отты айнала Періштелер билейді, Желге шашып жанарымның дым-сызын. Болмысымның жұпарына бойлар мең?.. (Жанарыңда басым иə – шық десі. Ми маңында қаза болған Ойлармен, Сезім соңы – сөйлемдердің нүктесі…)
(Құс қиқулы үмітімді үркітпе) Жанарға жұғып қап, Ай нұры: Қобыздан қашқан үн тұнады кірпікке, Махаббат мақамын сімірген қайғылы! Мұңымның мөлшері – сыймайтын Көлемге ТАҢДАНЫС тереңдік ояр мың. Сағыныш сыңсуы өрілген өлеңде: Бейнеңнің бояуын қалың ғып қоярмын. «Жүзіңнен аққан мұң – жүзімнің шарабы» – деп оны ішейін құйып ап қолыма. Сондағы масаңдық тарихын баяндап, Айналып кетейін өлеңнің жолына… Жүрегім жазған түн: 12.08.11. VІ. Алтыншы күн Құныстанад… (кеудем сірə хал ұқпақ): Күміс қанат көбелегім қалықтап, «Қараңғыға» қойып кеттің бүгінде, «Жарық нұрдың» жұпарынан алып қап.
Мазалы ой… ми бүреді… құрсаулап Жалғыздыққа жоламашы, жүрші аулақ. Қыз бітімін өшіре алмас санасы Күзгі түннің қанатынан мұң саулап. Атырапта аңқығанда түн исі, Жалғыздықтың жанарына құм үйші. Сосын менің ғазалымның ішінен, Нəті нəзік болмысыңмен жымишы.
Жүрегім жазған түн: 13.08.11. VІІ. Жетінші күн Жетінші күн… Апта аяғы… Жексенбі… Жыр жолдары таусылуға таяған. Самаласы сағыныштың ескен-ді, Мені ешкім жоқ аяған. Жырларым ше?.. (жазықсыз ғой…) ұрсамын … Ұят шығар алдымдағы түнді аттау. Жетістім бе? Жеткізбейді мұң-сағым. Жетінші күн – жұмбақтау. Жүру жоқ нақ басып: Қалтылдадым. Қаусадым! Қағаз қалған Ойларыммен баттасып, Жетінші күн – сия сіңген саусағым.
Жетінші түн – жетер емес қаяу үн, Сабылумен үйге ендім. Білесің бе? Болмысыңның бояуын, Сағынуды үйрендім. Кірпіктен ызғар ұшқан, Көңілде көжектеп күдік-қоян: Сенің сұлу бейнеңді қызғаныштан, Жанарыма жасырып тығып қоям. УАҚЫТ-қа масыл етті күндерім, Қаламсаптан қорқад қол. Жетінші күн – жырмен жолдас түндерім, Сегізінші… екеумізге ортақ бол!!!
²²² á£ë³ì Êå¦ ä¯íèå, ò£ñ³¦ä³ àø, ìåí êåëåì³í...
- * Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін, Алынбаған ақым бар сенде менің. Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім, Бура бұлттар – бусанып терлегенім.
Аспанындай кей сəтте күрсінемін, Жас талындай жауқазын бүршік едім. Кең дүние, керемет қалпыңменен, Жүрек болып кеудеме кірші менің. Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам, Секілді бəрі менен көз алмаған, Кең дүние кенде етсең сыбағамнан, Шырылдаған сəбидей мазаңды алам. Мұқағали
Жанғазы АХМЕТОВ, Тараз СЕН ЖƏНЕ КӨКТЕМ Құрғады жанардың жасы, Жымиям дəрменсіз зорға. Өңдегім өтірік, Расы – Келмедің, келмеді ол да. Күтіп ем күйге еніп текті, Тал қармап таусылды соңы. Ол неге оралмай кетті, Сен ертіп кеткелі Оны?... Уайымға көңілім қарық. Кешегі күрсініс – өлең. Іңірде күбірге салып, Күз жырын қайталай берем. Күз жыры жанымды мүжіп, Үздіксіз іздетер нені? Үлбегей үмітті үзіп, Арманда алдаған мені. Сендерге назым көп бірақ, Тоспасым белгілі енді. Көзінде лып еткен шырақ, Көзімнің ішінде сөнді.
Гүл үміт жара алмай бүрің, Сезімнің самалы – салқын. (Түс шығар... бұлдайды түрің, Ол сенің кейпіңде бəлкім!) ...Ақ кебін кисе күз бағы, Жүректен күн кешер күрең. Тағдырлы түр сомдап тағы, Ол түбі оралад білем! Сен ше?
Лəззат МАҚАШ, Батыс Қазақстан ТҮН ҰРЛАНҒАН ТҮН… Менің Түнім… өзгеше сыр ұқтырып, Жібергендей қайғымды ұмыттырып,. Жылап тұрып үйренгем жыламауды, Күлмеуді де үйренгем күліп тұрып. Жүрекке мың орам мұң бүктеулі ме? Арқама сан қасірет жүктеулі ме? Сағынбауды үйренгем «сағындым» деп, Күтіп жүріп үйренгем күтпеуді де. Арбасында сезімнің сүйреулі ме? Мендік қайғы, мендік бақ күйреулі де. Күйе тұрып үйренгем қызғанбауды, Сүйе тұрып үйренгем сүймеуді де. Құдайым-ау, айтамын Түнге немді? Үйренгенмін өзгені күндемеуді. Өз мұңымды өзім-ақ тұншықтырып, Үйреніп те алғанмын үндемеуді. Жұлдыз қимай ағады зырлап көктен, Мен бəрін де жоғалттым… жұмбақ неткен! Тыңдамады тағы да Түнім мені, Менің Түнім жоқ енді, ұрлап кеткен…
Асхат ҚҰРАЛБАЕВ, Шымкент * Бір көріп құмартып ем, Толқып пəк сезім деген. Кездесіп қуантып ең, Көңілсіз кезімде сен. Бұл күнде жырақтасың, Күтемін төзімменен. Шын сүйіп ұнатқасын, Елжіреп, езілген ем. Сəт сайын сағынамын, Түндер көп көз ілмеген. Бейнеңе бағынамын, Тапқан соң өзіңнен ем. Жүзіңнен жақұт көргем, Ешкімнен сезілмеген. Не десе бақыт деген, Мен үшін өзің дер ем. Мұң-мұзды ерітіп ең, (Жаныммен егіз деп ем). Сырқаттай сені күтем, Дертіне ем іздеген.
Алаңдап көңілім жүр, Келші, ыстық сезімменен. Өткінші өмірім бұл Өтсінші өзіңменен. ҚОШ… Қош! Алатаудың ақ құзы Басынан қар кетпейтін. Қош! Алатаудың ақ қызы Жалғанда жан жетпейтін! Қош! Көктөбенің ақ түні Көгінен əн кетпейтін. Қош! Көктөбенің ақ гүлі Мен сүйіп, мəңгі өбпейтін! Қош! Алматының ақ таңы Шуағынан қайың қуат жинаған. Қош! Алматының мақпалы Маған мұң мен уайым ғана сыйлаған! Қош! Алматының салқын күзі Жалғыз келгендерді жылытпайтын. Қош! Алматының алтын қызы Мендік жүрек мəңгіге ұмытпайтын!
Айжан ТАБАРАКҚЫЗЫ, Астана МАҒАН БҮГІН... Маған бүгін қайғыны айтпа, қайғыны! Сен жайлы Арман – жүрегімнің байлығы. Тағы да Түн. Сен емес жанарымды аймалайды Ай нұры. Мұңды да айтпа, мұңды да! Кірпігіме тағы да сол, бір мөлдір шық тұнды ма? “Қызғанамын” деуші едің ғой, ал қызған, Құшағына алып жатыр Түн мына. Нені ұқтым мен осы, Сен жайлы ойдың сөгілгенде көбесі? Тым болмаса мөлдір мұңға мендегі, Тимесе екен Тағдырымның жебесі. Жұлдыз ақты тағы да, Бисмилла... бағым шығар... Бағым ба? Мендегі ойлар сен жайлы – Ешкім əлі қол сұқпаған қазына.
Қуаныш МЕДЕУБАЕВ, Теміртау ШЫҒЫСТЫҢ ҚҰСЫ Шығыстың қызы! Алтайдың дүрия көркемі, Жанымды жалын, көзімді сағым өртеді. Ерке қылығы еркектің бəрін елтеді, Өйткені, оның əрбір қимылы ерке еді, Қылығы мендік жүректің қылын шертеді, Шығыстың ақын аруы неткен ерке еді, Бүгіні ғажап, ертеңі қандай, ертеңі – Мен сағынатұғын бала күнімдей ертегі. Шəрбатын ішіп аққулы айдын көлінен, Ғаламға сыймас сұлулық кейпін көріп ем Ол-дағы менің жүрегіме ынтық бейдауа, Гүл үзіп берді көктемі жүрген төрінен. Самырсып тұрған самырсын жұпар келбеттім, Кəусарын аңсап, сезімге сусар шөлдеппін. Алтайдан ұшқан аққуды ертіп, қанатты, Жүрегімдегі періште көлде тербеттім. Əрі де манат, бəрі де ғажап ондағы, Қызғалдақ тағдыр алқызыл жауқаз жолдағы, Мені де көміп, еліне көрік жанары, Маздады келіп шырағым болып қолдағы. Күлкісі таңның арайын қуып ғаламнан, Ботакөз қалқа киіктен сұлу, маралдан, Жаралған жан-ау пейіштің кəусар нұрынан,
Даламнан аққан шəрбат бұлақтан нəр алған. Болмысы бөлек, шолпысы кенет шашылса, Жанарым бұрқап жарқ етер едім жасынша... Шығыстың құсы еліне ұшып кетеді-ау, Аңғал жүрегім абайсыз бір күн ашылса...
Айбек БАЙТӨРЕ, Қарқаралы ҒАЛАМДАС Кеңістікке жалғанады уақытым, Сол арадан табылады бақытым. Ғаламдастың біреуіне татымайт, Жинап алсаң дүниенің жақұтын. Кермаралдай кеңістікте керілген, Күй тарайды шеменімнен, шерімнен. Анасының жарып шығат жатырын, Ғаламдасым өніп шыққан белімнен. Бірге сүрген он сегіз мың ғаламда, Ғаламдасым əкем, анам, балам да. Тіпті сонау Сахарада шөл кешкен, Бəдəуиде ғаламдасым санамда. Космоста өмір бар ма, өлең ше, Микропта өре бар ма, өнер ше. Дүниенің жан-жануар, жəндігі, Мен сендермен ғаламдаспын өлгенше. Бір ғаламдас сайрап тұр ғой мінбеде, Бір ғаламдас қамалыпты түрмеге.
Ғаламдасын көміп жатыр ғаламдас, Топырақ сап қабірдегі мүрдеге. Бір ғаламдас аз ішеді зиялы, Шектеулі ме қасіреті, қиялы. Ғарыштан да ғаламдасты іздейімін, Қиялыммен кешкен кезде қиянды. Күзде солып бүр жаратын көктемде, Жасыл желек жер сауырын сөккенде. Көктем иісі жырға бөлейт даланы, Бір Ғаламдас көктен нұрын төккенде. Түсінемін бұл ғаламның мəнін де, Түсінемін балықтардың əнін де. Микро-ағзалар ғұмыр кешкен бойымда, Олар үшін ғалам менің тəнімде. Бір ғаламдас досым еді жақыным, Тастап кеткен балаларын, қатынын. Қыздар жайлы көп əңгіме айтады, Бір ғаламдас көп ойлайтын тақымын. Бір ғаламдас қиналады жазарда, Бір қаламдас аз алады назарға. Бір ғаламдас арба сүйреп келеді, Доңғалағын шықырлатып базарда.
Бір ғаламдас көп шегеді шылымды, Бір ғаламдас қоздырады жынымды. Бір ғаламдас нəзік жанды ару ед, Жеті түнде қойныма кеп тығылды. Бір ғаламдас адамдықтан ада, тұл. Бір ғаламдас екіншіге қара құл. Бəріненде озып кеткен біреуі, Көш басында артын ашып дара тұр. Қарашы анау ғаламдастың аласын, Қарашы анау ғаламдастың санасын. Бір ғаламдас хабарласып тұрады, Бір ғаламдас көрсетпейді қарасын. Бір ғаламдас жазғаныма таң қалып, Бір ғаламдас қызғанып та қалды анық. Өмір деген осылайша күн кешу, Ғаламдастар арасында алданып! Бір ғаламдас айтып келет арызын, Бір ғаламдас қайтып берет қарызын. Кейде қинайт ғаламдастар алдында, Өтелмеген өлең деген парызым. Періштелер ғаламдасым, ар, нəсіп, Шайтанмен де қалам кейде арбасып.
Жыр қалдырып кеңістік пен уақытқа, Мен ғаламмен барам өстіп жалғасып! Догмаларға ұйып, маза қашқан жаннан, Күллі Еуропа шошид, «13» деген саннан. Сенбей қайтсін енді, қауесетке осы, Исаны да сатқан, 13-інші досы... Он екі жыл-мүшел, белгіленген жүйе, Оған сыймай қалған 13-інші түйе. 13 еді баста – Құдай сөккен Бірін, Ояна сап көрем, қабырғамның түрін. Қанды қырғын заман, көкіректе нала, Отауға ие болған 13 жасар бала... Тəн берілген жалға, бар 12 мүшең. 13-ті ойлап мен де, қиялданып ішем. 31-ге біткен желтоқсанның түні, Ал, ескіше алсаң 13-ші күні. Батыстағы үйлер, көздің жауын алад. Болмайды екен онда 13-ші қабат.
Бола қалса егер, келетіндей қатер. Болмайды екен онда 13-ші пəтер. Италияға барсаң, театрда сорың, Ол жерде жоқ саған 13-ші орын. Мазасыз ой келіп, санамызды жейді. «13-ші атам би болыпты» дейді... 13-іне түссе қасиетті жұма, «Қасиетсіз» дейтін, ол не деген сұм, ə? «13» деген санға жетер-жетпес өрем, 13 минут жаздым 13 шумақ өлең. ЖҰЛДЫЗ Ай жылаған аспанда Күн күледі, Суық қаным сүйеді сүмбілені. Дордойдың базарындай дүниеде, Адасып қалғанымды кім біледі? Ал өмірім басқаша өрілмейді, Бөрі де босқа ұядан бөлінбейді, Қарақшының жетеуі аспанда жүр, Сегізінші жерде жүр... көрінбейді.
Аспан елі, сен кімді бақытты еттің? Таң, сен неге еп-ерте атып кеттің? Шолпанның шолпысындай сыңғырлаған, Өзендерге келеді батып кеткім. Төбелерді жан едім төсек қылған, Əр тиынын мына жұрт есеп қылған. Оңашалау тұрып ап тас төбемде, Сен неге мұңаясың, Есекқырған?.. Көмер мені қиялдың ұшанына, Өздері ұрындырып пышағына. Мына дүние түскенде төңкеріліп, Құлап кетсем аспанның құшағына...
Нұргүл ОҚАШЕВА, Қызылорда ӨКІНІШ Көмескі ойлар көңілге сеуіп қаяу мың, Есіріп жүріп аспадым құлақ есті үнге. Еркелікпенен етегін ұстап анамның, Есейгенімді есіме алдым кеш мүлде. Көріксіз мінез көңілден қалай өшер мұң, (Содан-ау, бəлкім, қайырылып жүр қанатым.) Аспандағыны əпер деп байғұс шешемнің, Тауысып біттім топшысы тастай тағатын. Белімнен түскен бұрымым бұйра. Өргеннің, Ғажап деп жүріп мазақ қып кеттім талғамын. Қалаға барып шаштараз іздеп сенделдім, Бүгінгі күннің Жібегі болу арманым. Анамның тұнық тілегін аяқ асты ғып, Жетесізбін-ау, жеңілтек ойды жөн деппін. Əкетайымның қабағы жасап жат қылық, Тіл қатпай қойды он бес күн. Түсіндім бəрін, түсінбеу енді жат ұғым, Орынсыз жерде ойнақтамаймын есіріп. …Таяздап барып ұзарып кетті ақылым, Бұрымым қалды кесіліп…
ҚҰМЫРА КӨРСЕМ… Жалынға денем шарпылып жатқан шақта бұл, Құбыла бермей құрағым келді басқа жыр. Құмыра жайлы толғаншы дейсің, қарағым, Толқындай тулап тумайды, əттең, қасқа жыр. Өткенім еске оралды, көңіл, жасыма, Бала кезімде ойнаушы ем киіп басыма. Көк құмырасын Мəрия деген көршімнің, Сылаңдап жүріп сындырып алдым қапыда. Сындырған сəттен тұмшалап алды сынық мұң, Үкілеп жүрген үзілді жібі үміттің. Сол сəттен бастап құмыра атты ойынды, Ойымнан сыздым, ойынның бəрін ұмыттым. Ұмыттым бəрін, еркелік қалды артымда, Атанып жүрмін біреуге, бəлкім, нар тұлға. Мəрия көршім сол құмырадай сын деген, Сынбай келемін сан сынақтарда, сан сында. Құмыра көрсем іші де жүрер мұң бұғып, Үркіп кетеді білмеймін неден нұрлы үміт. Құмыра көрсем … жақындауға да жасқанам, Абайсыз тағы аламын ба деп сындырып…
Саян ЕСЖАН, Көкшетау * Под шум и звон однообразный, Под городскую суету Я ухожу, душою праздный, В метель, во мрак и в пустоту… А.Блок Басылмай желік көңіл, Құстардың көшіне ердім. …Тағы да елітті Өмір, Тағы да есірермін… Төсінде сор қаланың – Жазмышым таңбаланған. Адасты жолда бағым, Адасты аңғал арман. …Түнемел. Қызыл іңір. Көшелер күрсінді үнсіз… Шыбынның ызыңы «жыр», Тағы сол…тылсым нұрсыз. Даладай кең көңілім Тар үйдей тарылғаны… Қанша екен енді өмірім – Қамшының сабындағы?..
ТҮНГІ «КАРТИНА» Жолдар сұлық. Қалтырайды жиекте тоңған шілік. Ессіз көше қоңырқай есінейді, Жел сызымен ауаға қанжар сұғып. Бұлдыр ғалам. Айдың бозғылт сəулесі, Түн. Жыр… Далам… Мөлт-мөлт еткен тамшының мөлдір сөзі, Күміс су көмейінен былдырлаған. …Қараңғы ауыл. Сан ойлар жамырайды санамда кіл. Сəмбі талға сүйеніп əлі тұрмын, Тапталып… табанда Гүл… ...................................................... Жолдар сұлық… Түн əлсіз күбірлейді: «Алдамшы Үміт!» ТҮН. ҮМІТ. Қарағайлар көңілсіз қоңыр əнін ыңылдап, Ырғалады нəзіктік Жел күрсініп ымында ақ. Бүгін орман əуені − мендік үнмен тым үндес, Адыр – үнсіз, шөп – мылқау, түнерулі
«қыңыр» кеш… Күнбатыстың жалқыны жанарыма құйылып, Анау тұрған қайыңдай қалдым несін бұйығып?! Тыныштықтың демімен күрең Өмір тыныстап, Бір күнді ертіп барады арада Іңір жылыстап. Мына жатқан қорымдай көңіл бейбақ аңырап, Саусағымен самалдың таранды шаш қобырап. …Тағат қалмай бойымда Хан көліндей сарқылып, Үміт пенен Күдікке көкпар-сезім тартылып… …………………………………………………… «Сен келер!» деп, бұл маңға міне, тағы келіп ем, Əй, мен де бір пақырмын, қыз жайында не білем?!
Қазыбек БАЙЖҰМАНОВ, Шығыс Қазақстан ОЙХОЙ, ОТЫЗ! Ойхой, отыз маған да кеп қалдың ба? Бағытыңды адаспай бетке алдың ба? Ордаң болса көрсетші ойрандайын, Сақпаның да қажетсіз, шоқпарың да. Ойхой, отыз, лапылда отты өлеңім, Қанат қақсын қиялым көкке керім. Айдынына арманның желкен жайып, Көсілтейін көңілдің көк дөненін. Ойхой, отыз! жиырмаңдай болма бұзық, Дəурен еді-ау расында ол да қызық. Қырықта қамал алып қарық қылмас, Отызда алмаған жан орда бұзып. Ойхой отыз, балалық сенен қалды, Ойхой отыз, балалық менен қалды, Отызымда емес пе орда алғаным, Өлмейтұғын қалдырсам өлең мəңгі. ҚЫЗ КӨКТЕМ Құлпырған көктегі айда көрік бар-ды, Ғашығын күткен жігіт өліп-талды.
Қыз көктем оттай ыстық ықыласынан, Қыс күйеу бойы балқып еріп салды. Сыңғырлап күміс күлкі сырғалары, Əндетіп ару құрбы жылғалары, Жалғаған қос жүректі үшбу хаттай, Жеңгетай келеді ұшып тырналары. Басына асқар таудың бұлт үйіріп, Қабағы аспан құда тұр түйіліп. Ақырып арыстандай тез басылды, Ойнатып найзағайын шырқ йіріп. Жылы жүз күн құдағи жүз жасағын, Сыйлады кемпірқосақ түзге сəнін. Жайнаған жасыл желек масатыдан, Кəделі жайып салдың қыз жасауын. Көрмеген төрт түлігі мүлде азайып, Жер ана, тау əке де бір ғажайып. Еншісін ер баланың ерте қамдап, Шығыпты қалыңмалды қырға жайып. Жолына қос ғашықтың төгіліп гүл, Аспаннан шапағат нұр себіліп тұр. Көктемнің жел қосылып сыңсуына, Құлазып күн жарықтық егіліп тұр.
Асхат РАЙҚҰЛ, Тараз * Жалғанға кінə артам қалай, Жазуы сол болса тағдырдың? Жанымды жылатпа Құдай, Құдіретті емеспін, жалғызбын. Қимасым бар еді шаһарда, Періште демеймін келбетін. Аттанды тым ұзақ сапарға, ...Жалғыздық кезіп жүр бетін. Опат боп қанаты сезімнің, Көз тиді-ау, жоқ, əлде тағдыр ма?! Тоналдым, торықтым, езілдім, Күткенім, ол үшін жазғырма! Тозаңды домалақ əлемде, Жанымды жалғыз ғып Ол кетті. Мынау күз азалы əуенмен, Махаббат бесігін тербетті. Кеудеден бір өксік кетпеді, Кім білген осылай өтерін. Жаз соңы қайырын төкпеді, Көктемнен жақсылық күтемін. Көктемнен жақсылық...
Еламан ҚАБДІЛƏШІМ, Павлодар МЕЗГІЛДІ АЙЫПТАУ Жүрек күдікшіл боп алды, Тек өзің жайлы түс көріп. Сезімім мүлде тоналды, Баянауылға қыс келіп. Үмітімменен жараспай, Мұңменен жүрмін арбасып. Жоғалған құты ағаштай, Көңілімді қалды қар басып. Жүрекке тұнды шер неге? Махаббатымыз тұнық-ты. Орнап ап аяз кеудеге, Сезімімізді суытты. Бір кездер ынтық бізді енді, күтпейді құшақ жайып бақ. Өзіңнен күдер үзгем-ді. Мен қысты жүрмін айыптап. Белгісіз қалып дерегі, Мəнсіздеу болды қайырмам. Жек көрем қысты, себебі, Сол қыс қой бізді айырған.
Жəнібек ƏЛИМАН, Қарағанды * Асқар Орал кəрі алып күзет тұрған... Мағжан Жұмабаев Түркі бабам билеген байырғы күн, Сен ұғарсың бір ұқсаң шайыр мұңын. Алтын бесік кешегі Алтай, Орал... Тұңғышыңның қанатын қайырды кім? Бұла шағын өткізген бөрі арланы, Көк түріктің күндері-ай соны, арналы. Батыс жаққа бейуақта аза оқиды Оралмаған шақтарым Оралдағы. Сайқал уақыт сен соны естідің бе, Азамды айттым күн батқан кешкі іңірге. Құсаланып басына бөрі шықса Қайран мекен дір етер ес түбінде... Бөрі емес-ау мен қалдым сосын ұлып, Баянсызын бес күннің кеш ұғынып. Тəңіріне табынып тау орнында Түркі елінің жатқандай сесі бұғып. Қалмағандай тағдырға басқа амалым, Алыбымдай түюлі қас қабағым.
Көкке ұмсынып Оралдай қалғып кеткен Тебіреніп тыңдаймын аспан əнін. Тəңір ұлы түйсінер көкте сыр көп, Шалағайдай кетпейін шетке сын боп. Бөрі түсті басына байрақ тіктім Орман басып Оралды кетпесін деп...
Амангүл ҚАЖЕНОВА Атырау МҰҢДАНУ Күндерімнің біткендей боп күмбірі, Естілмейді маған таныс бір əуен. Түндерімнің көтеріліп түндігі, Бөтенсінді бүгін мені мына əлем. Мұңдарыма мұң қосады түн үнсіз, Періштедей пəк күйімде тұрар ем. Таңдарымнан жыр тосамын үмітсіз, Тізбегі көп, түйіні жоқ сұрақ ең. Сүйген жүрек өртеп ыстық отына, Шұғыласын маған қарай шашпады. Мұң шатырдың жалғыз қалдым астында, Жырым ғана менен жырақ қашпады. ТЕК МАҒАН ҒАНА ТАНЫС БІР АДАМ Көктемнің кеші көрікті ғалам, Жаңбырдан кейін көкмайса далам. Жанымнан бейқам өтіп барады, Тек маған ғана таныс бір адам.
Болмайын десем құр босқа алаң, Нұр-жүрегіме жетпей тұр дауаң. Мінекей, тағы кетіп барады, Тек маған ғана таныс бір адам. Не дейін енді жүрегім саған, Сезімді қайтем өзің аңсаған. Жаныман тағы тек үнсіз өтті, Тек маған ғана таныс бір адам. Сəтті сезімді жазса бір Аллам, Жыр болып сірə, жүрекке тұнған. Осылай үнсіз кете бере ме Тек маған ғана таныс бір адам?.. Осылай жүрек салыпты бір əн, Сағынышым деп жазып ғұмырға. Ендеше мен де тек үнсіз кетем, Қыз ғұмыры ғой. Жазықтымын ба?
Нұржан ҚАДЫРƏЛІ, Тараз ҚАЙРАН ƏКЕ… Қайран əке, кеш аунап, таң жүгірген, Қара жолың қол бұлғап қалды ұлыңмен. Маған кекшіл болма деп өзің тағы, Төбелесіп барасың тағдырыңмен. Қайдам əке, бақ емес сор тапқаным, Қос жүрекке құйылып ортақ қаның. Маған батыр бол дейсің, өзің бірақ Қоштасатын сəттерден қорқақтадың. Сен кетерде суылдап сұрақ қанат, Бар жырымды желпіді бір-ақ парақ. Маған батыл бол деп ап өзің тағы, Алаңдадың артыңа жылап қарап. Еркесі боп жаныма жат еріктің, Балалықтың бармағын қате еміппін. Маған мықты бол дейсің, өзің бірақ Əлсіз жанын сездірдің əкеліктің. Əйтпесе, əке, артыңда шұбап таңнан, Шерлі жолда шаңыңмен шуақтанған.
Мен онсызда мықты екем көз жасыңды, Көре тұра жыламай, шыдап қалған. Шыдап қалғам, шамасы шыдатты Аллам, Маған қарап сені де жұбатты арман. Мен сондықтан мықты екем тік тұрғызар, Асқар таудың өзін де құлап қалған! ӨЛІАРА Тұнжыры тағдырымның тұманы ұқсап, Жылжыды, жоқ жанардан жылауық сəт… Мен саған теріс қарап кетіп барам, Тағы да өз өзімді шығарып сап. Көшеде көңіліңді жауын жуып, Бөлмелер құрсағында тарылды үміт. Сен мені кетпей жатып қимай тұрсың, Тағы да, өз өзіңді сағындырып. Ооо, менің обалы жоқ ойлағышым, Өзіңсіз өртенуін қоймады ішім. Біз бүгін өкпеліміз махаббатқа, Өмірді кінəлəтіп қойғаны үшін. Көз жасыңды төк мейлі, төкпе мейлі Бəрібір солған гүлдер көктемейді.
Сондықтан, оларда тек біз секілді, Жұлғызған жүректерге өкпелейді. Қалдырып мезгілімді мекеніңе, Қаңғырып бақыт дейтін бөтеніме. Ешкімсіз еріп барам елегізіп, Кескінсіз көлеңкемнің жетегіне… СЕНДЕЛУ… Жұлдызың түндерімнен шеттегенде, Ұмтылам, ұшатындай көкке мен де. Уақыттың өткеніне өкінбес ем, Өзіңді бірге ертіп кетпегенде. Сипалап таңдарымның əр атқанын, Тырмалап кештерімді парақтадым. Сезбес ем, қоштасқанын көктемнің де, Көрмесем, се(ні)мен лесіп баратқанын. Көңілім көз жасынан гүлдегенде Елесің ескерткіш боп мұңлы өлеңге. Қас қағым болса да өмір, қайғырмас ем, Жиырма жыл сенсіз өмір сүрмегенде. Тағдырым тағы мені алдаған ба, Алдасын, зарланам ба, таңданам ба… Сенің де жоқтығыңа мұңаймас па ем, Өзіммен өзім жалғыз қалмағанда.
Ақерке АСАН, Астана ПЕНЕЛОПА Баллада Ертеде, бағзы дəуірде, Ой салған мүмін, кəуірге. Бір мұңлық ғұмыр кешіпті, Зар болып жарық көруге. Сыр тартсам көне кездерден, Көрмедім пиғыл өзгерген. Гомердей ғаріп міскінге, Көз бермей, Алла сөз берген! Ақындық болып мұраты, Бермеген тыншу жыр оты, Көзінде емес Гомердің Жүректе болған қуаты! Білдірмей жанға кемдігін, Не көрмес ақын кемді күн, Өлеңмен айтып кеткен ол, Табиғат тепе-теңдігін! Тұңғиық ойға қамалып, Жүдесе кейде жан арып,
Гомердің сөзі сияқты Ньютон ашқан жаңалық! Одиссей – алыс сапарда, Оралмай туған шаһарға, Зарығып күткен сұлуы Өретін кілем жатарда. Сарғайып сан жыл гүл өңі, Таласып таңмен тілегі, Махаббат жəне ғадауат – Сыр тұнған ғажап кілемі. Пенелопа сұлу егілген, Жүректің жасы төгілген. Майшаммен өрген гүл десте Нұрымен күннің сөгілген. Қол созған сұлу арманға, Күтуден төзім талған ба?! Қаншама үміт үзілген, Опасыз мынау жалғанда! Аңыз боп ару сан қыры, Гомердің жеткен əн-жыры. Көңілге үлкен ой салар, Пенелопалар тағдыры.
Кез қылса тағдыр бөгетін, Ару көп жасын төгетін. Пенелопаға ұқсас тағдыр көп, Кілем жоқ өріп, сөгетін... Ойымды, құрбым, сөкпеңіз, Жырымды оқып, көктеңіз! Пенелопаның көз жасы – Одиссей кешкен көк теңіз... МУЗАМЕН СЫРЛАСУ... Махаббатты сезіп нұрлы елестен... Білемісің, мен өзіңмен кеңескем, Жібек пенен Баян қыздың тағдыры, Менің бала қиялыммен тел өскен. Айлы түнім, самалынан нұр ескен, Құс жолына үнсіз ғана ілескем... Көк аспанды көрпе қылып, көк өрім – көрінбейтін көкжиекпен тілдескем. Жан-жайлауым құлазиды ел көшкен, Аққу ғұмыр алыстады көлде өскен. Жарық күннің жақсылығы – сұраса, Жүрегімді тұтас берем, бөлместен! Мөлдір болсын мұңның бəрі мен кешкен... Мен бір бота...бұтасы көп жерде өскен,
Сағынышым сағым жырға айналды, Сансыз ойлар сартап болып селбескен. Поэзия періштенің сөздері, Өзімді емдеп, шаттандырам өзгені. Адал болу, жақын келу Аллаға! Осы ақиқат жүрегімнің, сезгені... Керім күндер күрсінісім болмасын, Абай рухы үмітімді қолдасын! Ізгіліктің қаламы бар достарым, Осы жырдың жазсын əрі жалғасын...
Жасұлан СЕРІК, Қызылорда ЕРТЕГІ Балалық кез аңғалдықпен дос қылған, Ең төресі сол кез екен бақыттың. «Бауырсақты құтқарам!», – деп қасқырдан, Май шелпекті бір түн қорғап жатыппын. Ертегіге алданып қап сенімім, Үлкендерге жақпай қалған пиғылым. «Мақта қыздың марқайтам!», – деп көңілін, Мысығымның кесіп аппын құйрығын. Жыңғыл болған Шалқұйрығым үркер ме? Мен, өйткені, қанық білгем қыр-сырын. Ертөстік боп елерем деп үлкенге, Талай рет бұзылыпты тұмсығым. Таусоғардай тас арқалап көп күттім, Қай жағымнан шабады екен дұшпан кеп? Көрші үйдің кемпірінен қорқыппын, Ауызында бір тісі жоқ мыстан деп. Тым ерке едім, кіргені рас кеш есім, Сенімімді талай мəрте сенделттім. Қарлығаштың қайтарам деп есесін, Айдаһарды күтуменен ер жеттім.
Арманым да адастырар көп еді, Жүрегімде қалып қойған таңба боп. Тазша бала бола алмадым, себебі, Өтірікті айта алмадым қанда жоқ. …Алла берген басымдағы құтым нық, Көрерім көп, сабақ болар өткенім. Тауысуға жақын қалдым, шүкірлік, Кеше келген он сегіздің көктемін. Қиындықтар жолығады не түрлі, Тəлкегіне салса тағдыр, төзермін. Мына өмір ертегісі секілді, Бала кезде айтатұғын əжемнің.
Мерген ТОҚСАНБАЙ, Көкшетау МЫНА КҮЗ ƏДЕМІ НЕТКЕН Мына Күз əдемі неткен! Көзіңнің сорады майын. Қайыңның, əне, дір еткен, Сырғасын тонады уайым. Айдындай тұп-тұнық аспан, Құстардың тізбегі – толқын, Күйлерін мұң қылып шашқан, Қайталап үлгерді шолпың. Қоштасу үні екен, мұны Ұқпадық əлі біз толық. Шолпыңның Жүрекке үні, Қонғанмен сағыныш болып. Қайрылмай кетесің, жаным, Əуендей əуеде еріп. Күн батар – шекесі – жалын, Көзімде сəуле де сөніп. Жаным Күз отынан тоңды, Жауратып бақшаны кеші.
Өрмекші тоқыған торды, Жел жұлып қашқаны несі? Өрмекші тоқыған тордай… Үзілді үміттер, əне! Бүрісіп отырған торғай, Сен енді күліп көр, кəне. Сен күле алмайсың бүгін, Сені де мұң билеп алған. Көңілде сарғайсын гүлім, Соқшы тез түнгі леп алдан. Түнгі леп ызғарлы неткен, Отырмын қалтырап жалғыз. Көшіпті гүлзарлы көктем, Жүктерін артып ап алыс. Күзгі Түн. Бұлт қайдан келген? Жылама жылаған жаңбыр. Мұңлы бір шырқайды əн кеудем. Жылайды… жылаған – Жан бұл. Мына Түн қараңғы қалай? Мына Күз көріксіз неткен? Жылатты адамды талай… …сұлу деп келіппіз текке!
Ботакөз МҰХИДЕН, Қарағанды * Бұл сен бе Күтпеп едім... Өтінем, енді маған жүктеме мұң Неге келдің? Мен үшін енді сенің Жоқ еді түк керегің... Құр бекер Тер төкпегін Енді мені сендірмес ертектерің. Сай-сүйегің езіліп сүйем дейсің, Сөкпеші, селт етпедім... Біздің күн Батты дерсің, Мейлі мені сезімсіз, қатты дерсің. Кешірші, бұдан кейін сен мен үшін Жай ғана жат біреусің! Тағдырға көнгенім шын, Өтінем, осылай ет тек мен үшін. Ұмыт бəрін, сен енді мына маған, Əншейін əлдекімсің!
Өткенді парақтаймын, Ант етем, енді ол күнді оралтпаймын. Жолың ашық, кете бер мейлі маған Ештеңе жоғалтпаймын... Бəрібір Бəрі маған, Босатшы, басқа жанның бағы болам! Кетіңіз, мен сізді енді танымаймын, Бұрын да танымағам...
Қарлыға ТЕМІРҒАЛИ Атырау БƏРІ ЖАҚСЫ Жанымды егер ұғар болса бір адам, Ол – сен дегем. Сені де Өмір сынаған. Бізде екі Тағдыр еді, сол күні, Мен Анаңның қазасына жылағам. Екі аққу ек, бірақ бізде бір айдын, Енді саған болар екен Шырай кім?! «Сенсіз өмір сүрем» дедің, Мен болсам – Сенің жалғыз қалғаныңа мұңайдым. Сен жаныңа мөп-мөлдір мұң жиған күн – Мен жаныма мөлдір Сезім сыйға алдым. Бағың үшін күресе алмап едің сен, Сенің жаның жылады-ау деп қиналдым. Махаббатта тындырды екен ұлы іс кім? Сен не істедің? Мен Өлеңмен мұң іштім. Иə, иə, мұң боп келдің мен үшін, Мен Бақыт боп барайын деп тырыстым.
Жауап біреу, менде бірақ сұрақ мың, Білесің ғой, мен Өлеңге тұрақпын. Өлең өрген Ақын ғой деп сүйдің сен, Ал мен сені Азамат деп ұнаттым. Ықыласы мол болса да халықтың, Жылу күткен. Сен салқындық таныттың. Арманыммен ойын ойнап жүріпсің, Ал мен оны МАХАББАТ деп қалыппын. ... Бəрі жақсы!
Индира КЕРЕЕВА, Ақтөбе АДРЕСАТСЫЗ ХАТ Тəңірім… Қатарымнан не кеміттің?! Жетегінде келемін жегі-үміттің… Туа сала тастанды атандым да, Терезеден телміріп сені күттім… Анашым… Серігі ме сағыныш, ой – баланың?! Жақсы еді ғой телміртіп қоймағаның… Мені келіп бассаңшы бауырыңа, Мүмкін емес мүлде енді ойламауың… Көзім кімге ұқсайды? Өзім кімге… Сені аңсамай, анашым, көз ілдім бе… Жүрегіңнің бөлшегі шырылдап жүр, Сенде ешқандай жоқ па еді сезім мүлде… «Сағындым» деп өзіңді жазам Айға… Мұң-наламды бірге ол да азалай ма,… Ай арқылы мен сəлем жолдап жүрмін, Түнде сені бір елес мазалай ма… Анашым?!
Жетімдіктің зарымен жағаласып, Өмір кешіп жатырмын, жан анашым… Ақ періштең сені іздеп шарқ ұрады, Сен қалайша тым бейқам қала аласың… Анашым… ҚҰРБЫҒА Сен жыладың… Басылмады өксігің… Маған мəлім болған соң ба көп сырың… Ал мен тұрдым не дерімді біле алмай, «Қойшы, жаным. Жыламашы» деп… Күнім! Біз екеуміз тағдырласпыз… Мұңайма! Қолы жетіп көріп пе еді Күн Айға?! Өр едің ғой, егілесің неге сен? Жігерлі жан бос нəрсеге жылай ма… Еркің қайда еншіленбес ешкіммен? Көріп жүрсің, айтшы қане, сес кімнен? Босқа жаным мұңаймашы, жылама! Бақытты боп өтпейді ешкім бес күннен… Жыламаймын! Сен де жаным жылама!
Өмір деген ақ-қара емес, сұры-ала… Сен жыладың… Сосын мен де егілдім, Сол баяғы жүрегімнен жыр аға… Жатсын мейлі мағынасыз күн өтіп, Сырымызды жүректерге түнетіп – Бірімізге демеу болып өтеміз, Мұңымызды мөлдіреген шық етіп! Атады əлі екеумізде таң нұрлы! Бітер күні болар мұңды жаңбырдың… Тосын сыйын ұсынса да тағдыр мың, Біз екеуміз жеңілмейміз, жан құрбым…
Ерболат ҚУАТБЕК, Қарағанды. ҚЫЛМЫСКЕР Мен бүгін сені өлтіруім керек, Əйтпесе мені жаншып тынасың. Ойларым байғұс мертігіп...кенет, Талаққа тастап мансұқ қыласың. Қара қылмыскер, қара орамал Іштегі «жеті» сəбиім қайда?! Қырда жылаған балама обал, Естіліп жатыр нəби-үн сайда. Қарқылдап күлдің мелшиген бейбақ, Орындығыма отырып алып. Жерді еміреніп, мен сүйген күй-бақ, Қылардай, сірə, «жетіні» ғаріп. Есімді жисам қан сорғалап тұр, Қара орамалдан аппақ түс тамып. Жыр тауға қарай əн жорғалап бір, Шайқас əлемге нақ тартыс таныт. Таңып жатқандай жарамды үндістер, (Мекенсіз құсты сатқын құс дер кім?) Жағамды ұстаған қара қылмыскер, Қалам ұстаған ақ қылмыскермін!
ЖЕКСЕНБІ Құдайым маңдайын сүрткенде, Зəу көктен орнады қара жер. Дəл маған əзірше кілт берме, ...Ақ шəлі киген қыз бара бер. Жексенбі. Құлақтың əлдиін Уілдеп салар тек жел ғана. Жүрмейді ешкімнің дəргейі, Тыныштық келгенде өлді ара. Жексенбі. Ақырғы сүйісу Өлімнің ерніне шөліркеп. Қаңырап қалғанда үй-іші Терезе орнында темір тек. Жексенбі. Жүрегім сескенді, Айға да шығып ап арман сол. Жыр жаза бастадым төске енді, Нəрестең шырылдап қалған соң. Мына ісің қарашы ұрының, Наталья көзіңде ақ түнек. Ақырғы тамшының дірілі, Пушкиннің кірпігін жапты кеп. Ал маған Меңсұлу тамшысы, Кірпікке жіп болып түйілер.
Соңғы акт. Керемет əртісім! Ендігі мекенге жиі кел. Жексенбі. Маңдайды сүрттім кеп, Қара қыз өксіген қара өлең. Ақ шəлі киген қыз кілт бермек ...Теңселіп келемін қаламен... Жексенбі... ТЕМЕКІНІҢ ҚОРАБЫ (Высоцкийге) Темекі берші, Володя Қорабым бүгін бос қалды. Шөлмекпен де дос Мелодия, Құйып ішейін қос қанды. Ғасырға тақым салып ең, «Кірпияз аттар» жолықты. Бардтың бұлқынған əнімен, Бөрідей салып жорықты. Менің даламмен тектес ең, Жусанға таңып білегін. Билікті арттан теппесең, Саптап қояды күрегін.
Сары баланың Сарыарқа, Сары күйіне шомды кеп. Бақұлдасқанда, Таганка, Жырларың тұрды мөлдіреп Мүрдеңді ғана көмді кеп. Зырлатып қара Волгаңды, Басыңды и қара Өлеңге. Ғасырда жалғыз Төр қалды, Мен ғана барар өлерде. Гитараңның алты ішегі, Алты құрлықтың дауысы. Сені иектеген де құс еді Жəне тұлпардың жарысы. Домбырамның қос ішегі, Екі дүниенің иесі. Мені иектегенде құс елі, Бостандыққа да күйесін. Жүрегін ұстап ақынның, Сенің ішіңде «Гамлет» жүр. Ажалға «сен» – деп қатырдың, Өмір жайлы онда əндет бір. Темекі берші, өтінем, Қорапқа Өлең жазайын. Ажалмен қас боп кетіп ем, Тартқызам бір күн сазайын.
Наурызбек САРШАЕВ, Тараз САРЫ ГҮЛ Аласармайтын арманы, Сағыну жалған заңы бұл, Үйіңде сенің бар ма əлі, Мен теріп берген сары гүл? Шалынар көзге шалғайдан, Нəзік ең, нəркес гүлге тең, Сағынышымдай сарғайған, Сары гүл солмай тұр ма екен?! Өзіңе деген антым бұл, Айналып кеткен түп гүлге. Сезімі деп сары ақынның, Су құйып баптап күттің бе?! Болайын сенің кең далаң, Кеудеме өссең гүл құсап. Гүл сыйлап едім, Сен маған, Мұң сыйладың-ау бір құшақ! Соры ма бастың, бағы ма, Үлгердім саған гүл беріп. Айта алмай қалдым тағы да, Тілінгір тілім күрмеліп. Білдірмесем де бəрібір, Кеудемді менің кезді үміт.
Қолыңда тұрды сары гүл, Сезімді тілсіз сездіріп. Аласармайтын арманы, Сағыну жалған заңы бұл. Үйіңде сенің бар ма əлі, Сары ақын берген сары гүл?!
Алтыншапақ ХАУТАЙ, Алматы АНАМА СЫР Ботаң болып бақытың, тілеуің де Білем сенің гүлдедім жүрегіңде. Сенен жырақ жасырын жыладым мен Сені еске алдым бір шалқып күлерімде. Ана, менің əлі күн есімде бұл Бар мейірім жататын төсіңде бір. Сыбаға еттің жап-жарық дүниені Құлындарың тірліктің көшінде жүр. Шағымыңды ұры – күн ұғынған ба? Кеше қашқан көктемің бүгін бар ма? Қаперімде бір қайғы қалмайтындай Қанатыңның астына тығылғанда… Тарпаң – тағдыр мойнына құрықты іліп Қайғыны да қарсы алдың күліп тұрып. Жүрексінбей жаңылыс жасадым мен Сенің кешіреріңді біліп тұрып. Сенің жастық келбетің көшіп маған Құптамайсың кеткенін өсіп балаң. Мен де сендей бір бұлдыр арманға еріп Тіршіліктің теңізін кешіп барам…
БАЛА КҮНГІ КЕЛБЕТІМ Бұл өмір – армандар аралы, Өткердік уақытты дүрмекпен. Балалық қадайды жанарын Кетілген көнетоз суреттен. Куəсі бүлдіршін шағымның Кермек у татпаған кеседен. Санада сенделмес сағым мұң Қуыршақ қыз едім кеше мен. Желбіреп желменен тұлымым Жылдармен жарысқам, Бəрі айқын. Кездерді əкетті ұры – күн Құлаған жұлдызды санайтын. Жадымда шалқитын шекер – үн Сəби күн. Сарылттың… Керім ой. Жерде ондай бақыт жоқ екенін Сен маған айтпаған едің ғой. Бұлдырап кеткенмен бала күн Сайқал сыр сырғыса еңседен. Кешегі күнəсіз жанарым Қаймығып тұрамын мен сенен…
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ, Қарағанды * Алапатын арқалап келем жырдың, Ой өледі, өледі өрем бір күн. Көрмейді енді өзгені көздерім бұл, Естімейтін ешкімді, керең қылдың. Əуенімді аңсаймын, баяғы əнді, Жақсы көрем жанымды аяғанды. Бір сұлудың күлкісі сенен аумай, Арманыма алақан жая қалды. Келбетінде бір жанның қиылар Күн, Саған ұқсас жерлерін қиып алдым. Ерні сенен аумай қап ерке қыздың, Еріксізден сүйіп алдым. Талайды өстіп талғамай сүйіп көрдім, Сені іздедім, келмеді күйікте өлгім. Саған ұқсас жерлерін құрадым да, Суретіңді мың қыздан жиып бердім. Үнім жарып үркітті құс іңірді, Ұқсата алмай егілдім мүсініңді. Жер бетінен таба алмай мұңланып ем, Түнде маған Мəжнүннің түсі кірді.
Сақтай алмай бақытты шақтарымды, Арманым кеп өлеңге ақтарылды. Отқа жағам опасыз дүние деп, Сағынышпен жазылған хаттарыңды. Тілегім тек, Періште айта барса, Келісейін жанымды сайтан алса! Өмір-əннің əдемі қайырмасы, Шіркін, сен боп тағы бір қайталанса!
МАЗМҰНЫ Алғы сөз ................................................................................................................. 3 І бөлім. Мен жастарға сенемін... ....................................................................... 5 ƏЛИМАН Ж. Рух жыры ........................................................................................ 9 Бөрі ұлиды... ......................................................................................................... 10 АСАН А. Шаңырақ ................................................................................................ 12 ХАУТАЙ А. Тəуелсіздікпен сырласу ................................................................... 14 Домбыра мен қалқан ............................................................................................ 16 САРШАЕВ Н. Шəйірлер өлімі ............................................................................ 19 Қара түн ................................................................................................................ 20 ЖАСҰЛАН С. Аққыртау ...................................................................................... 22 ҚАБДІЛƏШІМ Е. «Соғыс» ойыны ..................................................................... 23 ҚАРТОВ М. Біз ..................................................................................................... 25 МҰХИДЕН Б. Серт ............................................................................................... 27 АХМЕТОВ Ж. Менің ауылым.............................................................................. 29 ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ Қ. Ана ................................................................................. 31 Əже ........................................................................................................................ 33 ТОҚСАНБАЙ М. Ауыл кеші ................................................................................ 35 КҮЗЕМХАНОВ М. Алатаудан қайтар жол .......................................................... 37 АБАЙДІЛДАЕВ Т. Өмірді қызғанамын ............................................................... 39 «Жанардың қуысында...»..................................................................................... 40 БЕЙСЕНОВ Е. Рух сабақтастығы ...................................................................... 42 Талант тағдыры .................................................................................................... 43 ИМАНТАЙ А. Кеңсайды көрсем ......................................................................... 45 ЖАҢҚАШҰЛЫ Ж. Ессіздер дəуірі ..................................................................... 47 «О, менің əз бабам...» .......................................................................................... 49 «Түн ұйқымды бұза берді ит ұлып...» ................................................................ 51 ҚАДЫРƏЛІ Н. Ару .............................................................................................. 53 ЕСЖАН С. Азат ғасыр – азат жыр ...................................................................... 55 ІІ бөлім. Гүл жүзді, бұлбұл үнді, сырлы сөзді... ............................................ 57 ТАБАРАКҚЫЗЫ А. Сұраймын... ......................................................................... 60 МҰХИДЕН Б. «Сен мені əуел бастан ұнатпадың...» ......................................... 61 АХМЕТОВ Ж. Маған өлең оқымай жүр... .......................................................... 63 Сол қаладан... ....................................................................................................... 64 КҮЗЕМХАНОВ М. Кербез керімге ...................................................................... 66 Түсбейне ............................................................................................................... 67 МАҚАШ Л. Құс қанатындағы хаттар ................................................................. 69 ЕЛЕУСІЗОВ Е. Мені ойла ................................................................................... 73 РАЙҚҰЛ А. Сен кеткен көше............................................................................... 74 «Мен жылайын...» ................................................................................................ 75 СЕРІК Ж. «Сезімім өлген...» .............................................................................. 77 ШАЛҚАРОВ Ж. Күз. Үміт .................................................................................. 78 Лəззат .................................................................................................................... 79 МЕДЕУБАЕВ Қ. Мен бір күні... .......................................................................... 81 КЕРЕЕВА И. Бір жігіт .......................................................................................... 83 Тост ........................................................................................................................ 84 Сағыныш ............................................................................................................... 86 Сүймеймін енді ............................................................................................... 87 АБАЙІЛДАЕВ Т. Смс-ке сыймаған шумақтар ................................................... 88
ТОҚСАНБАЙ М. «Іздеп барып ем...» ................................................................. 91 Саған жазған екі өлең .......................................................................................... 93 ЖАҢҚАШҰЛЫ Ж. «Екеуіміздің арамызда...» ................................................... 95 САРШАЕВ Н. Жыла, жаңбыр ............................................................................. 97 Жетім бақ .............................................................................................................. 98 ОҚАШЕВА Н. Сезіміммен тыныстап... .............................................................. 99 ҚҰРАЛБАЕВ А. Сүйіктім болшы........................................................................101 Шақтар-ай ............................................................................................................101 ƏЛІМҚҰЛ Д. Тоғжан ...........................................................................................103 ІІІ бөлім. Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін... ...........................................111 АХМЕТОВ Ж. Сен жəне көктем .........................................................................114 МАҚАШ Л. Түн ұрланған түн... .........................................................................116 ҚҰРАЛБАЕВ А. «Бір көріп құмартып ем...» ......................................................117 Қош .......................................................................................................................118 ТАБАРАКҚЫЗЫ А. Маған бүгін... .....................................................................120 МЕДЕУБАЕВ Қ. Шығыстың құсы .....................................................................121 БАЙТӨРЕ А. Ғаламдас........................................................................................123 13...........................................................................................................................126 Жұлдыз .................................................................................................................127 ОҚАШЕВА Н. Өкініш .........................................................................................129 Құмыра көрсем... .................................................................................................130 ЕСЖАН С. «Басылмай желік көңіл...» ..............................................................131 Түнгі картина .......................................................................................................132 Түн. Үміт ..............................................................................................................132 БАЙЖҰМАНОВ Қ. Ойхой, отыз! .......................................................................134 Қыз көктем ...........................................................................................................134 РАЙҚҰЛ А. «Жалғанға кінə артам қалай...» .....................................................136 ҚАБДІЛƏШІМ Е. Мезгілді айыптау .................................................................137 ƏЛИМАН Ж. «Түркі бабам билеген...» .............................................................138 ҚАЖЕНОВА А. Мұңдану ....................................................................................140 Тек маған ғана таныс бір адам ...........................................................................140 ҚАДІРƏЛІ Н. Қайран əке ...................................................................................142 Өліара ...................................................................................................................143 Сенделу ................................................................................................................144 АСАН А. Пенелопа ..............................................................................................145 Музамен сырласу ................................................................................................147 СЕРІК Ж. Ертегі ..................................................................................................149 ТОҚСАНБАЙ М. Мына күз əдемі неткен ..........................................................151 МҰХИДЕН Б. «Бұл сен бе...» ..............................................................................153 ТЕМІРҒАЛИ Қ. Бəрі жақсы ................................................................................155 КЕРЕЕВА И. Адресатсыз хат .............................................................................157 Құрбыға ................................................................................................................158 ҚУАТБЕК Е. Қылмыскер ....................................................................................160 Жексенбі ...............................................................................................................161 Темекінің қорабы ................................................................................................162 САРШАЕВ Н. Сары гүл ......................................................................................164 ХАУТАЙ А. Анама сыр ........................................................................................166 Бала күнгі келбетім .............................................................................................167 ЖАҢҚАШҰЛЫ Ж. «Алапатын арқалап келем жырдың...» ......................168
ЖАҢА ҒАСЫР ЖЫРЛАЙДЫ Жас ақындар антологиясы Редакторы Əмірхан БАЛҚЫБЕК Тех. редакторы Саят ТӨРЕБАЙҰЛЫ Басып шығаруға 08.11.2012 ж. қол қойылды. Пішімі 84х108 1/32. Офсеттік баспа. Шартты б.т. 9,0. Таралымы 2000 дана. Тапсырыс № Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС 050035, Алматы қаласы, 8-ықшамаудан, 19a-үй. Тапсырыс берушінің файлдарынан Қазақстан Республикасы «Полиграфкомбинат» ЖШС-нде басылды. 050002, Алматы қаласы, М.Мақатаев көшесі, 41.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру