Бабалар сөзі. 54-том
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» сериясының 54-томы ғашықтық жырларға арналды. Бұл том негізінен қазақ халқының сан ғасырлардан айтылып, құлақтан-құлаққа, ауыздан-ауызға, бірден-бірге жетіп, бүгінгі ұрпағымен есен қауышқан ең көне мәдени жәдігерлерінің бірі «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» эпосына арналды. Атап айтқанда,...
ҒАШЫҚТЫҚ ЖЫРЛАР
МӘТІНДЕР
КӨРПЕШ ҺӘМ БАЯН СҰЛУ
(Шоқан нұсқасы)
Мекен іздеп, жігіттер, кел кетелі,
Ортасында көктөбе белгі етелі.
Азаматым, ерінбей тыласаңыз,
Қозы Көрпеш – Баянды тербетелі.
Қыл көпірден адамды айдар еміс,
Қылмысшылды тамұққа айдар еміс.
Тыңдай тұрған жігіттер, ерлер болса,
Ерте заман бір екі бай бар еміс.
Сол екі байдың жайлауы төмен еміс,
10. Киік атып, аң етін жеген еміс.
Екі байды сұрасаң, азаматым,
Қарабай мен Сарыбай деген еміс.
Бай да болса пиғылдары тар секілді,
Тәңір берген дәулеті бар секілді.
Малды беріп, Құдайым басты бермей,
Бір шыбындай перзентке зар секілді.
Ал, Қарабай мен Сарыбай аңға шықты,
Екі байдың мергендігі даңға шықты.
Екеуінің зайыбы шүбәлі екен, 20. Ғайып жерден алдынан аң қашыпты.
Қарабай мен Сарыбай аңға барған,
Буаз марал алдынан пайда болған.
Атайын деп Қарабай оғын салған,
“Үйімде зайыбым буаз” деп атпай қалған.
Көксеңгірден екі бай бөкен тосқан,
Буаз марал алдынан душарласқан.
Буаз марал алдынан душарласса,
“Атпайын” деп Қарабай қайта қашқан.
– Жасағаннан тілеуім көп-дүр, – дейді,
30. Киік атып, аң етін жепті дейді.
Буаз марал алдыңнан душарласса,
Неге атпадың, Қарабай? депті дейді.
– Жата-жата үйімде ішім пысты,
Жігіттікте көп қылдық мұндай істі.
“Атайын” деп үйімнен шығып едім,
Сол жерде көңіліме бір қиял түсті.
– Ал, мергендікті қоймадық тамам, – дейді,
Душар келді бір марал саған, – дейді.
Душар келген маралды атпай қалып,
40. Қиялыңды айт-сана маған, – дейді.
– Алда қалай бола-дүр заман, – дейді,
Буаз маралды көп атпақ жаман, – дейді.
Үйде менің зайыбым шүбәлі еді,
Сол есіме түсті де, обал, – дейді.
Талай қызық көрерміз аман болса,
Мергендікті қоярмыз жаман болса.
Құда болар менімен бар ма жайың,
Құдай перзент көрсетер заман болса.
Қаса мерген – екі бай дейді деді,
50. Киік атып, аң етін жейді деді.
– Құдай перзент көрсетер заман болса,
Болсақ, бола қалайық, – дейді деді.
Қарабай мен Сарыбай ат тоқыған,
Ат тоқыған жерінде хате оқыған.
Қосқанының белгісі сол емес пе,
Түсе қалып, сол жерде бата оқыған.
Жиын қылып Қарабай бие сойған,
Бір биенің етіне жұрты тойған.
Қарабайдың қатыны қыз тауыпты,
60. Баян Сұлу депті де, атын қойған.
Аягөздің бойынан ел ауыпты,
Қылады екен Сарыбай бір қауіпті.
Үш күндей толғатып, азаматтар,
Сарыбайдың қатыны ұл тауыпты.
– Сарыбай қай жаққа кетті? – дейді,
Тазша, шүйінші тілейік, – депті дейді.
Асығыста шүйінші тілемеймін деп,
Сарыбайдың ажалы тиді дейді.
Шүйінші тілер тазша құл жүгіре түсіп,
70. Асықпаса не етеді, көтін қысып.
Қуанғаннан Сарыбай шапқан екен,
Мойны үзіліп өліпті, аттан ұшып.
Жұрт жиылды сүйегін жерлеймін деп,
Қарабай айтты: “Бұ жұртты көрмеймін” деп.
Көше қашып Қарабай кетеді енді,
“Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп.
Сарыбайды, жігіттер, Құдай алды,
Ақыр заман Құдай былай салды.
Көше қашып Қарабай кеткен екен, 80. Жесір қатын, жетім ұл білмей қалды.
Тамам молда жиылып оқыр хатым,
Жеткізіп-дүр Сарыбай жұртқа датын.
Сарыбайдың қатыны ұл тауыпты,
Қозы Көрпеш қойыпты оның атын.
Сол екі байдың ауылы көшкен екен,
Бір перзент көкейін кескен екен.
“Қатынымыз қыз тапса екеуіміздің,
Қол бақшасы бір болсын” дескен екен.
Сол екі байдың ауылы көшкен екен, 90. Бір перзент көкейін кескен екен.
“Екеуі де ұл туса енді осының,
Таң еткендей дос болсын” дескен екен.
Сол екі байдың ауылы көшкен екен,
Бір перзент көкейін кескен екен.
“Біреуі ұл, біреуі қыз болса,
Құдай қосса, біз қостық” дескен екен.
Ақ хан өліп, Қара хан босқан екен,
Көксеңгірден киікті тосқан екен.
Қозы Көрпеш құрсақта, Баян іште, 100. Іште жатқан екеуін қосқан екен.
Көшіп кетті Қарабай аңға көнбей,
Сол кеткеннен кете-дүр, қайтып келмей.
Сөйтіп қосқан қосағын Қозыекемнің
Сол Қарабай кете-дүр қалай бермей.
Қозы Көрпеш һәр нені ойлайды еміс,
Дегеніне бір жетпей қоймайды еміс.
Ересек болған соң Қозы Көрпеш,
Тазшаменен асықты ойнайды еміс.
Қозы Көрпеш атадан жаста қалды, 110. Асық ойнап тазша мен пері салды.
Тазша бүгін асығып ұтып алса,
Зорлықпенен Қозыекем тартып алды.
Өштес қылған екеуін Құдай ма екен?
Жаман сөзді Қозыекем тыңдай ма екен?
– Қатынына бара алмай, – деп жүр дейді,
Асығымды тартып алды деп жылайды екен.
Асық ойнарға Қозыекем үйден келе,
– Сарсаң қылдың, ау, тазша, мұнда неге?
Сарсаң қылмай, айтсана расыңды, 120. Алтын сақам берейін шүйіншіге.
– Сол екі бай бөкенді тосып еді,
Сенің білген ақылың осы ма еді?
Есің болса, онда ойлап білмес пе едің,
Атаң жастай біреуге қосып еді.
– Кетейін Алашада енді бір мен,
Жаңа менің көңіліме сәна кірген.
Өтірікші болмасаң, тазша, деймін,
Айтып қосқан қосағым қайда жүрген?
Сарыбай бұл ғаламнан өтіп еді,
130. Қозы Көрпеш Құдайға не етіп еді?
“Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп,
Көше қашып Қарабай кетіп еді.
– Құдай қосса, соңыңнан қалмаймын ғой,
Жамандықты есіме алмаймын ғой.
Өтірік қана айтасың сарсаң қылып,
Тазша, сенің тіліңе нанбаймын ғой.
– Құдай саған бермеді сана деймін,
Һештемені білмейсің, бала, деймін.
Менің айтқан тіліме сен нанбасаң,
140. Үйіңе барып шешеңнен сұра деймін.
– Жүруші едім адамнан көңілім қайтпай,
Сен қайтардың көңілімді жалған жаттай.
Кішкентайдан қосылған қосағымды
Шешем қалай жүрген-дүр неге айтпай!
– Алдайсың да жоқ дүние өтеді деп,
Ғазирайыл соңыңнан жетеді деп.
Сенің шешең жасырып айтпай жүрген,
“Жалғыз балам лағып кетеді” деп.
Сүйдеген соң Қозыеке нанды дейді,
150. Тазша жатып сол жерде қалды дейді.
“Ғафияда бір алдап сұрайын” деп,
Жүгіргеннен үйіне барды дейді.
Жүгіргеннен үйіне кетті дейді,
Демін алмай үйіне жетті дейді.
“Қарным ашып барады, Тәңірі деген,
Бидай қуыр, шешеке”, депті дейді.
Жүгіргеннен Қозыеке келді дейді,
Жау тигендей қылады елді дейді.
“Жарықтығым қарыны ашқан-ды” деп, 160. Беген бидай қуырып берді дейді.
Қозыекемнің көңілі демейді-мыс,
Жаман-жақсы адамға демейді-мыс.
Беген бидай қуырып шешекесі,
Салып берсе табаққа, жемейді-мыс.
Мен айтайын, Қозыекем, бұ бір кеңес,
Қозыекесі шешесіне айтушы емес.
Қозыекемнің көңілінде әлде не бар,
Қазанымен берсе де, тағы жемес.
– Қаз келе-дүр, ей, шеше, айтайын да,
170. Ұйқым келді, төсек сал, жатайын да.
Еңбекпенен өсірген, ай, шешеке,
Қолыңменен бер сана татайын да.
Не жамандық Қозыекем көрді дейді,
Баласының тіліне ерді дейді.
Алдағанын Қозыекем қайдан білсін,
Қолыменен шеңгелдеп берді дейді.
– Шеше, сенен көрмедім пайда, – дейді,
Мың жылқыны өзің-ақ айда, – дейді.
Ыстық бидай қолына басып тұрып:
180. – Құдай қосқан қосағым қайда? – дейді.
– Қолым күйді, ей, балам, мен қайтейін,
Дәнемең жоқ Алашта, неңді айтайын.
Құлазытқан көңіліңді тентек етіп,
Сарсаң қылған кім еді, жоғалтайын.
– Тазша бір сөз айтты ғой маған кеше,
Қолың түгел бүріссін маған десе.
Кішкенеден қосылған қосағымды
Енді қалай айтпайсың маған, шеше?
– Сол төріде еш көзін аша алмасын,
190. “Іздеймін” деп, ай, балам, кім жолдасың?
Құлазытқан көңіліңді тентек етіп,
Естірткен кім еді, еш оңалмасын.
Жылқы жайған бір тазшса бала айтады,
Түйе айдаған ақсақал шал айтады.
Тым-ақ рас секілді, жан шешеке,
Шөрік иірген бір кемпір және айтады.
Оғын жөндер Қозыекем тазқарадан,
Жасын ұзақ тілеймін азғанадан.
Ерте кеткен Баянды іздеймін деп, 200. Түзде кеңес сұрайды бозбаладан.
Етті дейді Баянды көңіліне тоқ,
Бір ойнаса жарымен арманы жоқ.
Түзде кеңес сұраса бозбаладан,
Оңды кеңес айтпайды бозбала боқ.
Ақсақалды біреуге қорлатыпты,
Алып келіп тазшаны жырлатыпты.
Алып келіп тазшаны жырлатқан соң,
Құлақ салып ақсақалға тыңдатыпты.
– Дүниеден еш лаж жоқ өтейін бе,
210. Құдай қосқан Баянға жетейін бе?
Құдай қосқан менің сол қосағымды,
Іздейін бе, іздемей кетейін бе?
– Қозыекем, сен тәубаңды жаңыласың,
Еш көрмеген Баянды сағынасың.
Одан жақсы қалындық алып берейік,
Ерте кеткен Баянды не қыласың?
Тамам қызды бір үйге салды дейді,
– Ағаларға көңілім қалды, – дейді.
“Енді қыздан бір кеңес сұраймын” деп, 220. Жүгіргеннен қыздарға барды дейді.
– Суға біткен солқылдақ жекен деймін,
Құдай қосқан қосағым екен деймін.
Құдай қосқан сол менің қосағымды,
Ай, апалар, іздесем бе екен деймін.
– Қартайғанша ер жігіт “қыз” дер болар,
Жасы үлкенді өзінен “сіз” дер болар.
Ол айтқаның рас-дүр, жарықтығым,
Құдай қосқан қосағын іздер болар.
– Ондай кеңес шайтандық ермегейсің,
230. Өз ойыңдай, Қозыекем, көрмегейсің.
Өз ақылың өзіңе бола тұрған,
Ұрғашының тіліне ермегейсің.
– Көргенім жоқ Баянды, өзі қандай?
Беті айдай депті де, бойы талдай.
Ерте кеткен Баянды іздемейін,
Баяндай қыз бар ма екен, сірә, ондай?!
– Тілімді алсаң, Қозыекем, бара көрме,
Ондай ойды көңіліңе ала көрме.
Құлазытқан көңіліңді тентек етіп,
240. Сен Баянды есіңе ала берме!
– Енді қайтіп жүрейін есіме алмай,
Жүруші едім адамнан көңілім қалмай.
Көңілім менің таразы еш тағатсыз,
Әкем қосқан Баянға мен бір бармай.
– Мен бір кеңес айтқан соң көңілің қалар,
Қодар деген бір құлы қиял болар.
Ерте кеткен Баянды іздеймін деп,
Бір шыбындай жаныңа зиян болар.
– Үйдемеңіз, сына-дүр сағым, – дейді,
250. Қарабайда кетіпті хақым, – дейді.
Қарабайдан хақымды ала алмасам,
Мұнда жүрсем, тең-құрбым “қатын” дейді.
– Айтса дағы, Қозыекем, тіл алмассың,
Барғаннан соң сен қайтып келе алмассың.
Ерте кеткен Баянды іздеймін деп,
Енді қайтып бұ жұртты көре алмассың.
– Есен болсам, мен қайтып келейін де,
Келе алмасам, сол жолда-ақ өлейін де.
Құдай қосқан сол менің қосағымды
260. Қодар құлға, жігіттер, берейін бе?
– Қарабайдың ауылы енді қай жақ,
Бөлініп қалған жылқыдан бұ бір саяқ.
Ерте кеткен Баянды іздеймін деп,
Қодар атты құлыңан жерсің таяқ.
– Айтып салды бір тазша әлде қалай,
Өзің оңда, жасаған Алла Тағала-ай!
Әлі де болса, жұртым, жіберіңіз,
Құлдан таяқ жегенше, алсын Құдай!
– Не таба-дүр Қозыекем онда барып,
270. Қодар құлдар алмасын жүрген жанып.
Ерте кеткен Баянды іздеймін деп,
Қиық Қодар қоймасын басыңды алып.
– Сарсаң қылдың, Құдайым, мұндай ғана,
Менің әлім жоқ па екен құлдай ғана!
Құлдан өлсем жатайын тұрмай ғана,
Еш басыңа жамандық келтірмесін.
– Еш басыңа жамандық келтірмесін,
Таппадым құлдардың білдірмесін.
Ерте кеткен Баянды іздеймін деп,
280. Қиық еді Қодар құл, өлтірмесін.
– Қодар құлдар дегенің құл ма сірә?
Құлдан өлсем, жатайын тұрмай сірә.
Бір сөз айтса, өледі дей бересің,
Жораң қалай жаман-дүр, жұртым, сірә?!
– Мақтанады Қозыекем мұнда тұрып,
Қайтіп алар Баянды құлдық ұрып.
Сол алпыс құл ортаға бір алған соң,
Өлмек түгіл қаларсың өме тұрып.
– Жан болмайын жарымды құлға берсем,
290. Сөйлетпейді менің құрбым мұнда жүрсем.
Әрне болса, жұртым-ау, жіберіңіз,
Жатқанымнан тұрмайын, құлдан өлсем.
– Талай кеңес үйреттім енді, ботам,
Кеңесімді алмадың сен де, ботам.
Кеңесімді алмадың, кері барғыр,
Білгеніңмен бола гөр енді, ботам!
Шешесіне келіп, шешесі айтқаны:
– Қаз келеді, шешеке, атайын-ды,
Бидай қуыр, қолыңнан татайын-ды.
Атты ертте, ей, шеше, азық сайла,
300. Ай, әкем қосқан Баянға кетейін-ді.
– Ай-һай, балам, ай, балам, кете алмассың,
Аягөздің бойынан өте алмассың.
Құлазытқан көңіліңді тентек етіп,
Ерте кеткен Баянға жете алмассың.
– Ай-һай, шеше, ай, шеше, көтер-ақпын,
Аягөзің бойынан өтер ақпын.
Сол Қарабай кеткелі қырық жыл болған,
Қырық жыл қусам соңынан, жетер-ақпын.
Көздің жасын көл қылып төкті дейді,
310. Бір тазшаны түгел жұрт сөкті дейді.
– Көзім жасы көл-дария болды, балам,
Одан қайтып өтесің? – депті дейді.
Қозыекемнің мінгені Көкті дейді,
– Жасағаннан тіледім көпті, – дейді.
Көзің жасы көл-дария болса, шеше,
Көпір салып өтермін, – депті дейді.
Көзінің жасын көл қылып тағы төкті,
Бір тазшаны жиылып жұрты сөкті.
– Қиқулының қырық бөрі бар-дүр, балам,
320. Одан қайтіп өтесің? – тағы депті.
– Уайымды көп айтпа маған, – дейді,
Өзің оңла, Жасаған тобам, – дейді.
Қиқулының қырық бөрі келсе жетіп,
Қырық кез оғым жалынсын оған, – дейді.
– Ойлай берсе, ой түбі қайда кетпес,
Жұртын тиған Қодарға әлің жетпес.
Тілімді алсаң, Қозыекем, бара көрме,
Асқаралы тауы бар адам өтпес.
– Ай-һай, шеше, ай, шеше, кетер-ақпын,
330. Құдай қосқан жарыма жетер-ақпын.
Асқаралы тау душар болса алдымнан,
Қылыш пенен жол салып өтер-ақпын!
– Ай-һай, балам, ай балам, барасың ба?
Мекен кетіп, бір қадар табасың ба?
Тілімді алсаң, Қозыекем, бара көрме,
Қырық күндік шөлі бар арасында.
– Алдауыңа мен енді көнбен, шеше,
Өзге қызбен дәуренді сүрмен, шеше.
Құдай қосқан жарымды естіген соң,
340. Енді мұнда жан болып жүрмен, шеше!
– Барамын деп, ай, балам, бара алмассың,
Ерте кеткен Баянды таба алмассың.
Елі-жұртың қақсайды “бармасын” деп,
Жұрттың тілін алмассаң, оңалмассың.
– Өлімін бе, ай, шеше, тірімін бе,
Алдауына адамның кірермін бе?
– Қалтақ балам, жүрмісің кетейін деп,
Кетіп мені сергердең етейін деп.
Айтсам тілім алмадың, ей, жүгірмек,
350. Ажалыңа асығып жетейін деп.
– Ай-һай, шеше, ай, шеше, кетейін де,
Құлдан өлсем, жан болып не етейін де?
Сол секілдер қақсатқан, сірә, мені,
Қарабайдың түбіне жетейін де.
– Асқан тауы бір қиын бел-ді, балам,
Мұнша неге қақсаттың мені, балам.
Айтсам тілім алмадың, ай, жүгірмек,
Ажал айдап жүр де осы сені, балам.
– Шеше, мұнша мұқаттың ажарымды,
360. Мен білгенмін Аллаға жазарымды.
Енді бұлай болған соң, кеткенім-ақ,
Құлдан салса, көрермін ажалымды.
– Жайып қойған түсерсің торға, балам,
Бір шыбындай жаныңды қорға, балам.
Арасында аңдыған жауы көп-ті,
Өлім іздеп жүрмесең, барма, балам!
– Ақылымды тұра тұр бөлмей, шеше,
Тірі болсам кетпен-ді келмей, шеше.
Құдай қосқан жарымды іздемесем,
370. Не қылайын жан болып, өлмей, шеше.
– Қақсап қалсын Қарабай мендей, балам,
Содан ары кетерсің, келмей, балам.
Айтсам тілім алмадың, ей, жүгірмек,
Қайтып содан келмессің, өлмей, балам.
– Ақылымды тұра-тұр бөлмей, шеше,
Тірі болсам кетпен-ді келмей, шеше.
Сарсаң қылған сол мені Қарабайды
Қара жерге қойман-ды енбей, шеше.
– Мен қайтейін, балам, сен кеткеннен соң,
380. Жалғыз ұлым ғаламнан өткеннен соң.
“Емшек берген, ары жат”, – дерсің, балам,
Баян сұлу жарыңа жеткеннен соң.
– Айыр емшектен сүт берсең, емейін бе?
Емген сүтім татиды көмейімде.
Ондай атты күн туса, ай, жан шеше,
“Емшек берген, ары жат”, – демейін де.
– Сен кеткен соң, ай, балам, мен өлермін,
Кеткенен соң ішімнен күңіренермін.
Еңбекпенен өсірген жарықтығым,
390. Сен кеткен соң, мен қайтіп күн көрермін.
– Сен өлмессің, ей, шеше, мен өлермін,
Құса болып бармасам енді өлермін.
“Өледі” деп тілеме мені, шеше,
Есен болсам, мен қайтып бір келермін.
– Асқан тауы бір қиын бел-ді, балам,
Ерте кеткен таппассың елді, балам.
Айтсам тілім алмадың, ей, жүгірмек,
Кетсең, сірә, сен жоқсың енді маған.
– Дүниеден осылай өтпен, шеше,
400. Қалай қусам мен осыған жетпен, шеше?
Қарабайдан хақымды алғаннан соң,
Қайтіп саған бір келмей кетпен, шеше?
– Тәңір шешер көңіліңе хақың, балам,
Ерте болар малыңды басқаң, балам.
Тілімді алмай барасың, әй, жүгірмек,
Енді маған сен жоқсың, кетсең, балам.
– Артылған соң тоқтамасын көшім, шеше,
Еш қайғырар жоқ менің достым, шеше.
Енді бұлай болған соң кеткенім-ақ,
410. Көріскенше күн жақсы болсын, шеше.
– Ай-һай,балам, ай, балам, кетемісің?
Кетіп мені сергердең етемісің?
Ақ сүтімді сауармын көкке, балам,
Менен кетіп мұратқа жетемісің?
– Ақылымды өзіме салма, шеше,
Баяндай қыз Алашта бар ма, шеше?
Жақсы жолға барайын деп тұрғанда,
Жаман сөзді аузыңа алма, шеше!
– Ала тұрған Баянды сен бе, балам.
420. Сенің жұртың бұл сенен ел ме, балам.
Айтсам тілімді алмадың, ей, жүгірмек,
Барғаныңнан, қайтейін, келме, балам.
– Сәнаменен сарғайып іші толсын,
Естірткен сол тазша байғұс болсын.
Ақ сүтіңді емгенім сенің, шеше,
Маған деген қарғысың алғыс болсын.
– Ай-һай, балам, ай, балам, менен кеттің,
Құлазыған көңілімді тентек еттің.
Ақ сүтімді сауармын көкке, балам,
430. Еш қызығын көрмейше өнер еттің?
Қақылдайды, қақсайды жазған бала,
– Қақсасаңда, ей, шеше, жоқпын саңа.
Үшбу жолда сен мені қарғай бердің,
Емшегіңнің ақ сүті аруланбай.
Шешесі қалған жеріне бір айналып келіп, ат сұрағаны
– Құдай маған қоймады ат, – деді-дүр
Қылған екен атам маған бір бата, – дейді.
Құдай қосқан жарымды іздер едім,
Қандай атты мінейін, апа? – дейді.
– Есен-аман, Қозыекем, жүре көрші,
440. Жарыңменен бір ойнап күле көрші.
Жүгеніңді шылдырлат, жаным балам,
Қарағанын бетіңе міне берші.
Қонған жері ауылыңның қап-қараған,
Мың жылқыны шұбыртып ат қараған.
Мың жылқыдан бір жылқы қарамады,
Қозыкүрең жаман тай жалт қараған.
Қозыкүрең жаман тай қарап тұрды,
Ұстай алып мойнынан жүген ұрды.
Мың жылқыдан бір жылқы қарамады, 450. Жойқансыздың тұқымы қайда құрыды.
Жүгендесе жаман тай құнан болды,
Ақыр заман, қараңғы тұман болды.
Ерте кеткен Баянды іздеймін деп.
Не басыңа сенің [балам] лаң болды?
Ерте ерттесе, құнан дөнен болды,
“Құдай сақтағаннан” деген болды.
“Ерте кеткен Баянды іздемейін,
Баяндай қыз бар ма екен мұнда да оңды?”
Өзі мінсе, дөнені бесті болды, 460. Сәнаменен сарғайып іші толды.
Ей, Жасаған жар Құдай, өзің оңда,
Көргенім жоқ бұрын еш мұндай жолды.
Бір сөз айтса, түгел жұрт мат болыпты,
Алты жасар бестісі ат болыпты.
Қозыекемнің сорына, азаматтар,
Бірге жүрген Қарабай жат болыпты.
Жүреді екен Қозыеке сөзге қанып,
Құдай қойды көңіліне қайғы салып.
Енді іздемек болыпты Баянды, 470. Арымас ат, таусылмас азық алып.
Қозыекеме жиылды жұрты дулап,
Азаматым, тұра тұр мұны тыңдап.
Күн көремін деп жүрген жалғыз ұлдан
Қайран ана айырылып қалды жылап.
Қозы Күрең астына мінді дейді,
Құрсай садақ беліне ілді дейді.
Періштелер түсіне аян беріп,
Қосыларын Баянға білді дейді.
Қозы Күрең мінді де кетті дейді, 480. Көл-дарияның бойына жетті дейді.
Көл-дарияның бойына жеткеннен соң,
Көпір салып үстінен өтті дейді.
“Әуре-сарсаң, Құдайым, не етіп едің,
Әурешілік жолменен кетіп едім.
Жүрген сайын жолыма кесір қылып,
Ау, Жасаған Құдайым, не етіп едім?!”
– Шөлден жүрме, Қозыекем, атың сусар,
Баянға қыз Алаштан қайдан ұқсар.
Бір бөгеттен құтылып бара жатса,
490. Қиқулының қырық бөрі болды душар.
“Үш уақытта Аллаға жүрдім жылай,
Әуре-сарсаң, Құдайым, қылдың былай.
Бір бөгеттен құтылдым деп едім ғой,
Тағы да аңдып жүр ме едің мені, Құдай?”
Жұрт жақтырып сөзімді қолқалаған,
Қайғырмаңыз өткен соң енді оған.
“Қайтатұғын бір амал болар ма” деп,
Қасқыр болып шешесі доталаған.
Ғазірейіл келіпті жаппар-фәрмен, 500. Бір басыңа зор келсе, жаның қарман.
Енді өзің жаратқан пендең еді,
Әу, Жасаған, болмаса кетті дәрмен.
Кете алмайды Қозыекем үйге қайтып,
Сарсаң қылды сол тазша қайдан айтып?
Қиқулының қырық бөрісі келсе жетіп,
Қырық кез оқпен кетіпті бір-бір атып.
Қозы Көрпеш іздеді ауған елді,
Алла Тағалам жаратты асқар белді.
Бір бөгеттен құтылып бара жатса, 510. Асқаралы бір тауға тағы келді.
Арымас ат, жыртылмас тон қылыпты,
Таусылмастай азығын мол қылыпты.
Асқаралы тау душар болса алдынан,
Қылышпенен шапқылап жол қылыпты.
Жалғыз туған бір ұлдан ел қашыпты,
Асқаралы көрмеген тауды асыпты.
Бір бөгеттен құтылып бара жатса,
Он екі айлық қырық күн шөл басыпты.
Сарсаң болды Қозыекем үйден кетіп, 520. Он екі айлық, қырық күн шөлден өтіп.
Он екі айлы, қырық күн шөлден өтіп,
Ел шетіне Қозыекем келді жетіп.
“Үш уақытта сиындым, Алла, саған,
Мұндай қатты азапты қылдың маған.
Бір бөгеттен құтылдым, өзің оңла,
Ендігіден сақтай гөр, Құдай тәубам!”
Қозы Күрең мінді де желді дейді,
Жаңа тапты Қозыекем елді дейді.
Айдалада қайғырып келе жатса, 530. Бір кемпірдің қасына келді дейді.
Жаңа тапты Қозыекем елді дейді,
Бір кемпірдің қасына келді дейді.
“Әлдеқалай бұ да бір адам-ды” деп,
Қол қусырып сәлемін берді дейді.
Кемпір берген сәлемін алды дейді,
Ол бір сәна көңіліне салды дейді.
Қол қусырып Қозыекем сәлем берсе,
Таң-тамаша сол жерде қалды дейді.
– Көкірегің қайғылы, көңілің жарық,
540. Келесің қайсы жақтан, атың арық.
Атың арық, өзің аш, қаңғып жүрген,
Жаным, қалай адамсың жүзің сарық?
– Мен алыстан келемін қиуадан,
Ата ғұрпын білмеген болдым надан.
Қалайымды сұрайсың, ау, енеке,
Әуре қылған Құдайым мен бір адам.
Хаса мырза Қозыекем депті дейді,
Киік атып, аң етін жепті дейді.
– Атың арық, өзің аш, қаңғып жүрген,
550. Жаным, қалай адамсың депті дейді.
– Мен үйімнен шыққалы алты ай болды,
Мінген атым астымда тайдай болды.
Естідің бе, білдің бе, ау, енеке,
Қарабайдың ауылы қайда болды?
– Жалғыз ешкім білмеді келгеніңді,
Мен де айтайын өсітіп білгенімді.
Қарабайдың ауылын көрсетейін,
Бастап, балам, айт сана бір жөніңді.
– Талай нәрсе түседі көңілімізге,
560. Көп кейітпей айт сана енді бізге.
Атым арып, жолаушы кейіп келдім,
Қарабайдың ауылын көрдіңіз бе?
– Көрсетейін, саспай тұр, елді, балам,
Расыңды айт сана енді маған.
Қарабайдың ауылын сұрай беріп,
Мұнша сұрап Қарабай нең-ді, балам?
– Қамшыласам жүрмейді атым тосаң,
Ене, менің сорыма болдың қасаң.
Көп кейітпей айт сана енді бізге,
570. Қарабайдың ауылын көрген болсаң.
– Біле алмадым Қарабай әлдеқайда,
Әлі де болса атың мен тоның сайла.
Арып-ашып, әй, балам, мұнша іздеп,
Не қатты ісің бар еді Қарабайда?
… Құдайдан жоқ екен тым-ақ тәтті,
Іздеймін деп, енекем, сілем қатты.
Білмесеңіз, енеке, енді айтайын,
Қызы бар ма үйінде Баян атты?
– Жаңа жетіп келесің елге, балам,
580. Қатты жүріп атыңды желме, балам.
Қарабайдың ауылын сұрай беріп,
Сарыбайдың жалғызы – ол сен бе, балам?
– Аягөзді жағалай бітер қайың,
Өксіп болған Баянды уатайын.
Қарабайдың ауылын көрсет сана,
Біратола атымды суытайын.
– Жер-дүниені келдің сен түгел құртып,
Қарабайды қалыппын мен де ұмытып.
Жаным балам, бұлай бір қарай түсші,
590. Көріне ме ештеме қарауытып?
– Ене, мені жамандап табалама,
Құдай әуре қылғандар оңала ма?
Қарауытып бірдеме көрінеді,
Қарабайдың ауылы сол бола ма?
– Қарабайды сұрадың мұнда келе,
“Тұр” деп әуре қыласың мені неге?
Әбден болжап қарашы, жаным балам,
Қара мола, қара адыр көріне ме?
– Қара мола, қара адыр көрінеді,
600. Көрсеткелі енекем ерінеді.
Қара мола, қара адыр көріп тұрмын,
Қарабайдың жайлаған жері ме еді?
– Қара мола, қара адыр көріне ме?
Сен тұр деп әуре қыласың мені неге?
Қара мола көрінсе, бойы оның,
Қара адыр көрінсе, қойы оның.
– Қара мола көрінген – бойы ма оның?
Қара адыр – жайылған қойы ма оның?
Қара мола, қара адыр көріп тұрмын,
610. Қай жағынан жүремін енді соның?
– Сен қайдан тауып келдің мұнда ғана,
Жайлаушы еді сол жерді жылда ғана.
Қара адырды қақ жарып, жаным балам,
Сол молаға барғайсың тура ғана.
– Сізден басқа жұрт маған ел емес-ті,
Қарабайдың қылығы жөн емес-ті.
Әлі менің ақылым жеткен жоқ-ты,
Әй, ене-еке, тауып бер бір кеңесті.
– Жеткіншектен айырылған жер таянды,
620. Қылған ісің, Қозыекем, жұртқа аян-ды.
Алтын күйме ішінен шығушы емес,
Енді қайтсең көрерсің сол Баянды.
– Мың жылқыдан мініппін ат шабанын,
Құдай, сірә, қоспасын жар жаманын.
Әлі менің ақылым жеткен жоқ-ты,
Сен таба гөр, енеке, бір амалын.
“Қозы Көрпеш құл болып түсер қойға”,
Сөйтер ме деп жігіттер келеді ойға.
– Жұмыршақты басыңа кие салып,
630. Тазша болып барғайсың Қарабайға.
– Тауды, тасты күңірентер жел ескенде,
Баян қайда жүреді ел көшкенде.
Барғаннан соң Қарабай бір сөз сұрар,
Не деп жауап берейін сөйлескенде?
– Жасағанның ісіне жоқ-дүр шараң,
Мен қайтейін, оңласын Алла Тағалам.
Барғаннан соң Қарабай сөз сұраса,
Кісілікке жүремін дей гөр, балам.
Тартады екен Қозыекем күйді дейді,
640. “Енді қайтіп көрмен-ді үйді” дейді.
Бір тоқтыны сол жерде соя салып,
Жұмыршағын басына киді дейді.
– Есен-аман баламды келтіргейсің,
Қодар құлдан өзгесі не етер дейсің.
Зиян келсе, а, балам, содан келер,
Ебін тапсаң, Қодарды өлтіргейсің.
– Енеке, Қодар бізді не етер дейсің?
Өстіп менің дүнием өтер дейсің.
Өзгесінен сақтасын бір Құдайым,
650. Есіктегі Қодар құл не етер дейсің?
– Сен, сірә, барар болсаң енді үйіне,
Қарабайдың құлдары талай неме.
Қисық құлын кәпірдің не деп болмас,
Асы болып Құдайға, олай деме.
Тазша болып Қозыекем кетті дейді,
Аягөзден сал байлап өтті дейді.
Әншейін-ақ қаландар адам болып,
Қарабайдың еліне жетті дейді.
Қарабайдың қасына келді дейді,
660. Тәңір салған ісіне көнді дейді.
Қарабайдың қасына келіп тұрып,
Қол қусырып сәлем берді дейді.
– Уағалайкүм, – Қарабай, – сәлем, – дейді,
Мен көрмеген бұ қалай адам? – дейді.
Атың арық, өзің аш, қаңғып жүрген,
Жаным, қалай адамсың, балам? – дейді
– Ел ішінде қаңғырған мен бір ғаріп,
Келіп едім алыстан атым арып.
Күн көрейін деп едім, әй, атеке,
670. Сіздей ғана біреудің малын бағып.
– Ақылыңды білмеген баламысың,
Енші бөліп берейін, аламысың?
Мен де өзіңдей перзенттен кемтар едім,
Маған бала, жарқыным, боламысың?
– Қарабай ата-еке, кез болып келдім саған,
Өзіммен туысқан жоқ еді ағам.
Әлі де болса сізге де болайын да,
Сізден артық табылмас маған адам.
– Жылқы бақсаң, міне көр қара жалдан,
680. Еш зиян көрмессің кемпір-шалдан.
Өз еркіңе салайын, жаным балам,
Сүйгеніңді баға гөр мынау малдан.
– Келе жатып мен өзім ойлағанмын,
Ойлап-ойлап ой түбін қоймағанмын.
Өз еркіме салсаңыз, ай, атеке,
Жаныма тыныш, әйтеуір, қой бағамын.
– Қартайғанда мен қойды бақтым, – дейді,
Тазша, жаңа жаныма жақтың, – дейді.
Үйге барып Қарабай қуаныпты:
690. “Мен бір қойшы, жігіттер, таптым” дейді.
Бүгінгі өткен нешесі туған айдың,
Еш қадірін білмейді Баян байдың.
Бір Баянның дертінен, азаматтар,
Алты ай қойын бағыпты Қарабайдың.
Бай болыпты Қарабай мыңғырыпты,
Қозыекемді алып келіп құл қылыпты.
“Бұған да енді бір амал табайын” деп,
Бір тоқтының аяғын сындырыпты.
Қойға мінген қара атан бақырады, 700. Қозы Көрпеш шыңғырып, ақырады.
“Мұрындары зерлі қой қалды” деп,
Қозы Көрпеш дауыстап шақырады.
Шыңғырады бір адам, қата ма екен,
“Тыңдаңдар, балаларым, тазша ма екен?”
Со тазшаның аяғын сындырғаны –
Асыранды Баянның тоқтысы екен.
Қарабайдың жайлауы Телікөл-ді,
Ауыл көшесе, сол Баян жорға мінді.
“Мұрындары зерелі қой қалды” деп, 710. Жорғасымен қайырылып Баян келді.
– Алты қанат ақ орда қалады тұл,
Өз-өзінен не қылып сынады бұл?
Денем сүйген тоқты еді қойдағы бір,
Мұны не қып сындырдың, шұнамыр құл?
– Бұрын, сірә, көрмедің мендей құлды,
Мұнша да әуре қылдың ба мен бір сұмды.
Менен көрме, ақ Баян, Құдайдан көр,
Бұ тоқтының аяғы өзі сынды.
– Таңдырайын, мұны кім жейді, – дейді,
720. Денем сүйген бір тоқты еді, – дейді.
Үйге алып Қодарға таңдырайын,
Өңгерт былай, шұнақ құл, – деді дейді.
Қозы Көрпеш көңіліне қайғы салды,
Бір Баянның дертінен бақты малды.
Көтере алмаған тоқтыны кісі болып,
Оң жағынан санынан шымшып алды.
– Асықпай тұр, бедірек, қаның тасса,
Жіміре қыл да іше бер, қарның ашса.
Қойға келген жерімде ондай етіп,
730. Менің теңім сен бе едің, шұнақ тазша?
– Мұндай тиіп жұмсама құлды, Баян,
Құдай әуре біздерді қылды, Баян
Әй, аулақта сұрайын осындайда,
Құдай қосқан қосағын кім-ді, Баян?
Баян әрмен жөнеліп кетті дейді,
“Сірә, қалай осы адам?” депті дейді.
Яғни тазшаның айтқан сөзі
Көкейіне Баянның өтті дейді.
Қозы Көрпеш құл болып, қойға түсті,
740. Жасағанның қылығы сондай күшті.
Бұрын, сірә, ештеме білмейді екен,
Енді Баян ішіне пікір түсті.
Амал тауып Баянға бара алмады,
Жақындатып қасына ала алмады.
Алты ай қойын бақса да Қарабайдың,
Содан артық ештеме таба алмады.
Қойды тастап, Қозыкем жылқы бақты,
Қарабайдың жанына жаңа жақты.
Көгал жерге желіні тартып барып, 750. Жұмырықпен қазықты бір-ақ қақты.
Жылқы түнде кете-дүр жер дүниеге,
Қайтара гөр, Қодар құл, дүлдүл мін де.
Қарабайдың жылқысын сол алпыс құл
Әзер түгел қылады алпыс күнде.
Тазша ғаріп кетіпті ерте тұрып,
Айқай сала-дүр тазша иттей ұлып.
Баға алмаған жылқысын алпыс құлдың
Бір-ақ өзі келіпті түгел қылып.
Жылқы жаяр Қозыекем айқай салып, 760. Құрығына шығдасын байлай салып.
Жалғыз жылқы қалмастан жиылыпты,
Келді дейді ауылға айдап алып.
Оны естісе алпыс құл арланады,
Жылқы баққан бір тазша зарлатады.
Ол тазшаның, жігіттер, қылығына
Үйде отырып Қарабай таң қалады.
Қозы Көрпеш бір нені ойлайды-мыс,
Тимесе де, Қодар құл қоймайды-мыс.
Қозыекеммен жылкыға бара жатып, 770. Аударыспақ алпыс құл ойнайды-мыс.
Қозыекеме алып келіп мал бақтырды,
Мал баққанын тазшаның жұрт жақтырды.
Аударыспақ алпыс құл ойнасқан соң,
Әрқайсысын әр жаққа лақтырды.
Өткен іске өкініп біз не етелі,
Айтып-айтып мұратқа бір жетелі.
Ат үстінен Қозыекем лақтырса,
Алты құлаш түсіпті құл көтені.
Қозы Көрпеш жарына жаңа жеткен, 780. Арасында Қодардың ниеті кеткен.
Түсіп қалған көтенін саламын деп,
Ептей алмай кұлдардың есі кеткен.
Қозыекем мен Қодар құл жақ ойнайды,
Жеңілсе де қоймайды, тағы ойнайды.
Суға алып барып батырса Қозы Көрпеш,
“Мен өлдім” деп Қодар құл ойбайлайды.
Айдалада алпыс құл қорласыпты,
Айдалаға шыққан соң сырласыпты.
Айдалаға шыққан соң сол алпыс құл, 790. Бір тазшамен алыспақ ойнасыпты.
Қозы Көрпеш – бір байдың мөлдір көзі,
Сірә, қата кетпейді айтқан сөзі.
Айдалада алпыс құл ойнасқан соң,
Алпыс құлды басыпты бір-ақ өзі.
Қозы Көрпеш сол құлдан жас-ты дейді,
Арақ ішкен Қодар құл мас-ты дейді.
Айдалада алпыс құл ойнасқан соң,
Алпыс құлды бір тазша басты дейді.
Тұс-тұсынан алпыс құл алаң қылды, 800. Бір тазшаның жанына жаман қылды.
Алпыс құлдың алпысын жығып тұрып,
Ең астына салыпты Қодар құлды.
Бұл тазшада кайғы бар мұңды дейді,
Бір-ақ өзі басыпты құлды дейді.
– Жаңа келген, ей, тазша, тұршы – дейді,
Түгел менің қабырғам сынды, – дейді.
Сірә, Қодар жүрмейді көтін қысып,
Осындайда қояйын мықтай түсіп.
“Қодареке, тұрайын” деген болып,
810. Басып-басып қойыпты нықтай түсіп.
Тазша бала болар ма мұндай мықты,
Алпыс құлды бір өзі басып жықты.
Қодар айтады тазшаға: – Тұршы жылдам,
Ай, уәй, менің көтімнен боғым шықты.
Тазша ғаріп үстінен тұрды дейді,
Қыран-топан кұлдарды қылды дейді.
Ең астында Қодар құл күрсінеді,
“Құдай мені, жігіттер, ұрды” дейді.
Тазша тұрып, армаған кетті дейді, 820. Қыран-топан кұлдарды етті дейді.
Енді бір айналып Қозыекем кайтып келіп,
– Қодарекем, күрсініп нетті? – дейді.
– Мұны тазша бұ маған қылған сөйді,
Құдай мені, жігіттер, ұрған сөйді.
Бір отырған орнымнан қозғалтпады,
Түгел менің қабырғам сынған сөйді.
– Ыңқылдайсың, бір жаман дерт болды ма,
Мұнша алысып біздерге серт болды ма?
Бір отырған орныңнан қозғала алмай,
830. Қодареке, бір жерің мерт болды ма?
“Тұр” десе де жатады, сірә, тұрмай,
Айтса, тілді алмайды тазша сұмырай.
– Түгел менің қабырғам қиратылды,
Жазылмаса, ау, мені ұрды Құдай.
– Тазша бізді немене етер дейсің,
Әлі қайтіп тазшаның жетер дейсің? ,
Қалжа жесең, жазылар жатып-тұрып,
Қодареке, қабырғаң не етер дейсің?
Он сан ноғай жиылып жиын етеді,
840. Ол жиынға жиылып жұрт кетеді.
– Өкпе-бауыр алып келіп берейік, – деп,
Тазша, малға берік бол, – деп кетеді.
Адам қалмай, жиынға жұрт кетіпті,
Ала тайға, жігіттер, тіл бітіпті.
– Күн жайлатып бір амал таба гөр, – деп,
Қозыекеме сол жерде үйретіпті.
Астын-үстін күнді сол жайлатыпты,
Алып келіп биесін байлатыпты.
– Тағы да бір амалын тауып бер! – деп,
850. Ала тайға сол жерде ойлатыпты.
– Астын-үстін боран кыл опыр-топыр,
Аңлағанға, Қозыекем, ісін білдір.
“Мына малың қырылды, жаным бике” деп,
Елден бұрын кел дағы мені сыпыр.
Сүй дейді де ала тай қалды дейді,
Жүгіріп үйге Қозыекем барды дейді.
– Шапшаңырақ тұра гөр, жаным бике,
Мына малың қырылып қалды, – дейді.
Сол Баянды оятып алды дейді,
860. Ала тайға жүгіріп барды дейді.
Ала тайға жүгіріп барған екен,
Қос аяқтап жүректен салды дейді.
Ала тайға жүгіріп барды дейді,
Қос аяқтап жүректен салды дейді.
Қос аяқтап жүректен салған екен,
Алтын айдар жарқырап қалды дейді.
Баян жетіп жылқыға келді дейді,
– Бұған не амал болады, енді?, – дейді.
Баян жетіп жылқыға жақындаса, 870. Жарқыраған айдарды көрді дейді.
Ұйықтап жатқан сол Баян ояныпты,
Жүгірерге табанын аяныпты.
Алтын айдар шумақтап келе жатса,
Түбі келіп тазшаға таяныпты.
Болған боран болды да, тына қалды,
Құдай қайдан тазшаны ұра қалды.
Түбі келіп тазшаға таянған соң,
Ішін тартып сол жерде тұра қалды.
Жау айдасын иесіз малды дейді, 880. Тазша мұнда жығылып қалды дейді.
“Аулақ үйге апарып салайық” деп,
Жерден Баян көтеріп алды дейді.
Аулақ үйге апарып салды дейді,
Аулақ үйде сырласып жарыменен
Сонда айқасып екеуі қалды дейді.
Боран болып түгел мал ықты дейді,
Өз ісіне Қозыекем мықты дейді.
Жарыменен ойнасып Қозы Көрпеш,
890. Бір кұмардан екеуі шықты дейді.
Қарабайдың құлдары көп-ті дейді,
Келе салып бірдеме етті дейді.
– Әуеде торғай шырылдайды, қайран жалғыз,
Таң атыпты, түрегел! – депті дейді.
– Адам қалмай жиылып кепті, – дейді,
Жата тұршы, аһ, жарым, нетті, – дейді.
Таң атпақтан күн шықсын, біз қайтелі?
Тар төсекте жаталы, жан шықсын, – депті дейді.
Қодар енді жиыннан қайтты дейді,
900. Тазша келіп Баянмен жатты дейді.
Екеуінің жатқанын көре салып,
Қайтып барып жиынға айтты дейді.
– Айдалаға тазшаекең құрар шатыр,
Қызыңменен жатыпты тазша батыр.
Қарабайым, той тойлап мұнда жүрсің,
Қызыңды той тойлатып, онда жатыр.
Айдалаға тазшаекең құрар шатыр, Қызыңменен жатыпты тазша батыр. Баян қыздың үйіне кіріп барсам, 910. Екі аяғы төрт аяқ болып жатыр.
Қарабай жиыннан келді дейді,
Жиын кылып жиыпты елді дейді.
– Менің жұртым, ойлай гөр, азаматым,
Бұған не ақыл бола-дүр енді? – дейді
– Сол тазшаны армаған жітіріңіз,
Жітірмесең, шақырып келтіріңіз.
Бір тазшаға түгел жұрт қысым қылып,
Алып келіп аяғын сындырыңыз.
Бір тазшаға түгел жұрт қысым қылды,
920. Алып келіп тамам жұрт аяқты сындырды.
– Шынаш қылып берейін тамағыңа,
Енді сенің, ай, байғұс, мысың құрды.
Қылды дейді бір үшін балағына,
Тоғыз бегі қарайды қабағына.
“Ішкен кісі бол дағы, құя бер” деп,
Шынаш қылып беріпті тамағына.
Босағада құл отыр екі жақтап,
Арақ ішпес Қозыекем әлін шақтап.
Жүгіре шығып Қозыекем кеткен екен,
930. Бірін-бірі қалыпты құл пышақтап.
Жүгіріп атқа Қозыекем барды дейді,
Үзеңгіге аяғын салды дейді.
Ғафияда түгел жұрт қайдан білсін,
Апыр-топыр адасып қалды дейді.
Жүреді екен Қозыекем сөзге қанып,
Бал аша-дүр қолына кітап алып.
Қозы Көрпеш құтылып сала берді,
Алдын ашып, артына тұман салып.
– Анау әрман құтылып кетті, – дейді,
940. Жібермеймін осы жерден көпті, – дейді.
Менің жұртым, ойлай гөр, азаматым,
Оған не амал болады? – депті дейді.
Қала жаздық осы жерде қанға батып,
Бір кеткен соң сол шіркін келмес қайтып.
Пышақтасып осы жерде өле жаздық,
Қаңғырып жүрген немесің қайдан қашып?
О бастан Қозыекем өзі сұм-ды,
Шоқтеректі барды да мекен қылды.
Мұндай сарсаң етерін білер болсам, 950. Баяғыдан қырмас па едім мұндар құлды.
Боз пұшыққа мінді де кетті қашып,
Баян үйден қарайды жапсар ашып.
Шоқтеректің түбінде торғай көріп,
Бозторғайы береді мейіз тасып.
Боз торғайын жіберді: – Біліп кел, – деп,
Есен болса сол жарым, көріп кел, – деп.
Бес бауырсақ, бір қүлше арқалатты,
“Азық қылып жарыма беріп кел”, – деп.
Қалған екен Қозыекем түзде жүдеп, 960. Торғай ғаріп қайтыпты бір күн түнеп.
Қуанғаннан бозторғай келе салып,
Қуантыпты Баянды шүйінші тілеп.
Күнде барып бозторғай келеді екен,
Баян азық жасырып береді екен.
Бозторғайдың келгенін, азаматтар,
Аңдып жүріп жеңгесі көреді екен.
Бозторғайы бір күні шырлай қалды,
Бір жеңгесі тасадан тыңдай қалды.
Жаңа Баян жіберіп жатқанында, 970. Сол жеңгесі мойнынан ұстай алды.
– Жеңешеке, торғайым жібер, – дейді,
Осы торғай бірдеме білер, – дейді.
Осыншама жалынып тілесе де,
Құрып қалғыр жеңгесі жібермеді.
Баян жылап ішінен күңіреніпті,
Ерте кеткен тазшаны кім көріпті?
Мойны үзіліп торғайдың бара жатса,
Жазған Баян аяпты, “жібер” депті.
Баян жылап сол жерде тұрды дейді,
980. Торғайды әуре сол жерде қылды дейді.
“Көре жүрген тазшаны айтпайсың” деп,
Түгел жүнін торғайдың жұлды дейді.
– Мен не қылдым Тәңірге “жоқ” дегенде
“Ештемені көргенім жоқ” дегенде.
Өзге жүнін жұлғанда үндемеген,
Төбе жүнін жұлғанда “Шоқ” деген де.
Торғай ғаріп бір жақтан келді дейді,
Аңдып жүріп жеңгесі көрді дейді.
Төбе жүнін жұлған соң бозторғайдың,
990. “Шоқ!” деді де бозторғай өлді дейді.
Етін асып торғайдың қайнатыпты,
Сауын етіп биесін байлатыпты.
Бозторғайы Баянның “Шоқ” деді деп,
Жұртын жиып Қарабай ойлатыпты.
Алыс болып Баян кыз бара алмайды,
Жіті хабар жарына бере алмайды.
Жұртын жиып Қарабай ойлатса да,
Сан кісіден бір кісі таба алмайды.
– Асықпаңыз, жігіттер, келсін Қодар,
1000. Қарай-қарай Қодарға көзі талар.
Сан кісіден бір кісі таба алмады,
Мұны ақыры, жігіттер, Қодар табар.
Жоғын қарап Қодар құл келді дейді,
“Шоқ” деді де, бозторғай өлді дейді.
Сан кісіден бір кісі таба алмайды,
“Сен таба гөр, Қодар құл, енді” дейді.
– Қайда кеткен, сірә, осы жұрттың есі,
Таба алмайды еш ойлап мұны несі.
Бозторғайы Баянның “Шоқ” деп өлсе,
1010. Шоқтеректің түбінде жатқан-ды осы.
Мінді дейсің Қодар құл Көксеректі,
Өлтіруге сумұрын бедіректі.
Ағайынын Қарабай жиып тұрып,
Енді іздемек болыпты Шоқтеректі.
Бұрын құлдан Қозыекем бұқпайды екен,
Ояу болса, Қодарды мықтайды екен.
Бір ұйықтаса, жігіттер, Қозы Көрпеш
Күні-түні он төрт күн ұйықтайды екен.
Ағайынын жиып Қарабай алды дейді, 1020. Баян жылап үйінде қалды дейді.
“Басын алмай мен мұның қоймаймын” деп,
Шоқтеректің түбіне барды дейді.
Айдалада құрулы шатыр дейді,
Алтын айдар жарқырап жатыр дейді.
– Әлі де болса Баянды қосалық біз,
Мұнан артық табылмас батыр, – дейді.
Көңілім менің бұрылды әлденеге,
Жағып жүрген неме еді ата-енеге.
Әлі де болса Баянды қосалық біз,
1030. Бұдан артық береміз қай төреге.
Көргеннен соң Қарабай қия алмады,
Көзінің жасын сол Баян тыя алмады.
Ажал жетсе, жігіттер, амал болмас,
Қан тартыпты, Қозыекем оянбады.
Сүйдеді де Қарабай кайтты дейді,
Қайт-сана деп Қодарға айтты дейді.
“Басын алмай мен мұның қайтпаймын” деп,
Қамыс оқпен жүректен атты дейді.
Жағы тым-ақ Қодар құлдың қатты дейді, 1040. Қамыс оқпен жүректен атты дейді.
Қамыс оқпен жүректен атқан екен,
Оғыменен айқасып жатты дейді.
Өлгеннен соң Қозыекем әлі нешік,
Барад дейді Қодардың көңілі өсіп.
Бұл Қодардың қылығын қайтерсің,
Бара салып алыпты басын кесіп.
– Еш дегбірің жоқ екен әлі де, ата,
Ақша бетім сарғайды жалғыз жата.
Атың арық, өзіңнің жүзің сарық,
1050. Сен қайда барып келдің, ау, айт сана, ата?!
– Бір жаман ат, қайтейін, болды маған,
“Жүр” деді де қоймады Қодар ағаң.
Өткендердің соңынан өкінбеңіз,
Қозыекедей мырзаны таптым саған.
Тілімді алмай, сен, қайда кетіп-келдің,
Менің немді бітіріп жетіп келдің?
Тілімді алмай, сен, сонда кетіп едің,
Құдай қосқан жарымды не етіп келдің?
– Мен біреудің тіліне сеніп келдім,
1060. Алла оңғарса, сіздерді беріп келдім.
Өткен ердің соңынан өкінбеңіз,
Қозыекедей мырзаны көріп келдім.
Алжып жүрсің, әй, ата, өлейін деп,
Ойлаушы едім өнерін көрейін деп.
Күйеуіңді өлтіріп, азған қақбас,
Қодар құлға келдің бе берейін деп.
– Елден-елді қыдырып барайын да,
Емен таяқ қолыма алайын да.
Елден-елді қыдырып, жаным балам,
1070. Бір теңдесті мен іздеп табайын да.
– Енді не деп барасың елге, ата,
Мен бейбаққа қылмақ па ең екі бата?
Елден сәурік жиғандай қайытқалы,
Тоқтамас байтал, айт-сана, мен бе, ата?
Сірә, маған жақпай тұр сенің сөзің,
Қарай-қарай, Қарабай, төрт болды екі көзім.
Ақша отаудың ішінде қайтелі,
Айқас тағы, жата қал енді өзің.
Қодар түзден бір ойды ойлап келді,
1080. Мойнын созып Баянға бойлап келді.
Бұ Қодар құл қылығын қайтерсің,
Басын кесіп жанына байлап келді.
Қырық құлаш Баянның шашы дейді,
Бұ Қодар құл Құдайға асы дейді.
Алып келіп Баянға тастай берді,
– Бақты қара, байыңның басы, – дейді.
Бәрекелді Қодардың тентегіне,
Қозы Көрпеш жүрмейді жетегіне.
“Ал, байыңның басы” деп тастай берсе,
1090. Баян тосып алыпты-ау етегіне.
Құлдан өлген болар ма мұндай айып,
Оңдамады о бастан бабам ғайып.
Алған жары өлген соң жазған Баян,
Бетін жыртып жылайды, шашын жайып.
– Өлгендердің соңынан өлме сана,
Өзге адамға көңіліңді берме сана.
Мына жалған дүниеде кім қалады,
Ақша бетке дақ сала берме сана!
– Қодареке, қай жақтан келдің жетіп,
1100. Енді мені кім алар сенен өтіп.
Енді мені сен алмай, кім алады,
Сол жарымды кел-сана бір көрсетіп.
Баянды ертіп Қодар құл кетті дейді,
Көрсетейін жарыңды депті дейді.
Алған жарын өлтіріп бедірек құл,
Бек әуре Баянды етті дейді.
Сол Қодар кұл Баянды көзден салмас,
Бедіректің қылығы естен қалмас.
Өткен жарын сол Баян іздеймін деп, 1110. Бара жатып Қодармен болды жолдас.
Ханышадай Баянды құл жақтаған,
Аламын деп Қодар құл ыржақтаған.
“Қодар құлдан бір зиян келе ме?” деп,
Баян Сұлу бетіне бөз қаптаған.
Құл зиянын Баянға тидіріпті,
Көңілін бермей Қодарды күйдіріпті.
Өтіріктен Қодардың көңілін аулап,
Шүберектің сыртынан сүйдіріпті.
Он екі айдың жақсысы жаз болады, 1120. Жаздың алды үйрек пен қаз болады.
Шүберектің сыртынан сүйдіргенге,
Соныменен Қодар құл мәз болады.
Көрпеш Баянның күйеуі нақ,
Жаны шықпай ...жүр Қодар құл ол талай шақ,
Шүберектің сыртынан сүйдіргенге,
Ақ бетіне Баянның түсіпті дақ.
Құлға Баян тие ме, қазақ құрып,
Құлға не деп тисін ол Құдай ұрып.
“Мен ойнағандай жер екен, жаным бике” деп, 1130. Баянменен келеді әзіл құрып.
– Қодареке, жүре тұр жөніңменен,
Құдай енді қосты сеніменен.
Сол жарымды бастап бір көрсет сана,
Ойнауыңыз қаша ма меніменен.
– Сенің жарың емес пе әнеу жатқан,
Қодарекең белінен бір-ақ атқан.
Ай, мақтап жүрген байыңды, бейбақ Баян,
Бірақ атып Қодарекең ыңқылдатқан.
– Қодареке, осы жерге түселілі,
1140. Тал кіракіс бойыңа пішелілі.
Айдалада қаңғырып шөлдеп өлдім,
Су алып бұл құдықтан ішелілі.
Қодар енді құдықтан су алады,
“Аламын” деп шыңырауға шомылады.
Алдағанын Баянның қайдан білсін,
“Аламын” деп ішінен қуанады.
Шашын байлап құдыққа салды дейді,
Кебіспенен бір суды алды дейді.
Кебіспенен бір суды ішіп тұрып, 1150. Баян енді “сусыным қанды” дейді.
Шығамын деп құдықтан Қодареке,
Күнге күйер ақ бетің, басың бүрке.
Суға сенің сусының қанған болса,
Шығалы, ал, далаға, тартшы, бике!
Көңілі қалды Баянның ағасына,
Бір таянды Қодар құл тобасына.
Сұғып-сұғып алады пышақпенен,
Тартып тұрып құдықтың жағасына.
– Ақырын тарт, үзесің мойынымды,
1160. Шығысыммен аша гөр қойыныңды.
Жаным шығып барады, жаным бике,
Қырға шыға қыл сана ойынынды.
– Ойнайды екен бедірек меніменен,
Ойнатқанша, Тәңірі алсын сеніменен.
Мұндай қылық, ай, саған болар ма еді,
Көтің қысып, тек жүрсең жөніңменен.
Қодар енді құдықтан су алады,
“Аламын” деп шыңырауға шомылады.
– Алған байың өліпті, бейбақ Баян,
1170. Енді сені мен алмай, кім алады?
– Аламын деп жүр ме едің ойыңда, құл?!
Ойнар едің Баянның тойында, құл.
О дүниеге барғанда, еркекпісің,
Екі жастың обалы мойныңда, құл.
Шығамын деп аяғы тая берді,
“Тарт сана” деп құшағын жая берді.
Тартып тұрып құдықтың жағасына,
Шашын кесіп, шыңырауға қоя берді.
Қодар құлдың ажалы жетті дейді,
1180. Биде пышақ өкпеден өтті дейді.
Шашын кесіп, құдыққа қоя берсе,
Шыңыраудың түбіне кетті дейді.
– Ай-һай, Баян, сен маған былай қылдың,
Мені тентек, жігіттер, Құдай қылды.
Онда өліп, байыңнан онда айрылдың,
Мұнда тірі байыңнан тағы айрылдың.
– Құл да мұндай болар ма сірә ғана,
Ажал айдап жүр екен сені ғана.
Жарықтығымды өлтіріп бедірек құл,
1190. Алатұғын неме екен мені ғана.
Енді өмірдің тілеймін көбірегін,
Өзімнен гөрі ақылыңның кемірегін.
Жарым өшін алғанмын мен де өлтіріп,
Сонымен жатып тұр, бедірегім.
Қодар өліп құдықта қалды дейді,
Баян жарының қасына барды дейді.
Баян жарының қасына барып тұрып,
Басын барып мойнына салды дейді.
Қырық күн жауын жауыпты бір жел тұрып, 1200. Баян келді құдықтан құлды өлтіріп.
Қодар құлды өлтіріп келгеннен соң,
Алған жарын жоқтайды енді отырып.
Жоқтағанда не дейді енді Баян,
Салғанына Алланың көнді Баян.
Кішкентайдан бірге өскен қалқатайын,
Өлсе, жоқтап басына келді Баян,
– Жатырмысың, ей, жарым, жер бауырлап,
Қарға жүнді қамыс оқ, оны ауырлап.
Құдай қосқан қосағың Баян келді,
1210. Түрегелсең не етеді күліп-ойнап?
Кішкенеден атадан жетім едің,
Тілін алмай жүртыңның кетіп едің.
“Сан кісіге бір өзім” деуші едің ғой,
Есіктегі Қодардан не етіп өлдің?
Байғұс, сені қалыпты қара басып,
Қодар келді ісіңе араласып.
Жасағаным-Құдайым жан беріп те,
Құшақтасар күн бар ма қойындасып?
Жатырмысың, ей, жарым жалғыз оққа, 1220. Жауырыныңнан күн өтті, жаның жоқ па?
Әзер инміш болса да, қайғырмаңыз,
Інісі жоқ соңында жалғыз жоққа.
Кішкенеден атадан қалдың жетім,
Жалғыз жатып сарғайды ақша бетім.
Құдай мұндай көзіме көрсеткен соң,
Сірә, түбі бір енді оңар бетім.
Құлда қисық болар ма мұнан асқан,
Қылтақ жарым қан тартып, қара басқан.
Көрсетпесі бар екен өтер бетін, 1230. О бастан азған қақбас неге қосқан?
Азған қақбас о бастан қоспасашы,
Қосқаннан соң мұнша үркіп қашпасашы. Кімнің құлын аядың, жазған байғұс,
Баяғыда қырып-ақ тастасаңшы.
Алтын-ды ер, ақбоз ат міне алмадым,
Мен бүйтерін Қодардың біле алмадым.
Өзің қосқан жарыңды алдың Тәңір,
Бір армансыз ойнап күле алмадым.
Сол амалынан құтылып қаша алмадым,
1240. Қара басып, ұйқыңды аша алмадың.
Өзің қосқан жарыңды алды-ау Тәңір,
Ойнап-күліп мауқыңды баса алмадың.
Сені есітсе, жұртыңыз жылар ма екен,
Қозыкүрең кебіндеп тұлдар ма екен?
Жасатқаным-Құдайым жан беріп те,
Тағы дағы тірілер күн бар ма екен.
Бұлай Баян ойлады ойды дейді,
Басын оңға қаратып қойды дейді.
Құдайынан сол жерде жан тілепті, 1250. Астындағы Ақбоз атты сойды дейді.
Жүреді екен сол Баян сәна қылып,
Құдай қойған көңілін ала қылып.
Алған жары өлген соң жазған Баян,
Үш уақытта жылайды нала болып.
Қозыекеме тұлдайды қара көкті,
Әулиеге сиынып, көп түнепті.
Астындағы Ақбоз атты айтып сойып,
Құдайынан сол жерде жан тілепті.
Барад дейді Баянның дәурені өтіп, 1260. Құдай қойды байғұсты әуре етіп.
Тізесінен басына қан жүгіртіп,
Бабай Түкті Шашты Әзіз келді жетіп.
Ақ шалмалы біреу жүр аты ақсаған,
– Қалай адам далада зар қаксаған?
Тілегіңді тілеші, жаным балам,
Бір-ақ тілеу беремін енді саған.
– Нала қылса, Құдайдан елші келер,
Таяғы бар қолында аса темір.
Іште жатып қосылған жарым еді,
1270. Енді осыған тілегін жеті ай өмір.
– Салғанына Алланың көндің, – дейді, Дауысыңа шыдамай, келдім – дейді.
Тілегенің ол болса, жаным бәндем,
Ал, жеті ай өмір саған бердім, – дейді.
Жер дүниенің бәрі де күңіреніпті,
Мұндай ақыр заманды кім көріпті?
Ерте кеткен, жігіттер, Қозыекеме,
Бабай Түкті Шашты Әзіз жан беріпті.
Жасағанның қылығы күшті дейді,
1280. Сырлы аяққа бал кұйып ішті дейді.
Үш күндей ойнасып жарыменен,
Баяғыдай қалпына түсті дейді.
Мінді дейді Қозыекем Көксеректі,
Мекен қылды сол жерде Шоқтеректі.
Жеті ай түгел қыдырып Қозы Көрпеш,
Кезді дейді шарық ұрып төңіректі.
Өз жұртынан Қозыекем безді дейді,
Дүниеден күдерін үзді дейді.
Жеті ай түгел қыдырып Қозы Көрпеш, 1290. Дүниенің төрт бұрышын кезді дейді.
Ердің жасы – екі отыз болды дейді,
Салғанына Алланың көнді дейді.
Жеті ай түгел қыдырып Қозы Көрпеш,
Төрт бұрышынан дүниенің келді дейді.
– Кесір қылдың, Құдайым, жасқа мына,
Жақын отыр бері маған, қашықтама.
Еңсем түсіп барады, Алла, менің,
Жастық қойшы, Баянжан, басқа мына.
Шартарапқа қыдырып келді дейді,
1300. “Бармаған жер қалды ма енді” дейді.
Шоқтеректің түбінде күні бітіп,
Қозы Көрпеш со жерде өлді дейді.
– Қалған жаным не болар мұнан аяп,
Ақша бетін салыпты қанға бояп,
Құшақтасып сол жерде жата қалды,
Биде пышақ ұшына ішін таяп.
Қозы Көрпеш сол жерде өлді дейді,
Үш жылдан соң бір адам көрді дейді.
Үш жылдан соң бір адам көріп,
1310. Екі айырып екеуін көмді дейді.
Қалған екен Қозыекем сағынысып,
Бір ойнайды жарымен табылысып.
Ақ жұмыртқа болысып, жерден шығып,
Жер жүзінде ойнайды шағылысып.
Ата-анасы Баянды қарамайды,
“Балам қайда кетті?” деп сұрамайды.
Ақ жұмыртқа болысып жерде ойнаса,
Жалғыз болып Қодар кұл аралайды.
Әр ісіне Құдайдың әркім көнер, 1320. Үш жылдан соң бір адам барып көрер.
Үш жылдан соң бір адам барып көріп,
Екі айырып екеуін тағы көмер.
Қарашық алды қара су түбі бөккен,
Қозыекемнің түбіне Қодар жеткен.
Екі айырып екеуін көмген екен,
Екі жерден бәйтерек болып біткен.
Қозыекем мен Қодар құл атысыпты,
Жана барып жарымен жатысыпты.
Екі жерден бәйтерек болып бітіп, 1330. Басы барып аспаннан шатысыпты.
Мініп келді Қозыекем қарасына,
Дәрі құяр сол Баян жарасына.
Қозыекемді өлтірген сол Қодар құл
Тікен болып бітіпті арасына.
Құл өлтірген ханды да жай қылыпты,
Оны өлтірген кұлды да жай қылыпты.
Қозыекемді өлді деп есіткен соң,
Сонда жүріп сол Айғыз кайғырыпты.
Қозы Көрпеш – бір байдың жалғызы еміс, 1340. Баян Сұлу сіңлісі – Айғыз еміс.
Қозыеке өлсе, қайғырған Айғыз сұлу –
Қозыекемнің туысқан балдызы еміс.
Алпыс кұлдың Қодар құл басы еді дейді,
Қозыекеммен өштескен қасы еді дейді.
Қозыекемді өлді деп есіткен соң,
Тамағынан Айғыздың асы өтпейді.
Ақ шалмалы айтады пірің-ді деп,
Құл көрінсе, жарайын біріңді деп.
Айғыз сонда қайғырып жүргенінде, 1350. Қозыекемді есітті тірілді деп.
Бір қылмысты айта-дүр мен едім деп,
Тәңір салса, әрнеге көнемін деп.
Жүгіре шығып сол Айғыз кетті дейді,
“Жездем менің тірілсе, көремін” деп.
Қозы Көрпештің өлгенін көп естіді,
Тәңір ұрмаса, сол Айғыз неге естіді?
Айғыз жолда жете алмай бара жатса,
Қозыекемді тағы өлді деп естіді.
Қозыекемді өлтірді құл қас болып, 1360. Алпыс кұлға Қодар құл сол бас болып.
Қозыекемді өлді деп есіткен соң,
Тұра қалды сол жерде сын тас болып.
Қозы Көрпеш – Баянның болған шағы,
Таза гүлдей ашылып солған шағы.
Қозы Көрпеш өлгенде, Баян да өлген,
Сондай болсын әркімнің алған шағы.
Қозы Көрпеш атанды мөлдір көзге,
Қосылады әр жерде айтқан сөзге.
Өлсе дағы Қозыекем, арманы жоқ, 1370. Төрт болып та бітіпті Аягөзге.
Жан біткенді жалмаған қара жерсің,
Өзің туған, Қозыекем, сен бір ерсің!
Жебеп-желеп жүре көр, есіңе алып,
Ақыр соңы Қозыекем тие берсін.
ҚОЗЫ КӨРПЕШ
(В. Радлов нұсқасы)
Орманбеттің аттанған он сан ноғай,
Біреуінің ақылы он сан қолдай.
Мұз тауына екі хан келді көшіп,
Ертістегі орысқа бодан болмай.
Орманбеттің аттанған он сан ноғай,
Біреуінің ақылы он сан қолдай.
Қара хан, Сары хандай бай өтіпті,
Екеуі заманында болып орай.
Орманбеттің аттанған он сан ноғай,
10. Біреуінің ақылы он сан қолдай.
Күміс мылтық мойнында аңға жүріп,
Екі хан қызык көрді талай-талай.
Орманбеттің аттанған он сан ноғай,
Ертіске қала салды манат ноғай.
Ер Қозыкем өтіпті егіз жұбай,
Біліп айтқан кісіге жайы солай.
Мұз тауына келді де, қоныс алды,
Байлығы шыққан адам талай жанға.
“Бұғы марал мен тосып атайын” деп, 20. Сарыхан буыршын мініп аңға барды.
Сары хан буыршын мініп аңға барды,
Топта қамшы бастырмас жануарды.
Күміс мылтық мойнына салды дағы,
Тойтөбені бет қойып соған барды.
Тойтөбенің басына шығып тұрды,
Болжады төңіректе талай жерді.
Көз үшіне алыстан қара көрініп,
Буыршынменен бұлдырап соған барды.
Сол қараның қасына келіп тұрды, 30. Сол жерде Қарабайды таныды енді.
“Бұғы, марал біз тосып аталық” деп,
Тойтөбені бет қойып жарысты енді.
Сары хан, Қара хан аңға шықты,
Екеуі “аталы” деп даңқы шықты.
Тойтөбенің басына шығып тұрса,
Алдынан буаз марал аң қашыпты.
Сары хан бір талайдан шүмденді,
Жасынан мергендігі түсінді енді.
– Қара хан, жасың да үлкен, жолың да үлкен,
40. Бұ маралды сіз ат, – деп ұсынды енді.
Қара хан аттан қарғып түсе қалды,
Кідірмей күміс мылтық бетіне алды.
“Буаз марал атпаймын, обал-ды", – деп,
Үйде зайып күмәнді” деп көңіліне алды.
Қарахан Сары ханмен тең аттанды,
Оғын салып, Қара хан неге атпады?
“Буаз марал атпаймын, обал-ды” деп,
“Үйде зайып күмәнді” деп атпады.
Аттан қарғып Сары хан түсе қалды, 50. Кідірмей күміс мылтық бетіне алды.
Қарыны жерге сызған буаз марал,
Сол маралды байқамай басып салды.
Аттан қарғып Сары хан түсе қалды,
Кідірмей күміс мылтық бетіне алды.
Шек-қарыны шұбатылып жерге түсіп,
Екі бұзау аңырап жетім қалды.
Аңға шықты екі хан теңдей болып,
Атып шықты Сары хан ердей болып.
Екі бұзау аңырады жетім қалып, 60. Бейне “Балаң аңырасын мендей болып”.
Сарыбай хан екен табында енді,
Бәйгеден жүріп келер бабында енді.
Ақ сары бас Аллаға қойын айтып,
Мойнына кісесін сап жалынды енді.
Ақ киікті бастаған деген екен,
Деген атып еттерін жеген екен.
Со заман қалыбы орай адам,
“Құда болсақ қайтеді?” деген екен.
Ақ киікті бастаған деген екен, 70. Деген атып еттерін жеген екен.
“Сенен ұл да, менен қыз туғанда,
Құда болсақ, болалық” деген екен.
Ақ киікті бастаған деген екен,
Деген атып еттерін жеген екен.
“Екеумізден тең ұл туса да,
Құшақтасып дос болсын” деген екен.
Қара хан мен Сары хан аттанды аңға,
Аталы екеуі шықты даңға.
Бірінен ұл, бірінен қыз туыпты,
Құдай Тағала салыпты жолын оңға.
Ак киіктің суаты қақ-ты дейді,
80. Қылған ісі Аллаға жақты дейді.
“Сары ханның қатыны ұл тапты” деп,
Екі кісі жарыса шапты дейді.
Екі мерген келеді су өрлесіп,
Күн суығын білмейді көңілі өсіп.
Шүйіншілеп екі адам келсе жетіп,
Сары хан дімсе шапан берді шешіп.
Екі мерген келеді су өрлесіп,
Күн суығын білмейді көңілі өсіп.
“Екеуін тең разы қылайын” деп, 90. Тағы берді астынан атын түсіп.
– Екеуің шүйіншілеп келдің, – дейді,
Қүдай-ай, бір қуанышты көрдім, – дейді.
Мұныменен қоймаймын екеуіңді,
Үйден барып берермін жүз елгейді.
Ақ киіктің суаты қақ-ты дейді,
Қылған ісі Аллаға жақты дейді.
“Қара ханның қатыны қыз тапты” деп,
Екі кісі жарыса шапты дейді.
Екі мерген келеді су өрлесіп,
100. Күн суығын білмейді көңілі өсіп.
Шүйіншілеп екі адам келсе жетіп,
Қарабай қамқа тонын берді шешіп.
Екі мерген келеді су өрлесіп,
Күн суығын білмейді көңілі өсіп.
“Екеуін тең разы қылайын” деп,
Қарабай тағы берді атын түсіп.
– Екеуің шүйіншілеп келдің, – дейді,
Құдай-ай, бір қуанышты көрдім, – дейді.
Мұныменен қоймаймын екеуіңді,
110. Мен де үйден берермін жүз елгейді.
Сарыбай үйге қарай желді дейді,
Екі адам шүйіншілеп келді дейді.
Шүйіншіге ат берген жалғызының
Игілігін көрмей-ақ өлді дейді.
Сарыбай үйге қарай желді келіп,
Ат берді шүйіншіге ойнап-күліп.
Шүйіншіге ат берген жалғызының
Игілігін көрмей-ақ қалды өліп.
Біреуі басын сүйеп сонда қалды, 120. Біреуі ойбай салып үйге салды.
“Сары хан өлді” деп барғаннан соң,
Жас босанған бейшара бейрет болды.
Қожалар ала қағаз хат оқиды,
Өлім шыққан үйлерге жат оқиды.
Тоқсан саба толтырып сол Қара хан,
Сары ханның үйіне бата оқиды.
Құл-қотан құры сөзге семіреді,
Жаман қатын, жас бала не біледі?
Атадан жаста қалған ер Қозыкем 130. Ит тістеген сүйекті кеміреді.
Қарабай сонда кетті жұртын қиып,
Әбден беклеп, көңілін тастай түйіп.
“Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп,
Мұзтауынан көше қашты түнде өтіп.
Билер қоныс алады салқынменен,
Қара сауыр іи болар талқыменен.
“Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп,
Қарабай көше қашты халқыменен.
Қарабай жылқы айдайды көш соңынан, 140. Тоқсан құлы келеді көшін жөндеп.
“Заманым әлде қандай болады” деп,
Кезең асты түйесін қос құйысқандап.
Бұдан бұрын жүгірер бабыменен,
Жезді айбалта жоғалтты сабыменен.
“Жесірі жетім ұлдың кете ме” деп,
Тайлақ би кеңес қылды табыменен.
Қасы сұлу көрінер мұртыменен,
Аққу ойнар балапан көліменен.
“Жесірі жетім ұлдың кете ме” деп, 150. Тайлақ би кеңес қылды еліменен.
Кісі сұлу көрінер беліменен,
Аққу ойнар балапан көліменен.
“Жесірі жетім ұлдың кете ме” деп,
Тайлақ би кеңес қылды жұртыменен.
Қарабай сол көшкеннен әрмән өтті,
Шыршық пенен Бассудан көктей өтті.
Әзіреттің тауынан аса көшіп,
Шолаққорған, Қаракөл жерге жетті.
Қарабай сол көшкеннен әрмән өтті, 160. Шыршық пенен Бассудан көктей өтті.
“Жетім ұлдың жесірі кете ме” деп,
Тайлақ би, он бір кісі соңынан қуып жетті.
Қарабай тіпті кетіп қалмақ болды,
Бойын сол жерден аулаққа салмақ болды.
Артынан Тайлақ би, он бір кісі
Кезігіп, өзін байлап, ат-тонын алмақ болды.
Қарабай тіпті кетіп қалмақ болды,
Бойын сол жер аулаққа салмақ болды.
Елдің бәрі жау болып кетпейміз деп, 170. Тағы да жарым кісі қалмақ болды.
Қарабай сол көшкеннен әрмән кетті,
Арман құлға сөйлеспей елден не өтті?
Құба белдің үстіне бір күн түнеп,
Құлын-тай сары жонда шөлдеп өлді.
Қарабай со көшкеннен құмға келді,
Түйенің қомын алмай, Шуға келді.
Бетпақтың даласына келгеннен соң,
Су таппай құлын-тайы шөлден өлді.
– Құлын-тайым қырылды тамам, Қодар,
180. Бір су тауып берсеңші маған, Қодар.
Осы жерден бір суды тауып берсең,
Ақ Баянды берермін саған, Қодар.
Қодар құлдың мінгені – күрең азбан,
Аяғын ақсай басып қоразданған.
Қарабайдың бір айтқан сөзіменен
Тоғыз құдық Қодар құл жалғыз қазған.
Қарабай со көшкеннен әрмән өтті,
Арман құлға сөйлеспей, елден не өтті.
Со көшкеннен түйенің қомын алмай, 190. Ұзынбұлақта жатқан жерге жетті.
Қарабай со көшкеннен әрмән өтті,
Арман құлға сөйлеспей елден не етті.
“Мұның барған жерін көрейін” деп,
Сонда Айбас құл артынан еріп кетті.
Қарабай сол көшкеннен тағы салды,
Қодар құлдың, ойласам, жоқ арманы.
Со көшкеннен түйенің қомын алмай,
Абылайдың Көкшетау соған барды.
Шаңырақты көтерген қалам дейді, 200. Адамзатқа бұйырған сәлем дейді.
– Қодаржан, жақсы қоныс тауып берсең,
Ақ Баянды берермін саған, – дейді.
Қодар құл сол заманда жанның ері,
Тоқсан құлдың ішінде көкжал бөрі.
“Жақсы қоныс, Қарабай, мен табайын,
Алты құлаш бедеуді әпкел бері!”.
Қодар құл сол бедеуге мініп алды,
Екі месті байланып суға барды.
Қодар құл сол бедеуге мінгеннен,
210. Бұлдыр қағып кідірмей Құсмұрынға барды.
Кідірмей Құсмүрынға жетіп барды,
Үйде жатқан Баянды көңіліне алды.
Құсмұрыннан болжайды Аягөзді,
Ағып жатқан Аягөз суға барды.
Ағып жатқан Аягөз суға барды,
Екі месті толтырып құйып алды.
Аягөзден бедеуді бір қаптырып,
Екі месті байланып қайта салды.
– Қарабай, суды тауып келдім, – дейді,
220. Сондай жақсы қонысты көрдім, – дейді.
Бедеу тартып месімді жүре алмай,
Азап көріп далада өлдім, – дейді.
Қайыспас қара болат емен-ді енді,
Қарабай кетіп қалды төменге енді.
Күн бұрыннан түйесін қомдап алып,
Аягөзді бет қойып жөнелді енді.
Қарабай Аягөзге келді жетіп,
Жетіп, түйенің қомын алды шешіп.
Аягөзде жақсы қоныс тапқаннан соң, 230. Қалмақтан кісі шүйіншілеп келді жетіп.
Манап ханның шүйіншісі келді дейді,
“Баян сұлуды балама берсін” дейді.
“Бұ Баян билегенін білмеймін, – деп, –
Қодар білсін” Қарабай депті дейді.
Манап ханның шүйіншісі келді дейді,
“Баян сұлуды балама берсін” дейді.
Қодар құлдың күші көп болғаннан соң,
– Өлсем де Ақ Баянды бермеймін, – дейді.
Манаптың уәзірі қайтып барды, 240. Қарабайдың ақылын тартып барды.
“Қодар деген бір құлы бермейді” деп,
Со жауапты Манапқа айтып барды.
– Ерулікке шақырдым, келсін, – дейді,
Менің қызығымды көрсін, – дейді.
Қодарға бұ сәлемімді айта бар, – деп,
Баянды ұлыма берсін, – дейді.
Менің қызығымды Қодар көрсін – дейді,
Баянды менің ұлыма берсін, – дейді.
Менің тағы жалғыз қызым бар еді ғой,
250. Қодаржан сол қызымды алсын, – дейді.
“Шақырған соң Манапқа барайын да,
Ерулікке қызығын көрейін де.
Хан жарлығы тегін де болмайды,
Амалым жоқ, Баянды берейін де”.
“Шақырған соң Манапқа барайын да,
Ерулікке қызығын көрейін де.
Көреріме келбеті тәуір болса,
Манаптың жалғыз қызын алайын да”.
Шақырған ерулікке, соған, жүрді, 260. Үйінде еркек адам қалмай жүрді.
Жер аулақта Баянға сөйлескелі,
Айбас құл үй жағына қайта жүрді.
Айбас құл үйге қарай жүріп келді,
Жақсы сөздің боларын біліп келді.
Үй аулақта Баянға сөйлескелі
Баянның күймесіне кіріп келді.
– Сен, жаман құл, күймеме неге кірдің?
Алыс жерден жауаптан нені білдің?
Жаман құлдар, білмейсің кетерімді,
270. Қарабайдың көп құлы сенен өлді.
– Е, Баянжан, сөз айтамын, аңда, – дейді,
Кей мінезің өзіңнің тар ма? – дейді.
Сені Манаптың жалғыз ұлына бермек болды,
Атастырған жеріңіз бар ма? – дейді.
– Әкеміз жас күнінде мерген екен,
Талай аңды атып-ақ жүрген екен.
Аңда жүріп бір ханмен жолдас болып,
Соның жалғыз ұлына берген екен.
– Қозыкемнің Баяны сен едің-ай,
280. Сарыбайдың інісі мен едім-ай.
Өзіңнен таза жауап есіткелі
Елден еріп соңынан жүр едім-ай.
– Е, икім, бұ тіліңе сенейін-ай!
Икемге бұрынғымнан көнейін-ай.
Апарып Қозыкеме табыс қылсаң,
Қолымнан алтын жүзік берейін-ай.
– Е, Баянжан, бұ жауапты айтайын, – деп,
Сенің де ақылынды тартайын – деп.
Аузыңнан таза жауап есіткен соң,
290. Мен жүрмін үйіме қайтайын, – деп.
– А, икім, бұ тіліңе сенейін де-ай,
Икемге бұрынғымнан көнейін де-ай.
Қозыкеме апарып табыс қылсаң,
Алтын-ды тақиямды берейін де-ай.
– Е, икім, бұ тіліңе сенейін де-ай,
Икемге бұрынғымнан көнейін де-ай.
Өз көзімдей Қозыкем көрсін-ай деп,
Алтын-ды домбырамды берейін де-ай.
Айбасқа сол сәлемінен бәрін берді,
300. Азығы таусылмастай салып берді.
Жүйрік, жақсы аттарға мініп алды,
Асыл, жақсы киімнен алып берді.
Асыл, жақсы киімнен алыпты енді,
Жүйрік, жақсы аттарды мінді енді.
Бір Ысты, бір Телеуді қосшы қылып,
Айбас құл үй аулақтан жөнелді енді.
Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған.
Қол қобдиы жанынан түсіп қалып, 310. Мынау “Сандықтас” дейтін жер сонан қалған.
Айбас қашты бес торы ат бедеуменен,
Бір Ысты жолдас қылды Телеуменен.
“Заманым әлде қандай болады?” деп,
Бір қысқаш, бір балға алды егеуменен.
Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған.
Қос атқа алған бедеуі тұрып қалып,
“Жауыр тауы” дейтұғын сонан қалған.
Айбас құл сол салғаннан тағы салған, 320. Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған.
Қол бақыры қабымен қалып қойып,
“Темірші мен Қазанқап” сонан қалған.
Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған.
Жорға құнан бір жерде тұрып қалып,
“Жауыр жорға” дейтұғын сонан қалған.
Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған.
Арықтаған бір айғыр тағы қалып, 330. “Шұбарайғыр” дейтұғын содан қалған.
Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты, бір Телеуді жолдас кылған.
Ағып жатқан суға домбыра кетіп,
“Домбыра кеткен” дейтұғын сонан қалған.
Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты, [бір] Телеуді жолдас қылған.
Бір ұйықтаған жерінде тақия қалып,
“Тақия қалған Моншақтау” сонан қалған.
Айбас құл сол салғаннан тағы салған, 340. Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған.
Көк жамшысы артынан түсіп қалып,
“Жамшы” деген өзен су сонан қалған.
Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Бір Ысты, бір Телеуді жолдас қылған.
Тоқырауын бойында үш күн жатып,
“Тоқырауын” бойы да сонан қалған.
Айбас құл сол салғаннан тағы салған,
Он күншілік жерлерді бір күнде алған.
Сол салғаннан келеді тізгін тартпай, 350. Мұз тауындағы өзінің үйіне барған.
Ойпаң жерге қар жауса, белден күртік,
Торы ат жорта алмады майдан кілкіп.
Мұз тауында Айбас құл үйге барса,
Сонда Жаңыл шығады бетін жыртып.
– Жеңеше, Құдай сақтап келдім аман,
Бұрынғыдай болар ма бізге заман.
Біз кеткелі талай-ақ күн боп кетті,
Аман-есен жүр ме екен жалғыз балаң?
Күнінде санаймын шырағыма,
360. Меккедегі бір ағаш пырағыма.
Оны естісе, бұл жалғыз тұрмас мында,
Суық сөзді түсірме құлағына.
Қозыкем жүз баламен ойын салды,
Ысты мен Телеуді ертіп алды.
Келді де жүз баламен ойын салды,
Жүзінің қақ жартысын жығып салды.
Жүзінің қақ жартысын жығып салды,
Ысты ағасы Қозыкеме болыспай тұрып қалды.
“Маған неге болыспай тұрдың сен?” деп, 370. Қозыкем Ысты ағасын қаға салды.
– Қу жетім, бұ қылығың жөн бе еді, – деп, –
Сенен менің көңілім кем бе еді, – деп.
Қарап тұрған кісіні ұрып тұрып,
Ақ Баяннан айырған мен бе едім, – деп.
Қозыкемнің қолында алтын асық,
Келе жатыр Қозыке балпаң басып.
– Алтын сақам берейін, ой, тазшеке,
Айтып бер әлгіңді хатқа басып.
– Жатқаныңан тұрғаның қояндай,
380. Көкірекке бұл сөзің аяндай.
Сен сұрасаң, Қозыкем, мен айтайын,
Әкең қосып кеткен Баянды-ай.
Қозыкем ойын ойнар дүкен құрып,
Ашуланса, кетеді топты бұзып.
Алтын сақа келеді тастай-тастай,
Бір кемпірдің өрмегін кеткен үзіп.
– Қу жетім, бұл қылығың жөн бе еді, – деп,
Сенен менің көңілім кем бе еді, – деп.
Қарап тұрған өрмегім үзіп кетіп,
390. Ақ Баянды айырған мен бе едім, – деп.
Со кемпірдің қасына жақын келді,
Өрмегін келді дағы жалғап берді.
Алдап-сулап арқаға қаққан болып,
– Енеке, әлгінді айтшы, – деді.
– Бұл бала меніменен ерегіскен,
Өзі жетім бір сорлы күнін кешкен.
Қарабай Мұз тауынан асып кеткен,
Қодар деген бір кұлы еріп кеткен.
Он сан ноғай болғандай Орманбет ол,
400. Ордың қара ағашы болғанда бөктерлер ол.
“Қызымды жетім ұлға бермеймін!” деп,
Қарабай көше қашып кеткені ол.
– Қаңқылдап қаз келеді атайын да,
Бидай қуыр қолыңнан татайын да.
Атым сайла, шешеке, тоным сайла,
Әкем қосқан Баянға жетейін де.
– Қалыңын қар ағашын қарайтады,
Баянның қара шашын талайтады.
"Баян" деген сөзіңді жаңа есіттім,
410. Жағы түскір жүгірмек, кім айтады?
– Бұ сөзді жас айтады, кәрі айтады,
Қимылдаған жандардың бәрі айтады.
Асық ойнап жүргенде бала айтады,
Өрмек қаққан бір кемпір тағы айтады.
– Жаңа шыққан солқылдак тал ма, балам,
Тілімді алсаң, бүл жолға барма, балам.
Жетім ұлды тентіреп өлсін, – дейді,
Кемпір түгіл шал айтса, нанба, балам.
– Мен Баянға барамын күн қайтқанда,
420. Мұнда қайтып келермін жыл қайтқанда.
Шешеке, өзге-өзгесін не қылайын,
Сай сүйегің сырқырар кісі айтқанда.
– Қара бұлт келеді маңдай болып,
Кескен қайың жатады жеңдей болып.
Мұны саған сыр қылып айтқан кісі
Қара шашы жайылсын мендей болып.
Жас күнімде жүргемін жайға, – дейді,
Нешік амал қылармын айла, – дейді.
Ер жеткелі көзіме көрінбейді,
430. Шешеке, сенің малың қайда? – дейді.
Тоғыз мың дәурен өткен тоқсан қатар,
Атаңнан жалқы тудың өзің татар.
“Жаста қалған жалғызым ержетсін” деп,
Біткен малдың бәрі де отта жатыр.
Темір кебіс Қозыкем киіп алды,
Темір таяқ қолына ұстап алды.
Екі етегін беліне түріп алып,
Отта жатқан малына жаяу салды.
Пайғамбар бізден бұрын өтті дейді, 440. Тілеулі арыстан кемелге жетті дейді.
Толып жатқан бір қойға келді дағы,
“Бұ қойыңыз кімдікі?” депті дейді.
– Кім айтар “Жалшылықпен күн өтсін” деп,
Жылаймыз: “Сарыбайға кім жетсін?” деп.
Сарыбайдан Қозыкем қалып еді,
Бағып жүрміз бұ қойды ер жетсін деп.
– Қойды баққан ағалар сен едің, – деп,
Үйден шығып мен жаяу келемін, – деп.
Ер жетсін деп, бұ қойды бағып жүрсең,
450. Жаста қалған жалғызың мен едім, – деп.
– Қарағым, жетім қалдың қандайыңнан,
Өзің татар солқылдақ сондайыңнан.
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
Иіскелеп жылады маңдайынан.
Өзі жаяу Қозыкем келді мойып,
Малын көріп, көңілі кетті тойып.
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
Қойшылары той қылды қошқар сойып.
– Өлеңнің ақиқаты жар-ай, – дейді,
460. Сегіз ұжмақ бейісін сарай, – деді.
Үйден шығып келемін әлі, – деді,
Жылқы жөні, ағалар, қалай? – деді.
– Заман ақыр болғанда, күтіп жатыр,
Арғы ауылдың қоңыр жолы үйдей татыр.
Жылқы жөнін, шырағым, сонан сұра,
Қара сеңгір баурында сиыр жатыр.
Пайғамбар бізден бұрын өтті дейді,
Әркім әлгі бір зауал жетті дейді.
Толып жатқан сиырға кез болды да,
470. “Бұ сиырың кімдікі?” депті дейді.
– Кім айтар: “Жалшылықпен күн өтсін” деп,
Жылаймыз: “Сарыбай ханға бір жетсін” деп.
Сарыханнан Қозыкем қалып еді,
Бағып жүрміз сиырды ер жетсін, – деп.
– Үйден шығып мен жаяу келемін, – деп,
Сиыр баққан ағалар сен бе едің, – деп.
Ер жетсін деп сиырды бағып жүрсең,
Жаста қалған Қозыкең мен едім, – деп.
– Қарағым, жетім қалдың қандайыңнан,
480. Өзің татар солқылдақ сондайыңнан.
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
Иіскелеп жылады маңдайынан.
Өзі жаяу Қозыкем келді мойып,
Малын көріп, көңілі кетті тойып.
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
Сиыршы да той қылды бұқа сойып.
– Бір жақсы, бір жамандық орай, – дейді,
Жастай бейнет көп көрдім талай, – дейді.
Үйден шығып келемін әлі жаяу,
490. Ағалар, жылқы жөні қалай? – дейді.
– Болғанда заман ақыр күтіп жатыр,
Арғы ауылдың қоңыр жолым үйдей татыр.
Қарағым, жылқы жөнін сонан сұра,
Сарысудың бойында түйең жатыр.
Пайғамбар бізден бұрын өтті дейді,
Әркім елге бір зауал жетті дейді.
Толып жатқан түйеге кез болды да,
“Бұ түйеңіз кімдікі?” депті дейді.
– Кім айтар: “Жалшылықпен күн өтсін” деп,
500. Жылаймыз: “Сарыбай ханға кім жетсін?” деп.
Сары ханнан Қозыкем қалып еді,
Бағып жүрміз түйені ер жетсін, – деп.
– Үйден шығып мен жаяу келемін, – деп,
Түйе баққан ағалар сен едің, – деп.
Ер жетсін деп түйені бағып жүрсең,
Жаста қалған Қозыкем мен едім, – деп.
– Қарағым, жетім қалдың қандайыңнан,
Өзің татар солқылдақ сондайыңнан.
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
510. Иіскелеп жылады маңдайынан.
Өзі жаяу Қозыкем келді мойып,
Малын көріп, көңілі кетті тойып.
Жаста қалған жалғызын таныған соң,
Түйешілер той қылды бура сойып.
Өлеңнің ақиқаты жар-ай дейді,
Сегіз ұжмақ бейісін сарай дейді.
Үйден шығып келемін әлі жаяу,
Жылқы жөні, ағалар, қалай? – дейді.
Шай пісер кайнағанда самасында, 520. Жамандық кас пен көздің арасында.
Айырсақал ішінде бағып жүрген
Жылқың жатыр ақ дария жағасында.
Жылқысына Қозыкем келді дейді,
Біткен малдың бәрін де көрді дейді.
Сан жылқының ішінен таңдап жүріп,
Күреңкейді астына мінді дейді.
Жылқысына Қозыкем келді дейді,
Біткен малдың бәрін де көрді дейді.
Қырық биені әкпеліп тізіп алып, 530. Үйге қарап сонан соң жүрді дейді.
Қырық бие әкпеліп кіргізді енді,
Еліменен жұртына білгізді енді.
“Ақыл тегін бәрінен сұрайын” деп,
Бәрін де жосын-жосын кіргізді енді.
– Азығынды артарға түйе ал, балам,
Азығыңа бір семіз бие ал, балам.
Тілімді алсаң, осы жолға барма, балам,
Қарабайдың Қодары қиял, балам.
Арқарды атар мерген мүйізіне,
540. Найза сынар, шанышқанда, ұңғысында.
“Олардан ақыл тегін сұрайын” деп,
Қыз-бозбала келіпті құрбысына.
– Өзен суды жағалап бітер камыс,
Аяғы жорға малдың келер шалыс.
Жанды кісі жесірін жіберер ме?
Ат басына соғыссаң болар намыс.
– Атаңнан жалқы туған ер едің, – деп,
Тең құрбыңның ішінде сері едің, – деп,
Мен айтпасам, сырымды кім айтады,
550. Қарақозы құрдасың мен едім, – деп.
Бұ Күреңкей мінуге жарамайды,
Жаман ат алысқа бара алмайды.
Қозыкем, жақсы ат таба алмасаң,
Баян сұлудың жолына бара алмайды.
Сарыбайдың жақсы аты екеу, – дейді,
Ақбуыршын мен Көкбуыршын екеу, – дейді.
Әкеңнің өзі өлгеннен соң,
Аспанға ұшқан ол екеу, – дейді.
Мұз тауынан ар жағында барсаң, – дейді, 560. Жеті айшылық жерге келсең, – дейді.
Алтын астау, күміс астау бар болар,
Сол екі ат тауып барып алсаң, – дейді.
Қозыкем Мұз тауына барған екен,
Екі буыршынды астауменен алған екен.
Екі буыршын ат мініп алып,
Шауып барып үйіне қайтқан екен.
Қайыспас қара болат емен-ді енді,
Қарабай кетіп қалды төмен дейді.
Кеңшілік шешесі бермеген соң, 570. Ыңыршақ ерге мініп жөнелді енді.
Ер Қозыкем аттанды тәубе етіп,
Шешесі соның жылар “Есен жет” деп.
Екі емшегін алдына тең шығаріп:
– Тым болмаса, мынаны еме кет! – деп.
Қарағым, бұ барғаннан қош барғайсың,
Етегін алтын тонның бос салғайсың.
Қыз қызығы, қарағым, қиын болар,
Үйде қалған шешеңді еске алғайсың.
– Шешеке, бұ барғаннан қош барайын,
580. Етегін алтын тонның бос салайын.
Намысыма барамын жұртым үшін,
Тірі жүрсем, шешеке, еске алайын!
“Аман да бол” дейді де, кетті дейді,
Көз жеткісіз дариядан өтті дейді.
Со жүргеннен келеді тізгін тартпай,
Келіп-ақ талай жерге жетті дейді.
Қозыкем азығына май алады,
Жүре берсе, көп жерге таянады.
Алтын құдық алдында қайнап жатыр, 590. Малып алса, айдары боялады.
Қарабай әуел бастан күйі күпті,
Ақбуыршын, Көкбуыршынмен мойығыпты.
Салқа жортып келген ер Қозыкем
Тағы да бір кемпірге жолығыпты.
Кемпір айтты: – Е, балам, кірің, – дейді,
Әзір ас бар, ішіңіз үйде, – дейді.
Атың арық болғанда, жүзің сарық,
Нағып жүрген адамсың, сөйле! – дейді.
– Мінгенде атым астында ақтан кермін,
600. Далада жортып жүрген мен бір ермін.
Мені сұрап не етесің, ай, енеке?
Ауылын Қарабайдың іздеп жүрмін.
– Қалай-қалай сөйлейсің хан қылғандай,
Қарабайдың ауылын тал қылғандай?!
Түсе қалып, атыңның демін алдыр,
Ауылы үлкен ханның табылғандай.
– Аягөздің бойына бітер қайың,
Мұңды болған Баянды жұбатайын.
Түрегеліп аулының жөнін көрсет,
610. Атымды біротала суытайын.
– Мінгенде астыңда атың кер-ді, балам,
Киген тоны алтынмен зер-ді, балам.
Қарабайдың ауылын көп сұрайсың,
Қарабай нең болады сенің, балам?
– Мінген атым астымда кер, енеке,
Киген тоным алтын мен зер, енеке.
Қарабайдың ауылын көп сұрасам,
Баян қыздың күйеуі – мен, енеке.
– Бір сөз айтсам балам-ay, күлермісің,
620. Біздікінде аял қып жүрермісің.
Баян қыздың күйеуі сен болғанда,
Кіндік енең мен едім, білермісің?
– Енеке, со сөзіңе күле алмадым,
Аял қып сіздікіне жүре алмадым.
Баян қыздың күйеуі мен болсам да,
Кіндік енем сіз болсаң, біле алмадым.
Енекем, көрсет десем ерінеді,
Түрегелсе бір жері кемір ме еді.
Еркін көзім жетпеді, ей, енеке,
630. Қарауытып бір нәрсе көрінеді.
– Ерінеді дейді екен сенің ойың,
Сәрсенбі күн қылады қыздын тойын.
Қарауытып көрінген – атаң бойы,
Қасындағы Қара адыр – жайған қойы.
– Қарауытып көрінген Қарабай ма,
Қарабайды көрсетер Тәңірі бар ма!
Қарабайдың аулына барған болсам,
Баян деген бір сұлу қызы бар ма?
– Ата-тегін айтамын тең білгендей,
640. Ақылымды айтамын жөн білгендей.
Қарабайдың үйіне әуес едім,
Баян деген қызы бар мен білгендей.
Менің айтқан сөзімді қостап барсаң,
Атың менен тоныңды тастап барсаң.
Өзің тағы құбылып тазша болып,
Бетіңе жаман киім ұстап барсаң.
Қозыкем айтты: – Разымын бұ сөзіңе,
Тәуеп қылып жүре бер оң көзіме.
Кекілімнен бір қылды тұтатқанда, 650. Сонда пайда болармын мен өзіңе.
Қозыкем атын тастап жүре берді,
Бейне қардай еседі қара жерді.
Салқа жортып келгенде ер Қозыкем,
Қарабайдың малына душар келді.
Мінгені ер Қозыкем кер құла-ды,
Кер құланың сауырысын тер қылады.
Қарабайдың қойшысын ұстап алып,
Бұттан алып тазшасын жерге ұрады.
Со тазшаның киімін киіп алды, 660. Сықылды со тазшадай бола қалды.
Бұрын қойды жаймаған сорлы шіркін,
Ауыл жөнін білмей сол кешке қалды.
Қарабай келе жатыр жер сабалап,
Астындағы көк шолағын бек төбелеп.
“Мұнша қойды сен түнде әпкелдің” деп,
Ашуланып келеді бірдеме деп.
– Кебенектің бір шетінде ұйықтаппын,
Күнге бүйтіп қарап ұйықтаппын.
“Адастың” деп, Қарабай, сөге көрме,
670. Әлі де болса ауылыңа жуықтаппын.
Азырақ аттың басын тарт, Қарабай,
Шапшаңырақ үйіңе қайт, Қарабай.
Бүгінгі күн қарыным ашып келді,
Ат жалында жауларға ас, Қарабай!
Ат мінесің, Қарабай, бек тағалап,
Ақсақ қасқыр аулыңды жүр сағалап.
Қу бас інген үйіңде шөгіп жатыр,
Бозша тайлақ жүреді жар жағалап.
Судың көркі көк ырғай тал-ды дейді, 680. Адам көркі киім мен мал-ды дейді.
Шапшаңырақ үйіңе қайт, Қарабай,
Тоғайда қашағаның калды, – дейді.
– Бағана бесін еді мен кеткелі,
Қабағыңа қарадым ер жеткелі.
“Ат жалында жауларға ас” дейді ғой,
Ойбай, балам, тазшаның ол неткені?
– Үйіңе шапшаңырақ қайт, – дегені,
Азырақ аттың басын тарт, – дегені.
Ат жалында жаулауға ас деп айтса,
690. Ат үстінен темекі тарт, – дегені.
Жаз алты ай, қыс алты ай – он екі айды айтқаны,
Бозша тайлақ дегені бізді айтқаны.
Қу бас інген дегені шешемді айтқаны,
Ақсақ қасқыр дегені – тазша дағы.
Баянның зерделі қойы болған екен,
Ол қой Қозыкемді таныған екен.
“Бір аяғымды ақсап қала берейін” деп,
Сен Баянды шақырып ал” деген екен.
Қарабай ерте тұрып қақырады, 700. Баянның қара нары бақырады.
“Жол үстінде зерделі қой қалды” деп,
Қозыкем тазша болып шақырады.
Жайлауы Қарабайдың Сарыбелде,
Қара жорға салдырып Баян келді.
– Не еткесің сындырып, шұнақ тазша,
Қойымды шапшаңырақ ап бер, – деді.
Қоңыр қойдың қасына Баян барды,
Артынан ер Қозыкем тағы барды.
Қойын алып алдына өңгерткен боп,
710. Баянның тақымынан шымшып салды.
– Қоңыр қой ұстайды деп қашпа, – дейді,
Тазша құл ұстаған соң саспа, – дейді.
– Ит шіркін, жемес астан үміт қылып,
Шымшығаның не еткенің, тазша? – дейді.
Қозыкем Көкбуыршынға мінді дейді,
Жат ініне қызыл түлкі енді дейді.
– Итке кімді теңейсің, аңқау бейбақ?
Әкең қосқан асық жар кім-ді? – дейді.
– Тазша құл, менің жарым сендей ме еді,
720. Зәуде мұнда келсе өлмей ме еді?
Менің жарым сол мында нағып келсін?
Үйіндегі шешесін жемдейме еді.
– Шешемнен білмедің бе кеткенімді?
Дариядан көпір салып өткенімді.
Айтып тұрсам, білмейсің аңқау бейбақ,
Артыңнан тазша болып жеткенімді.
– Көш алдынан мінгенім күрең жорға,
Құлағына қыз тағар алтын сырға.
Сен тазшаның көңілің өскен екен,
730. Басыңды алдырайын тоқсан құлға.
– Мінгенім көш алдына күрең жорға,
Күнің де өтіп барады жылдан-жылға.
Мың бір әлем сөз айтсаң, бұрылмаймын,
Енді бар да тие бер Қодар құлға.
Қозыкемнің мінгені ақтан кер-ді,
Баян қыз көріп пе едің мендей ерді?
Бір сөзінің ішінен кып алды да,
Қырын қарап жөн тартып жүре берді.
Кеш болып Баянжан ұйықтап қалды,
740. Ер Қозыкем күймесіне кіріп барды.
Кіріп барып, жерде жатқаннан соң,
Күймесі күндей болып жарық болды.
Баянжан сол жарықтан оянды енді,
Түрегеліп, “Таң атты” деп ойланды енді.
“Таң атты” деп тысқары шыққаннан соң,
Қап-қара түн болғанын көрді енді.
Таң атқан жоқ екенін көрді дейді,
Қайтып барып күймесіне кірді дейді.
Ер Қозыкем түнде сонда қонып, 750. Алтын-ды айдары шығып жарық болды дейді.
– Сені мен танымадым, жалғызым-ай,
Қадіріңді білмей жүрдім, шырағым-ай.
Басын құшақтап тізесіне салды дағы,
Тазша болып неге келдің, шырағым-ай?
– Шешеке, бір қуанышты көрдім, – дейді,
Ер Қозыкем үйімізге жетті, – дейді.
Сіңілімменен күймеге кел жүгіріп,
Шырағымның касында жаттым, – дейді.
Шешеке бір қуанышты көріп алды,
760. Баян мен Қозыкемді көріп қалды.
Сіңілісі мен шешеке қол ұстасып,
Бесеуі сағынып бұ жерде отырып қалды.
– Мен, Қозыкемнің Баяны мен едім-ай,
Сарыбайдың жалғыз ұлы сен едің-ай.
Атам менен Сарыбай жолдас болып,
Со жаңғыз ұлына мені бергені-ай.
Баян менен Қозыкем жатты екеуі,
Белден төсек алтын шымылдық салды екеуі.
Ішінде екеуі жатып ойнап-күліп,
770. Алма, шекер жеп тұрды екеуі.
Баян менен Қозыкем жатты екеуі,
Белден төсек алтын шымылдық салды екеуі.
Түрегеліп ерте тамақ ішкен соң,
Көңілі сонша жақсы болды дейді.
Бір жерде жатқанын көрді Қодар,
Көрді дағы жақсыларға айтты Қодар:
– Баянжан тазшамен бір жатыр, – деп,
Жиылған жақсыларға айтты Қодар.
Бір жерде жатқанын көрді дейді,
780. Көрді дағы жақсыларға айтты дейді.
Тазшамен жатқанын білгеннен соң,
“Кім болса да, тазша келсін” дейді.
Қозыкем жатқан жерден тұрған екен,
Алтын мен күміс тонын киген екен.
Көкбуыршынды ерлеп алып соған мінді,
Баянжанменен екеуі жүрген екен.
Алтын менен күміс тонын киді енді,
Көкбуыршынды ерлеп алып мінді енді.
Әдемілігі күн мен айдай болып, 790. Алты қанат ақ үйге жетті енді.
Үйге жетіп, Қозыкем аттан түсіпті,
Есікті ашып Қозыкем үйге кіріпті.
Алтын шымылдық жерге жайып отырғызып,
“Іш, мырза” деп арақ пен шарап ұсыныпты.
Ер Қозыкем ішкеннен соң мас болған,
Аяғы шалқып жығылайын деп анда тұрған.
Тысқардан Баян жабығын ашып қарап,
“Жүр, Қозыкем, шық енді” деп шақырған.
Баянжанның көзіне көзі түсіп, 800. Көзіне түсіп желбауын тұрды басып.
Шаңырақтан қарғып шығып кетіпті,
Баянменен екеуі атына жүрді мініп.
Қозыкем көп жерге кетіп қалды,
Арақ ішіп, мас болып өзге жұрт білмей қалды.
Алты құлаш ала айғырға мінді Қодар,
Артынан қуып бір жерде жетіп алды.
Қозы Көрпеш оқпенен салып қалып еді, ала айғырдың аузынан тиіп, оқ артынан шыкты, ала айғыр шөгіп жата қалды. Ала айғырдың төрт аяғын буып, Қодар мойнына салып, арқалап үйіне барды. Қозыкем Баянменен аулақ жерге шығып кетті. – Бізді алып үйіңе қаш! – деп Баян айтты. – Алып кетпеймін, – деп Қозыкем айтты. – Мен алсам, жұртты разы қылып аламын, – дейді. Қарабайдың қызын өзінің үйіне қайтарып жіберді. Қозы Көрпештің өзі Аягөздің аяғында Шоқтеректің түбіне барды да жатты. Ұйықтағалы отыр еді, қасына бір ақ сәлделі адам келді. – Е, Қозы Көрпеш, ұйықтайын деп отырмысың? – деп айтты. Қозы Көрпеш: – Ұйқым келіп отыр, – деді. Онда әлгі адам айтты: – Қозы Көрпеш, мен – ата-бабаңның аруағымын. Маған атыңды бер, үстіңнен тоныңды бер, мылтық қаруынды бер. Мен қарауылға шығайын. Мұның өзі ен жер, жау бар шығар, – дейді. Қозы Көрпеш бәрін берді. Жатып ұйықтады. Әлгі кісі барып қарауылға шықты, шығып жатып ұйықтап қалды. Қодар Қозы Көрпешті іздеді, іздеп жүріп келді, қарауылда жатқан әлгі адамды көрді, көргеннен соң келіп соның басын алмаспенен кесіп алды, қанжығасына байлады, үйге қайтып келді.
Қодардың бәрекелді тентегіне,
Торы құнан жүрмейді жетегіне.
“Ал байыңның басы!” деп тастай берді,
810. Баян тосып алады етегіне.
Бәрекелді Қодардың көкшесіне,
Екі басып бір қарар өкшесіне.
“Ал, байыңның басы!” деп тастай берді,
Баян қағып салады текшесіне.
Баян жылап, жүгіріп қырға шықты,
“Қозыкем мүнда өлді” деп қырға шықты.
“Қозы Көрпеш, – Баянға, – өлді”, – десе,
Баянның көздерінен жасы шықты.
Жұрт жиылып кеңес қылды: – Қозы Көрпештей жақсы төре өлді, – дейді. Бұ жер бізге қоныс болмас. Біз бұ жерден көшіп кетелік, – деді. Ел көшіп үрікті, Жайсаң көлдің жағасына Қарабай кетті, Баян елге еріп жүрмеді, жаңғыз жұртта калды, қасына ешбір адам жуытпады. Қозы Көрпеш, Баянның кіндік енесі бар екен, бұ кемпір ұйықтап жатып түс көрді. Таң атқан соң түсінен шошып жүгіріп қырға шықты. Қырға шықса тозаң, шаң шығып барады екен. “Апырмай, Қозы Көрпешті өлтіріп ел үркіп барады екен-ау” деп кемпір ойлады. Кемпірдің қолында жеті үлкен нар бар екен, он төрт кобдиды жеті нарға артты, көшті, Қарабайдың жұртына келді. Келсе, жаңғыз-ақ Баян отыр, онан баска адам жоқ. – Е, Баян, мұның қалай? Қозы Көрпешті өлтіріп ел үркіп кетті, – деп Баян айтты. Кемпір айтты: – Қозы Көрпештің мұнда бір белгісі бар ма? – деді.
Баян айтты: – Қозы Көрпештің мұнда басы бар. Кемпір айтты:
– Басын алып маған көрсет. Баян басты алып кемпірге көрсетті.
– Бұ бас Қозы Көрпештің басы емес, – кемпір айтты. – Е, Баян, сенен бұрын мен Қозы Көрпешті көріп едім, оның басы алтын, жақсы еді, бұ бас Қозы Көрпеш емес. Сен жылама! Мен бүгін түнде түс көрдім, оң босағамда алтын тұғыр, ақсұңқар қонып еді, менің түсімдей болса, Қозы Көрпеш тірі болмақ еді. Шоқтеректің түбінде ұйықтап жатса керек еді. Мен бұ көшкеннен Қозы Көрпешке барайын, Шоқтеректің түбінде алтын шатырды Қозы Көрпештің үстіне тігейін. Осы сенің қасыңа Қодар бір келер, сен со Қодардың ептеп көзін жоғалтып кел! – деді.
– Ай, ата, осы дүние жалған екен,
820. Жан кеткен соң бойыңнан арман екен.
Түгендемей айдаппын байғұс басым,
Қараша айғыр үйірі қалған екен.
– Е, Қодар, сөз айтамын, аңда, – дейді,
Өзіңнің қай мінезің тар ма? –дейді.
Ақ Баянның мінезі тым-ақ бұзық,
Тілімді алсаң, со жұртқа барма! – дейді.
Қодар құл Бақа айғырға мініп алды,
Мінгеннен соң тебініп шу-шуге салды.
“Ақ Баянды мен алмай, кім алар” деп,
830. Жұртта қалған Баянға Қодар барды.
– Жаман күң қалдың ба енді айдалада,
Төмен қарап кетелік жер панаға.
Бәрі сенген құлыңды өлтірдім мен,
Енді сені мен алмай, кім алады?
Құдай қылып мен қалдым айдалада,
Төмен қарап кетелік жер панаға.
Жалғызымның сүйегін бір көрсетсең,
Енді мені сен алмай, кім алады?
– Белең-белең жерлерді белдес, – дейді,
840. Бір көрінген кісіні елдес, – дейді.
Жалғызыңның сүйегін көрсетейін,
Түрегеліп алдыма мінгес, – дейді.
– Белең-белең жерлерді белдесейін,
Бір көрінген кісіні не елдесейін.
Жалғызымның сүйегін бір көрсетсең,
Құдай қылды, қайтейін, мінгесейін.
– Белең-белең жерлерді белдес, – дейді,
Бір көрінген кісіні не елдес, – дейді.
Жалғызыңның сүйегін көрсетейін,
850. Қабырғаңа аз ойлап, кеңес, – дейді.
– Ойпаң-ойпаң жерлерді ойласайын,
Бір көрінген кісіні қой десейін.
Жалғызымның сүйегін бір көрсетсең,
Қабырғама сонда ойлап, кеңесейін.
– Еріктіріп қасыңда жүрдірші, – деп,
Қозы Көрпеш өлгенін білдірші, – деп.
Баяғыда аяған ақ бетіңді,
Баянжан-ай, аулақта сүйдірші, – деп.
– Е, Қодар, ақырын-ақырын, саспа, – дейді,
860. Әзір аулақ, иінімді баспа, – дейді.
Енді мені сен алмай, кім алады,
Жалғызымның сүйегіне баста, – дейді.
– Еріктіріп қасыңда жүрдірші, – деп,
Қозы Көрпеш өлгенін білдірші, – деп.
Омыраулап Қодар құл еш болмайды,
Ай, аулақта бетіңнен сүйдірші, – деп.
Ер Қозыкем мінгені өрме жал-ды,
Баян кыз Қозыкемді есіне алды.
Торғын жауып бетінен сүйдірген соң,
870. Алақандай қарайып дағы қалды.
– Еріктіріп қасымда жүрдің бе, – деп,
Қозы Көрпеш өлгенін білдің бе, – деп.
Баяғыда аяған ақ бетіңді
Алақандай қарайтып сүйдім бе? – деп.
– Төңіректің төрт бұрышын шалып келдім,
Бақа айғырды от жерге салып келдім.
Баянжан-ай, аулақта жүр жаталық,
Қасына жалғызыңның алып келдім.
– Төрт бұрышын төңіректің шалып келдім,
880. Бақа айғырды от жерге салып келдім.
Баянжан-ай, аулақта жүр жаталық,
Көрпе тігіп төсегің жайып келдім.
– Төрт бұрышын төңіректің шалып келші,
Бақа айғырды от жерге салып келші.
Тіпті сусап барамын, Қодареке,
Кебіспенен бір суды алып берші.
– Сенің айтқан сөзіңді сүйейін де,
Аттан қарғып құдыққа түсейін де.
Кебіспенен бір суды алып шығып,
890. Баянмен әзілдесіп ішейін де.
Мінгені Қозыкемнің бура жал-ды,
Баян қыз Қозыкемді есіне алды.
Кебіспенен бір суды алып берсе,
Сусап жүрген Баян қыз жұтып салды.
Баянның бір пышағы арқар сапты,
Баян қыз ашық жарын жаңа тапты.
“Не қылығың жоқ еді, Қодар құл” деп,
Бұйда пышақ жүректен періп қапты.
– Жүгіңді қара нарға артшы, Баян,
900. Апеке, енді райдан қайтшы, Баян.
Су ішінде ойнаған ойының құрсын,
Жылдамырақ шығайын, тартшы, Баян.
Мінгені ер Қозыкем өрме жал-ды,
Баян қыз Қозыкемді есіне алды.
– Не қылығың жоқ еді, Қодар құл, – деп,
Бұйда пышақ жүректен тағы салды.
Қодар құл тұра алмады бек жарадан,
– Жаман күң айырылдың ба көп пәлеңнен?,
Су ішінде қор қылып өлтірдің бе? 910. Ақ тікен боп шығармын екі араңнан.
Мінгені Қозыкемнің бура жал-ды,
Баян қыз ашық жарын есіне алды.
Қодарға бір амалын өткізгелі,
Қодарды шашқа байлап суға салды.
Ойпаң жерге қар жауса, белден күртік,
Торы ат жорта алмады майдан кілкіп.
Қодардың кеудесінен жан шыққан соң,
Тастады қырық құлаш шаштан қырқып.
Баян өлген кісіге келіп, “Қозы Көрпеш осы болар ма?” деп қыз жылайды:
– Жалғызым, жатырмысың жалғыз оққа,
920. Сен де арқаңнан күн өтіп жаның жоққа.
Атасы бай болса да қыз бермеңіз,
Артында құйрығы жоқ, жалы жоққа.
Жалғызым, жатырмысың жайнай-жайнай,
Көрсем, ішім күйеді оттай кайнай.
Сені өлтірген Қодарды мен өлтірдім,
Қозыке, түрегелші, күліп-ойнай!
Жалғызым, жатырмысың жайнай-жайнай,
Көрсем, ішім күйеді оттай қайнай.
Өштес, кектес Қодарды алып келдім, 930. Қозыкем, түрегелші енді сайрай!
Жалғызым, жатырмысың жер бауырлап,
Қара жүнді қасалақ оқты ауырлап.
Шыбын жаның бар болса, түрегелші,
Баян келді қасыңа құстай зырлап.
Жарқыным, жарықтығым, жан жолдасым,
Баян келді қасыңа жандай досың.
Елің менен жұртыңнан тірі айрылып,
Қарағым, неге келдің бір мен үшін?
Жарқыным, жарықтығым, жан жолдасым, 940. Баян келді касыңа жандай досың.
Елім менен жұртыма тірі кіріп,
Қарағым, мен де келдім бір сен үшін.
Баян қыз Көкбуыршынға мінді дейді,
Сол өлген кісіні алды да, жүрді дейді.
Атқа мініп cap желіп келе жатса,
Тігілген алтын шатыр көрді дейді.
Көрінген соң қуанып күлімдейді,
Іш қайғысы өзіне білінбейді.
Буыршынменен шатырға келсе жетіп, 950. Қозыкем құлаш ұрып түрегелді.
– Жарқыным, жарықтығым, жан қарағым,
Шын ақсүйек кендірім, кең балағым.
Көзден таса болғанда, қандай болдым,
Іште жатып қосылған ақ тамағым.
Жарқыным, жарықтығым, жан қарағым,
Сауылдап жанып тұрған шамшырағым.
Көзден таса болғанда, қандай болдым,
Іште жатып қосылған, ай, шырағым.
Қарағым, айналайын, шырағым-ай,
960. Келді ме менің даусым құлағыңа-ай.
Көзден таса болғанда, қандай болдым,
Өзің түгіл зар болдым тырнағыңа-ай.
Апырай, өңім бе едің, түсім бе едің,
Тіріде менің көрер ісім бе едің?
Әуре-әрсаң қылып, қайда кеттің,
Шынымен Құдай қосқан кісім бе едің?
Екеуі алтын шатырда ойнады, күлді, екеуінің тамағын кемпір қылып берді.
Сонда Қозы Көрпешті Айбас үйінен іздеп келді. Айбастың Қарабайдың елінде Парманбек деген досы бар екен, сол Айбас келді деп есітіпті, Қозы Көрпештің екі балдызы, інісі “Қозы Көрпеш тірілді” деп о да естіпті. Парманбекпенен төртеуі іздеп шығыпты. Бір күншілік жер қалғанда Құдайдың құдыретімен күн жаман боран болды. Қозы Көрпештің екі балдызы, інісі боранда үсіп өлді. Парманбек өзі өлмей-ақ Айбастың қасына келіпті, қүшақтасып көрісті, екеуі жыласты. Үш күннен соң Айбас Алладан тағдыр жетіп өлді. “Қозы Көрпеш өлді” деген хат жазды, екі Буыршынның кекіліне байлады, екі Буыршынды Мұзтауындағы өзінің еліне жіберді, екі Буыршын аспанменен ұшып барды. Тайлақ би онда бас болып елі-жұрты жылады, кекіліндегі хатты оқыды, көрсе, “Қозы Көрпеш өлді” деген хаттың тілі бар екен. Тайлақ би бас болып, ол төрт сан қол аттандырып жүрді. Қозы Көрпештің шешесі Жаңыл Күреңкейге мініп о да жүрді. Ол төрт сан қол келді, қанша күн болса да, келіп жетті. Қозы Көрпешті көрді, аманын, есенін білді, шешесімен жыласып көрісті. Қарабайдың елін қуды, төрт сан қол Жайсаңкөлдің қасына жетті, оны қайтарып айдап келді. Айбасқа бейіт қылды. “Қозы Көрпештің жатқан жері” деп, “қызық көрген жері” деп ат шаптырып той қылып, қалған жұртын Мұзтауына Тайлақ би қайтарып айдап кетіпті. Қозы Көрпеш өлмей тірі кетіп, Аягөзде тұрған бейітінің сүйегі Айбастың өлтірген аруақтың сүйегі. Қозы Көрпештің суретін салды, Баянның өңін, келбетін салды. Қодардың өңін, келбетін салды. Аяған деген өзен бар екен, Қозы Көрпештің інісі сол екен. Ай деген өзен бар, Ай деген балдызын соған қойыпты, Таңсық деген балдызын соған қойыпты.
ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ
(Бейсенбай нұсқасы)
Кемел ақын келтірер сөздің түрін,
Оған да заман өткен бір ықылым.
Кешегі ол бір қатар заманында
Өтіпті екі байың бізден бұрын.
Солар да бізден бұрын өткен жандар,
Сап қасқа, өңшең манап сөзді аңдаңдар.
Қалыпсыз Қарабайдай бай өтіпті,
Тоқсан мың, Тәңір алса да, жылқысы бар.
Солар да бай болыпты дүние боқ,
10. Өзіне Құдай берген нәубеті көп.
Тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да,
Үйінде сілкіп киер шапаны жоқ.
Сыбанбай, Жанақ, Бекбау айтады екен,
Оның тегін кім десең “түрікпен” деп.
Құдайым артық дәулет мал берген көп,
... ... ... ...
Нәсілін Сарыбайдың айтады екен:
“Қырық байы Орманбеттің біреуі деп,
Елі-жұрты көре алмай малы көп” деп.
Елімен өкпелесіп жөнеледі,
20. Жұртының өсек қылған сөзін кектеп.
Ағайын біреу жүрмес бұған еріп,
Өкпелеп өз жұртынан кетті жеріп.
Құданың берген малын көпсінген соң,
Жөнелді Қарекең де ыза керіп.
Сарекең де ыза боп жүре берді,
Елі ақымақ қой жіберген мұндай ерді.
Тоқтамай күн-түн қатып ұдайы көшіп,
Балталы, Бағаналы елге кепті.
Келгенін Балталыға халық көрді, 30. Сән-тұрманы өзгеден артық еді.
Жүз кісі Тайлақ бимен ел кеп еді,
Қарабай тоқсан мыңнан түк бермеді.
“Елден шыққан білімсіз ант екен” деп,
Ел-жұрты Қарабайға өкпеледі.
Қойшының сыбағасын тоғыз қылып,
Сарекең сый-сияпатпен жөнелтті енді.
Жақсының шарапаты санға тиіп,
Сарыбайға бір тайпа ел билетеді.
Жиылған жамағат кеп кеңеседі, 40. Мұнан бұрын патшалы емес еді.
“Сарыбай тек жаралған жан емес” деп,
“Патша қоямыз” деп, “е” деседі...
Екі бай Балталыға бірдей келді,
Қарабай ол неғылсын дүйім елді.
Тоқсан мыңы көзіне мал көрінбей,
Аң аулай ерте тұрып жөнеледі.
Не Шыңғыстай, болмаса, не Қалбадай,
Не Мыржықтай аңы көп бір тау еді.
Қақ жарып хан Қарекең келе жатса, 50. Алдынан буаз марал кез келеді.
Қылт етті де, жөнелді белден асып,
Қарбаң-құрбаң етті де, қалды сасып.
Көзінің жасын сүртіп қарағанша,
Адасып қалды аңнан жаза басып.
Қылығы сол күнінде жаннан епті,
Сол шағында тентіреп аңға кепті.
“Қап бәлем, ертең түсте атамын!” деп,
Қаңтарып ақ қайыңды жата кетті.
Оған да артық дәулет Тәңірім берді, 60. Қазақтан Сарыбай да артық еді.
Ерте тұрып пандатын үйіне оқып,
Сарыбай да сахарадан аңға келді.
Қалың тауды қақ жарып келе жатса,
Ат қаңтарған бір жанды көзі көрді.
Сарекең ат көрген соң жетіп келді,
Көреді түзде жүріп талай керді.
– Жатырсың түске шейін ат қаңтарып,
Үмітсіз дүниеден кімсің? – депті.
– Көңілімді мың мен санға баламаймын,
70. Бенденің ілігіне жарамаймын.
Келгенше сексен үшке сүйері жоқ,
Үмітсіз дүниеден Қарабаймын.
– Қареке-ау, олай деме, Тәңір білер,
Құлының жылағанын әлі де көрер.
Дәулет пенен перзенттің кештігі жоқ,
Құдайым әлі де болса бізге берер.
– Тәңірімнің қолынан келмей жүр ме,
Тілегін пенделердің бермей жүр ме?
Келіппін сексен үшке мәлден өтіп,
80. Берсе, көзі Алланың көрмей жүр ме?
– Қареке-ау, бұрын сені танымаймын,
Алланың мен ісіне налымаймын.
Жетпіс беске келгенше сүйері жоқ,
Қу бас шал, мен де өзіңдей Сарыбаймын.
– Е, балам, бала сүймей болыпсың зар,
Бала сүйсең, жалғанда көңілің тынар.
Жасы бар сексен үште мені айт, балам,
Әлі де болса алдыңда тілеуің бар.
– Қарекем, ойлап тұрсам, шынымен ер,
90. Кез қылған екеумізді паруардігер.
Сегіз жас-ақ үлкенсің байқап тұрсам,
Сексен үш жетпіс беспен қарайлас жер.
– Екеуміз де, шырағым, жасқа жеттік,
Дүниеден перзент сүймей арманда өттік.
Ендеше ит айдаған бай екенбіз,
Кел, дос болсақ қайтеді қияметтік?!
Ауыр дәулет беріпті Алла несіп,
Аузынан уағдамен серт берісіп.
Екеуі жапан дүзде бек сөйлесіп,
100. Дос болды ақыреттік “Құдай” десіп.
– Алланың әміріне көніселік,
Көздің қыры түскенін көріселік.
Ұл туар да қыз туар заман болса,
Уағыдамен қалыңсыз беріселік.
– Отырған хан Сарыбай, мені көрші,
Шал қартайған Қарабай – досым деші.
Бір марал кеше кетті ыза қылып,
Кез қылса, соны маған атып берші.
– Кез қылды жапан дүзде мені саған,
110. Түскен жоқ жасым жетіп көзге таған.
Кез келген бұйрықты аңды жібермейді,
Мылтығым алты қарыс, көрсет маған!
– Шырағым, ойлап тұрсам, өзің кеңсің,
Біреудің білмегенін білгізгейсің.
Алдыңдағы түбекте жатыр марал,
Байқа, балам, бойыңды шалдырмайсың.
– Үйіңе Құдай оңдап, Қыдыр конар,
Бір достым бек сөйлескен сендей болар.
Бұл марал буаз екен, тіпті атпаймын,
120. Келінің екі қабат, кесел болар.
– Саған айтпай сөзімді кімге айтайын,
Ұялмай үйге қайтіп бос қайтайын.
Өлсем де, атып берші, бір тояйын,
Мағшардағы күнәсін мен тартайын!
– Мен тұрамын бұл сөзіңді сынай алмай,
Маралға қызығасың тілімді алмай.
Тағы да бір бұйрықты аң кез келмей ме?
Атуға қорқып тұрмын қолым бармай.
– А, балам, айтқан сөзге жетпедің бе,
130. Дүниеден перзент сүймей өткенің бе?
Кез келген сен аяйсың бұйрықты аңды,
Шыныменен достықтан кеткенің бе?
Бейілін Қарабайдың Құдай алды,
Қынжылып мылтығына оғын салды.
Маралды бетіне алып тарс қойғанда,
Кідірмей сол орманда құлап қалды.
Қасында Сарыбайға қарамайды,
Қарбаң-құрбаң маралға жетіп барды.
Адамнан ақымақ туған хан Қарекең, 140. Маралдың жаны шыкпай ішін жарды.
Ойласаң, Қарабайдың өзі мықты,
Сарекең қорқып, атпай, көп ұйлықты.
Пышағы сонда ішіне жазым тиіп,
Ішінен егіз кодығы мөңіреп шықты.
“Қазаққа алты санды бір деймін” деп,
Пәнденің еш ақылын білмеймін” деп.
Қодығын тыпырлатып бауыздайды,
“Сілікпелеп үйге апарып бір жейін” деп.
Пейілін Қарабайдың Құдай алып, 150. Кәпірдің мінезіне жан таң қалып.
Қан болып сақал-мұрты қайтып келді,
Өзі атқандай мақтанып, саңылауланып.
– Отырсың не себепті жолды көрмей,
Қойып па тілегімді Тәңірім бермей?
Кез келген бұйрықты аңды атып едің,
Бұл жұртта неге отырсың маған келмей?
– Қареке-ау, бай екенсің сөзің шалыс,
Екеуміз жапан дүзде болдық таныс.
Орнымнан үш ұмтылып тұра алмадым,
160. Мылтығым тиді маған алты қарыс.
Қалыпты бұрынғыдан бізге санат,
Сөзімді тентек болсам жұртқа сынат.
Алланың ақ бұйрығы маған жетті,
Басымды кешіктірмей оңға қарат.
Әуелі біз жолықтық есен-аман,
Түсірдің осы жерде акырзаман.
Қоймадың бір маралды атып бер деп,
Мұнша қатты сөз айттың маған жаман.
– Жүзімді көремісің, көрмеймісің,
170. Сөзіме еремісің, ермеймісің?
Ант айтып ақыреттік құда болдық,
Қыз туса беремісің, бермеймісің?
– Қыртысым сүймегенде, шөл арықпын,
Өзім деген кісіге тас бұлақпын.
Уағыдаға қылап қылман, не қыласың,
Күн болса ондай антты берерақпын!
– Қареке-ау, ажал уақыты маған жетті,
Ағасың жасың үлкен, кұлдық, – депті.
Аузынан бір-екі ауыз арыз айтып,
180. Сарекең күні жетіп өліп кетті.
Тұрмайды сол Қарабай ниетке жетіп,
Сөйлескен құдайшылық естен кетіп.
Маралды егіз лақпен теңдеп алып,
Халқына жөнеледі өлеңдетіп.
Тұрады сол Қарекең өнер бастап,
Кәпірді көрген адам тұрмас қостап.
Маралды егіз қодығымен теңдеп алып,
Достысын бек сөйлескен кетті тастап.
Қарабай бұл мінезді сән көреді, 190. Нәлетті өзі ақымақ кім көреді?
Шырыштан төмен жылжып келе жатса,
Алдынан будақ-будақ шаң келеді.
Сарыбай өзі мерген, маралды атқан,
Маралға ит Қарабай дінін сатқан.
Ханымы Сарыбайдың буаз екен,
Үйінде аман-есен бір ұл тапқан.
“Шүйінші Сарыбайдан сұраймын” деп,
Сол елдің адамы екен келе жатқан.
– Қареке-ау, жапан дүзде сізді көрдік,
200. Сарыбайдың қызметкер адамы едік.
Ханымы Сарыбайдың бір ұл тапты,
Көрдің бе, жапан дүзде сәлем бердік.
– Мынау қалай сорлы еді ниетке жеткен,
Өз ойы мен қылғаны нәмрәт еткен.
Не етесің босқа сұрап Сарыбайды,
Сұрасаң, Сарыбайды мәрғау кеткен.
– Бай еді мынау қалай сөзі надан,
Өтерін дүниенің байқамаған.
Мәрғауың неше күндік, нешде түндік,
210. Ұшырсам қос-қос атпен, қашан барам?
– Ертіс басы қара дін жерге кетті,
Бейне теңіз дейтұғын көлге кетті.
Бес жүз киік соқтығып соны қуып,
Жолы қиын Бетпақтай шөлге кетті.
Сол иттің не қылса да қайраты мол,
Өз ақылы өзіне болады жол.
Амалы жоқ алысқа айдаған соң,
Адамы дел-сәл болып қайтқаны сол.
“Ақылмен алдадым” деп мәз болады,
220. Халқына қадам басып жөнеледі.
Ханымы Қарабайдың қыз тауыпты,
Жол тосқан сақау қатын кез келеді.
– Іздеп едік, қайнаға-ау, кез келесіз,
Айпарадай ақ жүзім сіз көресіз.
Қайнаға-ау, көріпсіз бір перзентті,
Шүйіншіге, қайнаға-ау, не бересіз?
– Жаман сөзді естісем, ішім күйер,
Жақсы сөзді естісем, денем сүйер.
Былшылдама сақауым к... қыс,
230. Сегіз өрме бұзау тіс қамшым тиер.
– Біреу жарлы, біреу бай, білмейсіз бе?
Айдай болған ақ жүзім көрмейсіз бе?
Қартайғанда көріпсіз бір перзентті,
Шыныменен бір шапан бермейсіз бе?
Хан Қарекең келеді күн-түн қатып,
Егіз ылақ маралды қабат атып.
Сегіз өрме бұзау тіс қамшысы бар,
Сақауыңды кетеді бартылдатып.
Жымдай болып сол сақау жорғалайды,
240. Бастың қаны қойнына сорғалайды.
Жар бойында бар екен жарты ылашық,
Қашып барып сақауың қорғалайды.
– Сегіз жылда сексен мың сегіз сарай,
Жеті атамнан бақ берген Алла Тағала-ай.
Өз тіліңнен, сақауым, жаза тарттың,
Дәл енеңді ұрайын, мұның қалай?
– Япырай, ибаратың көпке тисін,
Кінә аудармай сабайсың, жаның күйсін.
Қуанышқа сұрасам, қамшы беріп,
Ұлы-қызың Қодардан қорлық көрсін.
Қарекең одан өтіп үйге салды,
280. Егіз ылақ маралды теңдеп алды.
Бейілі Қарабайдың сондай кеңіп,
Бір сарттан жиырмалап шапан алды.
Молдалар шұбар ала хат оқиды.
Өлім шыққан үйіне жата оқиды.
– Менің құдам Сарыбай далада өлді, –
Деді де, тоқсан саба толтырғызды.
– Тұра-тұр, енді, жұртым, мен желейін,
Ауылын сол құдамның мен көрейін.
Нарыңды сабаңменен тоқтата тұр,
290. Әуелі салт барып бір келейін.
Тұрады сол Қарабай өнер бастап,
Кәпірді көрген адам тұрмас қостап.
Тантық шал иесіз үйге кіріп келді,
Белдеуге Бақа айғырды іле тастап.
Елінде қырық мың шалқар байдай болып,
Қос жорға жылқы ішінде тайдай болып.
Ақымақ шал иесіз үйге кіріп келсе,
Жөргекте Қозы жатыр айдай болып.
Ақымақ шал ақылы жоқ жаман састы, 300. Қозыдан қорқып итті қара басты.
“Мені жұтар жалмауыз туыпты” деп,
Тантық шал Бақа айғырға міне қашты.
Бір жерде келе жатып бөгеледі,
Өзі ақымақ нәлетті кім көреді?
Тоқсан нарда сабаны жарып тастап,
Бір қобыны қымыз қып жөнеледі.
Қарабай Сарыбаймен мерген екен,
Хан Қарабай ауылына келген екен.
Ханым айтты: – Қарабай келіп кетті, 310. Сарыбай хан далада өлген екен.
– Алпыс басты ақ орда тіккен үйін,
Бұрынғыдай болмайды менің күйім.
Мен түсімнен шошыдым бүгінгі күн,
Енді аңырма, отырма, Тайлақ биім.
Тайлақ би осы сөзді қош көреді,
Еліне “Жиылсын” деп хат береді.
Еліне кәдірменді бір би екен,
Дәл он бір сан халайық жұрт келеді.
Он сан халқын Тайлақ би жиып алып,
320. Отырған әлеуметке үндемейді.
Көңілі батыр Тайлақ жазған хаттай,
Мәнісін жиылған көп таба алмайды.
Он екі жыршысы бар бас боп ханым,
Шырышқа шеру тартып жөнеледі.
Жайылып бет-бетімен қарап жүрсе,
Бір адам өліп жатқан кез келеді.
Іздесіп алды-алдына жүрген шауып,
“Өлді” деп елі-жұрты қылған қауіп.
Бір жерде он бір кісі келе жатса, 330. Бір адам өліп жатқан алды тауып.
Айрылып патшасынан болды зарлы,
“Табамын” деп барша халқы көңіліне алды.
Сол кісінің ішінен бірге шыққан
Қоңыр ала тай мінген тазша бар-ды.
Тазша айтады: – Ағалар, бәрің надан,
Жасымнан көріп едім бірталай жан.
Шыққыр көзім шықпаса, мен таныдым,
Өлігі осы жатқан, өліпті Сарыбай хан.
Құлақ кәрі, бой кіші, ақыл дана, 340. Ту жығылса болмай ма қас масқара.
Жұрт иесі ханымға жара салып,
Үйелменіңмен өртенгір, тазша бала!
– Ойласам, он бір аға, пейілің тар,
Сендердің қылар қақпай мінезің бар.
Хат берген даулы жерге мөр басатын,
Қолында қызыл алтын жүзігі бар.
– Көрген соң Сарыбайға жұрт жылайды,
Сол жерде такат қылып тұра алмайды.
Серкесіз қойдай болып ұйлығады,
350. Аяғын қадам басып жүре алмайды.
Жиылысып сол араға бәрі келді,
Құба қалмақ сықылды іштен бүлді.
Жалғыз-ақ ханым сонда естіген жоқ,
Батыр Тайлақ болды да, бәрі білді.
Қай адам ер Тайлаққа тең келеді,
Жиылған сол араға көп ел еді.
– Есіттірмей қайтқанымыз лайық емес,
Ханымға жырлай-жырлай кім барады?
– Тайлыға алыс емес көрінген жер,
360. Табан шөңгел бимісің елімде бар.
Ханымға жырлай-жырлай мен барайын,
Ер Тайлақ, қолыңды жай, батаңды бер!
Ер Тайлақ тазшасына жарлық етті,
Тайымен қотыр ала тазша кетті.
Сейілде қырық кісімен ханым жүрсе,
Алдынан қарама-қарсы кездей кепті.
– Ханым-ай, ақ сұңқарым, сені көрдім,
Біз ежелден хан-қарашы адам едік.
Мен шошыдым түсімнен бүгінгі күн,
370. Хан ием, жолыққалы сізге келдім.
– Аптығып қотыр таймен келесің тез,
Бұл жалғанда ақылсыз адамнан без.
Көп шатып, тантырақтап сөзді ұзартпа,
Қанеки, шошығаның немене сөз?
– Жаратқан бәрімізді Тәңірім күшті,
Бұл дүние, ойлап тұрсам, енді екіұшты.
Мен түсімнен шошимын бүгінгі түн,
Менің сәлдем басымнан жерге түсті.
– А, тазша, олай болса мал сойғаның,
380. Құдайым дәриесіне сен тойғаның.
Сенің сәлдең басыңнан жерге түссе,
Бес уақыт намазға бас қойғаның.
Ойласам, бұл ханымның ақылы асты,
Қарашың дәл сіздей ме, жаман састы.
– Мен түсімнен шошимын бүгін тағы,
Қолымнан жібек баулы сұңқар ұшты.
– Мінезің, ойлап тұрсам, жаннан қылап,
Келдің бе қотыр таймен мені сынап.
Қолыңнан жібек баулы сұңқар қашса,
390. Көрген де қоян аңнан шабыт сұрап.
– Қай адам Сарекеңдей ниетке жеткен,
Көп адам бізден бұрын өтіп кеткен.
Айрылдым капыда сұңқарымнан,
Қолымнан абайсызда ұшып кеткен.
– Мұндар таз, бір сұмдык бар тіл жағыңда,
Сен келдің қотыр таймен бұл шағыңда.
Қолыңнан абайсызда ұшып кетсе,
Қара орнында болғаны, хан тағында.
– А, ханым, бір сөзіме жаңа жеттің,
400. Қай сөзіңді бұзайын, “Мақұл”, – деппін.
Мен түсімнен шошыдым тағы бүгін,
Түсімде бір тұңғиық суға кеттім.
– Құдайым енді саған дем береді,
Бойын салған базарға жол көреді.
Жүруші ең әр нәрседен шолпы тартып,
Түпсіз Тәңірім дариядай мал береді.
– Ханым-ау, бұл ниетті ойға алайын,
Мәнісін тура тартпай, не қылайын.
Жандап-жандап сөз айтсам, жуытпайсың,
410. Тұп-тура найзамды тік салайын.
Мұндар таз, маған келдің каның қашып,
Антұрған, сені тұр ма қара басып?
Meн сенің қалжындасар кісің емен,
Немене айтар сөзің найзаласып?!
– Аңға да кеткен Сарекем-ау,
Таң ертеңгі салқында.
Мінсіз бір туған жан еді ай-ау,
Өнеге бойы қалпында.
Келімсек төре хан болып
420. Балталының халқына.
Өрісі толып малына ай-ау,
Қазынасы толған алтынға.
Алла ісіне шара жоқ-ау,
Жетпесті қуып алқынба!
Қайырлы ғұмыр бере көр-ау
Қозыжанға артында.
Сізден де шығар адам жоқ,
Ойласаң ақыл тарпында.
Хан орнына хандық қыл, 430. Кеше билеп тұрған жарқында.
Ақылдас еді Сарекем,
Билеспес деп тартынба.
Ханымның сөзі:
– Өлді ме Сарыбай хан жұртым көрсін,
Жыламан, патша Құдай иман берсін.
Ғаламнан хан Сарыбай өткен болса,
Еншалла тәуба, Тәңірім артын берсін!
Тазшаның сөзі:
– Ханым, көрсең жыларсың
Сарекемнің дертіне.
Сабырдан басқа айла жоқ
440. Іштегі жанған дертіңе.
Көргеннен соң жырласаң,
Нәпсің қоймай еркіңе.
Аулақ жерде, ханым-ау,
Нәпсің тоқтат беркіне.
Сүйегіңе мін болар,
Жетпей кетсең сертіңе.
Ханымның сөзі:
– Мұндар таз, жылайды деп көңліңе алма,
Алып жүр сүйегіне енді алданба.
Өлген жан жылағанмен қайтып келмес,
450. Көңіліңді босатқанмен пайда бар ма?!
Ханымға тазша естіртті жеке барып,
Жұрт сілтідей тынады қайран қалып.
Егіл-тегіл еңірескен Сарыбайға
Ханымды сүйегіне келген алып.
Өлгенін Сарыбайдың ханым көрді,
Ұрғашыдан таппассың мұндай ерді.
Адасып ақылынан аспай-саспай,
Еліне ақыл айтып қайрат берді.
– Жылама, батыр Тайлақ, сен де өлерсің,
460. Алладан тағдыр келсе, жөнелерсің.
Өзі беріп, өзі алған арманы жоқ,
Мағшардан имандыма кез келерсің.
Жұртым-ай, бұл жылаған ниетіңді қой,
Өлім шықса, тіріге болмай ма той?
Жылағанмен бір нәрсе табар болсаң,
Жылап-жылап тірілтіп әкеле ғой.
Тайлақ би, олай тұрма, сен бері жүр,
Ақылдасып Тайлақпен ойлайды-дүр.
– Алып жүрмей, осы жерге біз қоялык,
470. Елге жібер, жабдық пен үй әкелдір.
Ел барып айтқанының бәрі келді,
Дайын болды, жамағат көзі көрді.
“Зиярат қылып бір күмбез жасаймын” деп,
Ел ұйғаріп сол жерге қояды енді.
Жиылған жаназаға қанша жанды
Бәрін де сый-сияпатпен жөнелтті енді.
Ханым айтты: – Қайғысыз адам едім,
Бұл сықылды жалғанда жанды көрдім.
Ат шаптырып, ас берсең, ерік өзіңде, 480. Билігін, батыр Тайлақ, саған бердім.
Қай адам ер Тайлаққа тең келеді,
Жиылған жаназаға көп ел еді.
Мақтауын батыр Тайлақ алғаннан соң,
Халқына сауын айтып жөнеледі.
Тыңдаңдар мына сөзді,ей, жарандар,
Құлақ салып тындасаң, афзалдар.
Өтірік айтса, ақынның жаны шықсын,
Басқы аттың бес жүз жылқы бәйгесі бар.
Сый алды елі-жұрты құры қалмай, 490. Тайлақтың кеткен жан жоқ тілін алмай.
Он бір сан халайықтың бәрі келді,
Айтқан күні жиылып бірі қалмай.
Тайлақ айтты: – Жамағат, ой ойлаңыз,
Тентекпенен тебізді бір қоймаңыз.
Даусыз болып аттарың анық келсін,
Әр рудан бір кісі ат айдаңыз.
– Алланың ақ ісіне мойын бұрсын,
Ала-құла болғанды Құдай ұрсын.
Құр еңістен ат айдап жіберіңдер,
500. Ақкезеңнің үстінде көмбе тұрсын.
Байлығын Сарыбайдың халқы көрді,
Атын айдап алысқа жіберді енді.
Бес жүз аттың алдынан бір шақырым
Өз үйінің Телқызыл аты келді.
Ешбір жаман бұзықтық, жанжал шықпай,
Жиынын тыныш қылып жөнелтті енді.
Ел-жұрты құрмет қылды ханның үйін,
Ғаріп-қасер жетімге болды тойын.
Тайлақ айтқан сөзінен жан шықпайды, 510. Тып-тыныш боп тарады осы жиын.
Мінезі Қарабайдың жаннан өтті,
Уағыдасы құда болған жұртқа жетті.
Тайлақ биге айтады ханым тұрып:
– Сонымен кел сөйлесіп құдалықты.
– Ханым-ау, Қарабайың құрып қалсын,
Келуге жарамаған Құдай алсын.
Мен барсам, тек келмеймін сол итіңнен,
Жалғыз ұлым сол Танас балам барсын.
Тайлақтың сөзін ханым мақұл етті,
520. Осы сөз де рас болып халыққа жетті.
Қасына он бір жігіт ертіп алып,
Ер Танас Қарабайға жүріп кетті.
Жүр еді хан Қарекең жалғыз өзі,
Танастың Қарабайға келген кезі.
Қарекеңнің алдынан қарсы келіп,
Жолығып ер Танастың айтқан сөзі:
– Қареке-ау, хан болыпсыз сізді көрдік,
Жасы үлкен бай екенсіз сәлем бердік.
Кешегі Сарекемнің заманында
530. Қайғысыз-уайымсыз жүруші едік.
Сарекем дүние салып кеткеннен соң,
Біз биыл құдіретпенен не көрмедік?
Жіберді кұдағиың, құрбың Тайлақ,
Алдыңа бір сәлемді алып келдік.
Қандай жауап бересіз, хан Қарекем,
Сөйлескелі, байеке-ау, келіп едік.
– Былшылдама, сөзіңе тіпті ермеймін,
Ұмыт болған сөзді мен жөн көрмеймін.
Сен он екің, к... қыс, үйіңе қайт,
540. Жетім ұлға құда боп, қыз бермеймін.
– Қареке-ау, ақылменен арбайсыз ба,
Жаратқан бір Тәңірді алдайсыз ба?
Ниет айтып ақыреттік құда болдың,
Тегінде қияметке бармайсыз ба?
Құдаңмен Тәңірі алдында беттестірсе,
Сол жерде қара жүзді болмайсыз ба?
– Мына сөзге мен тұрмын қайран қалып,
Қалың малың қойып ем қашан алып?
Сен он екің былшылдап сөйлей берсең,
550. Бәріңнің де кетермін басың жарып.
– Орын бар ма дүние үшін дінім сатар,
Бізге аударар күнәң жоқ атын атар.
Бұл мінезден қайтпасаң, шал Қареке,
Осы тәнің дозақтың дәмін татар.
Бетін топырақ басты деп жалған айтсаң,
Жаһаннам деген дозақта жанып жатар.
– Келіпсің сөйлескелі өңшең кедей,
Қайтсаңшы, жаның олжа, бірің өлмей.
Қой десем де, қоймайсың сен он екің,
560. Тым болмаса қайтпассың таяқ жемей.
Қареке-ау, жаман сөзді айтпа бекер,
Бұл мінезің өзіңді әуре етер.
Осы арада қыз бермей сен тұрмассың,
Қашып жүріп бір талай күнің өтер.
Менің әкем естісе, тек қоймайды,
Өзіңді байлап қойып қорлық етер.
Тым болмаса сұрашы қалың малды,
Сарыбайдың малы бар саған жетер.
Көрмессің Қарабайдай бейілі тарды, 570. Жылкыдан Бақа айғырды мініп алды.
Сегіз өрме, бұзау тіс қамшысы бар,
Бәрінің тарсылдатып басын жарды.
Ойлашы, Қарабайдың қайраты мол,
Өз ақылы өзіне болады жол.
Бір тау тесіп мойнымызға ілсе дағы,
Он бір аға үндемей қайтарлық жол.
Ұрыспай ол он бірі жүре берді,
Мінезін Қарабайдың көзі көрді.
“Ұрыссақ, ханым бізге өкпелер” деп, 580. Жардырып ап бастарын қайтып келді.
“Барсын” деп ханым бізге қылды жарлық,
Мен көрмеген жан едім қорлық-зорлық.
Мінезін Қарабайдың көре тұра-ақ,
Шіркін нәлет құдаңа кеше бардық.
“Біз сіздің тілің сыйлап барамыз” деп,
Қызыл тақия сый-сияпат киіп алдық.
– Ол кетер, бұл араны қылмас мекен,
Сол нәлет бір жолата кетсе-ақ екен.
Жалғыз-ақ бір тілегім – Қозы ер жетсе,
590. Бір адам бұны сөз ғып айтпаса екен.
Жұртына батыр Тайлақ қайту қылды,
Не қылсын Қарабайдай кәпір сұмды.
Ешбір адам аузына алмаған соң,
Аты өшкірдің аты өшіп ұмытылды.
Ал енді мына сөзді тербетелік,
Ерігіп айтпақ болдық біз не етелік.
Ханым мен Қозы Көрпеш жата тұрсын,
Ауғызып Қарабайды әпкетелік.
– Ойбай, қатын, қайдасың, бері келші,
600. “Құдай қосқан қосағым мені” деші.
Аулынан Сарыбайдың мазам кетті,
Кел, ауамын, үйімді жығып берші.
– Байғұс-ау, қандай адам серттен таяр,
Біліп пе едің, тайғанды Құдай аяр.
Тоқсан мыңды бұл жерден тентіретіп,
Қайда барсаң, осындай орын даяр?
– Бұған ермен өзгеңе ерсем дағы,
Кәрі басым қоршылық көрсем дағы.
Балталымен қоныстас бола алмаймын,
610. Тоқсан мыңды бір жауға берсем дағы.
– Қайтейін, мінезіңді шайтан бұзған,
Кісі едің шайтан бұзған, Құдай ұрған.
Бұл басымды келдеменен кессең дағы,
Бір отырған орнымнан өлсем тұрман.
Белгілі ерімейді іштің мұзы,
Өтпейді қатынына айтқан сөзі.
Үйді жығып, артуды білмей тұрса,
Ойына түсті Ай, Таңсық – екі қызы.
Айтады қыздарына келіп майда:
620. – Ай, Таңсық – менің екі қызым қайда?
Қақпас шешең тілімді тіпті алмайды,
Бір пайдаңды тигізші осындайда.
Сөзінен ызыңдаған қыздар өлді,
Амалсыз шақырған соң келіп еді.
Жылап жүріп үйінің бауын шешіп,
Талқан қып тоқсан нарға артып берді.
– Шырағым, екі қызым мені көрші,
Мынау кәрі ит атаңның ісін көрші.
Құдай қосқан жарынан тірі айрылған
630. Алдыма сұм Баянды алып берші.
– Қайран балам, кімдерге күң боларсың,
Қайран малым, кімдерге жем боларсың.
Обалдарың әкеңді жібермесін,
Үш сорлым, қандай жерде кем боларсың?
Қарабай тоқсан мыңмен өрге салды,
Жылқыдан Атқайыңды мініп алды.
Жетелеп Бақа айғырды жөнелгенде,
Жұртында қотыр ала тай қалмады.
Жер мен су, тау мен тасқа қоштасқалы,
640. Көшінен сонда екі қыз тұрып қалды.
Кеткен соң бұл арадан келмес мәні,
Жоқ еді бай болса да оның сәні.
Қарабай көше қашып жөнелгенде,
Ел-жұртқа екі қыздың қоштасқаны:
– Балталы, Бағаналы ел, аман бол,
Бақалы, балдырғанды көл, аман бол!
Кірім жуып, кіндігім кескен жерім,
Ойнап-күліп ер жеткен жер, аман бол!
Қара басқан қашқынды қоя берме,
650. Ел жақсысы Тайлақ би ақылы мол.
Осы ізі тоқсан мыңның соқпақ болар,
Жоғалмас, қайда барса қазылған жол.
Тайлақтың енді аман бол, қалған елі,
Аман бол, қалың ағаш, аққан селі.
Теруші ем еріккенде ермек етіп,
Екпе, жиде, алма ағаш көлеңкелі.
Сегіз сай тау біткенді сала, аман бол,
Халайық, қалған елдің шалы, аман бол!
Қарабай – қайын атаң сенен қашты,
660. Жөргекте Қозы Көрпеш бала, аман бол!
Ұзын өлке, жота мен төбе, аман бол,
Тайлақ би, ел жақсысы, көп, аман бол!
Изенді, мық жусанды, бетегелі,
Ақ көде, малға шүйгін шөп, аман бол!
Жасы кіші, аға мен іні, аман бол,
Іребдел өңшең мырза жаға, аман бол! ,
Қайын атаң Қарабай сенен қашты,
Жөргекте Қозы Көрпеш, тағы аман бол!
“Байлығын Балталының көрмеймін деп, 670. Тіліне ер Тайлақтың ермеймін” деп,
Кәрі атаң ақылы жоқ өрге қашты,
“Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп.
– Баянды бермей кетер саған боқты,
Айым-күнім атарсың қазалы оқты.
Күнінде күйеу болып келер болсаң,
Жолына біз тұрармыз айтқан тоқты.
Қозыеке-ау, піспей қалған сіз бір алма,
Бойыңа қуат бітіп, күш толар ма?
Қозы Көрпеш күйеу боп, біз қайын боп,
680. Иілісіп тұратын күн болар ма?
Қолынан ит Қарабай малын соймас,
Бір жерде дамыл қылып дәмге тоймас.
Құдайым тағдырында қосқан болса,
Қайда барсаң, онда бар, сені қоймас!
Үйіне Құдай айдап Қыдыр қонар,
Ер Лұқпан қолтықтап жолдас болар.
Егерде сапар қылып, бізді іздесең,
Осы ізі тоқсан мыңның соқпақ болар.
Балталы, Бағаналы халық, аман бол, 690. Жөргекте Қозы Көрпеш жалқы, аман бол!
Жеңеше, келін-кепшік, құрбы-құрдас,
Халайық бізді ойлаған жалпы, аман бол!
Барады белде-белде дәурен өтіп,
Ат мінген қара жорға қызды еңіретіп.
Таңертең тұрып калған сонда екі қыз
Кешке екінді болғанда келді жетіп.
Жөнелді сонда екі қыз белін буып,
Тым сұлу көркемдігі айдай болып.
Көшіне жылай-жылай әрең жетті, 700. Жылаған жасы атының жалын жуып.
Қарабай тоқсан мыңмен өрге салды,
Жылқыдан Аққайыңды мініп алды.
Су аяғы кұрдымнан ара қонып,
Осы тұрған Семейге жетіп барды.
Дамыл, аял көрмейді көзі терлеп,
Өзге жақпен жүре алмас малы кернеп.
Дамыл жоқ та, тыным жоқ көше беру,
Өне бойы жағалап Ертісті өрлеп.
Көше-көше талай жер барып қалды, 710. Барғанменен барқадар таба алмады.
Көл, қарасу бойына жетіп барып,
Қайқиып құм жағалап қайта салды.
Алатаудың жағалап ар жағымен,
Іле басы – Құлжаға тағы барды.
Ол жерде келіспеді мал тойымы,
Сірә, тоқтау болмады іш орынды.
Іледен қайта көшіп Шыршық барды,
Ұдай көшіп барады Сыр бойына.
Азғана сыр бойына дамыл алды. 720. Бір күні ол қаңғырып Қоқан кепті,
Тоқсан атқа бір белбеу сатып алып.
“Не қыласыз?” дегенде, “шұлғау” депті
Көшеді қысы-жазы дамыл көрмей,
Біраз елі калады оған ермей.
Сағынып Сарыарқаны қайта көшті,
Мазалы ел ішінде рақат көрмей.
Көрмессің Қарабайдай жарым есті,
Азырақ өзінен де қатыны есті.
Қырық күндік ыстық шөлге қайта көшіп, 730. Бетпақтың сары даласы барып түсті.
– Қырыстан салқын соқса, самал болар,
Мұнан артық не қиын қамал болар.
Құлын-тайым қырылып шөлдеді ғой,
Ойбай, қатын, айта көр, не амал болар?
– Не деп жауап айтайын бұл сөзіңе,
Құдай беріп қойды ғой мінезіңе.
Қырылмақтан жойылсын құлын-тайың,
Бұл қылық елден қашқан аз-ды өзіңе.
– Ойбай, қатын, өлсем де, тіліңе ермен,
740. Балталы мен ұрайын сақалдыңды.
Жалғыз тайым қалса да, өлсем, көрмен.
Көрмессің Қарабайдай жарым есті,
Бірталай көше-көше күні кешті.
Бетпақта бос қамалып жата алсын ба,
Одан көшіп Қарекең Шуға түсті.
Қарекең қырып-жойып Шуға барды,
Ақымаққа Құдай берген мұнша малды.
“Арқада қызы сұлу бай көшті” деп,
Торғауыттан бедеумен Қодар салды. 750. Жамағат, осы сөздің бәрі де рас,
Ерлігі асқан Қодардың о да бір мас.
Мақтауды қазақ аты көтере алмас,
Астында бедеуі бар алты құлаш.
Қодардың өзі ойланып бір ниетті,
Қамшы басты, бедеуін зар еңіретті.
Қуып жүріп, әркімнен сұрап жүріп,
Шу бойында қамалған байға жетті.
– Әрі-бері көше алмай бос қамалған,
Құлын-тайың шөлдеген кімсің? – депті. 760. – Көңілімді мың мен санға баламаймын,
Бенденің ілігіне жарамаймын.
Су аяғы құрдымнан қашып жүрген
Алла Тағала қаңғыртқан Қарабаймын.
– Қареке-ау, іздеп едім, кез келесің,
Қодар батыр мен едім, сен көресің.
Мен шөлдетпей Бетпақтан алып шықсам,
Қанеки, ақысына не бересің?
– Балам-ay, сен іздесең, кез келейін,
Құдай сені берген соң неге өлейін. 770. Сен Бетпақтан шөлдетпей алып өтсең,
Қалың малсыз, борышсыз қыз берейін.
– Қыз берсең, сен – атасың, мен – баламын,
Не қылып тең құрбымнан құр қаламын.
Асыраған қызыңды мен алмаймын,
Жалғыз қызың Баянды мен аламын.
– А, балам, қайратыңды мен көрейін,
Жаманға сені не ғып теңгерейін?
Сен шөлдетпей шығынсыз алып өтсең,
Сүйген қызың Баянды мен берейін.
780. – Уағыда қылып серт қылсаң, сенсем екен,
Сенгеннен соң, соңыңнан ерсем екен.
Олай-бұлай қызыңның керегі жоқ,
Ақ Баянды, Қареке, берсең екен!
– Жас құлыным қырылды тамам, Қодар,
Бір су тауып бере көр маған, Қодар.
Сен шөлдетпей малымды алып өтсең,
Ақ Баянды беремін саған, Қодар.
– Қареке-ау, осы сөзің жақсы кеп пе,
Жалған жауап сөйлеуге сіздерге еп пе? 790. Бейнеттеніп Бетпактан өткізермін,
Дер кезінде, Қареке-ау, алдап кетпе!
– Ұнамаған адамға шөл арықпын,
Қулық қылған кісіге қас шұнақпын.
Қылап қып уағыдамды не ғылайын,
Серттен тайман, қызымды берерақпын.
– Құдай-ау, қайратыма дем бере көр,
Қареке-ау, жылдамырақ жөнеле бер.
Екі күрек, екі үлкен кетпенменен
Және сегіз көшіңнен мес бере көр.
800. – Сөзімді менің айтқан біле бер, – деп,
Атыңа енді отырмай міне бер, – деп,
Қодекең ұзын сызып жөнеледі,
“Менің осы ізіммен жүре бер” деп.
– Байталым, енді аяңда, бүгін ел жоқ,
Арқада Аягөздей мөлдір сел жоқ.
Сертіме бұл айтысқан жете алмасам,
Сірә, маған Баяндай бұраң бел жоқ.
Антұрған білдірмейді Қодар жасып,
Әр жерден жүз кісілік құдық аршып. 810. Су шыққаннан су шығар құдығының,
Суы жоғын толтырар меспен тасып.
Сол күндегі жандардан Қодар асып,
Мінезіне қайраты құп жарасып.
Қодекең шауып жүріп кимылдайды,
Аямай бедеуіне қамшы басып.
Сол күндегі жандардан Қодар епті,
Уағыда қылған сертіне анық жетті.
Жанды аямай қимылды қылып-қылып,
Не ғылса сол Бетпақтан алып өтті.
820. Аяқ жерде байталы болдырған соң,
Жаяу жүріп көреді көп бейнетті.
Етік қажап, бақайы қанап кетті.
... ... ... ...
– Байталым, неғыласың бүгін ел жоқ,
Арқада Аягөздей мөлдір сел жоқ.
Жиналған жан қуанар қыз көрген соң,
Баянды аламын деп көңілі тоқ.
Түнімен құдық аршып түске шейін,
Сондай құдық жасайды беске шейін.
Кейінің өз суы бар, кейінде жоқ,
830. Меспен тасып толтырар кешке шейін.
Жылқысы суға қанып тойып алды,
Қодардың әр нәрседен ойы бар-ды.
Мұны Құдай жаратқан сонша зар ғып,
Анық он кез өзінің бойы бар-ды.
Тоқсан мыңды неғылса қандырды тез,
Әдебі жоқ, мінез жоқ Қодардан без.
Кәпірдің денесінің бәрі де артық,
Жалпағы жауырынының үш жарым кез.
Қодардың өзі дардай, сөзі дардай, 840. Жүреді жанның бәрін көңіліне алмай.
Өзінің денесінің молын қара,
Сыңар ғана жұдырығы қол ағаштай.
Қарабай бұл жүргенін қылмас намыс,
Қодармен шөл далада болды таныс.
Өтірік қосқан емес осы сөздер,
Ұзыны жауырынының алты қарыс.
Бұралған тал шыбықтай ол Баян қыз,
Тым сұлу көркемдігі жұртқа аян қыз.
Өзінің денесімен бір ісі жоқ, 850. Содан үміт қылатын Қодардан без.
Қодар айтты: – Қареке-ау, құлағың сал,
Менің айтқан сөзімді жақсы ұғып ал.
Аягөзге жете алсаң тау бөктерлеп,
Ешқашан қауға тартып шөлдемес мал.
Арғы шеті Аягөз, Лепсі, Ұржар,
Тоқсан мыңға лайық сонда жер бар.
Бұл жақта бұдан артық су болмайды,
Тоқсан мыңға өзге жер болады тар.
Көрмессің Қарабайдай бейілі тар-ды, 860. Қодарға “Өзің біл” деп ақыл салды.
Қодардың сол тілімен көшіп келіп,
Жайлап қыстап Аягөз жатып қалды.
Қарабай, Сарыбаймен мерген екен,
Күні жетіп Сарыбай өлген екен.
Бұл ауғалы он үш жыл болып қапты,
Қыз Баян да он төртке келген екен.
Тал шыбықтай бұралған, өзі керім,
Мінеки, оны айтатын келді жерім.
Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян,
870. Сипаты жаннан аскан ол бір серім.
Тал бойының міні жоқ, қолаң шашты,
Шашының ұзындығы тізін басты.
Гүл төгілер аузынан меруерт тісті,
Ондай жан дүниеде жаралмас-ты.
Аппақ керік маңдайы, қылығы наз,
Малың түгіл басынды берсең де аз.
Сыртынан күлімсіреп сөйлесе де,
Көңілі қош болмайды, баймен араз.
Жұт айтатын темірлі күймесі бар, 880. Қозы Көрпеш дегенде дүниесі тар.
Анда-санда болмаса сөйлеспейді,
Жалғыз жатып Қозы үшін қылады зар.
Қас асыл бой жетті, алтын кірпік,
Шақырып Қодар келсе үйтіп-бүйтіп.
Қара көзін қан басып қарағанда,
Маңына жоламайды Қодар үркіп.
– Қайғылы менің көңілім тола ма екен,
Алланың сызығы екі бола ма екен?
Маңайға тантық құлды жолатқызбай,
890. Қорқытып қойған оны Құдай екен.
Баянды сұлу қылса Тәңірім қылған,
Атағымен-даңқымен дүние толған.
Тоқсан байдың баласы тоқсан сері,
Сыртынан көзі көрмей ғашық болған.
Жамағат, осы сөзден күдер үзбе,
Сипаты Баян кыздың жаннан өзге.
Баянға ғашық болып тоқсан бағылан,
Бәрі де іздеп шықты жапан түзге.
Бәрі де ғашықтықпен жаһан кезген, 900. Баршасы ғашық болып елден безген.
Тоқсан жолдың аяғы бір жол болып,
Бір жолда тоқсан сері кездей келген.
Іздеген Баян қызды соның бәрі,
Бірінен бірі артық ақылдары.
Бір өзінде он кісінің қайраты бар,
Баласы Нұрқара би Көсемсары.
Елінен іздеп шыққан тоқсан бала,
Ақылы тоқсанының тоқсан сала.
Бір өзінде тоқсан кісінің қуаты бар, 910. Баласы Қаратоқа Бұлан қара.
Елінен іздеп шыққан тоқсан ері,
Әрбірі жанға өлшеусіз көңілдері.
Қайсыбірін айтайын осалы жоқ,
Аяғы бес кісілік Көсем сері.
Бәрі де жапан түзде бек сөйлесті,
Қайғысын Баян қыздың жеп сөйлесті.
Біріміз-бірімізді күндемелік,
Бағымызды сынайық деп сөйлесті.
Қаратау, Тарбағатай жерге келді, 920. Жәйтөбе, Қатынсуы көлге келді.
Басынан Ақ сәуленің дүрбі салып,
Отырған Аягөзде елді көрді.
Сол күндегі адамнан Қодар мықты,
Қарсы басқан дұшпанын жерге тықты.
Ел шетіне “жау келді” деді дағы,
Айқайлап тоқсан ерге жалғыз шықты.
Сол күндегі жандардан Қодар епті,
Сескенбей тоқсанымен араласты.
Ықтыжарды білетін Қодекең бе, 930. Сол жерде тау соққандай майдандасты.
Әрі-бері тоқсанмен айқасқан соң,
Біреуі беттемейді, бәрі қашты.
Бәрін бірдей Қодекең жеңіп алды,
Бейне малшы қылды, малға салды.
Күймедегі Баянды көргені жоқ,
“Бұқа-буға” деген сөз содан қалды.
Қарабайдың тоқсан бір құлы болып,
Ен суда малын бағып жатып алды.
... Енді тоқта қызықты бір көрелік, 940. Ұмытпасақ, айналып бір келелік.
Қодар, Тоқсан, Қарабай жата тұрсын,
Балталыдан бір жігіт әпкелелік.
Осындай болса керек ердің ері,
Жаңа бір таңдайтұғын келді жері.
Елінен намыс үшін іздеп шықты
Тайлақтың кенже інісі Айбас сері.
Күшімді мың мен санға сынайын деп,
Бір санды садағымен бөгеймін деп.
Елінен намыс үшін іздеп шықты, 950. Сұраса, Қозы ер жетіп не деймін? деп.
Ойлайды: “Қай жекжатқа сенейін деп,
Не қылып ажал жетпей өлейін деп.
Елінен Айбас сері іздеп шықты,
Дұшпанға неге намыс берейін” деп.
Қараңыз ер Айбастың қылған ісін,
Бойында аямайды қуат-күшін.
Туысқан-туғаны, жақыны емес,
Іздейді жетім ұлдың хақысы үшін.
Ер Айбас ойланып жүр ол бір ниетті, 960. Қамшы басып бедеуін зар еңіретті.
Құр айыл, жіп кұйысқан тағып алып,
Тұлпармен Тайкөк деген іздеп кетті.
Ер Айбас Көктайменен өрге салды,
Ізімен тоқсан мыңның кетіп қалды.
Қазылған сара ізімен жүре-жүре,
Әйтеуір адаспастай болып алды.
Көктаймен кейде шапты, кейде желді,
Көреді серілікпен талай жерді.
Аз жүрсе, көп жүрсе де аман-есен, 970. Аяғы Жетісуға о да келді.
Сол күндегі жандардан Айбас мықты,
Болдыруды білмейді Көктай тіпті.
“Жұрттың айтқан мөлшері болды ғой” деп,
Бір биіктің басына келіп шықты.
Көреді батыр Айбас талай жерді,
Ит Қарабай сенделтті есіл ерді.
Сол биіктің басынан қарап тұрып,
Аягөзде отырған елді көрді.
– Астында патшалардың алтыннан тақ,
980. Болғай-ақ бұл ісіме Тәңірім жақ.
Нетейін бұрынғыңды, Көктайым-ай,
Барыңды бүгінгі күн қарыштап бақ!
Жер аулақта үш қызға бір сөйлессем,
Одан артық Құдайдан тілегім жоқ!
Бар Құдай бұл тілегін қабыл алды,
Тал түсте ел шетіне жетіп барды.
Өзенде жиде теріп, ойнап жүрген
Алдынан үш қыз душар бола қалды.
– Біреудің ашылмас бұл бағасысың,
990. Кіреуке алтын тонның жағасысың.
Елдің жөнін сұраймын, шырақтарым,
Тоқта, үшеуің қай байдың баласысың?
– Ағаеке-ау, асылзада сен бір ерсің,
Жадағай жапан түзде кез келесің.
Қорықпай Қодекемнен мұнда келген,
Жүрек жұтқан жанбысың, неғып жүрсің?
– Шырағым, тал бойыңда жоқ екен мін,
Иманнан қуаттанып ашылар дін.
Қодайтып “Қодекем” деп сөз сөйлейсің,
1000. Ол нәрсе қайдан шыққан, нәсілі кім?
– Тартынбас әр нәрседен Қодар тайып,
Естісе бұл сөзіңді үлкен айып.
Қодардың атасы жел, анасы жел,
Кез болған бар далада өзі ғайып.
– Ендеше Қодарыңды ойға алалық,
Мен бе едім сол итіңнен кем боларлық.
Құдайдан бұйрық болып, демеу болса,
Астына табанымның бір салалық.
– Ағаеке-ау, жақсы айтсаң, сөзің майда,
1010. Бір пайда тигізе көр осындайда.
Қодарды жеңіп бізге кек әперер
Алаштан асып туған ер ұл қайда?
– Астымда Көктайым бар тұлпармен тең,
Қодарды қылма уайым маған сенсең.
Елімнен әдейі іздеп арнап шыққан,
Құдай қосса, керекті соны жеңсем.
– Жоқ еді бір туысқан аға-жеңгем,
Көңілім жақын тартты сізге дем-дем.
Жақындық бізге таман сөз айтасыз,
1020. Ағаеке-ау, елі-жұртың болар кім-кім?
– Балталы, Бағаналы елден келдім,
Бақалы, балдырғанды көлден келдім.
Жұрты деп Сарыбайдың естушімең,
Ел жақсысы Тайлақ би елден келдім.
– Ағаеке-ау, бұл бір қызық заман екен,
Сізге деген жамандық бізге ме екен.
Су аяғы Құрдымнан келген болсаң,
Елі-жұрты, қой-қозы аман ба екен?
Сіздерге күмән шығар, өзіме аян,
1030. Елімнен іздеп келген келінім Баян. -
Қозы Көрпеш падиша халқымызда,
Қара орны хан тағында, халқым аман.
– Адамға біздей емес жат пенен өз,
Жапан түзде, ағаеке-ау, келесіз кез.
“Қозы Көрпеш, қыз Баян” деп сөйлейсіз,
Апалар, жөнін ұқтыр немене сөз?
– Жас кісіде артылмас сенен кеңес,
Біреуге бұйырғанды біреу жемес.
Бір мұңшылық айтамыз әншейін-ақ,
1040. Шырағым, сен есітер дәнеме жоқ.
– Құлақ кәрі, бой кіші, ақыл дана,
Көктаймен ауылыңа келдім жаңа.
Апаларың жасырса, мен жасырман,
Сөзің рас, шырағым, бермен қара.
Су аяғы Құрдымнан іздеп келдім,
Қозы Көрпеш шын жарың келін бала.
– Атамыз Қарабай да мерген шығар,
Талай жерді қаңғырып көрген шығар.
Қозы Көрпеш дегенді біз білмейміз,
1050. Суға сатып Қодарға берген шығар.
– Шырағым, келіп едім гүл-гүл жанып,
Келгенмен қуанбадым сөзге қанып.
Көңілің шыныменен жат боп кетсе,
Елімнен неге келдім азаптанып?
– Атамыз Қарабай да мерген шығар,
Қаңғырып талай жерді көрген шығар.
Қозы Көрпеш дегенді біз білмейміз,
Суға сатып Қодарға берген шығар.
– Байлығын Балталының көрмеймін, – деп,
1060. Тіліне ер Тайлақтын ермеймін, – деп,
Қарекең ақылы жоқ өрге қашты,
“Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп.
– Сәлем де, олай болса дұғай-дұғай,
Біз жүрміз қайғысында жылай-жылай.
Барлағалы айтып ем, ей, ағаеке-ау,
Көкіректе қаяу жоқ, куәм Құдай!
– Ауыздан айтқан сөзің дін емес пе,
Қалжың сөз періштеге куә емес пе?
Екі асыл ай мен күндей жар болған соң,
1070. Өзіңді кірлегенің мін емес пе?
– Ағаеке-ау, асылзада, сіз бір ерсің,
Ініңе сүй деп барып айтты дерсің.
Қылмаңыз сөзге налып жамандықты,
Жазамды арам болсам, Тәңірім берсін.
– Қасыма Баян, Таңсық қыз келесіз,
Қозының Айбасы едім сіз көресіз.
“Жылдам барып сөйлесіп, тез қайт” деген
Ініме сәлемдеме не бересіз?
– Сәлем де ініңізге, іздеп келсін,
1080. Келмесе, сорлы Баян дегені өлсін.
Көңілім кетті Қозыға, жаным мұнда,
Айтқан сөзді ініңіз қабыл көрсін.
Алтынды тон, жүзігім белгі болсын,
Қасына не қосады апам білсін.
– Қосқан соң ақылына екі қызды,
Екеуі жыламсырап көңілін бұзды.
“Ініңе сәлемдеме” деп береді,
Жүзік пен тоннан басқа бір тоғызды.
– Апалар, мұны ешкім көрмес пайда,
1090. Ойланбай іс қыласыз осындайда.
Бір тоғыз сәлемдеме бердіңіз-ақ,
Келген адам сый-сияпат жолы қайда?
Көктаймен келіп едім бір жыл желіп,
Көңілімді сіздер үшін аққа беріп.
Өз басым сабақты жіп тіпті алмаймын,
Шырағым, көңілім тойды сізді көріп.
– Құдая, сапарыма дем бере гөр,
Ағаеке-ау, жылдамырақ жөнеле көр.
Жатырмыз Аягөзді жайлап-қыстап,
1100. Ініңді кешіктірмей жеткізе көр!
Сөздерің, шырақтарым, тым-ақ майда,
Кім білінбей кетеді осындайда.
Соғыспай әдейі кеп неге кетем,
Дейтұғын Қодар, тоқсан итің қайда?
– Әзір Қодар сіздерге сөз бермейді,
Жалғыз сіздің өзіңе бөгелмейді.
Ініңіз бен екеуіңіз екеулеңіз,
Кәпірдің қайраты мол, бой бермейді.
– Көктаймен батыр Айбас өрге салсын,
1110. Құдай берсе, ондағы халыққа барсын.
Көзіме көрсет дағы қоя берші,
Итіңнен таяқ жесем, Құдай алсын!
– Кәпір Қодар бір тау ғой, кім таласар.
Денесін көрген жанның қаны қашар.
Ағаеке-ау, тілімді алсаң, көрінбей қайт,
Кетпестей сүйегіңе таңба басар.
– Бәле, бала сөзіңнің бұзығына,
Тәңірдің тоқтау болмас сызығына.
Жанға өлшеусіз құлыңды мақтай берме,
1120. Көрсет дағы қарай тұр қызығыма.
“Тіліне енді осының сенелік деп,
Тілеуін біз де мұның тілелік деп –
Үш қыз қалмай соңынан ере жүрді –
Қызығын екі алыптың көрелік” деп.
Үш қыз да тамаша ғып бұған ерді,
Таудай болған Қодарды Айбас көрді.
“Қыздарға қайратымды көрсетем” деп,
Тартынбай батыр Айбас жетіп келді.
– Мен Айбас, сен Қодарсың, жаңа көрдік,
1130. Тоңраңдаған сөзіңнен тамам өлдік.
Сізді білмей ауылға барып едік,
Қандай жаза қыласың, міне келдік?
Айбас келіп Қодарды сөзбен шалды,
Қодар батыр шоқпарын жұлып алды.
Үш қызға мақтанды да келіксіз құл,
Айбасты шоқпарымен салып қалды.
Айбас оның жауырынынан ұстап алып,
Бір-ақ ырғап Көктайға жұлып алды.
Көктаймен салақтатып желіп кетсе, 1140. Көктайы көтере алмай жата кетті.
Сол күндегі жандардан Қодар мықты,
Екеуінің аты ойнап бетке шықты.
Тұра сала екеуі атысқанда,
Келістіріп итіңді тағы жықты.
Астында Қодар жатып бақырады,
Күндей болып күркіреп ақырады.
Айбастың тізесіне шыдай алмай,
“Біздің тоқсан қайда?” деп шақырады.
Күркіреп “ұшан” сері келіп жетті, 1550. Япырмау, солар неден үміт етті?
“Қодекемді бас салып жатқан кім?” деп,
Бәрі бір-бір сойылмен салып өтті.
Бәрінің де сойылын жұлып алып,
Көктайға міне қашып Айбас кетті.
Артынан Бақа айғырмен Қодар жетсе,
Ұрып жығып серейтіп тағы кетті.
Құба жон жығылғаны беттің деймін,
Құдайға емессің құл, жетті деймін.
– Неғып тұрсың, Қодеке-ау, жауға шаппай,
1160. Дұшпаның анау қашып кетті, – деймін.
– Бұл тоқсан дәулетіме киім киді,
Жалғыз кісі кетірді біздің күйді.
Бір суырдың ініне ат жығылып,
Ақ жартасқа бұл басым жаман тиді.
Қас қарайып барады көз байланып,
Қууға тоқсан тұрсың ыңғайланып.
Сендер барып олжа ғып әкеле ғой,
Қуа алмаймын, басым тұр шыр айналып.
Қырды, жойды ер Айбас бөріктіріп,
1170. Үш қыз да қуанады көріп тұрып.
Нені қусын Айбастан үміт етіп,
Басы Қодар ұйлығып қалды тұрып.
Іс қылды батыр Айбас бойлай-бойлай,
Қырды, жойды, қиратты ерікке қоймай.
“Бізге де болысар жан бар екен” деп,
Күймеде Баян отыр ойнай-ойнай.
Қуанып сұлу Баян жүре берді,
Қайратын ер Айбастың халқы көрді.
“Тілдесіп мен үш қызға кетемін” деп, 1180. Жүгіртіп Көктайымен қайта келді.
– Қорықпандар, түк қылмайды мұндай жандар,
Сөзімді менің айтқан сіздер аңғар.
Әл-қуаты інімнің дым-ақ артық,
Сенсеңдер менікіндей үш есе бар.
Жөнелді батыр Айбас бедеуменен,
Көңіліне Алла салған демеуменен.
“Мұның да керек күні бола ма” деп,
Балға алды, қамшы-қамшы егеуменен.
Көктаймен батыр Айбас төмен шапты,
1190. Мәнісін тамам жолдың оймен тапты.
Қыздың берген белбеуі түсіп қалып,
“Қызыл белбеу”, “Құба жон” қоя сапты.
Сол Айбас тоқтамады тағы шапты,
Тамам жолдың мәнісін оймен тапты.
Бір суытқан айғыры шығып кетіп,
“Шұбар айғыр жорға” деп қоя сапты.
Сол Айбас тоқтамады тағы шапты,
Мәнісін тамам жолдың оймен тапты.
Қыздың берген мейізі түсіп қалып, 1200. “Мейізек” деп тау атын қоя сапты.
Сол Айбас тоқтамады тағы шапты,
Мәнісін тамам жолдың оймен тапты.
Жанындағы жаулығы түсіп қалып,
“Абыралы, Жалаулы” коя сапты.
Сол Айбас тоқтамады тағы шапты,
Тамам жолдың мәнісін оймен тапты.
Қыздың берген қарқарасы түсіп қалып,
“Қарқаралы” тау атын қоя сапты.
Сол Айбас тоқтамады тағы шапты, 1210. Тамам жолдың мәнісін оймен тапты.
Жанындағы шідері түсіп қалып,
“Шідерлі” деген өзен содан қапты.
Сол Айбас тоқтамастан тағы шапты,
Мәнісін тамам жолдың оймен тапты.
Аз жүрсе, көп жүрсе де есен-аман,
Бір күні ел шетіне келіп қапты.
Ел шетіне жақындап барған екен,
Бір қой жайған жақындап көрді шалды.
– Сейілде, қой жайған бай, сізді көрдік,
1220. Жасың үлкен екенсің сәлем бердік.
Бұл қойың кімнің қойы, ақсақал бай?
Жолаушы көптен бері жаңа келдік.
– Бар екен әр нәрседен мұның ойы,
Тартқан сымдай көрінер қырдың бойы.
Жарқыным, сен сұрасаң, мен айтайын,
Сарыбай ерте кеткен ханның қойы.
– Ақсақал, бай екенсіз сөзің майда,
Мен дағы жат кісі емес, мұны да ойла.
Сарыбай ханның қойы осы болса,
1230. Жалғызы – Қозы Көрпеш бала қайда?
– Шырағым, серілік бар сіздің бойда,
Білдім бе, білмедім бе, өзің ойла.
Қозыкең айдай болып жүрген шығар,
Осы жерде, қыз ұзатқан жақын тойда.
– Келгенім менің барып бірталай жер,
Бай-еке, бір пайдаңды тигізе гөр.
Айтарлық шерім де көп, мұңым да көп,
Жалғызды, тіліңді алса, шақырып бер!
Мінезі шалдың дағы текті дейді,
1240. Сөзіне әбден көзі жетті дейді.
“Шақырып, тілімді алса, келемін” деп,
Аяңдап топқа таман кепті дейді.
– Жалғыз ұл жастай қалған кездей келдім,
Жолдас болған атаңның кісісі едім!
Бір жігіт ат арытқан қылды керек,
Жүрсең ертіп алғалы келіп едім.
– Неғылып танымадың, байым зерек,
Ол неғылған кісі екен жаннан бөлек?
Жауыр атты мен жаба тоқып жүрсем,
1250. Мен сықылды көрпілдес неге керек?
– Атаңды жасыңда алған Жаббар Құдай,
Атадан жастай қалған сен сұмырай.
Жауыр атты сен жүрсең жаба тоқып,
Көктайын жауыр қылған саған орай!
Тіліне шалдың сонда ерді дейді,
Тілеген бір тілегін берді дейді.
– Не де болса сөйлесіп келейін, – деп,
Шалмен еріп қойына келді дейді.
– Ағаеке-ау, қой қасында сізді көрдік,
1260. Жасыңыз үлкен екен, сәлем бердік.
Шақырдың жас баланы неменеге,
Қандай іске жұмсайсыз, міне келдік?!
– Өсіпсің, кішкене едің, Қозым дардай,
Қайратың басым еді, шығара алмай.
Қайының айлық жерде жақын жатыр,
Сұм жалғыз, неғып жүрсің бір бара алмай?
– Ағаеке-ау, шақыртқан соң келіп ем тез,
Нанбаған айтқан сөзге жаманнан без.
Құлағым керең болсын, естігем жоқ,
1270. Қайта айтшы, қайын деген немене сөз?
– Байлығын Балталының көрмеймін деп,
Тіліне ер Тайлақтың ермеймін деп,
Қор атаң ақылы жоқ ерге қашты,
“Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп!
– Көктайың астыңдағы желмеді ме,
Барсаң, көзің, аға-еке-ау, көрмеді ме?
Әбден барып мәнісін біліп келсең,
Бір тоғыз сәлемдеме бермеді ме?
– Шырағым, барып едім сертке жетіп,
1280. Көктайды қарыштатып мен еңіретіп.
Тоғыз берген кінә жоқ келінімнен,
Бір құлдың түсіп қалды ызасы өтіп.
– Сөзіңе қыздар сіздің ермеді ме,
Асылдан сәлемдеме бермеді ме?
Бергені бір тоғыздай рас болса,
Шіркіннің бір белгісі келмеді ме?
– Қарабай – қайын атаң бейілі тар,
Қодар, тоқсан дейтұғын бір анты бар.
Сен бала, азырқанбай алсаң мұны,
1290. Үш түрлі мұнда келген белгісі бар.
Мақтады бастан аяқ Айбас оны:
– Бір іздемей жатырсың қайтіп оны.
Азырқанбай, сен бала, алсаң керек,
Жүзік, бешпет, келді ғой алтын тоны.
Белгісін алып келді, Қозы көрді,
Көрген соң Қозыкемнің көңілі сенді.
– Маған Тайлақ батасын берсін енді,
Алтын тонды Тайлаққа жібер енді.
– Аққу құстай жарқылдап оның мойны,
1300. Бұл дүниенің қызығы қылған ойны.
Бұралған тал шыбықтай сұлу Баян,
Іздеусіз Баян қайтіп жатыр қойны.
Өне бойдан сіркедей мін таппадым,
Көрмеген жаным екен, көңлім тойды.
Бармасаң осыны іздеп арман кетпес,
Енді ізде, не қыласың бөтен ойды.
Мен көрдім тоқсан сері бірдей келіп,
Бәрі де Баян үшін басын жойды.
“Тарыс берген соң тайсалма!” деген сөз бар, 1310. Бар көргенін ер Айбас айтып берді.
Қозыкең үйге келді беті терлеп,
Анасын шақырады “мұнда кел” деп.
“Ант бер” деп анасының қолын алды,
“Менің жарым кім еді, айтып бер!” деп.
– Түйеге сымбал тартқан теңдей болсын,
Суға аққан мұз бұзылып сеңдей болсын.
Атын атап, мәнісін айтқан қазақ
Екі беті жаралы мендей болсын!
– Ат мініп сары табан желмей ме екен,
1320. Ер жігіт жол бейнетін көрмей ме екен?
Неге жора бастайсың жалғызыңа,
Баласы үй ұзатып келмей ме екен?
– Барайын деп келіпсің сөзге “е” – деп,
Боз қасқаны мен айттым жолыңа – деп.
Келмейсің деп айтамын соның үшін,
Батыр Қодар шығыпты сорыңа – деп.
– Ажалым қайда жетсе, сонда өлермін,
Болмаса бір қызық жол мен көрермін.
Құдай кесел қылмаса қайратыма,
1330. Неғылып бір Қодарға бой берермін!
– Білемін артық емес Қодар күші,
Ол сол елді қорқытып алған кісі.
Қанша күшті болсаң да сен жалғызсың,
Қорқынышсыз болады елдің іші.
– Қодарға болысады сол жатқан ел,
Қыламын бір Аллаға мен тәуекел.
Ажалдан қашып пенде құтыла ма,
Тағдырға не болса да байладым бел!
– Байқасам, қажымайтын сен бір шоқсың,
1340. Көзіме туып менің, күйік бопсың.
Мен түсімнен шошып ем, жалғызым-ау,
Әйтеуір тірі күнде маған жоқсың!
Қайтейін мінезіңді жастық жеңіп,
Неғылса да бір хабар саған келген.
Құйрығың жоқ, жалың жоқ, жалғыз қылып,
Қайғыңды тартқызбаққа маған берген.
Қарағым, бұл сапардан қалсаң нетер,
Көзіңді мен сорлыға салсаң нетер?
Бұл жалғанда көре алмай, жалғыз балам, 1350. Қайғы ойлап бір сен үшін күнім өтер.
Артыңда ессіз қалды мың сан малың,
Отыз қатын алсаң да саған жетер.
Қуратып мен сорлыны тастап кетпей,
Елден таңдап бір сұлу алсаң нетер!
Қорқытып оны Қодар алды деген,
Айбастың айтқанының – бәрі бекер.
Жамандықты көрмеген, ей, құлыным!
Жол табылмай жапанда тентіретер.
Артыңда сен кеткен соң мен де өлермін, 1360. Не қайғы бар көретін мұнан бетер ...
– Алдымда неше қатар тұрса да оқ,
Тартынып бұл сапардан қалуым жоқ.
Сұлуын дүниенің жисаң дағы,
Бір жарымдай болмайды көңіліме тоқ.
Ей, жалғызым, кеттің бе,
Тірі тастап жалғанда?
Қызығынды көре алмай,
Мен сорлы қалдым арманда.
Мен не көрем ала кет!
1370. Дұшпаның көп аңдыған.
Жалғызым сен барғанда,
Құдай қосса жарыңды,
Еліңді ойла, алғанда!
Жалғызым, сені көріп ем,
Өліп барып талғанда!!!
Жылармын бір сені ойлап ертеңді-кеш,
Шешеңнің жылағаны бір бұл емес.
Анықтап Айбас саған айтқан екен,
Қызы еді Қарабайдың Баян еркеш. 1380. Сансыз жылқың, сан қойың қалды артыңда,
Кімге тастап кетесің Қозы Көрпеш?
– Ақылым бұл уақытта зерек емес,
Көп тұрмас ертеңгі күн болады кеш.
Сансыз жылқы, сан қойы қалса артымда,
Бір күнде қырылса да керек емес.
Байқасам тоқтамассың, сөзің бұзық,
Кеткеніңде қала ма анаң зарлап?
Сүйеніп қуат қылған жалғыз сен ең,
Кімдерге тапсырасың әдейі арнап?
1390. Қозының атқа мініп жүрер шағы,
Не десең де қиын-ды тоқтамағы.
– Тоқтасын деп айтасың соның бәрін,
Бір Құдайға тапсырдым сізді дағы!
– Шырағым, қартайғанда сені көрдім,
“Тоқтар” деп уайым ғып айтып едім.
Қапы қалма, шырағым, дұшпаның көп,
Жолың болсын, бар енді, рұқсат бердім!
Япырмау, осы жұрттың бейілі тар,
Бәрінің таратуға ниеті бар. 1400. Мен жүрмей бұл сапардан тоқтамаймын,
Ер Айбас, мінуіме қандай ат бар?
– Жылқыны араладым ерте-кешті,
Бірін жүйрік, біреуін берік десті.
Шыққыр көзім шықпаса мен таныдым,
Дейтұғын бір атың бар күрең бесті.
Жылқыдан бір күреңді алып келді,
Ерттеп дайын сапарға қылады енді.
“Арыздасып, қоштасып қаламын” деп,
Басы Тайлақ ел-жұрты бәрі тұрды.
1410. – Айтар сөзім бар, Тайлақ биім, саған,
Қайғымды ескеріпсіз жетім қалған.
Сапарымды тоқтатам дей көрмеңіз,
Құлдық ата, көңілің қалар маған.
– Шырағым, қайратыңа көңілім еріп,
Мен келдім қалайын деп сені көріп.
Тоқтатар сапарымды деп ойлама,
Амандасып қаламын бата беріп!
– Ендеше, батыр Тайлақ, аз тоқтай қал,
Артымда қалды менің есепсіз мал. 1420. Тапсырдым бар малымды, Тайлақ, сізге,
Соны бүгін түгендеп қолыңызға ал.
Жалғыздан тірі айрылған шешем қалды,
Тапсырдым, көзіңіздің оң қырын сал.
Қайтейін ызаменен мен барамын,
“Не болад, – деп, – жалғызым”, – болады зар.
– Күш-қуатым сен едің қартайғанда,
Сен кеткенде болмай ма заманым тар?
Көзінен елі-жұрты төкті жасты,
Баяндай іздеймін деп қолаң шашты.
1430. Қозының жүрмегіне көз жеткен соң,
Көрісіп елі-жұрты амандасты.
Тиыспай елі-жұрты зар жылайды,
Анасы тақат кылып жүре алмайды.
Шешесі Тайлақ бимен жүгіріп кеп,
Қолынан ер Қозының ұстап алды.
Оңды-солды бетінен сүйді дағы,
Артынан бата беріп тұрып қалды.
Қанша айтса да құлағына енер емес,
Қажымас қара болат майталман-ды. 1440. Ер Қозы жүріп кетті қатты дінді,
Шуылдап елі-жұрты салды үнді.
Қоштасып ел-жұртымен жылағанда,
Құданың құдіретімен жер сілкінді.
Шешесі айтты: – Қуарып жалғыз қалдым,
Жүремін қуат қылып енді кімді?
Ер Қозы амандасып жүріп кетті,
Еш уайым ойламайды қайғы тіпті.
“Осыған жолдас болып барайын” деп,
Жүгіртіп Көктайымен Айбас келді. 1450. – Ер Айбас, мен ініңмін, сенсің ағам,
Артылды талай жаннан сенің бағаң.
Қалды шешем, артымда қалың малым,
Тапсырдым бар малымды батыр саған!
– Бұл елге батыр Тайлақ би емес пе,
Бәрі де мал-басыңа ие емес пе?
Көріп келген жерімді тура бастап,
Сені ертіп апарғаным жол емес пе?
– Айбас-ау, мені ойыңда кем дейсің бе,
Сен менің қайратыма сенбейсің бе? 1460. Жалғызы Сарыбайдың Қозы Көрпеш,
Жетелетіп тапқаным жөн дейсің бе?
– Әкеңді жасында алды Жаббар Құдай,
Ұқтырды қайын атаң аулы бұлай.
Үш жүзікті енді алып Айбас берді,
Сәлемдеме үш қызға дұғай-дұғай.
– Ойлашы, мен кімдерден қалысармын?
Есен болсам бір барып табысармын.
Ендей малы қалды деп қызыққанмен,
Қасық қаным қалғанша салысармын.
1470. – Ойлама сені кімнен кем көрермін,
Мал-басыңды өз ініммен тең көрермін.
Бұл жалғанда жолықпай өліп кетсең,
Құрттай санап соңыра мен берермін!
Сол жерде Айбас қалды, Қозы кетті,
Көз ұшына бұлдырап барып жетті.
Қалуға Қозыкеңді көзі қимай,
Жүгіртіп Көктайымен тағы кепті.
– Жалғызым жөнелдің бе, бір Құдай деп,
Атыңның басын бұрма ел бұлай деп. 1480. Қалды шешең, артыңда қалың жұртың,
Қандай жауап айтасың немене деп?
– Жалғызың көрмегенін көрді, – деп айт,
Құдайым сұрағанын берді, – деп айт.
Басымды көп қаңғыртпай, халқыңа қайт,
Отқа түсіп балаңыз өлді, – деп айт!
– Жалғыздың әр қиыны... Шешіле-көр,
Періште отқа салмай өшіре көр.
Айтады қаталықпен, астапыралла,
Құдая, балалығын кешіре көр ...
1490. Ер Қозы жүріп кетті дамыл алмай,
Асады күннен-күнге күйеу талмай.
“Әйтеуір елдің жөні осылай” деп,
Қисапсыз көп қаңғырды ел таба алмай.
Бірталай жүре-жүре заман кешті,
Атқан аңның етін жеп, суын ішті.
Күнде мінген Күреңкей арықтайды,
Басына ғаріпшілік сонда түсті.
Күреңкей кейде жортқан, кейде желген,
Бір қамысты қопаға азар келген. 1500. Ер-тоқымын, жүгенін сыпырып ап,
Сол жерге тәуекел ғып қоя берген.
Қозыға жас та болса тілек берген,
Қасында жолдасы жоқ бұған ерген.
“Қозыкең түзде жүдеп жатыр ғой” деп,
Үйінде шешесінің түсіне енген.
Шешесі ерте тұра айғай сапты,
Басы Тайлақ ел-жұртын жиып апты.
“Қозыкең түзде жүдеп жүрген екен,
Бақсы, балгер, ойшыға “ойла” депті. 1510. Тайлақтай адам болмас асыл текті,
Неғылса да қылғаны сондай епті.
– Мал айтыңдар жолына Қозыкеңнің,
Халқына батыр Тайлақ жарлық етті.
Ер Тайлақ ойланды осы ниетті,
Көндірді бұл сөзіне осы көпті.
“Мен де айттым, мен де айттым” деп есеп қылса,
Қойы мыңға, жылқысы жүзге жетті.
Айтқан малдың бәрін де сойып алып,
Жоқ-жітік, аш-арықка үлестірді.
1520. Жетім-жесір, аш-арық, молла-қожа –
Бәрінің бір Аллаға діні таза.
“Құдая, ер Қозының жолын қыл!” деп,
Баршасы көп зарланып қылған аза.
Құдайым құр тастамас, сірә, көпті,
Дұға қылып, тасаттық тарап кетті.
Құданың құдіретіне қарасаңыз,
Жатқан жеріне бір үлкен керуен кепті.
Керуен қонғаннан соң Қозы барды,
Ішінде бір адам бар ақ сақалды. 1560. Қозының аты менен түрін көріп,
Өзгелерден шығарып қасына алды.
– Өзім қожа, молламын және өзім бай,
Сауда қылып келемін барып Қытай.
Атың арық, түрің жат, жапан дүзде
Жалғыз жүрсің неғылып, шырағым-ай?
Қожаға Қозы айтады енді бәрін,
Қожа білді Баянға ынтызарын.
Бастан аяқ Қожаға бәрін айтты,
Жарасымды Қозыкең баршаларын!
1570. Қозыны патшадан артық күтті,
Түс құбылтып жүретін дұға үйретті.
– Жанның бәрі дос емес мендей саған,
Бұл түсіңмен көрінбе, балам, – депті.
Қожадан жасырмайды әсте сырды,
Бірігіп он бес күндей дәурен сүрді.
Екеуі жапан дүзде уағыдаласып,
Қозыны қияметтік іні қылды.
Көреді батыр Қозы талай жерді,
Жақындап адасса да келіп еді.
1580. Құбылып, елді аралап үйренгенше,
Деді де бар сиқырын жазып берді.
Айрылды он бес күндік азық беріп,
Бар сиқырын білгенін жазып беріп.
Ел-жұртыңа айтамын хабарыңды,
Уағыда қылып табам деп өзі келіп.
Екеуі екі айырылып жүре берді,
Уағыда қылды Аягөз деген жерді.
Арада бір-ақ қонып, ертеңгі күн
Отырған Аягөзде елді көрді. 1590. – Ауылға алыс болса жуықтайын,
Күреңді бір жолата суытайын.
Барыңды қарыштап қал бүгінгі күн,
Баянды өксік болған уатайын!
Бір жерге Қозы аттан түседі енді,
Бір киім тазшаның реңін берді.
Аягөзде құдайлап келе жатса,
Өзенде қой жайған таз кездей келді.
Бір тазды бір таз келіп көзі көрді,
Жолаушы таз қойшыға: – Сөйле, – деді. 1600. Бұл қойың кімнің қойы, қой жайған таз,
Айта гөр елдің жайын бізге, – дейді.
Бар екен әр нәрседен бұның ойы,
Кесел екен бұл таздың өне бойы.
– Менің қойым деймісің осынша қой?
Қарабай деген дінсіз иттің қойы.
– Шадыр тазым, емессің сөзге майда,
Таз жел өкпе келеді осындайда.
Қарабай анттың қойы осы болса,
Тура сілте, антыңның аулы қайда?!
1610. – Япырау, сен менімен таныс емес,
Неткен жансың өн бойы толған кеңес.
Кешке шейін үш барып, үш қайтасың,
Ауылы Қарабайдың алыс емес.
– Сенімен сөйлесейін аңдай-аңдай,
Қандай жан екенімді байқай алмай.
Екі таз аулақ жерде сырласайық,
Бой жеткен Қарабайдың қызы қандай?
– Тәубеңді антұрған таз жаңыласың,
Қой жүні бөстегіңді жамыласың. 1620. Солардың құшырына жолығарсың,
Сен қызын Қарабайдың не ғыласың?
– Мұндар таз сөз айтқанын өнер көрген,
Жәреукелі келеді жалшы деген.
О да біздей жаралған адам шығар,
Соларға әулиелік қайдан келген?
– Көрмедім бұл жалғанда сендей тантық,
Соларға тең бола ма сендей шартық?
Сән-тұрманы, мүкәммал, киім анау,
Соның үшін сені мен менен артық!
1630. – Сұлу деп шығушы еді аруағы,
Артық болса, артық та оның бағы.
Біз де адам ғой, айтсаңшы, нең кетеді,
Қандай-қандай қызы бар сүйтсе дағы!?
Сөзіме менің айтқан нанбай ғана,
Ай, Таңсық екі қызы дардай ғана.
Қыпша бел, алма мойын сұлу Баян,
Сипаты сұлу Баян сондай ғана!
Көзбен көрмей ауызбен айтып болмас,
Өзі теңдес адам жоқ оған жолдас. 1640. Дидарын көрген адам көзі ұялар,
Жігітті ғашық қылмай, ерікке қоймас.
Мақтауға ауызым олақ, айта алмаймын,
Хор қызы кітаптағы ондай болмас.
Көргем жоқ оған орай бір жігітті,
Қолы жетпей жамандап адам оңбас!
Тоқсан бір Қодарменен сер бойдақ бар,
Маңына алмақ түгіл бір бара алмас.
– Жапанда, тазша ағаеке-ау, жүресің бе?
Құрбыңмен сен де ойнап күлесің бе? 1650. Байдың қызы малшымен сырлас болар,
Солардың тамыры кім, білесің бе?
– Апырау, мұның өзі неғылған жан?!
Сөзіме сөйлемеген іш қоймаған.
Сан қоймен ерте кетіп, кеш келемін,
Сен ант ал, білмесіме Құдайға нан!
– Тазша құл кәртәйіпсіз, сізді аяймын,
Сен кетсең орыныңа мен тұрайын.
Азат бол, көрінбестен үйіңе қайт,
Сан қойды сенің үшін мен жаяйын.
1660. – Жақты ғой құлағыма мұның маған,
Жанға соқпай жөнелсін мен кәрі ағаң.
Сан қойды менің үшін жайсаң, балам,
Қолыңа қалағаның тисін, балам!
Екі таз жапан түзде кез келеді,
Басы шалыс, аяғы жөн келеді.
Қарабай жаудың қойын аясын ба?
Тұрғын тазға жүз елу қой береді.
“Тәшкен барсаң, еліңді табарсың” деп,
Тазшаны түн қатырып жөнелтеді. 1670. – Шырағым, сен екенсің ердің ері,
Сендей ерді көргем жоқ көптен бері.
Көп қайта Қарабайды сен сұрайсың,
Шыныңды айт, сен Қозының қандай жері?
– Тазша құл, қой жаясың ерте-кешке,
Ғаріптік шаршағанда түседі еске.
Алашқа мені айтсаң, өлтіремін,
Қозы Көрпеш дегенің мен емес пе?
– Бетім-ау, мына біреу кісіге бақ,
Мақтаған шығушы еді сені аруақ. 1680. Қандай жан деп таң қалып жүруші едім,
Талтайған таз екенсің өзімдей-ақ!
Жетпейін мен нәлеттен тегіңе енді,
Жөн кетсең жараушы еді жөніңе енді.
Таз кепті басындағы жұлып алып,
– Мұндар таз, мұнда айналып қара! – депті.
Мынау қолдан жасаған кебім еді,
Рас Қозы Көрпеш екенін сонда білді.
Алаштың айтқан сөзі тура келді,
– Қайда барсаң, сонда бар, жолың болсын,
1690. Қосағыңмен қоса ағар, балам! – деді.
Екі таз екі айрылып жүре берді,
Ақылы Қозыкеңнің кемел еді.
Ауыл жата қойды айдап Қозы Көрпеш,
Аулына Қарабайдың ап келді енді.
– Ойласам, мынау ақырзаман ба еді?
Астында күрең шардақ шабан ба еді?
Мұнша кешке қойымды неге aп қалдың,
Ит-құстан, одан-бұдан аман ба еді?
Қарабай әлі ешнәрсе ойға алған жоқ,
1700. Қозыкең Баянды ойлап көңілі тоқ.
– Сен қорқатын ештеңе көрінбейді,
Қойынды оза шауып, жау алған жоқ!
– Білімсіздің айтқанын көп елеме,
Адамзат ақыл жетпей өлер деме!
Ойбай, қатын, бір нәрсе тамақ сайла,
Қарыны ашып келген бе тазша неме!
– Қарабай, ат мінесің бек тағалап,
Ақ қасқыр ауылыңды жүр жағалап.
Қара інген от басында шөгіп жатыр,
1710. Жүгірген бозша тайлақ жар жағалап.
Бай айтады: – Үш қызым, мені көрші,
Үшеуің шапшаңырақ бері келші.
Тазшаның тұспалдаған сөзі өтті,
Соның маған мәнісін айтып берші.
– Бұл тазша үйде айтты ғой дүзде айтқанын,
Білмейсіз бе, ақ қасқыр – сізді айтқаны.
Қара інген – от басында әжем бақыр,
Бозша тайлақ дегені – бізді айтқаны.
– Апалар, жасың үлкен, ойың теңіз,
1720. Сіздерге салайыншы мен бір кеңес.
Түрі жат, төркіні жат, әр нәрсесі,
Мынау сіздің күндегі тазшаң емес.
Қозыкең бір білінді өнер бастап,
Не қылғанын тұрады қыз байқастап.
Иіліп ақ боз үйге кіріп келді,
Сол жағының тізесін сипап тастап.
Қозының не қылғанын қыздар білді,
Ішінен бір сұмдықты біліп алды.
“Әлі де болса алды-артын байқайық”, 1730. Сығалап босағадан тұра қалды.
– Асылым, алыс жерден іздеп келген,
Құбылып бой жасырып біздің елден.
Шешем жатыр бір табақ өкпе сайлап,
Кім екенін білеміз осы жерден.
Бәйбіше сонда ішінен налып келді,
Табағына өкпесін салып берді.
Құлаш-құлаш өкпеге істік түйреп,
Қайқайтып қарағай табақ алып келді.
– Қарабай, менмін жарлы, сенсің малды,
1740. Бір өкпеден басқа асың қалай қалды?
Қашанғы зорлығыңа көнейін, – деп,
Қақ басқа табақпенен салып қалды.
Ағаш табақ басына қатты тиіп,
Қабағын Қарабайдың жаман жарды.
Қой шетіне Күреңді мықты арқандап,
Күңкілдеп тазша болып жатып алды.
– Біреу жарлы, біреу бай күндемелік,
Қылған ісін жаманның мін демелік.
Жарса-жарсын қабақты, ойбай қатын,
1750. Малды бақпай кетеді, үндемелік.
Баянды сұлу деді көрген халық,
Қозының Баянды ойлап жүзі сарық.
Қой шетінде Қозыкең ұйықтап жатса,
Соның нұры мың қойды қылар жарық.
Баян кеп анасына сөз айтады,
Ұялып ибадатпен аз айтады.
Бата алмай оятуға Қозыкеңді,
Түнде үш келіп үйіне, үш қайтады.
Ер Қозы аман-есен қызға жетті, 1760. Қыз Баян қосыла алмай болды дертті.
Сол үш қыз сөйлесем деп жетіп келсе,
Таң сарғайып артынан атып кетті.
Үлкен толғау түседі қыз ішіне,
Қой жамылып кетеді өз ісіне.
Бір сұм қызды жіберді қоймен бірге,
Тоқты кебін кигізіп терісіне.
Ер Қозы Күреңкейін мінеді ерлеп,
Елінен өзі жалғыз жүрген серлеп.
Бір кызды кеп кигізіп қыздар қосты, 1770. – Осының кім екенін біліп кел! – деп.
Қой келді, Қозы келді, тоқты келді,
Жапанға елден аулақ шыға келді.
Ел жоқ, күн жоқ жапанға келгеннен соң,
Қозыкең мұңшылықпен жылайды енді.
– Мұндайлыққа салды ием
Мен сықылды жалғызды.
Бір қыз үшін дертті боп,
Иттің де қойын жайғызды.
Мен елімде көруші ем
1780. Не сықылды әр қызды.
Бәрінен де көңілімді
Жалғыз Баян қалғызды.
Жолын білмей бұл шөлде,
Жер түбіне барғызды.
Ақылдасар кісім жоқ,
Тау мен тасты шалғызды.
Керуен кез боп жапанда,
Онан сиқыр алғызды.
Тазша кебін кигізіп, 1790. Кішілікті қылғызды.
Оянушы ем тал түсте,
Қайғымен ерте тұрғызды.
Дүниеде ғашық қатты екен,
Көңілді бұған бұрғызды.
Бере ме Тәңірім, бермей ме
Ынтықты болған бір қызды?
Қосылғанша мен соған,
Ішіме қайғы толғызды.
Атадан туған мен бір шоқ, 1800. Садаққа салар сайман жоқ.
Балталыдай жерім жоқ,
Бақалыдай көлім жоқ,
Ақкезеңдей белім жоқ.
Ер Тайлақтай биім жоқ,
Тай шаптырым желім жоқ.
Баян үшін қой жайдым,
Өте де шыққан дүние боқ.
Алдымда менің балам жоқ,
Жат жерде менің бағам жоқ. 1810. Артымда менің інім жоқ,
Сүйегімде мінім жоқ.
Ала алмасам осы жол,
Тіріде жүрер күнім жоқ.
Алдымда менің жалым жоқ,
Айдап та берер малым жоқ.
Алып та сені тынбасам,
Елге жетер халім жоқ.
Артымда менің құйрық жоқ,
Көңілден сірә жүйрік жоқ. 1820. Іздеп те келген қыз Баян,
Қосар да Тәңірім бұйрық жоқ.
Талаппенен келіп ем,
Танымады қыз Баян.
Кемдікпенен келіп ем,
Келеке етті қыз Баян.
Шыбын жаным түрғанда,
Бұл тілеуден қайтпаспын.
Сенен басқа хор қызы
Болса да көңіл салмаспын. 1830. Шашы күміс, басы алтын
Болса дағы алмаспын.
Танымасаң қыз Баян,
Танытқалы бармаспын.
Қамықпайын, тоқтайын,
Бұл қайғыға қанбаспын.
Сені алмасам осы жол,
Тірі де жүріп оңбаспын.
Құдай кесел қылмаса,
Тоқсан бір құлға болмаспын. 1840. Тынығайын біраз күн,
Бірін де бүйтіп қоймаспын.
Құдай сені шын қосса,
Қызығыңа тоймаспын.
Темірде күйме кілті жоқ,
Қыз Баяннан үміт жоқ.
Осында жүріп мен өлсем,
Сүйегімді іздер жігіт жоқ...
Ер Қозы жырлайды екен жалғыз жүріп,
Жүргенін кемшілікпен қайғы көріп. 1850. Манағы тоқты қашты енді ауылға,
Мәнісін осы сөздің естіп-біліп.
Тоқтының Қозы білді жайын тіпті,
Қайласы бар батыр ғой өзі мықты.
“Аңдып жүріп дұшпанға жолығар” деп,
Аузы-мұрын қан қылып қойға тықты.
Қой келді, Қозы келді, тоқты келді,
Үш қыз да қой алдынан келіп еді.
“Мәнісін еш нәрсенің білдің бе?” деп,
Оңаша қап тоқты қыздан сұрайды енді. 1860. – Апалар, азар келдім есен-аман,
Басыма түсті менің ақыр заман.
Білімсіздік қылмаңдар, әдеппен бар,
Мінезі Қозыкемнің тым-ақ жаман.
Апалар әрбір түрлі сөз айтады,
Қайғы тартып, уайым жеп айтады.
Ендігісін біле бер өздеріңіз,
“Құйрығым жоқ, жалым жоқ” деп айтады.
– Ендеше, тілегімді бір Құдай берген дағы,
Күл болып дұшпан оты сөнген дағы. 1870. “Құйрығым жоқ, жалым жоқ” деп сөйлесе,
Құбылып тазша болып келген дағы.
Күні бітті уәделі келер деген,
Көп сарғайған жарым ғой қайғы жеген.
Мен кешеден танып ем, тек емесің,
Жүрегім көрген жерден лүпілдеген!
Жүгіріп қой алдынан қыздар келген,
Келе жатқан қыздарды Қозы көрген.
Соңынан қыздар еріп бір қалмады,
– Азырақ сөйлессеңіз қайтер екен?
1880. – Аягөз қарамаймын терегіне,
Қыз Баян үкі таққан желегіне.
Қодар мен тоқсан алып тұрған шақта,
Көбеген таз сендерге керегі не?
– Қодар ма еді Баянның ғашық жары?
Жолдас болған кісінің болмас ары.
Алыстан тоят алып ұшып келген,
Кәнеки, жібек баулы ақсұңқары?
– Не қылсам табылады бойымда еп,
Сиқырменен жүремін басымда кеп. 1890. Таз кепті басындағы жұлып алды,
“Ендеше мен ақсұңқар болайын” деп.
Таз кепті жұлып алып бетін ашты,
Баян қыз қуанғаннан жаман састы.
Екеуі бірін-бірі таныған соң,
Қуанып тұра сала құшақтасты.
Құшақтап қанша тұрды кім біледі?
Екі қыз бір жыласып, бір күледі.
Ай мен күндей екеуін толықсытып,
Бұраңдатып шеткі үйге ап жүреді. 1900. Киімі Баян қыздың бәрі жібек,
Алтын сырға, білезік жаннан бөлек.
Үлде-бүлде мамықтан төсектері,
Екі апаның көңілі тіпті зерек.
Төсекте бүгін олар жатқан да жоқ,
Бірін-бірі көрген соң болады тоқ.
Жиылды серілердің бәрі ойынға,
Ішінде Қозы, Баян жайнаған шоқ.
Баян айтты: – Қозыкем келдің, – депті,
Аман-есен, қарағым, көрдің, – депті. 1910. Есен-аман екеуі көріскен соң,
Қайғының ішіндегі бәрі кетті.
Киімі Баян қыздың тиін болды,
Сол жерде бір келете жиын болды.
Сол қалжыңмен таң атқан соң,
Қайта кебін кимегі қиын болды.
– Киіңіз кебіңізді, арланбаңыз,
Осылардан басқаға сыр бермеңіз.
Кішіліктен еш нәрсе кемілмейді,
Аңдып жүрген дұшпан бар, еш сенбеңіз.
1920. Некелеп, адал жарым деп жүріпті,
Аңдып жүрген дұшпан деп сақ жүріпті.
Күндіз тазша, ол түнде Қозы болып,
Тым болмаса бір жылдан көп жүріпті.
Іздеп жүріп Қозыкең тапты қайнын,
Нені іздесе, тамаша бәрі дайын.
Баян мен Қозы Көрпеш көңілі тынды,
Қодекеңнің айтайын енді жайын.
Қодекең жылқы жайып жүрер еді,
Ұялмай бұған қайтып қыз ереді. 1930. – Жылқыдан көш ат бөліп айдап кел, – деп,
Қодекең ерте тұрып жібереді.
Жылқыда Қодар жүрген қосты бойлап,
Жүреді тоқсанымен күліп-ойнап.
“Көшет” деп ертең ауыл хабар барса,
Көш атқа алпыс саяқ келген айдап.
Қодекең Бақа айғырмен зар желеді,
Мінезін Қодыкеңнің халық көреді.
Арсаңдап жылқыны айдап жетіп келді,
Тысқарыда Қозы Көрпеш кез келеді. 1940. – Бері кел, тазша, бойың қысқа, – дейді,
Адам жоқ сенен басқа тыста, – дейді.
Бұлғақтап қара жорға ұстатпайды,
Жеңгеңнің атын келіп ұста, – дейді.
– Мен тазша, сен Қодарсың, ой ойлаймын,
Қыңырайыссаң қыңырайыс, бір болмаймын.
Атын ұстап шұнақ құл өзің жалын,
Ілгері Күреңменен қой айдаймын.
– Қап-қап тазша, қап тазша, мен не етермін,
Бақа айғырға қамшысын еңіретермін. 1950. Қиын жерде қысталаң сөзің өтті,
Көш жөнекей теперіш көрсетермін.
Көш келді, қыздар келді, Қодар келді,
Бұлықсып Бақа айғырмен желеді енді.
Үш қызға мақтанды да келеңсіз құл,
Тазшаның жауырынан ұстайды енді.
Қозыкең сол арада ой ойлайды,
Тартыспайын десе де құл қоймайды.
Сүйретіп Бақа айғырдан жұлып алып,
Көтеріп Күреңкейге жүре алмайды. 1960. – Тілесең, тілегіңді Тәңірім берер,
Құданың қылғанына бенде көнер.
Тіршілікте, тазша-еке-ау, ұмытпайын,
Қоя берші, кешегі жеңгең көрер!
– Жапанда, мықты болсаң, өнер баста,
Құдай қолға берген соң мықтап таста.
Мұнан басқа дәл сенің дұшпаның жоқ,
Шамаң келсе аяма, тым-ақ саспа!
Қозыкең әр өнерді бастайды енді,
Көңіліне жамандықты қоспайды енді. 1970. “Не етейін қанын жүктеп осы иттің” деп,
Анадай жер лақтырып тастайды енді.
Басылып Қодар көңілі болды баяу,
Бір сұмдық көңіліне кірді қаяу.
Қарабай ерте көшіп, кеш қонады,
Келеді ұзақ күнге Қодар жаяу.
Әр жерде Қодар шаршап отырады,
О дағы өз елінде батыр еді.
– Бері кел, қойыңды айдап қасыма ер, – деп,
Қозыкең Қарабайды шақырады: 1980. – Қарабай шал, қартайғанда бері келші,
Өзіңе қас қылғанды досым деші.
Қойынды мен серкештеп еткізейін,
... ... ...
Қарабай шақырған соң келді дейді,
Боларын бір сұмдықтың білді дейді.
Қозыкемнің дегенін екі қылмай,
Амалсыз шақырған соң келді дейді.
– Қарабай, жайлы қоныс, қыста, – дейді,
Көңіліңді сүймей асқа қыспа, – дейді.
Құрдымнан су аяғы қашқан итсің,
1990. Құйрығын Бақа айғырдың ұста! – дейді.
Қарабай бармаймын деп қарыспайды,
Сөзбенен ерегісіп жарыспайды.
Қайратын Қозыкеңнің көргеннен соң,
Құйрығын Бақа айғырдың келе ұстайды.
Ұстатып құйрығынан өрге жүрді,
Қарабай ғаріп жаннан күдер үзді.
Жалдатып өрге жүріп келе жатса,
Байқамай бір жар тасты жаман сүзді.
Сөйледі сонда Қозы қызға қарап, 2000. Қор қылды Қарабайды итке балап.
– Атаң қошқар болған ба, тас сүзет! – деп,
Алып келіп тастайды көзіне ұрып.
– Емін-еркін жапанда жүре алмадым,
Уайымсыз-қайғысыз тұра алмадым.
Су аяғы құрдымнан қашып едім,
Жақсының қасиетін біле алмадым.
– Әкем жалғыз жапанда жүретұғын,
Қартайса да, ақ қайың мінетұғын.
Оңалған соң Тәңірі ұмытатын,
2010. Ыңқылдаса ақылы кіретұғын.
Қозыкең Құдайына сыйынады,
Қайраты Қозыкеңнің қызға ұнады.
Бір көште екі ақымақ бейнет көріп,
Қас қарая алды-арты жиылады.
Бас қосқан соң сөйлейді екі ақымақ,
Қарабай Қодарға айтты: – Малыңды бақ!.
Сөзіне Қарабайдың бойы балқып,
Тантық Қодар жылқыға болды шықпақ.
Қодар айтты: – Қарабай сөзіме ерсін, 2020. Қодар батыр – күйеуім менің, – десін.
Биылғы жыл жылқыға жұт болады,
Қайраты бар тазшаны маған берсін.
Қодардың осы сөзін Баян сынар,
Қызығына тойған жоқ күнде құмар.
– Қарағым, тілімді алсаң, Қодарға ерме,
Ақылы жоқ, тантық құл жазым қылар.
Қодарсыз Қарабайдың көңілі күпті,
“Жылқыға тазша барса, қайтер” депті.
– Осы иттің тілін бір жол алайын, – деп,
2030. Тәуекел бір сапарға еріп кетті.
Түйемойнақ, Жылытау айдап барды,
Қой маңыратқан жылқысын әрі апарды.
Арғы шеті Сауыр мен Сойқал қылып,
Жылқыны қоя беріп жатып алды.
Жылқыға тіпті жайлы Қодар маман,
Сырт дұшпан бата алмайды, бұл бір қабан.
Қодекең шүйгітеді қайдағы отқа,
Жылқысы семіз шықты есен-аман.
Жапанда батыр Қодар ой ойлайды, 2040. Тарпаңды асауменен бір қоймайды.
Алты ай шығып, жаз шығып, қар кеткен соң,
Жылқыны елге таман қайта айдайды.
– Жолдастар, сөздеріңді оң көрейін,
Ауылға жылдам барып бір көрейін.
Жеңгеңді сағындым ғой, жіберіңдер,
Сендерге өрік-мейіз әкелейін.
Күнінде Бақа айғырмен Қодар салды,
Қостан шығып Аягөз елге барды.
Ауылға үш-ақ күндей еру қылып,
2050. Төртінші күн жылқыға қайта айдайды.
– Ебін тапқан екі асар, амалдаған,
Тәңірім дәулет беріпті мұнша маған.
Жиырма жылқым өлді осы қыстан,
Қара малдың түп-түгел бәрі де аман.
Ойласам, батыр Қодар сенсің, – дейді,
Жиырманың ол несін шығын, – дейді.
Мұндағы қара малым аман, – дейді,
... ... ... ...
Сең ұрып бір жүз қойым суға кетті.
Жапанда өңшең жалшы қулық бастар, 2060. Бірінің айтқан сөзін бірі қостар.
– Өзің барып жылқыны қайтарып кел,
Арық-шеру уақытта қырып тастар.
Қаңтарда қарыс жауған қардай болды,
Алты атан сымбыл артқан нардай болды.
Жылы сөзді есітіп қайта салды,
“Өзің баршы” дегенге дардай болды.
Қодекең үстіп жүрер күндері өтіп,
Қарабай қойды мұны әуре етіп.
Баянды алмақ түгіл, көрген де жоқ,
2070. Арсаң қағып жылқыға келді жетіп.
– Қодеке-ау, есен барып тез келдің бе?
Жеңгемді күймедегі сен көрдің бе?
Кетіп ең дардай болып сен мақтанып,
Қанеки, өрік-мейіз әкелдің бе?
Не қылсаң көңіліңді енді суыт,
Жемес астан бұл неме қылады үміт.
Дәл бір аяқ мейізді қойып еді,
Асығыс боп ауылда қалыпты ұмыт.
– Қодеке-ау, олай болса мен желейін,
2080. Ел-жұртты сағындым ғой бір көрейін.
Киімім кірлеп кетті, жеңім тозып,
Кір-қоңымды жуғызып тез келейін.
Барсаң жылдам келе ғой барып қана,
Бір мықты атпен келе ғой салып қана.
Үш күн жатып жегенім жарты мойын,
Аштан өліп қаларсың, тазша бала.
Кеше ғана кетіп ем, мен жолықпай,
Өрік-мейіз келе ғой алып қана!
Баянды көрген емес өзі барып, 2090. Мақтанып жүреді екен құр ұйғаріп.
Алты ай жүріп отарда батыр Қозы,
Сағынып ғашық жарын келді салып.
Айтайын ер Қозының келген жайын,
Қозыкең көп сағынған туған айын.
Кебін тастап, Қозы боп күймеге енді,
Ойына алған нәрсенің бәрі дайын.
Үш қызбен қалжыңдасып отырғанда,
Айтады да, күледі Қодар жайын.
Мінгені Қозыекенің жүйрік кер-ді, 2100. Тоғыз, он күн күймеде қызық көрді.
– Қарағым-ай, етің кірлеп кетіпті, – деп,
Ішінен торғын көйлек тігіп берді.
“Қодар көрсе, қодаңдап ызыңдар” деп,
Көйлегінің жағасын бүгіп берді.
Қозыкең тар күймеде ой ойлайды,
Ойын менен күлкіге бір тоймайды.
Тоғыз, он күн күймеде ойнап күлсе,
Қарабай:”Қайтпай ма?” деп ызыңдайды.
Жылқыға ертең Қозы бармақ болды,
2110. Баянның нұрын ойға алмақ болды.
Баян айтты: – Қарағым, кешікпей кел!
Осы сөзі Баянның салмақ болды.
Жүрген-тұрған баршасы ойдан шығып,
Баянды көргеннен соң көңілі толды.
Мінгені Қозыкемнің кер-ді дейді,
Қайраты мың кісілік ер-ді дейді.
Тоғыз, он күн Баянмен ойнап күліп,
Ер Қозы жылқысына келді дейді.
– Мұндар таз, асауменен сен желдің бе,
2120. Күймедегі жеңгенді сен көрдің бе?
Он күн жатып, шіреніп азар келдің,
Кәнеки, өрік-мейіз әкелдің бе?
“Салалық, кел, әңгіме” – десіп отыр.
Бір мейіз жан қалтадан жесіп отыр,
“Қодекеме мейіз бер, – деп айтып ем, –
Қодарға құрт ала бар”, – десіп отыр.
– Құрық салса Бақа айғыр бойлайтұғын,
Қоста жатып Қодекең ойлайтұғын.
Кешегіде жолықпай кетіп едім,
2130. Әзіл тастап жеңгеңіз ойнайтұғын.
– Қыздардың келіспеді сізге түрі,
Сен дегенде бәрінің күңкілдері.
“Қодекеме мейіз бер” деп айтып едім,
“Адыра қалсын Қодарың!” деді бірі.
– Қарабай – қайын атаң, о да кәрі,
Тар күймеде Баян қыз Қодар жары.
Айтса-айтсын, сұм тазша, дәнеме емес,
Тұлпардың өз тұяғы бізге дәрі.
Қарабай – қайын атаң малын сойды,
2140. Тарқады жамағаты, дәмге тойды.
Қайын атаң айтады саған сәлем:
“Қысыр бөліп жылқыдан әкел дейді.
Той қылып, қымыз беріп елді жиып,
Баянды күйеуіне қосам!” дейді.
Қарабай – қайын атаң сені мақтап, Мініп жүр бедеуіңді сендей баптап. ”Марғау кетсін Қодарың, тимеймін” деп,
Сідігін саған қойды қыздар сақтап.
– Сұм тазша, олай айтсам, бұлай дерсің,
2150. Мінезің сондай жаман, өзің көрсің.
Айтқаныңның бәрі – бейне мазақ,
Сен менен осы жерде таяқ жерсің!
Қодеке-ау, тіпті жаман бұл мінезің,
Баянға түрленерлік келді кезің.
Қыздар да ғашық екен мінезіңе,
Қасақана айтып ем қалжың сөзім.
– Олай болса, тазша еке-ау, ой ойлайық,
Тарпаңды асауменен бір қоймалық.
Өзге жаман жанымды тындырмайды,
2160. Екеуміз бие бөліп елге айдалық.
Мен күйеу ғой, тұрайын сонда қырын,
Сен білесің ағаңнын ішкі сырын.
Мен барғаным ауылға ұят болар,
Желі, тоқпақ, құрықпен әкел бұрын!
Қозыекең әр өнерді бастап келді,
Күндей желіп күреңді бастап келді.
“Осыған мен бір істі көрсетем!” деп,
Құрық, тоқпақ, желісін тастап келді.
Қозының алтын жүзі жарқылдайды, 2170. Тантық Қодар күңкілдеп тарқылдайды.
– Құрығы жоқ, тоқпақ жоқ, құр қол болып,
Мұны қайтіп ұстар деп барқылдайды.
Қозы мерген садақпен қу атады,
Жазым болса орнында су ағады.
Желінің құлаш-құлаш қазығы бар,
Бармағымен басып-ақ зымыратады.
Қозының қайратына жұрт таң қалды,
Қайраттанып жылқыға жетіп барды.
Құйрығына қол тисе алып келіп,
2180. Бар асауды көгендеп тізіп салды.
Көрген соң Қодар мұны болды дертті,
Ала бедеу байталмен келіп жетті.
“Менің айтқан сөзімді кер салдың” деп,
Келістіріп кақ басқа салып кетті.
– Мал бағар қысты күні малды кісі,
Балуанға түседі әлді кісі.
Су аяғы құрдымнан келген болса,
Құлдан таяқ жей ме екен жанды кісі?
Қозыкең мұны естіп жетіп барды,
2190. Қодардың жауырынынан ұстап алды.
Қодар да аянбай-ақ тартысса да,
Ала бедеу байталдан жұлып алды.
Қап-қап тазша, япырмау, не еттім, тазша,
Жақсылығым басыма жетті тазша.
Қодеке-ау, сен де ойнадың, менде ойнадым,
Сенен артық, Қодеке-ау, нені ойнадым?
Бұзау тіспен кетіп ем тарсылдатып,
Үлкен аға ойынымды көтерер деп.
– Ойнап ем, ашуланып соған не еттің?
2200. Түбіме ойнаған боп әбден жеттің.
Өтірік айтсам, тазшаеке-ау, олда оңбайын,
Кел коя бер, бұтыма тышып кеттім.
Қозыкең бір білінді өнер бастап,
Қодарды да қорқытты ерге жастап.
Тұңғиық қара суға иірім-иірім
Қодарды Қозы кетті атып тастап.
Қор болды батыр Қодар мысы құрып,
Суға кетіп қалсын ба қарап тұрып.
Қарбаң-құрбаң алақтап бойы ұзын құл 2210. Суға кетпей шығады құлаш ұрып.
– Мынау да мықты ит екен ойға алалық,
Мұнымен табандасып не қылалық.
Аударысқа қолында бар тәсілі,
Қатарлап он кетпенді оқ салалык.
Қатарлап он кетпенді алып кепті,
Өңшең батыр сауықшыл жиылады.
“Бисміллә” деп ер Қозы тартып еді,
Он кетпеннен қол оғын өткізеді.
Қодар тағы келді сертке жетіп,
2220. Оғын тізіп, бедеумен зар еңіретіп,
Мақтанып батыр Қодар тартып еді,
Тұрады бесеуінен азар өтіп.
– Ажалсыз бұл жалғанда жан өле ме,
Жиылған қайратымды жұрт көре ме?
Оқ атқанда қолында бар тәсілі,
Күрескенде маған жан пар келе ме?
Қодарға күресуге Қозы барды,
Біле ме тантық Қодар ұят-арды?
Ең астына Қодарды салып қойып,
2230. Бейне жүктей тоқсанды үйіп салды.
– Қап-қап тазша, қап тазша, неттім тазша,
Жақсылығым басыма жетті, тазша.
Қоста отырып қымызды көп ішіп ем,
Бұтыма тышып-тышып кеттім, тазша.
– Қодеке-ау, болған жоқ ед жазық менен,
Өлді деп сен антұрған қайғыменен.
Тышпақ түгіл, антұрған, құсып жібер,
Өз обалың өзіңе, бәрі өзіңнен.
– Сұм тазша, енді сенің бейілің тар ма,
2240. Көңіліңде бұзық-бұзық ойың бар ма?
Сындырдың қабырғамды мертіктіріп,
Қоя бер, Тәңірі алғыр, тынышымды алма!
Қор болды тоқсан бірі есі кетіп,
Құдай мұны қойды ғой тентіретіп.
Жылқы жайып неғылсын дүзде жүріп,
Қойына жүре берді өлеңдетіп!
Қозыкең көрінеді өнер бастап,
Қыздар да қуантады сөзін қостап.
Аяңдап батыр Қозы жөнеледі, 2250. Таудай қылып тоқсанын үйіп тастап.
Қиратып батыр Қозы жөнеледі,
Алысқан майдан жері кемер еді.
Жайланып батыр Қозы келе жатса,
Алдынан сұлу Баян кез келеді.
– Баян-ay, менің айтқан сөзім тында,
Осы ма қорыққандарың, астапыралла!
Шақырды сені Қодар тез келсін деп,
Байғұстың қабырғасын барып сыла!
– Жазылар өзі Қодар біздер бармай,
2260. Байғұсты қор қылдың ғой, тілімді алмай.
Тірі тастап кеттің бе бейшараны,
Сақ боп жүр, ал қарағым, қапы қалмай!
Сырты алтын, іші күміс оның үйі,
Күнде дәурен неғылса келер күйі.
– Жеті күн жиын, тарқар жиын бар, – деп,
Сауын айтты сол елдің Сасан биі.
Ол Сасан сауын айтып жарлық етті,
Елінде бір би еді қасиетті.
Асының айтқан күні болғаннан соң,
2270. Басы Қодар, Қарабай асқа кетті.
Аулында тірі жан жоқ, қалды тазша,
Қозы Көрпеш болады кебін ашса.
“Аман бол” деп таз кепті жұлып тастап,
Күйеуін киіндірді бейне патша.
Аулында тірі жан жоқ, тазша қалды,
Басы Қодар түк қалмай асқа келді.
Он екі күн бұршақты төгілдіріп,
Күн жайлатып асшыны қамап салды.
Ел көрді өзен болып аққан селді, 2280. Қамады он екі күн тамам елді.
Ойнап-күліп Баянмен мауқын басты,
Елді сонда-ақ босатты, күн ашылды.
Қызық көрді келгенше бір қаныбет,
Қодар қыздан қылады үлкен үміт.
“Малда тазшам бар еді, тойғызам!” деп,
Теңдеп алған Қозыға екі қап ет.
Қодар сырттан биледі біткен малды,
Мұндай адам көрмессің бейілі тарды
– Мал баққан тазшам қайда, ет берем, – деп,
2290. Келе сала ауылға айғай салды.
Дауыстап айғай салып Қодар жүрді,
Ақымаққа Қозы мен Баян күлді.
Қозы менен Баянның жатқан жайын
Бір қатын кеп Қодарға естіртеді:
– Бекер босқа жүресің, Қодар батыр, жар-жар,
Менің айтқан сөзімді тыңда да тұр, жар-жар.
Ойлап тұрсам жүзінде жоқ екен ар, жар-жар,
Сен кеткелі он үш күн болып қалды, жар-жар,
Сонан бері бикешпен бірге жатыр, жар-жар.
2300. Күнде жиын, күнде ойын, рахат онда, жар-жар,
Беріп жатыр мырза боп, елге сыйын, жар-жар.
Қозы Көрпеш жүр екен тазша болып, жар-жар,
Көрсетейін сен жүрсең жатқан жерін, жар-жар.
Қодекең естіп білді осы халді,
Іші күйіп кәпірдің басы айланды.
Артын түйсе қапталы быт-шыт болып,
Бармақ етін тісімен жұлып алды.
Қозыны көруге де бата алмайды,
Бағана келген асқа қайта салды. 2310. “Қызыңды хан, Қарабай, жау алды!” деп,
“Суым бер” деп барды да, аза салды.
– Отырған биім Сасан, мені көрші,
Бұл неғылған құтырған адам деші?
Сенің суың батпақта қалмап па еді,
Неғылайын бар дағы, ала берші!
– Отырсың, биім Сасан, малын сойып,
Тарқады жамағатың дәмге тойып.
Бұл несі Қарабайдың мазағы ма?
Ал, кетемін еліңді қырып-жойып!
2320. – Жарқыным, осы елдегі сен бір ерсің,
Шақырып қырық қатын-қыз алып келсін.
Оны шақырып арақты біз берелік,
Білмей ішіп арақты улап өлсін.
Қозымен алыса алмай дауласасың,
Асықсаң, жәй белгілі құр қаласың.
Ептеп-септеп Қозыны өлтірген соң,
Таласар саған жан жоқ, қызды аласың.
Елі жүр бұл Қодарды қорқып мақтап,
Қасына келген емес сырттан жақтап. 2330. Сасан би, елі болып ақылдасып,
Қозыны шақырады амал сақтап.
“Шақыра қырық үш қатын келеді” деп,
Қатынның жөнін білмей Қозы күпті.
– Ақсақалдар шақырады сені тойға,
Күйеужан, бармағаның болмайды, – деп.
Баян айтты: – Ал, қалқам, қапыл қалма,
Бұларды дос болар деп ойыңа алма.
Ептеп-септеп ниеті өлтірмек те,
Қауіпсіз үйлеріне тіпті барма! 2340. – Баянжан, жақсы айтасың, сөзің майда,
Ұрғашылық қыласың осындайда.
Болжалсыз жан, мезгілсіз таң атпайды.
Қырық мылтықтың аузына мені байла.
Тура ажалым келмесе бір Құдайдан,
Періштелер қорғайды өлім қайда.
“Қозы қорқып келмеді топқа” деген
Маған жақсы емес қой, оны да ойла.
Тәуекел, бір сапарға мен барайын,
Жаман-жақсы болса да іс Құдайда. 2350. Осы елдің не қылғанын мен көрейін,
Не табылар бос жатып бекер жайда.
Шақырып қырық қатын барған дейді,
Соларды көріп тұрсын халқым дейді.
Ай мен күндей екеуін көргеннен соң,
Айран-асыр, таң-тамаша болған дейді.
Киімді өңшең асыл кигізеді,
Көзімен жарқылдасып жүргізеді.
Жиылған тамам жанннан шоқтығы асып,
Құшақтап Баян беттен сүйгізеді. 2360. Ай, Таңсық апасына Баян келді,
Іштегі қорқынышын білдіреді...
Қарабай жиып алған қауым елді,
“Қас қылып өлтірем”деп мұндай ерді.
“Осының неғылғанын көрейін” деп,
Артынан екі апасы ере келді.
Жиылған бұл халықты көзі көрді,
– Тәуекел, көрейін, – деп келіп еді.
Жиылған ақ ордаға жамағат көп,
Ассалаумағалейкүм! Сәлем бердім.
2370. Қыздар да біліп келді осы жайды,
– Күйеужанның қолына аяқ бер, – деп,
Арақты әрбіреуі ұсынады.
Қозы да шаттанады осы сөзге,
Екі месті тауысты көрер көзге.
Жайылды көп ішкен соң өне бойға,
Көгеріп түсі кетіп болады өзге.
Қыздар да аңдып келген бұған еріп,
Қозының ессіздігін көзі көріп.
Не қылса Қозыменен бірге өлмек боп,
2380. Ақ үйге Ай, Таңсық та келді кіріп.
Бірігіп тамам ақымақ мұны қуды,
Өлтірем деп сапырып берген уды.
– Бір соғыспай өлдің ғой, сұм жалғыз! – деп,
Бетіне бүркіп жіберді суық суды.
Қозы сонда сандалар іші күйіп,
Жақсылық қылар жан жоқ Құдай иіп.
Қыздар келіп салқын суды бүріккен соң,
Алады батыр Қозы есін жиып.
Қозының атын қыз дайын етті,
2390. Күреңге ырғып мініп Қозы кетті.
Ыра төмен аузынан у төгіліп,
Күреңнің жалы жидіп қолға кепті.
Ер Қозы жапан түзге жөнеледі,
Өзі батыр болмаса келер ме еді?
Әлсіреп арақ ішіп келе жатса,
Алдынан сұлу Баян кез келеді.
– Айтпадым ба, тіпті осы ел сізге ел емес,
Бұл сізді өлтірем деп қылған кеңес.
Мені ала қайт, қарағым, тура еліңе,
2400. Енді сізге жабылар, тыныштық бермес.
– Көрмеймісің, келемін болып дертті,
Аяқтатпай кетпесін айтқан сертті.
Бір аулаққа шығып ап оңалайын,
Қызығыма қарап тұр сонда, – депті!
– Балталы, Бағаналы жерің қайда?
Бақалы, балдырғанды көлің қайда?
Әділ айтып дұшпанмен теңдестірер
Батыр Тайлақ сықылды биің қайда?
Қарағым, аман күнде еліңді тап,
2410. Арманда боп кетерсің осындайда!
Бір өзіңнен басқаның бәрі де жау,
Қайтып тірі жүресің, мұны да ойла!
Енді маған қорқақтар “аламын” деп,
Қайда барсаң, ала кет, мені қойма.
Байқашы, жан-жағыңа көз жіберіп,
Үш қыздан басқа сізге жан ұнай ма?
– Білемін, сұлу Баян, маған елсің,
Сенімен қайғысыз жан ойнап-күлсін.
Қазан бұзар үй тентек толып жатыр,
2420. Қайратымды бар дұспан, алыс білсін!
Оңалып ап келейін соғысуға,
Қайратымды көп неме көзі көрсін.
Егерде қазам жетіп өліп кетсем,
Ең болмаса артқы жұрт айта қалсын!
Ер Қозы уайымсыз жалғыз тұрып,
Көз жасы Баян қыздың бетін жуып.
– Өзі мас жығылар деп есеңгіреп,
Басы Қодар жабылып келді қуып.
Басында өлтірем деп кеңес етті,
2430. Осынша Қарабайға Қозы нетті?
Жабылған тамам жанның ең алдында,
Ала бедеу байталмен Қодар жетті.
– Сен келдің адырайып мақтанған боп,
Құзғынға жем қылайын басыңды, –деп.
Осынша қыр соңымнан бір қалмадың,
Қай жеріңнен атсам да, обалың жоқ.
Сарала, сай кез оқты еңіретті,
Тасыр құлдың зәресі ұшып кетті.
Күреңмен көлденеңдеп тартып кетсе,
2440. Ала бедеу байталы құлап түсті.
Қозымның өзі жалғыз, қайласы көп,
Қорықпайды жалғызбын деп уайым жеп.
Қодарды атып тастап жөнеледі,
“Бәлемді тұрмастай ғып мықтадым” деп.
Жатады батыр Қодар Құдай атып,
Баянға құл сөйлеспес жауап қатып.
Қозының қарасы үзіліп кеткеннен соң,
Байталға қайта мінді жатып-жатып.
Мініп алып байталға қайраттанды, 2450. Неғылам қыздан аяп шыбын жанды.
Әлгі атқан оқ өтіпті қара саннан,
Келе жатып қансырап, есін танды.
Есін жиып айтады: – Қашқын қашты,
Қызды алам деп ел-жұртқа азап салды.
Алады батыр Қодар елді жиып,
“Қозыны өлтірем, – деп, – басын қиып”.
– Осы балтам кесті ғой шапқаннан соң, –
Деп алады балтасынан сүйіп-сүйіп.
Қарабай қайыры жоқ жиған малды,
2460. Жан біткенді аузымен Қодар алды.
“Қашкын кашты, Баянды енді алам!” деп,
Барды да қалған жұртқа азап салды.
– Сонда, тоқсан, осыған көнеміз бе?
Осының зорлығынан өлеміз бе?
Бәріміз де жүріп ек Баян үшін,
Япырай, бір соғыспай береміз бе? –
Десті де Қодармен жамандасты,
Бәрі бірдей Қодармен сабаласты.
Басына темір шоқпар қатты тиіп,
2470. Сол топтан Көсемсары шыға қашты.
Ер Көсем жапан дүзге жөнеледі,
Қайраты Қозыкемнің кемел еді.
Әлсіреп, айдалада қаңғып жүрсе,
Қозыға бір бұлақта кез келеді.
– Далада неғып жүрсің, Көсемсары?
Сен кеткен соң қоқиды бізге Қодар.
Көңілін балап жүрген жүзге Қодар
“Баянды аламын” деп азап салды,
Бата алмай қашып жүрген сізге Қодар.
2480. – Бәріміз Баян үшін жаннан кештік,
Ұрысуға бәріміз “еһе” дестік...
“Баянды аламын” деп ел жиған соң,
Тоқсанымыз бірігіп төбелестік.
Бәріміз де ұрысқа кеттік қашып,
Басында бірігіп ек ақылдасып.
Темір шоқпар өзіме қатты тиіп,
Есеңгіреп мен кеттім шыға қашып.
– Мен кеткен соң, сендерді жеңген екен,
Өлмесіне көңілі сенген екен. 2490. Ұрып жығып, қиратып кетіп едім,
Сірә, Тәңірім тілеуін берген екен!
Екі батыр жапанда бас қосады,
Бұрынғы өткен егесті тастасады.
“Бірі өлсе, бірі жанын қиямыз” деп,
Екеуі уағыдамен достасады.
– Япырмай, Баян өлмей жүре ме екен?
Мен жоқта о да ойнап, күле ме екен?
Бар екен бір ағашта жалғыз бұлақ,
Екеуі сол ағашты қылды мекен.
2500. Үйінде Баян қалды “Құдайлап”,
Көсем мен Қозы жатыр күліп-ойнап.
– Қай жерді мекен қылды біліп кел! – деп,
Жіберді сұлу Баян бір қызды айдап.
Қозыны бір қыз іздеп кетті салып,
Бұлақтан алды тауып өліп-талып.
Құтылғанын Көсеммен көзі көріп,
Баянға қайта келді хабар алып.
Күнде бір қыз келеді тезек теріп,
Баян сонан жіберер тамақ беріп.
2510. Осы қыздың жүрісін кәдік көріп,
Бір жау қатын жүреді соңына еріп.
Шоқтеректе сөйлескен қызды көріп,
Бұл көргенін Қодарға айтып беріп.
Қодар естіп ауылға шауып келді,
Қарабай елі-жұртын жиып берді.
Қойдан қошқар, жылқыдан айғыр айтып,
Іздеп Баян артынан о да желді.
Шоқтеректің түбінде ұйықтап жатқан
Біреуді тантық Қодар көзі көрді. 2510. Мақтанып батыр Қодар келген естіп,
Өстіп жүріп етеді күні кешіп.
Жақындап кеп садақпен тартып қалды,
Қарамастан алады басын кесіп.
Көсем батыр сол жерде қаза тапты,
Қолында балтасы бар ырғай сапты.
– Қозының басы, міне, өлтірдім, – деп,
Ауылға тантық Қодар қайта шапты.
Артынан Баян жүріп тез келеді,
Және бір тыңдайтұғын сөз келеді.
2520. Зар жылап Баян сонда келе жатса,
Алдынан хан Қарекең кез келеді.
– Әкем деп көзім талды саған қарай,
Сақтадым ұят-арды мен де талай.
Ел болып кетіп едің “өлтірем” деп,
“Жалғыздың жары Құдай, жәйі қалай?
– Жалғанда осы Қодар ерді, – дейді,
Тілеуін антұрғанның берді, – дейді.
Шоқтеректің түбінде атып апты,
Өз көзіммен көргем жоқ, өлді, – дейді.
2530. Жылама, жалғыз балам, мен көрейін,
Жаман менен жақсыны тең көрейін.
Қодар құлды жек көрсең, жамансынсаң,
Елден таңдап жігітке мен берейін.
– Емін-еркін жапанда жүрген емен,
Бір Қозыдан басқаны көрген емен.
Елден бұра жиып aп шөктіретін
Мүйізі көк термешелі інген емен.
Мақтанып, тантық Қодар желіп келді,
Соңынан тамам елі ере келді. 2540. – Ал, байыңның басы, – деп, – бақыты қара! –
Бір басты алып, алдына тастай берді.
Қозының басы емесін біліп алды,
Мырс етіп ішін тартып күліп алды.
“Тастап кетсем, бұл танып, тағы іздер” деп,
Қуанып жерден басты жұлып алды.
Баян кетті етекке басты салып,
Қозы өлсе, не боламын тірі қалып.
Тәңертең қуған екен бір түлкіні,
Күреңмен Қозы келді соғып алып. 2550. Қозыны ит Қарабай әуре еткен,
Баянға қосылғалы көп күн өткен.
Тәңертең бір түлкінің ізін көріп,
Бір тауға оны қуып Қозы кеткен.
Түлкіні алып келді тауды кешіп,
Түзден Құдай көп берген бұған несіп.
Көсемнің кеудесі бар, келдесі жоқ,
Әкеткен Қодар мұның басын кесіп.
Түлкіні келген екен соғып алып,
“Бұл досымды өлтірген Қодар құл” деп, 2560. Сол жерде зар жылайды ойбай салып,
“Құдай-ау, мен сорлының жолын қыл” деп.
– Кеше ғана дос қылып сүйдім, – дейді,
Достығыңа қапа болып күйдім , – дейді.
Алайын тірі болсам достың құнын,
Сен үшін шыбын жаным қидым, – дейді.
Ер Қозы досы үшін көп қамықты,
Қорықпайды тірі жаннан, өзі мықты.
“Қодарды мен көрейін өлтірген” деп,
Аңыратып бір белеске келіп шықты.
2570. Белден шықса, көреді жиылған ел,
Жанын қиып достына ағызып сел.
“Қодарды бір аулаққа кез келтір” деп,
Жүгіртіп, келді жетіп Қозыкең ер.
Құдайым ер Қозыға дем береді,
Жас бала қайласы жоқ тым ер еді.
“Қызды алам” деп Қодарың шауып жүрсе,
Әрелікте Қозыға кез келеді.
Сол күндегі жандардан Қозы мықты,
Қодар көріп қаша алмай көп ұйлықты. 2580. “Әй, бәлем, сенің ызаң өтті ғой” деп,
Дәлдеп тұрып кеудеден атып жықты.
Ер Қозы жалпақ елге кетті асығып,
Сол арада өлтірді басын кесіп.
Жиылған елге кірді айғай салып,
Қанжығаға байлап ап ернін тесіп.
Қодардың қанжығада басын көріп,
“Берелік, – деп шулады, – уәде”, – десіп.
Қозыны “өлді ғой” деп жүрген жандар
Көрген соң енді мұны кетті шошып. 2590. Ел-жұрты жанынан қылды қауіп,
Елінен Баян үшін келген ауып.
Өзге жұртқа көз салып қарамайды,
Қарабайды таба алмай жүрді шауып.
Құр құдықта Қарекең бұғып жатыр,
Қарап жүріп Қозыкең алды тауып.
Ешбір жан бетке қарап бата алмайды,
Қылыштап өне бойын жаралайды.
Ағашқа таңып қойып “ел көрсін” деп,
Кескілеп итке салды Қарабайды. 2600. Ер Қозы ел қыруға оңтайланды,
Көсем үшін қырам деп тірі жанды.
Өзге жанда үрей жоқ, “сабыр қыл” деп,
Үш қыз келіп Қозыны ұстасады.
Баян келіп тоқтатып мауқын басар,
Ол болмаса бұл елдің қанын шашар.
Тар күймеде Баян қыз бір ұл тапқан,
Болған екен баласы тоғыз жасар.
Келген екен баласы тоғыз жасқа,
Қозыдан айырмассың ол баланы. 2610. Үш қыз бен бала келіп тоқтады,
Ол елді қырмақ еді одан басқа.
Жүрегі Баян қыздың лүпілдеген,
Сіз үшін көп қайғыны тарттым деген.
Көрсетпей тірі жанға асыраған,
Қозы мен қыздан басқа жан білмеген.
Баян қыз жаны тынды жарына еріп,
Ешкімге қарамайды бойына елеп.
Баласы туғаннан соң үш күн өтіп,
Қозыкең қойған екен атын Күліп. 2620. Қозы Көрпеш үйіне салт барыпты,
Қайтып келіп жіберді ер Күліпті.
Өз орнына ер Күліп тұрды сонда,
Қозының қылған ісі осы депті.
Ақ Баян ол Қозының сүйген досы,
Қозының ерлікпен қылғаны осы.
Енді риза бол, жиылған жамағаттар,
Айтуынша Бейсембай аяғы осы.
ҚОЗЫ КӨРПЕШ
(М.Ж. Көпейұлы нұсқасы)
Жаратқан жан біткенді бір Құдай-ды,
Жаратты жарық үшін күн мен айды.
Бұрынғы ноғай-қазақ заманында,
Сөйлеймін Қарабай мен Сарыбайды.
Жарасқан нар түйеге биік өркеш,
Мен сөйлесем, жұрт тыңдар ертеңді-кеш.
Екеуін сәтті күні Құдай қосқан,
Баянға ғашық болған Қозы Көрпеш.
Сөз қылдым Қарабай мен Сарыбайды,
10. Ноғайлыны екеуі асырайды.
Қолында сүйетұғын баласы жоқ,
Перзент үшін екі бай зар жылайды.
Екі бай сәтсіз атқа мінбейді екен,
Жұмыссыз ел аралап жүрмейді екен.
Дәулеті екеуінің мол болған соң,
Қасына бір-бірінің келмейді екен.
Екі бай бейсенбі күн аңға шықты,
Жұртына аттанды деп өкім шықты.
Туғалы бірін-бірі көрмеген бай, 20. Жүргенде құлан аулап жолығысыпты.
Жүргенде құлан аулап жолығысыпты,
Бір-бірін ақылменен болжасыпты.
Сәлем беріп бір-біріне тұрғанында,
Алдынан буаз марал аң қашыпты.
– Кекілін алшаң кердің сылатпан-ды,
Баласын марал атып жылатпан-ды.
Үйдегі үй кісіміз күмәнді еді,
Сарыбай, сен атпасаң, мен атпан-ды.
Сарыбай Қарабайға сөз айтқан-ды:
30. – Баласын марал атып жылатпан-ды.
Біздің де үй кісіміз күмәнді еді,
Қареке, сіз атпасаң, мен атпан-ды.
– Екеуміз жол-жобадан адаспалық,
Далада марал үшін таласпалық.
Сарыбай, сен ат сана, мылтығың бар,
Берсең де бір мүшесін санаспалық.
Екі бай аңға шыққан әр күн екен,
Жарастықты әзілге келген екен.
Екеуі де ұл тапса, бәйбішелер,
40. Құшақтасқан дос болсын деген екен.
Екі бай әзіл сөзге кірген екен,
Бірін-бірі құмар боп көрген екен.
Біреуі ұл, біреуі қызды тапса,
“Құдай қосса, біз қостық” дескен екен.
Қарабай “Құдай жазса” деген екен,
Аузына жақсы лепес кірген екен.
“Үйде қатын ұл тапсын, күй қыз тапсын,
Қалың малмен берейін” деген екен.
Екі бай әңгімеге кірген екен, 50. Бір-бірінің сөзіне көнген екен.
Екеуі айдалада құда болып,
Жүз жылқы, қырық қара нар берген екен.
Қарабай кең пейілге кірген екен,
Сөйлескенін көп қызық көрген екен.
“Мінеки, бергенімнің алды осы” деп,
Қарғыбау – Айбас құлды берген екен.
Сол кезде қара жаңбыр күн жауыпты,
Қарабай қалжың сөзбен жол тауыпты.
Қатыны Қарабайдың Мамабике 60. Байы түзде жүргенде ұл тауыпты.
Екі бай аңға шығып жүрген екен,
Бір адам “Шүйінші!” деп келген екен.
Қатыным ұл тапты деп қуанғаннан,
Жүз жылқы шүйіншіге берген екен.
Жүргенде құлан аулап күн жауыпты,
Сарыбай қалжың сөзбен жол тауыпты.
Қатыны Сарыбайдың ол Қаракөз,
Жүргенде байы түзде қыз тауыпты.
Екі бай аңға шығып жүрген екен, 70. Бір адам шүйіншіге келген екен.
“Қатыным қыз тапты” деп қайғы қылып,
Тайлы бие шүйіншіге берген екен.
Қарабай қалың малын берген екен,
Далада естіп қуаныш көрген екен.
Қызығы көрген-білген сол-ақ болып,
Қарабай үйге жетпей өлген екен.
Қолында бәйбішенің алтын жүзік,
Жас бала жетім қалды-ау көзін сүзіп.
“Қуанышын жалғызымның көрейін” деп, 80. Жығылды жеткен жерде мойны үзіліп.
Той қылып екі қатын көп мал сойды,
Бұл тойға жұрт жиылып асқа тойды.
Бабай Түкті Шашты Әзіз ақтап келіп,
Қозыке мен Баянның атын қойды.
Екі бай бір маралды тосып кетті,
Алдынан буаз марал шошып кетті.
Ер Қозыке – құрсақта, Баян – іште,
Іште жатқан екеуін қосып кетті.
Борайды оңды-теріс көп жауған қар, 90. Сол күнде Сарыбайдың бейілі тар.
Сарыбай мен Қарабай құда болған шақта,
Құл екен еншілестеу Әліжаппар.
Сарыбай қызымды жесір қатын, жетім балаға қор қылғанша, – деп бұзылып, Аягөзге қарай аусақ қайтеді деп, Әліжаппарға ақылдасады. Сонда қатыны айтқаны:
– Біледі Әліжаппар малдың жайын,
Жалғызға жазған шығар бар Құдайым.
Баланы жастай қалған зар жылатып,
Барасың қайда қашып, қу бас байым?
– Қой қатын, көп сөйлеме көңілім қалар,
Көңіліме мұнда тұрсам қайғы толар.
Қаракөз, көп сөйлемей жық үйіңді,
100. Алдыңда ноғайлының көп жұрты бар.
Сол заманда Аягөзде ноғайлы деген халық бар екен. Сонда Қаракөз айтады:
– Көшкенмен мұндай жерге қона алмассың,
Мұндағыдай дәулетті бола алмассың.
Жетім ұл, жесір қатын қан қақсатып,
Кеткенмен барсаң қайда оңалмассың.
Қаракөз Сарыбайдан түңіледі,
Қайғымен ас-су ішпей бүгіледі.
– Қой қатын, көп сөйлемей, жық үйіңді, –
Деп байы қатынына жүгіреді.
Сарыбай әуелден-ақ жарымес-ті,
110. Қыз беріп, әуел неге “Құдай” десті.
“Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп,
Аяғын Өлеңтінің өрлей көшті.
Мамабике қайғымен тарылады,
Құдасына көшпе деп жалынады.
Өлеңтінің бойынан көшкен күні,
Сарыбайдың сабасы жарылады.
Сарыбайдың сабасы қорлы болған,
Қырық қара нар арықтап жолда қалған.
Сарыбайдың сабасы жарылған жер, 120. “Ақкөл” менен “Жайылма” сонан қалған.
Баян сұлу шырайлы боп өсіпті,
Қозыкеден айырылып күй кешіпті.
Құдай қосқан құдасын тастай қашқан
Сарыбайдай көрмессің жарыместі.
Көшкен соң Әліжаппар қуанады,
Қолына қуанғаннан ту алады.
Айшылықты алты басқан қара бедеу,
Мініп алып Әліжаппар құл жер қарады.
Әліжаппар қара бедеу атқа мінді, 130. Айлық жерге бір күнде барып келді.
Сарыбай Әліжаппардан сөз сұрайды:
– Біз қонғандай от-суың бар ма? – деді.
– Сареке, сондай жақсы ойың бар-ды,
Алдыңда сан жетпеген қойың бар-ды.
Бұл арада отырма, үйіңді жық,
Алдыңда Аягөздің бойы бар-ды.
– Мал қонғандай алдыңда қол бар ма екен,
Ел қонғандай кең дала жер бар ма екен?
Отын-суын көрдің бе Аягөздің,
140. Бізге басшы болғандай ел бар ма екен?
– Бірталай Аягөздің саласы бар,
Ноғайдың тастан соққан қаласы бар.
Бағатұғын ноғайдың көп малы жоқ,
Таусылмас әр саланың даласы бар.
Бастады Әліжаппар құл көрген жерге,
Арасы Аягөздің айлық жерде.
Түн қатып, күндіз жатып, көшіп-қонып,
Сарыбай көшіп келді Аягөзге.
Сарыбай Аягөзге көшіп келді,
150. Ноғайдың сиыр баққан құлы көрді.
“Дәулеті бар бір шалқар бай келді” деп,
Мырзаға Сұлтанғазы хабар берді.
Қаракөз аппақ шаңқай үйін тікті,
Баян жас жарастырып жиды жүкті.
Ноғайдың Сұлтанғазы бір мырзасы
Шақыртты Сарыбайды ерулікке.
“Ерулікке келсін” деп кісі салды,
Баянды келген кісі көріп қалды.
– Туған айдай балқыған бір қыз бар, – деп,
160. Жұртына ноғайлының айтып барды.
Баянның сұлулығын ноғай білді,
“Қыз келсе көреміз” деп қарап тұрды
“Тойға келсе Баянды көреміз” деп,
Төрт жүз жігіт алдынан қоршап тұрды.
Әліжаппар құл, Сарыбай атқа мінді,
Айбас сорлы мал бағып үйде тұрды.
“Біз де барып ноғайды көрелік” деп,
Баян сұлу, Қаракөз бірге жүрді.
Сарыбай үй-ішімен тойға келді, 170. Ноғайлар бай келді деп сыйлап тұрды.
Сыйы екен ноғайлардың сонан қалған,
Алдына самауырын мен шайды қойды.
Сонда шайды көріп тамсанып, Сарыбайдың бәйбішесі айтқан:
– Ауылға ноғай келсе барушы едік,
Қазине малға сатып алушы едік.
Шай қылып жапырақты кім ішіпті,
Қантыңды кез ауруға салушы едік.
Бәйбіше Аягөзді жерсінбейді,
Молдығын Аягөздің көрсін дейді.
Үйренген қырда жүріп ол бәйбіше,
180. Қант, шайды алдындағы менсінбейді.
– Қой қатын, көп сөйлеме, көңілім қалар,
Ноғайлар мұны естісе ашуланар.
Көңіл қылса еріне қыз берелік,
Ноғайдың толып жатқан мырзасы бар.
Қаракөз бұны естіп талып түсті,
Қайғы мен наза булап күйіп-пісті.
– Малы жоқ ноғайлының беретұғын,
Қылайын неге дәрі өңшең мысты.
Баян жас құйған шайды алып ішті,
190. Қаракөз ұмытпайды өткен істі.
Жалғызы Шақшақ байдың Қодар мырза,
Баянға төрде отырған көзі түсті.
Төрде отырған Баянға көзі түсті,
Шымылдықтан көре алмай күйіп-пісті.
Баянға ауызба-ауыз бір тілдесу,
Қодарға жұмыс болды көкейкесті.
Баян көркі таудағы мұнар болды,
Қодар көзі түсумен құмар болды.
“Баянға бір тілдесіп қалайын” деп, 200. Қайтқанда Қодар мырза қасына ерді.
Қодар мырза отыр тыста, Баян үйде,
Оң жақта құрулы тұр алтын күйме.
Күймеге үйден шығып қыз барғанда,
Соңынан қалмай ерді Қодар бірге.
Сонда Қодар айтады Баян сұлуға:
– Ақ тұзын әулиенің кен алармын,
Мұндағы ноғайлармен тең болармын.
Менсініп сөйлеспейсің, сұлу Баян,
Берсем де әке-шешем, сені алармын.
Сонда Баян былай деп жауап берді:
– Қолымда жетелеген нарым бар-ды,
210. Тимеймін ноғайлыға арым бар-ды.
Қодеке, мазамды алмай жайыңа жүр,
Алтын айдар, шоқ белбеу жарым барды.
Сонда Қодар айтқан:
– Баянжан, сен білмейсің ноғайымды,
Көрген соң-ақ жүзіңді көңілім толды.
Сөйлейсің қалай-қалай пейілі қара,
Байыңның менен артық аты кім-ді?
Сонда Баян сұлу айтқан:
– Сұрасаң менің жарым – Қозы Көрпеш,
Қызы едім мен Сарыбай Баян еркеш.
Бабай Түкті Шашты Әзіз хабар берген,
220. Тілеу тілеп жүремін ертеңді-кеш.
Баянның сұлулығын ноғай білді,
Көрген соң аламыз деп көңіл қылды.
Сарыбайға мал бағып жағу үшін,
Тоқсан мырза бас қосып жалға жүрді.
Тоқсан мырза кеңесіп жалға жүрді.
Бір қыз үшін бенде боп қызмет қылды,
Сарыбайға жағымды боламыз деп,
Қодар бас боп тоқсан құл малға келді.
Айбастың бір Құдайға ісі жақты, 230. Қодар құл ала айғырмен жылқы бақты.
Сарыбайға жағынып бағу үшін,
Түйеші, биеші боп желі қақты.
Баянның асты жасы жаңа он бестен,
Тұрса ойдан кетпестей жатса түстен.
Қарағаштай азып-тозған ноғайлы елі
Айрылды бір қыз үшін ақыл-естен.
Айбас құл ерте тұрып бетін жуды,
Қодар құл ала айғырмен жылқы қуды.
Құдайдың құдыретімен буаз болып, 240. Қанатты қара бедеу құлын туды.
Тоқсан құл бір Баянға таласады,
Сыртынан аламыз деп жанасады.
Құлынның “Бақа айғыр” деп атын қойды,
Бедеуден үш күннен соң бойы асады.
Айбас құл Баянменен болды жуық,
Жиренді Сарыбайдан көңілі суып.
“Жарыңа Құдай қосқан барамын” деп,
Жаратты Бақа айғырдың тілін буып.
Баян менен Қозыке Құдай қосқан, 280. Ортадан Айбас келіп жақындасқан.
“Жарыңа Құдай қосқан барамын” деп,
Баянға Айбас келіп ақылдасқан.
Айбас құл қашайын деп ойына алды,
Азыққа бір құнан қой сойып алды.
“Құдай қосқан жарыңа барамын” деп,
Баянның домбырасын қолына алды.
Айбас құл қашайын деп ойына алды,
Баянмен ақылдасып мейірі қанды.
Тағы да сәлемдеме бер деген соң, 290. Баянның бет моншағын оны да алды.
Айбас құл қашайын деп ойына алды,
Айбастың айтқанына Баян нанды.
– Басыңнан сәлемдеме белгі бер, – деп,
Баянның қарқарасын қолына алды.
Айбас құл қашайын деп ойына алды,
Көп кідірмей жүруге ыңғайланды.
“Сәлемдеме бұйымы көп болсын” деп,
Алтын сандық, ақ жамшы оны да алды.
Сәлемдеме бес бұйым қолына алды,
300. Бұйымдарын бір жерге жиып салды.
Жылқыдағы Бақа айғырды іздеп барып,
Түні бойы таба алмай көп сандалды.
Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүрді,
Біреуі тоқсан құлдың оны көрді.
“Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүр” деп,
Көрген құл Қодар құлға айта келді.
– Қодеке, сізден дұшпан асқалы жүр,
Ізіңді қара дауыл басқалы жүр.
Неғып шыдап жатырсың, ау, Қодеке,
310. Айбас құл Бақа айғырмен қашқалы жүр.
Сонда Қодар айтқан:
– Қалаға пұл апарып сататұғын,
Айбасым маған сырын айтатұғын.
Айбас құл мені тастап, қайда кетсін,
Жылқының ортасында жататұғын.
Сонда құл айтқан:
– Қодеке, қыздан мейіз алмаймысың?
Баянға ғашық болған бармаймысың?
Айбас құл Бақа айғырмен қашқалы жүр,
Тіліме көріп келсем нанбаймысың?
Қодар қостан ақырып тұра келді,
320. Қатты дауысы Айбасқа естіледі.
Айбас қайтып жылқыдан жетіп келді,
– Дауысың неге шықты, айтшы Қодар? – дейді
Сонда Қодар айтқан:
– Айбас құл, жүрмек болсаң, мен нетейін,
Бір салып қамшыменен еңіретейін.
Мені тастап, тазшаға жүрмек болсаң,
Қолымнан амандасып жөнелтейін.
Сонда Айбас айтады:
– Қолымнан өзім жазып хат берейін,
Кісіні сізден басқа жат көрейін.
Қодеке, құлға сенбей, жайыңа жат,
330. Болғанда ертең сәске ат берейін.
Қодар сеніп бұл сөзге жатып қалды,
Айбас қайтып жылқыға жаяу барды.
Қызыл іңір болғаннан жылқы аралап,
Таң атқанда айғырын тауып алды.
Сәлемдеме бес бұйым қолына алды,
Бақа айғырды баса ерттеп мініп алды.
Аягөздің бойынан шыққан күні
Итішпестің бойында ұйықтап қалды.
Ертең сәске болғанда жылқы келді, 340. Жылқы баққан тоқсан кұл елге келді.
– Түндегі мал күзеткен Айбасың жоқ,
Енді қайдан табамыз, Қодар? – деді.
Сонда Қодар айтты:
– Сендерге Айбас сырын айтқан шығар,
Ауылға таң атқан соң қайтқан шығар,
Күзетте таң атқанша жүрген байғұс,
Бір шұңқырда қорғалап жатқан шығар.
– Тоқсан кісі жер жүзін іздеп жүрдік,
Тобылғылы шұбардан ізін көрдік.
Өзен, су, томар, көлден түк қоймадық,
350. Таба алмай келіп сізге хабар бердік.
Қодар бұл сөзді естіп тұра келді,
Жылқыдан ала айғырын ұстап мінді.
Не де болса тілдесіп қалайын деп,
Сегіз құл он алты атпен іздеп жүрді.
Қодар мен Әліжаппар құл төрт ат мініп,
Қасына қос атпенен алтау еріп.
Итішпестің бойында жатқанында,
Сегіз құл он алты атпен жетті келіп.
Сонда Қодар сөйледі:
– Айбас құл, жүрмек болып көрдің бе түс,
360. Көрерсің алғыс айтсаң көп рәйіс.
Күймеде Баян сұлу жылап жатыр,
Барасың қайда қашып, Айбас байғұс?
Сонда Айбас айтты:
– Қодеке, бұл сөзіңе шын нанам мен,
Аузыма мейіз берсең саламын мен.
Жыласын маған неге сұлу Баян,
Жарына Құдай қосқан барамын мен.
Сонда Қодар айтты:
– Айбас құл, жылдам үйге қайтшы, – дейді,
Сөзіңді майда қылып айтшы, – дейді.
Айбастың айтқан сөзін есіттің бе,
370. Әліжаппар оғың кезеп тартшы, – деді.
Айбас құл ұшып жерден түрегелді,
Кеудесін жалаңаштап тоса берді.
Әліжаппар атқан оғы көкке шығып,
Қодардың атқан оғы жерге кірді.
Сонда екеуінің оғы бірдей далаға кеткенін көздері көрген соң, “бұған да бір кезек берейік деп” енді сен атшы, деді.
Бірі айтты: – Аттың басын қарат, – деді,
Қашпақ-қумақ бұрынғы санат, – деді.
Баянмен ақылдасып көңілің өскен,
Айбас құл, жолың ақ қой, сен ат”, – деді.
Айбас құл оқ атуға ыңғайланды, 380. Біреуін қырық кез оқтың қолына алды.
Он алты сегіз құлдың атын атып,
Бойында Итішпестің жаяу қалды.
Айдалада сегіз жан жаяу қалды,
Айбас байғұс құтылып демін алды.
Далада сегіз құлдың алтауы өліп,
Қодар мен Әліжаппар құл елге барды.
Айбасқа ерлік, мақтау жарасыпты,
Тоқсан құл бір Баянға таласыпты.
Туғалы жол жүрмеген бейшара Айбас, 390. Жолынан жүретұғын адасыпты.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Қыз үшін ғаріп жанын отқа салды.
Итішпестің бойынан шыққан күні
Екі қалың ағашқа душар болды.
Айбас аттан түсті де, жата қалды,
Бақа айғырын суытып, демін алды.
Баянның домбырасы ұмыт қалып,
“Домбыралы”, “Моншақты” содан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды, 400. Қыз үшін ғаріп жанын отқа салды.
Баянның алтын сандық түсіп қалып,
“Алтын сандық”, “Ақшатау” содан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Қыз үшін ғаріп жанын отқа салды.
Тоқырауын Бақа айғыр тоқтаған жер,
“Тоқырауын”, “Жамшылы” содан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Қыз үшін ғаріп жанын отқа салды.
Баянның қарқарасы түсіп қалып, 410. “Қарқаралы-Қазылық” содан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Көп ағашты бір тауда демін алды.
Баянның туған жерін танып біліп,
“Баянауыл” деген тау содан қалды.
Айбас құл адасқанын жаңа білді,
Бойына Есіл – Нұра қайтып келді.
Есіл – Нұра бойына жеткен кезде,
Бақа айғырдың белі ісіп жауыр болды.
Ай қараңғы, күн бұлт, тұманданды, 420. Қозыке Баян жасқа құмарланды.
Үш күн жатып айғырын жазып алып,
“Жауыр бұғы” деген тау сонан қалды.
Айбас құл онан шығып тағы жүрді,
Танымаған көп жерді көзі көрді.
Шу, Таластың бойына келген екен,
Көп қой жайған қойшыға душар болды.
Айбас байғұс қойшыға тура жүрді,
– Қай ауылдың қойы? – деп сұрау қылды.
– Шын танымай тұрмысың, Айбасеке,
430. Баққаным Қарабайдың қойы, – деді.
Екеуі ата-тегін теріседі,
Малтасын торсықтағы бөле ішеді.
Қойды баққан Қонғабай кенже інісі,
Танысып, зар жыласып көріседі.
Айбас құл Бақа айғырға мініп келді,
Үйге таман аяңдап желіп келді.
Бақа айғырды белдеуге байлай салып,
Үйіне Қарабайдың кіріп келді.
Қайғымен Мамабике тарылады, 440. Айбас құл түздегі асқа жарымады.
Қартайған қайғыменен Мамабике
Өзі берген Айбасты танымады.
– Орнымнан отыра алман тұрсам дағы,
Танымаймын сол кеше көрсем дағы.
Шырағым, қай баласың, жөніңді айтшы,
Қалмаған жұрт танырлық мұршам дағы?
– Үйіңе мұнан бұрын келіп пе едім,
Күніңде түгел тұрған көріп пе едің.
Екі бай аңда жүріп құда болып,
450. Айбас құл, қарғыбауға беріп пе едің?
– Күн қайда көрісетің күліп-ойнап,
Шырағым, жылқыда жүр бие байлап.
Жолаушы боп жүре бер, танып қояр,
Жүр еді тазшаменен асық ойнап.
“Қарағым, сенен менің тілегім болсын: Келдім деме, мен көрдім демейін, жолаушы болған бойыңмен жүріп кете бер. Егер сені танып бір хабар алса, мені ұлытып тастаған бойымен тастап, кетер де қалар, онан соң менің бұл күнім өзіме көр болып, қараң суалып қаламын ғой, енді менің обалыма қалма”деген соң Айбас аттанып жүре берді. Сонда іште қалған Қозыны бір көріп кетуге құмар болып, “өзім бір көріп кетейінші” деп жанасалап, жанамалап асық ойнап жатқан балаларға келеді.
Айбас құл Бақа айғырға мінді дейді,
Құмарланып көруге келді дейді.
Тазшаменен жүр екен асық ойнап,
Айбас байғұс көргелі келді дейді.
Қозыке ойнар алтын сақа салып, 460. Тазшаның бар асығын ұтып алып.
Көрген жерден таныды Айбас құлды,
Асық ойнап жүргенде қарап қалып.
Ойнап жүрген тазшамен керіседі,
Ұтып алып кенейді, бөліседі.
Ойнап жүрген асығын тастай беріп,
Түрегеліп Айбаспен көріседі.
– Жақсының жүрген жері той-мереке,
Бұл елге қашан келдің жалғыз жеке.
Жарымнан Құдай қосқан не білесің,
470. Шын сөйле бұлтармастан, Айбасеке?!
Айбас бұған келгенін білдірмеді,
Сәлсм беріп көрісіп үндемеді.
“Білдірсем, жұртқа өсекті болармын” деп,
Үндемей атқа мініп жөнеледі.
Қозыке айтпаған соң қапа болды,
Көңіліне ызаланып құса толды.
Үш түйе сексеуілден көмір жағып,
Ұсталарды жидырып алып келді.
Ұсталар соғып темір садақ қылды. 480. Ер Қозыке садақ атып талап қылды.
Өрмек құрып отырған бір кемпірдің
Үйін атып, көшіріп мазақ қылды.
Кемпір сөзін балаға тік айтады,
Ойнап жүрген баланы мұңайтады.
– Өрмек құрған кемпірді әжуа қылмай,
Жарыңды іздеп алсайшы! – деп айтады.
Ақылы жоқ бұл кемпір нені айтады?
Бар сөзін өзі білмей кім айтады.
– Үйіңді өзім орнына қондырайын,
490. Айтқан сөзің түгел айт, – деп айтады.
– Бір тудың Қарабай мен Сарыбайдан,
Сендерді тілеп қосты бір Құдайдан.
Оған неге бармайсың, байғұс балам,
Құдай қосқан жарың бар – сұлу Баян.
Қозыке бұл сөзді естіп түңіледі,
Қайғымен ас-су ішпей бүгіледі.
Ойнап жүрген садағын тастай беріп,
Шешесінен сұрауға жібереді.
Қозыке жылап үйге қайтты дейді,
500. Кемпір әбден ұқтырып айтты дейді.
“Қай мезгілде Баянды көремін” деп,
Үш күн, үш түн дым сызбай жатты дейді.
Үш күн, үш түн арада өтті дейді,
Қарны ашар мезгілі жетті дейді.
– Қарным ашып барады, жан шешеке,
Қазаныңды ассаңшы, – депті дейді.
Үш күн, үш түн арада өтті дейді,
Шешесіне бір қайғы бітті дейді.
– Қазанымды асайын, шырағым-ай,
510. Жантақ теріп келе ғой , – депті дейді.
Ер Қозыке жантаққа кетті дейді,
Жантақ алып үйіне жетті дейді.
Жантақ теріп келеді жалғыз бала,
– Шешеке, бидай қуыр, – депті дейді.
Шешесі жалғызының тілін алды,
Қазанына бір аяқ бидай салды.
Жалғыз бала қасында қарап отыр,
Бидай пісер мезгілі болып қалды.
Бидай пісер мезгілі жетті дейді, 520. Күйіңкіреп түп жағы кетті дейді.
– Бидай салып берейін тойғаныңдай,
Аяқ ұста, шырағым, – депті дейді.
– Шеше, сенен басқаны танымаймын,
Аса қарыным ашпаса налымаймын.
Шешеке, маған берсең қолыңмен бер,
Аяқ пен шөмішіңе жарымаймын.
Шешесі жалғызының тілін алды,
Қазандағы бидайға қолын салды.
Бидайды уыстаған бойыменен,
530. Шешесінің қолын ұстап тұра қалды.
Шешесі жалғыз ұлын күтті дейді,
Ыстық бидай қызуы өтті дейді.
– Адамың атастырған бар ма, жоқ па,
Шешеке, соныңды айтшы? – депті дейді.
Ыстық бидай қолынан өтті дейді,
Бұл қу шұнақ не пәле айтты дейді.
– Ата-анаңның атастырған дымы жоқ,
Антұрғанға кім айтқан? – депті дейді.
– Кім көрінген кемітіп мені айтады,
540. Өрмек құрған кемпірлер нені айтады?
Кімге озбырлық қылсам, сол тура басып,
Еріншек сөз құл десіп мені айтады.
Ыстық бидай қолынан өтті дейді,
– Жұрт өсегі түбіме жетті, – дейді.
Қолым күйіп барады, босатшы енді,
Қалыңдығың бар еді, – депті дейді.
Өкініп ұмытпайды өткен істі,
Айрылып сүйгенінен қайғы құшты.
Бидайды қолындағы босатқанда, 550. Терісі алақанның бірге түсті.
– Аларсың хордың қызын барсаң, балам,
Ұйықтасам түсімде жоқ мұндай заман.
Көз алдымда сен мені тастап кетсең,
Айрылдым жалғызымнан не-дүр шарам.
– Есен болсам, келермін айда, анам,
Алдыңа қойып кетем малды, анам.
Атам қосқан Баянға бару үшін,
Мен ортаға саламын жанды, анам.
– Сұм шешең сен кеткесін қор болады,
560. Жалғызынан айрылған сор болады.
Шешеңді зар жылатып тастап кетсең,
Сұмырай шешең біреуге күң болады.
– Шешеке, мен тіріде болмассың қор,
Жалғыз балам бар, – дерсің, – қайнында жүр.
Барған кісі қайынынан қайтпай ма екен,
Жалғызың бір күн келер, қара да тұр.
– Жалғызым, мен білмеймін келеріңді,
Білемін барғаннан соң өлеріңді.
Тәңірден тілеп алған жалғызым-ай,
570. Үзейін арыздасып күдерімді.
Ұша алмас балапан құс бөрі алдында,
Жүзің ыстық көрінсін көп алдында.
Сен кеткен соң тоқсан құл күң қылады,
Қор қылмастан көміп кет көз алдыңда.
Қозыке айтты:
– Ақсақалдар бата оқыр туған айға,
Иманды құл кіреді кең сарайға.
Мен түгіл әкем де өліп, өлгенің жоқ,
Жыларсың өзің үшін бір Құдайға.
Қозыке жүген алып жылқыға барған жері:
Қыстауы Қозыкенің Шатқара-ды, 580. Сан жетпеген жылқыдан ат қарады.
Жүгенін сылдыратып тұрғанында,
Арда күрең қотыр тай жалт қарады.
Ай қараңғы, күн бұлт, тұман болды,
Қозыке Баян жасқа құмар болды.
Арда күрең тай екен жалт қараған,
Қозыке жүген салса, құнан болды.
Баян сұлу, Қозыке өлең болды,
Құдай берген жақсыға өнер болды.
Құдайдан сол уақытта пәрмен болып, 590. Ер-тоқымын салғанда дөнен болды.
Көңілі Қозыкенің бітті дейді,
Көп заман сонан бері өтті дейді.
Арда күрең бестіге мініп алып,
Қозыке үйге аяңдап кетті дейді.
Сонда Қозының жүрерін біліп, шешесінің айтқаны:
Шешесіне бір қайғы бітті дейді,
“Қайғыменен өмірім өтті” дейді.
– Сан жетпеген жылқың бар, шырағым-ай,
Оны кімге тапсырдың? – депті дейді.
Парақор би жұрт бұзып төре берер,
600. Елді бұзған жаманды Құдай ұрар.
– Мен кеткен соң бір Құдай сақтамай ма,
Жылқы баққан Жидебай бағып жүрер.
Шешесіне бір қайғы бітті дейді,
“Қайғыменен өмірім өтті” дейді.
– Қора толған қойың бар, шырағым-ай,
Оны кімге тапсырдың? – депті дейді.
Қозыке көңілі көшіп кетті дейді,
Шешесінің түбіне жетті дейді,
– Қора толған қой болса, маған десе,
610. Аш бөріге жолықсын, – депті дейді.
Шешесіне бір қайғы бітті дейді,
Біткен дәулет түбіме жетті дейді.
– Сыймай жатқан желіге түйең бар-ды,
Оны кімге тапсырдың? – депті дейді.
Жүрмек болып шын көңілі кетті дейді,
“Малға айналып өмірім өтті” дейді.
– Желіге сыймай жатса түйең, шешем,
Алакүлік оттасын, – депті дейді.
Шешесіне бір қайғы бітті дейді,
620. “Қайғыменен өмірім өтті” дейді.
– Жасыңнан ақ сүт берген, қарағым-ай,
Мені кімге тапсырдың? – депті дейді.
Азған ел қысым көрсе, ұлық жақтар,
Байы өлсе, қара салып қатыны жоқтар,
– Мен түгіл әкем де өліп, өлгенің жоқ,
Қайғырма мен кетті деп, Құдай сақтар.
Шешесі кетпесін деп Құдайға ат айтады.
Хат білмеген ұғып ап жат айтады.
Жалғызының кетерін білгеннен соң,
630. Белін бекем буып ап қатайтады.
– Ауылын Сарыбайдың көргенің жоқ,
Жалғызым кетеріңді білгенім жоқ.
Шырағым, өзің үшін қайғырамын,
Болмаса әкең де өліп, өлгенім жоқ.
– Бастаушым бар, жан тілін алма деген,
Садағыңды беліңнен салма деген.
Сәрсенбі күн жұмысыңды бітір дағы,
Бейсенбі күн жолыңнан қалма деген.
– Жаста кеткен Баянның беті аппақ,
640. Бұрынғыдай заман жоқ бұзылған шақ.
Барма десем болмадың, қуарған қу,
Қодар атты құлынан жерсің таяқ.
– Қодар деген немене құл ма, сірә,
Жатқанымнан тұрмайын өлсем сонда.
Бір сөз айтсаң, “өлесің” дей бересің,
Шешем, неге қыласың жаман жора.
– Тәңірден тілеп алған жалғыз бала,
Сені маған көпсінген Құдай Тағала.
Сен кеткен соң тоқсан құл күң қылады,
650. Арыздасып қалайын бірақ жола.
– Құдай басшы, күрең ат жолдасым-ды,
Баянға қылдым құрбан бұл басымды.
Жан барында іздейін сүйген жарды,
Бір өлген соң білемін тұрмасымды.
– Шешеке, мен еркек пе, ұрғашы ма?
Мен Баяннан басқаны алман, сірә.
Әкем қосқан Баянға бармасын деп,
Сөйлеп сөзім өтпейді-ау құрдасыма.
Қыстауы Қозыкенің таулы дейді,
660. Қалыңнан ат жүре алмас қауды дейді.
“Айрылып жалғызымнан қаламын” деп,
Шешесі көкке емешегін сауды дейді.
Шешеке үйде отырып күйді дейді,
Қозыке ұшып жерден тұрды дейді.
“Сен кеткен соң мен мұны қайтемін” деп,
Мүкәммал малын далаға үйді дейді.
Жайлауы Қозыкенің бетегелі,
Керме иық, тыран ойлы бөтегелі.
“Сен кеткен соң мен мұны қайтемін” деп, 670. Шашыпты дүниелігін өртегелі.
Қозыке жүрмек болып атқа мінді,
Шешесі жүрмесін деп жылай берді.
Қозыке атқа мініп тұрған жерде,
Шешесі жылап тұрып жауап берді:
– Аттан дағы жүре бер көрінбей-ақ,
Ашуымды келтірме, жерсің таяқ.
Барма десем болмадың, жалғыз бала,
Барғаныңнан еш келме, сөзім сол-ақ.
– Қарғыс емес, алғыс қой қарғағаның,
680. Қорқамын ба Қодардан бармағаным.
Шешеке, бүгін жаман түс көрдің бе,
Көзімше жора қылып қарғағаның.
– Баянға сен барасың намыс қылып,
Не жақсылық көресің онда жүріп?
– “Емшек берген әрі жат” дерсің, балам,
Әл-ауқатым кім білер мұнда келіп.
– Менен жақсы болды ма кеткен Баян?
Алдында жылап отыр тапқан анаң.
Киім болса кие кет үйден, балам,
690. Сен кеткен соң не болар ғаріп анаң?
Қозыке амандасып, атқа мінді,
Шешесі жылап үйде қала берді.
Ақ сүт берген анасын қиып тастап,
Қозыке Баянды іздеп жолға жүрді.
Қозыке Баянды іздеп кетті дейді,
Бұ жалған кімге опа етті дейді.
Ауылдан алты қонып шыққаннан соң,
Айбас қуып артынан жетті дейді.
Айбас Қозыкенің жатпасын біліп, осы бір іздеп шығады ғой деп, ел арасында жай жолаушы болып жүрген екен.
Ақынға Құдай берген тіл мен жақты, 700. Білген сөзді қалдырсақ, бізге ұятты.
Айбас сорлы артынан жеткен жерде,
Баянның айтқан сәлем сөзін айтты.
Қозыке шаш ал десең, бас алады,
Оң сөзге түспей жаман қас алады.
Баянның айтқан сөзін естіген соң,
Елжіреумен көзіне жас алады.
Қозыке жазған хатты оқып білді,
Көңіліне құпиялап сақтап сырды.
Сарыбайға жаранып жағамыз деп, 710. Айтыпты дұспан болған тоқсан құлды.
– Шырағым, сені мендей көрсін, – депті,
Айбасты анық тіл деп білсін, – депті.
Әкем мені Қодарға бергелі жүр,
Тірі болса, кешікпей келсін, – депті.
Баянның әр сөзіне мейірі қанды,
Өртеніп іші-бауыры от боп жанды.
Сәлемдеме бергені көп-ақ еді,
Қонған-түскен жерлерде ұмыт қалды.
Айбасты Құдай десіп іні қылды,
720. Сарыбайдың ауылын іздеп жүрді.
Керде күрең, Бақа айғыр мінген аты,
Аягөздің бойына жетіп келді.
Жақсы-жаман кісіні көз көреді,
Тыңдасаң, Қозыкеден сөз келеді.
Аягөздің бойына жеткен күні
Көп қой жайған қойшыға кез келеді.
Екі жігіт қойшыға жетіп келді,
– Қай ауылдың қойы? – деп сұрап білді.
Сен кеткелі көп заман болып еді, 730. Қай жақтан келіп тұрсың Айбас? – деді.
– Баянның бұзылмаған ойы, – дейді,
Тал шыбықтай бұралған бойы, – дейді.
Шын танымай тұрмысың, қашқын Айбас,
Баққаным Сарыбайдың қойы, – дейді.
Айбас пенен Қозыке амал қылды,
Күн жайлатып тазшаны адастырды.
“Баянжан осы жерге бір келер” деп,
Алай-дүлей ұйтқытып боран қылды.
Тазша адасып далада өліп қалды,
740. Оның киімін Қозыке киіп алды.
Күннің боран болғанын көрген соң-ақ,
Сарыбай Баян жасқа жетіп барды.
– Баян жас, балқаймақты алшы, – дейді,
Сөз айтам, құлағыңды салшы, – дейді.
Мал кетер, күн аңызы жаман болды,
Қарағым, қой алдынан баршы, – дейді.
– Атеке, сіз биік тау, біз бір шынар,
Ғашық жар бір көрсем деп көңілім құмар.
Атеке, өзіңізбен бір жүрмесем,
750. Ноғайдың бозбаласы мазақ қылар.
Баян жас қойға таман қадам басты,
Қойды көріп көзінен төкті жасты.
Баян қойға жеткенде күн ашылып,
Әкесімен бірігіп қой айдасты.
Жұрт білмеген Сарыбайдың қойы көп-ті,
Баян сұлу Қозыкеге іңкәр бопты.
Баян сұлу қой айдап жүргенінде,
Көлденеңдеп жүрмейді қоңыр тоқты.
– Апеке, не бересің енді, – дейді,
760. Күрең атты жездемді көрдім, – дейді.
Айбасекем Бақа айғырмен қасында жүр,
Сүйінші бер, жездекем келді, – дейді.
Сұлу қыз текеметке түр салады,
Баян сенбей көңіліне кір салады.
– Ойбай, күйген жанымды күйдірме, – деп,
Құйрыққа қамшыменен бір салады.
Қоңыр тоқты шыдамай керіледі,
Баянменен сөйлесуге ерінеді.
Қыздың соққан қамшысы киелі боп,
770. Қой құйрығы жырмаш боп бөлінеді.
Тоқты жерден бір жұлып шөпті алады,
Баян сұлу құдыретке таң қалады.
“Мені неге жазықсыз соқтың, Баян,
Ақ жүзіңе дақ түссін” деп салады.
Тіліне қоңыр тоқты Баян нанды,
Желкесінен бір тал жүнін жұлып алды.
Қамшыменен арқасын бір сипады,
Қазаққа сонан мирас болып қалды.
Сарыбай қызыменен қойға келді, 780. Баян сұлу бір шетте жалғыз жүрді.
Сарыбай қой қайтара кеткен екен,
Қозыке тазша болып қызға келді.
– Баян жас балқаймаққа жаримысың,
Қыдыр боп жолаушыға даримысың.
Әкеңнің атастырған жары кім-ді,
Тазша боп душарласса, танимысың.
– Сұрасаң, менің жарым – Қозы Көрпеш,
Қызы едім мен Сарыбай – Баян еркеш.
Келер атты күн бар ма, ойбай, Тәңірі?
790. Мен Құдайдан тілеймін ертеңді-кеш.
– Қойыңа мұнан бұрын келіп пе едің,
Жарым бар ғой деп анық біліп бе едің?
Жарыңның қай жерінде белгісі бар,
Бесікте қалған күнде көріп пе едің?
– Сағындым Құдай қосқан, алған жарды,
Әкемнің жаста айырған пейілі тар-ды.
Бабай Түкті Шашты Әзіз хабар берген,
Алтын айдар астында меңі бар-ды.
Жеткізді бір тілекке құдыретім,
800. Қозыке Баян жастың көрді бетін.
Баянға күйеулігін білдіргелі
Көрсетті ашып басын айдар шетін.
Баян жас өз күйеуін біліп алды,
Тіл қатып бір-екі ауыз мейірі қанды.
Қозыке қылып тағат тұра алмады,
Баянның оң бетінен сүйіп алды.
Қар кетіп, қара жерге қақ тұрыпты,
Сүйген құлға дәулет пен бақ тұрыпты.
Сағынып Қозыкенің сүйгенінен, 810. Бетіне Баян жастың дақ тұрыпты.
Баян жас өз күйеуін білді анық,
Түнде алтын күймеге жүрді барып.
Баян жас өз күйеуін таныған соң,
Алтын табақ қояды мейіз салып.
Баян жас опа жақпас ақ бетіне,
Қозыке ерді тазша боп қой көтіне,
“Үйге кірсем жұрт біліп қояды” деп,
Алтын күйме құрдырды қой шетіне.
Қозыке қойды бағып үш жыл жүрді, 820. Білдірмей Баянменен ойнап күлді.
Үш жылдан соң күймеде жатқан жерде,
Сарыбайдың тезек терген күңі көрді.
Қара күңнің көргенін Баян білді,
Ұйқылы-ояу сескеніп тұра келді.
“Барып әке-шешеме айтады” деп,
Сезіктеніп Баян жас күңді өлтірді.
Бір күн келіп, Баян жас: – Тұршы, – деді,
Үйге таман, шырағым, жүрші, – деді.
Әке-шешем қуансын, “күйеуім” деп, 830. Ақ шымылдық кәдесін қылшы, – деді.
Қозыке Баянменен үйге кірді,
Екеуі ойнап-күліп бірге жүрді.
Алтын айдар белгісін ашып еді,
Қараңғы үй шам жаққандай жарық болды.
Ақ жүзі екеуінің бірдей болды,
Шымылдықтың ішінде ойнап-күлді.
Бетіне жарық сәуле түскендіктен,
Ұйықтап жатқан шешесі оны көрді.
– Шырағым, қашан келдің, шыныңды айтшы,
840. Кешіктірмей ұзатып алып қайтшы.
Қойды бағып қор болып жүргеніңше,
Көңілің жақсы жүргендей жылқы бақшы.
Қозыке ертең атқа мінді дейді,
Айбас құл тазша болып ерді дейді.
Ауыл жақтан екеуі келе жатса,
Жылқыдағы Қодар құл көрді дейді.
Ауыл жақтан екеуі келді дейді,
Жылқыдағы Қодар құл көрді дейді.
– Ауыл жақтан келіпсің, екі тазша,
850. Баян не сәлемдеме берді? – дейді.
– Алты құлаш ала айғыр мінген атым,
Айтсам аузым сүйінер қыздың атын.
Ауыл жақтан келіп тұрған екі тазша,
Қандай сәлем жіберді біздін қатын?
Сонда бұлар айтады:
– Баян жас, ай, Қодеке, десіп отыр,
Талдай бойы Баянның өсіп отыр.
Қодар деген сен болсаң , “сәлем, – деді, –
Тірі болса тез келсін” десіп отыр.
– Баян жас, ай, Қодеке, десіп отыр,
860. Баян шашын ширатып есіп отыр.
“Өзімнің Құдай қосқан жарым келді,
Шұнақ құл көтін қыссын” десіп отыр.
Қодар құл ашуланып түрегелді,
Жылқыдағы ала айғырын ұстап мінді.
Баянға ауызба-ауыз тілдесуге,
Жылқыдан сегіз кісі елге келді.
Ғашықтар болған машұқ Құдай сүйіп,
Қодар жүр екі ортада іші күйіп.
Сегіз кісі жылқыдан келе жатса, 870. Алдында Сарыбай жүр түйе жиып.
Сонда Қодар айтады:
– Сарыбай, бейілің жаман болдың сараң,
Бақсам да көп жылқыңды күнім қараң.
Қосылып тазшаменен кәміл тапты,
Күймеде Баян деген бақты қараң.
Сонда Сарыбай сөйлейді:
– Алтын күйме ішінде Баян жаным,
Шашбауының шашағы қырық бір талым.
Сен тұрғанда ешкімге бере қалман,
Үндемей жылқыңды бақ, Қодар жаным.
Қодар түзден қуанып қайтып кетті,
880. Қозыкенің жайланып көңілі кетті.
Жылқыда ала қыстай бірге жүріп,
Жазғытұрым болғанда елге кепті.
“Мойынына кер төбелдің тұмар тақ”, – деп,
Шақырды Айбас құлды “отты жақ”, – деп.
Ауылға бие байлап Қодар мырза,
Шақырады Қозыкені “желі қақ” деп.
Қодарға күштілігін білгізеді,
Айбасты ақылменен жүргізеді.
Қодардың қол ағашын керек қылмай, 890. Қолымен жерге қазық кіргізеді.
Сонда Қодар айтады:
– Ақ тұзын әулиенің кен айтады,
Ақылы жоқ Қодар құл нені айтады?
Мынау тазша күшті екен, Әліжаппар-ау,
“Аударыспақ ойналық” деп айтады.
Қозыке бұл сөзді есітіп тұра келді,
Қысыр емген тел торы тайға мінді.
Торы тайға Қозыке мініп алып,
– Толағай бас Қодарым, келші, – деді.
Өктім-өктім сөйлейді малды кісі, 900. Балуанға тұрады әлді кісі.
Сонша жерден қыз іздеп келгеннен соң,
Құлдан қайдан жасқанар жанды кісі?
Баянжан тоқсан құлға көз салмайды,
Қозыкеден басқаны ойға алмайды.
Ала атпенен Қодар құл тартып еді,
Қозыке тай үстінен қозғалмайды.
Қозыке бір Құдайға сиынады,
Тоқсан құл тамашаға жиылады.
Қодар құлды ала аттан тартып алып, 910. Ұршықтай айналдырып иіреді.
Қодар күліп “ойын” деп ыржақтайды,
Басқа тартқан үкідей былғақтайды.
– Қодеке, бар болғаның осы ма?, – деп,
Аш белінен қысып ап бармақтайды.
Сонда Қодар ашуланып, жыламсырап долданып сөйлейді:
– Антұрған мынау тазша түпке жетті,
Мені аударып алған соң, көңілі бітті.
Кісі өңгеріп ойнаған ойының құрысын,
Қоя бер, ердің қасы ішіме өтті.
Саудаға Үргеніштей қала бар ма,
920. Сөзінде Қозыкенің шала бар ма?
Қодар құлды босатып коя берді,
Сол жерде тышып қойса, шара бар ма?
Баян алтын күймеде отыр еді,
Аударысын бұлардың көзі көрді.
“Шырағым, құлдан өлер емес екен”, –
Деп жағасын ұстаумен тәубә қылды.
Көп жылқы жүрді түзде бетіменен,
Ер Қозыке жүреді еркімен.
Қодардың жүрегіне бір тиген соң, 930. Қашып жүрді жылқының шетіменен.
Сарыбай жұрт асқан бай салтанатты,
Құдай оған көп қылды қолғанатты.
Орманбет би ноғайдың бір тап елі
“Ат шаптырған ас бар” деп сауын айтты.
Баян мен Қозыкені Құдай қосты,
Екеуі тар күймеде көңіл қосты.
“Жұрт барған ас жиынға барайын” деп,
Қозыке Баянменен ақылдасты.
– Шырағым, сен жылқыңнан қалма, – деді,
940. Садағыңды беліңнен алма, – деді.
Көп біріксе бір ауыз жоқ болады,
Жұрттан жалғыз жүрсің ғой, барма, – деді.
Қозыке Баян жастың тілін алды,
Сан жетпеген жылқыда жалғыз қалды.
Үйде – Баян, жылқыда – ер Қозыке,
Өзге жаннан түк қалмай асқа барды.
Не болар жұртсыз жалғыз көрген күнім,
Сайраған көңіл ашып қызыл тілім.
Жылқыда Баянменен тілдес екен, 950. Баласы кер биенің торы құлын.
Қақ басқа құрықпенен құлынды ұрды,
Енесіне емізбей түңілдірді.
Қозыке жылқы ішінде күн жайлатып,
Шыңғыртып ноқтаменен буындырды.
Баян дауысын естіп есік ашты,
Құлынды көріп желіге қадам басты.
Желіге жеткен шақта күн ашылып,
Қозыкемен сүйісіп құшақтасты.
Екеуі құшақтасып бірге жүрді, 960. Күймеге ойнап-күліп бірге кірді.
Құшақтасып күймеге кірген шақта,
Ауылдан екі қатын көріп қалды.
Екеуі төрт күн, төрт түн ойнап күлді,
Жиыннан жұрттан озып Қодар келді.
– Үйдегі жылқы баққан тазшаға, – деп, –
Әкелдік көтен, мойын, бауыр”, – деді.
Байларға жақсы-жаман көп келеді,
Танымаған кісіні жек көреді.
“Қу тазша жылқы баққан бір тойсын деп,
970. Әп келдім ішек-қарын мен өкпе”, – деді.
Жылқыда Айбас байғұс жалғыз жүрді,
Қодар құл тазшаны іздеп ел қыдырды.
Елден таппай ауылға келген жерде,
Екі қатын “көрдік” деп хабар берді.
Қодар құл тазшаны іздеп ел қыдырды,
Елден таппай күймеге жетіп келді.
Терезеден екеуін көріп қалып,
“Тазша неғып жатыр?” деп еңіреді.
Қодар жылап күймені үш айналды, 980. Қозыкеден кіруге бата алмады.
“Бақты қараң тазшамен бір жатыр” деп,
Қодар жылап Сарыбайға жетіп барды.
– Сарыбай, пиғылың жаман кәпір, – дейді,
Күймеде қызың болды қатын, – дейді.
Неғып шыдап отырсың, Сареке,
Бақты қараң тазшамен жатыр, – деді.
Сонда Сарыбай айтты:
– Тіліңе жалған айтқан ере қалман,
Мезгілсіз алдауыңа көне қалман.
Жылқы бағып жүре бер, Қодар балам,
990. Сен тұрғанда ешкімге бере қалман.
Сонда Қаракөз айтты:
– Сарыбай, білемісің тоқсан құлды,
Қыз үшін бәрі бірдей жалға жүрді.
Құлға тартып сөйлеме бұрынғыдай,
Құдай қосқан Қозыке жалғыз ұлды.
Даладан мерген кісі мылтық атсын,
Қалаға пұлды кісі пұлын сатсын.
Мал бермеген Қодарды не қыласың,
Құдай қосқан өз жары жатса, жатсын.
Сарыбай бұл сөзді естіп ашуланды,
1000. Қодар менен екеуі бір боп алды.
Қодар менен Сарыбай ақылдасып,
Көп ноғайды шақырып жиып алды.
Қаракөз Сарыбайға жалынады,
Өкпесі Сарыбайдың қабынады.
– Өлтіріп обалына қалмай жастың,
“Тап, – десең, – бар еліңді”, не қылады.
Сарыбай қайыспайды пейілі азған,
Өлтірі, саламыз деп құдық қазған.
Айтқан тілін байына алдыра алмай,
1010. Жылады “Сақтай гөр”, – деп қатын жазған.
Қаракөз жан-жағына көзін салды,
Толыпты ноғайлыға үйдің алды.
Тамам ноғай жиылып ақылдасып,
Алтын күйме жан-жағын қоршап алды.
Күйменің жүрер жолын бөгетеді,
Тал түсте ноғай қамап жүдетеді.
Күймеде ер Қозыке қысылған соң,
Күрең аттың бір тал қылын түтетеді.
Айбас байғұс жылқыны бағып жүрді, 1020. Сарыбайға жаранып жағып жүрді.
Бақа айғыр күрең атпен бір тұр екен.
Айбас құл “неге тұр?” деп келіп көрді.
Күрең ат долданып тұр түсі қашып,
Қоштасып, Бақа айғырмен амандасып.
“Қозыкеге бір қысым болды ма?” деп,
Айбас байғұс бек қорқып қалды сасып.
Күрең ат көп жылқыдан желіп келді,
Қозыке қысылғанын біліп келді.
Жолда тұрған ноғайды баса көктеп, 1030. Алтын күйме үстіне төніп келді.
Баянға алтын жүзік беріп кетті,
Екеуі аз күн ойнап күліп кетті.
Қамап тұрған көп ноғай бата алмады,
Тал түсте мініп атқа жүріп кетті.
Қозыке жапа-жалғыз елсізге қаңғырып шығып кетті де, “жаны қысылған соң, бұл еліне қашты ғой” деп майдандағылар қалды. Бірнеше күннен соң Баян сұлу асыранды торғайын жіберді дейді, “бұл маңайда болса бір хабар алып кел” деп.
Баян жас жалғыз жатып күңіренеді,
Қодардың қылған ісін мін көреді.
– Бір хабар тірі болса алып кел, – деп,
Торғайын асыранды жібереді.
Торғайы Қозыкеге ұшып барды,
1040. Қайда барып жатқанын хабарлады.
Елге жете бергенде бір торғайды
Біткен қырғи қуалап ортаға алды.
Жақсының жүрген жері күнде сауық,
Қайырсыз бай қалады жерді қауып.
Баянның мақпал тонын ұрлап киіп,
Жеңгесі отыр екен сиыр сауып.
Тамам қырғи торғайды қуалайды,
Жеткені қанатымен уалайды.
Баянның мақпал тонын бүркенген соң, 1050. “Мынау әпкем екен” деп қорғалайды.
Жеңгесі қастық қылып сиыр сауды,
Басқаның бір Айбастан бәрі жау-ды.
Баянның мақпал тонын бүркенгенін
Білдірмей жеңіменен ұстай алды.
Торғайы кешіккен соң Баян сұлу жеңгесінен келіп сұрайды:
Торғай келер мезгілін Баян білді,
Кешігіп келмеген соң қайғы қылды.
– Торғайымнан бір хабар білдің бе? – деп,
Баян жас жеңгесінен сұрай келді.
– Жүгіріп шықсам ақ үйден көйлегім кір,
1060. Алтын айдар шекемде сегіз тал өр.
Жеңеше-ау, қолыңдағы торғайым бер,
Өлгенше алғаныңнан айырылмай жүр.
Сонда жеңгесі айтады:
– Тілейсің торғайыңды берер біліп,
Қашайын деп жүрмісің көзің күліп.
Ардақтаған бикешім, қашып кетсең,
Сыртыңнан өсектейді қазақ күліп.
Баян сұлу айтады:
– Біздерге күлсе, күлсін күлген адам,
Біздерге неге күлсін білген адам,
Біз құрбылы қыз бала үйленіпті,
1070. Жүйрік аттай зымырап өткен заман.
Сонда жеңгесі айтады:
– Үйдесең торғайыңды бермен, бикеш,
Екі ортада шөл дейді адам жүрмес.
Қашып жүре бер өзің күйеуіңмен,
Байыңның жатқан жерін адам білмес.
Баян сұлу айтады:
– Жұрт әуелі таппай ма жатқан жерін,
Торғайымды бермесең қалар көңілім.
Торғайымды берместей өкпелетіп,
Не көңіліңді қалдырдым, жеңгем, сенің?
Жеңгесі айтады:
– Тілейсің торғайды берер біліп, ;
1080. Айырылдың алғаныңнан неғып жүріп.
Шіркінді ұрғаным жоқ, соққаным жоқ,
Алып ем төбесінің жүнін жұлып.
Сонда Баян айтады:
– Торғайымды өлтірсең, кінә қылдың,
Кінәңді біле тұра неге қылдың
Жазығы жоқ өлтіріп торғайымды,
Жеңеше, айналайын мен не қылдым?
Сонда жеңгесі айтады:
– Жарқыным, мен еш нәрсе қылғаным жоқ,
Жүнін жұлдым торғайды, ұрғаным жоқ.
Несін менен көресің торғайыңды,
1090. Өліп қалды Алладан қазасы боп.
Сонда Баян айтады:
– Тілеймін торғайымды берер біліп,
Жеңешемнің отырған көзі күліп.
Жеңеше, қолыңдағы торғайым бер,
Үстімдегі қара тоным алып киіп.
Жеңгесі айтады:
– Қашып барып үйленген қандай адам,
Қашты деген, бикешжан, аты жаман.
Мен сырымды айтайын, бикеш, саған,
Мен берсем де бермейді Қодар ағаң.
Сонда Баян айтады:
– Жалпайып жалынбаймын Қодарыңа,
1100. Мен не қылдым жылқышы соларыңа.
Жеңешем, қолыңдағы торғайым бер,
Қол алыс Қодарыңның өлеріне.
Жеңгесі айтады:
– Тірі жүрер деп пе едің Қодар өлмей,
Торғайың өліп қалды-ау, тілге келмей.
Торғайыңды өлтірген мен емес қой,
Тынышымды алмай аулақ жүр, менен көрмей.
Баян айтады:
– Кімге айтайын торғайымды, сенен көрмей,
Қалайша өлді торғайым тілге келмей.
Торғайымды бермесең өкпелетіп,
1110. Тірі жүрер деймісің, біздер өлмей.
Сонда жеңгесі айтады:
– Бикешжан, сен жасыңнан неге өлесің,
Жастай өлсең, жалғаннан не көресің?
Ардақтаған бикешім, өліп кетсең,
Азды-көпті күнәні көтересің.
Мінгені Қозыкенің көк төбел-ді,
Астық еккен Түркістан тоқ деп еді.
Өңге жүнін жұлғанда үндемеді,
Төбе жүнін жұлғанда “шоқ” деп өлді.
Қойшылар ертең өрер қойыменен,
1120. Баян Сұлу көрінер бойыменен.
Тамам ноғай таба алмай дағдарғанда,
Әліжаппар құл тауыпты ойыменен.
– Аягөздің бауыры шоқ терек-ті,
Айналасы малға жай көп терек-ті.
Қысырақ қарап жүргенде көріп едім,
Айтқаны ойлап тұрсам сол терек-ті.
Армансыз бір төсекте жата алмады,
Баянмен бір ауыз тіл қата алмады.
Сарыбай тоғыз кісі барып еді,
1130. Иіліп сәлем берген соң бата алмады.
Мінгені Қозыкенің күрең ат-ты,
Шоқ теректің түбінде байлап жатты.
Байғұстың көзі ілініп кеткен кезде,
Қозы жауырын қол оқпен Қодар атты.
“Күрең ат азу тісін ойған ба, – деп,
Баян жас көзінің жасын тиған ба”, – деп.
Қозы жауырын қол оқпен Қодар атты,
“Мұны тірі керек қып қойған ба”, – деп.
Қодар құл атып оқпен өшін алды, 1140. Қылғандай сүйтіп қастық несін алды,
“Олжам деп Баян жасқа берейін” деп,
Шұрқылтайдың түбінен кесіп алды.
Бәрекелді Қодардың тентегіне,
Асау күрең жүрмейді жетегіне.
“Ал байының басы”, – деп тастай берді,
Баян тосып алыпты етегіне.
Баянның жұрт қарайды жабдығына,
Қозыкеден жас қалған қамдығына.
“Ал байыңның басы” деп тастаған соң, 1150. Баян жылап салады сандығына.
Сонда Баян “Қозыкені кім өлтірді?” деп әкесінен сұрағаны:
Баян жылап күймеден тұра келді,
Сарыбайдың қасына күйіп келді.
– Ата, сенен сұрайын бір сауалды,
Қозыке атты күйеуің кімнен өлді?
Сонда Сарыбай айтты:
Сарыбай қызын көріп тұра келді,
Баянға оң жағынан орын берді.
– Тірі болсаң, бір күйеу табылмай ма,
Күйеуің Қодар атты құлдан өлді.
Ала арқармен бірігіп жусайын да,
1160. Көздің жасын қолыммен тосайын да.
Оған күйме, жылама, бас көңіліңді,
Қозыкеден артыққа қосайын да.
Сонда Баян Сұлу күйіп кетті дейді:
– Етегімді жел ашып жүрген емен,
Қозыкеден басқаға күлген емен.
Әке, неке қи дағы, енді өзің ал,
Елден бура салғандай інген емен.
Өз еркіммен жаман сөз айта қалман,
Еріксіз шыққан сөзімнен қайта қалман.
Әке, неке қи дағы, енді өзің ал,
1170. Елден айғыр салғандай байтал емен.
Баян сұлу атандым тамам жұртқа,
Әке, қылған ісіңді сен де ұмытпа.
Шешем қара бетіңе қарай алмас,
Неке қиып, өзің ал тоқалдыққа.
Сұлу Баян қолына айна алады,
Қозыкеден айрылып қиналады.
“Өзімменен қосылып зарласын” деп,
Ботасы өлген боз інген қолға алады.
Баян жібек белбеуін белден шешті, 1180. Қозыкеден айрылып күйге түсті.
Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды,
Ертең тұра Сарыбай ауылы көшті.
Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды,
Оны көріп Қодар құл қуанады.
Көш жөнеліп кеткенін көріп тұрып,
Жұртта қалған Баянға Қодар келді.
Сонда Қодар айтады:
– Жылқыны көп жалшылар суарады,
Сені көріп жүрегім қуанады.
Алған байың өлді ғой, сұлу Баян,
1190. Енді сені мен алмай кім алады?
Баян айтады:
Баян басын көтеріп түрегелді,
Жылап тұрып Қодарға жауап берді.
– Саған жұпты болайын, Қодареке,
Қозыкені бір көрсет маған, – дейді.
Қодар айтады:
– Баян жас, тимеймісің маған, – дейді,
Тимесең, болар ақырзаман, – дейді.
Осы жерде маған тисең тура сөйле,
Тазшаңды көрсетейін саған, – дейді.
Баян сұлу қуанып түрегелді,
1200. Қодарменен екеуі бірге жүрді.
– Ойдым-ойдым жер келді, сұлу Баян,
Кел екеуміз ойналық, Баян, – деді.
Баян сұлу Қодарға жауап берді,
Қозыкені көруге алып жүрді.
– Далада ойнағаның не болады,
Су басына баралық, Қодар, – деді.
Хақтың жолын күткен жан болар дұрыс,
Баян жастың кигені алтын кебіс.
Су басына баралық, сонда болсын,
1210. Оған шейін сабыр қыл, ит те жемес.
Сонда бұлар бір құдықтың басына келіп: – Шөлдеп қаным құрып барады, әуелі маған бір жұтым су бер, сонан соң көңіліне алғаның бола берсін, – деп, Қодарды құдыққа түсіреді. Сонда Қодар қуанып айтады:
– Айт дегеннен айтамын айда, Баян,
Мұндай ақыл біздерге қайда, Баян.
Алдыңда жарық болған айнаң, Баян,
Қасыңа мендей жолдас қайда, Баян?
Айт дегеннен айтамын айда, Баян,
Мұндай ақыл біздерге қайда, Баян.
Тазаланып жатайын қойыныңа,
Білегіме шашыңды байла, Баян.
Баян алдап Қодарды суға салды,
1220. Қодар сорлы су ішіп мейірі қанды.
Қодар құдық ішінде, Баян қырда,
– Суға тоңдым, тарт енді, Баян, – деді.
Баян естіп бұл сөзді тұра келді,
Бұйда пышақ қолына Баян алды.
Қодар суда – жалаңаш, Баян – қырда,
Қодарды пышақпенен салып қалды.
– Баян жас, мені есіңе алмадың ба,
Әуелі суға түс деп алдадың ба?
Екі бірдей байыңнан тең айрылып,
1230. Енді қараң суалып қалғаның ба?
Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян,
Мені неге сергелдең еттің, Баян?
Екі бірдей байыңнан тең айрылып,
Көзің ашық жалғаннан өттің, Баян.
Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян?
Әке-шешем жылатып кеттім, Баян.
Тілеуші едім мен сені жақын қыл, – деп,
Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян.
Айда Баян, ай Баян, неттім, Баян, 1240. Айтпай жүріп түбіме жеттің, Баян.
О дүниеде артыңнан еш қалмаспын,
Ақ тікен боп араңа біттім, Баян.
Көңілі тынып Баян жас қуанады,
Тіліне ұрғашының кім нанады?
Баян жас шашын кесіп жібергенде,
Құл құдықтың түбіне жоғалады.
Баян Қодарды жайратып тастап, Қозыкенің басына келіп зарлағаны:
– Ботасы өлген боз інген алып келдім,
Мен Баян тал отындай жанып келдім.
Қодар құлды құдыққа құлаттым да,
1250. Аза тұтып басыңа налып келдім.
– Қозыкем, жатырмысың жер бауырлап,
Қобы жонды қайың оқ соны ауырлап.
Тұрар болсаң тұр сана, Қозыкежан,
Баян жас алған жарың келді зарлап.
– Қозыкем, жатырмысың жер бауырлап,
Қарға жүнді қамыс оқ соны ауырлап.
Тұрар болсаң тұр сана, Қозыкежан,
Құдай қосқан қосағың келді зарлап.
Қозыке іздеп еді қылып талап,
1260. Жеткізді Баян жасқа Құдай қалап.
Не өлісін, не тірісін білейін деп,
Отырды іші қимай біраз қарап.
Баян жас зарлап, қақсап отыр еді,
Құдайдан түсіп рақым, пәрмен болды.
Баянның көзі ілініп кеткен екен,
Түсінде қырық шілтен аян берді.
Баян жас көзі ілініп түс көрді,
Түсінде қырық шілтен аян берді:
“Басты сал өз орнына, сөйтіп сұра, 1270. Тілейсің неше күндік өмір?” деді.
Баян жас зарлап, жылап тұра келді,
Тілеген шын тілегін Алла берді.
“Ұзақ өмір тілеп мен не қылайын,
Үш күн, үш түн ойнасам болар”, – деді.
Баян жастың тілеуін Құдай берді,
Қырық шілтен “әумин” деп шулай берді.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болып,
Сілкініп Ер Қозыке түрегелді.
Ер Қозыке сілкініп түрегелді, 1280. Отырғанын Баянның көзі көрді.
Шын ғашықтың жандары өзінде емес,
Үш күн, үш түн бас қосып дәурен сүрді.
Қозыке жыр болғалы бір талай жыл,
Туысынан жақсыға бір қызыл гүл.
Шығардық өлең қылып бұл қиссаны,
Баянның сұлулығын есітіп біл.
Ибраһим Мекке тұрғызды Құдай үйін,
Жақсының жүрген жері күнде жиын.
Қозыке мен Баянды өлең қылып, 1290. Біз де мұны жаңарттық міне, биыл.
Ақ кірпіштен басына салған үйін,
Өмірін қысқа тілеп, болдық қиын.
Үш күн, үш түн екеуі ойнап-күліп,
Ажалына шығады қызыл құйын.
Қияметтің қыл-көпірі тар-ды дейді,
Бір жағы от, бір жағы жар-ды дейді.
Қозыке мен Баян жас өлген шақта
Қырық бір молла Меккеге барды дейді.
Бас қосып қырық бір молла Мекке жүрді, 1300. Қырық періште қасында жолдас болды.
Меккеден үйге қайтып келе жатып,
Бір екеу түзде жатыр, көзі көрді.
Қырық бір молла жанкешті Мекке жүрді,
Қырық періште кісі боп қасына ерді.
“Бұл неғылған адам?” деп, тамаша етіп,
Жатқанның басына бұлар келді.
Екеуі жатыр екен мойындасып,
Құшақтап бірін-бірі қойындасып.
Өлді десе ажары бір тайған жоқ, 1310. Тірі десе жаны жоқ нұры тасып.
Қалтасында ғашықтық хатын көрді,
Хатқа жазған өлеңмен атын көрді.
Жаралған жеті ғашықтың бірі екен,
Қарасып тамаша ғып біраз тұрды.
Балқыған жер мен көкке нұры симай,
Сол үшін болып жатыр мұнша шимай.
Басынан қырық бір молла кете алмады,
Кетуге солай тастап іші қимай.
– Біз үйден шығып па едік мұны қастап,
1320. Үстіне кез қылғандай Құдай бастап.
Кел, осыған бір сауап іс қылайық,
Мен тұрмын жадағай кетпей тастап.
Түрі жоқ бұл қалпында анық өлген,
Шын өлсе, айырылмай ма ажар-түрден.
Шалажансар талумен жатқан жан ғой,
Бір қатты жел соғумен құйын жүрген.
Жанымыздың жайы үшін Мекке бардық,
Деп шығып ек “Құдайға – біз құрбандық”.
Құйын құрлы болмаса жүрісіміз, 1330. Бұл жүрістен біз қандай еңбек алдық.
Шын ниетпен жүріп ек басты қосып,
Алдымыздан кез болды бұлар тосып.
Кел, осыған бір қайран іс қылайық,
Өліп қалған кісі деп кетпей шошып.
Бірі айтты: – Бұл сөз жөнге келмес , – деді,
Құр сөзден дәнеме өнбес, – деді.
Әркімнің өз тілеуі өзінде ғой,
Құдай бізге алғанын бермес, – деді.
Ақ сақалды бір молла түрегелді, 1340. Өзгесі оның сөзін қабыл көрді.
– Жаны кеткен денеге жан кіргізу,
Құдайға жұмыс емес ауыр , – деді.
Сол молла ашып жаны айтты жылап:
– Құдайдан шын тілесек тегіс шулап.
Жаны кеткен дүниеге жан кіргізсек,
Мұнан абзал болар ма артық сауап?
Ақ сақалды сол молла былай деді,
Өзгесі бұл айтқанын мақұл деді.
Қозыке мен Баянның жанын тілеп, 1350. Қырық бір молла қол жайып түрегелді.
Қырық бір молла Құдайдан тілеп тұрды,
Қырық періште Аллаға ғарыз қылды.
Құдайдан сол мезгілде пәрман болды,
Періште не жұмысқа келдің? – деді.
Қырық бір молла бас қосып Мекке жүрдік,
Өзіңнің жарлығыңмен соған ердік.
Меккеден қайтып келе жатыр едік,
Жаралған жеті ғашықтың бірін көрдік.
Жомарттық рақымың мол, саған сендік, 1360. Беруші сен болған соң үміт қылдық.
Шулап тұр қырық бір молла жастары ағып,
Біз соны біліп-көре айта келдік.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды,
Тілеуін қырық бір молла қабыл қылды.
– Мың жанды бір қапасқа салатұғын,
Бостандық екі жанды алсын, – деді.
Біздермен қырық бір молла жолдас болды,
Меккеге тәуап қылып бірге келді.
Қозыке мен Баянның хатын көріп,
1370. Қырық бір молла біздерден тілек қылды.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды,
Қырық бір молла тілеуін қабыл қылды.
– Мың жанды бір қапасқа салған екен,
Екі жанды шығаріп алсын, – деді.
Періштелер қапастың аузын ашты,
Жаннан жанды бөле алмай жаман састы,
Бірдікі мыңға деген осы емес пе,
Қапастаң мың жан бірдей тұра қашты.
Қозыке мен Баянның жаны кірді,
1380. Екеуі жерден ұшып тұра келді.
Қозыке мен Баянның себебінен,
Мың кісі көрде жатқан тірілді енді.
Қозыке мен Баянның жаны кірді.
Жаны кірген соң екеуі түрекелді.
Қырық бір молла басында отыр екен,
Қозыке моллаларға сәлем берді.
Екеуі жатқан жерден ұшып тұрды,
Жалаңаш айдай балқып нұрға толды.
Ғашық-машық екенін жұрт білсін деп, 1390. Ұжмақтан Құдай берді халла тонды.
Екеуі тонды киіп шүкір қылды,
Ақ жүзі бұрынғыдан артық болды.
Моллалардың қасиеті Құдайынан,
Отыз бір жыл ойна деп өмір берді.
Қозыке мен Баянның көңілі толды,
Еңбектері орынға жаңа тұрды.
Қырық бір молла қол жайып бата беріп,
Бұлармен амандасып жүре берді.
Бозбала мұндай сөзді білмей жалған, 1400. Жалған сөз созғанымен қайда барған.
Бұл сөздер әуел ақыр шындығынан,
Мінеки, жұрт алдында сөз боп қалған.
Екеуі сол арада жалғыз қалды,
Төңіректе дәнеңе жоқ жансыз қалды.
Айдалада қалғанын біліп сонда,
Құдыреттің шеберлігін ойына алды.
Көңілі Қозыкенің біткен екен,
Түбіне Қодар аңдып жеткен екен.
Сарыбай күйеу, қыздан айрылған соң, 1410. Өлеңті – Шідерті кеткен екен. Сонда күйеуі мен қызы тірілгені Қаракөздің түсіне кіріп, “шеше, біз жаяу қалдық, бізді алдыр”, – дейді:
Қаракөз бір күн ұйықтап жатыр еді,
Түсінде күйеу, қызы сәлем берді.
Тірілгені көңіліне ғаян болып,
Күн шықпай кемпір жылап түрегелді.
Кемпір жылап күн шықпай тұра келді,
Үш күншілік жылқыға жаяу барды.
Пәрманменен тіл бітті екеуіне,
Келе жатқан кемпірге қарсы жүрді.
Арда күрең, Бақа айғыр қарсы жүрді, 1420. Алдына кеп кемпірдің шұлғып тұрды.
– Туғалы мал ішіне келген жоқсың,
Шешеке, неге зарлап келдің? – депті.
– Бір күн жатып төсектен тұрдым, – дейді,
Қозыке мен Баянды көрдім, – дейді.
Өзімнің іздеп барар шамам жоқтан,
Сендерге соны айтқалы келдім, – дейді.
Өзімнің іздеп барар шырағым жоқ,
“Тірі болса көрсем” деп көңіліме тоқ.
Екі бірдей шырағым көрсем-ау деп,
1430. Сарғайып зарығамын ынтызар боп.
– Айталық тура жауап сізге, – дейді,
Балалардан күдерді үзбе, – дейді.
Тірі болса, екеуміз ап келеміз,
Алтын жабдық әзірле бізге, – дейді.
Байғұс кемпір қуанып қайтып келді,
Алтын жабдық, ер-тоқым даяр қылды.
Қозыке мен Баянның киімдерін,
Түгелдеп қанжығаға байлап берді.
Түс болғанда ауылға жылқы келді,
1450. Бақа айғыр, Арда күрең бірге келді.
Қозыке мен Баянға барамыз деп,
Екі айғыр аунап-қунап сілкінеді.
Айбас байғұс жылқыда, түзде қалды,
Құл мен күң биелерін байлап сауды.
Намазшам мезгілінде бие ағытып,
Екі айғыр көп жылқыдан бөлек қалды.
Арда күрең, Бақа айғыр жүрмек болды,
Қас қарайып күн бата түрегелді.
Алтын жабдық, ер-тоқым ерттеген соң, 1460. Аягөзге жол тартып жүре берді.
Құдайдан сол мезгілде пәрман болды,
Періште жер тамырын тартып тұрды.
Арада тіпті біттей бөгелместей,
Екеуі жарысумен жетіп келді.
Арда күрең, Бақа айғыр келіп жетті,
Мұны көріп бұлардың көңілі бітті.
Үйден киім келген соң екеуіне,
Халла тоны ұжмақтың ұшып кетті.
Екеуі киімдерін киді дейді, 1470. Күрең атқа Қозыке мінді дейді.
Бақа айғырды Баянға ерттеп беріп,
“Сарыарқа, қайдасың?” деп жүрді дейді.
Не кедергі жерлерде торығыпты,
Ат шаршап, талай жан зорығыпты.
Өлеңтінің бойына жеткен жерде,
Көп қой жайған қойшыға жолығыпты.
Қойшыға жөнін айтпай жүре берді,
Есіктен жан демей ме, неғып келді.
“Енді күйеу кәдесін қылалық” деп, 1480. Қозыкені далаға түсіреді енді.
Қозыке күйеу болып түзде қалды,
Баян сұлу жарқылдап үйге барды.
“Қызың келіп тұр” деген дауысынан,
Қаракөз қуанғаннан талып қалды.
Құдайдың құп тамаша құдіретін көр,
Жұрт үйіріліп, таң қалып қарасып тұр.
“Өлмегенге қара жер” деген осы,
Сарыбай жылаған боп еңкілдеп жүр.
Жұрт білді Қозы Көрпеш – Баян атын, 1490. Қолында жүзігі бар қызыл алтын.
Аман-есен келген соң қуаныш қып,
Алдынан шатыр тікті қырық бір қатын.
Күйеу, қызы жоқтан бар болып келді,
Төрт күн, төрт түн жұрт жиып тойын қылды.
Торғайға қастық қылған жау жеңгесі,
Ұзатқанша жасырынып үйде отырды.
Ғашық қылған бұларды Құдай сүйіп,
Бірнеше жыл бейнетпен жүрді күйіп.
Ақ неке пайғамбардың адалдығы – 1500. Екеуін жаңа қосты неке қиып.
Ақ шатыр айдалада жалғыз тұрды,
Ал шымылдық пердесін үйге құрды.
Бәріде бұрынғының босқа жүріс,
Қызығын ерлі-байлы жаңа көрді.
Айбас құл хабар таппай елге келді,
Шатырды анадайдан көзі көрді.
Шатырдың есігінен қарай салып,
“Өңім бе, түсім бе?” деп жылай берді.
Қозыкең ұшып орнынан түрекелді, 1510. Көрісіп, құшақтасып көңіл тынды.
Баян бір күн күймеде ұйықтап жатса,
Түсіне Мамабике кемпір кірді.
Сол күні ай қараңғы түн болыпты,
Ғашықтар жалған емес шын болыпты.
Айырылып жалғызынан қалғаннан соң,
Шешесі тезек теріп күң болыпты.
Тоқсан құлдың бастығы Жидебай-ды,
Құлдың қылған ісіне кім шыдайды?
Енесі Баян жастың түсіне еніп, 1520. Құлға күң болдым деп зар жылайды.
– Қарағым, мені есіңе салма, – дейді,
Дұшпанның өсегіне нанба, – дейді.
Құдайдан тілеп алған екі көзім,
Мен байғұсқа көрер күн бар ма, – дейді.
Баян жылап күймеден түрегелді,
Қозыкенің қасына жетіп келді.
– Шырағым, қайдан туып, қайдан түстің,
Біз көргендей ел жұртың бар ма? – дейді.
Сонда Қозыке айтады:
– Бойыңнан шайтан қашар Алла десең,
1530. Жаһаннамға кетерсің харам жесең.
Екеуімізге қуанып әкем өлген,
Зар жылап қалып еді жалғыз шешем.
Қайғысын ұзын жолдың сарт көреді,
Танымаған кісіні жат көреді.
“Енді бізді ел-жұртқа ұзатсын”, – деп,
Баян жас әкесіне хат береді.
Сарыбай жері алыс деп қайғырады,
Қаракөз ұзатуға ой қылады.
Шідерті де Бақа айғыр шідер үзген, 1540. Өлеңті де өлең айтып той қылады.
Ғаділ болса бұзылмас ханның тағы,
Ақынның топта сөйлер тіл мен жағы.
Өлеңтінің Ақжар деген бір жері бар,
Сарыбайдың той қылған жерошағы.
Қырық күн Құдай қалап тамаша етті,
Қырық қара нар арттырып қыз жөнелтті.
“Шырағым жұрттан жалғыз бармасын” деп,
Қырық құл, қырық күң нөкер қып қасына ертті.
Қырық құл, қырық күң нөкерді қасына ертті, 1550. Малды үйірлеп айдатып көш жөнелтті.
Өлеңтінің бойынан шыққан күні
Айбас пенен Қозыке озып кетті.
Баян жас ауыр жүкпен кейін қалды,
Айбас пенен Қозыке озып барды.
“Қарабай елі Жұпардың қорығында”
Деп естіп солай қарап бұлар салды.
Базардан бақша-бақша без келеді,
Бір пәле бейнеттіге кез келеді.
Екеуі арып-шаршап, аңсап-сусап, 1560. Қойшыға көп қой жайған кез келеді.
Екі жігіт қойшыға жетіп барды:
– Бұ қай елдің қойы? – деп сұрап қанды.
– Кімдікі деп айтайын мен сендерге,
Иесіз бағып жүрміз арам малды.
Қозыке айтады:
– Қалай-қалай сөйлейсің, қойшы жаным,
Мұңды шерің Құдайға болсын мәлім.
Біздер үйден шыққалы көп жыл болды,
Иесіз бағып едің кімнің малын?
Қойшы айтады:
– Жаратқан сиынамыз бір Құдайға,
1570. Жылаймыз әуедегі күн мен айға.
Қозыке қыршын жаста жоқ боп кеткен,
Қалған дәулет қор болды Жидебайға.
Қойшыдан елдің жөнін сұрап білді,
Үйіне қонақ болып тура келді.
– Жолаушы, алыс жолдың кісісіміз,
Кім бар-ау, тысқа шығып сөйлес, – деді.
Сонда Жидебай кемпірге ақырады дейді: “Тұр жылдам, шығып қонаққа сөйлес”, – деп.
– Шұнақ күң, қолыңды отқа тықшы, – деді,
Ұятты кісі болса бұқшы, – деді.
Үй артында келіп тұр екі қонақ,
1580. Кім екенін біліп кел, шықшы, – дейді.
Қозыке амал қылды ғақыл ойлап,
Жеткізді шешесіне Құдай айдап.
Үйден шыққан шешесін тани салып,
Үйге кіре бастады атын байлап.
Байларға күнде қонақ көп келеді,
Жөнсіз қонақ келгенін жек көреді.
“Қарны ашқан екі қонақ бір тойсын” деп,
Екеуіне үш табақ ет береді.
Айбас құл елін танып күлімдейді, 1590. Қозыке келген жерден білінбейді.
“Жүдеген мұңды кемпір, бір тойшы”, – деп,
Үш табақ еттің бәрін соған берді.
Жидебай айтады:
– Қонақ, саған не болды қара басып,
Жалы асты мен бердім қазанға асып.
Жалғызынан айырылған мұндар күңге
Неге тамақ бересің жаның ашып?
– Екеуміз мылтық атқан мерген едік,
Үйіңе қонақ бола келген едік.
Мұңлыға неге жаның ашымайсың,
1600. Жалғызын қайынындағы көрген едік.
– Үш табақпен мен бердім етті салып,
Жақсы қонақ екен деп жолың танып.
Қодар атып сүйегі қурап қалған,
Не қыласың шіркінді ауызға алып?
Сонда бұлар айтады:
– Құл болсаң жылқы бағып жатар едің,
Би болсаң жұртқа кеңес айтар едің.
Жағаңды ұстап тәубә қыл, Жидебайым,
Жалғызы келіп қалса қайтер едің?
Жидебай айтады:
– Әділ болсаң, жұртыңның қамын жерсің,
1610. Қонақ сыйлап жөнелтсем, мырза дерсің.
Қодар атып сүйегі қурап қалған,
Өлген кісі тіріліп қайдан келсін!
Сонда бұлар айтады:
– Қарап тұрсаң адамға адам ұқсар,
Ит жегенін аузынан қайта құсар.
Өлген кісі тіріліп келмегенмен,
Жарай ма айтшы шын болғаның тұзға тышар.
Жидебай айтады:
Өткен сөзді қозғама қайта бастап,
Жүрген-тұрған жеріңді тұрмай ластап,
Біріне болсын обалы жалғызына,
1620. Ақ сүт берген анасын кеткен тастап.
Сонда бұлар айтады:
– Дәм айдаса бармайды қайда кісі,
Өз жанына қыла ма пайда кісі?
Бір күнгі тойғандықтың мастығынан,
Демесін, қой не болса, Хақтың ісі.
Жидебай айтады:
– Ден қоялық қонағым саған неғып,
Өкпелерсің нанбасам, көңілің қалып.
Құр бос сөзден дәнеңе өнбейтұғын,
Тыныштық қыл тамағыңа тойып алып.
Айтпай кетсем барады көп сөз қалып,
1630. Білген-сезген ешкім жоқ әлі танып.
Қонақ жолы қиын деп күтіп сыйлап,
Төр алдына жатқызды төсек салып.
Кемпір отты саулатып жағып отыр,
Жасы саулап көзінен ағып отыр.
Адам шыдар іс емес естігенге,
Қалай шыдап осылар неғып отыр.
Тоқсан құлдың Жидебай басы дейді,
Бір тиылар көзімнің жасы дейді.
– Сендей шешем үйімде қалып еді,
1640. Кел, арқамды, шешеке, қасы, – дейді.
Төр алдына жығылды әрең жетіп,
Әл-дәрмені таусылған түгел бітіп.
Арқадағы түймедей меңін көріп,
Бір “аһ” ұрып жығылды есі кетіп.
Бұлар тұрып кемпірге бір су шашты,
Кемпір жиып сонда есін, көзін ашты.
Алтын айдар белгісін көріп қалып,
Тұра сала бас салып құшақтасты.
“Өлді” деген жалғызын тірі көріп, 1650. Жаңа өлгені тіріліп, өшкені өніп.
Кемпір зары дүниені кезіп кетті,
Қардай болып бұзылған тау-тас еріп.
Айғайымен жылады жұрттың бәрі,
Түн ішінде түп-түгел жас пен кәрі.
Шаңқылдаған бүркіттей тау жаңғырығып,
Жұрт ұйқысын қашырды кемпір зары.
Айбас сорлы сыбырлап тілін безеп,
Қозыке отыр құр жылап бойын тежеп.
Шаршау да жоқ кемпірде қою да жоқ, 1660. Екеуіне көрісіп кезек-кезек.
Ашқан қарын болды ғой жап-жаңа тоқ,
“Қызған кезде, – мақал бар, – темірді соқ”.
Бәрі жатыр жан біткен жабырласып,
Бар білгенім жалғыз-ақ Жидебай жоқ.
Осы арада енді бір алайық дем,
Мұңлы сөзі мұңлының дертіне ем.
Көрінбеген бойымен кете барсын,
Жидебайды керек қып іздесін кім?
Қозыке ел-жұртын бір түңілдірді, 1670. Құдай мұнан шеберлік сыр білдірді.
Бір желі қып байлатып боз биені,
Соныменен шешесін шомылдырды.
Бізге күмән әр нәрсе Аллаға аян,
Зекеті жоқ мал болар жылан-шаян.
Құл-күңімен келіпті ырғап-жырғап,
Көп кешікпей соңынан сұлу Баян.
Кейінгіге қалдырған айтып жатқа,
Соның үшін жазылды мұны хатқа.
Мұндай сөзді дүниеге өрнек қылған, 1680. О да жетсін деңіздер бір мұратқа.
Жан туар ма жаралып бұлар сынды,
Қозыке мен Баянның көңілі тынды.
“Бізді қойсын, Құдайға құл болсын” деп,
Құл мен күңнің бәрін де азат қылды.
Үлкен шүлен той берді жұртын жиып,
Үлестіріп жалғанды көзі қиып.
Құл мен күңді жұрт қылды өз алдына,
Бір-бірін адалдасып неке қиып.
Үйір-үйір қысырақ көп маталды, 1690. Үлестіріп қалғанын бұл бата алды.
Бір кедей жоқ, теп-тегіс бай боп бәрі,
Қарабай, Сарыбайдың елі атанды.
Дүниені кім тегістеп түгел етті,
Жалғанды керек қылмай солайша етті.
Бәрі өтіп жан біткеннің, нәубет жетіп,
Санаулы отыз бір жыл о да бітті.
Бабай Түкті Шашты Әзіз түске кірді,
“Талақ қылып таста, – деп, – сен бұл жерді.
Аягөздің бойына барасың”, – деп, 1700. Қозыке мен Баянға аян берді.
Әулиелер түсіне кірді дейді,
Жер тамырын періште түйді дейді.
Жан ертпестен қасына сонда екеуі,
Аягөзге бет алып жүрді дейді.
Қонған, түскен жерлері болып бұлақ,
Жаныменен жарқылдап қос шамшырақ.
Жер арасы оларға болып жақын,
Бұл күндерде болғанмен бізге жырақ.
Бірнеше күн арада түндер өтіп, 1710. Бары-жоғы жалғанның естен кетіп.
Тағы Баян зарланып жалғыз қалды,
Жерге жетіп бұйрықты Қозыке өтіп.
Баян жылап зарланып отырады,
Жердің жүзі мал менен жанға толды.
Іздегені су болып сусап, шаңқап,
Жер қайысқан бір қалың керуен келді.
Баян көріп керуенді шат болады,
Жақсыға арзан, жаманға жат болады.
О шеті мен дүниенің бұ шетіне 1720. Көбінесе жүретұғын сарт болады.
Аударыла көп керуен аттан түсті,
Көрмей ешкім кете алмас жазулы істі.
Баян көркі дойбының тасы болды.
Бұлар тағы ұтқызды ақыл есті.
Керуен енді бұл суға қонар болды,
Таусылмайтын бір өзен сонар болды.
Өліп жатқан сабазбен ісі де жоқ,
Баян жасты көрумен құмар болды.
Несіне ғаріплайды бәрі басты, 1730. Мұндай сұлу ұрғашы табылмас-ты.
Сарт болған соң саудасыз бола ма айтшы?
Алу жағын ыңғайлап саудаласты.
Баян айтты: – Жамағат, құлағың сал,
Жабдығына өліктің жаратып мал.
Тастан тамды орнатып бұзылмастай,
Қайсың алсаң, ал мені, сонан соң ал.
“Бәлі, сөз” деп бәрі де шуылдасты,
Абдыраның аямай аузын ашты.
Үлде менен бүлдеге орап шырмап, 1740. Қадірледі құрмет қып асыл тасты.
Әрбір сарттың отыз-қырық жолдасы бар,
Іш ағасы ішінде қол басы бар.
Шаңырақтай сәлдесін орап алған,
Жаназа ондап оқитын молласы бар.
Өлікті таза жуып, көмді жайлап,
Қуанып бәрінде ес жоқ “иә, Құдайлап”.
Баянның көңілін ырза қылу үшін,
Керуендер үй тұрғызды тастан сайлап.
Біреудің іс, біреудің достасы бар, 1750. Әркімнің бір замандас тұстасы бар.
Дүниенің ұқсатуын әбден білген
Не түрлі жалақтаған ұстасы бар.
Жабылып жан қалмастан біткен адам,
Бәрінің көңілінде бар “қайтсем, алам”.
Қиямет-қайымға шейін бұзылмастай,
Болсын деп шын ықыласпен қылды тамам.
Қуанып Баян отыр көңілі толып,
Көңіліне қылған жұмыс әбден қонып.
Бітіріп, “болдық” десіп келді дейді, 1760. Бәрі де “аламыз” деп іңкәр болып.
Сонда Баян Сұлу айтады:
– Халайық, ризамын келгеніңе,
Бір белгі тұрғыздыңыз өлгеніме.
Үлессем, бәріңізге мүшем жетпес,
Тиемін хақылың артық жеңгеніңе.
Айтарлыққа бұл сөзі жарасады,
Бір-біріне қиыспай қарасады.
Біреуге-біреу көңілін неге берсін,
“Мен алам, мен алам” деп таласады.
Бірін-бірі енді жек көріседі,
1770. Өзді-өзімен араз боп керіседі.
“Мен тұрғанда сен қалай аласың?” деп,
Жұдырақтап ауызға періседі.
Мұнда қалды бас салып жұдырықтасу,
Оңай емес біреуден біреу асу.
Ғақыл естен тап-таза айырылған соң,
Төбелеспей басылмас мұндай ашу.
Тамам керуен шулығып жиылады,
Қылыштасып желкелері қиылады.
Бірін-бірі аяспай ұрып жығып,
1780. Төбелесіп өзді-өзі қырылады.
Керуен біткен өзді-өзі таяқтасып,
Бірін-бірі жатыпты аяқтасып.
Үш-ақ кісі қалыпты сонша жаннан,
Олжа көріп өз басын алып қашып.
Жақсы адам әр нәрсені өнер қылған,
Сонан бері қанша өтті ай мен жылдан.
Үш кісі үш ру елге қашып барып,
Сол екен Қозыкені өлең қылған.
Қозыке мен Баянның болған шағы, 1790. Бәйшешектей қуарып солған шағы.
Қозыке өлген жерінде Баян да өлген,
Әркімнің сондай болсын алған жары.
Дүниеден бұл күйімен бұлар кетіп,
Міне тұр әңгімесі бізге жетіп.
Қарабай, Сарыбайдың ауыр елі,
Ертістен арман қарай кетіпті өтіп.
Қонысы Сарыарқадан келген ауып,
Қазақты жүрген кезде қалмақ шауып.
Жеті қабат мұжықтың ар жағында, 1800. Аласың іздегенің сонан тауып.
Әңгіме жұрт аузында алып қашқан,
Жазу жоқ бұл қазақта тасқа басқан.
Ақын Шөже айтқаннан естіп едім,
Күнімде тоғыз жасқа аяқ басқан.
Жыл өтті сонан бері қырықтан асып,
Елуге бізде тұрмыз аяқ басып.
Қатасын білген жандар түзетіңдер,
Бар болса қалған жері мидан қашып.
ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН ҚЫЗ
(Г.Н. Потанин нұсқасы)
Шешендер білген сөзін көлдетіпті,
Сөз бастап бұрынғыдан тербетіпті.
Кешегі о бірқатар заманында,
Қарабай хан, Сарыбай бай өтіпті.
Кемел ақын келтірер сөздің нұрын,
Оған да заман өткен бір ықылым.
Қарабай хан, Сарыбай өткен екен,
Олар да о бірқатар бізден бұрын.
Солар да көп сөз болған өткен жандар,
10. Мінеки, құлақ қойып сөзді аңлаңдар.
Аз ауыл қарашысы халқыменен,
Қарабайдың тоқсан мың жылқысы бар.
Әңгіме солар болған бірталай кеп,
Басында Құдай берген дәулеті көп.
Жылқы айдаған тоқсан мың бай болса да,
Үйінде сайманы жоқ бойына еп.
Сексен үш жасқа келген сол күнінде,
Сүйер оның бір жалғыз перзенті жоқ.
Оның тегін кім десе айтады екен, 20. Бұрынғы өлеңшілер түрікпен деп.
Нәсілі Сарыбайдың ноғайлы емес,
Оның тегі “құндыкер, құбаң жұрт” деп.
Шалқар дәулет, шағын бас Құдай беріп,
Азын-аулақ қасына қарашы еріп.
Сол екі бай елінен ауған екен,
Туысқан-туғанынан зорлық көріп.
Қаша-қаша бірталай жерге келді,
Һәм түрі өзге жұрттан бөлек еді,
Су аяғы – Құрдымды жайлап жатқан, 30. Бір Балталы дейтұғын елге келді.
Балталының бір биі Тайлақ еді,
Қасында жүз кісімен келіп еді.
Әуелі Қарабайға кездей келсе,
Сонша ауыр дәулетінен түк бермеді.
Сонан соң Сарыбай байға барып түссе,
Бәрін де сый-сияпатпен жөнелтеді.
Еліне барды Тайлақ кеңесті енді:
– Мына Сарыбай тегін жан емес, – деді.
Көптің сөзі бір жерге құйылды да, 40. Сарыбайды хан қылып, тізгін берді.
Жақсының шарапаты көпке тиген,
Қарабай да бір тайпа ел билеп еді.
Қарабай аң аулаудан ерінбейді,
Көзіне сол тоқсан мың көрінбейді.
Шыршы деген бір тауға аңға келсе,
Атуына ешбір аң кез келмейді.
Кешке таман бір жерде келе жатып,
Бір маралды жатықта көрді дейді.
Аң көріп аңдаусыздан қалды сасып, 50. Атқанша сасып жүріп білте басып.
Онан-мұнан қалбаңдап қарап жүрсе,
Мұны көріп сол марал кетті қашып.
Байғұсты аңқұмарлық тентіретті,
“Әттеген-ай, арманда болдым” депті.
“Қап, бәлем, ертең түсте атармын” деп,
Қаңтарып Аққайыңын жата кетті.
Сарыбай да аңға құмар адам еді,
Ол да таңнан сол тауға аңға келді.
Бір жанға ат қаңтарған кездей болып, 60. Сөйлескелі ат басын бұрды-ай енді.
– Жатырсың түске дейін ат қаңтартып,
Үмітсіз бұл жалғаннан кімсің? – дейді.
– Көңілімді мың мен санға баламаймын,
Пенденің елігіне жарамаймын.
Сексен үшке келгенше баласы жоқ,
Бір Құдай Тағалам қаңғыртқан Қарабаймын.
Шошып қалды Сарыбай “Құдая” деп,
Налысын Қарабайдың көрмеді еп.
– Қареке, неге айтасың ондай сөзді?
80. Үмітсіз болма Алладан, қазынасы көп.
– Жарқыным, жасы жеткен қызық көрмес,
Аллаға екі тілеу жүрген емес.
Мал сұрап ем Тәңірден, оны берді,
Үстіне қартайғанда перзент бермес.
– Хақ Алланың ісіне налымаймын,
Және айтып асылық сөз жарымаймын.
Жетпіс беске келгенше баласы жоқ,
Мен де өзіңдей бейшара – Сарыбаймын.
– Өтіпті бізден бұрын талай жандар,
90. Сендей күнде уайым қылмағандар.
Сексен үште жасы бар мені айт, балам,
Сенің әлі алдыңда тілеуің бар.
– Қареке, заманында сен де бір ер,
Жапан түзде кез қылды Пәруардігер.
Сегіз-ақ жас үлкенсің ойлап тұрсам,
Жетпіс бес сексен үшпен қарайлас жер.
– Екеуміз осы аздықтан елден кеттік,
Ызадан қаңғып талай жерге жеттік.
Мал айдап, бас көрмеген сорлы екенбіз,
100. Кел, дос болсақ қайтеді қияметтік?!
Дос болды жапан түзде бек сөйлесіп,
Қайғы-мұңын екеуі көп сөйлесіп.
Ақыреттік достыққа серт айтысты,
Жалаңаш құшақтасып, Құдай десіп.
– Алланың әміріне көніселік,
Рахым қып, бала берсе, көріселік.
Ұл туып, қыз туғандай заман болса,
Қалыңмалсыз уәде қып беріселік.
– Мұнымыз кейінгіге сана болсын,
110. Қай сөзі шын сертінің шала болсын.
Екеумізден ұл туар заман болса,
Ол да біздей достасқан бала болсын.
– Қарабай шал, қартайған мені көрші ,
Бек сөйлескен серт айтып достым деші.
Кеше кеткен бір марал ыза қылып,
Ұзамай жатқан шығар, атып берші?!
– Не болды соны сөз деп, достым, саған,
Әлім келмес деймісің менің оған.
Кез келген бұйрықты аңды қоюшы емес,
120. Мылтығым алты қарыс, көрсет маған!
– Дейсің бе аң кез келмес, уәде берсең,
Сүйтсе де кешегіден аш жүрмін мен.
Алдыңдағы түбекте жүрген шығар,
Байқа, жаным, бойыңды шалдырма сен!
– Мынауың әңгіме емес менің жолар,
Атармыз, аң кез болар, көңіл толар.
Маралың буаз екен, бата алмадым,
Келінің екі қабат, кесел болар.
– Уайым неге айтасың ақырзаман,
130. “Атпаймын” деген сөзің тым-ақ жаман.
Не көрсем мен көрейін, атып берші,
Жазасы ақыретте болсын маған.
Сарыбай тұрды сөзін мақұлдамай,
Ыңғайланып мылтыққа оғын салмай.
“Талай аң мұнан басқа кез болар” деп,
Обалсынып тұрады қолы бармай.
– Енді балам, сертіңе жетпедің бе?
Дүниеден екі сөзбен өткенің бе?
Кез келген бұйрықты аңды менен аяп,
140. Достықтан шыныменен кеткенің бе?
Мінезін Қарабайдың Құдай алды,
[Сарыбай] мылтығына оғын салды.
Бетіне алып маралды тарс қойғанда,
[Бос] кетсін бе, ұрудан құлап қалды.
Қасында Сарыбайды ескерген жоқ,
Қарабай қарбаң қағып жетіп барды.
Арбаң-құрбаң аптығып солақай шал,
“Бісмілләсіз” маралдың ішін жарды.
Қарабай қартайса да тым-ақ мықты, 150. Қартайғанша білмейді алалдықты.
Жарған пышақ денеге жазым тиіп,
Ішінен егіз қодық мөңіреп шықты.
Мақтанды “[қатарыммен] бірдеймін деп,
Һешқашан жолым болмай жүрмеймін” деп.
Тыпырлатып қодықты бауыздайды,
“Сілікпелеп үйге апарып бір жеймін” деп.
Бір маралға қуанып өліп-талып,
Жауды алғандай мақтанып, саңлауланып.
Үсті-басы қан болып қайтып келді, 160. Солақай шал маралды жайлап салып.
– Әуре қылдың, әуелде, сөзіме ермей,
Қойды ма тілегімді Тәңірім бермей?
Атуын атқаннан соң бұл маралды,
Отырып неге қалдың маған келмей?
– Кез болдым да, дос болдым бір кезіңе
Не айтайын, Құдай қылған мінезіңе?!
Үш ұмтылып орнымнан тұра алмадым,
Кеселі мылтығымның тиді өзіме.
– Уайым сөз айтқаның, жаным, жаман,
170. Көп кейіп ең, әуелде, тұрғанда аман.
Мылтығың қатты оқтаған тиген шығар,
Мұнша уайым сөз айтып не етті саған?
– Ақ өлім бұрынғыдан қалған санат,
Ажал жетті, шығады жан-аманат.
Бір-екі ауыз аузымнан арзымды естіп,
Басымды кешіктірмей оңға қарат.
Жапандағы бұл сөзді жаярсың ба?
Жаным құрбан достым ең, аярсың ба?
Егер менен ұл туып, қызың болса,
180. Бағанағы сертіңнен таярсың ба?
– Көңілім сүйген кісіге тас бұлақпын,
Сүймес кісім кез болса, қас шұнақпын.
Бір айтысқан сертінен ит таяды,
Ондай атты күн болса берер-ақпын.
Құлағы естіп, сертіне көзі жетті,
“Жасың үлкен достымсың, құлдық” депті.
Құдіретіне Құдайдың таң қалғандай,
Сарыбай иман айтып, өліп кетті.
Ит Қарабай жүреді сұмдық бастап,
190. Айтқан сөзін тұрмайды адам қостап.
Егіз қодық, маралды теңдеп алып,
Бек сөйлескен достысын кетті тастап.
Тұра алмады бір сағат сертке жетіп,
Сөйлескен құдайшылық естен кетіп.
Өліп қалған Сарыбай көңілінде жоқ,
Үйіне қайта салды өлеңдетіп.
Ақылсыз бай үйіне жөнеледі,
Бір маралға қарық болып кенеледі.
Шыршыдан елге таман келе жатса, 200. Шаңлатқан бірталай жан кез келеді.
– Қарабай шал, қартайған сізді көрдік,
Сарыбайдың, қарашы, адамы едік.
Ханымы ханымыздың тапты бір ұл,
Сейілде көрдіңіз бе? Сәлем бердік!
– Бұл сорлылар жоқ істі өнер еткен,
Құдай шығар құр босқа тентіреткен.
Былшылдамай, бәрің де, үйіңе қайт,
Жете алмайсың, Сарыбай марғау кеткен.
– Міне қалай бай еді сөзі надан?!
210. Дүниенің қызығын байқамаған.
Марғауың неше күндік, неше түндік,
Қос-қос атпен ұшыртып барсам соған?!
– Ертіс басы Қарадың жерге кетті,
Бейне теңіз дейтұғын көлге кетті.
Бес жүз киік соқтығып, соны қуып,
Тәшкен жолы Бетпақ бар шөлге кетті.
Қарабай ақылы жоқ, қайраты мол,
Һәр ісі өзгеге теріс, өзіне жол.
Қарабайдың ұға алмай айтқан сөзін,
220. Дел-сал болып алтауы қайтқаны сол.
Онан да әрі еліне жөнеліпті,
“Алтауын алдадым” деп кенеліпті.
Алдынан тосып жүрген сақау қатын
Қарабайға бір жерде кез келіпті.
– Қайнаға-ау, сізді іздеп ем, кез келесіз,
Елді ескермей күнде аңға жөнелесіз.
Көрдіңіз қартайғанда сіз бір перзент,
Сүйініші сұрай келдім, не бересіз?
– Баланы сен беріп пе ең маған сүйер?
230. Тон берсем алар едің топқа киер.
Былшылдамай, сақауым, жөніңе кет,
Сегіз өрме, бұзау тіс қамшым тиер.
– Жас иіс көрмегеннен талай зарлық,
Тартып ең, ұмыт болды, нағылалық?
Ат бер деп, алтын бер деп тұрғаным жоқ,
Бір шапанға қылдың да мұнша тарлық?
Хан Қарабай келеді күн-түн қатып,
Егіз қодық, маралды қабат атып.
Сегіз өрме, бұзау тіс, ала мойнақ
240. Сақау күңді кетіпті тарсылдатып.
Сол сақау дуадақтай жорғалайды,
Бастың қаны мойнына сорғалайды.
Бар екен жар басында жарты-ай лашық,
Қамшыдан қашып барып қорғалайды.
– Бір басымды жүремін санға балай,
Жеті атамнан бақ берген Алла Тағалай.
Өз тіліңнен, сақауым, жаза таптың,
Дәл енеңді ұрайын, мұным қалай?
Қарабайдың мұнысын не сөз дерсің?
250. Кінә аудармай сабады, Тәңірім көрсін.
Қуанышына қамшы екен сүйіншісі,
[О дүниеде] жазаңды Құдай берсін.
Көрмессің Қарабайдай бейілі тарды,
Балдырғанды ауылға түсте барды.
Бейілі антұрғанның сонда кеңіп,
Бір сарттан жиырмалап шапан алды.
Есер етсе Тәңірі етті Қарабайды,
Һеш қылығы тірі адамға ұнамайды.
Ол алғашқы аптыққан алқынымен, 260. Түзде қылған бар сертін елге жайды.
Досын тастап кеткеннен ұялмайды,
“Құдама бата етем” деп қарбаңдайды.
Тосқан саба толтырып, жұртын ертіп,
Барудан басқа ақыл таба алмайды.
Ауылына Сарыбайдың жақын кепті,
– Осы жерде сендер тұра тұршы, – депті.
Өзім барып бір көріп келейін, – деп,
Ауылға жалғыз өзі жүріп кетті.
Жөнелді бір қылықты және бастап,
270. Солай қыл демесе де ешкім қостап.
Иесіз ақ ордаға кіріп барды,
Белдеуге Бақа айғырын іле тастап.
Алтынды ақ ордаға кіріп кепті,
Сән-сайманы өзгеше екен тіпті.
Жан-жағына қаранып жалтаң-жалтаң,
Өз-өзінен антұрған шошып кетті.
Жөргектегі баланың бетін ашты,
Ай жүзін көре сала жаман састы.
“Мені жұтар жалмауыз туыпты” деп, 280. Тантық шал Бақа айғырға міне қашты.
Бағаналы жұртына жетіп келді,
– Барғайсың қайта ауылға бәрің, – деді.
Тоқсан саба бір сайға жарып тастап,
Түйелерін желдіртіп ит жөнелді.
Тайлақ та сол ауылға келген екен,
Анадайдан бәрін де көрген екен.
Ханым айтты Тайлаққа, көріп соны:
– Байқадың ба, патшаңыз өлген екен.
– Ақ орда алтындаған тіккен үйім,
290. Болмас-ты бұрынғыдай менің күйім.
Аңға шыққан жөнімен жұртты жиып,
Сүйегін іздеу керек, Тайлақ биім.
Хабар кетті жұртына “жиылсын” деп,
Есепсіз ел тоқталмай жиылды көп.
Халқына қасиетті бір хан еді,
Бәрі шошып жылап жүр уайым жеп.
Сол жерде дәл он бір мың кісі келді,
Тайлақ та “қайтеміз” деп аз бөгелді.
Он бір жыршы, ханым мен Тайлақ та бар, 300. Шеру тартып Шыршыға ел жөнелді.
Бір өлген жан кез болып жыршыларға,
Кім екенін біле алмай шошиды енді.
[Тазша]:
– Аң-таң қалма, ағалар, бәрің надан,
Һеш нәрсе өнбес құр босқа қамалғаннан.
Шыққыр көзім шықпаса, мен таныдым,
Осы жатқан алдыңда – Сарыбай хан.
– Сен кәпірдің қылғаның бәрі шала,
Ту жығылса болдық қой қас масқара.
Жұрт ұстаған жақсыға жора қылдың,
310. Ұяңменен өртеңгір, тазша бала.
– Білемін мен, сендердің біліуің тар,
Алды-артын байқамай-ақ айтасыңдар,
Белгісі сол емес пе, бейшаралар,
Қас алтыннан қолында жүзігі бар.
Астан-кестен шапқылап бәрі келді,
Қара қалмақ секілді іштен бүлді.
Жалғыз-ақ сонда ханым есіткен жоқ,
Басы Тайлақ болды да, бәрі білді.
Батыр Тайлақ әр істі ойға алады,
320. Жұрт таба алмай мәнісін қамалады.
– Ханымға есіттерге, ей, жыршылар
Талапкер іштеріңнен кім барады?!
Бағанағы тазша айтты: – Ей, Тайлақ ер!
Елімдегі биімсің сен кемеңгер.
Есіттіре ханымға мен барайын,
Рұқсат болса сізден, батаңды бер!
– Жолың болсын бара ғой, балам, – депті,
Қотыр ала тайменен тазша кетті.
Бір жерде қырық жолдасымен ханым жүрсе,
330. Алдынан қарама-қарсы кездей кепті.
– Тоты құсым, сұңқарым, сізді көрдім,
Саяңда мен бір жүрген адам едім.
Мен түсімнен шошыдым бүгінгі күн,
Жорытқалы әдейі сізге келдім.
– Бөтен емес, бұл тазша біздерге өз,
Есің шығар, байғұсым, бір болған кез.
Басын сегіз, аяғын қылма сексен,
Тез айтшы, шошығаның немене сөз?!
– Жаратқан бұл жаһанды Тәңірім күшті,
340. Қызығы сұм жалғанның енді екіұшты.
Шошыған менің түсім, даныспаным,
Сәлдем ұшып басымнан жерге түсті.
– Құдайы құрбандыққа қой соярсың,
Берсе Тәңірің мал басқа бір тоярсың.
Сенің сәлдең басыңнан жерге түссе,
Қаза қылмай намазға бас қоярсың.
– Ханым-ай, олай болса онан өттім,
Бір шошыған түсіме жаңа жеттім.
Қолымнан ешбір адам ұстай алмай,
350. Түпсіз терең түсімде суға кеттім.
– Жапанда жалғыз тазша кез келеді,
Шошыса да байғұсым жөн көреді.
Түпсіз терең түсіңде суға кетсең,
Есепсіз Құдай қалың мал береді.
– Ойласам бұл ханымның ақылы асты,
Қарашыңыз дәл, міне, енді састы.
Мен шошымай қайтейін, тақсыр ханым,
Жібек баулы қолымнан сұңқар қашты.
– Жамандық сөз сөйлеме һеш шағыңда
360. Уы бар кей адамның тіл-жағында.
Қолыңнан жібек баулы сұңқар ұшса,
Болғаны халық орында, хан тағында.
Болып ең әлдеқалай, сен, маған кез,
Әдеппен айт, білімсіз қылықтан без.
Мен сенің қалжыңдасар кісің емес,
Айтарың найзаласып немене сөз?!
Аңға шыққан Сарыекем
Таңертеңгі салқында.
Мінсіз туған жан еді, 370. Өне бойы қалпында.
Келімсек төре хан болған
Балталының халқында.
Өрісі толып малына,
Қазынасы толған алтынға.
Жер жүзіне жеткізген
Мырзалық, ерлік, даңқын да.
Білуші еді өзгеше
Һәр ақылдың шартын да.
Иманы жолдас болғай-ақ 380. Сарыекем сынды марқұмға.
Тауфиқты ғұмыр бергей-ақ,
Қозыжанға артында.
Сарыекеме белгілі еді
Әр істің ақыл, парқы да.
Күн көреді сүйеніп
Сіздей жүзі жарқынға.
Тәңірі ісіне тоқтау жоқ,
Жетпесті қуып алқынба.
Хан орнына хандық қыл, 390. Кешегі билеп жүрген шарқыңда.
– Сарыбай хан өлді ме, жұртым көрсін,
Жыламан, патша Құдай иман берсін.
Әлемнен хан Сарыбай өткен болса,
Иншалла, тәубе Тәңірім, артын берсін.
[Тазша]:
Көздің [жасы] татымас
Сарыекемнің дертіне.
Сабырдан басқа дауа жоқ
Іштегі қайғы өртіне.
Бассыз қалған байғұс ел 400. Кір жұқты көңіл-көркіне.
Көргеннен соң босарсың,
Нәпсің қоймас еркіңе.
Қайраттанып осы жерден,
Ақыл тоқтат беркіне.
Сүйегіңе мін болар,
Жетпей кетсең сертіңе.
[Ханым]:
– Сен, тазша, жылайды деп көңіліңе алма,
Алып жүр сүйегіне, енді айланба.
Сүйекті [құр] босатпақ білімсіздік,
410. Өлікке жыламақта пайда бар ма?
Ханымға тазша есірттірді жеке барып,
Жұрт сілтідей тынады қайран қалып.
Қасына ханымды ертіп келген алып.
Егіл-тегіл еңсеген сүйегіне,
Ал сонда ханым келді, жұрты көрді,
Ұрғашыда көрмессің мұндай ерді.
Ақылынан шатаспай, һешбір саспай,
Жұртына ақыл қылып қайрат берді.
– Жылама, батыр Тайлақ, сен де өлерсің,
420. Ажал келсе тоқтамай жөнелерсің.
Сауапшылық болардай іс ойлаңдар,
Имандың махшар күні кез келерсің.
Жұртым-ай, бұл жылаған мінезді қой!
Өлік шықса, тіріге болмай ма той?
Жылағанмен бір нәрсе өндірсеңдер,
Жылап-жылап тірілтіп әпкеле ғой.
Ер Тайлақ, олай тұрма, сен бермен жүр!
Аулаққа алып шығып ойлатты түр.
– Осы жерге қою керек алып жүрмей,
430. Елге шаптыр, жабдық пен үй әпкелтір.
Ілезге болмай керектің бәрі келді,
Дайын болды, халайық көзі көрді.
“Зиарат қып бір күмбезді жасаймыз” деп,
Жұрт ұйғарып сол жерге қояды енді.
Он бір мың жаназаға жиылған жан,
Бәрін де тартуменен жөнелтеді.
Әлеумет, бұл жиылған халықты көрдім,
Мен бір түрлі жаралған адам едім.
Ас беріп, ат шаптырсаң өз заңыңша, 440. Билігін, батыр Тайлақ, саған бердім.
Қай кісі ер Тайлаққа теңеледі,
Жиылған топ, әлеумет, көп ел еді.
Билігін батыр Тайлақ алғаннан соң,
Сол жерде сауын айтып жөнеледі.
– Тыңлаңдар, міне, жырын, ал, жаранлар!
Бай мақтанын асырмақ, ол істі аңғар.
Өтірік айтса обалы ақындарға,
Басқы аттың бес жүз жылқы бәйгесі бар.
Ал, сонда Тайлақ айтты: – Ой ойлаңыз,
450. Елде тентек-тебізді һеш қоймаңыз.
Даусыз болып, ал, келсін аттарыңыз,
Һәр рудан бір кісі ат айдаңыз.
Мұсылман Аққа жуық мойын бұрсын,
Жанжал, қулық қылғанды Құдай ұрсын.
Қара Еңестен атты айдап жібертіңіз,
Үстінде Ақкезеңнің көмбе тұрсын.
Байлығын Сарыбайдың жұрты көрді,
Сонша алысқа атты айдап жіберді енді.
Алдында бес жүз аттың бір шақырым, 460. Өз үйінің Телқызыл аты келді.
Һеш адамнан жамандық, жанжал шықпай,
Жиынын тып-тыныш қып жөнелтеді.
– Мінезі Қарабайдың жаннан бөлек,
Серттерін жұрт есітті дөп-дөңгелек.
Тайса өзі Құдайға шет боп кетсін,
Тайлақ-ай, бір сөйлесе барсаң керек.
– Ханым-ай, Қарабайың құрып қалсын,
Келуге жарамаған Құдай алсын.
Мен барсам тек келмеспін ол итіңмен,
470. Жалғыз ұлым Таркеніш бала барсын.
Ханым да Тайлақ сөзін мақұл депті,
“Барсын” деп жалғызына жарлық етті.
Қасына он бір жігіт ертіп алып,
Ер Кеніш Қарабайға жүріп кетті.
– Хан Қарабай, ақсақал, сәлем бердік,
Біз биыл құдіретпен не көрмедік?
Кешегі Сарыекемнің заманында,
Қайғысыз, уайымсыз жүруші едік.
Құдағиың жіберді, құрбың Тайлақ,
480. Алдыңа бір сәлеммен келіп едік.
– Былшылдама, сендерге тіпті ермеймін,
Ұмыт болған сөзді қой, мен көрмеймін.
Сен антұрған он [екің] үйіңе қайт,
Жетім ұлға құда боп, қыз бермеймін!
– Қареке-ау, қалжың қылып арбаймысың,
Тәңіріңді бір жаратқан алдаймысың?
Құдай десіп, ант еткен серттен тайып,
Тегінде ақыретке бармаймысың?
Тәңірі алдында уәдеңді сұрағанда,
490. Сол жерде қара жүзді болмаймысың?
– Мына сөзге мен тұрмын аң-таң қалып,
Қалыңмалын қойып ем қашан алып?
Жөн қайт десең, былшылдап сөйлей берсең,
Бәріңнің де кетермін басың жарып.
– Орның жоқ дүние үшін дінің сатар,
Кінәң жоқ серттен тайып, атын атар.
Бұл ақылдан қайтпасаң, шал Қарабай,
Осы тәнің дозақтың дәмін татар.
“Бетін топырақ басты” деп серттен тайдың,
500. Орның келді жаһаннамда күйіп жатар.
Шыдамады Қарабай, ашуланды,
Арбаң-құрбаң Аққайың мініп алды.
Сегіз өрме, бұзау тіс қолына алып,
Тарсылдатып бәрінің басын жарды.
Қайтеміз, Қарабайдың қылығы сол,
Осынысы өзіне болған соң жол.
Бір тау тесіп мойынға ілсе дағы,
Он бір аға үндемей қайтатын жол.
– Барсын деп бізге, ханым, қылдың жарлық,
510. Мен көрген жан емес-ем қорлық-зарлық.
Мінезін Қарабайдың біле тұра,
Нәлет, кәпір құдаңа кеше бардық.
Бір көңілің қалмасын деп барып едік.
Қызыл тақия сый-сияпат киіп алдық.
– Ол кетер, бұл араны қылмас мекен,
Кетсе кәпір біржола-ақ кетсе екен.
Жалғыз-ақ қорқынышым Қозы ер жетсе,
Һешкім соны сөз қылып айтпаса екен.
Жұртына батыр Тайлақ тыю қылды,
520. Сол итті не қылсын жұрт кәпір сынды.
Һешбір адам сөз қылып айтпаған соң,
Аты өшкірдің аты әбден ұмытылды.
Кел, жігіттер, бұл сөзді тербетелік,
Айтпақ болдық, енді іркіп біз не етелік?
Қозы Көрпеш ханыммен жата тұрсын,
Жөнелтіп Қарабайды әпкетелік.
– Қатын-ау, менің айтқан сөзіме ерші,
Ойланып айтқан сөзді мақұл көрші.
Ауылынан Сарыбайдың тынышым кетті,
530. Кел, ауамын, үйімді жығып берші!
– Байғұс-ау, қандай адам серттен таяр,
Уәдесізді деп пе едің Тәңірім аяр?
Тоқсан мыңды, бұл елді тентіретпе,
Мұндай байтақ қай жерде орның даяр?!
– Мұныңа ермен, өзгеңе ерсем дағы,
Қара басым жамандық көрсем дағы.
Балталымен қоныстас һеш болмаймын,
Тоқсан мыңды мен жауға берсем дағы.
– Қайтейін бұл сөзіңді шайтан бұрған,
540. Шайтан бұрған кісіні Құдай ұрған.
Бұл басымды мойнымнан кессең дағы,
Жерімнен осы отырған өлсем тұрман.
Белгілі ерімейтін іштің мұзы,
Қатынына батпады қылған сызы.
Үйді жығып артуды білмей тұрса,
Түсті есіне асыранды екі қызы.
Келді де қыздарына айтты майда:
– Ай, Таңсық – менің екі қызым қайда?
Қақбас шешең тілімді тіпті алмайды, 550. Пайдаңды тигізе көр осындайда.
Сөзінен ызыңдаған қыздар өлді,
Амалсыз шақырған соң келіп еді.
Жылап жүріп үйінің бауын шешіп,
Талқан қылып, түйеге артып берді.
– Мен анаң, сендер қызым, тіліме ерші,
Мына антұрған кәрі иттің ісін көрші!
Құдай қосқан жарынан тірі айырылған,
Сұмырай қызды алдыма алып берші.
Қайран балам, күңменен тең боларсың,
560. Қайран малым, қандайға жем боларсың?!
Обалдарың әкеңді жібермесін,
Үш сорлым, қандай жерде кем боларсың?!
Қарабай тоқсан мыңмен өрге салды,
Жылқыдан Аққайыңды мініп алды.
Бақа айғырды жетелеп жөнелгенде,
Қотыр ақсақ жабағы, тай қалмады.
Тау мен тас , жер мен суға қоштасқалы,
Ай мен Таңсық көшінен тұрып қалды.
[Ай, Таңсықтың елімен, жерімен қоштасуы]:
– Балталы мен Сақалы ел, аман бол,
570. Балдырғанды бақалы көл, аман бол!
Шығушы ем күн ыстықта самалыңа,
Қарағай бөренелі жер, аман бол!
Теруші ем еріккенде ермегіме,
Екпе жиде-жемістер, сен аман бол!
Анамнан мен шыр етіп туған жерім,
Белімді мен қыз болып буған жерім.
Қай жеріңде кемтігің қалды енді! деп,
Қара құрттай толықсып толған жерім.
Сегіз сай тау біткенде сала, аман бол 580. Қалған жұрттың, халайық, шалы, аман бол!
Ақылы жоқ қайын атаң қашты сенен,
Жөргекте Қозы Көрпеш бала, аман бол!
Өзен, өлке, жотамен төбе, аман бол,
Игі жақсы, Тайлақ би, көп, аман бол!
Изенді, бетегелі, мық жусанды,
Ақ көде малға шүйгін шөп, аман бол!
Жасы кіші іні мен аға, аман бол,
Іребдел өңкей мырза жаға, аман бол!
Қайын атаң Қарабай қашты өрге, 590. Қозы Көрпеш шешеңмен, тағы аман бол!
“Байлығын Балталының көрмеймін деп,
Тіліне Тайлақ бидің ермеймін” деп.
Дінсіз шал, ақылы жоқ, өрге қашты,
“Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп.
Атадан асыл туып, оқ жонар ма,
Бойына ақыл, қайрат, күш толар ма.
Қозы Көрпеш жігіт боп іздеп келіп,
Иілісіп бір тұрар күн болар ма?
Қарабай, Тәңірі алсын, малын соймас, 600. О дағы дамыл көріп дәмге тоймас.
Құдайым тағдырында қосқан болса,
Қайда барсаң, онда бар, сені қоймас.
Үйіне Құдай сүйген Қыдыр қонар,
Ер әулие қолтықтап демеу болар.
Бір күнде сапар қылып бізді іздесең,
Тоқсан мыңның осы ізі соқпақ болар.
Балталы, Сақалының халқы, аман бол,
Қозы Көрпеш атадан жалқы, аман бол!
Жеңге, шеше, келіншек, құрбы- құрдас, 610. Жамағат, бізді ойлаған жалпы, аман бол!
Барады Қарабайдың ызасы өтіп,
Қыздар салды жорғасын сонда еңіретіп.
Таңертең тұрып қалған сол екі қыз,
Екіндіде көшіне келді жетіп.
Жөнелді сол екі қыз белін буып,
Тым көрім сұлулығы айдай туып.
Артынан көштің әрең қуып жетті,
Көздің жасы атының жалын жуып.
Тыныштық жоқ Қарабайда көзі терлеп, 620. Жүре алмай өзге жақпен малы кернеп.
Дамыл жоқ та, тыным жоқ, көше берді,
Шұбатып елін, малын Ертіс өрлеп.
Қарабай тоқталмады арам терлі,
Көше-көше тауысты талай жерді.
Бір тоқталмай Ертісті өрлей беріп,
Үліңгір судың басы – көлге келді.
Талай жерге ол көшіп барып қалды,
Барғанменен барқадар таба алмады.
Көл Қарасу бойына онан барып, 630. Құм жағалап қайқайып қайта салды.
Алатаудың ол үркіп ар жағымен,
Іле басы Құлжаға және барды.
Және көшер бастаса мал тойына,
Сірә, тоқтау келмейді еш ойына.
Іледен тау жағалап Шыршық барып,
Одан көшіп барады Сыр бойына.
Аз ғана Сыр бойында дамыл етті,
Бір күні ол қаңғырып Қоқан кетті.
Тоқсан атқа бір белбеу сатып алып, 640. “Не қыласың?” дегенге “Шұлғау”, – депті.
Көшеді қысы-жазы дамыл бермей,
Біраз ел қала алмады бұған ермей.
Сарыарқаны сағынып қайта көшті
Тізерлі елдің ішінде тыныштық көрмей.
Көрмейсің Қарабайдан жарыместі,
Аз-аулақ өзінен де қатыны есті.
Қырық күн шілігір ыстықта қарсы көшіп,
Бетпақтың сары даласы келіп түсті.
– Терісінен салқын соқса самал болар,
650. Мұнан артық не қиын қамал болар.
Құлын-тайым қырылып шөлдеді ғой,
Ойбай, қатын, ойлап көр, не амал болар?
– Немене деп айтайын бұл сөзіңе,
Құдай беріп қойды ғой мінезіңе.
Су аяғы Құрдымнан қашып едің,
Қырылмақтан жойылсын, аз-ды өзіңе!
– Сөйлеме, ойбай, қатын, сөзіңе ермен,
Олай деген ығыңа жүре бермен.
Балталыңды, ұрайын, Сақалыңмен,
660. Жалғыз тайым қалса да, өлсем көрмен!
Көрмейсің Қарабайдай бейілі тарды.
Қайта көшіп Шуға ол әрең барды.
Жып-жылы Шудың суы амалы жоқ,
Көше алмай бос қамалып жатып алды.
“Қызы сұлу Арқадан бай қашты” деп,
Торғауыттан бедеумен Қодар салды.
Қодар да ойланып жүр һәрбір кепті,
Ала бедеу байталын сонда еңіретті.
Сұрай-сұрай һәркімнен, қуып жүріп, 670. Шу бойында қамалған байға жетті.
– Әрі-бері бара алмай бос қамалып,
Шөлдеткен құлын-тайын кімсің? – депті.
– Көңілімді мен ешкімге баламаймын,
Кісінің керегіне жарамаймын.
Құрдымнан су аяғы қашып едім,
Құдай Тағалам қаңғытқан Қарабаймын.
Қарабай хан, іздеп еш кез келесің,
Қодар батыр мен едім сен көресің.
Бетпақтан мен шөлдетпей өткізер ем,
Ханеке, ақысына не бересің?
– Балам-ау, сен іздесең кез келейін,
Құдайым сені берді, неге өлейін?
Малымды шөліктірмей сен өткізсең,
680. Қалымалсыз, боршысыз қыз берейін.
– Қыз берсең, сен – атасың, мен – баламын,
Не қылып тең құрбымнан кем қаламын?
Олай-бұлай қызыңның керегі жоқ,
Жалғыз қызың Баянды мен аламын.
Уәде қылып, серт қылсаң, сенсем екен,
Сенген соң не айтсаң да, ерсем екен.
Олай-бұлай қызыңды тіпті алмаймын,
Әлпештеген Баянды берсең екен.
– Қырылды-ау, жас құлыным тамам, Қодар,
690. Бере көр бір су тауып маған, Қодар.
Шөлдетпей бұл Бетпақтан сен өткізсең,
Берейін ақ Баянды саған, Қодар.
– Қареке, бұл лепесің жақсы кеп-ті,
Асығыс жауап айтпақ сіздерге епті.
Бейнеттеніп Бетпақтан өткізермін,
Дер күніне іс келісе, алдап кетпе!
– Қодар сұм сүймегенге жұмыр-ақпын,
Құдай білер, бұл іске көнер-ақпын.
Қыз Баянның билеуші әкесі мен,
700. Серттен қайтпан, шырағым, берер-ақпын.
– Қареке, енді артымнан тез келе көр,
Құдая, қуатыма дем бере көр.
Темір күрек, екі үлкен кетпенменен
Және сегіз көшіңнен мес бере көр.
Сөзімді менің айтқан біле бер, – деп,
Атыңа енді отырма міне бер, – деп.
Ізін сызып Қодекең жөнеледі,
Менің осы жөніммен жүре бер, – деп.
– Байталым, аяңдай көр, бүгін ел жоқ,
710. Бұл жерде Аягөздей мөлдір сел жоқ.
Бүгінгі айтқан сертке жете алмасам,
Сірә, маған Баяндай бұраң бел жоқ.
Болдырмайды антұрған Қодар жасып,
Һәр жерден жүз кісілік құдық аршып.
Су шыққаннан су шығар құдығының,
Суы жоғын толтырар меспен тасып.
Сол кезде [барлық] жаннан Қодар асып,
Қайраты денесіне құп жарасып.
Шауып жүріп аянбай қимылдайды, 720. Бедеуіне аямай қамшы басып.
Түніменен құдық аршыр түске шейін,
Сондай құдық жасайды беске шейін.
Кейінің өз суы бар, кейінде жоқ,
Меспен тасып толтырар кешке шейін.
Әйтеуір жаннан бөлек қайрат етті,
Уәде қылған сертіне анық жетті.
Жанды аямай қимылдап айла тауып,
Не қылса да Бетпақтан алып өтті.
Аяқ жерде байталы болдырған соң, 730. Жаяу жүріп тартады көп бейнетті.
Жаяу жүріп табаны шыдасын ба?
Етік қажап аяғы қанап кетті...
[Қодардың жолда айтқан өлеңі]
– Алыс болса ауылды жуытармын,
Байталды біржолата суытармын.
Қанасаң да, аяғым, қарамаймын,
Баянжанды көрген соң ұмытармын.
Уәдесі Қарабайдың жалған ба екен?
Суын алып мырзасы барған ба екен.
Аяғымды қанатып мен келемін,
740. Белден төсек белгілеп салған ба екен?
Өзен-суды Қодекең бұрған шығар,
Жалғаншыны Құдайым ұрған шығар.
Қанасаң да, аяғым, қарамаймын,
“Күйеу қашан келед” деп тұрған шығар.
Жылқысы суға қанды, тойып алды,
Қодардың әр нәрседе ойы бар-ды.
Қайтіп күйеу болады ол антұрған,
Бес кез жарым өзінің бойы бар-ды!
Әйтеуір, тоқсан мыңды суарды тез, 750. Ақылы жоқ, ойы жоқ Қодардан без.
Қайтіп күйеу болады ол антұрған,
Жауырынының жалпағы бір жарым кез!
Тал шыбықтай бойы бар ол Баян қыз,
Жан таңқалған өзгеше жұртқа аян қыз.
Өзінің бойыменен бір ісі жоқ,
Содан дәме қылады Қодар арсыз.
Сол күндегі жандардан Қодар мықты,
Өзгеше бір көрсетті палуандықты.
Қайратты жанға өлшеусіз қылып-қылып, 760. Әйтеуір сол Бетпақтан алып шықты.
Қодар айтты: – Қарабай, құлағың сал,
Менің осы сөзімді жақсы ұғып ал.
Жетісуға бір жетсең тау бөктерлеп,
Һешқашан қауға тартып, шөлдемес мал.
Арғы шеті Аягөз, Лепсі, Ұржар,
Тоқсан мыңға лайық жақсы жер бар.
Қарекең Бақа айғырға мініп алды,
Қодарға “өзің біл” деп ақыл салды.
Көшіп келіп әлгі айтқан жерлеріне, 770. Мекендеп, жайлап, қыстап жатып алды.
Қарабай, хан Сарыбай мерген екен,
Сарыбай күні бітіп өлген екен.
Он үш жыл болған екен бұл ауғалы,
Баян Сұлу он төртке келген екен.
Тал шыбықтай бұралған ол бір керім,
Мінеки, өңін айтар келді жерім.
Беті аппақ, ұшы қызыл, қара көзді,
Қиғаш қара қасы бар сондай көрім.
Аппақ керік маңдайлы, қолаң шашты, 780. Шашының ұзындығы ізін басты.
Аузы гүлдің басындай, тісі – меруерт,
Мұндай сұлу жаһанда жаралмас-ты.
Тоты құстай жүрісті, қылығы – наз,
Малың түгіл басыңды берсең де аз.
Сыртынан күлімсіреп сөйлеседі,
Көңілі – қораз, менсінбес жанмен араз.
Дуасы бар кісідей дидарында,
Тік қарап жақын келмес Қодарың да.
Жасынан есітетұғын, сырттан асық, 790. Есі-дерті, ынтасы өз жарында.
Жұрт айтатын темірлі күймесі бар,
Қозы Көрпеш дегенде дүниесі тар.
Анда-санда болмаса көрінбейді,
Жалғыз жатып жары үшін болады зар.
Қозының алал жары арнап соққан,
Қодарды кісі дейме елі қорыққан.
Көңілінде қозы Көрпеш тұрған шақта,
Қодар түгіл қорықпайды жанған оттан.
Қас асыл бойы-шетен, қайқы кірпік, 800. Жақаурап Қодар келсе өйтіп-бүйтіп.
Қара көзін қан басып қарағанда,
Маңына жуымайды Қодар үркіп.
Көңілінде ашық жары Қозыбекем,
Тәңірінің жарлығы екі бола ма екен?
Тантық құлды маңына жуытқызбай,
Қорқытып қойған оны Құдайекем.
Баянды сұлу қылса Тәңірім қылған,
Атағы мен даңқына дүние толған.
Тоқсан байдың жалғызы тоқсан сері, 810. Сыртынан көзі көрмей асық болған.
Тоқсаны асықтықпен елден безген,
Құмарлығы күшті боп ақылын жеңген.
Тоқсан жолдың аяғы бір жол болып,
Тәңірі айдап жапан түзде кездей келген.
Болмайды тоқсанының бейілі тары,
Бірінен бірі артық қайраттары.
Бір өзінің күші бар он кісілік,
Нұрқара би баласы – Көсемсары.
Елінен іздеп шыққан тоқсан бала, 820. Тоқсанының ақылы тоқсан сала.
Жүз кісілік өзінің қайраты бар,
Қаратоқа баласы – Бұланқара.
Әр елден іздеп шыққан тоқсан ері,
Һәрбірі жанға өлшеусіз көңілдері.
Қайсы бірін айтайын осалы жоқ,
Аяғы бес кісілік өңкей сері.
Тоқсаны жапан түзде бек сөйлесті,
Қайғысын қыз Баянның көп сөйлесті.
“Бірімізді біріміз күндемелік, 830. Сыналық бағымызды” деп сөйлесті.
Тазы тау, Тарбағатай белге келді,
Қатын суы жайтөбе жерге келді.
Басына Ақшәулінің шығып тұрып,
Аягөздің бойынан елді көрді.
Сол шақта жалғыз жүрген Қодар мықты,
Байқарсың аяғында кімді жықты?
“Ел шетіне жау келді” деді дағы,
Айқайлап Байқа айғырмен жалғыз шықты.
Сол күнде тамам жаннан Қодар асты, 840. Сескенбей тоқсанменен араласты.
Ықты-жөнді білетін Қодарың ба,
Тау соққандай сол жерде майдандасты.
Әрі-бері тоқсанмен ұрыс қылса,
Біреуі беттемеді, бәрі қашты.
Қодарды батыр қылса Құдай қылды,
Астында Бақа айғыры судай желді.
Әрі-бері тоқсанмен соғысқанда,
Біреуін-біреуіне шоқпар қылды.
Қодардайын көрмессің бейілі тарды, 850. Үш құлаш темір шоқпар қолда бар-ды.
Бәрін де батыр Қодар жеңіп алып,
Сары азу жалшы қылып малға салды.
Күймедегі Баянды бір көрген жоқ,
“Бұқа – буға” дейтұғын сонан қалды.
Қарабайдың тоқсан бір құлы болып,
Мал жайып иен суда жатып алды.
Енді тоқта, қызықты біз көрелік,
Ұмытпасқа айналып бір келелік.
Қодар, тоқсан, Қарабай жата тұрсын, 860. Балталыдан бір жігіт әпкелелік.
Осындай болса керек ердің ері,
Міне, бір тыңдайтұғын келді жері.
Намыс үшін елінен іздеп шықты,
Тайлақтың кенже інісі – Айбас сері.
“Күшімді мың мен санға теңеймін деп,
Бір санды садағыммен бөгеймін” деп.
Айбас сері елінен іздеп шықты,
“Сұраса қозы Көрпеш, не деймін?!” деп.
“Көңілім қай жекжатқа сенейін деп, 870. Не қылып тағдыр жетпей өлейін” деп.
Айбас сері елінен іздеп шықты,
“Дұшпанға неге намыс берейін” деп.
Қараңыз сонда Айбастың қылған ісін,
Аямай қайраты мен бойда күшін.
Туысқаны-туғаны, жақыны емес,
Іздейді жетім ұлдың хақысы үшін.
Ер Айбас ойланды да сол ниетті,
Талаптанып өзгеше қайрат етті.
Құр айыл, құр құйысқан тағып алып, 880. Тұлпармен Көктай деген іздеп кетті.
Тайкөкпен батыр Айбас өрге салды,
Ізімен тоқсан мыңның кетіп қалды.
Қаңғырған сары ізімен жүре-жүре,
Белгілеп адаспастай болып алды.
Тайкөкпен кейде шапты, кейде желді,
Қыдырды сергелдеңмен талай елді.
Аз жүрді, көп жүрді ме Құдай білер,
Аяғы Жетісуға о да келді.
Һеш адамнан кем емес, Айбас мықты, 890. Болдыруды білмейді Көктай тіпті.
“Мөлшері жұрттың айтқан болды ғой” деп,
Жүгіртіп бір биікке келіп шықты.
Қаңғырды батыр Айбас талай жерді,
Ит Қарабай сенделтті есіл ерді.
Сол биіктің басынан қарап тұрып,
Отырған Аягөзде елді көрді.
– Астында патшалардың алтыннан тақ,
Болғай-ақ бұл ісіме бір Тәңірім жақ.
Не етейін бұрынғыңды, Тайкөгім-ай,
900. Барыңды бүгінгі күн қарыштап бақ.
Жер аулақта үш қызға бір жолықсам,
Құдайдан менің сұрар арманым жоқ!
Құдайым сол тілеуін қабыл алды,
Ел шетіне тал түсте жетіп барды.
Жидек теріп өзенде ойнап жүрген
Алдынан үш қыз душар бола қалды.
Алдынан тұра қалды үш қыз кесе,
Ішінде біреуінің түрі өзгеше.
Таныды көрген жерден кім екенін, 910. Құмар болып келеді сөйлескенше!
Нұрына көзі Айбастың көріп жетті,
Тал бойы қорғасындай еріп кетті.
“Мынаны кешіктірмей іздеу екен,
Жат жерге қайтіп қояр адам?” депті.
– Біреудің айтылмас бөлек бағасысың,
Кіреуке алтын-ды тон жағасысың.
Елдің жөнін сұраймын, шырақтарым,
Тоқта үшеуің, қай байдың баласысың?
– Ағаеке-ау, асылзада сіз бір ерсіз,
920. Жапан түз, жадағайда кез келгенсіз.
Сөйлеспей Қодекеме мұнда келіп,
Жүрек жұтқан жанбысыз, не қып жүрсіз?
– Жарқыным, сыртың сұлу, болмайды мін,
Иманнан қуаттанып ашылар дін.
“Қодеке” деп қодитып мақтап тұрған,
Ол нәрсең қайдан шыққан, нәсілі кім?
– Қорықпас һеш нәрседен Қодар тайып,
Есітсе мұныңызды үлкен айып,
Қодардың атасы – тау, енесі – жел,
930. Сар далада кез болған ол бір ғайып.
– Ендеше, Қодарыңды ойға алармын,
Не қылып мен сол иттен кем болармын?
Құдайдан демеу болып бұйрық берсе,
Астына табанымның бір салармын.
– Ағаеке, жақсы айтасыз сөзің майда,
Бір пайда тигізе көр осындайда.
Қодары жеңіп алып, кек әперер,
Алаштан асып туған ер ұл қайда?
– Астымда Тайкөгім бар тұлпармен тең,
940. Қодардан қылма қорқыныш маған сенсең.
Жерімнен арнап, іздеп шыққан жаным,
Құдай қосса, керек-ті оны жеңсем.
– Бұл сөзің құлағыма тиді шым-шым,
Көңілім жақын тартар сізге тым-тым.
Жақындық бізге таман сөз айтасыз,
Нәсіл затың, ел-жұртың болар кім-кім?
– Ақкезең, Ай, Балталы жерден келдім,
Бақалы, балдырғанды көлден келдім.
Сарыбайдың жұрты деп естуші ме ең?
Балталы мен Сақалы елден келдім.
– Ағаеке-ау, бұл бір қызық заман ба екен,
950. Сізге деген жамандық маған ба екен?
Су аяғы Құрдымнан келген болсаң,
Қой, Қозының, ел-жұрты аман ба екен?
– Сіздерге күмән шығар, өзіме аян,
Елімнен іздеп шыққан кісім Баян.
Қозы Көрпеш падиша халқымызда,
Сақалы, Балталы мен елім аман.
– Адамға бірдей емес жат пенен өз,
Мұндай ер күнде бізге келе ме кез?
“Қозы Көрпеш, қыз Баян” деп айтасыз,
960. Апалар, жөнін ұқтыр немене сөз?
– Артылмас жасың кіші саған кеңес,
Біреуге бұйырғанды біреу жемес.
Бір мұңшылық айтамыз әншейін-ақ,
Сен тыңдап сұрайтұғын ештеңе емес.
– Құлақ кәрі, бой кіші, ақыл дана,
Аулыңа Көктайменен келдім жаңа.
Апаларың жасырса, мен жасырман,
Сөзіңе ара, шырағым, маған қара! Құрдымнан сенің үшін іздеп келдім,
970. Қозы Көрпеш – шын жарың, келін бала.
– Әкеміз Қарабай да мерген шығар,
Қаңғырып талай жерді көрген шығар.
Қозы Көрпеш дегенді біз білмейміз,
Қодарға суға сатып берген шығар.
– Тайкөкпен дамылым жоқ бір жыл желдім,
Сіз үшін жаным құрбан қылып едім.
Шыныңмен көңілің жат болса бізден,
Азап тартып жерімнен неге келдім?
– Тастаңыз жамандықты көңілге алған,
980. Қодар [деп] айтқан сөздің бәрі жалған.
Қозы Көрпеш – шын жарым болса менің,
Хабары жоқ, аты жоқ қайда қалған?
“Тіліне Тайлақ бидің ермеймін деп,
Байлығын Балталының көрмеймін” деп.
Ақылы жоқ сор әкең өрге қашқан,
“Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп.
– Сәлем де, олай болса, дұғай-дұғай,
Біз жүрміз қайғысында жылай-жылай.
Байқағалы айтамын, бәрі қалжың,
990. Көкіректе қаяу жоқ, куәм – Құдай!
– Ауыздан шыққан лебіз дін емес пе,
Қалжың да болса айтқаның күнә емес пе?
Ай мен күндей екі асыл жар болған соң,
Бойыңды кірлегенің мін емес пе?
– Ағаеке, іздеп келген бізді ерсің,
Ініңе барсаң сүйдеп айттым дерсің.
Сенбегендік қылмаңыз, біз жамандық
Қылған болсақ, жазасын Құдай берсін!
– Қасыма Баян, Таңсық қыз келесің,
1000. Қозының Айбасы едім, сен көресің.
Шапшаң барып жолығып, тез қайт деген
Ініме сәлемдеме не бересің?
– Сәлем де ініңізге, іздеп келсін,
Кешіксе, сорлы Баян дегені өлсін.
Құр жаным менің қалды, көңілім кетті,
Сәлемдемем менің сол – қабыл көрсін.
Алтын-ды тон, жүзігім – белгім болсын,
Қасына не қосса да апам білсін!
– Қосқан соң ақылына екі қызды,
1010. Екеуі жыламсырап көңілін бұзды.
“Сәлем де ініңе” деп әкеп берді,
Жүзік пен тоннан басқа бір тоғызды.
– Апаеке, мұны ешкім көрмес пайда,
Ойланбай іс қыласыз осындайда.
Бір тоғыз сәлемдеме бердіңіз-ақ,
Келген адам сый-сияпат жөні қайда?
– Мен келдім Көктайменен бір жыл желіп,
Көңілімді сіздер үшін Аққа беріп,
Өз басыма сабақты жіп алмаймын,
1020. Көңілім тойды, шырағым, сізді көріп.
– Құдая, сапарына дем бере көр,
Ағаеке, жылдамырақ жөнеле көр.
Жатамыз Аягөзде жайлап, қыстап,
Ініңді кешіктірмей әпкеле көр!
– Шырақтарым, сөздерің тым-ақ майда,
Білінбей кім кетеді осындайда.
Әдейі кеп ұрыспай қайтамын ба,
Қодар, тоқсан дейтұғын антың қайда?
– Әзір Қодар кісіге сөз бермейді,
1030. Сіздейдің бір жүзіне бөгелмейді.
Ініңізбен екеуіңіз екеулеңіз,
Кәпірдің қайраты мол, бой бермейді.
– Көктаймен батыр Айбас төмен салсын,
Тәңірі берсе атағы халыққа барсын.
Көзіме көрсет тағы қоя берші,
Құлыңнан таяқ жесем, Құдай алсын.
– Кәпір Қодар ол бір дәу, кім таласар,
Нұсқасын көргеннен соң жаның сасар.
Кері көрінбей қайтыңыз, тілді алыңыз,
1040. Кетпестей сүйегіңе таңба басар.
– Сөзіңнің, бәлі, бала, бұзығына,
Тәңірінің тоқтау болмас сызығына.
Бізге өлшеусіз құлыңды мақтай берме,
Көрсет тағы, қарап тұр қызығыма.
Сол кәпір бұл сөзіңнің бәрін білген,
Жылқыда тоқсанменен ойнап күлген.
Үш құлаш темір шоқпар қолында бар,
Жылқыда Байқа айғырмен Қодар жүрген.
“Көңіліміз қай жекжатқа сенелік деп,
1050. Тілеуін мұның да бір тілелік” деп.
Ай мен Таңсық, Баян қыз ере келді,
“Қызығын екі алыптың көрелік” деп.
– Мен – Айбас, сен – Қодарсың, сізді көрдік,
Сөзіңнен тоңыраңдаған тамам өлдік.
Сізді білмей, ауылға ағат өтіп,
Жарлығың қандай еді, жаңа келдік?
Айбас келіп Қодарды сөзден шалды,
Қодар қолға шоқпарын жұлып алды.
Үш қызға мақтанды да келеңсіз құл,
1060. Келістіріп Айбасты салып қалды.
Айбас та жауырынынан ұстап алды,
Өңгеріп ап алдына қойдай салды.
Салақтатып, жортақтап желіп кетсе,
Көктайы көтере алмай жата қалды.
Сол күнде тұрғысында Айбас мықты,
Екеуінің аты орғып дөңге шықты.
Екеуі түрегеле алысқанда,
Келістіріп Қодарды тағы жықты.
Астында жатып Қодар ақырады, 1070. Күндей болып күркіреп, бақырады.
Шыдамай ер Айбастың тізесіне,
“Біздің тоқсан қайда?” деп шақырады.
Бұрқырап өңкей сері келіп жетті,
Япырым-ау, солар неден үміт етті?
“Қодекемді бас салып жатқан кім?” деп,
Тоқсаны бәрі бір-бір салып өтті.
Бәрінің де сойылын жұлып алып,
Көктайға міне қашып Айбас кетті.
Байқа айғырмен артынан Қодар жетсе, 1080. Ұрып жығып, серейтіп және кетті.
– Құба жон жығылғаның бет-ті, – дейді,
Құдайға қылмысты құл шет-ті дейді.
Сіз не қылып жатырсыз, ер Қодаеке?
Дұшпаның қашып сенің кетті, – дейді.
– Бұл тоқсан дәулетімде киім киді,
Кетірді жалғыз кісі біздің күйді.
Бір суырдың ініне ат сүрініп,
Ақ жартасқа бұл басым жаман тиді.
Қас қарайып барады, көз байланып,
1090. Қууға тұрсыңдар ма оңтайланып?
Қуып барып, олжа қып, әпкеліңдер,
Қуа алмаймын, басым тұр шыр айналып.
Батыр қылса Айбасты Құдай қылып,
Ден қойды қайратына бәрі көріп.
Нені қусын Айбастан үміт етіп?
Басы Қодар үйіліп қалды тұрып.
Ер Айбас қайрат қылды, бәрін жеңді,
Үш қыз да қиратқанын көзі көрді.
“Бір тілдесіп қыздарға кетейін” деп, 1100. Орғытып Көктаймен тағы келді.
– Қорықпаңдар, түк қылмайды, мұндай жандар.
Сөзіме менің айтқан сіз наныңдар.
Құдайлықты сенсеңдер, менің інім
Қайраты менікіндей үш есе бар.
Қай адам ер Айбасқа теңеледі,
Үш қыз да қызығына кенеледі.
Қойға қасқыр шақпандай бөріктіріп,
Амандасып, секіртіп жөнеледі.
Іс қылды батыр Айбас бойлай-бойлай,
1110. Қиратып қырды, жойды ерікке қоймай.
“Болысар бізге жан да бар екен” деп,
Күймеге Баян кетті ойнай-ойнай.
Бір торы Айбас кетті бедеуменен,
Бойына Алла берген демеуменен,
“Жолда керек бола ма қайтеді” деп,
Қамшы-жамшы, балға алған егеуменен.
Көктаймен батыр Айбас төмен шапты,
Тамам жолдың мәнісін оймен тапты.
Қыздың берген белбеуі түсіп қалып, 1120. “Қызыл белбеу – құба жон” қоя сапты.
Ер Айбас тоқтамады тағы шапты,
Тамам жолдың мәнісін оймен тапты.
Бір суытқан айғыры шығып кетіп,
“Шұбарайғыр жорға” деп қоя сапты.
Сол Айбас бөгелмеді тағы шапты,
Тамам жолдың мәнісін ойлап тапты.
Жанындағы жаулауы түсіп қалып,
“Темірші” деп тау атын қоя сапты.
Ер Айбас бөгелмеді тағы шапты, 1130. Тамам жолдың мәнісін ойлап тапты.
Қарқаралы тақия түсіп қалып,
“Қарқаралы” тау аты сонан қапты.
Ол Айбас тоқталмады тағы шапты,
Төтесін тамам жолдың оймен тапты.
Жанындағы шідері түсіп қалып,
“Шідерті” деген өзен сонан қапты.
Ер Айбас бөгелмеді тағы салды,
Құлдилап онан да әрмен кетіп қалды.
Көп жүрсе, аз жүрсе де есен-аман, 1140. Бір күні ел шетіне жетіп барды.
Жақындап ел шетіне келе жатса,
Қой баққан кездей болып көрді шалды.
– Қой жайған сейілде, бай, сізді көрдік,
Жасың үлкен кісі деп сәлем бердік.
Бұл қойың кімнің қойы, ақсақал шал,
Жолаушы көптен кетіп жаңа келдік?
– Бар екен әр нәрседе мұның ойы,
Тартқан сымдай көрінер қыздың бойы.
Сен сұрасаң, айтайын, жарқыным-ай,
1150. Ерте кеткен Сарыбай ханның қойы.
– Ақсақал, жан екенсің сөзің майда,
Мен де жат кісі емеспін, мұнымды ойла.
Сарыбай ханның қойы осы болса,
Жалғызы Қозы Көрпеш бала қайда?
– Балам, бір сыр бар білем сіздің бойда,
Білдім бе, білмедім бе, өзің ойла.
Қозыжан айдай болып жүрген шығар,
Қыз ұзатқан осы жерде, жақын тойда.
– Келгенім менің өрден бірталай жер,
1160. Байеке, бір пайдаңды тигізе көр.
Менің айтар мұңым мен шерім де көп,
Тіліңді алса жалғызды шақырып бер.
Мінезі шалдың дағы текті дейді,
Сөзіне мұның көзі жетті дейді.
“Тілімді алса шақырып келейін” деп,
Аяңдап тойға таман кетті дейді.
– Қозы Көрпеш жалғыз ұл, кездей келдім,
Әкеңнің белгілі-ақ бір кісісі едім.
Хан иемнен айрылып қалғаннан соң,
1170. Жас бала жалқық судай сені көрдім.
Бір адам аты арық қылды керек,
Жүрсең ертіп барғалы келіп едім.
– Неғылып танымадың, байым зерек,
Ол не еткен адам екен жаннан бөлек?
Жауыр атты мен жабы тоқып жүрсем,
Көрпелдес біз сықылды кімге керек?
– Әкеңді жасыңда алған Жаппар Құдай,
Атадан жалқы туған сен бір сұмырай.
Жауыр атты сен жабы тоқып жүрсең,
1180. Көктайын жауыр қылған саған орай.
Сол байдың айтқанына ерді дейді,
Бір тілеген тілегін берді дейді.
“Кім де болса көрейін, не еткен жан” деп,
Байға еріп қойына келді дейді.
– Ағеке, шақыртыпсың, сізді көрдік,
Жасың үлкен, білемін, сәлем бердік.
Неңе керек қыласыз біз баланы?
Қандай іске жұмсайсыз, міне, келдік?!
– Болдың ба, кішкене едің, құрбым, дардай?
1190. Қайратың басым еді, шығара алмай.
Қайының айлық жерде, жақын жатыр,
Сұм жалғыз, не қып жүрсің бір бара алмай?
– Адамға бірдей емес жат пенен өз,
Жаманнан қасиетсіз бір күнде без.
Құлағым керең болсын есітпеген,
“Қайын” деген, қайта айтшы, немене сөз?
– Тіліне Тайлақ бидің ермеймін деп,
Зорлығын Балталының көрмеймін деп.
Сенің атаң – Қарабай өрге қашқан,
1200. “Жетім ұлға Баянды бермеймін” деп.
– Астыңда Тайкөк дүлдүл желген шығар,
Барсаң, көзің бәрін де көрген шығар.
Көріп-біліп мәнісін келсең мұнда,
Бір тоғыз сәлемдеме берген шығар?
– Шырағым, барып едім сөзге жетіп,
Тайкөкті қарыштаттым мен де еңіретіп.
Тоғыз берген кінәм жоқ келініме,
Түсіп қалды бір құлдың ызасы өтіп.
– Бір тоғыз сәлемдеме бермеді ме?
1210. Берсе оны көзіңіз көрмеді ме?
Бір тоғызды бергені рас болса,
Шіркіннің бір белгісі келмеді ме?
– Қайын атаң Қарабай бейілі тар,
Қодар, тоқсан дейтұғын бір анты бар.
[Назырқамай] сен бала алсаң мұны,
Алтын тон мен бір бешпет, жүзігі бар.
Алтын тон, бешпет пенен жүзік келді,
Белгінің келгеніне көңілі сенді.
“Маған Тайлақ батасын берсін-ай” деп,
1220. Алтын тонын сыйытқа жібереді.
– Ақ күмістей жарқылдап оның мойны,
Бұл дүниенің бейісі һәр ойыны.
Тал шыбықтай бұралған сұлу Баян,
Іздеусіз иен қайтіп жатар қойны.
Әз бойынан таппадым теңгедей мін,
Көрмеген жаным екен, көңілім тойды.
“Тарс қойған соң, тайсанба” дегендейін,
Көрген-білген бар сырын айтып қойды.
Қозыке келді үйіне беті терлеп,
1230. Шешесін шақырады: – Жақын кел, – деп.
Ант бергендей анасын алқымға алды,
– Менің жарым кім еді, айта көр, – деп.
– Түйеге сымбал тартқан теңдей болсын,
Суға аққан мұз бұзылып сеңдей болсын.
Жөнін жөндеп, мәнісін айтқан қазақ
Жыртулы екі беті мендей болсын.
– Ат мініп қырбат балаң желмей ме екен,
Ер жігіт жол азабын көрмей ме екен?
Жаман жора бастайсың неге ұлыңа,
1240. Баласы үй ұзатып келмей ме екен?
– Көңілімді жұбаттың, соныңа деп,
Бозқасқаны айтады “жолына” деп.
Келмессің деп қорқамын, жалғыз сорлы,
Батыр Қодар шығыпты сорыңа, – деп.
– Ажалым қайда жетсе, сонда өлермін,
Әйтпесе, бір қызық жол мен көрермін.
Тәңірім кесел қылмаса қайратыма,
Неғылып жүз Қодарға бой берермін?
– Білемін сендей болмас Қодар күші,
1250. Ол сол елді меншіктеп алған кісі.
Қанша мықты болсаң да, сен жалғызсың,
Қорқынышсыз бола ма көптің ісі?
– Қодарлық болса дағы сол жатқан ел,
Бір Аллаға қылғанмын мен тәуекел.
Ажалдан қашып пенде құтыла ма,
Тағдырға не де болса байладым бел.
– Білемін мінезіңді сен бір шоқсың,
Көзіме, туып, сен де күйік бопсың.
Түсімнен шошығанмын, мен, әйтеуір,
1260. Жалғызым, тірілікте маған жоқсың.
Қайтейін ақылыңды жастық жеңген,
Не қылса да бір хабар саған келген.
Құйрығы жоқ, жалы жоқ жалғыз қылып,
Күйігін тартқызбаққа Тәңірім берген.
Жалғызым, бұл сапардан қалсаң не етер,
Көзіңді мен сорлыға салсаң не етер?
Куартып мен бейбақты тастап кетпей,
Таңдап сұлу осы елден алсаң не етер?
– Тұрса да неше жүз мың алдымда оқ,
1270. Тартынып бұл сапардан қалуым жоқ.
Бар сұлуын дүниенің әпкелсең де,
Бір жарымдай болмайды көңілім тоқ.
Шешесі:
– Бастаған ақтылы қой көсем серкеш,
Сарыбайдың жалғызы Қозы Көрпеш.
Өзің біліп қойыпсың, сенің жарың –
Қызы еді Қарабайдың Баян еркеш.
Бастаған ақтылы қой көсем серкеш,
Кызы еді Қарабайдың Баян еркеш.
Сансыз жылқың, сан қойың қалды артыңда,
1280. Кімге тастап кетесің, Қозы Көрпеш?
Қозы:
– Бастаған ақтылы қой көсем серкеш,
Қызы ма Қарабайдың Баян еркеш?
Сансыз жылқы, сан қой деп несін айттың,
Бір түнде қырылса да, керек емес.
Шешесі.
– Қарасам, қажымайсың барлап-барлап,
Қалмай ма, сен кеткен соң анаң зарлап?
Сүйері, сүйенері жалғызы едің,
Оны кімге тапсырдың әдейі арнап?
Қозы:
– Қозының атқа мініп жүрер шағы,
1290. Қиын-ды не десең де тоқтамағы.
Кетпесін деп айтасыз соның бәрін,
Бір Тәңірге тапсырдым сізді дағы.
Шешесі:
– Жалғызым, бұл барғаннан, қос барғайсың,
Екі тізгін қолыңда бос барғайсың.
Құдайың аман сақтап, жолың болса,
Көп сарғайтпай шешеңді еске алғайсың.
Қозы:
– Апырмай, мына жұрттың көңілі тар,
Бәрінің тоқтатпаққа ниеті бар.
Мен жүрмей бұл сапардан тоқтамаймын,
1300. Ер Айбас, мінуіме қай ат жарар?
Айбас:
– Жылқыңды көп байқадым ерте-кешті,
Бірін жүйрік, біреуін берік десті.
Шыққыр көзім шықпаса сол жарайды,
Дейтұғын бір атың бар Күрең бесті.
Жылқыдан бір Күреңді алып келді,
Ерттеп дайын сапарға қылады енді.
“Арыздасып, қоштасып қаламыз” деп,
Басы Тайлақ, ел-жұрты жүрді енді.
– Айтар сөзім бар, Тайлақ биім, саған,
1310. Қайғымды ескертпеп ең жетім қалған.
Сапарымды тоқтатам дей көрмеңіз,
Құлдық, ата, көңілің қалар маған.
– Қарағым, қайратыңа көңілім еріп,
Мен келдім қалайын деп сені көріп.
Тоқтатар деп ойлама сапарыңды,
Амандасып қаламын, бата беріп.
– Ендеше, батыр Тайлақ, ал тоқтай қал,
Артымда қалды иесіз есепсіз мал.
Ескерусіз, жоқтаусыз тозып кетер,
1320. Бәрін бүгін есептеп қолыңызға ал.
Жалғыздан тірі айырылған шешем қалды,
Тапсырдым көзіңіздің, сіз, қырын сал.
Көрді де жиылған көп әлеуметті,
Қоштасып, амандасып жұртты еңіретті.
– Бәріңіз мені қимай жиылыпсыз,
Үлкен-кіші, көбіңе құлдық, – депті,
Жалпы аман бол, жамағат елі-жұртым,
Деді де батыр Қозы жүріп кетті.
Ең соңында ер Тайлақ ұстап алды,
1330. Шешесі мен екеуі ортаға алды.
Қанша айтқан сөз құлаққа енер емес,
Қайыспас қаса болат майталман-ды.
Амал жоқ оңды-солды сүйді дағы,
Екеуі бата беріп тұрып қалды.
Қайыспай Қозы Көрпеш кетті сері,
Қойдай маңырап артында қалды елі.
Басында Құдай артық жаратқан жан,
Тұқымы құрығандай болған жері.
Қайыспай кетті Қозы қатты дінді, 1340. Артында жұрт шуылдап салады үнді.
Ханым талып, мың сан жан шулағанда,
Құдайдың құдіретімен жер сілкінді.
Суылдатып Күреңмен Қозы кетті,
Уайым, ойламайды, қайғы тіпті.
“Қосшы болып мен бірге барамын” деп
Сыдыртып Тайкөкпенен Айбас кепті.
– Айбас-ай, мен жалғыз ба? Сенсің ағам,
Сан кісіден артық-ты сенің бағаң.
Екеуміз бірдей кетсек келіспес-ті,
1350. Тапсырдым мал, басымды, батыр, саған.
– Бұл елде батыр Тайлақ би емес пе,
Бәрі де мал, басыңа ие емес пе?
Көріп келген жерім ғой тура бастап,
Сені ертіп апарғаным жөн емес пе?
– Айбас-ау, мені өзіңнен кем дейсің бе?
Менің сен қайратыма сенбейсің бе?
Сен тапқан ел табылар маған дағы,
Жетектетіп жүргенім жөн дейсің бе?
“Қалыпсыз қайрат берді саған Құдай, –
1360. Деп ұқтырды, – қайны атаң ауылы былай”.
Үш жүзікті тапсырып Қозыкеге,
Үш қызға сәлем деді дуай-дуай.
– Үйдегідей, шырағым, балаң болма,
“Қалды шешем, малым” деп алаң болма!
Қодар – тоқсан бастығы, дұшпаның көп,
Ендігісін өзің біл, қапыл қалма!
– Мен демеймін һешкімнен қалысармын,
Есен болсам біp барып танысармын.
Енді-ау малың қалды деп қызыққанмен,
1370. Қасық қаным қалғанша салысармын.
– Демеймін ceні өзімнен кем көрермін,
Мал-басыңды өзіңмен тең көрермін.
Бұл жалғаннан жолықпай өтіп кетсек,
Махшарда құрттай санап мен берермін.
Сол жерде Айбас қалды, Қозы кетті,
Көз ұшына бұлдырлап барып жетті.
Тұрып-тұрып ер Айбас көзі қимай,
Сыдыртып Көктайменен тағы кепті.
– Жалғызым, жөнелдің бе біp Құдай деп,
1380. Біp бұрмай аттың басын ел былай деп.
Қалды шешең артыңда, қалың жұртың,
Қандай сәлем айтасың, немене-ай деп.
– Көрмегенін жалғызың көрді, – деп айт,
Тілегенін Құдайдан берді, – деп айт.
Басымды көп қаңғыртпай халқыңа қайт,
Tүcіп балаң [ұштымға] өлді, – деп айт.
– Жалғыздың һәр түйіні шешіле көр,
Періште жазуға алмай өшіре көр.
Албырттықпен айтады, астапыралла,
1390. Біp Тәңірім, балалығын кешіре көр!
Жүріп кетті ер Қозы дамыл алмай,
Күннен күнге салады Күрең талмай.
“Әйтеуір, жөні осылай деп еді” деп,
Есепсіз көп қаңғырды ел таба алмай.
Жүре-жүре бірталай заман кешті,
Атқан аңның етін жеп, ол су ішті.
Күнде мінген Күрең тай арықтады,
Қиыншылық басына сонда түсті.
Күрең тай кейде жортып, кейде желген, 1400. Біp қамысты қопаға әрең келген.
Ер-тоқым мен жүгенін суырып ап,
“Аллаға тәуекел” деп қоя берген.
Сол күні Қозы жатса түзде жүдеп,
Үйдегі шешесінің түсіне енген.
Ерте тұра шешесі айғай сапты,
Басы Тайлақ ел-жұртын жиып апты.
“Қозым жүдеп, түсімде жылап жүр” деп,
Молда, қожа, ойшыға ой ойлатты.
Сонда Тайлақ ойлайды әpбіp кепті, 1410. Не айтса да оның іcі сондай епті.
Қозының жолына мал айтқандарды,
Сол жерде шақырып ап, есеп етті.
“Менде-менде” дегенді есеп қылса,
Қойы мың, жылқы айтқан жүзге жетті.
Айтқан малдың бәрін де жиып алып,
Аш-арық, жоқ-жітікке үлестіртті.
Жетім-жесір, жоқ-жітік, молда, қожа,
Бәрінің біp Аллаға діні таза.
– Құдай, жолын Қозының қыла көр, – деп,
1420. Аллаға кеп зар қылып болған наза.
Құдайым құр тастамас, cіpә, көпті,
Дуа қылып, тасаттық тарқап кетті.
Осынша жан шуылдап тілеген соң,
Құдайым тілектерін қабыл етті.
Қозы жатыр, оттап жүр Күрең бесті,
Құдіреті Құдайдың қандай күшті?
Қозы жатқан өзеннің түбегіне
Қытайдан қайтқан қалың керуен түсті.
Керуенді көрді дағы Қозы барды, ; 1430. Ішінде біp адам бар ақсақалды.
“Tүpі жат, не қып жүрген жалғыз жан?” деп,
Өңгелерін шығарып, қасына алды.
– Өзім қожа, молдамын және өзім бай,
Жаңа қайтып келеміз барып Қытай.
Түрің жат, атың арық, жүзің сарық,
Елсізде неткен жансың, шырағым-ай?
Әлгі байдың Қозы да көрді түрін,
Бойында байқаған соң бар өнерін.
Бастан-аяқ сырының бәpін айтты,
1440. “Біp ақыл сұрайын” деп ірікпей біpін.
Білімді молда кісі, өзі инсапты,
Бар сөзін Қозыекенің ұғып апты.
Атын жемдеп, Қозының өзін күйлеп,
Бір он бес күн сол жерде бірге жатты.
Саудагер дүние кезген, өзі пұлды,
Бек жүйрік жан өнерге неше сынды.
Қожан саудагер-ді оның аты,
Қозыны қияметтік іні қылды.
Қозыны падишадан артық күтті, 1450. Түсін бұзып жүретін айла үйретті.
– Жанның бәрі ел емес мендей саған,
Өзіңді білдірмей жүр, жаным, – депті.
Айрылды он бес күнде азық беріп,
Ел жөнін және ақылын жазып беріп.
Арыздасып, қоштасып айырылыпты,
Уәде айтып, бір тәбуға өзі келіп.
Ер Қозы азық қылып ас алыпты,
Ақылын Қожекеңнің қоса алыпты,
“Қысылғанда кез болған әулие ең” деп,
1460. Деп қимай айрыларда босаныпты.
– Босағаның, ер Қозы, жаман мінез,
Түсте көріп мен саған болғанмын кез.
Осынау тауды бөктеріп жүре берсең,
Аягөзге кешікпей барарсың тез.
Тірі болсам сені іздеп бір табармын,
Демеймін сені һешқашан ұмытармын.
Құдайдың көрсетуі рас болса,
Бір жақсылық кезінде жолығармын.
Қолын жайды ақсақал, дуа етті:
1470. – Құдая, жарылқа, – деп, – бұл перзентті.
Бағана ақыл саған үйреткемін,
Бұл түсіңмен ол елге барма, – депті.
Дәрі-дәрмек, айласын бәрін беріп,
– Қош аман бол, – деді де жүріп кетті.
Қозы да Күрең таймен қатты желді,
О дағы бар күшіне келіп еді.
Арада бір-ақ қонып, ертеңгі күн
Отырған Аягөзде елді көрді.
– Ауылды алыс болса жуытайын,
1480. Күреңді біржолата суытайын.
Күрең тай, қимылдай көр бүгінгі күн,
Баянды өксік болған уатайын.
Бір жерде аттан Қозы түседі енді,
Өзіне бір тазшаның реңін берді.
Аягөзді ол құлдан келе жатса,
Өзіндей қой жайған таз душар келді.
– Бұ қойың кімнің қойы, қой жайған таз,
Айта көр елдің жөнін, тазшам? – деді.
– Бар екен әр нәрседен мұның ойы,
1490. Кепиат не қылған таз өне бойы.
Менің қойым дейсің бе осынша қой,
Қарабай деген дінсіз анттың қойы.
– Шадыр тазым, емессің сен де майда,
Таз желөкпе келеді осындайда.
Бұл қойың Қарабайдың қойы болса,
Тура сілте, антыңның ауылы қайда?
– Япырым-ау, мен сенімен таныс емес,
Өне бойың не қылған толған кекес?
Күн батқанша үш орап, үш қайтасың,
1500. Ауылы Қарабайдың алыс емес.
– Сенімен сөйлесейін аңлай-аңлай,
Қандай жан екеніңді байқай алмай.
Екеуміз сырласалық, қой жайған таз,
Қарабайдың бой жеткен қызы қандай?
– Тобаңнан, антұрған таз, жаңыласың,
Қой жүнді бөстекейің жамыласың.
Солардың құшырына жолығарсың,
Қарабайдың сен қызын не қыласың?
– Жаман таз сөз айтқанын өнер көрген,
1510. Жараукесін қоймайды жалшы деген.
О да біздей жаралған адам дағы,
Әулиелік оларға қашан келген?
– Көрмедім сендей неме жаннан тантық,
Соларға тең болар ма сендей шартық?
Мүлкі, малы сай тұрған, киімі анау!
Сол үшін сеніменен менен артық.
– Қызы сұлу дейтұғын шықты әруағы,
Артық болса артық-ты оның бағы.
Біз де адам ғой, айтсаңшы, нең кетеді,
1520. Қандай-қандай қызы бар сөйтсе дағы.
– Сөйлейсің сен, қу тазша, барлай ғана,
Менің айтқан сөзіме нанбай ғана.
Екі қыз Ай мен Таңсық дардай ғана,
Артында Баян сұлу айдай ғана.
Көзбен көрмей ауызбен айтып болмас,
Десе болмас пішінін сондай ғана.
– Жапанда, тазша ағеке, жүресіз бе?
Сіз де ойнап құрбыңызбен күлесіз бе?
Байдың қызы малшымен болар сырлас,
1530. Олардың тамыры кім, білесіз бе?
– Япырым-ай, мынау өзі не қылған жан?
Еркіме сөйлеспеген һеш қоймаған.
Ертең кетіп, сан қоймен кеш келемін,
Білмесіме ант алсын, Құдайға нан!
– Япырым-ай, мынау неден үміт еткен,
Жаныңды бекер бердің күте кеткен.
Оның несін жасырып, ант ішесің?
Алашқа Қодар деген даңқы жеткен.
Қодарды ақылменен барлағанға,
1530. Қояндай басып ізін шарлағанға.
Ақылы жоқ есер құл мақтанады,
“Суға саттым” деп бекер алдағанға.
Тазша құл, қартайыпсың, сені аяйын,
Сен кетсең орыныңа менмін дайын.
Азат бол да, елің тап, көрінбей қаш,
Қойыңды сенің үшін мен жаяйын.
– Құлағыма жағады мұның маған,
Жоғалсын соқпай жанға мен таз ағаң.
Мені азат қып, мен үшін қойды жайсаң,
1540. Қолыңа іздегенің тисін саған.
Екі таз бір-біріне кез келіпті,
Басы шалыс, аяғы оң келіпті.
Қарабай жаудың малын аясын ба,
Торғын тазға бірер жүз қой беріпті.
– Тәшкен барсаң, еліңді табарсың, – деп,
Түн қатырып тазшаны жөнелтіпті.
– Сен екенсің, шырағым, ердің ері,
Сендей жан көргенім жоқ көптен бері.
Мұшқалдап Қарабайды көп сұрадың,
1550. Шыныңды айт, сен Қозының қандай жері?
– Бұл сөзің, бәрекелді, жөн емес пе?
Тазша құл көптен жүрген сен емес пе?
Алашқа мені жайсаң, өлтірермін,
Дегенің Қозы Көрпеш мен емес пе?
– Біте береді екен-ау кісіге бақ,
Мақтаған шығушы еді сені әр уақ.
Қандай жан деп таң қалып жүруші едім,
Талтайған таз екенсің өзімдей-ақ.
– Мен “нәлет” деп жетпейін тегіңе енді,
1560. Жай кетсең жараушы еді жөніңе енді.
Енді айналып қарашы, мен қандаймын?
Мынау қолмен жасаған кебім еді.
– Қозы Көрпеш екенсің, көңілім сенді,
Мақтауы жұрттың сені рас келді.
Айтуындай алаштың бар екенсің,
Қосағыңмен қоса ағар, балам, енді.
Екеуі екі айырылып жөнеледі,
Ақылы Қозыкенің кемел еді.
Ауыл жата қойды айдап Қозы Көрпеш,
1570. Ауылына Қарабайдың әпкеледі.
– Ойласам, мынау ақыр заман ба еді?
Астыңда Күрең шардақ шабан ба еді?
Мұнша кешке қойымды неге әкелдің,
Ит-құстан, онан-мұнан аман ба еді?
– Қарабай, әлі һеш нәрсе ойға алғам жоқ,
Менің айтқан сөзімде һеш жалған жоқ.
Сен шошитын һештеме көргенім жоқ,
Қойыңды оза шауып жау алған жоқ.
– Балалар, таздың сөзін мақұл деме,
1580. Білімсіздің айтқанын көп елеме.
Ойбай, қатын, бір нәрсе тамақ сайла,
Қарыны ашқан екен тазша неме.
– Қарабай, ат мінесің бек тағалап,
Ақ қасқыр ауылыңды жүр сағалап.
Қара інген от басында шөгіп жатыр,
Жүгірген бозша тайлақ жар жағалап.
– Қызым, сен Баян, Таңсық мені көрші,
Екеуің шапшаңырақ бері келші.
Тазшаның бір сөзі өтті тұспалдаған,
1590. Мәнісі соның қалай айтып берші?
– Бұл тазша үйде айтты ғой түзде айтқанын,
Біз білдік ақ қасқыр деп сізді айтқанын.
Қара інген от басында – шешем бақыр,
Білмейсіз бе тайлақ деп бізді айтқанын?!
– Әпеке, жасың үлкен, ойың кемеш,
Сіздерге салайыншы мен бір кеңес.
Түрі жат, төркіні жат әр сөзінің,
Мынау сіздің күндегі тазшаң емес.
Қозыке батылданды сөзді бастап,
1600. Айтқан сөзін тұрады қыз байқастап.
Еңкейіп ақ ордаға кіріп келді,
Тізесін сол жағының сипай тастап.
Тазшаның не қылғанын қыздар шалды,
Ішін тартып бір сұмдық түйіп алды.
“Алды-артын әлі де болса байқайық” деп,
Сығалап босағадан тұра қалды.
– Асыл ма алыс жерден іздеп келген,
Құбылып, бой жасырып біздің елден.
Шешем жатыр бір табақ өкпе сайлап,
1610. Кім екенін білерміз осы жерден.
Бәйбіше сонда ойынан налып келді,
Бір табақ сонда өкпені салып берді.
Құлаш-құлаш істікке өкпе түйреп,
Қарағай табақ қайқайтып алып келді.
– Қарабай, мен жарлымын, сенсің малды,
Бір өкпеден басқа асың қайда қалды?
“Қашанғы қорлығыңа көнейін” деп,
Табақпен келістіріп қойып қалды.
Қарағай табақ басына қатты тиіп,
1620. Қабағын Қарабайдың жаман жарды.
Қой шетіне Күреңді мықты арқандап,
Ат қасына барды да жатып алды.
– Біреу бай, біреу жарлы күндемелік,
Білместің қылған ісін мін демелік.
Ойбай, қатын, қарны ашып, қажыған-ды,
Малды бақпай кетеді, үндемелік.
Баян, Таңсық аз аулақ сөз айтады,
Ибадатпен ұялып аз айтады.
Оятуға бата алмай Қозыкені,
1630. Қасына сонда үш келіп, үш қайтады.
Сабыр, тақат тұта алмай Баян тіпті,
– Баралық, апекелер, тағы, – депті.
Сөйлескелі үшеуі және шықса,
Таң сарғайып артынан атып кетті.
Түскен соң үлкен толғау қыз ішіне,
Кетерде қой жайылып өрісіне,
Бір сұм қызды жіберді қой ішіне.
Кигізіп тоқтының кеп терісіне,
Қой келді, “тоқты” келді, Қозы келді,
1640. Жапанға елден аулақ шыға берді.
Ел жоқ, күн жоқ алысқа барғаннан соң,
Мұңшылық аз сөз айтып жырлайды енді:
– Мұндайлыққа салды Ием
Мен сықылды жалғызды.
Бір қыз үшін дертті етіп,
Иттің қойын жайғызды.
Мен елімде көруші ем
Не сықылды һәр қызды.
Бәрінен де көңілімді
1650. Жалғыз Баян қалғызды.
Жапан түзде қаңғыртып,
Тау мен тасты шалғызды.
Жөнін білмей тентіреп,
Жер түбіне барғызды.
Кездей қылып бір шалды,
Онан бата алғызды.
Асықлық деген үлкен
Ақылымды таңғызды.
Жарым Баян дегенде, 1660. Жүрегімді жанғызды.
Тазша кебін кигізіп,
Кемшілігін қылғызды.
Бере ме, Тәңірім, бермей ме
Ынтық болған бір қызды?
Балдырғанды көлім жоқ,
Балталыдай елім жоқ,
Ақкезеңдей белім жоқ.
Әттең, Құрдым жерім жоқ,
Тайлақ бидей ерім жоқ. 1670. Тай шаптырым жолым жоқ,
Алдымда менің ағам жоқ,
Мұнда менің бағам жоқ.
Іздеп келген қыз Баян
Болғаны ма маған жоқ?
Артымда менің інім жоқ,
Сүйегімде мінім жоқ.
Іздеп келген қыз Баян
Қосар Тәңірі күнің жоқ.
Алдымда менің жалым жоқ, 1680. Айдап берер малым жоқ.
Іздеп келген қыз Баян
Асықтық бар, алу жоқ.
Артымда менің құйрық жоқ,
Көңілден, сірә, жүйрік жоқ.
Іздеп келген қыз Баян,
Болғаны ма бұйрық жоқ?
Темірлі күйме кіліт жоқ,
Қыз Баяннан үміт жоқ.
Осында жүріп мен өлсем, 1690. Сүйегімді іздер жігіт жоқ.
Талаппенен келіп ем,
Танымады қыз Баян.
Кемдікпенен келіп ем,
Келекке етті қыз Баян.
Мен үшін сені жаратса,
Менмендігің нең Баян?
Шын ашығым сен болсаң,
Шиге жүгіріп кел, Баян!
Шыбын жаным жүргенде, 1700. Бұл тілеуден қалмаспын.
Сенен басқа хор қызы
Болса көзім салмаспын.
Басы күміс, шашы алтын
Болса дағы алмаспын.
Танымасаң сен өзің,
Танытқалы бармаспын.
Қамықпайын, тоқтайын,
Қайғы сөзге қанбаспын.
Жібекті көйлек желбіреп, 1710. Жел көрмеген Баян қыз.
Ақ тамағы үлбіреп,
Ел көрмеген Баян қыз.
Қарада көзі мөлдіреп,
Қарамай ма Баян қыз?
Ашық жарын көрген соң,
Танымай ма Баян қыз?
Ер Қозы жырлайды екен жалғыз жүріп,
Жүргенін кемшілікпен қайғы көріп.
Бағанағы ауылға “тоқты” қашты, 1720. Мәнісін әлгі сөздің бәрін біліп.
Білді Қозы “тоқтының” жайын тіпті,
Айласы бар, қайғысыз ер ғой мықты.
“Аңдып жүрген дұшпанға жолығар” деп,
Қайта қуып Күреңмен қойға тықты.
Қой келді, Қозы келді, “тоқты” келді,
Үш қыз да қой алдынан шығып еді.
– Һештеменің мәнісін білдің бе? – деп,
“Тоқты” қыздан ортаға ап сұрайды енді.
– Апалар, һәрбір түрлі кеп айтады,
1730. Қайғы тартып, уайым жеп айтады.
Ендігісін біле бер өзің ойлап,
“Құйрығым жоқ, жалым жоқ” деп айтады.
– Бір Құдай тілеуімді берген дағы,
Дұспан оты құл болып сөнген дағы.
“Құйрығым жоқ, жалым жоқ” деп сөйлесе,
Тазша болып құбылып келген дағы.
Қалқамды бар ма ед ойда келер деген,
Көп сарғайған жарым ғой қайғы жеген.
Мен кешеден біліп ем тек емесін,
1740. Көрген жерде жүрегім лүпілдеген.
Қасына қыздар келді, Қозы көрді,
Білмегенсіп, теріс қарап жүре берді.
Үш қыз да шыдамады оны көріп,
– Сөйлессеңіз не етеді бізбен, – деді.
– Қараймын Аягөздің тереңіне,
Үкі таққан қыз Баян желегіне.
Қодар алып тоқсан мен тұрғанында
Көбегеннің біздердей керегі не?
– Қодар ма еді Баянның ашық жары?
1750. Құл жолдасты кісінің бола ма ары?
Алыстан тоят іздеп ұшып келмек,
Қайынға алтын баулы ақ сұңқары
– Көңіліңе алма әншейін, ол қалжың кеп,
Аққуым сіз болсаңыз біздерге еп.
Таз кебін жұлып алып, айдай болды
Ендеше мен ақ сұңқар болайын, – деп.
Таз кебін жұлып алып бетін ашты,
Есі шығып Баяның сонда састы.
Бойын билеп тұра алмай, түрекеле-ақ,
1760. Жылап барып Қозымен құшақтасты.
Құшақтап қанша тұрды кім біледі,
Екі қыз бір жылайды, бір күледі.
Ай мен күндей екеуін толықсытып,
Бұраңдатып шеткі үйге ап жүреді.
Киімі Баян қыздың бәрі жібек,
Алтын сырға, білезік жаннан бөлек.
Үлде-бүлде, қамқадан салды төсек,
Жүгіріп жүр апалар көңілі зерек.
Төсекке олар ол күн жатқан да жоқ, 1770. Бір-бірін көргеніне болды ғой тоқ.
Серілердің жиылды бәрі ойынға,
Қозы, Баян ішінде жайнаған шоқ.
Екеуі құшақтасып үйір болды,
Сол жерде бір келісті жиын болды.
Сол қалжыңмен отырып таң атқан соң,
Қайта кебін кимегі қиын болды.
– Бәрін де осы жұрттың ел көрмеңіз,
Басқаға осылардан, һеш сенбеңіз.
Кебіңізді киіңіз, арланбаңыз,
1780. Аңдып жүрген дұспан көп, сыр бермеңіз.
Некелеп, алал жарым деп жүріпті,
Дұспан қалың, сыр шашпай еп жүріпті.
Күндіз тазша, ол түнде Қозы болып,
Тым болмаса бір жылдан көп жүріпті.
Жылқыда Қодар жүрген қыстай бойлап,
Жүреді тоқсанменен күліп-ойнап.
“Ертең ауыл көшеді” деп хабар барса,
Жылқыдан алпыс саяқ келген айдап.
– Бері кел, тазша көтіңді қыс та, – деді,
1790. Сенен басқа кісі жоқ тыста, – деді.
Қара жорға бұлықсып қаша берді,
Жеңгеңнің келіп атын ұста, – деді.
– Сен – Қодар, мен – тазшамын, ой ойлаймын,
Қыңырайсаң, қиқайып еш болмаймын.
Атын ұстап, шұнақ құл, өзің жалын,
Күрең таймен ілгері қой айдаймын.
– Қап-қап, тазша, қап бәлем, мен не етермін,
Бақа айғырды қамшылап еңіретермін.
Қиын жерде қысталаң сөзің өтті,
1800. Көш жөнекей көш барысын көрсетермін.
Көш келді, Қодар келді, қыздар келді,
Бұлықсып Бақа айғырмен желді енді.
Үш қызға мақтанды да нақұрыс құл,
Жауырынынан тазшаның ұстады енді.
Қодардың мінезіне жан таң қалған,
Жанның бәрі иіріліп саңылауланған.
“Екі алыптың қызығын көрелік” деп,
Тамашаға қыздар да тұра қалған.
Сонда да батыр Қозы ой ойлаған, 1810. Аударыспаймын десе де құл қоймаған.
Серейтіп Бақа айғырдан жұлып алып,
Алдына өңгеріп ап қой айдаған.
Сиынғанға тілегін Тәңірі берер,
Құдайдың салғанына бенде көнер.
Тірлікте мен саған үндемейін,
Көштен қалып, кейінгі жеңгең көрер.
– Жапанда қайрат қылып өнер баста,
Қолға еркін Құдай берді тым-ақ саспа.
Мұнан басқа дұспаның дәл сіздің жоқ,
1820. Шамаң келсе аяма, мықтап таста.
Һәр өнерді ер Қозы бастайды енді,
Көңіліне еш жамандық қоспайды енді.
“Не етейін қанын жүктеп бұл иттің” деп,
Анадай лақтырып тастайды енді.
Басылып Қодар көңілі болды баяу,
Бір сұмдық көңіліне келді таяу.
Ерте көшіп, Қарабай кешке қонған,
Ұзақ көшке келіпті Қодар жаяу.
– Қарабай, хан болыпсың, заманды ойла,
1830. Кең заман бұрынғыдай саған қайда?
Аягөзден өтпейді сенің қойың,
Жүр бермен, Бақа айғырмен қойыңды айда.
Қарабай Бақа айғырмен желді дейді,
Боларын бір сұмдықтың білді дейді.
Қозының сөзін екі қыла алмады,
Жалдатып Бақа айғырмен келді дейді.
– Қартайған Қарабай шал, мені көрші,
Өзіңе қас қылғанды достым деші.
Қойыңды мен серкештеп өткізейін,
1840. Түсе тұр, Бақа айғырды маған берші?!
Қарабай, жайлы қоныс, қыста, – деді,
Арыстың ішпес асын қыспа, – деді.
Су аяғы Құрдымнан қашқан итсің,
Құйрығын Бақа айғырдың ұста, – деді.
Құйрығынан ұстатып өрге жүзді,
Қарабай өз жанынан күдер үзді.
Өрге жүзіп жалдатып келе жатса,
Байқамай бір жартасты жаман сүзді.
Құдайым ер Қозыға берген талап, 1850. Қор қылды Қарабайды итке балап.
– Әкең қошқар болған ба, тас сүзді, – деп,
Алып келіп тастады күйекке орап.
– Һешқайда иен-еркін жүре алмадық,
Уайымсыз, қайғысыз күле алмадық.
Құрдымнан су аяғы қашып едік,
Қасиетін жақсының біле алмадық.
– Жапанда әкем жалғыз жүретұғын,
Аққайың қартайса да мінетұғын.
Оңалған соң бұл сөзің ұмыт болар,
1860. Ыңқылдасаң, ақылың кіретұғын.
Қайны атам – хан Қарабай сөзіме ерсін,
“Қодар батыр – күйеуім” мені десін.
Биылғы жыл жылқыға болады жұт,
Қайраты бар тазшасын маған берсін.
Қарабайдың Қодарсыз көңілі дертті,
– Жылқыға, тазша, барса қайтер, – депті.
“Осы иттің мен бір тілін алайын” деп,
Тәуекел бір сапарға шығып кетті.
Түйемойнақ, Жылытау айдап барды,
1870. Маңырақтан жылқысын әрі апарды.
Бір жағы Сауыр, аршаты сонан бермен
Жылқыны қоя беріп жатып алды.
Жапанда батыр Қодар ой ойлайды,
Асау менен тарпаңды бір қоймайды.
Алты ай өтіп, жаз шығып қар кеткен соң,
Жылқыны елге таман қайта айдайды.
– Жолдастар, сөздеріңді оң көрейін,
Ауылға жылдам барып бір келейін.
Жеңгеңді сағындым ғой, жіберіңдер,
1880. Сендерге өрік-мейіз әпкелейін.
Күнінде Бақа айғырын Қодар салды,
Қостан шығып Аягөзде елге барды.
Ауылға үш-ақ күндей еру болып,
Төртінші күн жылқыға қайта айдады.
– Ебін тапқан екі асар амалдаған,
Мұнша дәулет мал берді Тәңірім саған.
Жиырма-ақ жылқым өлді осы қыстан,
Қара малың һәрқандай малым аман.
– Ойласам, батыр Қодар, сенсің текті,
1890. Жиырманың несі ол шығын, – депті.
Менің де қара малым аман еді,
Сең ойылып, жүз қойым суға кетті.
Жапанда өңкей жалшы сұмдық бастар,
Бірінің қылған ісін бірі қостар.
Өзің барып жылқыны қаптатып кел,
Арық-шырду уақытта қырып тастар!
Қаңтарда сере-ау жауған қардай болды,
Алып атан сымбал тартқан нардай болды.
Жылы сөзге қуанып қайта салды, 1900. “Өзің бар” дегеніне-ақ дардай болды.
– Қодеке, есен-аман тез келдің бе,
Жеңгемді күймедегі сен көрдің бе?
Ынтық болып дардай боп кетіп едің,
Қанеки, өрік-мейіз әпкелдің бе?
– Не қыласың, көңіліңді тіпті суыт,
Жемес астан қылады бұл неме үміт.
Дәл бір аяқ мейізді қойып еді,
Асығыспен ауылда қалыпты ұмыт.
– Қодеке, олай болса мен желейін,
1910. Ел-жұртты сағындым ғой, бір көрейін.
Кірлеп кетті киімім және тозып,
Кір-қоңымды жудырып тез келейін.
– Барсаң жылдам келе ғой, барып қана,
Бір мықты атпен келе ғой салып қана.
Үш күн жетіп жегенім жарты мойын,
Аштан өліп қаларсың, тазша бала.
Қысталаң боп жолықпай кетіп едім,
Өрік-мейіз келе ғой алып қана.
Қылығы жоқ Қозының һешбір шайым,
1920. Қалжыңы Баянменен бәрі қайым.
Кебін тастап, Қозы боп күймеге енді,
Ойына алған нәрсенің бәрі дайын.
Үш қызбен қалжыңдасып отырғанда,
Айтады да күледі Қодар жайын.
Күймеде жатып Қозы ой ойлайды,
Күлкіге ойынменен бір тоймайды.
Тоғыз, он күн күймеде ойнап күлсе,
“Қайтпай ма?” деп Қарабай ызыңдайды.
Мінгені Қозыкенің жүйрік Кер-ді, 1930. Тоғыз, он күн күймеде қызық көрді.
– Қарағым, кірлеп жүдеп кетіпсің, – деп,
Ішінен торғын көйлек тігіп берді.
– Қодар көрсе қодаңдап өлтірер, – деп,
Жағасын шидімменен бүгіп берді.
Мойнына артқан Баянның ақ білегін,
Беріп тұрған кезінде әр тілегін.
Қызыл жүз, қара көзге қарап тұрып,
Ыстық төске таяйды көкірегін.
Аузынан сүйіп Баян қалмақ болды,
1940. Баянның нұры ойға салмақ болды.
Сөйтсе де “кешікпей тез келем ғой” деп,
Жылқыға итті үргізбей бармақ болды.
– Таз мұндар, асау Кермен жөнелдің бе?
Күлкі менен ойынға кенелдің бе?
Он күн жатып, шіреніп, әрең келдің,
Жеңгеңнен өрік-мейіз әпкелдің бе?
– Қыздар мейіз өздері жесіп отыр,
Әзіл-қалжың әңгіме десіп отыр.
“Қодар мейіз сұрады” деп айтып ем,
1950. “Боқ ала бар Қодарға” десіп отыр.
– Бақа айғыр құрық салсам бойлайтұғын,
Қоста жатып Қодар ой ойлайтұғын.
Кешегі де жолықпай кетіп едім,
Өкпе қылып, қалжыңдап ойнайтұғын.
– Жақпады сол қыздардың маған түрі,
Сіз дегенде көңілінде бар ма кірі?
“Сәлем айтты Қодар” деп айтып едім,
“Шын аузына сиейін” деді бірі.
– Қайын атам Қарабай, о да кәрі,
1960. Тар күймеде қыз Баян тұрған сәрі.
Сисе сисін сұм тазша, ештеңе етпес,
Өз тұяғы тұлпардың бізге дәрі.
– Қарабай – қайын атаң малын сойды,
Халайық, жамағаты дәмге тойды.
Дәрі болса, бар дағы сен іше ғой,
Шынар менен бір [күбі сарап] қойды.
– Сұм тазша олай десем, бұлай дерсің,
Мінезің сондай жаман, өзің кесір.
Айтқан сөзің бәрі де бейне мазақ,
1970. Сен менен оқыс жерде таяқ жерсің.
Қодарға жолығысып дем береді,
Жылқыдан жылдамырақ жөнел, – деді.
Атаң сенің Қарабай сәлем айтты,
Қысыр бөліп жылқыдан әпкел, – деді.
– Тазшаеке-ау, шын ба, осының ой ойлалық,
Асауды қашағанмен бір қоймалық.
Өзге жаман жанымды тындырмайды,
Екеуміз бөліп алып елге айдалық.
Мен күйеу ғой, тұрайын мұнда қырын,
1980. Сен ағаңның білесің ішкі сырын.
Ауылға мен баруым жараспайды,
Желі тоқпақ, құрықты әпкел бұрын.
Қодардың айтқан сөзін қостап келді,
Күндей желпіп Күреңді бостап келді.
“Осыған бір сұмдықты бастайын” деп,
Құрығы мен тоқпағын тастап келді.
Қозының алтын жүзі жарқылдайды,
Күпілдеп мұндар Қодар тарқылдайды.
“Құрығы жоқ, тоқпақ жоқ, құр қол келіп, 1990. Қайтып мұны ұстар” деп барқылдайды.
Қозы мерген садақпен қу да атады,
Жазым болса орнында су да атады.
Желінің құлаш-құлаш қазығы бар,
Қолыменен басады да зымыратады.
Тағы да бір ашуды көңіліне алды,
Жылқыға қаһарланып Қозы барды.
Құйрығына қол тисе алып ұрып,
Бас асауды қозыдай тізіп салды.
Көрді де бәрін Қодар болды дертті, 2000. Байталменен тепсініп келіп жетті.
“Менің айтқан сөзімді кір шалды” деп,
Қақ басқа келістіріп салып кетті.
Мал бағар қысты күні малды кісі,
Балуанға түседі әлді кісі.
Су аяғы Құрдымнан келген болса,
Құлдан таяқ һеш жер ме жанды кісі?
Әлгі сөзге Қозы да ашуланды,
Күреңге мініп алып жетіп барды.
Қодардың жауырынынан ұстап алып, 2010. Алдына бір-ақ ырғап жұлып алды.
– Шіркін-ай, ашуланып не етті, тазша?
Басыма жақсылығым жетті, тазша,
Қоста отырып қымызды көп ішіп ем,
Ердің қасы ішіме өтті, тазша.
– Қодаеке, әуел баста сен де ойнадың,
Қанеки, сенен артық мен не ойнадым?
Қамшымен тарсылдатып кетіп едің,
Көтереді ағам деп мен де ойнадым.
– Ойбай, тазша кәпір-ай, саған не еттім?
2020. Ойнаған боп түбіме әбден жеттің.
Өтірік айтсам, шырағым, өл де оңбайын,
Кел, қоя бер, бұтыма тышып кеттім.
Бір білінді сол жерде қайрат бастап,
Қодарды да қорқытты ерге жаныштап.
Тұңғиықты қара су иірімге
Қодарды Қозы кетті атып тастап.
Қор болды байғұс Қодар дымы құрып,
Суға кетіп қалсын ба қарап тұрып.
Алақ-бұлақ қалбаңдап бойы ұзын құл, 2030. Суға кетпей шығады құлаш ұрып.
– Мынау да мықты ит екен ойға алалық,
Мұнымен табандасып не қылалық?
Аударысса кәпірдің тәсілі бар,
Қатарлап он кетпеннен оқ салалық.
Қатарлап он кетпенді Қодар келді,
Талай жан садақшылар жиылды енді.
“Біссімілдә” деп Қозыеке тартып кетсе,
Он кетпеннен қол оғын өткізеді.
Қодар да атпақ болды сертке жетіп,
2040. Оғын керіп бедеумен келді еңіретіп.
Садақпенен мақтанып о да тартса,
Тұрады үшеуінен әрең өтіп.
– Бейілі кей адамның тар келер ме?
Ажалды күні бітпей бенде өлер ме?
Оқ тартқанда бар екен бір тәсілі,
Күрескенде маған жан пар келер ме?
Қодарға күресуге Қозы барды,
Тамам жұрт тамашаға аң-таң қалды.
Ең астына Қодарды тығып қойып,
2050. Бейне жүктей тоқсанды үйіп салды.
– Ойласам, осы тазша текті деймін,
Түбіме ойнаған боп жетті деймін.
Ойының қалай мәніссіз, шіркін, тазша?
Күрт-күрт етіп қабырғам кетті деймін.
Сұм тазша кәпір, сенің пейілің тар ма?
Ішіңде бұзық-бұзық ойның бар ма?
Қабырғамды қиратып мертіктірдің,
Тәңірі алғыр, қойыңа бар, тынышымды алма.
Қодардың сыбағасын Қозы берді,
2060. Қоршылықты тәуір-ақ бір күн көрді.
Не қылсын жылқы бағып, түзде жүріп?
Өлеңдетіп қойына келеді енді.
– Баян-ау, менің айтқан сөзім тыңда,
Осы ма қорыққандарың, астапыралла!
Шақырып қалды сені “тез келсін” деп,
Байғұстың қабырғасын барып сыла.
– Оңалар өзі Қодар мен де бармай,
Қор қылдыңыз, қайтейін, тілімді алмай.
Кектендіріп кеттіңіз тірі тастап,
2070. Сақ жүрсеңіз болмай ма, қапыл қалмай?
Темір күйме, іші алтын, оның үйі,
Күнде дәурен не қылса келді күйі.
“Жеті күнде жеп тарқар жиын бар” деп,
Сауын айтты сол елдің Сасан биі.
Сауын айтып сол Сасан жарлық етті,
Елінде құрметті жан қасиетті,
Уәделі айтқан күні болғаннан соң,
Хан Қарабай, Қодар боп асқа кетті.
Ауылда тірі еркек жоқ, қалды тазша, 2080. Болыпты Қозы Көрпеш кебін ашса.
“Аман бол” деп таз кепті жыртып тастап,
Күйеуін киіндірді бейне патша.
Қарабай, Қодарменен асқа барды,
Ауылда тірі еркек жоқ, Қозы қалды.
Күн жайлатып, бұршақты төгілдіріп,
Он екі күн асшыны қамап салды.
Соларға күнде де ойын, түнде де ойын,
Ай, Таңсық та бастады түрлі тойын.
Құшақтасып Қозымен көп ішінде 2090. Баян сұлу жүреді алма мойын.
Кетер деп шошымайды сыр шашылып,
Бір қызықтан бір қызық кетті асырып.
Асшылардың қайтатын кезі болды,
Он екі күн өткен соң күн ашылып.
Қозы – Баян күймеде жатыр еді,
Елден бұрын арсалаңдап Қодар келді.
Бір қап қоқым ет оған азық келді.
– Тазша көрген бар ма? – деп сұрайды енді,
– Бекер буға жүріпсің, Қодар батыр, жар-жар,
2100. Мен көргенімді айтайын, тыңла да отыр, жар-жар.
Сіз кеткелі он екі күн болыпты, жар-жар,
Сонан бері бикешпен бірге жатыр, жар-жар.
Бұрқ-сарқ етіп қайтсін-ай ашуланды,
Есі шығып, кәпірдің басы айланды,
Көтен тисе қапталы быт-шыт болып,
Бармақ етін тісімен жұлып алды.
Қозыны көруге де бата алмайды,
Бағана келген асқа қайта салды.
Қарабайға мал бағып Қодар жақты, 2110. Тарқ-тұрқ етіп байталмен асқа шапты.
– Хан Қарабай, қызыңды бай алыпты,
Суымды бер, – деп сонда әлек сапты.
– Отырған, батыр Сасан, биім көрші,
Бұл не қылған құтырған адам деші?
Сенің суың Бетбақта қалмап па еді,
Не қылайын, бар дағы, ала берші!
– Батыр Сасан, отырсың малың сойып,
Тарқайды өз алдыңнан жұртың тойып.
Мына сөз Қарабайдың мазағы ма?
2120. Ал, кетермін еліңді қырып-жойып.
– Жарқыным, осы елдегі сен бір ерсің,
Шақырып қырық үш қатын алып келсін.
Сыйаяқ қып һәрбірі арақ берсін,
Амалмен мас қылалық, улап өлсін.
Қозымен алыса алмай дау саласың,
Жай белгілі, аптықсаң құр қаласың.
Алдап-арбап шақырып өлтірген соң,
Саған ортақ кісі жоқ, сонда аласың.
Жиылып бәрі сонда кеңеседі,
2130. Бәрі де Қозыға ел емес еді.
Қайратынан жасқанып тұра шаппай,
Бәрі де өлтірмекке “ей” деседі.
Қырық үш қатын келеді Қозыға дөп,
Елдің сырын білмейді олар да көп.
“Шақырды ақсақалдар сізді тойға,
Тіл сыйламай жатқаның болмайды” деп.
Баян айтты: – Ал, қалқам, қапыл қалма,
Бұларды дос болар деп көңіліңе алма.
Ептеп-септеп, қарғам, сені өлтірмек-ті, 2140. Пейілсіз жиынына тіпті барма!
– Баян-ау, жақсы айтасың, сөзің майда,
Ұрғашылық қыласың осындайда.
Темір үйдің ішінде сақтасаң да,
Алладан қаза келсе қойғандай ма?
Болжалсыз таң, ажалсыз жан шыға ма?
Жүз мылтықтың аузына мені байла.
Шын ажалым жетпесе дәл сол жерде,
Періштелер қорғайды, өлім қайда?
Қырық үш қатын шақыра барған дейді,
2150. Олар да көріп көркін талған дейді.
Ай мен күндей екеуін көргеннен соң,
Бәрі аң-таң, айран-асыр болған дейді.
Асылдан өңкей оған кигізеді,
Құшақтап Баян беттен сүйгізеді.
Жиылған барша жаннан шоқтығы асып,
Күреңмен жарқылдатып жүргізеді.
Ай, Таңсық апасына Баян барып,
Көңілінде қорқынын түйгізеді.
Сонда жұрт: “Мұндай адам тумас дейді, 2160. Мынаған қастық қылған оңбас дейді.
Осы екеуін бөлейін деп ойлаған,
Тегінде егіз екі болмас” дейді.
Келді Қозы, мінеки, жұртты көрді,
Ақ ордаға еңкейтіп кіргізеді.
Арақтан күні бұрын жиып қойған,
“Кел, мырза” деп һәрбірі аяқ берді.
“Осылардың қулығын көрейік” деп,
Ай мен Таңсық артынан ере келді.
Тамам жұрт шуылдады, гуілдеді, 2170. Қызған кезде тысқарыдан у әпкелді.
Алып келіп Қозыға беріп еді,
Сығалап тұрған қыздың көзі көрді.
– Сен Күреңді көлденең тарта бер, – деп,
Жүгіріп Таңсық үйге кіріп келді.
– Атыспай, алдауменен өлгенің бе? –
Деді де бір суық су бүрке берді.
Қастықты батыр Қозы білгеннен соң,
Талқан қылып жапсардан жөнеледі.
Жапсардан Қозы ытып кетіп қалды,
2180. “Ай, кетті” деп үйдегі ойбай салды.
Есікте аңдып тұрған екі жендет
Бірін-бірі қылышпен шауып алды.
Қозыға бір қыз атын дайын етті,
Ырғып мініп Күреңге Қозы кетті.
Арағымен аузынан у құсылып,
Жалы жидіп Күреңнің қолға кетті.
Жаппар ием жалғызға болысты енді,
Екі ортасы ауылдың талай жер-ді .
Өңкей қызыл қан құсып келе жатса, 2190. Алдынан Баян сұлу кездей келді.
– Демеп пе ем айтқан сөзі рас емес,
Сізді ептеп өлтіруге қылған кеңес.
Мені ала кет, еліңе тура баста,
Енді сізге жабылар, тыныштық бермес.
– Көрмейсің бе, келемін болып дертті,
Аяқтатпай кетпеспін айтқан сертті.
Бір аулаққа шығып мен оңалайын,
Қайратыма қарап тұр сонда, – депті.
– Ақкезең, Ай балталы жерің қайда?
2200. Балталы мен Сақалы елің қайда?
Әділ айтып дұшпанмен теңдестірер
Батыр Тайлақ секілді ерің қайда?
Бір өзіңіз қайтесіз рулы елді,
Арманда боп кетерсіз осындайда!
– Білемін, сұлу Баян, маған елсің,
Армансыз жан сенімен ойнап күлсін.
“Қазан бұзар үй тентек” толып жатыр,
Қайратыңды бір дұшпан, алаш білсін.
Ажал жеткен пендесі қайда өлмейді,
2210. Ең болмаса артқы жұрт айта жүрсін.
Қайыспайтын мінезін Баян көрді,
Ол қайтсін іштен болат туған ерді?
Жабылған тамам жұрттың ең алдында
Ала бедеу байталмен Қодар келді.
Шыбын жаны қалғанша қорқар ер ме,
Көлденеңдеп Күреңмен тұрады енді.
– Келдің бе адырайып, мақтанған боп,
Қылайын құзғын, қарға басыңа топ.
Осынша қыр соңымнан һеш қалмадың,
2220. Қай жеріңнен атсам да обалың жоқ.
Сарала сай кез оқты еңіретеді,
Зәресі Қодар құлдың бек кетеді.
Шауып жүріп Күреңмен тартып кетсе,
Байталдан алты құлаш жалп етеді.
Қодардай Баян қарап сүймесіне,
Ашуланып келмейді дүние есіне.
Тырайғанын Қодардың көргеннен соң,
Шүкіршілік қып қайтады күймесіне.
Күреңді Қозы мінген сонда баптап, 2230. Баянды қосқан екен лайықтап.
Әлгі атқан оқ өтіпті қара саннан,
Қорқып қанынан түсіпті амал сақтап.
Қозы кетті, Қодар құл аман қалды,
Біраз жатып атына мініп алды.
“Қашқын кетті Баянды аламын” деп,
Келді де таман жұртқа азап салды.
Айтты тоқсан: – Осыған көнеміз бе?
Қорлығынан Қодардың өлеміз бе?
Бәріміз де жүр едік Баян үшін, 2240. Бір соғыспай тірі боп береміз бе?
Сонда тоқсан Қодармен жамандасты,
Бәрі де бір Қодармен сабаласты.
Темір шоқпар басына қатты тиіп,
Көсемсары сол топтан шыға қашты.
Сандалып есі шығып келе жатып,
Жапанда ер Қозыға душарласты.
– Құрбы едің бірге жүрген Көсемсары,
Дәмдес боп жүріп едің бізде талай.
Үсті-басың қызыл қан, өңің қашып,
2250. Сандалып жүрген сенің жайың қалай?
– Сіз кеткен соң қоқиды бізге Қодар,
Көңілін балап мың менен жүзге Қодар.
“Баянды мен алам” деп мұндай қылды,
Бата алмай бұғып жүріп сізге Қодар.
– Сендерді сол антұрған жеңген екен,
Көңілі өлмесіне сенген екен.
Атып жығып тырайтып кетіп едім,
– Сірә, Тәңірім, тілеуін берген екен.
Удан жүдеп буыны бос болыпты, 2260. Ермек келіп көңілі қош болыпты.
Құдайым айдап келіп жолғастырып,
Уәде айтып екеуі дос болыпты.
Күнде Баян жіберер азық беріп,
Қу қызға келе ғой деп тезек теріп.
Жүрісін әлгі қыздың кәдік етіп,
Бір жау қатын шығады соңына еріп.
Келе сала Қодарға хабар берді,
Қылып жүрген қылығының бәрін көріп.
Қодар шауып ауылға барып еді, 2270. Қарабай елі-жұртын жиып берді.
Екеуі қалың қолды бастап алып,
Қозы жатқан түбекке жөнеледі.
Қойдан қошқар, түйеден бура шалып,
Баян жаяу артынан жылап келді.
Сірә, Қодар білмейді ұят-арды,
Оқ бойы жұрт алдында жетіп барды.
Шоқтеректің түбінде ұйықтап жатқан
Біреуді қамыс оқпен тартып қалды.
Оқ тиіп, тыпыр қағып қалғаннан соң, 2280. Қылышпен барып басын кесіп алды.
“Жауды алдым” деп қуанып мақтанады,
Жұрт жиылып шуылдап анталады.
Жаяу Баян бір жерде келе жатса,
Қарабай елден бұрын кез келеді.
– Әуре болған, қаңғырған, байғұс шал-ай,
Осыған шыдап жүрген шыбын жан-ай.
Мың сан жан кетіп едің соғысқалы,
“Жалғыздың жары Құдай”, жайы қалай?
– Қосағың көрмегенін көрді, – дейді,
2290. Тілегін ана құлдың берді, – дейді.
Ұйықтап жатқан жерінде Қодар атып,
Өз көзім көргемін жоқ, өлді, – дейді.
Балам-ай, сені һешкіммен тең көрмеймін,
Өңіңнің бұл қашқанын жөн көрмеймін.
Қодарға қор болам деп қорқасың ба?
Іздеп тауып теңіңе мен бергеймін.
– Һешқайда бөтен бастақ жүрген емен,
Бір Қозыдан басқаны білген емен.
Елден бура қалдырмай қыдыртатын
2300. Мүйіз көк термешелі інген емен.
Әкесін бір бозақор мастай көрді,
Қодар өзін солқылдақ жастай көрді.
“Бақты қара, байыңның ал басы” деп,
Бір басты әкеп алдына тастай берді.
Аяғын бір-бір басып жүріп алды.
Іші түйіп бір сұмдық біліп алды
“Тастап кетсем, тағы іздер антұрған” деп,
Езу тартып, мырс етіп күліп алды.
Қайда бар ер Қозыдай ерлік еткен? 2310. Айтқан серттің бәріне қорықпай жеткен.
Таңертең бір түлкінің ізін көріп,
Күреңмен оны қуып Қозы кеткен.
Қозыға жәрдем болған Құдай патша,
Орнында Көсемсары ұйықтап жатса,
Оны өлтіріп мақтанып Қодар кеткен,
Амал бар ма бір Тәңірім қалжыратса?
Басты әпкетті етекке Баян салып,
Қодар қайтты мақтанып саңылауланып.
Көсемнің қанын шашып кеткен екен, 2320. Қозы келсе түлкіні соғып алып.
– Дос болып кеше сені сүйдім, – деді,
Жыламайын, көңілімді тыйдым, – деді.
Қатты уәде айтып ем серт қып саған,
Жаным құрбан сен үшін, қидым, – деді.
Құдайым ер Қозыға дем беріпті,
Күреңмен Қодарды іздеп жөнеліпті.
“Жауды алдым” деп мақтанып шауып жүрсе,
Арадікте сол құлға кез келіпті.
Ер Қозы ашуланып жетіп барды,
2330. Ашумен екі көзі оттай жанды.
“Мейманаң асып кетті сен құлдың” деп,
Сай кез оқпен қисайтып тартып қалды.
Салған соң шын қимылды іс қиын-ды,
Әулие-әнбиеге көп сыйынды.
Қақ жүректің басынан оқ өткеннен соң,
Қорқырап салдыр-күлдір құл жығылды.
Ашуы ер Қозының қозып кетті,
Құл жығылды, жұрт қашып тозып кетті.
Ақырып оғын кезеп жетіп барса, 2340. Тірі жан шыдай алмай безіп кетті.
Дәулет құсы басына қонып қалды,
Сол елге жалғыз ие болып қалды.
“Құлдық” деп қол қусырып келген жанның
Бәрін де қаһарланбай қабыл алды.
“Дінсіз кәпір, осынша не жаздым?” деп, Кескілеп Қарабайды итке салды.
Қарабай өліп қалды, қазасы бар,
Көп еді сонда дұшпан жазасы бар.
Басылмаған ашудың шаласы бар,
2350. Жауды түгел іздейді, ызасы бар.
“Қойыңыз” деп жетектеп үйге кетті,
Өзінің Күлап деген баласы бар.
Сол күнде Күлап келген тоғыз жасқа,
Пішіні салғандай-ақ таңба тасқа.
Тар күймеде көрсетпей асыраған,
Бөтенге Ай мен Таңсық қыздан басқа.
Сол елдің ханы болды, билеушісі,
Теріс емес шариғатқа қылған ісі.
Елдің бәрі сүйеді Қозыкені, 2360. Көбейіп құрбысы мен сан білісі.
Құлақ қақпас һеш адам жарлығына,
Жарасты мүлік-мүкәммәл байлығына.
Бір күнгі қылған асы, һәр шығымы,
Барабар өзге байдың айлығына.
Құй алыс, құй жақыннан келсе қонақ,
Түрлі тағам, салтанат сәні мол-ақ.
Алдына алуа, секер, бал қояды,
Һәр түрлі алтын-күміс аяқ толы-ақ.
Жемей тоқ, ішпей мас болар солар, 2370. Екеуін көргеннен соң соған бола-ақ.
Ер-қатын екеуінің нұры өзгеше,
Асықлық бәрінен де сыры өзгеше.
Әзіл-қалжың, есітсең сөз тәттісін,
Көрген адам кеткісіз түрі өзгеше.
Дем болған ер Қозыға шын әулие,
Не іздесе оны берді көңілі сүйе.
Бір бенденің көргенін солар көрді,
Тоқсан мыңға жарасты ендігі ие.
Құдайым мал мен басты тең беріпті, 2380. Хан болып бірталай жұрт меңгеріпті.
Тұйғын, сұңқар қолға алып, жолдас ертіп,
Бір күні құсқа шығып жөнеліпті.
Намазшамды бір жерде оқып тұрса,
Бір адам ақсақалды кез келіпті.
Баяғы Қожа екен көзі көрді,
Бата қылып болған соң таниды енді.
Қол қусырып алдынан түре келіп,
“Тақсыр,” деп қарсы барып сәлем берді.
Құшақтап ол да жатыр байғұс шал-ай, 2390. “Жүр,” деп ертіп жөнелді қосқа қарай.
Қозының әлі-күйін сұрайды енді,
– Жай-жапсарың, шырағым, күйің қалай?
– Біз сізден көріп едік мейірбандық,
Білесіз һәр ақылға сізден қандық.
Сізден себеп, Құдайдан болды мұрат,
Іздеген, қалағанның бәрін де алдық.
– Түп-түгел мен де аманмын қуат-күшім,
Келемін әдейі іздеп мен сен үшін.
Талай жыл өтіп еді [содан бері],
2400. Шын екен сен туралы көрген түсім.
Айтысып һәр әңгіме оны-мұны,
Құдайға мұң айтысып шүкір қылды.
Сөйлесіп ақсақалмен әрбір шерін,
Ол түні қосқа Қозы қонақ болы.
Шал айтты: – Бір сөзім бар тағы сенсең,
Ақсақал атам ғой деп сөзіме ерсең.
Шешеңе Құрдымдағы тапсырар ем,
Қайтер еді Күләбсіңді маған берсең?
Айтысалық аз ғана сыр боп кетсін, 2410. Сөзімнің төркініне көзің жетсін.
Баяғы айтқан түсімді балаңменен,
Екеуің осы екі елді билемексің.
Ұмытпасам есің, бар зиректі едің,
Көрген соң қамыңды мен жемеп пе едім?!
Бір жақсылық күнінде, балам, саған,
Іздеп кеп жолығармын демеп пе едім?!
Сенсің ғой шал атаңның сүйер досы,
Ер жігітке жараспас серттің босы.
Ендігіңді өзің біл не қылсаң да, 2420. Менің сол сертім де осы, сөзім де осы.
– Ақасқал, аға, құлдық мұныңызға,
Айтпай көзім жетпейді шыныңызға.
Біздікінен сіз дағы дәм татып кет,
Балаңызды берермін қолыңызға .
Артында да балам бар, аяймын ба,
Балам түгіл, жанымды жолыңызға?
Ертең бастап ауылға алып жүрді,
Сый-сипатын қылады неше түрлі.
Он-он бес күн қылады той, тамаша,
2430. Көрінбей соның бәрі бір күн құрлы.
Жаһанда жан өтпеген бұлар сынды,
Ризалық екі достың көңілі толды.
Тал шыбықтай бұралып сұлу Баян,
Табанынан тік тұрып қызмет қылды.
Айтады ақсақал бай күнде кеңес,
Ол бармаған дүниеде жер бар демес.
Жасынан жер дүниені кезсе дағы,
Баяндай һеш ұрғашы көрген емес.
Көп қылып мырзалықпен о да шығым, 2440. Бай кісі есепсіз-ақ малы мығым.
Батасымен Баянға қоса берді
Һәр түрлі жан көрмеген базарлығын.
Қожаның өзі молда, сөзі тәтті,
Он-он бес күн ауылда бірге жатты.
Өзінің баласындай еркелетіп,
Оған да бала үйір болып қапты.
Қозы – Баян баламен кеңес құрды,
“Шешеңе барасың” деп сөзді ұқтырды.
– Қош аман бол, атамнан қалмаймын, – деп,
2450. Бала отырған жерінен ұшып тұрды.
Тоқтамады бір тиын бала шошып,
Атасына апарып берді қосып.
– Бір хабарын қайтарда беремін, – деп,
Уәде қылып жөнелді қол соғысып.
Қожаекең амандасып жүріп кетті,
Біледі жол төтесін сапарға епті.
Аз ба, көп пе, бірталай жолда жүріп,
Аулына Сарыбайдың барып жетті.
Қожаң да бір Құдайға көп сиынды,
2460. Жеңіл қылды Құдайым һәр қиынды.
“Жүз түйелі бір керуен келіпті” деп,
Аулына Сарыбайдың жұрт жиылды.
– Айтайын мен бір хабар жұртқа пайда,
Айбас, Тайлақ, кез болдың осындайда.
Қозы Көрпеш ауылынан тура келдім,
Немересін әкелдім, ханым қайда?
Жүгірді жұрттың бәрі айғай салып,
“Сүйінші” деп ханымға жетіп барып.
Есіткенін ханымға айтқаннан соң,
2470. Қуанғаннан бейшара қалды талып.
Талғанымен ісі жоқ қуанған жұрт,
Кілемменен көтеріп келді алып.
Қала ма тақсыр Қожаң сертке жетпей?
Алып шықты Күләпті жұртты еңіретпей.
Жұрт анталап қараса пішініне,
Әкесінің дәл өзі аумай-төкпей.
Екі қолын Тайлақ пен Айбас алды,
Немересін ханымға алып барды.
Байғұс кемпір мойнынан құшақтап ап, 2480. Балапанды құстай-ақ бас-ақ салды.
Көрген соң немересін көңілі сенді,
Келіншек мүшесіне қайта келді.
Емшегін баласы иіскеп, сорып еді,
Жаңа бала тапқандай ииді енді.
Той қылды, ат шаптырып, жұрт жиылып,
Елден артық Қожаға құрмет қылып.
Екі күнде Қожаның бұлы бітті,
Көтере сатып алды жұрт ұмтылып.
Елдің бәрі тасаттық – мал қырыпты, 2490. Сол елге бала Күләп хан тұрыпты.
Тәркенішті Күләпқа ата қылып,
Кенже қызы Көрімді айттырыпты.
Сырлас болмас сол Қожаң серті боспен,
Жолдас болды қайтарда Айбас доспен.
Алтын-күміс бар малын қылып алып,
Аягөзге жөнелді жеңіл қоспен.
– Барсаң шығар алдыңнан, Айбас, інің!
Сәлемімді түгел айт, жаным менің.
Төрт теңменен жібердім екі түйе,
Асыл-жабдық мұрасын әкесінің.
Асыл жабдық жіберді бар бұйымын,
2500. Ер Айбасқа тапсырды сөз қиынын.
“Қарағыма – Баянжан сәлем де” деп,
Сарқыты мен жіберді кір киімін.
– Қос жалғызға сәлем де дуай-дуай,
Күләп келді, жүрмеспін енді жылай.
Көздің жасын көл-дария қылушы едім,
Тәубе қылдым Тәңіріме мұнан былай,
Жас жетті, дуасынан ұмытпасын,
Махшарда жолықтырсын Жаппар Құдай.
Демеймін енді олар да мұнда келсін,
2510. Құдайым Күләбыма өмір берсін.
“Қосағымен екеуі қоса ағарсын”, –
Батам осы, Құдайым қабыл көрсін.
Сол күнде он үш жасқа Күләп келген,
Айттырып жас та болса қыз әперген.
Жол үстінде Қожадан шәкірт болып,
Неше түрлі тағылым өнер білген.
Жас та болсақ хан болдық елге шеге,
Қылмаспыз бір балалық ештемеге.
Қарын шашы Күләптың басында екен, 2520. Соны алдырып жіберді – сәлемдеме.
Соны айтып, Қожаекеңе Күләп келді,
– Риза, қош болыңыз бізге, – деді.
Балаңызға бір бата қылыңыз, – деп,
Арғымақ ат, алтын тон, жамбы әпкелді.
– Жағың түспей жамандық көрме, балам,
Қисық төре кісіге берме, балам.
Екі дүние қызығын бірдей берсін,
Қолыңды алалдыққа серме, балам.
Амандасып Қожаекең жүрді өрге,
2530. Қасында Айбас батыр кетті бірге.
Елінің игі жақсы азаматы,
Шығарып салды оларды үш көш жерге.
Ай жүрді, жыл жүрді ме Құдай білер,
Есен-аман іздеген жетті-ау елге.
Алдынан Қозыкеге хабар кетті,
Баян менен екеуі жаяу кепті.
Айбаспен құшақтасып жыласқанда,
Қасында қарап тұрған жұртты еңіретті.
Қолына тиді түгел сәлемдеме, 2540. Ауыз айтқан сәлемі және әңгіме.
Қайсыбірін айтайын, бәрі өзгеше,
Түгел айтсам, таусылып сөз бітер ме?
Айбас, Қожа сол елге тұрып қалды,
Ай мен Таңсық екеуін екеуі алды.
Молдасы Қожа болды, биі – Айбас,
Салады жақсы жолға тамам жанды.
Қасиетті хан – анау, ханым – анау,
Айбас, Қожа бір түрлі біткен жан-ау!
Ақ көңіл, ер жүректі өңкей асыл, 2550. Соларды біріктірген Аллатағала-ау!
Асса да бірі алпыстан, бірі елуден,
Кешікпей екі ұл туды екеуінен.
Қайраты да, нұры да қайтпаған жан,
Көрмейсің бе құрметтеп қыз беруден?
Ер Қозы елді жақсы жолға салған,
Емес-ті бұл сөзімнің бірі жалған.
Қанша қызық көрсе де, аты пенде,
Пенде ісінің аяғы болмай ма арман?
Жамандық-жақсылықты түгел көріп, 2560. Жарықтық отыз бесте дүние салған.
Қолы жеткен хан еді өз шарқында,
Айыбы жоқ жан еді һеш халқында.
Он жетіде қосылған сұлу Баян,
Арғанат – жас ұлымен қалды артында.
Өткен соң дүниеден Қозыке хан,
Қойдай маңырап шулады тамам адам.
Ақ сүйегін ер Айбас өзі жуып,
Жаназасын батырдың қожа оқыған.
Қалған жұрттың билігін Айбас алды, 2570. Қызметіне елу мың жұрт қамалды.
Үш көш жерден тас тасып “тозбасын” деп,
Жүз ағашты үстіне күмбез салды.
Күні бүгін тозған жоқ сол күмбезі,
Ұмытпастай артында белгі қалды.
Салуға алыс жерден ұста келді,
Тарқатпай Аягөзден қалың елді.
Бір жыл жасап күмбезін бітірген соң,
Құран оқи бейітке Баян енді.
“Арыстан жүрек, піл қуат, 2580. Һәр дұшпаннан кек алған.
Денесі болат, миы алтын,
Талаппенен ел алған.
Көңілі сарай, көркі артық,
Нәсілі нұрдан жаралған.
Сымбатын, нұрын көрген жан
Есі де кетіп қадалған.
Қылығын, ақылын білген жан
Елін де тастап қамалған.
Адам да таппас түйіндер 2590. Алдынан оның таралған.
Жүрекке сүйеу, көзге нұр,
Жұрт саяңда дем алған.
Бейнеттен қорықпай, бел байлап,
Мейірі түсіп, мені алған.
Сондайын асық жарымды
Бауырына суық жер алған.
Арғанатым жас емес,
Ат жалын тартып міне алған.
Молдасы оның Қожекең 2600. Шариғаттан төр алған.
Ағасы – батыр ер Айбас,
Тұлпарды мініп ту алған.
Мазарың бітті, мінеки,
Атыңа лайық ел салған.
Қосағым сенен айрылып,
Арам ғой маған бұл жалған” ...
Соны айтып барып бейітті құшақтапты,
Сол жерде-ақ жаны асық жарын тапты.
Барып біреу сүйейін десе басын, 2610. Шын асық әлдеқашан өліп қапты.
Ойлашы, солар шыны дос емес пе?
Өзге доспын дегендер бос емес пе?
Бірі үшін жаратып бірін Құдай,
Ақ асық Алла қосқан осы емес пе?
Қозы менен Баянды көмген бірге,
Қайтіп ақыл жетеді мұндай түрге?
Жарын көріп, жан беріп сап-сау Баян
Үлгі болған кейінгі білгендерге.
ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ
(Шөже нұсқасы)
Жаратқан жан біткенді бір Құдай-ды,
Жаратты құдіретіменен күн мен айды.
Бұрынғы ноғай-қазақ заманынан
Сөйлейік Қарабай мен Сарыбайды.
Жарасқан нар түйеге биік өркеш,
Мен сөйлесем, жұрт тыңдар ертеңді-кеш.
Сәтті күні екеуін Құдай қосқан,
Ғашық болды Баян мен Қозы Көрпеш.
Сөз қылдым Қарабай мен Сарыбайды,
10. Екеуі көп ноғайды асырайды
Қолдарында сүйгендей баласы жоқ,
Перзент екеуі үшін зар жылайды.
Екі бай сәтсіз атқа мінбейді екен,
Жұмыссыз ел аралап жүрмейді екен.
Екеуінің дәулеті мол болған соң,
Бір-бірінің қасына келмейді екен.
Екі бай бейсенбі күн аңға шықты,
Жұртына аттанды деп даңқы шықты.
Туғалы бірін-бірі көрмеген бай, 20. Құлан аулап жүргенде жолығысыпты.
Жүргенде құлан атып жолығысыпты,
Бірін-бірі ғақылмен білісіпті.
Сәлем беріп, бір-біріне тұрғнында,
Алдынан буаз марал аң қашыпты.
– Кекілін Кер торы аттың сылатпан-ды,
Маралды атып баласын жылатпан-ды.
Үйдегі үй кісіміз күмәнді еді,
Сарыбай, сіз атпасаң, мен атпан-ды.
Сарыбай Қарабайға сөз айтқан-ды:
30. – Марал атып баласын жылатпан-ды.
Үйдегі үй кісіміз күмәнді еді,
Қарабай, сен атпасаң, мен атпан-ды.
Қарабайдың айтқан жауабы:
– Екеуміз жақсы жолдан адаспалық,
Далада марал үшін дауласпалық.
Сарыбай, сен ат сана, мылтығың бар,
Бір мүшесін берсең де таласпалық.
Екі бай аңға шыққан мерген еді,
Алдынан буаз марал кез келеді.
Баба Түкті Шашты Әзіз марал екен,
40. Сол жерде айтқызбай-ақ жөнеледі.
Екі бай аңға шыққан мерген екен,
Алдынан буаз марал өрген екен.
Үйдегі үй кісіміз күмәнді еді,
Сарыбай: “қалай болар?” деген екен.
Екі бай аңға шыққан мерген
Алдынан буаз марал өрген екен.
“Екеуі де қыз болса, а Қарабай, –
Сарыбай: – қалай болар” деген екен.
Екі бай аңға шыққан мерген екен, 50. Алдынан буаз марал өрген екен.
“Екеуі де қыз болса, а Сарыбай,
Тақиясы бір болсын” деген екен.
Екі бай аңға, шыққан мерген екен,
Алдынан буаз марал өрген екен.
Екеуі де ұл болса жарлықпенен,
Сарыбай: “қалай болар?” деген екен.
Сарыбай жақсы жауап берген екен,
Екеуі де түнде түс көрген екен.
“Екеуі де ұл болса а, Сарыбай 60. Екеуі досты болсын” деген екен.
Екі бай аңға шыққан мерген екен,
Далада үш күндей [бір] жүрген екен.
Біреуі ұл, біреуі қызды тапса,
Сарыбай: “қалай болар?” деген екен.
Екі бай аңға шыққан мерген екен,
Алдынан буаз марал өрген екен.
“Біреуі ұл, біреуі қызды тапса,
Құдай қосса, мен қостым” деген екен.
Екі бай аңға шыққан мерген екен, 70. Алдынан буаз марал өрген екен,
– Екеуіміз Құда болсақ, қарғыбау, – деп,
Айбас құлды қарғыбауға берген екен.
Екі бай аңға шығып келген екен,
Бір-бірінің тіліне көнген екен.
– Екеуміз құда болсақ, қалыңмал, – деп,
Қырық қара нар, жүз жылқы берген екен.
Жүргенде аңға шығып күн жауыпты,
Сарыбай қалжың сөзбен жол тауыпты.
Қарабайдың қатыны Мамабике
80. Байы түзде жүргенде ұл тауыпты.
Екі бай аңға шығып жүрген екен,
“Сүйінші” деп бір адам келген екен.
“Қатыным ұл тапты” деп қуаныш қылып,
Жүз жылқы сүйіншіге берген екен.
Аңға шығып жүргенде күн жауыпты,
Қарабай қалжың сөзбен жол тауыпты.
[Сарыбайдың қатыны Қаракөз-ді,
Байы түзде жүргенде қыз тауыпты].
Екі байға бір адам келген екен, 90. Далада есітіп қуаныш көрген екен.
“Қатыным қыз тапты” деп қайғы қылып,
Тайлы бие сүйінші берген екен.
Қалың малын қалдырмай берген екен,
Далада есітіп қуаныш көрген екен.
“Қатыным ұл тапты” деп атқа шауып,
Қарабай үйіне жетпей өлген екен.
Қолында бәйбішенің алтын жүзік,
Жас бала жетім қалды күдер үзіп.
“Жалғызымның қуанышын көрейін” деп, 100. Жығылды жеткен жерде мойыны үзіліп.
Той қылып екі қатын көп мал сойды,
Тойында жұрт жиылып етке тойды.
Баба Түкті Шашты Әзіз ақтап келіп,
Қозыке мен Баянның атын қойды.
Екі бай бір маралды тосып кетті,
Алдынан буаз марал шошып кетті.
Ер Қозыке құрсақта, Баян Сұлу –
Іште жатқан екеуін қосып кетті.
Борайды оңды-терісті көп жауған қар, 110. Сол күнде Сарыбайдың пейілі тар.
Қарабаймен құда болған заманында
Бар екен еншілесі – құл Әліжаппар.
Екі бай бір маралды тосып кетті,
Іште жатқан екеуін қосып кетті.
“Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп,
Сарыбай қатынына “көшсін!” депті.
Сарыбай менсінбейді жетім ұлды,
Азғырып кеудесіне шайтан кірді.
“Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп, 120. Сарыбай Аягөзге көшпек болды.
Сол күні түн қараңғы, болды жауын,
Құбыладан соғады қара дауыл.
“Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп,
Аягөзден бөлінді тоғыз ауыл.
Сарыбай көшпек болғанда қатыны [Қаракөздің] айтқаны:
– Біледі Әліжаппар малдың жайын,
Жалғызға душар қылды бір Құдайым.
Жастай қалған баланы зар жылатып,
Қайда көшіп барасың, қубас байым.
Сарыбайдың қатынына айтқаны:
– Қой қатын, көп сөйлеме, көңілім қалар,
130. Мұнда тұрсам ішімде қайғы толар.
Көп сөйлеме, Қаракөз, үйіңді жық,
Алдыңда ноғайлының көп жұрты бар.
Мұнда тұрсаң әркімге табынарсың,
Көшіп барсаң бұл жерді жаңыларсың.
Аякөзде ноғайдың көп жұрты бар,
Тұл қатын, жетім ұлды неғыласың?!
[Қаракөздің Сарыбайға айтқаны]:
– Көшкенмен мұндай жерге қонбассың-ау,
Мұндағыдай қадірлі болмассың-ау.
Жастай қалған баланы зар жылатып,
140. Барсаң да әр кез екеш оңбассың-ау.
Қаракөз Сарыбайдан түңіледі,
Қайғыменен дәм татпай бүгіледі.
“Қой қатын, көп сөйлеме, үйіңді арт!”
Сарыбай Қаракөзге жүгіреді.
Сарыбай ақылы жоқ, жарымес-ті,
Бұрын неге қыз беріп “Құдай” десті.
“Жетім ұлға қызымды бермеймін” деп,
Өлеңтінің аяғын өрлей көшті.
Мамабике қайғымен зар жылады, 150. Құдасына “көшпе” деп жалынады.
Өлеңтінің бойынан өткен күні,
Сарыбайдың сабасы жарылады.
Сабасы Сарыбайдың қорлы болған,
Арықтап қырық қара нар жолда қалған.
Сарыбайдың сабасы жарылған жер
“Ақкөл” менен “Жайылма” сонан қалған.
Баянның талдай бойы жылдам өсті,
Қозыкеден айрылып көкей кесті.
Құдай қосқан құдасын тастап кеткен 160. Көрмессің Сарыбайдай жарыместі.
Көшкеннен соң Әліжаппар қуанады,
Бай Сарыбай қолына ту алады.
Айшылықты алты басқан қара бедеу,
Әліжаппар құл мініп жер қарайды.
Әліжаппар қара бедеуі атқа мінді,
Жылдық жерге бір сәтте жетіп келді.
Әліжаппардан Сарыбай сөз сұрады:
– Бір қонғандай от-суың бар ма? – дейді.
– Сареке, сондай тәуір үйің бар-ды,
170. Айдаған сан жетпеген қойың бар-ды.
Мал бермей, жолда отырма, үйіңді жық,
Алдыңда Аягөздің бойы бар-ды.
– Мал салар жағасына көл бар ма екен,
Ерге қоныс болғандай жер бар ма екен?
Отын-суын көрдің бе Аягөздің,
Бізге бас-көз болғандай ел бар ма екен?
– Бірталай Аягөздің саласы бар,
Ноғайдың тастан соққан панасы бар.
Бағатұғын малы жоқ ноғайлының,
180. Толып жатқан бірталай қаласы бар.
Бастайды Әліжаппар көрген жерге,
Аягөздің арасы жылдық жерге.
Жазы-қысы он екі ай жайлап, қыстап,
Сарыбай көшіп келді Аягөзге.
Сарыбай Аягөзге көшіп келді,
Ноғайдың сиыр баққан құлы көрді.
“Дәулеті бар бір шалқар бай көшіп келді”,
Сұлтанғазы мырзаға хабар берді.
Қаракөз ауыл қонып, үйін тікті, 190. Баян жас серігімен жиды жүкті.
Ноғайдың Сұлтанғазы – бас мырзасы
Сарыбайды шақырды ерулікке.
“Ерулікке келсін” деп кісі салды,
Баянды келген кісі көріп қалды.
“Туған айдай балқыған қызы бар” деп,
Жұртына ноғайлының айтып [барды].
Баянның сұлулығын ноғай білді,
– Қыз келсе, көреміз, – деп қарап тұрды.
– Тойға келсе, Баянды көреміз, – деп,
200. Төрт жүз жігіт алдынан қоршап тұрды.
Әліжаппар, Сарыбай атқа мінді,
Айбас байғұс мал бағып үйде қалды.
– Біз де барып ноғайды көрелік, – деп,
Қаракөз бен Баян Сұлу бірге жүрді.
Сарыбай жұртыменен тойға келді,
Ноғайлар “бай келді” деп сыйлап тұрды.
Сыйы екен ноғайлардың сонан қалған,
Алдынан самауырмен шай келтірді.
Шайды көріп Қаракөздің айтқаны:
– Ауылға ноғай келсе барушы едік,
210. Қазина малға сатып алушы едік.
Жапырақты шай қылып іше алмаймыз,
Қантыңды көз ауруға салушы едік.
Бәйбіше Аякөзді жерсінбеді,
Молдығын [Сарыарқаның] көрсін деді.
Қырда жүріп үйренген ол Қаракөз
Қант-шайды алдындағы менсінбеді.
– Қой қатын, олай десең, көңілім қалар,
Ноғайлар оны естісе ашуланар.
Қызды осы елге берелік, байғұс қатын,
220. Ноғайдың толып жатқан мырзасы бар.
Қаракөз бұл сөзді естіп талып түсті,
Қайғымен наза болып күйіп-пісті.
– Малы жоқ ноғайлының беретұғын,
Неге дәрі қылайын өңшең масты.
Баян жас құйған шайды алып ішті,
Қаракөз ұмытпайды өткен істі.
Жалғызы Шақшақ байдың Қодар мырза,
Баянға төрде отырған көзі түсті.
Төрде отырған Баянды Қодар білді,
230. Шымылдықтан көре алмай жылап тұрды.
Баянға жалғыз ауыз тілдескелі
Қодар мырза қайтқанда еріп жүрді.
Баян көркі таудағы мұнар болды,
Көруге Қодар байғұс құмар болды.
Баянға жалғыз ауыз тілдескелі,
Қайтқанда Қодар мырза жолдас болды.
Тыста отыр Қодар мырза, Баян үйде,
Оң жақта құрулы тұр алтын күйме.
Үйден шығып күймеге қыз барғанда, 240. Соңынан Қодар қалмай шықты бірге.
[Қодардың айтқаны]:
– Ақ тұзын әулиенің кен алармын,
Мұндағы ноғайлармен тең болармын.
Менсініп сөйлеспейсің, сұлу Баян,
Берсем де әке-шешем сені алармын!
[Баянның айтқаны]:
– Қолымда жетелеген нарым бар-ды,
Ноғайлыға тимеймін, арым бар-ды.
Қодеке, мазамды алмай жайыңа жүр,
Алтын айдар, шоқ белбеу жарым барды.
Баянға Қодардың берген жауабы:
Баян, сен білмеймісін ноғайымды, 250. Көрген соң ақ жүзіңді көңілім толды.
Қалай-қалай сөйлейсің, бақты қара
Менен артық байыңның аты кім-ді?!
Баянның берген жауабы:
– Сұрасаң, менің жарым – Қозы Көрпеш,
Мен Сарыбайдың қызы едім Баян еркеш.
Баба Түкті Шашты Әзіз хабар берген,
Күнде тілек тілеймін ертеңді-кеш.
Баянның сұлулығын ноғай білді,
Көрген соң “аламын” деп ғашық болды.
Сұлулығы Баянның жұртқа жетіп,
260. Тоқсан мырза жиылып кеңес қылды.
Қодар келіп жұртына хабар берді,
Тоқсан мырза қыз үшін жалға жүрді.
Сарыбайға жағымды боламыз деп,
Қодар басы – тоқсан құл малға келді.
Айбастың бір Құдайға ісі жақты,
Қодар құл ала айғырды іздеп тапты.
Сарыбайға жағымды боламыз деп,
Тоқсан мырза құл болып жылқы бақты.
Айбас құл ерте тұрып бетін жуды, 270. Қодар құл ала айғырмен жылқы қуды.
Құдайдың құдіретімен буаз болып,
Қанатты қара бедеуден құлын туды.
Тоқсан мырза Баянға таласады,
“Аламыз” деп сыртынан жанасады.
Құлынның “Бақа айғыр” деп атын қойды,
Үш күннен соң биеден бойы асады.
Айбас құл Баянменен болды жуық,
Жеріпті Сарыбайдан көңілі суып.
“Құдай қосқан Қозыкеге барамын” деп, 280. [Бақа айғырды жаратты] тілін буып.
Баян мен Қозыкені Құдай қосты,
Ортада Айбас келіп жақындасты.
“Құдай қосқан жарыңа барамын” деп,
Айбас келіп Баянмен ақылдасты.
Айбас құл “қашамын” деп ойына алды,
Азыққа бір құнан қой сойып алды.
“Құдай қосқан жарыңа барамын” деп,
Баянның домбырасын қолына алды.
Айбас құл “қашамын” деп ойына алды, 290. Баянмен ақылдасып жүрмек болды.
“Құдай қосқан жарыңа барамын” деп,
Баянның шаш моншағын қолына алды.
Айбас құл “қашамын” деп ойына алды,
Баянмен сөйлесіп көңілі толды.
“Құдай қосқан жарыңа барамын” деп,
Баянның қарқарасын қолына алды.
Айбас құл “қашамын” деп ойына алды,
Баянмен сөйлесіп көңілі тынды.
“Құдай қосқан жарыңа барамын” деп, 300. Алтын сандық, ақ жамшы қолына алды.
Сәлемдеме бес бұйым қолына алды,
Бұйымдарын бір жерге жиып салды.
Жылқыдағы Бақа айғырды іздеп барып,
Түніменен таба алмай әлек болды.
Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүрді,
Тоқсан құлдың біреуі оны көрді.
“Айбас құл Бақа айғырды іздеп жүр” деп,
Көрген құлы Қодарға хабар берді.
– Қодеке, сізден дұшпан асқалы жүр,
310. Ізіңді қара дауыл басқалы жүр.
Нағып шыдап жатырсың, Қодареке,
Айбас құл Бақа айғырмен қашқалы жүр.
Мұны естіп Қодардың берген жауабы:
– Қалаға бұл апарып сататұғын,
Айбасым маған сырын айтатұғын.
Айбас құл мені тастап қайда кетсін,
Жылқының ортасында жататұғын.
Құлының берген жауабы:
– Қодеке, қыздан мейіз алмаймысың,
Ғашық болған Баянға бармаймысың.
Айбас құл Бақа айғырмен қашқалы жүр,
320. Көріп келдім, тіліме нанбаймысың?
Қодар қостан ақырып тұра келді,
Қатты дауысы Айбасқа естіледі.
Айбас қайтып жылқыдан қосқа келіп,
– Дауысың неге шықты, Қодар? – деді.
Қодардың берген жауабы:
– Айбас құл, жүрмек болсаң мен нетейін,
Қамшыменен бір салып еңіретейін.
Мені тастап тазшаға жүрмек болсаң,
Амандасып, қолымнан жөнелтейін.
Айбастың жауабы:
– Қолыңа өзім жазып хат берейін,
330. Сізден басқа кісіні жат көрейін.
Қодеке, құлға сенбей жайыңа жат,
Ертең сәске болғанда ат берейін.
Қодар бұл сөзге сеніп жатып қалды,
Айбас қайтып жылқыға жаяу барды.
Қызыл іңір болғаннан жылқы аралап,
Таң атқанда айғырды тауып алды.
Айбас құл Бақа айғырға мініп алды,
Бес бұйымды қолына жиып алды.
Аякөздің бойынан шыққан күні 340. Итішпестің бойында ұйықтап қалды.
Ертең сәске болғанда жылқы келді,
Жылқы баққан тоқсан құл қосқа келді.
– Түндегі мал күзеткен Айбасың жоқ,
Енді қайдан табамыз, Қодар? – деді.
Қодардың құлға берген жауабы:
– Сендерге Айбас сырын айтқан шығар,
Таң атқан соң ауылға қайтқан шығар.
Түніменен күзетте жүрген байғұс
Бір шұңқырды қорғалап жатқан шығар.
Қодарға құлдың айтқан жауабы:
– Тоқсан кісі жер жүзін іздеп жүрдік,
350. Тобылғылы шұбардың ізін көрдік.
Өзен, су, томар, көлден түк қоймадық,
Таппай келіп өзіңе хабар бердік.
Қодар бұ сөзді естіп тұра келді,
Ала айғырын жылқыдан ұстап мінді.
“Не де болса тілдесіп қаламын” деп,
Сегіз құл он алты атпен қуып жүрді.
Қодар мен Әліжаппар төрт ат алды,
Алты құл он екі атпен жолдас болды.
Итішпестің бойында жатқан жерде 360. Сегіз құл он алты атпен қуып барды.
Айбасты көріп Қодардың айтқаны:
– Айбас құл, жүрмек болып көрдің бе түс,
Алғыс алсаң, көрерсің Қағба-рәйіс.
Күймеде Баян сұлу жылап жатыр,
Қайда қашып барасың, Айбас байғұс?!
Айбастың жауабы:
– Қодеке, шын тіліңе нанамын мен,
Мейіз берсең аузыма саламын мен.
Маған неге жыласын сұлу Баян,
Құдай қосқан жарына барамын мен.
– Айбас құл, жылдам үйге қайтшы, – деді,
370. Сөзіңді майда қылып айтшы, – деді.
Айбастың айтқан сөзін есіттің бе,
Әліжаппар, садақпен тартшы, – деді.
Айбас құл Бақа айғырмен тілдес болды,
Құдай сақтап екеуі үндес болды.
Әліжаппар атқанда көкке шықты,
Қодардың атқан оғы жерге кірді.
Қодардың берген жауабы:
– Аттың басын бер қарай қарат, – дейді,
Бұрынғы қашпақ, қумақ санат, – дейді.
Баянға тілдес болып көңілі өскен,
380. Айбас құл, оғың болса, сен ат, – дейді.
Айбас құл оқ атуға ыңғайланды,
Қырық кез оқтың біреуін қолына алды.
Сегіз құлдың он алты атын атып,
Итішпестің бойында жаяу қалды.
Айдалада сегіз құл жаяу қалды,
Айбас байғұс құтылып демін алды.
Далада сегіз құлдың алтауы өліп,
Қодар мен Әліжаппар үйге барды.
Айбасқа ерлік, мақтау жарасыпты, 390. Тоқсан құл бір Баянға таласыпты.
Туғалы жер білмеген Айбас байғұс,
Жүретұғын жерінен адасыпты.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Ғаріп жанын қыз үшін отқа салды.
Итішпестің жонынан шыққан күні,
Екі қалың ағашқа душар болды.
Айбас байғұс сол жерде жатып қалды,
Бақа айғырды суытып, демін алды.
Домбырасы, моншағы түсіп қалып, 400. “Домбыралы – Моншақты” содан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Ғаріп жанын қыз үшін отқа салды.
Баянның алтын сандық түсіп қалып,
“Алтын сандық”, “Ақшатау” сонан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Ғаріп жанын қыз үшін отқа салды.
Тоқырауын – Бақа айғыр тоқтаған жер,
Жамшыда ақ жамшысы түсіп қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды, 420. Ғаріп жанын қыз үшін отқа салды.
Баянның қарқарасы түсіп қалып,
“Қарқаралы”, “Қазылық” сонан қалды.
Айбас құл адасқанын білмей қалды,
Ғаріп жанын қыз үшін отқа салды.
Баян туған жерінде демін алып,
“Баянауыл” деген сонан қалды.
Айбас құл адасқанын енді білді,
Есіл – Нұра бойына қайтып келді.
Есіл – Нұра бойына жеткен жерде 430. Бақа айғырдың белі ісіп жатып қалды.
Ай қараңғы, күн бұлт, дауыл болды,
Бақа айғырдың белі ісіп, жауыр болды.
Үш күн жатып, айғырын жазып алды,
“Жауыр бұғы” дегені сонан қалды.
Айбас құл онан шығып төмен барды,
Ер Қозыке бір қатар өлең бар-ды.
Шу, Таластың бойына жеткен жерде
Көп қой жайған қойшыға жетіп барды.
Айбас байғұс қойшыға жетіп келді: 440. – Қай ауылдың қойы? – деп сұрап білді.
– Шын танымай тұрмысың, Айбасеке,
Баққаным Қарабайдың қойы, – дейді.
Екеуі ата-тегін теріседі,
Торсықтағы малтаны бөліседі.
Қойды баққан Қондыбай – кенже інісі,
Танысып, зар жыласып көріседі.
Айбас құл Бақа айғырмен желіп келді,
Үйге таман аяңдап жүріп келді.
Бақа айғырды белдеуге байлап тастап,
450. Қарабайдың үйіне кіріп келді.
Мамабике қайғымен тарылады,
Айбас құл түздегі асқа жарымады.
Қайғымен қартайған Мамабике
Өзі берген Айбасты танымады.
Мамабике “кімсің?” деп Айбастан сұрағаны:
– Бұл жерден отыра алман тұрсам, – дейді,
Орнымнан жаман болар, тұрсам, – дейді.
Атың жарау, жүдеген жас баласыз,
Елі-жөніңді айта көр, кімсің? – дейді.
Айбастың Мамабикеге берген жауабы:
– Үйіңе мұнан бұрын келіп пе едім,
460. Жас күніңде жүзімді көріп пе едің?
Екі бай аңда жүріп құда болған,
Қарғыбауға Айбасты беріп пе едің?
Мамабикенің айтқаны:
– Үйіме Айбас келді күліп-ойнап,
Жылқыда шырағым жүр бие байлап.
Жолаушы болып бармасаң, танып қояр,
Тазшаменен жүр еді асық ойнап.
Айбас құл Бақа айғырға мінді дейді,
Ойнап жүрген баланы көргелі келді дейді.
Тазшаменен жүр екен асық ойнап,
470. Айбас байғұс көргелі келді дейді.
Қозыке ойнар алтын-ды сақа салып,
Тазшаның бар асығын ұтып алып.
Ер Қозыке таныды Айбас құлды,
Асық ойнап жүргенде қарай салып.
Ойнап жүрген Тазшамен керіседі,
Ұтып алған асығын бөліседі.
Ойнап жүрген асығын жерге тастап,
Түрегеліп Айбасқа көріседі.
Қозыкенің Айбасқа жауабы:
Жақсының жүрген жері той-мереке,
480. Бұл елге қашан келдің өзің жеке.
Құдай қосқан жарымнан хабар бар ма,
Қайдан жүрсің, жол болсын, Айбасеке?!
Айбас оған келгенін білдірмеді,
Сәлем беріп көрісіп, үндемеді.
“Білдірсем, жұртқа өсекті боламын” деп,
Үндемей атқа мініп жөнеледі.
Қозыке айтпаған соң ашуланды,
Үш түйе сексеуілді жиып алды.
Бәрін жиып, бір жерге көмір салып, 490. Ұсталарды жидырып алып келді.
Ұсталар сол темірден садақ қылды.
Қозыке садақ атып талап қылды.
Өрмек тоқып отырған бір кемпірдің
Атып, үйін көшіріп мазақ қылды.
Әлқисса, өрмек тоқыған кемпірдің [Қозыкеге] айтқаны:
– Ақ тұзын әулиенің кен атады,
Ғақылы жоқ жас бала мені атады?
Тіп-тік тұрған үйімді көшіргенше,
Жарыңды іздеп алсайшы, – деп айтады.
[Қозыкенің жауабы]:
– Ақылы жоқ бұ кемпір нені айтады,
500. Бар сөзін өзі білмей кем айтады.
Үйіңді қайтып орнына қондырайын,
Әлгің не, шешеке? – деп айтады.
[Кемпірдің жауабы]:
– Бір тудың Қарабай мен Сарыбайдан,
Сіздерді тілеп қосты бір Құдайдан.
Оған неге бармайсың, ер Қозыке,
Құдай қосқан жарың бар сұлу Баян?
Қозыке бұл сөзді есітіп түңіледі,
Қайғымен дәмін татпай бүгіледі.
Ойнап жүрген асығын жерге тастап,
510. Садағымен үйіне жүгіреді.
Қозыке жылап үйіне қайтты дейді,
Жардың дерті жанына батты дейді.
“Қай мерзімде Баянды көремін” деп,
Үш күн жылап дәм татпай жатты дейді.
Арада үш күн-түн өтті дейді,
Жардың дерті түбіне жетті дейді.
– Қарным ашып барады, жан шешеке,
Қазаныңды аса көр, – депті дейді.
Арада үш күн-түн өтті дейді,
520. Шешесіне бір қайғы бітті дейді.
– Қазанымды асайын, шырағым-ай,
Жантақ теріп келе ғой, – депті дейді.
Ер Қозыке жантаққа кетті дейді,
Жантақ алып үйіне жетті дейді.
Жантақ теріп келеді жалғыз бала,
– Шешеке, бидай қуыр, – депті дейді.
Шешесі жалғызының тілін алды,
Қазанға бір аяқ бидай салды.
Жалғыз ұлы қасында қарап отыр,
530. Қазандағы бидайы пісіп қалды.
Бидай пісер мезгілі жетті дейді,
Қозыкенің көңілі бітті дейді.
– Бидай пісіп келеді, шырағым-ау,
Аяқ ұста, салайын, – депті дейді.
[Қозыкенің айтқаны]:
– Сізден басқа кісіні танымаймын,
Өзімде бар ешкімге жалынбаймын.
Шешеке, маған берсең, қолыма сал,
Аяқтағы бидайға жарымаймын.
Шешесі жалғыз ұлын күтті дейді,
540. Ыстық бидай қолына тұтты дейді.
Шешесінің қолына басып алып,
– Шешеке, тура сөйле, – депті дейді.
Ыстық бидай қолынан өтті дейді,
Шешесінің түбіне жетті дейді.
– Атаңның атастырған дәнеме жоқ,
Антұрғанның кім айтты? – депті дейді.
– Өрмек құрған бір кемпір неме айтады,
Түйе баққан бір таз шал және айтады.
Асығын ойнап, ойнап ұтып алсам,
550. Ыза болып тазша құл тағы айтады.
[Шешесінің жауабы]:
– Ыстық бидай қолымнан өтті дейді,
Жүрегіме бір қайғы бітті дейді.
Қолым күйіп барады, шырағым-ай,
Қалыңдығың бар еді, – депті дейді.
Өкініп ойламайды өткен істі,
Жалғызынан айрылған қайғы күшті.
Бидайды аяқ ішіне салған екен,
Алақанның сіңірі жерге түсті.
[Шешесінің ғарыз айтқаны]:
– Аларсың хордың қызын барсаң, балам,
560. Ұйықтасам, түсімде жоқ мұндай заман.
Көз алдымда сен мені тастап кетсең,
Айрылдым жалғызымнан не дүр шарам?
[Қозыкенің жауабы]:
– Есен болсам келейін әлі де, ана,
Алдыңа қойып кеттім малыңды, ана.
Атам қосқан Баянға барамын деп,
Мен ортаға саламын жанымды, ана.
[Шешесінің берген жауабы]:
– Сұм шешең сен кеткен соң не болады?
Жалғызынан айрылған қор болады.
Шешеңді зар жылатып тастап кетсең,
570. Сұмырай шешең біреуге күң болады.
[Қозыкенің жауабы]:
– Шешеке, мен тіріде болмассың күң,
Жалғыз балаң бар еді, қайынында жүр.
Барған кісі [қайынынан] келмей ме екен,
Жалғызың бір күн келер, ойна да күл.
[Әлқисса, шешесінің айтқаны]:
– Жалғызым, мен білмеймін келеріңді,
Ойлаймын барғаннан соң өлеріңді.
Тәңіріден тілеп алған шырағым-ай,
Арыздасып үзейін күдерімді.
Ұша алмас балапан құс бөрі алдында,
580. Жүзің ыстық көремін көп алдында.
Сен кеткен соң тоқсан құл күң қылады,
Қор қылмай көміп кетші көз алдыңда.
[Қозыкенің жауабы]:
– Ақсақалдар бата оқыр туған айға,
Кіреді иманды құл кең сарайға.
Мен түгіл әкем өліп өлгенің жоқ,
Өзің үшін жыларсың бір Құдайға.
Қыстауы Қозыкенің Шатқара-ды,
Сан жетпеген жылқыдан ат қарады.
Жүгенін сылдыратып тұрған жерде
590. Алдынан арда күрең жалт қарады.
Баян сұлу, Қозыке өлең болды,
Құдай берген жақсыға өнер болды.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болып,
Ер-тоқымды салған соң дөнен болды.
Шешесіне бір қайғы бітті дейді,
Қайғыменен өмірім өтті дейді.
– Сан жетпеген жылқың бар, шырағым-ай,
Оны кімге тапсырдың? – депті дейді.
Парақор би жұрт болса тұра берер,
600. Елді бұзған жаманды Құдай ұрар.
– Мен кеткен соң бір Құдай сақтамай ма,
Жылқы баққан Жидебай бағып тұрар.
Көңілі Қозыкеңнің бітті дейді,
Шешесінің түбіне жетті дейді.
– Қора толған қойың бар, шырағым-ай,
Оны кімге тапсырдың? – депті дейді.
Шешесіне көп қайғы бітті дейді,
Біткен дәулет түбіне жетті дейді.
– Қора толған қойың жазған, шеше,
610. Аш бөріге жолықсын, – депті дейді.
Шешесінің түбіне жетті дейді,
Өзіне үлкен дәулет бітті дейді.
– Желі толған түйең бар, шырағым-ай,
Оны кімге тапсырдың? – депті дейді.
Жүрмек болып көңілі бітті дейді,
Малға айналып өмірім өтті дейді.
– Желі толған түйеңді, жан шешеке,
Алакүлік әкетсін, – депті дейді.
Қозыкенің көңілі бітті дейді,
620. Жүрмек болып сертіне жетті дейді.
– Жасыңда ақ сүт берген, ай, шырағым,
Мені кімге тапсырып кеттің? – дейді.
Азғана ел қысым көрсе, ұлық жақтар,
Байы өлсе, қара салып қатыны жоқтар,
– Мен түгіл, әкем өліп өлгенің жоқ,
Қайғырма менің үшін, Құдай сақтар.
Шешесі “кетпесін” деп Құдайға ат атайды,
Хат білмеген көңілін жат айтады.
Жалғызының кетерін білгенен соң,
630. Белін бекем буынып қатайтады.
[Кемпірдің жауабы]:
– Ауылын Сарыбайдың көргенім жоқ,
Жалғызым, кетеріңді білгенім жоқ.
Жалғызым, сен кеткенмен өлер ме едім,
Сен түгіл, әкең де өліп өлгенім жоқ.
[Қозыкенің жауабы]:
– Әкекем анаң тілін алма деген,
Садағыңды беліңнен салма деген.
Сәрсенбі күн жұмысың бітір дағы,
Бейсенбі күн жолыңнан қалма деген.
– Жаста кеткен Баянның елі қай жақ?
640. Жалғызым мініп кетсін атын сайлап.
Барма десем, болмадың, шырағым-ай,
Қодар атты құлынан жерсің таяқ.
– Қодар деген немене, құл ма сірә,
Жатқанымнан тұрмаймын, өлсем сонда.
Сөз сұрасам, өлесің дей бересің,
Қалай жора қыласың, шешем, сірә?
– Тәңіріден тілеп алған жалғыз бала,
Жастан маған көп қылды Құдай Тағала.
Сен кеткен соң тоқсан құл күң қылады,
650. Арыздасып қалайын біржолата.
– Құдай басшы, күрең ат жолдасым-ды,
Баянға бай тігіп не бұл басымды.
Жан барында іздеймін жақсы жарды,
Біліп не жан кеткен соң тұрмасымды.
– Баянға сен барасың намыс қылып,
Не жақсы күн көрерсің онда жүріп.
“Емшек берген мені әрі” дерсің балам,
Әл-қуатым кім білер маған келіп?
– Шешеке, мен еркек пе, ұрғашы ма?
660. Мен Баяннан басқаны алман, сірә.
Атам қосқан Баянға бармасын деп,
Сөйлеп сөзім өтпейді құрдасыма.
Жайлауы Қарабайдың отсыз еді,
Қозыке көп жылқыдан ерте келді.
“Сен кеткен соң мұны кімге беремін?” деп,
Дүниелігін шашыпты өртегелі.
Қыстауы Қозыкенің тауда дейді,
Шалғыны ат жүре алмас қауда дейді.
“Жалғызымнан айрылып қаламын” деп, 670. Екі емшегін аспанға сауды дейді.
Шешеке үйде отырып күйді дейді,
Қозыке кітап оқып жүрді дейді.
“Сен кеткен соң мен кімге беремін?” деп,
Мүкәммалын далаға жайды дейді.
Қозыке жүрмек болып атқа мінді,
Шешесі жүрмесін деп жылап тұрды.
Атқа мініп Қозыке тұрған жерде
Шешесі жылап тұрып жауап берді:
– Аттан дағы жүре бер көрінбей-ақ,
680. Келтірме көп ашуым жерсің таяқ.
Барма десем болмадың, жалғыз бала,
Бармағыңнан еш келме, сөзім сол-ақ!
[Қозыкенің жауабы]:
– Қарғыс емес, алғыс де қарғағаның,
Қорқамын ба Қодардан бармағаным.
Шешеке, бүгін жаман түс көріп пе ең,
Көзімше жора қылып зарлағаның?
[Шешесінің жауабы]:
– Менен жақсы болды ма кеткен Баян,
Алдыңда жылап отыр тапқан анаң.
Кеткен болсаң кие кет үйден, балам,
690. Сен кеткен соң күң болар ғаріп анаң.
Қозыке амандасып атқа мінді,
Шешесі жылап үйде жалғыз қалды.
Ақ сүт берген анасын зар еңіретіп,
Қозыке Баянды іздеп жүре берді.
Әлқисса, Айбастың [Қозыкенің] артынан келіп сәлем хатын бергені
Қозыке Баянды іздеп кетті дейді,
Шешесіне көп қайғы бітті дейді.
Ауылдан алты қонып шыққаннан соң,
Айбас байғұс артынан жетті дейді.
Құдай берді ақынға тіл мен жақты,
700. Білген сөзден қалдырсақ бізге ұятты.
Айбас байғұс артынан жеткен жерде
Тапсырды Баян жазған сәлем хатты.
Қозыке шаш ал десең, бас алады,
Хат көрген соң көңілі босанады.
Сәлем хаттың жазуын көргеннен соң,
Бірдемеден көзіне жас алады.
Қозыке сәлем хатты оқып білді,
Көңіліне хафиялап мағлұм қылды.
Қозыкеге дұғай сәлем жазған екен, 710. Жазыпты дұшпан болған тоқсан құлды.
“Шырағым осы хатты көрсін дейді,
Айбастан анық хабар білсін дейді.
Әкем мені Қодарға бергелі жүр,
Тірі болса, кешікпей келсін” дейді.
Қозыкем сәлем хатты қолына алды,
Қамзолының қалтасына жиып салды.
Сәлем хаттың жазуын көргеннен соң,
Айбасты Құдай десіп іні қылды.
Айбасты Құдай десіп іні қылды, 720. Сарыбайдың ауылын іздеп жүрді.
Арда күрең, Бақа айғыр мінген аты,
Аякөздің бойына жетіп келді.
Тыңдасаң, Қозыкеден сөз келеді,
Жақсы-жаман кісіні көз көреді.
Аягөздің бойына жеткен күні
Көп қой жайған тазшаға кез келеді.
Екі жігіт қойшыға жетіп келді,
– Қай ауылдың қойы? – деп сұрап тұрды.
– Сен кеткелі көп заман болып еді,
730. Қай жақтан келіп жүрсің, Айбас? – деді.
Тазшаның жауабы;
– Баянның бұзылмайды ойы, – дейді,
Тал шыбықтай бұралған бойы, – дейді.
Шын танымай тұрмысың, қашқын Айбас,
Баққаным – Сарыбайдың қойы, – дейді.
Айбас пен Қозыке амал қылды,
Күн жайлатып тазшаны адастырды.
Баян жас осы жерге келе ме деп,
Жердің жүзін күн жайлатып боран қылды.
Тазша адасып далада өліп қалды,
740. Жердің жүзі көрінбей боран болды.
Күннің боран болғанын көріп келіп,
Сарыбай Баян жасқа хабар берді:
– Баян жас, бал қаймақты алшы, – дейді,
Сөз айтамын құлағың салшы, – дейді.
Мынау күн сондай қатты боран болды,
Шырағым, қой алдынан баршы, – дейді.
[Баянның айтқан жауабы]:
– Әкеке, сіз биік тау, біз бір шынар,
Көрмекке Қозыкені болдым іңкәр.
Әкеке, өзіңізбен бір жүрмесек,
750. Ноғайдың бозбаласы мазақ қылар.
Баян жас қойға таман қадам басты,
Қойды көріп көзінен төкті жасты.
Баян қойға жеткенде күн ашылып,
Әкесімен бірігіп қой айдасты.
Жұрт білмеген Сарыбайдың малы көп-ті,
Баян сұлу Қозыкеге іңкәр бопты.
Баян сұлу қой айдап жүргенінде,
Алдынан душар бопты қоңыр тоқты.
[Тоқтының Баяннан сүйінші тілегені]:
– Апеке, не бересің енді, – дейді,
760. Күрең атты жездемді көрдім, – дейді.
Айбасекем Бақа айғырмен қасында жүр,
Сүйінші бер, жездекем келді, – дейді.
Сұлу қыз текеметке түр салады,
Көңіліне Баян сенбей кір салады.
“Ойбай, күйген жанды күйдірме” деп,
Құйрыққа қамшыменен бір салады.
Қоңыр тоқты шыдамай керіледі,
Баянға сөйлесуге ерінеді.
Қыздың соққан қамшысы өтіп кетіп, 780. Қой құйрығы жырмақ боп бөлінеді.
Тоқты жатқан орнынан тұра алмады,
Баянға сөйлесе алмай наза болды.
– Жазықсыз мені неге соқтың, Баян?
Ақша бетің тілінсін, – деп-ақ салды.
Тіліне қоңыр тоқты Баян нанды,
Желкесінен бір жүнін жұлып алды.
– Шырағымнан бір хабар білдің бе? – деп,
Арқасынан қамшымен сипап алды.
Сарыбай қызыменен қойға барды,
790. Баян сұлу бір шетте жалғыз қалды.
Сарыбай қой қайтара кеткен кезде,
Қозыке тазша болып қызға келді.
[Қозыкенің тазша болып Баянмен өлең айтысқаны]:
– Баян жас, бал қаймаққа жаримысың,
Жарыңды мендей таз болса танимысың.
Атаңның атастырған жары кім-ді,
Баян сұлу қарашы, танимысың?
[Баянның жауабы]:
– Сұрасаң, менің жарым – Қозы Көрпеш,
Мен – Сарыбай жалғызы Баян еркеш.
Келер атты күн бар ма, ойбай, Тәңірі-ау?
800. Мен жарымды тілеймін ертеңді-кеш.
[Қозыкенің жауабы]:
– Қойыңа мұнан бұрын келіп пе едің,
Жарың мұнда келерін біліп пе едің?
Жарыңның қай жерінде белгісі бар,
Бесікке бөлегенде көріп пе едің?
– Сағындым Құдай қосқан алған жарды,
Әкемнің жаста айырған бейілі тар-ды.
Баба Түкті Шашты Әзіз хабар берген,
Алтын айдар астында меңі бар-ды.
[Қозыкенің өзін білдіргені]:
Жеткізді тілеуіне Құдіретім, 810. Қозыке Баян жастың көрді бетін.
Баянға күйеулігін білдіргелі,
Көрсетті сонда отырып айдар шетін.
Баян жас күйеулігін біліп алды,
Сол жерде екеуі ойнап-күліп алды.
Алтын айдар белгісін көрсеткен соң,
Баянның оң бетінен сүйіп алды.
Ағарып қара жерге қақ тұрыпты,
Сүйген құлға дәулет пен бақ тұрыпты,
Уытпенен сағынып сүйген екен, 820. Алақандай бетіне дақ тұрыпты.
Баян жас күйеулігін білді анық,
Түнде алтын күймеге жүрді барып.
Баян сұлу күйеулігін білгеннен соң,
Алтын табақ қояды мейіз салып.
Баян жас опа жақпас ақ бетіне,
Қозыке тазша болды, күнде жүрді қой шетіне,
“Үйге кірсем бір ұят болады” деп,
Алтын күйме құрдырды қой шетіне.
Қозыке қойды бағып үш жыл жүрді, 830. Білдірмей Баянменен ойнап-күлді.
Үш жылдан соң [бір күн] күймеде жатқан жерде
Сарыбайдың тезек терген күңі көрді.
Қара күңнің көргенін Баян білді,
Ұйқылы-ояу сескеніп тұра келді.
“Барып әке-шешеме айтады” деп,
Сезіктеніп Баян жас күңді өлтірді.
Бір күн келіп Баян жас: – Тұршы, – деді,
Үйге таман шырағым, жүрші, – деді.
Әке-шешем қуансын “күйеуім” деп, 840. Ақ шымылдық кәдесін қылшы, – деді.
Қозыке Баянменен үйге кірді,
Екеуі қуаныш қылып бірге отырды.
Алтын айдар белгісін жазып еді,
Қараңғы үй шам жаққандай жарық болды.
Ақ жүзі екеуінің бірдей болды,
Шымылдықтың ішінде ойнап-күлді.
Бетіне жарық сәуле түскен екен,
Ұйықтап жатқан Қаракөз мұны көрді.
[Оянып Қаракөздің айтқаны]:
– Шырағым, қашан келдің шыныңды айтшы,
850. Кешіктірмей, ұзатып алып қайтшы.
Қойды бағып қор болып жүргеніңше,
Көңілің жақсы жүргендей жылқы бақшы.
Қозыке ертең атқа мінді дейді,
Айбас құл тазша болып ерді дейді.
Ауыл жақтан екеуі келе жатса,
Жылқыдағы Қодар құл көрді дейді.
Ауыл жақтан екеуі келді дейді,
Жылқыдағы Қодарды білді дейді.
– Ауыл жақтан келіпсің, екі тазша,
860. Баянның сәлемін айт, енді, – дейді.
– Алты құлаш ала айғыр мінген атым,
Есітіп іңкәр болдым қыздың атын.
Ауыл жақтан келіпсің, екі тазша,
Қандай сәлем тапсырды біздің қатын?
[Қозыкенің Қодарға берген жауабы]:
–Ай қыз,Таңсық бір мейіз жесіп отыр,
Талдай бойы Баянның өсіп отыр.
Қодар деген сен болсаң “сәлем” деді,
Тірі болса, тез келсін десіп отыр.
–Ай қыз, Таңсық бір мейіз жесіп отыр,
870. Баян шашын тарқатып есіп отыр.
“Өзімнің Құдай қосқан жарым келді,
Шұнақ құл аулақ жүрсін” десіп отыр.
Қодар құл ашуланып тұра келді,
Жылқыдағы ала атын ұстап мінді.
“Баяннан өзім анық білейін” деп,
Жылқыдан сегіз кісі елге келді.
Қозыке мен Баян қосылды Құдай сүйіп,
Ғашық болды Қодар құл іші күйіп.
Сегіз кісі жылқыдан келе жатса, 880. Сарыбай алдында жүр түйе жиып.
Әлқисса, Қодардың Сарыбайға айтқан жауабы:
– Сарыбай, бейілің жаман болдың сараң,
Көп жылқыңды бақсам да күнім қараң.
Тазшамен ойнас болып жамандапты,
Күймеде Баян деген бақты қараң.
Сарыбайдың айтқан жауабы:
– Алтын күйме ішінде Баянжаным,
Шашбауының шашағы қырық бір талым.
Сен тұрғанда ешкімге бере қалман,
Үндемей жылқыңды бақ, Қодаржаным.
Қодар түзден қуанып қайтып келді,
890. Қозыке ауылға келіп ойнап-күлді.
Қыстай жүріп далада жылқы бағып,
Жазғытұры Қодармен бірге келді.
“Мойнына Кер төбелдің тұмар тақ” деп,
Шақырды Айбас құлды “отты жақ” деп.
Ауылға бие байлайды Қодар мырза,
Қозыкені шақырады “желі қақ” деп.
Қодарға күштілігін білгізеді,
Айбасты ақылменен жүргізеді.
Қодардың қол ағашын лақтырып, 900. Қозыке темір қазық қолыменен кіргізеді.
[Мұны көріп, Қозыкеге Қодардың берген жауабы]:
Ақ тұзін әулиенің кен айтады,
Ақылы жоқ Қодар құл нені айтады?
– Мынау таз күшті екен, Әліжаппар,
Аударыспақ ойналық, – деп айтады.
Қозыке бұл сөзді естіп тұра келді,
Қысыр емген тел торы тайға мінді.
Торы тайға Қозыке мініп алып,
“Келсең, келе қой” деп айтады.
Баянжан тоқсан құлға көз салмады,
910. Қозыкеден басқаны еске алмады.
Ала атпен Қодар құл тартып еді,
Қозыке тай үстінен қозғалмады.
Қозыке бір Құдайға сиынады,
Тоқсан құл тамашаға жиылады.
Қодар құлды ала аттан тартып алып,
Тай үстінде ұршықтай үйіреді.
Қодар күліп, “ойын” деп ыржақтады,
Қозыке оң қолымен бармақтады.
– Қодыеке-ай, сенің күшің қайда жүр?, – деп,
920. Баладай алақандап салмақтады.
Өктім-өктім сөйлейді малды кісі,
Балуанға тұрады әлді кісі.
Сонша жерден қыз іздеп келгеннен соң,
Қолдан тиер болар ма жанды кісі?
– Антұрған, мынау тазша түпке жетті,
Мені аударып алған соң көңілі бітті.
Кісі өңгеріп ойнаған ойының құрысын,
Қу тазша, ердің қасы ішіме өтті.
Саудаға Қызылжардай қала бар ма,
930. Сөзінде Қозыкенің шала бар ма?
Қодар құлды ала атқа қайтып салды,
Сол жерде тышып қойса шара барма.
Баян алтын күймеде отыр еді,
Терезеден ойынды көзі көрді.
“Шырағымның мұғдары болыпты” деп,
Баян жас жағасын ұстап қуаныш қылды.
Көп жылқы түзде жүрер сыртыменен,
Жүріпті бір Қозыке көркіменен.
Қодардың жүрегіне тигеннен соң, 940. Қашып жүрді жылқының шетіменен.
Сарыбай – жұрттан асқан салтанатты,
Қозыке, Баян жасырын ойнап жатты.
Орманбет би ноғайдың бір топ елі –
“Жиын бар” деп сол елге сауын айтты.
Баян мен Қозыкені Құдай қосты,
Екеуі тар күймеде отыр еді.
“Жұрттың барған асына барайын” деп,
Қозыке Баянменен ақылдасты.
[Баянның берген жауабы]:
– Асау айдап жылқыңнан қалма, – дейді,
950. Садағыңды беліңнен салма, – дейді.
Асқа тойған тоқсан құл мазақ қылар,
Жұрттан жалғыз жиынға барма, – дейді.
Қозыке Баян жастың тілін алды,
Сан жетпеген жылқыда жалғыз қалды.
Үйде – Баян, жылқыда – ер Қозыке,
Өзге жаннан түк қалмай асқа барды.
Не болар жұртсыз менің көрген күнім,
Сайраған көңіл ашып қызыл тілім.
Жылқыда Баянменен ол тілдес екен, 960. Қызыл бие баласы торы құлын.
Қақ басқа құрықпенен құлынды ұрды,
Енесіне емізбей түңілдірді.
Қозыке жылқы ішінде күн жайлатып,
Шыңғыртып ноқтаменен буындырды.
Баян дауыс есітіп есікті ашты,
Құлынды көріп желіге қадам басты.
Желіге жеткен жерде күн ашылып,
Алтын айдар Қозыке құшақтасты.
Екеуі құшақтасып бірге жүрді, 970. Күймеге ойнап-күліп бірге келді.
Құшақтасып күймеге келген жерде
Алдынан екі қатын көріп тұрды.
Екеуі төрт күн, төрт түн ойнап-күлді,
Бір күн озып жиыннан Қодар келді.
“Кешегі жылқы баққан тазшаға” деп,
Тамақ үшін әкелдік бауыр дейді.
Күймеге Қодар жылап көп келеді,
Баянды алмаймын деп жек көреді.
“Кешегі жылқы баққан тазшаға” деп, 980. Әпкелдім тамақ үшін өкпе дейді.
Жылқыда Айбас байғұс жалғыз жүрді,
Қодар құл тазшаны іздеп ел қыдырды.
Елден таппай ауылға келген жерде
Екі қатын “көрдік” деп жауап берді.
Қодар құл тазшаны іздеп ел қыдырды,
Елден таппай күймеге қайтып келді.
Терезеден екеуін көре салып,
“Тазша нағып жатыр?” деп зар еңіреді.
Қодар жылап, күймені үш айланды, 990. Кіруге Қозыкеден бата алмады.
– Бақты қара тазшамен бір жатыр, – деп,
Қодар жылап Сарыбайға жетіп барды.
Қодардың Сарыбайға айтқаны:
– Сарыбай, бейілің жаман кәпір, – дейді,
Күймеде қызың болды қатын, – дейді.
Неғып шыдап келесің, а, Сарыбай,
Бақты қараң, тазшамен жатыр, – дейді.
Сарыбайдың айтқаны:
– Тілің жалған айтсаң да ере қалман,
Мезгілсіз алдауыңа көне қалман.
Жылқы бағып жүре бер, Қодар балам,
1000. Сен тұрғанда ешкімге бере қалман.
Әлқисса Сарыбайдың қатыны Қаракөздің айтқаны:
– Сарыбай, білемісің тоқсан құлды,
Бәрі келіп қыз үшін жұмыс қылды.
Құлға тартып сөйлеме бұрынғыдай,
Құдай қосқан Қозыке – жалғыз ұлды.
Даладан мерген кісі мылтық атсын,
Қалаға бұлды кісі бұлын сатсын.
Мал бермеген Қодарды не қыласың,
Құдай қосқан Қозыке жатса жатсын.
Сарыбай бұл сөзді естіп ашуланды,
1010. Қодар менен екеуі үйге барды.
Сарыбай мен Қодар құл ақылдасып,
Өлтірмекке көп ноғай жиып алды.
Қаракөз Сарыбайдан сөз сұрады,
Қылған ісін жек көріп отырады.
Жалғыз қатынның әлі кімге жетсін,
Есітіп, іші күйіп отырады.
Қаракөз жан-жағына қарап алды,
Қыз үшін іші күйіп, қайғыланды.
Тамам ноғай жиылып ақылдасып, 1020. Алтын күйме жан-жағын қамап алды.
Қодардың қылған ісі жөкіт еді,
Күймені ноғай қамап жүдетеді.
Баян жас тар күймеде қысылған соң,
Күрең аттың бір тал қылын түтетеді.
Айбас байғұс жылқыны бағып жүрді,
Сарыбайға көңілі жағып жүрді.
Бақа айғыр мен күрең бір тұрады екен,
Айбас құл оны көріп жылап тұрды.
Айбас құл қайғыланды түсі қашып, 1030. Күрең ат Бақа айғырмен амандасып.
“Қозыкеге бір қысым болыпты” деп,
Айбас қалды жылқыда зар жыласып.
Күрең ат көп жылқыдан жүріп келді,
Қозыкенің қысылғанын біліп келді.
“Айналайын, шырағым жатыр ма?” деп,
Алтын күйме қалқалап кіріп келді.
Баянға алтын жүзік беріп кетті,
Екеуі аз күн қызық көріп кетті.
Қамап тұрған көп ноғай бата алмады, 1040. Тал түсте атқа мініп желіп кетті.
Баян жас терезеден күңіренеді,
Қодардың қылған ісін мін көреді.
– Шырағымнан бір хабар алып кел, – деп,
Асыранды торғайын жібереді.
Бозторғай Қозыкеге ұшып барды,
Хабар алып сөйлесіп қайтып ұшты.
Елге жете берген боз торғайды
Қырық бір қырғи қуалап ортаға алды.
Жақсының жүрген жері күнде сауық,
1050. Қайырсыз бай қалады жерді қауып.
Баянның мақпал тонын ұрлап киіп,
Жеңгесі сол күні отыр сиыр сауып.
Қырық бір қырғи торғайды қуалайды,
Қанатымен жеткені уқалайды.
Баянның мақпал тонын бүркегенді,
“Мынау – әкпем екен” деп қорғалайды.
Жеңгесі қатық қылып сиыр сауды,
Баянның мақпал тонын ұрлап алды.
Баянның мақпал тонын бүркенулі, 1060. Білдірмей жеңіменен ұстап алды.
Әлқисса, торғайы келмеген соң жеңгесінен [хабар] сұрағаны:
Торғай келер мезгілін Баян білді,
Кешігіп келмеген соң қайғы қылды.
“Торғайымнан бір хабар білдің бе?” деп,
Баян жас жеңгесінен сұрай келді.
– Жүгіріп шықсам боз үйден көйлегім кір,
Алтын айдар шекемде сегіз тал өр.
Жеңеше, қолыңдағы торғайым бер,
Өлгенше алғаныңмен екеуің жүр.
[Жеңгесінің жауабы]:
– Тілейсің торғайыңды берер біліп,
1070. Қашайын деп жүрмісің көзің күліп.
Ардақтаған бикешім, қашып кетсең,
Сыртыңнан жүргізе ме қазақ күліп?
Баянның жауабы:
– Біздерге неге күлсін білген адам,
Біздерге күлсе күлсін күлген адам.
Біз құрбылы бозбала үйленіпті,
Жүйрік аттай шұбалып өткен заман.
Жеңгесінің жауабы:
– Сұрасаң да торғайыңды бермен, бикеш,
Екі ортасы шөл дейді адам жүрмес.
Қашып сала бер сана күйеуменен,
1080. Күйеуіңнің жатқан жерін адам білмес.
Баянның жауабы:
– Жұрт –уәли таппай ма жатқан жерін,
Торғайымды бермесең, қалар көңілім.
Торғайымды бермейсің өкпелетіп,
Не көңіліңді қалдырдым, жеңгем, сенің.
Жеңгесінің жауабы:
– Тілейсің торғайды берер біліп,
Айрылдың Қозыкеден неғып жүріп?
Шіркінді ұрғаным жоқ, соққаным жоқ,
Алып ем төбесінің жүнін жұлып.
Әлқисса, Баянның берген жауабы:
– Торғайымды бермесең, кінә қылдың,
1090. Кінәні біле тұра неге қылдың?
Торғайымды бермейсің өкпелетіп,
Айналайын жеңеше, мен не қылдым?
[Жеңгесінің жауабы]:
– Жарықтығым, еш нәрсе қылғаным жоқ,
Жүнін жұлдым торғайды ұрғаным жоқ.
Несін менен көресің торғайыңды,
Өліп қалды әуелден ажалды боп.
[Баянның жауабы]:
– Тілеймін торғайымды берер біліп,
Өзім жеңгем отырған көзі күліп.
Жеңеше, қолыңдағы торғайым бер,
1100. Үстімдегі қара тон алып киіп.
Әлқисса, жеңгесінің берген жауабы:
– Қашып барып үйленген қандай адам,
Қашты деген бикештің аты жаман.
Мен сырымды айтайын, бикеш, саған,
Мен берсем де, бермейді Қодар ағаң.
[Баянның жауабы]:
– Жалпайып жалынбаймын Қодарыңа,
Мен не қылдым жылқышы құлдарыңа?
Жеңешем, қолыңдағы торғайым бер,
Қолыңды бер, Қодардың өлеріне!
[Жеңгесінің жауабы]:
– Тірі тұрар деп пе едің Қодар өлмей,
1110. Торғайың өліп қалды тілге келмей.
Торғайыңды бермеген мен бе, бикеш,
Тынышымды алмай аулақ жүр, менен көрмей!
[Баянның жауабы]:
– Кімге айтайын торғайымды сенен көрмей,
Өліп қалды торғайым тілге келмей.
Торғайымды бермесең өкпелетіп,
Тірі жүрер деймісің біздер өлмей?
[Жеңгесінің жауабы]:
– Бикешжан, жас басыңнан неге өлесің?
Жастай өлсең, жас басыңнан не көресің.
Ардақтаған бикешім, өліп кетсең,
1120. Азды-көпті күнәні көтересің.
Мінгені Қозыкенің Көк төбел-ді,
Астық ішкен Түркістан тоқ деп еді.
Өңге жүнін жұлғанда үндемеді,
Төбе жүнін жұлғанда “Шоқ” деп өлді.
Қойшылар ертең өрер қойыменен,
Баян сұлу көрінер бойыменен.
Тамам ноғай таба алмай отырғанда,
Әліжаппар құл тапты ойыменен.
Әліжаппар құлдың берген жауабы:
– Аякөздің бауыры Шоқ терек-ті,
1130. Айналасы малға жай мол терек-ті.
Қысырақ қарап жүргенде көріп едім,
Айтқаны, ойлап тұрсам, сол терек-ті.
Армансыз бір төсекте жата алмадым,
Баянмен бір ауыз сөз қата алмадым.
Сарыбай тоғыз кісі барып еді,
Иіліп сәлем берген соң бата алмады.
Мінгені Қозыкенің күрең ат-ты,
Шоқтеректің түбінде байлап жатты.
Қозыке көзі ілініп кеткен екен, 1140. Қозы жауырын қол оқпен Қодар атты.
“Күрең ат азу тісін ойған ба деп,
Баян жас көзінің жасын тиған ба деп.
Қозы жауырын қол оқпен Қодар атты,
Бұ тазды не қылғаның, қойған ба” деп.
Қодар құл оқпен атып, өшін алды,
Сүйтіп қастық қылғандай несін алды.
“Үйдегі Баяныма берейін” деп,
Шұрқылтайдың түбінен кесіп алды.
Бәрекелді Қодардың тентегіне, 1150. Асау күрең жүрмейді жетегіне.
“Қозыкенің басы” деп тастап еді,
Баян жылап салады етегіне.
Баянның жұрт қарайды жабығына,
Қозыкеден жас қалған қамығына.
“Ал [байыңның] басы” деп тастап еді,
Баян жылап салады сандығына.
Баян жылап, Сарыбайдан “Қозыкені кім өлтірді?” деп сұрағанда:
Баян жылап күймеден тұра келді,
Сарыбайдың қасына жетіп келді.
– Әке, сенен сұрайын бір сауалды,
1160. Ер Қозыке күйеуің кімнен өлді?
Сарыбайдың қызына берген жауабы:
Сарыбай қызын көріп тұра келді,
Сол жерде оң жағынан орын берді.
– Сен сұрасаң айтайын, шырағым-ай,
Күйеуім Қодар атты құлдан өлді.
Балалы арқар болып мен жусайын да,
Көздің жасын қолыммен тосайын да.
Биылғы жыл сабыр қыл, шырағым-ай,
Қозыкедей кісіге қосайын да.
Баянның әкесіне берген жауабы:
– Етегімді жел ашып жүрген емен,
1170. Қозыкеден басқаға күлген емен.
Әке, неке қи дағы тек өзің ал,
Елден бура салғандай інген емен.
Аузымнан жаман сөз айта қалман,
Аузымнан шыққан сөзден қайта қалман.
Әке, неке қи дағы тек өзің ал,
Елден айғыр салғандай байтал емен.
Баян сұлу атандым тамам жұртқа,
Әке қылған осыңды сен де ұмыт па!
Шешем Қаракөз бетіңе қарай алмас, 1180. Неке қиып ал [мені] тоқалдыққа.
Сұлу Баян қолына айна алады,
Қозыкеден айрылып қиналады.
“Өзімменен қосылып зарласын” деп,
Ботасы өлген боз інген түйе алады.
Баянның іші күйіп тұра алмай тас болып, ешкім тұрғыза алмай жұртында қалғаны:
Баян жас бота белбеу белден шешті,
Қозыкеден айрылып қайғы түсті.
Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды,
Сарыбайдың ертең тұра ауылы көшті.
Баян сұлу тұра алмай жұртта қалды, 1190. Оны көріп Қодар құл қуаныш қылды.
Көш жөнеліп кеткенін көріп тұрып,
Жұртта қалған Баянға Қодар келді.
Баянды көріп Қодардың берген жауабы:
– Жылқыны көп жалшылар суарады,
Сені көріп көңілім қуанады.
Алған байың өлді ғой, сұлу Баян,
Енді сені мен алмай кім алады?
Баянның Қодарға берген жауабы:
Баян басын көтеріп тұра келді,
Жылап тұрып Қодарға жауап берді:
– Мен сенікі болайын, Қодареке,
1200. Қозыкені бір көрсет маған,– деді.
Қодардың Баянға берген жауабы:
– Баян жас, нанбаймысың маған, – дейді,
Тимесең болар ақыр заман, – дейді,
Осы жерде маған тисең, тура сөйле,
Тазшаңды көрсетейін саған, – дейді.
Баян сұлу қуанып тұра келді,
Қодарменен екеуі бірге жүрді.
– Ойдым-ойдым жер келді сұлу Баян,
Кел, екеуміз ойналық, Баян, – деді.
Баян сұлу Қодарға жауап берді,
1210. Қозыкені көруге алып жүрді.
– Далада ойнағаның не болады,
Су басына барайық, Қодар, – деді.
Хақтың жолын күткен жан болар дәруіш,
Баян жастың кигені алтын кебіс.
– Су басына әпкелдің, сұлу Баян,
Қодареке, тұра тұрсаң мені жемес.
Қодардың қуанып берген жауабы:
– Айт дегеннен айтамын айда, Баян,
Қасыңда мендей жолдас қайда саған?
Алдыңда жарық болған ай ма Баян,
1220. Сондай ақыл біздерге қайда Баян?
Тазаланып жатайын қойыныңа,
Білегіме шашыңды байла, Баян.
Баян алдап Қодарды суға салды,
Екі кебіс су ішіп мейірі қанды.
Қодар құдық ішінде, Баян – қырда,
– Суға тоңдым, шығайын, Баян, – деді.
Баян бұл сөзді естіп тұра келді,
Бұйда пышақ қолына Баян алды.
Қодар суда жатқанда, Баян – қырда,
1230. Қодарды пышақпенен салып алды.
Судың ішінде жатып Қодардың берген жауабы:
– Баян жас, мені есіңе алмадың ба?
Әуелі суға түс деп алдадың ба?
Екі бірдей байыңнан тең айрылып,
Енді қараң суалып қалғаның ба?
Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян,
Мені неге сергелдең еттің, Баян.
Екі бірдей байыңнан тең айрылып,
Көзің ашық дүниеден өттің, Баян.
Мұнша қастық қылғандай неттім, Баян,
1240. Әке-шешем жылатып кеттім, Баян.
Тіл ұшымен мені сен жақын қылып,
Аңдып жүріп түбіме жеттің, Баян.
Айда Баян, а Баян, неттім, Баян,
Ептеп жүріп түбіме жеттің, Баян.
О дүниеде артыңнан еш қалмаспын,
Тікен болып араңа біттім, Баян.
Баян сұлу бұл жерде қуанады,
Тіліне Қодар құлдың кім нанады?
Баян жас шашын қиып жібергенде, 1250. Қодар құл құдық түбіне жұмалады.
Баян Қодарды өлтіріп, Қозыкенің басына келіп жылағаны:
– Ботасы өлген боз інген артып келді,
Баян жас қайғы азабын тартып келді.
Қодар құлды құдықта өлтірген соң,
Қозыкенің басына қайтып келді.
Баян Қозыкені көріп зар-зар жылағаны:
– Шырағым, жатырмысың жер бауырлап,
Қаба жүнді қайың оқ оны ауырлап.
Тұрар болсаң, тұр сана, шырағым-ай,
Баян жас – алған жарың келдім зарлап.
– Шырағым, жатырмысың жер бауырлап,
1260. Алты батпан топырақ оны ауырлап.
Тұрар болсаң, тұр сана, шырағым-ай,
Құдай қосқан қосағың келді зарлап.
Қозыке жүрмек болып қылды талап,
Жеткізді Баян жасқа Құдай қалап.
Не өлісін, не тірісін білейін деп,
Баян отыр Қозыкенің мойнына басын жамап.
Баян Сұлу зар жылап отыр еді,
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды.
Баянның көзі ілініп кеткен екен, 1270. Түсінде періштелер хабар берді.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды,
Түсінде Баян жасқа хабар берді.
Алладан періштелер хабар беріп,
– Неше күндік тілейсің өмір? – деді.
Баян жас зар жылап тұра келді,
Құдайдан тілегені қабыл болды.
– Ұзақ өмір тілеп мен не қылайын,
Үш күн, үш түн ойнасам болар, – деді.
Баян жастың тілеуін Құдай берді,
1280. Періштелер бұл сөзді есітіп тұрды.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болып,
Ер Қозыке сілкініп тұра келді.
Ер Қозыке сілкініп тұра келді,
Жаппар Құда тілеуін қабыл қылды.
Құдайдың бақ бергені кем бола ма,
“Үш күн, үш түн ойна” деп өмір берді.
Қозыке сөз болғалы бір талай жыл,
Құдай берген жақсыға бір қызыл гүл.
Шығардық өлең қылып үшбу сөзді, 1290. Баянның сұлулығын есітіп біл.
Ибраһим Мекке тұрғызды Құдай үйін,
Жүрген жері жақсының болар жиын.
Қозыке мен Баянды өлең қылып,
Хатқа жазып шығардық анық біліп.
Басына ақ кірпіштен үйін салып,
Үш күн, үш түн екеуі ойнап-күліп.
Екеуінің көңілі қысқа болды,
Төртінші күн Құдайдан пәрмен болып.
Ақ кірпіштен баспана салды үйін, 1300. Ажалына шығады қызыл құйын.
Үш күн, үш түн екеуі ойнап күліп,
Өмірін қысқа тілеп болды қиын.
Қияметтің қыл көпірі тар-ды дейді,
Бір жағы от, бір жағы жар-ды дейді.
Қозыке мен Баян жас өлген шақта,
Қырық бір моллда Меккеге барды дейді.
Меккеге қырық бір молла барды дейді,
Қасына қырық періште жолдас болды.
Меккеден үйге қайтып бара жатса, 1310. Жолда тұрған ақ сарай үйді көрді.
Жолда тұрған ақ сарай үйді көрді,
Періштелер адам сипатты болып келді.
“Кім де болса бір бата қылайын” деп,
Қырық бір молла сарайға кіріп келді.
Қырық бір молла сарайға кіріп келді,
Отырып Құран оқып, бата қылды.
Бата қылып сөйлесіп отырғанда,
Төбесінде жазулы хатты көрді.
Ақ сарайда жазған хатты көрді, 1320. Қозыке мен Баянның атын көрді.
“Жаратқан жеті ғашықтың бірі екен” деп,
Құдайдан тілейік деп кеңес қылды.
Қырық бір молла жиылып кеңеседі,
Әр қайсысы әр түрлі сөз сөйлеседі.
“Әркімнің әр тілеуі өзінде бар,
Құдай бізге алғанын бермес” деді.
Ақ сақалды бір молла тұра келді,
Өзгесі соның сөзін тыңдап тұрды.
– Жаны кеткен денеге жан кіргізген,
1330. Мұнан артық боларсың бәрің, – деді.
Ақ сақалды бір молла айтса жауап,
Құдайдан шын тілеңіз бәрің жылап.
Жаны кеткен денеге жан кіргізсең,
Табарсың мұнан да үлкен артық сауап.
Ақ шалмалы бір молла жауап берді,
Баршасы мұның сөзін қабыл қылды.
Қозыке мен Баянның жанын тілеп,
Намаз оқып Құдайға жылап тұрды.
Қырық бір молла Құдайдан тілеп тұрды, 1340. Қырық періште Құдайға ғарыз қылды.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болып:
– Періште, не себептен келдің? – деді.
Періштенің берген жауабы:
– Мекеге тауап қылып жүрдік, – дейді,
Қозыке мен Баянды көрдік, – дейді.
Жаратқан жеті асықтың біреуі екен,
Біз соның жанын сұрап келдік, – дейді.
Біздермен қырық бір молла жолдас болды,
Меккеге тәуап қылып бірге келді.
Қозыке мен Баянның хатын көріп,
1350. Қырық бір молла біздерден тілек қылды.
Құдайдан сол мезгілде пәрмен болды,
Қырық бір молла тілеуін қабыл қылды.
Мың жанды бір қапасқа салған екен,
– Екі жанды шығарып алсын” деді.
Періштелер қапастың аузын ашты,
Жатқан мың жан қапастан тұра қашты.
Қозыке мен Баянның себебінен
Көрде жатқан мың жан да басын қосты.
Екі жанды періштелер алып келді, 1360. Қозыке мен Баянның жаны кірді.
Қырық бір молла тілеуі қабыл болып,
Екеуі көрден шығып тұра келді.
Қырық бір молла тілегін Құдай берді,
Қозыке мен Баянның жаны кірді.
Қозыке мен Баянның себебінен
Көрде жатқан мың кісі тұра келді.
Екеуі көрден шығып тұра келді,
Жалаңаш, айдай балқып, нұрға толды.
“Ғашық кісі жалаңаш тұрмасын” деп, 1370. Ұжмақтан Құдай берді халла тонды.
Екеуі халла тонды киіп, шүкір қылды,
Ақ жүзі бұрынғыдан артық болды.
Моллалардың тілегін қабыл қылып,
“Отыз бір жыл ойна” деп ғұмыр берді.
Қозыке мен Баянның көңілі толды,
Құдайдан тілегені қабыл болды.
Қозыке мен Баянға бата беріп,
Моллалар амандасып жүре берді.
Екеуі көр басында жалғыз қалды, 1380. Тұра келді, ешнәрсе көре алмады.
Қасында ауыл түгіл, дәнеме жоқ,
Айдалада қалғанын сонда білді.
Көңілі Қозыкенің біткен екен,
Түбіне жалғыз Қодар жеткен екен.
Сарыбай күйеу, қыздан айрылған соң,
Өлеңті-Шідертіге көшіп кеткен.
Баянның анасының бір күн жатып түс көргені:
Қаракөз бір күн ұйықтап жатыр еді,
Түсінде күйеу, қызы сәлем берді.
Тірілгені көңіліне ғаян болып,
1390. Кемпір жылап күн шықпай тұра келді.
Кемпір жылап күн шықпай тұра келді,
Үш көш жерде жылқыға жаяу жүрді.
Пәрмен болды, тіл бітті екеуіне,
Арда күрең, Бақа айғыр сәлем берді.
Арда күрең, Бақа айғыр сәлем берді,
Жылап кірген кемпірді бұлар көрді.
– Туғалы мал көрмеген адам едің,
Шешеке, неге зар жылап келдің? – деді.
Қаракөздің екі атты көріп берген жауабы:
– Бүгін жатып төсектен тұрдым, – деді,
1400. Қозыке мен Баянды көрдім, – деді.
Өзімнің іздеп барар балам жоқтан,
Сіздерге соны айтқалы келдім, – деді.
Өзімнің іздеп барар шырағым жоқ,
Тірі болса көруге көңілім тоқ.
Тәңірден тілеп қосқан екі көзім,
Көргенше зар жылаймын іңкәр болып.
Екі аттың Қаракөзге айтқан жауабы:
– Айталық тура жауап сізге, – дейді,
Балаңнан күдеріңді үзбе, – дейді.
Тірі болса екеуміз ап келерміз,
1410. Алтын жабдық әзірле бізге, – дейді.
Байғұс кемпір қуанып қайтып келді,
Алтын жабдық, ер-тоқым әзірлейді.
Қозыке мен Баянның киімдерін
Өз алдына бір жерге алып қойды.
Түс болғанда ауылға бие келді,
Арда күрең, Бақа айғыр бірге келді.
“Қозыке мен Баянға барамын” деп,
Екі айғыр іздеп жүрмек болды.
Айбас құл көп жылқымен түзде қалды, 1420. Құл-күңі биелерді байлап сауды.
Намазшам мезгілінде бие ағытып,
Екі айғыр желі басында жатып қалды.
Арда күрең, Бақа айғыр жүрмек болды,
Намазшам болған соң тұра келді.
Алтын жабдық, ер-тоқым, киім артып,
Кемпірге амандасып жүре берді.
Құдайдан екеуіне пәрмен келді,
Әулиелер алдына жақсы болды.
Екеуі көр басында отыр екен, 1430. Арда күрең, Бақа айғыр жетіп келді.
Арда күрең, Бақа айғыр оған жетті,
Алтын-күміс көрген соң көңілі бітті.
Екеуінің киімі кигеннен соң,
Халла тоны ұжмаққа ұшып кетті.
Екеуі алтын-күміс киім алды,
Баянға Бақа айғырды ерттеп берді.
Қозыке күрең атты өзі мініп,
Сарыбайдың ауылын іздеп жүрді.
Сарыбайдың ауылын іздеп кетті, 1440. Орта жолда ойнап-күліп көңілі бітті.
“Енді күйеу кәдесін қылалық” деп,
Мал ішіне жеткенде тастап кетті.
Қозыке күйеу болып түзде қалды,
Баян сұлу қуанып үйіне барды.
Сарыбай мен Қаракөз қарсы шығып,
Үшеуі құшақтасып зар жылады.
Қаракөз қызын көріп зар жылады,
Көптен бері сағынып, қайғырады.
Күйеу, қызы қолына келгеннен соң, 1450. Төрт күн, төрт түн жұрт жиып той қылады.
Жұрт білді Қозыке мен Баян атын,
Қолында екеуінің қызыл алтын.
Ер Қозыке күйеуі келгеннен соң,
Алдына шатыр тікті қырық бір қатын.
Сағынып қайын енесі жаяу барды,
Күйеуіне көрісіп, зар жылады.
Торғайға қастық қылған жау жеңгесі,
Ұзатқанша көре алмай қорғалады.
Қозыке ақ шатырда күндіз тұрды, 1460. Түнде алтын күймеде дәурен сүрді.
Ел-жұрты Қозыкенің есінде жоқ,
Жиырма жыл Сарыбайда бірге жүрді.
Айбас құл Қозыкені сағынады,
Елге келмей жылқыны бағып жүрді.
Көп жылдан ел көрмеген Айбас пақыр
Бір күні көп жылқыдан елге келді.
Айбас бір күн жылқыдан елге келді,
Қозыкенің шатырын көзі көрді.
Шатырының есігінен қарай салып, 1470. Қозыкеге көрісіп зар еңіреді.
Қозыке – күйеу, Айбас құл қосшы болды,
Бір-біріне көрісіп көңілі тынды.
Баян бір күн күймеде ұйықтап жатса,
Түсінде Мамабике ғаян берді.
Баянның түсіне қайын енесі кіріп сөйлескені:
Сол күні ай қараңғы түн болыпты,
Ғашықтар жалған емес шын болыпты.
Қозыкеден айрылып қалғаннан соң,
Шешесі тезек теріп күң болыпты.
Қарабайдың үйінде тоқсан құл-ды,
1480. Жидебай қалған үйге ие болды.
Тоқсан құлдың бастығы – Жидебай құл,
Бәйбішені күң қылып ғазап қылды.
Тоқсан құлдың бастығы – Жидебай-ды,
Құлдың қылған ісіне кім шыдайды.
Баян жастың түсінде хабар беріп,
“Құлға күң боп қалдым” деп зар жылайды.
– Шырағым, мені есіңнен салма , – дейді,
Дұшпанның өсегіне нанба, – дейді.
Тәңіріден тілеп алған екі көзім,
1490. Мен байғұсқа көрер күн бар ма? – дейді.
Баян жылап күймеден тұра келді,
Қозыкені шатырдан алып келді.
– Шырағым, қайдан өстің, қайдан келдің,
Біз көргендей ел-жұртың бар ма? – дейді.
Қозыкенің Баянға айтқан жауабы:
– Ұшбу жерде қашар шайтан “Алла” десең,
Кетерсің жаһаннамға харам жесең.
Екеуімізге қуанып атам өлген,
Зар жылап қалып еді жалғыз шешем.
Қайғысын ұзын жолдың сарт көреді,
1500. Танымаған кісіні жат көреді.
“Енді бізді елімізге ұзатсын” деп,
Баян жас Сарыбайға хат береді.
Сарыбай “жері алыс” деп қайғырады,
Қаракөз ұзатпаққа ой қылады.
Қарғи барып Бақа айғыр шідер үзді,
Өлеңтіде өлең айтып той қылады.
Әділ болса бұзылмас ханның тағы,
Ақынның сайрап тұрар тіл мен жағы
Өлеңтінің Ақжар деген жері бар-ды, 1510. Сарыбайдың той қылған жер-ошағы.
Қырық күнде той қылып дәурен өтті,
Қырық қара нар арттырып қыз жөнелтті.
“Шырағым жұрттан жалғыз шықпасын” деп,
Қырық нөкерді Баянның қасына ертті.
Жиырма қыз, жиырма жігіт ертті,
Неке етіп бір-біреуін қосып кетті.
Өлеңтінің бойынан шыққан күні,
Айбас пенен Қозыке озып кетті.
Баян жас ауыр жүкпен кейін қалды, 1520. Айбас пенен Қозыке озып барды.
Қарабай елі Жұпардың қорығында,
Бұқараның ар жағына барып қалды.
Айбас пенен Қозыке бұрын барды,
Жұпардың қорығына жетіп қалды.
Ел шетінде бір адам қой жайып жүр,
Екі жігіт қойшыға душар болды.
Екі жігіт қойшыға душар болды,
– Қай ауылдың қойы ?– деп сұрап алды.
– Бізден не сөз сұрайсың, екі жігіт,
1530. Иесіз бағып жүрмін қалған малды.
Қозыкенің қойшыға айтқан жауабы:
– Қалай-қалай сөйлейсің, қойшы жаным,
Мұңды сырың Құдайға болсын мәлім.
Біздер үйден шыққалы көп [жыл] болды,
Иесіз бағып жүр едің кімнің малын?
Қойшының жауабы:
– Жаратқан сиынамыз бір Құдайға,
Көре алмай іңкәр болдық күн мен айға.
Қозыке жаста кетті [зар] жылатып,
Қалған дәурен қор болды Жидебайға.
Қойшыдан елдің жөнін сұрап алды,
1540. Үйіне қонақ болып тура барды.
Үй артында келіп тұр екі қонақ,
Жидебай үйде отырып жауап қылды.
– Шұнақ күң, қолыңды отқа тықшы, – дейді,
Ұятты кісі болса бұқшы, – дейді.
Үй артында келіп тұр екі қонақ,
Кім екенін білгелі шықшы, – дейді.
Қозыке сәна қылды, ғақыл ойлап,
Жеткізді шешесіне Құдай айдап.
Үйден шыққан шешесін тани салып,
1550. Алдынан қарсы жүрді атын байлап.
Байға күнде қонақ көп келеді,
Жөнсіз қонақ келгенін жек көреді.
“Қарны ашқан екі қонақ бір тойсын” деп,
Екеуіне үш табақ ет қояды.
Айбас құл енді танып, күлімдеді,
Қозыке келген жерден білінбеді.
“Жүдеген мұңды кемпір бір тойсын” деп,
Екі табақ етінің бірін берді.
Мұны көріп, Жидебайдың Қозыкеге айтқан жауабы:
– Қонақ, саған не болды қара басып,
1560. Адал асты мен бердім қазанға асып.
Жалғызынан айырылған мұрдар күңге,
Неге асыңды бересің жаның ашып?!
Қозыкенің жауабы:
– Өзіміз мылтық атқан мерген едік,
Үйіңе мейман болып келген едік.
Мұңлыққа неге жаның ашымасын,
Жалғызын қайнындағы көрген едік.
Жидебайдың жауабы:
– Адал асты мен бердім саған салып,
Жақсы қонақ екен деп жолың танып.
Қодар атып сүйегі қурап қалған,
1570. Не қыласың шіркінді аузыңа алып?
Қозыкенің жауабы:
– Құл болсаң жылқы бағып жатар едің,
Би болсаң жұртқа кеңес айтар едің.
Жағаңды ұстап шүкір қыл, Жидебайым,
Жалғызы келіп қалса қайтер едің?
Жидебайдың жауабы:
– Әділ болсаң жұртыңның қамын жерсің,
Қонақ сыйлап жөнелтсем мырза дерсің.
Қодар атып сүйегі қурап қалған,
Өлген кісі тіріліп қайдан келсін?!
Қозыкенің жауабы:
– Адал болсаң дәулетке мол боларсың,
1580. Етің кетсе, сүйегің бор боларсың.
Жағаңды ұстап шүкір қыл, Жидебайым,
Жалғызы келіп қалса қор боларсың!
Жидебайдың жауабы:
– Жасымнан ерке болып өсіп едім,
Жақпас қонақ келдесін кесіп едім.
Мұнша жаның ашыды мұрдар күңге,
Сен мұның есі ме едің, досы ма едің?
Қозыкенің жауабы:
– Өзіңнен басқа жанды аямайсың,
Жалғыз болсаң жұмысқа жарамайсың.
Барлық-жоқтық басыңнан кешкен жоқ па,
1590. Неге мұндай ғаріпке қарамайсың?
Қозыке, ертең Айбас атқа мінді,
Жылқыдан қырық боз бие айдап келді.
Қырық биенің құлынын байлап қойып,
Сүтін сауып шешесін шомылдырды.
Жидебайдың жауабы:
– Антұрған мынау қонақ түпке жетті,
Жылқыдағы биемді айдап кетті.
Малымның бірі құрлы бәсі жоққа,
Бекер байлап құлынның жайы кетті.
Қозыкенің жауабы:
– Жағады бәйбішеміз опа.... ,
1600. Қарайсың айнаменен көркемдігін.
Құл-қотанның жегені – сенің малың,
Қонақтың бай көтерер еркелігін.
Жидебай, көп сөйлеме, үнің өшсін,
Тақылдаған тіліңді Тәңірі кессін.
Құл-қотанның жегені – сенің малың,
Не қыласың байғұстың көңілі өссін.
Ол кемпір құлдан қорқып төмен бұқты,
Жерде жатқан тезекті қапқа тықты.
Тезек теріп шешесі жүрген екен, 1610. Қозыке айдалаға алып шықты.
Жидебай тоқсан құлдың басы дейді,
Көзінің бекер шықты жасы дейді.
– Біздер үйден шыққалы көп күн болды,
Сауап болсын, арқамды қасы, – дейді.
Мамабике сол жерде жылап тұрды,
Жылағанын Қозыке көзі көрді.
– Менен басқа жүрме едің кісі көрмей,
Кемпір, саған не мүшкіл болды? – дейді.
Шыныңды айтсаң көңілім тынсын, балам,
1620. Жалған болса сүйегім сынсын, балам.
Жалғызымның белгісі бойыңда тұр,
Шыныңды айтып өлтірші, кімсің, балам?
Қозыкенің берген жауабы:
– Құдайдан тілеп алған сен-ді, шеше,
Тілеуің қабыл болды енді, шеше.
Баянды Құдай қосқан алып келдім,
Жаста кеткен жалғызың мен-ді шеше.
Екеуі көріседі құшақтасып,
Үш күн, үш түн отырды зар жыласып.
Айбас пенен екеуі бірдей жылап,
1630. Көзінің жасы көл-дария болды тасып.
Үшеуі үш күн, үш түн жылап қалды,
Төртінші күн есі-тұсын жинап алды.
Үшеуі есі-тұсын жиып алып,
Ақ үйдің ішіне кіріп барды.
Көп дәулет таусылмайды молдықпенен,
Жидебай күң қылыпты зорлықпенен.
Шешесіне қас қылған Жидебайды,
Иттей кесіп өлтірді қорлықпенен.
Қозыкенің келгенін жұрты білді, 1640. Қырық жылқы сойдырып тойын қылды.
Қозыке жұртын билеп ұлық болды,
Айбас құл жылқы бағып түзде жүрді.
Айбас құл жылқы бағып түзде жүрді,
Қозыке екі қатын алып берді.
Жоғарыда Қарабайдың елі болды,
Бірнеше ай өткен соң Баян келді.
Ел шетінде Баянды Айбас көріп,
Енесінен сүйінші сұрай келді.
Жүз жылқы сүйіншіге бөліп берді, 1650. Баян сұлу аулына жақын келді.
Төрт кісі бұрын озып үйге кірді,
– Мамабике құдағи бар ма? – дейді.
Құдағи, үйде болсаң, сүйінші бер,
Құдай қосқан келінің келді, – дейді.
Мамабике есітіп тұра келді,
Үйден шығып жан-жаққа қарай берді.
Баян жастың қарасын көрген екен,
Жүрек қабы жарылып енесі өлді.
Есіз қалған үйіне Баян келді.
1660. Өліп қалған енесін көзі көрді.
“Алтынымды қолымнан қоямын” деп,
Баян жас таза жуып өзі көмді.
Қозыке жұртын билеп ұлық болды,
Құдайдың бергеніне көңілі толды.
Отыз бір жыл Құданың берген бұйрығы бар,
Перзент үшін көңіліне қайғы толды.
Отыз бір жыл ғұмыры тамам болды,
Ұйықтап жатса түсінде ғаян болды.
“Қозыке, амандасып жеріңе бар, 1670. Бұйрығың Аякөзде болар” дейді.
Қозыке ерте тұрып жұртын жиды,
Біткен малын санатып үш бөлдірді.
Екеуін пақыр-міскінге үлестіріп,
Бір бөлігін Айбасқа өзі берді.
Тамам жұртын Айбасқа табыс қылды,
Айбас мұнда, жұрт билеп ұлық болды.
Мінер ат, сауар сауын жиып алып,
Қозыке Аякөзге жүрмек болды.
Қозыке Аякөзге кетіп қалды, 1680. Көп кісілер шығарып жолға салды.
Мінер ат, сауар сауын бәрі бітіп,
Екеуі Аякөзге жаяу барды.
Екеуі Аякөзге жаяу жетті,
Қозыке өзен судан бұрын өтті.
Баян жас таһарат алып барғанынша,
Қозыке амандаспай өліп кетті.
Қозыке амандаспай бұрын өлді,
Баян барып басына зар еңіреді.
Баян жас зар еңіреп отырғанда, 1690. Үстіне бір топ керуен жетіп келді.
Қырық кісі, керуен басы бұрын келді,
Жылап тұрған Баянды бұлар көрді.
– Біз жүргенде жоқ еді сендей адам,
Нағылып зар жылаған жансың? – дейді.
Баянның керуенге берген жауабы:
– Біз тудық Қарабай мен Сарыбайдан,
Жүзіміз артық болды туған айдан.
Отыз бір жыл ортада ойнап-күліп,
Бүгін қаза жетіп тұр бір Құдайдан.
Қырық кісі, керуенбасы мұны білді,
1700. Сұлулығын көрген соң алмақ болды.
– Сұлуға жалғыз тұрған жарамайды,
Қайсымызға тиесің айтшы? – дейді.
Баян Сұлу қайғымен болды кәбәб,
Тамам керуен Баянға болды сәбәп.
Баян Сұлу керуенге жарлық қылды:
– Там тұрғызған кісіге тиемін, – деп.
Қыздың айтқан жарлығын керуен білді,
Қырық күнде Қозыкенің тамын қылды.
Баянның өзі барып көріп келді,
1710. – Қиямет-қайым болғанша тұрар, – деді.
Тамам керуен жиылып кеңес қылды,
Баянды аламыз деп көңілі тынды.
– Қыздың айтқан жарлығын қылып болдық,
Қайсымызға тиеді, келсін – дейді.
Алушы керуеннің басы болды,
Аламыз деп Баянға кісі салды.
Баян жас өз алдына жылап тұрып,
Керуенге жүзі таймай жауап берді.
– Көп керуен, разымын келгеніңе ,
1720. Белгісін тұрғыздыңыз өлгеніме.
Әрқайсыңа үлессем, мүшем жетпес,
Тиемін ақылы артық жеңгеніңе.
Тамам керуен бір жерге жиылады,
Баян сарай қылмаққа бұйырады.
Тамам керуен Баянға жол таласып,
Ажал жетіп сол жерде қырылады.
Қырық кісі қырылды жол таласып,
Баян үшін өліпті төбелесіп.
Тамам керуен сол жерде өліп қалды, 1730. Үш кісі үш ру елге барды қашып.
Бұл сөзді Құдай сүйсе өнер қылған,
Қозыкенің сарайын керуен қылған.
Үш кісі үш ру елге қашып барып,
Сол екен Қозыкені өлең қылған.
Патшамызға қарайды жұрттың бәрі,
Шөженің өнер қылған мұңдық назы.
[Ер] Қозыке өлгенде, Баянда өлді,
Әркімнің сондай болсын алған жары.
ҚИССА-И ҚОЗЫ КӨРПЕШ
(Н.И. Ильминский нұсқасы)
Жасым бар жиырмада, жылым – мешін,
Өлімнің кім біледі ерте- кешін.
Айтайын бес-алты ауыз, құлағың сал,
Қозы Көрпеш – Баянның әңгімесін.
Ел болар он екі ру, бірі – Шеркеш,
Қом жасап, сар атанға бітеді өркеш.
Бес-алты ауыз айтайын, құлағың сал,
Баян мен ертеде өткен Қозы Көрпеш.
Мығы бар сауыр етіктің табанында,
10. Құдайға құлшылық қыл аманыңда.
Қарабай, Сарыбаймен бай өтіпті
Ноғайлы ертеде өткен заманында.
Жігіттер, я биссимилла, жанды аманат,
Құлына Алла деген болған санат.
Қоймадың айт дедің де саф азамат,
Сұраймын енді көптен мен де рұқсат.
Бердің бе рұқсатың, жақсы ағалар,
Артында қаба құйрық, алдында жал.
Айтайын Қозы Көрпеш пен Баянды, 20. Төңкеріп қудай мойның, құлағың сал.
Әуелі бисмилладан басты айтайын,
Қиылған маңдайдағы қасты айтайын.
Сарғайып сәнаменен көп жылаған,
Баян мен Қозы Көрпеш жасты айтайын.
Сөйлейін, сөйле десең бар Құдайды,
Жаратқан Құдай артық күн мен айды.
Сарғайтып сәнаменен көп жылатқан
Баянның өз әкесі Сарыбайды.
Қарабай Сарыбаймен аңға шықты, 30. Екеуі аттанды деп даңқы шықты.
Аттанып жолдас болып келе жатса,
Алдынан буаз марал аң қашыпты.
Қарабай Сарыбаймен аң қуыпты,
Қарабай жол үстінде жолығысты.
Екеуі уағда-серт сөз айтысқан,
Ерлердің бұрынғы айтқан сөзі мықты.
Мінгені Сарыбайдың көк-ті дейді,
Қарабай өз сөзіне берік-ті дейді.
– Күмәнді еді әйелім, ау, Сарыбай,
40. Атпаймын буаз марал десті дейді.
– Екеуміз жолдас болдық, ау, Қарабай,
Перзентке менде жүрмін еш жарымай.
Мен де атпаймын әйелім күмәнді еді,
Ниет қылшы аузыңа, ай, дариға-ай.
– Аузыңа Құдай ниет салған болсын,
Сөзіңе Құдай салған жалған болсын.
Біреуі ұл, біреуі қыз тапқанда,
Екеуі қияметтік алған болсын.
– Ұл болса екеуі дос қияметтік,
50. Қосқалы екі жасты ниет еттік.
Мен болсам қашатұғын ер Қарабай,
Балаңды Алла әкбір күйеу еттік.
– Сарыбай, айтқан серттен өзім тайман,
Қыз болса, менің балам даярлаймын .
Сенің балаң қыз болып, сөзді ұмытсаң,
Кетсең де жұрттан асып, һәркез қойман.
Сөзіңе Құдай салған қате болсын,
Қарабай қыз балаға ата болсын.
Қосалық екі жасты Алла әкбір,
60. Меһірі пайғамбардың бата болсын.
Бастаған әр не жолға Құдай болар,
Қара су кешсе, тұнық ылай болар.
“Көзімнен не туса да көремін” деп,
Қарабай Сарыбайға сыбай қонар.
Аллаға халықтың ісі болар ғаян,
Тоймаған топырақ жалап құрт пен шаян.
Қатыны Сарыбайдың қыз тауыпты,
Қойысты оның атын сұлу Баян.
Һәркімге бір дәурен бар ерте де, кеш, 70. Өтер бит сүрмегеннің өмірі еш.
Қатыны Қарабайдың ұл тауыпты,
Қойысты оның атын Қозы Көрпеш.
Қарабай ол күндері далада екен,
Көңілі сол күнде де балада екен.
Бір адам сүйіншіге қуып жетті,
Алысқа сапар шегіп барады екен.
Қатыны Қарабайдың ұл тауыпты,
Қуанып ауыл жаққа бай шауыпты.
Қарабай шауып келе жатқанында, 80. Ат жығылып, беттерін қан жуыпты.
Қарабай ақыретін жастаныпты,
Мекенің тарапына бастаныпты.
Қозыке ардақтаған ақыл алмай,
Атадан зор күн Тәңірі жас қалыпты.
Шешесі Қозыкенің қара салды,
Қозыке ардақтаған жетім қалды.
“Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп,
Сарыбай көңіліне сұмдық алды.
Бұрынғы өткендердің салтыменен, 90. Атаның қыз өтеді даңқыменен.
“Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп,
Сарыбай кеңес етті халқыменен.
Дабысы Сарыбайдың желдей есті,
Сұқсұрдай сұлу Баян болып өсті.
“Қызымды жетім ұлға бермеймін” деп,
Сарыбай жұртыменен тұра көшті.
Сарыбай жұртыменен көшіп кетті,
Дариясын Аякөздің өтіп кетті.
Сұлу Баян айтыпты әкесіне: 100. – Қозыке келер ме екен мұнда?,– депті.
Ауылы Қозыкенің қалды бұлай,
Баянның көңілі ауып, болды жылай.
Айрылайын деген жоқ Баян сұмрай,
Артында екі көзі кетті жылай.
Сарыбай көше қашты сұмдық ойлап,
Жылайды Баян сұмрай “ойбай-ай” деп.
Баян кетті, Қозыке бір білмейді,
Жүр екен бір күндері асық ойнап.
Кетті ғой Баян онан күдер үзіп, 110. Жылайды кейін қарап, көзін сүзіп .
Жүргенде атпақылды атып ойнап,
Кетіпті бір кемпірдің жібін үзіп.
– Өрмекті жалғай алмай көзім көріп,
Жалғармын енді мұны қашан тұрып.
Атаңның атастырған кетті жарың,
Жүгірмек, неге ойнайсың бармай жүріп?
– Шешеке, осы сөзің расың ба-ай?
Ішімнен тарқатайын құрысымды-ай.
Балалар, осы бір сөз қалай болды?
120. Ойыным ойнамасам құрысында-ай.
– Шешеке, қаз келеді атайын да,
Жылаған ғарызымды атайын да.
Болады әлде қандай сұм заманым,
Қолыңнан қуыр бидай татайын да.
Жөнелді Қозы Көрпеш ойнамай көп,
Көңіліне кемпір сөзін қылады кек.
Жылайды тыста тұрып өксіп-өксіп,
Анасы шыға келді: – Не болды? – деп.
– Бір нәрсе шырағыма болды ма-ай кез,
130. Телміртпей шақырғанда, келсейші тез.
Қолыңнан қуыр бидай, татамын, – деп,
Шырағым, сол айтқаның не деген сөз?
– Шешеке, сөз есітіп қаным қашты,
Мен жеймін, қуыр бидай, қарным ашты.
Мен тұрған айтарыңа, жазған шеше,
Бидай сап, ошақ ап кеп қазан асты.
Қозыке хан ұлынан кем демейді,
Дұшпаны сыртындағы не демейді.
Алтын табақ, күмістен қасығы бар,
140. Берсе де бидай салып бір жемейді.
Қозыке бидай жемей қарап отыр,
Шешесі сұмдықпенен тыңдап отыр.
Қараса көзін салып жазған шеше,
Баласы алдындағы жылап отыр.
– Шешеке, көңілменен қолға салсаң,
Бар болса, жаңылғаным есіңе алсаң.
Сөзімен бір кемпірдің ішім толды,
Пышақпен алтын сапты ішім жарсам.
– Шырағым, қолымменен қолға салсам,
150. Бар болса, жаңылғаным есіме алсам.
Үлкеннен қарғыс алған оңбайтұғын,
Болмас-ты, сірә, жолың қайда барсаң.
– Шешеке, еш алданба мал ғанаңа,
Барамын атам қосқан жар ғанама.
Емізген ақ сүтіңді балаң едім,
Бер сана, бидай салып қол ғанаңа.
Қозыке алданбады малдарына,
Бармақшы нағылса да алғанына.
Бейшара ана байғұс шыдамады,
160. Береді бидай салып қолдарына.
Көңіліне Қозыкенің қайғы түсті,
Баянның қасіретінен күйіп-пісті.
– Шешеке, жаңылғаның есіңе ал, – деп,
Бидайға қызып тұрған қолын қысты.
– Шырағым, енді айтайын жалғанымды,
Сол Баян атаң қосқан алғаныңды.
Жетім деп қызын бермей көшіп қашқан,
Ала алмайсың жастықтан қалғаныңды.
– Мен іздеп Сарыбайға бармай қойман,
170. Дәуренді Баянменен сүрмей қойман.
Алды-арты айтқаныңның, ә, шешеке,
Айттырып енді әркімді көзімді ойман.
– Шырағым, айналайын, барма, балам,
Сіздерге Баянды айтқан қандай адам?
Ойында жоқ нәрсені ойына салып,
Баламды бір қан жауғыр қылған алаң.
Қозыке жүген менен құрық алды,
Көңіліне сәна менен сұмдық алды.
“Баянды іздеймін” деп айтып еді,
180. Анасы “іздеме” деп ойбай салды.
– Шырағым, қайда барсаң, мен ерермін,
Мен сұмырай сенен қалып не көрермін.
Алыстағы Баянға алаң болма,
Бір сұлу жұрттан тауып әперермін.
– Шешеке, олай деме сөзің жалған,
Шаншудай құса дертке ішім толған.
Бір сұлу жұрттан тауып әперсең де,
Баяндай әкем қосқан болмас маған.
Мінгені Қозыкенің қара кер-ді,
190. Болмасын баласының енді білді.
Қозыке жүген менен құрық алып,
Қарамай алды-артына жүре берді.
Қарамай алды-артына жүре берді,
Досы жылап, дұшпаны күле берді.
Жылқыға келе салып Қозы Көрпеш,
Бозын жетіп, шұбарын ұстап алды.
Шұбарын бозын жетіп, мініп алды,
Басына бір дәуренді Құдай салды.
Кетерін баласының білгеннен соң, 200. Анасы бір сұлу қыз алып келді.
Сұлу қыз отырыпты шашын тарап,
Шешесі шыға келді алдын орап.
“Көңілім қызды көрсем, бұзылар” деп,
Тұрады анасынан ерін сұрап.
– Болар ма, балам, жолың қайда барсаң,
Болайын мен разы көңілімді алсаң.
Сол қызға Қозыкені алданар деп,
“Шырағым, үйге кіріп өзің алсаң”.
Сұмдығын анасының біліп келді,
210. Қасқайып күрек тісі күліп келді.
“Әлде қандай қыз еді үйдегі” деп,
Үйіне көзін жұмып кіріп келді.
Қозыке көзін жұмып ерін қарар,
Сұлу қыз үйде отырып шашын тарар.
– Ерің, көзіңді ашсаң, алдыңда тұр,
Шырағым, бір ашқаннан несі құрар.
– Шешеке, жалғыз едім таяуым жоқ,
Жанымды, жан шешеке, аяуым жоқ.
Көзімді ашып қарарға осы үйіңде
220. Әкем қосқан Баяндай алғаным жоқ.
– Шешекең боз інгендей зар еңірейді,
Шырағым, тыңдасайшы жұрт не дейді.
Жұртың тілеп, шешекең еңіреп жылар,
Баянға жұрттан кеткен барма, – дейді.
– Көп жұртым, естімеймін сөзіңді енді,
Тең құрбым, сірә, көрмен жүзіңді енді.
Сарыбай кеткенінде жыламаған,
Шешеке, шел қаптасын көзіңді енді.
– Қайғымен көкірекке сәна салған,
230. Сұм балам сәнаменен болған алаң.
Үйің бар алты қанат, Қозыке,
Кімге тастап кетесің, жазған балам?
Мінгені Қозыкенің көк-ті дейді,
Қозыке айтқан сертке жетті дейді.
– Алты қанат ақ үйің, ау, шешеке,
Ол менен адыра қалсын, – депті дейді.
– Қайғымен көкірекке сәна салған,
Сұм балам сәнаменен болған алаң.
Тоғай толған жылқың бар, ау, Қозыке,
240. Оны кімге тастайсың, жазған балам?
Қозыке көзден жасын төкті дейді,
Аузынан шыққан сөзге жетті дейді.
– Найзасын шатырлатқан қара қалмақ,
Ол алсын сан жылқымды, – депті дейді.
– Қайғымен көкірекке сәна салған,
Сұм балам сәнаменен болған алаң.
Тоғай толған түйең бар, ау, Қозыке,
Оны кімге тастайсың, жазған балам?
Қозыке Баянды іздеп кетті дейді,
250. Сертіне әуелгі айтқан жетті дейді.
– Тоғай толған ол түйең, ау, шешеке,
Қырылсын сарысудан, – депті дейді.
– Қайғымен көкірекке сәна салған,
Сұм балам сәнаменен болған алаң.
Тоғай толған қойың бар, а, Қозыке,
Оны кімге тастайсың, жазған балам?
Қозыке Баянды іздеп кетті дейді,
Ойлаған мақсатына жетті дейді.
“Тоғай толған қойыңыз, а, шешеке,
260. Қырылсын топалаңнан” депті дейді.
– Қайғымен көкірекке сәна салған,
Сұм балам сәнаменен болған алаң.
Оюлының он бөрі дегені бар,
Онан нағып өтерсің, жазған балам?
Қозыке айтты: – Баянға кетермін, – деп,
Мінсем жүйрік, бір күнде жетермін, – деп.
Оюлының он бөрі шықса алдымнан,
Онынан айғай салып өтермін, – деп.
– Қайғымен көкірекке сәна салған,
270. Сұм балам сәнаменен болған алаң.
Қырық бөрі қиюлының дегені бар,
Өтерсің онан нағып, жазған балам?
Қозыке айтты: – Баянға кетермін, – деп,
Мінсем жүйрік, бір күнде жетермін, – деп.
Қырық бөрі қиюлының шықса алдымнан,
Қырқынан қиқу салып өтермін деп.
– Қайғымен көкірекке сәна салған,
Сұм балам сәнаменен болған алаң.
Қара шашым шытырман шеңгел тұрар,
280. Онан нағып өтерсің, жазған балам?
Айтыпты шешесіне сертті дейді,
Қозыке айтқан сертке жетті дейді.
– Өз обалың өзіңе, ай, шешеке,
Өтермін оған салып өртті, – дейді.
– Қайғымен көкірекке сәна салған,
Сұм балам сәнаменен болған алаң.
Ен дария емшек сүтім кіріш тұтар,
Өтерсің оған нағып, жазған балам?
– Шешеке, бұ сұмдықты енді біліп,
290. Жүре алман бұрынғыдай ойнап-күліп.
Ен дария емшек сүтің кіріш тұтса,
Өтермін онан дағы кеме мініп.
– Қайғымен көкірекке сәна салған,
Сұм балам сәнаменен болған алаң.
Қарсы алдыңнан қара нар жебір шығар,
Онан неғып өтерсің, жазған балам?
Сиынып әруаққа мен түнесем,
Әкекем есіркеп жебеп жолар.
– Қайғымен көкірекке сәна салған,
300. Сұм балам сәнаменен болған алаң.
Бар ма десем тілімді һеш алмадың,
Бұл жолың оңғарылмас сенің, балам.
Ісіне Қозыкенің жұрт таң қалды,
Қолына жау- жарағын сайлап алды.
Сөздерін анасының тыңдамай-ақ,
Бозын мініп, шұбарын жолға салды.
Шұбарын, бозын мініп жолға салды,
Бір күні қоналыққа жерге келді .
Ұйқы ішінде жатқанда Қозыкеге, 310. Әкесі ертеңгі өткен аян берді.
– Ай, балам, қайт үйіңе жол көрінбес,
Сарыбай барғанменен қызын бермес.
Ата тілін тыңдамай кеткен бала,
Жолынан аман қайтып үйін көрмес.
Әкесі Қозыкеге бата бермес,
Ата тілін баласы жақсы көрмес.
Қозыке ажал айдап бара жатыр,
Алланың құдіретін адам білмес.
– Әке-еке аман-есен бол-ай, – деді,
320. Біздерге жәрдем болсын Құдай, – деді.
Батаңды бермесең де, жолын сілте,
Тұрлауы Сарыбайдың қалай? – деді.
– Көрерсің қырық бір күнде Аягөзді,
Тілімді алмай барасың Баянды іздей.
Аягөзді бағыпты ақсақ кемпір,
Сол кемпірден білерсің анық сөзді.
Баласын жөн батамен қоя берді,
Қозыке “Құдай-ай” деп жүре берді.
Қырық бір күндер болғанда, бір заманда,
330. Алыстан бір жұлындай түтін көрді.
Қуанып мұны көріп қатты желді,
Шұбарға қамшы басып жетіп келді.
Лашықтан бір кемпір шыға келді,
Кемпірге қол қусырап сәлем берді:
–Ассалаумағалейкүм, ене-ай, – деді,
Арыған мен шалынғанға қиын-ай, – деді.
Ноғайлының ауыл-жұрты болып еді,
Азып-тозған жас ұлан мен-ай, – деді.
– Уағалейкүмассалам, бала-ай, – деді,
340. Айдаса Тәңірім сені қалай, – деді.
Қырық күншілік шөлайттан, алыс жерден,
Жолдассыз нағып келдің, қалай? – деді.
– Енеке, қайда бармас қан айдаған,
Татпайды тұзды қайдан дәм айдаған.
Дәмің болса, бер сана, жан енеке,
Мен бір мұңдық бейшара Тәңірі айдаған.
– Жоқ еді осы үйімде дәм-ай, – деді,
Ай, балам, не берейін кәні-ай, – деді.
Атың арық болыпты, жүзің сарық,
350. Баласы көргендінің Тәңірі-ай, – деді.
Қозы Көрпеш келеді уайым жеп,
Кемпір сөзі көңіліне болды жұп.
Кемпірден әдіспенен сөз сұрайды,
– Сары атан ерні сетік көрдің бе-ай? – деп.
Кемпір айта тұрады: “Жол болсын!” деп,
Қозы Көрпеш тұрады: “Мол болсын!” деп.
– Ерні сетік сары атан дегеніңіз
Қайын атаң Сарыбай болмасын, – деп.
Қозы Көрпеш таң қалды “Сөзін-ай деп,
360. Қалай тура келеді кезін-ай” деп.
Кемпірден әдіспенен сөз сұрайды:
– Құба інген сылаң аяқ көрдің бе-ай? – деп.
Кемпір айта тұрады: “Жол болсын!” деп,
Қозы Көрпеш: “Мол болсын!” деп,
– Сылаң аяқ құба інген дегеніңіз
Қайын енең,құба кемпір болмасын, – деп.
Қозы Көрпеш тұрады “Сөзін-ай” деп,
Сөзі қалай келеді кезін – ай” деп.
Кемпірден әдіспенен сөз сұрайды,
370. – Нар тайлақ жез бұйдалы көрдің бе-ай? – деп.
Кемпір айта тұрады: “Жол болсын!” деп,
Қозы Көрпеш тұрады: “Мол болсын!” деп.
– Жез бұйдалы нар тайлақ дегеніңіз
Алғаның сұлу Баян болмасын,– деп.
Қозы Көрпеш разы жолын- ай көп,
Кемпірге қарай салды “Сөзін-ай” деп.
– Енеке, уәлі ме едің, дайыр ме едің,
Тағы да айтшы әлгі сөзіңді- ай,– деп.
Бұл кемпір тағы да айтты сол Баянды,
380. Қашқаны Сарыбайдың халыққа аян-ды.
Баянды айтып еді, Қозы Көрпеш
Бүйірін ойбай-ай деп бір таянды.
– Енеке, арып-ашып мен де келдім,
От жағып, үй тіккенге ел деп келдім.
Су берші бір тостаған тым болмаса,
Шөләйттен қырық күншілік шөлдеп келдім.
– Ай, балам, тыңдамайсың мені-ай,– деді,
Су берсем ішермісің сен- ай,– деді.
Су түгіл сүт саумалды ішпейтұғын
390. Қозыке Қарабайдың сен- ай,– деді.
– Ішермін су да болса, азған ұлмын,
Енеке, арып-ашып тозған ұлмын.
Сарыбай алғанымды алып қашты,
Іздеген Сарыбайды жазған ұлмын.
Ауылы Аягөздің бойында-ды,
Баянның Қозы Көрпеш ойында-ды.
Көзін тұтып сенің үшін көп жылаған
Обалы әкесінің мойында-ды.
– Мен іздеп Сарыбайды болдым сарсаң,
400. Адам нағып болайын қайда барсам.
Үйіне ала қайтар ем қайтарымда,
Жолына Сарыбайдың мені салсаң.
– Сөйлейсің Баянды айтсам жылай, – деді,
Сүрлеуі Сарыбайдың бұлай, – деді.
Шырағым, жолың алыс,өзің жалғыз,
Біледі қайтарыңды Құдай, – деді.
– Біледі қайтарымды Құдай, – деді,
Сергелдең Құдай мені қылды-ай, – деді.
Қолыңнан су да болса, дәм татып ем,
410. Өзің де аман-есен бол- ай, – деді.
– Сүрлеуі Сарыбайдың солай, – деді,
Мұңлығым оңғарылсын жол-ай, – деді.
Жаман сөзің жоқ екен, жарықтығым,
Өзің де аман-есен бол-ай, – деді.
Ісіне Сарыбайдың күйіп-пісті,
Жүрісі боз шұбардың желдей есті.
Қозыке күн-түн қатып тынбай жүріп,
Бір шоқ біткен терекке келіп түсті.
Түсті де ат байлады Шоқтерекке,
420. Жүрек лоблып симайды көкірекке.
Жүрегі лобылғаннан шыдай алмай,
Қарайды қырға шығып төңірекке.
Қозыке Шоқтерекке ат байлады,
Бір бала атқа мінген түйе айдады.
Күйеу аты секілді көрінгенге,
“Жездекем бола ма” деп ой ойлады.
Баянның бала келді жеңгесіне,
Бұлардан аңғартпайды өңгесіне.
Баянның жатса-тұрса көңілінде екен, 430. Қозыке болмасын деп келді есіне.
– Болсайшы ол айтқаның Қозыкежан,
Ол мұнда нағып келсін есен-аман.
Қосылып Қозыкемен дәурен сүріп,
Маған да болар ма екен ондай заман.
– А, бикеш, осы сөзің жора болғай,
Жіберші Шоқтерекке барсын торғай,
Көк етік сүйіншіге беремісің,
Сол кісі Құдай оңдап күйеу болғай.
– Жеңеше, ол кісіге өзің барсаң,
440. Әлі күдер үзбеген мен бір сарсаң.
Ол адам Құдай оңдап күйеу болса,
Көк етік адамға айтпай өзің алсаң.
– Жарасар ақ отауға тұтқан шилер,
Мен барсам, торғай бармай, кадік илер.
Барып-келіп жүргенде, көре қойса,
Әлдеқандай қылады Қодар билер.
– Жеңеше, кім барса да тіліңді алсын,
Терекке олай болса торғай барсын.
– Қоймайсың айтасың да Қодарыңды,
450. Сол құлың ойбай шұнақ адыра қалсын.
Қонады Шоқтерекке торғай барып,
Қозыкені көреді көзін салып.
– Жарқыным, жоқшымысың, күйеумісің,
Болыпты атың арық, жүзің сарық.
– Атым арық болғаны – түндер қаттым,
Жүзім сарық болғаны – дертім қатты.
Жоғым білсең, айтайын, жаным торғай,
Сарыбайдың қызы еді Баян атты.
– Жарыңның ойнап-күліп көңілін аула,
460. Сұм дүние өтіп кетер күн санаулы.
Ауылдың бергі шеткі ақ отауы
Сарыбайдың қызы еді Баян аулы.
Сарыбай күн-түн қатып қуып жетті,
Дариясын Аягөздің көктей өтті.
– Жігітім, сенің жолың болар, – дейді,
Ел жеңгеңнен басқасы тоғай кетті.
Қозыке тілін білді ол торғайдың,
Құдіреті сондай күшті бір Құдайдың.
– Жеңгеңе сүйінші бер, достым Баян,
470. Ол екен Қозы Көрпеш Қарабайдың.
Сарыбай көшіпті де ол кетіпті,
Қозыке өсіпті де ер жетіпті.
Жеңгеңе сүйінші бер дегенінде,
Шешіпті қуанғаннан көк етікті.
– Есімді Қозыке үшін жаңылып ем,
Әкеме мұнша қашып, не қылып ем.
Жеңеше, күйеуіңді алып келші,
Көп болды көрмегелі, сағынып ем.
Қозыке айлық жолдан арып келді,
480. Ат арықтап, жүздері солып келді.
Баян сүй деп айтқан соң, ол жеңгесі
Кешке таман барды да алып келді.
Қозыке алып келді, үйге кірді,
Құдайға сұлу Баян шүкір қылды.
Көрген соң Қозыкенің есі кетті,
Тұра алмай орынынан үш ұмтылды.
– Баян-ау, келші бермен, сағынып ем,
Есімді күніне бір жаңылып ем.
Ұмытып уағыдасын, мұнша қашып,
490. Әкеңіз Сарыбайға нағылып ем?
Әкеміз жаста сізді күйеу етті,
Балаға жетім қалған қиын етті.
Шырағым-ай, жатсам-тұрсам көңілде едің,
Көрген соң ақ жүзіңді есім кетті.
– Әкеміз жаста бізді күйеу етті,
Балаға жетім қалған қиын етті.
“Біреуді алғанынан айырдым” деп,
Сарекең ойламай ма екен қияметті.
Баянда ойын да жоқ, күлкі де жоқ,
500. Көңілінде жатса-тұрса уайымы көп.
“Біреуді алғанынан айырдым” деп,
Ақырет сол әкемнің ойында жоқ.
– Әкеңе мен не қылдым мұнша қашып,
Әреңдеп қуып жеттім арып-ашып.
Екеуі сағынысып қалған екен,
Жылайды өксіп-өксіп құшақтасып.
Басымен кешегі айдың іздеп едік,
Құба жон құлазыған түзге келдік.
Баян-ау, өксігің бас, шерің тарқат,
510. Білдік де сағынғаның, сізге келдік.
– Арымай аман-есен жүрген сіз бе ең,
Сен келдің күн-түн қатып құла түзден.
Жылаймын сағынғаннан, әй, шырақ-ай,
Жаманның ісі болар күдер үзген.
– Әкеңе мұнша қашып мен не еткенмін,
Жалғызбын, жолдасым жоқ, қолғанат кім?
Белімнен қатты қысып құшақташы,
Дертіңе ыстық етің болады ем.
– Дертіңіз болды ма екен бізден үлкен,
520. Өлместей болып алдық құса дерттен.
Беліңнен қатты қысып құшақтасам,
Ет ыстығы жаман-ды жанған өрттен.
– Қодар құл мұны білсе, шыдар ма екен,
Бұл елден бізге жолдас шығар ма екен?
Беліңнен қатты қысып құшақтасам,
Қабырғаң солқылдайды, сынар ма екен?
– Бұ дүние өтетұғын бәрі жалған,
Дәуренді армандады сүрмей қалған.
Баян қысып қабырғам сынбақ түгіл,
530. Омыртқам қабат сынсын онан әрман.
Қозыке Баянменен жасы құрдас,
Екеуі Құдай қосқан болды сырлас.
Қозыке сағынғанын білді Баян,
Таң атты, торғай шырлап әркез тұрмас.
Қозыке арып-ашып түзге қонар,
Бастары жүрегінің шерге толар.
– Күн түс болды, шырақ-ай, тұралық та,
Енді жатсақ, жұртыңнан ұят болар.
– Әркімге бір дәурен бар ертелі-кеш,
540. Өтер бит сүрмегеннің өмірі еш.
Көзімді жиын жаққа мен салайын,
Қадір тұт дәулетіңді, жаным бикеш.
– Бір адам жиын жақтан келе жатыр,
Әліжаппар болмасын Қодар кәпір.
Атаңның бір күндері азаты еді,
Би болған азат болып заман ақыр.
– Жиыннан қайтқан болса, келе жатыр,
Алаңдап әр кісіден қорқып бекер.
Атаңның бір күндері азаты екен,
550. Ол құлың келгенменен бізге нетер.
– Құдайдан бұйрық болса, қазаң жетер,
Жау емес жалғыз сенің шамаң жетер.
Көрген соң Қозыкені шыдай алмас,
Сол кәпір келгеннен соң мазаң кетер.
– Келеді жиын жақтан Әліжаппар,
Күн қайда әлің жетер заман ақыр.
Сол шіркін келгеннен соң мазаң кетер,
Тұрып бақ жылдамырақ күйеу пақыр.
Соншама Әліжаппар Қодар келді,
560. Жатқанын Қозыкенің көзі көрді.
Талағы тарс айырылып мұндар құлдың,
Кісіге жиындағы хабар берді.
– Бұл елді біз кеткен соң жау шауыпты,
Көңілі қыз Баянның жай тауыпты.
Кешегі алып қашқан қызың Баян,
Сарыбай, Қозыке атты бай тауыпты.
Сарыбай әлі шықпай нағып отыр,
Сыртынан төрт-бес кісі бағып отыр.
Түндігі ақ отаудың жабулы тұр,
570. Құшақтап Қозыкені Баян жатыр.
Қодардың мұны көріп іші күйді,
Кісінің астан қайтқан бәрін жиды.
Сайланып жау-жарағын киіп алып,
Қамайды тоғыз қабат жатқан үйді.
– Кісілер жиындағы келді жиын,
Көресің, жетім байғұс, үлкен ойын.
Ойласам, ойдың түбі ойран болар,
Кім жалғыздың басына болды қиын.
Көп біріксе жалғыздың есі кетер,
580. Баянды ұрар, өзгенің несі кетер.
Құдай-ау, шұбар жорға ат болсын нияз,
Қозыке күн бар болса есен кетер.
– Қорлады тоғыз қабат ақ отауға,
Қалдың ғой жетім байғұс үлкен дауға.
Қодарды осындайда атып өлтір,
Сен Қодардай таппасың үлкен жауды.
– Айтсам да осыншақты тіл алмайсың,
Тілімді қанша айтсам бір алмайсың.
Қодарды қолың боста атып өлтір,
590. Құлдан зиян көрерің біле алмайсың.
– Жетті ме құлдан ажал ғаріп жанға,
Күнінде қан жете алмас аққан қанға.
Түспеген айтып зор күн Тәңірі-ай,
Басымды қайдан қостым бір аңқауға.
– Қайғымен қара көздің жасы жосты,
Шырағым, қаша алмадың басың боста.
Түспеген айтса сөзге ойбай Тәңір-ай,
Басымды [бір] аңқауға қайдан қосты.
– Шырағым, сонша жерден неге жүрдің?
600. Бітіпті күйдірерге бауыр-сыртың.
Бір жетім ел ішінде жүрмей ме екен,
Болмай ма есіркесе елі-жұртым?
– А, жазған, сонша алыстан неге келдің,
Мен бейбақ ажалыңа себеп болдым.
Бір жалғыз ел ішінде жүрмей ме екен,
Нетеді есіркесең жетімді, елім?
Қодар құл осы жұртты билейді екен,
Бұл құлға бөтен адам тимейді екен.
Жалынып елі-жұртқа жыласам да,
610. Құдайым көзім жасын имейді екен.
Құдайым әлі көзімді ашпайды екен,
Тағы да бір сұмдыққа бастайды екен.
Сағынып, сарғайғанда көріп едім,
Басымды елі-жұртым қоспайды екен.
Бұлбұлдай Баян сұлу сайрап отыр,
Пышағын өлтіргелі қайрап отыр.
– Қашсайшы өлмей тұрып жылдамырақ,
Өлімге сен байғұсты байлап отыр.
Қозыке сол арада тұра қашты,
620. Артынан сұлу Баян арақ шашты.
Қараңғы үйдің іші тұман болып,
Бір-бірін күтушілер пышақтасты.
Қозыке көптен қорқып қашып кетті,
Жөнелді ырғып міне күрең атты.
Баянды алмай кетпен деп жазған байғұс,
Баяғы Шоқтерекке барып жатты.
Қозыке қорыққаннан қашып кетті,
Ырғып міне жөнелді күрең атты.
Артына бір ала атқа міне қуып, 630. Жете алмай Әліжаппар қайтып кетті.
Қодар құл ұстай алмай ғапыл болды,
Айырылып Баян жазған ақыр қалды.
Зар жылап Баян байғұс отыр еді,
Торғайы жетіп келді асыранды.
Айрылып Қозыкеден Баян қалды,
Теректен торғай досты іздей барды.
Қайтып келе жатқанда бейшараны,
Баянның жау жеңгесі ұстап алды.
– Бір сұмдықты қыласың бүйтіп жүріп,
640. Қозы Көрпеш Баянның тілін біліп.
Бүгінгі көргеніңді айт маған, – деп,
Ұрып-соғып сұрайды жүнін жұлып.
Торғайды айырылмастай ұстап мықты,
Тамам жүнін жұлды да, байғұс қыпты.
Төбе жүнін жұлғанда, шыдай алмай,
“Апам Баян Шоқ” деді де, жаны шықты.
Төбе жүнін жұлғанда торғай өлген,
Баянға жақ кісі жоқ бір тайпа елден.
Торғайының өлгенін білмей Баян, 650. Жүгіріп жеңгесінен сұрай келген.
– Басыңды нағып жүрсің бұрмай, – дейді,
Көрінсін өз басыңа сұмырай, – дейді.
Шашыңды жалбыратып жетіп келдің,
Бар болса бұйымтайың сұра, – дейді.
Боз үйге кіріп келдім көйлегім кір,
Сегіз тал алтын айдар шекеме бүр.
Жеңеше, айналайын торғайым бер,
Ағамен өле өлгенше дәуренің сүр.
– Бермеймін торғайыңды, жаным бикеш,
660. Күйеудің жатқан жерін адам білмес.
Торғайдың жүнін жұлып сөз сұраймын,
Қайда, – деп, – осы күнде Қозы Көрпеш.
– Білмей ме жұрт әуелі жатқан жерін,
Бермесең торғайымды қалар көңілім.
Жеңеше, маған өкпең болған жоқ-ты,
Торғайды қолындағы берші бермен.
– Торғайды бұл жеңешең ұстап алған,
Сөзімде өтірік қалет жоқ-ты жалған.
Өзіңе тірі болса берер едім,
670. Торғайың әлдеқашан өліп қалған.
– Торғайға, жан жеңешем, ажал шықты-ай,
Баянның күні кешер жылай-сықтай.
Түгел жүнін жұлдың да, түк қоймадың,
Торғайдың көтере ме, жаны шықпай.
Қазасы торғайымның келді сенен,
Ал, жеңгем, қалағаның тағы менен.
Деседі бізге лайық көрген жандар,
Келіп пе қыз таба алмай соншама елден.
– Келеді Қаратаудан Қозыке асып,
680. Күйеумен табыса көр болжалдасып.
Артыңнан Әліжаппар қуып жетер,
Қосылып Қозыкемен кетпе қашып.
– Сол болса өсиетің, қабыл алдық,
Сен болсаң туған жеңгем қылдың жаулық.
Жеңеше, айналайын, бер торғайым,
Берместей бір торғайды біз нағылдық?
– Өлтірдім торғайыңды жүнін жұлып,
Жүрсің бе қашайын деп көзің күліп.
Бикешім ардақтаған қашып кетсе,
690. Өлтірер мен байғұсты жұртым біліп.
– Біздерге күлсе күлсін күлген адам,
Бұл жайды неге күлсін білген адам.
Жігіттер бізбен теңді үйленіпті,
Өтер бит бізден күліп өтті заман.
– Ой, бикеш қашты деген аты жаман,
Қашып барып үйленген қандай адам.
Қашамын деп қоймайсың құрып қалғыр,
Сен қашсаң да қояр ма Қодар ағаң.
– Жеңеше, не қылғанмын Қодарыңа,
700. Жылқышы жылқы баққан соларыңа.
Екі сөздің бірінде Қодар дейсің.
Қодардың қолыңды апкел өлеріне.
– Әрине, ақыр өлер тірі жүрмей,
Бір күні ажал жетсе тілге келмей.
Қашамын-ау, қашамын деп қоймайсың,
Әкең менен шешеңнің көңілін көрмей.
– Әкемнің, шешеменен көңілі қандай,
Әуелі атастырған жарға бермей.
Жұртымның қылған ісі мынау болса,
710. Жеңеше, мен де өлермін тірі жүрмей.
– Аһ, бикеш, жас басыңнан неге өлесің,
Дүниеден жасыңда өліп не көресің.
Басыңа сап-сау тұрған өлім тілеп,
Күнәні азын-аулақ өңгересің.
– Жеңеше, сенің өзің күнә білдің,
Торғайды күнә білсең, неге жұлдың?
Жеңеше, тірі болса, торғайым, бер
Сіңіліңді аямастай мен не қылдым?
– Аһ, бикеш, торғайыңды ұрғаным жоқ,
720. Жүнін жұлдым, һешнәрсе қылғаным жоқ.
Көңілімді қалдырғансың қатты, бикеш,
Көргелі сұм жүзіңді тұрғаным жоқ.
– Көрмесең көрге түсші, ол да ар маған,
Торғайым өлтіргенің болар маған.
Жаулық қылып өлтірдің сырласымды,
Жүзімді көрмек түгіл кет садағам.
– Келдің бе меніменен ұрысарға,
Мен мұндай қайдан қалдым бейілі тарға.
Ішінде осыншаның садағам деп,
730. Жұртым-ау, мен не қылдым осы қарға?
– Жеңеше, бикешпін деп наз қылдым ба?
Өлтірдің торғайымды, аз қылдың ба?
Бір торғай елі-жұртым емес еді,
Айырып мұңдасымнан жазғырдың ба?
Баянның осы күнде күні солды,
Қайғы мен қасіретке іші толды.
Жанбай жалын, күймей шоқ дегендейін,
Тірі тұл осы күнде Баян болды.
– Боз торғай “Шоқ” деп өлді біздің, – дейді,
740. Қодар құл үйде отырып күлімдейді.
Торғайдың шоқ дегені – “Шоқтерек” деп,
“Барлық жұрт, жиылып, жүрің” дейді.
Қодар құл Шоқтеректен іздеп келді,
Күйеудің жатқан жерін көздеп келді.
Келгенде абайламай жазған байғұс,
Қодарға қол қусырып сәлем берді.
Мінгені Қозыкенің күрең ат-ты,
Түбінде Шоқтеректің күйеу жатты.
Қайнағам деп сәлемді бергенінде, 750. Шұнақ құл қолы сыңғыр нағып атты.
Оқпенен керіп алып атты дейді,
Денелеп оқ жүректен тапты дейді.
Бейшара дәмі жеткен жазған байғұс,
Сол жерде жер құшақтап жатты дейді.
Қозыкені өлтіріп Әліжаппар,
Мойнынан басын кесіп алды дейді.
Бастарын Қозыкенің алды кесіп,
Байлады қанжығаға ернін тесіп.
“Сарыбайдың күйеуі болармыз” деп, 760. Келеді жолдасымен әзілдесіп.
Келеді Сарыбайға Қодар өзі,
Баян жаққа қарайды екі көзі.
Қозыкені өлтіріп, көңілі тынып,
Қодар құлдың, мінеки, айтқан сөзі:
– Сарыбай, Баян қызың байлы болған,
Байлы болған қызыңыз сайлы болған.
Шоқтеректің түбінде күйеу жатып,
Теректің түбі құтты майлы болған.
Қырық кісілік қуат бар бізде – дейді,
770. Қозыкеге жолықтым түзде, – дейді.
Баян қызың Қозыкені көрсінші, – деп,
Басын кесіп ап келдім сізге, – дейді.
Дүниесін тастап кетті көзге салмай,
Арманда жар төсегін төрге салмай.
– Ал, байыңның басы, – деп тастағанда,
Баян жайды етегін жерге салмай.
Жарлығы Құдайымның тастан қатты,
Бір шыбындай ғаріп жан балдан тәтті.
Құры басын құшақтап сұлу Баян,
780. Орнынан қозғалмастан үш күн жатты.
– Аһ, Баян, жарықтығым, тұршы, – депті,
Баян тұрмай жылайды мұңы көпті.
Жұрттан таңдап бір жігіт алып келіп,
– Қозы Көрпеш қояйын атын, – депті.
– Өлгенін Қозыкенің білген едім,
Ұл туар Қозыкедей кімнен дедім.
Борышын елі-жұрттан іздегендей,
Қайымаған бурадан інген бе едім.
– Әкекей, ардақтаған балаң едім,
790. Балаңды жанған отқа салар ма едің.
Өлтіртіп Қозыкені Қодарыңа,
Енді өзің Баян сұмды алар ма едің?
Баянға жаман істі Баян қылды,
Өлтіріп Қозыкені көңілі тынды.
Қозы Көрпеш маған жоқ, ай, әкеке,
Өзің алмай қайтесің Баян сұмды.
Баян байғұс күйікке шыдамады,
“Алармын” деп Қодар құл қуанады.
Қозыкені өлтірдің, ай, Әлеке, 800. Енді мені сен алмай, кім алады.
Өп-өтірік киінген Қодар бопты,
Қара құстай айналып қайтып кепті.
Баян сүйдеп айтқан соң Әліжаппар,
– Шырақ Баян, не дейсің маған? – депті.
– Өлтірдің Қозыкені, нешік жансың,
Өтірік жоқ сөзімде маған нансаң.
Қозыкені өлтірдің, Қодар батыр,
Енді мені қор қылмай өзің алсаң.
Қодар сұм мұны айтқан соң күлімдейді,
810. Баянның алдағаны білінбейді.
Қозыкені қоялық, көрсет десе,
– Жылдамырақ баралық, жүрің, – дейді.
– Мен бір қолқа салайын, тілімді алсаң,
Өтірік жоқ сөзімде маған нансаң.
Қозыкені көмелік таза жуып,
Ақ некелеп Баянды өзің алсаң.
Ішінен зар жылайды Баян пақыр,
Қыздың тілін алады Қодар батыр.
Бір түйеге кетпен мен месін теңдеп,
820. Атқа мініп екеуі келе жатыр.
Қодар сұм сол Баянды икемдейді,
Бұрылып ақ бетінен сүйсем дейді.
– Ойтаң-ойтаң жер келді, ойбай Баян,
Кел сүйіссек қайтеді, бикеш, – дейді.
– Шоқтерекке, Әлеке, келдік жуық,
Зорлай берсең, кетпес пе көңілім суып.
Ойнар күнің ілгері, Қодареке,
Қозыкені қоялық таза жуып.
Құдай-ау, іс бар екен мұндай-мұндай,
830. Келеді Баян байғұс жылай-жылай.
Көзде жас, ішінде от, зор көз, Тәңір-ай,
Жетеді Шоқтерекке Баян сұмрай.
Келеді ғой Шоқтерекке Баян пақыр,
Болады сол арада заман ақыр.
Зар жыламай нағылсын сұмрай Баян,
Қозыке арыстандай болып жатыр.
Көрген соң Қозыкені аттан ұшты.
Басы жоқ, құр денесін барып құшты.
Баянның зар еңіреген дауысымен 840. Айналып әуе аспан жерге түсті.
Баянның іші-бауыры күйіп-жанды,
Не болғанын білмейді, есін танды.
Қозыкені құшақтап біраз жатып,
Есін жиып ойланып демін алды.
Әлекем атқан екен ақша қуды,
Баянға қуды көріп зор күн туды.
Енді мұны көмелік таза жуып,
Әлекем, бұл құдықтан әпер суды.
Құдайдың өзі қылды мұндай істі, 850. Баянның іші-бауыры күйіп-пісті.
Бұл қыздың алдауына еріп Қодар,
Беліне арқан байлап суға түсті.
Қодарды алдап-сулап суға салды,
Толтырып тоғыз месті тартып алды.
Керек суын шығаріп алғаннан соң,
Аузынан ғарыз сөзін сұрай қалды.
Қодар құл байқамады көп айланы,
Сұмдыұты Баян жазған бек ойлады.
Құдықтың аузына жақындатып 860. Арқанды бір ағашқа нық байлады.
Арқанды бір ағашқа байлай салды,
Қодар құл “тарта көр” деп ойбай салды.
Қодардың тулағанын қызық көріп,
Бетіне Баян Сұлу қарай қалды.
Әлекем Қозыкені керіп атты,
Қозыке керіскедей болып жатты.
“Мені сүйер аузың қайсы?” десе,
“Мінеки” деп құл ернін қимылдатты.
Қодар құл Қозыкені керіп салды, 870. Қозыке керіскедей болып жатты.
– Мені сүйер аузың осы ма? – деп,
Ырбайтып жоғары ернін кесіп алды.
Құдықта Қодар батыр күрсінеді,
Мұндарға мұнан жаман қылсын еді.
– Аямайсың, ашпайсың, қатты ойнайсың,
Ойнауың сенің, Баян, құрысын, – деді.
Сарыбай жұртыменен көше қашты,
Қозыке іздеймін деп арып-ашты.
– Мені көрер көз кінәң осы ма? – деп,
880. Арқанын тартып тұрып пышақ шанышты.
– Бәлеңді өз басыма салдым, – дейді,
Қор болып абайсызда қалдым, – дейді.
Қу Баян қылмақшы едің, қылдың, – дейді,
Өшіңді, бақытты қара, алдың, – дейді.
– Теріңді теріскері соярмын да,
Сен құлмен дәурен сүрмей қоярмын да.
Жанып тұрған шырағым сөндіргенсің,
Көзіңді мұнан жаман оярмын да.
Қайғырып Қозыке үшін бүгілгенмін,
890. Жанымнан бір шыбындай түңілгенмін.
Өзіңе өз қылғаның мен қылғанмын,
Шұнақ құл, сенен артық не қылғанмын.
– Бүйткендей мен не қылдым, ойбай Баян,
Һәркімнің қылған ісі Құдайға аян.
Құдықтан бір шығаріп өлтірсейші,
Жейді ғой мұнда жатсам жылан-шаян.
Іштері қанды болсын бұл құдықтың,
Өлгендей әлі саған не қылыппын?
– Қозыкені өлтірдің күнәсі жоқ,
900. Бұ да саған аз болды жаның шықсын.
– Не қылайын деп едің мұнан артық,
Енді мен өлмеймін бе мұнда жатып.
Алмақ түгіл қасыңа жоламаймын,
Арқанмен шығаріп ал жылдам тартып.
Пышақты шұрқылтайдан құлға салды,
Жеткізіп жетесіне былғап алды.
“Шырағым, Қозыкежан, разы бол” деп,
Қанынан қолын тосып ұрттап алды.
Баянға, Қозыкемен обал қылды,
910. Өлтірген Қозыкені Қодар құл-ды.
Қозыкеге үш күндік өмір тілеп,
Құдайға сұлу Баян бек зар қылды.
Бір адам ақ шалмалы іздеп келді,
– Бек зарландың, тілегің тіле, – деді.
Аузы күйген бейшара, жазған Баян,
Тілегін көп тілемей, аз тіледі.
Бар ма екен бір Құдайға ғарыз жеткен,
Рас болса сұм Баянды аяп кеткен.
Баян мен Қозыкені аяғаны – 920. Үш күндік Қозыкеге жан тербеткен.
Үш күндік Қозыкеге өмір берді,
Армансыз үш күн, үш түн дәурен сүрді.
Үш күні уағыдалы өткеннен соң,
Құдайдың аманатын қайтып берді.
Қозы Көрпеш Баянның болған жайы,
Түрленіп бәйшешектей солған жайы.
Қозы Көрпеш өлгенде Баян да өлген,
Һәркімнің сондай болсын алған жары.
Мінгені Қозыкенің бсеті екен-ді, 930. Тіккені Баян Сұлу кесте екен-ді.
Қозы көрпеш өлгенде Баянда өлді,
Құдайымның бұйрығы күшті екен.
Бұйрығы Құдайымның күшті екен,
Көнбейді Құдай салса не іске бенде.
Қозыкеден сол Баян нағып қалсын,
Екеуін аттастырған іште күнде.
Суреті Аягөздің тұсында тұр,
Қабыры екеуінің қасында тұр.
Өтірік-рас екенін кім біледі, 940. Шырылдап боз торғайы басында тұр.
Осындай Қозыекенің жайы ғана,
Көзімнің таусылды ғой майы ғана.
Жамағат, енді бізді айып етпе,
Қозы Көрпеш Баянның байығаны.
ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР
ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРГЕ ТҮСІНІКТЕМЕ
“Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жыры
“Қозы Көрпеш – Баян сұлу” – түркі халықтарының ерте замандардан жеткен аса көркем ғашықтық жырларының бірі. Эпостың бірнеше версия, нұсқалары қазақ арасына кең тарап, ел-жұрттың сүйікті туындысына айналған. XІX ғасырда Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже т.б. ақындар дастан оқиғасын өздерінше жырлап, халыққа жеткізген. Бұлардың ішінде ең көп тарағаны Жанақ нұсқасы. Дастанның ілкі нұсқаларын ел арасынан жинап, хатқа түсіргендер: Г.С.Саблуков (1830), Ғ.Дербісәлин (1834), А.Фролов (1841), Ш.Уәлиханов (1856) сынды фольклор жанашырлары. П.М.Путинцев жырдың мазмұнын орыс тіліне аударып бастырады (1856). Сондай-ақ В.Радлов жырдың бір нұсқасын жазып алып, “Түркі халықтары әдебиеті үлгілері атты” жинағының 3-томына енгізген (1870). Бұдан соң Н.Н.Пантусов, Е.З.Баранов, Р.Ш.Әбдрахманов т.б. зерттеушілер жырды орыс тіліне аударып жариялады. Ақын Г.Н.Тверитин орыс тіліне тұңғыш рет өлеңмен аударып бастырған болатын11. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жыры 1878 жылдан 1909 жылға дейін Қазан қаласында сегіз мәрте қайта басылып, жеке кітап болып жарық көрді22. Аталмыш жыр 1925 жылы Мәскеуде (Жанақ нұсқасы), 1936 жылы М.Әуезовтің атсалысуымен Алматыда шығарылды. Содан бері “Қозы – Көрпеш – Баян сұлу” дастаны бірнеше рет өз алдына жекелей және фольклорлық жинақтардың құрамында жарияланып келеді33. Дастанның көркем үлгілері 2002 жылы Астана қаласында басылып шықты44. Жинақ екі бөлімнен құралған. Бірінші бөлімге жырдың таңдаулы нұсқалары енсе, екінші бөлімге ғылыми зерттеулер топтастырылған. Сондай-ақ “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының бір нұсқасы 2003 жылы Мәскеу қаласында “Қозы Көрпеш – Баян сұлу. Қыз – Жібек: Казахский романический эпос” деген атпен екі тілде (қазақ, орыс) және “Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырының нұсқалары” деген атпен 2005 жылы Алматыда жарық көрді55. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының сюжеті бойынша “Махаббат поэмасы” атты кинофильм түсірілді. Қазір ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында жырдың жиырмаға жуық варианты сақтаулы. Оның ішінде И.Н. Березин, Шөже, Қ.Мейірманұлы, М.Ж.Көпеев, Н.И.Ильминский, Д.Айтбаев, В.В.Радлов, Б.Белгібаев, Г.Н.Потанин, Н.Пантусов нұсқалары бар. Олардың әрқайсысына ғылыми сипаттама берілген66. Жырдың сюжеті қазақтан басқа башқұрт, ұйғыр, якут, телеуіт, барабы татарлары т.б. түркі халықтарының ауыз әдебиетінде сақталған. Кеңестік дәуірде “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жыры жайында көптеген зерттеу еңбектер жазылды. М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаев, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, Н.Смирнова сынды ғалымдар жырды арнайы зерттеп, қазақтар арасында оның қанша варианты бар екендігіне тоқталады. Жырдың шығу мерзімін мөлшерлейді. Содан бері дастан сюжетінің қандай өзгерістерге ұшырағандығын көрсетеді. Аталған жырдың қазақ нұсқаларын башқұрт, барабы татарлары, алтайлықтар мен ұйғырлар арасында айтылатын үлгілерімен салыстырып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарына назар аударады. Көркемдік ерекшеліктерін айта келе, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың ертеден келе жатқан ескерткіш мазары туралы да байыпты пікір білдіреді77. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жыры Қытайда тұратын қазақтар арасына да кең тараған. Фольклорлық үлгілерді жинап, бастырушы О.Егеубаевтың берген мәліметіне қарағанда, түп сюжетті алғаш жаңғырта, байыта жырлап, ел арасына таратқан шығыс түркістандық ақын – Дәуіт Отарбайұлы. Дәуіт нұсқасы 2000 жылы Қытайда “Қазақтың ғашықтық жырларының” 7-томында жарық көрсе, сол жылы Қазақстанда Ұлы эпостың 1500 жылдығына орай М.Жолдасбеков, С.Қасқабасовтар құрастырған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” атты кітапқа және 2006 жылы “Бабалар сөзі” сериясы бойынша жарияланып жатқан жүзтомдықтың (Қытай қазақ фольклоры) 26-томына енді88.
Шоқан нұсқасы. Бұл нұсқаны қазақтың ұлы ғалымы – Шоқан Уәлиханов Жанақ ақынның айтуы бойынша жазып алған. Жырдың қолжазбасы Санкт-Петербург қаласындағы Шығыстану институтында (П. №2) сақтаулы. (Инв. № 4043) Шығарма араб әрпінде жазылған. Көлемі – 86 бет. Өлең жолдары әр бетке бір қатардан орналасқан. Көшірушісі – Андрей Фролов. Қолжазбаның ішкі бетінде: “Собрания со слов киргизских, переписывал толмач Аягузского внешнего окружного приказа, 1841” делінген жазу бар. Қолжазбаны 1951 жылы СССР Ғылым академиясы Шығыстану институтының қорынан Ы.Дүйсенбаев іздестіріп тауып, фотокөшірмесін ӘӨИ-дің қолжазбалар қорына11 өткізген. Шығарма түгелдей өлеңмен жазылған.
Шоқан жинаған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” нұсқасы туралы М.О.Әуезов, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Жұмалиев, Н.С.Смирнова, С.А.Қасқабасов, М. Ғұмарова сынды зерттеушілердің еңбектерінде сөз болады.22 Аталған жыр нұсқасы алғаш рет 2002 жылы жарияланған33. Жырдың оқиғасы қазақтың ескі салты “ежеқабылдан” басталады. Эпостың басталу кезіндегі Сарыбай мен Қарабайдың бірінің әйелі ұл туса, екіншісінікі қыз туса құдаласуға серттесуі “Алпамыс”, “Таһир – Зуһра” жырларын еске түсіреді. Кейіннен сол уәденің бұзылуынан туатын қиындықтар да көп жерде сарындас болып келеді. Ал болашақ кейіпкердің әкесі үйде жоқта туу мотивінің тасасында көне салттан қалған ғылым тілінде “кувада” деп аталатын ырым да жатуы мүмкін44. Мұндай мотивтер “Шал мен кемпір”, “Қарашаш қыз”, “Алтын Айдар” т.б. ертегілер мен “Мұңлық – Зарлық”, “Бөген батыр” т.б. эпостарда кездеседі. Бұдан былайғы жерде Сарыбайдың өлімінен бастап Қарабайдың жетім ұлға қызын бергісі келмей алыс жаққа көшіп кетуі; Қозының ержетіп, қыз туралы естуі; Қозының сапарына анасының қарсы болуы; Қозының Баянды іздеп шығуы; жолда әртүрлі қиыншылықтарды жеңуі; Қозының қазасы; пірлер көмегімен Қозының тірілуі т.б. эпизодтар баяндалады. Осылардың бәрі жырда әрі қызықты оқиғаларға өзек болған. Эпоста бас қаһармандардың іс-әрекеттері шебер суреттелген. Жырдың сюжеттік құрылымында әлем халықтарының фольклорлық туындыларында жиі ұшырасатын эпостық мотивтердің біразы көрініс тапқан. Атап айтқанда естірту, сақтандыру, жоқтау, ат таңдау т.б. Эпоста бұлардан басқа “өліп-тірілу” мотиві де кездеседі. Оған мына мысалды келтіруге болады. Қозының өлгенін естіген соң, Баян Жаратқанға жалбарынып, іште жатып қосылған жарына жеті ай өмір беруін тілейді. Сол кезде ақ шалмалы бір шал келіп:
– Дауысыңа шыдамай келдім, – дейді.
Тілегенің ол болса, жаным, бәндем,
Ал, жеті ай өмір саған бердім, – дейді де, ғайып болады.
Қыздың тілегі қабыл болып, Қозы тіріліп Баянмен жеті ай бақытты ғұмыр сүреді. Қаһарманның өліп тірілу сюжеті “Сайын батыр”, “Қисса Қожа Ғаффан” жырларында, алтайлықтардың “Алтайн – Сайын Салам” т.б ертегілерде кездеседі. Шоқан нұсқасы көркем де шұрайлы тілмен жырланған. Мәтінде аздаған араб, парсы, татар сөздері кездеседі. Эпос мәтінінде ұшырайтын түсініксіз сөздер томның соңындағы арнайы сөздікке топтастырылды. 1.“Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының 2002 жылы басылған мәтінін ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы қолжазбамен (Ш.25) салыстырғанда, елеулі айырмашылықтар кездескен жоқ. 2. 1867, 1959, 1964, 1994 жылдары басылған мәтіндерді55 өзара салыстырғанымызда, 1959, 1964, 1994 жылғы басылымдар И.Н.Березин нұсқасын толық қайталайтыны анықталды. 3. Ал енді осы үш басылымды ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы 1841 жылы жазылған қолжазбамен салыстырғанда, көп айырмашылық кездеспеді. “Жүк артынан көрінген сары ноғай” деп басталатын жиырма төрт жол кіріспе А.Фролов нұсқасында жоқ болғанымен, “Мекен іздеп, жігіттер, кел кетелік” деген шумақтан былай жырдың көп жері сөзбе-сөз дәл түсіп отырады. Демек И.Н.Березин нұсқасы мен А.Фролов жазып алған мәтінді Шоқан нұсқасы деп санауға әбден болады. Оған тағы бір дәлел ретінде мына бір фактіні келтіруге болады. Ш.Уәлиханов “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырымен жас кезінен-ақ таныс болған. Шоқан мен әкесі Шыңғыс 1841 жылы Қостанай облсы, Обаған аулында Жанақ ақынның айтуы бойынша “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырын жазып алып, Омбы кадет корпусының оқытушысы Н.Ф. Костылецкий арқылы И.Н. Березинге тапсырған.66 Сонымен қатар Ш.Уәлиханов “Қозы Көрпештің” толық текстін тапқанын да атап көрсетеді77. “Николай Федоровичтің маған жеткізіп берген қағаздарының, – деп жазады И.Н. Березин, – үлкен бөлігі университеттік лекциялар және әр түрлі қырғызша текстер, былайша айтқанда, қазақтың белгілі “Қозы Көрпеш – Баян сұлу поэмасының үш тізімі болды. Бұл текстерді мен өзім шығарып отырған түрік хрестоматиясында бастыруды көздеп отырмын”.88 И.Н. Березиннің “Турецкая хрестоматия” (1867) атты жинағының 3-бөлімінде басылған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының мәтіні әрі толық әрі жазылып алынған күйінде жарияланған. Ал, Фролов жазып алған нұсқа сол версиядан көшірілген болу керек деп ойлаймыз. Томға ұсынылып отырған жыр мәтіні қолжазбадан (Ш.25. ӘӨИ) тікелей әзірленді.
Қ.Алпысбаева
В.В. Радлов нұсқасы. “Қозы Көрпеш” жырының бір нұсқасын Сергиополь маңынан көрнекті түркітанушы-ғалым В.В.Радлов жазып алып, 1870 Санкт-Петербургте “Образцы народной литературы тюркских племен живущих в Южной Сибирии и Джунгарской степи” атты еңбегінің 3-томында жариялаған. Жырдың фотокөшірмесі ӘӨИ-дің қолжазбалар қорында сақтаулы. (Ш. 26). Аталған жыр мәтіні одан кейін 1924, 1959, 1993, 2002, 2005 жылдары қайта басылды11
Жырдың сюжеті мен жанрлық сипаты жөнінде М.Әуезов, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Н.С.Смирнова, С.А.Қасқабасов т.б зерттеушілер өздерінің еңбектерінде жеткілікті зерттеген. В.В. Радлов нұсқасында өлең мен қарасөз аралас келіп отырады. Көлемі – 966 жол. Жырдың мазмұны Жанақ нұсқасына жақын. Бас қаһармандардың есімдері, іс-әрекеті, шығармадағы мотивтер тізбегі де ұқсас болып келеді. Мәтіндер қаншалықты ұқсас болғанымен В.В. Радлов нұсқасының төмендегідей айырмашылықтары да бар: 1. Радлов бастырған нұсқада Манап хан, Жаңыл, Ысты, Телеу сияқты қосалқы кейіпкерлер бар болса, Жанақ нұсқасында Көсемсары мен Тазша бейнелері кездеседі. 2. Радлов нұсқасында Аягөзге келгенде Баянды қалмақтың Манап атты ханы баласына алып бермекші болады. 3. Радлов нұсқасында Қозы Көрпеш Баян жайын Тазшадан да, кемпірден де емес, Ысты ағасынан біледі. 4. Жанақ нұсқасында Қодар Көсемсарыны өлтірсе, басқа нұсқаларда бұл кездеспейді т.б. Жырда қазақ халқының әдет-ғұрпы, халық тұрмысы, шаруашылығы кең суреттелген. Мысалы Қозы өрістегі малын іздеп барған сапарында ең алдымен қой баққан қойшыларға, одан кейін сиыр баққан сиыршыларға, түйе баққан түйешілерге кездескен кезінде, олардың бәрі Қозы Көрпешті танып, оған құрмет көрсетіп қошқар, бұқа, бура сояды. Бұл эпизодтарға шығармада едәуір орын берілген. Аталған нұсқада бірен-саран ертегілік сюжеттердің де ізі бар. Мысалы, Қозы өзінің жылқысын іздеп шыққанда, ертегінің кейіпкері секілді аяғына темір етік киіп, қолына темір таяқ ұстап шығады. Бір ұйықтағанда, он төрт күн бойы ұйықтайды. Қозының Ақбуыршын мен Көкбуыршын аттары қанатты тұлпар ретінде суреттеледі т.б. Сол сияқты жырда “киім ауыстыру” мотиві де көрініс тапқан. Бұл ретте Қозының қойшы болып киініп, Қарабай еліне келген жері алтайлықтардың “Маадай – Қара” эпосындағы Көгедей мергеннің басына қауіп төнгенде Тастарақайға (тазшаға) айналып елеусіз болып жүретін жерін еске түсіреді. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының тілі көркем, оқиғасы қызықты. Мәтінде бірсыпыра көне сөздер кездеседі. Олар қазақ тіліне аударылып, томның соңындағы арнайы сөздікке топтастырылды. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының 1959, 1993, 2002, 2005 жылдары басылған мәтіндерін В.В.Радлов (СПб., 1870) басылымымен салыстырып, текстологиялық жұмыс жүргізу барысында, мынандай мәселелер анықталды: а) 1959, 1993, 2002 жылғы басылым мәтіндері В.В. Радлов басылымын ешбір өзгеріссіз жарияланған. ә) 2005 жылғы басылымда кейбір өлең жолдары өзгертіліп, көптеген шумақтар түсіп қалған.
Мысалы: (1870 жылғы басылым, 131-жол) “Атадан жаста қалған ер Қозыеке” деген өлең жолы 2005 жылғы басылымда “Әкеден жаста қалған ер Қозыекем”, (1870 жылғы басылым, 169-жол), “Кезігіп, өзін байлап, ат-тонын алмақ болды” деп басылған жолы 2005 жылғы басылымда “Жете қуып, өзін байлап, ат-тонын алмақ болды”, (1870 жылғы басылым , 433-жол) “Тоғыз мың дәурен өткен тоқсан қатар” деген жолы “Жұлдыздар жанып тұрар қатар-қатар” болып өзгертілген т.б.
б) 440-630 аралықтағы өлең жолдары түсіп қалған. в) 660-665 өлең жолдарының аралығында оқиғаны қарасөзбен баяндаған жері кездеседі. Томға ұсынылып отырған “Қозы Көрпеш” жырының мәтіні 1870 жылы В.В.Радлов бастырған “Образцы народной литературы тюркских племен живущих в южной Сибирии в Джунгарских степях” атты жинақтың 3-томынан (221-252-бб;) еш өзгертусіз даярланды.
Қ.Алпысбаев а
Бейсенбай нұсқасы “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” – жырының ең көркем, ең толық нұсқасының бірін 1936 жылы М.О.Әуезов бастырған. Нұсқа алғашында Жанақ ақыннан тараса да, кейіннен Сыбанбай, Бекбау, Бейсенбайлар орындап, түпнұсқаға өз тарапынан кейбір өзгертулер енгізген11.
Жанақ ақынның өзі орындаған нұсқасы сақталмаған. Ш.Уәлиханов жазып алған варианттан мұның айырмасы көп. Ы.Дүйсенбаевтың берген мәліметі бойынша, М.Әуезов бұл нұсқаны 1924-25 жылдар шамасында Семей облысына қарасты Шұбартау ауданының тұрғыны, руы керей Уәйіс ақыннан жазып алған. М.О.Әуезовтің айтуына қарағанда Бейсенбай ақын орындап жүрген нұсқаны Абайдың балалары – Ақылбай мен Мағауия біраз өңдеген тәрізді22. Жырдың көлемі – 2526 жол. М.О. Әуезов бастырып шығарған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” варианты 1939, 1959, 1963, 2002, 2003 жылдары шыққан “Батырлар жырының” жинақтарында, бірнеше рет өз алдына жекелей және хрестоматиялардың33 құрамында жарияланып келеді. Көпшіліктің пайдаланып жүргені осы нұсқа. Аталған жыр нұсқасы туралы М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Н.Смирнова, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов т.б. зерттеушілердің еңбектерінде құнды пікірлер айтылған. Басқа нұсқалардағыдай мұнда да жыр Қарабай мен Сарыбайдың аңға шығуынан басталады. Жырда қазақтың салт-дәстүрі кең де жүйелі көрініс тапқан. Мысалы: Сарыбайдың өлігін іздеп табу, оны жерлеу, Тазшаның Сарыбай өлімін естіртуі, Тайлақ бидің қамқорлығы т.б осыған мысал болады. 1. Бір айырмашылығы, мұнда Қарабайдың Баяннан басқа асырап алған Ай мен Таңсық атты екі қызы болады. Бұлар жырдың дамуына онша араласпағанымен Ай мен Таңсықтың елінен көшердегі қоштасу өлеңі жырдағы ең көркем үзіндінің бірі болып саналады. Қозыға қызы Баянды бергісі келмей Қарабай басқа жаққа көшкенде, Ай мен Таңсықтың ел-жұртына айтқан мына өлеңі:
– Балталы, Бағаналы ел аман бол,
Бақалы, балдырғанды көл аман бол.
Кірім жуып, кіндігім кескен жерім,
Ойнап-күліп, ержеткен жер аман бол...
«Манас жырындағы Қаныкейдің ел-жұртына арнаған қоштасуымен ұқсас болып келеді. Бұл қоштасу сөздерінен ел-жұртқа деген қимас көңіл тілегі аңғарылады. 2. Тайлақ би бейнесі “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырының барлық нұсқаларында бірдей кездеспейді. Жинаққа еніп отырған нұсқаның тағы бір ерекшелігі жыр оқиғасын дамытуда, адам образын жасауда жыршы амандасу, естірту, жоқтау т.б. қазақтың тұрмыс-салт өлеңдерінің үлгілерін мол пайдаланған. М.Әуезов бастырған нұсқа тіл көркемдігі жағынан да шебер жырланған. Мәтінде басқа тілден кірген сөздер жоқтың қасы. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырының 1939, 1959, 1963, 2002, 2003 жылдары басылған мәтіндерін М.Әуезов бастырған (1936) басылыммен салыстырып, текстологиялық жұмыс жүргізу барысында, басылымдар арасында ешқандай айырмашылық жоқ екені анықталды. Томға еніп отырған “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырының мәтіні 1936 жылы М.Әуезов бастырған кітаптан тікелей әзірленді.
Қ. Алпысбаева
Мәшһүр Жүсіп нұсқасы. Жырдың қолжазбасын 1964 жылы Лениградтағы КСРО ҒА шығыстану институтының қолжазба бөлімінде сақталған түпнұсқасынан микрофильмге түсірген – Мәлике Ғұмарова. Европа цифрімен беттелген қолжазба Мәшһүрдің өз қолымен араб әліпбиінде жазылған. Жыршының сөздеріне қарағанда XX ғасырдың басында (шамамен, 1905 жылдары) қағазға түсірілген. Жинаушысы – академик Ә.Марғұлан.
Негізінде, бұл жырды XІX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген баянауылдық, сүйіндік руынан шыққан Сақау ақыннан Қақсалбай ақын үйренеді. Кейіннен, 1867 жылдары одан жасөспірім Мәшһүр үйреніп, жаттап, көпшілікке таратса керек. Оның айтуынша, “Қозы Көрпеш тарихы болған оқиғадан алынған. Баян – Баянауыл тауында туып өскен, Қарабайдың қыстауы – Қараоба, Сарыбайдың қыстауы – Сарыоба, бірі Өлеңті жерінің оңтүстігін, бірі солтүстігін жайлапты. Сарыбайдың Аягөзге ауған жолы – Кошот деп аталған” көрінеді11. Мәшһүр нұсқасының түп негізі – ақын Шөжеге тіреледі. Ілкідегі Сақау, Шөже ақындардың бір дәуірде өмір сүргені мәлім. Өзі айтып жүрген, кейін қағазға түскен “Қозы Көрпештің …” Шөже ақыннан тарайтынын Мәшһүрдің өзі де жасырмайды:
Әңгіме жұрт аузында алып қашқан,
Жазу жоқ бұл қазақта тасқа басқан.
Ақын Шөже айтқаннан естіп едім,
Күнімде тоғыз жасқа аяқ басқан …
Мәшһүр Жүсіп жырлаған бұл нұсқа кейінгі кезге дейін жарияланбай, зерттелмей келді. 1959 жылғы ғылыми басылымда бұл варианттың аты аталса да, онша назар аударыла қоймайды. Мұның себебі, ақынның кеңестік кезеңде “қоғамға зиянды, реакцияшыл элемент” ретінде бағаланып, шығармашылығын жан-жақты зерттеуге тиым салынуынан деп ойлаймыз. Алғашқы ғылыми басылымда Мәшһүр нұсқасы жарық көрмесе де, жинақтың соңындағы түсініктеме бөлімде Ы.Дүйсенбаев осы нұсқаның мәтінін Шөже (1864) және Ш.Абдырахимов варианттарымен салыстыра талдағанын көреміз. Зерттеушінің “1864 жылғы нұсқаның 1569-жолынан бастап аяғына дейін, негізінде, Ш.Абдырахимов қолжазбасындағы текстен жөнді айырмасы жоқ. Ал М.Ж.Көпеев нұсқасында бұл жолдар мүлде басқаша берілген”22 деген пікіріне қарап-ақ, мұнда ақынның өзіндік қолтаңбасы қалғанын білеміз. Мысалы: Шөже нұсқасының көлемі – 1736 жолды құраса, Мәшһүр Жүсіп варианты – 1808 тармақтан тұрады. Мәшһүр Жүсіп жырлаған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының толық мәтіні алғаш 2002 жылы ұлы эпостың 1500 жылдық мерейтойына орай жарық көрген ғылыми басылымға енді. Томға ұсынылып отырған жыр мәтіні аталған кітаптан алынып, ӘӨИ-де сақталған түпнұсқаның фотокөшірмесімен (Ш.24. МФ) салыстырылып берілді.
С.Қосан
Потанин нұсқасы. Жырдың қолжазбасы Ресей Федерациясына қарасты Томск Мемлекеттік университеті ұлттық кітапханасының қолжазбалар қорында сақталған (№151-іс, 7369-7388 б.б.). Қолжазбаны 1966 жылы ӘӨИ-дің аға ғылыми қызметкері Едіге Тұрсынов тапқан. Академик Ә.Х.Марғұланның айтуына қарағанда, осы қолжазбаның дубликаты Омск қалалық мұрағатындағы Н.Я.Коншин материалының арасында сақталған көрінеді.11
Аталған нұсқа жайында Ы.Т.Дүйсенбаевтың “Қазақтың лиро-эпосы” атты зерттеу еңбегінде,22 М.О. Әуезов атындағы ӘӨИ қызметкерлері шығарған Г.Н.Потанин жинағында33 жан-жақты сөз болған.
Біздің қолымызда Ә.Марғұлан ескерткен, кейін арнайы мақала жазған екінші қолжазбаның фотокөшірмесі де бар. Екі қолжазбаның бір адамның қолынан шыққаны және бір мезгілде көшірме жасалғаны білініп тұр. Біздіңше, Омбыдағы қолжазба түпнұсқа болуы да мүмкін. Өйткені, Г.Н.Потаниннің Томск университетінің кітапханасында сақталған №151 істің сыртына “Д” белгісі соғылған, яғни бұл оның дубликат екенін білдіреді. Сондай-ақ біздің қолымызға тиген Омбы қолжазбасының 1-бетінде “1884 года, марта 2-го дня” деген мерзім көрсетілсе, Томск көшірмесінде “21-ІІІ, 1884” деп көрсеткен. Осыған қарап, академик Ә.Марғұлан тапқан эпос қолжазбасын түпнұсқа ретінде тануға негіз бар. Қолжазбаның соңғы бетіндегі дөңгелек – жүзік мөр де осы сөзімізді қуаттай түседі. Өкінішке орай фотокөшірмеден мөрдегі жазуды оқу мүмкін болмағандықтан жүзіктің иесін де анықтау қиын.
“Қозы Көрпеш – Баян сұлу” эпосының бұл нұсқасы алғаш рет 1972 жылғы Потанин жинағында үзінді түрінде жарияланса44 кейін толық мәтіні 2002 жылы ұлы эпостың 1500 жылдық мерейтойына орай шығарылған ғылыми басылымға енгені мәлім55. Потанин нұсқасын 1936 жылы М.Әуезов жариялаған нұсқамен салыстырғанда бұл екеуінің түпкі негізі – бір ақынның яки жыршының өңдеуінен, тіпті қаламынан қайта туған “нәзира” эпос екендігі айқын байқалады. Бұл ретте жазушының Г.Потанин архивінде яки А.Коншин материалдарының арасында сақталған осы нұсқаның толық мәтінімен таныс болмауы көп нәрсені көлеңкелей түссе керек. М.Әуезов осы күнге дейін “Жанақ – Бейсенбай” варианты аталып келген жыр нұсқасын 1924-1925 жылдар шамасында Семей облысы Шұбартау өңірінің тумасы Уәйіс Шондыбайұлы деген әнші-ақынның орындауынан жазып алған. Ал Потанин – Коншин көшірмелері болса, 1884 жылы, яғни алғашқысынан 40 жыл бұрын қағазға түскен және бұл жыр мәтінінде ақын Абайдың қолтаңбасы барынша айқын сезіледі. Бір ғажабы Абайдың эпостағы ақындық іздерін зерттеушілердің өздері де байқаған, бірақ неге екені белгісіз, “Жанақ нұсқасын өңдеген Бекбау, Сыбанбай, Бейсенбайлар, кейінірек Абайдың балалары Ақылбай мен Мағауия” деген болжамға ден қояды.66 Профессор Ы.Дүйсенбаев жырдағы Баянның сұлулығын:
... Аппақ керік маңдайлы, қылығы наз,
Малың түгіл, басыңды берсең де аз.
Сыртынан күлімсіреп сөйлесе де,
Көңілі қош болмайды баймен араз,
– деп сипаттайтын бірнеше шумақты келтіре отырып, былайша түйіндейді: “Осы жолдардың өзінен-ақ жазба әдебиет үлгілеріне өте жақындығы бірден-ақ көзге түспей ме? Абайдың “Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы”, яки “Айттым сәлем қаламқас” әлпеттес белгілі лирикалық өлеңдерімен салыстырып байқасаң, көркемдік теңеулер мен тәсілдерінің төркіні бір екендігі де айқын сезілмей ме? Өлең құрылысындағы орындаушы ақынның асқан шеберлігімен қатар ол психологиялық тың бейнелер жасап, кейіпкерлердің ішкі дүниесін терең ашып отырған жоқ па? Қысқасы, бұл нұсқа көп жағдайда жазба әдебиет үлгісіне жақындап, үнемі дерлік онымен барабар түсіп отырады”.77
“Потанин нұсқасы” туралы алғаш пікір айтушы – Ә.Марғұлан бұл қолжазбаның Абайдікі екендікіне шәк келтірмейді. Ғалымның деректі пікіріне сүйенсек, “Абай бұл жырды 1884 жылы жазып алып, оны өзінше “Қозы Көрпеш – Баян қыз” деп атап, қадірлі ғалым Г.Н. Потанинге тартуға жібереді. Онымен бірге ерте кезде жазған қысқа поэма “Жаңа закон” деген жырын қоса жібереді. Әдірісін орысша жазып, “Семипалатинского уезда, Чингизской волости, А.К.” деген. Жырдың көлемі екі мың алты жүз жол, сөзі сондай ашық, көркем, халықтың жан күйін жүйрік білген Абайдың жарқын, саңлақ ойынан шыққаны айқын көрініп тұр”88. Ә.Марғұлан Абайға тән ақындық, суреткерлікті байқататын көптеген мысалдар келтіреді. Мәселен, зерттеуші келтірген мына бір шумақ осының жарқын дәлелі:
Ойлашы, солар шыны дос емес пе?
Өзге доспын дегендер бос емес пе?
Бірі үшін жаратыпты бірін Құдай,
Ақ ашық, Алла қосқыр осы емес пе?
... Жарын көріп жан беріп сап-сау Баян,
Үлгі болған кейінгі білгендерге.
Ы.Дүйсенбаев бұған қарсы уәж айтады: “Біздіңше бұлайша кесіп айтуға әзірге ертерек сияқты. Күні бүгінге дейін Абайдың өз қолымен жазылған бірде-бір қағазды (қолжазбаны) білмейміз. “Ана бір нұсқаны не мына бір тексті Абай жазған” деп жорамалдап жүргеніміз, шынында дәл емес, тек көңілмен жору, оймен долбарлау. Ал мұндай жағдайда Абайдың өз қолымен жазылған тексті сөз ету мүмкін емес, бос әурешілік. Алайда, бұл туралы ақырғы тұжырымды шығарманың өзімен тікелей танысқаннан кейін ұсынармыз”99. Зерттеуші эпостың бұл қолжазба нұсқасын “Н.Я.Коншин варианты” деп атауды ұсынады. Аталған нұсқаның жаңаша жаңғыруына Абайдың қатысы барлығын фольклортанушы Н.С.Смирнова да мойындайды. Оның: “Бейсембай и Уаис – семипалатинские акыны из окружения Абая, от которых Г.Н. Потанин и М.О. Ауэзов получили не совпадающие по составу записи текста, – причастны к формированию этого признака романического эпоса. Найти его им помогли Абай (а через Абая Пушкин), казахская устная песенная лирика и дастаны”110 деген пікірлері назар аударалық.
Омбы мұрағатынан табылған эпос қолжазбасының мазмұнымен түгел танысып, оны Абай өлеңдерімен салыстыра оқыған адам біздің пікірімізбен де санасуға бек мүмкін. Әлбетте, XІX ғасырдың екінші жартысында атақты Жанақтан кейін “Қозы Көрпешті ...” Шөже, Сыбанбай, Бейсенбай, Түбек яки Майлықожаның жырлағанын ешкім жоққа шығармайды. Десек те, аталған эпосты Абайдың орыс миссионерлерінің сұрауы бойынша нақ өзі өңдеп, сұлулап әрі өз қолымен қағазға түсіруіде мүмкін. Бұған бірнеше дәлел бар. Ең алдымен, қолжазбаның бірінші бетіндегі “Джанга закон” өлеңінің тақырыбы мен “1884 года, марта 2-го дня” деген уақыт мерзімі ерекше назар аударады. Өйткені, өлеңнің тақырыбы, мерзімі және шығарманың мәтіні бір адамның қолынан көшірілген анық. Ал өлең мәтіні араб әрпімен (қадім) жазылғанын ескерсек, қолжазбаны қағазға түсірген орыс және қазақ тілдерін еркін меңгерген қазақ азаматы болғандығын көреміз. Ендеше, XІX ғасырдың 80-жылдары осы өңірде орыс, қазақ тілдерінде сауатты әрі халық ауыз әдебиетін терең білетін, сондай-ақ қазақ қоғамына зор нәубет әкелген “Жаңа низам” заңы туралы өте ойлы өлең жазатындай Абайдан басқа ақын бар ма?
Мысалы:
... Түзетемін десе де қазақ халқын,
Іштегілер көп білмес елдің парқын.
Ниеті алал болса да – пайда қылмақ,
Өзім пайда демеймін мұның артын ...
Оязнай мен судие – ендігі ұлық,
Олардың жалуанасы тым-ақ толық.
Еріксіз ел, иен мал кез болған соң,
Олар қылмай қала ма адамшылық?
Олар дағы тәубесін жаңылмай ма?
Қисыны ақша алудың табылмай ма?
Артында – помошник пен көп шенеунік
Бөлтірік қасқырдай-ақ жабылмай ма?
Бүйтіп тұрса қазақтан жан қалар ма,
Оның жайын кісің жоқ аңғарарға.
Қатыныңның өзіңде еркі бар ма,
Оның да еркі ояз бен жандаралда! деп келетін жолдар бұл туындының Абайға тиесілі екендігін аңғартып тұр. Әрине, өлеңнің 1868 жылғы “жаңа ережеден” соңғы кезеңде, Абайдың әлі де ақындық қуаты толыса қоймаған мезгілде жазылғандығын ескеру қажет. Екінші бір дәлелімізді Омбыдан табылған “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырының мазмұнымен танысқанда табамыз. Әсіресе, Сарыбай өлгенде тазшаның ханымға айтқан жұбатуы мен Баянның Қозыны жоқтаған өлеңі Абайдың Әбдірахман өлгенде жазылған белгілі жоқтау жырларымен стильдік жағынан мейлінше үндесіп, көп жерде сөзбе-сөз қайталанып келуі, ақынға хас теңеу, метафоралардың жиі ұшырасуы – зерттеушілерге ой саларға керек.
Мысалы Омбы нұсқасындағы:
Жер жүзіне жеткізген
Мырзалық, ерлік, даңқын да.
Білуші еді өзгеше
Әр ақылдың шарқын да ...
Немесе:
Бассыз қалған байғұс ел
Кір жұқты көңіл-көркіңе.
Көргеннен соң босарсың,
Намысың қоймас еркіңе.
Қайраттанып осы жерден
Ақыл тоқтап беркіне.
Сүйегіңе мін болар,
Жетпей кетсең сертіңе, – дейтін жолдарды Абайдың Әбдірахманға арналған:
Әділ, мырза, ер болып,
Әлемге жайған өрнекті.
Тәубесін еске түсіріп,
Тентекті тиып, жерлепті ...
Немесе:
Өшірмек Алла болған соң,
Бенденің қоймас еркіне.
Өлмектен басқа дауа жоқ,
Алланың салған дертіне.
Құтылмас құл жол таппас
Иенің салған өртіне..., – тәрізді жыр жолдарымен салыстырғанда ішкі мағыналық және сыртқы сипаты жағынан да өте үндес, сарындастығы анығырақ білінеді. Тек бұл ғана емес, Абайдың “Әбдірахман өлгенде өзіне айтқан жұбатуы” атты өлеңінде Әбішті, Оспанды, Құнанбайды, сипаттайтын сөздері мен Қозы Көрпешті ұлықтайтын Баянның монологында күшті жақындық бар. Абайдағы: “Кәркиден, пілдей қуатты, // Тағы арыстан жүректі, // Аплатон, Сократ ақылды, // Қаһарман Ғали білекті” деп келетін бейнелеулер Баян сұлудың аузымен: “Арыстан жүрек, піл қуат, // Әр дұшпаннан кек алған. // Денесі – болат, миы алтын, // Талаппенен ел алған. // Көңілі – сарай, көркі артық // Нәсілі нұрдан жаралған. // Жүрекке – сүйеу, көзге – нұр, // Жұрт саяңда дем алған» түрінде әсерлі айтылған. Соңғы сипаттар Абай өлеңінде Әбішке ғана емес, Ескендір, Темір, Шыңғыс хандай қасиетке ие Құнанбай қажыға қаратылып жазылатыны мәлім. Ал Қозының «нәсілі нұрдан жаралған» деп сомдалуы мен Абайдың «Шыңғыстай» деген теңеуі арасында ортақ емеурін барын ескерсек, эпосты дамытушы, жаңғыртушы ақынның көне тарихтан, түркі-моңғол халықтарының мифологиясынан хабардар, көп білетін жан екендігіне еш шүбә жоқ.
Абайдың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының қолжазбасын Семей, Омбы қалаларына өз қолымен жіберуіне айғақ боларлықтай жанама құжаттар да кездеседі. Мәселен, 1882 жылы Орыс географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесі қазақтың аңыз, ертегілерін жинастыру үшін орысша, мұсылманша сауатты, аймақтың өткен тарихы мен халық әдебиетін тәуір білетін бірден-бір кісі ретінде «Ибрагим Құнанбаевты» атайды. Бұдан шығатын қорытынды – 1882 жылдың бедерінде аталған қоғам Абайға ауыз әдебиетін жинастыру жөнінде ұсыныс жасаған болса, онда ақынның сол бірер жыл көлемінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының тәуір нұсқасын тауып эпос сюжетін өзге ұлтқа көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейде таныстыру мақсатына бар ынтасын салып кіріскені күмәнсіз. Яғни 1884 жылы Семей арқылы Омбы қаласына жеткен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының нұсқасын тың теңеулермен, тосын көріністермен толықтыра түрлендіріп, эпостың стилін жазба әдебиет үлгілеріне бір табан жақындатқан Абай және оның ақындық айналасы екені айдан анық. Мәтінді баспаға әзірлеу барысында эпостың 2002 жылғы ғылыми басылымымен қатар Омбы қаласының мұрағат қорынан Әлкей Марғұлан (1959) тапқан түпнұсқаның фотокөшірмесі салыстырыла пайдаланылды. Осы орайда бір кезде ҚРҰҒА-ның Тарих, археология және этнография институтында сақталып, кейін жоғалып кеткен түпнұсқаның аталған фотокөшірмесін біздің институттың қолжазба қорына өткізген Астана қаласының тұрғыны, журналист Тортай Сәдуахасовқа ұжым атынан көп алғыс айтамыз.
С.Қосан
Шөже нұсқасы Көлемі – 40 беттен тұратын бұл жыр нұсқасын 1864 жылы Омбы қаласында белгісіз біреу араб әрпінде қағазға түсірген. Содан көп ұзамай аталған қолжазба Санкт-Петербургтегі Шығыстану институтының профессоры И.Н. Березиннің қолына өтеді. Бұған дәлел – қолжазбаның бірінші бетінде: “Жыр” “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, Шөженің жырлауы” деп жазылып, сол титульдік парақтың төменгі сол жақ бұрышында “И.Н. Березин” деген қолтаңба қойылған.
Зерттеушілер әр мезгілде жазылып алынған Ф.Абдырахимов (1877), М.Ж. Көпеев (жылы белгісіз), Қ.Мейірманов (1909) нұсқаларының да түп негізі осы “Қозы Көрпештің...” Шөже жырлаған версиясына өте жақын екендігін айтады. Жалпы, ел аузында және Қолжазба қорларында эпостың орыс тіліндегі аудармаларын қоса есептегенде 20-дан аса варианты бүгінге жетті. Солардың бірқатары Санкт-Петербургтегі Шығыстану институтының қолжазбалар қорында сақталған. Бір жағынан “Қозы Көрпештің” көпке мәлім қолжазбаларын ел арасынан жинап, мұқият көшіріп алып, олардың кейбіреуін тәржімелеп, орыс және қазақ тілдерінде бастырған В.В. Радлов, А.Фролов, Н.И. Ильминский, И.Березин, Ш.Уәлиханов т.б. оқымыстылардың еңбектері зор. Шөже жырлаған “Қозы Көрпеш ...” жыры сюжеті толық, тілі таза, көне нұсқалардың қатарына жатады. Аталған эпос нұсқасын 1951 жылы КСРО ҒА Шығыстану институтының қолжазба қорынан іздеп тапқан – белгілі әдебиеттанушы, профессор Ы.Т. Дүйсенбаев болатын. Бұл күндері Шөже нұсқасының фотокөшірмесі ҚР БҒМ ОҒК Сирек қорында (Ш. 1419) сақтаулы тұр. Осы жыр мәтіні алғаш 1959 жылы баспа бетіне шыққаны белгілі11. Содан бері қарайғы уақытта “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының Шөже нұсқасы ауыз әдебиеті, фольклор тұрғысынан жан-жақты зерттеліп лайықты бағаланды. Кезінде М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, Н.С. Смирнова, С.Садырбаев, С.Қасқабасов т.б. көрнекті ғалымдардың еңбектерінде эпостың идеясы мен тақырыбы, сюжеттік желісі мен поэтикалық ерекшеліктері туралы көптеген маңызды пікірлер жазылды. Сол себепті жырдың сюжеттік құрылымы жайында сөз қозғаудың қажеті аз. Қалай дегенмен, XІX ғасырдың аяғымен XX ғасырдың басында қазақ даласының барлық өңіріне дерлік таралып, халық ерекше сүйіп тыңдаған “Қозы Көрпештің...” таңдаулы, көркем де кестелі нұсқаларын кейінге мирас етушінің бірі – атақты Жанақ ақын болса, екіншісі, “шашасына шаң жұқтырмас” айтыс ақыны аталған – Шөже. Талантты жыр дүлдүлінің бұл эпосты Орта жүз ханы Уәлидің ұлы Ғаділбек Сұлтанның сұрауымен орындауы да тегін болмаса керек. “Қозы Көрпештің ...” Шөже нұсқасын баспаға әзірлеу барысында бұрынғы басылымдар түпнұсқамен салыстырып, өзгерген, қалып-қойған тұстары қалыпына келтірілді. Мәтін эпостың ОҒК сирек қорында сақталған түпнұсқасы мен 2002 жылғы соңғы басылымының негізінде дайындалды.
С. Қосан
Ильминский нұсқасы. Орыс миссионері Н.И. Ильминский “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының тағы бір нұсқасын 1860 жылы Қостанай жерінде қағазға түсіргені мәлім. Шығарманың түпнұсқасы Татарстанның “Орталық мемлекеттік архивінде” сақтаулы. Эпостың көшірмесін 1954 жылы Тіл және әдебиет институтының сол кездегі ғылыми қызметкері М.Ғұмарова тауып әкелген (Ф. 968, оп 1, ед.хр.61). 1965 жылы микрофильмі алынды11. Өкінішке орай қолжазбалар қорында шығарманың көшірмесі сақталмай, машинкаға басылған мәтіні ғана сақталған22. Аталған нұсқа Қазан төңкерісіне дейін (1878, 1890, 1894, 1899, 1909) Қазан қаласында жеке кітап болып жарық көрді. Содан бері аталған нұсқа 1933, 1959, 2002, 2005 жылдары шыққан фольклорлық жинақтарда жарияланды33. Көлемі шағын. Осы Ильминский басылымы туралы Ы.Дүйсенбаевтың, М.Ғұмарованың, Н.Смирнова, С.Қасқабасовтың т.б зерттеу жұмыстарында бағалы пікірлер айтылған. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының біраз нұсқаларын салыстырып қарағанымызда, Ильминский нұсқасында басқа варианттарда кездеспейтін жыршының өз қолтаңбасы бар екенін байқадық. Олар мына көріністер: 1. Баянды іздеп кеткелі тұрған Қозыға шешесі бір сұлу қыз алып келеді. Бірақ Қозы оған алданбайды.44
2. Жолда ұйықтап жатқанда, Қозы түс көріп, оған өліп қалған әкесі былай деп аян береді:
– Ай, балам, қайт үйіңе, жол көрінбес,
Сарыбай барғанменен қызын бермес.
Ата тілін тыңдамай кеткен бала
Жолынан аман қайтып үйін көрмес...
Қозы бұған да тоқтамайды, Баянды іздеп кете берді. Бұл мотивтер басқа нұсқаларда кездеспейді. Қысқасы, ақын “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының ең түпкі сюжетін жадына сақтай отырып, жырдың кей жерлерін, кейбір оқиғаларды және эпизодтарды түрлендіре жырлаған деп санаймыз. Н.И. Ильминский нұсқасының тілі жатық, оқиғасы қызықты болып келеді. Мәтінде аздаған араб, парсы және жергілікті сөздер кездеседі. Ондай сөздер қазақшаланып, олардың контекстік ұғымдары томның соңындағы арнайы сөздікке топтастырылды55. 1. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының 1933, 1959, 1993, 2002, 2005 жылдары басылған мәтіндерін Қазан (1890) басылымымен салыстырып, мәтіндік жұмыс жүргізгенде өкінішке орай аталған жинақтарда кейбір кемшіліктер кеткені анықталды:
Аталған басылымдардың бәрінде 116-жолдан кейін:
“Шешеке, осы сөзің расың ба-ай?
Ішімнен тарқатайын құрысымды-ай.
Балалар, осы бір сөз қалай болды?
Ойыным ойнамасам құрысында-ай” –
деген өлең шумағы, ал 646-жолдан кейін:
“Төбе жүнін жұлғанда торғай өлген,
Баянға жақ кісі жоқ бір тайпа елден.
Торғайының өлгенін білмей Баян,
Жүгіріп жеңгесінен сұрай келген” – шумағы
қалып қойған. Мұндай олқылықтар біраз.
2. 2005 жылғы басылымда бұдан басқа 540-560; 560-564; 574-596; 610-616; 867-870 жолдар аралығындағы өлең шумақтары қалып қойған. Мәтінді жинаққа дайындау барысында осы сияқты кемшіліктер түзетіліп, түпнұсқа мәтіні қалпына келтірілді. Томға ұсынылып отырған жыр мәтіні түпнұсқа бойынша (Қазан, 1890) ешбір өзгеріссіз берілді.
Қ. Алпысбаева
МӘТІНДЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ ЖӘНЕ ДІНИ ЕСІМДЕР
Алла (Аллаһ) – ислам дінінде бүкіл ғарышты, тіршілік дүниесін және қиямет қайымды жаратушы, баршаға бірдей, жалғыз және құдіреті күшті Құдай есімі.
Құран Кәрімде айтылғандай: “Ол Алла біреу-ақ, Алла мұңсыз (әр нәрсе Оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес”. Мұсылмандардың түсінігі бойынша, Алла Тағала әлемді, жерді, өсімдіктерді, жануарларды және адамды жаратты. Ол адамдардың тағдыры – жазмышты белгілейді. Қияметте Алла барлық өлгендерді тірілтеді де, пәнидегі істерін таразылап, біреулерін – жұмаққа, енді біреулерін – тозаққа жібереді. Адамдарды дұрыс жолға түсіру үшін Алла Тағала оларға мезгіл-мезгіл пайғамбарларды жіберіп тұрған. Мұхаммед (с.а.с.) – Алланың адамдарға жіберген соңғы Елшісі; оған Алланың Құраны Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен жиырма үш жылда толық түсті. Алланың нақты бейнесі жоқ және ол бейнеленуге тиіс те емес. Намаз оқып, сәждеге бас қою арқылы ғана оған берілгендікті білдіруге болады. Ал табынудың басты орны – Меккедегі Қағба, онда аспаннан Алла жіберді деп есептелетін қасиетті қара тас бар. Алла Тағаланың құдіреттілігін, әділеттілігін, қайырымдылығын т.с.с. өзіне ғана тән қасиеттерін оның тоқсан тоғыз есімі көрсетеді. Мысалы: Акбар (ең ұлық), Тағала (ең жоғары), Кәрім (жомарт), Рахман (мейірімді), Рахым (рақымды), Халық (жаратушы), Шариф (қасиетті), Ахад (жалғыз), Самад (мәңгі), Жаппар (құдіретті), Ғафұр (кешірімді) т.б. Алланың атын зікір ету рәсімі «Аллаһу акбар” деген мадақ сөзді отыз төрт рет, «Әлхамдулиллаһи”, «Сұбхан Алла” сөздерін отыз үш реттен айтып, тәсбих тастарын санамалау арқылы жүзеге асады.
Әзірейіл – діни ұғым бойынша, Аллаға жақын періштелердің бірі, жан алғыш періштенің есімі. Адамды жаратар алдында Алла жердің әр тұсынан саз әкелуге періштелерін жұмсайды. Жер оларға қарсылық көрсетеді. Жәбірейіл де, Мекайыл мен Ысрапыл да жерден бір шөкім саз үзіп ала алмайды. Бұл шаруаны Әзірейіл ғана атқара алған, осы қаталдығы үшін ол жан алғыш бас періште болып тағайындалған. Адамға ажал мезеті жеткен кезде Алла Тағаланың жанында өсіп тұрған ағаштан әлгі адамның есімі жазылған жапырақ үзіліп түседі. Әзірейіл қырық күн мерзім ішінде сол адамның жанын алуға тиіс.
Баба түкті Шашты Әзіз – қазақ эпостары мен ертегілерінде кездесетін киелі де қасиетті бейне. Әулиенің батасын алған баласыз қариялар Алланың құдіретімен ұлды болып жатады. Мұсылман аңыздарында Шашты Әзіз 88 пайғамбардың бірі. Ол туралы аңыздардың бірінде есімі Баба Туклас деп көрсетіледі. Әкесі – Керемет Әзіз. Мұсылмандар арасында Әулие саналған. Меккеге қажылық сапармен барушылар ең алдымен Мұхаммедтің, онан кейін Әли Мұртаза Сейіттің, содан соң Баба Тукластың қабіріне барып тәу еткен. Баба түкті Шашты Әзіз – Қожа Ахмет Иасауидің арғы бабалары, ислам діні Орталық Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі деген болжамдар бар.
Қозы Көрпеш – Баян сұлу – қазақ арасына мол тараған аңыз бойынша Қозы мен Баян бір кезде өмір сүріп, кейін олардың моласы да сақталған тәрізді, яғни халық оларды өмірде болған адамдар деп сенеді. Орыс – қазақ зерттеушілерінің мәліметтеріне қарағанда, бұл мола және олардың басына орнатылған ескерткіш қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таңсық ауылына таяу – Аягөз өзенінің оң жағалауында орналасқан.
Қыдыр баба (Хызыр) – көптеген шығыс халықтарының, сондай-ақ қазақтардың да мифтерінде, фольклорында, діни аңыздарында жиі кездесетін, аты аңызға айналған архаикалық образ.
Оның генезисі, тұлғалық сипаты өте күрделі, әлі толық зерттеліп айқындалмаған. Бір ғалымдар Қыдыр бейнесін көне архаикалық түсінік, көзқарастармен байланыстырып зерттесе, кейбір ғалымдар – тек ислам ықпалымен пайда болған деп түсіндіреді. Қыдыр туралы әрбір халықтың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан түсінігі бар. Қазақ фольклорында Қыдыр баба [Хызыр] – ел аралап жүрген ақ киімді ақсақал кейпіндегі әулие, адамға қамқоршы, бақыт, дәулет беруші, әр түрлі қиындықтардан қорғаушы.
Лұқпан хакім – ол туралы исламға дейінгі араб хикаяларында біраз аңыздар сақталған. Құран Кәрімде Лұқпанға 31-сүре арналған. Мұнда Лұқпан “бір Құдайлық” бағытын насихаттаған, Алла Тағалаға шын берілген данышпан адам ретінде аталады. Лұқпанның арабша аты – Лұқман әл-Хаким, яғни, хәкім Лұқпан. Лұқпан – ақыл иесі, көріпкел, емші делініп, оның есімі көптеген Шығыс халықтарының ертегі, жыр, аңыздарында құрметпен әңгімеленген. Қазақ арасында да “Лұқпан хәкім айтыпты” дейтін бірсыпыра сөздер бар.
Ноғайлы – Алтын Орда ыдырағаннан кейін құрылған Ноғай Ордасының негізін қалаған түркі – монғол тайпаларының ортақ атауы. XV-XVІ ғасырлардың аяғында Ноғайлы жұрты көрші елдерге де осындай атаумен мәлім болған
СӨЗДІК
Абзал /а/ – артық, ең жақсы
Аңа /к.с./ – оған
Алакүлік /к.с./ – шөпте болатын улы құрт, малда болатын ауру түрі
Әптиек – медреседе алғаш оқылатын кітап; Құран Кәрімнің жетіден бір бөлігі деген мағынаны білдіреді.
Барқадар –
Бақты қара /а.қ./ – бақытсыз, сорлы
Бейрет – ретсіз, тынышы кету, бақытсыз
Белде-белде /к.с./ – толқып-толқып, үдер-үдер
Бейіс /п/ – ұжмақ, о дүниеде күнәлі мұсылмандар баратын Жәннат мекені
Бура /қ/ – қос өркешті түйенің еркегі
Бұзау тіс /қ/ – басына қорғасын құйып өрілетін дырау қамшы.
Бүлді /қ/ – бүлінді, қирады
Бісміллә /а/ – Алла атымен
Ғапыл /а/ – қапы қалу, білмеу, сезбеу, байқамау
Ғаріп /а/ – бейшара, мүсәпір, міскін
Ғарыз /а/ – арыз, өтініш
Дозақ /п/ – тамұқ, жаһаннам, о дүниедегі от жазасы
Дөнен /қ/ – төрт-бес жасар жылқы
Дуадақ /қ/ – далада, шөлді жерлерді мекендейтін құс түрі
Дүйім /ж.с./ – қалың, көп ел
Елгей /к.с./ – ежелгі дәуірдегі күміс ақша, теңге, жамбы
Жаһаннам /а/ – тозақ оты, о дүниеде күнәлі адамдарды жазалау орны
Жарауке /к.с./ – әзіл, қалжың
Жолым (үй) /ж/ – керегесіз уыққа киіз жауып, уақытша тігілген шошақ жаппа.
Жұмыршақ /қ/ – күйіс қайыратын мал қарнының бір бөлігі
Жұм /а/ – араб әрпі, дифтонг, “д” және “ж” әріптері қосарлана дыбысталады
Ибарат /а/ – үлгі, өнеге, ғибрат
Ибадат /а/ – құлшылық, тәжім ету, сыйлау
Инсап /а/ – жақсылық, қанағат, тәуір мінез
Калет /к.с./ – жаңсақ, жаңылыс
Кәпір /а/ – күнәлі, дінбұзар, өзге діннің адамы
Керік /т/ – жазық, кең; жираф; ауыспалы: жүйрік ат
Күмәнді /қ/ – екіқабат, жүкті
Кіріш /к.с./ – ақ, аппақ
Қар /к.с./ – бұзық әйел, опасыз, жезөкше
Қарғыбау /қ/ – дәстүр бойынша қызға құда түсерде алғаш берілетін салт кәдесі, жоралғы
Қобы /к.с./ – тау аңғарындағы астау тәрізді боп біткен ойпаң, кейде жазық жер.
Қодық /қ/ – маралдың төлі, құлыны
Қылап (хилап) – бұзу, қиянат ету
Қызыл іңір /қ/ – кешкі уақыт, қараңғы, күн батқан мезгіл
Махшар /а/ – о дүниеде, қиямет күнінде болатын сот күні
Мәлден өтіп – Пайғамбар жасынан өтіп деген мағынада
Меһир /п/ – мейір
Мұндар /к.с./ – қарғыс, кемсіту, құл
Мүкәммал /а/ – мүлік, қазына
Мық /т/ – шеге
Намаздыгер /п/ – қас қарайып, қараңғы түскенде оқылатын намаз уақыты
Намазшам /п/ – күн батар алдында оқылатын намаз уақыты
Нәмрат /п/– адамгершілігі жоқ, оңбаған
Нәубет /а/ – мезгілсіз оқиға, кезекті дүние, тағдыр сыйы
Нияз /п/ – садақа, сыйлық
Өтер бит – өтеді ғой деген мағынада
Өрмек /т/ – көшпелілердің үй тұрмысына қажет алаша, кілем тоқитын құралы Пандат /п/ – пәмдат, таң намаз
Пәруардигар (Паруардігер) /п/ – Тәңірі, Құдай
Пәрмен /п/ – бұйрық, жарлық
Рәйіс /а/ – бастық, үлкен, ұлық
Салқа /к.с./ – салқа жорту, бір сыдырғы жорту
Саңа /к.с/ – саған
Сап (саф) /а/ – жақсы, таза
Сарысу /қ/ – ауру аты
Сауап /а/ – ислам шариғаты бойынша мүміндердің әрбір қайырлы, игі істері сауапқа жазылып, ақыретте жазасын жеңілдетпек.
Сегіз өрме /қ/ – қамшының түрі, қайыс теріден таспа тіліп, өрілетін сегіз өрім қамшы
Сыбай /ж/ – көрші, сыйлас, сырлас, жақын жандар
Сілтідей тынды – тып-тыныш болды, қозғалмады
Сілікпе – жас төлдің асылған еті
Тасаттық /а/ – Құдайға құрбандық шалып, қуаңшылық, жұт, жоқшылыққа қарсы жалбарып жәрдем сұрау
Таған /к.с./ – көзге таған түсу, ақау түсу, әлсіреу
Тақат /к.с./ – сабыр, шыдам
Теперіш – қорлық, қиыншылық, азап
Уағда /а/ – уәде, келісім
Харам /а/ – арам
Хафия /а/ – құпия, жасырын
Халла тон /а.қ./ – қалы тон, қымбат, зерлі тон.
Ыңыршақ – ерте уақыттағы ердің бір түрі
Інген /қ/ – екі өркешті ұрғашы, 4-5 жасар түйе
Іребдел /к.с./ – ірікті, таңдамалы
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Ақсеңгір, Көксеңгір, Қарасеңгір – дейтін жер аттары Арқада бірнеше жерде кездеседі, оның ішінде Ереймен тауының алдында, Сілті өзенінің бойында. Мына Көксеңгір Аякөз өзені бойында Жорға, Жауыр тауларына көрші тұратын Көксеңгір болуы мүмкін.
Алатау – Орта Азия мемлекеті мен Ресейдің Сібірдегі тау жотасының жалпы атауы. Оларға Күнгей Алатауы, Кузнец Алатауы, Талас Алатауы, Қырғыз Алатауы, Жетісу Алатауы, Іле Алатаулары жатады.
Аягөз – Шығыс Қазақстан облсындағы қала. Аягөз ауданының орталығы. Өскемен қаласының Оңтүстік батысында, Нарын өзенінің Аягөз өзеніне құятын тұсында орналасқан. Іргесі 1831 жылы қаланған.
Бетпақдала – Қазақстанның орталық бөлігіндегі кең байтақ аймақты алып жатқан шөлді өңір. Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары аумағында орналасқан. Батысында Сарысу өзенің төменгі ағысымен, шығысында Балқаш көлімен, оңтүстігінде Шу өзені аңғарымен, солтүстігінде Сарыарқамен шектеседі. Батыстан шығықа қарай 500 км, солтүстіктен оңтүстікке қарай 300 км аумаққа созылған. Ауданы 75 мың км. шамасында. Оңтүстік батыс бөлігі жазық, солтүстік шығыс бөлігі қыратты. Палеозой эрасының тау жыныстары (гранит, порфирит, әктас) тереңде жатыр, бетін мезозой мен палеоген кезеңінің шөгінді жыныстары (құмтас, саз, малтатас, құм) жапқан. Ең биік жері – Жамбыл тауы (974 м). Бұл бөлік Сарыарқаның каледондық құрылымының жалғасы. Сай-жырылармен тілімденген Батпақдала жазығында сор, тақыр және жазда құрғап қалатын тұзды көлдер кездеседі. Көктемде жауын суымен толығып, жазда құрғақ арнаға айналатын Қарқаралы, Қарасу, Талдыеспе сияқты кішігірім өзендер бар.
Ертіс – Солтүстік Мұзды мұхит алабында жатқан өзен, Обь өзенінің солтүстік саласы. Қазақстан жерінде Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары арқылы ағады. Ұзындығы 4248 км, оның 1698 шақырымы Қазақстан жерінде. Бастауын Алтай сілемдерінен алады. Зайсан көліне дейінгі бөлігі – Қара Ертіс, көлден төменгісі Ақ Ертіс деп аталады.
Есіл – Ертіс өзенінің сол жақ саласы. Қазақстанның Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары және Ресейдің Түмен, Омбы облыстары жерінен өтеді. Сарыарқаның солтүстік бөлігіндегі Нияз тауының батыс беткейінен басталып, Омбы облысындағы Усть-Ишим селосының тұсында Ертіс өзеніне құяды.
Жетісу – тарихи-географиялық аймақ. Солтүстікте Балқаш, солтүстік- шығысында Сасықкөл мен Алакөл, Шығыста Жетісу (Жоңғар) Алатауы, оңтүстік және оңтүстік батысында Солтүстік Тянь – Шань жоталарымен шектеледі. Жетісу атын құрайтын жеті өзен туралы түрліше пікір бар.
Қарқаралы – қала, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданның әкімшілік орталығы. Қарағанды қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 220 км жерде, теңіз деңгейінен 815 м биіктікте орналасқан. Ең жақын темір жол станциясы – Қарағайлы (25 км). Орманды-тоғайлы, жақпартасты келген көрікті Қарқаралы тауларының шығыс етегінде, Қарқаралы өзеннің екі жағасында жайласқан.
Қалба жотасы – Алтайдың оңтүтік-батысында. Негізгі Алтай жүйесінен Ертіс өзені арқылы бөлініп жатыр. Ұзындығы 400 км, орташа ені 120 км. Ең биік жері – Сарышоқы тауы (1608 м). Жота батыс жағында біртіндеп аласарып барып Сарыарқа шоқыларына ұласады. Мұнда Қалба жотасының биіктігі 450-700 метірдей. Алтын және түсті металдар кен орындары бар. Бұл маңнан көптеген шағын өзендер басталады. Қалба жотасының сілемі – Далба тауының ішінде қазақтың атақты жырауы, ақын әрі би Бұқар жырау өмірінің соңғы шағын өткізген.
Қатынсу – Алакөл алабындағы өзен. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы жерімен ағады. Ұзындығы 155 км. Су жиналатын алабы 1650 км. Тастау, Жалаулы тауларынан басталып, Көктал аңғарынаннан төмен Алакөлге құяды. Суы ауыз суға, жер суаруға пайдаланылады. Қатын судан 8 канал тартылған.
Қағба – Меккедегі мұсылмандар құлшылық ететін аса қастерлі орындағы тұңғыш ғимарат. Масжид-ул-Харамда орналасқандықтан “Байтул-харам” (Қасиетті үй) деп таталады. Қағба қара мата – қисуамен жабылған. Қарама-қарсысында зәмзәм суы шығатын қасиетті бұлақ бар. Қағба құбыла болып жарияланған соң оның исламдағы мәні арта түсті.
Қазан – Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан автономиясының орталығы, Еділдің сол жағасында орналасқан қала.
Құлжа – Қытайдың солтүстік-батысындағы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы қала.
Қытай – Азияның шығысында орналасқан алып мемлекет. Қазіргі кезде Қытай алдыңғы қатардағы дамушы елдердің қатарында.
Лепсі – Балқаш алабындағы өзен. Алматы облысы Ақсу, Сарқант аудандары жерімен ағады. Ұзындығы 418 км, су жиналатын алабы 9,4 мың км. Жетісу Алатауының солтүстік беткейіндегі мұздықтардан басталып, Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс бөлігіне құяды. Аңғары жоғары бөлігінде тар шатқалды, төменгі ағысында кеңейе түседі. Жер асты, жауын-шашын, мұздық суымен толығады. Жылына су деңгейі 2 рет – көктемде және жазда көтеріледі. Суы лайлы, ағыны қатты. Өзеннің жазық жерлері желтоқсаннан наурызға дейін қатады. Суы егін суаруға жағалауы шабындық пен жайылымға пайдаланылады. Лепсінің су режимін реттеу үшін Лепсі каналы салынған.
Мекке – мұсылмандардың қасиетті қаласы. Онда бас мешіт әл-Мәсжид әл-Харам мен Қағба орналасқан. Исламның негізін қалаушы Мұхаммед (с.ә.с.) осы қалада дүниеге келген. Мұхаммед (с.а.с.) Меккеден кеткенімен Мәдинедегі жаңа құлшылық ету үйінің есігін Қағбаға қаратты (Құбыла). Мұсылмандардың Меккені 630-жылы жаулап алуы оның діни орталық ретіндегі айрықша жағдайын қалпына келтіріп қана қоймай, одан да жоғары дәрежеге көтере түсті. Меккеге барып тәуап ету исламның бес парызының бірі болып саналады.
Мыржық – тау; Сарыарқаның солтүстік шығыс бөлігінде, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы және Шығыс Қазақстан облысының Семей қалалық әкімдігі аумағына орналасқан. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 60 км-ге созылып жатыр. Ені 20-25 км. Түпкі жыныстары жер бетіне шығып жатыр. Беткейлері, өзен аңғарлары сай-жыралармен тілімделген, толып жатқан жартасты қырқалар мен шоқылардан тұрады. Олардың арасындағы ең биігі – Егібай тауы (970 м).
Обаған – Қостанай облысы, Алтынсарин ауданындағы ауыл, аудан орталығы. Облыс орталығы – Қостанай қаласынан шығысқа қарай 67 км жерде, қоңыржай құрғақ дала белдемінде орналасқан.
Өлеңті – Жайық алабындағы өзен. Батыс Қазақстан облысының Сырым және Ақжайық жерлерімен ағады.
Сарыарқа, Арқа – Қазақстанның бүкіл орталық бөлігін алып жатқан аймақ. Солтүстікте Қазақ жазығынан басталып оңтүстікте Бетпақдала мен Балқаш көліне дейінгі аралықта орналасқан. Батыста Торғай үстіртіне тіреледі. Шығыстағы шекарасы Балқаш көлінің солтүстік-шығыс шетінен Тарбағатайдың етегіне, онан әрі Зайсан қазаншұңқырының шетін ала Қалба жотасына дейін жетеді.
Сарыөзен – Ертіс алабындағы өзен. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы және Шығыс Қазақстан облысы Семей қалалық әкімдігі аумағы жерімен ағады. Мыржық, Ақшоқы тауларынан басталып, Ақмолайсор (Шалқарсор) көліне құяды.
Сыр – Сырдария өзені. Орта Азиядағы ірі өзен. Қарадария мен Нарын өзендерінің Ферғана қазан шұңқырының шығыс бөлігіндегі қосылған жерінен бастап Сырдария аталынып Арал теңізіне құяды.
Семей – Ертіс өзенінің жағасында орналасқан қала. Іргесі ХVІ ғасырда қаланған қаланың алғашқы атауы Доржынкент.
Сергиполь – Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданындағы ауыл, округ орталығы. Аудан орталығы Аягөз қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 8 км жерде, Аягөз өзенінің оң жағасында орналасқан.
Түркістан – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан ауданының орталығы, Сырдарияның оң аңғарында орналасқан. 2000 жылы көне қаланың 1500 жылдығы тойланды. Арабтардың географиялық жазбаларына қарағанда ІV-Х ғасырларда бұл қаланың орнында Шавгар (арабша Шавагар) мекені болған, бірақ бұдан із қалмаған. ХІІ-ХІV ғасырларда Түркістан “Ясы” деп аталған. Қожа Ахмет Иасауи ғимараты салынғаннан кейін түркілердің діни орталығына айналды
Тарбағатай – Зайсан және Балхаш – Алакөл арасындағы су айырық жота. Семей, Шығыс Қазақстан облыстарының жерінде орналасқан. Жота ендік бағытта батыстан шығысқа қарай 300 км-ге, ені 30-50 км-ге созылып жатыр. Аягөз ауданында Тарбағатай ауылы бар.
Ташкент – қала, Өзбекстан Республикасының астанасы, Ташкент облысының орталығы. Шыршық өзенінің жағасында орын тепкен. Өткен ғасырларда Ташкент – Қазақ хандығының ордасы болған.
Үржар – Шығыс Қазақстан облысындағы аудан орталығы, өзен аты.
Үргеніш – ежелгі қала, ортағасырлық Хорезм мемлекетінің астанасы. Орны қазіргі Түркменстан республикасы, Ташауыз уәлаятындағы Көне Үргеніш елді мекенінің жанында. Үргеніштің гүлдену кезеңі 12-13 ғасырлардағы хорезмшахтар билік еткен кезеңге тура келеді. 13-ғасырдың ортасынан бастап Алтын Орданың құрамында болып, сауда, қолөнер, әкімшілік орталық ретінде өз маңызын жойған жоқ. 14-ғасырдың ортасына қарай Хорезм Алтын Ордадан бөлінген кезде Үргеніш қайтадан оның астанасына айналды. 17-ғасырда қала тіршілігі құлдырап, кері кетті.
Шыңғыстай – Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданындағы ауыл, Қатонқарағай ауылдық округінің құрамында. Аудан орталығы Үлкен Нарын а-нан шығысқа қарай 20 км, Сарымсақты тауының баурайында, Бұқтырма өзенінің жағасындағы қайыңды-қарағайлы орман арасында орналасқан. Іргесі 19 ғасырдың аяғында қаланған. Бұғы өсіретін кеңшар бөлімшесінің орталығы болған. Оның негізінде Шыңғыстайда шаруа қожалықтары құрылды. Шыңғыстайдағы алғашқы мектеп ғимараты 1905 жылы салынған. Онда С.Торайғыров ұстаздық етіп, өзінің әйгілі “Кедей” поэмасын жазған.
Шоқтерек – эпикалық топоним, аңыз бойынша Қозы мен Баян осы теректің түбінде кездесіп жүреді.
Шу – Қырғызстан мен Қазақстан жеріндегі өзен. Ұзындығы 1186 км. (Қазақстан аумағында 800 км), Теріскей Алатау мен Қырғыз Алатауынан бастау алатын Жуанарық және Қошқар өзендерінің қосылған жерінен бастап Шу аталады. Ірілі-ұсақты 80 саласы бар, ірілері: (Қазақстанда): Қорағаты, Мерке, Қарабалта, Ақсу т.б. Теріскей Алатау мен Қырғыз жотасын кесіп өте бере Шу Жоғарғы Ортотоқой және Төменгі Ортотоқой шатқалдарын қалыптастырған. Соңғысының тұсына Ортотоқой бөгені салынған. Төменде Шу Ыстықкөл қазаншұңқырына шығады.
Шідерті – Батыс Қазақстанның Сырым ауданындағы өзен, Өлеңті алабында.
Іле – Қазақстан (Алматы облысы) мен Қытай жеріндегі өзен. Шығыс Тянь-Шаньнан басталып, Балқаш көліне құяды.
ТОМҒА ЕНГЕН ЖЫРЛАРДЫ ЖЫРЛАУШЫ, АЙТУШЫ ҺӘМ ЖИНАУШЫЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ
Березин Илья Николаевич (1818-1896) – орыс шығыстанушысы. Қазан, Санкт-Петербург университеттерінің профессоры. Қазан университетін бітірген. 1842-45 жылдары Иран, Түркия, Кавказ, Дағыстанды аралап, бұл сапарында жүргізген ғылыми зрттеулерін 1850-52 ж. жарық көрген 20 томдық “Шығыс елдеріне саяхат” атты еңбегінде топтастырды. Березин “Алтын Орданың ішкі құрылымы (Хан жарлықтары бойынша)” (1850) аталатын еңбегіне Ш.Уәлиханов пікір жазған. Ғалым 1849-54 жылдары жарыққа шыққан “Шығыс тарихшыларының кітапханасы” деген жинағына Рашид әд-Дин, Шайбани, Қадырғали Жалайыри, Әбілғазы еңбектерінің орысша аудармаларын енгізген. Березин Моңғол тарихын, әсіресе, Алтын Орда мемлекетін, түркі халықтарының фольклоры мен диалектілерін тиянақты зерттеді. Ол бастырған 3 томдық “Түрік хрестоматиясына” қазақ халқының “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Едіге”, “Қамбар батыр” жырлары, ертегілер, тұрмыс-салт жырлары енді.
Ғұмарова Мәлике (1918-1987). Орал облысы, Орда қаласында туып- өскен. Фольклортанушы, текстолог ғалым, филология ғылымдарының кандидаты. 1943-1987 жылдары Қаз. ССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының Текстология, қолжазба бөлімінде жұмыс істеген. Жамбыл шығармалары жинағын, Көрұғлы, Қамбар т.б. батырлық жырын құрастырған. «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасына батырлық, ғашықтық жырларға сипаттама жазды. “Қамбар батыр”, “Қыз Жібек” жырларының ғылыми басылымын дайындады. Халық ақындарының өлеңдері мен айтыстарын жинады. ОҒК және ӘӨИ Қолжазба қорларындағы сирек қолжазбаларды жүйеледі.
Дүйсенбаев Ысқақ Тәкімұлы (1910-1976) – ғалым, филология ғыл. докторы, профессор. Қазақстан ҒА-ның корр. мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Мәскеу қаласындағы Әдебиет институтын бітірген. 1939-42 ж. Қазақ мемл. көркем әдебиет баспасында редактор, КСРО ҒА Қазақ филиалының әдебиет секторында ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, 1942-43 ж. әскери-педагогтік институт тыңдаушысы, 3-Украина майданының “Советский воин” газеті редакторының орынбасары болған. Майданнан оралған соң, Қазақстан ҒА төралқасының ғалым-хатшысы, Тіл және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі, Әдебиет және өнер институ-тының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Негізгі ғылыми еңбектері қазақ фольклоры, соның ішінде лиро-эпос, әдебиет тарихы, қазіргі заманғы әдебиет мәселелеріне арналған. Ф.Рабле, И.С Тургенев, А.П. Чехов, Р.Роллан, А.Горький шығармаларын қазақ тіліне аударған. Дүйсенбаевтың “Ғасырлар сыры” (1970), “Қазақтың лиро-эпосы” (1973), “Мұхтар Әуезов” (1974), “Эпос және ақындар мұрасы” (1987) атты еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған елеулі үлес болып есептеледі. Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.
Жанақ ақын (1770-1856). Бүкіл өмірін өнер сапарында ел аралаумен өткізіп және өз заманының ең атақты ақындарының бірі ретінде бүкіл қазақ еліне танылған. Жанақ Түбекпен, Орынбаймен және басқа да көптеген ақындармен айтысқан суырып салма ақын болумен қатар қазақтың батырлық жырларын, әсіресе, ғашықтық дастандарын сақтап дамытушы ірі эпик ақын болғаны белгілі. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының ең таңдаулы нұсқасы Жанақ есімімен байланысты.
Ильминский Н.И. (1822-1891) – Қазан университетінің профессоры, түркі халықтарының әдебиетін зерттеуші ғалым, ориенталист. Қазақ салт-санасы, тілі жөнінде “Древний обычай” (1860), “Материалы к изучению киргизского наречия” (1861) деген еңбектер жазған. Қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырған. Соның бірі – “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”
Көпеев Мәшһүр Жүсіп – (1857-1931)– Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Бұхарада, Ташкентте оқып, Орта Азия халықтарының әдебиетімен танысқан. М.Көпеев өзі де өлең шығарумен бірге ауыз әдебиеті үлгілерін де көп жинаған. Оның “Мес” деп аталатын төрт томдық қолжазбалар жинағы ҚР Білім және ғылым министрлігі, Орталық ғылыми кітапханасының қорында сақтаулы.
Марғұлан Әлкей Хаханұлы (1904-1985) – Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған. Қазақстан археология мектебінің негізін қалаушы. Бүкілодақтық географиялық қоғамның толық мүшесі, Қазақ ССР ҒА-ның академигі.
Потанин (1835-1920) – Орта Азияның табиғатын, этнографиясын зерттеген саяхатшы, географ, энтограф, фольклоршы. 1852 жылы Омбыдағы кадет корпусын бітірген 1853 – 58ж. Семей мен Омбыда әскери қызметте болды. 1859-62 ж. Петербург университетінің табиғаттану бөлімінде оқыды. 1861 ж. студенттік толқуларға қатысқаны үшін Сібірге жер аударылды. 1863-64 ж. Орыс география қоғамының астроном К.Струвенің басқаруындағы экспедициясына қатысып, Зайсан көлі мен Тарбағатай тауын зерттеді. Зайыбы А.Потанинамен бірге Орта Азия мен Сібірдің түркі-моңғол, тұңғыс-маньчжур т.б. көптеген халықтарының фольклоры, этнографиясы туралы құнды материялдар жинап, табиғатына, органикалық дүниесіне берген кең көлемді ғылыми сипаттамасы “Орта ғасырлық Еуропа эпосындағы шығыс сарындары” (1899) атты еңбегінде көрініс тапты. Ш.Уәлихановтың Сырымбеттегі ауылына барып қайтқан сапарында “Қазақтың соңғы ханзадасының үйінде” (1896) деген мақаласын жазды. Қазақ фольклоры үлгілерін, жалпы түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетін жинап, “Қазқтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз әңгімелері және ертегілері” (1916) атты еңбегін жазды. Географиялық озық еңбектері үшін Потанинді Орыс география қоғамы 1886 ж. Үлкен Константинов медалімен марапаттады. Потанин есімімен Наньшань тауындағы жота, Моңғол Алтайындағы мұздық аталған.
Радлов Василий Васильевич (1837-1918) – ірі шығыстанушы, түркі тілдері мен фольклорының үлкен білгірі. Ұлты – неміс, Германияның Берлин қаласында дүниеге келген.
Берлин университетін бітіргеннен кейін болашақ ғалым Ресейге келеді. Ұзамай тіл үйрену мақсатымен Алтай өңіріне барып, оқытушылық қызмет атқарады. Осы уақыттан бастап түркі халықтарының ауыз әдебиетін зерттеумен белсене шұғылданады. В.В.Радлов әр түрлі ғылыми сипаттағы экспедицияларға қатысып, фольклорлық үлгілерді ұқыпты түрде жинап, қағазға түсіреді. 1870 жылы В.В.Радлов “Түркі тайпалары халық әдебиетінің нұсқалары”... деген көптомдық еңбегінің үшінші томында қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жариялады.
Уәлиханов Шоқан (Мұхамедханафия) (1835-1865) – қазақ ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, фольклортанушы, ағартушы. Жеке меншік мектепте оқып, хат таниды. Шығыс тілдерінен араб, парсы, түркі тілдерін меңгерген. Омбы кадет корпусын бітірген. ХІХ ғасырдың орта шенінде қазақтың өз ортасынан шығып, халық творчествосын, этнографиясын көптеп жинап, оны баспа жүзіне шығаруда және сол материалдарды зерттеуде үлкен қызмет атқарып, үлес қосқан әйгілі ғалым.
Шөже Қаржаубайұлы, Шөже (1808-1895) – халық ақыны. Жастай ауруға шалдығып, екі көзінен бірдей айрылған ол бала кезінен қобыз, домбыра тартып, той-думандарда ақындық талантымен танылған. Жоқшылық пен жарымжандықтың ауыр зардабын тартқан Шөже шығармаларын, ақындық өнерді күнкөріс көзіне айналдырған кездер де кездеседі. Оның бір топ өлеңдері (“Дәукейге”, “Домбыра, шыққан тыңқылдан”, “Бәйтікті мақтағаны т.б.) жеке адамдарды көтере дәріптеп, мақтауға құрылған. Сонымен қатар Шөже тоғышарлық пен парақорлықты, өмірдің жағымсыз жақтарын батыл сынға алды. Шөже – ірі айтыс ақыны. “Көзіме он жеті ақын түк қылған жоқ” деуіне қарағанда, ол өз заманындағы аты мәлім ақындардың біразымен айтысқан делінеді. Шөже айтыстары (Кемпірбай, Балта, Тезек төре, Қалдыбай, Орынбай, Жапар, Жәмшібай, Тазбала т.б.) өзінің өткірлігімен, шынайы сыршылдығымен ерекшеленеді. Шөже – белгілі эпик ақын, әнші әрі композитор. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырының ең көркем әрі толық нұсқасы Шөженің айтуымен таралған. Оның халық ауыз әдебиетінің асыл үлгілері мен ел шежіресінің асқан білгірі екенін кезінде Ш.Уәлиханов атап көрсеткен. А.Құнанбаев, С. Торайғыров Шөженің ақындық талантын жоғары бағалап, жасқанбай тура айтатын өткірлігін құрмет тұтқан.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР
ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК – Орталық Ғылыми кітапхана
ҚҚ – Қолжазба қоры
Ш – шифр
дәп. – дәптер
/а/ – араб
/о/ – орыс
/п/ – парсы
/тат/ – татар
/т/ – түркі
/ж/ – жергілікті
/қ/ – қытай
/к.с./ – көнерген сөз
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Қолжазбалар мен Қазан төңкерісіне дейін шыққан кітаптар
1. Қозы Көрпеш Һәм Баян сұлу. ӘӨИ. Ш. 25. 2. Қозы Көрпеш – Баян сұлу. ӘӨИ. Ш. 28.
Кузи Курпиш – Байан кыз. ОҒК. 56, МФ 3. Қисса-и Қозы Көрпеш– Баян сұлу. – Қазан, 1890 4. Радлов В.В. Образцы народной литературы тюркских племен живущих в Южной Сибири и Джунгарской степи. т.3. – СПб., 1870
Зерттеулер мен энциклопедиялар, фольклорлық жинақтар, сөздіктер
1.Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы, 1959. 2. Батырлар жыры. – Алматы, 1939. 3. Бердібаев Р. Қазақ эпосы. – Алматы, 1982. 4. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы, 1974. 5. Дүйсенбаев Ы. Қазақтың лиро-эпосы. – Алматы, 1973. 6. Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Қазақ кітабының тарихы. – Алматы, 1999. 7. Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері, 1-кітап. – Алматы, 1958.
8.Қозы Көрпеш – Баян сұлу / Құрастырған – М. Әуезов. – Алматы, 1936. 9. Қозы – Көрпеш и Баян сұлу. Қыз – Жібек. – Москва, 2003.
10 Қазақтың ғашықтық қиссалары. – Үрімжі, 1996. 11. Қазақтың ғашықтық жырлары. – Үрімжі, 2000 12. Қазақ кітаптары. Құрастырғандар: Е.Есова, Ү.Субханбердина, Д.Сейфуллина. – Алматы, 1986. 13. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы, 1999. 14. Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы. 2-том. – Алматы, 1979.
15.Қазақстан ұлттық энциклопедия. 6-том. – Алматы, 2004. 16. Қозы Көрпеш – Баян сұлу. – Астана, 2002. 17. Қоңыратбаев Ә. Қазақтың “Қозы Көрпеш” жыры туралы. – Алматы, 1959. 18. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – Алматы, 1985. 19. Түркістан халықаралық энциклопедиясы. – Алматы 2000
20 Арабско-русский словарь. Составитель Х.К.Баранов. – М., 1968. 21. Древнетюркский словарь. – Л., Наука, 1969. 22. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Құрастырушылар: Р.Сыздық, Н.Уәлиұлы, Қ.Жаманбаева, Қ.Күдеринова. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. 23. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы, 1999. 24. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Құрастырған І.К.Кеңесбаев. – Алматы, 1977. 25. Персидско-русский словарь. Под ред. Ю.А.Рубинчика. І-ІІ т. – М., 1970 26. Татарско-русский словарь. – М., Советская энциклопедия, 1966. 27. Турецко-русский словарь. – М., Русский язык медиа, 2005.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру