Тырнақшаның ішіндегі әңгіме
Қанағат Әбілқайыр
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сатира саласын өнімді еңбектерімен толықтырып жүрген жазушының бірі – Қанағат Әбілқайыр. Тартымды тілмен жазылған шығармалары сатираның барлық талаптарына сай келеді. Қоғамда болып жатқан кемшіліктерді ащы әзілмен әжуалай түседі.
Тіл!
Әйелім телеарнада істейді. Сіздер оның сөзін түсінесіздер ме, білмеймін, өзім о баста «Осы не айтты?» деп, аң-таң болып жүрдім. Кеше екеуміз жап-жақсы шәй ішіп отырғанбыз. Несиенің зары ойыма түсіп кетіп:
- Осы біздің кредит қашан бітетін еді? – дедім. Сөйтсем:
- Үстіміздегі жылдың аяғында – дейді. «Дұрыс түсінбей қалдым ба?» деп қайта сұрадым.
- Үс-ті-міз-де-гі!
- Сонда ол қай жыл?
- Биыл! Биыл бітеді. Не болған саған?
Күйіп кеттім.
- Оны үстімізге шығармай-ақ, биыл деп айтсаң болмай ма? Сонда өткен жылды не дейсіңдер? Ол да үстімізде ме, әлде астымызда қалды ма?
Жоқ, рас, телевизорды қосып қалсаңыз немесе газет-жорналды ашып қалсаңыз: «Үстіміздегі жылы түсім мол болды, үстіміздегі жылы өйтті-бүйтті» дейді. Сосын, «Болып табылады», «Келуде, баруда», «Дей тұрғанмен», «ой-пікірмен бөлісті», «жұмыс жасайды», «қол жетімді» «жіберіп алмаңыздар», тағы басқа толып жатқан сөздері бар. Сонда бір жерге қонаққа барсаң, «Мынау біздің үйдегі келініңіз болып табылады» дейсіз бе? Әлде, досыңа «Моншаға барасың ба?» десең, ол саған «Бағасы қол жетімді ме?» дей ме? Кино немесе концерт корсетерде «Осыны жіберіп алмаңыз!» дейтіндері бар. «Жіберіп қоймаңыз» деген сияқты естіледі құрғыр... Сонымен... а, кешіріңіздер, әйелім қоңыраулатып жатыр. Қазір...
- Сізді мұқият тыңдап тұрмын...
- Әкесі, сіз кешігу үстіндесіз...
- Ой, мені қойшы, өзің жылжымайтын мүліктесің бе?
- Иә, көтерме және бөлшек сауда орталығына барып, қазір ғана жылжымайтын мүлікке кірдім. Барлық жерде аспан асты елінің заттары...
- Кімнің заттары?
- Ой, бәрі Қытайдың заты деймін! Ал, өзің қайда болып табыласың?
- Мен мына құрып кеткір жылжитын мүлік жылжымай қалып, соны шұқылап жатырмын.
- Қонақтар дер кезінде тиісті орыннан табылып, сен өкінішке орай кешігіп жүрме.
- Олар нешеде келеді деп жоспарланып отыр?
- Кешкі алтыға келеді деп күтілуде!
- Не істеуде?
- Күтілуде!
- Ой, қой, мынауың артықтау емес пе?
- Қай жері артықтау? Телевизордан күнде «күтілуде», «жоспарлануда» деп айтып жүрміз ғой.
- Е, бопты, күтіле берсін. Онда мен де барудамын.
- Айта кету керек, ақыры бәрі келеді ғой деп, бүгінгі күн тәртібіне Бәтіштерді де енгіздім...
- Ойбай, ол бізге кім болып табылады?
- Туу, сен-ақ ұмытасың да қаласың. Ол ана құдаңның туған қарындасы болып табылады ғой.
- А, құдаша деші?.. Дейтұрғанмен ол...
- Иә, иә, құдаша! Ешқандай дейтұрғанмен емес!
- Е, бопты. Мен де жылжу үстіндемін сізге қарай...
- Әй, әкесі, асықпай абайлап жүр. Жолда жол-көлік апаты орын алмасын!
- Дәл осыны айтпашы, бәйбіше.
- Әкесі, ау, әкесі, айтпақшы, жол-жөнекей бір мөшек қара алтын ала салшы...
- Не ала сал?
- Қара алтын, яғни, көмір ала сал деймін. Монша жаққанға...
- А, иә. Құрсын, шатасып біттік қой. Осы журналистер біртүрлі, қара халық біртүрлі сөйлегенді қашан қоямыз а?..
«Оқысаңдарсайшы»
Журналист, жазушы қазақ тіл-әдебиетінің мұғалімі және ақын дастархан басында әңгімелесіп отыр.
- Өткенде ауылға бара жатырғанда, жо-жоқ, келе жатырғанда алма сатып жатырғандардан бір қап алма алдым. Баладар мәз әйтеуір.
- Ой, біз де алмаға қарық боп атырық. Күніге 5-6 келісін жеп атырық. Келесі аптада тағы әкелуге арнайы бара жатырық.
- Ауылың қаяқта еді? Ояқта ма, бұяқта ма?
- Туу, шай ішіп отырсаңдарсайшы. Тамақтан жесеңдерсейші. Алма, алма дей бермей, басқа бірдеңе айтсаңдарсайшы...
- Айтқанда, мына келе жатырған жыл өтіп бара жатырған жылдан қиын болады-ау. Бәрі көз алдымызда қымбаттап жатырған сияқты.
- Иә, күнімізді әупірімдеп көріп отырық. Құдайдың құдіретімен ғана аман келе атырық. Бала-шағаның қамы деп, тырбанып-ақ жатырық.
- Е, арты жақсы болсын десеңдерсейші. Көрші елдерді қарасаңдарсайшы. Біздікі тәуба! Туу, тамақ жесеңдерсейші...
- Сен де бір! Біздің билік құсап. Ояқта соғыс, бұяқта аштық, анияқта тасқын. Бізде ғана керемет деп. Тілдерің тиіп жүрмесінші!
Есеп!
Біздің елде жыл сайын облыс, аудан әкімдері халық алдында есеп береді. Елбасына кезек кіріп, министрлер мен өзге де шенеуніктер сасып-салбырап әлдене айтып жатады. Оған бәріміз үйренгенбіз. Әлеуметтік желілер сәнге айналғалы бері қалың қауым да есеп беретінді шығарды. Бұрын-соңды кофе ішіп көрмеген біреу арғы аталарынан бір артығын көрсетейін деді ме: «Кофе ішіп отырмын» деп жарты әлемге жар салды. Өмір бойы аспанда қалықтап жүрген тағы бір қарындас: «Мен жер басып тұрмын» деп, суретін жариялады. Тұла бойы түгел демократияланып кеткен тағы бір дос: «Мен әжетханада отырмын» деді күшеніп. Меніңше, бәрі дұрыс сияқты. Кімнің қайда, не істеп жүргенін сұрамай-ақ біліп отырғанға не жетсін. Осындай ойымызды айтқызбай білген тағы біреу: «Бір жасымнан екі жасыма дейін киіп, кейін ініме берген қайыс бәтеңкемді көргілеріңіз келсе, «Ақита» деген сайтқа кіріңіздер» деді ентігіп. Ентіккенін танауы делдиіп, әлеуметтік желіден қазір шығып кетейін деп тұрған суретінен байқадық. Жаны нәзік тағы бір қыз: «Құрбыларым жылап отырғанымды түсіріп алыпты. Даусымды тыңдағыларыңыз келсе, «Мақита» деген сайтта» деді. Мұны оқыған Байжұма қарап отыра ма? Үйінен ақтарып жүріп, қырық жылғы шұлығын тауып алды. Бүктеуге келмей, қатып қалған шұлық кез келген жерге сүйей салсаң, пышақ сияқты қадалып тұра береді екен. Құшырлана иіскеп, біраз толқып тұрды да, суретке түсіріп: «Тоғызыншы сыныптан он бірінші сыныпқа дейін тастамай киген шұлығым» деп жазды. Әлі де бірдеңе жетіспейтін сияқты. Ақылды емес пе, көп ойланбай: «Смайлк басуды ұмытпаңыздар» деп қосып қойды. Миымызды ашытып, уақыт жұмсап, түрлі басылымды, ақын-жазушылардың шығармаларын оқығанша, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» осы өз қотырымыз қызық!..
Рәбиға
Рәбиғаның балалар лагеріне келгеніне 5-6 күннің жүзі болды. Мұнда түрлі ойын ойнауға болады, тауға серуендеп, суға түсуге де мүмкіндік бар. Зерікпейсің. Әттең... Рәбиға мұндағылардың бәрінің әке-шешесін танып алды. Күнұзақ жолға қарап, кімнің әкесі немесе шешесі келе жатқанын хабарлап отырады. «Әнипа, әкең келе жатыр!» Ойынға алданған бала елең ете қойсын ба? Үстіне төніп келгенде ғана мойын бұрып, талайдан көріспегендей аймаласып, мәре-сәре болып жатқанда бұл сырттай тамашалап, состиып жалғыз тұрады. Рәбиғаға осы 5-6 күнде анасы бір-ақ рет келді. «Шыға алмаймын. Сұрана берсем, осы жұмыстан да айырылып қалам» дейді. Бүгін Рәбиғамен бөлмелес қыздың әкесі осында қонатын болды. Қызы жылаған соң бастықтан рұқсат сұрапты. Әке мен қыз түн ауғанша ойнады, Рәбиға қарап жатты. Ұйықтап қалған қызына қонған масаны әкесі ұшырып жіберді, маса Рәбиғаны шақты. Таң ертең Рәбиға бетіне қонған шыбынның ызыңынан оянды. Қараса, жанындағы қызға шыбын қондырмай әкесі қолын сермелеп отыр екен...
Құрбан айт
Оянсам, таң қылаң беріпті. Інімді де тұрғызып, дәрет алдық. Сосын, қолтыққа жайнамазды қысып, үйренген соқпақпен мешітке қарай аяңдадық. ...Ылғи бір-екі қадам алдыда әкем жүріп отырады. Мешіттің ауласында отырған жоқ-жітікке садақа береді. Ол кісі не істесе, біз де соны қайталаймыз. Ертерек келсек, ішке кіреміз. Кешіксек, қоршаудың сыртына дейін шығып кететін қалың нөпірмен бірге бұйырған жерге тізе бүгеміз. Құдай үйіне ерте келген жақсы. Ыңғайлы жерден орын аласың. Айт намазы басталғанша уағыз тыңдайсың. Тыңдайсың да, «Неге мешітке жиі келіп тұрмаймын. Ең болмаса жұма намаздан қалмауға болады ғой» деп, өзіңді бір сөгіп алып, енді ешқашан жамандық жасамауға бекінесің. Қалың қауым намазға жығылып, бір-бірін танымаса да, «Қабыл болсын!» айтып, шын ықыласпен қол алысады. Сосын, о бастан қалыптасқан дәстүріміз бойынша, алдымен аға-жеңгемнің үйіне барамыз. Олар жеті шелпегін пісіріп, дастарханын жайып, күтіп отырады. Көз жұмған күллі мұсылманға бағыштап әкем құран оқып, өзі бастап дәм татады. Сосын, әпке-жездемдікіне, одан шығып біздікіне, ең соңынан үлкен үйге келеміз. Осы тәртіп әке-шешем қалаға көшіп келгелі бері бұзылған емес. Міне, енді әкесіз қалған інім екеуміз мешіттен шығып, ағамдікіне бардық. Есік тарс бекітулі, терезе перде жабық. Аға-жеңгем қатты қысылып, «Енді есімізде болсын» деді. Ал, әпкемдер «Түнімен қыз ауырып, жәй жатып едік» дейді. Үлкен үйде ғана анам дастархан жайып қойып, бүк түсіп жатыр екен. Мен әкемнің орнына отырып, құран бастағанда, үнсіз жылап отырды.
Жаның жаннатта болсын, әке!..
15.10.2013
Шығарып салу
Дастархан басындағы әңгіме:
- Пакет тарата ма мыналар?..
- Алдыңа жинай берсеңші, әкелгенде сала саласың ғой...
- Ойбұй, мынаны ең болмаса қағазға орап қоймай...
- Әне, ана жақта таратып жүр екен. Әй, бері келіңдер...
- Алмадан да салсаңшы...
- Ана өрік-мейізді алмасаң маған бер...
- Мә, сен екі сөмкені лықа толтырып алыпсың ғой!
Қазан-ошақ басындағы әңгіме:
- Қазыдан тағы бір кесіп берші...
- Ей, ар жағыңды қарай тұр. Біреу келіп қалмасын!
- Бағанағы шикі етті не істедіңдер?
- Қалақайдың арасына жасырдық. Қас қарайғанда алмасақ, біреу-міреу көріп қояды ғой...
- Қалақайың не-ей? Ит көтеріп кеткен шығар осы уаққа дейін.
- Жынды емес шығармыз. Қазан төңкеріп қойдым.
- Байқаңдар, бір әйел келе жатыр!
- Қайным, маған қолдың басындай шикі ет алып қалған шығарсың?
- Туу, жеңеше, сіз сияқты он қатын келіп кетті. Оның бәріне ұстата берсем, не қалады?
- Бүгін бір етке ие боп ең, кекірейе қапсың ғой. Өзің алмағандай! Үйіне бір қап ет апарды деп, бәрі шулап жатыр ендеше!
Есік алдындағы әңгіме:
- Сорлы бала мектепті де бітірмей, өлді де қалды...
- Ана әпкесі дұрыстап жылаған да жоқ қой. Бәріне араласып, кірген-шыққанды аңлыды да отырды.
- Дастархан да жұтаң. Ештеңе ала алмадық. Кейін кіргендерге ет те жетпей қалыпты...
- Көр қазғандарға арақ та құймапты ғой. Қатып қалдық деп, Тәліптер ренжіп келді.
Тілім-тілім...
Көршім өте белсенді. Таң ертең жұмысқа кетіп бара жатқанымда қақпасының маңдайшасында «Есентай көшесі» деген жазу тұрған. Кешке қайтып келе жатсам, әлгі жазуды үлкейтіп, үш тілде іліп қойыпты. Ол ол ма, алдымнан шәуілдеп шауып шыққан иттің де мойнында бірдеңе жүр. А-а, «ит», «собака», «dog» деген жазу екен. «Бұған не болған?» деп, ішке бас сұқсам... Қоршауда, тал-теректе, көлікте, үйдің қабырғасында, дәретханада, қойшы, әйтеуір бәрінде бір-бір тақтайша тұр.
Шарбақ, забор, fence!
Терек, тополь, poplar!
Көлік, транспорт, transport!
Үй, дом, house!
Дәретхана, туалет, toіlet!
Менің мисыз басым айналып тұрғанда көршім терезеден басын шығарды. Мойнына «күйеу», «муж», «husband» деген жазу тағып алыпты.
- О, көршім. Мой сосед...
Ол сөзін аяқтамай жатып, әйелі де көрінді. Одан да «жена» деген жазуды байқағандай болдым. Сосын, ақырын шығып кеттім. Аң-таңмын деген сөз қазіргі кейпімді толық суреттей алмайтын шығар...
Кешке үкіметке қатысы бар досым хабарласты:
- Естіген шығарсың. Біздегілер есіктерінің маңдайшасына енді екі тілде жазып, іліп жатыр!
Құрдастар немесе «Көкемұра»
Құрдасымның баласы бірінші сыныпқа барып, соның қуанышына бәріміз бас қостық. Амандық-саулық сұрасып, мұнайдан көл жасауға болатын елде жанармайдың аздығы айтылғаннан кейін негізгі бас ауруымызды сөз еттік.
- Оқушыларды кітаппен толық қамтамасыз етеміз деген сөздері қайда? Әбден сабақ басталғанда кітап іздеп, тентіреп кеттік.
- Соны айтам. Ол аздай, әрең тапқан кітабымыз жарамай қалды.
- Үйге жақын болған соң «Әжемұра» баспасынан алғамыз. Сөйтсек, біздің мектепке тек «Баламұра» баспасының кітаптары керек екен.
- Сендерге «Баламұра» дей ме? Бізге «Шешемұра» деді.
- Ал бізге «Әкемұраның» ғана кітабын аласыңдар дейді.
- Балаң қай сыныпта еді?
- Бірге барды ғой.
- Сенікі ше?
- Менікі де бірге барды. Бәріміз келісіп алғандай бір жылда босанбап па едік...
- Иә, бәрі бірінші сынып. Тек, кітаптары әр баспадан. Онысы несі?
- Әр мектеп әр министрлікке бағынады-ау шамасы...
- «Әжемұрада» бірге бірді қосса қанша деп тұр?
- Екі бүтін оннан бес деп тұр.
- «Шешемұрада» 3 деп жазылған.
- «Баламұрада» бір бүтін оннан тоғыз.
- Біздің кезімізде елдің қай түкпіріне барсаң да бірге бірді қоссаң екі болатын. Енді міне, бәріміз жынды болып отырмыз...
Қоржынның екі басы
Қазақсыздар, білесіздер! Қоржынды атқа салғанда екі басы тең болуын ескеру керек. Егер бір басы салмақты, екінші жағы жеңіл болса, қоржын ауып кетеді. Әлем халқы қоржынды біле бермейтін шығар. Бірақ, басым бөлігі осы тепе-теңдікті бұзбауға тырысады. Біздің билік те тепе-теңдікті сақтап отырмыз, орташа айлық көрсеткіш, орташа тұрмыс деңгейі деген ертегілерін ара-тұра есімізге салып қояды. Сонымен, ол бізде қалай сақталады? Күрекбайдың айлығы 350 мың доллар, Қалақбайдікі 35 мың теңге. Күрекбайдың тау етегіндегі үш қабатты үйі 1 жарым миллион доллар, Қалақбайдың қоржын! тамы 1 жарым миллион теңге. Күрекбайдың баласы шетелдің ең үздік оқу орнында білім алады, Қалақбайдың баласы мектепке зорға барып-келеді. Күрекбай өзге елдердің ең таңдаулы демалыс орындарында жуандығы білектей сигар тартып отырады, Қалақбай діңкелеп келіп табалдырығына сүріне жығылады. Күрекбайдың қызы өзі қалаған дамыған елге барып босанады, Қалақбайдың қызы дәрі сатып алуға ақша таба алмай, терезеге телміреді. Күрекбайдың баласы түнгі қалада ең қымбат көлікпен жарыс өткізеді, Қалақбайдың баласы сағыз ораған қағаздағы түрлі көліктердің суретін жинайды...
Осы біздің қоржын кімнің есебінен аумай тұр?
«Сөздік»
Әлемдегі ең үлкен сөздік қайда екенін білесіздер ме? Мақтануларыңызға әбден болады. Дүниеде теңдесі жоқ алып сөздік біздің елде. Сенбесеңіз, айналаңызға қараңыз!
Қазақстан – Казахстан
Нан – хлеб
Дәріхана – Аптека
Райымбек – Ташкентский
Өскемен – Усть-каменогорск Осылай жалғасып кете береді. Тіл үйрену үшін шұқшиып, кітап қарап отырмайсыз. Көшеге шықсаңыз болды. Енді сіздерге жұмбақ жасырам. Бізде нөмірі бірінші аудармашы кім? Таппасаңыздар, сәл көмектесейін. Ол кісінің кез келген шетелге шығуға, кез келген жерде ана тілінде ғана сөйлеуге мүмкіндігі бар. Бірақ, бір елдің иесі, бір елдің бет-бейнесі екеніне қарамай, өзге тілді хош көреді. Осы ісін хош көрмеген күні біз әлемдегі ең үлкен сөздіктен «айырыламыз». Сонымен, жұмбақтың жауабын айтыңыздаршы: Сіздерге осы сөздік керек пе?..
Осы, қазақтар, қызық! Ауыл тозып кетті, жол жаман, жергілікті халықтың жағдайы жоқ деп шулайды. Оның несіне шулай бересіздер. Өткенде ғана көздеріңізге шұқып тұрып айтты ғой. Біз мәңгілік елміз. Яғни, басқалар мәңгілік емес. Өледі. Ал, біз Құдай сияқты «мәңгілікпіз». Мұндай бақыт бұған дейін де, бұдан кейін де басқа ешқандай елге бұйырмаған. Өзге қазақтар сияқты бұрын мен де «Үкіметтегілер халықтың жәйін ойламай не істеп отыр?» деп жазғыратынмын. Қазір сол асығыс пікірім үшін кешірім сұраймын. Олар өткен жиырма жылда бізге мәңгілік өмірді алып беріпті. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей. Сондықтан, енді қазақтың мұңын айтуды, дәу қалалар қазақша сөйлемейді дегенді қоялық. Біз мәңгілік елміз. Осы жүз жылдықта болмаса келесі жүз жылдықта тағы бір-екеуміз үй аламыз, тағы бір-екі өзге ұлт қазақша үйренеді. Бәрі ақырын-ақырын болады. Айтпақшы, ұмытып барады екем, басшыларға «Қазақша сөйлемедің» деп те ренжімейікші. Қазақ тілі әркім сөйлей беретін, өсегін айтатын арзан тіл емес, мемлекеттік тіл! Өзге елдер мемлекеттік тілінде сөйлесе, оларда оны алмастыратын өзге тіл жоқ! Ал, бізде ресми тіл бар емес пе?..
Ұша алатын ұшақ
Баяғыда мектепте «А қаласынан Б қаласына» деп есеп шығарушы едік. Бүгін өзім А қаласынан А қаласына бармақпын. Мұндайда қымбат болса да тез жеткізетіні - ұшақ. Сонымен, әуежайға келдім. 6-7 жолаушы отыр екен.
- Қашан ұшасыздар? – дедім ұшқышқа.
- Қазір адам толса жүреміз...
Күннің ыстығында, ұшақ көлеңкесінде отырмыз. Ұшақтың сыры көтеріліп, кейбір жері түсіп, алақұла тартып тұр. Бір дөңгелегі қыстық па, кедір-бұдыры терең екен. Екіншісі әбден қажалып, шаңғының табаны тәрізді жылтырап қалыпты. Қос қанатының бірі майысқан ба, қалай?
- Оу, қашан жүреміз?
- Отыра беріңіздер, міне, 1-2 екі адам келсе болды, кетеміз!
Таң ата келгем, сәскеде міндік. Сосын, стюардесса қыз бізге қарап, қолын ары-бері сермеді де, қабырғаны иығымен итерді. Осы дұрыс шығар деп, біз қол соқтық. Түк ұқпағанымызды сезді-ау деймін, 3 тілде «Экипаж басшысы ұшақты орнынан итеріп жіберулеріңізді өтінеді» деді. Не керек, біраз жерге дейін итеріп бардық. Әбден күш алып, гүр етіп оталғанда біз де жарбиып отырып үлгердік. 3-4 шақырым еңбектеп барған ұшағымыз ақырындап көтеріле бастады. Анда санда солқ ете қаламыз.
- Бұнысы несі? – деймін мен.
- Жанармайы нашар. Авиабензин қат болып, біраз болды 80-мен ұшып жүрміз – дейді жанымдағы жолаушы.
- А, өз тілінде өздері сөйлемейтін бір елде ұшақ пен тікұшақ жиі құлайды екен. Содан сақтасын дегенім ғой...
Ұша алатын ұшақ-2
Бұл жолы А қаласынан А қаласына емес, Д мемлекетінен М мемлекетіне ұшу керек болды. Сонымен, аспанда келе жатырмыз. Білесіздер, бұл жақта көпшілік қазақша сөйлей бермейді. Жерде дамымаған тіл көкте қайдан өркендесін?.. Сондықтан, үндемей терезеге қарап отыр ем, ұшақ кілт оңға бұрылды. Аяқ асты бұрылғаны сонша, жолдан шығып кете жаздады ма, біраз жер шайқалақтап бардық.
- Мұнысы несі, бұл жерден бұрылмаушы едік қой – деймін мен.
- Қазір бұл тұспен ұшуға болмайды. Рұқсат жоқ – дейді көршім.
Біраз жүрген соң қиқылдатып, шиқылдатып келіп, тағы бұрылдық.
- Ой, мынаған не болды? – деймін мен.
- Сіз не жаңалық көрмейсіз бе? – дейді көршім.
- Е, көрсе не бопты? Мен жаңалық көрмесем бұрыла бере ме?
- Қазір бір елдің аспанында ұшуға болады. Бір елдікінде болмайды.
Қысқасы, бұрын үш жарым сағатта ұшып баратын елімізге тау асып, теңіз айналып, қырық бұрылып жүріп, 14 сағатта жеттік.
- Әлгі елдің үстінен өткенде атып түсірер ме екен деп, қатты қорықтым – дейді бірі.
- Ана тыныш жатқан елдің де үстінен өткізбейтін болған ба? – дейді екіншісі.
- Санкция ғой – дейді менің жаңалық көргіш көршім.
- Құдайдың құдіреті, жерді жалмап болып, бұл адамзат аспанды да ту-талақай қылды-ау – деді тағы бір жолаушы...
Телеарнада басшы ауысты!
Еліміздегі телеарналардың біріне жаңа басшы келді. Басшы ауысса, «Не болар екен?» деп елеңдей қалатынымыз бар ғой. Бұл жолы да демімізді ішімізге тартып, тына калдық. Басшы да көп күттірмей, баспасөз мәслихатын өткізді.
- Телеарналарды баяғыда Бразилия мен Мексиканың телехикаялары жаулап алып еді. Кейін корей, түрік, үнді сериалдары қаптап кетті. Мұны тоқтату керек! - деді ол.
Жиналған жұрт гу ете түсті. Дуылдатып қол соғып жібергендер қаншама. «Пах!» дедік біріміз. «Ой, азамат!» деп сүйсініп, «Қаншама үзілістен кейін қазақ телеарнасының басына жібі түзу бір басшы келді-ау» деп, ақсарыбас айтып, абыр-сабыр болдық та қалдық. Көңілі бос бір журналист «Енді жұмыссыз қалсам да ризамын» деді көзі жасаурап.
- Мен бүгін орынбасарларыма арнайы тапсырма бердім. Олардың бірі Кубаға аттанбақ. Яғни, біз енді сол тарапты қамтимыз. Қазақ халқында таңдау болуы керек. Біз елді түрік, корей, үнді телехикаяларымен ғана шектемеуіміз керек! - деді ол сенімді үнмен...
Сурет
Менен де өтіп кетті-ау деуге аузың бармайтын сол бір алаңсыз күндерді ағамның кішкене баласы тосыннан есіме салды.
- Көкем мына тәтені неге көтеріп алған? - дейді ол әкесінің иығынан жұлқылап, қолына менің бір қызды көтеріп түскен суретімді ұстап алыпты.
Әкесі оған мойын да бұрмастан “Өзінен сұрасаңшы” дей салды. Меніңше ол газеттің қызығына кіріп кетті де ұлының не сұрағанына назар аударған жоқ. Болмаса суретке бір қарар еді, ал қарай қалса сол бір күндер оның да көз алдынан тізбектеліп баяу ғана сырғып өтер еді?.. ...Мен ол кезде мектепке әлі бармаған бес-алтыдағы баламын. Ал, ағам жиырманың үш-төртеуіндегі қылшылдаған жігіт еді. Оны өте қатты жақсы көретінмін, ылғи іздеп, жоқ болса үйге сыймай аласұратынмын, айдалада адасып қалғандай біртүрлі жалғызсырайтынмын. Әке-шешеміз дүкеннен, той-томалақтан ала келген тәтті мен жұмсақтың бәрін ол келіп екеумізге теңдей қылып бөлгенше сақтап жүретінмін. Бірде осындай базарлықтың ішінен жалғыз ғана жаңғақ шықты. Мен үшін ол кезде жаңғақ өте таңсық еді. Менің “Бұл не? Оның ішінде не бар? Тәтті ме? Оны кім пісірген?” деген соңы жоқ сұрақтарымнан шаршап кеткен анам жаңғақты шағып, дәнін алып берді. Алдында өзіме тиесілі бөліктен кішкене ғана дәм татып көріп, қалғанын ағаммен бірге жеуге бел байлағам. Сәлден соң тағы бір тістегім келді. Қысқасы, бес-он минуттың айналасында мен ағама қойған дәнді де жеп алдым. Сосын барып қолымдағы қабыққа қарап отырып, “Енді ағама не айтам?” деп ойладым. Көп ұзамай ол жұмыстан келуі керек. “Қой, бұлай отыра беруге болмас” деп шешкен болуым керек, анамның айтуынша, күл шығаратын қалақты алып қораны айналып кетіппін де кәдімгідей шұңқыр жасап, әлгі қабықты жерге көміп келіппін. Сосын, анама “жаңғақ жегенімді ағама айтпашы” деп ол жұмыстан келгенше жалынып жүріппін... Ағам мені қайда барса да жанынан бір елі қалдырмайтын. Түнде де екеуміз бірге ұйықтайтынбыз. Мен жайында сөз бола қалса, анам оған “Осыны мен емес, сен тапқансың ғой” деп бір күліп алатын. Күндердің бір күнінде біздің үйде үлкен қарбалас басталды, әке-шешем мен ағам шәй үстінде болсын, жәй отыра қалса да шүңкілдесіп маған түсініксіз бірдеңелерді әңгіме қылатынды шығарды. Тыным таппай ары-бері безектеп, дүкеннен түрлі азық-түлік тасыды. Анау-мынауға көп араласа бермейтін әкемнің өзі мен кейде барымталап кетіп жүрген тәттілер мен сусындарды бір көріп шығып, анам екеуі сандықтың жанында түрлі-түрлі киімді қопарып ұзақ отыратын болды. Жәй күндері де екі езуі екі құлағына жетіп, тіпті қатты көңілденсе иығынан да келмейтін анама асыла кетіп, ылғи көңілі асып-төгіліп жүретін ағам кейінгі кезде бұрынғыдан мың есе жайдарыланып кетті. Бетпе-бет келе қалсақ болды, мені құшақтап алады да аспанға лақтырып жіберіп «аз күнде жеңгелі боласың. Саған мынандай жеңге тауып қойдым» деп ақсия күледі. Ол кезде жеңгенің маған не керегі бар және оның ағам мен әке-шешем үшін қандай үлкен қуаныш екенін, біздің отбасыға алғашқы той қандай маңызды екенін қайдан білейін. Кездескен сайын “Машина, машина ойнайықшы”, “Ат болшы” деп жабыса кетем. Ол шашымды ұйпалақтап жібереді де “кейін, кейінірек ойнаймыз” деп өте шығады. Көп ұзамай-ақ біздің үйге қалың жұрттың қошеметімен мен танымайтын әдемі бір тәте келді. Ауылдағы үлкен-кіші түгел жиналып, түннің бір уағына дейін ән салды. Есіктің алдына шығып би биледі. Әкем үлкен кісілермен бірге төргі үйде отырып ұзақ-ұзақ әңгіме айтты, қайта-қайта ет жеді. Тізесінде отыра-отыра әбден жалыққан кезімде мені “жеңгеңмен таныстырам” деп көрші апай сыртқа алып шықты. Қазір ойлап қарасам, қуаныштың көз жасы екен ғой, жанарынан аққан жасты бірде сүртіп, бірде сүртпей, қайта-қайта жылы жымиып, “Бақытты болыңдар, бақытты болыңдар” дей берген анама бір қатындар жабылып жүріп жарты стақан шарап ішкізіп жібергені әлі есімде. “Арақты аналар ішпейді, әкелер ішеді. Сен жамансың” деп, менің маңыма талайға дейін жоламай қойғансың” деп кейін анам талай күліп еді... Абыр-сабырдан жалығып, тәттіге армансыз тойып, сұлу тәтеге тым жақын бармай, алыстан ұрлана қарап отыр едім, сол жерде ұйықтап қалыппын. Оянсам төсегімде жалғыз өзім жатырмын. Күн шығып, жерге жарық түсіп кеткенімен әлі ешкім оянбапты. Төңірегімде ағам көрінбейді. Келесі күн де у-шумен басталып, үйге жан-жақтан танысы бар, бейтанысы бар түрлі қонақтар келе бастады. Тағы да ас-та төк дастархан жайылды. Әркім келіп, алдымен мені құшақтайды да бетімнен сүйіп, “жеңгең құтты болсын” дейді. Әркім келіп, ағамның иығынан қағады да, “құсың құтты болсын” айтады. Мен ғой екі күннен бері қайталана берген осы бірсарындылықтан жалығайын дедім. Ағам болса бұл сөзді жаңа ғана естігендей әр келушіге риза бола қарап алады да жөні жоқ ыржаңдай береді. Дегенмен, маған да жаңа бір ермек табылды. Кешегідей емес жаңа тәтеге үйір бола бастадым да, ол бірдеңеге жұмсаса оның бір керегіне жарағаныма қуанып, ол кей нәрсенің ретін сұраса соны да білмейтініне мәз болып, мазақтап, кейбір қылықтарына қызықтай қарап, төңірекпен таныстырып, күн ұзақ жеңгемнің маңында жүрдім. Ол мені ертіп далаға шықты. Үйдің артындағы дөңестен екі-үш тал гүл жұлып алды. “Ауылдарың қандай әдемі” деп жазда да басынан қар кетпейтін тауға, қою көк аспанға, сарқырап жатқан тау өзеніне, айналаға талай уақыт қарап тұрды. Тауықтың балапандарын жақыннан көреміз деп жүріп қолын қалақайға да шақтырып алды. «Бізде мұндай шөп өспейді» дейді ол көзінен жасы мөлт ете қалып, сосын қайтадан түк болмағандай, жаңа туған бұзауды біраз әуреледі. Жанынан шықпай айналып жүріп «Көзіңнен айналайын» деп, қап-қара тұмсығынан иіскеді ме, әукесінен сипалап бауырына қысты ма, әйтеуір, сыртта көп аялдады. Ол күн де еңкейіп, тауға жанарын жасырғанда, ел аяғы басылып, бәрі үйді-үйлеріне қайтқанда, бесеуміз ғана отырып жеңгемнің қолынан алғаш рет оңаша шәй ішкенде бұл біздің отбасының ең қымбат күндерінің бірі болғанын ешқайсысымыз да ойламаған болармыз. Мені әйтеуір ұйқы қатты қысып, дастархан басында-ақ екі-үш рет қалғып кеткем. Анам мені жетектеп көріп еді, аяғым аяғыма шалынысып құлай берген соң көтеріп апарып төсегіме жатқызды. Мен ағамды тостым, ылғи да оның шашын тарамдап жатып ұйықтаушы едім. Бірақ талай мезгіл өтсе де ағамның келер түрі көрінбеді. Әлден уақыттан кейін ашық есіктен мен оның жаңа тәте кіріп кеткен бөлмеге енгенін байқап қалдым. Ары тостым, бері тостым, ол қайта шықпады. Ағамның басқа бөлмеге кіріп кеткенін байқамай қалды ма, ортаңғы бөлменің жарығын сөндіріп, анам да өз орнына кетті. Менің бар екенімді бәрі ұмытып кеткен тәрізді немесе бәрі ақылдасып алып мені жынды қылып жүргендей. Соңғы күндері құлағым үйреніп қалған азан-қазаннан соң мынандай тыныштыққа шыдамым таусылып кетті де орнымнан тұрып, ағам кірген бөлменің есігіне барып тың тыңдадым. Арғы жақтан олардың күбір-күбір сөйлескені, ол аз дегендей екеуінің жарыса күлгендері анық естіліп тұрды. «Енді қайтер екен?» деп, мені келекелеп жатқан сияқты. Есікті бар күшіммен ұрып-ұрып жіберіп едім, қолымды ауыртып алдым. Сосын теріс қарап тұра қалдым да өкшеммен дүрсілдетіп тебе бастадым. Дәл осы сәтте «Ол қайсысың-ей?» деген анамның даусымен бірге есік те ашылып үлгерді. Әрі тез, әрі қатты ашылғаны сондай, мен еденге етпетімнен құлап түстім. Ортаңғы бөлменің жарығын қайта жағып, жерден мені көтеріп алған ағамның ішкиіммен ғана тұрғанын көргенде, қорлық пен денемнің ауырғаны қосылып, бар даусыммен еңіреп жібердім.
- Не болып қалды? - деп бөлмесінен шығып келе жатқан анам бізді көрді де, -Көтек, андағы жүрістерің не? - деп, есіктің аузында тапжылмай тұрып қалды.
- Ештеңе емес, алаңдамай жата беріңіз, - деп, ағам мені көтеріп өз төсегіме алып келді. Сосын бәрін айтқызбай-ақ түсінді ме, мені құшақтап жаныма жатты.
- Енді кетпеші, - дедім мен оған.
- Кетпеймін, ұйықтай ғой, - деді ол.
- Барып, киімдеріңді әкеліп алшы, - дедім мен.
- Жарайды, қазір әкелем, - деді ол.
- Ертең ол өз үйіне кетсінші, - дедім мен.
- Ұйықта, ұйықтай ғой, - деді ол.
Енді ешқашан айырылмастай болып, мойнынан тас қылып құшақтап алдым да, қолым ажыраса оны мәңгі жоғалтатындай бір қолыммен шаштарын үздіксіз тарамдай бердім, тарамдай бердім. Терлеп кетсем де ысырылып бөлек жатуға болмайтын болған соң, оның кеудесінде солығымды баса алмай ықылық атып жата бергем, қашан ұйықтап кеткенім белгісіз, ояна келсем тағы да жалғыз жатыр екенмін. Таң әлі атпапты. Ағамның жұмысқа кетуіне әлі ерте. Барлық қызығым мен ең асылым жабық тұрған ана көк есіктің арғы жағында қалғандай, менің ең әйбат ойыншығымды кеше ғана келген бөгде тәте тартып алғандай, адам туғаннан өлгенге дейін көпшіліктің ішінде жүрсе де жалғыз-жалғыз ғұмыр кешетінін сол сәттен сезгендей-ақ ұзақ жыладым. Бірақ бұл жолы жер тепкілеген жоқпын, үнім де шықпады, екі самайымнан үздіксіз сорғалаған жасымды жастық қана жұтып жатты. Ең алғаш жаным ауыра қызғанған адамым ағам еді, ең алғаш жаным түршіге жек көрген кісім сол жеңгем еді десем, біреуге оғаш көрінер, біреуге балалықтың күлкілі бір сәтіндей әсер берер, мен үшін ол әлі күнге жүрегімнің түбінде жатқан, мені бір демде есейтіп жіберген оқыс оқиға еді. Ағам жұмысына кетіп, жеңгем сыртта жүрген кезде “осы бөлменің не сыйқыры бар екен?” деген оймен ешкімнің көзіне түспестен олар жататын бөлмеге кірдім. Бұрын мың рет бас сұқсам да онша көп зер салып қарамаушы едім, сол күні байқадым, бөлме мүлде өзгеріп кетіпті. Жап-жаңа қостөсек, су жаңа шарайна, сықырлаған қымбат жиһаздар сіресіп тұр. Басқа біреудің үйіне кіріп кеткен сияқты айналамды қатты жатырқадым. Кенет көзім айна алдында тұрған суреттерге түсті. Ағам, кәдімгі мені ғана көтеретін ағам, жеңгемді олай да, былай да көтеріп түсе беріпті, түсе беріпті. Екеуі де мәз. Одан басқа бір құшақ сурет те жаңа тәтенікі екен. Біресе отырып, біресе тұрып, жерге ұзынынан жата кетіп, кейде жалғыз, кейде топпен түскен суреттері өте көп екен. Тап сол кезде басыма не келгенін, не ойлап қарық қылғанымды тап қазір анық білмеймін, есімде қатты қалғаны, бірін де қалдырмай жыртып тастағаным. Қылмысым әшкереленіп қалғанда жеңгем:
- Ой, тентек бала, оның не? - деп, теріс айналып кетті де, анам:
- Бұдан ба, бұдан бәрі шығады. Ондайларыңды оңай жерге қойғандарың не? -деді. Екеуінің де даусынан бұрын ешқашан естімеген, білмеген бір салқындықты байқадым, тіпті, анамның барып мойнына асыла кетуге батпадым. Жүгіріп далаға шығып кеттім де содан қас қарайып, ел орынға отырғанша үйге кірмей қойдым.
Көп ұзамай аға-жеңгем жол апатына ұшырап, ағам аудандық ауруханаға түсіп қалды. Жылап-еңіреп анам бір-екі рет өзі барып қайтты, “Доқтырына жолықтым, жақсы болып кетеді дейді” деп, әкем бір-екі барып келді. Үздіктіріп барып, күндердің бір күнінде анам мені де бір ілестіріп барды. Шағын ғана бір бөлмеде ағам қолы-басы түгелдей ақ дәкемен таңылып, аппақ төсекте шалқасынан жатыр екен. Бөлмеде өзінен басқа ешкім жоқ.
- Көп отырмаңыздар, - деген дәрігерге де назар аудармай кемсеңдеп отырған анама:
- Босқа егіле бермесеңізші, болар іс болды ғой, - деді ағам. Сосын, маған қарап, - Қазір кімнің қасына жатып жүрсің? - деді. Үні бұрынғыдай жұмсақ емес, көзқарасы да біртүрлі. Бірдеңе деуге дәтім жетпеді ме, мен үнсіз ғана басымды шайқадым.
- Ең болмаса бір суретін де қалдырмапсың ғой, - деді күрсініп.
- Қу шешек-ай, осыған көрінді ме екен, келіннің түсі құп-қу болып кетіп еді, -деп анам тағы да жылады.
- Ой, сіз де қай-қайдағыны айтады екенсіз. Бұл не білді ғой дейсіз? Тек жападан-жалғыз осылай жатқанда сурет те болса көңілге демеу еді ғой, - деді ол...
Бұрын да көп сөйлей бермейтін әкем мүлде тұйықталып, үйге кірген-шыққаны білінбей, көбіне қора жақты айналшықтап, қас қарайса болды төрге шығып, ештеңеге назар аудармастан газет оқып отырып алатынды әдетке айналдырды. Анам үйге кірсе де, шықса да, кейде дастархан басында отырып-ақ “Қай қылығымыз жақпады” деп жылай беретін болды. Одан бері де талай уақыт өтті... Талай қар жауды, еріді. Талай гүл шықты, солды. Талай бала дүниеге келіп, анама еріп шілдеханасына бардым. Талай кісі мезгілсіз көз жұмып, әке-шешем көңіл айта кеткенде үйде жалғыз қалдым. Мен бастауыш сыныпқа барып жүргенде дәл баяғыдай сән-салтанатпен ағам қазіргі жеңгемді әкелді. Әке-шешем де, ағам да бұған дейінгі әңгімені мүлде ұмытып кеткендей, өте қуанышты. Арқа-жарқа болып, ағам тағы да келген-кеткенмен әзілдесе кетеді. Аузынан арақ исі шығып тұрып даурыға күледі. Ол ауруханадан шыққан күннен бастап ішетінді шығарған. Алғаш ішкен кездерінде анамды құшақтап алып қорсылдап жылағаны да есімде. О баста “Қайтсін енді, сорлы бала. Кішкене ішкені де жөн шығар. Күйігі басылады ғой” деп жүрген анам ұлы ішуді тым жиілетіп жіберген соң, “Қараң қалғыр, қатыны өлген жалғыз сен бе? Әкең білмей тұрғанда бұл қылығыңды қоятын бол” деген. Содан бері ол жөні жоқ ұрттап алуды доғарғанымен осындай той-томалақта бір кісідей сілтейтін болды. Сонымен, бұл тойда мен ғана әлденеден қорқып қалғандай өз-өзімнен қуыстанып жүрдім. Абыр-сабыр болып жатқан жұртқа қосылып кетейін десем әлденені бүлдіріп алатындай тартыншақтай берем. Біртүрлі ештеңенің қисынын келтіре алмайтындай, ту сыртымнан біреу қарап тұрғандай өз-өзімнен әлденеге алаңдаймын. Оның үстіне бұл күндері мен баяғыдай тым еркін емес едім және ағамнан бөлек жататын болғам. Бұл күндері ғана емес, ағам ауруханадан шыққаннан бастап оған батып жақындай алмадым, ол да мені асты-үстіме түсіп бұрынғыдай өбектемеді. Алда-жалда үйде екеуміз ғана қалсақ сағаттап тіл қатыспай, өз шаруаларымызбен отыра беретінді, бетпе-бет келе қалсақ бір-бірінде еш шаруасы жоқ бөтен адамдардай селқос өте шығатынды шығарғанбыз. Содан қалған суықтық па, ес білгеннен бастап жүрегім елжіреп ешкімді сағына алмаппын, әсіресе, балаға онша жақын емес едім. Кезінде, «Үп-үлкен тәтенің қасына жатып алғаны несі? Бұл тәте үйіне қашан кетеді?» деп мен ойлансам, міне енді дәл қазір інім «Үп-үлкен тәтені неге көтеріп алған?» деп басын қатырып тұр. Ол менен сұрауға бата алмай, суретке тесіле қарап тұрып-тұрып, анасына қарай жүгірді.
- Көтермесе тәте ұрса ма? - деді ол.
- Иә, ұрсады, - деді анасы сыңғырлай күліп.
- Әкем сені де өстіп көтерді ме? - деді інім тықақтап.
Ағамның өткен өмірі жеңгеме де мәлім-ау, ініме еш жауап қайтармады. Ұрланып ағама қарадым, олардың даусы бізге анық естіліп тұрғандықтан мені ол қайтер екен деген әуестік жеңген еді. Ағам шалқасынан жатқан қалпы ұйықтап қалыпты, айқара ашылған газет бет-әлпетін түгел жауып жатыр. Мүмкін, ол ояу болар, әйтеуір дәл қазіргі қалпынан түк ұға алмадым...
Аққұлақ пен Ұялас
Шыр-шыр етіп тобымен ұшып-қонып жүретін, қысы-жазы осы арадан алысқа ұзап шықпайтын суық торғайларға күндегідей жем шашып жүр едім:
- Енді өздері де күнін көреді, құлыным. Көктем келді ғой, - деді анам.
- Қайсы көктем? – дедім мен, кім келе жатса да жасырып қала алмайтын қара жолға бір қарап алып.
- Әне, - деп, анам мені бауырына қысты да, көзіме түсіп кеткен тақиямды түзеп кигізіп, жер бауырлай қалықтап бара жатқан қарлығаш пен терезе алдында секеңдеп жүрген шымшықты көрсетті.
Анамның әлі күнге дейін сол құстардың атын білмейтінін айтып бір ұялтайын дегенімше болған жоқ, жақын маңнан жеңіл көліктің дауысы естілді. Жинаулы тұрған көңдермен өрмелеп, қораның аласа жағынан үстіне шықтым да, айналама көз салдым.
- Бастықтың машинасы.
- Е, бопты. Әкең байқалмай ма?
- Байқалмайды. Жо-жоқ, байқалады, байқалады. Әне, атпен бастықтың машинасына қарай кетіп бара жатыр... Машина тоқтап, ішінен екі адам түсті. Бәрі амандасып жатыр...
- Болды енді, түс, құлайсың.
- Енді әкем қойға қарай кетті. Бастықтың машинасы біздің үйге бұрылды.
- Түс енді, ұят болады. Баласына қарауыл қаратып қойған ба дер...
- Апа, жайлауға қашан көшеміз, а?
- Аз қалды, сәл шыда.
- Төлшілер кетсін, көкең мектебінен келсін. Сосын, бір-ақ күнде көшеміз де кетеміз деп едің ғой.
- Түу, мыжыма болып кеткенің-ай. Қозының санағы біткен соң жайлауыңа да жетерсің. Бастық та сол шаруамен жүрген шығар.
- Шіркін, бүгін көшіңдер десе ғой...
- Бар, көкеңді оят, тал түске дейін жата ма, қонақ келді де.
Бастықтың көлігі иттерді шулатып, шаңды бұрқыратып, есіктің алдына дейін бір-ақ келді. Көлік тоқтар-тоқтамастан біздің бастықтың қарнынан да қарны дәу біреу жерге түсті. Бастық та, әкем «шолақ белсенді» дейтін мал дәрігері де, мен танымайтын тағы бір қозы қарын аға да осы дәу қарын сөйлесе болды жөні жоқ ыржаң-ыржаң етеді. Әшейінде өзі ғана келгенде ыңыранып зорға тіл қататын, кейде не айтарын білмей қалғандай “так, так” деп тұрып алатын бастық “Қалың қалай-ей, батыр” деп, менің басымнан сипап өтті де:
- Амансыз ба, жеңеше? Т-ө-ө, құлпырып кетіпсіз-ау, - деп, ошақтың қасында күйбеңдеп жүрген анамның жанына барып тоқтады. Қап-қара қалпағын шешіп, бір қолымен бет-аузын тоқымдай беторамалмен сүрткіштеп жатқан дәу қарын маған бұрылды да:
- Бала, сабақ қалай аяқталды? - деді ырсылдап.
- Мен әлі оқымаймын, - дедім мен.
- Ал, онда атыңды айтшы?
- Бұл - Қанат деген жігіт. Осы үйдің атаманы, - деп, мен үшін мал дәрігері жауап берді.
Бәрі қақырынып-түкірініп үйге кіріп болғанша Аққұлақ деген қара марқамды атына өңгеріп әкем келді.
- Әке, мұны не қыласың?
- Ағаларыңа қуырдақ жасап бермейміз бе? Сен де, көкең екеуің жаубүйрек пісіріп жеңдер.
- Керегі жоқ маған жаубүйректің. Аққұлағымды соймашы, - деп атқа қарай жүгіріп едім, шопыр жігіт қуып жетті де көтеріп алды.
- Қанат, бері қарашы, менің саған не әкелгенімді білесің бе?..
- Жібер, жіберіңдер Аққұлағымды! Ол менікі...
- Қой, бастықтардан ұят болады, - деп, шопыр жігіт құлағыма сыбырлады да, мені жерге түсірместен көлігіне қарай жүрді.
- Бастық, тиіспе қозыма, тиіспе, әкеңнің...
Бәрі дәу қарын тұрған жаққа жалтақ-жалтақ қарап қояды. Ол басын сәл шайқады да, езу тартып еді, қасындағылар қарқылдап күле жөнелді. Анам мен бесінші класты аяқтаған көкем ештеңеге назар аудармастан қазан асып, астына от тұтатып жүр.
- Бала ғой әлі, өзі тентектің тентегі. Қыңыраюын қарашы, - деп, біздің бастық дәу қарынға қарап қойды.
- Сөзін көңілдеріңізге алмай-ақ қойыңыздар. Кенже болған соң бетінен көп қақпадық. Мынау ерте туған кепе емес пе, қыстай екеуі бірге жүрді...
- Бауыр басып қалған ғой...
Мені машинасына отырғызып, «Сәке, қазір бір айналып келем» деп, жүріп кеткен шопыр жігіт сақ-сақ күледі. Ара-арасында пырсылдап жылап отырған маған назар да аудармастан «қатырдың» деп арқамнан қағып қояды. Біраз жүрген соң біздікі сияқты тағы бір қыстауға келіп тоқтадық. Үйде үлкен апа мен сұлу қыз ғана бар екен. Төртеуміз дастарханның төрт бұрышында отырып алып шәй іштік. “Кімнің баласысың?”, “Қаншаға келдің?” “Әкең жақсы ма, шешең жақсы ма?” деген сияқты құлағым әбден үйреніп кеткен сұрақтардан мезі болғаным сонша, біріне жауап беріп, бірін естімегенсіп, жозыға иегімді үйкелеп отыр едім, сол жерде ұйықтап қалыппын. Қанша жатқанымды білмеймін, бір уақытта оянып, бір қырыма аунап түскенімде «Енді қанша күтуге болады?» деген шопыр жігіттің даусы естілді. «Мен не дейін? Ерік өзімде емес қой» дейді бағана бізге шәй құйып берген сұлу қыз. «Алып қашсам қайтеді?» деді шопыр жігіт сыбырлап. «Қызықсың сен... Қойшы, қазір апам кіріп қалса ұят болады» дейді сұлу қыз да сыбырлап. Мен оянып кетпесін дей ме, қарыс жерде тұрса да екеуінің даусы әрең естіледі. Айтқандай-ақ көп ұзамай сыртқы есік сықырлады, сосын, әйел адамның жөткірінген даусы шықты. Мен сол кезде көзімді аша қойып едім, екеуі жинаулы жүктің жанында қатар тұр екен. Қыздың екі алақанын шопыр жігіт ерніне басып алыпты. «Қанша күт десең де мен күтуден жалықпаймын. Тек сен уәдеңді берші» дейді ол қызға қарай ентелеп. «Кейін, кейінірек. Ал, бар енді» деп, қыз мен жаққа бір қарады да қолын тартып алды. Шопыр жігіт оған ұмтылып барып қалт тоқтады, сосын, сәтке де бөгелместен бері бұрылып, мені көтерген қалпы сыртқа қарай шыға жөнелді.
Үйге қайтып келсек, қонақтар жиналып жатыр екен.
- Бұзық бала, ашуың басылды ма? - деді қара қалпақты дәу қарын. Менің оған жауап бергім келмеді. Ештеңе естімеген, білмеген кейіп танытып, жанынан өте шықтым.
- Шіркін, бағланның еті бал ғой, - деді қайта-қайта кекірген қозы қарын.
- Ал, біз жүрелік, тағы бір-екі жерге соғуымыз керек. Пейіліңізге көп рахмет. Жылда осындай табысқа жете беріңіз.
- Иә, биыл да бұл кісі ерлеп тұр.
- Қойы да қыстан қоңды шығыпты, - деп дабырлаған үлкендер есікке қарай жылжыды. Әкем қонақтармен бірге далаға шығып кетті. Анам маған “Үлкен адамға солай беталбатты сөйлей ме екен. Ұят емес пе?” деп, алакөзімен бір қарап қойды да, дастарханға қозының кішкентай құлағы мен бір жапырақ етін қойды. Мен оны жей алмадым. Табақты бар күшіммен итеріп жібердім де шалқамнан жата қалып шүйдемді ауырғанына қарамастан еденге ұра бердім, ұра бердім. Анам мені төркөрпеден ұстап тырысып алғаныма қоймай қолымнан тартып тұрғызып алды да “қысып тұрған жыныңды шығарып жіберейін” деп май құйрығымнан салып-салып жіберді. Сосын, бар даусыммен озандағаныма көңіл аудармастан сүйреп апарып төсектің үстіне лақтыра салды. Бақырып жатып жан-жағыма құлақ түріп қоям, әзірге әкемнің де, көкемнің де келер түрі көрінбейді. Тек анам ғана ыдыс-аяқ жуып, көрпелерді қағып-сілкіп үйге кіріп-шығып жүр. Анда-санда арс-арс ете қалған иттерден де еш үміт болмады, ешкім келмеді. Жасым құрғап, даусым қарлығып, осы жатысымнан қатты жалығып кетсем де біреу келіп назар салмайынша орнымнан қозғалмауға күш салып тапжылмай жатырмын. Әбден зығырданым қайнап, дәрменім құрып, шарам таусылғанда барып қасыма анам келді. “Күнім-ау, қай жерден шығар екенсің” деп, мені құшақтады да жаныма қисайды.
Көкем мені кешкі асқа оятқанда денем ап-ауыр болып, бір орнымнан қозғала алмай қалғанымды байқадым. Былқ-сылқ етіп отырғанымды көрген анам шамды маған жақын қойды да, маңдайымды ұстап “Жаным-ау, мына баланың тұлабойы күйіп-жанып тұр ғой” деді. Мен сол күннен бастап тура тоғыз тәулік бойы ауырып жаттым. Ұйықтасам қозының маңырағанынан ояндым. Есіме қайта-қайта ақ құлақ қара кепем түсе берді. Ең алғаш туған қозы сол еді, мен оны күн сайын өзім қарап жүрдім. Енесіне теліп, емгенін қадағалап, бағып-қағып, күнұзақ қасымда ұстайтынмын. Еңсесін тіктеп, отарға ілесіп өріске шыққан кезінде де мені көрсе шауып келуші еді. Жұп-жұмсақ еріндерімен алақанымды, бетімді қытықтап, менің қашқаныма қоймай қойны-қоншымнан жем іздейтін. Қант-кәмпитке де кетары емес еді. Енді міне есіктің алдындағы шарбақта жаюлы терісі ғана жатыр. Бұрынғыдай қалың қойдың ішінен маған тұра ұмтылатын, тапырақтап соңымнан үйге дейін кіріп кететін қара қозы жайлауды да көрместен өлді де қалды. Қарыны іші кепкен сиырдың қарнындай үлкен, сөйлеген сайын буаз малдай ырс-ырс ететін қара қалпақ киген дәу қарынды, өзіміздің бастықты есіме түскен сайын боқтадым. Сол күннен бастап бүкіл бастық біткенді ит етінен жек көріп кеттім. Олар жиналып алып, барлық қыстаулардағы балаларды жылатып, әдемі қозыларын жеп жүрген сияқты болып көрінді... Арада біраз күн өтіп, өзіме-өзім келген соң, бір қараңғы, бір жарықта әкеммен бірге тұрып, қой жаюға шықтым. Күн арқан бойы көтерілер-көтерілместен ат үстінде жүре бергеннен жалығып, ішім пыса бастады. Бұл өзі бұрыннан қалыптасқан, бәріміз жақсы білетін жағдай болатын, ұдайы үйде болғаннан зеріккен кезімде жылап жүріп тағы бір атты ерттетем де, өріске шығам. Сосын, әкемнің өзімен бірге ала шыққан дәмді тоқаштарын жеп, ашымалдан жақсылап тұрып ішіп алған соң, шақпақ тастар терем, тышқан аулаймын, жауқазынның тамырын қазып жеймін, қысқасы, түске қарай иен даладағы бар ермегім таусылады да үйге қайтқым келеді. Ондай кездерде әкем отарды бір ыңғайлап қойып, мені қыстау көрінетін тұсқа дейін, кейде, тіпті, үйге бір-ақ әкеліп тастайды да түскі шәйін ішіп қайта кетеді. Көкем бар кездерде біраз уақыт мал шетінде сол жүреді. Бірде осындай жағдайдың үстінен бастық келіп қалып, «Біз қос атты озат қойшы болған соң, анау-мынау керегіне жаратсын деп бергенбіз. Сіз ары-бері балаңызды тасып жүрсіз. Ана жақта қараусыз қалған мал не болып жатқанын қайдан білесіз?» деп келе сала айғайға басқан. Бұрын онша үндей бермейтін әкем сонда: «Шырағым, мен бейнетті озат болайын, атақ алайын деп емес, осы балам қиындық пен жоқшылықты көрмей өссін деп тартып жүрмін. Көп көргендерің ат пен атақ болса, қазір алып кетіңдер», деді де қайырылмастан жүріп кеткен. “Ағасы, оу, ағасы” деп бастық тағы бірдеңе айтпақ болып еді, әкем құлақ аспастан ұзап кетті. Содан бері анамның жібергісі келмей, оңашада мені алдап, оған көнбеген соң қорқытып көріп еді, әкем сол күні-ақ тыйып тастады. «Баланың бетінен қақпа! Есін білгенше ойына келгенін істесін». Сонымен, бүгін де көп ұзамай үйге қайттым. Әкем үйге апаратын жалғыз аяқ жолға салып жіберді. Қораға жақындап қалғанымда алдымнан көкем шықты. “Атыңды бере тұршы, сиырларды байқап келейін” деді ол. “Атыңды” дегені ұнап кетті де мырзасынып қарагерден қарғып түстім. Сосын, үйге кірдім де бірден төрге оздым. Әкем шаршап келген сайын, қолтығына жастық қысып, төрде көлденеңдеп жатып, ашыған бидай көже ішетін. Сап-салқын, дәмі балдай көжені сіміріп алып, «Е, Алла, бергеніңе шүкір» деп, маңдайының терін сүртетін. Соның бәрін айнытпай қайталап шықтым да, көзімнің астымен ғана пеш жаққа қарап қойдым. Іс тігіп отырған анам «Ұқсамасаң тумағыр» деп, мырс ете түсті де, “Басыңнан күн өтіп кеткен шығар, күнұзақ дедектей бермей, күндіз бір уақыт ұйықтап алсаңшы” деді. Қанша тырыссам да ұйықтай алмадым, дөңбекшіп ары аунадым, бері аунадым. Ақыры ұзақ жата алмай, екі бөлмені кезіп біраз жүрдім. Есік алдына шығып көлеңкеде жатқан иттерге тиістім. Олар да еліге қоймаған соң, қара қоңыздарды теріп әкеліп малдар су ішетін науаға салдым. Судан шыға алмай тырбаңдап жүрген жәндіктерге қарап отырғанда есіме көкем түсті. Жол салып, ағаштардан адам жасап, тастарды машина қылып, көкем екеуміз ойнағанда қызық сияқты еді, жалғыз өзім болған соң ба, бәрінен тез жалығып кеттім. Амал жоқ, көкемнің екі аяқты белесебетін сүйреп, соңынан шықтым. Бұл да біз үшін үйреншікті жәйт. Оның белесебетін мен тебе алмаймын, аяғым жетпейді. Осылай ұзап кеткен кездерінде іздеп жүріп, қоймай тауып алам. Ол алдымен біраз бұрқылдап алады да, менің ақ тер-көк тер болып тұрғанымды көрген соң аяп, атты маған береді де, көлігін өзі алады. Кейде әкемнің жуас атын мініп шықсақ, шылбырды ертоқымның артқы қасына байлаймыз да көкем мінген белесебетті өрге шығарда сүйреп аламыз. Бұл жолы ол қыстаудан мүлде ұзап кетіпті. Ескі қорымдарды аралап жүр екен. Мені көрді де атын тақымдап, әне-міне дегенше сайға түсіп кетті. Бұл көкемнің ескі әдеті. Біраз уақыт адастырады, тығылып жатып қасқыр болып ұлиды. Мен енді-енді жылайды-ау деген кезде айналып өзі келеді. Қалмай соңынан түсейін дедім де, зираттардың арасынан өтуге қорықтым. Айналып барайын десем, ол біраз уақытты алады. Белесебетті салдыр еткізіп тастай салдым да, жата қалып жер тепкілеп бақыра бастадым. Даусымды естімеді ме, қайырылмады. Жатып-жатып шын жылағым келді. Екі көзімнен тарам-тарам жас ағып біраз уақытқа дейін кәдімгідей-ақ солқылдап тұрып жылап алдым. Бірте-бірте көз жасым да таусылды. Қол-аяғымнан әл кетіп, салдырап қалыпты. Айналамда ешкім жоқ. Жоғарыда тек бозторғайлар ғана үздіксіз шырылдайды. Қораның белағашына белінен бір буып салбыратып байлап қойған қозылардың шөбі секілді бір орнынан тапжылмай тұра береді екен. Соларға қарап жатып ұйықтап қалыппын, біреудің сөйлегенінен ояндым. Кәдімгі өзіміздің бастықтың шопыры.
- Ей, батыр, мұнда ненің жарығын бітеп жатырсың? - дейді. Күн еңкейіп қалыпты. Машина ішінде біреулер қауқылдасып отыр.
- Белесебетім ше?
- Белесебетіңді жау алмайды, қорықпа. Одан да мұнда не бітіріп жүргеніңді айтшы, ей?
Мал дәрігері, тағы бір бейтаныс кісі бар, бәріміз үйге келдік. Қойға көкемді жіберген бе, әкем есік алдында отын бұтап жатыр екен.
- Бала жоғалтқан жоқсыздар ма? – деді бастықтың шопыры.
- Жүрмейтін жері жоқ өзінің, - деді мал дәрігері.
- Айдалада жападан-жалғыз жатқанын айтсаңшы, - деді мен танымайтын кісі.
- Әлі бала ғой, нені біледі дейсің. Ал, қайдан жүрсіңдер, ауылдарыңда не жаңалық болып жатыр? - деді әкем оларға қарсы жүріп. Әңгімеден әңгіме шығып, алдыңғы күні қораға қаңғырған түлкі кіріп кетіп, Ұяласпен таласқаны, түлкінің иттен де, адамнан да сескенбейтіні сөз болды.
- Құтырған неме-ау деймін. Болмаса, ондай батыл түлкі көрмеп едім, - деді әкем кеңк-кеңк күліп. - Ұяласты байқап жүрмін, аздап сүлесоқ тартқанымен бұрынғы қалпы сияқты.
- Ойбай, байқаңыз. Аяқасты құтырып, мал-жанды жазым етіп жүрмесін. Жас бала бар дегендей, - деді мал дәрігері.
Мен көкемнің алдынан шығып, қойды екі жақтап қораға жақындатып қалғанымызда мылтық гүрс ете қалды. Екеуміз де үйге қарай ұмтылдық. Келсек, қораның алдындағы үйілген бопырдың үстінде Ұялас қыңсылап жатыр екен. Алқымынан аққан қаны ұзап ақпай көз алдымда бопырға сіңіп жатыр. Жанына енді жақындай бергенімде көзі мөлиіп маған бір қарады да, басы жерге сылқ ете түсті. Аузынан да қан шығып кетіпті. Жылап жатқан сияқты. Еңкейіп жер сипалап едім, қолыма кірпіштің сынығы ілінді.
- Неге атасың? Әкеңнің аузын! - деп мылтығына сүйеніп тұрған бағанағы танымайтын кісіге қарай бар күшіммен жіберіп кеп қалдым. Бұғып та үлгерген жоқ, кесек одан асып барып, бастықтың машинасына сарт ете қалды. Кесектің тимегеніне ызам келіп, көзімнен бұрқ ете қалған жасты да сүртпестен екінші қолымдағы тобылғымен жүгіріп барып әлгі кісіні салып-салып жібердім. “Тәйт ары” деген әкемнің даусы тым салқын шықты. Тағы да көтеріп әкеткен шопыр жігіттің мойнынан тас қылып құшақтап алып, армансыз боқтауға әкемнен қаймығып, қыстыға жылап үйге қарай кетіп бара жатыр едім, “Балаңыз тым шақар екен” деген дауыс естілді. Әттең, басына қолым жетпей қалды. Аттың үстінде болсам ғой, қуалап жүріп сабар едім...
- Қап, мұның қорлығын-ай, ә, - деп әкем біз жаққа қарады. – Аз болмағанда терезеңе тиіп кете жаздады-ау.
- Түк те етпейді. Баланың бір еркелігін көтермесек, несіне жүрміз. Негізі, итті бұлардың көзінше атпау керек еді.
- Атқызарымды атқызып алып, өзімнің де ішім удай ашып тұр еді, істегенін көрмейсің бе? Сен де тегі жеделдетіп жібердің...
- Қойыңызшы, ат дедіңіз аттым. Менің не қатысым бар?..
- Бопты, қой, үйге жүріңдер, - деді де әкем алдыға түсті.
- Жоқ, аға. Әйел алсам құдалыққа жіберем, ұлды болсам баламның аузына түкіртіп алам дегенімді ұмытпаған боларсыз. Сол күн де келіп қалды, біз асығыспыз, - деді шопыр жігіт мені жерге түсіріп.
- Ойбай-ау, әңгімені содан бастамайсыңдар ма? – деп, әкем шопыр жігітке қарай жүрді. Олар құшақтасып, дабырласып жатқанда мен үйге кіріп кеттім.
Бәрі кетіп, абыр-сабыр басылған соң кешкі асқа отырдық. Дастархан басында көкем ғана жоқ. Бағана мені айдалаға жалғыз тастап кеткені үшін “шошынып қалса қайтесің?” деп, әкем қатты кейіген. Оған Ұяластың қайғысы қосылып, ол қой қоралағаннан кейін бопырдың үстінде қалды. Анам қанша рет шақырса да келмей қойды. Әкем далаға бір шығып кеткенде анам маған «Атта басың қалғыр шешек, күні-түні мініп жүрсің ғой. Ол бір мінсе тақымы ісіп кетеді дедің бе?» -деді. Анамның арғы жағында еш зілі жоқ мұндай ұсақ-түйек реніштеріне бойым үйреніп кеткен. Бұған дейін не даусымды өзгертіп, мазақтай жөнеліп, болмаса жүгіріп барып бір қолыммен аузын басып алып сөйлетпей қоятынмын. Бірақ дәл осы жолы жымың ете қалудың ретін таппай, дастарқандағы қойдың піскен омыртқасы мен кәмпит-пірәндікті ала салдым да, әкемнің галошын аяғыма іліп, далаға атылдым. Үлкен аяқ киіммен жүре алмай, аяғымды тырп-тырп басып әрең келе жатыр едім, құйрығын бұлғаңдатып жанымнан шықпай жүрген Марғау оны мыжып кетті де, екпетімнен бір құлап алдым. Тебе қоюға галоштың ыңғайы келмей “кет, әкеңнің” деп, оны жақсылап тұрып бір боқтап алып, қора шетіндегі бопырдың үстіне шықтым. Келсем, көкем екі тізесіне иегін сүйеп, бір уыс болып алысқа қарап отыр екен. Мен де айналама, жұлдыздары жымыңдаған көктемнің тұп-тұнық аспанына көз жібердім. Бәрі де күндегідей. Состиып тұра берген қисынсыздау көрініп, тасқараңғы түн ұнамаса да қасына отырдым. Ол маған мойын бұрып қарамады. “Мә, жейсің бе?” – деп, етті ұсынып едім, алмады. Қанша үңілсем де жүзі көрінбейді. Тек анда-санда ықылық атып, өксіп қояды.
- Көке, сен жылап отырсың ба? – дедім.
- Жоқ, - деді ол.
- Мен енді атқа мінбеймін. Ат та, белесебет те сенікі болсын. Мен үйде отырам, мә, кәмпит жеші.
- Жемеймін, өзің жей бер.
- Жүрші онда үйге кетейік.
- Мен Ұяластың жанында қалам.
- Оны неге атып тастады, а?
- Құтырған түлкімен таласқан дейді. Ол да құтырып кетсе малға зияны тиеді екен.
- Ол енді тірілмей ме?
- Тірілмейді. Оның жаны анау көкке ұшып кетті.
Қанша үңілсем де мен көктен Ұяластың жанын таба алмадым да:
- Қайтып келе ме? - деп сұрадым.
- Енді ешқашан келмейді. Ауылда жүргенде бір балалардан естігем, кейін өлгенде бәріміздің жанымыз сөйтіп аспанға кетеді екен.
Төңірек тым қараңғы еді. Жаңа ғана қыңсылап жанымызда жүрген Марғау да көрінбейді. Біреу келіп бас салатындай қарап отырып үрейленейін дедім. Осы әңгімені айтып отырған көкемнің өзі маған тым жат, басқа адам сияқты қорқынышты болып кетті. Тезірек кетуге асықтым.
- Көке, сен менің Арланымды ал. Әкем оны қораға да үреді, қойды да жақсы айдайды деп мақтап жүр ғой. Жайлауға барғанда тағы екі күшік асыраймыз. Олар да сенікі болсын. Бағана әкеме шолақ белсенді айтты, бастық орнынан түсіп қалыпты. Біреулермен бірігіп көп ақша жеген дейді. Менің қара қозымды жеген де солар ғой. Көресің, енді сенің Ұяласыңды атқан кісіні де орнынан алып тастайды, қамайды. Жүрші, үйге кетейік.
Ол сол кезде ғана маған бұрылып, қолымдағы омыртқаны Ұяластың алдына қойды. Сосын, кәмпиттерді қалтасына салып, мені иығымнан құшақтады да үйге тартты. Мен оның жүрісіне ілесе алмай келе жатып, бостан-босқа көкемді талай ренжіткеніме өкіндім. Көкемді де, әкем мен анамды да енді ешқашан өкпелетпеуге бел байладым. Осы сәтте мен оларды қатты жақсы көріп кеттім. Бір галошымның аяғымнан түсіп қалғанына қарамастан оның етегінен ұстап алып, үйге қарай елпелектей жүгірдім. Енді тек, Ұялас көкке ұшып барысымен Аққұлақты іздеп, тауып алса екен. Екеуі бірге болса, ештеңеден қорықпайды ғой...
Балғын
Тамыз айы да таусылды. Әне-міне дегенше тау етегіндегі кішкене көлді мекен етіп жүрген сарыала қаздар көзден ғайып болды. Қыркүйек басталмай-ақ аспан оңып кеткен матадай өңі қашып бозарды да қалды. Жаздағыдай емес, айнала мүлде көңілсіз. Тып-тыныш. Жайлауды басына көтерген ұл-қыздардың бәрі сабағына кеткелі бері жапан түзде жалғыз қалғандай өзімнен-өзім елегізіп, әйтеуір бір жақтан әлдекім келіп қалардай алаң көңіл болып жүрмін. Төңіректің бәрі мал аяғынан әбден тапталып, сары даланың шаңы шығып жатыр. Жыл он екі ай түсін бермейтін қарағайлар да бұтағы салбырап, тым салғырт теңселеді. Баяғы ерке самал жоқ, суық жел балағыңнан, қойны-қоншыңнан сумаң етіп өте шығып, денеңді бір демде тоңазытып жібереді. Еңсесі биік, жартастары айбарлы таудың да мысы басылып, көз жетер жердің бәрі құлазып жатыр. От қуалаған қойлар тоқтаусыз жүгіре береді. Бұрынғыдай жерден бас алмай жайылу, жусап жата қалу, шаңқай түсте ыстықтан қорынып үш-төрт сағат бойы бір-біріне тығылып үйездеп тұру ұмытылған. Сиырлар да орманның ішінде көп жатпайды. Күніне он рет айдап апарып тастасаң, арада жарты сағат өтпей-ақ ерінбей соңыңнан он рет қайтып келеді. Еркіне қоя берсең, бұзауларын ертіп алып, күздеуден бір-ақ шықпақ ойы бар. Әзірге жылқылар ғана мазаламай тұр. Үйдің төңірегінде тіске ілінер ештеңе қалмаған соң, құлындарды босатып, желібауды жинап, күнделікті міністегі бір-екі аттан басқасын үйірімен тауға жібергенбіз. Қыркүйектің ортасына тақап қалса да, әлі ешкім төменге түсе қойған жоқ. Жылдағыдай емес, биыл көші-қонға бөлінетін колхоздың көлігі кешігіп жатыр... Жан-жағым түгел көрінетін болған соң ызғарды елемей қырқаның үстінде отырмын. Бағана күн жылы кезде желең шығып кетіппін де, енді үйге шауып баруға ерініп, амалсыз кештің батуын тосып, төрт тарапымды самарқау шолып қоямын. Қойлар көлге көп аялдамай, ит қуғандай дүркіреп, бері беттеп келеді. Көз қарықтырар қуаты қайтып, тау бауырлаған сұр бұлттарға табанын сүйгізіп, қою тұманды жаздағыдай алқызыл бояуға малындыра алмай сары күн баяу батып барады. Бірі кіріп, бірі шығып, түңлігі желпілдеп абыр-сабыр болып жататын етектегі жалғыз киіз үй қазір дастархан үстінде ұмыт қалған төңкерулі кесе сияқты тым оңаша, тым-тырыс. Жеңгемнің де іші пысып отыр-ау деймін, үйге екі-үш рет бас сұқты. Қолын көлегейлеп ауылдан келетін қара жолға біраз қарап тұрды. Сосын, көк түтінді будақтатып, есіктің алдына самауыр қойды. Кешкі асқа шындап кірісті-ау деймін, үйдің кернейінен де түтін шыға бастады. Мектепке жасы жетпей қалған інім тор қораның ішінде бопырды күреп, жол салып, өзімен-өзі ойнап жүр. Дәл осындай кезімде менің алданатын ермегім тым көп еді. Ол кезде қос үй отыратынбыз. Көршінің бойжетіп қалған екі қызы бар болатын. Екеуі де тым сұлу, сосын өте ерке еді. Екі атқа мініп алып сай-саланы күніне бір рет аралап қайтпаса көңілдері көншімейтін. Ерте тұрып екі үйдің жылқыларын айдап келетін де, құлындарды желіге байлайтын да, анау-мынау ұсақ-түйек шаруаға шауып барып келетін де көбіне осы қыздар еді. Өзімнен екі жас үлкен әпкем екеуміз таң атқаннан кеш батқанға дейін солардың үйінен шықпайтынбыз. Қыздар бізді атқа мінсе, ерге тік тұрғызып алып, мойындарынан құшақтатып қоятын да көзімізден жас аққанша шапқылайтын, жаяу жүрсе қолымыздан жетелеп алатын, қысқасы, жандарынан бір елі тастамайтын. Үйге тек ел орынға жатарда, немесе түсі суық әкесі түскі шәйін ішуге келгенде ғана қайтатынбыз. Қарыс жердегі үйге бармай солардікіне қонып қалатын кезіміз де жиі болып тұрушы еді. Ондайда көбіне мені қасына алып жататын Қуаныш деген қыз тілерсегін соғатын ұзын қара шашын жайып, жастықтан асырып, жинаулы жүктің астына тастап қоятын. Қашан ұйықтап қалғанымша шашына бірдеңе кіріп кетер ме екен, таң атқанша тышқан жеп қояр ма екен деп қорқып жататынмын. Тілеухан деген аналары да тым жайдары, қолы ашық жайлы кісі еді. Сол үйдегі бар жақсы зат пен тәтті-дәмді менікі болатын. Ол уақыттарда да жер зерттеген, көбелек, қоңыз терген орыс, қазақ біздің жайлауға көп келіп тұратын. Кейде шұбырып төменнен жаяу шығады. Кейде гүрілдетіп аспаннан тікұшақпен келіп қонады. Бізге олардың ірімшігі мен шұжығы таңсық. Оларға біздің қымыз бен сүт қымбат. Кейбір орыстар сиырдың шикі сүтін де кеселеп ішіп алатын. Құрт-ірімшікті құмарта жегені өз алдына, «Сатып алайық» деп қойшыларды күлкіге талай батырған. “Үйіне келген адамға дәмін сатқан кімді көріп едіңдер? Орыспысың деген” деп көрші апа есіне түскен сайын бір күліп қоятын. Нені зерттеп қарық қылып жүргенін кім білсін, әйтеуір жігіттерінің көпшілігі көршінің екі қызына ғашық болып қайтатын. Көбіне мені оңашалап алып, олардың есімін сұрайтын. Қолға көп түсе бермейтін жылтырақ бірдеңелерді беріп алдап-ақ бағатын. Аттарын айтып қойсам, сүйікті екі апайымнан - Қарлығаш пен Қуаныштан айырылып қалатындай, болмаса олар “Неге айттың?” деп қатты ренжитіндей сазара қалатынмын. Қазір ойлап қарасам, оларға қыздар да қыр көрсетеді екен ғой, бозбалаларды одан ары ынтықтыра түскілері келе ме, айналарын маған ұстатып қойып, шаштарын ұзақ тарайтын. Екі шелекті майыса көтеріп, бастауға кететін. Тікұшаққа мінгім келгенін, жақыннан бір армансыз көргім келетінін жасырып, қос қыздың қасында қоқиланып мен жүретінмін. Мен үш-төрт оқып қалған кезде туыстай болып кеткен сол көршілеріміз малын өткізіп берді де, қалаға біржола көшіп кетті. Содан бері, олардан еш хабар жоқ... Биыл шілде айының ортасында биологтар тағы келді. Етекке түсетін жалғызаяқ ат жолмен жоғары өрлеп келе жатыр едім, алдыңғы жағымнан біреулердің даурыға күлгені, дабұр-дұбыр сөйлескендері естілді. Астымдағы атым да құлағын елең еткізіп, оқыс шыққан дауысқа мойын бұрды. Арқан бойы ғана қашықтықта қызыл-жасыл киінген қыз-жігіттер бірінің соңынан бірі тізбектеліп кетіп бара жатыр екен. Кей жігіттер шаршаған қыздарды қолынан ұстап, сүйрегендей қылып жетелеп барады. Бала күнім емес, қанша қызықсам да жандарына жақын бара алмадым. Сәл жүрсем қуып жететін болған соң, жүрісімді кілт өзгертіп, аттың басын жолсызға салып едім, бір қыз айғай салды. Жалғыз өзі жел құлатқан қарағайдың үстінде шоқиып отыр. Алдыңғылары едәуір жерге ұзап кетіпті. Шақырғанға бармай, бұрыс кетуді ұят көрдім. Шынашақтай ғана қыз екен, таныстық. «Оралдан келдім. Табиғаттарың тамаша екен. Алматыны алғаш көргенде тілім байланып қалды. Мына жер тіпті керемет. Үйге күн сайын хат жазам. Бәрібір ештеңені жеткізіп айта алмай жүрмін» дейді. Оралын өмірі көрмеппін. Ал, айтып отырған Алматысы мені жарылқамады. Жиырма күн жүрдім бе, жүрмедім бе, оқуға түсе алмай қайтып келдім. Енді қайта көрер-көрмесім тағы екіталай. “Оқудан құлап қалдым” деуге қанша намыстансам да, шынымды айттым. «Мен сені мектепте тоғыз-он оқитын бала шығар десем, оқуға барып келдім дейсің бе?» деп сықылықтап тұрып күліп алды. Сосын, “Күлгеніме ренжіме. Биыл түспесең келесі жылы түсесің ғой” деді. Ренжіме дегені ұнағанымен, қаладан келгелі кездескеннің бәрінен ести-ести құлағым жауыр болған “биыл түспесең келесі жылы түсесің” деген сөзі шекемді дың еткізді. “Оны кезінде көрерміз” дедім аузым жыбыр етіп. Сөзімді дұрыс естімеді ме, әлде елең қылмады ма, ол мені ұмытып, «Жылқыны сыртынан көргенім болмаса, өмірі мініп көрмеппін» деп, жаман торы атымды сипалап тұрып алды. “Кел, онда байқап көр” дедім мен. “Алып қашпай ма? Жығып кетсе қайтем” деді ол, көзі бақырайып. Тебінбесең жүрмейтін, үстіне қанша адам мінгессе де “сендер не істеп жатырсыңдар? Бұларың не?” деп бір қарап та қоймайтын торыдан сескенгеніне күлкім келді. Қысқасы, үш ұмтылып, мен қолтығынан демеп жүріп ол атқа әрең дегенде мінді-ау. Ердің алдыңғы қасынан қос қолдап ұстап алып, біресе сақ-сақ күліп, біресе өз-өзінен шыңғырып, мен тізгінді жіберейін десем ойбайды салып әбден-ақ берекені алды. Сол күннен бастап екеуміз достасып алдық. Бәрі бірге отырған кезде көп бара бермеймін. Не дегенмен бөтен орта, бейтаныс жастар, әзіл-қалжыңы да, әңгімелері де басқаша. Көбіне ол маған өзі келеді. Дәл осы жолы атымның пайдасы бір тиді. “Бір рет мініп көрейінші” деп шұр-шұр етіп, қыз біткен маған үйір болып алды. Жігіттер де бір-екі рет тілек қылып еді “Сендерді жығып кетеді” деп, рай бермедім. «Қалың шайтан басыңды айналдырып алмасын» деп жеңгем күледі. «Атты болдыртатын болдың, бәрін дәмелендірмей, біреуін ғана айналдырсаңшы» деп ағам мазақтайды. Ылғи сыртта, күн мен желдің өтінде жүргеннен бе, ернім тілім-тілім болып, бетім жарылып кететін. Соған қарамастан бір кездескенде Оралдың қызы сүйіп алды. «Атқа мінгізіп үйреткенің үшін» деп қояды. Сол күннен бастап жиі жуынатын болдым. Жатарда беті-қолыма кілегей жағып жататынды, сәлде болса жағымды иіс шығып тұрсын деп ағамның сақал-мұртын қырғаннан кейін жағатын әтірін сеуіп алатынды шығардым. Онымен қоймай, “Бұларға бір өнерімді көрсетейін” дедім де, жаман торы атты жіберіп, былтыр ғана үйретілген кер дөненді мініп алдым. “Саған керегі осы ма?” дегендей, ол да аяғыңды үзеңгіге салар-салмастан тұра ұмтылып, ауыздықты қарш-құрш шайнап тыным таппай ойнақтап тұр. Біраз күн жуас торыны мініп тақымын үйретіп, атқа кәдімгідей-ақ әуес болып қалған Балғын ә дегенде кер дөненге де қорықпай мініп алған. Мен шылбырды жібермей жатып-ақ бір орнында билей жөнелген асау аттан ол жан-дәрмен қарғып түсті. “Мынау мені алып қашайын деп тұр” дейді маған жалтақ-жалтақ қарап. Жаңа ғана жүзі нұрланып, көзінен от шашып, атқа ішіп-жеп құмарлана қарап тұрған қыз бірден пәсейіп қалыпты. Біраз күн тізгінді жібермей өзім жетелеп жүріп, кейде алдыма, кейде артыма мінгестіріп алып, менің көзім үйреніп кеткенімен ол үшін жаңа ашылған аралдай қызығы таусылмайтын тау-тасты армансыз талай араладық. Астымызға аткөрпені төсеп отырып алып, әңгіме соқтық. Алақандай ғана көлді балағымызды тіземізге дейін түріп алып талай кешіп жүрдік... Осындай күндердің бірінде сақал-сақал бір жігіт мені оңаша шақырып алды. «Бауырым, Балғыннан аулақ жүргенің жөн» дейді ол. Ә дегенде аузыма оңтайлы сөз түсе қоймай кер дөненді құтыртып біраз тұрдым. Негізі бастан өткен кеп қой, мектепте жүргенде қызға таласып, талай рет осындай әңгімеге барғанбыз, төбелескенбіз. “Ана қызға жоласаң менен жақсылық күтпе” деп бір-біріне дөңайбат көрсеткен талай серіні де көргенбіз. Ал, бала емес білдей студент жігітке “Ө-де-де” деп міңгірлеп тұрған біртүрлі жараспайды екен. Өзімді-өзім қанша тежесем де болмай, мырс етіп күліп жібердім. «Саған күлкілі болып тұр ма, не?» деп алакөзденіп қояды. Мені ықтырып алмақ па, жоқ, кіші деп менсінбей тұр ма, ұсқыны онша келіспей тұр. Астымда қай қияға салсам да шаршадым демейтін кер дөнен, қолымда ағам қырғыздардан қолқалап жүріп қойдың құнына алған, той-томалаққа, ауылға барғанда ғана ұстайтын қырғыз өрім қамшы, әр үйде “Бізге де қарайлассаңшы-ей” деп күнде қажайтын көкпаршы жігіттер отырғанда жалғыз жаяудың мысы мені баса ма? «Басымды ауыртпашы» дедім де жүріп кеттім. Арада біраз күн өтті, әр сағаты айға татып апта өтті. Ол қызық та таусылыпты. Балғындар қайтып төбе көрсетпеді. Сонда барып, ол қызға қатты бауыр басып, тіпті, өте қатты ұнатып қалғанымды ұқтым. Ол барда тау суындай арқырап, бөгетті бұзып өтердей тез ағатын күн қазір қыста қатқан мұздай бір орнынан тапжылмайды. Ол барда жаңа ғана пайда болғандай жайнап тұратын табиғат тым ажарсыз екен. Амал жоқ, төрт-бес күннен кейін “жылқыларды байқап келем” дегенді сылтау қылып, тауға бармай, төменге түстім. Екі-үш сағат айналсам да ешкім кездеспеді. Бәрінен күдерімді үзіп, қайтуға бет алғанымда үйге келіп талай рет қымыз ішкен орманшы шал жолықты. Анау-мынауды біраз әңгіме қылып тұрдық та, шал кетуге ыңғайланғанда шыдай алмай жөнімді айттым. «Е, олар осыдан үш-төрт күн бұрын ғана көшіп кетті. Жылда сәл ертерек кетуші едік, биыл біраз аялдап қалдық деді ғой». Қапылыста қалтамнан қымбат затым түсіп қалғанын тым кеш сезгендей, енді оны қайдан іздерімді білмей жаным қиналғандай, жанымды түсінетін бар жақыным алысқа кетіп, бейтаныс ортада жалғыз қалғандай қатты-ақ құлазып үйге келдім. Ештеңеге зауқым жоқ, күнделікті жуыну да, бетке кілегей жағу да жайына қалды. Мені көрсе, көзін сүзіп арқанда тұрған кер дөнен ғана кісінеп қояды. Өткен күндерден естелік болып, Балғынның суреттегі сүйкімді бейнесі мен суреттің артына жазылған: «Мен сені ешқашан ұмытпаймын. Менен мәңгілік естелік болсын. Жазғы практика. ҚазҰУ, биофак. 2-курс» деген жазудан басқа ештеңе қалмады... Балғынмен өткен күндерді ойлап отырып байқамай қалыппын, қойдың алды қырқаны артқа тастап, қораға құлапты. Тұсауы шешіліп кеткен бе, жаман торы ат та бірталай жерге ұзап кетіпті. Шапқылағаны да, ішек-қарныңды солқылдатып жіберетін желісі де ұнамайтын, құлағын салпитып алып митың-митың жүрістен жалықпайтын, көнтерілігі мен көнбістігіне бола «жаман торы» аталып кеткен мініс ат Балғын кеткелі көзіме ыстық, жаныма жақын. Бұрынғыдай жөні жоқ бас-көз демей сабалаудан, тынымсыз боқтаудан тиылғам. Рас, торы ғана емес, сол қыз екеуміз аяғымызды малып жағасында отыратын шағын көл де, біз аралап, аялдаған тау-тас та қазір мені сырттай мүсіркеп, аяйтындай. Балғын қайда деуге бата алмай іштен тынатындай. Қой қалып қалмады ма екен деп, төңіректі бір шолып шықтым да, малдың артын жинастырып алған соң, атымды жетелеп үйге аяңдадым. Суық жаңбыр ма, әлде, арты қарға айналып кететін күздің ақ жауыны ма, көктің жүзі түнеріп батыстан үлкен бір өзгеріс келе жатыр. Есік алдындағы мамағашта үстіндегі қоржыны тоқ бөтен ат байлаулы тұр. Үйде пошташы жігіт бар екен. Ағам екеуі бір бөтелке арақты орталарына қойыпты да, тамақтың қазаннан түсуін күтпестен дастарханға ентелеп, бір қызық әңгімеге кірісіп кетіпті. Күнұзақ жыбырлап жүре бергеннен шаршаған ба, аузынан сілекейі ағып, пеш түбінде інім ұйықтап жатыр. Қай уақытта оянғаны да, қашан жатқаны да бір өзіне ғана аян, қай кезде көрсең де тыным таппай бір шаруаны айналдырып жүретін жеңгем ғана анда-санда сөзге араласып қойып, ыдыс-аяқты дайындап жүр. Пошташы әкелген бір құшақ газет-журналды алдым да, шам түбіне жантая кеттім. Ешқайсысына көп көз тоқтатпастан бір-бір шолып, жаныма тастап жатыр едім, біреуінің ішінен сопаң етіп хат шыға келді. Айдаладағы жайлауда жатып біреуден хат алам деп кім ойлаған. Сыртына біздің ауылды ғана емес жайлауды да бадырайтып тұрып көрсетіп, атымды үлкен әріптермен және екі рет бастырып жазып қойыпты. Хат ішінен шақыру билеті шықты... Кәдімгі суретімен берілген тойға шақыру билеті... Көзі мөлдіреп сол баяғы Балғын мен қоразданып жүретін сақал-сақал жігіт тұр. Дәптердің қос парағын алып жатқан ұзын хаттан ұққаным: «Інімдей болып кетіп едің, жайлауды да, сені де, кер дөненіңді де ешқашан ұмытпаспын. Қарашаның онында тойымыз болады. Міндетті түрде кел. Мен сені күтем» деген сөздер ғана. Газеттерді ақтарыстырғансып, хат пен суретті мыжыдым да, қолымның сыртымен мұрнымды сүрткен болып, жанарымнан оқыста шығып кеткен қос тамшыны сығып алдым. Сосын, ештеңенің байыбына да барып жатпастан, жеңгем пештің аузын ашып, отты қағыстырып жатқанда, мыжылған хат пен суретті жалынға тоғытып, кешкі тамақты ішпестен, жатып қалдым. Жиі-жиі оянып кетіп, қайта-қайта тамағым құрғап, өксік қысқандай көңілім алабұртып, әлдене жетіспей тұрғандай ішім ашып, көзімді қанша жұмсам да қайта ұйықтап кете алмай, ойым онға бөлініп, не тұрып кетудің ретін таба алмай, әбден-ақ қиналдым. Тіпті болмаған соң басымды көтеріп, айналамды ойсыз шолып біраз отырдым. Сол сәт менің көзіме ыдыс-аяқ қоятын столдың шетінде тұрған шөлмек түсті. Шам жарығымен әлсіз шағылысып мені шақырып тұрған жартылай ішілген арақты қолыма ұстап, ешкімді оятып алмайтындай еппен жалаңаяқ, жалаң бас сыртқа шықтым. Айнала қол созым жер көрінбейтін тас қараңғы екен, табанымнан өткен суық тұлабойымды қуалай жүгіріп, басымнан бір-ақ шықты. Күнде көріп жүрген жер болған соң көп аялдамай, айналамды сәл бағамдап алдым да қой қораның шетіне кеттім. Құйрығын бұлғаңдатып жанымда Құттыаяқ пен Сырттан келеді. Менің қазіргі халімді айтқызбай-ақ ұққандай екеуі де аяғыма оралып, қыңсылап қояды. Үйден көп ұзамай-ақ жүріп келе жатқан бетімде арақты үсті-үстіне ұрттап жібердім. Мектеппен қоштасу кешінде бір стақанды тауыса алмай, төгіп-шашып, өңешім күйгендей қақалып-шашалып сыныптастарға күлкі болып едім, мынаны су ішкендей сімірдім. Аз ғана уақыттың ішінде бөтелкенің түбі де көрінді. Сол кезде барып қаным қызып, екі шекем шың ете қалды да дүниеде менің қолымнан келмейтін ештеңе жоқ сияқты болып кетті. Ашқарынға ішкен жынды су мені алдымен қалаға алып бармақ болды. Екеулеп сақал-сақал бақытты жігіттің мұртын талдап жұлмақ болдық. Сосын, тойына қаратпай Балғынды алып қашатын боп шештім. Қызды-қыздымен қамал алып, қалың қолды жапырып, ойымның төрінде Балғын екеуміз ғана оңаша қалғанда желі шыққан доптай болып, қу көңіл ортайып сала берді. Дәл он сегіз жасымда үнімді шығара алмай қыстығып, тістеніп отырып, ұзақ жыладым. Тек таң қылаң бергенде ғана денемнің дірілі мен солығымды баса алмай төсекке келіп қисайдым. Көзім тез ілініп кетіпті, түсімде пошташыны ат бауырына алып сабап жүр екенмін...
Сен
Бала жүрегімнің әрбір лүпілі сенің есіміңді айтудан жалықпаушы еді... Кеше ғана қуыршағыңды құшақтап, анда-санда танауыңды бір тартып қойып, қол созымда ғана жүрген жылаңқы қыз – сенің, бір-ақ күнде жұмбағың көбейіп кетеді деп, мен, ешқашан ойламаппын. Екеумізге де, мүмкін маған ғана беймәлім бір сезім енді еріксіз саған ынтық қылып, балғын денең көз алдымда бұла мүсінге айналып, менен тым-тым алыстап кеткеніңде, қыздар ғана кіретін есіктің сыртында ішке ене алмай жалғыз қалып қойғандай, бұрынырақта ештеңе де ойламастан шашыңнан тартып ренжіткеніме, әлденеңді тығып қойып, зар қақтырғаныма қатты өкініп, оңаша отырсам да ту сыртымнан біреу қарап тұрғандай біртүрлі қысылатынды шығардым. Өзімнің сол кездегі көзсіз батылдығыма қайран қалған сәттерім де аз емес. Бастауыш класта жүргенде іштей қалап тұрсам да “қызбен бірге отырмаймын” деп, сенің қасыңа отыруға намыстанған өркөкіректігім бұл шақта сол күнге зар, артық қимылға дәрменсіз. Шынымды айтайын, оқыстан ондай сәт туа қалса мәңгі ұмытпауға, бөтен тілек тілемей, іштей ғана арман кешуге жан-тәніммен бейілмін. Алда-жалда қатар отыра қалған күннің өзінде қолыңа қолым тиіп кетсе, оқыстан жанарымыз түйісер болса, деміміз шарпысып қалса тұлабойым күйіп-жанып, қараторы өңім алмадай қызарып, сауалыңа бас-аяғы бүтін жауап тауып айта алмай өз-өзімнен әбігер болып, суық күнде де терге малшынатын болдым. Бір-екі оқып жүргенімізде алыссаң алып ұруың да мүмкін, жарыса қалсақ озып кетіп те жататын тентек қылығыңды кейде бір жек көріп қалсам, тоғыз-онға ілігіп, үйден мектеп қызық бола бастаған бұл күнде сыныптас құрбыларыңмен бірге көше кезген бойдаққа көз сүзсең, немесе, жаныңдағылармен бас түйістіре қалып, жасырын сыбырласып, әлденені сөз қыла қалсаң — бітіспес жауымның табылғаны. Қарап отырып күйіп-пісіп, он қайталап оқысам да кітап санама қонбай, өзімді бірдеңемен алдарқата қояйын десем ештеңеге икемім келмей, зауқым соқпай, басым шыңылдап, өзімнен-өзім шаршайтын болдым. Бала күнімізде тек мен ғана емес, сол маңдағы біраз құрдас, бір-бірімізге байқатқымыз келмегенімен - қыста сырғанақ ойнай қалсақ тек сені сүйреуге таласып, жазда қуаласпақты ермек қылған кезде тек сені қууға тырысатынбыз. Кейін ержетіп, ойын-сауық іздегенімізде, жан қалауымызбен - сенімен биге шығу, көңілді кештер мен кинодан кейін сені үйге дейін шығарып салу — ештеңеге айырбасталмайтын өлшеусіз бақыт еді ғой. Ешкімге айтып жеткізе алмайтын азапты рахатымды, жан-дүниемдегі тыным бермес тәтті қайғымды кеудеме сыйғыза алмай тыпыршығанымда, күндіз сені көріп, түнде көркем бейнеңді қиял әлемінде тербетіп, жанымды жұбатқаныма көнбей, көңіл аласұрғанда дәптеріме, кітаптарыма сенің есіміңді сәндеп жаза беретінмін, жаза беретінмін. Сонда ғана сәтке болса да көңілім орнына түсіп, бір парызын өтеген мұсылмандай жеңілдеп-ақ қалатынмын. Бөлмесінің бір бұрышында сабағын қарап отырған, не үй-ішіне қолғабыс тигізіп жүрген біреудің қаршадай ғана баласы мен үшін сырқат жанымның дауасы, күмәнді көңілдің жауабы. Күлгені — қуанышым. Мұңайғаны — көңілсіз кездерім еді... Кіші кезімізде сенімен сабақтан бірге қайта қалсақ тақияңды ала қашсақ та, әлдене деп мазақтасақ та жарасатын. Ол сезімімізді жеткізген түріміз, жақсы көргеніміздің дәлелі болатын. Ал, уақыт өтіп, есейгенімізді сезінген сайын жағдай да қиындай берді. Жолымыз бір болса айтарымыз таусылып, әңгіме біткен қызықсыз көрініп берекеміз кетсе, мектептен шыға екіге айырылар болсақ, бірге кететіндерге қызғана қарап қала беретінбіз. Болмаса, жоқ сылтауды тауып, салпаңдап біраз жерге бірге барып қайтатынбыз. Қысқасы, кімге ынтықсаң соған «шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең» болудан қалады екен. Теңеудің бәрі ескі, күллі сөз әрсіз, қиялыңдағыны тап басуға қауқарсыз. Аласұрған ойыңды жетелеп, сыртынан болса да бір көру үшін ғашығыңның үйін төңіректейсің, «тосыннан» кездесіп қалмақ болып, күнұзын ізін аңдисың. Біле білсең, мектепте сен қандай үйірмеге қатыссаң да, қолымнан келетін-келмейтіндігі емес, соған қалай кіру мені көп ойлантатын. «Сүйгеніме», «Ғашықпын» деген сияқты тақырыптарды төбесіне қадап қойып, будақ-будақ өлең жазатын ақын болып кеткенім де, ғашықтар жырынан бас алмай, әке-шешеме сүйкімді оқымысты бала атанғаным да, «түсімде тек сені көрейінші» деп жастығымның астына суретіңді жасырып, қиялилануым да сол бір таңғажайып сәттердің ең бір асыл кездері екен. Жүрегім қаламайтын қызға теңеп, достарым күлкі қыла қалса төбелесуге бар қыңыр мінезім сенің туыстарыңның біреуі кезіге қалса жібектей есілетін. Себеп шығып, сабаққа бара алмай қалсам, сыныптастарым жиналып алыс бір жаққа сапарлатып кеткендей, сенің маңыңа елдің бәрі үйіріліп алып, тек мен ғана ертегідегі оқиғалардан құр қалғандай елегізіп бітетінмін. Істеген ісімде де береке болмай, алакөңіл басым шыққан күн батқанша, батқан күн шыққанша жан таппай аласұратын, шаршайтын. Ал, сен сабаққа келмей қалған күні бес жүз оқушы әне-міне көшіріп жіберердей теңселіп тұрған мектеп қаңырап бос қалғандай көрінетін. Қайран сол бір шынайы махаббат! Ешкімге де қиғың келмейтін, еш байлықпен бағаланбайтын, бозбала жүрекке балдай қылығымен алтын инесін қадаған, өшпейтіндей етіп есімін жазған аппақ қыз... бір күні... Бір-ақ күнде... Себебі бізге беймәлім науқаспен сен көз жұмғанда, біз оныншыны аяқтап қалғанбыз. Сыныптағы ең нашар оқитын бала есікті шалқасынан ашып, көзі қып-қызыл болып кіріп келгенде, томаға-тұйық оқушысының оғаш мінезіне апайдың өзі бас болып, бәріміз жамырай күлгенбіз. Сәл аңтарылып қалғанымен есін тез жиып, естігенін жеткізген хабаршымыз сөзін аяқтай алмай ықылық атып жылап жіберді де, керегеге сүйеніп отыра кетті. Қатал мұғалімді қиын сабағымен бірге мектепте қалдырып, соңымыздан әлдене деп айқайлағанына да назар аудармастан, бәріміз ақылдасып алғандай ешкімге қайыру бермей жүгіргенімізде қарсы алдымыздан соққан суық жел жанарымыздан аққан жасты бырт-бырт үзіп алып қалып жатты. Басқалардан қара үзіп шыққан Мәлікті қуып жете алмай, алдымен бармасам сен өкпелейтіндей жанталасып келе жатып, мен алғаш рет өлім жайлы ойладым. Бұған дейін ауыл-елде біреу қайтыс болса өлікті бейіт басына алып кетіп бара жатқан көліктерді санап, «Әлім ата өлгенде отыз бір машина жүріп еді», «Тәліп қайтқанда он үш-ақ машина болды» деп қыр басында алаңсыз отыратын едік. Олардың енді қайта келмейтінін, Әлім шалдың «Оқыңдар айналайын, біздің кезімізде мұндай жағдай болған жоқ» деп енді айтпайтынын, Тәліп ағаның «әке-шешеңнің тығып қойған арағы жоқ пе-ей» деп, енді көшеде жүрмейтінін ол кезде жалқы сәт болса да қаперімізге алмаппыз-ау. Енді міне, аптыққан көңіл тез жетсе ажалға араша болардай асығып келеміз, осылай жарыса берер ме едік, бізді еріксіз тежеген азалы үйден шыққан қайғылы үн болды. Өксігін баса алмай солқылдаған, сонша жерден бізден қалмай жүгіріп келген, жайшылықта «тездет» десең бір қолдарымен етегін қымтап ырғала қозғалатын қыздарды ортамызға алып ошарылып тұрғанымызда, үлкендердің бірі бізді қақпаның ішіне енгізді. Ел-жұрт сыртынан «қиқар шал» атап кеткен атасы бізді көрді де анадайдан кемсеңдеп келіп, «тентегімнің қатарлары ғой, айналайындар, аман болыңдар» деп, бәріміздің маңдайымыздан кезек сыйпап шықты. Әкесі бізге көз тоқтатып қарамастан үнсіз теріс айналып кетті, ал, анасы ешкімді түстеп танитын халде емес екен. Ұзақ аялдаудың қисынын таба алмай, сенің жансыз елесіңді әркім өз жүрегінде үнсіз әлдилеп, жұбымызды жазбастан ескі клубтың артындағы баққа келіп, біз қас қарайғанша отырдық. Сонда бір орнында тыныш тұра алмайтын тентек Сәлім де, қашан көрсең де тұра жүгіретіндей болып тұратын тұштақай Майра да, осындай-осындайда істің жөнін айтатын атаман Сабыр да, кез келген тақырыпты білсе де, білмесе де тосылмастан сабақтап кете беретін сөзшең Зәуре де тырс етіп қозғалмапты. Сол күннен бастап сәл кешіксек абыржып, кездеспей қалсақ алаңдап, қабағымыз сәтке болса да түнере қалса себебін бірге іздеп, мұңды сейілтіп жіберуге, әлденеге өкпелеп бұртия қалған ауызды риясыз күлкіге айналдыруға бар болмысымызбен атсалыстық, ұзын сөздің қысқасы, біз бір-бірімізді қатты жоқтайтын болдық. Бет-бетімен жеке жүретін достықтардың бәрі бірікті. Жасыратын құпияларымыздан құн кетті, арамызда қыз бен бала тіл табыса қалса оларды ренжітіп алмауға, ұялтпауға жан сала тырыстық, ондайларға үлкен құрметпен қарадық... Бәріміздің жандүниемізді астаң-кестең қылып, жапан түзде жалғыз қалғандай немесе қимас асылыңды жоғалтқандай құлазытып, көп ішінде мұңайтып, өткен күндердің әрбір минутына деген шексіз сағынышымызды тербетіп соңғы қоңырау сылдырлағанда; “сендерден құтылған күні құдайы шәй бермесем бе?..” деп жүрген сынып жетекшіміз жасты көзімен толқи сөз сөйлеп, бізге қосылып «Ұстазым менің, ұстазым» әнін шырқағанда; қыздар көз жастарына ие бола алмай, бірінің иығына бірі басын сүйеп, талшыбықтай денелері әлсіз дірілдегенде; біз сырттай олардың бұл қылығын мазаққа айналдырмақ болып, жөнсіз ыржаңдағанымызбен, ішіміз қан жылап ұйлығысып тұрғанда; осыдан он бір жыл бұрын дәл осылай бірге, бірақ бір-бірімізге үрке қарап тұрған күннен бастап, осы күнге дейінгі әрбір асыл минут көз алдымыздан сырғып өтіп жатқанда - біз сені іздедік. Қоштасу кешінің алдында ғана жұбымызды жазбай біз сенің басыңа барғанбыз. Темір шарбақ қоршаған сарғыш төмпешіктің етегін өрлей қылтиып-қылтиып көк бой көтере бастапты. Жақында ғана қойылған шағын құлпытастағы бейнең біз мүлде көрмеген суретің екен. Әр қайсысының өзі он қызға шаш болуға жарайтын жуан қос бұрымыңды өріп алдыңа тастап, мойныңа ауылымыздың бәріне жақсы таныс қызыл орамалыңды байлап, танадай жанарың ұшқын атып, талай менмін деген ердің тілін еріксіз байлаған аппақ ажарың бұрынғыдан да жылыұшырап, бұрынғыдан да көз тартып, жанды аяусыз тырнап, біз зорға қоштасқан, бізді шырылдатып тастап кеткен, енді ешқашан оралмайтын, бізді енді еш жерден қарсы алмайтын оқушылық өмірде, қол бұлғауға да шамамызды келтірмей үлкен өмірге қарай итеріп жіберген балалық елінде мәңгі қала беріпсің... Әлі күнге дейін сол уақыт ойыма оралса денем тоңазып, қойныма өрмекші кіріп кеткендей жанталасып, берекем қашады. Өйткені, дәл сол күнгі қоштасу кешіне әкең келіп кіргенде арамыздан ерке қызын тауып бере алмағанымызға, сенің ешкімнен қымсынбастан оның мойнына асыла кетіп, өкпеңді айта беретін ерекше қылығыңды көре алмағанымызға, жалғанның ең алғашқы және ең аяулы бір баспалдағын артқа тастаған, әлдебір жұмбақ үмітпен ертеңіне асыққан қуанышымыздың бұл кісіге түк те қатысы жоқтығына қатты қапаланғанбыз. Не деп тіл қатудың, қандай әрекет жасаудың да ретін таба алмай, терезе алдында топтасып тұрған екі-үш мұғалімге қарай бергенбіз. Ол қолына жымқыра ұстап алған үлкен сөмкесінен періштесі үшін ең асыл заттарды алып, жағалай таратып шыққанда маған кезінде өзім сыйлаған «Қош, махаббат» кітабы тиді. Ол уақытта асау қыздың не ойлағанын кім білген, мен арақ иісі сыртына шығып тұрған әкесін тас қылып құшақтап алып егілгім келді. «Бірге өскен құрбыларың еді. Көңілімізді бұзып, мұнда неге жүр? демессіңдер. Сендерді көріп мауқымды басайын, қайда жүрсеңдер де аман жүріңдер деп сәт-сапар тілейін деп келіп едім. Жанына жақын дүниелерін көрсе шешесіне бір қайғы болған соң, өздеріңе әкелдім. Кім ұмытылмас дейсің, сонда да болса қатарлары ғой, естеріне ала жүрсінші деп... Аман болса бүгін...» деп, ол сөзін аяқтай алмай бізге еңбек пәнінен дәріс берген ағайға сүйенген қалпы есіктен қайта шығып кетті. Біз сол кезде ғана кешелі бері ауылды аралап жүріп солар естісін дегендей бар даусымызбен ән салғанымызға, қараңғы түсер-түспестен ауылдың ортасындағы шағын дөңеске от жағып қойып, би билегенімізге, таң қараңғысына дейін отты айнала отырып, өткен он жылға шолу, келер жүз жылға жоспар жасағанымызға, соңғы қоңыраудан бастап, әр сынақты тапсырған сайын көшені басымызға көтеріп сейіл құрғанымызға жанымыз күйзеле өкіндік... Қысқасы, қайда жүрсек те ауылымызды, балалығымызды, сені, алтын ұямызды, бір-бірімізді, тіпті, бәрін-бәрін ұмытпайтынымыз, шырылдаған жанымыздың бір бөлшегі тыным таппай сол күндерді, өткен уақытты кезеді де жүреді екен ғой...
Сыныптастар
Осыдан екі жыл бұрын мектеппен қоштасып, Алматыға аттанғам. Анам, ауылдың шетіне дейін шығарып салып тұрып, «Менсіз ешқайда ұзап шықпап ең, енді қалай күн көрер екенсің», - деп, көзіне жас алған. Жүк көлігінің үстінде шашым желбіреп, көңілім алабұртып кетіп бара жатып, «Шіркін, оқуға түсіп, үйге абыроймен келсем ғой», - деп армандағам. Бірақ амал қанша, екі жыл қатарынан оқудан құлап, ауылға барар бет болмай, құрылыстағы ағамның жанында барып кел - шауып келмен күн өткіздім. Әр күні азапқа толы осы уақыт ішінде мені «Биыл да жолым болмаса не істеймін?» деген ой ғана жиі мазалайтын. Енді міне, кеше ештеңе болмағандай, даусым басқалардан жарқын шығып, күлкім көбейіп, ауылда, сыныптастарымның арасында отырмын. Тек менсіз өткен екі жылда анам да уайым құшағынан босамаған ба, қартайып-ақ қалыпты. «Жын-ойнақта нең бар, бірер күн үйде тыныш жатсаңшы» деп, осы басқосуға да зорға жіберді. Ал, туған жер еш өзгермепті. Жолы баяғыдай ойқы-шойқы, жарығы бірде бар, бірде жоқ, ауызсуы сары лай, монша, балабақша, ауруханасы тозған, тоналған, басшылар ат ізін салмаған иесіз қалпы. Түннің бір уағы болып қалса да, осы отырыстан жалықпай, құрдастарымды қызықтап, айналамды жіті шолып, тым сергек көңілмен отырмын. Бір-бірін сағынысқан, кейбірі талайдан көріспеген дос-жараным өткен-кеткенді айтып, ду-ду етеді. Қыздардың алды тұрмысқа шығыпты, бір-екеуінің баласы да бар екен. Мектеппен қоштасу кешінен кейін ешкімді көрмеген қайран басым, әр қайсысын жеке құрметтеп, бауырыма басқым келеді. Қарсы алдымда басы салбырап ұйықтап отырған Сәлім – қазақы төбелестің хас шебері еді. Жұдырығымен ауыл емес аудан таныс құрдасымды құртқан қолының қысқалығы болды. Құдай біледі деп айтайын, жағдайы сәл жақсы болып, өзінде аздаған ақыл болса, ол қазір – елге танымал палуан, мүмкін былғары қолғап шебері, әлде... әйтеуір бірегей спортшының бірі болатын еді. Табиғат берген дарынды өз бетімен ұштай алмаған Сәлім көреген бапкердің де көзіне түспестен үлкен өмірден жырақтағы бір ауылда елеусіз қалып қойды. Ел ішінде қазір «Қарағайдың жуан басын жалғыз өзі-ақ жүк көлігіне арта салды», «Қара танасын екі иығына салып көтеріп келіп еді, мал алушылардың көзі бақырайып кетті» немесе «Байжұманың каратэден қара белбеуі бар, чемпион досын Сәлім бір-ақ ұрып талдырып тастады» деген сөздер ғана естіліп тұрады. Осыны малдана ма, әлде, мектепте кез-келген жарыстан қалмайтын қайран басы бір-ақ күнде керексіз болып қалғанын ауыр алды ма, ол қазір өзі де тозған ауылмен бірге тозып, бар ермегі арақ болып, көше кезіп жүр. Есік алдында бір сәт оңаша қалғанда өзімсініп, «Мына жүрісің не, қалаға келсеңші, ең болмаса бір жерге қарауыл боларсың. Жаттығуыңды да қайта бастауыңа болады» дегем. Жақтырмай қарағанын айнала қаракөлеңке болса да анық сезіндім. «Сол қалада сендер-ақ ұшпаққа шығыңдар, маған өзім үйреніп қалған тозағым артық» деді ол. Мына сөзіне қарағанда, мен ойлағандай ақымақ та емес сияқты... Ал, мен қайта-қайта құшақтап бауырыма басып, бетінен сүйіп отырған оң жағымдағы қыз – мектепті алтынға бітірген. Сол жылы оқуға барып, білімінің аздығынан емес, комиссия шақырып, қайта тапсыруға өжеттігінің жетпегенінен құлап келді. Ол да мен сияқты ел көзіне көріне алмай үйінде жасырынып жатып, келесі жылы қайтадан қалаға аттанған. Бірақ, оны бұл жолы да қуаныш қарсы алмапты. Ата-анасының «Таныс-тамырға жолығып көрейік. Бір соғымын берсек, бірдеңесі болар» дегеніне, «Таныс сағалағанша өлгенім артық» деген намысқой қыз екі рет тиген ауыр соққыдан кейін қалада біржола қалған. Елдің өсегіне сенсек, күнін көре алмай қалған соң, әкесі өзіне ғана мәлім ұлын көтеріп былтыр қайтып келіпті. Қазір үйінде екен, әке-шешесі «Мектепке орналастырайық, бастауыш сыныпқа сабақ беру қолыңнан келер» деп, біраз үгіттеген екен, қайран қыз тірліктен біржола күдер үзген бе, келіспей қойыпты. Бүгін бәріміз бас қосатын болған соң, бағана жиналып барып, өлердегі сөзімізді айтып, алып келгенбіз. Тақтаға шықса екі көзі жанып, жүзі нұрланып, дауысы бұлбұлдың үніндей құбылып сала беретін Бағилаш қазір тым сынық. Кейбір оқыс қалжыңдарға біз бәрін ұмытып дарақылана күлген сәтте ол жылы жымиып қана қояды. Әлдене сұрай қалсаң, жауапты тым келте қайырады, үні де тым бәсең. Кеше алдын кесіп өтпеген қыз-жігіттердің үш-ақ жылда осынша өзгеріп кеткеніне қайран қала ма, әлде, бұл күнде екінің бірі талап қылатын жоғары оқу орнының табалдырығы осыған келгенде аттатпай-ақ қойғанына налый ма, ол арақты Сәлімнен кем ішпейтін болыпты. Үйден шығарда, «Ұзақ отыра алмаймын оған ренжімеңдер. Сағат ондарда қайтуым керек» деген Бағилаш, енді міне әнге баяу ғана қосылып, менің құшағымда отыр. Төңіректей қалғаным, арақ сыйлаған мейірім мен жігіттердің бұзылып кетті деген сөзі шығар... Бәрімізді басқарып, дастарханға иелік жасап жүрген кәдімгі кешегі байқұс Садық. Иә, жасы кішілердің де қыспағына талай түскен, көшеде өскен әр жүгермекке кіріптар болып жүретін жаман Садық – асаба. Өткен күндері есінен кете қоймаған өр кеуде кейбір ұл-қыздар болмаса, көпшілігі онымен санаса бастапты. Ал, өзіне қатысты жағдайдың бәрін тез ұмытып үлгерген Садықтың үні бұл күнде зілді шығатын болған ба, қалай?.. Маған әйтеуір, оның біреуді қағытпақ болған жеңіл әзілінің өзі адамды шамдандыратын өрескел сөздей-ақ жараспай тұрды. Мүмкін оған басты себеп, оқушылық өмірде оның бір рет болса да сәтті қалжың айтып, қораның артында күжілдескен бала қораздардың қабағын аша алмағанында болар. Қысқасы, біздің жекеменшік асабаның қолын ұзартқан әкенің жиған малы. Мектептің бар мұғалімін қонақ қылып жүріп, төрт пен бес болған куәлік қаладан студенттік билет болып оралды. Екінші курста қаланың шетінен үй алды деп естіп едік, үшінші курста міне, жеңіл көлік мініп келіп отыр. Асаба қылмай көр... Қос аққудай жарасып деген сөздің жанын кіргізіп, қосыла шырқап отырған менің сол жағымдағы қыз бен жігітті сөз етпей кету мүмкін емес. Олар мектепте жүріп-ақ ауданды қойшы, облыстық, республикалық байқауларда көрініп үлгеріп, көпшілігіміздің ішімізді күйдірген. Сол күйік бізді өртеп тынар ма еді, егер жасың мың болғыр, бірақ бақыт таппағыр қойшы Сәлімнің баласы қайран қыздың бағын байлап, мектеп бітірген тойымызда алып қашып кетпегенде. Малшылардың той-томалағында, анда-санда ауыл-үйдің қызығында қазақ-қырғыздың қайдағы бір сай-сүйегіңді сырқыратар әндерін үйреніп алған ол сағаттап ән айтады екен. Екі-үш адамның басы қосыла қалған бір шәугім шәйда Сәулені еске алатын көпшілік «Қайран қыз, қор болды-ау. Польшадағы байқаудан кейін облыс орталығынан шақыра келгендерге «Мен Алматыдан басқа жерге бармаймын» деп, қасарысып отырып алып еді, енді жапандағы жалғыз үйде ішқұса болып жүр» дейді. Жиырмаға жетпей екі бала тапқан әнші қызды малдағы өмір қатты-ақ жүдетіп жіберіпті. Бізбен жасты дегенге ешкім сенбейтіндей, өңі де ескі, әңгімесі де басалқалы. Ал, жігіттің тағдыры ма?.. Қаладағы қаптаған бетінің бояуы жақсы, дауысы жаман, таланты жоқ, ақшасы бар, киімдерінің жұқалығынан тәні көрінетін, бетінің қалыңдығынан қытығы білінбейтін әншісымақ, ақынсымақ, сазгерсымақ тағы, тағы сымақтардың көлеңкесінде әр жерден бір көрініп қалып жүріп жатыр. Өзі, «Халық әндерімен, домбырамен, жалпы қазақ ән-жырымен танылу қиын. Оның үстіне қолдауың болмаса, қолыңнан келер қайран болмайды екен» дейді. Бұл өзін ақтағаны ма, әлде, расымен-ақ солай ма, оны кім білген?.. Сәуленің күйеуі араққа бөгіп алып, мана бір жаққа атын борбайлап шауып кетіп еді, хабарсыз. Ол жоқтағы уақыттың игілігін екеуі көріп, баяғыдай қосыла шырқайды. Олар үзілте шырқаған сайын бәріне еті өліп кеткен жүрегім өткен күндерді сағынып шымырлап қояды. Күлән жайында ештеңе айтпай-ақ қойса да болады. Келгені де белгісіз, кеткені де белгісіз, бақытты екені де беймәлім, жүрген біреу. Тілек те сол. Не ойлағаны бар екенін кім білсін, қызығы – темекі мен араққа бала күнінен үйір емес. Шешем айтады: «Әкесі рәмәтілік, жер хабар бермесін, намыстанып, шамданып көрмеген бейшара еді, бұл қайда барар дейсің» деп. Әне, отыр. Осы қалпы өзіне ұнамаса да таңға отыра беруге бар. Жалыққанын айту, ұсыныс түсіру, мінез көрсету оған жат. Күлән екеуі Сәлімнен сәл төмен қатарласа жайғасыпты. Ең болмаса өзді-өзі бір-бірімен күңкілдесіп қоймайды ғой. Он бір жыл бірге оқысақ та осыларға қатысты бір жақсы-жаман оқиға ойымда қалмапты. Кейде бір айналаңдағылардан артық қаламсап немесе кітап сұрағанда, не байқамай дәлізде қақтығысып қалғанда болмаса екеуінің осы өмірде бар екенін ұмытып та кететінбіз. Бүгін кімнің есіне түсіп оларды осында ерте келді, жоқ, бізді – сыныптастарын сағынған соң өздері келіп отыр ма? Оны анықтау үшін екеуіне арнайы уақыт бөлу керек және ол аз уақыт алады деп айта алмаймын... Дастарханның арғы шетінде үшеуі, бергі шетінде өзімменен төртеу, асаба бар сегіз адам сөз болды ма? Енді төрдегі екеумен таныстырайын да әңгімемді тәмамдайын. Бірі Мәлік – бүгін бізді қонақ қылып отырған, қаладан кеше келген студент. Оқушылық өмірді де жақсы өткізген, жалғыз анасының қас-қабағын баққан, үйдің де, қора-қопсының да тірлігін бір өзі шыр айналдыратын пысық жігіт. Қазір институтта да белсенді көрінеді. Шешем маған талай үлгі еткен, содан да өзім аса жақтыра бермейтін, әділіне жүгінсек болайын деп тұрған жан. «Сыныптастардың басын қосайық. Талайдан кездескен жоқпыз. Он бір жыл бірге оқыған достарды оп-оңай ұмытып кетеміз бе?» деп бастама көтеріп, қаладағыларды қысқы демалыста ауылға зорлағандай болып алып келген де сол. «Енді сенің шашбауыңды көтеріп жүру қалған екен ғой» деп, алдында біраз қияңқыланғанмен, ауылды сағынған көңіл алып-ұшып тыным таптырмаған. Енді міне, оған өмірімде тұңғыш рет риза-хош көңілмен қарап қойып, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей көсіліп отырмын. Екіншісі – көрсем көзіме түлкі елестейтін, өте сұлу, туабітті әртіс қыз. Бұтында санмен сан шалбар, аяғында өкшесі бір қарыс бақа бас бәтіңке. Кеудесінде кіндігіне жетпей таусылған, жауырын тұсына ары-бері бау жүгіртіп қойғаны болмаса жалаңаш арқасын жасыра алмаған аты белгісіз шүберек. Сөзі мен іс-қимылы мұнда отырғандарға таңсық. Тірі орысты бізбен бірге-ақ көрсе де, мектептегі орыс тілінен алған бағалары әлі бәріміздің есімізде болса да, ол тілін шайнап, бірдеңе айтқан болады. Құданың құдіреті, ең қызығы, өзіміздің қ мен ғ әрпіне аз ғана жылда тілі келмей қалыпты. «Шакыргандарына рахмет. Мын сомын болганша, мын досын болган жаксы гой» деп, сызылып отыр. Қаладан тап бүгін ортамызға оқыстан топ ете қалғандай мұрнын тыржитады, әркімді бір мазақтап күледі, Мәліктің иығына қисая кетіп, құлағына әлдене деп, жұмбақ сыбырлайды. Мана алғаш кездескенде маған көрсеткен ерекше құрметі ме, жоқ, бәрімен солай амандасты ма, құшақтаса кеткенімізде ерніме ерні тиген. Далаптың тәтті дәмі мен қымбат әтірдің жағымды иісі делебемді қоздырып, «Қап, сені ме?» деп едім, енді Мәлікке қайта-қайта сүйкеніп отырған көркем қызды үй иесінен түк те қызғанбайтын сияқтымын. Өзіммен-өзім, он бір жылдан кейінгі әр тарапта өткен үш жылды көңілімде таразылап, осы мерзім ішінде тағдыр кімге не сыйлағанын, келешек бізге не берерін өлшеп, «Мен сыра ғана ішем» деп, өзін өзгелерден ерекшелемек болған жаман Садықты ыза қылу үшін көңілім қаламаса да сырадан ұрттап қойып отырмын...
Ұмыт мені
Еділ Еділ болғалы дәл бұлай жалғызсырап көрмепті. Жиырма екінші наурыз болған соң, курстастарына ілесіп орталық алаңға шығып еді, бір-біріне жабысқан қыз-жігіттер зықы қылды. Дәл өзіндей саяқ жүрген ешкім жоқ сияқты. Қайда қараса да, қолтықтасқан, қол ұстасқан, құшақтасқан жастар... Еділ дуылдасқан студенттерге ілесіп, бір-екі стақан арақ та ішіп көрді. Ә дегенде өзегін дуылдатып, көзінің отын жарқ еткізген жынды су да оның көңіл-күйін көтере алмады. Керсінше, жанын жүдетіп, әлдекімді іздетіп, өзіне серік болар біреуді еріксіз аңсатты. Сол сезім жанына тыным бермеген соң, байыз тауып отыра алмай курстастарын тастады да, сыныптас достарына тартып кетті. Үйдің іргесінде көктемнің шуақты күніне бойларын жылытып, қос жігіт отыр. Іштен қыздардың күлкісі мен ыдыс-аяқтың сыңғыры естіледі. Құрғақ жерлерді қуалай жүріп келген Еділ екі досымен сүлесоқ амандасты да, жандарына жайғаса кетті.
- Қанша қыз шақырдыңдар?
- Екеу!
- Қойшы, неге үшеу емес?
- Сен «келем, кетем» деп, ештеңе айтпадың ғой...
- Әділдеріңді-ай, ә! Көрерміз екі қыздың кімді таңдарын!
- Болды, жылама! Үшеумізге де жетеді!
- Ең жасы қаншада екенін білгің келе ме?
- Он бір оқитын шығар?..
- Жоқ, он оқиды!
- Тым ары кетіп қалыпсыңдар ғой. Енді не отырыс, кірмейміз бе?..
- Қазір бәрі дайын болсын. Өздері шақырады!
Алтауы бір үйдің баласындай азан-қазан болып жүріп, біраз уақытты өткізді. Осы аралықта бір-бірімен етене танысты, дастархандас болды, секеңдеп те, жұп-жұп болып та билеп үлгерді. Қыз-жігіттер бір-біріне үйренісіп, өзді-өзі тіл табыса бастағанда Еділ мен Айғаным оңашаланып, сыртқа шықты.
- Құшақташы, мені!
- Неге мен құшақтауым керек?
- Енді кім құшақтайды?
- Жігіт құшақтайды емес пе?
- А, солай екен ғой. Жарайды, мен-ақ құшақтайын...
- Біреу көріп қояды...
- Түнгі үште кім қарап тұр екен?
- Үйдегілер ше?
- Олардың бізге қарайтын шамасы бар деп ойлайсың ба?
- Сіз ылғи осындайсыз ба?
- Қандай?
- Өз дегеніңізді істегіңіз келеді...
- Сен әркімге өз дегенін істетпейтін шығарсың?..
- Мен үйден өмірімде бірінші рет шығып тұрмын.
- Мен де көрінген қызға жабысқан емеспін!
...Еділ түс көрместен кешкі беске дейін ұйықтады. Сосын, армансыз жуынып-шайынып алды да, тағы да достарына тартты. Үшеуі уәделескен жерлерінде тоқайласып, алдымен кешегі күнге шолу жасай бастады.
- Айғаным қалай екен?
- Ал, сендер қалай ойлайсыңдар?
- Меніңше, жаман емес сияқты, - деді Ахмет.
- Далаға шығып кетіп едіңдер, обалына қалған жоқсың ба? – деді Қуан.
- Жоқ, тек қалай сүйісу керегін үйреттім!
- Оны өзің білуші ме едің?
Үшеуі бар пейілімен жарыса күлді де, бір-бірін төмпештеп алып, қыздарға тартты. Келісім бойынша, алтауы бүгін киноға бармақ. Ахмет Жаңылмен алдыда, Қуан Балғынмен ортада, Еділ Айғаным екеуі қол ұстасып, ел соңында келе жатыр.
- Қалай ұйықтадың?
- Дұрыс ұйықтай алмадым. Қайта-қайта оянып кете берем. Түсім де тым түсініксіз болып кетті ме, әйтеуір...
- Түсіңде мені көрдің бе?
- Иә. Сіз екеуміз ренжісіп жүр екенбіз...
- Қой, ренжісіп те үлгердік пе?
- Аһа...
- Келе қойшы бері. Сен ренжісе аласың ба өзі?..
- Аналар көріп қояды, тоқтаңызшы...
- Әй, енді тоқтай алмаймын-ау.
Еділ Айғанымды бауырына тартты да, жол бойындағы алып еменнің қалқасына тұра қалды. Оның көңіл-күйі кешелі бері өте жақсы еді. Іздегенімді таптым, табыстым деп ойлаған студент жігіт оныншы сыныптың қызынан бір елі ажырағысы жоқ.
- Сендер жүресіңдер ме, жоқ, біз кете берейік пе?
- Бара беріңдер, біз қуып жетеміз!
- Қайда бара береміз, кімді қуып жетесіңдер? Сендердің мұнда тұрғандарыңа үш сағат болды ғой – деді Ахмет.
- Онда өзіміздің алаңда кездесейік – деді дәл жандарынан Балғынды қолтықтап өтіп бара жатқан Қуан.
Еділ мен Айғаным көп ұзамай, шағын алаңқайда от жағып қойып, гитарамен ән айтып отырған достарына келіп қосылды.
- Қалай, кино ұнады ма? – дейді сылқ-сылқ күлген Жаңыл.
- Бұлардың киносы теректің түбінде болды ғой, – дейді Ахмет күлкіге күлкі қосып.
- Үш сағат бойы не айттыңдар сонша? Сендерді тосамыз деп, киноға кешігіп қала жаздадық.
Бір-бірін әзілмен түйреп, оған өздері жамырай күліп, бірі бастаған әнді екіншісі іліп әкетіп, бұл күні де біраз уақытты бірге өткізген ғашықтар түнгі екілерде үйді-үйіне қайтты.
- Ертең де осылай бола ма?
- Жоқ, енді сізбен кешке кездесе алмаймын.
- Неге?
- Ертең әке-шешем келеді!
- Олар қайда кетіп еді?
- Әкемнің інісінің баласы үйленіп, үйдің ішінің бәрі ауылға кеткен. Соны пайдаланып студенттердің отырысына бардым, сізбен таныстым, түнгі екіге дейін қыдырдым.
- Бұзылдым деші!
- Иә, бұздыңыз сіз. Бұлай тұрғанымды үйдегілер көрсе, өлтіреді мені...
- Онда әбден құшақтап алайын, келе қойшы...
Екеуі тағы да бір денеге айналып бара жатқанда, даланың жарығы жанды да, сыртқы есік ашылды.
- Айғаным, бол енді, жаныңды шығарам.
- Міне, кірдім...
- Балғын осындай қатал ма еді?
- Жоға, шешем соған табыстап кеткен соң парызын орындап жүргені ғой. Қайта мені сіздерге ертіп барған сол емес пе?
- А, олай болса, Балғынға мың алғыс! Ол сені ертіп келмесе, мен қайтер едім?..
- Жарайды, мен кірдім! Сау болыңыз!
Ол өзіне тағы да қол созған жігітті мойнынан тез құшақтады да, қатты қысып тұрып, екі бетінен алма-кезек сүйіп алды. Сосын, саусағымен жігіттің ернін жапты да, сөйлеуге шамасын келтірмей тез бұрылып, ішке жүгіре жөнелді.
- Мына қыз керемет қой-ей, - деген дауыстан селк ете қалған Еділ лез артқа бұрылды. Қоршаудың қалқасынан шығып келе жатқан Қуан екен.
- Сен әлі кетпегенсің бе?
- Балғынды кіргізіп жібердім де, осы жастар не айтады екен, білейінші деп, мына қалқаға жата кеттім...
- Еріккен екенсің. Кеттік, бүгінге осы жетер.
- Ертең сабаққа барасың ба?
- Жоқ, ертең түске дейін жұмысқа кіріп шығу керек. Дүйсенбі сайын өткен аптаны қортындылап, алдағы аптаға жоспар жасаймыз ғой.
- Е, онда кешке кездесерміз. Мен кеттім, жақсы!
- Сау бол!
Еділ бүгін күндегіден тым ерте тұрды. Жұмысқа тоғыз жарымда барса да болатын, жиналыс сағат онда. Бірақ, жігіт жетіден бастап жөнделе бастады. Өзіне қатты ұнайтын ақ жейдесі мен көк шалбарын киіп, айна алдында түр-тұлғасына сүйсіне қарап біраз тұрды. Сосын, асығыс басып, Айғанымның үйіне тартты. Өз есебі бойынша, қыз қазір сабағына шығуы тиіс. Қателеспепті, көп тостырмай-ақ оныншы сынып оқушысы сыртқы есікті ашып, күннен көзін көлегейлеп, қақпаға бет алды.
- Сәлем, сұлу қыз!
- Сіз мұнда неғып жүрсіз? Көршілер көріп қояды ғой...
- Ақыры енді түнде кездесе алмайды екенбіз. Сондықтан, әр таң сайын келіп тұрайын дедім.
- Одан басқа жұмысыңыз жоқ па?
- Басқа жұмысқа содан кейін де үлгерем ғой!
- Сонда мектепке дейін менімен бірге бармақсыз ба?
- Әрине!
- Олай болмайды. Аялдамада немесе автобуста сыныптастарым кездесіп қалуы мүмкін.
- Кездесе берсін! Маған бәрібір.
- Ал, маған бәрібір емес!
- Онда не істейміз?
- Осы жерден екі жаққа кетеміз!
- Жақсылап тұрып бір құшақтамай, мен ешқайда кетпеймін!
- Елдің бәрі қарап тұрса, мен сізбен қалай құшақтасамын! Түнде ғана кездестік қой, немене түс көрдіңіз бе?
- Сағынып кеттім!
- Онда сабақтан кейін орталық бақта кездесейік!
- Неге орталық бақта?
- Сол!
- Яғни, бұрын сен біреумен сол жақта кездескенсің ғой!
- Мен сізге айттым ғой, бұған дейін ешқайда шығып, ешкіммен кездесіп көргем жоқ деп!
- Онда неге бірден орталық бақты айттың?
- Өйткені, ол жақта менің жеңгем мен ағам кездескен. Екіншіден, бұл жердегідей емес, мені ол жақта ешкім танымайды!
- А, онда мұның ақыл екен! Сағат екіден кете мен сені қос зеңбіректің жанында тосам. Үлгересің бе?
- Үлгерем! Ал, енді кетіңіз...
- Аялдамаға дейін бірге баруға болмай ма?
- Болмайды! Сіз бірінші кетіп қалыңызшы...
Еділ автобуста келе жатып, өзінен-өзі жымың ете қалады. Сосын, біреу көріп қойды ма дегендей, жан-жағына сезіктене қарайды да, сәлден кейін тағы да еркінен тыс мырс ете түседі. Ол мана жолынан қиыс болса да, Айғанымның жынына тию үшін аялдамасына барып тұрып алған. Сосын, мұның кеткенін тоса-тоса қажып, жол бойында тұра берудің ретін тағы таппай, сабағынан кешігетін болған соң амалсыз аялдамаға келген қызға әдейі қарсы жүрді. Оқушы қыз сол сәт қабағын түйді де, дереу жанынан өте шықты. Өтіп бара жатып, бүйірінен шымшып кеткен қыздың қылығына риза кейіппен үш-төрт қадам жерде бұл көз алмай қарап тұрды. Оған қарай сәл қадам жасаса, ол да ары қарай ысырылып тұрады. Бұған тура қарамаса да, көз қиығымен бағып, ел көзіне байқатпай жұдырығын түйіп қояды. Бұл азаптан ол бір құрбысы келгенде ғана құтылды. Еділді көрмегенсіп соған бір бітпейтін әңгімелер айтты, соңында қалса, бұл келіп бас салатындай, сыныптасынан озып барып автобусқа кірді. Қысқасы, мектепке жетіп, түсіп қалғанша, Еділ жаққа қарамауға жанын салды. Соңынан бұл да түсуге ниет қылып еді, көзі алақандай болып, шошына қарады да, жүгіре басып мектебіне қарай кетті. Қызды одан ары қинағысы келмеген жігіт босай қалған бір орынға отыра кетті де, өз-өзінен жымың қағып, әлсін-әлсін терезеден сыртқа көз тастап қойып, беті ауған жаққа кете берді. Қысқасы, ол бүгін жұмысқа өте көңілді кірді.
- Сә-лем-ет-сіз-дер ме?
- Сәлемет пе, Еділ?
- Сәлем, Еділ! Әдемі болып кетіпсің!
- Рахмет! Сіз де кереметсіз!
- Сіз деп айтпашы деп едім ғой...
- А, иә, кешіріңіз! Ұмытып кете берем! Бастық келді ме?
- Жоқ!
- Тезірек келіп, тезірек жіберсе екен!
- Келгенің жаңа ғой, қайда асықтың?
- Ешқайда! Тек, мұнда отырғым жоқ. Бір жаққа тартып кеткім келіп тұр.
- Еділ ғашық болып қалған сияқты...
- Қойыңызшы қайдағыны айтпай...
- Сіз демеші деймін. Мен сенен ары кетсе төрт-ақ жас үлкенмін.
- Жаста тұрған не бар, қаласа сіз десін. Сыйлағаны шығар...
- Қойыңызшы, апай! Үш-төрт жасқа бола сіз деп сызыла ма? Отыздан асып кетсем бір жөн.
- Болды, болды. Сабыр етіңіздер. Енді сізді сен деймін, ал, сізді не десем екен?
- Мені сол апай дегенің жарасады! Қырықтың қырқасына шықтық, орнымызды білгеніміз жөн.
- Ал, мен наурыздың жиырма үшінде жиырма төртке келдім. Еділ мені құттықтаған да жоқ!
- Мәссаған! Ұмытып кетіппін ғой. Жоқ, ұмытқам жоқ, есімнен шығып кетіпті. Кешіріңізші, ой, кешірші, Айтолқын!
- Ұмыту мен естен шығудың қандай айырмасы бар? Одан да маған бәрібір десеңші!
- Жоқ, рас айтам, тіпті, сыйлық алып қойғам. Таң ертең асығып жүріп, есімнен шығып кетіпті.
- А, сен бүгін құтыла салмақ па едің? Мен сені кафеге, туған күніме шақырып жүрсем...
- Туу, таң атпай әбден састырдың ғой. Айыбымды қалай жуып-шайсам екен? Наурыз мерекесі өтті, кешегі туған күн тағы бар дегендей... бір дастархан жасап жіберсем қайтеді?
- Мен қарсы емеспін!
- Ал, маған ол аз!
- Енді сені қалай риза қылады? Өзің айтсаңшы, баланы қинамай...
- Киноға апарасың! Келістік пе?
- Келістік!
Еділ екіге дейін өзіне берілген барлық тапсырманы ынты-шынтысымен беріле орындады да, орталық баққа қарай құс болып ұшты. Оның әндете жүріп, бар шаруаны еш қиналмай істегені, тез бітіруге жанын салғаны айналасына бірден аңғарылып тұрды.
- Еділ бүгін мүлде өзгеше. Біреу жүрегін жаулап алған ба, әйтеуір, биылғы көктем оны тез өзгертіп жіберген сияқты – деді қырықтан асып кеткен апай.
- Қойыңызшы, ананы да, мынаны да ұмытып, асып-сасып жүрген сол баяғы қалпы ғой – деді Айтолқын.
Айғаным баққа Еділден ерте келіп алыпты. Қос зеңбіректен сәл әріде, әлденені үркітіп алмайын дегендей, бір аяғын алға аттаған қалпы, селт етпей тұр. Бұл оны шошытпаққа ниеттеніп, ақырын басып жақындап келді де, енді ұмсына беріп, айғанымнан сәл әріде әлденені қаужап отырған ақтиінді көрді.
- Не жеп отыр!
- Нан ғой.
- Оны кім берді?
- Мен!
- Сен не, сөмкеңе күнде нан салып жүресің бе?
- Жоға, ақтиінді көрген соң, ана жерден сатып алдым.
- Қойшы, одан да өзімнен артылғанын бердім десеңші, нансоғар қыз!
- Өзіңіз...
- Не өзіңіз?
- Тыныш, ақтиінді үркітесіз!
- Сонда осылай тұра береміз бе?
- Сізге ұнамай ма? Қараңызшы, қандай сүйкімді!
- Ол емес, сен ғой сүйкімді!
- Құшақтамаңыз!
- Неге?
- Мен сізге ренжіп қалғам!
- Не үшін?
- Таң ертең әбден жыныма тидіңіз!
- Мен тып-тыныш жұмысыма кеттім емес пе?
- Сіз ол аялдамадан кетпейтінсіз...
- Оны қайдан білесің? Бұрын сен мені танымайтынсың ғой.
- Күнде таң ертең шығып жүрген адамдар бір-біріне көзтаныс болып қалады. Солардың көзінше мені әбден ұялттыңыз.
- Ал, сен ұялма! Олар саған ешкім емес қой!
- Сонда да...
- Жарайды, енді олай істемеймін, иә! Татуластық па? Жүрші, сен жақсы көретін балмұздақты сатып алайық.
- Сіз қашан келіп алдыңыз?
- Ақтиін екеуің бір нанды бөліп жеп отырғанда...
Еділ мен Айғаным саябақты аралап жүріп, балмұздақ жеді. Көктемнің күні салқын тарта бастағанда шағын кафеге кіріп, жүрек жалғады. Қысқасы, күн көзі жасырынғанша бірге болды да, қыз тым кешігіп бара жатқан соң такси ұстап, үйге келді.
- Ертең де екіден кете бақта тосам!
- Жарайды, тек, бүгінгідей кеш қалып қоймайықшы...
- Өткен екі күнге қарағанда бүгін тым ерте келдік қой...
- Ол кезде әке-шешем жоқ болатын. Бүгін олар келді. Енді артық жүрісті қоюға тура келеді.
- Қап, жақын арада үйлене қоятын басқа туыстарың жоқ па?
- Туыс көп қой. Бірақ, олардың не ойлап жүргенін кім білсін?
- Бірінен кейін бірі сапырылысып, әке-шешеңнің саған қарайтын уақыты болмай қалса екен.
- Бірінші күні таң ата қайттық, екінші күні түнгі екіде зорға тарадық. Үшінші күні міне тағы кеш батты. Бұлай жалғаса берсе, бір күні сұмдық болатын шығар...
- Неге? Қайта түзеліп келеміз ғой. Бірте-бірте ерте қоштасатын болып жүрміз.
- Сізді сөзден жеңе алмаспын. Сау болыңыз!
- Тоқташы...
- Не болды?
- Құшақтауды ұмытып барасың!
- Неге ылғи мен құшақтауым керек? Бұрыңғы қыздарыңыз өзі құшақтаушы ма еді?
- Бұрын менде қыз болған емес!
- Қойыңызшы, жиырмаға келгенше қызбен жүрген жоқ дегенге кім сенеді?
- Мен сенем! Және сені де сендіре алам!
- Сонда бірде-бір қызды жақсы көрген жоқсыз ба?
- Күні кешеге дейін бір қызды жақсы көрдім деп ойлағам...
- Ол қыз қазір қайда?
- Осы қалада!
- Енді неге сол қызға бармайсыз?
- Бармаймын! Енді ол қызға ешқашан бармаймын!
- Неге?
- Ол бір ұзақ әңгіме және саған түк те қатысы жоқ.
- Маған қатысы жоқ болса да білгім келеді.
- Қойшы, ол түк те қызық емес!
- Маған қызық керек емес. Мен сіздің өткен өміріңізді білуім керек!
- Не үшін?
- Болашақ үшін!
- О, онда айтып берейін, тек, мына жерде тұрғанымыз ыңғайсыз емес пе? Екеуміз де мыздап кеттік қой...
- Жоқ, қазір басқа жерге бара алмаймын. Кеш боп кетті. Ертең айтып беріңіз, ертең кездесетін болып едік қой. Келістік пе?
- Келістік. Тек, осы тақырыпқа қайдан тап болдық?
- Екеуміз алғаш оңаша қалғанда-ақ сұрайын дегем, осындай үлкен мерекеде неге жалғыз жүрсіз деп...
- Неге сұрамадың?
- Бір көре салып қызыққандай, қызғанғандай болам ба дедім...
- Бір көре салып, өзің неге сүйісіп кеттің?
- Соны өзім де білмеймін...
- Яғни, менің орнымда кез келген басқа адам болуы мүмкін еді ғой, иә?
- Жоқ!
- Неге?
- Маған сөз айтып жүрген жігіттер аз емес! Сүйіссем солар бар емес пе?
- Сонда өміріңде алғаш рет менімен сүйістің бе?
- Иә!
- Сенбеймін!
- Сенбесеңіз, енді келмей-ақ қойыңыз!
- Сен сендіруге тырыспайсың ба?
- Алдымен сіз мені сендіріп көріңіз. Сосын, мен де байқап көрейін.
- Жарайды, ертең кездесеміз!
- Сау болыңыз!
Еділ үйге қайтып келе жатып түрлі ойға кетті. Он оқып жүрген қыз бір көре салып бұған неге жабыса кетті? Неге бір көргеннен сүйісе салды? Яғни, оған бәрібір ғой, иә. Яғни, ол бұған дейін де көрінгенмен кездесіп, көрінгенмен сүйісіп жүрген. Ал, бұл неге оған сонша жабысып қалды? Кіммен сүйіссе сонымен сүйіссін. Онда мұның не шаруасы бар? Жоқ, жап-жақсы қыз ғой. Мүмкін мұны шынымен-ақ ұнатып қалды. Содан кейін оңаша шығып, содан кейін сүйіскен болар. Рас, алғаш рет сүйіскен шығар. Өйткені, өйткені, сүйісе алмайды ғой. Қысқасы, түнімен ұйықтай алмай дөңбекшіп жатқан жігіт осы ойға бекінгенде ғана жай тауып, өзін соған сендіре түскісі келіп, терең дем алды да, бір жағына аунап түсті. Ертесі Еділ сабаққа бармады. Түскі он екіге дейін тырп етпей ұйықтады да, асықпай тамақтанып алып, орталық баққа тартты. Межелі жерге жеткен соң, Айғанымды таң қалдыратын бір тосын сый әзірлемек болып бір тұрды. Сосын, қоштасар алдындағы көңіл-күй ойына оралып, сәл қатал қалыпта тосып алғысы келді. Ары жүрді, бері жүрді, зеріге бастаған соң кешегі ақтиінді іздеді. Ол да оңай табыла қоймай, сенделіп жүріп, сағатты бес қылды. Енді не істесе болады? Такси ұстап, қыздың үйіне келді. Жетіп баруға тағы болмайды. Өзі шығып қалар ма екен деп, сыртқы есікті көздеп көз байланғанша жүрді. Ересек бір-екі адам кіріп-шықты. Оларға қолқа салу тым орынсыз көрінді. Ал, алдағанға көне қояр кішкене балалар жоқ сияқты. Амалы құрыған Еділ салып-ұрып Қуанға барды. Абырой болғанда досы үйде екен.
- Екі кештің арасында тыныштық па?
- Айғанымға бару керек!
- Бара бермейсің бе? Ол үшін менен рұқсат сұрайтын болғансың ба?
- Үйінен шығарып алу керек болып тұр! Екеуміз Балғынды ертіп барайық. Ол кіріп шақырып шықсын.
- Өзің ысқырсаң шықпай ма?
- Әке-шешесінің көзінше ыңғайсыз жағдайға қалдырғым келіп тұрған жоқ.
- Төө, өзің бір-ақ күнде Мәжнүн болыпсың ғой. Кеттік ендеше, мен де сол Балғынға шыққам.
- О, онда тіпті жақсы болды!
- Қалай, жас қыз жаныңды қуырып бара ма?
- Қойшы-ей, қайдағыны айтпай...
Жігіттер Балғынның үйіне келді де, Қуан жерден тас іліп алып, жарығы жанып тұрған шеткі терезеге лақтырып жіберді. Сәлден соң әтірі танауды қытықтап Балғын шықты. Қос жігіт оған мән-жайды асығыс түсіндірді де, үшеуі көктемнің салқын кешінде сәл бүрісе түсіп, айғанымға қарай бет алды. Әне-міне дегенше межелі жерге жетіп, оқушы қыздың үйіне кіріп кеткен Балғын көп аялдамады.
- Басым ауырып жатыр шыға алмаймын дейді.
- Шынымен ауырып жатқан сияқты ма?
- Білмеймін, шыққысы жоқ әйтеуір. Не, ренжісіп қалып па едіңдер?
- Жоға, бәрі дұрыс болатын...
- Онда көңіл-күйі жоқ шығар бүгін. Ертең кездесерсің енді...
- Қап. Жарайды, рахмет сендерге!
- Мүмкін сабағынан екі алып қалған шығар – деді Қуан.
- Ол өмірі екі алып көрген жоқ. Бірінші сыныптан үздік оқып келеді. Келесі жылы қызылға дайындап жатыр мектебі.
- Оһо, онда тап қосылыпсыңдар ғой. Келесі жылы біздің Еділ де қызыл диплом алады емес пе?
- Шынымен өте жақсы оқи ма? – деп, таңдана сұрады Еділ.
- Иә. Оның бар ойлағаны сабақ қой. Не туыс-туғанмен, не қыздарымен бір жаққа шықпайды, не ешкіммен сөйлеспейді. Осы екі-үш күнде ғана ғой, маған ілесіп сыртқа шыққаны.
- Рас па?
- Рас айтам! Басқа, басқа! Күнде көріп жүрген сіңілімді мен жақсы білетін шығармын.
Еділ қуанып кетті. Тіпті, Айғанымның шықпағанына да ренжіген жоқ. Екі ғашықпен тез қоштасты да үйіне қарай жүгірді. «Е, бәсе! Осылай болуы керек еді ғой. Ақымақ басым, жоқты айтып, өзім ренжітіп алған екенмін-ау. Сол сөзіме намыстанып қалған ғой. Енді не десе де ризамын. Айғаным, айғаным!» Еділ бұл күні де ерте тұрды. Сосын, үйреніп қалған әдетімен тағы да оқушы қыздың үйіне қарай тартты. Тура өткендегідей уақытта Айғаным шықты. Бірақ, жалғыз емес екен. Жасы қырықтың о жақ, бұ жағындағы бойшаң әйелге ілесе жүрді де, жігітті көрісімен жедел басып барып, әйелді қолтықтай алды. Бұл қайтсе де қыз көзіне көзін түйістіріп, бір мәмілеге келуге тырысты. Бар батылдығын жиып, екеуіне қарсы жүрді. Тіпті, асыққан адамның кейпіне еніп, кең көшені тарылтып, дәл жандарынан жанай өтті. Өтіп бара жатып, қыздың бүйірінен ақырын ғана түрте кетуді де ұмытқан жоқ. Бірақ, оған селт ете қойған қыз болмады. Тек, ұятты жиып қойып, бұрыла салып, арттарынан ілескен жігітке көзінің қиығымен қарап қойды да, басын әйел адамның иығына қойып алды. Еділ екеуіне ілесіп аялдамаға барды. Қыздың бұл жаққа қарайтын ойы жоқ. Жанындағы әйел адамды тап бүгін ғана көргендей, екеуі бір үйден шықпағандай, ауыздары жабысып, әлденені әңгіме етіп тұр. Тіпті, сәл шегінсе айырылып қалардай бір-біріне қарсы қарап тұрса да, екі қолын ол кісінің қолдарынан айырар емес. Еділ жандарына жетіп барып, амандассам ба екен деп бір ойлады, бірақ оған жүрегі дауаламады. Ең болмаса жақын барып тұрайын десе, жер жетпегендей жабысып алғанның тағы реті жоқ. Тағаты әбден таусылып, істер амалы қалмағанда автобус та келді-ау. «Жолым қиыс, сабағым ол қалды» деп ойламаған жігіт қызға ілесіп ішке енді. Абырой болғанда қалалы жерде таң ертең мен кешке автобус халыққа нық толы болады. Бұл бұрын студенттің жынына тиюші еді, бүгін аяқ қояр жері жоқ қоғамдық көліктің ішінде риза көңілмен тұр. Жұртпен бірге сығылысып жүрсе де ол қыздан адаспай дәл артына келіп тұрған. Оны Айғаным да байқағанымен басқа жаққа жылжып кетудің ретін таппай сол кірген орнында әйел адамның бауырына кіре құшақтап алды. Енді аялдамадағыдай емес, бір ретін табуға болады. Еділ айналаға сезік алдырмай, басын терезеге қарата тұрды да, бір қолымен қыздың шынтақ тұсынан ұстады. Сосын, ақырын қысып өзіне қарай тартты. Қыз назар аудармастан әлі де әлденені жанындағы кісіге сыбырлай айтып жатыр. Жігіт қыздың қолын енді ауырта қысты. Сол кезде ғана Айғанымның қолы төмен түсіп, екеуінің саусақтары бір-бірімен қауыша кетті. Жігіт «Дегеніме жеттім» деп ойлады, қыз «Қап, бәлем, сені ме?» деп тістенді. Тістенді де Еділдің қолын аяусыз қысып, оған да көнбеген соң, тырнақтарын батырып жіберді. Жігіттің жан даусы шыға жаздады, амалсыз тырнақ батқан қолдарын тартып алып, ауырсына аузына апарды. Терісі сыпырылып кеткен қол сілекей тиген соң тіпті дуылдап барады. Қыз түк болмағандай жігіт жаққа бір қарады да, айналасына естірте:
- Мама, мен бүгін сабаққа бармай-ақ қояйыншы – деді.
- Неге?
- Сол. Барғым келмей тұр.
- Мұғалімдерің ештеңе демей ме?
- Жоқ. Бүгін соншалықты қиын сабақтар да емес.
- Онда жаңа несіне тұрдың, ұйықтай бермей...
- Енді барғым келмей қалды, сізбен бірге жүре берейінші...
- Өзің біл. Менің қасыма да бір кісі керек.
Еділдің әбден мысы құрыды. Бірте-бірте автобустағы адамдар да сиреп, тығылысып тұра берудің де жөні қалмады. Бір орын босап, анасы жайғасып еді, бұл жаққа күле қарап қойып, Айғаным да алдына отыра кетті. «Не қылған таусылмайтын әңгіме. Үйден шыққалы ауыздары жабылған жоқ» деп ойлады Еділ. Сосын, тағы бір босаған орынға ол да ие болды. Тек, екі көзі алдыда. Автобус орталық базардың жанына тоқтағанда анасы мен қызы сыртқа беттеді. Жігіт те оқталып барып, қызға деген ренішті көңілмен қайта сылқ ете түсті. Айғаным бұл жаққа бұрылып та қарамастан анасын қолтықтап, көпшіліктің арасына сіңіп бара жатты. Еділ олардың соңынан еріп жүре берудің ретін таппады. Сабаққа да құлқы болмады. Автобустан сол түспеген қалпы қайта айналып, мана өздері мінген тұсқа келді. Сыртқа шықты. Айғанымның үйін шолып біраз тұрды да, жол шетінде жатқан қалбырды тепкілеп, үйіне тартты.
- Неге ерте келдің? – деді жеңгесі.
- Сабақ болмады.
- Бүгін жұмыс та жоқ па?
- Жоқ.
Еділ аялдамастан өз бөлмесіне өтті де, гитарасын қолына алып, төсекке жантая кетті.
- Шай ішсеңші, Еділ.
- Жоқ, өздерің іше беріңдер.
Домбыра мен гитараның құлағында ойнайтын жігіт бүгін жиі-жиі мүдіре берді. Аспаптар оған мүлде бағынғысы келмейтін сияқты. Кереге толы кітап та оны өзіне шақыра алмады. Бәрі тым сүреңсіз, бірдеңемен айналысуға өзі де тым құлықсыз. Айғанымның ойда жоқта өзгергеніне ренжіген жігіт әрі-сәрі болып жүрсе де бір апта шыдады, ол жаққа мүлде ат ізін салмады. Тіпті, өз достарымен де қатыспай қойды. Олар «Оқушы қызға басың айналып қалды ма?» деп күлкі қылардай, өзінен-өзі оңашалана берді. Осылай жалғаса берсе сабақтан да, жұмыстан да мән кетерін біледі. Бірақ, тып-тыныш өмірін тас-талқан еткен сол кішкене қыз дегенді тағы мойындағысы келмейді. Ал, өзін жеңіп, оның алдына бара қалса, асау қыз мойын бұрмай, тауы шағылып қалардай шегіншектейді. Қысқасы, осылай сергелдең болып жүріп, Еділ бір аптаны артқа тастады. Сосын, «Не болса да, тәуекел» деп, таң ертеңмен қыз үйінің алдына тағы келді. Тура сол уақытта, тура сол жайнаған қалпымен, тура өткендегідей, анасына еріп қыз шықты. Жігітті анық көрді, дәл жанынан өтті. Еділ де тура өткендегідей соңдарынан ерді, тура өткендегідей әр секундты ғасырға теңеп аялдамада тұрды, тура өткендегідей көпшілікпен таласа-тармаса автобусқа мінді де, қыз жанынан орын алды. Тек, бұл жолы ол тым батылсыз еді.
- Мама – деді тағы қыз. Дәл өткендегідей айналасына естірте. – Мама, мен бүгін сәл кеш келетін шығармын.
- Неге?
- Қыздар бәріміз сабақтан кейін орталық баққа барамыз.
- Жәй ма?
- Жәй. Күн жылынып қалды ғой, біраз қыдырып қайтамыз.
- Бопты. Тек, тым кеш қалып қойма.
Жігіттің көңілінде үміт оты оянды. Мен үшін бармақ па? Әлде шынымен-ақ қыздарымен кездеспек пе? Не де болса сол жақта жүздесудің бір реті табылар. Еділ келесі аялдамадан түсіп қалды да, таксимен сабағына барды. Ол жақта байыз тауып отыра алмаса да, дәріске толық қатысып, әуелі, бір мұғалімімен пікір таластырып үлгерді. Бізді бар жақсылыққа жеткізген орыс халқы деп түсінетін ұстазы әр жетістікті соларға тели беруге бар.
- Біздің осы күнге жеткеніміз де солардың арқасы. Олар болмаса, ат үстінде, мал соңында жүре беретін едік - дейді.
- Ол мүмкін емес - деді Еділ. - Сол сіз айтқан аттың үстіне де біз басқа жұрттан бұрын отырғанбыз. Біздің ата-бабаларымыз ат үстінде жүргенде, сіз айтқан ұлы халық талай жылдар бойы бізге алым-салық төлеп тұрған.
- Қой, өйтіп артық кетпе – дейді мұғалім де езеуреп. - Мәдениет бізге сол елден жетті. Атқа да қалай мінуді үйреткен солар. Қазір кез келген аттың үстіндегі ерді жұрт орыс ері деп атайды емес пе?
- Ол орыстардың бізден бұрын атқа мінгеніне дәлел бола алмайды. Өзге ұлттар жалаңаш жүргенде, менің ата-бабам аяғын үзеңгіге нық тіреп ат үстінде отырды дейді қазақ тарихын жетік білетін жазушы Мұхтар Мағауин. Ол аз десеңіз, ағылшын ғалымдары жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақтар екенін ғылыми түрде дәлелдеді - деді Еділ ширығып. Дәл осы сөзден кейін студенттер дуылдатып қол соғып, аудитория ішін азан-қазан қылып жіберді.
- Еділ, мен сені жақсы көрем!
- Еркек!
- Қазақтар жасасын!
- Атқа мін, қазақ, атқа мін!
Бұған шамданып қалған мұғалім:
- Жарайды, бүгінге осы жетер. Ал, менен көп білетініңді сессияда дәлелдерсің – деді де шығып кетті.
Бүгінгі сабақ аяқталып, сағат екіге таяғанда Еділ орталық баққа апаратын автобусқа отырды. «Бүгін не болмақ? Мен үшін келе ме, жоқ, қыздарына жолығып, солардың арасынан шықпай қоя ма?» Өткенде екеуі жолыққан жерге барып қарағайлардың көлеңкесіндегі орындыққа отыра кетіп еді, бұтақ бойымен жүгіріп бара жатқан ақтиінді көзі шалды. Аузына тістеген бірдеңесі бар, тым асығыс бұтақтан бұтаққа секіріп, жоғары өрлеп барады. Өткенде таба алмай кеткен ақтиінімен бүгін ойламаған жерде кездескен Еділ бұл көріністі жақсылыққа жорып, кәдімгідей-ақ қуанып қалды. Соның бірде төмен түсіп, бірде жоғары өрмелеп, жан бағып жүрген тынымсыз әрекетіне қарап отырып, Еділ біраз уақытты өткізді. Қызы құрғыр көрінер емес. «Мүмкін олар бұл жерде емес, басқа маңда кездесетін шығар. Осында келем деп маған уәде бергендей, тапжылмай отырғаныма жол болсын. Қой, айналаны бір шолып шығайын» деп ойлаған студент жедел орнынан тұрды да, бақты аралап кетті. Ары-бері көп жүрді, бір барған жеріне екі барды. Талай топтана жүрген қыздарды аралай сүзіп шықты. Жалғыз-жарым жүрген әр қызды сонадайдан байқай қалса ерінбей қуып жетіп, ол емес екеніне көз жеткізді. Әбден күдерін үзді, түскі тамақты сол қызбен ішем деп жоспарлап еді, қарны ашып, кәдімгідей қалжырап-ақ қалды. «Менің естіп қойғанымды білді де, қыздарымен басқа жаққа кетті-ау» деп жорыды. Сосын, амалы таусылып еріксіз бақтан шығып, көшеден енді өте бергенде біреу қолынан ұстай алды. Еділ бірден таныды.
- Сізбен танысуға бола ма?
- Жоқ, болмайды.
- Неге? Әлде қызыңыз бар ма?
- Иә, қызым бар!
- Өткенде ғана жоқ деп едіңіз ғой. Алдағаныңыз ба, әлде, осы екі-үш күндікте тауып алдыңыз ба?
- Тауып алдым. Қырсық емес, тырнағы жоқ, айтқан жеріне уақытында келетін ақылды қыз тауып алдым.
- Мен сізге еш жерге келем деп айтқам жоқ.
- Өткенде сабақтан кейін келмей қалған кім екен?
- Оған өзіңіз кінәлісіз?
- Мен не істеппін?
- Маған сенбедіңіз. Маған жала жаптыңыз!
- Сонда кездеспей қойсақ сенеді деп ойладың ба?
- Сенбесе, күдерін үзсін, келмесін. Маған өзіме сенбеген адамның керегі жоқ. Сенсе, келсін, уақыт бәріне өзінің-ақ көзін жеткізеді деп ойладым.
- Сонда мен сенің алғашқы махаббатыңмын ба?
- Оның бәрін осы жолдың қиылысында айтып тұрмайтын шығармыз...
- А, иә, кеттік, алдымен бір жерден тамақ ішейікші.
- Қарныңыз әбден ашты ма?
- Иә, таңғы тамақтан кейін ештеңе жеген жоқпын. Сен келсең, өзіңмен бірге барам ба деп ойлағам ғой.
- Менің мұнда келетінімді қайдан білдіңіз?
- Таң ертең анаңа өзің айтқан жоқсың ба?
- Иә, айттым. Бірақ сізбен емес, қыздармен келемін дедім ғой.
- Кіммен келсең де, осы бақта жүздесудің бір реті болар деп, мен де сабақтан шыға сала осылай жүгірдім.
- Бәрібір менен бұрын келе алмадыңыз...
- Сен менің нешеде келгенімді қайдан білесің?
- Сіз келіп орындыққа отырғанда мен осында болатынмын.
- Содан?
- Содан дейтін не бар? Сіз үйге қайтам дегенше артыңыздан аңлып жүрдім.
- Неге?
- Сіздің шыдамыңызды тексергім келді.
- Сонда қыздармен кездесем дегенің жәй сөз болды ғой?..
- Оны сіз де білген шығарсыз?
- Екі ойда болдым. Мен үшін келе ме, жоқ, тағы да әуреге сала ма деп...
- Қолыңыз қалай?
- Бір қабат терісін сыпырып алыпсың ғой. Зорға жазылды, міне, орнын қарашы.
- Өзіңізге сол керек. Қайта айғай салмағаныма рахмет айтыңыз!
- Сенен ол да шығатынына көзім жетті.
Екеуі жарыса күліп алды да, сол маңдағы кафенің біріне кіріп, оңаша столға жайғасты. Айғаным Еділдің қолын жібермей, әр саусағын қысып, салалап, жігіттің өн бойын тінте қарап отырды да, өзіне тура қараған сәтте көзін тайдырып әкетті.
- Аз ғана уақытың ішінде саған бауыр басып қалған сияқтымын.
- Бауыр бассаңыз бір аптаның ішінде бір рет болса да іздеп келер едіңіз ғой.
- Талай оқталдым. Бірақ бір нәрсе жібермей тұрды ішімде.
- Тағы да тырнап ала ма деп қорықтыңыз ба?
- Одан да зорғысын көрсетер енді деп ойладым. Ал, сен мені сағындың ба?
- Сіз қалай ойлайсыз?
- Қатты сағынған сияқтысың...
Қыз жігіттің қолдарын жібере салды. Сосын, жинақыланып отырды да, Еділге тіке қарады. Жігіттің жүрегі дір ете қалды. «Тағы бірдеңені бүлдіріп алдым ба?» деп ойлады.
- Айтсам сіз құтырып кетесіз!
- Құтырып кетуіме осы сөзің-ақ жетіп жатыр емес пе?
- Онда айтты деп есептеңіз!
- Мен де сені қатты сағындым. Дәл бұлай ешкімді, ешқашан сағынып көрмеппін.
- Қойыңыз. Дәл осыңыз өтірік болып кетті.
- Неге?
- Өткенде ғана бір қызды жақсы көргем дегеніңіз қайда?
- А, ол өткінші бір сезім екен.
- Ал, біздікінің өткінші емес екенін қайдан білдіңіз?
- Сен не? Мені тықсырып барасың ғой. Әлде бірдеңе естідің бе?
- Жоқ. Қайдан, кімнен естимін? Балғын да сізбен сол күні ғана танысты. Жақсы жігіт екен деп мақтап жүр. Ал, достарыңыздан сіз жайлы сұрап-біле алмаймын. Сұрағанмен де олар сіздің олқылықтарыңызды айтпасы анық.
- Енді не істейсің?
- Енді тек өзіңізден ғана сұрау керек болып тұр. Осы күнге дейін жолыққан, дос болған қыздарыңыз жайлы айтып беріңізші.
- Саған сол қызық па?
- Қызық емес. Керек. Сізді жақсы білуім үшін керек деп едім ғой.
- Сен өз жасыңнан тым ересек көрінесің!
- Үйдің үлкенімін ғой. Мүмкін, содан кейін шығар. Сонымен, құлағым сізде.
- Қалай, неден бастарымды білмей отырмын. Қызық екен, тергеушінің алдында тұрғандаймын тура.
- Тек өтірік қоспаңыз. Мектептен бастаңызшы. Алғашқы махаббатыңыздан!
- Алғашқы махаббат менде болмады. Өзімнен үш жас үлкен бір қызға ғашық болдым. Ол мені көзіне де ілмейтін, немесе, менің өзіне ынтызар екенімді білмейтін. Кешке аулада қуаласпақ, кейде тығылмақ ойнаймыз. Ондайда мен тек сол қызды қуалауға тырысатынмын. Ұстап алсам, тура бас салып құшақтап алардай жүгіретінмін. Бірақ, қайда, біріншіден ол оңай жеткізбейді. Екіншіден, ұстауын ұстасам да, құшақтай алуға мен дәрменсіз едім.
- Ол кезде сіз қай сыныпта оқушы едіңіз?
- Ол он, мен жеті оқып жүрген кез ғой.
- Одан бұрын ешкімді жақсы көрмедіңіз бе?
- Жоқ. Мен тым кеш ержетсем керек. Бар айналдыратыным кітап болатын. Ол кезде мектептің кітапханасын таусып, мәдениет үйіндегі үлкен кітапханаға көшкен кезім еді. Кітаптағы ғашықтарға қызығып отырып, солардай біреуді шексіз сүйгім, жарыма адал болғым келгені рас. Бірақ, іс жүзіне асыруға еш мүмкіндік болмады.
- Сонымен әлгі қыз қайда кетті?
- Қайда кетуші еді? Мектепті сол ауылда жүріп бітіріп, ел қатарлы қалаға оқуға кетті. Оныншы сыныптан кейін бізбен ойнауды да қойды, құрбысы екеуі есіктерінің алдында жинаулы жатқан қарағайлардың үстінде отырып алып әңгіме соғатын. Одан қалса, кейде топтасып, кейде жалғыз келетін сыныптас балаларымен сөйлесетін. Сөйтіп жүргенде бір бейтаныс жігіт пайда болды. Көрші ауылдан жеңіл көлігімен келетін. Біздің ауылдың жігіттері сырттай тіс қайрағанмен батып ештеңе дей алмады. Сөздерінің ыңғайынан байқағаным, сол жылы әскерден келіпті. Осы ауданға белгілі спортшылардың тұқымынан екен. Қысқасы, бір күні түнде кештетіп үйге келе жатсам, бір дауыс естілгендей болды. Аяғымды аңдап басып, дыбыс шыққан жаққа таядым. Сөйтсем, қарағай үстінде қарайып біреулер отыр. Күбір-күбір сөйлеседі, қыстыға күледі. Сол қыз екенін бірден таныдым. Сосын, бір қауіпсіз жерге барып орналастым да, оларды сырттай бақылауға көштім. Бірте-бірте олар бір-біріне тығыла түсіп, алыстан қараған адамға бір-ақ денеге ұқсап қалды. Денем түршігіп, жаным шығып кете жаздады. Не істерімді білмей тыпыршып, бір орнымда отыра алмауға айналғанда олар қисая-қисая қарағайдың үстіне жатуға айналды. Дәл осы арада менің де шыдамым таусылды да, «Ей!» деп орнымнан атып тұрдым. Арамыз екі-үш-ақ қадам еді. Олар да апыр-топыр болды да қалды, мен де салып-ұрып үйге қарай зыттым. Ә дегенде қатты сасып қалса керек, соңымнан ешкім қумады. Сол жүгірген қалпы ауладан кірдім де, ентігімді баса алмай табалдырыққа отыра кеттім. Ішімде ештеңе жоқ, құп-қуыс сияқты ма, бірдеңемді жоғалтып алған тәріздімін бе, әлде, үйдің ішінің бәрі бір жаққа кетіп, құлазыған үйде не істерімді білмей өзім ғана қалғандаймын ба, білмеймін, әйтеуір қатты жаман болдым. Сосын, отырып-отырып өзімнен өзім сенімім тапталғандай ағыл-тегіл боп жыладым. Оған дейін өмірі жылап көрмеппін. Тіпті, атам өлгенде де көзімнен жас шықпай қойып, әжем «небір сұмдықты оқып-оқып, әбден тасбауыр боп кеткенсің» деп қатты сөккен.
- Сосын не болды?
- Ертесі сабаққа баруын барсам да сол кездесіп қалмаса екен деп, жан-жағыма жалтақтаумен жүрдім. Абырой болғанда, мектепте жолыққан жоқпыз. Үйге қайтқанда жолым соның үйін басып өтетіндіктен, айналып басқа жақпен кеттім. Бірақ шағын ғана ауыл, одан қалса үйімен үйі іргелес жатқан көрші қыздан қашанғы қашып жүресің? Сол күні-ақ кешке кездестік. Үйге өзі келіпті. «Сені Бибігүл шақырып тұр» деді анам. Кішкене кезімізден бастап бір-біріміздің үйімізге кіріп, бір-бірімізден кітап алып оқитынбыз. Соны сылтау қылып келіпті. Жүзі сынық. Менің сыртқа шыққанымды көрген соң ештеңе айтпастан кері бұрылып жүре берді. Анамның «Шай ішпедің бе?» дегеніне, «Асығыспын, Еділге келіп еді» деді де қоршаудан шығып кетті. Еділге келіп едім деген соң, ілесуім керек шығар деп ұқтым. Ұқтым да еш ықылассыз соңына ердім. Ол маған назар аудармастан жүріп отырды да, дәл кешегі қарағайдың үстіне шығып отырды. Ілби басып мен де келдім.
- Кел, отыр – деді ол.
- Жоқ, осылай тұра берем – дедім мен.
- Не үшін шақырғанымды білетін шығарсың?
- Жоқ, білмеймін.
- Кешегің не сенің?
- Кеше не істеппін?
- Өтірік мәймөңкелеме! Мен сені беске танимын. Қазір Ерғали келгенде кім екеніңді айтсам мойныңды бұрап жұлып алады. Оның қолынан алар бұл ауылда ешкім жоғын білесің ғой. Ал, енді бар. Менде бұдан былай шаруаң болмасын және түндегі жағдай әңгіме боп кетсе еш жақсылық күтпе – деді. Даусы сондай суық, түрі сондай ызғарлы. Қастары қосылып, кірпігі қайқайып, көздері мөлдіреп, ауылдың қызы сияқты емес, аппақ болып жүретін сұлу қыз бір-ақ сәтте менен солай алыстап кетті. Тіпті жат, бөгде адам сияқты. Бұрын бірге ойнамағандай, менің екі бетімді екі қолымен шымшып алып, жан даусымды шығармағандай, менен сықылықтай күліп қашпағандай, менімен бірге қалқаға тығылмағандай, екеуміз әр кітапты оқып тауысқан сайын күлкілі жерлерін маған айтып, анайылау жерлерін меңзеп, мені ұялтпағандай тым сұсты, жанымда тұрса да тым алыс. Ештеңе дей алмай теріс айналдым, көзімнен тағы да ыстық жас ытқып шықты. Оған өзім қатты намыстанып, тістеніп алдым да, кешегідей көз жасыма ерік беріп отырмастан ауыл сыртына қарай жүгіре жөнелдім...
- Көңілім мүлде суып кетті. Түнде, олардың әрекетін көргенде-ақ жаным ауырып, қатты қиналғам. Оны ондайға қимай, таң атқанша ұйықтай алмай шыққам. Ал, мына сөздерден кейін біржола көңілім қалды. Ол өмірі ешкіммен сүйіспейтіндей, ол жұрттың бәріне арман болып жүре беретіндей көрінуші еді. Солай оп-оңай әлдекімнің қол жеткізгеніне, ол солай оп-оңай қарағайдың үстіне құлай кеткеніне жыным келді. Мен оған хан сарайын да лайық көрмес едім ғой...
- Кейін жолықпадыңыздар ма?
- Былтыр, арада алты жыл өткенде кездесіп қалдық. Бір-бірімізді оңай таныдық. Сол әп-әдемі қалпы. Тіпті, қала жаққан ба, бұрынғыдан да құлпырып алыпты. Үш жаста бір ұлы, құшағында алты айлық бір қызы бар екен. Бұрыңғы жігітпен, қос ауылды шулатқан Ерғалимен қосылмапты. «Мектеппен қоштасып, қалаға оқуға кеткен соң-ақ хабарласқан жоқпын. Ол бір балалық екен ғой. Оған үйленсем, сиыр сауып, нан жауып ауылда қалғандай екем. Міне, өзімнен үш курс жоғары оқыған жігітке тұрмысқа шықтым. Екі балам бар. Басымда қос қабатты үйім бар, әйелге одан басқа не керек?» дейді.
- Сізді ренжіткені есінде ме екен?
- А, иә, ол есінде ғой. «Сені сол кезде бекер-ақ ренжітіппін. Өзім қатты ұялдым. Сосын, өтірік қабақ шытуға тура келді. Ешкімге айтпашы деп жұмсақ айтсам сен мені мазақ қыла ма, ел арасында сөз шығып кете ме деп ойладым. Бірақ, сен кездескен сайын, сен қабағыңды шытып алып үнсіз жанымнан өтіп бара жатқан сайын өлердей ыңғайсыздандым» дейді. «Сол кездегі әрекетім үшін қазір кешірім сұраймын. Сенің мұндай ұп-ұзын, әп-әдемі жігіт боларыңды білсем, өзім-ақ айналдырып алар едім ғой» деп сонша күлді. «Ол кезде өзің ап-арық, бойың аласа, кітап оқи беретін бір жаман бала едің. Үш-ақ жас кіші екеніңді кім ойлаған» дейді.
- Оған қайта ғашық болып қалған жоқсыз ба?
- Жоға. Нем бар біреудің әйелінде. Оның үстіне, ол кездегі тап-таза сезім сол балалықтың ауылында қалды емес пе?
- Осы-ақ па?
- Не осы-ақ па?
- Ол кезде сіз бар болғаны жеті оқып жүрдіңіз. Одан кейін ше? Одан кейін ешкім жолықпады ма?
- Екінші курста біреу жолықты.
- Неге бірден екінші курс? Оған дейінгі бес жыл қайда?
- Ол бес жыл қыз атаулыны жек көрумен, қыздың бәріне ренжи қараумен өтті. Қыздардан қатты көңілім қалған еді, олардың бәрі бірдей деген шешімге келгем. Сол байламмен тек сабағымды оқып, жаттығуыма барып, үйірмеге қатысып, қалған бос уақыттың бәрін кітапқа жұмсадым. Рас, достармен өткендегідей ойын-тойға барасың. Әр жерден әртүрлі қыз көресің. Оның бірі сөзге келмей достарыңа ілесе жөнелсе, келесі жолы түк болмағандай досыңның жанында өзгесі отырады. Одан қысылып жатқан не ұл, не қыз жоқ.
- Сонда жақсы қыз жоқ па?
- Жақсы қыздар көп қой. Тек, солар маған осы күнге дейін кездеспеді. Енді міне, сен барсың.
- Қойыңызшы, бір көргеннен сүйісе салдың деп, мені де солардың қатарына апарып қосып қойдыңыз ғой.
- Рас, алғаш тым оңай қолға түскендей көріндің. Тез таныстық, жылдам оңашаландық, оп-оңай сүйе салдым. Сен үшін кім болса да бәрібір сияқты боп көрінді.
- Онда неге менен теріс айналмадыңыз?
- Соны алдында өзім де білмедім. Сосын, сенің бұған дейін ешкіммен кездескен емеспін деген сөзіңе сенгім келді. Сенбесем де сенгім келді. Өйткені, мен де тірі жанмын. Менің де біреумен дос болғым, біреуге асыққым келеді. Бір-бірімен талай жылдардан бері шынайы дос боп келе жатқан қыз-жігіттерді шын жүрегіммен құрметтеймін. Солардай болғым келеді. Бір керемет қыз тапқым келеді. Соған өзім шексіз адал болсам, содан бала сүйсем, ол да мені алдамаса деп армандаймын.
- Мен де!
- Қойшы. Саған қайда әлі!
- Неге? Маған армандауға болмай ма?
- Армандауға болады ғой. Тек, сен әлі жассың. Мектепті де аяқтаған жоқсың, алда төрт жыл оқу тағы күтіп тұр. Талай жігіт жолығады. Таңдау мол!
- Сіздің де айналаңыз толған қыз. Тек, көрмей жүрген өзіңізсіз.
- Мен көрдім. Мен таптым оны! Айтпақшы, ол жайлы саған айтпаппын ғой. Оны көргің келе ме?
- Иә!
- Әне ол!
Жігіт отырған орнынан қозғалмастан оң жақ керегедегі айнаны нұсқады. Ә дегенде тосылып қалған қыз мән-жайды ұққан соң сықылықтай күлді. Сосын, өзінің риза көңілмен қызарып кеткенін жасыру үшін:
- Қойыңызшы, сол ма тапқан қызыңыз? – деді.
- Иә, бұйырғаны сол болды.
- Обал болыпты онда сізге!
- Неге?
- Ол бір қырсық, түрі де онша емес, өзі бір жаман қыз! Кітап та оқымайды, сабағына да қарамайды.
- Сен ол қызды көре алмай отырсың. Ол деген бірінші сыныптан бастап жақсы оқиды. Бірде-бір рет екі алып көрген емес. Мектебі оны қызылға аяқтайды деп үміттеніп отыр. Бос уақытының бәрі әдеби кітаптарды оқумен өтеді. Ол не туыстарына, не қыздарына ілесіп бір жаққа шықпайды. Соңынан жүгірген талай жігітпен сөйлескен де емес.
- Онда жиырма екінші наурызда неге өзінен төрт жас үлкен жігітпен оңаша қалды?
- Міне, осы сауалға өзің жауап беріп көрші. Соған мен де аң-таңмын.
- Ақымақ қой.
- Ал, мен олай ойламаймын.
- Мені Балғын біраз мақтаған сияқты.
- Мақтаған жоқ. Көңіліме сенім ұялатты.
- Ал, ол айтпаса маған сенбес пе едіңіз?
- Білмеймін. Сенбесем, іздемес едім ғой. Мен жалпы, сезімге ерік беруге емес, сезімімді бағындыруға тырысам.
- Бибігүлден аузыңыз күйгелі бері ме?
- Иә!
- Оныңыздан үлгі алуға болады екен. Ал, енді қайтсақ қайтеді? Тым кеш боп кетті.
- Қайтайық. Тек, ертең қай уақытта жолығатынымызды келісіп алайық.
- Ертең кездесе алмаймын. Үйге кешке қонақтар келеді. Мамама көмектесуім керек.
- Онда кешірек барайын...
- Жоқ. Сезімге ерік бермесеңізші. Арғы күндер бар емес пе?
- Қап, сені ме? Ал, арғы күнге де шыдадым. Тек одан кеш болмасын.
- Келістік.
Көңілі орнына түскен, түскеніңіз не? керемет көңіл-күйге бөленген жігіт қызды бауырына тарта құшақтап алып көшеге шықты. Сәуір айы көшедегі көліктердей зыр қағып жылдам өтіп жатса да, ауа райы әлі қоңыр салқын. Жылы жерден шыққан екеу бойлары тоңазып, бір-біріне тығыла түсті.
- Күндіз жып-жылы болып тұрған соң жеңіл шығып едім...
- Ештеңе етпейді. Қазір такси ұстаймыз.
Екеуі қыздың үйіне жақын маңдағы қалқаға келіп тұрды. Жігіт сөз айтпастан Айғанымды өзіне тартып, бетіне бетін тақады. Қыз да күндізгідей үркектемей өзін тым еркін ұстап, сағынған көңіліне ерік берді...
- Енді кетпесек болмас...
- Не болды?
- Мұнда келгенімізге де бір сағаттай болды. Үйдің іші алаңдап жатқан болар...
- Жарайды, бара ғой. Тек, ертең...
- Жоқ, арғы күні дегенбіз...
- А, иә, арғы күні кешікпе!
Ертесі Еділ сабаққа да, жұмысқа да үлгерді. Екі жақтың да шаруасын жайғап, үйге көңілді оралды. Талайдан ұстамай кеткен гитарасын сабалап, кезегімен әнді де төкті. Көңілі сөйтіп шалқып-тасып жатқанда екі досы келді.
- Көрінбей кеттің ғой – дейді Қуан, иығынан төмпештеп.
- Кеше де таба алмай кеттік – дейді Ахмет мұның домбырасын тыңқылдатып отырып.
- Қалай, өткендегіден кейін Айғанымды көре алдың ба?
- Кеше жолыққам.
- Тыныштық па екен?
- Тыныштық. Аздап басы ауырған көрінеді.
- Үйінде ыдыс-аяқ жуып жатыр екен. Өзінің шыққысы келмеген сияқты деп еді ғой Балғын.
- Дей берсін, бізде бәрі дұрыс.
- Е, дұрыс болса бопты. Кеттік онда өзіміздің алаңқайға барып қайтайық. Сөйлесетін сөз бар.
- Осында-ақ айта берсеңдерші, ерініп жатырмын.
- Қой, мұнда қалай айтамыз. Қазір қыздар да келуі керек. Гитараңды алып ал. Ән айтпағалы да біраз болды.
- Кеттік, ендеше!
Жігіттердің жаңалығы тым тосын екен. Қуан мен Балғын үйленетін болып шешіпті. Танысқандарына жыл толмаса да аса маңызды байламға келіп үлгерген жастар бір-біріне тығыла түсіп, әр сөзге тек күле жауап беріп, сондай жарасымды қалыпта отыр. Екеуіне қарап отырып Еділдің де үйленгісі келіп кетті. Бірақ, қайда? Айғанымның мектепті бітіруіне әлі бір жыл уақыт бар. Ал, одан кейін не болатыны тағы белгісіз. Ең бастысы, енді қателеспесе екен!.. Осындай жақсы ой, жақсы тілектің жетегінде жүріп Еділ үшінші курсты аяқтады. Баяғы өзіне ашуланып қалған мұғалім ғана біраз қинап, кейін деканаттың араласуымен жоғары бал қойып берді. Қалған сабақтың бәрі студенттердің тілімен айтқанда «автомат». Жұмысы да бір қалыпты. Тіпті, бастығы «Оқуыңды аяқтаған соң, бізге біржола кел» деп қояды. Айғаным да оныншыны өте жақсы аяқтап, жаз бойы мұны қуанышқа бөлеп, тамыздың ортасында, міне, осы екі-үш күндікте ғана ауылға, нағашыларына кетті. Уәде бойынша, бүгін-ертең келіп қалуға тиіс. Өздері танысқан сол көктемнен бері жұптары жазылмай, бір-біріне әбден бауыр басып қалыпты. Тамыздың ұзақ күні өтер емес. Еділ оқушы қызды әбден сағынды. Нағашыларының ауылына кеткен Айғаным да арада өткен үш күнді жігітін ойлаумен өткізді. Өзімен бірге келген Балғын екеуінің бар айтары Еділ мен Қуанның жыры. Бірінші курсты бітірген бөле әпкесі бұған қарағанда әлдеқайда сабырлы сияқты. Әлде, өзін тежеп ұстай ма, көбіне Айғанымды тыңдай береді. Әр нені қазбалап, қайта сұрап отырады.
- Сонда саған дейін шынымен-ақ қызы болмап па?
- Рас, болмапты. Алғаш мен де сенбегем. Қазір содан өзге ешкімге сене алмайтын сияқтымын.
- Маған дейін бір қызды жақсы көріпті деп едің ғой. Соны жөндеп айтып берші. Екеуі жүрген бе екен?
- Екінші курста бір қызды көріпті. Тура періште дерсің. Көркі де, қылығы да керемет! Әр сөзіне ішек-сілең қата күліп, тек тыңдап отыра бергің келеді. Танысқан күні-ақ бәрі кафеге барыпты. Айналасындағылар жарыса ішіпті, би билепті. Бұл сол қызға қарапты да отырыпты. Содан, содан той тарқап, әркім бет-бетіне қайта бастағанда оны тағы бірнеше қыз-келіншектермен бірге бастығы алып кетіпті.
- Кімнің бастығы?
- Қыздың бастығы да!
- А, иә, ары қарай...
- Бұл мең-зең болып үйіне қайтыпты. Ішпеген-жемеген, тек сол қызға қарап отырып, ғашықтыққа мас болып қалған ғой.
- Жігіттің бәрі сол. Жылтырағанға құмар. Оның көркіне емес, ақылына қарамай ма?
- Қойшы, ә дегенде бәріміз түріне қараймыз ғой. Сосын, келе-келе кім екенін тани бастаймыз.
- Жарайды, жарайды. Пәлсәпаңды қоя тұр. Содан кейін не болыпты?
- Содан күнде соған қарап отыратын болыпты. Сол не айтса соны орындап, соған ілесіп би кешіне, киноға барып, үйіне дейін шығарып салып жүріпті. Осылай арада алты ай өтіпті. Ол есі кете ғашық болу деген осы шығар деп, өзін сол қыздың бодандығына біржола байлап беріпті.
- Қойшы тегі, сенікі ертегіге ұқсап барады ғой. Өзіміздің тілде айтшы.
- Расы осы. Ол өзі шын сезім, адалдық дегенді бала күнінен аңсап өскен ғой. Сондықтан, өзінің жүрегінде сақтап жүрген бар асылын соған арнамақ болып, сонша әуреленіпті. Бірақ, сөз айтуға бата алмай жүрген.
- Алты ай жүрген бе?
- Алты ай жүрген!
- Не деген батылсыз жігіт. Түріне қарасаң ондай емес сияқты ғой. Оған талай қыз өздері-ақ жабысып жатқан шығар.
- Ғашықтық жігітті батылсыз, қызды батыл қылады деген сияқты бір сөз бар еді ғой. Ол да ес-түссіз ғашық болып қалды да!
- Бопты. Сонымен, соңы не болыпты?
- Соңы, соңы... Бір күні қыздың туған күні болыпты. Жоқ, туған күні жексенбіге түсіп қалатын болған соң, ол ұжымына туған күнін жұма күні жасап беретін болыпты. Сөйтіп, Еділ екеуі екі жақтап кабинеттеріне азық-түлік тасыпты, қатырып отырып дастархан жасапты. Бұл әлі сөз айтпаса да, көмектескеніне, екеуінің бірге жүргеніне мәз болып, аяғынан тік тұрып қызмет қылыпты. Ол аз дегендей, қыз оны ертесі кафеде достарына жасайтын туған күніне шақырыпты. Еділ жақсы бір сыйлық та алып қойыпты. Сонымен, ұжымдағылар күндізгі үш-төрттен кешкі тоғыз-онға дейін армансыз тойлапты. Алдыда сенбі, жексенбі, алдыда ұлыстың ұлы күні – наурыз!
- Тағы да кітаптағыдай сөйлеп барасың. Ең негізгілерін айтшы көркемдемей...
- Айтқым келмейді. Жыным ұстайды сол кезді ойласам...
- Не бопты сонша?
- Ішпеймін дегеніне болмай, Еділге де арақ беріпті бәрі. Бастықтары жоқ болғасын кабинетте асыр салып билепті. Қысқасы, той аяқталып, жұрт соңында екеуі ғана қалып, анау-мынауды жинап жатқанда Еділге қыздың өзі келіпті. Екеуі сүйісіпті. «Сен әлі қалай сүйісуді де білмейді екенсің ғой» деп ол әбден мазақтапты. Сөйтіп отырғанда қайдан келгенін бастықтары пайда болыпты. Сосын, туған күнге тілегін айтыпты да, өз кабинетіне кіріп кетіпті. Артынан қыз да кіріп-шығыпты да, «Сен мені тоспай қайта бер. Мені мына кісі ала кететін болды. Ақыры жолымыз бір ғой» депті. Бұған дейін де талай отырыстардан кейін ала кетіп жүрген соң Еділ бөтен ештеңе ойламай, сыртқа шығыпты. Біраз жер жаяу жүрген соң такси ұстайын десе, әмияны мен күртешесі кабинетте қалғанын байқапты. Амалсыз қайта айналып жұмысына келіп, есіктің босағасында отыратын күзетшіні оятып алмайын деп ақырын басып кірген жігіт нағыз сұмдықтың үстінен түсіпті.
- Бастық пен әлгі қыз ғой...
- Иә, сол екеуі...
- Кабинетте ме?
- Иә, бастықтың кабинетінде...
- Мә, жұмыс орнында. Өз бастығымен. Ертесі бір-бірінің беттеріне қалай қарайды? Қалай сол кабинетте емін-еркін жүреді, а?
- Ең сұмдығы, бастық елуден асып кеткен кісі. Әйелі, төрт баласы бар. Ал, қыз жиырма төртте ғана.
- Сонда қыз Еділден төрт жас үлкен бе?
- Иә!
- Әлгі ауылда ғашық болған қызы үш жас үлкен. Мынаусы төрт жас үлкен. Ол сонда өзінен кіші қыз таппай қалған ба?
- Білмеймін ғой...
- Содан кейін не істепті? Баяғыдай «Ей!» деп айғай салмап па?
- Кетші, сен де құлағыңа бірдеңе жетсе құлпыртып аласың.
- Рас қой. Өзің сөйтіп айттың емес пе?
- Мен сен мазақтасын деп айттым ба?
- Бопты, жарайды мазақтамаймын. Ары қарай...
- Еділ сол түні тапжылмай отырып бір кафеде арақ ішіпті. Үйіне қалай барғанын өзі де білмейді. Ертесі зорға басын көтеріп, жиырма екінші наурыз болған соң курстастарына ілесіп орталық алаңға шығыпты. Бұрын оның ішкенін көрмеген достары басың жазылады деп, тағы арақ беріпті. Бірақ, ештеңеге зауқы соқпаған Еділ сол күні бізге келіпті.
- Мұны тағдыр дейміз бе?
- Білмеймін. Не де болса, тезірек жолықсақ екен. Қалаға кеткім келіп кетті.
- Менің де! Мына ауылда адамдар қалай жарылып кетпей жүр екен?
- Қойшы, өзің де осындай ауылда туып-өстің ғой.
- Енді ол кезде сыныптастарың бар. Мектепке барасың, әйтеуір ішің пыспайды ғой. Қазір не? Көшеге шықсаң бәрі бажырая қарайды. Одан қалса апам ұрсады. «Үйден шықпа. Түгелбайдың баласы алып қашып кетеді. Мәліктің баласы көшеде мас боп жүр» деп. Отырғаның сол, өз үйіңді өзің түрме көріп...
- Енді неге ертең кетпейтін болдық?
- Ағам бір машина тақтай ала қайтады екен. Соның құжаттары дайын болмай жатыр дейді.
- Біз жеңіл машинамен кетпейміз бе?
- Енді тақтайдың үстіне шығарады деп пе едің? Жүк тиеген көліктің артынан жүріп отырамыз да!
- Тағы бір күн жолға кетеді деші...
Айғаным келем деп айтқан күн өтті. Міне, одан кейінгі бір күн де батып барады. Еділдің тоса-тоса шыдамы таусылды. Қуан келем дегелі біраз болды, одан да хабар жоқ. Тағаты таусылған жігіт жейдесін киді де көшеге шықты. Өз көзіне өзі сенер емес. Иә, кәдімгі күнде өзінің жанында жүрген Қуан жеңіл көлікпен келді де, дәл жанына тоқтай қалды.
- Мынауың не?
- Әкемдікі ғой.
- Білем ғой әкеңдікі екенін. Қалай бере салды саған?
- Үндемесеңші. Бір жолын таптық қой.
- Еркексің!
- Енді алаңсыз осымен қыздарға баруға болады! Екі мұңлықтың көзі атыздай болсын!
- Сен ол ауылды білуші ме едің?
- Жоқ, барып көрмеппін.
- Онда оларды қалай табамыз?
- Саспа! Қыбырай деген атам бар. Бүкіл ауыл таниды деп Балғын талай мақтанған. Бүркітші екен өзі.
- Ахметті ертеміз бе?
- Не қыласың оны? Жолда ештеңе емес, екі қызға барған соң артық болып қалады ғой.
- А, оның да жөн екен! Қалай, шыға береміз бе?
- Қой, мына тұрған жерге қазір шығып, ол жақта бізді біреу ет асып тосып отыр ма? Түнде қайда жатпақсың?
- Қайдағы мына тұрған жер? Үш жүз шақырым деді емес пе?
- Үш жүз шақырымыңа мынау үш-ақ сағатта жетеді. Саспа! Ертең ертемен шығамыз, алтыларда. Тоғызда сол ауылда боламыз. Содан күн батқанша қызыңмен құшақтасасың да жүресің! Қаласа, қалаға өзімізбен бірге ала қайтамыз. Мұным қалай?
- Керемет! Өзің өз болып, ат жалын тартып мінгелі тауып айтқан бір жақсы сөзің, келген бір ғажап шешімің осы болған шығар.
Екеуі бір-біріне аса риза көңілмен құшақтаса кетті де, арқаларынан кезек қағысты. Бұл уақытта ауылдың кешкі азан-қазанына жатырқай қарап, табылдырықта екі қыз шемішке шағып отыр еді.
- Жаңыл мен Ахмет не боп кетті осы?
- Ахметтің басқа қызы бар екен ғой. Екеуін Жаңылдың дос қызы көріп қойған ба, жоқ, Жаңылдың өзі көрген бе, түсінбедім. Әйтеуір бір шу болыпты.
- Қазір Ахмет қайда?
- Қаланың шетінде шаруа қожалықтары бар екен. Жаздай сол жақта болады деді ғой. Ал, Жаңылды өткенде алып қашып кетіпті деп естігем.
- Қойшы? Ол қай курста еді?
- Еділдермен жасты ғой. Үшінші курсты аяқтаған. Өзінің ауылының баласы алыпты дейді. Қалада құрылыста істейді екен. Күзде екеуі бірге келетін шығар...
- Осының бәрін қайдан біліп аласың? Мен Еділден сұрасам, ештеңені ашып айтпайды.
- Біздің Қуан әңгіменің шебері ғой. Қызды-қыздымен кейде жанынан да қосып жібереді.
- Ал, сендердің тойларың не болды?
- Осы күзде қайтсем де сені алам деп жүр ғой. Мен ең болмаса екінші курсты аяқтайын десем көнетін емес.
- Сонда танысқандарыңа қанша болды?
- Осы күзде бір жыл болады.
- Келесі наурызда біздің де танысқанымызға бір жыл толады. Уақыт қалай тез өтеді иә, міне, қазірдің өзінде алты ай болып қойыпты.
- Сендер қашан үйленесіңдер? Мектепті аяқтай салып, кетіп қалма!
- Бізге қайда әлі. Оқуға түсем. Ең болмаса бірінші курсты аяқтау керек шығар... Әй, бірақ, ол қазір кеттік десе де қарсы бола алмайтын сияқтымын.
- Екеуің сол табалдырықта күнұзақ шоқиып отыра бересіңдер ме? Бірің ана жеңгеңе сүт тартыс, бірің тамаққа қолғабыс қыл! Ба-ар!
- Басталды – деді Балғын. Сосын, екеуі жарыса күлді де орындарынан тұрып ошақ жақта жүрген жеңгелеріне қарай кетті.
Манаурап тамыздың да таңы атып келеді. Сағаттың қоңырауынан бұрын тұрып алған Еділ тез-тез киіне бастады. Сосын, шайға да тәбеті болмай, жақсылап жуынып-шайынып алды да есік алдына шықты. Не дегенмен қызына бара жатыр емес пе? Қолында Айғанымға деп алған мамық ойыншығы, ол сүйсініп жейтін шағын қораптағы тәттісі бар. Өзі де қатып киініп, қызы сыйға берген иіссуды аямай себініп алған. Бәрі де өзі ойлағандай. Тек, Қуан ертерек келсе екен. Тағаты таусылған жігіт досы келеді-ау деген жолға түсті де, жаяулатып тартып отырды. Әне-міне алдымнан шығады деп келе жатып, біраз жер ұзап кетіпті, енді, «Ол басқа жолмен маған кетіп қалған жоқ па?» деп алаңдап келеді. Қысқасы, үш аялдаманы басып өтіп, аппақ аяқ киіміне жеңіл шаң қонып, оған өзі кейіп келе жатып, Еділ Қуанның үйіне жетті. Ол аспай-саспай көлігіне енді от алдырып жатыр екен.
- Не деген маубассың. Енді тұрдың ба?
- Сен не? Бозторғай болып кеткенсің бе? Таң жаңа атты ғой. Екеуміз сенің үйіңде сағат алтыда кездесеміз дегенбіз. Ал, қазір бестен қырық жаңа кетті.
- Ояна салып келе берсең біреу шоши ма? Таң атпай жүреміз деп желіктірген сен емес пе едің?
- Асықпа, мына ақбоз ат аман болса, үш сағаттан кейін Жібегіңе де жетерсің Төлеш!
- Қылжақтамашы!
- Міне, көлік дайын. Қалай, бір-бір кесе айран ішіп аламыз ба? Қуыс үйден құр шықпа деген...
- Туу, ішші өзің. Мен үйден ішіп шықтым.
- Ішкен жоқсың. Көзіңнен-ақ көріп тұрмын. Менің аздаған көріпкелдігім бар екенін өзің де білесің ғой. Жүрші, Төлеш, бірге отырып дәм татайық, Төлеш!
- Саған дауа жоқ шығар.
Екеуі ас үйге кіріп, сұп-суық айраннан сіміріп алды да, сыртқа шықты. Қуан қаңғырлап жүріп қақпаны ашты. Өзі бүгін айырықша көңілді. Оған бір себеп, Балғынмен жүздесетіні болса, екінші себеп, талайдан армандап жүрген жеңіл көлікті уысына түсіргені. «Университетті қызылға бітірсең осы көлік сенікі» деген әкесінің уәдесін қайта-қайта айта беруші еді. Жолын қалай тапқанын, оқуды бітіруге әлі бір жыл бар, әрі қызыл алатыны әл-әзір белгісіз болса да «ақ бозды» мініп алыпты. Енді сол көлікпен қызына барып, оның да көзін бақырайтып, таң қалдырып, тосыннан келіп қуантып, бәрі мәре-сәре болып ауылда жүрмек. Еділдің де бар ойы сол. Дәл қазір күтпеген жерден екеуі жетіп барса, қос қыз не айтарын білмей қалатын шығар. Бұл уақытта бөлелер түнімен әңгімені соғып-соғып, тәтті ұйқының құшағында жатыр еді. Қуан қала көшелерімен сырғыта жөнелді. Желпініп алған. Аузы да жабылар емес.
- Көліктің құжатын бірінші курста-ақ алып қойғам ғой. Сандықтың түбінде шіри ме екен деп ем!
- Қалай оп-оңай бере салды? Қалай көндірдің?
- Мен көндіргем жоқ. Менің жақын арада мұны міне қоям деген ойым да жоқ қой. Кейде өзі жүз грамм тартып алғанда ғана ары-бері алып жүретінмін. Содан бір күні үйге достары келді. Бәрі әңгімелесіп отырған. Солардың бірі он бірді бітірген баласына көлік алып беріпті. Тоғызыншы сыныптан бастап көлік жүргізе алады. Ол деген нағыз ер деп мақтаныпты. Сол жерде «Менің де балам көлікті зыр қақтырады» деп әкем де бөсіпті. Қысқасы, тып-тыныш ұйықтап жатыр едім, түннің бір уағында әкем оятып алды да, «Ал, балам, мына ағаларыңның бәрін үйді-үйіне жеткізіп таста. Сен енді жігіт болдың. Ара-арасында өз шаруаңа да көлік керек болса, маған айт. Келінге барарыңда мініп ал. Екеуің далада жүргенше осының ішінде отырасыңдар» деді. Ұйқымды қимасам да, мына ұсынысқа риза болдым. Бәрін тастай қылып қайтып келдім де көлікті орнына қойдым. Сосын, осы кісі айнып қалған жоқ па екен деп, өткенде бір сұрап көрсем, ел алдында берген уәдесін жұта алмады ма, қарсы болмады. Міне, ұзын сөздің қысқасы, бұл енді біздің көлік.
- Орайының келе қалғаны-ай. Қазір екі қыз бізді көрсе өз көздеріне өздері сенбейтін шығар...
- Балғын мені бас салады. Көр де тұр. Ол деген нағыз жынды ғой. Қысылу, біреудің көңіліне қарау дегенді білмейді. Қуана ма, айғай салады, ашулана ма, тағы айғай салады.
- Ақырын, сен ақырын жүрші!
- Қорықпа, бауырым! Бұл осындай жол үшін жаратылған көлік қой! Айт, шу, ақ боз ат!
- Ақырын деймін. Мына қаптаған ауылдардан шығып алғанша баяулата тұршы.
- Қайта осындай көлік аз кезде, жолда ешкім жоқта, алатаяқтылар шықпай тұрғанда біраз жолды ұтып алайық.
- «Асықпаған арбамен қоян алады» деген. Асықпай-ақ жүре берші, алдымызда әлі толық бір күн бар ғой.
- Сен неге мазасызданып кеттің? Әлде маған сенбей келе жатсың ба? Қорықпа, бауырым, мен көлікке анда-санда отырсам да, қырық жылғы тәжірибесі бар шопырлардан кем емеспін.
- Оған күмәнім жоқ.
- Менің қандай сыйлық алғанымды көресің бе?
- Е, одан да соны көрсетші. Қане?
- Әне артқы орындықта. Байқа! Гүлдің жанында жатуы керек.
- О, мынауың керемет дүние ғой. Бүгін не, сақина салмақсың ба?
- Жоқ, негізгі сақина салу дәстүрі кейін, ата-аналармен бірге болады ғой. Ал, мынау өзімнің жеке сыйым. Бір қуантқым келді.
- Еркек екенсің! Ол расымен-ақ риза болады. Ал, мен мына ойыншықты ала салдым.
- Әрине, сенің қызың әлі ойыншық ойнап жүрген бала емес пе? Біз ғой осы күзде отау құрып, шаңырақ көтермекпіз.
- Қайда тұрмақсыңдар?
- Бір жыл әке-шешенің қасында боламыз. Сосын, келесі жылы көктемде өзім үй салам. Әрине әке-шешем көмектеседі ғой. Бірақ өз үйім, өлең төсегім, негізгі күш маған түспек.
- Қойшы, шалдың ролін ойнамай... Ақырын, ең болмаса мына таудың жолында байқашы...
Қос жігіт таңмен таласа қаладан шығып, ауылға тіке апаратын үлкен күре жолға келіп түсті. Жеңіл көлік әр секунд сайын жүрісін үдетіп, қара жолды таспадай тіліп келеді. Екеуінің де көңілі алып-ұшып барады, санада сансыз қиял қанат қағып, бір ойдан бір ой тәтті көрініп, армандары өздерінен талай шақырымдарға алыстап кетті. Олар жолдың үштен екісін басып өтіп, тау аңғарына іліккенде екі қызды әжелері қоймай жүріп, оятып алды.
- Тұрыңдар, түге. Түске дейін төсекте жатсаңдар ертең қандай әйел боласыңдар. Келгелі екеуіңнің ұйқыларың бір ашылмады.
Ұйқылары шала, таңғы тамаққа да тәбеттері болмаған, ерте тұрғаннан көңіл-күйлері бұзылып, өздерімен-өздері күңкілдеп жүрген қыздар қалаға жинала бастады. Ағалары ертеңгі салқынмен шығып кетуді ұйғарыпты. Есік алдында сықита тақтай тиеп алған екі жүк көлігі тұр. Нағашы ағалары күндегідей күйіп-піспей, аса көңілді реңмен әндете басып, дастарханға келді.
- Ал, қыздар, дайынсыңдар ма? Қазір, әжелеріңнің бір-екі кесе ыстық шайын ішіп алайық. Сосын, үйлеріңе де жетесіңдер! Мына кең дала, таза ауада рахаттанып жата бермей, сол көк түтін басқан тас қаладан не іздейсіңдер, түсінбеймін.
Қос қыз әжелері салып берген сәлем-сауқат пен киім-кешектерін жеңіл көліктің артына салды да, ауылдағы туыс-туғанмен қоштасып, таң атқаннан аузы жабылмаған нағашыларына ілесіп қалаға қарай шықты. Екеуі түндегідей бір-біріне тығыла түсіп шүйіркелеспейді де. Тек, жаздың жанға тыным сыйлаған мамыражай күніне бойлары балқып, тағы да ұйықтап кетуге бейіл отыр. Соңында келе жатқан екі жүк көлігіне қарайлап, өз әніне, өз ісіне өзі сүйсініп келе жатқан ағаларының машинасы да көп ұзамай қала мен ауылды бөліп жатқан тау аңғарына келіп кірді. Шабан жүріске көңілдері толмағанымен, енді қашан кетеміз деп бал ашпай, күтпеген жерден жолға шыққандарына екі қыз да мәз. Бір-біріне кешегідей шешіле сөйлеп, сыр ақтарыспаса да, көздері түйіскенде алай-түлей болып жатқан ішкі сезімдерін, бүгін аңсарымызбен жолығамыз-ау деген қуаныштарын, «Ойламаған жерден жетіп барсақ екен. Сол кездегі түрлерін көрсек» деген асыға аңсауларын айтқызбай-ақ танып, түсініп отыр еді. Алып-ұшқан жігіттердің көлігіндей зыр қақпаса да тізбектеле жылжыған бір жеңіл, екі ауыр көлік тау ішіндегі бұралаң жолды қуалап отырып, ақырғы айналмаға шықты.
- Мәссаған, мынау не? – деді нағашылары алдыға мойнын созып. Айғаным мен Балғын бұл дауысқа тым еліге қоймады. Олардың бар ойы күндізгі ыстыққа қалмай, тезірек қалаға жетіп алу еді. Бірақ, қыздардың көңіліне қарап, солардай асығатын ағасы ма? Жол бойында тұрған бес-алты көлікті жанай өтіп барып тоқтай қалды.
- Мен қазір. Сендер отыра тұрыңдар. Қазір келем.
Ағасы сыртқа шығып, есікті тарс жапқан соң, Балғын «Отыра тұрмағанда біз бір жаққа қашып кетеді дей ме?» деп мырс ете қалды. Оған Айғаным қосылды. Сонымен, екеуі біраз сықылықтап алды да, қайтадан шалқалап отыра кетті. Көп ұзамай нағашылары келді. Бағанағыдай емес, тым абыржып тұр.
- Қаладан келе жатқан жеңіл көлік жолдан шығып кетіпті. Әй, кем дегенде 120-130-бен келе жатқан ғой. Болмаса, ондай алысқа ұшып кетпес еді. Түгі қалмапты. Ішінде өрімдей екі бала бар екен, түрлерін тану мүмкін емес. Әй, қыршын кетті-ау. Бірдеңеден құр қалғандай сонша қатты жүреді өздері де. Әй, әкеңнің... Әй... – дей берді.
Қыздар сол кезде ғана бастарын көтеріп терезеге үңілді. Жолдың екі қапталында тұрған он шақты ауыр, жеңіл көліктерді, әр-әр жерде жүрген бірді-екілі адамдарды көрді. Тек, сонадайда төрт доңғалағы аспаннан келіп, төңкеріліп жатқан ақ боз атты байқамады...
Қағаз қала
Өзім жап-жаспын және болашақтан өте үлкен үмітім бар. Ел қатарлы несиеге болса да баспана қарастырдым. Анау-мынау емес, ақыр алған соң осы жөн ғой деп ең қазыналы, ең таңдаулы, ең... ең... ең... қаладан ойып отырып үш бөлмелі үй алмаққа нық бекідім. Әңгімені аш ішекше созып қайтем, қысқасын айтқанда, жиырма бір жасымда берген өтінішіме қырық жеті жасымда бір бөлмелі құжыра келді. Қымбат қаланың қақ ортасындағы отыз қабатты үйдің жиырма тоғызыншы қабатынан тиген хан сарайыма әке-шешем, үш ұл, үш қызым, туған әйелім, әйелімнің бір сіңлісі мен әкпесі, менің бір-бірден іні-қарындасым бар -барлығымыз әне-міне дегенше аспаннан түскендей топ ете қалдық. Қабырғалары әлі толық сыланбаған, немесе, сыланған жерлері көтеріліп кеткен, жә, оны қойшы, жаңбырлы күндері төбе мен терезелерден су өтіп, әр қайсысымыз бір-бір шүберекпен соны құрғатып ойнаймыз демесеңіз, алаңдайтын түк те жоқ. Бөлмемізде айқасып жатып ұйықтаймыз. Екі-үштен кезек күтіп тұрып... ауысып-ауысып тамақ ішеміз... Қаланың аптасына жеті рет соғатын мінезі қызық желі кейде бір шындап буырқанғанда біздің отыз қабатты үйіміздің басы балқурайдай майысып барып, жерге тиер-тимес, тиер-тимес қалыпта тербеліп тұрып, қайта орнына келеді. Ә дегенде затымыздың астында қалып, ауырлауы кез бола кетсе талып қалып әтуеріміз кетіп жүрді, кейін уақыт өте келе әдісін тауып алдық та, лып етіп жұмсақтау жерге түсетін болдық, ең бастысы, теңселмелі үйге де үйреніп қалдық. Содан қойшы, күндердің бір күні қайдан тапқанын білмеймін, кіші балам қойдың құмалағындай ғана бір қорғасынды ұстап жүр екен. Ары-бері домалатып, лақтырып ойнап отырғанын байқадым да, бұл не қылған пәле екен деп, қолыма алып, тістеп көріп едім тісім батпады. Салмағы тәп-тәуір-ақ ауыр екен, лақтырып, қағып алып, лақтырып, қағып алып, ерігіп отырғанымда көзім төбеде жарбиып тұрған қара шыбынға түсе қалды. Өз үйімде отырмын ғой қорқамын ба, қолымдағы қорғасынмен әлгі шыбынды періп кеп жібердім. Дәл тиді ме, тимеді ме, оны шыбын айтпады, ал, қорғасын әлгі жерді тескен күйі үстіміздегі көршіміздің үйіне өте шықты. «Ойпырмай, мынау ұят болды-ау» деп, әлгі үңірейіп қалған тесіктен сығалағанымша болған жоқ, қорғасыным төбенің тағы бір жерін тесіп өз үйімізге қарай түсті. Екі тесікті бірдеңе қылып бүтіндерміз, ең бастысы, қорғасыны құрғырды таптым-ау дегенімше болған жоқ, әлгі төбеден сорғалаған күйі келді де өзіміздің еденді де тесіп өтіп төменге кетті. «Қап, бір абыройсыз іс болды-ау» дедім де, емпеңдеп мен де ұмтылдым. Бізден төмен тұратын көршіммен ауыз жыбырлатып амандасатыным бар еді, өйтіп-бүйтіп бірдеңені түсіндіріп, үйіне кірдім. Қорғасыны түскір бұл үйге де аялдамапты. Үй иесін ертіп, одан төмен тұратын қоңсыма бардым. Қорғасын бұл үйге де келген, бірақ тоқтамаған. Әр үйдің есігін қағып, үйіне басып кіріп жүре беретін әкім-қара, немесе, қарақшы емеспіз, қорғасынды подвалдан бір-ақ тосып алмақ болып құлдыраңдап төменге тарттық. Қашанғы біз қателесе бермекпіз, үмітіміз ақталыпты. Құмалақтай ғана қорғасынымыз аман-есен подвалда жатыр екен, еденге құйылған цементті жартылай тесіп барып, бір жамбастай қисайыпты. Көршілер қорғасынмен ойнаған мені жазғыра ма, қатты бір қадам жасасаң өзіңді де осы подвалдан бір-ақ шығаруы мүмкін өз едендеріне кінә арта ма, осыны ұға алмай аңтарылып ұзақ тұрды. Сосын, үйге ауыр заттар кіргізбеуге, айғайлап сөйлемеуге, қатты жүрмеуге, секірмеуге, мүмкін болып жатса, еденді мүлде баспауға серт берісіп, үйді-үйлеріне тарады. Айтпақшы, мен сіздерге үйге қақаған қыста көшіп кіргенімізді айтпаппын ғой: қыс бойы жылудың болмай қалуы, газдың жиі өшуі, су құбырларының жарылып кетуі сияқты кез келген отбасын айналып өтпейтін проблемалардың бізді де ешкімнен кем тұтпай мазалап жүргені көңілге кәдімгідей-ақ мақтаныш сезімін туғызып, адамға біз де енді ешкімнен кем емеспіз, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз деген бір тәтті көңіл-күй сыйлайды екен. Сондай күндердің бірінде балаларымыз ойнап отырып бойынан жылуы қашқан жылу жүйесіне тілдерін тигізеді ғой, сөйтсе бұл үйге, бұл жылу жүйесіне әрең жеткенімізді тіл қайдан білсін, құрғырың аяздан тікенектеніп тұрған темір құбырға жабыса кетеді. Олай қараймыз, бұлай қараймыз, құбырдың түрі жаман, тілді өз еркімен жіберетін емес. Амал жоқ, бір амалын осылар білер деп әкімшілікке хабарластық. “Үй жылымаса жылымай-ақ қойсын. Енді сол жылу жүйесінің жанынан жүрмейік. Бізге баламыздың тілін қайтарып беруге көмектесіңіздерші”. “Бұл біздің міндет емес. Оны өздеріңнің жергілікті мекемелеріңе айтыңдар” дейді әкімшілік. Жер-көктен іздеп жүріп, жергілікті мекеменің басшысын әрең дегенде қолға түсірдік. “Бұл үйге жылуды келесі жылдан бастап беретін шығармыз” дейді ол. “Оған дейін баланың тілі емес күллі тұлабойы жабысып қалады ғой”. “Онда жазға дейін шыдаңдар, үш-ақ ай қалды ғой”. Басшылардың алтын уақытын бөліп, тілдескеніне тәуба айттық та, өзіміз іске кірістік. Үйдегі жағуға жарайтын құрғақ дүниенің бәрін тұтатып, баламыздың тілінің айналасына от қойдық. Қара тас болып қалған құбыр да жылыды, үйге де бір ыстық леп тарады, тіпті, көршілер де «Үкімет өлтірмейді ғой. Жылу беріпті» деп қауқылдасып қалды. Қысқасы, ұл байқұс қана бірнеше күн быды-быды деп былдырлап жүрді. Тәп-тәтті көңіл-күй сонда да сол бір алғашқы әсерден арылған жоқ. Негізі, қалалықтар бір үйде бірнеше адам тұрғанын жақтыра бермейді ғой. Ал, біз үшін сонша адамның қуықтай ғана бір бөлмеде өмір сүріп жатқаны әсіресе осы қыста өте жақсы болды. Бірімізге біріміз тығылып, бір қырындап, ел түнде шешініп жататын болса, біз керсінше үйдегі бар киімді киініп, көрпе ғана емес, кілем-паласқа дейін жамылып алып бір-ақ ұйықтаймыз… Мұның бәрін қойшы, қыс бітіп күн жылынғанда, қара жермен бірге біздің үй де ери бастады. Алдымен, қақаған қыста құйылған іргетастар еріді, бірте-бірте үйдің күллі қабырғаларынан айғыз-айғыз болып тер ақты. Артық судың бәрінен арылған соң үйіміз кәдімгідей аласарды. Бірақ алыстан қарасаңыз, шапанының бір түймесін жоғары түймелегендіктен бір етегі ұзын, бір етегі қысқа болып тұрған шал сияқты біздің үйдің де бір қабырғасы биік бірі аласа болып қалды. Бұған да шүкір, енді осымен болған шығар деп отырғанымызда әбден кепкен үйлердің қабырғаларына сызат түсіп, әр-әр жерден қақырай бастады. Кәдімгідей, шәй ішіп отырып, терезеге қарағандай керегеге қарасаңыз, саңылаудан сізге қала қарап тұрады. Немесе, тура үйіңізбен үйі бір көршіңіз өзінің жарылған қабырғасынан сізге «Бүгін де ыстық болатын сияқты, ә?» деп қояды. Ауа райы жылы болған соң бірте-бірте бұған да көніп алдық. Енді жауынды күндері үйіміздің сыртындағы әлем-жәлем ою-өрнек пен түрлі суреттері бар мың сан бояуға малынған әшекейлер көшіп түсе бастады. Көп ұзаған жоқ, үйіміз кәдімгі қара сылақпен ғана қалды. Е, бұ да дұрыс. «Мынандай үйді қаншаға алдыңыз? Үндемей жүріп, үймек-үймек ақша жинап алған екенсіз ғой» деген сөздерді азырақ еститін боламыз деп шешкенбіз. Сол сол-ақ екен, жиырмасыншы қабаттан аяқ астынан өрт шыға қалды. Газ құбыры ашық қалған дей ме, найзағай түскен бе, кім білген, өртіңіз енді анау-мынауға бой берер емес. Ең қиыны, бар бала-шағамызбен шырылдап жиырма тоғызыншы қабатта біз тұрмыз. Хабарлай салып, бір сағат болмай өрт сөндіргіштер, бір жарым сағат болмай сақшылар мен жедел жәрдем де келіп үлгерді. Бұл уақытта жиырмасыншы қабатыңыз өртке толықтай беріліп, өз міндетін түгел орындап бітіп, а-у-п деп шөге кетті де, аяқ астынан біздің астымыздағы үй жиырма жетінші, біз жиырма сегізінші қабат болдық та шықтық. Үйді айнала шұрқырап көрші-қолаң жүр. Оларды былай бір мыжып өтіп, олай бір мыжып өтіп, өрт сөндіргіштер мен жедел жәрдем жүр. Өрт пен халық бір-біріне қарсы келіп қалмасын деп әр-әр жерде қара таяқтарын салбыратып сақшылар тұр. Алдымен өрттен де қызыл көліктер тізіліп келіп тұрды, сосын құлаш-құлаш құбырларын өрт шыққан жаққа қаратып қойып, ақ көбікті шашты дейсіз. Қайран ғана ақ көбік қанша ышқынса да тоғызыншы қабатқа жетер-жетпес, жетер-жетпес жерден қайта қайтып, босқа ысырап болды. Өз көбіктеріне өздері малынып жаны қысылған өртсөндіргіштер енді керегенің әр тұсынан сатырлатып отырып сатыларын қойып шықты. Олардың болымсыз тірлігіне анда-санда бір жалаңдаған тілін шығарып, мазақтап қойып от шіркін де өз жұмысын атқарып жатыр. Ол тағы бір а-у-п дегенде біз өзімізден-өзіміз жиырма жетінші қабаттың тұрғындары болдық та қалдық. Өртсөндіргіштер қарап отырған жоқ, енді сатыларға өрмелей бастады. Саты шүкір деп айтайық, оныншы қабатқа еркін жетті. Қызды-қыздымен арсалаңдап оныншы қабатқа шығып алған өртшілер ары қарады, бері қарады, өздерінің бойынан өрт сөндіре қоятын ештеңе де таба алмады. Ең болмаса қызыл көліктердің біреуін неге ала шықпаған. Ойбай-ау, менде ақымақпын ә?! Оларды бұл жерге дейін көтеріп шыға алмайды екен ғой, құбырдың өзін ғана алып шыққаннан еш пайда жоқ, ал бұлар әрең жеткен оныншы қабаттың тұрғындарында өмірі бір машина көбік болған емес. Енді не істеу керек? Реті келіп тұрған осы бір тұста айта кетейікші, бұлардың бастықтары өз пайдасын білетін, бір ақылды адам еді, шетелден пәленбай миллионға, елбасы араласқан жерде ғана көрсетем деп, кран тәрізді, он бес-он сегіз қабатқа мойны еркін жететін бір өртсөндіру машинасын сатып алып қойған. Бірақ оны бұл жерде пайдаланайын десе қара бұқарадан басқа ешкім көрмей қалады. Мемлекет басшысы мүлде естімейді. Қайдағы бір жиырма тоғыз қабаттық үй үшін оны қозғап не керек. Бопты, пайдаланбай қоя тұрайын десе жақын уақытта үкімет үйі сияқты қымбат ғимараттар өртенетін емес. Техника болса текке тозып барады. Шынымен-ақ енді не істеу керек? “Басекең не десе сол болады ғой” –деп, құйрығын бұлғаңдатып қарап тұратындай өрт жағымпаз үкімет емес, “Құрсын, не болса сол болсын” – деп, көзін тарс жұмып алып отыра беретін депутат та емес, әне-міне дегенше, бізді өрт жиырма алтыншы қабаттың тұрғындары етіп үлгерді. Өртсөндіргіштер енді бір көліктің құбырын бір көліктікіне жалғап, сатыға саты қосып, жаңа ойын түрін бастап кетті. Минут пен секунд санап біз төмен қарай құлдырап келеміз. Осындайда құр тұрғанша деп мен бір ой ойлаймын ғой: біздің мына үйлер қандай мықты есеппен жасалған. Түгел өртеніп кетсе де бір машина күл шықпайды екен-ау. Бұрынғы өкімет жынды ғой, бес қабат үй салса да іргетасын бір жыл құяды, оны бір жыл кептіреді. Сосын әр керегесін зеңбіректің оғы өтпейтіндей етіп қалайды, шеге кірмейтіндей етіп сылайды, бір үйді бес жылда әрең салып бітеді. Өңшең ақымақ! Қазіргілер ғой, қаңтардың бірінде іргетасын құяды, екісінде қанша қабат болса да керегесін көтереді, үшінде іші-сыртын сылап бітіп, төртінде қолыңызға кілтін береді. Қаңтардың бесінен бастап үйлі болдым деп күнде тойлап, басыңызды көтере алмай алшиып сіз жатасыз. Ойым әлдене солқ ете қалғанда үзіліп кетіп еді, аман-есен тағы бір қабатқа төмендеп алыппыз. Өртсөндіргіштер ғой өйтіп-бүйтіп он бесінші қабатқа жетіп қалыпты. Бұлардан күдерін мүлде үзді ме, жаңа ғана мен жиырма тоғызыншы қабатта тұрғанда жайнап тұрған табиғат жарықтық қабағын түйіп, қатуланып-ақ келе жатыр екен. Ә дегенге келтірмей дауылдатып, жауындатып, арнайы тапсырыспен келген таңдаулы сарбаздардай есік демей, тесік демей шелек-шелек жаңбырды бас-аяғымыздан армансыз-ақ құйды. Тіпті, бас сауғалап қажеті жоқ екенін бағана бір айтып едім ғой, ең бастысы, бірдеңенің астында қалып қоймай немесе керегенің жарығына қыстырылып қалмай бір жерден мықтап ұстап тұрсаң болғаны. Бұл сендерге аз дегендей, үйді алай бір ала қашып, бұлай бір ала қашып, жауынның тиюіне лайықтап үйді майыстырып беріп, жел де өз парызын өтеді. Сақшы біткен шапқылап өз көлігіне қашты, малмандай болған өртсөндіргіштер түкке керегі жоқ құбырларын жинап әуре, түк бітірмесе де бақырып-шақырып мені көрдіңдер ме деп жедел жәрдем жүр. Ұзын сөздің қысқасы, айналасы он-он бес минуттың ішінде өрт те сөнді, жауын мен дауыл да демін алды. Дүние өз қалпына қайта келіп, абыр-сабыр басылғанына анық көздері жеткенде ғана алдымен өртсөндіргіштер, сосын барып жедел жәрдем жерге түсті. Ә дегенде “Ауа райына хабар берген кім? Ақпаратты таратқан қайсысың?” деп бірін-бірі қағып-соғып жөн-жосықсыз жосып кеткен сақшылар ауа райының ешқандай министрлікке қарамайтынын естігенде “Қой, рас па?” деп қатты-ақ таң қалды. Сосын барып, сол маңдағы халықты қуып жүріп жинап, құжаттарының бәріне өртсөндіргіштер бұл жерге өрт шықпай жатып келіп алған. Ал, жедел жәрдем кешелі бері осында. Сақшылар бұрыннан осы үйлерде тұрып жатыр. Кісі өліміңіз не, бұл маңда өрт болған жоқ. Үй бұрыннан жиырма алты қабатты болатын деп жазғызып, әр қайсысына жеке-жеке қол қойғызып алған соң қиқулатып кетті де қалды. Мені ғой енді бұдан былай жиырма бесінші қабаттан тауып қаларсыздар...
Сіз қанша тұрасыз?
Халықаралық байланыс:
- Алло, мырза! Дүниежүзі бойынша ең жемқор елу елдің тізімі жасалып жатыр. Сіздің ел көш басында. Не істейсіз?
- Бағасын айтсаңызшы...
- Оныншы орын – жүз миллион АҚШ доллары! Жиырмасыншы орын – екі жүз миллион деп жалғаса береді.
- Ал, біржола алып тастауға болмай ма?
- Оған шашыңыз жетпейді ғой!
- Онда... Онда елуінші орын болсын!
- Алло, мырза! Әлемдегі ең айтулы он тұлға анықталып жатыр. Қаласаңыз үлгеруге болады.
- О, әрине!
- Онда он миллиард АҚШ долларын дайындай беріңіз!
- Дайын ғой, дайын!
- Алло, мырза! Әлемдегі ең лас мемлекеттердің тізімі...
- Қаншасыншы тұрмыз?
- Алдыңғы орыннан түсіп көрген жоқсыздар ғой.
- Ең соңына түсіріңіздер бірдеңе қылып...
- Бір миллиард АҚШ доллары!
- Төмендетуге болмай ма?
- Болмайды! Бекітілген бағасы сол.
- Түсінікті. Қазір ақшасын аудартамын.
- Алло, мырза! Адам құқығы қорғалмайтын жиырма ел...
- Бағасы...
- Алло, мырза! Жергілікті ұлтқа теперіш көрсету жағынан...
- Бағасы...
- Алло, мырза! Тілін ұмытқан ел...
- Бағасы...
- Алло, мырза! «Әлем елдері көшбасшысы» ұйымына төраға болғыңыз келіп еді ғой. Айнып қалған жоқсыз ба?
- Жо-жо-жоқ! Ол мәселе бір шешімін тапты ма?
- Бүгін бәрі бір жақты болып, тиісті бағасы шықты.
- Сонымен...
- Сонымен, жүз миллиард АҚШ доллары сізден! Тек тағы бір рет ескертіп қояйық, ұйымның аты дардай - оны білесіз. Бірақ одан сізге және сіздің елге тырнақтай да пайда болмайды. Кейін түсінбеушілік болып жүрмесін!
- Алаңдамаңыз! Атының өзі азық емес пе бізге!
Еларалық байланыс:
- Алло, басеке! Басеке, көктемгі селдің беті жаман. Бес аймақты су басып кетті. Не істейміз?
- Не істегені несі? Бірдеңесі болар. Су қайтып, жер кепкенше басқа жерлерді паналай тұрсын!
- Халықты қауіпсіз жерге қоныстандыру үшін қазірдің өзінде елу миллион теңге керек дейді жергілікті басшылар...
- Елу миллион теңге! Сендердің дендерің сау ма? Қар еріді екен деп қазынадан сонша қаржыны үп еткізбексіңдер ме?
- Енді...
- Ешқандай енді жоқ! Мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын, бай-бағландар садақасын, қалған ел жылуын жинасын. Ұқтыңдар ма?
- Ұқтым, басеке!
Тәуелсіздік
- Әже, әже, киноңыз басталды!
- Ойбүу, ұмытып кете жаздаппын ғой. Әлгі байқұс қыз не болды екен?.. Ана сақалды неме оны не алмай, не жайына қоймай... Сен қайда кеттің? Сақыш, кел, мынауыңды шүлдірлетпей аударып бер!
- Әже, мен сабақ оқып отырмын...
- Қоя тұр оны, «Қойшының қызы қой келгенде іс тігеді» дегендей, осы кино басталғанда сенің-ақ сабағың дайын тұрады екен. Кел тез!
- Туу, әже-ай...
- Көтек, мына қараң қалғыр қайтеді-ей! Тас кенедей жабысып...
- Апа, ол осы қыздың жігіті ғой...
- Қайдағы жігіті? Бұл екеуі туыс емес пе?
- Жақын туыс емес қой...
- Тәйт ары, туыстың алыс-жақыны болушы ма еді? Тұқымы азған бейбақтың басқа біреу табылмағандай өз қанына қарағаны несі?
- Ал, әлгі ұзын қара қайда?
- Ол бұрыңғы жігіті...
- Бұрыңғы жігіті қаба сақалды емес пе еді?
- Қаба сақалың мұнымен ажырасып, Гүнешті алып алды ғой.
- Гүнешті? Әлгі бір қырым еті жоқ қатпа қара қызды ма?
- Жоқ. Сіз оны тәмпіш сары деуші едіңіз ғой.
- А, ол құрғыр өзінің қайын ағасынан аяғы ауыр демеп пе ең?
- Ол бала қайын ағасынан емес бөлесінен екен. Бөлесі шетелге қашып кетті де, Гүнеш біраз уақыт ұзын сарымен бірге тұрды. Кейін ол да аяғы ауыр екенін біліп, бір-ақ күнде табанын жалтыратты да, Гүнеш иттей болып қаба сақалға қайтып келді ғой...
- Е, айналайын. Қаба сақалың құдайға қараған жан екен. Сорлы қызды зарлатпай алып алғаны жөн бопты. Ен байлықтың ішінде отыр, өзінікі емес демесең бір бала масыл болмас...
- Ол қызды жаны ашыған соң емес, қыздың атындағы кәсіпорынды өзіне аударып алу үшін алып отыр.
- Ойбүу, бағы ашылмаған сорлы-ай... Ендігі күні не болар екен?
- Әже, әже, жеңгем хабарласып жатыр. Құлып ағам тағы да ішіп келіп, жеңгемді қуып жүр екен.
- Е, тиіссе бір кінәсі бар да? О несі-ей? «Қатын бір күн таяқ жемесе тұлмын дейді» деген. Қой әрі, одан да мынауыңды айт!
Тәуелсіздік-2
- Кіруге рұқсат па?
- Келіңдер, келіңдер! Бағана бері сендерді тосып отырмын ғой...
- Жыл аяғы болып қалды, келесі оқу жылының жоспарын, кадр мәселесін шешіп алсақ деп едік...
- Иә, қандай ұсыныстарың бар?
- Егер сағатымды көбейтсеңдер, бір айлығымды сендерге берем дейді Қарынбай!
- Әлімжанның қызы биыл он бірді бітіреді ғой. Оқуға түсе алмаса, осында бастауыш сыныпқа сабақ беріп жүре берсе... не қаласаңдар да айтыңдар деп отыр әкесі.
- Ал, Тәліпті осы оқу жылы аяқталысымен қуу керек. Уәде еткен бір машина қарағайын әлі берген жоқ. Өзі ғой бір сыныптың жетекшісі, сағаты да жетерлік.
- Баласын да қарауыл қылып қойдық. Әлі бір тиын шығарған емес...
- Сосын, ана еден жуатын Сақыпты бірдеңе қылып орналастырайық та. Берген соғымын былай жеп алдық. Ол аздай былтыр ұжымды көкке шығарып, тағы екі қойын сойды.
- А, иә, ол бар екен ғой. Оны қайда қойсақ екен?.. Тәліптің жұмысын алып кете ала ма?
- Ойбай, қойыңыз! Ол алгебра мен геометриядан сабақ бермек түгіл, бірге бірді қоса ала ма десеңізші...
- Ой, оны кім тексеріп жатыр дейсің? Жарайды, өздеріңде қандай ұсыныс бар?
- Биыл Сарқыт апай зейнетке шығады. Сол кісінің орны лайық емес пе? Өзінің де аздап той-томалақта ән айтатыны бар.
- Сонда ән-күйден берсін дейсіңдер ме?
- Берсе несі бар? Осы Сарқыт апайдың да шырқата салған әнін естімей-ақ кеттік қой.
- Сарқыт апаң ән салмаса да нота білетін. Сонау Алматыда салпақтап жүріп, бес жыл оқыды. Жоғары білімі бар, дипломы бар!
- Ой, қойыңызшы. Сол Сарқыт апайдан басқа кімде бар екен диплом?
- Жоқ болса, ақырын-ақырын алып жатыр ғой. Сен де осы кеше ғана алмап па едің? Ел сырттай бес жыл оқыса, сен он жыл оқып жүріп.
- Оқысақ, ол жақты да, сізді де риза қылып едік қой.
- Жоқ, маған бергеніңе дауым жоқ. Ол жақтағылардың тілін қалай таптың-ей?
- Ой, оның несін айтасыз! Ауылдан келдім, сырттай оқимын десеңіз болды, өздері-ақ жабысады.
- Түсінікті. Ал, сонымен, не істейтін болдық?
- Уәдесін орындамаған Тәліпті жұмыстан аламыз!
- Ешкімге ештеңе бермейтін Арынды да бірдеңе қылып осы жолы жөнге салайық.
- Ей, ол өз жұмысын жетік біледі емес пе?
- Оның жетік білгенінен не пайда? Оның орнына ана ауыл әкімінің келінін алсақ, қалаған уақытымызда керегімізді тауып береді. Ауданға баратын көлік іздеп те салпақтап жүрмейміз...
- Сосын, соңғы қоңырауға ауданнан екі адам келеді екен. Соларды дұрыстап күтіп алу керек.
- Онда бүгін оқушылар тарап кетпей тұрып айтып жіберейік. Әркім өз сыныбын сырлап, әктеп кетуі керек. Соған екі мыңнан ала келіңдер деп. Сол ақша ауданыңды тырапай асырмай ма?
- Ой, қой. Былтыр әлгі Қыдырдың қызы ауданға, облысқа шағымданам. Мектепке ылғи оқушылардан ақша жинап алады. Сонда бюджеттен бөлінген қаржы қайда деп шу қылып еді ғой. Сол тағы құтырсын деп отырсың ба?
- Үндемеңіз. Сол қыз маған балама ерекше атестат жасатып беріңізші деп күнде келіп жүр. Қарағым, ол аудан, облыстан болмаса, ауылдан шешілмейді десем, не сұрасаңыздар да тауып берем деп отыр.
- А, жөнге келді деші.
- Онда не отырыс? Бәрін бір ретке келтіріп, есебін беріңдер. Ең бастысы, аудан көлеміндегі ең үздік мектеп деген абырой-беделден айырылып қалмайық. Сосын, облыстан адам іздеңдер! «Сыйынғаның емес, сүйенгенің мықты болсын» деген емес пе?
Менің атым Тэмберлейнк
- Эльенора әже, Эльенора әже!
- Ау, қарағым, не болды алып-ұшып?
- Сізді Анель апа түсте келіп шай ішіп кетсін дейді.
- Е, жәй ма?
- Жәй, қаладағы қызы қыдырып келіпті. Соның әкелгенінен дәм татсын, бірге отырып өткен-кеткенді еске алайық дейді.
- А, қараң қалғыр қағынған кемпір, жаман қызы келіп, бір мақтанып қалған екен ғой. Бопты, барармын...
- Артур ата қайда кеткен?
- Ой, ол кәрі қақпас үйде отыра ма? Кеткен шығар қаңғып. Оны енді не, Рафаелдікінен, не Саммиттің үйінен табасың.
- Апа, осы Бәйтерек ағам неге келмей кетті?
- Бәрін бүлдіріп отырған ана Азиада! Келін жақсы болса, бала да, немере де осында жүрмей ме? Басын айналдырып алған ба, екі күннің бірінде соның ауылында дейді. Бізге қарай баспайды ғой, жүгермек.
- Сол жеңгемнің аты қызық, иә! Азиада дегені несі екен?
- Ой, қарағым. Ол бір ұзақ әңгіме! Баяғыда біздің елде спорттан жарыс өтіп, сол Азиада болған. Сол жылы туған біраз балаға Азиада деп ат қойды соның құрметіне. Ана Саммит шал да елде алғаш саммит өткенде туыпты.
- Ал, сіздің атыңызды кім қойды?
- Кім қоюшы еді, әке-шешем де! Ел енді есін жиып жатқанда құлағымызға Жанель, Амелья, Сабина, Альбина деген есімдер тосын әрі жақсы естіліп тұрды да, аты өзгерсе заты да өзгеретіндей топырлатып қоя бердік қой. Енді міне, отырысымыз мынау! Эльенора әже болып!
- Күлкілі, иә! Сонда мен кейін Тэмберлейнк ата болам ба?
- Енді амалың қайсы? Бала күнінде қартаймайтындай көрдік те, қойдық қой...
Тіл
Қазандағы сорпадай бүлк-бүлк қайнаған алып қала. Бір-біріне мінгесе жылжыған сансыз көлік. Адамдарды қаттап тұрып салып алған автобус.
-Үлкендерге орын берсеңдерші – дейді біреулер. Ешкім мыңқ демейді.
-Ойбай, аяғым. Көзіңе қарамайсың ба?
-Жинап тұр аяғыңды.
-Сіз маған жатып алдыңыз ғой...
-Ұнамаса таксимен жүр. Жатып алды дейді ғой...
Біреуі күңкілдеп, бірі зіркілдеп, енді біреуі қоғамға әлде өзіне іштей кіжініп, қоғамдық көліктің іші сіріңкеге сықай толған қорапқа ұқсап келе жатқанда бір дауыс:
-Можна я сяду – деп қалды.
Сол сол-ақ екен, түрегеп тұрғандар жапырыла ысырылып, отырғандар орнын шапшаң босатып, әлгі әсем дауыстың иесіне бар мейірімдерін төге үлкен құрметпен қарады... Көлік-көліктің арасымен, бірінен «Өтіп кетейінші» деп рұқсат сұрап, біріне бар білген боқтығын жұмсап, табандап жылжып келе жатқан жүргізуші уақыт ұтқысы келді ме, саңылау-саңылауды қуалап аялдамаға тоқтамай өте шықты.
-Тоқтасаңшы...
-Ей, қайда өтіп кеттің?
-Денің сау ма өзіңнің?
-Көріп тұрсыңдар ғой, өлем бе енді. Келесі аялдамадан түсесіңдер!
Жүргізуші мен жолаушылар бітіспес дау бастап, ол шарықтау шегіне жетіп, екі жақ бірін-бірі көрместей, автобус енді ешқашан тоқтамастай болған кезде:
-Стой я говорю, сколько можно - деп қалды бір қатаң дауыс.
Қиқ-шиқ, пуһ-пыш еткен қоғамдық көліктің жан дауысына жапырыла құлап, бірін-бірі басып қалған жұрттың ыңырсыған, ойбайлаған, жеті атадан сыбай тартқан үндері қосылып, бір-ақ сәтте айнала азан-қазан боп кетті. Жолдың дәл ортасында, тынысты қысқан сансыз көліктің айғай-аттанына пысқырып та қарамаған жүргізуші күллі жұртты шулатып есігін ашты...
Құдіретіңнен айналайын, ресми тіл!!!
Үмітті айтсаңшы...
Бір отбасын қуантып, туыс-туғанды шат қылып Үміт дүние есігін ашты. Тура сол күні метро салу туралы шешім қабылданып, құрылысқа екінің бірі армандауға да қорқатын қаржы бөлінді. Хош, делік. Ата-анасы дос-жаран мен көңілі жақын ағайынды шақырып қыздарының жасқа толғанын атап өтті. Ал, қала әкімі метроға бөлінген қаржының аздығын айтып, жоғарыға сәлем жолдады. Күн аунады, ай алмасты, Үміт айналасын мәз қылып мектепке барды. Күздің алғашқы күні бір телеарнадан осы уақытқа дейін қазылған жерді топырақ басып қалғанын хабарласа, бір арнадан бұл сөзді теріске шығарып шаһар басшысы сұхбат берді. Үміт көз алдымызда бойжетіп, мектеп бітіру кешінде сыныптас баламен қайта-қайта биге шықты. Сәйкестік дегенді қойсаңшы, жаңадан ғана тағайындалған қала басшысы күн жексенбі болса да метро жұмысымен танысып, өзіне дейін істелген істі жоққа шығарды... Үміт жоғары оқу орнына түсіп, оны қызыл дипломмен аяқтағанда да метроға ақша судай құйылып жатты... Үміт жұмысқа тұрды, алғашқы демалысын алды, сыныптасына тұрмысқа шығып, әке-шешесіне немере сүйгізді. Ал, осы сәтке дейін қарқынды жүрген метро жұмысы жер жағдайы көтермейді деген себеппен тоқтады да қалды. Үміт үлкен абыроймен зейнетке шықты, көпшіліктің басын қосып той қылды. Үмітпен қабаттасып тағы бір жаңа әкім елдің есінен шығып кеткен метроға ұшан-теңіз қаржы бөлінгенін, келесі жылдан қалдырмай құрылысты бір жақты қылатынын, ешқандай қауіптің жоқтығын мәлімдеді. Тынымсыз еңбекке үйреніп қалған Үміт қарап отыра алмай бір жатақханаға кезекші болып кірді. Осыны тосып тұрғандай жарамсақ басылымдар мен кем кетікті көрмейтін телерадиолар жер астын үңгіп келе жатқандардың бір-бірімен түйіскенін, шаһар басшысы жұмысшыларды қызу құттықтап, айқайнар ашқанын жарыса айтты. Кім мәңгілік дейсіз... Бала-шағасын күңірентіп, көрші-қолаңға «Марқұм кісі ақысын жемеген адал жан еді» дегізіп, Үміт көз жұмды. Ал, метро... метроны қойшы, одан да Үмітті айтсаңшы...
Құтипаш пен Сақыш
Осындайда әңгіме болсын, құр отырғанша айта отырайын, жүріп-жүріп жасым отыздан асқанда барып отбасын құрдым. Онда да алпысқа қараған апам қайта-қайта сөйлей берген соң амал жоқ, он біріншіні аяқтағанына бір-ақ жыл болған Құтипашты қағып түстім. Қалаға оқуға барғанымен түсе алмай, ауылдағы мектепте тәрбиеші болып жүрген тәмпіш қыз ендігі уақытын оқушылармен бірге мені де тәрбиелеуге жұмсайтын болды. Қазір осы үйде отыздан асқан адам мен емес, Құтипаш сияқты. Бір-ақ күнде өзімнен-өзім он бірді жаңа бітіріп, танымайтын алыс туыстарымның қолында тұрып жатқан балаға ұқсадым да қалдым. Жалғыз жатып әбден жаман үйренген басым бір төсекте екі адамның жатқанына да біраз уақытқа дейін үйрене алмай, оны кәдімгідей жатырқап-ақ жүрдім. Мәселен, кейде түннің бір уағында оянып кетсем айдың жарығында, жүзі бозарып, қара шашы төгіліп қасымда біреу жатады. Ал айсыз түндерде қарайған сұлбасы ғана көрініп әлдекім дәл жанымда пыс-пыс дем алады. Ә дегенде осының өзі денемді билей алмай дірілдеп-қалшылдап, бәріне іштей мойынұсынып, сұлқ жатып қалуыма еркін жетіп жүрді. Уақыт өте келе бұл үрейден арылып, бойыма бір батылдық бітіп, ол қай-қайдағымды қозғап, Құтипашты құшақтап жататын дәрежеге жеттім. Түнде бір мейірімім оянып, сергек кезімде қамқорсып бауырыма басқаным, оның да қылық шығарып, қолы мойныма тұншықтырардай оратыла кеткені немесе алқымымнан ала түсердей болып кеудемде жатқаны ұйқымнан оқыс оянған сәттерде тарс есімнен шығып кетеді де өз қосағымнан өзім үркіп, көзіме шәйтан ба, жын ба, түсініксіз бірдеңелер елестеп, баж етіп секіріп тұрамын. Мұндайда шамаң келсе жарықты жағып төңірегіңе бажайлап бір қарайсың, өзіңе-өзің келесің, есіңді дер кезінде жисаң, біреу-міреу көріп қойып масқара болмайын деп, айналаңа ұрлана қарап аласың да төсегіңе қарай баяу жылжисың. Оған шыдамың жетпесе шапқылаған күйі апаңның бөлмесінен бір-ақ шығасың. Е, апам байқұс нені көрмеген дейсің... «Балам-ау, пыссымылда деші, пыссымылда» -деп, таңдайыңды көтеріп, түннің бір уағында не үшін жүргеніңді айтқызбай-ақ біліп, «Өзіңнің Құтипашың ғой» - деп бар өткен-кеткенді есіңе салып, орныңа дейін қайта жетелеп әкеп тастайды. «Құтипашы кім еді? Қозғалып кетпесе екен» деп ұйқылы-ояу мәңгіріп біраз отырасың да отағасы болғаның ойыңа түскенде барып “Е-е” дейсің де еріксіз жымиып қайта қисаясың. Сол Құтипаш, он сегізден жаңа асқан Құдай қосқан Құтипаш, мені қатты-ақ қолға алды. Жұмысым жоқ болса да таң атпай өзімен бірге оятып алады. Қуыршақпен ойнағандай асықпай отырып киіндіреді, жуындырады, ішпесіңе қоймай тамақтандырады. Кір жуса сығысып жібер, самауыр қойса отын жаңқала, сиыр сауса бұзауды ұстап тұр, аула сыпырса қасында жүріп су сеп, әйтеуір жанынан бір елі тастамайды. Шынын айту керек, мен Құтипашқа тәп-тәуір-ақ ермек болдым. Іштеріңізде қалсын, мұнысы маған да ұнап жүр. Ес білгелі түк бітірмей апамның қасында сораңдап босқа жүре бергеннен басқа мен сорлы нені көрді дейсіздер. Сонымен қойшы, Құтипашқа күндердің күні мен аздық еттім-ау деймін, есіктің алдында өзімен-өзі жатқан Ақтөсті айналдыра бастады. Өмірі шынжырдан босамаған басына азаттық берді, алдындағы табағын жаңартты, иттің өзін де жақсылап жуындырып, маған айтақыр болып жатқан астын тазалатып, су шашқызды. Сосын отырып-отырып, «Ақтөсті бұдан былай Құтжол деп атайықшы. Үйге мол құт әкелсін» дегені. Маңқиып жатқан төбетке дәл қазір Құтжол деп ат қойсақ, ол тұра салып үйге бір жақтан құт тасумен айналысатындай өзімнен-өзім алабұртып, қатты елегіздім. Өзімнің де «Қайтсем осыған жақсылық жасаймын» деп Құтипашқа бір ерекше елжіреп отырған шағым еді. «Өзің біл, жаным. Құтжол болса, болсын» деп апама бір ауыз да айтпастан бекіттік те жібердік. Көп ұзамай кезек қара сиырға келді. Ел кинодан көргендерін істеп, сиырларына «Мурка» немесе «Марта» деп ат қойып жүргенде мен оларға ерегісіп, «аз да болса мемлекеттік тіліміз дами берсінші» деген жарқын тілекті ұстанып қара сиырды «Қамажай» деп атаушы едім. Құтипаш оны «Қамажай да жаман ат емес, дегенмен Құтайсын деп қойса тіпті қатып кетер еді» деген соң бір-ақ сәтте, тағы да апама ескертпестен өзгерттік те жібердік. Қо-ош. Сонымен, ит – Құтжол, сиыр – Құтайсын, құнажын – Құтшыл, бұзау – Құткелді, осы үйдегі жалғыз аяқ артар қасқа атымыз Құтқасқа болып шыға келді. Мен ғой, Құтжолмен бірге алғашқылардың бірі болып, атымды өзгертіп алғам. Ұзын сөздің қысқасы, үй ішіне аз күннің ішіне осыншама өзгеріс әкелген төңкерісшіл әйеліме риза болып мен жүрмін. Тек апам ғана, «Айналайындар, құт деген жақсы ғой, ниеттеріңе жетіңдер. Тек басқа ат құрып қалғандай құттан алыстамай қойғандарың қызық екен» деді де қойды. Осы байлықтың бәріне, инеден бастап түймеге дейін құттан ат қоям десе, сәл ойланбастан қос қолымды көтеріп шауып жүргенде апамның азғантай ғана сөзі мені ойланта алсын ба?.. «Несі бар екен?» деп кіржің ете қалдым. «Отырмай ма тыныш? Кірі жуулы, тамағы пісулі, келіні анау «құтты апам менің» деп құрдай жорғалап жүрген. О несі екен тегі»... Құтипаштың тапсырмасымен шауып жүргенде күн батты, Құтипаштың ойыны қанғанша таң атты, алмакезек аунап түсіп сізбен-бізге білінбей арада біраз жыл өтті. Тек екеуміз қосылғалы апам тілеген бір шарана дүниеге келмей-ақ қойғаны. Бұл енді әңгімеміздің онша қызық емес жері. Көңілсіз әңгімені созып, сіздердің алтын уақыттарыңызды алып, немесе өзімнің көңіліме қаяу түсіріп қайтейін, күндердің күні Құтипаш өз-өзінен жоқ болды да кетті. Құрбы боп жүрген бір қыздар: «Құтипаш сонша жыл ақша жинап жүрді. Енді қалаға оқуға кетті», – деді. Кейбір көршілер: «Құтипаш кейде бір қаракөлеңкеде бөтен біреумен тұрушы еді», – деп қалды. Тек апам ғана: «Қайран қыз саған бір алданыш тауып бере алмаған соң амал жоқ кеткен ғой», – еді. Мен ғой ешкімге ештеңе дей алмадым... Арада тағы біраз мезгіл өтті. Уақыт өте келе жалғыз жатуға қайтадан үйрене бастадым. Тек сексенге қараған апам “Балам-ау, менің көзімнің тірісінде...” деп тағы да қыңқылдай бастады. Содан не керек, «Енді бізге он біріншіні енді аяқтаған қыз ауыздық салдыра қоймас» дедім де, көрші ауылдан қырықты алқымдап қалған Сақышты алып келдім. Мен сияқты Сақыш та бір майданды көрген тәжірибелі жан емес пе, бар өнері ішінде жүр екен. Оқыс оқиғаларды Құтипаш сияқты бірте-бірте жасамай, өзгерістерді көпке созбай, келін болып түскен күннің ертеңінде-ақ іске асыра бастады. Ол «Ендігі күніміз не болар екен?» деп, есіктің алдында отырған менің мойныма асыла кетті де: «Қара божбаным менің! Мына Құтжол қартайды. Не қораға үрмейді, не берген тамақты ішпейді. Бір жаққа апарып тасташы. Мен саған керемет бір күшік тауып қойдым. Атын не деп қойғанымды білесің бе? Атының өзі керемет», – деді де, жүгіріп барып қораның аузын ашып, «Саққұлақ, Саққұлақ, кә - кә» деп айғай салды...
Бәрін Басекем біледі...
Біздің ауыл тым үлкен емес. Бірақ мал-жанға өте бай. Ең қызығы, мұндағы аң да, сол мал да, жан да, әркім паналап отырған там да – Басекемдікі. Асырып айтты демеңіз, астыңызға жақсы ат тисе, бір күн мінесіз бе, мінбейсіз бе, Басекем көрді, алды. Үстіңізге жақсы шапан ілдіңіз бе, Басекемнің көзіне түскенше ғана сіздікі. Сізді есіркеп, Басекем үйіңізге бас сұға қалса, «басқаларға көз болсын» деп ең тәттіңізді алдына тартасыз ғой. Ұнамаса, дастарханыңызда қала береді – бала-шағаңыздың несібесі. Ұнаса, құрыдыңыз. Басекем «тойдым» дегенше тәтті тасып жүргеніңіз. Мен «Басекемнің айбынын асырам» деп отырып ауа жайылып кеттім-ау деймін. Одан да ол кісі басы-қасында болған бір оқиғаны баяндап берейін. Таң ағарып атып қалған кез еді. «Шыбын-шіркей оянып кетпей тұрғанда сиырларды сауып, мал-жанды өріске жіберейік» деп қам жасап жатқанбыз. Малдыбайдың әйелі ауылды азан-қазан қылып Басекемдікіне қарай тартты. Даусынан шошып, таудың иығынан күн сығалады, «Бүгін шығам ба, жоқ қоя тұрамын ба?» дегендей өңі қашып-ақ тұр. Тек мұндай айқайдың талайын көрген Басекем ғана еш сыр берер емес. Екпіндеп барған Малдыбайдың әйелінің айтқанынан ұққанымыз – туған күйеуі үш күннен бері жер-көкте жоқ екен. «Басекем бәріміз ауылға тұз әкелеміз» деп кеткеннен бері үйге келмепті. Басекем Сәндібай мен Қалдыбайды – батысқа, Барлыбай мен Жарлыбайды – шығысқа, Мәндібай мен Мәңгібайды – солтүстікке, мені Бәкірге қосып оңтүстікке аттандырып жіберді. Біз ауылдан көп ұзамай-ақ бір қаңқаға кез болдық. Екеуміз де жақсы білеміз, бұл – Мәндібайдың әйелінің артынан келген сәйгүліктің сүйегі. Кезінде Басекем оған қатты қызыққан. Қасынан кете алмай төңіректеп ұзақ жүрген. Әдетіне басып, бір-екі рет қолқа салғандай болып еді, Басекемнің мінезін көп біле бермейтін төркіні мықты жас келін ештеңені түсіне қоймады. «Діңкесі қатқан Басекем енді не ойлап табар екен?» деп бәріміз іштен тынып жүргенімізде ол мәлімдеме жасады. Өзінің айтуынша, жануарға ерекше ықыласы түсіп, бір көріп қайтайыншы деп жем әкелген екен, сәйгүлік Басекеме қарап тұрып ішегі түйілгенше күліпті... Сосын... «Жеміңді ұрайын, Басеке, одан да маған бір үйір байтал берсеңші» депті... Бұл сөзді «ауыр алып қалған» Басекем біраз күн үйінен шықпай жатып алды. Ақыры, «Қайтсек көңілін табамыз?» деп төңіректеп жүргендерден: «Заманақырдың малы елімізге жамандық әкеледі. Мен десеңдер көзін жоғалтыңдар», – деп сәлем жолдапты. Басекеме қарсы келіп өле алмай жүрміз бе, көп болып, күңкілдеп жүріп, сәйгүлікті ауыл сыртына алып шықтық. Бізді адам құрлы көрмеді-ау деймін, әлде «Айтарымды Басекелеріңе айттым ғой, сендер менің теңім емессіңдер» деп ойлады ма, “О заманда бұ заман, мал сөйлеуші ме еді?..” деп бір-бірімізге таңдана сыбырлап, “Әлде шынымен сөйледі ме екен?” деп үлкен үмітпен оған жаутаңдап, әгәрки ол “Жігіттер, жібере салсаңдар қайтеді?” дей қалса қоя бермекке бейіл көңілмен амалымыз таусылып, оны шұрқыратып құрықтағанда да, қимай қасында ұзақ күн отырғанда да, тіпті, көзіміз қиып, бауыздағанда да қайран жылқы бізге бір ауыз тіл қатпады... Сонымен, арада екі-үш күн өткенде жоқ іздеген сегізіміз ауыл сыртында тоқайластық. Сәндібайлар Бәкірдің алдыңғы жылы жоғалып кеткен құмай тазысының сүйегін тапқанын айтты. Ақымақ ит ет берсе де, сүт берсе де Басекеме көнбей, бұрынғы иесіне қашып келе беретін. Битін сығып, қанын жалап отырған Бәкірде итке берер не бар дейсің, тышқаншылап кеткеннен Ақтөс қайта келмеді. Сабылып жүріп, сүйегін тауып, бірдеңені қиратардай болып Басекеме көрсеткенбіз. Ол ары-бері қараған болды да, аузына жөні түзу сөз түспеді ме, «қаңғыған немені жылан шағып алыпты» деді де қойды. «Желтоқсанның басында не ғып жүрген жылан? Сіздің көмекшіңіз оған ішінде инесі бар қазы тастапты ғой» деуге шынын айту керек қой, ұялғанбыз... Ал, Барлыбайлар былтыр ғана өзіміз сияқты шауып жүрген Телімбайдың сүйегіне жолығыпты... Е, деңіз... негізі, Телімбай сіз бен біздей емес еді. Басекеме аузын ашқаны да, ауа жұтқаны да, елге жаққаны мен айтқаны да ұнамай-ақ қойған. «Менің білгенімді білсең жетер, қалғаны бекер» дейтін оған Басекем. «Өзіміздей көрші ауылдарда бәрін халық өзі шешеді екен» деп Телімбай езеурейтін. Соңы не болды дейсіз ғой, «Сен онда сол ауылдарға барып, бірдеңе үйреніп келе қойшы» деп бәріміздің көзімізше Телекеңнің астына ат мінгізіп, қалтасына ақша салып, Басекем бір-ақ күнде шығарып салған. «Ертең келем» деп Телімбай айта алмады. «Қашан келесің?» деп біз сұрай алмадық. «Жаның аман болса, түбі бір келесің ғой» деді Басекем... Ұзын сөздің қысқасы, иығымыз салбырап ауылға келдік. Күллі жұрт бізді тосып отыр екен. Бірі қалмай жиналды. «Таба алмадық» дедік біз. «Әрине, таба алмайсыңдар. Оны өздерің де біліп кеткен шығарсыңдар?» деді көпшілік. “Енді не істесек болады?” деген жауабы жоқ сұрақты әркім өз кәлләсінде тербетіп, үнсіз ғана тұрғанымызда иттер шуылдасып кетті. Дәл менің тауыққорамның алдында ұли ма, қыңсылай ма, жеті-сегіз төбет тыным таппай шыр айналып шауып жүр. Тауық біткен жақын маңнан қонатын жер таба алмай қоқылдап аспанға шығып кетіпті. «Не де болса бара көрейік» деп бәріміз тобымызбен солай жылжыдық. Барсақ, сіздерге өтірік, бізге рас, Малдыбай ағам шалқасынан түсіп тауыққораның төрінде жатыр... Ана жаққа кетіп қалғанына да біраз уақыт болған сияқты ма, қалай өзі... Әйелдер жылады. Сосын «Біздің жылағанымыз кімге керек?» деп, өздері біліп сабырға келді. Сәлден соң құр тұрғанша деді ме, сықсыңдап қайта жылады. «Бұл ауылда жыламай жүрген кім бар? Болды қойыңдаршы» деп бір-біріне қайтадан басу айтты. Мұның бәрін қойшы, ол қалыпты жағдай ғой, ендігі ең қиыны, қазаны Басекеме қалай естіртеміз? «Мен тауып алдым» деуге ешкімнің батылы бармайды, оны жақсы білесіздер. «Біз тауып алдық» деп тауықтар мен иттер өмірі мойындамайды, мұны да білесіздер ғой деймін. Бас әбден қатты. Күн ойландық, түн ойландық, ештеңе таба алмадық. Ақыры, осы ауылдағы жалғыз мектепте еңбекке баулу пәнінен дәріс беріп жүрген мұғалім бала: «Мен бір мультфильм көргем. Ақсақ құлан туралы... Сонда ханға домбырамен естірткен. Біз де солай істейік те», – деді. Бәріміз қуанып кеттік. Дегенмен бұл ауылдан домбыра табу айдың бетінен сүюден қиын еді. «Ескіліктің қалдығы» деп Басекем қобыз-сыбызғы, сырнайдың бәрін өртетіп, ауылда ешкім ойнай алмаса да флейталарды қаптатып жіберген кез болатын... Әйтеуір, бір уақытта ел іші емес пе, бір домбыра табылды. Жалғыз ішегін дыңылдатып, оны бәріміз көріп шыққанымызбен, “жарықтық” деп еміренгенімізбен, «мен тартамын» деген ешкім болмады. «Сен тарт, мен тартпен» тағы бір күн өтіп, келесі күні ең үлкеніміз – домбыра, қалғанымыз оқтау ұстап Басекемнің ауласына бардық. Басекем есік алдына шыққаннан домбыраны қаңғырлатып, оқтауымызды тырнағымыздың сынғанына қарамай сабалап қоя бердік. Тегі, қайтер екен, дәл осы жолы бетіне айтайыншы, Басекемде күй тыңдайтындай қайбір мәдениет немесе күй түсінетіндей қайбір сұңғылалық бар дейсіз. Оған біздің арамызда домбыра тарта алатын бір адамның жоқ екенін қосыңыз. Ұзаққа созбай у-шуды Басекемнің өзі тиды. «Чо за мамбетство? Андағыларыңды мұражайға тапсыратын уақыттарың жетті ғой. Еһ, сендер ме, сендер...» деп терең күрсінген Басекем біз кеткен соң да шуы басылмаған тауыққораға қарай өзі-ақ жүре берді. “Бұл өлімге Басекемнен басқа ешкім кінәлі емес” деген бір батыл сенім көңілімізде гүл жарып, сол гүлдің иісі мен көркі бойымызды балқытып, нық басқан әр адымымызбен бірге шындық салтанат құрып біз де ілесіп келеміз. Басекем Малдыбайды ары қарады, бері қарады. Сосын «Бұл кім өзі?» деп бізге бұрылды. Танып тұр ғой. Өмір бойы киіп жүрген көнетоз қоңыр шалбары мен күн оңдырып жіберген көк шапаны-ақ «Бұл Малдыбай ғой» деп шырылдап жатыр. Басекем оны естісін бе, “Бұлар не дер екен?” деп аңысын аңдып тұр. Талай жерде үстінен түссең де тайқып жүре беретін Басекем, «Өзіңіз жазған заң былай дейді, сіз былай деп тұрсыз» десең, «Онда заңды өзгерту керек екен» дейтін Басекем, бұл жолы да ұстатқысы жоқ. Жалғыз айтуға жүрегіміз дауаламай, бәріміз бір ауыздан «бұл Малдыбай» деп шу ете қалдық. «Қойыңдар қай-қайдағыны айтпай! Бұл Малдыбай болса, мұнда не қылып жатыр? Мен оны тұзға жіберіп едім ғой» деді Басекем. Қайтсін енді, осы арада «Тұзы құрсын, тұзсыз да күнімізді көрерміз. Байымның аман жүргені олжа еді ғой» деп қайран Күлпәш кемсеңдеді. «Жөні жоқ сықсыңдама, Күлпәш. Сен білесің бе, мен білем бе, бұл Малдыбай емес. Малдыбай денелі, мығым жігіт емес пе?» деді Басекем. «Күлпәш Малдыбайды жақсы тануы керек қой... Не дегенмен, жиырма жыл отасты, бір қазаннан ас ішіп, бір төсекте қатар жатты дегендей…» деп осы ауылдың жасы үлкені сөз бастап еді, «Қойшы-ей осы, жоқ жерден көсемсімей. Мен жақсы білем ғой, Малдыбай намысты жігіт. Ешқашан ол тауыққораға кіріп өлмейді» деп Басекем шорт кесті. Ал енді біреуің бірдеңе деп көр, жаңа ғана көңілде бүршік жарған гүл солып, басқа жер таба алмай қалғандай аяқтың астында салтанат құрып жүрген шындық аң-таң болды. «Ең болмаса осы қылмысын мойындайтын шығар» деп үміттеніп тұрғанымызда Басекем тағы да уысымыздан шығып бара жатыр. Ол аз дегендей маған қарады да: «Сен не, қораңа елдің сүйегін жинайтын болғансың ба? Қане, үстіңнен іс қозғалсын демесең мынаны апар да көм» деді. Сосын көпшілікке бұрылып: «Біреу өлді екен деп бәрің құрығыларың келе ме? Бар, шаруаларыңды істеңдер! Онысы несі-ей?!» – деп айғай салды. Көпшілік тарап кетудің де ретін таба алмай, айта қояйын десе жібі түзу сөз де ауыздарына түспей лажы таусылды. “Бопты енді” деп кете берейін десе, күніне біреуі өлсе де «Мұным қалай?» дейтін Басекем жоқ. Қысқасы, бізден қайран болмасын сезді ме, көз жұмғанына үш-төрт күн болса да Малдыбайдың өзі қарғып тұрды. Әйелдердің біразы талып қалды, жүрегі әлсіздер (ондайлар бізде өте көп болатын, жалпы бізде бір жаста – СПИД, екі-үш жаста нашақор болу немесе сіз әлі атын естіп көрмеген аурулар таңсық болудан қалған) ана дүниеге жүріп кетті. Басқа дінге өтіп үлгермегендері «Аллалап», «О, божені» місе тұтпағандар «О, май гад....» деп, жағаларын ұстады. Ал Малдыбай болса, «Енді маған не істеп аласың?» дегендей алшаң басып барды да, Басекемнің жағасынан ұстап сілкіп-сілкіп жіберіп: «Мен Малдыбаймын!» – деп бар даусымен айғай салды. Қуанып кетті ме, ауылдың маңындағы тау біткен «Иә, иә, ол Малдыбай» деп Басекемнен сүйінші сұрағандай жарыса қайталап жатты. Жаңағы сұмдықтан тірі қалғанымыздың көзіміз жасаурап, тамағымызға өксік тығылып, «Ақиқат өлмейді екен-ау» деп айналамызға шын сүйсініп, сүйініп, жүзіміз бір қызарып, бозарып, сұрланып, «Енді Басекем не бетін айтар екен?» деп масайрай қарағанымызда, Малдыбай марқұмның бір әрекетіне де ең болмаса қабағы дір етпеген қайран менің Басекем: «Тәйт, бәтшағар! Қайдағы Малдыбайсың сен? Малдыбайымнан садаға кет. Ей, бейбақтар, сақ болыңдар! Бұл сендердің көздеріңе Малдыбай болып көрініп тұрған шайтанның нақ өзі. Сенбесеңдер, оны Малдыбай тұздан келгенде өзінен сұраңдар», – деді де, бөгелместен үйіне қарай жүріп кетті. Шарасы таусылған халық “Жаңа сенде қуанып едің ғой” дегендей тауға қарады, тау “Бірдеңені қиратардай қарғып тұрып едің, енді қайтер екенсің?” дегендей Малдыбайға қарады, Малдыбай ешкімге қарамастан екі иығын бір көтерді де, бағана жатқан жеріне барып қайта қисая кетті...
Шректің қайынжұрты
Шректің тағдыры тым ауыр болды, табиғат оған түр-келбет те бермеді. Ол талай жерлерде көзге шыққан сүйелге ұқсап, ешкіммен араласа алмай сопайып оңаша отырды, басқаларға жұғыса алмай көп ішінде қиналып, жап-жасыл болып, өзімен-өзі саяқ жүрді. Оны жақсы түсінген, қайғы мен қуанышта қасында болған жалғыз ғана жан бар еді. Ол күл түстес кәдімгі ақымақ есек болатын... Күндердің күнінде сол ақымақ есек бір патшаның қызы құзар шыңның басындағы айдаһардың қолына түскенін, кімде-кім сол сұлуды құтқарса, арудың жары сол болатынын естіп қалды. Патшаның шексіз байлығы мен бұрымдының көз тартар ажары есекті де қатты-ақ елітті. Бірақ, бойжеткенді құтқару қолынан келе қалса да, мәңгілік қосағы бола қою тым қиын екені біз ақымақ десек те есектің басына келді. Сонымен, ол көп ойланып жатпай-ақ өзіне қимаған асылды Шрекке сыйламақ болып, жалғыз аяқ жолдың шаңын бұрқыратып досына қарай шаба жөнелді... Қазір қоғам Шрек күлсе жалаңаш отырғанына қарамай қарқылдап тұрып күледі, алда-жалда ашулана қалса кез келген тесікке кіріп кетуге арланбас көңілмен құты қашып қалтырай жөнеледі. Шрек қалаған күні - той, қабағын шытқан күні елдің бәрінің жүрісі - мысық аяң. Ол жүз отыз басты айдаһарға күніне бір рет жергілікті ұлтты апарып беретін болып, айдаһар құрбандығына не істесе де өзі білетін болып екіжақты келісімшартқа отырған. “Олар өлсе сұраусыз, құл қылса да, күң етсе де бәрібір. Бұдан әрі-беріден соң патша ағзамның елі саяси астар іздеп сандалмасын” деді Шрек. Сонымен, оғлан күйеу қызды құтқарып, тым-тым алыстағы қайынжұртына қонаққа келіп жатқалы талай жылдар өтті. Үйіме қайтайын немесе ата-енемнен ұят-ау сәл аяғымды тарта жүрейін дейтін Шәкең жоқ. Алшаң-алшаң басады, күндіз демей, түн демей ойына келгенін қылады. Бұл өңірде Шрек тек есекке ғана қарыздар, есекке ғана ықыласты. Есек айтқан тілек пен арыздың аяғына жетпей қалғаны жоқ. Мәселен, ол “Гүлмайсаны таптадың!” деп жылқы мені теуіп жіберді. Бұған не дейсіз?” дейді. Шрек жылқыларды шырылдатып жүріп, жал-құйрығы төгілген ең таңдаулы сәйгүліктерді ұстап алады да айдың-күннің аманында ішек-қарнын жарқыратып тұрып, сойғызып тастайды. Тағы бірде “Туған інім жұмыссыз жүргелі талай болды” дейді оған күл түстес есек. “Есекжан, осындай ұсақ-түйек үшін мені мазаламай-ақ қалаған орныңа өзің отырғызсаңшы” дейді жасыл денесіне арасанның қара батпағын жағып ерігіп отырған Шрек. “Құр жүргенше деп, білім саласын басқартып қойдым. Ол жерде басқаратын да не қалды дейсіз?” деп есек келіп тұрады. Болмаса “Жиенім оқуды бітіріп еді” дейді кәдімгі есек. Шректің “Туу, сен де...” дегенінше болмай, “Не айтпағыңызды түсіндім. Өзім-ақ қатырам” дейді де есек тепеңдеп ұзай береді. “Үкімет басшысы еттім, кім отырмаған жер” деп есек көп ұзамай қайтып келе жатады. Шрек патшаға күйеу бала болғалы бері есек Шрекке неше мәрте кіргенін ешкім білмейді. Санап жүргендердің өзі жаңылып қалды немесе бостан босқа атылып кетті. Өйткені, кейінгі кезде есек тым кінәмшіл болып алды. Қит етсе “Ата салайын ба осы?” деп шыға келеді. Қысқасы, “Күйеу балаға жиі кіргенім қалай болады өзі?” деп есек ойламады. “Қойсаңшы енді” деп Шрек айтпады. “Ойыңа келгеннің бәрін істе, бірақ билікке араласпа” деп Шректің жары да, қайын атасы да тіл қатпады. Қазір Шректің төрт дүниесі түгел. Қайран қазақтар баяғыда барып-қайтқан жерін әспеттегісі келсе “Құстың сүтінен басқаның бәрі бар екен” деп қоюшы еді ғой. Еш жерде кездесе қоймайтын сол құс сүтінің өзі Шәкеңде түр-түрімен тұр. Ол қазір аптасына бір рет осындай сүтпен шайынып тұруды әдетке айналдырған. Қысқасы Шректе, менмін деген ерлерден алған үлкен базарлар, сауда орындары, әсем ғимараттар, патшаның қызынан да әдемі арулар, түрлі басшылық қызметтегі есектер дейсіз бе, бәрі бар. Ең қызығы, кәдімгі күлге аунап жататын, сиыр мен жылқыдан қалған шөпті талғажу ететін, ауыл-үйдің арасында оны-мұны шаруа атқарып, арқасының жауыры кетпей, көшедегі кез келген тентек баланың тақымында жүрген дәл осы есектер қазіргі күні құлағына қол апартпайтын болған. Қалаған жерінен тістейді, қаламаса басыңнан төмен қарай шаптыра салады. Сені бұл маңнан көргеніне жыны ұстап қалса жынысыңа қарап жатпастан артыла кетеді. Кімнен, неден қорқады? Қос құлағына тізілтіп бес жүзге тарта сырға таққан, ми қонбаған қазандай басына алыстан алдырған қымбат бөрік қондырған, тұяғына алтын жалатқан, есек біткеннің төресі - күл түстес сұр есек Шрек мырзаны үкі таққан құйрығымен желпіп отырғанда олар кімнен ықсын. Күндердің бір күнінде Шрек пен есек тағы жолықты. Бұл өзі алдын ала жоспарланған кездесу ме, жоқ әлде, күтпеген жерден ұйымдастырылған басқосу ма, ол енді біз сияқты қарапайым жұрт үшін аса маңызды емес қой. Бірақ осы отырыста есек сөзге көп араласпай, өзін өзі тежеп ұстағысы келсе де еркінен тыс миығына күлкі үйіріліп, жүзінен нұры төгіліп, тым жайнап отырды. Бұған дейінгі кездесулерде дауысын бәсеңдете сөйлейтінін, айтылуға тиіс сөздерінің басым бөлігі өтініштен тұратынын, есіктен кіргеннен еңсесі еңкіш тартып шыға келетінін дәл бүгін ұмытқандай... “Бауырларың қалай?” дейді оған Шрек. “Бәрі жақсы, Шәке” деп мұртынан күледі есек. “Таусылуға айналды-ау деймін. Кейінгі кезде көп келе бермейтін болдың ғой” дейді Шрек. “Бауыр таусылушы ма еді? Орын таусылып барады. Көлденең көз өтпесін деп айтайын. Қазір бізде басшылықта отырған есектер жетеді” деп қояды ол. “О, тоба! Орын таусылуға айналды ма?” дейді Шрек жеті қат көкке шығып кеткен қиялын қайта алдырарын, болмаса, тиіспей еркіне қоя берерін білмей. “Бұл елдегі барлық тиісті орындарға ең сенімді деген есектерімнің бәрін отырғызып болдым” дейді өзіне-өзінің көңілі тоқ есек шырт түкіріп қойып. “Сонда бос орын жоқ па?” дейді әлі де бұл іске онша көп араласқысы келмей отырған Шрек марғау ғана қимылдап. “Патша ағзамның орнынан басқа жердің бәрі біздікі” дейді есек тағы да тәтті жымиып. “Оны әзірше қоя тұр. Уақыты келгенде өзім айтам” дейді Шрек дәл осы тұста амал жоқ ұзай жайылып кеткен қиялдарын жинап алып. “Е, оны өзім де білем ғой. Дегенмен оны жылы орнынан қозғамасақ та болады” дейді есек ештеңеге алаңдамастан. “Е, неге?” дейді Шрек үлкен таңданыспен. “Өйткені, ол маған ұнайды. Оның үстіне ол да дәл өзіміздей күл түстес” дейді есек.
Резюме
Әй, ол кісі қанша қолқаласаңыздар да сіздерге өз еркімен ағынан жарылып, өмірінің ағы мен қарасын жіпке тізгендей тамылжытып айтып бере қоймас. Білем ғой, ол кісіні мен көптен білем һәм өте жақсы түсінем десем де болады. Егер қарсы болмасаңыздар, Басекеңнің жүріп өткен жолынан азды-көпті мәліметті мен-ақ жария қылайын. Мұны енді өмірбаян дейсіздер ме, резюме деп қабылдайсыздар ма, өздеріңіз біліңіздер.
1953 жылы дүниеге келді. 1960 жылы орта мектепке барды. Ең алғашқы болып пионер, ең алғашқы болып комсомол қатарына кірді. Мектептегі ең белсенді оқушы және отряд кеңесінің төрағасы болды. Ең басты ерекшелігі, он жыл ішінде бірде-бір рет мұғалімге қарсы келіп немесе олардан сөз естіп көрген жоқ.
1970 жылы ең таңдаулы ЖОО-на түсті. 1973 жылы ЖОО-да жүріп “Негізі, дін – апиыннан да улы екен ғой” деген тақырыпта диплом жазды. Ең таңдаулы деген бес газет пен үш жорналға “Құдайды қойшы, кім ол сонша?”, “Құлшылықсыз да аманбыз”, “Діншілдігіңнен тіршілігің мықты болсын”, “Он сегіз мың ғалам комсомолдың табанының астында”, “Жұмақ партия белсендісінің үйінде” атты әр қайсысы атқа жабу болатындай көлемді-көлемді сын мақалалар жазды. Өзі бас болып, көненің көзі ретінде кейбір ауыл, аудандарда сақталып қалған мешіт-медреселерді, тарихи орындарды бұзу шараларын ұйымдастырды. Ел сыйынып, шүберек байлап кететін оқшау тұрған тал-дарақтардың бәрін кескізді. 1974 жылы “Бір кезде әлем сөйлеген латын тілі де өлді. Оның қасында бұған дейін малшы мен жалшының тілі болған қазақ тілі өлексесін сүйретіп әлі жүр. Түбегейлі орыс тіліне көшетін кезіміз жетті. Бір одақта бір ғана тіл салтанат құруы керек” деп бастама көтерді.
1977 жылы коммунистер қатарына кірді. 1978 жылы “Қазақ пен иттің айырықша ұқсастықтары және қоғамда алатын орны мен маңызы” деген тақырыпта кандидаттық қорғады. Онда ол қала көшелерінде қаптап кеткен иесіз қаңғыбас иттер мен үлкен қалаларға ауыл-аймақтардан тіршілік іздеп ағылып келіп жатқан қазақтардың тұрмыс-тіршілігін салыстырып отырып жазды. Қазақ, мамбет, калбит, баран деген сөздерге қаңғыған ит деген атауды еш ойланбастан қосуға болады деп ол одақтың үлкен мінберінде тұрып 14 тілде емін-еркін сөз сөйледі. “Қазақша бір ауыз бірдеңе айтуға арланам” деп әзіл айтты. «Бір кездері үлкен қаланың орталық бақтарына «Иттер мен қазақтарға кіруге болмайды» деген тақтайша іліп қояды екен, мен сол уақыттың қайта оралғанын қалаймын» деп, қосып қойды. 1980 жылдан бастап еріктілерден құрылған “Ал қане, құртайық” деген топ құрып ауыл-ауылды аралап ел ішіндегі діни сауаты бар адамдардың бәрін қудалады. Екеуара отыра қалғанда сіріңкенің талымен немесе кәдімгі ойын картасымен “сүйеді, сүймейді”, “келеді, келмейді” деп пал аша қалған қарапайым жұрт басымен қайғы болып, қаңғып кетті. Қара суды теріс ағызатын, атан түйені аяқ-қолын жерге тигізбей алты сағат көк аспанда қаңтарып қоятын айтулы әулие-әмбие, бақсы-құшнаштардың қадірі қашты. 1986 жылдан 1988 жылға дейін желтоқсанда алаңға шыққан жастарды қаралаумен, оларды орға жығатын істерге куәлік етумен, олар – арандатушы, олар – ұлтшыл, олар – алқаш, олар – нашақор деген құжаттардың бәріне қол қоюмен айналысты. Сол кездегі деректерді, болмаса, басылымдарды ақтара қалсаңыз оның аты-жөнін оп-оңай тауып ала қоясыз. Есімі басқаша болып тұруы да ғажап емес. Бірақ аты-жөнінің астында “Бәлен газеттің бас редакторы”, немесе, “Халық әртісі”, болмаса, “Бәленше атындағы оқу орнының ректоры” деген аты дардай лауазымы міндетті түрде тұрады. Е, дейсіз. 1991 жылы бұл кісі қаншалықты қалады-қаламады, қоғам ол кісімен қаншалықты ақылдасты, санасты, оны бір өзі ғана біледі, әйтеуір ол уақытта елдің сөздік қорында көп кездесе бермейтін ТӘУЕЛСІЗДІК келіп жетті. (Ол осыдан үш-ақ жыл бұрын өзін қазақ емеспін деп мәлімдеп, ұлтын өзгерткен болатын. Осы арада айта кетейік, оның бала күнінде ел ішіндегі бір бұзақылар ұстап алып, “Араларыңда қазақ болса оңдырмаймыз” деген кезде “Қоя беріңдер, басқаларды білмеймін мен сығанның баласымын” дегені де әлі есімізде.) 1992 жылы бір жыл есеңгіреп және жаңа өмірдің аңысын аңдып жатқан Басекең “Жап-жаңа заман және ұлыдан да ұлы ұлт болашағы” деген қозғалыс құрып, қазақтардың мәселесін көтеріп, батыл-батыл пікірлер айта бастады. “Осы шыдағанымыз да жетер”, “Қайтер екен десе бастан ұратынды шығарыпты”, “70 жыл езгіледің, енді менің кезегім”, “Тіл құрыса менде құримын”, “Қазақсыз – Қазақстан: ойбай ол ақырзаман ғой” деген сериялы мақалалары аяғын жаңа ғана тәй-тәй басқан жас қоғамның көзінің жасын көл қылды. Көңілі босаған қоғам ыстық жастан көзі мұнартып қалталақтап-ақ кеткенде бір кісілер осыны пайдаланып, оған “Бәрібір орыс тілінің орны толмайды” деп сыбырлап үлгерді. 1993 жылдан бастап ол “Маған су да, құрлық та ыстық”, “Қос тіл – қос қанатым” атты екі мақалалар жинағын шығарып үлгерді. 1994 жылы “Құшағыңды аш – ислам әлемі” деген екі томдық шығармалары жарық көрді. Онда ол пайғамбарлар мен сахабалардың ерен ісі мен Құдайдың мәңгілігі туралы, ислам дінінің басқа діндерден ерекшелігі жайлы жеке-жеке тарау қылды. Осы жылдан бастап Құдай деген сөзді тек бас әріппен ғана жазатын болды.
1995 жылы қажылыққа барып келді.
Осы жылдан бастап “Ақтаңдақтарды көкорайға айналдыру” атты қоғамның төрағасы болып бекіді. Қазақтың ұзын тарихында ұлт үшін көз жұмғандардың бәрін жіпке тізіп, солар жайында деректер жинауды бастады. 1995 жылдан-ақ “Желтоқсанға он жыл: қайран да менің боздақтарым-ай” деген акцияны бастап кеп жіберді. 1996 жылдан бастап “Әулие кейіпті халық емшілері” бірлестігін құрып алды. Қай жерде мешіт ашылса немесе аруақтарға арналған ас беріле қалса, қалғып-мүлгіп дегеніміз қаридың намысына тиіп қалар, құран мақамына елтіп, сол жердің төрінде отыратын болды. Қазір оның “Ислам әлемінің көрнекті өкілі”, “Дін және біз” ислам ұйымының құрметті төрағасы деген атақ-абыройы бар. 1991 жылдан күні бүгінге дейін “Тәуелсіздікке секунд сайын тәу етем”, “Нұрлы жүзіңнен күні-түні айналдым”, “Жаса, жаса, жарқын күн”, “Еңсесі биік бәйтерек, бәйтерек болмаса қайтер ек” деген жыр жинақтары жарық көріп үлгерді. Ең қызығы, 2004 жылға дейін осы қарқынымен құйындай ұшып келген ол сәл ентігін басқан соң күтпеген жерден бір өнер шығарды. Қай албасты басқанын кім білген, таң ертең тұра сала “Елімізде қанша тіл бар болса, соның бәрін білуге міндеттіміз” деп ұран көтерді. Осының алдында ғана “Давай бәріміз төлқұжатымызға “қазақстандық” деп жазып алайық. Ұлттың енді бізге не керегі бар” деп ескі әнін қайта қозғаған болатын. Енді “ақпатсамның билігі мәңгілік болсыншы, а” деп таңдайы тақылдап жүр еді, оны да аз көрді ме, осы екі-үш күндікте “орыс тілі мен ағылшын тілін кез келген қазақ өз тілінен кем көрмеуі керек” деп сайрап отыр. Оған не дерсіз...
Жалпы, 2008 жайлы ештеңе айтпай-ақ осы жылмен қоя тұрсақ қайтеді...
Өгізге туған күн...
Естеріңізде бар ма, жоқ па, бала күнімізде бір орасан дәу өгіз жайлы ертегіні жиі айтушы едік қой. “Баяғыда бір өгіз әбден өсіп, жетіліп, үлкен болған кезінде кеудесіне нан пісіп, өзінің табынын менсінбей, жылқылардың үйіріне барып қосылады. Қамбар атаның ұрпағындай оттағысы, дәл солардай су ішіп, солардай пысқырынғысы келеді. Күндердің күнінде ол арманына да жетіп, “Менің теңім қылқұйрықтылар ғой” деп паңдана басып жүргенде үйірге қасқыр шабады. Жылқы біткен желмен жарысып құйғыта жөнеледі де, құйрығын қадап алып біраз жерге дейін қалмай жүгірген өгіз байқұс көп ұзамай-ақ кеудесі сырылдап қалың абалақтың ортасында жападан-жалғыз қала береді. Оның жан дауысы сәйгүліктерді селт еткізбегенімен, келесі қырдың астында жатқан табындастары өре түрегеліп, біріге қайрат көрсетіп, әупірімдеп жүріп өгізекеңді құтқарып алады. Ол солай тәубесіне келеді”. Ұмытпасам, әңгіменің ұзын-ырғасы осылай. Е, одан бері қанша мезгіл өтсе де мінез шіркін тұқым қуаламай тұрмайды екен? Сол өгіздің төртінші, әлде, бесінші, мүмкін, алтыншы ма екен, әйтеуір, бір ұрпағы - ақ бұзау дүниеге келді. Оның тым аппақтығы себеп болды ма, әлде өзінің бір ерекше сүйкімі бар ма, сол бұзауды табындағы бар ірі қара қатты-ақ жақсы көрді. Мүйіздемеді, теппеді, оған қарап жөні жоқ алакөзденбеді. Тіпті, бұзауын емізіп тұрған сиыр ол келіп қабаттаса кетсе де жүріп кетпеді. Бар ынты-шынтысымен емізді, құйрығынан иіскеп, сауырынан жалап, еміреніп қоюды да ұмытпады. Қазақ мұндайды “семіздікті қой ғана көтереді” деп қояды. Жүрген өрісі бір, жатқан қорасы қатар, кейде бір көңілі түспеген кездерде қағып-соғып өте беретін сол бір қойларды неге екені белгісіз ақ бұзау көп жақтыра бермейтін. Бірақ ол сол қойлар құрлы болмады. Күллі табынның әлпештеуі көңілін көтеріп, мас қылды ма, тым ерте бұзыла бастады. Бұзаудан баспақ шыққанда менмін деген бұқалардың бүйірінен балғын басымен түйгіштеп қоятын болды. Сабырлы бұқалар оған да мыңқ демеді. Баспақтан тана болдым-ау дегенде ұлттық маңызы бар шаруамен жүрген бұқаларға ілесіп, тіпті кедергі келтіріп десе де болады, келсін-келмесін сиырларға артыла кететінді шығарды. Бұған да маңғаз бұқалар мен сылқым сиырлар “Баламысың деген, қайда әлі саған” деп жымиды да қойды. Күндер өте келе аппақ тана-бұқа тағы бір өнер шығарды. Айдың-күннің аманында өздерін бағып-қағып отырған кәдімгі бақташыларға өзінен-өзі тап беретін болды. Аузынан сілекейі ағып, жүн басқан көзін әрең ашып, алартып, қазандай басын оңды-солды шайқап-шайқап қояды да, алдыңғы тұяқтарымен қара топырақты шымымен қоса қарпып алып арқаға қарай шашып кеп жібереді, ыңырана мөңіреп, оны да толық орындап шықпай, тамағына өксік тығылғандай, болмаса, демі жетпегендей үзік-үзік қылып, мөңіреудің де мәнісін кетіріп, ішін тартып тұрып алады. Шынымен-ақ, күні бүгінге дейін еміп жүрген ақ бұзау өте зор болып өсіп келе жатыр еді. Осы қарқынды өсуінен сескенді ме, әлде әл-әзір бізге бұқаның керегі жоқ деп шешті ме, бір күні оны бақташылар жиналып келіп алып ұрды да піштіріп тастады. Пішті екен деп тоқталып қалатын ол ма, құнан өгіз күнінде-ақ алты жасар бұқаны ықтыратындай болып өсіп, жетілді. “Әй, осы бақташыларды-ай” дейсіз ғой, кейде. Істеріне көңіліңіз толмағасын, кейімеске амалыңыз қайсы? “Ойбай, не болып қалды?” дейтіндеріңізді ішім сезеді. Қаншалықты нән болса да өгіз болып қалғаннан кейін маңқиып, өзімен-өзі тиесе жүгін тартып, болмаса күйісін қайырып қойып жүре беретін бе еді, кім білген?.. Қисыны қашып тұр емес пе, бақташылар оны шала пішіпті. Бойында сәл де болса еркектік сезім мен сол сезім сыйлайтын алапат бір күш қалған аппақ өгіз, мүмкін аппақ бұқа дегеніміз дұрыс шығар, бала күнінде “ақ бұзау” атанып еді, енді олай деуге ешкімнің дәті бармай бұл күнде “Ағеке” болды. Ағекем қызық болғанда ұрғашы біткенді маңынан шығармайтын бір қырсық мінез тапты, еркек біткенді жас-кәрісіне қарамай табынға жолатпайтын болды. Дәл осы арада айта кетейік, өзінің туған енесі “ағекем” емуін қойды-ау деген кезде әупірімдеп жүріп ауыраяқ болып, тағы бір бұзау тауып ала қойып еді, “бұл тұқымнан шыққан тұңғыш бұқа да, соңғы бұқа да мен боламын. Тарих менен басталуы, ол тарихтың бетінде менен басқа ешкім болмауы керек” деп шуынан енді арылып, “осы мен қайда тап болдым” деп төрт аяғын зорға басып тұрған тағы бір ақ бұзауды күллі сиырдың көзінше тапап-ақ тастағаны... Осындай бір адуын көңіл-күймен жүрген ақ бұқаға-ағекеге қарсы келер табын біткенде ешкім болмады. Бұқа-көңіл өсе-өсе тау болуға айналды, көз ештеңені көрмейтін, құлақ естімейтін дертке ұшырады. Бұл өмір шіркінді қойсаңшы, қисынын табам десе оп-оңай-ау, сондай бір паң қадаммен жүрген оның көзі жанары мөлдіреген бір байталға түсті. “Құдай-ау, осындай да сұлулық бола береді екен-ау” деп ойлады ол көптен ештеңе ойламаған шойындай ауыр басымен. Сосын оған тәуекелі жетіп, жақындап барып көрмек болды. Бірақ тәкаппар да көркем жылқы үшін мың жерден аппақ болса да Зеңгібабамен тұмсық түйістіру тұрмақ маңына жақындату жуса кетпейтін күнә емес пе, ол жел ғана тарап, күн ғана сүйіп жүрген құйрығын бір бұлғаң еткізді де, осқырынып қойып, үйіріне қарай самғай жөнелді. Бұған дейін бір рет болса да кеудесі пәсейіп көрмеген ақ бұқа да мұны бір сәт болса да көңіліне алмастан мүсіндей байталдың артынан тұра жүгірді. Кезінде арғымақтарға арғы ата-бабасы ілесе алмағанын бәріңіз жақсы білесіз, күллі денесін май басып, өрескел семірген “ағеке” қайдан жетсін. Алқынып, алаөкпе болып, шаты ақ көбіктеніп тұрған бұқаның өзіне-өзі қатты жыны келді. Дәл осы жолы ғана, тұңғыш рет ақ бұқа үшін бұл үлкен қорлық болып көрінді. Байталдың ең болмаса назар да аудармағанына қатты қапаланды. Сосын, “мүмкін ол асығыс болған шығар” деген ойды өзіне азық етіп, ол өзімен-өзі жусап жатқан үйірге келді. Басын шұлғып, оқшау ғана шыбындап тұрған сұлу байтал көзіне анадайдан-ақ шалынды. Ешкімді көзге ілмей, жолымды біреу кеседі-ау деген ойды қаперіне де алмай бірден солай тартқан өгіздің ірілігі жылқылардың біразына кәдімгідей-ақ әсер етті. Тай-құнандар ығысып жол беріп, биелер құлақтарын жымырысып, жақтырмаған кейіп танытып, сәуріктер оқыранып айбат көрсеткенімен жақын баруға бата алмай алыстан ғана қожаңдасып қалды. Өздері сасыған ірі қара деп есептейтін ашатұяқтыдан мұндай батылдықты күтпеген көркем байтал кәдімгідей-ақ таңданды. Сосын, бұқаны тым жақындатпай тағы да ойнақтап алыс кетті. Осы шаруаны мықтап қолға алған “ағеке де” мұрны пысылдап, оның соңынан қалатын емес. Бұлай жүре берсе көзге түсіп, сөзге қалатынын бірден сезген ерке байтал талай үйірді түрлі қиындықтан алып шыққан, талай үйірді тырп еткізбей ұстап жүрген алаяқ қарақасқа айғырдың қасына барып паналады. Айғыр байталдың бұл батыл мінезін қызық көріп, әлденеден оқыс дәметіп, иіскелесіп тұр еді, өздеріне төніп келіп қалған менмен бұқаның пысылы селк еткізді. Енді болмаса жарып тастайтындай болып, ентелеп келіп қалған өгіздің ай мүйізінен ол тікке шаншыла қарғып аман құтылды да, жалын күжірейткен қалпы, құлағын жымырып, көлденеңдеп біраз жерге дейін билеп барып, төрт аяғын тең басып тұра қалды. Осы ғұмырына дейін сиыр тұқымынан мұндай ақкөзді кездестірмепті, оны айтасыз, ол жаққа “Барсыңдар ма?” деп назарын да салмапты. Енді мына қызыққа қараңыз. Қателесіп қалған болар, немесе, ойыны шығар дейін десе, басын шайқап қойып ол тағы төніп келеді. Байтал болса осыны пана тұтып, шыр айналып қасынан шығатын емес. Қарақасқа бұған қатты-ақ шамданды. Бұл оқиғаны ол заманның бұзылуы деп бағалады. Есікте жүрген, бізден қалғанды жейтін, жаман қарасан басынған соң азбаған неміз қалды деп терең күрсінді. Сосын, жерді тарпып-тарпып жіберді де құйғытқан күйі бұқаның ту сыртына шықты. Бұқа бұрыламын дегенше көкжелкеден қарбыта тістеп, бар пәрменімен сілкіп-сілкіп жіберді. Бұған дейін бірде-бір тегеурінді қарсылықты көрмей, еркімен кеткен өгіз бұл оқыс қимылға дайын емес еді, өз денесін өзі ауырлап, он екі мүшесін меңгере алмай желкеден басқан салмаққа шыдас бермей ол тізерлеп қалды. Бұл уақытта желкені қоя беріп, айналып қайта алдыға шыққан қарақасқа қайта орнынан көтерілгенімен енді қандай әрекетке барарын әлі болжап болмаған ақ бұқаның қара тұмысығын ала бере көсіліп тұрып тепті. Бұл егер бір-біріне ескертіп айтар болса, бұқаның күллі тұқымына сабақ болар соққы еді. Таудай болып тұрған өгіз үн шығаруға шамасы келмей, сол тұрған жеріне гүрс етіп құлады. Алаяқ қарақасқа үйірін соңына ертті де бір кезде тастап кеткеніндей тағы да зеңгібабаны жалғыз қалдырып ұзай берді. Күн жатты, түн жатты, екі күн, екі түн дегенде өгізге жан бітті. Өзін шыр айналып, азан-қазан болып, өкіріп-бақырып жүрген табынды көрді. Басын қозғай алмайды, аузын ашуы тіпті мұң, үні де шықпайды, пұшайман болған бұқа табынға қарар беті жоқ, айтайын десе жібі түзу уәжі жоқ, мелшиді де қалды. Бірақ, көз алдынан сол бір байталдың бейнесі әлі де кетер емес... Күндердің күнінде өзіне-өзі келген бұқа айды аспанға бір-ақ шығарды. Енді біздің бұзаулардан бастап барлық сиыр атаулы жылқы тілін де үйренетін болсын, одан қалса күнде таң ертең бәріміз он шақырымнан жүгіретін болайық. Бұл біздің болашағымыз үшін, басқа малдармен тіл табысуымыз үшін, солардан кем болмауымыз үшін аса қажет деді. Бұл күнде бұқаның ұсынысы талқыланбайды, орындалады деп айтып па едім, айтпасам міне енді айтып отырмын. Зеңгі баба тұқымы елде жоқ есірік мінезді, өздеріне тумысынан жат қылықты бастады да жіберді. Таң атпай азан-қазан болып, буындары сыртылдап, сүйектері сықырлап буаз екеніне, кәрі екеніне қарамай, бұзау, тана демей бәрі алашапқын болып жүгіретін болды. Арада ай өтпей-ақ сауын сиырдың бәрінің желіні суалып, кексе сиырдың бәрі көксауға айналып, жаңа туған бұзаудың бәрі сүт жетпей іші өтіп, көздері алайды да қалды. Іріқара біткен көкмайса маусымда-ақ көтеремге айналды. Бұған енді өмірін мөңіреумен өткізіп келе жатқан мүскіндердің кісіней бастағанын қосыңыз. Ақ бұқаға жақын жүрген жағымпаздау сиырлар кәдімгідей-ақ кісінейтін болды. Олардың даусынан жылқы үнінің сәл де болса ұқсастықтары табыла қалса көзі жасаурап, тебіреніп, ақ бұқа кәдімгідей-ақ шалықтайтын болды. “Бұл ұлттық менталитетке қарсы, біз сиыр болып қалуымыз керек” деп күңкілдеп жүрген басқа бұқа-өгіздерді ағеке бір-ақ күнде тентіретіп жіберген. Бірақ соңғы кездерде оның өзі де табынынан оңашаланып, көркем байтал көрінетіндей жерге барып жататынды шығарды. Оның бұл қылығын табындағылар теріс көргенімен мазаларын алмай солай аулақ жүргеніне кетары емес. Әл-әзір үйір де, табын да қасқырдан аман... Алда-жалда аты жаман абалақ үйірге не табынға шаба қалғандай болса дәл осы жолы “ағеке” жалғыз қалады-ау...
Мәдениет пен монша
Ауылдағы жалғыз монша жұмысын тоқтатқанымен төрт дүниесі түгел қалпы, өзімен-өзі оңаша ғана тұрған болатын. “Дүкенді бұзып әкеткен бастықтың баласы қаладан қатырып тұрып үй салып алыпты” деп жұрт шулап жатқанда ол “артық-ауыс” тақтайлары мен қоршауынан айырылып қалды. Клубта соңғы рет кино мен концерт қашан болғанын ешкім есіне түсіре алмай өзара дауласып жүргенде монша шатыры мен тіреулерінен де көз жазып қалды. Ауылдағы үйлердің алды тозып, біразы қаңырап бос қалып, кейбірі дүкеннің ізімен қалаға аттанып кеткенде, шөп басып қалған тас жолмен “биыл мәдениетті қолдау жылы екен” деген оқыс бір хабар жетті. Халық бұл жаңалықты қалай қабылдарын білмей, “Құдай-ау, мәдениет әлі тірі ме еді? Азаматым-ай, ол да біз жаққа мойын бұрған екен-ау” деп, абыр-сабыр болып тұрғанда қолға ілігер ештеңесі қалмаған моншаның жалаңаш қабырғалары гүрс етіп құлап түсті...
Ауыл көрген алты қаза
Шамамен өткен ғасырдың 90- жылдары Ауылдың денсаулығы қатты сыр берді. Тынысы тарылып, бір орнынан қозғала алмай жатып қалатынды шығарды. Ешқайда бара алмайтын, ешкіммен қатыспайтын мүскінге айналды. “Жығылған үстіне жұдырық” болып, кейде бір қинала қалғанда бас сұғып, дамылдап қайтатын Аурухана мен Дәріхана деген егіз қызы көз жұмды. Онсыз да денсаулығы болмай жүрген қарт осыдан кейін қатты теңселіп кетті. Көп ұзамай Мәдениет үйі қайтыс болды. Ол кейде бір осы үйде отырып, ақжарқын ұлының әндерін тыңдайтын, әртүрлі киноларды қарайтын, кәдімгідей көңілі көтеріліп, желпініп, кеңк-кеңк күліп қайтатын. Енді міне, екі иығы салбырап, сақалынан тарам-тарам жас тамып, оны ешкімге көрсеткісі келмей, шал тағы бір ұлын о дүниеге шығарып салып тұр. Мәдениет үйімен тете өскен Кітапхана да аға-әкпелерінің ізімен аттанып барады. Әкей мүлде тұралап қалды. “Жұт жеті ағайынды” деген емес пе, осы үйдің еркесі хәм кенжесі Балабақша да бір-ақ күнде шетінеп кетті. Дәл осы қаза қабырғасына қатты батты ма, бұған дейін сыр беріп, үн шығармаған ақсақал “Кенже де кетті. Менде енді болашақ бар ма, жоқ па?” деп кемсеңдеп тұрып жылады... Ауыл қазір сүзектен тұрғандай құп-қу. Ол, жүрген жері мереке мен берекеге толы Дүкен деген қызынан да айырылды. Ең бастысы, Дүкеннен бір-екі бала қалды. Олар дәл анасындай ас та, төк жомарт болмаса да, аталарының азды-көпті қыжалатын айырып беріп отыр. Оның ендігі жалғыз тірегі, осы күнге дейін талай рет қалталақтап кетсе де құламай келе жатқан бірден-бір үміті – Мектеп. Ауыл енді бәрінен күдерін үзіп, бар көзқуанышы Мектеп болып, соны ғана алданыш тұтып, тұрып жатыр. Күндердің күнінде ғайыптан тайып, Қаладан “Ауылды қолдау жылы” деген бір сәлем келіп жетті. Қала ертеректе алысқа кетіп қалған тұңғышы еді. Кеше өзінің құшағынан шыққан, бұл күнде тасбауыр болып кеткен Қаладан қанша қол үзіп қалса да, шал кәдімгідей-ақ елеңдеді. Амал нешік, Қала алаулатып-жалаулатып келгенімен ел еңсесін көтеретіндей ештеңе де жасаған жоқ. Бірақ “Ауылға қарап жатырмын” деп елді тура үш жыл дүрліктірді. “Біреу-міреу көрсе өзіме кесірі тиер. Сөз болып жүрмесін” деп ойлаған болар, қарияның ел көреді-ау деген жерлерін өйтіп-бүйтіп түзеген болды да, сосын, бар байлығын өзіне заңдастырып алып, басқа да, өзі де жалыққан кезде Ауылды тағы да назардан тыс қалдырып, Қала жайына кетті...
Жүз отызыншы атаман
Еліміздегі ең, ең, ең үлкен адамнан бір-екі ауыз сөз:
- Құлболған мырза, алдағы күндерде қазақ тілін дамыту үшін нақты қандай қадамдар жасамақсыз?
- Осы сендер қызықсыңдар! Жалпы, қазақ халқына мен қатты таң қаламын. Бірде тілдеріңді бұлдайсыңдар, біресе өздеріңді саудалайсыңдар. Сонда қазақтан басқа ел тоқалдан туды ма? Туса да теңдік алатын кезі жетті емес пе? Мәселен, дәл қазір мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ресми тіл орыс тілі деп бекітіп қойдық. Мұны аз күнде сауда тілі – ұйғыр, дөңайбат тілі – шешен, құрылыс тілі – түрік, мыстың тілі – кәріс деп немесе 365 күнді екі күн татарша, екі күн немісше, екі күн дүнгенше сөйлейтін етемін. Бұл ортақ үйіміздегі, айтпақшы, осы сөзді де өзгерту керек, бұдан былай жатақханамыздағы татулық үшін де, 130 ұлттың намысы тапталмауы үшін де өте орынды болмақ. Айтпақшы, осы 130-ға шүйлігіп жүргендер де бар. “Қазақ қана ұлт, қалғаны ұлыс”, “Ресейді ғана көпұлтты мемлекет деп айтуға болады” деген сыңарезу пікірлер жиі кездесіп жүр. Бізге ұлтшылдықты қоятын уақыт жетті емес пе? Ұлтшыл болам деген Тұрар не болды? Әлихан мен Мағжан қайда қалды? Одан да жылы үйіңде, бала-шағаңның ортасында отырып, өзің бас болып, мүмкіндігіңнің барында қалған тілдерді үйреніп алмайсың ба? Бар-жоғы 129-ақ тіл ғой...
- Талай жылдан бері жоғары қызметте жүрсіз. Осы уақыт ішінде қиналып жүрген көптеген адамдарға көмегіңіз тиген болар?
- О, әрине. Мәселен, жақында маған бір еврей жігіті жолықты. Алдыңа келіп жағдайын айтып тұрған соң жүрегің тас болмаса көмектесесің ғой. Өзім қолдап, көп болып қолғабысымызды тигізіп, дүниежүзінің ең алдыңғы қатарлы миллиардерлерінің қатарына қостық та жібердік. Тәуба, әлі күнге сол жерде отыр. Еліміздің мақтанышы, айбыны, абыройы. Басқаларда ғана емес, бізде де сол бір ерекше жаратылған ұлттың барына нақты дәлел. Өз ағамыз ғой, бір-екі өзбекті де сол биікке шығардық. Кімнен кем? Отырсын! Негізі, қазір бізде байлар өте көп.
- Сонда біздің елде 130 ұлт бар дегенге сіз расымен сенесіз бе?
- Сен не, мені мазақтап отырсың ба? Әуелі, керек десең біз қазір жүз отыз емеспіз. Жақында мен Чукотияда болып қайттым. Кәдімгі тірі чукчамен көзбе-көз кездестім. Жаным-ау, мұздағаны сонша, иттің терісін етік, иттің терісін малақай, иттің терісін тон қылып, байқұстарда жалпы иттен басқа не бар дейсің, дірдек қағып зорға жүр екен. Ұзын сөздің қысқасы, әлгіні отбасымен Көктөбенің төріне көшіртіп әкелдім. Шағын ғана үш қабатты үй ұсындым, балаларының әрқайсысына бір-екіден таңдаған көліктерін бергіздім. Сосын, тағы бірде шетелдіктер қуалап жүріп қойдай қырған, бұл күнде қызыл кітапқа енген үндістердің біреуін қоймай жүріп Африканың бір түкпірінен тапқызып алдым. Ақшам кетті дегем жоқ, уақытым шығын болды деп тағы міндетсіп жатқан жоқпын. Сол үндіске қазақтың бір таңғажайып аруын алып бердім де, Астананың қақ ортасынан бес бөлмелі үй сыйладым. Сондықтан қазірдің өзінде біз, шүкір деп айтайық, жүз отыз беске жетіп қалдық. Алдағы күндерде, көзім тірі болса елдегі ұлт санын екі жүзге жеткізбек ойым бар. Сен де, сен сияқтылар да қазақ, қазақ деп қақсай бермей, осындай жанкештіліктерді де бір уақыт насихаттап тұрсаңдаршы.
- Қалай дегенмен де...
- Қоя тұр, ең бастысын айтпаппын ғой, біз тәуелсіздік алған он бес жылда елімізге келіп, күйеу бала болып үйренген және үлгерген қытай, шүршіт, ағылшын, үнді сияқты таңсық ұлттарды да өз санатымызға қосып, алдағы уақытта араларынан президенттік сайлауға үміткерлер табуымыз керек. Әрине, олардың көбі қазір құрылыста, медицина саласында немесе оқу орындарында жүр. Дегенмен, әділдік үшін бізге осындай қадамдарға да бару керек. Олар неге өз елдерінен басқа жерде ел басқаруға, жақсы тұруға немесе өз тілінде сөйлеуге құқылы емес.
- Енді алға қойған жоспарларыңыз жайында айтсаңыз?
- Жоспардан бұрын айта кетер бір нәрсе бар. “Біздің ұлан-байтақ жерімізде 130 ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр” дегенімізбен әлі де теңдік жоқ екен. Бізде бір ғана ұйғыр ауданы бар. Сонда орыс ауданы, кәріс ауданы, неміс, шешен аудандары қайда? Жалпы әділдік қайда? Парламент пен Сенаттан әр ұлтқа бір орын беру мәселесі де енді-енді ғана сөз болып жатыр. Сол жерде отырған қазақтарыңды да көріп жүрміз ғой. Мұрындарының астынан міңгір-міңгір еткеннен басқа сен айтқан қазақ үшін солар не істепті? Олардан көрі менің 129 ұлтымның марғасқалары артық.
Енді жоспарға оралайын. Мен қазір бір киім тіккізіп жатырмын. Қалпағы жүз отыз қырлы, әр қырға жүз отыз ұлттың ою-өрнегі салынған. Жейдесі мен шалбары да осындай. Ал қыздардың көйлегі – өздерің айта беретін қазақтың қос етек көйлегі болушы еді ғой – дәл сол көйлектей жүз отыз етекті, жүз отыз өрнекті, жүз отыз бояулы болмақ. Мемлекеттік туымызды да дәл осылай өзгертпек ойым бар. Бұл біздегі ұлттардың саны өскен сайын өзгеріп отыратын болады. Яғни, көйлекке етек, қалпаққа қыр қосыла береді. Ал әнұранды мүлде қайта жазғызам. Әнұран кез келген шағын салтанаттың өзінде жүз отыз тілде айтылатын болады және жүз отыз ұлттың арғы-бергі тарихынан толықтай сыр шертетін зарға, мұңға, қуаныш пен толғанысқа толы болмақ.
- Сонда қазақтар тағы да шетқақпай қалмақ па?
- Тоқта, тоқтай тұр енді. Сөзді бөлме. Қазақтарың жайлы көп әңгіме жоқ. Немене, кішкене күндеріңде ата-аналарың сендерге “қонақ кеткен соң жейсің”, “қонақ кеткенше ойнай тұр” деп ескертпеп пе еді? Әлде қонақтың аяғына оралғы болма деп қабағын суытып, жаз болса далаға, қыс болса бір бөлмеге тырқыратып қуып тықпап па еді? Сонда қонақтар аста-төк дастарханнан қарбыта асап жатқанда есіктің саңылауынан сығалап, жұтынып қана тұрмап па едіңдер? Аспаннан енді түскендей бола қалатындарың не осы? Біз де ата көргенбіз, біз де бір кезде қазақ болғанбыз. Дәстүр сабақтастығы дегенде менің ойыма бабаларымыздың осы бір қасиеті орала кетеді және өте қатты ұнайды. Қазір де дәл осылай болуы керек. Өз жеріңде отырсың, сендерге ешкім бір жаққа көш деп жатқан жоқ. Не болды сонша сұғанақтанып? Не болды басқа ұлттардың көзінше қайта-қайта күбір-күбір етіп? Басқа ұлттар тойынсын, ішсін-жесін, қалағандарынша алсын, апарсын алғандарының бәрін апаратын жақтарына. Қалады ғой, бәрін көтеріп кетеді ғой дейсіңдер ме? Сол қалғаны да жетеді. Тәуба десеңдерші осы күндеріңе. Тәуба! Баяғыдай қалаға кіргізбей қойса, қалаға кіре қалсаңдар баққа маңайлатпай қуса қайтер едіңдер? Қызық, ей, осы қазақтар...
- Қазір құлақ кесу, қуалап жүріп адам ату, көзі қарайған келімсектердің ұл мен қызды айыра алмай қалуы, Қошқарбай айлыққа он екі мың теңге алып жүрген кезде Шынароғлының айлыққа он екі мың доллар алуы көбейіп барады...
- Осы жерден қоя сал. Ей, айналайын, бір құлағыңды кессе екінші құлағың, бір көзіңді ойса екінші көзің бар. Құлағың мен көзің түгел болғанда не қиратып едің? Алдыңды көресің бе, дыбысты естисің бе, болды емес пе? Ал, екеуін бірдей кесіп алса қайтер едің? Бәріңді бір-ақ қырып тастады ма? Кетсе, бір-екі адам о дүниеге кеткен шығар, яғни, ажалы жетіп тұр, соған бола ұлтаралық татулыққа сына қағамыз ба? Басқалардан қазақ ақшаны аз алса, ол өз елінде отыр. Шынароғлы біздің жерде қай жетіскенінен жүр дейсің? Нан тапсақ, бала-шаға бақсақ деп қаңғуда. Қарайық та жағдайларына. Жалпы, осындай сөздерді қоймасаңдар, дәл осылай күңкілдей беретін болсаңдар өз обалдарың өздеріңе! Ұқтыңдар ма?!
Шолақ мылтық
Маған, біздің қазіргі қоғам – көзі суқараңғы соқыр, құлағы тас бітелген керең, мұрыны мүлде иісалмас, тек үңірейген өте қорқынышты қап-қара өңеші ғана бар үлкен мылтық болып елестейді. Арғы ата-бабаларымыз осы жарақты көрмей-ақ өмірден өтті. Бергілері өлген-тірілгеніне қарамай қарсы шауып, мылтығыңыз не зеңбірегіңіздің өзін турап тастады. Біраз жұрт тарс еткен даусы естілсе, екі құлағын жауып жата қалатын әдет тапты. Тәуелсіздік деген жақсы екен, бұл күнде бәріміз иығымызға бір-бір мылтықтан асып алатын болдық. “Сахнада ілулі тұрған мылтық қойылым аяқталғанша бір атылуы керек” дейді ғой білетіндер. Сахнадағы мылтық өз-өзінен атылып жатқан кезде иықта жүрген мылтық қарап жата ма? Бір-ақ күнде белгілі, белгісіз себептермен тарс-тұрс атыс басталды да кетті... Күндердің бір күнінде шолақ мылтық соқыр көзін тырнап ашты. Ғайыптан тайып жанары шырақтай жанған мылтекең өзінің мүлде ел назарынан тыс қалғанын, жападан-жалғыз көліктің артында жатқанын көрді. Алдыңғы орындықтағылар мәре-сәре болып, өзді-өзі гу-гу етеді. Мылтық бұған қатты арланды, тіпті, намыстан күйіп кете жаздады, мұны бастарына көтеріп қастер тұтпай бос әңгімемен келе жатқан жандарды тап қазір жер жастандырғысы келді. Жазушылар біреудің біреуге кектенген тұсын “атарға оғы болмады” деп суреттеуші еді ғой. Мылтықта, Құдайға шүкір, оқ дегенің жеткілікті еді. Оқ болғанда да атан түйенің тұяқ серпуге шамасын келтірмейтін адуын оқтары бар болатын. Соған сенген Мылтекең “бұлардың қайсысын атам?” деп ұзақ ойланып тұрмады. Араларындағы серкесі, өз ісінің білгірі, біреулер үшін көзге шыққан сүйел болған жас банкир, жас та болса бас банкир, осы арадағы ең бір аяулы жанды ол шүйде тұстан көздеп тұрып, шүріппені басып кеп қалды. Одан арғысы саңырау мылтықтың да, кімнің қолынан опат болғанын өзі ғана білетін, мүмкін білмейтін жанның ұзын сапарға бірге шыққан сенімді достарының да есінде жоқ. Бәрі келісіп алғандай не болғанын, кім атқанын ұмытты. Тек көз алдарында көліктің алдыңғы терезесіне шашылған қып-қызыл қан мен мидың суреті ғана мәңгілікке қалып қойды... Күнді қуып түн өтті, түннен қашып талай күн өтті, бұл оқиға да ақырын-ақырын көптің көңілінен өше бастады. Бұл жағдай ылғи назарда жүргісі келетін мылтыққа мүлде ұнаған жоқ. Ол енді қайтадан нысанасына ілуге лайық алып адам іздей бастады. Талай жерді тынымсыз кезді, талай есіктерден рұқсатсыз өтті, талай терезелерден зымян оймен сығалап тұрды, менмін деген ерлердің ту сыртынан тың тыңдады. Ұлтшыл болғансып, елдің қамын жегенсіп, өзі де сенбейтін бір сөздерге көпті ұйытпақ болып жүрген біреулерге ол оқты шығын қылғысы келмеді. Үкіметке жақпай, ұлтшылдарды жақтырмай, үлкен билікке келе алмай, біржолата қол сілтеп тағы кете алмай, не адамға не заманға күйлерін білмей, байына ренжісе төркініне барып жатып алатын, төркіні көңілін қалдырған күні сығырайып қайта келіп тұратын әтуерсіз әйелге ұқсап, бірде қосылып, бірде қайта ажырасып, бастары әңкі-тәңкі болып жүрген оппозициядан атуға лайық адам табылмады. Біз елдің қаймағымыз дейін десе қаймақ түсетін сүті маңызынан айырылып, су болып кеткен, айтса сөзі өтпеген, үйге де, елге де қадірі қалмаған, ұлтына жанын садағалай алмаса да, сөзі Толағайды тауымен бірге көтеріп алардай ірі, бірақ жеме-жемге келгенде іріп ала жөнелер тым жайдақ, бірін-бірі әспеттеп “зиялы қауым” деп қоятын топтан лайығыңыз не, көз тоқтатып қарайтын біреуді кездестіре алмай ол қатты қиналды. “Жаман иттің атын бөрібасар қояды дегендей, зиялысын бұлардың” деп тісін шықырлатып қойды. Сөйтіп жүргенде, кенеттен, ақпанның аппақ түнінде, мүмкін, көңілсіз бір күнінде оның көзіне еңгезердей бір қазақ түсе қалды. Қазақ болғанда қандай?! Нағыз марқасқаның өзі. Айтсаң ауызың толатын, атсаң оғыма обал болды-ау демейтін мықтының мықтысы, халыққа жасаған сансыз жақсылықтары мен көпке ұнаған батыл қадамдары үшін бұл кісіден қанша оқ болса да аямаған жөн. Сонымен, мылтық терезеден ұрлана басып кірді де ақырын барып ол кісінің жұп-жұмсақ орындығының үстіне жата кетті. Батыр аңғал деген емес пе, “Бұл не қылған мылтық? Оны мұнда кім қойды? Жалпы, бұл мұнда не қылып жүр?” деген сауалдарға маңқиған ерің жауап іздеп жатпады. Жас баладай алаңсыз көңілмен, саятшылыққа деген асқан құмарпаздықпен ол мылтықты қызықтап, аударып-төңкеріп ұзақ қарады. “Осымен мені атып қалса, өлер ме екенмін?” деп те ойлады. “Е, өлсем өлермін, өлмесем тағы көрермін. Соны да сөз деп... Осы мен қартаяйын дегенмін-ау өзі” деп, өзін-өзі бір жазғырып алған қазақ көп ойланып жатпастан мылтықты бүйіріне тақап тұрды. Сосын, “Қой қатын-бала естіп қойса, қанды көріп жылап есті шығарар” деді де мылтықтың ұңғысына дауысты естіртпейтін шұлық кигізді. Кигізді де “ұрыста тұрыс жоқ” деген емес пе, осы жер лайық-ау деген жерден ақырын ғана тырс дегізді. Алыптың аты – алып. Бір оқ оған маса шаққандай да әсер еткен жоқ. Мылтық болса намыстан жарылып кете жаздады. “Мұны қара” деп аң-таң болған батырымыз жанын қинап, өз қолын өзі қайырып апарды да арқа тұсынан тағы бірді басып қалды. Еріңе бұл да сөз емес екен. “Бұл күнгінің қаруын қойшы, билігінде де қауқар жоқ. Алпысты алқымдаған мені ала алмаған сендер де ұзаққа бармассыңдар” деп кеңк-кеңк күліп, ойынның қызығына біржола кіріп алған алаңғасар ұл енді мылтықты дәл басына кезеді. Ызадан жыларман болып, қалш-қалш етіп тұрған мылтық осы сәтті құр жібермеуге қатты-ақ бекінді. Дегенмен, бұл қоғамның былығы мен шылығы қат-қат болып жатқан басқа оқ түк те істей алмады. Амалы таусылған мылтық ұнжырғасы түсіп сілейді де қалды, ал арда қазақ “таң атқанша қансырап өлсем, өлдім. Болмаса мына мылтықты алып барып ел-жұртты бір күлкіге қарық қылайын” деді де көрпесіне оранып жатып қалды... Тағы да талай күн өтті, түн өтті. Ол өзіне лайық адамды іздеуден шаршаған жоқ. Осы дұрыс-ау деген талайлардың тізімі жасалды. Қайта сызылды, қайта қаралды. Кейбіреуінің тұсына сұрақ белгісі қойылды. Ұзын сөздің қысқасы, ол асықтың ішінен нағыз құлжаның алтын сақасын көрді. Мылтық оны жәй ата салғысы келмеді. Асықпай сөйлесіп, есептеспек болды. Иліктірсе, аяғына жықса, ең болмаса, өзімен санасатындай, айтқанына көнетіндей етсе, ол өзін жердегі “Құдаймын” деп ұялмай мәлімдейтін еді. Мойнына қарғыстан алқа таққан мықтының бар арманы орындала берсін бе? Ойлағаны іске аспады. Сонша күн торып, оңашада олжалап, адам құқын қорғаушыларға адам құқын қорлатып алып келген жаны қасқайды да тұрды. Оның көзіне тура қарауға мылтық екеш мылтықтың да жүзі шыдамады. Сарғыш өңі күнәдан қап-қара болып, кісі қарағысыз күйге түскен бетін жасырған қалпы есіл ердің ту сыртына шықты да, оқ жұмсады. Мылтық өзіне қарсы тұрады-ау деген шоқтығы биік ұлдың бәрін атып тауыстым деп ойлады. “Енді мені ешкім де тоқтата алмайды, мен теңдесі жоқ билік иесімін” деп масайраған ол айдың-күннің аманында тыныштығын күзетіп тұрған біреуді тарсылдатып тұрып атты. Сосын, көпшілікке қарады да “Маған не істеп аласыңдар. Сендерді ұрғаным бар ма?” деп доқ көрсетіп, жырқ-жырқ күлді... Мылтекеңнің әрбір қадамы біраз жұртты расымен-ақ құлағын жауып жата қалуға үйретті... Басым бөлігін тым қатты ашындыра бастады.
Қ-ның қасіреті
Біз білгенде Қ-ның Ө, Ң, Ғ, Ұ деген қолдың саласындай туған інілері мен Ү, І атты көздің жауын алатын қарындастары бар еді. Осы бір отбасы өзі-өз болғалы еш жақсылық көрмеді, бағы жанбады. Өз үйінің төрінде отырып қыспаққа түсті, теперіш көрді. Бұлар да бір ел екен-ау деп оларды елеп-ескерген, санасқан ешкім болмады. Өзінің аяқ асты болған көңіліне Қ-ның кейде бір көнгендей де райы байқалатын, тек бәріне мойынұсынған, құл екенін бар болмысымен мойындаған сананың бір түкпірінде қалған жасудай ғана жарықтан болар-болмас намыстың қозда қалған шоқтай боп, бір сынық сәулесі көрінеді. Көрінеді дегеніміз әрине көбейтіп айтқанымыз. Ол сәулені Қ-ның қалған бағын көп көрген кез-келген көлденең біреу үп еткізіп үрлеп немесе шырт еткізіп бір түкіріп, ерінбесе «сарылған сенікі, сарыған менікі» деп, асықпай отырып дәрет сындырса да шыж етуге шамасын келтірмей өшіре алады. Оған талап қылып, бізге бұлардың енді не керегі бар деп, дөңайбат көрсетушілерді кешегі тарихтан да бүгінгі қоғамнан да көптеп кездестіруге болады. Ақиқатын айту керек, негізі, Қ-ның көңіліндей көңіл, Қ-ның даласындай дала ешкімде жоқ. Оның дархандығы мен даласының кеңдігі, байлығы, бір-бірімен астасып жатыр, мынау Қ, ал мынау оның жері деп ол екеуін айыра алмайсыз. Керек десеңіз екеуін жекедара көре қалсаңыз қайсысы Қ, қайсысы жер деп аң-таң боласыз. Өйткені, екеуі де етек-жеңі кең, жоқ деуді білмейтін патшакөңіл, ақ-адал, қойны-қоншынан қазынасы төгілген, ол төгіліп қалды-ау, одан кедей-кепшікті қойшы - несібесі ғой, ұры-қары да аузы-мұрнынан шыққанша алып жатыр-ау демейтін ақпейілдер. Сонымен, сол Қ-ның, Қ-ның ғана емес бірге туған іні-қарындастарының басына күн туғалы біраз ғасыр алмасып үлгерді. Қ-ны ешбір ғасыр аямады, өкшесіне темірден нәл қаққан етігімен де, нәжіс мыжып кеткен табанымен де жаншып өтті. Ғасырмен бірге келген зауалдардың бәрі осының көрген зәбірі аз емес қой, ең болмаса біз мазасын алмайықшы деп, Қ-ны айналып өтпеді. Дәл қазір құр сүлдері ғана қалған, жанын шүберекке түйіп жүріп жинаған абыройынан күн өткен сайын айырыла бастаған Қ-ның жүрегін езген қайғыдай қайғы, жанын азапқа салған мұң мен шердей қасірет жер бетіндегі бір тіршілік иесінің басында жоқ екеніне мен бәс тігемін. Қ, Қ болғалы талай азапқа да, қорлыққа да, келемеж-мазаққа да қалды. Оған күлмеген, оны әжуаламаған, оны бір сәтке болса да жәйына қалдырған ешкім болмады. Тіпті кейде, кейде ғана емес-ау, осы бір тірі қуыршаққа айналғанына өзі қашан көніп кеткенін ұмытқан күннен бастап Қ-ның өзі де айнаға қарап отырып, әне жерін бір, мына жерін бір шұқып, өзін-өзі күлкі қылатын болды. Он екі мүшесінің біреуі артық сияқты көріне ме, әні ән емес иесінен адасып қалған аш иттің ұлығаны сияқты ма, ұлттық киімі үстіге қона кетпей өрескел ербиіп тұра ма, қалай өзі, әйтеуір бәрінің де әтуері кетіп тұр. Осының кез-келгенін күлкі қылам десе басқалардың құқы бар және мазағы өте орынды сияқты көрінеді де тұрады. Ол бірдеңені айтсам дұрыс болмай қалып, бәрі ду ете қалады-ау деумен, әлденені қолға алсам бүлдіріп алып, бәрі жағамнан алады-ау деумен, ел өткен замандарға тастап кеткен жаман әдеттердің, күл-қоқыстың, ескі, керексіз нәрселердің ішінде жарбиып әлі отыр. Ал оны сол жерден шығарып алайын-ау, осы біз кезінде қаңғып келгенде бәрімізді кең етегінің астына сыйдырып еді-ау дейтін тірі пенде жоқ. Қайта Қ-ны біражола сол күл-қоқыспен бастырып тастауға бар күш-жігерлерін жұмсап жатыр. Сен басқа, мен басқа демей, дәл осы істе бәрі де, жүз отыз ба өздері, әлде жүз жиырма тоғыз ба еді, қойшы әйтеуір олардың көп екені даусыз, қолдарында жүз отыз тас, мүмкін жүз отыз мылтық бар, тарсылдатып атқалы жүр. Атқалы жүр деппін-ау, жан-жақтан тарсылдатып атып жатыр. Айтпақшы, жылады деген осы екен деп, еңіреп, езіле беріппіз ғой. Жақсылықты да айтайық. Жақында Қ-ның бағы ешкім күтпеген тұстан лау етіп жана жөнелді. Бұл деген бұған дейін еш жерде болмаған, әй бұдан кейін де бола қоймайтын ерен қуаныш еді. Қызық болғанда, бұл шаттық Қ-ның ағайын-тумаларын да, қарсыластарын да қатты қайран қалдырды, тіпті, есеңгіретіп кетті десе де болады. Қ-ның еңсесі езіліп бітті, жұлыны әне-міне дегенше үзіліп кетеді деп, енді оның өлексесін сасып кетпей тұрып тез арада жеп алайық деп жаланып, тырнақтарын қайрап, тұмсықтарын тазалап отырған қарға-құзғын да, айналама күлкі болып, еріккенде ермекке айналып, солардың аз да болса көңілін көтеріп, әлі де біраз күн жүре тұрсам ба екен, әлде үндістерден қай жерім кем, бір-ақ күнде жер бетінен жоғалып кетсем бе екен, қайтсем екен деп екіойлы болып, әрі-сәрі күй кешіп жүрген Қ-да елең етіп, көңілінің түбінде қалған тамшыдай ғана үмітпен, жердегі басын көтеріп алды. Жақсылық пен жамандық Жаңа жыл сияқты емес, дабыраны онша жақсы көре бермейді. Сондықтан болар, екеуі де үй иесін сынағысы келген қадірлі қонақтай апақ-сапақта сап ете түскенді жаны сүйеді. Бұл жақсылық та дәл солай болды. Қ-ның ойламаған жерінен, Қ-ны мүлде керек етпейтін ортадан бір арда азамат келді де ең қымбат жердің, екінің бірінің қолы жете бермейтін қазыналы орынның кілтін ұстады. Ұстап қана қойған жоқ, өзі келгенге дейін шығып қойған құнды қағаздың - теңгенің бәрін сапырып отырып қарап шықты. Құдая тауба, сол теңгелердің біреуінде не өзінің, не өзі танитын қадірлі жандардың, дос-құрбыларының суреті жоқ екен. Қайдағы бір молда ма, құшнаш па, мүмкін сопы шығар оны кім біледі, басына сәлде ораған бір шалдың - ең болмаса тура қарап түскен 3/4 суреті болса бір жөн ғой - жақтырмағандай бір қырындап түскен суреті тұр. Әлгі ыза мен намыстан жарылып кете жаздады, сонда бұл келмесе бәрі осылай тұра бермек пе? АҚШ-тың долларына суреттерін салғызам десе қолдарынан келіп тұрған мына заманда бұл дегенің сұмдық масқара ғой. Жоқ, бұл тірі тұрғанда оған жол жоқ. Ол бірден іске кірісті. Алдымен ең жоғарыда отырған ағайға барлық жағдайды түсіндіріп хат жазды. Сосын, осылардың ішінен өзіңіз біреуін ұсыныңыз деп ол кісінің жеке түскен суретін, бірнеше кісімен топтаса түскен суретін және өзі бойтұмардай сақтап жүрген ағай екеуінің оңаша түскен суретін салып жіберді. Біраз уақытын жүген-ноқтасыз кеткен қиялына беріп қойған ол жаңа теңгенің бетінен ағайы екеуінің тәтті жымиып отырғанын көрген кезде өзінен-өзі шалықтап, денесіне діріл жүгіріп, жүрегі толқып-басылып қатты балқып кетті. Ол осы бір ойдың таңғажайып елесінен айыға алмай жүрген күндердің бірінде ағайдан “Қазірше оны қоя тұр” деген үшбу сәлем жетті. «Ақыры менің немесе оның, ойбай, қатты кетіп қалыппын ғой, ол кісінің суреті тұрмайды екен, атамзаманда ана жаққа кетіп қалған айдаладағы бір шалдың да теңгенің бетіне барып шалжиып жатып алар жөні жоқ». Дәл осы тұста айта кету керек, бұл теңгенің бетінен бұған дейін де біраз шал кетіп үлгерген. Біреуі домбырасын, біреуі кітабын құшақтап, енді бірі мұң мен «умға» толы сақалын тарамдап бір-ақ күнде жоқ болды да кетті. Олар аяқтарының ұшынан басып ақырын-ақырын шығып кеткені сонша, байқамай да қалдық па, әлде бір елге бір шал да жетеді ғой деп сабыр шақырдық па, (сабыр етпегенде не қиратар едің десеңізші) тіпті болмаса, басқа шалдардан гөрі осы дұрыс, қай жүз екені онша белгісіз деп ойладық па, көп шамырқана қоймап едік. Осы бір шал да аяқасты жоқ боп кеткелі, бейтаныс үйге тастап кеткен жас баладай қатты жаутаңдап, біртүрлі құлазыдық та қалдық. Қап, мен тағы бірді айтып бірге кетіп, ескі әніме салып, жоқтау айта бастаппын-ау. Барды айтайық та, барды. Сонымен, әлгі тосыннан келді де Қ-ны жарылқады дедік пе? Е, әңгімеміз сол арада үзілген екен ғой. Ол келе салысымен бар жағдаймен жақсылап тұрып танысты. Әсіресе Қ-ның ағайын-туғанының қасіретін бар ынты-шынтысымен тыңдағаны сонша, олардың маңдайына жазылған күллі қайғыны өз бойына сіңіріп алды. Ұзын сөздің қысқасы, Қ-ны дәл осылай түсінген, оның азасын, талай ғасырларға азық болатын зарын ұққан бұрынғы-соңғыда ешкім болмаған еді. Сөйтіп ол тым ерте тұрды да, игі іске кіріспек болды. Бірақ бір жапырақ қана қағаздың бетіне не жазасың, не сыйдыра аласың. Оның үстіне, алдын-ала жоспарлап, өлшеп-пішіп қойған қағаз бетін түнде бір көзі ілініп кеткенде бала-шаға қойсын ба, армансыз-ақ шимайлап тастапты. Біреуі қолының суретін бастырыпты, біреуі өлген өгіздің ит тартқан терісіндей умаждалған қартаның суретін, ес біліп қалғандары өздері тұратын жердегі құрылыс нысандарын салып үлгеріпті. Енді не істеу керек? Қайта жасауға уақыт тығыз. Бұл енді сылтау, расына келсек, мойын жар бермей тұр. Екіншіден, еңбектерін ескермесең бала-шаға да жылап-еңіреп мазаны алады. Ол, осы ақшасы құрғырға кім қарап жатыр, осылай тұра берсінші деп шешті. Ал, қалам тимей таза қалған аз ғана жерге «Ұлттық банқы» деп ойып отырып жазып қойды. Бұл оның Қ-ға жасаған ең үлкен жақсылығы еді. Ақыры сені ел елеп-ескермейді екен, ендеше амалсыздан болса да ақшаны алғанда көздері бір түссін. Міне керек болса! Енді ең қызығын айтайын, ол алдында Қ-ның барлық тумаларына қарасқысы келді. Қағазға «Ұлттәқ бөңқі» деп жазып көрді. Сосын, ойланып ұзақ отырды. Қой, бұным ұлтаралық татулыққа сына болып қағылар. Алдымен, Қ-ны көрнекі жерге әкеліп алайын, сөйтіп бірте-бірте басқаларын да көтеремін ғой деді. Ол айтқанында тұрып, көп ұзамай-ақ жаңа теңгені жарқ еткізді. Мұны көрген Қ-ның өлімін тілеушілер қатты тіксініп қалды, мыналарың не, түсі адам танығысыз бірдеңе ғой, бұны бір-бірінен қалай ажыратамыз, ең бастысы, алақандай екі-ақ беттен ертең о дүниелік болатын Қ-ға неге орын бердіңдер деп шу ете қалды. Бұлардың шуы түк емес екен, шудың атасы Қ-ның өз арасынан бұрқ етті. Саяси сауатсыз, арғы тегі надан болған соң осы ғой. Әлгінің астыртын жасаған оң қадамын түсіне алмады, аяқ астынан намысы қозып, бізді қорлады, бұл ұлы қателік деп шуды шуға қосты. Қағынан жерісе де су ішіп жүрген құдығым ғой деп қарасқысы келген ардақтыны бағалай алмады. Шаш-етектен жақсылық жасадым деп жанары жасаурап, өзінің ісіне өзі сүйсініп отырған есіл ер амал жоқ, бұны істеген мен емес, бала-шаға мен жоқта жазып жіберіпті деп жалтарды. Осындай ұсақ-түйек үшін айдың күннің аманында сыбағаластарын жарға жыға ма, аттарын атауға болмайтын, құрығы ұзын, ұлтаралық татулықты, тыныштықты жаны сүйетін, сол тыныштық үшін Қ-ны құрбан етуге бар, Қ-ның бірге туған қандас ағайыны, бірақ ағайын екенін өлтірсең де мойындағысы келмейтін бір шоғыр ғана қожайын Қ қасқайып тұрған теңгені бір-ақ күнде жоқ қылып жіберді. Ал, құнды қағазға қорықпай қадам басқан Қ-ның тағдыры не болды дейсіз бе?.. Қ-ның ендігі күні не боларын бір Құдай ғана біледі...
Дәріс үстіндегі түс
(Әзіз Несіннің ізімен) Шаршап-шалдығып, түнделетіп жол жүріп, таң ата әрең дегенде ауылдан келіп жеттім. Әйтеуір, ең бастысы, сабаққа үлгердім-ау. Мен де кірдім, лекция да басталып кетті. Қоңыр дауысты дәріскердің құлаққа жағымды баяу үнмен оқыған дәрісі ұзын жолдан қиналып келген көңілге бір жайлылық сыйлап, тұлабойға толық дамыл беретіндей. Көзім ілініп бара жатып, бір көзімді бір көзім жетелей жөнелмесін деп, партаға соғылуға аз ғана қалған басымды жұлып алам да, бетімді уқалаймын. Бойымда оған көне қояр, еңсемді тіктеуге атсалысар күш-қуат жоқ сияқты. Қысқасы, іштей ұйықтап қалмайын деп өзімді-өзім қыстап қоямын, бірақ қалғып бара жатқанымды анық сезіп отырмын. …Үлкен бір салтанат сарайы ма, әлде әдемі бір үйдің кең бөлмесінде ме, бұрын өмірі болып көрмеген бір еңселі ғимаратта, мен мүлде танымайтын, жүріс-тұрыстары сондай маңғаз, киім киістері өте келісті, тым маңызды адамдардың арасында жүрмін. Қолыма қызыл шарап құйылған мойыны ұзын тостақ ұстап, бір шетке көлденеңдете жайып қойған ауқымды дастарханнан киви мен бананды шұқып қана жеп айналама тамсана қарап қоямын. Сәлден кейін бір жез қоңырау сыңғыр-сыңғыр ете қалып еді, көпшілік ортадағы үлкен дөңгелек стөлге қарай аяңдады. Маған ешкім қал демеген соң, мен де ел қатарлы орындыққа жайғастым. Мұнда қайдан жүрмін, не үшін отырмын және қай жердемін?.. Оның бірін де біліп болмаймын. Жанымдағылардан жөн сұрай қояйын десем, “Сонша жерден келіп, осындай үлкен мәселені шешуге жиналып отырсақ, не үшін келгеніңді де білмейсің бе?” деп, өзімді сөге ме деп қысыламын. Не болса да мәжілістің аяғына дейін шыдайын, сөз саптастарынан аужайды байқармын, қайда отырғаным да белгілі болып қалар. Жаңылмасам, өте қатты дамыған елдердің біріндемін...
- Елімізге қош келдіңіз,- деді төрде отырған біреуі маған суық қарап. О тоба, осыншама адам отырған жерден мені тауып алғанын қарасаңшы.
- Рахмет,- дедім мен де салмақтанып. Бір сыр беріп қойсам, одан кейін бұлар мені адам дей ме?
- Ауыл-елге барып қайттыңыз, не көріп, не білдіңіз, айта отырыңыз. Жайлары қалай екен?
Бұған не десем екен? Көрген-білгенімнің бәрін ақтарып берсем, бірдеңені бүлдіріп алмаймын ба? Жоқ, дегенмен, әліптің артын бағайын. Бөтен ел, бейтаныс жерде отырып, ауылдың қайғы-қасіретін жырламай-ақ қояйыншы. Айтпақшы, бұлар менің ауылға барып келгенімді қайдан біліп алған? Иә, дамыған елдің аты дамыған ел ғой.
- Сіздердің ауылдарыңыз мүлде тозып бітуге айналған, ешқандай жағдайы жасалмаған мүшкіл халде дейді ғой. Сол сөз рас па?
Қап, шынымды айтып қойсам, кілең ығай мен сығайдың ортасында отырып елімнің беделін түсіремін-ау, ә? Оның үстіне мына тесіле қарап отырған қыз-келіншектердің көзінше зар жылап, мұң шағып отырғаным жараспас. Одан да бөсе берейін де, кім біліп жатыр...
- Олай деп сіздерге кім айтты?- деп даусымды ызғарландырып, түсімді сөз бастаған кісінің кейпіне көшірдім де, сұстана қалдым.
- Біз солай деп естідік, - деді әлгі кісі.
- Бұл ақпарды сіздерге кім айтса да, қатты қателескен. Меніңше, ол көре алмаушылықпен айтқан. Бізде ауылдағылар қаладағылардан да жақсы өмір сүріп жатыр. Олар жоқшылықтың не екенін ұмытып қалғалы қаншама уақыт өтті.
- Біз сіздердің кез келген ауылдарыңыздан, әрбір үйден жұмыссыз отырған жандарды көруге болады деп естіп едік.
- Жала, бұл жала! Таңғы тамақтарын ішер-ішпестен, әр бір үйдің алдынан жұмысшыларды бастықтардың өздері жинап алады. Керек болса, мен сіздерге нағыз шындықты айтайын, олар астарын жұмыс орындарынан ішіп, кешкі алты болмай әндетіп ауылға қайтады.
- Ал мәдениет үйлеріңіз бен дүкендеріңіз көшедегі жылқы, сиырдың ыстық пен суықта паналайтын қорасына айналды деп еді, оған не дейсіз?
- Не? Сол өзі рас сөз бе?- деп қалды жаңағы әдемі келіншектің бірі маған көк көзін төңкере қарап. Ойбай, тұлабойым шымырлап, қара тырнағымнан бір сезім күллі денемді қыттықтай жүгіріп, басыма бір-ақ шықты. Ер болсаң осындай сұлулықтың алдында “Сиыр мен жылқыға қора болса жақсы ғой. Оның бәрін қолы жеткендер бұзып қалаға алып кетті” деп айтып көрші.
- Әрине... жоқ... Шылғи өтірік. Бұл біздің дамуымызға іштарлықпен қараушылардың шығарып алған өсегі. Мәдениет үйі ауыл адамдарынан босамайды. “Айналайындар жұмыстарыңа барыңдар. Ең болмаса бір уақыт үйлеріңе бас сұғып шықсаңдаршы” деп есіктен итеріп шығарып жіберсең, сынған терезеден немесе құлаған қабырғадан... жоқ, қосалқы есіктен қайта кіріп алып ішулерін жалғастыра береді ғой... Жо-жоқ, ішкені несі, дайындықтарын тоқтатпайды. Бір қараңғы, бір жарықта әуелеген әнмен басталатын үйірме жұмыстары күні бойы бір дамыл таппайды. Иә, иә, онда әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді, сауық кештері өткізіледі, түсте балалар фильмі көрсетіледі, кешкісін үлкендер жиналады. Апта сайын ауыл елі ұйымдастыратын концерттер қаншама. Ал енді дүкендерге келетін болсақ, сөреден не аларыңызды өзіңіз білмейсіз. Сіресіп тұр ғой, сіресіп тұр. Бірін тартсаң сонымен бірге бәрі де сау ете қалайын деп тұрған соң бірдеңені бүлдіріп алып, ұят бола ма деп ешқайсысына тиіспейміз. Ұзын сөздің қысқасы, ауылда қу жаныңа керектің бәрі де бар...
- Ауыл-ауылдың арасына қатынайтын бірде-бір қоғамдық көлік жоқ, ел ары-бері жаяу сабылады. Жолдың бәрі шұрық-тесік. Жасалмағанына он шақты жылдан асып кетті деп естіп едік. Кейбір ауыл, аудандарда жарық пен ауыз су да, телефон да жоқ деп еді?
Шынымды айтайын, дәл осы кезде оң жағымда отырған бейтаныс біреу мырс ете түскендей болды. Мәдениеттің бәрін бір жаққа ысырып қойып, әлгіге тым өрескел болса да бұрылып тұрып қарап едім, өзіммен қатар оқитын ұлты күмәнді қалалық студентке ұқсайтын біреу маған мүсіркей қарап отыр екен. “Қап, мыналардың қорлығын-ай, ә”
- Сіздер мұндай жалған ақпарды кімнен алып жүрсіздер? Әлде мені мазақ қылғыларыңыз келе ме? – деп жұлқынып-жұлқынып қойдым. Келіншектің қарағаны тым кербез екен, оны қойшы, маған мынаның қарағаны өтіп кетті. Сол шамданған көңіл-күй қатты әсер етті ме, осы өтірік-ау, біліп қойса ұят болады-ау деген ой жайына қалды да, әбден арқаланып алған намысшыл басым жалған сөйлеуге намыстанбай-ақ сайрай жөнелді.
- Жо-жоқ, біз мүлде ондай ойда емеспіз. Сіз бізді дұрыс түсініңіз,-дейді олар кезек-кезек.
- Ендеше, тыңдаңыздар. Менің ауылдан келгенім жаңа ғана. Көрші ауылға қарай трамвайдың жолын жасап жатыр екен де, қанша қаламасам да метромен келуіме тура келді. Ал, ұшақты мен о бастан ұнатпаймын. Кеме дегеніңіз тым баяу жүре ме, поезд екеуі тербетіліп адамды тез шаршатып жібереді. Күніне бес уақыт жүретін автобус та, тролейбус та трамвайдың жолы жасалып біткенше іске қосылмайды. Айтпақшы, сіздердің сөз тасығыштарыңыз соны айтып жүрген болар. Оны өздеріңіз білесіздер. Ал әр үйдің алдында – жүрмесе де елге айбар болып тұрсын деп, соңғы малын саудалап алып қойған Кеңес одағынан қалған су жаңа жеке көліктер тұр. Баласы есігінің алдындағы мектебіне атпен сүйресе де сол көлікпен барып келеді. Әр ауылдың арасында бос сабылып жүрген автокөлік қаншама? Кез келгеніне отыр да, кете бер. Бір тиын да алмайды. Ал жарыққа келетін болсақ, оны айтып жатудың өзі ұят. Күні-түні қаңқылдаған радио мен теледидардан құлағың сарсиды. Электр шамының жарығынан көзің қарығады. Сондайда, өздеріңіз айтқандай, шынымен-ақ ата-бабаларымыз сияқты бір уақыт шамды өшіріп, қараңғыда тыныш отырғымыз келеді.
- Ке-ре-мет! Мынау ел естімеген жаңалық қой. Біз мүлде қате пікірде болған екенбіз. Сіз кешіріңіз, сонда да біз тағы бір естігенімізді айта кетсек...
Мына отырыстан, сансыз сауалдан және үзіліссіз өтірік айтудан жалығайын дедім. Қиялым да таусылуға айналды. Осындай үлкен адамдар мынандай алқалы жиынға біздің елдің жағдайын білу үшін ғана жиналған ба? Сонда бұлардың басқа жұмыстары жоқ па? Мен бұлардың орнында болсам, осы қызметті пайдаланып сауда орындарын, мейрамхана, сауықханалар ашып, болмаса, туыстарымды жақсы орындарға отырғызып, біраз жерлерді жекешелендіріп алар едім. Ал бұлар “Ондай екен ғой, мұндай екен ғой” деп ұсақ-түйекке бас ауыртып отыр.
- Сіздер қарсы болмасаңыздар, мен қайтайын. Асығыс едім...
- Сіз ең алдымен жауап беріңіз. Елдеріңізде жергілікті жұмысшылардың жалақысы ештеңеге жетпейді. Зейнеткерлер күнін әрең көріп жүр дейді. Бұған не дейсіз?
Осыдан кейін жер басқа жұлдыздарға соғылып қалар болса да шынымды айтсам ба екен? Мүмкін, бұлар бәрін біліп келіп, мені сынайын деп отырған шығар?.. Жоқ, басы қалай басталды, соңы да солай аяқталсын. Қазір қызды-қыздымен ағымнан жарылып, бәрін айтып берер болсам, бұлар бірден біздің басшыларға “ауылдарыңыздың жағдайы өте төмен екен, ел тозып бітуге айналыпты. Міне, бәрін мынау тізіп отырып айтып берді” десе, қолы ұзын билік бір жерге апарып қылдырықтай мойнымды екі бұрап жұла салмай ма? Басқалардан кемсің бе деп, ата салса немесе бір жерге көміп кетсе жоғымды кім жоқтайды. Менен он есе зор, әне-міне ел басқарады деп отырған ірілер қолды болып кетіп жатқанда “Жарайсың, шындықты айтыпсың!” деп менің басымнан кім сыйпай қойсын. Кем дегенде қолым әрең жеткен оқуымнан шығарып жіберсе, қайда барып күн көрмекпін! Қой, “пәледен машайық қашыпты” деген.
- Қателесесіздер! Біз жайында мүлде басқа пікірде екенсіздер ғой. Жаңағыдай жағдайы бар ауылдарда ақша көрмеді деген не сұмдық! Мұндай дәлелсіз дәйекті қайдан алып жүрсіздер? Ауыл халқы деген ақша ұстаудан жалыққан. Оны айтасыз, ауылымыздағы жыпырлаған валюта айырбастау орындары ұсақ долларларды алмай, ит қылмай ма?
- Сұмдық! Мынау не деген керемет!
- Тамаша, нағыз бай мемлекет...
- Не деген мықты ел! – деп, айналамда отырғандар дуылдатып тұрып қол соқты. Аяқ астынан үлкен қошемет-құрметтің астында қалдым. Айтқанымның бәрі өтірік болса да мына жағдай маған қатты-ақ ұнады. Кәдімгідей еңсем көтеріліп, жан-жағыма қоқилана қарап қоямын. Кенет, мұның бәрі түсім екені есіме түсті. Көңілімнің арғы бір түкпірінен арым әлде мені ылғи түртпектеп жүретін ақ сайтаным: “Ең болмаса түсіңде шындықты айтсаңшы, ел жайын ең болмаса түсіңде ойласаңшы. Ауылдың қайғы-қасіретін ұмытып кететіндей бастық та емессің ғой”, - деп тынымсыз түртпектеп жатыр.
- Демек, ауылдарыңыз өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады ғой. Ештеңеге де мұқтаж емес қой? Солай ма?
- Әрине, солай!
- Олай болса, сау болыңыз. Біз – дамыған мемлекеттердің ең ірі өкілдері жиналып, сіздерге инвестиция бөліп, ең төменгі пайызбен несие беруді және еш қайтарымсыз материалдық көмек көрсетуді қолға алмақ едік...
- Не-ме-не? Қалай дедіңіз? Сіздер мұны неге ертерек айтпадыңыздар. Мен кішкене басқарақ...
- Көріскенше! Ауылдарыңызға сәлем айтыңыз.
Мен бойымды буған ыза мен өкініштен жылап жібердім. Зәулім ғимаратты да, зиялы адамдарды да есімнен шығарып, бар даусыммен зарлана айғай салдым. Осы дауыстан оянып, осы дауыстан есімді жыйсам дәріс аяқталыпты. Мені ары-бері жұлқылап оята алмаған студенттер есікке қарай беттепті. Ал, мен расымен-ақ жылап отыр екенмін…
“Дедім-ай-ау”
Атақ пен даңқты кім жақсы көрмейді дейсіз. Кейбіреулерге ұқсап, “мен мақтанғанды сүймеймін” деп көлгірси алмаймын. Кәдімгідей абыройға ие болып, ел көзіне түсіп, ән-жырым халық арасына кең тарай бастаған кез болатын. Өнерімнің арқасында өрісім ұзарып, алыс-жақынға барып келетін, кейде реті келіп жатса шекара асатын дәрежеге қолым жеткен. Бір топ қадірлі жанмен бірге шет елдерді аралап, кездесулер өткізіп, елге келгенім сол еді, қайдан естіп қойғанын кім білсін, кезек-кезек бұқаралық ақпарат құралдары шақыра бастады. Оларды өтірікті тым көп айтатын өсекші деп менсінбегенсіп жүргенімізбен, көздеріне түсе қалсақ немесе олар елеп-ескере қалса бірдеңеден дәметіп, тәп-тәуір-ақ елеңдеп қаламыз ғой. Сондықтан, осы мүмкіндікті жіберіп алмайын деп, сәті келіп тұрғанда оларды бір аралап шыққым келді. Сонымен, алғашқы кездесуді баспасөзден бастадым. Ол жерде мені шашы шұбатыла төгіліп, құлағына дейін жетіп жығылған бір бойжеткен қарсы алды. Әр нені бір сұрап, үстімдегі киім-кешекке дейін ұстап көріп, жанымды суырып алғалы тұр. Сонымен қойшы, әңгімемізді бастадық та жібердік. Оның ұзын ырғасы былай болды:
- Аты-жөніңіз? А-а, ол белгілі ғой. Туып-өскен жеріңіз және қысқаша өмір тарихыңыз? Жоқ, ол да қызықсыз. Қазіргі оқырманды бұл сауалдар қызықтырмайды. Сүйікті әндеріңіз қандай десем тағы болмайды, ә. Бірден оған кетіп қалсақ тағы пәле. Не десем екен? Е, жаңа есіме түсті ғой. Осы уақытқа дейін неше ән жаздыңыз және неге жаздыңыз?
- Алты, жеті әнім бар. Алдағы күнде...
- Алдағы күнді қоя тұрыңыз. Сосын, алты, жетіңіз не сіздің? Республикалық газетке шыққалы отырсыз, күллі елге насихатталудың мүмкіндігі туып тұр. Ал сіз?.. Мұныңыз тым аздау ғой. Кішкене ойлансаңызшы, қосаңызшы. Ең болмаса, он алты, он жеті деңіз. Келістік пе?
- Келіскенде енді... Көпшілікке өтірік айтып, газет деген киелі...
- Ой, қойыңызшы. Өмір бойы өтірік айтпай келе жатқандай. Отырыңыз онда бес-алты деп...
- Енді...
- Ендіні қоя тұрыңыз. Одан да әнді неге жазасыз, соған келейік.
- Неге жазасыз емес, ән қалай дүниеге келді, не түрткі болды деп сұрасаңыз жөн болар еді.
- Қызықсыз. Мені түзеткенше, берген сұраққа жауап қайтарып тыныш отырмайсыз ба? Әндеріңіздің көбі ғашықтық жайында екен ғой. Соның ішінде басым бөлігі бір қызға ғана арналыпты. Немене, ғашықсыз ба?
- Енді ғашық болғанда, тірлік болған соң...
- Тоқ етеріне көшіңізші.
- Сүйгенім тұрмыс құрып кетті. Соған деген сағыныш, үміт, аңсау көңілден ән болып...
- Тоқтаңыз. Сүйгенім тұрмыс құрды дегеннен гөрі, өліп қалып еді дегеніңіз жөн болар еді. Кімнің қызы тұрмысқа шықпай жатыр. Жалпы, қыз болған соң күйеуге шықпағанда қайда шығады. Бұл сөзіңіз оқырманды селт еткізе алмайды екен. Ал өлді десеңіз халық сізді аяйды, сізді ойлап, мүсіркей бастайды, ұмытпайды. Әңгімемізді де жақсы қабылдап, тағы кімі өліп қалды екен деп соңына дейін оқып шығады. Болмаса олардың санасына қозғау салу оңай емес.
- Шындықтан тым ауытқып кеткен жоқпыз ба?
- Ол жағын маған қоя беріңіз. Сонымен, келесі сұрақ. Әнді қай уақытта жазасыз және ән жазар алдында қандай сезімде боласыз?
- Ән өзінен-өзі жазылмайды ғой. Кейде бір толқып, бірдеңеден әсер алғанда...
- Ой, сіз де. Өйтіп бір сарынға түсіп алып шұбалта жөнелсеңіз, сіздің басқалардан еш айырмаңыз болмай қалады ғой. Кішкене құбылтсаңызшы. Тіпті, жазғым келгенде кез келген жерге отырамын да жаза салам десеңіз, қандай тамаша болар еді. Бұл сіздің өзгеге ұқсамайтын бір ерекшелігіңіз болар еді.
- Шындық керек қой, шырағым-ау.
- Оны кім тексеріп жатыр дейсіз. Сізге ұқсап “толқып, балқып” деп отырсақ елді жалықтырып алмаймыз ба? Бір селт еткізетін әңгіме айта алмайсыз ба? Мәселен, құлағыма белгісіз бір әлемнен керемет бір әуендер келеді де тұрады. Кейде сол әндерді біреулердің аузынан естимін. Мәселен, Шәмшінің әнін бұрын тусам мен шығарар едім ғой деген сияқты бірдеңе айтсаңызшы.
- Қарындасым-ау, бұл сөзің ақылға сыймайды ғой.
- Не деген сексеуіл сияқты тырбиып, илікпей қалған адамсыз. Жарайды, құрысын. Келесі сұрақ, ән жазар алдындағы әсеріңіз?
- Енді ол әркімде әр қалай ғой. Мысалы мен жалғыз қалғанды, кейде таң ата бақта оңаша жүргенді ұнатам.
- Сәл өзгеріс енгізейік. Кішкене қызықтырақ болсын. Ән жазар алдында кейде бір өлгім келеді десеңіз...
- Не-ме-не? Сіз біресе қызымды, біресе...
- Шошымаңыз. Бұлай десеңіз қайта халықты өзіңізге тартасыз ғой. Елдің назары сізге ауады, сізді сүйіп тыңдайтын болады. Таң ата, кейде түн қараңғысында тауға қаңғып кетем де бірнеше әнмен бір-ақ ораламын десеңіз, тіпті қатып кетер еді. Біз осы салада жүрген адамбыз, білеміз ғой, жаным ашып қолғабысымды тигізейін десем, ертоқымыңызды бауырыңызға алып тулайсыз. Өзіңіз біліңіз, маған бәрібір. Дегенмен, әңгіменің тым бірсарынды болып кеткенін өзім қаламаймын. Жарайды, енді соңғы сұрағыма көшейін, осыған келістім деңізші. Е, келіскеніңіз жөн ғой. Сонымен, сүйікті тамағыңыз?
- Айналайын, оны да бірдеңе қылып өзің жаза салшы.
- Не? Өзің жаза салғаны несі? Сіз бізді кім деп ойлап отырсыз? Мен қайдан білем сіздің нені жақсы көретініңізді. Қойыңыз, біз өйтіп әлдекім үшін жауап бере алмаймыз, біреу айтты екен деп өтірік жаза салып, ертең басымызға бәле тілеп алар жайымыз жоқ.
- Жаным-ау, бағанадан бері мың бұрмаланған шындық енді тамаққа келгенде неге керек болып қалды?
- Сіз өйтіп бізге жала жаппаңыз. Мен сізге тек түзетулер ғана енгіздім. Айтыңыз, нені жақсы көресіз? Ет, кеспе, күріш, ботқа. Атасаңызшы біреуін.
- Бәрін жаза бер, шырағым. Не деп жазсаң да өзің біл. Тіпті жуынды ішеді десең де еркіңде. Тек мені босатшы...
Тағы не сұрағаны, одан кейін не болғаны толық есімде жоқ. Баста жатталып қалған жоспар бойынша, теңселіп радиотілшіге барғанымды ғана білем. Ең бастысы, ол жердегі қара баланың жүзі шындық іздеген әлгі қызға қарағанда жылылау көрінді. Қазіргі балалар білімді ғой. Бәрін де өзі біліп отыр. Мені де көп сөйлетпейді. Радио жарықтық та жақсы емес пе, елге әлемтапырақ болған түрім де көрінбейді. Алдымдағы столға жантайып алып, басы артық сөз де айтпастан басымды шұлғып қана отырдым. Сонымен, әне-міне дегенше екеуміз радио толқынында тікелей эфирге шықтық та кеттік.
- Бүгін біздің студиямызға қонаққа жас әнші, сазгер Әншырқар Таусылмасұлы ағамыз келіп отыр. Көптеген әндері ел аузында екені бәрімізге белгілі. Оның бәрін санамалап жатпай, біз ағамыздың қазіргі шұғылданып жүрген жұмыстарына тоқталалық. Сонымен, аға, жақын арада ғана шет елдерде болып қайттыңыз. Шығармашылығыңызға оның әсері болды ма?
- Әрине, басқа ел, басқа жұрт...
- Иә, ел көріп, жер көріп, бір шабыттанып қайттым дейсіз ғой. Мына заманда ел аралаудың өзі қиын болып кетті дегендей.
- Солай десе де болады. Тіпті...
- Онда келесі сұрағымызды қоялық. Елімізге танымал болғаныңызбен, шет елдің аты шет ел ғой. Олар сізді қалай қабылдады?
- Мен жалғыз емес едім. Оның үстіне...
- А-а, сіздің бір топ белгілі өнер қайраткерлерімен бірге кеткеніңізді, жақсы абыроймен оралғаныңызды, тіпті, бір ән жазып қайтқаныңызды естідік. Енді алдағы жоспарыңыз қалай? Қандай ән жазғалы жүрсіз?
- Еліміздегі жүз отыз ұлттың бауырмалдығын негізге ала отырып...
- Иә, әрине. Не дегенмен ол жақта да дәл біздікіндей болмаса да халықтар достығын көріп қайттыңыз. Бір ән шығару парызыңыз ғой. Өйтіп шет елге баратын болсақ, біз де ештеңеден аянбас едік. Айтпақшы, тағы бір сұрақ. Мәселен, қазір ауыл өмірі қиындап кетті. Ел талай нәрседен хабарсыз қалып отыр. Міне, өзіңіз де басыңызды шұлғып растап отырсыз. Қиын ғой, қиын. Сонда сізді де қазіргі тірлік алаңдата ма?
- Сұрағыңыз қызық екен... Мен сол...
- Ауыл өмірі алаңдатып отыр дейсіз ғой. Ол рас. Ауыл өмірі бәрімізді де алаңдатады. Бірақ амал қайсы, бүгін біздің тақырыбымыз ауыл жайлы емес. Ал қазіргі өзіңіздей сазгерлерге көзқарасыңыз қандай?
- Енді өнер адамы болған соң...
- А-а, түсінемін. Өнер адамы болған соң бәсеке, талас, тіпті, көре алмаушылық деген болады ғой. Несіне жасырасыз. Сосын, өзіңіздің біреуден ән ұрлаған кезіңіз болды ма?
- Жо-жоқ. Ол не дегенің?
- Неге қызарып кеттіңіз. Қысылмаңыз. Халық бәрін де аңғарады. Сүйікті ұл-қыздарының әр қадамы ел көзінде. Ал, әңгімеңізге рахмет. Алдағы күндерде табыс тілейміз. Қазір сіздің құрметіңізге... Кешіріңіздер, бізге хабарласушылар бар екен.
- Алло, біз сізді тыңдап тұрмыз.
- Сәлемет...
- Сәлеметсіз. Бірден сұрағыңызға көшсеңіз.
- Мен Әншырқарды бала күнінен танушы едім...
- Сұрағыңыз. Сұрағыңыз бар ма?
- Сұрақ болғанда енді... Әншырқар қай шетелге барды дедіңдер?
- Батысты аралап қайтты, батысты...
- Ой, тоба. Оның әкесі мына тұрған Алматыны көрмей-ақ ана жаққа кетіп қалып еді. Бұл қалай батысқа барып жүр?
- Талантының арқасында...
- Талант, қайдағы талант. Ондай бір-екі ән осы ауылдағы бәрімізде бар ғой. Айтпақшы, менің де бір...
- Кешіріңіздер, байланыс үзіліп кетті. Енді құрметті қонағымыздың құрметіне... Тағы да кешіріңіздер, бізге тағы біреу хабарласып жатыр. Алло, біз сізді тыңдап тұрмыз.
- Мен бірден өз ойымды айтайын. Сіздер Әншырқар деген сазгерді студияға шақырғандарыңызбен біз оның бірде-бір рет дауысын естіп те жарытпадық. Теледидар болса ғой ең болмаса түрінің қандай екенін көретін едік, радиода отырып...
- Сауалыңызды түсіндім. Сіз Әншырқармен оңаша сөйлескіңіз келсе хабар аяқталғаннан кейін ол өз телефонын берер. Ал, қазір сіздің ең танымал әндеріңіздің бірі “Дедім-ай-ауды” берсек пе деп едік, әттең бізге берілген уақыт аяқталып қалыпты. Әуе толқынында келесі кездескенше хош-сау болыңыздар.
Ақыш пен Тәтіш
Түнгі он екілер шамасы еді. Ұйқым келе қоймаған соң ермек болатын ештеңе таба алмай есіктің алдында ерігіп отырғанмын. Көрші ауладан шыққан айғай-шу орнымнан жұлып алды да екі аяғыма ерік берместен дедектеткен күйі шарбаққа әкеліп бір-ақ тіреді. Қашаның түбіне жүрелеп отыра қалдым да саңылаудан қоңсымның үйіне көз жібердім. Егер Тәтіш Ақыштың арқасына шығып алып секіріп жүрсе бұл біздің ауыл үшін үлкен жаңалық болар еді. Өкініштісі, тағы да Ақыш Тәтіштің өзі де түсіп бітуге айналған шашынан ұстап алып ары-бері сүйреп жүр екен... Енді аздаған “лирикалық шегініс” жасайық. Әрине, бұл оқиғаны лирика деуге сіздер келіссеңіздер... Алдымен көршілерімді таныстырып алайын. Ақыш осы ауылдың әкімі. Ал, Тәтіш мектеп директоры және Ақыштың әйелі болып екі жерде жұмыс істейді. Ақышты әкім қылған мол дәулет пен тамыры тереңге кеткен таныстық. Тәтішті директор еткен Ақыштың пәрмені. Осы ауылдағы ең үлкен екі орынтақта отырған Ақыш пен Тәтішке сонда не жетпейді дейсіздер ғой. Бар гәп осы жерде болып тұр. Яғни, Тәтіштің директор болғысы келмейді. Директор болатын жөні де жоқ. Мектепті жақсы бітіргенімен жоғары білім алмаған Тәтіштің расымен де білім саласын басқаруға құқы бар ма? “Мен ғана емес, сенің де әкім болуға қақың жоқ. Ел-жұрттан ұялсаңшы. Сен келгелі күллі ауыл қайыршы болып кетті ғой” дейді де Тәтіш байқұс Ақыштан таяқ жейді. Осы қылығы үшін ол талай рет қораға да түнеп шықты. Саяси баспана сұрап біздікіне де келді. Қысты күндері жалаң аяқ қар үстінде сағаттап тұрды. Менің ең қатты таң қалғаным, Тәтіш сонда да тілін тимады. Ал, ең қызығы, маған Ақыш Тәтіштің ғана байы емес сияқты көрінеді де тұрады. Әңгіме міне осында! Өйткені, әкімнің орынбасары - өзінің немере інісі. Ауылдағы жалғыз дүкеннің меңгерушісі – қарындасы. Аурухананың бас дәрігері – жеңгесі. Клубтың бастығы – нағашысы. Моншаның бастығы – бөлесі. Ең аяғы, осы мекемелердің қарауылы жетпісті желкелеп қалған әкесі екенін бәріміз де білеміз. Бірақ мұны жария түрде мәлімдейтін де, сол үшін оңдырмай сыбағасын алатын да жалғыз Тәтіш. Тәтіштің аудандық газетке жазған мақаласын тексеріп келген комиссия Ақыштың мал дәрігері болып жүрген туған інісі Бұтыштың үйінде үш күн аялдап қалды. Екі аяғымен жерді нық басып, денелерін тым тік ұстап кірген тексерушілер “Ақыштың өзіне адырайып отыр екен, өзгелеріне көз тоқтатып та қарамапты” деген лақапты теріске шығарып, түс ауа табалдырықтан төрт аяқтап түсіп жатты. Бұтыш оларды қолтықтап тұрғызуға да ерініп, еңбектеп жүрген жерлерінен ұстап алып ауыздарына арақ-шарапты армансыз-ақ құйды. Тағы бір лирикалық шегініс... Дәл осы Бұтыш кеше ғана менімен бірге жүрген жалаң аяқ бала еді. “Ойбай, бізде бәрі әділетті өтеді. Келіңдер, қатысыңдар. Мал дәрігері болатын маман керек” деген соң, осы ауылдағы үш-төрт бала құжатымызды көтеріп жетіп барғанбыз. “Оған несіне әуре болдың, балам. Ондай майлы жілікті басқаға беретіндей Ақыштарды жын соқты дейсің ба?” деген әкемнің сөзі жөн ғой деп алдында бір тартынғандай да болғанмын. Оған есікпе-есік отырған Ақыш әкімнің өзі де ерік бермеді. Әшейінде қарсы келе жатып қолыңды алуға ерінетін қоңсым дәл осы жолы ерінбей-жалықпай қашаға дейін келіп, артылып тұрды да “Көрші бала, бір көмегіңді бер. Облыстан арнайы келіп жатқан бақылаушылар бар. Орынға үміткерлер мол болды деген сөз бәрімізге де абырой. Сөйте ғой” деп қиылып тұрып алды. Бұған да иліге қоймас па едім, алып-ұшып Тәтіш келді. “Елдің бәрі жемқор болып кетті дейсің бе? Осы бақылаушылардан бір үміт күтіп отырмын. Бағың жанып өтіп кетсең, сәл де болса қатарымыз толығады ғой” деді ол. Сонымен, қайдан шықса онан шықсын дедім де сынақ қабылдаушылардың алдынан бір-ақ шықтым. Өзіміз алты үміткерміз, алтаумыз да орта мектептен кейін мұғалімнің алдын көрген жан емеспіз. Бақылаушыдан көрі құдалықтан шыққан меймандарға көбірек ұқсайтын төртеу кекірігі азып, көздерін ашып-жұмып қана манаурап отырды. Әрқайсысымыз өз кезегімізбен төрт түліктің төңірегінде біраз әңгіме өрбіттік. Дәл осы отырыста Бұтыш сиырдың желіні үлкен бе, биенің желіні үлкен бе деген сауалға қатты тосылды. Маңдайынан тер домалап, асып-сасып тұрып, “Бұл сұраққа дайындалмай келіп едім” деді... Әй, Бұтыш-ай, оның оқитын несі бар? Алдында жүрген малына ең болмаса бір рет еңкейіп қарамаған оған не дерсің? Ұзын сөздің қысқасы, Тәтіш тағы да шырылдап қала берді, біз ғой құжатымызды қолтықтап үйге қайттық, Бұтыш мал дәрігері болып шыға келді. Қ-о-ш, сонымен, қай жерге келдік. Айтпақшы, бағана бір лирикалық шегініс жасаған жерде басталған оқиға аяқталмай қалып қойған екен ғой. Шегіне-шегіне тым артқа кетіп қалыппын, енді шамам келгенше лирикалық ілгерілеу жасап көрейін. Ақыш Тәтіштің өзі де түсіп бітуге айналған шашынан сүйреп жүргенін талай мәрте көрсем де дәл осы жолы шыдай алмай шарбақтан қарғып өттім де араға түстім. Ақыш мені итжеккенге айдатуға уәде берді. Уәде орындалып жатса өкінбей кетейін деп ойладым да мен оны ешкім ұрмаған тек жағымпаз еркектер жауынды күні де, желді күні де сүйіп-сүйіп жарып жіберген күрең бетінен салып кеп қалдым. Сосын Тәтіш екеуміз бораған боқтық сөздердің ара-арасымен жүгіріп отырып, осы ауылға сыйлы деген ең үлкен ақсақалдың алдына келдік. Ол ақсақалдар алқасын жинап, жиын өткіземін деп осы ауылдағы алпыстан асқандардың бәріне кісі жіберді. Біз бір санағанда олардың саны үш жүзден еркін асатын, бірақ дәл осы отырысқа олардың бірі де келмеді. Бірі төсек тартып жатыр екен, бірі малға кетіпті, бірі ауылда жоқ екен, бірі “ерлі-зайыптының” арасына түскісі келмепті. Ұзын сөздің қысқасы, абыройлы ақсақал өзінің абыройы үшін амал жоқ бірінші болып қол қойып берді, үй-үйді аралап жүріп, молданы тозақпен қорқытып, ұяты барын сөзбен шымшылап 130 шалға қол қойғыздық та Ақыштың үстінен алты бет арыз жазып, Тәтіш екеуміз жоғары қарай жолдап жібердік. Бұл жоғарыға жолданған алғашқы арыз емес. Қазір арыздардың өзі “Бармай-ақ қояйықшы. Бізді бәрібір барсыңдар ма, не мәселемен жүрсіңдер деп көзге іліп жатқан ешкім жоқ” деп азар да безер болады. Е, ауданнан көңіліміз қалған оны білесіздер, облыстан да бір кісілер келіп-кеткенін айтып өткенбіз, ендігі бар үмітіміз – республикалық тексеріс. Оны да Ақыштың пәрмені басып кетсе, қайтеміз енді, ана дүниеге барғанда бірдеңесі болар...
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру