Өмір өрнектері
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Зәкір Асабаев
Зәкір Асабаев Өмір өрнектері Алматы «Білім» баспасы 2014
УДК 070 ББК 76.01 A 87 Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Асабаев З.Өмір өрнектері – басылым / З. Асабаев/ – Алматы: «Білім» баспасы, 2014. – 284 бет. ISBN 978-9965-09-816-1 Зәкір Асабаев журналистикадағы еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, «Сарыағаш» аудандық газетінде, одан соң ұзақ жылдар бойы «Мәдинет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») Журналында еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагер қаламгер. Баспасөз саласында 56 жылдай еңбек еткен журналист. Ол «Ар соты» «Жарастық ұлдары» «Мубар ханым», «Шаңсорғыш-аю емес», «Жалғыз көзді балық», «Моэстро», «Жылдар сыры» кітаптары арқылы оқырманға етене таныс. Бұл еңбекте автордың қазақ өнері мен тұрмыс – салты төңірегіндегі толғамдары, қоғамның көптеген өзекті мәселерін қаузаған мақалалары іріктеліп беріліп отыр. Кітаптың журналистерге, көпшілік оқырман қауымға ой салары анық. УДК 070 ББК 76.01
ISBN 978-9965-09-816-1 © Асабаев З., 2014 © “Білім” баспасы, 2014 A 87
«ОЛАР АРАЛ ҮШІН АЛЫСТЫ» Ол кезде Арал қалпында еді Хрущевтен қорықпаған бір өзбек, үш қазақ Одақтық министр... Республика басшысы... совхоз директоры... Майлыбаев марапаттан бас тартты Өткен ғасырдың 30-40 жылдарында кеңестік ғылымға жантәнімен қызмет етіп, аттары әлемге жайылған аса көрнекті екі ғалым болды. Олар ағайынды Вавиловтар еді. Бірі – Сталиндік репрессияның құрбаны, бірі – КСРО Ғылым академиясының президенті. Халық жауы (атанған) Вавиловтың «кінәсі»− генетика саласында ашқан жаңалықтарын қызғыштай қорғап, ымыраға келмегені. Сондықтан да, жаулары үстінен қайта-қайта арыз жазып, ақыры түбіне жетіп тынды. Вавиловтың жетістіктерін теріске шығарып, өз дегенін дәлелдеп баққан Лысенко Сталиннің шапағатына бөленді, жоғары атақ-абыройға жетті, бағы жанды. Ол өзін (жау атанған) Вавиловтың шәкіртімін дейтін. Ұстазының орнын тартып алған бойда өзгеріп шыға келді. Сталин өлген соң әсіреқызыл, мансапқор екені әшкереленіп, із-түзсіз жоғалды. Ағайынды Вавиловтардың екіншісі – КСРО Ғылым академиясының президенті боп, ғылымға мол үлес қосты, абырой биігінен көрінді. Бірінші Вавилов та ақталып, әділдік орнады. Ағайынды Вавиловтардың есімі ресейлік ғылым тарихында алтын әріптермен жазулы. Төменде баяндағалы отырған оқиға да, дәл солардай болмағанмен, баз бір ұқсастық жақтары жоқ еместей. Әңгіме Хрущевтің өктемдігіне көнбей, өз ұстанымдарынан қайтпаған Өзбекстан жетекшісі Усман Юсупов пен оның сенімді серігі – оң қолы, Хрущевке ашық түрде қарсы шыққан одақтық министрліктің басқарма бастығы, қазақ ғалымы Мұрат Бәкірұлы Майлыбаев жайында. * Бұл хақында: «Біз Мұрат ағамен жай жерлес емес, бір ауылда туып, бір өзеннің суын ішкен тату-тәтті ағайын іспетті адамдар едік, – деп еске алады Ресей Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, профессор, байырғы гидротехник-мелиоратор, қазір де мамандығы бойынша еңбек ететін Абай Тұрсынов. – Өмірге келгеніне жүз жыл-
дан асты. Рамадан тайпасынан тарайтын Мұрат ағаның ата-ана, ағайын-туыстары Ташкент айналасындағы біздің ата-бабаларымыз мекендейтін Қауыншы аймағында ғұмыр кешті. Біздің онымен қаншалықты жақын, бауырласып кеткеніміз алда айтылатын әңгімеден аңғарылар деп ойлаймын. Бұл жолы уақытында ашып айтуға ешкімнің (менің де) батылы жетпеген ақиқаттың бетін ашып байқайық. Бастан небір қияметтер өтті ғой. Мұрат Бәкірұлының қалай аман қалғанына осы күнге дейін таңқаламын». Өзбекстанның Жаңажол ауданында туып-өскен Мұрат Бәкірұлы ес білгеннен мақта өсірудің жай-күйін зерделеп, сол салада көптеген жаңалық ашып, жиырма бес жасында Ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты атанды. Отызында орда бұзды. Орда бұзбай не, 1940 жылдардың соңында сол кездегі КСРО Ауылшаруашылығы министрлігінде бас маман, одан жаңадан құрылған КСРО Мақта шаруашылығы министрлігінің Оңтүстік-Батыс өндірістік басқармасының бастығы болса. Аталмыш министрлік тараған соң, қайтадан бұрынғы қызметіне барды (КСРО АШ министрлігі). Мұрат Бәкірұлы мақтадан табиғи жолмен жоғары өнім өндіретін технология авторларының бірі еді. Олар ұсынған тәсілмен қосымша игерілген тың жерлерден соғысқа дейін-ақ әр гектардан 100 центнерден, қандырып суғаруға (субирригация) мүмкіндік аз алқаптардан 55 центнер сүйрік талшықты мақта жиналды. Есесіне, жердің құнары сақталып, топырақ тозбады, жер асты суларының деңгейі көтерілмеді, егістік сорланбады. Бұл мақта өсірудің залалсыз, тиімді үлгісі-тін. Бірақ, Хрущевтің тұсында мақта өндірудің жаңа тәсілін таптық деп даурыққан әпербақандардың қырсығынан бәрінің күлі көкке ұшты. Әмудария мен Сырдариядан мөлшерсіз бұрылған сулардың тоқсан пайызы жер астына кетіп, суармалы жерлер түгелге жуық жарамсызданды, мақта алқаптарын сор басып, көлдете суардық дегеннің өзінде әр гектардан алынған өнім 10-15 центнерден аспады (әлі сол төңіректе). Бұл нағыз қасірет, Мұрат Бәкірұлының сөзімен айтқанда, Арал апатының бастауы еді. Жөнжобаны түсіндіріп, дұрысын айтқандар жау атанды, қуғын-сүргінге ұшырады. Әлдекімдердің уағызына елтіп, өз бетінен қайтпаған Хрущев мақта өсірудің ғылыми негізде әлдеқашан дәлелденген, әрі ғасырлар бойы жинақталған тәсілдерін басшылыққа алайық дегендерге тісін қайрап, дүмшеге балады. Ал, өздерінше “жаңалық” тапқандарды білгір санап, қолдап-қуаттады. Соның өзінде бір топ адам қатты қарсыласты. КСРО Мақта шаруашылығы министрі Ус-
ман Юсупов бастаған маман-ғалымдар пікірлерін Хрущевке ашық айтты. Бір емес, бірнеше рет өз ұстанымдарын дәлелдеуге күш салды. Хрущев көнбеді. Усман Юсуповтан құтылғысы келді. Көз алдау үшін министрлік қызметтен Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетіне бірінші хатшы етіп жіберілген Усман Юсупов көп ұзамай одан да қуылып, шөлейт аймақтағы совхоздардың біріне директор боп төмендетілді. Көрдіңіз бе, Одақтық министр, Республика басшысы... совхоз директоры (бұған алда егжей-тегжей тоқталамыз). Усман Юсуповтың оң қолы, сенімді серігі, мақта өсірудің қалыптасқан тәртібін бұзғандарға қарсы топтың жетекшісі, Ташкентте өткен пленумда Хрущевке қатты-қатты сөздер айтқан Мұрат Майлыбаев та барлық атақ-марапаттан айырылып, партиядан шығарылды. Бас сауғалап Алматыға келді. Оның туған құдасы, менің немере ағам, Өзбекстанның сол кездегі Ауыл шаруашылық министрі, биология ғылымының докторы, профессор Ештай Өзенбаев «өз еркімен» қызметтен босағанмен, ол да Қазақстанға ауысуға мәжбүр болды. Енді осыларды ретімен баяндап, су шаруашылығы маманы ретінде өзім білетін (дәлсіздіктер болса, оны басқалардың түзетуіне қарсылық жоқ) деректерге ден қояйық. Болашақ ғалым-агроном, алдымен Өзбекстанда, онан соң Мәскеуде жоғары лауазымды қызметтер атқарған Мұрат Майлыбаев Ташкенттің іргесіндегі Рамадан махалласында дүниеге келді. Халқының тоқсан пайызы қазақ Жаңажол ауданы (әрі қала) Қазан төңкерісіне дейін патшалық Ресейдің мақта шаруашылығымен айналысатын ірі өндіріс орталығы-тын. Мұнда ХІХ ғасырдың соңында Орта Азиядағы мақта тазалайтын, (мақта шитінен) майшығаратын, қант өндіретін заводтар жұмыс істеді. Оларды электр қуатымен жабдықтау үшін қала ішімен ағатын Күркілдек өзенінен (күні бүгінге дейін жұмыс істейтін) электр станциясы салынды. Біздің (Шанышқылы тайпасына жататын) ата-бабаларымыз мұнда ХVІ-ХVІІ ғасырларда қоныстанып, кейін Мұраттың ата-бабаларын қанаттарының астына алған екен. Мал өсіріп, егін салған. Ташкент ол кезде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі аса ірі сауда және өндіріс орталығы болған. 1864 жылы орыстар Ташкентті бағындырып, Ресейге қосқан соң құрылған Орыс-Австрия-Түземдік акционерлік компаниясы жергілікті тұрғындарды мақта плантациясын кеңейтуге жұмылдырады. Жоғарыда аталған заводтар мен су электр станциясы салынады. Сондықтан Орта Азия, оның ішінде Ташкент уәләятын артта қалған, мешеу аймақ еді деуге болмайды, феодальдық
құрылыстан біршама алыстаған капитализм үлгісіндегі елді мекен-тін. Тұрғындар анау айтқандай қараңғы, сауатсыз емес-ті. Менің анамның ұлы атасы Қожамқұл секілді алпауыт байлар балаларын Париж, Берлин, Петербургте оқытты. Сол Қожамқұлдың бір баласы Омар (Жамал әнші-бөлемнің әкесі) Берлинде жоғары техникалық білім алса, тағы бір ұлы Нәшір (Қазан төңкерісіне дейін) Петербургте оқыды. Жаңажол қаласындағы қызметкерлер мен жұмысшылар баз бір диқандардың үйлеріне электр жарығы “Ильич шамы” деген атау пайда болардан көп бұрын келген-ді. Қазақ ауылдарында мұсылман мектептерімен бірге орыс-қазақ мектептері ашылып, оларда және бірыңғай қазақ мектептерінде Ыбырай Алтынсариннің әдістемесі, Ахмет Байтұрсынов, Жұмабай Күдерин, Хұсайын Ибрагимов, басқа да қазақ ағартушыларының оқулықтары бойынша дәріс жүргізілді. Солардың бірі – Жамал Омарованың немере ағасы, Петербургтегі педагогикалық институтты 1916 жылы бітірген Нәшір Қожамқұлов ашқан қазақ гимназиясын бітіргендер арасынан кейін халыққа танымал адамдар шығып, бәрі де елге қызмет етті. (Бірыңғай орыс мектептері революциядан кейін пайда болды). Осындай ортада туған – диқандар әулетінен шыққан – болашақ ғалым-агроном Мұрат Майлыбаев мақта өсірудің қызығы мен шыжығына бала жастан қанығып, барлығын көзімен көріп, жердің құнарлылығын қалай сақтау керегін қапысыз біліп, сезініп өсті. Ол орыс-қазақ мектебінің түлегі-тін (кейін гимназияға ауысты). Орысша сауатты, еркін оқып, жазып, сөйлейтіні үшін “молда бала” атанды. Жамал Омарованың (1937 жылы халық жауы боп, репрессияға іліккен) әкесі Омар Алашорда партиясының оңтүстіктегі өкілі ретінде Ахмет Байтұрсыновпен тығыз қарым-қатынас жасады. Ахмет Байтұрсыновтың кеңесімен Ташкент айналасында ағарту жұмыстары кең дамыды (әсіресе 20-30 жылдарға дейін). Ұзамай Ташкент қазақтары қанда бар жайбасарлық салдарынан өкінішке ұшырады: Түркістан республикасы тарап, оған қарайтын республикалар бөлініп кетті. 1924 жылы Ташкент қаласы Өзбек КСР-нің қарауына өтіп, астанаға айналды (өзбектердің астанасы оған дейін Самарқан еді, Ташкент бейтарап қала болатын). Ендігі жерде қазақ жастары жаппай Ташкенттегі институттар мен мамандандырылған техникумдарда білім алуға ұмтылды. Мұрат Майлыбаев 1926 жылы Орта Азия мемлекеттік университетін (әйгілі САГУ) тамамдаған соң, Орта Азия мақта шаруашылығы (СоюзНИХИ) институтында жұмыс істеді. 1933 жылы Мақтаарал тәжірибе станциясына ауысты.
Міне, осы жылдарда (1933-1939) Мұрат Майлыбаев аса қуатты ғылыми-зерттеу тобын құрып, оның құрамында кейіннен биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, менің немере ағам, Мұраттың құдасы Ештай Өзенбаев, аталмыш тәжірибе станциясы негізінде құрылған Мақтаарал совхоз-техникумының директоры, САГУ-ді бітірген ғалым-профессор Бәкір Әлібаев, Жаңажол мақта заводының бұрынғы жұмысшысы, кейін Өзбекстан компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып, КСРО Мақта шаруашылығы министрі лауазымын атқарған, әлгіде аталған үш қазақ ғалымын барынша қолдаған, мақта өсірудің тәсілін жеті атадан бері жақсы білетін, ұлты өзбек, бірақ, қазақтың тілі мен салт-дәстүріне жетік Усман Юсуповтар болды. Аталмыш топ мүшелерінің ұзақ жылдық табанды еңбегі арқасында қандай табыстарға жеткенін сөз басында да шамалап айттық. Олар жасаған технология жетістіктері күллі Орта Азия мен Қазақстанда басшылыққа алынып, суармалы жерге еккен мақталық алқаптың әр гектарынан 100, суы аз жерлердің әр гектарынан 55 центнерден өнім алынушы еді. (Кейінгі ұзақ жылдар ішінде 20 центнердің өзі зор жетістік деп саналатын болды). Мұрат Майлыбаев басқарған топ мүшелерінің технологиясы бойынша мақта және басқа дақылдар егілген алқаптардың әр гектарына жұмсалатын су мөлшері 3,5 мың м3 болса, кейін «жаңашыл» айқайшылардың арқасында 16,5 мың м3 болды (Арал қасіреті қалай басталғанына назар сап, есте ұстайтын тұс осы). Әлбетте, ертеден келе жатқан – мыңдаған жылдық тәжірибеге сүйеніп жасалған ғылыми-технологиялық ұстаным қатаң сақталуы керек-ақ еді. Онда диқандар мақтамен бірге, басқа дақылдарды да дүркірете өсіріп, асып-төгілген мал азығы, көл-көсір жем-шөп, жібек құртын өсіруге қажет тұт ағашы, құс шаруашылығы, ежелгі қолөнерді дамыту істері сәтті жалғаса берер еді. Мақта плантациясына далиған алқаптың керегі болмай, жан-жағын тұт, басқа да ағаштар қоршаған шағын алқаптар жетіп артылар еді. Ол “түнгі суаруға” қолайлы боп, жыл сайын тұрақты түрде жоғары өнім алуға қол жетер еді. Бірақ... Жергілікті ғалымдардың ата салт негізіндегі ұсыныстары Мәскеу мен ондағы мүйізі қарағайдай мелиораторларға ұнамады. Ұнамақ түгіл, тұс-тұстан өре шапты. Лысенко “идеясымен” уланған кежірлер мақта плантациясынан механизацияны кең қолдану тәсілімен суару арқылы бұрын-соңды болмаған ас та төк өнім аламыз деп өршелене түсті. Ол деген бұған дейінгі мақта өсіру дағдысын түбірімен жойып, ұлан-ғайыр алқапқа техниканы қаптатып жіберу деген сөз болатын.
Бұл жөнінде – ол кезде КСРО Мақта шаруашылығы министрі боп істейтін – Усман Юсуповпен жеке әңгімелескенім бар. Мен Жаңажол қаласындағы орыс орта мектебін медальмен бітіріп, Өзбекстан Комсомолы Орталық комитетінің жолдамасымен Бауман атындағы жоғары техникалық училищеге түсу үшін Мәскеуге барған едім. Жолға шығар алдында ағайындардың жасы үлкен ақсақалы, 1914 жылдан компартия мүшесі, Жаңажол қаласындағы кедейлер одағының басшысы, жоғарыда аталған Акционерлік компанияға қарасты заводтар мен жер телімдеріне иелік еткен Оңғарбай бабамнан бата алдым. Оңғарбай бабам сол кездегі өрімдей жас жігіт Усманаканың (оны күллі Өзбекстан солай атаған) жанашыр-ұстазы болатын. Қарт большевик Мәскеудегі шәкіртіне мен арқылы сәлемхат жолдамақ боп, оны ежелгі түрік ғұрпы бойынша өлеңмен жазды. Мен бастан-аяқ жаттап алып, Усман-акаға үш қайтара ауызша оқып берген соң, ұмытуға тиіс болдым. Одақтық министрдің қабылдауына күздің ортасында бардым. Жұмыс мерзімі әлдеқашан аяқталғандықтан, Усман-ака кабинетінде бір өзі отыр екен. Оның мені ет жүрегі елжіреп, ашық-жарқын қабылдағаны сонша, өз-өзімді ұстай алмай, еңкілдеп жылап жібердім. Қайтейін, аңғалдығымның салдарынан басыма түскен қиындық та жоқ емес-ті. Өзімізге аян дәстүрге сай, ол мені алдымен жуынып-шайындырды, арнаулы бөлмедегі дастарқанға шақырып, палауға тойдырды, шай ішкізді. Онан соң барып шаруамды айтуға рұқсат етті. Оңғарбай бабамның тапсыруы бойынша, ол жазған өлеңді өзінің мақамына салып, бет құбылысымды өзгерте тұрып, нықтап-нықтап үш қайтара оқыдым. Қатты әсер етсе керек, Усман-ака басын төмен салып, көпке дейін үнсіз отырды. Менің аспай-саспай, тақылдап сөйлегеніме таңданса да керек. Кейін ол өлеңді ұмыттым, әрине. Бірақ, жалпы мазмұны жадымда. Оңғарбай бабам өз шәкіртіне Одақтағы Еуропалық аймақтың оңтүстігінде мақта өсіру тиімсіз, тіпті зиян дей келіп, Усман-акадан бұл жұмысты тастап, Өзбекстанға оралуды талап еткен-ді. Мақтаны “шаршылап-ұялау әдісімен өсіру” деген нәрсе төніп келеді, соның алдын алу сенен басқаның қолынан келмейді деп нығарлаған. Усман-ака хат мазмұны мен таусыла сөйлеген Оңғарбай бабамның ашулы талабын маған ұзақ түсіндірді. Шамасы, жан дүниесін қозғап жіберсе керек, туған жерді аңсап, қатты сағынып жүргенін де жасырған жоқ. Жалшылықпен өткен жастық шағын еске алды,
(әкемнің әкесі) Тұрсын атам, әкем Әбдірахман, Торқыс ауылының басқа да үлкен-кішілері жайлы жылы-жылы сөздер айтты. (Қазақша таза сөйлеуші еді дедім ғой, әйтпесе, Оңғарбай атам оған хатты өлеңмен жаза ма?). Айтқандай, мен ойда жоқта басыма түскен қиындықтан бір ауыз сөзбен құтқарып, басқа оқу орны – Мәскеудің су шаруашылығы институтына түсуіме кеңес берді. “Ей, інім, сенің үрім-бұтағыңның бәрі мұрап болған, енді сен де ғалым-мұрап боласың”,– деп арқамнан қақты. Одан бері 66 жылдан астам уақыт өтті. Аса қадірлі Усман-аканың өсиетін қалтқысыз орындап келемін деп ойлаймын өзімше. Оңғарбай бабамның сәлем хатында айтылған мақтаны “шаршылап-ұялау әдісімен” өсіру науқаны билік басына Н.С.Хрущев келген соң зор қарқынмен белең алып, кең түрде насихатталуға көшті. Кеңестік мелиораторлар мақта шаруашылығын жаппай “механикаландыру және автоматтандыру” идеяларын әпербақан Хрущевтің миына құйып бақты. Ол туралы күллі басылымдар (одақтық газет-журнал) күн құрғатпай жазып, айтулы жиын (пленум, съезд), форумдарда көл-көсір табыс көзі деп аспандатты. Мол өнім алушылардың аты-жөндері дәріптеліп, орден, медальдармен марапатталды. Олар, кеуделеріне Алтын жұлдыз тақты, съездерге делегат болды, шетелдерге барды. Бүкілодақтық Ауылшаруашылық көрмелерде әздектелді. Толып жатқан асқақ ән, ода шығарылды. Не керек, насихаттың аты насихат, мақтаны “шаршылап ұялау әдісімен” өсіру (егу), жаңбырлатып суарудың “ғажаптығы” тез арада халықтың санасына сіңіп те үлгерді. Алайда... Егіс көлемін соншалық далитпастан, шағын алқаптарды ұтымды пайдалану арқылы мол өнім алуға болатын – ғасырлар бойы жинақталған тәжірибенің бір-ақ сәтте жоққа шығарылуына бұл саланың кейбір мамандары келісе алмады. Алдымен Хрущевтің өзі КСРО Мақта шаруашылығы министрі еткен қадірменді Усман Юсупов оған (Хрущевке) там-тұмдап айтып жүрді. Мұны партия саясатына қарсылық және ғылым мен техниканың жетістігін бағаламау, түсінбеу, көне көзқарастан айнымау, кертартпа-кещелік, мақта шикізатын әдеттегіден жүздеген есе көп өндіруге қастандық деп қабылдаған Хрущев ұзамай аталмыш министрлікті таратып, Усман Юсуповты еліне қайтарды. Бірден қатты кетпей, Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетіне бірінші хатшы етіп жіберді (партия саясатын қолдап, айтқанымыздан шықпайсың деп, әрине).
Көп кешікпей Өзбекстан Орталық партия комитетінің бүкіл елді шулатқан әйгілі Пленумы болып, оған Хрущев қатысты. Оның түпкі мақсаты Пленум мүшелеріне “шаршылап-ұялау әдісін” шегелеп түсіндіріп, партия саясатының дұрыстығына бүкіл жұрттың көзін жеткізу еді. Сондай-ақ, өзін жақтайтындар мен еңбекте үздік шыққандарды мақтап-марапаттау да ниеті бартын (марапатқа лайық жампоздар неге аз болсын, үш мәрте Еңбек Ері Хамрақұл Тұрсынқұловтай қасқалар жететін). Бірақ, Хрущев осы жолы өңі түгіл, түсіне кірмеген қарсылыққа тап болды. Ұзынырғасы былай. Усман Юсупов бастаған мақта өсірудің майын ішкен бір топ агроном-ғалымдар мен ақ жолдан аттамаған кейбір атышулы диқандар “шаршылап-ұялау әдісінің”, басқаны айтпағанда, орны толмас сүргінге ұшырататынын алдын-ала білді (дедік қой). Усман Юсупов, әсіресе, Мәскеуде министр боп тұрғанда өз қарауында Басқарма бастығы әрі коллегия мүшесі боп істеген Мұрат Майлыбаевпен оңашада қауіптің қалай алдын алу керектігі жөнінде жиі сөйлесетін. “Бұл апат, диқандардың тілімен айтқанда, топан су, – дейтін Усман Юсупов Мұрат Майлыбаевқа. – Мен шамам жеткенше жол бермеуге тырысамын. Сен де солайсың, білемін. Өзбекстанда бізді қолдайтындар жеткілікті. Әй, бірақ, Хрущевтің бет алысы жаман, топан су күндердің күнінде өзімізді шайып кетпесе неғылсын”. Шынында да, Өзбекстанда мақтаны “шаршылап-ұялау әдісімен” өсірудің зияндылығын ұғып, қиналып жүретіндер аз болмайтын. Оның біразы қазақтан шыққан ғалымдар-тын. Сонымен, Пленум басталсын. Сөз Хрущевке берілді. Түлкі бұлаңға жетік пақыр сөзіне анекдот араластырып, әлдекімдерді мақтап, әлдекімдерге көпшік қойып, ең соңында “шаршылап-ұялау әдісін” екі езуі көпіре дәріптеді. “Коммунизмге жету үшін бұл төте жол, ғылымның үздік табысы, бірақ, арамызда бізді түсінбейтін, қолдамайтын жолдастар бар. Олар бұдан былай партия саясатына қарсы келмес деп ойлаймын”,– дегенді де қосып қойды. Онан соң бір топ “үздіктердің” есімін атап, марапаттау жөніндегі жарлықты оқыды. Арасында Усман Юсупов мен Мұрат Майлыбаев та бар болып шықты. Бұл нағыз басынғандық, оларды өз жағына қаратудың қитұрқы амалы еді. Пленум жүріп жатыр. Хрущев сөйлеп тұр. Қайта-қайта ду қол шапалақтау. Айтарын айтып тауысуға айналды. Усман Юсупов пен
Мұрат Майлыбаевтың атына да жылы лебіз білдірді. Енді кезек – еңбекте үздік шыққан ерендердің аты-жөндерін атап, трибунаға шақыру... Осы кезде Усман Юсупов Мәскеуден кеткен соң да КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінде жоғары лауазымды қызмет істейтін Мұрат Майлыбаев ұшып тұрып: – Құрметті Никита Сергеевич! Жақсы сөздеріңіз үшін рахмет, бірақ, мен сізбен келіспеймін,– деді Хрущевке тіке қарап. – Мұнда “шаршылапұялау әдісіне” қарсы менен басқалар да бар. Бізге сөз беріңіз! Хрущев абдырап қалғандай болды. Парт бола ісініп, ашуы мұрнының ұшына шықты. – Бұл қалай?! – деп Усман Юсуповке бұрыла беріп еді, ол да асыпсаспастан: – Сізге талай айттым. “Шаршылап-ұялау әдісінен” тартар зиян алда. Мен Майлыбаев жолдасты қолдаймын. Біз көзқарасы бір адамдармыз. Мақта өсіруді ешкімнен артық болмаса, кем білмейміз. Рақым етіп, өзгелердің пікірімен санассаңыз екен. Бұл сізге де, партия саясатына да қарсылық емес, құрметті Никита Сергеевич! – деді өңі түтігіңкіреп. Хрущев одан сайын жынданды. Пленумнан мән кетті. Зал сілтідей тынған. Хрущев: «Жарты сағат үзіліс!” – деп қарқ етті. Қорқыныш, үрей. Пленум қайта жалғасты. Хрущев ашулы. Оны қолдаушылар табылды. Хрущев қорытынды сөзінде: “Солай, жолдастар. Осылай боларын білгенбіз. Кері бұратындарға кеңшілік жасамақ едік, амал қанша, болмады. Партия жаңылмайды. Артқа шегінбейміз. Бұған дейін де, бұдан кейін де тек қана ғылым мен техниканың жетістіктеріне сай жұмыс істейміз!» – деп дүрдиді. Пленум соңында ұйымдастыру мәселесі қаралды. Усман Юсупов орнынан алынып, алыс аймақтағы совхозға директор боп баратыны айтылды. Мұрат Майлыбаевтың аты да аталмады. Тек партиядан шығарылып, жұмыстан қуылатыны хабарланды (“дәудің арты диірмен тартады” деген рас екен). Осылай боларын Мұрат Майлыбаев та білген-ді. Халық жауы ма, басқа ма, әйтеуір, жақсы болмасы анық еді. Бірақ, ол тайсалмады, жалпылдап жан сақтау қаперіне де кірген жоқ. Себебі, өз білігінің дұрыстығына сенімі кәміл еді, одан айнуға ар-ұят, ожданы жібермеді. Сондықтан да тайсалмады, тартынбады, айтқан сөздері қаперге алынбасын біле тұра бүкіл қауымға жеткізді. Хрущевтің жылымшы сөзіне елікпеді, берем деген Қызыл Ту орденінен бас тартты. Қорықпайтын адам жоқ, ал ол қорықпады (өз сөзі).
Жоғарыда айтқанымыздай, сол бір “қарғыс атқан” пленумға “шаршылап-ұялау әдісін” қолдамақ түгіл, оны естуге жүректері дауаламайтын Усман Юсупов пен Мұрат Майлыбаевтан басқа да жүрегінің түгі бар азаматтар қатысқан-ды. Бірі – Өзбекстанның сол кездегі Ауылшаруашылық министрі, менің немере ағам, биология ғылымдарының докторы, профессор Ештай Өзенбаев-тын. Сол жолы репрессияға ұшырайтынына көзі жеткен ол да арызын жазып, қызметтен босады да, ғылыми-зерттеу институтына жылжыды. Бірақ, онда тұрақтай алмай, амалсыз Алматыға қоныс аударды. КСРО Ауылшаруашылық министрлігіндегі жоғары лауазымды қызметінен айырылып, партиядан шығарылған Мұрат Майлыбаев та Алматыда аса үлкен болмаса да, шайлығына жетерлік жұмысқа орналасып, адал қызмет етті. Жалпы, мақтаны “шаршылап-ұялау әдісімен” өсіруді қолдамағандардың дені қазақтар еді. Өзбек Усман Юсуповтан соңғы қазақ Мұрат Майлыбаев, Ештай Өзенбаевтан кейін сол жөнсіздікке батыл қарсы шыққандардың төртіншісі – ол да менің туысым – белгілі ғалым, Орта Азия мемлекеттік университетінің түлегі, Мақтаарал совхоз-техникумының директоры, профессор Бәкір Әлібаев болатын. Аталған пленум шақырылғанға дейін өзі басқаратын одаққа мәлім аты шулы шаруашылықта мақтаны жаңбырлатып суарудан бас тартқан Бәкір де аяусыз жазаланды, қызметтен қуылып, партия қатарынан аласталды. Ауыртпалықты көтере алмай, қайғылы қазаға ұшырады. Артында әйелі, үш баласы қалды. “Шаршылап-ұялау әдісін” қолдамағандар сазайын тартып, мақтаны жаңбырлатып суарудан бас тартқандар талқандалған соң, “жаңашыл” мелиораторларға кең жол ашылып, ойларына келгенін істеді: мақта өсірудің (егу) байырғы тәсілдері жойылды, бос жатқан алқаптар “тың игеру” деген сылтаумен жыртылып, қым-қуыт атыздар қазылды. Диқандардың оларды суға қандыру мүмкін емес деп зар қаққанына ешкім құлақ аспады. Суландыру жүйесі толықтай бұзылды. Сырдария мен Әмударияның сулары толассыз жер астына кетіп жатты. Топырақ сорланып, мақта өсіру қиындады. Бәрінен сорақысы, Арал тартыла бастады. Арал теңізі құрыды деп дабыл қағу кейін пайда болды ғой. Себебін біреу біліп, біреу білмейді. Ал, оның бірден-бір себебі, алысты болжауға шамасы жоқ, әлжуаз, жағымпаз, ұраншыл, науқаншыл, топас мелиораторлардың мақталық алқап көлемін шектен тыс ұлғайтып, “шаршылап-ұялау әдісімен” өсіруді іске асырғаны
еді. Жаңбырлатып суару деген кесапаттан да қаншама су ысырап болғаны бір Құдайға аян. Ленинградтағы политехникалық институтта сабақ беретін мен өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасында іссапармен Ташкентке бардым. Ештай Өзенбаевтың үйінде Алматыдан келген Мұрат Майлыбаевпен жолықтым (олар бауыздау құда еді). Дастархан басында екеуі де томсырайып, көңілсіз отырды. Таяуда өткен пленумнан соңғы жайкүй белгілі. Олар маған (орталықтың адамы деп қарағандықтан) өкпеназ білдірді, тіпті, кеңестік “жаңашыл” мамандардың қатарына қосып, “сендер ештеңе білмейсіңдер” дегенге дейін барды. Ал мен “шаршылапұялау әдісіне” о бастан қарсы болғанымды әрең ұғындырдым. Екеуінің онан соң ғана өңдері жылып: “Енді көресің, тағы бір он шақты жылдан кейін табиғаттың тепе-теңдігі бұзылғандықтан, Арал теңізі суалып, құрдымға кетеді», – деп мұңайды. Арал теңізінің болашақ қайғылы тағдыры хақында әлі ешкім ештеңе білмейтін кездегі олардың бұл болжамдарын көрегендік десе де болғандай еді. Ақыры айтқандары айдай келіп, Өзбекстандағы қыруар егістік алқап дақыл өсіруге жарамай қалды. Қарақалпақстандағы сор басқан алқаптардың мүшкіл күйінен қаншама халық әлі күнге қиындық көруде. Аралдың халі анау. Оны құтқару, қалпына келтіру жөніндегі айқай-шу, дабырадан қайран аз боп тұр емес пе? Әлдебір комитет, қор дейтіндерден не шығып, не қоярын уақыт көрсете жатар. Арал жоғалып тынды. Әсіресе, 1970ші жылдарда күрт тартылып, адам айтқысыз апатқа ұшырады. Өз басым “Арал – 88”, “Арал – 89” деп аталатын екі бірдей экспедицияға қатысып, қолдан жасалған қиянатқа көзім жетті, төбе шашым тік тұрды. Сонау бір жылдардағы надан, өркөкірек ғалымсымақтардың ұраншыл айқайына еліккен Хрущевке ренжідім. Енді бұл қателік түзеле ме, табиғат тепе-теңдігі қалпына келе ме, жоқ па, Арал теңізі тола ма, оны алдын-ала болжау оңай емес. Рас, қазіргі кездерде Аралды қалпына келтіру жөнінде біршама игі шаралар жүзеге асып жатқанын білеміз. Сәттілік тілейік. Әйтсе де, Аралдың неліктен тартылғанын көп жұрт әлі күнге дейін нақты біле бермейтіні анық. Соған орай мынадай жайларды айтуға болады. Бұл – бұрынғы КСРО басшылығының су шаруашылығы жүйесіндегі аса ірі қателігі. Көктен шұға жаудырып, көл-көсір өнім өндіреміз деген бос қиялы. Соның кесірінен Сырдария мен Әмударияның жер астына кеткен суларынан табиғат та, адамдар да өлшеусіз зиян шекті. Ұлан-ғайыр аймақ (тіпті, дүние жүзі десе де
артық емес) суы тартылған Аралдың аспанға ұшқан тұзды тозаңына бір тұншықса, суармалы алқаптардағы жер асты сулары көтеріліп, топырақ сорланып, дақыл өсірудің жолы кесіліп, опық жеуде. Бұларды көзі қарақты адамдар сол кездерде де айтты, дабыл қақты. Мәселен, “Арал-88” экспедициясына бізбен бірге қатысқан мәскеулік журналист “Правда” газетіне (15.ХІ.1988ж.) “Мақта алқабы адамдардың уақыты, күш-қайраты мен денсаулығын күйретуде” деп ашық жазды. Сол газеттің (ол да экспедиция құрамында болған) Селюнин дейтін шолушысы: “Мақта өсірушілер өндірістік мүмкіндіктен мақұрым қалып отыр”,– деп жар салды. Міне, көріп отырғанымыздай, сонау 1950 жылдардың орта шенінде Хрущевке қарсы шыққан Усман Юсупов, Мұрат Майлыбаев, Ештай Өзенбаев, Бәкір Әлібаевтай алысты болжай білген ғалымагрономдардың апаттың алдын-алу жөніндегі іс-әрекеттері далаға кетті. Олардың қаупі тегін емес-ті. Олар сол үшін бастарын қатерге тігіп, қуғын-сүргінге ұшырады, жаманат жамылды. Алайда, өкінген жоқ. Мұрат аға Майлыбаев 1992 жылы 26 мартта 86 жасында дүние салды. Ол көрсоқыр қорқаулардың шермендеге ұшырайтынын көзінің тірісінде-ақ жақсы білді, ұғынды. Бірақ, не пайда? Қаншама мақталық алқап бүлініп, Арал теңізі жоғалды, суалды. Бұл олқылықтардың орны қалай толады? Егер толтырамыз десек. 1978 жылы Ленинградтан Алматыға келгенде Мұрат ағаның үйіне барып, сәлем бердім. Мені көргенде жүрегі жарыла қуанып, әрі әлі күнге дейін қайғыдан қан жұтып жүргенін жасыра алмай, қатты күйзелісте отырды. Ол кезде Арал теңізінің аянышты халі жер-жерде кеңінен сөз болып жататын. “Айтпадым ба, айтпадым ба?” дегеннен бөлек аузына сөз түспеген қайран ағам көз жасына тұншыққан-ды. Сол жолы менімен қоштасқанда да: “Обал-ай! Обалай!”– деп күрсінумен болды. Сөз соңында айтайын дегенім, қайсыбір кездерде әлдебіреулер: Арал теңізінің түбінен өркениет іздері, қала қалдықтары табылыпты деп жалаулатты. Баспасөз жаппай жазып, жерден жеті қоян тапқандай шұнаңдады. Арал теңізінің тартылуы табиғи құбылыс дегендей емеурін байқатты. Соған орай, Аралдан “Экологиялық қолайсыз аймақ” деген атауды алып тастау керек деушілер де бой көрсетті. Бәрі бекер, бос сөз. Аралды зерттеген экспедиция мүшесі ретінде менің айтарым, кейбір археологиялық жұрнақтар Аралдың түбінен емес, керісінше, “Барсакелмес”, “Лазарево”, “Возрожде-
ние”, “Ұялы”, “Кедерлі” аралдарының тастақты шоқыларынан табылған-ды. Онда да, болар-болмас, күмәнді жәдігерлер (егер солай деуге болса, әрине)! Екіншіден, Жағалау бұғазының өлшемімен салыстырғанда, Арал теңізінің деңгейі – сонау тартылмай тұрған кездің өзінде – ешқашан 42,0 қалыптан өзгерген емес. Сондықтан, Арал теңізінің түбінде өркениет іздері, көне қала қалдықтары болған-мыс дегеннің әфсана екенін ұмытпаған жөн. Нақты факт, ғылыми-зерттеу нәтижелеріне иек арту лазым. Мұны кім-кім де есте сақтап, жел сөздерге илана бермеу үшін айтып отырмын. ...Әйгілі ғалым-агроном Мұрат Майлыбаев ағамның “обал-ай, обал-ай!” деп күрсінгені күні бүгінгідей көз алдымда. Аралдың құрдымға кетерін 10-15 жыл бұрын болжап: “Айтпадым ба? Айтпадым ба?” – дегені де есте. Иә, бұл фәни жалғанда небір ғазиз, көреген жандар ғұмыр кешті. «Жарық дүниеден жаным» - арымның садағасы деген Мұрат Майлыбаевтай сайыпқырандар да өтті. Олар қолдан келгенін жасады. Жасай алмағаны үшін жазықты емес. Олар жасай алмағанды кейінгі ұрпақ жасауы лазым. Өз басым Арал қалпына қайта келер деп үміттенемін. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен бүгінгі жасалып жатқан іс-шаралар куә деп қараймын. Сондай-ақ, ұзақ жыл башпайына «қоңырау байланып», елеусіз жүріп-тұрған Мұрат Майлыбаевтай ержүрек ғалымның еңбегін ескеріп, әділ бағасын беретін уақыт жетті. Өзбек халқы қашаннан аспандата қадірлеп жүрген Усман аға Юсупов секілді, Майлыбаев та тиісті бағасын алып, кеңінен дәріптелуі тиіс деп ойлаймыз. Үміт Сізде, Нұреке! P.S. Несін жасырамыз, Мұрат Бәкірұлының көзі тірісінде онымен сөйлесіп, ақиқатты анықтаған ешкім болмауы өкінішті. Біріншіден, ондай адам барын білмеді, екіншіден, бірлі-жарым білетіндер партиядан шығып, қызметтен қуылғаны үшін тайсақтады, сескенді (оларды түсінуге болады). Е. Өзенбаев, Б. Әлібаев жайлы да солай. Өзбектер де Усман Юсуповтың жеке басын құрметтегенмен, Аралға қатысты жанкешті әрекеті жайлы пәлен дегенін байқамаппыз. Бір өзбек, үш қазақ. Хрущевтен тайсалмаған төртеу (бұл басқаларды мансұқтау емес). ОЛАР АРАЛ ҮШІН АЛЫСТЫ. Жоғарыда баяндалғандарды әлқисса деп түсінейік. Әрі қарай індетуге бастау деп қарайық. Егерәкиде, Арал апатының шын сырын білу қажет болса...
БЕЙІМБЕТ МАЙЛИННІҢ «ҚЫЗЫЛ БҰРЫШЫ» Ақын Жұбан Молдағалиев айтатындай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ қауымының ғасырлар бойы елдігін сақтап, көштен қалмай ғұмыр кешіп келуіне ән, күй, өлең, жыр-дастан секілді әдебиет пен өнердің (айтыс, тақпақ, жар-жар, жұмбақ, жаңылтпаш, өтірік өлең) кереметтей сеп жасағаны арғы-бергі тарихтан мәлім. Бұл әдебиет пен өнер халықпен біртұтас, бөле-жара қарауға болмайтын құндылық деген сөз (біз ашып отырған жаңалық емесі де түсінікті). Олай болмағанда ше, өткен ғасырдың алапат соғыс жылдарында тәулік бойы апталап нәр татпайтын шақтарда ата, әже, апа, аналарымыз түні бойы айтатын ертегі, тақпақ, ән, жыр тыңдаумен таң атырмаушы ма едік. Анау әлгі «Қобыланды», «Ер Төстік», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» дастандарын ауылдың кезкелген жыртық иық, жалаң аяқ балалары судырата жөнеліп, бірі білмегенді бірі түзеп, бірін-бірі толықтырып, жарыса жамырасатын кездер ұмытылар ма, сірә? Кейін ойлап қарағанда, мұның бәрі өткенкеткенді бажайлап, дүниетанудың алғышарты іспетті екен. Сөйте жүріп небір қиындықтар артта қалды, ашыққан қарын тойынып, киім бүтінделіп, кешегі қарға бойлы қара домалақтар арман қуып, алысқа шарлады, шамасы келмегендер ауылдың түтінін түтетіп, туған жердің түлеуіне атсалысты. Әркім қолынан келгенше тырбанды, тіршілік жалғастығы үзілмеді (ең бастысы да осы-тын). Бертін келе оң-солды танып, әдебиет пен өнерден сусындап жүріп өркендеген ел-жұрттың арғы-бергі тарихын зерделегенде, әріні айтпағанда, Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда қазақ ауылдарында көшпелі мәдени ошақтар, қызыл отау, қызыл бұрыш, болғаны, біртіндеп олардың орнын клуб, автоклуб, кітапханалар толықтырғаны, үлкен қалаларда театр, кинотеатр, филармония, концерт залдары жұмыс істейтінін біле бастадық. Әсіресе, жаппай кітап оқуға құштарлықта шек жоқ-тын. Соның арқасында жұрттың көкірек-көзі ашылып, сана оянып, руханият ілгеріледі. Соның арқасында қазақтар ішінен ғылым қуған ғалым, ақын-жазушы, өнер өкілдері шықты. Өткенді біліп, Мұхтар Әуезов жас кезінде футбол ойнап, ауылда өзі жазған пьесаны сахналап, Бейімбет Майлин туған жерінде қызыл бұрыш ашып, өзі соған меңгеруші болғанындай (біз үшін қиял-ғажайыппен бірдей) жайларға қанықтық. Кейін жол түскенде Абай ауданында Мұхтар Әуезовтің пьесасы қойылған орын, Қостанай облысының Таран ауданындағы Бейімбет Майлин
мен Өмірзақ Елубаев туған ауылда әлі бұзылмай тұрған шымшықтың ұясындай қызыл бұрыш үйі мен ескі мектепті көріп, тылсым әсерге бөленген шақтар есте (мұндай-мұндайлар басқа да аз емес, біз екеуін ғана атап отырмыз). Қош, бұларды неге еске алдық, сөзді бұлай бастаудың себеп-салдары неде? Енді соларға келсек, (бұрын да айтып жүргеніміздей) Кеңес өкіметі орнай бастасымен оны қанша жерден жаман десе де, халықты жаппай сауаттандырып, мәдени шараларды кешенді түрде жүзеге асырғаны құпия емес. Өз республикамызды алсақ, кезкелген ауданнан бастап, колхоз, совхоздарда клуб, мәдениет үйлері жұмыс істеп, халық таланттары қатысатын драма, көркемөнерпаздар үйірмелері көптеп жұмыс істеді. Солардың арқасында ауыл-село халқы берісі облыс, арысы астанадан концерт бригадалары, театр труппалары қашан келеді деп сарғая күтпестен, өздерінде бар мүмкіндікке орай рухани талап-тілектері өтелетін болды. Мұның тағы бір жақсы жері, ауыл-селоларда тұратын талантты жастардың ішінде кейін үлкен өнерге жолдары ашылып, бағы жанғандар да аз болмады. Міне, осындай жағдайда Бейімбет Майлиннің «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» дегеніндей, қайда да мәдениет гүлденіп, ауыл өмірі мәнді де мазмұнды, айшықты болуы қалыпты жай еді. Тіпті, колхоз, совхоздарда міндетті түрде болатын көркемөнерпаздар үйірмесін айтпағанда, халық театры жоқ аудандар сирек ұшырасатын. Клубтар мен мәдениет үйлерін музыкалық сауаты бар, нота білетін мамандар басқаратын. Белгілі композиторлардың баспасөзде нотасымен жарияланатын ән-күйлерін қолма-қол үйрену оларға түк те қиын емес-ті. Бірқатар аудандар мен облыстағы халық ансамбльдері мен халық театрлары Алматы, Мәскеуде өнер көрсетіп, жүлдегер атанатын. Бұл сөзімізге даңқы күллі республикаға мәлім болған «Ақжар», «Шаян» халық театрлары мен «Сыр сұлуы», «Жайық толқындары», «Қаламқас», «Айнакөл», «Алатау» ансамбльдері дәлел дер едік. Жергілікті ансамбльдер мен халық театрында өсіп шығып, Алматыға шақырылған қызылордалық Төлеу Қосанов, семейлік Баян Сағымбаева сынды дарын иелері қаншама еді. «Ақжар» халық театрының әншісі Ораз Кәкеев, «Сүйгенім менің қалада» сынды талай әндер шығарған «Шаян» халық театрының әншісі әрі композитор (қазіргі Қалдыбек Құрманәлиевтің әпкесі) Зеберше Оспанованың есімдері республикалық радиодан жиі естілетін. Олар көп. Біз есте қалғандарды айтып отырмыз. Жасырары жоқ, жер-жердегі халықтан
шыққан тума таланттардың даңқы да кәсіби әріптестерінен кем болмайтын. Сонда бұл не? Оларды не үшін айтып отырмыз? Әлде, зарлана жоқтап, бебеулеген жай ма? Олай емесін біз айтпай-ақ шамалайтыныңызды білеміз. Себеп-салдары түсінікті. Бүгінде солардың жұрнағын таба аламыз ба? Халық ансамблі, халық театры, үлгілі клуб, озат автоклуб, театр дерліктей айшықты мәдениет үйлері бар ма? Бар болса, қайда, қай жерде, қай өлкеде? Бәлкім, әйтеуір бір жерлерде бар да шығар, бірақ, өз басым білмеймін. Айтпақшы... Ол кездерде кез-келген аудан, колхоз, совхоздарда дала қосы, алыс мал жайылым участогі дегендер де болмап па еді? Болғанда қандай! Өйткені, олар көл-көсір егін, төрт түлік мал өсіретін шаруашылықтарда болмай қайда болсын?! Сондықтан, малшыларға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді ұйымдастырып, бақылауда ұстайтын жауапты мекемелердің міндеті салмақты да ауыр-тын. Аупартком, ауаткомдар мұны назардан тыс ұстауға хақы жоқ болғанымен, аупарткомда идеологиялық хатшы, аудандық атқару комитеті төрағасының сол мәселемен айналысатын арнайы орынбасары тікелей жауап беретін. Аудандық тұтынушылар одағы, тұрмыс комбинаты, мәдениет бөлімі, дәрігерлік бірлестік −бәрі, бәрі. Облыста да солай. Қысқасы, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қамқорлықта шек жоқ-тын. Өйткені, мемлекет, қоғам, халық тынысы солармен тығыз байланысты еді. Республика, облыс, аудандық баспасөздер егін шаруашылығы мен малшылардың тұрмысы мен мәдениеті хақында үзбей және кеңінен толғап жазатын. Жетістіккемістіктерді түгел жіпке тізіп дегендей. Мәселен, негізінен ауыл тұрғындарының қам-қарекетін жазатын, тиражы 500 мыңға жуық «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Алтын астық», «Ақ күріш», «Мақта – ел байлығы», «Шопан қамын қауым болып ойлайық», «Бәрі де малшылар үшін», «Мал өсірсең, қой өсір», «Киіз үйдің сапасы» сияқты тұрақты айдарлар болғаны да осы айтқанымызға айғақ. Журналдың әр саны командировкаға баратын кемі үш арнаулы тілшінің мақаласы не рейдтік сын материалсыз шықпайтын. Бұл қатаң тәртіп, өзгермейтін қағида-тын. О, ұмытып барады екенбіз, әр аудандағы мәдениет бөлімінің қарауында аймақтағы егінішілер жұмыс істейтін дала қосы, малшыларға үздіксіз мәдени қызмет көрсететін автоклубтар қанша қажет болса, сонша мөлшерде болатын еді-ау. Аудандық тұрмыс комбинатының құзырындағы жылжымалы автомонша, автошеберхана да солай. Етікші, шаштараз, тігінші, сағат жөндеуші, радио
шебері, медбикелер қысы-жазы арнайы көлікпен алыстағы дала қосы, мал жайылымдарға сапарға шығып тұруға міндетті-тін. Осыған орай, олардың ішінен үздік шыққандар үшін белгіленген «Үздік автоклуб қызметкері», «Қазақстанның мәдениет қайраткері» сияқты атақ-марапаттар болатын. Олар лайықты деп саналған адамдарға жыл сайын бір не екі рет берілетін де, газет-журналдарда суреттері басылып, мақала жарияланатын. Автоклуб меңгерушілерінің ішінде гурьевтік Қаттар Дүйсенәлиев сияқты небір әнші, күйші, термеші, айтыс ақындары аз болмайтын. Бұл жерде бір ғана жаңақорғандық автоклуб меңгерушісі, есімі күллі республикаға әйгіленген Манап Көкеновтің атын атасақ та жетіп жатқандай. Ал, олардың қатары қалың болатын. Алғашқы жұмысын автоклубтан бастап, кейін белгілі өнерпаз не композитор атанып, биікке самғаған жампоздар қаншама!! Шыны керек, автоклуб меңгерушісі деген кәдімгідей құрметті лауазым-тын. Осының бәрі – тоқ етерін айтқанда – мәдениет, өнер, әдебиетке қамқорлық, сол арқылы халықтың рухани талабын өтеу үшін алдын-ала міндеттеліп, мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, жоспарлы түрде іске асырылатын шаралар еді. Оларды көзбен көріп, куә болған басымыз енді бүгінде ондайдың бірін таппай, түс көргендей пұшайман боп, әрі-сәрі күй кешуліміз. Пәлен деу қиын. Ауыл дейтін ауылдың ахуалы белгілі. Құдай біледі деп айтайық, қазіргі ауылдың көбінде бірлі-жарым жұрнағы демесе, жоғарыда аталғандай игіліктер жоқ есебі болса керек. Әлде, бар ма? Әуелі дала қосы, қоғамдық мал шаруашылығы бар ма, бар болса, алыс мал жайылымы да бар шығар. Ендеше, ондағы малшыларға көрсетілетін мәдени-тұрмыстық қызмет қалай? Атама дейсің бе? Ә, мейлі, атамайақ қоялық. Бірақ, әр ауданда мәдениет бөлімі бар шығар. Облыстарда бар, оны білеміз. Сонда бүгінде олар немен айналысар екен? Бұл сөзге өкпелеме, ағайын. Білеміз, әйтеуір бірдеңемен айналысатын болуың керек. Енді оны өздерің білесіңдер. Біздің білетініміз, автоклуб деген, оның меңгерушісі деген, әй, жоқ шығар, тегі. Өйткені, олар жайлы сыбыс естілмейді ғой. Соны айтшы, қазір автоклуб керек пе? Керек болса, кім үшін? Заман басқа дейсің бе? Оны сенсіз де білеміз. Мыңғырып «өсіп жатқан» қоғамдық мал шаруашылығының күйкі халін де білеміз... Ал, енді осылардың бәрінің басын қосып, жинақтап қарасақ, бұл дегенің мәдениеттің өзегіне жұлынқұрт түскеннен несі кем? Бүгінгі ауылдарда клуб, мәдениет үйі, халық ансамблі, халық театры,
көркемөнерпаздар үйірмесі, автоклуб, олармен бірге тыныстайтын концерттік топ (не бригада) болмаса, солай болмай қайтеді? Өкініп отыр деймісің? Е, жоқ! Қапылып отыр десе сөз басқа. Қапылмасқа әдді жоқ болса қайтейік. Себебі... Айттық қой сонау, Кеңес өкіметі алғаш орнаған жылдарда Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтер бірінші мәдениетке мән беріп, Бейімбет Майлин қызыл бұрыш, қызыл отау ашып, қалың қауымның рухани жақтан кенже қалып, кеміс болмауы үшін жасалған іс-шаралардың бісмілләсі неден, қалай басталғанын. Кейін қалай өркендеп-дамып, бірте-бірте шырқау шыңға қалай көтеріліп, мейманасы тасығанын да сөз еттік. Соның бәрі аққан судай жым-жылас боп, құрдымға кеткенін де. Осы мәз болатын жағдай ма? Сынадай саңлауың болса, мына бейбақ Кеңес өкіметін аңсап, аһ ұрып отыр дей қоймассың, бәлкім. Гәп онда емес, бір кезде еліміздің түкпір-түкпір, бұрыш-бұрышында шешек ата гүлденген мәдениеттің қарадай күйреп, елеске айналғандай болғанында боп тұр емес пе? Әлде, тәуелсіздік алған егемен елді сынап-мінеп отырмыз ба? Құдай сақтасын, ол да емес. Онда не? Міне, енді мұны сіз боп, біз боп, ортаға сап ақылдасып, ой толғап көрсек қайтеді дейміз де, басқа не болсын. Ол дәуір келмеске кетті, енді кері қайтара алмайсың, босқа арамтер боп қайтеміз десең өзің біл. Бірақ, олай десең, ол сенің пайым-түсінігің. Біздікі басқа. Біздікі бүгінгі күндерде жалпы жұртқа мәдениет ұрығын қалай сеуіп, қалай ұшпаққа шығуға болар еді? Дәл сонау Кеңес өкіметі орнаған жылдардан бастап қолға алынып, бүкілхалықтық мәнге ие боп, асқақтаған мәдениетке қол жете ме, әлде... Әлде, қажеті жоқ па? Міне, тығырыққа тірелудің әкесі мен көкесі! Ал, ойлан! Сен ойланып біткенше... Жарайды, күнделікті тіршілікте әдебиет пен мәдениеттің қаншалық маңызды екенін сөз ете отырып, енді қайтып келмеске кетіп, кейінгі ұрпақтарға ертегідей естілуі мүмкін біраз жай-күйді шама-шарқымызша қаузаған болдық. Не үшін? Енді соған келейік. Алдымен бүгінде ешкім ойға ала бермейтін оларды еске түсіріп, жалпақ жұртқа жария етудің түк те оғаштығы жоқ. Онан соң, өткенді білу парыз екені рас болса, екібастан солай. Егерәкиде, біреу-міреу бәрі өтті-кетті, не пайда дейтін болса, жауап біреу: қалай ойлайсың, бүгінгі қалың қауымға мәдени-тұрмыстық қызмет қажет пе, жоқ па? Әлде, тақиясына тар ма? Әлде, ондайға қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп, кеңірдектен тойып, кекірік атып отыр ма? О, жоқ! Олай емес!
Оған біреу-міреуді жазықты санап, бүйректен сирақ шығарғалы отырған да ешкім жоқ. Қоғам өзгеріп, заман өзгеріп, бәрі өзгергенінен хабардармыз, шамалаймыз. Солай екен деп, мәдени-тұрмыстық шаралардың ұмыт қалғаны дұрыс деп бас шұлғымаймыз. Сыпайылап айтқанда, олай деу дәйістік болар еді. Ғасырлар бойы (өмірбақи) халықпен бірге жасасып, рухани азық-тірек боп келе жатқан әдебиет те, мәдениет те бүгін бұрынғыдан әлденеше рет көбірек керек. Ендеше, сол «керектер» қалай өтелуде, ауқымы қалай? Тағы бір тосылатын жер осы! Себебі, әзірше өйт-бүйт дейтін аксиома жоқ. Басы ашық бастау жоқ. Тұғыр тұралап тұр. Тұрлаусыз. Бұл мәдениет әлемінде түк істелмей отыр, тап-тақыр, көзбен көріп, қолмен ұстағандай дым жоқ деген сөз емесін де (мықтап) ескер. Әйтеуір, басы ашық бір нәрсе, Кеңес өкіметі кезіндегі жоғарыда айтылғандай кешенді шаралардың бүгінде көбі жоқ. Есесіне, ойға көш, қырға көш, қым-қиғаш сапырылыс. Шетінен әйелдерше киініп, әлдеқашан «қатын боп кеткен» еркек артистер, өзбекше билеп, кез-келген телеарнада шапқылап жүрген еліктегіш елпекбайлар... Қаптаған жылаңқы ән, микрофон ұстап, ерні жыбырлайтын әнші, әншісымақ, өйттік-бүйттік деп ауызбен орақ ору. Шетелдіктерге еліктеу-солықтау. Кітап жетпей, оның не екенін де ұмытқан болуы бек ықтимал жалпақ елдің түкпір-түкпіріндегі қауым кітап оқымай, ерен жүйріктердің концертін тамашалай алмай, озат шопан, озат мақташы, озат сауыншы деген сөздерді ұмытқалы қашан? Кітап дегеннен шығады, бір не екі мың тиражбен шығатын кітап кімге жетеді? Елімізде «Еңбек ері» деген биік марапатқа ие боп жүргендер кім? Талас жоқ, лайықты тұлғалар. Бірақ, саусақпен санарлық солардың ішінен бір малшы не дихан табыла ма? Мәдениет өкілдері ме? Бір жазушы Ер болып еді. Оны да Елбасының қолын сүйді деп жазғырудай жазғырып әлекпіз. Несі бар. Сүйсе сүйген шығар... Ер болсаң, сенен одан да зоры шығуы мүмкін. Мәдениет халықпен біте қайнап, шешек ата гүлденіп, ұлттық ауқымда өркендеуі лазым. Мәдени бағдарламадан үміт үлкен, бірақ, күдік-күмән да мол. Бәлкім, кешенді реформа қажет шығар. Қандай реформа? Оны енді ел сенген билік басындағылар ойлана жатар. Тек Білім және ғылым министрлігіне келген әр министрдің өзінше жасамақ боп, қолдарынан келмей, өздерімен бірге құрдымға кеткен реформасындай болмай-ақ қойса игі еді дейміз де, қайтеміз. Бұл енді көп болып ақылдасып, ойланатын-ақ жайлар. Бүгінгі қамқорлықтан қағыс қалған әдебиет, ақын-жазушы, баспа, басы-
лымдар мен мәдениет, мәдени сала, мәдени ауқым көңілге кірбің ұялатудан зыр қағулы. Жер-жерде жекелеген зәулім сарай, театр, концерттік мекемелер бола берсін, болғаны жақсы, олармен алысқа барсақ, алдан жарылқасын. Бірақ, біздің діттегеніміз – жоғарыда айтылғандай жай-жапсар, әдебиет пен мәдениеттің барша жұртты қамтып, ұшпаққа шығуы, мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуы, басқа да кешенді іс-шаралар керектігі. Ә, иә, бұған дейін қолға алынып, жүзеге асты дейтін, бірақ, нәтижесі селдір іс-шараларға қыруар қаржы жұмсалғаны да бар екен ғой. Аямастан! Құдай өзегіне құрт түсетін мәдениеттен сақтасын!.. ҮШ АЛЫПТЫҢ ДОСТЫҒЫ • Темірбек Жүргеновтің кабинетінде домбыра болатын • Б. Майлиннің «Шұғасы» тұңғыш рет қалай сахналанды? • «Шұға» бүгінде қойыла ма? Ескеретіндер бар ма? – Жазу-сызу аздап қолымнан келгенмен, мен ақын да, жазушы да емеспін. Тек өнерге қатысты көзім көріп, куә болғандарды ғана әңгімелеуге құлқым бар, – дейтін қарт әнші, еңбегі сіңген артист, марқұм Бісміллә Балабеков. – Сендер 1930 жылдар ішінде қазақ өнерінің қалайша өсіп-өркендегенін онша біле бермессіңдер. Қазақтан шыққан тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанин мен министр Темірбек Жүргеновтің қазақ өнеріне қамқорлықтары ерекше еді ғой. Екеуі де «халық жауы» боп атылып кетті. Олар жөнінде қазіргі айтылып, жазылып жүрген дерек-мәліметтерде дәлсіздік, білместік, бұрмалау жоқ емес. Тіпті, олармен үзеңгілес боп, жұмыс бабында қатар жүрген мен де бес саусақтай білемін дей алмаймын. Әйтсе де, есімде сақталған кейбір жайларды ортаға салу парыз. Бір таңқалатыным, халық таланттарының 1934 жылы өткен республикалық слеті жөнінде егжей-тегжейлі айтылатын қомақты еңбек әлі күнге дейін неге жоқ? Слетті кімдер ұйымдастырды, кімдер қатысты, кімдер қандай жүлдеге ие болды, жалпы, қалай өткенін жан-жақты баяндайтын – қатысушылардың бәрінің суреті басылған – кітап неге шығармасқа?! Әркімнің өз білгенінше тиіпқашып сөз ететіні аз. Білместік, кереғарлық сондайдан туындайды. Енді негізгі айтарыма келейін. Құдай берген дарынның арқасында 1932 жылдың басынан бастап Қарағанды радиосында біраз уақыт Қали Байжанов, Иса Байзақов, Қосымжан Бабақовпен бірге әнші боп
істедім (бұл жұмысқа мені композитор Борис Ерзакович алдырған болатын). 1933 жылдың басында Сібірге әкем, қарындасым Рахима үшеуміз гастрольге шығып, Кузбасстың айналасындағы қазақтарға үш ай концерт көрсеттік. (Әкем мен қарындасым Рахима Кузбасстың өз басында тұратын). Новосибирск радиосынан ән салдық. Ұлты орыс болса да, радио басшылары Алматыдағы жағдайларға қанық екен. «Сендердің астаналарыңда «Айман-Шолпан» деген спектакль қойылды. Режиссері Жұмат Шанин. Бұл хабарды біз Мәскеу радиосынан естідік, газеттен оқыдық, сенің орның сонда емес пе?» – десті (мұндай сөзді өзіміз түскен үйдің иесінен де естіп едік). Сол қамшы болды ма, қайдам, ертеңіне әкем мен қарындасымды Кузбассқа аттандырып, бірден Алматыға тарттым. Бұрыннан жақсы білетін Жұматтың үйіне түстім. Оның үй-іші арқа-жарқа боп, қуана қарсы алды. Жұмат таяуда Қырғызстаннан оралғанын, онда жаңа спектакль қойғанын айтты. Бұл 1934 жылдың көктемі еді. Жұмат ертеңіне мені оқу-ағарту (мәдениет, өнер де соған қарайды) комиссары Темірбек Жүргеновке апарды: «Мен қырғызға кеткенде, бұл Новосибирскіде жүріпті, тауып алдым», – деп жатыр. Министрмін деп отырған Темірбек жоқ, өте қарапайым, сыпайы, ашық. Бұрыннан таныс болғандықтан: «Кәне, «Қызыл бидай», «Алтыбасар», «Топай көк», «Қанапияны» айтып жібер», – деді. Домбырам жоғын байқасымен, оң жағында қабырғаға сүйеулі домбыраны алып, қолыма ұстатты (көрдің бе, қазір қайдам, ол кездегі министрлердің кабинетінде домбыра болатын). Темірбектің сұраған әндерін кабинеттің ішінде шырқап бердім. Министр ризалық сыңаймен Жұматқа қарады. Жұмат басын изеді. Кабинеттен шығысымен театрға бардық. Қызметке қабылдандым. Сәл күннен соң Жұмат: «Алматыда халық таланттарының слеті өтеді, әкең де қатыссын, шақыр, біліп қой, бұл министрдің ұсынысы. Темкең әкеңді де біледі», – деді. Бір жеті өтер-өтпестен әкем келді. Жұмат пен әйелін (Жанбике) дәмге шақырдық. Әкем Жұматтан Әбікей Сәтпаев, Әміре Қашаубаевты сұрады. Әбікей аман-сау, Әміре қайтыс болды дегенде көз жасын төгіп жіберді. Әкем солығын басып, көңілі біраз жайланды-ау дегенде: – Қазақстандағы күллі өнерпазды жинап байқау өткіземіз. Озғандарға бәйге беріледі. Сіз сахнаға шыққанда Біржанның «Майда қоңыр», «Жамбас сипар» әндерін жиырма бес жасыңыздағыдай айтыңыз, – деді Жұмат.
– Қартайдық қой, – деді әкем. – Алда Бейімбеттің «Шұға» пьесасын қоймақшымын. Бұйырса, сондағы қарттардың бірінің рөліне шығасыз, – деді Жұмат. – Ол болмас, – деді әкем. – Қинама. Басқалар бар ғой. Мен ән салуға жарасам да жетер. – Жарайды, онда әннен сүрінбеңіз. Алда өтетін слеттің мәні үлкен. Мақсат – халықтың ән-күйлерін мадақтау, жинау, кейінгілерге аманаттау. Жүргенов солай деп отыр, – деді Жұмат асықпай сөйлеп. – Бұларың орынды екен, – деді әкем. – Ал, енді сен өзің де қара жаяу емес едің ғой, басқа жерде болмаса да, осы дастархан басында бір-екі ән салсайшы, біз де бір жасап, жырғап қалайық. Жұмат пен Жанбике сызылтып ән салды. Ой, сағынышты күндерай. Енді қайтып келмейді-ау. Қайран Жұмат, арманда кеткен арысымай!.. Сонымен, Пушкин көшесіндегі музыка театрында (кейін ұзақ жыл «Қазақконцерт» сонда болды) өнерпаздарды тыңдау басталды. Елдің әр түкпірінен ат сабылтып келгендер қаншама. Бір ғана Жамбыл ақын мен Дина күйші не тұрады десейші. Екеуі де керемет екен. Біліп қой, Жамбылды мен әлі даңқы жер жармай тұрған, елден келген талант иесі ретінде көріп, тәнті болғанмын. Өнер өкілдері бірінен соң бірі шығуда. Үздік дегендерді қазылар мен Жүргеновтің өзі жазып алып жатыр. Бір кезде сахнаға үстінде үлкен жеңіл шапаны бар Жәкең (Жамбыл) қырғыз қалпағын шалқайта киіп шыға келді. Даусы қоңыраудай, өткір, ашық. Үзіліс кезінде оны Ораз, Кенен, Сәкен, Жүргенов, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Ахмет, Сәбит, Затаевич, Жұматтар ортаға алып, құрмет көрсетті. Ұлы ақын: «Әттең, осы күн жиырма бес жасымда келмеді-ау», – деп жымыңдайды. Келесі күні Жамбыл бізді сөзін өзі жазған «Угайым», «Тоқсан бес» деген екі әнімен таныстырып: «Екеуін де сен айтасың, тез үйрен», – деді маған. Қорытынды концерт күні бас жүлде алған Жамбыл, Дина және менің әкем Балабек жиналыс төрінде отырды. Үшеуіне де бірінші дәрежелі диплом, құрмет грамотасы тапсырылды, дербес зейнетақы тағайындалды. Осы слетті ұйымдастырған әрі музыка театрының келешегін ойлаған Темірбек пен Жұмат жар құлақтары жастыққа тимей зыр қағып жүріп, байқауда көзге түскен айрықша дарын иелері – қобызшы, сыбызғышы, сырнайшы, күйші, биші, әншілерді слеттен кейін алып қалуға күш салды. Ғарифолла Құрманғалиев солардың
ішіндегі шамшырақ іспетті еді. Жұмат Шанинді – кәсіби маман ретінде – опера және балет театрының да іргетасын қалаушы деуге әбден болады. Бұл кездер Жұматтың Бейімбеттің «Шұғасын» сахнаға шығаруды ойластырып жүрген шағы-тын. Слет аяқталған соң көп ұзамай дайындыққа кірістік. Жұматтың режиссерлік тәсілі қарапайым, қонымды, актерлар мен актрисалардың тез түсініп, қабылдауына ыңғайлы. Жұмат әуелі оларды бір-екі күн қатар отырғызып, пеьсаны не өзі оқиды, не басқаға оқытып, тәптіштеп түсіндіреді. Әркімге тапсыратын кейіпкерінің мәтінін жаздырады. Сөйтеді де: «Ал, енді жазған қағаздарыңа қарап отырмай, сөзді бірінен соң бірің іліп әкетіңдер, – дейтін. – Сөздерді жаттап алыңдар, суфлерге сенбеңдер. Ол сендер сүрініп-қабынбас үшін шұңқырда бұғып отыратын аңдушы. Екі көздерің суфлерде боп, құлақтарыңды түре бермеңдер. Кім қай жерде не айтады, қай жерде іркіледі, дауысты қалай шығарады, құбылтады, айқайлайды, күледі, жылайды – бәрін өзі біліп, өзі шешуі тиіс. Спектакль сонда ғана жұрттың көңілінен шығып, табиғи мәнге ие болады», – дейді. Күнде дайындық, ақ тер, көк тер. 20-25 күннен кейін театр залына дайындықты көру үшін Бейімбет Майлин келді. Бұл кезде артистер өз рөлдерін түгелге жуық меңгерген. Жұмат: «Бейімбеттің алдында қысылып-қымтырылмаңдар, тіпті, оның отырғанын білмеген боп ойнай беріңдер», – деп кеңес берді. Мен бақсы болып шыққанда Жұмат Бейімбеттің жанында отыр екен. Биағаның жүзіне күлкі үйіріліп, масаттанғаны көрініп тұр. Дайындықтан соң Жұматқа: «Пьесаны маған бере тұрыңдар, біраз ұштайын. Әсіресе, анау бақсының аузына өтімдірек сөз салайын, бірдеңе жетпейтін секілді, шамам жеткенше өткірлейін», – деп шығармасын алып кетті. Ол күні біздің де арқамыз кеңіп, сыра ішіп, ырғап-жырғап қалдық. Ертеңіне дайындық күндегіден әлдеқайда қызу жүрді. Ертелетіп келген Биағаң Шұға рөліндегі Күләш Байсейітова, Әбіш рөліндегі Ибәди Тәуекелов, оны алмастырғыш Қанабек Байсейітовті қайта-қайта тексеріп, шеберлікті шыңдауға үйретті. Оған шамданған Жұмат жоқ, қайта жазушыны көтермелеп, дем береді, «мен ескермеген екенмін, мұныңыз орынды» деп жайраң қағады, алғыс білдіреді. Биағаңның жас кезінде өз аулындағы қызыл отауда пьеса қойғанын да сол жолы: «Әй, Жұмат, егініме түсті деп өкпелеме, сендей сайыпқыран болмағанмен, менің де режиссерлігім бар», – дегенінен аңғардық.
– Әй, Бісміллә! – деді Биағаң маған бұрылып. – Бақсы келеді дегенде қарапайым жұрт оның жыны болады деп былай да қорқады, білдің бе? Ауруды қарағанда бақсы халықты алдап, дүние-мүлікті көбірек қарпу үшін барынша құтырады. Шұғаның жанына барып, аузыңнан ақ көбігің бұрқырап зікір салғанда, өтірік сөйлеп, алдайтының сезіліп тұрсын. Айтатын сөздерді қайта жаздым, толықтырдым. Жақсылап таныс, жатта, құйындатып, зуылдатып, жұрт үркетіндей етіп сөйле! – Құп болады, Биаға! – деймін қол қусырып. – Жаным садақа! Дайындық бітіп, «Шұғаны» халыққа көрсететін күн де жетті. Жұмат бәрімізге жеке-жеке қосымша ақыл-кеңес, нұсқау береді, пысықтайды. Тектілігінде шек жоқ, сабырлы, байсалды, сенімді. Ойын басталды. Зал лық толы. Жұрт біресе Шұға мен Әбіштің мөлдір махаббатына сүйсініп, қуана құптайды, біресе бастарына түскен машақаттан торығып, қайғы-мұңдарына налиды, көздеріне жас алады. Міне, айықпас дертке ұшыраған Шұға төсекте жатыр. Кезек бақсыға жетті. «Жындарымды» шақыра жұлқынып шықтым да, қобыз тартып отырған бейбақтың қолынан аспапты жұлып алдым. Көзімді алақ-жұлақ еткізе барып, қабырғаға сүйеулі аса таяқты жерге салдыр-гүлдір атып ұрдым. Қайта көтеріп, еденді түйіптүйіп қалдым. Қобызды жерге бір соғып, аурудың айналасында отырғандарды үркіте қуып жібердім. Біресе секіріп, біресе күжірейіп, Шұға болып «ауырып» жатқан Күләшті екі айналдым. Аса таяқты оқтала сермеп, залда отырғандарға қарай екпіндей жүгірдім. Бар даусыммен «аллаһу-ақ, бәлекті қақ!» – деп зікір саламын. Аузымнан ақ көбік атылады. Қайтадан қос аяқтап қарғып-секіріп, Күләштің жанына бардым. Әлденелерді айтып, аса таяқты жоғары-төмен ұрғылаймын. Күләшқа көзім түсті. Теріс қарап күліп жатыр. Мән беруге болмайды. Одан сайын екіленіп: «Аллаһу-ақ, бәлекті қақ!» – деп барылдаймын, уілдеймін, секіремін, шыр айналып жүгіремін. Бір сәт дамылдап, залға қарадым. Қыран-топан. Орындарынан тұрып, қайта отырып жатқан адамдар. Маған ежірейіп, үрке қараушылар одан көп. Сарт та сұрт шапалақ. Жұмат мәз-мейрам. Жанбике жеңгем тіпті риза. Биағаның екі езуі екі құлағында. Әттең, не керек, Шұғаны «бақсылықпен» жаза алмадым. Бақиға аттанды. Ойын бітті. Артистер мен Жұмат, Бейімбет сахнаға шықты. Сәкен, Ілияс, Сәбит, Мұхтар, Ғабиттер олардың кезек-кезек қолдарын қысып, құттықтап жатыр. Арынымды баса алмай, терімді құрғатып, аса таяғымды тауып алғанша «бақсы, бақсы!» деген айғай
шықты. Аса таяқты көтеріп залға шыққанымда жұрт маған да құрмет білдіріп, дуылдата қол соқты. Шымылдық жабылды. Жұрт тарап жатыр. Бейімбет Жұматтың қолынан ұстап тұрып: «Бәрекелде, бауырым! Дарыныңа бас иемін. «Шұға» бұлай шығады деп ойлаған жоқ едім. Бір бақсының өзі-ақ анау-мынау кем-кетікті жойып жіберді», – деді. Біраздан соң маған да жақып кеп: «Саған үлкен рахмет. Мен де біраз бақсыны білуші ем, бірақ, сен бұрын-соңды мен көрмеген тосын қимылдар жасап, пьесаға одан сайын жан бітірдің. Залға қарай тап берген тұсыңда бәріміздің төбе шашымыз тік тұрып, кәдімгідей шошындық. Әсіресе, жеңешең орындықтың астына кіріп кете жаздады», – деп селк-селк күлді. – Ал мен сені залдағы халықты айдап шыға ма, қайтеді деп ойладым, – деді Сәкен аға. – Таңертең біздің үйге кел, Жұмат та келеді, – деді Биағаң қоштасарда. – Ұмытып жүрме, келістік пе? – Ұмытпаймын, қазір жүр десеңіз де баруға әзірмін, – дедім әзілдеп. – Қазір болмайды, – деді біз қалжыңшыл деп ойлайтын Биағаң бұл әзілімді түсінбегендей. – Дайындық жоқ, жеңгеңнің де осында келгенін көрдің ғой. Айтпақшы, домбыраңды ала кел. Өз домбыраңмен ән салғаның дұрыс. Біздің домбыра саған жарамайтын шығар. «Ағаш аяқ», «Юран-ай»,» Сапар», «Қызыл бидайды» сенен артық айтатын ешкім жоқ қой, соларды тыңдап бір рахаттанайық. Келмей қалма! Шақырып отырған Биағаң болса, шалқаятын мен кіммін? Таңертең барсам, Жұмат менен бұрын барып, Биағаң екеуі әңгімелесіп отыр екен. Дастархан алуан түрлі дәмді тағамға толы. Әне-міне дегенше, исі мұрын жаратын қызыл қуырдақ та келді. Қызыл дейтінім, сол кезде қала қазақтары асқа жаппай томат езіндісін пайдаланатын. Бірінен-бірі көріп, еліктейтін болса керек. «Тамақ жеуің онша емес қой» деген Биағаңа Жұмат: «Мынаның құйрығы қайсы, өкпе-бауыры қайсы, ажырата алмай отырғаным», – деп бәрімізді ду күлдірді. Бірер сағаттан кейін дастарханға әкелген бір табақ еттің көбі құйрық екен. Биағаң елеусіз ғана. «Ал, міне, құйрық та келді, асай бер»,− деді тағы да Жұматқа қарап. Осылай әзіл-қалжыңымыз жарасып, түс ауғанша отырдық. Биағаңның қалаған әндерін шырқап бердім. Жұмат пен Биағаң ертең Жүргеновке барып, елге гастрольге шығу жөнінде сөйлесеміз десті.
«Шұға» мен «Айман-Шолпанды» апарсақ, ұпайымыз түгел болады деп те қалды. «Шұғаны» тағы да бір ай қойып, кем-кетігін түзеп шираттық. Халық үнемі көп жиналады, бос орын болмайды. Бір айдан кейін Қарағандыға аттандық. Бір күн «Шұға», бір күн «Айман-Шолпан» қойылады. Соңынан концерт көрсетеміз. Шахтерлер қаласында қазақ аз емес-ті. Зал бір күн бос болмайды, халық азаю орнына көбейе берді. Құрманбек жасаған Көтібар, Күләш жасаған Шұға, Айман, Манарбек жасаған Жарас бейнелері жұртқа ерекше ұнады. Күн сайын оларды да, басқаларды да іздеп келеді, қонаққа шақырады. Жұматқа құрмет мүлде бөлек. Сонау Қарқаралыдан іздеп келушілерде есеп жоқ. «Елге жүріңіз» дейді. Жұмат бара алмайтынын айтады. «Онда бәріңді алып кетеміз» дейді. «Ол да мүмкін емес, алдын-ала белгіленген жерлерге ғана баруымыз керек, тәртіпті бұзуға болмайды», – дейді Жұмат. Қазақша, орысша газеттерде біз туралы күнде жазылады. «Шұғаны» жазған Бейімбет Майлин, «Айман-Шолпанды» жазған Мұхтар Әуезов, оларды сахналаған режиссер Жұмат Шаниндерге алғыс айтады. Құрманбек Жандарбековті көбірек дәріптейді. Оның артистігі де, дарыны да ғажап болатын. Әйелі Шараның шыққан тегін ескеріп, екінің бірі «күйеу бала» дейді. Жас қыз-келіншектер «жезде» дейді. Гастрольдік сапар сәтті өтті. Театрға қыруар қаржы түсті. Артистердің де қалталары томпайып, шала байыды-ау деймін. Бірақ, сол жолы Жұмат Шаниннің бір тиын алмағаны есімде. Қолы таза болатын, ақшаға қызықпайтын, аз ба, көп пе, жалақым бар, сол жетеді дейтін. Келер жылы қырғыз ағайындарға бардық. «Шұғаны» олар да жылы қабылдады. Құрмет те, табыс та жеткілікті болды. 1937 жылдың лаңы басталып, Жүргеновтен бастап, Биағаң да, Жұмат та атылды. Олармен бірге «Шұға» да құрдымға кетті. Біржола ұмытылды. Сондай пьеса болған еді деп атауға да қорқатын кез келді. Солайша жолы кесілген «Шұғаны» қайта тірілтуге (онда да пьеса емес, повесть ретінде) Биағаң, Жұмат т.б. ақталған соң қол жетті. Осы күнде театрлардың «Шұғаны» неге қоймайтынын білмеймін. Ол деген кез-келген театрдың репертуарын байытып, гүлдентіп жіберетін шығарма емес пе? Тиісті орындар мен мамандар осыны ескерсе қайтеді? Міне, қазақтың халық әндері мен күйлерін жинап, екі рет кітап етіп шығарған аса құрметті Александр Затаевичке қазақтың небір
інжу-маржан әндерін жаздырған, халық таланттарының тұңғыш слетінде жүлдегер атанған әйгілі әнші Балабектің ұлы, еңбек сіңірген артист, ол да әнші әрі актер Бісміллә Балабеков марқұм Бейімбеттің (өзі бастан-аяқ қатысып, риза болған) «Шұға» пьесасының тұңғыш сахналанғаны жайлы әңгімесін осылай тамамдап еді. 1960 жылдардың соңына қарай «Мәдениет және тұрмыс» журналына келген орта бойлы, мығым денелі қартаң адам: «Танысып қояйық, – деді маған қолын ұсынып. – Сенің орындауыңдағы «Айнамкөз», «Бурылтай» әндерін радиодан тыңдап жүремін, нақышымен айтасың», – деді салған жерден. Ол – жоғарыда әңгімелеген − Бісміллә Балабеков еді. Зейнеткер, ұмыт қалғандай күй кешіп, жабырқап жүреді екен. Іргедегі Мәдениет министрлігіне ертіп барып, министр Ілияс Омаровтың қабылдауына жаздырдым. Министр жылы қабылдап, 70 сом мөлшерінде көмек бергізіпті. Бұл жайлы білетін көзі тірі куәгерлер қазір де баршылық. Мәселе онда емес. Алматыға жақын Жандосов совхозында тұратын өнерпазбен кейін де ұшырасып жүрдік. Кезінде елге танымал боп, қазақ өнеріне бір кісідей еңбегі сіңген әкелі-балалы хас өнерпаздардың арттарында қалған мұрасын жинақтап, кәдеге асырса, тіпті де артық болмас еді. Павлодар өңірінде туып-өскен Балабек пен Бісмілләдай өнер саңлақтары жайлы сол аймақтағы көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар да қозғау салса, нұр үстіне нұр болмақ. Кезінде Бісмілләнің аузынан жазып алынған жоғарыдағы дерек-хикаяны оқырмандарға ұсынып отырғанымыздың тағы бір себебі сол еді десек те болғандай. Бісміллә кейбір оқиғадеректерді көзі тірісінде жарық көрген шағын кітабында да баян етеді. Біз де кей жайларды сондағы айтылғандармен толықтырып, нақтылай түскенімізді қаперге саламыз. Өз басым Бісмілләдай қазына қартпен 1966-1971 жылдарда көрісіп жүрген едім. Иманды болсын. БЕРЕКЕ ДЕ, МЕРЕКЕ ДЕ МОЛ ЖЫЛДАР Зымырап өтіп жатқан уақыт көшінен «баяғыдай көрініп», «кезекпен қалып жатқан» ұрпақ өкілдерінің негізінен өз бастарынан өтіп, куә болған оқиға-құбылыстарды қаузап, сол төңіректе ой толғауға құмбылдығы табиғи құбылыс екені түсінікті. Міне, кешегі КСРО деп аталған алып мемлекеттің де бар-жоғы бұлдыр тартып, санадан өшіп, сағымға айналып барады. Кейінгі буын оның болмыс-келбетін жөнді
білмейді де. Ол жайлы таным-түсініктері, көп болса, кеңестік кезеңде ғұмыр кешкен қауымның ХІХ ғасыр (одан бергі Қазан революциясына дейін) жөніндегі ұғым-пайымдарының о жақ, бұ жағынан аспаса керек. Олар тұрмақ, бүгінде кеңестік дәуірде өмір сүріп, біраз жайларды өз бастарынан кешірген аға буын өкілдері үшін де көмескі тартып, елеске айналғандай иірімдер жеткілікті емес пе? Қысқасы, келмеске кеткен кеңестік кез енді жоқ, естелік қана қалды. Нанбасаңыз, қазіргі кез-келген жас жігіттер мен қыздарға бұдан жарты ғасыр бұрынғы Алматы халқы үш жүз мыңға жетпейтін шағын қала болатын, анау Әуезов театры, цирк орналасқан аумақтар кешкілік мезгілдерде жұрт олай қарай аяқ басуға жүрексінетін шет түкпір саналатын немесе (бүгінгі) Қазақ ұлттық университеті орналасқан жерлерде жүгері, күнбағыс өсуші еді деп көріңізші, иланар ма екен. Олар Алматыны көз ашып, ес жиғанда қалай қабылдаса, солай пайымдайтыны анық. Жасы үлкендердің айтқаны, тіпті, көне фотосурет, деректі фильмдердегі айғақтарға да күдік-күмәнмен қарайтыны сөзсіз. Уақытында біз де сөйткенбіз. Тума-туыс, әке-шешелеріміздің біздің кезімізде мектеп, кітап, газет-журнал дегендер болған жоқ дейтіндерін әшейін сөз шығар деп, онша сенгіміз келмейтін. Ертегідей көретінбіз. Сол сияқты, бүгінде кеңестік дәуірде қазақ тілінде шыққан газет-журналдар саусақпен санарлықтай еді дегенге де иланғысы келмейтіндер жиі болмаса да, ұшырасып тұратынына енді біз де пәлендей таңданбаймыз. Жас оқырман, егер сәті түсіп, осы жолдарды оқысаң, сен де, бәлкім, әй қайдам деп бас шайқауың ғажап емес, әрине. Өйткені, қазір, құдай көпсінуден сақтасын, қазақ тіліндегі басылымдар аз емес, иншалла. Ал, «Жас Алаш» мәңгі жас болса да, солардың ағасы, атасы, бабасы аталатын кезге жетіп отыр, шүкір. Ендеше, «Жас Алаш» жарық көргелі дәм жазып, онда жұмыс атқарған мыңдаған (одан аз емес) үлкен-кіші әріптестерді де мәңгі жас деп түсінген жөн дер едік. Бақиға озғандар да, көзі тірілер де. Иә, «Жас Алаш» туралы қаламгерлік жоралғыны бір замандарда (солай дейтін кез жеткеніне тәубе) осы шаңырақтан бастап, шама-шарықша қанат қатайғандай болған соң, сол шақтарда бастан өткен жәй-күйлердің бәрі болмаса да, кей параларын оқырманмен бөлісу анда-санда ойға түспей тұрмайды, әлбетте. Соның реті енді біз пақырға да келгендей. Келгенде, өз басым үшін ұнамайтыны, естелікке «мен» араласпай тұрмайды ғой. Сондықтан, әу бастан басын ашып алайық, «мен» қанша иектесе де, төменде сөз болатын жайлар мен сыр-естеліктер өзгелер жайында деп қараңыз.
Сонау алыстап кеткен аяулы жылдардағы бүгінгі «Жас Алашты» (бұрынғы «Лениншіл жас») қалың елге кеңінен танытып, көркейтіп, гүлдендірген, ыстығына күйіп, суығына тоңған арыстар кімдер еді, солар хақында. Өзіме келсем, бұл газетке қалай келіп, қалай тәйтәй тұрғаным, кімдерден шапағат-шафхат көргенім бұдан біраз жыл бұрын осы басылымда шет жағалап айтылған-ды. Онда да мен істеген кездерде түскен бір фотосуреттегі коллектив мүшелерінің аты-жөні шатасып кеткендіктен, өзімдегі фотосуретті қоса ұсына отырып, сол кемістікті түзеп жіберу үшін (редакция басшыларының қалауымен, әрине). Бір өкінерлігі, артынан өзім де іздей қоймағандықтан ба, ол фотосурет кері қайтарылмады. Редакция архивінде сақталуы мүмкін. Ал, енді сонау 1958 жылы – қазақ тіліндегі санаулы басылымдардың бір де бірегейі – «Лениншіл жас» газетіндегі жалпы ахуал, басылымның рөлі қалай, басшылар мен қосшылар кім, моралдық-психологиялық ахуал, ауызбірлік, кәсіби шеберлік, өзара қарым-қатынас, кісілік, сыйластық, ең бастысы, қазақты әспеттеу, таныту, ұлтжандылық, сондай-ақ, қызыл империя қылкөпірінің түртүрінен жол тауып, аман өту, ұстанған принцип қандай еді, соларға ден қойып көрейік. «Мен» де қосылады, қайтеміз, шамданбай шыда. Енді бәріміз де арғы-бергі дерек-мәліметтерді қапы жібермеуге тырысып, жылт еткеннен құлағдар боп жүреміз ғой, әрине. Соларды саралағанда, «Жас Алаш» газетінің беделі қашанда, қай мезгілде де жоғары, елден-ерек болғанына мән бермеуге болмайды. Газет шыға бастағаннан бері кім қай уақытта жұмыс істесе де, онда өткен думанды, базарлы, шуақты шақтарды тарихи мезгілге балаймын өз басым. Газет оларды танытса, олар газетті танытты. Сондықтан да, онда қызмет еткендердің қай-қайсысының да газеттің ту ұстаушысы мен едім деуі (олай демейді, демесе де) жарасымды, сыйымды көрінеді. Себебі, олардың бәрі де «Жас Алашпен» риясыз табысып, біте қайнасқан бір-бір алып бәйтерек іспетті. Мысал ма? Міне! 1958 жыл. Шілде айының басы. Ес білгелі арман болған Алматыға тұңғыш рет табан тиді. Таныс-туыс жоқ. Ташкент пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін үздік дипломмен бітіргенім былтыр. Бір жыл қазақ-өзбек аралас орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болдым. Өз мамандығым бойынша орын бос емес, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (бір жағдаймен Жезқазғаннан уақытша келген) басқа адам екен. Аты-жөні – Апбаз Қаражігітов. Мені Алматыға бастап келген ол, міне, қасымда тұр. Қонақүйде орын жоқ. Түн
жарымда бір жерлесі жолыға кетіп, соның үйіне түнеп шықтық. Ертеңіне Апбаздың курстасы Ізтай ақын Мәмбетов, ол арқылы Жұбан Молдағалиев, Қуандық Шаңғытбаевпен таныстық. Бізді алақанға сап аялаған олар қолдан келген көмектерін жасады. Тіпті, мен Ізтай ағаның жалдамалы пәтерінде тұрып жүрдім. Менің қайтсем де Алматыда қалып, көше сыпырсам да, бір жұмыс табу ойымды білген Жұбан Молдағалиев «сәл шыда, Қазақ радиосына орналастырамын» деп демеу көрсетті. Қуан аға құптады, Ізтай аға қолдады. Жұбан аға «сәл шыда» деген аралықта редакцияларды жағалап, өзімше жұмыс қарастырамын. Бірде «Лениншіл жас» газетінің редакциясына барайын. Төртінші қабатқа көтеріле бергенде қарсы алдымнан шыға келген жасы менен сәл үлкендеу ақсары жігіт: «Иә, неғып жүрген жігітсің?» − деді әй-шәй жоқ бірден. – Жұмыс іздеп жүрген жігітпін, – дедім оның «жігіт» деген сөзіне орай «жігітті» қосып жіберіп. – Не жазасың? (Мені журналист деп түсінгені белгілі). – Фельетон жазамын, – дей салдым аузыма түскені сол болып. – Ой, онда бері жүр, – деп бірден жеті-сегіз адам отырған бөлмеге ертіп кірді де, шамасы, өзі отыратын орын болу керек, терезеге тақау столдың тартпасынан машинкаға басылған төрт-бес материалды шығарып: – Мыналар жарамай қалған фельетондар, мынаны дәл бүгін жазып әкел, онан соң сөйлесеміз, – деді олардың біреуін қолыма ұстатып. Бәрі күтпеген жай. Алматыда сандалып жүрген мен немкетті деп атышулы редакцияға келдім. Кездейсоқ жолыққан бейтаныс жігіт тапсырма берді. Не деу керек? Бұған дейін фельетон тұрмақ, газет-журналға бір жол қарабайыр мақала жазған пенде емеспін. Алайда, Алматыға келгенге дейін – өзбек еліндегі мектепте мұғалім боп жүргенде – астанадағы газет-журналдарға, келсін-келмесін, топ-тобымен сықақ өлеңдер жолдайтынмын. Оларға көбіне басуға жарамсыз деген жауап алғанға да мәз болып, «жығылған күреске тоймайдының» кебімен, одан сайын тоғытатынмын. Осы жолы нартәуекелмен Алматыға келгенде, солардың бірі «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарияланыпты. Оны маған менен бұрын көзі түскен Ізтай аға Мәмбетов көрсетті. Көлемі әжептәуір. «Ара» журналына екі шумақ сықақ өлеңім шығыпты. Өзіме-өзім сенбегендіктен, әлде, ұяңдық па, Алматыға жолдайтын – сықағы, сықақ емесі бар – өлеңдер соңына төл аты-жөнімді емес, әкемнің әкесінің атын жа-
затынмын. Оны келген бойда Ізтай ағаға айтқанмын. Сондықтан, ол әлгі сықақ өлеңнің менікі екенін бірден біліпті. «Бақыт Оразов». Бірінің («Қазақстан мұғалімі» газеті) қаламақысын Ізтай ағаның арқасында ертеңіне-ақ алдық. Алдық та жудық. Ізтай ағаға қол ұшын берген газет қызметкері Шона Смаханұлы менімен терезесі тең адамдай сөйлесіп, жас пері сатирик деп ойлады ма, біраз ақыл-кеңес айтты. Алматыға «қаңғырып» келгенімді аңғармады, «нағып жүрсің, қайда істейсің?» деген жоқ. Алматыға алғаш келгендегі қоржында барым солар ғана еді. Әйтсе де, бала жастан фельетон, басқа да сатиралық сарындағы қағытпаларға әуестік-бейім ерекше болғандықтан-ау деймін, «Ара», басқа да басылымдардағы сын-сықақ, фельетондарды жібермей оқитынмын. Фельетон жаныма жақын болатын. Міне, «Лениншіл жастың» мені кәсіби журналист деп қабылдап, «неғып жүрген жігітсің?» деген қызметкері «Не жазасың?» дегенде, бетім бүлк етпестен «фельетон жазамын» дей салғаным сондықтан болатын. Аузыма құдай салды ма, ол тапсырған фельетонды түнімен жазып, ертеңіне сағат тоғызда әкелген бойда тапсырған жігіт: «Жақсы, тез машинкаға диктовка жаса», – десін. Журналистік даярлықтан өтпеген бейбақ: «Диктовка не?» – деймін ғой. Ол жалма-жан машбюроға ертіп барды да, басын орамалмен шарт таңған көзілдірікті әйелдің жанына жете бере: «Жазғаныңды мына апайға оқи бер», – деді. Айтқанын орындап, фельетонды оқи бастадым. Қолы-қолына жұқпай, сартсұрт басуға кіріскен (мен үшін) егделеу әйелдің ажары көркем болғанмен, түсі суық, үні қатқыл. Грамматиканың «майын ішкен» тілші емеспін бе, оқи отырып «үтір, нүкте, сызықша, сұрақ, леп белгісі» деп білгішси бастағанымда «тек отыр» деп жекіп тастады да, лезде басып бітірді. Бұл екі арада мұнда дегбірсіздене сан рет кіріп шыққан редакция қызметкеріне апарып, қолына ұстаттым. Ол ылдым-жылдым аударып-төңкерді де, бес бет қағазды «оқып шық» деп қолыма ұстатты. Сөйтсем, ол екінші дана екен (тәртіп солай екен). Жалма-жан оқып, қайта бердім. Қате жоқ. Редакция қызметкері алды да, шығып кетті. Сәлден соң келіп: «Жақсы екен, – деді жайдары күлімсіреп. – Орынбасарға ұнады, қазір редактор оқып жатыр, бір жауабын айтады, меніңше, қол қойса керек». Ішкі жұмыс шығар, оның бұл айтқандарының бірін ұқсам бұйырмасын. Жарты сағаттан соң қайта шығып кеткен қызметкер ізінше күлім қаға кіріп келді де: «Айттым ғой, редакторға ұнау керек деп. Әбекең қол қойыпты. Енді сен мына фельетонды да жазып
әкел», – деп жарамай қалған тағы бір фельетонды қолыма ұстатты (жақсы есімде, Арал қаласынан, авторы – Көпжан Жалдыбаев). Ертеңіне оны да жазып алып келдім. «Бүгінгі газетті көрдің бе?» – деді кешегі жігіт. Бетіне аңтарылып қарадым. Әрине, көрген жоқпын және әзірше ойға да келмеген-ді. «Мә», – деді. Алдым. Ашып жіберсем, «Тентек» деген атпен шыққан күні кешегі өзім жазған фельетон. Ұмытқан жоқпын, фельетон Ұлытау (әлде, Жаңаарқа) аудандық атқару комитеті төрағасының сотқар ұлы жөнінде болатын. – Әкелдің бе? – деді кеше берген екінші фельетонды меңзеп. – Иә, – деп алдына қойдым. – Диктовка жаса, – деді кешегідей. – Айта бер, – деп бетіме бір қараған машинкашы апай зуылдата жөнелді. Бұрын мұндайды көрмеген маған бұл да қызық, таңсық. Кеше «тек отыр» деп ұрсып тастаған соң, бүгін бәлен деу жоқ. Алдын-ала айта кетейін, бұл кісі әйгілі Бауыржан Момышұлының ажырасып кеткен әйелі Жамал апай екен (жұрт «тастап кеткен» деп те айтатын). Қазіргі белгілі жазушы Бақытжанның анасы. Ал, мені редакция табалдырығын аттар-аттамаста фельетон жанрының «білгірі» еткен – кейін Сарыағаш аудандық газетінде істеп жүргенімде Әбілфайыз Ыдырысов екеуі соңымнан іздеп келіп, бір апта ел-жұртты аралаған – Камал Смайылов еді. Ол мен жазған алғашқы фельетонды редактордың орынбасары Сапар Байжановқа беріп, ол ұнатып, редактор Абай Бейсембаевқа беріпті. Екінші фельетон жазылған күннің ертеңіне ол да жарияланды. Үшінші күні Абай Бейсембаев қабылдап, әдеби қызметкер етіп жұмысқа алды. Оның алдында екеуі шағын бір бөлмеде отыратын Сапар Байжанов пен жауапты хатшы Кәкімжан Қазыбаев біраз ақыл-кеңес айтқанды. Олар ғайыптан пайда болған самдағай фельетоншы (олары көрініп тұрды) деп ойлағанмен, менде сенім жоқ-тын. Өзімді аты жер жарған республикалық газетте істеуге лайық емеспін деп ойлаймын (өзімнің қызметке қабылданған жағдайымды редакцияның ішкі тыныс-тіршілігін содан да біршама байқауға болатыны үшін баяндап отырмын, оқырман дос, ғафу ет). Жоғарыда айттық қой, «Лениншіл жас» сияқты жалпақ жұртқа кеңінен белгілі басылымда кім қай уақытта жұмыс істемесін, ол үшін сол кезең тарихпен тең деп. Сол шақта (менімен бірге) қызмет еткен ұжым мүшелері үшін де нақ солай екеніне талас жоқ. Ұжым мүшелері дедік пе? Олар кімдер еді? Ендігі азын-аулақ әңгімені сол төңіректе өрбітсек дейміз (басқасы былай да белгілі дегендей).
Тоқ етеріне келсек, редакцияның күнделікті жұмысында қатып қалған қасаң ештеңе жоқ, мен сияқтылар қорқып-үркетіндей де дәнеңе байқалмайды, шым-шым қайнап, баяу ағып жатқан алып өзен десе болғандай. Әрине, аласапыран абыр-сабыр, қайнаған тіршілік өзінше. Өйткені, көлемі үлкейгеніне көп болмаған газет аптасына – дүйсенбіден басқа күндерде – алты рет шығады. Жексенбіде шығатындықтан, біраз қызметкер сенбі күні (кезектесіп) жұмыс істейді. – Сен журналист емес екенсің ғой, – деді мені жұмысқа қабылдайтын сәттегі әңгіме барысында редактор Абай Бейсембаев сәл кекештене сөйлеп. – Ештеңе етпейді, – деп жымия күлді онан соң. – Фельетон ақсаңқырап тұр еді, соны қолға ал. Мамандығым мұғалім, газетте жұмыс істеу қалай болар екен деген күмән өзімде де болушы еді, міне, енді Әбекең ол түйінді шешіп бергендей болды. Әйткенмен, бойды құрсаған бір күдік, бәрібір, барына бар, сенімдімін деуге ерте. Ұзамай ол алдан шықты да. Оннан аса қызметкер отыратын аядай бөлмедегі жазу столдарының біріне жайғастым. Жігіттер кезек-кезек құттықтап, танысып жатыр. Камал Смайылов, Сейдахмет Бердіқұлов, Хайдолла Тілемісов, Медеу Сәрсекеев – бұлар бөлім меңгерушісі; Қалихан Ысқақов, Салық Молдахметов, Фермахан Шоева – әдеби қызметкерлер. Мен Хайдолла Тілемісовтің қарауында әдеби қызметкер боп істейтін болдым. Мінезі ашық, жаны жайдары, жүрегі нәзік болғанмен, талабы қатты екені байқалатын Хайдекең мен жұмысқа алғаш шыққан күні орныма отырар-отырмастан: – Мә, мына хаттарды қорыт, – деп алдыма он шақты хатты тастай салды. Менде ешкімнің шаруасы жоқ, әркім өзімен-өзі, біреу сыпылдата жазып, біреу бірдеңеге үңіліп, біреу телефонда дегендей. Бастығымның не бұйырғанын онша ұқпай мен отырмын. Көп хатты сапырылыстыра аударып-төңкеремін. Қорыт дейді. Ол не? Түк түсінсем бұйырмасын. – Ағай, қорыт деген не? – дедім ақыры қайдан шықса, одан шықсын деп. Хайдекең сәл қабағын шытып, бетіме жалт қарады. Сейдахмет те сөйтті-ау деймін. Хайдекең бір-екі ауыз сөзбен түсіндірген болды. – Солай да солай, әр хаттың ішіндегі іліп аларын екшеп, қысқа мақала етіп жазу керек, – деп.
Камал аға да ағыл-тегіл бірдеңелер айтып жатыр өзінше. Фельетон жазып «шекем қызғанмен», бұл жерде қызмет істеуге о бастан құлқым жоқ-ты. Жұмыс соңында сол ой қайта бас көтерді. Оған себеп, мен «қорытқан» он шақты хаттың қолжазбасын қарап шыққан Хайдекең: «Ешқайсысы жарамайды, сен бала менің бір күн уақытымды құрттың, бүгін бір жол мақала бере алмайтын болдым», – деп кейіді. Айтқаны жөн. Хат қорыта алмағаным рас. Хайдекеңнің сөзі ауыр тигенін жасыра алмай: «Кешіріңіз, ертеңнен бастап келмеймін, кетемін», – дедім де, қағаздарды жинастыра бастадым. – Қой, – деп күліп жіберді Хайдекең. – Сен не, бір ауыз сөзге сонша?! Әлі-ақ үйренесің, келмей жатып өйдеме. Маған ренжісең, оны айт. Басы қатты болса, аяғы тәтті болады, соны ұмытпа. Бірақ, одан сабама түспесем керек. – Не болды, өңің қашып отыр ғой, – деді осы кезде сырттан елпілдеп кіріп келген Камал. – Немене, бір жерің ауырып отыр ма? – Бұл балада мінез бар екен, – деп Хайдекең селк-селк күліп жауап берді оған. – Кетемін дейді. Шамасы, маған өкпелесе керек. – Жұмыстан ба? – деп Камал бетіме қарады. – Қой, алғашқыда солай болады, бәрімізде болған, – деді нақ бір менің жан-дүниемдегі астан-кестенді түгел біліп тұрғандай. – Жұмысқа кіріскеніңе бірінші күн ғой, бүгін жақсылап демал. Айтпақшы, анау фельетон не болды? Ертең, арғы күні соны қолға ал, – деп өзі ұсынған – мен жазуым тиіс – төртінші фельетонды меңзеді. – Болады, – дей салдым. Тағы қайталайын, мәселе менің «Лениншіл жас» газетіне қалай келіп, қалай орналасу, бастан не өтіп, не қойғанында емес, дос, керісінше, сол шақтардағы аяулы жандардың адами қасиет, бірбіріне қамқорлық-шапағаты, өзара қарым-қатынас, болмыс-бітім, тіпті, заман-дәуір талабына сай жұдырықтай жұмыла жұмыстану үрдістерінен аз-кем болса да мәлімет-деректер беруге талаптанудан өзге түк емес. Дос демекші, сол кездердегі Сапар Байжановтың екі сөзінің бірінде ақ пейіл, адал жүрекпен «сайдың тасындай» деп көтермелей айтатын «Лениншіл жастың» жігіттері бір-біріне «дос» деп сөйлейді екен. «Үй-ішің аман ба, дос», «анау не болды, дос», «олай емес, дос» дегендей. Жарасып тұратын. Бұл үрдіс – сол кездерде жұмыс істеген – сау-саламат жүргендер арасында күні бүгін де бар. Жұмыс жағына келсек, қалыптасқан дағдымен жүріп жатады. Алдын-ала талқыланып, бекітілетін апталық, айлық жоспар, өтімді,
тұшымды, сыни материалдар іздеу, табу, жылт еткен жаңалықты жария ету, жастар өмірі, мамандық таңдау, үйлену, үй болу, өнер, әдебиет, мәдениет – толып жатыр. Оларды қамтитын онға тарта бөлім бар. Ең қарымдысы – жасы бізден едәуір үлкен Бекмырза Баймаханов басқаратын комсомол жастар бөлімі. Неге екенін, редактор, орынбасар, жауапты хатшы бола тұра, бөлімдер әзірлейтін материалдардың көбін Бекең қарап, сүзгіден өткізеді. Өзі барынша сырбаз, салмақты, сауатты, түр-түсі сұсты көрінгенмен, жаны жұмсақ, қайырымды, әділ, бірегей тұлға болатын (осы күндері андасанда кездескенде сол шақтарды ептеп еске аламыз, классик жазушы Қалихан Ысқақов ертеректе ол туралы «Бекеңнің құбылыстары» деген әңгіме жазған). Міне, мен 1958 жылғы шілде айының бас шамасында ынтымағы жарасқан осындай ортаға кезіктім. Алғашқы күндердегі торығыптолқығандарым бекер екен. Шетінен ашық, қарапайым, бірінші қызмет орны, екінші, бірге істейтін әріптестеріне мейірімі төгіліп, қолдан келген жақсылығын аямайтын жандарды қалай ұмытарсың. Төртінші қабатқа күлімсірей көтеріліп келе жататын редактор Абай Бейсембаев, жай дауыспен жіпке тізгендей етіп ақыл-нұсқау айтатын орынбасар Сапар Байжанов, материалды қалай жазған дұрыс болатынын жіктеп-жіліктеп түсіндіретін жауапты хатшы Кәкімжан Қазыбаев, макет қағаздарын ұстап бөлмеден-бөлмеге шауып жүретін оның орынбасары Әбсаттар Бөлдекбаев, төрт беттің макетін сызатын төрт жігіт – Т. Жанұзақов, Б. Тілегенов, Б. Жұматаев, С. Кәрібаев, күнұзақ машинкаға диктовка жасайтын аудармашы Т.Қайдаров, бір бұрышта жұртқа көзінің астымен күлімсірей қарап отырып жазу жазатын Р.Мусин, қағазға қаршығадай шүйілетін М.Сәрсекеев, Х.Тілемісов, К.Смайылов, С.Бердіқұловтардың әрқайсысы бір-бір тұлға еді-ау. Тұлға және бір-бір дәуір десе де көптік етпейді. Олай дейтініміз, «Лениншіл жастың» осы аттары аталған және аталмаған саңлақтарының (газеттің сол кезде жиі қолданатын сөзі) кейін қандай биіктерге көтеріліп, кім болғандары көпшіліктің көз алдында, жадында. Қайталап қажеті жоқ. Алда айтыла жатар (мен болмасам, басқалар). Өзіме келсем, қызметке тұрған соң бір айдың о жақ, бұ жағында насихат бөлімін басқаратын Камал Смайыловтың қарамағына ауысып, екі әдеби қызметкердің бірі болдым (бірі – Қалихан Ысқақов дос). Сүрініп-қабынып жүріп, хат қорыту құпиясын да білгендей болдық. Газетке келсек, сол кезде-ақ – дәл қанша екені есте жоқ – ти-
ражы ғаламат болатын. Материал шақ келмейтіні айтпаса да түсінікті. Он алты облыстағы он алты меншікті тілші де құлаштарын кеңге сермеп жатады. Біреуі – Шерхан. Шерхан Мұртазаев. Қарағанды ма, сол жақтан жиі жазады. Мақаласы көбіне Камал ағаға келеді. Ол машинкаға бастырып, оқып, түзе деп маған сілтейді. Талабын орындаған соң, мен оған беремін. Содан ба, Шерағаңның қолтаңбасы (почерк) әлі күнге көз алдымда. Қазір көрсем де жазбай таныр едім. Он алты облыстағы он алты меншікті тілші жылына екі рет редакцияға келіп, есеп береді екен. Жаңа, тың тапсырмалар алады екен. Гурьевтік Жүсіп Жұмақанов, көкшетаулық Естай Мырзахметовтер шай берген топпен бірге, олармен дәмдес болдық (өзге меншікті тілшілер де редакция жігіттерін бөліп-бөліп қонақ етті). Редакциядағы жиналыста Шерхан Мұртазаевтың редакция басшыларына кесек сөздер айтып, кесіп сөйлейтінін көрдік. Ол келгеннен кеткенше Камалмен бірге жүріп, бірге тұрды. Базбір жасы үлкен әріптестердің: «Біздің кезімізде жігіттер летучкада бір-бірін сойып салып, артынан баяғыша күліп-ойнап жүре беретін», – дейтінін осы күнде де естіп қаламыз. Оның шет пұшпағын біз де көрдік. Ондайда ерекше белсенді Әбілфайыз Ыдырысов, Бекмырза Баймаханов, Сейдахмет Бердіқұловтар жұртты қынадай жапыратын да, соңынан кәдімгідей ойнап-күліп, шуақ шашып жүретін. Сондықтан, ешкімнен сескену болмайтын да, кемшілік жібермеуге сақтану болатын. Алдымен бірінші солардан ақыл сұрайтынбыз. Енді бұл «Лениншіл жастағы» сыйластық, ауызбірлік, татулықтың түрлері көп-тін. – Сендер менімен бірге жүріңдер, – деді бірде спорт бөлімінің меңгерушісі, қашанда спортшыларға ұқсап киініп жүретін, шымыр денелі, қара торы жігіт Сейдахмет Бердіқұлов жұмысқа менен сәл кейін келген Әбіқұл Ибрагимов екеумізге. «Қайда» деп сұрамай, ердік те жүре бердік. Мезгіл түс әлеті болатын. Сол бойда Калинин көшесінің жоғары жағындағы «Алматы» ресторанына бардық. Үшеуміз жайғасып отырған соң, Сейдағаң бірінші, екінші тағамға тапсырыс берді. Ащы суды да ұмытқан жоқ. Сейдағаңды қайдам, бұл қалталары жұқа Әбіқұл екеуміз зауада болмаса, көп келмейтін жер. Сыр білдірмей, тым-тырыс отырмыз. Тиын-тебен баршылық па дегендей, Әбіқұл Сейдағаңа білдірмей стол астынан мені түртіп қояды. Қам жеме дегендей етемін. Сөйтсек, бұл Сейдағаңның бізді арнайы түстікке шақырғаны екен. Есептесер кезде қалтаға ылдым-жылдым қол жүгірте бастаған бізге Сейдағаң:
– Тыныш отырыңдар, – деді күле сөйлесе де, қатаңдау үнмен. – Сендерді шақырған мен, өзім төлеймін. Сендер тағы бірде. Жым болдық, қайтейік. Бір Сейдағаң емес, жігіттердің бәрі де бар болса аямайтын, қолдары ашық, мырза болатын. Үлкен-кіші мерекелерді түгел дастархан жайып атайтын дәстүр бар екен. Күздің ортасына таман редактордың орынбасары Сапекең, Сапар Байжанов – сол жылы ашылған жаңа басылым – «Мәдениет және тұрмыс» журналы, одан соң жауапты хатшы Кәкімжан Қазыбаев облыстық «Коммунизм туы» газеті, одан көп өтпей редактор Абай Бейсембаев «Социалистік Қазақстан» газетіне ауысты, үшеуі де редактордың орынбасары болып. Үшеуіне де Жазушылар одағының асханасында бүкіл ұжым боп шығарып салу рәсімі жасалды. Онан соң «Мәдениет және тұрмысқа» (Сапекеңнің арқасы болу керек) шақырылған «Лениншіл жастың» байырғы фототілшісі Петр Редькоға да сондай құрмет көрсетілді. Оған арнайы шақырумен Абай, Сапар, Кәкімжан ағалар да қатысты (қызықты қараңыз, олардың орнына кімдер болғаны нақты есте жоқ, шамасы, Әбсаттар Бөлдекбаев, Әбілфайыз Ыдырысовтар-ау деймін). Республика жастарының өмірін тартымды, қызықты, тағылымды жазатын «Лениншіл жастағы» достық пейіл, ыстық ықылас, қадір-құрметтің кей паралары осындай еді. Оның үстіне, әзіл-қалжың, қара сөзге ешқайсысы дес бермейді. Жатқан думанқызық. Өнер иелері де жеткілікті. Бір Совхозбек Тоғысбаевтың (кейін Бек деп аталды) домбыра тартып, әуелете ән шырқауы анау-мынау артистерді жолда қалдырады екен. Сапар Байжанов, Қайдолда Тілемісовтің ән салуының да жөні бөлек-тін. Айтпақшы, Абай Бейсембаевты «С.Қ»-ға шығарып салған кеште жұрт оған жабылып, халық әні «Үкілім-айды» айтқызды. Кәдімгі Байғали Досымжановтан бөлек (осы кезге дейін) ешкім орындамайтын, орындай алмайтын. Әбекең, Абай ағаның нақышымен айтқаны құлақтан кетпейді. Сол кездерде Қазақ радиосына «Бурылтай», «Құсни-Қорлан», «Ертіс», «Айнамкөз» тәрізді он шақты ән жаздырып тастаған мен бейбақ та қарап қалмаймын. Үйленгеніне көп болмағаны байқалып тұратын Камал, Қайдолда, Сапар, Кәкімжан, Әбілфайыздар дастархан жайылатын кештерге келіншектерін ерте келеді. Әбілфайыз аға сұлу келіншегі екеуі бірі Төлеген, бірі Қыз Жібек боп ария орындайды. Олардың осы кезде де оқта-текте тойтомалақта дәл сондағыдай ария айтатынын көріп қалып жүреміз. Жаса, Әбеке! Сау болыңыз!
Міне, «Жас Алаштағы» біз бастан өткеріп, куә болған жас дәуреннің отты лебі, шапағат-шафхат, қызық-шыжықтардың бірқатары осындай еді. Айттық қой, «Жас Алашта» өткен әрбір күн тарих, тұтас дәуір іспетті деп. Сол сөзіміз – сөз. Барлығын қамти алмадық (мүмкін де емес). Өкінішке қарай, сол асыл жандардың көбі қазір бақилық, бәрінің де артында сайрап жатқан із қалды, өшпес мұра бар, әрқайсысының болмыс-бітімі есте, жарқын бейнелері көз алдымызда. Бүгінгі «Жас Алаштың» бастау сатыларында болған әріптестердің көзі тірілеріне бақыт-саулық, марқұмдарға иман тілейміз. Әумин! Аллаһу әкбар! БЕЛГІЛІ ТҰЛҒАНЫҢ БЕЛГІСІЗ ҚЫРЛАРЫ Байырғы журналист Мұса Дінішев жайлы мөлтек сыр Кеңес өкіметі орнап, сол кездерде дүние есігін ашқан ұрпақ та, әрине, алдарындағы аға буынға қарай бой түзеп, солардай болуға талпынып өсіп ержетті. Шама-шарқынша тырбанып, қолы жеткен баспалдаққа табан тіреді, еңбек етті, ұрпақ жайды. Әркімге әртүрлі тағдыр бұйырғаны өз алдына. Ес біліп, етек жиғанда көріпбілген, сезінген, қабылдаған қоғамды бұрыннан қалыптасқан деп және оны мәңгілікке балағаны табиғи жай. Басқаша мүмкін де емес қой. Олай болса, ауыл, аудан, қала, совхоз, мектеп, пойыз, самолет, тағы басқалардың бәрі социалистік қоғам тұсында пайда болып, біртіндеп орныққанын жүре келе, айналадағы болмыс, тірлік-тынысты саралау арқылы бағамдауы да заңдылық. Бұл балалық шағы өткен ғасырдың 40-шы жылдарындағы алапат соғысқа дөп келген бейбақтарға да ортақ. Әй, олар арманшыл, қиялшыл, ішер ас, киер киімге жарымай жүріп, шеттерінен романтик болмады ма? Қиындықтан қорықпады, қай машақатқа да қасқая қарсы тұрды, оларды осылай жетелеген бірінші – сенім, екінші – алдарындағы аға ұрпақтың үлгі-өнеге, тәлім-тағылым, кісілік келбет, табиғи қадыр-қасиеті, солардай болуға ұмтылыс, ынта-жігер, табандылық. Өз басым бүгінде осыларды терең сезініп, шүкір деймін. Өмір біртегіс даңғыл емесін біле тұрып, алдыңғы толқын – ағалар рухына іштей де, сырттай да тағзым етемін, бас июмен жүремін. Бұл, бір жағы, парыз да болса керек. Парызды ұмытпау – ол да парыз.
Сөзді бұлай бастау себебіміз, алдымыздағы аға буын өкілдерінің барлығымен жүзбе-жүз таныс-біліс, сырлас-мұңдас болмасақ та (ол мүмкін де емес), жақсы біліп, жақын жүрген, жасы үлкен, биік адамгершілік иесі, қамқор жандар тіпті де аз болмағаны тағдырдың сыйы емес пе еді? Қазекем қанша жерден екі туып, бір қалған болса да, әрісі бір әке-шешеден жаралса да, біреу-біреуге бірдеңе бөліп бере ме деп фәлсафа соқпаушы ма еді? Солай, оны кім білмейді?! Сөз, зиялылық, тазалық, адалдық, жер шарының қиыр шетіне бірге бара алатын ірілікте. Ұмытылмас бекзаттықта. «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының киелі шаңырағында өткен елу бір жыл мерзім осылай деуге үндеп, қолтықтан демеп, жігерді жанитындай жайы бар. Е, сол жылдар ішінде кімдермен қызметтес, пікірлес, сырласмұңдас, дәм-тұздас, ағайын-туыстай болмадық десейші. Көкіреккөңілде барлығы сайрап тұр, жақұттай жайнап тұр, жігерді қайрап та тұрғандай. Енді қысқасына көшсек, өз қолымен ашқан аталмыш басылымды ұзақ жыл басқарып, ұжым мүшелерінің рухани әкесі іспетті болған қадірлі Мұсекең, Мұса Дінішев хақында бұған дейін азды-көпті лебіз білдіріп, оларда оның жұмыс тәсілі, қамқорлығы, биіктігі, өзге де арғы-бергі біршама жайлар қамтылған секілді еді. Бұл жолы Мұсекеңнің өзіміз білетін жұмыр басты пенделердің бәріне тән – кейбір пенделік түйткілдері, адами болмыс, тақуалық, бір қарағанда, бірден түсіну оңай емес, жеке басына ғана жарасты базбір мінез-құлық, іс-әрекет, өзгешеліктер хақында аз-кем сыр шертуге құмбылдық танытып отырған жайымыз бар. 1964 жылы журнал редакциясы Төлебаев көшесі, 52 үйде болатын. Екіқабатты ескі ғимараттың үстінде «Казстальконструкция», «Казмедтехника», «Мектеп» баспасы, «Жетісу», «Семиречье» газеттері, «Казводхоз» дей ме-ау, толып жатқан мекеме, кеңсе, ұйымдар. Бірі – «Мәдениет және тұрмыс». Төменгі қабат – тұтастай дүкен. Ғимараттың қарсы алдында – № 1 баспахана, автостанция, азық-түлік дүкені, сырахана т.б. Қазір бұл жерге ат шаптырым аумақты алып жатқан – «Сымбат» сән академиясы орналасқан. Қарсы бетте зәулім универсам, оған іргелес екіқабатты сауда кешені. Сол кездегі журналға тиесілі үш бөлме ғана-тын. Кіре берісі – машинкашы, көркемдеуші, техникалық редактор, корректор, курьер отыратын – редактордың кабинеті, қапталда оншақты қызметкер, қарсыда жауапты хатшы мен көмекші отыратын едені шіріген, ашса
әрең жабылып, жабылса әрең ашылатын есіктері алқам-салқам, қабырғалары жырым-жырым, тозығы жетіп, тоқырап біткен, тышқандар зулап жүретін шағын-шағын екі бөлме. Осында таң атып, тауық шақырады. Редакция үйінің қораштығында ешкімнің жұмысы жоқ, мәселе – айбында. Журналдың айбыны (беделі) деген керемет. Екінің бірі жазған-сызғандарым шықса деп армандайды. Жұмысқа орналасу – көкке қол созумен тең. Мұнда істейтіндерге кім-кім де қызыға да қызғана қарайды. Жұмыс жүріп жатады. Редактор, жауапты хатшы (орынбасар), жалпы саны тоғыз бөлім меңгеруші мен әдеби қызметкерлерді қосқанда, таза шығармашылықпен айналысатын он бір адамның кемі үш-төртеуі ай сайын міндетті түрде алыс облыстарға іссапарға шығып, су жаңа материал әкелу – бұлжымас заң. Сондықтан, шұрқ етуге уақыт жоқ, басылым беделі жоғары, тираж жыл, ай емес, күн санап көбейіп отырады. Қызметке әдеби қызметкер боп қабылданған мен біртіндеп аға әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, одан Мұсекеңнің (өзі үнемі айтатындай) оң қолы – жауапты хатшы-орынбасар боп тағайындалдым (1973 ж). Бұл кезде редакция Төлебаев көшесіндегі шіріген кеңседен Горький көшесі бойындағы 9 қабат жаңа ғимаратқа ауысып, жырғаған тұс (барша газет-журнал да). Бұл енді кейінірек, әрине. Ал, Төлебаев көшесіндегі кеңседе жұмыс істейтін күндердің бірінде... «Редактор шақырады» деген соң, дереу барсам, әлдебір қағазды жайып тастап, қаламын шошайтып отырған Мұсекең: «Сен мұнда Тимирязев депсің, Темирязев емес пе?» – деді алдынан көз алмай. «Жоқ, Тимирязев», – дедім. «Темирязев емес пе?» «Жоқ, Мұсеке, Тимирязев». «Онда мейлі, соны сұрайын деп ем, бара бер». Бұған мән бермеген мен орныма келіп, жұмысыма кірістім. Түстен кейін біз отыратын бөлмеге тосаттан кіріп келген Мұсекең: «Сенікі дұрыс екен, – деді маған қарап салған жерден. – Әлгіде үйден түстеніп шыққан соң Тимирязев көшесіне барып, үйлердің сыртындағы жазуларды көрсем, солай екен», – деп күлді де, шығып жүре берді. Мен де аң-таң, басқалар да аң-таң. «Бастық жаңа не деп кетті өзі, түк түсінбей қалдық қой», – деп Ғаббас Жұмабаев күңк етті. «Бірдеңені тексерген-ау, сірә. Сен білесің ғой, ол не?» – деді Жекен Жұмақанов маған қарап. Сонда ғана Мұсекеңнің мана түске дейін мені шақырып, Тимирязев туралы сұрағаны есіме түсті де, мән-жайды айттым. «Мұса сондай адам, – деді Жамал Байжанова апай. – Бірдеңеге күдіктенсе, анықтағанша сөйтеді, тыным таппайды». «Апыр-ай, ол кісі сонда сол бір сөз үшін ерінбей-жалықпай жер
түбіне барып келген бе?» – деп Қуандық Шаңғытбаев таңдайын тақ еткізді. «Әскет қой, Мұса әзелден солай», – деп Қажкен Ахметов гүр етті. «Несі бар, дұрыс, қате кетсе, кім жауап береді?». Бұл менің пайымым. Осы және осы құралпас талай-талай қызықтар болды емес пе? Қызық дейміз, қайдағы қызық?! Ол кездерде газет-журналдарда басқа тұрмақ, бірді-екілі әріп, тыныс қате жіберу − үлкен мін. Бүгінгідей күн сайын өріп жүретін олар (әріп, тыныс қате) тұрмақ, өңі өзгерген сөз, сөйлем, Айбергеновтің өлеңін Қадырға тели салу, Абайдың «өлді деуге сия ма» дейтінін «бола ма» деп торсаңдау, Қасым Аманжолов Оралда туды, Мұстақым Ықсановты Мұсабек Ысқақов, Поль Робсонды Ропсан, Кеңес Үсебаевты Қосбаев, Георгий Брянцевті Боярцев деп түзету, олақ аударма, тіс сындырар тіркестерді атама. Түске де кірмейді. Қалай десе де, журналда қате жібермеу керек. Жіберсең бір не екі реттен соң қош, қарағым. Жолың әне! Сондықтан, Мұсекеңнің бір ғана Тимирязев атауына аттан сала «шүйлігуі» Қажыкең, Қажкен Ахметов айтқандай, тіпті де әскеттік емес, керісінше, қажеттілік (қалыпты жай) болатын. Көп білсең де, көптен артық білмейсің. Ол білгенді сен білмейсің, сен білгенді ол білмейді. Талап бірдей: сақ бол, сауатты бол, үйрен, үйрен және үйрен. Әйтпесе, құның көк тиын. Міне, ол кездегі редакторлардың ұстанымы. Қазіргі «Бас» деген «қосымшаның» қашан пайда болғаны белгісіз, әйтеуір, ол шақтарда «Бас» жоқ-ты. Бүгінгідей ысқырығы жер жаратын (бесеу емес) жеті ешкі айдаушылар көбейгенін көпсініп отыр деме, олай дейтін ешкім жоқ. Тек көбейген жақсы, ал сауатты болған одан да жақсы дейміз де, қайтейік. Жоғарыда – мен қызметке орналасқан кезде (1964) – журнал редакциясының салдабасы шыққан ескі ғимараттың жоғарғы (екінші) қабатында болғанын айттық. Екінші қабатқа көтеріліп, оңға бұрылғанда, дәл бұрышта – жолды бөгеңкіреп тұратын тіреуіш болатын. Бірде асығып келе жатып, әлгіден сойдиып шығып тұрған ұзындығы қарыс сүйем жаңқаға шекемді соғып алайын. Аздап қан шықты, бірақ, қан тоқтағанмен, жарақат орны білініп тұрса керек. Соған көзі түскен Мұсекең: «Шекеңе не болды?» – деді бірден. «Байқаусызда соғып алып...» – деп міңгірледім. «Қайда?». «Осында, екінші қабаттағы бұрышта». «Солай ма, жүр, бірге барып көрейік». Екеуміз кабинеттен шығып, сонда бардық. Мұсекең жаңқаға бір ауық қарап тұрды да, қолымен ырғап-ырғап жұлып алып, анадай жердегі жәшікке тастай салды. Сөйтті де: «Апыр-ай, мұны неге
ешкім байқамаған? Көзіңе тимепті, онда қиын болар еді», – деп маған мейірім төге қарады. Ал, мен өзімше бұл жолы да таңдандым. Мұсекеңнің «абайлап жүрмейсің бе?» деп дүрсе қоя бермей (басқа біреу болса, сөйтуі бек ықтимал еді), әдейі барып жаңқаны өз қолымен жұлып тастағанына таңданбай көр (әрине бұл жайлы ешкімге ләм деген жоқпын). Сонда бұл не? Оны өзің шамалай бер. Ал, меніңше, ізгілік, тектілік, кісілік, жанашырлық. Адами біліктілік. Аруағы шат болсын. Енді аяулы жанмен қызметтес болған он екі жылда бар-жоғы бір рет қана аз-кем сөзге келіп, жүз шайысқандай болғанымыз бар еді, қысқаша, соны баяндайық та, нүкте қояйық. Ол былай. 1965 жылдың басында Мәдениет министрінің орынбасары қызметінен журналға екінші рет редактор боп келген Мұсекеңмен риясыз түсінісіп, әмпей-жәмпей бола қалдық деу шындықтан алыстау болар еді. Сол жылдың мамыр айында Гурьев облысында республикада тұңғыш рет алыс жайылымдардағы малшыларға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін автопойыз ұйымдастырылып, оған фототілші П.Ф. Редько екеуміз бардық. Маңғыстау түбегіндегі – баруы үш, қайтуы үш, алты күндік – үстіртті мекендейтін малшыларға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсеткен автопойызбен жарты ай бірге жүріп, Алматыға бір ай шамасында оралдық. Отыз беттік мәтін, мұқабаның төрт, ішкі арнайы төрт беттен тыс, басқа да көл-көсір фотосуреттермен қоса, журналдың үштен екі бөлігінде күнделік үлгісінде жазылған мақала жарық көрді. Содан бастап маған әдеттегіден әлдеқайда жылы қараған Мұсекең кіші әдеби қызметкерден аға әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі етіп, жеті жылдан асар-аспаста жауапты хатшы (орынбасар) болдым (мұны құптағандар да, құптамағандар да болғанын сөз ету артық). Аппаратта таза шығармашылықпен айналысатындар – Мұсекең екеумізді қосқанда – он бір адам. Өзгелер – техникалық қызметкерлер. Ұжым мүшелері тату-тәтті, ынтымақпен жұмыс істейді (бәрі басшының арқасы). Мұсекең екеуміздің де арамыздан қыл өтпейді десе болады. Бұл кем-кетік жоқ деген сөз емесі түсінікті. Мұсекең күнделікті болмай тұрмайтын әттеген-айлардың қай-қайсысын да сабырмен, байыппен айтып, шамға тимей, түсіндіреді, ұғындырады. Жеке іс-әрекетімен пысықтап, нығарлайды. Мәселен, директивалық органдарға екі күннің бірінде жіберіліп жататын орыс тіліндегі іс-қағаздарды
мүкіссіз жазуды мен тек Мұсекеңнен үйрендім. Ондай тағылымдары да көп, қайсыбірін айтайын. Қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді былай қойғанда, республиканың мәдени өмірінде ірі оқиға, айтулы жаңалық, алуан іс-шаралар жиі болады. Сондайлардың бірі – 1974 жылғы желтоқсан айында Талдықорғанда жаңа облыстық музыкалық-драма театры ашылатын болды да, соған құрметті қонақ ретінде бару әрі мақала жазу үшін Мұсекең фототілші В.Мыльников екеуіне ұшаққа күнілгері билет алып, дайындалып жүрді. Сол күндерде оның Чайковский атындағы байқауда бас жүлде алған әнші баласы Әлібек Тбилисиден келуі керек екен. Бірақ, үш күннен бері аэропортты қалың тұман тұмшалағандықтан, ұлын аэропорт басында тапжылмай күткен Мұсекең Талдықорғанда театр ашылатын күні маған телефон шалып: «Тбилисидің ұшағы әлі Мәскеуде, бері қарай ұшатын түрі жоқ, мен қайтсем де Әлібекті күтемін. Сондықтан, орныма сен бар. Талдықорған жақын ғой, ауа райы шамалы түзелсе, ұшақ көтеріле береді екен. Машинаны жібердім, тез жет», – деді. «Билет», дей беріп ем, «менің билетіммен барасың», − деп бір-ақ түйді. Ол кезде аэропортта қазіргідей тықақтап тексеру жоқ, барған бойда (ауа райы аз-маз мүмкіндік жасағандықтан) Мыльников екеуміз ұшып кеттік. Жаңа театрдың ашылу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Халық көп болды. Мәдениет министрі М. Базарбаев, халық артисі Қ. Байсейітов, Р. Қаныбаева т.б. сөз сөйлеп, тұңғыш спектакль сәтті қойылды. Біз ол күні де, ертеңіне де Қ.Бейсембиев басқаратын театр ұжымын слайд, фотосуретке түсірдік, материалдар жинадық. Оның ертеңіне Алматыға келіп, Мұсекеңе баян еттік. Ол өте көңілді екен. Әнші баласы Әлібек үлкен табыспен оралыпты. Орталық партия комитетінің секретары С. Имашев Мұсекеңді телефонмен құттықтапты. – Ал, енді мақаланы жылдам әзірле, Мыльников те сөйтсін, нөмірге үлгеру керек, – деді Мұсекең. Үш беттік мақаланы сол күні-ақ жазып, машинкаға бастырып, Мұсекеңе бердім. Түн бойы көз ілмей жұмыс істеген Мыльников те ертеңіне суреттерін столға қойды. Арада бір-екі күн өтер-өтпестен Мұсекең мені өзіне шақырды да: «Мақаланы жарты бетке түсір, тегі, мұны суреттерге мәтін ретінде берген жөн болар, ойланшы», – деді салқындау раймен. Мұндайды күтпеген басым «мақала онсыз да шағын, бар болғаны үш бет, жаңа театр ашылғаны маңызды жаңалық емес пе, несіне қысқартамыз» дегім келсе де, ештеңе демей шығып кеттім.
Түкке түсінбей кабинетіме барған соң «бұл қалай, неге?» деп ойландым. Ренжісем де, ұзамай еңсемді жиып, «керек болса өзі қысқарта берсін, ал, мен іштен шыққан шұбар жыланды қидалай алмаспын» деп шештім. Бір-екі күннен соң – Мұсекең екеумізге ортақ – қабылдау бөлмедегі қыздың алдынан театр жайлы өзім жазған мақалаға кездейсоқ көзім түсті. Анықтап қарап жіберсем, мені онша жақтыра бермейтін әдебиет бөлімінің меңгерушісі мақаланы нақ бір ала алмай жүрген өші бардай, аяусыз шимайлап, өшіріп-сызып, жарты беттей-ақ қалдырыпты. Мұсекеңнің кабинетіне кіріп бардым да: «Мұныңыз қалай? Мені қызмет бабы өзімнен төмен адамға неге жығып бересіз? Онда ашып айтайын, ол маған эталон емес. Мына мақалаға жарты бет болса да, қол қоймаймын, авторлықтан бас тартамын. Мені іссапарға барған жоқ деп есептеңіз, ақшасын қазір барып, бухгалтерияға өткіземін», – дедім тұла бойым дірілдеп, әрең сөйлеп. Сөйтіп, кілт бұрылып, кетуге оңтайлана бергенімде: «Тұра тұршы», − деді Мұсекең. Даусы жұмсақ, жайбарақат. Бетіне қарасам, күлімсіреп отырғандай. «Сен немене ренжіп қалдың ба?» – деді түк болмағандай. «Ренжиін-ренжімейін, бәрібір», – дедім әрең сөйлеп. – Мақалаға қол қоймаймын. Өзіңіз қысқартсаңыз, бір жөн. – Енді не істейік, соны айтшы. − Мақала қалай жазылды, солай барсын, не өзіңіз түзетіңіз. – Жарайды, мен араласпаймын. Қалай жібергің келсе, солай жібере бер... – Ләм демей шығып кеттім. Сәл де болса көңілім орнына түсіп, бойым жеңілдегендей болды. Енді ғана «апыр-ай, Мұсекеңді ренжітіп алмадым ба» деген ой иектесін. Оны ренжіткенше, тым-тырыс жұмыстан кете салғаны жақсы еді ғой. Өй, тайқы маңдай десе! Бұл жайға ол да, мен де қайтып оралған жоқпыз. Бұрынғыдай жүріп жаттық. Мақала бұған дейінгі үш емес, төрт бет боп жарық көрді. Алғашқы нұсқаны армансыз айғыздаған сабаздың не ойлап, не қойғаны да белгісіз күйде қала берді. Ол сыр білдірмеді. Мұсекең екеуміздің әріптес аға-інілік сыйластығымыз арта түсті. Сирек құбылыс па? Әлбетте. Кісілік, тектілік осындай-ақ болар. Қайран, Мұсеке! Аяулы азамат! Лайым да, Кеңсайда қатар жатқан жар қосағыңыз Кәмила апа екеуіңіздің рухтарыңыз сөнбесін. Нұрларыңыз пейіште шалқысын!
ПАРТБИЛЕТІН ЛАҚТЫРҒАН ӘНШІ ТӨЛЕШ ҚАРМАҚБАЕВ КІМ ЕДІ? Жарық дүниеде жер басып жүргенде сона...а...у балалық бал дәурен шақта санаға сіңіп, жүректе із қалдырған базбір оқиғақұбылыс, базбір – өзі өмір сүрген заманының жарқылдаған найзағай сынды айтулы азаматы болған – сөзі де, өзі де бөлек, жігерлі, жүректі, қарапайым жүріс-тұрыс, іс-әрекеттерінен туған халқының адал перзенті екені көрініп тұратын аруақты адамдар ауық-ауық ойға оралып, тіпті, бір сәтке болса да соларға деген сарғайған сағыныш жанды марқайтып, дәтке қуат алады екенсің. Бұрын болмаса да, осы күндерде дәл соны қапысыз сезініп, толғанып-толқып жүретін жай бар, ағайын. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» дегендей, төменде баяндағалы отырған хикаяттар да тектен-текке қағаз бетіне түспегенін қаперге алғайсыз. Балалық шақ. Ол әркімде әрқалай. Қаншама ұқсас бола берсін. Балалық-шағы Ұлы Отан соғысына дөп келген ұрпақтардың да. Бір қарағанда, кәдімгі әркім-ақ айтып жүрген, жазып жүрген, солай бола да беретін мимырт, қоңыр тіршілік десек те. Ғафу етіңіз. Олай емес. Мүлде. Дәлел ме? Міне! «Әркімнің өзіне ыстық туған жері» деуші ме еді?! Талас жоқ, тек сол ыстық сезім балалық шақтан бастау алса ғана. Біз ес кіріп, етек жинаған тұста «колхоз» дейтін болды. Оларды техникалық құрал-саймандармен қамтамасыз ететін машина-трактор стансасы (МТС) дейтін болды. Колхоз көп, МТС санаулы. Өйткені, әр МТС бірнеше колхозды қамтиды. Көз ашып көргеніміз колхоз болған соң, оны әлімсақтан бері бар екен деп ойлайтынбыз. Олардың біз өмірге келерден бес-алты жыл бұрын ғана ұйымдасқанын кім білген? (Кеңес өкіметі құлаған соң «кеңшар» (совхоз), «ұжымшар» (колхоз) дейтін «жаңа» терминдер пайда болды, жау кеткен соң қылышты тасқа шабудың көкесіндей. О, жоқ, қазаққа жараса беретін үрдіс). Біз тұратын – қожалық саны отызға жетер-жетпес – колхозды «Ынталы» дейтін. Айналада одан басқа да «Қоңыртөбе», «Саңырау», «Жеті төбе», «Коминтерн», «Большевик», «Буденный», «Он бес жылдық Қазақстан», «Еңбек» атты быжынаған колхоз. Аудан бойынша ұзын саны жетпіс-сексенге жуық екенін кейін білдік. Уақыт өте келе олар іріленіп, он шақты совхоз құрылды, айтпақшы, «кеңшар» екен ғой.
Біз тұратын «Ынталы» колхозының батыс қапталында – бір-екі шақырым жерде – «Коминтерн», солтүстік бүйірінде – ол да бірекі шақырым – «Қоңыртөбе» дейтін колхоздар болды (кейін үшеуі бірігіп, Абай совхозының бір бөлімшесіне айналды). Соғыс басталысымен бас көтерер еркек атаулы түгелге жуық майданға кетіп, елде кемпір-шал, бала-шаға, әйелдер қалды. Қатар орналасқан – едені жер, төбесін қамыспен жапқан – жатаған үйлер. Әрқайсысының алдында колхоз берген – 25 сотық жер. Әр үйдің тұрғындары соған жүгері, пісте, мас, лобия, асқабақ, қауын, қарбыз егіп, жан бағады. Оларды егіп, баптап, өсіруге әйелдерде мұрша аз. Себебі, колхоздың күллі жұмысы солардың мойнында. Мақта өсіру – азап. Шит себу, жегенелеу, арам шөбін жұлу, суару, шабу, шырпу, одан белге партық байлап, қолмен мақта, көсек теру, мақта сарайда түн ауғанша көсек аршу, қоза пая шауып, егістікті тазарту, қыс бойы көң төгу, канал қазу кете береді. ЧТЗ, ХТЗ, СТЗ дейтін тракторлар болады. Алғашқы екеуі жер жыртады, соңғысы мақта баптайды. Біздің колхозда ЧТЗ (Челявинск) жоқ, ХТЗ (Харьков) бен СТЗ бар (Сталинград трактор зауытынан шыққан). Басқа да пішен шабатын, жыртылған жердің кесегін майдалайтын, қопсытатын техникалық саймандар, үш-төрт сатылы, үш-төрт жайпақ арба бар. Оларға жегетін арық-тұрық он шақты ат, төмен жақтағы қап-қара суы удай ащы, айналасы қалың қамыс «Құр Келес» өзенінің арғы бетіндегі қырда – фермада – бағылатын бір отар қой, біраз қара мал бар. Әлгі он шақты аттың бәрінің атауы бар: «Пірән торы», «Бостанбай торы», «Байғабыл торы», «Төле торы» дегендей. Олай болатыны, аттар жеке меншік иелерінен ортақ қазанға деп колхозға күштеп алынған екен. Байғабыл, Төле, Бостанбай деген (біз көрмеген) азаматтар соғыста, жасы үлкен Пірән бабамыз ауылда қайтыс болды (есте сақталғандар ғана айтылып отыр). Колхоз болған соң бастық, бухгалтер, бригадир, ферма бастығы, жер өлшеуші, тракторшы болады. Олардың бәрі – менің әкемнің тракторшылық мамандығы бар туған інісінен басқа − әйелдер. Кейде әлдебір жақтан бейтаныс әйелдер келіп, колхоз бастығы боп жүрді. Кейін белгілі болғанындай, үй саны отызға жетпейтін ауылдан колхоздастыру жылдарында үш адам құлақ боп Көкаралға айдалып, ағайын-туыстардың көрсетуімен екі адам ұзақ жылға сотталып кетіпті. Мал-мүлкі тәркіленіп, құлақ болғандардың бала-шағалары ағайын-туыстарының үйінде жүрді. Сотталған екі адам соғыс аяқталған соң екі-үш жыл төңірегінде бірінен кейін бірі ауылға келді.
Олардың бірінің екі ұлы жастарын асырып көрсетіп соғысқа кеткен: үйелмелі-сүйелмелі жападан-жалғыз тұратын әйелі бар-тын. Екіншісі бір туысының үйіне келіп, ұзамай үйленді. Олардың соғыстан емес, айдаудан қайтқанын іштері сезетін үлкен-кішілер ештеңе демейді, түк білмегенсіп жүреді. Қанша дегенмен, ыстық-суыққа шыңдалып оралған екі пақыр келе сала жаңа баспана тұрғызып, бос жатқан биік ойпаңға каналдан шығырмен су шығарып, бау-бақша, не түрлі дақыл өсіріп, тұрмыстарын тез түзеді, жұрттың алды болды. Ұзақ жыл Ташкентте тұрып, соғыс басталысымен елге көшіп келген – көздері зәрлі, мұрты тікірейген, түсі суық, енгезердей бір пақыр біраз уақыт бригадир боп істеді. Ертелі-кеш үй-үйдің терезесін қағып, онсыз да арқа еті арша, борбай еті борша боп жүретін әйелдерге күн бермей, «қоғам үшін» бар жанын сала жұмыстанды. Одан бүкіл ауыл қорқатын. Бірер жылдан соң майданға алынып, зым-зия болды. Жасы бізбен шамалас ұлы бар еді, шешесімен бірге Тәжікстанға кетіп, сол жақта өзбекше оқып, ұлтын өзбек деп жаздырыпты. Өзбекке үйленіпті. Арадан жылдар өткенде Өзбекстанның республикалық («Лениншіл жас» сияқты) жастар газетінде жұмыс істейтінін естіп, іздеп барғанымда, «ештеңе білмеймін, мен өзбекпін» деп міз бақпады. Кейін шегінейік. Іргелес үш колхоз. Бірі – біз тұратын «Ынталы», батыс қапталында – «Коминтерн», солтүстік бүйірде – «Қоңыртөбе». Соғысқа дейін әкем «Қоңыртөбеде» бастауыш мектептің мұғалімі болған-ды. Соғыс басталған соң бізді «Ынталыға» көшіріп әкеліп, майданға аттанды. Мен «Қоңыртөбені», ондағы бірге ойнайтын балаларды сағынып, анда-санда ауыл шетіндегі биік төбенің басына шығып, сол жаққа ұзақ телміре қарайтынмын. Аталған үш колхоз бір сельсоветке қарайды. Оны ауыл совет деп те атайды. Үш колхоздағы мал-жан есебі, алым-салық, басқа да міндеттер соған тиесілі. Ауыл советтің төрағасы, хатшысы болады. Екеуі де тәуір киініп, атқа мініп жүреді. Оларға аузымызды ашып, қызыға қараймыз. Анамның соғыстан жараланып оралған – «1Май» колхозында тұратын – туған інісі, нағашым бірер жыл осында ауыл советтің хатшысы боп істеді. Бізбен бірге тұрды. Құйрық-жалы төгілген сандалкөк атпен келіп-кетіп жүргенде, төбеміз көкке бір елі жетпейді. Ауыл советтіңтөрағасы да, хатшысы да жиі ауысады. Менің нағашымнан кейін ауыл совет секретары боп Қалшабеков Нұрлыбай істеді. Ол содан екі жыл кейін төраға болатын Қалшабеков Мәденнің
інісі еді. Ашық-жарқын, жайдары, кішіпейіл, іші-бауырға кіріп тұратын Нұрлыбай біздерді баласынбай, тең сөйлесіп, кітапты көп оқыңдар деп ақыл айтатын. Өзінің де көп оқитыны көрініп тұрады. Сол арқылы балалардың ынтасын оятып, алыстағы қол жетпес арманға жетелейтін. Оның ықпал-әсері шексіз-тін (сол үшін де есте қалды). Соғыстан кейін Ташкентте университет бітіріп, ғылым кандидаты болды. Үш колхоздың талай баласының қалада оқып, білім алуына себі тиді (өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ол жайлы жазған көлемді әңгіме «Социалистік Қазақстан» газетінде басылып, кейін жинаққа енгені бар). Бар жақсылықты алдан күткен үмітке толы күндер өтіп жатты. Жоғарыда айтқан – Нұрлыбайдың ағасы – Қалшабеков Мәден ауыл совет төрағасы боп біраз істеді. Кейін ол да ауысты. Ауыл советке көбірек шұқшию себебіміз, ауыл адамдарының бүкіл тағдыр-талайы соған тікелей тәуелді болатын. Олардан үш колхоздың можантопай бастықтары да аса алмайды. Енді біз, әрине, бала-шаға болғандықтан, көп нәрсені біле де, аңғара да бермейміз. Біздікі – құлақ шалғанды қалт жібермеу. Бір күні «ойбай, не дейсің, Қалшабековтің орнына басқа біреу кепті, мінезі жаман, қылышынан қан тамған қатты дейді, кеңсесіне ешкімді кіргізбейді екен, қайтеміз, бір құдайға сенеміз де, басқа кімге сенеміз» деген қауесет дүңк етсін. Мұны айтатын − әйелдер. Онан соң әркім-әркімнің аузынан «жаңа төраға жақсы екен, біздің атамызбен туған құдасындай сөйлесіпті», «салықтан босатыпты», «справканы тез жаздырып беріпті», «колхоз бастығының екі аяғын бір етікке тығыпты», «жәрдем ақша кешікпейтін болды» дегендей сөздер де естіліп жүрді. Бұған дейінгі ауыл совет төрағалары осы маңайдан болса, жаңа төрағаның қайдан келгені белгісіз. Үй іші, бала-шағасының қайда екені де беймәлім. Әрине, біздер үшін. Әйтпесе, үлкендердің көп нәрсені білетіні анық. Біраз жылдардан кейін белгілі болды: Келес ауданының орталығы Абай селосына Сарыағаш жақтан келе жатқанда Әжіке дейтін ауыл бар, біздің жаңа төрағаның балашаға, мекен-жайы сондағы сырттан көшіп келген бес-алты үй ағайындарының жанында бопты, біздің ауылға атпен қатынап келіпкетіп жүріпті. Оны үнемі іздеуші едім (осы бүгін де іздеймін). Арадан жылдар өткенде бір білетін адамның: «Ол қазір Қожатоғай совхозында тұрады, мыңғырған бай, төрт түлік мал өсіреді» − дегені есте.
Әдетте, ауыл балалары топырағы белуардан келетін көшеде ойнаймыз. Топырақтан атыз жасап, шәугіммен су құямыз. Үйген топырақты сыртынан балшықпен сылаймыз. Бір шетіне іші қуыс қамыс түтік сұғамыз. Екінші шетінен қамыс түтікпен үрлейміз. Ақ бұйда шаң сыртқа будақ-будақ атылады. Оны «танк» дейміз. Осылай ойнап жүргенде бір жолы анадайдан атты адам көрінді. Есік пен төрдей ат үстінде денесі тіп-тік, тау тұлғалы, алып мүсінді біреу келеді. Бейтаныс. Жақындағанда аңғардық, сарғыш өңді, жалпақ бет, көзі көкшіл, ер үстінде тастан қашағандай нық отырған, кең жауырынды, етжеңді семіз адамның үстінде қоңыр китель, қоңыр галифе шалбар, басында Сталин киетін фуражка. Бізге қараған-қарамағаны жадымда жоқ, жанымыздан ақ шаңды бұрқылдатып өте шықты. «Жаңа сельсовет қой», − деді бір бала. «Ө...лә...ә, қандай дәу, ә?», − деді бір бала. Бір бала: «Қорқып кеттім», − деді. Ауылдың қатар орналасқан топырақ үйлері каналдың түстік бетінде. Ат қора, мақта сарай, қойма, кеңсе арғы бетте. Түске қарай жұмыстағы әйелдер мақта сарайдан ортақ ауқат (ыстық ас) ішеді. Кейде мереке қазанда ет асылады. Тіпті, қандай ас болса да, әйелдер ауқаттануға келгенде, тұс-тұстан атой салып біз де жетеміз. Мұндайда бригадир, басқарма да осында. Бір жолы барсақ, қабырғаға Сталин бастаған көсемдердің суреттері қаз-қатар ілініп, еңгезердей біреу көсіле сөйлеп тұр. Даусы жуан, өткір. Қарш-қарш етеді. Қолында жез қамшы. Жоғары қарай сілтеп-сілтеп қояды. Әйелдердің ауыздары тамақта, көздері сөйлеушіде. − Жеңдер, қатындар, жеңдер! – дейді сөйлеуші жуан дауыспен саңқ-саңқ етіп. − Жау жеңілді. Соғыс жақында бітеді. Ер-азаматтарың келіп, көзайым боласыңдар. Олар келгенше тойып жүріңдер, − дейді көкшіл көздері ежірейе. Қыран-топан күлкі. Сөйлеуші тағы да: «Жұмысты жақсы істеңдер, қатындар!» − дейді күркіреген үнмен. Басы жалаңбас. Қысқа шаштары тікірейіп, қадау-қадау боп тұрады екен. «Сталин жолдас жасасын!» − деп гүр еткенде жер қозғалып, қабырға шайқалғандай болды. Сөйлеуші әзілкеш пе, қожанасыр ма, білу қиын. Әйтеуір, жаны таза, астамдығы жоқ, көпшіл жан екені анық көрініп-сезіліп тұр. Тағы да бірдеңелер айтты. Жұрт күлкіден езу жия алар емес. Бәрінен көп күлетін − әйел басқарма Рахима. Ол да бұл жердікі емес, шеттен келген, күйеуі Сүлеймен арба айдайды. Жалыққан жоқсыз ба, оқушы? Бұл сол бір қияметі мол күндердегі
сұрқай өмір, болмыс-бітім, тіршілік-тыныс, әлдеқашан елеске айналған сағым суреттер, аттап кетуге болмайтын айшықты, мұңлы, қуаныш-қызығы да жоқ емес аяулы шақтар. Жоғарыда сөз болған жай – үш колхоздың шылбырын тең ұстайтын ауыл советтің таяуда келген жаңа төрағасының түр-түсін анықтап көріп, дидарына көз тойған, кісілік келбетіне үлкен-кіші мән берген күн болатын. Ол кім сонша деймісіз? Кәдімгі қарапайым көптің бірі. Төлеш Қармақбаев. Бірақ, көзден кетсе де, көңілден кетпей келе жатқан қаймана қазақ қана емес, мен үшін орны да, жөні де бөлек, біртуар сирек тұлғла, қайталанбас қазақ. Біреу-міреулерге ешкім емес болса, бәлкім, ешкім емес шығар, біз үшін от ауызды, орақ тілді, санасы сара, ойы алғыр, халық үшін жаралып, халық үшін ғұмыр кешкен, сегіз қырлы, бір сырлы, қарымы мықты, жүрегі түкті ерекше жаратылыс. Жаны жайсаң жампоз, күшті даусы алты қырдан асатын, әнді нақышымен шырқайтын, нәзік сезім иесі. Ақан сері, Біржан сал, Әмірені сіз де, біз де көрген жоқпыз. Бірақ, олардың кім болғанын ептеп болса да білеміз. Төлеш Қармақбаевты да көрген жоқсыз. Бірақ, оның кім болғанын білмейсіз. Біз оның өзін де көріп, сөзін де естіп, әнін де тыңдап, еңкейгенге еңкейіп, шалқайғанға шалқайған щақтарына там-тұмдап болса да куә болғанбыз. Екінің бірі Ақан, Біржан, Мұхит болмасын да білеміз, білетінбіз де. Бірақ, қазақ топырағында арғы-бергі белгілілерден гөрі белгісіздер анағұрлым көп болғанына кім таласады? Белгілі белгісіздердің бірі, айтулы десе азамат әрі батыр, халық өнерін қастерлей білген, өзі де хас өнерпаз, самдағай әнші Төлеш Қармақбаев еді. Сол үшін қолға қалам алдық. Ендігі әңгіме Төлеш жайлы. Оны сонау бала кезден бері қайтып көрмесем де, ұмыта алмай келемін дедім-ау. Ұмыту сірә да мүмкін еместей көрінеді. Кезінде дұрыстап іздеу салып, ел-жұртқа кеңірек хабарлау керек-ақ еді. Сонда ең болмаса үрім-бұтағының бір дерегі табылар ма еді, қайтер еді. Оған бұйырмады. Әлі де кеш еместей. Менікі – жеке талпыныс. Қайсыбір жылдарда кейбір мақалаларда аз-кем атын атап, «Тас жолдағы кездесу» атты әңгімеге кейіпкер етіп алынды. Ол «Қазақстан әйелдері» журналында, әңгімелер жинағымда жарық көрді. Бірақ жеткіліксіз. Сөйтіп, Төлеш Қармақбаев үш колхозды біріктірген Сары-жылға ауыл советіне төраға боп келді. Шамасы, бұл соғыс аяқталардан бірер жыл бұрын болу керек. Қарапайым, қайырымдылығымен ауыл жұртының тілін тауып, құрметке бөленді. Кесіп сөйлейтін адуынды, тіктеу мінезімен де талай тентектің мысын басып, тәубеге
түсірді. Жоғарыда айтылғандай, менің оны пір тұтып, ұмыта алмай жүруімнің негізгі себебі – шынымды айтсам – оның елден-ерек әншілігі. Соғысқа бастан-аяқ қатысқан әкем 1945 жылы тамызда төрт мүшесі аман-сау оралды. Бізден бір үй әрідегі інісінің үйінде той болды. Әне, сонда Төлештің зор дауыспен аңырата салған әнін тұңғыш рет естіп, өмірбақи құлақта қалды. Әннің аты – «Екі жирен». Құйма құлақ кез емес пе, ән де, сөз де бірден көкейге тоқылды. Бұған дейін естіген, елтіген сан алуан інжу-маржандар былай қалып, дүниеде бір-ақ ән бардай көрінді. «Екі жирен». Көшкенде жылқы айдаймын аламенен, Аулыңа барушы едім даламенен.
Түскенде сен есіме, беу, қарағым, Сағынып сарғаямын санаменен. Екі-ай жирен, Жалын түйген, Жалғанда жақынымсың-ай, Жаным сүйген,
Әридаш-ай, әридаш-ай... Бертін келе бұл әннің басқа нұсқаларын да тыңдадық. Орындаушылар да сан түрлі. Мұхтар Өтебаев айтатын – «Екі жирен» сәл өзге, Шәкен Айманов айтқан «Екі жирен» одан да өзге, бірақ, бәрінің түп-тамыры біреу. Қай-қайсысы да керім, кемел. Соңғы екі нұсқасын қазір де, бұрын да ешкім айтпайды (айтса да оңдырмайды). Төлеш нақышына келтіре айтқан бастау «Екі жирен» де сирек естіледі. Неге? Әннің төресі емес пе? Тегі, әкеммен жасы қарайлас, мәмілесі жарасқаннан болу керек, Төлеш біздің үйге жиі келіп жүрді. Әкем – үш ұлы – бізге той жасағанда да, әнімен де, сәнімен де көркейтіп, ортақтасты. Ол жылы да Төлеш шырқаған көп әндер ішінен есімде қалғаны тек сол «Екі жирен». Пай-пай! Әсершіл балалық шақпен астасқан ғажап кездерай десейші! Әкем бірер жыл ішінде үш бөлмелі үй салып, сонда көштік. Бір күні мектептен келсем, шешем жаңа сойылған қойдың бас-сирағын үйітіп, ішек-қарнын тазалап, еттің біразын тұздап, біразын қазанға салып жатыр екен. «Қармақбаев жіберіпті, әкелген жігіт сойып беріп, әлгінде кетті. Жаңа үйімізге сауға депті. Кешке Қармақбаев келеді», − деді қысқа ғана. Енді мұндайда қуанбай көр. Кешке біраз адам келді. Әдеттегідей, у-ду, әзіл-қалжың, ән-жыр. Әкеммен ескі досындай ашық-жарқын, өзімсіне сөйлеседі. Екі сөзінің
бірі − «Асеке». Өлең-жыр айтқанда да «Асекені» қосып жібереді. Суырып салмалығы да болу керек, оны есте қалған «көзім көк, өзім сары, өзім семіз» дейтін бір тармақтан да сезіну қиын емес. Немесе: Мен алдым өмірімде алты қаттын, Көрмедім біреуінің де рахатын. Жақсылар, зәузатымды сұрасаңдар,
Көтенші түркістандық асыл затым, − дейтін шумақ не тұрады. Соған қарағанда, қызмет бабымен Түркістан жақтан келсе керек-ау дейміз ғой (енді). Ондайлар аз болмайтын. Әкем мұғалім болғандықтан, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Әлмағамбет Нұрмағамбетов Қызылорда жақтан келген деп еститінбіз (кейін Асхат, Марат атты балаларымен мектепте қатар оқыдық). Шешемнің ауданнан бес шақырым жердегі Амангелді колхозында тұратын, күйеуі соғыста мерт болған туған сіңлісінің үш бөлмелі үйі бар-тын. Бір жолы қыдырып барғанда қарсы бөлмеге орналасқан жас ерлі-зайыптылармен танысып, мәре-сәре болдық. Бірер жастағы сәбилері бар екен. Көрші жігіттің есімі Қыдырбай, қызметі бүкіл колхозды аралайтын финагент екен. Шешемнің сіңлісі - әпшеміз – оны да, келіншегін де жер-көкке сыйғызбай мақтады. «Үйлері жоқ екен, онан соң кіргіздік», − деді. Онда шаруамыз не, қоңсыларымен таныстық, бітті. Көп ұзамай бір күні «Ынталы» колхозындағы біздің үйге Қыдырбай кіріп келсін. Қызмет бабымен жүрсе керек. Ересек үш ұл – бәріміз біріміз тізесіне, біріміз мойнына асылып, құдайымыз беріп қалды. Ұзын бойлы, талдырмаш денелі, қысыңқы көздері күлімдеп тұратын. Ақ сары өңді, жылы жүзді Қыдырбай да жатырқап-жатсынбай, өз үйіне келгендей емен-жарқын. Шай ішіп болысымен әкемнің домбырасын алды да, Динаның «Тойбастар» күйін тартты (бұл мәліметті өзі айтты, әрине). Ол күй де сол бойда бір шашаусыз құлақта қалды. Кейін ержетіп, ес жиғанда салыстырамыз ғой. Қыдырбай туа бітті күйші екен. Ән салғанын естігеміз жоқ. Ол тартатын көп күйлердің ішінен қаз-қалпында есте сақталғаны – «Тойбастар». Бұған дейін ондай күйді естіген жоқ едік, барын да білмейтінбіз. Қызық болғанда, ол да Түркістан тарапынан келген екен. Солай деп – шешемнің сіңлісі − әпшеміз айтатын. Сөз ретіне қарай, есте қалған жауһарлар ретінде айтып жатқаным да. Көптік етпес. Ашжалаңаш, шала құрсақ болсақ та, өнермен сусындап өскен бейбақтар емеспіз бе? Төлеш Қармақбаев менің әкеммен көңілі жарасқаннан ба, үйімізге кез-келген уақытта келе беретін (дедім ғой). Бір жолы
шешемнің қонақ боп келген өзінен үлкен апасы бәріміз түскі шайға енді отыра бергенімізде, күтпеген жерден Қармақбаев та келе қалсын. Шешемнің апасының бір жасар баласы қолды-аяққа тұрмай, құлдыраң қағып жүрген. Шешем ас әзірлеуге шығып кеткен. Осы аралықта Қармақбаев домбыраны алды да, әнге басты. Әдеттегідей, ұзақ сілтейтін күшті дауыс. Оның үстіне, Төлеш ән салғанда қысқа шаштары кірпінің жүніндей тікірейіп, көздері ежірейіп, ауыр денесі теңселе тербеліп, мың құбылатын өң-әлпеті адам танымастай күйге түсетін. Содан ба, әлде, үйдің төбесін жарып жіберердей күшті дауыстан ба, әлгі бір жасар бала шырылдап барып, анасының бауырына тығылды. Әлсін-әлсін Төлеш жаққа қарайды да, кемсең-кемсең етеді. Бетін бүркеп, анасына жабыса түседі. Бүгінгі көзбен қарағанда, табиғат сыйлаған тума дарын иесі Төлештің үлкен сахнада ғаламат өнер көрсетіп, айтулы әнші болатындай мүмкіндігі мол еді. Оған жазбапты. Тегінде, ол да менің әкем сияқты азын-аулақ сауатының арқасында онда-мұнда үкімет жұмысына араласқан сыңайлы. Біздің ауылға келуінің бір ұштығы да сонда жатса керек. Айттым ғой, бала-шаға, үй-жайының қайда екенін жөнді білмейтінбіз деп. Оған мән берген де ешкім жоқ. Келді. Кетті. Бітті. Бірақ із қалды. Және қандай із! Мен өз әсер-толғанысымды ортаға салдым. Соңғы көруім былай. Өткен ғасырдағы 47 әлде, 48 анадай жердегі есік алдында жерге жылдардың бірі. Жаз. Біздің жақтың жазы аса ыссы, құрғақ келеді. Шыбын-шіркей, маса-сона, жабайы ара, жыланшаян көп. Түнде сипанға масахана құрып, соның ішінде ұйықтаймыз. Таң атып, күн сәл көтерілгенде масаханадан шыққан мен төсеген алаша үстінде таудай боп теңкие ұйықтап жатқан біреуді көзім шалды. Киімшең, үстіне ештеңе жаппаған (өзі солай қаласа керек). Кебежедей қарны мен үрпиген шаштарынан Қармақбаев екенін бірден таныдым. Анадай жердегі байлаулы аты көк жоңышқаны күрткүрт шайнап, жер тарпиды. Шамасы, Қармақбаев түнде біз ұйқыда жатқанда келіп, қыбын білдірмей жата кеткендей. Сәске түс шамасында дастарқан жайылды. Бәйек бола қол қусырған әкем қабағын түйіп, екілене сөйлеген Төлештің сөзін бөлмей, үнсіз тыңдап отыр. Бір шетте мен отырмын. Бұл жолғы Төлеш бұған дейінгі Төлешке ұқсамайды. Даусы қарш-қарш, көзі алақ-жұлақ, бурадай буырқанып, әлсін-әлсін серпіліп, орнынан тұрып кете жаздайды. Қолдарын оңды-солды сермейді. Төлеш ашулы, ызалы, қалшылдап-дірілдеп, жарылуға шақ. Не болды? Түк түсінбеймін (ол мүмкін де емес).
– Мә, билетің деп бетіне қарай лақтырып жібердім, – деді қатулана дауыстап. Бәрін кейін топшылаймыз да. Демек, аудан басшылары Қармақбаевты орнынан алған, төрт-бес жылдық қызмет осылай біткен. Сол жолы оны орнынан алып қана қоймай, партиядан шығарған. Қармақбаев партбилетін жай ғана апарып стол шетіне қоймай, отырған жерінен бастықтардың бірінің бетіне қарай лақтырып жіберген. Солай дегенін өз құлағыммен естіген соң, иланбау – арға сын. Көлгірсу, мүләйімсуге жол жоқ Төлеш өтірік айтатын, екі сөйлейтін жан емес-ті. Бұл ай мен күндей ақиқат. Сонау қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған шақтағы көзсіз ерлік. «Арым – жанымның садағасының» хас белгісі, әйтеуір, пәле-жала сонымен кетіп, басы аман қалғанына, шүкір. – Құй анауыңнан! – деп саңқ етті. Әкем жамбасына басқан көк шөлмектен пиялаға бүлк-бүлк құйған бірдеңесін Төлешке қарай жылжытты... Бұл Қармақбаевты соңғы рет көруім еді. Содан кейін оны көрдім-білдім деген басқа да ешкім кезікпеді. Е, айтпақшы... 1950 жылы жаз ортасында құдайдың жіберген айықпас кеселінен отыз алты жасында анам дүние салды. Әкем бес ер баламен қалды. Әкемнен мен үйде жоқта Қармақбаев келіп өлеңмен көңіл айтып кеткенін естідім. Қаза хабарын кімнен естіді, қайдан келді, қайда тұрады, ол жайлы сөз ету ойға келіп пе? Келді, көңіл айтты. Ендігі сөздің тоқ етері, жоғарыда баяндалғандар еріккеннің ермегі не түймеден түйе жасау емес, керісінше, біріншіден, тұтас бір кезеңдегі ел-жұрттың бастан өткерген мехнат-машақаты болса, екіншіден, бұл фәниден киелі өнердің Төлеш сынды да бұрынғы-соңды алыптардың алыптарынан бір мысқал да кем емес, базбіреулерінен бес елі биік тұрды десе де көптік етпейтін өр мінез өкілі өткенін қалың қауымға білдіру, қаперге салу деп білгейсіз. Үшіншіден, егер осы жолы мойында жүрген парыз, зіл батпан ауыр жүктен құтыла алсам, мен үшін бір мақсатқа жеткенмен пара-пар болары даусыз. * P.S. Егерәки, осы жазбалар көзіне түсіп, Төлеш Қармақбаев туралы дерек білетіндер болса, редакцияға хабарласуына болады. Фотосуреті табылып жатса, тіпті жақсы. Хабар күтеміз, достар!
АБСОЛЮТТІ АСТАМСУ Әдетте, қоғамдық көлікке мінетіндер, мәселенки, қаланың о шетінен бұ шетіне кептеліс кесірінен бір сағат орнына үш сағатта жететін жолаушылар қалғып-мүлгіп, тісті тіске қойып, әрең шыдап отырады. Жожоқ, біреу салдырлап, біреу сампылдап сөйлеп отыратыны да бар екен ғой. Біреу-біреуді кекетіп, біреу тарқылдап күліп, түк таппаған біреулер қалта телефонмен – әкесінің үйінде отырғандай саңқылдап – жұрттың есін шығаратыны өзінше. Оларға қоса, көк миды одан сайын су ететін даңғырлақ музыка. Пәлен деп көр, не естір екенсің. Кенет ту сыртымнан дауыс шықты. Есеп бермей еңкілдейтін егде жастағы ер адамның жарықшақ даусы, тегі, көлікке жаңа мінген болу керек. Кімге айтып жатқаны белгісіз: «Баяғыда керемет еді», – деп бір тастады. «Компартияның кезін айтам», –деді. Онан соң егіннің ұрған суындай жөңкіліп: «Оқу тегін, емдеу тегін, бәрі тегін. Жұмыс дайын. Жұмыс істемегенді арамтамақ деп соттап жібереді. Өзіміз жауапты қызмет істедік. Ұшақ, пойызға арзан билет, арзан асхана, буфет, жабық қойма. Курорт, демалыс үйлерге жолдама дайын. Емхана, аурухана – бөлек. Қазір ше? Ой, құрысын! Тал түсте ақша ұрлағыш қалталылар белшеден батса, батып жүрген шығар, бірақ, біздің тұсымызда бәрі басқаша болатын. Біреулер ол кезді коммунизм деп жүр ғой, рас, коммунизм еді. Енді капитализм қайта орнап жатыр. Солай ма, солай емес пе, білмеймін, әйтеуір, жақсы емес», – деп көсіп-көсіп жіберді. Мойнымды бұрып, артыма қарасам, сайрап отырған – шашы мен қасы аппақ қудай, сақал-мұрттан жұрдай, бет-аузы алқам-салқам, қара торы өңді, мығым денелі, жасы сексенге кеткен қартаң біреу. Қабағы қату, көздері зәрлі, мойнында олпы-солпы галстук. Маған бірдеңе деуге ұмсынып еді, ұнатпағанымды сезді де, кімге айтып жатқаны белгісіз бәдіктерін әрі қарай гөйіте түсті. Сөзден сөз туатындықтан ба, әлде, мына отырыстан жалыққандықтан ба, осы сәт менің де есіме бірдеңелер түсіп, қиял жетегіндегі көңіл құсы шартарапқа шарықтап кеп берсін деңіз. Әлдебір жерге кеп топ ете түсіппін. Ол таудағы атышулы санаторий екен. Өзіміздің. Елден-ерек. Мұнда келдің екен, сақ жүр. Сақ сөйле, сақ күл, сақ ұйықта, сақ оян. Тіпті бар ғой, ә, мұнда сауысқаннан сақ жұртыңыз бейтаныстар жөнінде «анау кім?» деп өлсе сұрамайды. Тәртіп деу артық болар, дағды солай. Қалыптасқан. Үздігетін не бар, біле жатады. Мың жасағыр күбір-сыбырдан не кездейсоқ. Қысқасы, бәрі сақ. Тек анау.. анау... асхана, клубқа
барғанда, тысқа шыққанда киімін күніне сан мәрте өзгертіп, дәлізде, процедура кабинеттерінде жартылай жалаңаш жүретін орта бойлы, шашын төбесіне түйген, ақсары, бет-аузы (опа-далаптан) шұрқ тесік, көгілдір көзді, қарны бұлтиған жасамыс әйелдің үнемі саңқылдап сөйлеп, түбі тесік шелектей саңқылдап күлетіні санаторийдің о шеті мен бұ шетіне жетіп, онсыз да сақ жұртты сәл-пәл үркітеді демесе. (Үрке ме, таңдана ма, сол айнала). Әне, дәліздің түу түкпірінен тағы да байғыздай бақ еткен оқыс дыбыс шығып, соңы текенің мойнындағы қоңыраудай сылдыраған күлкіге ұласты. Мағынасыз, жыртақай күлкі. Ешкім елеңдеген жоқ, елеңдемегені – бір апта, әлде жарты апта болды ма, елдің құлағы үйреніп біткен. Бірақ, кексе әйелге бәрібір, кім-кімге де қиыла қарап, жандарынан сыңғыр етіп күліп өтеді. Тоба дерсің!.. Еріккен еркектерге не керек, жасамыс әйел жайлы әр дөкей өзінше (іштей) тон пішеді. «Пәлекет өңін бермеген, жас кезінде қандай болды екен», – деп тамсанады Қызылорда жақтан келген дөкей Жылтыркөз Барқақов. Шымкент маңайынан келген дөкей Шыдық Шәбішев: «Кім екенін кімнен сұраған дұрыс, әуелі соны білу керек. Мүмкін бұл пәлең жансыз шығар», – деп ежірейеді. «Бір мықтының ерке тотайы болмаса неғылсын, шолжаңдауы біртүрлі. Беті аулақ!» – көкшетаулық Тұрдақ Пошанов дөкей солай жобалайды. Ал... Осында екі аптадан бері демалып жүрген осы қаладағы сегіз аупарткомның бірінің бірінші хатшысы Дардан Далдабаевқа – өзіне тікелей бағынатын – аудандық тамақтандыру мекемесінің бастығы әр күні түстен кейін қос-қос кардон жәшікке салған анау-мынау әкеп тастайды. Дардан күн сайын бір топ дөкейді бақ ішіндегі өзі білетін жерге кезек-кезек шақырып, оңаша әңгіме-дүкен құрады. Бүгінгі отырыста Дардан кенет дөкейлердің бірінің ындынын сезе қойды да: «Кім? Кім дейсің? Анау әйел ме? Күле беретін? Е, қойшы соны!» – деп мұрнын шүйірді де, ізінше: «Жарайды, білгенімді айтайын», – деп жөнге келді. «Тек менен естідім деп айтпаңдар». Дөкейлер қосыла жамырап: «Тіс жармаймыз», – десті. «Жармайсыңдар ма?» «Жармаймыз». «Егер жарсаңдар, өздерің жарыласыңдар, мен өзім жарамын». «Олда-бұлда, Дареке, ішегімізді көгертпей, жылдамырақ айтыңызшы тек!». – Баяғыда біздегі Орталық Комитетте Коломенцев деген екінші хатшы істеген, білесіңдер ме? – деді Дардан бір рюмке коньякті қағып тастап. – Мен білемін, – деді орта жастағы шикіл сары дөкей Бөлтек Бұралқиев. – Оның кезінде Орталық Комитетте нұсқаушы
болғанмын. Облпарткомға хатшы болғанымнан кейін. Қазір енді жүрміз ғой халықтық бақылау комитетінде қиралаңдап. – Сен не, облыстық бақылау комитетін басқарған жаман ба? Әлде, менсінбейсің бе? − Жаман емес қой, сонда да... – Коломенцевті мен де білетінмін, – деді сәңкі мұрны жалпақ бетіне тарбия жайғасқан қарағандылық шымқай қара дөкей Жұрнақ Тырнақов. – Ол бізде облпарткомның біріншісі болған. Орталыққа сол жерден келді емес пе? – Сөзіңізді неліктен Коломенцевтен бастадыңыз, соны айтпайсыз ба? – деді жамбылдық дөкей Әгібай Құлқайдаров Дардан дөкейге сызыла қарап. – Алдарыңдағыны алып қойыңдар, оны сонан соң айтамын, – деді Дардан маңғаздана мардымсып. Дөкейлер алып қойысты. Орталарындағы жалғыз әйел дөкей Шалша да қалыспады. Жөткірінген Дардан жан-жағына қарап алып: – Білгілерің кеп көкейлеріңді тесіп бара жатса, ол әйелдің фамилиясын білмеймін, аты Кира ма еді, иә Кира, әне, әлгі мен айтқан Коломенцевтің түбіне жеткен сол болады, – деді өзінше жаңалық ашқандай тирақсына. – Шын ба? – деп әйел дөкей Шалша шаңқ етті. – Дарекең өтірік айта ма, менің де естуім бар, шын, – деді бүгінгі отырыста сөзге тұңғыш араласқан сарыағаштық бала дөкей Найлау Ырзабаев шұнаң етіп. – Апыр-ай, ә? Коломенцевің бәле десейші! – Бәле, бәле! Әйтпесе, екінші бола ма? – Әйелдің аты Кира дедіңіз бе, Дареке? – Кира! Қызығы алда, соны сұрамайсыңдар ма? – Ойбай, құлағымыз сізде! – Коломенцев Кирамен ғашық-машық болған. Ашыналығы ашылған бойда Мәскеуге қашып кеткен, білдіңдер ме? – Ашыналығы ашылған дейсіз бе? Абайламады ма екен? О, бейшара! – Абайлаған, абайлаған. Бірақ, бәрібір Кираның күйеуінің қолына түсіп, оңбай таяқ жеген де, ертеңіне Мәскеуден бір-ақ шыққан. – Онда неге барған? Кімге? – Ой, сендер де бір... Неге барады? Бас сауғалау үшін! Бас хатшыға барған. Қалыңқастың тура өзіне! – Апыр-ай, ә! Қалыңқас не істепті? Әкесін танытқан шығар?
– Атаңның басы. Саған жазалағаны керек, ә? Онда біліп ал, бұл жақта абыройы айрандай төгілген сары азбанды қалыңқас сол замат Остов облысына бірінші ете салмады ма? Ал, мұны менен естігендеріңді жан баласына сездірмеңдер. Құлақтарың тас керең болсын. Коломенцев әлі сорлы емес, кім екенін білесіңдер, егер естісе, кез келгеніңді бір-ақ шайнап тастайды. Ұқтыңдар ма? – Ұқтық, Дареке! – Ешкімге айтпаймыз, Дардан Бірқұлақұлы! – Кира қазір не қызмет істейді? – деп қалды дөкейлердің бірі. – Баяғы күйеуімен бірге тұра ма екен? – Сендерге бәрі қызық, ә? – деп қарқ етті Дардан. – Онда тағы бір алып жіберіңдер. Сонан соң... Қызыққұмар дөкейлер тегіс алып қойды. Әйел дөкей Шалша да сөйтті. – Дареке, айта беріңіз! – Айтсам, күйеуінен ажырасты демесе, Кираның мұртын балта кескен жоқ. Қызмет сол қызмет баяғы, құлақ-мұрын дәрігері, үкімет емханасында бөлімше меңгереді, бойдақ, не істеймін десе еркі. – Бойдақ дейсіз бе? – Бойдақ. Үйден қырық қадам шыққанның бәрі бойдақ. Мен де, сен де! Еркек-әйел тегіс. Кирамен танысасың ба? Көрсейші!.. – Өйте алмаймын, – деді Долда дөкей. – Әйелімнен ұят болады. – Сен ше? – Мен де... Әйелім біліп қойса... – Бәрің Арпабай екенсіңдер! – деп қарқылдай күлді осы жерлік бірінші хатшы Дардан. – Бұл өмірде періште жоқ, білдіңдер ме, болмайды да, болуы мүмкін де емес. – Қалай? Онда сіз де... – Иә, мен де! Бәріміз де! – Мені қоспаңыз! – Обалыңа қаламыз ба? – Енді... былай... не десем екен... мына Шалша замандас болмаса... – Мейлі, тағы бір алып қойыңдар. Онан соң сендерге бір әңгіме айтамын да, сонымен тарқаймыз. Кеш боп қалды. Тамаққа бару керек. Ұрыста не тұрыс. Нешінші екенін ұмытқан тостарын дөкейлер түгел алып қойды. Үнсіз. Артық сөзсіз. Осы кезде ортадағы бірден-бір әйел дөкей (алыс аудандағы ауатком председателінің орынбасары) Шалша сөзге қалай киліккенін өзі де байқамай:
– Дардан Бірқұлақұлы, сіз әлгіде періште ешкім жоқ дедіңіз бе? Оны қалай түсінуге болады? – деді алтын тістерін жарқырата жымиып. – Кешіріңіз, сәл қателестім білем, періште мүлде жоқ емес, бар, – деді Дардан елжірейе емініп. – Біреу болса да табылады. Егер біреу болса, ол мына сіз боласыз. Сондықтан, сіз үшін өзім жеке тост көтеремін (жүз граммды жібере салды). – Ал, әлгі сөзімді айтайын ба? – деп айналаға қарады. – Онан соң тарқаймыз! – Айтыңыз, ойбай! – Ой, Дареке! Жігіттің сұлтаны екенсіз ғой. Болашақта елге бірінші болсаңыз, бізді қасыңызға жақындатасыз ба? – Әлбетте! Ол үшін сақ жүріп, сақ тұрыңдар. Бүгінгі әңгімені ешкім білмесін. Коломенцевтей болмаңдар. Біз кішкентай адамбыз. Сондықтан, жаңағы айтамын дегенді айта салайын. Айып болмас. – Айып болмайды. – Енді айта берсеңізші! – Жақында былай болды, – деді Дардан қос иығын кезек-кезек қомдана керіп. – Құлтума Бармақов деген трест директорының мәселесін бюрода қарадық. – Апыр-ай, а? Не үшін? – Жігітшілігі үшін. Ұрлығы ашылып қапты... – Жаза қолдандыңыздар ма? – Өзіміз құритын болған соң, неге қолданбаймыз, қолдандық! – Қандай жаза? – Партиядан шығардық, жұмыстан алдық. – Дұрыс болған, – деді Бөлтек дөкей. – Обал жоқ, – деді әйел дөкей Шалша. – Қаттылау кетіпсіздер, – деді сарыағаштық бала дөкей Найлау Ырзабаев. – Ой, сен не? – деп кіжінді оған жамбылдық дөкей Әгібай Құлқайыров. – Ондай немеге сол керек! – Сөз тыңдайық! – деп Дардан дөкей дарқ етті. – Талқылауды палаталарыңа барған соң жасайсыңдар! – Қойдық, Дареке! – Өзіңіз, жүдә, ішкізіп-ішкізіп... – Бюро жүріп жатыр. Басқарушы мен, – деді санаторийдің кешкі тамағына үлгеру үшін Дардан сөзді қысқа қайыруға тырысып. – Трест директоры Құлтуманы жазаладық дедім ғой. Енді бәріміз де адамбыз дегендей, ол байғұсты қатты аядым. Әрі іштей ойлаймын: «Міне, сен
бір шүйкебаспен шатысып, партиядан шықтың, қызметтен қуылдың. Алдағы тірлігің не болмақ? Бала-шаға, әйелің... Олар кешіре ме? Мейлі, бір күніңді көрерсің. Бірақ, осы қазір екеуміздің арамызда бір-ақ айырма бар, замандас. Адамнан жасырғанмен, құдайдан қалай жасырайын. Осы кешегі түнді мен де өзім білетін жерде нақсүйеріммен өткіздім. Енді, міне, бюро басқарып, дәл сондай тірлігің үшін сені жазалап отырмын. Сонда осы әділ ме? Айта алмаймын. Бір қарағанда, қазір екеуміз таразының екі басында тұрған тең адамбыз. Тек жалғыз айырма болмаса. Қандай айырма? Сен тұтылдың, мен құтылдым, айырма сол. Қашанға дейін, бір құдай біледі. Бәлкім, тұтылғанға дейін шығар», – деп өзімнен-өзім қапаланып, бюрода жер болып отырдым. Ар жағын өздерің елеп-екшей беріңдер. Бітті. Айтайын дегенім осы еді. Ал, ас қайырайық. Кім бата береді? – деді Дардан дөкейлерге жағалай қарап. Бірден тұруға асықпаған дөкейлер тым-тырыс, қабақтары салыңқы, өңдері солғын. Дарданға бірдеңе дегілері келетіндей, демеске болмайтындай, бірақ батпай отырғандай. Долда Түйтенов дөкей тәуекел деп: – Сонда сіздің әлгіде өзіңіз айтқан Коломенцевтен айырмаңыз не болды, қай жеріңіз артық, Дареке? – деді мүләйімси міңгірлеп. – Е, иә, – деп Бөлтек Бұралқиев дөкей жөткірінді. Жергілікті бірінші хатшы Дардан Далдабаев дәл осыны күткендей айналаны жаңғырта бар даусымен күлді де: – Бізді Коломенцевпен салыстырма! – деді қабағын түйіп. – Ол − үлкен адам. Тұлға. Екінші хатшы. Қазір кім екенін де білесіңдер. Жазаласа, соны жазалау керек еді. Ал, қайтесің, жазаламады, оның қасында біз кімбіз, тәйірі, кәкір-шүкір, майда-шүйде емеспіз бе? Солай ма, жоқ па? – Білмеппіз, солай құсайды, Дареке! – Әй, Коломенцевің антұрған екен! – Сорақы екен! – Мынау астамшылық! – Астамсудың түрі көп! – деп гүр-гүр етті ұзын бойлы, толық денелі, келбеті келісті дөкей Дардан. – Бізді сөз етпесе де болады демедім бе? Себебі, майда адамбыз. Коломенцевтікі – жай астамсу емес, абсолютті астамсу, білдіңдер ме? Ол жаман нәрсе. Алда құдай сондайдан, абсолютті астамсудан сақтасын! Бала дөкей Найлау Ырзабаев: «Неден сақтасын, ел басқарудан ба?» – дегісі келіп тұрды да, «бәледен аулақ» деп, үндемей қоя салды. Дөкейлер кешкі тамаққа уақтылы бару үшін орындарынан апылғұпыл тұрып жатты...
БІЛӘЛДІҢ ҰЛЫ МҰСТАҚЫМ (Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері М. Б. Ықсановтың балалық шағынан бір үзік сыр) Ата-бабасы Ташкенттің іргесіндегі Торқыс (Қауыншы) ауылын мекендеген Абай Тұрсынов тағдыр талқысымен Тәжікстан астанасы (сол шақтағы) Сталинабадта туған. Әке-шешесімен бірге 1940 жылы Алматыға көшіп келіп, анасының бірге туған сіңлісі, белгілі әнші Жамал Омарованың үйіне аялдайды. Әкесі Әбдірахман Жамалдың күйеуі Есей директор боп істейтін Ботаника бағына қоймашылық жұмысқа тұрып, сол жерден берілген пәтерге көшеді. Мұнда Ықсанов Біләл дейтін кісімен бір аулада көрші тұрады. Абай оның жалғыз ұлы Мұстақыммен құлынтайдай тебісіп, бірге өседі, сүндетке қатар жатады. Жылдар өткенде екеуі де танымал тұлғаға айналады. Әбдірахман майданға алынған соң, бала-шағасы Ташкент түбіндегі туған ауылдарына оралады. Абай сонда орыс орта мектебін медальмен бітіріп, Мәскеудегі Су шаруашылығы институтында оқиды. Тамамдаған соң Красноярскіде мамандығы бойынша қызмет істеп, екі жылдан кейін арнайы шақырумен Ленинградқа барып аспирантураға түседі. Кандидаттық, докторлық диссертация қорғайды. Ұзақ жылдан кейін Алматыға қоныс аударады. Техника ғылымының докторы, профессор, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Ғылыми еңбегін әлі де жалғастыруда. Төменде қазақтың айтулы ғалымы, біртуар азамат Абай Әбдірахманұлының аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мұстақым Біләлұлы Ықсанов жөнінде естеліктерінің кей парасын ұсынамыз. * – Бұл ұзақ әңгіме, – деді қашанда сабырмен сөйлейтін Әбекең. – Мен Мұстақыммен бірге өткен балалық шағымыз бен екеуміздің әке-шеше, тума-туыстарымызға қатысты есте сақталған жайларға тоқталмақпын. Өйткені, олар мен үшін аса ыстық, аяулы кездер еді. Алматыға Сталинабадтан көшіп келіп, Жамал апатайдың үйіне орналастық. Пәтері кең екен. Жамалмен менің анам апалы-сіңлілі болатын. Бізді қуана қабылдады. Абылай (әпкесінің баласы), Қазыбек, Шәміл деген ұлдарымен ләңке, асық ойнайтынбыз.
Жамал апамның күйеуі Есей жездем әке-шешеме жұмыс, пәтер берген соң, үш жылдай Ботаника бағында тұрдық. Мұндағы он беске жуық отбасы түгелдей қазақ екен. Балалықтың әсерінен бе, соғыс басталғанына мән бермей, алаңсыз жүре беріппіз. Оқу басталған соң мектепке бардық. Мектеп едәуір алыстағы «Горный гигант» совхозында болатын. Сол кездерде Шахизат деген қарындасым өмірге келді. Одан алдын жасы екіден асқан Амангелді деген інім бар болатын. Мектепке бардым дегенмен, менде не оқулық, не дәптер, не қарындаш жоқ болатын. Оларды алып беруге әкемнің уақыты жоқ. Көршіміз Біләл атам екеуі күні-түні таудағы – Ботаника бағына қарасты малшыларға азық-түлік, киім-кешек тасып сабылып жүреді. Көп сөйлемейтін, жүзі сұстылау Біләл атам арба айдайтын. Тауда қашқындар, қарақшылар көп. Сондықтан екеуі аю ататын оғы бар екі мылтық ала жүреді. Бір күні олар таудан оралысымен анам: «Мына баланы ұмыттың ғой, ертең қалаға барып, оқуға керек заттар алайық», – деді жыларман халдегі мені нұсқап. «Барайық», – деді анамды қостаған Біләл атам да әкеме қарап. Ертеңіне әке-шешем мені және емізулі Шахизатты алып, Біләл атамның арбасымен қаладағы базарға бардық. Шынар әжем Амангелдіге қарайлап үйде қалды. Базардан қажет заттардан бөлек басқа да нәрселер алуға көп уақыт кетті. Түстен кейін арып-ашып Ботаника бағына жақындай бергенде аулада абыр-сабыр боп жүрген адамдарды көрдік. Біләл атам аттарға қамшы басып, тез жеттік. Көздері шарасынан шыққан жұрт бізге абыржи қарайды. Сәкі үстінде қолына қанға бөккен Амангелдіні ұстап Жамал апатайдың тұңғыш ұлы Қазыбек тұр. Оларды көрген ата-анамның жан дауыстары шығып, аңырап қоя берді. Талықсып кеткен мен әрі қарай не болғанын білмеймін. Есімді жиып, көзімді ашсам, жанымда маңдайыма жылы суға малған шүберек басып Қаракемпір отыр екен. (Біләл атамның мінезі өткір, қимылы ширақ, ақылды, шапшаң сөйлейтін сұңғақ бойлы қарасұр кемпірін жұрттың бәрі Қаракемпір дейтіндіктен, біз де солай атайтынбыз). Менің өз-өзіме келгенімді байқаған Қаракемпір бәсеңдеу үнмен: «Ойбай-ай, балам, мықты бол, бастарыңа құдай салмас қайғы түсті», – деп самбырлап қоя берді. Әлдебір жас әйелдің: «Бала сау, тірі қалады», − дегеніне Қаракемпір: «Тірі қалғанын қайтейін, жарты беті жоқ қой», – деп күйзеле дауыстады. Мұны естігенде тұла бойым
мұздап қоя берді. Қаракемпір әке-шешем Амангелдіні Біләл атамның арбасымен қалалық ауруханаға алып кеткенін, құдайдан жақсылық тілеу керегін айтты. Осының бәріне кінәлі Қазыбек қашып кетіпті де, Шахизат екеумізге Қаракемпір мен әлгі жас әйел бас-көз боп отыр екен. Қаракемпір оқиғаның қалай болғанын баяндады. Сол бір қарғыс атқан күні түске қарай Қазыбекті міңгестіріп қаладан келген Есей жездем оны біздің үйде қалдырады да, өзі бір жаққа кетіп қалады. Соны пайдаланып қалғысы келген Шынар әжем Қазыбекке Амангелдіні тапсырып, өзі бақша суаруға кетеді. Қазыбек үйреншікті әдетімен үйдің ішін ары тінтіп, бері тінтіп, тәтті-мәтті таппаған соң, апорт алмалар сақтайтын қоймаға барады. Бірақ, онда алма болмайды. Онан соң ілулі тұрған аңшы мылтығын алып, Амангелдінің жанына келеді. Соғыс ойынын ойнамақ боп Амангелдіні диванға отырғызады да, мылтықты кезеп, шүріппесін басып қалады. Алдымен гүрс еткен дауыстан өзі құлап түседі. Ұзамай есін жиып, жарты беті опырылып, қанға бөккен Амангелдіні көреді. Баланы көтеріп, далаға шығады. Бір тұстан ойбай салып Шынар әжем, екінші жақтан зар қағып Қаракемпір келеді. Әпсәтте ауыл адамдары азан-қазан болады. Шамасы, (сол кездерде кең жайылған) соғыс ойынын ойнағысы келген Қазыбек мылтықтың оқтаулы екенін білмесе керек. Солайша, мені көрпешеге жатқызған Қаракемпір есімді жиған соң болған жайды тынымсыз айтумен болды... Алайда, Қазыбекті де, мылтықты оқтаулы қалдырған әкемді де жазғырып, кінәлаған жоқ. Мылтық атылғанын бірінші естіп, бақшада жұмыс істеп жатқан жерінен – үйге баршадан бұрын жеткен де Қаракемпір екен. Ол аспайсаспай мылтықтағы патронды алады. Онан соң қоймаға барып, екінші мылтықтың патрондарын шығарып, жасырып қояды. Сөйтіп, ашу үстінде әкемді райдан қайтарып, Қазыбекті ажалдан құтқарады. Шахизат ұйықтап жатыр. Көрші үйдің жас әйелі Қаракемпір екеумізге сүт қатқан қара шай әкеліп, іш те іш дейді. Менің бар ойлағаным – інімнің жағдайы, өлмесе екен деймін. Қайғыдан қан жұтамын. Жағым қарысып қалған. Күн батып, қас қарайғанда ата-анам оралды. Қаракемпір: «Әне, көрдің бе, Шынар әжең мен Амангелді жоқ, демек, олар ауруханада, інің аман», – деп қайтақайта басу айтады маған. Әке-шешем мен Біләл атам арбадан сүйретіліп әрең түсті. Біләл атам Мұсаға «аттарды жайғастыр» деп әмір етті (болашақ мемлекет қайраткері Мұстақымды ол кезде Мұса дейтінбіз).
Үйге кірдік. Анам қабырғадағы атылған оқтың орнын көріп, ашуға мінді. Оқтың бытыра емес, аю ататын жыған екені абырой бопты. Жанамалап тигеннің өзінде Амангелдінің бір жақ бетін опырып кеткен. Бытыра болғанда, Амангелді жоқ еді. Мұса қабырғадағы оқты сыртқа шығарып лақтырып жіберіпті. Әкем екі қолымен басын ұстап, диванда отыр. Анам Шахизатты емізуге кіріскен. Қаракемпір ата-анама жұбату айтуда. Біршама уақыттан кейін өзара «есеп айырысу» басталсын: әкем жас баланы қараусыз қалдырдың деп Шынар әжемді, Біләл атам – бастығының баласы екеніне қарамастан – қойманың құлпын бұзған Қазыбекті кінәлайды. Анам: «Мылтықты неге оқтаулы қалдырдың? Егер Қаракемпір оқтарын алып тастамаса, қанша адамды атып тастар едің», − деп әкеме шүйіледі. Әкем болса: «Жұмыстан шаршап келгенде мені табалдырықтан аттамай жатып ұрыс-керіспен қарсы алма деп қанша айтамын саған», – деп анама ашуланады. Адуынды Қаракемпір: «Доғарыңдар, бейбақтар! Неге шулайсыңдар. Бәрі Құдайдың ісі. Өңшең күнәкарлар! Алла бәрімізді күнәміз үшін жазалап отыр... Қанды соғыс жүріп жатыр. Тауда қашыппысқан қарақшылардың шопандарды тонап, ойына келгендерін істеп жатқандары анау. Балалардың ойнайтыны – соғыс. Қазыбек те бала. Мылтықтың оқтаулы екенін қайдан білсін. Мылтықты оның қолына құдай ұстатты, ал шайтан «ат» деп азғырды. Әйтпесе, мұндай сұмдық болар ма еді. Баланың тірі қалғаны үшін Аллаға шүкір деңдер. Бір-біріңді жазғырып, Құдайдың кәріне ілікпеңдер», – деп өктем сөйледі. Бірдеңе дегісі кеп оқтала бастаған Біләл атамды ала көзімен ата қарап тыйып тастады. Таңертең Жамал апатай келді. Кеше кешкісін Есей жездемді майданға аттандырып, өзі бар беделін салып Амангелдіні әскери ауруханаға ауыстырыпты. «Онда тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейді». Баланың жағдайы жақсы, Шынар әжем жанында», – деді жылдамдата сөйлеп. Жамал апай таяуда бір топ артистермен бірге үйде қонақта болған, енді майданға аттанатынын айтты. Өз әкемнің қолында да еңбек армиясына кететіні жайлы шақыру қағаз бар. Ұзамай үйге буып-түйген азық-түліктері бар Біләл ата мен Қаракемпір келіп дастархан жасады. Мұса сыртта самауыр қайнатып жүр. Дастархан қазы, қарта, жал, жая, шекер бал, ыстық шелпек, бауырсақ, әртүрлі жеміс-жидекке толды. Мұса кіріп: «Самауыр әзір», – деді де, шығып кетті.
− Әй, Әбдірахман! – деді Қаракемпір әкеме айбарлана қарап. – Мына таңғы асты Жамал жарығыммен тағы да қоштасу дастарханы деп біліңдер. Кәне, құран оқы! − Жарайды, – деген әкем дәрет алу үшін өзенге кетті де, көпке дейін оралмады. Барып келші деген соң барсам, әкем қойтастың үстінде үн-түнсіз жылап отыр екен. Мені көрді де, дым болмағандай, бет-аузын жуып, үйге келдік. Мұса суып қалған самауырды ысыту үшін қайта алып кетті. – Еңсеңді түсірме! – деді Қаракемпір әкеме жеки сөйлеп. – Бізді ештеңе білмейді деме. Азамат деген атың бар емес пе, жасымағын. Неге кешіккендеріңді білеміз. Кәне, құраныңды баста! Әкем құран оқыды. Шамасы, «Бақара» сүресі болса керек. Онан соң Қаракемпір Құдайдан осы дастархан басындағыларды пәлежала, бақытсыздықтан сақта, алыс сапарға аттанғандар аман оралсын. Амангелді тез сауықсын, соғыс жеңіспен бітіп, бейбітшілік орнасын дегендей сарында дұға оқыды. Онан соң әкем араб тілінде дұға оқып, отырғандар «аллаһу әкпар» деп беттерін сипады. Шайдан кейін әкем тағы да құран бастап, «Әл-Фатиха», «Әл-Ықылас», «Әл-Кәусар» сүрелерін оқыды (оларды мен де жақсы білетінмін). Қаракемпір құдайға құлшылық сөздер айтты. Есік алдына шықтық. Арба дайын екен. Мұса барлығын сақадай сай етіп қойыпты. Тізгінде өзі. Біләл ата мен Қаракемпір Жамалға жолазық деп арбаға біраз азық-түлік салды. Әке-шешем де сөйтті. Алдымен Жамалмен әке-шешем қоштасты. Шешем дауыс шығара бастап еді, Қаракемпір жекіп жіберді. Екінші кезекте Жамалмен Біләл ата мен Қаракемпір қоштасты. Онан соң – мен. Жамал апай маңдайымнан сүйіп, жақсы жігіт боп өсуіме тілек білдірді. Сөйтті де арбаға отырды. Ешкімге қараған жоқ. Мұса арбаны зуылдата жөнелді. Бәріміз үйде қалдық. Ғұрып бойынша, бақытсыздыққа ұшыраған адамдар қонақты шығарып салмайды екен. Жамал апатайдың жеке кетуі содан екен. Ертеңіне майданға барлық артист аттаныпты. Бұл жөнінде оларды 1-Алматы станциясынан шығарып салған Мұсадан естідік. Жамал апа кеткен соң біз қайтадан үйге кіріп, дастарханға отырдық. Ешкім бір-біріне өкпе-наз айтпай, әсіресе, Қаракемпір өзін елден-ерек көңілді ұстауы ғажап көрінді. Ол құранды қырағаттап оқығаны үшін әкеме алғыс білдірді. «Енді бұл үйде қайғылы жағдай болмайды, соғысқа кеткен ет жақындарыңның бәрі сау-саламат оралады», – деді.
Жамал апатайды майданға шығарып салған сол күндерден бері жетпіс жылдан аса уақыт өтті. Арғы-бергіні зерделей келе, шіркін, Қаракемпір неткен әулие адам еді деп тәнті боламын. Қанды қырғыннан бізге жақын-жуықтың бәрі – біреуінен басқасы – түгелдей аман қайтты. Кері оралмаған Әбдімомын көкемді де соғыста қаза тапты дей алмаймыз (өйткені, нақты айғақ жоқ). Қаракемпірдің біздің әулеттегі бар күнәні менің кішкентай періште інім Амангелді көтеріп алды дегені де тегін еместей көрінді. Амангелді сауығып, мектепте, институтта оқыды, атақты ғалым болды. Бала-шағалы. Қазір ел қатарлы ғұмыр кешулі. Қайран Қаракемпір! Бәрімізге күш-қайрат беріп, медет болған қарапайым да қасиетті әзіз жан өз басына түскен ауыртпалыққа төзе алмады, шыдауға шамасы жетпеді ме, кім білсін. Бұл жөнінде сәл кейін. Әуелі Мұса хақында. Құдайы көрші, аралас-құраласпыз. Бірге жүріп, бірге тұрамыз. Мұса −күшті, қайратты бала. Менен үлкендеу. Маған әлімжеттік жасағысы келген біреулер Мұсаны көрген бойда жөндеріне зытады. Бірде Ремизовка жақта коньки теуіп жүрген Қазыбек екеумізге шанамен келген Мұса үйде бізді менің анам мен Қаракемпір күтіп отырғанын, жылдам келсін деп жатқанын айтты. Шанаға отырдық та, тез жетіп бардық. Үйде Қаракемпір мен менің анамнан өзге де біраз жас әйелдер отыр екен. Барлығы біздің тұла бойымызды тінте қарап, сықылықтай күледі. Амандастық та, дастархан шетіне жайғастық. Төрде отырған ұзын бойлы, арықша, қара сақалды қазақты енді байқадық. Үстінде зерлі шапан, басында сәнді тақия. Қаракемпір Мұса, мен, Қазыбек үшеумізді оған жеке-жеке таныстырды. Бұлар ержетті, қолдарына қару алып, ел қорғайтын жасқа жетті деп мақтады. Бұл сөздерден мен жарыла жаздаймын. Қазыбек ыржақтап күле береді. Қабағы салбыраған Мұса тастай қатқан қалпы ләм-мим деп жақ ашпайды. Анам басын жоғары көтеріп, ажарланып отыр. Бізді мақтау ұзаққа созылды. Мұның тегін емесін сездік. Ақыры бізді сүндетке отырғызбақ ниеттері бары белгілі болды. Қазыбек бұлқан-талқан ашуланып, қиғылық салды. Оны өйтіп-бүйтіп тыншытты. Төмен қараған Мұса тіс жарған жоқ. Мен жарайды деп бас изедім. Төрдегі бейтаныс еркек құран оқуға кірісті. Кейін білуімізше, алыс ауылдан шақырып әкелген ол балаларды сүндетке отырғызумен айналысатын молда екен. Молда құран оқып, «аллаһу әкбар» деді. Үшеумізді еденге қатарынан үш төсек салған бөлмеге кіргізді. Киімімізді түгел
шешкізіп, үшеумізге үш ұзын ақ көйлек кигізді. Қатарласа жатқызды. Бірінші боп Мұсаны сүндеттеді. Ол үн шығармады. Онан соң Қазыбек. Жан даусы шыға ойбайлап, молдаға тіл тигізе бастаған оған әйелдер бір буда ақша ұстатқан бойда сап тыйылды. Кезек маған келді. Қатты ауырсынып, жаным қиналған маған да ақша ұстатқан соң, соны санап жатып бәрін ұмыттым. Сыңғырлай күлген әйелдер дастархан жайылған бөлмеге шығып кетті де, қасымызда Қаракемпір мен молда қалды. Молда Қаракемпірге бірдеңе айтады. Қаракемпір басын изейді. Келесі күні Мұса мен Қазыбекті өз үйлеріне алып кетті. Мен бір апта жеке бөлмеде төсекке байландым. Асты-үстіме түскен анам айтқанымды екі етпей, бар дәмдіні аузыма тосып әздектеп бақты. Біздер мұсылман болған жылы қазақ аулындағы – күйеулері соғысқа кеткен – әйелдер ортадан жинаған ақшаға баспақ сатып алып, соғым соятын болды. Баспақты жабыла құлатып, құбылаға қарай жатқызды. Маған құран оқытқызды. Онан соң қолыма пышақ ұстатып, «бауызда» десті. Бұған дейін шымшық бауыздап көрмеген мен дір-дір етіп, пышақ қолымнан түсе жаздады. Қаракемпір менің қолыммен өзі бауыздады. «Енді нағыз жігіт болдың», – деп маңдайымнан сүйіп, арқамнан қақты. Балалықтың бал дәурені ұмытылар ма? Қол боста Ремизовка қыратында ойнаудан қызық ештеңе жоқ. Коньки тебеміз, шанамен сырғанаймыз. Жасы бізден ересек Мұса алғыр, төзімді, ақылды. Бойы аласалау. Сондықтан таяуда сүндетке отырған оның әскер жасына жетіп қалғанын аңғармаппыз. Бір күні ауылға екі әскери адам келіп, Мұсаны алды да кетті. Ботаника бағындағы үлкен-кіші жылап-сықтап шығарып салдық. Біләл ата мен Қаракемпір соғыс комиссариатына дейін ілесіп барып, Мұса эшелонға отырғанша қасында болыпты. «Жеткен бойда бірден соғысқа кіреді екен», − деп оралды. Оларға бұлай деп кім айтқаны белгісіз, бір жаңсақтық болу керек. Өйткені, жаңадан алынған жауынгерді әуелі соғыс өнеріне жаттықтырмай, от пен оққа салу мүмкін емес. Бұл менің ержетіп, есім кіргеннен кейінгі ойым. Ал, ол кезде Мұса барған бойда қызыл қырғынға араласады дегенге бәріміз де иланғандай болғанбыз. Мұса кемпір-шалдың ортасындағы жалғыз тұяқ еді. Қайран Қаракемпірдің күні-түні аһылап-уһілеп, зар қаққанын көріп-біліп жүрдік. Қалай жұбатуды білмедік. Бір жолы төсекке әдеттегіден ерте жатыпты да, содан оянбай, бақиға аттанып кете барыпты. Таңертең көз жасы сақалына сорғалаған Біләл атаға барша қауым көңіл айтып,
Қаракемпірді тым-тырыс қана жерледі. Кәде-жоралғының бәрі жасалды. Қаракемпірдің қазасына менің анам қатты налыды. Әкем майданда. «Енді бізге Алматыда алаңдайтын ештеңе жоқ, Қауыншыға көшеміз», – деп бір-ақ кесті. Күн сайын базарға бір қап картоп сатып, қаржы жинадық. Біләл ата қолдан келген көмегін аяған жоқ. Ташкентке кетерде анам бейшара «шалға қиын болды-ау» деп егіле жылады. Бізді вокзалға шығарып салған Біләл ата да қамығып, қимай қоштастық. Ол кезде мен әлі баламын. Көп нәрсеге мән бермеген болуым мүмкін. Ташкентке әрең жеттік. Арыс стансасында ұры-қарылар біраз дүние-мүлік пен қаржымызды тонады. Біләл атаны одан кейін іздепсұрастыратын жағдайымыз болмады. Жылдар өтті. Мен Ленинградтағы ғылыми жұмысымнан бас көтере алмай, туған жерге ат ізін сирек салып жүрдім. Алматыға мүлде жол түспеді. Жамал апатаймен анда-санда телефон арқылы сөйлесеміз. − Әй, Абай! – деді бірде Жамал телефоннан саңқ етіп. – Сен осы баяғы Біләл атаң мен Қаракемпірді ұмытқан жоқсың ба? − Ұмытқан жоқпын, неге сұрадыңыз? − Олардың Мұса деген ұлы бар еді ғой, білесің бе? − Оны да ұмытқан жоқпын. − Ұмытпасаң, қазір Мұсаның кім болғанын білесің бе? − Ол соғысқа кетпеп пе еді? − Немене, соғысқа кеткен адам келмей ме, біз де келдік қой! − Е, апатай, турасын айтыңызшы, Мұса қазір қайда, бар ма? – деппін. − Бар. Бар болғанда қандай. Министрлер Кеңесінде төрағаның орынбасары, обком хатшысы болған. Қазір Орталық Комитеттің секретары. Мінезі баяғыша. Көп сөзі жоқ. Бізге деген мейір-шапағаты шексіз. Қонаққа шақырып, телефонмен сөйлесіп тұрады. Кейде сені сұрайды. Алматыға келсе жолықсын дейді. Сол есіңде болсын. − Не бітіріпті? – деймін аңғалдықпен. − Оны қайтесің? Өзің мұнда келесің бе, жоқ па? Келсең, Мұсамен жолығар едің. Оның аты Мұса емес, Мұстақым еді ғой. −Қайдам, биыл баратын шығармын. Сөзіміз осымен бітті. Сәті жеткенде Алматыға келіп, Мұсамен дидарластық. Қабағы түксиіп, сұсты көрінгенмен, жүрегі елжіреп, жан дүниесі қамығып отырғанын сездім. Жамал апатай айтқандай,
бала кездегі әдеті қалмапты. Ағынан жарылып ақтарылмайды. «Ремизовка жақты аралап қайтуға қалайсың?» – дегеннен бөлек сөз шықпады аузынан. Жұмысы біткен соң екеуміз Ремизовка маңайын армансыз араладық. Ботаника бағына барып, баяғыда тұрған үйіміздің орнын көрдік. Бәрі өзгерген. Онан соң Мұсаның үйіне барып, дастарханға жайғастық. − Үлкен адам бопсың, қуаныштымын, – дедім. − Қойшы сен! – деп жымиды. − Ленинградқа барсаң, мені іздейсің бе? – дедім. − Неге іздемеймін! – деп тағы жымиды. − Осы сен баяғыда сүндетке отырғанда естияр жігіт боп қалған екенсің ғой, солай ма? Сол жылы әскерге алындың. Әлгі анау шуылдаған қыз-келіншектердің күлкісі есіңде ме? Айтшы, солар неге күлді? Мұса бұл жолы да жымиды да қойды. Одан Біләл ата жайлы сұрадым. Біләл ата Мұсадан күдер үзбей, күтіп жүріпті. Ақыры арманына жетіп, майданнан оралған Мұсаны оқытып, үйлендіріпті. Оның жоғары лауазым иесі болғанын көріп, немерелерін қызықтапты... Аумалы-төкпелі заманда әкесімен әкеміз, шешесімен шешеміз бір үйдің адамындай аралас-құралас, сырлас-мұңдас болған Мұсаны содан қайтып көруге жазбады. Қайтыс болғанын естігенде өзегім өртеніп, көңілім құлазыды, жаным жабырқады. Алматыға жол түскенде үйіне барып құран оқып, көңіл айттым. Мұстақым Біләлұлы. Қайда туып, қайда өскенін білмеймін. Атаанасы Алматыға қашан келді, қайдан келді, Ботаника бағының директоры, Жамал апатайдың күйеуі Есей жездеммен қалай танысты, кім таныстырды, оларды да білмеймін. Білетінім – екеуміз үш жылға жақын бірге туған аға-інідей боп, балалықтың бал дәуренін бірге өткізгеніміз. Қайран Мұса! Мұстақым бауырым!.. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат Мұса, Мұстақым Біләлұлы Ықсанов жайлы көріп-білгендерімнің ұзын-ырғасы осылар, алып-қосатыным жоқ. Бірлі-жарым жаза басып, қателескен жерлерім болса құдай кешірер. Не менен көрі жақсы білетіндер түзете жатар. Әйтеуір, менде ойдан шығарған ештеңе жоқ. − Айтпақшы, не Алматы, не Астана қалаларында Ықсанов атында көше бар ма? – деді Әбекең. – Осы күнде оның аты аталмайтыны несі? − Білмейді екенмін, – деп шынымды айттым. – Сұрағыңыз орындыақ екен. Ол оңтүстікте өсіп, сонда жетілсе де, арғы тегі батыстан деуші
еді. Орал облыстық партия комитетінде бірінші хатшы боп та істеген. Сондықтан, бәлкім, сол жақта бірдеңе білетіндер бар шығар... Мұстақым Біләлұлы Ықсанов. Кезінде Қазақстанның іргелі ел, мемлекет болуына үлес қосып, ұзақ жыл Димаш Ахметұлы Қонаевқа лайықты ізбасар, сенімді серік болған тұғырлы тұлға. Иә, шынында да, есімі есте сақталуы лазым біртуар қайраткерге көрсетілуі тиіс қадір-құрмет қалай? Бір ойланатын нәрсе осы секілді. «ЖАМАЛМЕН ТУҒАН БӨЛЕ ЕДІК» (Халық әртісі, белгілі әнші Жамал Омарованың белгісіз қырлары) Үстіміздегі жылы КСРО деп аталатын алып елдің астанасы – Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің тұңғыш онкүндігінде жиырма төрт жасында КСРО Халық артисі атанып, Сталин «Шығыс бұлбұлы» деп баға берген ұлы әнші Күләш Байсейітова мен біртуар биші, халық артисі Шара Жандарбекованың туғанына 100 жыл толған мерекесі Астана, Алматы қалаларында кеңінен аталғаны мәлім. Ал, атақдәрежесі олардан кем емес, белгілі әнші Жамал Омарованың жүз жылдығын атау сәл-пәл кешеуілдегендей көрінгенмен, түбі қайырлы боп, жуырда бұл олқылықтың орны еселей толып, ақ түйенің қарны жарылғандай болды. Елордада Жамал Омарованың да жүзжылдық мерейтойы өтті. Жамал Омарова жайлы Мәдениет министрі Дархан Мыңбай баяндама жасаған кешке әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлері қатысып, әншінің аруағын асқақтатты. Жамал туралы естеліктер айтылды, оның орындауында әндер тыңдалды. Соңы үлкен концертке ұласқан жиынға алыс-жақыннан көптеген жанкүйер, Жамалдың Едіге, Жұпар сынды ұрпақтары келді. «Мәдени бағдарлама» аясында өткен осынау шараның Елбасымыздың арқасында жүзеге асқанына ел-жұрт ризалық білдіріп, алғыс айтты. Әйтсе де... * Жамал Омарова туралы көзі тірісінде де, бақилық болған соң да пәлендей іс-шаралар қолға алынбағаны былай тұрсын, ештеңе
айтылған да, жазылған да емес-ті. Жамал көзі тірісінде күрделі ғұмыр кешті. Ол жайлы білетін көз көргендер жоқ емес. Солардың бірі – Жамалмен әке жағынан ағайын, шеше жағынан туған бөле (екеуінің аналары апалы-сіңлілі), техника ғылымдарының докторы, профессор Абай Тұрсынов былайша сыр шертеді: – Қуғын-сүргін жылдарда сол кездегі Тәжікстан астанасы Сталинабад қаласында туылдым. Ташкенттің іргесіндегі Қауыншы ауылында мектеп бітірген соң, Мәскеуде оқыдым, Ленинградта жұмыс істедім. Енді жасым сексенге таяғанда қадірлі апатайым (оны «Жамал апатай» дейтінмін) туралы жадымда сақталған кейбір жайларды ортаға салуға құлық танытып отырған жайым бар. Бұған дейін орайы келмеу себебі, соғыстан кейін орысша орта мектепті медальмен бітіріп, Мәскеудің Су шаруашылығы институтын тамамдаған соң, Ленинградтағы жоғары оқу орындарының бірінде ұстаздық етіп, ұзақ жыл сонда тұрдым. Техника ғылымдарының докторы, профессор болдым. Алматыға кейін келдім. Жамал апатай жөнінде бұған дейін о жер, бұ жерде тиіп-қашып айтып, жазған-сызғандарым болғанмен, көп нәрсе жалпақ жұртқа әлі мәлім емес. Соларды толығырақ баян етіп байқайын. Менің ойымша, арғы-бергіде Жамал хақында жұрттың онша үндей бермеу себептерінің бірі – әкесі Омардың халық жауы боп, атылып кеткені ме деймін. Халық жауы болғандардың көбінің отбасы мүшелері мен жақын тума-туыстары да сотталып, мал-мүлкі тәркіленіп, қуғын-сүргінге түсті емес пе? Жамалдың әкесі Омардың әйелі де, бала-шағасы да ондайдан аман қалды. Былай қарағанда, таңқаларлық жағдай. Өйткені, әкесі атақты бай, әйгілі би болған, бірнеше тіл білген Омар тіпті де тегін адам емес-ті. Қазан төңкерісіне дейін Берлинде техникалық жоғары білім алды. Алашорда партиясы оңтүстік ұйымының мүшесі ретінде сол кездерде шамалы уақыт Ташкентте қызмет еткен Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтармен сырлас, мұңдас, пікірлес болды. Алаш партиясының осы және басқа мүшелері Омардың Ташкенттің іргесіндегі ауылы – Қауыншыға жиі қатынап тұрған. Неге екені белгісіз, Алашорда партиясы мен оның белсенді мүшелері хақындағы деректерде, аңғармай қалмасам, Омардың есімі ұшыраспайды. Тіпті, Алаш көсемдерінің Ташкентте болған жылдарда ағарту саласындағы атқарған жұмыстары жайлы да мардымды ештеңе жоқ па деп ойлаймын.
1937 жылы тұтқындалып, абақтыға жабылған (Сібір ормандарында атылған) Омар туралы Жамалдың айналасындағылар білді ме? Омардың отбасы мүшелерінің қай күні ұсталар екенбіз деп жандарын шүберекке түйіп жүргендерін білмеулері мүмкін емес қой. Әкесі халық жауы дегеннен қауіптенген Жамалдың – өзімен тетелес – туған інісі Тұрсынбек фамилиясын нағашы атасының атына Сәлібаев деп ауыстырып, ал, Жамал өле-өлгенше Омарова боп қала берді. Политехникалық институттың профессоры, «Досмұқасан» ансамблін ұйымдастырушылардың бірі Тұрсынбек бөлем Сәлібаев күйінде өмірден өтті. Ендігі әңгімені өз басыма қатысты кейбір оқиғалармен сабақтастыра баяндайын. Қазан төңкерісіне дейін Ташкент уәлаятына қарасты елді мекендерде қазақтар сан жағынан басым болды (қазір де солай, Ташкент облысында 500 мыңдай қазақ тұрады). ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыс әкімшілігі негізінен ұлты қазақ билеушілермен көбірек санасты. Олар – басқа жақтарды білмеймін – өздеріне керек жерлерді күш қолданып емес, құнын төлеп, сатып алды. Қаңсып жатқан далаға жан бітіріп, қалың қамысты, батпақты жерлерді құрғатты, егістікке айналдырды. Шыршық пен Ангрен өзендерінің арасында Орта Азияда тұңғыш рет (бұған дейін Индиядан әкелінетін) кенеп өсіретін шаруашылықтар ұйымдастырды. Осындай шараларға Ұлы жүздің Шанышқылы тайпасынан тарайтын атқамінерлермен бірге, Торқыс руының атақты байы Қожамқұл би де белсене ат салысты. Қарауыл батырдың баласы Қожамқұл бидің Омар, Әли, Нәшір дейтін үш ұлы, Әшір, Ермек атты екі қызы болды. Жамал – Қожамқұлдың тұңғыш ұлы Омардың қызы. Жоғарыда айтқандай, Берлинде білім алып, ірі кәсіпкер болған Омар саясатпен де айналысты. Алашорда партиясының оңтүстік бөлімшесіне қолдау көрсетті. Бұл ниетінен иелігіндегі шұрайлы жердің барлығын ерікті түрде кедейлер комитетіне беріп (өз қарауында Ташкенттің Қашқар көшесіндегі дүкені ғана қалды), Кеңес өкіметімен ымыраға келген соң да айнымады. Түркістан өлкесіне қарайтын республикалардың бір-бірінен бөлінбеуіне күш салды. Оған шамасы келмеген соң, Ташкенттің қазақ қаласы болып қалуына әрекет жасады. Бұл екі арада өзбектер де амалын тауып, Самарқандағы астанасын жедел түрде Ташкентке көшірді. Қазақ зиялыларының тағы да жолы кесілді.
Алашорда партиясы тарап, жер-жердегі басшылары қуғынсүргінге түскен тұста, Лениннің ұсынысымен кеңестер жағына өткен Ахмет Байтұрсынов Омарға бірыңғай ағарту жұмыстарымен айналыс деп кеңес береді. Омар Ташкентте сабақ қазақ, орыс тілдерінде жүретін институт, техникум, кәсіптік-техникалық училищелер ашуға ұйытқы боп, қазақ жастарын оқуға көптеп тартты. Омардың Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда Ташкентте ашылып, қазақтың ұл-қыздары оқыған атақты Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) шаңырақ көтеруіне (мәскеулік ғалымдармен бірге) қосқан үлесі де аз емес-тін. Сол ұядан түлеп ұшқан қазақ ғұламаларының көзі тірілері қазір де ұшырасады. Омарды жақсы білген ұлы жазушы М. Әуезов сол тұстарда САГУ-де аспирантурада оқыды. Омардың Нәшір атты інісінің Петербургте оқып, уақытша үкімет басшысы Керенскиймен қызметтес болғаны, Жүсіпбек Аймауытовпен бірге ұсталып, қаза тапқанын да айта кеткен артық емес. Ауылдың аузы дуалы адамдары Нәшір саясатпен айналысқан жоқ, Жүсіпбек Аймауытовпен достасқаны, байдың баласы болғаны үшін жапа шекті дейтін. Әйелі Нина орыс офицерінің қызы екен, сол да қырсық боп жабысса керек. Омардың Нәшірден бөлек ініқарындастары да көзі ашық адамдар болды. Бір өкініштісі, Омар сүйікті қызы Жамалдың әйгілі әнші, өнер әлеміндегі жұлдыздардың бірі болғанын көре алмағаны. Жамалдың басынан өткен ащытұщыны анасы Жаңылыс көрді. Жамалдың әншілік өнері оның туған ауылы Қауыншыға Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтар әкесі Омармен бірге қонақшылап барып жүрген шақтарда ерекше байқалып, тез танымал болды. Ташкенттегі техникумда оқитын Жамал той-жиындарда ауылдастарын әнге бөлейтін. Сирек орындалатын халық әндерін шырқап, олардың мәңгі сақталуына дәнекер болды. «Шынар-ай», «Сырдың қара торғайы», «Ахау, бикем», «Бипыл» сияқты әндер кейін Жамалдың орындауында пластинкаға жазылды, бүкіл елге тарап, ән қазынамызды байыта, толықтыра түсті. ХХ ғасырдың 20 жылдарында Ташкентте жұмыс істеген әрі оқыған Құрманбек Жандарбеков Алматыға ауысқан бойда Жамалды сонда алдырды. Бұл қиын кездер еді. 1928 жылы Алашорда партиясы жөнінде қайтадан іс қозғалды. А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаевтар абақтыға қамалды. Омардың басына да қара бұлт төнді. Екі-үш жыл тұтқында отырып, бостандыққа шыққанмен, бәрібір сталиндік репрессия пышағына ілініп кете барды.
Жамал Алматыға баруды бала кезден армандап, жатса да, тұрса да қиялдайтын. Күндердің күнінде сәті түсіп, анасы Жаңылыс, күйеуі Есей Бисембиев, туған інілері Тұрсынбек, Абылай, тұңғыш ұлы (менімен түйдей құрдас) Қазыбек, Жәмила, Қатира дейтін екі сіңлісі – барлығы Алматыға қоныс аударды. Үлкен отбасына төрт бөлмелі пәтер берілді. Жамал филармонияға әнші, күйеуі Есей Ботаника бағына директор боп орналасты. (Жамбыл ауылшаруашылық техникумын бітірген Есей ол кезде сирек мамандық иесі саналатын). Сіңлілері – Жәмила университеттің заң факультетіне, Қатира консерваторияға, інісі Тұрсынбек Тау-кен институтына түсті. Абылай мен Қазыбек мектепте оқыды. 1937 жылы Жамал мен Есейдің ет жақындары Тәтік (тәтті) деп еркелететін ұлдары Шәміл дүниеге келді. Жамалдың – қазақтың аса дарынды әншісі ретінде – атақдаңқы алысты шарлады, бірнеше тілде ән салатындықтан, одақтас республикаларға кеңінен танылды. Абыройы өзбек өнерпазы Тамара-ханумнан кем түспеді (бір-бірін жақсы білетін олар араласқұралас болатын). Міне, 1941 жылы Сталинабадтан көшіп келген біз осындай үлкен отбасымен бір шаңырақ астында тұрып жаттық. Ташкенттен Омардың туған қарындасы Әшір апамыздың қызы Сәруар келіп, ол да бірге тұрды. Бұларды айту себебім, туматуыстарға есігі ашық Жамал мен Есейдің қонақжай, кеңпейілділігін білдіру. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, Жамал апайдың жақсылығы қашанда алдынан шығып отырды, із-түзсіз кетпеді. Біздің отбасымыз оларға, олар бізге сүйеу, тірек болдық. Алматыға келген әзірде кондитер фабрикасында жұмысшы боп істеген Сәруар институтта оқып, кейін Жоғарғы Кеңестің аппаратында жауапты қызмет атқарды. Мамандығы заңгер, факультет деканы, доцент Ғаббас Шахаевпен отау құрып, үйлі-баранды, балашағалы болды. Ол кезде Ботаника бағында өсетін жеміс-жидек, көкөніс, айрансүт дегендер тек қаланың дөкейлеріне пышақ үстінен үлестіріп берілетін. Есей жездеміз бізге сол жерден баспана, әке-шешеме жұмыс берген-ді. Әкем әскерге кеткенше тапшылық көрмей, бақуат тұрдық (үш жылдан кейін әкемнің оралуын күтпестен Ташкент маңындағы ауылымызға көшіп кеттік). Өнертанушы болмасам да айтайын, Жамалдың дауысы ерекшетін. Әсіресе, ырғағы мен ауқымының жөні бөлек болатын. Ырғақ пен ауқым екеуі екі басқа, бір-бірімен шатастыруға болмайды. Мәскеу
мен Ленинградтың белгілі музыка мамандары күллі Кеңес одағында ондай дауыс екі-ақ әнші – Людмила Зыкина және Жамал Омаровада ғана бар дейтін. Өзге әншілердің ырғақ-мәнері консерваторияда оқу, ұзақ жаттығу нәтижесінде қалыптасып, шыңдалады. Табиғат берген сирек дауыс иелері жүз жылда бір-ақ рет туылуы мүмкін. Өз анам Жайсаң да: «Жамалдың даусынан қазақ әйелдерінің мұң-зарын естігендей боламын», – деп отырушы еді. Жоғарыда айтқанымдай, Тәжікстаннан Алматыға көшіп келген біз бүкіл үй-ішімізбен әуелі Жамалдың үйінде тұрып, онан кейін Ботаника бағына қоныс аудардық. Ойламаған жерден соғыс бұрқ ете түсті. Алматыға табанымыз тиісімен Жамалдың жақын араласатын жора-жолдас, дос-жарандарын да көріп-біліп жүрдік, әрине. Екі күннің бірінде шақырысып, қазан-табағы араласып кеткен адамдар ерлі-зайыпты Құрманбек, Шара Жандарбековтер мен Қанабек, Күләш Байсейітовтер еді. Алдын-ала айта кетейін, күндердің күнінде әлдебір іші тар, пасық қаскүнемдер әзәзілдік жасап, олардың араларын суытып, ажыратып жіберді. Мына оқиға олар әлі бір-бірін көрмесе тұра алмай, сағынып жүретін кезде болған-ды. Өнер айдынына қаздай тізіліп қатар келген қазақтың көрсе көз тояр үш аруының өзара ойын-күлкі, әзілқалжыңдары ғажап еді. Ташкент маңынан (Сарыағаш ауданындағы Мәтібұлақ ауылы) шыққан айдай сұлу, таңғажайып әнші Үрия Тұрдықұлова бұл топқа қосыла бермейтін. Себебін білмеймін. Еркектердің көз құрты, паң, тәкаппар, адуынды Үрия сұлу кезінде Сәкен Сейфуллинді менсінбепті деп естігенбіз. Соғыс басталды. Тіршіліктен сән кетіп, елді үрей биледі, береке қашты. Күнде митинг, жиын, бас көтерер азаматтарды шығарып салу, жылап-сықтау, күңірену. Жамал апай да майданға баратын боп, концерт бригадасын жасақтап жатты. Менің төбемде бастыра киетін тәжік тақия мен сырт көзден жасырып жүретін айдар шашым болатын. Ұзындығы беліме жетеді. Ырымдап өсірген сол айдар шашты кесу үшін ата-анам есептен шыққан кәрі, ақсақ атты жемдеп семіртіп, не қарашаның соңы, не желтоқсанның басында соямыз деп жүрген. Енді бәріміздің арқа сүйеріміз Жамал майданға жүретін болған соң, ол кетерден бір күн бұрын әке-шешем сол жылқыны (жарты еті садақа, жарты етін апатайға беріп жіберу үшін де) құрбандыққа шалып, дастарқан жасамақ болды. Жаздың соңы, күздің басы. Табиғат тамылжып, маужырап тұр. Уылжып піскен жеміс-жидек, көкөністер ас та төк. Дәл төбемізден төніп тұрған апорт алмалардың иісі мұрын
жарады. Ол кездегі апорт қандай. Әрқайсысы жас баланың басындай. Есік алдындағы қою көлеңкелі көк майсаға Тәжікстаннан әкелген парсы кілемдері, әсем текеметтер жайылып, құрақ көрпешелер төселді, мамық жастықтар қойылды. Дастарқан мол: шелпек, бауырсақ, қымыз, қазы-қарта, жеміс-жидек, көкөніс, алуан түрлі тәттілер... Түс әлетінде қонақтар келді. Қонақ болғанда, көп ешкімнің қажеті жоқ деп алдын-ала ескерткен Жамал апайдың өзі қалаған адамдары: Құрманбек, Шара, Қанабек, Күләш. Төрдегі құрметті орынға Күләш жамбастап жата кетті де, аяқ жағына Қанабек, олардың қатарына Жамал мен Есей, қарсы бетке жамбастай жатқан Шарадан төменірек Құрманбек, біз көшіп келгелі әке-шешемізбен ет жақын туыстай боп кеткен, әрі құдайы көршіміз (кейін қоғам және мемлекет қайраткері болған Мұстақымның әкесі) Біләл Ықсанов ата мен бәріміз қара кемпір деп атайтын әйелі жайғасты. Еркектер малдас құрып отыр. Қонақтар келер алдында анам мән әжем: «Сен шетіректе отырып, көрген-білгендеріңді көңіліңе тоқып ала бер. Жамал мен Есей соғысқа кетеді. Енді қайтып көресің бе, көрмейсің бе, бір Құдай біледі», – деген соң, меймандардың қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөздерін қалт жібермеуге тырыстым. Жүзі таныс қонақтар бұл жолы бұрынғыша бірі салған жерден барқырап ән шырқап, бірі әзілқалжың айтып дуылдамай, күбір-күбір сөйлесіп отыр. Аяқтарын созып жіберіп, шалжиып жатқан Күләш пен Шараға – бұрын-соңды мұндайды көрмеген басым – таңдана да қызыға қараймын. Тағы да бір қызық көрінгені – Құрманбек жұқа шұлық киген Шараның аяқтарын аялай сипап: «Бізді асырап жүрген осы аяқтар ғой», – деп қайта-қайта сүйеді. Мен аузымды басып, булыға күлемін. Арадан қырық жылға жақын уақыт өткенде мезгілсіз көз жұмған Жамалдың қырқына қатысу үшін Ленинградтан Алматыға келдім. Жиналғандар арасында Әмина Өмірзақова, Ришат Абдуллин, Шара бар екен. Бала кезде көрген мені Шара қайдан танысын, сөз кезегі жеткенде Жамалды майданға шығарып салу үшін құрбы-достар бас қосқан сол оқиғаны айттым. Шара еңкілдеп жылап, басқаларды да жылатты. «Жамал-ай, қайтейін, арамызға от тастаған албастылар екі дүниеде оңбасын, оларды аруағың кешірмесін», – деді өксігін баса алмай. Менің де көңілім босап, көз жасымды тыя алмадым.
Алматыда бұдан бірер жыл бұрын да болғанмын. Жамалдың айықпас ауруға шалдыққанын естісімен көңілін сұрау үшін екі ұлым мен әйелім төртеуміз алып-ұшып жеткенбіз. Жамал Министрлер Кеңесінің ауруханасында жатыр екен. Өзгелерді үйге қайтарып, екеуміз аулада ұзақ әңгімелестік. «Үлкен әулет едік, селдіреп қалдық, міне, мен де кеткелі жатырмын. Өзекті өртейтін де, шүкір дейтін де жайлар жетеді. Жанымда жара көп. Жалғыздық қиын екен. Былай жалғыз емеспін ғой, қатарым азайып, дос-жарлардың кейбірімен қарадан қарап қол үзгенімізді айтамын да. Сен алыстасың. Сенің әкешешеңді сағынамын. Өзімнің әке-шешемді сағынамын. Жазықсыз атылған Нәшірді сағынамын. Барлығын сағынамын», – деп мұңайды. Бұл ол екеуміздің соңғы дидарласуымыз еді. Бір жыл өтер-өтпестен дүние салды. Енді жоғарыда айтылғандарға қайта оралып, майданға бастанаяқ қатысқан Жамалдың тартқан азабы, тауқымет-машақаттары мен көрген қызық, абырой-атақтары хақында айтайын. Біздің үйде құрбандық шалып, дәм татқанның ертеңіне Жамалды концерттік тобымен бірге екінші вокзалдан шығарып салдық. Жол азығына жылқының жарты еті, қап-қап консервіленген сүт, балық, тұзды қияр, қызанақ, жеміс-жидек, көкөніс вагонға сыйғанша тиелді. Апта соңында Есейді аттандырдық. Жамалдың үй-іші, балашағасына кәрі анасы Жаңылыс ие боп қалды (сіңлілері тұрмыс құрып, бөлек шыққан-ды). Киім-кешек, музыкалық аспап, бригада құрамын жаңарту, сәл-пәл тыныстау үшін Алматыға оқта-текте келетін Жамалдың сол шақтарда жарқылдап, сергек жүретініне қайран қалатынбыз. Балалардың оқуы, тәлім-тәрбиесін ойлауға мұршасы болмады. Майданнан келеді, кетеді. Інісі Абылай мен ұлы Қазыбектің бандыларға қосылып, үй тонау, кісі өлтірумен айналысып жүргенін де білмеді, сезбеді. Мен білдім, бірақ, айтпадым. Айтсам басым кететін еді. Оның жайы былай. Ұзын саны он бес-жиырма шақты қарақшы Ботаника бағының шетіндегі жылы қоймада тұрып, арам ойларын іске асырып жүріпті. Күзге қарай су тегін жеміс-жидек, көкөністі молынан жинап, қор жасайды екен. Олар әуелі Абылайды қақпанға түсірді. Онан соң Қазыбекті. Абайсызда кезіккен Абылайдың қандай отбасынан екенін білген бойда қатарларына қосып алады. Қазыбек те солай. Абылайдағы тосын өзгерісті алдымен мен байқадым. Аяқтарын шіреп басып, сыздана сөйлейді. Қабағын керіп, қораздана
кегжиеді. Бір күні мені тұқыртқысы келді ме, Қазыбек екеуінің тегін емес екенін мақтана айтты. Мен аузым ашылып, қатты таңдандым. «Мені де алдыршы», – деп жалындым. Ол: «Болмайды, жарамайсың, күшің аз», – деді. Сол-ақ екен, әкем үйреткен тәсілмен тобығынан бір қағып, шалқадан түсірдім. «Қалай, жараймын ба?» – дедім. Ол: «Жарайсың, ұрылар кешке келеді, қараңғы түскенде алып барамын, дайын бол, бірақ тісіңнен шығарма», – деді. Бардық. Ауасы ауыр, қапырық бөлмеде түстері сұсты бір топ адам отыр. Сығырайған май шамның әлсіз жарығынан бет әлпеттері жөндеп көрінбейді. Төрде отырған еңгезердей тақырбас біреу: «Бері жақында!» – деп гүж етті. Жақындадым. «Әкең не істейді, шешең не істейді?» – деді. «Әкем майданда, шешем жұмысшы», – дедім. Есік жақтағы қауға сақалға иек қақты. Желкемнен сығымдап ұстаған қауқа сақал есіктен шығарды да, лақтырып жіберді. Бес-алты метрдей жердегі қалың қарға гүмп еттім. Қалың қар болмағанда тасқа соғылып, өліп кетуім де мүмкін еді. Үйге келдім де құладым. Анама ештеңе деген жоқпын. Бір түсінгенім, бандыларға керегі лауазымы жоғары, белгілі адамдардың балалары екен. Соғыс біткен соң қарақшылар құрықталды, серкелері оққа ұшып, қалғандары түрмеге түсті. Сот болды Абылай ату жазасына кесілді. Қазыбек ұзақ жылға бас бостандығынан айрылды. Тума-туыстары бұларды Жамалдан жасырып, болары болып, бояуы сіңгенде ғана айтты. Онсыз да «халық жауының қызы» деген қара таңбасы бар Жамалдан біраз қауымның кілт теріс айналуына бұл да сыныққа сылтау болды... ...Жауынгерлерге қар жамылып, мұз жастана жүріп өнерлерімен рух-жігер, күш-қайрат берген Жамал басқарған бригада зор беделге ие боп, абыройлары артты, құрметке бөленді. Сан рет бұршақтай бораған оқ астында концерт қойып, сан рет ажалдан аман қалды. Жамал апатай қазақстандық санаулы саңлақтармен бірге соғыс аяқталысымен Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысты. Жай қатысып қоймай, Кремльдегі Жеңіс құрметіне жайылған дастарқанға шақырылды. Сталинмен танысты. Жамал өз өмірінің осынау бақытты шақтары туралы былайша әңгімелейтін: – Атап шақырған соң, Жеңіс парадына, одан соң мәртебелі банкетке қатыстым. Онда, әрине, өзімізді қалай ұстаймыз, не істеу керегін алдын-ала ақылдасып-кеңесіп, тас-түйін боп бардық. Георгиев залы. Иін тірескен халық. Жұрт демдерін іштен алып, Сталинді күтулі. Міне, Бас қолбасшы да келді. Сөз сөйлеп боп, шампан құйған
бокалын көтере бергенде – алдын-ала дайындалып отырғанымыздай – мен залдың қарсы жағынан атақты композитор Вано Мураделидің «Застольная» әнін бар даусыммен шырқап қоя бердім. Қайырмасына бүкіл зал қосылды: «Выпьем за Родину, выпьем за Сталина», – деп. Зал жаңғырып, төбедегі сандал шамдар сыңғыр қақты. Ырғағы мықты ашық даусыма және тапқырлығымызға тәнті болған Сталин үзілісте мені өзіне шақырды. Маңдайымнан сүйді, жылы сөздер айтты. «Көмек керек болса, тікелей өзіме айт, қысылма», – деді. «Мына жолдасты біліп ал», – деп көмекшісі Поскребышевке табыстады. Ол телефонын берді. Сол жолы мен өзім үшін емес, туған елім, халқым, қазағым үшін төбем көкке жетіп марқайдым, масаттандым. Мәскеуден асып-тасып, шаттықтан жарылардай боп оралдым. Банкетте маршал Рокоссовскиймен шыр айнала билеген Шара да жұлдыздай жарқырады. Сөйтіп, Жамал апатайым Алматыға оралды. Бірақ, қайран апатай алда өзін қандай машақат, қайғы-қасірет, қиындықтар күтіп тұрғанын білмейтін-ді. Енді бір емін-еркін сайраңдап, бейбіт ғұмырды қызықтап, ұлан-асыр той жасамақ боп жүргенде Абылай мен Қазыбек түрмеге жабылып, ашық күнде төбеден жай түскендей болды. Бақыт құсы басынан ұшып, дүние төңкеріліп түсті. Қазақ мұндайды «досқа таба, дұспанға күлкі болды» дейді. Күні кешегі шыққан биік, абырой-бедел, қызық-думан, шат-шадыман шақ қас қағымда сағымға айналды. Әне-міне алғалы тұрған КСРО халық артисі атағы берілмей қалғанындай талай сыбағадан қағылды. Бірақ, Жамал сынбады, иілмеді, жасымады, еңсесін биік ұстады, жігерленді, шамырқанды. Сталинге хабарласты. Абылайды өлімнен құтқарды. Тіршілік жалғасты... Есей жездемізбен ажырасты. Соққыдан соққы. Көнді... Бәріне де... Жылдар өтті. Абылай түрмеден оралды. Үйленді. Перзент сүйді. Мемлекеттік жоспарлау комитетінде бөлім басқарды. Қазбек те абақтыдан шығып келді. Үйленді. Ғылым жолына түсті. Балалышағалы болды. Тәтігі – Шәміл – белгілі ғалым атанды. Институтта партком хатшысы, декан болды. Ол хроматиялық баритон даусы бар әнші еді. Жамалдың репертуарын түгел меңгерген-ді. «Паяцы» операсынан орындайтын арияларын білікті мамандар жоғары бағалайтын. «Кәсіби әнші болуың керек» десетін. Бірде Шәміл іссапармен Ереванға барады. Ресторанда армянның көне халық әнін – сол тілде – шырқайды. Армяндар дуылдайды, көкке көтереді. Қайта айтқызады. Жазып алады. Ән ұзақ жыл радио-
дан беріледі. Орындаушы ғалым-профессор емес, әнші деп. Шәміл Бисембиев деп. Жамал ұзақ жасамады. Тағдыр. Абылай, Қазыбек, Шәміл – бәрі де өмірден ерте кетті. Жазмыш. Бәрінен ұрпақ қалды. Шәмілдің зайыбы бүгінде зейнеткер. Екі ұлы кәсіпкер, ел-жұртқа танымал. Қызы менеджер, доцент. Халық әртісі, бірегей әнші Жамал Омарова көп жылдар бойы атаусыз қалып келеді. Елеусіз, ескерусіз десе де болады. Әйтеуір, оның атында Алматыда көше бар. Бірақ, ол аз. Осы кезге дейін жөні дұрыс не бір еске алу кеші, не басқадай шаралар өткенін көрмеп едік, шүкір, туғанына жүз жыл толған мерейтойы ойдағыдай өтті. Өз басым оған қатыспасам да, төбем көкке жетті. Қанша жерден етене ет жақын болсам да, Жамал апатайым – ең әуелі – халықтың перзенті, қазақтың сүйікті әншісі. Енді алда Жамалдың есімі мәңгі есте қалатындай басқа да кешенді шаралар қолға алынар, жүзеге асар деп үміттенемін, сенемін де. БІЛМЕСЕҢ БАСТЫ ҚАТЫРМА немесе Төлеген жайлы жаңылмай сөйле Қазақтың өмірден ерте кеткен көрнекті ақыны Төлеген Айбергеновтің есімі халыққа етене таныс. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында оның атында мектеп, көше, Шымкент, Ақтөбе, Астана қалаларында көше, мектеп т.б. бар. Ақын туған Қарақалпақ елінде де атаусыз емес. Шығармалары неше дүркін қайта басылып, ол жайлы 2-3 рет естеліктер жинағы шықты. Осы күнде қызы Салтанаттың арқасында Төлеген Айбергенов есімі қытайлық қазақтар арасында да мәлім. Бәрі дұрыс. Дұрыс емесі – ай-күннің аманында ақын жөніндегі бірқатар дерек-мәліметтердің осы күнге дейін бұрмаланып айтылатыны, жазылатыны. Мәселен, екі-үш жыл төңірегінде шыққан кезекті естеліктер жинағына енген жазбалардың біразында “рас-өтірігін кім біліп жатыр” дегендей дүмбіл пайымдаулар шаш етектен. Бұрынғы жинақтарда да ақаулар аз емес-ті. Оның үстіне, ақынның өзі қайтыс болған соң шыққан кітаптарындағы кейбір өлеңдер қырағы редакторлар тарапынан орынды-орынсыз редакцияланып, түпнұсқадан ауытқыған (бұған нақты айғақтар жетерлік, бірақ қазіргі мақсат ол емес).
Әйгілі Үрнисаның көзі тірісінде “Қазақ әдебиеті” газетінде Төлеген жайлы ол Оңтүстік өңірдегі Бостандық ауданында туылған, әкесі он саусақтан өнері тамған етікші болған деп жіліктеп жазған мақала жарияланды. Әлбетте, бұл газеттің емес, солай деп жазған сайыпқыранның нартәуекелшілдігі еді. Сонда Салтанат екеуі редакцияға барып, ашу шақырмақ болған Үрниса марқұмды сабырға шақырып, зорға тоқтатқан жайым болған. Осындай көзжұмбайлық әлі күнге дейін әлсін-әлсін шаң беріп тұрады. Төлеген жөнінде сөйлейтін сөз, жазылатын нәрселерде қалайда (қасақана деуге болатындай) әлдебір қиғаштықтар кездеспей тұрмайды. Қайсы бірімен арпылдасасың, кімнің аузына қақпақ боласың, көбіне іштен тынасың да қоясың. Жуырда шымкенттік бір ғалымсымақтың “Төлегенді Сарыағашқа Шәмші Қалдаяқов алып келіп жұмысқа орналастырды” деп ежірейгеніне куә болып, оның есте қалардай етіп бетін қайыруға тура келді. Жалпы, неге екені белгісіз, бүгінде Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында туған Төлегеннің оқу бітірген соң екі жылдан кейін Сарыағаш ауданына қоныс аударып, сонда 3,5 жыл тұрғанына қызығушылық, ақ-қараны айырмай айта салу, жаза салу тыйылар емес. Біреулердің Төлегеннің рухын сыйламай, оның атын атау арқылы өз қара бастарын даңғазалауға емінулері асығыстық, жарға жығатын дәйістік екенін ескере бермейтіндері қызық. “Төлегенді Сарыағашқа Шәмші көшіріп әкеліп, қызметке тұрғызды” деу қыпқызыл өтірік, әрі-беріден соң, қиянат, жала. Олай болуы әсте мүмкін емес-ті. Шәмші мен Төлеген Сарыағашта тұратын белгілі журналист Бердуәлі Тұрмағамбетовтің үйінде, осы жолдар авторының көз алдында танысқан болатын. Бұл бір жағынан, Төлегеннің туған халқымен одан сайын біте қайнасып бара жатқанын байқататын құбылыс шығар десек те, “Платон досым, бірақ, шындық қымбат” дегендей, ақиқаттан аттау күнәмен тең екені тағы бар. Сонымен... Білгеннің зияны жоқ дегендей, адал пиғылмен айтар болсақ, Төлегеннің Сарыағашқа қашан, қалай, не үшін келгені жайлы нақты дерек-мәлімет, шындық былай. 1959 жылы Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, бірге оқыған Үрниса атты қызбен шаңырақ көтерген Төлеген туған ауданы Қоңыратқа барады. (Оларды Ташкент вокзалында Үрнисаның қазір Алматыда тұратын туған інісі Бөрібек екеуміз шығарып салғанбыз). Онда екі жылдан сәл астам уақыт мұғалім боп істейді. 1961 жылғы желтоқсан айының соңында
қысқы демалысқа шығысымен Үрниса екеуі Сарыағашта тұратын досының (яғни, мен) үйіне келеді де, жаңа жыл (1962) өткен бойда, ендігі жерде Қоңыратқа бармай, осында қалғысы келетіндерін айтады. Олардың қыс ортасында Сарыағашқа қоныс аудару себебін Өзбекстанның Мәдениет қайраткері, Қарақалпақстанның халық жазушысы, қазір Астанада тұратын белгілі қаламгер Шарафаддин Әмірдің немерелес туысы, марқұм Жаңабай Сапаров Төлегеннің дарынын күндеген іші тар, пасық біреулер оны орта мектепте істеп жүрген жерінен алыс ауылдағы бастауыш мектепке ауыстырғанынан еді деп түсіндірді. Бұл дерек кейін мәлім болды. Төлеген Сарыағашқа келген соң, соңғы естеліктер жинағындағы Үрнисаның әлдебір газет тілшісіне берген сұхбатында айтылатындай, қысқа уақытта кешкі орта мектепте директор боп орналасты. Үрниса мектеп-интернатқа тәрбиеші болды. Сөйтіп, он шақты күнде екеуі де қызметке тұрды. (Бәріміз бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жаттық). Мамыр айының басында аудан орталығындағы орта мектепке биологиядан сабақ беретін Жүніс дейтін мұғалімнің төрт бөлмелі үйіне көшіп, Қоңыратқа барып, анасы Жібек пен тұңғышы Салтанатты алып келді. Сол үйде кейін екінші қызы Махаббат дүниеге келді, ұлы Дәурен де Сарыағашта туылды. Ал, Төлеген мен Үрнисаның қысқа уақытта (жұмысқа орналасу ол кезде де қиынның қиыны болатын, әсіресе, қыс ортасында) қызметке тұруына аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, менің көрші тұратын досым Бексұлтан Есқараев, оның туған нағашысы, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Молыбай Оразалиев пен аупарткомның жауапты қызметкері, менің жақын жиенім Әлібек Қаламбаев көмектесті. Жақсының жақсылығын айт дегендей, солардың аттарын ұмытпау, атап айту − міндет, парыз. Молыбай Оразалиевтің бір ұлы, милиция генералы Молдияр Оразалиев бұдан төрт-бес жыл ілгері Алматы қалалық милиция бөлімін басқарды. Қазір де құзырлы лауазымда. Осыларды жақсы білетін марқұм Үрнисаның сұхбатында, неге екенін қайдам, бұл жайлар айтылмапты, сондықтан, тағы да арнайы еске салып отырмыз. Ешнәрсе өз-өзінен, оп-оңай бола салмайды. Төлеген Сарыағашта 3,5 жыл тұрды. “Арман сапары” деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы осында жүргенде жарық көрді. Төлеген Сарыағашта болған соңғы жылдарда колхоздағы орта мектепке директор боп ауысқан (жоғарыда аталған маған жиен) Әлібек Қаламбаевтың босаған үйіне көшті. 1965 жылдың орта шенінде
Алматыға келіп, бір жыл, он бір ай ғұмыр кешті. Қайталап айтайық, Төлеген Сарыағашқа көшіп келгенде оған риясыз көмектесіп, қамқорлық жасаған Бексұлтан Есқараев пен Молыбай Оразалиев (екеуі де марқұм) еді, сол қайырымды жандардың аты-жөндерін алғыспен еске алып, ілтипат білдіру аруақ алдындағы парыз деп білемін өз басым. Олардың бүгінгі ұрпақтары, басқа да ел-жұрт біле жүру үшін. Оның үстіне, “адам күні адаммен”, жақсылықты жасау, оны ұмыту-ұмытпау деген де бар. Бәрі Төлеген үшін, Төлегеннің аруағы үшін айтылып отыр. Иә, Сарыағашта Төлегенге қамқорлық жасаған аяулы жандар болды. Бірақ, Пушкин ұстазым деп санаған Державиндей ұстаз онда болған жоқ. Алматыға келген соң да кімдерді ұстазым деп санағанын бір Алла біледі. Ал, оның өзінің біраз жастарға ұстаз болғанына айғақ-дәлелдер жеткілікті. Солардың бірі әрі бірегейі – Мұхтар Шаханов. Мұхтар Төлегенге шын берілген іні дос (олар жілік ұстасқан өкіл ағалы-інілі болған) екенін іс жүзінде дәлелдеудей дәлелдеп келеді. Басқаларды білмеймін. Қашанда ақ сөйлеп, әділін айтайық, ағайын. Төлеген жөнінде де солай. Біліп айт. Білмесең басты қатырма! СӘКЕННЕН ЖАУАП АЛҒАН ТЕРГЕУШІ Қызыл империя құлағалы бері оны жерден алып, жерге сала байбаламдау кейде «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» секілді боп та көрінетіні рас. Сол кезді аңсап, көкірегі қарс айырылатындар жоқ емес және аз да емес. Кеңестік идеологияға құлай беріліп, құдайдай сенгендер ішінде туған ағасы не әкесі халық жауы деп атылып-айдалғанына қайғырмақ түгіл, ондай нәрсе түсіне кірмейтін міскіндер де болған. Заңгерлік салада қырық жыл жұмыстанған бір бейбақтың: «Әкеңіздің қалай ұсталып, айдалғаны туралы айтатын кез келді емес пе?» – дегенде: «Қайтесің, ол кезде солай болуы тиіс еді», – дегеніне таңданғанбыз да қойғанбыз. 1937 жылдың қанды қақпанына іліккен грузиннің бір мемлекет қайраткерінің баласының да: «Сталинге тағар кінәм жоқ», – дегенін оқығанбыз. Тағы бір (әкесі халық жауы болған) грузиннің өз үйінде Сталинге музей ашқаны жайлы да дерек білгенбіз (ол музей әлі бар болу керек). Қазақтың аяулы перзенті Сәкен Сейфуллин жау деп ұсталғанда өзі туып-өскен жеріндегі шолақ белсенділер қарт әкесін түрмеге жауып,
үй-жайы, қора-қопсысын өртеп жібергені немесе Сәкен мен Ілияс ұстала сала күні кеше екеуін пір санап жүрген ізбасарларының ілешала олардың тұрған үйлерін басып алып, жаңа қоныс қожасы бола қалғандары ше? Жазықсыз жайсаңдар «халық жауы» атанғанда іштей егіліп, өкінгендер болса болған шығар, бірақ, сол сүргінге шынымен иланып, жан-тәнімен бас изегендер де болғаны белгілі. Орта мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде ондайдың шет пұшпағын өзіміз де көріп-білгенбіз. Астанадан оқу бітіріп келген жас маман-педагогтар 1937-38 жылғы атылып-асылғандар тұрмақ, сол 1950 жылдардың бас кезінде түрмеге жабылған зиялылардың «жау» екеніне зәредей күмәнданбайтын. Солардың ашуға булығып, тепсіне айтатын сөздеріне қарап, Е. Бекмаханов, Ы. Ысмайлов, Б. Сүлейменов т.б. ғалымдардың атын атауға оқушылар – біздің де дәтіміз бармайтын. Қорыққаннан емес, иланғаннан, солай екеніне күдік-күмән жоқтықтан. Ташкент педагогика институтының тіл-әдебиет факультетінде дәріс беретін базбір пенделер де – олар әлі ақталмай тұрғанда – Сәкен, Бейімбет, Ілиястарды көп ауызға алмайтын. Алса да өңтүстерінен пәлендей өкініш-нала білінбей, табалағандай түр көрсетіп, мысқылдап сөйлейтін. «Сәкенді осы Ташкентте көргенбіз, өте паң, менмен, тәкаппар, кесір болатын» не «Ілиястың тілі жаман еді, фельетондары тіліп түсетін», – десетін. «Рысқұлов, Қожанов, Төреқұловтарға обал жоқ», – деп көсілетін. Заман өзгерген соң, бәрі өзгерді. Жұрттың бәрі білгіш, бәрі өкінгіш. Әлі-ақ уақыт қателіктерді түзеп, бәрін орнына қояр, жаладан құтылып, ақталар деген қаперлеріне кірмейтін дәйістер бүгінде шетінен өткенді қаралағыш болып алды. Жо-жоқ, тым олай емес, кеңестік кездің идеологиясы еттен өтіп, сүйегіне жеткен, одан өлсе айнымайтын өжеттер де болды (қазір де ұшырасады). Көбінің шыққан тегі – кеңес өкіметі «жарылқаған» кедей-кепшік. Төменде сондайлардың бірі, ата-анадан тұл жетім қап, балалар үйінде өскен, Сәкен Сейфуллин түрмеге түскенде тергеу амалдарына қатысқан, өмір бақи өз ісін жөн деп өткен бір бейбақ жөнінде аз-кем сөз қозғамақпыз. Жасы егде тартқанда дүние салды. Кемпірі сәл бұрын кетті. Бір қарағанда, жайдары, ақкөңіл, қарапайым боп көрінетін оның бұрын не істеп, не қойғанын ешкім білмейтін. Көп жұрт Целиноградта адвокат болған деп санайтын, ал, мен оның шын мәнінде кім болғанын ептеп білетінмін. Өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардың орта шенінде Целиноград облысына іссапарға баратынымды білген бір жасы үлкен
жанашыр:«Ол жақта (қаланы айтады) қонақүй жағы қиындау. Қиналсаң мына үйге бар, менің атымды айтсаң болды», – деп бір танысының мекен жайын берді. Ұшақ таңертең қонған бойда Шортанды, Алексеев аудандарына жүріп кеттім де, қайтарда бірер күн Целиноградта аялдауға тура келді. Ұшаққа билет алып, қонақүйге барсам, айтқандай-ақ, маңына жолатпайды. Дұрыстап тыңдамайды да. Амал жоқ, танысым берген мекен жай бойынша сонда бардым. Толықтау денелі, орта бойлы, орта жастағы ер адам мен жасы өзі қатарлы сымбатты, ашаң жүзді ақ сары әйел жылы қарсы алды. Үй иесі: – Келгенің дұрыс болды, қысылма, өз үйіңдей көр, – деп жалпылдап жатыр. Ол кезде азық-түлік қайда да қат, содан ба, отағасы мен отыраротырмастан үйден шығып кетті де, ұзамай алып келген, мұздатқышта қатып қақиған үйректі жоғары көтеріп: – Мінеки, анда бардым да атып әкелдім, – деп қарқылдай күлді. Жайғасып отырған соң: – Туған жерім − Қарқаралы, – деді өзі жайлы. – Біраз жылдан бері осы қалада адвокат боп істеймін. Оған дейін... – деп сәл іркілгендей болды. Мән бергенім жоқ. – Ә, қоя бер, – деп сөзін әрі қарай жалғады. – Пенсияға шығатын кез жақындап келеді. Бәлкім, сонан соң Алматыға көшеміз бе, көреміз. Балалар келіңдер деп қоймайды. Барсақ барамыз, Алматы бөтен емес, жастық шағымыз өткен қала, мына апайың екеуміз сонда үйленгенбіз. Апаңның туған ағасы Алматыда тұрады, жауапты қызмет атқарады. Жағдай осылай... Ал сен... Өзімді таныстырған мен де үй иесінің бір мақала жазып, поштамен салып жіберемін деген уәдесін алған соң қона жатып, таңертең аэропортқа тарттым. Арадан он шақты жыл өткенде – оған дейін анда-санда хат арқылы хабарласып тұратын – целиноградтық адвокат Алматыға қоныс аударды. Жиі болмаса да, кездесіп, көрісіп жүрдік. Сөзін әскерилер сияқты нық, кесіп сөйлейтін ол бір жолы паркте әңгімелесіп жүргенде: – Кеңес өкіметі біздің обалымызға қалды, – деп қалды көздері от шашып. Күмістей жалт-жұлт еткен қысқа шаштары тікірейіп, үрпиіп кеткендей болды. Аяқ-қолдары қалтырап, өңі қуарып, иегі дір-дір етті де, тез қалпына келді. Келді де:
– Балалар үйінде өскен бір топ жетім бала зооветинститутта оқитынбыз. Үшінші курсты бітірер алдында ойда жоқта сау етіп келген түсі суық біреулер алты студентті құлақтан сүйреп алып барсын да, ОГПУ-ден бір-ақ шығарсын. Онда солай аталады. Оның не екенін білесің бе? Қазіргі КГБ. Оның алдында ОГПУ, НКВД болған. Ай-шай жоқ, «сендер комсомолсыңдар, айтқанымызды орындайсыңдар, бір жылдан бері сырттарыңнан бақылап, тексеріп жүрдік. Енді осында тергеуші боласыңдар», – деп мәселені төтеден қойды. – Не істейміз, айтқандарына көндік, айдауларына жүрдік. Қысқа курста оқытып, иығымызға лейтенант, аға лейтенант деген погондар тақты. Баспана берді, айлық жаман емес. Бірақ, жұмыс шектен тыс ауыр, қауырт. Тез үйреніп, көндігіп кеттік. Жастыққа бәрі сыйымды, асып-тасып шыға келдік. Кеңес өкіметінің қолдаушысы да, қорғаушысы да біз боп, шаш ал десе бас алу түк еместей боп жүрдік. Ұзамай 1937 жылдың алапат күндері келді. Ол 1936 жылы-ақ басталған ғой, бірақ нағыз ушығып, құтырған кез – 1937. Одан соң біртіндеп саябырлады. Саябырлағанын қайтейік, өз ішімізден де, органды айтамын, турасын айтқан талайлардың басы жұтылды. Біздің тұсымыздағы қазақстандық ОГПУ-дың талай бастығы атылып кетті. Мәскеудегі Ежовтың қасында олар кім? Өзінің алдында атылған Ягоданың орынтағына отырған сол бірінші чекистің өзі де (Ежовты айтамын) миллиондарға жасаған зұлымдығының зауалын тартпады ма? Әй, ол кезде бізді чекист дейтін. Қазір көп айтпайды. Сөйтіп, бұл ағаң дүрілдеген чекист болған, білдің бе? Анау-мынау емес, Отанға «адал», табанды чекист. Анау-мынау емес, Сәкен Сейфуллинді тергеп, кылмысын мойындата алмай пұшайман болған чекист, білдің бе? Саған сеніп, өзімсініп айтып жатқаным да. Әйтпесе нем бар, бұл туралы ешкімге тіс жарма, мақұл ма? – Сәкен Сейфуллинді тергедім дейсіз бе? – Иә! – деп елп етті өткір көздері ежірейе. – Не жазығымыз бар, терге деді, тергедік, міндетімізді атқардық, атқармасаң, бас кетеді дедім ғой. Қызметтің аты – қызмет. Ант бергенбіз, оны бұзуға болмайды. Неғыл дейсіңдер енді?! – Жазығыңыз жоқ, білеміз. Енді соны былай ептеп... кеңірек айтсаңыз... қайтеді?.. – Кеңірек айт дейсің бе? Қорқып-үркетін дәнеңе жоқ. Тағы бірде болсын, жарай ма?
Аузын ашса жүрегі көрінетін, ақкөңілдігі де бар, жаны жайсаң осынау адамнан басқаны күтсем де, мұндайды күтпеген басым біраз уақыт бей-жай күйде, нанар-нанбасымды білмей жүрдім. Қызығу шексіз. Басқасында шаруам жоқ, бірақ Сәкенді қалай тергеп-тексеріп, жауап алғанын естісем деймін. Өзі қызмет еткен қоғамға қалтқысыз берілгені әр сөз, жүріс-тұрысынан көрініп тұратын жан ол туралы ағынан жарылып айтар ма екен. Қалай тергеді, не тексерді. Сәкен не деді, ол не деді екен. Сәкеннің кім екенін білді ме, байыбына барды ма? Бүйрегі бұрды ма? әлде, сыңаржақ кетті ме? Қысқасы, түйткіл көп. 1958 жылы Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық милиция бөлімін басқарған подполковник Иванов кішіпейіл, адамгершілігі мол адам сияқты көрінетін, паспортымды есепке тұрғызу керек кезде туындаған қиындықтан құтқарып, көмек жасап еді. Кейін оны Сәкенді тергегенде қатыгездік жасады, жазалау керек дегендей сөздер естіліп жүрді. Соңы немен біткенін білмеймін. Міне, Целиноградтан Алматыға қоныс аударған адвокатпен тағы да паркте серуендеп жүрміз. Ананы бір, мынаны бір сөз етіп, Сәкен жайлы әңгімеге бұрылар емес. Ақыры өзім бастап: – Өткен жолғы уәдеңіз... – деп шетін шығардым. – Ә, Сәкен Сейфуллин бе? Не білгің келеді, айта бер! – деді көздері күлім қаға езу тартып. – Қалай тексердіңіз? Онда кім болып істеуші едіңіз? Қай жерде? – деймін сыздықтатып. – Қалай тексереміз, кәдімгідей тексердік. Осы Алматыда. Дзержинский көшесіндегі сұр үйді білесің бе, сонда. Онда бізді қызметіміз үлкен болсын, кіші болсын, бір-ақ сөзбен тергеуші немесе чекист дейтін еді дедім ғой. – Сәкеннен қалай жауап алдыңыз, соны ғана айтыңызшы. – Менің алдымда екі тергеуші түк шығара алмаған соң, бір күні кезек бір серігім мен маған келді. Екеуміз кезектесіп тергейтін болдық. Ендігісін өзім жайлы айтайын. Бастықтар егер Сәкеннің қылмысын мойындатсаң, өйтеміз, бүйтеміз, шенің жоғарылайды деді. Селт етпеймін. Маған бас керек. Әуелі бұл жерден аман шығу керек. Мүлт кетсең, аяғың көктен келеді. Сәкенді тергегенде серігім екеуміз бастықтар не істе деді, соны істедік. Камерадан шықпай жұмыс істедік. Аз-кем көрші бөлмеде кезеккезек көз шырымын аламыз да, қайта тергейміз. Солайша екі апта өтті. Сәкен ештеңе мойындамады, кессең, бас, міне, деп міз бақпады.
Күндіз де, түнде де аузы көпіріп сөйлейтін, қара терге түсіп шаршайтын екі тергеуші – біз болдық. – Сәкен шаршаушы ма еді? – Не дем алмай, не тамақ ішпей, тергеушінің алдында тәулік бойы тік тұратын адам қалай шаршамайды? Бірақ, біздің онда жұмысымыз қанша. Екі адым жерде бізді де аңдып отыратындар барын білеміз. – Сонда не тергедіңіз? Не білу керек еді? – Толып жатыр, көбі естен шығып кетті. Құп көрсең, біреуін айтайын. Анау әлгі Сәкеннің «Қызыл ат» деген өлеңі бар емес пе, оқып па едің? – Оқығанмын, ол − өлең емес, поэма, – деймін бұрынғы тергеушіні шамдандырып алмау үшін жұмсақ сөйлеп. – Болса болар, әйтеуір, ащы ішектей шұбатылған бірдеңе еді ғой. Сәкеннің қателігі сонда. Олай жазбау керек еді, абайлау керек еді. – Қателігі не, қалай жазу керек еді? – Қызыл ат – баптауы, күтімі келіскен бұрынғы байдың аты. Кеңес өкіметі кезінде неше түрлі қара жұмысқа жегіліп, көрмегенін көрген, азап шеккен, жадап-жүдеген. Сәкен осы жағын ойламаған. – Ағатай-ау, поэмада дәл олай емес қой. Әлде, сіз солай қабылдап па едіңіз! – Солай, солай. Қазір үйіңе барып, қайта оқы, сонда білесің. – Ой, ағатай-ау! – Қой, бала, – деп адвокат қарқ-қарқ күлді. – Сәкеннің қателігі көп болды. «Кызыл ат» біреуі ғана. Байдың қыздарынан тартып алған қанша қатыны болғанын білесің бе? «Тар жол, тайғақ кешу» деген кітабында Кеңес өкіметінің қас жауларын мақтағанын білесің бе? Мейлі, өтті-кетті, енді пайда жоқ. – Сіздіңше, Сәкенді ақтамау керек пе еді? – Мен олай деген жоқпын. Ақтағаны дұрыс, әрине. – Қайдан білейін, Сәкенді әлі де жау көретін сияқтысыз ба, қалай деп жатқаным да. – Айттым ғой, жау көрмеймін, ол саяси қатесі үшін жазаланды. Сәкендей ақылды адам олай етпеу керек еді... – Онда, сіздіңше, Сәкенді атып тастағаны дұрыс болған ба? – Дұрыс емес. Одан гөрі жеңілдеу жаза берсе де болар еді. – Мәселен, кандай? – Оны айта алмаймын. Мен сот емеспін. – Сот болмасаңыз, адвокатсыз ғой.
– Онда адвокат емес, тергеуші едім. Адвокат болғаным кейін. Жалпы, халық жауларын соттағанда адвокат деген болмайтын. Менің білуімде солай. Қателессем, Құдай кешірсін. – Тағы бір сұрақ. Жоғарыдағы бір сөзіңізге қарағанда, Сәкеннің Кеңес өкіметі алдындағы «қылмыстарын» сіз де мойындата алмапсыз. Әрі қарай не болды? Іс басқа тергеушілерге өтті ме? – Бастықтар солай шешкен соң, солай болады да. – Ол кім деген тергеуші еді? Құпия болмаса... – Құпия түгі жоқ, бізден кейін Иванов деген тергеді. Қазір қайда екенін білмеймін. Оның қасында ұлты татар тағы біреу бар еді, атыжөні есіме түспей тұр. Қазір... Ә, иә, Харисов, әлде, Хафизов па, сол екеуінің бірі. Ал, мен оған «Иванов осында» дегенім жоқ. Иванов жөнінде айтылып-жазылып жүргендерге сын көзбен қараған жөн. Ақиқатты айқындау қажет. Кім білсін, ол да бар болғаны «өз борышын адал атқарған» пақыр шығар. Мына біздің адвокат ағамыз құсап. Әйтпесе, бәлкім, бүгін екеуі де жер басып жүрмес пе еді, кім білсін. Тергеушіге тағы да бір-екі сауал қойдым. «Сәкенге ептеп жылы қабақ таныттыңыз ба? Көмек қолын соза алдыңыз ба? Ұрып-соққан жоқсыз ба?» – деп. Түсі қуқыл тартқан тергеуші «жоқ» деп бір-ақ қайырды. «Олай ету мүмкін емес еді» дейтінін айтпаса да ұқтым. – Репрессия жылдары ОГПУ-да тергеуші боп, Сәкенді екі апта қинағаныңызға өкінесіз бе? – Қинады деп қайтесің? Мен үкімет жүктеген міндетімді атқардым. Неге өкінуім керек? Мен болмасам, басқа біреу жауап алар еді. Сәкен бәрібір аман қалмас еді. Оны мен де, басқалар да білетінбіз. Ал, болдың ба? Өзің Сәкеншіл екенсің ғой... – Сәкен қазақтың мақтанышы емес пе? – Мақтаныш болса, мақтаныш шығар, бірақ қателеспеу керек еді. – Қателеспейтін адам бола ма? – Болмайды, бірақ, Сәкендікі мемлекеттік қате! Сен, бала, мені ештеңе түсінбейтін тасжүрек, рақымсыз біреу деп тұрсың ба? Біз де адамбыз. Мәселен, өткенде Кеңес өкіметіне менің де өкпем бар деп ем ғой саған, есіңде ме? Егер мені зооветинститутты бітіруге бір жыл қалғанда еркімнен тыс басқа салаға бұрып әкетпегенде, бәлкім, кейін обком не райком хатшысы, құрығанда, бір совхоздың директоры боларым бек мүмкін еді. Амал қанша, тағдырымды тәлкекке салды. Репрессия тұсында Сәкен сияқты талайларды тергеп, жүйкеден жүйке
қалмады, содан тапқан қайыр шамалы. Бірақ, қоғамға, халыққа адал болдым. Міндетіме кір жұқтырған жоқпын. Соған шүкірлік етемін. Басқа арттырған түгім жоқ. Тым ағынан жарылып ақтарылмаса да, біраз жайды бүкпесіз айтып әрі ол қызметтен пәлендей опа таппағанын да жасырмай пұшайман хал кешіп тұрғандай көрінген бұрынғы чекисті іштей аяп, жаным ашығандай болды. Сонда да өзінің рұқсатымен оған тағы бір соңғы сұрақ қоюға тура келді: «Сол жылдарда сіз сияқты бір тергеуші Сәкенді осы қазір сіз екеуміз тұрған паркке алып келіп, орындыққа отырғызып қойып жауап алғанда, қорлыққа шыдамаған ақын тұра келіп, астындағы орындықпен оны ұрып. басын жарыпты дегенді оқығанымыз бар. Сол жайлы білесіз бе, рас па?» – деп. Бұл жолы да жауап қысқа, нақты болды: «Жоқ! Ондайды айтып жүрген өздерің сияқты жазғыштар болар. Сен әуелі саяси арестанттарды таза ауа жұту үшін он-он бес минут түрменің қорасына шығаратын ба еді деп сұрамайсың ба? Мейлі, дейтіндер дей берсін. Біреудің күнәсін көтеретін жайым жоқ! Мүмкін, рас шығар». Оның әңгімелері әлдекімдерді еске түсіргендей болды. Мәселен, Қарасартов. Айтқандары содан аумайды. Шәкәрімді айдалада атып, құдыққа тастап кеткен Қарасартов та өз әрекетінің дұрыстығына шәк келтірмей өтті емес пе өмірден (сонау бір жылы ғұлама ғалым, профессор Евней Букетов таспаға жазып алып, баспасөзде жариялаған әңгіме-сұхбатта Қарасартов та осы құралпас уәждер айтқанын еске түсіріңіз). Ал, менімен әңгімелескен, Сәкеннен екі апта жауап алған чекистің айтқандарына ендігі жерде ештеңе қосып-алмаса да болатынын өзіңіз де шамалап, сезіп-біліп отырсыз, ағайын. Осыдан соң әкесін бай-кұлаққа жатқызып, Көкаралға айдаған заңгердің оған селқос қарағаны, әкесін үштіктің үкімімен атып тастаған грузин азаматының өз үйінен Сталиннің музейін ашқанына таңданудың реті бар ма, жоқ па, пәлен деу қиын шығар... Сонымен, бұл не? Жанкештілік, қаныпезерлік пе, әлде... Мен өз басым кеңестік идеологияның миллиондар санасына сіңірген насихаттық құдіреткүші, имандай сенімі, темірдей тегеуріні деуге бейілмін. Сіз ше? P.S. Сәкенді тергеген чекист кездейсоқ біреу емес. Бертінге дейін бұйырған жұмысты істеп, тоқсанға таяп бақиға озған Құдайдың көп құлдарының бірі. Аруағы кешірсін.
КЕНЕСАРЫНЫҢ НЕМЕРЕСІ немесе геология-минералогия ғылымының докторы, Өзбек Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Натай Әзімханұлы Кенесаринмен кездесу жайлы ой-толғам Өткен ғасырдың 40 жылдарының бас кезінде ауыл-ауылда қайдан, қай жақтан келетіні беймәлім ақын-жыршылардан көбіне Әзірет Әлі, Қобыланды, Алпамыс, Қамбар батырлардан бөлек, аратұра Кенесары-Наурызбай дастанын тыңдап, Қыз Жібек, АйманШолпан, Қозы Көрпеш − Баян сұлу секілді лиро-эпостық жырларға құлағымыз қанық болатын. Бертін келе сауат ашып, қаріп таныған соң, оларды кітаптардан оқи бастадық. Солардың ішінде Қаншайым мен Наурызбай атты ұзақ дастан бар болатын. Бұған дейін құлақта қалған жыр-дастандардан Наурызбай батырдың Кенесары ханның інісі екенін білетінбіз. Сондықтан, «Наурызбай мен Қаншайым» атты дастандағы тас қараңғы түнде жылқы күзеткен Қаншайым сұлудың сызылта салатын әнін өз құлағымызбен тыңдағандай әсерленіп, тумысы бөлек батыр қызға Наурызбайдың жасаған мәрттігіне, аяқ астынан оянатын екі жастың махаббатына мән беретінбіз. Амал нешік, ұзамай бәрі суалып, құрдымға кеткендей болды. Қара сирақ кедейден шыққан Қара қасқа атты Қамбар батырдан басқа жыр, дастандар әдебиеттік оқу құралдардан алып тасталып, Кенесары-Наурызбайдың аттарын атаудың өзі қорқынышқа айналды. Ол кездегі кеңестік идеологияның тегеуріні күштілігі сонша, сол насихатқа жұрт имандай сенді, иланды. Бұл сол шақтарда баспа беттерінде жарияланатын материалдардан да, Алматыдан университет, институт бітіріп келген мұғалімдердің сөздерінен де байқалып, көрініп тұратын. Сол бір аласапыран кездерде бұған дейін өмірге келген – М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов жазған – Қыз Жібек, Айман-Шолпан, Қозы Көрпеш − Баян сұлу сияқты спектакльдердің қандай күй кешкенін кім білсін. Абырой болғанда, «Кенесары-Наурызбайдан» басқа жыр-дастандардың ұзамай таңдары қайта атып, қалпына келді. «Кенесары-Наурызбайдың» тағдыры ауырлау болды. Оларды жанжақты зерттеп, монография жазған тарихшы Ермұхан Бекмаханов (басқалар да) айдаудан оралған соң да айы оңынан туа қоймады. Әйгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің өзі «Қаһар» романында Кенесарыны жорта «жау» ретінде көрсете отырып «дәріптеуге» мәжбүр болды (біз солай қабылдағанбыз).
Міне, осындай қиын-қыстауда базбір ғұламалар болмаса, Кенесары-Наурызбай ұрпақтары хақында сөз қозғау, іздеу салу былай тұрсын, ауызға алу мүмкін емес-ті. Әйтсе де... Сол өткен ғасырдағы 50 жылдардың орта тұсында Ташкентте оқитын қазақ жастары, біздер әркім-әркімнен осы қалада тұратын қазақтың ғұлама ғалым, зиялылары жайлы естігенде, кәдімгідей марқайып қалатынбыз. Мұның алдындағы ширек ғасыр ішінде аталмыш қалада қазақ тілінде дәріс жүретін (кейіннен жабылып қалған) жоғары және орта дәрежелі оқу орындары аз болмағаны, ең соңғы қазақ педагогикалық училищесінің жуырда ғана жабылғанын да білмейтінбіз. Ол туралы сол училищеде жұмыс істеп, одан Низами атындағы педагогикалық институтқа ауысқан Ниятіллә Базарбаев т.б. оқытушылар да «аш пәледен қаш пәле» дегендей, ләм демейтін. Низами атындағы институт жанынан қазақ тілі мен әдебиеті, физика-математика, педагогика факультеттері өзбекстандық қазақ мектептеріне кадр даярлау үшін ашылғанына да мән бермейтінбіз. Бәрі біртіндеп белгілі болып жатты... Менімен бірге оқитын Тәшкенбай Сопбеков досым: «Осында экономика институтында директор боп істейтін жақын ағайым бар. Сенбі, жексенбіде соның үйіне барып тұрамын», – деп жиі айтатын. Ол ағайының да, басқадай жоғары лауазым иесі – ғалым қазақтардың да біразының аты-жөнін сырттай естіп жүретінбіз. Орта Азия политехникалық институтының директоры (онда ректор демейді) Ниязов, Тоқыма институтының директоры Оразбаев, Орта Азия мемлекеттік университетінің директоры Сарымсақов дегендей. Олар маман кадр даярлайтын оқу орындарының басшылары. Ал, Тәшкенбай досымның ағасы Өнер Жамалов Өзбекстан Ғылым академиясына қарасты Экономика институтының директоры. Сол Академия құзырындағы Геология институтының директоры Кенесарин де қазақ деседі. Бұлар біздің тиіп-қашып білетіндеріміз, білмейтіндеріміз де аз болмауға тиіс. Жоғары оқу орындарының екінші басшысы боп есептелетін – партбюро хатшыларының көбі қайда да қазақтар болатын. Осы өзіміз оқитын пединституттың партбюрохатшысы, директордан соңғы екінші тұлға келестік Жолбарыс Қасымбеков Мәскеуде оқыған, тарих ғылымының кандидаты, қазақша лекция оқығанда мүдірмейді. Бірақ, жазған оқулық кітаптары орысша болатын-ды. Жоғары оқу орындарында сабақ екі топта жүргізіледі. Орыс тобы, жергілікті топ. Бір қызығы, қай институт болмасын, екі топта
да сан жағынан қазақ жастары басым. Ол кезде өзбек жастары оқуға құлықсыз ба, әйтеуір, Көлік (транспортный), Мелиорация, Орта Азия политехникалық институттарының кейбір факультеттеріндегі жергілікті топтарда түгелге жуық қазақ жастары оқитынына сан рет куә болғанбыз. Орыс тобында да қазақтар аз болмайтын. Біреу біліп, біреу білмеуі мүмкін, осынау азын-аулақ мәліметтерді кейінгі ұрпақтың қаперіне салу мақсатымен келтіріп отырмыз. Иә, Ташкент қаласы қазақтар үшін ежелден ғылым-білім орталығы болғаны аян. Кейін қазақстандық көрнекті қайраткерге айналған қазақ ұл-қыздарының біразы сол қаладан түлеп ұшқаны да мәлім. Жоғарыда өзіміз Ташкентте оқыған жылдарда әйгілі қазақ ғалымдарынан сырттай білетіндердің қатарында Кенесариннің де есімін атадық. Ол кім? Енді соны өз білетіндеріміз аясында сөз етіп көрейік. Рас, ол кездерде Кенесаринмен де, өзгедей зиялы адамдармен де көзбе-көз жолығу, ауызба-ауыз сөйлесу өң түгіл, түске кірмейді. Тіпті, Тәшкенбай досымның ағасының (Өнер Жамалов) үйіне олар алыс сапарға не демалысқа кеткенде ғана қона жатуға барып, қарауыл боп жүретінбіз (өзімді айтып отырмын). Кенесаринге келсек, оны бізге хан ұрпағы деп ешкім айтқан емес. Бала жастан жыр-дастандардан естіген Кенесарыға қатысы бар-ау деп те ойламайтынбыз. Ташкентте Кенесарының немересі тұрады екен, ғалым екен, қиын жылдарда Алматыдан сонда қашып барып, бас сауғалаған екен дегендей әңгімелерді кейбір басылымдарда жарияланатын қасаң хабарлардан, ауызекі сөздерден құлақ шала бастағаны көп кейін. Қызығу, құштарлық оянып, оны бір көріп, ауызба-ауыз сөйлесер ме еді деп қиялданатынбыз. Қазақи салғырттықты қойсайшы, Ташкенттің қақ ортасында Төле би бабамыздың кесенесі, Көркемсурет галереясында Орал Таңсықбаевтың ғажап туындылары барынан бейхабар бейбақтарға не дерің бар. Хрущевтің жылымығы жетіп, Е. Бекмаханов айдаудан оралғанмен, «Кенесары-Наурызбай» басы бүтін ақталған жоқ-ты. Олардың таңы еліміз егемендік алған соң атты деуге болады. Содан 60 жылдардың орта шенінде Ташкентке жол түсті (жол түскенде жылына кемі 2-3 рет баратын кез, туған жер іргеде болғандықтан, бірден сонда тартамыз). – Ауылға ертең барамыз, бүгін үйде бол. Қонақ шақырып қойып едім. Ол белгілі адам, үлкен ғалым. Танысасың, – деді аэропортта қарсы алған туған інім.
– Ол кім? – Кенесарин, білесің ғой. – Білмеймін, қай Кенесарин? – Профессор, геолог Кенесарин, бұрын директор болған. – Қазір ше? – Қазір кафедра меңгерушісі. – Қайдан танисың. – Танимыз да, неғыласың. Танымасақ, шақырамыз ба? – Есімі кім? – Есімі Натай, әкесінің аты Әзімхан, атасы Кенесары да сонда. – Атасы Кенесары деймісің? Демек, ол Кенесары ханның немересі болғаны ма, солай ма? – Қайдам, солай шығар. Жөндеп сұрамаппыз. – Сұрамағаны несі? – Осында институтта менімен бірге оқыған ағайыны бар, сол айтады ғой артық сөз сөйлемеңдер, жақтырмайды деп. Онан соң ештеңе демейміз. Қазір барған соң өзің танысасың да жақсылап. Үйге келдік. Қоңыр салқын бөлме. Дастарқан жасаулы. Артықауыс адам көрінбейді. Қонақ әлі келмепті. – Ол кісі кешікпейді, айтқан уақытқа жарты сағат бар, дәл сол кезде келеді. Бөтен адам болмасын деген соң, басы артық ешкімді шақырған жоқпын. Бірақ, сен туралы айтқанмын. Алматыдан келеді деп ем, мақұл деді. – Дұрыс бопты, – деп әзілдедім. – Мақұл дегеніңе бәрекелде. Әзіл өзінше. Кезінде (40 жылдардың ортасында) Алматыға сыймай, басына бұлт үйіріліп, Ташкентке келген соң да қыл үстінде ғұмыр кешкен Кенесары ханның ұрпағымен дидарласу, бір дастарқанда дәмтұздас болу ғанибет, әрине. Азын-аулақ білуімше, қуғын-сүргінге түскен Кенесары ұрпақтары бірлі-жарым емес. Мына келетін адам солардың бірі. Ғылым докторы, профессор, Өзбекстан Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, ұзақ жыл геология ғылымизерттеу институтын басқарған Натай Әзімханұлы Кенесарин. Қоңырау сыңғыр етті. Қонақ келді. Үстіндегі қара костюм, ақ көйлек, қоңыр галстугі ұзын бойлы толықтау денесіне құйып қойғандай. Жазық маңдай, қыр мұрын, қыран қабақ, қалың қара қасты, батыр тұлғалы жаратылыс. Ептеп бурыл тартқан қалың шаш жоғары қарай қайыстыра таралған. Қара торы өңі жылы, айбынды. Даусы өткір, ашық. Жанында дөңгелек жүзі алаулап, қасы-көзі қиылған, ақ сары жүзді, талдырмаш денелі жар қосағы. Наздана
күлімдеп, еркелей сөйлейді екен, тектілігі көрініп тұр. Алдын-ала айта кетейік, жеңгеміздің тумысы орталық қалалардың бірінде білім алған қызылордалық төрелер әулетінен екен (жарасымды). Әлбетте, таныстық, табыстық, білістік. Мақсат – ауыз бағу, қиғаш сұрақтан қашу, сақ отыру. Мұндай жандар айтатынды өздері-ақ айтады, айтпайтынға баспайды. Солай болды да. Қайда туды, қайда өсті, не оқу бітірді, қандай құқай көрді, Ташкентке қашан, неге келді – бірі сөз болған жоқ. Есесіне, ғылым, қазақ халқының жайы қозғалды. Онда да аздап, тиіп-қашып. Әр сөзінен бекзаттық, ұлтжандылық, шамырқанған қазақы намыс ұшқындайды. Кейде өзбекше сөйлеп жіберуінде де мүкіс жоқ. – Натай ағамыз өзбекшеге жүйрік екен, сіз ше? – деп қалдым сөз арасында оның әйеліне. – Жоқ, мен білмеймін, – деді жеңгеміз жымың етіп. – Өзбекшені саған-ақ бердім деп бұған баяғыда айтып қойғанмын. – Өз басымның өзбек ағайындарға өкпем жоқ, – деді Натай Әзімханұлы. – Тек қазақтан шыққан зиялыларға ұлтыңды өзбек деп өзгерт, сонда өйтеміз-бүйтеміз дейтіні болмаса. Ондайға мақұл дегендер де, демегендер де бар. Мен де паспортыңа өзбекпін деп жазсаң, академияға толық мүше етеміз дегендеріне көнбедім. Көнбегендердің біразы Алматы, тағы басқа жақтарға кетті. Атақты суретші Орал Таңсықбаев бар емес пе, әне сол да өзбек бол дегеннен бас тартқаны үшін онша ұлықталмай жүр. Әрине, ештеңеден кенде емес. Сонда да... Натай Әзімханұлы көп жас үлкен болса да, маған «сіз» деп сөйлеп отырды. Осында пединститут бітіргенімді біліп алған соң: – Ташкентте оқысаңыз, Оразбаевты білетін шығарсыз, – деп бір әңгіменің ұштығын шығарды. – Сыртынан естігенім бар, бірақ таныс емеспін. – Қоқанда туған дарынды қазақ, соғысқа дейін техника ғылымының кандидаты, соғыс біткен соң бір жылдан кейін (1946 жылы) ғылым докторы, одан ұзамай академик, Сталиндік, Лениндік сыйлықтардың лауреаты болды. Жоғары атақ-марапаттың бәрін иеленді. Соның бәрі ұлтын өзбек деп өзгерткенінің арқасы. Бұрынғы орыс әйелін тастап, өзбекке үйленді. Алғашқы әйелінен бір ұл, бір қызы бар. Қазір олардың екеуі де Мәскеуде тұрады. Ұлы кино саласында, қызы Эльвира әнші боп істейді. Ұлтын өзбек деп өзгерткен соң, Оразбаевтың аты-жөнін Мұхамед Ташевич дейді. Біздің білуімізде ол Махамбет Тасболатұлы болатын. Бұл сөзді дұрыс түсініңіз, жай әңгіме ретінде айтып отырмын. Тағдыр шығар. Кінәлаудан аулақпыз.
Сол жолы Натай Әзімханұлының өзі де, әйелі де: «Біз артық дүние-мүлік жимаймыз, тапқан табысымызды тек киім мен тамаққа жұмсаймыз», – деп отырды. Мұны сыпайылық үшін айтылған сөз шығар деп онша мән бермегенмен, шындық екеніне ұзамай көзіміз жетті. Қазақстандағы он шақты күндік іссапар бітіп, кері қайту үшін Ташкентке оралған соң, Натай Әзімханұлына сәлем беру үшін Шыланзардағы мекен-жайына бардық. Ағамыз үйде болмай, жеңгеміз көл-көсір дастарқан жайып қарсы алды. Сонда көрдім, төрт бөлмеде төсек-орын, киім ілетін шкаф, ас ішетін стол, орындықтардан бөлек түйір нәрсе көзге түспеді. Қабырғалар тұттай жалаңаш, жасау-жабдық, жиһаздардан дәнеңе жоқ. Оған қайғырып отырған тағы ешкім жоқ. Сұлу жеңгеміздің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, ұпайы түгел жандар осылай болса керек-ті. Бүкіл саналы өмірін қазақ халқының азаттығы үшін ат үстінде өткізген Кенесары ханның немересі, әйгілі ғалым-ұстаз Натай Әзімханұлымен бір рет кездескендегі әсер-түйсіктің кей парасы осындай. Ұзақ жылдар көкей түкпірінде өшпей, сары майдай сақталып жүрген жайларды артық-кемсіз, қаз-қалпында баян етіп отырмыз. Үйінде болғанымызда ержеткен ұл-қызы бар сияқты еді. Олардың кейінгі тағдырынан бейхабармын. Мені Натай ағамызбен таныстырған інімнің айтуынша, ол кісі Ташкент айналасындағы қазақтың бетке шығар жақсы-жайсаңдарын жатсынып-жатырқамай, риясыз араласып тұрады екен. Ташкентке кіре берістегі Черняевка селосы немесе сондағы Сарыағаш ауданына қарасты «Красный Восток» колхозының төрағасы, төре тұқымы Әріпхан Ақбердиевпен ағалы-інілідей болыпты (басқалардың да аттарын атап еді, естен шығыпты). Кейін Натай Кенесарин 66 жасында қайтыс болып, Ташкенттен топырақ бұйырғанын інімнен естідім. Ендігі бір айтарымыз, нәубет жылдары Қазақстаннан теперіш көріп, өзбек арасын сағалаған Натай Әзімханұлы қазақ жерінің төл перзенті ғой. Туған елінде елеусізескерусіз қалып келе жатқан жоқ па деген ой қылаң береді. Кенесары Қасымов өмірін зерттеушілер оның анау-мынау емес, атақ-даңқы атасымен жетеқабыл дерліктей ғалым немересі жайлы қандай деректер жинап, нендей шараларды іске асырып жүргені (біз үшін) беймәлім. Ол − көрші республикада жүріп ғылымға өлшеусіз еңбек сіңіріп, қазақ деген атқа кір келтірмей, ұлт намысын жоғары ұстағаны үшін
де ардақтап, аялауға тұрарлық тұлға, ірі тұлға. Біртуар ғалым, ардагер азаматтың есімін есте қалдырарлықтай шаралар жүзеге асса, марқұмның аруағы риза болар еді. Ең бастысы, қазақ үшін қажет. Жә, ол туған елден қара басының қамын күйттеп не кісі елінде сұлтан болу үшін емес, керісінше, басына қатер төнген соң амалсыз кетті. Атасы Кенесары қол бастаған батыр болса, немересі әйгілі ғалым болды. Қазір Өзбекстанда оның аты аталып, есімі әспеттеле ме, бұл орайда нендей шаралар жүзеге асқан-аспағанын дөп басып айту қиын. Қалған әңгімені бұл жайлы бізден гөрі толықтау мәліметдеректер білетін ағайындар айта жатар деп ойлаймыз. Әрі жаңылмас жақ болмас дегендей, біздің тарапымыздан жазатайым мүлт кеткен тұстар болса, оларды түзетуге ниет еткен ағайындарға айтар алғыс таудай болмақ. Бір жолы өткен ғасырдың 50 жылдарының бас кезінде Ташкенттегі театр-көркемсурет институтында Нұрмұқан Жантурин екеуі бірге оқығанда Натай Кенесаринмен жақын араласып, жақсы білген өнертану ғылымының докторы, профессор Бағыбек Құндақбаев ол жөнінде білетінім көп, екеуміз арнайы жолыққанда айтып берермін деп еді. Бірақ, ұзамай ойламаған жерден бақилық боп, қапы қалған жай бар. Әйтсе де, телефоннан біраз жайды қоярда-қоймай сұрап, қағазға түсірген едім. Сонда бір білгенім, Натайдың ұлы қазір Алматыда тұрады, сенімен міндетті түрде жолықтырамын деп еді марқұм. Үлгермеді. Бәлкім, алда марқұм Бағыбек Құндақбаев, Бәкеңнен сол жолы телефонда естіген дерек-мәліметтерді ұсынармыз. Қажет деп табылып жатса, әрине. Натай Кенесарин есімді сұңғыла қазақ ұмытылмауы тиіс. Тек намыс туын қолға алатын ер бар ма? Мәселе сонда. ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ «ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУЛЕРІ» немесе америкалық Сәуле Батаева не айтады Сөзіміздің бісмілләсінен бастап ауызға ала кеткелі отырған осынау жайлар үнемі айтылып, жазылып, біреу-міреу назар аударып, ескерілсе дегенмен, тас керең құлаққа ілінер түрі көрінбей келеді. Есесіне, осы тақылеттес құбылыстар еселене көбейіп, пұшаймандық хал-ахуал одан сайын белең алулы. Әңгіме қазақы намыс, иә, иә, кәдімгі кез-келген ұлт өкілдерінен молынан табылатын табиғи арнамыс хақында. Сонда не, сан ғасырлық тарихы бар, ұлан-байтақ
жерге иелік ететін қазақта намыс жоқ па? Сені қайдам, өз басым олай деуден аулақпын. Қазақта намыс бар болғанда қандай, жарты әлемді төңкеріп, жайпап жіберердей құдірет-күшін ешкім де жоққа шығара алмасы кәдік. Көрнекті ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ небір сүргін алапаттарды аяусыз бастан кешсе де, халықтығы қалпында, басынан сөз асырмайтын батырлығы, батылдығы, от мінезі орнында, (бұрынғы) одақтас он алты республика сияқты, көктен іздегені жерден табылып, бір-ақ сәтте тәуелсіздікке қолы жетіп, өз арбасын өзі сүйрейтін халге жеткелі де едәуір уақыт болды. Онда «қайдағы бір» ұлттық ар-намыс дегенді «қоздатып» қажеті не? Міне, мәселе осында, атабабадан дарыған ар-намыстың майы таусылған шам секілді бір өшіп, бір жанып, әлжуаз күйден арылмай келе жатқан көнбістік, өз жігерін өзі жасытып, мансұқтауға ұқсай беретін «бейшаралықта». Айттық қой, бұл жөнінде айтылудай айтылып, жазылудай жазылып жүрсе де, селт еткен серпіліс байқалмауы таңғаларлық деп. Оппозициялық та, оппозициялық емес басылымдар да (қазақтар басқаратын орыстілділерден басқа) қапы қалып жатқан жоқ. Бүгінгі таңдағы от ауызды, орақ тілді ақындар − Темірхан Медетбеков, Мұхтар Шаханов, Иран-Ғайып, Серік Тұрғынбеков пен есімдері әлемге мәлім классик жазушылар − Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртазаев, Герольд Бельгердің (олар көп, бәрінің атын атау шарт емес) толғаныстарын оқымаған, білмейтіндер жоқ шығар. Солай, әлбетте. Енді соларды айғақтармен тұздықтап көрейік. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда мемлекет жас, республикаға аты берілген қазақ сан жағынан аз болғандықтан, (ғайыптан пайда болған термин) толеранттық дегенге бас шұлғып, өзара достық, ұлтаралық татулықты сақтауға жан салдық. Жан салғанымыз сонша, тіпті, орыс басшы Колбиннің тұсындағы қостілділік, ілеспе аударма дегендер былай ысырылып, жеме-жемде бүгінгі ресми тілге мемлекеттік статус бере салуға шақ қалдық. Егер Елбасы мен Мұхтар Шаханов күш салмағанда солай болар ма еді, кім білсін. Одан беріде ұлтаралық татулықты сақтау мақсатымен ассамблея, мәдени орталықтар құрылып, (америка болуды көксеген Уәлиевалардың арқасында) қазақтардың өзі қазақстандық ұлт атала жаздағандай ахуалдар бастан өтті. Одан бері де күні бүгінге дейін оңып жатқан нәрсе шамалы. Осы басылымда бұрын да шетпұшпақтап айтқанымыздай, тағы да айтқан артық болмас. Тым болмаса, қазақстандық дипломаттарға не жорық
демекпіз. Біздің шамалауымызша, басқа болмаса да, әлемдегі мемлекеттермен қарым-қатынас жасайтын, отандық дипломаттардың тіптен жалтақтайтын жөні жоқ. Олардың қызметінің елдегі достық, ұлтаралық татулыққа қандай «зияны» бар? Ал, айтшы, түрікмен, ағылшын, қытай, неміс, қырғыз дипломаттарымен неге қазақша сөйлейсің дейтін бір келімсек табылар ма екен? Анау жоғары Радада бір депутат орысша сөйлесе, қалған депутаттар жаппай төбелес бастайтын украиндық дипломаттар қай елмен болсын, өз тілдерінде сөйлейді емес пе? Олар − орыспен түбі бір туыс, орыс тілін түгел білетін, еркін сөйлейтін халық. Бізден айырмасы, ұлттық ар-намысты жоғары қоятыны. Орыстар да солай. Қайда да өз тілдерін бірінші орынға қояды. Қазақша сөйлеуге құлықтары жоқпен тең. Е, олар дипломаттары орысша сайрайтын бізді неғылсын. Қазақ тілін үстем етеміз деп жылына ірі мөлшерде қаржы жұмсаудан опа тапқаны шамалы бізге опынып-өкініп, «жылап-сықтаудан» өзге не қалып тұр? Осы тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде, «баршаға түсінікті болсын», келімсектер кекете айтатын «элитная нация» дейтін тіркестер қалай пайда болды? Достық, ұлтаралық қатынасқа болаттай берік қазаққа өздерінше тұлданып, менсінбестік пиғыл көрсететін келімсектер тайраңдай бере ме? Әлде, олардан осы жасқану жасқанған боп жалғаса бере ме? Әлде, достық пен ұлтаралық татулық тек қазаққа керек пе, сан жағынан елу-алпыс қана этностар мен өз отандарында қылмыс өршіп, қан төгіліп жатқан ат төбеліндей ұлыс өкілдеріне керек емес пе? Бұл мақаланың мақсаты осыларды терең талдап, жіліктеп, саралау емес, керісінше, алда сөз болатын жайларға кірісер алдындағы азын-аулақ бу шығару, бұлқыныс, серпіліс. Енді бір-екі ойымызды айтайық та, негізгі мәселеге ауысайық. Ол былай: дәл бүгінгі таңда – басқа ұлыс пен ұлт өкілдерін титтей кемсітпей, қайта, барлығын да төбеге көтере отырып – қайда да қазақ тілінде сөйлеуге басымдық беру лазым. Колбиннен қалған ілеспе аударма дегенді кең ауқымда қолдану кезінде өзін-өзі ақтап, қазақ дәл бүгінгідей төменшіктемеген еді ғой. Соны қайта жандантуға бола ма? «Баршаға түсінікті болу үшін» деген көлгірліктің күлін көкке ұшыратын мезгіл жетті емес пе? Әйтпесе, айтарыңды «баршаға» демей-ақ айта бер. Жуып-шайғандай боп қайтесің. Бұл біздің сөзіміз емес, қазір барша жұрт айтып жүрген пікір. Билікте (ондағылардың көбі қазақтар ғой, шүкір), солар қазақша сөйлесе, көп мәселе бір-ақ сәтте шешілері даусыз. Ең бастысы, ширығыстың беті қайтады. Ал, мұның бәрінен
бұрын билікке қажет екені бесенеден белгілі. Әсіресе, қазіргі таңда. Сонда бәрін көріп, біліп, жігері құм боп, вокзал, базар, т.б. жерлерде арба сүйретіп жүргендер, жеке көлігімен жолаушы тасып күнелтетіндер мен арыны тау бұзатын жастардың көңілдері жайланып, біршама сергіп қалар ма еді, қайтер еді дейміз де. Осыдан үштөрт ай бұрын көк базарда сауда жасайтын жиырмаға жуық қазақ әйелдері ойламаған жерден «метродағы алты аялдаманың біріне неге Қонаевтың аты берілмеді?» деп «шу» шығарып, ол телеарналардан көрсетілді. Осы ойланатын жай емес пе? Әңгіме Қонаевта да емес, қарапайым жұрт санасының қай деңгейде екенінде емес пе? Демек, қазақстандық ұлт «атанбай» тұрғанда, қазақ деген атау өзбек, қырғыз, грузин, украин деген атауларға теңелсін деудің, біздіңше, түк сөкеттігі жоқ сияқты. Бір ғажабы, қазақ деген атау, қазақы рух пен асқақ лептің қай салада да «ақсаулы» екеніне дәлел-айғақ мол-ақ. Анау шетелге баратын ерен әншілердің сонда аяғы тиер-тиместен сол елдің әнін шырқап (пах!), мұнда сол елден қолма-қол үйрене салған әндерін ала келіп аңырататыны жетістік пе?! Түк те! Жетістік емес, жетесіздік. Себебі, әлемдегі қай ел болса да, онда барған қазақтардан қазақ өнерін көреміз деп дәмеленеді, ал мұндағы қазақтар олардың шетелдерден шала-шұрпы жөренесін үйреніп әкелген ыңылдарына түк те ділгер емес. Бірақ, оған пысқырып жатқан ешкім жоқ. Керісінше, біз осындаймыз деп шіренгенде қара жерді жарып жібере жаздайды. Ол шіркіндер, көп болса, өз еркіміз өзімізде, не істесек өзіміз білеміз дейтін шығар. Сонда қазақ атты ұлы халықтың намысы мен жігері қайда? Жә, ағайын, мұндай кеселдің төркіні әріде, тереңде, сонау кеңестік кездердегі құлдық психология, еліктеу-солықтаудан бастау алатынын бізсіз де біледі емеспісің? Бұл орайда қазақ киносындағы тамырын тереңге жайып, осы уақытқа дейін бәсеңдеу орнына, дендеп бара жатқан қуыс кеуде құлшынысты айтса да жеткілікті. Қазақ киносы дедік пе? Пәлі! Кейде, тіпті, ауыз бара бермесе де, амал жоқ, солай деп атауға тура келеді. Енді бұған кеңірек тоқталып көрейік. Өйткені... Пролетариаттың ұлы көсемі Лениннің «Өнердің ішіндегі ең бастысы – кино» деген тәмсілін ес білгеннен естіп, қанық боп өскеніміз шындық. Киноның рөлі зор екені тағы рас. Қазіргілерді қайдам, кеңестік кездегі жастардың талғам-талабы, өмірге көзқарасы дұрыс қалыптасып, патриоттық сезімдерінің шыңдалуына киноның әсері
шексіз болатын.Отан соғысы тұсында және одан кейінгі кездерде алыстағы қазақ ауылдарына апарып кеңсе үйінің дуалына тұтатын ақ матада көрсетілетін кинолардың ой-сезім, бала қиялға қаншалық әсер етіп, өшпес із қалдыратыны, құлаққа жағымды музыка, әндер әлі күнге есте. Сөздері орысша болса да, қимыл-көрініске таңтамаша боп, бірдеңе-шірдеңелер санаға жеткендей болатын. «Чапаев», «Петр первый», «Жас гвардия», «Екі дос» секілді кинолардағы бас кейіпкерлерді пір тұтып, солардай болуға мән берген кездер неткен ғажап еді, пай-пай! Одан «Амангелді». Оны көргендегі әсер мүлде бөлек. Әсіресе, Амангелдінің (Елубай Өмірзақов) айтатын әні, әйелі (Шара Жандарбекова) билейтін би, алашордашылардың халыққа, қазаққа жасайтын «қиянаты» мен күллі сарбаздардың ерлігі, бас кейіпкердің қазасы – барлығы ғаламат-тын. Бірде-бір көрініс ұмытылмай, үлкен-кішілер көздеріне жас ала отырып толқитын. Кино көрсетілген жерде қалып қоятын үзік-үзік ленталарды қолдан-қолға тигізбей, теберіктей сақтайтынбыз. Бұл сөздерді Лениннің киноға берген бағасының әділ, дұрыстығын аңғарту ниетімен ауызға алып отырмыз. Киноның қашанда, қай кезде де жөні бөлек. Ес біліп, етек жия келе кино дегеннің не екенін, бір фильмді түсіру үшін қаншама мамандардың кәсіби тұрғыда аяусыз тер төгетінін, сценарий жазатындардан бастап режиссер, оператор, гримерші, суретші, каскадер мен актер, актрисалардың иығына батпан жүк түсетінін және Мәскеу, Ленинград, Свердловск, Одесса қалаларында әрі он алты одақтас республикалардың астаналарында киностудия болатынын біліп, осынау өнерге деген қызығушылық артқан үстіне арта түсті. Олардан тыс, ол кездерде де бүгінгідей есебінен жаңылысатындай болмағанмен, шетелдік кинолар да көрсетіліп тұратын. Шыны керек, ілуде болмаса, көрермендер көбіне түсіру деңгейі жоғары, шынайылығы басым шетелдік киноларды да көруге құлықты-тын. Стюарт Грюнджер, Жан Маре, Радж Капур, Ив Монтан, Грегори Пек, Вивьен Ли, Морилин Монро, Симона Синьора секілді шетелдік актер, актрисаларға айрықша табынып, пір тұтатын. Кеңестік киноның да үздіктері, көрермендер шапағатына бөленген Любовь Орлова, Николай Крючков, Борис Бабочкин, Владлен Давыдов, Сергей Гурзо, Борис Андреев, Николай Алейников, Андрей Файт, грузин Михайло Чиаурели т.б. актер, актрисалар болды. Әр одақтас республиканың өз киностудиясы болған соң олар да ізденіп, талпынудың арқасында назарға іліккендей тәуір туындылар жасайтынына әрі қызығып, әрі қызғана да қарайтынымызды
жасырып қайтейік. Себебі, олар жасайтын фильмдерде таза өз халқының тыныс-тіршілігі, тарихи өмір өткелдері, ұлттық ерекшелік, менталитеті айқын сипатталатын. Айта кетейік, одақтас республикалардың бәрі де көп ұлтты, әсіресе, бәрінде де орыс халқының өкілдері аз болмайтын. Сол кездердегі ресми санақ бойынша, кавказдық үш республиканың әрқайсысында 1-2 млн, ал тәжік, өзбектерде 2-4 млн аралығында, қырғыз елінде 2 млн. орыс, 1 млн-ға тарта тау халқының өкілдері бар делінетін. Өзбекстанда кәріс пен татар диаспорасының саны Қазақстаннан үш есе көп-тін (қазір де солай). Қысқасы, көп ұлтты емес республика болмайтын. Олар тұрмақ, татар, башқұрт, шұбаш секілді автономиялық республикаларда жергілікті тұрғындардан гөрі орыстар сан жағынан басым болатын (қазір де солай). Сол шақтардағы көп ұлтты республиканың бірі Қазақстанда да орыстар сол шамалас, олардың да, өзге ұлт, ұлыс өкілдерінің де шегірткедей қаптап, күрт көбейгені көп кейін-тін. Соған қарамай... Балтық жағалауындағы үш, кавказдық үш, ортаазиялық төрт, украин, белорус республикалары өз халқының өмірінен фильм түсіріп (орыстар екібастан солай) әрі киностудияларын да өз халқының атауларымен атап, арқа-жарқа болған шақтарда қазақстандық киностудия олай етуге дәті бармай, көпке дейін «Алматы киностудиясы» деуден аса алмады. Әйтеуір, басқалардан ұят болар деді ме, қайдам, «Қазақфильм» деген атауды бәрінен кейін әзер иеленді. Онда да екі қарап, бір шоқып, көлденең қауіп туа қалмасына көздері айқын жеткен соң ғана. Бұл аралықта «Георгий Саакадзе», «Тайна двух океанов» тектес небір ғаламат фильмдер түсірген Тбилисидегі киностудия соғыстың алдында «Грузияфильм» аталып, Ленин орденімен наградталған-ды. «Похождение Насреддина», «Насреддин в Ходженте», «Тахир-Зухра» фильмдерін шығарған өзбекстандық киностудия ешбір жүрексінбей, «Өзбекфильм» аталып, орденмен марапатталды. Ал, соғыстың алдында және соғыс жылдарында «Райхан», «Алтын мүйіз», «Абай әндері» сынды фильмдер түсірген қазақ киностудиясы елуінші жылдардан бастап «Дала қызы», «Махаббат дастаны», «Жамбыл», «Шабандоз қыз» секілді тәуір фильмдер жасағанына қарамай, «Алматы киностудиясы» боп ұзақ салпақтады. Айтқалы отырғанымыз бұл да емес, әйтеуір, түбі қайырлы боп, ештен кеш болса да «Қазақфильм» аталды ғой. Мәселе басқада. Жоғарыда бізден өзге республикалар мен автономиялы республика, автономиялы облыстардың бәрі де көпұлтты, шама-
лап болса да қайсысында қанша орыс болғанына шейін жобалап атадық. Солардың бірі –Қазақстан. Ендеше, сол Қазақстан, сол «Қазақфильміңіздің» жағдай, жай-жапсары сонда қалай еді, кейін қалай болды, қазір қалай, азды-көпті түсірген фильмдерінде ресейлік, одақтас республикалық киностудиялар құсап жер мен ел иесі қазақтың намысын бірінші қойып, туын жоғары ұстап келе ме, әлде жалбақ қаға жалтаңдап жадағайлықтан шыға алмай пұшайман күй кешулі ме? Әлдебіреулердің көңілін табу үшін талабы тасқа шабылған жоқ па екен? Әй, солай болмаса неғылсын деңіз. Өйткені, «Алматы киностудиясы» делініп, көркемсуретті фильмдер түсіре бастағалы кейіпкерлерінің ішіне орыс араласпағаны бар ма? (Бұл жерде әңгіме орысқа қарсылықта емес, ол халықтың қазаққа жасаған жақсылық-шарапаттары мол, оқырман дұрыс түсінер деп сенеміз). Бар, әрине. Мәскеулік режиссер Рошаль түсірген «Абай әндері», «Махаббат дастаны», тағы да бірлі-жарым. Себебі Рошаль таза қазақ өмірін бейнелеуді мұрат тұтса, біздегі мамандар «Қозы Көрпеш − Баян сұлу» жыры бойынша жасаған «Махаббат дастаны» фильміне орыс қосу мүмкін болмай, бармақ шайнаған болулары ғажап емес. Қалған фильмдерге орынды-орынсыз орыс тықпаламаса ішкен астары бойына дарымайтындар содан бері осы әдеттерінен бір елі ажырайтын түрлері жоқ. Уәждері дайын: бізде өмір сүретіндер жалғыз қазақтар емес, басқалар да бар, олай етпесек, халықтар достығына нұқсан келеді дегендей. Орыс неге олай етпейді, басқалар неге олай етпейді деп қаперлеріне кірсе неғылсын. Оның үстіне, олардың көздегені шынымен-ақ сол ма, басқа ма, оны да бір құдай білер. Бас қамы үшін жағыну, жалпақтау, көңіл табу болмаса бопты да. Енді тағы да өткенге оралуға тура келеді. Қазақ кинолары түсіріле бастаған алғашқы сәттерден бастап-ақ, бәрінде де орысты араластырмаса болмайтын «кесел» ешкімге құпия емес. Жоғарыда аталғандар теңіздің тамшысындай ғана. Қызық алда. Алғашқы кезеңдерде орыс кейіпкерлерді араластырудың саяси астары, қазақты адам еткен, көзін ашқан, болашаққа бастаушы дегендей «терең» мәні болды. Әрине, Қазан төңкерісінің шарапатымен қоса. Қазақтың тұңғыш ұлттық киносы аталатын «Амангелді» фильміндегі әлдебір орыс революционер есіңізде ме? Бәлкім, кино түсірушілерді солай етуге мәжбүрлейтін кіріптарлық болған шығар. Болған шығар емес, болды деп те айтуға болар еді. Олай етпесе, кино жарыққа шықпас та еді. Сондықтан, Амангелді батырға жөн-жоба сілтеп, дем беретін бір революционер қажет еді. Ондай мықты қазақ ішінен табылмағандай,
орысты таңдады. 1914 жылдан компартия мүшесі, әлемді жаяу аралап шығып, Ленинмен кездесіп, сан рет тілдескен, соның арқасында Торғайға комиссар етіп жіберілген (дала комиссары аталған) Әліби Жангелдиннің прототипін жасау ойларына келмесе, амал қанша. Олар бір-бірін жақсы біліп, бір-біріне сенімді серік, сүйеу болған атышулы тұлғалар емес пе еді? Дәуір, заман тұрғысынан алғанда, Әліби мен Амангелдінің Торғайда Кеңес өкіметін бірге орнатқаны жалған емес еді ғой. 1928 жылы әлдебір өштескен біреулер тарапынан Амангелдінің әйелі Мақтаарал жаққа қашып барып жан сауғалап, бастарына қауіп төнген екі ұлы Рамазан мен Шәріпті Алматыға өзі барып әкелген Әлібидің жанпидалық азаматтығы хақында аз айтылады. Кейін Амангелдінің Мақтаарал аймағында жүрген әйелін Ғабит Мүсірепов іздеп барып әңгімелесіпті деген де әңгімелер естілетін. Ал, Амангелдінің екі ұлы Рамазан мен Шәріпке Әліби Жангелдиннің тікелей қамқоршы боп, адам болуларына сеп жасағаны нақты ақиқат. Бұл жөнінде 1970 жылдары Шәріп ақсақал өз аузымен баян еткенді (журналистік мамандық алып, жазушылықпен айналыса бастаған Рамазан соғыста мерт болды деп). Бұл деректерді бүгінгі ұрпақ біле жүргені шеккі болмас деп саналы түрде келтіре кеткенді жөн көрдік. Дәлсіздіктер болса, өзгелер түзете жатар. Осылайша айтулы, атаулы, «шыбыны» бар деген қазақ киноларына кемі бір не екі ақылгөй-революционер қосып жіберу одан кейін де жалғасқан үстіне жалғаса берді. Оларсыз фильм түсіру ойға келмеді, ол мүмкін де емес еді. Одан кейін шыққан (есте қалғандарды айтсақ) «Дала қызы» фильміндегі бас кейіпкерге бас-көз боп, нұсқаушы болған орыс әйел, «Жамбыл» фильміндегі Жамбылға етене жақын ақылгөй-революционер, «Ботагөздегі» тағы бір сара ойлы саңлақ (революционер), «Ән қанатындағы» қазақты жарылқайтын қасқалар, «Алыс аудандағы» жоғары шенді «ұстаз», міне, бұлардың барлығына етіміз үйреніп, көндігіп кеткеніміз сонша, ешкім пәлен демейтін де, қайта жан-тәндерімен қостап, қуаттайтын, мәз болатын. Оларсыз қазақ киносы жасалмайтыны, жасалуы мүмкін емесі де санаға берік орнығып, егер олай етпеген жағдайда кино мамандарының жолы кесіліп, қатаң жазаға тартылуы ғажап еместігі де айқын аңғарылып тұратын. Одақтағы күллі жаңа киноға бата беріп, бүкілодақтық экранға шығаратындар ондайға тосқауыл қойып неғылсын, оларға керегі де сол емес пе? Әйтсе де... Олардың үкімі тек қазаққа жүріп, шамалары тек қазаққа ғана жетті ме деп ойлайсың. Өйткені, көрші республикалар жасайтын
фильмдерде аспаннан түскен орыс ақылшы да, айбарлы революционер де көрінбей, басшы да, қосшы да өздері болатын. Өтірік десең, егер кезінде көрудің сәті түскен болса, Армениядағы «революциялық қозғалысты» бейнелейтін «Братья Сарояны», өзбектегі «Чрезвичайный комиссар», грузиндегі «Покояние», «Фатима» секілді фильмдерді есіңе ал. Олар, сірә, ұлттық киноларына орыс ақылмандарын араластыруды ескермеген бе деп ойлайсың еріксіз. Сөйте тұра, бүкілодақтық экранға жолдама алғандарына бас қатырмайсың. Бәлкім, сен бізді қазақ киносына шүйлігетіндей не бар деп те отырған боларсың. Айттық қой бұл әлі бер жағы деп. Алғашқы арпа ішіндегі бір бидай іспетті қазақ киноларындағы толып жатқан революционерлер, қамқоршы-жебеуші, жол көрсетуші, жарылқаушы, ақылгөй орыстарды тым көпсінбей, заман талабы солай болған шығар деп кеңшілік жасайын десең, одан кейінгі жалтаңдық, жағымпаздық, келісімпаздық, намыссыздық, бейшаралық, науқаншылдық, өресіздікті қайда қояр едің? Әлде қазақ киносында сол жұқпалы «кеселдің» осы күнге шекті белең алып, айы оңынан туып, жырғап тұрғаны жалған ба? Жә, ретімен... Сол ақылды революционерлерсіз жасалмайтын кинолардан соң өмірге–кезекті заман ауанына сай болуы тиіс – түйе сойғанда көретін қуырдақтың көкесінен де өткен небір анайы, дүбәрә, жарымжан, қарабайыр, нанымсыз фильмдер тоғытыла бастады. Оған дейінгі қазақ киноларының бірде-бірі орыс революционерісіз жасалмаған болса, жаңа дәуірдегі қазақ киноларында бұрын-соңды өң түгіл түске кірмеген тапқырлық, «жаңалық», жасандылық белең алды. «Алматы киностудиясы» қазақ жеріндегі тың игеру науқанын дәріптеу үшін түсірген «Мы здесь живем» деген фильмде шеттен қаптап енген келімсектерге ел мен жерді таптатып, қазақ ауылдарын хуторлармен біріктіріп, қазақы мәдени ошақтар мен ұлт тіліндегі мектептер жоғалып, газет-журналдар жабылып, салт-дәстүрді құрбандық ету аздай, үкілеп өсіріп отырған қыздарын өз қолдарымен орыстарға ұзатып жырғаған қазақ ата-аналардың бақыттан «бастары айналғанын» бүкіл одаққа жария ету жетістік пе еді, сеніңше? Бөтен ел, бөтен жұрт содан соң қазақты кім деп ойлайды? Намысты халық санатына қоса ма, қоспай ма деп толғанғандар болды ма? Ондайларды қайдам, бірақ мынадай жосықсыздыққа іштен тынып, пұшайман болған қазақтарды көзімізбен көрдік (бірі өзіміз дегендей). Әне, сол кинодан кейін, түк жазығы жоқ болса да, тың игеруге келіп, қазақтың қызына қазақша «айналайын» деп жар болған мәскеулік
актер Фричинскийді иттің етінен жек көріп, оның «қалыңдығы» боп ойнаған өзіміздің Лола Әбдікәрімованы да ұнатпай, көшеде көргенде теріс айналып жүруден басқа лаж қалмады (оның да түк жазығы болмаса да). «Қорытпа» («Сплав») деп аталатын қазақ киносына түскен мәскеулік актер Сафоновтың әйелі рөлінде көрінген кәдімгі әйгілі Рая Мұхамедиярова да қараптан-қарап «жеккөрінішті» болды десек, ол да «намысты, дабысты» қазақ киносының шарапаты. Жалпы, «Алматы киностудиясы» «Қазақфильм» деп аталғанға дейін де, кейін де осы қияпаттан танбай, онсыз да сан жағынан жылына төрт-бесеуден аспайтын қазақ киносының (қазақ киносы деп амалсыз айтылып отыр, қайдағы қазақ киносы) рухын асқақтату не, біразы тіпті орыспен некелессе де бүкілодақтық экранға қабылданбай, жарты жолда шаң қауып жатты. Бас кейіпкер еркек орыс болса, әйелі (ғашығы) міндетті түрде қазақ, ал, мәскеулік Куркина мен өзіміздің Ыдырыс Ноғайбаев түскен фильмдегідей әйел орыс болса, отағасы қазақ болу салтқа айналып, қазақтың сағын сындырды. Бұл тапқырлықтан аздап «жалыққан» шақтарда «Шабандоз қыздағыдай» орыс семьясы асырап өсірген қазақ қызы мен қазақ жігітінің (Қ. Қожабеков) махаббаты фильм мазмұнына арқау болды. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады, жағыну, жалпақтау, көңіл табу, көнбістіктен нәр тартатын жосықсыздық, қорқақтық емес жалғаса берді, жалғаса түсті, осы күндерде шырқау шегіне жетті десе болады. Ақжүрек, кеңпейіл, білгір ағайынды тітіркендірмеу үшін тағы қайталайық, жалпы қалай деген күнде де, аралас-құралас ғұмыр кешіп, қазақпен бірге тату-тәтті тұрып жатқан, оның үстіне адал ниетті орыстардың қилы кезеңдерде халқымызға тигізген игі шарапаты мен прогрессивті рөлін елемей, жоққа шығарғалы отырған ешкім жоқ. «Мәдениет және тұрмыс» журналында белгілі ғалым-журналист Әбиболла Ахметов жазғандай, Шоқан Уәлихановтың артында қалған ғылыми мұраларын ол қайтыс болған соң жиырма жылдан кейін ортадан қаржы жинап баспадан шығарған орыс зиялыларының ұлы Абай, Ыбырайға тигізген ықпалын неге, қалай ұмытарсың?! Ол мүмкін емес. Әңгіме басқада, жалғыз қазақ емес, күллі әлем көруі мүмкін қазақ киносын орыстарсыз шығармау салт па, мода ма, сонда боп тұр-ау. Бірдіекілі орыс араласатын фильмдерге «Атаманның ақырындағы» сияқты жөні солай боп жатса, мейлі дейсің ғой. Бірақ, «Көшпенділердегі» екі бірдей көзі көк, батыр деуге келмейтін әлжуаз Абылай мен оның жаужүрек серігіне қарап, бұл «керемет» әрі қарай жалғаса бермесе игі деп ек, бәрібір солай боп тұр. Діңкесі құрып, орыс араластыруға
болмайтын кинолар болмаса, басқаларында қапы кетіп жатқан қазақ жоқ. «Жаужүрек мың балада» орыс жоқ болғанмен, монғол актерлер бары оғаш емес. Практикада ондай бар. Алайда, кинодағы қазақ қыздарының орысты былай қойып, шетелдік зәңгілермен әуейіленуі секілді анайылық, шетелдіктерге ұқсаймыз деп Карина Абдуллина түскен кинодағыдай ашық төсек қатынасы қазақта болып па еді? Ал, бізде бар боп тұр. «Алматыдағы тұңғыш махаббат» деген кинодағыдай. Өнер шынайылығымен бағалы емес пе? Көрермен табиғи рәуіште қабылдауы тиіс емес пе? Бізден бөлек бірде-бір елде мұндай оғаштықтар жоқ, болған емес, болмайды да. Ал, қазақты қайдам. Сол баяғы орыс араласпай кино түсірмейтініміздің соңы неге ұласқанын аз-мұз айтқан болдық. Оны өзің де көріп-біліп жүрсің. Кинолардың көбі орысша түсіріліп, қазақшаға аударылатыны, қай-қайсысында да орыстардың өріп жүретіні, орысша қазақ киноларында әкесінің баласына (дәл бүгінгі өмірдегідей) қазақша сөйлесе, баласының орысша жауап беретіні, ұлттық әдет-ғұрып, салтдәстүр кем насихатталатыны. Ең «ғаламаты», қазақ кім десе, мынау дейтін кейіпкердің тапшылығы. Қазіргі қазақ киноларының көбі өзге түгілі, өзімізді түңілдіріп біткені – бәріне қанықсың. Жоғарыда қозғалып, біршама қаузалған жайлардың баз біреулерге ұнай бермесін білеміз, сеземіз. Ондайларға айтар сөз біреу: біз қазақ деген елміз, халықпыз. Қазақтың кім екенін былайғы жұртшылық та білсін десең, аруағын асырып, айбынын асқақтататын кино жаса. Өзін қатты құрметтейтін орыс, өзбек, грузин құсап. Олардың неге олай етпейтінін зерделе. Мен кімнен кеммін деп серпіл. Есіңде сақта: бүгінгі қазақ киносының бәрі сын көтермейді деп отырған ешкім жоқ. Шүкір, тәуірлері бар. Жөні түзу телесериалдар «Аңшы бала», «Жаужүрек мың бала», «Шал», «Ақансері» мен «Жаралы сезім» фильміндегі ырым үшін қазақша жиырма сөз білемін деп қазақтармен біте қайнасып, тақылдап жүретін бір орыс болса да мейлі, бір орыс ештеңе етпейді. Айтпақшы... Тағы да... Жасандылықтан сақтан! Сол ғой түпке жетіп, құрдымға құлдыратып бара жатқан. Кино, театр, әдебиет, өнер... бәрінде! Ал, енді бүгінгі қазақтар, оның киносы, өнері жайлы шетелдіктер не дейді, қандай пікірде? Сөзімізді сол жөнінде қазір Америкада тұрып жатқан, Висконсин штатындағы Орта Азия халықтары ішінен тек қана қазақ тілі оқытылып, зерттелетін университетте сабақ беретін Сәуле Батаеваның пікірімен қорытындылап, нүкте қояйық.
Сәуле қандасымыздың бірінші айтары: «Америкалықтар өз тілінде сөйлеуге арланатын адамды ешқашан сыйламайды», – дейді. Онан соң... «Висконсин университетінде қазақ тілі 2006 жылдардан бері тұрақты түрде, яғни жыл бойы оқытылады... Қалған әр қаладағы алты университетте екі айдан оқытылады... Орта Азия халықтары тілінен тек қана қазақ тілі оқытылуының басты себебі: ол − түркі тілдер ішіндегі ең бай тіл. Қазақ тілін білгендер Орта Азиядағы басқа тілдерді тез ұғып, тез үйренеді... Шетелдіктер біздің ана тілімізді Қазақстанға барғанда қазақ тілінде сөйлейміз деп үйренеді. Қазақ тілін білетін америкалықтардың ойынша, қазақ тілінің мәртебесін көтеру қажет... Америка университеттерінде қазақ тілімен қоса, қазақ мәдениеті қоса оқытылатын курстар ашылуы керек... Сайттарда мардымды ақпарат жоқ... Ұлттық фильмдеріміз орыс тілінде түсіріліп жатыр... Шетелдіктер қазақтар туралы қандай көзқарас қалыптастырады? Шетелдіктердің қазақ туралы түсінігі Бораттан аспай жатса, оған кім кінәлі?.. Қыруар қаржы жұмсалатын Тіл қоғамдары мен тіл комитеттерінің сайттарынан құнды материал табу қиын... Кейбіреулер «патриот» дегенді құйтырқылықпен, мысқылмен қолданатын болыпты... «Патриот» − отаншыл деген сөз... Мен ұлт мәселесіне бей-жай қарай алмаймын... Менің бай мәдениетім, сұлу тілім тұрғанда, мен неге сол ұлттың өкілі болуға арланамын... Қазақ тілінде сөйлеуден бас тартатын не өз тілінде сөйлеуге арланатын отандастарымды көргенде бұларды осынша соқыр қылған кім деп назаланамын... Қазақ деген халық − Қазақстан деген алып елдің қожайыны... Қазақ тілінің жағдайы қазіргідей күйде қала берсе, біз әлі-ақ өз тілінен өз еркімен бас тартқан халық ретінде алғаш Гинесс кітабына кіргелі тұрмыз...» –дейді америкалық Сәуле Батаева қандасымыз. Иә, Америкада тұратын Сәуле қандасымыз осылай дейді екен. Ал, сен ше? Сен не дейсің бұларға, дана қазақ, дара қазақ, бала қазақ, жора қазақ, шала қазақ, албырт қазақ, салғырт қазақ, мәңгүрт қазақ, ой-хой! Ойлы қазақ?! Әрі данышпан қазақ?! Сәуле ұлттықфильмдеріміз орыс тілінде түсіріліп жатыр дейді-ау. Мұхиттың арғы бетінде ғұмыр кеше жүріп ұлт намысына жаны ауыратын Сәуленің бұл сөзіне не айтасың орысша жетілген сен патриот! Ал, осы сен неме «патриот» деген сөзді, Сәуле айтқандай, құйтырқылықпен, мысқылмен қолданатындардан емеспісің? «Оян, қазақ!» (М.Дулатов). Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» (Абай).
ЕВРЕЙЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ «ЕШ КЕТЕ» МЕ? Еліміз тәуелсіз мемлекетке айналғалы бергі қол жеткен игіліктер мен нәтижелердің аз емесіне қуанып, шүкіршілік етеміз, әрине. Алайда, олардың қазіргі жұрт боп жұмылып, іске асырылса дейтін олқы тұстар мен кемшін жайларды бүгіп, бүркеуге алғышарт бола алмасы да аян. Сонда ол не, қолдан келмейтін қарлы Қаратау ма, әлде кейінге ысыра берсе де түк етпейтін мүсәпірлік пе? Ал, егер олар санына шаш жетпестей қыруар қырсыздық болса ше? Көш жүре түзеледі, түбі іске аса жатар деп жүре беру керек пе? Міне, гәп қайда?! Бірден де, біртіндеп те ұшпаққа шыға жататын борыш-міндеттер аз емесін шамалаймыз, ағайын. Біздің қаузағалы отырғанымыз, тым бірден болмаса да, жеделдете жетілтіп, шапшаңдау жүзеге асса болмас па дейтін – ашығын айтқанда – елдікке сын, халықтыққа мін іспетті жағдаяттар мен ахуалдар боп тұр емес пе? Амал қанша, соларды бір сәт ойлайсың екен, алабұртқан көңіл су сепкендей жабырқап, еңсе түсіп қоя береді. Өкініш пе? Өкініштің өкіреші. Кей парасы төмендегіше. Біздіңше, жоқты бар етпекке ұмсынып, сарыла іздеп, бас ауыртудың тіпті де қажеті жоқ, ондай-ондайлар оңнан да, солдан да табылып тұр. Негізгі айтарымыздан сәл ауытқысақ та, солардың сап етіп ойға түсе кеткен біреуін ауызға алайықшы, не дер екенсіз? Бірде депутаттар алдында есеп беруге келген бір қасқаны аты-жөнін атамаймыз сенат төрағасы мінберден қуып шықты. Мойны салбырап кете барған жазекең тұс-тұстан лап берген тілшілерді көргенде тырағайлап қашып берсін деңіз. Емпеңдеген әлпетінен, өзін қайдам, біз ұялдық әрі аядық та. Күнілгері белгіленген есебін беруге қауқары жетпеген пақырдың бұл сүрінісі күллі әріптестеріне, қала берді, елдікке сын сияқты боп көрінді. Енді не болар екен деп жүргенде, ұзамай телевизор оның сенатқа екінші рет беті бүлк етпей келіп, есеп беріп жібергенін де көрсетті (мұндай жағдай бірлі-жарым емес, жиілеп бара жатқандықтан мән беріп отырмыз). Пах, шіркін. Осынау жазбаға кірісер алдында діттегеніміз басқашалау жайжапсарлар еді. Ғайыптан тайып, сәл «қия» басқанымыздың себебі, олар тамырлас, сабақтас, ілмектесіп жатыр. Мемлекеттік тілді былай қойып, өзге тілде сайрағыштың сиқы сондай болған соң дегендей... Атаулы жиын, съезд, форум, салтанатты жиындардан соң өтетін кештерде қазақ өнерін мейлінше аспандатуы тиіс кәсіби білім, дағдысы мол сайдың тасындай саңлақтар да ұлттың намыс-мүддесін
ескермей, әлдебір өзге халықтардың ән, арияларын асқақтатқан боп, тайраң қағудан тыйылар емес. Мысал ма? Қайсыбірін айтасың, толып жатыр. Төтесіне келсек, әй, таланты зор тарланбоздар, қазақ атабабаңның ғаламат ән, күйлеріне тең келетін не бар, бөтен ел-жұртты солармен таныстырып, ауыздарын неге аштырмайсың? Шетте де, мұнда да жат жұрттың әнсымағын өңешің үзіле айтып, қай мұратқа жете қоясың? Айтпа демейміз – айт, орындама демейміз – орында. Бірақ, айту мен орындаудың жөні, шеті, шегі болмай ма? Қазақ еліне келетін өзге мемлекет жұлдыздары, онда да Құдайға қарайтын бірен-сарандары, әрі кетсе, қазақша бір ән салып, онан соң өздерінің құндылықтарын әспеттейтінінен тәлім алсаң қайтеді, бейбағым? Олар сен емес, басқаша болу ойларына да келмейді. Қаңсыққа таңсық көрермен, сен де жүрегің жарыла мәз болып, тасырлата қол соғасың, екі езуің екі құлағыңа жетіп, көзің тас төбеңе шығып. Өңшең өз қандастарымыздан шыққан әнші-музыканттардың қалың қазақ ортасында шетелдік әлденелерді даңғырлатып-саңғырлатып, танауларын көтеретіні анау! Ол деген баяғыдан салтқа еніп, сананы жаулап алғаны қашан?! Оларға бұл қалай дейтін ешкім жоқ. Қайта, кейбір абызсымақтар «міне, біздің жеткіншектер дүние жүзінің алабөтен музыка аспаптарында қалай ойнайды. Бөтен елдің ән-ариясын қалай құйқылжытады» деп мәздене мардымсиды. Тым болмаса, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбановтың ешбір шетелдік данышпандардан кем түспейтін ғаламат шығармаларын тыңдамадық деп қынжылу ойларына да келмейді-ау, келмейді, ойбай-ай! Қазір қай өнер ордасы, қай оқу орнына барма, сахнаға шығатындардың шетінен бөтен ел-жұрттың «елден-ерек» туындыларын жарнамалап, өз елінің «түк сезбестерін» таңдандырып, тасыраңдауға құмбылдарды көресің. Қазақы рух төмен. Өзара бөтен тілде сөйлейді. Елім, ана тілім бар-ау деп ойлай ма, жоқ па, айыру қиын. Әйтеуір, бәрі қазақты таңдандырмаққа ділгер (егер қазақ таңдана қойса, қазақ өзгенің өнерін сыйласа сыйлар, бірақ, таңданбайды, ішқұса, пұшайман болады демесе). Бөтен елдердің музыкасын бөстіре бөріктіріп... Көріп жүрміз, анау қасиетті Құрманғазы атындағы консерваториядан бастап, толып жатқан музыка мектептер мен коллеждердегі кіл қазақ жасөспірімдер концерт қойғанда, ең болмаса, алғашқы нөмірді қазақ ән-күйлері емес, бөтен жұрт данышпандарының шығармасынан бастайды да, ара-арасында ырым үшін бірлі-жарым қазақша қыстырған боп, қайтадан алғашқы ауанға басады. Бұл не?
Космополитизмге бой ұру ма? Әлде осы күндерде ата сақалы аузына түскен өнерпаздар ішінде өздерін космополит санап, патриот деген ұнамайды дейтіндер бары жалған ба? Осы біз, аңғал басымыз, космополиттер мен нигилистерді қолдан жасап жатқан жоқпыз ба? Әлде аңғармаймыз ба? Бүгінгі Дина, Жүсіпбек, Манарбек, Мағауия Көшкінбаев, Ғарифолла, Жамал, Роза Бағланова, Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзиндер қайда? Бар ма, жоқ па? Жоқ деуің де кәдік-ау. Өйткені, зар қағып іздеп жүретінге ұқсайсың ғой. Бірақ, олар бар. Толып жатыр. Ендеше, неге мен білмеймін, сен білмейсің, ол білмейді? Жоқ қой, жоқ! Бір қарағанда. Бірақ, қайталап айтайық, бар. Бар, бар. Тек... Мұны енді сәл әріден қозғап, дерек-айғақтармен тарқатып көрейік. Осы мақаланың тақырыбын «Еврейлердің еңбегі «еш кете» ме?» деп атадық. Неге? Өйткені, себебі бар. Себебі сол, біріншіден, мұнымыз еврей ұлтын бөле-жара қарау емес, керісінше, көбі орыс аты-жөнінде болса да, жалғыз қазақ емес, сол орыстың өзінен бастап әлемдегі қаншама халыққа шарапаты мол тигені жайлы ашығын айтып, арғы-бергідегі сол халықтан шыққан қайраткерлерге тағзым ету, алғыс білдіру. Екіншіден, еврей ұлты өкілдерінің қазақ мәдениеті мен өнеріне де бір кісідей сеп жасап, орасан үлес қосқаны, бүгінде аттары қазақ өнері тарихында алтын әріппен жазылған аяулы тұлғалардың бізді өзгелерге танытқаны, сол арқылы қазақ өнерінің ғарышқа шарлап, өркендеп-өскені дер едік. Үшінші айтарымыз, теңдесі жоқ сол дарын иелерін бүгінде бебеу қағып іздеп, аһ ұрып жоқтайтынымыз, налитынымыз. Төртінші, кәсіби білім-білігі болмаса да, табиғат сомдаған сол алыптардың орнын басатын – білімі де бар, білігі де зор, талабы мол – жас таланттарға жөн сілтеп, жоба көрсетіп, насихаттау арқылы оларды орнықты етіп таныта алмағанға тікелей кінәлі тек өзіміз екенімізді батыра айтуға батылымыз жетпей жүргені. Әйтпесе... Осы кезде жыл сайын, тіпті, ай сайын десе де болады, атаулы жиын, алқалы тойларда Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла т.б. әншілерді он орап алғандай небір дүлдүлдерді көріп жүрген жоқпыз ба? Әрине, көріп жүрміз, тыңдап жүрміз, сүйсініп жүрміз, мынау нағыз Жүсекең не Ғарекең, Манарбек сияқты екен деп тамсанып жүреміз. Оған ешкім дау айтпайды, таласпайды, қайта қолдарын көтеріп қостайды, қуанады, мәз болады, іншалла, бар екенбіз дейді, сенеді, үміт етеді. Ізінше бәрі аққан судай жым-жылас болады, онан соң тағы да қарманасың, қапыласың, таппайсың. Олар аз емес еді,
біз үш-төртеуінің ғана аттарын атап отырмыз. Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жамал Омарова, Рәбиға Есімжанова, Әзидолла Есқалиевтің концерті дейтіндей жеке дарын иелерінің думанды ән кештері өтпейтін болғалы қай заман? Оларға жұрт ағылып барып, өздерінің қазақ екендіктерін сезініп қайтпаушы ма еді? Ау, осы күндегі анау дәулескер күйшідомбырашы Айгүл Үлкенбаеваны Дина Нұрпейісоваға теңеп, «Дина, Дина» дей бергенше, жеке концертін жиі-жиі желкілдете өткізіп, дәріптесе көптік етер ме еді? Қайта екінші Дина Нұрпейісова екені сонда нықталып, атағы аспанға шарықтамай ма? Әлде мұндай үрдіс бүгінгі қазақтың тақиясына тар ма? Бүгінде Дина жоқ, әрине. Алаулаған рухы бар. Айгүл бар. Демек, сонда оқығаны мол сауатты Айгүлден оқымаса да озық жаралған «сауатсыз» Дина жасай алмай отырған өзіміз емей кім? Ал, еврейлердің жөні бөлек. Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдардан бастап қазақ өнерінің өсіп-дамуына белсене ат салысқан еврей мамандардың арқасында қазақтың мың әні (және 500 ән) нотасымен қоса кітап боп шығып, опера әншісі Күләш Байсейітова 24 жасында КСРО халық артисі атанды. Еврей мамандардың арқасында «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр» сынды опералық туындылар, «Қалқаман-Мамыр» балеті, драма театрында спектакльдер қойылды. А. Затаевич, Ерзакович, Брусиловский, Шаргородский, Шабельский, Орлов, Мацуцин, Круглыхин сынды ұлты еврей азаматтар бірі қазақтың ән-күйлерін жинап, бірі өңдеп, хорға, операға лайықтап шығармалар жазса, бірі қазақ музыкасы жайлы оқулықтар шығарды, лекция оқыды, ұлттық кадрлар дайындады. Осы айтылғандардың кей парасын жазушы Сапар Байжанов аударған Е.Г. Брусиловскийдің естелік кітабынан оқып та білуге болады. Біз шет пұшпақтап айтып отырған еврей ұлты мамандарының қазақ өнеріне сіңірген еңбегі хақында том-том кітап жазуға болар еді (жазылғандар жоқ емес, бірақ, аз). Еврей режиссерлер мен композиторлар Орта Азия республикаларына да қол ұшын созып, қолтықтарынан демеді, жол-жоба көрсетті. Кавказдағы үш (армян, әзірбайжан, грузин) республиканы қайдам, ал түрікмен, тәжік, қырғыз, өзбектердің бұрын түстеріне кірмеген опералық туындыларын тұңғыш рет еврей композиторлар жазды. Біздегі Затаевич секілді, түрікмендердің ән-күйін ел аралап жүріп тырнақтап жинап, нотаға түсіріп, кітап етіп шығарған еврей композитор жайлы сол елдің азаматтары қайсыбір жылы көркем-суретті фильм түсірді. Есімі әлемге белгілі Рейнгольд Морицевич Глиэр өзбектің «Гүлсара»
операсын жазды. Бәрінің аты-жөндерін атамасақ та, аталмыш төрт республикадағы алғашқы драмалық, опералық туындыларды жазып қана қоймай, сахналаған да еврей режиссерлер мен композитор, суретші, гримершілер екені жалған ба? Бұларды бүгінгі қауым білу үшін айтып отырмыз. Өйткені, ол – тарих. Жалпы, кейбірі орыс фамилиялас еврей (қандас) дарын иелерінің ұлы орыс халқының әдебиет, өнер, мәдениетіне қосқан үлесі жайлы да бір-екі сөз айта кету артық емес. Әріге бармай-ақ, Кеңес өкіметі тұсындағы қайраткерлерді санап тауысу қиын. Еске түскендерінің аты-жөндерін атасақ: Шостакович, Дунаевский, Островский, Блантер, Френкель сынды композиторлар, жазушылардан Казакевич, Казаков, Симонов, Эренбург, Бродский, әншілер Лемешев, Вертинский, Утесов, Ильинский, Хиль, Кобзон, музыканттардан Растропович, Гилельс, сондай-ақ, Г. Вишневская, Т. Синявская, Р. Быков, М. Жаров, Э. Быстрицкая, Л. Гурченкодай әнші, актер, актриса, Сталиннің қызына қырындағаны үшін он жыл айдауда болған Кеплер, Трауберг, Рошаль, Вольпин, Эйзенштейн, Донской, Эрмлер, Пирьевтей сценарийші, кинорежиссерлердің есімі алтын әріптермен жазулы. Олар − орыс өнеріндегі өшпес тұлғалар.
Ендеше, мұндай сыбағадан қазақ та құр қалмағанына неге шүкір демеске. Ештеңе де өз-өзінен бола салмайды. Тіпті, халық арасындағы сом талант иелерін ойдан-қырдан жинап, туа бітті өнеріне жол ашу, жөн сілтеу, қатарға қосу оңай шаруа ма еді? Жоқ, жоқ және жоқ. Қазақ Әміре Қашаубаев, өзбек Тамара ханум. Башқұрт Есембаевтардың Франция мен Германияға баруы да Луначарский секілді қырағы, алысты болжағыш қайраткерлердің арқасы емес пе еді? Сол еврей мамандардың қазақты жарылқайын деген ойы болған-болмағанын кім білсін. Ол басқа әңгіме. Одан да тағы да фактіге ден қояйық. Фактіге ден қойсақ, Грузияда туып, Ленинградта композиторлық білім алған Е. Брусиловскийдің Қазақстанға ат басын бұруы тіпті де жайдан-жай емес-ті. Ермек Серкебаевтың (кітабында) айтуынша, қазақ тақырыбына ұзын саны 31 опера жазып, солардың төрт-бесеуі ғана сахналанған, тамаша әндері бір төбе Е. Брусиловский кәсіби білімі жоқ көптеген әншіні операға баулыған, «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да» деген әнін тыңдаған бойда консерваторияға қабылдаған Сыдық Мұхаметжанов, Н. Меңдіғалиев, К. Күмісбековтей композиторларға дәріс берген. Тіпті, оны Ленинградқа барып, Қазақстанға келуіне күш салған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаевтың өздері ұстаз санаған. Сондай аяулы тұлғаны қадірлей алмай,КСРО халық артисі атағын алып беруге дәрмені жетпеген қазаққа не дері бар.
Жоғарыда тілге тиек ету үшін – үшеуінің ғана атын атаған – Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла әншілер секілді, Кеңес өкіметі тұсында қазақ өнерінің өсіп-өркендеп, гүлденуіне айтарлықтай үлес қосқан ұлты еврей қайраткерлер ішінен де біреуінің – Брусиловскийдің ғана атын атап, қыруар еңбегіне шама-шарқымызша тоқталған боп отырмыз. Әйтпесе, қазақ өнерінің қай саласында да сол тектес білікті мамандар аз емес-ті. Театр режиссері Гольдблат, концертмейстер Иванов-Сокольский, ағайынды Когандар, кино мамандары Беркович, Варшавский, Гаккель, Дзиган, композиторлар Ерзакович, Шабельский, Шаргородский – көп-ақ. Олар – тағы да қайталаймыз – қолдан келгендерін аямастан қазақ өнерінің дамуына үлес қосты, кадр дайындады, іздері сайрап жатыр. Тек Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, негізінен, солардың арқасында қатарға қосылып, танымал болған қазақ өнерпаздары секілді, бүгінде олардың да есімдері көмескіленіп барады. Енді бұл солай. Алда да солай боп қала бере ме дегеннен ғой шыр-пыр боп отырғанымыз. Бұл үлкен мәселе, біз шет пұшпақтап айтып отырмыз дегенді де қайталап еске саламыз. Бір сәт тағы да Жүсекең, Ғарекең, Манарбек әншілерге оралсақ... Олар бірі ерте, бірі кеш, өткен ғасырдың екінші жартысының соңына не орта шеніне дейін ғұмыр кешті. «Қазақконцерт», Жамбыл атындағы филармонияда еңбек етіп, ел аралады, сахнада жиі көрінетін, бәрінен кереметі, әр жыл сайын өздерінің жеке концерті кемі үш-төрт мәрте өтетін. Ондайда халық сыймай кететін. Жеке дегенімізбен, әр алып әнші сахнаға өздері баулып жүретін шәкірттерін де ала шығатын. Кейін елге кеңінен мәлім боп, ұстаздарынан аспаса да, бір де кем деуге болмайтын небір күміс көмей әншілер солай қанаттанды, солай өсті, танылды. Жүсекеңмен бірге Мәдениет Ешекеев, Ғарекеңнің қасында Мекес Төрешев, Жамал Омарованың жанында Сара Тыныштығұлова, Рәбиға Есімжановамен бірге Бағдат Сәмединова, Зейнеп Қойшыбаева, Роза Бағлановадан тәлім алған Биғайша Іңкәрбекова дегендей. Әй, шіркін-ай, ұрпақтар жалғастығы солай өрби бергенге не жетсін. Сонда не, қазір ол үрдіс жоқ па, әлде суалып біткен бе? Оған төрелік айтуды өзгеге қалдырайық та, өзіміз көріп-біліп, сезіп, куә боп жүретін жайлардың кейбірін ортаға салып, гөй-гөйімізге нүкте қоялық. Бірінші айтарымыз, жоғарыда аттары аталған, аталмаған, қазақ елін ән, күй, жырмен аялап, атын әлемге шығарған, өзіңнің қазақ
екеніңе мақтанып, арқа сүйеп, алаңсыз жүруіңе бірден-бір дәнекер болған айтулы, атышулы қазақ өнерпаздар бүгінде де жоқ емес, қайта, қосақ-қосағымен табылады. Олай болса, зар жылауға жол болсын?! Ол кездерде, тіпті, күні кешеге дейін, қадірін білсек те, білмесек те, белгілі әнші, күйшілердің жеке кештері кезек-кезек өтіп жататынын да лажсыздан қайталап еске саламыз. Жүсекең, Ғарекең, Манарбек, Ләззат Сүйіндікова, Жамал Омарова, Мұрат Өскенбаев, Әзидолла Есқалиев, Шәміл Әбілтаев, опера әншілерінен ағайынды Абдуллиндер, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Байғали Досымжанов, Мұрат Мұсабаев, олардан тыс солардың бәрі қатысатын қазақ музыкасының кештері, бірыңғай қазақ күйлері орындалатын Құрманғазы, «Отырар сазы» оркестрлерінің концерттері бүгінде көзден балбұл ұшатын болғаны қалай? Тіпті, қазір Роза Рымбаеваның жеке концерті жылына бір рет өте ме, өтпей ме?! «Ондай кештер өтеді ғой», − дейсің бе? Өтеді деп біз де естиміз. Бірақ, рух бәсең. Ардақтау, насихат кемшін. Сондықтан өрен жүйрік талан иелері көптің бірі боп, тасада жүргендей көрінеді... Екінші айтарымыз, олар әуелі өздерін-өздері өнерлерімен асқақтатса, онан соң олар туралы бұқаралық ақпарат құралдары жаппай жазып, талдап-талқылап, тың пікір, жаңа ой-толғамдар айтылатын, бұрын белгісіз қырларын ашып, адами болмыс-бітім, келбеттері өрнектелетін. Сондықтан да, қазақтың мерейі үстем боп, елдік леп екпіндей есіп тұратын. Бір оқиға еске түседі. Өнер, мәдениет хақында тасқындата жазатын «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұсекең, Мұса Дінішев бірде: «Жүсекең мен Ғарекең жөнінде талай жазып, суреттерін жариялап жүрміз ғой. Бұл жолы екеуін бірге слайдқа түсіріп, бір бетке берейік те қояйық. Екі тарланның арқа-жарқа отырысын жұрт көрсін. Не айтасыңдар?» – деді. Не айтамыз, бес жыл Мәдениет министрінің орынбасары міндетін атқарған әрі осы журналды өз қолымен ашып, тұңғыш редакторы болған Мұсекеңе «дұрыс» дестік. Әйтсе де, күдік-күмән келтіргендер де болды: «Екеуі екі өңірдің тумасы, татулықтары шамалы, суретке бірге түсе қояр ма екен», – деп. «Ондай әңгімені неғыласыңдар?» – деді Мұсекең. Ұзамай Ғарекең мен Жүсекең бір дастархан басында қолдарына домбыра ұстап, күліп-ойнап отырған түрлі-түсті сурет тұтас бір бетте басылды. Мұсекең айтқандай, жалаң сурет. Мақаласыз. Ал, онан соң редакцияға алғыс айта кел-
ген Жүсекең мен Ғарекеңнің небір қызық әңгіме тиегін ағытып, коллектив мүшелерін әнге бөлеп, желпінткенін айт. Әттең, содан көп кешікпей ойламаған жерден Жүсекең бақиға аттанды. Міне, тағдыр! Жарты миллионға жуық тиражы бар журналда екі алыптың бірге түскен суреті қалды. (Жуырда белгілі әнші Еркін Шүкіманов кезінде сол сурет маған қатты әсер етіп еді, әлі күнге сақтап жүрмін деп еске алды). Үшінші айтарымыз, бүгінде де журналдарда үлкен-кіші әншілердің суреттері басылмайды емес, басылып тұрады. Бірақ, олар кімнің есінде, әсер қандай, әйтеуір, суреті шыққандардың өздері болмаса, басқалардың көз алдында да, жадында да сақталады деу екіталай. Дарынды өнер адамдарының өзі де, суреті де есте сақталу үшін олар о бастан кең танымал болуы шарт. Содан ба екен, «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарық көретін әрбір белгілі өнерпаздың фото-суреті теберік саналып, қалың қауымның есінде қалатын, жұрт оларды қиып алып төрге іліп қоятын. Өйткені, ондай тұлғалардың өздері де теберік болатын. Төртінші айтарымыз, қазір уақыт басқа, заман өзгерді. Сол «Мәдениет және тұрмысыңыздың» аты «Парасат» боп өзгерген бойда 170 мың тираж жоғалтып, келесі жылы одан да көп тираждан айырылып, ұстанатын бағыт-бағдары өзгеріске ұшырады. Мемлекет назарынан тыс қалып, тиражы болар-болмас халге жетті. Ол үшін журнал жазықты емес. Бірақ, әйтеуір, қазір қай басылымда да баяғы дәурен жоқ. Өкінішке қарай, шыға бастағанына сегіз жыл болған – «Мәдениет және тұрмыстың» дәстүрін жалғастырып келе жатқан – қазіргі «Мәдениет» журналында жазып, жария етіп, жарты әлемге жар саларлық баяғыдай алыптар «жоғы» да аян. Кешір, оқырман, жоғарыдағы бір сөзімізде олар жоқ емес, бар, толып жатыр демедік пе? Ендеше, сол сөзіміз – сөз. Толып жатыр.Тек олар алыпқа айналу үшін: Серпіл, талпын, құлашты кең серме. Алдыңғы буын салған жолдан тайма, ауытқыма! Ширақ адымда, батыл қимылда, ойлан! Түк қиын емес. Бәрі өзімізге байланысты. Өзіңе. Оян, қазақ! (Міржақып Дулатов). Бесінші айтарымыз, қазіргі білімді, кәсіби шеберлігі жетіп артылатын таланттарды табудың керегі жоқ, олар табылып тұр. Қарадай қадірі болмай, айналада толып жүр. Енді оларды ел-жұрт бұрынғыдан да жете біліп, қажетсініп, іздейтіндей іс-шаралар қажет.
Еврей мамандар жасағандай қамқорлық қажет. Қазаққа бір өзі бір театр, бір кешті бір өзі атқаратын алыптар керек. Халықтық ән-күйлер жаңғырып, ата-баба аспанында мәңгі қалықтай беруі үшін, шаң қауып, ұмытылмауы үшін. Марқұм болған алыптардың таспаға жазылған мұраларын тыңдаумен шектеліп, мұңға бата бермеу үшін. Мақала тақырыбын «Еврейлердің еңбегі «еш кете» ме?» деп алдық қой. Солардың өлілерінің аруағы, көзі тірілеріне құрмет үшін, қазақ өнеріне сіңірген еңбегі, төккен терлері үшін. Ал, ол үшін... «Ісім өнсін десең, ретін тап». (Абай). *** P.S. Таяуда белгілі телеарналардың бірінен ұлы әнші Роза Бағланованы еске алуға бағышталған әдемі де әсерлі концерт берілді. Бәрі жақсы еді, бірақ әлдебір білгішсінген мүміннің Роза апамыз Шәмшінің «Менің Қазақстаным» деген әнін бірінші боп орындап, жарыққа шығарды деп соғып жібергені кәдімгі «бір қарын майды бүлдіретін бір құмалақ» тәрізді болды да шықты, қайтейік. Бұл бер жағы. Мұндайлардың көкесін көріп жүретініміз жалған десең, өзің біл.
ЖҰРТЫ ҚАЛҒАН АУЫЛДАР немесе ойран болған атамекен Әділетке тас аттық, Тілсіз қалды мың мықты. Өтірікті босаттық, Қамап қойып шындықты. Қадыр МЫРЗАЛИЕВ О, тоба! Тәуелсіздік алғанымызға пәленбай жыл болып, шекарамыз нақты, іргеміз берік, достығымыз нық, экономика мықты, тұрмыс тамаша, мәңгілік ел болуға алғышарт түгел, дүние жүзіне мәшһүр, сыйлымыз, құрметтіміз, бізбен бәрі санасады деп шат-шадыман боп жүргенде, қазақ жеріне сұғын қадауын қоймайтын екіұшты көршілер ішінен сол баяғы империялық-шовинистік пиғылдан арылмаған (арылмайтыны да аян) базбір серкелер Қазақстанның солтүстік аймақтарын Ресейге қарату керек, оны жүзеге асыру биліктің ауыс-
түйісі кезінде қолайлы болмақ, сол мүмкіндікті қалайда пайдаланып қалу керек дегенге саятын бәдікшатыс сөз айтыпты. Ол кім десеңіз, ол – пасықтығы Солженицын, Проханов, Говорухин, Жириновский, Горбачевтан аспаса, кем түспейтін қарсақ жүрек қайраткерсымақ Лимонов қасқа. Оны мемлекетімізге жаны ашып, күйіне жария еткен «Караван» апталығы әлгі сандыраққа Сыртқы істер министрлігі қарсы лебіз білдіргенін атағансып, тіпті, нота жолдап қалуы да мүмкін екенін тұспалдай кетіпті. Әдетте, мұндай нәрсе қабырғалы басылымдарда егжей-тегжейлі баяндалушы еді, бұл жолы апшысы шамалы апталықта (Лимоновтың сайтани бет-бейнесімен қоса) алақандай орын берілгеніне бәрекелді. Сөйтіп, өздерін доспыз, адалмыз деп ант-су ішіп, қазақты жарылқауға құмбыл елдің ішінде Лимонов сияқты жұлынқұрттар бар шығар-ау деген күдік расқа шыққандай болды. Лимоновтың жалғыз емесі екібастан. Қазақ елін іштей мойындамай, сырттай көлгірситіндердің жәдігөйлігі құпия емес. Ал, біз болсақ... Тәуелсіздікке қол жеткеннен бастап ынтымақ, татулықты үздіге насихаттап, түрлі ұлт, ұлыс өкілдеріне мәдени орталықтар ашып, олар аз десең, ассамблея құрып, тіпті, олардың он шақтысын мәжіліске депутат сайлап, адалдыққа беріктігімізді көрсетудей көрсетіп-ақ келеміз-ау, шіркін. Содан қайыр болса. Неге болмасын, қайыр жоқ емес – бір қасық болса да – табылады. Бұл үрдісті қолдаймыз, құптаймыз. Тек... Біреулер айтатындай, түбі бізді опынтатын кіріптарлық, бас шұлғу, көнбістік болып жүрмесін дейік. Осы тақылеттес жайлар бізсіз де сыналып-мінеліп жатады. Жә, көнбістік, төзімділік дедік пе? Солардың аясында «толеранттық» деген тағы бір су жаңа даналық термин өмірге келгелі қашан?! Нақ бір кешегі келмеске кеткен кеңес кезінде көнбістік, төзімділік дегендер болмағандай. Олар болған, болғанда қандай. Болмаса, қыл бұрау салып, шыңғыртып отырып болдырған. Қолдан болдырған. Олардың қасында бүгінгі «толеранттығың» жолда қалады. Тозақтан өзгенің бәрін көрген қазақ ата-бабадан қалған құт мекені ойрандалып, ауылдар хуторлармен біріктіріліп, аты өзгеріп, өз тілінде тәлім-тәрбие алатын балабақша, мектептер, аудандық, облыстық газеттер жабылып, мәдениет ошақтары суалып, ұлттық рухтағы мәдени-тұрмыстық қызметтен мақұрым болған шақтарды да бастан өткерген. Өткерген емес, атамекенде тұрамыз деген сеніммен жүріп-ақ салт-сананы ұмытып, жаппай мәңгүртке айнала
жаздап, бейшара күн кешкеніне айғақ-дәлел шаш етектен. Сан рет іссапарға барғанда олардың кей парасына сан рет куә болған шақтар әлі күнге көкейде көңірсиді. Айтпаспыз, айта алмаспыз, айттырмас та деуші едік, бірақ, айтатын, айта алатын, айтуға шек қоймайтын еркін заман, сөз бостандығы келіп, құдай жарылқап тұр емес пе? Ендеше, солардың ішінен Кеңес өкіметі әне-міне құлау қарсаңында алыстағы бір ауданға барған іссапар кезінде көз көріп, куә болған жолсыздықтарды ғана қаузап, саралап көрсек те біраз нәрсе раушандалар дейміз. Қоспасыз, қаз-қалпында, сапар барысында танысбіліс болған кей азаматтардың есте сақталған аты-жөндерімен қоса, әлбетте. Әлқисса... 1991 жылғы жаз айларының бірінде содан екі жыл бұрын елден бұрын елп еткіш әсіре белсенділердің арқасында «Мәдениет және тұрмыс» деген атауы «Парасат» боп өзгеріп, соның кесірінен жыл сайын 170-180 мыңнан тираж жоғалтып, кәдімгідей селдіреп қалған журнал тапсырмасымен фототілші В. Мыльников (марқұм) екеуміз сол кездегі Целиноград (қазір Ақмола) облысының Алексеев (қазір Ақкөл) ауданына аттандық. Таңертең күн шығар алдында ұшақтан түстік те, бірден автовокзалға барып, аталмыш ауданға тартып кеттік. Айта кетейін, бұл өз басымның Алексеев ауданына үшінші рет баруым еді. Бұған дейін біз бармаған облыс, аудан кем, кейбіріне екі-үш реттен жол түскен. Алдын-ала телефон соғып қойғандықтан, жеткен бойда бірден қонақүйден орын алып, жайғасып болысымен аупарткомге келдік. Ол кезде аупартком мен ауатком кеңесі бірігіп, екеуі бір адамның қолына көшкен шақ болатын. Оларды басқаратын аса сыпайы, тәжірибелі, білімді, сұңғақ бойлы, қара торы, жылы жүзді жас қазақ жігіт екен. Жайдары қарсы алып, асты-үстімізге түсе елпілдеп жатыр. «Бізге тілшілер сирек келуші еді, қадамдарыңызға гүл бітсін» деп ағынан жарылады. Жалма-жан ауатком төрағасының бірінші орынбасары (Серік Оразбаев), аупарткомның идеология жөніндегі хатшысын (Рақымғали) шақырып, бізді оларға, оларды бізге таныстырды. Жүрегінің түгі бар, батыл, іскерлігі бірден байқалған бірінші секретарь аудан жағдайымен таныстырып шықты да: «Сіздерден жасыратын ештеңе жоқ. Әлі өздеріңіз де көріп-біліп, қаныға жатасыздар ғой. Халық санының жартысынан астамы өз қандастарымыз болса да, аудан тарихында бірінші басшы болған қазақ мен ғанамын. Онан соң мына екі жігіт – тізгін ұстаушы осы үшеуміз, қалғандар өзге ұлттан. Ал, енді жоспарларыңыз қалай? Айта беріңіздер. Қайда барам десеңіздер де Серік бірге жүреді, кеткендеріңізше
жандарыңызда болады», – деді ауатком төрағасының бірінші орынбасарына қарап. Серік күлімсіреп, бас изеді. Аудан басқаратын үш қазақ басшы да иманжүзді, қызметтеріне лайық сияқты көрінді. – Біз әуелі бірыңғай қазақтар тұратын ауылға барсақ дейміз. Елжұртпен дидарласып, мәдени-тұрмыстық жағдайларымен танысып, суретке түсіру үшін. Бар ма сондай ауыл? Басқасын көре жатамыз,– дедім. Үш бастық ойланып қалды. Мойындары салбырап, жауап айта алмай қипақтады. – Секе, не дейсіз?– деді бірінші хатшы ауатком төрағасының бірінші орынбасарына. Ол үшінші хатшыға қарады. Үшіншіхатшы: – Ойланайық,– деді. – Ауылдар аз емес қой, бірақ, бәрі өзге ұлт өкілдерімен аралас емес пе? – Шетінен хутор боп кеткен ғой,– деді Серік. – Иә, қазір бірыңғай қазақтар тұратын ауыл жоқ-ау деймін. Секең айтқандай, бәрі хутор боп кеткен, – деді бірінші хатшы да. – Бұрынғы қазақ ауылдарының тек жұрты қалған. Қираған үйінділер. Бірақ, атаулары сақталып қалған. Қалай еді, «Қыпшақ ауылы», «Үйсін ауылы», «Керей ауылы», «Шөмекей ауылы», «Жаппас ауылы», «Арғын ауылы», «Уақ ауылы»... кете береді. Баяғы ауылдарды қай рудың адамдары мекендесе, солардың атымен аталған екен ғой. Мәселен, біздегі «Қыпшақ» аулында Қажымұқан атамыз, генерал Сағадат Нұрмағамбетов, «Арғын аулында» Рақымжан Қошқарбаев, «Үйсін ауылында» Балуан Шолақ, «Керей» аулында Ғабит Мүсірепов туған деседі. Генерал Сағадат Нұрмағамбетов туған ауылына әр жыл сайын келіп, аунап-қунап қайтады. Жылына болмаса да, Рақымжан Қошқарбаев та сөйтеді. Сағадат ағамыздың бірге туған аға-інілері қайтыс боп, қазір көзі тірі апасы мен қарындасына келеді. Әрине, бәріміз күтіп алып, шығарып салып, қасында жүреміз ғой. Ғажайып адам. Ал, Секе, не істейміз, қонақтарға бірыңғай қазақтар тұратын ауыл таба аламыз ба, жоқ па? Есіңе түсірші... – Есіме түсті,– деді еңсегей бойлы, толықтау денелі, сарғыш өңді, қалың қара шашы бұйраланыңқырап тұратын Серік жымың етіп. – Айт онда! – «Ерназар» ауылында бірыңғай қазақтар тұрады. Он шақты үй неміс бар еді, көбі көшіп кеткен. Қазір үш-төрт үй қалған шығар. Өздері қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жақсы біледі, қазақшаны қазақтан артық сөйлейді.
– Соңғы рет онда қашан болып едің? – Есімде жоқ, ары-бері өткенде соғып жүреміз ғой. Бір совхоздың өзінде «Ерназар» сияқты он бөлімше бар. Бас-басына бара беретін жағдай қайда? Керек кезде телефонмен сөйлесеміз, – деді Серік. – Білемін,– деді біріншіхатшы. – Бөлімше меңгерушісі оңды жігіт. Әкесі − соғыс ардагері. Ал, не істейміз? Сонда барасыздар ма? Барамыз, әлбетте. Түстен кейін Серік бастап жолға шықтық. Орталықтан алыстау «Ерназар» ауылы үлкен жолдың бойында екен. Көше бойларында бой түзеген тал, терек, үйеңкі, қайың ағаштары. Шағындау арықта мөлдір су ағып жатыр. Бөлімше кеңсесіне таяу жерде маңдайшасына «клуб», «кітапхана» деп жазылған екі бірдей мекеме орналасқан еңселі ғимарат. Сәл әріде балабақша, монша, мектеп, шаштараз, сағат, етік жөндейтін шеберханалар. «Е, жаман емес, дәл біз іздегендей ауыл екен», – дейміз. Бізді алдын-ала хабарланған бөлімше меңгерушісі – жасы қырықтан асқан шымыр денелі, қара торы жігіт қарсы алып, кеңсеге бастады. Ішке кірген бойда: – Ал, добро пожаловать, жақсы жеттіңіздер ме? – деді. – Садитесь! Мына Сәкең сіздер келеді деп... Алматыдансыздар ғой... Біз осы «Ерназарда» тұрамыз. Жағдай жаман емес... – деп гүр-гүр етті. – Әй, Бектас, бұл кісілер қазақша журналдан келіп отыр. Орысша араластырмай сөйле, – деді Серік бауырымыз аңқылдай күліп. – Қазақша оқисыңдар ма? Газет-журнал келе ме? Меңгеруші күмілжіді. «Парасат» журналын білмейтініне кешірім сұраған болды. «Бұдан былай жазыламыз, аламыз» деп жатыр. Біздің міндет тың жердегі қазақ ауылының жай-жапсар, мәдени-тұрмыстық хал-ахуалын біліп, суретке түсіріп, журналда көрсету еді. Екі-үш күн ішінде біраз жай айқындалып, көз жеткендей болды. Бұл жерде оларды бас-басына тәптіштеп жатпай, әлі күнге көкейден өшпей, санада сақталған бірер жайды ортаға салып байқайық. Әңгіме тың игеруші қауым ішіндегі қазақтардың рухани деңгей, ой-өрісі қай дәрежеде еді, сол жайында. Ауданда кіл қазақтар тұратын ауыл бар ма деп, жауап ретінде «Ерназар» аталғанда-ақ әлденеден секем алғандай болған ек. Себебі, сөз арасында «Ерназардың» не екенін басқа тұрмақ, аудан басшыларының өздері де жөнді білмейтіні аңғарылған. Сондықтан, «Ерназар» деген не, адамның аты ма, әлде... деп сұрауға асықпай, әліптің артын күткенбіз. Міне, енді сәті келіп, бөлімше меңгерушісінен бірінші сол хақында сұрадық: «Ауылдың аты Ерназар болса, ол кім?». Меңгеруші мүдірді. Онан соң бірдеңені бүлдіріп
алмайық деп бұл жайлы сөз қозғамай, сақ сөйлеуден бөлек лаж қалмаған-ды. «Ерназарда» тұрған не бар, біле жатармыз, бәйек боп жүрген ағайындарды ұялтпайық деп те ойладық. Сонда да арагідік әлдекімдерден әзіл-қалжың ретінде сұрап жүрдік, ауылдарыңыздың аты Ерназар екен, ол кім, белгілі қайраткер ме, әлде шопан ба деп. «Соған мән бермеппіз, әйтеуір, біз ес білгелі солай атайды ғой», – деп, ешкім жөнді жауап айта алмады. Мақсат халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайын саралау болған соң, мұндағылар мал ұстай ма, айран-сүт, ет, май, нан өздерінен бе деп те ойлаймыз ғой баяғы. Өйткені, дүкеннен қап-қап ұн, әр үйдің ауласынан кемі бес-алты жандық, бұзаулы сиыр, құлынды бие көргендіктен. Естігеніміз: «Ешкім бие сауып, қымыз ашытпайды, сиыр сауып айран-сүт, кілегей, қаймақ, құрт, май жасамайды, нан жаппайды, барлығын дүкеннен алады. Әр күні таңғы сағат алтыда ауданнан әкелетін қамды-қатала, күйелеш нанды таласып-тармасып бөліп алады. Жеткенге жетеді, жетпеген құр қалады. Қыс ұзақ, қатал. Қыста соғым сояды. Мал сол үшін ұсталады. Басқасына зауық жоқ. Жастар емес пе, қолдарынан келмейді». Болды. Мәссаған! Үйіне кірсең, шай деп сары суды сапырып ішіп, таң атар-атпастан ауданнан әкелетін дүкеннің шала піскен бөлке нанын қаужаңдап отыратын, қырықты қусырып, елуді еңсерген бала-шағалы пақырлар қолда барды ұқсата алмай, өздерін-өздері ырзық-несібеден қағып отыратын жастар екен-міс! Пәлі! – Қымыз ашытатындар бар ма? – Бар, – деп жабылып қалған қазақ мектебінде мұғалім боп істеген зейнеткердің үйіне ертіп барып, қымыздан дәм таттық. Әрі бір ауылда «Лениншіл жас» газеті мен «Парасат» журналын жаздырып алып оқитын да сол және тағы бір ақсақал ғана болып шықты. Қарияны ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін (әрі үш-төрт пендеден сұрап, нақты жауап ала алмай аузымыз күйгендіктен) «Ерназар» жайлы айтқан жоқпыз. – Айраны бар үй бар ма?– дедік тағы бірде бөлімше меңгерушісіне. – Бар, – деп, бау-бақшаға малынған әсем ғимаратта тұратын – ол да зейнеткер – неміс ақсақалдың үйіне ертіп барды. Кемпірі екеуі ғана тұратын қутыңдаған неміс ақсақал бізді бірден төрге отырғызып, дастарқан жайды да, құрт, ірімшік, сары май, бауырсақ, айран, қымыз – бәрін төгіп тастады. Жаңа пісіп уылжыған жеміс-жидектер өзінше. Кемпірі екеуі шауып жүр. «Балалар бірі Мәскеу, бірі Целиноград, әрқайсысы әр жақта. Қазір Каролина екеуміз
тұрамыз. Қырық бірінші жылы жер ауып келгенде бізді аштықтан қазақтар аман алып қалып еді. Содан бері осындамыз. Атымыз неміс демесе, затымыз қазақ. Ішіп-жейтініміз қазақ тағамдары: қазы, қарта, жал, жая, қымыз, айран, жент, бауырсақ, құйрық, бауыр. Көкөніс, жеміс-жидек те өзімізден. Бір таңқалатыным, қазақтар осылардың бәрінен өздерін-өздері қағып, жадап-жүдеп жүреді. Мына көршім төрт сиырының біреуін де саумай, бұзауларына емізеді», – деп үй иесі неміс қария әп-сәтте біраз әңгіме тиегін ағытып тастады. Ал, енді бір сәті түскен болар-ау деп көкейдегі сұрақтың шетін шығарып, үй иесіне: «Ерназар» деген не?» – дедім. Бетіме сығырая қараған ол: «Не емес, кім де. Ерназар кәдімгі белгілі мемлекет қайраткері Елтай Ерназаров емес пе? Елтайын баяғыда алып тастап, Ерназар боп қалды ғой. Оны неге сұрадың?» – деді саңқ етіп. «Жай, әшейін», – дей салдым. Ал, шын мәнінде, тіпті де жай емес, кітапханасында қазақша кітап жоқ, клубында қазақша шаралар өтпейтін осынау үлкен ауыл тұрғындарының Елтай Ерназаровты Ерназар деп, оның кім екенін білмейтіндері жақсылықтың нышаны емес-тін. Немесе, бұл сол шақтардағы тың игеру науқанынан рухани зардап шеккеніне көнбістікпен қарап, толеранттық танытудың тәтесі де, жәкесі де емес, көкесі болатын. Бұған орыстанған Ерназар ауылы емес, Арқадағы алты-жеті облыста тұратын қара ормандай найшасы пәс – қазақтарды кінәлі деуге де болмастай еді. Компартияның ұранымен жан-жақтан құмырсқадай қаптап келген тың игерушілер туралы да солай. Алайда, олардың келген бойда ел мен жер иесі қазақтарды менсінбей, ана қыр, мына қыр астындағы ауылдарды өздері орнатқан не бұрыннан бар хуторларға күштеп қосып, атамекенді ойрандап, «бір ел, бір жұрт», еткені күні кешегі өктемдік, зорлық зардабы екені көзімізбен көрген сұрқай сүргін, ақырет іспетті ақиқат еді. Иә, көзбен көрген, куә болған. Өзіміз. Сан рет. Жоғарыда айтқанымыздай, ұзақ уақыт әлдебір Алексеевтің атымен аталған аудан тұрғындарының тең жарымынан астамы қазақтар екен. Соған қарамай, астық өсіретін он бір совхоздың бір-екеуінен басқаларының басшысы келімсектерден қойылыпты. Бөлімшелер болса-болмаса. «Жол мұраты жету» дегендей, алыстан әдейілеп ат терлетіп келген соң, жолбасшымыз Серік Оразбаевпен бірге төртбес күн бойы басқа да біраз шаруашылықты аралап, арлы-берлі жүрген шақтарда даладағы иесі жоқ, қиранды үйінділері қалған ондаған, жүздеген қазақ ауылдарының орнына жайбарақат қарау
мүмкін емес-ті. Сондай шақтарда бізге жолбасшы боп, сырттай сыр бермей, бір қарағанда, жайраң қағып жүретін Серік бауырымыздың да іш дерті ішінде екеніне куә боп жүрдік. Тұрғындары орыс хуторларына көшіріліп, ойраны шыққан қазақтар тұрған ежелгі атамекеннің қай-қайсысының да жанынан өткенде Серік машинаны тоқтатып, аруақтарға бағыштап құран оқып, бет сипап жүрдік. Аупарткомның бірінші хатшысы әрі ауатком Кеңесінің төрағасы бізбен алғаш жолыққанда айтқан ру аттарымен аталатын «Қыпшақ ауылы», «Шөмекей ауылы», «Үйсін ауылы», «Жаппас ауылы», «Керей», «Уақ аулы» дейтіндердің бәрінің жермен-жексен болған орнын көріп, қандай күйге түскенімізді айтып жеткізу қиын. Бұл есте жоқ ескі замандардағы ертегі-әфсана емес, біраз жыл қатарынан миллиард пұт астық беріп, соған мәз болған тың игеру деген науқанның қазақты жерге қаратып, пұшайман еткенінің көрінісі болатын. – Анау менің ата-бабаларымның жұрты, – деді Серік келесі бір қиранды мекеннің тұсынан өтіп бара жатқанда (мұнда да көлікті тоқтатып, дұға оқылды). Айнала кең жазық, сусылдап өсіп тұрған астық алқабы. – Тұрғындарды Ерофей хуторына көшірген. Ерофейде жасайтын халықтың үштен екісі қазақ. Сонда барамыз ба? Көресіздер ме? – Барайық. Қазан революциясынан бұрын пайда болып, әлдебір мұжықтың атымен аталатын – қазақша айтсақ – Ерофей аулы тұрғындарының басым бөлігі шынында да қазақтар екен. Бірақ, шетінен балабақшада орысша тәрбиеленіп, мектепте (барлық жердегідей) орысша білім алатын, үйде де, түзде де сол тілде сөйлесетін, қазақша ән, күй, музыка, кітап, газет-журналдан мақұрым пақырлар. Соған қарамай, клуб пен кітапхана меңгерушілері қазақ келіншектер екен. Екеуі де иманжүзді, ұяң, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, дүрілдете қанат жайдыруға құмбыл, оған мүмкіндіктері де жететін мамандар болғанмен, қайтерсің, қол қысқа, ерік жоқ. Кітапханада бірлі-жарым саяси брошюра, әдістемеден бөлек, қазақ тіліндегі кітаптар жоққа тән. Біренсаран барларының өзі атамзамандағы ескіріп, жыртылып, тозған кітаптар. Оқитын пенде болмаған соң, сол кітаптардың өзін ешкім алмайды екен. Газет-журналдарды атама. Клуб меңгерушісі біздің қолқалауымызбен бір қазақ әнін бұзып-жарып зорға айтты. Екеуі де мұңды. Қабақтарында кірбің бар. Іштей ойламайды, қайғырмайды дейсің бе?
Ауыл (хутор) дегені болмаса, Ерофей елді мекенінің аумағы ат шаптырым, халқының саны кейбір кішігірім колхоз не совхозға жетеқабылдай екен. Ресми тұрғыдан, совхоздың жетінші не сегізінші бөлімшесі. Оны басқаратын ұлты ингуш Мальцагов деген біреу екен. «Мені бұл қызметке мұсылман болғандықтан қойды, өйткені, бізде қазақтар көп», – деді ол орысшалап. «Онда неге қазақша сөйлемейсің?» дегеміз жоқ. Себебі белгілі, оның да қолында кісен, басында ноқта. Шовинист билеп-төстеушілер ашық болмаса да, түрлі айла-шарғымен ондайға жол беретін бе еді? Өйткені, Кеңес Одағы бір ел, бір халық. Тіл де біреу бола жаздап барып құдай сақтады емес пе? Алексеев ауданына барған осы сапарда бірқатар совхоз директоры, партком хатшыларымен де дидарласып, үйлерінде қонақ болып әңгімелестік, пікірлестік. Қалай дегенмен, біз де, олар да бір мемлекетте өмір сүретіндіктен, қоғам ауанымен санасамыз, санасуға тиіспіз, міндеттіміз, онсыз тауық шақырып, таң атпайды. Бүгінгі айтып отырғанды ол кезде айту қаперде жоқ, бола қалғанда да іштен тынып, білдірмей, сақ жүру керек. Өйткені, талап солай. Кеңес өкіметінің талабы. Ортақ талап. Толеранттық өзінше. Қазақтың небір айтулы тұлғалары өмірге келген сулы, нулы, адым сайын қайың, қарағайлы орман, көлдері қисапсыз аумақты аудандағы жалғыз қазақ орта мектепке да барып, өзі де, әйелі де өнерлі, көзі ашық, ұлтжанды директордың үйінде болып, ерлі-зайыптылардың құйқылжыта шырқаған әндерін тыңдадық, әңгіме-дүкен құрдық. Осы совхоздан бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс» журналына жиіжиі мақала жолдайтын штаттан тыс тілші Қарпықбаевпен кездестік. Сонда бір білгеніміз, жалғыз қазақ орта мектебінде оқитын шәкірттер саны мардымсыз, біраз ата-аналар балаларын көрші шаруашылықтағы орыс мектебіне бергенді қалайды екен. Міне, идеология! Орысша оқымасаң, адам болмайсынның сиқы. Керісінше екенін ұқпаудың, ұға алмаудың көрінісі. Ел иесі, жер иесі кім екеніне мән беруге шек қойылған бейшаралық. Қазір ойлайсың, егер сол бетпен кете бергенде не болар еді деп. Бұл бір аудан. Тың өлкесіне қарайтын алты-жеті облыста дәл сондай қаншама ауыл, аудандар болды, бажайлай бер. Сол аймақтардан шыққан базбір (алматылық) мықтылардың біз көргендей ойран болған атамекеннің ахуалын ойлаудың орнына, республикалық деңгейде бірлі-жарым атқа мінген қазақтар жайлы өсек-аяң қоздатудан қолдары босамағаны өте қызық еді, пай-пай! Әлде, атамекен ойрандалып, қазақ ауылдары орыс ху-
торларымен біріктіріліп, мектеп, кітапхана, аудандық, облыстық қазақ газеттері жабылып, қазақылықтан жұрдай болған ахуал олардың жандарына батпады ма екен. Солай болмаса неғылсын. Ол жайлы тіс жармаушы еді ғой. Жарса да сирек, бірен-саран. Есесіне, бар шаруасы Қонаев боп, оның орнына Колбин келуін жиырма бес жыл күткен шерменделер шерлі шежіре жазып тұлданбады ма? Төрт-бес күндік сапар аяқталып, аупарткомның бірінші хатшысының кабинетінде көрген-білгендер айналасында әңгімелесіп отырғанда, кенет есік ашылып, орта бойлы, толықтау, бұйра шашты, көздері өткір, келісті де көркем жігіт кіріп келді де, кабинет иесінен кешірім сұрап, бізбен амандасқан соң: – «Парасат» журналынан келген сіздерсіздер ме? – деді фототілші В. Мыльников екеумізге күлімдей қарап. Даусында әлденеге абыржу, толқу бар. – Иә, – дедік оған.– Айта беріңіз. – Бұл жігіт − аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, есімі Әужан, – деді бізбен бірнеше күн бірге жүргенде етене жақын болып қалған Серік Оразбаев. Сөйтті де: «Не шаруа, айта бер?», – деді Әужанға қарап. – Бұл кісілердің келгенін естіп, екі-үш күннен бері тосып жүр едім. Сөйлесуім керек. Сіздер әңгімелесе беріңіздер. Мен коридорда күте тұрайын, – деген Әужан кабинеттен шығып кетті. – Қазақ десе шығарға жаны жоқ жігіт, – деді аупарткомның бірінші хатшысы ол кетісімен. – Шамасы, сіздерге бірдеңе айтатын сыңайы бар секілді, тыңдап көріңіздер, не дер екен. – Арыз болмаса бопты да, – деп Серік мырс етті. – Жоқ, ол ондай емес, – деді бірінші хатшы. – Қалжың ғой, – деді Серік. Біраздан кейін, жанымызда Серік бар, коридорға шығып, Әужанмен жолықтық. Ол жақын жердегі кеңсесіне шақырып, сонда кеңірекәңгімелесуді ұсынды. «Секе, менің айтарымның сізге де қатысы бар, бірге жүрсеңіз жақсы болар еді», – деп те қойды Серікке қарап. – Ал, бастай бер онда. – Уақыттарыңызды алмай, сіздерге төтесін айтайын. Пәлен жердегі пәлен ауылдың тұрғындары, – деп бір елді мекенді атады да, – қазақша бастауыш мектеп ашайық десек, келісетін түрлері жоқ. Естіп жатырмыз, «Ерназар» аулының адамдарын қазақша балабақша ашуға көндіріп, ондағылар қарсы емеспіз деп қол қойған шешімін әкеп берді. Енді құдай үшін анау ауылдан бастауыш мектеп ашуға
жәрдемдесіңіздерші. Ол үшін осы қазір бәріміз сонда барып мәжіліс өткізейік. Сіздер сөйлеңіздер, сонда олар келіседі. Ал керек болса! Мен Серікке қарадым. Ол жымиып күлді де, телефон тұтқасын көтеріп, бірінші хатшымен хабарласты. Ол бірден келіссе керек, Серік: «Жарайды, барамыз»,–деді. – Қонақтар, не дейсіздер? Шаршадыңыздар, әрине, бірақ Әужанның сөзін естіп отырсыздар ғой. Сірә, көңілін қалдырмаған дұрыс болар. Баратын жер алыс емес, ол ауылда менің туған балдызым тұрады. Бие байлайды. Бүгін сонда түнеп, қымыз ішіп, жақсылап демаласыздар. Бұйырса, Әужанның өтініші жерде қалмайды әрі оның әнін тыңдайсыздар, – деді Серік. Оқу бөлімінің меңгерушісі Әужанның (есімін қате айтсам, кешірім өтінемін, Әужан әкесінің аты болуы да мүмкін, айтқандары дұрыс. «Ерназар» аулында екі күн болуымыздың себебі, ауыл тұрғындарының басым бөлігі қазақша балабақша ашуға келіспей, бұра тартып жүреді еке. Бес-алты ақсақалды жиналыста сөйлетіп, өзіміз де тіліміз жеткенше айтып, көпшілікті әрең идіріп, шешім қабылдап, келісеміз деп қол қойдырғанымыз рас еді. Міне, енді соған ұқсас тағы бір мәселе алдан шығып отыр. Ат аунаған жерде түк қалсын, тәуекел дестік. Әужан өзі білетін адамдарға алдын-ала хабарлап қойса керек, біз барғанда жұрт шағын клубқа жиналып, күтіп отыр екен. Бірінші сөйлеген Серік «Парасат» журналы дей бергені сол еді, әр тұстан «білеміз, білеміз» деген дауыстар естіліп, жұрттың назары Мыльников екеумізге ауды. Мұндайда іштегіні айтпай біліп, қамшы салдырмайтын Мыльников ұшып тұрды да, отырған жұртты сырт-сырт суретке түсіре бастады. Көңілденген көпшілік менің «ақыл-насихатымды» да ықыласпен тыңдап, қазақша бастауыш класс ашуға келісеміз деп қолдарын көтерді. Шешім қатталып, қағазға түсті. Қол қойылды. Әужанның қуанышында шек жоқ. Қайта-қайта рахмет айтып, «осылай болар деп сенген соң ғой сіздерді кешеден бері күткенім» деп жарқынжарқын күледі. Сол аралықта жолбасшымыз Серік бұл жаңалықты аупарткомның бірінші хатшысына да хабарлап үлгеріпті. Ертеңіне ауданға аттандық. Тағы да аупарткомның бірінші хатшысының кабинетінде бас қостық. – Мыльников екеуміз, Серік және Әужан. – Облпарткомға телефон соғып, сіздерге қонақүйден люкс әзірлетіп қойдым. Қашан барсаңыздар да дайын. Бәлкім, ауданда әлі де бола тұрарсыздар, – деді бірінші хатшы.
Менің мұндағы шаруа біткен соң айтармын деп жүрген өтінішім бар еді, соны айттым: – Сағадат Нұрмағамбетов жыл сайын келіп тұратын ауылды көрсек, ет жақындарымен сөйлессек, суретке түсірсек, бәлкім, журналда жариялармыз, – деп. – Е, ол қиын емес, – деген бірінші хатшы қолма-қол әлдекімге телефон соқты. – Жарайды, апайға хабарла. Оның үйіне қонақтарды өзің бастап бар, – деп шегелеп тапсырды. – «Қыпшақ ауылының» бұрынғы орнын көрдіңіз ғой. Қазір баратынымыз басқа жер, яғни, совхоз орталығы, қыпшақтар сонда тұрады. Батыр ағамыздың апайы да сонда. Аудан орталығында тұратын туған ағасы қайтыс болған, – деді Серік. Сөйтіп, түске таман Кеңес Одағының Батыры, сол кезде өзіміздің Орта Азия соғыс округінде басшы қызмет істейтін сергек те сезімтал, елгезек, ширақ, қазақ әдебиетін бір кісідей оқып, жақсы білетін, Ұлы Жеңісті Берлинде бірге қарсы алған майдандас досы, «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішев пен бөлім бастығы Жекен Жұмақановқа (редакцияға) жиі келіп жүретін қазақтың самдағай перзенттерінің бірі Сағадат Нұрмағамбетовтің – әр жыл сайын арнайы ат басын бұрып, туған жер ауасын жұтып қайтатын мекені – туған апайы тұратын совхозға табан тіредік. Жанымызда – кәдімгі өзімізбен сыралғылас, аупарткомның бюро мүшесі, ауатком төрағасының бірінші орынбасары, жайдары да жайсаң жігіт Серік Оразбаев. Оның үстіне, аупарткомның бірінші хатшысы (аты-жөні есіме түспей отыр. Оны еліміз тәуелсіздік алған соң орталық Астанаға көшкен жылдарда телевизор арқылы Елбасының айналасынан байқайтынбыз, қазір көрінбейді) телефон соғып тапсырыс бергендіктен де болар, біз келгенде шаруашылық басшылары директордың кабинетінде тайлы-тұяғы қалмай күтіп отыр екен. Кіл еңселі, ажарлы, айбынды, кесек бітімді азаматтар. Араларында өзге ұлт өкілдері жоқ есебі. «Е-е-е!» деп еңсе жазғандай болдық. Солайы солай болғанмен, қалай дегенде де, көңілге сәл кірбің түсіріп, сәл секем алған сәл тәуір еместеу нәрсе – Қажымұқан мен Сағадаттың ұрпақтары бізбен де, бір-бірімен де нақ солай болуы тиістей, өзара қысылып-қымтырылмастан орысша сөйлесіп отырды. Тек Сағадаттың апайы болмаса, басқалар салт па, әдет пе, әлде еттері өліп, көнтері боп кеткен бе, бәрі бөтен тілде шүлдірледі. Айттық қой қазақ тілін білмесе бірсәрі
деп. Олай емес, ана тілге шеттерінен ағып тұр. «Бізде солай», – деді Серік екіұштылау етіп. Ол сөздің де түбіріне мән беріп, бажайлап жатқан ешкім жоғы, бәрі қалыпты жағдай екені көрініп тұр (сондықтан да Серік әлгідей деген болу керек). Көрген көзде жазық жоқ, әрине, біздікі байқау, аңдау, қонақ қойдан жуас. Бұлар, тіпті, орыс тұрмақ, гагауз, эвенки, хакас, шүршітше сөйлей ме, ол уақытта ешкім пәлен демейді, дей алмайды. Тіпті, қаперге кіретін де заман емес еді ғой. Оған қоса құқ та, құлық та жоқ. Білген қиларын жесін деуден бөлек әдді болмайды. Совхоз басшылары – кілең көз тойғандай жылы жүзді, қонақжай қазақ азаматтарға риза боп, бар екенбіз ғой деп марқайғанымызды жасырмаймыз (қазіргі «баршаға түсінікті болсын» дейтін қыжыртпаның сол кездерден бастау алмағанына кім кепіл, өйткені, біз барған шаруашылықта бірлі-жарым өзге ұлт өкілдеріне бола осындағы сан жағынан әлдеқайда мол қалың қазақтың басшысы да, қосшысы да ортақ тілде сайрағанына сан рет куә болдық емес пе?). Мұнда келу себебіміз, Сағадат Нұрмағамбетовтің туған жерге жыл сайын арнайы ат басын бұрып, түсетін үйі, ет жақын туматуыстарын көру, танысу болған соң, ол мақсат түгелдей орындалды. Сағадаттың өзімен бірге туған аға-інілері бақилық болғанын бұған дейін білетіндер айтқан. Бір-екі майдандас досы да марқұм екен. Сондықтан, бірге туған апайының үйіне барып, ашық-жарқын әңгімелестік. Өрен-жарандарын фотосуретке түсірдік. Батырдың апайы қазақтың қонақжайлылық дәстүрі бойынша мал сойдырып, қазан көтерді. Ол үшін алғыс айттық. Сәті түссе, Алматыдағы бауырыңызға айта барамыз дестік (кейін солай еттік, журналға да жазылды). Сөз басында бұл Алексеев ауданына үшінші рет жолымның түсуі екенін айтқанмын. Қазір ойлап отырсам, «Мәдениет және тұрмыста» қалыптасқан дағды бойынша, әр айда кемі үш қызметкер алыс облыс, аудандарға барып, су жаңа материал жазбаса болмайтын. Соған орай, біз бармаған жер, баспаған тау жоқ есебі-тін. Ұлан-байтақ өлкедегі кей ауданға бір не екі, тіпті, үш реттен сапарға шығу үйреншікті нәрсе болатын. Мәселен, менің осы (Целиноград) облыстың Шортанды, Макин, Қорғалжын т.б. аудандары мен Жолымбет кенішіне де әлденеше рет жолым түскен-ді. Сонау жер түбіндегі (ол кезде аудан) Маңғыстау, Семей облысындағы Абай, Шығыс Қазақтандағы Самар, Талдықорған облысындағы Алакөл аудандарына да кемі үш реттен барғаным есте. Халыққа кеңінен танылып, тиражы жарты миллион
болған «Мәдениет және тұрмыс» журналының арқасы еді-ау, шіркін, соның бәрі!.. Міне, үшінші рет келген Алексеев ауданындағы іссапар аяқталып, сол кездегі Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Назарбаевтың себі ме, осы аудан тарихында құдай жарылқап тұңғыш рет тізгін ұстаған қандасымыз және оның үзеңгілес серіктестерімен қоштасуға жиналдық (ол кезде журнал қызметкерлерін қайда да хан көтере қарсы алып, барғаннан кеткенше алақанда ұстап аялайтын. Дұрыс жұмыс істеулеріне жағдай жасайтын, қазір қайдам). – Мен бұл жерге бірінші рет келгенде ауданның сырт көрінісі де, ішкі жай-жапсар да бүгінгіден көп төмен болатын, – дедім аупарткомдағы әңгіме үстінде. – Бүкіл ауданда ауатком төрағасының бірінші орынбасары, біреу де болса бірегей, сұсты, айбынды, іскерлігі бірден аңғарылатын, тыңгерлерді бір шыбықпен айдайтын еңсегей бойлы, қызыл шырайлы, батыр болмысты жалғыз қазақ азаматын көргенмін. Қазір бәрі өзгеріпті, жаңарыпты. Аудан орталығы да, совхоздар да көркейіп, гүлденіп, оқтай түзу асфальт көшелер, зәулім ғимараттар пайда болыпты. Сіздерге алда да табыстар тілеймін. Аман-сау болыңыздар, – деп аупартком басшысы ұсынған жеңіл көлікпен облыс орталығына (Целиноград) аттандық. Жақсы көңіл-күй, үлкен ризалықпен, әрине. Иә, жақсы көңіл күймен, ризалықпен. Ел көріп, жер көріп, бұрын ұшыраспаған жаны жайсаң, жайдары азаматтармен танысып-білісіп, үлкен әсер-сезіммен, шаттықпен... қашанғыдай... Солай ойлаушы едім. Ойлап келдім. Бертінге дейін. Бірақ, сол жолы біз қайда бардық, не сездік, не байқадық, не түйдік, не көрдік, шынымен-ақ бәрі керемет пе еді? О, жоқ! Жоқ!.. Қазір ойласақ... Сол жолы... Қираған мәдениет ошақтары, кері кеткен мәдени-тұрмыстық қызмет, жаппай орыс хуторларына қосылған қазақ ауылдары, жаппай рухани құлдырау, рухани жүдеу, сан жағынан көп болса да қызыл империяның тегеурінінен басылып, жасып қалған, ана тілде жұмыс істейтін балабақша мен мектепті қажет етпеуге айналған қандастар, пұшаймандық халін білдіргісі келмейтін «менің де күнім күн еместің» кебін киген ел ағалары, бір сөзбен айтқанда, жоғарыда баяндалғандай көз алдауға таптырмас тасырлық, құлмінездік елестер ғана еді-ау көріп-біліп, куә болғандарымыз. Немесе...
МӘДЕНИЕТКЕ АРНАЛҒАН ҒҰМЫР немесе Мұса Дінішев жайлы толғаныс Бүкіл ғұмырын қазақ мәдениетінің өсіп-өрлеуіне арнаған Мұса Бөкенбайұлы Дінішев бақиға аттанғалы бірсыпыра уақыт болды. Кісілік келбет, жүріс-тұрыс, кішіпейілдік, адалдық, тазалық, айналасындағылармен риясыз қарым-қатынас, қамқорлығын аямайтын кеңдік, жомарттығы, жайдары да жарқын жүзі күні бүгінгідей көз алдымызда. Қоғамға, халқына еткен еңбегі, мәдениетке қосқан үлесі өлшеусіз. Мұсекең «зиялы кім?» десе, «мынау» дейтін біртуар тұлға еді. Бұрын да айтып жүргеніміздей, мұндайда сөз арасына еріксіз «мен» қосылады (ол өзіңді дәріптеу емесін түсінетіндер түсінеді, түсінгісі келмейтіндерге уәж жоқ). Со тұрғыдан келгенде, өз басым, кім-кімді де адамгершілік қасиет, ішкі мәдениетімен бірден баурайтын Мұсекеңді 1958 жылдың жаз айларынан біле бастадым. Жарық көргеніне жарты ғасырдан асқан «Мәдениет және тұрмыс» журналын ұйымдастырған тұңғыш редактор ретінде. Мұсекең оған дейін басқа да құзырлы мекемелерде басшылық қызметтер атқарды. Отан соғысына қатысып, майдандық газеттерде тілші болыпты. Жауынгерлік жолын Сағадат Нұрмағанбетовпен бірге Берлинде аяқтаған, еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастағанын өзі айтып отыратын. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында республика бойынша қазақша басылымдар саусақпен санарлықтай еді. Олардың қатары сол тұстарда баз бірінің аты өзгеріп, бірі қайта ашылып, бірі жаңадан шыға бастаған «Ара», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан ауыл шаруашылығы», «Үгітші блокноты», «Қазақстан мектебі», «Білім және еңбек» секілді басылымдармен толыға түсті. Солардың дәл ортасынан ойып тұрып орын алған бір де бірегейі «Мәдениет және тұрмыс» журналы еді. Сондықтан да, «Мәдениет және тұрмыс» дегенде алдымен оның тұңғыш редакторы, қадірменді Мұсекең, Мұса Дінішевтің аты ауызға алынатыны заңды. Қай басылымды да жаңадан ұйымдастырып, төрт аяқтан тік тұрғызу оңай-оспақ нәрсе емес. Оған мен (арадан жылдар өткенде) журналды шығарудан көп бұрын жер-жерге Мұсекеңнің қолымен жазылған бума-бума қатынас қағаздарды көргенде көзім жете түскен-ді. Қыруар еңбек, қаншама төгілген ащы тер. Бәрі ел-жұрт үшін, халық үшін, қазақ руханияты үшін.
«Мәдениет және тұрмыс» журналының шаңырағын көтеріп, жұмысын біршама жолға қойған соң Мұсекеңнің Мәдениет министріне орынбасар боп ауысқанын еститінбіз. Бұл 1960 жылдардың басы. Мен 1964 жылы май айында дәм жазып, аталмыш журналға қызметке келгенде (редактор Сапар Байжанов қабылдаған) Мұсекең әлі сол министрлікте еді. 1964 жылдың соңғы күндерінде Сапар Байжанов Орталық партия комитетіне жауапты қызметке ауысатынын білдік. Орнына кім келетіні де белгілі болды. Бұрынғы редактор Мұса Дінішев. Журнал ашылған күннен бастап Мұсекеңмен бірге істеген Жамал Байжанова, Қажкен Ахметов марқұмдардан ол қандай адам, жасы нешеде, түр-түсі қандай, мінезі жайлы ма деп сыр тартамыз. Олар көп ештеңе демей, «көресіңдер ғой» деуден аспайды. Бірдеңені бүгетіндей боп көрінеді. Жаңа (1965) жылдың басында жаңа редактор Мұса Дінішев қызметке келді(екінші рет оралуы). Ол жоқта қабылданған ұжым мүшелерінің де басым бөлігі жаңа адамдар. Жауапты хатшы Сұлтанғали Қадіров, бөлім меңгерушілері Бек Тоғысбаев, Қосжан Мүсірепов. Өз басым Мұсекеңді осында бірінші рет көрдім. Алғашқы әсер алдамшы екеніне соңынан тоқталармыз, бастапқыда тұйықтау, қаталдау тәрізді болып көрінді. Бірақ, мінезі жұмсақ, сөзі нақты, ісі тап-тұйнақтай. Жұртты жөнді-жөнсіз жиып алып, арғыбергіні қазғылап, уақыт алмайды. Әркімге басы ашық тапсырма беріп, мерзімін айтады. Ілуде болмаса, ұсынған материалдар кері қайтпайды. Жарамайтын материалдар жөнінде тәптіштеп ақыл айтып, «лекция» оқымайды. «Мынаның реті келмей тұр», − дейді де қояды. Енді ойлағанда, ол да тәрбиенің бір түрі екен. Неге жарамайды, олқылығы неде, себебін өзің ойлан да, өзің бағамда, бажайла. Дау-дамай, кикілжіңге орын жоқ. Пәлен материал көңілден шықпады деп бетке баспайды. Өндіріске жіберерден бір-екі апта бұрын ұжымды шақырып, нөмірге баратын материалдардың айдары, тақырыбын талқылайды. Көбі өзгереді, ширайды. Сөйтеді де, келесі санға не керегін, кім қайда баратынын хабарлайды. Бұларды бүгінгі жас әріптестер аға буын өкілдерінің жұмыс тәсілінен хабардар бола жүру үшін сәл тәптіштеп баяндап отырмыз. Әлбетте, ішімізде бұрынғы редактор Сапар Байжановты қимай жүргендер де баршылық. Бірі – мен. Жауапты хатшы Сұлтанғали Қадіров те, жаңа редактормен бізден гөрі көбірек араласатындықтан ба, там-тұмдап Сапекең дұрыс еді дегендей әлдененің шетін шығарып қояды. Қосжан Мүсірепов, Бек Тоғыспаев та солай. Сұлтанғали
Қадіров айтады: «Мұсекең көп ашылмайды, тұйық, бәрі ішінде», – деп. Мұсекеңмен журнал шыққан күннен бірге істеген Қажкен Ахметов: «Қайта сол жақсы емес пе? Мұсаның іші сара, көңілі таза, дық сақтамайды, бірдеңе ұнамаса, бетіңе айтады. Егер ештеңе демесе, онда жұмысыңа риза деген сөз. Мен жақсы білемін», – деп қарқ-қарқ күледі. Жүре келе солай екеніне біздің де көзіміз жетті. Сұлтанғали Қадіров бірер жылға жетер-жетпестен «Қазақстан» баспасына ауысып кеткеніне Мұсекең де өкініп жүрді. Мұсекеңмен осылай таныстық, табыстық, жеке басының жүрістұрыс, мінез-құлық, ішкі мәдениетінен үлгі ала жүріп, табиғи, таза қалыпта түсіністік. Бірден емес, бірте-бірте. Әрине, бұл Мұсекең жұрттың қиқаң-сиқаңына көніп, баз бір ішкі қайшылықтарға көз жұма қараушы еді деген сөз емес. Тәртіп қатаң, барлығы айқай-шусыз, қас-қабақ, сыртқы айбынмен-ақ тынып жататын. Ұжымда ауыс-түйіс болмай тұрмайтыны аян. Біреу өз еркімен, біреу жоғарылап кетеді, өмір бар жерде өлім де болатынындай, біреу бақиға озады. Бірер жылдан соң редакцияға Жекен Жұмаханов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғаббас Жұмабаев, Өкім Жайлауовтар келді. 1967 жылы наурыз айында бір жарым жыл төсекке таңылған ауыр науқастан кейін Қосжан Мүсірепов 36 жасында қайтыс болды. Бізге тұнжыр, салқын, тұйық көрінетін Мұсекеңнің әне сондағы Қосжанның қазасына іші-бауыры өртене қайғырып, үйіне барғанда да, қабір басында да егіле жылағанын көрсеңіз. Бес-алты жылдан соң Меңдекеш Сатыбалдиев (ол да 36 жасында) дүниеден озғанда да үйіне «ой, бауырымдап» кірген Мұсекең екі-үш күн есеңгіреп жүрді. Айтқан соң түгел айтайық, 1976 жылы зейнеткерліккке шығып әрі бұрынғыдан екі есе көп жалақы алатын жаңа жұмысқа баратын болғанда да, ұжыммен қоштасу үстінде Мұсекең ағылтегіл көз жасына ерік берсін. Бұл не? Жанының нәзіктігі, пәктігі, жүрегінің жұмсақтығы, тазалығы. Немесе ол да ет пен сүйектен жаралған қарапайым пенде екенінің көрінісі (бұлар жөнінде мен біраз бұрын «Мұса Дінішевтің жылағаны» деген шағын мақала жазып, газеттердің бірінде жариялағанмын). Иә, қарапайым! Сенгіштігі, аңғалдығы да жоқ емес-ті. Неге екенін қайдам, өзі асқан сауатты, алғыр, таза журналист бола тұра, жұмысқа кіл ақын-жазушыларды алатын (бүгінде мен олардың бәрін де сағынамын). Ал ақын-жазушылар − көңілді халық, жұмыстан гөрі, сән-салтанат, сәкәкуге жақындау. Екі күннің бірінде жұмыс
соңында ішу деген болмай тұрмайды. Оларды басқалар көрсе де көрмей, білсе де білмей жүре береді деп ойлайтын Мұсекең арадан үш не төрт апта өткенде ұжым мүшелерін жиып алады да, төртбес адамға сөгіс, қалғандарына ескерту жариялап, ойламаған жерден «бомба» жарылады. Онан соң сәл саябырлайды. Бірақ, көпке ұзамайды. Үш-төрт аптадан соң қайта шаң береді. Мұсекең редакция бөлмелеріне ілуде болмаса, бас сұқпайды. Кейде оны аптасына бір-екі рет көреміз. Оның үстіне, бөлме дейтін онша көп бөлме де жоқ. Алдында хатшы-машинистка, суретші отыратын өзінің ескі кабинеті, жауапты хатшының бір адам әрең сыятын қуықтай бөлмесі мен сегіз-тоғыз адам сығылыса жайғасқан (біздің) бөлме. Мекенжайымыз – Төлебаев көшесі, 52 үйдің екінші қабаты. Төменде ұзыннан-ұзақ дүкен. Бірде жұмыс соңына қарай – таяуда сөгіс, ескерту алған сабаздар тағы да дуылдасып отырғанда Мұсекең кіріп келді. Кіріп келді де, аңтарыла тұрып қалды. Ол аузын ашамын дегенше, төрде отырған Жекен Жұмаханов (құрдасы): «Мұсеке, қош келдіңіз, төрлетіңіз. Қорықпай-ақ қойыңыз, ішіп жатқан жоқпыз, сіздің әнеукүнгі жиналысыңыздан кейін ішуді біржола жерлеп тастағанбыз. Бүгін әншейін соның қырқын беріп жатырмыз. Рұқсат етсеңіз, бір жылдан соң жылын береміз. Сонымен бітеді», – деді көздері күлімдеп. Мұсекең күліп жіберді де, шығып кетті. Мұндай жағдай көп. Кейде әлденеге ренжіген Мұсекең ұжым мүшелерін жинап, айтарын айтам дегенше Жекен сөз бастап: «Апыр-ай, Мұсеке, костюміңіз тамаша ғой. Қайдан алғансыз?», – дейді мүләйімсіп. Мұсекең: – Немене, бүгін көріп отырсың ба? Он жылдан бері киіп жүрген костюм ғой,– дейді әлгі сөзді шын көріп. Жұрт ду күледі. Түйіліп келе жатқан қара бұлт ыдырайды. Жиналыс тыныш өтеді. Енді бірде Мұсекең әдеттегі өндірістік жиналысты бастайын дегенше Жекен әлдебір қызық әңгіменің тиегін ағытып қоя береді. Мұсекең ықылас қоя тыңдаған соң, өзгелер де құлақ тосады. Түс болады. Енді қайдағы жиналыс. Мұсекең түк болмағандай: – Әй, Жекен! Сен қайдағыны айтып, бүкіл уақытты алдың. Ал, онда тараңдар, – дейді де, орнынан тұрады. Әдеби қызметкер, аға әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі(әрі партия ұйымының хатшысы, саяси үгітші) болған мені 1973 жылы жазда өзінің оң қолы – орынбасар-жауапты хатшы етіп тағайындады.
Әрине, Орталық комитетпен келісіп. Өзі бастап, өзге жақта істейтін үш жауапты адамнан мен жөнінде мінездеме алып, Орталық комитеттің номенклатурасына тіркетті. Екеуміз қарама-қарсы бөлмеде отырамыз. Ортада –хатшы-машинистка. Жаңа жұмысқа кіріскен алғашқы кезде күн сайын таңертең алдымен Мұсекеңнің кабинетіне кіріп, елпеңдей сәлем беремін. Ал ол ернін болар-болмас жыбыр еткізіп, сәлемімді әрең қабылдайды. Тіпті, жақтырмайтын секілді. Солай дейін десем, мені жаңа жұмысқа тағайындағанда ұжым мүшелеріне: «Пәленше тек маған бағынады, сендер бұған бағынасыңдар, екінші бастық осы!» – деп шегелеген. Демек, мені қолдайды, теріс көрмейді. Алайда, сәлемімді салқын қабылдайды. Бұл не сонда? Не болсын, құдай берген жаратылыс. Болмысы солай. Екі аптадан кейін таңертең келгенде бірден оған кіруді доғардым. Білемін, өкпелемейді. Шынында да солай болды. Арамыз үш-төрт метр болса да, кей күні өзі шақырмаса, кабинетіне кірмеймін де. Білемін, ренжімейді. Екі орын бірден босап, олардың орнына бір бөлім меңгеруші, бір әдеби қызметкер алу керек болды. Алғашқы екеудің кеткен себептері белгілі-тін. Енді қабылдануы тиіс екеудің де сырлары мәлім болатын. Алдына келген оларға: «Ертең келіп, жұмысқа кірісіңдер», − деді де, маған бұйрық әзірлеуді тапсырды. «Қалай көресің, осыларды алсақ бола ма?» – деп те қойды. Өзі сұраған соң, ойымды ашық айттым: «Екеуіне де қабылдаймын деп уәде бердіңіз, енді менен несін сұрайсыз. Әлде, олардың әлгі нәрсе жағынан анау кеткен екеуден де асып түсетінін білмейсіз бе?» – деп. – Қайдан білейін, ондайды қойғанбыз десті ғой, – деп күлді. Өмірде не болмайды. Бұл жерде қызметке жаңадан келетін екеудің пенделік осалдықтары емес, керісінше, Мұсекеңнің кімкімге де сеніммен қарауға бейіл, адамгершілік, кіршіксіз тазалығына ден қойып отырмыз. Әйтпесе, ол екеуін төменшіктетуден құдай сақтасын. Екеуі де қызметке адал, кәсіби деңгейлері жоғары жандартын. Жоғарыда айтқанымдай, мен үшін (Б. Аманшин, Б. Әбдіразақов) олар да қымбат, шәй деспеген, аяулы азаматтар-тын. Сағынышпен еске түседі. Имандары жолдас болсын! Ұжым болған соң, ара-тұра түрлі себеппен мекемеде дастарқан жайылады. Оларға қоса шілдехана, қоныс тойы, туған күн, үйлену тойы секілді қызықшылықтар болып тұрады. Соларға алдын ала бір жерге жиналып, төрт көзіміз түгелденіп барамыз. Әлгі жиналатын жерге дәл айтқан уақытта бірінші боп, Мұсекең келеді. Қалғандар
жиналғанша бір сағаттай өтеді. «Өзі тауып барады ғой, жүре берейік, бір адамды күтіп тұрамыз ба?» – дегенге Мұсекең көнбейді. Бір сағат күтсек те, соңғы бір адамның тобымызға келіп қосылуын сарыла күтеміз және ондайда ешкімге зілді сөз сөйлемейтін Мұсекең: «Қазақ емеспіз бе?» – деп күледі де қояды. Жасы алпысқа толғанда Мұсекең Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен марапатталды. Радиодан естіп, газеттен оқып, ұжым мүшелері бір-бірімен хабарласып жатты. Бұл 1972 жылдың 2 мамыры, Мұсекеңнің туған күні. Төрт күндік демалыстан кейін, редакцияға 4 мамыр күні келдік. Ұзамай бәрімізді Мұсекең шақырды. Жекен Жұмаханов бастап, оны туған күнімен құттықтадық. Сонан соң Мұсекең бізге қарап: – Сендердің ешқайсысың үйге телефон соқпадыңдар ғой. Балаларым: «Папа, жұмыстағылар сені жек көре ме?», − деді. Енді былай болсын. Сағат төртте үйге келіңдер. Дайындық жасалып жатыр. Мен қазір кетемін. Бірде-бірің қалушы болмаңдар!– деді де орнынан тұрды. Ол рас еді. Үйіне телефон соқпайтынбыз. Осы жолғы мереке күндері де телефон соғу ешкімнің қаперіне келмепті. Жо-жоқ, қаперге келгенмен, бата алмаған, қаймыққан болсақ керек. Тіпті, әшейінде онша тайсалмайтын Жекен де. Дереу ортадан қаржы жинап, галстугімен қоса ақ көйлек, қара костюм, гүл, шампан, тағы басқалар алып, айтылған уақытта үйіне бардық. Онда Мұсекеңнің болашақ ғажайып әнші баласы Әлібек консерваторияда оқитын. Сол күні оның орындауында бірінші рет бірнеше ән тыңдадық. Мұсекең «Мәдениет және тұрмыс» журналынан кеткен соң ұзақ жыл басқа редакцияда редактор болып істеді. Біз оны, ол бізді ұмытқан жоқпыз. Өзі қолымен құрған журналдан алыстамай, үнемі келіп-кетіп жүрді. Жасы 80-ге толғанда аты «Парасат» боп өзгерген журналдың бас редакторы Смағұл Елубаев екеумізді өз аяғымен арнайы келіп, тойына шақырды. Қуанышына ортақтастық. Зайыбы (Ришат және Мүсілім Абдуллиндердің туған әпкесі) Кәмила Мұқымқызы Абдуллина апайдың, ұлы Әлібектің әндерін тыңдадық. Байғали Досымжанов, Хадиша Бөкеевалардың жылы лебіздерін естідік. Мұсекең 90-ға жақындап өмірден озды. Оған дейін қарттыққа алдырмай, ширақ жүріп, ширақ тұрды. «Парасат» журналының бас редакторы Баққожа Мұқаев Мұсекеңе де, одан кейінгі – өзіне
дейінгі– редакторлардың барлығына да құрметін аямады. Мұсекеңді жыл сайын редакцияға арнайы шақырып, дастарқан жаятын. Үйіне де барып тұрдық. Соңғы бір-екі жылда жүріп-тұруы қиындады. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын – журналистер күні – Баққожадан есепшіден 500 теңге алып беруін сұрадым. «Оны қайтесіз?» – деді. «Мұсекеңе барып шығайын деп едім, гүл аламын, ол кісі гүлді жақсы көреді», – дедім. Ол кезде елдегі жағдай ауыр. Мұсекеңмен бірге қызмет істемесе де, оны қатты қадірлейтін Баққожа сәл ойланды да: «Онда мен де барайын, гүлді неғыламыз, теңге апарайық», – деп конвертке жеті мың теңге салып, үйіне бардық. Мұсекең тіп-тік боп диванда отыр екен. Аса қартайған, қажыған түрі байқалмаса да, есте сақтау қабілеті біршама төмендепті. «Сен кімсің?» – деді Баққожаға. «Баққожамын, өзіңіз ашқан журналдың қазіргі редакторымын». «Иә, білемін ғой. Зәкір қайда, сонда істеп жүр ме?». «Зәкең, міне, қасыңызда отыр ғой, істеп жүр». «Көріп отырмын». Онан соң: «Әлгі анау ақтөбелік мұртты ақын болушы еді ғой, сол қайда?» – деді. «Қуандық Шаңғытбаев па? Ол кісі үйінде аман-сау», – дедім мен. Тағы да осы сарындас біраз сұрақтар берді. О, дүние-ай! – Ал, онда анау бөлмеде дастарқан жасаулы тұр, барып дәм татыңдар, – деді (бұл сөзді кәдімгі қалпында айтты). Ортаншы ұлы Фархадпен бірге көрші бөлмеге кіріп шай іштік. Сәлем-сауқатымызды ұсындық. Бұл Мұсекеңмен көзі тірісіндегі соңғы дидарласуымыз еді. Ол, әрине, өз қолымен ашқан – тиражы 500 мыңға жеткен – «Мәдениет және тұрмыс» журналының атын «Парасат» деп өзгерткенді іштей де, сырттай да қалаған жоқ-ты. Бүгінгі «Мәдениет» журналын көре алмай кетті. Егер көрген болса, сөз жоқ, қуана құптап, қолдайтыны анық еді. Мына бір жайды да айта кету аруақ алдындағы парыз сияқты көрінеді. 2002 жылғы қыстың соңғы айының бас шамасы ғой деймін. Жерде қар бар, күн суықтау. Редакцияға келсем, қабылдау бөлмедегі қыз: «Аға, сізге Салық дейтін кісі телефон соқты, Мұса Дінішевтің інісі екен. Дінішев қайтыс бопты», – деп мен білмейтін телефон нөмірін берді. Дереу хабарластым. Телефоннан: –«Сіз мені білмейсіз. Мұса Дінішевтің Салық Оразов дейтін жақын інісімін. Ағам таңға жуық қайтыс болды. Көз жұмардан сәл алдын есін жиып, тілге келгенде сіздің атыңызды атап: Мен жүріп кетсем, сол адаммен хабарлас, қалғанын өзі біледі, − деп аманат етті. Сізді іздеген себебім сол еді», – деді.
Баққожаға айттым. Ол: «Мұндайда қан шығару керек. Сіз сонда бара беріңіз. Мен базарға барайын. Екі қой бізден. Соны айтыңыз. Қай жерге қашан апару керегін сұрап аларсыз», – деді. Дереу Мұсекеңнің үйіне бардым. Алыс-жақын ағайын-жұрт жиналуда екен. Абыр-сабыр. Бала-шағасына көңіл айтқан соң, Салықты тауып алып, Баққожаның ниетін жеткіздім. – Әзірше қажет емес. Бәрі бар. Кейін көре жатармыз. Тек сіз осында болсаңыз болды, – деді Салық. Еліміздің батыс өңірінің тумасы, зейнетке шыққанша Нарынқол, Кеген аудандарында басшылық қызмет атқарған Салық ініммен қазірге дейін хабарласып, әңгімелесіп тұрамыз. Көп оқитын көзі ашық, таза, әділ, кішіпейіл, мәдениетті, сырбаз жан. Бүкіл саналы өмірін қазақ мәдениетінің гүлденіп, өсіпөркендеуіне арнаған қайран Мұсекең, халқымыздың біртуар перзенті Мұса Дінішевке өзінен жеті-сегіз ай бұрын бақилық болған жар қосағы Кәмила апайдың жанынан топырақ бұйырды... ШӘМШІ ӘНДЕРІНІҢ ШОҚЖҰЛДЫЗЫ «Сыған серенадасын» тұңғыш рет бізге әкелген еді Тегінде халықты халық етіп, мерейін көтеретін айрықша дарын иелері екеніне ешкім таласпаса керек. Табиғат сыйы. Күшену, зорлану, еліктеу, солықтаумен ешкім де алысқа ұзауы мүмкін емес, ондай болмаған. Жүзден озған жүйрік, мыңнан озған тұлпарды табиғат жарататынына айғақ мол. Жер арқасы қияндағы қарақалпақ топырағында өмір есігін ашқан ақиық ақын Төлеген Айбергенов те осы пікірге дәлел іспетті дер едік. Төлегенді Төлеген еткен біреуміреудің қолдап сүйеуі, қолпаштауы емес, өз болмысындағы дарын құдіреті. Музыка тарихында ойып алған орны бар, Қызылқұм өңірінің тумасы Шәмші Қалдаяқов та солай. Бұл тізімді жалғастыра беруге боларын сіз де, біз де жақсы білеміз, әрине. Бұл жолы атақты (сазгер емес) композитор Шәмші хақында өз білгеніміз төңірегінде азын-аулақ есте қалғандарды сөз етіп көруге құмбылдық танытып отырған жай бар. Әрине, Шәмшімен сәті түскенде жүз көрісіп, пікір алмасып, әңгімелесу бұйырған қаймана көптің бірі ретінде. Себебі, Шәмші де, өзге дарын иелері де − ал-
дымен көптің қазынасы, қалың жұрттың қалаулысы, сүт бетіндегі қаймағы. Олармен кез-келген пақыр екінің бірі, егіздің сыңарындай бола алмасы да түсінікті. Ол шарт та, міндет те емес. Өз басым Шәмшіні өткен ғасырдағы 1958 жылдың жаз айларында тұңғыш рет көрдім. Радиодан там-тұмдап берілетін алғашқы әндерін естіп, аты-жөніне сырттай қанық болатынбыз. Әндері жағымды, сүйкімді-тін. Сондықтан, біреулер «мына жігітті білесің бе, бұл Шәмші ғой» дегенде, кәдімгідей елең еткенбіз. Ол кезде радио күшті насихат құралы болатын. Менің дәм жазып «Лениншіл жас» газетіне қызметке іліккеніме көп болмаған. Мекеме қазіргі Абылай хан даңғылы мен Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы төрт қабат үйдің жоғарғы қабатында. Қарсыда «Пионер» журналы, онда Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Жүнісов жұмыс істейді. Екеуі де өндір жас, қылпылдаған қылыштай. Төменгі қабатта – Қазақстан комсомолының Орталық комитеті, жаңадан ашылған «Балдырған» журналы мен «Қазақстан пионері» газетінің редакциясы. Шәмшіні сол екеуінің бірінде көрдім ғой деймін. Пионер газетінде бөлім меңгерушісі боп істейтін жас ақын Қосжан Мүсіреповке жиі баратынмын. Шәмшінің мұнда не үшін, кімге келетіні есте жоқ. Әйтеуір, екі күннің бірінде кезігеміз. Амандасудан әріге ұзамаймыз. Шәмші тым қарапайым, тұйықтау болып көрінетін. Мінезі ашық, жүзінен нұр төгіліп тұратын Қосжанмен бірден шүйіркелесіп кетсек, Шәмшімен өйте алмадық. Тіпті, «көп әндеріңді тыңдап жүрміз, қалай, кімге арнап шығардың, өзің композиторсың ба, не бітірдің?» − деп те айта алмаймыз. Бірақ, келесі кездескенде ескі таныстай арқа-жарқа амандасамыз. Ол да, мен де одан әріге бармаймыз, сонымен бітеді. Өзі қандай қарапайым болса, пошымы да сондай, киімі жұпыны, қос құлағы қалқиған, аласа бойлы, ашаң жүзді қара жігіт. Егер біреулер оны Шәмші осы демесе, ән шығаратын қабілеті бар деп ойлауға болмастай. Кейін білуімізше, бұл сол кезде оның Еркінбай Әкімқұлов, Сабырхан Асанов, Өмірзақ Айтбаевтармен бір пәтерде тұрып, араласқұралас боп жүретін кезі екен-ау (мұны Еркінбайдың повесінен де оқыдық). Орта мектеп бітірген біраз бала жоғары оқу орнына бірден түстік те, жолы болмағандар әскерлік борышын өтеп келген соң, үштөрт жылдан кейін оқуға ілікті. Сондықтан мен Ташкенттен келіп, «Лениншіл жас» газетінде істеп жүргенде, аттестатты бірге алған
кейбір кластастар осындағы институттарда студент екен. Мені тауып алып, оқтын-оқтын келіп тұрады. Солардың бірі – зоотехникалықмалдәрігерлік институтта оқитын Өсерхан дейтін досым бірде ойдажоқта редакцияға кіріп келді. Жанында жүзі таныс, жас шамасы өзінен сәл үлкендеу дерлік қалқан құлақ, аласа бойлы, ашаң қара жігіт. Енді бұл, әрине, Шәмші болатын. Өсерхан салған жерден: – Танысып қой, Шәмші деген жерлесіміз, Сарыағаштағы зооветтехникумды бітірген, – деді жайраң қаға. – Е, біз таныспыз ғой , – деді Шәмші бәсең үнмен. Сонда да қол алысып, жақынырақ танысу ырымын жасаған болдық. Студенттің аты студент, қалтасы жұқа, біздейлерді ақшаға қарық боп жүреді деп ойлайтыны анық, сабақтан шыққан бойда екі өкпесін қолына алып жеткен досымды мұндайда дереу төмендегі асханаға апарамын. Бұл жолы да сөйттім. Шәмші қасымызда. Үшеуміз бірге тамақтандық. Кірпияздығы жоқ, қарапайым болғанмен, Шәмші бұл жолы да көп сөзге барған жоқ. Маған биіктен қарап, менсінбей отырған тағы ештеңесі жоқ. Олар көп бөгелмей қайтып кетті. Содан бастап Шәмшімен бұрынғыдан гөрі іштарта сәлемдесіп жүрдік. Бірақ, бәрібір әмпей-жәмпей бола алмаймыз. Ол «жазғандарыңды оқып жүрмін», мен «әндеріңді тыңдап жүрміннен» аспаймыз. Бұл енді сол кездің көзімен қарағанда, басқаша болуы тиіс те емес жоралғы. Әркімнің өзі қуған арманы бар дегендей... Арадан екі-үш жылдай өткенде мен Сарыағаш аудандық газетінде істеп жүрдім. Бұл аралықта Шәмшінің атақ-даңқы мейлінше дүркіреп, абыройы аспанға өрлеген шақтар болатын. Күні кешегі көзге қораштау көрінетін, біреу танып, біреу танымайтын «қарға бойлы қара бала» жұрт назарын күрт аударған тұлғаға айналған. Екінің бірінің аузында – Шәмшінің әндері. Радио, теледидар, концерт залдары, ауыл сахнасы – қайда да Шәмші. Әсіресе, «Қайықта» деп аталатын ән ғашықтар ұранына айналған әрі оны шырқайтын анаумынау емес, Бибігүл Төлегенова, Жамал Омарова, Роза Бағланова, Майра Жүрсінова орындайтын ғажап әндер қаншама. Осы жерде шамалы шегініс жасауға тура келеді. Әрине, Шәмші алғашқы әндерімен-ақ елді елеңдетіп, алабөтен атақ-абырой үшін емес, табиғат сыйлаған дарынының арқасында танымал болғаны аян. Ол тіпті, 1959 жылы эфирге шыққан «Ақмаңдайлым» әнімен-ақ «Бұлбұл» деген бір әнімен тарихта қалған орыс композиторы Аляьбев көтерілген биікке көтерілді десе де болғандай-тын. Әлбетте, сол Алябьевте басқа да әндер болған шығар. Алайда, оны Алябьев
еткен сол әні екені де ақиқат. «Огинскийдің полонезінің» авторы Огинский, қазақтың «Дайрабай» күйін шығарған Дайрабай, Ғазиз («Ғазиздің әні»), «Қалқа» әнін шығарған Қалқа да соған ұқсас. Шәмші олай емес. Тұшымды, шұрайлы, екпінді, нәзік лиризмі басым әндері бірінен соң бірі көкке шарлап жатты. «Ақмаңдайлым» әнін сол кезде сымдай тартылған, ұзын бойлы, аққұба өңді, әзілкеш, әрі бойдақ, сұлу қыз көрсе тек тұра алмайтын аяулы ақын, марқұм Сабырхан Асанов толғана айтып жүретіні есте (1959 жыл). Сол жылдарда Шәмшіден өзге де Бекен Жамақаев, Күнсайын Қуатбаев сынды «әуесқой» десе де, әуесқой еместерді қалпақпен ұрып алатын біраз дарынды композиторлар бой көрсетті. Сан жағынан олар аз емес-ті. Нұрғиса Тілендиев, Әблақат Еспаевтарды бұл топқа қоспай отырмыз. Себебі, қимаймыз. Бірақ, оларды да әуесқой не «жартылай» композитор деуге құлшынатындар топ-тобымен табылып жататыны жалған емес-ті. Халық қадірлеп, жаппай ардақтаған Шәмшіні де қырларына алып, шамалары жеткенше төменшіктетуге жандарын салатын олар өздері де онша жек көрмейтін ащы суға әуес деп те өршеленді, өсек-аяң таратып, қия бастырмаудың айла-шарғыларын жасап бақты. Мен енді Шәмшінің соншама бақастық, іштарлық, пәле-жалаға қалай қарсы тұрып, қалай төзгенінен хабарым жоқ. Алайда, оңай соқпағанын риясыз сеземін, ұғамын, түсінемін. Бәлкім, кей-кейде сондай қырсықтың салдарынан бір мезет ащы судан татса татқан шығар. Егер ащы судың біржола басыбайлы құлы болса, әуесқой емес, кәсіби композиторлар шығара алмаған ғаламат әндерді қалай шығарар еді. Шамасы, әуесқой еместердің тарапынан ба екен, Шәмшіге жақсы атақпен қоса, жарқанаттың көлеңкесіндей жағымсыз сұлба да жармаса жүретін. Ондайды еститін қалың қауымға да оңай тимейтін. Біреу Шәмші консерваториядан екі рет шығыпты десе, біреу үш рет шығыпты деп даңғазалап, е ол деміне нан піскен біреу дегенге саятын. Сөйтіп жүргенде Шәмші шығармалық сапармен Сарыағашқа келеді екен деген хабар жетті. Бұл 1963 жылдың қараша айының соңы не желтоқсанның бас кезі. Онда Төлеген Айбергенов Сарыағашта тұрады, кешкі орта мектептің директоры. Ал, осыдан бір жыл бұрын әлдебір шаруамен «Қапланбек» зооветтехникумына соғып, Бердуәлі дейтін азаматтың үйіне бір қонып кету үшін түнделете келген Шәмшімен Төлеген менің көзімше тұңғыш рет дидарласып, екеуі жақын танысты. Аудандық газетте істейтін Бердуәлі Тұрмағанбетов кешкі сағат он бір шамасында «үйге Шәмші
келді» деп Төлеген екеумізді қоярда-қоймай ертіп апарған. Таңғы сағат жетіде «Қызыл Ту» стансасынан Алматы пойызына отыруы тиіс Шәмшімен екі-үш сағат дастарқандас болғанбыз. Сол жолы Алматыдан таныстығы есіне түскен Шәмші маған да ілтипат білдіріп, бір жасағанбыз. Содан кейін енді, міне, Сарыағашқа келеді деген хабар бойынша аудандық Мәдениет үйінде дайындық жасалып, күллі халық жолына қарап, тағатсыздана күтті. «Шәмшінің бұл сапарға шығып, ел-жұртпен кездесуін ұйымдастырған Өзбекәлі Жәнібеков. Осыдан оралған соң Шәмші консерваториядағы оқуын қайта жалғастырады екен» деп те айтылып жатты. Шәмші келді. Қасында облыстық комсомол комитетінің жауапты қызметкері, екі-үш әнші, сарыағаштық өнерпаз, әнші, баяншы Ілес Қасымов бар. Кездесу тамаша өтті. Шәмші қардай бораған сұрақтарға жауап бере отырып, арасында әндер шырқалды. Кездесуден кейін аудандық мәдениет бөлімі жайған дастарқаннан дәм татып, онан соң қонақтық Төлеген Айбергеновтің үйінде жалғасты. Сөзге анда-санда араласқаны болмаса, Шәмші көп ештеңе демей, Естайдың «Қорлан» әнін екі-үш рет қайталап айтты. «Мені мақтап жатырсыңдар ғой, бүгінге дейін шығарған әндерім көңілімнен шығады. Бірақ, әлі өзім ойлағандай ән шығарғаным жоқ. Егер мүмкіндігім жетсе, ол ән «Қорлан» деңгейлес болуы шарт, уақыт көрсетер»,–деп түйіндеді сөздерін. Ертеңіне көрші Жетісай ауданына шығарып салдық. Төлеген бірге кетті. Сол жолы ол Жетісай, Киров, Мақтаарал аудандарында Шәмшімен бірге болып, үш-төрт күннен кейін қайтып келді. Олардың сол достығы Төлеген Алматыға келген соң әрі қарай жалғасып, өле-өлгенше үзілген жоқ. Екеуінің Маңғыстау, Атырауға барған сапарында «Ақерке-Ақжайық» атты ән келді өмірге. Ән болғанда қандай! 1964 жылғы сәуір айының басында мен Алматыға қоныс аударып, сол кездегі кең тарайтын айтулы басылым – «Мәдениет және тұрмыс» журналына орналастым. Бір жарым жылдан соң Төлеген де көшіп келді. Шыны керек, өз басым бұл жылдарда Шәмшімен пәлендей жақын жүріп, аралас-құралас болдым дей алмаймын. Бірақ, ниет түзу, тілектестік жайында. Тағы да бір айтарым, Шәмшінің тосын мінез, іс-қылығын аңғарған жоқпын. Біреулер аңыз етіп айтатындай ішкеніне де куә болғаным жоқ. Бірақ, композитор ретінде
биіктен-биікке өрлегеніне қуанып, біліп жүрдік. Мен композитор деп отырғанмен, ол шақтарда Шәмшіге ондай атақты қимайтын өр кеуделер түрткілеудей түрткілеп, санға кіргізбеуге, елемеуге тырысатыны жалған емес. Бізде не бар? Шама белгілі. Уақыт өтіп жатты. Шәмші оқта-текте келеді. Бірінші бастыққа кірмей, орынбасар – маған кіруге құмбыл. Уақыт тапшылығына қарамай жағдайын сұрап, сөзін асықпай тыңдауға тырысамын. Жүзінен ризалық байқалып тұрады. Шаруасын айтады. Жаңадан жазған әнін әкеліп, соны журналға бассаң дейді. Ұзамай жарық көреді. Әлдебір жерден телефон соғып, рахмет айтады. Кейде өз аяғымен келіп айтады. Артық-ауыз сөзі жоқ, қашан да дегдар, сыпайы, мұң шалып налымайды, жыланбайды. Өзін төрт құбыласы тең адамдай ұстайды. Ал, Шәмші туралы әңгіме қозғалғанда жұрт не демейді, анда жүр екен, мында жүр екен, әйтеуір, мойнына дорба байлап, қайыршы боп кетіптіден басқасының бәрін мүңкітудей мүңкітеді-ай сабаздар. Жамбыл облысындағы дүнгендер ауылынан жекеменшік үй салып, сонда тұрады екен деп те қояды. Рас-өтірігі беймәлім. Алматыға қашан келіп, қашан кетеді, ол жағы маған қараңғылау. «Ішуді қойыпты» деген сыбыс шығады. Оған да пәлендей елеңдей қоймаймын. Қойса қойсын, кім ішіп, кім қоймай жүр. Бірде Қызылқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы (маған туған құда) Қалдарбек Есімбеков «Қазақстан» қонақүйінің ресторанында сол ауданнан шыққан бір топ зиялы қауымды қонақ етті (оның Алматыға келген сайын сөйтетін әдеті болатын). Дастарқан басында Мұхтар Әлиевтен бастап, біраз үлкен-кіші бар. Қайдан пайда болғанын қайдам, араларында Шәмші де отырды. Сәл кешігіп келіп, бас изеп амандастым. Шәмші маған екі алақанын көкірегіне басып, мәз бола ризалық білдірді. Өңі жүдеулеу, шаршаулы сияқты. Басқалар сен іш, мен іш деп дуылдасуға көшкен сәтте, ол ащы судан мүлде татқан жоқ. Демек, қойғаны шын. Бәрекелді!.. Шәмші таза шығармашылық жұмыспен айналысады. «Жигули» жеңіл машинасы бар, қайда барып, қайда жүру өз шаруасы деп те естіп жүреміз. Бірде мен отыратын кабинетке күтпеген жерден Шәмші кіріп келсін. «О, Шәке, аман-саусыз ба? Көптен көрінбеуші едіңіз, қайдан жүрсіз?» – деп жатырмын. – Жамбыл жақтамын ғой, – дей салды селқос қана. – Мұнда келгеніме бір апта болды. Бір ән жазып едім, соны тастап кетсем деп
едім. Бұл әннің бұрынғылардан сөзі де, өзі де, жөні де бөлек. «Сыған серенадасы» деп аталады. Осындай ән жазуды ұзақ жылдар армандаушы едім. Міне, – деп мәтін мен нотасы жазылған қағаздарды алдыма қойды. «Айтып берейін бе?» деген жоқ. Әдетте, ән шығаратындардың көбі солай дейді ғой. Шәмшіден ондайды кездестірген емеспін. Олай дейтінім, Шәмші әндерінің көбі сиясы кеппей жатып алдымен «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналында басылатын. Онан соң ел-жұртқа қалай тарайтынын өзі біледі. Нота танымасақ та, Шәмші әндерінің жаман болмасын түсінеміз. Сондықтан «әніңізді алдағы саннан күте беріңіз» дейміз. Бұл жолы өңі жақсы, көңілі сергек, сөзі ширақ, қимылы мығым. Маған тік қарай отырып: – Бір өтініш бар, − деді миығынан жымиып. – Айтыңыз, Шәке. – Айтсам, есік алдында «Жигули» машинам тұр. Қорапта бесалты шөлмек арақ, коньяк, тіске басар бірдеңелер бар. Сен білесің бе, білмейсің бе, мен қазір ол жарықтықтардың бәрімен қоштасқанмын ғой. Кімдерді ертесің, өзің біл, үш-төрт жолдасыңмен бірге «Медеу» жаққа шығып, демалып қайтуға қалайсың? – Рахмет, – дедім жұмысбастылығымды емеурінмен байқата.– Денсаулығыңыз қалай? – Денсаулық жақсы, шүкір. – Онда былай оқта-текте жүз грамм алып тұрсаңыз болады екен ғой, – дедім не дер екен деген сыңаймен. – Жо-жоқ, – деді ол күле сөйлеп. – Болмайды. Аллаға шүкір, денсаулық жақсы дедім ғой. Жүз грамм да, тұтастай бір шөлмек те түк емес. Бірақ, болмайды. Неге дейсің бе? Себебі, мен ол пәлені бастасам, кемі бір не екі апта тоқтай алмаймын. Сондықтан ат құйрығын кестім бе, сол қалыптан айнымауым керек. Қайран Шәкеңді сол жолы лифтіге дейін шығарып салып, қайыр-қош айтыстық. «Сыған серенадасы» журналда жарық көрді. Шәкеңнен хабар-ошар болмады. Бәлкім, Алматыға келіп-кетіп те жүрген шығар. Бірақ, кездеспедік. Одан кейін арадан үш-төрт жыл өткенде бірде іргеміздегі «Балдырған» журналында істейтін Сабырхан Асанов келіп, бір әннің нотасы мен сөзі жазылған қағаз берді де: «Мұның аты – «Теріскей»,– деді қуақылана езу тартып. – Әдейі сізге әкелдім, көке (марқұм Сабырхан жасы сәл кішілігіне қарамай, мені «көке» дейтін).
– Шәмшіге Теріскей туралы да ән керек қой деп қайта-қайта қолқалап жүріп, сөзін өзім жазып, осы әнді өмірге келтірдік. Осыны бассаңыз деп едім. – Болды, әңгіме жоқ. Ол ән де жарыққа шықты. Неге екенін қайдам, «Сыған серенадасы» да, «Теріскей» де журналда жарық көруін көргенмен, оларды жылдар бойы ешкім орындамады. Бірнеше жылдан кейін бір күні «Сыған серенадасы» радиодан шырқалды. Әнді орындаған мен бұрын танымайтын әйел адам. Дауысы, орындау мәнері мүлде өзгеше. Жұлынды үзіп түсердей бөлек ауқым. Аты-жөні Зәуреш Есбергенова. Қатты қызықтым. Сұрау салдым. Радиодағы музыкалық редакцияның (сол кездегі) бас редакторы Шәміл Әбілтаевтан сұрағанымда: «Е, Зәуреш деген күшті әнші ғой, қазір «Қазақконцертте» жұмыс істейді. Өзі театр режиссері, Жамбылдың драма театрындағы режиссерлік жұмысын тастап, азабы мол жерге әдейі ауысып, әнші боп істеп жүр», – деді. «Сыған серенадасы»– Шәмші әндерінің шоқтығы биік шоқжұлдызы. Өзі армандаған Естайдың «Қорланына» пара-пар сұрапыл әуен. Бір кездегі дипломы болса да, жартымды дәнеңесі шамалы, теориямен құрсай «қаруланған» кәсіби композиторсымақтар «әуесқой» деп кемсіткен, кейін «Қазақ вальсінің королі» атанып, Әнұранның авторы болған Шәмшіден қалған мәңгілік мұра, інжумаржан. Ұзамай Зәурешті тауып әңгімелестік. Ол енді өнер адамы болған соң, нота таниды. Аталмыш әннің нотасын журналдан көріп, өзінше көп ізденіпті. Кемеліне келтіре орындай алар шаққа жеткен соң таспаға жаздыртып, эфирге шығарыпты. – Мамандығыңыз театр режиссері, белгілі адам екенсіз. «Қазақконцертке» ауысуыңызға себеп не? – дедім Шәмілден естіген деректерді көлденең тартып. – Нанбасаңыз телефон соғып сұраңыз, мені ешкім қуған жоқ, театрдан кеткен өзім. Өйткені, бала жастан әнді, оның ішінде халық әндерін жақсы көруші едім. Сондықтан, кеш те болса, осы жолға түстім, – деді ол алқын-жұлқын тіл қатып. – Қалай, «Сыған серенадасы» сізге ұнады ма? – деді онан соң. – Сіздің орындауыңызда ұнағанда қандай! – Рахмет. «Сыған серенадасының» бір хикаясы осындай. Оны Шәмші көзі тірісінде тыңдай алды ма, жоқ па, ол жағы маған белгісіз.
Кейін Тоқтар Серіков және басқа әншілер айтып жүр. Жаны нәзік, ұстарадай өткір, белгілі ақын әрі композитор Исраил Сапарбаев ініміз сол ән негізінде пьеса жазып, басты рөльді сомдаушы Бекжан Тұрысов өзін елден-ерек биіктен көрсетті. Жарайсың! «Мәдениет және тұрмыс» журналында тұңғыш рет жарияланған «Сыған серенадасы», неге екені белгісіз, ұзақ уақыт тыңдаушыға жетпей, жолы болмай жатты дедік. Әйтеуір, жарыққа шықты (бәрібір солай болатынына күмән жоқ еді, әрине). Қызық болғанда, Шәмшінің «Теріскей» әні де сол кепті киді. Таяуда Нұрғали Нүсіпжанов Шәмші қайтыс боларынан біраз бұрын «Теріскейдің» нотасын маған өз қолымен әкеліп беріп еді деді. Зәуреш Есбергенова Ақтау театрында режиссер болып істеген еді. Әннен қол үзбесе керек. Сонау бір жылы Алматыдағы Ғалымдар үйіне келіп концерт берген болатын. Одан кейін де келіп тұрды. Қазір білмеймін. Осы жазбалар қағазға түсерде тарының кебегіндей қасаң көрген білгендерді сан рет електен өткізіп, бүге-шігесі ойша тексерілді, сарапталды, зерттелді. Шәмшіні соншалық жете білмесек те, тәуекелге орын бердік. Жаңылмас жақ болмас дегендей, мүлт кеткен тұстар болса, әуелі Шәмші әруағынан, онан соң оқырман қауымнан үзір сұрай отырып, ғафу өтіну арға сын еместігін де еске сала кеткенді жөн санаймыз. ЕКЕУМІЗДІ ТАБЫСТЫРҒАН ЕРМЕК СЕРКЕБАЕВ (журналист-ғалым, философия профессоры Әбдеш Қалмырзаевтың рухына) Қадірлі Әбеке! Әбдеш Сәрсенұлы! Фәни жалғаннан сұм ажалдың сұрқай көшіне ілесіп, о дүниелік болғаныңа жылға таяп келеді. Көзің жұмылғанша қалам сілтеп, тереңнен толғап жазатын мақалаларың мен сыпайы қалпың көз алдымызда, сені бұл фәниде жоқ дегенге көндіге алмай жүрген көңіл төрінде. Сызыла шығатын қоңыр үнің – әдеттегіше – телефоннан естілетіндей көрінеді де тұрады. Көзің тіріде ылғи да қоғам, халық тағдырына қатысты мәселелерге ден қойып, ғылыми-философиялық қатпары қалың дүниелер жазатыныңа үйреніп кеткеннен бе, кейбір «тұзы» жеңіл, қарабайыр жайларды қаузауға төселген баз бір әріптестеріңе ұқсап қарапайым мақалалар жазғаныңда «е, бері таман жақындапсың
ғой» деп әзілдеуші ек. Әзілдесек те, солардың өзі де екінің бірінің тісі батпайтын, оқырманды байлап-матап тастайтын толғаныстар болып келетін. Бірі – хұснихат. Өзің жазған бір хұснихатта («Алматы ақшамы») не айтылмаған еді? Пікір қақтығыс, кез келген құбылыс-оқиғаға көзқарас-пайым, саралау үрдісінің жөні басқа еді-ау. Айталық, Гоголь мен Щепкин, Чаадаев пен Пушкиннің өзара жазысқан хаттарында ойларын ашық айтып, бір-бірлерін аяусыз сынайтыны нанымды өрнектелген-ді. Сол алыптардың оларды кек тұтып, алакөз болмай, өзара қадір-құрметке селкеу түсірмеген іріліктері неткен тектілік. Тұнып тұрған тағылым, өнеге. Соның алдында техника дамыған қазіргідей кезде хат алмасу, хұснихат үрдісінің азайып, солғындап бара жатқаны жайлы пікір алмасуға осы жолдар авторы да «Әбдеш Қалмырзаевқа хат» деген мақала арқылы үн қосқан-ды. Хат соңында «жауап күтпеймін, екеуміз Шерхан мен Камал болмай-ақ қоялық» делінген-ді (сен оқыған бойда хабарласып, «сол дұрыс, қажеті жоқ» дедің). «Хат алмасу» сонымен біткендей еді. Бірақ, Әбеке, осы жолы сендей жаратылысы бөлек, телегей-теңіз ілім-білім иесі, ділі берік, кісілігі кіршіксіз, зиялы, зайырлы замандас, ғұлама ғалым, ғұмырыңның соңғы жылдарында табиғи рәуіште табысып, аз-кем пікірлес, сырлас, мұңдас болған пенделердің бірі ретінде бұл жолы аруағыңа бағыштап, екінші рет хұснихат бағыштауға ниет еткен жай боп тұр. Әбеке! Бір сала, бір майданда, бір кезеңде жақсылы-жаман қатар жұмыстанған өз басым сенімен ертеден жақын араласып-құраласып, тонның ішкі бауындай болдым десем, ақиқаттан алыстау болар еді. Сені «С.Қ» газетіндегі қызметің арқылы өткен ғасырдың 60 жылдарында біліп жүрдік. Әуелі сырттай, одан жай амандасатын дәрежеде. Сен сауатты, байыпты, білімді, іскер, алғыр маман ретінде қатарластарыңның алды болып, жап-жас кезіңде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне нұсқаушы боп жоғарыладың. Мен «Мәдениет және тұрмыс» журналында бөлім меңгерушісі болатынмын. «С.Қ»-да өзіңмен біраз уақыт қызметтес болған жасы үлкен майдангер жазушы Жекен Жұмақанов та сонда-тын (журналда). Сен ОК-ке барғанда Жекен аға айтқан бір сөз әлі есімде. Ол сонда «тегінде ЦК кадр таңдауда ілкіде болмаса, онша қателеспейді. Көрдіңдер ме, Әбдешті дұрыс тапқан» деген еді жарықтық. Ал, ол кезде (оған дейін де, кейін де) Орталық комитетте қызмет істейтіндердің жартысы десем жалған болар, кемі үштен бірі жур-
налистер болатын. Орыс, қазақ теңдей. Кадрды қайдан алады? Әрине, Мәскеу мен Алматыда жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітіргендер мен «С.Қ» мен «КазПравда» газеттері, «Қазақстан коммунисі», «Коммунист Казахстана» журналдарынан. Орталық комитеттегі бес сектор, үш-төрт орынбасары болатын ең үлкен Үгіт-насихат бөлімі мен Мәдениет бөлімінде кілең журналистер, ақын-жазушылар жұмыс істеді. Ол екі бөлімнен тыс Партиялық-ұйымдастыру, Ғылым, Ауылшаруашылық бөлімдерінде де журналистер аз болмайтын. Тіпті, аса құзырлы да жауапты Партиялық-ұйымдастыру бөлімін мамандығы журналист Қуаныш Сұлтанов басқармады ма? Ғылым, Ауылшаруашылық бөлімдері кадрды көбінше «С.Қ» мен «КазПравда» газеттеріндегі ғылым, ауыл шаруашылық бөлімдерінде істейтін журналистерден іріктеп, таңдап алады. Бұл деректерді кейінгі буын өкілдері біле жүрсе деп ауызға алып отырмыз (журналистика тарихын зерттейтіндерге ауадай қажет дегендей). Сөйтіп, Әбеке, Орталық комитетте нұсқаушы боп істеп жүрдің. Орталық комитет пен Министрлер кеңесі және Жоғарғы Кеңес бір ғимаратта орналасқан-ды. Мен Министрлер кеңесіне «С.Қ»-дан өзіңмен бір мезгілде референт, Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияға жауапты хатшы боп ауысқан, орта мектепті бірге бітіріп, бірге аттестат алған туыс-жерлесім (қазір ол да марқұм) Немат Келімбетовке барғанда сенімен де жолығып қалушы едік. Үшеуміздің асханадан бірге тамақтанған кезіміз де болды. Сені кеңірек танып-білуім сол тұстарда жалғаса түсті. Сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары, Көкшетау облпарткомда секретарь, Жоғары партия мектебінде ректор, «Мысль» журналында бас редактор боп сатыдан-сатыға өрледің. «Мысль» журналында жүргеніңде жиірек ұшырасқанмен, кәдуілгі аман-саулықтан аспайтынбыз. Бір-бірімізге ықылас-пейіл, түзу сияқты болатын да, сол жеткілікті көрінетін. Қызмет бабында жолықпадық демеймін. 1973 жылы жазда «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішев мені орынбасар етіп, біреуі өзі – үш адамның кепілдемесі бойынша Орталық комитеттің секретариатында ресми түрде номенклатураға бекіткен соң, сектор меңгерушісі ретінде ақыл-нұсқау бере тұрып: «Мұсекең − ұлық адам. Сенімін ақта, менің тікелей бақылауымда болатыныңды ұмытпа», – дедің. Одан соң Жазушылар одағында өткен әлдебір жиыннан соң маған: «Жекен істеп жүр ме? Оның
қойны-қонышы толған факт. Соны пайдаланыңдар. Журнал жаман емес. Жекен соғыс ардагері, шетке қақпаңдар», – дедің. Мұндайда біздейлерге «мақұл» деп бас шұлғығаннан басқа не болсын және Әбекең әкімсіп емес, жанашырлықпен айтып тұрса. Әрине, ЦК-дан аяқ тартамыз, сақ жүреміз. Әбеке, сондағы журнал туралы айтқан бір-екі ауыз сөздеріңнің өзінен кәдімгідей арқаланып қалғанымды енді айтайын. Әбеке, «жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан бөз ереді» дегенді бірінші рет өзің бағалайтын әнші Ермек Серкебаевтан естіп едім (ол солай айтқан. Біздің білетініміз басқашалау еді. 2005-2006 жылдарда Ерекеңмен әлденеше рет кездесіп, әңгімелесу нәтижесінде ол жөнінде көлемді кітап жазылды. Ол әйгілі әнші жөніндегі бірінші (бәлкім, соңғы болуы да ғажап емес) кітап еді. Әнші жөнінде жазу «Парасат» журналының бас редакторы, марқұм Баққожа Мұқаевтың идеясы болатын. Алғашқыда ол: «Ерекеңмен сөйлестім, көлемді етіп бір мақала жазыңыз, бәлкім, артынан тағы да жазып, кітап етіп шығарармыз», − деді. Кітап жазу үш ұйықтасам ойымда жоқ мен: «Мақала жаз дедің, сол тапсырманы орындасам жетеді. Кітапта шаруам жоқ», – дедім. Баққожа бетіме қарады да қойды. Бірақ, кейін соның айтқанындай болды ғой. Алғашқыда мінезі аума-төкпелі бірегей дарын иесі, асқан әнші Ермек Серкебаевпен тіл тауып сөйлесу қиынның қиыны болды. Ауыз ашсаң бас салып, «саржағал басылымсыңдар» дей ме-ау, «сен кімсің өзі» дей ме-ау, әйтеуір, мөңкудей мөңкіді. Бірақ, біржола бас тартпады. Біріншіде үндемедім. Алдын ала дайындаған сұрақтарға өйтіп-бүйтіп айтқан жауаптары бойынша он бес бет мақала жазып, сырлап-қырнап, Баққожа «әуелі өзі оқысын» деген соң, бір данасын Ерекеңе апарып бердім. Ол: «Оқимын, жауабын үш күннен соң айтамын», − деді. Үш емес, бес күннен соң телефон шалып: «Әй, қайда жүрсің, мынауыңды алмайсың ба?» – деп зіркілдеді. Бардым. Алдым. Өзгеріс жоқ. Тек әлдекім қарындашпен бірлі-жарым әріп, тыныс қателерін түзепті. Соңына «басуға жарайды» депті. Ерекең қол қойыпты. «Апыр-ай, мені сыннан өткізген Ерекең емес, басқа біреу болды ғой», − деймін ішімнен. «Кім болды екен?» Бірінші әңгімелескен күні Ерекең: «Қазіргі әйелімнің аты Әлфия. Опера театрында орыс тіліндегі әдеби бөлімді басқарады. Қазақ бөлімін Бақыт Мерәлиева басқарады. Екеуі тату, бір жүріп, бір тұрады», − деген еді. Анда-санда «Парасат» журналына телефон
соғып, кейде келіп те жүретін Бақытты білетінмін. Мені ол да біледі. Демек, менің негізгі сыншым Ерекең емес, сол екенін ұқтым. Обалы не, Бақыт құдайлығын айтыпты. Ерекең оған имандай сеніпті. «Ереке, мақала ұнады ма?» – дедім мен сонда да. «Ұнады. Өте жақсы. Әй, сен өзің бірдеңе біледі екенсің. Осы күйде басыңдар!» Пах! Міне, Әбеке! Баққожаның айтқаны болып, Ермек Серкебаев жөнінде кітап жазу осылай басталған-ды. Бір айда бір рет кездесеміз, бір бөлім он бес бет боп шығады. Алғашқы 7-8 бөлім журналда жарияланды да, тағы соншасы кітапқа енді. Тиражы 5 мың. Ерекеңнің 80 жылдығына мықты тарту сол болды. Оған 200 данасын апарып беріп, қалғаны әп-сәтте таралып кетті. Екі жылдан кейін «Ана тілі» баспасының директоры Жақау Дәуренбеков өзіміз таратамыз деп, екінші рет басып шығарды. Екеуміздің ойламаған жерден етене табысып, жақын араласуымызға, күндердің күні маған «сенен басқамен сөйлескім келмейді» дейтінге дейін жетуімізге себепкер осы кітап десем, артық емес, Әбеке. Соны сәл тарата баяндайын. Қадірлі Әбеке! Бірді айтып, бірге кетіп отырған дәнеңе жоқ екені аллаға аян. Әлгі кітаптың жылдан астам уақыт жазылу барысында негізінен өзінің ет жақындары мен әріптес дос-жаран, өнер адамдарынан бөлек өмірі ешкімнің атын атамайтын, атамау себебі, жадында сақтамайтын маэстро Ерекең, Ермек Серкебаев сенің аты-жөніңді әлденеше рет атағанда, шынымды айтсам, «талып» қала жаздадым. Біріншіде ләм демедім. Келесі жолы да «мән бермедім». Одан кейін де. Сонан соң барып мен де «қимылға» көштім. Сақтықпен, әрине. «Әбдеш Қалмырзаевты білесіз бе?» – деп. «Неге білмеймін, – деді ол, – білмесем айтамын ба? Сен мені мазақ еткің келе ме?» (Ерекеңмен мен үнемі орысша, ол қазақша сөйлесетінбіз, оның өзіндік себептері болатын). «Мамандығы бөлек, қайдан білесіз деп жатқаным да». «Қайдан білемін? Көкшетаудан білемін. Ол сонда хатшы болмады ма? Барғанда үнемі менің қасымда жүретін. Ондай хатшыны бұрынсоңды көрген де, білген де емеспін». Кітап шыққан соң, ізінше Ерекеңнің сексен жылдық мерейтойы өтті. Жанына барып сәлемдескенде: «Әбдеш Қалмырзаевты шақырдыңыз ба?» – дедім. «Ах! – деді бірден басын шайқап. – Ол қайда қазір? Алматыда ма?» «Иә!» «Өкінішті». «Жә, енді оған өз қолыңызбен кітап сыйласаңыз, сол да жетеді, сөйтесіз бе?» «Әлбетте! Міндетті түрде! Оны қалай табамын? Қолтаңба жазып беремін», – деді Ерекең көздері жалт-жұлт ете күлімдеп.
Кейін оқта-текте Әбекеңді көріп жүргенде, бұл жайлы ештеңе деген емеспін, тіпті, ойыма да келмепті. Әбеке, сен зейнетке шыққан соң, «Мысль» журналынан босап, бірақ, бәрібір ұзақ уақыт сондағы Жұмабек Кенжалин басқаратын серіктестікте кеңесші, «Ақиқат» журналында бөлім бастығы боп, жұмысқа қалаған уақытта келіп-кетіп, еркін жүріп-тұрғаныңды білетінмін. Сол тұстарда Дулат Исабеков інім «Мәдениет» атты журнал ашып, сонда шағындау қызметке тіркелген мен де (келісім бойынша) аптасына екі-үш рет көрініп, дайындаған материалдарды апарып жүретінмін. Әне, сол шақтарда өзіңмен бұрынғыдан гөрі жиірек ұшырасып, хал-жағдай білісіп жүрдік. Бірде таңертең редакцияға барған менің жаныма күлімсірей жақын келдің де: «Әй, мен сені бесінші рет келіп зорға тауып тұрмын. Бұған дейін төрт рет таппай кеттім. Мен ешкімді бұлай іздемейтінімді білесің ғой. Іздеген себебім, Ермек Серкебаев кітап беріп, соны бір түнде оқып шықтым. Жақсы жазылыпты. Мен олай жаза алмас едім», – деп кілт бұрылдың да, кете бардың. Ойда жоқта басқа емес, өзіңдей ғұламадан әлгідей лебіз естіп, абдырағандай болған мен: «Әбеке! – дедім соңыңнан жылдамырақ жүріп. – Бір минут! Мен де айтайын. Өзің айттың да, баяғыша ЦК боп жөнеп барасың ғой, тегі». – Иә, – дедің кідіріп. Мен асығып-үсіге: – Сенің жазғаныңды мен де жаза алмас едім, – дедім бір-ақ қайырып. − «Жақсы», − дедің кетуге ыңғайланып. Кешкілікте телефон соқтың: «Бағана ренжіп қалған жоқсың ба? – деп. – Көпшіліктің көзіне түсе беруге болмайды. Сақтық керек» «Қалыптасқан дағды ғой, оқасы жоқ», − дедім мен өзімше. Содан бастап жолыққанда қысқа сөйлеп, ал телефонда сөз тиегін ұзақтау ағытатын болдық. Екі-үш күн хабарласпасақ, бас салып іздейтінсің! Сені артық мазаламауға, шаршатып алмауға жасайтын амалдарымды, әрине, білмейді емес, білетінсің. Сөйте тұрып: «Қайда жүрсің, таппай қалдық қой», – дейтінсің баяу естілетін қоңыр үнмен. Телефонда болса да ықыласпен күлімсіреп тұратының сезілетін. Ұлағатты әңгімелер айта тұрып: «Бүгінде біздің жасымыздағыларды жұрт мылжың дейді, білдің бе? Дей берсін. Естіп тұрсың ғой, осы сөздер мылжың ба?» – деп жауап күтетінсің. «Ойбай, жоқ, Әбеке! – дейтінмін мен. – Айта бер. Тек...» «Шаршаған жоқпын», – дейтінсің «тек» дегеннің мәнісін бірден түсініп.
– Мен өзім сыйлайтын адамдардың кімдер екенін айтайын ба? – дедің бірде. – Сағадат Нұрмағамбетов, Салық Зиманов, Бәйкен Әшімов, Сәдуақас Темірбеков. Төртеуі де зиялы, білімді, таза жандар. Бұларға Қонаев пен Имашевты қосуға болады, − дейтінсің. Қайсыбірін айтайын. Мұндай ашық әңгіме, риясыз ой бөлісу, сырласу, әсіресе, соңғы жылдарда көбірек болды-ау деймін, шамасы. Мені қойшы, өзіңнің маған соншама ақ ниет, адал пейіл, сеніммен қарағаныңды айтсайшы. Рахмет деу жеткіліксіз болар сірә, тәнтімін деу дұрыс шығар. Бәрін айт та, бірін айт демекші, Әбеке, екеумізді табыстырған Ермек Серкебаев деп ойлаймын. Ал, ол шынымен де солай. Иманың жолдас, топырағың торқа болсын. Рухың әрдайым бізбен бірге боп, нұрың пейіште шалқи берсін, аяулы Әбеке! БАРЛЫҒЫ ДА ТҰЛҒА ЕДІ-АУ немесе ән төресі «Қарлығашты» алғаш айтқан кім? Өнер сан салалы, әншілік өзінше. Өмірге көз ашқаннан әнші болуды армандап, мақсатына жеткен дарабоздар миллиондаған тыңдарманға өлшеусіз рухани нәр берумен бірге, қаншама жас талапкердің қиялына қанат бітіріп, алда олардың да әншілік жолды таңдауына себепкер болғандарын білді ме екен? Пәлен деу оңай емес. Өйткені, ол жезтаңдайлар, мықтағанда, елге қызмет етіп жүрміз деуден аса қоймаса керек. Ал, ақиқат әлгіндей. Кейінгі буын – әншілер оларды үлгі санап, пір тұтқаны даусыз. Бұл пікірді енді әрі қарай кейбір өзіміз білетін деректермен дәйектеп көрейік. Кезінде атақтары жер жарғанмен, бүгінде біразын ешкім біле бермейтін, бірлі-жарым көз көргендерден бөлек ешкім ойға алмайтын, есімдері есте қалатын іс-шаралар ескерілмей, елеусіз, атаусыз қалып келе жатқан тұлғалардың аруақтарына тағзым ету үшін. Айтыңызшы, Ләззат Сүйіндікова туралы естуіңіз бар ма? Қайдам дейсіз бе? Сіз болмағанмен, бүгінде жастары алпыс не одан асқан, жетпіс, сексен, тоқсандағы ұрпақ өкілдеріне ол есім бес саусақтай белгілі. Олар тек сол күміс көмей әншінің жасы ұлғайған соң Парижде тұратын қызының қолына барып, ұзақ жылдан соң сонда дүние салғанынан бейхабар болуы ықтимал. Ал, қазір көп айтылмайтын халық әндерін кезінде қазақ радиосының барлық (әсіресе, «Шалқар») арналары мен теледидардан тамылжыта шырқайтын
Ләззат Сүйіндікова есіміне біз сонау өткен ғасырдағы 40-50 жылдардан қанық болатынбыз. Кейін сахнадан көріп жүрдік. Көптің алдына үлде мен бүлдеге бөленбей, қарапайым ұлттық киіммен шығатын шағын денелі, жылы жүзді Ләззат әнші бәлсініп-қылымсымай, жер тепсініп тұлданбай, көзге түсудің қитұрқы айла-шарғысына бармастан, інжу-маржан әндерді келістіре шырқаумен шектелетін. Амал қанша, осы күнде сол әншінің өзі ғана емес, ол шырқайтын әндер де ұмытылды (бәрі емес, әрине). Мұра жинаушылар бұл жайлы не істеп, не қойып жүргендерін өздері біледі. Біздіңше, Ләззат Сүйіндікованың таспаға жазылып, алтын қорда сақталған әндері аз болмаса керек. Өнер саласының оқу орындарында соларды кәдеге жарату артық болмас, сірә. Бірақ, жоғары атақтың бәрін еңсерген соң, олар аздай, қалағаныңша ақша ал да, диссертация жазып бер дейтін әншісымақтар көбейген тұста, көзі тірісінде жөнді марапат көрмеген Ләззат Сүйіндіковаға жоқшы табыла қояр ма екен, бірдеңе деу қиын. Әншілігі кім-кімді де бірден баурайтын, қай әнді де ерекше мақаммен шырқайтын Сара Мамытованың жасы бүгінде тоқсаннан асса керек. Өткен ғасырдағы Отан соғысы кезінде күллі респуб ликаны аралап, өнер көрсететін топ ішінде Сараның өнері мен тұрпаты, адами қасиеттері қазіргі халық әндерін бұзып орындаса да, жұлдызбыз дейтіндерден әлдеқайда бөлек болатын. Пах! Оны да күллі қауым төбеге көтерді, ардақтады, әлпештеді. Оқта-текте әндері радиодан беріледі. Бұдан он бес жылдай бұрын ойда жоқта тұңғыш әрі соңғы рет кездейсоқ жолығып қалғанда, жарықтық «ұмытылдық қой» деп күлімсіреген-ді. Әлі солай-ау, тегі. Аса дарынды, ерекше жаралған, Нұрғиса Тілендиев жоғары бағалаған керемет әнші (марқұм) Кенжегүл Сыздықова мен Сара Мамытова жайлы айтыпжазып жүретін бір жанашыр, өзі де самдағай әнші, өнертанушы – Алтын Иманбаева ғана. Бірақ, бір адамның қолынан барлығы келе берсін бе? Ләззат Сүйіндікова, Сара Мамытова, Кенжегүл Сыздықова, Хафиза Әбуғалиева т.б. тұрмақ, Кеңес өкіметі орнаған жылдардан бастап күллі қазақтың даңқын асырған Қосымжан Бабақов, Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Рабиға Есімжанова, Байғабыл Жылқыбаев, Әли Құрманов, Бісміллә Балабеков, Мағауия Көшкінбаев сынды әншілердің аттары аталмайтын болғалы не заман. Олармен бірге, олар шырқаған «Сапар», «Юран-ай», «Молдабай», «Қалқа», «Нұркейдің әні», «Зұлқия», «Топайкөк», «Шама», «Әупілдек», «Нақ-нақ»,
«Қызыл бидай», «Бүркітбай» тәрізді әндер де ешкім орындамаса, құлақ естімесе, келмеске кетті демеске не лаж? Қайсыбірін айтайық, ұмыт болған әншілер де, әндер де толып жатыр-ау. «Желдірмелері» желдей есетін арқалы ақын Иса Байзақов та жөні бөлек әнші бопты. Сондықтан да шығар, кейбір деректерде оның соғыс жылдарында концерт бригадалары құрамында елге шығып тұрды делінетіні. Ал, менің оны 1945 жылдың мамыр, маусым айларының бірінде сахнаға шығып, басын біресе оңға, біресе солға бұрып, құйқылжыта ән салғанын көргенім жадымда. Орталау мектепте оқып жүргенде «Әдебиеттік оқу» кітабында «Көк күмбез шатыр киген Зайсан көлі» деген өлеңнің жоғары жағындағы суретінен бірден танып, «Ой, мынау баяғы артист қой», − дедім жанымдағы балаларға. Әдебиеттен сабақ беретін мұғалімге де айттым. Осыған кеңірек тоқталу артық еместей. Соғыс жылдарындағы ахуал белгілі. Тұрмыс жүдеу, ішер ас, киер киім тапшы. Соғысқа кеткен боздақтардың көбі оралған жоқ. Біз тұратын «Ынталы» колхозынан бес-алты шақырым жерде «1 Май» колхозы болатын. Нағашыларым сонда. Жиі қатынап тұрамыз. Әжемізді апта көрмесек сағынамыз. Соғыс біткен. Әкеміздің аман-сау екенін білеміз де, қашан келетінін білмейміз. Бір күні ойда жоқта үлкен нағашымның менімен жасты тұңғыш ұлы жаяулата жетіп келді де: «Ертең соғыстан қайтқан бір топ әскер әуелі біздің колхозға келеді екен. Ішінде сенің көкең де болуы мүмкін. Солардың құрметіне жиналыс, онан соң концерт болады дейді. Алматыдан артистер келіпті. Бүгін де, ертең де концерт, соған жүр», – деді маған. Не тұрыс. Құстай ұштық. Айта кетейін, «1 Май» колхозы − аудандағы тұрмыс-халі дұрыстау шаруашылық. Орталық көшеге тас төселіп, телефон байланысы орнатылған. Шағын клуб, мектеп үйі бар. Онда жеміс ағаштардың барлық түрі өсетін, көлемі он шақты гектарды алып жатқан «Дайраштың бауы» деп аталатын үлкен бауда анда-санда аудандық жиындар, алыстан келетін атақты артистердің концерті өтеді. Бұл жолы да солай болатын түрі бар. Нағашыларымның аулына әп-сәтте жетіп бардық. Енді кеш батсайшы. Ертеңгі жиын өзінше. Бізге бүгін болатын концерт керек. Ол құрғыр бола ма, жоқ па, белгісіз. Әлдекімдер әлі артистер келмепті деседі. Күн батып, қараңғылық түсті, концерттен күдер үзе бастағанда «болады» деген хабар жетті. Біз барғанда аядай сахнаның екі жағына екі-екіден май шам қойылып, жұрт жина-
лып қалыпты. Орындық аз, көп адам жерде отыр. Бір бұрышқа біз де қонжидық. Көзіміз сахнада. Кенет екі ер адам шыға келіп, біреуі қолында домбырасы бар екіншісін таныстырды да, шығып кетті. Домбыра ұстаған бұйра шашты (бізге солай көрінді), орта бойлы, арықтау, шағын денелі, көздері күлім қаққан артист бірден әуелете әнге басты. Бізге оның терме секілді ұзақсонар әнінен гөрі, бетаузын құбылтып, оқыс қимылдар жасап, сан құбыла саңқылдайтын даусы қызықтау көрінді. Ол шақта қол шапалақтаудан гөрі, жер тепкілеп, у да шу басымдау. «Бәрекелде! Қайта шық!» десетін тілек-ниет. Әлгі артист бәлсінбей, екі-үш рет қайта шығып, тақпақ па, әзіл ме, бірдеңелер айтып, жұртты күлкіге көмумен болды да, кенет бойын тіктеп: – «Қарлығаш». Орындайтын... – деп хабарлады. Ол кезде әркім-әркімнен «Қарлығаш» дейтін жаңа ән шыққанын еститінбіз. Кім шығарғанын білмейміз. Міне, енді сол әнді тыңдайтын болдық. Концерт жүргізуді де қолына алған бұйра бас артист «Қарлығаштың» авторын да, орындайтын кім екенін де айтқан болу керек. Бірақ, бұл күні де, ертеңіне «Дайраштың бауында» болған концертте де ол жағы есте қалмапты. Сахнаға қалыңдау қара шашын желкесіне түйіп, жеңі шолақ, қоңыр түсті көйлек киген, өңі сұстылау, орта бойлы, қара торы қыз шығып, жұртқа бас изеді де, жанында тұрған музыкантқа қарады. Баян шалқи жөнелді. Ілесе ән қалықтады. Ән! «Қарлығаш!» Айтары жоқ, ән де, әнші де керім. Өңі сұстылау қара торы қыздың өзін ұстауы, орындау мәнері бұған дейін көріп жүретін әншілерге ұқсамайды, болмысы өзгеше. Нәркес көздері жарқ-жұрқ етеді. Көпшілікке сәл-пәл бас иеді, сәл-пәл жымияды (Ришат Абдуллиннің «мен көп күлмейтін адаммын» дегені бар-тын). Әнші қыз көптің сұрауымен «Қарлығашты» екінші рет орындады. Бұл жолы ол барынша ширығып, бұрынғыдан да құлшына шырқады. Шамасы, бұл ән өзіне де ұнайтын сияқты. Әсіресе, «Құралай көз, қолаң шаш» деген қайырмасына келгенде, екі қолын алға кезек сермеп, барынша беріліп, шабыттана шырқағаны ғажап! Ашық дауыс, сұлу үн. Пай-пай! Жүрекпен айту осындай-ақ болар. Ертеңіне концерт «Дайраштың бауында» өтті. Түс кезінде. Адам көп. Аудан басшылары да келген болса керек. Бірақ...
Ол күні соғыстан оралуы тиіс әскерлер (майданға кеткендерді солай атайтын) келген жоқ. Менің әкемді осында күтіп алып, ауылға бірге қайтамыз деген үмітім желге ұшты. Әкем содан бір жарым айдан кейін келді («Қызыл ту» стансасында күтіп алғанбыз). Нағашыларым тұратын «1 Май» колхозындағы сол күнгі концерт әлі күнге есте. Көп жайды кейін білдік. Әрі ән айтып, әрі концерт жүргізген Иса Байзақовты көру сирек құбылыс. Исамен бірге концерттік топта болған анау... «Қарлығашты» шырқаған... өзі де, әні де әсем, сұсты қыз... Сонысымен есте қалған оның кім екенін білу ол кезде де, кейінгі ондаған жылдарда да ойға келген жоқ. Ол түгіл, біз пақыр соғыс аяқталған сол жылы сахнадан тұңғыш тыңдаған «Қарлығаш» әнінің авторы Ахмет Жұбанов екенін білдік пе? Әрине, концерт жүргізуші айтқан шығар, бірақ, есте жоқ. Көп нәрсе есте жоқ. Иса Байзақовтан өзгесі. Онда да, онымен әдебиет оқулығы арқылы «екінші рет кездескенде» (сондай тақырыппен жазған шағын әңгіме бұдан көп жыл бұрын «Балдырған» журналында жарияланған). «Қарлығаш». Біз оны алғаш тыңдаған кезде орындаған кім? Оқтатекте осы сұрақ ойға келетін. Ләззат Сүйіндікова, Үрия Тұрдықұлова, Сара Мамытова... Жамал Омарова... басқалар да емес, онда кім? Егер аман-сау болса, қазір Алматыда тұратын болуы да мүмкін-ау. Осындай ой қылаң беретін. Кім білсін, үмітсіз сайтан, күндердің күні... ...Жасы тоқсанға таяп өмірден озған байырғы журналист, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мұса Дінішевпен он алты жыл қызметтес болғанда, өзі айтпаса да, айналадағылардан оның кештеу үйленгені, үш ұлдың анасы – әйелінің оған тұрмысқа шыққанға дейін филармонияда әнші болғаны әрі ағайынды Ришат және Мүсілім Абдуллиндердің туған әпкесі екені жайлы естіп, кейін бәрімен біршама таныс-біліс, дәмдес болып жүрдік. Мұсекеңнің зайыбы Кәмила Мұқымқызы Абдуллинамен кездескен сайын оны бір жерде көрген сияқты болатынмын. Қой, мүмкін емес, қайда, қалай көруім мүмкін? Оның үстіне Кәмила апай Мұсекеңнің қалауымен сонау 1950 жылдардан бастап үй шаруасы, бала тәрбиесімен айналысқан болса. Айтпақшы, оның филармонияда әнші боп істегені рас па екен? Ән шырқай ма? Әрине, рас, бәрі рас. Ришат пен Мүсілімнің әпкесі ән сала алмай ма? Екі інісін оқытып-тоқытып, өнерге өзі баулыған. 1972 жыл. 2 Мамыр. Мұсекең алпыс жасқа толып, Құрмет грамотасымен наградталды. Біз 5 мамыр күні жұмысқа кел-
генде бір-ақ құттықтадық. Мұсекең жұмыстан кейін ұжым мүшелерін үйіне шақырды. Көңілді отырыс. Әзіл-оспақ, әнкүй. Сол күні әлі консерватория студенті Әлібектің пианиноға қосылып салған әндерін бірінші рет тыңдадық. Кәмила апайға қарап: «Балаңыз әлемге белгілі әнші болғалы тұр екен»,– деп қалдым. Кәмила апай: «Аузыңа май. Бұған дейін Әлібектің ән салатынын ұстазы Шарипова мен Мұса екеуміз ғана біліп, құпия ұстаушы едік. Бүгін сендерге көрсетіп отырмыз», – деді салқындау үнмен. Дастарқан басында Жекен Жұмақанов, Қуандық Шаңғытбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Шәрбану Құмарова, Шәрбану Бейсенова, Марат Мәжитов, Владимир Мыльниковтер отырған-ды. Әлібектің әнін де, менің әлгі сөзімді де барлығы естіді. Сөйтіп... – Апай, сіз жас кезіңізде әнші болғансыз ба? – дедім тағы да тек отырмай. – Болсақ, болған шығармыз, – дей салды. – Филармонияда ма? – Филармонияда да, басқасында да... Сол-ақ екен, жұрт апайдан ән шырқауды өтінді. Апай бәлсінген жоқ. Қазақтың «Бір бала», «Секіртпе», «Әпитөк» секілді әндерін бірінен соң бірін төгіп-төгіп тастады. Па, шіркін! Неткен талғам, неткен сезім! Дауыс қандай! Әлі бұзылмаған қалпында. Апай сәл еркінсіп, адуындылау сөйлейді екен. Ағайынды Абдуллиндердің әпкесі басқаша болсын ба? Ол сирек күледі екен, жымиюдан аспайды. Ришатың да: «мен сирек күлетін адаммын», − дейтінін талай естігенбіз. Мені тағы да түлен түртіп: – Апай, «Қарлығаш» кімнің әні? – дедім әй-шәй жоқ. – Кімнің әні болушы еді, Ахмет Жұбановтың әні! – деді қатқылдау үнмен. – Онда соны айтыңызшы! – Айта алмаймын, шаршадым, қонақ күту оңай ма? – Кешіріңіз, «Қарлығашты» бұрын айтып па едіңіз? – Айтқанмын. Бірінші боп айттым десем де болады. «Қарлығаш» саған ұнай ма? – Ұнайды. – Елге шыққанда да айтушы ма едіңіз? – Айттым дедім ғой, айтқанбыз. – Апай, Иса Байзақовты көрдіңіз бе?
– Сұрағың көбейіп барады ғой, оны қайтесің? Талай рет гастрольге бірге шыққанбыз. Әнді жақсы айтатын. − Ол ақын емес пе еді? − Ақын ба, пақын ба, мен білетін Иса әнші болатын. Солай деген Кәмила апай орнынан кілт көтеріліп, асүйге шығып кетті (қонақ күту қамы шығар дегенмен, маған ренжіп бара жатқан жоқ па деген күдік те келе қалды көңілге. Онда кінәлі – мен). Бәлкім, солай, бәлкім, олай емес. Осы үйдің табалдырығын аттағалы ешкім дәл мендей еркінсіген жоқ-ты. Мен тәуекел еттім. Осындай реті келіп тұрған кезде көкейдегі сұрақты неге сыртқа шығармасқа деп. Оның себебін өзімнен бөлек ешкім білмейді. Білу мүмкін де емес-ті. Кәмила апай екібастан... 1945 жыл. «1 Мамыр». Клуб. Концерт. Иса Байзақов... Ән. «Қарлығаш». Сол жолы оны шырқаған кім? Қарсы алдымызда отырған Кәмила апай емес пе? Қисыны келе ме, келмей ме? Осы жерде тіл байланды. Біз тұрмақ, атақтары жер жарған екі бірдей інісі Ришат пен Мүсілім, тіпті, «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы, біздің бастығымыз, үй иесі Мұсекеңнің өзі «абайлап» сөйлесетін апайға енді әрі қарай тағы да сұрақтар беру, сыпайылап айтқанда, жөнсіздік, тіпті, жүрек жұтқандық болар еді. Әйтсе де... Бәрібір... Ұзақ жыл көңілді күпті етіп келген түйткіл шешілгендей болды емес пе? Қанағат!.. Кәмила Мұқымқызы Абдуллина, сөз жоқ, кәсіби әнші. Біртуар. Талғам-түйсігі аты шулы екі інісінен де асып түседі дегенді сан мәрте құлағымыз шалған. Ол, әрине, жоғарыда – сөз басында – аталған әншілерден де бір мысқал кем емес-тін, егер артық болмаса. Бірақ, әншіліктен ерте қол үзді. Есесіне, қазақ өнеріне есімдері алтын әріппен жазылған КСРО халық артисі Ришат және Қазақ КСР халық артисі Мүсілім Абдуллиндерді қатарға қосты. Әлемге белгілі әнші, КСРО халық артисі Әлібек Дінішевтің анасы. Бір адам үшін аз ба, көп пе, бағамдай бер. Аға буын әншілер. Асқар таудай алыптар. Ұмытылған (деуге болатын) аяулылар. Жо-жоқ! Мүмкін емес... Олар ұмытылмайды... Ешқайсысы! Ешбірі! Ал, енді әңгімемізді солардан бастап, Кәмила Абдуллинаны еске алумен аяқтағалы отырғанымыздың сырын ұққан шығарсыз. Лайым, солай болғай. Па, шіркін, «Қарлығаш»! Ән төресі!...
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ Біреуге жақсылық істеген жақсы, оны міндет етпеген одан да жақсы. Әлішер Навои Адам баласы жаралғалы түп атасы ібілістен таралатын қатыгездік, қараулық, зұлымдық, сатқындық секілді жаман әдеттермен қоса қайырымдылық, мейірбандық, адалдық, мәрттік, жомарттық, тұрақтылық, кісілік, ерлік, өрлік те қатар өрбіп, өмірдің мәні де, сәні де солар екені әлімсақтан аян. Жақсылықтың да, жамандықтың да – бүгінше айтқанда – өз аудиториясы, ортасы, өкілдері болуы да заңдылыққа саятыны тағы белгілі. Болмай тұрмайтын жамандықтан жапа шегіп, найшасы пәс болатындар ол да кезегімен жетпеуі мүмкін емес жақсылықтан жадырап, жандары жай тауып, барқадар ғұмыр кешуге, келешекке сеніммен қарауға құштарлықтары еселеп артып отырған. «Бір жамандықтың бір жақсылығы болады» дейтін мәтел, шамасы, сондықтан айтылса керек. Бір қарағанда, бұлардың бәрі қай халыққа да тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрлермен сабақтасады. Сондықтан да... 1958 жылы шілде айынан бастап белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, баспа директоры, киностудияда бас редактор, министрдің орынбасары секілді жоғары лауазымды қызметтер атқарған, өткен ғасырдағы алапат соғысты Берлинде аяқтаған, майдандық газеттерде әскери тілші болған байырғы журналист Мұса Дінішев шығарып, екі-үш жылда таралымы жүз мыңға бір-ақ секірген (кейін 500 мың болды) «Мәдениет және тұрмыс» журналы бісмілләні қазақтың әдетғұрып, салт-дәстүрлерінен бастап, олар жайлы тұрақты жазу арқылы оқырмандар ілтипатына бөленді. Журнал жарыққа шыққан алғашқы жылдардағы тігінділерге назар салған ағайын «Әдет әдет емес, жөн әдет», «Дәтүрдің озығы бар, тозығы бар», «Жирен жаман әдеттен», «Үйрен жақсы әдептен», «Советтік өмір салты», «Жаныңда жүр жақсы адам», «Ғұмырлы ғұрып», «Жақсылық жасау салтымыз» дегендейайдарлармен берілетін мақалаларды көрер еді. Бұл жарасымды, заңды да болатын. Өйткені, журналдың аты «Мәдениет және тұрмыс» емес пе? Мақсат ауыл тұрғындарының мәдениеті мен тұрмысы жайлы – ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа қатысты – сан алуан мәселелерді қозғап, кемшіліктер мен жетістіктерді ортаға салутын. Айтыңызшы, қырсыздық, кезудемсоқтық, өзімбілермендік,
салақтық-настық, салғырттық, жалған сөйлеу, өтірік-өсекке опоңай сене салу, жалақорлық, қызғаныш, іштарлық дегендер жақсы әдет пе сіздіңше? Әрине, жоқ. Осындай дәйістіктер туралы нақты фактілермен жазылатын материалдар «Жирен жаман әдеттен» деген айдармен берілсе, жұртты жақсылыққа бастайтын дәстүрлер «Үйрен жақсы әдептен» деген айдармен жарық көретін. Үнемі. Ал, жекелеген адамдардың өзгелерге өтеусіз жасайтын жақсылық, шапқат-шарапаты «Жаныңда жүр жақсы адам» деген айдармен ұсынылатын. Солайша, таразының басын тең ұстап, жақсылық пен жамандық жайында ашық айту, ой талқыға салу басылымның өзгермес ұстанымына айналды. Ол бертінге дейін – таралымы 500 мыңнан 4 мыңға құлдырағанша – жалғасты (1 мыңға жетпеген шаққа дейін десе де болады). Есесіне, шүкір... Соңғы төрт-бес жылдан бері шыға бастап, оқырмандардың көзайымына айналған қолдарыңыздағы «Дәстүр» журналы қапияда үзіліп қалған сол үрдісті жалғастырып, ұлттық әдет-ғұрып, салтдәстүрін шама-шарқынша кешенді түрде жазуға талаптанып келеді. Қадамы құптарлық, қуанарлық. Басылымның аты «Дәстүр» болғанмен, ауқымы кең, ғарыштай, шексіз, мұхиттай терең дер ек. Қайырымдылық, жақсылық жасау – қастерлі ғұрып, қасиетті дәстүр. Аруақты ата салт. Олай болса, бұдан арғы сөзімізді соған бір-екі нақты айғақ-дәлелмен әдіптеп нүкте қоя тұрайық. Жоғарыда айтқан «Үйрен жақсы әдептен» айдарымен бірімен. Өткен ғасырда соғыс басталысымен жиырма шақты қожалықтан тұратын шағын колхоздағы ер азаматтар түгелдей әскерге алынып, ауылда кемпір-шал, бала-шаға, әйелдер қалды. Бір үйден екі, бір үйден үш-төрт боздақ ел қорғауға аттанған-ды. Соғыс аяқталған соң отызға тарта жауынгерден бес-алтауы ғана оралды. Онда да он екі мүшесі сау келген менің әкемнен басқасы – біреуінің аяғы түбінен жоқ, біреуінің қолы жоқ, көзден айырылған, қабырғасы қақыраған – өңшең мүгедек. Екі ұлы соғыстан келмеген Анайы (біздің жақта әкемізден жасы үлкен ағайындардың әйелі солай аталады) мамамыз шалы қайтыс боп, кішкентай қызымен қалған еңбекке жарамсыз адам еді. Екі ұлы соғыста мерт болған Күлсін мамамыз да солай қауқарсыз. Соғыстан келген Арапбай көкеміздің бір аяғының саусақтары мен оң қолы жоқ, бір көзі көрмейді. Колхоз жұмысы қысы-жазы қауырт. Шамаға қарай егетін мақта, арпа, бидай, мал өнімдері сыпырып-сиырылып мемлекетке өтеді. Бір тиын табыс жоқ. Жұрттың күн көрісі – әр үйдің алдындағы 25 сотық
жер. Соған жүгері, пісте егіп, жыл бойы талғау етеді. Оларды егіп, шабықтап, өсіріп, өнімін жинау өзінше машақат. Колхоз жұмысынан бас көтере алмайтын бейбақтардың шамалары жете бермейді. Жер аудару, жүйек алып, су қойып, жүгері, пісте, мас, қауын егуге дегендей. Бір үйдегі 3 баланың үлкені мен − 12, одан кейінгі екі қара домалақтың бірі − 10, бірі 8 жаста. Ерте көктемнен жүйек жатқызып, колхоз трактормен жыртып беретін жерге жүйек алу, су қою, жүгері, пісте егу, оларды арам шөптен арылту, шабықтау, күзде егін жинау – бәрі солардың мойнында. Әкеміз бастап бірге жұмыс істейтін бізге жақсы, ал қарасатын ешкімі жоқ Анайы (есімі солай), Күлсін мамаларымызға қиындау. Сондықтан, ол екі үйдің салмағы бізге түседі. Әкеміз айтқан соң, амал жоқ, олардың да егінін шабықтаймыз, су қоямыз, жинап береміз. Бірде әкеміз Арапбайдың іргедегі жинаулы шөбін түнде қаңғыбас малдар жегенін жеп, жемегенін таптап, ысырап етеді екен деп, үйінің айналасына топырақ дуал тұрғызып берді. Топырақ дуал тұрғызу қиын жұмыс, біздің шамамыз келмейді. Сондықтан, әкем ересектерді жинап, асармен бірлесіп соғады. Дуал біткен соң қораға ағаштан есік жасап берді. Сөйтіп, көлденең мал, ит, құс кіре алмайтын болды. Әкемнің алақандай ауыдағы қараушысы, сүйеніші жоқ кемтарларға да, өзгелерге де жасайтын мұндай істері көп болатын. Бір жолы Попан мамамыздың ұрылар айдап кеткен бес-алты қойын сонау Бозайға артынан қуып барып, әкеп бергеніндей қайырымды істерінің қайсыбірін айтайық. Иә, бұлар қайырымдылық еді. Ата салт, дәстүр. Қанға біткен. Өтеусіз, міндетсіз. Оны бағалаған да, бағаламаған да адамдар болды, әлбетте. «Балашағасын аямай, кім көрінгеннің жұмысын істейтін ақжүрек қой», − дейтіндерді көріп те, естіп те жүрдік. Әкеміздің мұндай істері өмірбақи санада қалды. Үлгі боп... ТАШКЕНТТЕ ӨТКЕН ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ «Қазір не көп, той көп» дегенді жиі естиміз. Лайым, көп болсын. Өйткені, «Той – құдайдың қазынасы» деп тегін айтылмаған болса керек. Бірақ, әңгіме қазақтың тойлары қалай өтеді, қалай өтіп жүр – сонда боп тұрғанын, бүгінде одан түк өнбесін білсе де, екінің
бірі сөз етіп, қазақ тілді басылымдар жаза-жаза жалықты, шаршады. Қазіргі тойлардың көбінен бойға қуат жинап, қанаттанып, нәрленіп, әсерленіп, демалып, тынығудың орнына әл-дәрменің құрып, шаршап-шалдығып қайтасың. Сондықтан ба екен, қазіргі тойлардың көбіне жадырап, жайнап келетін құрметті қонақтар сөздерін сөйлеп, тоянасын берісімен тезірек кетуге тырысады. Бірінші үзілістен кейін зал жартылай бос қалып, тек салтанат біткенше кетпеуі тиісті пенделер ғана би билеп, ербең қағып жүретінін көресің. Неге? Себеп қалай? Енді бұл жерде оларды бас-басына жіліктеп, малтаны езбей-ақ қойса да болады. Бір-екеуін атасақ та жетер: даңғырлаған музыка, сұйқылтымдау ән, жарықшақ дауыспен өңеш кере айтылатын көл-көсір сөз ... сөз... он бес, жиырма, отыз адам боп шығатын тойшының әрбірінің алысқа сілтейтін ақ тілек, адал лебізі... Олар аз десеңіз, көлгірси көсілуге төселген жалдамалы тамаданың құлақты жейтін жаттанды бәдікнама, бөспейбайы... Түк естілмейді, қасыңда отырған қонақпен бір-екі ауыз тілдесу мұң... Дегенмен, барлық той олай емес... Таяуда қазақтың аяулы перзенті, философ-ғалым, белгілі жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері, қадірменді Әбекең, марқұм Әбдеш Қалмырзаевтың жылдық асында жанымда отырған басалқалы жігіт ағасы ойламаған жерден: «Осыдан екі апта бұрын Жетісайға барып, бір тойға қатыстым. Сенесіз бе, сонда үлкен тойдың өн бойында екі-ақ адам сөйледі», – деп бір тосын сөз айтып қалды. Әрине, қазір қатысып отырғанымыз той емес, ас болғандықтан, у-шу, даң-дұңсыз, жайбарақат өтіп жатқан-ды. Әйтсе де, оның әлгі сөзіне орай: «Шын ба?» – дедім құлағына аузымды тақап. Ол: «Шын, аға. Өзім куә боп келдім ғой», – деді сәл қабағын шытып. Той. Қазақ қалың шоғырланған оңтүстіктің Жетісайындағы той. Сөйлеген – екі адам. «Шын ба?» – деуім тегін емес. Ал, оны айтқан жігіт оңтүстік тұрмақ, әкесі шығысқазақстандық демесе, қалада өскен, жауапты қызметтер атқарып жүрген орыс тілді журналист. Көзі тірісінде марқұм Әбекеңе әкесі де, өзі де рухани жақын болған Әділ Ыбраев. Әкесі – ол да журналист – Жүніс Ыбраевты мен де білетінмін. Кезінде газет-журнал редакциялары орналасқан аты шулы ғимараттың тоғызыншы қабатында «Қазақстан ауыл шаруашылығы» журналында редактордың орынбасары болған. Мінезі жайлы, иі жұмсақ, үндемей ғана күлімсіреп жүретін Жүкең анда-санда пәлендей жұмысы болмаса да, жұмыс орныма келіп, азын-аулақ әңгімелесіп кететін. Осыдан он бес шақты жыл бұрын
ба екен, бақиға озғанда жерлеу рәсіміне қатысып, қабіріне топырақ сап, дұғасына ортақтасқан жайым бар-тын. Баласы Әділмен араласқұралас болмасақ та, сырттай жақсы тілек-ниетте жүретінбіз. Ең бастысы, Әбекең, марқұм Әбдеш Сәрсенұлы оқта-текте сөз арасында Жүністің де, оның ұлы Әділдің де аттарын атап, айтатын жылы лебіздерін сан мәрте құлағым шалған. Міне, Жетісайға барып, тойға қатысқанымда екі-ақ адам сөйледі деген Әділ (бүгін Әбекеңнің жылдық асында менімен бір столда қатар отырған) осы жігіт. Жаны жәннәтта болғыр Жүністің баласы. «Нақты болмаса да, тәуір қызметтер істегеніңнен хабардармын, қазір қайдасың?» – дегеніме Әділ: «Караванда» бас редактор едім ғой. Жақында босадым, әзірге боспын, басқа жұмыстарға ұсыныстар жоқ емес, көре жатармыз», – деді. Ал, оның Жетісайда өткен тойда екі адам сөйледі дегеніне, басқа болмаса да, менің сенбеуіме болмастай бір жағдаяттар бар еді. Солар есіме түсіп, осы мақаланың жазылуына түрткі болғанына да енді келмекпіз. Одан бері ширек ғасырдай уақыт өтсе де, бәрі күні кешегідей есте, көз алдымда. Жаз айларының орта шенінде Ташкентте тұратын ет жақыным ұлын үйлендірмек болып, тойға шақырды. Айтылған күні таңғы сағат сегізде ұшақпен жетіп, бірден үйіне бардым. Абыр-сабыр. Дайындық. Той «Ескі Ташкенттегі» ресторанда өтетін болып белгіленіпті. Басталуы сағат алтыда. Үй иесі маған сағат бірге үш министр, бір облатком төрағасы – бәрі өзімен институтта қатар оқыған жолдастары – төрт адамды қонаққа шақырғанын, солармен бірге болуым керегін айтып, оған дейін тынығып ал деді. Қонақтары бір сөзді адамдар екен, дәл айтылған уақытта келіп, дастарханға жайғасты. Қызметтерін бұлдап, тырысып, маңғазсып, мардымсыған ешбірі жоқ, бірден әзіл-қалжыңды лаулатып, күліп-ойнап, арасында ақ тілектерін айтып, мейлінше қарапайым отырды. Айттық қой, келгендердің үшеуі министр, біреуі Навои облыстық атқару комитетінің төрағасы деп. Министрдің екеуі өзбек, үшіншісі өзбек боп кеткен татар (Асқат Хабибуллаев), облатком төрағасы – ол да өзбектен айырғысыз тәжік азамат екен. Ол кезде әлі одақ тарамаған, өзбекстандық басшылардың жиі ауысып, жетекші кадрлардың біразы орыстан қойылып, Ташкент қалалық парткомының бірінші хатшысы, қала прокуроры т.б. орыс болған уақыт. Ал, республикалық деңгейдегі мына басшылардың бірде-бірі саясатты сөз етпей артық әңгімесіз, қарапайым қалыптан аспағаны, қазақылық тұрғыдан алғанда, таңданарлықтай еді. Несін жасырамыз, досыңның асын дұшпаныңдай же дегендей, жоғары лау-
азымды өзбек ағайындардың қысылмай ішіп-жеп, арақты тартынбай ішсе де, сыр алдырмай сыпайы отырулары назарға ілінбей қалған жоқ-тын. Бәрі табиғи, жарасымды. – Әлі тойға баруымыз керек қой. Біз қайтайық. Қалғанын сонда көре жатармыз, – деді сағатына қараған қонақтардың бірі. Оларды шығарып салдық та, бірер сағаттан соң біз де «Ескі Ташкенттегі» мейманханаға бет алдық. Барсақ, той иесінің айналадағы Келес, Сарыағаш, Бостандық, Жетісай аудандары мен Гагарин, Навои қалаларынан шақырылған ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжаттарының біразы келіп те қалыпты. Кезінде той иесімен есікпе-есік көрші тұрып, кейін мейрамхана директоры, қалалық қоғамдық тамақтандыру басқармасында бастық, қазір республикада Сауда министрі боп істейтін (маған жақсы таныс) Аброр барлығын тап-тұйнақтай ұйымдастырып, әйелі Халида, ұлы Жиһангер – бәрі осында жүр екен. Әркім қалаған адамымен емін-еркін әңгімелесіп, жайбарақат отырсын деген болса керек, дастархан бірыңғай төрт не алты орындық столдарға жасалыпты. Тыста аптап ыстық болғанмен, ресторан іші қоңыр салқын, қара көлеңкелеу, шағын сахнаның төменгі жағындағы шағын оркестр мүшелерінің театрдағыдай бет-жүздері көрінбей, баяу ойнаған музыка үні жағымды естіледі. Бір ғажабы, алыс-жақыннан келетін қонақтар кешіккен жоқ. Сағат алтыға шақырылса, әрі кетсе он-он бес минуттан соң той басталды. Қыз берген құда – Мырзашөл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Арыстан Шайымов, құдағиды қосқанда – он шақты адам болып келіпті (бүгінде Астанада тұрады). Жаңадан табысқан бас құданы күту менің парызым болғандықтан, бір столға отырдық. Жоғарыда аталған үш, мейрамханада жолыққан бір – барлығы төрт министр мен облаткомтөрағасы, Жетісай, Гагарин қалалары, бірқатар аудан басшыларының ешбірінің аты-жөндері аталмай, бәрі жұбайларымен бірге жұрт қатарлы жайғасты. Қара көлеңке зал. Баяу музыка. Той өтіп жатыр. Тамада жігітке салмақ түскен жоқ деуге болады. Оқта-текте қонақтардың біріне сөз береді де, ол сөзін аяқтаған бойда өзі не басқа бір өнерпаз ән салады, күй тартады. Тамада қазақша мен өзбекшеге ағып тұр. Бірақ, онша көсілмейді. Оның қажеті де болған жоқ. Бұрын-соңды қазақтың той-жиындарында атымен болмаған – пленум, конференция, съездегідей – дүркірете қол шапалақтау дегенді атама. Тойға пәлен келді, түген келді деп әлдекімдерді қолпаштау да жоқ. Кім
келсе, ол келсін, бәрі тең құқылы, қадірлі қонақ. Той – атақ, дәреже түгендейтін орын емес. Халас! Жайбарақат әңгіме-дүкен, әзіл-қалжың. Сахнада – дүние жүзі халықтарының музыкасына сол елдердің биін билеп жүрген – мың бұралған ару қыздар. Арагідік ән-күй. Сағат алтыда басталып, он екіде аяқталған үйлену тойында ешкім сөйлемеді демейміз, сөйледі. Алты адам сөйледі. Той иесінің сан жағынан молдау тума-туыстары атынан бір адам – Қырғызстанның Ош облысында қырық жыл прокурор болған ағайымыз (Жүніс Әйтімбетов марқұм) тілек айтты. Министрлердің бірде-бірі сөз айтпады (жарылып кетпегендеріне тәубә. Бірақ, олар қазақ емес қой. Той ауаны басқа екенін түсінді ме, кім білсін, қазақстандық мықтылар да сөз дәметіп тықыршыған жоқ). Мен өз басым екібастан, прокурор ағамыз сөйледі, бітті деп санадым. Ал, біз... Өз елімізді айтамын... Қазақтың тойы олай емес, былай емес, олай өтуі тиіс, былай етуі тиіс, неге өйтпеді, неге бүйтпеді, неге шапалақ аз соғылады деп жылдар бойы жағымыз талмай қақсаудай қақсап, айтудай айтып, күн тәртібіндегі «өткір» мәселені қозғауға жетік басылымдар жарыса жазып, жан сала ойбайласақ та, баяғы жартас әлі күнге сол жартас. Міз бақпайды-ау, міз бақпайды. Тойға мейлі жүз, мейлі бес жүз, мың адам шақырылсын, дөкей-сөкей, мықтымсыған біткенбайжіскенбай, ауыл-аймақ, кемпір-шал, бала-шаға демей, түгел сөйлемесе, шықпаса, той иесіне қара қазандай өкпелерін былай қойғанда, жылдап болмаса да, айлап айықпайтын ауруға шалдығады. Пәленбай қаржыны қалтаға басып, фонограммамен ауыз жыбырлату, даңғаза, у-шудан түк естімей пұшайман болу, шаршап-шалдығу, той тарқамай жатып тұра қашуды есепке алмағанда. Ал... Ташкентте өткен үйлену тойында жұрт уақытында келіп, уақытында тарады. Шаршап-шалдыққан ешкім байқалмады. Той тарқаған соң төрт министр көлігі жоқтарды жеке көліктерімен үйлеріне жіберіп, өздері машиналарының келуін көшеде күтіп тұрғандарын көрдік. Сол әлі күнге көз алдымызда. Ол – Ташкентте өткен қазақтың үйлену тойы еді. Қазақ болғанда, өткен жылы жазда Шымкент қаласында жетпіс алты жасқа қараған шағында өмірден озған өзімнен екі жас кіші туған інім Шәкірдің қазір Астанада тұратын медицина ғылымының доктары, профессор, Өзбекстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі дәрігер ұлы Аманды үйлендірген тойы болатын-ды. Сол тойға куә болған бір құда Махмұт қазір осы Алматыда...
Олар аз десең, Ташкентте өткен қазақтың сол бір үйлену тойында тамадалық жасаған талантты әнші Ақжол Мейірбеков те қазір Алматыда тұрады. Онда мен үлкен өнер айдынында енді-енді көрініп жүрген – бүгінгі әйгілі әнші, мақтанышымыз Ақжол інімді сырттай болмаса, мүлде танымайтынмын да, білмейтінмін де. Қазір де, араластығым жоқ. Тойға шақырған мен емеспін, кім, қалай шақырғанынан бейхабар болатынмын. Той үстінде де шүйіркелесе қойған жоқпыз. Алайда... Ташкент және сол төңіректегі талай-талай мекендерде үйлену тойы болсын, басқадай болсын, негізінен қалыптан аспай, әдептен озбай, әдемі де әсем, жарасымды өтетін сыңайлы. Оған бұдан төртбес ай бұрын Алматылық Әділ Ыбыраевтың Жетісайда өткен тойда бар болғаны екі адам сөйледі дегені де айғақ іспетті. Бұлар, сөз жоқ, жақсы ойларға жетелейді. БІРІ-ТӨРЕ, БІРІ-ГЕРР: ШОТА-БЕЛЬГЕР Барон мен князь. Тырнақшаға алмаймыз. Себебін төменде біле жатасыз. Ежелгі ата-бабалардан келе жатқан асыл мұралардың бірі – сыйластық. Риясыз, шынайы сыйластық. Сол сыйластыққа кейде біліп, кейде білмей, селкеу түсіретініміз де болады-ау. Аңдаусызда айтыла салатын бір ауыз «жақпас» сөзге бола жанашырды жау санау қай ережеге жатады? Көсемсіді деме, бәлкім, ұлы Абайдың «...Бір сөз үшін дос болып, бір сөз үшін жау болып...» дейтіндей тәмсілінен нәр тартып отырған шығармыз. Әрқилы басылым беттерінде мұндай лепес-лебіздер талайақ айтылған, айтылып та жүр. Ешқандай дау тудырмайтын кемшілігіңді айтқан пендені дұспан санамай, қайта алғыс айт, қонаққа шақыр, онан соң мініңді түзесең, пайдалысы сол болмақ дегендей. «Кемшілігіңді айтушыға алғыс айт, қонаққа шақыр». Пах! Солай болуы мүмкін бе? Сені қайдам, біздіңше, бек мүмкін. Мүмкін емес, арғы-бергі кездерде ондай болған, болып та жүр, бола да бермек. Орыстың ұлы актері Щепкин өзін өлтіре сынайтын драматург досына әрдайым хат арқылы алғыс білдіріп, құрмет көрсетіп отырыпты. Тоң-теріс мінез байқатып, безіп кетпеген. Ұлы Мұхтар Әуезов те бір аты шулы жиналыста Мәлік Ғабдуллиннің өз атына айтқан бірнеше пункттен тұратын оспадарсыз сөздерін кешіріп, тектілік жасаған («Президент және Халық» газеті, 20. ІҮ. 2012 ж.). Мұндайлар сирек те болса баршылық.
Сыйлау мен сыйламау (сыйласу мен сыйласпаушылық) қашанда домбыраның қос ішегіндей. Сыйлау көп пе, сыйламау көп пе десек, соңғысы басымдау көрінетіні де рас. Бүгін бағың шауып тұр екен, сыйлысың, ертең тобығың қисаяды екен, «аузыңнан тәтті дәм кетіп, көшеде қаласың әндетіп». Осы ма сыйласу? Бұл − жалған сыйласу. Шын сыйласу басқа. Айталық, жақында сексен жасқа толған белгілі архитектор Шота Уәлиханов пен оның да жасы сексенге таяп келе жатқан көрнекті жазушы Герольд Бельгердің сыйластығындай. Олардың ұзақ жылдан бергі бір-біріне ыстық ықылас, ниет-пейіл, ілтипаттары сонау әйгілі ғалым Шоқан Уәлиханов пен орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевскийдің достығынан бір де кем еместей. Шоқан Уәлиханов, Федор Достоевский. Неткен ірі тұлғалар. Шоқан Абылай ханның ұрпағы болса, Достоевский − өзінің осы күнге дейін күллі әлемді тамсандыратын «Қылмыс пен жаза» романын жиырма жастағы гимназия шәкірті, стенографист, болашақ жарына жиырма бір күн ауызша баяндап дүниеге келтірген данышпан жазушы (бұл оның сол әйелінің күнделігінде айтылатын дерек). Өз басым осынау екі алыпқа таңқаламын, сыйластықтарына бас иемін. Айналадағы «бүгінгі дос, ертең жау» бола салатындар соларға бір сәт мойын бұрып, зер салар ма еді, шіркін?! Күніне мың түрленіп, жүз құбылатын, бір боқ батпақтан екінші боқ батпаққа (Бельгердің сөзі) топ етіп, «ежелгі ел болмастармен» демнің арасында қосыла шәуілдесу де сыйластық па. Өзге тұрмақ, өзін сыйламайтындарға не дерің бар. Ал, Шота мен Герольдтің достық, сыйластық, қимастық, риясыз қарым-қатынасының жөні бөлек. Бұл сөздерді олардың жұрт бізсіз де білетін оларды көтермелеу үшін айтып отырмағанымызды зерделер. Біздікі – бүгінгі жас буын, жаңа ұрпақ адамдар арасындағы шын, табиғи, адами, риясыз сыйластық дегеннің не екенін, қандай болатынын біліп, ұғына түссе, оған қоса, кейінгі толқын – інілер мен алдыңғы толқын – ағалар жетігірек білетін Шота мен Бельгердей тұлғалардың кім екенінен хабары молая берсе деген ой-ниет, тілек қой. Басқа не болсын. Сонымен... Шота Уәлиханов − тек қазақ мемлекеті емес, берісі посткеңестңк республикалар, әрісі күллі әлемге әйгілі дарабоз архитектор. Қазақ дегенде шығарға жаны жоқ. Туған халқын жан-тәнімен сүйетін адал перзенті. Қарапайым, кішіпейіл, кең мінез, кешірімшіл, ірілердің ішінде іріктелген, бетегеден биік, жусаннан аласа, бір қарағанда кәдімгі басы жұмыр пенделердің бірі. Аспандаған абырой-атағы
болса, ол алпыс жылдан астам уақыт еткен еңбек, төккен тердің өтеуі, нәтижесі. Оны да айта кетейік, Шота өткен ғасырдағы ашаршылық емес, асаршылық дендеп тұрған 1932 жылы өмірге келіп, сол зұлматтан үзеңгілес достары Кәкімбек Салықов, Аманжол Қошанов, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов секілді әупірімдеп аман қалған ұрпақ өкілдерінің бірі де бірегейі санатынан. Мәскеуде оқыған. Шығыс елдері, Халықаралық архитектура академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген архитекторы, ҰҒА суретшілер академиясының академигі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Шыңғы схан Халықаралық академиясының академигі, толып жатқан отандық, шетелдік ордень, медаль, құрмет грамоталармен наградталған. Ең бастысы, ол – ҚР Елтаңбасы мен Тәуелсіздік монументінің авторы. Оларға қоса: ақын, драмашы, аудармашы, эпистолярлық ғаламат мұрағат жасақтаушы. Қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, ойшыл, терең ақыл-парасат иесі. Ақсүйек. Дала аристократы. Төре. Шыңғысхан әулеті. Шыңғыс ханнан былайша тарайды: Шыңғысхан – Жошы – Тоқан– Темір– Бәдік – Орыс хан – Құйыршық хан– Барақ – әз Жәнібек – Жәдік – Шығай хан – Еңсегей бойлы ер Есім – Салқам Жәңгір – Уәли – Қанішер Абылай – Көркем Уәли – Абылай хан (Әбілмансұр) – Уәли Шыңғыс–Әбілмақыжан (Мақы) – Ыдырыс – Шот-Аман (Шота Уәлиханов) Шотаның әкесі Ыдырыс – Шоқанның інісі Мақының баласы. Мақы Петербургта оқып, білім алған. Танымал суретші болған. Міне, көріп отырғанымыздай, Шота атақты Абылай ханның ұрпағы. Абылайдың бір баласы Қасым ханнан тарайтын Кенесары – Наурызбаймен туыстас. Аллаға шүкір, бүгінде Абылай хан ұрпақтары қазақ жерінің барлық өңірінде өсіп-өніп, ұрпақ жайып, солардың бірі – біз әңгімелеген осы Шота. Бельгердің туған бауырындай аяулы досы. Шотаға осы жолдарды қағазға түсіріп отырған менің де бөтендігім жоқ. 1958 жылдың күз айларында танысып, оның жан дүниесі ашық, бауырмал, алғыр да талантты екеніне тәнті болатынбыз. Екі сөзінің бірі «дос» болатын. Достары сол кездің өзінде көп еді. Кәкімбек пен Аманжолды аузынан тастамайтын. Кейін бір-бір белгілі тұлғаға айналған оларды сол кездерде Шота арқылы білетінмін. Адамбек Қапанов, Хакімжан Наурызбаевтармен де Шота арқылы таныстым. Павлодарлық Шәкен Рақышев дейтін әдебиеттанушы (ең жақын) досы ертелеу дүние салды. Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып жүргенде Алматыға жолы түскен Кәкімбек
Салықовты «Алатау» санаторийінде – қыс кезінде – демалып жатқан маған әдейілеп ертіп әкеліп таныстырғаны есте. Ақтөбе облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, көкшетаулық Темірғали Бекеновпен Шотаның үйінде танысып, ол бақилық болғанша хабарласып жүрдік. Иә, біз білетін Шота − жас кезінен кекшіл емес, көпшіл, қонақжай, дарқан, ашық-жарқын, білімді, талантты тұлға. 1959 жылдың басында «Жас Шоқан» атты пьесасы қабылданып, таң атқанша жуғанымыз неге ұмытылсын. Ол пьеса кейін (1960 жылдардың басында) Шымкент театрында қойылды. Шотаның әкесі Ыдырыс ақсақалды сан рет көріп, сөзін тыңдап, дәмдес болғанымызды да айта кеткен артық емес. Жалпы, Шота жайлы менде де айтар әңгіме жоқ емес. Кейбіріне шетпұшпақтап тоқталдық. Себебі, бұл жолғы мақсат басқа, Бельгер екеуінің достығы хақында. Ал, енді Бельгерге келетін болсақ, күніне бес сағат төл шығарма, екі сағат аударма, күнделік жазып, екі сағат газет-журнал қарайтын, ол арада қонақ қабылдап, тәулігіне пәлен рет (тек Алматының өзінде 20-30) жер шарының түкпір-түкпіріндегі тамыр-таныс, жолдас-жора, тілектес дос, тума-туыс, бейтаныс тілектестермен телефон арқылы сөйлесетін қымбатты Герекең, осы күнге дейін не неміс, не қазақ жазушысы екенін өзі де айыра алмай келе жатқан Герольд Бельгер дегеніңіз үш тілде жазатын қарымды қаламгер, дөңгеленген дүниеге танымал тарланбоз емес пе? «Жақсылығымыз ешқайда қашпайдыны» мәнзелдей отырып, ащы да, тұщы да айтатын, айтқанда, өзінен бастап кімге болса да, әсіресе, аса жақсы көретін бүкіл қазағына батырып, батыл айтатын хас батыр, құдай бере салған қазақи неміс, Шотаның жан досы ғой ол. Шырқау биіктегі жарқыраған жампоз, жылына жүздеген мақала жазып, төрт-бес кітап шығаратын дарабоз. Осы жақында көлемі жиырма бес баспа табақ күнделіктер топтамасы «Тоғанай» (директоры Талғат Айтбаев) баспасынан қазақ тілінде жарық көрді. Оның ізінше Шотаның сексенге толу құрметіне «Mein Freuno Шот-Аман» деген кітап шығарды. Оған Шота туралы көлемді мақала, сондай-ақ, жиырма жыл ішінде жазылған күнделік беттеріндегі Шотаға қатысты жерлер (күндер) топтастырылған. «Оған беретін сыйым осы, басқа ештеңем жоқ, – деді Бельгер аталмыш кітапты маған ұсына тұрып. – Тойына бара алмаймын, себебін өзі біледі». Сыйластық, достық. Егіз ұғым. Біреуге бұйырып, біреуге бұйырмайтын. Сыйластықты бағалап, достықты аялай білгенге не
жетсін. Шота мен Бельгер құсап. Айтпақшы, олар бір-біріне толып жатқан жанама ат қоюға да мейлінше төселген. Шота Бельгерді барон десе, Бельгер князь дейді. Жарасып, жанасып тұрады. Бір-бірін герр, төре деп те жібереді. Яғни, бірі – төре, бірі – герр: Шота-Бельгер. Араларынан қыл өтпейтін қияметтік екі досқа сыйластықтарың артып, достықтарың нығая берсін дейміз. Әумин! МҰСТАФА МЕН ЖАҒДАНЫҢ ЖОҚТАУШЫСЫ Ол кім? – Қасымхан Бегманов. Арқалы ақын. Кең танымал, қайырымды, қадірлі, таза жаратылысты жігіт ағасы. Кеңестік кезеңде техникалық жоғары білім алып, комсомол, кеңес органдарында қызмет еткен ол табиғи дарыны арқасында ақын атанып, бірнеше жыр жинағы шыққан. Алаш әдеби сыйлығының лауреаты. «Құрмет» ордені, ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығында мерекелік медальмен марапатталды, «Кентау қаласының құрметті аазаматы». Асып-тасу, дандайсудан аулақ, кісілікті пір тұтатын Қасымхан жайлы осынау мәліметтерді оны көтермелеу, әсіре мақтау не біреуміреудің қызғанышын ояту үшін емес, керісінше, оқырман қауым біле жүрсе деп алға тартып отырмыз. Өзгенің зәредей жетістігін елемеу, бағаламау, көрсе де көрмеу жағы, қазақта, шүкір, тәптәуір жетіліп, әжептәуір өркендеген емес пе? Десе де, айтқалы отырғанымыз ол емес, өз басынан гөрі өзгенің қамын көбірек ойлап, көбірек ортақтасуға әзір Қасымхан жөнінде пікір білдіру ғана. Айта кетерлігі, Қасымханның тісіміз бата бермейтін шығармашылығына ден қоюдан аулақпыз. Тек... Өзіміз біліп, сан рет куә боп жүретін азаматтық қырлары жайлы шамалы ой өрбітсек. Ол – Қасымханның барлық жеке шаруасын жиып тастап, зейнетке шыққанына отыз екі жыл болған, жасы тоқсанға таяған Жағда Бабалықовтай қазына қартты тауып, оның барлық жазған-сызған, айтқаннан айтылмағаны көп мәйектерін әуелі таспаға, одан қағазға түсіріп, өз қаржысына қалың кітап етіп шығарғаны. Бұл аралықтағы екі жылдық тынымсыз еңбек, жұмсалған қыруар уақыт, ұйқысыз түндер мен мазасыз күндер, қаншама ащы тер төгілгеніне тоқтамасақ та болады. Қасымханға риза болған Жағданың: «Айналайын, мен бір ұмыт қалған шал едім.Халыққа қажет жиған-тергенім, айтарым көп еді. Кешегі атқа
мінген шағымда айналама үйірілген екіұшты жанашырсымақтардың біреуі бірдеңе істемек түгіл, қаперіне алмаған шаруаны сен ескеріп тындырғаныңды көріп, дүниеден армансыз өтетін болдым», – деп алғыс айтқан. Содан көп ұзамай Жағда о дүниеге аттанды. Ұлттық кітапханада таралымы 3 мың данамен жарық көрген кітаптың тұсаукесері Жағдасыз өтті. Оған қатысқан зиялы қауым өкілдері баға жетпес кітапты жоғары бағалап, Жағданың аруағына тағзым етті. Жағдамен аралас-құралас боп, қатар жүрген көзкөргендер ендігі жерде аталмыш кітаптың оқырманға тез жетіп, таралуына сеп жасаймыз десті. Алайда, онда айтылғандардың сөз күйінде қалып тұрғаны өкінішті. Бір үміт – наркескен тұлға Лұқпан Сыдықовта боп тұр. Қасымханға «Жағданы қалай таптың?» дегенімізде, ол бірден: «Ол не сөз? Жұрттың бәрі білетін Жақаңды мен неге білмеуім керек? Баспасөздерде жарияланған жазбаларын оқып, теледидардан сөйлеген сөздерін талай тыңдадық емес пе? Нағыз қазына қарт сол екеніне шәк болмайтын. Әйтсе де себепсіз салдар жоқ. Қайсыбір жылы қазір бес мыңнан астам тұрақты оқырманы бар «Дәстүр» журналын ашу керек болды да, оған алдын-ала ел білетін ғұлама, зиялы, лайықты авторлар іздей бастадым. Сонда есіме бірінші Жағда ақсақал түсті. Оның мақалаларындағы автор соңында ылғи «этнограф» деген сөз жазылатын. Бізге керегі де сол (этнограф) болатын. Дереу хабарластым. Бірден әмпей-жәмпейлесіп, тіл табыса салдық демеймін. Алғашында салқындау қарап, сөзімді салғырт тыңдады. Сенімсіздік байқатты. Оны түсінуге болатын еді. Маған дейін талай қасқа өйтеміз-бүйтеміз деп, сан соқтырып кеткенін кейін білдім. Тіпті, кейбір құнды жәдігерліктерін алып, бермей кеткен. Дегенмен, Жақаңмен түсінісіп, жұмысқа кірісіп те кеттік. Қалт еткен уақытты бірге өткізіп, ғаламат жазбалары мен ауызша айтқандарын жинақтап, бастырып, редакциялап, өзіне оқытып, бір ізге салдым, ретке келтірдім. Қалың бір том болатындай етіп. Сол тұстарда оларды «Ана тілі» газеті бірнеше нөмірде жариялады. Жақаң оқыған сайын төбесі көкке жете шаттанып, газет редакторы Самат Ыбырайымовқа алғыс айтумен болды (Саматқа өз басым да дән ризамын, әрине). Бірақ, соңғы үш-төрт нөмірді көру бұйырмады. Тоқсан үш жасында дүние салып, кітап ол қайтыс болған соң шықты. Әйтеуір, көзі тірісінде қамтып үлгергеніме шүкір. Сол күндерде Жақаңды қонаққа шақырып, бас тартып, құрмет жасап үлгергеніме де қуанамын. Бәрі Алланың бұйрығы шығар. Жаны жәннәтта болсын. Бұл кітап Жағда
үшін де, мен үшін де емес, бәрінен бұрын бүгінгі және келер ұрпақ үшін орны өзгеше құндылық, тың мағлұмат-деректерге бай, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін терең білгісі келетіндерге таптырмас дүние. Әлемнің қай түкпірінің абыз-ғұламаларын таңдантып, тамсандырары анық. Тіпті, мәселе онда да емес, Жағданың осы мұрасын арғыбергідегі (Дулати, Жалайыри, Марғұлан, Машани тектес) қазақ ғұламаларының қай-қайсысының еңбектерімен де қатар қоюға арзиды деп білемін. Бүгінде маған кітапты оқып, пікір білдірушілер (Қойгелдиев, Бельгер, Балқияев т.б) де сол шамалас сөздер айтады.» Қасымхан осылай дейді. Өзін дәріптеу, көтермелеу, жарнамалау үшін емес, біз сұраған соң, өзгелер де біле жүрсін деп. Ал, бұлар өзгелердің біле, ескере жүруіне бек арзитыны дау тудырмаса керек. Қасымханның еңбегі, қамқорлығы (Жағда туралы жоғарыда айттық) әсіресе, қазіргідей біреуге біреу сәлем бергенін міндетсіп, не азынаулақ жақсылығын бақай есеппен жасайтын шақта, Жағдаға жасаған шапағаты сирек құбылыс іспетті көрінеді өз басыма. Бүгінгі заман бұлталаңына орай, амалсыздың күнінен өзгенің атынан кітап жазып немесе өзінің төл кітабына демеуші іздеп, не мүлде бастыра алмай, итшілеп бастырса, тарата алмай, не мемлекеттік баспаға телміретін кезде Қасымханның Жағданың кітабын өзі жазып, өз қаржысына жарыққа шығаруы бір адам үшін аз емес, әлбетте. Оны бұлдап, міндетсіп жүрген де Қасымхан жоқ. Тіпті, оның біздің осы бір азын-аулақ лебізімізді қалай қабылдары да күңгірттеу. «Керегі қанша еді» демесе. Неге керек емес, саған болмаса, ел-жұрт, қалың қауымға керек. Әйтсе де, кей-кейде жасаған жақсылықтың алдан шыға бермей, қайта, өзіңе таяқ боп тиіп жататыны да болмай тұрмайды. Мұндайда «жақсылық Алладан қайтсын» деп алдарқатады. Кейбір арампейіл пасықтар жақсылықты қайтармаса да, тырнақ астынан кір іздеп, пыш-пыштамай, өсек-аяңын гулетпей жүрсе екен деп те қиялдайсың ғой. Ешкімге салмақ-зияны жоқ, біреуге болса деп қана жүретін пенделерді ғайбаттап, әлдебір ілік-шатыстығын малданып, сүйекке батар сөз сөйлейтін «айтқыштарға» дауа жоқ болар, тегі. Міне, Қасымханның бұл жағынан да аузының «салуы бары» байқалмай тұрмайды. Әйтпесе, Алаш ардақтысы, туған халқының қамын ойлағаны үшін бөтен елдерде ғұмыр кешіп, солардың бірінен топырақ бұйырған Мұстафа Шоқайдың шетке кеткенше (әуелі өзімізде – бұрынғы Кеңес Одағындағы) жүрген-тұрған, оқыған, қызмет еткен жерлерде, одан көптеген шет мемлекеттерде болған,
тіршілік еткен қала, елдімекендерді түгел аралап, толып жатқан айғақ-құжаттар негізінде фильм түсіріп, үш томдық кітап жазған оған бәрекелде деп қолтықтан демеу керек емес пе еді? Жо-жоқ, сол әрекетін көре алмай, іштеріне қызғаныштың қызыл шоғы түскен кей замандастарын былай қойғанда, қара қылды қақ жарады дейтін кейбір сот деген аты бар мырзалардың шолақ ой, тар таным, шалағай түсінік-пайымдарының тұрпаты хақында неткен сұрқайылық деп жаға ұстайтын жайлар да кездесті. Тоқ етерін айтсақ, Алматы, Астана, бірқатар облыс орталықтарында тұсауы кесіліп, республикалық телеарналардан сан мәрте көрсетілген Мұстафа Шоқай жөніндегі үш сериялы телефильмге ашық түрде шабуылдаушы өз ішімізден шыққан кейбір қандас деуге болмайтын, тасадан тас атушы желауыз нигилистер мен космополиттерді былай қойғанда, келімсек шовинистердің ойбайға басқаны және оларды басқа емес, сот аты бар (ұлты қазақ болуы да мүмкін) біреулердің қолдап-қолпаштағанына не айтуға болады. Дәлірек айтсақ, аталмыш фильм Өскеменде көрсетілген соң, сондағы пасық пиғылды кірмелердің бір-екеуі Мұстафаны немістерге қызмет еткен, легионер, ондай сатқынды неге дәріптейді деп даурықты. Мұстафа немістерге қызмет те етпеген, сатылған да емес, керісінше, тұтқынға түскен мұсылман өкілдеріне көмектесуге құмбыл болған дегенге қасақана құлақ аспады, мән бермеді. Сол үшін Мұстафа жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Егер кінә деуге болса, оның бар кінәсі қазіргі шетел –Грузия, Әзірбайжан, одан Франция, Түркия, біраз уақыт Германияда тұрғаны шығар, бәлкім. Ал, Германияда тұрғанда немістердің айтқанына көніп, айдауына жүргеніне айғақ қайда? Бар болса, көрсет, дәлелде. Сонау жылдардағы әлдебіреулердің айтқаны шындыққа кереғар. Алда-жалда лажсыздан шетелдерде тұрғанның бәрі сатқын, жау болса, кеңес үкіметін мойындамаған А. Бунин, Ф. Шаляпин де жау ма? Осы екеуінің мәйітін кейін Ресейге әкеліп қайта жерлемеді ме? Жоқ, ағайын, алжаспа! Солай екен, онда Мұстафа Шоқайдың сүйегін де туған топырағына әкеп жерлейтін кез әлдеқашан жетті. Келімсектер шектен шығып барады. Қазақстанның Грузия, Армения, Өзбекстан тіпті, Қырғызстан, Украина емесін білетін олар әрі қарай да тайраңдай бере ме? Әлде, қазаққа керек ұлтаралық татулық, бірлік келімсекдиаспора өкілдеріне керек емес пе? Керек! Тіпті, екі есе, үш есе керек! Көбінің тарихи отанында атыс-шабыс тоқтамай, қан төгіліп жатқан олардың әуеніне төңкерілген сайын мардымси түсуіне кінәлі өзіміз. Төл әнұранымыздың орнына бір емес, әлденеше рет басқа бір
әуенді әуелетті, үндемейміз. Намыстанған қазақ жоқ. Көк тумен еден сыпырды, қоқыс тасыды, үндемейміз. Енді, міне, масқара болғанда, жау деуге айғақ жоқ Мұстафаны жау деген керауыздарды қазақ соты қолдап, Қасымханды пұшайман етеді. Олай болса, бәлкім, бір кезде жау деп атып тастап, артынан ақтаған арыстардың бәрін қайтадан жау деу керек шығар. Өскемендік сот үкіміне қарап, солай демей, не дейік. Бандера ше? Жау ма, жау емес пе? Жау болса, украиндар оған неге ескерткіш қояды? Әлбетте, өскемендік айқайшылар мен ондағы ұлты қазақ сот өкілдерінің Бандераны жау деуге екі дүниеде шамалары жетпейді. Өйткені, қорқады. Осында ғой келімсектердің тайраңдап жүргендері!.. Пішту!.. Қасымхан мұндайды да бастан кешті. Сотта жеңіп шықты. Шовинист арызқой мен нигилист қандастарын жер шұқыты. Бәрекелді! Мұстафа мен Шағданың аруағы жебей берсін. Алға, Қасымхан ақын! НҰРҚАДІЛОВТІҢ ШАПАҒАТЫ Өзге қауым секілді, Алматының барша тіршілік-тыныс, күнделікті өмір ағысына қалалық партия комитеті мен атқару комитеті және сол екеуіне бағынатын түрліше мекемелер жауапты екенін білсек те, қызмет бабы жағынан қатысымыз аз болатындықтан ба, олардың бар-жоғы, басшылыққа кімдер келіп, кімдер кетіп жататынында шаруамыз болмай, әркім өз арбасын сүйретіп жүре беретін. Әйтсе де, бірінші басшылардың кімдер екенін білетінбіз, әрине. Олардың мойнындағы ауыр жүк, міндет, жауапкершілікті де шамалайтынбыз. Өйткені, қалалық партком, атком болмағанмен, аупарткомның мәжіліс-жиындарына шақырып, кейде мекемедегі бастауыш партия ұйымының жұмысы жайлы есеп беруге баратынбыз. Ал, қалалық атқару комитетіне ат ізін салмаушы едік десек те болады. Алайда, оның қалалық парткомнан гөрі күлшелілеу екені айдай аянтын. Әсіресе, пәтер. Басқа да тұрмысқа қажеттілер солардың қолында. Өз басым Заманбек Нұрқаділовті ол қалалық атқару комитетіне төраға болғанда газеттегі ресми хабарлардан білдім. Оған дейін қайда, кім болып істегенінен хабарым жоқ-тын. Қалай төраға болды, солай жылы лебіздер естіле бастады: «Храпунов деген сандалтып бітті, Нұрқаділовтің өзіне бару керек», – дегендей. «Әдебиет пен мәдениет, өнерді түсінеді, зиялы қауымды сыйлайды екен» дегенді де талай рет құлақ шалды.
Сөйлеп үйренген ауыз не демейді? Әсіресе, жаңадан келген бастық жайында. Әуелі не оймен болса да мақтайды, жүре келе сәл нәрсеге бола... бебеу қаға даттайды. Солайы солай шығар, бірақ (Заманбек қала басқаруға келген) ол кездерде біздің күні-түні ізін бағып, көрген-баққанымыз Нұрқаділов болды дегенге ешкім илана қоймас, әрине. Десе де, оның кісілік, қайырымдылық, өзгелерге қол ұшын беруге құмбылдығы жайлы әңгіме көбеймесе, азайған жоқ. Бірде белгілі газеттердің бірінен сәл шадырлау мақалаға көзіміз түсіп, таңдана отырып оқыдық. Қысқа түйіні: белгілі ақын Фариза Оңғарсынова Нұрқаділовке әй-шәйсіз кіріп барады да, сәлем берместен, қабағын шыта тік тұрған қалпында: «Маған сарай салып беріңіз», – дейді бірден дік еткізіп. Орнынан күлімсірей көтерілген Нұрқаділов: «Жарайды, саламыз, – дейді сыр білдірмей. – Отырыңыз. Басқа қандай шаруаңыз бар?» «Басқа шаруам жоқ. Уәде бердіңіз, енді орындайсыз». Қала бастығы мен аты шулы ақын арасындағы әңгіме, шамамен, осылай өрбиді. Ақын мен әкім – бір-бірін емеуріннен ұқты, түсінді. Әрі қарай тақтайдай тегіс кең даңғыл. Содан соң айтылған сарай салынды ма, салынбады ма, хабарым жоқ. Бір қарағанда, екеуі де тарпаң, кіді, асаудың асауы. Сонда ше? Шақшаңдаса кетуі керек пе еді? Жоқ. Тектілер өйтпейді! Әне, сол Заманбек Нұрқаділовтің күндердің күні бұрын танысбілістігі жоқ қаймана көптің бірі – маған да ойламаған жерден айта қаларлықтай шарапаты тигені бар-тын. Бір емес, екі рет. Екеуінде де артық-ауыс әңгімесіз, бұлдаусыз, табиғи рәуіште. Біріншісі былай. 1988 жыл. 7 қараша. Кеңес өкіметінің кезі. Қазақстанды Колбин басқарады. Басшылықтағы қазақтар саны селдір тартқан. Әйтеуір Нұрқаділов орнында – Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы. Әйелімнің Хамит Ғайсин дейтін нағашысы Алматыда тұратын. 1930 жылдарда батыс өңірдегі Жәнібек ауданынан Алматыға келіп, халық таланттарының слетінде домбыра тартудан жүлде алған. Шамалы уақыт домбырашы боп істеген. Ол да сол аймақтан келіп, әнші болуды қалаған Құспанғалиев опера театрының хор құрамына қабылданады. Бірақ, ұзамай екеуі де мамандықтарын өзгертіп, Хамит Ғайсин соғыстан алдын медицина институтын тамамдайды. Қатардағы милиционер Құспанғалиев генерал-майор дәрежесіне дейін көтеріліп, ұзақ жыл қалалық ішкі істер бөлімін басқарады. Соғысқа бастан-аяқ қатысқан Хамит Ғайсин майданнан аман-сау оралған соң өмірінің соңына дейін медицина институтының хирур-
гия кафедрасында жұмыс істеп, ғылым кандидаты, доцент болды. Әрі студенттерге дәріс берді, әрі емдеумен айналысты. Жарықтық соғыс туралы сөз қозғауды ұнатпайтын, өйттік-бүйттік демейтін, майдан жайлы фильмдерді көрмей, ол жөнінде бір сөз айтпай, Жеңіс мерекесінде көшеге ордень-медальдарын тағып шықпайтын. Содан ба, соғыста және бейбіт күндерде қандай наградалар алғанын ешкім жөнді біле бермейтін. Жақын тума-туыстар пәлен демей, ыңғайына қарайтын. Ондай адамдар сирек, бірақ, болатын. Ең жақын достары Қарақұлов, Горшков, Файзуллин, Сүлейменовтермен бас қосқанда да соғыс жайында ешбірі ләм демейтін. Дағды бойынша парадтан кейін – мейраммен құттықтау үшін – Хамаңның үйіне барсақ, әйелі екеуі тұшпара түйіп, салат жасап, шүйіркелесіп отыр екен. Жасы жетпіс үштен асқан Хамаң жастай көрген қиындық, соғыста алған жарақат салдарынан соңғы екі-үш жылдан бері сырқаттанып, аяқ ұшында жүретін. Дастарқан басында әзіл-қалжың айтып, домбырада Құрманғазының «Қызыл қайың», «Кішкентай» күйлерін тартты. Кәдімгідей дені сау адамша ас-судан алып, «мүйіз шықса мұны бір адамдай сілтегеміз ғой» деп, шараптан татқан жоқ. Сағат 10-нан асқанда ертең тағы да кездесетін боп, қайыр-қош айтып, қайтып кеттік. Үйге келіп теледидар қарап, өйтіпбүйтіп отырғанда телефон шырылдады. Хамаңның үйіндегі жеңгей. «Ағаларыңнан айрылдық», – деді даусы дірілдеп. «Қалай?». «Солай, сендер кеткен соң диванда отырған қалпы үн-түнсіз үзілді». Сағатқа қарасақ, түнгі 2-ден ауыпты. Дереу үйіне барып, қам жасауға кірістік. Қам болғанда, алда төрт күн демалыс. Әркім өз тірлігімен. Хамаң жұмыс істейтін кафедрада да солай. Не істеу керек? Жедел жәрдемге хабарлассақ, келіп алып кетеді де, мәйітханаға апарып тастай салады. Онан соң жүресің сабылып. Себебі, мәлім – мейрам. Оның үстіне, сол кездерде кеңсай зираты жабылып (кейін қайта ашылды ғой), марқұм болғандарды түгелдей қаладан жырақтағы Боралдай зиратына апарып жерлейтін. Соғыс және еңбек ардагері, белгілі ғалым-хирургті онда жерлеу обал әрі тәшпіші көп. Қалайда бір амалын қарастырып, Кеңсайдан орын алу керек. Бірақ, қалай, кім береді? Осы сәттерде бұл бос қиял боп көрінді. Сонда да үмітсіз сайтан, алдымен іргедегі Хамаң тіркелген емханаға барып жағдайды айттым. Егер олардан қайтыс болды деген анықтама алсақ, құдайдың бергені: мәйітханаға жібермей, Боралдай болса да, жерлеу қамы жасалады. Емханадағы кезекші дәрігер Хамаңды біледі екен, сөзге келмей анықтама берді.
Ендігі міндет – таңсәріден жерлеу бюросына бару шарт. Ол үшін Хамаңның барлық наградасының құжаттарын да ала бару керек. Кім білсін, бәлкім, Кеңсайдан жер алуға септігі тиіп қалар. Осы кезде бір ой келе қалсын. Кеше, 7 қарашада парад болды. 8 қараша күні қалалық парткомды қайдам, қалалық атком басшылары соны талқылайтыны анық. Сағат 7-і мен 9-дың арасында. Онан соң жөндеріне кетеді. Сондықтан, осы аралықта Хамит ағаның барша құжаттарын алып, қалайда Нұрқаділовке бару керек. Алды кең, шапағаты мол деуші еді, көрейік, тыңдар-тыңдамас, неміз кетеді. Сағат 7-ден аса кеңсесіне бардым. Онда адам құрметтеуге селкеу түспеген заман ба, жоқ, Нұрқаділов орнатқан тәртіп пе, төмендегі үш-төрт милиционер көлденеңдемей, қайта жол көрсетіп, жөн сілтеді. Екінші қабаттағы қабылдау бөлмеде хатшы қыз көрінбейді, соны пайдаланып бірден (сыртына аты-жөні жазылған) есікті аштым. Атшаптырым кабинеттің төр жағында отырған мол денелі, ақсары жігіт: «Маған келдіңіз бе, кіріңіз», – деп гүр етті. Түнімен ұйықтамаған, киімі олпы-солпы мен пақырда не пошым болсын. Ұзын столды жағалай, қаздай тізіліп отырған оншақты орынбасарының жақтырмаған (олардың мені танитын Қаһарман Бабағұлов деген біреуі ғана атымды атап, жылы сәлемдесті) кейіптеріне қарамай, ентелей жетіп бардым да, құжаттарды алдына қойдым. Қойдым да, соғыс ардагері, ғалым, хирург деп бірдеңелер айта бастадым. Нұрқаділов тыңдады ма, жоқ па, құжаттарды тез қарап шықты да: «Ау, мына кісі батыр ғой. Қайсысы қолайлы, Кеңсай ма, Ташкентский ме?» – десін. Кеңсайға зар боп, жай алдынан өтуге келген басым «Ташкентский дұрыс шығар» деп міңгірледім. «Арызыңызды әкеліңіз». Жоқ екенін білді де, бір парақ қағаз бен қалам берді. Ол айтты, мен жаздым. Біткен бойда қалалық комбинат директорының атына тушьпен баттитып тұрып нұсқау жазып, қол қойды. Рахмет айттым ба, айтпадым ба, білмеймін, қағазды ала сала сыртқа беттедім. Қапияда басқа түскен ауыр міндет осылайша жылжып, Хамит Ғайсин ертеңіне Ташкент зиратына жерленді. Тіпті, жанынан әйеліне де орын алып, қоршап қойдық. Ал, енді бұл айтылғандарға қосымша түсініктің қажеті бола қоймас дейміз. Тек Нұрқаділовтің «біз жерлеу бюросы емеспіз, сонда барыңыз» деп сызданбай және соғыста алған наградаларын өмірбақи дабыра жасамай, қарапайым ғұмыр кешкен қайран Хамаң, Хамит Жолмұхамбетұлы мен Заманбектің кісіліктеріне бас иеміз демесек.
Осыдан кейін Заманбек жайында құлақ шалатын жылы сөздердің тегін айтылмайтынына одан сайын көз жетіп, құрметіміз арта түсті. Мұндай жандар екі дүниеде де өзгеге жасаған жақсылығын бұлдаса, жасамауы да мүмкін-ау деп қарауға да болар еді. Ал, мен Нұрқаділовке барып ризалығымды айтуға, шыны керек, бата алмадым. Оным дұрыс па, бұрыс па, айта алмаймын. Ол жолы бара алмағанмен, арада бір-екі жыл өтер-өтпестен Нұрқаділовтің алдына екінші рет баруға тура келді. Бұл жолы да тағы бір өтінішпен, мұқтаждықпен. 1989 жылы жеңіл автомашина сатып алушылар көбейіп, оның үстіне, 1990 жылдан бастап бағасы екі-үш есе қымбаттайды-мыс деген қауесет желдей еспеді ме? Әркім тырбанып, арзан кезде алып қалуға ұмтылды. Мен де Нұрқаділовке барып өтініш айттым. Ол бірден: «Сізде машина жоқ па?» – деді. Сұраған бойда бере салады деп емес, ақылдасу үшін келгенімді айтуға оқтала бергенімде: «Арызыңызды әкеліңіз», – деді. Мен өткен жолғыдай: «жазған жоқ едім», − деп күмілжідім. «Онда жұмыс істейтін жеріңізден бастықтарыңызға қол қойдырып әкеліңіз. Сол дұрыс болады», – деді де, «маған келші» деп көмекшісін шақырды. Ол келгенше: «Ертеңнен кешікпеңіз, жыл бітуге таяп қалды», – деді маған қарап. Онысының жаны бар. Қазір желтоқсанның басы. Көмекшісі келді. Заманбек оған: «Мына кісіні ертең келген бетте маған кезексіз кіргіз», – деді. Қайыр-қош айтып, жұмысқа келдім де, Нұрқаділовтің атына арыз дайындап, ертеңіне қайта бардым. «Бізде жұмыс көбін білесіз, ұмытып кету түк емес. Сондықтан, әр екі-үш күнде тікелей өзіме телефон соғып, есіме салып тұрыңыз», – деп үкіметтік телефон нөмірін берді. «Ыңғайсыз болмай ма?» – дегеніме, «Жоқ», − деп бір-ақ кесті де, бетіме қарап: «Өзім айтып отырмын ғой», – деп күлімсіреді. Ана кездегідей емес, бұл жолы келген бойда өзімді таныстырып, кім екенім, «Мәдениет және тұрмыс» журналындағы қызметім жайында шет-пұшпақтап айтқан болдым. Бірақ, мына ықылас-пейіл, ниеті оларға байланысты дей алмас едім. Кім келсе, ол келсін, бәріне де кісі деп қарайтыны сирек құбылыс сияқты көрінгені рас. Сөйтіп, мекеме бастығы қол қойған қағазды Нұрқаділовке ертеңіне апарып беріп, ара-тұра вертушкамен хабарласып жүрдім. Қысқа ғана бірде «дұрыс», бірде «есімде» дейді де, тұтқаны қоя салады.
Арадан екі апта өткенде Нұрқаділовтің көмекшісі Ұлан Сапарұлы Байжанов телефон соғып: «Шешім шықты, келіп алып кетіңіз», − деді. Сол күні су жаңа көлік кілті қолға тиді. Екі-үш күннен кейін рахмет айтуға барғанымда дәлізде ұшырасқан Нұрқаділов: «Сіз үшін бір ауғандықты қолдан жасадық», – деп күлді де, «Енді былай... алған затты атау жоралғысын жасамаймыз ба?..», − дегеніме: «Қайтесіз, оған біріншіден, уақыт жоқ, екіншіден, риза болсаңыз болды да!» – деп бұрылып кете барды. Бір кездегі шаһар басшысы Заманбек Нұрқаділовтің жоғарыда баяндалған екі шапағаты ерлік һәм мәрттік деуге бек сыйымды еді. Зәредей қоспасы жоқ ақиқат сыры осындай. Оған марқұмның аруағы куә деп те айта аламыз. Алдына барғандарды алаламай жасаған жақсылығы о дүниеде өзінің де алдынан шыға берсін дейміз. Ұрпақтарына жұғысты болсын. Иманы саламат болсын. ҚАЖЫМҰҚАНҒА ЖАСАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ Өмірдің тар жол, тайғақ кешуін бір кісідей бастан өткерген көрнекті ғалым, техника ғылымының докторы, профессор Абай Тұрсынов Ленинград қаласының жоғары оқу орындарында ұзақ жыл ұстаздық етіп, бертінде Алматыға көшіп келген, зейнеткер. Абай Тұрсыновтың айтуынша, Қажымұқанмен жақсы қарым-қатынаста болған ата-анасы бір жолы әйгілі палуанды төніп келген ажалдан аман сақтап қалыпты (оған өзі тікелей куә болған). Сол жайлы Әбекең былайша сыр шертеді:
– Байдың баласы деп қуғынды көп көрген әкем Әбдірахман кезінде Бұхара медресесінде оқыған, рабфакта тыңдаушы, қызыл әскер құрамында мұсылман отрядының мүшесі, Ленинградтағы Эрмитаж бен Орыс музейінде Шығыс тарихы мен мәдениеті бойынша кеңесші болған. Тәжікстанда Кеңес өкіметін орнатуға қатысқан. Туған жері – Ташкент қаласының іргесіндегі Жаңажол ауданына қарасты Торқыс ауылы. Анам Жайсаң әйгілі әнші Жамал Омарованың анасы Жаңылыспен апалы-сіңлілі. Мен Жамалмен бөлемін. 1928-29 жылдардағы байларды тәркілеу, ұжымдастыру кезінде еті тірі, көзі ашық әкем Тәжікстанға өтіп, Сталинабадта бас сауғалайды. НКВД қызметкерлері оның кім екенін білгенмен, орыс, тәжік, өзбек, араб, қазақ тілдерін білетін адам ауадай қажет болғандықтан, қамауға алмастан, әртүрлі қызметке пайдаланады. Екі жыл шекаралық
алыс заставада бастық болады. Кейін Сталинабадқа барып, осында 1932 жылғы аштықтан жүздеп, мыңдап келген босқын қазақтарға көмектесетін қабылдау орнын ашады. Қалаға жақын жерден қазақ ауылын ұйымдастырады. Біраз уақыт әке-шешем де сол ауылда тұрып, кейін Сталинабадқа көшеді. Қалада да, ауылда да үйлері болды. Мен 1932 жылы 23 қаңтарда Сталинабадтағы Орзоб өзенінің оң жағына орналасқан әйелдер босанатын үйде өмірге келіппін. 1940 жылдан бастап үш жыл Алматыда тұрдық. Мұнда Жамал Омарованың күйеуі Есей жездем жұмыс, баспана беріп қамқорлық жасаған аса мейірімді, иманжүзді Біләл Ықсанов деген кісімен бір аулада тұрып, оның кейін мемлекет қайраткері болған (біз Мұса дейтінбіз) Мұстақым деген ұлымен бір төсекте сүндетке жатқанымыз өзінше хикая. 1943 жылы – әкем соғыста – әжем, анам, інім төртеуіміз атамекеніміз Жаңажол ауданына оралып, сонда 1951 жылы орысша орта мектепті медальмен бітірдім. Өзбекстан комсомолы орталық комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі Су шаруашылығы институтына түстім. Оған сол кездегі Бүкілодақтық мақта шаруашылығы министрі Усман Юсупов та септігін тигізді. Өзбекстанда бірінші басшы болған, ферғаналық өзбек Усман ака біздің ағайын-туыстармен дос-жаран еді, қазақшаға судай болатын. Институтты бітірген соң Красноярскіде (ГЭС) екі жыл істеп, сол жерден Ленинградқа аспирантураға шақырылдым. Кандидаттық, докторлық қорғап, біржола қалып қойдым, сонда үйлендім. Кейін Алматыға қоныс аудардық. Бұларды алда баян ететін жайларға қатысты болғандықтан айтып отырмын. Енді соларға келейін. Бірнеше мамандығы бар, сауатты әкем Сталинабадтағы сырттан келетін гуманитарлық азық-түлік, киім-кешек, басқа да көмектерді қабылдап, алыс-жақын елді мекендерге полуторка жүк машинасымен жеткізіп тұрды. Сол кездегі мұсылмандардан шыққан бірден-бір шофер еді. Басқалары орыс, көбі таулы жердің қиын асуларында апатқа ұшырап, біреулері маскүнемдікке салынды. Біз тұратын көше бойында қазақтар көбейіп, түрлі кәсіппен шұғылданды. Әкемнің табысы мол, жетіспеушілік, жоқшылық дегенді білмейміз. 1938 жылы жазға салым бүкіл қалаға қазақтың Қажымұқан палуаны келе жатыр деген хабар тарады. Қазақ атаулы түгел құлақтанып, тәжіктерге кім екенін білдіретін мүмкіндік туғанына қуанды. Жалпы, Тәжікстан Кеңес өкіметі кеш орнаған
республика-тын. Алыс таулы аудандарда кеңестік тәртіпті мойындамау, бағынбау, басмашылық, қарақшылық қырқыншы жылдарға дейін созылды. Сондықтан ба екен, айналада кімнің дос, кімнің жау екенін ажырату оңай емес-тін. Бірақ, тәжіктердің көбі кіммен болса да ортақ тіл табысып, қазақтарға жақсы қарады. Өз басым әкешешемді қалтқысыз құрметтеген талай тәжікті білемін. Көп кешікпей зарыға күткен цирк те келіп, біздің үйге жақын жердегі базар алаңына шатыр тікті. Шағын вагондар қатарласа тізіліп, үйретілген жануарларға (ат, түйе, аю, ешкі, ит) ашық қоралар жасалды. Тәжіктер музыкаға бейім, өнерлі, би десе кәрі демей, жас демей жанып кетеді. Цирк келді дегенде, ойын болатын күнге дейін ертелі-кеш кернейлетіп, сырнайлатып, ән шырқап, би билеген тәжігі, қазағы, өзбегі аралас халық қуанышында шек болмады. Цирк ашылатын күні де солай болды. Бір кезде «ойын басталады» деген дауыс естілді. Жұрт тынышталды, ойын өтетін алаң мұқият тазартылды. Музыка ойнап, цирк алаңына оң қолын жоғары көтерген Қажымұқан шықты. Үстінде спорт костюмі. Ары-бері асықпай жүріп, жұртқа тағзым етті. Жаршы оның кім екенін, атақ-дәрежесін жариялап болысымен: «Ал, іштеріңізде дүниежүзіне белгілі палуанмен күш сынасам дейтіндер бар ма, бар болса, ортаға шықсын!» – деп хабарлады. Сәлден соң ұлты белгісіз, бірақ, мұсылманша киінген біреу, одан кейін нақ сондай тағы біреу, тағы тағылар шығып жатты. Қажымұқанға шақ келген ешқайсысы жоқ, әрине. Бәрінің жауырыны жер иіскеді (олардың алдын-ала дайындалған цирктің өз адамдары екенін кейін білдік). Палуандар күресінен кейін алаңға өзге артистер шықты: гимнастикашылар, жонглерлер, үйретілген жануарлар дегендей. Әсіресе, масқарапаздардың (клоун) өнеріне тәнті боп, төбелері көкке жеткендердің екі езулері құлағында. Үзілістен кейін алаңға қайта шыққан Қажымұқан біресе білектей темірді доғадай иіп, біресе екі пұттық тасты басынан айналдыра оңды-солды үйіріп, бұлшық еттерін ойнатып, талай тамашаға кенелтті. Онан соң бірнеше әртіс – бірі Қажымұқанның арқасына, бірі төсіне, бірі иығына жабыла мініп, аяғы ғана көрінген батыр алаңды айнала жүріп өтті. Ең соңында алаңға қалың етіп ағаш үгіндісі төгілді. Оған Қажымұқан арқасымен жатып, тұла бойын көмкере тақтайлар мен тіреуіштер қойылды. Бұл батырдың бүгінгі соңғы «өнері». Қазір кузовына адам толы полуторка машина палуанның үстімен жүріп
өтеді. Жұрт у-шу. Кейбіреулер көруге бата алмай, көздерін қолымен жабады. Кенет кернейдің даусы естілісімен, машина қас қаққанша палуанның үстімен өте шықты да, алаңның қарсы бетіне барып тоқтады. Демдерін ішінен алған көрермендер палуан аман ба, жоқ па, біле алмай дал. О, ғажап! Төрт адам көтеріп әкелген тақтайлар мен тіреуіштерді жан-жаққа сарт-cұрт лақтырып, астынан Қажымұқан атып тұрды. Дін аман. Көрермендер ышқына айқайлап, көздеріне жас алғандар, теріс айналғандар қаншама. Керней-сырнайдың үні құлақты жарып ол барады. Қатты қорыққан мен бақырып жылап жібердім. Жанымда отырған Шынар әжем бетіме мұздай су бүркіп, есімді жиғызды. Ойыннан кейін бүкіл қазақ цирк алаңына жақын жердегі біздің үйге жиналып, әне-міне дегенше бір баспақ, бір қойдың еті қазанға салынды. Үлкен бөлмеге мол дастарқан жайылды. Мені орталарына алған әкем, тағы бірнеше жасы үлкен ақсақал палуанды дәмге шақыруға бардық. Суға шайынып, киімін ауыстырған палуан иығына қазақы жібек шапанын жауып, басына тақиясын, аяғына жылы шұлық киіп, ағаш скамейкада демалып отыр екен. Бізді көріп жылы жымиды да, үлкендермен жеке-жеке қол беріп амандасты. Мені жерден іліп алып жоғары көтерді де, маңдайымнан бір сипап, төмен түсірді. «Үйлеріңнің жақындығы жақсы екен, машинадан жалықтым», – деп баруға келісім берді. «Барша әртісті ертпейсіз бе?» – деген әкеме: «Қажеті жоқ, олар ертеңге дайындалады», – деп жалғыз жүрді. Үйге келдік. Қора толған қазақтар екі жарылып, палуан ортада келеді. Есік алдында қолын жуып, кең бөлмеге кірдік. Қадірлі адамдар осында, орын жетпегендер көрші бөлмеге отырды. Бір таңқалғаным, батыр тамақты аз жеді. Бастан ауыз тиген соң, бір құлағын маған кесіп беріп, жамбастың етінен бір кесіп аузына салды да, екеуін де қасындағы ақсақалға ұсынды. Ол да солай жасап, палуанның сарқыты бүкіл үйді аралап шықты. Дәу табақ еттен де мандытып дәм татқан жоқ. Дабыр-дұбыр, лепірме сөз, ән, күй болмай, палуанның әңгімесі тыңдалды. Алдын ала дайындалған ішімдік бөтелкелері ашылмады. Қажымұқан «керегі жоқ» деген соң тентек судан ұрттауға басқалар да бата алмады. Әкем үй иесі ретінде дастарқан басындағыларды палуанға кезек-кезек таныстырып, көрші бөлмедегілер де естісін деп, қаттырақ сөйлеп отырды. Әкемнің Қажымұқанмен бұрыннан таныс екені де аңғарылмай
қалған жоқ. Қонақтардың қанша отырғанын білмеймін, ұйықтап кетіппін. Ертеңіне болатын ойынға мені апарған жоқ. Ойын болды ма, жоқ па, оны да білмеймін. Цирктің қанша күн өнер көрсеткені де жадымда жоқ. Бірақ, цирк жабылар қарсаңдағы көрініс есімде. Әдеттегі ойын бітіп, палуанның үстінен машина өтетін кез жеткенде бұрынғыдай емес, ештеңе болмайтынын біліп жайбарақат отырған жұрт кенет жай түскендей улап-шулап, дүрлікті де кетті. Палуанға қалқан болған «көпірдің» кілт шөгіп, төмен түсуіне сол да жеткілікті еді. Кузовтағы адамдар дереу секіріп-секіріп түсіп, оларға көрермендер қосылып, алаңға ұмтылды. Бұл екі арада «көпір» астынан өңі боп-боз боп, азар көтерілген Қажымұқан машинаның жанына тәлтіректеп барды да, шоферді тік көтеріп алып, дөңгелектің астына атып ұрды. Арғы жағын ашу-ызасы тасып-төгілген көпшіліктің өзі «тындырып», жүргізушіні жаһаннамға аттандыра салды. Бірнеше адам Қажымұқанды зембілге салып, алаңнан алып бара жатты... Содан бастап «палуан сахнаның сыртында жан тәсілім етіпті», «шофердің өлімі үшін тұтқынға алыныпты», «түн жарымда әлдебіреулер тауға қашырып жіберіпті» дегендей бірінен-бірі өтетін небір қорқынышты өсек-аяң гулеп берсін. Ал, Қажымұқанның сол жоқтан жоқ болып, суға батқандай із-түзсіз кеткені анық-тын. Осы оқиғадан кейін барша қазақтың еңсесі түсіп, жабырқап, жасып жүрді. Әкем де үйден шықпай, машинаның артқы дөңгелектері мен моторын алып тастап, күні бойы соларды шұқылайды да отырады. Мені ешқайда жібермейді. Гуманитарлық көмектер сап тыйылды. Анда-санда ұсқынсыз біреулер әкемнің жанына кеп, тұрыптұрып қайтып кетеді. Үш дөңгелекті велосипедім бар еді, соны мен де күніне бірнеше рет бұзып, бірнеше рет жөндеймін. Одан жалықсам, үлкен бөлмеге кіріп, төрге жиналған төсекті бұзып ойнаймын. Бұрын көрпе, көрпешелер сандықтың үстінде тұратын еді. Неге екенін қайдам, қазір сандықтың орнында сырты киізбен оралған – шөккен түйедей – бума тұрады. Өзі тым үлкен, биік. Көрпе, көрпешелер соның үстінде. Көрпелерді еденге құлатқан соң, буманың үстіне әрең шығып, төменге қарғимын. Мүмкіндігінше алысқа секіруге тырысамын. Кейде әлгі бума мені өз-өзінен лақтырып жібергендей болады. Бұғанам сына жаздайды.
Бір жолы түн жарымда оянып кеттім. Ұйқым қашып, әлденеге елегізимін. Жанымда әкем де, шешем де жоқ. Бүйірдегі бөлмеден болар-болмас жарық байқалады. Жақын барып қарасам, есік пен төрдей жерде спорт костюмін киген таудай адам созылып жатыр да, әкем оның аяғын уқалап, шешем үлкен кесеге құйған шайды теңселте шайқап отыр. Мені байқаған жоқ. Таудай адам бірінші байқап, түрегеп отырды да: «Бүгін арқамды уқалаудың керегі жоқ, оны мана күндіз мына бала тындырды», – деп күлді әкеме қарап. Таудай адам Қажымұқан еді. Қорқып кетіп, анамның артына тығылдым. Таудай адам қасына шақырып, тізесіне отырғызды, басымнан сипады. Ешкім үндемейді, мен ұялғаннан төмен қараймын. Анам шамды сөндіріп, тез жаттық. Ертеңіне ұйқыдан оянысыммен әкем ешкімге ештеңе айтпауымды ескертті. Өзі кешке қарай машинаны апыл-ғұпыл жөндеді де (машина бұған дейін де бабында болса керек), қараңғы түсісімен Қажымұқанды кузовтың түбіне жатқызды. Үстіне азық-түлік салған қап, қоржын, басқа да бірдеңелер тиеп, кабинада жападан-жалғыз әлдеқайда түнделетіп жүріп кетті. Бірнеше күннен кейін үйге оралды. Әкемнің аман-есен келгеніне, Қажымұқанның қауіп-қатерден құтылғанына шүкірлік еттік. Осыдан кейін, неге екенін қайдам, қаладағы үйді тастап, қазақтар тұратын «Орджоникидзе» колхозына көшіп бардық. Неміс колонистерінен қалған – едені цемент – аңыраған суық үйге орналастық. Әкем Орзоб ГЭС-іне механик боп кірді. Ол жерде суық тиіп сырқаттанған соң, колхоз бастығына жұмысқа жарамсыз екі жүк машинасынан бір машина құрастырайын деп өтініш айтты. Бастық қарсы болған жоқ. Бұған кемі бір-бір жарым ай уақыт керек екен. Сондықтан, әкем анам мен мені пойызға отырғызып, Ташкенттің маңындағы туған жері – Жаңажол ауданына жіберді. Онда туғантуыстарды армансыз аралап, бір айдан кейін Сталинабадқа аттану үшін Кауфманская стансасына бардық. Жанымызда – бізді шығарып салуға келген анамның шешесі Бусара мен туған інісі Қуанышбек нағашым. Майда-шүйдені айтпағанда, іші сәлем-сауқатқа лық толы екі бума жүгіміз бар. Екеуі де зілдей ауыр. Бұл жерге пойыз кейде бес минут тоқтайды, кейде тоқтамай, баяу жүріспен өте шығады екен. Үлгерсең міндің, үлгермесең қалдың. Билет қолда болса да, көңіл алаң. Залда бізден басқа адам жоқ. Кенет есік жақтан аяғына саптама етік, бұтына галифе шалбар, үстіне сырма көйлек киіп, белін жалпақ белдікпен буған зор денелі
адам алақ-жұлақ етіп кіріп келе жатты. Залды көзімен шолып, бізді көрісімен, ентелей жүгірді. Жүрісі ширақ, жеңіл. Ол Қажымұқан еді. Аяқ астынан мәре-сәре болдық та қалдық. Қуанышбек нағашым перронға шығып кетті. Қажымұқан анамның жанына отырып, бірдеңелерді айтып жатты. Мен оның тізесіне шықтым да, жырық-жырық құлақтарының біріне азар ілініп тұрған оймақтай қызыл етті жайлап ұстап көрдім. Басын қозғаған сайын оймақтай ет діріл қағып қозғалады. Дүрдиген үлкен мұрны да түртіп қалсаң, түсіп қалатындай көрінеді. Кенет есіктен көрінген Қуанышбек нағашым: «Пойыз келе жатыр, тоқтамайды екен!» – деп дауыстады. Асығып-аптығып сыртқа ұмтылдық. Екі буманы екі қолына ұстаған Қажымұқан перронға шыққан соң бірін әжеме, бірін нағашыма ұстата сап, пойызды күттік. Пойыз таяла бергенде алдымен вагон ішіне мені доптай атып жіберді. Ізінше анамның мінуіне көмектесті. Онан соң орғып барып, пойыз жүрісіне ілесе алмай, кейін қала берген нағашым мен әжемнің қолындағы екі бума жүк пен жеңілдеу заттарды әкеп алдымызға тастады да: «Қош бол! Әбдірахманға сәлем айт!» – деп айқайлады. Даусы тарғылданып, құмығып шықты. Көзінен жас ыршып кеткендей көрінді. Бізді шығарып салған адамның кім екенін білген пойыздың жолсеріктері мен былайғы жолаушылар анам екеумізге елден-ерек ілтипат білдіріп, Сталинабадқа жеткенше қас-қабағымызға қарап барды. Пойызға отырған соң анам мені көпке дейін сөйлетпей, ананы-мынаны айтып қақпайлай берді. Тек Сырдариядан өткенде ғана шешіліп, «Қажымұқанның құлақтары неге жырым-жырым» дегеніме, «ол жапон палуанының ісі» деді. Онан соң кілемге үстібасына сабын жағып шыққан судандық зәңгінің аузына шеңгелін салып, бас терісін сыпырып алғаны жайлы айтты. Бәрін білуге құмартқан мен: – Сталинабадта оны не үшін өлтірмек болды? – дедім анама. Барлығын да бұрыннан жақсы білетін анам: – Ол − жергілікті НКВД адамдарының ісі. Қажымұқанды жапон тыңшысы деп көзін жойып, біреулерге жағынғылары келген болса керек. Бірдеңе десе машина астына түсіп өлген өзі дей салу түк емес. Алайда, арам ойлары іске аспай, өздері ит болды. Сол қарғыс атқан күні батырды жаншып өлтіргісі келген шоферге алдымен кузовтан секіріп-секіріп түскен – көбі қазақ – адамдар жол бермей, палуан-
ды аман сақтап қалды. Жауыздардың ызаланған адамдар қастандық жасаушы, әрі бірден-бір куәгер шоферді сол замат жоқ қылады деген болжамдары дәл келді. Қастандық ұйымдастырушылардың Қажымұқан машина астында жазым болмаған жағдайда жаппай тәртіпсіздік белең алып, ызғын-шу үстінде батырды байқатпай атып тастай саламыз деген пасық ниеттері орындалмады. Есесіне, ашулы халық сүйікті палуанын іздеп, түні бойы жер-жердің бәрін шарлады, цирк вагондары мен базардағы қойма, дүкендерді қиратып, тас-талқанын шығарды, жойды, бүлдірді. Бірақ, батырды олар да, қаскүнемдер де таба алмады. Қастандық жасалған кештегі апақ-сапақ кезінде Қажымұқанды әлдебір сенімді адамдар көрші үйдің қорасы арқылы біздің үйге әкеліп жасырып, өздері «палуан қашып кетті» деген лақап таратып жібереді. Тіпті, «Әмудария арқылы өз қолымызбен Ауғанстанға шығарып салдық» деуші адамдар да табылып жатты. Қажымұқан дүрбелең біткенше біздің үйде жатты. У-шу саябырлаған соң әкем Денау, Сұрхандария (Жиделібайсын), Қашқадария арқылы палуанды Самарқан жақтағы Жизақ өлкесіне апарып, сондағы азуы алты қарыс қыпшақ ағайындарының қолына тапсырады. Олардың бас көтерер азаматтары тездетіп Ташкент арқылы Мәскеумен байланысады. Ондағылар Қажымұқанға ешкім тиіспесін деп жарлық берген соң ғана палуан еркіндікке шығып, Ташкент маңайындағы ел-жұртты аралайды, қонақ болады. Сонда анам екеуміздің келгенімізді естіп, бізді іздеп табады. Қажымұқанға Сталинабадта жасалған қастандық сыры осындай. Ол туралы әлі күнге дейін айтылған-жазылған ештеңе білмеймін. Анам марқұм Мұратқан Тәнекеев деген кісі Қажымұқан туралы кітап жазарда Алматыдан әдейі іздеп келіп, біраз мағлұмат алды деуші еді. Кейін кітабы шыққанда жөнді ештеңе кездестіре алмадық. Себебін білмеймін. Не анам толық айтпады, не цензура жібермеді, бірдеңе деу қиын. Жалпы, Қажымұқан жөнінде дерек-мәліметтер жұтаң. Айтылатын сөздер бір-бірінен алыс емес, егіздің сыңарындай ұқсас. 51 медалінің бәрін сатып жіберді немесе жоғалып кетті дегенге кім иланады? Жұмбақ. Олардың бәрін жіктеп-саралау менің міндетіме жатпайды. Бұл жерде жетпегенді жеткізіп, толмағанды толтыра қояйын дейтін де ниетім жоқ. Көзім көріп, куә болған, өзім білетін нәрсені ғана ортаға салғанды жөн көрдім. Ішімде кетпесін, жұртшылық біле жүрсін деп...
ӘБДЕШ ҚАЛМЫРЗАЕВҚА ХАТ! Ұмытылып бара ма, қажет болмай бара ма? Қадірлі Әбеке! Соңғы жылдары Сіз бен біз жиірек хабарласып, баз бір жай-күйлер төңірегінде ашық сөйлесіп, пікір алмасатын боп жүрміз. Өз басым бұған бек қуанамын. Әлдеқашан зейнеткерлікке шыққан бүгінгідей жаста Сізге, Әбеке, көпшік қойып қайтейін, өзіңізбен әр тілдескен сайын көңіл түкпіріндегі кейбір бұлдыр да бұлыңғыр, байыбына бара алмай жүретін түйткілдер сырына қанығып, бір серпіліп қалатынымды жасырмаймын. Беделді басылымдар бетінде ауық-ауық жарық көретін бірегей ой-толғамдарыңызды да оқитын әріптес замандастарыңыздың бірі екенімді де білесіз. Өзгелерден ерекшелігіңіз, әу бастан ел тағдыры шешілетін мәртебесі жоғары, құзырлы орындарда еңбек етіп және бір орында байланып қалмай, сатыдан сатыға өрлеп отырдыңыз, қатарластарыңыздың алды болдыңыз. Асқан асу, көтерілген биіктеріңіз көптің көз алдында. Бұған достар сүйсініп, дос еместер өздері біле жатқан шығар, бірақ та, орыс тіліндегі айбарлы басылым – «Мысль» журналын ұршықша үйіргеніңіз не тұрады?! (Қазір ол басылым тізгіні білімді де білікті ініміз Сейдахмет Құттықадамовтың қолында). Солай, Әбеке! Одан бері де қатардан қалмай, «Ақиқат» журналының қазаны майлы болуына үлес қосып келесіз. Жоғарыда құзырлы басылымдарда шығып тұратын мақалаларыңызды оқимыз дедік қой (кітаптарыңыз өзінше). Енді соларға келейік. Білеміз, білген соң айтамыз дегендей, сөз ететін тақырыбыңызды әрдайым жаңғақша шағып, әрлеп, әдіптеп, тереңнен толғап, иін қандырып жазасыз. Бәлкім, баз біреулердің көзіне түсер-түспес, татымды, ғылым тілімен айтқанда, философиялық трактаттармен зерлеп, өріп, нықтап дегендей. Бұған таңдай қағып тамсанатын, таңданатын, жаңалық дейтін түгі жоқ, өйткені, Сіз қатардағы қаймана журналистің бірі емес, қандай жауапты, қауырт жұмыста жүрсеңіз де, әрдайым жазуға уақыт таба алған, таба білетін қарымды қаламгерсіз. Сіздей адам үшін басқаша болмаса керек, болуы тиіс те емес. Сол өзіңіз ұзақ жыл жұмыс істеген директивтік органдарда жүріп қағаз бетіне бір жол түртуге мұршасы келе бермеген үзеңгілес әріптестеріңіздің қаншалықтығын да өзіңіз бізден де жақсы білесіз. Ал, Сіз жаздыңыз, жазып келесіз, алда да жаза беріңіз, бір жолы қалжыңдап айтқанымдай, ылғи да бірыңғай философиялық, саясиқоғамдық, кез-келгеннің тісі батпайтын қатпары қалың, ғылыми-
аналитикалық, астары алты батпан дүниелермен қоса, оқта-текте өстіп бұлттан бері өтіп, жерге қарай жақындай түсіп жазсаңыз да жарасқандай. Әлбетте, мен айтқандықтан емес, бірақ, әйтеуір, соңғы мезгілдерде солай етуге құмбылдық танытып жүргеніңізге шүкір! Анау бір жолы күнделікті бықыбай-тықыбай, күйкі тірлік, аласарған адамшылық, кірлеген кісілік, жайдақылық жайлы «жырлап» бір серпілтсеңіз, енді, міне, одан да салауатты, одан да қарапайым, кімкімді де бір сілкінтпей қоймастай, көкейде жүрген тағы бір «бітеу жараны» қозғағандай бопсыз. «Хат жазысуды неге ұмытып барамыз?», − деп дауыс көтеріпсіз. Дәл осы Әбдеш Қалмырзаев сөз ететін тақырып па? Ұсақтау емес пе? Егерәкиде, құрметті оқушы, сен пенделік ырқымен солай десең, онда әуелі оқы («Алматы ақшамы», 01.07.10ж.) Әбеке, мына қозғап отырғаныңыз тіпті де жеңіл-желпі мәселе емес, керісінше, жоғалып-жойылып, құрдымға бет алған қазақы, ұлттық салт-дәстүрдің бірі екенін дұрыс айтыпсыз. Өзге ел-жұртта шатағымыз не, хат жазысу қазақтың ежелден қанында бар ғұрып екеніне талас жоқ. Хат жазысу! Неткен ғанибет, шіркін. Тәрбиелік мәні қандай! Сондықтан да белгілі публицист-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Әбдеш Қалмырзаев: «Хат жазу да өнер... Ойыңды қағазға жинақы түсіруге, жазуға машықтану, ойлау жүйесін тәртіпке келтіруге үйрететіні сөзсіз», – дейді. Бұған алып-қосар дәнеңе жоқ. Оқырман, осы нәрсе сенің де көкейіңді қозғаса, насихаттағың келсе, хат жазысу ұмытылып бара ма, қажет болмай бара ма деп толғанасың, сол жөнінде ойлан, сілкін. Әбдеш Қалмырзаев та хат жазысуды ұмытып бара жатқан жоқпыз ба дегенде, сен екеумізге тән жалаң ақыл, құрғақ сөз емес, тағы да сол өзінің кәнігі философтығына басып, алыстан сермеп, жүректен тербейді, ойларын әдіптеуге келтіретін дәйек-деректерін сені мен біз білмеуіміз де ықтимал. Енді бұл жерде мақала мазмұнын түгел айта алмаймыз, егер құлқың соқса оқы. Әбеке! Тағы да қайталап айтайық, дұрыс мәселе көтергенсіз. Осылай реті келгенде, «мақтанып» қояйын, былтыр ма екен, хат жазысу хақында мен де бір рет (осы газетте) шамалы лебіз білдіргенім бар-тын. Жезқазған қаласында тұратын – жасы тоқсанға таяған – белгілі жазушы Апбаз Қаражігітовтің маған деген сағыныш-мұңға толы хатының мәтінін толық келтіріп, хат жазысудың ғажаптығы жайлы аз-кем пікір қозғап дегендей. Айтпақшы, сонда қазір хат жа-
зысу сирегендіктен, осы күні азын-аулақ хат-хабар, газет-журналдарды уақытылы әкелмейтін байланыс бөлімшелерінің жұмысы едәуір жеңілдеп, арқа-бастары кеңіп қалғаны да айтыла кеткен-ді. Ал, енді, Әбеке, Сіз хат-хабар − баспасөз жанрларының бірі, университеттегі ұстазыңыз Тауман Амандосов солай деп лекция оқығанын тілге тиек ете келіп, бозбалалардың қыздарға, үлкендердің аман-саулық білу үшін бір-біріне жазатын хаттарын былай қоясыз да, бір сәт тарих қойнауына үңілесіз. Иван Грозный мен Андрей Курбский, Екатерина ІІ мен Вольтер, Гоголь мен Щепкин арасындағы хат алмасулардан қызықты да тағылымды ғибраттар ұсынасыз. Ұлы қазақ Шоқанның Достоевский және басқа орыс достарына жазған хаттарынан үзінділер келтіріп, тереңге бойлайсыз. Олармен тынбай, оқушы аталған тұлғалардың өмірі мен сол тұстағы қоғамдық ахуалдарға қанығады. Егер сіздің ой бөлісу үшін жазған осы пікірлеріңіз болмаса, бүгінгі біраз қауым өткен ғасырдағы 90 жылдары хат жазысу біршама өріс алып, Ш. Мұртазаев пен К. Смайыловтың өзара жазысқан хаттарының кітап боп шыққаны, Ә. Нұрпейісов пен француз Алекс, О. Сүлейменов пен И. Тасмағамбетовтің бір-бірімен хат алмасып, тіпті, өзіңізді мектепте оқытқан ұстаздарыңыздың бірі Ғайза Мұхамедиеваның 5 сынып оқушыларын бір-біріне хат жаздырып баулығаны хақында білер ме еді, білмес пе еді. «Хат – екі адамның ашық пікірлесуі. Бұл сырласу өзгелерге жасырын да болуы ықтимал... Бірақ, хат жазу да шеберлікті талап етеді. Хат жазуда сөз саптау мәдениеті, тіл байлығы, ой кемелдігі, ортаға салар пікір байлығы да болуы керек... Хат ойыңды қағазға түсіруге, нақтылыққа, дәлдікке, айқындыққа үйретеді, ойлау жүйесін тәртіпке келтіруге жетелейді. Мұны бізге 5 сыныпта оқып жүргенде сынып жетекшіміз Ғайза Мұхамедиева үйреткен еді», – деп, әлгіде атаған ғазиз жанды еске аласыз. Енді, Әбеке, сіз бұл жерде хат жазу, хат жазысу еріккеннің ермегі емесін ашық, философ ретінде ғылыми тұрғыдан дәлелдеп те айтып отырсыз ғой. Хат жазысуды ұмытып барамыз ба деген налу да бар ма көкейіңізде, қайдан білейін. Міне, бір хат сізге! Менің хатым. Алайда, алда сіз екеумізге Шерхан мен Камал болу тіпті де шарт емес. «Хат – екі адамның ашық пікірлесуі» дейсіз. Ашық пікірлескен жақсы, бірақ, екеуі бір-бірін түсінбей, жауласып, жағаласып жүрсе ше? Онда өз обалдары өздеріне (сіздің меңзеуіңізше). Гогольдің хатына Щепкин көпке дейін жауап бермейді. Себепсіз емес. Бірақ,
түбінде жауап беріпті. Өзіңіз айтқандай, «ашық» түрде. Ешқандай өкпе-реніш болмапты. Пікірлес, сырлас, мұңдастар баяғы күйде қала беріпті. Мәрттік пе? Мәрттік емес, оның әкесі, көкесі! Атасы! Сол үшін де тыңдайтын құлақ, ұға білер жүрек, сезе білер сері болса, (аспаннан жерге жақындап) хат жазысу жөнінде ой тастағаныңыз бәрекелді! Бәрі ретімен. Енді (өз жазуыңыз бойынша) А. Пушкин мен Чаадаевтың жазысқан хаттарын алайық. «Чаадаев болса, нағыз батысшыл. Ресейдің рухани кедейлігін, православие шіркеуінің билік алдындағы дәрменсіздігін сынап, Ватиканға үлкен артықшылық бергені мәлім...» (1831 жылы жазған бір хатында) «... Сіз енді ақырында нағыз ұлттық ақын деңгейіне көтерілдіңіз», – деп масаттанады. Пушкин болса... өзін нағыз ұлттық ақын деп ... отырған адамға... өз пікірін... бүкпелемей... 1936 жылы 19 қазанда Чаадаевқа жазған бір хатында: «Сіздің жазғандарыңыздың бәрін бірдей қолдай алмаймын», – деп ойын ашық білдіреді. ...Ақын одан әрі Чаадаевпен таласа отырып, оның жазғандарының көбісі шындық екенін де мойындап: «...Мұның бәрін сіз ашық айтып, дұрыс істедіңіз», – деп тектілік танытады. Әбеке, сіздің аса салиқалы, салмағы жүз түйеге жүк болар толғамдарыңыздың біз екшеп алып отырған тағы бір жерінде солар туралы: «Хаттардың сыры неткен терең десеңізші! Нағыз плюрализмнің көрінісі. Бұларды жай хат емес, шын мәніндегі ғылыми трактат десе болады», – депсіз. Трактат! Осы сөздерді де трактат демей, не деуге болады?! Әлде, Әбекең қателесе ме? Жоқ! Чаадаев және Пушкин. Олар орыс және әлем тарихында Әбекең жазғаннан бөлек те сайрап жатқан іздері мәңгі өшпейтін қос тұлға! Әбеке, Сіз бүкіл ел-жұрт, тұтас мемлекетке қатысты көлемді, алымды, өткір, әділ, сындарлы мақалаларды да жиілеу жазасыз. Кім оқиды, кім оқымайды, бөлек әңгіме. Білесіз, оппозиция дейтіндер бар, оларға салсаң, қара аспанды төңкеріп, өздері «билік» деп атайтын қауымда іліп алар түк жоқ, шетінен жартыкеш, мансапқор, жемқор. Қазаққа жандары ашымайды, ана тілдің исі мұрындарына бармайды, үлкен жиындарда сөйлейтін сөздерін «Құрметті жолдастар» деп қазақша бастайды да, ізінше «көпшілікке түсінікті болсын» деп, орысшаға қарай бұлтың етеді екен. Ал, Сіз, Әбеке, көлемді, зайырлы мақалаларыңызда ештеңені жауып-жасырмай, барды бар, жоқты жоқ күйінде биліктің де,
оппозицияның да бейне-пошымын философша саралайсыз, жіліктейсіз, орны-орнына қоясыз, еш жаққа, ешкімге бұрмайсыз, түсінсең осы дейсіз. Өйткені, өзгелерді өзіңіздей көресіз, ел, жер, халық, Отан мүддесіне адалдығымен артық болмаса, кем емес деп қарайсыз. Елбасы жөніндегі толғаныстарыңызда да арғы-бергі дәуір, замана болмысына шолу жасап, ой жібере лебіз білдіресіз. Өзіңізді ардақтап, кім екеніңізді жақсы білетін, мақтау-марапатын да аямайтын Президенттің әлем мойындаған іскерлік, ірілік, алғырлық, қасиеттерімен қоса, кейбір мүлт кетпеді ме екен дейтін тұстарын да сары майдан қыл суырғандай етіп көлденең тартасыз. Бірақ, оның байыбына бармай, сізді нақ бір Елбасын жер-көкке сыйғызбай, көзсіз дәріптеп отыр деп қарайтын қызбаларда ақ-қараны айырар әлдәрмен кемшіндеу болыңқырап жатса, не лаж? Елбасы демекші, оппозиция серкелері оны өздерінше сынапмінегенде, кейде артықтау да кетіп жатады. Әділ, дұрыс айтатын тұстары да жоқ емес. Сынасын, мінесін, алайда, иман, әдеп деген бар. Ешкім де содан аспасын, аттамасын дегенді қонымды ишарамен бедерлейсіз. Бұл Елбасыға да, оппозиция серкелеріне де емес, ең алдымен көпшілікке, халыққа керек. Айтыңызшы, Әбеке, әлде Сіз биліктің осыл тұстарын оппозиция серкелері құрлы білмейсіз бе, көрмейсіз бе? Білесіз де, сезесіз де. Айтпай жүрген жоқсыз, бір адамдай айтып та, жазып та келесіз. Астана мен Елбасы мүшелтойының бүкілхалықтық мереке ретінде аталып өткені де күні кеше. Содан ырыс азайып, қазан ортайып қалды ма? Оппозицияға салса, солай-мыс. Мерекеден алдын да, кейін де, бүгін де таусылып бітпейтін шу, ырду-дырду. Ау, не болды сонша? Не бүлінді? Бұл өзі – сонау жолы – астананы Ақмолаға ауыстыру кезіндегі әләуләйдің кебі емес пе? Күні кешегі мереке күндерінде Қазақтың абыройы аспанға шарықтағанына қуану керек емес пе? Әлемнің әр түкпірінен саяси қайраткерлер, әдебиет, мәдениет, өнер өкілдерінің келуі теңдессіз мәртебе емес деу қаншалық орынды болмақ? Италиялық жойқын дарын иесі – әйгілі әнші ақша үшін келіп пе? Олай емес! Ол әнші де, басқалар да мол табыс үшін емес, керісінше, дүниеде Қазақ деген халық бар, соларды көрейік, білейік, танысайық, өзімізді таныстырайық деп ат басын бұрғандарына мың алғыс! Абырой – ортақ. Кем-кетік, олқылық дейтін болсақ, сабадан асыңқырай бастаған келімсектердің басқа шауып, төске өрлеуге бейімділігін өздері де, басқалар да айтып жүр, дұрыс деп отырған ешкім жоқ. Шаңыраққа қарамау – шажалық.
Әйтсе де, қит еткенге Елбасыны көлденең тартып, шырпы жақса лау еткелі тұрмыз деп бажалақтау – күпірлік. Бейбітшілік, тыныштық бәрінен қымбат. Ел бүлінбесін. Бүлінген жағдайда, бүгінгі мамыражай тірлікті түсіңде де көрмейтін боласың. Бас салып Елбасын қаралауға еміну – ең алдымен – қазаққа сын екенін де ұмытпаған абзал. Келіс, келіспе, олай ету өзіңді жығып берумен тең. Әркімнің жеке ойы секілді, менің де жеке ойым осындай. Жер жүзіндегі аузы дуалы ғұлама, ғалым, дінбасы, саясаткер, өнер, мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің біздің Елбасымызды не үшін сыйлап, ардақ тұтатынын зерделеу түк те қиын емес. Өйткені, бәрі ел-жұрттың көз алдында. Елбасы жөнінде өз жұртымызда да ақ сөйлеп, әділін айтатын ағайын қара ормандай. Жалған ба? Жалған деуге әддің аз, айғағың кем, сенімің селдір, жұптағаның жұтаң, жұпыны. Айт, сына, бірақ, жөні, жобасы болсын. Біз де айтайық, бірақ «бас жарылса, бөрік ішінде» тұрғысынан деп қарайық. Арамыздағы баз бір пасық ниетті «келімсектер» мен Жириновский, Говорухиндей «жантықтарды» ескеріп болса да. «Келімсек» дегенге шошыма, «оралман» дегеннің қасында сөз боп па, тәйірі?! Әлде олар «оралман» десе былқ етпейтін көнтері көнбістерден әулие ме екен? Қадірлі Әбеке! Сіздің иірімі күрделі, қазына іспетті толғанысыңызға өз тарапымнан үн қосамын деп отырып, біраз жерге ұзап кеттік пе, қалай?! Бұған дейін Сіздің көбіне еліміздің ішкі, сыртқы жағдайы, саясат, философиялық құндылықтар туралы қалам тербеп келе жатқаныңыздың да әсерінен бе екен, Елбасы жөнінде мен де өз тарапымнан аз-кем пікір білдірдім. Енді соны көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың мынадай сөздерімен түйіндеп, хат жазысу туралы мақалаға нүкте қойсам деймін. Фариза былай дейді: «Мен Нұрсұлтанды өзім адамзат тарихындағы ең ұлы адам деп бағалайтын Мұсылман жұртының ардақты перзенті Мұхаммед пайғамбарға ұқсатамын. Ұқсату дегенім, әрине, теңеу емес қой. Ұқсатуымның мәнісі мынада: Мұхаммед пайғамбарымыз да өз отандастарынан қорлық, қиянатты көріп, естімегенді естіп жүріп, бастары бірікпейтін арабтарды ғана емес, бүкіл адамзат баласын адалдық жолына, бір тудың астына біріктіремін деген идеяға өмірін арнады. Өзінің руластарының жауыздығынан қашып құтылуға мәжбүр болып, ансарлар, еврейлер, мұғаджарлар секілді түрлі ұлт өкілдері мекен еткен елеусіз ғана қала Ястрибке келіп, оны мұсылман
жұртының орталығына айналдырды, содан бастап Ястриб Медине (Медине-Нәби – Пайғамбардың қаласы) атанды». Жақында жетпіс жылдығы әлемдік деңгейде аталған қазақтың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы Фаризадай белгілі адам білдірген осынау асқақ лебізге мән берген дұрыс шығар деп ойлаймын. Сіз бен бізді қайдам, ал, Фаризадай адамға ағат айттың дейтін ағайын табыла қоймайтын шығар. Бірақ, кім білсін... Қадірлі Әбеке! Сіздің хат жазысу туралы қаны сорғалаған мәселелік мақалаңызға орай менің жеке көзқарасым мен ойпікірлерімнің кей парасы осындай. Иә, хат жазысу ұмытылуға бет алғандай. Әлде, ұмытылып бара ма, қажет болмай бара ма, ол да күңгірт. Қалың қауым сіз көтерген мәселеге енжар қарамас, қолдап-қуаттар деп сенгім келеді, Әбеке! Сізден баспа бетінде жауап күтпеймін. Көріскенше! МЕНІҢ ПЕРНЕБЕК БЕЙСЕНОВ АҒАМ Өмірде түрлі-түрлі мамандық, кәсіп бары, оларды меңгеріп, сол арқылы әркім әрқилы салада тер төгіп, әрқилы биікке көтеріліп, мұрат-мақсатқа жетуге талпынатыны табиғи жай. Ең ғажабы, олар сол арқылы бір-бірін жақсы біліп, жақындасып, сырлас-мұңдас болады. Өздерін бір майданның сарбазы санайды. Кенші, мұнайшы, құрылысшы, малшы, дәрігер, мұғалім, ұшқыш, ғалым, әнші, артист, ақын, жазушы, журналист... кете береді. Біздер марқұм Пернекең, көзі тірісінде бір адамға тәйт деу тұрмақ, дауыс көтеріп, қатты сөйлеуді білмеген Пернебек Бейсеновпен бір – журналистік – топқа жататынбыз. Мамандық, кәсіп дедік қой. Көп болмаса да, біреулер негізгі мамандығынан сәл «ауытқып», басқа салаға ойысатындары болады. Мұғалімдік мамандық алған өз басым да солай, алғашқы бір жылдан бөлек жарты ғасырдан астам уақыттың бәрінде баспасөзде – онда да үш-ақ жер – «Лениншіл жас», Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газеттері мен «Мәдениет және тұрмыс» (қазір «Парасат») журналында қызмет етіппін. Сондықтан, ғалым ғалыммен, құрылысшы құрылысшымен, шопан шопанмен... бір жүріп, бір тұрып, бір-бірлерін қандай жақсы біліп, ардақ тұтса, журналистер қауымы да солай болмай қайтсін. Енді бұл екінің бірімен ауыз жаласып, тонның ішкі бауындай араласып-құраласу деген сөз емесі де түсінікті, әлбетте. Кім-кімді жақын санап, ықыласы ауып, ұнатады,
түсінеді, бағалайды – өз еркі, бірте-бірте іріктеліп, сараланады, дараланады, кірігіп, қауышады екен. Қаншалықты екені жаратушыға аян, жақсылы-жаманды шама-шарқымызша осынау адам деген атқа мейлінше лайық, мейлінше адал, зипа, зиялы, өнегелі ғұмыр кешкен белгілі қаламгер-журналист Пернебек ағамен ұзақ жыл пікірлес боп, ыстық-суыққа ортақтасқан, шат-шадыман шақтарды бірге өткізген, қамқорлығын көрген күндер сағымға айналып, міне, енді көрген түстей болып отыр. Амал қанша, бұл жалғыз Пернекең емес, барша жұмыр басты пендеге ортақ нәрсе. Алладан сабыр тілейік. Пернекеңнің сүйікті жары Күлән жеңгеміз бен өзге өренжарандарына ұзақ ғұмыр, шапағат-шафқат берсін. Пернекеңді дәл осылай толғаныс-тебіреніс, құрметпен еске алып, аруағына тағзым етуші әріптес, жақын-жуық, құда-жекжат, көз көргендер аз емес, шүкір. Солардың бірі ретінде азын-аулақ лебіз білдіру, баз бір көз көріп, куә болған жайларды ортаға салу артық болмас әрі парыз-міндет санап отырған жай бар, ағайындар. Айтуынша, өзге де көптеген құрбы, замандастары сияқты, Пернекеңнің балалық шағы соғыс жылдарындағыдан басқа да нешеме сұрапыл қиындықтарға тап келіп, әупірімдеп аман қалып, қатарға қосылыпты. Өз алдына бөлек әңгіме дерлік бұл жайлар оның зейнетте жүріп жазған өмірбаяндық кітабында егжей-тегжейлі сөз болады. Сондықтан, бұл жерде оларды қайталап жату артық деп білеміз. Тек соғыс аяқталған алғашқы жылдарда Қазақ университетінің журналистика факультетіне түскені, оны бітірген соң, абыройлы еңбек етіп, айтулы азамат болғанын ауызға алу да жетіп жатқандай. Пернекең де, басқалар да жиі айтып, сан рет хатқа да түскен бір ақиқаттың кей парасы былай. Пернекең университетті бітірерден бір жыл бұрын ба екен, сол кездегі аға басылым – «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы, майданда комиссар болған көрнекті журналист Қасым Шәріпов аталмыш оқу орнына өзі келіп, таңдаулы деген алты ма, жеті ме шәкіртке, қазақша айтқанда, алдын ала «ен» салып, өзі басқаратын редакцияға шақырады. Шақырады емес, қызметке қабылдайды. Кейін әрқайсысы бір-бір тұлғаға айналған олар Балғабек Қыдырбекұлы, Әбірәш Жәмішев, Әбілмәжін Жұмабаев, Орақ Ысмағұлов, Бекдәлда Абдуллин және Пернекеңнің өзі (дәлсіздік кетсе кешірім өтінеміз). Енді деймін-ау, сол шақтарда барлық жердегідей, қажет мамандардың тапшы екені өз алдына, ал Қасым Шәріповтей дегдар адамның қамқор пейілі, кімнің кім екенін алдын ала болжап, дөп басқан көрегендігіне қалай таңқалмасқа, қалай риза болмасқа?!
Бұл жайлы кейін осы аттары аталған қаламгерлердің барлығы да бір қалыптан шыққандай етіп, талай айтты, талай жазды. Қашанда үлгіөнеге, ғибрат боп қала беретін қастерлі сиректеу құбылыс. Енді тоқ етеріне келсек, алғашында, әрине, Пернекеңді де, басқаларды да сырттай біліп жүрдік. Негізінен газет арқылы. Тек сол кездегі самдағай фельетоншы Балғабек Қыдырбекұлымен ғана – 1958 жылы қараша айында жарық көрген көлемді фельетоным арқылы – азын-аулақ таныстығым болмаса, олар істейтін мекемеге бейсәубет бара беруге бата алмайтынбыз. Әйтсе де, баратынбыз... 1960 жылдардың орта шені. «Мәдениет және тұрмыс» журналында әдеби қызметкермін. Іссапар жиі. «Қармаққа ілінген» материалдардың журнал ауанына жаттау, артық-ауысын өзге санаулы қазақша басылымдарға ұсынуға құмбылдаумыз. Жазғансызғандарымыздың бірі болмаса, бірі «Ара», «Қазақстан әйелдері» журналдары мен «Лениншіл жас», басқа да газеттерде жарық көріп те жатады. Неге екенін, «Социалистік Қазақстанға» «иек қыши бермейді», себебін айттық. Бірде әлдебір облыстағы әлдебір совхоз парткомының хатшысы жайлы жазған мақала журнал үшін томпақтау болды да, бір бөлмеде отыратын майдангер журналист Жекен Жұмақанов: «Мынауың «СҚ»-ға қатып тұр, соларға ұсын», – деді. «Олардың бастығы», − дей бергенімше, сөзімді бөліп тағы да: «Бастықты қайтесің, партия тұрмысы бөліміне апар. Онда Пернебек Бейсенов дейтін жігіт бар. Соған бер», – деп нықтай түсті. «СҚ»-ға сонша тісіміз батпаушы еді дегенде, мақала ұсынуға жүрексінуді айтып отырмыз. Өңшең бірінен бірі өткен хас шебер олар кім, біз кім деп. Әйтпесе, былай, о жер, бұ жерде ұшырасып қалатын қай-қай қызметкері де қарапайым, кішіпейіл, іші-бауырыңа кіріп тұратын бауырмал сияқты көрінетін. Әрқайсысы редколлегия мүшесі, бас мақала жазуға құқылы, редактордан кем еместей бөлім меңгерушілері болмаса да, Асылхан Баймағамбетов, Оспанәлі Иманәлиев т.б. «шені төмен» қызметкерлермен қымсынбай қауқылдасып, арқа-жарқа әңгімелесіп жүретінбіз. Бір қызығы, олардың әр сөзінен бөлім меңгерушілерін редактордан кем санамайтындары байқалып тұратын. Міне, мен енді бұған дейін сырттай біліп, жазғандарын оқып жүретін сондай бөлім меңгерушілерінің бірі – Пернебек Бейсеновке бармақпын. Онда да, бірге істейтін Жекең, Жекен Жұмақановтың қамшылауымен, біржағы, «ол өзіңнің ағаң, жерлесің» дегенін де есепке алып.
Онда «СҚ»-ның мекенжайы Совет көшесіндегі 50 үйдің екінші қабатында. Үлкені-кішісі бар, қай қызметкерінің де өзін болмаса да, түр-түсін шырамытамыз, танимыз. Бірақ, Пернекеңді көз алдыма елестете алмаймын. Екінші қабатқа көтеріліп, маңдайында «Партия тұрмысы бөлімі» деген жазуы бар кабинетке жақындағанымда, есіктің алдында орта бойлы, шымыр денелі, жылы жүзді, қара торы жігіт ағасы тұр екен, содан жөн сұрадым. «Мен», − деп жымиды да, ішке бастады. Отырдық. Сірә, өзім жайлы кім екенім, қайдан келгенімді тәптіштеңкіреп айта бастасам керек, ол сөзімді бөліп: «Сені білеміз ғой», – деп басқа арнаға бұрып жіберді. «Естіген шығарсың, бізде былтыр шыққан әңгімең летучкада мақталған. Журналыңнан да түспейсің», – деп бір қойды. Былтыр көлемді әңгімем шыққаны рас-тын. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторлығынан босап, осындағы әдебиет бөліміне әдеби қызметкер боп келген Әзілхан Нұршайықовқа қорқақорқа апарғанымда, ол көпке ұзатпай жарқ еткізген-ді. Елпілдепжелпілдеуді орынсыз көріп, телефон арқылы рахмет айтып қоя салған едім. Пернекең соны айтып отыр. Жалпы, сол жолы Пернекең мені жылы қабылдап, терезесі тең адамдай сөйлескеніне мәз болып, кабинетінен тасыраңдап шыққаным күні бүгінгідей есімде. Оның күлімсіреген кейпі көз алдымда. Пернекең мені білсе, оны мен де сырттай (газет арқылы) білетінімді жоғарыда айттым. Әсіресе, әрі мақаласы, әрі оларға қоса жарияланатын – өзі салатын – суреттері арқылы. Алдын-ала айта кетейік, сол тұстарда (одан кейін де, бертінге дейін) газет-журнал беттерінде Пернекең салған суреттер жиі жарияланып, карикатуралары «Ара» журналынан да көрініп тұратын. Соған қарап, суретшілік әуесқойлық машығы ма десек, ол өнерді училищеде оқып меңгерген екен. Жараған! Жігітке жеті өнер де аз! Әдетте, партия тұрмысы бөлімінің материалдары газеттің екінші, Кеңес құрылысы бөлімі ұсынатын мақалалар үшінші бетінде шығатын. Менің мақалам да екінші бетке басылды. Оны менен бұрын Жекең көріп, таңертең жұмысқа келгенімде алдымен сол құттықтады. «Мен не дедім саған, дұрыс па екен? Пернебекке телефон соғып, рахмет айт. Біреулер есегі лайдан өткен соң құдайын ұмытып кетеді», – деп ақыл берді. Телефон соғып ем, Пернекең жұмысбасты боп жатты ма, қайдам, асығыстау түрде «жақсы, жақсы, қатысып тұр» деумен шектелді.
Кейін шама-шарқымызша аралас-құралас боп, әзіл-қалжың, құрметіміз жарасып, ғұмырының соңына дейін сыйластық, қимастығымыз үзілмеген Пернекеңдей періште пішінді аяулы пендемен алғаш осылай танысып, табысқан едік. Бүгін соларды еске алып, шер тарқатқандай күй кешуліміз, қайтейік. Қайран, асыл азамат, ақ пейіл аға! Әйткенмен, «қатысып тұр» деп Пернекең айтсын, басқалар айтсын, оқта-текте болмаса, «СҚ»-ға үйіп-төгіп мақала жазып, белсене қойған жоқпыз. Бірақ, сыйластық артқан үстіне артып, бір-бірімізге қашанда ниеттес боп жүрдік, әрине. Арамызда аға-інілік қарымқатынас, түсіністік болды. Соларға дәлел-айғақ дерлік кейбір жайлар еске түседі. жыл. Бұл кезде Пернекеңнің «СҚ»-ның жауапты хатшылығынан «Жетісу» газетіне редактор боп ауысқан шағы. Ұзамай «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы қадірменді Мұса Дінішев мені де өзіне орынбасар – жауапты секретарлыққа жоғарылатты. Содан не керек, сол (1973) жылдың желтоқсан айында демалыс алып, Медеу жақтағы Алатау санаторийіне барсам, бір күн бұрын Пернекең де осында келген екен. Бұл енді екеуміз үшін де күтпеген жай еді. Санаторийдің бас дәрігеріне (Сақтаған Құлыбеков) жазу жазамыз деген сылтау айтып, Пернекең де, мен де жеке-жеке палата иелендік. Пернекеңде сол баяғы асығып-аптықпайтын біркелкі сыпайы жүріс-тұрыс, биязы мінез, жұмсақ жымию, табиғи болмыс. Мен сәл басқашалаумын. Пернекең күле тұрып, сабаға шақыратын қызба, бірбет, тік, өзімшілдеу дегендей. Жұбымыз жазылмайды, сөзіміз таусылмайды: сөз болғанда, көпірме жел сөз, өсек-аяң, ғайбат, тіпті, бүгінгідей, саясаттың сан соқпағы да емес, кәдімгі әзіл-қалжың, өткен-кеткен жай-күйлер. Кейбір көңілге тигендей реніш-өкпе болмаса, біреудің сыртынан пәлен деу Пернекеңде атымен болмайтын. Санаторийдегі – екеуміздің де жаңа қызметтегі бірінші демалысымыз – жиырма бес күн жиырма бес минуттай зырлап өте шықты. Сол күндерде талай игі жақсылармен дәм-тұздас боп, ғибратты сөздер тыңдап, Алматыдан келетін өнер иелерінің концертін, кинофильмдер көріп, таза ауа жұтып, сергідік, серпілдік, күш-қуат алдық. «Жетісудың» ұжымы үлкен, басқаларын былай қойғанда, тек қалам ұстайтындардың саны қырыққа жақын (мен істейтін журналда жеті-сегіз). Солар екі күннің бірінде үшеу-төртеу болып, жаңа бастықтарына кезекпен келіп тұрады. Әрине, құр қол емес, сәлем-
сауқатпен. Корпустан алысырақ жердегі ағаш үйшіктердің біріне барып бас қосу. Екі-үш реттен кейін мен ілеспейтін болдым. Айтатын сылтауым: − Пернеке, коллектив мүшелері сізбен қысылмай, емінеркін отырсын. Мен ала қарға сияқты болмай-ақ қояйын, ренжімеңіз. Кешкі тамаққа дейін, әлде, кейін: «Әй, палатамда ішіпжейтін нәрсе толып тұр, осындағы ақын-жазушылардың біразын шақырайын, сен де кел», – дейді бетіме қарап. Тағы да сылтау айтамын: «Жазуым бар», – деп. «Әне, сен сөйтесің», – деп күледі де қояды. Ертеңіне: «Кеше түнде Хамит Ерғалиев, Қалижан Бекхожин, Мұзафар Әлімбаевтарды қонақ еттім. Өте көңілді отырыс болды. Қатыспаған өзіңнен көр», – деді. Дегенмен, бір жолы Темірғали Нұртазин, Ғалым Ахметовті қонақ еткенде бірге болғаным бар. Аса мәдениетті, текті тұлға Ғалекең, Ғалым Ахметовтің шарап құйған қырлы стаканды жоғары көтеріп тұрып: «Жігіттер, маған іш, іш дейсіңдер. Мұны ішсем, шал боп қаламын ғой», – деп тартып жібергені қандай жарасты еді десейші. Сонда Ғалекеңнің жасы 69-да екен. Жүзге жақындап қайтыс болды ғой. Айта берсе таусылмайтын мұндай сәттер аз емес. Тұңғышы Нұрлан үйленіп, «Қазақстан» мейрамханасында өткен той, «Алматы» мейрамханасында Марат Тоқашбаев тамада болған той, олардан бөлек те қуаныш-қызықтарына ортақтасқан мезгілдер неге ұмытылсын, ұмытылмайды. Пернекең ердің жасы елуге толып, төрт-бес күн қатарынан үйінде атағандағы асыл жары Күләннің ұлан-ғайыр қызметіне куәлердің бірі болу кім-кім үшін де аз сыбаға емес-ті. Өз басым солардың Пернекеңнің редакцияда өзінен кейінгі үш басшы достары мен облпарткомның екі-үш жауапты қызметкері келіп, аты шулы Темірбек Қожакеев тамада болған біреуінің басықасында болғанымды осы күнге шейін құрметпен еске аламын, мәртебе көремін. Өткен өмірді қанша жерден баянсыз десе де, әркім де мың жасайтын осындай мерекелі-берекелі күндер неге баянсыз болсын. Пернекең еңбек жолын алғаш бастаған «СҚ»-да аяқтады. Зейнетте жүргенде өзге тілден көптеген кітаптар, белгілі қаламгерлердің жекелеген шығармаларын аударды. «Парасат», «Мәдениет» журналдарына әр нөмір сайын шағын әңгіме, жұмбақ, тақпақ, кроссворд, карикатуралық суреттер жариялап тұрды. Басқа басылымдарға да бір кісідей ат салысты. Сексенге толған мерейтойынан кейін андасанда жолыққанда «денсаулық болмай жүр» дегенді жиілеу айтатын болды. Сол үшін біз де көп мазаламауды ойлайтынбыз. Адам баласы
алдағаны сезеді дегеннің жаны бар болса керек. Қайтыс боларынан бірер ай бұрын ба екен, көкбазардың алдында жолығып: «Немерем тұрмыс құрғалы жатыр. Бұрынғыдай тамыр-таныстарды шақырып неғылайын. Балалардың өз орталары бар», – деп әлденені жақаурата сөйлегені бар-тын. Сөзінің астарын түсіне қойып: «Әрине, Пернеке! Өзіңіздің, бала-шағаларыңыздың той-томалағына қатысқан ағайындар енді немерелеріңіздің тойына шақырмады дей қоймас», – дедім. – Мейлі, көрерміз, аман болайықшы, – деп бетіме сүзіле қарады да, үйіне қарай аяңдады... Бұл Пернекеңді ең соңғы көруім екен. «КІШІ ҚҰРЕКЕҢ...» Бақилық болғанына сегіз жылдан асып бара жатқан Құрекең, Құрманбек Әбілдаевпен Горький көшесі (қазіргі «Жібек Жолы») бойындағы әйгілі Көкбазарға қарама-қарсы, республикадағы бүкіл газет-журналдар орналасқан зәулім ғимараттың ең жоғарғы – тоғызыншы қабатында қызметке қатар кіріп-шығып жүрсек те, көп уақытқа дейін бейтаныс адамдардай, бас изесіп қана сәлемдесумен шектеліп жүрдік. Оның өзіндік себептері жоқ емес-тін. Біріншіден, мемлекет есебіндегі аты шулы газет-журнал редакциялары бір шаңыраққа жиналған соң, олардағы қызметкерлердің барлығын бірдей тану былай тұрсын, бас-басына білу мүмкін емес, қажеттілік те аз. Екіншіден, әркім өз шаруасымен айналысатындықтан, оған уақыт та жетпейді. Рас, бір-бірін бұрыннан білетіндер кездесе қалғанда сәлемдесіп, аз-кем әңгімелеседі, пікір алмасады, оның жөні бір басқа. Үшіншіден, қазақтың танымасты сыйламас дейтіні тегін айтылмаған. Тіпті, сыйлағанның өзінде, танымайтын адамға жақындай бермейсің. Менде Құрекеңе қатысты мұндайдың бірі де болған жоқ. Кездейсоқ көре қалғанның өзінде, сыпайы, зипа, зиялы екені күлімсіреген өң-түсінен көрініп тұратын оны сырттай сыйласақ та, жасы үлкен ағамен бұған дейін сырмінез болмағандықтан, әмпей-жәмпейлесе алмайтынбыз. Онан соң, Құрекең қызмет істейтін журналдың айбыны басым. Тиражы «Мәдениет және
тұрмыс» сияқты бес жүз мың болмаса да, «Қазақстан коммунисі» журналының сол кездегі рөлі Орталық партия Комитетінен бір де кем емес болатын. Өйткені, оның әр санында басқа басылымдардың жетістіктері мен кемістіктері сарапқа салынып, баға беріліп тұрады. Сондықтан, мақтаса қарсылық жоқ, ал сын тезіне ілігуден бәрі сақтанып, аяқтарын аңдап басатын. «Қазақстан коммунисінің» ықпалы Орталық Комитеттен кем емес еді деп сондықтан айтып отырмыз. Оның үстіне, Орталық Комитет бұл журналға өзгелердің түсіне кірмейтін жақсы жағдайдың барлығын жасайтын. Пәтердің тәуірі, жоғары жалақы, кабинеттерде жаңа жиһаз, қос-қостан кілем, мінетін көлікке дейін. Ондағы редактор, орынбасар, жауапты хатшыны айтпағанда, бөлім меңгеруші, кейбір әдеби қызметкерлеріне дейін номенклатуралық есепте болатындықтан, үкімет емханасына тіркеліп, санаторий, демалыс үйлерінде тегін жолдамамен демалатын. Ондай артықшылық кейбір министрлер демесе, өзгелерінде, тіпті, жоғары оқу орындарының басшыларында да бола бермейтін. Бір тәуірі, Орталық Комитет редакциялардың бәріне де оң көзбен қарайтын, «Қазақстан коммунисіне» елден-ерекше. Міне, Құрекең осы журналда редактор Құрманбек Сағындықовтан кейінгі екінші басшы еді. Өкінішке қарай, екеуінің де бұрын бір аудан болып, кейін екіге бөлінген Жуалы мен Түлкібас топырағының тумалары екенін көп кейін білдік (Манап Бөлекбаев, Талғат Айтбаев та солай). «Қазақстан коммунисінің» екі басшысының да аттары Құрманбек екенін білетінбіз, әрине. Бір қабатта болған соң, ара-тұра «Үлкен Құреке», «Кіші Құреке» деген сөздерді құлағымыз шалады. Осы атау оларға өте-мөте жарасып тұрады. Екеуінің де астарында үлкен құрмет, ауызбірлік, ыстық ықылас, татулық жатқандай сезілетін. Ал, ол шынында да солай-тын. Екі Құрекең мен жауапты хатшы (көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаевтың туған ағасы) Зұфар Айтмағамбетов үшеуі жұмысқа келгенде де, кеткенде де жұптары жазылмай, бір жүріп, бір тұрады. Кейде тыста машинаға бірге мініп, бірге түсіп жатқанын көреміз. Үшеуінің ішіндегі біз сәлемдесуге бата алмайтын, ішкі дүниесін қайдам, түсі аса сұсты, суықтау көрінетіні – үлкен Құрекең, Құрманбек Сағындықов еді. Иә, Бауыржан Момышұлымен бір ауданда туып, майданда бірге соғысқан, өле-өлгендерінше қарымқатынастарына қылау түспей, мұң-сырлары бір болған Құрманбек Сағындықов. Жүріс-тұрыс, өзін ұстауы, киім киюі, ұстамды, сабыр-
лы, тектілігі қандай еді десейші қайран азаматтардың. Құрманбек Сағындықов дегенде, оны білетіндердің көз алдарына қазақтың қара сөзінің майын ішкен, аса талғампаз, білгір, Маркс, Энгельс, Ленин, Сталиннің еңбектерінен бастап, аты шулы көркем әдебиет туындыларын әспеттеп, жатық тілмен тәржімалаған сауатты, сақа қаламгер Сағындықов келері шүбәсіз. Құрманбек Сағындықов − «Қазақстан коммунисі» журналына тауып қойылған редактор. Біз секілді можантопайлар бетіне тік қарауға жүрексінетін қайран «Үлкен Құрекең». Тегі, «Кіші Құрекеңмен» – ол қанша жерден бауырмал, мейірбанды, кішіпейіл, қарапайым болса да – еркін аралас-құралас бола алмауымызға соның да (үлкен Құрекеңнің айбыны) әсері болдыау дейміз. Жүріс-тұрыстары көбіне ресмилеу олар да, олар жұмыс істейтін редакция да Орталық Комитеттен титтей де кем көрінбеуші еді деп айттық қой. Нақ солай. Ондағы кәсіби даярлықтары жоғары, өз істеріне жетік, әрқайсысы қай редакцияға да басшы етіп жібере салуға лайық қатардағы қызметкерлер де. Шынында да, Орталық Комитет аппаратына, кейбір облыстық газеттер редакторлығына қажет кадрлар кейде солардан таңдап алынатыны ойға оралады. Аға әдеби қызметкер Шәрібек Есмұрзаев Баспа комитетіне бас редактор боп бір-ақ ырғыды. Болат Бабақов, Зұлқарнай Сахиевтей бөлім меңгерушілерінің сауаттылық, іскерлік жағынан оқ бойы озық екені көрініп, сезіліп тұратын. Бір қызығы, олар да, басқалар да өздерін қашанда қос Құрекеңдерше ұстап, айналадағы редакцияларға ат басын көп бұра бермей, тік жүріп, тік тұратынымен ерекшеленетін. Мұның жақсы өнеге екеніне ешкім таласпаса керек. Өз басымның кейін біршама жақындасып, бірақ, етене араласпасақ та, бір-бірімізді түсініп, ілтипат-құрметпен қарайтын кез жеткен Кіші Құрекеңмен сол шақтарда неліктен «алыстау» жүргенімнің себебі енді түсінікті болған шығар деп ойлаймын. Сондықтан, Құрекең сынды әріптес аға, біртуар азамат жайлы тоғызыншы қабатта көріп-білгендерге осымен нүкте қоямыз. Алдын ала айта кетейік, Кіші Құрекең ширек ғасыр қызмет еткен журналдан «Қазақстан» баспасына бас редактор, одан «МарксизмЛенинизм» редакциясына сектор меңгерушісі боп ауысқан соң да, қызмет бабында қарым-қатынасымыз болған жоқ. Не ол маған, не мен оған бара бермегеніміз бүгінде біртүрлі көрінеді. «Сіз-бізге» жеткеніміздің сырын сәл әріден бастасақ – қысқаша былай. 1967 жылы Алматыға көшіп келіп, екі жылдай ғұмыр кешкен
досым, ғаламат ақын Төлеген Айбергенов дүние салды. Бес баламен қалған әйелі (маған туыстығы бар) Үрниса Оспанқызының басына ауыртпалық түсті. Оған дейін Төлегеннің туған жері – Қарақалпақ республикасындағы Қоңыратта – орта мектепте мұғалім, аудандық комсомол комитетінде хатшы, одан Сарыағаш ауданының орталығындағы мектеп-интернатта тәрбиеші боп істеген Үрниса амалсыздан «Лениншіл жас» газетіне машинистка боп орналасты. Онда да бас редактор Шерхан Мұртазаевтың көмегімен. Басқа түссе баспақшыл, амал қанша, болмашы жұмыс, мардымсыз жалақы (55 сом). Сарыағашта Төлегенді елінен көшіп келе сала, қыс ортасында кешкі мектепке директор, Үрнисаны тәрбиеші еткендей қамқоршылар мұнда атымен жоқ. Мен «Мәдениет және тұрмыста» әдеби қызметкермін пәтер жалдап тұрамын. Қайран аз. Сонда да... «Полиграфкомбинаттың» директоры Күзембаевқа айтып, Үрниса сонда цехтан лек-лек боп шығып жататын әдеби кітаптарды сұрыптаушы боп орналасты. Жалақы бұрынғыдан үш есеге жақын. Онда екі-үш жыл істеді. Онан соң... Сол шақтарда «Мәдениет және тұрмыс» журналының мен қызметке қабылданған кездегі жауапты хатшысы, адамгершілігі үлкен Сұлтанғали Қадыров «Қазақстан» баспасына бөлім меңгерушісі боп ауысып, одан ұзамай сол мекеме жанынан шығатын «Қазақ календарында» бас редактор болатын. Қарауында – екі редактор, бір машинистка – үш адам істейді. Бір қарағанда, Үрниса қара жұмысшы. Оған білдірмесем де, жанға батады. Шіркін-ай, жалақысы сол құралпас басқа бір «мәдениеттілеу» жұмыс болар ма еді деген ой мазалайды. Өйтуге шама қайда, мені кім тыңдайды? Бір тыңдаса, Сұлтанғали Қадыров тыңдауы мүмкін. Өйткені, онымен көңіліміз жақын, екі күннің бірінде көрісіп, сөйлесіп жүреміз. Сұлтекең маған әр жыл сайын қазақша күнтізбенің пәленбай бетіне тапсырыс береді. Ол жылдам орындалады. Бір күні тәуекел деп, Үрниса жайлы айттым. Табиғатынан елгезек, сергек, бірсөзді Сұлтекең сәл ойланды да: «Онда тез маған келіп, жеке парақша толтырсын, бір әйел жыныма жақпай, әне-міне қуғалы жүр ем, әлгі адамың жұмысты біледі ғой, әйтеуір. Сөз келтірмейтін шығар», – деп бір-ақ кесті. «Ойбай, керемет, күдіктенбеңіз», – деп қалбаң қағамын. Солайша, Үрниса қара жұмыстан құтылып, «Қазақ календарына» редактор болды. Обалы қайсы, жұмысты мінсіз атқарып, Сұлтекеңнің көңілінен шыққаны соншалық, соның демеуімен баспаның бір
бөліміне редактор боп ауысты. «Оған керегі жалақы ғой, онда бізден жоғары, сол үшін директор Абай Бейсембаевқа өзім айтып, келісімін алдым», – деді Сұлтекең. Жараған. Адам күні адаммен. Әбекең, Абай Бейсембаевты білемін. 1958 жылы жазда мені «Лениншіл жасқа» қабылдаған редактор. (Әбекеңмен ол бақиға аттанғанша сыйластығымыз үзілген жоқ). Абай Бейсембаев «Қазақстан» баспасынан бөлініп шығып, жеке отау құрған «Марксизм-Ленинизм» редакциясына бас редактор болғанда, Үрнисаны өзімен бірге ала кетіп, аға редакторлық қызметке қойды. Кейін Үрниса сонда кәсіподақ ұйымын басқарды. Төрт бөлмелі пәтер алды. Сол мекемеден зейнетке шықты. Міне, енді «Кіші Құрекеңе» қайта ораламыз. Жоғарыда (қазір марқұм) Үрнисаға қатысты жайларды неліктен ауызға алған себебімізді біле жатасыз. Кезінде «Қазақстан» баспасы жанынан «Марксизм-Ленинизм» редакциясы шаңырақ көтеріп, басшысы Абай Бейсембаев болыпты дегенді біз де естігенбіз. Өте алғыр, білгір, саяси сауатты, үлкен үйдің есебінде тұратын белгілі адамдарға аудару үшін Лениннің бір-бір томы беріліпті. Қаламақысы мол екен дегенді де құлақ шалған (оған дейін партия тарихы институты аударған нұсқалар жарамсыз деп саналған екен). Жақын жолдасымыздың бір томды аударғаны үшін берілген қаржыға «Волга» машинасын сатып алғанына да куә болғанбыз. Жаңадан ашылған мекемеге барғаны жайлы Үрниса да екі күннің бірінде айтып, қуанып жүрді. Бір күні үйіне барғанымда: «Әй, сен Құрекеңді білесің ғой, ә?» – деп ойламаған жерден тосын әңгіме бастады. «Қай Құрекең? Атын дұрыстап айтсайшы». «Құрекең де өзіміздің. Құрманбек Әбілдаев. Ағамыз екен ғой. Ой, сондай жақсы адам. Мінезі қандай. Бір адамға қатты сөйлемейді. Қыздай-ау, қыздай. Білмеуші ме едің?». «Жақсы білмеймін. Қасымызда істегенде көріп жүргенім болмаса». «Өлә...ә! Шын ба? Әй, ол сені бүкіл үрім-бұтақ, зәузатыңа дейін біледі екен ғой. Сен неге қыржия қалдың?». «Шын айтамын. Тіпті, алдына барған адамым емес. Одан да өзің айт. Әлгі айтқандарың рас па? Ондай сөзді қашан айтып жүр? Қай жерде?». «Не, рас емей, өтірік айтады деп пе едің? Жақында бізде істейтін бір қызметкер сәбилі боп, шілдеханаға шақырды. Үйі қаланың сыртындағы Калинин колхозында екен. Әркім өз бетінше, мен Құрманбек ағаның машинасымен бірге бардым. Сонда сөзден сөз шығып, Құрманбек аға сен туралы көп әңгіме айтты. Қайда тудың, қайда оқыдың, не істейсің,
бәрін біледі екен, ол босқа сөйлемейтін адам, бірақ, сені аспандатты. Жұрттың алдында менің де мәртебем өсіп қалды. Әй, сен білесің, білмесең, Құрекең олай дей ме?» «Білмеймін» дегеніме сене қоймаған Үрниса мен қашан кеткенше бала кезден дағдыланған әдетімен «әдейі айтасың, қылжақтама, кежірсің, мұғамырсың» деп, қажаумен болды. Ал, мен... Үрнисаның айтқандарына имандай сеніп, зәредей күдіктенгенім жоқ. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, ешкім жөнінде ешкім бір ауыз жылы лебізін қимай, өзгелер жайлы (әрқашан да екінің бірі) тұқырта сөйлеуге бейім шақта, бұл естігенім сирек құбылыс боп көрінгені рас-тын. Бірақ, мен сендім. Аузын ашса, жүрегі көрінетін мейлінше ақкөңіл, оның үстіне, маған тілектес Үрнисаға да, өзін терең білмегенмен, табиғаты тазалығына әлдеқашан көзім жеткен Құрекеңе де. Мұндай ірілік басқалардан болмаса да, Құрекеңнен шығатынына иланбау мүмкін емес-ті. Өйткені, ол – Құрекең! Сол күннен бастап Құрекеңді іздей бастадым. Сан рет жолықтық, әңгіме-дүкен құрдық. Өзімді қайдам, Құрекеңнің не айтса да, сипай қамшылап қана айтатын сыпайы болмыс, биязы мінезі ұнаған үстіне ұнады. Зейін, зерде, білік, тереңдігі одан сайын. Мені он орап алардай сырлас-мұңдастарының молдығына қарамай, жеке басына қатысты жайларды да ақылдасып, пікір алмасатынына талай рет таңдандым да. Зейнетке шыққан соң: «Елге көшкелі жатырмыз, шырағым. Бұдан былай сонда тұратын боламыз. Барған соң хабарласып, телефонды беремін ғой», – деді. Түлкібасқа барған соң солай етті де. Анда-санда Алматыға келген соң да телефон соғатын. Неге? Не үшін? Оны өзі білген болу керек. Мен бірдеңе дей алмаймын. Он жылдан кейін Алматыға қайта қоныс аударып, қызмет орныма іздеп келді. Жаңа шыққан екі кітабын сыйлады. Онан соң үйінің мекен-жайын беріп, дәмге шақырды. Майдангер ғой, Жеңіс күні... Ал, мен... соншама көл-көсір ықылас-пейілге лайық па едім, өз тарапымнан жауап бере алдым ба, айта алмаймын. Тек, әйтеуір, көзі тірісінде азын-аулақ жазған-сызғандарының жарыққа шығуына сеп жасап едім демесем. Анда-мұнда ұшырасқан жерлерде ұзағырақ қауқылдасып, қимай қоштасып жүргеніміз болмаса... Соңғы рет Көк базар маңындағы бір мейрамханада әлдебір құрметті адамның мерекелік дастарханында бірге болдық. Қыс кезі еді. Неге екенін, жанында Гүлзада жеңгеміз жоқ, жалғыз келіпті. Даң-
дұң, айқай-шудан қалжырап, шаршаңқырағандықтан, жиыннан ертерек шығып, Гоголь көшесімен бара жатсам, аялдамада Құрекең тұр. «О, сіз де ерте кетіпсіз ғой», − дегеніме: «Иә, ешкімге ештеңе демей, білдірмей кетіп қалдым», – деді де, сағатына үңілді. Қара көлеңкеде айыра алды ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ, сағат тілі кешкі тоғыздан әлдеқашан ауғаны анық еді, шамасы, онның о жақ, бұ жағы. Аяз қатая түскен. Сүйекті шағып, құтырып барады. Құрекең қашанғы сабырлы қалпымен жайлап қана: – Троллейбус күтіп тұрмын. Әлі тоқтамаған шығар, – деді көздері күлімсіреп. Сонда ғана санама бірдеңе жеткендей болды. Әрине, троллейбус әлдеқашан тоқтаған. Енді бұл жерге ертең сәскеде бір-ақ келетіні айдан анық. Бала көңіл Құрекең әсте олай деп ойламайды. Бәріне де Кеңестік кездегідей қарайды жарықтық. Сәл ойлануға тура келді. Мұндай ғазиз жан бірдеңе десең, қорланғандай боп қалары түк емес. Іркілгенім сол, аяз қысып, уақыт зымырап барады. Қой, болмайды. Қимылда, бала! Құрекеңнен былайырақ барып, жеңіл көліктерге қол көтеремін. Бар болғырлар тоқтай қоймайды. Құрекең үнсіз. Ол мен көлікті өзіне ұстайды деп тұр, әрине. Менің де есебім сол. Әйтпесе, кім білсін, жазатайым... Бір көлік тоқтады. Мекен-жайды айттым да, алатынын қолына еселеп ұстатқан бойда: – Құреке, келіңіз! – дедім машинаның алдыңғы есігін ашып. – Ә, сөйтеміз бе? Бірге кететін болдық па? – деп келді де, алдыңғы орындыққа отырды. – Қош, Құреке! Жақсы жетіңіз. Мен жақын жерде тұрамын, – деп апыл-ғұпыл есікті жауып, шоферге қозғал деп белгі бердім. Көлік жүріп кетті. Әне, сондағы Құрекеңнің әрі ыңғайсызданып, әрі риза болғандай түрін көрсеңіз... (Маған әлдене айтуға үлгермей кете барды). Өмір ғой. Осы бір үзік сырды аздап тәптіштеңкіреп баяндауымның себебін түсінген шығарсыз. Лайым, түсінгейсіз. Дұрыс түсінсеңіз екен. Өйткені, бұл Құрекеңді соңғы рет көруім еді. О, фәни жалған! Нұрың пейіште шалқысын, «Кіші Құреке». Аруағың риза болсын!
ӘНДЕРІМЕН ДЕ ТАНЫЛҒАН жазушы Тұтқабай Иманбеков жайлы бір үзік сыр Бір майданда жұмыстанып, бір айдында қатар жүзетін әріптесзамандастар ішінен біртіндеп жақындасып, ыстық-суыққа ортақтасып, мұң-сырыңды бөлісетіндердің уақыт келе іріктелетіні түсінікті. Кешегі өткен қайран Тұқаң, Тұтқабаймен де біртіндеп танысып, табысып, ұзақ жылдар дәм-тұздас, пікірлес болған, бір жүріп, бір тұрған шақтар ұмытылар ма? Небір атаулы кеш-жиын, салтанатты бас қосулардағы оның айтатын аталы сөздеріне таңырқап, тамсанатын, ризалық білдіретін үлкен-кішілердің қадір-құрметінде шек жоқтай көрінетін кездер енді түу...у алыста қалған сағым-елеске ұқсайды, беу, жалған-ай! Тұқаң, Тұтқабай о бастан ұжданы таза, жаны мөлдір, майдалықтан ада, жаратылыс иесі-тін. Солай екенін менен басқалар да бес саусақтай білетініне шәк жоқ. Өз басым ол сөйтіпті дейтін қыжыр сөз естімегенім рас. Кім-кімге де тек болса екен дейтін қайырымды, қарапайым, тіпті, аңғал, дәрменсіз, қорғансыздау көрінетін Тұқаңның тал бойында қаламгерлік қарым, алғырлық, нәзіктік, байқампаздық дегендер тасып-төгіліп жатпаушы ма еді? Ұтқыр ой, жүйелі сөз жазғандарынан да айқын аңғарылатын. Сөйте тұра, кейде қанға біткен зипалық, жұмсақтық биязылықтан ба, әлдебір өзімшілдерге жеме-жемде айтарын кесіп айта алмай, жеткізе алмай, қипақтап, бүгежектеңкіреп қала беретіні болатын. Басы-қасында көріп-біліп, куә боп отырған соң қалай қаның қызбайды. «Ау, неге үндемейсің? Сыбағасын бермейсің бе дұрыстап», – дегенге: «Мен сіз құсап айта алмаймын ғой», – дейтін жымиып қана (жасымыз қарайлас болса да, неге екенін қайдам, маған «сіз» деп сөйлейтін. Бірер жас кіші Сабырхан Асанов, тіпті, «сізбен» қоса «көке» дейтін марқұм). Міне, сол Тұтқабай туралы енді ол өмірден өткелі он бес жылдан асқанда сөз қозғауға тура келіп отыр. Амалсыздан. Себебі, естелік жазу да, жазбау да ауыр, екеуі де оңай емес. Әйтсе де, тірісінде сыйласқан бауыр-дос жайлы білгенді ортаға салу, мір кем лебіз білдіру артық емес, парыз да. Аруақ үшін, ұрпақ үшін, Тұқаңның рухы үшін. Бүгінде есімі ел жадында сақталып, мектеп, көшелерге аты берілген Тұтқабай Иманбеков ең алдымен жазушы, анау-мынау емес, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, дарынды, көрнекті жазушы, қабырғалы қаламгер, дарқан мінезді, кең жүректі азамат! Момындау болмысына сай талай рет шоқ басып, жүндеу-түрткі де көрген жайсаң еді-ау, жарықтық.
Тұтқабайдың шетсіз де шексіз шығармашылық әлеміне тоқталмаймыз. Өйткені, біріншіден, оған онша тіс батпаса, екінші, бұл жолғы мақсат ол емес. Замандас, әріптес, адам, кісі, дос, жолдас, бауыр ретінде қандай еді, кім еді, сол тұстарды өз білігімізше мәнзалдап көруге құмбылмыз. Алдымен Тұтқабайды – өзіне талай айтқан – алғаш қалай білгенім жайлы бірер сөз. 1958 жылы жазда «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа тұрып, бөлім меңгерушісі Камал Смайыловтың қол астында қазіргі классик жазушы Қалихан дос Ысқақов екеуміз әдеби қызметкер боп істеп жүрдік. Аядай бөлмеде үйме-жүйме боп отыратын Камалдан басқа Сейдахмет Бердіқұлов, Медеу Сәрсекеев, Хайдолла Тілемісов, Бүркіт Ысқақовтай бөлім меңгерушілерінің қарамағында бір-екіден әдеби қызметкер болады. Күн сайын қарша борап келіп жататын хаттардың жарамдысын қорытып, «қорғанына» жауап жазып, саралап, реттеп отыру – әдеби қызметкерлер еншісінде. Шамасы, күздің ортасы болу керек, маған тиесілі жаңадан келген хаттар ішінен ескілеу торкөз дәптердің бірнеше бетіне маржандай тізіп жазған біреуі бірден назарға ілікті де, әп-сәтте оқып шықтым. Байқауымша, қырнап-сырнап өңдейтін, не өзімізше қорытып, қайта жазатын ештеңе жоқ, бірден машинкаға бере салса болатындай. Жазған екі автор: Тұтқабай Иманбеков, Кенжебай Бөгембаев. Хат Алматы емес, әлдебір облыстың ауданынан жолданыпты. Бірақ, жазба иелері өздерін Қазақ университетінің 3 не 4 курс студентіміз, қазір ауыл шаруашылық жұмыста жүрміз депті. Мақала іркілген жоқ, машинкадан шығысымен оқып, Камал ағаға бердім. Ол бастықтарға ұсынып, ұзамай жарық көрді. Сол шақтарда студент Әбіш Кекілбаевтан да сондай хаттар жиі келетін. Камал аға оларды бізге билетпей өзі қарап, редакторға ұсынатын да, кідіріссіз жарияланып жататын (аптасына 6 рет бірнеше бет боп шығатын үлкен форматты газетке материал шақ келмейтіні белгілі). Әне, солайша танысқан Тұтқабаймен кейін жақын араласып, «шыңда да бірге, сында да бірге» жүретін болдық. Рас, екі жылдан соң мен Сарыағашқа барып, біраз уақыт аудандық газетте жұмыс істедім. Сонда жүргенде Тұтқабайдың кейбір жаңа шыққан кітаптардың редакторы екенін көзім шалатын да, баспалардың бірінде қызмет істейтінін шамалайтынмын. 1964 жылы көктем шыға Алматыға қайта оралып, Сапар аға Байжановтың арқасында сол кездегі атағы аспандаған «Мәдениет және тұрмыс» журналына әдеби қызметкер боп орналасқан соң, ұзамай Тұтқабаймен танысып, ол маған өзі редактор болған І. Есенберлиннің «Қаһар» рома-
нын сыйлады. Ол кітаптың кезінде қазақ әдебиетінің елеулі табысы болғаны аян. Редактор ретінде автор Ілияс Есенберлиннен бастап, сол кездегі талай игі жақсылардан жылы пікір естігенін де айтып жүрді. Кітап сын тезіне іліккен тұстарда таяқтың өзіне тиген бір ұшын да көтере білді. Өз қаламынан шыққан әңгіме, повесть, романдарымен де танылды. Баспа, газет-журналдарда жұмыс істеген Тұқаң қара сөздің майын ішкен, өткір де жеңіл әзіл-қалжың, афоризм іспетті қанатты сөз тіркестерін табан астында тауып айтуға шебер, өз жанынан шығарған кәдімгі қазақы бата-тілектерді шағын-шағын екі кітап етіп бастырған сегіз қырлы, бір сырлының нағызы еді. Әндері радио, теледидардан берілетін, белгілі әншілер орындайтын композиторлық қыры өз алдына. Көрнекті әнші, композитор, өнер өкілдерімен етене араласты. Қазақ қыздар педагогикалық институтында өткен ән кешінде сол оқу орнының атақты «Айгүл» ансамблі мен өзге де әншілері оның небір ғаламат әндерін шырқады. Композитор Мыңжасар Маңғытаевпен жұптары жазылмайтын. Бақиға аттанардан бір-екі күн бұрын күнұзақ Мыңжасардың үйінде отырғанда тосаттан ауырып, үйіне әрең жеткенін кейін естідік. Жан дүниесі көлдей кең Мыңжасар егер Тұқаң арнайы музыкалық білім алып, соңына түскенде бізді жолда қалдырардай композитор болар еді деп айтудай айтып жүретін. Ал, Тұтқабай ол қырын онша көп білдірмей, жабықтау ұстайтын (тек жоғарыда айтқандай, Қыздар институтында өткен бірді-екілі ән кеші демесе. Оған Шымкенттен Қуаныш Төлеметов бастаған бір топ азамат арнайы келген болатын). Өз басым кейбір әндерін сөзім өтетін басылымдарда нотасымен жариялауға сеп жасап, «Әттең, тонның келтесі-ай» дейтін әнін баса насихаттауға талпындым. «Сәл серпіліп, композитор екеніңді жұртқа білдірсейші», − деп қамшылайтынмын. Ол күлетін де қоятын. Есесіне, кемелденген жазушылық беделі биіктеген үстіне биіктеп, әдебиеттен лайықты орнын алды, бірегей қаламгерлердің бірі атанды. Бұған ешкім таласа алмаса керек. Өмір соқпағы қашанда бұралаң, кедір-бұдырсыз болмайтыны аян. Тағдырдың ешкімге қылдай қиянаты жоқ, дос-жаран, жанашырлары барынша жуас, момын деп ойлайтын Тұтқабайға да күнілгері құрған торы, тәшпіш-тауқыметтері алдан шықпай қалған жоқ. Солардың әлі ешкім ауызға алмаған, өзім бес саусақтай біліп, куә болған бірекеуіне тоқтала кеткен көптік етпес деймін. Тұтқабай өмірден өткенше баспа, газет-журналдарда істеді дедік қой. Бір жолы жұмыс орнымдағы мен отыратын бөлмеге аяқ астынан кіріп келді де, түсі сәл алабұртып: «Осы жаққа келіп қалдық», – деді
мырс етіп. «Келмей жүрген жері емес, бұл не сөзі» деп онша мән берген жоқпын. Соны аңғарды ма екен, «Араға», − келдім, – деді ізінше. «Жай ма?» – деппін. «Жауапты хатшылыққа шақырып болмаған соң, оны да көрейін дегенім де». Сонда барып санама бірдеңе жеткендей: «Немене, қызмет ауыстырдың ба?» – дедім. «Иә, жүріңіз, кабинетімді көріңіз», – деген соң 9-қабаттан 8 қабатқа түстік. Таныс кабинет. «Құтты болсын». «Жұмыс бітісімен соғамын. Бір жерге барып... нетіп», – деп ол қала берді, мен өзіме кеттім. Демек, Тұқаң «Араға» келіпті. Бірінші бастық қазақ, орынбасары басқа ұлттан, сонда жауапты хатшы Тұтқабай үшінші басшы. Мұнысы дұрыс па, бұрыс па? Өзі дұрыс санаған соң, әрине, дұрыс. «Ара» емес, «Ара»-«Шмель» деп аталатын журнал ресми тұрғыдан Орталық партия комитетінің органы боп саналады. Екі тілдегі таралымы 600 мыңнан асады. Оның сын садағына іліккендердің аман қалатыны сирек. Қызметкерлері шетінен мықты, азулы. Бірақ, жұмыста редактордан бастап, ешқайсысы құтаймайды. Тұңғыш редактор Ғабит Мүсірепов, одан кейінгі Қайнекей Жармағамбетов, ұжымды он жыл басқарған азуы алты қарыс Жүсіп Алтайбаевтан кейінгі редакторлардың бірде-бірі ұзақ отырмай, көп болса, екі-үш жылда табандарын жалтыратып жатады. Себеп пе? Жоғарғы орындар өздері қояды да, бірер жылдың о жақ, бұ жағында өздері соңдарына шырақ алып түседі. Редактор тұрмақ, орынбасар, жауаптыхатшы, жай қызметкерлер де солай. Себеп пе? «Ара»-«Шмель» ешкімді мақтамайды ғой. Кіл сынайды. Сыналғандар қарап жата ма? Іштерінде дүмі диірмен тартатын дөйлердің бірі болмаса, бірінің «Ара»-«Шмельдің» бастығын да, басқаларын да тоңқалаң астыруға шамасы жетеді (әрине, Орталық комитетке жол тауып, уәж айтып, тіпті бармақ басты, көз қыстымен болса да). Оның үстіне кез-келген ұжымның өз ішіндегі алакөздік, бақастық, көре алмау, күндестік, аяқтан шалу да болмай тұрмайды. Сондайақ, Жүсіп Алтайбаевтан кейін «Араға» редактор болғандардың ешқайсысы бұрын бұл салада істемеген, сатирадан мақұрым болса. Мұны «Араға» бастық боламын деп ешқашан ойлаған емес едім», − дейтін кезекті редакторлардың бірі Қалдарбек Найманбаев та жасырмайтын. Бірақ, ол көп ұзамай орнын тауып, баспаға директор боп кетті. Тағы бір редактор Нұридин Муфтақовты жауапты секретарь болуға шақырғанда, «қабілеті өзімнен төмен адамға бағынышты бола алмаймын» деп бас тартқаны да шындық-тын. Мен үшін о баста неліктен, қалай келгені қараңғылау Тұтқабай осындай ортаға тап болып, ақыры өзі шақырған басшының қасақана
қудалауына төзбестен қызметтен кетті. Жай кеткен жоқ, көпе-көріне жала жауып, партиядан шығармақ болған (зейнетке шығуға тоғыз ай қалған) бастықты да қапысын тауып, бірге ала кетті. Ала кеткенін қайтейік, науқасқа шалдығып, отыз кило салмақ жоғалтты. Бұл ұзақ әңгіме. Әлдебір күтілмеген қырсық атаулылар ол денсаулығы біраз оңалып, «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүргенде де соңынан қалмады. Сол шақтарда кімде-кім демеуші тауып, мекемеге қаржы түсірсе, 25 пайызын алады деген науқан болмап па еді? Сол тұстарда ойдан-қырдан іздеп тапқан атымтай жомарттардың «қызығын» ептеп болса да, бәріміз де көргенбіз. Тұтқабай 500 мың қаржы түсіріп, 25 пайызы тұрмақ бір тиын ала алмай пұшайман болса, екінші рет газеттің мерейтойына алыстан жылқы сойып, басқа да сый-сияпаттарын алып, артынып-тартынып келген қонақтарға сөз берілмей, мейманханадан орын болмай, салқын қабақ танытылғанына ренжіді. Себебін түсіне алмай дал болды. Бірде редакторға орынбасар боп істеп жүрген қызметі қысқартылды деп, жұмыссыз қала жаздағанда, одақ басшыларының араласуымен аман қалды. Осы бір жайсыздау әңгімелерді неге деген сұраққа жауап іздеп емес, Тұқаң сан рет өз аузымен айтып, мұң шаққанына куә болғандықтан ауызға алып отырмыз. Неге деген сұраққа жауап іздеп қажеті де жоқ. Жауап табылмайды. Өтті-кетті, салауат. Қой аузынан шөп алмайтын пәк жаратылыс иесі, өзін әрдайым сабырлы да салиқалы ұстайтын, кеңпейіл, кешірімді, дарынды жазушының артында бай мұрасы қалды, көңілге медет етер басты жұбаныш сол. Атаусыз емес. Аттестат алған орта мектебі өзінің атында, басқа игіліктер де баршылық. Алда болмағаны болып, толмағаны тола жатар деп сенейік. Тұқаңды қадірлейтін ел-жұрт, қалың қазақ орнында емес пе, шүкір. Лайым, солай болғай. Мәңгілік ұйқың тыныш, иманың жолдас болсын, аяулы Тұқа! Нұрың пейіште шалқи берсін, бауырым! ҚИЯНАТТАН КҮЙІП КЕТКЕНДЕЙ Иболла Сариев жайлы Өз қара басына бар жақсылықты тілеп, үлде мен бүлдеге оранып ғұмыр кешу үшін ештеңеден тайынбай, дос-жарандарын да сатып жататын кейбір қара ниетті мүміндердің де құран оқылатын жерлерде жұртпен бірге бет сипайтындары, кейде, тіпті, ізгілік, адалдық, адамгершілік жайлы бұлбұл боп сайрамаса да, қарғадай қарқылдай салуға дайын тұратындарын қайтерсің. Биік мансап – биік жартас
басына қырандай самғап емес, жыландай өрмелеп шығатын ондай табаны бүрсіз, екіжүзді жағымпаз-жылпостардан көбіне іскер, әділ, білімді, мейірімді, ешкімге қылдай қиянаты жоқ жандардың жапа шегетіні өкінішті. Олар өз-өздерін қорғауға дәрменсіз. Біреуден көмек-жәрдем сұрауды атама. Сондықтан да, қиянатқа құрбан боп кете баратындар да көбіне солар. Бұл жерде елге белгілі арғы-бергі арыстарды айтып отырған жоқпыз. Әңгіме «ешкім білмейтін», «елеусіз біреулер» хақында. Ондайлар кеше де, бүгін де болған және аз болмаған. Мына ақша билеген бүгінгі тас керең кезде де қиянатшылардың ұзын санына жету мүмкін емес, әлде, басқаша ма? Бет-ауыздары бүлк етпей, жұртқа қиянат жасаудан алдарына жан салмайтындар өріп жүр емес пе айналаңда! «Үлескер» деген «жаңа» термин бертінде пайда боп, жете мән бермегендіктен, түсініңкіремей жүрдім. Сөйтсем, олардың біразы үй салып береміз деп жұрттан ақша жинап, онан соң пәлен миллионды қалтаға басып, көз көрмеске қашып кететін мүттәйімдердің құрбандары екен. Бағы жанғандар үйлі болып, жанбағандар сан соғып қалады екен. «Үлескерлерді» сан соқтырушылардың біразы ұстатпай, біразы ертелі-кеш қақпанға түседі екен. Бірер жыл бұрын Тайландта құрықталып, елге әкелінген әкелі-балалы алаяқтар сондайлардың сортынан екен. Енді бұл қиянат па, жоқ па? Алты мың теңге пара алғанды да, кісі өлтіргенді де алты жылға соттау қиянат емес пе? (Солай деп бір белгілі заңгердің газетте жарияланған сұхбатына орай айтып отырмыз). Бәрін айт та, бірін айт, жарық әлеммен бірге жаралған қиянаттың түп-тұяқиянына жету қиынның қиыны шығар, сірә. Сондықтан, түрліше келеңсіздікке жол бермейік, кедір-бұдырды оңдайық, кемкетікті түзетейік, жемқорларды аластайық деп шырылдаған азаматтарды ата жау санап, соңдарына шам алып түсетін кеудемсоқ, рахымсыз, кірпияз, пайдакүнем міскіндердің қылықтарын, кезінде сондайлардан көрген қиянатты көтере алмай, қапияда көз жұмған бір аяулы жан туралы сәл таратып айтуды мақсат етіп отырмыз (марқұмның аруағын еске ала отырып, әрине). Сонау жылдарда, дәлірек айтсақ, өткен ғасырдың 60-70 жылдарында сол шақтардағы жалпы саны 10-нан аспайтын республикалық қазақ басылымдарда бір бейтаныс есім көрініп жүрді. Сөз етіп қозғайтыны қазақтың ұлттық тағамдары, олардың шығу тарихы, әзірлеу тәсілдері т.б. Пәлендей мән бермей, көп болса, қазақтан шыққан этнограф па, технолог па, аспаз ба немесе соларды жақсы білетін қарапайым біреу шығар деп жүретінбіз. «Мәдениет және тұрмыс» журналында істейтіндер де «бұл кім, автор етіп тартпаймыз
ба?» дейтін. Себебі, ол сөз ететін жайлар басқалардан гөрі осы журнал табиғатына жақындау болатын. Сол шақтарда журналдың бір қауым тұрақты авторлары редакцияға жиі келіп жүретін. Бір жолы солардың бірі – медицина ғылымының докторы, профессор Естөре Оразақов пен «Каменка» санаторийінің фтизиатр-дәрігері Марат Сисекенов (қазір екеуі де марқұм) әлдебір біз бұрын көрмеген қара торы өңді, арықтау, үстіне әдемі костюм-шалбар киіп, галстук таққан, көркем кескінді, бойшаң жігітті ертіп келді. Мейірімді көздері қысыңқылау, жүзінен нұр төгілген жігітті бірден бізбен таныстырды. Мінезі жібектей, кішіпейіл, сыпайы, аузын ашса жүрегі көрінетін оның мәдениетті жан екені байқалып тұрды. Сол кезде жасы алпысқа таяған орта бойлы, шағын денелі, сөзін тақ-тұқ сөйлейтін әйгілі хирург Естөре Оразақов: – Бұл Иболла Сариев деген бауырларың, мақалаларын көріп жүрген шығарсыңдар. Қазақ тағамдары туралы жазады, өзі соның маманы. Бір-екі жыл бұрын түркімен елінен келген, – деп ертіп келген жігітті таныстырды. Бейтаныс жігіт күлімсіреп бас изеді. – Бұл Иболла түрікменнен болса, мен қарақалпақтанмын, әзірше маған жақын, бұдан былай сендермен де жақын болады, – деп шеттеу тұрған Марат Сисекеновке қарады Есекең. Марат та: «Иә» деп қостап қойды. Естөре де, Марат та журнал шыққалы медицина тақырыбан үзбей жазып келе жатқан (авторымыз деу аз) қаламы қарымды мамандар, жазғандары онша көп өңделіп, қырнап-сырналмайды, кәнігі журналист десе сыйымды. Онда редакция М. Төлебаев көшесі (М. Горькиймен қиылыста) бойындағы асты дүкен үлкен ескі ғимараттың екінші қабатында. Бір кабинетте 8-9 қызметкер отырамыз. Үлкеніміз – Жекең, Жекен Жұмақанов. Әне, сол Жекең: – Бұл жігітті Мұсекеңмен таныстырдың ба? – деп қалды Естөреге қарап. Мұсекең дегені – журнал басшысы Мұса Дінішев. Айтпақшы, Естөре Оразақов журналда медицина жөніндегі ресми кеңесші болатын. Мұсекеңді жақсы біледі. Бірақ, Жекеңнің сөзіне орай: – Мұсекең бір адам, таныса жатады, сендер көпсіңдер, алдымен көппен таныссын, – деп келте қайырды. – Болды, болды, – деп Жекең елпең қақты. – Отырмайсыңдар ма? Отырсаңдаршы! – Мұнда үшеумізге орындық жетсе, – деп күлімсіреді Естөре. – Рахмет. Келген себебіміз сол еді. Басқа шаруа жоқ. Иболла сендерді көрейін деген соң... Ал, онда біз қайтайық. Аман тұрыңдар...
– Онда мейрамханада жолығатын болдық па? – деп Қуан аға (Шаңғытбаев) қарқ-қарқ күлді. Қуан аға олай деп тегін айтып отырған жоқ-ты. Осыдан бір-екі ай ілгері журналдың ішкі екі бетінде Иболланың түрлі-түсті суреттермен қоса, көлемді мақаласы шыққан. Мақала болғанда, қарын ашқан кезде көре қалсаң, сілекейіңді шұбыртатын «қауіптілеу» қазы-қарта, жал-жая, қойдың басы, төс, сүбе дегендей... Енді несін жасырамыз, соған риза болған Иболла ұжыммен танысып, рахмет айту үшін ептеген шай-суын ала келіпті. Оны Марат Сисекенов келген бетте бүйірі томпиған дорбаны Бек Тоғысбаев отыратын столдың астына зып еткізгенде-ақ сезгенбіз. Ал, Иболланың мақаласын ұйымдастырып, журналда шығуына себепкер Меңдекеш Сатыбалдиев еді (бұл күні ол жұмыста жоқ болатын). Сондай-ақ, тамақ өнеркәсібі саласында арнаулы білімі бар санаулы қазақтың бірі Иболла Сариевтің «Алматы» қонақ үйінің төменгі қабатында «Ыстық» мейрамханасында директор екенін де Меңдекештен естіген едік (мақала соңында оның қызметі көрсетілмеген-ді). Қош, бұларды осыншалық тәптіштеп сөз ететіндей не бар, Иболладай мейрамхана директоры аз ба еді демексің бе? Онда тыңда. Ол жылдарда мейрамханаларда директор түгілі, директордың орынбасары, жабдықтаушы, дайындаушы, бас аспаз, жай аспаз, зал меңгерушісі, ең әрісі, даяшыларға дейін қазақтар болып па еді деп сұрасайшы әуелі. Қазақтар болған жоқ, болмау себебі, біріншіден, қалада қазақтар сан жағынан бес-алты пайыздан аспайтын, екіншіден, билеп-төстеуші келімсектер оларды жолатпайтын, үшіншіден, директорлықты қайдам, басқа жұмыстарға қазақтардың өздері де жолай бермейтін. Мәселен, ол шақтарда даяшы (официантка) болуды өлім санайтын. Онан соң, ең өкініштісі жоғарғы жақтардың пәрменімен қою керек болғандықтан қойылатын қалалық қоғамдық тамақтандыру басқармасын басқаратын, сондай лауазымдардан ғана бас тартпайтын қазақтардың ұлттық намыс, мүдде дегендер түстеріне де кірмейтін. Себебі, ұлтшыл атанамыз деп өлердей қорқатын, қатты үркетін. Өзі болғанға мәз болып жүре беретін. Бәрі демейміз, дәл сол мекемені біраз жыл басқарған Ғилан Тасов деген астрахандық жігіт ұлттық мүдде жолында көп іс тындырғаны есте. Олардың бір-бірін қаншалық білгенінен хабарым болмаса да айтайын, шамасы, Иболланың санатқа ілігуі де соның (Тасовтың) арқасы болуы ғажап емес. Иболланың өзі де лайықты еді деп айттық қой. Ең ғажабы, сөз ретіне қарай еске түсіп, аты аталып отырған аса ұлтжанды, намысты тұлға Тасов
та, Алматыға аяғы жетісімен алдымен қалам арқылы танылған Иболла да сөз қадірін білетін, көкірек-көздері ояу, әдебиет, өнер, мәдениетке іңкәр, алды кең, кісілігі мол, бүкіл исі қазаққа болса екен деп тұратын адал азаматтар еді. Алматыдағы біраз мейрамханаға кезек-кезек директор болған Иболла Сариев біраз уақыт қалалық қоғамдық тамақтадыру басқармасын да басқарды-ау деймін. Қайда істесе де, ол басқарған мекемелерден қазақ исі аңқып тұратын. Сол үшін іші тар, қызғаншақ, ұлттық қасиеттерден жұрдай, қой терісін жамылған дүрегей қазақсымақтардан көресіні де көрді бір адамдай. Бұл жайлы сәл кейін. Мінезі қанша жерден жайлы, биязы болғанмен, өзі басқаратын мекемелерде орынсыз сөйлеп, одағай қылық көрсететіндерді (әсіресе, ұлты басқалар) бір ауыз сөзбен тәубесіне түсіріп, табандарының ұшымен жорғалатып қоятын. Қос жауырыны қақпақтай, қос алақаны күректей, батыр болмысты Иболлаға іштей де, сырттай да сүйсінбеу мүмкін емес-ті. Жазуын да тоқтатқан жоқ. Қазақ басылымдарында ас мәзіріне байланысты мақалалары әлсін-әлсін жарық көріп тұрды. «Басқа тақырыптарға да жазбайсыз ба?» – дегенге: «Уақыт аз, әуелі осыны жеріне жеткізіп алайын да», – дейтін арсалаңдай күліп. Жүре келе жиі көрісіп, жиі араласатын болдық. Бір жолы 12 шағын ауданындағы үйіне шақырып, таяуда дүниеден өтен Дүйсенбек Қанатбаев, қазір көзі тірі, мамандығы құрылысшы Қанат Жексембин, көкшетаулық Барлыбай Қадырханов дейтін азаматтармен дәмдес болдық. Мақалалар жазумен шектелмеген Иболла «Казахская кухня» деген үш томдық кітап шығарды. «Қазақты басқа ұлт өкілдері біле түсу үшін әдейі орысша шығардым», – дегені бар-тын. Жұмысы қанша қауырт болса да, редакцияға уақыт тауып келіп тұратын. Иболла қызмет орнына да шақыратын. «Түркістан» қонақүйіндегі сол аттас мейрамханаға директор болғанда, Көк базар ішінен талай қосалқы асхана, шайханалар ашып, қызметке қазақтарды не қазақша білетіндерді қабылдады. Екі ара жақын болғандықтан, шақырса бара қоятынмын. Оған басқа да ақын-жазушылар барып тұратын. Бәрімен сыйласып, ағынан жарыла әңгімелесетін. Ғафу Қайырбековпен Иболланың демалыс бөлмесінде бір-екі рет дәмдес болдық. Онда кесір мінез, оғаш қылық атымен болмайтын. Қашанда ақжарқын, ашық, қажет кезде алмастай кесіп түсер өткірлігі де бір басына жететін Иболла бір жолы инфарктпен ауырды. Құдай жар
боп, аман-есен жазылып шыққан соң, журналдың редакторы екеуміз мекемесіне барып, ақ тілек білдірдік. «Осындай жағдайға жеткізді ғой», – деп қалды сөз арасында. «Кімдер?» – демедік. Себебі, кімдер екенін онсыз да шамалайтынбыз. Қала басшылары арасында Иболланы қолдаушылар да, сүріндіруге құмбылдар да жететін. Кейін қалай болғанын қайдам, сол шақтарда, әйтеуір, қалалық атком төрағасы К. Аухадиев, партком хатшысы А. Қойшыманов, З. Нұрқаділовтерді аузынан тастамай мақтайтын. Тегі, солардың бірі болуы керек, ұзамай Иболланы «Қазақстан» қонақүйіндегі мейрамханаға директор етіп ауыстырды. Бұл тәжірибесі мол, ысылған маманға көрсетілген үлкен сенім, әрі құрмет еді. Оны өзі де жасырмай: – Бастықтар айтқан соң мақұл дедім. Былыққа белшеден батып, ойдан-қырдан жиналған жемқорлар жайлап алған жер екен, алдымен солардан тазарту керек боп тұр, – деді бірде. Тағы бірде телефонмен сөйлескенде: «Біраз алаяқты қудым, бірақ, қалалық басқарма бастығы барлығын орындарына қайта қойғызды, сол қиын боп тұр. Оның жоғарыдағы сүйеніші күшті екен. Қалалық партком, атком басшыларын тыңдамайды. Сірә, кететін шығармын», – деді қобалжыңқырай сөйлеп. Келесі жолыққанда ұнжырғасы қатты түсіп, екі жағы суалып, кәдімгідей жабырқап, жүдеп қалғаны байқалды. «Өзі дімкәс адам, апыр-ай, бұл қалай болғаны» деген өкініш өзек өртеді. – Жұмыстан босануға өз еркіммен арыз беріп келе жатырмын. Бұрынғы жерім жақсы еді, бекер кеткен екенмін, – деді тілі сәл күрмеле сөйлеп. Бұл менің Иболланы соңғы рет көруім еді. Әлдебір іссапардан оралғанымда қайтыс болғаны жайлы естідім. Қайран азамат! Қасақана қысастық, зұлымдық, ашықтан-ашық, көпе-көріну жасалған қиянатты қайдан көтерсін, қалай көтерсін?! Морт сынды. Елге, жерге, ұлтқа оны мұқаттық деп масайраған бір кездегі техникум асханасында тағам салып берушіден «жетілген» жартыкеш жабы, жартыбасты қатыгездер емес, керісінше, сауда саласында жүріп те қазақ мүддесін жоғары қоятын, әдебиет, мәдениет, өнер жанашыры, артына азды-көпті рухани мұра қалдырған Иболла Сариевтай сайыпқыран саңлақтар керек еді. Амал қанша! Ептеп десек те, аз-кем аралас-құралас боп, қадір-қасиет, кісілік бейнесі санада сақталып келе жатқан Иболла Сариев та, аты аталған Ғилан Тасов та, онсыз да аз қазақты жік-жікке, топқа бөлуді мәртебе көретін әзәзілдерден аулақ жүретін, адамгершілікті жоғары қоятын, бөстекілікке бармайтын, іштерінде бүрмесі жоқ, барша қазақты тең көретін, бірі Ресей, бірі түрікмен жағынан келсе де, қасиетті атаме-
кенде бір кісілік орындарын тапқан тектілер еді, шіркіндер. Қазақтың бағына жаралып, маңдайына сыя бермеген осындай да тұлғалар өтті, өтіп те жатыр-ау бұл жалғаннан. Рухтары сөнбесін. Аумин! P.S. Өз басыма менен өзге де талайлармен табақтас боп, әмпейжәмпей араласқан, жаны жайсаң Иболла Сариев қанша жерден тағдыр шығар дегенмен де, бәрібір, қиянаттан күйіп кеткендей көрінеді де тұрады. Десе де, кім білсін, лайым, мен жаңылысайын. Тағзым «ТӨРЕБАЙ СОҚСЫН БАЛҒАНЫ!» «Зытып келем, зытып келем». (Ғ.Мүсірепов. «Қазақ солдаты» романынан) Зуылдап келеміз. Дуылдап-шуылдап келеміз. Жоғары қарай. Медеу жаққа. Таудан сарқырай ағатын өзен жағасына. Кейде жұмыстан кейін сонда барып, шілденің аптап ыстығынан тал, терек, қайыңдар саясында салқындап, жан шақыратынымыз болушы еді, сол ниетпен. Екеуден-екеу. Әңгіме, әзіл-қалжың, ән. «Біздің әкейді білесіз ғой, – дейді (менен мүшел жастай кіші) ақ сары жүзді, аласалау, тас қайрақтай, айбынды серігім нықтай сөйлеп. – Мендей емес, ұзын бойлы, зор денелі, жас кезінде шахтада істеп, бұлшық еті бұлтылдаған күш иесі болыпты. Соғыстан алдын Қажымұқан палуан қасына әйелі мен кішкене баласын алып, ат арбамен елге келгенде, төсіне қойған тасты балғамен ұрып уататын ешкім болмай, жұрт біздің әкейге қолқа салмай ма? Барлығы жабылып «Төребай соқсын балғаны!» деп тұрып алыпты. Сонан соң қайтеді, атақты палуанды сыйлағандықтан онша зауқы соқпаса да, амалсыз мақұл депті. Депті де, Қажымұқанның төсіне қойған көлемі қол диірмендей шұбар тасты шойын балғамен үш-төрт соғып, быт-шыт етіпті. Бұл мен туардан он шақты жыл бұрын болған жағдай, кейін білетіндердің айтуынан естіп, әкейден рас па деп сұрағанымда, рас деді де қойды. Таратып ештеңе айтпады. Өзіңіз білесіз ғой, әкей сөзге жоқ, мінезі тұйық адам, бірде әйтеуір өйтіпбүйтіп қосымша айтқызғаным бар. Қалай, тыңдайсыз ба, әлде... «Ойбай, айта бер!» «Қайдан білейін, құлқыңыз соға ма, жоқ па деп жатқаным да. Жарайды, айтайын. Бұл енді өзінше бір хикая. Түбі кәдеге жарауы да ғажап емес. Аржағында Қажымұқан тұрған жоқ па? Шіркін, ұлылардың ұлысы! Қайран, Қажекең!»
Жөңкіле аққан өзен. Баяу ескен жел. Салқын сая. Ырғалған ақ қайың, кеуде керген бәйтерек, төмен иілген сәмбі тал. Таза ауа. Әнші құстар. Ғибратты әңгіме. Пай-пай! Және қандай! Және қырық жылдай бұрынғы... Ендеше, тәуекел. Бүгін соны қаузап көрейік... Әдетте, өткен ғасырдағы Отан соғысы деп аталатын алапатқа дейін де, кейін де бұл қазақ нелерді бастан өткермеді, не көрмеді? Әрісін айтпағанда, күштеп коллективтендіру, ашаршылық, репрессия... соғыс лаңы... ой, дүние-ай! Толып жатыр ғой. Айналайын халық сетілмеді, кетілмеді, қайта бекінді, жетілді... Бірден емес, бірте-бірте. Сондай шақтардың бірінде – соғыстың алдында, екі-үш жыл бұрын – бүкіл әлемге әйгілі палуан Қажымұқан әлдебір бәләйі себептермен ата-бабаларының ежелгі мекені оңтүстік өңірге оралып, қарапайым көптің бірі ретінде Шәуірдір, Шұбар ауылдарында ғұмыр кеше бастады. Бірақ, бір орында отырмай, аталмыш облысты түгелдеп, одан қалса, көрші Өзбекстан, Тәжікстанды аралап халыққа өнер көрсетті, дәріптеді. Тәжікстан астанасы Сталинабад қаласында өміріне қастандық жасалып, сондағы қалың қазақтың арқасында аман қалды. Соғыс кезінде самолет жасату үшін отан қорғау қорына қаржы аударып, өз басы қашан Қазақ ССР Комиссарлар Советінің председателі Н.Оңдасынов тікелей қамқорлық жасап, зейнетақы тағайындағанша жұпынылау өмір сүрсе де жасымады, мойымады. Ескілеу ат арбасына әйелі мен жас баласын салып алып, ұдайы ауылаймақты аралады. Бірде сол кездерде кен орны ашылған (қазіргі Кентау) Мырғалымсайдың маңындағы Хантағының етегіне орналасқан Біресек ауылына келді. Бұл соғыстан екі-үш жыл бұрын, сол кездерде дендеген жаппай репрессия құтырмасының сәл-пәл беті қайтып, СССР Жоғарғы Советінің бірінші шақырылған сессиясы өткен күндер еді. Сельсоветті Алсаев (деген) басқарып, Қалықұлов дейтін ауыл тұрғыны – озат кенші – Жоғарғы Советке депутат боп, дүрілдеп тұрған шақ. Сол тұстарда ашылған (қазіргі) Ащысай, Мырғалымсай кеніштерінің айнала төңіректегі төрт түлік малдан айрылған, күн көрісі қиындаған қазақтар үшін себі мол болды. Қолына қайла ұстауға жарайтындардың бірқатары көмір шығатын шахтаға орналасты (орыстан бастап, басқа ұлт өкілдері де аз болмайтын). Әрине, техника әлсіз, құрал-сайман жетімсіз, елдімекендер әлжуаз, өзге де кем-кетіктер бастан асатын. Соған қарамай, патриоттық бастама, отаншылдық ынта-жігердің арқасында қазақтан шыққан жұмысшы табы өкілдерінің еңбектері жанып, хал-ахуалдары жақсара түсті.
Тіпті, ауыз су, жол қатынас, дәрігерлік қызмет т.б. салаларда олқылықтар бастан асып жатса да. Ал, сол кездерде... Мырғалымсай кенішінде көмір қазатын шахтерлардың бірі екі иығына екі кісі мінгендей алпамса денелі, бойшаң, қос жауырыны қақпақтай, қыран қабақ, қаршыға көз, қара торы өңді, сұсты, ауыр мінезді, жасы әлі қырыққа жете қоймаған қарулы, айбатынан арыстан сескенетіндей, сонымен бірге, қайырымды, кішіпейіл, әділ, адал, таза, отбасына пана, абыройы бір басына жетіп артылатын Төребай деген естияр жігіт ағасы болатын-ды. Кеніш басшылары Төребай мен тағы бір шымыр денелі, палуан пішінді Хұсанбай деген қолы шебер, епсекті, жастау өзбек жігіт екеуін (керек кезде) мекемедегі өзге де жұмыс түрлеріне жұмсай беретін-ді. Жаз кезі. Шықылдаған шілде. Бірде Төребай мен (өзбек) Хұсанбай көрік басып, темір балқытып жатқан төбесі ашық, аумағы ат шаптырым ұстаханаға араб ертегілеріндегі қалақтай құман ішінен бу боп шығып, қолма-қол қара дәуге айналатын алып диюға ұқсас, үстінде майка, бұтында жұқа шалбары бар, дене бітімі алқам-салқам, қос емшегі салбыраған, құлақ-мұрны жырым-жырым, түр-түсінен адам шошырлық таудай біреу аяқтарын алшаң басып, үн-түнсіз кіріп келе жатты. Жұмыстарын кілт доғарып, таңдана қараған Төребай мен Хұсанбайға тақап келіп: «Амансыңдар ма, жігіттер, – деді гүр еткен зор дауыспен. – Естулерің бар ма, мен Қажымұқан деген палуан боламын. Бұкіл әлемде мен болмаған, мен бармаған ешбір ел де, жер де жоқ. Орыс, француз, түрік, қытай, жапон – бәрінің қабырғасын күйретіп, бас терісін сыпырғанмын. Омбы деген қалада тұрушы ем, жас ұлғайып қартайған соң, ата-бабаларымның сүйегі жатқан осы жаққа көшіп келдім. Қазіргі мекенім Шәуілдір (Темірлан маңайына қоныстанғаны кейінірек. З.А.). Қарап жатып қайтемін деп ат арбамен ел аралап, жұртқа өнер көрсетемін. Кейде жеке, кейде үлкен қалалардағы циркпен бірге. Бұл жолы өзім келдім. Кәне, сендерден мойынға салғанда екі жағына он бес-он бестен отыз адам отыратын арматура табыла ма? Бар болса бере тұрыңдар. Екі-үш күннен кейін әкеп беремін. Тосыннан келген қара дәудің сөздерін Төребай мен Хұсанбай әрі үрейленіп, әрі естері кете қызығып тыңдады. Қажымұқан туралы еміс-еміс естігендері жоқ емес-ті. Бірақ, ауыз ашуға шама жоқ. Абырой болғанда, палуан сұрағандай арматураның неше қилысы бар еді. Біреуін таңдап, екі жігіттің апарып берейік дегеніне сендерге ауыр болады деп көнбей, палуан иығына салып өзі алып кетті. «Қызық
көрем десеңдер, кешке келіңдер», – деп гүж етті қорадан шығып бара жатып. Әлбетте, барады. Бұлар бармай кім барады. Кешке дейін Біресек ауылында неше қилы әңгіме желдей есті. Қажымұқан жерге шалқасынан жатып, үстінен машина өтеді екен деп те даңғазалады. Алайда, ешқандай даңғаза емес, сол күнгі кешкіліктегі үлкен алаңда көрсетілген ойында барлығы солай болды, тіпті, одан да асып түсті: иықтағы отыз адам отырған арматурамен алаңды екі-үш қайтара айналып шығу, білектей-білектей темірлерді екі бүктей салу, отыз бір пұт кірдің тасын бастан шыр айналдыра жоғары көтеру, (жанжағына тақтаймен шегендеп) үстінен (полуторка) машина жүріп өту секілді кереметтерді көзбен көрген жұртта ес жоқ. Ең соңында: – Енді бір ойын қалды. Сонан соң бүгінге аяқтаймыз, – деді Қажымұқан жайбарақат. Сөйтті де, тақыр жерге шалқасынан жатып, көлемі қол диірменнен үлкен сұрғылт түс бұжыр тасты көкірегіне қойды. «Ал, кәне, мына тасты анау шойын балғамен соғып уататын қайсың бар, шығыңдар ортаға, қорықпаңдар, келіңдер!», – деп гүр-гүр етті. Үнсіздік. Тым-тырыс. Біреулер кеу-кеуледі ме екен, ауылдағы ең мықты саналатын Хұсанбай өзбек алға бір-екі аттады да, ізінше жүрегі дауаламағандай кері шегініп кетті. У-шу, ду-ду. «Ай, бұл не? Үстінен машина өткен палуанды аяп тұрсыңдар ма? Шықсаңдаршы! Бар емессіңдер ме?» Ешкім тырс етпейді. Қажымұқанда асып-сасу жоқ. Әлі-ақ балға соғатын жаужүрек табыларын білетіндей, пәруәйі пәлек. Ауыл совет бастығы Алсаев пен Жоғарғы Совет депутаты Қалықұлов қайтақайта орындарынан тұрып, қалың қауымға қарайды. Бастарын шайқайды. Әр тұстан гүжілдеген дауыстар естіледі: – Болсаңдаршы, түге! – Әй, Хұсанбай, саған не болғані? – Хұсанбайды қайтесің, ол әлгінде қашып кетті ғой. Төребай шықсын! – Төребай қайда? Осында ма? – Онда Төребай шықсын! – Төребай соқсын балғаны!.. Жаратылысынан діні берік, томаға-тұйықтау, көзге түсуді қаламайтын Төребай екіойлы боп, бір жағы намыс қысып, онсыз да ұшып тұруға шақ отыр еді, енді шегінетін рет қалмай, тез-тез адымдап барды да, шойын балғаны үш-төрт қайтара ұршықтай үйіріп, періп-періп жібергенде Қажымұқанның көкірегіндегі көлемді қалың тастың күл-
талқаны шығып, жан-жаққа жаңқадай шашырады. Түк болмағандай орнынан атып тұрған Қажымұқан «ей, сен бағанағы жігітсің ғой» деп арқасынан қақты. «Тегін емесіңді сонда-ақ біліп, балға соғуға жарайдыау деп кеткенмін. Ойым дәл келді. Алдыңнан жарылқасын!» Халық айтса, қалт айтпайды. Пах! «Төребай соқсын балғаны!» Соқты, әрине! Қалт кетпеді, мүлт кетпеді. Төребайдың ұзақ жылдар бойы кейінгі ұрпаққа аңыз ретінде жетіп, ара-тұра айтылып келе жатқан осынау «балға соғу» оқиғасын оның бүгінгі атақты ғалым, сыншы, жазушы, ғұлама дәрежесіне көтерілген «бір жапырақ сарғалдақ» ұлы Әшірбек Төребайұлынан – сол тау баурайында – естіген бойда мұны хатқа түсіріп, жазса да көптік етпейді екен-ау дегенім болатын да, сәті келмей жүруші еді. Соның орайы бүгін – қырық жылдан кейін – келгеніне іншалла, тәуба. Төребай атамыздың туғанына 110, Аққыз апамыздың туғанына 100 жыл толып, баласы Әшірбек пен келіні Күләш бастаған үрім-бұтақ, өрен-жарандары аяулы ата-әжелерінің әруақтарын еске алып отырған шақтарда... P.S. Жаздың соңы, күздің басы. Түнгі сағат төрт. Телефон шыр етті. Тұтқаны көтерсем – қайран Рекең, Райымбек Сейтметов. «Әшірбектің анасы Аққыз анамыз қайтыс бопты. Сыртқа шыға беріңіз, қазір барамын» деді. Үй арамыз алыс емес-ті, дереу «Орбитаға» тарттық. Ол кезде Әшірбек сонда тұрады, ЦК-да істейді. Барсақ әлі онша ешкім келіп үлгермепті... Таң атысымен Райымбек «мен шаруамен айналысайын, сіз осында болыңыз, мұнда жақындардан біреу болу керек» деген соң, ол кетіп, мен қалдым. Қалғанда, үш күн-үш түн тапжылмай отырып, Аққыз апамызды ел-жұрт боп ақтық сапарға шығарып салдық. Бұл қайғы Қажымұқандай палуанның төсіндегі шоқпар тасқа шойын балға соққан Төребай атамызға тіпті де оңай соққан жоқ-тын. Атамыз апамыз қайтқан соң, бірінші құдай, онан соң ұлы мен келінінің күтімімен он екі-он үш жылдай ғұмыр кешіп, кейін ол да аттанды бақиға. Аққызымен табысуға, қауышуға! Бірге тумасақ та, туғаннан былай болмай, үрім-бұтағымен сіз-біздесіп жүргенге қанағат демей не дейік. Алматыға Әшірбек деп келген әзіз ата-ана рухына тағзым демей не дейік. Нұрларың пейіште шалқи берсін, қайран Төребай ата, аяулы Аққыз апа! Сендерді бүгінгі еске алу жоралғысы жұғысты боп, ұрпақтарыңа Алланың нұры жауа берсін!.. Әумин!.. Зәкір АСАБАЕВ
БІР−БІРІНЕ СҮЙЕУ БОЛҒАН, ТІРЕУ БОЛҒАН ТҰЛҒАЛАР Соғыс жылдарындағы жүдеу ауылдарға анда-санда әлдебір жақтардан келіп, пьеса қоятын артистер артынан міндетті түрде концерт көрсететін. Әлдебір жақтан деу себебіміз, қайдан келетіндерін жөнді білмейміз. Кейін білуімізше, негізінен Шымкент, Алматы онан соң Қызылорда, Жамбыл, Қостанай жақтардан екен. Сол өнерпаздардың бәрі де асқан талантты боп көрінетін. Әйтеуір, біз үшін пьеса, концерт көру зор мәртебе. Бәрінен ғажабы – кино. Күнілгері хабарланып, кеш түсуін тағатсыздана күтеміз. Көбі орысша, тіліне түсінбегенмен, қимыл-қозғалыс, жүріс-тұрыс, атыс-шабысқа қатты елігеміз, ұққандай боламыз. Кейде қазақша (аударма) кино көрсетеді. Ол енді тіпті рахат. Қазақ өмірінен де кино болатынын «Амангелдіні» көргенде білдік. Оның ауылдағы қара сирақтардың ұлттық санасын оятып, патриоттық сезімдерін шыңдаудағы рөлі әлі есте. Ұлы Жамбыл «Ардагер Амангелді, ердің ері» деп дәріптеген батыр бейнесін кинодан көргендегі әсерді сөзбен жеткізу қазір де мүмкін емес. Іргедегі Ташкентке барып оқуға түскенде киноға құштарлық одан сайын молайды. Кинотеатрларда күні бойы – кешке де – кино. Қалт еткенде сонда тартамыз. Алматыдан шығатын бірлі-жарым қазақ кинолары да көрсетіледі. Оларға ықылас ерекше. Кинотеатрлар алдына ілінетін суреттер мен қазақ киносы атауының өзіне мақтаныштан жарыла жаздаймыз. Ташкент кинотеатрларында көрсетілетін «Махаббат дастаны», «Жамбыл», «Біз осында тұрамыз» атты киноларға тамаққа деген болмашы ақшаны жұмсап, бір емес, бірнеше рет баратынбыз. Ұзамай «Шабандоз қыз» көрсетілгенде одан сайын арқаландық. Кинода ойнайтын актер, актрисалардың аты-жөндерін түгел жатқа білеміз (әлі күнге дейін ұмытылмайды). Шәкен Айманов (Жамбыл), Арғынбеков (Қозы), Шолпан Жандарбекова (Баян), Әбдікәрімова (Ғалия) дегендей. «Жамбыл» киносының (фильм демей, кино деп отырмыз) әсері ерекше болды. Ол жайлы Ташкенттегі орысша, өзбекше газеттер жарыса жазды. Алматыдан (біз оқитын институтқа) келетін қазақ газеттері өзінше. Әне, сол кинода ұлы жырауды оның туған аулына жеңіл машинамен барып, Алматыға алып келетін көрініс бар. Алып келетін – жас жігіт. Кітаптағы деректер бойынша оны Әбділда Тәжібаев деп түсінетінбіз. Сондықтан әлгі көріністегі Жамбылдың жанында жүретін бұйра шашты, әсем жігітті жас кезіндегі Әбділда деп қабылдадық. Арадан жылдар өткенде сол «жас Әбділданың» рөліне
түскен актер кім екен деп те ойлайтын болдық. Ойлауын ойлағанмен, анықтауға қол жетпей, уақыт өте берді. «Жамбыл» киносы қазір де жиі көрсетіледі. Бір жолы титрдегі жазудан әлгі «түйткіл» шешіле кетсін. Жамбылдың жанындағы бұйра шашты, сымбатты жігіт Әбділда ма, басқа ма, бірақ, ол рөлге түскен кәдімгі өзіміз ертеден білетін Кененбай Қожабеков екен. Ташкентте «Шабандоз қыз» киносын алғаш көргенде «міне, қазақта қандай актер бар» деп, оны сол кездегі Владлен Давыдов, Владимир Дружников, Ив Монтан, Жан Маре, Жерар Филипптей алыптарға теңейтінбіз. Ал, Кененбай Қожабеков одан кейінгі жылдарда да ерекше дарын иесі екенін еселеп дәлелдеді. Әттең, көше бұзақылары жарақаттап, жарымжан етпегенде, алысқа шабатыны бек ықтимал еді. Бұзақы болғанда, Кененбайға суық қару сілтеген сол шақтағы бір министрдің баласы еді. Ол кезде мұндай нәрсе үшін министр сол замат қызметтен ұшып кететін. Алайда, Қонаев кеңшілік етіп, кешірім жасады (Кененбайдың келісімімен, әрине). Сол министр зейнетке шыққанша одан да жоғары лауазымдарға ие болды. Бұзақы баласы да белгілі азамат боп жетілді (Кененбаймен аралары қалай болғанын білмейміз). Екеуін де көріп-біліп жүрдік. Желтоқсан көтерілісінен кейін сол министрдің Қонаевтың үстінен қайта-қайта шағым түсіріп, Еңбек Ері атағынан айыру, ескерткішін алып тастау жөнінде белсене қимылдағаны да белгілі. Бүгінде Қонаевтан бастап Кененбай, министр, баласы – бәрі бақилық. Бірақ, сол оқиғаларды білетін қауымның (олар аз емес) көңілдерінде кірбің қалды, сызат қалды. Әсіресе, қазақ өнерінің бір де бірегей жарық жұлдызы болуға қапияда қолы жетпей қалған Кененбайдың одан кейінгі аянышты ғұмырын айтсайшы. «Әттең» демеске амал жоқ. Бәрібір, көзі тірісінде түрліше атақ-марапаттан кемдік көрмеген халық артисі Кененбай Қожабековтің аты қазір атала ма, ұмыт қалмады ма, ұмыт қалмаса, ол үшін қандай шаралар жүзеге асты, жалпы, бүгінгі ел-жұрт, кейінгі ұрпақ оны біле ме? Бұл өз алдына әңгіме. Біз ол жағын індеткелі отырған жоқпыз. Тіпті, әлгінде айтқандай, көзі тірісінде қайбір атақ-марапаттан кемдік көре қойған жоқ десек те, осынау тұлғаның өмірі оңай болмағаны өкінішті-ақ. Киноға арба не ат үстінде (таңылып) түсіп, талай ұмытылмас бейнелер сомдаған ұлы актер көре тұра көрмегенсу, білмегенсу, көлгірсу, елемеу, өзім деген пенделердің жылтырлықтарын да бір кісідей сезінді, бастан кешті, пұшайман болды. Бірақ, сағы сынған жоқ, өр кеуде иілмеді, еңсесін биік ұстады, мүшкіл халін білдірмеуге, сездірмеуге тырысудай
тырысып бақты. Оған айғақ ретінде көкейден өшпей, санада сақталып келе жатқан, көз көріп, куә болған мына бір оқиға да айғақ іспетті. Өткен ғасыр. «Мәдениет және тұрмыс» журналында істеймін (Бас редактордың орынбасары – жауапты хатшымын). 1970 жылдардың соңы әлде 1980 жылдардың басы ма екен, бірде кабинетке ойламаған жерден композитор Нұрғиса Тілендиев пен кинорежиссер Сұлтан Қожықов кіріп келсін. Онсыз да атақтары жер жаратын тұлғалардың даңқы содан біраз бұрын экранға шыққан «Қыз Жібек» киносы арқылы бұрынғыдан да аспандап тұрған шақтары. Бірі музыка жазған, бірі қоюшы-режиссер дегендей. Айтқандай, қастарында редакциядағы әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, белгілі жазушы Өтебай Қанахин бар болатын. Екеуі алдымен соған жолығыпты. Өтекең маған ертіп келіпті. Қысқа амандықтан кейін Өтекең: – Мына екі азаматты білесің ғой, – деп сөз бастады. – Білеміз, Өтеке. – Білсең, шырағым, анау Кененбай Қожабеков бар емес пе, соның жағдайы қиындау екен, – деп сәл ызалана, сөзін жалғастырды Өтекең. –Тұрып жатқан үйі ескі, тар құсайды. Нұрекең мен Сұлтекең соны өз көздеріңмен көріп, журналға жазсаңдар дейді. Редактор қашпайды ғой, әуелі саған айтайық деп келдік. Не дейсің? Әлде редакторға кіріп, бір-ақ ақылдасамыз ба? – Сол дұрыс болар. – Онда сен де жүр, бірге кірейік. Обалы не, кім-кімді де жылы шыраймен қабылдап, сөзін бөлмей, ыждаһатпен тыңдайтын бас редактор Бақытжан Жиенғалиев Нұрғиса мен Сұлтанға құрмет көрсетіп, жалпылдап қарсы алды. Нұрғиса мен Сұлтан Өтекең айтқан әлгі жайларды асығыпаптықпай, қысқа ғана байыппен баяндады. Сезімге беріліп, алқынжұлқынға барған жоқ. Олар сөздерін бітірген соң, бас редактор: – Не істейміз? – деп Өтекеңе қарады. Орталық партия комитетінде ұзақ жыл үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, мұнда зейнетке шығып, екінші рет қайтып келгенге дейін Мәдениет министрлігінде бас редактор болған Өтекең мұндайда таптырмайтын кеңесші, елгезек, әділ, жөн-жобаға жетік, алғыр. – Не істейтіні бар, – деп бір-ақ түйді. – Кененбайдың үйіне барып, жаңағы айтылғандардың бәрін көрейік, білейік, өзі не дер екен, ауызба-ауыз сөйлесейік. Сонан соң жазу керек, әрине. Жазғанда былай жоғарыдағылардың көзіне түсетіндей, көңіл бөлетіндей етіп. Әйтпесе,
не пайда?! Меніңше, мақала соңында Нұрекең мен Сұлтекеңнің атыжөндері тұрса да теріс болмайды. – Жоқ! – деп ыршып түсті Нұрғиса. – Өздерің жаза беріңдер. Біз қосылсақ, арыз боп кетеді. Сұлтан да дұрыс дегендей басын изеді. – Мейлі, онда кімді жібереміз, кім жазады, соны келісейік, – деді бас редактор. –Өтеке, өзіңіз баруға қалайсыз? – Сол дұрыс, Өтекең барсын, – деп Нұрғиса сөзге араласты. Сұлтан үндеген жоқ. Өтекең: – Жарайды, – деп елп етті. – Жақын жерде тұрады екен ғой, бүгінақ баруға болады. Екеу боп барсақ тіпті жақсы. – Қасыңызға кімді алғыңыз келеді? – деді редактор. Өтекең менің атымды атады. – Жарайды, онда бүгін асығыс болар, ертең барыңыздар. Осы нөмірге саламыз, сол естеріңізде болсын, – деді Бақытжан жарқылдай сөйлеп. Нұрғиса мен Сұлтан алғыс айтып, орындарынан көтерілді, қоштасты. Өтекең оларды шығарып саламын деп бірге кетті. Сол кеткеннен жұмысқа ертеңіне бір-ақ келді. «Ескі достар ғой, екеуін кафеге апардым, Сұлтан ауырады, ішпейді. Нұрғиса екеуміз ептеп шарап жұтып, көңіл көтердік», – деді Өтекең жанымызда ешкім болмаса да, аузын қолымен көлегейлеп, бәсең үнмен. – Кененбайдың мекен-жайын алдым, қашан барамыз? – Сіз білесіз. – Түске таман барайық, Нұрғиса ескертіп қоямын деген, үйінде болады, – деді Өтекең. – Суретшінің қажеті бола ма, жоқ па? – Әуелі жай-жапсарды көрейік, қажет болса, кейін жібереміз, – дедім. Сол ұйғарымды бас редакторға хабарлап, Өтекең екеуміз түске қарай Гоголь көшесіндегі троллейбусқа мініп, Сейфуллин даңғылынан түстік. Таяқ тастам жерде «Қазақстан» кинотеатры, Кененбайдың үйі сол маңайдан алыс емес. Бірден таптық. Айналасы қоршалған, бірнеше отбасы тұратын, қабырғаларының ойдым-ойдым боп сылағы түскен екіқабатты қораштау үй екен. Күн салқын, шамасы, қара күз еді-ау деймін. Ашық тұрған есіктен кірген бойда коридорда қоларбада отырған Кененбайды көріп, сәлем бердік. Сірә, келетінімізді алдын-ала білгендіктен, тағатсыздана күтіп отырса керек, қасында екі орындық тұр. Денсаулығы кемшін әрі
күтімі келіспеген адамда не күй болсын, өңі жүдеу, жүзі жабырқау, баяғы кинодан көретін келісті бұйра шаш сұйылып, тарам-тарам боп шашылып жатыр. Әйтеуір, бейшара боп көрінбейін деген шығар, үстіне галстук байлаған ақ көйлек, қара костюм-шалбар киіп алыпты. – Отырыңыздар, – деді қоңыр үнмен арсалаңдай күліп (баяғы дауыс, таныс ырғақ). – Келіп қалдық, онсыз да келгелі жүр едік. Кеше Нұрғиса мен Сұлтан жолығып, жағдайды айтқан соң, созбайық дедік, – еді Өтекең. – Ал, хал қалай, киноға түсіп жүрсің бе? – Хал осы, – деді Кененбай жан-жағына шола қарап. – Сендерге дастархан жасайтын шама жоқ. Өзің білесің, қатын сол баяғы оқиғадан кейін кетіп қалған. Ұл мен қыз менімен бірге тұрады, өсіп қалды. Қазір үйде жоқ. Мына пәтер сәл... былай... тарлау боп... Кененбай осы жерде қарқылдап күліп алды. Байқауымша, Өтекең екеуі бұрыннан таныс, сырмінез адамдарға ұқсайды (кейін сұрағанымда Өтекеңнің «солай, Орталық Комитетте идеология саласын басқарып жүргенде қызмет орайымен де, былай да талай жолыққанбыз ғой» дегені бар-тын). – Сонда бұл пәтер неше бөлме? – деді Өтекең. – Екеу. Мұны баяғыда алған кезде есіміз шыға қуанып, хан сарайындай көргенбіз, енді... – Е, басшылар біле ме? Біреу-міреуге айтып па едің? – Әлі күнге дейін бір адамға айтқан жоқпын. Айтпас та едім, бірақ, анау Нұрғиса мен Сұлтан екеуі екі жақтап болмай жүр. Алдымен журналға жазайық, арғы жағын көреміз деп. Былай айтқанмен, созылып кетеді дейді. Қонаевқа бар деп еді, бармаймын дедім. Жұмысы бастан асатын адамға салмақ салып қайтемін. Берсе берер, бермесе өкпе жоқ. Далада емеспін, өз үйім, өлең төсегім – баспанам бар. Балалар өздері білер, – деп бізді сергіте сөйлегендей болған еді жарықтық. Айтып-айтпай не керек, жөндеу көрмеген пәтерінің тозығы жетіп, ескіргені байқалып тұр. Еден, қабырға, су ағатын кран, тіпті, газ плита − бәрі. Әрі ұлы мен қызы үшеуіне тар екені де көрініп тұр. Нұрғиса мен Сұлтанның жар құлақтары жастыққа тимей жүрулері тегін болмай шықты. Бізде тұрған не бар? Көп болса, журналға жазамыз. Жаздық та (Өтекең жазды). Бірақ, одан не шығып, не қойғанын өз басым біле алмадым. Білетінім – кезінде өздері де талай қиянат, қағажу көрген Нұрғиса мен Сұлтанның жанашырлық, қамқорлық танытып,
Кененбайдың жай-күйіне бей-жай қарамаған адамгершілік, кісілік іс-әрекеттері. Тағы да білгенім – Кененбайдай дарабоз өнер иесінің ештеңеге налымай, ешкімді кінәламай, барға береке дейтін ірілік, қанағатшылдық, өмірге құштарлығы, болашаққа сенімі. Өзі жайлы қаузай бермей, кино, театрда істейтін өзге әріптестерінің жағдайын айтып налығанын қайтерсің. Ұмытпасам, «Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаевтар әлі өз биіктеріне жете алған жоқ, екеуінің де өнеріне даңғыл жол ашылмай жүр, олар анау орыстың әйгілі актерлерінен артық болмаса, кем емес», − деді ғой деймін. – Ештеңеден кенде емеспін, қаржыдан тапшылық жоқ, киностудия жеңіл машина берген және оны қолмен жүргізетін етіп (екі аяғы сал ғой) қайта құрастыруға көмектескен, – деп бір қойды. – Негізгі қамқоршы Шәкен Айманов еді, ол кеткелі!... – деп әлдене айтуға оқталды да, үнсіз отырып қалғаны көз алдымда. Бүгінде ол алыптардың барлығы бақилық. Әрқайсысының артында із қалды. Өшпестей із. Бір «Қыз Жібек» киносында Нұрғиса, Сұлтан, Кененбайдың қолтаңбалары сайрап жатыр. «Шабандоз қыз» фильмінде (режиссер) Шәкен, басты рөлдегі Кененбай. Басқаларын да ел-жұрт жақсы біледі. Ел-жұрттың білмейтіні – Кененбай Қожабековтің есімін мәңгі есте қалдыру үшін не істелді, ұмытылған жоқ па? Шәкірттері кімдер? Кененбай бүкіл ғұмырын арнаған қино саласының серкелері, киностудия не айтады? Мәдениет министрлігі ше? Бұлар жайында, бәлкім, кең таратып айтатын ағайындар бар шығар. Ендеше, сіздер де үн қатыңыздар. «НАРТАЙ КЕНЕСАРИНГЕ РУХАН ІНІ БОЛЫП ЕМ» (Өнертанушы-профессор Бағыбек Құндақбаевпен соңғы тілдесу) Тіпті ойламаған, өң түгіл, түске кірмеген жай. Күтпеген жерден соғылған телефоннан атымды атай сала апыл-ғұпыл сөйлеп жатыр (мені таныды деп ойлап тұрғаны анық). «Бүгін «Алматы ақшамынан» оқыдым», − деп, Кенесары Қасымұлының немересі туралы жазылған мақаланы атады: «Оқыған бойда көп нәрсе еске түсіп, қатты толқыдым. Натай Әзімханұлы Кенесариннің атын ешкім атай бермеуші еді. Онымен өткен ғасырдың 50 жылдарында басында Ташкенттегі театркөркемсурет институтында оқып жүргенде танысып, ағалы-інілі
болған жайымыз бар еді. Солар есіме түсіп, әсерден арыла алмай тұрмын. Екеуміз жолығуымыз керек. Натай Әзімханұлы не көрмеді. Бірге түскен суреттеріміз бар. Барлығын беремін. Кеңейтіп, қайта жазғаның дұрыс болар еді...» Осы жерде сөзін бөліп: «Сіз Орталық партия комитетінде істеген жоқ па едіңіз?» – дедім бір түйткілді анықтамай болмасына көзім жеткендей боп. «істеген жоқпын, – деді жұлып алғандай. – Танымай қалдың-ау деймін. Бұл Бағыбек ағаң ғой». – Сәл солай боп қалды, сізді басқа біреумен... даусыңыз ұқсас екен... – деп кешірім өтіндім. Солайы солай-тын. Алғашында телефонда бастырмалата сөйлей жөнелген адамды Орталық Комитеттің ауыл шаруашылық бөлімінде ұзақ жылістеп, кейін басқа да биік лауазымдар атқарған – өзім жақсы білетін – бір қадірлі ағамыз деп түсінгенім рас. Сөз ауаны өзгеріп, тереңге бойлап бара жатқан соң, амалсыз Бәкеңнің сөзін бөлуге тура келді. Мен білетін қадірлі жан сірә да Ташкентте оқымаған адам болатын, оның үстіне, театр-көркемсурет институтына қатысы жоқ. Бірақ, өнер, әдебиет, мәдениетке жақын. Маңғыстау облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болғанда сол салаларға басшылық жасаған. Кейін зейнетке шыққанша Президент әкімшілігі аппаратында істегенде де солай. Әдебиет, өнер өкілдері арасында сыйласып, араласатын адамдары аз емес. Бағыбек екеуінің дауыс ырғағы, сөйлеу мәнері егіздің сыңарындай болса, мен қайтейін. Бағыбекке соны аңғарттым. – Ондай болады, – деді Бәкең көңілдене қарқ-қарқ күліп. – Ал, онда қашан кездесеміз, соны айт. Үй телефонымды жазып аласың ба? Академияда істеймін ғой, қызмет бар, бірақ, онда көп бара бермеймін. Жұмысты үйде де тындыра беремін. – Бәке, түсініп тұрмын, сізбен кездесуі керек екен. Қазір бірекі сұраққа жауап беріңізші, – деймін қызығушылық жеңген мен шыдамсыздана. – Мақаланы оқысаңыз, Натай Кенесаринді менің бір-ақ рет көріп, содан алған азын-аулақ әсер аумағында жазғанымды да білген болдыңыз. Байқауымша, Сіз осы кісімен ұзақ уақыт қоянқолтық араласып, сырлас-мұңдас болған сияқтысыз ғой, солай ма? – Солай, – деді ол да менің сөзімді бөлгеніне ғафу өтініп. – Манадан бері не айтып тұрмын. Ол үлкен әңгіме. Телефонға сыя қоймас. – Сонда да, Бәке, Натай Әзімханұлымен тұңғыш рет қашан, қалай кездестіңіз? Ағалы-інілідей болдық дейсіз. Тым болмаса, солардың шет жағасын айтыңызшы.
– Жарайды, асығыс ештеңе жоқ, – деді жайдары мінезді, жайсаң жан. – Шаршамасаң, айтып көрейін. Айта берейін бе? – Алла разы болсын, құлағым сізде. – Онда былай. Сол 1950 жылдары – жоғарыда айтқандай – Ташкенттегі театр-көркемсурет институтында оқып жүрдік. Аталмыш оқу орнында ұлты қазақ ұл-қыздар аз емес-тін. Олардың ішінен кейін қазақ өнерінің даңқын асырған көптеген қайраткерлер шықты. Өзіміздің Нұрмұхан Жантөрин. Шымкент театрында істеген Ақсақал Қалмырзаев т.б. Нұрмұханмен жатақханада бір бөлмеде тұрдық.. Әне, сонда Ташкенттегі алуан түрлі жоғары оқу орындарында қазақ жастары көп еді. Оқу орындары басшыларының да біразы қазақ болатын. Өзің де Ташкентте оқыпсың ғой. Натай туралы мақалаңда олардың біразының атын атағаның содан шығар. Менің қосарым, Мелиорация институтында Қашқаров, Ауыл шаруашылығы институтында Насыров, Алманиязов, Өзенбаев, Майлыбаев, Үркімбаев, Әлібаев сынды профессорлар істеді. Барлығының атағы да, айбыны да зор болатын. Біразы кейін Алматыға келді. Бекіш Насыров пен Әбдікәрім Үркімбаев (әрқайсысы 14 жылдан) Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарды. Кейін ол қызметті Егемқұл Тасанбаев атқарды (ол облпарткомның бірінші хатшысы, облатком төрағасы боп та істеген). Мангелдин Байланыс министрлігінің тұтқасын ұстады. Қайсыбірін айтайын. Біраз қазақ ғалымдары жоғары оқу орындарының директоры (не орынбасары) болды. Солардың бірі де бірегейлерінің санатында Орта Азия политехникалық институтының (онда ректор демейді) директоры Ниязовты ерекше атаған жөн. Нағыз ұлтжанды, батыл, кішіпейіл, қарапайым, мейірімді қазақ еді. Өнерге жақын болғандықтан, театр институтында оқитын бір топ студентті үлкен басымен іздеп келіп, үйіне апарып қонақ етті, танысты. «Енді сен бұдан былай қысылыпқымтырылмай, үйге емін-еркін келіп жүр. Менің тумасаң да туғандай інім боласың», − деген соң, неге бас тартайын. Аптасына кемі бір не екі рет көрінбесем, кәдімгідей ренжиді. Мен де оған бауыр басып, аға тапқаныма төбем көкке жете қуанып жүрдім. – Ертең сабақтан шыққан бойда үйге жет, қонақ келеді, бірге күтеміз, − деді бір жолы кешкілік телефон соққанымда. «Кім» деп сұрған жоқпын. Директордың үйіне осал қонақ келмесі белгілі. Ертеңіне айтқан уақытында бардым. Сол үйдің бір адамындай болған соң, бірден үй шаруасына араласып, жүгіріп жүремін ғой баяғы.
Бұл жолғы қонақ Алматыдан Ташкентке таяуда қоныс аударған – жігіт ағасы жасындағы – еңсегей бойлы, қара торының сымбаттысы, қыран қабақ, қыр мұрын, өткір көзді, ат жақты, мінезі салмақты, байсалды адам екен. Жанында сұлу келіншегі, дастарқан басында олардан бөлек ешкім жоқ. Неге екенін, маған қонақ жігіттің көңілкүйі төмен, жүзі сынықтау көрінді. Олар да көп сөзге бармай, өздерін сыпайы ұстап, онша көп жарылмайды. Ниязов ағам: «Ән сал», −деді. Ептеп «әу» деген болдым. Анекдот айт деді. Оны да бірдеңе еттім. Бірақ, бәрібір, арқа-жарқа, ашық-жарқын, көңілді отырыс бола қоймады. Ниязов ағам әлгінде қонақтың кім екенін айтып, оны маған, мені оған таныстырған. Натай Әзімханұлы Кенесарин екен аты-жөні. Мамандығы геолог, ғылым кандидаты көрінеді. «Докторлығы дайын, амандық болса, ұзамай қорғайды», – деп те қойды үй иесі. «Бұл жер Алматы емес, қорқатын ештеңе жоқ», – дегенінің де себебін кейін түсіндім. Содан, қысқасы, Сен әңгімелеген Натай Әзімханұлымен мен алғаш рет Ташкент политехникалық институтының ректоры Ниязовтың үйінде осылай танысып едім. Ниязов ағам мені босқа шақырмапты, ол жолы Натай Әзімханұлының «басбұзар хан» Кенесарының туған немересі, Абылай хан әулетінен болғаны үшін Алматыда қуғындалып, осында бас сауғалап келгенін ашық айтпаса да, барлығын түсіндім, ұқтым. «Бұдан былай осы ағаңа да туған іні боп, ыстық-суығына ортақтасып, қасында жүр», − дегенін құп алдым. «Натайдың тұратын жері – қаланың шетіндегі бір өзбектің екі бөлмелі нашар үйі, азынаулақ жөндеу керек, соған жәрдемдес», – деп те тапсырды Ниязов ағам. Ас-су ішіліп, бата жасалған соң, Натай Әзімханұлының үйіне олармен бірге бардым. Баспана Ниязов ағам айтқаннан да жұпыны, нашар екен. Жер еден, есік-терезесі алқа-салқа, төбесінен тамшы ағып, азынап тұр. Натай Әзімханұлының ыңғайымен күн сайын келіп жүрдім. Алғаш келген беттері ғой, тұрмыс жүдеу. Екі кішкентайы Қызылорда жақтағы жеңгейдің төркін жұртында құсайды. Әр күні кеште жер ошақтағы қазанға картоп қуырамыз. Бірде май тапшы боп, жеңгейдің менің бетіме қарап: «Картоптың үстіне сүт тамызсақ қайтеді?!» − дегені есімде. Сен Натай Әзімханұлы геология институтында директор боп тұрғанда Шыланзардан алған төрт бөлмелі үйінде болсаң, мен әлгінде айтқандай, бірінен соң біріне көшкен, бірінен-бірі жұпыны төрт жалдамалы пәтерінің бәрінде болғанмын. Шыланзардағы әйбәт үйін де білемін, әрине.
– Сіз алғаш көргенде Натай Әзімханұлы қандай жұмыс істейді екен? – Ташкентке жаңа келген кезі ғой, қайбір жұмыс дейсің. Ұмытпасам, лаборант сияқты еді. – Кейін қалай тез өсті? – Енді өзің шамаламайсың ба, қалай тез өспейді, білімпаз ғалым, текті тұқымнан. Оның үстіне, қолдаушы қамқоры Ниязов болса. Ол өте беделді, айтқаны екі болмайтын, бетті адам еді. Обалы не, Өзбекстан басшысы Шараф Рашидов талай қазақтың талантын бағалап, оң көзбен қарады. Оның тұсында министрлердің екі не үшеуі міндетті түрде қазақ болатын. Обкомда бірінші хатшы, облаткомда төраға болған Елібаев, Жанпайызовтай қазақтар қаншама. Жоғары оқу орындарында директор болған қазақтар жайлы әлгінде айттым. – Натай Әзімханұлымен кейін де араласып тұрған шығарыздар? – Онсыз бола ма? Туған жеріне сыйдырмай, қуғын-сүргіннің қырсығынан өмірден ерте кетті ғой. Бірақ, қысқа болса да, ұлы аталары Абылай, Кенесарылардың атына лайық ғұмыр кешті. Әй, сен дұрыс мәселе қозғапсың. Натай Кенесарин атаусыз қалып барады. Мұны тез қолға алып, бір амал жасау керек. Осында Абылай ұрпақтары аз емес, олар неге үндемейтіндерін білмеймін. Натай Кенесарин − қалай ардақтаса да болатын көрнекті тұлға. Жарайды, осымен доғара тұрайық. Қалғанын кейін. Сен бастаған екенсің, енді жарты жолда тастама. Мен де қарап қалмаспын. Ең дұрысы, алдымен менімен сұхбат жаса. Ар жағын көреміз. Айтпақшы, оның туған ұлы осында тұрады. Момындау жігіт. Көп көріспейміз. Сенімен жолықтырамын, жарай ма? – Жарайды, Бәке. Натай Әзімханұлымен бірге түскен суреттеріңіз де бар шығар? – Бар, жетеді. Ал, сау бол. – Бәке, Бәке! Кешіріңіз, тағы бір сұрақ. Ташкентте Нұрмұхан Жантөринмен бірге оқыдым дедіңіз ғой. Сол кісі жайлы бірер ауыз айтыңызшы. Студент кезінде қалай оқыды? – Сырықтай ұзын бойлы, даусы өткір, әуезді, мінезі қатқылдау, бірақ, қайырымы мол, адамгершілігі жоғары Нұрмұхан басқалардай емес, біздер қызық қуып, сәкәкулеп жүргенде, күні-түні кітап оқитын. Оқымаған кітабы болмайтын. Кейін соның бәрі шығармашылығынан көрінді. Біліп қой, кітап оқитын актер мен оқымайтын актердің айырмашылығы жер мен көктей болады. Бұл жағынан Нұрмұханға жететін актер жоқ деп кесіп айта аламын. Егер қателеспесем, ертеректе
Алматыда тұрған белгілі аудармашы Жүсіп Жантөринмен туыс сияқты еді. – Рахмет, Бәке! – Көріскенше. * «Алматы ақшамында» Натай Әзімханұлы туралы шағын естелік жарыққа шыққан соң телефон соққан Бағыбек аға онда бүгін-ертең бақилық болар дегендей емес, тың, қайратты, жігерлі сияқты еді. Ғұлама ғалым, белгілі өнертанушы, театр зерттеушісі, сыншы Бәкең қазақ газет-журналдарының барлығында талай-талай татымды, тұшымды дүниелер жазды. Енді, міне, ойламаған жерден өте шықты. Неткен өкініш. Білімі терең, санасы сара, жаны таза тұлғалардың табиғи болмысы да, жүріс-тұрысы да, айналамен қарым-қатынасы да қарапайым, елеусіздеу болмай ма? Бағыбек те сондай ғұламалардан болатын (біршама таныс, сыйлас болғанмен, бұған дейін Бәкеңнің Ташкентте оқығанын білмейді екенмін). Марқұмның жаны пейіште, иманы саламат болсын. Енді амал жоқ, жоғарыда телефон арқылы болған азын-аулақ әңгімеге де шүкірлік дейміз де. Студенттік жылдарда танысып-табысып, қиын кезеңдерде Кенесариндей тұлғаға табанды тірек, сенімді серік, жанына жалау болған Бәкеңнің Натай Әзімханұлы хақында – өзі уәде еткендей – айтары мол-ақ сияқты еді. Сұм ажал дегеніне жеткізбей, қиядан шалды. Аманаты ішінде кетті... P.S. Таяуда Бағыбектің үйіне телефон шалып, НКенесаринмен бірге түскен суреттері бар ма, таба аласыздар ма деп сұрадық. Бағыбектің қызымын деп жауап берген азаматша іздеуге уәде етті..
АХМЕТ ЖҰБАНОВТЫ ҰМЫТТЫҚ ПА? Мен үшін бұл ғаламда қазақтан данышпан, қазақтан ұлы халық жоқ (мүмкін, қателесермін демеймін, оған қақым жоқ). Әр сөзі – ғибрат, фәлсапа, ақылдың кені, парасат қайнары. Мейлі, қателігі, білместігі, кемшілігі, дарақы-аңғалдығы бола берсін. Абай айтқан емес пе: «Жылай-жылай өлгенде, арттағыға сөз қалсын», – деп. Арттағыға сөзі қалды ма? Қалды. Не шықты? Бір қарағанда, ештеңе. Бір қарағанда, ғаламат. Абайы бар қазақтың мәртебесі биік, мерейі үстем!
Қазақта арғы-бергіде Абайдай асылдар аз болған жоқ, көре білсең, олар бүгін де көз алдыңда, айналаңда. Ал, өмірбақи туған халқы үшін ғана ғұмыр кешіп, бүкіл еңбегін, дарынын сол мақсатқа жұмсаған, бақилық болған дара тұлғалар үнемі жетпей тұрады, іздейсің, жоқтайсың, іздеусіз, атаусыз қалып қоймады ма деп қамығасың, пұшайман күй кешесің. Енді ондайды сіз де, біз де білеміз ғой. Сол үшін бар кінәні бөгде біреулерге артуға, салмақ салуға құмбылмыз. Тек өзімізге емес. Данышпан қазақ мұндайды «өлдің – өштің» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Кім болса да, мейлі, артыңда қыруар еңбек, сайраған із, атақ-марапат, шарапат-шафхаттың бәрі қала берсін, өлдің – өштің. Әйтсе де, тірілермен тірі болуды да жоққа шығармаймыз. Аяулыларды жоқтайтындар осы тұрғыдан жоқтайды. Сирек еске алынатын, онша ұмыт қалмаса да, былайғыларға көбіне солай көрінетін қайраткерлер де аз емес. Қазақ музыка өнерінің шырқау биікке көтеріліп, бүгінгідей дәрежеге жетуіне кезінде бар күш-жігерін жұмсаған әйгілі ғұлама, академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов та сол санатта ма екен деп ойлаймыз. Хас білімпаздың бірі емес, бірегейі, тағдыры елден-ерек, кісілікпен қоса, кішіпейілдік, қарапайымдылық, әділдік, адалдықты үйіп-төгіп бере салған Ахмет Жұбанов жайлы бұлайша толғану тектен-тек емес. Біріншіден, бұл жерде оның есімін атап, жаңғыртудың өзі не тұрады десек, екінші, тірілермен тірі болуының бүгінгі халі онсыз да қораш көңілге қаяу түсірер жайлар табылмайды емес, табылады. Ахмет Жұбанов туралы осы тақылеттес мәселелер қазақ басылымдарында бұған дейін де талай қозғалған. Тек олардан шыққан пәлендей нәтиже көре алмағанымыз болмаса. Сондықтан, мен де қаузап, зиялы қауымға тағы да ой тастауды жөн көрдім. Жоғарыда сөзімізді қазақтың данышпан халық екенінен бастадық. Сол сөзіміз – сөз. Пендешілік, пасықтықтары да жетеді, шүкір. Біреу үшін біреуді жазғыру орынсыз. Жеке пенделердің іс-әрекеті туралы айту бөлек нәрсе. Мәселен, Райымбек даңғылы бойындағы орталық зиратқа кіре берістегі оң қанатта жерленген сол Ахмет Қуанұлына да, өзінен кейін ұзамай бақилық болған әйелінің қабіріне де бірнеше жыл бойына ескерткіш-белгі қойылмады. Оны сол жаққа барған сайын көзіміз шалып, налып жүрдік. Себебін түсінбедік. Ерлі-зайыптылардың бастарын қарайтуы тиіс пенделер «үкімет жасауы керек» дейді-мыс дегенге иланғымыз келмеді. Әйтеуір, кім қойса, ол қойсын, түбі қайырлы боп, ескерткіш-белгі қойды ғой. Осы күнде Ахмет Жұбановқа әлдеқашан ашылуы тиіс музей
ашылды деген хабарды құлақ шалады. Сонау жылдарда «Парасат» журналына жиі келіп тұратын, Ахмет Қуанұлына туыстығы бар атақты театр қайраткерінің музей жайлы сұраққа «жалғыз менің қолымнан не келеді, айта-айта шаршадым» деуінің астарында көп сыр жататыны байқалып тұратын. Мейлі, атақ-марапат, ескерткіш-белгі, музей – оларды қоя тұралық, ертелі-кеш бола жататын нәрселер ғой. Ахмет Жұбановтың көл-дария музыкалық мұралары неге жеріне жете насихатталмайды, есімі үнемі жаңғырып тұратын шаралар қайда, жыл сайын оны еске алатын шығармашылық кештер өтеме, қанша рет өтеді? Ш. Қалдаяқов, Ә. Еспаев, Ә. Бейсеуовтер ұмыт қалды деуші едік, құдай жарылқап, ол күндер қазір артта, иншалла. Олардың еске алу кештерін композитор Қалдыбек Құрманғалиев ұйымдастырды. Бәрекелді! Ахмет Жұбановтың қыруар еңбегінің қайсыбірін айтайық. Бұл жерде олардың бәрін тізіп шығу шарт та, мүмкін де емес. Ән, күй, романс, симфониялық поэма, монографиялық еңбектері мен «Абай» операсын былай қойғанда, Ахаңды айрықша ардақтауға «Тәжік билері» аталатын циклды музыканың өзі жетіп жатқан жоқ па? Сол үшін Тәжік КСР Ғылым академиясына мүше болмап па еді? Оның үстіне, Ахмет Қуанұлы көзі тірісінде не көрмеді?! Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында қызыл империяға «шойынбайлар мен нұрыштар» жасап берген «мүмкіндіктің» арқасында уақытша елден кетуге мәжбүр болған М. Әуезов, Қ. Сәтпаевтан кейін зардап шеккен үшінші алып − Жұбанов екені қалайша ұмытылады? Ресейлік ғұлама А. Панкратованың Н.С. Хрущевке қайта-қайта хат жазуынан кейін абақтыдан босаған Е. Бекмахановтың елге келген соң да қызмет, пәтерден қиналып, сағы сынғанындай, қазақ әдебиеті мен өнерінің 1958 жылғы Мәскеуде өткен онкүндігінде Ахмет Жұбановты өз қолымен құрған Құрманғазы атындағы оркестрге дирижерлік ете алмаған қиянатқа не дерің бар. Бәрі өтті-кетті. М. Әуезов, Қ. Сәтпаев. А. Жұбановтардың даңқтары асқан үстіне асып, қазақ аспанында жарық жұлдыздай жарқырай беретініне күмән жоқ. Тек... тек... бірдеңелер жетпей тұр демесек. Ізгі жақсыларын насихаттауға шебер мәскеуліктер сияқты, қазақ телевизиясы Ахмет Жұбанов тағы басқалардың да артында қалған бай мұрасы мен өмір өткелдері жайлы салиқалы хабарлар ұйымдастырса, көрермендерді ойландырса, тебірентсе, сілкіндірсе дейміз де. Ондайға қол жетпей келеді. Бізге бәрі қарлы Қаратау, қиямет-қайым. Мен бұл жолы, жоғарыда да еске салғанымдай, баспасөз беттерінде
бұған дейін тиіп-қашып жазылған кейбір жайларға өз тарапымнан қосымша үн қостым деп білемін. ОҚУЛЫҚТАРДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫҢ ОРНЫ ТОЛА МА? Қазір қазақша басылымдарда не көп, мектептер мен жоғары оқу орындарында қолданылатын оқулықтарға сын көп және нақты айғақ-дәлел, фактілермен айтылатындықтан, бәрі әділ, орынды. Бір жағынан, бұл күймен қайда барамыз деп шошынасың. Сауатыз, орашолақ, қара дүрсін, қойыртпақ, басқалар аздай, қазақша баламасы бар терминдерді өз беттерінше «жаңалап», бүлдіріп біткен сабаздарға жағаңды ұстайсың. Кімдер жазады, кімдер тексереді, дұрыс-бұрысын кімдер қадағалайды? Бұл жағы қараңғы. Оқулықтардағы былықтарды жандары шырқырап жария етушілердің бағамдауынша, оларды екі ауыз сөздің басын құрауға дәрменсіз, соған қарамай, ешкімнен кем емеспіз деп ісіп-кебетін, сырты жылтыр, іші қуыс, кездейсоқ біреулер жазатын сыңайлы. Әрине, аты-жөндері аталады (кітапта көрсетілген соң атамай көр). Ешкім білмейтін, ғылым-білім саласында пәленбай еңбегі, үлесі, беделі жоқ адамдардың қолынан шыққан аударма оқулықтар тіпті сорақы. Басқаны айтпағанда, әріп қателердің өріп жүретіні өкінішті. Бәлдір-батпақ сөйлем, сөз тіркестері өзінше. Оқулық дегенде, алдымен оларды шығаратын «Мектеп» баспасы еске түседі. Алайда, жоғары оқу орындарына пайдаланылатын кітаптар шығаратын басқа баспалар да бар емес пе? Бірақ, мәселе онда емес. Оқулықтардың мінін айтушыларда жақсы болсын дегеннен бөлек бөтен ой болмаса керек. Сын айтатындар сөздерінің соңын Білім және ғылым министрлігі, медициналық оқу орындары үшін оқулықтар шығаратындықтан, Денсаулық сақтау министрлігі, басқа да солар секілді министрліктерге тіреп, міндеттен құтылғандай болады. Енді қайтсін. Ойлайды ғой барлығына солар жауап береді деп. Жауап берсе, беретін шығар. Бірақ та, министрліктер мен министрлер қайсыбіріне үлгереді? Әр кітапты оқып шығып, қателіктерін түзеуге мүмкіндіктері жете ме? Пәлі, министрлерді жақтап отыр дейсің бе? Тапқан екенсің. Жақтап та, ақтап та отырған жоқпыз, керісінше, кітап (оқулық) шығаратын мекеме басшыларына, басқа да жауапты қызметкерлерге неге қатаң талап қойылмайды деп отырмыз. Алдымен, баспа орындарының басшылары, қосшылары кім, әне, солар оқулық жазуға ділгерлердің қолдарынан келе ме, келмей ме, соны алдын-ала білу, анықтаулары (олар міндетті түрде сөйтеміз дейтіні де белгілі)
қажет емес пе? Басшылар мен қосшылар оқулық жазғыштардың кім екенін саралап, кітаптың сауатты шығуын алдымен өздері қадағалап, талап қойса қайтеді? Айта берсе, сөз көп. Ертеректе бүкіл баспалардан шығатын кітаптың сапасына тек Баспа жөніндегі комитет төрағасы Ш. Елеукенов (не орынбасарлары) қана жауап беруші ме еді? Жоқ, қалыптасқан жүйе, тәртіп, бірізділік, оқулық авторлары кемі бес-алты сатылық сүзгіден өтуі тиіс дегендей талаптар болатын. Енді соның бәрі ыдырап, талап қою да, оның орындалуын қадағалау да әлсіреген тұста, жалғыз министр не істей қойсын деп сондықтан айтып отырмыз. Министр бүгін бар, ертең жоқ. (Ж. Түймебаев та, Ж. Досқалиев та кетті ғой). Оның үстіне, енді бір министріңіз келген бойда өз саласын терең тексеріп, қордаланған кем-кетікті түзеу орнына, таққа отырар-отырмаста қолы «көтере алмайтын» әлдеқандай реформаны бастайды да, жұртты әуре-сарсаңға салады. Ол реформасымағы көбіне баянсыз боп, су аяғы құрдымға кетеді. Мұндай жерде сауатты автор, сауатты оқулық бола ма? Таяуда оқулық деуге ауыз бармайтын кітапсымақты сынаған бір басылым енді бұған жауапты Білім және ғылым министрінен күтеміз депті. Дұрыс-ақ. Бәлкім, министр тиісті шара қолданатын шығар. Бірақ, геометриялық қарқынмен көбейіп жатқан сауатсыздық, жауапсыздық, білімсіздік сонымен түгесіле қояр ма екен? Одан бері де жауқазындай көктеп, тасыптөгіліп жатқан жоқ па, оқушылар түгілі, олардың ата-аналарының тісі батпайтын оқулықсымақтар. Мысал ретінде жуырда бір белгілі журналда («Мәдениет») «Алматыкітап» баспасы қазақ мектептерінің 2 сыныбына арнап шығарған «Музыка» және «Әдебиеттік оқу» дейтін екі бірдей су жаңа оқулықтың әуселесі хақында жазғанын айтсақ та жеткілікті. Журналдағы сараптамалық талдауға қарап, оларды оқулық деуге ауыз бармайды. Оқушылар қандай білім, тағылым алуы мүмкін деп ойладық. Шалағай оқулықтар туралы сөзді осымен доғарайық. Өйткені, бұл хақында газет-журнал, телехабарларда бізсіз де жиі қозғалып жатады. Қозғалса қозғала берсін, бірақ, көпшілікке оң нәтиже керек.
МЕҢІРЕЙГЕН ҮНСІЗДІК Әр дәуір, әр заманда қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешетін әр ұрпақ өкілдері қоғам, халық мүддесі үшін қолдан келгенін жасап, тіршілік додасында әркім әр қырынан, әр қиядан көрінуге тырысатыны табиғи жай. Сонымен бірге, таусылмастай көрінетін фәни жалғанда кісілік, тектілік, ірілік, әділдік, тазалық, сондай-ақ, кірпияздық, майдалық, пенделікке тели салатын басқа да толып жатқан дәйістік, ұсақтық, екіжүзділік, қараулық қисапсыз-ақ. Өмір солай дейсің бе? Мүмкін. Таласпаймыз. Бірақ, әлгі мұрындарынан тізген сиықсыздықтар ішінде айтуға ауыз бармайтын тағы бір сорлылық бар. Ол – үнсіздік. Иә, иә, кәдімгі көлгірлікпен туыстас, басы жұмыр пендемен қосыла қуанып, қосыла қайғырудан алты қыр алыс, жымысқы, ішмерез үнсіздік. Қас-қағымда сағыңды сындырып, жаныңды жаралайтын, пұшайман етіп, күмән-күдік, өкінішке бөктіретін үнсіздік. Сондықтан да болар, аузын айға білеген ақылман, ғұлама, даналардың «бұл жалғанда дос деген болмайды екен» деп опынатыны не жарық дүниеден өзегін өрт шалып өтетіні. Күні кеше бақиға аттанған Қадыр ақынның да: «Менде дос жоқ, сыйлас інілерім бар», − деп жазып, сан рет айтқаны есте. «Дос болады, бірақ, шартты, екінің бірі Маркс пен Энгельс емес» дегені де. Үнсіздік. Мейлі, абстракты деп-ақ қарайық. Онда неге ауызға алып отырмыз? Дүние соған қарап қалып па? Міне, енді одан әрі ұйыққа бата бермей, иықтағы жүкті сәл жеңілдетсе де болғандай. Қалай дейсіз бе? − Осы сен таяуда лауреат атанып па едің? Газеттен оқып қуанғанбыз. Жұмыс орнына не үйіңе бара қоймадық. Ол үшін өкпелемейтініңді білеміз. Жақын таныс-біліс, дос-жарандарың жамырай құттықтап, жырғаған шығарсыңдар? Атама, біреуі хабарласқан жоқ, хабарласпақ түгіл, көрген жерде ол жайлы айтпады да деймісің, ей?! Қой! Мүмкін емес. Құттықтағандар бар шығар. − Бар, бірақ, мен күткендер емес. Өзім дегеннің бәрі үнсіз. Ауыздарына құм құйғандай. − Рас па? − Рас, өтірік сөйлеп қайтейін. − Оу, бауырым, «Парасат» орденін алыпсың, құтты болсын. Тойлап жатқан шығарсыңдар. − Енді бала-шаға, құда-жекжаттармен сөйтеміз ғой. − Басқалар ше? Жолдас-жора, достар дегендей. − Олар есітпесе керек, өзім ешкімге айтқан жоқпын. Міне, бұлар дәл біз айтқандай болмаса да, солардың о жақ, бұ жағындағы жайлар. − Кітабың шықты ма? − Шықты. − Достарың
құттықтады ма? − Біреуі тырс етпеді. − Ау, сенің шығармашылық кешің өтті дейді ғой. Халық көп болды ма? − Болды. Әздектеп әкелген оқушылар мен студенттер сыймай кетті. − Достарың ше? Біреужарым келді... − Пәлі! Атағынан ат үркетін сен сондай болсаң, біздей шікәмәктар кімнің шікәрәсі?! Түсінікті болды-ау деймін. Әрі қарай соза бермейік. Айттық қой, осы тектес жұқсыздықтар шаш етектен деп. Солардың бір де бірегейі – үнсіздік деп те. Анау-мынау емес, меңіреу, меңірейген үнсіздік. Төзесің. Сен тұрмақ, осылай ой өрбітуге жетелеген белгілі әдебиетшіғалым, қарымды қаламгер, адам десе адам, азамат десе азамат Рымғали Нұрғалиев те оған дейінгісі «түфәй күйсін» ғұмырының соңғы мезгілдерінде осы тектестеу үнсіздікке милықтай тойып, іштен тынып бақиға аттанса керек. Қайдан білесің дейсің бе? Таяуда («Қазақ» газетінде) жарияланған өкініш пен налаға толы мұңлы мақаладан. Рымғалиды жоқтаушы замандас егер сол жайларды өзгелер де біле жүрсе екен демесе, неге жазады? Оқыдық, білдік. Енді кей парасын біз де өзгелермен бөлісейік. Аруақ-құдай, тағзым үшін болса да. Осынау мақаланы тектен-тек «үнсіздік» деп атамағанымызды айттық. Енді қазақтың нарқасқа перзенті, марқұм Рымғали Нұрғалиевті неліктен ауызға алып отырмыз, соған келейік. Әдет те, бір қала, бір ортада жүретін жандар бір-бірін қанша жерден білеміз десе де, шын мәнінде, ештеңе білмейді. Міне, мен де қазір сол бір мейлінше қарапайым, сыпайы, ақжарқын азамат жайлы түк білмейтініме енді ғана көзім жеткендей халдемін. Әйтпесе, бірге оқып, бірге қызметтес болмасам да, өзімше оны бір адамдай білермін деп ойлаушы едім. Өйткені, о жер, бұ жерде кездескенде жылы сәлемдесіп, Рымғали туып-өскен аймақтың (Абыралы) түлегі, қауіпсіздік полковнигі Мұрат Исиннің отбасы, басқа да мерекелік шара, жиын-тойларда көрісіп қап жүретінбіз. Жазған дүниелерінің көзге түскенін оқитынбыз. Алайда, олар Рымғалиды білемін деуге жеткіліксіз екен. Мен тұрмақ, оны бұдан 47 жыл бұрын университетті бірге бітірген 70 курстасы да сирек көріп, жетпісі жетпіс жақта жүріпті. Енді студенттік жылдар болмаса, әркім өз соқпағына түскен соң, бір-бірін жақсы біледі деп қалай айтарсың. Бұған сол жетпістің бірі, жоғарыда оқыдық деген мақала авторы Мәкен Өсербаеваның «Ортамыздан ойып тұрып өз орнын алып, озып шыққан жалғыз жұлдызымыз Рымғали Нұрғалиевтің хабар-ошарын баспасөз арқылы біліп тұратын едік», – деуі де дәлел іспетті. Солай. Басқалар да солай (мен де, сен де). Мәкеннің айтуынша,
курстас құрбылар бір-бірімен телефон арқылы тілдескенде: «Ана жалғыз академик не ойлап жүр. Басымызды бір қоспады ғой. Айтсаңдаршы, бірімізбен-біріміз ең болмаса бір жүздеспей-ақ аттанамыз ба өмірден», – дейді екен. Бұлар тіршілік түйткілдері. Сөз басындағы үнсіздікке қатысы жоқ деп кесіп айтуға болатын. Әйтсе де.. Әйтсе де, бәрібір, жақсы мағынадағы (жаңғырық) үнсіздіктен аттап кете алмай отырған жай бар. Тым құрыса, өзгелерге сабақ бола ма деген ниетпен. Тағы да сол Мәкен Өсербаева курстас қыз-жігіттердің Рымғалиға «... өкпелері қара қазандай болған еді», – деп жазады. – «Ұмытты ғой» (деп ой түйіп)... Мен де... жетпіс жасқа толған мерейтойында біраз курстас достарының шақырылатынына сенімді едім... Ұзақ жыл жүздеспеген адамның бейнесі соңғы көрген қалпында сақталады ғой... Көбімізбен жарты ғасырға жуық бірде-бір рет жүздескен де жоқ. Атыжөнімізді де ұмытқан шығар...» Осылайша аласапыран тіршілік қауырт өтіп жатқан күндердің бірінде «Егемен Қазақстан» газетіне айықпас дертке шалдыққан Рымғалидың «Бір тамшы сағыныш» атты мақаласы шығады. Мәкен Өсербаева ол туралы: «Рымғали досқа курстастарының қартайған бейнесін көруді тағдыр жазбады... Соны түсінгендей... қияндағы жастық шағымен де, студенттік достарымен де рухани әлем арқылы үш ай бұрын қоштасып... адами болмысының бір қыры – кісілігін танытып кетті... Қарабайыр пенде болып ғұмыр сүріп жүрген біз ше?.. Эссенің бесеуін 2009 жылдың қазан айында оқыдық. Онда отызға жуық қыз-жігіттердің есімі аталған еді... Риза болдық. ...Эсселердің қандай жағдайда жазылғанын болжау мүмкін емес еді... Семейге барып қатты ауырып... ажал тырнағынан әзер аман қалғанын кейін білдік... Полигонның зардабын тартып, өмірінің соңында күллі әулетінен айырылып, жападан-жалғыз қалған сәттерде ең бақытты жылдарын тегіннен-тегін еске алмаған-ау деп ойладым... Екі дүниенің ортасында жатқанда... жүрегін кернеген сол сағынышы болар-ау деп қолына қалам алдырған да, «Сағыныштың бір тамшысы» деп айқайлатып тақырып қойғызған да. Тақырыптың астарында қандай ниет жатқанын ешкім кезінде түсінбеді...» Ал, енді мен (осы жолдар авторы) өз басым бұған дейін аты-жөнін де, өзін де жөнді біле бермейтін Мәкен әріптесіміздің ештеңені жасырмай, ақиқатты күлбілтелемей ашық айтқан (басқа да терең толғаныстар мен философиялық ой-түйін, ғибратты мәліметтер
өзінше) бір бетке жуық мақаласынан Рымғали курстасы жөнінде бұған дейін білмейтін мәлімет-деректер білгеніме әрі риза боп, әрі жасырары жоқ, базбір құбылыстардан көңіл толқығанын да жасырмаймын. Студенттік бал дәурен шақты баяндай келіп: «Сағыныштың бір тамшысы» академик-ғалымның баспасөзде жарияланған ең соңғы мақаласы болды, – депті Мәкен... Досы Есенбай ақынға телефон соғып, − «Достарға хабарласшы, «Егемен Қазақстанды» оқыды ма екен», − депті. Газетте өзі атын атаған отыздың біразы... хабарласар деп күтті ме екен?.. Алла бізге үш ай жарым мүмкіндік беріпті. Үй айда үш ауыз жылы лебіз жолдамадық... Ол ол ма, қаралы хабарды естіген соң... газетке қазанама жолдадық, қаржысын төлеп. Ол да шықпады... Курстастарынан екі жол көңіл айту да бұйырмады... Рымғали Нұрғалиев тірі жүргендерімізге «Бір тамшы сағынышымен» жұмбақ-парыз жүктеп кетті... Оны өтеп жүрген... досы Қоғабай Сәрсекеев қана...» Ал не дейміз? Әрине, бұл анау үнсіздік емес. Әйтсе де, сонымен әйтеуір бір ілінісі бар есепті – Мәкен меңзейтін – себеп-салдарлар орынды да шығар, бәлкім. Сонда да... Сонда да... Мәкен айтқан басылымның қаржысы төленген қазанаманы баспауы, «Бір тамшы сағынышта» аттары аталған сардарлардан екі жол көңіл айту бұйырмауы қалай? Бұлар үнсіздіктің қай түріне жатады? Жеткен жеріміз осы ма деу артық па, әлде... «БҰЛ НЕ ЖҰМБАҚ ДЕП ЕДІК» Жеке адамдар ғана емес, олар өмір сүретін қоғам, тіпті, тұтас бір кезеңнің болашағын болжап, сәуегейлік жасайтын және алдынала айтқандары (жазып қалдырғандары) дәл келіп жататын әулиеәмбиелер арғы-бергіде аз болмаған. Нострадамус, Мессинг, Ванга сынды көріпкелдер есімі әлемге аян. Олар жөнінде әркім әрқилы қисындар айтса да, бұдан бірнеше жүз жыл бұрын Нострадамус жасаған болжамдардың көбі түбі солай шығып жатқаны шындық. Ванга да солай. Вольф Мессинг – көзі тірісінде мүттәйім, алаяқ деп талай рет өлімге кесілсе де – көріпкелдігінің арқасында аман қалып отырған. Мәселен, Берия сан рет көзін жоймақ болғанда, Сталин жол бермеген. Мессингтің құдіретіне Сталиннің ұлы Василий Сталин де куә боп, мойындауы тегін емес. Қаншама күзетші-
тексерушілердің «көздерін байлап», Берияның кабинетін тауып барған Мессинг сол ізбен кері шыға да білген. Василий Сталин өзінің сүйікті футбол командасы әлдебір (Куйбышев болса керек) қалаға барып өткізетін жарыстың нәтижесі қандай болатынын сұрағанда, Мессинг футболшылар самолет апатынан қаза табатынын оған айта алмай, Сталинге хабарлайды. Ол футболшыларды жібермеуге уәде береді. Бірақ, Мессингтің айтқаны келе ме, келмей ме, соны тағы да сынау үшін туған ұлын алып қалып, команданың өзге мүшелерінің самолетпен ұшуына рұқсат береді. Самолет қалаға жақындағанда апатқа ұшырап, футболшылар қаза табады. Аман қалған Василий Сталин әкесіне ренжіп, Мессингке өкпе білдіреді. Ал, Мессинг болса, уәдесін орындамаған үлкен Сталиннен қатты түңіледі. Үлкен Сталин, әйтеуір, Мессингке қартайған шағында Польшадағы туған жеріне барып, өз ажалынан қайтыс болуына мүмкіндік жасайды. Мұндай мысал көп. Ең ғажабы, ерекше көріпкелдікке ие сол алыптардың қай-қайсысы да мұндай қасиеттің өз бойларына қайдан, қалай дарығанын дөп басып айта алмаған. Олар бұрынғылар, ал, бүгін ше? Бар ма сондай адамдар? Біразын алдамшы алаяқтар десе де, шын мәніндегі (өздерін танытқан) экстрасенстер жоқ емес. Жұмбақ, тылсым жайлар туралы күнделікті басылымдарда әртүрлі деректер жарық көріп жатады. «Жас алаш» газетінде ұзақ жылдардан бері «Мыңнан бір мезет» айдарымен тұрақты жарияланатын мақалалар қалың қауымға мәлім. Онда еліміздің түкпір-түкпіріндегі Мессинг, Ванга сияқты болмаса да, көріпкелдік қасиеттері бар адамдар жайлы мағлұмат-мәліметтер жарық көріп тұрады. Бақсы, балгер, тәуіп сияқты жасаған ие жаратқан аса күрделі жұмбақ адамдардың талайының атыжөнін әйгілеп, халыққа таныстырып келеді. Солардың бірі ақтөбелік Зәуреш Жолмағамбетова болса, тағы бірі – Назарбек Қожамсейітов. Екінші дүниежүзілік соғыс боларын 12 жыл бұрын айтқан Нартуған жырауды бүгінде, бәлкім, біреу біліп, біреу білмес. Өзін пәленмін деп дәріптемей, қашанда ақырын жүріп, ақырын тұратын Назарбек Қожамсейітовтің көріпкелдігін билік басындағылардан бастап, былайғы қауым әлдеқашан мойындаған. Алдын ала жасайтын болжамдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын Назарбекке барша ел-жұрт риза. Қай жылы қай өңірде құрғақшылық, су тасқыны, зілзала, күн суыту, қар, жаңбыр жауатыны секілді мәліметтерді хабарлайды және онша көп жаңылмайды да. Бірде Назарбек республикалық газетте: «...Бұдан былай ыстықтың
беті қайта бастайды. Қыркүйек қоңыржай әрі құрғақ болады. Ал, қазанның 13-14 күндері солтүстік облыстарда қар жауады» («Жас алаш», 28 тамыз, 2008 ж.) деп біржарым ай ілгері ескертті. Астапыралла! Айтқаны айнымай келіп, қазанның 13-14 күндері солтүстік облыстарда қар борап берсін деңіз. Назарбек оны қалай білді? Ол өз құпиясы. Дұрысы, соны өзі де айта алмауы мүмкін. Бірақ, білді, ел қам жасады, қапыда қалмады. Назарбекте мұндай игілік істер толып жатыр дедік. Бәрін тәптіштеп жату шарт емес. Тек... Шамасы, бұдан 17-18 жыл бұрын ба екен, «Парасат» журналының ұжымымен кездесіп, қызықты әңгімелер айтты, сұрақтарға жауап берді. Жиынға көрші редакциялардың басшылары да қатысты. Кездесу туралы мақала жазылып, фотосуреттермен қоса журналға беру керектігі түсінікті, әрине. Сондықтан фототілші Оңғар Исаев Назарбекті ұжым мүшелерімен бірге бірнеше рет суретке түсірді. Әне, сол жолы түсірілген пәленбай суреттің бірде-бірінде Назарбектің бейнесі шықпай қала берді. Сурет бар, басқа адамдар бар, тек Назарбектің орны қап-қара боп бос тұрады. Кейін үйіне барып түсіріп әкелді, оларда да солай. Әйтеуір, Назарбектің суреті көрінбеді. Басқа басылымдардан көретінбіз, бірақ, «Парасат» журналында «жолы болмады». Әлде бірдеңе Назарбектің суретін тежеп, таспадан өшіріп тастай берді. Ал, енді бұған таңдану керек пе, жоқ па? Сонда «бұл не жұмбақ» деп едік. Әлі сол ойдамыз. Фототілші Оңғар Исаев діншілдеу еді, әрі, таңданып, әрі Назарбекке тағзым етіп, табынып жүрді. «Назарбек тегін емес» дейтін. Осы нәрсе ұмытылмайды. Осы күнде бұл жөнінде Назарбектің өзі не ойлайды. Оңғар тағы да не дер екен, соларды өз ауыздарынан естір ме еді, шіркін. ҚАЗҚТЫҢ БӘРІ БІРІНШІ... Арғы-бергі тарихымызды түгендеу, зерттеу, таразылау ғалымдардың міндеті. Дегенмен, жекелеген айғақ, дерек, мәлімет, фактілерді көп талқысына салып, айту, жазу, еске салу, жаңғырта жүру көптік етпесе керек. Біреу оқымағанды біреу оқып, біреу білмегенді біреу білу үшін міндетті түрде көлемді еңбек, монография, кітап жазу шарт емес әрі ондай дүниелер екінің бірінің қолына түсе бермейді. Түскенде де, екінің бірі ұғып қабылдай беруі екіталай. Бұқаралық ақпарат құралдарының жөні басқа. Оларда қысқа да нұсқа, нақты жайлар айтылады. Түйсігі барлар солардан да көп нәрсе түсініп,
көкейге түйеді. Мәселен, XIX ғасырдағы атақты Байзақ датқа (қазір Жамбыл облысындағы бір аудан соның атымен аталады) Орта Азияны бағындыруға келген ресейлік басқыншылар қоқандық баскесерлер арасына бітімгершілікке орыстарды емес, өлсе қазақ өлсін деп, соны жібергендіктен шәйіт (бұл үлкен тарих) болады. Сондай-ақ, орыс әскербасылары ортаазиялық жасақтарға алдымен өз қарауларындағы татар, башқұрт, шұбаш, мордван солдаттарды айдап салып, орыстарды аман сақтауға тырысып баққан. Енді мынаны қараңыз. Ұлы Отан соғысы аяқталып, арада көп жылдар өткен соң, кеңестік әскербасылар кезекті жаңа әскери (ұшақ емес) самолетті тексеру міндетін қазақтан шыққан сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровке жүктейді. Бұл өте жауапты да қауіпті тапсырма болатын: жаңа әскери самолетті айдын шалқар теңіз (не мұхит) бетінде жүзіп жүретін арнайы алып кемеге (авианосец) қондыру керек. Шырқау биіктен қарағанда, сіріңкенің қорабындай боп көрінетін кеме бетіне дыбыстан жылдам ұшатын самолетті қондыруға кім тәуекел етсін. Бірақ, ондай ержүректер жеткілікті болатын. Біреуі – Тоқтар Әубәкіров. Таңдау Тоқтарға түседі. Неге? Себебі, ерт болмаса, мерейі өсе берсін. Өйткені, мұндай сынақтан аман қалу мыңнан бірдің пешенесіне жазылуы ықтимал. Тоқтар қиын тапсырманы мүлтіксіз орындап, өзі де аман қалды, оның орнында болса, аман қалмауы бек мүмкін пақырдың да өмірін сақтап қалды. Тоқтарға Кеңес Одағының Батыры атағын (амалсыздан) беріп, көп уақытқа дейін құпия ұстады. Тоқтардың кім екені кезекті демалысында Алматыға келіп, Шымбұлақта демалып жүргенде кездейсоқ мәлім болды. Ойда жоқта жолыққан әлдебір газет («Қазақ әдебиеті» болса керек) тілшісіне берген сұхбаты арқылы. Өткір пышақ қын түбінде жатпайтыны шынға айналған соң, содан бастап өз қандастары – отандастары арасында Тоқтардың атақ-даңқы дүркіреп қоя берсін деңіз. Бейбіт күндегі әскери батыр үшін қалай мақтанбасқа?! Ол деген кешегі Отан соғысында сондай атаққа (іштерінде екі рет ие болғандар да, қыздар да бар) ие болған жүздеген жерлестерінің ізбасары емес пе? Шыны керек, сол күндерде төбеміз көкке елі жетпей қуандық, марқайдық. Қазақ үшін, ата-бабалар үшін. Кеңестік офицер, алып тұлғалы Тоқтар кейпінен бір сәт Абылай хан дәуіріндегі үстіне сауыт, басына дулыға киіп, мұздай қаруланған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шұбыртпалы Ағыбай, Шанышқылы Бердіқожа батырлар бейнелерін көргендей әсерде болғанымыз рас.
Тоқтар Әубәкіров. Тұңғыш ғарышкер. Қазақ ғарышкері. Тоқтардың өзі айтқандай, тәуелсіз қазақ мемлекетінің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен абыройы одан сайын асқан ақиық қыран. Тұлға! Әне, сондай нарқасқа батыр, парламент депутаттарының ортасында да өзгелерден ерен, ғарыш төрінде отырғандай сезінетін оны әлдебір газеттермен соттасуға шебер, қазақ мүддесінің исі мұрнына жетер-жетпес, қазақпын деуге жаны қалмай қорқып, қазақстандық десе ғана сәл тыншитын, сөйлейтін сөзсымағын қазақша бастаған боп, ізінше басқа тілге лып ете түсетін жалбақайлар мен Петропавл қаласын Қызылжар деуге әлі ерте деп жұрттан бұрын шұнаңдаған «қалаулылар» қатарында болуға қимайтынбыз. Е, тәйірі! Тоқтар кім, олар кім? Тоқтардан кейінгі ұлты қазақ екінші ғарышкер – Талғат Мұсабаев. Ол да ұшқыш, спортшы, парашютшы, планерші, музыкант, әнші – жігіттің сұлтаны. Алғашқы жылдарда Тоқтар екеуінің жұптары жазылмайтын. «Алатау» санаторийінде қаздай тізіліп қатар жүретіндері жұрттың көз майын тауысатын. Анау да, мынау да елпең қаға сәлемдесіп, қолтаңба алушыларда қисап болмайтын. «Е, тәңірім, тіл-көзден аулақ, татулықтары мәңгі, жұғысты болғай», – дейтін. Талғаттың әкесі журналист еді. Тікелей таныс болмасақ та, сыртынан талай көргенбіз. Біртоға, тұйықтау, қарапайым бейне емісеміс есте. Талғат ғарыш кемесінің ішінде Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» гитараға қосылып шырқағанда, журналистің баласы солай болуы керек қой деп тәуба еткенбіз. Бүгінде Талғат − ғарыш саласындағы басшылардың бірі. Тоқтардың қайда екенін нақты білмейміз. Әлдебір жерде жылқы бағады дей ме, немене. Қос ғарышкер, қос батыр бүгінде бір-бірімен араласа ма, байланыстары қандай, біз үшін ол жағы да күңгірт. Бірақ, гәп онда емес. Қалай дегенде де, қос қазақ ғарышкері арасындағы алғашқы достық, ыстық ықылас, етене жақындықтары қалпында ма, сонда дер едік. Олай дейін десек... Былтыр ма екен, әлгі әнші Талғатыңыз тілшіге берген сұхбатында алабұртқан өңі сәл сызданып, көтеріңкі үнмен «мен қазақтан шыққан бірінші ғарышкермін» деп салмады ма? Тоқта, тоқта! Қалай? Мен біріншімін? Солай деді ме? Қой, мүмкін емес. Қазақтан шыққан бірінші ғарышкер Тоқтар Әубәкіров емес пе еді? Әрі-сәрі күй кештік. Ертеңіне күллі газет шулап қоя берді. Олардың да айтары: бірінші ғарышкер қазақ кім,
Тоқтар ма, Талғат па? Сөйтсек, біз де, басқалар да босқа дүрлігіппіз. Ұзамай сол Талғат батыр: «Мен тәуелсіз қазақ елінен шыққан біріншімін. Тоқтар кеңестік дәуірде шыққан бірінші», − деп мәселенің басын ашты да тастады. Пәлі! Әйтеуір, екеуі де бірінші екен, бірақ, екеуі екі дәуірдің біріншісімыс. Оған да шүкір. Екеуі де қазақ екен, оған да шүкір... Сол шақтарда бұл туралы Тоқтар естіді ме, естімеді ме, білмейміз. Жер астынан жік шықпаса да, ешкім күтпеген жерден «біріншілердің» жіктелгеніне Тоқтар батыр не айтты екен, оны да білмейміз. Білетініміз, екеуі де аман-сау, екеуі де ұзақ жасай берсін. «Біріншіні» қойшы, әр қазақ бірінші ғой, тәйірі! Таласатын дәнеңе жоқ... Тоқтар мен Талғаттың о бастан берік достығы алда да мықты бола берсін деп тілейік. Әумин! АЛМАТЫДА ӨСКЕН АСҚАРОВ Ерік Асқаров жайлы мөлтек сыр Ерік Асқаров. Ақын. Ол хақында сөз етер алдында мына бір жайларды айналып өтуге болмастай. Кеңес Одағы деп аталған алып держава он алты республиканың әрқайсысын формальды түрде жеке дара мемлекет, одақтан бөлінуге құқы бар деп көлгірсігенмен, іс жүзінде барлығын уыстан шығармай, ішкі ісіне араласудың небір көкесін көрсетпеді ме? Мысалы, одақтас республикалардың бірінші басшыларын (қазақта сирек) жергілікті ұлт өкілдерінен өздері тағайындап, екінші басшыны міндетті түрде орталықтан жіберетін. Бұл енді бірінші басшының басқан ізін аңдып, бақылауда ұстау емей не? Кеңес Одағы құрамынан бөлінуге келсек, кавказдық үш – Әзірбайжан, Армения, Грузия – республикалары солай етуге сан рет әрекеттенді. Балтық жағалауындағы үш – Латвия, Литва, Эстония – республикалары кез келген сәтте бөлінуді армандады. 1952 жылы одақтан бөлінуге ниет еткен грузиндерді бір түнде басыпжаншып, көбін жер аударды. Тбилисиден айдалған мыңдаған грузин – көбі сүт бетіндегі қаймақтар – Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданында баспана, ішер ас, киер киімнен тапшылықта біраз уақыт тұрды. Бұл біздің нақты білетініміз. Басқа аймақтарға қанша грузин жер аударылғанынан хабарымыз жоқ. Келес ауданының орталығы – Абай селосындағы зиялы грузиндер кітапханаларда
кездесулер өткізіп, аудандық клубта өз ұлтының өнерін насихаттады. Долиашвили, Гиунашвили, Цицишвили, Картелашвили, Гургенидзе дейтін грузиндер есте. 1953 жылы мартта Сталин қайтыс болысымен барлығы аяқ астынан жоқ болды. Біреу білсе, біреу білмейтін бұл фактіні әдейі келтіріп отырмыз. Толып жатқан әзірбайжандар да белгісіз себептермен қазақ еліне жер аударылды, кейін біразы отандарына кетті. Міне, одақ құрамындағы республикаларға жасалған өктемдік, кеудемсоқтықтың бір парасы осындай еді. Қазақстан жайлы сөз етпесе де болады. Сталиннің орнына отырған Хрущев 1954 жылы Қазақстанның бірінші басшысы Ж. Шаяхметовты орнынан алып, бірінші, екінші басшылыққа өз қандастарын қойды. Сол жылдарда Тың және тыңайған жерлерді игеру желеуімен Қазақстанға миллиондаған адам келді. Бұл науқаннан, әсіресе, Қазақстанның орталық және солтүстік облыстары зардап шекті. Қазақ ауылдары орыс, украиндар тұратын хуторлармен біріктірілді. Қазақ мектептері жабылды. Әсіресе, 7-8 облыста қазақ деген ұлттың бар-жоғы білінбеуге айналды. Одан көп ұзамай Тың өлкесі құрылғанда 6 облыстағы (облыстық, аудандық) қазақша газеттер жабылды. Басшылық лауазымдарда кіл өзге ұлт өкілдері болды. Осылайша қасиетті Арқадағы ұлан-ғайыр ежелгі атамекен пұшайман хал кешті. Ешкім ештеңе дей алмады. Қазақтың сағы сынды, жерге қарады. Мұндай оспадарсыздық Хрущев кетіп, орнына Брежнев келген соң сәл жөнделгендей болды. Сол шақтарда Қазақстандағы 16 облыстың 2-3-інің ғана бірінші басшысы қазақ еді. Брежнев таққа отырысымен Қазақстан тізгіні Д.А. Қонаевқа берілді. Ол елдің жағдайын қолынан келгенше оңдауға тырысты. Бірақ, түбірлей өзгерту мүмкін емес-ті. Орыстандыру науқаны тоқтамай, жымысқылықпен жүріп жатты. Апыр-ай, сондай сын сәттерде күні кеше орыстар иеленіп келген бірінші басшылыққа Д. Қонаевтың келгенін қызғанғандай боп, түрлі саққа жүгірткен қазақтар да болдыау. Қайта қуану керек емес пе еді? Атама. Қуанбақ түгіл, ол лауазымда орыс па, шүршіт пе, сол сияқтылар тапжылмай отыра бергенін қалап, Қонаевтан соң Мәскеуден келген Колбин «мықтыны» 20 жыл сарыла күткенін жалпыға жария еткен қазақтарға не дерің бар?!. Бұларды сәл таратыңқырап айтып отырған себебіміз, мұның барлығы тарих, біздің тарихымыз, қазақтың тарихы, шерменде жылдардың шерлі шежіресі. Олай демей не дейік, анау Сәбит, Ғабит, Ғабиден туып-өскен өңірлерде қазақ атаулары жойылып, ұлттық рух
жоғалса, Мұхтар Әуезов туған өлке атом қаруы сыналатын аймаққа айналса. Осыған қаның қайнай ма, жоқ па? Амал не, қан қайнамақ түгіл, қайта сол дұрыс дегендей, ауыздарына су толтырып алғандар да болды-ау дедік қой. Сол аймақтарда туып-өскен азын-аулақ намысты ақын, жазушы, өнер өкілдері демесек. Олар әлсін-әлсін: “Біздің жақтан соңғы отызқырық жылдан бері жаңа буын, жас өскін ақын-жазушы шықпайтын болды. Өйткені, олар ана тілде оқып, ұлттық рухта тәлім-тәрбие алатын қазақша мектептер жоқ. Онан соң солай болмай қайтеді?” – деп күрсінетін, мұңаятын. Мұндай сөздерді Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан көрнекті жазушы Сафуан Шәймерденов, тағы да сол өлкенің түлегі, белгілі ақын Ісләм Зікібаев, көкшетаулық мүсінші Шота Уәлихановтардан талай рет еститінбіз. Олардың жандарына батып, жүректерін ауыртатын жағдайға біз де қиналып, өзек өртенетін. Бір кездегі небір алыптар шыққан Арқа тағдыры ойландыратын. Бәрі рас-тын. Соңғы 30-40 жылда орталық, солтүстік өңірден қаптап өрген дарын иелері бар ма өзі, бар болса кімдер, әлде, сол баяғы Сәбит, Ғабит, Сафуандарды мақтаныш етіп, марқаюмен тына ма бәрі? Бұл аз емес пе? Тым болмаса, қатардағы журналистер ше? Олар да жоққа тән. Сол өктемдіктің салдарынан ба екен, өз басым солтүстік жақтағы 6-7 облыстан шыққан – кейінгі буын – журналистерді де онша біле бермеймін... Орта буынға тырмыса бастаған айтулы ақын, жазушы, өнер өкілдерін атама. Қылқалам шебері, театр, кинорежиссерлерді есіңе алма. Сөйтесің, әрине. Өйткені, көп жылдардан бері ондайлар жоқ. Бар болса, бірен-сараннан аспайды. Осындай мұң-наланы марқұм Сәкен Жүнісовтен де естіп қалатынбыз. Ол күйіп-пісіп, жылағандай болатын. Өкініш пе? Өкініш. Орны толмас олқылық па? Солай. Не себептен? Оны сөз басында біраз қаузадық. Одан не пайда? Енді ше? Әрі қарай не істеу керек? О, тәуба! Астана Қазақстанның қақ ортасынан ірге тепкелі біршама оңды бетбұрыстар баршылық. Сол төңіректегі облыс орталығының бәрінде қазақ театры, басқа да өнер ордалары ашылды. Қазақ бала бақшалары мен ана тілде білім беретін мектептер көбеюде. Ендігі үміт алда деп шүкірлік етеміз. Олай болмай, бәрі баяғыша қатып-семіп тұра бергенде қалай болар еді? Ісләм Зікібаев замандастың арманы орындалып келеді. Бір қайғы, бір қуаныш деген осы болар, бәлкім. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, өмірден ерте кеткен
Ерік Асқаров атты – бүгінде орта буын тобына табан тіреген – арқалы ақын болмап па еді? Әне, сол Ерік қандай себептен екенін қайдам, қазақ мектебінде оқығысы келгендіктен бе, Алматыға келіп, қазақ мектебінде оқыды, ана тілде жоғары білім алды, 16 жасынан бастап зиялы қауым өкілдерімен танысқан, араласқан, өзін танытқан дарын иесі еді. Бұл қазақ мектебінде оқып, ұлттық рухани қазынадан нәр татып, сусындаудың арқасы болатын-ды. Ерік Асқаров! Бес-алты жыл бұрын қапияда қаза тапты. Алматыда ержетіп, қанаттанып, қайраттанып, өмірінің соңғы жылдары Қызылжар, Көкшетау, Астана қалаларында, яғни қайтқан құстай сағына барып, кіндік қаны тамған аймақтарда өтті. Арқаның шау тартқан азаматтары біздің жақтан жас дарындар шықпайды деп өксіп жүргенде, ойламаған жерден Ерік Асқаров жалындап шықты. Тез танылды, тез мойындалды. Келешегі зор жас ақын аталды. Орта жас тобына қарай тізгін бұрғанда, ажал торына ілікті. Ерік інім, сенің студенттік жылдарыңда шамалы уақыт көршілес боп, бір шаңырақ астында қызмет етіп, қатар жүріп, қатар тұрған, сырласқан, мұңдасқан кездер күні кешегідей есте. Жайдары, жайсаң, кеңпейіл, кешірімді едің. Алмас қылыштай өткір, алғыр, білімді, әділ едің. Топырағың торқа, иманың жолдас боп, нұрың пейіш төрінде шалқи берсін. О, жалған-ай! Міне, бүгін сол Ерік Асқаров асқар таудай алып. Танымал тұлға. Көзі тірісінде әдеби жанрлардың барлығында дерлік қалам тартқан заңғар тұлға. Аяулы ақын. Бұл жолы оның шығармашылығы емес, туған халқымен тағдырлас өмірі жайлы ептеп сөз қозғадық. Жуырда Астанадан “Жүрекжарды”, “Арманымның ақ құсы” деп аталатын екі жинағы шықты. Оларда бұрын жарық көрмеген өлеңдері де жарияланды. Бұйырса, кітаптары алда да шыға беретіні күмәнсіз. Бүгінгі Арқа жеріндегі қайта түлеген ұлттық мектептер мен жоғары оқу орындарында білім алған, алып жатқан жастарға Ерік Асқаровтың талабын берсін. Қасиетті Арқа аймағына нұр жауа берсін, гүлдене берсін Әумин! Аллаһу әкбар! ЖІГІТ ЕКЕНСІҢ, ЛҰҚПАН! Күнделікті тіршілікте жан жадыратар жақсылықтар мен құп аларлық құбылыстар да, көңілге қаяу түсіретін кетірткі де кездесе береді емес пе? Адамшылықтан аулақ, ізгіліктен алыс антұрғандықты
ысыра тұрып, кісілік, зипалық, ізгілікке келсек, небір кеңжүрек, таза табиғи жаратылыс иелеріне тәнті боп, көңіл көкке шарықтайтын шақтар да аз емес-ау, пай-пай. Тумысынан қара бастың емес, ел-жұрт, халықтың қамын бірінші ойлайтын, әр сөз, әр қадамынан адалдығы аңғарылатын азаматтарға әрдайым нұр жауа берсе екен дейсің. Бұл да біз аша қойған жаңалық емес, әлімсақтан солай, фәни жалған қашанда астамдықтан алыс, ниеті қалыс, пиғылы ақ, пейілі кең пенделермен көктеп, шешек атып, гүлдене беретіні хақ. Басқаша болмайды, болмақ та емес. Тек кейде жайқала біткен егінге жазатайым колорад қоңыз түсіп кетіп, шат-шалапай ететіні де болады-ау демесе. Осынау аз-кем ой-пікір тектілігіне көз жетіп, көңіл сенген жайсаңдардың аз емесін аңғарту үшін де тілге оралып отырғанын жасырып неғыламыз. Алдымен айтарымыз, иә, олар көп, іншалла. Қара ормандай. Құдай сақтасын, әйтпесе, өңшең қырт, бас қаңғырттармен қай ұшпаққа шығар едің?! Енді негізгі айтарымызға келсек, Лұқпан Сыдықов атты (жүре келе біле түскен) сегіз қырлы, бір сырлы жігітті сырттай білетінмін. Анығырағы, сонау жылдарда қазіргі атақ-даңқы әлемге мәщһүр «Досмұқасан» ансамблі өмірге келген тұстардан бастап. Сондағы кіл сен тұр, мен атайын өнерлі жігіттер шабыттана шырқайтын «Махаббат жырын» сан рет тамсана тыңдайтын сәттерден. Ансамбльдегі қызжігіттердің барлығы да дарынды еді-ау. Қайран Құрманай Әжібаева, Бақыт Жұмаділовтер өнер үшін жаралғандай емес пе еді?! Кейін ансамбльді құрған Досым Сүлеевтен бастап басқа салаға ауысып, бір-бір айтулы тұлғаға айналған сол өнерпаздар Мұрат Құсайынов қана тапжылмай ұстап қалған қара шаңырақтан қол үзбей, осы күнде де ауық-ауық сахнаға шығып тұратыны белгілі. Тек... «Махаббат жырын» орындағанда менің қосатыным «ой, жігіттер, жарайсың ғана» дейтін белгілі қоғам және мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген Шәріп Омаровтың да мезгілсіз бақилық болғаны неткен өкініш. Оның ансамбль құрамында жүргенде әйдік әнші Құрманаймен отау құрып, ерлі-зайыпты болғанын білетінбіз. Құрманай өмірден ерте кетті... Ал, Лұқпан Сыдықовтың ансамбль құрамында болған-болмағанын білмегенмен, ғашықтық ұранындай «Махаббат жырының» мәтінін сол жазғанына қанық болатынбыз. Оқта-текте о жер, бұ жерде кездейсоқ ұшырасып, қол алысудан аспай келсек, соңғы үш-төрт жылда білістігіміз артып, осы күндерде бір адамдай сыйласпыз (ортақ дос-жарандар арқасында).
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру